Айғыр кісі
Несіпбек Дәутайұлы
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Айғыр кісі
Несіпбек Дәуітайұлы
Айғыр кісі
Бірінші том
“Ан арыс” баспасы
АҚ КӨГЕРШІН
Оның қиялы... Алақанына қонған ақ көгершіннің күміс қанаттарында күн сәулесі ойнаған кезде, иә, әлі күнге жан баласы әңгіме етіп көрмеген, тек осының ғана санасында оянып, көңіліне ұя басқан. Гүлдер хаһында ой шеруін тартқанда, е, сосын жер бетіндегі ең жақсы адам – ақ кимешегін кір шалмаған әжесі қара шанақты қағып-қағып жіберіп, мақамы жүйке-жүйкеңді қуалай жөнелетін сұңғыла термесін әуендеткенде, Оспанқұл атасы шалғы шыңдай отырып бағзы заман қазынасынан жіпше суыртпақтап өз басының мизам һәм қаңтар тірлігінің шегерген сырын көл-көсір ақтарғанда, бәрекелде, баланың қиялы шарқ ұратын. Бозала сәулені тіміскіген жанары жарқырап, көңіл қанаттары ауаны ескен сайын, шыр көбелек айналған жердің кіндігінен ұзай беретін, өзін-өзі көтеріп келе ме, әлде ақ көгершіні ме алып ұшқан?!. Ол жағы беймәлім. Көкірегін айқара құшқан жалғыз арманы – биікке самғап кетіп, көк төсіне табанын тигізу, сол жерде тұрып бар дауысымен әлдене айтсам дей ме екен... Қазір де, таң атқалы бірқыдыру уақыт өткенімен, көзін ашпай, терезеден қиғаш түсіп тұрған күн сәулесіне қалың кірпігінің арасынан ғана сығалап, анталаған жебір ойдың қамауында тым-тырыс мүлгиді, айқасқан аяғын жазбастан бейжай күйін бұзбай-ақ қояр еді-ау, сыртта ақ көгершіні күтіп тұр ғой, жалғыздықты білгізбеген, күнді ұясына қондырып бір үйде қатар тыныстар, тілдесе алмаса да ұғыса білетін осы құртақандай құсты тауып бергені үшін Оспанқұл атасына разы. ...Каникулға келген күннің ертесінде қартқа ілесіп, арбамен ауылдан күндік жердегі ескі диірменге ұн тарта барғанда әуелі көргені – жирен сақал диірменшінің жапырайған жаман тамының шатырынан жапырлай ұшқан көгершіндері. Қара көк пе, қара ала ма, сан түсті қанаттылардың әдемі мүсіні қандай – оған назар аударған жоқ: ымырамен жем терген тірлігі, ең алдымен адамға ілтипаты, жатырқап жасқанбайтындығы қызықтырда көңілін. Бұлардың қолқасына жирен сақал әуелі шырт түкіріп жауап бермеген, сосын мәмілеге келді: бір қап кебекке – екі балапан. Үйге келген күннің ертесіне әлгінің біреуі көзі бозарып, өліп қалды, екіншісін көрерге әдемі, ауыл арасындағы қалың талды айнала ұша жөнелгенде аппақ бауырымен жасыл жапырақтардың дір-дір еткен бетімен үзіп бара жатқандай көрінеді. Төрт үйдің арасында құлағы қалқайған жалғыз баланың ермегі – қиялы мен ақ көгершін сосын... - Оу, балам, тұрмаймысың, – деп әжесі дауыстады. – Тырайып қашанғы жатады. Құлқы болсайшы тұруға. Қазір төрт үйдің бас көтерерлерінің қыбыржыбыр тірлікке баяғыда араласқанын, құдайдың құтты күні есегінің жотадағы бидайға кетіп қалатынын айтып, Айып шалдың ауылды басына
көтере сықпыртып жатқанын, шақырайған күннің астында Оспанқұл көршілерінің күрк-күрк жөтеліп отырғанын, қорықшы – кем аяқ Станбектің әйелімен тамның көлеңкесінде шай сораптауға кіріскенін біледі, сонда да бас көтеруге ықылассыз. - Бәйбіше, барсыңдар ма? – Айып шалдың жылаңқы дауысы әзер естіледі. – Көгершін балаң үйде шығар? - Ертеңгі астан ауыз тиіңіз. - Оған мұрша қайда, әлгі есек тағы кетіпті. - Шідерлеп қоймаймысың, жарықтық... Андағың не? - Абиыр болғанда, алтын емес, бәйбіше... Күректің басы, түнде іңірде біздің бала келген... Төмендегі ескі қамбаны тазалап қойыңдар, бидай құямыз деп кетті. Әпкел, шақшаңды... Ештайдың әкірәндік баласы екеумізге задение сол. «Тұру керек деп ойлады Кемелхан, – бәрібір жаныңды қоймайды енді. Бір, екі, үш...» - Атаңның есегі жотаға шығып кетіпті, әкеліп бер, құлыным,- деді әжесі. Шал шырт түкірді. - Әй, шырағым, жұмыс бастан асып жатқанда ойнап жүріп алма. ...Жотаға шығатын жалғыз аяқ сүрлеумен еріне басып келе жатқан баланың үстінен көгершін ұшып өтті. Қолын бұлғап еді, құс айнала самғап әуеде ойнады. Күн ыстық. Үп еткен самал болсайшы. - Қансорпа қылып қуып келгенің не? – шал ежірейді. – Бұлай етерің бар, бармаймын деп неге айтпадың? - Ұстатпай қойса қайтем. - Тр-р-р... Арамын қарашы. – Шал есекті шыр көбелек айналды. - Кете берейін бе? - Шық, мынаның бір жағынан. Есекті екеулеп жүріп әзер ұстады. - Жүйкең құрып тұрмаса төмен жүр, бізге де көмегің тисін, қашанғы Оспанқұлды сағалай бересің. Есектің митың-митың жүрісіне ілесіп бала жолға түсті. - Осы сенің ойыңда не бар? – деді шал былай шыға бос шақшасын танауына апарып. Ақ топырақты бұрқылдатып бейжай келе жатқан Кемелхан желкесін қасыды. - Әкең марқұм, ой, қарулы еді-ау, қара жер хабар бермесін, сонша күшті бола тұра көрінгеннен таяқ жейтін, біздің Қаймолда қанша сабады мес қылып. – Айып кеңк-кеңк күлді. Бала тоқтай қалды. - Рас айтамын, кісіге қол көтермейтін, марқұм, – деді шал есектің басын іркіп, сосын Кемелханның бетіне таңырқай қарады. – Несін айтасың, момын тұғын, әй, сен әкеңе тарт. Жол бойы шал өзімен-өзі сөйлеп талай жерге барып қайтты. Бірді айтып бірге кетеді. Бала оның қай сөзіне ден қоярын білмей дал. Әжесі айтатын:
«Осы шал үнемі жалғыз өзі сөйлеп отырады» ,-деп. Бір жолы өзі де көзімен көрді. Оспанқұл атасы іңірде ине сұрап келуге жібере қоймасын ба. Есіктің алдына келгенде, іштен шалдың дабырлаған даусын естіді. «Кісі бар екен ғой» деп ойлап, сәл тұрып қалды. Іштегі дауыс: «Бермеймін дедім, жанды қойды ма, әкел де әкелге салып төніп тұрып алды желкемде. Құдды әзірейіл... – Шал іле кеңк-кеңк күлді. – Ал мен ол қызталақтың алдын орап кеттім... қалайы несі? Әй, қой, қазбаламай...» Есікті итеріп қалған баланың аузы ашылып, сілейіп қалды, шалдың өзінен басқа жан жоқ. Содан бері бұл Айыптан іш жиятын. Бұлар Станбектің қамба көлеңкесінде қып-қызыл болып ұйықтап жатқан үстіне келді. - Ақсақ баланың жатысын көрдің бе? – деп сыбырлады шал. Сосын даусын шығарып. – Ыстыбай Ештаев, – деп қойды. Станбек жыртитып көзін ашты. - Қайда жоғалдың, шал, тал түске дейін? - Есектің келісі осы болды, әкіренік бала, кірісейік енді. - Құрып кетсін, тобықтан топырақ... Мына көгершін адасып жүр ме? Жетпегені осы еді, құдай жарылқады, күрек алып ішке кір, бала. Қамбаға бас сұққан Кемелхан шошып кетті, төбесі жұлым-жұлым тесік, қаптаған торғайдың ұясы. - Бұған бидай құюға бола ма? – деп екеуіне кезек қарады. - Онда сенің диалаң болмасын. – Айып шырт түкірді. – Әй, қолыңды ал қалтаңнан. Ақ тозаңның ішінен үшеуі бірін-бірі әзер көреді. Тұншығып бара жатқан соң Кемелхан сыртқа ырғыды. Іле-шала Станбек шықты ырсылдап, шал қыңатын көрінбейді. Терезеден топырақты бұрқыратып жатыр. Әлден соң дауыстады: - Әкірәнік, қайдасың? - Айта бер. - Кір ішке. - Қиқаңды қойсаңшы шал. Бір заматта көзі ғана жылтырап, Айыптың өзі де көрінді. Шандыршандыр мойны айғыз-айғыз кір. Түшкірді ме, қақырды ма – иығы селкілдеп ұзақ отырды. - Япыр-ай, тозақтың оты мұндай болмас. - Солай деші. – Станбек шиық-шиық күлді. - Әйтсе де ақсақал сұрауым бар. - Шырағым, осы сұрау дегеніңнен әбден жадап кеткен адаммын. - Амал қанша, білсек дейміз... - Мысалы... - Мысалы бір аяғы төрде, бір аяғы көрде тұрған адамға дүниенің қажеті қанша? Балаңыз болса білдей бригадир. - Болдың ба? - Әзірше осы да жетеді. - Ботқа бет адамда түйсік болмайды дегенді естіген шығарсың?
- Жалтарма, шал.
- Жауабын берейін, ендеше. – Айып кір-кір қолын көрсетті.-Қалай,
жетті ме жетеңе.
Станбек шылым тұтатты, көк түтінді бұрқ-бұрқ еткізіп алып:
- Бірдеме есіме түсіп отырғанын қарашы,– деді.
- Қызық болса айтсай... – Шал ернін жалап-жалап қойды.
- Шөкімен ақынның өлеңі еді.
- Е, не депті?
Станбек әндетті:
-Уа, Айып жалақ,
Жалай-жалай кетесің ернің қанап.
Түн ішінде жортқаныңды қоймасаң сен,
Біреудің өлтіреді иті талап...
- Кегің қайтты ма? – Шал орнынан тұрды. – Қайтса, ал күрегіңді қолға. - Әй, – деді Кемелханға, – аузың ашылып немене... құлағыңа жағып барады, ә... Қызталақтар-ай, өңшең. Түсте түгел үйлеріне қайтты. - Үзіп беретін қауын болса, піскен жоқ, есек әкелген ақыңа біздікінен айран іш. – Шал Кемелханды қоярда-қоймай үйіне ертіп әкелді. Есіктің ашылуын күтіп тұрғандай қара шыбын күж етіп әуеге көтерілді. Үй ішінде жалғыз ескі темір төсек пен тозығы жеткен құрым киізден басқа іліп алар ештеңе көзге түспейді. Айып баланың алдына ағаш тостақпен айран қойып, сыртқа беттеді. Әжесі айтып отыратын: «Кемпірі өлгелі он жылдан асты. Келінбаласынан іргесін әуелден аулақ салып, жалғыз тұрды. Жұрт жапа-тармағай жаңа орталыққа көшіп жатқанда тағы жарылды елден, жер бетіндегі жападан-жалғыз адам осы, о, құдай-ай!» – деп. Жер бетіндегі жалғыз адам... Осыған Кемелхан түсініңкіремейді. Адам қалайша жалғыз болады? Шал есіктен бас сұқты: - Ерін тигізбепсің, жиіркеніп отырсың, ә? – көзі ажырайып кетті. – Ішпейді екенсің, қайқай. Сыртта күн шаңқиып тұр. Кемелхан аяғын басуға ерінеді. Қазір барады да, әжесі қараңғылап қойған төргі бөлмеге кіріп ұйықтайды. - Келдің бе? Қайда бардың? - Әжесі құрт сығып отыр. - Төмен. Қамбаға. - Немене... Күн өтіп кетті ме?... Құдықтың суына жуынып алсаң қайтеді? - Әже. - Оу. - Біз қашан орталыққа көшеміз?
- Колхозшыларға арналып келер жаз үй салынады деп жүр ғой, шешең аман болса, біреуі бізге тиер. Бала анасын ойлады. Ол жайлауда, сиыр фермасында сауыншы. Өткенде қатынаған біреуден Кемелханға судай жаңа жейде беріп жіберіпті. Жаңа киім алып, сөмкесін жаңартса... «Өзіммен бірге ақ көгершінімді де ала кететін шығармын», - деп ойлады ол. Оспанқұл атасы келді таяғын тықылдатып. - Есебі, айраныңыз ар ма, бәйбіше? - Е, бар емей немене ... – Әжесі зерден кесеге мәймілдетіп айран құйып әкелді. – Майы алынбаған. - Аққа не жетсін... – Қарт сіміріп салды. – Уһ! Ал, Кемелжан, қайда барып келдің Айып атаңа ілесіп? Төмен түстіңдер ме, немене?.. - Ескі қаманы азалапты, бидай құятын көрінеді. – Баланың орнына әжесі жауап берді. – Биыл құдай беріп тұр, жотаның астығы сұмдық деседі жұрт. - Қара қазан, сары баланың несібі деген сол есебі. – Әй, бәйбіше-ай, аққа аузы жетті ғой елдің. Тек тыныштық болғай. – Қарт Кемелханға қарап күліп қойды. – Осы қай класқа барам деп ең биыл? - Бесіншіге. - Өтіп бара жатқан заманды қарай гөр. - Екі колхоз бірігеді, жаңа орталық салынады дегеннен-ақ Иірсудағы елде береке қалды ма, жапа-тармағай көше жөнелді. - Бәйбіше, өкімет бекер іс қылмайды. Есебі, түптен ойлағандары бар, білем. - Бізді қинап тұрғаны баланың жатын орны, – деді әжесі. – Кемелжанның татар дәмі енді ағайыннан болып тұр емес пе? - Е, бұл үшін қазан асар деймісің. - Сыртқа шықпаған бала... - Үйреніп кетеді. Әй, бұлар өспесін, есебі, өскен соң Әшірбек ағасына ұқсап басқан ізіне зар қылады әлі-ақ. - Қой, әке, мұныңыз не, жарықтық?.. - Басқа кімім бар?.. Оспанқұл булығып ұзақ жөтелді. - Қолы тимей жүр де. - Әжесі де қоса қамықты. – Кеп қалар... - Кешікті ғой, тегі... Қалдырар аманатың қинайды жанды. Соны айтып үлгере алмай қалам ба деп қорқам, есебі. - О, не дегеніңіз? - Күннен-күнге жанарым солып барады, бәйбіше. Ұзақ таңға кірпігім айқаспайды. Сеземін. Жаңа қонысқа көшпей қалғаным сол... Осы жерде кіндігім кесіліп, терім төгілген... – Сәл үнсіздіктен кейін сөзін қайта жалғады. – Қадишаға жаным ашиды, жалтақтап жалғыз қалып барады, жақын тартар ешкімі жоқ. Үлкендерді жайына қалдырып, Кемелхан үйге кірді, бөлмені әжесі қараңғылап қойған екен, тап төрдің алдына жата кетті. Оспанқұлдың баласы Әшірбек туралы ойлады. Осыдан он екі жыл бұрын көрген. Ұзын бойлы, ақ сұр, шашы сәл ұзындау, сұсты жігіт көз алдында.
Екеуі тауға шыққан. Бұған жол бойында ертегі айтып берген. Жақсы көріп қалған еді сонда, енді көңілі қалған райда. Келмей ме? Әкесін неге аямайды?.. Кемелхан дөңбекшіп ұзақ жатты. Бала қиялына қанат бітіретін үшінші серігі – сурет салатын дәптері. Оны қолына алғанда шұғылалы аспан, нұрлы дүние – жер беті дәл осының иығына иек сүйеп тұрғандай болатын. Сәл қозғалса, өзі ғана көріп-сезетін, алысжақынға шетін шығарып айтпаған сұлулық атаулы жым-жылас жоғалатындай қорқып, тас мүсіндей қадалып отыратын да, әлгі мың құбылған, бір-біріне мүлде ұқсамайтын құбылыстарды қашан және қай кезде үйлестіремін деген ынтызар қиялға қол артатын. Сөйтетін де, ақ қағаз бетін шимайлай жөнелетін. Әне, ол үй артындағы биік төбенің ұшар басында отыр. Жіп-жіңішке саусақтары қарындашты сығымдап алған. Аппақ парақта меңдей ноқат жоқ әзірше... Иірсуды айнала тау қоршап жатыр, өркеш-өркеш бұйра жондар айдары желбіреп, бірінің шоқтығына бірі иек артқан сайын биіктеп, ақырында зеңгір көкке телмірген істік сілемдердің бауырына барып кіретін, ерекшелігі – бұл ауылды ертеңгі алакөбеңнен кейін талай уақыт қызыл арай көмкеріп, алтын шашақты сәулелер көкорай шалғынның тал бойынан бастап боз көденің тұтасқан түбіне дейін бояуын жоғалтпай тұрып алатын. Шығыстан шыққан алып күн дәл жолында маңқиып жатқан атақты «Көктіреген» үстерінен асып келгенше осы, сосын барып қана алқызыл нұр аспанға сіңіп, жерге жайылатын. Бала бажайлап отырса, ауланың жобасы бос тастаған қамшы өріміндей ирелеңдеген көшесінде арасы алшақ-алшақ салынған соқпа тамдардың сұлбасы ғана қалған, жаппай орталыққа көшкен жұрттың орнында топырақ үйіндісі қарауытады. Қағаз бетіне көзі көргендерін ғана түсіріп отыр, қашан да жанары қаныққан бейнені бүлдіріп алудан, не ұқсата алмаудан дегбірі қашып қиналады. Ол – суретші еді, бұл қасиет әуелде бойында болды ма, жоқ па білмейді, алайда мектеп табалдырығын аттап, қолына қалам ұстаған жерден былай қарай ішкі тебіренісіне даңғырата жол ашқан. Тапжылмай қағаз шимайлаған мұның бойында суретшілік қабілетінің бары ақиқат. Ауыл табиғатының бар реңі айналасын қоршаған қарекетпен жарастық тауып салына бастағаннан-ақ бала айтып жеткізгісіз рақатқа бой ұсынады. Лүп-лүп соққан жүрегінің дүрсілі, кеудесін кернеген қуаныш лебі – бүкіл маңды басына көтерген сарқыраманың суындай жан дүниесін жаңғыртып, жадына түйген, қиялында оянған бояулар мен нақыштар қарындаш ұшында қатар өріледі. Қабілетінің қайнар көзі ата қоныста отырған төрт үйдің үлкенкішісін бейнелеуге келгенде кең ашылып, жарық дүниеге іңкәрлігі, үлкендер айтып отыратын адам мұраты дейтұғын биіктікке қарай өкшесін жерге тигізбей демейді, таяқ тастам жерде әлденені көтеріп қыбыр-қыбыр қарекет еткен құмырсқа да, ашық аспанда алаңсыз жүзген ақша бұлтқа дейін - бәрі
қуаныш оған. Көңілге түйгенін қағаз бетіне асықпай отырып түсіруге пұрсат бер, бала болуға, бала болып ойнауға, бала болып қиялдауға көлденең тұрмасаң, өзге нәрсе сұрамайды бұл. Қарашы мынаны... Күндігі қоқайған әжесі басын кеудесіне алып, түйенің асыл шудасын түтіп жатыр ма, әйтеуір, табанын суытып көрмеген шүйкедей кемпірдің жанкештілігі, «уһ» демей әмәнда жарқылдап жүретіндігі, толып жатқан қисса айтып ұзақ таңға иілмей отырып домбыра тартысы – мұндай әже дүние жүзінде кем де кем. Осындай көңілді адамның түнде шам сөнген соң, әлдебір сөздерді күбір-күбір қайталап, жиі күрсінетініне таң қалатын бала. Көзі ұйқыға кеткен соң, түнде оянуы сирек-тін, ал оянды бар ғой, ең алдымен әжесінің күрсініп жатқанын естір еді... Тереңнен уһлеп шыққан дем жиілеген сайын бойы тоңазитын, осылай тітіркенген денесін көрпеге жасырып, бұйығып жатқан түндерінің бірінде әжесінің: «Әй, Құлияс-ай...» – деген әрі қысқа, әрі зарлы үнін естіп, іштей езілгені, еңірегені бар. Құлияс – әкесі. Оның қалай өлгені түп-түгел есінде: алты жасар қара сирақ баланы шаңқай түсте лай тоспаға әлсін-әлсін, сүңгіп, топ құрбысының арасында асыр салып жүрген жерінен атты біреу ләм-мим деместен желіп келген бойда тақияша іліп ала жөнелді. Үй алдында қалың жұрт, сұсты еркектердің сұп-сұр кескіні бедірейіп, қашаннан қам көңіл әйел біткен орамалдарының ұшымен көздерін басып, ара-тұра сыңсып алады. Соқпа тамның көлеңкесінде үсті-басы күйген, кейпі адам көргісіз біреу жатты. Қыпқызыл болып ылжыраған беті бір жағына ауып кеткен секілді, еріндерінің арасынан ақ тістер анадайдан көзге түседі. Түктің мәнісін ұқпай, отқа түскен адамға аяныш, әрі одан қорқыныш сезімі ғана баурап, абдырап тұрған баланы ойбайлап келіп әжесі бас салғанда, мұның санасында «әкең» деген сөзден бір сұмдықты сезіп шыңғырып жіберген. «Кемелхан!» Ыңырсыған, алайда тамырын шымырлатқан жалынышты, аяулы баяу дауыс бала жадында мәңгі қалып қойды. Әкесі ауруханада көз жұмды. Масағы аспанға ұша жанған астық өртін өшірем деп жүріп, Иірсудың момын, өзі тірлігіне адал тракторшысы осылай қайтыс болған. Бала әкесінің суретін салып отырып, өткенді есіне алды. Оспанқұл қарт бұлардың байырғы көршісі: дімкас, кәрілікке ауру қосылып ізін аңдыған соң, төсектен қара үзіп кетуі қиын екен. Дүние жүзінде ең жақсы көретін атасының класс жетекшілері Балқия айтып отыратындай от-жалында шыңдалған большевик атасының таяққа сүйеніп, қарға адым жерге зар болып қалғаны, енді екеуінің «Мажыра» сайына арбамен баруы екіталай екені жанына батады баланың. Көрмеймісің үйінің артындағы тақырға киіз салдырып шаңқайған күн астында мүлгіп, құнысып отырғанын, еті қашқан сүйегі бешпенттің астында білінбейді, шынашақтай құр сүлдер қора көлеңкесінде шыбындап тұрған кер биеден көзін айырмайды. Өзінің талай майлығы мен сулығын тең бөліскен серігін аяй ма, айтар сөзі бар ма... Көргенін айнытпай қағазға түсірген бала, жанарын судың арғы қабағына тіктеді: қарашығында Айып шалдың ұзыннан-ұзақ созылған қора-қопсысы. Қайсысы үй, қайсысы малдың жатын орны екенін аңғарудың өзі қиямет.
Бірінен сиыр, келесісінен жылқы, үшіншісінен есек қылтитады басын. Баяғыда қирап, енді келеге келмей қалған бір аттық шана, арба, ағаш, соқа санына жетпейсің, қора-қопсының үсті ескілі-жаңалы тұтасқан шөп. Беті бір уыс көсе шалдың сірленіп тозығы жеткен бешпентіне, тізесі үлбіреп оңып кеткен шалбарына дейін анық көріп тұр бала. Ежірейген көзі, езуінен ешуақытта кетпейтін кекесін мысқыл да жадында, қазір соның қайдағы дау-дамай жайлы өзімен-өзі сөйлесіп жүргеніне дейін сезінеді. Сала салған суретіне қарап, шошып кетті – құдай-ау, мынау аумаған қайыршы ғой! Әжесі айтқан бір сырда – Айып көңіліндегісін жан баласына сездірмейтін жылан жүрісті адам – ел ортасынан қашқақтайтын, мәміле іздемейтін, ағайынның жақсылығы болсын, қайғысы болсын бірыңғай сұрғылт көзқарасы бар, өзге түгіл өз батасына қол жайып көрмеген, жемежемге келгенде есігін тірей бекітіп, күллі әлемге ту сыртын беріп отыратын күнәһар. Бірақ, бар ғой, терісіне ілініп жүрген осы шалдың күнәһарлығына бала екі дүниеде сенбейді. Алыста сарғайып піскен егін тербеледі, ақ сары толқын жап-жасыл болып бетке тырмысып бір-бірін қуалап бара жатқандай. Шетінде жиырма шақты жылқы жүр жайылып. Қорықшы қайда? Баланың көзі төмендеп Станбектің үйіне түсті. Ол қазір ұйқыда, ұстарамен айнадай қылып алдырған басын сабалақ жүнді ала мысық жалап жатсын, әйелі төр үйде бар даусымен ән салып отырсын, бәрібір оянбайды, аузынан суы ағып жатады серейіп. Көріп жүрген жас жігіттерге Станбек мүлде ұқсамайды, тіпті бәрін қойғанда: «Түтін жұтқаннан осым артық», – деп насыбай ататынын, ерні томпайып киіз астына шырт-шырт түкіріп отыратынын қайтесің. Өзі еш уақытта оң сөйлемейді, мейлі үлкен, мейлі кіші болсын – қылжақтап мезі етеді, қала берді ермегі – әйелі, екеуі шырпының шиін салып карта ойнайды. Бала Станбекке бір жолы көкейінде жүретін аспандағы ақ гүлдер жайлы айтқан, сөзін аяқтап үлгермей, анау мұрнынан аямай шертті. «Не былжырап отырсың, қайдағы гүл, аспанда гүл өседі деп қай жынды айтып жүр саған? Бала, сен сөмкеңді арқалап мектепке ертерек кетпесең, қияли болып, домбыра дыңғырлатып, ағаш кезіп кететін сыңайың бар. Қи... қи.. қи.. ұқи... аспан гүлі, құдайым-ай түске кіретін сөз айтып... сандырақтап болсаң әпкеші бері басыңды тырсылдата келіп шертейін», – деп шекесін қып-қызыл қылған. Қай кезде оның ұзын-сонар сөз бастап, бір көзін жұмып, жұмбаған көзін алысқа қадап, ерніне екі-үш түйір насыбайды тастап жіберіп көсіледі дейсің. «Қорқам мен ағайын, қорқам, – деді ол басын қалтылдатып, – ертең бе, бүрсүгіні ме біреу кнопканы басып кеп жіберсе, күліміз көкке ұшады, қырыламыз да қаламыз. Вот нені ойлау керек». Станбектің әйелі қып-қызыл, топ-толық келіншек. Алғаш артист боламын деген екен, қараңғы түннің бірінде ай-шайға қаратпай Стекең алады да қашады, енді жер тамда сұңқылдап отырысы мынау, күн ұзын шаршау жоқ, талмай шырқайды. Кей күндері күйеуінің торы шолағымен шашы желкілдеп, орталыққа тартып кететінін қайтерсің; бітірері – жаңа шыққан ән болса үйреніп, сөзін жазып әкелу ғой.
Ақ парақта шолақ торыны тебінген әйел пайда болғанда, бала жымиды. Шалқасынан түсіп көгілдір әлемге көз тікті; аспан ашық, тап-таза, айдын судың бетіндей жарқырап еріксіз өзіне тартады: қанатыңды қағып-қағып шаншылып ұшсаң-ау биіктеп; қылдай қылауы жоқ көгілдір әлемге сіңсең сосын, самғап ұшқан ақ көгершініңмен қосыла шырқап, ақша бұлттарды уыстап лақтырсаң... Балаға кейде осы аспанмен жердің ортасы алыс емес, кеңістіктің түпсіз тұңғиық екені өтірік сияқты болып көрінетін. Тым-тырыс жатты да қойды, күн барған сайын ысып, шыжғырып барады; ызыңдаған жалғыз сона қол созым биікте ұзақ айналды; аулақта сайраған бозторғай әуені құлаққа қандай жағымды – елтіп маужырай бергің келеді. Бала төменде Айып қарттың бақшасының жанында тұрған сары жигулиді көрді. Балағын тізесіне дейін түріп алған шал ат бойы өскен сыпыртқының арасында кетпені жарқылдап, жанындағы дөңкиген біреуге әлденелерді айтып, қолын сермеп тақымдап барады. Оның қасындағы шой қара – шалдың ұлы Қаймолда екенін бала танып тұр. Әжесінің айтуынша, қазіргі жастың пысығы осы, елдің жаңа қонысқа көшкені арқасында бес-алты үйдің бақшалық жерін түгел қоршап, сыпыртқы егіп тастап, әкесіне қарауылдатып шаруа істеп жүрген сияғы, тек соншама сыпыртқының не үшін керек екеніне бұлардың миы жетпей дағдарды. «Мұнда көп мәніс бар», – деп Оспанқұл атасы шырт түкірген. «Мәнісі сол – қазір базарыңызда нағыз пайданың көзі осы болыпты», – деп Станбек әжептеуір әңгіме қозғаған, алайда қыңқыл-сыңқылға әкелі-балалы қарамады. Атақты «Шорылдақ» бұлағының көл-көсір суын бақшаларына бұрып сап, ұлан-ғайыр аймақты жайқалтып жіберді. Қаймолда – үнемі оң көзін қысып жүретін жігіт. Әуелде бала осы соқыр емес пе деп те ойлаған, сөйтсе... Жазғы каникулға тарап келген ағашқы күндері ойнап жүріп Айыптың үйінің жанына келіп қалған еді, іштен күжілдеген ызғарлы дауыс естілді. Есік ашық. Темір төсектің үстінде ашуға булығып отырған шалдың алдында божбан қара талтайып тұрып алып ақырып-шақырды: «Аядай жерді күтуге шамаң келмесе, өлмеймісің тырайып, өзіңдей елдің әкесі, әне, көзін шел қаптап кетсе де, дүрбімен қой жайып, сайсайды қуалап қарбыз егіп жыл он екі ай қаңғиды...» – жігіттің екі көзі тас төбесінде. Қарасы теріс айналып ақшиып кетіпті. Мұны көріп оң көзін қыса қойды, сосын өтірік күлген болып: «Шалдардың ақылы айрандай іріп барады, інішек, қалай күн көреміз?» – деген. Кемелхан әкелі-балалы екеуіне соңғы рет көз салып, ылдиға қарай жүгіре жөнелді. Үйге келгенде әжесі: - Мана Оспанқұл атаң жай келмепті, ыстықтың беті бері қайтысымен қорамның төбесін ашып, қайта жабамын дей ме. Сәл дамылдап алып сонда баралық, ұлым, бізді ес көріп отыр со жазған. Оспанқұл дегенде баланың баланың шығарда жаны бөлек; бүкіл жаз бойы жұбын жазбай «Мажыраға» қарай тепеңдесті; ат бауырына оратылған көк құраққа белуардан еніп іркіс-тіркіс сілтеді шалғыны. Біссімілдәсін
қайырып алға түскен қарт қаршадай баладан ұзап кете алмағанына күрсініп, әлсін-әлсін қарай беретін. Бір-біріне көз астымен қарасып, соншалық тез деміккендерін білдірмеген сыңай танытып, алақандарын жанып қайта күйбеңдейтін: қолдары қалтырап, тізелері дірілдегенше осы, уһ деуге шал, жантая кетуге бала намыстанады, таңдайлары құрғап, сілекейлері қатқанда барып амалсыз аяқ созып жерге жамбастай кетіседі. Осы күйбең қарекет, ымырт тірлікпен-ақ біраз шөмеленің сұлбасы қарайды. Соған көздері түссе мәре-сәре қалып танытады; шал талайдан бері сабылған күндерінің зая кетпегеніне, шым-шымдап шаба берсе қыстық шөбін желідегі қауын пісіп үлгермей әзірлеп алатынына қуанды. Қарттың қолын суытып көмектескені, әжесі айтпақшы «өзгеге шапағаты тигені» үшін баланың шаттығы өз алдына. Кәусар дүниеге қарап отырған екеуінің күн ұзынғы тірлігінің бір тармағы қарт айтатын қат-қат әңгіме; өмірі жалықтырмайтын бағзы заманның шежіресі ағыл-тегіл ақтарылып кеткенде сұңғыла көңіл атабабаның ертегіге бергісіз ерлігіне қол соқтырмай қоймайтын. - Сен бар ғой, Кемелжан, өзіңді көп қинай бермей дем ал, оған дейін мен шалғыңды шыңдап қоямын, – деп қарт мұны жанына отырғызып қойып әдемі мақамға басады. Баланың сүйіп тыңдайтыны Сармантай бала туралы аңыз-ертегі. - Баяғыда Итбаспақ тауының қойнауында шал мен кемпір тұрыпты. Олардың Сармантай деген жалғыз ұлы болған екен деп келіп Оспанқұл қарт әндететін : Жақсылықты жалғанға, Жасамайтын антұрған, Итбаспақтың құзында, Бір жалмауыз шал тұрған...
Сол шалдың баласы әлгі Сармантай, – дейді қарт. Шалдың жалмауыздығының мәнісі – Итбаспақтың ұшар басында шипа бұлақ деген ақ қайнар болыпты. Оның суын ішкен адам болсын, аң болсын ауруынан әпсәтте айығып ұзақ жасайды екен. Сол бұлақ күндердің күнінде тосылыпты. Тірлікке өшіккен сұрқия шал бұлақ көзін қасиетті көк таспен бітеп тастайды. Өзі бұлақтың жанындағы биік сілемге шығып алып, келе жатқандар болса садақпен қырып отырыпты деседі. Аурудан адамдар да, аңдар да өле беріпті, ал шипалы бұлаққа асыққандарды қанды жебе жер жастандырып жатыпты. Дүние қапырыққа айналады. Тау, тас күндіз–түні күңіреніп, тал–бұталар, шөптер мен гүлдер сыңсып жылайды. Қаршадай бала Сармантай есік алдындағы қой тастың үстінен бәрін көріп отырады. Егер шипалы бұлақтың суын ағызбаса, оған адамдардың қолы жетпесе дүниенің біржола өртеніп кететінін бала сезеді, ақырында аққайнарды күзетіп отырған әкесіне қарай бет алады. «Ей, балам жақындама, – дейді әкесі Сармантай таяп келгенде. – Бұл жерге менен басқа адам баласының аяғы тимеуі тиіс, қайт үйге». «Әке шаршадыңыз ғой, шипалы бұлақты мен күзете тұрайын, сәл мызғып дем алыңыз», – депті Сармантай. Шал жауап қатпайды. Бала жылап үйіне келеді. Сонда шешесі ақыл айтады:
«Уа, менің жақсылық үшін жаралған құлыным, қатыгез әкеңнің пейілі тарылып, жер бетінің тіршілігі құруға айналып бара жатқанда туған бөпем, бұл тығырықтан шығатын жалғыз жол бар, соны айтайын, бәлкім, себі тиер ме екен, кім білсін. Әкеңнің үйде атбасындай алтыны бар, соны біреу тартып әкетіп қалды деп барып көрші, балам, айтпақшы дейді анасы, әкең алданып үйге кетсе бұлақ көзінде көк тас жатады, оны сен ала алмайсың», – деп екі ауыз терме үйретеді. Сармантай әкесіне келіп алтын туралы баяндайды. Сонда шал орнынан қарғып тұрыпты. Шипа бұлаққа жалтақтап қарай берсе керек. «Кел мұнда, – депті баласына, – мен келгенше кірпік қақпай отыр, көзіңе біреу түссе садақ тарт, ал шипалы бұлаққа өлсең де жуыма. – Шал аз–кем бас шайқап тұрып: – Егер тілімді алмай бұлаққа жуыдың бар ғой, өз обалың өзіңе». Шал кеткен соң ұшып қайнар басына барыпты бала. Дөп-дөңгелек бұлақтың суы тартылып, топырағы әбден кебірсіген. Түкпірінде адамның басындай ғана көк тас жатыр. Бала жалма-жан көк тасқа жармасты. Бірақ қанша жұлқыласа да қозғалта алмайды. Сонда есіне анасы айтқан терме түседі: Қуратып ыстық даланы, Құтырып қурай жанады, Маралдар маңып барады, Адамдар өліп барады. Шипа бұлақ ақпаса-ау, Көмейі сылдыр қақпаса-ау, Құриды, бәрі құриды, Айналайын көк тас-ау, – деп жырды қайталапты бала. Сол, сол-ақ екен көк тас ылдиға домалап жөнеледі, оның ізін қуа ақ бұлақ аға жөнеледі. Іле бүкіл дүние көк жасыл түске енеді, бұта – бұтаның үстін ақ, сары, не түсті гүлдер жауып, бұрын соңды байқалмаған жұпар аңқып қоя береді. Сайраған құстар, тастан-тасқа секірген аң бүкіл тауды төбелеріне көтеріп алып шыр көбелек айналдырып тұрғандай болып сезіледі. Қара тастардың бетіне лезде жасыл қыналар қаулап, жер бетіне мөлдір тамшылар қонады. Алыстағы адамдардың күлкісі құлақ тұндырып, бүкіл әлемді баураған аспан өңірін қақ тіліп, күннің сәулесі есіле төмен төгіліпті. Сармантай алақайлап жүгіре жөнеледі, бір кезде артынан қатты дүрсіл естіледі, бұрылып қарағанда тұла бойы шымырлап қоя беріпті баланың. Садағын кезеніп, түрі жан шошырлық әкесі қуып келеді екен. Бала жандәрмені қалмай қашқанда, зуылдаған жебелер біресе төбесінен, біресе жанынан жанап өтеді, оның өкшесі жерге тимей зымырайды; таулар да, тауда өскен долана, тобылғы, шеңгел де бөгет бола алған жоқ, көк құрақтар, қалың қамыстар қақ айырылып жол берді, кілкіген ақ сағымның шудасынан ұстап құстай ақты Сармантай. Қанша құйын-шыбын болып ұшқанымен артындағы алапты дүсіл мен зуылдаған жебелер екі елі қалмай, өкшеледі де отырды. Бала артына бұрылуға қорықты. Әкесінің өлтіруге құнығып қан толған көзін екінші
қайыра көрмеуге бекінді, дүрсіл таяй түсті, жебелер енді оның денесін мүлде жанап ұшатын болды. Күллі дүние дем шығармай тына қалды; жүз жылдық, бәлкім мың жылдық кәрі еменнің бүкіл бұтағы салбырап жерге түскен. Сәл дыбыс шықса сатыр-сұтыр сынып шашылып қалатын секілді, күн сәулесімен өртенген сілемдер заңғар аспанға емініп тәңіріне жалбарына ма, жоқ мәулет сұрай ма, қайдан білсін Сармантай, әйтеуір леп шығаруға, қимылдауға батылы бармай тұр дүниенің. Бір кезде жыланша ысылдаған дыбыс шықты дейді арттан, балада әлдәрмен қалмады, ол бұл сертті жебені білетін, егер ол адырнадан шықса нысанасын алмай қоймайтын еді. Көзді ашып-жұмғанша болған жоқ, Сармантай әлдебір күшпен ыршып аспанға көтерілді, самғап, шарықтап бұлттардың үстіне шығып, сонау биікке қарай қалықтап кете барды. Бала құсқа айналып кетіп еді. Қанды жебеден қаршадай бала сөйтіп құтылады. Әкесі болса құзар жардың құлама тұсында тас болып қатып қалыпты деседі. «Көрдің бе, – дейді Оспанқұл қарт. – Сармантай құсқа айналып кетті. Ал оның есесіне шипалы бұлақтан нәр алған дүние қайта жасарды, адамдар ұзақ жасайтын болды, ұрпағы көбейді олардың, солардың бірі сен мен біз». «Ол қандай құсқа айналды екен?» – деп сұраған Кемелхан. «Қандай құсқа айналып кеткенін кім білсін... – деп күрсінді қарт, сонан соң аз-кем үнсіз отырып: – Бәлкім ақ көгершінге айналған шығар, сенің ақ көгершініңнің ата-бабасы ма?! Ол да ғажап емес-ау. Білетінім, Сармантайды анасы әлі күнге іздеп жүр деп айтады ел». Осының бәрін ойлап жатқан соң Кемелханның ұйқысы келмей қойды. Қазір оның жан дүниесінде ертегідегі Сармантай ғана. «Басқа құсқа емес, тек көгершінге айналған», – деп түйді ойын... Салқын түсе әжесі екеуі көршілерінің үйіне келді. Оспанқұл қарт қорасының төбесіне шығып алыпты, шіріген қамысты жерге аздан тастайды. Әйелі Қадиша ішке түскен топырақты бақырлап далаға тасып жүр. Кемелхан қолына шелек алды. - Жақсылықты көргенде Кемелжаннан көрдік қой биыл, – деді қарт, – әгереки аспанда құдай бар болса көрер... Солай, бәйбіше, есебі, мына дүниенің құрып кетпейтіні осылардың арқасы, ұрпақ қой, ойбүй, қайсыбірін айтасың. - Шүкір, шүкір, – деп әжесі бәйек. - Әлгі Кемелжан екеуміз шапқан шөпті осы қораның үстіне жисам ба деп едім... - Ертерек түсіріп алмасаң біреу алып шөбіңді... Кемелхан жеңіл тақтайды әжесі екеулеп төбедегі қарт пен әйеліне әперіп тұр. - Ел ортасына барсақ... – Қадиша бұрымын түзеді, – жұрт жабылып бір қарайған тұрғызып бермейтін бе еді. - Мекенімнен сүйегімді сүйретіп қайтесің есебі. - Оған сөз қайсы.
- Ендігің не, жазған? - Ағайынның арасына жетпейді бәрі. - Жөн ғой. Бірақ талқаным таусылғанда үйден кеткім келмейді. - Көңіліңе келсе де айтайын... - Өкпелегенде қолымнан келетіні қайсы... Тонымды отқа салмаймын. – Қарт түшкірді. - Қанша жыл кеуде соқтың, ат белінен түспедің... - Е, оның несін еске алып тұрсың? - Жалғыз қарайған тұрғызып аларлық қаржы да жиып алмапсың сонда. Қарт кеңкілдеп қатты күлді. - Сөзіңе болайын... Ау, мен адал болдым ғой, ау, мен ала жіп аттай білмедім ғой... Жә, сен қоя тұр, қане, пұрсат бер, есебі, елдің бір уыс талқанынан өз үлесімді ғана алғаным үшін айыпты санасаң ал басымды. Қадиша уһ деп демін алып шалының қолынан ұстады: - Құдай – ау, баяғы белсенділігі ғой, діріліңді бас, қайбір ақылды шіркін дейсің мені, шатып-бұтып сөйлей салмасақ әйел боламыз ба, біле тұра қойып қаламыз емес пе бүйірден. - Есебі, адалдық өлтірмейді. Адам баласы түу бастан бір-бірінен ала жіп аттамауды, алакөз болмауды өтінген, бәйбіше айтыңызшы тәңірі жарылқағыр. - Жарықтық-ай, аталы сөзге құлдық қой, ойбұй құлдық, бала-шағаның пейіліне кіреуке келтірер, кір түсірер пәлекеттен сақтасын әуелде... Әй, Кемелжан, атаңның сөзін есті...о, жаным, тоқы, тоқып ал көңіліңе. Іңір түскенше едәуір шаруа тындырысты, сосын жуынып-шайынып үйге кірді. Қуырылған үйрек етін ортаға алып енді шайға кіріскенде ит үрді. - Кеш жарық! – Айып шал кебісін босағаға тастады. – Әй, мына күн біреуді жей ме, іңір түсті дейтін емес, қуырып барады ғой қапырық. Шал төрге келіп отырды. Әлсін-әлсін жарылып кеткен ернін жалапжалап қояды. - Шай қойып ішуге мұршам келмей... Екі шынылап құйсаң қайтеді, Қадиша, әп бәрекелде. – Қалайы қасықпен қуырдақты көсіп алды. – Тұзының удайын-ай... Баяғыда Шу бойын паналап жүргенімде талшық етіп едім, содан бері жүрегім шайлығып қалған бұл құс етінен. - Қалай ескі қамба астық құюға жарайтын ба? – деп сұрады Оспанқұл. - Е, жарамай!.. Жотаның талай астығы сыяды. - Құятындары тұқымдық қой, сірә... Есебі, бір есептен дұрыс екен. - Ә, қойшы. – Неге екенін кім білсін, Айып шал қолын сілтеді. Ескі радиодан концерт беріп жатыр. Бала таныс әуенге құлақ тосты. Осы бір әншінің даусы ғажап, бұлбұлша сайрап қоя бергенде денең шымырлайды. Ананы-мынаны айтып отырған Айып шал енді мұның тізесінен нұқып қалды. - Жата берісің бар екен бала қарғадай боп, – деді. – Қамбаны тазаласып жіберсең қайтетін еді, тартпағансың әкеңе, нағашыңа ауып кеткен қаның. Бәйбіше бажыраймаңыз, мұның нағашысы аласапыран жылдары түкірігі
жерге түспейтін белсенді боп... Қызылқайнардың бай орыстары мен қазақтарына қырғидай тигенін көзіміз көрген. - Есебі, балаға оның несін айтып отырсың? – Оспанқұл жастықтан басын көтеріп күрк-күрк жөтелді. – Қай қиястығың бұл? - Е, білсін, жалғандағы жалғыз жаман біз емес... Белсенді біткен сабап өлтірмек едіңдер... Бұл күнге де жеттік. - Саған дауа жоқ. - Бәрі үнсіз. - Айып Оспанқұлға иек қатты. - Айғайыңды салып, ат бауырын сабап шықтың делік, сонда қанша адамның обалына қалғаныңды басқаны қойғанда мына сен, өзің білесің бе. - Есебі, жұртқа жауықты, табан ақы маңдай терін жеді, аққа қара жақты. Бай болды. - Дәулетті алла береді. - Бос сөз... Айтсам тыңдайсың ба? - Е, қайда асығам. - Бала-шағаның қамы үшін ат белінен түспедік, зая кетті ме сол, жоқ сен еңкейме, бәрібір ақиқаттан бұғып құтылмайсың, шынымды айтсам, саған кейде жаным ашиды, жалғыз келесің әлі күн. - Содан өліп қалғам жоқ қой, қол жайған жерім қайсы? - Оның рас. Соның бәрі мейірімі мол кең пейіл елдің арқасы. Айып кеңк-кеңк күліп, ернін жалады. - Жә, қоялық, бұл әңгімені. Кім біледі, жер ауып кетеміз бе қартайғанда, – деді ол, сосын баланың әжесіне бұрылып: - Бәйбіше, анада мал сатамын дегендей болып ең, – деп маңдай терін алақанымен сыпырып алды. - Е, баланың оқуы болса жақындап келеді, қыс киімін қамдасақ па деген ой ғой, оның үстіне екі сиырға шөпті қайдан тауып берейін. - Бүгін қай күн осы?.. Сейсенбі болса сенбінің сәтіне мал айдаймын сатуға. - Тәңірі жарылқасын, мына Кемелханды ерте кетіп біздің сиырды да сатып бер. - Кейін ақша даулап жүрмеймісің... – Айып кеңк-кеңк күлді. – Қазір жұртқа сенім аз бәйбіше. Оның үстіне мал алатын Садуақастың Алшағар деген жүгермегі пейлі қураған қызталақ. Әкесі қатын-баласын қартаға ұтқызған қу еді, мынау өз пайдасына кісіні құрбан етуден тайынбайтын жанкеспе. - Ақша қуған жұрт емеспіз, бұйырғаны болат та... Әжесі кимешегін түзеді. – Балықтай сиырды арзанға алса алладан жетер. - Кемі жеті жүз, – деп Оспанқұл сөзге араласты. - Сауданың жөнін қайдан білетін едің? – Айып қыжырайды. Ары кетсе бес жүз. Санап берейін бәйбіше. - Айеке, қой, жас тілеу базар барып бағын сынасын. – Оспанқұл жастықтан шынтағын көтерді. – Дәтің неткен берік еді.
- Сен-ақ жарылқа елді...
Аппақ қанаттарын қомдап-қомдап қойып маңдайшада көгершін отыр; кішкене басы алды-артына емін-еркін бұрылып дөп-дөңгелек көздерін айналасына төңкере қарайды; өзіне таяп келіп әлденелерді айтып жатқан баланың жұмсақ даусын ести бергісі бар сияқты... Бала құспен сөйлесетін; оның адам тілін түсінбейтіні жайлы біле тұра қуаныш, ренішін жасырып қалмайтын, ежелгі сырласындай барын соған жеткізіп отыратын; ол қазір ақ көгершінге көршілеріне көмекке барғанын, адамдар үшін қол ұшын беру әжесі айтпақшы «кімге болса да парыз» екенін, олай етпеген күнде қадір-қасиеттің іргесін аулақ әкетерін, пейіліңе қарай басың ауырып балтырың сыздағанда маңдайыңа шырақ ұстар жан қалмайтынын, бір сөзбен айтқанда адамсыз адам күні жоқтығын сәбидің пәк көңілімен даусын созыңқырап айтады; сосын уыз қуанышы – таяу күндері судай жаңа сырт киімі малақайы, сөмкесі болатынын, жаңа орталықтағы мектепке шікірейіп баратынын жеткізді; жалғыз кетпейтінін, яғни көгершінді де өзімен бірге сапарға ала шығатынын ескертті. Ақ көгершін еркелей білетін, сәби саусақтарына басын сүйеп әнтек шалқайып рақат күй тапқан құстың өзін қоршаған әлемге – ауыл арасындағы қалың тал, бұйра жон, биік сілемдер, қым-қуыт қаракеттің жібін ескен төрт үйлі ауыл адамдарына бауыр басқанына разы ма... қаннен-қаперсіз көк аспанға паңдана көз тастап, мамыра жай дем алысы қандай; бала құсының өзіне деген иә, махаббатына разы; қанша әуелеп самғап кетсе де айналып адамды табатын бірден-бір құс – ақ көгершін екеніне қуанады; әне, сондықтан еш уақытта құйтақандай аспан еркесінің жанын жаралауға, оған қылдай қиянат жасауға болмайды деген ой жетегінде. Әуелі ірімшік шашты, құстың аптықтай, маңғаз жайылысына тым-тырыс көз салып отырып өзінің екі күннен соң Айып шалға ілесіп қоңыр сиырды сатуға баратынын айтты; ұзап ұшпауын, жалғызсырамауын өтінді. Бала көгершіннің жанында ұзақ отырды. Сосын оған аспандағы гүлдер жайлы сыр ағытты; егер бұған қанат бітсе екеуі сонау ақша бұлттардың ар жағына өтіп, әжесі айтқан ертегінің шын-өтірігіне көздерін жеткізер еді. Әжесі айтқан ертегі: Аспан мен Жер бір кісінің баласы екен, бірде ағайындылар араздасып Аспан әуеге шығып кетіп, Жер орнында қалады. Шөп, ағаш, гүл біткеннің бәрі онда жерде емес аспанда өскен. Олардың көк жүзін қаптап кеткені соншалық Күн мен Ай және жұлдыздар мүлде көрінбеуге айналады. Бұл Жер бауырымның қарғысы шығар деп ойлапты Аспан. «Өкпеңді қой, татуласайық, қалағаныңды ал», – депті ол Жерге. «Болсын, тек сен маған барлық өсімдікті бер, өйткені менде адамдар мекендейді, оларға ағаш, шөп, гүл, бәрі қажет, осылай етсең менің сәнім кіреді, сенің жүзің ашылады» – деген Жер. Ақ көгершін ірімшіктің соңғы түйірін шоқып алып балаға қарады.
Аспан жердің айтқанына келіскен екен. Содан бері шөп біткен жерде өсетін болған. Ал аспанның жерге бермей жасырып қалған гүлдері болуы әбден мүмкін. Әжесінің осы айтқандары рас па, а, ақ көгершін? Неге үндемейсің?
Ол әлдекімдердің даңғұр-дүңгір даусынан оянып кетті. Көзін тырнап ашып далаға шықса, күн сәскеге көтеріліп, ыстық әжептеуір ұлғайған. Есіктің алдында сары «Жигули» тұр. Бұлар әдетте шай ішетін көлеңкеде Айып шалдың баласы мен Станбек столға шынтақтап карта ойнап отыр. - Салаумалейкум. - Әліксалам, батыр, бұл нағылған ұйқы түске дейін, – деді Қаймолда бригадир картасын қарап. – Жүр... Сонымен інішек, өсіп жатырсың, дұрыс... Келсем, біздің шал мал қарап кетіпті, ал мына ағаңның әйелі... әй, сен дұрыстап бас, – деп Станбекке алая қарады. – Орталықтан қайтпапты, сосын міне, өзіңе қонақ болып келіп қалдық. Әй, көзір сал. Кемелхан столдың бір шетіне келіп тізе бүкті. Көріп отыр, Станбек қайта-қайта ұтылады. - Бұл саған бөкен қуалау емес, баспен ойлап есептеп жеңетін ойын, – деді Қаймолда күліп. - Менікі құр далақтау ғой, вот сіздің әкеңіз жаман отыз екісімен қыстай қырып шықты, мерген-ақ Айекең. - Кезінде құралайды көзге атқан біздің шал. - Екі жыл болды: қалай қар түсті, солай қаптап кететін болды ғой бөкен дегеніңіз. Рас болса, өкімет сонау Бетпақдаладан әдейі осылай вертолетпен қуалайтын көрінеді. - Бізге керегі сол. Былтыр келіп он екісін атып кетпедік пе... Бір қайнатып алып қуырсаң сілекейің шұбырады, ғажап закуска. Осы әңгіменің тұсында Кемелханның әжесі дастархан жайып, бауырсақ төгіп жатыр еді. - Шырақтарым-ау, суықтан пана іздеп келген жазықсыз жануардың обал-сауабы жоқ па? – деп ернін сылп еткізді. - Апа-ай, аңшылық деген азартты нәрсе, – деп Қаймолда еңсесін тіктетеді. – Іштен мерген боп тусақ өлеміз бе қараптан-қарап отырып. - Әй, шырағым сол аңшылық әбиір әпермейді, – деді әжесі, – Смағұлды білемісің? - Біреуге ыза болса, өз бетін өзі ұстарамен тіліп жіберетін бе? - Иә, сол. Құдай-ау, тау тастың аң мен құсын қалай қырды, ақыры зауал келді басына – кіндігі өрбімей қалды, – деп әжесі күрсінді. – Қанды көп төккен опа таппайды. - Үлкендер өстеді, – деп Қаймолда серігіне көзін қысып күліп қойды. – Апасы, бәрі құрысын, қуырдағыңыз пісетін бе? – Өзі қойнынан бір шөлмек арақ суырып алды. – Бауырым, стақан әкелсеңші... жоқ болса, кесе де жетеді. Бұлар шайға енді кіріскенде, таяғын тықылдатып Оспанқұл қарт келді.
- Балалар, амансыңдар ма? – Шал дастарханға онша жақындамай отырды, – Кемелжан-ай, есебі, түс қайта кер биені жегіп «Мажыраға» барып қайтамыз-ау деймін, шөпті көріп қоялық. Бала қуанып кетті. - Қаймолда шырағым, ел аман, жұрт тыныш па? - Ә, құдайға шүкір. - Төменгі есікті қамбаға астық құйғалы жатыр екенсіңдер... - Тұқымдық. Бастықтар бәрін орталықтағы қоймаға құймақ еді, бой бермедім, кейін ит өлген жерден тасып жүреміз бе. - Оның дұрыс. Мына үстіртке деген тұқымдық осында да сияды ғой. - Бәрі құрысын, өзіме жақсы болды, – деп сөзге Станбек араласты. – Қыстай қойма күзетіп, жаздай жер қарап дегендей... - Соның бәрі, білесің, менің арқам. - Е, сен бригадир болғанда бекер қуанбаған шығармыз. - Қаймолда шырақ, бұйымтайым бар еді. - Айтыңыз. - Мына Кемелжан екеуміз о ғып, бұ ғып, «Мажыра» сайдан азын-аулақ шөп шапқан ек. Соны түсіріп берсең. - Анадан бері айтпадыңыз ба? Қазір көлік қат. Ертең-бүрсігүні бар машинамыз астық тасиды, қалай етсек екен? - Тележкалы трактор болса да, бір амалын тап. - Жарайды. – Қаймолда ойланған сыңай танытты. – Есебі табылар. Мен тұрғанда бұл ауылдың адамдары қысылмайды, ақсақал, қолдарыңнан қақпаймын. - Осы еді ғой естір сөзіміз. – Станбек еңсесін көтерді. - Әй, Қаймолда, мектепте оқып жүргенде-ақ пәле едің. - Қошаметіңді қояқ қой. – Қаймолда лезде қатуланып алды. – Мені бригадир қойғанда бәрің қуанбағаныңды білем. Тіпті қазір көлік сұрап келіп отырған мына атамның да: «Айыптың баласын сенбеймін», – дегенін естігенмін. Шүкір, біреуден кейін, біреуден ілгері берген қызметті істеп-ақ жүрміз. - Сөз қуып қайтесің, шырағым, – қарт күрсінді. - Жол қуала. – Станбек бригадирдің тізесінен нұқып қалды. – Қазынаға жолығасың. Қарт үнсіз. Біразға дейін ешқайсысы тіс жармады. Тыныштықты баланың әжесі бұзды: - Жаңа қоныс қалай? Таудың суы жететін бе? - Құбыр тартып, калонка орнатып ілдәлап жатыр, әзір бау-бақшасының пайдасын көре алатын емес ел. - Аз уақыттық қиындық қой бәрі, сосын түзеледі, – деді Оспанқұл қарт. - Әрине, сіздер асықпайсыздар. – Қаймолда стақандағы арақты тастап алып қуырдақты көмейлете асады. – Баршасын алдағы күнге, келешекке сілтеп тастайды. Ойбай-ау, одан бізге, мына бүгінгі күннің адамына не пайда. Айталық, мына тәмпіштің – ол Кемелханды жайлап шекеге шертіп қойды –
ертеңгі, ер жеткен қызығынан біз бір мысқал ала аламыз ба... ә, көрдіңіз бе, бұлар бермейді. Өзінікін өзгеге үлестіріп жіберетін жынды деймісіз? - Есебі, ұқпай қалдым, сөзіңді. - Сенбеймін. Мысалы, сіз, дүркіреп тұрған кезіңізде астыңыздағы атыңызды түсіп бердіңіз бе біреуге. - Қажет десе жанымызды аямағанбыз. Бір дәнді бөліп жеп күнелтіп ек... - Көрдіңіз бе? – Қаймолда. Станбекті иықтан түйіп қалды.- Шетінен пролетар. Ал қазір заман басқа, шалым. Біреу аспандағыны алсам деп ұмтылады. Ал біз құдайдың кең жерінде дәненеңі бітіре алмаймыз. Сәл шыдаңдар, бәрі де оңалады деп жұбатасыңдар. Жоқ ақсақал, бір минут уақыт қымбат, бүгінгі рақатты бүгін көруіміз керек, ертеңгі ертекте шаруамыз қанша! Шал ұзақ жөтелеп, булығып отырып қалды. - Есебі, сен, – Айыптың баласы, адасыңқырап жүрсің-ау,сірә. Болмаса, ұтылып жүргеніңді көрмедім. Анау ғой, бес-алты үйдің бақшасын қоршап алып, ата-бабаның салтында жоқ кәсіп – сыпыртқы егіп отыр, осының жөнін түсіндірші, қане? Қаймолда көсіп алған қуырдақты қасығымен табаққа қайта тастай салды. - Кешіріңіз, ақсақал, сауалым бар сізге? - Есебі, айт. - Осы сіздің әкеңізді кім өлтірді? - Тәйт әрі оттамай, біздің тұқым білгің келсе, не жұрттың қамы үшін, не өз ажалынан шейіт болған. - Ендеше, біз неңізді алдық? Әкемді былай қойғанда, мына менде, советтің кадры – білдей бригадирінде қандай ақыңыз бар? Айтыңызшы, осының жөнін. - Есебі, сен – Айыптың баласы түлкі бұлғағыңды тарт ары, үкіметтің жеріне өз бетіңше иелік ету құқын кім берді саған? - Осы ауылдан отыз жеті адамды айдатқан екенсіз, со бір жылдары, мойныңызда ердің қаны бар, енді мен екем ғой көздегеніңіз, содан бірдеңе шыға қойса. - Сендейлер өз түбіне өзі жетеді. Ойпыр-ай, осындай құлқыны өмірі тоймайтын, араны ашылғандар қашан құрып бітеді... Қаймолда лезде жадырап қарқ-қарқ күлді. - Әй, ата-ай!..– Сосын стақанын қолына алды. – Адам қалағанынша ішіп, қажетінше киінсе несі жаман, өкіметтің өзі де біздің жағдайымыз жақсарсын деп жатқан жоқ па, әділдік деп осыны айтады, – деді Станбекке иек қағып, – өмір екі келмейді деп жүргенде ата-бабалары, қане, ал... Қалықтап кеп есік алдына ақ көгершін қонып, жаймен жайыла бастады – Мынау неғылған кептер, аппағын-ай, – деп Қаймолда тамсанды. – Бұл жерден туғалы бері осындай көгершін көріп отырғаным осы. - Кемелжанның кептері, – деді әжесі, – диірменшіден әкелген. Бала көгершінге ірімшік шашты. Құс қайқаңдай басып еркелеп қояды. Қанаттарын көтеріп-көтеріп керіледі.
- Өзі есті құс – деді Оспанқұл қарт, – Жатырқауды білмейді. - Шынымен тамаша құс, – деп Станбек насыбай атты, – тек жалғыз өзіне обал... - Жүні жалтырап жаман семіріпті, – деді Қаймолда, – осы кептердің етін бауыры ауырғанға емге жейді. Бала орнынан атып тұрды, ал әжесінің қолынан кесесі түсіп кетті, Оспанқұл қартты жөтел қысты. - Не болды мыналарға аяқ асты абдырап. – Қаймолда басын шайқады. - Шырағым, жасым жетпіске келді, кептер етін жейді екен деген сұмдықты естігенім қазір. – Кемелхан әжесінің даусы дірілдеп кеткенін байқады. - Ай, апай, ашаршылық болса адамның етін де жейді кісі, – деді Қаймолда. - Шырағым-ай, жақсылықтан үмітім бар емес пе? – деді Оспанқұл қарт. – Андағы бала естімесін жаман ырымды. Таудан үйіне қарай көк есекті тепкілеп Айып шал түсіп келеді. Бала көгершінді құшақтап аспаннан ұшып өткен самолетке қадады көзін.
Түс қайта кер биені арбаға жегіп Кемелхан мен Оспанқұл қарт «Мажыраға» бет алды. Жолда келе жатып қарт: - Кемелжан, – деді даусы жарықшақтанып. – Сен әлгі Қаймолданың сөзіне құлақ қойма, ұмыт балам не айтқанын, бәрін шығар есіңнен. Сөйтті де, мұның маңдайынан сипады. - Ата сізді Айып шал мен баласы неге жек көреді? - Е, оны қайдан білдің? – Оспанқұл мұның құлағынан тартыңқырап қойды. – Әй, қалқан құлағым... Мені қайдан жақсы көрсін олар. Қазір қайдан түсінерсің. Айтып берейін, көкейіңе тоқысаң... - Қылшылдаған жас кезім. Жотаның астығы орылып жатқан. Ауданнан өкіл келді. Маңдайы кере қарыс, көзі тостағандай келісті жігіт. Үстінде ақ китіл. Мен болсам, есебі, парторгпын. Белсендімін. Күндіз-түні тыным алмаймыз. Бар ойымыз астықты түгел жинап үкіметтің қамбасына құйып беру. Өкілге келген күні-ақ: «Сақ болайық, кешегі байлардың бір топ бөлтіріктері тау паналап жортып жүр», – деп ескерткем. Есебі, ер жігіт екен қыңбай қойды. Үш күннен кейін «Ащыдағы» қырманнан шапқыншы келді: бандылар бидайға өрт салып кетіпті. Іле атқа қондық, тізгінді еркіне жіберіп ағызып келеміз. Мына ескі тауық қораның ар жағындағы сары қамысты білесің ғой, соған жете бергенімізде алдымызды кес-кестеп аттылы топ қапыда шыға келмесін бе. Бәрінде ши мылтық. Орталарында қаба сақал Әжібай. Қазыбай байдың інісі. Кезінде қолға түспей Қырғызстан асып, із жасырып кетіп еді. Тақымындағы винтовкасын түзеп қойып, түксиіп тұр.
Мұндай сұмдықты кім көрген, шырағым. Атымыздан аударып тастап, екеумізді Жайдақтың жотасына дейін сабап барды. Қылар қауқар жоқ, өкілдің тапаншасын әдепкіде-ақ тартып алған. Есебі, небір ер туады, ұлым. Адам баласынан адам баласы сенбейтін ерлік те, қатыгездік те шығады. Өкілдің соншалықты төзімділігі бандылардың өзін таң қалдырды. Бой-бойы шыққан ақ китілі қызыл қанға боялды. Қорғасын өзекті дыраудың ұшы оң көзін ағызып жіберіпті. Есебі, сонда да жығылмады. Салт аттылар иіріліп қарап тұр. Менің қолымды біреуі тақымына басып алған. Бәрінің көзі өкілде. Сүйретіліп кетіп барады. «Айып, қайдасың? – деді Әжібай. – Сені мерген деуші еді, қане, көрсетші өнеріңді?» Бала селк етті, жаутаңдап Оспанқұлға қарады. - Иә, осы Айып. Есебі, онда жылтылдаған қызыл бет жігіт. Басына шарт байлап алған ақ орамалын түзеп қойып атынан қарғып түскен бойы Әжібайдың винтовкасын иығына сүйеп тізесін бүкті. «Әй, Айып, құдайдан қорық», – деді біреу. Айып қайтадан сығалай бастады. «Тоқтат, әй қаныпезер!» - деп әлгі атын тебініп Айыпқа жетіп барды. «Не істегелі тұрсың ит!» Сосын Әжібайға бұрылып: «Кісі қанын жүктемелік, батыр, – деді. – Біз бұған қосыла алмаймыз». «Сабағынымыз да жетер», «Іс насырға шабады ағайын», – деген дауыстар көбейді. Әжібай қара айғырдың үстінен Айыптың қолындағы винтовканы жұлып алды да, сүйретіліп бара жатқан өкілді ту сыртынан басып салды. Есебі, өкіл әуелі бері бұрылды, сосын жұдырығын түйіп көрсеткен қалпы созалаңдап тізелері бүгіле берді. «Кісі өлімі», «Уа, қан!» - деп айғайласқан салт аттылар лезде дабырлап жан-жаққа бытырай қашты. «Әй, өңшең ез иттің балалары, тоқтаңдар!» - деп, Әжібай аспанға мылтық атты. Бірақ оған қарайтын кім бар, аттарын борбайлап бет алды безіп барады. Әжібайдың қасында қалғаны Айыптан басқа үш-төртеуі ғана. Есебі, олар мені өлтірген жоқ. Бастырмалатып жүріп тағы біраз сабап, өлексемді ауылдың шетіне апарып тастады. «Осы тойғаныңмен бар, парторг», – деді. Кешкілік ел жинап келсем, есебі, өкілдің өлігі орнында жоқ. Меңіреу шатқалдан күркіреген бе, күңіренген бе жан шошырлық дауыс шығады. Мына сұмдықта қара, оңбаған қанішерлер жаралы өкілді шатқалға сүйреп әкелген де, кеудесіне екі-үш адамның әлі әзер келетін тас бастырып кеткен. Адам ит жанды деген рас екен, жұлдыз туа көз жұмды. Арулап көмдік. Өстіп кісі қанын ішкен, бейбіт жұрттың аузындағысын қаққан елдің дұшпандарын айдатып жібермегенде не істеймін, мана әлгі күшік: «Мойыныңда ердің құны бар», – деді ғой маған. - Айып ше, Айып не болды? – деді Кемелхан. - Есебі, бұл қу Шу бойының қалың қамысына паналап, арада талай жылдардан соң оралды елге. Кешірімі мол жұрт тырнақ астынан кір іздеген жоқ, ұлым. Сәлден кейін Кемелхан: - Ата, өкілді қайда көмдіңіздер? – деп сұрады.
- Зираты ма? Жайдақта жатыр, балам. Соғыстан кейін басына тас қойып, қоршау орнаттырғам, жиі барып тұрушы едім, енді қайдан... ауру меңдетті, ұлым. Оспанқұл ыңылдап бір мұңлы әуенге салды. Көзін жұмып алған, екі иығы құнысып, басы төмен салбырап кетіпті. Бала оның шұнақ құлағын, шүйдесінен төмен қарай үлкен-үлкен тыртықтарды көрді. Әжесі айтқан: «Оспанқұл белсенді болған жылдарында не көрмеді. Соғыс бітер жылғы қатты қыста қора өртеніп колхоздың асыл тұқымды айғырларын құтқарам деп жаман күйді ғой, бір құлағынан айрылып жаны әзер қалған», – деп. Бұлар Мажырадан кештетіп оралды.
Бала сығырайған ондық шамның алдында альбомына төне түсіп етпеттеп жатыр: көз алдында Оспанқұл қарт айтқан оқиға; дал-дұлы шыққан, өңірін қан жуған өкілдің кескіні... Қайдан көріп еді осы бір көз алдынан кетпейтін бейнені? Есіне түсті ақыры; былтыр қысқы каникулда темір жол бойындағы нағашы жұртына барған; кеткенше айналып теледидар алдынан шықпай көп сериялы «Құрыш қалай шынықты» фильміне қадалған; бала қиялындағы ғажайып адам бейнесін Корчагинді көргеніне, жер бетіне сондай адамның, қиян-кескі ауыр күндерге мойымайтын, өлімге әл бермейтін ердің болатынына таң қалып қана қойған жоқ, қайткен күнде сондай болып өсемін деген іңкәрлігі лапылдап сол ойының оянғанына шексіз қуанған. Енді мынау Оспанқұл атасы айтқан өкіл, әрине, батыр, алған беттен айнымайтын қайсар шығар; ақтармен соғысқаны да даусыз-ау; басындағы, маңдайындағы қыпқызыл жұлдызын анық көріп тұр. Оның санасына сіңіп көңіліне нық енген сауал – сол әлгі Корчагин, сол әлгі өкіл секілді адамдар бар ма қазір жер үстінде; бүкіл адамзат: орыс, оймауыт, қазақ, неміс – қойшы тіпті қайыршы болсын, әйтеуір, баршасының жақсы өмір сүруі үшін көпе-көрнеу қауіпке бас тіге білетіндермен қатар жүру қандай ғажап; тек соларды қалай көруге болады? Өкілге қанды көзін қадаған, жалбағай тұмақты; жалбыр мұрт бандылардың сұлбасын бала сондай жиіркенішпен қалай болса солай сала салды; оның өзіне ұнамайтындарды бейнелеуге құлқы болмайтын. Түсінбейтіні – кейбір адамдардың жауыздығы орынсыз өшпенділікке, кектенуге, сенбестікке бой алдыру еді. Ол үлкендерді қанша пана көрсе де әлгіндей қатыгездіктеріне миы жетпей дал болады. Бала біткенге көл-көсір ақыл айтып, өздері үйден аттап шықпай жатып керілдесе жөнелетіндері, ақыры бет көріспестей болып тынатыны бұған беймәлім жай; бір ауылда, тіпті бір үйде екі түрлі адамдар қалай қатар өседі. Ақ параққа айқыш-ұйқыш ұйысып тұрған бандылардың арасында Айып шалдың бар екеніне таң қалады; ел астығына өрт салған, кісі өлтіруге қатысқан... тірсегі дірілдеп көк есекті тепеңдеткен өлмелі шалдың кезінде жаулық жасағаны миға кіріңкіремейді. Сонда ол ұялмай жұртының арасында
алшаң басып жүргені ме?! Жо, жоқ банды емес Айып. Оспанқұл атасының көңілі келіңкіремей кірбің қабақ кезінде айта салғаны, әйтпесе банды біткен баяғыда-ақ құрыған. Баланың көз алдына Корчагин келді қылышын жарқылдатып. «Алақай!» - Кемелжан бірдеңе дедің бе? – әжесі басын көтерді. - Ұйықтай бер, әжетай. - «Алақайың» не күнім. - Әншейін, ұйықтай берсеңізші жарықтық. - Не дейсің, әй! Қарай гөр мына жаманды... Бала бір уыс ірімшік алып, далаға шықты. Аспан шайдай ашық, шүпірлеген жұлдызда есеп жоқ. Ол құс жолын іздеп тапты. Алыстан ақ сәуле шаңытады. «Аспан гүлі болса сол тұста, – деп ойлады бала – мен білсем аппақ, тура бәйшешек секілді. Мүмкін, жұлдыздың сәулесімен ағараңдап тұрған шығар. Сонда түсі қандай ол гүлдердің?» Сатымен ақ көгершіннің ұясына көтерілді. Құс «құр-р-р» етіп қанатын қомдап-қомдап қойды. - Оятып жібердім бе, а, – деді бала. – Ақ көгершін-оу сенің ыдысың қайда? Кемелхан ірімшікті салды. Тойып ал, көгершінім, ертең екеуміз ойнаймыз, тек ерте ұшып кетпе, менің ұйқым қанғанша күт.
Сенбі күні кешкісін көк есекті борбайлап, Айып шал келді. - Бәйбіше, қайдасың?.. Ой, таста шайыңды, бері шық, – деп шақ-шақ етеді. - Не боп қалды алакөбеңде? - Біздің баланы құдай ұрды, бидайды әне әкелеміз, міне әкелеміз деп екі көзімді төрт қылды қызталақ. Енді жексенбіге қаратып тұр. Әгереки, сөзінде тұрса қамбаға жіпсіз байланам, қош деңіз, тәңірі оңғарса ертең заготскотке мал айдаймын... балаң дайын ба? Дайын болса, сиырларыңды бұйдалап, әзір тұрыңдар, тауық бір шақырғанда жүреміз, – деп есекті мойынға бір ұрды. Шал өзі қарагер биесіне мініп, балаға есегін берген. Алдарында бес сиыр, біреуі Кемелхандікі. - Жайып, асықпай айдалық, бала, ішкен-жегенін сығып алсақ салмағын жоғалтып, үйге сымпиып ораламыз, – деді шал, – жетеңе бірдеңе жетті ме, әй. Салмағы кетеді деп келем ғой, күшік. Кемелханның ойы тезірек жетіп, тезірек үйге қайту. Түс ауа мал қабылдайтын жерге де келді. Жаңа салынған орталықтың күн шығысында орналасқан екен. Сәдуақастың Алшағыры деген мал алатын домалақ қара баласын әуелі «Таразыға өлшемей-ақ көріп тұрмын, ана сиыр пәлен килограмм, мына сиыр түген...» - деп келе жатыр еді, шал күйіп пісті.
- Сен ит мені алдай алмайсың, көзімді бақырайтып қойып тонамақсың, мә, – деп тілініп кеткен бас бармағын көрсетті. Бала бір пәле болар ма екен деп шошып қалып еді, мал алғыш алтын көрсетіп жырқ-жырқ күлді. - Шалдың шекесі тырысып тұр екен, қайтеміз енді... Сиырлар таразыға жеке-жеке тартылды, мал алғыш пен Айып ұзақ есептесті, дауласты, ақыры шал ақшасын әлденеше қайтара санап, қалтасына салды. Бала өзіне ұсынылған буда көк қағазды әжесі қолтығына тігіп берген қалтаға сүңгіте салды. Сосын екеуі орталыққа беттеді. Жаңадан салынған ауылға Кемелхан таңырқап келеді. Бірен-саран болмаса үйлердің бәрі шиферлі, кейбіреуі темірмен жабылған. Жаңадан тігілген талдар көгеріп, желмен ырғалып тұр. Кірпіш құйып, там қалап жатқандар да жетерлік. Қаймолданың үйі шеткеріде болып шықты. Қандай үлкен. Терезелерінің өзіне бой жетпейді. Сырттан қарағанда ауладан ешнәрсе көрінбейді, темір қақпаны екеуі ұзақ ұрғылады. Бір ауқытта: «Бұ, кім?» – деген дауыс шықты. - Келін біз ғой, есік аш, – деді шал. Сықырлап қақпа ашылды. - Әй, жабыңдар, сүйретілмей болсаңдаршы, аяқтарыңа қан түскен бе, түге – гүж-гүж дауыстан баланың есі шықты. Үйдің алды ұзын сарай екен. Шалдың баласы ырсылдап сарайға күрекпен үйілген бидайды лақтырып жатыр. Бұларға қараған да жоқ. - Әй, сәлем қайда? - Уақыт жоқ, әке, кейін... кейін. Одан да күрек алып көмектесіңдер, – деді ентігіп. – Тездетелік. - Тал түсте мұның не, ит. Бала біраз қарап тұрды. Шал да, ұлы да, келін де жаман жан таласты. ... Көлеңке ұзарып, ыстықтың беті қайтқан. Қаймолда қуырдақ пен бір шөлмек арақты жалғыз сылқитып тастады. Қызған жоқ, су ішкендей. - Ақшаны бізге тастайтын шығарсың? – деді ол әкесіне. Шал селк етті. - Не, не дедің? - Сиырдың ақшасын айтам да... - Әй, Қаймолда, – деді шалдың басы шошаң етіп, – сен мені сонау Иірсудың қойнауына жалғыз басымды ғана қалдырмақпысың. Жұрдай етпекпісің ә, ал онда. Нағып тұрсың, әкеңнің аузын... иттен туған. Бермеймін, бермеймін, білдің бе, осыдан бір тиын татырсам ба. Қарашы, ей... - Жын қақты ма? – баласы кесесін лақтырып жіберді. – Ал, ала кет көріңе бірге... Жалғыз балаңнан аясаң, өл ақшаға көміліп... - Жалғыз әкеңді ойладың ба сен, айтшы иттен туған. Ә...ә, үндемейсің, оған бетің бар ма, тастадың жұртқа, қаусаған неменені төрт қабат көрпенің үстіне жатқызып қоятын сен бе, одан да сыпыртқы ексін, мал өсірсін, өлерімнің шағында күш қуатымды түк қоймай тонап алу керек саған. - Жә, шаптықпай, қойыңдар енді, – деп шалдың келіні жұлынып шыға келді. – Берекемді алмаңдар.
- Қарағым... - Қойыңыз, ата, сіз де... Оңып тұрған ешкімді көрмедім, біріңнен-бірің өтесіңдер. - Қоймасам, шауып аласыңдар ма, түге... Әй, саған айтып отырмын, былшиған иттің баласы. Шешеңнің қабірінің топырағы ортасына түсіпті. Басына қорған тұрғызар едің ғой, адамнан тусаң. - Өзің ше, өзің неге тұрғызбайсың? Елу жыл жолдас болған әйелің емес пе? Шал жағасын ұстады. - О, құдай, бұл не мазағың, мынау қайдан біткен, қайдан жаратылған? Шалдың ұлы киінді. - Ақшаңды бермесең берме, бірақ сыпыртқа жапырылып қалмасын, жуырда барып орамыз, ескертіп қояйын, одан көк тиын алмайсың, әке. – Әйеліне қарады. – Мені біреулер іздеп қалса, ертеңмен тауға, егінге кеткен содан әлі оралған жоқ дерсің. Шайы суып қалыпты. Бала үй ішіне таңырқап қарап отыр. Қабырғалардың бәрінде кілем. Жүзің көрінетін ағаш бұйымдар өз алдына. Бір жақ сөреде небір қалың кітаптар жиналыпты. «Қандай көп оқитын кісі, – деп ойлады Кемелхан. – Менің де осындай кітаптарым болса, шіркін». - Бала, жинал, кетеміз, – деді шал. – Тегі, асығатын емессің ғой, қызталақ, жау шауып жатса да, қаперіңе ештеңе кірмейді-ау. Күн кешкіріпті. Көк есек митыңдап аттылыға әзер лесіп келеді. - Көзі қарайған әкеңнің көрін ұрайын сұмырайды қарасайшы... Түк қоймай сыпырып алмақ... Дүниеден үміті жоқ сұмпайы, – деп шал былай шыға баласына жаман кіжінді. - Ата. - Е, не? – Қарт жақтырмай ат үстінен ежірейе қарады. Бала көңіліндегі сұрауды ірікті. Ауылға жақындағанда барып шалдың өзі: - Мана не сұрамақ едің, базаршы бала? – деп артына бұрылды. - Сіз немістермен соғыстыңыз ба? - Немене дейсің? - Соғысқа барып па едіңіз деймін? - Е, барсам орден бересің бе, қайдағы жоқты сұрауын. Одан да ақшаң орнында ма, көріп қой...
Баланың екі-үш күннен бері ұйқысы жөнді қанбай, жұмыстан титықтап оралады. Ескі қамбаға астық келіп түскелі сонда. Қаймолда бригадир келіп әжесінен сұрап алған. «Тазаланып қамбаға құйылған бидайды ары күреп тұрса болды, оқуына барғанша тиын-тебен тауып алады», – деп отырып алған соң: «Тиын-тебеннен қысылып отырған жайымыз жоқ, білдей сиыр саттық,
көмегі керек еді деп шын көңілмен келіп отырсаң Кемелжан барады, – деген әжесі. Содан кейін: «Жұрт көзіне түсті, кісі болды деген осы», – деп қуанды. Бес-алты машина екі күн бидай тасып еді, қамбаның алдына астық тау болып үйілді. Бидайды тазалайтын ескі комбайн бар. Оған Айып шал мен комбайншы бидай береді, қамбаға құйылған астықты ары күреу Станбек пен баланың міндеті. Алғаш ештеңе білінбегенмен, артынан қамбаның іші шаңға толады, ал түшкір келіп. Станбектің жұмыстан қолы босағанда қажайтыны Айып шал. - Ақсақал, бір гектарға ғой ата-бабамызда жоқ салтты шығарып сыпыртқы ектіңіз. Мұнымен қора сыпырасыз ба, не істейсіз? - Саған келіпкетері қайсы? - Іргелес отырған соң, ауылдастың тайы озсын дейтін шығармыз. - Сен ит өйтіп көлгірсіме. Кісі болатын сыңайың болса, аяқ-қолың балғадай, әкірәнік боласың ба. Өзің сияқты жұрттың баласы трактір айдап, қой бағып, құдай көрсетпесін, ел шулатып жүр. - Ақсақал, бүйтіп шақшаңдай берсең арты неге соғарын білемісің? Айып шал кеңк-кеңк күлді. - Әй, мына Еш... Ештайдың баласы үрейімді жаман алды-ау, білем... - Күлесің, ә, шал. Өкінішті-ақ. Өкіметтің ұланғайыр жерін рұқсатсыз қоршап алып, саудагерлік мақсатта сыпыртқы егіп отыр, – деп әдемілеп жазып жіберсек... бұған қалай қарайсың. Айып жаман дызақтады. Бидайды күйсеп жайбарақат тұрған есегіне барып шылауынан ұстады да, сабады келіп: - Атаңа нәлеттің күйсеуін. Же, жеп қал атаңның көрі атауыңды. Жаман неменің басынғанын-ай. Құдайың есіңнен шығып кеткен-ау, мүлдем. Есіресің. Індет келгір, шіріп өлгір арам ит. Комбайншы барып шалды әзер тоқтатты. Станбек шалдың енді басқа жағынан келіп тиісті. - Ана жылғы аласапыранды бай-құлақтың талай құйыршығы банды боп, өкіметке қарсы оқ атқан ғой... Солардың кейбіреуі қазір де тірі, – деді мырс-мырс күліп. - Әй, сен қоясың ба? – Шал ежірейді. - Ұялмай-қызармай сол өзі дұшпандық істеген өкіметтің нанын жеп жүргендеріне таң қалам. - Әттең, кезінде кезіксең бар ғой?! - Асып өлтіретін едің ғой, шал. - Сендейлердің обалы жоқ. - Е, неге? - Білесің бе... бал...ла мына сен сияқты түйсіксіз немелер адамға не жамандық, не жақсылық істей алмайды. Сендейлерге дүниенің ақ боп жатқаны не, көк боп жатқаны не... жандарың тыныш, қарындарың тоқ болса басы артық нәрсе сұрамайсыңдар, өздеріңнен даусы жуан біреу шықса соның соңынан көз жұмып ілесе бересіңдер. Ал ондай жігерсіздерге аласапыран кезде ешкім назар аудармайды, өлексенің бар-жоғы бірдей.
- Осы сөзің үшін аузыңа бидай кептер едім, шал, бірақ оған тұрмайсың. Бұлар түскі астарын өздерімен бірге ала келіп комбайнның көлеңкесіне ішеді. Тойып алған соң аяқтарын созып-созып жіберіп екі сағаттай ұйықтайды. Кейде жай әңгімелесіп жатады. Арагідік Айып шалдың Станбекке өзі ұрынатыны бар. - Келіннің, байқаймын аяқ-қолы балғадай... - Қызығып жүрмісіз? – Станбек қарқ-қарқ күліп алды. - Әкеңмен ойнайын дедің бе, кәпір. - Әзіл ғой, ақсақал. Не айтпақсыз сонымен? - Әкеп, жұмысқа сал. - Сіз сияқты дүние қуған кісі емеспіз, менікі де жетіп артылады. Сосын әйелді бабында ұстамай бола ма, шал. - Сенімен сөйлесіп отырған мен де итпін, – деді Айып шал қолын сілтеп. Кешкілік Станбектен басқасының бәрі үйлеріне қайтады. Комбайншы Оспанқұлдың ағайыны, түнемелікке сол үйге келеді. Бәрі үсті-басын қағып-сілкіп кеткелі жатыр еді, Станбек: - Шал, тоқта! – деді Айыпқа. - Тоқтайтын уақытым жоқ, мал жайғаймын, – деді шал. - Солай деші, – Станбек екі-ақ аттап жанына жетіп барды, – бір алдың үндегем жоқ, екі алдың үндегем жоқ, мынауың не? – Ол ер басына ілінген ат дорбаны алып ішіндегі бидайын жерге төкті. – Күн сайын он килограмнан тасысаң жан қоясың ба. - Жарты уыс бидайды да көре алмағандарың ба? - Өкіметтің меншігіне тиюге болмайтынын неге білмей қалдың? - Сендейлер имансыз өледі. - Оны уағында көреміз, ал қазір қайқай, шал. - Айтпады деме, алдыңа бір келтіремін. Қайтар жолда шал Станбектің ата-бабасынан дым қалдырмады. - Шекесі тершімей өтетін қулардан аяқ алып жүре алмайсың, құдайда көз бар ма осы. – Неменеге бағжиясың, – деді балаға, – жаңа көріп тұрмысың мені? Сенің әкең де әлгі Ештайдың есуасы сияқты ақжүрек болатын, бір уыс дән өртеніп кетеді деп ақырында қыршын күнінде күйіп өлді. Содан тапқаны қайсы? Ә, солай ма? - Ой, сіз де, не болса соны айтады екенсіз балаға, – деді комбайншы. Бала ақ көгершінін қараңғы түскенше күтті. Әр кеште күн қызарып батқанда ұясын табатын құс жоқ; қарауытқан тау қойнауына қанша қараса да, сол баяғы меңіреуліктен басқа дым көрмеді. Жұмысқа шыққалы бері көгершінмен бірге болуға уақыты жоқ-тын; таң алагөбеңнен ыңыр қоюланғанша қыбыр-қыбырға еті өліп әбден көмбіс болып алған, үлкендерге ілесіп сілесі қатады; босаға аттасымен тұяқ серппей ұйықтап қалады. Қайда кетті көгершін? Қостөбенің ұшар биігінде қанды тырнағын қайрап отырған қырғиға жолығып қалса көзді ашып-жұмғанша ақ ұлпа жүні аспанға ұшты дей бер. Баланың жүрегі лүпілдеп қоя берді. Көңілі құлазыған, көгершін ұясы боп-боз.
Сол күні оның ұйқысы шала болды. Түсінде әкесін көрді. Бар арман-тілегі соншалық сағынған әке омырауына бас қойып, мойнына асылу іңкәр көңілі тұла бойын өртеп ақсия күлген әкеге қарай үздігеді, жанкештілікпен ышқынсын мейлі, дірмәні құрып аяғын баса алмай күпті көңілі, енді сәл болса баршасынан айрылып қалатынын, ең алдымен әкесінен біржола адасатынын ойлап үлгерді ме... айғай салып еді, үні бітеліп еді, таңдайы қаңсыды. Әне, әне... алыстан көгершіні көрінді; күміс қанаттарын дамылсыз қағып бері қарай ұшып келеді; кіп-кішкентай ақ құс бүкіл аспанды иығына қондырып алғандай көкпеңбек әлем қол созым жерже шыр көбелек айналып, төсінде жыбырлаған аппақ гүлдердің сәулесін тамызып-тамызып жіберді жерге. Ақ көгершін... әне, әне. Әкесі қызыл жалқынды шумақтап алыстай түсті. Кемелхан өз даусынан өзі шошып оянды. Терезе алды ағараңдайды, түстің әсерінен тез айығып, жалма-жан сыртқа шығып, көгершіннің ұясына үңілді. Мұндай қуанбас. «Құр-р-р-р» етіп қанатын қомдады. Келдің бе? Неге кешіктің? Жалғыз қалдырып кеттің дейсің ә. Жарайды, қой енді, мынаған келісейік: «Менімен бірге енді жұмысқа сенде барасың. Білесің бе, адамдар егін егеді, орады, қамбаға құяды. Біздің әжеміз: «Жер үстінде жақсылық болуы үшін нан қажет», – дейді. Солай, көгершінім!»
Кемелханның әжесі базаршылап қайтпақ болды. - Оқуың болса таяп келеді, күзгі-қысқы киімдеріңді түгел алам, қандай кітаптар керек екенін қағазға тіз, жатын үйіңе дейін осы жолы белгілеп келейін, құдай қаласа, – деп барын киіп, артығын бөктеріп жаяулап жолға шыққан. Былай ұзатып салған баласына: - Оспанқұл атаңның ауруы дендеп кетті ғой, шошынып қаласың ба мен келгенше, анау Станбек ағаңдікінде жата тұрарсың, – деді, – Үйге жалғыз қонба күнім, кім біледі... әй, естіп тұрсың ба? Бұл күні баланың жұмысқа жөнді зауқы соқпай тұр, көбіне-көп көгершінімен болды. Алақанына қондырып алып құстың аппақ қанатын сипап отыр еді кенет... Кемелхан алғаш рет құстың көз жанарынан сонау таудың сілемін, зеңгір аспанды сосын құлағы қалқайып отырған өзін көрді. Жөнделіп отыра беріп еді, әлгі жанардан қойма да, астық та, Станбек пен Айып қарттың бейнелері де ап-анық көрінді. Бала кептердің көзіне үңіле түсті. Әңгіме айтушы Айып шал, қалған екеуін ентелеп тыңдап отыр. Шалдың даусы бұған да анық естіледі. - Мақтанғаным емес, өздерің де талай естіген шығар менің мергендігім жайлы, – деп шал шақшасын алып қонышына қаққыштады. – Ой, онда мына жыра-жықпыл аң мен құста жыртылып айрылушы еді-ау. Ертеңгілік, түскілік, кешкілік несібеңді есіктің алдында отырып атып аласың, қандай
рахат. Тіпті арқарың қоймен бірге жайылып жүретін, мылтықпен-ақ жайратып салатынбыз. - Бөкен болмаса мен әлі күнге тірі арқар көрмедім, – деді Станбек. – Қазір арқар бар ма біздің өңірде? - Телқозының жан баспас шыңында бар деп естимін, әттең, көз баяғыдай емес, болмаса алғашқы қар жауған күні барып ізге түсер едім. Еті ет-ақ, қой етінен айырғысыз, – деп шал тамсанды. – Аң ату үлкен өнер білгенге. - Қазір екінің бірі мылтық көтеріп жүр, – деп сөзге комбайншы да араласты. – Демалыс сайын тауға машина, мотацикл дегенің қаптап кетеді, ал сонан соң тарсылдатады кеп. Обал, сауабын ұмытты жұрт. - Бәтір-ау, алла-тағала аң мен құсты адамның несібесіне жазып қойса, оның несі обал? – Шал қыжырайды. – Онсыз да жер тарылып барады емес пе? - Үлкен кісі, сіз қызық екенсіз, сонда жер иесіз қалсын дейсіз бе? - Ал әйтпесе. О заманда бұ заман, жүгірген аң, ұшқан құс та жерге ие болыпты. Қойдық. Торғай екеш торғайдың шекесінен шертпедік, анау Құлиястың баласы құсап бір-бір құсты айланып-толғанып отыралық, әне, сендердің іздегендерің. Станбек басын шайқады: - Дініңіз мұншама қатты болар ма? - Қой, шырағым, әсіресе сен шығармашы үніңді. – Айып қолымен топырақ көседі. – Тым езілгіш еркектен пәлендей іс күтуге болмайды. - Сен, шал, тоқта. – Станбек баяғы қылжағына басқан ұқсайды. – Әрине, саған бәрібір, ертең қолыңа «повеске» тисе, заматта о дүниеге жоғаласың, сонда артыңдағы мына жалған сымпиып қалсын дейсің ғой. Бұл – иманды кісінің сөзі емес. Ойлан, шал. - Ештайдың баласы, саған айтарым бар... Дүниенің аң мен құсына пана болмай-ақ, өз басыңның амандығын тіле алдымен. Көгершін талпынды, бала үлкендерге бет бұрды. - Оңбайсыңау, шал. – Станбек күн қағарын көзіне түсіріп үйілген бидайдың үстіне шалқасынан жата кетті. Бала Айыпқа қарады. Шалдың кейде тапа-тал түсте есігінің алдына отырып алып, мылтығын бет алды гүрсілдетіп ататыны бар. Ол мылтық даусынан жаман шошынатын; жалғыз бұл емес бүкіл дүние селк етіп, бір сәт тынып қалатындай. Тіпті бауырынан өтіп жатсаң мыңқ демейтін Оспанқұл атасының жуас кер биесіне дейін мылтық даусы шыққанда арбаны шыр айналып, елеңдеп, жиі-жиі пысқырынып, мопмомақан көздері алайып жер тарпиды. Ал көгершіні... оның бүкіл денесі дірілдеп жанарында сұрқай түс пайда болып, жүні үрпиіп кетеді. - Ештайып, жасың жер ортасына келгенмен мылтық ұстай білмейсің, жаман айтпай жақсы жоқ, күні ертең қапталдап жау шықса не бетіңді айтасың? – деп Айып ернін жалап-жалап алды.
- Дүние өртеніп кетсе де мені ешкім армияға алмайды, – деді Станбек шақшасын қалтасына салып жатып, кем аяғын көрсетті. – Көремісің. Соғыс бұрқ етсе, елдің бәрін майданға жіберіп, өзім колхоз бастық боламын. - Е, сосын... - Сосын мына өзің сияқты бай-құлақтың қалдығын арбаға жегіп жер жыртамыз. - Мен соғыстан емес, сенен қорқам, – деді Айып. – Мысық тілеу мүгедектер соғыстан әлдеқайда жаман. Құдай сенің бетіңді ары қылсын. Станбек шиық-шиық күлді: - Зәреңді алдым ба, бәлем... Күн қызарып батқанша әркім өз ойымен, терлеп-тепшіп жұмыс істеді. Кешкілік Станбек Кемелханды былай шығарып алып: - Бүгін біздікіне қонасың ғой, іңір түсе Қаймолда келмек, оған айт: « Ел аяғы тынышталған соң жетеді, – деп. Күтсін, ұқтың ба?» Бала келгенде Станбектің әйелі ыңылдап ән салып отырды. - Көгершін қайным, амансың ба, қане, келші бермен, жаным-ау, шашың өсіп кетіпті ғой құлағыңды басып. Орындалмас арманың, Көңілдің құс... ын ұшырмай. Құшағыңды ашып кел, жаным, Сүй...ші мені қысылмай. «Орталыққа барғанда жазып әкелген жаңа әннің сөзі осы екен ғой» – деп ойлады бала. - Ұнай ма? – Келіншек сыңғырлай күлді. – Ғажап әуен. Шыныңды айтшы, көгершін, осы сенің ішің пыспай ма, құрсын мүлде жадап біттім, сірә, жарылып өлетін шығармын тіпті, ой, қазан тасып жатпасын. Бала терезеде тұрған тысы алба-жұлба кітапты алды қолына. Енді парақтай бергенде, келіншек қайта оралды. - Айттым ғой жадап біткенімді. Ағаңа елі ішіне кетейік, сен тым құрыса слесарь боларсың, клубтан маған орын қалайда табылады десем, ертоқымы кері кетіп... Неге үндемейсің әлде қарның ашты ма?... Олар осылай дабыр-дұбыр отырғанда, есік алдына жеңіл машина тоқтады. Іле үйге Қаймолда кірді. - Ал сәлем бердік, – деді оң көзін қысып. - Амансыз ба, төрлетіңіз. - Бауырым, бармысың? – Қаймолда баланың қолын алды. – Әжеңді көрдім көшеден. – Келіншекке бет бұрды. – Станбек келмеген бе әлі? Төрге жайғасып алған соң, Қаймолда үй-ішін түгел шолып шықты. - Кезінде кең сарай болғаны күмәнсіз, «Уақыт озады, ескі тозады» деген осы... Қып-қызыл боп көздің жауын аласың-ау құрғыр, – келіншекке қарап күлімсіреді. Ала мысық мияулады. Алыста ат кісінеді. Бала әжесін алды есіне; кімнің үйінде отыр екен күндігі қоқайып; оның сөзді неден бастап, оның сөзді неден аяқтайтынына дейін біледі. «Қолдың қысқалығы ескі қоныста тағы бір қыстауды қалап тұр. Ел аман жұрт тыныш болса жарлы байымай
ма... Құлиясымның тұяғы... иә, әңгіме сол жаман немеде...оқуы болса інемінелеп келіп те қалды». Әжесі осылай деп бір күрсініп алады. Бала жымиды. Жер үстін жым-жырт қараңғылық басқанда, Станбек келді. - Ассалаумағаликум, – шіреніп басып кеп ыржиып төрде отырған Қаймолданың қолын алды. – Уәдеге берік екенсің, батыр. Қаймолда мана кіргенде боағаға қоя салған үлкен қара сумканы нұсқады. - Ала келгенім бар еді... Дастарханға шөлмектер сап түзеді. Станбек әйеліне: - Әпкел, әлгі стақаныңды, – деді. - Өстіп отырғанда қамбадағы астықты біреу көшіріп кетпей ме, ей? – деп Қаймолда мырс етті. - Қанша алар дейсің? - Мәссаған! Алдыңда бригадирің отыр ғой, нақұрыс. - Айтасың-ау, басеке... Өз ұпайың түгел болса қашан да қағанағың қарқ ер едің... Қане, алып жібер, белсендім. Екеуі қағып-қағып тастады. - Әйеліңе де құй. - Қайтесің, қажеті не? - Оның болмайды, Станбек! - Баланы жастан... - Ұры тісі баяғыда шыққан адамға, құй қане, ішеді о да. - Несі бар, ішсем іше салам, – деп келіншек күйеуіне қиылды.-Әлде қорқамысың? - Неден? - Бәсе деймін-ау. Бұл жолы арақ үш адамға құйылды. Баланың екі көзі келіншекте. - Прошу тост, – деді келіншек. – Не возражаешь, мой дорогой, – күйеуіне күлімдеп қарап қойды. Әжептәуір бірдеңе айтатын шығар десем... – Станбек кіржиді. Шамалыдан кейін үшеуі қызып алды. - Бағана, – деді келіншек қып-қызыл нарттай жанған бетін басып, – Оспанқұл стариктікіне укроп сұрай барған едім, так мне страшно ста...ла... Ужас, одни кости, ей богу скелет живой. Станбек Қаймолдаға ежірейді: - Бүлдірген сары балақ тартпай-ақ өледі деп отыр, сенің әкең. - Баласы болса батты құрдымға. – Қаймолда езуіне шылым қыстырды. – Мәнжубас еді, бірге оқымадық па бәріміз. (Станбек бас изеді.) Қайдағы сылдыр сөзге әдеттеніп, бой берді ме, ақырында кетті жер кезіп. - Үйінен суретін көргем, похож на киноактера, – деп келіншек алабұртты. - Түрі кімге дәрі, – деді Станбек. Содан соң: - Көгершін, қуырдақ же, – деп балаға көз қысты...
Үлкендер масайды; кілмиген көздері сөнгелі тұрған шамдай өлеусіреп бір-біріне сенбей, күмән қуып қарайды; олар бұрыштағы баланы баяғыда ұмытқан; әрқайсысы өз есебімен іштей жұптап (мас адамның әдеті) «е, бәлем тоқтай тұр» десіп кіжінескен, бір-біріне сүрінер тұсын аңдысқан қалыптары байқалады. Әйел сыртқа кетті. Қаймолда бас көтерді. - Батыр, іс жайлы. - Менің ұпайымды кесіп айт. Қаймолда енді есіне түскендей балаға қарады. - Іркілме, оның қарбызы піскен жоқ әлі. - Екі жүз. - Мазағың ба? - Жан беру оңай емес. - Әзілді қой, екі жүз елу. - Қане, алып жіберелік, – Станбек меймілдеген арақты көмейіне құя салды. – Анау-мынау емес тұқым бидай... - Бәлсінбе, мәмілеге кел. – Қаймолда қойнына қол салып бір буда ақша алды. – Өзім жауап беремін, сенікі жай далақ. - Жүктің арасына тыға салды, санамай-ақ қояйын, бір тиыны кем болса, байқа бет көрісеміз. Үйге келіншек кірді тегеш көтеріп. Үйме табақ ет ірі жапырақталып ортаға қойылды. - Көгершінім, кел бері, – Станбек баланы асқа шақырды. - Мен сені ғана жақсы көремін, бауырым... иә, сені ғана... Ас үстінде арақ тағы ішілді. Бала орнына барды, ішкен адамдар мезі еткені соншалық, ұйықтап кетпек болып қисайды. Үлкендер не болса соны айтуға, не болса соған күлуге айналды; бір-бірін тыңдауды мүлде қойып, әркім бетінше сілтеп отыр; арагідік мәміле тауып ымраласады; ағайындықтарын айтысып елжіреседі; бір замат болашақтарын алады еске, бір сәт жер бетіндегі қара жүректерді, бір сәт ақ жүректерді жерден алып, жерге салады, артынша ақтайды, мақтайды, көп ұзамай қам көңіл қалып танытады, артынша-ақ қайғысын ұмытып кеуде соғады. Балаға осының бәрі бір жағынан қызық көрінді. Жиренді де. - Сенен, – Станбек Қаймолданың құлағына еңкейді, - жанымды аямаймын. Тс-с, – қолмен аузын басты. – Қанша алам десең де еркің, но... қарайласып тұр маған, қолда. - Еркексің, саған сенем, – деді Қаймолда. – Ішеміз бе? - А, как же, ей, қайдасың? - Әйелін шақырды. Бұдан ары бала шыдап жата алмады, жалма-жан орнынан тұрды. - Оу, мын... мынау кім?.. Қайдан жүрсің ей, көгершін? Станбек көзін әзер ашады. – Ал... жол болсын? - Үйге барам. - Жеті түнде... қой, – деп келіншек килікті араға. - Қайтесің, буыны қатады, – деді Қаймолда. – Саған айтарым, біздің шалға менің келгенім жайлы тіс жарма, балақай.
Бала есікке беттегенде:
- Смотри, – деп Станбек саусағын безеді.
Кемелхан көгершін ұясына қол салды, алақанына тиген құстың жыпжылы денесін біраз сылап-сипады да, тамның төбесіне қаздиып отырды. Ай сүттей жарық, жоғалған инені тауып алуға болатындай: ауылдың сыртын қоршаған жыра-жықпылдың көлеңке тұстары болмаса ай сәулесі араласқан тұстың бәрі айқын көрінеді; тып-тыныш ақ құба түннің саумал ауасы жепжеңіл, қолтығыңды демей жөнелетін бипаз самал әзер-әзер білінбей келіп өбеді беттен; алыстан үңілген Қостөбенің құлма сілемдері тегіс жусап жымжырт жатыр; ауылдың аяқ жағындағы жусалы жон бері еміне түсіпті; осыдан ары қарай қақ жарып аққан су әр жерден бір жарқ етіп көрінеді; шоқ-шоқ талдардың қоңырқай тұлғасы марғау; ызын-шудан ада дүние жанға жайлы. Айып шалдың шамы сөніпті. Оспанқұл атасының оңтүстікке қараған терезесінен жарық түсіп тұр. Бала аспанға көз тікті; тап-таза шүпірлеген жұлдыздардың арасынан құс жолын іздеп тауып; «Егер аспанда шынымен гүл болса», – деп ойлады ол сұқ саусағын шошайтып. Станбек үйінің бері қараған терезесінен әрең-әрең көрінген сәуле жылтжылт етеді. «Мас болып тырайған шығар ендігі». Оның көз алдына екі тұлға – Қаймолда мен Станбек алма-кезек ауысып келеді; бір-біріне мүлде ұқсамайтын адамдар... Олардың өмір жайлы, келер күн туралы тіс жармайтындығына қынжылады. Оспанқұл атасы айтып берген ертегідегі Сармантай жайлы ләм-мим демейтіндігі қандай өкінішті. Жер бетінің бұл әлі біліп-танып болмаған жақсы-жаманы туралы бүкпесіз сыр ақтарса, күлдірсе, еркелетсе... Үлкендер неге үнемі өздерімен өздері? Албырт көңілден туып жатқан сұраулардың бірде-біреуіне жауап таппаған баланың ақыры келіп шығаратын ұйғарымы біреу – үлкендер мен балалардың арасында түсініспейтін бір жай бар. «Үлкендер бұларды бала деп, қолынан келері жоқ деп, еш нәрсе түсінбейді деп ойлайды, өздері күштеріне, үлкендіктеріне сенеді». Айып шалдың есігінің алдында бірдеңе қараңдағандай болды. Оу, анау не? Шал есегіне мініп жатыр; жер сипалаған көлеңке жарбиып селк-селк етеді, төмен қарай мимырт жылжып, ауылдың сыртын айнала ақ боз сәулені кешіп мұнартып барады, әлден соң жарбиған көлеңке жалаңаш төбені асып, бозала сәулеге сіңіп жоқ болды. Әне, Оспанқұл қарттың үйінен біреу шықты. Әйелі, әрине. Шашына әлі ақ түспеген қара қас, қара көз әйелдің үнемі үн-түнсіз жүретініне, мал екеш малға да дауыс көтермейтініне, бала көрсе бауырына тартып ең бір шуақты сөздермен аймалап ақтарылатынына, таң атқаннан күн батқанға дейін тыным алмайтынына қайран.
Әжесі айтып еді: «Қермания соғыс ашқан жылы, құдай көрсетпесін, ауылға неше үйлі қараша келмеді ме Қапқаздан. Шетінен ыңыршағы айналған құр сүлдер. Шалдарының сақалдары қауғадай, көздері алайған, жаман үрікті. Бала-шағасына дейін беттері көлкіген ісік. Қу жоқшылықты қойсаңшы. Біз қай жетісіп жүр едік. Жарты уыс талқанды қайда жеткізерімізді білмей дал болып отырғанда, бұлар келіп қосылғанын қайтерсің. Ойбай, қамшысынан қан тамған қатал болғанымен Оспанқұл ашжалаңашқа қайырымы мол тұғын. Колхоздың бастығы демесең оның үйінде де қара су. Әлі есімде, жұртты ескі ұста дүкеніне жинап алып жиналыс ашты ғой. Апыр-ай, сондағы сөзі бүгінге дейін көкейімде. «Оу, халайық, ел басына күн туған шақта пана іздеп кеп тұр мына жұрт. Қотыр көшедегі бос тамдарға апарып кіргізсек не отын, не тамақ жоқ, со бойы арам қатады, қылар амал қайсы? – деп жұртқа жағалай қарады. Қарап алды да, – әл-ауқаттарыңа қарай екіден-үштен бөліп беремін», – деді. Солай істеді де. Несін айтасың, жілік майы кеткен соң кісінің адам болуы екі талай екен. Сол қыс бейшаралардың талайы өліп қалды. Мына өзіміздің Қадишаның әкешешесі, екі сіңлісі қыстан шыққан жоқ. Жаңылмасам, мұның жасы не он екі, он үште. Қайратты қыз еді, күнін көріп кетті», – деп отыратын. «Әже-ау, Қадиша апайым Оспанқұл атамнан қанша жас кіші?» – деп сұраған бұл. Оспанқұл атаңның жылы сиыр – тура жетпістің сегізінде. Қадиша жазған елуден жаңа асты, жаңылмасам, оны неге сұрадың? – деп әжесі қабағын кіржиткен. Сонан соң біраз әңгіменің басын қайырған. Айтуынша, сол соғыс біткеннен кейін бес жылдан соң Оспанқұлдың әйелі өліп, үш жасар Әшірбекпен қалады. Сол кезде Қадишаның оған өзі келіпті. Ойбай, өзіңнен екі мүшелге жуық адамға нең бар дегенге: «Балаға ана болам, жетімдік көрсетпеймін», – депті. Әжесінің айтуынша Қадиша Оспанқұлдың ұлы Әшірбекті туған баласындай бағып-күткен, құдайға қараған адам. Қай кез екенін білмейді, бір қараса төменде жалаңаш төбеден жер бауырлаған көлеңке, екі бүйірі қампиып, бері түсіп келе жатты; тек жақындағанда ғана анық аңғарды – шал есікті жетелеп алыпты, оның митыңмитың жүрісінен әзер озған бүкшиген көлеңке үйіне таяғанда емпең қақты; есек үстіндегі артылған жүкті түсіріп, қораға қарай жанталаса сүйрегеніне қарап отырып, бала Айыптың түн жамылып үйіне астық тасып жүргенін анық сезді. Жарбиған көлеңке тағы бет алды төмен қарай. Бала жүгіріп Оспанқұл атасына барғысы, бәрін айтқысы: «Мына ұрлықты тоқтатсаңшы ататай, сен белсенді едің ғой, большевик едің ғой», – дегісі келді... Атасының ауру екені, әл үстінде жатқаны қаперіне кіргенде барып іркіді өзін. Ол жылады. Әкесі отқа күйіп өлгені, жұрт қатарлы жаңа қонысқа көше алмай отырғандықтары, әжесінің бұған жатын үй іздеп кеткені, жалғыз ол деймісің, Қаймолданың, Станбектің әрекеттеріне, Айып шалдың түнімен астық ұрлайтындығы, Оспанқұл атасының ауыр халін, ақырында қарттың баласы Әшірбектің кешігіп жатқандығы бәрі, бәрі үшін
жылады. Сармантайдың құсқа айналып кеткендігі, өзінің дәл бүгін жалғыз жатқандығы үшін егілді. - Аспаннан бір жұлдыз ағып түсті.
Ертесіне комбаин көлеңкесінде түскі астарын ішіп отырғанда, Айып шал жерден басын көтере алмай жатқан Станбекке: - Бала, сен осы біздің ісімізбен бидайды жайына қалдырып үйіңе барып жатып жүрген жоқпысың? – деп сұрады. Көзінде күлкі бар. - Ақсақал, миыңыз іріп кетпесе мұншама дүниені жынды адам иесіз қалдыра ма? – деп, Станбек білдірмей балаға көз қысып қойды. – Сенбесеңіз түнде келіп көріңізші, тыритып атып салайын. - Беті аулақ, – деп шошаң етті шал. – Пайғамбар жасынан асқанда ала жіп аттап бір қара көрініп пе. Түкіріп таста мәкүрігіңді, сайтан алғыр. Кемелхан олардың беттеріне жалтақ-жалтақ қарады. Ешқандай өзгеріс жоқ, сондай жайбарақат, бәрін де шын айтып отырған секілді. Бала жылап жіберуге шақ тұр еді. Кешке бұл да үйіне келді, әжесі де есіктің алдында көк мототциклден түсіп жатыр екен. Айналып-толғанып ұзақ сүйді. - Қарның ашқан жоқ па? Көзің неге кіртиіп қалған? Күн өтіп кетті ме? Әдіре қалсын жұмысы, азып қалыпсың ғой, тегі. Әжесінің жауып кеткен сұрауына күлкісі келді. Бір күннің арасында мұның көзі де кіртиіпті, күн де өтіп қалған. - Әй, қайда асығасың, шай ішіп кет, өзі иманды адам екен, жаяу әрең жететін едім, тырылдатып артымнан келе қалмасын ба, кел отыр деді, жеткенше зәрем зәр түбіне жетті, – әй, шай ішіп кет, қонып кет. - Спасибо, спасибо как нибудь в другой раз, – деп жолаушы мотоцикліне отырып дар еткізді. – Ну, будь здоров, – деді Кемелханға қолын көтеріп. - Кемелжан-ау, мәтесекл дегенің шошаңдап ұшып-қонып тұрған пәлекет екен, кім мініп көріпті, – деді әжесі. – Ал жүр, саған не базарлық әкелгенімді көрсетейін. Кемелхан әп сәтте-ақ мұздай киініп алды. Олай-бұлай жүрді кеп. Табаны сықырлауық қара бәтіңкесі, күртешесі де құйып қойғандай шақ. Жағалы пальтосын киіп көріп еді, кеңдеу көрінді. - Күнде өсіп тұр емессің бе күнім, биыл қоңылтақсығанмен келер жыл қона түседі үстіңе, – деп әжесі тігісін жатқызып жіберген соң, бұл артық сөзге барған жоқ. Әжесі біраз кітап әкеліпті. Кірген мәгәзініме әлгі өзің жазып берген қағызыңды беріп: «Не жазылса, шырағым, түгел әпкел» деп... дабырлап жүрсем кітабыңның өз дүкені бар екен ғой.
Екеуі мәре-сәре болып жатқанда, сықыр етіп есік ашылып, үйге Қадиша кірді. Амандық саулықтан соң: - Күннен-күнге төмендеп барады, бүгін осындағы үш үйдің адамын түгел шақыртты, соған келіп ем... - Қадиша-ау, ымыртта көңіл сұрағынымыз бола ма? - Білмей отыр деймісіз...– деп жаулығының ұшымен көзін сүртіп, Қадиша шығып кетті. Үш үйдің адамы түгел Оспанқұлдікіне жиналған. Ондық шам жыпылық қағады. Жастығын биіктетіп үй иесі түзеліп отырған сыңайы бар. Үлкендер әрнені бір айтқансып, тығырыққа тірелгендей кібіртіктеп шешіле алмай дал, еңселері түсіңкі. - Бәйбіше, – деді Оспанқұл, күні бойы Шөкем есіме түсіп, өткен-кеткен келдіме-ау көз алдыма, жайшылықта болса ауыз ашпас ем, көңілі құрғыр, есебі, әрнені бір аңсайды, домбыра алыңызшы қолыңызға. Әжесіне жаудырай қарады бала. Қадиша тұрып барып төрдегі ілулі домбыраны алып ұсынды. Қара шанақ қолына тиген соң әжесі әуелі күйін келтірді. Салалы саусақтар ең төменгі сағақтан ышқына шыққан әуенді іліп алып, өрлей жөнелді жоғары. - Уай, дүние! – Оспанқұл желпінді. Бала Шолпанқұл ақынның термесін жазбай таныды, сосын лезде қиял құсы оянды көңілінде. Талай естіген таныс әуез. Ауылдың әу дейтін адамының қай-қайсысы болса да ақынның соғыстан жазған өлеңін жатқа соғатын. Қыл сағақтан шыққан зарлы үнге қосыла кетті әжесі: – Ау... у... Әбілғазы, Қашаған, Сағындым-ау сендерді, Жазудан артық жасаған. Ел басына күн туды. Дұшпан шығып тасадан, Ойнақтаған серке едік, Бауыры сау, басы аман. Әжесінің даусы баяулап қалып еді, отырғандар оның тағы айтуын өтінді. Баланың көз алдына қызыл әскерлер елестеді. Қылыштары жарқылдап шауып келеді. Оспанқұл басын жастықтан көтермеді. Бала аяп отыр қартты. Аз күндеақ сүйектері мүлде салбырап, көзі шүңірейген, демін екі иығынан алады. Әжесі оң қолын алға сілтеп қалды:
... Ел-жұртым, аманбысың, айттым сәлем,
Селдіреп қалған жоқ па қатарларың.
Майданға алып келді татар дәмім,
Сәлем де Орынбай мен Жайлаубекке,
Қылышбай, Үмбетәлі, Аршабекке,
Көз қырын балаларға сала жүр деп,
Айтып ем Жесекбаев сельсоветке.
Бар болса өкпелерің кешір ел-жұрт,
Қырықта шейіт кеткен большевикке.
- Есіл ер-ай, – Оспанқұлдың екі иығы селкілдеп, даусы өксіп-өксіп шықты. Әжесі де домбыраны қабырғаға сүйей салып, жаулығының ұшын көзіне апарды. - Лағнет келгір сұм соғыс ең таңдаулы ауылдастарымыздан айырды, әділет қайда, осы... - Қайтесің Оспанқұл, жазымыш шіркінге дауа қайсы. Үлкендер тағы үнсіз қалды. Оспанқұл әйеліне жастығын жөндетті, сосын даусын кенеп: - Есебі, дүниеден кім өтпеген... жақсы да, жаман да ақыретке бет түзеп тынады, мен де... – деп кеудесін алақынымен басып-басып қойды. – Етегімізді жапқаннан ат үстінен түспедік, айғайшы болдық. Кеңес үкіметі деп, колхоз деп жарғақ құлағымыз жастыққа тимей жүргеніміз кеше сияқты еді, есебі, несін айтасың, заматта өтіпті дүние, шіркін. Біреуге тіземіз батты ма... артық қамшы сілтеп қалдық па... ет пен сүйектен жаралған соң мысық табандаған пенделік еркіңе қайдан қойсын. Сүттен ақ, судан тазамын дей алмаймын. Айып мырс етіп, ернін жалады. - Әй, Айып-ай, со бір кезде халық жауларын айдатып жібергенім үшін титтей өкініп жатқам жоқ, әңгіме артық ауыз сөз бен артық сілтеген қамшы өрімі хаһында есебі. Ашу не істетпейді. Астық тазаланбай, арба жүрмей жатқанда, жасырып қайтем, ат бауырына алғанбыз талайды... Есебі, ел болайық еңсе көтерейік дедік. Науқас шамалы демін алды. Бүгін бастарыңды қосқанда күнәмнен айрылайын, кешірім сұрайын, кеңшілік дәметейін деген ой жоқ қаперімде. Бір өтінішім бар, ертең ат қоя келген елге де қалдырар аманат бұл. Мана айттым ғой есебі, кеңес үкіметі деп шапқылағанымды, менің сүйегімді Жайдақтың жотасындағы бәнді өлтірген – ол осы тұста, Айыпқа көз қиығын салды, – иә, сол бәнді өлтірген Зайдтың жанына қойыңдар, алыссынбасаңдар. Рухымыз бір еді, аруағымыз айқасып жатсын... Кемелхан Айыпқа қарады, қалғып отырғаны да, ұйқтап отырғаны да белгісіз, көзі жұмулы. Станбек: - Жас өле ме, кәрі өле ме, қамықпаңыз, – деді. – Қазір өлім деген аяқ асты, ақсақал. Оспанқұл үндемеді. - О не дегені-ай! – деп, Айып Станбекке бағжия қарады. - Енді бірдеңе айтса өстесіңдер. – Станбек қабырғаға басын сүйеп біраз есінеді. – Ұйқымыз шала болып жүр соны ойлап. Оспанқұл тамағын кенеді.
- Әй, Айып, бері қара, көзіңді аш! Есебі, екеуміз ғой өмір бойы қарамақарсы жүріп келіп едік, анау жылдардағы қылығың үшін түбіңе жетуіме әбден-ақ болатын еді, бір атадан қалған жалғыз тұяқ болған соң тұқымдарыңды мүлде құртуға дәтім бармады, бір-бірімізді жеп тауыса берсек, адам баласы құрып бітпей ме... Осыны әлі күнге түсінбедің. Ол енді өз шаруаң, тек балаңды ізіңе салма, түбі жақсылыққа апармайды, қара астың қамы орға жығады... Қарт әйеліне жастығын жөндетті. - Біз адам баласы бір-бірімізге бөтен бе едік. Әсілі пенденің өз ұяласына жауыздығы қайдан шығады. Бәрі пейілден. Пейілі тарылып, аран ашылмасын, ағайын. Пиғыл бұзылған соң-ақ екі арада кірбің туады, жол айрығы дегенің де осы жерде. Біз өз жолымыздан айнымадық. Жарлыжалқыбай ек, жетілдік, жеткізді... Еркіндік деп от-жалынға бір өртенсек, ел деп кешегі герман соғысында екі өртендік... Одан соң, тез ес жиып, еңсе көтердік. Бірақ осының бәрінің бодауы аз ба еді. Құдай-ау, ашылған аран бұзылған пиғыл неге келеді деймін етектен тартып әлі күн. Таңым бар соған, таңым бар. Қарт демікті. - Мана айтпадым ба, жат болу мен жауығу дегенді... Есебі, пиғылдың бұзықтығы, құлқынның тойымсыздығы пайда болғандар, қанағаты сарқылғандар құм-тасына қарамайды, көмейін жыртып жұта береді, жұта береді. Оны жұрт білмейді емес, қалың ел қазір бірді-екілінің итшілеген қаракетін былай қойып, маңыздырақ, өмірдің мәңгілігі, жердің амандығы тәрізді маңызды мәселемен айналысып кетті. Мұны арамзалар әбден жақсы біліп алған, қалтарыста жүріп қарын қамын ойлайды. Өкінішті-ақ. Бұл ма, бұл тұқымымыздың адал боп, адам боп өсіп-өрбуіне жасалып отырған қиянат. Әттең, күш-қуаттың сарқылған кезі... Қарт даусын қатайтты. - Тыңдап отырсың ба, Айып. Тым құрыса осы жолы, осы жолы қарсыласым болмай, қалыс адам боп тосшы құлағыңды. Қаймолда – сенің бел балаң. Өкімет билік берді, бігәдір қойды, рақмет дедіңдер, қуандыңдар. Ендігісі не? Сені, жасы жетіп, енді аз күндік ғұмырын бата қайырып өткізетін қаусаған шалды Иірсуда қақа басын бекер қалдырып отырмағанын сезбейді деймісің біз. Есебі бар. Қара ала сиыр, табын жылқыға бас-көз керек... Кеше өзің оқ аттың заманға, тілің тиді, жұрт кешті бәрін, басыңа пана, аузыңа ас ұсынды, сені қойшы, тым құрыса сол жақсылықты балаң қайтармайтын ба еді... Сенің шашқан құмыңды балаң тазаламайтын ба еді... Сенің елге жаулығыңды балаң адал ісімен жуып-шаймайтын ба еді... Болдым, Айып, айттым, айтуға тиіс едім, болдым енді, мен міндетімді атқардым. Қарт көрпесін қымтанды. - Балам, – деді Станбекке қарап, – жассың, кәрі-құртаңмен қажаспа, үйіріңді тап, көшіңе ілес... Дастархандағы шала желініп суып қалған тамаққа мысықтың тұмсығы тиіп кетті. Ұзақ үнсіздік орнады.
- Бата істелік. – Айып қарт қолын жайды. Бәрі үнсіз, осылай көпке дейін отырды да қойды. - Ертең жұмыстарың бар, қайтам десеңдер рұқсат, – деді Оспанқұл. Бәрі шығып кеткен соң бала әжесінің қолынан тартып тұрғызып жатыр еді, Оспанқұл: - Кемелжан, сәл аялдашы, – деді. – Ақ көгершінің ұшып жүр ме?.. Ұшсын, ұлым, қанат қаққан жақсы. Баланың көзіне жас толды. - Әшірбек ағаңа сәлем де. Іздегенін тапсын, менен туған ұл болса, табады, орта жолдан бұрмасын ат басын. Осыны ұмытпа, қалайда айт... Жылап тұрмысың... Әй, күшік. – Қарт баланың білегін қысып-қысып қойды. – Жасыңды тый, көгершінім, адам бол, ұқтың ба? Үйлеріне келген соң әжесі жатып кеп жыласын. «Ойпыр-ай, нашарлап жатқанда жаңағы Айып қақпастың, болмаса Ештайдың ана қу шеке баласының бір ауыз сөз айтпағаны қалай? Не болып барады десеңші дүние, шіркін. Адамның рақымы, қайырымы деген қайда? О, тоба! Сақта ұрпағыңды қатыгездіктен, жасаған. Беті аулақ, екі дүниеде жамандық атаулы жолай көрмесін жарығыма. Кемелжан, қолыңды жайшы». Бала қолын жайды. - Адам баласына залалың тимесін, күнім, жылан екеш жыланның басына да ақ құй, алдыңа келсе... Әжесі шұбыртып ала жөнелді. Түннің талай уақыты өтсе де әжесі әдеттегідей жатып қалмады, алдына шанақты өңгеріп бір мұңлы әуенді әлденеше қайтара тартып, үнін көмейден қайырды. Есі кіргеннен домбыра қағысына кәнігі бала, күндікті басын шайқап, екі жағына теңселіп отырған қарияның бүкіл бет-жүзін қоңыр көлеңке шалғанын, перне бойындағы әлсіз саусақтардың дірілін байқады. Шамалыдан кейін әлгі әуен ұзақ сарынға ұласып, әжесінің маңдайынан шып-шып тер шықты. - Бұл мұң, ұлым, барлық адамның мұңы артынан қалмайтын. Егер ол ұмытылса адам азады. Кім білсін қашан екен... Баяғыда мына жер бетінде адам аз кезінде бір үйдің егіз ұлы болыпты. Айдалада киіз күркеде шал мен кемпір ұзақ дауласады. «Екеуінің де аттарын Жақсылық қояйық», – дейді кемпірі. «Қателесесің, – депті шалы. – Екі адамға бір есім жараспайды және екеуі екі түрлі болып туған ғой, қарашы өзің: ұқсай ма бір-біріне?..» «Бір ана, бір әкеден туған ұрпақтың айырмасы бола ма екен, екеуі емшек сүтімді тең емді ғой, қалайша әр түрлі болып өседі, қайтсем де екеуін бір есіммен Жақсылық деп атаймын», – деп кемпірі бой бермей қояды. Уақыт өте беріпті. Балалар өсіп жігіт болады, шал мен кемпір күн өткен сайын егіз ұлдың бір-біріне мүлде ұқсамайтынын байқайды. Біреу ерте тұрады, су жағасына тал тігеді, бұлақтың көзін аршиды, екіншісі, керісінше бәрін бүлдіреді. Шал мен кемпірдің айтқан ақылын құлағына да ілмейді. Күндердің күнінде егіз ұл құланның құлынын ұстап әкеліп үйретеді. Құлын жетіліп ғажап тұлпарға айналады, өзі есті болады, тұлпар тентек ұлды
маңына жуытпай қояды. Оның көңілінде қызғаныш оты тұтанып, ақырында ол өшпенділікке ұласады. Бір күні шал аңнан қайтып келе жатса, ұлының бірі құланның жалын тарап, екіншісі, әлгі тентегі оның артынан бұқпалап садақ кезеп тұр екен. Шал әй дегенше әлгі жебені жіберіп қалады, сыңарының тізесі бүгіле беріпті. Айғайын салып анасы шыққан екен үйден. Қыр жотадан қадалған жебені суырып алып, адал ұл болсаң аман қаласың деп орнына емшек сүтін сауады, сол, сол екен көзін ашыпты ұлы. Бұл кезде шал тентек ұлдың мойнына қыл тұзақ салып үлгерген дейді. «Әке, оның не, өлтіре көрме?» – деп жалынады жаралы бала. «Өз бауырына жебе тартқан адам жер басып жүруге тиіс емес, мұндай сұмдықты келер ұрпақ білмеуі үшін, ішімнен шыққан шұбар жыланды жоқ етуге міндеттімін», – деп әкесі семсерін көтеріп алғанда жаралы ұл қолына жармасады. «Кеш қателігін, кешірімді бол дейтін едіңдер, бәлкім, түзелер әке, қанын жүктеме адамның». «О, құдай! – деп сонда анасы зарлапты дейді. – Ақ сүтімді ақтамаған арамза, туған бауырыңның ту сыртынан оқ аттың, әкеңнің қолын қанға малуға мәжбүр етіп тұрсың, сені енді адам да, аң да көрмесін, саудым сүтімді көкке». Ол осыны айтқанда қыл тұзақта тұрған ұлы сұмдық дауыспен шыңғырып көзден ғайып болыпты. Кемелхан аузы ашылып әжесіне қарады. - Өлген бе сонда? - Қайдан өлсін, тірі, тек көрінбей өмір сүреді, көрінбей келіп аяқтан шалады, сондықтан да оны Жамандық деп кеткен адам баласы, жаман адамдардың бәрі содан тараған. Әжесі айтып берген ертегі балаға ұнады. - Ұлының біреуінің қаныпезер болып туғанына налыған шал осы мен тартқан сарынды шертіп өтіпті дүниеден. Қандай нәрсеге де, егер жаман болса, қабырғаң қайысатын болсын ұлым, дүние үйіліп жатқанда азап-шерді білмейтінде жақсылықтың жауы. Кемелхан көпке дейін ұйықтай алмай дөңбекшумен болды.
Жаңбыр жауған күн... Альбомын алдына жайып сап отырған бала, осы күнді ойласа құйқасы шымырлап, бүкіл жан дүниесін үскірік жалап тұрғандай сезінеді; жанын қоярға жер таппағандай бет алды қаңғырып кетуге бейіл; әттең, білмейді қайда барып, кімге айтуды наласын. Кімге шағынар, арызын тыңдап асылын іздеп тауып берер адам қайсы? Бала мынау суы әмсе жалтырап ағатын иір өзенді тау қойнауында, қойнау ғана емес-ау, өзі есек іздей барған, сиыр қайырып қайтқан, алыстан болса да үнемі көріп жүретін бұйра жон, шақпар тастар арасында жаны секем алып, жұдырықтай жүрегіне шер болып қатар тосын қимыл, тосыраң мінез бар деп ойлап үлгермеген кезінде. Алғаш рет үлкендермен бірге маңдай жіпсітіп, өзін кәдімгі қара шаңырақтың бас иесі сезінгенімен де әжетке
жарадым, жарым уыс дән табатын дәуірім басталды дейтұғын киелі сөз көкейіне келіп көлденең тұрғанда; ауылынан арманы – оқу іздеп сапарға шығар алдында сағы сынды... Альбомның ақ парағына тесілген мөлдір көздері тұманданып, ып-ыстық леп жанарын торлап кемсең-кемсең етті. Иә, сол жаңбыр жауған күні... Түстен кейін күн ашылып кеткен. Дәл соны күтіп тұрғандай үш жүк машинасымен Қаймолда жетіп келмесін бе. Сыпыртқысын орып әкетпек. - Бидай су, ертеңге дейін кеппейді, қарап жатқанша қол ұшын тигізіңдер маған. Сәл жел қаққан соң сыпыртқы дегенің саудырап кеуіп кетеді. Іңір түскенше жабылып орып тасталық, жүріңдер, қане, – деп Қаймолда әкесіне, Станбекке және комбайншыға бұйрық берді. Аздан соң бала да барды жұрт қасына. Күн бесінде-ақ сыпыртқы орылып бітіп, тиеліп те қалды. Көгалдау жерге газет төселді. Оның үсті: тұздалған балыққа толды. Бірнеше шөлмек сап түзеді. - Қане, отырайық, қазан көтермеді демесеңдер мынандай ен дүниені көре тұрып сөге қоймассыңдар. – Қаймолда әкесінің арқасынан қақты. – Шалым, жарадың, бұйырса, біраз тиын-тебен түсетін болды қалтаға. - Сыпыртқыдан пайда түседі дегенің көңіліме қонбай отырғанын қарашы, басеке, – деді Станбек жеңді білектей колбасаны қолымен бөліп жатып. Кемелхан нанның жұмсақ жерінен көгершінге үгітіп беріп отыр. Оған бола басыңды қатырмай-ақ қой, – деп Қаймолда көңілдене күлді. – Есебі табылады. Қане, осы тосты біздің шал үшін ішелікші, жігіттер. - Дұрыс-ақ. - Шал дегенің бір рақат... кеттік, ендеше. Бәрі алып-алып тастады. Шөлмектер бірінен соң бірі босады. Жұрт тегіс қызып алған, шоферларға шейін сау емес. - Ал, інішек, іштің-жедің, енді қызмет қыл, – деді Қаймолда Кемелханға. – Мына бөтелкелерді анау жерге апарып қаз-қатар тізіп кел. Қызық болсын. Бала шөлмектерді айтқан жерге тізіп, артына бұрылғанда Қаймолда «Жигулидің» ішінен мылтық алып жатты. - Енді қаш былай. Олар қарауылды кезекпен-кезек ата бастады. Әп-сәтте-ақ шынылардың быт-шыты шықты. Қаймолда жан-жағына алақтап тұр. Баланың көгершіні қалқып аспанға шықты. Мылтықтың аузы әуеге қарады. Төбесінен біреу мұздай су құйып жібергендей Кемелханның жан даусы шықты. - Атпа, атпа! – Жүгіріп келеді. – Ағатай, ата көрмеші, ол көгершін ғой, ағатай. Мылтық гүрс етті. Көгершін қайқаң етті. - Қазір, қазір. – Қаймолда мылтығына тағы оқ салды. - Оларың не, ағатайлар? – Кемелхан ботадай боздады. - Өлтіресіңдер ғой көгершінді.
Мылтық даусы тағы құлақ тұндырды. Бала көзін жұмып жарға тізерлеп отыра кетті. - Өлді, өлтірді. - Тағы тимей қалды, қап, әттеген-ай, қатқан шашлықтан айрылдық. – Қаймолданың ренішті үні естілді. Кемелхан көзін ашып аспанға қарап еді, ақ көгершін шарықтап ұшып барады, тіпті ұзап кетіпті. Бала құстың артынан жүгіріп келеді, жүгіріп келеді. «Ақ көгершін! Ақ көгершін!» Ол ауылдан ұзап кетті, құсы зым-зия. Кеш батқанша тау кезген бала, ақыры көгершінін таба алмай үйіне қалжырап зорға жетті. - Әже, әже-тай... Көйлегінің етегіне сүрініп, әжесі алдынан шықты. - Көгершінімді атып, шошытып кетті аналар, таппай қойдым, табылмай қойды. - Бұл не істегендері, құдай-ау, аспанға мылтық атқан қай қара жүрек... Содан бері үш күн өтті, Кемелхан жарытып ұйықтамайды, не тамақ та ішпейді; іш құса баланың тасыған көңілі басылып, бүкіл тұла бойын зілдей ауырлық басады. Алдында аппақ парақ, осы шошытқан сұмдық жайды салуға бейіл білдіргенімен дәті бармайтын секілді; мылтықтан, көгершінге кезеген адамның кескінінен зәре құты қалмайды. Қарындашы қолынан сусып түсті. Жанарын кеулеген ыстық жас от болып күйдіріп, құйтақандай жүрегін шыжғырып жатыр; аппақ әлемін осып өткен қамшының ізінен шып-шып қан шығады, тынысы тарылып, өкініш пен наланың өткір жүзі іші-бауырын осқылап жатыр. Қанды мылтықтан шошынған көгершін тап желкесінен үңіле тұрып: «Сағындым сені, қайтейін, оралуға қорқам» дейтін тәрізді. Ақ парақты құшақтап, қарындашты сығымдап ұстаған күйі ұйқтап кетті. Түсінде қолында мылтығы бар Қаймолданы көрді. Қара темірдің ұңғысынан көк жасыл жалын ұшады.
Көгершінінен айрылып баланың көңілі жадап жүрген шағында, әжесі мұның жастығының астынан шаян тауып алып өлтіріп, жеті күлше құдайы берген күннің, жарты ай тұтылған түннің ертесінде таң құлан иектене Оспанқұл қарт – Иірсудың алғашқы большевигі дүниеден қайтты. Сол күні кешінде Станбек торы шолақпен орталыққа барып Оспанқұлдың нашарлап жатқаны жайлы ағайындарына хабар жеткізген, түнімен біраз кісі келіп те қалған. Қарт көзін жұмған соң машина кері қазалы хабарға жөнелді. Оспанқұлды соңғы сапарға жөнелтіп салуға ойдан-қырдан ел көп жиналды. Орталықтан машинамен, қырдан атпен ой бауырымдап келіп
жатқан адамдарды көре отырып бала солардың көбісінің көзінен жас шықпайтынына таң қалды. Жұрт Оспанқұлдың соңғы өтінішін орындады, оның денесін сонау Жайдақтағы баяғы Зайдтың жанына арулап қойды. Әуелі қарны кебежедей, мойнына қара галстук таққан біреу қағазға жазып алған сөзін оқыды. Баланың есінде қалғандары «Оспанқұл – осы колхозды өз қолымен құрғандардың бірі, адал, ардагер азамат. Бүгінгі бақытты заманда, ойдықырды түлетіп жүргеніміз, сол Оспанқұл сияқты адамдардың арқасы». Шетте жарбиып тұрған Айыптың көзінен сорғалаған жасты көрді Кемелхан. «Қош, ататай!» – Бала елмен бірге қабірге бір уыс топырақ салды. - Біздің, Иірсудың, ең соңғы большевигі де көз жұмды, – деді біреу. Жұрт ауылға оралды. Шалдар бөркі қоқайып шетке шықты. Тек Айып қана елден жырылып барып ұзақ жылады. - Жақсы кісі еді, иманды болғыр, – деді біреу. - Айекең сияқты тентектеу, тең құрбысын талай сабаған ат бауырына алып, – деп бөрікті қария жылы жымиып қойды. Сонда ғана жұрт қатарына келген Айып күрсінді: - Не көрмедік. - Мажыраның астығын орып жатқанбыз, – деді әлгі қария. – Мына Айып екеуміз қара басып тырайып ұйқтап қалыппыз. Тасыр-тұсыр еткен ат тұяғының дүрсілінен ояндық қой. Осекең қамшысын білемдеп тұр, ал кеп сабап. Марқұм өкіметтің жұмысы десе туған әкесін де аямайтын. - Қалдыңыздар таяқ жеп. - Е, қалмай қайтеміз. Ойпыр-ай, сондағы мына Асекеңнің қылығы... Іздеп жүріп қара құрт тауып алды да, бүйткенше өлгенім жақсы деп өзін шақтырды ғой... - О, тоба. - Шын айтып отырсыз ба? - Міне, көзі отыр сенбесеңдер. Құдай көрсетпесін, күп шелек боп істі де кетті, әупірімдеп ауылға жеткіздім, енді не істейміз. Әпейбек деген тәуіп бар еді жарықтық, дереу Қызылқайнардағы Уәке деген ұста орыстікіне адам шаптырып қолдан ашытқан арақты алдырды, ал кеп ішкізе... - Міне, қызық... - Қызығы құрсын, жаны әзер қалды. Кейін Айекең бәндіге қосылды ма, Шу асып кетті ме... дәм талай жерден бұйырды ғой бұл кісіге де. Бала Айыпқа қарап еді, ол қамшысының сабымен жер шұқып отыр екен: - Не көрмедік, – деді шырт түкіріп. – Жер басып жүрміз алайда, ит боппыз. - Шүкір етіңіз. Үй жақтан шақырушы келді. - Ас әзір, жүріңіздер. Дастархан мол жасалыпты. Әр жерден еттің буы бұрқырайды. Манағы галстукті жігіт орнынан тұрды.
- Ардақты ақсақалымызды арулап қойдық, аянған жоқ ағайын... Ақылшымыз, айқайшымыз еді. «Бәріміз де Гогольдің шинелінен шықтық» дегендей қарияларды қоспағанда, мына біз Осекеңнің ізбасарымыз шындығында... – Ол төмен қарап даусын қырнады. – Былайша айтқанда Осекеңдікі той ғой... Енді... – Ол жүк аяқтың астынан төрт-бес шөлмекті бері шығарды, – жарықтықтың топырағы торқа болсын деп... Шалдар жағы мүлгіп төмен қарады. Төменіректе баланың әжесі отыр еді, орнынан тұрып келіп, кемелханның қолынан алды. - Жүр, жүр, ұлым, – жетелеп далаға алып шықты, – қаза үстінде не сұмдық бұл, той болса екен-ау... Үйге бар, сөйт, балам. Бала үй артындағы төбеге барып жайғасты. - Қайдасың, менің көгершінім! Естисің бе, біздің жағдайымыз жақсы емес, Оспанқұл атам өліп қалды ғой, апарып көміп тастады. Өлді біздің атамыз, енді жоқ ол. Бала өзін-өзі тоқтата алмай ұзақ егілді. - Олар арақ ішіп жатыр, олар күліп отыр... Олар жаңа жылағандарын тезақ ұмытып кетті, бітті бәрі, көгершін, біздің атамыз енді қайтып келмейді. Сен де келмейсің. Ел тарап бет-бетімен кеткенше қозғалған жоқ бала. Бәрінің көзі Хадишада, Кемелханның әжесі: - Қой, Хадиша, еңсеңді көтер, ел ішіндесің, – деді даусы қатайып. – Жалғыз емессің. - Осекеңнің жасына келсек арман қайсы, – деп, аздап ішіңкіреп алған Станбек мұңайды. Бірақ кім біледі... Әй, Кемелхан сен неғып жүдеп кеткенсің? Айып шал есегіне мінді, иығы құнысып кетіп барады. Күн қызарып батты. Көкжиекте кілкіген қызыл жалындар көпке дейін ыдырамай толқып тұрып алды: көкке емінген жақпар тастың сілемдері балқып жатқандай, үйіріліп келе жатқан іңірдің бетін жалап әлі жұтынып тұр.
Ертесінде жұмыста баланың байқағаны Айып шалды ауыр мұң басқан: онсыз да қырымға ет жоқ бет-жүзі түгесіле суалып, жанарындағы тентек жарқыл шыңырауға құлап сөнуге айналыпты. Станбек келіп Кемелханның маңдайынан сипады. Оспанқұлдың баласы Әшірбектің келуі бала үшін зор қуаныш болды. Жігіт ұзақ егілді, бақырып-шақырған жоқ, үнсіз отырып, тым-тырыс жылады. Еңсесін көпке дейін көтермеді, көңіл айтушылардың ұзын-сонар демеуінен кейін бойын көтерді. Көп күтті, тілгірәм кеш тиді ме қолыңа? деді Қадиша. Тым алысқа, елсізге кетіп едік, деді Әшірбек, соңғы сөзін есту де бұйырмады. Әшірбек бірден әкесінің басына бармақ болды. Оған Кемелхан ілесті. Екеуі Жайдаққа апаратын ескі сүрлеумен қатар басып келеді.
Екі-үш күнде оқуың басталады ғой. Киімдерім де, кітабым да дайын, Жайықбай ағамдікіне жатып оқимын биыл. Сен жақсы баласың ғой деймін осы, а Кемелхан. Білмеймін, аға. Көкем мен туралы айтушы ма еді. Ылғи да айтып отыратын. Кешікті ғой дейтін. Ағаңа айт, ұмытпа деп еді... Әшірбек тоқтай қалды. Ұмытқан жоқпысың. Іздегенін тапсын, орта жолда тоқтамасын деді. Асыл әкем... Жігіт адымын жиілетті. Күн шаңқиып тұр. Ыстық жел соғады. Аға. Ау. Сіз не іздеп жүрсіз? деді бала, сосын «Іздеп жүргеніңіз аспанның ақ гүлі емес пе» дей жаздады. Кен көздерін іздейміз, жер асты байлығын табамыз. Таптыңыз ба жер асты байлығын? Іздеп жүрмін бауырым. Сайға түсіп екеуі бұлақтан су ішті. Сен қай класқа өттің, Кемелхан? Екіншіге. Жігіт болып қалыпсың ғой. Бұлар Оспанқұлдың басына келгенде күн түске таянған. Әшірбек мелшиіп ұзақ тұрды. Кешір әке, кешір ұлыңды! Мұнда, деді Әшірбек Кемелханға. Тағы бір большевик жатыр, естіп пе едің? Білемін, Оспанқұл атам айтып берген. Бандылар өлтіріпті. Екеуі жайланып отырды. Аға, сіз көгершінді жақсы көресіз бе? Көгершінді барлық адам жақсы көреді. Бала бұртиып қалды. Саған не болды. Алдайсыз. Қой, Кемелхан, сені қашан алдап едім. Бәрібір сенбеймін... менің көгершінімді атты ғой Қаймолда. Шын айтып отырсың ба? Әшірбек Кемелханды өзіне қаратты. Баланың көзіне жас толып кетіпті. Қаймолдаң Айыптың баласы ма? Сол... өзі мас... ұшып бара жатыр еді көгершінім... міне, былай, ол екі қолын құсша сермеп көрсетті қағып бара жатқан қанатын... отыра қалып
гүрс еткізді... Енді ол қайтып оралмайды, ағатай, шошып кетті. Бала көзінде жас мөлт етті. Әшірбек баланы жұбата бастады: Сенің көгершінің сөз жоқ табылады, ондай құс өзінің иесіне оралмай қоймайды. Өйткені жер юетіндегі барлық адал адамдар іздейді оны... ақ көгершінді бәрі аңсайды. Кемелхан аузын ашып қалыпты. Қызына сөйлеп отырған жігіттің аялы көз жанарынан өзін көрді. Көгершін жанарынан да көретін өзін. Неге олай? Жер бетіндегі адамдар әлі күн ортақ мәміле тапқан жоқ, талас пікірдің орасан майданы қиян-кескі: осы ойлардың бір нүктеге тоқайласа алмай дара атойлаған, ақыл дегенің арнасынан асып, сананың шырқау шегіне жету кезеңінде түрлі қауіптің бейбіт күнге әлсін-әлсін жұдырық түйген кезінде зор жауапкершілікті, ұлан-ғайыр міндетті алып жүруге лайық болып туған ұрпақпыз біз. Әшірбек таңырқай қараған баланың маңдайынан сипады. Түсінбедің бе? Үлгересің оған әлі, сонда айтасың өз үкіміңді. Жер жаһанның бақытына жол ашар кілтті не біз, не сендер табарсыңдар, бәлкім. Ақ гүлдер туралы сырласушы едім көгершінмен. Не дедің? Аспандағы ақ гүлдерді айтам. Сен бар ғой, Кемелхан, шынында да жақсы баласың, Әшірбек еңкейіп бетінен сүйді. Орындарынан тұрды. Әшірбек қабірге басын иіп үнсіз біраз тұрды да, Кемелхан екеуі кері қайтты. Жолда келе жатып ол балаға шағын төрт бұрыш жылтырақ тас берді. Жоғалтпа, ескерткіш болсын, бәлкім, геолог боларсың өскенде.
Әжесі сол түні мүлде ұйықтамады десе де болады. Әуелі баласын шомылдырды, сосын төсегіне жатқызып, оның киімдерін чемоданға біресе салып, біресе алып ұзақ күйбеңдеді. Кемелхан да мандытып ұйықтаған жоқ. Ақ көгершін жайлы әлсін-әлсін ойлаумен болды. Әже, егер көгершінім бір күні келіп қалса қайтесің? Кісі көзіне көрсетпей мәпелеймін, күнім... қажет десең апарып берейін өзіңе... таңмен таласа тұрды бұлар. Кемелхан жүгіріп Оспанқұл атасынікіне келсе, Әшірбек ағасы кер биені әкеліп арбаға жегіп жатыр екен. Күн шыға әжесі екеуі арбаға отырды. Баланы жолға шығарып салуға Айып пен Станбектен басқалары келді. Станбектің әйелі: Көгершін қайным, аман бол, жақсы жігіт бол, ал мынаған кәмпит алып жеп жүр... әлгі «кис-кистан», деді.
Керегі жоқ дегеніне қарамай төс қалтасына көк ала қағазды тығып жіберді. Қадиша маңдайынан сүйіп, көзіне жас алды. Атаң болса жоқ, бізді ұмытпа... оқуды жақсы оқып, аман жүр, көгершінім. Кер бие жолға түсті. Әшірбек қатарласып жаяу жүріп келеді. Қашан қайтасың, балам. Біраз күн болам, сонан соң істеп жүрген жеріме жағдайды айтып пәтер сұраймын. Қадиша апамды қолыма алмай бола ма? Кезеңге шаққанда, Кемелхан арбаны тоқтатты. Сонан соң чемоданын ашты да, сурет салынған төрт альбомын алды: Әшірбек аға, мынау сізге менен ескерткіш болсын, деп ұсынды. Менің салған суреттерім, бұл туралы айтқан жоқпын ғой сізге, енді, міне... Рақмет, Кемелхан, ескерткішіңді еш уақытта жоғалтпаймын. Ал әкелші қолыңды... Ақ көгершініңді ұмытып кетпе, ізде... Қайтсем де табам ақ көгершінімді, қайтсем де. Қош, қара тәмпіш... Кер бие сар желді.
Бала түсінде ылғи аспандағы ақ гүлдердің арасында ұшып жүрген өзінің ақ көгершінін көреді. Ел айтады оған: «Шошынған көгершін мәңгі оралмауы мүмкін», деп... Ал Кемелхан оған сенбейді...
Алма ағашының бұтағы
«Каждый палец кричит: жить хочу».
Ф.АБРАМОВ
Күн ыстық. Ұланғайыр жазираға ұласып жатқан тау етегі арқырап аққан өзен суы болмаса өртеніп кетердей. Шекесінде солдаттың көнетоз пилоткасы қонжиған қарға бойлы бала алыстан қараған адамға сағым үстінде қалқып жүргендей болып көрінеді. Тыпың-тыпың... Манадан бергі тірлігі алма ағашы көшетінің топырағын қопсытып, су тасып құю болды. Шаруа тындырып жүрген сыңайын айтсаңшы, айналасына маңғаздана қарайды. Көшеттің бойына жан бітіп, жасыл рең кірген сайын күн ұзын осы жерді айналып жүре беруге, тіпті түнеп шығуға да дайын.
Алма ағашының жалғыз бұтағы баланың ойламаған жерден тапқан олжасы. Әнебір күндері темір жол жақтан төрт машина сонау алыстан бұлдыраған тау баурайындағы алма бағына көшет тасып жатты. Бірде әлгілер бұлардың қосына соғып сусын ішкен. Қойқалақтап қара жолға түскен машинаның соңынан ала күшікті ертіп жүгірген бала түсіп қалған осы жалғыз тал көшетті тауып алған. Со бойда әкеліп отырғызған. Әлгіден кейінгі баланың қуанышын айтпаңыз. Жүгіріп егін жайдың басына барды. Алдынан өгей әкесі Бошқай шықты. Басын ақ шытпен шарт буып алған, өңірі ашық, балағы түрулі. Көптен ұстара тимегендіктен сақал мұрт аузы-басын басып кеткен. Әй, сені жау қуды ма? Көшет тауып алдым. Бошқай алара қарап, шаруасын істей берді. Қимылдаған сайын шықшыт еттері бұлт-бұлт етеді. Қара қошқыл жүзі күнге күйіп, түтігіп кеткен. Көшет тауып алдым, аға. Кетші, ей, ыңырсымай. Бошқай кекесінмен мырс етті. Алтын тапқан адамша алқынғаның не, албасты. Баланың лепірген көңілі су сепкендей басылды. Сол күні Сәлімбай атасын кешке дейін тосты. Қойын басқа жаққа шығарып кеткен болу керек, шал төбе көрсетпеді. Көшетті қанша айналдырғанымен, баланың іші пысты. Артынан екі елі қалмайтын ала күшік те мезі етеді. Ол күңгір-күңгір сөйлесетін серік іздейтін болды. Сондағы үйірсіктейтіні Сәлімбай шал. Өзі қызық қой Жалпылдап сөйлеп кетсе құлағыңның құрышын қандыратын әңгімешіл. Пенсияға баяғыда шыққанмен әлі қол-аяғы жеңіл. Арық-тұрық мал бағатын баласына айғайшы болып жүрген жайы бар. Әйтеуір, ұлы таптырмайтын малсақ көрінеді. «Оған шүкір, дейді іле-шала, со күшіктің ара-тұра ішіп қалатыны бар», деп те кіжінеді. Бала қарсыдағы боз төбеге шықты. Шал екеуінің жайласып отырып әңгіме шертетін жерлері осы. Атын тұсап еркіне жіберген соң, Сәлекең қойнына қол салып, алақандай сары қапшықты алып шығады. Асықпай отырып әлгінің түймесін ағытып, саусағының ұшына бір түкіріп, төрт бүктеулі қағазды суырады. «Шкөлнік-әй, алшы мына қағазды қолыңа». «Кеше ғана оқып едік қой, ата». «Тағы оқысаң шаршап қаласың ба, жолың болғыр». «Жо-ға.» «Ендеше, заулат, қане». Шалдың оқы деп отырғаны ауылдағы немересінің малшылардың пошташысы Әліктен беріп жіберген хаты. Бала әуелде ежіктеп әзер оқыған. Айдақ-сайдақ әріптердің басын қосам деп екі самайынан тер шүмектесін кеп. Хатты бесінші кластың оқушысы жазды дегенге жалынсаң да ешкімді сендіре алмассың. Торғайдың жұмыртқасындай быжыған қатеден ине шаншыр жер жоқ. «Алтыннан ардахты, күмістен салмахты Атам Сәлімбайға. Хұдай қуат беріп шапқылап жүрген боларсыс. Сіздың сондай халде болуыңысқа біз, апам екеуміс, зор тілектеспыз. Бізден жаңалық білгініз келсе, апам әнекүннен беры шікертеніп жүр. Мен платинаға бареп шомылып
жұрмын. Басқа не айтамыз. Айтпақші Зәмірбектің атасы Сәрсенбі, құрман айт күні арақ ішіп жоғары жахтан, алақай, құдай жоқ, дкп шауып келе жатса бір көзіне тас қыріп ағып кетіпті. Сосын прдовлествены могазін өртенді. Ата қашан келесін. Келсен менін тайымды ала гел. Көже-қатық ала гел. Апам айтады түбіт ала гел». Сәлекең басын шайқап отырады да: «Сәрсенбі қақпасты айтам-ау, деді сосын: ата сақал аузына біткенде жүнжіп арақ ішкені несі, онымен қоймай алақайлап шапқылауын көрмейсің бе?» Бала шалдың осынау мінезін еске алып, оған күле отырып, күртешесінің төс қалтасынан алақандай қалта сағатын алды. Жалт-жұлт еткен әдемі дүние. Мұны әнебір күндері Сәлімбай атасы берген. «Игібай әкемнен қалған белгінің бірі еді. Пұрмынов баяғыда «Жаңа тұрмысқа» келгенде сыйға тартыпты. Рысқұлдың Тұрары сыйлаған семсер баламда қалсын, мынаны сен ал. Кең дүниенің сен де бір көк шыбығысың ғой, ата-бабаңның жүрек соғысын өмір бақи тыңдап өтерсің. Ал, балам, бұл аманат, ендігі иесі өзің бол. Көңілім түсті, қайдан білейін, әйтеуір, саған көңілім түсті», деген. Содан бері бұл қалта сағат Айжарықтың жүрегімен бірге соғып тұр. Күннің ыстығында күртешесін көзінен таса қылғысы жоқ. Сағаттың қақпағындағы жазуды ежелеп қайта-қайта оқиды. «Коммунисту Игибаю Молыкбаеву. За преданность делу революции и активное участие в разгроме банды Спатая. Фурманов». Қазір оның көз алдына қылышы жарқылдап ақ боз аты ойнақтап бара жатқан Чапаев елестейді. Ал Фурманов... Бала оны білмейтін. Сәлімбай шалдың айтуына қарағанда мықты адам. Сол мықты адамның сағаты мұның қалтасында жатыр. Айжарық мақтаныш сезіміне бөленді, қазір күллі ауаны көкірегіне сыйғызып алғысы келгендей демін алады, дүниенің кәусарын армансыз сімірген сайын, тұла бойында бір күш лапылдады-ау. Бала екінші төбеге қарата жүгіре жөнелді. Алыстан поезд даусы естілді. Сонау ұзыннан-ұзақ шөгіп жатқан көгілдір жотаның баурайынан темір жол өтетін. Күн қызып, сағым ояна қоймаған ертеңгілік тып-тынық мезгілде бірер жолы ащы ішектей созылған поездың сұлбасын көрген-ді. Барсам, көрсем, мінсем деп армандайды. Е, батыр, сәлем бердік, ауыздығымен-ақ бетегені күрт-күрт үзген торының ортасында Сәлімбай атасы отыр. Басың бір жағыңа қисайып кетсе байқайтын емессің ғой. Шал шақшасын алып ердің алдыңғы қасына ұрды. Бала мен келін өткізген жүннің ақшасын аламыз, қойны-қоншыңызды насыбайға толтырамыз, бытобойдан мәсі қараймыз десіп күпініп кетіп еді, содан, мінеки, үш күн болды ұшты-күйлі... Попыразың жоқ па? Өзі айтып алды да, мырс-мырс күлді. Бала да мәз. Ата, мен әлі кішкентаймын ғой. Солай екен-ау өзі, ал енді халің қалай? Не дейсіз, ата? Жолың болғыр-ау, әңгіме айтсаңшы. Мына даладан, сонау жайдақ жолдан өтетін поездың даусынан өзге ештеңе естімейміз. Ата, поездар қайда барады?
Мәскеуге баратын шығар. Одан өзге қайда барушы еді. Жаман атаң қырық бірдің қырғынында, несін айтасың, Мәскеуді көріп бір жасап қалған. Соған біреу сеніп, біреу сенбейді... Басымның сынып бара жатқанын қарашы. Қостан шай ішіңіз. Жүр дейсің, ә... Әуелі қойды қоғамдап тастамаймыз ба? Сосын сағатыңды айтсаңшы. Он екіден кетті. Үйездеп жатқан арық-тұрақты екі жақтап боз төбеге әзер шығарып, бала мен шал көнбіс торымен қосқа бет алды. Ойпыр-ау, деді шал шатырға еңбектеп әзер кіріп жатып, мынаның ішінде еріп кетпей қалай шыдап отырсыңдар. Баланың шешесі дастарқан жайды. Келін мен ұл базаршылап кетіп... Шай қуалап қалдық, балам. Айып етпе, шырағым. О, не дегеніңіз, ата, жан тоқшылық... Рас қой. Әй, бірақ сақалды сапсаңдатып қыдырып жүрген қайбір жақсы дейсің. Кешіккендеріне қарағанда ақша қолдарына тиген-ау. Баланың достары қаумалайды. Сөзсіз, ішпесіне қоймайды, келіннің де қызылдан бір тартары бар еді... Сіздің арқаңызда дем алса, мейлі емес пе... Мен ше?.. Мен неге дем алмаймын? Өмір бойы қой соңында, ат үстінде тепеңдеп келем, уһ дедім бе сонда? Бесіктен белдерің шықпай жатып, осы сендерді біреу арбаға жегіп жүр ме, түге... шал кеңк-кеңк күліп, ыстық шайды тамсана сораптап отыр. Өмір бойғы серігіміз еңбек, балам, әлі қара үзбей келеміз. Жатып дем алсақ та болатұғын. Пенсияны ризық етіп, көлеңке сағалап отырсақ қандай... Пенсияны көп аласыз ба, ата? Қалай десем екен. Кемпір екеуімізге жететұғын сықылды. Артылатын да жөні бар еді. Анау жылы үш колхоз бірікпеді ме? Кеңсені көшіргенде, Жаманқұл белсенді шаң басқан қағаздың кімге керегі бар деп, біздің ауылдың архивін түгел өртеттіріп жіберіпті. Бүкіл жұрттың, небір қиын жылдардағы қаны мен тері күлге ұшты. Неге өйтті екен о кісі? Өші бар, ойбай, оның елде кегі бар. Сонау дүрбелең жылдары әкесі Ешмұханбет әжіні қытайға қашып бара жатқан жерінде Жолмырзаның балшебек баласы Мүбәрәк қуып жетіп, оққа ұшырмады ма? Жаманқұлдың бер жағы белсенді болғанмен, ар жағында дұшпандығы жатқан пәле еді. Е, сонан соң бізден өш алған түрі әлгіндей. Шайыңды, ішсеңші, деп шешесі баланың маңдайына қол созды. Көшетің өсетін бе? Өспей... Айжарықтың орнына Сәлекең жауап беріп жатыр. Амандық болса ертең-ақ бұтақ жаяды. Алманың қызығын сонда көресіңдер. Көк базарға салса қыруар теңге. Өзіне белесебет, маған екі-үш шиша насыбай
сатып алмаса, қанеки, деп мұртынан күлді. Әй, қара тәмпіш... Пой-пой, мына шашың қайратты-ақ екен, ойбой, сен батыр боласың түбі. Суға киіп жүрген етігін тырп-тырп басып, Бошқай келді. Ағаңның қолына су құй, Айжарық, деді шешесі. Сары шал Бошқай берген темекінің түтінін будақтатып отыр. Ақсақал, жаңалық айтыңыз. Қазит оқымасақ, радионың батареясы таусылып шаң басып жатса, Бошқайжан, не жаңалық сұрайсың бізден. Апталапке деген шақырсаң келмейді... Қауқары жоқ екен мына попыразыңның. Ақшаңыз жетеді, әкесін танытып бір-ақ алмайсыз ба насыбайды. Шырағым-ау, көгеріп кетпей ме? Әй, қайдам... Қойшы біткен Шығайбайдан өткен шық бермес. Байып кетеміз деп қорықпайсыңдар ма? Сен өйтіп кісіні жазғырма. Шалдың сақалы шошаң етті. Байып кеткенің не?! Шімірігер Бошқай ма, дастарқанды кеудесімен басып алып, ұзақ малжаңдады. Барып-барып бас көтерді. Ақсақал, бұл үйде ішкен-жегеннің бәрі мойынға жазылады. Солай деші. Солай. Ай сайын кемінде қырық-елу сом ұстап қалады бізден. Онда бедімісіңді әкел, он кесе шай іштім деп қол қойып берейін. Сары шалдың көзі Бошқайды тесіп барады. Сенің әкең Ерсуан кешегі қанды қырғында қауым елді түйенің шұбатымен асыраған, жарықтық. Сорлы әкем артына қотыр тай мұра қалдырмай өтті, пәниден. Әкеңнің мұрасы адамшылығы еді. Адамшылық ас емес қой, қария. Тфу, пәлекет, мына көк шыбын қайдан жүр? Сары шал селкілдеп кетті. Қайдан пайда болады осындайлар, деп жүк үстіне қонып отырған көк шыбынды қамшымен салып қалып еді, тигізе алмады. Ой, малғұн-ай!.. Бала Сәлімбай атасынан жерге кірердей ұялды. «Өкпелеп кететін болдыау, енді қайтып мұнда аяқ баспайды ғой», деп іші қыз-қыз қайнады. Ішіне ел қонған соң Бошқай лезде жадырап, ескі мондалинді қолға алды. Құйқылжытыптартып отыр. Ірі саусақтары лыпылдап сондай шапшаң қозғалады. Қозғалған сайын мың құбылған әсем саз бірде әуелеп, бірде бипыл қағып құбылады. Биязы әуез көмейден төгілген кәусар күлкідей сыңқылдап, тұла бойына шым-шым енген сайын баланың қиялы шарқ ұрады. Ол өзі әлі жете білмейтін әдемілікті әсемдікті аңсар еді. Сөйлер сөзге дейін кісіні қуандыра, күлдіре алатындай болса деп тілейтін жаны. Ән салып тұрғандай әсерде қалдыратын адамдардың көп болғанын, ылғи да солармен бірге жүруді көксейді. Бошқай ірі саусақтары сым ішектің асты-үстіне түсіп бір орнынан-ақ сан түрлі ырғақтарды жосылтып отыр. Осындай шебер бола тұра неге қатты, неге дөрекі?
Сары шал да ойға түсіп кеткен бе, көзін әуеге тігіп, үнсіз қалған. Бошқай мондалинді жүкке сүйей салды. Әлгі әкеңнің аузын... Әбсадық бригадир серікке бір адам әкеліп берем дегелі екі апта өтті. Көзіме көрінсе ит терісін басына қаптармын шошқаның, деп аяқ асты бұлқан-талқан болды. Ақсақал сіз анау жылы құдай жоқ деушілердің бастығы болыпсыз, осы рас па? Аяқ асты қойылған сұраққа Сәлекең мүдіріп барып жауап берді. Рас. Демек, құдайға сенбейсіз ғой? Әй, шырағым, адам, әйтеуір, бірдеңеге сену керек. Атап айтқанда. Ешкімді мойындамай, еш нәрсеге сенбей қалай күнелтесіңдер? Бошқай қарқылдап күліп еді, екі иығы селкілдеп қоя берді. Күнелту жағын өзімізге қоя беріңіз, деп оң жағында шошайып отырған балаға иек қақты. Көрдің бе, шалдар дым білмеген болады қазір. Сәлекеңнің мұрты едірейіп шыға келді. Әй, сенің анадағың қай былшыл, деді шыдамсыздана қозғалақтап көрсетші, қане, көрсетеріңді. Ойбай, енді ұрсасыз ба? Ерсуаннан бүйтіп тумай қалсаң етті... Он сөйлеп, кісі болғанның орнына қисаясың келіп... Мынау қарғадай балаға сол ма өнегең! О, ақымақ. Осылай деді де, белбеуіне жармасты. Дінсіздіктен оңған адамды көргенім жоқ әзір. Қызықсыз, Бошқайдың да көзі аларып отыр, құран ұстап, құдай жолына түсеміз бе түгел? Міне, қамшысының сабымен жігітті нұсқады, адамшылықты айтсақ айдалаға кетеді. Е, мейлің, деп сыртқа шығуға ыңғайланды. Мейлің. Қиястығың маңдайыңның соры. Ат дүбірі ұзаған соң Бошқай ал кеп күлді: Берекесін алдым ба бәлемнің. Әйел дастарқан жинауға кірісті. Күн ұзын жарбаңдап жаңағы жаман шалдың жанынан шықпайсың, деді Бошқай балаға. Өлген әкесінің жұртта қалған сағатын берген екен деп соның аузына қарағанша, септігіңді тигізбейсің бе өзімізге. Мұның қолынан не келеді, деді әйел. Елдің осындай баласы нан тауып жеп жүр. Жөні түзу әңгімеге зар болдық қой. шешесінің қамыққан даусы баланың көңілін босатты. Біздің де қуанатын, күлетін күніміз бола ма? Жә, енді, Бошқай жұмсарып қалды. Пісіп-қатсын дегеннің несі жаман? Алыстан поезд даусы талып-талып жетеді. Бала далаға шықты. Екі қарашығы мидай жазық дала төсінде. Бүрленіп өскен жусан үстінде сағым кілкиді: дәл қазір дала төсі аппақ жалынмен лапылдап жатқандай.
Жайшылыққа алуан түрлі дыбыспен қоңыраулатып, ұшып жүретін торғайлар да зым-зия, күллі дүние тып-тыныш, теп-тегіс. Тек жүрек тұсындағы сағаттың сыртылы ғана ыстықтың мүлгіген тыныштығына қосылмай үздіксіз соғып тұр... Шатыр ішіндегі өгей әке мен өз анасының күңгір-күңгірдауыстары естіледі. Мен оның анасымын. Балалы әйел екенімді басында айтқам. Сонда нағыл дейсің маған? Ұлымды түртпектеме. Қандай азабыңа да көнейін, тек соған тие көрмеші. Жалғыз өтінішім... Қажет десең жалынайын. Бала отыра қалып, шөп жұлды. Екі иығы бүлкілдеп, көз аясынан ыпыстық ірі тамшылар омырауына домалап жатты...
Әбсадық бригадирдің Бошқайға серіктікке алып келген адамы Саламат балаға Ә дегенде-ақ ұнады. Жүзі жып-жылы, көздері үнемі сәуле шашып тұратын жап-жас жігіт. Көп сөйлемейді, реніші де, қуанышы да қасқабағында. Қолы қалт етсе, қалың қоңыр дәптерін тізесіне қойып алып жазады да отырады. Қазір де әлденені сыдырта жазып өзімен-өзі. Жазып отырсыз ба, аға? дейді бала жанына тізесін бүгіп. Саламат жымиды. Сонда не туралы жазасыз? Жігіт тіс жарған жоқ; сонау алысқа телміріп кірпік қақпай қатып қалған; ақ сағым ба, көк аспанның жиегінде жаймен қалқыған шүйкедей бұлт па... ықыласын аударған нысана белгісіз. «Бәлкім, Саламат аға ақын шығар?.. Әй, соның қисыны келмейтін сияқты бірақ. Көзілдірікті мұғалім айтпақшы, ақындар астанада жүреді ғой. Аяғына резина етік киіп, су суарып жүрсе, оның несі ақын? Жо... жоқ, кітап жазатын адамдардың бітімі басқа». Саламат келгелі Айжарық қуаныш құшағында. Оның өзіне деген жаз күніндей жайма шуақ жылы қабағы жан-дүниесін жадыратып, шуақты сезімге бөледі. Еркіне қойсаң емін-еркін еркелер еді. Жүрек түкпірінде қатқат болып жатқан көрім сырларын ақтарса қазір. Жақсы көретіндерін, жек көретіндерін жіпке тізіп өткізсе ғой көз алдынан. «Мені ешкім тыңдамайды, мені тыңдаса, мені мақұлдаса бәрін қойып алма ағаштар егіп, оның ортасына бір орнында өздігінен айналып тұратын үйлер салар едік. Сол үйдің төбесінде Сәлімбай атам берген сағатты іліп қояр едім. Бірақ мені ешкім тыңдамайды». Мынауың керемет қой, деді Саламат мұның алақанындағы қалта сағатын көріп. Өзіңдікі ме? Фурмановтікі. Сәлімбай атам сыйлаған. Жігіт елең етті. Сосын сағатты айналдыра қарап, қақпағындағы жазуды оқыды да:
Бұл ғажайып ескерткіш, деп қабағын керді. Білесің бе, сен кімнің сағатын тағып жүргеніңді? Фурманов большевик, үлкен адам. Чапаевтың комиссары болған. Шын айтасыз ба, аға? Айжарық әрі таң қалып, әрі қуанып орнынан атып тұрды. Бұл өте бағалы дүние, бұл әкелердің көзі, деді Саламат. Сәлімбай атаң осынау аманатты саған берген екен, Айжарық, сен бақыттысың. Енді мұны көзіңнің қарашығындай сақта. Төменде тыр-тыретіп, шаң будақтатқан мотоцикл келеді. Шатырдан Бошқайдың басы қылтиды. Шабаланған ала күшікті қағып кете жаздап барып тоқтаған мотоциклден кеудесі итаяқтай дәу қара ырсиып күліп түсіп, Бошқайды бас салды. Тірісің бе, әйтеуір? екі жігіт құшақтасып тұр. Мына қалпыңмен бел омыртқамды үзерсің, деп Бошқай әзер босанды. Дәу қара қарқ-қарқ күліп, енді баланың шешесіне: Құрдас, амансың ба? Қонақтың қомақты сөмкесі тоқ. Ала келген базарлығы мол. Газға шай қойылды. Анау жайпап сөйлеп отыр. Жаңа аудан құрылғалы бір-бір портфельге ие болып қалдық қой. Ыңғайлы қызметке қолымыз жетпей аңдысын аңдып қалып едік, құдай бар екен, Бошқай. Бала дәу қараны енді таныды. Өткен қыста келген. Мұның әкесімен екеуі аң атамыз деп он күн жоғалып кеткені бар. Балақайларың сол баяғы шынашақтай қалпы, батыр-ау, ішкен-жегенің қайда? дәу қара сылқ-сылқ күлді. Сосын Саламатты меңзеп: мына жігітті танымадық, деді: Батыр, мен Қақа деген ағаңмын. Саламат үндеген жоқ. Шай үстінде үлкендер стакан қағыстырды. Демалыстамысың? деді Бошқай қонағына. Зорға алдым. Бастығымыз сен кетсең күніміз не болады деп... Әдейі сөйтеді. Тура демалатын кезінде қаның мен теріңді сығып алуға әуес ел. Бошқай мырс етті. Асыра сілтейтінің не? Қоя тұр. Қоя тұрып, өз жайыңды айтшы, сушы болғанбысың? Реті солай болды. Бір ойың бар ғой, шамасы. Күнелтпейміз бе? Қайдам, қайдам... Қақа столды шертіп-шертіп қояды. Анша-мұнша ауыр іске аяғыңды баса қоймаушы ең. Менде бөгде ой жоқ. Болмағаны жақсы. Қонақ арақ құюға ыңғайланған Бошқайды тоқтатып тастады. Қоя қой оны. Сен маған мынаны айтшы. Әуелі аңды қай жерден қаққан ыңғайлы?
Өзің де білесің ғой. Итбаспақ бар, Үйтас бар, оны азсынсаң Ителгіні жағала. Бала бей-жай. Саламат «Жұлдыз» журналын алып, жүкке сүйенді. Портфель ұстайсың. Соған сай етіп демалысыңды курортта өткізбейсің бе? деді Бошқай. қу далада тентіреп не бар? Мынада ес жоқ екен ғой. Қақа жарқылдап күліп әйелдің тізесінен түртіп қойды. Сен мына Бошқайды курортқа жіберер ме едің? Әйел иығын қомдады. Көрдің бе, деп енді Бошқайға бұрылды. Күйеуін жібере салатын бұлар жынды емес. Жібермесе ертіп ал. Шынымды білгің келсе, Деді ол. Алтын уақытымды ахахаумен қор еткім келмейді. Дем алғанның несі жаман? Саламат сөз қыстырды. Жыл бойы тепеңдеп тапқан бес-он тиынды су жағасына барып шашатын ақымақты тапқаның-ай, батыр. Адам өз еңбегінің рақатын көру керек. Ол андағы журналдың сөзі. Өзіміз оқымаймыз. Оқысаң күлкіміз келеді, деді Қақа мырсылдап. Өмірдің, батыр, өз тілі бар. Қызық екен. Қызықтың көкесі күреп тапқан табыста. Табысы бардың билігі бар. «Аузы қисық болса да, байдың ұлы сөйлесін» деген мақалды естіп пе ең? Сіз сонда қай заманда өмір сүріп отырсыз? Заманыңды қой. Мен нақты жағдайдың құлымын. Өкінішті екен. Өкінгенде қолыңнан не келеді. Сөзге Бошқай килікті: Не болса соған кеңірдектеріңді кетпеңнің сабындай созып, анадамынада не шаруамыз бар? Тірі жүргеннен артық рақатты өзім білмеймін, деп шөлмекке жармасты. Саламат пен бала сыртқа шықты. Екеуі де үнсіз. Айжарық үлкендердің жаңағы әңгімесін толық түсіне қоймаса да, бұлардың бір-біріне мүлде ұқсамайтынын аңғарды. Адамдардың кескін-келбеттері әр түрлі болатыны сияқты, ойлары да қилы-қилы. Қалайша, сөйтіп,жаратылады? Бұған салса адамның бәрі бірдей жақсы болсын. Адамның барлығы тең, жақсы болуы үшін не істеу керек? Соны білетін кім бар екен? Қалтасынан сағатын алып қарап жатыр. Сәлімбай шалға сенсе, сағат тілі айналған сайын бұл өсе түседі. Бірақ өн-бойына қараса, қанша күндер өтті, өзгерген түгі жоқ, сол баяғы қалпы. Әйтеуір, тезірек өскенге құмар. Жігіт болып алсыншы әуелі. Бұл сонда дүниенің төрт бұрышын түгел айналып шығар еді. Жер бетінде қанша адам бар, солардың барлығына айтар қат-қат өкпесі, өтініші көкірегінде сайрап тұр. Оған дейін бәріне көну керек пе сонда? Қуануға, күлуге, ойнауға болады, бірақ жылауға қалай үйренерсің?
Өмірдің сүттен ақ, судан тазалығын көксе деп қояды бәрі. Өмір ғажап деседі және. Өмір деген немене өзі? Аспан ба, жер ме? Сауалын жігітке қойды. Анау мұның жүзіне бір түрлі ойлана қараған. Ол тіршілік қой, деді сосын. Тіршіліктің бойына бәріміз сыйып кетеміз. Таудың, даланың, аспанның, судың бәр-бәрінің ғажап екенін білемін, аға. Біз ше? Біздің бәріміз ғажаппыз ба? Жігіт тосылып қалды. Саламат Айжарықты баурына тартып алып, күрсініп қоя берді. Тәңірім-ау, мынау не дейді? Кеше біздер әкелерімізді, ағаларымызды мақтан тұтып, соларға ұқсап өсуді армандамадық па; жер жүзінің тауын тас-талқан етіп, шолақ қолы, ақсақ аяғымен өмірді өрге сүйрегенін өлеңге қосып жаттамадық па? Солардан қалған өнеге қайда? Жігіттің көкірегі удай ашыды. Зеңгір көк те, құба дала да бұған кіләлай, күдіктене қарайтұғын пішінде. Асқар таулар тәкаппарланып: «Өз биігінде адалдар ғана тұра алады, көрдің бе, төбем көкке екі елі тимейді, тіршілік барда осымнан айнымаймын, ал сендер ойланыңдар». дейтін секілді. Шатырдағылардың сәл қарлығыңқы, шаршап-шалдыққан дауыстары мұнда да жетіп жатыр. Өткенді қазбалап қайтесің. Беті-басына күйе жағып, Қостөбеден есек арбамен түсіп келе жатқан Бозайдың өлмелі шешесін жардан құлатып жіберіп, күміс білезігін тартып әкеткеніңді, оны Қаскелеңнің базарына апарып салғаныңды ешкімге айтқанымыз жоқ қой әлі, дейді Қақа. Енді келіп жинақы бола қалыпсың. Сырыңды бүккенмен сырқатың маған аян. Одан бері талай қар жауып, еріді. Біз түгілі тұлпарлардың да ізі өшті. Бәрін ұмыттым, кетпенге ғана жалынып отырған жайым бар деші. Сенің көкейіңді тескен құрт не? Кең, ашық сырласайық. Іздегенім мәміле. Айта бер. Біріміз далада, біріміз қалада дегендей, арманның екі ұшында екеуміз тұрсақ, тұрмыс түзеледі. Оған кім қарсы. Көз алдыңда қыруар дүние жүр. Өкіметтің бидайын сат деп отырған жоқсың ба осы? Әне, мен жөн айтсам, бұл баяғы батпағын шиырлайды. Құрдас, сен бірдеңе деші. Мен ер-азаматтың ісіне араласпаймын. Әйелдің басыңқы даусы әзер естілді. Сенің орныңда болсам таудың аң-құсын қырып апарып станциядағы асханаға өткізіп отырар едім, деді Бошқай. Қабылдай ма? Есектің етін өткізсең де бәрібір оларға. Сенің әкең Жаманқұл біздің ауылдың архивін өртеп жіберген екен.
Е, оны нағып есіңе алып отырсың? Білмеймін... Есіме түсіп кетті. Саламат баланың ояу жатқанын байқады. Аға, деді сыбырлап. Жаманқұл белсенді кісі болған, бірақ жаман адам екен. Қақа соның баласы ғой... Мен бұларды білмеймін. «Кеңес» колхозына кейін келіп қосылғанбыз. Архивті өртепті. Кім? Жаманқұл. Саламат басын шайқады. Оның бәрін қайдан білесің? Сәлімбай атам айтып берген. Алыстан үздік-создық поезд даусы естілді.
Түстен кейін сушылар егіске, Қақа мотоциклін қойқаңдатып тауға бет алды. Бала мен ана оңаша. Арқан бойы биікте бозторғай шырылдап тұр. Соған көз тігіп Айжарық талайға дейін үнсіз отырды. Апа. О, не, күнім? Түнде түсімде теңізді көрдім. Көкпеңбек. Шетінде шомылып жүрсем, толқын өзіне қарай тартып барады, тартып барады. Көзілдірікті кісі келіп білегімнен тартып шығарып алды. Біздің мұғалім ағайдан айнымайды. Жасың ұзақ болады. Әйелдің алдында кесте, қолы-қолына жұқпайды. Батып кеткенде өліп қалатын ба едім? Қой, жаман ырым бастама өйтіп. Шынымен солай болсашы, апа? Әйелдің саусақтары дірілдеп, ине-жібі сусып жерге түсті. Құлыным-ау, о не дегенің? Ана мен баланың құшағы айқасты. Бозторғай сол биігінде шыр-шыр етеді. Жалғызым... Бошқай жаман адам, апатай. Олай демеші, анаңды ая балам. Өзіміздің бұрынғы үйге кетіп қалайық та. Мен парктың қасындағы үлкен мектепте оқыр едім. Жанында балмұздақ сатылатын ылғи да. Гриша атай екеуміз алып жейтінбіз. Әйелдің жүзін мұң торлады. Көзі ұзара түскен көлеңкені қуалайды. Гриша атайдың алма ағашы көп болатын. Менің көшетімді апарсақ қуанып қалады. Неге жылап отырсың, апа? Жылағам жоқ. Мен өсейін. Сонан соң сен бақытты боласың.
Әрине, күнім, әрине... Бір орнында айналып тұратын үй салам да, өзіңді төріне отырғызып қоямын. Ақылыңнан айналайын. Әйел баланы бауырына басып қатып қалды: «Жетімегім...» Бозторғай биігінен түспей, не ұшып кетпей безектейді. Әйелдің көзінде жас, көңілінде өткен күннің елесі. Сол жігіт... Бүкіл ауданға аты шыққан өнерпаз, жай оғындай жарқылдап көзіне оттай басылды ғой. Есі кеткенше сүйді. Албырт сезімге үйірсек бойжеткен нартәуекелдің жетегінде екі көзін шарт жұмып қыз дәуренмен жалғыз сәтте-ақ қош айтысты. Арты лайсаң ақ жауын сіркіреп тұрып басылды. Басыла сала басталды азап-шер. Аяғы ауырлап қалыпты. Қаперінде дәнеме жоқ жігіт, мұңайған қызға қол бұлғап әскери борышын өтеуге аттанды. Өз бойындағы өзгеріс жайлы жалғыз ауыз сөз айтуға жарамай қыз қалды. Күндер өткен сайын денесі толысып, жүзін аналық теңбіл торлады. Кіріп кетуге жердің тесігін таппаған сорлыны әкесі бір түнде көршілес ауданға жөнелтті. «Жақсы ит өлігін көрсетпейді. Істеген айыбыңды мойныңмен көтер. Сөйт қызым». Айжарық осылай келген дүниеге. Бала беске толғанша бұлар Гриша қарттың үйінде пәтерде тұрды. Донбастық шалдың шапағаты әсте ұмытылмас. Жер үстінде қайырымды адамдар қандай көп десеңші. Маңдайын тасқа соққан, өмірге қапалы келіншекті орыс шалы туған қызынан кем көрмеді. Пәтер ақыны айтасың, кей күндері азық-түлік алып келсе, қарт шамданатын. Айтатыны айлығыңды ұлың екеуіңе жұмса, ішім-жем жетеді бізде. Кешкілік темір пештің түбіне жайғасып алып, Гриша атай әңгіме соғатын. Соғыста семьясының Қазақстанға келіп, қарапайым қазақ жұмысшысының қолында үш жыл тұрғанын, сол қиыншылық кездің өзіндегі адамдардың өлшеусіз қайырымын, бауырмалдығын, бірлігін тамсана шертер еді. Жеңістен соң қарт осында біржола қалып қойыпты, қиындықта қол ұшын берген жұртты қимаған. Қарт келіншекті сүйген жігітінің алдына баруға, шындықты айтуға талай үгіттеді. Бұл бірақ батпады. Аяғына қан түскендей кібіртіктей берді. Сөйтіп, аудандық қауіпсіздендіру мекеменің бірінде істеп жүрген келіншек, ауылауылға командировкаға шыққан сапарларының бірінде осы Бошқайға тап болды... Сен осы Гриша атайды ұмытқан жоқсың ба? деп сұрады әйел баласынан ой шалғайын жиып алған соң. Қалай ұмытам. Ұмытуға бола ма? Айжарық апасының сауалына таңырқап тұр. Онда кішкентай едің дегенім ғой. Қазір де кішкентаймын, деп күрсінді Айжарық. Жоқ. Анасы баласының қос білегінен ұстай алып сілкіп-сілкіп қойды. Көрдің бе бойыңды, тіпті өсіп барасың өзің. Келесі көктемде шалбарың шолтиып қалады.
Бала қабағын кіржитті. Апа, Қақа тағы келе ме? Керуен неге ұрмайды, о немені. Әйел жерге бір түкіріп, баласына қайта қол созды. Нағашы атаңа жіберсем бе екен, әлде. Жалғыз өзің қалай жүресің. Мен жоқта Бошқай өлтіріп қояр. Әйелдің кеудесі қарс айрылды.
Айжарық үлкендерге қолғабыс жасап кешелі бері егінжей басында. Жайқалған астықтың бір басында су жетелеген Саламат, келесі шетінде бала мен өгей әке. Көлкіген суға жүгірем деп Айжарық титықтап-ақ қалды. Өгей әкенің қимылы тіпті сылбыр, белін ұстап кетпеніне әлсін-әлсін сүйене берді. Ас ішкенде бізден қалыспайсың, деп қажап қояды мұны. Қимылда, балақай. Сілелері қатқанда барып дем алысты. Осы сен мені неге ұнатпайсың? дейді Бошқай. Бала үндемеді. Өзіңді, оған қоса шешеңді асырап отырған адамды жек көру күнә. Күнәлі адамды құдай тас төбесінен қос қолдап ұрып жіберді. Құдай жоқ қой. Мәссаған. Саған оны кім айтып жүр? Өзім білем. Ал жақсылықты неге білмейсің? Бала үндемеді. Жә, келіп белімді уқалашы. Екеуінің әңгімесі жараса қоймайды. Әркім өз ойымен. Бошқайдың іші қыз-қыз қайнайды. «Бұл заманның баласын да алдай алмайсың. Әсіресе, мынау пәле. Түбі осыдан көрерсің қорлықты. Балалы әйелге ұрынып... бетінің әріне қызығып, езіп ішетін бе едім. Әйелді қойшы, мына бала өртеп бітті өзегімді. Күн өткен сайын ішім-жемі, киген киімінің жүгі ауырлай береді енді. Сонда белімнен шойырылып су кешкен тірлігімді әлдебіреудің баласына қор етем, ә. Қазір осының әкесінің балағы жер сызып үлкен қаланың ресторанында жағасы жайлау болып отырмасына кім кепіл. Сонда әділдік қайда? Бұл ер жетпей жатыр, жеткен күні екі аяғыңды бір етікке тығып, салады ылыңды. Оған шек келтірме. Бөтеннің аты бөтен. Қайдағы-жайдағыны есіне түсіріп әуелі сүйегіңді ұнтақтап, асықпай елгезерден өткізеді. Мынау ұның, анау ұрпағың. Бұлар сондай. Сол қолымен амандасса, оң қолының жұдырығы дайын. Тұмсығыңды қан жалатқан күні бармағыңды шайнадың не, шайнамадың не». Бошқай шылым тұтатты. Өмірге риза емес. Әкесі Ерсуанның өлгені кеше. «Мисыз шал артымда ұрпағым бар ғой, қажетіне жарар деп тым құрыса аздыкөпті малдың басын құрап та кетпепті. Бекер өмір сүрген сорлы. Иірсудың
аш өзек жақыбайына далақтап шұбат тасығанда, барыңды көрінгенге ала жүгіпгенде, ұшпаққа шыққаның қайсы. Жайдақ белде жер томпайтып жаттың да қалдың ақыры. Басына тас қоялық деп жүрген елді көрсем көзім шықсын. Әнеки, өз пайдаңды білмегенің үшін алған жазаң. Сенің жолыңмен балаң екі дүниеде жүре қоймас. Иә, тәтті арман жақсы-ақ. Бірақ ол әлі құр қиял ғана. Ойлағаныңа резина етік киіп, су суарып жете алмайсың. Тісіңе нанның жұмсағы керек. Тым құрығанда есепшілікке қолы қолы жетсе ар жағынан даңғырап жол шығары сөзсіз. Анау теңдес Күлтай кемпірдің Жақиясын қарашы. Баяғыда бала біткен соны әжуалайтын, киімін жыртатын, аузына сия құятын. Сол Жақиямен қазір сөйлесіп көр. Аңыратып ақ «Волгамен» өте шыққанда шаңына көмілесің. Қолында қойманың кілті. Алақаны ақ май. Бүгін жұрт Жақияны жағалайды. Құдай-ау, соның жеті кластық білімі болсашы... Әне бір жылдары есебін тауып кеңсеге жетті. Тоқташы... Осы Бошқай Ерсунов неге портфель ұстамайды. Егін ғой, міне, аса бітік. Осыдан танбаса көл-көсір береке. Кеңсе жағалаудың күні туып-ақ тұр. Анау қой баққаннан басқа дым білмейтін Шегебай екі жыл қатарынан жүз отыздан қозы алып еді, бригадир болып шыға келді. Бошқайдың одан қай жері кем?.. Колхоз мүшесі ме? Енді кім? Әлеуметтік тегі кедей шаруа ғой? Әрине. Білімі ше? Көктеректе бір жылдық курсты бітірдің. Еңбектегі көрсеткіші қандай? Екі жоспар... Демек, өсу керек. Сөз жоқ өсу керек». Даусының қалай шығып кеткенін байқамай қалған Бошқай, аузы ашылып өзіне таңдана қарап отырған баланы жекеден түйіп жіберді. Әй, қане, кетпенді қолыңа алып, ана тұстың суы тегіс жайылғанжайылмағанын көр барып, деді. Жәудіреп отырсың ғой, тегі. Ауыр кетпенді сүйретіп тыпың-тыпың кетіп бара жатқан балаға соңынан қарап қыбы қанды. Осы бастан қатал ұстағаны абзал. Өсуге, толысуға еркіндік бермей құрту ләзім. Қарға бойлы, әлжуаз, жалтақ болғаны кейін бұғанпайда. Өлгенше әмірін жүргізіп өтеді. Өсірген өзі. Бұған қызмет етсе еңбегін ақтағаны. «Өлсең де, тірілсең де қолыңды кеңсеге іліктір, Бошқай. Тірліктің рақатын өңінде сонда көресің. Шарықтап көкке бір шығып алсаң, аяқ астындағының бәрі екі санын сабалап тым-тырақай қашады. Шырт-шырт түкіріп, соны қызықтап отырсаң, өмір деген, әнеки». Төменде Саламаттың төбесі қылтияды. «Жұмысқа өлермен екен. Қалт етсе тұқшиып жазып отырады. Мұндайларды түсініп болмайсың. Бәтуасыз адамның қай-қайсысы болмасын жазы-сызуға құмар. Баршасы қайдағы бір әділет, адалдық, заңға үйір келеді. Көздері жұмылғанша соны көксеп, ізіңді аңдып, олай жүрме, жол анау десіп, қия бастырмай мысыңды құртады». Кетпенін сүйретіп бала таяды. Осы сен, әкеңнің қайда екенін білесің бе? Айжарық аяғының ұшымен жер сызды. Білмейсің. Япыр-ау, өскенде жұртқа не бетіңді айтасың? Баланың тұла бойы күйіп-жанып барады.
Нанға тойып жүре бермей, әкеңді ізде. Қандай із... деймін? Бала ебіл-себіл жылап жіберді. Сораңды тый. Жылаған адам көрсем жүрегім айниды, деп Бошқай оң бүйіріне былш түкірді. көңілінің босын қарай гөр. Беті-басын тер жуып Саламат келіп тұр екен. Мұныңыз қалай? Нені айтасың? Жаныңыз ашымай ма. Бала ғой әлі. Қатын алып, қатыныңның артынан бала ілесіп келсе көрер едім... Үлкендердің күнәсіне сәбилердің қандай қатысы бар? Жазу-сызудың тілін білмейміз, батыр. Адамгершілік ше?.. Адамгершіліктен қалай қол үзе аласыз? Оны сендерге бергенбіз. Ал қазір қарным ашып отыр, деп Бошқай ақсаңдап қосты бетке алды. Саламат баланы әзер жұбатты. Бетіңді жу. Еңсесін көтерген баланың көз алдында керілген сұлу әлем. Самалмен тербелген егін жай, көгілдір аспанмен астасып кеткендей. Әлемдегі сұлулық дәп осы жерден басталатын секілді. Бала жаны мөлдіреген жаратылыс жарықтыққа сіңіп кетуді қалады. Оның еркіндігінің бәрі орындалатын болса, дүниенің төрт бұрышына ақ гүлді алма ағаштар егіп, көгілдір аспанға Күн мен Ай, сәулелі жұлдыздардан өзге еш нәрсе жолатпаған, қара дақтарды түгел өшіріп, қатты дауыстарды бітеп тастаған болар еді. Бетіңді жу. Аспаннан саулаған алтын сәуле топырақ бетіне сіңіп, өсімдіктің өн бойына нәр беріп тұр. Сүйек-сүйегіңді балқытқан ыстық дем осы топырақ пен өсімдіктен тарайтынға ұқсайды. Топырақ пен өсімдік... бала қара жерді бауырына алып айқара құшып аймалағысы, сөйтіп жатып: «Әке-ау, сен қайдасың, мені неге іздеп келмейсің», деп, «апа-ау, Бошқайдан неге қашып кетпейміз, сенің маған жаның ашымай ма», деп ағыл-тегіл жылағысы, тәңірі бар болса, сол тәңірге: «менің барлық тілегімді қабыл ете гөр», деп жалбарынып жалынғысы келді. Бетіңді жу, Саламат баланың маңдайынан сипап арқасынан қақты. Мезгіл шаңқай түс еді. Ұш-қиыры жоқ кең жазира алып күнге арқасын беріп бей-жай монтиып жатыр. Тыриған арық баланың қарғадай көлеңкесі, дір-дір етіп жердің бетімен бірге келеді. Алыста боздаған поезд даусы...
Түс ауа Айжарық ала күшікті ертіп, көшетіне қарай тартты. Сидыйған балғын бұтақ ақ сағымның үстінде бұраң қағады. Екі күннен бері едәір биіктеп өсіп қалған сияқты. Айжарық оның түбіне әуелі су тасып құйды. Кейін мұның үлкен ағаш болатыны сөзсіз. Көлеңкесі ше? Кішкене кезінде Гриша атайдың ауласындағы алма бағында ойнайтын ылғи. Жұпары аңқыған
алма ағашы бұтақтарының қалың жапырағы арасынан сығалаған күнді қызықтап мәз-мейрам болатын. Қар еріп, жер қыза бастағаннан-ақ алма бағы гүлдей жөнеледі; аулаға дәл бір қаптап көбелек қонып жатқандай... көзін ашып көрген сұлу әлем әлі жадында. Аңсары да, көксері де ақ гүлдей әдемілік. «Аман болсам деп ойлайды бала, ағаш өсірем мен. Жер бетінде ормантоғай көбейеді, уылжып піскен жемістер көпір болып үйіліп жатады. Сонан соң ұшы-қиыры жоқ алма бағының дәл ортасына бір орнында айналып тұратын зәулім үй салар едім. Кнопканы бассаң бітті, үй қозғалып, қалаған терезеңнен күн түсіріп аласың. Адамдардың алма бағы арасында, әлгіндей керемет үйде тұрғаны, ұрыспай-таласпай шат-шадыман өмір сүргені рақат қой. Гриша қарт әрдайым осылай дейтін. Ол баланы өздігінен жүре бастаған күннен бері шыбық қадауға, соны аялауға үйретті. Ағаш еккен адамның жасы ұзақ, жаны таза болады, сандаған жылдар бойы алғысқа бөленеді деп сендірді. Оның айтуынша алғаш адамдар орманда күнелткен. Бір кезде соны паналаған, тәңірісіне жалбарынып найзағаймен тұтатып алған оттарын соның арқасында сөндірмеген. Бір сөзбен айтқанда ағашсыз тіршілік етуге болмайды. Егер ну тоғай болмаса, жер бетінің хайуанатынан да тігерге тұяқ қалмас еді. Өзінің құйқылжыған тілінен, сәні мен сәулетінен айрылған тіршіліктің кімге керегі бар? Ағаш жердің ұрпағы. Адам да солай. Олардың өсіп-өрбуінде ғажап ұқсастық бар. Екеуі де өнеді, өседі, соңында жеміс береді». Ағашты Айжарық ұзақ мәпеледі. Бүршіктерін алақанымен сипап мәресәре. Менің көшетім... сен ну тоғайға айналасың. Мен өскенше, бұл жер сонау шойын жолға дейін алма бағына айналады. Ала күшік шабалана үрді. Баяғы сары шал Сәлімбай атасы. Ата, салаумаликум. Е, бар бол, балам. Қалай, амансыңдар ма? Ойпыр-ай, әлгі келін-баладан хабар жоқ мүлде. Арық-тұрақ дегенің қып-қызыл пәле екен, шетінен құрттап жатыр. Сосын аспанға қарап: Мына күн жауа ма, қайтеді? деді. Аспанда аздаған ала бұлт бар. Насыбай жағы қинап тұр, балам. Қырық жыл жолдас болған пәле қанға сіңіп алыпты. Анау жылдары соғыс деген сөзді естігенде күйікпен атып жібермедік пе?.. Тым құрығанда махорка болсашы-ау. Қылша қосып түйіп жіберсең, ернің жібір еді... Соғыста насыбайды кімнен аласың, махорка тартып ек. Соғыста батыр болдыңыз ба, ата? Шырағым-ау, бұ қай сөзің? Менің жеті атам түгел батыр, атынан түсті де, шапшанының шалғайын желпіп жіберіп, жантая кетті. Сарыбала атам құдай көрсетпесін, найзасымен атан түйені көтеріп алады екен, одан бергіде Жұмабай атамыз бен Алағай анамыз көрген болды, Молықбай көкем жер жанатын іздеп Іле-топарды шарлады, өз әкем Игібай ақ патшаға қарсы шықты, кеңес үкіметі орнағанда «Құландыдағы» ескі диірменде тығылып жатқан Нұрғиса бәндіні ұстап итжеккенге айдатты.
Пұрымынов деген үлкен кісіден, Рысқұлдың Тұрарынан алған сыйлықтарын өзің есіттің; білесің... Әкем жарықтық қаталтұғын. Жас кезім ғой. Тақымымда жүйрік ат, қызық қайда Сәлімбай сонда. Құтырмай қайтеміз... бір күні әкем жатып кеп сабасын. Ер азамат елім деп еңіреп жүрсе, бұл қай тырқыл деп ұрады. Ата-бабаңның атына кір келтірдің-ау деп сабайды, жарықтық. Содан былайғы жерде атаң жолға түсе берген. Жер жыртық, тұқым септік, мал қайырдық, кешегі қырғында қан кешіп, екі медаль ап келгенбіз. Әнеки... қарап отырсаң, батырлықтан ешкім құр алақан емес-ау. Қай кеуананың да тірліктің басталған күнінен бергі жерде ұзын сүре жолы жатыр. Е, соны бірден-бірге жеткізіп салып отыратын, жалғап алып кететін адамның өзі. Шалың көсілді. Ата-бабаның аманаты ұрпақтың мұраты. Бүгінде қауқиған, қауқарсыз шал екені тәңірге аян. Десе де келер күннің бағы мен сорын, шүкір, пайымдай алады. Өмір деген мың өткел, қым-қиғаш. Ерінің жарылып, табаның тілінгенде рас екен дейсің әлі. Мейлі, иісі адам атаулы көк майсаға алаңсыз қашан аунап жатыпты? Сөйтеді екен деп мұқалап қала алмайсың. Уақыт: топырақтың, тастың, темірдің тоз-тозын шығарғанымен, адамның аяқ дыбысын өшіре алмайды, өзі іркілген жерден ағыс жетелей жөнелетін ұрпағың, дәтке қуатың. Енді солар білегін сыбанып ұлы көшке қалай ермейді, ақ қайраңның тереңіне ия, батып, ия, шығып салар-ау дауысты, шөкім топыраққа түскен гүл дәнегі бойламай көрсінші... Адамның жер бетіне түскен ізін қадағалап қарап, жаққан отын өшірмей үрлеп отыратын мәңгілік қасиеті қай зобалаңнан да құдіретті. Баланың аузы ашылып таңдана қарайды шалға. Батырлық деген сол. Сен мына бұтақ суарып жүрсің, білсең бұл да ерлік. Ата, алма ағашы шапшаң өсе ме? Өскенде қандай. Асықпа, ұлым, оу, неге асығасыңдар осы? Ойпыр-ау, танауым жыбырлап барады ғой, айналаға көз салшы... үкінің көзіндей жайнаған жанарыңа ілінер ме екен бір қарайған. Қырық бірдің қырғынында күйікпен атып жіберіп едім... Ата, осы адамдар неге бір-біріне ұқсамайды? Неге бәрі бірдей жақсы емес? Қарт көк жусанды күрт үзіп, танауына апарды. Енді бұл мен ойлап-ойлап түбіне жете алмаған түпсіз шыңырау. Соның жауабын баршамыз өмір бойы іздеп келеміз. Бәлкім, сендер іздеп табарсыңдар, кім біледі... кесіп-піге салатын бұл өмір кездеме емес... Төмен жақта бірдеме бұлдырай ма? Сағым ғой, ата. Мал қарап шыққан біреу болсашы. Иірсудың шалдары ақ дамбалдарының балағын түріп алып көлеңке сағалап жатыр-ау зәді... деп күрсінді. Маған салсаң әңгімені адамгершіліктен бастаймын. Кісілікке тоқтамаған пенде жоқ. Адам жаратылғалы бір-бірінен кісілік іздеген. Пейілдің кеңдігі, көңілдің тазалығы жүректің ізгілігі үшін жан беріп те көрді, жапа да шекті. Жарық дүние төбеңнен күн түсіріп қана қойса жақсы, соның бір қабатында бұлт,
астында найзағай бар. Жаңа әзірде оттай ыстық сәулеге майдай еріп тұрған шекеңді көзді ашып жұмғанша жай оғы осып өтсе, көзіңе қайтіп жас толмасын. Балам-ай, тірлік жаздан ғана тұрмайды. Жер бетіне арнамысыңды, күш-қуатыңды сынау үшін келесің. Жеңілсең рухыңа қорлық, жеңсең адамгершіліктің мерейі. Осы бастан жадыңа мықтап тұт. Зұлымдық оңай жау емес. Шал мен баланың әңгімесі түгесіле қоятын емес. Біздің әкеміз сол зұлымдықпен соғысты, дейді Сәлекең даусын кенеп. Сағаты сенің төс қалтаңда жүрген Пұрмыновты ал немесе. Бәрінің көксегені адамгершілік, ізгілік болды. Бұдан былайғы жерде баршасы жақсы өмір сүрсін деді. Сол сол-ақ екен, дүрілдедік те кеттік. Жаман жоқ, жақыбай жоқ, шетімізден дүлділміз. Несібе белшеден, бақыт баста. Адам осы күніне жетем деп ойлап па? Қой үстіне боз торғай жұмыртқалаған мына заманнан айналайын. Сол заманға жеткізген кеңес үкіметінен айналайын. Жер дүниеде жамандық бар екен деп жасыма. Анау бұтағыңды өсір. Е, сол жалғыз бұтаның келешекке шапағаты ұшан-теңіз. Мына тас, әне бір жусан, шөкім топырақ, ұрттам су, бәр-бәрісі алтын қазына. Бірі қолтығыңнан демейді, бірі басыңнан сүйейді. Енді айналаңа қайтадан көз салып қой жақсылап. Біреудің төбесі қылтиды екен, айт. Айтпақшы, біздің өңірде алма ағашының түбіне балта шаппайды, отқа жағып отын қылмайды, бұған дәті барғандарды күнәһар деседі. Қосқа барып шай ішпейміз бе? Өзің қожайын болғанда шақырарсың, әзірше Бошқай қызталақтың көні жібісін. Әкесі Ерсуан, ой, кісі-ақ еді. Шал ер басына жармасты. Несін айтасың кісі-ақ еді. Ондай ақ көңіл, қожанасыр адам туа қоймас. Соғыстың алдында радио дегенің жалғыз сол Ерсуан түйешінің үйінде ғана бар-тын. «Ереке, радио не айтады?» деп қисайып барамыз ғой. «Әуре болмаңдар, жаңа бәрі түгел жиналысқа кетті», дейді. «Ереке-ау, жиналысқа кеткені қалай?» Көзіміз бақырайып, ауызымызды ашып қаламыз. Оған түйеші қыңбайды. «Немене, оларда жиналыс болмайды деп ойлайсыңдар ма?» Дауласпаймыз. Жымың-жымың күліп істің ақырын бағамыз. Сосын пысық біреу радионың құлағын бұрап кеп жібереді. Саңқылдап, сарнап тұр. «Түһ, тарап келіп те қалыпты ғой, дейді Ерекең. Бүгін ерте біткен екен жиналыстары». Күлеміз, қожанасыр кісі емес пе, өзі де күледі жарықтық. Сол Ерсуан елді түйе шұбатымен асырады соғыс кезінде, деп атын шаужайлады. Ұлым, Қарауыл шоқыға шығып айналаға көз салмаймыз ба? Дүниенің не болып жатқанын көрелік бір. Қарауыл төбенің ұшар басынан төрт құбылаң түгел дерлік көрінеді. Етектегі егін жайда кетпен жүзін жарқылдатып екі еркек Бошқай мен Саламат жүр. Алда, майда бадырқайдың туу басындағы кең жыраның шағын алақайында жапырайған жер там, биіктеп өскен шоқ тал қарауытады. Сәлімбай атасы айтқан көктоғайдың орны, жалғыз басты кемпірдің үйі сол. Ата. Анау жерде бұрын тоғай болғаны рас па?
Болғанды айтасың, ағаш іздеген күңгей-теріскейдің Әмбесі соған келетін. Енді не болды оған. Ойбай, ана жылы сонау Беларыққа үш колхоз бірікпеді ме, содан Күздеубай, Көсемсары деген атқа мінерлеп үй салуға жайпатты ғой ағашты. Балдырған сорлы айғайды салып жылағанда балта көтеріп барған ел бетбетімен безіп кетті. Оған көне салатын Күздеубайлар қай бір құдайға қараған адам, төменгі станцадан 50 адам әкеліп, жарты айда тып-типыл еткізді. Балдырған деген кім? Ана тамда отырған кемпір. Онда неге отыр, жалғыз? Неге дерің бар ма. Көктоғайды күйеуі Райс отырғызып еді. Мына сенің жалғыз бұтағың сияқты, көк шыбықты көргенде талайымыз күлген ек. Кейін тоғай болды. Құдай Райсқа өрімдей егіз ұл берді. Таласа өскен тарлан жігіттер еді-ау. Жиырмадан енді-енді асқан қос боздақтан қара қағаз келгенде ауыл совет Кеңесбайдың Қынияты талып қалыпты. Ел жұрт болып естірте келгенде жер көшіп жатса қозғала қоймайтын Райс марқұм: «А, құдай, қайдасың?! Көзіме көрінші, қане, көрін», деп аспанға мылтық атыпты. Онда өзім де соғыстамын, көрген жұрттан естігеніміз әлгіндей. Енді кемпір орталыққа неге көшпейді ата? Кім білсін. Өздері өсірген тоғай орнын, балалары туған жерді, олар ойнаған өңірді қимайтын шығар. Кім білсін. Бала мен шал үнсіз. Жер тамның алдынан сыздықтап түтін шықты. Самаурын қойып жатыр-ау, шамасы. Жалғыз басы қалай қорықпайды десеңші. Ата, барып келсек қайтеді? Барсақ дейсің бе... Шай ішіп келсек, ә... Қойды қайтеміз? Бозтөбеге иіріп қоймаймыз ба? Бозтөбе ол жақтан көрінбейді. Егер баруға көңілің шын ауып отырса ертең де күн бар. Мен қойды солай жайып шығайын, сен ертелетіп келе ғой. Түстеніп қайтайық кейуанадан. Амандық сұралық. Бала тау жолымен ызғытып келе жатқан мотоциклды көрді. Қақа. Ата, кеше сіз архивті өртеп жіберген біреуді айтып едіңіз ғой. Анау мотоциклдағы соның баласы. Е, қойшы, деп таңырқады шал. О, қызталақ наша тартып, сотталып кеткені кеше емес пе еді. Қашан босанып жүр-ей? деп шал көлегейлеп жолға қарады. Әкесі марқұм өзге соғыстың қайнап тұрған уағында он жетідегі Олпан сұлуды көңілдес болмағаны үшін Қарағанды қуып, артында қалған жалғыз шешесіне көрсетпегені жоқ деседі, ел. Бейшара кемпір зорлық-зомбылыққа шыдай алмай асылып өліпті. Елдің ер-азаматы қан майданда жүргенін пайдаланып Жаманқұлдар не істемеді. Араққа тары былғап жеген бе. Сондай қатты масайған күндерінің бірінде шал-шауқан мен бала-шағаны баяғыда өліп қалған Тілеуберді қажының ауыл шетіндегі қорғанына айдап әкеліпті. «Бұл жерге қажымен бірге алтын көмілген,
майданға алтындай көмек беруіміз керек, моланы қазыңыздар, егер бас тартады екенсіздер, айтып қояйын, соғыс уақытының заңымен үкіметке қарсы деп Қарағанды айдатамын», деген. Қараңғы жұрт қайдан білсін, Қарағандыны барса келместің аралы деп білген ғой, мына сұмдықты қарасаңшы. Моланы қазып па ел? «Қарағанды барғанша ауылдың аруағы ұрып өлелік» десіпті. Сосын. Сосын не болсын. Қу сүйектен басқа дәнеңе таппайды. Жұрт Қарағандыдан неге қорыққан, ата? Ойбай, қараңғылық та баяғы. Сауат аз, енді-енді ел болдық па дегенде атаңа нәлет соғыс ақыл-есті алды. Жер түбіне барып шахтаға түссек қайта келеміз деген бе, әйтеуір, аза бойлары қаза тұрған көрінеді жұрттың. Оның үстіне Жаманқұлдар Қарағанды барсаң, шіріп өлесің деп әдейі қорқытыпүркіткен. Ер-азамат болса бір жөн, қысылтаяң кезде бала-шаға ненің байыбына барады. Қазір мына сендерді жер түбіне жіберсе тұлымдардың желбіреп жеткізесіңдер ме, түге. Шал тұрып шоқы баурайына таяп қалған Қақаға айғай салды. Ау, батыр, қайырыла кет, деп қолын бұлғап жатыр. Осының жүрісі сұйық еді. Атты жетелеп шал мен бала төменге түсті. Ассалаумағалайкум, деді Қақа тісі ақсиып. Әліксалам, опыр-ау, осы сен Қақамысың? Қатпа қара едің... мына бала айтпаса, тани қоюым екіталай тағы. Жол болсын, батыр. Демалыс... Жерді сағынып дегендей, баяғы ауылды аңсаймыз. Ойбай, о не дегенің? Ал енді жөніңді айтшы, тұрағың қайда? Аудан орталығында ғой. Орталық деп отырғаның Жамантал ма?.. Бір аяғың ана шетінен кірсе, бір аяғың мына шетінен шығатын Жаманталды орталық деп... Қызықсыз, ақсақал. Аудан жаңа құрылып жатыр, оның несі күлкі? Құрылғанына тоғыз жыл өткен ауданды жаңа деп... Баяғы алты колхоз, баяғы Жаманталдың ығы-жығы дуал үйлері... Нәшендік жағы көп демесең, батыр, тоғыз жылда өзгере қойған дәнеңе жоқ. Зәуімен бара қалсаң биражкі, мәнті сатқандардан аяқ алып жүре алмайсың. Жап-жас жігіттер «Алың-алың» деп көрінген бұрышта қақсайды да тұрады, астықтыкім егіп, малды кім бағады сонда. Ауданда тұрады екенсің, басшыларға айтсаңшы осыларды. Сәлекең шырт түкіріп қойды. Енді аз күнде бастығы бар, басқасы бар есігіміздің алдына жылтиып кеп тұрады. Сондағысы: «Шөп шабысқа, егін орағына адам жетпей жатыр, балаңыздың малын біраз күн баға тұрыңыз, ақсақал». Біз өлгенде қайтесіңдер? Әукелеріңді салақтатып сталабайда мәнті пісіріп жүре бересіңдер ме? Бір тіршілік болар, несіне қам жейсіз? Бұ, қай сөзің, ей. Елдің қамын жемей қалай жүресің? Қақа тарқылдап жаман күлді.
Агитоторсыз ба, ақсақал? Әкең анандай еді, қаныңа тартқансың, ә, деп Сәлекең сақалын сипап қойды. Әттеген-ай, а... Не қылса да сіздерді бір шыбықпен айдап, жұмсап өтті ғой. Сөйтті деші. Қыбым қанады де. Қызталақ, жоғал онда. Қақа қарқ-қарқ күліп жіберді. Әй, ақсақал, ақсақал, деп басын шайқады. Сәлекең үзеңгіге аяқ салды, сосын Айжарыққа қарап: Балам, андағымен жетіп ал, деп атын тебіне берді. Ертең ертерек келесің ғой... Пысығын-ай мына шалдың, деді Қақа мотоциклді от алдырып жатып. Қане, балапан мінгес артқа. Айжарық мотоцикл кебежесінде брезентпен жабылған бірнеше түйе тауықтың аяқтары мен құйрықтарын байқап қалды.
Тал түс. Шатырда, араларында Қақа бар, сушылар тамақтанып отыр. Үлкендер қабақ үстінен аңдысып, аратұра сырдаң сөз сабақтайды. Көздің жауын аласың, құрдас, деп Қақа әйелге қарап ыржаң етті. Бошқай Қақаға көз алартты. Қонамысың бүгін? Жоқ, қазір жүріп кетуім керек. Дегбірің неден кетті? Алдағы сенбіде күт. Шаруа бар. Ештеңе ата алмадың ба? Тауың тұттай жалаңаш. Сарыағаштан жалғыз үйір кекілік көріп едім, жуытатын емес. Біраз қант-шай ала келсең қайтеді? Ақшаң дайын ба? Келген соң аласың. Сенбейсің бе-ей. Өзіме де сенбеймін... айтпақшы, анау жыбсерьяңнан ыңғайлы бір жұмыс болса қарастыра жүр. Сен осы анау жылы ит арқасы қияндағы Көктерекке барып қойшының жылдық әкедемиясын бітірмеп пе ең, деп күлді Қақа. Семейдегі жүнжұрқа техникумына сырттай түсіп алсаң, түкірігіңді жерге түсірмей жетелеп әкетеміз. Әй, сұмырай-ай, мен саған ағымен жарылып отырмын. Жә, көзің шекеңнен шығып кетпей тұрғанда қоялық. Қақа екі қолын бірдей көтерді. Әлгі Сәлімбай шал әлі тірі екен ғой. Сеніңше шалдың бәрі өлу керек пе. Қашанғы байланып жүресің, сосын мұндай шал адымыңды аштырмайды. Мына балаларды тым иектеп алыпты, байқа. Менің немді айтады.
Неге екенін кім білген, әңгіме қабыспай, сөз біткен бытырап отыр. Соны байқағаны, әлде шынымен асығып отырғаны, Бошқай лып етіп орнынан тұрды. Сенбіде күтесің ғой, деді Бошқайға. Қызыл іңірде осында болам. Шаруа бар. Сыртқа беттеп бара жатып, тізесімен шешесінің қара санын сүйкей кеткенін бала байқап қалды. Сонда беті ду еткен. Көпке дейін көзін жерден алмай қойды. Иығына Бошқайдың ауыр зілдей қолы тигенде барып еңсе көтерген. Сен, осы тау сағасынан шықпайсың... Көшет отырғызғам. Ал. Өсіп қалды. Алма салған жоқ қой әбиір болғанда. Астыққа орақ түсісімен сықпытымызды сүйретіп шу қара құйрық дейміз, сонда қайтесің, жаман бұтақтың түбіне тілеуін тілеп қаламысың. Қойшы, Бошқай, деді әйел. жазығы не? Пайдалы іспен айналыссын, қарақан басының қамын күйттесін. Әлгі қалай деуші еді... Мырс-мырс күлді. Еңбекке тәрбиелейік. Ол да еңбек деп сөзге Саламат араласты. Талабын айтпайсыз ба? Осы біздің қайсысымыз жындымыз. Бошқай аң-таң. жаман бұтақ сөз болса өре түрегелесіңдер. Бүгінгі бұтақ ертеңгі ағаш. Күндердің күнінде соның тоғайға айналмасына көзіңіз жете ме? Әне, әйтпесе. Бошқай жүкке жата кетті. Бұлардың ойы тоғайда жүр. Сен, батыр, білмейсің. Жоғарыда Райстың Көктоғайы деген болған. Сорлы шал соны орманға айналдырмақшы болып өмір бақи қорыды. Баяғыда алма ұрлаймыз деп барып талай таяқ жедік. Шарбақ тоқитын шыбық кесіп алып жатқан үстінде ұсталған басқарманың баласын көк ала қой, көк шымшықтай қылып сабаймын деп шалың Қызылтастың түрмесіне бір ай отырып та шыққан. Содан не шықты? Шал өлген күннің ертесіне жұрт жан-жақтан кемпір, жаман там, бес алты ағаштан басқа дым қалған жоқ. Сіз сонда бәрі баянсыз деп ойлайсыз ба? Мен ойламаймын, мен айтамын. Маған бір кезде сөйтеді-ау деген есек дәмеден гөрі нақты шаруа қымбат. Келешек келер ұрпақтың ісі. Орманы бола ма, жоқ па, маңдайындағы жазудан көреді. Білдің бе? Мұныңыз жақсылық емес. Сен, інішек, ақылыңды жан қалтаңа салып қой. Мазамды ала берсең, байқа, ит мінезім бар. Саламат Айжарықты ертіп сыртқа беттеді. Екеуі көлеңкенің астында қатарласып жатыр. Жігіттің қолында қалың қоңыр дәптері. Бала көзін жұмып үнсіз манаурайды. Есіне Қақа алып бара жатқан күрке тауықтар түсті... Қайдан алды? Жүрісі сұйық деді ғой өзінің. Жоқ, ол жаман адам. Құрып кеткір-ай...
Бала біраздан бері байқап жүр, адамдар біле тұра жақсы, жаманы аралас жүре береді. Ауыздарына келгенін айтады, кешіреді, жылайды, күледі. Неге олай? Адамның жаман екенін біле тұра онымен қалай қатар жүруге болады? Апасы ше?.. Бошқай мейлі боқтасын, мейлі ұрсын бәрібір, соның тамағын істеп, кірін жуып жүр. Иек қақса, аяғы-аяғына тимей жүгіреді. Түсінсе бұйырмасын. Адам деп Гриша қартты, Сәлімбай атасын, көзілдірікті мұғалімді айт. Қашан көрсең қабағыңа қарап, қарағымын айтып отырады. Алдамайтын, өтірік айтпайтын ағаң, атаң, туысқаның, жолдасың болғаны қандай ғажап. Жақсы адамдар көбейе берсе, көбейе берсе... Қақа мен Бошқайларға жерден орын табылмай қалса... Саламат алдына дәптерін жайып тастағанымен қалам ұшын тигізген жоқ. Көз алдынан Қақа мен Бошқай кетпей қойды. Болмысында зымиян ойларынан басқа түгі жоқ, көр сезім немелер өздерін дүниенің қожасындай сезініп асырап сөйлеуге, алшаң басуға әуес. Өзгені, көкейтесті мұратмақсатын, мүддесін тиын құрлы көрсейші. Дүниенің апшысын қуырып талаптаптауға, барды ішіп-жеп тауысып кетуге жанын сала асыққан ақи көз аждаһалар. Шырпы қайда? шатырда Бошқайдың құзғын даусы естіледі. Саламат балаға қарады. Ұйықтағаны, ояу жатқаны белгісіз. Айжарықты қойшының біріне берсек. Неге? Аптықпай тыңда алдымен. Жаз жайлау қойшылар үшін қырғын қызық. күнде той, күнде көкпар. Қойларын кім бағады сонда? Мен қайдан білейін? Ал мен білемін. Қазір олар орталықтағы әжетке жарап қалған ақсақтоқсақ балаларды жиып жүр. Жарбитып атқа мінгізіп қойдың артына салады. Ақысын жемейді. Күзде алдына қойын өңгертіп, шыттай киіндіріп жібереді. Баламды қаңғыта алмаймын, Бошқай. Тағы айтарың бар ма? Көшетіне тие көрме, айналайын, Әйелдің үні жыламсырап шықты. Тимесін десең, балаңмен сөйлес. Сен адам емессің бе? Өйтіп жұбатпа өзіңді. Алда-жалда айтқаныма көнбесеңдер, құдайдан басқа ешкімге өкпелемейсіңдер. Бошқайдың әйелі осыншалық бейшара етіп қорлағаны Саламаттың санасын бұлдыратты. Жанында намыстан өртеніп жер болып жылап жатқан дәрменсіз баланың аянышты халі сай-сүйегін сырқыратты. Әй, Бошқай! деп айғай сала қалай атып тұрғанын өзі де білмей қалды. Әй, Бош-қай! О, не-ей?! Бошқайдың үні келеңсіз шықты. Жылан шықты ма? Әй, албасты, шық бері. Саламат брезент шатырды бір тепті. Қәне, шық! Төрт тағандаған Бошқайдың төбесі көрінді.
Есіңнен ауысқаннан саумысың. Хайуан! Шоқпардай жұдырық Саламатты шалқасынан түсірді. Ә, қандай екен?!. Кел, кел батыр-екесі. Көптен қан көрмей құрып жүр едім, бәрекелде... бала шошып кетті. Араға түскен әйелді Бошқай шыбын құрлы көрмей қағып тастады. көрсетейін мен бұған өнерді, деп таяп келген Саламатты құлақ шекеден қойып жіберді. Ендігәрі өздігіңнен ұрынбайтын боласың кісіге. Айуан! деді орнынан әзер тұрған жігіт. Сен әлі көресің... баланың көзінде бұршақ-бұршақ ыстық жас. Кетпенін сүйретіп егін жайға бет алып бара жатқан Саламаттың соңынан ұзақ қарап тұрды. Үздік-создық шыққан поезд даусы көпке дейін құлағынан кетпей өкіріп тұрып алды.
Ертесін Сәлімбай шал мен бала қойды сыдырта қаптатып, жоғарыдағы жалғыз тамға келді. Кәрі қара төбет көлеңкеден басын шығарып, бір-екі маңқ етті де, қайта мүлгіді. Шүйкедей кемпір аттан түсіп жатқандарға аңтарылып қарап қалған. Балдырған-ау, амансың ба? деді сары шал. Немене, танымай тұрмысың, жарықтық. неге танымайын, танымай албасты басып па мені?! Кемпір жаулығының ұшымен көзін сүртті. Сәлімбай емессің бе? Соқпа тамның іші мұнтаздай таза. Төрде үлкейтілген екі солдаттың портреті. Қалияс, Құлияс деген ағаларың... қайтейін... Қой, Балдырған, бала боп кеттің бе, байғұс. Сәлекең кемпірдің иығынан қақты. Қартайып қалыпсың. Әй, Сәлімбай-ай, Не дейін саған? Өлуім керек еді ғой, Қалияс пен Құлиястың арқасына таңып жібермей неге қақшитып алып қалдыңдар. Адамға қашан жандарың ашиды сендердің? Кемпір қонақтарына айран құйды. Мына, шашы тікірейген немерең шығар? Бөтен емес. Жасы ұзақ болсын, ылайым. Ұрпақтан басқа адамға не керек. Ұрпақ жолына құдай да құрбан. Ойпыр-ай, Балдырған-ай... Қорқамысың? Ал мен сол құдайыңнан қорықсам нағыл дейсің. Ол менен аларын алып болған. Соғыс деді, екі бірдей боздағымды бердім, ендігі қалғаны мынау соқпа там ба? Кешегі Райстың көктоғайы қайда?.. Іше ғой, ұлым, майы алынбаған айран. Осыны ішетін адам жоқ, ұйытам, сосын итке құям қайта ұйытам, тағы сол. Қайтем енді, кеудеде жан болған соң қарап отыра алмайсың. Ішіңдерші, сен де іш. Қалияс пен Құлиясқа тие берсін деп ішіңдер.
Баланың кемпірге қараған сайын іші-бауыры езіліп барады. Қонатын шығарсыңдар? Қоныңдар. Не көп, күрке тауық көп менде. Бақандай жиырма шақтысы бар. Кім сойып жесін. Кеше, құдай біледі, кеше... мәтесекіл мінген біреу көзімді бақырайтып қойып тапа-тал түсте алтауын атып әкетті. Сұраса да берем ғой, ол атып әкетті... бала айран толы кесені столға қоя салды. «Сол! Қақа! Кешегі түйетауықтар мына әжейдікі. Оңбаған, қанішер Қақа!» Кемпір үйге самаурын кіргізді. Келгендерің мұндай жақсы болар ма? Ел ішіне неге көшпей отырсың, Балдырған? Қалияс пен Құлиястың туған үйін тастап қайда барам. Көктоғайдың орнын кімге қалдырам? Көзімнің тірісінде қарақтарымның қара орманын құлат деймісің? Жерін, елін қорғап кетіп, оралмаған боздақтардың алтын босағасында көз жұмайын. Қаулап өсуге тиіс көктоғайдың жайы анау. Раис сорлы Иірсудың орман етем деп көзі жұмылғанша тепеңдеді. Қос арысым тіккен ағаштың санын қазір кім біледі. Енді содан не қалды? Айғайладым. Айғайламақ түгілі шашымды жұлдым. Адам, шіркін, тас керең бе естімей қойды ғой. Қаптап келіп балта жарқылдатқанда жарты ай көнеді екінсің, Ел арасын айттың ғой жаңа. Бекер обалдары не, сол сөзді айтып талайы келді. Ағайынды былай қойғанда, ауылдың басшылары қандай шапқылады апалап. Үкіметтің үйі дайын, көшірейік, көшіңіз дейді. Жалынып та айтты. Ұрысып та айтты. Жалғыздық жаныңа батпай ма, байқұс. Қайдан жалғыз болайын... бір кезде жусан бүрінен басқа еш нәрсе көрмеген Берікқараның жотасына алғаш тұқым сепкенімізді, аяқпен балшық айдап қамба соққанымызды, астық құйғанымызды ойлаймын. Одан бергі жерде ел қандай өзгерді, жетті, жетілді, қараймын, қараймын да түгесілген күнімді тағы бірер аптаға ұзартып қоямын. Өле алмай жүргенім, өзіміз қолдан жасаған өмірді қия алмағаным шығар... Әлде қолтығымнан демеп жүрген әлсін-әлсін келіп бас сұғып бауыр басып кететін жақсы жандардың көптігі ме, ойпыр-ай, солар болмаса, сендер болмасаңдар қайтер едім. Шүкірлік ет, бәйбіше. Етпегенде ше. Тобасын ұмытқан мені бір жалмауыз деймісің. Екі қарт өткен-кеткеннен әңгіме сабақтады. Бірді айтып бірге кетіседі. Бәрін көрдік, қайсыбірін айтайық дейді кемпір. Ат жалын тартып ел деп еңіреген он сан ер-азамат өтті пәниден. Кісі баласына аяушылығы болмаған Жаманқұлдардың айғайы да құлағымызда. Қамшысының ізі жотамызда сайрап жатыр. Мына немереңе соның бәрін айтып жүр, қанша жүреміз, бір күні қисая кетсек, біздің көрген құқайымызды бұларға кім айтып береді? Оның рас, бәйбіше. Жас ұлғайған сайын артымыздағы ұрпаққа өнеге бере алдық па, ізімізге салып үлгердік пе, енді алаңсыз көз жұма беруімізге бола ма деп қиналып екен жаның. Япыр-ай десеңші!
Бұл дүниеде кісі баласының талабына деген тоқтау жоқ көрінеді. Сол қасиет болайын деген адамның сүйегімен бірге туа ма деп қалдым. Мынау көкөрім Берікқараның сағасына бір бұта отырғызды. Күнұзақ соны айналып шықса, қане, тілеуі бар жасқа қуанбай не істейміз. Тіпті баланың әрекеті кісіге ой салады екен. Қалиясым мен Құлиясым да өсті ғой. Тыпыңдап су жағасына шыбық тігіп жүргендері дәп қазіргідей көз алдымда. Жүріңдер. Қалияс пен Құлиястың ағашына апарайын сендерді. Балаларым өз қолымен тіккен екі алма ағашы бар еді, бата қайыр, Сәлеке, аунап түсер ме екен қарақтарым. Бала шоқ талдың арасында жүр. Шал тізерлеп алып күбірлеп отыр. Бәрі алақан жайып, беттерін сипады. Кемпір қос алма ағашын қайта-қайта құшақтайды. Екі қарағымның көзі. Бұдан басқа белгі қалған жоқ арттарында. Аялап өсірдім. Қарақтарым жалғызсырамасын деп айналасына тал ектім, тағы егем. Қос балапанымның арты түбі тоғайға айналар деген далбасам. Мың жыл өтер, Сәлеке, біз кеткенмен ағаш қалмай ма мәуелеп. Бір кезде дүниеге Қалияс, Құлияс сынды егіз ұлдың келгенін білдірмей ме. Мана жалғыздық жайында айтып қалдық. Жер, ауа, ағаш барда қайдағы жалғыздық. Өздерің көріп тұрған бұл шоқ тал ертең-ақ сая болады. Көгеріп өсіп келе жатқан ұлдарымның ағашын қалай қалдырып кетейін. Сары шал шүйкедей кемпірге тастай қатып қарап қалған. Бір мезет Айжарыққа ымдады: Мына алма ағаштарына тізе бүгіп, басыңды иші балам, деді. Ел үшін құрбан болған егіз ұлдың рухына тәжім ет. Бала шалдың айтқанын істеді. Айналайын, айналайын! Кемпір Айжарықты қолтығынан сүйеп тұрғызып маңдайынан емірене иіскеді. Апаң өлсе, ағаларыңның алма ағашын ұмытпаңдар, кеспе де, кестірме. Жарайды деші. Жарайды, апа. Енді қолыңды жай құлыным. Бала алақанын жазды. Уа, алла, отызға жетпей құрбан болған қос боздағымның жасын мына тілеуі бір жасқа бер. Ана атымен тілеймін ендігі ұрпақ қан көрмесін, жер шайқалып, ағаш күймесін. Кеңшілік ет. Үйіп-төгіп жақсылық бер қалған елге. Аллауәкпар. Айжарық пен шал салқын түсе бір-ақ қайтты. Көйлегі шұбатылып кемпір бұларды талай жерге дейін ұзатып салды. Келіп тұрыңдар, деді қоштасып жатып. Кең дүниеде менің де бар екенім естеріңнен шықпасын да. Менің қуанышым мен қайғым сендерге де тиесілі. Баланың іші әлем-жәлем. Артына қарамауға тырысты, қараса апатайлап жүгіріп кететін сияқты. Шүйкедей кемпірге деген бала көңілдің аяныш сезімі өрт. Жүрегінде жақсылыққа, ізгілікке деген іңкәрлік шымыр-шымыр қайнады. Кісі санатына қосылудың алғашқы күйін бастан кешіп келе
жатқаны, айналасындағы алуан құбылыстар арқылы ерте естияр болғаны, еміне, егіле білуге мәжбүр екендігі хақында ойлап үлгермеді, дәл қазір Балдырған кемпірге ешбір себі тимейтіндігіне налып, ертерек ер жетуді ойлады. Кемпірдің егіз ұлын жалмап, жапанда жалғыз қалдырған соғысқа, адам өлтіруді ойлап тапқандарға, көк тоғайды қамыстай жапырғандарға іштей налыды. Сәлекең мұңлы бір әуенді суыртпақтап, торы атты әлсін-әлсін қамшылайды. Ата. Айт, ұлым. Балдырған апамның күрке тауығын атып әкеткен Қақа. Қойшы? деп шал селк ете түсті. Мотоциклінің кебежесінде жатқанын көргенмін. О, тәңірім, бұл не деген имансыздық! Қалай дәті барды? Қақаны соттатпаймыз ба, ата. Атаңа нәлет, бай-құлақтың тұқымы-ай!.. Шал атты бауырға осып-осып жіберді. Енді беттете ме ол саған? Арамзаның айналып кетсе ұстатпайтынын білмеуші ме едің? Біз айтпаймыз ба? Бізге сенбей ме ел. Ел сенгенмен, заңға бұлтартпайтын айғақ керек. Неге, ата!? Шал жауап берген жоқ. Көнбіс торыны шаужайлап қойдың бір шетіне қарай тебініп барады. Бала сол күні көшетінің жанында, іңір түскенше отырды. Ол қанша бас қатырса да, қым-қуыт дүниенің бірде-бір жұмбағын шеше алмады.
Бошқай ыңқылдап ауырып шыққан түннің ертесіне себелеп жауып, егін жайға Саламат жалғыз кетті. Бұрнағы күнгі төбелестен кейін жігіт тайып тұратын шығар деп ойлаған бала. Анау өйтпеді. Кетпенін көтеріп, жұмысын істеп жүр. Ешкіммен тіс жарып сөйлеспейді. Табысқысы келіп Бошқай әрненің басын шалды. Тіпті болмаған соң: Ағаңды кешір бір жолға, деп үздікті. Өзің ғой... Кешір. Қаласаң ауылға барып екі-үш күн қыдырып қайт. Айыбым болсын. Жігіт аларып бір қарады да, суқағарын сүйретіп шығып кетті. Бошқай белін көрпемен орап алып тулап жатыр. Е, мейлі. Ойбай, кешірім сұрадық қой алтын басымызбен. Партияға өтсем деп жүргенде қарашы мұны... Әттең, мысымды құртып отырғаны сол, болмаса... бала үрпиіп бұрышта отыр. Шатырға жауын тырс-тырс тамады. Дымқылданған кенепке саусақ ұшын тигізсең мөлт етуге әзір.
Шешесі сырттан ішке кіргізіп қойған Саламаттың төсек-орнын былай қозғай беріп еді, бос байлауы сырғып кетіп қалың қоңыр дәптер жерге сусып түсті. Әлгіні Бошқай лып етіп қолына ала қойды. Бұл неменің жазып жүргенін көрелікші осындайда. Қой, ұят шығар, деді әйел саусағын ерніне тигізіп. Кімнен? Әлгіден бе? Ұялатын адамды тапқандарын қарашы бұлардың. Бошқай парақтап отыр. Мәссаған, мынау бір роман ғой, іздесең таптырмайтын ермек. «Батыр бала туралы аңыз» депті. Ой-пой, шіркін. Ия, ары қарай... «Бұл әңгіме атам заманда болған. Аңы мен құсы, орман тоғайы сыңсыған тау-даланың шексіз атырабы адамдардың шат күлкісіне бөленіп, мәз-мейрам, масайрап жататын». Ия, сосын... «Апта сайын «Мәңгі жасау» аралына қарай қалың жұрт бет алатын. Аралда ерлі-зайыпты әулиелер Ізгілік пен Адалдық патшалық құратын еді. Айналасында көк жасыл орман мәуелеген алаңқайға жиылған жұрт не істеп, не қоятындары жайлы әулиелерден жөн біліп, өсиет ұғып, жасаған қиянаттары болса кеңшілік сұрайтын, қысастықты қайталамауға бауыр ет балаларының атымен ант етісетін. Ізгілік пен Адалдықтың өсиеті: «О, жұрт келешек алдына күнәһар болмайық, ұлы мекеннің көркіне балта шаппайық, тұнығын лайламаңдар, өсімдік тұқымын түгел сақтаңдар!» Киелі сөзге ымыра жасап, бата қылысқан қалың ел таң құланиектенгеннен қоңыр іңір түскенше сыңсыған орман саясында түрлі өсімдіктердің желге ұшып түскен тұқымын топыраққа қайта сіңіріп, адамзаттың дүниеге адалдығы жөнінде ұзақ-ұзақ сыр шертісетін...» Бошқай кеңк-кеңк күлді. Ойпыр-ай, мынаның ертегісі қоянның ізі сияқты түсініксіз бірдеңе болды ғой, тіпті көзім талды. Не болса да аяғынан шығалық бұл мылжыңның... Қай жеріне келіп едім?.. Е, міне... «Ақтабан жылдар алқынып өтіп жатты. Күндердің күнінде әлдебіреу өзін хан жариялайды. Содан бастап адамдар бұрынғы еркінен айырылып «Мәңгі жасау» аралына бара алмайтындай халге ұшырайды. Қаһарлы хан ерлі-зайыпты әулиелерге жауықты, екі араға шекара қойылып, оны бұзған адамға өлім жазасы кесілді. Күндер өткен сайын адамдардың арасында алауыздық туа бастады, баршаның өн бойында жаугерлік сезім ширығып, қанжарлар күнге шағылысты. Тау, дала, орман-тоғайдан жиі-жиі өрт шықты, көлде аққу қансырады. Естен айырылып екіленген жұрт жаратылысқа қол жұмсады, талады, таптады. Әлем бар мәзірінен жұрдай айырылып қалатындай қатер туды. Ақсақалдар ақыл қосты, мына сұмдықты тоқтатпасақ, құрып-суаламыз; уа, халайық, не амал бар десіп ұлардай шулайды-ау. Апатты хан ғана тыя алатыны айтылды. Өтініш айтып ханға кім барады? Сеңдей толқыған жұрт арасынан тұлымы желбіреп қарға бойлы жалбағай қара бала шығыпты сонда: «Ханға мен барам!» Қалың жұрт қабақ керіп қатып қалған. Қасқа тай үстінде шынашақтай бала тұр емініп: «Мен барам ханға!»
Халық: «Обалына қалмайық баланың. Қай бетімізбен сәбиді отқа айдаймыз, күнә арқаламайық, ағайын», дейді. Бала оған көнбейді: «Хан алдына мен барам! Мен Ізгілік пен Адалдық әулиенің ұлымын. Егер дүниені топан су қаптамасын десеңдер, бер батаңды, туған ел». Қисынын қалай келтіреді мынау. Бошқай кеңк-кеңк күлді. Ойбай, белім... Түйенің жүні болса... Так, дальше... «Сөйтіп бала қатерлі ханға бет алды. Бойын тылсым күш буған жас өрім хан қақпасын сындырып ақ ордаға басып кіріп өлеңдете жөнелген екен:
Уа, ханым!
Жаза берсең қорықпаймын, тартамын,
Өлім шығар мойныма артарың,
Тілегім бар,
Тілегімнің болдауы
Жалғыз күнге қиямысың хан тағын?
Бойдың тіпті шынашақтан қысқарақ,
Қарға бойлы, қушық иық, құс қабақ,
Қаршадай боп қағынасың құдай-ай,
Хан тағымен не істемексің, қызталақ?
Жұмсап отыр мені анау ел жетім,
Ел даусын жеткізу ғой міндетім
Қалың жұрттың қабырғасы қайысты,
Қарақшылар тонап жатыр жер бетін.
Тал қабағын аршып алып кетіпті,
Қара судан қан шығарып кетіпті,
Қатындары шөпті жұлып,
Еркегі
Егін салмай аңшы болып кетіпті.
Етегі кең шетсіз-шексіз атырып,
Жайлы сенің қам жегенің мақұл-ақ,
Бірақ та сол айтқандарың адамның
Несібі үшін жаралған ғой, ақымақ.
Бәрін білем
Бәріне де кәнігі ем,
Несіп үшін жер жыртамын, дән үйем,
Әттеген-ай, бола тұра данышпан.
Бір нәрсені түсінбедің, хан ием.
Не деп кеттің, ей, жетесіз, қағынды,
Жаһаннамға жіберейін жаныңды.
Түсінбеген нәрсем қайсы?
Айт, қане,
Не басыңды ап,
Не беремін тағымды.
Тіршіліктің дала екенін білмедің,
Тал-шіліктің пана екенін білмедің,
Аң жүгіріп, шөп шықпаса суалар,
Қара жердің Ана екенін білмедің.
Депті бала,
деп қойнынан гүл апты,
Көріпті хан
Қолын жайып сұрапты,
Қызғалдақтың жалғыз талын иіскеп,
Үн-түнсіз ұзақ-ұзақ жылапты...»
Міне, ақымақ, Бошқай күйіп-пісті. Хан болмай қатып қалғыр. Қақсаған қағындының басын қағып тастағанның орнына жылап... осыны жазып жүрген жаңағыда ми болса... әпкел менің темекімді... Бұған бас қатырғанша ұйқтап алмаған мен де итпін. Мә, тық көрпе-жастығына. Өзімен кетсін. Бала шешесінің қолындағы қоңыр дәптерге қарады. Шіркін-ай, заулатып өзі оқи алса... Әй, тық, көрсетпе андағы пәлені көзіме. Қап, ит-ай, хан да жылайды екен-ау... Мына аспанның түбі түсіп кеткен шығар, газға шай қойыңдаршы. Бошқай жаман күйінді. Саламатқа деген ит-жыны мұндай қозбас. «Жиырмадан асқан адам өстіп уақытын не болса соны шималауға рәсуа етіп... Атасының көрі... қойды бұл. Жұрт қайтіп бірімізді екі, екімізді үш қыламызбен басын тасқа, тауға ұрып жүргенде... Қап, әттеген-ай! Ана шайнам миы жоқ қалқан құлақ болса бір жөн. ей, соның аузы ашылып... шешесі жәудіреп... ауру, жынды бұлар. Баяғы заманда өтіп, сүйегі қурап кеткендер кімге дәрі. Қап! О, ит! Хан деп Шыңғысханды айт. Мысық мұрт пәлекет жатаған атпен жарты әлемді жаулап алды ғой. Нағыз хан! Болған екенсің сол әлгі Шыңғысхан секілді кесіп алса қан шықпасын, алдыңа келгеннің құлақ-мұрнын отап жібер. Жә, құрып кетсін бәрі. Одан да өзінің ертеңін ойласын. Бітік егінді қамбаға құйып, жұмысы ыңғайланса, алдымен үйді кеңейтіп салу жағын қарастырғаны жөн. қатынның лоқсуы жаман. Жерік қой. Тәңірі берсе кейінгілері тағы бола жатар. Әрқайсысына бөлмені осы бастан әзірле, Бошқай. Жеке-жекесі жақсы. Мидай араласып жалғыз көрпенің астында жататын уақыт өтті. Баланы бастан. Құртақандай кезінен өз меншігі бар екенін, сол үшін от пен суға түсү керектігін біліп өссін. Ертегі-сертегі дегенге көзің тіріде жолатпа. Сенің ұлдарың ондай есуастыққа түкірмесін. Неғұрлым
кесек, ірі іспен айналыстыр. Қара таныса, қара жұмысқа жек. Он бес жыл оқытудың қажеті қанша. Бекер шығын. Қазір дипломды адамнан аяқ алып жүре алмайсың. Дипломы бар, миы жоқ. Ақырында қой бағып, трактор айдап сандалып қалды көбісі. Оның үстіне сырттан оқып жүргенін қос. Ия, Бошқай тұқымын оңай адай алмассың. Оқудың үлкені шаруаңа мығым, есебіңе жетік болғаның. Анаған-мынаған ғұмырың жете бермейді. Көрер қызығың татар дәмің өлшеулі. Соны біле тұра мәңгілік жайында өңеш жыртатын жұртқа ит-жының қалай ұстамайды. Жоқ. Бөкеңнің ұрпағының жолы басқа... Айтпақшы, мына көген көзді қайтеді? Ей, соған несіне қатырам басымды. Балаларыма қызметші етем де қоям. Болмаса шаруам шамалы. Осың мүлде жоқ болып кетсе де қаперіме кірмейді. Уһ, жаным-ай...» Әй, сен кеше қайда қаңғып кеттің? деп Бошқай балаға қарады. Сәлімбай атама ілесіп Көктоғайға бардым. Қайдағы «Көктоғай»... Е, әлгі кемпірге ме? Екі қақпас көңілдес шығар құдай ұрып. Неткен ұятсызсың, Бошқай, әйел жылап жібере жаздады. Баланың көзінше аузыңа келгеніңді айтқанша, өлтірсеңші мені. Бошқай жөткірінді. Бүгін қай күн?.. Іңір түсіп Саламат келгенше үшеуінің сөзі жараспады.
Құлқын сәріден мотоциклін тырылдатып Қақа келіп тұр. Қостың іші күңгір-күңгір. Тұрыңдар, әй, қазақтар! Азанда жалмаңдап қай келісің? деді Бошқай. Жауын басылып па? Аспан шайдай ашық... Келіншекке сәлем. Аузыңды шайсаң етті. Сыранікі. Арақтан жаман аңқиды... Әй, Бошқай, түрегел. Сіреңкелерің қайда, газ жағайық. Алдымен Саламат киінді. Батыр, амансың ба, деп Қақа жігітке қол беріп жатып күлді. Сушы деген атыз басында түнемей ме? Сен жата бер, деді Айжарыққа шешесі. Қақа аяғының ұшымен өзі ала кірген қара қапшықты түртіп қойды: Сәлемдемелерің. Үлкендер шайға отырды. Қақа мен Бошқай бір шөлмек арақты кесеге тең бөліп, тамсана жұтып алыс-ты. Не жаңалық бар ауданыңда? деді Бошқай. Дәнеңе жоқ. Италияда жер сілкініпті. Италияда шаруамыз қанша? Бошқай артына бұрылып былш түкірді.
Кешегі жауын бар, бүгін су салып қажеті жоқ қой егінге, деді Қақа. Мына батыр ренжімесе, екеуміз қырға шығып келелік. Саламат не дер екен, барсақ бара саламыз, деді Бошқай. Жігіт жауап қатқан жоқ, резина етігін тырп-тырп басып қостан ұзай берді. Жүреміз бе? Қақа күнқағарын сілікті. Жүрелік. Мотоцикл тыр етті. Тәте! Ау. Бері келіңізші. Тәте! Ұлым, менің жалғызым. Жыламашы тәтетай, жылама деймін. Қойдым, міне, қазір... Мен сені асыраймын, тәте. Әрине, жаным. Сен сондай мейірімдісің, тәтетай. Шын ба? шешесі жастықтан басын жұлып алды. Әрине, шын. Анасы баласын бауырына тартып, шөпілдете сүйіп жатыр. Жүр, екеуміз күнді қарсы алайық, балапаным. Анасының дәл осындай қуанышты кейіпін, баланың көрген кезі сирек. Бос тастаған қап-қара шашы екі иығына төгіліп, әдемі жүзі балбырап күлкіге көмілген. Маңдайындағы, көзінің айналасындағы майда әжімдер жым-жылас. Көк жиектен күн төбесі енді-енді қылтиыпты. Ауа мөп-мөлдір. Айнадай таза көгілдір аспанның шығысы қызыл шапақ. Күн жарықтық еңсесін көтерген сайын қызыл арай жер жүзіне шашырай жайылып дүние кезіп барады. Жер үсті жартылай алтын түске боянды. Алтын әлемнің нұрына малынған Ана мен Бала Күнді қарсы алып тұр. Аяқтың астында көк бұйра жусан бұрқырайды. Жалаңаш табанынан жердің өпкен лебі, өн бойын аралап алып, ұша жөнелетіндей; қол ұстасып ұшан-теңіз кеңістікке бет бұрып самғай берсін, маңдайыңнан сипап еркелеген саумал қанаттарын көтеріп құйындай үйірсін, қалықтатып жер мен көктің арасында зымырандай зауласын, көкжиектен көтерілген күннің соңынан ілессін, көнеді бұлар; жалғыз тілеулері жалғанның осы жан баласына жаттығы жоқ тұнықтығын тартып ала көрмеңдерші, аяңдар: ақберен қимыл, ақтабан шұбырынды бас көтермесін, адамның қуануына, бақытты болуына кедергі келтірмеңдер. Қараңдаршы, Ана мен Бала Күнді қарсы алып тұр ғой. Күнді қарсы алу адамзаттың өлшеусіз бақыты, соның күйін бастан кешіп тұрған бала жүрегі сіздерге ағымнан жарылып айтайыншы тіршіліктің күміс қоңырауы. Тәте... Енді екеуміз ауқаттанайық, құлыным...
Олар ұзақ уақыттардан кейін алғаш рет күліп отырып, қуанысып отырып таңғы астарын ішті. Екеуміз барып Саламат ағаңа көмектеспейміз бе? деді анасы. Кеттік, тәте! Бала қуанып кетті. Ой, астық суарғанды мен білемін. Құртақандай жаным... Ана мен бала қол ұстасып егін жайға келді. Жасыл егін жайқалып көз жауын алады. Тұла бойыңды балқытып жіберетін айрықша қуатты жұпары бар. Кешегі жауған жауыннан соң қазір, міне, күн шапағын сіміріп көгілдір әлемге еркелей, еміне түскен. Белуарына дейін жалаңаш Саламаттың бұлшық еттері бұлт-бұлт ойнайды. Мөлдіреген көзқарасы айрықша, балаға, әйелге кезек-кезек төгеді шуағын. Ана мен бала ерекше ұқсас-тын. Оң жақ беттерінің ұшындағы меңдері қапқара, сұрғылт қой көздері құйып қойғандай. Саламат, а, Саламат Әйел көзіне түскен шашын саусағымен іліп кері қайырып қойды. Сен осы неге үндемейсің? Әңгіме айт. Тым болмаса не туралы жазып жүргеніңді айтсаңшы. Жігіт қызарып теріс айналды. Мінезі қандай қызық. Ән салсам қайтеді Саламат, деді әйел, сосын орта дауыспен сызылта жөнелді. Әп-әдемі, тұп-тұнық үн. Аяздарда... а...а... тоңбайсың ба, боз торғай...ым, Жылы ұяңа...а... қонбайсың ба, боз торғай...ым... Ән жалғасын тауып жан-дүниені балқытып әуелейді. Әуелдегі қалыпты ырғақ бірте-бірте қамыққан сазға ұласып жанарға үйіріліп жас тұнды. Бала шешесінің сұрғылт көздерінің мөлтілдеген көз шарасына батып кетуге шақ. Кетпеннің сабына иек сүйеген Саламат қимылсыз қатып қалған. ...Жылы ұяңа...а қонбайсың ба, боз... торғай...ым... Тәте-тай. Саламат селк етті. Бір-біріне жабысып дүниеге адам айтып жеткізгісіз іңкәр көзбен телмірген бала мен ана, әрі аянышты, әрі алып болып көрінді. Адам шіркін жалғыз сәтте осыншама орасан, һәм сан-алуан күй кешеді екенау бастан. Жігіт өзіне-өзі келе алмай тұр. Ана мен баланың бақытты өмірді көксеген ынтызар пейілін, кәусар көңіл шуағын айнытпай танып, бауыры езілді. Сіз, әнді әдемі салады екенсіз. Саламат жымиып қойды. Шын айтам. Қайбір әдемі дейсің. Әйел күрсінді. Әдемі ән біздің не теңіміз? Бекер таусыласыз. Өмір әлі алда. Қайдан алда болсын. Сол шіркіннің талай жолы артта қалды ғой. Ендігісі аз ба, көп пе... жақсы ма, жаман ба... Бекер налисыз. Адам ағаш тамырындай мықты, көрер жақсылығына сенімді болу керек. Дұрыс қой айтқаның, бірақ өмірдің қақпақылынан қашсаң құтылмайсың. Мен өзім туралы айтып жатырмын. Басында бағым ашылмап еді, соңына дейін солай болатын шығар. Күреспейсіз бе?
Кіммен?! деп әйел кекесінмен жымиды. Тағдырмен бе? Тағдырыма әлім келмейді. Әйелдің тағдыры жалғыз өз қолында емес, оған ер-азаматтың да қатысы бар. Сізге қиын тиіп жүр ғой. Балаңыз бар... Басқаша өмір сүруге болмайтын ба еді... Менімен неге сен деп сөйлеспейсің, жасымыз деңгейлес, деп әйел әңгімені басқа арнаға бұрды. Біздің ауылда тұт ағашы көп болады. Іргесін тіліп өзен ағып жатады. Асты майда жұмыр тас, суы тұп-тұнық өмірі лайланғанын көрген емеспін. Жаз бойы соған шомылып, тұт ағашының көлеңкесінде сайрандайтынбыз. Қызы бар, баласы бар Жюль Верн шығармаларын оқитын ек... Баршамызда шексіз қиял, үлкен арман болатын. Бала үлкендерден шеттей берді. Саламат ағам мен тәтеме Қақаның кемпірдің түйетауықтарын атып әкеткенін айтсам қайтеді деп ойлап, дәл қазір олардың әңгімесін, көңіл-күйлерінбұзуды қаламады. Үлкендерге көз астымен қарайды, қараған сайын бірін-бірі мақұлдаған нышанды аңдып, соның аяқталмауын, мейірімді көзқарастардың үздіксіз жалғаса беруін, бүкіл дүниенің ана екі адам анасы мен Саламаттың қас-қабағы, қимылқозғалысымен әдемі үйлесім табуын тілейді. ...Түскі ауқаттарын да әңгімелесе отырып, ашық-жарқын қабақпен ішті. Ешқайсысының бөтендігі білінген жоқ. Ана мен баланың даусы, қимылы әдеттегі имену, іркілуден арылды; күміс күлкілері бұлақ көмейіндей бүлкілдеп, дүниенің кеңдігі мен мұндалай жөнелді. Саламат көлеңкенің астына баланы отырғызып қойып, жайлап шашын алды. Аға кекіл қойып берші. Көзіңе түсіріп жүрсең ғой. Қайырып қоймаймын ба. Әйел шөкелеп отырған балаға, оның жаңғақтай басын бір қолымен демеп, екінші қолымен шашын сыпырып жатқан Саламатқа көзі түскенде кеудедегі нала запыраны өксікке ұласып шайқалып барып бойын әрең түзеді. Сосын көкірегі қарс айрыла күрсініп қоя берді...
Түстен кейін Айжарық ала күшікті ертіп көшетіне келді. Жалғыз бұтаны айналып біраз жүрді. Топырағын қопсытып, су құйды. Айналасындағы шөпшаламдарды тазалады. Әйтеуір, өзіне бұтақ өсіп қалған секілді. Ағаш адамнан жылдам өседі деген үлкендер, оның қасиеті түбі төмен бойлап, басы көкке мәуелейді. Мықты болатыны, ұзақ жасайтыны тамырының тереңге кететінінде. Шешіліп кеткен бәтіңкесінің бауын байлап алып, Айжарық екі қолын жайып жіберген бойы шалқасынан жата кетті. Көк аспанның бетінде алтын шуақ жусайды. Арқан бойы биікте бозторғай тұр шырылдап; қанатын қағыпқағып қойып безек қағады. Қызық. самғап ұшып жүре бермей ме?
Ол Саламат жазған бала туралы ойлайды. Әрі ақылды, әрі батыр. Егер соның орнында өзі болса бұл қайтер еді? Ең алдымен Бошқайды қостан қуып жіберетіні сөзсіз. Қайда барады, өзі білсін. Онан кейін мына жазыққа түгел алма ағаш егіп, айналасына зәулім үйлер салдырады. Әр үйдің жанында атқылаған су ақты... Қызыл, ақ, сары гүлдер... Жұрт түгелдей алма бағына ағылып жатады. Әуелі ағаш үстінде ақ көбелек гүлдер жыпырлап, одан соң қып-қызыл алмалар жауып жатады жер үстін. Гриша атасы не дер екен? «Сен Алеша, жарайсың, батыр болдың, осындай көп алма ағашын қайдан алдың?» дейді. «Біз оны қолдан өсірдік, Гриша атай». «Енді сені теледидардан көрсетіп, радиодан сөз қылады, ел түгел қуанады». «Рас па?» «Рас, жер бетінедегі жақсы адамдардың барлығы алма ағашы құрметтейді. Алма бағын құрметтейтіндердің барлығы келеді саған». Жердің төрт бұрышынан ағылып жатқан адамдарға Сәлімбай атасы сыйлаған Фурмановтың сағатын көрсетер еді. Бұл ата-бабаның мәңгі соғып тұратын жүрегі дер еді. Шынының өзі солай ғой. Қанша жылдар өтті, енді қаншама жылдар өтеді, сағат жүруін тоқтатпайды. Сырт-сырт соғысы тура жүрек дүрсілі. Ана жолы осылай айтам деп Бошқайдан көресіні көрген. «Алтын қазына ұстап жүргендей мәз болуын қарашы, деп кіжінді анау. Сен әуейісің. Әуейі болмасаң қырық жылғы қалта сағатын адам жүрегіне теңейсің бе? Қу темірге қуанған мисыз-ай. Одан да құдайдан тістің сынығындай алтын сұрасаңшы». Алтын... Ол немене? Чапаевтың комиссары болған Фурмановтың сағатынан қымбат па? Бұл ата-бабаның аманаты ғой. Сәлімбай шалға салсаң дүниедегі ең қастерлі, ең қымбат осы Айжарық оған сенеді. Мұның пайымдауынша, жақсы адамдарға ғана сену керек. Анау Саламат, анау Балдырған кемпір... солар секілді мың-мың адам айтатын сөздердің барлығы ақиқат. Ақиқатын айтып, адалын сөйлейтін адамдардың көп болғаны қандай жақсы. Егер жердің беті бір өңкей Бошқай мен Қақалардан тұрса аманат та, алма ағашы да болмас еді ғой... Баланың өн бойы мұздап сала берді. Құйтақандай жүрегі кеудесін тесіп шығардай аласұрады. Әлі майысқақ, әлі бекімеген буындары қан қақсап, бауыры сыздады. Сақтай гөр, сақтай гөр... Ба... лам, Емшек төбенің үстінде дауыс салып, Сәлімбай шал тұр аттан түспей. Қане, бері кел. Бала өрмелеп төбеге шықты. Батыр, аман ба, алдыгүні жауында қойымыз өріп кетіп, түнімен шапқыладық. Қарт жерге түсті. Әйтеуір дін аман. Удебірениеден қорқып едік, оған ұрынғанда, жауынға еріген суын ішіп қырылып-ақ қалатын ба еді... Әлгі бала келіп... Ақша беріп жатқан екен, үстінен түсіпті, көр-жерді көтере алмай жетті-ау. Атаңа аудандағы бытобойдан қара шапан алып келді ғой. Тобығымнан келтіре төгілдіріп киіп барам енді той-томалағыңа. Мәсі айтып едім, екеуі бірдей размерімді ұмытып, естеріне түсіре алмай сталабайдан ұрсысып шығыпты. Ой-хой, бәрінен бұрын насыбайды айтсаңшы. Міне.
Қарт шақшасын алып әуелете көрсетіп қойды. Баяғыда қырық бірдің күйігімен атып едім, содан бері жолдас. Енді балаңыз қайда, ата? Қайда дерің бар ма, батыр-ау. Кеше әлгі колхоздың бастығы келіп, көмек керек деп ыздиып отырып алған соң, шөпшілерге қолғабыс жасауға жібердім. Бастық баланың өзі де оңқай асықтай оңтайлы азамат. Бұрын да Жайдақ белдің шалдары дамбалдың балағын түріп алып жаз бойы сай-сайда жүретін. Уақ мал, екі-үш қараның қысқы қамы жатқыза ма жамбастатып. Енді осы бастық келгелі көздері ашылды, күллі ауыл қарттарына шөпті күзде колхоздың өзі түсіріп беріп жүр. Үкімет айналайынның нұсқауы көрінеді, соны бұлжытпай орындап жүрген әлгі жігіттің сөзін қайтіп жерге тастайсың. Сағатың қанша болды өзі?Ю бала қалтасынан сағатты алып, қақпағын ашты. Он бір жарым, ата. Ойбай, түсің болып қалыпты ғой. Ата, сіз осы сағатты ата-бабаның мәңгі соғып тұратын жүрегі дедіңіз ғой... Демей қайтем. Осы сағаттың иелері болмаса мына дүниені көрер ме едік, көрмес пе едік, кім білсін. Адамның бақыты үшін ғұмыр кешкендердің артындағы ізі өшпейді ісі өлмейді. Артында қалғандары түгел мәңгі. Мәңгілікті көзінің қарашығындай сақтау, балам, сенің қасиетті борышың. Қарашы, әне, анау сағаға сен жалғыз бұта отырғыздың. Алдағы күнге қалдырар сенің аманатың сол болмақ. Көрдің бе өмірді. Мен өскенше бұл жерде үлкен алма бағы болады, ата. Қарт көк бұйра насыбайды иегіне тастап жіберіп көкжиекке көз тікті. Адам баласының жақсы ниетке, игі тірлікке деген қасиеті қаршадайынан бүршік жарып көктейтіні айналып келгенде дүниенің сөнбес шырағын жағу. Ет пен сүйектен жаралған пенде атаулы о бастан-ақ жақсылыққа таңдайы құрғап, сусап ғұмыр кешіп келеді. Өсіп-өнуге деген кісінің іңкәрлігін айтпаңыз; алдында отырған құртақандай тірлік иесіне дейін соған өлердей құштар; бойына анасының сүтімен дарыған қарекеттің мәңгілік қимылқозғалысы қолтығынан демеп орнында тұрғызбайды; аязда да, аптапта да жалаңаш табанымен көк тікенді жапырап жығып жарық дүниенің отын көсеп кеп отырады; тілінен бал тамған көне тарих шежіресіне құлақ тос, өзің куә, мынау асау арналы өмірге көз тік, әлгі аламан тірлік, алқынған дем; адамзаттың баласын құр қол кездестіре алмайсың, ол қашан да маңдайы терлеп шығады алдыңнан, бәріне керегі дүниенің кең тынысы, бұлақ көзін аршымай, бұта гүлдетпей көңілі көнши ме? Жарық дүниеге келуге кезегін күтіп әлі қанша ұрпақ тұр. Әлгі Қақадан хабар жоқ па? деп сұрады шал. Бошқай екеуі аңға кетті. Қуды қу намаздыгер мен намазшамның арасында табады екен ғой: Ой, лағынеттер... Отар ұзап кетіпті. Соңында селеңдеп қара төбет барады.
Ал, шырағым, жүрейін мен, шайын демдеп келінім алаңдап отыр қазір. Қарт үзеңгіге аяқ салды. Біздің үйге жүрсең қайтеді? Келесі жолы, ата. Ерулік те бермедік, деп Сәлекең атын тебінді. Қара тәмпіш-ай, басыңнан күн өтіп кетпесін. Айжарық Қарауыл шоқыға беттеді. Ұшар басына ентігіп шыққан бойы жақпар тастың үстіне тізе бүкті.шоқиып жанында ала күшік отыр. Төменде жайқалған көк егін. Балағын түріп алып мықшыңдаған Саламаттың дәнемемен ісі жоқ секілді. Аппақ болып жалтырап аққан арна тура соған жетіп жатыр. Қостың айналасы тым-тырыс. Апасы кестесін алдына алып, үлкен қызғалдақтың шет-шетін әдіптеп отырған шығар. Поездың талып жеткен дайсы естіледі. Төбесінен самолет ұшып өтті. Таудың арғы етегінде жүйткіп бара жатқан жүк машинасын да көріп қалды. Шамын жағып алыпты. Тал түсте онысы несі? Бала бетін Көктоғайға бұрды. Қалқиған жер там, әріректе көкке емінген шоқ тал қарауытады. Жүрегі қатты-қатты соғып кеткен сықылды. Жалғыз кемпір... егіз баласы еккен екі алма ағаштың арасында әрқайсысына бір жаутаңдап, күбірлеп сөйлеп тұр ма екен... Бала күн өткен сайын сентябрьді шыдамсыздана күтіп жүр. Оқу басталса, балаларға ертерек қосылса, былтырғыдай сабақтан соң «колхоз» ойнар еді. Енді бұлар басқаны қойып, Қарақабақтың сайына тоғай өсірер еді. Алғаш «колхоз» құрғандары есіне түсіп бала мәз болды. «Бастыққа» Уәли сайланды. «Енді ұстап қабылдаймыз», деді бір бала. «Ей, ұстабың не?» «Ұстап деген ұстап, колхозда сондай бірдеңе болады». Сол бірдеңенің не екенін Айжарық әлі күнге дейін білмейді. Әркімге «қызмет» берілді. Орынбасар, бухгалтер, бригадир... Айжарықтың еншісіне тигені милиционерлік. Иығына қызыл барқыт тігіп, беліне Уәли әкеліп берген ескі қайыс белдікті буып, тапаншасы жамбасын қажап келіп тұрады. «Жолдас учаскови, тәртіп бұзушы жоқ па? дейді Уәли. Осы күні мал ұрлаушылар көбейді ғой, далада жайылып жатқан малды не айдап, не атып әкетеді». «Біразын ұстап қамадық». «Дұрыс». «Ал енді сауда жұмысынан не хабарың бар? Қымбат мүлікті тамыр-таныстар мен басшылардың әйелдері бөліп алып жатыр». «Оны қайдан білесіз, жолдас бастық?» «Товар түскен күні түнімен біздің үйде у-шу. Апамның таныстары келеді, бастықтардың әйелдері звондайды...» Уәлидің апасы дүкеннің меңгерушісі болатын. Бір күні Уәли орынбасар Сейсенді орнынан алу жөнінде «бұйрық» жазды. «Магазиннен сатып алынған «колхоздың» кәмпитін ұрлап жегені үшін орынбасар Сейсен орнынан босатылсын». Ертесінде ойнайтын жерлеріне келген Айжарық қызықтың үстінен түсті. Балалар қоршап алған. «Жолдастар, деді Уәли мардымсып, міне, Сейсен маған бір дорба алмұрт пара берді». «Немене берді?» «Пара». «Ендігі жерде мұндай адамды «колхозда» ұтай алмаймыз». «Шығарылсын». Бой беретін
Сейсен жоқ. «Сен немене, шын бастықсың ба? Шын бастықтың өзі көкемді орнынан алғанда Алматыдан мынауский гарнитур әкеліп бір түнде ауласына түсіріп кетіп еді, бұйрығын қайтып алды. Көрдің бе». Сейсеннің әкесі мал бордаушылар бригадирі болатын. «Осы біз неге «пәсепке» шықпаймыз», деді «колхоздың» мүшелері. Уәли үйінен ат дорбамен арпа алып келді. Басқалары күрекпен жер аударып, тұқым септі. Қарақабақтың жылтырап аққан өзенінен «егіске» су салды. Арпа лезде-ақ көктеді. Жайқалып өскені бар болсын, ойламаған жерден апайтопайы шықты. Жылқы жайылған. Үзіп жеп, тұяғымен таптап, жаншып, шаруасын бітіріпті. Шулап балалар қалды. Көшенің басындағы ақ шаңқан үй колхоз председателінікі. «Соның әкесінің биесі болды, ал, учаскови, іске кіріс», деді Уәли «бастық». Барса аяғына сүйір тұмсық кебіс киген шал қораның маңын сыпырып жүр. «Құтырып кеткеннен саумысың, андағың не жамбасыңда салақтаған?» «Тапанша». «Е, онымен кімді қырмақсың?» «Сіздің биеңіз пәсебімізді таптап кетіпті». «Әй, мына қызталақ не дейт». «Биеңіз»...» Шал тап берді: «Құлағыңды кесіп алайын ба осы, иттің күшігі...» Айжарық алды-артына қарамай безген. Балалар мұны да жиналысқа салды. «Милициядан түсірілсін, тапаншасын алыңдар, қой бақсын». Сейсен араға түсті: «Бастықтың әкесін қамауға болмайды. Бәрібір шығарып алады». «Қылмыс жасаса да ма?» «Жигулимен» Шаштайдың апасын қағып, жамбасын сындырған баласын милицияға алып кеткенде көкем байлап отырған егіздің біреуін кемпірге беріп,ұлын шығартып алды ғой бәрібір». «Біздің «колхозда» ондайға орын жоқ. Біз Мұсақан бригәді сияқты шындықпен жүреміз. Алыңдар Айжарықтың тапаншасын...» Күн көкжиекке таяп барғанда, таудың жолымен қойқалақтатып келе жатқан мотоциклді көріп бала да қосқа бет алды. Анасы далада ет қуырып жатыр. Шатырдың іші гүж-гүж. Бошқай мен Қақа қып-қызыл. Өгей әке мұны байқап: Шәу, деп қолын көтерді де, мандолинді безектете берді. Қақа баланың құлағына сыбырлады: Құдайың жарылқап жайлауға баратын болдың. Жайлауда не бар маған? Қой бағасың. Әкең сөз байласып қайтты біреумен. Бошқай өзге дүниені ұмытқан , темір ішекті аямай осқылайды. Әлгі сөзден кейін бала ойланып қалды. «Ақыры жібермек болған екен мені. Несін алдым осы Бошқайдың? Жо... жоқ; басымды шауып алса да, апамның жанынан ешқайда кетпеймін. Бітті». Әй, Бошқай, келсеңші, Қақа стаканын қолына алды. Әуелі ішіп ал. Анау да қол созып жатыр. Не үшін-ей сонда. Достығымыз, ынтымағымыз деп алайық. Сенімен дос болған адам оңбас. Бұл шының ба?
Қауіпті адамсың, Қақа. Түбің бай-құлақ. Құрып кет, құрып кеткір, деп Қақа күліп жіберді. Түбімді ұмыт. Тіпті өз әкемде де менің шаруам жоқ. Кісі өлтіруден де тайынбайсың мына қалпыңмен. Саған не болған? Келсеңші... Осы сен неліктен мені ғана іздейсің, неге менен адаспайсың? Бала кезден бірге өскен доссың. Жо... жоқ... Алдымен Бошқайдың еш нәрседен тайынбайтынын білесің. Бошқай миығынан мырс етті де, Қақаның білегінен ұстай алды: Мақсат бар менде. Аты-жөнсіз далақтап жүрген кім сонда? Мен өсу жағын ойлап жүрмін, ақымақ! Қақа Бошқайдың қолын қағып жіберді. Өсетін адам адал, періште болуы керек. Екеумізге билік тисе, мына жерді бір-ақ күнде өртеп жібереміз. О, қатыгез! Өзін-өзі аямайтынқатыгез! Сондықтан да жаңағыдай ойдан аулақ бол. Қаға берісте қалбиып күніңді көрсең жетеді саған. Жұртты құдай сені мен менен сақтасын. Біз жер-дүниені қараң қалдырамыз. Неге-ей? Адам емеспіз бе сонда? Адамбыз. Адам болғандықтан ет пен сүйегімізді сайтан жайлап алғанын, тым болмаса осындай мас болған кезімізде мойындайық та. Есіміз кірген соң бәрі ұмытылады. Бала таң қалды. «Мыналар өздерінің оңбаған екенін біледі екен ғой. Сұмдық-ай... Өздерінің оңбағандығын біле тұра қалай өмір сүреді?» Саламат келген соң, екеуі тамақтарын ішті де, далаға шығып төсектерін салып жатып қалды. Іштегілер енді арақ ішуді қойған, ортаға ақша тастап карта ойнап жатыр. Көк төрінде мың сан жұлдыздар, балбұл жанады, моншақ-моншақ алтын сәулелер қазір-қазір тамып кететін сияқты; шаңытып жатқан ақ жолақтың бойымен жалғыз жұлдыз барып-барып көрінбей кетті. «Жұлдыздар сияқты биікте тұрып балбұл жанса», деп ойлады бала. Күндіз әбден діңкелеген бе, жігіт бірден ұйықтап кетті. Ертеңнен қара кешке дейін кетпен сүйрету, әрине, оңай емес. Саламаттың айтуынша: «Жер адамның маңдай терімен көгереді». Бала осының мәнін терең ұға қоймаса да, жұмыс істемей болмайтынын пайымдай алады. Біреудің бидай өсіріп, біреудің мал бағып далақтайтыны жерді көгертуге деген іңкәрлігінде. Сондай құштарлық мұның өзінде де бар ғой. Көкейтестіні ауыл шетіндегі жалғыз көшет өсіп, мың бұтақ жайса, айналасында алма ағаштары, қарағайлар мен қайыңдар мәуелеп бүкіл далада ну тоғай жайқалса... Жігіт күбірлейді. Сірә, түс көріп жатыр. Бетінде ай сәулесі лүп-лүп етеді. Айжарық ұйқыдағы жігітке елжірей қарады. Бошқай сұмырай ғой, мұны сыртынан мазақ етеді. Әуейі дейді. Есі дұрыс адам көр-жерді жазып бас қатыра ма деп күледі. «Батыр бала туралы аңыз» көр-жер ме? Әнеугүні бұған
жігіттің өзі оқып берген ертегілері мен өлеңдері ше?.. Ол оқып отырған кезде жан-дүниенің шаңқай түстегі күннің қызуы балқытып, бірде самал өбіп, бірде мөп-мөлдір айдында жүзіп бара жатасың. Енді бірде жел жетпес жал арғымақпен ағызып таулар мен теңіздердің үстінен қарғығаның қандай... аздан кейін қара табанына тас батып жер шарын аралап келе жатсаң, алдыңнан ажары айдай таң күтіп тұрады. Күнді айнала сапырылысқан мың сан адамдарға гүл шоқтарын лақтырып, оларға адамзаттың ерлігі жайлы салатын әнің өз алдына. Жер бетіндегі дұшпан біткенді темір қорғанмен көгендеп, үстеріне тау құлатып жіберетінің ше? Осыдан соң дүркін-дүркін жылы жаңбыр жауып, көкорай шалғын дүрілдей жөнеледі. Дүние күміс күлкілермен ұйықтап, күміс күлкілермен оянады. Ойда құрақ; қырда қызғалдақ сөйлейді. Айдындар үстінде аққулар, сеңгірлер қасында қырандар айтады өмір жырын. Көк тоғайлар мәуелеп, ағаш біткен әсемдіктің әуезін шертеді. Ұшы-қиыры жоқ ақ бидайдың масақтарына тіршіліктің лебі есіп күллі дүниеде ізгілікке, тыныштыққа ұмтылады... Саламаттың жазғандары осылар. Саламаттың жазғандары мұны қуанышқа бөлейді, оны тыңдаған баланың өмірге деген сүйіспеншілігі кең дүниеге сыймай кететін. Шатырдың ішіндегілер гүж-гүж. Бала көрпесін түре бүркенді де, тымтырыс қалды. Азанда машинаның дүрілінен оянған бала үлкендердің әңгімесін түгелдей естіді. Бошқай, сен ренжіме, картаның заңы қиын, деді Қақа. Ұтқызғаныңды бер. Айлыққа дейін шыда. Бөліп-жармасаң оған да көндім. Әкелші қолыңды. Бітті. Енді мен сәл көз ілмесем өліп кетемін.
Ертеңгі шай сәскеде ішілді. Қақа өлген адам секілді тырп етпейді. Саламат шайға қарамастан егін жайға ерте жөнелген. Бошқайдың көзі қып-қызыл. Қанша ұтқыздың? деді әйелі. Не? Әйел жым болды. Одан да балаңды жайлауға дайында, деді анау гүж жетіп. Келісіп келдім... Ақысын қолма-қол әкеліп береді.түсіндің ғой. Жібермеймін... Әй, деді енді Бошқай Айжарыққа жер-жебіріне жете қарап. Жайлауға бармадың бар ғой, ана қақпастан алған сағатың мен алма ағашының бұтағын тып-типыл етемін. Баланың көзі шарасынан шығып кете жаздады. Барайын, деді даусы дірілдеп.
Әрине, барасың. Адам осыншалық қатыгез бола ма, құдай!.. Әйел жаулығының ұшын көзіне апарды. Біз неңді алдық, Бошқай?! Немді алушы едіңдер. Сендердің қолдарыңда не бар. Жалғыз балам ғой, жалғыз емес пе? Мен аман болсам, тағы табасың, деді Бошқай мырс етіп. Сонан соң түсін суытып ала қойды. Малтаңды езе берме енді, айтылған сөз орындалады. Айжарықтың басы зеңіді. Ұрттап отырған шайын қайта лоқси жаздады. Әп-сәтте екі шекесі ысып шыға келді. «Оңбаған, сұмырай, деп ойлады бала, сұмырай-ай. Өсейін, өскен соң көрермін сен жексұрынды».
Айжарық ауырып қалды. Екі шекесі солқылдап бас көтере алмайды. Асқа зауқы жоқ, аузынан қара су төгіле береді. Шешесі жағдай біле келген бригадирдің машинасымен орталыққа айлық алуға кеткен. Қақа аң қарап тауға жөнелді. Сушылар егін жайда. Бала жалғыз. Дүрсілдеп таяп келген ат тұяғының дыбысы естіледі. Кім бар-ау, Сәлімбай атасының даусы. Ата. Е, қалқам, жалғыз ба едің? Апам орталыққа кетті. Бала ақ орамалмен таңып алған басын әзер қозғап шатырдың аузына жақындады. Балам-ау ауырғаннан саумысың? Шалың домалап түсіп жатыр атынан. Көзің ішіне кіріп... Күн өткен... Тәуірсің бе енді? Жүрегім айниды. Запыран. Сол түссе құлантаза айығар едің. Қол салып көрдің бе? Айжарық тұнжырады... Ата, мені жайлауға жібергелі жатыр. Көңілің шаппаса бармаймын деп айтпайсың ба? Онда сағатым мен алма ағаштың бұтағын тып-типыл етеді. Сіз білмейсіз Бошқайды. Атаңа нағлет-ай, қимай отыр екенсің, ә. Атасының көрі... маған сен. Қайтып келгеніңше көзімнің қарашығындай сақтаймын, өлмесем сол. Еш алаңдама, ұлым, деді. Ауыл кетіп барамын, кемпірдің көже-қатығын қазанына салып, көңілі жайланысымен қайтам ғой жата бермей. Саған әдейілеп ат басын бұрғаным. Қақаның мәтесекелінен күрке тауық көргенің рас қой әнеугүні. Айтпадым ба сізге. Мен бұл иттің ісін Ауыл Советке жеткізейін. Жатсам-тұрсам көкейімде көлденең тұрып алды. Сақалды басыммен барсам сенер, сенбеген күнде
ауданына дейін барам. Бұл иттің айыбын бетіне баспай, сірә, атаңның көңілі көншімес. Айжарық қуанып кетті. Көрінген көлденең көк аттының зорлығына қашанғы шыдаймыз. Қашанғы кешіре береміз. Бұдан арғыға төзімім жетпеді. Іште шемен болып шыр айналған талай күнгі запыран еді, ақыры сөйлетпей қоймайды. Ал енді қайыр қош. Шал атты борбайлап желе жөнелді. Баланың көңілі босады; көздің түбі шымыр-шымыр қайнап, дүние бұлдырап қоя бергені; бозалаң сағым үстінде қылышын жарқылдатып Чапаев шауып бара жатқандай. Ә, жоқ, ол Сәлімбай атасы ғой. Қақаның бетін аймандай қылады атасы. Оған сол керек. Тып-тыныш жазық дала, момақан биік тау, мөлдір су, көгілдір аспанға Қақа сияқты жаман адамның қажеті қанша. Айжарық алақанындағы сағатына қарады. Қасиетті аманат қандай аппақ! Өлсе өлер, бірақ сағатты жоғалтпайды. Ол көкірек тұсын мәңгі жылытып тұрады. «Мейлі, деп ойлады ол, барайын жайлауға. Бақсам бағайын қойын. Сағатым мен көшетімнің амандығы үшін бәріне шыдаймын». Сушылар келіп оралғанда бала ұйықтап жатқан. Саламат оған мейірлене қарады. Аузы сәл ашылып, маңдайы шып-шып терлеп, тәтті ұйқы құшағына енген көлеңкесіз сәби жүзі қандай сүйкімді. Моп-момақан, уыздай пәк. Өзге дүниені сәт есіңнен шығарып баланың балбыраған жүзіне қарап отыра бергің бар. Өмір дейтін шым-шытырық аласапыранның бүкіл ұлылығы бала келбетіне ұялаған. Алған тынысындағы кеңдікті, еркіндікті айтсаңшы. Жан түкпіріндегі тебіреністеріңді оятатын періштенің өзі... Сәл көз шырымын алып алайыншы, деді Бошқай. Басым түсіп барады. Жатты. Жатқанмен кірпігі айқаспады. Іші әлем-жәлем. Қақаға ұтқызғаны өзегін өртеп барады. Бақандай үш жүз сом! Бір ай соры қайнап тапқан еңбегін енді біреу қалтасына салады, неткен қорлық. Осындайда кассада ақшасы жатса ғой. «Әй, сорлы әкем, деп қамықты енді, шапағатсыз өткен сорлы. Қанша жыл түйе бақтың, барыңның қызығын екі туып бір қалғандай Иірсудың елі көрді. Мені ойладың ба? Ойласаң тапқан-таянғаныңды неге шаштың?» колхоз түйені түгел етке өткізіп, әкесі сиыршыларға қосылып кетті. Сиырдың өзін он жыл бақты ғой. Соғыстың біткеніне біраз жыл өткен. Бошқайдың есі кіріп қалған кезі. Ұзақ жыл үзілістен кейін ақсақ бухгалтер жұртқа алғаш рет еңбекақыларын үлестірген. Енді ойлап отырса колхоз кеңсесіндегілер білгенін істепті. Елге еңбекақы жазылады, айтылады, бірақ берілмейді. Сөйтсе, кеңседегілер бөліске салып келген. Оны біліп жатқан, маңдай тер, табан ақысын іздеп жатқандар жоқ. Бұл не деген дарақылық десеңші. Осылай қашанға дейін кеңседегілердің өздері бүлдірді ғой бәрін. Әркім өз үлесін азсынып сорлады. Сөйтіп жүріп, төбелерінен жай түсті.
Бастығы деймісің, басқасы деймісің, түгел түрмеге жабылды. Ақсақ бухгалтер еңбекақы алып келген күн Бошқайдың есінде. Буда-буда ескі ақша. Әкесінің алғаны жарты қаптай болды. Ал кеп үлестірсін. Фермада не көп, жетім-жесір көп. Әй, сары пұшық, кел бері, мынаған көйлек алып ки... Тойлыбайдың тұяғы сен де қарап тұрма, момпаси алып же... Жауды жеңген Жарықбастың тыртық көзі, аш алақаныңды... Оу, келін сен де құр қалма. Құлманбеттің қарасы, әпкелші қолыңды... Соны ойласа, Бошқай жанып кете жаздайды. Бұ неғылған дарақылық. Тым құрыса сол ақшаның жартысын бұған көрсетіп көміп қойса, Бошқай бүйтіп қан жұтып жатпас еді... Әкесі өлгеннен кейін шекесі қызбай қойды. Бірде анда, бірде мұнда сенделудей-ақ сенделді. Бейнет көрмеген басы табандап жұмыс істеуге үйрене алмады. Қарнының орта, киімінің қоңырқай болғаны көңілін көншітпеді. Соның бәрін әкеден көрді. Өзінің тақұл-тұқыл тұрмысы үшін әкені кінәлады. Бәленің бәрі дүние қумағандықтан деп біледі. Содан былай қарай көксегені тиын-тебен болып келеді. О шіркіннің әзір қара көрсетер түрі жоқ. Саламат газға шай қойды. Кіре берісте мөлтиіп тұрған ала күшікке бір жапырақ нан тастады. Саламат шай қайнағанда баланы оятты. Қалайсың? Басым аздап ауырады, деді Айжарық. Күн өткен шығар, кәне, ыстық шәйдан ішіп жіберші аздап, терлегелі тұрсың. Бала тұрып отырмақ еді, буынын ұстай алмай шайқалып барып бойын әзер түзеген. Сол кезде алақанындағы сағатын түсіріп алды. Әпкелші андағыңды, деп манадан үнсіз түнеріп отырған Бошқай Айжарыққа қол созды. Әпкел, көрелік. Бала сағатты еріксіз Бошқайға ұстата берді. Жүріп тұр... Ауыр ғой өзі... Қақпағыңның ішіне жазу жазылған, деді бала. Мейлі, Бошқай алдына шамды жақындатып ұзақ шұқшиды. Коммунист... ту... Игибаю Молыкбаевичу... Әй оның кім?... Иә... За предан... ность делу... рево... люцию и активное учас...тие в разгроме банды Спатая. Фур... Фурманов». Игібайың кім? Сәлімбай атаның әкесі. Бошқай шиқылдап жаман күлді. Мәссаған. Фурмановтан сағат сұрағанша осының жартысындай алтын бер десе ғой, әй, қараңғылық-ай. Бала ызадан жарыла жаздады. Басы лықылдап қайта ауырды. О шалдың тұқымы өле алмай жүріп түгел белсенді, деді Бошқай. Сарыбала бабасы Кенесарыны қырғыздарға сатып кеткен деседі. Сағатымды беріңіз? деп бала қол созды.
Бермесем, шауып аласың ба? Мә, екі саусағының арасынан бас бармағын көрсетті. Беріңіз? деді Саламат. Беріңіз. Бала ғой. Әй, жаныма тисең мылжа-мылжасын шығарып шағып тастаймын қазір. Міне, былай... Саламаттың қолы Бошқайдың білегіне сарт етті. Әй... әй... Бошқай жігітке мөлие қарады. жаман темірді... Тыр-тыр етіп шатырдың жанына мотоцикл тоқтады. Қақа. Ішке кірмей есіктен сығалап тұр. Бошқай, бармысың? Е, не болды? Қайтамын. Түс көрдің бе? Бошқай ырсиып күлді. Қатыныңды сағындың ба әлде? Өліп бара жатсаң да сәл тізеңді бүк. Бала жастыққа бас қойды. Көзін жұмып, жұртқа арқасын берді. Мен арықтың басын көрейін, деді Саламат. Су азайып кетті ғой бүгін. Салқын түссін әуелі. Сол салқынды күте алмаспыз ендігі жерде. Кешікпей мен де барамын. Саламат ұзады-ау дегенде Қақа: Шаруа бар, деді. Айт. Сыртқа шығалық. Айта бер бипаздамай. Болмайды. Шықыр еткен дыбыс шықты. Біреуі мотоциклға отырған сияқты. Екеуінің күңгір-күңгір дауыстары естіліп тұр. Көктоғайдағы кемпір ше... Иә. Балықтай құнажынын көрдім, кемінде бір жарым центнер ет береді. Обал-сауабы қайда, ит. Көп сөзді қой. Жеті-сегіз жүз сом ақша алақанымызға түседі, кеше маған қанша ұтқыздың? Үш жүз. Қарызыңнан құтыласың әрі. Бошқай үндемей қалды. Бригадирдің машинасы қатыныңды қайта әкеліп тастайтын шығар. Сонымен ана серігіңнің көзін бір-екі күнге құрт. Көрерміз. Көрме, істе. Сосын ертең іңір түсе Көктоғайға тарт, мына тұрған жерге табаның жайыла қоймас. Құнажыңды қорадан алып шығып қалың ақ шидің ортасындағы ескі молаға жеткізіп, бізді күтесің.
Баланың денесі сұп-суық болып қатып қалды. Ертесіне, Бошқай кетпенмен ұрып ала күшіктің аяғын сындырған күні, бала оны таңып, көлеңкеге жатқызған соң, көшетіне тартты. Жеткенше Бошқай мен Қақаның кешегі уәдесі есінен шықпай қойды. Қазір кемпірге жетіп бәрін айтуға оқталып еді... Кеше Қақаны шығарып салып Бошқай шатырға кірген. Бошқайдың аямайтынын біледі бала. Шешесімен қоса бауыздап кетуі мүмкін. Өткен қыста ше, өткен қыста тәтесінің қарнына бәкісін пісіп алған еді ғой... Сондағысы... Шешесі ылбырап піскен етті сүзіп алып, асықты жілікті баланың қолына ұстата берген. Газет төсеп аяғының тырнағын алып отырған Бошқай ақырып жіберді. «Әй, жілікті әпкел бері, асықты жілік мүжитін ол бір менің тұнғышым ба?» Бала қапелімде не істерін білмей жаман абдырады. «Ә, солай ма? Басынайын деген екенсің көкеңді, мә, онда.» Бір қолында бәкісі, төніп кеп жақтан осып жіберді, онымен қоймай кеудесінен және тепті. Апасы шырқырап келіп араға түсті. «Мені өлтір. Оны өлтіргенше мені бауызда, қанішер...» «О, әкеңнің гөрі...» Бошқай енді әйелді төпелей жөнелді. Бала бұрышта жатқан киімдерін іліп ала сала далаға безді. Күн қақап тұр, қайда барарын білмей дағдарды. Қораға кіріп тұруға Бошқай тауып алар деп қорқады. Көшені бойлап беталды жүгіре берді. Ақыры мектеп үйінің қалқасына қабырғаға үйілген кірпіштің бұрышын паналады. Әуелі жаурамайтындай болып көрінген, уақытша екен, сары аяз бара-бара дірдек қақтырды. Алдымен аяғы сырқырады. Орауышсыз кие салған етігі қоқайып саусақтарын қышқыштай қысады. Керзі етігі күндіз едәуір дымданған. Шыдатар емес ары-бері жүрген, жүгірген болады; бәрібір саусақтарынан жан кете бастады. Айнала сүттей жарық, аппақ әлем. Айжарық мектептің қара көлеңкесінен шықпайды, ешкімнің көзіне түскісі жоқ. Ұят. Жеті түнде қаңғып қалудан асқан қорлық бар ма?! Екі-үш атты кісі, шөп тиеген тіркемесі бар трактор өтті. Қарсысындағы мұржасынан түтін будақтаған зор денелі біреу қарсы алды. «Әй, фарыңды сөндір». «Не болды сонша?» «Фермаға жарған жем тасыдыңдар ма?» «Тасыдық». «Бірдеңе ала алдың ба?» «Үш-төрт мешоктай алдық қой». «Онымен қай жыртығымызды бүтіндейміз. Ырсалды әпкеңнің баласы да жем сұрап келіп отыр еді...» «Қойшылар баяғыдай емес, бір дәніне дейін санап, өлшеп алады». «Жә, енді тездет, келіннің екі көзі төрт болып отыр». «Мені қайтеді?» «Ақмадидің баласының туған күні дей ме... Еріккен жұрт барамыз деп хабар беріпті, соған бешір жасап жатыр дейді». Ақмәдидің баласы Сәкен мұнымен бірге оқитын. «Ол бақытты, деп ойлады бала, менен басқасының бәрі бақытты». Айжарықтың тұла бойы қалшылдап еркіне бағынбауға айналды. Ертерек таң атса деп тілейді. «Сен барсың ба, құдай? Бар болсаң таңды атыра салшы, айналайын...» Қанша жалбарынса да, амал не, дүниені түн басып, айналада ай сәулесі алаулайды. Мұны мазақтағандай-ақ қар жымың-жымың күледі... Айжарық айға жуық ауруханада емделді. Кейін білді сол түні Бошқай анасының қарнына бәкісін пісіп алыпты.
Осыларды ойлағанда Айжарықтың денесі дірілдеп кетті. Көшетін айналып-толғанып бала ұзақ жүрді, жайлауға баратыны, әлдекімнің қойын бағатыны есіне түссе іші қан жылайды. Қалтасындағы сағатын, түрлі-түсті қарындашы мен сурет салатын дәптерін алып жерге қойды. Көшеті және осылардан басқа оған қазір ештеңе керегі жоқ секілді. Ештеңе де... Сәлімбай атасы болса орталықтан әлі оралған жоқ. Алданышы ала күшік аяқтан айырылды. Жалғыз өзі қанша жүрсін, балша тыпыңдап қосқа қайтты. Тәтесі тамаққа ет турап отыр; қабағы түсіп, мұңлы әуенді ыңылдайды; құлақтан кіріп жан тебіренткен сұңғыла саздың ырғағы сүйектен өтеді. Қабағың түсіп кетіпті ғой. Әлде Бошқай ренжітті ме? Тәте кетейікші. Тап қазір кетейік. Не болды саған? әйел пышағын жерге қоя салды. Тәте-тай, кетпесек болмайды. Бошқайлар Көктоғайдағы кемпірдің құнажынын ұрлағалы жүр. Қой оны қайдан білесің? Іңірде Бошқай кетеді, екеуміз қашайық. Қайдан білесің деймін? Естідім, бәрін естіп жаттым. Түсіндіріп айтсайшы, құлыным, бұ не сұмдығың? Қақа екеуі келісті, бүгін ұрлайды. Енді қайттік? Шойын жолға жетіп алсақ Бошқай бізді ұстай алмайды. Әйел алжапқышын шеше алмай әуреге түсті. Кетейік, апа. Шешесі ауыр күрсінді. Қайда барамыз? Ақымағым-ау, қайда қашамыз? Бетін басып жылап жіберді. Қай сұмдыққа бастағалы тұр бұлар. Бала алғаш рет шешесіне жаман ызаланды. Көзінен жас парлады. Айтшы, осы, мама-тай, менің папам болған ба, болса соған неге бармаймыз, айтшы, неге бармаймыз дегісі келіп, батпай жер шұқып отыр. Жүкке сүйеніп шешесі көзін жұмып алған. Жүзі сұп-суық, танауы қусырылып иегі дір-дір етеді. Іші томпиып білініп қалыпты. Көнген адамбыз ғой біз, ұлым, Бошқайдан қашқанмен тағдырдан құтыла алмаймыз, деді бас көтеріп. Өскенше жасыңды жұтып дым білмеген бол, қайтеміз... Бала бүк түсіп жатып алды. Оянса шаңқай түс. Қолы ұйып қалыпты. Шалқасынан аударылды. Күңгіркүңгір Бошқайдың даусы: Су әперші, тұзын удай салғанбысың, қуырып барады тіпті... И... и... ақырын, үстіме төгесің. Бошқай. Сұра.
Адам болған соң жақсы өмір сүру қажет қой. Міне, жаңалық. Ал... Менің бақытты болғым келеді. Қашанғы жыла дейсің. Жылама. Күл. Таң атқаннан кеш батқанша күл. Ертеңнен үмітіміз бар... Бүгін оның несін айтасың. Одан да ұйықтайық. Баланың басы зеңді, ұйқтап кеткен екен. Түс көріпті... Батпақта қашып келеді, соңында үлкен қара шұбар жылан: аждаһаға, бақа-шаянға дейін ілесіп алған. Өкшелеп қояр емес. Әншейінде аяқ-қолы жерге тимейтін, қазір өрелеп қойғанда адымдай алсашы. Алдынан ақ тұман үдере көшті. Жан даусы шыққан бала түк көрмей қалды. Айжарық! Шешесі иығынан жұлқып оятты. Күшігің өліп қалыпты. Қостың артында ала күшік жатыр, бауыры, мойны, кетпен тиген аяғы күп болып ісіген, қып-қызыл. Ұртынан көбік аралас көрінеді. Бала күшіктің қасында ұзақ отырды. Обалы Бошқайға, деді шешесі. Бошқай, Бошқай! Баланың ащы даусы шықты. Сұмырай! Өмірі баласының мұндай қалпын көрмеген әйел көзі шарасынан шықты. Есіңді жишы, ұлым! Тым-тырыс отырған бала сағатын алып бұрады. Қанша болды? Үндеген жоқ. Көңілсіз. Шешесіне тіпті суып қалды. Қашуға көнбегені өтеді бәрінен. Бошқайы кімге керек? Көзінің былшығын тазалап Бошқай шықты далаға. Сен екеуіңді бірдеңе ұрған ба? деді ол. Кісіге ұйқы бермедіңдер ғой шүлдірлеп. Тырс етіп тіс жарған ешкім болмады. «Е, мейілдерің, деп ойлады Бошқай, тілдері байланып қалсын маған десе. Қиратқан сыңайларын көрмеймісің. Жаман ала күшік қой сондағылары. Итте басың қалғыр өңшең. Ит тұрмақ кісі өлтіріп кетеді адам. Қарай көрсеңші бұларды. Осылармен құдай қай күні дәмдес қылды. Ылбырап кісінің қытығына тиеді келіп. Тәуекел жасап, шаруа тындырғалы отырғанда, асты-үстіңе түсіп қыл жуытпай жүйіткісе қандай ғанибет. Жә, қой бұларды. Қақа ит уәдесінде тұрса бүгін кешке келеді. Құдай тас төбеден ұрғанда білініп қалса қайтеміз? Мейлі. Құритын Қақа. Жеме-жемге келгенде бұл өзі күндіз-түні тынбайды, ана жолы бір машина қой алып бара жатқанын өз көзіммен көрдім деп жаласын жауып, мойнына тас байлап жіберермін. Бошдың ұпайы қай кезде де түгел. Бағы жанып портфельге қол жетсе құдайыңа бой бермейді. Ыңғайы келіп те қалды. Егін бітік. Кеше келген бригадир келер жылы сушылар звеносын құрамыз, жетекшілікке ыңғайлы адам сенсің деп кетті. Ойлағаны орындалса, Қақаны шенейіне келтірмес. Беті аулақ кәпірдің. Қолыңа үлкенді-кішілі билік тисе, дүние аққан судай науаға өзінен-өзі құйылады. Онда мал ұрлап, күнәғә батып жатпайсың. Қайта ондайларды көрсең шырылдатып ұстатып жібересің. Реті келіп тұрғанда
көзге түскенің қажет лайым. Анау-мынау деп аяп жату ездің ісі. Әлдекімнің тоңқалаң асқанына қарап тұрсаң да қыбың қанады, көзін ақшитып басынан атта кет пәлекеттің. Арман буылдар тартса ше?.. Онда амалсыз Қақаны жағалаймын. Сол арқылы жұмысқа иек артқаным дұрыс. Не дайындау кеңсесіне бас сұқсам... тілепалдының Ысманы сияқты түлкі мінездес жылтыр бет қу құрлы жоқпын ба? Итің жылына екі машина ауыстырады». Әйел мен бала тым-тырыс. Жүздері құп-қу. «Не деген адамдар. Жаман күшікке осылай қайғырады, кісі өлігін көрсе онда бұлар көрге бірге түседі. Тоқтай тұрыңдар сендер. Қойшы келсе ана жүгермекті артына таңып жіберейін, бала да, басқа да жоқ, бір менің табанымды жалап отырсын». Мен бүгін кеш қайтамын, деді резина етігін киіп жатып. Түннің едәуір уағына дейін су саламын егінге. Ана мен бала бәрін түсінді, үнсіз жерге қарасты. Өкіріп өткен поезд үні көпке дейін жаңғырып тұрды. Бәрі оқтай, деді ол Бошқаймен қолалысып жатып. Келесі жұмада алақанымызға салады. Жерге қаратып кетпесін, әйтеуір. Бошқай кіржиді. Қолма-қолы қызық еді. Бекер өйтесің. Ол сенімді адам... Е, айтпақшы, әлгі келмеген бе? Екінші бригададан егін суаруды үйреніп кел деп жібергем. Кешікті. Бойдақта бәтуа болмайды. Жә, қайтесің. Кел, алалық. Газда буы бұрқырап қазан қайнап жатыр. Сен тауға шыққан күні жотаның үсті өртеніп жатыр еді... деді Бошқай. Оған қабырғаң неге қайысады, басшы емессің, малшы емессің, тасы жанып кетсе де бәрібір емес пе? Соншама қатыгездік қай жеріңе сыйып тұр, деп Бошқай күрсінді. Жә, қой оны... Ет жүрегің елжірегенде ешкім бетіңнген сүймейді. Түбі жолымыз екі айырылатын шығар біздің. Қақа Бошқайға таңырқай қарады. Сен ауырып жүрген шығарсың? деді сосын шырт-шырт түкіріп. Бошқай тағы бір айналдырып құйып жіберді. Не қыламыз? Ойнаймыз ба? деді Қақа. Мейлің. Қақа қалтасынан жап-жаңа карта суырды. Селсоветіміз пәлең центнер ет жиасың деп есімді шығарды. Малды кемітіп жаздырған да ойымызға келмепті. Аңқаумыз ғой. Аңқау болсаң картаны бұлай үлестірмес едің. Потологыңды айт. Үш теңге. Әй, абайла.
Жалғыз басты кемпірдің құнажынын ұрлап сойған мына еңгезердей екі жігітке түйіле қараған баланың, шатыр ішінде бұдан артық шыдап отыруға дәрмені қалмады. Суып қалған шайын сіміре салып сыртқа шықты. Жел тұра бастапты. Жайылмалы төсегіне етпеттей құлады. «Ұятсыздар, деп кіжінді іштей, ұятсыздар. Сендер ешкімді аямайсыңдар. Жүректерің тас болып қатып қалған. Сондықтан бір-бірлеріңе жандарың ашымайды. Байғұс кемпірді аямай тоғайын жапырдыңдар, енді сиырын ұрлап, сатып отырсыңдар. Соның бәрін істеген Бошқай мен Қақа сияқтыларды жер бетінен түгел құрту керек». Түс көрді... Баяғы ала күшік екеуі шығып отыратынжақпар тастың үсті. Төменде көшет... Жоқ, үлкен алма ағашы. Бұтағының қалыңы-ай. Көздің жауын алған қып-қызыл алмаларға сан жетпейді. Қалайша демде өсіп кеткен?.. Не алма ағашы алыстап барады. Айжарық тұра жүгірді, өкшесі жерге тимейді; енді болмаса алма ағашынан айырылып қалатындай зауладыау... Жерде жабайы үйректің жұмыртқалары... батпақта көзі шақырайған көлбақа. Алма ағашының адырайған-адырайған тамырлары мүлде жуандап кеткен. «Айжарық! Айжарық!» Сәлім атасының даусы. Алыста шапқылап келе жатқан атты кісі таяп қалды. Бала үдере көшкен ақ тұманның жалына жармасып ұша берді, ұша берді. «Айжарық. Айжарық! Айжарық!..» Қыстығып жатып оянды. Үсті-басы малмандай. Көпке дейін түс әсерінен айыға алар емес. Поезд үні талып жетеді. Жел күшейіпті. Шатырдың іші гүж-гүж. Тарт, дейді Бошқай тілі күрмеліп. Неңмен ойнайсың? Қарызға тарт. Ананың... жартысы менкі емес пе? Мен қарызға ойнамаймын. Өкпелеме, дос. Ойнайсың. Ойнамай көр. Бошқай ызалы. Әй, тыққан-сыққан ештеңе қалған жоқ па? Кешегі әкелген айлықтың бәрін ұтқыздың, деді әйел. Қолыңдағы сағатқа дейін салдың ғой, Бө-ке-ау. Сағат дейсің бе?.. Молодец. Біздің қатын осындай керемет. Қане, тарт картаңды. Бізде тағы сағат бар. Айжарық жастықтан басын жұлып алды. Фурманов сыйлаған сағат. Керемет енді. Өзің білесің бе Фурмановты? Оның кім? Шойын жолда тұра ма? О, кеще! Бошқай қарқылдап ұзақ күлді. О, меңіреу. Қане, құй жүз грамнан. Көрсетші жаңағыңды? Дымың ішіңде болсын. Сағат балақайда. Ұтсаң қазір әкеліп қолыңа саламын. Он сомға бағала. Он сом болғанда қалай өзі? Қалта сағаты. Фурмановтікі.
Қалта сағаты дейді... оныңды бекер берсең де керегі жоқ, айналайын. Әй, мен өтініп отырмын ғой. Бошқайдың даусы ызалы. Бес сом. Оңбаған-ай... «Оңбаған Бошқай менің сағатымды ұтқызбақ. Сәлімбай атам сыйлаған Фурмановтың сағатын... Жазуы бар сағатты... Ата-бабаның аманатын...» бала безгек тигендей қалшылдады. Саусақтары икемге келмей киімін әзер киіп үлгерді. Он шақты адым ұзап барып артына бұрылды. Жатаған шатырдың сұлбасын қатты желдің аяусыз сабалағаны ап-анық естіледі. Бала көк жусанның үстінде қалқып келе жатқандай. Сағат салған төс қалтасын оң қолымен тас қылып ұстап алған. Бір қолында қарындашы мен альбомы. Бет алды Сәлімбай атасы айтқан шойын жол. Тас төбеде жұлдыздар мөлтілдеп, ай зулап барады. Баланың аяғы жерге тимейді, олардан ұзаған сайын табаны қызып, қимылы ширады. Көкірегіне қатталған зіл-батпан ойдың көбесі сөгіліп, сейіле бастағандай, өн бойы жепжеңіл. «Әуелі шешем іздейді, деп ойлады бала. Азанда тұрса Айжарықтың төсегі бос. Ойбай, Айжарық жоқ. Зар қағып бет алды жүгіре жөнелді. Іздейді. Мейлі. Бәрібір Бошқайдан артық ешкімді жақсы көрмейді ол. Әйтпесе бұрынғы, Гриша атайдың үйіне кетпейтін бе едік екеуміз. Саламат ағам... Сен іздейсің бе мені? Іздеп тауып алсаң ғой, ә?.. Көшетім... Кешір... Сені тастап шойын жолға қашқаныма өкпелеме. Сәлімбай атам маған сыйлаған қалта сағатты, ата-бабамның аманатын Бошқай картаға ұтқызбақ болды, мен қашып барамын. Қорықпа, Сәлімбай атам ешкімге тигізбейді, солай деп уәде берген. Сөз жоқ келемін, күт мені.» Бала қиялы шарқ ұрады. Ол отырған поезд үлкен қаланың біріне барып тоқтайды. Қаптаған адам, сапырылысқан түрлі-түрлі машиналар. Қай жағыңа қарама, балмұздақ... Әуелі мектепті тауып алады. Бірден директор ағайға кіру керек. «Айжарық Жанәбілов боламын, Бошқай және Қақа деген жаман адамнан қашып кеттім. Мені мектепке қабылдауыңызды өтінемін». Директор ағай арқасынан қағып, әрине, қабылдаймыз дейді. «Егер Бошқай қуып келсе, бермейсіңдер ме?» «Ол не істеді?» «Балдырған кемпірдің құнажынын ұрлады, менің сағатымды ата-бабамыздың аманатын картаға ұтқызбақ болды». «Солай ма? Ондай оңбағанды біз түрмеге қаматып тастаймыз». «Ура!» Даусының қалай шығып кеткенін байқамай қалды. Директор ағай екеуі ұзақ сөйлесті. «Сен осы кім болайын деп жүрсің Жанәбілов?» «Бағбан және архитектор. Орнында айналып тұратын зәулім үй саламын, алма ағашын өсіремін...» Бала адамын жиілете түсті. Бар жанымен тілеп келе жатқаны таң атпай шойын жолға жету. Артынан қуып келіп ұстап ала ма деп қорқады. Қасқыр да, ертегілерде айтылатын жын-шайтан да қаперінде жоқ, оның мына кең дүниедегі жалғыз қорқынышы Бошқай мен Қақа. Мотоциклдерімен қуып жетіп қазір ұстап алатын секілді. Тұла бойы мұздап сала берді. Жүрегі
өрекпіп аяғын жылдамдата басқан Айжарық ақ құба түнде жан ұшырып барады. Оның құртақандай жүрек тұсында ұрпақтан-ұрпаққа шын көңілмен ұсынылып, сеніп, аманат етілген ата-бабаның сағаты үздіксіз сырт-сырт соғып келеді...
Қаракөз бен Сарыағаш
Сарыағашқа тіл бітсе, айтар еді: “Мен оны ұзақ күттім” – деп…
* * * Түс ауып кеткен. Әйтсе де күннің ыстығы қайтпаған. Доңғалақтары саңғырлаған жалғыз атты арба ескі, елсіз мекенге таяп қалды. Көпжасар делбе тартты. - Амансың ба, Қаракөз? Жарықтық, армысың? Айнала төңірек жым-жылас. Көз алдына осынау алаңқайдағы үйлер, үлпілдеген самалмен судыр қағып тұратын талдар елестеді. Қазір ғой: “Ей, әлеумет, мына жерде ауыл болған, әлденеше ұрпақ көшіп, әлденеше ұрпақ өсіп-өнген”, - десең, сірә, ешкім сене қоймас. “Оу, сонда көшкен елдің жұрты қайда? Көшкен елдің жұртында тіршіліктің азды-көпті нышандары байқалмас па?” – дейді ғой. Көпжасар жабығып, бір түрлі төменшіктеп қалды. Ана тұс, мына тұстан ербиген қурайлар. “Батыр, мынау кіндік қаның тамған жер еді, қаз тұрғызған, қадам бастырған, қарныңды тойдырған осы топырақ, шөліңді қандырған Қаракөздің суы-тұғын, көзіңнен таса, көңіліңнен ұмыт қалды ма, қалай өзі? Олай болмаған күнде тым құрыса әлгі өздерің қолмен тіккен ағаштардың орнын көрсетші” дейтін секілді. Мұнан әрі кішкентай бала кезінде ауылдың үлкендері, қайдан алғандарын кім білсін, бір жақтан бес арба көшет алып келгені есіне түсті. Сонда түтін басына бір-бірден, қалғаны ауыл сыртындағы кең жазыққа тігіліп еді. кейін сол алма бағына айналды. Ал әр үйге берілген талшілікті қарттар балалардың қолына ұстатқан. “Күнәдан пәк солар қадасын, сондай бір ниет етелік, өсіпөнгенімізге жақсы болар” дескен. Өңкей шиборбай бір-бір көшетті Қаракөздің суының жағасына апарып қадады… Ағаштар Көпжасарлармен бірге, тіпті бұлардан тез өсті; айналасы аз уақытта көкке өрлеген көк талдар дүниенің сәнін кіргізіп, жыл сайын маңайын жас шыбықтарға толтырып қаулаған. Енді сол тал-шіліктің орны да білінбейді. Көшкен жұрт кескенін кесті, қалғандарын көлденең көк атты тамырымен қопарып әкетті. Оның үстіне Қаракөздің суы тартылып, топырақ астында қалған жарадар тамырлар жан шақыра алмай қурап қалған. Табалаңдар!.. Сендер не айтсаңдар да жарасады!.. Өзгені кім білсін, Көпжасар бәрін қабыл алады. Уақыты келер, уақыты келгенде адамдар
Қаракөзге оралады деп бұл өзін-өзі талай жылдар бекер алдапты. Оның арғыбергі жағында өзінің де, өзгенің де тірліктен қолы босамапты. Әр адамның көксегені – бәріне үлгеру. Әй, қайдам… Осы дүниеде атам заманнан бергі істелген шаруа жұқанаңа жұқ болмайтын сияқты, адамзат әлі дәнеңе бітірмегенге ұқсап тұрады. Енді мың жылдан кейінгілер де осы ойға келер. Япыр-ау, тіршілік жаратылғалы қашан, жұмыр басты пенде жаратылғалы қашан, сонда жұмыс неге азаймады, шаруа неге дөңгеленбейді деп дал болар. “Адамның жайы әлгіндей… Ақталғаным емес, адалым”, – деді Көпжасар күбірлеп. Қолы қалт еткенде Қаракөз жайында анаған да, мынаған да суыртпақтап сыр шертіп, бір қамқор қолдың керектігін айтқан. Амал не, балалар аузын аштырмайды. “Айдаладағы Қаракөз түгілі, орталықтың жыртығын бүтіндей алмай жатқанда, бүйректен сирақ шығарып, қызықсыз, - десті. – Қаракөзсіз болашақтың көсегесі көгермейді десеңіз, ертең шаруадан басыңыз босайды, сосын ерік өзіңізде, басына барып үй саласыз ба, арық қазасыз ба, қой демейді ешкім”. Олар мұны түсінеді, не түсінгісі келмеді. Көпжасар соңғысынан қорқатын. Қалай болған күнде де Көпжасар байыз таппады. Өн бойы қоңылтақсып, жанына жылу іздеді. Көрем деген рақаттың пұшпағына жетпеген пұшайман көңілдің сүлесоқ күйін кешті, дүние кіреукеленіп, кірбіңдене берді. Жатсатұрса көз алдынан атқылап ағатын Қаракөз кетпей қойған. Соның құрғап қалғанына тек мұның қара басы кінәлідей азаптанды. Осылай жүргенде биыл қыста пенсияға шықты. Обалы нешік, жұрттың қошеметі мен ықыласы аз болған жоқ. Тірлікте тепсе темір үзіп өткен адамға айтылар алғыс бұған да тиесілі екен. Азды-көпті өмірінде апайтөс азаматтың пешенесіне жазылғанның біразын атқарғанға ұқсайды. Өсіп-өнген ұрпақтың бүгінгі көл-көсір берекесін жасаған осылар болыпты. Ендігі жерде бейнеттен басы бос, астына төрт қабаттап көрпе төсеп, жанын бағу ғана қалған. Пейілге, ықыласқа разы, ат белінен түспеген, атан жыққан күндерін бағалап: “Қалған өміріңде балаларға жөн сілте, бағыт айт” деп отырса, қайырып айтар сөз қайсы, тізгінді ізіңді басып келе жатқандарға ұстат та, ендігі жерде солардың тілеуін тіле. Іштей бәрімен келіскен сияқты еді. Былай шыға әбден жады қылып алған тірлік қым-қуыт бейнетке қайта бейімдеп отырып алды. Қыс өтіп, қар кеткенше дегбір таба алмай, күрегін шыңдап, сүйменін ұштап, баяғыдан бері қораның артында жататын арбаның қорабына доңғалақ тауып салып әбігер-тін. Ең әуелі бұған ренжіген баласы болды. Айтқаны: жұрт күлмей ме, қолыңыз қышып бара жатса, айдаланың суын іздегенше, бес жылдан бері салынып бітпей жатқан үйіміздің шегесін қақсаңызшы… Әне, әйтпесе. Қаракөз бұл үшін айдала, соның суын кешіп, жағасында ойнағаны жадында да қалмаған. Ата-баба өскен, әкем бауыр көтерген жер деп қаперіне алса неғыл дейсің. “Ата-баба жүрген жер, тұрған жерді түгендей берсек, қай ұшығына жетеміз, кім қайда жүрмеген, қайда тұрмаған, қай жердің суын ішпеген?..” Ар жағын Көпжасар мандытып тыңдамады. Оқыды, тоқыды деп жүрген баласының жеткен жері әлгіндей.
Көпжасар айналасына қарап-қарап тұрып делбе қақты. Арба ескі жолмен құм-тасты шықырлатып, осы жапанда жалғыз тұрған Сарыағаштың жанына келді. Жарықтықтың жуандығына құшақ жетпейді. Анау жылдары көлеңкесіне үйірлі жылқы көлеңкелеп, үп еткен самал желмен жапырақтары сыбдырап тұратын. Енді анау төбесіндегі бұтақтары қурап, жартылай өлуге айналыпты. Сарыағаштың дәл қашаннан бері өсіп тұрғанын ешкім білмейтін. Үлкендер бұрын бұл өңір бұдан өзге ағаш атаулыдан ада болған, ес біліп, етек жапқалы көрген жалғыз талымыз осы десетін. Алдыңды алып жүрген ұрпақ осыған бас иіп, табынғанға ұқсайды, қай-қайсысы да оны киелі көріпті. Сарыағаштың ерекшелігі – бұтағын кессең көз жасындай шырын шығатын. Атадан балаға қалған: “Сарыағашқа қол тигізбе, Қаракөз бен Сарыағаш бірге жаратылған, оны тең сақта”, - деген өсиет. Екеуіне байланысты мынадай аңыз қалған… Онда да сай-сала көгорай шалғынға бөленіп, қырат-қыратта долана мәуеледі. Қай жағыңа бұрылсаң да уылжып жемістер пісіп тұрды. Қай жағыңа бұрылсаң да атқылап аққан бұлақтар мейіріңді қандырып, шапқылап бара жатты. Қаздар қаңқылдап, үйректер сұңқылдап, дүниенің базары күндізтүн тарқауды білмей думандататын. Содан күндердің күнінде адамдар арасынан жаулық шықты. Айқұш-ұйқыш ұшқан жебелер тисе аң-құсқа, тимесе ағаш-бұтақтарға кірш-кірш қадалып, жер мен көкті бебеу қақтырды. Мың-сан болат тұяқтар ары да бері жосылып қызғалдақты даланы еспе құмға айналдырды, бұлақ көздеріне топырақ толды, сулар тартылып, ну орманда өрт қаулады. Сөйтіп дүние бір өңкей топырақтың үйіндісіне айнала бастаған заман туды… Әлемге өң-түстен айрылған, тіршіліктен біржола түңілген әлеумет келді. Қарысып қалған жақтарын анда-санда зордың күшімен ашып, тілін икемге келтірсе, әзер-әзер естілетін жалғыз ауыз сөз – бір жұтым су. Кереге керіп, уық қадаған жерлерінің бәрінде су құрғап қала беретін зауалға тап болады, айнала тұттай жалаңаш, тербелген құрақ, сайраған құс, жүгірген аң зым-зия. Қу медиен төсінде ыстық аңызақ “өлім,өлім” деген зар-наланы үздіксіз аңыратады. Адамдар осы зауал туғалы бері, әлемнің төрт құбыласын тең басып, ұшы-қиырсыз жерді айналып шыққандай болған. Қайда барса да қарманар дәнеңе таппай, жол-жөнекей мың-сан пенде тәңірісінен бір жұтым су сұрап, жаратқанға қай қырынан жақпай қалғанын біле алмай, сай-сала, жыра-жықпылда жайрап қалды. Енді мынау жер бетінде тігерге тұяқ қалмауға айналған. Күн өртенген үстіне өртене түсті. - Япыр-ау, бұл қалай? Жазығымыз не еді, соншалықты азапқа салатын? - Тіршілік шынымен түгесілгені ме? Әлсіз дауыстар осы сөзді қайталап, қанталаған көздер көкті тінтіді. Жерге қарады. Сонда Жерге тіл бітті. - Ей, әлеумет, бұл тіршілікте не тәтті? – деп сұрапты. - Жан тәтті, - десіпті жұрт. – Жан тәтті, жаратқан Жер! - Жоқ, - депті даусы сыңқылдаған айдарлы бала, - дүниеде су тәтті. Маған бір жұтым су болса, өзге еш нәрсенің керегі жоқ. Анамның ақ сүтінен кейін ондай тәтті нәрсені мен көріп-білген емеспін.
- Баланікі дұрыс, - дейді Жер. – Су – менің ақ сүтім. Омырауым иіп тұрған шақта бойымда орман қаулады. Масайраған тіршілікті тербетіп, соның қуанышын тойлап жата бердім. Бірақ шырқымды бұзған өздерің. Жайқалған жасыл желегімді жұлып, қала берсе өртеп, омырауымды удай ашыттыңдар. Секем алып сескеніп, сүтім қайтты. Енді мүлде суалып кету қаупі төніп тұр, әлеумет. - О, жаратқан Жер, біздің күніміз не болады? - Оны басында ойлауларың керек еді. Шөпті таптап, бұта сындырып, құдыққа түкіріп тапқандарың қайсы? - Жаратқан Жер-ау, оның бәрі адамның несібесі емес пе? Шөпті жұлсақ, астымызға төседік, бұта сындырсақ, отқа жақтық. - Нәсіп - өздеріңе тиесілі ғана бөлік. Ал сендер дым қалдырмай тонадыңдар. Мен сендердің тіршілік етудегі жалғыз медеулерің едім. Соны ескермедіңдер, ойламадыңдар, жанымды жартылай өлі дүниеге айналдырдыңдар. - Соның азабын тартудай тарттық қой, мың сан адам қаны кеуіп, сая болар бұта таба алмай дүниеден көшті. Енді бізге су бер, жарықтық Жер! Тіршілікке істеген қиянатымызды ақтайық, сені көгорайға бөлейік. - Соған сене алмай тұрмын ғой. - Ант етелік, адам атымен ант етелік. - Жоғалтқанды оңай табу әділдік емес. Келер күндерге сабақ боларлық әрекетсіз ымыра жоқ. Су қайта оралсын десеңдер, сендердің барлық кінәларыңды арқалайтын адам керек. Ол өз еркімен, ақ ниетімен келетін болсын. Бір тәулік мұрсат беремін, ақылдасыңдар, - дейді. - Ол адам сонда не істейді… - Ол адам көрер барлық рақатты талақ етіп, күндіз-түні табанынан тозып, өз салмағындай топырақ арқалап жүреді. Тіршілікке, жерге жасалған қиянат үшін кезек-кезек келген ұрпақ оның бетіне түкіретін болады. Адамдар отырып қалды. Дүниеде бұдан асқан жаза бар ма? Өз салмағыңдай өлі топырақты арқалап жер кезуге көнерсің-ау, кез-келген жерде көлденең көк атты бетіңе түкірсе, дүниедегі қорлық сол емес пе? Дәл мұндай қарғысқа ұшыраған бұрын-соңды кім болған еді?.. Басқадай амал қайсы? Тығырықтан шығар саңылау көрінсе айтыңдаршы? Қиындықтың қандайынан болмасын жол тауып, амалын асырып аман қалатын адамзаттың күндердің күнінде ақылым да, қуатым да жетпейтін бөгетке кезігемін деп үш ұйықтаса түсіне кіріп пе? Арсы-күрсі тірлігінің жалына жабысқан күннен бері қолына іліккенннің тақымына қыл бұрау салып шыңғыртқан жеңімпаз адам енді кең дүниеден қарманар дәнеңе таппай, басын тауға да тасқа да ұрып отыр. Егер оған қазір тау құлатып, тас бұз десе, көзді ашып-жұмғанша дүниені тегістеп тастар еді, тек мынау бетке түкірту азабынан құтқара көріңдер. Ар-намыс дегеннің өзі кеудені тырмалап, қандай бір ойға жа жеңсік бермей барады. - О, жұрт, қайтеміз, қандай амал бар, - десті жан-жақтан шуласып. - Адамдардың барлық кінәсін, былғанған ар-ұятын арқалауға төзетін жан келіп пе еді жарық дүниеге?
Адам баласының қиялға бергісіз қаһармандығы, қажымас жігері, қайталанбас ерлігі жайында талай жыр шертілді, бірақ бәлен жерде бәлен сөйткен еді дейтіндей қорлық пен азапқа төзген жан жайлы ешкім есіне еш нәрсе түсіре алмады. Кеш батып, іңір түсті, түн ауып, таң бозарды, таң атып, күн сәске болды. Жермен мәмілесер уақыт таяп қалды. Жандарын шүберекке түйген адамдар жанталасқа түскен. Бір жағынан өмір, бір жағынан өлім телміріп, екі оттың ортасында безек қақты. Жердің айтқан кесіміне мақұл дерлік тәуекелі жетпейді. Қызыл-жасыл өмірдің әбден құнықтырып алған рақатына бола біреулер үшін өлі топырақ арқалап, кез-келгеннің қарғысына қалай көнеді. Жеме-жемге келгенде айтары – қиянатты ешкім де жалғыз жасаған жоқ, жалғыз адам даланың қай жусанын, таудың қай бұтасын тауысар, өртенген жер оймақтай, былғаған су бір ұрттам… Осы ой әрқайсысының жұлын-жүйкесін кеміріп жеп, тынысын тарылтқан. - Өлі топырақты біз арқалаймыз. Күллі дүниеден күдер үзіп, арман-үміттен ада, барлық қасиетінен жұрдай айрылған жұрт саңқ еткен дауысты естігенде бастарын көтерісіп алды. Алдарында қол ұстасып, бір айдарлы бала мен қарақат көзді қара қыз тұр еді. - Біз арқалаймыз өлі топырақты, - десті екеуі. - Оу, сендер кімсіңдер? - Топыраққа алғаш ағаш тұқымын сепкен бағбан атаның егіз ұл-қызымыз. Қуанған жұрт естен айрылып, даланы азан-қазан етті. - Оу, жарықтық Жер, оян, біз кесіміңді орындауға әзірміз, - деп шулады олар. – Күнәдан пәк екі періште өз еркімен, ақ ниетімен келіп тұр. Жер қозғалды: - Әбден ойландыңдар ма, кейін өкініп жүрмеймісің? – деп сұрады ол баладан. - Өкінбейміз. Егер адамдар баяғысынша бақытты өмір сүретін болса, өкінбейміз. - Бүкіл жұрттың кінәсін арқалап жүру азап қой?! - Мүлде жойылып кетудің жанында ол түк емес. - Қарындасыңды неге ерттің жаныңа? - Ол азап пен қорлықты менімен бөлісуге тиіс. Әкемізден қалған өсиет сондай. Жер теңселіп көпке дейін үнсіз тұрыпты. Бір кезде: - Уай, қос өрім! Күнәдан пәк періштелер, сендерден ғажап ұрпақ өрбитін еді, сендерден өрбіген ұрпақ жарық әлемге жақсылық пен ізгіліктің ұрығын егіп, қойын-қолтығымды дүркіреген көк шалғынға бөлейтін еді. Сендер бұл дүниеге тіршіліктің қамын жеп, қадіріне жету үшін келіп едіңдер, амал не, ол мұраттарыңа жеткізбеді. Күнәсіз пәк қалыптарыңда азапты іске бел буып тұрсыңдар. Екеуің тең періште едің. Бәлкім, мынау дүниеден қаймағы бұзылмаған қалпы кеткендерің дұрыс та шығар. Әйтсе де сендер өмір сүресіңдер. Тіршіліктен мүлде бөліп алуға дәтім бармайды. Бірің өсіп-өнудің
үлгісі ретінде ағашқа, бірің мәңгі ағыстың үлгісі ретінде суға айналыңдар, - деп ол соңғы сөзін айтты. Мына Сарыағаш – сол айдарлы бала, Қаракөз – сол қарақат көз қара қыз десетін айтушылар.
* * * Көпжасар ағаштың жанында телміріп ұзақ тұрды. Онымен сөйлескісі, мұңдасқысы келеді. - Амансың ба, Сарыағаш? - Қолың қалт еткенде ат басын бұра кетуші едің, көрмегелі көп болды, қайда жүрсің, Көпжасар? – дер еді егер Сарыағашқа тіл бітсе. - Баяғы қу бейнет қой мойын бұрғызбай қойған. - Сенің ақталғың келіп отыр-ау, ә? - О, не дегенің, Сарыағаш, қайтіп ақталам, ақтала алмаймын. - Қартайыпсың. Жүзіңді көлеңке торлапты. - Ғұмыр кештік емес пе? Ат белінен түспей еңбек еттік. - Ал менің қарындасым өліп қалған. Өзімнің де бұтақтарым қурап барады. - Қаракөз өлмейді, Сарыағаш, мен тірілтем оны, естимісің?
Көпжасар өз даусына өзі елең етіп айналаға қарады. Сол баяғы мүлгіген тыныштық. Күрсінді. Арбадан түсіп Қаракөздің табанына аяңдап барды. Арнасы – шөп-шалам. Жапырылып жатқан ескі қурайларды қолымен сырып еді, айрылып-айрылып қақырап кеткен аппақ жерді көрді. Суы қайтқалы қашан. Колхоздар бірігіп, Қаракөздің жұрты Қарасордың жазығына көшкенде бұл жерде жалғыз бағбан шалдың үйі ғана қалып еді. Шал бұлақтың суын төменгі қолаттағы алма бағына төрт-бес жыл бұрып жүрді де, көз жұмды. Содан бері Қаракөз жалғыз. Алқымын ашып, айналасын тазартып тұрмаған соң, қия беттің етегіндегі қайнардың көзі жылда қар мен жаңбыр суы ағызып әкелген құм-топырақ, шөп-шаламмен бітеліп, тартылып қалғанына да біраз уақыт. Айрылып-айрылып кеткен ақ тақырға Көпжасар ұзақ үңілді. Ауылдастарының: “Көпеке, ниет жақсы, бірақ сол Қаракөздің суы қайта шыға қоймас”, - деген сөзі құлағында. Не десе де бір кезде болған бұлақты мүлде құрып кетеді дегенге Көпжасар сенбейді. Осы тұрған бойы судың сылдырын естігендей халде; өзіне таныс мөлдір тас-топырақ қабаттарын сыналап тесіп шығып келе жатқандай болады. Көпжасардың кеудесін аяқ астынан қуаныш күмбірі кернеді. Көгорай көктемдей құлпырған көңілдегі сенім ұланғайыр-ау, Қаракөздің баяғысынша атқылап ағатынына ендігі жерде күмәні қалмағандай. Қарап жүріп күнді батырды. Тастан ошақ қалап, қурай жағып, ақ шәугімге шай қайнатып ішкен болды. Қаракөздің түні ерекше: айнала қара қоңыр да, ауыл орны болған алаңқай ақ тақыр. Сол аппақ дүние үстінде өлі тыныштық. Қойшыман марқұм: “Жер жаратылыстың әнін шертіп тұруға тиісті” – дейтұғын. Япыр-ау, қазір сол Қойшекеңдер шыға келіп: “Батыр,
баяғы мәуелеп өскен тал-дарақ қайда, Қашаған сазының жайқалған құрағы кәне, Қаракөздің суынан бір жұтым әперші” десе… Көпжасар құлағын Сарыағаш жаққа тосты. Шырылдаған торғайдың үні – мұндағы қазіргі тіршілік нышаны анау жартылай жалаңаш бұталардағы ұяларда ғана. Егер ол болмаса тіршіліктің тілі байланған ба дер едің. Өз ойынан Көпжасар қатты шошынды. “Сақтай көр, - деп күбірледі, - сақта әлгіндей мылқаулықтан”. Кеудесін кере дем алды: туған жердің ауасы жұп-жұмсақ, күллі қан тамырын аралап елітіп барады. Ғұмыры жапан далада өткендердің табиғатпен жаны бір-ау; береке бола ма, құрғақшылық келе ме, алдын ала сезеді, оларға айдың шалқалап туғаны да, Күннің қызарып батқаны да, жауар жауын да, түсер қар да тұнып тұрған шежіре. Осыдан келіп дала перзенті жаратылыстан тағдырын бөліп қарай алмайды. Баяғыдан нашарлап жатқан Қойшыман: “Күнің не болар екен, егініңді ұрлап, шөбіңді таптады-ау!” – деп ең соңғы сөзін Мықидың жотасына арнап дүниеден өткен екен. Былайғы жұрт күліп жүрді: “Өлгелі тұрып Мықидың егінінің, шөбінің қамын жегені несі? Ой, бұл адам дегенде пәтуа жоқ…” Қойшыманның әлгі мінезіне кезінде Көпжасар да түсінбеген, кейін сол мінез өз бойынан төбе көрсетпесін бе… Ғұмыр бойы шиырлаған жеріне көз салған сайын: “Біз кеткен соң, балалар қадірін білер ме екен тіршіліктің”, - деген сауал көкейінде тұрып алған. Тіршілік! Оны сақтап қалу жұмыр басты пендені отқа да, суға да салады. Жарық әлемде қайда барсаң да тақымдап қалмайтын қаскөйлік деген пәле бар. Сен еңсе көтерсең, ол етектен тартады, ғұмыр бойы сонымен теке тіресіп, тебісіп өтесің. Ақырында, өмір жанкешті әркеттер мен орны толмас өкініштердің бодауы болып шығады, оның бойында аңырап кеткен армандар, көл-көсір көз жасы, аузы алты қарыс азап-шер бар. Солар туралы ой сабақтаған Көпжасардың бұл дүниеде тапқаны мен жоғалтқаны аз емес едіау! ІІ
Қаракөздің көктемі айрықша әсем еді, әуелі айналасындағы бұйрат жоталардың қары еріп, қыс бойы қымтанып жатқан жусан астынан майда шөптер көктейтін. Сол-ақ екен, адамдардың бір-біріне қатынасы жиілейді, кетпен-күрек ұстаған қолдардың қимылы ширайды. Жарыла күліскендердің бейбіт үні мен әуелеп ұшқан құстар күн ұзын ауыл үстінде тірліктің тойын тойлап қиқулап жүріп алады. Қабағы жадырап, жылы ұшырап қараған күн көзінің шуағына ілесіп, қолдарына дүңгір ұстаған балалар тұнып ағып жатқан Қаракөзге қарай жүгіреді. Бұл жұрттың дәстүрі – қар еріп, жер құйқасы көрінісімен бала біткен Сарыағашқа Қаракөзден бір-бір дүңгіршек су әкеп құяды. Үлкендердің айтуынша, бұл ұрпақтың өсіп-өну және мәңгілік ағыс жөніндегі Жердің өсиетін ұмытпауы үшін керек. Өсіп-өну мәңгі ағыстан нәр алсын, ол нәрді кінәсіз періштелер берсін… Осы жұрттың айтқанына қарасаң, Қаракөз бен Сарыағашқа қарап өскен бала түптің түбінде жаман болмайды, елдің, жердің қамы деп отқа күйіп, суға түседі.
Қаракөздің басындағы айналасы жұп-жұмыр жусаны селдіреген Балатөбе – көктемде ауылдың ақсақалдары дөңгелене отырып, жердің тоңына кездік бойлатып, ертеңгі күннің несібесіне сәуегейлік жасайтын Жер. “Ау, сөйлесеңші!” – десіп бір-біріне көзбен ым қағысады; сол қарастың ар жағында сен білесің ғой, құдай берсе, биыл береке болмай ма деген сенім жылтылдайды. Анау тіс жармай қойса, әлгі от лып етіп сөніп, қолма-қол өлеусірейді; одан соң қос жанар төңірекке жылыстап дүние кезеді; қас қағымда жер мен көкті түгел тінтіп, одан жауап таппаған соң тізе қағыстырып отырғандарға қайыра тесіледі; жылы лебіз дәметкен баяғы кейіп. Енді қайтеді. Бұрнағы жылы, әйтеуір, ортақ құрсақ дегендей, қара талқан қапқа толмаса да, үш мезгіл тіске басар несібе әр үйден үзілген жоқ, былтыр қос уыс жарма бірнеше қоңсының үлесі болған күн туып, жұрт қыстан әзер шықты. Ал енді биылғы жағдай не болады? Әйтеуір, жердің тоңы жақсы. Топырақтың беті жіпсіп жатқанымен, кездік бойы тереңде мұздай тоң білінеді. Есі кіріп қалған балаларға дейін шалдардың аузын бағып тып-тыныш отыр. Қарынның аштығы ойын шіркінді ұмыттырып жібереді. Нанға тіс тиер күнді күткен көген көздер қазір мына жалбыр шапанды жарбиған шалдар қойындарынан бір-бір таба нанды қолдарына ұстата салардай қыбыр етпей телміреді. Осы көктемде он үшке толған Көпжасар бір уыс дәннің қадірін біліп болған. Үйінде астық ақпанның соңын ала-ақ түгесіліп, содан бері жарты қап жүгерінің илесең басы бірікпейтін ұнымен ілдалдалап отырған жайлары бар. - Береке болады… Балатөбенің үстіндегі тобыр осы кезді күтіп отырғандай кеуделерін кере дем алысып, бір-біріне соншалық мейірлері түсе қуана, әрі аяй қарады. Сосын әлгі сөзді айтқан Қойшыман шалға қарата қол жайып: “Аузыңа май, көсегең көгерсін, айтқаныңа жет”, - десіп, беттерін сипады. Дәл бір Қойшыман айтса, қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын сияқты. Осыдан кеу-кеу әңгіме басталды. Тойға жиналып, одан ет пен қымызға тойып алған адамша барлық дүниені ұмытып, шалдардың біраз өткенкеткеннен сөз сабақтап, одан айтылар әңгіме қалмаған соң, ақыр соңында құрғақшылық бәленбай жылда қайталанып келіп отыратынына, бай бір жұттық деген сөздің мәніне ойысты. Соны біле тұра күндердің күнінде жұт болып, малдан айрылсақ көргеніміз не болады демей қол қусырып жүре берген ата-бабамыз алаңғасар ма, не дегендей сөздер айтылды. Жер, суға қарағаннан кейінгі жерде жыланды үш кессең де кесірткедей қауқары қалатыны сияқты, қандай жұтта да үштің бірі тірі қалады екен. Жер жарықтықтың шапағатында шек жоқ көрінді. Сол болмаса құжынаған адамды, тау мен тасты, ағаш пен бұтаны не көтеріп тұрады? Ол түгілі, адам баласының күнәсін де арқалап келе жатқан сол. Одан шалдар Сарыағаш пен Қаракөздің аңызына ауысады. Ендігі жерде жұрттың назары Қойшыманда. Қос жанарының оты сөнбеген палуан денелі шал термелей жөнеледі: Ескіден қалған бір сөздің
Айтайын, жұртым, жобасын. Ілгері сонау заманда Ұмытып пенде тобасын, Қазанаттың үстінде, Екі бұты салақтап, Аш бөрідей жалақтап, Сүйегіне аң-құстың, Толтырды жыра-жықпалды. Тауда бұта қалмады, Көрінгенді көзіне Жайратып түгел жалмады. Тіршіліктен әл кетті, Қара жерден сән кетті. Ақыр заман анталап, Аңырап ажал әндетті. Солып қалды құрақтар, Суалып қалды бұлақтар, Кенезесі кепкен жұрт Дүние кезді зар илеп, Жер таба алмай тұрақтар… Бұдан арғысы аңыз желісі бойынша өріледі. Шалдар осы бір жырды мыңсан рет естіп жүрсе де, әр тыңдаған сайын онымен жаңадан жолығысқандай кірпік қақпай Қойшыманның аузына еміне түсетін. …Ойлап сайдың құрағын, Тауда тастың қынасын, Жер бетіндегі пенденің, Арқалап барлық кінәсін, Қалмасын деп дүние Қаңырап бекер жалаңаш, Бәріне көнген қос өрім – Қаракөз бенен Сарыағаш. Осыны жұртым біл сана, Құлақ сал үлкен, кішің де, Айдарлы бала, қара қыз Ағаш пенен суға айналған Адам ата баласы, Жойылып кетпес үшін де… Жыр аяқталысымен, шалдар көпке дейін өзді-өзі терең ойған кетіп, тіл қатыспай талай уақыт отырады; қай-қайсының жүзінде де жан қиналысының іздері сайрап жатады; өкінген, әлденеге көңілі толмаған, тіпті ұятына өртеніп, азап шеккен сыңай танылады. Ақыры, бірі сөз суыртпақтайды. Әсілі, бұ дүниені ұстап тұрған құдырет – адамның абай болу қасиеті шығар-ау. Со шіркін ұмытылған күні, азап та алқымнан алар. Оу, заманнан заман арқа еті арша, борбай еті борша болып, ат тұяғын тоздырған адамның іздегені немене еді; көрпенің ұзарып көсегенің көгергені ме? Көрпенің ұзарып, көсегенің
көгергенін көксеген жұмыр басты пенде алдымен: “О, тәңірім, мені өсіпөнсін, өнегелі өмір кешсін десең, он екі мүшемнің кез-келгенін алсаң да, тіршілікке жауапсыз қыла көрме” демей ме?.. Суыртпақтаған сөзді келесі бір шал жалғап әкетеді. Жарға жығып келе жатқан пәлекеттің аты жауапсыздық екенін кей адам, шіркін, білмейді деу, оллаһи, күнә. Сөйте тұра… Бұл Қаракөз жұртының әр көктемінің әңгімесі еді. Әр көктем сайын жұрт кетпен-күрегін сайламас бұрын Қаракөз бен Сарыағаштың жырын шертіп, әлгіндей шер қозғайтын. Бірақ сол жауапсыздық атты дерттің кейбір адамды не себептен өкшелеп қалмайтынын ешкім айтып бере алмайтын. Оның жауабын іздеу келесі көктемге қалатын еді. Осылай талай көктеммен бірге талай ұрпақ өткен… Олар да: “Атаңа нәлет немқұрайдылық пен жауапсыздық енді мың жылдан кейін де талайды жылатар, обал-сауапты ойламас!” деп күңіренген. Балатөбенің үстіндегілер осындай уәжбен үйді-үйіне тарасты.
Наурыздың екі жаңасы болмай сай-саланың қары еріп, Қаракөздің жұрты ұста дүкенінің алдында сайманын сайлап жатқанда, Әйтеке бұрын-соңды көрмеген доңғалақты трактор айдап келді. Оның соқа сүйреп, жер жыртатынын естігенде, қуанбаған жан жоқ. Биыл жердің сексеуіл шоғындай дүркірей жөнелуге дайын кезінде бұл да болса айтарлықтай жетістік еді. Жұрттың айтатыны – балалардың несібесі. Аштық шіркін жанды қанша қажап тұралатса да, көздің қарашығындай сақтап отырған тұқым бар, тек соны сеуіп үлгерсін. Ар жағы немене… көк жуамен жан шақырса да күзге жетеді. Жотаға әне шығамыз, міне шығамыз десіп жинала бастағанда, ауданнан өкіл келіп, белсенділерді үйді-үйге шаптырып, жұртты жиып алды. Айтқаны: “Ақбел-Сеңгірдіден су бөгені құрылысы салынып жатыр, соған адам күші керек. Қаракөзден жиырма жігіт барады. - Оу, өкіл, бұл қалай? Қардың еріп, күннің қызып келе жатқаны мынау, тұқым себеміз дескен жұртта дегбір жоқ, ендігі жерде атандай жиырма азаматымызды алып кеткендегі күніміз не болады? Күрек пен жер аударуға қатын-баланы саламыз ба? Салғанда не бітіреді, - деп Жайлаубай бригадир шықты. - Бөген құрылысына барлық жерден адам жіберіліп жатыр. Ол – аса маңызды шаруа, жұрттың қамы, - деді өкіл. – Тұқым себуге келсек, биыл оның жүгі жеңілдегелі отырған жоқ па, ауылдарыңызға трактор бөлінді ғой. - Тірәктіріңді қайдам-ау. - “Ұра берсе, өгіз де өледі” деп… Бір күні оның тоңқалаң асса қайтеміз. - Тынышталыңдар, ау, не болған сонша дабырлап?! – Колхоздың бастығы Жанбота орнынан көтерілді. – Бей-берекет шуламай… Бөген салуға кімді жібереміз, соны ақылдасалық та. Тізім жасайық. Жөн білетін кісі сөйлесе, ұзынды күнді кеш қылмай ымыраға келе қоятын жұрт: - Анау Амандық, Жұбаныш Қынияттан баста, - десті.
- Ой, бұларың не? – Жанботаның көзі ежірейіп кетті. - Өңкей жалқау каналда не бітіреді? Ұятқа қалдырмайтындарды атасаңдаршы былай. Бүйірден Жайлаубай қосылды: - Өңкей жалқаумен өзіміз не бітіреміз? Өкіметтің жоспары бізде де бар. О, несі?! Маған десеңдер түгел көшіңдер. – Ол қолына ұстап тұрған тымағын басына киіп алды. - Әй, Қыният, сен бері кел!.. Кимелеп… Өй, бәтуасыз! Бригадирдің өз дегені болмаса қитыға қалатын мінезіне кәнігі жұрт жабыла күліп жатыр. - Жә, азаматтарымыз кетсе, құдайға шүкір, тұяқсыз емес. Арттарында әжетке жарап қалған балалары бар, - деді Жанбота. - Бәрекелді… - Ойбай, бұ күшіктер мойындары сорайып өсіп қалды ғой, түбінде осылардан көрерміз рақатты. Жұрт екі күннен кейін жиырма азаматты жолға шығарып салды. Ішінде Көпжасардың да әкесі бар. Дорбасын арқасына таңып жатып: - Он үште отау иесі деген, қатардан қалмай елдің тірлігіне қосыл, қабырғаң қатады, - деді баласына, - ақыры істейтін шаруа, бейімдел. Ауыл адамдары соқа, тырмаларын сүйреп, кәрі-жасы, қатын-қалашы демей барын киіп, артығын бөктеріп, жотаға қарай шұбағанда, соңында мойны ырғайдай болып Көпжасар да бара жатты. Жұмыс биыл бастан асады. Бұрын Абдыратастың айналасы мен Мықи жотасына ғана егін салынса, енді арыдан – Жайдақбел, Тентек; беріден – Қызылқайнар қосылып отыр. Жер жыртушылар үшке бөлінді. Күрек ұстауға жарайтын еркек-әйел Абдыратасқа, өгіз тартатын соқалар – Мықиға, Әйтеке тракторымен Жайдақбелге барып түсті. Естияр баланың біразы тұқым себетін шалдарға қосылған. Көпжасар мен Үйсінбай да осы сапта. Үйсінбайдың Көпжасардан бір жас үлкендігі бар, арық, қатқан қара бала. Әке-шешеден жастай жетім қалған. Әкесінің немере ағасының үйінде өсті. Жеңгесі өмірі күлмейтін әрі пұшпағы қанамаған адам еді. Үйсінбайға көресіні көрсеткен – сол. Тамағы аш, киімі жыртық бала жаз болса жаз, қыс болса қыс, қабағы ашық, қайырымы мол үйлерді сағалайды. Жұрт деген қам көңіл, әсіресе жетімнің обал-сауабы дегенде шығарға жаны басқа. Талай жетімді талай ажалдан алып қалып жүрген жұрттың сол қасиеті. Қаракөздіктер: “Қайырымдылық келешек үшін керек, өсіп-өнуге жақсы”, - десетін. Олардың айтатыны: жаулық ойлаған жанға да жамандық жасама. Мейлі, ол ит болып кетсе де қасақыға жасадым деген қиянатың түптің түбінде өзіңнің, болмаса үрім-бұтағыңның алдынан шығады. Өзгеге істедім деген жамандығың - өзіңе істелген қиянат, жұмыр басты пенденің, әйтеуір, қайырымды, қамқоршы болғаны ләзім. Қара басыңның рақат-қызығы, уақыты жетсе, қардай еріп, таптырмай кететін пәтуасыз алдамшы нәрсе. Ол сені бұйдалы тайлақтай көк-жасыл әлемнің арасынан жетелеп жүріп, әбден басың айналғанда бұдыры жоқ қу медиенге шығарып тастайды. Сондайда маңдайыңды сүйер, аузыңа су тамызар жан таппайсың. Тіршілік – бес саусақтың бірлігі. Жалғыз еместігіңді, кісі баласына тиісті несібеге өзгенің де үлесі барлығын ойлап, дәннің жартысын жаныңдағыға ұсынсаң, сенің мына
дүниеге жасаған жақсылығың да сол. Қаракөз жұрты айтатын мәміле – осытұғын. Бала біткен ел санатына қосылып, шаруаның бір жағына тирек болғандарына мәз. Қара бұйра топыраққа бақайларына дейін батып, мойындарына ілген дорбаларынан тұқымды уыстап алып, сеуіп келіп отырады. Құлақтары жандарындағы Қойшыман шалда. Даусы босаған буыныңды бекітіп демей түседі. Еститінің – жарық дүниедегі жақсылықтың барлығын жаратқан жер. Бірақ сол құдіреттің өзіне де қамқорлық керек. Жердің сүйеніші, табынар тәңірісі – бізбіз. Адамдар қара топырақты желге ұшырмай, өсімдік атаулыны қуратпай қорғап сақтайды. Өлсек сүйегіміз топыраққа айналып, жатқан орнымыздан көк шалғын өсіп шығады. Тіршіліктің мәңгілік болатыны – адам мен жердің бітім бірлігінде. Біз, міне, топырақ қопсытып, тұқым сеуіп жатырмыз. Ертең бұл жерде сары масақ тұрады бұралып. Таба-таба қызыл күрең нан… Жүре-жүре шоқайларына топырақ жабысып, аяқтары зіл батпан жүкке айналып, әбден діңкелеген балалар нан дегенде сілекейлері шұбырып, жылап жібере жаздайды. Қарнының тойғаны – бала үшін де, кәрі үшін де арман. Қай-қайсысының да көз алдында иісі аңқып күрең нан тұрады. Қостан ішкен тамаққа құрсақ жарып жүр деймісің. Қыпығы көп арпаның талқанында қуат жоқ, сәл қимылдасаң ішің бұралып, ар жағың азынап қоя береді. Аштық – азап. Шұрылдаған қарын қамын ойласаң, көз алдыңнан бәрі жым-жылас жоғалып, көкейіңде бір шайнам нан көлденең тұрып алады. Ал енді азаптың үлкені – бір үзім нанға зар болып келе жатқаныңда мойныңа дорбамен бидай іліп қою… Сәт сайын қып-қызыл дән уысыңда. Сол мезет әлгіні асап жіберіп, қатыр-күтір шайнағың, тамсана жұтқың, мойнындағы дорбаны бойтұмардай кеудеңе басқан күйі ешкім көрмейтін әлдеқайда безіп жөнелгің келеді. Әттең, өйте алмайсың. “Тұқым бидайға қол салғандарың - өздеріңе өздерің жасаған қастандықпен пара-пар” – деген Қойшыман шалдың сөзі көкейде. “Төзу керек, - деп ойлайды Көпжасар Қойшыманның сөзін іштей қайталап. – Адам жеңбейтін азап жоқ. Сол азаптан басыңды ала қашқан күні тіршілік түгесіледі...” - Кейде мен де уысымдағы тұқымды аузыма апарып-апарып қайтамын. Жеп қоя жаздаймын, - деді жанында қатар жүрген Үйсінбей Көпжасарға. – Білесің бе, егер менен құдай не тілегің болса да орындаймын десе?.. - Көп-көп бидай сұрайсың ба? - Жоқ. - Аяғыңа етік сұрайсың ғой. - Таппадың. Нысап сұраймын. Апам құдай адамға алдымен нысап берсін, сонда ол күнәһар болмайды, барды қанағат етеді, қанағат қарын тойғызады дейтін. Көпжасар ойланып қалды. Мына сөздің байыбына жете түсінбесе де, үлкендердің жайдай-жай айтпасын біледі. Қанағат – қай үйдің де отбасы, – ошақ қасын үйірсектеп жүретін әр адамның ертелі-кеш айтып отыратын медеуі. Есі кіргеннен оны Көпжасар да ұғып келеді.
- Қар қалың түсті ғой. Былтырғыдай құрғақшылық болмайды, - дейді Үйсінбай. – Енді қарнымыз қабысып жүрмейміз. – Ол ыржиып күліп қояды. – Күзге қарай астықты жинап алған соң, аяғыма етік тіктіріп аламын. Үйсінбайдың басты арманы – ат тұғын. Содан асатын жер бетінде түлік жоқ дер еді; судың тұнығын ішеді, шөптің тазасын жейді, көрер көзге жүзіктің көзінен өткендей көркем; есті десең – есті, жүйткігенде жел жете ме? Астында аты болса дүниенің төрт құбыласын түгел аралап, оларға Қаракөздің жұрты туралы айтып берер еді. Олар қосқа айды батырып бірақ оралады. Өздерін алып кетуге келе жатқан арбалардың салдыр-гүлдірін естігенде, балалар: “Арба келе жатыр, арба келе жатыр”, - десіп айқайлай жіберетін. Қос дегенің Мажыра сайындағы жұлым-жұлым киіз үй ғана. Екі мезгіл болса – бидайдың, болмаса – арпаның бір уыс талқанын қайнаған қара суға араластырып ішіп, жүрек жалғайтын егіншілер кешкісін қара көже ішеді. Қара көже ішкен жұрттың бәрі көңілді. Қасық батпайтын ыстық көже қуаты сарқылып біткелі тұрған бойға әл береді. Жұрттың қабағы жадырап, қауқылдаса бастағанда, Қойшыман шал сөз алады. Сондағысы: “Алланың мұнысына да шүкір деңдер. Ел болып, еңсе көтеріп жатырмыз. Аз күнгі қиындық дегенің не, тәйірі, бәрінен бұрын мына жерді иеленгеніміз, енді соған жан-жағыңа жалтақтамай өзің үшін күрек салғаныңды айт. Күні кеше осы Мажыра – Ыспанбайдың, Қызылқайнар – Сағынайдың иелігіндегі жер еді. Қайсың батып бір сабақ шөп алдың сонда. Алмақ түгілі, даусыңды шығарып сөйлеуге батылың жетті ме? Енді жер өзіңдікі… Қара халықтың да жарылқаушысы, жоғын жоқтап, жыртығын бүтіндеушісі бар екен. Кеңес деген ел болдың, теңдікке қолың жетті, басыңа еркіндік тиді”. Әңгіменің ұзын сүресі – адамды адам етер, барлық арман-мұратына жеткізер құдырет – еркіндік. Бұл бірақ қым-қуыт күндердің тартыс-таласы мен жанкешті бейнетінен басты босатып алу деген сөз емес. Қайта сол еркіндігіңіз – тірлікке енді алаңсыз араласып, бар күш-қуатыңды, қадірқасиетіңді танытар, сарқып берер мүмкіндік. Баяғыдай біреудің аузын бағып, ымымен ығып тұрмайсың, ойыңа да, әрекетіңе де бостандық, көкейіндегіні іркілмей айт, көңіліңе жаққан жеріңе егін салып, мал жай. Бұрын-соңды болмаған, ата-бабаң көре алмай кеткен осынау рақат сенің пешенеңе жазылған екен, ағайын, жатсаң да, тұрсаң да басыңа қонған бақытты қорға. Абыройыңа дақ түсірме. Ол үшін көп нәрсе керек те емес. Жалғыз-ақ жерді иелен, балаларыңның балаларына қалдырар мұраң – сол. Балаларыңның балаларына қалдырар өнегең – топырақ қопсытып, дән себу… - Жөн-ақ қой! – деседі жұрт серпіліп. - Өзімізбен өңгеріп ештеңені алып кетпейміз. Бәрі артымызда қалады. Келе жатқан ұрпақ қалай тірлік еткеніңді соған қарап біледі. - Қойшыман аға, домбыра алсаңызшы, - деген тілек айтылады. - Жыр таңдалдық, ақсақал, - дейді жұрт. Шал қолдан шапқан қаса домбырасын алды. Ірі саусақтары шапшаң қозғалып, қос ішектің өн бойымен жорғалап өтті. Киіз үйдің іші толған адам.
Сыймағандары сыртта, керегеге сүйеніп құлақтарын тосады. Ортада жыпылық қағып, білтесінен түтін шыққан май шам. Домбыра күмбір-күмбір етті… Жаратылғалы бері қазақ деген халықтың қадір-қасиетін, қуаныш-қайғысын, ой-арманын, қиялын шанағына сыйғызып, шежіре сыр етіп шертіп келе жатқан, қаз даусы әлемді сүттей ұйытатын, бірде шаттыққа бөлеп, бірде күрсіндіретін, құс болып сайрар, су болып сылдырар, тұлпар болып дүрсілдер, тіршіліктің асқақтығын айтып айызды қандыратын қайран қара домбыра қас қағым сәтте бәрін ұмыттырып, жұртты өзіне ғана еміндіріп алған. - Ау…у…у… - Қойшыманның қарлығыңқы қоңыр үні түн түнегін түре жөнеледі. Төлеш ақын айтты деген Қаракөз бен Сарыағаштың жыры кеті әуелеп. Күллі тіршілік сілтідей ұйып соны тыңдап қалған. Сайраған құс, шырылдаған шыбын-шіркей, қостың алдынан желіп өтіп жататын Мажыра өзенінің сылдыры да естілмейді. Әсілі, қазір барлығы қара шал мен қара шанақтың жанды жеген зарлы даусын қыбыр етпестен тыңдап, дымдарын шығармай қосыла еңіреп отырған сияқты. Ашық түндіктен жабыла сығалаған жұлдыздар да өлеусіреп сөнуге айналғандай, қазір тым алыстан үңіледі. Тыңдаушы жұрттың бет әлпеттері қуарып, танаулары қусырылып, үңірейген көздерін қара шанақтан алмай, тамыры білеу-білеу қолдарымен тізелерін сығымдай түседі. …Құлақ сал үлкен-кішің де, Айдарлы бала, Қара қыз Ағаш пен суға айналған, Адам ата баласы Жойылып кетпес үшін де… - Өлмей, өшпей келе жатқанымыз әлгі Айдарлы бала, Қара қыз секілді адал сүт емген жандардың арқасы екен де, - деді босаға жақтан біреу. - Тіршілік сөнбесін деп күллі адамның күнәсін арқалау кімнің қолынан келеді? Япыр-ау, мұндай қаһармандық кімнің қолынан келеді?!. Жұрт өздерінің мың жасай алмайтынына өкінетіндей күрсінеді; мың жасаса табиғатқа қиянат етпейтіндей сенімде. Көпжасар мен Үйсінбай шеттегі күрке ішінде екеуі қойындасып жатыр. Түн ауған соң ауа едәуір салқындап кетеді. Ескі көбентайды басына тұмшалап алған екі бала демдеріне жылынып, күбір-сыбыр. - Біз болсақ қайтер едік? – дейді Үйсінбай. - Нені айтасың? - Барлық адамның күнәсін арқалап, басымызды құрбандыққа шалар ма едік? - Білмеймін. - Бірақ қазір жаман адамдар жоқ қой. Бәрі құрыды емес пе? - Көрешкіліде Сағынбай байдың баласы Берді жүр деседі ғой… - Иә саған, бандылар баяғыда құрыған. Аспаз әйелдердің бірі басын көтеріп алды. - Әй, сендердікі не қылған күңкіл-сүңкіл. Таң атқан соң көздеріңді аша алмай жатпақсыңдар ғой ыңырсып. Ұйықтаңдар, кәне, - деп ұрысып жатыр. –
Көз шырымын алайық та, бәленбай адамға диірмен тарту оңай ғой дейсіңдер ме, ой, көкшешектер… Азанда: - Кәне, тұрыңдар, түнімен күбірлесіп, қарашы бұларды, тұрыңдар, - деген аспаз әйелдердің даусынан екеуі көздерін әрең ашады. – Болыңдар енді, жұрт баяғыда қыбырлап жатыр. Көздерін тырнап ашқан балалар әйелдер бөліске апаратын тегештегі талқанға тамсана тесіле қарады. Аспаздардың иектері кемсеңдеді. - Әдіра қалсын, мә, жеңдер, жұртқа қалғаны да жетеді. Балалар бастарын шайқады. - Елмен бірге жейміз. Аспаздар аң-таң. Күркеден шығып бара жатқан балалардың артынан бастарын шайқап, көздеріне жас алды.
* * * Жанбота бастық жиналыс ашты. Шолақ қолының жеңін белдігіне қыстырып алып, сау қолын сермеп сөйлеп тұр. Қойшыман шалдың айтуынша, Жанботаның көрмегені жоқ. Кеңес өкіметі орнамай тұрғанда, бес қызыл қозыға жалданып Сағынбайдың қойын бағады. Бес қызыл қозының мәнісі – жалшылар әлі тумаған қойдың ішіндегі қозыға жалданады екен. Сөйтіп жүргенде Жалаңаш болысына оқуға бала беру салығы түсіп, соның ішінде бір бала Қаракөз аулының үлесіне тиеді. Жұрт жиылып бес баласы бар Жанботаның әкесіне келген. Енді қайтсін. Біреу жалғызын қимайды, біреудің бары – бір-екі бала. “Көпсінгеніміз емес, берсе саған құдай берген шығар, ел болып бір балаңа қолқа сала келдік. Жыл сайынғы бес қозысын өзіміз төлеп тұралық”, - деп қолдарын жайып, баталарын беріп отырып алған соң, түйеші шал ішіндегі еті тірісі осы еді-ау деп Жанботаны жолға шығарып салған. Жанбота Россия жақтан хат танып, елге он тоғызыншы жылы большевик болып бір-ақ оралды. Содан бері ат белінде. Артель құрды, колхоз ұйымдастырды, кеше банды шығып, елге қырғидай тигенде, солармен шайқасты. Бандылар Телқозының шыңында мұны қолға түсіріп, бір қолын шауып тастап, атқа таңып жібергенде көрші ауылдағы орыстар тауып алып, ем-домын жасап, жаны әзер қалған. Көпжасар Жанботаға жақын тұр. Ананың айтқаны: жұмыс ұзаққа созылып кетті, күннің қызып бара жатқаны мынау, Қызылқайнарда жыртылатын әлі ұшан-теңіз жер бар мына қалыппен өкіметтің алдында ұятқа қаламыз. - Тырысып-ақ жатырмыз ғой. Қатын-қалашқа дейін ай батқанша тырбаңдайды, енді қайт дейсің. Бәрі сол жиырма азаматымыздың жоқтығы, - деді ол. – Оның үстіне егісің былтырғыдан екі есе көбейді. - Көбейсе, биыл трактор бар, - деді Жанбота Әйтекеге. – Сен осы жылдамдатсаңшы, батыр. - Аянып жүр дейсің бе, тіпті түнде де жыртар едім, көз алдым көрінбейді, - деді Әйтеке.
- Қаратемірді өзі жүретін ғып жасаған адам жарығын неге ойламады екен, - деп жатты біреу. - Қызылқайнардың жерін күндіз-түні жыртпай бәрібір болмайды, - деді Жанбота. – Бір амалын ойласалық. Жұрттың тапқан амалы – қолға шам ұстап, тракторға жол көрсетіп отыру. Ол жұмысты кезектесіп балалар атқарсын деген ұйғарым жасалды. Жайлаубай бригадир бір жақтан бес-алты шам тауып келді. - Ал, айналайындар, - деген ол балаларға, - тағы өздеріңе қарап отырмыз. Амалдың жоқтығы… Қырқына шыдағанда қырық біріне де төзесіңдер, әйтеуір, ұятқа қалдырмаңдар, бала деп жүрміз ғой, қайдағы бала. Сендерге таяныш, сүйеніш болып отырған ер-азамат емессіңдер ме?.. Әр түн сайын трактордың алдында екі баладан жүгіріп отырады. Көпжасар мен Үйсінбайдың кезегі бір. - Келдіңдер ме? – дейді үсті-басы шаңнан көрінбей Әйтеке. – Қазір бастаймыз, мен темекі тартып алайын. Әйтеке – батыр тұлғалы, қабағы ашық, жөнсіз сөйлемейтін жігіт. Есі кіргеннен байларда жалшылықта жүрген. Былтыр күзде трактор айдайтын оқуға адам керек дегенде суырылып шыққан осы Әйтеке болды. - Аға, трактор айдаған қиын ба? – дейді балалар. - Түк те қиын емес. Мына жерді жыртып бітіріп алайықшы, сосын шетіңнен үйретем. - Шын ба, аға? - Шын емей… ертең мен қартайғанда кім айдайды мұны? Әйтеке шылымын тез-тез тартады. - Ал, бауырларым, тұралық, - дейді бұлардың арқасынан қағып. – Кәне… Балалардың бірі аспа шамды қолға ұстап трактордың алдына түсе береді. Бұған дейін көргендері азап па, оның жынанда мұнау нағыз қиямет. Тап желкеңде әне басам, міне басам дегендей, өкшелеп трактор келе жатады, өкпең өшіп, демің түгесіліп жыртылар жерді айнала жортып сен бара жатасың. Ең бастысы – ара қашықтықты сақта. Ұзап кетсең – трактор ізден шығады, шабандасаң – тіс-тіс темір доңғалақтың астында қаласың. Қызылқайнардың жері ойлы-қырлы. Алқап үлкен. Жаңа аударып кеткен топырақты жағалап жүгіре-жүгіре әуелі демалысың жиілейді: өкпең кеудеңе сыймай аласұрып ауа жұтуға әзер үлгересің. Бірте-бірте аяғың да ауырлай түседі. Шоқайыңа қорғасын құйып қойғандай зіл батпан жүкке айналады. Жер-дүние кедір-бұдыр болып кеткен секілді, аяғың тиегн жердің бәрі жайсыз, енді қазір сүрініп кетіп, доңғалақтың астында қалатын сияқтысың. Өкпеңнің өшіп, сирағыңның сырқырағанына үрей қосылған соң берекең мүлде қашады. Нағыз жанталас кезінде қолыңдағы шамды тастай салып, қапталыңдағы қоп-қою қараңғылыққа сіңіп кеткің келеді. Бірақ бұл сәттік қана әлсіздік. Сен үрейге емес, елдің ертеңгі ырыс-берекесіне жол көрсетіп келе жатқаныңды білесің. Сол есіңе түскенде, тынысың кеңіп, бойың жеңілдей түседі. Айналаң ұзарған сайын бұрын беймәлім сезімдер алма-кезек алға шығып отырар еді. Қазір құлаймын, қазір доңғалақтың астында қаламын деген
үрейден “сен ер-азаматсың, сен жұрттың таяныш-сүйенішісің” деген жан жаңғырығы құтқарып әкетеді. Өз айналымын аман-есен тракторды тоқтатпай жүгіріп өту – Көпжасар үшін бақыт. Шамды Үйсінбайға ұстата салып қара барқыт топыраққа сұлай кетеді. Со бойы барлығын ұмытып, ұйқтап кетуге бейім. Әттең, үйте алмайды. Екі көзі тыр-тыр еткен трактордың алдында дедектеп бара жатқан Үйсінбайда. Соның өз межесін жығылмай-сүрінбей айналып өткенін тілейді. Балалардың сілесі әбден қатты-ау дегенде, Әйтеке тоқтайды. Сұлап-сұлап жатқан балаларға көз қиығын салып күрсінеді сосын. - Діңкеледіңдер, тамтықтарың қалмады, - дейді ол. – Алдымда шам ұстап жүгіріп бара жатып, аяқтарың енді-енді шалынысуға қалғанда, екі қолымды төбеме қойып далаға безіп кеткім келеді. Шыдайық, бауырларым. Аз күнде бір шетімізден күрекшілер келіп түседі, жабылған соң қоймаймыз. Бір уақ Әйтеке сонау-сонау алыстарға қарап отырып армандар еді. Екі балаға оны тыңдап отырудың өзі бір рақат. Өздері де сансыз қиялдарға беріліп, ғажайып күй кешіп жатады. Көпжасардың ойы – тезірек өссе, Әйтеке құсап бір тракторға мініп ап, егін өсетін жердің топырағын жалғыз аударса… Жайқалған сары масақты аралап жүрген, қызыл маржан дәнді сапырып тұрған қандай. Одан оқыса… Жанбота бастық мектеп ашамыз, ұл-қызымыз оқиды демеді ме? Әйтеке айтатын армандардың бірі… Амандық болса, Қаракөздің күншығыс жағындағы Балатөбенің тура үстіне қоржын там салады. Үйдің биікте, көзге түсіп тұрғаны жақсы. Келген-келген адамға жұрт: “Е, ол Әйтекенің – Қаракөздегі тұңғыш трәктіршінің үйі ғой”, - деседі. Сол үйге томпаңдап кіріп-шығып жүрген, әрине, Әйтекенің балалары. Өседі, өсісімен олар әкесі құсап бас-басына трактор айдайды. Іркіс-тіркіс жотаға қарай тырнадай тізіліп бара жатқан тракторларға қарап тұрғандар: “Е, бұлар Әйтекенің балалары ғой” деп жатады. Үйсінбайда сұрақ көп. - Көрешкіліде банды бар, іштерінде Сағынбайдың баласы Берді жүр дегенді сіз естідіңіз бе? - Сондай бір қауесет бар, айтыла салған сөз болуы да мүмкін. Банды түгел құрығанда, бұлар қайдан пайда болды? Сірә, сол айтыла салған сөз шығар. - Бердіні сіз білесіз бе, аға? - Е, білмей, екеуміз жастымыз. Кәмпескеленіп, жер ауып бара жатқандарында: “Әлі оралам, әлі бәріңнің қаныңды ішемін”, - деп, төменгі ауылға дейін кеудесін тырналағанын көзіміз көрді. Өзі де көкбет, ұр да жық еді. Баяғыда Қызылқайнардың жеріне Ақмади дегеннің қозы-лағы түсіп кетіп, оны Берді көріп қойып, ат бауырына алып сабап, құдай көрсетпесін, әлгі шалдың бір көзі ағып түсіп, жаны әзер қалған. Қызылқайнарды адам түгілі жүгірген аңнан қызғанатын. - Сол Қызылқайнар енді біздікі ғой. - Әрине, біздікі. Қой жаямыз ба, жоқ, егін егеміз бе, ешкімнің шаруасы жоқ. Берді түгілі әкесі келсін, пысқырмаймыз.
Қолдарына шам алып түнде трактордың алдына жарық түсіріп отыруға келесі кезектері келгенше, Көпжасар мен Үйсінбай шалдарға тұқым себісіп жүрді. Олар үлкендерге таң қалады. Таңның атысы, күннің батысына дейін пора-порасы шыққан жұрттың қабағында кейістік байқалмайтын. Діңкелеп жүріп-ақ жыр тыңдайды, әзілдеседі, шаруаның ертеңгі қамын күйттейді, армандарын айтысады. “Еңбегіміз ақталса, көрген қиындық, тартқан азабымыз бір күнгідей болмайды, ертең осының барлығы ертегіге айналады”, - деседі. Осы мәміледен соң Көпжасардың делебесі қозады, шаршағанын ұмытып, еңсесін тіктей түседі. Бойына күш-қуат құйылып жатқандай, тынысы кеңиді, жүрегі кеудесіне сыймай аласұрады. Адамдар мен жер-көк ең жақын туысына, бауырына айналады, соларға деген іңкәр сезімі көкірегіне ән болып құйылады. Домбыраны Қойшыман емес, мына дүниенің өзі тартып тұрғандай… Көкте құс сайрап, жерде құрақтар судырайды. Шапқан аттың дүбірі бұлақ сыбдырына ұласады. Әр жерден төбе көрсеткен адамдар легі… Күнге шағылысқан күректер… Үлпілдеген қара бұйра топырақ… Уыс-уыс қызыл дән… Әрқайсысының өз үні, өз дыбысы бар, бәрі қосылып тіршіліктің жырын айтып, күмбір қағады.
* * * Трактордың алдына шам ұстау кезектері келген Көпжасар мен Үйсінбайды Әйтеке баяғысынша қуана қарсы алды. - Осы екеуің шаршамайсыңдар, - деді ол. – Мықтысыңдар. Кәне, бастаймыз ба? Оу, көздерің қызарып, демалмағансыңдар ма, немене? - Қызбалтай апама диірмен тартыстық… Ұйқтадық кішкене, - деді Үйсінбай. Жұмыс қызып жатқан. Түннің жарымы ауған кез. Әйтеке мен балалар дем алып, жұмсақ топырақтың үстінде қылжиып-қылжиып жатыр еді… Жер дүниені көшірген ат дүбірінен бәрі елең етісті. - Жайлаубай біргәді ме, әлде Жанбота бастық па? – деді Әйтеке. Жоқ, мыналар бір топ, жеті-сегіз қаралы. Шоқытқан бойлары келіп бұларды қоршап тұра қалды. Айнала төңірек қап-қара. Көпжасар да, Үйсінбай да үрпиісіп Әйтекеге қарады. “Бұлар кім?” - Ал, сәлем бердік, - деді еңгезердей қаба сақал. – Жоқ, әлде танымай тұрмысың? - Таныдым, Берді, неге танымайын, - деді Әйтеке орнынан тұрып. - Қайдан білейік?! – Анау мырс-мырс күлді. – Құдайды да танымай кеткен жоқсыңдар ма сендер?! Бердінің атын естіген соң, балалардың маңдайларынан мұздай тер шыққан. - Менің жерімді кәпірдің шайтан темірімен жыртып жатырсың, бұл қалай, Әйтеке? – деді Берді. – Мұсылмандық қайда? - Жер елдікі.
- Елдікі?!. Ел деген сенбісің, жоқ ана екі боқмұрын ба? – Бердінің сөзіне аттылар қарқ-қарқ күлді. – Мейлі, ел-ақ бола қойыңдар, бірақ қай аталарыңнан жер қалып еді?.. Үндемейсің, ә? Дымың өшті ме? - Жер біздікі, - деді Әйтеке. – Оны бізге Кеңес өкіметі берген. - Қайда енді, сол өкіметің? Шақыр, кәне!.. – бандылар тағы қарқ-қарқ күлісті. – Бердіден аман алып қала көр деп айғайлашы. Берді өзі бас болып төртеуі аттарынан қарғып жерге түсті. Сол бойлары Әйтекені бас салды. - Құлақ кесті құлымды тізерлетіңдер алдыма, - деді Берді. – Атабабамның қасиетті жеріне түрен салған сұмырайдың әуселесін көрейін. Бандылар Әйтекенің аласұрғанына қараған жоқ, екі қолын қайырып ұстап, белден теуіп, шөктіріп тастады. Иықтап басып, тырп еткізбей тұр. - Қарақшы! – деді Әйтеке. – Түн жамылған қарақшы! Еркек болсаң құдайдың жарық күнінде, күндіз келмейсің бе?! Берді қамшысын үйірді. Сегіз өрім дырау қақ маңдайдан тиіп, Әйтекенің құйқасын тіліп жіберді, қан бетін жуып, басы сылқ төмен түсті, бірақ есін тез жинады. Оның көзі әуелі Көпжасар мен Үйсінбайда іздеп тауып еді. Неге екенін қайдам, күлімсіреді. “Бұл деген сөз емес. Бас жарылса бөрік ішінде, жара жазылар, тек шыдау керек” дейтін тәрізді. - Ата-бабамның қасиетті жеріне түрен салған кәпір, - Берді Әйтекеге төніп тұр, - иттігің үшін қожаңнан кешірім сұра, жалын, кәне! - Жер біздікі! Дырау қамшы тағы осып өтті. Әйтеке есін тағы тез жинады. Көзі балаларда, сол баяғы жымиыс: “Төземіз біз, төзбейтін дәнеңе жоқ, бауырлар”. - Аяғыма бас ұр, доңыз. - Жер біздікі! - Шалқасынан жығып, аузын керіңдер оңбағанның, - деді Берді. Аналардың қолдары қолдарына жұғатын емес. Берді топырақты уыстап алып Әйтекенің аузына көмейлете тығып жіберіп, қамшының сабымен аямай піскіледі. - Же, жұт! – деп ақырып-бақырып жүр. – Сендерге жер керек қой, ал, жалма! Әйтеке тыпырлап, қырылдап, жанталасып жатыр. - Тұншықтырыңдар, тұншықса жұтады, - деді Берді. – Жесін иттің баласы, маған жегені керек. Денесі қимылсыз қалғанда барып, бандылар Әйтекенің басын көтеріп, сілкілей бастады. Бұл жолы тракторшы есін зорға жинады. Қос қарашығы сол баяғысынша балаларда: “Мойымаңдар. Тәйірі, азап дегенің сөз бе ер жігітке. Жанымызды алғанымен, жерді ала алмайды, шыдайық”. Көпжасар мен Үйсінбайдың қорыққандарынан үндері шықпай, көздерінен аққан жасқа жүздері көміліп, бордай тозып тұр. - Жалын, кешірім сұра, аяғыма бас ұр! – Берді Әйтекенің кеңірдегіне қанжар тақады, - Әйтпесе, орып жіберемін. - Қинамай ал жанымды, ит!
- Жо…оқ, мен әуелі үрейіңнің ұшқанын көргім келеді жер жыртқыш неме. Бәрі бітті, Берділер құрдымға батты, дүниенің қожасы енді өзіміз деп жүрсің ғой, ә?! Жоқ, біз бармыз, біз бола береміз, біз сендердің үрімбұтақтарыңның үрім-бұтақтарына дейін өкшелеп қалмаймыз, қалай екен, бәлем! Аспанды көрдің бе, жұлдызды ше? Нарқызылдың тауына көз салшы, саған қарап тұрған. Енді сен оларды қайтып көрмейсің… Қалай?.. Өлгің келмей тұр ма? Жарық дүниені қимайсың ғой… Қорқасың өлімнен, қорқасың. Берді Әйтекені бас-көзге қарамай тепкілей жөнелді. Әйтекенің бетіне етігі былш-былш тиген сайын: - Сенің іздегенің осы ғой, жалаңаяқ, осы!.. Мә, ендеше, мә!.. Бердінің тепкі әлеуден шаршағаны соншалық, демін зорға алып: - Алып жүріңдер, - деді, - кәпірлердің шайтан темірін де алып жүріңдер. Сұлқ жатқан денені бандылар сүйрей жөнелді. Апарды да артқы дөңгелекке таңып тастады. - Басын көтеріңдер! – деп бұйырды Берді. Көпжасар мен Үйсінбайдың төбе шаштары тік тұрды. Тракторшының бет-жүзі илектеп тастаған балшық секілді. Берді шам ұстап тұр. - Бұл иттің балғасы бар шығар, тауып беріңдер, - деді. Бойы быртиған біреуі трактордың қобдиынан басы жұдырықтай балғаны алып берді. Әйтеке ыңырсып кірпігі қимылдай бастады, ақырын көзін ашты. Көлкілдеген ісіктен жанары жылтырап әзер көрінеді. Қос қарашық балаларды іздеді. Тапты: “Сыр бермеңдер, бауырларым, дұшпанның алдындағы босаңдық – ел мұратын сатқандық, сыр бермеңдер…” - Қалай? – деді Берді. – Жеріңді жыртамысың енді? Әйтекенің даусы әлсіреп, әзер естілді. - Жер біз…дікі! - Мә, саған жер! – Берді Әйтекенің оң қолының қарын ала балғамен аямай ұрды. Сүйектің күрт етіп сынып кеткенін бәрі естіді. Оң қол шынтақтан төмен салақтады да қалды. Әйтекенің көзі Көпжасар мен Үйсінбайда: “Шыдаймын. Бәріне төземін. Ар-намыс бәрінен қымбат…” - Жерімді жыртамысың енді? – Берді қалш-қалш етеді. - Жер біз…дікі! - Мә, саған жер! – Анау балғамен сол қолдың қарынан ұрды. Сүйек күрт сынды. – Енді неңмен жыртасың?! Әйтекенің көзі балаларда: “Сөз емес, намыс үшін адам бұдан өткен сойқанға да төзген, сөз емес”. - Берді, асығайық, белсенділер түнде жүреді деген… асығайық, - деді ат ұстап тұрған біреуі тықыршып. Бандылар шелекке трактордан жанармай ағызып алды. Олардың не істегелі тұрғанын түсінген Үйсінбай шыңғырып жіберді. - Ағатайлар, оларың не?! Ағатайлар…
- Өшір ананың үнін тақылдатпай! Тапалтақ банды Үйсінбайды желкеден мылтықтың дүмімен бір ұрып қалпақтай ұшырды. Біреуі Көпжасарды атпен қағып түсірді. Берді екеуін шықпырта сабап алды да: - Қара тобырға айта барыңдар, мен қайта ораламын, Қызылқайнардың топырағын басқандар болса, мына иттің жолын құшады, міне, былай, - деп шелек толы жанармайды Әйтекенің үстіне шашып жіберіп шырпы жақты. От лау етті. – Бәрін өстіп отқа өртейміз. - Мыналардың да көзін құртып кетпейміз бе? – деді біреуі. - Қара тобырға Бердінің тірі екенін, Бердінің оларды қақтап жейтінін айта баратын ауыз керек. Ат дүбірі ұзады. Айдалада қара түннің қақ ортасында лаулаған отты айнала жүгірген екі бала ғана қалды…
* * * Сол күзде Қызылқайнарда егін бітік өсті. Арба-арба қызыл дән керуені Қаракөздің қамбасына қарай күндіз-түні ағылып жатқан. Жұрттың қуанышын қойыңыз. Шаттанған елдің арасында жалғыз ғана Әйтеке жоқ. Қаракөз жұртының жоғалтып алған асылының бірі еді ол.
ІІІ
Ол ерте тұрды. Шідер салып қойған шабдар бие ұзамапты. Анадай жерде беткейдің шөбін күрт-күрт үзіп, алаңсыз жайылып тұр. Иесін көрген соң оқыранып бас көтерді. Шөлдегенін білдіргені. Көпжасар дүңгірден бір шелек су құйып алып биенің алдына қойды. Өзі бір кесек нанмен жүрек жалғап, күрегіне қол созды. Топырақ қабаты тастай қатты сүйменнен өзге батпайды. Біраз уақыт аяғыңның астына түйгіштеп, босатып аласың. Бір уақ қопсыған топырақты күрекпен сыртқа лақтырасың. Қарап тұрсаң жұмысың өніп жатпаған сияқты. Қол қимылын бақылаушы – көз. Со шіркін: “Мынауың мандитын емес, бағанадан бергі жанталасыңнан дәнеңе шығатын көрінбейді, осы әрекетіңді қойсаңшы. Қаракөздің баяғыда суалып қалған суында шаруаң қанша, одан да атқа мін, арбаңды айда, таза ауа жұтып қыдыр, қалған өміріңде жан бақ, байғұс”, - дейтін сияқты. “Қол батыр, көз қорқақ” деген осы ғой. Япыр-ау, адамның бойында дай-дай сезімдер қайдан келіп жиналған. Бірі – отқа, бірі – суға сүйрейді. Сеніміңнің қапталында күмән, қуаныштың төңірегінде қайғы төбе көрсетіп, бүкіл болмысыңды мазақ ететіндей, ғажабы – адамды мұратына жеткізетін де, су иіріміне шым батырып әкететін де өз әрекеті. Өз әрекетің – ең сенімді досың, әрі қауіпті жауың. Қайсысына іш тартасың, бүйрегің қай қылығына бұрады – гәп сонда. Қыза-қыза Көпжасардың қимылы ширады. Талайдан бері шықпаған тер шүмектеп, бойы жеңілдеген сайын буын-буынына күш құйылып жатқандай. Әу бастан осы. Әу бастан адамның ең мықты медеуі – қаракет. Өмір – тағдырдың қаракет жасауға берген сыйы. Білген жанға тірлігінде басы артық
уақыт жоқ. Баяғыда Әлімхан сушы не деп еді. Қыртыс-қыртыс маңдайындағы баданадай-баданадай тамшы терді көрсетіп: “Бүгін кетпенімді әлі бір сілтеген жоқпын, бірақ қара терге түсіп отырғанымды көремісің. Сірә, бұл қызталақ дүние бетін бұрған-ау менен” – дегені кәне… Өмір – қимылдың іркіліссіздігі. Илеуінің айналасын торлап жол салған құмырсқаның тіршілігіне көз салшы. Зыр қағып сапырылысқан жәндіктің ілгері-кейінді қозғалысындағы құштарлық қандай. Жолына көлденең қурай таста, су құй – бәрібір әлгі күре тамырдың лыпылындай қимылды тоқтата алмайсың. Мұның да тірлігі – сол құмырсқа тірлік. Сүйменді гүрс-гүрс ұрған сайын бүкіл жердің тұла бойы ентіккендей әсер етті. Тәні сол ентіккен үнді жазбай сезінді. “Жер адам жанымен тыныстайды”, - деп ойлады Көпжасар. Қимылын үдете түсті… Тынысы кеңи берсін жарықтықтың, бойы жеңілейсін, біздің өлермен қаракетіміздің өзі сенің демалысыңды жақсартып, жаныңды жадыратуға бағышталған. Тыныста, жарықтық. Қазған жер белуардан келді. табан асты баяғысынша қатты. Ара-тұра бірыңғай кесек тастар кездеседі. Абырой болғанда тұтасып қатып қалған емес, бөлек-бөлек, жігін тауып сүймен сұқсаң, аунап түседі. Тек мынау темір сүймен ауырлап барады. Алақаны тершіп, саусақтары күйіп-жанып бара жатқан соң брезент қолқапты шешіп тастап еді, амалсыз қайта киді. Әбден шаршап, сүлдері құрыған Көпжасар Сарыағаштың көлеңкесіне келіп жан шақырды. Шалқасынан жатыр, көзі Сарыағаштың құшақ жетпейтін діңінде. Жарықтықтың барып-барып бұтақ жаятын діңі ғұмыр бойы бейнеттен арқасы босамаған көнбіс, көнтерлі адамның жүзі іспетті; білеубілеу әжімдер бір-бірімен біте қайнасып, жарыса өрлеген; өн бойында қымқиғаш сызықтар, ара-тұра терең тірліктер көрінеді. Өз ғұмырында нені бастан кешпеді дейсің, жаратылыстың санап санына жетпейтін аяусыз алаптарына қайыспай төтеп беріп, оның келесі соққыларына дайын тұрған алып бұл. Тіршілікке терең тамырынан басталатын құштарлық күнге қарай бойлап, бүкіл әлемге қажымас-талмас жігердің, жанкешті ғұмыр кешудің үлгісін көрсетіп беріп тұр емес пе? Тамырын тереңге, ұшын көкке, бұтақтарын жанжаққа қарата өсудің өзінде қаншама мән жатыр. Жер бетінен бірінің өкшесін бірі басып өтіп жатқан адам, шіркін, Сарыағаштың саясына сәл аялдар ма еді. Демін басып тұрып ой індетсе-ау?! Көпжасар сонау биіктегі өлі бұталардан бері қараған жердегі жапырақты бұтақтарға көз салды. Оның көк жасыл жапырақтары қурап кетуге мойын ұсынбай, төбесіндегі өлі дүниеге қарсылық жасап тұрған іспетті; күн көзінен саулап түскен сәулелер соның бетінде бал-бұл жанып аунайды. Сарыағаштың өсіп тұруын тоқтатпай тұрғаны тамырының тереңдігінде, күннің сөнбейтіндігі оған ешкімнің қолы жетпейтін биіктігінде. Тереңдік пен биіктіктің бірлесуі, қатар салтанат құруы – тіршіліктегі мәңгіліктің болмысын меңзегені. - Сен адамдарға өкпелімісің, Сарыағаш? - Оны қайтесің, біз, ағаштар, жақсылыққа, жамандыққа жанкешті тіршілікпен жауап береміз, - дер еді егер Сарыағашқа тіл бітсе. - Бұл – ұлылық қой, жарықтық.
- Жоқ, Көпжасар, ол – парыз. - Бұтақтарың қурай бастаса да, торғайлар қоныс теуіпті. - Құлай алмауымның бір себебі де сол. тіршіліктің ондаған ұясын көтеріп тұрмын. - Ғажапсың! - Жарайды. Қайтесің. Одан да мынаны айтшы. Неге түнімен ұйқтамадың? - Баяғы бір кез есіме түсті. Жанбота, Қойшыман, Әйтекелермен жүздестім. - Не айтты олар? - Не айтсын, өзің мен Қаракөздің жырын айтты. Әйтекені айтты. Бір асылды жоғалтып алып едік қой, сонда. - Жоғалтқандарың жалғыз Әйтке ме еді? Ыспанбайдың Төлеші қайда? Жанбота қайда? - Төлеш деймісің? Жанбота ма сұрағаның? - Жә, Көпжасар, сен демал, осын әңгімелесеміз, - дер еді егер Сарыағашқы тіл бітсе. Көпжсар орнынан тұрды. Таңдайы әбден құрғап, екі шекесі солқылдап әкетіп барады. Ыстық шай ішпей, жан шақыра қоймас. Арбасын жегіп Асан сайына бет алды. Онда қошқар бағып Маймақ деген жігіт отыр. Кезінде андамында тиіп-қашып жүріп бірер жыл жекешенің сиырын бақты. Айдың соңында айғайын салып тиесілі ақыны жинайды, біреуімен ұрысады, біреуімен айтысады. Малының еті ояз көрінгендердің: “Алғаның арам болсын”, - деп жатады. Білдей бір азаматтың сол тірлігі. Көпжасардың көңіліне қонбай-ақ қойған. Еркек деген айналайын еркектің ісін қылуы керек қой. Мұның пайымдауынша, еркектің орны – аптап пен ақпанның бел ортасы. Қазақтар ер-азаматты қайрат-күшіңді сығып алатын қайнаған қаракеттің арасынан іздейді. Бір жолы жотадан түсіп келе жатып сиырларды шиге қаптатып жіберіп, өзі тырайып ұйқтап жатқан Маймақтың үстінен түскені бар. Ал кеп ұрыс, ал кеп сөйле, сөйтсе анау аузы-басы қисаймай: “Аға, мұныңыз қалай?” – деп, жатып кеп өкпелесін. Енді соның екі жылдан бері қошқар бағып жүрген сыңайы бар.
* * * Қонақты әуелі қойшының иттері қарсы алды. Есіктің алдында бес-алты жасар бала тұр. - Ей, палуан, үйде кім бар? Іле-шала сыртқа Маймақтың өзі де шықты. Екі беті шартабақтай қыпқызыл. Денесі шамадан тыс толысып кетіпті. “Отызға жетпей мынау, одан кейін көрген күні не болар екен”, деп ойлаған Көпжасар, екі қолын есіп, арсалаңдап әзер жүріп келе жатқан жігітке таңырқай қарады. - Ал, ағасы, салаумалейкум. Бұл қалай, арбамен? - Е, батыр-ай, пенсиядағы адамбыз, шалға арба да жетпей ме? - Ә, - деп Маймақ мұрнын бір тартып қойды. – Кәне, үйге кіріңіз, аға, үйге…
- Биені доғаралық та, әуелі. - Ол Ермектен-ақ артылмайды. - Бас-аяғы қол басындай-ақ екен, шамасы жете ме? - Ойбай, оның қолынан келмейтіні жоқ. Көпжасар шөлдеп қалыпты, сүт қатқан күрең шайды ұзақ ішті. - Үй салдық, - деді Маймақ, үйдің іргесіне қарай шырт түкіріп. – Оңай емес екен, әйтеуір, Ережеп бас-көз болып, ағашты да, кірпішті де тауып беріп… Ережеп болмаса қай теміржолшы маған шпал береді. Ол енді маған машина ал деп отыр. Ақшаң болса, несі бар. - Енді біраз жинасақ жетіп қалады. Қолда барды жұмсап қоямыз ба деп, Ережепке беріп қойғанбыз. - Екі сөзіңнің бірі Ережеп болды, батыр, ол кімің сонда? - Жекжат қой, аға. Оның үстіне ауданда отыр. Қызметі анау. Осы күні бір сүйеуің болмаса, қиын екен. Көктемде бастыққа барып: “Қошқар бағып, елден жырақ жүрер жайым жоқ, біз де жайлау көрейік, жұрт көрейік, маған қой беріңіз”, - десем, жатып кер бақты. Ережептің құлағына дың еткізуім мұң екен, тіл тапса керек; бастығымыздың сөзі түзеліп қалыпты. Енді күзде саулық алғалы отырмыз. Ал, өзіңізге жол болсын! - Қаракөздің суын шығарғалы жатырмын, - деп Көпжасар маңдайын сүртіп күліп қойды. - А?.. Не дейсіз? – Маймақ жаңылыс естідім бе дегендей Көпжасардың бетіне жалтақ-жалтақ қарайды. - Рас айтам. - Ойбай, аға, оның керегі не сізге? Сай басыңызға сақина тілеп, қартайғанда жер қазып… - Жер жетімсіреп қалды, батыр. Ана жұмыс, мына жұмыстың артында жұртқа айқайшы болып жүріп, атамыз ат суарып, анамыз су алған Қаракөзді естен шығарып алыппыз. Әлімхан марқұмның алма бағы азып-тозып, ақыры жабайыға айналды, баяғыда қос-қос мая тұратын. Қашаған сазында мал тойынар шөп жоқ. Күш-қуатымның бар кезінде Қаракөздің суын қайта ағызсам деген ниет менікі. - Біз сіздерге ақыл айтпаймыз ғой, бірақ соншама әурешіліктің қажеті қанша? Алма бақ дейсіз… Жеміс керек болса аудан әнеки тұр, барсаңыз алма, алшаңыз ат көпір. Ақша болса қап-қабымен ала бер. Шөп десеңіз Қаракөзден былайғы жердің жусаны мен жуасы әлі мың жылға жетеді. Тіпті жұрт соны жинап үлгере алмай жатыр ғой. Шабылған шөптің талайы көлденең көк аттылардың машинасында кетіп, талайы қар астында қалады. - Гәп онда емес, Маймақ. Гәп – барлық жердің көгеріп өніп-өсіп тұрғандығында. Ал сонан соң Қаракөздің жөні бөлек. Сонау отызыншы жылдардың құрғақшылығында жұрт соның суымен төменгі сағаға егін салып аман қалған, оған қоса төрт құбыладан тамақ іздеп келген жұрттың жанын сақтаған.
- Ол заман болса өтті, Ережеп айтып отырса қазір өкіметтің қоры жетеді, қырық жыл құрғақшылық болса да қарнымыз ашпайды, дүние Қаракөздің суына қарап тұрған жоқ қой, аға. - Батыр-ау, бүгін Қаракөздің суы тартылсын, ертең мына Асан сайы, бүрсігүні Берікқараның… Шетінен шөбі қурап, топырағы желге ұшып жатса, күніміз не болады? Екі жақ та сөзді әрі созбады. Аздан кейін Маймақ: - Мына қошқар дегеніңіз былайынша рақат-ақ – табысы да жаман емес. Әрқайсысының жүні бес-алты килограмға дейін тартады. Жаманы – жалғыз үйсің. - Бірақ мал семіз болады, - деді бала мұрнын тартып. - Міне, - деді Маймақ күліп, - бұлар білмейтін бәле жердің астында, ал сіз балалардың күні не болады дейсіз. Маймақ көмбе нанның арасын ашып майға толтырды да көмейлете асады. Соншалық ынтамен құшырлана шайнап, тамсана жұтып отыр. Жантоқшылық қандай жақсы. Ішкені артында, ішпегені алдында дегендей бұл ұрпақ та тағдырына разы. - Қашан келдіңіз? - Кеше кешкісін, - деп Көпжасар шайға қанғанын білдіріп, кесесін төңкерді. - Кешкісін болғанда қалай? Түнде сонда қонып шықтыңыз ба? - Туған жерде, Қаракөздің басында таза ауа жұтып жатайын дедім. - Ой, аға, - Маймақ қолын жайды. – Үй тұрғанда… Жоқ, бұл болмайды, қызықсыз өзіңіз де. Әйел сыртқа шығып іргені түрді. Жанға жайлы салқын самал жаймен есіп тұр. Шайға қанған Көпжасар басын жастыққа сүйеді. Алақаны дуылдап, денесі дел-сал болып отыр. Екі-үш сағат көз іліп алса артық болмас еді. тек мынау мүлгіген тыныштық көңілін алаңдатып, бір түрлі мазасын алатын секілді. Ғұмыры шаруа жайын айтып, бірде қуанып, бірде қамыққан, тіпті қызыл кеңірдек болып айтысқан әріптестерінің даусын аңсап жатыр. Демалысқа шыққалы осы бір өлі тыныштықтан құтыла алмай-ақ қойды. Япыр-ау, сергу, серпіліс жоқ, жайбарақат тірлікте адам қалай тұрады? Көз қиығы Маймақта, аузынан суы ағып ұйқтап кеткенге ұқсайды. Алаңғасар ма, немене. Бәрінен бұрын Ережеп сөйтті, Ережеп бүйтті, Ережеп айттысы несі? Егер Ережеп жер өрте десе, егер Ережеп кісі өлтір десе, мынау соның дұрысбұрыстығын ойлап жатпастан орындай сала ма? Ережептің айтқаны бұған бұлжымайтын заң болғаны ғой. Бұл үшін Ережеп тәңірге пара-пар екен де, тіпті маңдай терімен тапқан еңбекақысын жинақ кассасына сенбей, Ережепке беріп қойған. Ережепті Көпжасар жақсы біледі. Үлкен-кішіге бірдей қолын ала жүгіретін, арақ ішпейтін, шылым шекпейтін ысқаяқ жігіт. Кісіге жұғымды, қай ортаға болмасын сыналап кіріп кетеді. Дауласпайды, бәрін мақұлдап, қолдап, қошеметтеп отырады. Бірақ өз есебіне жүйрік. Әттеген-ай, дәл осындайларды пысық, еті тірі десіп мақтасады. Дүниеге бәрінен осы мықтыны қошеметтеп өзгеге ақыл айтқыш пысықайлардың
қауіптірек екенін көбі білмейтін сияқты. Білсе, оны алшаң бастырып, тымағын алшысынан кидіріп қояр ма еді. Ертең Ережептің бұдан да жоғарырақ орынға отыра салатынына күмәнданба. “Бетегеден биік, жусаннан аласа” болса, бітіп жатыр. Сөйтіп біз кейде үлкен өнегесі жоқтардың иманды, ұяттылардан арқан бойы биік тұруларына, білімсіздердің білімділерге билік айтуына өзіміз жағдай жасап береміз. Япыр-ау… Ережептер баршаның көшбасшысына, ақылшысына айналса, адамзаттың көрген күні не болмақ? Көзі ілініп кеткен екен, күбір-күбір дауыстан оянды. Үйде өзі жалғыз. Маймақ пен әйел үйдің көлеңкесінде. - Айлық алуға барғанда Ережептікіне соға келемін ғой, қойын сатамын деп еді, - деді Маймақ. - Түгел сата ма? - Жартысы қалады. - Сиырларын ал десеңші. Алты ай қыс соның сиырларына шөп салып, суарумен өтеді күніміз. - Өтсе, қант-шайыңа дейін Ережеп әкеліп беріп жүрген жоқ па? - Әкелсе, өз ақшам. - Түк ойламайсың, - деді Маймақ әйеліне. - Өзің ойласайшы. Сонша малды біз болмасақ, кім бағып береді оған, кімге сыйғызады? Мен сол Ережебіңе көп сене бермеймін. Малы үшін пайдаланып жүр бізді. - Ой, сен де болмайтын сөзді айтып… Балалар қайда кетті? Қоңыр кепені әкелсінші, мына кісінің батасын алайық, ұят-тағы. Көпжасар далаға шыққанда, күннің ыстығы басылмапты. Шайға тағы қанып алды да, қоңыр кепені көлденең тартып алдын ораған Маймақтың отбасы, ошақ қасына ықылас білдіріп, денесін көтертпей тұрғанына қарамастан арбасын жекті. Қаракөздің басына жетіп, арбасын доғарып тастағаннан кейін біраз қимылдаған болды. Ә дегендегі қатты қимыл сүйек-сүйегін ұрып тастаса керек, сәл қозғалса өн бойы зыр қақсап икемге келсе кәне. Ақыры бір Сарыағашқа қарай аяңдады. Көкейінде бағанағы бір сауал. Япыр-ау, Төлеш пен Жанбота… Ағаш көлеңкесі аумақты. Өртенген жаныңа мынадан артық сая бола ма. Ол жоқ болса күн көзінің өткір ыстығынан қайда қашып құтыласың… Ал енді тағдырың бидайықша қуырғанда ше? Онда саған керегі кімнің саясы? Паналататын кім? - Шаршадың ба, Көпжасар? – дер еді Сарыағашқа тіл бітсе. - Жоқ, денем үйренбей тұр, қара жұмысқа қарайып қалыппын. - О бастағы шаруаң ғой, бастығасың әлі. - Төлеш пен Жанботаны еске салып едің, Сарыағаш. - Солар жайында әңгіме айт деймісің. - Анау жылдар Жанбота салдырған мектептен сауат ашып, одан Қарабеттегі ауылшаруашылығы техникумына кетіп, сол жақтан армияға алынып, одан соғыс дегендей, елге жеңістен кейін бірақ оралмадым ба?
- Иә, сен сол жылдардағы Төлеш, Жанботалардың азап-шерін естідім
демесең, көрген жоқсың. Оны мен айтып берейін саған жақсылап.
Сарыағашқа тіл бітсе, айтар еді әңгіме…
* * * Бәленің басы Төлештің арбаға жегіп жүрген өгіздерінің жоңышқаға түсіп, іштері кеуіп өлгенінен басталған. “Бұл әдейі, қысастықпен істелген шаруа” деп Қыният жоқ жерден ши шығарды. “Ауданға білдірмей болмайды” деп даурықты. Ыспанбайдың Төлеші кім еді? Сонау жылдары Қаракөзде колхоз ұйымдасып, мал ортаға түсіп жатқанда, Төлеш те осындағы жалғыз атын беріп, “Жасасын, кеңесім” деп шыққан азаматтың бірі болатын. Өзі қайнаған жұмыстың ортасында жүрді. Сол кезде ауылға бір ақикөз өкіл келе қалды. Қит еткенді “контрлатып” қамшы ойнатуға әуес жан екен, талайды зар қақсатып бақты. Көктемнің кезі. Ер-азамат түгел жотада, шаруа басында. Ақикөз өкілдің ауылды аралап өтіп бара жатып Әйтеке марқұмның жарбиған тамының күншуағында байлаулы тұрған сиырға көзі түседі. Сол сол-ақ екен, қолындағы сегіз өрім бұрауымен әлгі үйдің есігін сабалаған. “Тал түсте есік сабалаған қай әдіре қалғыр”, - деп, өлмелі кемпір сыртқа шықса, өкіл. “Әй, жын ұрып кеткен немемісің, не керек өзіңе?” – дейді ол ат үстіндегі ақикөзге қолын көлегейлеп. “Шеш ана сиырды”. “Е, неге?” “Соқаға өгіз жетпей тұрғанда, қарай гөр бұларды”, - деп, өкіл терісіне сыймайды. “Контрасың, кемпір, давай, шеш сиырды”. “Әй, бұл қай сөзің?” “Сиыр колхозға өтеді”. “Колхозға дейсің, сен сол колхоз үшін жалғыз ұлымның бәнді қолынан өлгенін білесің бе?” “Көп сөзді қой да, сиырды шеш, - дейді өкіл. - Әйтпесе әкеңді танытып жіберем” “Көзі ақиған әдіра қалғыр-ау, не сандалап тұрсың? Сиырымды маған жұрт әдейі қалдырып отыр. Соқа бас өлмелі адамға жасаған елдің кеңшілігіне қамшы сілтемей аулақ кет!” Өкіл аттан қарғып түсіп, сиырдың бұйдасына жабысқан. Бұзаулағалы тұрған сиырдан кемпір өліп айрыла ма, бірі ары, бірі бері, ал кеп тартыс. Тіпті болмай бара жатқан соң өкіл кемпірді қағып тастап, сиырды жетелей жөнеледі. Орнынан әзер тұрып, жүрмей тартыншақтаған сиырдың бұйдасына қайта келіп жабысқан кемпірді өкіл бұл жолы өңменінен теуіп жіберген. Бұл хабар құлағына тиісімен, кешегі тай-құлындай тебісіп өскен Әйтеке рухының қорланғанына қаны қарайған Төлеш жұмысты тастай салып, ауданға кетіп бара жатқан жерінде өкілді қуып жетеді де, мойнына бұғалық салып, атына сүйретіп жібереді. Содан айыпталып кеткен жиырма бес жасар жігіт Қаракөзге он жылдан кейін шашына ақ кіріп оралған. Оралғанда Қаракөздің суына бетін жуып тұрып: “Қиянатқа қарсылық жасады демесең, ағайынға жаулығым жоқ еді, сол адалдығым саған тірі жеткізген шығар, жұртыма қосылдым, енді жұртымнан ажырата көрме, қасиетті бұлақ. Елден қалғанды ішсем де туған жерде жүрейін”, - деп егілгенде, ауыл түгел жылаған.
- Не деп тұрсың, - деді Жанбота Қыниятқа. – Төлешті қастандық жасады деуге қалай аузың барады? - Кезінде кісі қанын жүктеген, - дейді анау. – Одан бәрі шығады. - Әй, сұмырай! – Жанботаның жалғыз қолы шошаңдап кетті. – Сен адамнан туған шығарсың. - Жаулық жағадан алып жатқанда бұ несі, - деп Қыният мүләйімсіген болды. - Сен аптықпа, - деді Жанбота Қыниятқа, - жөнін білейік әуелі, ауылда тұсаулы тұрған өгіз бір түнде ат шаптырым жердегі жоңышқаға қалай барып түскен. - Әдейі айдап апарған шығар. - Қой әрі, адам дәл сондай қысастыққа бармайды. - Бармаса, өгіз қайда? Колхоздың бақандай қос өгізі… Жанбота Төлешке барды. Кісіге тік қарайтын жігіт еді, осы жолы жүзін алып қашты. - Тұсаулы өгіздің жоңышқаға қалай кеткеніне таңым бар, - деді ол аз үнсіздіктен кейін. – Таңым бар… Жанбота не жұбатарын, не басқа сөз айтарын білмеді. Тағдырдың Төлешке қырын келуіне өзі кінәлідей қипақтады. - Көңілімде көздің қарашығындай дақ жоқ еді. Тірлік сонда да көк сүңгісін кеудеме тіреп жүргізбейді. – Төлештің күрсінгенде көкірегі қарс айрылған. – Кеше жер ауып жүргенде туған жерге аман жетсем дедім. Жетсем болды, дүние күле қарайтындай, енді қайтып қабағымды кір шалмайтындай көрінді. Қараптан қарап қиюының кеткенін қарасаңшы. - Жә, сен әдейі істеген жоқсың. - Әй, Жанбота-ай, балапанының аузына су құйған қарлығаштай Қаракөз аулын қорғаштап келесің. Басыма ана жылы да ара түсіп едің, енді сені тағы екі оттың арасына түсуге мәжбүр етіп тұрмын. Соған татимын ба осы? - Сен құлақ салшы маған? - Бір топырақтан жаралған жоқпыз ба? Жанбота Төлешті тыңдап отыр. - Жан-жағңыңа қада қағып, адымыңды аштырмайтын зауал – түндігіңді ашысып-жабысып жүрген ұяласың екенін екі дүниеде қаперіңе алдың ба? Басы жұмыр пенде ретінде, ақыл-ес иесі ретінде ұшы-қиырсыз жер мен көктің еркіндігіндей рақатты қашан көріп едің. Кешегі әкеміздің, оның ар жағындағы бабамыздың тар қапаста талықсып ғұмыр кешкені, көз жұмарда: “Саған сыймадым ғой!” – деп жер мен көкке өкпе білдіргенін бәріміз білсек те, олардың жарық әлемге емес, ағайынның, яки, адамның арасына сыймай кеткенін ешқайсымыз неге айтпаймыз? Қамшы сабындай тұтам тірлікте жаратылыс жарықтыққа: “Жерің кеңісе, ал мен кеттім”, - деп несіне бекер наза білдіреміз. Ұланғайыр жер – жатсаң төсегің, ексең егінің, ішсең суың. Оның саған жасаған қылдай қиянаты жоқ, көресіні көргенде адамнан көрдің. Санап тауысуға болмайтын қалың шөп, ағын су, асқар Алатау сыйған жерге, бір-біріне күншілік-айшылық жол жүріп жете алмайтын адамдар неге сыйыса алмайды?
- Біреуден күмәнің бар ма, Төлеш? - Жауыққанның ісі, тұсауын алып, әдейі қуып барған. - Сонда кім? Өштескен, кектескен ешкімің жоқ сияқты еді ғой? - Кім болса да мені бетке ұстап, бір бәле ойлап жүр. - Осының дабыры басылғанша, Жайсаңға қамыс оруға жіберейін. Төлеш Жайсаңға аттанған соң көп кешікпей-ақ, ауылға белдеріне наган байлаған екі аттылы келген. Біреу арыз жазыпты. Арыздың ұзын ырғасы – Қаракөзде колхоз ұйымдастыру кезінде Кеңес өкіметінің өкіліне қол жұмсап, он жыл ит жеккенде жүріп келген, жуырда колхоздың арбаға жегілетін екі өгізін әдейі жоңышқаға жайып, ішін жарған қаскүнем жүр, оны Жанбота бастық жасырып отыр. Жанбота жаны кеудесінде тұрғанда, Төлешті ұстап бермеуге әбден бекіді. Ол өлімнен де, басқадан да емес, адамға жасалған қиянаттан қорқатын. Қара халықтың жауы болса, ойланбастан жан алқымынан алар еді, Төлешке қалай қол жұмсайды. Күні кеше елдің намысын қорғаған айналасына қайырымды азаматты тағдыры қырын келген екен деп кімнің додасына салады. Большевик болған, колхоз ұйымдастырып, елдің еңсесін көтерген Жанбота екі дүниеде қылдай қиянатқа бара ма? Бұған өлсе көрінде тыныш жататын адалдық керек. Оны әлекке салудай-ақ салды. Аудан апарды, қайта әкелді, тағы әкетіп, тағы әкелді. Ақыры, жауып тастаған. Орнына екі жыл бұрын бухгалтерлік курсты бітіріп келген, қазір кеңседегі жалғыз сауатты Қыниятты уақытша сайлап қойды. Көп ұзамай Төлеш те айдалды. Жанботаның қамақта осы үшін отырғанын естіген соң, өзі келіп қолға түскен. Қоштасып тұрып Қойшыман шалға: “Қайтейін, тағдырымнан көрем де, ендігі жерде басқаларға абай болыңдар”, - деген. Бір жұмадан кейін ауылға Жанбота жалғыз келді. Өзі әбден жүдеген. Келді, келді де күндіз ауыл сыртына шығып күнді батыратын, түн болса Қаракөз бен Сарыағаштың жырын күбір-күбір қайталайтын мінез тапты. Ешкіммен сөйлеспейді. Тілін тапқан Қойшыман ғана. - Жанбота-ау, не болған саған? - Қойшы аға, сірә мен бұл дүниеден кететін шығармын, - деді ол. - Япыр-ау, бұл қай сөзің? Дүниеден кету адамның өз қолында ма? - Айтыңызшы. Осы жұртқа жасаған түйменің сынығындай жақсылығым бар ма менің? - Сен, Жанбота, Қаракөздің жұртын осы күнге арқаңмен арқалап жүріп жеткіздің. Сен бастадың, біз ілестік, ел болып еңсе көтердік. Өлсең, жұрт өкінішінің орны толмайды. - Рақмет, Қойшы аға! Мына сөзіңіз жан дүниемді бір серпіліп тастады. Енді өлсем де арманым жоқ. - Япыр-ау, Жанбота, не айтып отырсың? Көп ұзамай Жанбота керуетте сұлық жатқан күйі дүниеден қайтқан.
Көпжасар теңселіп ұзақ отырды. - Ауырмай, сырқамай, суға ақпай, отқа күймей, адам қалай өледі, Сарыағаш? - Оны сендер білесіңдер, мен білмеймін, - дер еді егер Сарыағашқа тіл бітсе. - Айтшы, Сарыағаш. Төлешке дұшпандық еткен кім? - Қыният. - Неге? - Төлештің алған әйеліне қыз кезінде Қыният көп қырындамады ма? Табанын жалауға дейін барған. Бірақ көндіре алмай қойды. Сөйтіп әрі-сәрі жүргенде, айдаудан Төлеш келіп, қыз соны қалады. Қынияттың ішіне қан қатуы сондықтан. Әйтеуір, ананың бір сүрінер сәтін тосқан. - Сонда Төлештің екі өгізін жоңышқаға айдап апарған сол ғой? - Әрине, сол. Төлештің сүріне қоятын түрін көрмеген соң, бәленің бәрін өз қолымен жасады. - Залым-ай! - Оның залымдығы сендер ойлағаннан әлдеқайда тереңде. Төлеш арқылы ол Жанботаға да зобалаң салатынын, бірін-бірі сатпайтындарды құлату үшін бір-ақ оқтың жететінін білді.
Үшінші күн дегенде Көпжасардың қазған құдығы өз бойынан әрең асты. Қазған жері қып-қызыл тас болып, іс мүлде өнбеуге айналды. Шеті қайда жатқаны белгісіз, қалың-қалың, қатпар-қатпар тастар бірінен соң бірі шығады. Сындырып ойып алудан өзге амал жоқ. Кеше ілесе келіп біраз қолғабыс тигізген Маймақ: “Бұл таулы жер, табанына жеткенше тас, құр арамтер боласыз, аға”, - деп түңіліп кетті. Сүймен ұрған сайын аяқ астынан жылт-жылт от шығады. Нағыз діңкелеудің көкесі осы. Алақаның дызылдап, екі білегіңді тоқ ұрып тұрғандай. Әттең, жас кезі емес. Сол дәурені болса тас дегенің сөз бе? Сілтеген сайын қақ айырып қақыратып тастар еді-ау. Жоғалтқаныңның біразына қайта қолың жеткенімен, өткен өміріңді, жастығыңды еш уақытта қайтара алмайсың. Әттең, қайран жылдар-ай. Көбіне жөнсіз рәсуа болмасаң, қаншама шаруа тындырып үлгерер едің. Соны біле тұра ғұмыр қысқа деп ретсіз ақталып, өтірік көлгірсиміз. Болмаса пенденің ғұмыры дегенің ұзақ, тым ұзақ жол ғой. Ана басы мен мына басына дейін қанша түн батып, қанша таң атады. Бір жақсысы – қазған жердің іші қазір көлеңке, төбеңнен күн өтпейді, денеңді топырақтың салқын лебі өбіп тұрады. Көпжасар жұмыстың қызығына әбден беріліп алды. Шаруаның тізгінін қолына алса – бітті, соны бір жағына шығармай, екі дүниеде солығын баспайтын өлермен мінез қазір де мейлінше дендеп, қолын байлап қойсаң да, әл-дәрмені түгесіліп бітпей іркілмейтін ағысқа көшіп алған.
Шыт-шыт сынған кесек тастарды сыртқа күрекпен емес, қолымен лақтырады. Үміт, шіркін, қандай! Енді біраз қимылдаса, тас асты ұлпа топыраққа ұласатындай, не су шығып кетердей болып көрінеді. Су сылдырап естілмей ме екен деп табан астына құлақ тосады. Сыбыс жоқ. Қатпар-қатпар тастың сызатымен жер асты ағыстарына қосылып, біржола жоғалып кеткеннен саумысың, жарықтық? Жоқ, сен шығуға тиіссің. Өкпеледің, өкпеледің де, тереңірекке тартылып кеттің. Кешір мені. Сенің құрғап кетуіңе жол беріп алған күнәмді кеш, Қаракөз. Мен сенің жырыңды Белоруссияның батпағында да, Румыния, Польша жерлерінде де жері бөлек, тілегі бір бауырларға айтқам. Бәрі-бәрі таңдай қақты, таңырқады, бәлкім, олар балаларына жеткізген шығар. Бәлкім сені жер шарында мың сан адам айтып жүрген шығар. Мың сан адам көргісі, көз салғысы, еңкейіп мейірін қандырғысы келер. Ол жұртқа мен жайында қалай, қашан айттың дейсің бе? Қаракөз-ау, Көпжасар кімді, нені көрмеді? Көпжасардың көргенін түгел айтса, ғасырға жүк. Қайсыбірін айтайын. Қайда жүрсм де сені, диқандық кәсібімді ұмытқаным жоқ. Иә, Көпжасардың жоғалтқаны көп қой, Қаракөз. Айтайын саған бәрін…
* * * Соғыстың басында Могилев түбінде шайқасып жатқан Көпжасарлар кейін шегінді. Бірақ қоршауда қалып қойды да, майдан шебіне қарай Белоруссия ормандарын паналап, шығысты бетке алып, жылжып келе жатты. Бір деревняда немістердің тосқауылына ұрынып, он бес адамнан үшеуі ғана аман шықты. Оның да біреуі ауыр жаралы. Полат деген тәжік жігіті еді. Көпжасар мен солдаттар Ермолай Марчук ағай атап кеткен егде сержант екеуі Полатты кезек-кезек арқалап, қалың орманға шым батып кетті. Мезгіл – көктемнің қарсаңы. Жерде қар бар. Керзі етіктің іші шылқ-шылқ етеді. Ағашқа ендеп кіріп алған соң Көпжасар мен Марчук бұтақтан құрастырып зембіл жасап, жаралыны соған салып алды. Соғыстың заңы – ол өліммен ғана шектелмейді, сені айнала төңірек ажал анталап жүреді де, оттың ортасында небір азапты бастан кешесің. Әрі аш, әрі тоңған екі солдат жаралы солдатты көтеріп ағаш ішімен бір тоқтап, бір жүріп әзер келеді. Олар бір-біріне жақ ашпайды, тілге ерік берсе өзі қылға ілініп тұрған күш-қуатын сарқып алардай тістесе түседі. Бұлардың жанын жеп, жағасына жармасып кел жатқан азап жалғыз ғана ма? Жүз сан жолдастың мәйітін артына қалдырып, енді аяқ тірер бұдыр таба алмай, өз жерінде өздері бұқпантайлай шегініп келе жатқандарын ойласа жүректері шаншиды. Екінші түнге қарата әбден қалжырап, демі біткен Көпжасар мен Марчук мұздап өлуге аз қалған соң, қураған бұталарды жинап от жақты. Маздаған жалынға Полатты жақын жатқызды. Өздері суы сорғалаған шұлғауларын кептіруге кірісті. - Мені бір жерге жасырып кетіңдер, - дейді Полат. – Сенімді адамдар жолықса, келіп алып кетерсіңдер. Сержант махорка орауға кірісті.
- Рас, айтам, мына қалпымызбен бәріміз бекер өлеміз, - дейді Полат. - Ал сен өмір туралы ойла! – Марчук қолын отқа қақтап-қақтап алды. – Осыдан кейін бір-бір табақ ботқа болса ғой… Қалай қарар едің, а, солдат? – Ол Көпжасарға қарап езу тартты. – Қатып кетер еді, ә?.. - Бас тартпас едім, Ермолай ағай. – Көпжасар да зорлана езу тартты. - Ал, бұл әзірше арман. – Сержант махорканы құшырлана сорып отыр. – Армандай да білу керек, рас емес пе? Көпжасар қу бұтақтарды көп қылып жинап әкелді. алғашында ағаш бықсып түтіндеткенімен, кейін лаулап жанып, жақсы маздады. Әркім өз ойымен. Көпжасар қаз-қатар бойлап өсіп орманға айналған сансыз ағаштарға қарайды. Адамдардың ағаш құрлы ымыра таба алмағаныай! Бірлесіп өскеннің өзі қандай жарасымды. Қарағай еменді, емен қайыңды демеп көкке өрлейді. Бәрі бірлесіп қалыңға айналған. Өмір сүрудің өнегесі осы, өмір сүрудің өнегесі иық тіресіп қаз-қатар өсіп-өнуде деп тұрғандай. Ақыл-есті демесең, адамдар да жаратылыстың бір бөлегі емес пе? Ағаш – орман, адам – халық. Соңғысында сана-түйсік бар, сана мен түйсік тіршілікке бас-көз болу үшін берілген. Пенде, шіркін, осыны неліктен ұмытып қала береді? - Су… - Полаттың даусы әзер естілді. Көпжасар тұра бермек еді, Марчук басын шайқады. - Болмайды, - деді сержант. - Су… - Шыда, солдат! – Марчук жаралының бетіне үңілді. – Саған су ішуге болмайды, достым. Шыдау керек. Бойлары жылынған соң, Көпжасар мен Марчуктің көздеріне ұйқы тығылды, денелері ұйып, босап барады. - Ту сыртымыздан немістер шыға келмей ме, жолдас сержант? - Қара түнде олар орманнан не іздесін. Сен не, қорқып отырмысың? Көпжасар үндеген жоқ. - Балаң бар ма, ұлым? - Үйленіп үлгерген жоқ едім. - Ал менің екі қызым бар. Псковта… Псковта деймін, қазір олардың қайда екенін құдай білсін. - Соғысқа дейін не істедіңіз, Ермолай ағай? - Істемеген шаруа қалды ма? Таға, шеге соқтық, жер жырттық, тұқым септік, Марчуктер әулетімізбен диқанбыз. - Солай деңіз, мен де диқанмын. - Сенің жеріңнің топырағы қандай? Қара бидай өсе ме өзі? - Қызыл бидай өседі. Кәдімгі баданадай қызыл дән. - Еһ!.. Көктем мынау қол созым. Жақында қарлығаштар ұшып келеді. Топырақтан бу көтеріле бастайды. Бізде бір бригадир бар… Қартайды өзі де. “Ал, бауырларым, бастаймыз!” – деп алға түсуші еді ылғи. Жұмысты да жаман істеген жоқпыз сол кезде. Астық та мол болған… Енді оған сөз бар ма? Солай… Көктем болса мынау келіп қалған, ал біз мылтық көтеріп жүрміз. Дағдыланбаған пәле…
Алма-кезек көз іліп, олар таңды атырды. Полатта тіл жоқ, тобығынан қара санына дейін ісік. Тірліктің нышаны әзер алған демінен білінеді. Полатты көтеріп Марчук пен Көпжасар ілбіп басып шығысқа жылжып барады. Олар қанша жүрді, көп пе, әлде жүз ғана қадам ба, ол жағы белгісіз, әйтеуір, жалбыр бұлттардың арасынан сығырайып күн дәл төбеде тұр. Кенет орман шымылдықтай сырылып, алдарынан ана шеті мен мына шетіне дауыс әрең жететін алаңқай пайда бола кетті. Сержант пен Көпжасар жуан ағаш түбіне бой тасалап, алаңқайға айнала көз салады. Алаңқайдың ортасында қаңқиып бірнеше машина тұр. Анадай жерден арба көрінді, жанында ат жайылып жүр. Сірә, бұл жерде адамдар да бар сияқты. Сонда олар кімдер? Көпжасарлар дем шығармай бақылады. Аналар техниканы бөлшектеп, кейбіреуін аулағыраққа апарып көмсе, қалғанын арбаға апарып салып жатыр. - Ұрылар ма? - Оған ұқсамайды, - деді сержант. – Колхозшылар сияқты, бақылайық, асықпайық. Аналар өзге дүниені ұмытқан, қимылдары тез, күн бесінге дейін талай шаруа бітірді, сонан соң майда-шүйде темір-терсектерді арбаларына салды да, қалыңға сіңіп ғайып болды. - Осы маңда деревня бар білем, – Сержант махорка орады. – Айналаны шолайық, бүгін паналайтын жер таппасақ, қиын. – Ол көз қиығын жаралыға салды. Олар Полатты қалдырып, ағаш арасымен алаңқайды жағалап алға жүрді. Біраз ұзаған соң алдарынан жалғыз аяқ сүрлеу кезікті. Сонымен тағы едәуір ілгеріледі. Бірақ артқа жүрген дұрыс па, алға басқан дұрыс па? Соны ойлап жан-жақтарына қарап бастары қатып тұр еді, әлдеқайдан аяқ дыбысы естілгендей болды. - Жат, солдат! Екеуі жолдан былайырақ бір-бір ағаштың түбіне автоматтарын ыңғайлап бой жасырды. Аяқ дыбысы жақындай түсіп, сөздері де естіле бастады. - Олеся, бас аяғыңды. - Етігім қажап келеді. - Әмсе, солай ғой сенікі. - Ақырын жүрші, Христя апай. - Жаныңды аяма, көкетайым, кеш батып кетеді. Аяқ астынан мылтық ұстап шыға келген арса-арса, сақал-мұрттары өскен, бейтаныс адамдарды көріп естері шыққан әйелдер арқалаған отындарын тастай салып, тұрып қалды. - Сәлеметсіңдер ме, туғандар! – деді Марчук даусын барынша жұмсартып. – Қорықпаңыздар. Егде әйел есін тез жинады. - Орыссыңдар ма, өздерің? - Орыс емей, - Сержант суқағарының бүркеншігін милығына қарай түсіріп жіберді. – Мінеки, - деп бас киіміндегі бес жұлдызын көрсетті. – Бұл қай маң өзі?
- Замошьня, - деді өгде әйел. – Селомыздың атын айтам. - Селода немістер бар ма? - Тұрақты гарнизоны жоқ, бірақ күн сайын келіп-кетіп тұрады. Түнге қалмайды, құдай жарылқағанда. - Қоршаудан шығып келе жатыр ек. - Қоршаудан дейсіңдер ме?.. Көрдік талайын, қаншасы өтпеді бұл жерден. – Егде әйел отынына қол созды. – Олеся, ал ағашыңды. - Қалай қарай өтті? – деп сұрады сержант. – Бет алыстары шығыс па? - Оны кім білген?! – Егде әйел қолын қалыңға қарай сілтеді. – Смоленщинада орман дегенің, әне, тірі пенде түгел тығыламын десе де жетеді, көкетайым. - Біз ашпыз, туғандар. - Қазір елдің бәрі аш. Селоға барып Платон қартқа жолығып көріңдер. - Селоға дейін қанша жер? - Осы жол апарады жүре берсеңдер. - Платон қарт дегендерің кім? - Платон қарт, Платон қарт, көкетайым… - Әйелдер жолға түсе берді. - Тоқташы, қарындасым, - сержант аналардың алдын бөгеді, - Анда ауыр жаралы бар еді. соған дәрігер керек. Егде әйел сәл ойланып барып: - Ілесіңдер, - деді. - Немістер жоқ па қазір? - Олар кешке қарай қалмайды демедім бе. Олеся дегені үлкен көгілдір көзді, өңі аппақ әсем бір жан екен, жаутаңдап Көпжасарға қарай береді. Олар селоға келгенде, іңір түсе қоймаған. Біраз жұрт қақпаларынан бастарын қылтитып, үн-түнсіз қарайды. Егде әйел екеуін старостаға ертіп әкелді. - Бұлар кім, Христя? - Жә, енді ежіреймей. Қоршаудан шығып келеді екен, жаралымыз бар дейді. - Майдан шебіне өтуіміз керек, - деді Марчук сақалы қауғадай старостаға. - Ол алыс қой, әрі алдарың түгел тосқауыл. - Амал қайсы, көреміз тырысып. Тек жаралыны жасыруға көмек беріңіздер. Енді сүйретсек, өліп қалады. - Әзір ештеңе дей алмаймын… Сол түні староста Көпжасарларды партизандармен табыстырған. Соғыстың аты – соғыс, бірақ бір ғажабы – адам үрейдің қалың ортасында жүріп те әу бастағы кәнігі тірлігінен қол үзбейді. Белорус орманының тұрғындары ажалмен иықтасып жүріп-ақ жер жыртып, тұқым сепкенін тоқтатқан жоқ. Замошьня селосында қар кетісімен, түнде жер жыртылып, тұқым себіліп жатты. Тұрғындарға партизандар көмектесті. Оған отрядтан бұрын диқандық кәсіппен айналысқан біраз адамдар бөлінді. Мылтықты ағашқа сүйей салып, қолына күрек алғанда Көпжасар соғысты мүлдем ұмытады. Бала кезден бергі жерге, жұмысқа өлшеусіз іңкәрлігімен, жан-
дүниесімен ұмтылса, шаттық, қуаныш екі қолтығынан демеп қимылдайды. Орман жері Қызылқайнардың топырағынан аумайтын, екеуі де жұп-жұмсақ мақпал реңдес қара бұйра. Көпжасар өзіне етене жақын тірлікті әбден сағынып еді. Соғыстың алдында екі жыл техникумда оқыды, сол жерден армияға алынды, одан майдан… Оқ пен оттың ортасында жүріп-ақ әлдебір қымбатын жоғалтып алғандай үнемі қармана беретін. Сондағысы мына қаракет болып шықты. Топырақ аударып, егін салудың айтып жеткізгісіз қуанышымен табысқан соң етек-жеңін тіміскілеген үрей ізі-қайым жоғалып, өн-бойында жарық дүниенің жақсылығына ғана тәнті сезім қалған. “Адамды адамға қарата мылтық атқызып қойғанша, осылай табан ақы, маңдай терінің рақатына бөлеп, сол ләззатынан айырмасаң қайтетін еді, дүние!” Жанына староста Платон қарт келеді. - Шығыстанбысың, солдат? - Қазақпын мен. Қазақстаннанмын. - Аулыңды сағындың ба? - Бізде де тұқым сеуіп жатыр қазір. Бұл кезде жұрт Қаракөз бен Сарыағаштың жырын айтады. - Кімнің? - Қаракөз бен Сарыағаштың. Баяғыда мынандай оқиға болған, - деп Көпжасар білетін аңызын әңгімелеп береді. - Қызық жай екен өзі де. – Шал басын шайқап ұзақ ойланып қалды. – Фашистердің күнәсін кім арқалайды? - Сіз біздің Қойшыман шалға ұқсайсыз, Платон ағай. - Кім дейсің? - Біздің ауылда да бір қария бар, жақсы кісі. - Ал мен старостамын ғой. - Сізге немістер шынымен сене ме? - Оны кім білсін, ал маған старосталық жұртты аман сақтау, партизандарға көмек көрсетіп отыру үшін керек. - Мына жақта, - Көпжасар орманда алғаш ұшырасқан алаңқай жаққа қол сілтеді, - егіске керек техникалардың тұрғанын көріп едік. - Жасырып үлгере алмай қалғанбыз. Немістер келген соң есепке алып қойды. - Біреулер бөлшектерін шығарып алып көміп жатты ғой. - Өзіміздің адамдар. Апарып жасырып жатыр. Жауды жеңген соң аршып алмаймыз ба? Сонда бір келсең… Бүкіл Белоруссия ормандарының арасындағы алаңқайдың бәрінде жайқалып өскен алтын масақты көрер едің. - Сөзсіз келер едім, бірақ жұмыс жетіп жатыр ғой бізде де. Босай алмаспын, сірә. - Мүмкін, осында қаларсың, ә, солдат? Біздің қыздарымызды көрдің ғой, қандай, ә?.. – Шал қулана күліп қойды. – Мұндай қыздарды шам алып іздесең таппайсың. Тәңірінің көзі сүрінеді құрғырларға. Сен де мынау алпамсадай қасы-көзің қиылған жігітсің, ойлан! Көпжасар күледі де қояды.
Бала-шаға, шал-шауқаны бар қалың жұрт ай астында азанға дейін айыздары қана жұмыс істейді; қолдары қимылдап жүріп сыр шертіседі, баяу да болса өмірдің базарын аңсаған, баянын тілеген ән айтады, базына білдіреді. Қалың ағаштың арасындағы алаңқай жан алып, жан берген әлемнен бөлек, бейбіт тірлік кешіп жатқан оқшау дүние секілді; барлық бәле-жала оны айналып өтіп жатқандай болып көрінеді. Сырт көзге солай, ал шындығына келсең, бұл әлемде де тіршіліктің мәңгілігін айдай әлемге айтатын күрес жүріп жатқан, Көпжасар солай ойлайды. Ешбір күш адамды жерден, жерде істейтін қаракетінен ажыратып ала алмақ емес. Өлімді жеңу үшін жерден қуат алу керек, одан өсіп шыққан әр сабақ, әр дәннің бойында өшпейтін өмір, тәніңе сарқылмас күш-қуат беретін, жаратылыстың өсіп-өну, пәктік, тазалық рухын сіңіретін ғажайып нәрі бар. Село тұрғындарының қайқайсысы да адал ниет өмір өзенінің асау ағысынан жауыздықты ығыстырып, лақтырып тастайтындығын біледі. - Фашистер бізден бәрін алдық, құр қол қалдырдық деп ойлайды, - деді Платон махоркасын бұрқ-бұрқ сорып, - бірақ денеңдегі ана сүтімен дарыған, тіршіліксіз отыра алмайтын қасиетіңді қайтіп алады? Ол қорада тұрған тауық емес қой ұстап әкете беретін. - Шынында да, сіз, Платон атай, Қойшыман шалға ұқсайсыз. - Сонда ол шал не істеп, не қоятын адам? - Өзіңіз сияқты диқан. - Онда, әрине, ұқсаймыз. Диқанның бәрі ұқсас. - Айтыңызшы, егер мына ісімізді немістер біліп қойса, бидайды ұрлап өсірдіңдер деп сойқан салып жүрмей ме? - Оны мен қайдан білем, немістер менімен ақылдаса ма? Егер тілімді алса, мылтықтарыңды қоқаңдатпай үйлеріңе қайтыңдар, кісі өлтіргенше жер жыртып, егін салсаңдаршы дер едім ғой. Ол жұмыс істеп жатқан жұртқа қарап иегін көтереді. Қалай болған күнде де жұрт жерді жетімсірете алмайды. Мәселе қайда… Тұқым ат шаптырым келетін екі алаңқайға себілді. Соңғысы ит мұрны өтпейтін нудың ортасында, ені тар, ұзыннан ұзақ жолақ еді. Отрядтың өзі сол маңайда. Партизандар қазір қиян-кескі қимылға көшіп алған. Жолдарды миналап, көпірлерді бұзады. Жау гарнизондарына тұтқиылдан тиісіп, талай фашисті жер жастандырды, қару-жарақ қорын молайтып алды. Немістер енді олардың соңына шам алып түсе бастаған. Жаздың соңғы айы. Замошьня тұрғындарында зәре жоқ. Жайқалып өскен бидайдың үстінен түсіп қала ма деп сескенеді. Күн ұясына таяқ тастам қалған кез еді. Аспан бұлт, жаңбыр иісі білінеді. Көпжасар мен Марчук деревняға азық-түлікке келе жатқан. - Жолдағы бидайды көре кетейікші, - деді сержант тамсанып. – Иісін-ай! Астық сарбалақ тартып, сарғая бастаған. Масағы бөртіп тұр. Тісіңе бассаң әлі түгел қата қоймаған дәннен сүт шығады. Жер-Ананың ақ сүті. Көпжасардың көзіне жас үйірілді. Ол Қаракөзді сағына еске алған. Мықидың жотасы, Абдыра тас, Қызылқайнар елестеп қоя берді. Айналадан сол өңірдің жұпары аңқып тұрғандай.
Екеуі егіннен біршама ұзап шығып, іркіс-тіркіс келе жатыр еді. Марчук Көпжасарды жеңінен тартып қалды. - Тоқта!.. Немістер… Сонадайда араларын алшақ ұстап, жеңдерін түрінген жау солдаттарының төбесі көрінді. - Тіміскілеулерін көрдің бе? – деді сержант. – Қап, оңбағандар! - Астықты біліп қойған ба? - Астықты білді ме, әлде отрядты іздеп келе ма?.. - Енді не істейміз, кешке қарай қалмаушы еді ғой бұлар. Түс көрген бе? - Итім білсін бе? - Отрядқа хабар беруге алыс, өткізіп жіберсек, егіннің үстінен түседі. – Марчук автоматын ыңғайлады. Бетін бұрайық батпаққа қарай. Түстік жақта бір шақырымдай жерде тартпа батпақ болатын. - Кәне, дайындал. Сержант автоматынан оқ жаудырып жіберді. Аяқ астынан себелеп қоя берген оқтан сасып қалған немістер әуелі жер бауырлап жатып қалды да, кешікпей ес жиды. - Партизан! – деп, бақырып-шақырып жатыр. Партизандардың беті түстікте. Қаша ұрыс салды. Ысқырған оқ жанжақтарындағы ағаштың діңіне қадалып, бұтақтарды қиып түсіп жатыр. - Қатты жүгірме, - деді сержант. – Қараңғы түскенше тежесек, батпаққа кіріп кетеміз. Бағымызға қарай иттері жоқ екен. Бұрындары Көпжасар автоматты көздемей, көзін жұмып ататын. Атқан оғымнан кісі өлгенін көрмейін дейтін, қазір қолын дірілдетпеуге тырысып, төбелері бірде көрініп бірде көрінбей келе жатқан жауды нысанаға дәлдеп алып атады. - Оқты шағындай берме, - деп Марчук те бір жағынан шегелеп жатыр. Байқайды, немістер онша көп емес, жиырма-отыздай ғана. Бытырлатып атып келе жатқаны болмаса, жан сала қумайды. - Қорқады, иттер, - Сержант тісін қайрады. – Орманнан қорқады. Қараңғы түсе бұлар да батпақтың шетіне келіп жетті. - Бар, - деді Марчук Көпжасарға, - қолыңа сырық ал да жөне батпақпен, ал мен бұларды тежей тұрам. - Сізді тастап жалғыз кетпеймін. - Сөзді қой, бар! Батпақты білген соң жан-жағымыздан құрсау салады. - Бірге өлелік неғылса да. - Өлгенді қой, жөне!… Бұл кезде іңір қоюланып кеткен соң қорықты ма, немістер алға жүрмей, ағаш-ағаштың тасасынан үсті-үстіне оқ себелетіп тұрған-ды. Аздан кейін тіпті жым-жырт тыныштық орнады. Аспаннан ірі-ірі тамшылар тама бастады. - Қорықты, енді алға жылжымайды, - деді Көпжасар сержанттың жанына еңбектеп барып. Анау тырс деп тіл қатпады. - Сержант…
Марчук автоматын алға кезенген қалпы етпетінен қимылсыз жатыр. Көпжасардың зәресі ұшып кетті. Командирінің денесін шалқасынан аударды. - Жолдас сержант! - Жөне… Саған… әлі… өмір… - Сөзін бітіре алмай талықсып кетті. Оқ Марчуктің кеудесінен тиіпті. Көпжасар жейдесімен оның жарақатын таңып, айналасына құлақ түрді. Немістер қайда? Кетпеген сияқты. Шүлдіршүлдір сөздері талып-талып жетеді. Не ойлап тұрғандарын кім білсін, тезірек кету керек бұл жерден. Марчукты арқалап алды. Еңкейгенде пилоткасы түсіп қалып еді, қайта алуға мұршасы келген жоқ. Адымдап басып ағаш-ағаштың арасына қарай жүріп кетті. Ол ұзақ ілбіді. Аспаннан қара нөсер бұршақтап төгіп тұр. Бір жағынан етігі де аяғын қажай бастады. Оны елемеуге, ескермеуге тырысты. Аяғын басқан сайын өкшесі ашып, жанына қанша батса да тістеніп алып, жүре берді. “Шыдашы, - деп жалынды Марчукке. – Шыдашы, бауырым. Талай от пен оқтың арасынан өтіп келіп, енді көз жұмба, ертең егін піседі… Жау жеңіледі. Псковыңа аман-есен барасың, жолдас сержант!” Көпжасар жүре беруге тырысты. Оған бәрінен де сержантты жерге түсіріп арқасына салу қиын еді. Сондықтан дізесі дірілдеп, қуаты сарқылғанда ағашқа сүйеніп тұрып әл шақырды. Бір кезде Марчук ес жиды. - Жерге түсірші, - деді. Жайлап түсіріп, басын сүйеді. - Қай тұс мынау? - Отрядқа беттеп келеміз, сержант. Ермолай талықсып барып, ес жиды. - Ұзақ ғұмыр да қиямет. Онсыз да көргенім аз емес. Жалғыз арманым болатын, сол ғана қинап жатыр. Жеңіс күнін көрсем деп едім… Соған имандай сендім де, қарашы енді… Сен бауырым… - ол қайта талықсыды. Көпжасар ойдым-ойдымға тосылып қалған қақ суын сүйсіне сімірді. Шұлғауын қайта орап киіп, ауырсынған аяғын сүйрете басып тұрды да, Марчукті зордың күшімен арқасына салды. Бұл Көпжасар өміріндегі азапты сапардың бірі еді. Неге екенін, қазір ол күллі тіршілікті ажалдан алып қашып, арқалап келе жатқандай сезімде болды. “Сен оны түсіріп алма, - деді өзіне өзі. – Аман жеткіз. Тіршілікті арқалауға, аман сақтауға жаралған екенсің, болдыруды, сүрінуді ұмыт. Тастан жаралғаныңды көрсін мына дүние, сенгені сен екенсің, мықтылығыңа әбден көзі жетсін”. Қара нөсер аласұра құйды. Өкпек жел анда-санда ағаш-ағаштың арасымен сумаң қағып өтіп, жауынды олай бір, бұлай бір алып қашады. Жауынның өзі Көпжасармен бірге тәлтіректеп келе жатқандай. Ол өкшесінен қан саулағанын, әлде етігінің ішіне су толып кеткенін ажырата алмады, шылқылдаған жерді жалаңаяқ басып келе жатқандай халде. “Япыр-ау, жаңағы немістер деревняға барып сойқан салып жатқан жоқ па? – деп шошына ойлады. Түнге қарай қалмайтын еді, бүгін әлібінен қалай жаңылысты екен? Әлде деревняға гарнизон көшіп келіп орналасты ма? Олай
болса жұртты қан-қақсатып жатуы тіпті ғажап емес. Платон шал… Сорлы шалдың сорын қайнатпаса не қылсын. Ал, Олеся ше?..” Көпжасар мен Олесяның арасында әдемі бір жарастық пайда болған еді. Бәрі сол жер жыртып, егін егуден басталған еді. Немістерге сезік білдірмес үшін тұрғындар күндіз деревняға кетті де, жерді отрядтан бөлінген бес-алты партизан аударды. Соқа бар, өгіз жоқ, малды немістер айдап әкеткен, қалғаны – баяғы күрек. Осы тірлікпен жүріп екі жас ұғысып, екі жас бір-бірі үшін егіздің сыңарына айналған. Көпжасар адам бойында махаббат деген сезімнің болатынын бұрын білсе де, соны өз басынан өткеріп көрмеген еді. Әйел баласын көрсе жүрек оты маздап, белгісіз күш басын айналдырғанымен, батыл әрекетке еркі жетпейтін. Олесяны көргеннен кейін оның жүрек қылы бұған дейін шертілмеген іңкәрліктің күйін тербеп қоя берген. Әйтсе де ата қанымен сүйегіне сіңген иба – жігітке тән ұстамдылықты көлденең тартып, шарасы кең көгілдір көздерге соншалық мөлдірлікпен абайлап қарайтын. Телміріп, тесілмейтін. Сұғын салып, тығырыққа тіремей, арагідік, бірақ жанын беруге дайын адал қарас. Қазақ жігітінің бойындағы осы қасиетке әрі таң, әрі тәнті болған қыз оның әрбір қимылын жанарымен ұзатып салып отырды. Өзі көрген жігіттер төніп түсіп, көңілін ақтаруға, реті келсе білегінен бір ұстап қалуға тырысатын, көз жұмбай құмарлығы лыпылдап, дәмесі жүрегіңді айнытатын. Мынау басқа. Нар кеуделі, теректей биік жігіттің ат жақты, қара торы өңінде сабыр мен салмақ қатар жайғасқан, қара көзі қараған жағына мейірін төгіп, айналып-толғанып тұрады. Жігіт сыңғырлаған әсем үнді естігенде, қуаныш пен ұяттан өрттей қызаратын. Осынау ақ-сары қызды төбеме көтеріп көкке ұшсам арманым болмас-ау деп ойлайтын. Осыншама сұлу мүсінді табиғат қалай жаратады. Жұрттың аузынан сілекейі шұбырып хор қызы деп айтатын айтулы сұлуы тұр ғой, міне, алдында. Көпжасардың басы айналды. Іздеген бақытымның біреуін таптым деген. Олесяның Қаракөзден су алып келе жатқанын, талдарға иіліп сәлем еткенін көз алдына елестетіп өз қуанышына өзі тоймай қарайтын. Өмірлік жар табу, тіршілікке құштарлығыңды бұрынғыдан да арттырып, алдыңда жанған жарық сәулені молайта түседі екен. Жар деген сенің бүтіндігің болып шықты. Көпжасар өз жартысының айдай сұлулығына ғана малданған жоқ, оның ақыл-парасатына бас иді. Қыздың соншалық ибалы болуы жанын жадыратты. Жігіт тайраңдап, жұтынып тұратындардан қорқатын. Мұның пайымдауынша, әйел бойындағы асыл қазына – жан сұлулығын ешкім айтпай көретін көз ғана оны бақытты ете алады. Көпжасардың көз алдында Олесяның жан сүйсінерлік мінез қырлары бірінен соң бірі таныла берген. Соның бәрі бір адамның бойына қалай сыйған. Бәлкім, асылзада әйелдің қазынасы түгесілмес, ғұмыр бойына оның барын ақтарып-төңкеріп бітпессің. Қасиетін шым-шымдап қолыңа ұстатып, ынтықтыра береді. - Шығыстың салты қиын деп естігем, - деді қыз. - Шығыста әйел баласының жүзін ашық ұстаған халық біз, қыздарымыз керек десеңіз, айтысқа да түседі.
- Тағы қандай салттарың бар? - Әйел баласы ер адамның алдын қиып өтпейді. - Қалай? - Айталық, сонау тұста ер-азаматтар келе жатса, олар өтіп кеткенше, әйелдер күтіп тұрады. - Күтіп тұрмаса ше? - Күтеді. Тіршіліктің үлкен-үлкен шаруасын жасап жүрген ер-азаматтың алды ашық болсын деген ниеті. Ер-азаматтың алдын кесу – кесір деген ұғым. - Сенің халқың философ екен. Мен оған ғашық болып қалдым, - деп Көпжасардың бетінен сипады. – Сен аулыңда бірде-бір қызды сүймедің бе? - Сүйсем, осылай отырам ба? - Мен саған сенем. - Жауды жеңеміз, сосын екеуміз қол ұстасып біздің ауылға барамыз. Қаракөзді, Сарыағашты көресің, жырын тыңдайсың. - Сенің сол аңызыңды селодағы әйелдерге айтқан едім, - деді Олеся. – Олар жылады. - Рас айтамысың? – Көпжасар қызды білегінен ұстай алған. – Дүниедегі барлық азап-шер барлық адамға ортақ екен-ау, ә?… Сонда олар түн жамылып ұзақ отырған. Ыстық тілектер, ынтық жүректер ай көзінен бой тасалап, ағаш көлеңкесінде адалдық, мөлдірлік, сыйластық, іңкәрлік күйін шертті; екі адамның, екі ағаштың өзгелер айтып жеткізе алмайтын атқан таңдай нұрлы сезімдері бітісіп, біртұтас дүниеге ұласқан. Екеуінің осынау бақытына қаптаған қалың ағаш, көкте жұлдыз куә болды, бірі сыбырласып, бірі жымыңдасып, қосыла қуанған еді… Қыздың жүзінде бір ұяң арай тебініп шықты. Ол сонша нәзік күлкіге ұласып, Көпжасардың өн бойына күн шуағындай тарап жатты. Күндер өте келе Көпжасардың түсінгені – сүю төбеңнен төнген, төтеннен келген беймәлім сезім емес, о баста емшек сүтімен пайда болған қасиетің екен. Ол көкейкестісін тапқанша қат-қат дүниенің қаптарында сары майдай сақталып жүріпті. Айы-күні жеткен соң, ұясынан ұшқан қарлығаштың балапанындай қанатын қағып, самғап шыға келді. Тіршілік бұрынғысынан ыстық; жер мен көк айрықша нұрланып, су түгелдей тұнды; ағаштыр бір елі биіктеген сияқты. Япыр-ау, адамның махаббаты дүниенің ортақ қуанышы екен ғой. Сенің шаттығың тіршілікке дем беретін, тынысын кеңітетін құдырет болып шықты. Демек, бұлар – бақытты. Өз қуаныштарымен, өз махаббаттарымен әлемді шаттыққа бөлегендері үшін төбелері көкке сәл тимей тұр. Көпжасардың кесімі – махаббат екі адамның ғана рақатына айналмасын. Ол өзінің тазалығымен, мөлдірлігімен айналасына жақсылықтың нұрын сепсін, шынайылығына табындырып, баршаның осынау адал жұптасуға, адал ғұмыр кешуге іңкәрлігін оятсын. Тек сонда ғана, бәлкім, жер бетінен жауыздық біткен жоғалар. Адамның кеудесінде жақсы көруден өзге ине шаншар жер қалмаса, бар болмысын айналасына құштарлық сезімі билеп алса, тіршілік бірде бүк, бірде шік түсіп мың-сан айнымай, қай жағынан келіп
қарасаң да бір қалыпта тұрар еді-ау. Екі адамның жұптасуы дара-дара ағыс қумай, бірлесуге шақырып тұрған жоқ па? - Сен екеуміз Қаракөздің жанынан Сарыағашқа жақын етіп үй салып аламыз, - дейді Көпжасар қызға. - Біздің көп-көп ұл-қызымыз болады, иә? - Әрине, - деп қуанады Көпжасар. - Мен түс көргем, - дейді қыз, - сені немістер ұстап алыпты деймін. Үлкен бір иірімге әкеліп лақтырып жібереді. Сен малтып шығып кетесің, олар қайта лақтырады, бәрібір батпай қойдың. Біз тірі қаламыз, біз өлмейміз, Көпжасар! Қыздың көретін түсі көп еді. Бірде Көпжасар екеуі ақ боз атпен Қаракөзге қарай шауып бара жататын, бірде екеуіне тең қанат бітіп, ақша бұлттардың арасында ұшып жүретін. Бұлар сирек кездесіп жүрді. Кейінгі кезде Көпжасар селоға азық-түлікке келгенде шамалы уақытқа ғана жолығатын. Қыз Көпжасарды біраз жерге дейін шығарып салады. Көзқарасынан, қимылынан, демінен айтып жеткізуге болмайтын сағынышы аңқып тұрады. Қоштасар сәтте мойнынан тас қылып құшақтап, демімен өртеп тұрып: “О, жаратқан, сақта оны, өлгенін естіртпе, сақта!” – деп күбірлейді. - Жаудың оғынан сені менің махаббатым қорғайды! – дейтін Олеся. - Менің махаббатымды жеңетін күш жоқ! Осының барлығын бір сәтке ойлап үлгерген Көпжасар бойына тың күш қосылғандай шапшаңдата адымдады. Қара нөсер баяғысынша шелектеп құйып тұр. “Егіннің пісер алдында жауғаны жақсы болды ғой, - деп ойлады Көпжасар, - дәні толық болады”. Енді бір сәт: “Немістер селода сойқан салып жатқан жоқ па, - деп қайыра ойлады. – Немістер күндіз келмей, кешкісін аяқ астынан келген болса, Олеся деревняда… Онда…” Көпжасардың төбе шашы тік тұрып жанталаса алға ұмтылды. Село мен отрядтың арасы жеті-сегіз шақырымдай еді. Шамалуынша жартысынан астамын жүрген сияқты. Марчук тағы ес жиды. - Немістер қазір селода. Жұртты партизандарды табасыңдар деп сөзсіз қыспаққа алып жатыр. Мені арқалап уақытты бекер өткізгенсің. Қазір мені дұрыстап жатқызып, үстімді бұталармен бүрке де, жүгір. Тезірек отрядқа хабар бер. Көпжасар үндемей қалды. - Сөйт, бауырым, жұртты құтқару керек, ертең немістерге қосымша күш қосылады да… Түсін… Жет тезірек отрядқа. - Сіз ше? - Маған не, жақсылап жауып кетсең, жата берем. Бар, тезірек хабар бер. Онсыз болмайды. Бүкіл деревнядан айрыламыз. Көпжасар сержантты жөндеп жатқызып, үстін бүркеді. - Тағы бір айтайын дегенім - өзіңді, Олесяны сақта. - Енді қайта көріспейтіндей, не айтып жатырсыз.
- Сен әуелі тыңдап ал. Сендердің өмір сүргендеріңді тәңіріден соншалық тілеймін, соншалық… Сендерсіз не болады мына дүние? Соны ойла. Ал, енді, бар. Көпжасар отрядқа қарай құстай ұшты. Ол түн жарымы ауа жеткен. Болған жайды естіген отряд командирі партизандарға жолға жиналуға бұйрық берді. Мақсат айқын. Жауды таң қараңғысында басу керек. Отряд жолай Марчукті іздеп тауып алды. Денесінде жан жоқ. Көпжасар шайқалып барып бойын әзер түзеді. Партизандар бас киімдерін алып тағзым етті. Немістер селоны қоршап, тосқауыл қойып үлгерген. Шайқас кенеттен әрі қатты басталды. Бәріне даяр тұрған жау оңайлықпен ілгері аттатпайды. Селодан шырқыраған әйелдер мен балалардың даусы естіліп жатты. Таң сібірлеп атып қалған. Кенет селоның ортасындағы қамбадан лаулаған өрт шықты. Сонымен қоса естіп тұруға тас жүректің де дәті шыдамайтын шыңғырған адам даусы жер мен көкті шарлап кетті. Демек, қамбада қамалған адамдар бар. - Отряд, алға! – Командирдің даусымен бірге партизандар себелеп тұрған оққа қарамастан жан-жақтан шабуылға көтерілді. Немістердің өлгені өліп, тірілері селоны тастап қашты, бірақ артында адам айтқысыз айуандығын қалдырды. Кепілге деп қамаған әйелдер, балалар, шалдар қамбамен қоса өртеніп кетті. Үлкен ағаш үйдің табалдырығында бетжүзі адам танығысыз Платон жатыр. Оң қолының жұдырығы түйіліп қалған. Көпжасар жанталаса Олесяны іздеді. Бірақ таба алмады. Селоның тірі қалғандарының айтқан әңгімесі: немістер деревняға түс кезінде келген, әдеттегіден де қату, келе жұртты алаңға жинап алады да, Платон қартты тергеуге алады. “Оңбаған, сен, ұлы Германияның жауларын жасырып жүрсің, шыныңды айт, партизандар қайда?” “Офицер мырза, біз партизандарды білмейміз”. “Мә, саған білмеген!” – Қатты тиген соққыдан Платон қарт құлап түсіп, бетін қан жауып кетеді. Басына су құйып, есін жинатып алып, қайтадан сұраққа алады. Қайта ұру, қайта сұрау, азапты тергеу ұзаққа созылған. Ақырында немістер: “Партизандарды айтпасаңдар, бәрің де атылып, асыласыңдар, ойлануға сегіз сағат мұрсат береміз”, - деп бір топ адамды кепілге алып, қоймаға қамайды да, орманды өздері сүзіп қайтуға шығады. - Олеся қайда? – Көпжасар кемпірлерге қарады. - Өртенген жұртпен бірге күйіп кетті ғой, балам. Көпжасардың тұла бойын көз жасы жуып жатқандай. Сірә, азап-шері шегіне жеткен азаматтың тұла бойынан көз табылып, ыстық тамшылар жарық дүниенің бетіне тырс-тырс тамып жатыр, тамып жатыр. Қасиетті әлеумет-ау, жан адамға жамандығы жоқ, сабағында уылжыған ғажайып махаббаттың падишасы кетті ғой өмірден. Жыласын Көпжасар, жұбата көрмеңдер, қос қанаттың бірінен айрылғанда боздамағанда, қашан еңіреп, қашан егіледі. Сорғалатып аруанадай аңыра. Даусың көкте тәңірінің, жерде
тірі пенденің құлағына жетсін, көңілін босат әлемнің, тобасын есіне сал. Жыла, тіршілік. Ағаштар сыңсымай неге тұрсыңдар?! Тал түсте сөніп жатқан жұлдыздардың зарын айтсаңдаршы мына көрсоқыр әлемге. Отряд қозғалды. Бұл кезде түн жарты найза бойы көтеріліп қалған. Бүкіл көкжиек қан қызыл. Аппақ әлем қан қызыл түске үрке қарады. Артта күйік иісі бұрқырап, адамнан ада, қаңырап Замошьня деревнясы қалды. Жұрт соңында бүкіл жан дүниесінен аққан жасқа малынып Көпжасар келеді… Осыдан бастап Замошьня селосының тірі қалған тұрғындары партизандармен бірге. Селоға жақын алаңқайдағы астыққа немістер өрт қойып кетті де, отряд маңындағы егінді ризық етті. Белоруссия ормандарындағы партизан отрядтары біріккенге дейін Замошьня тұрғындары мен Көпжасарлар әрі жаумен шайқасып, әрі егін егіп, бірлесе өмір сүріп еді…
* * * Күн түске таянған, көп болса екі қарыс жер қазылды. Өзінің де тамағы қаңсып, әбден шөлдеген. Маймақтың әйелі термосқа ыстық шәй құйып беріп еді, ол бар болғыр арбада, соған жете алмай мысы құрып түр. Қанша мойындамайын десең де жас келген соң, кісі бойы шұқырға шығып, түсіп жатудың өзі бір жұмыс екен. Енді біраз қимылдайын, шөлімді Маймақтың үйінен бірақ басармын деп ойлады. Япыр-ау, қазір мынау қызыл қайрақ тастардың сызатынан мөлт-мөлт су шығып кетсе… Сонда бұл Қаракөздің мұздай мөлдір суымен күллі өткен өмірінің кісі санатына қосқан қиян-кескі күндеріне деген сағынышының шөлін басар еді. Кәне, мөлт етші бір, Қаракөз! Сен осыдан Майемер даласына дейін жетіп аққанда, ұзына бойы шөлін қандырмайтын жерің болмайтын. Бәлкім, сонау алма бақ, Майемер даласы да бір жұтым суыңды күтіп, зарығып жатқан шығар. Жердің тілі жоқ, бірақ мен оның даусын үнемі естимін, азап-шерін анадайдан сеземін. Жер не көктеп, не қурап сөйлейді… Сенің шалғының қуаң тартқалы қашан, ол өзіңді сағынды, Қаракөз. Мен сендердің алдарыңда кінәлімін. Тал-бұтаңның, аң-құсыңның алдында кінәлімін. Біз кінәліміз… Бағанадан бері қары мен белі талып босаңсып, болдыруға айналғанын ұмытып, қайратына қайта мініп алғандай. Әрбір соққысында сарқылмас күшқуат иесінің асқақтығы мен өз ісін, өмірін місе тұтпайтын адамның ашуызасы бар. Әлгіндей шамырқанудан кейін соққысы үдей түсті… Соншалық ұзай қоймаған шығарсың, Қаракөз. Көп болса тағы бір кісі бойы қазар, мейлі одан да терең бол, шаңырауға түсіп кет, мұның ендігі қалған өмірінде бітірген шаруасы өзің боласың. Сені қайта тірілтіп, қайта мөлдіретіп, ағысына салып кетпесе, мұның ғұмырында мән-мағына қалмайды. Өзіңмен бастаған тірлікті өзіңмен жалғастырып кетеді Көпжасар! Солай, Қаракөз! Сен Белоруссия орманы, адамдары, менің өмірімнің ең қымбаты, асыл махаббатым – Олеся ғашық болған Қаракөзсің. Ол сені түсінде көрді, түсінде тұнығыңды сіміріп, мөлдіріңмен жүзін шайды.
Келемін, басыңа отау тігемін деген арманы бартұғын. Оған тағдыр жеткізбеді. Жауыздық дүниені талай асылынан ажыратты. Көптеген қазынасын тартып әкетті. Жоғалтқанымыз көп біздің. Енді оларды қайта оралту мүмкін емес. Ал сені оралтам. Көпжасар сыртқа сүлдерін сүйретіп әзер шықты. Күн оттай ыстық. Үп еткен жел жоқ. Сәскеден бері аунап-қунап, ақыры, дел-сал күй кешкен алтын шуақ ақ сағымға айналып, бұйрат жоталардың жонына қарай ығысыпты. Көпжасар дір-дір еткен тізесін әзер игеріп, Сарыағаштың көлеңкесіне жете жамбастады. - Шаршап қалдым, Сарыағаш. - Жалғыз бекер келгенсің, - дер еді Сарыағашқы тіл бітсе. - Жұрт жұмыста, қолы тие бермейді. - Кеткен суды қайтару жұмыс емес пе Көпжасар Сарыағаштың діңіне қол созды, өріліп өскен қабығы кәдімгі таудың қорымындай қож-қож. Қайтпас қайраттың реңі, талай жылдардың бейнеті мен мехнатын сақтаған тіршіліктің иықтан түспес жамылғысы. Оны сыпырып алып тастасаң, күнкөріс қиындайды. Алма-кезек келіп тұратын қилы-қилы соққылар ащы тәніне тиіп, өзегіңді жаралайды. - Енді қанша жыл тұрасың, Сарыағаш? - Оны ешкім айтып бере алмайды, - дер еді егер оған тіл бітсе. - Өзің де білмейсің? - Менің өмірім жердің амандығына байланысты. - Сен кінәлайсың ба бізді? - Менің айтарым: төбемдегі қурап кеткен бұтақтарым - өздеріңе жасалған ескерту. Көпжасар ағаш діңінің қабығын тағы сипалады. Иә, иә, ағаштар да сөйлейді. Тек біз естімейміз. Олардың айтары бойында, бойына түскен таңбалар мен іздерде. Соны көретін көз, ден қоятын көңіл болса мынау өмірге теңдесі жоқ іңкәрлік менмұндалап қоя бермей ме? - Мен саған су берем, Сарыағаш: Қаракөзіңнің мөлдір бұлағын мәңгі сіміріп тұратын боласың. - Сөйтеді деп өзіңді ұзақ күттім ғой. Саған деген сол сенімін мені құлатпай тұрды. Сендер барда құлаудың өзі қорқынышты. Көпжасардың біртүрлі көңілі босады. Дүниедегі бар нәрсенің барлығы адамға арқа сүйейді, адамдарға сенеді, адамдарды қимайды. Ал біз… - Көп жайды еске түсірдің білем, Көпжасар, - дер еді Сарыағашқа тіл бітсе. - Қаракөз екеуіңнің жырыңды талай жерге айтып едім. Соларды алдым еске. Соғыстық қой біз, жоғалтқанымыз көп болды онда. - Соғыс деймісің… жадымда менің де… Иә, онда жоғалтқандарың ұшантеңіз… Қаракөз аулындағы сол қиын-қыстау күндерді ұмытқан жоқпын. Мұнда да азап шеккендер, арманда кеткендер көп болды ғой. Жұртты сақтаймыз деп Қойшыман шал не көрмеді? - Иә, ол жақсы адам еді. - Сен ана жақта қан төгіп жатқанда, ол Қаракөзде жанын жеді.
- Оңай тиген жоқ оларға да. - Тіршілік үшін жанталасты, басын ұрмаған тауы жоқ. Қойшымандардың ерлігін біреуі біліп, біреуі білмейді, білетіндердің өзі ұмытып барады. Ал менің көз алдымда бәрі бүгінгідей. - Айтып бермейсің бе маған? - Оны айту үшін Қаракөздегі күн мен көлеңкені түгел еске алу керек қой. Соғыс біреуге азап болса, біреуді есірткен. - Сөйле, Сарыағаш. Ақиқаттан кім қашып құтылады. Егер Сарыағашқа тіл бітсе айтар еді…
* * * Жалғыз атты Қызылкезеңнен бері қарай құйындатып келеді. - Оу, тал түсте мынау не пәле, ауылға қарай шапқан? - Тағы біреу сорлады ма? - Басы ағараңдайды. - Бодау ғой мынау, ойбай, ауылсәбет. - Құтырып кеткен бе бұ қатын етегі далақтап… - Қыният екеуіне не істесе де жарасып тұрған жоқ па осы күні. Ұста дүкенінің алдында тұрған шал-шауқан абыр-дабыр, әне-міне дегенше аттылы да келіп қалды. Жаясына құшақ жетпейтін бөрте ат бүйірін соғып, танауы делдиіп билеп басады. Ат үстінде қақшиып отырған қызыл бет, күлім көз әйел иірілген шал-шауқанға мойнын бұрмастан колхоздың кеңсесіне қарай сыдыртып өте шықты. - Ойпыр-ай, осының кешегі арбакеш Мұғалімбектің әйелі екені рас па? - Астында аты ауыздық шайнап тұрса шүйгімей қайтеді. Онымен тұрмай ауданнан келе жатса… - “Ит жоқта шошқа үреді қорағаның” кері келіп тұрған соң, айттың не, айтпадың не! - Оу, жұрт, ананы-мынаны суыртпақтағанша, алғы күндердің жайын ойласаңдаршы. Күнгейдің елі ашығып қалыпты деп жүрген өздерің. Бұл сөздің жаны бартұғын. Биыл жотаға астық шықпай қалып, Қаракөздің төменгі сағасындағы аз ғана егіннің бір бөлегі өкіметке өткізіліп, біразы тұқымға, қамбаға құйылған. Жұртқа берілгені он бес-жиырма арбадайы ғана. Қойшыман болмағанда колхоз астықтан мүлде құр алақан қалатын еді. Қыс қар жаумай қара суықпен өткен. Көктем ерте шыққанымен, күн жаумай, топырақ бірден кебе бастап, жаратылыстың райынан іш жиған Қойшыман Қыниятқа ақыл салған. - Төменгі сағаны жыртып, Қаракөздің суымен егін салмасақ биыл қиын болады, - деген ол. - Тауға өспеген бидай сағаға өсе ме? Тұқымды көрінген жерге шашып, басым екеу емес, - деді Қыният. - Шаптықтай ақылға кел, жотадан дәнеңе де алмайсың. - Бұл өңірге су салып, бидай өсірген адамды естісем құлағым тас керең болсын, бәлесі аулақ.
- Салмаса, саламыз. Қол қусырып отыруға болмайды ғой. Жотаға астық шықпайды не қылса да. - Шықпаса, шықпас. Құдайдың жаумаған жаңбырына мен жауап бермеймін. - Жұртты қайтесің? - Көппен бірге көреді де. Бүйректен сирақ шығармай жүрсек қайтеді. - Әй, Қыният, тілімді алмасаң, қара қазан, сары баланың обалы саған болады. Қойшыманның сөзін жұрт қолдап, Қыният амал жоқ сағаға соқа салдырған. Кейін жотаның бидайы күйіп кетіп, сағада жайқала егін өскенде, бастық мұртынан күлген. Бірақ бір сағаның астығымен барлық жыртығыңды бүтіндей алмайсың. Мына жұрттың көңіл алаңы да сол еді. - Ілдалдалармыз, көрген қиындығымыз жалғыз бұл емес қой, - деді Қойшыман қара суық өңмеңдерінен өтіп, қаусырынған шапандарының етегін жел сабалаған шал-шауқанға. – Бұдан жаман кезде де күн көргенбіз. Бәрінен бұрын жаудың жеңілгенін айтыңдар. Жүз елу азаматың аттанып еді, тең жартысынан қара қағаз келді… Бұл да бір зауал болып тұр елге. - Кеше Зылиқа кемпірге жолығып қалғаным. Зиратқа қарай кетіп бара жатыр. “Қайда барасың?” – десем, “Балаң өлді деп еді, өлсе моласын көрейінші”, - деп барамын дейді. Шал-шауқан ананы-мынаны айтып ұзақ тұрды.
* * * Бодау ауылға бекер шапқылап келмеген екен. Ертесіне бес-алты арбаны жектіріп аудан кетті де, ауылға бала-шағасы бар жиырма үй алып келді. Эвакуацияланғандар дейді. Түрлері ала-құла. Көбісі тау халқы. Араларында шаштары алтындай сары, көк көзділер де жүр. Қауға сақалдылар: “Балқармыз, мұсылманбыз”, - десіп әркімге бір жаутаңдайды. Араларында орыс, поляк, немістер де бар көрінеді. Неміс дегенде жұрттың бәрі бір сұмдық естігендей: “Қайсы, ей?!” – десіп, жапа-тармағай қырықтарға жете қоймаған балалы әйел мен кемпірге бажырая қарасты. “Бұлардың керегі не?” – деген кейіп. Кемпір де, әйел де мына қарастағы мағынаны айтпай-ақ түсінді, сосын осыншама анталап қадалған көздердегі бой жасырар тесік таппай, талпынып қалған баланың орауын түртпектеп, көздерімен жер сүзгілей берді. - Көзіне қарамайсың ба? – деді Қыниыт Бодауға, не зекігені, не еркелеткені екені белгісіз үнмен. – Немістің не керегі бар бізге? - Маңдайында жазуы жоқ, қайдан білейін? – деп Бодау жұртқа қарады. – Мына келгендер енді осында, бізбен бірге тұрады. Қарайласып, жәрдемдесуіміз керек. Кәне, қандай ақылдарың бар беретін? - Ойбай, өзіміз ұстараның жүзіндей қылпылдап отырғанда қайдағы жәрдем? - Әуелі бала-шаға аман қала ма десеңші. - Арба-арба бидай бергендей сөйлейді бұлар.
- “Өзі ауырмағанның құдаймен ісі жоқ…” - Оу, сонда бұлар өле ме? - Елдігіміз қайда… Сабыр етсеңдерші, кісінің зығырданын қайнатпай! - Оу, ағайын! – Қолына тымағын алып ортаға Қойшыман шықты. – Ұлардай шулап бұл не қылғандарың? Салымға түскендей құдай тағалаларыңды ұмытып, кимелейсіңдер сонша. Паналап келген жұртты қанатыңның астына алмасаң, елдігің қайсы? - Жетіскенімізден кері кетіп тұр дейсің бе? - Айт, Қойшыман, көңілдегіңді, сен айтсаң, бір мәнісі болар. - Айтқаным-ақ, бұларды Қотыр көшедегі ескі үйлерге апарып кіргізейік, әр үй бір пұттан астық жинасын, қалғанын көре жатармыз. Жұрт Қойшыманның айтқанын істеді. Қотыр көшедегі ескі үйлердің мұржаларынан түтін будақтап, айналасы адамға толды. Қыс ерте түсті де, қар үш-төрт күн жауып басылысымен, сары аяз апталап бойы сақылдап, дүние белуардан сірескен күртікке айналып, сол бойы жатып алды. Жұрт қаптың түбін тықырлатып ілдалдалап зорға отыр. Бірлі-жарым үйдегі адамдардың бетінде ісік пайда болды. Түн. Қотыр көшенің шетіндегі жалғыз бөлмелі үйдің мұржасынан түтін сыздықтап әрең шығады. Шөңгеде қайнап жатқан қара су ғана. Кемпір мен әйел пеш жанында өлеусіреп жанған отқа телміріп, тым-тырыс отырғалы қашан. Бидай таусылған. Басқа тамақ жоқ. Қойшыман шал әкеп берген екі тостақ талқан да түгесілді. Көргенде рақатты бұлар сол шалдан көрді, талай талқанын жеді. Қаракөз ауылында Қотыр көшеге қоныстанғандарға қол ұшын бермеген кім бар. Бір пұт астықтан жинап бердік, ендігісін өз бақтарыңнан көріңдер деген жоқ, қыс бойы ауыздарынан жырып беріп өлтірмей келеді. Бірақ қазір олардың да жырғап отырғаны шамалы, жұрт жапа-тармағай ашыға бастаған. Кемпір мен келіншек кешелі бері нәр сызған жоқ. - Балаға обал болды, сорлы Иоганн. Кеудемді сорып жатыр. Сүтім суалған, бірақ сорып жатыр. Сонысына қарай тірі қалса да, мейлі-ау. - Адамдарды жылатып жатқан біздің тұқым, Инга. Есі ауысқан өңшең, құдай жоқ оларда. Тәңірім-ай!.. - Қайдағы тұқым! Біздің Ганс фашистерге қарсы соғысып жүр, айтпа. - Жұрттың бетіне қарай алмаймын. Олар жарты нанын бізге бөліп беріп… Түсінбедім, Инга. Немістер бұлардың балаларын өлтіріп жатыр ғой. Қара шөңге бұрқ-бұрқ қайнап жатыр. Үйдің ішін көңірсіген бір иіс алды. Әйтсе де ашыққан адамдар қара шөңгеге соншалық үмітпен үздіге қарайды. Кеудесіне баласы тас кенедей жабысқан, барлық жерінен сүйегі шодырайып көрінген арса-арса әйелдің ойлағаны – тас шайнаса да сәбиіне нәр боларлық бірдеңені тісіне басу. Бауырындағы балаң аман қалады деп қазір оған у жұтқызсаң да шімірікпес еді. Әйтеуір, мынау үрпиген балапаны өле көрмесін. Осы күзде бала емшектен шығып еді, кейін Инга оны қайта емізді. Тамақ тауып бере алмаған жағдайда емшегіммен асыраймын ғой деген. Содан бері бала күндіз-түні тартқылайды.
Ганстан да хабар жоқ. Бәлкім, оны өлтірген шығар. Большевиксің дейді де, қылжита салады. Құдай дегенің бұйым емес. Ганс… Ганс… Иоганды бауырына қысып отырған Инганың жағдайын саған кім жеткізеді? Бұған да шүкір. Азия деген атын естігенімен онда тұратын халықты Инга көрген де, білген де емес. Енді, міне, қазақтарды паналап, баяғыда өліп қалуға мәжбүр болса да, өлмей отыр. Инга осынау қара көз халықтың соншалық бауырмалдығына таң қалады. Бұл халықтың ерекшелігі қалай болған күнде де кім екенін біліп, сұрап жатпастан адамға қол ұшын беруінде еді. Былай қарасаң ештеңемен ісі жоқ, момын ғана адамдар. Ол сол момақан қалпымен бәрін аңдайды, көксегеніңді сұратпай қолыңа ұстатады, қас-қабағыңнан біле қояды. Болған-біткені түгелдей аяушылық сезімнен құралған. Мүшкіл халіңді аңдаған қай-қайсысының да қабағында кірбің, көзінде жас мөлтілдейді. Әсіресе анау шал… Келген сайын әлдене дейді, не айтатынын кім білсін. Бәлкім, хал-жайды сұрайтын шығар, жұбатар, әрине сөйтеді. Қамқор болып жүрген адам өзге не десін. Ал бұлардың оған айтатыны “рақмет саған, жақсы адам”. Шал осындағыларға жағалата кіріп шығатын. Жанына ілесіп келгендер қолдарындағы түйіншіктерін анаған да, мынаған да ұстатады. Олардың төбесі көрінгенде, әсіресе балалардың шығарға жаны қалмайды. Балалардың ертеңнен кешке дейінгі ермегі – бел асып келетін жалғызаяқ сүрлеуге телміреді. Әлгіден бермен қарай түсіп келе жатқан адамдарды көздері шалысымен, бірі қалмай жарбиып-жарбиып есік алдына шығады. Қазақтар балаларды шеттерінен маңдайынан сипап, сондай бір майда үнмен әлденелер айтады. Енді қазір сол қазақтардың өздері де ашыға бастады. “Оған біз кінәліміз, -деп ойлады Инга. – Азықтарына ортақтастық. Сөйтетіндей кіміміз?.. Білмеймін, білетіні адамдар барда өлу оңай көрінбеді. Өзі сіңірі шығып, сүйретіліп жүрсе де, адамдар адамдарды жолға тастамайды екен”. Кемпір бүкшеңдеп, қара шөңгенің қақпағын көтерді. “Неміспіз дейді, неміс болғанымызға кінәлі ме екенбіз. Бәріне кінәлі – фашизм, кінәлі – Гитлер. Ал біз – Ресейде туған адамбыз. Советтің немісіміз. Менің Гансым Гитлерге қарсы шайқасып жүр. “Гитлерді жеті қат жердің астына көмбей бейбіт өмір болмайды: фашизм – барлық адамның қасіреті, Инга”, - деген Ганс. Тәңірім-ай!..”
* * * Қаракөз ауылында жұрт ерте жатуға тырысады. Аштық зардабын ұйқымен алдағысы келеді. Жұрттың көбісі тақ-тұқ, шықпа жаным шықпа деп отырған жай. Бұл түнде шамы сөнбеген үйдің бірі – Қойшымандікі. Кемпірі қаптың түбінде қалған бидайды қуырып алған, енді соны диірменге тартып күйбеңкүйбең. Қолы қимылда, көңілінде Амандос. Жатпай-тұрмай ұлдың амандығын тілейді.
- Өліп қалды ғой қу жалғыз, - дейді кемпірі. - Жап аузыңды! - Ал үндемейін, менде не тұр, сорлы… Диірменнің тасын кезек-кезек айналдырады. - Талқанның біразын таң атысымен әлгі әйел мен кемпірге берейін, - деді Қойшыман. - Өзің не жейсің, байғұс-ау! - Жас баласы бар сорлының. - Солармен сөйлестің бе өзің? - Сөйлескенде… қалайсыңдар деймін, бастарын шұлғып, қолдарын көкіректеріне басып, езу тартады. Ашыққан жоқсыңдар ма десем, тағы сол. Құдай біледі-ау, сендерді өлтіргелі келдім десем де әлгіні істейді. Тілді түсінбеген соң қайтеді. - Шал-ау, жұртты өлтіріп жатқан неміс емес пе? Соларың?.. Қойшыман үндемей қалды. “Кемпірдің сөзі бір жағынан рас та, соғысты ашып отырған неміс, әй, соның бәрі бірдей қара ниет емес шығар-ау! Бүкіл бір жұртты қалайша жауыз қылып жаратады. Әлгі Гитлер ме еді… Бәрін бүлдіріп отырған сол пәлекет!” - Бұлар өзіміздің неміс, - деді Қойшыман. Кеңестің немісі. Ол – бір, және айтарым, иттен жаралса да, көріп тұрып өлтіре алмаймыз адамды. - О, тоба-ай!.. Мә, сен айналдыршы бір уақ. Қойшыман диірменге жақындап отырды. Шіркін, бұ дүние диірменнің тасындай айналдыруға келсе, жауыздық атаулыны ұн қылып тартып жіберер еді-ау! Келмейді… Келмек түгілі тасын домалатса, кәне. Басың қалтаңдап отырысың мынау. Кешегі еңсе көтерген еменжарық күн қайда, елдің еразаматы қайда? Тәңірінің көзін шел қаптаған шығар, қаптамаса мұнысы несі? Қолы талғанда тас диірменнің тұтқасын кемпіріне ұстатып, тұсында тұрған домбыраға қол созды. Тартыла, тартыла зар күйіне жетіп алған қара шанақ, қай гөй-гөйге де әзір тұр. Шерткен жерден шемен шер қозғайды. Аңыратып отырсаң, қайдағы жоқтың бәрі көз алдында. Басы аман, бауыры сау біреуі жоқ. Япыр-ай, соның бәрінен адам тып-типыл болып кетпей қалай аман-сау қалып жүр? Қос ішек алма-кезек дыбыс қуалап, дүниенің асты-үстін аударыптөңкеріп жатқандай. Дүниенің асты-үстінде тамтық қалмаған сияқты. Үсті – қиян-кескі, асты – меңіреу. Екі оттың ортасында “Неге, неге?” деп шырылдаған адамдар. Қара шанақ олай бір боздап, былай бір боздап, ұңғысына ұя салып алған баяғы зарына ауысты. Еспе құм, кезенесі кепкен жұрт. Айдарлы бала, қарақат көз қара қыз, тіл қатқан Жер, оған Қойшыманның қоңыр үні қосылады. …Қалмасын деп дүние, Қаңырап бекер жалаңаш, Бәріне көнген қос өрім Қаракөз бенен Сарыағаш. Осыны жұртым біл – сана, Құлақ сап үлкен, кішің де,
Айдарлы бала, қара қыз Ағаш пен суға айналған Адам ата баласы, Жойылып кетпес үшін де… Қойшыманның көңілі кірбің. Осыны айтқан Төлеш қайда, құдай-ау?! Кешегі күн қиянатын арқалап кетті ме? Жанбота да сөйткен шығар. Енді мына соғыс қиянаты тұр иықтан басып. Ол қанша ер-азаматтың басын жұтады сонда?.. - Талқанды жина, кемпір. Екі-үш тостағын менің белдеуіме түйіп қой, Қотыр көшеге апарайын. - Айтбала сорлының сырқаты меңдепті. Отты үлкен баласы жағып жүр. - Айтпақшы, соларға да берсеңші барыңнан. - Аянып жатырмын ба, байғұс. Мынадан кейін немізді береміз деп, жер болып отырған жоқпын ба? - Көктемге дейін бір мәнісі болар-ау.
* * * Бұл түнде тағы бір үйдің шамы сөнбей тұрды. Тек онда бәрі басқаша еді. Терезе қымталып қойылған. Ондық шам екі жерде жанып тұр. Қара қазан бүлк-бүлк қайнап, жылқы етінің иісі мұрын жарады. Бұл кешегі жанармай тасушы, бүгінгі қоймашы Әжімұраттың үйі еді. Төрде құс жастыққа шынтақтап, үлкендігі омырау түймедей ноқат көздерін сәл бертін отырған қызыл бет келіншектен ала алмай Қыният жатыр. Қоймашының әйелі шай құйып беріп отыр. Бодау сылқ-сылқ күледі. Қызыл беті тіпті нарттай, қазір қаны жерге тамып кететін сықылды. Ауылсовет болғалы өзін күтіп, аттай жарап алған; белі қиылып, кеудесі жайылып, осы кейпінде хор қызындай болып отыр. Қынияттың сілекейі шұбырады. Бодауда мұның көңілі баяғыда бар еді. Арбакеш момын Мұғалімбекке қонған бақыт құсына өлердей қызыққан. Қалжыңдаған сыңаймен ойын бір білдіргенде: “Әдіре қал-ау, бұғалтырмын демесең, шолтаңдаған бойыңнан жүрегім айнымай ма?” – деп төбеден ұрғандай қылған. Бертінде Төлештің ісімен Жанботаның орнына Қыният бастық болды, одан соғыс басталып кетті, еркек дегенде осы ауылда шалшауқанды қоспағанда жалғыз Қыният қалды. Сол күннен бастап ол алақанын уқалаған, көксеген талай арманына жететініне сенген. Нарынтектің Әбсадығы армияға алынған күні Бодауды ауылсоветке қоярда-қоймай ұсынған да өзі. Хат танитынын желеу етті. Содан бері екеуі тең ат үстінде. Талай бірге жүрді. Бірақ, әйтеуір, Қынияттың жолы болмай-ақ қойған. Қыният бүгін ертесін ауданға жүретін болды да, қоймашыға: “Тамақ асып, үйіңе Бодауды шақыр, кештете мен де келемін”, - деп кетіп еді. Түн жамылып оралып отырғаны осы. - Қыке,, ауданнан не жаңалығыңыз бар? – деп Әжімұрат қабағын қағыпқағып қойды. – Майданнан жақсылық естіле ме? - Баяғысынша сияқты. - Соғыстың өзі ұзаққа созыла ма, қалай?
- Оны менен несіне сұрайсың? Мен не, саған әписермін бе? – Қыният ананың ежіктегенін жақтырмаған секілді. – Тегі бір уақ ойнап-күліп отыралық та. Тартсаңшы одан да ана домбыраңды. - Қыке, енді… - Әжімұрат сасқалақтап, қолдан шапқан домбырасына жармасты. – Мен қайбір домбырашымын. - Білмесең де, тарт. Әжімұраттың жіпсік жалғыз көзі домбыраның бойымен ілгері-төмен жүгіріп, іздегенін тапқандай Қыниятқа жәудіреді. - Көңіліңізге қайсы ұнайды, Қыке? - Серауна, іліжбі көңіл көтерілсе болды. Іліжбі Бодауға ұнаса болды. Маған серауна. Қынияттың көзі Бодауда. Құдай қаласа… Аппақ тамағында жалғыз сызат әжім болсашы. Мақпал шашы қандай. Күлімдеген көзіне не айтасың. Бұл дүниенің рақаты осы. Бұған қол жетсе, күйген дүние күйе берсін, дым қалмай өртеніп кетсін, тек Қыниятты жеткіз маған. Дегбірінен айрылған бейшараның жалғыз қарыс жіліншігін ұстап тұрған тізесі қалт-құлт етті. Омырау түймедей ноқат көздері келіншектің өн бойымен баянсыз жүгіреді. Мына қарасында ол жемтігіне жете алмай өкпесі қабынған шие бөрі іспетті еді. Қоймашы: Менің сүйген көкем-ай, Қасы-көзі қиылып, Қай жерде отыр екен-ай, - деген жеріне келгенде, Қынияттың онсыз да өртеніп отырған өзегі майша шыжылдап, желген аттың үстіндегі адамдай жастық төрт бұрыш кеудесі қопаң-қопаң етті. - Беу, беу, беу… дүние-ай!.. Сол қызығыңды қайсымыз біліп жүрміз?.. – деп екіленді. – Бәріміз де шет қалмайық рақаттан, жеңдер, ішіңдер, осы колхозды түгел шайнап жұтып қойсаңдар да қолдарыңнан ешкім қақпайды. - Қыкеңнің арқасы бәрі, - деп қоймашының жіпсік көзі ақша-ақшаң етті. – Осының бәрі Қыкеңнің арқасы. Аузымыздан ақ май ағып… болмаса, жұрт, әне, ілең-салаң. - Бұл өзі қиын болды ғой, - деді Бодау шын мұңайып. Көктемге ел ілінсе… - Әй, соған жетпейді-ау. – Қоймашы әбден түңілген кейіп танытты. – Ісік бір шыққан соң қайтуы қиын. Анау Қотыр көшедегілерден тігерге тұяқ қалса, қанекей. - Жұртқа тұқымдықтан аздап бидай беруге болмас па екен осы, - деп Бодау енді Қыниятқа қарады. Ол бұлардың не айтып отырғанын естіген жоқ, барлық ақыл-есін жынды құмарлық жеңіп алған. Осы қазір ешкімді күтпей, тастап жіберген арақтан кейін тіпті қозды. Ноқат көздерінің алдын мұнар кезіп, жаюлы дастарқан, жанған шам жаздың күнгі жайлауға айналды. Сол бір көркем дүниенің қақ ортасында – Бодау… Есін әрең жинаған. Үйдегілер тағы соғысты әңгіме қып кетіпті. Құдай-ау, бұларға не керек ол? Соғысқандар соғыса берсін. Түбі бір қояр. Сосын қайта
айналып келіп, баяғы терінің пұшпағын уқалайды бәрі. Демек, бас қатыратын ештеме де жоқ. Соғыстан ешкім алтын арқалап келіп, басыңа бақ орнатпайды екен, одан тырнақ сынығындай пайда көрмейтін болсаң, екі құлағыңды тарс біте де, тірі жүргеніңе шүкірлік етіп, өміріңді сүре бер. Ертең қалай боларын құдай білсін, әйтеуір, бір жағына шығары белгілі. Сонда қазіргі күнің алақаныңда тұра ма? Басыңа қонған бақтың еріген сары майдай жылыстап кете салуы оп-оңай, сондықтан қарман, сәтін салған жерге керегіңді қолыңды тар қолтыққа дейін батырып жіберіп алмасаң, айналмалы дүниенің қайта езу тартуы екіталай. Қыният ішінен күлді, күліп жатып өзіне сұмдық разы болды. Күні кеше көрінгеннің түрткісін көріп жүрген Қыният еді. Анау жылдары қайда барса да қара жұмыстан опа таппаған соң, Жайлаубай бригадир: “Сен иттің басың тым үлкен, бәлкім, есепке жүйрік болып жүрме”, - деп ананы-мынаны есептетіп көріп еді, бұл шынында да, заулап қоя берді. Сөйтіп жүріп, Жанбота ашқан мектептен қара таныды. Одан есепшілердің екі жылдық курсынан өтіп келді. Ақырында осы колхоздың есеп-қисабы мұның қолына көшкен. Ана жылдары Жанботаның басына іс түсті де, Қынияттың “көзі ашылды”. Әзір атқара тұр, сосын көреміз десіп жүргендерінде соғыс бұрқ етіп, бастыққа мықтап орнығып алған. Содан бері мұның алдында дүние қызыл-жасыл. Тәңірісінен осы қызығымнан айыра көрме деп тілейді. Тәңірісінен одан өзге тілейтіні жоқ. Кейде: “Шіркін Қаракөз тау-жотасымен дүниеден дөңгеленіп бөлініп кетсе ғой” деп қиялдайды. Ешкім келе алмайтын, өте алмайтын өз алдына әлем болса, сонда қожасы өзі болып, патшалық құрар еді. - Біз ет турап келейік, Қыке, - деді қоймашы. – Сіздер әңгімелесіп отырыңыздар… Қоймашы әйелі екеуі бір шамды алып, қоржын тамның келесі басына қарай шығып кетті. Қыният зорға шыдап отыр екен, келіншекті білектен ұстай алды. - Бодаужан… - Жә, жібер қолымды. – Зілсіз, көзі күліп отырып айтты. - Асықтығымды білесің ғой, - Қыният өзеуреп, жамбасымен сырғып жақындап қалды. - Өлтіремісің? - Тоқташы… - Бодаужан… - Маған астық керек, Қыният. - Ал. - Үш-төрт центнер… Әке-шешем сәлем айтыпты, ашыға бастаған. - Әжімұрат апарады. Айтам, апарады, қам жеме. – Қынияттың басы келіншектің тізесіне соқтықты. – Бәрін алам десең де беремін, Бодаужан… Ертең жіберейін түнделетіп… - Қоя тұрсаңшы, байғұс… - Асықпын… Өлетін болдым… Асықпын… - Кісінің үйі…
Қыният келіншектің сөзін аяқтатпай, дөңгелек үстелдің үстінде тұрған ондық шамды үрлеп өшіріп жіберді…
* * * Наурыз келе қардың көбесі сөгіліп, күн жыли бастаған. Бірақ бұл кезде жұрт әбден тұралап бітіп еді. Зылиқа кемпір және екі-үш адам бұл дүниеден қайтты. Қотыр көшеде нағыз зауал. Қойшыман шал күн ара бір соғып кетеді, мына түрлерімен бәрі аштықтан қататын. Бүгін де жылымық күнге арқасын беріп, жіпсіп жатқан қардың бетін жайлап басып Қотыр көшеге қарай келеді. Белге шыға бере шеттегі үйдің алдына көзі түсті. Ұзыннан сұлап біреу жатыр. Сорлы неміс келіншегі… Аяғын жеделдете басып келген Қойшыманның төбе шашы тік тұрды. О, сұмдық-ай! Бұл не деген сұмдық! Әйел омырауында бала. Мұздай болып көгеріп кеткен емшекті қолымен тартқылайды. Бұдан ары не істеп, не қойғаны Қойшыманның есінде жоқ, баланы өлі кеудеден тымақтай жұлып алған бойы сүріне-қабына ауылға қарай бет алды. Алды бұлдыр тұман, айналасынан еш нәрсені аңдап болмайды. Бәрі теңселіп ауып кеткелі тұр. Бір кезде қалың мұнардың арасынан Әжімұрат қоймашының сылтып басқан аяғы көрінді. Ар жағы тағы ақ сағым. Сүйменмен қамбаның аузын бұзып жатқанын біледі. - Есіңді жи, - деді Әжімұрат. – Есіңді жи, шал. - Кет, - деді Қойшыман. – Көзіме көрінбе, албасты. Өзі бар даусымен айғайлап жүр: - Қайдасыңдар! Келіңдер! Атасына лағнет! Келіңдер! Жарбиып-жарбиып жан-жақтан жұрт жинала бастады. - Келіңдер… Тосыңдар қаптарыңды. Өстіп жатқанда ілесіп Қыният жетті. - Тоқтат, - деді ол ақырып. – Тоқтат, қақпас! - Тоқтатпаймын, атаңның басына ақырасың ба? - Төгіңдер қайта. – Қыният енді жұртқа ат ойнатты. – Апарыңдар орнына, иттің балалары! Ешкім қозғала қоймады. Жақ жүндері үрпиіп Қыният пен Қойшыманға кезек-кезек жәудіреп тұр. - Әй, тоқтат деймін! - Құдайдан қорық, - деді Қойшыман. – Жұртты түгел қырасың ба, имансыз. - Тұқым өкіметтікі, алжыған неме. - Мынау ше? – Қойшыман жерде жатқан баланы жұлып алып ананың көзіне ұстады. – Мынау кімдікі?.. Тігерге тұяқ қалмаса кімге керегің бар, есалаң. - Атамын, қақпас, доғар. – Анау құс мылтықты көтеріп алды. – Тал түсте жайратып саламын. Немістің баласы үшін қарашы мұны. - Ат! – Қойшыман шапанының өңірін қақ айырды. – Ат, сұмырай! Әлдекім бастықтың атын сауырдан осып-осып жіберді. Оқыс тиген соққыдан ат қарғып кетіп, Қыният қолынан мылтығын түсіріп алды.
- Ә, солай ма?! – Бастықтың басы қалтаңдап, омырау түймедей ноқат көзі баршаға жауыға қарады. – Контралар түгел, контра. Біріңді қоймай түрмеде шірітем. Бәрің итжеккенге кетесің. Сол күні Қыният кеңсеге Бодауды, басқа белсенділерді түгел жиып алды. - Ал, ауыл сәбет, қағазыңды дайында. - Сонда не қыл дейсің? – деді Бодау. - Неғыл дегенде, тартсын сазайын. Құтырынған екен, ойнап жүр екен, обалы өздеріне, актілеп айдатамыз. - Алғандары қанша? - Әй, Әжімұрат, айтпайсың ба? - Алты-жеті арба… Бәлкім, он… - деді қоймашы міңгірлеп. - Қамбада тұқым қалды ғой, әйтеуір? – деп сұрады біреу. - Қалғанда… - Қалса сонымен тірлік жасайтын шығармыз. - Бодау, сен не айтып отырсың? – Қыният үстелден ұшып кете жаздады. – Тұқым бидайға қол тигенін ертең біреудің құлағы шалса, не болатынымызды білесің бе? Соғыс дегенің анау… аямайды. - Мен ешкімге акт жасамаймын. Қыният қайта көтеріле бермек еді: - Сен де жасамайсың, - деді Бодау. – Күнәміз онсыз да жетеді. Енді келіп бүкіл жұрттың көз жасына қала алмаймыз. - Бұл – ауылсәбеттің сөзі емес. - Айттым, одан қайтпаймын. - Жарайды, онда. Сенің қолыңнан ештеңе келмесе, өзіміз ойлайық бір шарасын. - Әй, Қыният! Осыдан қоймасаң, маған өкпелеме. Өз бетін аямаған, кісі бетін дала-дала етеді, - деп Бодау белі бұраңдап кеңседен шығып кеткен. Келіншектен мүлде мынандай іс күтпеген Қыният басы салбырап отырып қалды: “Бұл өзі немене” деп ойлаған. Бәрі көрген түстей. Анау Қойшыман шалдың қамба бұзғаны, тұқымға қол салғаны қалай. Тұқымға қол салғаны үшін баяғыда мұның әкесі не істемеп еді. Енді келіп… Бәлен арба тұқым бидайды үлестіріп жіберді. Соғыс болса – мынау… біреу дың еткізсе, жағдайым не болады дейтін емес. Қайдағы бір немістің баласы үшін көзжұмбай жасауға бола ма? Кім болса ол болсын деп басын қатерге тіккені несі? Кеше Төлеш Әйтекенің шешесін қорғаймын деп өз түбіне өзі жетіп еді, енді келіп Қойшыман… Бұл неғылған адамдар? Өзі жарымай отырып, бір үзім нанының жартысын өзгеге береді, өзгелер үшін өздері өлуге дайын. Ал, Бодаудыкі қай бұлтың? Белсенділердің жағы неғып қарысып қалған? Оларды қойшы, Қынияттың мысын құртып отырған – Бодау. Қатын деген пәлеге сеніп бола ма? Мұның талай сыры, талай ісінен хабардар. Әжімұрат екеуінің не істеп, не қойып жүргенін ол түгел біледі. Қынияттың жалғыз-ақ қорқынышы бар, ол қамба орта түсті-ау деп отырған жоқ, мына іс біреудің құлағына шалынса, не болам деп зәре-иманы қалмайды. Жазықтыны көрсетпегені үшін айыпқа тартып жіберу әбден мүмкін… Ішінен Қойшыманды қарғады. “Алжыған неме, өз қарны тоқ болса,
былайғы жұрттағы шаруасы қанша, өлмесе өме қапсын. Құжынаған адамның қайбіріне тамақ болмақ едің. Әй, қақпас! Өзіңмен тұрмай кісіні әрі-сәрі етіп қойғаның мынау, осындайларды кім жаратады, шетінен ақ жүрек, шетінен өсеміз, өнеміз деген көк мылжың. Пәтуасыздар”. “Былай тартса өгіз өледі, былай тартса арба сынадының” керімен Қыният тісін қайрап қала берген. Қойшыман үлестірген бидаймен жұрт көктемге жетіп, тұқым септі.
* * * - Иә, Сарыағаш, Қаракөзде де оңай болмаған екен. - Соғыстың өрті шарпымаған жер бар ма, қайғырды, қайысты: бірақ бәрін де көтерді жұрт. Олардың жанына қатты батқаны – майданға кеткен жүз елу азаматының көбісінің қайтпай қалғаны. - Аштық та, жалаңаштық та ұмытылды, шейіт кеткендерді кім қайтарып береді, - дер еді, егер Сарыағашқа тіл бітсе. – Қойшыманның жалғызы да қайтқан жоқ соғыстан. V
Орталыққа кеше кетіп, бүгін жұлдыз туа бірақ оралған Маймақ үлкен жаңалық алып келді: - Төмен даладан артезиан құдықтары енді қазылмайтын болыпты, - деді ол. – Ережеп айтты. - Неге? - Астанадан комиссия келіп тексерген екен, даланың астында көл бар деген бе, әйтеуір, біздің рұқсатымызсыз жуымаңдар депті. Ережептен естігенім - осы. Тіпті қазылған құдықтарға дейін жаптырып тастаса керек. - Қызық екен, - Көпжасар біраз таңырқап қалды. – Шынымен көл үстінде тұрмыз ба? - Кім білсін?! – Маймақтың шартабақтай қып-қызыл беті шам сәулесінен алаулап, тіпті ісініп кеткендей, - Ережептің айтқаны әлгіндей. Көпжасар үнсіз. Комиссия тоқтау салды… Демек, жаратылысқа жөнсіз қол сала бермеу керек, бәсе… Ойланатын жай. Бас салмас бұрын ойланып алғанға не жетсін. Қай шаруаға да ұстараның жүзіндей қылпып тұратын адамның ойлануға келгенде дегбір таппайтын жыны бар; көңілінде әлдене лап етпесін, лап етті бітті, жанталаса ұмтылады. Саралап алу, сабыр ету жоқ. Қылдай тамақтан тамшы судан бастап, көл өткізуге дейін жеткізіп отырған сол қу мінез. Маймақ ісіп-кеуіп дес бермей есті. - Кеше барысымен айлықты алдым. Жүннің қосымша ақысын қоса беріп… - Әйелінің арқасынан қағып қойды. – Бақандай бір мың сегіз жүз… Тікесінен аудан барып Ережептің қолына санап, салып кеттім. Түнде сол үйде болдық. Қонақ шақырған екен. Милицияның бастығы, сауданың бастығы деді ме, өңкей бір дөкей, таң атқанша соларға қызмет жасап, зыр жүгірдім. - Біздің үйге бардың ба? Апамның сырқаты қалай екен, - деп сұрады әйелі.
- Қайдан барасың? Ережеп Қоңыртөбеден бір машина тілінген қарағай алған екен, азанда тұрып соны жеткізіп бердім. - Көшедегі үйімізге әлгі мұғалім кіретін болды ма? - Оны қоя тұрыңдар, - деді Ережеп. – Қосәліні орнынан алатын болыпты. Бас зоотехникке Ережептің досы келетін көрінеді, соны кіргіз деп отыр. - Ауылда басқа не жаңалық бар екен? – деді Көпжасар. – Аман ба, әйтеуір, айнала тегіс. - Аман болғанда… Елу адам деді ме, әйтеуір, бірқатар ер-азамат Мыңаралға кетіпті кеше. - Ал. - Шөп жоқ дейді ғой, сонау Кіндіктастан бері қараған жерден алты мая зорға тұрыпты. Жалғызқұдықтағы жоңышқа түгел күйіп кеткен. Қақпастың суы тартылыпты. Биыл мал қырылады деп отыр Ережеп. - Иә, көктемнен бері тамбай қойды, - деді Көпжасар. – Тым құрыса бір жаумады күн. - Бәріне әлгі ғалымдар кінәлі дейді Ережеп. Айтып отырса, ауа бұзылған. Мысалы, тыңайтқыш дегеніңіз де былай, жөнімен қолданбаса, топырақтың бірдеңелерін жойып тастайтын көрінеді. Шетел деді ме, бір жақта су тасып, қала қирап, адам өліпті. Тағы бір жерде қар тасқыны болғанға ұқсайды. Ойлап отырсаң, шынымен-ақ кісі қорқады. Өзіміздің Қазақстанда Арал деген теңіз ортая бастапты. Ережептер Аспанкөлге барған екен, баяғы мөлдір судың орнында тізеден сәл асатын қоймалжың лай қалыпты. - Соның бәрі өзіміздің абай болмауымыздан. Жауапсыздықтан. Жауапсыздық әлі талай қазынадан айырады. - Аға-ау, құм топырақ, жансыз дүние жауапсыздықты біле ме? - Дүниедегінің барлығы – тіршілік иесі, бәрі бір-бірімен байланысты. Ел кетіп еді, Қаракөз не болды? Қаракөз қурап қалып еді, айналасы не болды? - Айтпақшы, аға, Қаракөзді қазып жатқанымызды айттым Ережепке. - Е, не дейді? Маймақ жауап қайырмады. Көпжасар өзімен-өзі. Дала көлдің үстінде тұр… Бұл оның күтпеген жаңалығы еді. Әйтеуір, қалай болғанда да жаны бар сияқты. Қарасор даласы барып-барып аяғы қалың қамысқа айналатын. Оны жұрт Қопа деседі. Анау бір жылдары сонда жолы түскені бар. Қопа десе – қопа, айнала төңірек қамыстан аяқ алып жүре алмайсың. Екі сай. Өзен арасы – көлкіген су. Бетінде сыңсыған жабайы үйрек. Өріктінің бар малы осында қыстап шығады екен. “Су қайдан шығып жатыр?” – деп сұраған бұл. “Қамыстың түбінен – дескен тұрғындар. – Қопаның кез келген жерінен су шыға береді, жаман жері көктемде белуардан батпақ болып, мал төлдететіндерге машақаты орасан”. Жаратылыс дегеннің өзі қалай-қалай? Қопаның ғой, жең ұшы қарасор. Қарасордан артезиан құдығын қазғандар су тоқсан, жүз жиырма метр тереңдікте екенін айтады. Демек, жер асты көлі Қарасорға алыс, Қопаға жақын болғаны. Дала көлдің үстінде тұр… Бұлақ біткен содан шығып жатпаса не қылсын?.. Тоқташы…
Көпжасардың ойына осыдан бес-алты жыл бұрынғы жай оралды. Соңғы жылдары не қар жөндеп түспей, не жауын жаумай, қуаңшылық етектен алудай-ақ алды. Егістік жері негізінен Қарасордың даласына орналасқан “Алғабас” колхозы үшін бұл оңайға соққан жоқ. Жалғыз “Алғабас” емес, ондағы өзге де колхоздар масақ теріп қалған. Енді жұрт Қарасорды суландырмай болмайды десті. Ақыры, артезиан құдықтары қазылды. Басталды да тасталды. Өте тереңдегі суды тартып шығару үшін өзгеше мотор керек, оны табу оңай емес көрінеді деді ме, тереңнен шыққан су өте мұздай екен, жылытып барып пайдаланбаса, зиянды; оны күн көзіне айналдыра жылытуға арнап бетон каналдар салуға қаржы жоқ деді ме, әйтеуір, баяны болмаған істұғын. Бірақ осыдан кейін неге екенін қайдам, тау бұлақтарының суы тартыла бастады деген сөздер шығып жүрді. Атын отқа қоюға кеткен Маймақ үйге сөйлей кірді. - Сіздің Қаракөзді қазып жатқаныңызды естіген Ережеп әй келіп күлді-ай, бұрынғының кісілері Қожанасыр, бейнеттен басқа білері жоқ, шөкім рақат көрмей өтетін болды, - дейді. - Рақат деген немене екен оның пайымдауынша. - Қайдан білейін. - Сендер мына күнге жеттіңдер, қалай, қайтіп?.. Көрдің бе, үндемейсің. Бұл күнге жеткізген жұрттың бейнеті. Жер-суды иеленеміз, аман сақтаймыз деп жалаң аяқ тас басты, тер төкті, қан кешті. Солай етпесе азып-тозып кететін едік. Өзің айтып отырсың, биыл шөп жоқ, егін де аз болды. Ал мүлде болмай қалса қайттің? - Бізде қор жетеді деп отыр Ережеп. - Қор таусылса ше? - Басқа елден сатып аламыз дейді. - Әй, жолың болғыр, зауал деген дүниеге тең келеді ғой. Ел дегенің басқабасқа болғанымен, Жер біреу. Сенің басыңа туған күн бәріне ортақ. - Қайдам. Жапондар етіңді қолдан жасап жейді деп жүр Ережеп… “Сонда, - деп ойлады Көпжасар. – Мынаның сөзінің бәрі Ережептікі ме? Қалайша бұл басқаның ой-пікірінің көлеңкесіне айналған?” - Айтпақшы, аға, ылғи ұмытып кетем, Қаракөзден неғып көшіп жүрсіздер баяғыда? Сіз ғой Қаракөз атақоңыс, жер жаннаты дейсіз, неге көштіңіздер? Жұртты көшірмей қоймадыңыз ба? - Ол кезде мен жоқ едім. - Көшкені соғыстан кейін емес пе… - Иә, соғыстан кейін, елу үштің көктемінде. - Ал сіз қайда болдыңыз? Көпжасар күрсінді. Қайда болдыңыз дей ме? Көкке ұшқан жоқ еді Көпжасар…
* * *
Сол жылы қыс айрықша қатты болды. Елібайдың соғыстан алған
жарақаты асқынып кетіп, үшінші қой фермасын басқару уақытша егіс
бригадасының
бригадирі
Көпжасарға
жүктелген.
Жағдайдың
қиын
болатынын сезген колхоз малды жер арқасы қияндағы Қошқар сайына асырды. Қошқар сайының мінезі белгілі: күншығыстан ызғырық тұрса болды, ақ боран көзді аштырмай апталап соғады. Медеттің жыра-жықпалында бұташілік мол. Боранды күндері малды соған әупірімдеп жеткізесің. Қаңтардың соңын ала төңіректің бұта-шілігі түгесілуге айналып, қойшылар, амал жоқ, киіз үйлерін өгізге теңдеп, жайшылық қыста мал тұяғы тимейтін, адам бармайтын Ақдалаға қарай көшті. Бұл бір ат белінен түспейтін, бет ісіп, аяқ зомбыққан қаһарлы күндер еді. Тәуліктен тәулікке ұласқан боранда кеседегі шай ішіп үлгермей суып қалып жатты. Қойшылар күндіз қойымен ықтасындарды сағалап, түнге қарай бұталарын шапты… Қайныл деген бозбала жігіт боранда қойымен “Алтынқазғанның” жазығына ығып кетіп, Көпжасар екеуі үш тәулік ашық далада қалып, соғыстың кесепатынан жетім өскен, көрмегені жоқ дімкес Қайнылдың қайғылы қазасымен аяқталған қыс еді ол. Әйтсе де адамдар бәрін жеңе білді. Адамның қаһарман болатыны – бір мезгілде бірнеше соққыға төтеп бере алады. Адамның үстем болатыны – жеңілістің өзінен жеңіс іздейді. Адамның кемеңгер болатыны - өзгелердің өмір қызығы үшін өле біледі. * * * Солай, Маймақ, біз Қошқарсайда қар шайнап, мұз жұтып жүргенде, бұл жақтағылар Қаракөзден көшуге дайындалып қойыпты. - Қайнылға обал болған екен. - Азамат еді! - Қап!.. - Жақсы күніміздің өтеуі аз болмаған, қайтесің… Көпжасар төсекті далаға, арбаның үстіне салғызып жатты. Бұйрат жоталар мен аласа таулардың сұлбасы айқын көрінеді. Қалғыған тыныштық қоңыр көлеңкеге қымтанып сүттей ұйыған, бетінде ақ құба түннің бозала сәулесі шаңытады. Арагідік желіп өтетін жұмсақ, жуас самал сол сәуленің демі іспетті. Жып-жылы… Тәңірім-ау, мынау Олесяның демі ғой. Қанша жыл өтті, қанша қар басты, көзінің аясы кең, ақ сары шашты аппақ қыз көз алдында тұрады да қояды. Тірі адам кеудесінде жаны барда тірлігін істейді. Соғыстан келген соң Олесяның рухына адалдығынан айни алмай, біраз жүріп қалған, кейін амал жоқ, үйленді. Әйелімен жұрт қатарлы дегендей ғұмыр кешті. Байғұсты, обалы қане, жек көрген жоқ. Кей-кейде еріксіз Олесяның атын атап қалады. Әйелдің аты әйел, өз күйеуінің аузынан басқа ұрғашының атын естігісі келмейді, сықсың-сықсың жылап, көз жасымен қорқытпақ болады. Мұның жазығы не деп кейде Көпжасар әйелін аяйтын. Аяу бар жерде сыйластық жүреді. Екеу болып от түтетіп, шаңырақ шайқалтпағаны да сондықтан. Кірпігі әзер айқасқан Көпжасар түс көріпті. “Күн көкжиектен көтеріліп келе жатыр екен. Қазған жерден қара көз атқылап тұр. Күн шуағына малынып, дөңгелене шапшыған мөлдір моншақтар шартарапқа түгел
шашырап, көздің жауын алады. Басында қара домбырасын көтерген Қойшыман… бірақ даусы естілмейді. Ей, мынау Қайныл ғой… “Арманыма жетпей кеттім, аға – дейді. – Неге жоғалтып алдыңдар мені? Іздемей қойдыңдар ғой…” Кенет… дүние ми жазыққа айналып, будақ-будақ сағым көшті. Бұл жалаң аяқ, жалаңбас әлдеқайда жүгіріп келеді. Алыста біреу қол бұлғап тұр… Үйсінбай…” Шошып оянды. Анадай жерде қара төбет маңқылдай үріп жүгіріп барады екен.
Бірыңғай қайрақтас әбден зықысын шығарды, күшіңді көрейін сенің, жігерің мұқалмай келген батыр ең, тағатың жетсе енді байқашы төзіп дегендей көк қайрақ тастар сүйменнің ұшын кері тебеді. “Бәрекелде… Соған бола қоятын, жә, құрысыншы!” деп қол сілтеп кете беретін Көпжасар ма? Біле білсең нағыз егес енді басталды. Қазған шұңқырдан түс әулетінде зорға шықты. Қазған жер бір жарым кісі бойына жетіп қалған. Аумағы төрт қанат үйдің орнындай, әзір Көпжасар оған ағаш сатымен түсіп шығып жүр. уатқан тасын да шелектеп сол сатымен шығып төгеді. Ол Маймақтың әйелі орап берген тоқаш, ет, қантын көтеріп, Сарыағаштың көлеңкесіне келді. Бүгін осында түстенеді. Ары-бері арба жегіп жүрудің өзі де жұмыс. Ыстық шай ішкен соң маңдайы жіпсіді. - Не ойлап отырсың, - дер еді егер Сарыағашқа тіл бітсе. - Түсіме Қайныл кіріпті, “неге жоғалтып алдыңдар, іздемей қойдыңдар ғой” дейді. - Рас қой, жарық дүниеде Қайналдың болғанын кім біледі қазір? - Иә, ол сенің досың еді. - Тірі болғанда, екеулеп қазатын ба едік Қаракөзді… - Тірліктеріңді бірге бастап, ақ қар, көк мұзды қатар басып, көресіні тең көрдіңдер. - Қатар өлуді жазбапты. - Шақар еді, марқұм. Әділет дегенде бас-көзге қарамайтын. - Сонысынан таяқ та жеп жүрді. - Өзгелердің намысын жыртам дегені сондағысы. Анау жылдары маған ара түсіп… Менің жанымды алып қалған Үйсінбай, Көпжасар, дер еді егер Сарыағашқа тіл бітсе.
* * * Бір жақ қабырғасын қаусатып Үйсінбай соғыстан қырық төртінші жылдың жазында оралды. Бұл кез жаудың беті қайтып, елдің еңсе көтерген, ес жиған шағы. Сол жылы жотаның астығы толып тұрды. Сол жылы Қаракөздің суымен төменгі сағаға тары себілді.
Үйсінбай жарақатының құлан таза айығып кетпегеніне қарамастан арба айдаған. Қалғұты станциясынан жанармай тартады. Тракторға күзге қарай әл жиып барып отыруды ұйғарды. Осы көктемде Қыният ауылдың дәл ортасынан әр бөлмесіне отыз адам еркін отырып тамақ ішетіндей қоржын үй салуды бастаған. Жаудың таяуда жеңілетінін, жеңістен соң колхоздың бастығына көзі ашық біреудің келетінін білген ол қолында тұрғанда басына мәңгілік баспана тұрғызып алуды ойлады. “Соғыста үй салып, мынаның құтырғаны-ай” деген елдің пыш-пыш сөзін құлағына қыстырған жоқ, қойын сойып, жұртты үш шақырып еді, әлгі пыш-пыш дескендер сүйек мұжып, сорпаға тойған соң, лайды жалаң аяқ айдап, жабыла соқпа құйған. Қыният үйін орақ басталмай тұрып жауып алу үшін алдымен белағаш іздеді. Әлімханның алма бағын олай шарлап, былай шарлап лайықты ағаш таппады, бары көңілге ұнаған жоқ. Ақыры Сарыағашқа келіп тоқтаған. Үйсінбайды Қойшыман шақыртты. Шал баласының қайғысынан төсек тартып қалып еді. Темір керуетте шалқасынан жатыр екен. Үйсінбайды көріп басын көтерді. - Естідің бе? - Нені? - Ана имансыз тамына белағаш етіп Сарыағашты салғалы жатқан көрінеді. - Естідім. Жуып көрсін деп отырмын. - Кестірме, көзің тірі тұрып, кестірме, одан айрылсаң, бәрі ұмытылады. - Айтып тұрмын ғой, жуып көрсін. Соғыстан аман келген жанымды ауылда берсем де балта ұрғызбаспын Сарыағашқа. - Соған шақырып едім, абай бол. Шалмен қоштасып шығысымен Үйсінбай кеңсеге қарай тартты. Арбамды салдырлатып Қалғұтыға келгенде, бұл имансыз кесіп тастап жүрмесін, бір ауыз айтып шығайын деп ат басын бастықтың үйіне тіреді. - Қойшыман шалға кіріп шығып едім, - деді Үйсінбай әңгімені арыдан бастап. – Жатып қалды ғой шал. Қыният үндемеді, аузы шүршиіп, үлкен бір ойда отырған сыңай танытты. - Сен Сарыағашты кескелі жатырсың, соған ренжулі. - Е, немене, кессе… Қойшыманның жеке меншігі де еді ол? - Ол ағаш киелі, Қыният. - Тағы не айтасың. - Көрер қызығың бар, соны ойла. - Сен пронтабік, көп сөзді қой да, шаруаңа бар, сөйт. - Осыдан Сарыағашқа қол жұмсайтын болсаң, айтпайды деме, - Үйсінбай шапшаң орнынан тұрды. – Оңдырмаймын. - Оңдырмаудың оңайын бұларға. Мен саған неміс емеспін, пық еткізіп ата салатын, бастықпын. - Құдай болып кетсең де, айтқаныма көнбесең, жайратып салам! Үйсінбай есікті қатты жапты.
Иә, Қынияттың өз білгенін істеуге бұлардың көлденең тұрғаны тұрған. “Қабырғасын қаусатқанша қақ басынан неге қадалмады екен оқ мұның? Япыр-ау, енді бұлардан қалай құтылам? Шетінен тізіп айдатып жіберетін анау бір сұрапыл жылдар келмеске кетті. Сонда құртсашы көбісін. Неткен жаны сірі өңшең. Бұларды не аштық, не соғыс тып-типыл ете алмайды? Енді келіп жолымды кес-кестегені мынау, қайтпек керек? Оларды мұқатудың жалғыз жолы сол – тәңірі көрген Сарыағаштарын отап салу”. Қыният Сарыағашты кескелі жатыр дегенде Қаракөздің шал-шауқан, қатын-қалашы істеп жатқан шаруаларын тастай салып, солай жүгірді. - Ойбай, мынанікі шын болды ғой? - Жаудың беті қайтып, ниетімізге жеттік пе деп отырғанда… Сарыағашқа балта шауып, қап!.. - Әй, Қыният, құдайдан қорық! – деді біреуі. – Тиме Сарыағашқа, одан да біздің үйімізді бұзып, белағашын ал! Торы аттың үстінде отырған бастық айтылған сөзді құлағына да ілмеді. Қауға сақалды құрылысшыларға: - Кіріс! – деп иек қақты. Жұрттың дүрліккенінен қаймықты ма, анау қыбыжықтап бата алмай тұр. - Әй, кіріс! - Тоқта! – деген дауыстан жұрт селк етіп, жалт қарасты. Жайдақ аттың үстінде өң-түс жоқ, екі көзі қып-қызыл Үйсінбай отыр. Қолында ұзын мойын мылтығы бар. - Жоғал былай! – деді ол ақырып. – Жоғал, шапшаң. Құрылысшы балтасын тастай салып, жұрттың арасына кіріп кетті. Мылтық гүрс еткенде семіз аттың үстінен Қыният тымақтай ұшып түсті. Жұрт көкжолақ түтінге шошына қарап, тұрған орындарынан қозғала алмай, сірескен де қалған. Бастық қылжиған қалпы қимылсыз жатыр. Оқ тиді ме, әлде қорыққаннан есі ауып қалды ма, әйтеуір, тірліктің нышанын білдірмейді. Үйсінбай мылтықтың ұңғысына келесі патронды салып тұр екен. Бір әйел жүгіріп барып, аттың шылауына жармасты. - Үйсінбай-ау, бұл не істегенің кісі атып? Қазір Үйсінбайдың көзі түк көрмей тұрған. Бұл оның соғыстан алып келген дерті еді. Қатты ашуға мінгенде санасында жауыздықты жою түйсігінен өзге еш нәрсе қалмайтын. - Өлемін, бірақ кестірмеймін! – деді гүрілдеп. – Кестірмеймін Сарыағашты. Әйел атты жетелеп, Үйсінбайды былай алып шықты. - Есіңді жишы?! - Қайда барамыз? - Ұмыт… Есіңді жи… - Сарыағаш бар ма? - Бар… Сен есіңді жи. Үйсінбай атын тебініп қалды, күрең ала жөнелді.
Ауылдан ұзап шыққан Үйсінбай сабасына түсіп, өзіне-өзі келгеннен кейін ой сабақтады. “Ойпыр-ау, Қаракөзде мылтық атылды ғой. Қаракөзде туған адам Қаракөзде туған адамды атты. Соғыстағың жөн еді, ауылда адам өлтіргенің қалай, Үйсінбай?” Ол ат үстінде теңселіп кетті. Жүрегі дүрсілдеп, кудесіне сыймай, өкініш пе, әлдене өзегін тырналап, танысын тарылтты. Қылмыс істеймін-ау деген ой үш ұйқтаса түсіне кіріп пе? Адам өлтіру мұның еш уақытта ойламаған ісі еді. Енді келіп… соғыста өлтір, ол соғыстың заңы. Ал мұнда… жо… жоқ, сен тоқта, Үйсінбай. Қыниятқа қарсылық та соғыс. Жауыздықтан құтылудың жолы – оны жою. Үйсінбай осыған кәміл сеніп, әбден беріліп алған. Аз ғұмырында жауыздықты ақ көрді ме екен? Бесіктен белі шықпай Әйтекені Бердінің азаптап өлтіргенін көрді. Төлештің ортадан кетіп, Жанботаның ауырмай-сырқамай дүниеден кешкенін, өзі қан кешіп келген соғыста аузынан суы кеппеген мың-сан боздақтың, мың-сан әйел, бала, шал-шауқанның жазықсыз шейіт кеткенін көрді. Бәріне кінәлі жауыздық! Жауыздықтың білетіні мен істейтіні – көзіне түскенін тып-типыл ету: шабады, кеседі, өртейді, өлтіреді. Қыниятқа Үйсінбайдың қылған ісі дұрыс. Жер бетінен бір жауызды азайтып кетсе, мұның бекер өлмегені. Ат басын ауылға бұра беріп іркілді. Барсын-ақ. Қамап қойды, сосын ше?.. Жау жеңілер күн жақындап қалғанда… Кеше оқ пен от кешіп, аязда мұз еміп, апталап аптапта қаталап жүргенде жалғыз арманы – Жеңіс күнін көріп өлу емес пе еді? Тірі адамға Жеңіс күнін көрмеудің өзі күнә ғой. Шамасы келгенше оған дейін тау кезеді. Жау жеңілді деген дауыс құлағына жеткен күні өз аяғымен келеді, содан кейін мейлі, содан кейін сүйегін паршалап итке тастаса да Үйсінбай разы. Ол арба күреңді тебініп, жортып кете барды.
* * * - Бірақ Қыният өлген жоқ, - дер еді Сарыағашқа тіл бітсе, - жалғыз оқ бас киіміне тиіп, үңірейтіп ойып кетіпті. - Содан Үйсінбайдың артына жаман түссе керек қой. - Келер көктемде жау жеңіліп, Қаракөзге жеңіс хабары жетті. Жұрт енді Қыниятты не қылсын… Таудан түскен Үйсінбайды ортаға алып көл-көсір қуанышқа кенелді. Еңсені басқан түнек ашылды, қайғының қара бұлты үдере көшті. Бәле-жаланың барлығы со соғыспен бірге кеткен жоқ па? - Үйсінбайдың рухына табынам күні-түн. - Сен де аман қалдың, Сарыағаш. Көпжасар ағаш діңіне басын сүйеп біраз жатты. Көзі маңайында. Дүние сол баяғысынша тым-тырыс мүлгиді. Жұрт болса Жер қалғымас еді-ау. Қаракөзден жұрт неге көшіп еді өзі?..
* * * Көпжасар Қошқар сайында жүрген қыста ұсақ шаруашылықтарды ірілендіру жөнінде арнайы қаулы болып, арнайы комиссия құрылды, іріленген колхозға орталық болатын орын белгіленіп, қазық қағылды. Күн
жылып, қар ерісімен, жаңа қоңыстың басы делініп, кеңсе үйінің іргесі қалана бастады. Қаракөзден көшесіңдер дегенде жұрт жабыла Қыниятты қарғады. Өйткені орталықты белгілейтін комиссия құрамына Мәдімар бастық жер жағдайына жетік деп соны қосқан. Көпжасар ауылға көктеммен бірге басталған у-шудың кезінде келіп еді. - Көшетін болдық, - деді әйелі. - Қайда? - Қарасордың жазығына. - Есің дұрыс па өзіңнің? - Колхоз біріккелі жатыр. Бастығы осы өзіміздің Мәдімар болатын көрінеді. - Қаракөзді қайтеміз дейді? - Менен несін сұрайсың, маған айта ма? - Таң атысымен Көпжасар кеңсеге келді. Мәдімар бастық көңілді, жүзі жылып, орнынан тұрып қол берді. - Ат-көлік аман ба? - Анау Қайныл… Сақтап қала алмады, бейшараны. - Естіп жатырмыз… Жазымыш… “Алты ай қыс ат ізін салмағандарың не?” дегісі келіп тұрып үндемеді. Сол ойын сезгендей анау: - Мұндағы шаруадан аттап шыға алмадық, әйтеуір, өзің бар ғой дегенбіз, - деді. - Малды аман алып шықты жұрт не қылса да. - Иә, бұл өзі қатерлі қыс болды ғой, арғы төскейдегі колхоздардың талай малшысы таяқ ұстап шыққан көрінеді. Жұлдызы жанған жалғыз біз. Бастықтары кербаққан нән еді өңшең, енді көреміз кімнің қалай сөйлейтінін. - Табалайтын не бар, кімдікі болса да, қазынанікі емес пе? - Әңгіме іскерлік танытпағанында. Енді олардың маңдайынан ешкім сипамайды. Көпжасар үндеген жоқ. - Естіп жатқан шығарсың, - деді Мәдімар, - қоныс аударғалы жатырмыз. - Естідік. - Қаулыны өзің білесің, заң. Орталық белгіленді. Ендігі қалғаны жұртты жеделдетіп көшіру. Шамасы барлар үй салуға кешікпей кіріссін деген нұсқау – міне, - Мәдімар алдындағы қағазды алып, үстелге қайта тастады. - Өзің білесің, бауыр басқан жерінен жұрт оңайлықпен қозғала қоймайды. Ертең көпшілік жиналысын ашқалы отыр едік. Дер кезінде келгенің жақсы болды. Беделің бар, сөйле. - Мен жұртқа көш деп айта алмаймын. - Қалайша? – Бастық аң-таң, - Қалайша? Әлде қаулыға қарсымысың? - Жоқ, Қарасорға көшуге қарсымын. Ол орталық болуға қолайсыз. Маңайында су жоқ, жері ылғи бір тас топырақ, қара жусан мен ебелектен өзге дым өспейді. - Онда біздің қанша шаруамыз бар?
- Неге шаруамыз жоқ? Жерді мекендейтін біз емес пе? Қаулы шығарғанда орталықты қай жерден салу қолайлы, оны өздерің ақылдасыңдар деген шығар. - Десе ше?!. Орталықтың орнын үш колхоздан құрылған комиссия белгілеп отыр ғой. - Мені тыңдашы, Мәдімар, сен сырттан келдің, көп жайды бәлкім білмессің. Қаракөз бен Сарыағашты біз тастап кете алмаймыз: мұнда атабабамыз өскен, мұнда біздің өсіп-өнген тарихымыз жатыр. - Көзің ашық адам емессің бе, Көпжасар, шаруашылық ірілендіру ісі халықтың игілігін арттыру үшін ойластырылды. - Білемін, қажет екенін білемін. Егер Қаракөзде жүз елу үйден басқаға ине шаншыр жер жоқ болса, үндемес едім. Бірақ мұнда бес-алты жүз түтін емінеркін сыймай ма? Нағыз орталық болатын жер осы Қаракөз еді ғой. - Шешімді аудан бекітіп қойды. Кеңсеміздің іргесі болса көтеріліп жатыр. - Бір ауыз ақылдасуға болмайтын ба еді. - Кіммен. – Мәдімардың енді езуіне кекесін пайда болды. – Қоя тұрыңдар, әуелі Көпжасар келсін дейтін бе едік. - Жұртпен ақылдасу керек емес пе? – Көпжасар қабағын шытты. – Жұрт егініңді өсіреді, малыңды аман сақтайды, бір ауыз ақыл қосуға құқы жоқ па? - Жә, оны қоя тұр. Майда-шүйдеге көңіл жыртысқанша көшудің қамын ойласалық. - Не десең де мен жұртқа Қаракөзден көш деп айта алмаймын. Көпжасар қамшысын алып, сыртқа шығып жүре берді. Қайрылып қараған жоқ. “Қап! – деді іштей, - Қап!.. Суы атқылап үйіңнің айналасы көгеріп тұрмаса, несіне қоныс? Жо…жоқ, жер жаннаты жалғыз Қаракөз демейді Көпжасар. Ана екі колхоздың мекені біріне-бірі ұласқан бұлтың-бұлтың терең сайда, жер суы жақсы болғанымен, тарлығынан үлкен ауылға ірге бола алмайды. Қолайлысы Қаракөз емес пе? Қаракөз тұрғанда қара жусаннан өзге қылтиып шөп өспейтін қу тақырға үй сала ма адам?” Жиналысқа Қаракөз аулының тірісі келді. Әуелі Мәдімар, партия ұйымының хатшысы Өмірзақ, одан кейін алдын-ала дайындап қойған адамдар сөйледі. Бәрі бір-бірінің аузына түкіріп қойғандай. Бәрінің айтқаны: жеделдете көшу керек. Жұрттың арасынан дауыс естілді: - Өкімет тек Қарасорға көшіңдер, Қарасорға көшпесеңдер болмайды демеген шығар. - Үйсінбай ғой мынау. - Бар, мінбеге шығып айт, бар! - Сенен басқа Қаракөзді айтып сөйлейтін де адам қалған жоқ, - десіп жұрт Үйсінбайды кеу-кеуледі. Қиық мұрты жыбырлап Үйсінбай мінбеге көтерілді. Әуелі төрдегі қызыл мауыты жабылған үстелді жағалай отырғандарды көзімен сыдыртып өтті. Неге екенін Көпжасар төмен қарады. - Менің өздеріңе, әктіптер, қоятын сауалым бар. Көшу керек, жеделдету керек деп жатырсыңдар, ау, сонда бабамыздан әкемізге, әкемізден бізге
қалған үйді қайтеміз? Кеңес өкіметі құрылғанда, кешегі Жанбота, Қойшыман болып жабыла жалаң аяғымызбен лай айдап салған баспаналарды не істейміз? - Бұл шаруаның арнайы қаулымен жасалып отырғаны саған айтылған жоқ па? – деді Мәдімар сазарып. – Кері кететіндерің не осы қараптан-қарап. - Сен, Мәдімар, бізге сырттан келдің. Қаракөзде не болып, не қойғанынан хабарсызсың. Мына күнге жетіп отырғанымыз – осы құтты қоңыстың арқасы. Ол бізді сақтады, жұрт Қаракөз бен Сарыағаштың жырын айтып өсті. Қаракөз бен Сарыағаштың жырын үрім-бұтағымыз да айтуға тиіс. - Айтарың сол болса, орныңа отыр, - деді Мәдімар. - Әй, Мәдімар, Қаракөздің жұрты қаулыны бетке ұстап бас ал десе, шаш алатын талай-талай кезеңнен өткен. Содан небір асылымыз жоғалды. Қуып келе жатқан жау жоқ, енді не істесек те ойланып барып істелік, өз басым Қаракөзден көшпеймін. - Сенсіз де бірдеме болар, жарайды енді. Үйсінбай төрдегілерге тағы да жағалата көз тастады. Көпжасар сол баяғысынша жерден көз алмай отыр. - Осы сендердің әу десе болды, алды-арттарыңа қарамай далақтап шаба беретіндерің не осы? Бір уақ ойланатын кездерің бола ма? Нұсқау болса, сол нұсқауға пайдалы жағын неге қарастырмайсыңдар? Сендерге сеніп отыр ғой. - Жә, өзгелерге кезек бер. Үйсінбай мінбеден түсіп кетті. Көпжасар сонда ғана бас көтерді. Үйсінбайға қарады. Үйсінбайдың даусы… “Ал, сен неге үндемей отырсың? Біздің медеуіміздің бірі өзіңсің, сөйле енді. Қаракөз бен Сарыағаштың жырын осы күнгі тірі жүргеннің сенен көп айтқаны жоқ. Неғып ұрлық қылған баладай жасырасың, әлде қорқамысың? Құдай-ау, сендерге адалдықтан гөрі ат белі қымбат па? Өз сөздеріңді қашан айтасыңдар? Дұрысты – дұрыс, бұрысты – бұрыс десеңдер, бөріктерің қисайып қала ма, тегі? Қаракөз сияқты жұрттың мекендеуіне, шаруаның дөңгеленуіне қолайлы құтты қоңысты тастау зиын екенін керек жерде неге айтпайсың? Кәне, белсендім, біз саған қарап отырмыз, сөзің өтеді деп отырмыз. Біз сияқты қармаған жерді айналып, бір ізбен барып, бір ізбен қайтып жүрген жоқсың. Егіс десе егіс, мал десе малы, Қаракөздің сенің қолың тимеген қай шаруасы бар. Жанбота, Әйтеке, Қойшымандардың, бүкіл Қаракөз жұртының атынан біз еш нәрсе сұрамайық, азды-көпті еңбегімізді елесеңдер, жалғыз өтінішіміз – қонысымыздан қозғай көрмеңдер деші. Нағыз орталықтың орны осы екенін сал естеріңе, кәне?!.” Көпжасардың басы дыңылдап кетті. Ол мінбеде шығып-түсіп жатқандардың не сөйлеп, не қойғанын естіген жоқ, өзімен-өзі. Жалғыз Үйсінбай емес, жұрт түгелдей осыған қарап отырған секілді. Анталаған жүзсан жанардан жасырынар жер таппады. Қаракөзден жұрттың көшетін болғанына дәл бір өзі кінәлі секілді. Мына жұртқа қалайда бір сөз айту керек. Қаракөздің тағдыры шешіліп жатқанда, тіс жармай қалай кете алады? Сондағы айтатыны не?.. Көпжасардың қиналған жері де осы болды. Көшпе деуге орталықтың орны
белгіленіп, шешім қабылданып, кеңсенің іргетасы қаланып қойғаны анау. Қосылатын екі колхоздың алды үй салуға кірісе бастаса керек. Көш деуге… Бұдан гөрі, тағдыр-ау, Көпжасарды ойыңа келген азапқа салмадың ба? Бұдан гөрі неге топырақ арқалатып, дүние кездіріп қоймадың? Қандай қиындыққа салсаң да қабағын шытып, қабырғасы қайыспас еді. Жанындағыларға жағалата көз қиығын салды. Мәдімардың оң жағында үстелге екі елі жетпей мықыр Қыният отыр. Албасты… Комиссия құрамына басқа адам таппағандай соны қосқандарын көрмеймісің. Бұл иттің Қаракөзді аузына алмағаны несі? Көз бар ма өзінде, жоқ па? Япыр-ау, осының ісі неге үнемі қисық, неге үнемі жұрт алдында көлденең жүреді? Білгені сол ма, әлде әдейі істей ме? Тірліктің тағы осындайларға жасайтын кеңшілігі де мол. Кеше бастық болып еді, бүгін – бас бухгалтер. Бұл тағдыр ел мен жер-судың тағдырын шешуге келгенде Қынияттардың не себепті жолы бола береді?! Әлдекім айғай салды. - Оу, Көпжасар сөйлесін, Көпжасар неге сөйлемейді?! Мінбеге шығып алған Көпжасарға көп көз сынай қадалды. Өзге айтса да көшіңдерді сен айта көрме, Көпжасар, дейтіндей жұрт. Онда өзіңді де, бізді де жер еткенің. Онда Қаракөз – Сарыағаштың киесі атады бізді, онда Жанбота, Әйтеке, Қойшымандардың рухы… - Қаракөзден… - Көпжасар сөзін іркіп, төрге бір, залға бір қарады. - Өзім көше алмаймын. Одан басқа сөз айтқан жоқ, қайрылып орнына да келмеді, қонышындағы қамшысын алып, сыртқа шығып жүре берді. Жер қарайып, күн жылынып, өзінің бәз-баяғы тіршілік тынысымен көктем өтіп бара жатты. Жұрттың бірен-сараны болмаса, орнынан қозғалар сыңайлары жоқ. Кеңседе күнде керіс, күнде дау. Мәдімар Көпжасарға қадалады: “Сен саясатқа қарсы шықтың, жұртты үгіттеп көшірмей отырған сен, - деп тиісті. – Байқа, Қаракөз, Қаракөз деп жүріп басыңнан айрылып қалма?!”
Арада тағы бір қыс өтіп, тағы бір көктем келген. Жұрттың қозғалар түрі көрінбейді. Қозғалғанды айтасың, үйлерінің кеткен жерлерін бүтіндеп, қайта оңдай бастады. Бұл кезде колхоздың кеңсесі жаңа орталыққа қоныстанып үлгерген. Мәдімардың үйі былтыр-ақ салынып бітіп, қолма-қол көшіп кеткен. Қыният сияқтылар да уақытша деп бір-бір жер там тұрғызып, со жылы қоныстанып алды. Қазір негізгі үйлерінің қабырғасын көтеріп жатыр. Қаракөз ауылы – осы күні бөлімше. Басқарушысы – Көпжасар. Нұсқау алу, есеп беру үшін екі күннің бірінде атын ақ көбік қылып жаңа орталыққа барып тұрады. Құлазыған қу далада ербиген-ербиген үйлер, шұқыр қазып, лай шылап, кірпіш құйын жанталасқан бала-шаға. Сонау Күркіреудің суынан бері арық тартқан болыпты, ол суды жол-жөнекей шөл топырақ сіміріп, сыздықтап, әзер жетіп жатыр. Лай шылап, кірпіш құятын шұңқырларын суға толтыра алмаған жұрт комиссияны қарғап-сілейді. “Ындыны жарымағандар-
ай! – деседі. – Шөл далаға қызық қағып… Өлсе, көрлерінде өкіргір”. Ат басын тежеп, құлақ түріп тұрсаң, талай әңгіме естисің. Талай әңгіменің түйіні – орталықты белгілеген адамдар – аулымыз ауданға жақынырақ болсын, бірігетін колхоздардың дәл ортасынан салынсын, яғни, ешкімге өкпе болмасын деп қана ойлаған. Көпжасар бұл сөздердің қайсысын ұстарын білмейді. Шынымен ол неге Қарасордан салынды? Ойлайтын, ойлайтын да, ол ойдың ұшығына жете алмайтын. Бүгін ертелеп келіп еді, Мәдімар ауданға жүріп кеткен екен, келгенімді күтсін деп тапсырып кеткен соң, кеңсенің маңында жүрді де қойды. Кетіп қалуды бір ойлап, ананың айғай-ұйғайы есіне түсті де, не де болса тоса тұруды жөн көрді. Бұрнағы жылы Қаракөз аулының қойы қыстан аман шығып, Мәдімардың беделі шырқап тұрған. Ақиқатының өзі мұны іріленген колхозға бастық еткен сол жылғы малдың аман шығуы еді. содан бастап Мәдімардың аты ауызға іліккен: жиындарда оның ісі өзгелерге үлгі-өнеге ретінде айтылып жүрді. - Біздікі не, біздікі солақайлық еді ғой, жұмыс Мәдіекеңдікі, - деп Қыният та екі кісі бас қосса сөз қыстырып қалады. Колхоз іріленген соң ол бас бухгалтерден қатардағы есеп қызметіне ауысқан; бірақ баяғы белсенділігі бар, басшылар бас қосқан жерге кіріп кетіп, аналардың сөзін демеп отырады. Оған “Осы сіз ары жүріңізші”, - деп жатқан ешкім жоқ. Қайта Қыният жоқ болса, басшылар бірдеңесін жоғалтқандай жан-жақтарына қарманып, алаңдап отырады. Осы күні Қаракөзде екінің бірінің қарғайтыны – осы Қыният. “Бізді Қарасорға көшірген сол”, - деп отырады. Оған айтылған сөз бұйым емес. Көпжасарға жолыққан сайын: “Ешкімнің еш нәрсесі құрғамайды, жұрт көнбесе бар ғой, айтпады деме, сазайын сен тартасың”, - деп саусағын безеп қояды. Көпжасар суы сыздықтап, лайланып ағып жатқан арықтың жағасына отырып жатып, кеңседен шығып өзіне қарай келе жатқан Қыниятты көрді. - Ой, отырмысың? - Енді күтсін депті… - Осы бастан айтып қояйын, маңдайыңнан сипамайды. - Сондағысы не? - Білмейтіндей сөйлейсің. - Ал! - Ежірейме, - Қыният қатар келіп жайғасып, езуіне темекі қыстырды. – Осы сенің не ойлағаның бар? - Қай ойымды сұрайсың? - Айтылды, айтылған соң істей бермеймісің? - Жұртты көшпеңдер деп үгіттеп отырғаным жоқ мен. - Өзіңнің қозғалмағаның - өзгелерге жүргізген үгітің. - Мен ешқашан жұрттың дегеніне көлденең тұрған емеспін және тұрмаймын да.
- Мен осы сені өмір бойы түсіне алмай қойдым, Көпжасар, түсіне алмадым… Іздегенің, көксегенің не? - Жұрттың көкейіндегісі мен көңіліндегісі. - Ойбай, оның қай ұшығына жетесің. Өзі қысқа ғұмырды жұрттың анамынасына рәсуа еткенде, барар жерің көп болса ұшпақ шығар, ал ұшпаққа шыққан ешкімді өзім көрмедім. - Мен ұшпақ іздемеймін, Қыният. - Сонда саған не керек?.. - Ештеңе де. Ел-жұрт, жер-су аман болса, шаруаның бір жағында үстібасымызды шаң басып жүрсек, одан өзге ештеңенің қажеті жоқ. Екеуі де үндемей біраз отырды. - Қыният, сенен сұрайтыным бар, - деді Көпжасар ананы иығынан түртіп. – Сен ғой, комиссия болдың орталыққа, мына қу медиен, қара жусанның таңдалғаны қалай? - Мен не?.. Мен, әйтеуір, ішінде жүрдім. - Қаракөздің ең қолайлы орын екенін неге айтпадың Мәдімарға? Қыният үстін қаққыштап: - Әңгімелесейін десең, өстіп ананы-мынаны тәптіштейсіңдер. Кісі жуи ма сонан соң… Барып ішкен-жегендеріңді есептейін, - деп орнынан тұрды.
* * * Мәдімар бесін кезінде бір-ақ оралды. Келген бойда көзіне көрінген белсендіні жинап алып, бірден Көпжасарға шүйлікті. - Неге көшпейді жұрт? - Жағдайларына қарап жүрген шығар, - деп күлімжіді Көпжасар. - Ауданның жан алқымға алып жатқаны анау, не сонда, сендер үшін мен жеуім керек пе таяқты. Басқаны қойғанда, білдей басқарушы сен неге отырсың қозғалмай? - Мен айтқам сөзімді. - Бұл қылығыңды аудан білмейді, білсе… Амал жоқ, біз айтқанын істейміз. Алдымен орныңнан босатуға мәжбүрміз. - Оны өздерің біліңдер, бірақ мен сөзімді қайтып алмаймын. - Кімде қандай ұсыныс бар, жолдастар? Райысовтың мәселесін шешуіміз керек. Мәдімар мұның жүзіне ұзақ тесілді. Ақырында бақпасына көзі жетті ме, әбден көңілі қалған қалып танытып, бұған бір қырындады. - Жарайды, Райысовтың мәселесін бірдеңе етіп шешерміз, - деді сонан соң отырғандарға жағалата көз тастап. – Қазір бізге жұртты жеделдете көшіретін бірдеңе ойлап табу керек. Кімде қандай ұсыныс бар? - Маған рұқсат па? – Босаға жаққа жайғасқан Қынияттың қолы көтерілгенде, саусақ ұштары жанында отырғандардың төбесінен сәл-ақ асып көрінді. – Оның мынандай амалы бар… Жұрт түгел еңсеріліп Қыният жаққа бұрылды.
- Дереу мектепті бұздыру керек, - деді ол. – Балаларын қайда оқытарын білмеген жұрт көшпек түгілі жүктерін жаяу тасиды. Көпжасардың басы зеңіді. “Мына сөздерді шынымен-ақ өз құлағыммен естіп отырмын ба?” – деп күмәнданды. Көз алдына заматта сонау бір өмір өткелі келді… Сол бір жазында Жанбота бастаған ауылдың үлкендері бас қосқан. Бұл бас қосу Құттымбеттің Қарқабатының мұғалімдік курсты бітіріп келуіне байланысты болатын. Жанбота сөз алған, сөз алған да: “Ал, ағайын, Қаракөзден де, міне, мұғалім шықты, көксегендерің қол жетпестей болып жүрген қара танып, хат жазу еді, кәнеки, сөзіме құлақ қой. Бір жеңнен бас, бір жеңнен қол шығарып, мектеп салайық.” Отырған жұрт осыған уағда қылысты. Мезгіл тұқым себіліп бітіп, күннің бірыңғай ыси бастаған кезі еді, балақжеңдерін түріп алған жұрт бала-шаға демей топырақ шылап, іске кірісіп кетті. Қаракөзде бұған дейінгі салынғанның барлығы соқпа еді. Мына жолы Жанбота өзі бас болып мектеп үйін кірпіштен салуды ұйғарған. Ол кірпіш құюды сонау жылдары Ресейге оқуға барғанда көрген екен. Орынбай ұстаға айтып отырып, бірнеше қалып жасатты. Жұмыс шапшаң әрі көңілді жүрді. Бір жақта топырақ шыланып, кірпіш құйылып, бір жағында мектептің қабырғасы қаланып жатыр. Бұл өзі ауылдағы астық қамбасынан кейін салынып отырған үлкен шаңырақ еді. Мектеп үйі күзге қарай бітіп, жұрт бозқасқа әкеліп шалды. Сол күні олар: "Жақсы тілеумен, игі ниетпен салып едік, балаларымыздың көзін аш, көңілін ағарт; іргең шайқалмасын, кірпішің құламасын. Қаракөз жұртының тілегін көтеріп тұра бер!" – деп ақ батасын берді. Сол күні Көпжасар, Үйсінбай сияқты балалармен қоса Қыният сияқты бозбалаларға дейін мектеп көріп, Қарабат мұғалімнен "А" деген әріпті үйреніп қайтты. Сол күні Жанбота көкпар берді… Мыналар енді, міне, Қаракөздегі тұңғыш мектепті бұзбақ, аш-жалаңаш жұрттың табан ақы, маңдай терімен салынған, тілегін көтеріп келген мұраны тып-типыл етпек. - Мектепті бұзбайсыңдар! – деді Көпжасар. – Бұзып көріңдер! - Оны сенен сұрамайды ешкім. - Мәдімар мырс етті. - Ол Жанботалардан қалған мұра, Мәдімар. Ел болғанымыздың белгісі. - Көрдің ғой. – Бастық партия ұйымының хатшысы Өмірзаққа қарады. – Ал өзі коммунист… - Мәке, сол мектепті бұзу соншалық керек пе? – деді Өмірзақ. – Қоя тұрсақ қайтеді? - Жоқ, енді қоя тұратын басым екеу емес, бұл бұзбаса ертең трактор жіберіп, тегістеп тастаймын, көрсін қалай талқандалғанын. Анау қамбаны, клубты түгел бұздырам. Мәдімардың сұрына қарап Көпжасар анау ертең трактор жіберіп, барды күл-талқан етуден тайынбайтынын білді. Маңдайынан бұрқ етіп суық тер шықты. - Баяғыда сөйту керек еді, - деді Қыният тамағын кенеп. – мектепті былтыр құлатқанда жұрттың көбісі бері тұра қашатын еді, создық келіп…
- Сіз қоя тұрыңызшы, - деді Өмірзақ. – Ойласалық… жұртқа түсіндіреміз. - Әй, солар түсінбейді ғой, милиция апармасаң. Өмірзақ ананы ала көзімен атып жіберді. - Сіз, немене, ақыл-естен айрылдыңыз ба? - Жарайды, - деді амалы құрыған Көпжасар Мәдімарға қарап. – Мен сөйлесейін жұртпен. Жалғыз-ақ тілегім – трактор жіберме. Бұздырма… Сөйлесем… - Бұл енді басқа сөз. Орталықтан шыға ат басын жіберді… "Ақымақ, бұзу керек, талқандау керек… Көзді ашып-жұмғанша Қаракөз жұртының алғаш жер жыртып, тұқым сепкен, аштықты жеңген, ел болып еңсе көтерген тарихын трактормен таптап, үйіндегі айналдырта салмақ. Имансыз!.." Қаракөзге жеткенше ат басын ірікпеді. Көңілі әбден құлазып Үйсінбайдікіне келсе, ол тракторын жөндеп жатыр. - Амансың ба? - Ә, кел, - Үйсінбай қол созды. – Атыңды ақ көбік қылып… Жаңа көшеге барып қайттың ба, немене? - Әй, қойшы… Жөтелің қалай? - Өлмеймін әзір. Қаракөздің тұқым себуге жарайтын жерін түгел жартып бітірмей өлмеймін. Ал енді өз жөніңді айтшы, қабағың неге қатыңқы? - Көшу керек, Үйсінбай. Онсыз бәрінен айрыламыз. Мектепті, қамбаны, клубты қиратқалы жатыр. - Қиратқаны несі? - Сонда амалсыз көшеді деседі… Екеуінің де тілі байланған. Өткен жылы Үйсінбай: "Неге үндемейсің? Бұл жерде үрім-бұтағымыз қала салады, суын Ақ Жайыққа айналдырады деуші едің ғой, қайталашы қазір соныңды. Неге үндемейсің? Мына жердің иесі біз, оның тағдыры біздің қолымызда дейтінің қайда? Сен малды аман алып қаламын деп, алты ай қыс ат белінде жүргенде бұл жақтағылар жұртты Қаракөзден көшуге дайындап қойды. Көпжасар не айтады, Көпжасармен бір ауыз сөйлеселік деген ешкім болған жоқ", - деп жер-жебіріне жетіп еді, бұл жолы үнсіз қапты. Мажыраның бүлдіргенді сайына бұрып кіретін Мықидың жотасындағы көк жасыл егінге тесіліп қатып қалыпты. Баяғыдан етене таныс бір әуенді ыңылдайды. Шемен көңілдің шегінен сұңқылы бара-бара аруанадай аңырап қоя берді: "Ескіден қалған бір сөздің Айтайын жұртым жобасын. Ілгері сонау заманда Ұмытып пенде тобасын, Қазанаттың үстінде Екі аяғы салақтап, Аш бөрідей жалақтап, Сүйегіне аң-құстың Толтырды қырат-жотаны. Тауда бұта қалмады,
Жырада жайрап тобылғы…" Үйсінбай даусын іркіп ала қойды. - Бұзуды шығарып жүрген кім? - Қыният. - Иттің ғана баласы-ай. Ана жылы мүлт кеткенімді көрмеймісің? Ау, бұл кешегі Әйтеке, Жанботалардың әруағын қорлау ғой… Екеуі ұзақ отырды. Ақырында Үйсінбай: - Бәрі біздің көшуімізге қарап тұрса, жұртты жи. Бірде-біреуіміз қалмайық, тек анау ағаларымыздың мұрасына қол жұмсатпалық, солай тұра берсін. Қаракөз аман болса, бәлкім, оған немере-шөберелеріміз оралар. Құтты мекеннің адамсыз қалуы мүмкін емес қой. Олар оралады. Ау, сонда қасиетті орындарды әкелерден қалған көз деп мәпелеп, сақтар. Болмаған күнде өзі тозып, өзі құласын. Тек біз талқандамаймыз. Жұрттың да айтқаны осы болды. Енді олар амалсыз Қаракөзден көше бастап еді… - Көпжасар-ау, бірақ оларды бәрібір бұзды ғой, - дер еді Сарыағашқы тіл бітсе. - Өкінішке орай сөйтті… Кеудеде өкініш көп қой. Аш жүрсек, жалаңаш жүрсек, ол – тағдырдың салғаны. Соғыссақ, адамға қарата мылтық кезесек, қырын кетсек, оған қанқұйлы, қара ниет жау мәжбүр етті. Ал мұраларымызды талқандау қандай қажеттіктен туды? Соны түсіне алмадым. - Сенің сонда қандай күйде болғаныңды мен білмеймін… Көпжасар күрсінді. Қаракөздің жұрты Қарасорға екі-үш жылда түгел көшіп тынған. Күз кезі ғой. Орақ қызып, Көпжасар алашапқын болып жүргенде, Қаракөздегі қасиетті орындар бұзылып, ағаштары мал қыстауларына тасылып, мектептің кірпіші көрінген көк аттының қолында кетіп жатқанын естігенде, Көпжасар есінен танып қала жаздаған. Ойпыр-ау, тимейміз деп уәде бергендері қайда? Енді Көпжасар не бетін айтады? Көшсек тимейтін болды деген еді жұртқа. Бұл не деген опасыздық! Мәдімардың кабинетіне баса-көктеп кіріп барған. - Неге бұздырдың, - деді. – Жер тарлық қылды ма саған? - Жер колхоздікі, - деді бастық. – Не болып қалды сонша? - Жұртқа берген уәдең қайда?! Алдауға дәттерің қалай барды? - Жарбиған жаман тамдарға бола неге басынасың, ей? – Мәдімар үстелді салып қалды. - Ақымақсың, кісілік жоқ сенде. - Оу, сенің маған бұлай сөйлеуге қандай қақың бар, неңді міндет қыласың, діңкілдемей босат кабинетті. - "Неңді міндет қыласың…" Сендейлерді беліме байлап жүріп, жер жырттым; мына маңдайыма бейнет тумай жатып жазылған, тумай жатып… Жан беріп, жан алғанбыз. - Дүние саған қарап тұрған екен-ау, ә? Ұстамды Көпжасар бұдан әрі шыдай алмады. Мәдімардың бетіне түкіріп жіберді. - Саған керегі осы!
Сол бойы есікті тарс жапты. Сыртқа шыға берісте Өмірзақпен соқтығысып қала жаздады. - Көпеке, маған кіре кетіңізші, ақылдасар шаруа бар еді… - Кірмеймін, қай шаруаны менімен ақылдасып жатыр едіңдер. - Көпеке… - Уәде қайда, Өмірзақ? Жұртты көшірсең, Қаракөздегі мектепті, қамбаны бұздырмаймын дегендерің қайда? Неге алдадыңдар? - Иә, ұят болды, - партия ұйымының хатшысы сыртқа ілесе шықты. – Сол жайында Мәдімармен сөзге келіп те қалды. - Ал мен оның бетіне түкіріп кеттім. Бар, бетін сүрт. "Атасына нәлет!" деп айтты де, ұмытпа. – Көпжасар атына қарғып мінді. – Енді мені беретін соттарыңа бере беріңдер. Ол астындағы атына аямай қамшы басты. Күн бұлттанып тұр еді, былай шыға жауын нөсерлеп қоя берген. Ышқына шапқан аттың аяғы тайып-тайып кетеді, әшейінде Көпжасар абайлар еді, қазір жануардың жығылғанын қалап келеді… "Заула жануар! Барыңды салып заула. Көрейін әуселеңді. Күн ашықта еркін көсілу, екілене шабу бәрінің қолынан келеді, мықты болсаң мынау лайсаңда сүрінбей-жығылмай заулап байқашы!" Қара нөсер тіпті үдеп барады. Торы ат шатқаяқтап бауырын әзер жиды, шоқыраққа көшкен… "Ә, солай ма? Көрдің бе, лайсаң жолдың ауырлығын, батпаққа баттың ба белуардан; титықтадың ғой бәлем. Жайшылықта екінің бірі ойнақ салады. Жайшылықта бәрі жүйрік. Лайсаңда аттың аты шабады". Жауынға малынып, Қаракөзге жеткенде бөрте ат та болдыруға айналған… Көшкен жұрттың орнын ұзақ шиырлады. Сонан соң озып сыртындағы зиратқа бұрған ат басын. Жақындағанда бөртені жетектеп алды. Жанбота, Қойшыман, Әйтеке, Жайлаубайдың бейіттерінің басына барып басын иді. Ол құран оқи білмейтін. Айтқаны: "Қара жердің көсегесі көгерсін деп, қара қазан, сары баланың қамы деп шыбын жанын қуырып ғұмыр кешкен арыстар, дән сеуіп, азаматтың ар-намысы үшін көз жұмдыңдар бәрің, жер-суымызды қорғап, құрбан болдыңдар: жетім-жесірге жарты дәніңді бөліп беріп жүріп жұмдыңдар көздеріңді. Кешіріңдер мені! Жалаң аяқтарыңмен лайын шылап, қолдарыңмен қабырғасын сылаған мұраларыңды сақтап қала алмадым. Өмір жасаудың жанкешті бейнетін айтып, ұғындырып беретін мұраларыңа бір ақылсыз қол салды. Кеше сендер біткен шаруаға бата беріп отырып: "Келер ұрпақ – мәуелеп өскен бәйтеректің тамыры – біз. Ұрпақ пен біздің мәңгі бірлігімізді осы мұралар айтып тұрады деп едіңдер. Көкейлеріңе соңымыздан келе жатқандар, олардан кейінгілер бәрі өздігінен бола салмағанын көрсін, тіршіліктің бағасын біліп, қадіріне жетсін деген мұрат көлденең тұрып еді. Кешіріңдер, мен…" Аспан мүлде түнеріп алған. Жаңбыр шелектеп төгіп тұр. Дала томсарып, таудың ұнжырғасы түсіп кеткен. Жердің төсін ұрғылаған ірі-ірі тамшылар ағын суға айналып, сызат-сызатпен қосылып кетіп жатыр. "Менің енді қалған жалғыз медетім бар, бауырларым. Медетім өздеріңнен қалған жанкешті бейнет. Баяғы баяғы ма, қазір астық өсуге жарайтын жердің топырағын түгел өңдегенбіз. Егін дегенің ұшан-теңіз. Жетілдік, жеттік.
Аштық-жалаңаштықтан құтылғалы қашан. Кеңес өкіметі бақытқа жеткізеді, Кеңес өкіметі аман тұрса, қой үстіне бозторғай жұмыртқалайды деуші едіңдер, енді соның қызығын жұрт көріп отыр, ішкені – алдында, ішпегені – артында. Сендер рақат көрген жоқсыңдар, өзгелердің бақыты үшін ғұмыр кештіңдер. Бейнеттің азабын өздеріңмен бірге әкетіп, рақатын бізге қалдырдыңдар. Солай өлудің өзі бақыт шығар, бәлкім. Армандарың – көп жасау, көп шаруа тындыру еді. Жұмыр басты пенде: "Бақыт қайда, бақыт құсын көзіме көрсетіңдерші", - деп басын тауға да тасқа да ұрады. Таппадық десіп дал болғаны қанша, таптық деп әлдебірдеңені малданып жүргені қанша. Тәңірім-ау, бақыт деген – тіршіліктің тоқтап қалмағаны, арманның таусылмағаны емес пе? Сендер ел жетіліп, жер көгеріп келеді, ол ертең ғажайып заманға ұласады, шіркін-ай, соған сен, - деп армандадыңдар… Нағыз бақытты ғұмыр кешкен өздерің, бауырларым. Өзгеге күшім жетпесе де, ендігі жерде рухтарыңды сақтауға күшім жетеді. Бастарыңа қырымнан көрінетін күмбез тұрғызайын. Үрім-бұтағымыз көрер, көрер де: "Ей, біздің бақытты өміріміз мына адамдардан басталыпты ғой", - дер. Келем. Қаракөздің жұртын ілестіре келем. Жабылып бастарыңа күмбез тұрғызамыз. Маңдайшаларыңа Қаракөздің алғашқы большевиктері деген жазу ілінеді". Көпжасар зират басында ұзақ отырды. Жаңбыр киімінен өтіп, қойынқонышына құйылған. Егер менің де өн бойыма бәле-жалаңның жұқанасы жуи бастаған болса, жуып кетсін деп ойлады ол. Жаңбырда сондай қасиет болса ғой. Жаңбырда сондай қасиет болса, жауған сайын жер үстіндегі бәлежаланы шайып кетіп отырар еді. Әттең, не керек, адам аласы ішінде, сырты күмістей жарқырап тұрып-ақ, дүниеге ішінен түтін салады. Ондайлардың ішіне еш нәрсе ендеп кіре алмайды, кірген күнде қат-қат қалтарыстардан жарық дүниеге қайта шығар саңылау таппай тұншығып өлесің. Әбден қас қарайып, жердің миы шығып, су болмаған киімі қалмағанда барып, Көпжасар алдына лақтырып тастаған қамшысына қол созды. Торы ат китіңдеп жолға түскен. Сауырын Көпжасар емес, қара нөсер қамшылап келе жатқандай… Бұл кезде Мәдімардың кабинетінде Өмірзақ отырған. Мәдімар терісіне сыймай, аласұрады. - Қаракөз жұртының талай уақыттан бері көшпей қойғанына да себепші болған Райысов еді, сөйттің деп бәле қозғадық па үстінен?.. Қой дедік. Соғысқа қатысқанын ескердік. Ендігісі не? Жоқ, бұдан артыққа мен төзе алмаймын, - деді ол булығып. – Ал, сен Өмірзақ, олай-бұлай алып қашасың, сондағың не? - Райысовтың бұл қылығы, әрине, бұрыс, бірақ, Мәдеке, соған өзіміз мәжбүр еткен жоқпыз ба осы. - Бұл – партия хатшысының сөзі емес. Осы сіз бен біз нақты істің адамдарымыз. Пәлсапаңды қоя тұр. - Жалғыз Райысовты кінәлау әділдік пе? - Сонда кінәның бір ұшын менен іздеп отырғаннан саумысың? - Жұртты алдамау керек еді. Уәде берген соң сөзде тұру қажет болатын.
Мәдімар қолын жайып отырып қалды. Оның ойы: "Өмірзаққа не жоқ? Неменеге қорғаштайды? Түптеп келгенде Көпжасарға жаны ашып отырған жоқ шығар. Әңгіменің бәрі оның мұнымен қай істе де мүлде келіспейтіндігінде, іштей егесінде болып жүрмесін. Екі-үш рет аупарткомдағы көңіл жақын жігіттерге партия ұйымы хатшысының көп жағдайда белсенділік танытпайтынын айтып едім, соны естіп кектесіп жүрмегей. Солай, солай… Әуселесі енді белгілі болды мұның. Қайтсем мұқатам, қайтсем беделіне нұқсан келтірем деген далбасалық. Тіпті осың менің орнымды көздеп жүрмесе не қылсын. Сауатын бұлдайды. Оқуы мықты деп лып еткізіп қоя салуы әбден мүмкін ғой. Міне, міне… Қашан еді, бір досының: "Биліктен айрылғың келмесе, айналаңды ақылды адамдардан тазала!" дегені?! Енді соның сөзін құптау керек болып отыр. Алақтамай, айналаңа түгел сөзіңді өткізу үшін бұдан құтылған жөн. Соның бір қолайлы сәті туып отыр. Егер Райысов колхоздарды ірілендіруге қарсы шықты, одан бастықтың бетіне түкірді деп бюроға апарса, коммунистің мына қылығына жауапсыз қарап жүрген партия ұйымының хатшысының маңдайынан ешкім сипамайды. Бір рет жаман әсер қалдырдың екен, оңалуың екіталай. Солай қармаққа өзің келіп түсіп отырсың. Көрейік енді…" Өмірзақтың ойы: "Сондағы мұның мақсаты не? Райысовты құрту ма? Қаракөзден жұрттың көшпей қойғанын неге еске алып отыр? Соны бетке ұстап жағдайды шиеленістірмек сыңайы. Сол шиеленістерден сонау жылдары есепсіз төгілген көз жасын қалайша тез ұмыта қойды? Егер рас ұмытса, шынында да, қауіпті адам болғаны ғой. Міне, әңгіме қайда жатыр… Жо…жоқ, Мәдімар жолдас, партия солақайлыққа енді қайтып жол бере қоймайды. Ол – келмеске кеткен қасірет. Адамды қажетсінсең, көзді ашыпжұмғанша сіріңкенің талындай жағып жіберуді ұмыт. Ақ-қараға қара алдымен. Райысов бетіңе неге түкірді? Өзге ешкімнің емес, сенің ғана бетіңе түкіргені несі? Өткені сен халықты алдадың, халық қадірлеп, қастерлейтін мұраны тып-типыл еттің. Шаруашылықты аралап келген өкілдердің: "Қаракөздің мектебі, қамбасы, клубы, даңғырап әлі тұр, жұрт қайда көшіп кеткен", - деп қалжыңдаған сөзін шын көрдің, көңіліңе күдік, қорқыныш ұялады. Сен о баста қорқақ адам едің. Бастық болғалы ешқашан өздегіңнен әрекет жасаған емессің: көзің бозарып тосатының нұсқау. Нұсқау беру заңы тоқталса, сен бет алды қаңғып кетесің. Жо…жоқ, мен саған Райысовты жүндей түткізе алмаймын. Қаракөз жұртының обалына да қалған сен болатынсың. Комиссия құрамына жер жағдайын білетін Көпжасарды қосу жөніндегі ұсынысыма құлақ қоймай Қыниятқа ілестің. Содан бері қанша жыл өтті. Алты ай жаз аңыраған желге еріндері тілім-тілім болған жұрт сонау тау сағасындағы жалғыз бұлақтан құбырмен тартқан суға жарымай дүңгірлерін сүйретіп, шелектерін қаңғырлатып, күн ұзақ су таситын машинаны тосады. Есігінің алдына көгерген тал, өскен шөп жоқ. Осы жұрттың обал-сауабы Қыният екеуіңнің мойныңда. Егер менің қолымда билік болса, елдің жерсуына немкетті қараған, мекеніне қиянат жасаған екеуіңді тартар едім жауапқа. Екінші етіп жауапқа өзімді тартуды талап етер едім. Менің бұл
өңірге жаңадан келгенімді, жастығымды пайдаланып кеттіңдер. Алданып қалдым. Енді мені аттап кете алмайсың…" - Ертең партия жиналысын шақырып, оның жеке мәселесін қара, - деді Мәдімар Өмірзаққа. – Сосын оны аупарткомның бюросына сөзсіз апару керек, мен мұны саған колхоздың басқармасы ретінде емес, коммунист ретінде айтып отырмын. - Партия жиналысын шақыртып ескерту беруге болады, - деді Өмірзақ. – Ал енді бюроға апару негізсіз. - Сен не, мені мазақ еткелі отырмысың? - Кінәсіз адамды қолжаулық ете алмаймын. - Қалай кінәсіз? Шаруашылықтарды ірілендіру жөніндегі қаулыны жүзеге асыруға оның кедергі жасағанын сен көргенсің. - Біріншіден, бұл – оған таңылған жала, өз басының көшпеймін дегені рас, бірақ жұртқа теріс үгіт жүргізген жоқ, екіншіден, дәл солай деп ойласақ, коммунист ретінде Райысовтың ісін неге дер кезінде ауданға хабарлап, маған неғып айтпадыңыз? Біле тұра үндемеу де – зиянкестік. - Шырағым, сен абайла, - Мәдімардың көзі атыздай болып кетті. – Не деп отырғаныңа есеп бересің бе өзің?! - Егер Райысовқа жала жапқыңыз келсе, есіңізде болсын, мәселені мен жаңағы айтқандай қырынан қоямын. - Сонда сенің көздеген мақсатың не? – Мәдімардың денесі мұздап сала берді, ішінен: “Япыр-ау, мынау мені құртқалы жүрген адам ғой, шынында”, - деп ойлап үлгерген. - Райысовты бекер күйдірмейік, Мәдеке? Мен ондай қысастыққа бара алмаймын. Айтыңызшы, сіз бұл колхозды қашаннан бері басқарып келесіз? - Өзің де білесің ғой, бұл неғылған сауал? - Райысовты көптен білесіз. - Сонымен, не айтқың келеді? - Елу үшінші жылдың қаһарлы қысында малды аман алып қалып сізге бедел әперген Райысов еді. Мәдімар қозғалақтап, иығын қозғады. - Ал, сіз оны алдадыңыз. Халықты алдадыңыз. - Іргесін қалау керек болды жаңа колхоздың. - Өтірік айтасыз. Сарай салған жоқсыз, үй салған жоқсыз... - Бұл коммунистік іс емес. - Сіздікі ше? – Өмірзақтың даусы қаттырақ шығып кетті. – Халықты алдау, халық мұрасын бұзу коммунистік іс пе, сіздіңше?! Айтып қояйын, өздері қастерлейтін дүниені бұзған адамды халық мәңгі кешірмейді. Сіздің тартатын азабыңыз алда... Кеңсе үйінің шамы түн ортасында сөнген еді: Жауын басылып, аспан шайдай ашылып, шыға берісте езіліп жатқан топырақтан тайып, Мәдімар етпеттей құлап бара жатты. Толысып кеткен денесін игере алмай қатты жығылып, беті балшыққа батып кетті. Осы әңгіменің ұзын-ырғасын Көпжасарға кейін Өмірзақтың өзі айтып берген.
Иә, Қаракөзден жұрт осылай көшкен. Одан бері не заман? Дәуренінде істес болғандар бұл өңірде жоқ. Мәдімарды оңтүстікте деп еститін. Ет комбинатында істеп жүріп сотталып кетіпті. Өмірзақ астанада болса керек. Бірақ сол жылдырдан кейін кездесудің реті келмей-ақ қойған. Не деуге болады? Әрқайсысы өз дегендерін істеді; жақсы-жаманы бірігіп келіп, олардың өмір жолын жасайды. Қат-қабат қаракеттерінен өкшелеп келе жатқандардың қажетіне жарайтын үлгі-өнеге табылса, ендігі әңгіме сол жайында болсын. Көпжасардың мұраты – артына төрт құбылысы түгел жерсу қалдыру-тын. Өз ойынша жер-судан басқасының барлығын олардың өздері жасап алады. Осы жолда тындырғаны аз ба, көп пе, білмейді; жұбанышы – діттегенін көздеп ат белінен түскен жоқ. Түс қайта Көпжасар шаруасында қайта кірісіп кетті. “Қаракөз-ай, мөлт етіп көзіме бір көрінші!” Көк қайрақ тасқа сүйменді үсті-үстіне ұрды. Жарқжұрқ от шықты. Сынып ұшқан тас ұшқындары қолының сыртына тиіп жатты. Табанының асты сап-салқын. Жоғарыда өртенген ыстық дем жотасын езеді. Мөлт етіп көрінші, Қаракөз! Сарыағашының жоғары бұтақтары қурай бастапты. Айналаң бір жұтым суға зар. Мөлтілде, мөлтілдеп көрін, жарықтық, көзіме...
VІІ
Қазған жердің тереңдігі үш кісі бойына жақындап қалған. Қайрақ тастар түгесіліп, бірыңғай топырақ басталды. Соңғы күндері Маймақтың көмегі тиіп жүр. Ертеңгілік қошқарын бері өргізіп тастайды да, тал түске дейін Көпжасарға қолғабыс жасайды. Кешкі салқында тағы сол. Екі-үш рет шұңқырға түсіп көріп еді, жүрегі қысылып, жер астының демі жетпей: “Ойбай, аға, шығарып ал!” деуге тілі әзер келген. Содан бері сыртта, Көпжасар шелекке салып берген тас, топырақты арқанмен тартып шығарып төгіп тұрады. Шұңқыр тереңдеген сайын бәрінен бұрын түсіп, шығу қиындап кетті. Бұрын-сонды жер қазбаған адамға мынауың оңай шаруа болмады. Құдық қазатын адам ағаш күбі сайлап алатынын Көпжасар білетін, бірақ соған басында ден қоймапты, Қаракөздің суы соншалық тереңдеп кетер деген ойы жоқ еді. Бұл осылай кете беретін болса амал жоқ, шығыр орнатады. Бетін қалқып алған сайын топырақ дымқылданып, салқын дем біліне бастады. Көпжасарды шексіз қуаныш билеген. Жақын қалды, еш күмәнсіз жақын қалды... Жүрегі дүрс-дүрс соғып кеудесіне симайды. Көзі гүрс-гүрс соғылған сүйменнің ұшында, қазір, осы қазір шыланып су шыға келетін сияқты болып көрінеді. Титықтап, құр сүлдері қалғаны мүлде есінен шықты, баяғы жігіт кездегідей жанталасты; қимылында әлдекіммен егеспен бітіспес бәсекеге түскен, әрі, сөз жоқ, алдына жан салмай келетін әмбебап жүйріктің ширақтығы, жігері бар. Көз ұшында тұрған мақсатқа қол созым қалғанда біреу барлық күшінен айырылып, жетеріне жете титықтаса; біреу сол
түгесілуге айналған деміне бойында бұғып жатқан беймәлім ағысты жалғап жіберіп, күтпеген жерден шабыттана шабады. Топырақ қопсыған сайын мына бір белгі берген салқын дем дендей түсіп, жанға жағып барады. Қолы әрекетте болғанымен, ойы баяғысынша сан тарау... Адам өмір бойы ең бір қажеттерді іздеу, аңсаумен өтеді екен. Осы жасының ішінде мұның көңілі толған күні болған емес. Тіршіліктің қасы-көзі қиылып қанша жымиып жатса да, әйтеуір, бірдеңесі жетпей тұрады. Жетпей тұрғанының бірі алыста, бірі жақында. Алысты да, жақыны да – жан теріңді сығып алатын көздің жауы, көңілдің құрты. Жеттің, әкелдің, орнаттың. Бәрібір түгендеп бітпейсің, біте алмайтын да шығарсың. Сосын да дүниеге келген адамның барлығы дүниеден арманда кетеді. Үзілген арманды келесілер жалғайды. Бақса өмір тіршіліктің кем-кетігін түгендеу, қыр соңына түсіп қуалау болып шықты. Жеткенің – мұра, жетпегенің – аманат. Көңіліңді жегідей жейтін азап-шер – артыңдағы ағыс ізіңді қуалай ма, жоқ әлде жайылып жата бере ме? Жанында сүйеулі тұрған сатының басқышына отырып дем басты. Жұқанадай болса да, тіршіліктің жетпей тұрған бір моншағы – Қаракөз. Сәл сабыр етіп, сана сарғайтқан адамға ұшы-қиырсыз әлемімізді ұстап тұрған осы секілді мың-миллион бұлақ көзі екен. Қаракөздер жер дүниенің қыртысқыртысын айнала еміп жатқан алып теңіздердің тереңге кеткен тамыры емес пе. Тамыры суалған тіршіліктің күні не болады? Бүкіл ғұмырына барлау жасап отырса, қай шаруаның басы-қасында жүрмесін, ел мен жердің амандығы үшін ат белінде жүріпті. Осының барлығы тіршілік еді. Бәрі бірлесіп өмірді жасапты. Жығылған адамды жер көтерді, қураған жерді адам көгертті, егін екті, мал өсірді, ырыс-берекеге кенелді. Біріне-бірі борыштар, біріне-бірі қарыздар. Тамағы қаңсып шөлдеген соң арқанды тартты. Сыртта қимыл жоқ, қайтадан қаттырақ тартты... Ей, мынау ұйықтап қалған ба?.. - Маймақ! – деп дауыстады. – Маймақ. - Қазір... Көпжасар біраз жер сатымен өрмелеп келді де, арқанды қолтығының астынан ала байлап: - Ал, тарт, - деді. Қарулы неме қанбақтай дөңгелетіп әкетіп барады. - Арбаның көлеңкесіне жатсам, көзім ілініп кетіпті. “Жауапсыз, - деп ойлады Көпжасар іштей, - мүлде жауапсыз”. Жаңа ғана бақырлап топырақ шығарып тұрған адам демде ұйықтай қойған. - Ойпыр-ай, аға, жүрегіңіз қысылмай ма сіздің? Тесіктің көзі бітеліп, топырақ басып қалатын сияқты болады да тұрады. - Әй, Маймақ-ай! - Қошқарлардың бетін үйге қарай түзеп жіберейін, аға, суатқа қарай құлай берсін, аздан кейін үйездеп мүлде жатып қалады. - Мейлің. Көпжасар термос пен кесені көтеріп, Сарыағаштың көлеңкесіне келді.
- Мейірің қанар күн жақын, Сарыағаш. - Мен сенің бұл ісіңді бүкіл ұрпағына жыр етіп шертемін. Әрбір бұтағым атыңды атап ән салып тұрады, - дер еді егер Сарыағашқа тіл бітсе. - Мені қой. Айтсаң, Қойшыман, Жанбота, Әйтеке, Үйсінбайлардың әнін айт. Менікі солардан қалған аманатты орындау ғана. - Мына ісің баршанаң үлгі-өнегесіне, қарыз-борышына айналуға, солай жалғаса беруге тиіс, оны кезек-кезек келетін ұрпаққа жеткізетін мен. Сондықтан саған берер антым – мәңгі құламай тұрамын. - Оған сенемін, құламайтыңына сенемін, Сарыағаш. - Аз күнде көп ойландың ғой, Көпжасар?! - Иә, Қойшыман, Әйтеке, Үйсінбайлармен басталған тіршілігімді еске алдым. Дүниеде бала болып тағы бір шам алып жүгірдім, жақсыны да, жаманды да көргендей болдым. Қайныл екеуміз боранмен алыстық. Арманда кеткен жігіт еді. Арманы – сенің қасыңа үй салып, от жағып, ұрпақ өрбітутұғын. Ұрпағымды Қаракөздің суына шомылдырып өсірсем дейтұғын. Қара қазан, сары баланың несібесін аман сақтаймын деп, ақ боранда көз жұмды. Сақтап қала алмадым. - Иә, сендер қашан да есте қалатын өнегелі өлімді таңдадыңдар. - Адам, Сарыағаш, өмірінің жалғасын өнегелі өлімнен іздейді... - Менімен сөйлескеніңе, айтқаныма құлақ қойғаныңа рақмет, Көпжасар. Жалғыз өкінішім – ағаштардың да сөйлейтінін адамдар білмейді. - Олай деме. Ағаштармен сырласып, шер тарқататындар аз емес. Далақтап Маймақ оралды. - Мына күн жана ма, аға? - Су жақын қалғанға ұқсайды, Маймақ. - Шыққан күні жүкті атқа теңдесем де осында көшіп келем. Асан сайының құрты бықынаған ағын суынан жеркеніп болдық. - Амандық болса келер жаз ана тұсқа үй салам. Сосын, Маймақ, Әлімханның алма бағын қайта өсіреміз. Қашаған сазының құрағы ат тұяғын ұрады. Балаларға барам да: “Қаракөз тірілді, ара-бері сандалысқа түскенді қойып, Тентек, Мықта, Қазықайнар, Абдыратасқа егін салып, мал өсіретіндерге арнап үй салып, бөлімшеңді ұйымдастыр”, - деймін. - Ойпырмай, аға, қызық болар еді-ау, сөйтсе. - Жылдар өтеді, Қаракөздегі бөлімше сән-салтанатты үлкен ауылға айналады. Ата-бабаның құтты қонысы иесіз қалмайды. Маймақ сәл ойланды. “Күндердің күнінде солай болатын болса... Қап, анау орталықтағы үйді сол жерден салатын едім ғой. Ақыры мал бағатын болған соң, үйің жақында тұрса, төбе-төбеден көз қиығыңды салып... Қараор деген жер ме, не бақша көктемейді, не ағаш өспейді. Орталықтың орнағанына отыз жылға жуықтаса да тұттай жалаңаш. Қолдан тосқан тоған суы жартысына жетіп, жартысына жетпейді. Жаз бойы суға таласып өзді-өзінің, қала берді мұраптың жағасын жыртқан ел. Әй, мына ақбасың бірдеңе біледі”. Маймақты таң қалдырған Көпжасардың ісі. Жасы келген адам. Судың аққаны, жердің көктегені оған не үшін керек? Көлеңкеге көрпені салдырап қойып, күн ұзын жатпай ма жан бағып. Оның орнына пыс-пыс етіп топырақ
үңгіді, бар әңгімесі – жер-су, тіршілік. Дәл бір жер-суды өзімен бірге өңгеріп кететін сықылды. Әнеугіні кеңсеге айлық алғалы барғанда кезекте тұрғандарға мұның жасап жатқан шаруасын айтып еді, көбісі ал кеп күлсін. Күлмегенде қайтеді. Құрғап қалған бұлақтың көзін ашамын деп тас-топырақ ұрғылап, жер қазып жатқан бұл ауылда осыдан басқа кім бар? Ал ағызды. Ары кетсе он жыл, сосын өледі: қызығын көретін басқалар, сонда бұған пайда қайсы?.. Бір нәрсенің байыбына барып ойлануды әлдеқашан ұмытқан жігіттің басы дыңылдап ауырып кетті. Қимылы әлсіреген, миы ойының тым құрығанда ортасына жетпей аши бастады. Ойланбайтын адамдардың әдетімен қор етіп ұйқтап кеткен. - Әй, Маймақ. - А.. а !.. – Анау алақтап жан-жағына қарманып барып ес жиды. – Түсіме қоңыз кіріпті. Әлгі сасық қоңыз. Көпжасар күлді: - Осы сенікі неғылған ұйқы? - Соны білмеймін... - Мә, мынаның түбіндегіні құйып ішіп, ұйқыңды аш, - деп Көпжасар анаған термосты ұсынды. – Сосын шаруаға кіріселік. Маймақ кесені ерніне тигізбей-ақ ыстық шайды алыстан сорып ішіп отыр. Қорқыратып демімен тартып алады. - Қой, тұралық, - деп Көпжасар әңгімені ары қарай жалғағысы келмеді. Дымқыл топыраққа табаны тиісімен бойы сергіп қоя берді. Жұмысты мана қопсытып, босатып тастаған топырақты шелекке салып, Маймаққа сыртқа тарттырып алып, төктіріп тастаудан бастады. Әбден тықырлап біткеннен кейін, сүйменді қолына алып алған. Топырақ бір түрлі қатқыл тартқан сияқты. Әріректе қол басындай қой тастар шыға бастады. Бұл бәлендей жан қинаған жоқ. Сыналап кірген сүймен қопарып жібергенде құмалақтай шашылады... Ой деген сананы тағы кеулеп барады. Бұл жолы неге екені белгісіз, есіне Қыният шал оралды. Ол Көпжасар көрген заманды көргенімен, Көпжасар көрген бейнетті түгелдей көрген жоқ. Ертерек кеңсе жағалады. Келе-келе колхоздың бүкіл есебі қолына көшті, одан былайғы жерде ішкені алдында, ішпегені артында дегендей ғұмыр кешті. Бірақ... Ана жылы талай жылғы қиянаттары дегбір алдырмады ма, колхоздағы үйін сатып, аудан орталығына, күйеу баласының қолына көшіп еді. Содан кейін көргені былтыр. Үлкен бір жиынға барған. Қайтар жолда оны-пұны алуға орталықтағы дүкенге барды. Сосын біреу жеңіне жармасқан. Қараса Қыният. Сақал-мұрты табақтай бетін түгел жауып, ұсқыны кетіп-ақ қалыпты. Жүзі ісік. Үсті-басы адам көргісіз. Екеуі аз-мұз тілге келді. “Білем, - деді анау, бәрін білем... Жарық дүниеде жасаған ісімнің бәрін білем. Талай азаматтың қаны жүктелгені де рас. Сонда кінәлілерің – жалғыз мен емес, уақыт. Шап десе шауып, тұр десе тұрдым. Жұртты Қаракөзден көшірген де сен дерсің. Мойындаймын. Көшірдім. Ішіпжегенім көп еді. Кейін оған Мәдімарды араластырып тіпті лайладық. Есепқисап әбден шатасты. Енді не істейміз, қандай амал бар деп жүргенде, ұсақ
шаруашылықтарды шоғырландыру жөнінде қаулы шыға қалсын. Біз ақымақ емес едік. Мәдімар мені орталықты белгілейтін комиссияға бекер кіргізген жоқ, ішкі есебіміз болды. Комиссия орталыққа осы Қаракөз лайық емес пе дегенде, азар да безер көнбедім, үлкен жолдан алыс, келешекте қатынасқа қиын деп сендірдім. Бізге қайткенде де шатасқан есеп-қисаптың көзін құрту үшін жұртты Қаракөзден көшіру керек болды. Сөйтіп кеңсені көшірген кезде керексіз қағаздар арасына шатасқан документтерді білдірмей тығып жібердік те, қарауыл шалға сыртқа апарып өртеттіріп, пәлесін соған жаптық. Тіпті қанша қағаз жанып кеткенін Мәдімар да шамалай алған жоқ. Оған бәрібір еді. Өзі қол қойған былықтан құтылса, іріленген колхозға бастық болса, өзгеде шаруасы жоқтын”. Қыният мүләйімсіді. “Сенің қалай өмір сүріп жүргенінді білмеймін, - деді ол, - білмеймін... Ал менің көз жұмсам болды, істеген қиянаттарым тілін жалаңдатып төбемнен төнеді де тұрады. Ақырында ішіп кеттім. Сосын күйеу бала, қыз, кемпір қосылып үйлерінен қуып шықты. Қазір ешкімге керегім жоқ біреумін. Үй жоқ, күй жоқ, бір қаңғыбас, маскүнем болдым. Ал құдай алмайды, күні-түні ішемін, құлап жатамын, бірақ құдай алмайды, сірә оған да керегім жоқ сияқты... Құлың болып кетейін, бір стақан қызыл шарапқа тиын беріп кет, құлың болайын...”. Көпжасар басы бар, көзі бар, сөйлесе тілі бір тұтам маскүнемге соңғы рет көз салып, үн-түнсіз кете барған... Қой тастардан кейін саз балшық басталды. Көпжасардың қуанғаннан жүрегі жарылып кете жаздады. Уыстап алып танауына апарды. Өткір, салқын леп. Бәсе... Айналып кетейін, Қаракөз, сонша ұзап кетпесе керек еді ғой. - Әй, Маймақ! - О, не, аға? – Төбедегі саңылаудан қып-қызыл ботқа бет төменге үңілді. – Су шықты ма? - Саз балшық... Міне... - Лайы бар ма? - Асықпа батыр, асықпа! Шелек тез толады. Көпжасардың қимылына көз ілеспейді. Еріндері күбіркүбір. Қазір, жарықтық, қазір... Ағасың атқылап... Тағы үңгіп қазып көрейін деп ойлады Көпжасар. Қолымен сипалап қараса, сыз лебі сол жақта молдау. Сүйменді солқылдата ұрып, қуалап үңги жөнелді. Топырақ омырылып түсіп жатыр. Жөн білер кісі болса ғой. Көпжасар қайбір құдық қазғыш еді. Өмірі істемеген кәсібі. Енді келіп... Сабыр ет, Көпжасар. Дегбірің неге кетті сонша, сабыр ет! Сыртта без-без етіп Маймақ тұр: - Төбемнен күн өтіп кетті, кешкі салқында келейік, - дейді. - Шыда, батыр, - деді Көпжасар. – Үйге амандық болса, су шығарып бірақ барамыз. - Ойбай, аға, шыға ма ол? Ойықтың іші кеңейіп, топырағы тазарған соң, Көпжасар сүйменді дүңкілдете ұрды. Кенет оның есіне Қойшыманның Қаракөздің өзге
қайнарлардай шым-шым қайнап шықпай, атқып ағатыны, оның асты қатты ағыс деген сөзі сап етіп, сүйменін іркіп ала қойды. Есіне Маймақтың Ережептер айтты деген сөзі түсті. “Дала көл үстінде тұр...” Көпжасар арқанды қақты. - Маймақ! Анау көзін уқалап, сөлбірейіп тұр. - Түс болып қалды, аға. Кетейік тез. - Мынаның асты қатты ағыс па деп тұрмын. - Болса ше? - Сен абай отыр. Жарай ма? Көпжасар шелектен арқанды шешіп алды да, кеудеден тартып өзін байлап тастады. Көз алдында қурап, қуаң тартқан ауыл орны, Сарыағаш... “Солай, Көпжасар, бәрінің үміті мен сенімі өзің. Сонау алма бағы, Майемердің жазығы жалғыз саған қарап тұр. Ойлан. Қаракөз өлді, енді қайта жоқ дегендерді де есіңе ал. Оның мәңгілігін дәлелдейтін кезің бүгін. Атаң ат суарған, анаң су алған бұлақ атқылап ағатын сағат жақын”, - деді ол өзіне-өзі тіл қатып. Көпжасар осының асты қатты ағыс болмасын деп көңіліне мана келіп енген күдік пен қорқыныштан заматта арылып, тіршілікке деген сол баяғы құштарлығымен солқылдата соқты сүйменді. Маймақ тасқа тиген сүйменнің шық-шық даусын естіп едәуір отырды. Үңіліп қарап еді, Көпжасар ойықтан көріне қоймады. Майдай шыжғырып төбесінен күн өтіп барады. Шыдамы таусылды да, арқанның ұшын сүйретіп, арбаның көлеңкесіне паналады. Қарны шұрқырады. Қазір ғой, әйелі семіз етті былқытып асып, бұларды күтіп отыр. Аузынан суы құрыды. “Мынау өзі қызық кісі екен ғой, - деп іштей Көпжасарға өкпе білдірді. – Кәдімгі бір өзінің құдығын қазып жатқандай... Тамаққа тойып алып, түрілген іргеден самалға тұмсығыңды төсеп қойып пыр-пыр ұйқтайын кез емес пе, қазір? Көзіне ұйқы тығыла бастады. Зордың күшімен орнынан тұрып, құдықтың аузына барып еді, баяғы шық-шық... Қайта келді де, арбаның көлеңкесіне әзер сыйып жатып еді, аздан соң қор етіп ұйқтап кетті”. Көпжасар барлығын ұмытқан, бар болмасын Қаракөзді дүниеге қайта әкелу іңкәрлігі ғана билеп алған. “Мен бәрін жерге қаратам, өлді деген сөзді жоққа шығарам деген ерлікпен шаттана, шабыттана қимылдаған. Дүрс-дүрс соққан жүрегі – сендер Қаракөзге әлі-ақ ораласыңдар, ел мен жердің мәңгілігі, бірлігі үшін өмір сүрген Қойшыман, Жанбота, Үйсінбай, Әйтекелердің ата қонысына ерлердің ескерткіштерін орнатып, олардың өмірбаянын өшпес өнегеге айналдырасыңдар. Қаракөз әлемнің бір тәтті үні болып күндіз-түні айналайын адамдар, жер бетіндегі барды жоғалта көрмеңдер деп қоңыраулатып ағып тұрады. Сен біздің әнімізсің, сен менің әнімсің!” Күн тас төбеге келіп, арбаның көлеңкесі астына қарай қашып, ыстық денесін әбден күйдіргенде барып, Маймақ бір-ақ оянды. Дел-сал денесін жинай алмай, едәуір ыңырсыды. Содан соң...
Екі көзі алақандай болып, қазған жерден атқылап жатқан суға қарап қалған. Су... Лақылдап аққан ақ бұлақтың ақ шулан ағысы үлкен қуаныштан алақайлап аптыққан баладай ылди-төмен шапқылап кетіп барады. Соған таңырқап, қызыға қарап қалған Маймақ: - Аға! – деп, айқай салды. – Аға-ау, суды қараңыз, шығыпты ғой, шығарыпсыз ғой. Көпжасардың жүзін ағыл-тегіл жас жуған. Оның көзінен де тарам-тарам моншақтап омырауына сорғалаған жас – шапқылап бара жатқан Қаракөз іспетті еді. “Неге жылайды, жылағаны несі? – деп ойлады Маймақ аң-таң қалып. – Неге?...”
ЖОЛ
Маусымның алғашқы сенбісінде байырғы жолшы Төлеп қарт төсекте
тілсіз жатты…
ІІ Сәукеленіп көрінетін асқар ар жағынан қызғалдақтың реңі түстес ал қызыл әсем шұғыла көтеріліп келеді. Осыдан былай қарай Баянды тауының көркін тілмен айтып жеткізе алмайсың. Күннің бір шекесі көкжиектен қылтиып көрінгеннен беткейдегі түсі қанық көкпеңбек майда бетеге, жылғажылғадан бытысып өскен ұлпа құрақ мың бұралып қоя береді-ау. Оқшауоқшау сеңгілер қандай маңғаз, аяқ ұшы тисе сусып кететін тас қорымында алтын шуақ аунап-қунайды. Ақ түбіт бұлттар аспан жүзінен сырғанап түсіп, жұлдызды әлемді, арда емген шоқыларды құшады. Шілденің кенезе кептірген қырық күнінде Баянды тауының басында күн ара ақ нөсер желіп өтетіні сондықтан. Қызық қой бұл. Таудың да мәуелеп шалғынға бөленіп, жайнап, жасарып тұруға деген құштарлығы ерекше. Аңрахай даласының көркі де, биігі де Баянды тауы. Оны батыс пен шығыс әйгілі асу ретінде біледі. Сонау күн шыққан көкжиектен бермен қарай ширатылып жатқан қара жол күнгейге қарата осы асудың қилы-қилы аңғарлары мен өр-ылдиын қуалап барып асады. Асудың екі жағы жиырма екі километрге созылып жатыр. Теріскейін Ешкілінің, күнгейін Қызылтастың жолшылары қарайды. Шағын жол пайдалану пунктінің қыбыр-жыбыры мана-ақ басталған. Айналасы бес үйдің уақ малы ана ауладан да, мына ауладан да шығып, беткей-беткейдің баурайымен жайылып барады. Жолшы Имансерік ескі “Беларусьтің” моторына үңіліп, өзімен өзі әлек. Енді аздан кейін тракторын тырылтадып, Әтейді жанына отырғызып, асуға бет алады.
Имансерікті білетіндер жолдан өзгемен ісі жоқ деседі. Айтатындары рас. Отыз жылдан астам оның өмірі осы Баянды тауының бауырында өтіп келеді. Анада-мынада шаруасы болмайды, төменгі колхоздағы ағайындарымен араласуға да қолы тие бермейді. Жазы-қысы білетіні – жол, соның кеткен жерін бүтіндейді, қисайғанын түзейді, не керек, шаруа қыруар. Тапжылмай бір жерде ұзақ жылдар істегендердің көпшілігі кеуде соққылап жатады ғой. Имансеріктің жөні басқа. Өзің қозғау салып, түртпектемесең, тындырған жұмысы жайлы тіс жармайды. Егер оның күш қуаты тағы бір жүз жылға жететін болса, мына қалпынан айнымай шаба берер еді. Бірақ өмір, шіркін, ондай кеңшілікті қашан, кімге жасап еді. Жайшылықта томаға-тұйық жүретін адамның құлағына жол туады сөз тисе, көсем де, шешен де – сол; Төлеп секілді байырғы жолшының өмірбаянынан талай түндерге сырнама шертіп бере алады. Жанына аттап-бұттап Әтей келді. Жігіттің айтатыны белгілі: - Имеке, темекі бермейсіз бе? - Осы сен қалтаңа неге салып тартпайсың? Анау басқа сөз айтпастан уақ малын жинақтап тастап, құртақандай магазиннің құлпына үңіліп тұрған сатушы Тоқмолдаға қарай аяңдады. Ол арсы-гүрсі алаңғасарлау жігіт өзі. Өткен жылы Қайрақтының кеніне кетіп, екі айға жетпей қайтып келіп тұр. Кенде істеу бұған қол емес көрінеді. Екі ісінің бірі жоспар, жоспар деп күндіз күлкі, түнде ұйқы көрмейді екен. Жиналыстан жиналыс. Сатушы екеуі шылымның түтінін будақтатып едәуір тұрды. Бұлардікі белгілі әңгіме. Қарадан-қарап жоқтан өзгеге дауласып жатады. Әтей сатушыны әдейі ерегістіреді. Өйткені, ол қызба. Қоштамай қойсаң өзінікін күні бойы дәлелдеуге бар. Әтей мен Тоқмолда өзара әлденеге айтыса-айтыса келіп, Имансерікке қол берді. - Имеке, сіз мынаған құдайшылығыңызды айтыңыз, - деді Тоқмолда. – Біз соғысқа қатысқан адамдармыз, мысалы. - Соғысқа менің жасым ілікпей қалмады ма, - деп Имансерік дәп өзі кінәлідей қызарып кетті. – Мен отызыншы жылғымын ғой. - Солай ма еді өзі? – “Япыр-ай, менің жанымда бала екенсің ғой” дегендей Тоқмолда ананың бас-аяғына қарап біраз тұрды да, - Қатар шығармыз деп жүрмедім бе, - деп Әтейге бұрылды. Фронтовиктердің ішінде жалғыз мен екем, бала. Сен жаңағыдай қия тартқаныңды қой. Жігіт естімеген адамдай айдалаға қарап, ұзақ есінеді. - Ұйқым қанбайды ылғи. - Ес жоқ қой сенде. - Содан артық бірдеңеңіз болса берсеңізші. - Жасы үлкенді ақымақ еткен соң, не күтеміз бұлардан, - деп Тоқмолда пәсейіп қалды. - Менікі қалжың ғой, Тоқа, - деді Әтей күліп. – Сізбен ойнап қара басты дейсіз бе.
- Е, сөйтсеңші… - Тоқмолда елпеңдеп разы болып, сосын қалтасынан қымбат шылымының қорабын шығарып, алдымен Әтейге ұсынды. – Шылым тартайық, - деді. Көзінде әрдайым осылай кісінің көңілін тап бассаңшы деген сәуле бар. Имансерік ескі шүберекке қолын сүрткіштеп байырғы жолшының үйіне көз қырын салды. - Төкең күрт нашарлады ғой, - деді сосын жағалай қарап. - Жас келген соң қайтеді, - деп Тоқмолда күрсінді. Әтей трактордың дөңгелегіне сүйеніп тұрып күңқ етті: - Осы кісінің баласы бар деуші ме еді… - Болған, - деді Имансерік. – Болған… - Болғаны қалай? Имансерік темекінің талын ұзақ ширатты. Төлеп қарт… Қым-қиғаш өмірбаяны бар Ешкілінің ең байырғы жолшысы. Ол туралы жұрт айтатын әңгімелер де әр түрлі. “Кезінде екі иығын жұлып жеп Аңрахай даласын дүркіретіп шықпады ма. Әкесі Еркебайдың ұзында кеткен кегін, қысқада қалған өшін қайтарды. Кейін көресіні көрді ғой өзі… Ақ қар, көк мұзда жол салды, ғұмыры соның тілеуін тілеумен өтті, жолаушының қолтығынан демеді, уһ деген жоқ. Соншалық итжанды бола ма адам?..” “Оның басындағы қайғыны дұшпаныңа бермесін. Оның басындағы қайғы адамзатты әрі-сәрі ететін шер…” Тағысын, тағылар. Адам тағдырының осыншама қат-қат болатынын кім білген. - Төкеңе кіріп шығалық, - десті бәрі. – Кешке дейін қу тірлікпен кетеміз ғой алды-алдымызға. - Шаруаға ертерек кіріспесек, түс әулетінде мына күн балқытып жіберер, - деді Әтей. – Шекеміздің шылқып жүргені шамалы, күн тисе төбем солқылдап шыға келеді. Шығыстан алаулаған дөп-дөңгелек күн әжептәуір көтеріліпті; қызыл жалқын дүниені түгел арда емген; Баяндының асқаралы шоқыларының басына жаңа әзірде үйірілген сары ала нұр енді етекке қарай емініп, бұта жапырақтарындағы түнгі дымның аңқыған жұпарын жалап-жасқап барады; күн нұрының тарқатылып кеткен алтын бұрымдары зеңгір көктің бір бүйірінен осындай туғалы әлсін-әлсін төбе көрсетіп тұратын үй орнындай қара бұлтқа ғана жетпей жатқан сияқты. Қазір жер мен аспанның сәл кірбіңі сол, әсем дүниенің бір жақ бет ұшындағы айыл жимастан түйіліп қалған. Жолшылар Төлеп қарттың үйіне қарай беттеді.
* * * Қарт екі көзін шарт жұмып, сұлқ жатыр. Қыртыс-қыртыс маңдайына қоңыр көлеңке ұялаған аппақ қудай селдір шашының арасынан қып-қызыл құйқасы айқын көрінеді, екі ұрты суалып, шықшықтары шығып кетіпті. Имансерік байырғы жолшының қолын сипады. - Төке… - даусындағы қамыққан, босап, іштей егілген сарынды өзгелері түгел аңғарды.
Қарт аппақ кірпігін едәуір кідіріп барып көтерді. Әуелі ол терезеден жарық дүниеге көз салды. Бұл шамада күн сәулесі топыраққа сіңіп, беткейлердің қалың бетегесі құлпыра бастаған. Байырғы жолшы тамсанған сыңай білдірді, терең шыңыраудан семіп көрінген, екі көзінде әлдене жылысты, саусақтарының ұшы жыбырлап, ақ жайманың шалғайын түрте берген. Әйтсе де тырс деп дыбыс шығармады. Айтары: “Тағы таң атып, күн шықты ма. Қараңдаршы әне… шіркін-ай, десеңші. Шіркін-ай, өмірдің өлмейтіні қандай жақсы еді. Біз қаракетті іріккенмен, таң атуын, күн шығуын қоймайды. Бекер, бекер жүдейсіңдер, сыртқа көз салып, қуаныңдар, кәне, сендер қуансаңдар маған да жеңіл болады, шаттыққа толы жүздеріңді көріп жатсам, өзгедей тілегім жоқ, сеніңдер…” - Төке, қалайсыз? – деді Имансерік. Байырғы жолшының көзіндегі ақ шеңбер тарыла түсті… Адам кең дүниеге келгендегі, кетеріндегі пейілдерің-ай! Барлық сұмдығымыз сол екі арада ғой. Нардай жақсылықты қылдай қиянатқа қиып жіберетін пенделігіміз… Ақ ниеттің қайсыбір кезде алтын масақ қауызының ішінен дән орнына тас теріп қалатыны… Барлығы жолдың басы мен аяғына дейінгі аралықта. Неге? Білмеймін. Сендер де білмейсіңдер, ешкім білмейді… Уақтысының көбісін осы үйде өткізіп жүрген Имансеріктің әйелі жолшылардың алдына бір-бір кесе ыстық шай қойды. Дастархан шетіне тізе бүккен соң сатушы күтпеген әңгіме бастады. - Қайрақтының кенін кеңейтеді деседі, ол не сөз? – деді Тоқмолда. – Күзге қаратып тұр ма? - Кен тасу үшін Үшарал станциясына поезбен екі жүз КамАЗ жеткізілген көрінеді, ар жағын көре жатармыз да. - Бізге жаңа трактор бермей ме онда? Жоқ, әлде биыл да көреміз бе көресіні? – деп Әтей Имансерікке қарады. - Пірәлинге айтқам. - Тағы айтыңыз, пәлен-түген дейтін болса барымды киіп, артығымды бөктеріп, қара суық түспей тұрғанда төменгі колхозға көшем. - Алдымен құм жағы қиын болып тұр, - деді Имансерік, - Әтейдің қоқанлоқы мінезіне еті өліп кеткендіктен оған мүлде көңіл аудармай. – Құмқазғанның бетін енді бір-екі қалқып алсақ, ар жағынан сары топырағы бұрқырап шығады. Етектегі колхоз бар. Үшаралдың жұрты қосылып, жанжағынан қол салған соң қойсын ба. - Өзімізден қиыршық тас шығаратын диірмен болса табыс көп түсер еді, - деп Тоқмолда жөткірінді. – Мұның өзі игілікті іс болғалы тұр ғой, түбінде. - Сіз пенсияға қашан шығатын едіңіз? – деді Әтей бұра тартып. Тоқмолда жігітке ұнатпай қараған. - Әй, шырағым, - деді көзі ежірейіп, - әлгі қарыздарыңды төлеңдерші, келінге айтсам үндемейді. Әтей ананың сөзін естімеген адамша Имансерікке қарап: - Төкеңді ауруханаға жеткізу керек, - деді. Анау қабағын шытынды:
- Ары-бері сүйремеңдер, жолға қарап жатып жұмайын көзімді деген өтініші бар, - деп қарттың жүзіне қайта үңілді. – Оның үстіне кәрілікті жеңетін күш әзір жер бетінде жоқ қой. Жетпіс тоғыз оңай ма… Осы жасқа келгенше қарт шаруа басында жүріп еді. Азын-аулақ пенсиясын малданып жамбастап жататын-ақ жөні бартұғын, өйтпеді. Тірнектеп жолдың тасын терді. Неге? Бұл сауалға оның өзінен басқа ешкім жауап бере алмайды. Ана бір жылдары төменгі колхоздан жалғыз аттық арбамен теспе жолдың шаңын бұрқыратып бөріктері қоқайған үш шалдың келгені бар. Айтатындары рас та. “Өмір бар жерде қаза бар. Жасың болса мынау, бір аяғың төрде, бір аяғың көрде, баяғыда осы Ешкілеге әкем Еркебай бекет салдырған екен деп елден жырақ жол жағалап жүре бересің бе өлгенше? Өзгені қайдам, Ешкілі де, құдай да разы саған. Асуына жол салдың, сақал-шашың ағарғанша жиегін бүтіндедің, ендігі шаруаны өздеріне қалдыр. Басқасын қойғанда көйлек-дамбалыңды қашанғы өзің жуасың. Баянды әулетінен тараған шаңырақтың таңдаған біреуі сенікі, көзің жұмылғанша бағып-қағады. Кісі қолына қарамаймын десең, өз алдыңа үй етеміз. Ауылдағы соқа бас кемпірлердің бірі шайыңды қайнатып тегі береді. Көш.” Төлеп қарт үндемеді. Ерте төлдеген қара кепенің басын қонақтарының алдына көлденең тартып қойып, тым-тырыс отырып алды. Шалдар жағы: “Өлімнен кім қашып құтылған, талқаның таусылған күні иман айтып, беретін ел ортасынан тысқары айдалада қалғанымыз кейінгілердің сүйегіне таңба. Парызымыз үрім-бұтақтың абыройы екен, бойдан қуат кеткенде соны ойлайық. Ары-бері өткен машиналардың гүріл-тырылынан ұйқың қашып, “япыр-ау, ағайын, қайдалап” жол бойында сен жатсаң, “бауырымызды ортамызға көшіріп әкелмей бізді неден қара басты” десіп, ана жақта ел жатады. Ат-арбамен сүйегімізді салдыратып мына келісіміміздің жөні солай, айтқанға көнсең баланың бірі келіп көшіріп әкетеді”, - десті. Үш шал қанша тігісін жатқызғанымен, байырғы жолшы тіс жармай қойған, ескі бөстекке жантайып жатып алды. Мүлде ештеңе естімейтін меңіреу сияқты. Келгендер шала бүлінді. “Біздің жақ жаппай отырғанымыз не, сенің шытыр жеген қойдай дөңбекшігенің не? Жолдан басқа да дүниенің бар екенінен бейхабарсың-ау, зәді. Кешелі бері бірімізді-біріміз демеп, әлмисақтан келе жатқан ата-бабаның сөзін айтамыз кеп… Құлағың бітіп қалмаса жеткен шығар жетеңе. Сондағымыз әне-мінелеп қалған шағыңда елдің ортасында болсын деген ниетіміз. Дәуреніңнің барында дара шаптың, шылауыңнан алсақ көкте құдай бар, енді бүгін бөрігіміз қисайып балалардың көз алдында тізе қағысып отырсақ қандай жарасады. Бәрекелде…” Жоқ Төлеп қарт ағайындарын ләм деместен шығарып салды. Теспе жолдың шаңын бұрқыратып бара жатқан жалғыз аттық арбаның соңынан ұзақ қарап тұрған. Отырғандар байырғы жолшының көзіндегі дөңгелек ақ шеңбердің ортасындағы қарашықтан жылт еткен сәулені аңғарды. Сыңайы қарттың жанарына жан кірді. Бұл талмаурай бастаған күш-қуаттың ілкіде ес жиған
нышаны-тұғын. Негізі қайратты адам алқымнан алған ажалға оңай берілетін көрінбейтін. Жолшылар елеңдеп қартқа ұмсына берген. - Шаруа!.. – деп барып Төлеп қарт сөзінің артын жұтып қойды. Шамасының жеткені сол болса керек. Байырғы жолшының көкейіндегісін бәрі түсінген. Таң атқалы қашан, бұрауын күткен шаруа бар, маған қарайлай бермей жөнеңдер деп жатыр. Сұңғыла қарт жұмыс басты жұрттың енді қазір қалай шығып кетудің есебін таппай отырған көңіл жықпас халін айнытпай ұқты. - Біз жүрейік, - деді Имансерік. – Тоқа, келіп-кетіп тұрарсыз қарттың жанына. - Бүгін ауданға, отчетке баратын едім, - деді сатушы күмілжіп. – Жеделдетіп орала қойсам жақсы. Осы айдың жоспары орындалмайын деп тұрған жоқ па? Райпоның бастығы көрген жерден жағадан алады. Трактор ырғалып жолға түсті. Жолшылар асудағы екі қауіпті жердің біреуін бітіріп, екіншісіне тас төсеп, жар жақ ернеулеріне шынжырмен белдеулер тартып жатқан. Жол бойының дүрмегіне араласқан баяғы күннен бері Имансеріктің пайымдауынша, мына оңды-солды зымырап бара жатқан қуатты қозғалыс діттеген жеріне қол-аяғы суымай, қабағы ашық жетсе, бұлардың топ жарып алған бәйгесі де сол. Имансеріктің ағынан жарылып айтары – адамдарды келешекке леклегімен өткізіп тұрған Баянды асуы – киелі, құдіретті жол. Сіздер оны, бәлкім, көрген жоқсыздар. Жер бетінде мұндай жолы қиын асу, сірә, некенсаяқ. Сонау, сонау шалғайдағы солтүстіктен астық тасуға көмекке келген жүргізушілер тізбегі асуға шығып, құлдилар тұсқа келгенде, жүректері дауаламай, кері қайтып кетіпті деген де қауесет айтылды. Ол жаздың күні ғой ал енді қыста қайтер еді? Жолшылар үшін қым-қуыт қаракет қыста күннен түнге, түннен күнге ұласып жатады. Тәулік бойы көк тайғанақ үстіне құм төсеуден де қолың босай қойса, кәнеки. Отызға енді аяқ басқан кешегі Әділет сол жүргінші жолын ақ қар, көк мұздан тазартып жатып мерт болмады ма. Асу бойындағы құрбандық жалғыз сол деймісің? Көк “Беларусь” қара түтінді будақтатып келеді. Жаңа “Түйе табаннан” өтті, әнеки, ана беткейде “Ителгі” қалды, одан соң… Не көп – жол бойында атау көп. Бұлар жұмыс істеп жатқан тұста “Шерлітас” бар. Әрқайсысы өз алдына ертегі, өз алдына аңыз. Осы аңыздар ішінде жолшылар көкейінде көлденеңнен тұрып алатын “Баянды тау” шежіресі. Оны кейде “Шерлі тас туралы мұң-нала” деп те атайды… Жұрт айтатын “Баянды тау” шежіресі немесе “Шерлі тас туралы мұң-нала” хикаясы былай өрілер еді… …Онда да күн қызарып шығып, қызарып батыпты. Мына шетсіз-шексіз құба дүние аласапыран асау күндерді белден басып, дүрия көйлектің етегіндей дөңгеленіп жатқан. Айнала кең жазық. Ана жер, мына жерден шұбалаңдаған көкшіл түтіндер жазы-қысы Аңрахай даласының үстінде күн ұзын сейілмей тұрып алады. Тай-құнан мінген балалар ауылдан ауылға шапқылап:
“Қара жер мен аспанның Құпиясын ашқан кім? Асқар тауды басқан кім? Асқар таудан асқан кім?” десіп әндете жөнелгенде, қырда малшы, етекте егінші ойға кетіп, жан баласына асу бермеген ұлы тауға телмірген. Сондағылары төбесі көкке ендіенді тимей тұрған таудың ар жағын бір көруді армандапты. Таудың ар жағынан Күннің сүттей ұйыған тынық кезінде еміс-еміс жетіп тұратын адам үні күндіз көкейлерін тесіп, түнде түстеріне кірген. Қару-жарақтарын сайлап, тұлпар мініп сапарға шыққан талайлардың қаңқаларын қар суы ағызып әкеліп тастайтын. Күндер өтеді, жылдар өтеді. Ұрпақтан ұрпақ өрбіген сайын Аңрахай жұртының көкейіне таудан қайткенде де асу арманы ұялай беріпті. Амал не, сапарға шыққандардың сүйектерін қар суы ағызып әкеліп тастай береді. Бірақ адам қашан да өлермен. Адам өлімнен емес, өзегін өртеген көкейтесті арманына жете алмаудан қорқады. Бұл сөздің иесі – Жаңғырық әулие еді. Оның Баянды және Шер деген екі ұлы болыпты. Екеуі де батыр, сұлу, бүкіл Аңрахай таң қалатын өрім жастар екен. Күндердің күнінде Жаңғырық әулие түс көреді. Түсінде сақалы белауырынан түскен қария қолындағы асасын көкке көтеріп: - Әй, Жаңғырық әулие, аспанға қара! – депті. – Не көріп тұрсың? - Айды көріп тұрмын, Күнді көріп тұрмын, - Күн мен Айдың қатар тұрғанына Жаңғырық әулие жаман таңырқайды. - Ай мен Күн жоғалса, дүниенің жайы қалай болады? – дейді ақсақалды қария. - Қара түнек басады. - Ендеше, екі ұлыңды неге қауіпті сапарға дайындап жүрсің? - Ұлытауға жол салмай бола ма, қария? - Күннің шығысы мен батысын жалғайтын дәнекер керек. - Бәрекелде, оның ақыры азап-шер екенін білемісің? - Адам өмірі сол азап-шерден тұрады, қария. - Сонымен ойыңнан қайтпаймысың? Жаңғырық әулие басын шайқады. - Ендеше, бердім тілегіңді, - депті анау. – Ұлытаудың ұшар биігінде жақпар жартас бар, оның басында көзінен үздіксіз жас ағып тұратын қарғыс атқан қарақұс отыр. Құстың солай отырғанына талай замандар өтті. Оның күткені – адам. Адаммен тілге келсе ғана ұшып кетеді. Алайда қоятын екі шарты бар. Сенің екі балаңды мен сол құсқа аман жеткізем. Одан арғысы балаларыңның қандай сүт емгеніне байланысты, адал екен – арманыңа жетесің, арам екен – бүкіл әулетіңе азап-шер… Осыны ұмытпа! Балаларыңа айт, екеуі бір тілекпен барсын. Жаңғырық әулие ояна келсе, көкжиектен күн дөп-дөңгелек болып шығып келеді екен, қотаннан енді өре берген малдың ішінен боз қойды ұстатып ауылдың дуалы ауыздарынан бата сұрайды. Аңрахай айдаласында бір күн, бір түн той болады. Жастар алтыбақан құрып, Баянды мен Шерді ортаға
алып, таң атқанша ән салады. Жаңғырық әулие тау сағасында отырып жыр толғайды. “Қос қарағымды көк тікен, шөңге, балақтан алма! Қос қарағымды алқымдап, боран, тамақтан алма! Қос қарағымды қара бұлт, қамап қанаттан алма! Қос қарағымды жебей жүр өзің жаратқан, алла!” Баянды мен Шер тау беткейлерді қиялап ұзақ жүреді. Бір кезде ат-тұяғы күртік-күртік қар мен сірескен көк мұзға тиеді. Мұндай азапты олар еш уақытта көрген жоқ еді, аттар көшкінге құлап өздері жаяу қалады. Мұзды тауға тырмысқан батырлардың көбелері сөгіліп, башпайларын үсік шалады. Бірақ олар ілгерілеуін тоқтатқан жоқ, тістерімен қар тістеп алға жылжи береді. Ақыры, мұз таудың да үстіне шықты-ау! Төмен қараса, Аңрахай даласы оймақтай ғана болып жатыр екен. Алда төбесі көрінбейтін биіктер мұнартады. - Құрысын, қайтайық, - депті Шер. – Біз жете алмаймыз. - Жетеміз, - дейді Баянды. – Мұз тауға шыққан адам қалай жетпейді. Қане, маған сүйен… Енді екі батырды алапат боран қарсы алады. Қарға адым жер көрінбейді. Дүние астан-кестең. Қар аралас тас қиыршықтар басы-көзге сабалап әбден діңкелетеді. Екі жігіт боранмен әңгелек ойнаған қой тастардың арасымен өрге қарай тарта береді. Қас-кірпіктеріне сауыс-сауыс мұз қатады. Сауыттары тарқатылып, жалаңаш денелерін суық жел сабалайды. Екі ер өлдім-талдым дегенде Боран таудан аман шығады-ау, әйтеуір. Арттарына қараса Аңрахай даласы мүлде көрінбей қалыпты. - Аға, қайтайық, - дейді Шер тағы да. – Кеудемізде жанымыз барда қайтайық. - Қайтпаймыз, - депті Баянды. – Мұз тау, Боран таудан өткен адам қайтпайды. Кәне, қолыңды бер! Олар қап-қара тұманға кіріп кетеді. Алдары тіп-тік қия беткейлер, шыңырауына көз жетпейтін құзарлар. Аяғың сәл тайса-мәңгі келмеске кеткенің. Түнектен екі батырдың көздері мүлде көрмей қалады, тек бағдарлап қан жылжиды. Бұл бір жан баласы естіп-білмеген азап еді. Қия жартастарға жабысып әзер ілбіген екі батыр осылай қанша азаптанды, білмейді, бәлкім, апта өтті, бәлкім ай өтті, әйтеуір, өлдік-талдық дегенде Тұман таудан шығады-ау. Арттарына қараса, қат-қат мұнарлардан өзге көздеріне еш нәрсе түспейді. - Енді бұдан әрі жүре алмаймын, - дейді Шер. Әшейінде жарқылдап тұратын жанарлары өлеусіреп сөне бастағандай болып көрінеді. – Мені тастап кет, аға. - Шыда, - дейді Баянды інісін жұбатып. – Қиындықтың көбі кетіп, азы қалғанда, шыда, бауырым. - Осы азаптың бізге керегі не, соншалықты азапқа салатын әкемізге не жаздық? – Шердің даусы ызғарлы. – Жазығымыз қандай. Баянды інісінің жүзіне таңырқай көз тастайды. - Мұның не? Бұл қай сөзің? Бізді сапарға жетелеген мұрат емес пе?
Олар осылай айтысып жатқанда, сақалы белуарына түскен қарт ғайыптан пайда болады. - Түрегеліңдер, - дейді ол асасын көкке білеп. – Енді азғантай ғана жол қалды, сәл шыдаған адамға ұйқыдағы құс қол созым. Тек естеріңде болсын, оған екеуің бір тілекпен барыңдар… Ал, беттеріңнен жарылқасын! Бұл Жаңғырық әулиеге түсінде аян берген қарт болатын. Екі батыр талай қиындықтардан бірін-бірі жетелеп ұйқыдағы қара құсқа жетті, ақыры. Баянды барып құс қанатынан сипайды. - Сендер кімсіңдер? – деп сұрайды ұйқысынан шошып оянған қара құс. – Кімсіңдер өздерің? - Адамбыз, - оған алдымен Баянды жауап береді. – Аңрахай даласындағы Жаңғырық әулиенің ұлдарымыз. Біз асуға жол салғалы келдік. - Солай деңдерші… - Күншығыс пен Күнбатысты мәңгі бөліп осы тау жатыр, әулетіміздің мұраты – оған сүрлеу салу. - Адамның мұраты кейде құрбандықты қалайды. - Біз оны білеміз, - дейді Баянды. – Біз бәрін біліп, бәріне бас тігіп шыққанбыз. - Екі шарт айтам, - дейді құс Баяндыға қарап. – Оның біріншісі – көкпен тілдескен мына тау аласарып, ақ қар, көк мұзынан арылсын, сөйтіп адамзат Күншығыс пен Күнбатыстың арасына жол салсын десеңдер, анау көрініп жатқан тозақ отына ойланбастан секіресіңдер. - Екіншісін айтпай-ақ қой, - дейді Баянды батыр. - Әлгі айтқандарың орындалса, тозақ отына ойланбастан секіруге дайынбыз! Кеттік, Шер! Ол осыны айтып, қып-қызыл алауға бір-ақ қарғиды. Бұл кезде Шер бетін басып, еңкілдеп жылап отыр екен. Құстың даусы саңқ етті: - Дайынбысың?.. - Маған екінші шартыңды естіртші, - дейді Шер тізерлеп. - Өтінем сенен. - Бақ-дәулет, сән-салтанат, басыңа тәж. - Рас айтамысың, қара құс? - Артыңа қарашы. Шердің көзі бұлдырап есінен адаса бастады. Ол мұндай ғажайыпты өңі түгіл түсінде көрмеген. Баспалдағы күмістен тізілген алтын сарай. Босағасы меруертпен көмкерілген есігі айқара ашылған. Кең бөлменің ортасында дөпдөңгелек ақ айдын, төңірегінде зерлі тақ. Әлгі дөп-дөңгелек айдын ортасында бірін-бірі қуалаған уыздай жас арулардың қара мақпал бұрымдары мың бұралады. - Екінші шартты қабылдасаң, осының бәрі сенікі болады. - Қабылдадым. – Шер тіпті сол шартты сұрап та жатпады. – Мен қабылдадым онда. - Ойлан. Екінші шарт оңай шарт емес. - Мейлі, мен қабылдадым. - Ол үшін сен бүкіл үрім-бұтағыңнан бас тартасың. - Бәріне әзірмін.
- Әкем Жаңғырық әулиенің аты өшсін, мен оның ұлы емеспін деп, үш рет қайтала. Шердің таңдайы тақылдап қоя берді. - Тағы айтшы. Анау іркілген жоқ. Сол кезде қара құс аспанға шырқай ұшып шығып: - Уай, қош бол, Ұлы тау! Сен өзгелер үшін өзін құрбандыққа шалған Баянды батыр әулетінің игілігіне қалдың. Енді сен Баянды асуысың. Өзің аласарып, ақпаның азайып, ақ қарың жұқарып, асуыңа жол түссін. Бұл кезде қол созым жерде астан-кестеңі шығып жатқан қара бұлт жел қуғандай түйдек-түйдегімен әлдеқайда маңып, аспан айнадай ажарын аша беріпті. Құс енді абдырап тұрған Шердің төбесінен түйіліп келіп: “Бір кезде мен де сендер құсап асуға жол саламын деп шығып, ақыры, осы бақ-дәулет сән-салтанатқа қызығып, елімнің қарғысымен дүниені көрмейтін, бірақ бәрін естіп отыратын тірі өлікке айналғанмын. Содан бері қаншама жылдар өтті. Опасыздығым үшін, осындай жаза тарттым”. Жерден екенін, көктен екенін күн сайын қайталанатын бір дауыс: “Мұнда адамдар келмей қоймайды, сонда екі шарт айтасың, адалының тілегі орындалады, арамына айтарың мынау деп еді”. Құс қанатын сілкіп-сілкіп жіберіп, көкке қайқая беріпті де: “Сен енді Адам әулетіне опасыздық жасауды тоқтатқан кезде ғана толық адам қалпыңа келесің, оған дейін басыңнан басқа жерің түгел тасқа айналады”, - деп, өзі де жұдырықтай тасқа айналып әлдеқайда домалап кете барады. Азанда оянған Аңрахай жұрты өз көздеріне өздері сенбей таң-тамаша қалады. Мәңгі мұнар басып жататын ұлы тау үсті ап-ашық, мұнтаздай таза аспанның аясында шыршалары желкілдеп, бәйшешектері алаулап жаныңды жадыратады. Ұшар басы көрінбейтін құзарлар шөккен; ақ қар, көк мұздың көбесі сөгіліп, сай-саласынан шапқылап бұлақтардың тәтті күлкісімен көк дүрілдеп қоя беріпті. Жұрт жапа-тармағай жерошақ қазады. Ақ түйенің қарны жарылады. Шалдар бөріктерін қоқайтып дөңгелене отырады да, Күнбатысқа қарата қолдарын жаяды: “Осы қалпыңнан, осы көркіңнен тайма, мәңгі-бақи шыршаларың желкілдеп, бұлақтарың шапқылап жатсын”. Бұрын-соңды мұндай тойды көрмеген еді жұрт. Ұшы-қиыры жоқ ми жазыққа бәйге аттары айдалады, шолпысы тобығын қаққан қырмызы қызкеліншектер, алшаң-алшаң басқан атпал азамат пен бозбалалар жорғасы тайпалған бір-бір сәйгүліктің үстінде қуаныш пен бақыттан бастары айналып, гүлдей жайнайды. Қалың жұрттың ортасында қилы-қилы заманның жібін суыртпақтап, көкірегі алтын сандық көне көз шежіреші отырады. Адам шіркіннің айтып тауыса алмайтын құдіретін әлмисақтан бері қараған жерден таратып, талдап кесілген көсем қарттар күні кеше төбесін көруге зар еткен Ұлы таудың бүгінгі аласа кейпі адал тілектің бодауына саяды. Осы кезде әлдекім шежіреші шалдың алдына апыл-тапыл басқан қара домалақ баланы жетелеп әкеп басын иген. Қолында жіп-жіңішке жарты құлаш ала арқан. “Бәрекелде, - деді көсем қарт. – Бәрекелде, деп тұрып алмас кездікпен баланың тұсауын кеседі. Содан соң оның бетін Ұлы тауға қаратып
қолтығынан демеді. – Қаз-қаз қарағым, асуға қарай қадам бас. Уай, бетіңнен жарылқасын, аллуакпар”. Былайғы жұртта мүлде ес қалмаған. Күрескен палуандар, айтысқан ақындар, асқақтата ән салған әншілер, етке тойған ертекшілер өзге дүниенің бәрін ұмытып қуаныш тойын армансыз тойлайды. Үлкен-кіші Баянды мен Шерді ұмытып та кетеді. Олар араларында кімнің бар, кімнің жоғымен ісі болған жоқ. Тек тойдың үшінші күні дегенде барып бөріктері қоқайған шалдар Жаңғырық әулиені іздейді. “Уа, жұрт, әулие қайда?” Баяндының жұрт көксеген мұрат үшін тозақ отына түсіп, Шердің тасқа айналғанын түсінде көрген Жаңғырық әулие жан баласына сездірмей таң әлетінде тауға бет түзеген. Ол жап-жаңа сүрлеу тауып алады. Танып келеді, сүрлеу Баянды батыр мінген тұлпар тұяғының ізі. Жүре-жүре Жаңғырық әулие асудың талай кезеңдерінен өтіп, намаздыгер-намазшамда алды құлама биік, екі қапталы қой тасты жоталарға ұласып дөңгелене қалған терең қолатқа жеткенде, көз алдында тұрған сұмдықтан есі шыққаны соншалық, дәрмені құрып, талықси берген. Оның қарсы алдында басынан басқа жағы тас болып қатып қалған кіші ұлы – Шер тұрды. Әулиенің сақал-шашы әпсәтте аппақ қудай болып үлгерген. Ұлына қараған сайын тісі-тісіне тимейді. О, тәңірі! Баласының басы қалтаңдап, шатынаған көзі не жерге, не көкке емес, айдалаға қарайды. Жүзін өлімнің көлеңкесі торлаған. Ұзақ өмірінде талай сұмдықты көрген әулие мына пәлекеттен жаман шошынады. - Естимісіңдер, - депті Жаңғырық, әулие төбесін тоқпақтап, - естимісіңдер!.. Япыр-ау, тіл қатсаңдаршы! Жапан дала, бедірейіп жатамысың осылай. Асқар тау, сен неге мызғымайсың? Ей, құдіретті жер мен көк, сілкін – үстіңде мына менің қарғыс атқан ұлымнан өзге де арамзалар бар болса, аласта!.. Япырма-ау, селт етпей тұра беремісіңдер?! Мынау сұмдықты көзіме көрсеткенше, ал жанымды. Мен өлейін. Мен өлімнен ғана қорқатынмын. Енді мен одан қорықпаймын, жалғыз-ақ тасқа айналған Шерден қорқам. О, жаратылыс, сен жаңылдың! Әділет қайда, ар-ұят қайдасың?! Қартпен бірге дүние де егіледі. Аспанның түбі түсіп кеткендей қара нөсер шелектеп құйды. Таудың аң-құсы түгел қолатты қоршай тым-тырыс мүлгіп тұрып алды. Қалтаңдаған басқа таңырқап, әрі шошына қарайтын секілді. Жаңғырық әулие мойнынан төмен қарай тасқа айналған ұлына қолын теріс жаяды: - О, қарғыс тиген, арамза, дүниенің зәре-құтын алмай түгелдей тас болып қат. Бәле-жалаңның бәрі өзіңмен кетсін. Сенің маған сатқындығыңды еш уақытта ешкімнің басына бермесін. Сен мәңгі-бақи опасыздықты еске салып, одан өзгені ескертіп тұратын, жан шошырлық, жеркенішті белгі ретінде қал осылай, қарғыс атқан! – деп Жаңғырық әулие дүние кезіп кете барады. Оның зарлаған даусы, айтқан мұң-наласын бір желден соң бір жел күннің шығысы мен батысына іліп әкетіп жатыпты. Әулие сөзін қырда тобылғы, ойда құрақ қайталайды. “Қарайтұғын бетім жоқ дұшпаным мен досыма, Қайтатұғын бетім жоқ қосағым мен қосыма
Тілек тіле деп едің, тілегімді бергенің, о жаратқан, осы ма?..” Осыдан былай қарай адамдар үрім-бұтағынан әлдебір жат мінез көрсе, олардың есіне Шерлітасты салатын болған. Осыдан былай қарай бұл биік Баянды асуы аталған. Осыдан былай қарай ұлы асудан опасыздыққа қарсы бітіспес күрес жүрген. Осыдан былай қарай Күннің шығысы мен Батысына сүрлеу түскен…
ІІІ Жолшылар түс әлетінде барып демалатын. Қазір бұлар жұмыс істеп жатқан Шерлітастың қарсысындағы бір жағы қожыр тастарға ұласып, бір жағы құлама жарға сүйенген алды қайқаң тар қолтық еді. Әуелі учаскені екі бульдозер келіп, тар қолтықтың тас топырағын жарты ай сүріп, тегістеп тастады. Одан бергі жердегі қалған шаруа Ешкілінің жолшыларының еншісінде. Пірәлин бастық істі тезірек аяқтаңдар, он алтыншы шақырымдағы көпірді бұзып, астына тіреу қоямыз деген соң, бұлар жан аямай кіріскен, енді бір апта мұрсат берсе, тап-тұйнақтай қылмақ. Дегенмен, соңғы кезде оңай тиіп жүрген жоқ. Серіктерінің бірінің бұл жер маған қолайсыз екен деп барын киініп, артығын бөктеріп кеткеніне айдың жүзі. Төлеп қария… Байырғы жолшы жұмысты қиратып кетпеген күнде, істің ығын тауып беріп отыратын ақылшы еді. - Адам бермей, осылай телім-телім етіп қоятын болса, Имеке, ескертіп қояйын, байлап қоясаңыз да тұрмаймын, - деді Әтей. - Шыда батыр, сабыр етсеңші сәл. - Маған денсаулығым қымбат, аға. - Е, батыр-ай, осы асу жолын бір кезде екі жарым мың адам, ақы-пұлсыз, жалғыз тостақ арпа жармасын қара суға былғап ішіп, аш-жалаңаш жүріп салған десем сенемісің. - Баяғыда біреулер сөйткен екен деп өлмекпіз бе? - Әй, біреулерің не? – Имансерік шегіп отырған шылымын тастай салды. – Осы жол үшін қаны мен терін сығып беріп кеткен киелі жарықтықтарды елеусіз атай салғаның не-ай?! Әй, бәтір-ай!.. Имансерік сөйлеп отыр: “Адамның жанкештілігіне күмәнданба. Атабабаң қыл шылбырмен белін буып асуға аяқ басқанда, қилы-қилы қиындықтардың көк шыбықтай солқылдаған қыршын кезінде өзі іздеген. Адам дегенің ұшпаққа шығар саңылау тапса – ана сүтімен қан тымырына сіңген қасиеті – алған бетінен жан алып, жан беріп жатсын, қайтпайды. Өзің айтшы, қысы ұзақ, көктемі кеш шығатын, ақ қар, көк мұзы сірескен асудың өркеш тауларын, құлама жартастарын жалаңаш қолмен бұзып тегістеу кисе киімге, ішсе тамаққа жарымаған жұртқа оңай болды деймісің? Ә, жоқ, олардың көрер көзге жұпынылығы болмыстың сыртқы алдамшы құбылыстұғын: мақсаттың сүйеуі, жебеушісі жан дүниеңдегі сарқылмас күш-қуат, ертеңіне деген ұшы-қиырсыз мөлдір сенімде еді. Осындай мінез табиғатынан аңқып қоя беретін көнбіс жұрттың қолында кетпен, көзінде нұр ойнаған,
батыр! Ат арбаға топырақ артып жатып келер күндердің жұлдызын санапты. Әне, кемеңгер халық”. - Ойбай, аға, мұның барлығын несіне айта бересіз? - Шыққан тегін, ата-бабасының қылған ісін естен шығарған адам оңбайды. - Құдай жоқ қой, ақсақал. - Әне, әйтпесе! – Имансерік жаман күйінді, - Кісілікті айтып отырған жоқпын ба, саған! - Имеке-ау, енді… өстесіз. - Бар болғыр, адамша сөйлессең қайтеді. - Қазір бәрі өзгерді емес пе, Имеке. - Адам ше? Адам өзгерді ме? Етектен тартып келген арам ниеттен түгел арылды ма? Имансерік қолындағы балтасын тастай салды. Екі көзі Шерлітаста. Құдды тікесінен тік сіресіп тұрған адам. Басы, иығы, аяғы – бәрі бар. Оған байланысты аңыздың қашан шыққанын, әрине, ешкім айтып бере алмайды, таң қаларлығы – оның өзге ертегілердей ұмытылып қалмайтындығы. Әлде ұлы жолға байланысты, соның бойында тұрған соң ба екен. Әттең, Шерлітастың тарихын жұрт түгелдей біле бермейді. Ары-бері өткен жолаушылар оған арнайы тоқтап ұзақ-ұзақ таңырқай қарасады. Көбісі әлгіге қатарласып, не жалғыз-жалғыз сүйеніп тұрып, кейде балаларына мойнын құшақтатып суретке түсетін. Тіпті жанына жайғаса отырып, арақшарап ішетіндер, тамақтанатындар да бар. Бұрнағы күні екі мөлдір қара Волга келіп тұра қалды. Әлгіден бірнеше адам шығып Шерлітасқа беттеген. Бер жағынан аяңдап Имансерік те барды. Мөлдір қара Волгалардан түскен бес-алты адамның ортасында тұрпаты бөлек нән біреуі бар, қалғандары соның қабағының ығымен жүретін секілді. - Мынау ғажап тас қой, - деді нән қара. – Айрықша құбылыс. Ең ұлы суретші – табиғат! - Рас айтасыз, Сәке, - Жұқалтаң сары мәз болды. – Керемет тегі! - Табиғаттың мұндай шеберлігіне әрдайым ұқыпты болуымыз керек, жолдастар, қамқорлыққа алу жөнінде нұсқауларың бар ма өзі? Әлгі жұқалтаң сары қойын дәптерін алып, қолма-қол бірдеңелерді жазып алды. Осыны Имансерік бір жерде көрген сияқты. Қай жерде?.. Енді есіне түсті. Өздерінің облыстағы бастығымен бұрнағы жылы ілесе келгені бар. - Айтқандарыңыздың іске асқандығы жөнінде сізге тікелей өзім хабарлаймын, - деді жұқалтаң сары без-без етіп. - Керемет, - деді нән қара тасты айнала сипай жүріп. – Айна қатесіз адам… Кулбаеч көрсе… О, кісі романтик адам ғой. - Бұл тас туралы біздің өңірдің адамдары таң-қаларлық аңыз айтады, - деп соған мақтанғысы келгендей Имансерік сөзге араласты. - Әңгіме аңызда емес, мына таста, - деді нән қара. – Ертегіні қайтеміз, нақты бар, көзіміз көріп тұрған табиғаттың ғажап туындысын аялап, сақтау қажет жолдастар!
- Мен бір жайды білдірейін деп едім, - Имансерік те қояр болмады. Асудың арғы-бергі жұрты мұны Шерлітас деп атайды, - деп аңыздың қысқаша тарихын әңгімелеп берді де, - халық бұған жиіркенішпен қарап, балаларының әлдебір жаман ісін көрсе осы тасты естеріне салады. - При социализме қандай опасыздық болуы мүмкін, жолдас? Жұқалтаң сары Имансерікке күле қарады: - Мен жұртты аңызға сенеді деп тұрғаным жоқ, бір кезде әлдебір себептермен пайда болып ұрпақтан-ұрпақты жақсылыққа үндеп, жамандықтан жирендіретін, адамдар мүлде ұмытып, не әдейі көрмей бара жатқан жайларды ескеріп отыруға ықпалы бар ескіден қалған сарынды айттым. - Сонда сіздің қандай ұсынысыңыз бар? – деді нән қара Имансерікке. – Табиғатты аялап, қорғау принципіне қарсымысыз? Имансерік сауалды жайына қалдырып жөн сұрады. - Өзіңді танымадық қой, інішек. - Сәкең біздің министерстводан, - деді жұқалтаң сары жұлып алғандай, сосын “аузыңа абай бол” дегендей сұқ саусағын көкке шаншыды. – Жол бойын арнайы қарап келеді. - Бұл тас біз үшін, - деді Имансерік нән қараға, - опасыздықтың белгісі. - Сәке, күн шыжғырып барады, жүрелік, - деп бәйек болды, жұқалтаң сары. – Жаңағы ескерткендеріңізді күні ертең қолға аламыз. Бұл өзі бізге дер кезінде берілген ескерту болды. Мөлдір қара “Волгалар” жүріп кеткен соң Имансеріктің көңілі жүдеп сала берген. Шерлітастың төбесінде без-без етіп сары шымшық отыр, ұшады, қонады, ұшады, қонады. Құстар тастың маңдайына аямай саңғыған-ақ екен. Жолшылардың үнсіздігі ұзаққа созылды, ала келген түскі астарын қаужасып жым-жырт отыр. Баянды асуының найзатастары дара-дара аңдыздап, әрқайсысы өз шоқтығының биіктігін мақтан еткендей бақталасып тұр. Жолдың екі қапталынан тіп-тік көтеріліп кететін өркеш-өркеш жоталардың күнгей беті қожыр-қожыр; кезінде талай сойқанды бастан өткеріп, енді әбден қартайған адамның жүзіндегі бейнеттің ізі іспетті. Соның түбінен тырмысып өрген тобылғылар біріне-бірі қол созым жерден емінеді. Көкпеңбек әлемнің айнадай тазалығынан ба, мөлдір ауа жұтынған сайын бойыңды сергітіп, көкорайдың жұпарымен еркелете бауырына тартады. Асфальтты жалаң аяғыңмен баса алмайсың, лебінің өзі өн-бойыңды өртеп шыдатпайды. Имансерік пен Әтей жол жиегіне қойған тіркеменің астына кіріп көлеңке сағалаған. Имансеріктің серігі – ой. Бұл жолмен кімдер өтпей жатыр, кімдер?.. Арық атын тепеңдеткен шаруа да, тарантасын қоңыраулатқан ауқатты да – бұл асудан әрлі-берлі талай асқан. Кейінірек сүрлеу даңғыл жолға айналды. Өткел бермес асуыңыз машиналардың табанының астында қалды… Кімдер өтпей жатыр, кімдер?.. Үш жарым мың түтіні бар Аңрахай елінің азуы алты қарыс болысы Мамыраханның Аманжолы да, Телқозы шыңының арқарына дейін өз меншігім деп есептейтін Олжабайдың
Мәжібайын тапа-тал түсте қақ маңдайдан атып салған большевик Жанпейістің Молдахметі де асқан асу бұл. Аңызда Баянды асудың басында кісілік келеді деп естіген қаймана халық алып қалам десең де, жалтақтамай алдыңнан шықпаушы ма еді?! Сөйтіп көрпе ұзарар, көсеге көгерер, атадан балаға жалғасып келе жатқан адамгершілік бүкіл әулеттің мәңгілік мұрасы болып қалар депті. Бұл ұлы дәстүрдің қаймағын бұзбай сақтап, іңгәлап келе жатқан ұрпаққа аман жеткізу оларға оңай соғып па?! Қабырғаңды сөгіп беруге әзір жүрген қасыңдағы қандасың қаға берісте қақ бастан қамшы сілтер жат қылық жағаңнан талай алды да ғой. Кешегі өзінің туған ағасы Байбосынды неден құдай атып еді?.. Екеуі Ешкілінің сағасында, аралары бес жас, тайқұлындай тебісіп өсті. Келбет десең – келбет, өнер десең - өнер бар еді Байбосында. Ешкілідегі қазір жоқ, онда бар Еркебай бекетіне ары өтіп, бері өтіп ат шалдырған жүргіншілердің атын байлап, қолына су құйып батасын алатын да, аттандырып жолға салатын да сол-тұғын. Сөйтіп жүріп көзге түсті. Сөйтіп жүріп зиялы бір адамға ілесіп қалаға кетті. “Оңқай асықтай үйіріліп тұр екенсің, оқы, қол ұшын берейін”, - деген әлгі кісі. Одан соғыс бұрқ етті. Асумен ирелеңдеп асатын арба жолмен Аңрахай даласына тартып, қылшылдаған боздақтары Батысқа шеру тартты. Асу қойнауында қан жылаған халық даусынан күннің көзі тұтылды. Еркек-әйелі, қарты мен баласы аралас қалың жұрт асудың үстіне шыққанда, екі айрылды. Ақ жаулықтылар мен қарттар жан-жағын өрт шалған тоғайдай оқшау қалды. Кестелі орамалдарына туған жердің бір шөкім топырағын түйіп алған кіл жайсаң мінген өгіз-арба батысқа қарата жаны шыға сықырлап бара жатты. Кезек Байбосынға да келді. Әкелері кезінде Кеңсе өкіметіне қарсы шыққандарға елдің бір игі жақсысын бередка ұстап берген, немере інісін өз қолымен ұстап берген қатал, қайратты кісі еді. Баласымен қоштасып тұрып: “Баяғыда осы жолмен Жоңғарға аттанған Жолбарыс жауға ел намысын таптатпай жеңіспен оралып еді, сондай атты күн сендерге туған екен, жан беріп, жан ал, еңсесін енді ғана көтерген елінің көз жасы көкейінде тұрсын жауыңды жеңіп қайт! – деп бетін сипаған. – Сосын, қасқыр да жолдасына қас қылмайтынын ұмытпа”. Осы тұсқа келгенде ой жібі тарқатылып Имансерік: “Қайран әке-ай, - деп іштей өкінді. – Сөйткен балаң үмітіңді ақтады ма?!.” …Сол түні қара нөсер жауған. Төңіректі қап-қара түнек басып тұрды. Имансерік әкесіне арқасын беріп, бұйығы жатқан еді, терезенің тықылы анық естілген. Ұйқысы сергек шал басын көтерді. - Күн жауында жолға шыққан бұ қайсың? Терезе тықылы су сепкендей басылды. Бұл кезде Имансерік те түрегеліп отырған. - Сен естідің бе? – деп сұрады әкесі. - Тықылдатқан секілді. - Секілді болса, ки андағы шоқайыңды, сыртқа шығалық. Екеуі үйді айналды, тіпті дауыстап та көрді, ешкім жоқ. - Төңіректеп жүрген аруақтар шығар, - деді шал. - Әлде елес пе?..
Ертесіне әкесі Имансерікті әдеттегідей ерте оятты. - Әй, бие жоқ орнында. Алақандай саздауытта үнемі шідерлеулі тұратын қасқа бие ұшты-күйді жоқ. - Сен Күркіреудің аузына дейін барып қайтшы, - деген әкесі Имансерікке. - Өмірі ұзамайтын неме түндегі нөсерде бірдеңеден үрікті ме, о, несі? Балақты түріп алып, сай қуалай жүгірген бала Күркіреуге келіп кіргенде, жалғыз сары ағаштың түбінде байлаулы тұрған торы биені көріп, әрі қуанды, әрі таң қалды. “Кім байлап қойған мұны?” Кенет… Кенет оның жүрегі тас төбесіне шықты. Аузы түкті, қолында мылтығы бар, сауыс-сауыс пәлекет анадайдан бағжиып тұр. Имансерік тұра қашпақ еді, табаны жерге желімдей жабысып қозғалар болмады, не даусы шықпады. - Ей, Имансерік, - деді анау мылтығын тастай салып. – Қорыққаның не?.. Бұл мен ғой. Сонда барып Имансерік ағасын таныды. Бара бас салған. Байбосын мұны қапсыра құшақтап алып, жылап отыр, жылап отыр. - Бауырым… Жалғызым… Келдім… Енді мен келдім… Немістің әкесінің аузын… Өлсем осы жерде, сендердің жандарыңда өлем… - Мұнда неғып отырсың, аға? Үйге келмедің бе? - Атамнан қорықтым, - деді анау мұрнын тартқыштап. – Түнде терезені тықылдатып… дәтім бармады… Сосын биені мініп кеттім. Іздеп келер, сен келер деген ем… Ақылдасайық енді… - Атамнан неге қорықтың, аға? - Шалды білесің, аямайды. - Неге? - Ақымағым-ау… Мен… Мен сорлы қашып келіп отырған жоқпын ба? Имансерік селк ете түсті. Кімнен қашып келіп отыр ағасы, жаудан ба? - Бәрі қашты ма? – деп сұрады денесі дірілдеп. - Бәрінде шаруаң не? Өз бауырың аман келсе жетпей ме сорлы? - Енді жауды кім жеңеді, аға? - Жауы құрысын. Менің жайымды айтсаңшы, қалай күн көрем, Имансерік? - Мен не істейін, аға? - Атамның көзіне түссем – құрыдым,- деді анау ентелеп – Кәне, жөндеп тыңдашы. Осы сайдың басындағы доланалы қолатты білемісің?.. Сол жерге жасырына тұрсам… Сен екі-үш күнде бір тіске басар жеткізе аламысың?.. Біраз шыдасақ, Мойынқұмның құмына асып кетер ем… Имансерік тор биені екі өкпеге тепкілеп үйге оралғанда, әкесі құлынға ноқта түйіп отыр еді. - Қайдан таптың? – деді шал орнынан түрегеліп жатып.- Шідер қимап па тірсегін? Имансерік үндеген жоқ. - Құдай қалап алдағы көктемге жетсе,- деп әкесі шылбырды қолына алды,- биыл өзінің соңғы құлындауы, құлынын анау жаумен жағаласып жүрген ағаңа бәсіре етсек… Жақсы ниетке не жетсін, ұлым.
- Жау қашан жеңіледі, ата? - Оны майдандағылардан сұрау керек. Баяғыда Жоңғарға аттанып бара жатқан Жолбарыс атаңнан: “Енді қашан ораласыңдар? – деп сұрағанда – Е, оны мың сан қолдың бірлігі біледі”, - деген екен, жарықтық. Сондағысы ішімізде Шерлітас сияқты опасыздар шығып жүрмесе, жеңіс дегенің жақынақ жер дегені ғой.” - Саған не болды? – деді әкесі маңдайына сулы шүберек басып жатып. – монданақты өлгенше жеймін деп құдай атты ма? - Ата, егер Байбосын ағам… - Демі бітіп, даусы шықпай қалды. - Ел үшін етігімен су кешу еркек кіндіктің мұраты ғой. Егер маңдайына жазылғаны өлім болса, оған біз көнеміз, ұлым. - Қашып кетсе ше? - Тіпә де! – Шалдың даусы қатты шығып кетті. – Қайдағыны айтып… Әй, сайтанның сапалағы, ондай сұмдық аузыңа қалай түсіп отыр?! Имансерік жылап жіберді. Ағасын қанша аяса да ес білгеннен Шерлітас арқылы опасыздықтан қатты жиреніп өскен бала ендігі жерде шыдап тұра алмады. - Ол қашып келіпті, - деп еңіреп жіберген. Әуелі шал талып қалды. Ес жиысымен ауыл совет Жексенбайдың Оспанымен бірнеше адамды бастап барып Күркіреудің доланасында тығылып жатқан баласын өз қолымен ұстап берген. Мәрт те, намысқой адам емес пе, ұлының иттігі шымбайына батып кетті. Айналасы апта ішінде-ақ шөлмектей бозарып жатты да, жұма күні көзі кіртиген Имансерікті жанына жақындатып: “Мені қойшы, күні біткен маған не болар дейсің?! Саған қалды ғой бәрі. Аттап бассаң алдыңнан ағаңның опасыздығы орап… Ұлым, тағдырдың соққысын қайтсең де көтер. Бордай тозып кетсең, сонда өкірем көрімде. Біздің әулетті мына сұмдықтан ақтап алғың келеді екен қан майданға кеткен ер-азаматтарды асуға жол салып қарсы ал. Әнтек басып бара жатсаң Шерлітасқа сал көз қиығыңды, оның опасыздығы жадыңнан өшпесін, оның опасыздығы жадыңнан өшсе, бәрің түгел жын-шайтанға айналып, Баянды батыр салған жолды шөп-шалам басып кетеді”, - деді де көзін жұмды. Имансерік осының бәрін ойлай отырып, Шерлітасқа тағы да көз салды. “Сұмдық аңыз, - деп күрсінді ол, - адамдардың ойлап тапқаны ма, әлде сондай бірдеңенің шынымен болғаны ма?.. Жер бетінде опасыздық мүлде жойылған кезде, бұл адам қалпына келмек дейді”. - Имеке, осы Шерлітастың тарихын жұрт неге түгел білмейді? – деп сұрады Әтей. - Жұрт Шерлітасты қайтсін, - деді Имансерік. - Өзге түгілі осыған мына сенің де ден қоятының шамалы. - Менде не тұр, - деп Әтей кеңк-кеңк күлді. - Әйтеуір, опасыз екенін білем. - Ата-бабаның аманаты туралы дұрыстап ойлағаның жөн. - Анаған-мынаған бас қатырып қайтеміз? - Япыр-ау, өнеге керек емес пе. Өнегесіз қалай өмір сүресіңдер?
- Со жағын ойламаппын… - Әтей кінәлі адамдай қолын жайды. Имансерік тілін тістеді. Әтей аяғын созып, шалқасынан жатты. - Осындайда Төлеп атамның әңгімесі таусылмас еді. Расы солай. Жолшылардың қолы қалт еткенде Төлеп қарт буырыл сақалын сипап қойып шертер еді шежіре. Әңгімесі көбіне Баянды батырға саятын. Аңрахай жұртының осы жолды салудағы ұшан-теңіз ерлігі жайында байырғы жолшы айтар әңгімелердің шегі жоқ еді. - Әңгіме айтыңызшы, - деді Әтей тағы да. – Біреу сөйлеп отырса, қилықилы қиял келеді басыма. - Әй, Әтей-ай, сенде ес жоқ қой? - Ес болса жол жағалап жүрем бе? - Жөніңді неге таппайсың, ендеше? Ешқандай мамандығым жоқ, қайда сыям? Тым құрығанда трактор жүргізу де бұйырмапты маған. Бәрі өзімнен. Оқитын кезде апамның жайып қойған етін жеген мысықты тірідей өртеп… Ойпыр-ай, оған үстіне солярка құйып от қойып едім, тірі мысықтың күйгені жаман екен, анда бір, мында бір зулап кіріп, төмендегі ауылдың тең жарымының қора-қопсысын өртемеді ме… Содан байтал түгілі бас қайғы, мектепті тастадық. - Өзіңді-өзің алдап қайтесің? - Имеке, бұл қай сөзіңіз. - Мысық дегенің сылтау ғой, о баста оқуға ынтам жоқ еді демейсің бе? - Өстесіз. Кісі қайғысын айтып отырса, қайдағыны қазасыз. - Сен сонда неше класс бітірдің? - Алтыншы класқа көшкен жылы “қайыр хош, қаламсап” дегенбіз. Енді, міне, сары желетті киіп, жол қарап қалдық. - Жол бүтіндеу – білгенге мәртебе, батыр. Әтей мырс етті. - Мәртебе, - деді сосын кекесінмен. – Қараңызшы, қанша машина өтіп жатыр. Солар сіз бен біздің жол амандығы үшін қысы-жазы құм, асфальт арқалайтынымызды біле ме? Кеше мерт болған Әділетті, өмір бақи осы асуды шиырлаған Төлеп қартты кім біледі? Білгенді айтасыз, менсінер ме екен? - Халық бәрін біледі. - Осы сіздің мына жолды күзеткеніңізге қанша жыл болды? - Оны қайтесің? - Тым құрыса, бір медаліңіз бар ма? - Маған керегі – жолдың бүтіндігі. - Адам ретінде көретін абырой-атағымыз бар емес пе, Имеке-ау. - Тірліктің мәні олай өлшенбейді. - Онда қойдық, - деп Әтей аунай кетті. “Бұл қалайша? – деп ойлады Имансерік. – Мына жас жігіттің сөзді көретін абырой-атақтан бастайтыны несі?.. Япыр-ау, бүгін айналамызға тырнақ сынығындай шапағат тигізе алдық па? – деген сауал тұрмай ма көлденең. Әй, Әтей-ай, жаспын деп жүрсің-ау, жаспын деп өзіңді-өзің
алдайсың-ау… Жүрер жолыңның қаншасы артта, қаншасы алда… Адам өмірінің күрмеуге әзер келетін жіпсекілді қып-қысқа екенін қалай айтып түсіндірем. Жоқ, сен өзіңді-өзің алдама. Жастық деген тірліктің күретамыры. Адам мұратының асқақтап, аспандауы күретамырдың лүпіліне байланысты. Жас кезіңде айтар сөзіңнен, атқарар ісіңнен жалғыз сәт кешіксең…Жан беріп, жан алатын кезіңде бұл қай жатыс. Төлептер ат жалын тартып мініп, Баянды тауының тасын жалаңаш қолымен қашап жол салғанда, жиырмаға иә жетті, иә жетпеді. Төлептер күллі дүниенің қас-дұшпанын жермен-жексен етіп, “Жеңіс!” деген жалғыз ауыз сөзбен Ел жадында мәңгі қалып қойғанда, бар жоғы отыздың о жақ, бұ жағында еді-ау!.. Олар адамның өткені, бүгіні, ертеңіне керегін өзі ойласын деген жоқ, өздері ойлады, өздері көруге тиісті рақатты өзгеге сыйлады, өздері алар абырой-атақты да өзгелерге берді. Осыны қаперіңе алып жүрсің бе, Әтей? Өткеннің керегі - әкелердің өмір жолына, дәстүріне адалдығың, бүгінге керегі – соның атымен тіршілік етіп, өшпес өнегеге өз даусыңды қосып кетуің, ертеңге керегі - әкелердің, өзіңнің салып, жүріп өткен жолыңды айнадай тазалап, арамдық атаулыны аластап аманат қалдыруың екенін сен білемісің, Әтей?.. ” Күн ми шыжғырады. Көлеңкені сағалаған жолшылардың абыр-дабыры ары-бері өткен машиналардың гүріл-сарылы болмаса, өзгелей тіршілік шаңқай түстің бесігінде манаурап, дем басқан. Зеңгір көкте қанат қақпай қалқып жүрген қара құс та әлдеқайда ауып кетіпті. Көзі ілініп барады екен, әлдебір дабырдан Имансерік басын көтеріп алды. Бұлар көлеңкесінде жатқан тіркемеден өтіңкіреп барып, ақ сұр ескі “Волга” тоқтады. Алпысты алқымдамаса да, әрі таймаған әйел мен жас жігіт, шымқай қара костюм киген, қасқабас біреуді қолтығынан демеп, жолшылардың жанына көлеңкеге келді. - Дәрісі таусылған жоқ па еді мұның? – деді әйел жігітке. Мұртты жігіт жолшыларға амандасудың мезіретін жасады. Сосын: - Көкемнің жүрегі қысылып… Мына көлеңкеге шамалы дем алса… - деді. Имансерік пен Әтей жылжып орын босатып жатыр. Қасқабас бір қолымен жүрек тұсын ұстап, ұзақ отырды. Өңі оңған шүберектей. Иегі көк тұқыл, қанша қырынды дегенімен, кәрілік шіркін жүзінде сайрап-ақ жатыр. Оң жақ самайында бармақ басындай ойық… Қасқабас аузына бір түйір дәрі салды. Сосын бұларға қарамастан демі сырылдап: - Жолшымысыңдар? – деп сұрады. – Алысқа бара жатырмыз, - деді сосын. – Амалсыз жолға шығып… Мінеки, енді. - Бұрын-соңды жүріп пе едіңіз Баянды асуымен? Анау жерден жарты уыс топырақ алып самалға ұшырып отыр. - Бұл асуды көрмеген, бұл асумен аспаған кім бар дейсің, кезінде… - Сөзін аяқтамай күрсінді. – Осының сағасында Еркебай бекеті бар еді… - Қазір жол пайдалану бөлімшесі. - Онда Төлеп Еркебаев деген болған, - деп қасқабас Имансерікке енді қарады. – Соғыстан кейін бір көрдім… - Ол кісі сырқат қазір.
- Япыр-ау, тірі ме әлі? – Анау елең етіп, қалтаңдаған қолымен жүрегін қайта ұстады. – Не деген жаны сірі, бейшара? - Неге олай дейсіз, - деді Имансерік. – Бұл қай сөзіңіз? Осы кезде машинаға кеткен жас жігіт екі шөлмек минералды су алып оралды. - Көке, мынаны ішіп көріңізші шамалы. - Біреуін бері әкел, - деді арырақ барып айналаға мұрнын шүйіре қарап тұрған әйел. Қасқабас минералды суды ұрттап, тамсанып ішті. - Сөйтіп, Төлеп Еркебаев тірі дейсіздер, ә? – Қиын адам еді. - Не қылса да мына асуға жол салған сол кісі ғой, - деді Имансерік. – Қалай десеңіз де жол салып берді емес пе елге? Қасқабас қабағын шытынды. - Елдің бәрі айтатын сөз бе бұл? - Айтады! – Имансерік кеудесін көтере түсті. – Ақиқатты айтпай тұра ала ма жұрт?! - Тағы не естідіңдер? - Қайсыбірін сұрайсыз? Жолды білсек, жолды салған адамды білсек, өзгесі көп сөздің арасында қыстырылып жүре бермей ме? - Баяғыда осыдан былайғы жерді Аңрахай елі дейтін едік. Қалай қазір? – деп анау Имансерікке қарады. – Жаңағы Төлептерің Баянды әулетінің қолынан келмейтін нәрсесі жоқ деп ауыздыға сөз бермеуші еді, кейінгіден шырқап шыққан ешкім бар ма өзі? - Өзгеріс көп қой… - Ел білетін кім бар деп жатырмын? - Төмендегі ағайынға араласуға қол тие бере ме? Келімді-кетімдіден естуімізше, кейінгі жастардан ұшан-теңіз егін орып, мал өсіріп дегендей дүрілдеп тұрғандар жетерлік көрінеді. - Ой, жолың болғыр, бұл қай сөзің, мен ел сұраған, былай билікке араласқандарың жайлы білейін деп отырған жоқпын ба, соны айтсаңдаршы?.. - Ондайларды естімедім, мүмкін, бар шығар, оқыған балалар көп. - Аңрахай баяғы қалпында деңдер. Ертекке сенген ес жоқ ел еді өзі де, - деп анау қарсыдағы Шерлітасқа қарады, - Қараңғылық деген сол, баяғыда осы тас, ұмытпасам осы… - Шерлітас па айтып отырғаныңыз? - Сол, иә, сол… Шерлітас!.. Соған бола Төлеп Еркебаев көресіні көрді ғой, өзінен сұрасаңдар айтады. Адам ертекке сенген соң оңа ма? - Мәселе – ертегіде емес, - деп Имансерік темекісін тұтатты. - Өсиет, өнеге де. - Сөйтіп, Еркебайдың Төлебі тірі деңдерші, - деді анау тұрып жатып. - Әй, жаны сірі еді-ау, өзінің де. Бәрін білсем де сондайлардың жанкештілігін түсіне алмай-ақ қойдым. - Сіз осы өңірден емессіз бе? – деп сұрады Имансерік не болса да біліп қалайын деген оймен. Анау үндеген жоқ, ештеңе естімеген сияқты.
Кеудесі жайқалған, үсті-басы бар қымбатқа малынған кербез бәйбіше қасқа басқа төбесінен қарады. Даусы зәрлі. - Бір жүріп, екі тоқтап… жүрегің қыса ма, тұншығасың ба, сен де бір тірі өлік болдың ғой, - деді екі бүйірін таянып. – Тірілсең тұр, төбемізден күн өтті. - Әй, ит-ай! – деді қасқабас. - Әйел деген – осы опасыз!.. Кеше әке-көке едік, бүгін тірі өлік болдық бұған. Қолдағы алтынның қадірін біле ме?! - Керек едің сен біреуге, сенің баяғыдан ешкімге керегің жоқ! Жігіт қабағын шытып. - Қойсаңызшы, - деді. “Волга” сырғып кеткен соң, Имансерік ой қаузады. “Япыр-ау, бұл кім? Оң самайында ойығы бар… Бұл кім? Негізі осы жұрттан екен, сонда бұл кім?” - Мына шалың осы өңірден шыққан адам болды ғой, - деді Әтей. – Байқайсыз ба? - Кім білсін. - Астында – “Волга”. Ал Төлеп атамыздың басында жеке үйі де жоқ. - Мұнымен не айтпақсың? - Елді осы күнге жеткізгендердің біреуі Төлеп қарт демедіңіз бе? Асуға жол салған, өмір бойы соны бүтіндеген… Имансерік күрсінді. - Бәлкім, жаңағы Төлеп қарттың көргенінің ширегін де көрмеген шығар, - Әтей Имансерікті жеңінен тартты. – А, Имеке?.. - Сонда неғыл дейсің маған? - Өмірдің барлық ауыртпалығын көтергендерге тиесілі құрметті жаңағылар иеленіп кетіп жүрген жоқ па осы? - Е, сен оның елге еңбегі сіңбегенін қайдан білесің? - Елге еңбегі сіңген адам сияқты емес әлгі. Болмаса әйелі оны көпекөрінеу бөгде адамдар көзінше тірі өлік дей ме? - Кім білсін. Мүмкін, ол, шынында да, тірі өлік шығар. Өмірінің үлкен бөлегін қиянатпен өткізген адам тірі жүргенімен өлі. - Сонда Төлеп атамды, осы өңірді, Шерлітасты жақсы білетін жаңағы кім? - Жөнін айтпады, демек, бұл өңірде, оның адамдарына қандай да бір қиянаты болған біреу шығар. Япыр-ай, бұл кім сонда?.. - Көз шырымын алайық, - деді Әтей. - Өртенді ғой мына күн.
ІV Түн. Ешкілінің еркек-әйелі түгел Төлеп қарттың үйінде. Байырғы жолшы сол баяғысынша екі көзді шарт жұмып жатыр. Бойындағы қаны соңғы рет тулап аққандай шеке тамырының бүлкілі анадайдан адырайып көрінеді. Имансерік қартқа таяп келіп жайғасты. Байырғы жолшының ірі саусақтары түбінен босап саудырап қалған секілденді. - Ауданға барып қайттыңыз ба? - Әтей Тоқмолдаға қарады. – Не жаңалық бар? - Елдің аузындағы сөз – Қайрақтының кені. Кеңейтетін болыпты, қалашық салада екен десіп жүр. - Онда Қайрақты кенінің маңызы зор болғаны расқа шықты ғой.
- Менің магазинім сөзсіз үлкейеді енді, - деп Тоқмолда жан-жағына қарады. “Жыртық үйдің құдайы бар” деген рас екен. - Қуанатын түгі жоқ. – Әтей жоқ жерден қызынды. – Қайрақтының бізге қатысы қанша? - Шатаспа! – деді Имансерік оған жекіп. – Елге керек шаруадан қара басыңды бөліп ала алмайсың. - Не десеңіз де, ағасы, мен көген көз көптің бірімін. Анаған-мынаған миым жетпейді. - Ау, келешекті кім ойлайды сонда? - Келешекті ме? Келешекті данышпандар ойласын. Данышпандар ойласын… Бұл қай сөзі? Не біліп, не түсінеміз ендігі жерде. Жақсылық атаулы жеке адамның айынан да, тұтас халықтың бойынан да туып, дүниеге тарап жатпай ма? - Кез-келген шаруаға қол сұққан дұрыс емес, - деді Әтей тағы. Байырғы жолшының кірпігі қыбырлады. Енді бәрі қарттың бетіне үңілген. Әне, ол зорлап көзін ашты… “Отырсыңдар ма? Елдігіңнен, кісіліктеріңнен айналсамшы!.. Сендерді, үйімнің тұсынан өтіп жатқан Баянды жолын қимай жатқаным рас. Әсіресе қиналар тұсың қаның мен теріңді сығып беріп салған жолды қия алмайтының. Жә, қайтесіңдер! Біле білгенге ақ қазазға жету де арман. Өмір мен өлім – бір арнаның екі ернеуі іспеттес. Қайткен күнде келесі жағаға жету міндетің, тағдырыңнан биік тұрам десеңдер, ағыстың ортасындағы иірімге шым батып кетпей жүзіп өтіңдер арғы бетке. Қамшы сабындай ғұмырыңда пешенеңе асау ағысқа қарсы жүзу де, ықтиярсыз ығып кету де жазылған. Әйтеуір, жағаға жету қиямет: Әсілі өмірдің өлшемі, қадірі – бірнеше байлам, яғни, рухыңның мәңгі жасайтыны”. - Төкеңде бала бар деп… - Тоқмолда басыңқы үнін одан әрі баяулатты. - Е, қайтесің, - деді Имансерік күрсініп. – бітеу жараны тырнамасаңдаршы. - Япыр-ау, әкесіне топырақ салмай ма? Байырғы жолшы ыңыранды. Ол бұлардың сөзін түгел естіген жоқ, жалғыз-ақ баласы деген бір сөз санасында жарқ еткен. Қарт сан тарау болып кеткен есін жинау үшін жанталасты. Баласы… Жаңа естіді ме, жоқ осы сөз жадында мәңгі жаңғырып тұрды ма, ол арасын айыра алмады. Баласы… Шерлітас… Баласы… Жоқ, Шерлітас… Шерлітас та, баласы да жоқ, алдында басқа біреу отыр. Байырғы жолшының көз алдында ақ жал толқынды көл пайда болды. Күн тым-тырыс, көл түбінен қайнап буырқанып жатыр. Бұл қайықты есіп келеді, есіп келеді… Төлеп Еркебаев жалғыз ұлдан қалай айрылып еді? Бәрі неден басталып еді?.. Сол жылы бастық болып жүрген Төлепті Баянды асуына салынып жатқан жолға уәкіл етіп жіберді. Аупарткомның хатшысы: - Бұл жолдың ерекше маңызы болып тұр, қатынас өз алдына. Үшарал станциясына темір жолмен келіп түсетін құрылыс материалдары мен халық шаруашылығы жүктерін, салынып жатқан Қарасудың цемент заводы мен
Шөміш бөгеніне ит арқасы қияндағы Ақтақыр айналып жеткізіп жүрміз. Бұл – үш күндік жол, егер Баянды асуына ескі арба жолдың сүресімен таяудағы екі-үш жылда машина жол түссе, ара қашықтық екі-үш сағаттан аспайды. Сені уәкілдікке әдейі жіберіп отырмыз, асудың ұңғыл-шұңғылын жақсы белесің. Жолды мерзімінде бітіру – партиялық тапсырма: рас, қазір адам күші аз, оған бірте-бірте көмектесеміз, ең бастысы – жұртты бастай білу – деген. Қол күші жетімсіз: үш ауданнан жиналғандардың саны жеті жүз адамнан аспайды. Негізгі құралдар: сүймен, кетпен, арба… Өмірлерінің көбі ат үстінде өткен жұрт еш уақытта мұндай алып жол салып көрмеген. Таяудағы екі-үш жылда Баянды асуына жол салудың мүмкін еместігін жол құрылысының бастығы Григорий Харитоновқа Төлеп бірден айтты: - Бәрібір адам санын көбейту керек, кемі үш мың кетпенге жеткізбесек, дәнеңе өнбейді. - Жұмыс қолының бары осы, басқа… ал экскаватор сұрап жоғарыға хат жолданды, тым құрыса екеуін берсе… - деп Харитонов жобаға үңілді. – Ең қиыны мына он километр аралығында. - Басында жалғыз аяқ сүрлеу еді. - Арба жол кейін түсті ме? - Оны алғаш салған менің әкем. - Солай ма?! Сен, демек, әкеңнің ісін жалғастырушы да екенсің ғой. - Мені қысқа мерзімде бітіру жайы қинап отыр. - Мүмкіндікпен есептесіп жатуға жағдай көтеріп отыр ма, - деді Харитонов. - Адам санын көбейту жағын ойлайық. Күнгей-теріскей ауылдарын тағы бір аралап шыққым келіп отыр. - Дұрыс, халық түсінер. - Қазақтар қысылғанда қол ұшын беруден артық кісілікті білмейді. Жол салушылар саны мыңға жетті. Бірақ экскаватор келген жоқ. Жаз бойы титықтап қалған жұртты асудың қара суығы тұралатты. Харитонов Төлепті ауаткомға жіберген. - Құрылысты қыста тоқтатпаса болмайды, - деді ол, - халық Баяндының ақ қар, көк мұзыңа шыдай алмайды. - Істі тоқтату емес, біздің алдымызда жолдың пайдаланылуға берілу мерзімі бар, - деді хатшы. - Ал жағдайды қайтеміз? - Қазіргі жағдай жұмысты бір минут та тоқтатпауды талап етеді, жолдас Еркебаев. - Адамдар ше? Қыс бойы жеркепелер мен шатырларда қалай тұрады, отын жағы тіпті қат. - Жеркепелерді жылылаңдар, елу-алпыс киіз үй береміз, екі барақ бар… - Жұртты қырып алуымыз мүмкін, мен содан қорқам… - Қандай істе де қиындықтың кездесуі ықтимал, - деді хатшы. – Солай болады екен деп социализмнің керуен көшін тоқтата алмаймыз, Еркебаев. Халыққа түсіндіріңдер, олар біздің ісімізге сенеді, олар барлық қиындықты жеңіп шығады. Көп ұзамай экскаватор да келіп қалар. Шөміш бөгені қалай да
екі жылда іске қосылуға тиіс, онымен елу мың гектар жер суару белгіленуде, елу мың, солай, жолдас Еркебаев, елу мың гектар! Ал Қарасу цемент заводының маңызын сіз білуге тиіссіз. Төлеп бар жайды Харитоновқа жеткізді. - Хатшынікі дұрыс. Жоқтан бар жасауға мәжбүрміз, - деді Харитонов. - Әйтпеген күнде бізге ешкім еш нәрсе істеп бермейді. Киіз үйлер тігіліп, жертөрелер дайындалғанмен, алғашқы қар жауып, ызғырық тұрысымен адамдардың берекесі кетті. Жер тоң, титықтаған елдің қимылы болса да сылбыр. Жамау-жасқау киім, жарытымсыз талқан қайбір бойға қуат. Харитонов пен Төлеп жұртты таратып алмаудың барлық амалын жасап бақты. Екі жүз жігітті бөліп алып, Жаманталдан бір қыстық отын дайындап, Иірсу, Шоқпар, Сұлутөр, Суалма, Көкадыр, Соғанды, Қызылтас, Қаракемер ауылдарынан азық-түлік жиналды. Декабрьдің соңын ала Баяндының әйгілі ақ бораны басталысымен, жағдай мүлде қиындады. Ешкілідегі жеркепелер мен киіз үйлер белуардан қар астында. Тырнақтарының көбесіне дейін мұз болып қатқан жұрт өз қимылдарына өздері жылынудан басқа амалдың қалмағанын білді, тізеден қар кешіп, тастан от шығарып, сүймен сілтеп ерен еңбекпен қыздырынды. - Япыр-ау, бұл асудың бораны қыс бойы соға ма? – деді Харитонов. Төлеп күрсінді: - Күллі шығыстың бұрынғы азап-шерін айтып айлар бойы аңырайтын Баяндытау желі ғой бұл, - дейтін менің әкем. – Халіміз мүшкіл, енді не істейміз? - Не істейтініміз белгілі емес пе? - Көпе-көрінеу өлімге қиямыз ба жұртты? - Ұлы жол ұлы құрбандықты қалайтын болса, шегінер жер қайсы. - Олардың алдындағы ертеңгі жауапкершілікті қайтеміз? - Біздің еншімізге қайткен күнде жол салу тиіп отырса, мен оған бейілмін, әйтеуір, бел буу керек қой тәуекелге, - деді Төлеп. – Сен оны менен де жақсы білесің. - Сен әкем осы асуға алғаш арба жолын салған дедің бе? - Бұрынырақта Сұлутөр арқылы Соғанды жағалап Баянды асуын арбамен асқан, шынында, менің әкем. Ол кезде Аманжолдың Мамырханы деген Аңрахай болысына атқосшы болған кісі. Кейін осы Ешкіліге жалғыз үй көшіп кеп бекет салдырған. Онда менің бес-алты жасар кезім. Әкем: “Әй, балам, мына асуды көремісің, - деген маған есік алдына жетелеп шығып, - көрсең осыған даңғыраған жол саламыз, ойлағаныма жете алмасам, оны іске асыру саған аманат, өзің жеткен жерден ары жалғастыруды өз балаңа сен аманат етерсің”, - деп маған өсиет қалдырып еді. Екеуінің әңгімесі осы араға келгенде, есікті жұлқа ашып біреу кірді. - Аттарды сойып жатыр. Бәрі далаға ұмтылды. Жеркепелер мен киіз үйлердің арасындағы шағын алаңқайда бір топ жұрт үймелеп қалыпты. Аспанға ыстық буы ұшады. Төлеп кемелеп жұрттың арасына кіре алмасын білді де, ықтасында тұрған айғырына жүгірді.
- Тоқтатыңдар! – Төлеп айғырды сауырға сабап ат сойып жатқан топтың ортасына жарып кірді. – Арбаның аттарын союды бастаған кім? - Мен, - деді аузы-басын түгел түк басқан еңгезердей біреу кеудесін соғып. – Мен! - Қалай колың барды ит? - Айғайың өзіңе, - деді анау. – Аштан өле алмайды ел. - Уа, халайық! – Төлеп айнала қарап, айғай салды. – Мынау не айтып тұр. Талшық етер талқаның бар емес пе уысыңда? Өз қолдарыңды өздерің кесіп, біріңе-бірің жаулық іздегендерің не?! Әлде асудың тасын арқалап тасисыңдар ма? - Арқалап тасып жүрген жұрт аз емес,- деді анау.- Бір-бір арба беріп қойғандай жарылқауын. Ел енді төзбейді тепкіңе, кетеміз! - Кетіп көр…- деді Төлеп айғырды тебініп. - Өлтіремісің? - Жол салмай бұл жерден бірде-біреуіміз тірі кетпейміз. - Жолың өзіңе. Асудың ар жағында бауыры езіліп отырған қайбір туысың бар сонша,- деді анау қан-қан қолымен қар шеңгелдеп.- Әлде ана сары ауыз орыс па екі туып бір қалғаның. Орыссыз да, оймауытсыз да күн көргенбіз. - Қарабет! –Төлеп айғырды тебініп келіп, сегіз өрім дыраумен еңгезердей қараны қақ маңдайдан салып өтті, екі бүктетіліп жығылған оған көз салмастан біртіндеп жиналып қалған жұртқа қарап айғай салды.- Егер, сендер, өз жолдарыңды салуды білмейтін, бейшара болсаңдар, барыңдар, кетіңдер. - Әй, Еркебайдың баласы!- Әбілмейіз ұста екі аттап алға шықты.- Сенен басқалар елінің келешегін ойламайды деп кім айтты саған? Сабыр тілеп, сабаңа түс. Жұрт мұнда асық ойнағалы келген жоқ, жол салып жатыр. Үлкен жолдың бойы қашанда алыс-жұлыс, аласапыран тірлік. Біреу алға ұмтылады, біреу кейін тартады, жолыңа кесе көлденең жатып алатыны тағы бар, оны неге ұмыттың, қай дүние таза бұлақтай тұнып тұр еді. Бірді-екілінің пенделігі болған екен, жұрт біткенді бордай тоз дегенің не?! Төлеп қамшы басын ер басына бір ұрып қақ бөлді де, лақтырып жіберді. - Көптің ішінде көн де, көбең де бар. Бұрын да, қазір де солай, ертеңің де оңай болмас. Тақтайдай тегіс жолды қашан көрдің?! Осы кезде гүрс еткен мылтық даусынан дүние сілтідей тынып қалды. Төлептің соққысынан екі бүктеліп жығылған әлгі еңгезердей қараның жығылған жерінен сүйретіле тұрып, мылтық көтеріп келіп, Төлепті қарауылға алғанын, оның қолын бір жас жігіттің қағып қалғанын ешкім байқаған жоқ еді. - Атаңа нәлет!- Еңгезердей қара білегін тастай қылып ұстаған жас жігітті сілкіп, шалқасынан түсірді де, мылтықты жерге бір ұрды.- Әй, Төлеп, енді айдат мені!- деді.- Ақталар жайым жоқ, әдейілеп атып едім, қолымды қағып қалды, айдат енді. Әкең Еркебай бекет саламын деп, айдалада жалғыз қалған екен, енді айдат! Мыналар қолымды бір қағар, екінші жолы үлгертпеймін, тірі жүргің келсе, аяма! Қалың жұрт ананы бас салып, байлап тастады.
Кешкісін оны ауданға, милиция бөліміне аттандырып жіберіп, екеу ара қалғанда, Харитонов: - Мінезің де, ісің де тік, тағдырың оңай болмас,- деген Төлепке. Көп күш жұмсалып, қыруар жұмыстар атқарылғанмен, Баянды асуының жол құрылысы көрсетілген мерзімде бітпейтіндігі келер жылдың көктеміндеақ белгілі болды. Оған қоса қопарғыш зат арқылы жасалған жарылыс үстінде қазаға ұшыраған алты адамның өлімі, қыстық отын дайындау кезінде жұмыстың он тоғыз күн тоқтап қалуы, қажет болғандықтан кейде жобадан ауытқу Харитонов пен Төлепке айып болып тағылып, екеуі жауапқа тартылды. Сонда бұл қоштасуға келген әйеліне: “Жол салмақ едік, аяқтай алмадық. Медетім – ісіміздің басы бар ғой, әйтеуір, медетім сол ісімді жалғастырар деген үмітім -ұлым қолыңда”,- деген. Бар үміті мен сенімі Әсіреп еді… Осының бәрі бір сәтте санасынан зулап өткен байырғы жолшы елес сүресінен айрылып қалмау үшін жанталасып бақты. Тұлымшағы желбіреген Әсірептен басқасы бұлдыр сағымға айналып ұзап барады. Ақжал өзенінің үстін тұман басты. “Япырау-ау, ана ақ шағалалар қанатымен сабалаған Әсіреп қой!”. - Әй, Әсіреп!.. - Бірдеңе дедіңіз бе, Төке? – Имансерік қартқа үңілді. - Сөйледі, - деді Тоқмолда. – Не айтқанын аңғармай қалдым, бірақ. Сіріңкеге қол жалғашы, Әтей. Имансерік анық естіген: “Әсіреп… Иә, Әсіреп”, - деді қарт. Қарттың жүзіне үңілді. Көз аясында баданадай жалғыз тамшы жас тұр мөлдіреп. Қалайша жалғыз? Жылаған соң көз жасы көл болып неге ақпайды? Әлде жанар сөлі тартылып, ендігі қалғаны, бәлкім, осы түйір тамшы ғана ма? Кім білсін. Білгені, өмірден кететініңді біліп жату азап… - Жалпы, осы жолға таңым бар, - деді Тоқмолда қарап отырмай. – Қанша адамды алып өтіп жатыр. Мың, миллион! Бір-біріне ұқсамайды, бір-бірін танымайды, ал жүрер жолы – біреу. - О, бастан солай ғой, - деді Имансерік. – О бастан жолымыз бір, әрекетіміз әр қилы. - Бәрі пенделіктен. - Онымен көңіл жұбана ма? - Сонда жұрттың қандай ойы бар? Аяқ алысы бір болып тұрып бөлек өмір сүретіні несі? - Бәрі ниеттен. Жүрер жолды салғандар қашанда ізгілік көксеген. - Көңіл көтеретін, кісі күлетін жөнді әңгіме ести алмадық, - деді Әтей. Пиласопия дегенмен несіне бас қатыратынымызды түсінсем бұйырмасын. - Расында, - деп Тоқмолда жантая кетті. – Одан да Қайрақтының кені ашылғанын айталық, менің магазинім кеңейсе киер киімді енді темір жол бойынан іздеп әуре болмайсыңдар. - Ойбай, сіз қазір болар-болмасты бұлдап сатасыз, онда небір зәру заттарды екі бағасына ұрасыз ғой.
- Бұ күшік өстеді, - деп Тоқмолда амалсыз езу тартты. – Зәрулік тудырып жатқан жалғыз мен деймісің? - Айта түсіңізші. - Мысалы, райпоның бастығы мына бір товарларды тығып қойыңыз дейді. Сонда мен не істеймін. - Сатыңыз. - Қайтіп? Бастықтың тілін алма дейсің бе? - Товар халыққа арналған ғой. - Сен әлі… - Біздің жолдан мың сан адам өтеді, біреу болмаса біреудің қарғысы тиеді деп қорықпайсыз ба? - Ол үшін қарғыс айтса талайымыз құрып-суаламыз, жалғыз мені су алмайды, бала. Сосын, - деді Тоқмолда. – Жоқты іздей бермесеңші. Мына Төкең, мына Имекең сияқты періштелер ілкіде біреу. - Байқаймын, Шерлітас, адам қалпына екі дүниеде келе қоймас, - деді Әтей әңгіме желісін тағы бұзып. Имансерік селк етті. Көз алдына ағасы Байбосын келе қалды. Аузы басы түк-түк ағал-сағал. Күркіреудің қалың доланасынан сүмірейіп шыққаны, әкесінің алдына келіп, тізерлеп отыра қалғаны, шөпті жұлып өкіріпбақырғаны есінде. Сонда бір сұмдық үн естіп еді. Әуелі зар еңіреп жылаған Байбосынның ешкім тырс деп дыбыс шығармаған соң көзі ақшиып итше ысылдағанын көрген. Анау тісі ақсиып әркімге бір ұмтылды. Қолына түссе әкесін де, інісін де жарып тастар еді. Мынандай адамда ата-ана да, бауыр да болмайтынын біліп қатты қорықты. Осыдан кейін-ақ Имансерік Шерлітас аңызының мәнін жанымен сезініп, Аңрахай жұртымен ғасырлар бойы жасап келе жатқан азап-шері көкірегіне біржола шемен болып қатып еді. Байырғы жолшының саусағы жыбырлап, таңдайым қаңсыды деген ишара жасады. Имансеріктің әйелі аппақ дәкемен қарттың кеберсіп, соры шыққан шыт-шыт ерніне су тамызды. Төлеп қарт жайлап көзін ашты, жанарын терезеге қадады. Аспан толы жұлдыздар мөлтілдеп, қазір осының үйін бағып тұрғандай. Жұлдыздардың бетінде болар-болмас майда ақ тозаң. Жайлап өткен қалың аттының артында қалатын шаңдай баяу жүзіп жатыр. Төлеп қарттың көзі жұмыла берді. Алыста бірде кішірейіп, бірде үлкейген секілді. Әсіреп, іле Шерлітас, сосын Әсіреп…Қалың тұман сейілмейді. Қарт ой нүктесінен айрылып қалудан құты қалмай қорықты. Ұмтылып көк тұманды кешіп барады. Балауыз шамның әлсіз сәулесіндей көз ұшында жыпылық қаққан түймедей ноқат… Бар даусымен айғай салады. “Ұлы…ым…” Кекілді бала тыпыңдап қашып барады. “Ұлы…ым!.. Әсір…еп! Кетті. Әй, мынау Төрекелді ме? Жоқ… Анау ыржиды, жоқ. Төрекелді емес. Мойын жүні түте-түте, аузы қан-қан көк бөрі…” - Балам қайда? - Ол сенің балаң емес. - Қалайша? (Қасқыр да сөйлейді екен-ау). - Бала сенен безген, ол безеді сенен.
- Өтірік айтасың, адам баласы өз әкесінен безбейді! - Балаң үшін сен баяғыда өлгенсің. - Тәйт әрі. - Енді саған бала жоқ. - Сенбеймін, сұмырай, сенбеймін. Әсіребім, әне… - Қуып жет. Қуып жетіп өзінен сұра. Балауыз шамның әлсіз сәулесіндей жыпылық қаққан түймедей ноқат ұзап барады. Байырғы жолшы елес қуалады. Төрт жыл Ешкілідегі әкесінің қара орманында өлмелі шешесінен басқа ешкім жоқ еді. Бұл дүниені бірақ шиырлады ғой бұл. Соғысты. Одан қапыда тұтқынға түсіп қалды. Контузиямен. Қашты. Югославияның партиязандарына қосылып тағы жүрді қан кешіп. Елге жеңістен кейін бес жылдан соң әзер жеткен. - Қазына қайда, Әсіреп қайда? – деді Төлеп анасымен амандасып болған соң. – Апа-ау, келін мен немерең қайда? - Сен соғысқа кеткен күннің ертесіне інісі – Төрекелді келіп алып кеткен. Ұзын құлақтан естуім, Қазына байғұс қайтыпты. - Қайтқаны қалай? - Кім білсін, күйігіңді көтере алмады ма… - Төрекелді соғысқа бармаған ба? - Қайдан білейін. Қазына мен Әсірепті алып кеткеннен кейін кім көріпті оны. Өзін дырдай белсенді деп жүрген, осы жерге пәбедемен келді ғой. Төлеп қаладағы қайнысының үйін әркімнен сұрап жүріп тез-ақ тауып алды. Жұрттың білетініне қарағанда оның осал болмағаны. Мұны көргенде Төрекелді терезе алдына қойылған креслода газет оқып, таңырқап, қабағын керіп отырып қалды. - Сен қайдан жүрсің? – деді бір түрлі даусы бұзылып. - Дәм бұйырып келіп қалдық. Естуімше, Қазына… - Бес-алты жыл болды өлгеніне. - Әсіреп… - Әсіреп биыл сегізінші класта. Төлептің жүрегі аузына тығылды. Алақтап бөлменің ішіне көз салған. - Жүдеусің, - деді Төрекелді. – Осы сен бәленбай жылдан бері қайда жүрдің? - Дәм айдаған жақта да, - деп Төлеп сәл шытынап та қойды. – Енді ұлымды алып кеткелі… - Сол болмайын деп тұр. - Неге? – Төлептің даусы қатты шығып кетті. - Әсіреп қазір Таңқиев. Иә, иә, кәдімгі Аңрахайдың атақты жылқышысы Таңқының кенжесі. - Жиені де. - Жоқ, баласы. - Япыр-ау, ол Таңқының қызы – Қазынадан туды ғой, әкесі, міне, алдыңда отырған жоқпын ба?
- Бекер айтысасың, Әсіреп менің шешемнен туған, әкесі Таңқы. - О, құдай, бұл не мазағың?! – Төлеп осының бәрін өңімде көргенім шын ба дегендей айналасын қарманды. – Жазығым не? - Таңқы әулеті қашаннан кінәраты бар адаммен шатыса алмайды. Мен жауапты қызметтемін, сенеді, сыйлайды: сүттен ақ, судан тазалығым қымбат. Соғысқа кеткеннен оншақты жылда әзер оралдың. Не бітіріп, не қойғаны белгісіз деп ізіңе түссе ше. Жоқ, айналайын. Күні ертең біреу Таңқиев жолдастың жездесі Төлеп Еркебаевтың жолы қиыр-шиыр, ал жиені Әсіреп сол жаудың баласы десе…, то есть Төлепов деген фамилия Таңқы әулетіне шатыспауы керек. Балаңа жаның ашыса, жуыма. Ол – Таңқиев, Төлепов екенін ешкім білмейді. Сенің атың жалғыз менің ғана емес, оның кейін өскеніне де кедергі болады. Біз сені, сен бізді ұмыт. - Мен қан кешіп келдім, - деді Төлеп. – Әсіреп өз ұлым. - Солай-ақ болсын. Бірақ… - Таңқиев саусақтарымен тізесін қаққыштады. – Сол жылдардың оқиғасы қайталанбасына көзің жете ме? Мен баланы қайта тәрбиелеп шығардым. - Көзімнің тірісінде өз баламды өзімнен қалай тартып аласың? - Маған керегі – сенің балаң емес, басымның тазалығы. - Өмір бақи саған жоламайын, имандай шыным. Тек баламды қайтар өзіме. Таңқиев басын шайқады: - Баламды қайтар дегенің, басыңды шат дегенің. Бұл қолқаң жүрмейді. Мені сенімен байланыстырып мысымды құртып тұрған Әсіреп, егер ол жоқ болса, бүйтіп баланың фамилиясын Таңқиевқа көшіріп азапқа түспес едім. - Кісілік қайда? Адамгершілікті қайтесің? Мұндай зорлықпен қалай өмір сүресің? - Адамгершілік дейді, - Таңқиев мырс-мырс күлді. – О жағын қозғамасаңшы. - Ташкенге оқуға кетіп бара жатқаныңда, жалғыз атымды жол қаражатыңа жаратып едің, - деді Төлеп, - сен оқуда болып, әкең Таңқыны арулап көмген де мен едім… Сол кезде бөлмеге әдемі киінген он бес-он алтылардағы бозбала кіріп келген. Төлеп ұмтылып орнынан тұра алмады. Иегінде түймедей қалы бар, бұл бозбала ұлы Әсіреп еді. - Көке, - деді ол Төрекелдіге жақындап, - комсомолға өттім. Төлептің көзіне жас толып кетті. - Әсіреп… Балам… - Бойын әзер игеріп орнынан тұрды. – Мен ғой әкең… Бозбала аттап Таңқиевтың артына шықты. - Ұмытып қалдың ба, күнім. Мен Төлеп… Әкеңмін ғой… Жоқ, анау қозғалар емес, көзі бақырайып, басын шайқай берді. - Балам… Мен әкеңмін… Төлеппін… - Төлеп – менің әкем емес, - деді бозбала тағы да басын шайқап. – Төлеп – жаман адам. - Қой, күнім, әкең емес, ол – жала.
- Мен – Таңқының баласымын, - деді ұлы. – Төлеп менің әкем емес, ол – бөтен, жау. Төлептің бойы лезде мұздап, қаны қатып шыға келді. Дәл қазір ана отырған Таңқиевты бас салып бауыздап жіберуді ойлап қатты ширыққан. Бозбала дереу есікке ұмтылды. - Балам… - Көрдің бе? - Мені оның жадынан қалай өшіргенсің, Төрекелді, солай етуге бола ма, өлтірсеңші бұдан да. Балауыз шамның әлсіз сәулесіндей жыпылық қаққан түймедей ноқат жеткізер емес. Бұл ұмтылды, ұмтылған сайын анау ұзай түседі. Айғайламақ еді, жағы қарысып қалыпты, аузын аша алмады. Көк тұман қоюланып, дүниенің еңсесін баса түскен. - Имеке, - деді Тоқмолда, - Төкең ұлымен мүлде араласпаған ба? - Тағдырдың жазуы солай болды. – Имансерік аһылаған. – Баладан хабарымыз жоқ. - Қиын іс екен. Әйтсе де ұлынан бір уыс топырақ бұйырғаны қажет-ақ еді. Әйелдер жағы дастарқан жайды. Әтей әркімге бір жалтақ-жалтақ қарады. - Әкеден мүлде безуге бола ма? – деді ол көзі бажырайып. - Менің қорқынышым… - Имансерік жөткірінді, - менің қорқынышым – ілкіде бір кездесіп жүрген осындай опасыздық түптің түбінде үлкен жолға да жасалмасын деңдер. - Бұл қай сөзіңіз, Имеке? – Тоқмолда дағдарды. - Ана қиыр, мына қиырдан бұрқ-бұрқ өрт шығып жатқан жоқ па? - Ойбай, ол біздің елімізде емес қой, - деді Әтей. – Енді өзгелердің жыртығын жамаймыз ба? - Өзге жерден шыққан өрттің өзіңе келмесін қайдан білесің. - Келген күні көреміз де. - Сенің түбіңе осы ойсыздығың жетеді. - Аға, сіз қызықсыз, - деді Әтей Имансерікке ұртын бұртитып. – Ешкілінің екі-үш үйі айтты деп кім көтерген шоқпарын тастай салады? Біз сияқты жолшылардың сөзіне жердің ана шетінде, мына шетінде кім тыңдай қояды. - Білмесе қойсын, бірақ сенің жердің ана шетіне де, мына шетіне де ниетің таза, пейілің кең болсын. - Мұның барлығы кемеңгердің сөзі ғой, аға, екі ортадан қыстырылып сіз бен бізге не жоқ, - деп Әтей мырс етті. Имансеріктің жүзін қою көлеңке торлады. Ауыз үйден әйелдердің сыбыр-күбірі естілді. - Жағалы киімнен не бар екен? - Мәсінің біреуін жаңартпаса, ұят болар. - Пүлішті қайтеміз, қазір кемі он бес-жиырма метр жыртады… Имансеріктің өңі құп-қу болып кетті.
V Күн сенбіде ағыл-тегіл ақ жауын жауды. Баянды тауының үсті толқыған қалың мұнар. Дара-дара жоталардың ұштары сол мұнарға шым батып көрінбей қалған. Одан бергі жердің қоңырқай түсі жаңа түсіп келе жатқан іңірден айныса, кәне. Жайшылықта тобылғы астынан айқын көрініп қалатын сиса гүлдер көзге түспейді. Теріскейдің көгінің реңі жап-жасыл. Күн сәулесімен шаңытып, ақ таңдақ тартып тұратын жақпар тастар ақ жауынға армансыз жуынып тұр. Жолшылар жауынға малшына жүріп қимылдай берді. Күн жауында бар дүниені былай жиып қойып, қол суытып отыратын кәсіп иелері бір басқа. Мұндай жауында егіншілер ұйқыға басып үйінде жатады. Ешкілінің аяқ жағында төмендегі колхоздың егістігі бар. Қазір соған көз салсаң, қыбырлаған жанды көре алмайсың. Жауын қалай сап тыйылса, солай далаға қаптап шыға келеді. Ал жол үстінің тірлігі ақ қар – көк мұзда тәулік бойы сапырылысып жатады. Сапырылысып жататын тірліктің ыстық дәмін ойға да, қырға да жетелейтін, ана тұстың сөнгелі тұрған шырағын жағып, келесі қолаттың тұтануға әзір өртін өшіретін құдырет – жол ғана. Имансеріктің пайымдауынша, жол үсті қозғалысы адамдардың арманын, сенімін, үмітін, жеңісін, маңдай терін, ертеңіне іңкәрлігін, ізгілігін арқалайтын, осы ұлылықтарды жер жүзіне таратып беріп отыратын ғажайып құбылыс. Адам әулеті ұрпақтан-ұрпаққа қалай жалғасып келе жатса, жол да солай жалғасып, әрі күллі тірліктің ұлы көшін болашаққа өз дәуірінің жылдамдығымен өткізіп барады. Үзіліссіз қозғалысқа дем беріп, соның жауапкершілігін мойнына алған жолшылардың тірлігіне жауынның қандай қатысы бар? Оның маңдайында жазылғаны аспан айналып жерге түссе де, қара жолдың бойын демімен жылытып отыру. Имансерік пен Әтей ауыр тростарды қаз-қатар тізілген бағаналарға зорға бекітіп жатыр. - Бес адамның міндетін атқарудамыз, - деді Әтей шашын сілкіп. – Ақшасы да сол мөлшерде болса деңіз… - Имансерікке бұл әсер етпейді: - Бұйырғаны болар. - Бұйырған-сұйырғанды білмеймін, үш жүзден сынық тиын кем болса, Пірәлиннің ажалы менен. - Мәссаған, ондай ақшаны кім береді? – деп таң қалды Имансерік. – Тақияңа екі жүз де тар келмес. Әтей бұған ренжіді. - Өзіміз оңбаймыз. Кежегеміз кейін тартады да тұрады. Шетімізден ақ жүрек болып кеттік. Ақы-пұлсыз еңбек ететін уақыт емес қой қазір. Екінің бірі жинақ кассасынан шықпайды. Үй десең анау: машина керек пе, қорасында. Ал біз адал еңбегіміздің ақысын дұрыстап алмаймыз. - Батыр-ау, ақшадан қысылған жеріміз, кәне? Көштен қалып жатқан біз емес, қант-шайымызға жетерлік қаржы қай-қайсымызда да бар ғой.
- Менің жағдайым ондай қанағатты көтере алмайды, көрдіңіз ғой Тоқмолданың жағадан алғанын. Қит етсең, қарызын сұрайды. Имансерік кеңкілдеп күліп жіберді: - Айлық қолыңа тисе, он шақты күн аузың құрғамай жүреді, саған қайтіп тиын шақ келсін-ау. Әтей – қызық жігіт. Ашулануы да, жадырап шыға келуі де оп-оңай. Жаңағы түнерген жүзі лезде жылып, жымиып қоя берді. - Ондай иттігімнің бары рас. Әтей армансыз емес еді. Онысын және жиі айтады. “Тентектікпен жүріп өзім оқи алмай қалдым. Қазір қолыма кітап алып, оқи бастасам-ақ ұйқым келеді, бәрі сол кешегі жындылықтың кесірі. Оң қолының басы қалтылдаған Қайыптан қалған соң, менен не сұрайсыңдар? Ендігі арманым - анау екі баламды оқыту. Екеуін оқудың соңына саламын. Әтейдің екі баласы институтта оқып жатыр деген сөзді естіген күні, әй, бір келістіріп той жасап беретін шығармын-ау… Жоқ, күлмеңдер, шыным, оқытам… Өліп қалмасам, айтқанымда тұрамын…” Әтейдің қимылын көзімен бағып, оның арманын іштей бір қайталап шыққан Имансерік көзі кенет құлама еңістен біресе жолдың оң жағына, біресе сол жағына шығып, қалт-құлт ағып келе жатқан аппақ “Жигулиге” түсіп, денесі суық су құйып жібергендей мұздап қоя берді. Көргенін айтып ауыз жиғанша болған жоқ, “Жигулиге” қарсы төменгі айналмадан көк “Москвич” шыға келген. Жолшылар сілейіп-сілейіп тұрып қалды. Әйтеуір, әбүйір болғанда ақ “Жигули” біраз жер тайғанақтап барып “Москвичке” жетпей, жол ернеуіне бір қырын тұрып қалды. - Япыр-ай, сұмдық бола жаздады-ау! – деп Имансерік жағасын ұстады. – Жауынды күні абай болмай ма, бұлар. - Әй, бүйткен машинасы құрсын. - Өңі сұп-сұр болып кеткен Әтей аяғының астында жатқан қол басындай тасты теуіп жіберді. Имансерік ойлады: “Жолаушылар осы қайда асығады? Неге? Сапарға шыққан адамдардың жұлдыздай ағып, ұшы-қиырсыз арманға, қиялға беріліп, бақытын базарлап келе жатып “Қалай өмір сүрдім” деуге үлгермей, жарық дүниеден жалғыз сәтке жалт етіп өшсе, жолшылардың күндіз-түні бас ауыртып, балтыр сыздатқан қаракеті кімге керек? Кездейсоқ апаттан өліп кеткендер, бәлкім, дүниедегі ең адал, ең сенімді, ең қарапайым жандардың бірі шығар. Егер ол сондай болса, қаншама тамаша арман-үмітін, тигізер шапағатын, жасайтын жақсылығын өзімен бірге ала кетеді. Ол бар қасиетін беріп кетуге үлгермеді, үлгертпейтін… Жол апатын көре-біле тұра пенде шіркін асыққанын, аптыққанын қоймайды. Алдындағыны басып озуға, алдына өзгені түсірмеуге құмар. Әлде жолдың адамды алды-артына қаратпай дегбірін алатын өз құдіреті, өз заңы бар ма?” Ақ жауын ебіл-себіл. Тау басындағы қалың мұнар сәл көтерілгенімен, айналаның қоңырқай реңі өзгермеген. Қайта қара тастардың қабағы қата түскен сияқты.
Дымданып топырағы босаған соң шығар, жолдың жар жақ ернеуіне орнатып жатқан бағаналардың түбіне шылап салған цемент былқылдап қатпай қойды. Жолшылардың жұмысы өнетін емес. - Шынымды айтсам, өз басым осы жолдан қорқам да, - деді Әтей. - Жол емес, сол жолды басып келе жатқандардың дегбірсіздігінен қорық, - деді Имансерік. Асу бойында машиналар ары-бері үздіксіз өтіп жатыр. Анда-санда “Икарустар” өтеді. Кейінгі жылдары жол үстінде осы автобустар көбейіп алды. Қазір не көп, жолаушы көп: біреу қызмет бабымен, біреу қыдырыстап, енді біреу базар нарқын білу үшін жолға шыға салады. Машина шіркінге жол алыс емес. Сенің міндетің – нысанаңа жеткенше отыру, оған дейінгі тағдырыңның жауапкершілігі жүргізушіде. Енді ойланбай көр. Егер әрбір адам өмірді жол, әрі автобус деп ойлап, өзін жүргізушідей сезінсе… Имансеріктің көзі – Шерлітаста. “Енді қанша жылдар тұрар екенсің осылай. Мен сенен жиіркенем. Мен сенен қорқам… Мен баяғыда сүйегі қурап кеткен опасыз ағам Байбосынды кейде түсімде көріп, айлар бойы аты жоқ дерттен ауырып жүрем… Еш нәрсе, ешкім де ұмытылмауға тиіс… бәрімізде өмірбаян бар, бәріміздің өмірбаянымызда көздің жасы бар… Мен де зар еңірегем… Мен де өмір бойы өкініште кете жаздағам…” Имансеріктің ойы алысқа кетті. 1949 жылдың көктемі еді. Бірер жылдар тоқтап қалған Баянды асуының жол құрылысын аяқтау және асфальт төсеу жұмысы қайта қолға алынды. Халық құрылысы жарияланып, оған үш мың адам бас қосты. Қар суымен беттерін шайып, жусан жастанған жұрт күрек-сүймендерін шындап, тас қашап, топырақ қопсытып, дүниені басына көтерген. Жанған оттай лап қойған тірліктің асау ағысы таңның атысынан күн батқанға дейін буырқанады. Баянды асуының жұлдызды түндері қым-қуыт қаракеттен сілесі қатып шаңыта берген. Жиырмаға енді иек артқан Имансерік Төлептің меншілер бригадасына жазылды. Бригаданың мүшелерінің көпшілігі отыз жетінші жылы осы жолдың басын бастаған, асуға алғаш сүймен Аңрахайдың ысқаяқтарынан. Апыр-ау, мұндай қан мен терді қатар сыққан қаракетті кім көрген. Сүймен ұрған, кетпен шапқан, күрек салған қым-қуыт қимылдың жотасынан ұшқан ыстық бу. Баянды тауының биік шоқыларының демімен шыжғырып, қайрақ тастарды балқытып бара жатты. Соның қызуын медет етіп, е, бәрекелде, дескен елдің көкірегінде ақ уыз арманмен мұндалап, ертеңдердің күміс қоңырауы күмбірлейтін. - Қу соғыс болмағанда, баяғыдан бітетін шаруа еді, - деседі ел. - Әлгі Харитоновтың тағдырынан хабар білетіндер бар ма? - Төлеп не дейді?.. - Кім білсін, содан кейін көрген жоқпын, кім білсін, - деді Төлеп. – Ажалсыз болса тірі…. Қолы жұмыстағы жұрттың аузында сөз, көкейінде сауал. Бір мезет пәлсапа соғады. - Бәрі өтеді, жол қалады, - деседі.
- Оған кімнің дауы бар. Адамның соңында ісі қалды, жазу солай. “Түйетабанға” дейін келген жол анау жылдардағы жеті жүз адамның қаны мен тері емес пе. - Гәп сонда ғой, гәп соны білетіндігімізде. Гәп келе жатқандардың жүрер жолын салып, кетуде… - Бәрекелде… Жүз жылдан кейін қайта көрсек, жүз жылдан кейін, ей, ағайын, бұл жолды біз салғанбыз десек… Сенер ме еді? - Неге сенбейді? Өткеннің қаракеті өмір сүріп жүргендердің жадынан өшпейді. Әңгіме жолды кімнің иеленетіндігінде. - Баянды батырдай адал адамдар дүниеге келуін тоқтатпас. Қатып қалған қара тасқа сүйменді құлшақтай ұрған, жалаңаш-жалпы жұрт өмір бақи ешкімнің тісі батпай қойған асқар таудың қолқасын суырып, бүкіл болмысын солқылдатып жатқандай еді. Тас, топырақ үйілген арбаларды ышқына сүйреп, ыңыршағы айналған аттардың кетілген тұяқтарынан шып-шып қан шығатын. Жол құрылысын қыста да жүргізе беру жөнінде алынған нұсқаудан кейін кейбіреулер солқылдай бастады. Асудың күзгі қара суығын көріп тіксінген анау жылдардың әңгімесінен хабардар жұрттың арасында бірлі-жарым қобалжи бастады. Таң қараңғысы еді. Имансерік көр-жерін апыл-ғұпыл жинастыра бастады. Мохорка орап отырған Төлеп иегін көтерген. - Мұның не? - Кетем. Жол маған қол емес екен. - Әй, Имансерік… - Кетем. Үйге барам. - Сен әуелі тыңда. - Жол салып жатырмыз ғой, батыр, бұдан да қиын кезде шыдағанбыз. - Одан ары. Мен кетем. - Жұрт не дейд, Имансерік? - Менде қандай ақыларыңыз бар? - Жол салып жатырмыз деп отырған жоқпыз ба саған. - Салусыз қалсын. - …Әй, сен, жынды болып қалған шығарсың! Имансерік үндемей қойды. - Сен бүкіл Баянды әулетін жерге қаратқалы отырғаныңды түсінемісің. - Қай Баянды… Төлептің жүзі түтеп қоя берді. Жез мұрттары тікірейіп, быт-шыт болып кеткен. Имансеріктің білегінен шап беріп, өзіне жұлқа тартты. - Қай Баянды деші… Шыққан тегіңді ұмытайын деген екенсің ғой, албасты. - Жіберіңіз. - Қай Баянды, - деді-ау? Ә, әй, естимісіңдер? – Мына иттің баласы бәле бастап отыр. Ұйқылы-ояу жатқандар бастарын көтерді: - Не болып қалды?
Имансерік қолын жұлып алған. Сосын буып-түйіп қойған көр-жерін бір тепті. - Шыдай алмаймын, төзімім таусылды, кетем. - Өзге жұрт ше? Осы жолдың бодауында үш мың адам жүр. Кеше Әбілмейіз кетпенші аяғы тайып жардан құлап өлді, дімкәс жігіттердің біразы төсек тартып жатыр, қайласын тастап қашқаны бар ма соның… - Маған десе түгел қырылсын, мен өле алмаймын. Төлеп керегеде ілулі тұрған дырауды жұлып алды, сосын көз іліспес шапшаңдықпен мұны екі жауырынның ортасы осы-ау деп тартып жіберген. Имансеріктің көз алдында дүние төңкеріліп жүре берді. - Сен итті мен өз қолыммен өлтірейін, - дырау қыр жотасын тіліп өткенде, Имансерік екі бүктеліп құлап түсті. – Қай Баянды дейді бұл, өзгелер өле берсін дейді бұл. Сенің ағаң Байбосыннан айырмаң жоқ екен ғой. Имансерік басын жұлып алды. О, сұмдық! “Мен де сондаймын ба?!” - Аға! Айнала қоршағандар шегіне берген. - Аға!.. ағалар!.. Кешіріңдер! – Имансерік аласұрды. Ол тізерледі. Таяқ жегені үшін емес, баршаның қаны мен терін сығып алып жатқан қаракеттен басын алып қашуға ниет еткен әлсіздігіне налыды. “Сенің Байбосыннан айырмаң жоқ”, - деген сәтте ес жиған еді. Байбосынның атын естігенде елдің көз алдында ұяттан, намыстан өліп кетуге аз қалды. Сол күні күздің дауылды қара суығы тобылғының бұталарын шырт-шырт сындырып, майда қиыршық тастарды көбелекше ойнатқан. Сол күні сәске ауа тас қынасын шайып, өкпек желмен жан-жағын сабалап қара нөсер жауған. Аспан қара судың түбіндей түнеріп кетті. Күндіздің өзі ымырттан айырғысыз. Сонда да қалың ел қайла-күректерін сүйретіп тас қашады. Босаған топыраққа тобығына дейін кірген аяқтар көтерілген сайын жыртық аяқ киімнің тұмсығынан ақ жем тілім-тілім саусақтар көкбеңбек болып көрінеді. Су киімдері денелеріне жабысып ала шапқын: сәл іркілсе дүрс-дүрс соғып тұрған ыстық жүректері суып, соғысынан жаңылып қалатындай жанталасады. Адамның қорқатыны соңғы демі… Бір қызығы ол соңғы демінің түгесілетініне сенбейді. Үміт, шіркін, сенім, шіркін, сондай. Сырттай аянышты болып көрінген осы жұрттың қайсысының жүзіне үңілсең де, тірлігіне өлшеусіз құштарлық нышаны алаулайды, неткен құпия, неткен құдіретті жаратылыс бұл адам?.. Имансерік шекпенін қаусырынып, дөңгелек бөркін баса киіп ұзақ тұрған. Қара нөсер үздіксіз жауған. Ілкіде күшейіп, тіпті сатырлап өтеді. Күллі әлем ағыл-тегіл, әп-сәтте жылғалармен жауын суы шапқылады, шұбырған ат-арбалардың дөңгелегі топыраққа шабақтарына дейін кіріп кетсе де толассыз айналып барады. Ешбір құдырет оны тоқтата алатын емес. Өкпек жел қара нөсерді алып қашып аласұрады-ай келіп. - Неге жылайсың? – деді жанына тоқтаған арбакештің бірі. - Жігіт адам жылай ма екен? Қуансаңшы. Біраз жерге жол салған жоқпыз ба, ел екенімізді, жұрт екенімізді көрсеткен жоқпыз ба? Жолың болғыр-ей, күлсеңші.
Имансерік шапанының белін шарт буып, сүйменіне жармасқан. Жексенбі – демалыс күні, әркімнің өз ермегі бар. Имансерік ескі “Беларусын” айналдырады. Тозығы жеткен неменің о жер, бұ жерін қарамаса бола ма, ілдәлап әзер жүр. Әтейдің жағалайтыны – Тоқмолда. Қарызға арақ сұрайды, ананың көңілі келсе бірлесіп бірер жүзді тартып алатындары бар. Ал сосын армандарын айтысады. Әтей өзінің оқи алмай қалғанын, енді анау екі баласын қайтсе де қатарға қосатынын әңгімелейді. “Егер биыл жанымызға адам берілмесе, Пірәлинді төбемнің шұқыры көрсін”, - деп те қояды. Тоқмолда таяуда тексеріс келіп қалуы мүмкін екенін, есеп-қисаптың құйтырқысын айтып, қарадан-қарап опынады. Бейнетпен жиған малының жазғы-қысқы қамын жейді. Кісінің көңілін демеуді білетін Әтей ме: - Сізге қиын, - дейді. – Ұрпақсыз өту сұмдық қой, аға. Жиған-тергеніңіз кімге қалады? Тоқмолданың көз жасы дайын. “Осы сөзді естімейін деп сонау жер түбінен келмедім бе мына таудың сағасына. Туған ауылымнан қубастығымды алып қашып едім”, - дейді. Оның солтүстік жақтан көшіп келгеніне екі жылдай болып қалған. Имансерік Тоқмолданың мінезіне көп түсіне бермейді. Жолай тоқтаған жүргіншінің оған ренжімей аттанғанын көрген емес. Арадағы әңгімесі көбіне былай болып келеді. - Ойпыр-ай, сізде баға сұмдық артық қой, - дейді жүргінші. - Мынадай ыстықта жалаң судың өзі алтынға пара-пар, - деп Тоқмолда кеңкілдеп күліп алады. – Алыстан тасылып әкелетін болған соң, біздің товарларға үстеме баға қойылады, жолаушым. - Бірақ сонша қоспайтын шығар. - Маған сенбесең, райпоға бар, айналайын, - дейді Тоқмолда. – Күмәнданғандарың сөйтіңдер. Үлкен жолдың бойында кетіп бара барған жүргіншілердің айдаладағы райпоға бұрылып бармайтынын Тоқмолда біледі. “Осың не?” – деп Имансерік ренжісе, “Имеке, сауданың өз заңы бар”, - деп бет бақтырмайды. Жол жиегіндегі жарбиған магазинге қазір де ара-тұра біреулер тоқтап кетіп жатыр. Әшейінде, ұзын бойы қоғадай иіліп Әтей магазиннің алдында Тоқмолдамен көр-жерді сөз қылып тұрушы еді, бүгін шаш алдырамын деп ауданға кетіпті, қашан ораларын кім білсін. Имансерік “Беларусьтің” моторына ұзақ үңілді. Таяудан бері моторда тық-тық еткен бөгде бір дыбыс бар. Пірәлин сөзінде тұрса, биыл жаңа трактор бермек. Тіпті бульдозерді де жаңалаймын деп күпінген. Ана жолы келгенде мақтау алдық, соның бәрі ең алдымен Ешкілі жолшыларының арқасы деп кетіп еді, енді берген уәдесінде тұратын шығар-ау. Төлеп қарттың үйінің шатырынан бір жабайы кептер ұшып шықты. Байырғы жолшы жатып қалғалы бері Имансерік жалғызсырап-ақ жүр. Мұндайда қарт желке тұсқа шоқиып алып, алдағы күннің қажеттерін
саусақпен санап отырушы еді. “Асудың өн бойындағы шұғыл бұрылыстардың барлығын тік, тегіс жолға айналдыратын мезгіл жетті, қауіпті тұсты көре тұра, елемей жүре беруден тауып жатқанымыз шамалы, - деді. – Маған тағы бір ғұмыр берсе, көкейімдегінің барлығын істер едім, қайтейін-ай!..” Кейде екеуден-екеу сырласар еді. - Анау балаларыңның ойында не бар? – деп сұрайды байырғы жолшы. - Дәм бұйырған жерде қызметтерін істеп жатыр ғой, - дейтін бұл. – Үлкен ұлым су шаруашылығы жағында емес пе еді, облысқа ауысамын деп жүр. - Мен әлгі жолдың оқуындағы кетік қараны айтып отырмын. - О күшіктің екі жылы қалды. - Қағазың қолға тиісімен, жан-жағыңа алаңдамай тура осы өзіміздің Ешкіліге кел деу керек қой оған. - Өзінің іздегені де сол емес пе? - Бала кезінде: “Өскенде жер дүниені өздігінен айналып тұратын әптаматты жол салам!” – деп… Сол кеттік қараның қиялына таңым бар. – Төлеп қарт мәз болатын. - Ешкім кедергі жасамаса, адам оны да істейді. Жақсылық жасалмай қоймайды. - Төке, бұл тірлікте жақсы істің бәрі есте қала ма, қалай? - Бұл тірлікте ұмытылмайтын екі нәрсе бар, бірі – адамның жақсы ісі, екіншісі – жаман ісі, - деп еді Төлеп. Қарт дұрыс айтты деп ойлады Имансерік. Ұмытылмайтын сол екеуі. Жақсылық та, жамандық та жатсаң-тұрсаң көкейіңнен кетпейді. Бір мерейіңді өсіріп, бірі жаныңды жегідей жейді. Кешегі Баянды мен Шер бір анадан туды ғой. Кешегі Байбосынмен бұл емшектес емес пе? Қаншама жылдар өтті, қаншама сулар ағып, қар еріді, бірақ Байбосынның опасыздығы өкшелеп қалса, кәне. Не себепті ұмытылмайды? Көз алдына көлденең тұрып алып өмір-бақи бетіне шіркеу болып келе жатқан жоқ па: қазір, екінің бірі оны көлденең тарта берген соң ғана, оқта-текте тіл қатып қалып жүр. Болмаса, ұзақ жылдар ананың арамдығы мен мынаның пенделігін көріп тұрып, көпе-көрінеу тіс жармады. Дүниеде үнсіздіктен асқан қорлық, қорқыныш жоқ. Үнсіздік – қарақан бастың қорғанысы. Үнсіздік - кінәлілердің тартатын жазасы. Байбосынмен бір туғаны үшін Имансерік осының бәріне көніпті. Опасызбен емшектес адамның елге пәтуа айтуға кісілік құқы жоқ деп келді. Жер бетінде алды-арты сүттен ақ, судан таза адам көп қой, жамандық атаулының бетіне солар түкірсін, соларға бәрі жарасады, солардың қолынан бәрі келеді деп ойлапты. Жамандыққа жаны сыздаса да бұл сияқты өмір бойы үнсіз жүргендер көп шығар? Адам атаулыдан жамандық сол себепті өкшелеп қалмай келеді. Өмірдің соры – көрдім-білдімі жоқтар болса, одан қорқынышты не бар. Тоқмолданың үйінің жанында “Цементовоз” тұр. Әрине, бекер тұрмайды. Тоқмолда өзіне пайда түсер жерді біледі. Кішкене болса да магазиннің қазына аты бар. Ешкілі тоғыз жолдың торабында тұрған соң, дүниенің төрт құбыласынан келімді-кетімді көп. Көбіне-көп айнадағы колхоз, совхоздың
машиналы адамдары үзбей қатынап тұрады. Сонау Суалмадан, Керу мен Қаракемерден Ақдолыға мал айдантындардың да жолы осы, соның қайқайсысы да Тоқмолдамен көңілі жақын. Шаршап-шалдығып келе жатқандарға сатушы барын аямайды. Ертесіне қозысын тоқтыға, тоқтысын қойға дегендей малдарын айырбастап алып қалады, арақ өтіп кеткендері бірлі-жарым қозы-лақты басы бүтін беріп кетеді. Имансерік аяңдап сатушының үйіне келді. Аулада аумағы едәуір цемент жатыр. - Саудагерлікті қашан тыясыз, Тоқа? - Мұндайыңыз жоқ еді, Имеке, не болып барасыз? Шынымды айтайын, соңғы күндері дәл бір басқа жақтан келген адамдай боласыз да тұрасыз маған. - Мен үнсіздіктен зәрезап болған адаммын. - Біз қан кешкенбіз, Имеке. Өзіміз қорғаған өкіметтен бір уыс несібемізді қайтып алсақ та хақымыз бар, - Тоқмолда цементтің үстіне брезент сүйреп әкеп жатты. – Періште болып шекесі қызған ешкімді көрмедік, әне! – деп ол қолымен Төлеп қарттың үйін көрсетті. - Әне, әлемдегі ақ жүрек адамның бірі, бір сабақ жібі жоқ үйінде. Үйі демекші, ол да қазынанікі. - Сізде кісіліктің жұқанасы қалмай бара жатыр, Тоқа. Ескертіп қояйын, шаруаңыздан ши шығып, куә қажет болса, менен жақсылық күтпеңіз, - деп Имансерік бұрылып жүре берген. – Сабақ жіп деуін көрдің бе? Сорлылар-ай, - деп кіжінді, - Сабақ жіп іздегенше, кісілікті айтсаңдаршы… Кешкісін жолшылар әдеттегідей Төлеп қарттың үйіне жиналған. Байырғы жолшы со қалпы, қан-сөлсіз жүзі қатып-семіп әбден қуарған, арып-ашып, азап-шерге армансыз берілген кейіп. Кеудесінің терең түкпірінен бір сырыл талып жетіп, жаныңды жегідей жейді. Отырғандардың абыр-дабыры ауруға дем берді ме, ол жайлап қабағын көтерді… Біз ғажап кезде өмір сүрдік. Біз көрмегеннің бәрін көрдік, біз барлық апаттан аман қалдық, біз қан майданда жеңіспен шықтық, біз жол салдық… Бәрін көрдім. Ендігі ұрпаққа тілейтінім – тағдырынан биік тұрса екен. Тосын, ешкім ешқашан күтпеген ауыр соққыдан да үстем болып шығуға міндеттісіңдер. Ұлы жол - өздеріңе аманат. Ұлы жолды салған біздің рухымызды еске алып қойсаңдар, ұмытпасаңдар екен. Сендерге оңай болады деп жатқаным жоқ. О, не дегендерің… Бүтіндерсіңдер, тегістерсіңдер! Қара жолда жақсы мен жамандар сапарлас. Қара жол - өліспей-беріспейтіндердің сілкілескен майданы. Дұшпан аяқтан тартады, сен алға ұмтыласың. Сендердің артықшылықтарың алға ұмтылатындықтарыңда. Соны білгендіктен де, мен өлімнен қорықпаймын. Адамды өлім емес, мақсат қинайды. Ажал шіркін кеудеңе қонақтап, алқымыңнан алып отырса да, мақсат бұлағын атқылауын тоқтатпайды. Бұған дейін бойда қуат бар кезде жолдың даңғырай беруін, жолаушының апатқа ұшырамауын мақсат етсем, дәл қазір, осы минутта Баянды батыр мен түбінде осы үлкен жолдың бойы болады деп “Ешкіліге” бекет салған әкем Еркебайға ескерткіш орнатуды соңғы арманыма санап жатырмын. Соны сендерге аманат етсем деймін. Ешкім де, еш нәрсе де ұмытылмауы керек қой. Енді мың жылдан кейін
Ешкілінің адамдары Баянды батырды білсе, мынау ескерткіш сол Баяндының жолымен жүрген Еркебай әкеміз екен десе, баланың атаға құрметі ұрпақтанұрпаққа өшпес өнеге болып жалғаспай ма… Байырғы жолшы көзін жұмды, төсек тартып жығылғалы бері санасын әлсін-әлсін иектей беретін ақ тұман қайта анталап қоя берген, бұл жолы қарсылық жасаған жоқ, денесін бос тастап сұлық жатып алды. Әтей өзінен-өзі босап: - Қайран атам-ай! – деп қояды қайта-қайта Төлеп қартқа қарап. Имансерік елдің сөзін бірде естіп, бірде естімей тұнжырап отыр. Байырғы жолшы көзін тағы ашты. “Батыр-ай, жүзіңді мұң торлапты ғой. Қабырғаң қайысты ма ақыры. Жақсы мен жаманға жаның ауырса, оған жабырқама, рухы мықты адамның қашанда іздейтіні қиындық!.. Оның артында ғажайып өмір бар. Тыңдап отырмысың? Баяғыда білгенімді саған айттым ғой. Бәлкім, менің өмірім өнеге болмас, жақсы болсын, жаман болсын, ол – ешкімнің таласы жоқ өз өмірбаяным. Сен одан керегіңді ғана аласың, басқасы тағдырыңның сыбағасында. Батыр-ай, жүзіңді ой торлапты ғой. Мені де сол ой алқымдап жатыр…” Қарттың санасында баяғы тұман үдере көшті… Қалың ағаштардың арасын кезіп жүр. Жапырағы жоқ, тырбиған жалаңаш жалғыз түп ағаштың кір-кір бұтағында қанаты қырқылған қара қарға отыр, өзге бұтақтарда үздікүздік ақ шыт салбырайды… Тұман сап-салқын, ала құйындап өтіп жатыр, өтіп жатыр… Төлеп жерден қол басындай кесек алып, қара қарғаға қарай жіберіп қалып еді, ол қалбаң етіп екінші бұтаққа барып отырды. Бұл жерге тағы еңкейген… “О, сұмдық. Қара қарға қарқ-қарқ күледі. Әй!.. Мынау Төрекелді!.. Иә, сол!.. Япыр-ау, бұл қайдан жүр? Қара қарға қайда? Төрекелді…” - Әй, сен қайдан пайда болдың, пәлекет? - Естігем жоқ, қатты айтшы, - дейді анау. - Аруақ ұрғыр-ай!.. (Қарға да сөйлей ме?) - Түк естімеймін, түк естілмейді. - Не болған саған? - Қаттырақ айтшы айналайын, қаттырақ. - О, опасыз… Ұлым қайда?.. - Оны қайтесің?.. – Қарға қүңқ етті. - Ұлымды қайтар. - Әлі күдер үзбедің бе? - Адамның үміті кесілмейді. - Өлгенше бос сөзді малданып өтер болдың ғой. - Бос сөз емес, ол – менің өмірімнің мәні. - Мән деймісің. Соны іздегенде тапқаның қайсы, ылғи таяқ жеумен келесің, әлде мұным өтірік пе?.. Соғыстан кейінгі жетінші жылды алшы есіңе. Қарт санасында өткен күннің үзігі… Атадан балаға жалғасып келе жатқан аңыз ес біле қандарына сіңген Аңрахайдың Төлеп бас болған азаматтары опасыздықты еске салып, ескертіп отыратын Шерлітасты бұза алмайды,
жобадан ауытқып сүймендерін соның жанындағы алып жартасқа ұрған. Жоба бойынша жол Шерлітастың үстінен өтуге тиіс еді, соны айтты. Құрылыс бастығы шала бүлінгенімен, өз кінәларын күндіз-түні жұмыс істеумен жуып жатқан сүйменшілердің әлгіндей әрекетке бару себебін естіп, түсінген әрі таң қалған. Амал не, жартасты үңгіп жатқан кездерінде сүйменшінің бірін оқыс тас басып мерт болды да, шатақ бұрқ етті. Бәріне кінәлі Төлеп болып шықты. Байырғы жолшының көз алдын тағы мұнар басты. Әне, жапырағы жоқ, жарбиған жалғыз түп ағаш… Кір-кір бұтағында жаңағы қара қарға. - Шерлітас сенің қаперіңнен неге шықпайды? Онда не шаруаң бар соншалық? – дейді қарқ-қарқ етіп. - Оның опасыздықтың белгісі екені қалай шықты жадыңнан. - Ақымақ! Ол ертегі емес пе? Тегі түсіне алмай-ақ қойдым сені. - Өйткені сен адам емес, қарғасың. - Оны қоя тұр. Сендердің айтуыңша, Шерлітас опасыз ұл болған, тасқа айналуы сондықтан ғой. - Дұрыс айтасың. - Ендеше ондай опасызды күл-талқан етуге неге қарсы болдың? - Шерлітасты бұзбау опасыз болғандардың мәңгі қара тасқа айналып қалатынын үрім-бұтақтың есіне салып, ескертіп отыру үшін керек еді. Атабабадан қалған өнеге… - Оның келешекке қандай қатысы бар? - Көгермейсің қарға ниет Төрекелді, сен әлі осының азабын тартасың. - Еркебаев, Еркебаев, баяғы қу мінезіңді тағдырдың кезек-кезек тиген соққылары түзей алмағанына таң қаламын, - деді қара шолақ. - Мен өзіме-өзім опасыздық жасаудан қорқам, сұмырай. (Құзғын қарға ұзақ жасайды деуші еді, қой, мен мұны құртайын). Жерден тас іздеп еді, таппады. Байырғы жолшы елестен қайта адасып қалды. - Имеке, - деді Тоқмолда. – Соғыстан кейін Төкеңнің әлгі Шерлітастың кесірінен сергелдеңге тағы ұшырағаны рас па? - Болған ондай. - Сосын Төкеңді қайтті? - Жағдай шиелінісіп жатқан кезде құрылыс ісімен танысу үшін аупарткомның жаңа хатшысы келе қалды. Өзі де бір шешен жігіт екен, жиналған жұрттың алдында: “Уақыт өтер, бірақ адам баласы Баянды асуындағы халық құрылысын, сіздердің қан мен терлеріңізді мәңгі ұмытпайды. Сіздер бақыттысыздар, бақытты болатындарыңыз – айтса сенбейтін асқан ерліктер жасау үлесіне ие болдыңыздар. Сіздер адамның үрім-бұтағы бұдан былай қалай өмір сүруге тиіс екенін таңғажайып әрекеттеріңізбен көрсетіп, оларды соған бастайтын жол салып жатырсыздар”, - деді ол. Жарықтық арамызда Әбілғазы деген қариямыз бар еді, хатшының дәл қарсы алдына барып, ескі тымағын шешіп қолына алды. Сосын Шерлітасқа байланысты оқиғаны бүге-шігесін қалдырмай айтсын. “Шырағым-ау, осында тұрған қандай дұшпандық бар, біз жау болсақ, өзің айтпақшы, үрім-бұтақтың
жолын неге салып жатырмыз?” – деп көзіне жас алды. Көзіне жас алған жалғыз ол емес еді. - Сосын? - Сосын не болсын, хатшы Төкеңді сергелдеңнен құтқарып кетті. Байырғы жолшы тамсанды. Имансеріктің әйелі аппақ дәкемен кеберсіген шыт-шыт ерінге су тамызды. Көп ұзамай қарттың қабағы көтерілді. Жанары үй ішін шолып өтті, бәрі елеңдесіп, ентелей қарады. Имансерік қарттың алақанынан сипады. - Төке… Байырғы жолшы қолын қозғалтқысы келді ме, иығының басы бір бүлк етті. - Төке, - деді Имансерік тағы да. – Бұл мен, Имансерікпін ғой. - Біреуді іздеп жатыр, - деп Тоқмолда күрсінді. – Іздеп жатыр… Алла құдай-ай… - Әй, аға?! – Манадан мойны былқылдап отырған Әтей Имансерікке ежірейді. – Осы Төкеңнің баласын айнытып алған кім? - Қайтесің оны… - Алдыңғы күні жолда көрген… Әне бір оң самайының ойығы бар қасқа бас емес пе, әйтеуір, ананы-мынаны сұрауы жаман еді. “Япыр-ай, сол шынында… - деп ойлады Имансерік. – Оң самайында бармақ басындай ойығы бар. Япыр-ау, сол, шынында… Төлепті де, Шерлітасты да біліп отыр. Аңрахай елінің жай-күйін сұрайды… Сол әлде Төрекелді ме? Ол болса менен жеті-сегіз жас үлкен: атын естігенім болмаса, көрген кезім жоқ. Елден ерте кеткен десетін… Оң самайында бармақ басындай ойығы бар… Егер сол Төрекелді болса ше? Анау жас жігіт Төкеңнің немересі ғой онда. О, сұмдық! Туған немерең ата жауыңды демеп, машинасын жүргізіп, сенің дүниеде бар екеніңді білместен тура жаныңнан жайбарақат өтіп бара жатса…” “Сол, Төрекелді, - деп түйді ойын Имансерік. – Басқа кім болушы еді? Басқа біреу өз топырағын, өз жұртын менсінбей, асқақтап сөйлей ме? Басқа біреу Төкеңді кекей ме?.. Басқа біреу туған жеріне бас имей, суын ұрттып, дәм ауыз тимей, заулап өте шыға ма?.. Төрекелді сол болса екен деп тіледі Имансерік, тірі өлік деген атқа тек сол лайық. Тірі өлікке айналу тірі жанға берілген ең ауыр жаза. Тірі өлік баянсыз бедеу ғұмыр. Қарғыс атты деген әне, сол”. Жайлап байырғы жолшыға қарап еді, дем алысы әзер білінеді. “Соңғы сағатында оның атын естімей-ақ қой, Төке, - деді Имансерік іштей. – Сен еліңнің ұлы болып тудың, еліңнің әкесі болып кетіп бара жатырсың, қартым!”
VІІ Екі күннен бері Имансерік жұмысқа шықпады. Ыңқыл-сыңқылы болмаса да, сүзектен тұрғандай реңі қан-сөлсіз. Оның көңіл-күйін күрт бұзған жай мынау: Бұрнағы күні ертеңгісін Пірәлин келген. Бұл өзі – екі жағынан пышақ жанығандай арық жігіт. Шалбарын жіп-жіңішке аяғына ыңғайлап тарылтып
ала ма, бұты сидиып көзге бір түрлі оғаш көрінеді. Өзі ұқыпты. Бас-аяғы пияздай, аяқ киіміне шаң жұқпайды. Ол машинадан түсісімен Төлеп қарттың жағдайын сұрады. - Қиын. Соңғы күндері күрт түсіп барады, - деді Имансерік күрсініп. Пірәлин де мұңайды. - Жақсы кісі еді, жарықтық, - деп бет орамалымен маңдайын сүрткіледі. – Бүкіл ғұмыры жол бүтіндеумен өтті, қалай дегенде де екінің бірінің қолынан келе қоймас сол. - О кісілердің жасына жетсек, бізде арман болмас еді… - деді Әтей тамсанып. – Бірақ қазір ауа бұзылды ғой… Алпыстан аспаймыз ба деп қорқам… - Жә, сен, қорықпа, - деп күлді Пірәлин. – Кавказға жолдама бар, зауқың соқса, бергізейін. - Жолдамамен қай жыртығымызды бүтіндейміз, одан да адам беріңіз, зорығып өлеміз аздан соң. Қайрақтының кенін тасуға тағы екі жүз КамАЗ келді, бүкіл қыс бойы асу үстінде кезекшілікте тұратын шығармыз биыл. - Сол үшін де шынжыр табан трактор және грейдер бергелі отырмыз, күзге қарай үстеріңе екі семья көшіп келеді. - Енді болмаса, кеңейіп жатқан Қайрақтының кеніне кетіп қалсам ба деп, әйелмен ақыл қосып едім. Қойдық онда. Имансерік Пірәлинге сұрау қойды: - Қайрақты кенін кеңейтіп жатқандары рас па? - Солай деседі. Жолшылар әрнені бір әңгімелеп біраз тұрды. Жолды пайдалану басқармасының бастығы істелуге тиісті шаруалардың жайына тоқталды. Қызылтас жол бөлімшесіне қарасты учаскенің тозып бара жатқанын, жұмысшылардың аздығын айта келіп: - Көпірдің жұмысын кейінге қалдыруға тура келеді, - деді. - Е, сонда енді біз Қызылтасқа барамыз ба? – деп Әтейдің жақ жүні үрпиіп, көзі алайып шыға келді. - Қызылтасқа емес, әлгі… Шерлітастың айналасын тазартып, тастопырағын тегістеу, онан кейін әдемілеп қоршау қажет болып тұр. Басшылар нұсқауы солай… Имансеріктің іші қылп етті. Көз алдына әнеугүнгі екі мөлдір қара “Волга” келе қалды. Ол Пірәлиннің бетіне оны жаңа көргендей ұзақ үңілді. - Бір апта мерзім ішінде бәрі реттелуге тиісті, - деді Пірәлин. – Келешекте айналасына ағаш отырғызып, гүл егеміз, арнайы күтім жасалады. - Біз өйте алмаймыз, - деді Имансерік, - Өйтуге болмайды. - Неге? – деп таңырқады Пірәлин аңтарыла қарап. – Қалайша? - Шерлітастың жағдайын өзің білесің ғой, батыр. - Аңыз ба айтып отырғаныңыз… Қажеті не оның? Әңгіме жол бойының сұлулығы, табиғаттың өз қолымен мүсіндеген байлығында болып отырғанда. - Шерлітас опасыздық белгісі ретінде қанымызға сіңіп кетті. Сонау жылдары Төлептерде үрім-бұтағымызға опасыздықты ескертіп, есіне салып
отырсын деп әдейі бұзбай алып қалған еді. Осылай ақ қар-көк мұздың, аптаптың өтінде жалғыз қатып-семіп тұрсын деген. - Имеке, осыны менен басқа біреу естісе, тіпті ұят болады, мен бәрін түсінемін, сөйтеді екен деп біз аңызбен өмір сүре алмаймыз ғой. - Шерлітасты сол қалпында қалдырғанда тұрған не бар, соны күтімге алмай-ақ қойса, дүниенің бір жері кеміп қала ма? Одан да осы жолдың бойына Төлептің мүсінін қойыңдар, соның айналасына гүл егіп, ағаш отырғызыңдар деп неге айтпайсыңдар? Ары-бері машиналар өтіп жатыр. Көпірге келгенде шапшаңдығын тежеп ырғалған “Икарустың” ішіндегі жолаушылар сары жилет киген жолшыларға елеусіз көз тастайды. - Осы жолы бізді қинама, батыр. Ойыңа келгеннің бәрін айт, бас тартпаймыз, ал мынаған қинама, батыр. - Ой, Имеке, болмайды ол, - Пірәлин кейістік білдірді. – Жоғарыдан келген нұсқауды далаға таста дейсіз бе?.. - Түсіндірсең, айтсаң қайтеді… - Бала болып кеткенсіз бе, естіген ел күлмей ме? Өздеріңіз айтып отырсыздар, Қайрақтының кені деп… Қазір космос заманы. Қайдағы бір тасқа уақыт қайда? Имеке, бәрін қойып бүгіннен бастап іске кірісіңіздер. Имансеріктің жүзі түтеп шыға келді: - Әй, мені Ешкіліден жер аударып жіберсеңдер де, Шерлітасқа бармаймын. - Имеке, сіз әуелі мені тыңдап алсаңызшы. Биыл осы арамен өзіміздің жол министрінің орынбасары өтіп қалуы мүмкін деп отыр ғой облыстағы бастық. Байқамаған шығарсыздар сол кісінің сапарға шығар алдында жол бойын көріп шығу үшін арнайы адамдар таяуда бұл жерден де өтіпті. Ана тас жайындағы сөз солардан шыққан. - Шықса қайтеміз, - деді жақтырмай. - Қайткенде… Қазір табиғатты қорғау, сақтау жөніндегі заңды білесіз бе?.. - Әй, бұған дейін қайда жүргенсіңдер сендер. Сол министрдің орынбасарының өтуіне қаратып қойып па едіңдер Шерлітасты. Бұ неғылған жалпаң? Мен сені жібі түзу жігіт пе деп жүрсем… Құдай біледі, мына жерді біреу өрте десе өртеп жіберетін түрің бар ғой өзіңнің! Пірәлин әрі састы, әрі ашуға булықты: - Ақсақал, көп сөзді қайтесіз, айтылды ма, айтылғанды орындау керек. Мына жігіттерге жөн сілтеудің орнына бұра тартқаныңыз мүлде жараспайды. - Шырағым, менің басымды ауыртпа бұдан былай. Имансерік атылып кетсе де бара алмайды Шерлітасқа. - Қызылтастан жолшыларды әкеліп істетсем де, бір мәнісі болады, Имеке, бірақ осы болар-болмас нәрсе үшін бет жыртысқанымыз жақсы емес. Сіз бен біздің басшылардан асып барар жеріміз жоқ, нұсқау орындалуы тиіс, заң. - Ар жағын айтпа, айналайын, жайың белгілі болды, маған. Пірәлин Имансерікті қойып, Әтейге бұрылды.
- Саған түсінікті ғой, - деді ол, - Имекең сияқты ертегіші емессің, барып іске кіріс. Ертең жаныңа екі-үш адам әзірле. Айтқан мерзімде бітіресіңдер, сыйлық сенікі. - Көреміз, - деді Әтей Имансерікке жалтақтап. – Ақылдасайық… Кім біледі… - Мен ертең жоқ, бірсігүні келіп көрем, - деп анау машинасының есігін сарт жапты. Пірәлин жүріп кеткен соң, жолшылар үн-түнсіз ұзақ отырды, Имансеріктің бет-жүзін әжім қаптап шыға келді. Зіл батпан ауыр ой желкесіне мініп алған. Жолшылардың өтінішіне өзгелер неге құлақ қоймайды? Бұлар ешқашан, ештеңе сұрап жатқан жоқ, реті келіп өтіне қалған екен… Онда да талай заманнан бері осы Баянды өңірінің адамдары жамандықтың белгісі көретін Шерлітасты мәпелемеуді сұрапты, “ә, жарайды!” демеуге қалай дәті барады? Егер сөзсіз бірдеңе істеу керек болса, ең алдымен Баянды батыр мен Төлеп қартқа мүсін соғып, осы жолды ақыпұлсыз қаны мен терін сығып беріп салған үш мың адамға ескерткіш орнатпай ма? Имансеріктің екі құлағы дыңылдап, өн бойын өрт қаулады. Пірәлиннің жер-жебіріне жетіп отыр. “Солақайлар, өмір солақайлардан еш уақытта арылып біткен емес. Аспан мен жердің арасына тұман үрлеп, екі жақтың көзін бірдей бұлдырататын, алдап, арбайтын, ақыры көңілдерін қалдырып тынатын сұмырайлар солар; олардың жағынудан өзге ештеңемен ісі жоқ, ар, ұят-намыс дегеннен жұрдай, е, соны көксемейді де. Олардың көксейтіні – қу тамағының тесігі”. - Енді не істейміз, өкпелеген баладай әр жерде шошайып отырамыз да қоямыз ба? – деп Әтей қайта сөз бастады. – Бармасақ, бармайық. - Сен жөне. Айтқан соң істетпей қоймайды бәрібір. Мен Төкеңе барайын. Отырайын жанында. Төкеңнің жанында отырмай далақтай берем бе осы. Сөйтіп кешелі бері Имансерік ауылда. Байырғы жолшының жанынан екі елі ұзап шықпайды. “Төке, - деген ол әбден шаршаған, әбден көңілі қалған наламен. – Мені естимісің, Төке?! Олар Шерлітастың айналасын тазартып, гүл егіп жатыр. Олар Шерлітасты аялап жатыр, олар бәрін әлдеқашан ұмытыпты, ата-бабадан қалған өнеге ешкімге керек емес екен”. Содан Имансерік далаға шығып кетті. Сол бойы тау сағасына жетті. Неге, қайда келеді, білмейді, екі көзі асуда. Жер дүниеде еш өзгеріс жоқ. Шалғайын жия алмай жатқан баяғы ұлы асу. Ол Шерлітастың төңірегінде мықшыңдап жатқан Әтейлерді алды есіне. “Қазір мынау адам қалпына келіп, аналарды жағасынан ала түссе”, - деп ойлады Имансерік. Имансеріктің жан дүниесі астан-кестен, қан тамырларын қуалай соғып сұп-суық леп жүрегін мұздай қарып, ыстық күнде дірдек қақтырады. Ғажайып өмірбаяны бар жолшылардың аңызға сенбейтінін, олардың көксейтіні – үрім-бұтақтың, ата-бабаның ісіне, рухына, сосын бір-біріне адалдығы екені белгілі ғой. Кімде-кім адам болып өмір сүруге, адам болып
қалуға тиісті болса, өзін адалдыққа деген ниеттен оқшау ұстай алмайтынына олардың көзі жетеді. Әңгіме адамдардың ара-қатынасы, көзқарасындағы мәңгі бітіспес тартыста. Оның көз алдынан осы жол бойынан естігендері мен көргендері түгел сүзіліп өткен. Бәрі есінде. Өмір үшін күрескен Төлептер, Төлептерді аяқтан шалған Таңқиевтер де жадында. Олар еш нәрсені, ешкімді ұмытқан жоқ. Сонда бағымыз қайсы, сорымыз қайсы? Кімді кім мұқатып жүр? Ей, әлемнің ақ жүректері, айтыңдаршы, сендер бақыттымысыңдар? Келер ұрпақтың адал өмір сүруі үшін не істедіңдер? Сендер солардың азабы болар арамдық атаулыны жойып біттіңдер ме? “Шерлітасты сән-салтанатқа бөлегелі жатыр, - деп күбірледі ол. Неге? Қасынан кейбір “үлкен” адамдар өтетіні үшін. Имансеріктің азды-көпті ғұмырында байқағаны дәрежелі адам келе жатыр десе жұртта дегбір қалмайды. Әуелі далақтап жолға қарай шабады: қисайғанды түзеттіріп, ойылғанды теңестіріп, жан-жағын тазартып…” - Тәңірім-ау, ұлы жолдың бойын “үлкендерсің-ақ” мұнтаздай етіп отыруды қашан үйренеміз. Адамдар жүрер жол әмәнда сән-салтанатқа бөленіп, сүттен ақ, судан таза даңғырап жатпас па?
VІІІ Байырғы жолшының көзі терезеден шүпірлеп көрінген Оңтүстіктің жұлдыздарында. Қандай көп. Ілкіде біреуі, екеуі, үшеуі ағып кетер, бірақ азаймайды. Азайматыны жұлдызды аспан мәңгілік. Мың-мың жылдар, миллион жылдар көк төсінің шамшырақтары самалдай жарқырап тұра береді. Төлеп қарт жұлдыз туа өзіне-өзі келген. Әйтсе де тіл қатпай, өзін жағалай отырған жолшыларды қабағымен бағып іштей тынып жатыр. Әріптестеріне қараған сайын жүрегі елжірейді. Күндіз жұмыс, түн баласы осының қасында. “Қарапайым, қара шаруа ауылдастарым-ай. Қанша жылдар бірге жүрдік. Төкелегеннен басқа бетіме қарап көрмепсің ешқайсың. Құдайдай сыйлаған шығарсыңдар-ау, мені…” Сіңірі қалай тартылады, солай санасы бұлдырайды. Баяғы ақ тұман… Дөңгелек сақиналар… Жолшылар жым-жырт. Кеседегі шайлары суып қалған. Тоқмолда болмаса, өзгесі келгелі бір тіс жармады десе де болады. Тек анау ғана арагідік сөзге қада қағып әңгімеге тартады. Онда да сол баяғы әне-мінелеп тұрған тексеріс төңірегінен ұзап шықпайды. - Байқайсыңдар ма, Төкең бүгін сергек сияқты, - деді сыбырлап қана. – Аяғының басына ісік шығыпты. Бой жазып жатпаса… Арқасын қабырғаға сүйеп мүлгіген Әтей басын көтеріп алған: - Не деп отырсыз? - О, дүние, шіркін, - деп Тоқмолда солқылдап-ақ ақлды. Мұрнын бір тартып теңселе жөнелді. – Қазір жанында баласы отырса, соншалық қиналмас па еді… Ай, бұл тағдырға дауа жоқ. - Оны несіне еске алып отырсың, - Имансерік ренжіді. – Несіне қазбалайсыңдар?..
- Айтпақшы, әнеугүнгі цемент маған бәле болып жабысты, анау-мынауға шатылып жүрсем, іздеп келетін де ешкімім жоқ, - деді Тоқмолда қамығып. Имансерік елең етті. - Әлгі шопырыңның бұрын да суық жүрісі болған ба, әйтеуір, неге екенін апарған цементін өлшеген. Бәленің басы сол. Түсте келіп: “Алған цементінің түйіріне тиюші болма, ертең-бүрсігүні милиция да келіп қалар, құдай сөйтіп атып отыр”, - деп кетті. Кім білсін… - “Арам дүниенің арты азап” деген рас болды-ау, - деп Әтей рақаттанып қалды. Байырғы жолшы санасында ақ тұман көшіп жатқанымен, ойдан арыла қойған жоқ еді. Оған мыналардың сөздері еміс-еміс естілген-ді. Төлеп қарт дәл қазір ешкімді, еш нәрсені емес, Әсірепті ойлап жатқан. Қанша жылдар әлденесін жоғалтып қойғандай алаңдады. Көзі ілініп кетсе, қалың шалғынның ортасынан табаны тесіліп, жол қарап жүрген өзін көретін түсінде. О, тәңірі, өмірбақи алаңдап жүргені, өмірбақи іздеп жүргені Әсіреп екен ғой. Ақ тұман қалыңдай түсті. Әне Әсіреп “Волга” жүргізіп барады. Жанында шолақ қанат қара қарға отыр. Қарға… Әсіреп… Жоқ, Әсіреп емес… Әсіребі тұлымшағы желбіреген шынашақтай бала еді ғой, мынау… Мынау сол баланың жұқанасы да қалмаған, жанындағы қарғаға ұқсас бөтен біреу… Әсіреп… Қарға… Төлеп қария есін әрең жиды. Денесінің тырысқаны басылыпты. Тынысы кеңіді. Мұздай су ішкісі келді. Ептеп көзін ашып еді, жолшылар үрпиіп қалыпты… “Адам екі рет ғұмыр кешеді екен. Төсек тартып жығылған бірер күннің ішінде осыған дейінгі өмірімді түгел болмаса да қайта сүріп шықтым. Ғұмыр қандай ұзақ… Шіркіннің тұла бойында ащысы, тәттісі аралас. Соның барлығы адамға бұйырған дәм. Мен айтсам, азап-шерімді айттым: көңілімдегі дақ – Төрекелдердің опасыздығы. Осындайдан кейінгі ұрпақ сақ болса дегендік сондағым. Менің өмірімнің мәні не деп сұрайсыңдар ғой. Менің өмірімнің мәні – жол ғана болыпты. Мен соны салып, соны мәпелеп, соның ғана қызығын көріппін. Жұбанышым – осы. Осы жолмен мың-сан адамдар мың-сан жыл жүріп жатса, Төлеп Еркебаевты бекер өмір сүрді, қу бас кетті деуге ешкім сенбейді. Өйткені, менің перзентім – жол, мұрагерім – соның үстіндегі мәңгілік қозғалыс. Демек, жеңіс менікі. Төрекелділер алдыма қанша көлденең жатса да, бірі жау деп жала жауып, бірі бауырымдағы баламды тартып алса да, менің жол салуға деген мұратымды аяқ асты ете алмады. Мыңдардың, миллиондардың жолын ешбір Төрекелділер бөгей алмайды. Олардың оңай жау емес екендігін білем мен. Бәлкім, талайдың әлі жылытар, жандарыңды жегідей жеп, ақылдарыңды сыздатар. Бірақ сендер жеңесіңдер. Өйткені сендерде жүрер жолға деген адалдық пен құштарлық бар. Сендер – Баянды, олар – Шерлітас. Менің медетім осындай. Мен де, сендер де Әсірепті ұмытыңдар, ол жоқ. Болса Төрекелді сияқты қарғаға айналып кеткен”. Имансерік байырғы жолшыға таяу келіп тізерледі. - Төке…
Анау үндеген жоқ. Саусақтарының ұшын жыбырлатып, қолыңды әкелші дегендей ыңғай танытты. Имансерік қарттың алақанын өзінің қолның үстіне қойып еді, байырғы жолшының кірпігі жүзіне қадалып қатып қалды… “Айтқаныңның бәрін естідім, Имансерік. Бұл маған бәрінен ауыр соқты. Көзі тіріңде Шерлітасты құрметтеуге келісім бере көрмеңдер. Онда біздің күресімізде не мән қалады? Онда Еркебайдың Төлебінің құны бір тиын. Онда мен салған жолдың, мен сүрген өмірдің ешкімге керегі жоқ. Шерлітас ұрпақтан ұрпаққа опасыздықты ескертіп тұруға тиісті белгі болып тұра беруі керек еді. Көріп отырсыңдар, оған мүмкіндік бермеді. Оны енді жер бетінен мүлде құртып жіберуден өзге не қалды?..” Ауру бетін жайлап терезеге бұрын әкетті. Оңтүстіктің жұлдыздары сол баяғысынша бал-бұл жанып тұр. - Әлдене аманат етті-ау, - деді Тоқмолда даусы дірілдеп. – О, тәңір-ай!.. - Шерлітастың әңгімесінің басы-қасында Төкең тұрғанда құдай көрсетпесін сұмдық болатын еді, - деп Әтей сыбырға көшті. - Ойбай, бұл кісі Пірәлин-Кірәлинге қарамайды ғой. - Әшейінде қырып-жойып отырасың, - деді Тоқмолда мысқылдап. – Сол күшің қайда? - Бастықты ұрып, менің миымды асты-үсті бірдей ашып кеткен деп ойлайсың ба? - Ұрып нең бар? Айтқанын істемей қой. - Учаскенің өзінен әкеліп төгеді абыройыңды. - Шырағым, көңілің қаламаған іске бір қарсылық болу керек. Мына Имансерік нағып сүзектеп тұрғандай бозарып жүр, мүлде ештеңе ойламайсың. - Жә, қойыңдаршы, - деп олардың сөзін Имансерік бұзып жіберді. – Кісінің мазасын алмаңдар! Үйдің іргесінен гүрілдеп машиналар өтіп жатыр. Жолшылардың оған құлақтары үйреніп алғаны соншалық, гүріліңді естімейді де. Әрнені бір ойлағанымен Имансеріктің көңілін қан жылатып отырған – Шерлітас. Дәл қазір бүкіл сай-сүйегі қан қақсап, миы шайқалып барды. Неге бүгін Шерлітастың айналасын тазартып, топырағын тегістеді? Қарабеттің бетіне бұрын ары-бері өткенде түкіріп өтетін еді, бүгінгілер неге мәнелеп жатыр? Шерлітас кім? Аңыз ба? Мейлі. Не болса да оны күллі Аңрахай жұрты, жолшылар жанындай жек көреді. Лағнет айтып, қарғап-сілейді. Ертелі-кеш тағдырдан: “Балаларымызға Шерлітастың жолын бермесін, оның бетін ары қылсын!” деп тілейді. Енді келіп жамандықтың белгісі екенін біле тұра, соны әсемдеуге, әдемілеуге, оны бүкіл жол бойының көркіне айналдырып, “Қараңдаршы, қандай ғажап!” деп тамсануға қалай дәтіміз барады?! Ата-бабамыздың өсиет өнегесін ұмытқанымыз ба? Имансеріктің төбе шашы тік тұрды… “Неге? Жер үстінде Төлеп қарт айтатын адалдық, әділдік қана мөлдіреп тұрмайды. Мынау адамдардың қаны мен терін сығып салған жолымен тек қана ары таза, пейілі ақ Баянды, Жолбарыс батырлар секілді, өзгенің бақыты, келешегі үшін ойланбай құрбан
болып кететін көзсіз ерлер, Төлеп сияқты қарапайым, болса да ғажайып адамдар ғана жүрмей ме? Байбосындардың бетіне түкіріп, жалғыз оқпен жалпасынан түсіргеніміз, кәне”. Байбосын есіне түскенде Имансерік қанына әбден қарайып алды. “Тумай туа шөккір! Өмір бойы азабым болып келесің сен. Ел басына күн туып, еразаматқа сын түспегенде, артың ашылмай әлі жүретін едің. Күллі дүниені лайлап, қаншама адамның көз жасына қалар едің. Біз мың жақсылығымызбен ұшпаққа шыға алмай жатқанда, Сендер жалғыз жамандықтарыңмен кісіні мәңгі азап-шерге бөлер едіңдер. Жұртты енді сендейлерден сақтасын. Енді ешкім әлдебір арамза үшін азап тартпасын өлінің кінәсін тірі арқаламасын. Құрыңдар! Құртамыз!” Имансерік атып далаға шыққан. Сол бойы “Беларусіне” қарғып мінді. Трактор дүр еткенде үйдегілер сыртқа атып-атып шықты, бірақ Имансерік олардың ешқайсысының даусын естіген жоқ. Трактор жүріп келеді. Имансеріктің қанат байлап ұшқысы келген. Әлдекім құлағына сыбырлап келе жатқандай: “Азаматсың! Сен шынында да Баянды батырдың ұрпағысың. Ұлы жолшыларға тән әрекет жасағалы барасың, жұрт сені жақсы көреді”. “Мен Шерлітасты жер бетінен мүлде құртқалы барамын, - деді бұл да дауыстап сөйлеп. – Солай ұйғардым. Төлеп қарттың да қалауы осы. Жолшылар әулетінің өз заңы бар, жолшылар әулетінің заңы – бір-біріне қылаусыз адалдық”. Ол Шерлітасқа тез-ақ жетіп келді. Түн ортасы болып қалғандікі ме, жол бойының қозғалысы күндізгідей емес сирексіген. Ай сүттей жарық. Имансерік Шерлітасты жуан троспен мықтап шандыды. Цемент құюға деп Әтейлер оның түбін бір күн кешке дейін соққылап, үңгіп тастапты. Көк “Беларусьтің” қара түтіні будақтап тасты ұзақ ырғады. Әдепкіде мүлде мызғымай қойды. Бір кезде моторы аспанға ұшып кетердей дырылдап мықшиған трактор атқып кетіп арғы қабақтағы жырлауытқа соқтыға жаздап әзер қалды. Имансеріктің қуанғаннан көзінен жас парлады. Кескен томардай болып жатқан тас түбінен морт сыныпты. “Мұны осылай тастап кетсем ертең қайта орната салады, - деп ойлады Имансерік. – Ешкімнің көзіне түспей
тін жаққа сүйреп апарайын…” Асфальт жиегімен біраз төмендеп барған соң трактор жолдан шығып ескі сүрлеуге түсті. Бұл өзі жусан басып ұмыт бола бастаған, шаңда біреу салт жүрмесе, тұяқ тие қоймайтын көне жол еді. Ол Сарымсақты қолаты арқылы Телқозы шатқалындағы терең өзенге апаратын: “Тек қыратпен өрлеп барып, терең жағына домалату керек”, - деп ойлады Имансерік. Сай ішіне бытысып өскен қурай шөптерді жапырып көк “Беларусь” баяу жылжып келеді. Жолшының көз алдына балалары елестеді. Үлкен ұлы үйлі-баранды, оның үстіне су жетелеп, егіс қуалаған тынымсыз неме қолы тиіп келе қояр деймісің. Анау жерді өздігінен айналып тұратын жол саламын деп жүрген кетік қара болмаса… “Көке, Шерлітас қайда”, - дер… “Ә, сөйттіңіз бе?” – деп қуанар…
Бойы жеңілдеп, өзін айрықша көңілді сезінді. Айнала тып-тыныш. “Осындай тыныштықтан жазбаңдар. Көңілдеріңді алаңдатқан опасыздықты құртқалы келемін. Енді сендер оның бетін көрмей-ақ қойыңдар, жер бетінде оның заты да, аты да қалмасын. Бәріміз жақсы болайық, бәріміз бақытты болайық, ұзақ жасайық. Ұрпақ өрбітейік, жол салайық. Осылардың өзіне үлгермей арманда кеткендер бар. Біз өміріміздің бірер тұсын жамандыққа жұмсап, алтын уақытты неге рәсуа етеміз? Біз өмірімізді жақсылықтың арын, абыройын сақтауға жұмсайық. Қылдай қиянатқа, иненің жасуындай арамдыққа кеңшілік болмасын”. Жолды бүтіндеу, түзетумен бірге Имансерікте тағы бір ғұмыр бойы көкейінде қонақтап жүрген арман болатын. Ол дүниенің төрт құбыласындағы барлық жолын тоғысқанын көру еді. Соған әне-міне жетеміз деп үміттенумен әлі келеді. Әттең арман, шіркін, жеткізбей-ақ қойды. Бірақ сенімі зор, көкей тескенін көретін, соның қуанышын тойлайтын күн көз алдыңа елестейді де тұрады. Өзенге жеткенде Имансерік те тракторын жолдан бұрып, жоталап жүрді. Осылай өрлей берсе, өзен жақ беті құлама жардың үстінен шығады. Шерлітасты сол жерден домалатпақ. Домалады дегенше ат құлағы бойламайтын терең суға шым батып жоғалады. Алға жылжыған сайын трактордың арасынан түнде жол тауып ілгерілеу қайдан оңай болсын. “Бұдан да сұмдығымен жүргенбіз бір кезде, - деп ойлады Имансерік. – Анау тасқа ілінсем…” Сол тұсқа жеткенде трактор бір орнында дірдек қақты. Артқа көз салған Имансерік Шерлітастың әлденеге ілініп қалғанын білді. Ойлы-қырлы биіке кері шегіну қауіпті, қалайда алға жылжып, трактордың бетін еңіске бұрып тоқтату керек. Ол газды барынша басты. Трактор солқ-солқ етеді. Кенет!.. Кенет екі қой тастың ортасына көлденең қыстырылып қалған Шерлітас кілт бері аунап, “Беларусь” жотаның үстіне ырғып шықты. Имансерік тракторды игеріп үлгере алмады, алдыңғы екі дөңгелегі тіп-тік жарға құлап түсіп, жердүние, жұлдыздар мөлт-мөлт етіп жатқан қап-қара терең қойнауға бір-ақ кеткен… Имансерік “Төкең күтіп жатыр-ау” деп қана ойлап үлгерді. Осы сағатта ешкім еш нәрсе білген жоқ. Біреулер қалың ұйқы құшағында болатын. Әлемдегі үлкен қаланың бірінде тоғыз баллдық жер сілкінгенін біреу естіп, біреу естімеді. Жер шарының енді бір пұшпағында қантөгіс ұрыстар жүріп жатты… Сол түні таңнан басталған ақ жауын екі тәулік бойы ағыл-тегіл жауды-ай кеп…
Ақкүшік
Ақкүшік алғаш қар басқан жылдың ақпанында күн мезгілінен бұрын жылынып, сірескен қардың көбесі сетіней бастаған. Ауыл сыртынан сәл аулақтағы өзеннің сарылы күннен күнге күшейіп, күндіз-түні күркірейді де
жатады. Ақкүшіктің көзі сол жақта. Иесінің солай қарай кеткеніне біраз күн. Содан қайтып оралмады. Неге? Ақкүшік оны білмейді. Иесінің ізімен тұра жүгірейін десе, байлаулы. Ары жұлқынады, бері тартынады... Иесі осы қыс үйге кешкісін үнемі ішіп келетін әдет тапқан. Ол кезде Ақкүшік байланбай бос жүретін. Құлағы селтиіп, алдынан жүгіріп шығар еді. Иесінің қалтасында бұған лақтырып берер нәпақа сөзсіз болады. Бұл қағып алған сайын анау мәз. "Тағы секірші, қане, Ақкүшік, тағы" − деп мәре-сәре. Мұның басы-көзін сипалап, ұзақ-ұзақ еркелетеді. Сол иесі енді үйде жоқ. Кетті. Сосын иесінің келіншегі мұның мойнына кайыс қарғыбау тағып, шынжырға бекітіп қойған. Өзі ертеңгісін кетіп, кешкісін келеді. Оның да Ақкүшікке ықыласы ерекше. Үйшігінің ішін күн сайын тазалап, астына төселген төрт бұрыш құрым киізді кешке қайта қағып төсеп, тамағын тостағанына толтырып қояды. Үнемі сылап-сипайды. "Ақкүшігім! Ақкүшігім!" деп ірі тарақпен ұлпа жүнін олай-бұлай жатқызып отырып алатыны бар. Ақкүшіктің ауыл иттерінен тұқымы басқа болатын. Денесі шағын, жүні ұзындау. Көздері қап-қара, дөп-дөңгелек. Иесі мұны көзін жаңа ашқанда өзеннің ар жағындағы ауылда тұратын диірменші орыс шалынан ұн тарттыруға барғанда сұрап алған. Таң ағараңдап атысымен, Ақкүшік үйшіктен басын шығарады. Ауыл иттерінің жөнді-жөнсіз әупіліне қосылып, бұл да шәуілдеп қояды. Бұрын мойнында қарғы бауы жоқ кезде секеңдеп аула кезіп кететін. Аппақ қарға аунап-аунап алудың өзі бір рақат. Қазір байлаулы. Таң атқалы біраз уақыт. Күннің кызыл шапағы таудан асып, дүние арайлана бастаған. Сықырлап үйдің есігі ашылды. Үй иесінің келіншегі келіп, мұның алдына түннен қалған тамақтың сорпа-суын кұйды. − Сәлем, Ақкүшік! Ақкүшік оның не айтып тұрғанын білмейді. Бірақ жұмсақ даусынан бойы бір түрлі жылынып кетеді. − Ішің пысты ма? Аула кезіп ойнағың келеді, ә? Қайтсем екен? Босатайын ба? Сөйтсем, мен жоқта жалғызсырап, ауладан шығып кетсең қайтем. Қазір иттің етін қуырып жейтін пәлекеттер пайда болды ғой. Сен болсаң қарашы, жұнттайсың. Біз не ішсек, соны іштің. Әй, әй, Ақкүшігімай... Қалдыбегіміз қайда біздің? Кетті ғой, мүлде кетті. Әлде, қайта орала ма?.. − келіншектің бота көздері жасаурады. − Айтқандарымды түсінсең ғой, шіркін. Сөйлей алсаң... Жаутаң-жаутаң етіп кеттің ғой, а, Ақкүшік,
босатайын ба?.. Мен жұмысқа кеткенше аула ішінде ары-бері шапқылап, бой жазып алсаң ба екен. Мейлі, сөйтші... Келіншек Ақкүшіктің қарғы бауын ағытып алды. − Ал шапқыла. Ақкүшік үйшігінен атқып шыққан. Со бойы аула ішінде күндіз бойы босап, түнге қарай қайта қатып жатқан ойдым-ойдым қардың үстімен асыр салып ойнап кетті. Шарбақтың ар жағында көршінің кәрі төбеті бір бұтын көтеріп алма ағашының діңіне сарып тұр екен, мұны көріп, жалғыз рет маңқ етті де қойды. Кәрі төбеттің ұсқыны нашар, омыртқалары шодырайып, қабырғасы ырсиып, құлпетке айналған. Ар жақтан иесінің төбесі көрінді, Жуан қарын еркек мөлиіп тұрған төбетті жанынан өте бере іштен бір теуіп қаңқ еткізді де, тауықтарына жем шаша бастады. Еркекті көрген сәтте Аккүшіктің есіне иесі түсті. Иесі... Ақкүшік шарбақтан сыртына бір-ақ карғыған. Ол бірден өзенді бетке алды. Иесінің солай қарай бара жатқанын көріп еді ғой. Қатқақтап жатқан қардың бетімен заулап отырып өзенге тез-ақ жетті. Өзен лайланып ағып жатыр екен. Ернеуінен әжептәуір асып кетіпті. Ақкүшік оған біраз қарап тұрды да, иесі екеуі диірменші орыс шалының ауылына екі-үш жолы барғанда өткен көпірді бетке алды. Көпір өзеннің өрлеуіт жағындағы өткелге ыңғайлы тұсында болатын. Оның қашан салынғанын, әйтеуір, талай жылдар екі ауылдың ара қатынасына қызмет етіп келе жатқанын, жыл сайын екі ауыл кезектесіп оңдап отырғанын, алайда соңғы кездері қараусыз қалып бара жатқанын Ақкүшік білмейтін. Ағаш көпір өзінің соңғы көргеніне қарағанда қисайыңқырап калған сияқты болып көрінді оған. Асау ағыстың шашыраған суы бағана-тіреулерін жуып жатыр. Ақкүшік заулап өте шықты. Көрші ауыл бәлендей алыс емес. Аумағы үлкен... Кезінде мұнда совхозтехникум болғаны, қазір ол колледжге айналып, оқу баяғысынша жалғасып жатқаны, анау екі қабатты үйлер солардың оқу ғимараттары мен жатақханалары екені күшікке, әрине, беймәлім. Ол тек диірменші орыс шалының үйіне алып баратын жолды ғана біледі. Диірмен ауылдың сырт жағында болатын. Соған төтелеп тартты. Бұл келіп жеткенде, орыс шалы мен иесі диірменшінің төбесі аласа екі бөлмелі үйінің кіре беріс бөлмесінде бір шөлмек самагонды аяқтап, қыз-қыз кайнап отырған. Күшік есікті тырмалап, шәу-шәу етуі сол екен, шалдың басы қылтиды. − Вот тебе, да! − деді ол. − Кого вижу... Слушай, Калдыбайчик, погледи-ка сюда.
Ашык есіктің табалдырығында талтайып тұрған диірменшінің бұтының арасынан зып берген күшік иесіне қарай тұра атылған. − Ақкүшік! − Қалдыбай итін алдына көтеріп алып, − шынымен өзіңсің бе-ей? Қалай таптың мені? Қайдан білдің осында екенімді? Күшігім... Іздеп келгенін қарай көр... Шал стол үстінде жатқан шошқаның майынан бір кесіп Ақкүшікке тастады. Өзі стол астынан үлкен шөлмек алып, тығынын аузымен жұлып тастады да, бос стакандарға мөймілдете құйып жатты. − Іздеп келді ғой, дядя Паша, − деді Қалдыбай аузынан самагон исі бұрқырап, − іздеп келді. Ит те болса сөйтті. Ит те болса... − Давай, Калдыбайчик, − диірменші шал стаканын көтерді, ит үшін ішейік. Нағыз ит адамның шын досы. Кейде адамның өзінен артық. Ит иесін қаппайды. Ал адам... Өзге түгілі өз бауырын талап тастайды. Пойми его теперь... Давай, сынок. Ішіп қойысты. − У боп кетті ғой мынау, дядя Паша. − За то арақтан таза. 90 градусы. Самодельный. Никакой криминал. А то... повсюду самопал. Люди не те... нанға например, кір жуатын парашок қосып ашытады, тушу раздувает насосом... Что не делается кругом. Все для того, чтобы разбогатеть. Тем более за счет здоровья людей. Қалдыбай Ақкүшікпен әуре. − Үй аман ба? Бекзат үйде ме?.. Жоқ ол да кетіп қалды ма?.. Бірақ қайда? Барар тау, басар жері жоқ оның. − Қалайша? − шал темекісін тұтатты. − Ерте жетім қалған. − Деддомдікі ме? − Жоқ. Ағайындарының қолында өскен. − Ни сестры, ни брата что ли?.. − Әпкесі бар. Алыста. Орысқа тиіп кеткен. − Қандай орысқа? − Вот ты даешь, дядя Паша... Кәдімгі орысқа да. Офицер. Границада. Сырттан әйелдің даусы шықты. − Павлуша! − Пришла, − деді шал. − Коварная баба. Үйге жасы қырықтардағы орыс әйелі енді. Халатының сыртынан күпәйке киіп алыпты. Аяғында пима. Тізесі жалаңаш.
− Ты что, Матрена, − деп шал әйелдің халатының етегін қара санына дейін көтерді. − Без трусов что-ли? − Уймисъ! − әйел диірменшінің қолын қағып тастады. Бірак көздері күлім қағып тұр. − Что готовить к обеду? − Потом, потом... − шал әйелге де самогон құйды. − Выйпи. Надо поговорить. − Случилось что?
− Пей, пей, − деп диірменші Қалдыбайға қарады. − Бұл қатын қазақша ноль. Но страшный жеңгетай. Пайдакүнем болғанда, сұрама. Кеше айттым ғой, үйін мына колледжге оқытушы болып келген жас қыздарға, а может байға тимеген қыздар... квартираға беріп қойған. Өзі времянкасында тұрады. Ойнаспыз. Как кошка иттің баласы. Жеп қоя жаздайды. Тоймайды. Давай, давай, давай... − О чем ты? − әйел басын көтеріп алды. − Не про меня ли? − Да нет, закусывай... − шал кеңірдегін қасып қояды. − Ал маған ыстық тамақ істеп беріп тұратын біреу керек. Иногда и того хочется... А ты не горюй, сынок. Кеше айттым, қатын табамыз саған. Хочешь ал, алмасаң ойнас қыл. Мына қатын пәтеріндегінің бірін реттейді. Әдемі жігітсің. Ей богу, қойныңа өздері қойып кетеді... Диірменді біраз оңдап алайықшы, тартамыз ұнды. Ақыңды жемеймін. Керек етсең, законно могу оформить. Мен сенің әкеңді көрдім ғой. Баяғыда ауылыңдағы қазақтар мені "ұнымызды кем бересің" − деп сабап, өлімші қылғанда, сенің әкең ажыратып алып, үйіме атқа өңгеріп жеткізіп салған. Павел Панталеев жақсылықты ұмытпайды... Ал сен қазір диірменнің сынған пәрігін шығарып таста да, далада біраз таза ауа жұт. Мен мына қатынды... Бұл қаншықтың екі бұтын кермей, жақсылық жоқ. Тамағымызды істеп бермей кете салады. Далада азанғы аяз сыныпты. Қар солқылдай бастаған. Ақкүшік диірменнің бұрышындағы үйшікке құлағы селтиіп біраз қарап тұрды. Ол осында туып еді. Енесі төрт күшік туған. Үшеуі еркек, бұл ұрғашы. Аналарды диірменші бір-бір мешок құмшекерге сатқан. Енелерін кейін әлдекімдер ұрлап әкеткен еді. Ақкүшік осы күні еш жерде жұмыс істемейтін, өздері араққа үйір жас жігіттердің итті қырып жеп жүргендерін білмейтін. Төрт-бестен бірігіп алады да, ұрлаған иттерін сойып, тұздап, бұрыштап қазанға тұтас салып қуырып тастап, таң атқанша арақ ішіп, карта соғады. Ит етіне мелдектегендер екі-үш күн тоқ жүреді.
Қазір көшеде бейсауыт жүрген ит кездеспейді. Бұрын адамдар бейсауыт жүрген адамдарға үрсін, пейлі бұзықтарды үркітсін деп иттерін түні бойы аулаға бос жіберіп қойса, қазір бейсауыт жүргендердің көзіне түспесін деп иттерін үйшікке бекітіп, шынжырлап қоятын болған. Ақкүшік секемденіп барып үйшікті ұзақ айналды. Мұрнын әлдебір таныс иіс жарып барады. Сондай таныс, сондай жағымды. Соған елтігені соншалық − үйшікке қалай кіріп кеткенін білмей де қалды. Мына үйшік өзінікінен әлдеқайда биік те, кең еді. Еденінде ескіріп, әбден тоз-тозы шыққан төсеніш жатыр. Күшіктің түйсігінде әлдебір оймақтай сәулелі алаңқай пайда болды. Тырбаңдаған төрт күшік ұзынынан сұлап жатқан енелерінің тіз қатар емшектерін борпылдата сорып жатыр. Күшіктің таңдайында өзі әлі күнге ұмытпай жүрген оқта-текте сұмдық аңсататын тәтті дәм білінді. Мұндай тәтті дәмді берітінде ешқашан татып көрген жоқ. Түйсігінде ысыған оймақтай сәулелі алаңқай лезде із-ғайып жоғалды. Күшік үйшіктен атып шыққан. Оймақтай сәулелі жарық алаңқай сыртта да жоқ. Қолында құрал-сайман, иесі шайқалып диірменнен шығып келеді екен. Бұл барып аяғына оратылды. Иесі мұны ертіп есік алдындағы жан-жағы ашық беседкаға кіріп отырды. − Көктем де шығып келеді ә, Ақкүшік, − деп қойды. − Биыл лығасың. Бірінші рет қой күшіктейтінің... Көктем шығып келеді... Өзен көтеріліп пе? Көпірді ағызып әкетпесе неғылсын. Былтыр күзде оңдап-ақ қоятын жөніміз бар еді, өйтпедік... Домбырамды ала кетпеппін өзіммен. Осындайда шертетін едік қой, Ақкүшік. Боздатар едім қазір. Бойымнан боран соғып кетер еді. Боздап, әрине. Ақкүшік иесінің қолының сыртынан жалап, бүйіріне тығыла түсті. Сағынып қалған сыңайлы. Қалдыбай ой қаузайды. ...Әкесі бірер жыл трактор жүргізген, бірер жыл есепші болған, бірер жыл қойма ұстаған ісіне адал, зіді жуас адам еді. Домбыра тартатын. Қайдан теріп алғанын кім білсін, күмбірлететіндері шерменде көңілдің шерлі шертпелері еді. Перне бойымен бес саусағын қаздаңдатқанда қара шанақтан қоғалы көлін қия алмай маз да ұшып жатады, иесінің қайқы қылыш қапыда қақ маңдайын қарыс айырып, қараң қалған қайран дүниені қайраңда қалдырып, қабағына тер, қабырғасына тер қатқан қарагер де, қападан қаңғырып кетіп бара жатады, суылдап ұшқан сұр жебе сұлатып салған сыңарын жоқтап, су жағалай ұшқан аққудың сұңқылы да сұмдық, қуғыннан қуғын көріп, құлан жортқан, құба жоннан құлдилап құмға түскен кұралайдың қырыл-сырыл
демі... Сонау Алматыдан талай-талай музыка зерттеушілер келіп әкесі тартатын күйлерді таспаға түсіріп әкетіп жатты. Бірақ бәрінің сұрағаны: "Сіз бір күйді қанша қайталасаңыз, неге сонша өзгертіп тартасыз?" "Білмеймін, дейтін әкесі. − Солай тартылып кетеді. Ерік бермейді, білмеймін". Күйші әке жалғыз ұлына домбыраны ерте ұстатты. Қолында бар болғаннан шығар Қалдыбай қара шанақты тез-ақ күмбірлетіп әкеткен. "Әттең саусақтарыңның шылдыр шүмегі икемсіз, болмаса бар ғой..." − деп әкесі өкініш білдіретін. Кейін сол сөзінен бе, домбыраны қанша ұршықтай үйірсе де, Қалдыбай оның соңына індетіп түсіп, Алматы бармады. Орта мектепті бітіріп, әскер қатарына барып келген соң, біраз жыл шаруа қожалығының астық қоймасына айналып, кейін жұрт жабыла жоғарыға жаза-жаза қайта мемлекет иелігіне кайтқан алпыс орынды ауыл клубына меңгеруші болып орналасқан. Жұмыс жаман жүрген жоқ. Үлкендердің айтуы шын болса, осы алақандай ауылға әншілік қонып кеткен. Кез келгеннің үйінде домбыра, кез келген үйде бір немесе екі әнші шығады. Күллі үйелменімен ән салып, би билейтіндер және жеткілікті. Кеш болса, ауылдың төрт құбыласы түгел азан-қазан болады да жатады. Ауыл түгел ән салып, би билеп кеткен бір түрлі екен, той-томалақ көп, қит етсе жұрт жабыла күйлетіп, әндетіп, жер тепкілеп шыға келеді. Ауылда алып бара жатқан жұмыс жоқ. Жұрттың малы топ-топ болып тау аңғарында жайылып жатады, сол таудың ар жақ, бер жағы белуардан шөп, ауылдағы қолы бос селтеңбайларға ақыңды төлесең, қысқа жетер мал азығыңды дайындап қораңа үйіп-төгіп береді. Тұрғындардың күндіз көбіне жағалайтын жерлері Өрікайдардың ауыл ортасындағы кафесі. Кеңсе заманында шаруашылықтың ет дайындаушысы болып істеген тиын сауғыш пысық неме мына заманға іштен лайық туған адам екен. Сонау бір жылдардағы елдің зейнетақы еңбек айлығына аузы жарымай, қорадағы малдарын топырлатып сата бастағанда, жиған акшасы бар Өрікайдар әр қойдың басына екі мыңнан төлеп, жаппай сатып алған. Онысы бір отар қой болды. Үйірлі жылқы да, табын сиыр да бітті арзан бағамен. Содан екі-үш жылда ауылдың бас көтерер байы болып шыға келген. Үйінің бұрышына жапсарлас қылып шағын дүкен, орталықтан кафе салды. Кафеде негізінен ішімдіктер, сусындар, қуырдак, балмұздақ сатады. Ақшасы барлар қолма-қол төлейді, жоқтары қарызға. Қарызға ішіп-жеушілердің жеке куәліктері мен тізімдері Өрікайдардың сейфінде тұрады. Қарызыңды төлесең аласың, өйтпесең жата береді. Өрікайдар қарызға негізінен зейнеткерлер мен мүғалімдерге береді.
Жұмысқа қыры жоқ селтеңбайлар күн ұзын топырлап Өрікайдардың кафесінің төңірегінде. Кафенің айналасын тазалайды, ағаш жарады, су тасиды. Ақыларына ішкені − арзан арақтары мен жеген тамақтары. Өрікайдар кафені жүзден астам адам еркін сыйып отыратын қылып соққан. Осы ауылдың той-томалағы сонда өтеді. Ақысын төле де сайраныңды сала бер. Сайран салудан жұрт қашан жалыққан, қазақ айналайын баласының тұсауын кессе де, сүндетке отырғызса да, мектепке берсе де, оны бітірсе де, кейін оқуға түсірсе де, туған күндерін жасаса да тойлаған заман. Ұзынқара деген әпенділеу жігіт ағасы көкайыл әйелімен сотпен ажырасқанда: "бәледен құтылғаныма вечер жасаймын" − деп бәле қылған. Әйтеуір, Өрікайдар елдің барын кафесімен-ақ жалмап жатыр. Одан той-томалақта музыка ойнайтын болған соң, Қалдыбайлар да тиын-тебен тауып қалады. Сөйте-сөйте ол кафеге үйірсектей бастады. Клубтың методисі, әрі әншісі о бастан ішімдікке үйір еді, соны ертіп алып кафеге күніне үш-төрт рет бас сұғып кететінді шығарды. Айлық алғанда оның жартысынан көбін Өрікайдардың әрі аурушаң, әрі жалқау, жалпақ сары қатынына апарып беріп жүретін болған. Өрікайдардың бұған жамағайындығы бар. Қайсы бір заманда аталары қандай жазықтары болғанын, қырғыздан ауып келіп осы ауылға сіңіпті. Соны бетке ұстап Өрікайдар Қалдыбайды айналдырады. Сондағысы: "Келін шаруаға оңқай асықтай оңтайлы көрінеді. Маған келсін де, ыңғайлы жұмыс бар". "Кітапханасын қайтеміз?" дейді Қалдыбай. "Кітапханаң не, айналайынау, ел түгел есектің артын жуса да, еңіреп жүріп дүние табатын кезде?". "Өз тапқанымыз өзімізге жетеді, аға". "Қазір жеткен аз, қазір тиын-тебеннің үйіптөгілгені керек. Ал сен Алматыға бір барып қайтуға жетпейтін айлықтарыңды айтасың. Кітапхана дейсің. Кітапты кім оқиды ендігі жерде. Осы ауылда кітап оқитын кісі қалды ма? Оқығанда не бітіріп, не қояды. Керек десең, өзің де кел маған. Аудан орталығындағы орталық базардан шағын сауда дүкенін ашайын деп жатырмын, соған ет тасы. Астыңа машина беремін. Клубты қой. Құры әләуләй. Әләуләй дегенде, атақты музыкант, белгілі әнші болмаған екенсің, көркемөнерпаз деген не пәле. Қарадай бақырып-шақырып тұратын ұрма-пернелердің жын ойнағы. Естуімізше, бірде-бір елде жоқ көрінеді мүндай хай-вай". Қалдыбай ойланып қалған. Шынында да өмір бойы көркемөнерпаз болып өткен қайбір оңған шаруа. Өмірі ауылдың артисі. Алпыс түтіннің... арыға кететін, алысқа сермейтін қабілет жоқ. Алғаш рет өз тірлігінен жаны жаман күйзелген. Содан жиі-жиі ұрттайтынды шығарды. Жалғыз содан ба? Жыл өткен сайын жүрегін тілім-
тілім етіп, бүкіл жан-дүниесінен аңырап тұратын азап-шері ше. Өзі қатарлылардың томпаңдаған балаларын көргенде, қарадай қатты қысылады. Үйленіп үй болғандарына алты-жеті жылға айналып барады, бір перзентке зар. Бала іңгәләп жатпаған соң, тар төсекте тақым қағысып талықсып жатудың да еш рақаты болмайды екен. Аршын төсті кеудеңе басын шүйгіп жатып, мұныңның баяны жоқтығы есіңе сап етіп, бойың лезде суып, шаруаңды аяқтамай, екі қара санның арасынан денеңді суырып алып бара жатасың. Күйті енді күшейіп, жаны енді кірер жерге әне-міне жеткелі тұрғанда, айызы қанып жатқан ауын адыра қалдырып ары аунап бара жатқан еркекті ұрғашы ендігі жерде әр түрлі тәсілмен отқа да, суға да салатын болып шықты. Келіншегі төсекке жатар алдында бұған қырлы стақанға толтыра арақ ішкізетін әдет тапқан. "Неге?" − деп сұраған бұл. "Ұзағырақ боласың" деген әйелі бір түрлі қылмыңдап. Әйелі мұның неге өйтетінінің шын себебін білмеді. Айтпаса, қалай аңғарсын. Ойын сарт етіп ашылған есік бұзды. Диірменші шал екен. Ышқырын түзеп есік алдына шықты. − Ну, баба, − деп қойды басын шайқап. − Чуть не съела... Давай, Қалдыбайчик, біз монша жағайық. Попаримся как следует. А вечером... знаешь что? − Что? − Матренаны пәтеріндегінің бірін ертіп келуге уговорил. Стерва же, Матрена. За услугу ақша сұрайды. Но я успокоил ее. Гулять будем, сынок. Ты только на домбре играешь? − Гитара да тартамын. − Черт. А где взять ее? − шал аспанға қарап әңірейді. − Надо придумать что-то. Диірменшінің шағын моншасының мұржасынан түтін будақтады. − Пока мы пообедаем, она готова будет, − деді шал пеште жанып жатқан ағаштың үстіне көмір салып жатып. − Рақат-ау, баня. Орыстардың жанын алып қалып жүрген осы. Ішкіш қой біздің орыстар. Арақ − ата-бабамыздың асы. Ішпесек, ойымызға неше түрлі пәле келеді. Сосын сіміреміз. Бәрін ұмытасың. Поем, танцуем... А дальше вся жизнь похмель. Марқұм қатыным: "Когда ты пьешь Павлуха, становишься гораздо добрее" − дейтін. Смирный, жақсы қатын еді. Деревенская. Барнаул жақтікі. − Дядя Павел, сіз жалғызсыз ба?
− Неге жалғыз. Ұлым бар. Россияда. Сол жақта служить етті де, қалды. Шешесі өлгенде похоронкасын жіберейік десек, адресін білмейміз. Кострамадамын деп хат алғанбыз. Қызым бар. Ол да Ресейде. Байы кореец. Воронеж облысында. Содан жылына бір хат келеді, чтобы узнать живой я или нет. Солай Калдыбайчик, орыстар балаларын өскенде өздерін тастап кетуі үшін туа ма, черт его знает. Поэтому ғой біз қазақтар сияқты құдайға бала бере көр деп жалбарына қоймаймыз. Дает спасибо, не дает обиды нет. − Өзіңіздің Россияға кеткіңіз келмей ме? − Что я там потерял. Мен осында, анау Қызылтауда туғам. Әкем мен шешем сонда захоронен. Орыс болып туып, қазақ болып өстім ғой мен. Жүз процент орыс бола алмаймын енді. Қазақстанда туған орыстың көбі сол. Қазақстаннан Россияға көшіп барғандарды жергіліктілер "қазақ" дейді екен. Сендер де Қарақалпақстаннан келген казақтарды "қарақалпақ" дейсіңдер ғой. Себебі әркімде туған, өскен жер ортасының өмір сүру салты өшпейді. Оны аналар түсінбейді, өзің қимайсың. Менің түрім орыс, жаным қазақ. Люблю я вас, сынок. Ақкүшік аула ортасындағы аяқ ізі түспеген ақ қарға аунап-қунап жатыр. Өзіне беймәлім әлдененің қытығы бар, көз алдына төбеттер келіп, солардың бауырына да бүгерлеп тұрған өзін көреді. Сүр қарға бөксесін аямай үйкеді. − Биыл алғаш күшіктейді бұл, − деді шал Қалдыбайға. − Хороший кобель нужен. Жатыры таза қаншықты всякий төбетпен жақындастыруға болмайды. Тұқымы бұзылады. Ары қарай одан сырттан болар күшік тумайды. Кімнің де, ненің де тұқымының азбауы жатырға зависит, Калдыбайчик. Все от нее начнется. Ұрғашы жатырын тексізбен бір лайлап алса, после қанша тектінің астына сал, одан оңған ұрпақ өрбімейді. Вот қазақтар, да и орыстарда өткен замандарда қыздарды неге жастай қатын қылған? Өліп бара жатқан соң ба? Е, нет, сынок. Жатырының аман-сау кезін сақтап қалу үшін. Ал қазір не, қыздар дегенің қырыққа дейін байға тимей аттай шауып жүреді. Раз так, оған біреу сөз жоқ вскочет. Может екеу, үшеу... Соңғы ұрпақтың майдаланып, әр қилы азғындап бара жатқаны сол. Так что, Ақкүшікке алғаш нағыз сырттан артылуы керек. Мы найдем ондай төбетті. Есть тут один кинолог. Бывший правда. Ақкүшік бұлардың не айтып жатқандарын қайдан білсін, бойының қыртыс-тыртысын жазып алғаннан кейін олармен үйге ілесе кірді. − Вот стерва, − деді шал төргі бөлмедегі шашылып жатқан төсекке қарап. − Талтайып жатқан жерін жинап та кетпейді. Ұты жоқ қатын бұл. Но маған
керек. Кірімді жуады. Часто разделеют мою одиночеству. Бәле, бірақ. Диірмен жүріп тұрғанда тура қатынымша жүреді осы жерде. Потому что, жем, ұрпақ навалом. И почти бесплатно. Кейбір клиенттер екі стакан самогонға ұрпақтарын тастап кете береді. Төсек үстін өзі ретке келтіреді. − Еще тамақты жақсы істейді. Повар болған ғой, мына колледждің техникум кезінде. Мұнда әмпейлесіп жүрмін өзімен. Жылда екі-үш шошқа бордақылайды. Жем керек. Жалмауыз ғой шошқа. Содан бір күні іңір қараңғысында келіп тұр бұл қатын: "Панталеевич, доброй ночи" − дейді көзі жайнаңдап. И началось. Жем беремін. Биыл январьда екі шошқасын райцентрдегі базарға апарып, сатысып бердім. "А что если нам поженится?" дейтіні бар. "Боже, упаси!" деймін іштей. Жасым жетпіске таяды. Бұл қатын болса қырықтан енді асты. Қойнына бір кірсең... оның құшағынан немістің пленінен қашып құтылған оңай. Маткасы бешенная пәленің. Шал мен Қалдыбай ауқаттануға отырды. Ақкүшікке де шағын темір табаққа тамақ құйып, пеш түбіне қойды. − По одной, сосын екі-үш сағат ұйқы, − диірменші стакан көтерді. − Опьянеть нельзя! Или водку пить, или бабу... дейді біздің орыстар. Еркектер есікті іштен іліп алып қорылға басқан кезде, тамаққа тойып, пеш түбінде бойы әбден жылыған Ақкүшік те мызғыған... Ауланың орта шеніндегі екі түп алма ағаштың ақ гүлдерінде есеп жоқ. Ағаштың көлеңкесіне жайылған текеметтің үстінде Қалдыбай мен келіншегі Ақкүшікті орталарына алып, жүнін тарап, көзіне қарай түсіп кеткен кекілін қайшымен қырқып мәре-сәре. Арасында екеуі бір-бірін қытықтап, алысып ойнап кетеді. Әне, Қалдыбай келіншегін жығып алды. Еріндері бір-біріне жабыса берген. Ақкүшік Қалдыбайдың арқасына секіріп мінеді. Әйел мен еркектің сықылықтаған күлкісінен күшік иесінің жотасында тербеліп тұр... Қатты жөтелден селт етіп, көзін ашып алды. Жөтеліп жатқан шал екен. Жаңағы көргендерінен айырылып қалған Ақкүшік айналасына алаңдады. Көргені қайда жоқ болып кетті деп аң-таң. Түсі екенін білмейді. Шағын терезенің әйнегі тырсылдай бастады. Далада жайлап жауын тама бастаған. Биылдың алғашқы жауыны. Қыс айы ақпанның ортасында. Дүниенің, соның ішінде ауа райының да өзгере бастағанын Ақкүшік қайдан білсін. Тіпті, адамдардың өздері де кез келген өзгеріске таңдана қоймайды ғой. Неліктен деп елеңдемейді. Кімнен деп толғанбайды. Бәрін Құдайдың ісіне балайды. "Адамның өзінің әрекетінен емес пе?" дегенге, оны да құдай істетіп отыр деседі. Сөйтіп бәріне кұдай кінәлі болып шығады. Бәрін
құдайдың ісіне аудару арқылы адам өзін өзінің күнәсінен ақтап алады. Адам өзінен корқады, құдайдан қорықпайды. Адам өзін ғана өлердей жақсы көреді. Адам жамандықты да өзіне-өзі істейді. Терезе әйнегін тырсылдатқан тамшы жиілей түскен. Шал мен Қалдыбай ұйқыдан оянған кезде далада жаңбыр кәдімгідей жауып тұр еді. Моншаны көріп келуге шыққан диірменші қайта оралғанда: − Былтыр да өстіген, − деді. − Февральда жауған осы жаңбыр. − Өзен тасымаса деңіз, − Қалдыбай күрсінді. − Кім білсін. − Өткен жылы төмендегі жол пайдалану учаскесіндегі үйлерді қиратып кетті ғой. Ерағи дейтін шешеннің екі қызын су алды. Қапқазға енді көшкелі жүр еді... − Ладно, − деп шал Ақкүшікке қарады. − Мынаны сыртынан бекітіп кетейік. А то біреу-міреу қағып кетер. Моншаның ыстығы әлей болып кетіпті. − Жапондардың ақылы осы моншада кіреді дейді, − диірменші бірден бу бөлмесіне бастап кірді. − Барлық мәселелерін моншада сұхбаттасып отырып шешеді екен. − Күйіп өлеміз ғой, дядя Паша. − Қайдағы күйген. Төменгі полкаға отырып, денеңді үйретіп ал. Сосын сыпыртқымен жақсылап сабап берсем, терің піседі де, екі дүниеде пардан шыққың келмейді. Марқұм қатыным жақсы парит етуші еді мені. Тура қара табанымнан бастайтын. Сыпыртқыны екі шатымның арасына әкелгенде, итай, бүлкілдетіп тұрып алатын, − шал жарыла күлді. − "Әй, пісіріп жібересің" деймін ғой, шынында да тақымым өртеніп, "піспейді, іседі" дейтін сорлы күліп. Өзің қатыныңмен бірге моншаға түсіп көріп пе ең? − Жо-ға. − Жаль, − деп қойды шал. − Несі жаль? − Денесін түгел жалаңаш көріп, кемшін тұстарын тізіп берсең, қатын дегенің қашанда именіп тұрады. Ал ұрғашының денесінде недостатки уйма. Одежда скрывает. Мысалы, возьми лица. Опа-далабын, бояуларын сабындап жуып тастасаң, қазір ғана қасы-көзі қиылып қарақаттай үлбіреп тұрған сұлуың өзіне ұқсамай қалады. − Қайдам. − Несі қайдам? − Менің әйелім боянбайды.
− Неужели. − Рас. Шал сыпыртқымен үстін сабай бастады. Қалдыбай Бекзатты есіне алды. Бұлардың ауылында бұдан өткен әдемі қыз-келіншек әзірге жоқ. Денесі оқтай түзу. Тумағандығынан ба екен. − Ведь, сынок, есть один вопрос, − деді шал сыпыртқының соққысынан кейін демі ырсылдап. − Кто виноват в этом? − В чем? − Бесплодие кімде? − Білмейміз ғой, дядя Паша. − Ә... Ә... Болмайды. Надо узнать, уточнить. Докторға надо было идти. − Одан не пайда. Мүмкін ол, мүмкін мен бедеумін. Солай екен, демек перзентіміз болмайды ғой. − Подажди, подажди... Докторлар емдейді еще. − Ешқайсысымызға ем қонбаса ше? − Тогда... − деді шал сыпыртқыны бұған ұстатып. − Мен ана жуынатын бөлмеге шығып, үстіме суық су құйып келейінші. Қалдыбай шалға шынын айтқан жоқ. Бедеу өзі еді. Осыдан екі жыл бұрын тамағының баспасына операция жасатып, аудан орталығындағы ауруханада жатқанда арнайылап тексерілген. Сонда білді. Онысы туралы жан баласына тіс жарған жоқ. Қорлық санайды. Бедеумін деу қайбір оңған шаруа. Бедеу де бедел бола ма. Содан бері қарайғы жерде ғой жиірек ұрттап-тата бастағаны. Содан бері қарайғы жерде әйелінің алдында өзін кінәлі сезінетіні. Обалына қалдым пайымдауы. Гүл жарып алатын алма ағашы суғарылмағандықтан алма салмаса, ағаш болғанынан не қайыр. Тууға тиіс ұрғашы да сол. Бедеу байдың кемдігінен жатырына ұрпақ ұя салмайды екен, өзге түгілі өзіне-өзі көзге күйік. Әйелінің осы жан күйзелісін, соған тұншығып жүретінін, күрсінісінің ар жағындағы күңіренісін бұл сезетін. Еркек әйелді неге алады. Әйел еркекке неге тиеді. Екеу ара бір ойын − табиғи күйіктің өліп-өшіп өмірем қапқан сүреннің өңмеңдей беруі үшін ғана емес қой. Адамда адами жан рақатының өлшеусіз ләззатынан да жоғары іңкәрлік, ынтызарлық бар, еркек ұрғашының жатырын тоғыз ай тулатып толғағын келтіріп, ұрғашы сол толғақтың ұлы күйін тартпаса, бәрі қараң. Ендеше, Қалдыбай Бекзаттың обалына неге қалуы керек. − Қазақтар туған-туыстан бала асырап алмаушы ма еді, − деп диірменші жуынатын бөлмеден сөйлей кірді. − Бірге туған бауырыңнан болса бір жөн, ал ағайыннан, қайдам.
− Вообще дұрыс. Сәби кезінде бәрі періште. Өскенде кім болады? Кімді өсіріп-баққаныңды білмей жүрсең, дүниенің бәлесі сол ғой. Қызылтауда Құлманбет деген сиыршы болды. Жақсы адам еді. Менің әкеммен тамыр болатын. Әкемді қазақтар "ақсақ Панталей" атап кеткен жүйрік жылқыға үйір кісі еді. Құлманбет бәйге атын ұстайды. Содан ба, жоқ жалпы сыйластық па, екеуі тамыр. Осы сиыршының ағайыннан асырап алған Оңлан деген баласы болады. Құлманбет байғұс соны бүлдіршін кезінде алдына алып, сәл есейгенде артына мінгестіріп өсірді ғой. Оңланым, Оңланым... Өскен соң сол Оңланынан көрді-ау көресені. Бір қатын әперді, екі қатын әперді, ешқайсысымен кісі болмады. Қатындары безді. Оңланға бәрібір. Күн сайын возле магазина, ішеді, дерется со всеми. Содан сотталды, за мелкое хулиганство. Келді. Ішу керек, жеу керек, сайрандау керек. Оған ақшаны қайдан алады. Естественно Құлманбеттен. Құлманбет аямайды. Бірақ онда ақша көп емес қой. Жылқысын сатты, сиырын сатты. Ақша как вода текут. Даже быстрее. Оңлан сука ары қарай қайтеді? Әкесінің маңдайына басып жүрген бәйге атын ұрлап әкетіп, Нарындағы қырғыздарға сатып жібереді. Ой, сонда Құлманбеттің жылағаны... Анау ол ақшаны да тауысты. Дальше, что. Дальше ақша тап деп Құлманбетті сабайтынды шығарды. Бедный Құлманбет күйіктен өлді. Сұмдық-ай, кемпірі запилась. Жетпістегі кемпір. Өмірі аузына арақ алмаған адам. Қайсыбір қыста жақсылап ішсе керек, жанып жатқан пештің жөнді жабылмаған аузынан түнде сыртқа от түсіп, үйімен қоса өртеніп кетіпті. − Оңлан ше? Ол қайда? − Түрмеде өлді, ит. Көрдің бе? Тып-тыныш жүрген екі момын өз ажалдарын өздері мәпелеп өсірген... Шал түкпірге қарай шырт-шырт түкірді. − Кел енді, етпеттеп жат мұнда, дай тебя попарить. Кешке қарай күн әжептәуір суытып кетті. Қалдыбай Ақкүшікке бөлменің бұрышына төсеніш төсеп берді. Бұл оның аяғына оратылғанды қойып, сонда барып етпеттеп жатып алып, екі еркектің әрекетіне көз тігеді; шал ішінде помидоры мен қияры толы банканы ашып, Қалдыбай сиырдың жас төс етін қуырып ала-сүргін. Қонақтар көп күттірген жоқ. Матренаның ертіп алғаны жас қыз. Таныстырып жатыр. − Окончила институт. Приехала по направлению. Преподает в колледже. Девушка что надо, − деп салдыр-күлдір етеді. − Давай, Роза, раздевайся. Люди свои. Добрые, душевные... У меня вот что есть, − деп столдың ортасына коньяк қойды.
− Откуда это? − деп диірменші қабағын керді. − Оттуда, − Матрена сұқ саусағын көкке шошайтты. − Құтырған қатын, − деді шал қазақшалап разы раймен. Сосын өзі шкафтан ұзын бөтелке самогон алды. − Коньяк хороший, а это лучше. Отырыс бірден дуылдап кетті. Диірменші мен Матрена ауыз жаппайды. Екеуі алма-кезек анайы анекдоттарын сапырды дейсің. Қыз әуелде тіксініп, қымсынған сияқты еді, коньяктан біраз ұрттаған соң сықылықтады келіп. Сықылықтаған сайын жарқылдаған көздері қатар отырған Қалдыбайға қарай аунап кетеді. Бір кезде жақсылап қызған шал: − Эх, баба! − деп Матренаны бұрымынан ұстап, басын шалқайтып алды да аузын сүліктей сорды. Қыздың көзі Қалдыбайда. Ұзын кірпіктері дір-дір етіп, еріндері әнтек ашылған. Жігіт еңкейді. Дәл сол сәтте Ақкүшік шәу етіп, атып тұрды. Отырғандар жалт қарасты. − А что она так, − деп Матрена таң. Ақкүшік шәу-шәу етіп, қызға карай тап-тап береді. − Ревнует, − деді шал. − Кого? − Хозяина. Кого еще. − Неужели. − Бывает. Есть такие собразительные собаки. − Мен аржағында отырайыншы, − деді қыз Қалдыбайға. − Анау қауып алар. Ақкүшік әрең тынышталды. Тек көзін қыздан алмай қойды. Қонақтар түн жарымына дейін отырды. Бәрі әжептәуір масайғанда диірменшіні Матрена үйіне алып кетті. Қалдыбай мен қыз төргі бөлмеде. − Осылай омалып отыра береміз бе? − деді сәл қызыңқырап қалған қыз. − Бас салсын деп отырсың ба? Қалдыбайдың ішкенде қарадай қисайып кететін мінезі қылтиды. − Е, жоқ. − Енді не? − Вообще... шынымды айтсам мұнда неге келгенімді білмеймін. Тетя Матрена давай деді... − Давай десе көне бересің бе? − Қызық екен сұрағың, − қыз мырс еткен. − Мүмкін. Бірақ қызық сұрақтың жауабы да қызық бола бермейді.
− Мен философияны түсінбеймін. − Мен де. − Онда несіне шала бүлінеміз. Демалайық. Сен ана төсекке, мен мына төсекке. Сойдет? − Маған бәрібір. − Әйелің бар ма? − Қайтеді? − Қазір не ойлап жатыр екен деймін де. − Өзі біледі. − Мен киімшең жата алмаймын, шешінемін. − Жарықты сөндірейін бе. − Жоқ. Просто көзіңді жұм. Жігіт көзін ашқанда Роза жамылғының астына кіріп алыпты. − Сен қызбысың? − Кемпірмін. − Жөн сөйлесеңші. − Ажырасқам. Ұлым бар, екіде. Мамамен. − Анаған не болды? − Қалды. − Жазығы? − Кез келгенге жалпаңдап, көрінгеннің қолына су құйып өскен жұқсыз екен. Намыс жоқ. − Бай болғаны, бағып-қаққаны жетпей ме? − Жетпейді. Маған исі еркек емес, ер мінез керек. − О баста қайда қарап ең? − Алып қашты ғой. − Мына заманда ма? − Біздің жақта қыз түгіл, кемпірді де алып қашады. − Кетші-ей! − Шын айтамын, − деп Роза жастықтан басын көтеріп алып еді, жамылғаны кеудесінен төмен сырғып кетіп, қос анары көрініп қалды. − Омар деген атамыз көрші ауылдағы бір шалдың кемпірін алып қашып келген. Шалының көзі соқыр екен. − Құдай ұрған шығар. − Может. Ал оның болғаны рас. − Сонда қалай, алып қашса отыра бересіңдер ме? − Есік аттады деген сөз оңтүстікте кісі өлтірдімен бірдей.
− Цивилизация қайда? − Сен не, өзіңді цивилизованныймын деп ойлайсың ба? − Біз алып қашқанды білмейміз. − Оңаша қалғанда бас салғанды ше? − Оны да. − Бұл жақсы ма, жаман ба? − Өзің қалай ойлайсың? − Ойлап не қылам. − Ол өз шаруаң. Мен де шешінем. − Көзімді жұмайын ба? − Ұйықтап қал, − жігіт мырс етіп, ауызғы бөлмеге шықты. Ақкүшіктің көзі есікте екен. Шоқайып отыр. Басынан сипап, арқасынан қағып-қағып қойды. − Қызғанасың ба мені? Ит баяу қыңсылап қойды. Қалдыбай стол үстіне қарады. Коньяк біткен. Ұзын бөтелкенің түбінде аздап самогон қалыпты. Стаканға сәл кұйып алды. Бөлмеге қайта оралғанда, оның қолындағы стаканды көріп: − Тағы ішесің бе? − деді Роза жақтырмай. − Коньяк бітіпті. − Мен енді ішпеймін, айналайын. Ертең сабақ. − Қандайсың өзің? Жақсымысың? − Не болып қалды? − Ұлыңды сағынасың ба? Роза үндемей қалды. − Темекі берші, − деді сосын даусы бұзылып. − Шегемісің? − Жоқ. Кейде... − Балаң болған ғажап, ә? − Қалдыбай шылымның талын өзі тұтатып берді. − Бақыт! − деді Роза. − Бауыр ет. Тек... − Айта бер. − Әкесіне тартпаса екен. − Әкесі ғой. − Есіктен кіргендерден төрге шыққандарға дейінгілердің алдына кұрдай жорғалап, қолдарына су құйып жүрсе не қасиеті қалады.
− Есіктен кіргендерден төрге шыққандарға дейінгілердің есін екеу, түсін төртеу қылатын еркек кіндік ілеуде біреу. Бардың өзі неге тұрады. − Ез − бар да болса − жоқ! − Жә, жарайды, мен мынаны ішейін. − Масаймайды екенсің. − Сенің ұлың үшін. − Рақмет. − Арақтан таза екені рас, − деді Қалдыбай ішіп тастап − бірақ үш-төрт күн таңдайыңнан кетпейтін бір жағымсыз дәмі бар, иттің. − Бірақ, ішесің. − Рас. − Неге? − Қайтесің. − Сені музыкант деді ме? − Оқымаған. − Талантқа оқу көк тиын дегенді бір жерден оқығанмын. − Талантқа. − Ал сен немене, талантты емессің бе? − Емеспін. − Бері келші, − деді Роза. − Барсам, бассалам ғой. − Өйтпейсің. − Қайдан білесің? − Білем. − Айт әуелі. − Тым гордыйсың. Сол үшін де... Келші... Жігіт барып Розаға еңкейді. Қыз Қалдыбайды құшырлана иіскеп, мойнынан сүйді. − Бара ғой енді. Диірменші шал құзғын сәріден келген. Үйге есікті жайлап ашып енді. Стол үстіндегі самогонның түбіндегіні стаканға сарқа құйып, бұған көзін қысып қойды да, тартып тастады. − Қалдыбайчик! − деді аз-кем отырыстан кейін − пора дорогой. Шал сыртқа беттегенде Ақкүшік ілесе шығып, кешегі келген ізімен безіп бара жатты. Оның есіне Бекзат, оның азанда тостағына сүт толтырып беретіні түсіп еді. Көп ұзамай сыртқа шыққан Қалдыбай Ақкүшіктің орнын сипап қалды.
− Вроде жанымда тұрған, − деді диірменші. − Қайда, неге жоқ болып кетті? − Может обиделся, саған. − Ит те өкпелегенді біле ме? − А как же... Жақсы көргенді білгенде, өкпелегенді неге білмейді. Түнде жауған жаңбырдан кейін жер көктайғақтанып қалыпты. Ақкүшік бәрібір заулап келеді. Өзендегі сықыры біліне бастаған ағаш көпірден оқтай ұшып өте шыққан. Ауыл адамдары жаңа-жаңа малдарын сыртқа айдап шыға бастапты. Ақкүшік безіп келе жатқан бойы аулаға шарбақтан қарғып енген. Келе шәуілдеп, есікті тырналады. − Ақкүшік! Бекзаттың жан даусы шықты. − Күшігім, күшігім... Қайда жүрдің сен? Мұның не? Бүйтпеуші едің ғой. Пәлекеттер қуырып жеп қойды ма деп зәр-иманым қалмады. А, Ақкүшік, қайдан келдің? Көрші ағайдан сұрасам, иттің лығатын мезгілі кеп қалды, төбет жағалап кеткен шығар дейді. Сөйттің бе? Ақкүшік не дейді. Ақкүшік адамның айтқанын түсіне ме. Бекзаттың жалаңаш тобығын, саусақтарын жалайды. − Қарның ашты, ә... Қазір. Қазір тамағыңды тойдырамын. Сүт ішесің бе. Сорпа-су құяйын ба. Кірші бері. Келіншек күшігін дәлізге кіргізіп алды. Ертеңгі шайын ішіп алған соң Бекзат Ақкүшікті жұмысына өзімен бірге ертіп ала кетті. − Біреу ұрлап кете ме, әлде ішің пысып өзің қаңғып кетесің бе, жүр, − деп еркелетіп бара жатты. Бекзаттың кітапханасы ауылдың аяқ жағына таман, дөңестеу жерге орналасқан шағын үй. Келіншек отты оған өзі жағады. Пеш қызғанша үй іші мұздай болып тұрады. Пеш кіре берістегі шағын дәліздің бұрышында. Контрамарка деген қара пеш. Екі шелек көмірмен кешке дейін қызып тұрады. Кітапханаға келім-кетімді аз. Сол аздың өзі мектеп оқушылары. Үлкендер жағы оқымайды. Мұғалімдер де. Сөздерін тыңдасаң: "Заманға қарай. Қу тіршілікпен кітап оқу түгілі сіңбіруге мұрша жоқ. Оқу бағдарламасының өзін о ғып, бұ ғып шолып өтеміз". Қуанатындары − мектеп, әйтеуір, бастауыш. Балаларға тапсырма бер де, өздерің оқып ал де. Ағай, ағай түсіндіріңізші деп жатқан ешкімі жоқ. Әлі естерін жиып, етектерін жаба қоймаған өң боқмұрында қайбір ынта, талап бар. Соның қажет екені каперлеріне кірмейді.
Оқығаннан гөрі оларға жиі-жиі болып жататын той-томалақта атааналарының аяқтарына оратылып жүргендері қызық. Ата-аналары да соны қалайды. Тост сөйлегендері, ұзын сонар тілектерінен соң, оларын ілестіре кенжелерінің, немерелерінің ән салып, би билеулерімен аяқтап жатады. Менің кекілдім домбыра шертсін, менің бұрымдым «қамажайды» қайырсын деп өңмеңдеп отыратындары қанша. Осында бір төртінші класта оқитын қара қыз бар. Жетім қыз. Шешесі әлдекімнен жүктеп қалып, оң жақта туып, анасының қолында қалдырып кеткен. Пияздай пысық өзі. Кітапханадан шықпайды. − Тәтей, Распутин деген жазушының «Француз тілінің мұғалімі» дейтін кітабы табыла ма? − деп тұр бірде. Ондай жазушыны Бекзат естімеген еді: "Оны қайдан білесің?" деген таңырқап. "Сол шығармасы бойынша түсірілген киносын көрдім телевизордан. Енді кітабының өзін оқиын деп едім". "Бізде жоқ ондай кітап. Қазақ жазушыларынікі бәрі. Соларды оқи берсеңші. Мысалы "Менің атым Қожаны"". "Оны оқып қойғанмын". "Ақ кеме бар". "Оны да". "Том Сойерды оқы". "Өткенде алғанмын". Амал не, оқушының бәрі қара қыз емес. Ауылға таралып кеткен мынандай қызық бар: мектепте батырларға арналған арнайы стенд жасалады. Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай, Өтеген, Райымбек... Стендтің бір жағында Жамбылдың жымиып түскен портреті ілінген екен. Сөйтсе балалар: "Мына кісі батырға ұқсамайды ғой, жымиып отыр" дейтін көрінеді. Бекзаттың өзі де кітап оқуға көп дағдыланбаған еді. Мектепті орталау бітірді. Азды-кем ән салатын, би билейтін өнер болған. Мектептегі драма үйірмесіне қатысты. Содан шығар мәдени-ағарту училищесіне түсті. Оны бітіре салып Қалдыбаймен тұрмыс құрған. Екеуінің танысуы осы ауылда. Бекзаттың жақын құрбысы осы ауылдың жігітіне тұрмысқа шығып, солардың үйлену тойына келген ғой. Дәм сөйтіп тартып тұр екен. Домбыра мен гитарада алма-кезек әсем ойнайтын ұзын бойлы сұстылау жігіт салған жерден көңіліне жаққан. Жалғыз шешесі бұл келін боп түскен соң, көп ұзамай қан қысымынан көз жұмған. Контрамарканың оты дірілдей түсісімен Бекзат Ақкүшікті ертіп қызмет орнына кірген. Енді столыңа жайғас та, отыр кешке дейін. Қарап отырғанша деп әр кітапты парақтай-парақтай, бірте-бірте оқуға дәнігіп бара жатыр еді. Сондай күндерінің бірінде Максим Горькийдің "Құмарымпаз пұшық" дейтін әңгімесіне кезігіп қалмай ма. Пұшық қатынды алып бара жатқан неғылған кұмарымпаздық деп оқи бастаса... Жан дүниесінің астаң-кестеңі шығып,
қолқа жүрегінің төңкеріліп кеткені. Құдай-ау, мына құмарымпаз пұшықтың балалары үшін етін паршалап итке тастауға әзір құдіреті қай жағынан шығып жатыр. Әйелдің теңдесі жоқ еркін, құрбандыққа жалтақсыз бара алатын ерлігін тудыратын құдірет ұрпағы екен ғой. Тағдыры − ұрпағы екен. Бекзат өзіне алғаш рет өзгеше қарай бастаған. Ол өзінің өмірге әйел заты болып келгендегі парызын енді есіне алды. Сол сол-ақ екен алпыс екі тамырына алақұйын қан жіберіп тұрған албырт жүрегі ұрпақ әуенімен аңырап қоя берді. Осыдан кейінгі жерде күйеуіне асқан құштарлықпен берілген. Әйел шіркінде еркекті еліктіріп, ерен қимылға бастап әкетер құбыл құбылыстар жетеді екен, солармен алма-кезек ойнағанда күйеуі "еңіске шапса, төске озған" еңіреу бозға айналар еді, сонда бұл тұла бойынан ондаған бұлақ көзі бүлкіл қағып жатқандай ессіз әсерге бөленетін. Сөйтсе де перзент шіркін бітпеді жатырына. Келе-келе күйеуінің оты ойнап жатып-ақ оқыс сөніп қалатын болды. Әйел түйсігі мұның өзі еркектің еркінен тыс болатынын сезген. Сонда оның ойын он санға бөлетін не? Перзент! Әрине, сол. Алты жылдан бері сәби ет жүрек одан үмітін үзе бастағанда ісіп-кеуіп, ілгері-кейінді изеңдеп жатқан аталық тамырды бастаған ойынын аяғына жеткізбей жуадай солдыра салар-ау. Сырттан есік алдына келіп тоқтаған автомашинаның дыбысы естілді. Ақкүшік елеңдеген. Есікті айқара ашып Өрікайдар кіріп келеді. Шырттай киініп алған. Қолында қорап конфет. − Аудан орталығына бара жатыр едім. Тумысымда кірмеген екенмін бұл кітапханаға, − деді жайраңдап. − Мынау өзіңе келін. − Рақмет, − деп Бекзат конфетті ары алып қойды. − Қалдыбайдан хабар бар ма? − Болмай тұр. − Әкесінің мінезі шорт еді. Ия... Ым... Өзі айғай-ұйғайсыз кетті дей ме? − Сөйтті. − Тіпті, дәнеңе айтпады ма? − ...Бағыты қай жақ еді? − Білмедім. − Кейінгі кезде ішуі жиілеп еді. Қой дедім. Түбі бір туыстығымды айттым. Клуб-сұлыпты қайтесің, маған кел дедім. Пайдалы тіршілік жасату еді ойым. Заман мынау. Өзің қимылдамасаң, оның үстіне шын жанашырың болмаса, ешкім өлген-тірілгеніңе қарамайды. Тіпті, өкімет те. − Ағай, кітап алайын деп пе едіңіз? − Е, жоқ, келін. Жайыңды білу менікі. Жаңа айттым ғой Қалдыбаймен түбіміз туыс.
− Рақмет. − Осы кітапханадан қанша айлық аласың? − Өзіме жететін сияқты. − Сияқты дегенде, қолыңа тиетінін айтшы. − Он үш мың теңге. − Он үш мың... − Өрікайдар күліп қойды. − Келін-ау, ол ақшаң мынау тұрған ауданға бір барып қайтуға да жетпейді ғой. − Жетіп жүрген жоқ па? − Жассың. Затың әйел. Сол екеуі қосылған жерде ойбұй... Осы маған жұмысқа ауыссаң қайтеді, келін? − Онда не істеймін? − деп күлді Бекзат. − Экспедитор боласың. Астыңа шоферімен машина беремін. Аудан, облыс, Алматыға дейінгі жұмыс бастан асайын деп жатыр. Консерві, шұжық цехтарын салмақпын. Шағын да болса сауда орталығын ашамын. Құс фирмасын қолға аламыз. Бұл ел көрмеген жаңа шаруа − түйеқұс өсіремін. Оның етінде холостерин деген болмайды. Деликатестің деликатесі. Бизнеске кіру, келін, көрінгеннің қолы жете беретін шаруа емес. − Бизнесіңізден мүлде хабарсызбын. Жаңағы экспедитор дегеніңіздің өзін түсініп отырған жоқпын. − Үйретемін. − Қайдам, аға. − Ойланшы былай. Сөйт. Сөйтемін деп берші қолыңды. Қане. Бекзат бір түрлі қымсынып қолын ұсына қоймап еді, Өрікайдардың күректей алақаны өзі барып жабысты. Осы кезде Ақкүшік ыр етіп, атып тұрған. − Мұнысы несі? − деп Өрікайдар селк еткен. Өрікайдардың алақанынан қолын жылдам суырып алған келіншек орнынан тұрды. − Ағай, менің жұмыстарым көп еді, − деді. − Япыр-ай, мына күшікті-ай, − деп қойды Өрікайдар ыржиып. − Пәлесін қара, мұның. Кетіп бара жатып айтқаны: − Келін, ойлан. Өзіңді өзің ойламасаң, білуімше Қалдыбайдан ендігі жерде қайыр жоқ. Ал мына ағаң сені падиша етеді. Шыным. Солай... Бекзат келіп Ақкүшіктің басын сипалады.
− Сен не, мені қызғанамысың, күшігім? Қызғанасың, ә. Қорғағың келеді. Рас қой. Күшігім менің. Өзіңнен басқа жақын қазір кімім бар бұл ауылда. Қалдыбай кетті. Мүлде ме... Оралмай ма енді... − деп өксіп жіберді. Екеуі ұрысып-таласқан жоқ. Қалдыбай төсекте неше күндей теріс қарап жүрді де, күтпеген жерден: − Мен кетемін, − деді. − Қайда? − Білмеймін. − Бұ, қай сөзің? − Жалғыздыққа бел будым. − Қандай жалғыздық? − Түсіндіре алмаймын. − Адамның түсіндіре алмайтыны болмайды. − Түсіндіргісі келмесе ше. − Қалдыбай... − Кетем, Бекзат. − Сүймеп пе едің мені? − Сүйгем. − Ендігің не? − Білмеймін. − Мен кіммен қаламын? − Мүмкін қайтарсың. − Қайда? − Төркініңе ме... Жер кең ғой. − Ойыншықпын ба? − Олай дегенім жоқ. − Деп тұрсың, − Бекзат жылап жіберген. − Адам дедім ғой сені. − Рас, − деді Қалдыбай. − Рақмет. − Несіне рақмет енді. − Түбі риза боласың. − Тастап бара жатқаның үшін бе? − Өзімді-өзім қуып жіберіп жатқаным үшін. − Өзін-өзі қуып жібергені несі? − келіншек аң-таң. − Ондай да бола ма? − Болады. − Қалдыбай... − Шын айтамын, Бекзат. Сенің қылдай қиянатың, тілдей кінәң жоқ. Кешір, мені. Кейін түсінесің бәрін. Басқамен тұрмыс құр. Хош!
Қалдыбай таяп келіп шашынан иіскеп, маңдайынан сүйді. − Хош, Бекзат! Бекзат соңынан тұра жүгірді. − Тым құрыса барар жеріңді айтып кетсеңші. Жігіт ләм демеді. Қайырылып бір қарамады да. Бекзат қамықты. − Нені түсіндіре алмады маған а, Ақкүшік. Нені?.. Өз үйінен өзін неге қуды ол. Адамның ел аман, жұрт тынышта қарадай өзін-өзі өз үйінен қуғаны қай ақылға сыяды. Кім сенеді оған. Сену мүмкін бе? Бәлкім... Иә, Бекзат Қалдыбайға дейін... Мәдени-ағарту училищесіне түскен жылы ғой. Дирижерлік етуден сабақ берген сол азамат... Жасы отызды орталап қалған. Бекзат он жетіде еді. Бойы бұлғаң бойжеткен. Көңілдің көктемдегі өліараның алай-түлей күндері сияқты борай да борай соғып тұратын кезі. Он жетің жігіттерге ұнағың келіп тұратын ұрма-пермелеу екен. Көздеріне түскің келіп олай да, бұлай бұлаңдайсың. Өмірдің өзі бұлаңдамасыңа қоймайды. Айналаң қас-көздерін сүрмелеуге кірісіп кеткен, тұрып та, жүріп те, тіпті тамақ ішіп отырып та, ұйқыға бара жатып та жаныңды қытықтап қиқу салған эстрадалық музыка... О шіркін ішіне бір түсіп алса, әңкі-тәңкіңді шығаратын дүлей болып шықты; әңгірлеген бір сұмдық дыбыстар әй-шайға қаратпай алқын-жұлқын етіп алды да кетті. Еңістен заулап түсіп, ентігін баса алмай тұрған еліктей елпеңдеген елгезек ерке жасқа дүние шыр айналып ән салып тұрғандай, өмір тіршілік сөйтіп қалатындай, оның өн бойы қуанышшаттыққа, қызыққа, бақыт пен махаббатқа өріле беретіндей болып көрінді. Соған имандай сенгені соншалық − аядай кеудесінің ар жағында бер жағындағы еркектің қолы тимеген қос түйнегін көгілдір көкке де, көкпеңбек көк теңізге де алып ұшатын тулаған толқындар тепкілеп жатты. Осыдан кейін әйел заты, әйтеуір, сөзсіз көрер махаббат ойынына іңкәрлік сезімі түйсігінде қылт-қылт етсін. Бойжеткен тар төсекте тебістіріп жіберетін махаббат ойының әрі сертті және рақатымен қоса қатыгездеу екенін білмейтін. Махаббат ойыны, түптеп келгенде, есті ұрғашының бірден есейетін, есейгенде аспандағы ақша бұлттардың бауырына барып қайта кіруі мүлде мүмкін емес қатал кесімді сәті екен. Оны бұл әлгі дирижер оңаша бөлмесіне апарып, бұрын татып көрмеген шарапты ішкізе отырып, әлемжәлем музыкаға іші-сыртын қорғасындай балқытып, соның барлығынан бағытынан айрылып қалған сәтінде ақ мамық төсекке шалқасынан салып тастап, тамағынан тақымына дейін толықсыта талмай сүюінен кейін қара
сандарын өзі ашқанда ындыны құрыған неме ынсапсыз ырғайымен "ы... ы... ы... " дегізгенде барып бір-ақ білген. Оянғанда терезеден шақырайып күн түсіп тұр екен. Өңі қып-қызыл шоқтай емес, бояуын төгіп алған сияқты сұрғылт көрінді. Қыз түрегелгенде аяғымен жөндеп жер тірей алмай ақсап басты. Дирижер ас бөлмеде темекі шегіп отыр екен. − Кешір, − деді мұның құр сүлдір тұрған бейшара кейпіне аяп қарап. − Нені? Осымен сөз бітті. Бекзат ваннадан шала жуынып, опыл-ғұпыл киінді де есікке беттеді. − Қалай ашады құлпын? − деген. − Шай ішсек қайтеді, − деді анау шын көңілмен. − Уақыт жоқ, менде. Есікті ашыңызшы. − Сен, маған... − Жіберіңізші ағай. − Өкпелеп тұрсың. − Қуан дейсіз бе? − Пәктігіңнің алдында мәңгі қарыздармын, Бекзат. − Неғыл дейсіз енді. − Кешір. − Ал өзіңіз... Өзіңіз кешіре аласыз ба өзіңізді? Дирижер іркіліп қалды. Сыртқа шыққанда Бекзат басқа дүниені көрді; ары-бері жосылған жұрт, әрқайсысы әр қилы кейіпте; қабағы қатулысы бар, жүзі жайдарысы бар, біреудің жүрісі емпең, ананікі едірең, келесінікі мығым, маңғаз, сенімді. Тізелері қалт-қалт етіп, терісіне әзер ілініп жүргендері де осында. Жосылған автомашиналардың өңі сан түрлі. Айнала қарама-қайшылығы көз алдыңда, тірліктің, күнкөрістің сеңдей соғылысқан алай-түлей алапат дүние екен. Бекзат өзінің бір түнде өзге, дүниенің де бөтен болып қалғанын сезді. Өмір-тірліктің көңіліңді әлпештеген, әлеміңді әдемі арман, әсем сезіммен әдіптеген әуелеген ән мен күйдің үнемі ары-бері тербеліп тұратын әткеншегі болмай шықты. Ащысын аузына тығып, тұщысын тұз салып тұншықтыра қою әп-сәтте-ақ екен. Соның барлығы жерден шығып, көктен түсіп жатқан беймәлім пәлекеттің қылығы болса-ау. Бәрі сол өз тінінен шыққан, өзің өлердей жақсы көретін, жебеушіңе, сеніміңе, қорғанышыңа балайтын жалғызың − адамдардан болып шыққаны жас қызға қаға берісте қамшымен қақ бастан салып жібергендей әсер етті. Әсіресе, еркектің аяусыздығына,
айран-асыр; етегіңнің астына енгенде ежелден егесіп жүрген қас жауының жағасына қолы жаңа жеткендей жанды алып, жан беретін жаугер сынды жабығыңнан жауқазын қазғандай жайратып кететіні не сұмдық. Сөз байласып, пәтуә жасасқаның болса жөн, бүгін көріп бір сәттік әлсіздігіңді пайдаланып екі бүктеп жіберетіні қай кісілік. Бекзат түйсігінде оқыс туған осы ойлар шынында да өзімнен шығып жатыр ма, әлде біреу сыбырлап айтқызып тұр ма деп аң-таң. Бір бөлмеде қонатын төрт қыздың жасы үлкендеуі қадалса жан алатын өжет еді, салған жерден: − Саунадан келдің бе? − дегені. − Есің дүрыс па?! − деп Бекзат шаңқ еткен. − Саунаң не! − Алдағы қиралаң-кирелең жүрісің немене. Екі бұтыңның арасына оқ тиді ме. Өмірді одан, иә одан бастамайды есті қыз. − Өзім білемін. − Дәнеңе де білмейсің сен. − Кеше, рас. Ал бүгін білемін. − Неужели... Сабаққа бармай түс ауғанша тапжылмай жатып алған. Қыздар келгенде есі шықты. Бәрінің өңі от сөндіргендей. − Бек... зат... Дирижер ағайды машина қағып, өлтіріп кетіпті, − деді қыздың бірі үрпиіп. − Понимаешь... Бұл басын жұлып алған. − Не понимаю! − жан даусы шықты. − Қалайша?.. Неге?.. Ақкүшік шәушәу етті. − Түзге барғың келді ме? Жүре ғой. Күшігін ертіп сыртқа шықты. Күн бұлыңғыр. Тау жақтан жылымық жел тұр. "Көктем келе жатыр" деді күбірлеп. Қалдыбай жоқ. Былтыр осы уақытта Наурыз мерекесіне арнап мерекелік концерт дайындап жатқан еді... − Ақкүшік, әй Ақкүшік, Қалдыбайымызды іздемейміз бе. Іздейік те, Ақкүшік. Алып келейік үйге. Айтсаңшы, қайдан іздесек екен? Күшік жер иіскелеп айналасы шыр айналады. Ылғи осында ұшып-қонып жүретін кептерлерге тістеп алмақ оймен тап-тап беріп әуре. Кешкісін Бекзат Ақкүшікті алғаш рет дәлізге жатқызып қойды. − Енді, Ақкүшік, сен осында жатасың. Екеуміз бірге түнейміз. Жұмысқа бірге барып, келіп жүреміз, ұқтың ба. Түсінбейсің... Жоқ, ұғасың ба? Сезесің, ә?
Ақкүшік еркелейді. Құйрығын бұлғаңдатып, құлағын селпілдетіп дәлізден есігі ашық бөлмелерге үңіліп қояды. Сосын босағаның бұрышында тұрған Қалдыбайдың ескі аяқ киімдерін иіскелеп, шәу-шәу. Солай біразға дейін жүріп алды. Төсегіне жатқан соң Бекзат көпке дейін ұйықтай алмай, дөңбекшіген... Бағанағы Өрікайдардың кітапханаға келгенін есіне алды. Көп әйел алған дейді өзін. Екі-үш жыл бірге тұрып, ажырасып кете береді екен. Жастау кезінде сері болған дей ме. Ет дайындаушы болып істеп жүргенде ауылда алғаш "Волга" мінген осы екен. Содан облыстағы бұл ет өткізіп жүретін комбинаттан шатақ шығып, оның басшылары, сондай-ақ оған қатысты ет дайындаушылардан істі болғанда, Өрікайдар да бірге сотталып кетеді. "Итай, − деседі ауылдастары. − Босап келгеннен кейін үш күн өтті ме, өтпеді ме бәйбішесін ертіп алып Отардағы теміржол станциясына кетті ғой". Сөйтсе, станцияның базарынан арзанға ет алып, екі шақырым жердегі бұрынғы әскери қалашықтың тұрғындарына қымбатқа сатумен айналысып кетеді. Сөйте-сөйте бизнесінің ауқымын кеңейте түскен. Енді тау-тастың қойнауындағылардың малдарына ауыз салады. Бәсіне келіседі де ақысыз алып кетіп, сойылған соң келісілген ақшаны әкеліп береді. Қаншаға сатты, ол оның шаруасы, сен келісілген бағаңа риза бол. Бұл екі жаққа да тиімді. Қойшы-қолаң малдарын ит өлген жерге жеткізіп, кім көрінгенмен саудаласып әуре болмайды. Өрікайдар малдарын қолма-қол ақша төлемей алып, сойылған соң бір-ақ есептеседі. Үстінен тапқан пайдасы көл-көсір. "Осы заманның адамы, − деседі ауылдастары. − Жоқтан бар жасайтын талант. Ит тек, беті ажарлы ұрғашы көрсе борап кетеді". Өрікайдар қайырымды да еді. Осы ауыл той жасай ма, кісіні соңғы сапарына жөнелте ме, ақшаны содан ала тұрады. Алдына барған ешкімді жерге қаратпайды. Тек уақытысында қайтар, уақытысында қайтарып, ертесіне тағы келсең, тағы аласың. Жұрт Өрікайдарды осысы үшін қадірлейді, алдынан қия баспайды. Өзі былай сымбатты еркек. Ауылдағы кейбір келіншектердің оған "Ағаай!" деп сызылып тұратындарын Бекзат талай байқаған. "Ана келін бе, ана келін, тағы анаусы... Өрікайдардан сау емес. Күйеулерін таудағы малдарын бақтырып койып, Өрікайдар пәлекет әйелдерін машинасынан түсірмейді" дегенді жиі естиді. Оның қаншалықты шын екенін кім білсін, ал енді Өрікайдардың иномаркасынан сол малын бағатын, егінін салатын, басқа да жұмыстарын атқаратындардың келіншектерін Бекзат жиі-жиі болмаса да, көріп қалады.
Ал бүгін оған келісі, жұмысқа шақырғаны... Қалдыбайды да айналдырған... Шын жаны ашығаны ма, әлде... Көз қиығы мұның тоқ мықынына құлап түсе берді ғой. Омырауына салды онысын. Аулақ, аулақ... Келіншек теріс қарап кетті. Қалдыбайды ойлаған. Бойы ысыды. Қара сандарының қапталындағы тамырлары лыпып соға бастады. Екі самайы солқылдаған. Екі жауырының арасы тырыса бастады. Ауыр салмақтың денесін езіп, үстін таптап тұрып алғанын аңсаған. Солай ұзақ-ұзақ аласұрып, аузы құрғап, діңкелеп, құр сүлдері қалып жатып көзі ілініп кеткен. Ертеңгілік келіншек Ақкүшіктің шәуілінен оянды. Бойы зіл-батпан, меңзең жатыр екен. − Тыныштық па, Ақкүшік? Бірде ұйқылы, бірде ояу жататын күшік мана бір мызғып кеткенде Қалдыбайды көрген. Иесі жалаңбас, жалаңаяқ әлдеқайда қашып барады. Соңынан тұра жүгірсе жете алмайды. Алдарында үлкен өзен аспанға шапшып ағып жатыр екен, Қалдыбай барды да соған күмп берді. Ақкүшіктің жүрегі кеудесінен ұшып шыққандай шәуілдеп қоя берген. − Оятып тұрмысың, мені, − деген Бекзат орнынан сүйретіліп әзер тұрып. − Түзге барғың келді ме. Қазір. Барып келе ғой. Ашылған есіктен Ақкүшік сытылып шыққан мезетінде ауыл сыртындағы өзенге қарай шапқылап бара жатты. Самогонның уыты жаман екен, Қалдыбай басын мүлде көтере алмай қалған. Кеудесі күйіп жанады. Таңдайына тығылған жағымсыз дәм жүрегін көтеріп, лоқси береді. Диірменші жазыласың деп, "брага" деген боз бәлені ішкізеді келіп. Одан жаны сәл тынышталғанымен, жарты сағат өтпей, қайта қысылады. Шалдың өзі болса аттай. − Біздің қанымызда бар бұл, − деп қалды. − Самогон мен сало ғой ауқатымыз. Осы екеуі құрыса біз де бітеміз. Сендерді бекер бұздық. Сендер оны арақ деп ішесіңдер, біз тамақ деп... Вот в чем дело. Біздің асқазанымыздың өзі − бутылка. Арақты қанша құй, бұзылмайды. Сендердікі − ет, сәл тамызып қойсаң қатпаршақтары кеуіп, жұмыс істемей қалады. Надо оживить. Браго самогонның ашымалы. Вроде как пиво. Слабый. Не так действует. Лучше давай, сынок, сто пятьдесять настоящего. − Ой, дядя Паша, разве я смогу. − А ты старайся. Шал стаканға самогон құйды. − Тяпни... залпом. Қалдыбай төгіп-шашып зорға ішті. Дымы өшіп біраз отырған.
− Мен картоп қуырайын, − деді шал. − Шошқаның свежий салосымен. Сен вставай. Двигайся. Нужно кровообращение. И еще знаешь от чего ты так трясешься. От того, Калдыбайчик, сен самогонды да соқтың, қатынды да... Вообще тыржалаңаш қатынның қойнында таң атқанша тыржалаңаш жатып алуға нельзя. Қатынның телосы асыл, высасывает всю силу. Сделал свое дело, немедленно отделяйся. − Дядя Паша, мен тиіскенім жоқ ол қызға. − Ладно, сынок, − шал сенбей ыржиды. − Зря стесняешься. − Құдай ақы. − Тогда что, как қазақтар говорят: шошқа тағаладың ба? − Жәй, қонып шықты. − Разве она тебя простит после этого. − Что плохого сделал? − А что хорошего... Она хотела тебя. Сам заметил по ее взгляду. Прямо жанып тұрды. Знаю я этих телок насквозь. − Дядя Паша, она не того. − Того или нет, дело не в этом. Дело в том, что она должна раздвинуть ноги. − Көрінгенге емес шығар. − Эх, сынок, сынок, − деп шал темекісін бұрқыратты. − Не буду судить. В этом деле в вашей башке, берет верх здравый смысл. А я, старый хрен, всю жизнь на счет баб шел напрямик. Только вперед! Как крестоносец пахал. Раздвинул столько стройных ног. − Ой, дядя Паша. − Думаешь Панталеевич грешный. А кто призывал к этому если не сами женщины. Куда не посмотришь крутятся, вертятся. Возьмем например Матрену. Сама пришла ко мне. − Құрсыншы, дядя Паша. Қояйықшы осы қатындарды. − Как тебе угодно. Ақкүшік келе есікті тырмалаған. Есікті ашқан шал айран-асыр. − С небо свалился, а? − деп күшікке жол берді. Ақкүшік екі-ақ қарғып Қалдыбайдың төсегіне жетті. Иесінің қол-аяғын тұмсығымен түрткілеп, дәл бір жылаған іспетті жаман қыңсылады. Қалдыбай қатты қуанды, әрі кеуілі босаған. − Ақкүшік-ау, қайда кетіп қалдың, а... Оның не... Ұрлап әкетсе қайтесің. Сойып жеп қойса, не істеймін.
Жаңағы іштегі жүз елу грамм жетпіс градус самогонның күші ме, жоқ Ақкүшігінің дін аман оралғанына қуанғаны ма, Қалдыбай еңсесін көтеріп алды. Қағынған шал күшіктің кұйрығын көтерді: − Не... не вскочил кобель. − Ой, дядя Паша. − Интересно, тогда где шлялась она? Шошқаның жас салосына қуырылған картоптың исі мұрын жарады. Қалдыбай мұздай суға жуынып алды. Айнаға үңілсе, сақал-мұрты өсіп кетіпті. Көзінің ағы сарғыш тартқан. Өзінен көңілі қалып тұр. Маскүнем бола бастадым ба деп алғаш рет шошына ойлады. Ішіңкіреп жүргеніне екінші жыл ғой, қою керек деді іштей. Тым алысқа кетсе ме екен. Қайда? Ақшасыз қайда жетесің. Жетсең қайтып күн көресің... Үйін сатса... Шалғай, шағын ауылда қанша тұрады ол. Сонда-ау... Бекзат үйсіз қалмай ма. Жоқ, ол болмайды. Бекзат барда ол үйден бір сабақ жіп алмайды. Бекзаттан өзін алып кеткен екен, үйін қалдырады. Сатса Бекзат сатсын... Бекзаттың қажетіне жарасын. Қап, кетерінде соны айтып кетпей. Ауқат үстінде шал сұрады: − Может үйіңе оралу ойыңда бар? − Жоқ, дядя Паша. − Совсем разлюбил қатыныңды? − Дело не в этом ғой. − Сен айтсаңшы. Мұндайда ішіңді босатып алған дұрыс. Страдание отнимает жизнь. Боль должна быстро проходить. − Бұл менің кінәмнан. Вернее... Қалдыбай демін терең алды. − Давай, дядя Паша, не будем. − Ладно. Какой разговор. Ақкүшік тыңқиып тойып алды. Ол иесінің мұнда неге отырғанын түсінбеді. Оған керегі Қалдыбайдың өз үйлерінде отырғаны. Алдына түсіп қазір жүріп берсе. Өз үйлерінің кең ауласына жетсе. Сонда бұл аузына түскенді қажап, кеміріп жататын көршінің кәрі төбетін шарбақтың ар жағынан мазақтап шәуілдесе. Үйден Бекзат шығып: "Қой әй, Ақкүшік" десе. "Жарайды" деген сыңаймен бұл секіріп басып келгенде иесі басынан сипап, арқасынан қағып тұрса... − Дядя Паша, диірменіңіз қашан жөнделеді? − Это от нас зависит, Калдыбайчик. Кой-какие запчасти керек. Мен бүгін райцентрге жүргелі отырмын. Может, бірге барамыз.
− Мен ешкімнің көзіне түспей-ақ қояйыншы әзірге. Мұнда екенімді білмей-ақ қойсын жұрт. − Как скажешь. Ал мен барып запчастілерді әкелейін. Заказ беріп қойғанмын, Магамед деген тамырға. Әкелейін. Сонан соң дереу іске кірісеміз. Делом заниматъся надо сынок, делом. − День добрый, − деп Матрена кіріп келді. − А шо вы так без стопки. − Перестань, − деді шал. − Хватит. Лучше садись, поешь. − Что случилось? − Приступаем за ремонт. − Пожалуйста. − Собираюсь в райцентр. Как у тебя? − Не сахар. − У нас тоже не мед. Вот видишь у Калдыбайчика какой вид. − А он очень понравился Розе. Ну как жигит, не возьмешь ее в жены? − Прекрати, − деді диірменші. − Кто на ходу жениться. − Сейчас ни с чем ни кого не удивишь. − Зачем пришла? − Корм кончается. − Откуда я возьму. − У тебя есть же эн...зе. − Брось. − Я приятелю твоему привела телку, бесплатно думаешь. − Эй, что за разговор? − диірменші ежірейді. − Ладно, ладно. Не кипятись, − деді Матрена. − Только учти, если отказываешься, Розу больше не увидите. − Она сама что скажет? − Она задолжала за квартиру уже третий месяц. Если корм дадите с этим она будет в расчете. Поэтому поводу она пришла позавчера. Қалдыбай басын көтеріп алды. − Роза продается? − Сегодня все продается. − Брось-те вы. − Гадина же ты, Матрена, − деп шал қатынды иықтан түйіп қалды. − По себе судишь людей. − Во! − деп қатын диірменшіге екі саусағының арасынан бас бармағын көрсетті.
Ақкүшік оқтай атылып Матренаның балтырынан ала түсті. Қатын баж етті. − Уберите эту сучку! Қалдыбай Ақкүшікті жұлып алды. − Бешенный! − деп қатын далаға атып шықты. − Что с ней? − шал Қалдыбайға бір, Ақкүшікке бір қарап аң-таң. − Сізге ара түскені. − Ты смотри! − Ақылды күшік қой бұл, − иесі итін жерге түсірді. − Жақсыны - жақсы, жаманды − жаман көреді. Хайуанат сол. Онда жалғандық болмайды. − А у человека есть. Почему? Где разница между человеком и животным? − Ложь вовсе не присуще им, − деп Қалдыбек Ақкүшікке қарады. − Разница в этом. − О боже... Получается − виновен разум. − Білмеймін, дядя Паша... − Вот такой вопрос: всякий адам сознательно, несознательно все равно жалған сөйлейді. Даже себя обманывает. Теперь скажи, вообще, кто более обманчив − женщина или еркек? − Қайдан білем? − Ал мен білемін. − Қайсысы сонда? − Қатын. − Неліктен қатын? − Ой, бұл разговор длинный. Ал маған жиналу керек. Еркектер тұрды. Ақкүшік елеңдеді. − Қонып та қалуым мүмкін, − деді шал. Сосын Ақкүшіктің басынан сипап: Чистокровная она. Биыл алғаш рет лығады. Нужен настоящий кобель. Асыл тұқымды... Помнишь, мұнда бывший кинолог бар дедім ғой. Вот у него есть настоящий кобель. Только надо заплатить. Бір сүргеніне − целый мешок отруба. Иногда пару мешков. Но мы с ним договоримся... Көрдің бе, біз қатындарға төлейміз, а тут кобельге. В этом деле они счастливее нас что-ли... − Қойыңызшы, дядя Паш... − Так что, Ақкүшікті оберегай... Кейде иттер мұнда қаңғып келіп қалады. Солардың бірі артылып кетпесін. Асыл тұқымды төбеттен күшіктетіп алсақ, күшіктерін сатамыз әлі. Райцентрлерде мұның ұяластарын білесің бе, қаншаға сатқанымды? По сто долларов!
− Вы что... Қалдыбай кешке дейін ұйқы соқты. Ақкүшік оның аяқ жағына бұйығып жатып алған. Иесі үй салқын тартып бара жатқанда басын көтерді. − Қой, Ақкүшік, пешке от жағайық, − деді. − Ыстық ішейік. Жазда дайындап, өлшеп кесіп, жақсы кептіріп алған қара ағашты толтырып салған соң, пеш те дүрілдеп кетті. Шағын, жатаған бөлмелердің жылуы тез. − Қандай тамақ істесек екен, а Ақкүшік? Шошқаның майы жүрегімізге тиіп болды. Қазір көрейік. Шалдың тоңазытқышында жарты тауықтың еті бар екен. Соны салды кострюльге. − Енді піссін, − деп шағын телевизорды іске қосты. Арлы-берлі бұрап еді, көгілдір экранда хайуанаттар әлемін көрсетіп жатыр екен. Қасқырлар туралы... Ақкүшік ескі диванға секіріп шығып, бұрышына тығылды. − Қорқып кеттің бе? Қорықпа... Шәу-шәу етті күшік. − Қой енді, олар қайда, сен қайда? Тектері бір. Алайда, аналар − қасқыр, бұл − ит. Өмір бақи бір-бірімен жау. Сұмдық, ә! Бірін-бірі алдап қатар өмір сүре алмайтындықтан екі бөлініп кеткен. Тектілер мен тексіздер... Ит тексізденген соң да саған қызмет істейді. Қасқыр тәуелсіз. Адам оны сол үшін де ұнатпайды. Ешбір ыңғайға, үйретуге көнбейтіндігі үшін. Ит адамға көнеді. Сол үшін де қасқырмен салыстырғанда айбаты да, абыройы да төмен. Адам оны құл қылып жіберген. Адам ісін кез келгенді құлданудан бастайды. Құлдану арқылы шаруасын шешеді. Ит түгілі, жерді де, көкті де сөйткен. Жерге де, көкке де білгенін істеп жатыр. Тек құдайға әлі келмейді. Себебі оның қайда екенін, өңі-түсін білмейді, көрмейді. Содан да құдай мәңгілік. Ал енді бір-біріне келгенде өзгеге деген аяусыздықпен өліпөшеді. Болмай бара жатса, өктемдік көрсетеді, өлтіріп те кетеді. Абырой болғанда не істеп, не қойса да адамсыз адамның көрген күні қараң. Одан қаншама соққы жеп, қорлау көріп екі қолыңды төбеңе қойып бет алды безсең де, айналып келіп тығылатының соның құшағы. Соңғы демің қалғанша сол. Соңғы демің қалғанда есің кіргеннен емпеңдеп арман қуып, бақыт іздеп, бақ сұрап, арқа етің арша, борбай етің борша, бармаған жер, баспаған тау
қалдырмаған телім-телім тірлігіңнің барлығын талақ етіп сұрайтының жалғыз ғана − адамның арулап жуып, бір уыс топырақ салғаны. Ақкүшік теледидардағы қасқырлардың бері шығып кетпейтінін сезді ме, селтиген құлағы орнына түсіп, ырылдауын қойды. Тек көздерін алмай, тілін жалап-жалап қояды. "Жақсы адам − өз ажалынан көз жұмса, өлігін − құдайдың аманатын абыроймен тапсыру санайды" дейтұғын әкесі. "Жақсы ит өлігін көрсетпейді" деп те айтады қазақ. Неге өйтеді екен? Өйттіретін кім? Түйсігі ме, әлде тәңірінің кесімі ме? Кімнің де өзінің мүсәпір, бейшара қалпын ешкімге көрсетпеуі тиіс қой деп ойлады. Мұның бедеу екенін ауылдастары, соның ішінде Бекзаты білсе, бетке айтпаса да, іштей мүсіркемей ме, тіпті мазақтап, қорламай ма. Соны сезіп жүріп қалай сөйлеп, қалай күлесің. Ет пен сүйектен жаралған пенде болған соң, біреуге артық айтып, айғай сөйлеуің мүмкін. Е, сонда бедеулігіңді бетіңе басса ше... Адам ашуланғанда аямайды. Ары қарайғы өмірін қайтеді сонда? Тірі адам тіршілігін жасауға тиіс... Көңілінің терең түкпірінен әлдебір дыбыс күмбір қағып, тына қойды. Қалдыбай елең етті. Бұл не? Әуез бе? Қандай әуез? Кімдікі? Қайда кетті өзі? Жалғыз күмбір... Әттең, домбыра... Қалдыбай жадының жалына жармасып жанталасқан. Қайда әлгі жалғыз күмбір... Далаға шықты. Қайта кірді. Қайнап жатқан ыстық тамақка үңілді. Ақкүшікке көз салды. Теледидарға бас бұрды. Бөрі бөлтірігін тістей алып қашып барады. Келе жатқан қауіпті сезген шамасы. Жалғыз күмбір тағы лүп етті. Дай-дай-дай... Ауырлау әуез... Аңқасы кепкен... Атылып, ақтарылып шыға алмай алқын-жұлқын. Қалдыбайдың жаны жаман қиналды. Ол өзінен туып келе жатқан қандай да бір әуездің толғағын сезді. Қолдары қалтырап, көзіне жас келді. Жан әлемінде ырғақтар ойнай бастады. Күрсінген, күңіренген бе немене... Дәл осы кезде есіктің ашылғаны. Роза екен. Қалдыбай оған мағынасыз көз салды. Ақкүшік ырылдады. − Мына итіңнің көзін құртшы, − деді анау өзімсінген үнмен. − Қайдан жүрсің? − Қалдыбай Розаның дәл қазір кіріп келгенін онша ұната қойған жоқ. Ол жаңағы күмбірлерден адасып қалды. − Қайдан жүргені несі? − деп Роза пальтосын шешкен. − Колледжден бүгін кеш шықтым. Не, тамақ істеп жатырмысың? Кострюльдің қақпағын ашты. − Картоп саламыз ба? − Мен өзімен-өзім оңаша қалуым керек, Роза.
− Кет дегенің бе? − Дұрыс түсін. − Түсінгенде... Қайқай деп тұрған жоқсың ба? − Аласұрма өйтіп. − Адамшылық қайда? − Не қылдым саған? − Кісі деп келіп тұрмын ғой. − Айтарың бар ма еді? − Мына түріңмен сөзімді қор қыласың. − Онда өзің біл. − Матренаның үш айлық пәтер ақысын төлей алмай жүр ем. − Табысың қайда? − Шешем мен ұлым қарап отырған жоқ па маған. Ал мынаның пәтер ақысы удай. − Қарызың қанша? − Біраз. − Панталеевич келсін. Алып берем. − Сөйтесің бе? − Розаның даусы жұмсарды. − Құдай ақы, қайтарып беремін. − Келсін енді шал. − Кірлеген көйлек-көншегің жоқ па еді, ала кетіп жуып берейін. − Қайтесің. Мені шынында да оңаша қалдыршы. − Ауырып тұрған жоқпысың өзі, өңің бір түрлі. − Бәрі орнында. − Қарыз сұрады деп кінәлама. Бұл жерде мен де ешкімді білмеймін ғой өзің сияқты. Осы күз келгем, − Роза қамықты. − Өстіп қалмаспыз, оңалар дүние. − Әрине. − Сорлы ғой. − Кім? − Ұлымның әкесін айтамын. Алимент те төлемейді. Ез. Езде намыс қайда. Әйтпесе еркектің намысы − ұрпағы емес пе. Емес деші. − Неге өйтем? − Қайдан білейін? − Роза жымиды. Сосын неге екенін, Қалдыбайдың ағытылып тұрған түймесін сала беріп еді, Ақкүшік қатты ырылдап қоя берді. − Ладно, кетейін, − деді қыз. − Мынауың қауып жүрер бәле қылғанда. Только жаңағы просьбамды...
Қыз басын қайқайтып шығып кетті. Қалдыбай ары-бері теңселіп, жаңағы күмбір-күмбірді іздеген жадынан. Таппады. Табамын деп жанталасқан. Өз жанының түкпірінен күтпеген жерден тіл қатқан алғашқы әуездің күмбірі. Жалғыз-ақ үзік. Қылт етті де, кілт жоғалды. Көз алдына әкесі келген. Соның домбыраны бір шертіп қойып, ары қарай тұнжырап, тұтығып отырып алатыны бар еді. Осындай азаптан ба? Қап, жаңағы Роза оқыстан келмегенде... Роза! Баласы бар деп айтуға қимайтын кұлын мүсін, қуыршақ бойлы, құмай көз. Қимылы да, сөзі де ширақ. Бір үйдің ішін шыр айналдырып-ақ кететіннің өзі. Тар төсекте тақым кағысатынды емес, есіктен кіргенде ел екі жарылып жол берер, елдескеннің етегін жабар, ерегіскеннің есін екеу, түсін төртеу қылатын ермінезді іздейді. Әйел затының бұл іспеттерімен өмір, сірә, қызық. Кім біледі, Қалдыбай Бекзаттан өзге кімді көрді. Көретін де еді. Өзін оқшау, суықтау ұстайтын, қыз-қырқынмен тіл қатысса, сөздері жиі-жиі кірпідей жиырылып кететіндіктен, талай-талай аңқасы кепкен арулардан аузы аңқайып қалды. Роза... Ұлы бар. Осымен бас қосса ше? Оның баласы бұған бала болмас, бірақ Розаның мейлі, бұрынғы байынан болсын, өз өзегін жарып шыққан перзенті ғой. Басы ашық әңгіме. Егер Бекзат бұған балалы болып келгенде, мейлі еді. Мұнымен бірге тұрып, керек болғандықтан енді біреуден туып алса, ол енді құдай ешкімнің басына бермесін дейтін әңгіме. Құдай-ау, Бекзат неге балалы болып келмеді десеңші бұған. Солай болып келгенде өз бақыты еді. Солай болып келгенде ол ешқашан перзентсіз өткенім бе деп өмір бойы опынып, өкінбес еді. Әйелдің Анаға айналу құдіретіне жетер еді. Сонда Қалдыбай да беті ашық ғұмыр кешпейтін бе еді. Бекзаттың алдында кінәлі сезінбес еді. Кімге айтады енді осы зарын. Қалай жеткізер мына жарық дүниенің түйсігіне. Балалы әйел алсам, оны баласымен қоса сүйіп өтер едім дегенге ешкім сене ме. Сөйтіп өтсем бедеулігімді бет ұрғаным, тәңірінің бермегенін пейіл-ниетіммен белден басып алғаным болмас па еді. Балалы әйел... Сол болмасын ендігі жерде мұның ойлайтыны... Қайдам... Білмейді... Телевизорда өбісіп-өліскен шет елдің арзанқол бір сериалы жүріп жатыр. Ақкүшіктің көзі кострюльде... Ертеңгісін иесі дәретханаға кіргенде, манадан бері бой жазып, енді шоқиып отырған Аккүшік кенет баяғы өзенді бетке алып зып берді...
Осылай Ақкүшіктің бір тәулік онда, бір тәулік мұндағы өмірі талай күндерді арқалап өтіп жатты. Өзеннің де суы молайған. Ағаш көпірдің сықыры және ұлғая түскен... Акпанның соңына қарай күн жиі-жиі бұзылып тұрды. Шығыс жақтан соғатын өкпек тыйылмай, оның соңы жиі-жиі жауынды-шашынды бола бастады. Бүгін де түс ауа бұрқасын борап, жер-дүниені сабалап кетті.
Бекзаттың көңілі аса бұрқасын. Ана жолы Өрікайдардың кафесінде істейтін жесір әйел шай ішкен. Бұрындары бұл үйге бас сұға қоймаушы еді. Айтқаны: "кейде іш пысады, әркімнің есігін аша беру ыңғайсыз. Өздері улапшулап жатады, сен әзір жалғызіліксің, сосын біраз әңгімелесіп қайтайын дегенім... Құдай жалғыз ұл беріп еді, әуелі оқудың соңынан, оны бітірісімен алған қатынының соңынан кетіп, шу қарақұйрық. Қазақ таппағандай буряттың қызын алып... О пәлең үпиттеп-сүпиттеп ап жоғалды ғой ит өлген жерге. Жылына бір хат жазады, әйтеуір. Сондағысы: әне барам, міне барам... Өзім тұра шабайын десем, көрмеген, білмеген жер түбі. Екі жаманы бар көрінеді. Жүріп-ақ кетер едім, жол қаражаты қинайды. Кімнен сұраймын, кім бере кояды. Қазір қайын алғаннан гөрі, қайта-қайта қатын алған оңай деп жүр кафеге келген қағындалар". Әйел осылай өз басының қара бұлтын қаптата-қаптата келіп, мұны сөзге тартқан. "Қалдыбай қайнымның мына қылығын жұрт неге жорырын білмей жүр". "Өзім де" деген Бекзат күрсініп. "Әй-шәй дескен жоқ көрінесіңдер". "Рас, тұрды да кете барды. Сөйтті". "Япыр-ай!" "Күтпеп ем..." "Ойбай, еркекке сенім жоқ, айналайын. Қазір не көп, байсырап жүрген қыз, қатын көп. Не біреудің басы байлы байын тартып алады, не ойнасы қылады". ''Қалдыбай олай кеткен жоқ". "Кім біледі..." "Өзім білем ғой, тәте". "Ал айтшы". "Мен көтермедім емес пе... Алты жыл өтті". "Бедеу ме ең?" "Қайдам". "Доқтырға көрінбедің бе?" "Сөйтпеппін". "Әй, әй, айналайын, сен көрін. Дереу сөйт. Қайдан білесің... Тілімді ал... Біліп алсаңшы. Өзіңе керек". Бекзат Ақкүшік азанда жоқ болып кеткен күні аудан орталығына барып, анализ өткізіп қайтқан. Бүгін оның қорытындысын жесір әйел кітапханаға әкеліп беріп кетіп еді. Құдай-ау, бұл бедеу емес екен! Құдай-ау... Бәрін өзінен көріп еді ғой. Өзінен... Баяғыда дирижер "ы... ы... ы..." дегізгеннен кейін жүктеп қалған. Амал жоқ, аборт жасатты. Қалдыбекпен бас қосып, екі-үш жыл өтсе де, аяғы ауырлай қоймаған соң, сол абортты жиі еске алатын. Соның зардабы емес пе деп қорқа бастаған. Сөйтсе... Қалдыбай ма бедеу?..
Дауысы шығып кетіп, босағада жатқан Ақкүшік басын көтеріп алды. Ыңырсыған іспетті дыбыс шығарды. Осы кезде есік қағылған. Келген жесір әйел екен. − Мына күн қайтеді, құтырды ғой, − деді қолындағы пакетті қарсы алып жатқан Бекзатқа ұстатып. − Жата салайын десем, елегізіп... Е, қойшы, Бекзатқа барып біраз отырып қайтайын дедім. Кедергім жоқ па? − Жо...ға... Келіңіз. − Ас бөлмеге-ақ отырайық. Шай-пай ішіп. − Күшігің үйде екен ғой. − Азанда оралды. − Ана жолы мұны күн ара жоқ болып кетіп жүр деп ең. − Рас. − Лығатын шығар, − Сөйтсе көрмейміз бе? − Көретіндей ауылда төбет ит қалды ма? Өң жұмыссыз селтең қыстай бос жүрген төбеттерді қуырып жеп... Бұл байлаулы төбеттерге барып жүрген шығар. Мүмкін тау қойнауларындағы малшылардың иттеріне?.. − Қойыңызшы, тәте, − деп күлді Бекзат. − Ит те сөйте ме? − Көкем-ау, күйлегенде бұлардың да миы айналып, көзі көрмей кетеді. Құдай ұрғашы біткенді еркектің әукесіне тәуелді етіп қойған қас қылғанда. Ас бөлменің төріндегі столға жайғасып алған әйел түбіт орамалын иығына түсіріп қойып: − Әлгі доқтырыңа барып осылай да осылай, ауылымыз алыс, өзі қызметінен шыға алмады, жақын қайын әпкесімін, анализінің қорытындысын бер десем, бойы шынашақтай жасамыс неме көзілдірігінің үстінен екі қара саныма кезек-кезек қарап алып, басын шайқайды. "Неге?" деймін. "Анонимно" дейді. "Ал мынаған бересің бе?" деп тұтас екі мың теңгені көрсетіп едім, қағазды қолыма ұстата салды. "Тағы не берейін?" деймін қитығым ұстап. Ыржиып тағы да екі қара саныма қарайды. "Оның арасына қыстырып ап зар қақтырсам, мұрныңнан қан кетеді ғой, байғұс" дедім. "Көрейік те, әуелі" дейді әлгі ит. Келіншектің жүзіне күлкі үйірілді. − Мүлде танымайтын адаммен... Солай тәжікелесіп неңіз бар, тәте? − Ерінен ерте қалған қатын қағынды болады, қалқам. Әсіресе еркектің көні кепкен көкейін көргенде, − әйел столдың үстіндегі өзі әкелген пакеттің ішіне қол сұқты. − Сенің бедеу емесіңді білген соң, әй, бұл қуанышты оңаша отырып атап өтейікші деп мыналарды арнайы алғам...
Ол дастарқанға коньяк пен қорап шоколад алып қойды. − Тәте-ау, мен ішпеймін ғой. − Мен қайбір ішкішпін. Көңіл. Кейде ұрттап-татқаннан күнәһар болып қалмайсың. Адамбыз ғой. Аздап босаңсып алғанда керек. Оның үстіне... Оның үстіне бүгінгі күн сен үшін ерекше. Ал мен сенің тілеулесіңмін. Қане, стакан ал. Әйел коньякты ашып, екі стаканға аздап құйды. − Тәте, тауықтың сорпасы бар еді. − Пешке қоя сал, ысысын. Оған дейін бір-бір алып қояйық. Отырсаңшы өзің. − Тәте, мен ішпей-ақ қояйын. − Аузыңа алып көрмеп пе ең туғалы? Бекзат үндемеді. − Ұрттап қой бір-екі. Қане... Әйел тақымдап отырып Бекзатқа шамалы алдырды. Одан тағы. Ыстық сорпамен де біраз. Қара шаймен де ұрттап отырысты. − Жассың, − деді − әйел қырыққа дейін ғана керек еркекке. Онан кейін ұрғашыға икемі болмай, нағыз рақат-ләззаттың қызығын өмірі бір шөлі қанып көрмеген кәртеміштер демесең, ешкім көз салмайды... Жассың... Қалдыбай болса... Е, оның енді қайта оралар, оралмасын құдай біледі. Әй, сол оралмас. Ішіңкіреп жүрді ғой екі-үш жыл. Оралғанда одан не қайран. Бедеу сол екен. Ал саған туу керек. Туа алатын болған соң, баласыз өту не сорым. Ойлашы өзің. Жассың. Қазір шыбын қонып кетсе балалай салатын "ой-хой, дәурен" кездерің, шіркін. Ал ертең кеш болады. Кеш... Бетің ауған жаққа кетіп қалып, дәм тартқан жерден байға тисең... Ол кім?.. Ол да бедеу шығар. Еркектің көбі импотент деп жүр емес пе қазір. Әуреттерінде әл жоқ дейді. Болғандарынан кісілік, қамқоршы көре ала алсаң жақсы, өкпең өшіп, өзегің талып өзің асырап жүрсең қайтесің. Жатқан пәле емес пе?! Құдай-ау, еркекті әйел асырады деген қандай қасірет. Қай атамыздан калған... Әйел әңгімені судай сапырып отыр. Күйеуінен ерте қалғанын да айтып көз жасын сығып алды. Әйтеуір, артында ұлы қалды. Мұның сүйегі жарылды. Пұшпағы қанады. Қубас емес. Ана деген аты бар. Ана болмаған ұрғашыдан өткен бақытсыздық жоқ ұрғашыға. Ондайларға ешкім баланың кіндігін, тұсауын кестірмейді, бесікке салдырмайды, батасын алмайды... Сондай боп жүрмесін деп ырымдайды. Секемденеді. Бекзаттың қан тамырлары лыпылдап, тұла бойы қызып отыр. Сәл-сәл ішкен коньяктың әсері әжептәуір. Сөйтсе де көңілі салқын. Әйелдің әңгімесін
естіген сайын ет жүрегі қалтырай түсе ме... Түкпірінде өкініш пен опынудың уілі үдеп бара ма... Әйел айтқандардан бар, өзінен оянып жатқандары бар, қаптаған қалың ойлардың қайсысын қармарын білмей, күллі болмысымен бес бүктеліп, он оралып отыр. Әйел коньяктан екеуіне бірдей тағы тамызып қойды. − Тілімді алсаң, ақылымды тыңда. Адалым. Сенің бұл ауылда ет жақының жоқ. Кетсең, күтіп алып, жарылқай қояр кіміміз бар дейсің мына заманда. Тіпті осы ауылда таңды бірге қарсы алып, кешті бірге батырып, апта сайын өтіп жататын той-томалақта, құдай-ау, бір-біріне жамырап ақ тілек тілеп, ақ бата беріп жататын мына алпыс үй біреудің түтіні қисайса, жұрт болып "Мұнысы несі? Қане, жабылып түзейік" десе қане? Әркім өзін-өзі қымтап жатып алған. Өзгенің өлгені не, тірілгені не... Айтшы, Қалдыбайдың кеткеніне қанша күн өтті... "Неге өйтті, онысы қалай?" деп босағаңды аттаған қай туысты, қай ауылдасты көрдің? Осы тұста Бекзат іштей өксіп-өксіп алған. Бірақ онысын білдірмеуге тырысты. Стакан түбіндегі коньякты ұрттап жіберді. − Ерте жарықта, қалқам, бір азаматты пана тұтуың керек-ақ. − Тәте-ау... − Меніңше, Қалдыбай қайта оралмайды. Оралмайтыны өзінің бедеу екенін білген. Намыстан жарылатын адамдар болады. Олар өзін өзіне де қорлатпайды. Өзгенің бақытына да қол байлау болмайды. Қалдыбай айналайын соның бірі екен. Құдай біледі ғой, осым рас. Қаперімде жоқ еді, аузыма Алла салып тұр ма, немене... Ибай мынасы несі? Бекзат жалт қараса, аузында Қалдыбайдың ескі аяқ киімі, табалдырықта Ақкүшік тұр. − Қалдыбайдың атын естігеннен ғой деймін. − Бәлесін қара-ей мұның. Өзінің тұқымы басқа ма, өзге иттерге ұқсамайды. − Қақпаға қыстырып кеткен газет-журналдарды да тістеп үйге әкелетіні бар. − Көзі қарақаттай. − Ақылды бұл. − Күшіктесе, біреуін маған беріңдерші. Менің итім күзде жоғалған. Аузым жазықты, соның ажалы анау бос селтеңдерден болды. Қайсыбірде соның бірі араққа ақша қарыз сұрап келді. "Берейін. Бірақ шыныңды айтшы, неге ит жейсіңдер?" деймін ғой. "Емге" дейді әлгі шімірікпестен. "Қандай емге?" "Туберкулезге, бронхыға қарсы". "Аурусыңдар ма сонда?" "Болсақ
болдық, болмасақ алдын аламыз, тәте"... Міне, уәждерінің сыйқы. "Жүгермек-ау, ол жеті қазынаның бірі емес пе?" десем, "Ой, тәте, қазір ит түгілі, адамның өзі қазына болудан қалған" дейді аузы жалмаңдап. − Құрысыншы, тәте. − Дұрыс айтасың... Әй, Ақкүшік, бар енді жат орныңа. Иең жоқ арамызда... − әйел сөзін біреу естіп қоятындай Бекзатқа төне түсті. − Саған қорған, сүйеніш бола алатын еркек бар мұнда. − Не... − Рас айтам. − Ол кім? − Ана жолы кітапханаңа барған адам. − Өрікайдар ағай ма? − Нағыз еркек. Өзің білесің, осы ауылдың күні соған қарап тұр. Иә десең, сонау Алматыдан баспана әперіп, үлде мен бүлдеге бөлеп қояды. − Ой, тәте, қойыңыз. − Әуелі тыңдап ал. Сенің онымен көңіл жарасқаныңды бұл ауылдан жан адам білмей қалады. Төркініңе кеткен боласың. − Қызықсыз ғой, оның семьясын қайтесіз? − Әй, айналайын, семья кімде жоқ. Анау әлгі депутаттар да, ғалым, жазушыларың да, бизнесмен тағы кімдер... Шетінен үй сыртынан үй тігіп алған. Қазаққа тоқал қажет деп газит-мәзиттер жабыла жазып жатқаны анау. Солар айтқан соң... − Мұныңыз жеңгетайлық па? − Өрікайдар ағайыңның арманы. − Қалдыбайды қайтесіз? − Ой, ол кетті ғой. − Оралып келсе ше? − Келмейді. − Келсе... Әйел үндемей қалды. − Жаңа ғана осы жұртты ешкімге қабырғасы қайыспайды, қазақ болғаннан қалған. Әркім өзін-өзі қымтап жатып алған деп жерден алып, жерге салып отыр едіңіз ғой. Енді мынауыңызды қалай түсінемін? − Мен де сол жұрттың біреуімін ғой, − деп әйел бір түрлі жасып калды, − олардан асып қайда барамын. Оңашада он сан оймен ойбайымды қанша салғанымен, жеме жемге келгенде, әлгілердің терісінен шыға алмаймын. Сосын күнім кісіге − Өрікайдарға қарап тұр. Сөйлес деп жан қоймайды.
Бірақ, бар ғой, ниеті дұрыс. Өзің деп бұрыннан өбектеп жүретін. Өзің білесің енді. Туып алсаң, жассың, көріктісің уысыңнан шығармайсың. Тағы айтарым: Өрікайдар осы өзіміз отын оттап, суын жайлап отырған өңірді тау-даласымен түгел сатып алып, имекке дей ме, сондай бірдеңе қылайын деп жатыр. Жекеменшігіне. Демек, біз де онын жекеменшігі боламыз. Жерінде жатыптұрып жүрген соң, амал қане. Еркелеткенін еркелетеді, елден бездірем дегенін бездіреді. Ойлашы... − Тәте, демалайық. Ертең жұмыс. − Сөйтеміз бе? Мейлі, − әйел жиналды. − Сен асықпа, әбден ойлан. Құдай өзі айдап келіп тұр, қалқам. Әйел кеткен соң, Бекзат бірден жата қоймады. Ас бөлмеде біраз отырған. Бәсе... Өрікайдардың әуелде Қалдыбайды бауырына тартпақ болғаны... Ол кеткеннен кейін кітапханаға келгені... Демек... О бастағы ойы мұны көңілдес етпек қой. Бекзатқа керегі көңілдес пе? Бекзатқа керегі − Қалдыбай. Өзінің күйеуі. Өзінің... Шын сүйе ме өзі Қалдыбайды. Жақсы көреді, қимайды, бауыр басып қалған. Ал сүю деген не осы? Құдіретін сөзбен жеткізу мүмкін емес, тек жүрек пен тілектің тілі ғана айтып бере алатын, теңдесі жоқ іңкәрлік пен ынтызарлықтың жалғыз сәтте суымай, ылғи күйіп-жанып жататын ғажабы ма? Бекзат сондай сезіммен өртеніп көріп пе еді? Бәлкім, Қалдыбайды алғашқы түннің ертесіне, тіпті осы күнге дейін "Қыздығың қайда?" деп сұрамағаны үшін қадірлеп, аялар. Қалдыбай жалпы мұның өзіне дейін, он жетісіне дейін-ақ қатын болып қалғанын сезіп, білді ме екен? Қулық жасап жіберді ғой Бекзат. Босағасын етеккірім ертең келеді деген күні аттаған. Топатайы бүтін екен деп қалсын деген ойы. Сірә, әлі ұрғашының етегін көтеріп көрмеген ауыл баласы шынында да сеніп қалды ма соған. Сөйтпесе алты жылда үн-түнсіз келіп тістеп жүруі мүмкін бе. Ендеше алты жыл бойы бұл Қалдыбайды алдап келіпті. Алты жылда оқта-текте болсын өзінің таңын айырған дирижерді есіне үнемі алғаны да рас. "Ы...ы...ы..." деп жатқан сәті мәңгі есінде қалған. Ғажабы, қазір ғана жаны көзіне көрініп "ы...ы...ы..." деп жатқан қыздың тәні мен жаны бірдей, кенет қаперінде жоқ бір сұмдық рақатқа кенелді-ау. Сұмдық ыстық деммен өртенген аузынан "жан...ым" деген жалғыз сөз атып шығып кеткен. Сондай сезімге осыдан кейін ешқашан бөленіп көрген емес. Тек оны шанда бір түсінде көретін. Сонда оның бауырына сұйық от құйылып жатқандай денесі балқып, балбырап, есі кіресілі-шығасылы күй кешетін. Қалдыбаймен алты жыл тұрғанда сондай сәт басынан бір жолы да өтпеді. Рас, қанағаттану сезімдері болатын, бірақ солардың бәрін қосқанда жаңағы жалғыз сәтті
алмастыра алмайды. Себебі... Себебі Бекзат дирижерді шын сүйіп қалған шығар. Сөйтпесе оның пәтеріне неге бара салды елпеңдеп. Өмірі татып көрмеген шарапты неге ішті. Ол төсекке әкеліп жатқызып, омырау түймесін жайлап ағытып, жаңа-жаңа жетіліп, толысып көз жауын ала бастаған аршын төсін аймалап, екі елі лыпасын бұтынан сыпырып тастағанда, сәл-сәл қымсынып, үркектесе де, қолынан қақпады ғой. Қайта соның ыңғайына қарай икемделіп, жабыса түспеді ме. Егер сол дирижер оқыс мерт болып кетпегенде ше? Ажал неге тұтқиыл келді оған? Ағызып келе жатқан машинаның алдынан байқамай шыға келген зағип кемпірді құтқарып қалам деп... Кемпір аман қалды, өзі өлді. Әттең-ай, ертеңгісін сөйлесіп тұрған адамының екі сағаттан соң көз жұмарын білсе, бұл ол үйден көзі тіріде шығатын ба еді. Бекзат өксіп-өксіп жіберді. Ар жақтан Ақкүшік атып шыққан. − Сорлымын ғой, Ақкүшік. Ессізбін. Неге жасаттым абортты? Ақкүшік адам тілінен не түсінеді. Ақкүшік түсінсе, әйтеуір, бірдеңе айтпай ма. Жас едің. Сөзден қорықтың. Қорлық көрдің дер еді. Кім білсін... Азаматтың өзін кездейсоқ оқыс жағдай мерт етті, ұрпағын сен өлтірдің дер ме еді. Кім білсін... Әркімнің табиғилығына жат әрекеті үшін сөз жоқ жаза тартатынын да айтар ма еді. Кім білсін... Сен өзіңді кінәлі сезінсең, тек өзіңнің алдыңда кінәлісің деп те айтар ма еді. Кім білсін... Бекзаттың кірпігі таң алдында ғана зорға айқасты. Содан көзін күн сәскеде бір-ақ ашқан. Ақкүшік көрінбейді. Есік жабық. Есіне ас үйдегі терезенің ауасы тазарып тұрсын деп бір жағын ашып қойғаны түсті. Ақкүшік содан шығып кеткен. Өзен үстіндегі көпірден ағызып өтіп, диірменші шалдың ауылына жеткен Ақкүшіктің танауына бір ғажап иіс келді. Жел батыстан қатты соғып тұрған. Сонымен жеткен иістен басы айналды. Қалт тұра қалып, тұмсығын желге төсеген. Соған қарсы аяқтары еріксіз бүлкілдеп бара жатты. Ғажап иіс біртебірте бұрқырап күшікті ауласының іші түгел көрінетін шағындау үйдің алдына алып келді. Ар жақта байлаулы төбет шынжырынан босана алмай аласұрып жүр екен. Мұны көргенде тіпті арсылдап аспанға атылды. Ақкүшік әлгі ғажап иістің сол төбеттен бұрқырап тұрғанын сезді. Аралары ырсиған шарбақтан сұғынып кіріп, төбетке жақындауға үйдегі адамдардан сескенді. Сөйткенше болмай, үйден алқам-салқам біреу шыға келді де, жерден қолына ілінгенді бүған дәлдеп жіберіп қалды. − Кет! Қуыңдар-ей, ана қаншықты! − деді бақырып.
Ақкүшік бұғып үлгергенше, тағы бір кесекті жіберді. Оған соңынан келген баласы қосылып, бұған қарай тұра жүгіріскен. Ақкүшік амалсыз безіп берді. Жолай жолыққан бірлі-жарым адамдар да бұған кесек атып жатыр. Қорқып кеткен Ақкүшік жаңағы ғажап иісті жоғалтып алды. Тек сол иісті сезгенде қатты ысып, дуылдаған бөксесі көпке дейін бүлкілдеп қоймай қойды. Тіпті Қалдыбай бас салып, жылап көріскендей болғанда, тұмсығынан өзі алғаш сезінген ғажап иіс пен шынжырдан босай алмай аласұрған төбет кетпей қойған. Ақкүшік мұның күшіктеу күйі екенін, әрине, білген жоқ. Қалдыбай сақал-мұртын қырмапты. Шал да, өзі де самогон ішпеген. Екеуі диірменнің жөндеу жұмысына кірісіп кеткен еді. Иесі Ақкүшікке тамақты диірменнің ішіне әкеліп берді. − Күн ара қайда жоғалып кетіп жүрсің? − деп мұның маңдайын шертіпшертіп қойған. − Күшігің үйлеріңе барып жүрген жоқ па осы? − деп шал шылымын бұрқыратқан. − Мұндай иттен всего можно ожидать. Умница же. − Өйту мұның ойына қалай келеді? − Сені іздеп келу қалай келді? Түскі астарын ішіп отырғанда диірменші: − Менің не ойлап жүргенімді білемісің? − деп сұрады Қалдыбайдан. − Сен келгелі менде бір шешім пайда болды. Қанша жыл жиған-тергенімді жұмсап диірмен салдым. Я не вечный. Сколько мне осталось. Лет пять... А может меньше. Детей-то қай...да. У них своя жизнь, своя судьба. Свои нравы. Слишком рано отделились они от меня. Чужые мы. Со мной толъко мельница. Что было у человека, остается людям. В этом утешение. Я хочу все оставить тебе. Мельницу, дом... Может тебя сам Бог привел сюда. Әкеңнің мені ауылдастарының соққысынан құтқарып, үйіме жеткізгені, содан тамыр болып кеткеніміз, сені ертіп келіп жүретіні, бәрі, бәрі по велению судьбы. Завтра же запишу завещание на твое имя. Е, сонан соң, мен қазақ жеріне, еліне қарыздармын ғой. Қызылтауда тудым. Там вырос... Кормился вашим хлебом... Чем-то надо отблагодарить. Пусть моя мельница служит вам. Поверь мне, сынок. На тебя оформляю завещание. − Что вы, дядя Паша? − Сөйлеме, Қалдыбайчик, үндеме. Қалдыбай рақметін айтып, қарсылық білдірмек болып еді, шалдың шын пейілін танып, үнсіз қалды. Есік қағылды. − Да, заходи, − деді шал.
Роза екен. − Қалдыбай, сені бола ма? − Кіре бер, − деп Қалдыбай қызды ішке шақырды. − Құпиялайтын несі бар. Бәрібір шаруаң дядя Паша арқылы шешіледі. Роза үстіне духиді аямай сепкен екен. Ақкүшік тыжырынды. Іле жайлап ырылдаған. − Дядя Паша, маған біраз ақша бере тұрасыз ба? Роза Матренаға қарызданып қалыпты. − За квартиру, − шал тұрып түпкі бөлмеге қарай аяқ басты. − Кровопийца же это Матрена. Как гадюка. Но видная сучка. Ей богу съест любого. Не пожалеет. А может не хочет. − Рақмет! − деді Роза Қалдыбайдан ақшаны алып тұрып. − Кешке сабақтан қайтарда колледжден домбыра сұрай келейін бе? − Бере ме? − деп Қалдыбай елеңдеді. − Әкелем ғой. Ол кеткен соң шал: − А может поживешь с ней. Примем как квартирантку. Пусть живет. Будет стирать, готовить. − Керегі жоқ, дядя Паша. − Дело хозяйское, − деп шал иығын қозғады. − Ладно, забудем все. Мен ана кинологқа жолығып келейін. Төбетіне Ақкүшікті лықтырып алайық. Басқа итпен не ғып қоя ма... Күшіктетіп алсақ, айтып едім ғой, пайда. Кешкісін Роза айтқанында тұрып, Қалдыбайға домбыра әкеліп беріп кеткен. Қалдыбай ана жолғы күмбір-күмбірді домбыраны шерте-шерте, әйтеуір, тауып алды. Көзін ашқаннан домбыра дауысын естіп өскен Ақкүшік те елегізиді. Иесінің оның өзіне де беймәлім ырғақты бастап алып, ары қарай көсіліп кете алмай аласұрып отырғанын күшік білмейді, тек оның дыбыс шығарып отырған саусақтарына көз тастайды. − Дядя Паша, − деді Қалдыбай. − Бір құйып бересіз бе маған? − Жайшылық па? − Бір құйып беріңізші. − Ну, смотри, − деп диірменші жарты стакан самогон құйып берді. − Мен ішпеймін. Қалдыбай у мен зәрді қағып салды. Саусақтары бір орнында қаздаңдап тұрып алды. Күмбір-күмбір ырғақтың не өрлеу, не құлдилау ағысын таба алмай ары да, бері жүйткіп көреді. Ендігі
кезекте қағысының дұрыс болмай отырғанын сезді. Сабалап емес, шертпелеп тартса ше. Көз алдына Бекзат келген. Жартылай жалаңаш. Қолаң шашы аш беліне түсіп тұр. Одан да төмен сияқты. Ары-бері ырғалса, ұштары ақ томпақ бөксесін сипалай ма. Бір-біріне қосылғанда жігі білінбей кететін түзу сандары дір-дір... Келіншек бері бұрылды. Аршын төстің алмалары сәл-сәл ісініп-басылып, ісініп-басылып тұрған сияқты. Тамағының астындағы бұғағы сияқты кіндігінің астына да шағын белдеу пайда болған. Одан төмен... Қиманың томпайған төбесін жауып жатқан қалың қара ұлпа... Домбырадан кенет бипаз үн ыңылдап шығып, бара-бара ішекті тартқызып, ындынды құрғатқан әуезге ұласып, соның дүмпуі қыл мойынды ылди-төмен ырғай бастады. Бірде бауырын жазған баяу, іле аласұрған алқынжұлқын күмбір күлтеленген көңілдің күміс коңырауын қағып тұрғандай. Қалдыбайдың қолдары көсілді. Бет-жүзін тер жуған. Жас әйелдің ақ сазандай денесі былқылдап, әуездің буын-буынын бұлаңдатты-ай келіп. Жігітті бұрын-соңды болып көрмеген шабыт биледі. Қайдан келіп жатқаны белгісіз күмбір күрсініп те, күңіреніп те бағады. Күллі дүние дәл қазір оның тартысына таңдай қағып, тамсанып, табынып тұрған іспетті. Қай кезде... Ай сәулелі әйел денесі аңғараңдап алыстай бастады. Теріс қарап алған. Аш белін жапқан қара мақпал шашы желкесіне шарт түйіліпті. Домбыраның ішектері қосылып боздаланың ботасы болып боздай ма... бойбойы шығып, борай-борай боз тозаңға айналып бара ма... Айхай, дәурен деп пе, ай-хай, дүние деп пе, аңырап барып, шорт үзілді. Қалдыбай терін сүрткен жоқ. Беті-басын жуған жалғыз тер ме? − Хотя мен домбыраңнан дәнеңе түсінбеймін, но это музыка странная, Қалдыбайчик. Тревожная. Боль какая-то. Хорошо играл. − Аяқтай алмадым, − деді Қалдыбай жыларман болып. − Не получилось, дядя Паша. − Может сто грамм? − деді шал. − Керек емес. Бәрібір аяқтай алмаймын. Қалдыбайдың ұнжырғасы түсіп кетті. "Күй − тереңнен шығатын құдірет. Оны шығару үшін адамның өзі терең болуға тиіс" дейтін әкесі. "Мендегі ненің тереңдігі" − деп опынды Қалдыбай, "менің сорым − бастауын бастап, аяғына жете алмайды екенмін". Түйсігі мұнар, ойы бұлыңғыр, жүрегі жұлынып тұрмайды. Шал мұның көңіл-күйін қалай аңдасын:
− Мен әлгі кинологпен келістім. Төбетінің бір сүргеніне елу доллар сұрайды, сукин сын. − Қымбат емес пе? − Екі мешок ұн ал дедім бар ғой менде аздаған. Одним словом, ертең Ақкүшікті алып барамыз. Мұның енесі төрт күшік туған. Үшеуі − қара, мынау − ақ. Бұл да енесінен кем күшіктемес. Ақкүшік өзінің аты естілген сайын қозғалақтап қояды. − Жұрт енді көктемге алып қалған астықтарын ұн тартуға әкеле бастайды, − деді шал. − Ерте жатып, ерте тұрып жөндеу жұмысын тездетуіміз керек. Фильм есть, название хорошее: "Время не ждет"....Слушай, Ақкүшікті байлап қояйық, а то... − Үйде жатыр ғой. − С чем черт не шутит. − Айырыла қоймаспын. Қарап жүрем. − Ну, смотри! Бір-ақ ертесіне олар Ақкүшіктен сәскеге таман айырылып қалды. Аспан тұтас қара ала бауыр ақ мұнар екен де, күн сізбелеп тұрған. Өзеннің суы күн сайын көбейіп, ағаш көпір қисая түскен. Ақкүшік үстінен шапшаң өте шықты. Аулаға қарғып енсе, есік құлыптаулы. Жортып кітапханаға жеткен. Бекзат көк контрамаркаға от жағып жатыр екен, күшікті бас салды. − Қайдан келдің, Ақкүшік? Әй, сен қайдан келдің? Ақкүшік еркелеп, олай-бұлай ойқастап, өзімен-өзі. − Сен бар ғой, сен құдай біледі, Қалдыбайға барып жүрсің. Иә, Ақкүшік? Әйтпесе күн ара не кетіс сенікі? Азанда... Сосын азанда маған... Оны да, мені де қимайсың... Айналайын, Ақкүшік-ай! Екеуімізді тең іздеп жүрген, қимай жүрген сен ғанасың ғой, сірә, енді ойласам. Соны айтуға тілің жоқ бізге. Күшікті ертіп қызмет орнына келді. Пакетінен картоп қосып пісірілген екі пирожки алып алдына қойған. − Жеп ал. Самбырлап сөйлеген жесір әйелдің төбесі қылтиған. − Қалай сіңлім, амансың ба? − Отырмыз. − Ойбай, мына жерің тастай суық қой. − Қазір-ақ жылиды.
− Біздің кафеде күндіз-түні бірдей жып-жылы. Соляркамен жағылады. Порсунка дей ме. Гүрілдейді де тұрады. Өрікайдардың қолынан келмейтіні жоқ. Газдың балондарын да үйіп тастады. − Жайша жүрсіз бе? − Өрікайдар ағайың жіберді. − Не шаруамен? − келіншек қабағын шытынды. − Ертең туған күні оның. Соған екеуімізді ресторанға шақырады қалаға. − Жо... жоқ! Ешқайда, ешкіммен бара алмаймын. − Жаныңда мен боламын. Жеп қояды деймісің ол. − Қойыңыз. − Сіңлім, тыңдашы. Мені аяшы. − Сізді... − Одан әлгі Якутиядағы қу жалғызға барып келейін деп қарызға қомақты ақша сұрап едім. Айлығымнан ұстап отырасың ғой дегем... Берейін. Тек келінді ресторанға ертіп кел деп... Барайық. Көңіліңе жақпайды екен, бас салмайды. − Ұятқа қалғыңыз келмесе, мені жайыма қойыңыз! − деп келіншек атып тұрған. Сол кезде Ақкүшік те жесір әйелге тұра ұмтылып, балтырынан ала түспесін бе. − Ибай, ибай, қайтеді-ей, мына пәле? Ал, ей, айналайын, итіңді! Балтырым, ойбай, балтырым! Бекзат жалма-жан Ақкүшікті әйелдің балтырынан ажыратып алды. − Болды, болды, Ақкүшік. Қой! − Құдай-ау, бұл не сұмдық. Тал түсте итке талатып. Тісі етігімнің ұлтанынан өтіп кетті оңдырмай. Қап, мына әдіре қалғырды-ай... Байың оралса, мейлі-ақ. Келмесе етегіңе намаз оқығаныңды көреміз әлі. Жас неме ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетіп қалмасын деп... Өз пайдаңды білмесең, өз обалың өзіңе де... − әйел бұрқылдап-бұрқылдап кете барды. Кетіп қалып, лезде қайта оралып есік ашқан. − Бәрібір ойлан! − деген. − Өзіңе қарай ағызып келе жатқан атты үркітсең, жаяу қаласың. Ақкүшік тағы ұмтылғанда, анау есікті жаба қойды. Бекзат терезенің алдына келді. Аяғының басын еденге тық-тық ұрады. Япыр-ай, бұлар Қалдыбайдың кетіп қалар күнін күтіп жүрген бе? Енді қайта оралмайтынына күмәндары жоқ па. Өлсе бір жөн, тірі адам ғой ол. Өздерінің туысы. Өз қолдарында өсірген, көз алдарында ер жеткен... Өрікайдардың
"Қалдыбай-ау, ата-бабамыз осы ауылға келіп сіңген біз түбі бірге нағыз туыспыз" дейтіні қайда... Түс ауа әлгі жетім қыз келіп тұр. Екі көзі жайнаң-жайнаң етеді. − Тәте, сәлеметсіз бе? − Сәлемет. − Сұрайын деп едім. − Нені? − Ванга деген әулие кемпір болған дейді ғой. − Естігенмін. Көріпкел. Оны не қыласың? − Ол дүниедегі болатын сұмдықтарды алдын ала білген екен. − Сенің де сөйткің келе ме? − Ғажап қой. Адамдарға бәрін алдын ала ескертіп отырсаң. Бәле-жаладан сақтайсың. Өлімнен де құтқарып қаласың. Келіншек қызды құшақтап бауырына басты. − Тәте... − Ау. − Сіз жылап тұрсыз ба? − Жоқ, күнім. − Жылап тұрсыз. Жыламаңыз... Қалдыбай ағам келеді әлі. − Сөйте ме? − келіншек еңіреп жіберді. − Әжем айтты. − Кешікті ғой, кешікті. − Келеді, тәте. Әжем өтірік сөйлемейді. Келіншек бет орамалымен көз жасын сүртті. − Аудан орталығына барғанда Ванга көріпкел туралы кітапты орталық кітапханадан сұраймын. Сөз жоқ, тауып беремін саған. − Рас айтасыз ба, тәте? − Неге өтірік айтамын. − Жеті жасында-ақ көріпкел болыпты ол. Ал мен он бірдемін. Азанда ерте тұруды ойлаған Бекзат төсекке ерте қисайған. Алдында биік тау. Таудың ұшар басы ерекше жап-жарық. Қызылсары. Шұғыласына көз қарығады. Соған қарай әлгі жайнаң көз қара қыз кетіп барады. Бұл да оның соңынан ілескісі келеді. Бірақ кібіртіктеп жүре алмайды. "Тәте, жүр" − дейді қыз айғайлап. − Қалып қоймаңыз! Ана таудың басында бақыт бар. Жапжарық ол. Соны аламыз да әлемді аралап ұшамыз. Шұғыласын шашамыз. Өзіміздің ауылға да. Жүріңіз, тәте, жүріңіз. Ақкүшік қайда? Ақкүшік көрінбейді ғой.
Жан-жағына қараса, Ақкүшігі жоқ. Қызық, дөңгеленіп-дөңгеленіп іздері жатыр. Ақкүшік! Ақкүшік!.. Келіншек өз даусынан өзі шошып басын көтеріп алды. Бөлме іші қара көлеңке. Табалдырықта селтиіп тұрған Ақкүшіктің сұлабасы ағараңдайды. Түннің қай мезгілі екені белгісіз. Жата бергісі келіп тұрса да, тұрғанды жөн көрді. Жарық жағып, қабырғадағы сағатқа қарап еді, төрт болып қалыпты. Пештің ішін көсеп, күл астында сөнбеген шоқтың үстіне ағаш салды. Әлгі не түс, не елестің әсерінен көпке дейін арыла алмай қойды. "Қыз - періште ғой" деп жорыды іштей, "Мені жақсылыққа жетелеп... Ал мен кібіртіктеп жүре алмаймын...." Ақкүшік те зым-зия жоғалып... Дөңгелек іздері ғана... Ақкүшік бұл ары-бері жүргенде басын бір көтерді де, кайтадан бұйығып жатып қалды. Бүгін күшіктің соңынан түсуді Бекзат кеше-ақ ойлап қойған. Түнде ерте жатқаны да сол. Қайда жоғалып кетіп жүр Ақкүшік? Мүмкін, Қалдыбайға барып келіп жүр ме? Сөйтіп жүрсе, ол алыста емес қой... Қайтсе де Бекзат Қалдыбаймен жолығуды шешті. Мейлі, сөздері жарасар, жараспас. Кездесу қажет. Алдынан өтуге тиіс. Кетуінің себебін анықтап білер. Айтпаса қайтеді? Бетінен қайтпаса, үйінің кілтін ұстатып жөнін табар. Бұл ауылда қимайтын не бар. Өрікайдар сияқтыларды соңынан өңмеңдетіп қоя ма. Дәл осы кезде Қалдыбай да бір елесте жатыр еді. Лайсаң екен. Сіркесі су көтермеген дүние. Аспан мен жер ақ мұнар. Ақкүшік мұның домбырасын ала қашып барады. Онысы несі? Соңынан барын салып жүгіріп келеді. Жалаң аяқ. "Ақкүшік, Ақкүшік!" өз дауысын өзі естемейді... Иығынан біреу қозғап жіберді. Шал екен. − Что-то не так? Ақкүшік деп жаман айғайладың ғой. Оятып жібердің. − Қызық, домбырамды алып қашып барады. − Қайда? − Ауылға қарай. − Значит ол сонда барып жүр. Бір күн онда, бір күн мұнда. − Қайдан білесіз? − Думаю, − шал тұсындағы аядай терезенің кір-қожалақ болып кеткен шолақ пердесін сырды. − Таң ағарып келеді. Қалдыбай тұрып киіне бастады. − Еще рано. Жата түсейік.
− Мен ауылдан келетін соқпаққа түсіп, Ақкүшікті қарап байқастан көрейінші. Шынымен ол үйге барып келіп жүр ме екен? − Ертеңгісін суық. Оның үстіне көрдің бе, − диірменші тағы да терезеден сыртқа үңілді. − Күннің райы жаман. Дует вроде. − Дәнеңе етпейді. − Барсаң бар. Бүгін қалайда кинологқа апарайық. Кеше бармай қалдық. Ол ит те бір қырсық. Очередке тұрыңдар деп жүреді. Бекзат Ақкүшікті далаға өзі ертіп шығып, ертіп кіріп тамақтандырып алды. Сосын жылы киініп, сыртқа шыққан. − Қане, Ақкүшік, алға! − деді. − Баста, қане! Ақкүшік кақпадан қарғып өтіп, өзенге қарай безе жөнеліп, әдетінше бір сәт кілт тоқтап, артына қараған. Келіншек соңында жедел басып келеді екен. Ит оған таңырқағандай іркілді. − Мен де сенімен барамын, Ақкүшік, − деді келіншек алқынып. − Тым қатты жүгірме. Жаяу борасын ойдым-ойдым сұр қардың бетін тырмалап, қиыршығын қанкөбелек ойнатады. Өзеннің сарылы қатты күркіреп естіледі. Ақкүшік Бекзатты өзіне жетіп, қатар жүруін қаламайтын сияқты, шапқылап барып жақын келгеніне дейін тосып тұрады да, қайта бүлкілдей жөнеледі. Ұстап алады, сөйтіп жібермей қояды, үйге алып кетеді деп секемдене ме?.. Ол Қалдыбайға асығады. Бекзаттан да қара үзіп кеткісі жоқ. Ақкүшік Бекзатты тура өзен үстінен өтетін ағаш көпірге бастап келді. Судың ағысы орасан - сонау таудан еріген қар суларымен арнасы үсті-үстіне толып жатқан асау өзен лайланып, жол-жөнекей тал-шіліктің тамырлары мен қилы-қилы қиқымдарды жинап алып, қатты буырқанып ағып жатыр. Жағалауынан анағұрлым көтеріліп кеткен. Ескі көпірдің еңсесі түсіңкі. Едені бірде көрініп, бірде көрінбейді. Қатты ағыс лоқсып кеткенде, сықыр-сықыр ырғалады. Ақкүшік көпірге секіріп шыққан. Ортасына енді жеткенде, жағада үрпиіп тұрған келіншекке жалт қарады. "Жүр енді, жүрсеңші" дейтін сияқты. Осы кезде арғы жағалаудан Қалдыбайдың да сұлбасы көрінген. − Ақкүшік! − деген оның тым үрейлі дауысы шыққанда, бар денесімен солай бұрыла берген итті қатты екпіндеп келген толқын көпірмен қоса қопара жұлып әкеткен. Бекзат шыңғырып жіберді. Ақкүшіктің төбесі екі-үш-ақ көрінді. Дүлей ағыс көпірдің ағаштарын да, итті де әп-сәтте жоқ қылып жіберді. Арғы жағалауда Қалдыбай, бергі жағалауда Бекзат, ағысты бойлай біраз жерге жүгірген. Олар бір толқыны бір
толқынын жұтып, өз ағысын өзі жұмарлап ағып бара жатқан долы өзеннің топан суын ғана көрді... Ақкүшікті алып кеткен асау өзеннің екі жағалауындағы екеудің сұлабасы көпке дейін қарайып тұрып алған.
Көкмойнақтан шыққан «көкжал»
Кеше сол түс екіндіде семіз тусақтың етін бас-сирағымен қоса түгел көтеріп, Асыраубай Алматыға құдасының үйіне жеткен еді. Баласы өткен күзден бері қайын атасының қолында тұрып жатыр. Келіні құданың жалғызы екен. Екі бала дәм татып қосылғаннан кейінгі жерде құдасы мен құдағиы: «Сопайып жалғыз қалатын болдық... Балалардың мына тірлігінен кейін сенікі, менікі дейтін не қалды... Егер, құда, қисаңыз, екі бала әзірше біздің қолда тұрса...» десіп шынында да жыларман жағдайда емексігенде Асыраубай қапелімде не айтарын білмей ұлына қарап еді, о бастан момындау баласы жер шұқыды. «Ұсқыныңды ұрайын, − деген бұл сонда іштей – Мынау қалпыңмен әкеңнің әйтшуіне әлі әзір жарай қоймассың». Құдасын күн ұзын кесімді жауапқа зар қылған Асыраубай кешкісін мәмілеге келген. Оның үстіне ұлы 4-5 жылдан бері бір ғылыми мекемеде қызметкер еді. Сөз саптауында, миронос қойдың жүнін бұрынғысынан да жіңішкерте ме, ұзарта ма, сондай бір шаруаны зерттеумен айналысып жүрген. – Құдағиды да ала келмедіңіз бе? – деді үстіндегі халатының өзі үлде мен бүлде құмайкөз құдағи дастархан жайып жатып. Қырықтан асып кетті дейтін емес, белі қиылып, бөксесі дөңгеленіп көз жауын алады. Елдің қатыны осы. Сенікіндей бұты тылтиып, шонданайы шошайып тұрмайды. – Құдағи дегенде... – Асыраубайдың әдеттегідей тілі қышыды – мына сізге ұқсап сусып тұрса бір сәрі, – деді, – Сусып тұрмаған соң, өз денем өзіме жүк болып жүрген мен оны қалай сүйретемін. – Айтасыз-ау, – деп күлді әйел. – Айт не, айтпа не, әңгіме сол құдағи. Осы кезде ақ тер, көк тер болып ваннадан отағасы шықты. – Келетініңізді білмедік, – деді ол, – Білсек күтіп алатын едік. Телефон шала салғанда ғой... – Ойбай, құда біздің Көкмойнақта қайдағы телефон. Тоқсаныншы жылдардың басында-ақ ішкі-сыртқы ұры-қары темір сымы түгіл бағаналардың өзін жаудай шауып кеткен. – Иә, ауыл көрді көресіні, – деп құдасы шылымын будақтатты. Сөйтіп отырып, біраз саясат сауды. Сөйтіп отырып, ауылдың тозғанына кінәлі біраз
адамдардың аты аталды. Құдай ұрғанда солардың барлығы да ауылда туып, сиырға ит қосып ауылда өскендер екен. Содан бақ қонды ма, басқасы болды ма айғыр мінбесе де, ат мінген әлгі қара тұяқтар су сұраса сүт берген ауылдың бар-жоғымен шаруасы болмай кетті. Екі құда ауыл әңгімесінің инесіне кезек-кезек жіп сабақтап түннің бір уағына дейін отырған. Асыраубайдың мына келісі сол Көкмойнақ ауылының жайы. Үйдің шаңырағындағы қарлығаштың ұясы сияқты Көкмойнақ ауылы да қиындағы биік таулардың қапталында жатқан шағын мекен. Оның қашаннан жұрт тұрағына айналғанын дәл басып ешкім айта алмайды. Ауылда тәуелсіздік келгелі «тарих ауруымен сырқаттанып», өз бетінше зерттеулері аудандық газетте оқта-текте төрт елі көлеммен басылып жүрген сызу пәнінің мұғалімі бар еді, сол бәрін анықтамақ ниетпен алпыс үйдің бірінің тісі кетік, бірінің құлағы керең шалдарын айналдырғанына он шақты жылдың жүзі болды, әзірше нәтиже жоқ. Бәрінің айтатыны: бабаларымыз білмесе... Бабалар қайда? Бабалар түгілі мына шалдардың әкелерінің, аталарының өздері баяғыда, о дүниелік болып кеткен. Япыр-ау, сонда Көкмойнақтың қашаннан қоныс екенін енді кім індетіп береді? Сызу пәнінің мұғалімі де еш уәж айта алмай, аудандық газет айдар тағып берген тарих зерттеушісі атағынан айырылатын жағдайда. Дегенмен, Көкмойнақтың жұрты кейінгі кездері Көкмойнақта түтін түтеген датаның анықталмағанына қуанатын да сияқты. Сонда жасайтын пайымдары: жылы, айын ешкім білмейді екен, Көкмойнақ көнеден бар, ежелден ел қонысы. Ел қонысы дегенде бұлардың тікелей ата-бабаларының мекені. Оған қанша ұрпақ келді, қаншасы өтті. Ана дүрбелең, мына дүрбелеңде қаншасы Қытай қашты, қаншасы Түркімен ауды. Бәрібір Көкмойнақ жұрты таусылып, құрып-суалып қалған жоқ. Япыр-ау, мұнда енді біз қимайтын не қалды, күні кеше үй-үйіміздің тұсында ертеңгісін тауға қарап аңырап, кешкісін үйге қарап маңырап жататын мал қане, кәріқұртаңның тайлы тұяғына дейін біресе киноны, біресе мұғалімдердің концертін қызықтап топырласып отыратын клуб қаңырады, кітапхана, медпункт дегендер жабылды, ана жылдары азанда қорабына жұртты аудан орталығына аузы-мұрнынан шығарып алып кетіп, кешкісін солай алып қайтатын көкқасқа автобус та ізі-ғайым, деп жатқан ешкім жоқ, сол баяғысынша таудан төмен құлдырай құлаған терең сайдың екі жағында бірбірімен айғайласып әңгіме-дүкен құрып, онысын бүкіл ауыл естіп отыратын қалыптарымен мамыражай. Сірә, Көкмойнақтың жұрты Көкмойнақтан аспан айналып жерге түссе де жылжи қоймас. Қайсыбір жылдары Хрущев таз ауыл шаруашылығын ірілендіріп, шағын елді мекендерді бір орталыққа біріктіргенде Көкмойнақтың адамдары қозғалмай қойған. Сол үшін бөлімше меңгерушісі Солтыбай байғұс партбилетінен айырылыпты. Содан партбилеттің соңынан қалмай Мәскеуге дейін барып, қайырып алған. Сөйтіп табанынан тозып, қайтарып алған қызыл кнежкені қайтарып алғанына мал құдайы таратып, көкпар беремін деп, қайта айырылады ғой... Асыраубай Солтыбайды бала кезінде көзімен көрді. Кез-келген сөзінің басы "әгәрәки" деп келетін, қандай да бір нәрсеге дәлел іздеп, айтыса жөнелетін қызба кісі еді, жарықтық. Партбилетін екінші жолы алып қойған соң «мына нәлеттерде
иман жоқ екен» – деп бәрін қойып, Көкмойнақта сонау отызыншы жылдары әкесі салдырған, кейін өзі бас болып кеңейтілген, жыл сайын әр жері жаңартылып отыратын мектептің күзетшілігіне біржолата ауысып кеткен. Айтқан уәжі: «Үкіметке керегім жоқ па, әкемнің көзі ғой, ендігі жерде осы мектепті күзетейін. Балалар аман болса жаңасын салар, сол кезде біз бұл мектепті Көкмойнақтың музей үйіне айналдырармыз». Оу, терең сайдың екі қырқасында бір-бірімен айғайласып амандасып, айғайласып әңгіме-дүкен қыздырып, айғайласып қонаққа шақырысып жататын айналасы алпыс үй Көкмойнақтан кімдер шықпады... Солтыбай саусағын бүгіп санап кетсе батыр да, ақын да осында. Оқымыстың да, саясаткерің де аз емес. Еңбек ерлері десең СССР Жоғары Советіне депутат болған да бар... Жазмышқа қылар айла қане, Солтыбай байғұстың ғұмыры арманына жеткізбей, үзіліп кетті. Одан бері де біраз қар еріп, біраз су ағыпты. Солтыбай баяғыда жоқ, ал оның әкесі салдырған, өзі біраз күзеткен мектеп әлі тұр. Тұрғанда әбден тозды. Қыста отынның қаттығынан жөнді жылынбай, бөлмелерінің бұрыш-бұрышы көгеріп, сылақтары жалбырап түсе бастайды. Мұғалімдер мен оқушылар әр кез жаз бойы лай айдап жыртықты жамаумен әуре. Ал өзгенің шаруасы жоқ. Қайта құру деді ме, реформа деді ме, нарық деді ме былайғы жұрт біраз жылдан бері өзді-өзімен қақпатас ойнап кетті. Оны қойшы, одан да зор оспадарлықты көрді ғой бұлар. Қайсыбір жылы облыстың басшысына келген біреу оқу мен мәдениет бөлімдерін мүлде жауып тастап, масқара болды ғой. Кейін білгендей, бюджеттің тапшылығынан сөйтіпті, әлгі. Қаржыны үнемдеген түрі. Үнемдегенде басқа түк таппағандай білім мен мәдениеттен үнемдеген, о құдай... Асыраубайдың зарын үнсіз тыңдап отырған құдасы жағасын ұстады. – Сонда елге оқу мен мәдениеттің керегі жоқ дегені ме? – Дегені ғой. Асыраубайдың манадан бері алабұртып отырған жүзі тіпті күреңденіп кетті. Мұндайда аузынан сөзімен қоса майда түкірігі шашырап қоймаушы еді, сол есіне түсті ме, қалтасынан бет орамалын алып аузын сүртті. Е, жоғары жақ солай шешсе, қайтеміз, әйтеуір, артының қайырын берсін деп басы салбырап жүре беретін Асыраубай ма, ұрып ауданға барған. Сонда білейін дегені бұл түбегейлі ме, әлде уақытша нәрсе ме. Әуелі аудандық оқу бөліміне соқса, шағын болса да екі қабатты үйдің маңдайшасында басқа жазу тұр. Әлдебір фирманың офисіне айналып кетіпті. Содан аудандық әкімшілікке барды. Әкімнің оқу бөлімінің жұмысын үйлестіретін орынбасары абырой болғанда орында екен. Айтқаны: «Облыс әкімінің шешімі... Енді шынында да нелеу...» − деді ол. Асыраубай: «Нелеуі қалай?» − деді қиқайып. «Өзіңіз де біліп отырсыз ғой». «Нені біліп отырмын?» «Енді жаңағы... көреміз де». «Қашан?» «Ойбай, ағасы мені тергеймісіз, менің қолымда не тұр?» «Неге тұрмайды, неге бәрі бір-ақ адамның қолында тұрады. Ол адам жындының сөзін айтса да көну керек пе? Ондай болса, сендер неге отырсыңдар мына құттыханада, қоқайып. Керектерің не?» Асыраубай аузын бет орамалымен үсті-үстіне сүрткіштеп талай жерге барған. Орынбасар қазақы момын жігіт тұғын, ләм демеді. Одан келісімді сөз
есту мүмкін еместігіне көзі жеткен Асыраубай шапанымды шешіп алмас деп әкімнің өзіне тура тартты. Қабылдау бөліміндегі қыз: әкім жеке мәселемен сәрсенбі күні қабылдайды, тізімге жазылыңыз, – деп құдайдың зарын қылсын кеп. «Шырағым, менікі жеке бастың шаруасы емес, елдікі, сонау ит арқасы Көкмойнақтан арнайы келіп тұрмын» дегенді айтып жатып, не керек, әйтеуір, әкімге кірді. «Шешім солай, – деді ол – оны орындамау біздің құзырымыз емес». «Сонда қалай, білім мен мәдениеттің енді керегі жоқ болғаны ма? Білімі мен мәдениетін жапқаннан кейінгі жерде ел қандай ел?» «Жабылса оқу мен мәдениет бөлімдері жабылды ғой мектептерің бар, оқыта беріңдер, клубтарың бар, концерттеріңді қоя беріңдер». «Осы біздің жүрген жерімізге, деген Асыраубай ашуланып, – қашан шөп шығады?» «Қандай шөп?» Манадан бері салмақты, байсалды отырған әкімнің қолындағы қаламсабы стол бетіне қаздаңдап басқан әйелдердің біз өкшесіндей тықылдады. Мұндайда Асыраубайдың екіленіп, тілі аузына симай түкірікке толып кететіні ұстады. «Оқу мен мәдениет бөлімімізді бүгін жапқан әкім, ертең жоқ. Келесісі келеді. Оның ойында не бар екенін құдай білсін. Білетініміз, о неме не айтса да істейсіңдер, істетесіңдер. Сонда бұл не өзі. Құдды әкімдер бірдеңе айтпаса өздігінен армандай алмайтын, ойлана білмейтін жұрт болғанымыз ба?» «Бұл сөзіңді облыс әкіміне барып айтыңыз, сол кісіден сұраңыз». «Сендер айттыңдар ма? Сендер сұрадыңдар ма?..» Асыраубай Көкмойнаққа түңіліп, түнеріп қайтқан. – Осындайды да көрдік қой, құда, – деді Асыраубай отағасы алдына қойған тарелкадағы жамбасқа қол жүгіртіп жатып. – Не болғанда, мен мектеп директорлығынан алынып, қатардағы мұғалімге төменделдім. Облыстың жаңа әкімінің екі жылдан соң көзі құрып оқу бөліміміз қайта ашылды. Мәдениет бөлімі де сөйтті. – Жөні сол ғой. – Әрине. Енді анау мектебімізді оңалтуға, оңалтқанда қайта жөндеуден өткізуге шамамыз жетпей жатыр. Қаржы ғой баяғы... өткен күзде өзінің жетпіс жылдығын атадық... Мектептің жетпіс жылдығын атап өтуді көтеріп жүрген де, Асыраубай еді. Тура екі ай дайындалды-ау. Бұл мектепті бітіріп енді Алматы, Астанада қилы-қилы кәсіптің қыл шылбырын ширатып жүргендер тізімінің өзі бір апта жасалды. Ауданда, облыста жүргендердің алып-қосарлары да көп болды. Баяндаманы кім жасайды дегенде, ол дауысқа салынып, әжептәуір талас жүрген. Бұл зейнетке шықса да, әлі мектепке кіріп-шығып, бірі әскери, бірі ән пәнінен сабақ беретін Түрікбай мен Қилыбай ақсақалдар тең дауысқа иеленіп тайталасқа түскенде, мүлдем өртенді. Мектеп ұжымы жеңісті қайсысына берерін білмей дал еді, біреу мына уәжді айтты: «Ағайын, бұл мектепті салған Солтыбай марқұмның әкесі ғой. Бәріміз Қарабаланың баласымыз, дегенмен мына Қилыекең Солтыбаймен немере, значит, қарыс сүйем жақындығы бар. Баяндама жасаудың моральдық құқы осы кісі жағында ма деймін...». Сол, сол-ақ екен, сызу пәнінің мұғалімі: «Бұл трайбализм», деп отырған орнынан ұшып кете жаздады. «Әй, осы трайбализмің не осы?» деді біреу. «Трайбализм, – деп сызу пәнінің мұғалімі
анаған соны да білмейсің бе дегендей таңданыс раймен қарады. – Трайбализм деген – трайбализм». Қызу жүрген талас-тартыстың қорытындысында баяндама жасау бақытына Түрікбай ақсақал ие болып, оны жазуға аудандық газетте көлемі төрт елі дегенмен тарихи мақалалары там-тұм болып басылып жүрген жаңағы сызу пәнінің мұғалімі бекітілген. Амал қане, екеуінің үш күн, үш түн ұйықтамай жазған баяндамасы талқылауға түскенде, жарамай қалды. Сызу пәнінің мұғалімі көп жағдайда қазақ хандығын қазбалап, айдалаға лағып кетіпті. Енді қайттік дейтін кризис басталғанды сонда осы ауылдың баласы. Кезінде аудандық газетте қызмет еткен, қазір ата сақалын қылтиған сәтіне қырып тастап, арекеңді бар тәнімен ішіп жүрген жорналист туыстары еске түсіп, соған қолқа салайық, осы мектепте өзі де оқып еді ғой, десті. Дескенмен о пәлең алқаш ретінде шақырылғандардың тізіміне ілінбей қалыпты. Амал жоқ, енді қоспай болмайды. Аудан орталығында тұратын жорналиске сызу пәнінің мұғалімін аттандырып, ол он күннен кейін бөшке толы араққа киімшең түсіп кеткендей әлем сасып, аяғын әр жерден бір басып әзер оралған. Абырой болғанда баяндаманы бітіріп келіпті, әйтеуір. Асыраубай негізінен қонақтарды қарсы алу, күту қамын ойлап, соның керек-жарақтарын жиыстырып, барын салып, жоғын түгендеумен жүрді. Жарты күн жолы бар әскерилерден ішіне екі жүз, үш жүз адам еркін сиятын палатка сұрап әкелді. Сойыс малдарын дайындатты. Тек арақ-шарап жайында жұмған аузын ашпады. Өйткені, ақылдаса барғанда, Алматыда үлкен қызметте отырған досы Жайлыбай: «Егер көзіме шөлмек көрінсе, сол мезгілде тайып тұрамын, осыны ұмытпа» − деген. Жайлыбайдың сөзі бұған заң ғой. Жайлыбай айтқанды орындамау – иттік. Мектептің жетпіс жылдығына Жайлыбай қатыспаса, төріне сол отырмаса – не болғаны. – Жайлыбай дегенің шет елге кетіп, балалардың үйлену тойына келе алмаған досыңыз ба? – деп құдасы сөз қыстырды. – Дәл өзі. – Әйтеуір аузыңыздан түспейді. – Қайтіп түседі. Неге түседі? – деп Асыраубай қараптан-қарап масаттанды – ол өзімнің Жайлыбайым... – Хош. Сонымен мектептің жетпіс жылдығы өтті ғой? – Өткенде Жайлыбайдың кісілігін сонда көрдік. Көргенде әңгіме былай еді... Баяндаманың соңғы екі-үш абзацын Асыраубай мектептің қазіргі мүшкіл қаліне арнатқан. Енді, екі-үш жыл осылай тұра берсе, оның құлау қаупін қадап-қадап жаздыртқан. Мерекеге жиналғандарға бұл әсер етпей қоймады. Әсіресе, Жайлыбайдың қабырғасы қатты қайысты. Оның айтуынша, Көкмойнақта туған кімде-кім бүгін кісі қатарына қосылып, азамат атанып, мемлекеттің қоғамдық деңгейдегі тұлға дәрежесіне жетіп жүрсе, ол осы Көкмойнақтағы мектебіміздің арқасы. Көкмойнақтағы мектепті бітіргенде ішінде жазушы да, ғалым да, саясаткер де, композитор да бар екен. Әсіресе, бизнесмендер көп болып шықты. Бақандай он бес. Бұлардың қай-қайсысы да осы күні үшін ең алдымен Көкмойнақтың мектебіне қарыздар.
Көкмойнақтың мектебін қамқорлыққа алу, білгенге атамыздың ақ батасын, апамыздың ақ сүтін ақтағанмен бірдей... – Жөн білетін, жоба танитын адамның сөзі осы, – деді отағасы. – Сөйтпесе Жайлыбай бола ма, – Асыраубай тіпті көтеріліп қалды. – Не керек досым қатырды. Қатырғанда біздің мектепті жөндеуге және аса қат керек-жарағына қаржымен қамтамасыз ететін арнайы есеп ашуды ұсынды. Есепті ашқан күні хабарлайсыңдар, оған өз әулетімнің атынан нөмірі бірінші болып ақша аударамын, сырттан келгендер, іштен келгендер, түгел бәріңді соған шақырамын. – Үлкен азаматтық көрсеткен екен. – Резонанс тудырды дегеніңіз дұрыс болар. Жайлыбайдың айтуымен сол жерде есепке ақша аударуға ниет білдіргендердің тізімі жасалып, төбеміз көкке тигендей болды. Сонда жиналатын қаржыны шамалап іштей есептеймін ғой. Асыраубайдың ішкі есебі бойынша біраз дүниенің басы құралатын, тіпті мектепті қайта жөндеуден өткізгеннен артылып қалатын сияқтанды. Ондай атты күн туса, былтыр комбайны аударылып, астында қалып қаза болған Сейіттің, анау өз отбасынан жеріп, осында келіп сауда жасап жүретін коммерсант әйелге үйелменін тастап, ілесіп кеткен Ілиястың үйіндегі қара домалақтарға қысқы киім жағынан қарайласпай тағы болмайды. Олай болмаған жағдайда мектепке қатынаулары биыл байқады, неғайбыл. Сосын, бұл енді Асыраубайдың есі кіріп, етегін жапқан күннен бергі арманы, Көкмойнақтың сыртындағы оқшау тұрған тас төбеге Ағыбай батыр бастап, Кеңес үкіметіне қарсы шыққан бабаларына белгі қою. О, төбенің астында Көкмойнақтан, төмен етектегі ауылдардан бар, Ағыбайға қосылған жүз адамның сүйегі жатыр. Кеңестің қызыл әскерлері оларды дәл осы жерде қырып салып, ауыл адамдарына төбені терең қаздырып, көміп, үстін дәу-дәу тастармен бастыртып тастаған. Көкмойнақтықтар бұрындары оны «Тастөбе» деп атаушы еді, қазір «Қызыл қырған» дейді. – Сонда бұл өткен күзде болған әңгіме ме? – деді отағасы. – Тура айтасыз. – Нәтиже қалай енді? – Есепті іле-шала ашып тастағанбыз. Со мезетінде жан-жаққа хабар да кетті, бірақ әлі-әзір ешқайсысы қимылдай қойған жоқ, жаз болса мынау күйіп-жанып келіп тұрған, сосын қой, Жайлыбайға барайын деп тартып отырдым. Отағасы үндемеді. Екеу қолдарын шайып келіп, шайға отырды. Түн баяғыда түскен. Сүт қатқан қызыл шайды ұрттап отырып, Асыраубай енді ұлы мен келінінің жайын сұрайды. – Көрінбейді ғой өздері. – Бізде де өзгеріс көп, – деп күлді құдағи. – Өзіміз де таяу күндері сіздерге хабар жібереміз бе деп отыр едік... – Тыныштық па?
Сөзге отағасы араласқан. Бақса, құда-құдағи мұның баласы мен келініне жақында «Майгүлден» екі бөлмелі пәтер сатып әперіп қойыпты. Манарбегі қызметін тастаған. – Тастағаны несі? – Асыраубай басын көтеріп алды. – Бес-алты жылдан бері зерттеп жүргені сонда далада қалды ма? Құдасының уәжі: Қазіргі қазақта қой дейтіндей қой қалды ма? Қалмаса ненің жүнін ұзартып, ненің жүнін жіңішкертеді... – Дүние осылай тұрып қалмайтын шығар? – Асыраубайдың аузы түкірікке толып келе жатыр еді, абырой болғанда осы кезде үйге баласы мен келіні кіріп құдай сақтады. Ұлын көрмегеніне үш-төрт ай болған, көзі шүңірейіп, бұты тылтиып қалыпты. «Алты ай қыс үйірге түскенбісің, ұсқыныңды ұрайын», дей жаздады. Ертеңгі шайға қанып алған соң, Асыраубай, а, құдайлап көшеге шыққан. Енді бір шамада Жайлыбай досы отыратын көп қабатты көркем ғимараттың баспалдағымен жоғары өрлеп келе жатты. Жоғары дегенің жай ғой, көкке, көкке өрлеп десейші. Осындай қанатты сезімнен қабылдау бөлменің есігін ентелей ашып еді, бастығының босағасын күзетіп отыратын құмырысқа бөксе хатшы қыз: «Жын қуып келе ме сені?» дегендей жақтырмай қарады. «Осы хатшы қатындардың бәрі неге бір-бірінің аузынан түскендей», деп жынданды Асыраубай: – Жайлыбай өзінде ме? – деген даусын суытып. – Бос емес. – Босай ма, биыл? – қыжылы бұл. Қыз иығын көтерді. – Білсеңші, Көкмойнақтан Асыраубай келді де. – Мәскеуден келсеңіз де қазір қабылдай алмайды. – Мені қабылдайды, айналайын. – Поймите, там люди, шетелден. – Ал мен ол иттің бір ауылда, бірге өскен досымын. Хатшы қыз қасын керді. – Қандай иттің? – Жайлыбай иттің. – Как Вы смеете, так Жайлыбай Сембаевичті... – Хатшы қыз «бұл не пәле» дегендей кеудесіндегі торсиған қос әңгелекті қолымен басты. – Он же... он же... Қыздың демі бітіп, ықылық атқанында Асыраубайдың көк тиын шаруасы болған жоқ. – Шетел, метеліңді білмеймін, тура кірем, қазір, – деп орнынан тұрған. Анау жалма-жан телефонға жармасты. – Да... – Асыраубай Жайлаубайдың даусын алыстан болса да анық естіді. – Жайлыбай Сембаевич, кешіріңіз... Мұнда бір кісі прямо... бой бермейді, совсем. – Кім? – Говорит Көкмойнақ, Асыраубай... Ар жақтағы дауыс біраз үнсіз қалды. Сосын барып:
– Трубканы бергін, – деді. Трубка қолына тиісімен Асыраубай айғайлап кетті. – Ай, Жайлыбай, ассалаумағалейкум! – Амансың ба? – Аман болғанда, міне кіре алмай тұрмын ғой. – Менде шетелдіктер отыр еді. Сен былай ет: түске қарай кел. Сөйт! Мынандай жағдайда Жайлыбай, сөйтпеймін дей алмады. Келе сала кіріп кетпегеніне енді өкінген жоқ, қайта көшеге көтеріңкі көңілмен шықты. Сағатына қараса, әлі он жарым. Тротуар бойлап біраз жүрді. Баласы мен келінінің көкбазардағы дүкеніне барып, көріп келуді ойлап тұрды да, өйтпеді. Таза шаруаға сауданы араластырғысы келмеді. Киоскіден бірлі-жарым газет алып, досы отырған ғимарат маңындағы сквердегі орындықтың біріне жайғасып қолындағысын ары-бері аударып-төңкергенімен оқып жетістірмеді, бар ойы Жайлыбай жақта.Көкмойнақта туып, Көкмойнақтан шықты ғой ол. Бәрінен бұрын соны айтсаңшы. Көкмойнақтан шыққан Жайлыбайдың Алматының төріндегі мына көрсең көз тоймайтын ғимараттың төрінде отырғаны ше... Тәубе, тәубе... Е, сосын құдайдың құдіреті, Асыраубайдың төс қағыстырған досы, бұл Жайлыбай. Рас, соңғы жылдары аралас-құраластары шамалы. Досы қазіргідей тасы өрге домалап тұрмаған әнебір жылдары үйелменнен ауылға жиі соғатын. Әуелі жесір жеңгесінің үйіне түнеп, ертесіне Асыраубайдікіне келетін. Келгенде Жайлыбайдың бір баласын мойнына мінгізіп, бір баласын қолынан жетелеп Асыраубайдың өзі бастап келетін еді. Бұл кезде Жайлыбайға арнап түнде сойылған семіз тусықтың майлы етінен қуырылған ыстық қуырдағы Гүлжамалдың дастарханында буы бұрқырап дайын тұрады. Қаймақ, сүтке езілген қатық, мейіздей қатқан сары құрт, ірімшік, шекер қосылған тарының талқаны және былай... Бұлар ыстық қуырдаққа енді бас қоя бергенде Көкмойнақтың шаң-топырағын кезінде тең борпылдатқан, бірі он жыл мектепке барып жүрсе де, өзге түгілі, өз атыжөнін өзгеден көшіріп жазатын, бірі оқуды әры қарай жалғастыруға жағдайы келмей ауылда амалсыз қалып қойып, қара шаруаның қазанында қайнап кете берген кластастар жиналып қалады. Гүлжамалдың сандығындағы екі-үш шөлмектің басы қылтияды. Содан дуылдар еді, бұлар. Қуырдақтан кейін кәуап піседі, одан бас асылады. Сол екі арада балалар да дүкенге екі-үш рет шапқылап барып, келіп қояды. Қызды-қыздымен айтылмаған әңгіме қалмайды. Көбіне сөйлейтін Жайлыбай. Бәрі жабыла соның аузына қарайды. Жарық дүниеде не болып жатыр, не қойып жатыр, ертең қайтеді, бәрін білетін Жайлыбай. Бұл әңгімені төрт құбыласынан түгел түтіп, әбден діңкелеткен соң, адам өмірінің мәні, ізгілік, кісілік жайлы көсіледі. Кластастары араларынан осындай көңілі көсем, көсілген шешен адамның шыққанына жатып қуанады, әрі, айран-асыр таң болады. Таң болатындары, кеше ғана орталарында ешкімнен озып та кетпей, қалып та қоймай ел қатарлы жүретін Жайлыбай айналасы біраз жылда философқа, политологқа, энциклопедияға қалай айналып кетті, сонда қалай, әлде Жайлыбай озық ақылын, ой-парасытының қайнар бұлағын бұларға көрсетпей ішіне тығып жүрді ме екен...
Сағат тура бірде, обал не, Жайлыбай Асыраубайды кіре берістен қарсы алды. Бұл досын бас салып құшақтап бетінен сүйді, анау арқасынан қақты. Кабинетінің ішінде оңаша демалыс бөлме бар екен. Шағын диван, үлкен тоңазытқыш, стол тұр. Еденіне кілем төселген. Хатшы қыз дастархан дайындады. Стол үсті әп-сәтте шұжық, сары май, қара уылдырық, қант, конфетке лықып кетті. Екеуі ыстық шайды ұрттай отырып, әуелі Көкмойнақтың жұртын түгендеді. Саусақтарын бүгіп санап отырса, бұлардың алдындағылар селдіреп-ақ қалыпты. Тіпті, өздерімен бірге өскендердің үш-төртеуі бақилық болған. – Өмір шіркін, өстіп-өстіп қидай сыпырады екен ғой, – деді Асыраубай жабырқап. – Оған сөз бар ма, – деп күрсінді Жайлыбай. – Бір-бірімізді де шанда бір көретін болдық. – Қайтесің. Мен ғой мыналарға байлаулымын – Жайлыбай қатар тұрған екі-үш телефонға көз салды. – Амал жоқ... – Әрине, – деп Асыраубай досына неге екенін мүсіркей қарады, – Қызмет деген пәлеңді жағалағандардың бас еркі өзінде болмайтын көрінеді ғой... Не қылғанда да, ел өзіңе разы. Жайлыбайымыз бар дегенде Көкмойнақты теңселтіп жібереміз. Жайлыбай езу тартты. Асыраубайдың көмейіне тағы бір сөз кептелген. Ол не сөйлеп, не қойғанын білмей кететіндердің де барлығы. Ерімбет шалдың немересі үйленген тойда Боташ алқаш: «Жайлыбай, Жайлыбай дегенде естерің шығып кетеді, басы жатқан қауын секілді о, қызбалақты дүкенге арақ-шылымға жұмсап, талай тепкілеп едім... Енді келіп... Көктен салбыратасыңдар. Көктен салбырап түскен көсем болса басқамызды қойғанда, Сейіт марқұмның өзі бір көрпенің астында бірге биттеп өскен балаларына көз қырын неге салмайды.» Асыраубай осыны айтып жібере жаздап, әзер тоқтады. – Өткен күзде өздерің келіп-кеткеннен кейін де сегіз-тоғыз айдың жүзі болып қалды, – деп әңгімесін негізгі арнаға бұрды. – Білемін. – Ашқан есебімізге ауылдан жиналған біраз қаржы болмаса, сырттағылардан әлі көк тиын түскен жоқ, - деді Асыраубай. – Мек-тепті жөндеуге кірісіп кете алмай далмыз. Жаз болса мынау, ентелеген. Сосын қайтемін, амал жоқтықтан өзіңе қарай тартып кеттім. Жайлыбай біраз үнсіз отырды. – Сол шаруаның өзі сірә, береке таппас. Бизнес жағында жүрген жігіттерімізді ұстау құдайдың бәлесі, бүгін Алматыда, ертең Астанада, не шетелде, – деді Жайлыбай. – Уақыт сондай. – Сонда таман жұрттың алдында берген уәделерін ұмытып кете бере ме? – деп Асыраубай қолындағы шай толы шынысын столға қоя салды. – Сөйте ме?.. – Уәде дегенде... – Уәде – құдай сөзі ғой, Жайлыбай.
– Сен еш өзгермегенсің, – деді анау бұған барлай қарап, – Сонау бала кезіңдегі қалпың... – Жайлыбай-ау, есеп ашыңдар, оған әуелі ақша аударамын деген бәрінен бұрын өзің емес пе едің? – Айтып отырмын ғой, сол бала қалпың. Мен жұртқа мұрындық болу үшін сөйттім. Оларды жұмылдырып берейін дедім, әйтпесе мені бір ақша жасап жатыр деймісің. Өзің білесің, екі бала шетелде оқиды. Қызым мен күйеу балаға орталықтан пәтер алдық. Алматыдағы бағаны естіген шығарсың... Асыраубай сылқиды. Өкпе, өкініш, өксік араласқан бір сезім өзегін өртеп, көз алды мұнартты. Сол мұнардың арасынан Жайлыбайдың жатқан қауын секілді ұзын басы әзер бұлдырайды. – Сенің екі балаң шетелде оқиды, а Көкмойнақтың күллі баласы оқитын мектептің сылағы түсіп, іргесі сөгіліп, төбесінен су тамшылап құлағалы тұр. – Сабыр ет, – деді Жайлыбай дауысын суытып. – Шала бүлінгеннен ешкімнің уығы қисайып қалмайды. – Қисайып тұр ғой. – Тыңда. Алдағы жылдан қатарынан үш жыл ауыл жылы. Үкімет ұшантеңіз көмек көрсетейін деп жатыр. Көрінгенге жалынып қайтесің, ақша өзінен-өзі келейін деп тұрғанда. – Өзіміз ше... Өз ауылымыз үшін өзіміз де бір кісілік, елдік жасамаймыз ба, тегі? – Пәлсапаны қайтесің. Екеуінің әңгімесі енді жараса қоймады. Асыраубайдың тығырыққа тірелген жері осы болды. Япыр-ау, енді Көкмойнаққа не деп барады? Құралақан қай бетімен көрінеді. Жұрт күтіп отыр ғой, үміт етіп отыр ғой. Құрал-саймандарыңды дайындап, сақадай-сай тұрыңдар деп кеткен өзі. Қап, әттеген-ай. Сарт санасымен байып... Болады да болады, жасаймыз да жасаймыз деп дес бермей, алдында тау тұрса тауға өрмелеп, тас тұрса тасқа шығып, күйіп-жанып жүретін жынды мінез қайдан біткен бұған. Қашан көрсең табаны жерге тимей, безектейді де жүреді. Қайда асығады, неге асығады? Мына дүние осыған ғана керек пе? Мына дүние осы болмаса қаран қалатындай, бала-шағаны да ұмытып кетеді. Үй тірлігінің көрбай-жорбайын жалғыз дерлік сүйреп, әйелі байғұстың құр сүлдері қалды. Дәл бір ағаш ат. Оқта-текте оқыранып ойнағысы келсе, жылы-жұмсақ іздеген қолы адырайған қабырға, шодырайған шонданайға тиіп, сол сәтінде теріс аунап кетеді. Екі тете қыздың өткен қыста жалғыз көк пальтоны кезек-кезек киіп шыққаны анау... Жә, қойшы, кедейлік мін емес. Адам талай байып, талай кедейленген, талай кедейленіп, талай байыған. Бір терінің ішінде толған да солған... Өзгеге қайдам, Асыраубайға осы күні де шүкіршілік. Майы ағып сорпасы асып-төгіліп жатпаса да, ішер тамағы, жалт-жұлт етіп тұрмаса да, киер киімі бар. Құдайдың нұры өзі жаратқанның бәріне түбі бір түсер. Бұлардың да күн көрісі күні ертең-ақ күбідей күмпілдеп кетері сөзсіз. Көгілдір экранға қарап, газет-жорналдар оқып отырса, аузынан ақ түйенің қарнын жарып жүрген талайлардың банкрот болып, бағы тайып жатқанын, тіпті, мұндайда
кейбіреулердің өзіне-өзі қол жұмсап та жіберетінін естіп, біліп жағасын ұстайды. Ал адам адамгершілігінен банкротқа ұшыраса қайтеді? Адамгершілігім банкрот болды, ойбай – деп төбе шашын жұлып, асылып, атылып жатқан ешкім бар ма, осы?.. Демалыс бөлмесінің дәретханасына кіріп кеткен Жайлыбай әлі шыққан жоқ. Япыр-ай, елге... Қып-қызыл ұятқа енді ұшырады ғой. Қыстай алмакезек соғым басына шақырып шала бүлініп жататын Көкмойнақтың кезкелген түтініндегі отырыста мұның «пәлен қаржы мектепке, пәлен қаржы қызыл әскер қырған 100 адамға белгі қоюға, пәлен қаржы жетім-жесірлерге қол ұшын беруге» деп жарылқап жататын әңгімесіне елітіп шыққан жұрт енді не дейді? Әй, тоқта... Кенет... Кенет Асыраубайды бір ой иектеп шыға келді. – Әй, Жайлыбай шығасың ба, – деген құдды заматта келген ойын заматта ұмытып қалатындай, жалма-жан дауыспен. Анау шықты. – Маған бір ой келіп қалды. – Айт. – Айтсам, маған екі мыңдай көк қағаз тауып бер. Қарызға, әрине. Екі бие бар, тана-торпақ бар дегендей, осы күз сатып құтыламын. Жайлыбай қасына келді. – Ол не үшін керек, саған? – Ауылға апарамын. Сендер берді деймін. Құр қол барғаным ұят қой, бәрімізге ұят. – Ондай ақша қолда бола бермейді, – дейді Жайлыбай жайбарақат, – түскені қажет жеріне жұмсалып жатады. – Өзіңде жоқ болса біреуден ала тұрсаң қайтеді. Достарың көп, беделің бар, – деп Асыраубай жалынғандай болды. – Сен тура түсін, – деді Жайлыбай. – Маған біреуден қарыз сұрауға болмайды. Қызметтің положениесі сондай. – Сонда... – Айттым ғой, түсін деп, – Досы сағатына қарады. – Екі болып қалыпты, сен кешке үйге кел, тамақ ішіп, қонып қайт. Қазір менде мәжіліс... Өкпелеме... Кімге өкпелеймін. Менің енді өкпемнің кімге керегі бар... деген сөз Асыраубайдың көмейіне кептеліп келіп-келіп қалғанымен үндемеді, үнсіз кетті. Аспан мана ғана ашық еді, сыртта жаңбыр сіркіреп тұр екен. Әп-сәтте мың құбылуын, деді Асыраубай ішінен, құбыл, құбыл. Құбылғаннан басқа бұл жалғанда не бар дейсің. Көше бойында айналасы ашық кафе көрінді. Соған қалай, неге кіргенін өзі де білмейді, жауын тимейтін ортаңғы столдың біріне отыра салды. Қолында блокноты мен қаламы, тық-тық басып даяшы қыз жетіп келді. Етімен ет қылып шалбар киіп алған. Алдыңғы жағынан білеулене қимасы, арт жағынан көтеріңкі көтендігі ап-анық білініп тұр. Құбыл. Бұл да құбылудың түрі, құбыл...
– Не дедіңіз? – қыздың сірә, мұның тіс арасынан шыққан сыбырын құлағы шалып қалған сияқты. – Ештеңе. – Ішке кіріп отырсаңыз да болады, – деп сызылды қыз. – Қайтесің, осында әкел. – Не бұйырасыз? – Арақ. – Қанша? – Қырлы стаканды толтыр. – Фужер ғой бізде. – Барына құйсаңшы. – Тамақтан ше? – Оны қой. – Бәлкім салаттан. Свежий... – Мейлің. Асыраубай фужер толы араққа ұзақ қарады. Аузына алмай кеткеніне біраз жыл. Бала кезінде сары аурумен ауырған еді, ол иттің бауырға қалдырып кетер лаңы бар екен, сол кейін сыр беріп, сыздата берген. Дәрігердің кеңесі: өмір керек болса – арақ-шарапты тартып алма... Асыраубай қазір өзіне не керек екенін білмейді. Керегі Жайлыбайдың қол ұшы еді, ол енді жоқ. Ал өмір... Демін терең сімірді де, у мен зәрді тартты да жіберді... Өмір... Ол не? Адамдардың ғұмыры ма... Адамдардың ғұмыры болса, онда ол адамның өзі ғой. Егер адам өмірдің өзі болса... Жо, жоқ... Өмір – тұтас дүние. Жер-көл, дала-тау, өзен-мұхит, ауа, тал-дарақ... Сондықтан мәңгі. Қазақтың дүние жалған деп жүргені жәй сөз. Дүние жалған емес, адамның өзі жалған... Дүние өз қалпын сақтайды, бұзбайды ғой. Ал адамың айнығыш, құбылғыш. Түске дейін көрген адамыңды түстен кейін танымай қалады екенсің. Ол бүгін айтқан сөзін ертен мүлде ұмытып кете салатын болып шықты... Асыраубай кешкісін құдасының үйіне қызыңқырап келді. Отағасы аң-таң. – Құда-еке... – Іштім, – деді бұл, – Ішпей болмады. – Досыңызбен бе? – Дос... қайдағы дос. Дос деген не? Қашан, кім ойлап тапқан оны. Бәрі жалған... Бұрын бәлкім, бәрі шын шығар, ал бүгін жалған... Одан да құй, құда. – Ойбай, енді, – деп құдасы ақ, қызылы аралас екі-үш шөлмекті ала жүгірді. Жүздетіп алған соң Асыраубай ағыл да тегіл аңырады-ай келіп. Сондағысы: адам жалған екен ғой. Жалған болмаса кешегі Жайлыбай қайда. Кешегі Жайлыбай бүгін неге басқа Жайлыбай. Неге бұзылды, не бүлінді. Әлде ол ет жүрегін, езілген бауырын алдырып, орнына темір жүрек, тас бауыр салып алды ма? – Таусылмаңыз, өйтіп, – деді құдасы жұбатып. – Бәрі де бір тәңірінің құдіреті.
– Тәңірінің құдіреті... Ал әділдіктің иесі кім? Бар ма? Болса неге несібеміз тең емес? Неге біреу үнемі озып, біреу үнемі қалып өтеді мына дүниеден. Неге Жайлыбай Алматыдағы көрнекті ғимараттың төрінде, ал мен ит арқасы қияндағы Көкмойнақтың оты мен күліндемін. Көкмойнақ ауылы деп ес білгеннен етігі тозған, етегі жасқа толған менің басымда мына жаман шляпа, ал оның басында жарқыраған бақ. Тәңірі дейсіз... Тәңірге менің жазығым не? Менің жазығым институтты бітірген соң қалада қалмай, ауылға қайтайын, Көкмойнақтың балаларын оқытайын, тірі жүрсем Көкмойнақта Кеңеске қарсы шығып, қызыл әскердің қылышынан опат болғандарға белгі қояйын дегенім бе? – Сірә, біреу өзгенің бақыты, өзінің соры үшін туатын шығар, – деп қойды Асыраубай сосын. – Егер менің пешенеме жазылғаны соңғысы болса, разымын. Бір тамызып қой, құда. Отағасы рюмканы толтырды. – Жолыңыз болмаған-ау, сірә. – Болса өстіп отырамын ба? Ұшатын едім ғой, Көкмойнаққа қарай, ұшатын едім, – Асыраубай рюмкадағыны соғыстырмай-ақ қағып тастады. – Қызықты қарасаңшы, құда. Бүгін ойлап отырсам, үнемі Жайлыбай озып, мен қалып келеді екенмін. Қараңыз бұл қызықты. Асыраубай ақтарылды: – Жайлыбайдың менен қай жері артық еді. Ол әлгі Боташ алқаш айтпақшы, аспаннан салбырап түспегені рас. Екеуміз де сиыршының баласымыз. Жүні түте-түте жамау көрпенің астында қатар жаттық. Битіміздің саны да бірдей болатын. Ішкеніміз де бір тамақ. Бірақ, ылғи да соның жұлдызы жанады. Бала күннен солай. Бала күнімізде жаз бойы пішеншілерге қолғабыс жасайтын-ек. Еңбек күні де бар. Шамасы, он-онекілердегі кезіміз. Қайсы бір күні таудағы қосқа Жайлыбай бауы жоқ, тұмсығы тоқал, қолға ұстасаң былқ-былқ еткен резина аяқ киім алып келді. Бұрын көрген пәлеміз емес. «Бұл не? Топыли ма?» – дейміз. «Боти – дейді Жайлыбай. – Су өтпейді». Былтыр әкпесі алыстағы темір жол станциясына байға тиіп кетіп еді, «күзгі лайсаңда киесің», деп сол сатып әкеліпті. Жайлыбай оны бізге көрсетіп мақтану үшін, үйінен тығып алып шыққан. Қатты қызықтық. Кезеккезек киіп көреміз, кезек-кезек киіп жүгіреміз. Жаз шілденің кезі ғой. Екі-үш күн өтті ме, өтпеді ме аяғымыз әлем сасып шыға келді. Сөйтсек, ботиыңыз күн ыстықта аяқты шуаш қылып жіберетін пәле екен. Жасамаған ем-дом қалмады. Соның ішінде шипасы – қатық болды. Қатық болғанда, одан Жайлыбайдың аяғы таза жазылып кетіп, менікі пәсейгенімен, қалып қойды. Не сұмдық. Ол жаққан қатықты мен де жақтым. Қалыңдығы да теңдей. Оныкі кетті, менікі қалды... Енді қараңыз, бесінші класта оқып жүргенде теміретке деген пәлеге тап болдық. Бастың құйқасы толы ақтаңдақ. Күкірт септі ме, тобылғының майын тамызды ма, болмайды, түн баласы қос қолдап басымызды талап жатамыз. Содан әке-шешеміз қайтеді, аудандық балалар ауруханасына алып барды. Қойған диагнозының аты жаман – таз. Бола қоймағанбыз, бірақ осылай жүре берсек сөзсіз боламыз. Ол аздай бұл теміретке дегенің жылдам жұққыш дерт екен. Содан Көкмойнақтан келген
құйқасы қызылала төрт бала, үш қызымыздың басы әуелі тоққа салынды, артынан ақ дәкемен қалыңдап оралып, гипстеліп тасталды. Бірер күннен кейін, басымыз кішірейгенін, жоқ гипстің кеңінен қолпылдап қалған пәлені дәрігерлер алдыңғы жағын қайшымен қиып жіберіп, басымыздан сыпырып алғанда зәре-иманымыз қалмады, құйқамыз құйқа емес, былжыраған қыпқызыл ет... Ұзын сөздің қысқасы бұл қып-қызыл ет келесі ем-домнан соң қарақотырланып жазылып, құйқаға қайта айналып, шаш шықты ғой. Жайлыбайдың басы жатқан қауын секілді ұзын еді де, менің төбем шошақ болатын. Құдай қырсық қылғанда, менің бұрынғы қалын шашым көктемде орылып күзге дейін күн астында жатып, көбісін жел ұшырған шөптей селдіреп, ал Жайлыбайдың бұрынғы шөлейттің селеуіндей селдір шашы толқындалып қалың өспесі бар ма. Басының жатқан қауын секілді ұзындығы да білінбей қалды. Менікі, мінеки, әуелгісінен де жаман істиіп кетті, - төбесін отағасыға көрсетті. – Неге? Неге Жайлыбайдың жолы үнемі бола беріп, менікі неге кері кетеді деймін? Түсінсем бұйырмасын дегендей отағасы иығын көтерді. – Сегізінші класты бітірген жылы ғой, - Асыраубай әңгімесін ары қарай індетті. – Мені түлен түртті. Қайткен күнде мұғалім боламын деген арманым ба, әйтеуір, Жайлыбайды педучилищеге түсейік деп қояр да қоймадым. Бұрын қаланы кім көрген, қым-қуыт бір дүние. Әкем берген адреспен күн ұзақ жүріп, немере қарындасының үйін әзер таптық. Апамыз кешкі тамағын беріп отырып: «Ақшаларың болса, сендер әуелі бір сыпыра киініп алыңдар, әйтпесе мына сықпыттарыңмен жұртты үркітесіңдер», деген соң ертесіне универмагқа бардық. Сонда ғой, көзімізге ең әуелі түскен универмагтың үлкен-үлкен терезелерінің алдындағы зіңгіттей-зіңгіттей қыздардың селеуеттері. Үлбіретіп киіндіріп қойған. Бұрын мұндайды түсімізде көрмеген біз байғұс жаман таңғалайық. Таңғалғанымыз құрысын, құда, сіз мына иттігімізді қараңыз. Япыр-ау, дейміз мына селеует қыздардың басы, аяғы, қолы, беті, қиылған белі бәрі, бәрі бар екен, сонда анауысын ше... Анауысын да көргіміз келіп, елге байқатпай етектерін көтеріп, астына да үңілдік қой... Отағасы мырс етті. – Қызық болған екен. – Жо.., жоқ құда, қызықтың көкесі педучилищеге Жайлыбайды қояр да қоймай ертіп барған мен емтиханнан құлап қалып, ол түсіп кетті ғой. Өмірде осы жолы қатты арландым. Өзгені қойғанда Жайлыбайдың бетіне жөндеп қарай алмадым. Обалы қане, мен құлап қалған соң ол да документтерін қайтып алып, ауылға бірге қайтіп едік. Айтшы, құда-еке, қайда да бірге барып, бірге қайтатын сол күндер қайда қалды? Әуелгі бір жолымыз кейін неге онға, жүзге бөлініп, бөлектеніп кетеді. Тағдырдан ба? Болсын-ақ, бірақ, ара-тұра қиылысып, ара-тұра түйісіп тұрмай ма. Күні ертең, құдай оның бетін әрі қылсын ғой, әрине, кез-келгеніміз майда-шүйде соқпаққа айналып, оны шөп-шалаң басып, сорабын да таппай қалсақ, қайттік. – Қамыға бермеңіз, – деді отағасы. – Қамықпауға болмайды, – деді Асыраубай, – Қамықпаған жерде үміт түгесіледі, арман таусылады. Менің үмітім – Көкмойнағым. Ықылымнан оты
өшпей, түтіні бітпей келе жатқан оның мәңгі көктей беретіні. Арманым – Көкмойнақты ұл-қызының соны біліп, соған қуанып, сол үшін ғұмыр кешкені. Жайлыбай екі балам шетелге оқиды деді, оқысын. Ал, енді Көкмойнақтың бүгінін, ертеңін шетелде оқыған соның екі баласы ойлай ма, жоқ Көкмойнақта сылағы жалбырап түсіп тұрған мектепте оқып жүрген киімдерінің бірі ұзын, бірі қысқа балалар ойлай ма?.. Күллі қазаққа ертең ие болатын ұл, бәлкім, Көкмойнақтағы сол сегіз жылдық мектепте оқып жатқан балалардың арасында жүгіріп жүрмегеніне кім кепіл... Құдасы бұған ұзақ қарады. Түннің бір уағына дейін гөй-гөйлеп, жатқаннан кейін төсегінде ұзақ дөңбекшіп, таң елең-алаңда кірпігі әзер айқасқан Асыраубай түс көріпті.
Көкмойнақтың үсті көк тұман. Өзі шыңырауда тұр. Ернеуден біреу қол созады, қараса, о, тоба, өзі... Қай кез екенін, шошып оянды. Терезеден күн сәулесі төгіліп тұр. Тырс еткен дыбыс білінбейді. Басы мең-зең. Киініп, ас бөлмеге бас сұғып еді, дастархан әзірленіп, беті жабылып қойыпты. Шетіндегі подноста аузы ашық конверт пен тілдей қағаз жатыр. Қағазды алды: «Құда! – деп жазыпты онда – Үйде аздаған жиған-терген бар еді, соны алыңыз, конверттің ішінде. Мектебіңізге сеп болар, асықпай бір қайтарасыз. Азанда Манарбекпен де сөйлескем, балаңыз бен келініңіз де қарап қалмас. Манарбектің өзі телефон шалады. Біз қызметке кеттік. Әлдене қажет болса, тоңазытқышта». Асыраубай жалма-жан конвертті алды, ішіндегісін санаса тұп-тура бір мың доллар. Қуанғанынан отырған орнынан құлап қала жаздады. Япыр-ай, мына құда... Енді келін, баласы қосылса... Тұрып тоңазытқышты ашып, шөлмектерге біраз көз салып тұрды да: «Жоқ, Асыраубай, – деді өзіне-өзі. – Енді ұмыт бұл пәлені. Енді өзімен кетсін. Енді таза ниетке таза деніңмен кіріс». Балам хабарласып қала ма деген оймен ваннаға телефонды өзімен бірге ала кіріп, шым-шым суға әжептәуір жуынды. Жуынып жатып та, жуынып болып, ыстық шайды пора-порасы шығып ішіп отырып та көкейінен құдасы кетпей қойды. Неге бүйтті? Аяғаны ма? Әлде кісілігі ме? Анда-санда бас қосқандары болмаса, өзімен жақсы әңгімелесіп, терең сырласқан емес. Білетіні ата-анасынан тым ерте қалып, балалар үйінде өскені. Кіндік қаны тамған ауылды іздеу жас кезінде ойына келе қоймаған, кейін тапқан екен, барса ауыл бұған, бұл ауылға жат болып шығады. «Сөйтіп, амалсыз ауылы жоқ қазаққа айналдық. Ауылы жоқ қазақ...» деп терең, терең күрсініп еді, бірде. Неге екенін, осы сәтте Асыраубайдың ойына Жайлыбайдың шетелде оқып жүрген балалары түсті. Ал енді олар... деп ары қарай бара жатыр еді, телефон без-без етіп ойын бөліп кетті. Ұлы екен. – Мен ғой, папа. – Әй, Манарбек, амансыңдар ма? – деп елпілдеп кеткен. – Иттің күшігі, сен мына әкеңді біреу көкала қойдай қылып тепкілеп түрмеге қамап қойса да іздейтін түрің жоқ қой.
– Қойшы, папа. Қазір барамын да үйге алып кетемін. Киіне беріңіз. – Әй, тоқта. Үйге алып кетеміңді қоя тұр. Қазір оған алаңдама, қу қара басым, құры қол қоқайып барған ырымға жаман. Көп ұзамай шешең екеуіміз келеміз. Үй алып, бөлек шыққандарыңды білмедік қой. – Енді, папа, келіп тұрып үйге кірмей кетесіз бе? – Айттым ғой. Айтқанымды тыңда. Одан да қазір өзіңе барамын. Дүкеніңе кіріп шығайын. Көрейін. Сосын жүріп кеткенім дұрыс, балам, жұрт күтіп отыр. Құда айналайын, қаперімде жоқ жақсылығын жасап... – Келініңіз де сонша дайындап қойды, папа. – Сөйтті ме?... – Асыраубайдың көз аясы ысып қоя берді. Сөйтіп, бір түрлі көңілі босап тұрып, ішінен «келініңіз де» деп,.. келінді алға салып, ит-ай ұрғашысын өлердей жақсы көретін болғаны ғой, деп те ойлап үлгерді. – Папа, машина ұстап барайын ба? – деді Манарбек – Неге үндемей қалдыңыз? – Жоқ, өйтіп әуре болма, өзім жетемін. Дүкендерің базардың қай тұсында... күн шығыс жағы... Аты... – «Мейрам.» – Е, табамын, таппай. – Есіктерің сыртынан қатты итере салсаңыз өзі жабылып қалады, ағылшын құлпысы ғой... Асыраубай апыл-ғұпыл киініп, сыртқа шықты. Аяқ-қолы жерге тимейді, жеп-жеңіл. Көңілі сондай бір алақұйын. Баласы мен келініне көп болса жарты сағаты кетер, сосын Көкмойнақ... «Міне, әкелдім, дейді ғой – міне..»Үлкен көшеде машина, автобус дегендер оңды-солды судай ағып өтіп жатыр. Жолдың арғы шетінде екі-үш такси көрінеді. Соларға қарай аялдамадағы тұрған автобустың алдынан жүгіріп өте шықпақ оймен ұмтылғаны сол, қайдан сау еткенін... Асыраубайдың есінде қалғаны зулап келіп қалған «Джип», қатты соққы мен тас қараңғылық... Ол өзіне-өзі біраз күннен кейін келді. Көзін ашса тұла бойы сырқырап қатты ауырып жатыр екен. Дәл біреулер жабылып аяқ-қолын бұрап, іші бауырын езіп тастаған сияқты. Жанында бетіне үңіліп, баласы мен құдасы отыр. – Ояндыңыз ба? – деді құдасы. – Зәремізді алдыңыз, біраз. – Не болды, өзі? – Ішіп алған қулар екен. Өңшең өрім жас. Сіз де асыққансыз... – Осы менің денем түгел ме? Құдасы Манарбекке қарады. – Папа, бір аяғыңызды... – Көрсетші, көтер одеялды. Балам одеялды жоғары ысырды. Сол аяғының тобықтан арғы жағы жоқ... – Бастың амандығын шүкіршілік етейік, – деді құдасы, – Оқыс та жау ғой. Жаудан қалған жан олжа, Асеке. Әке мен ұл сөйлессін деді ме, құдасы бұларды оңаша қалдырды. – Балам, қалтамда құда берген ақша бар-тұғын. – Бар, папа.
– Саған өтініш, ұлым. Сол бар, келін береді дегенді қосып, Көкмойнаққа тарт. Бүгін жүріп кет. Жұрт күтіп отыр ғой. Күн болса өтіп барады. Ақшаны жеткіз. Жайлыбай бастаған ағалардың жиып берген көмегі де. – Папа-ау... – Сөйт. Жайлыбай десе ішкен астарын жерге қойып, төбелері көкке жетіп жүрген жұрттың одан көңілі қалып қалмасын. Өзі жақсы дегенге жұрттың сенімі жоғалса, адам біткеннен түңіле бастайды. Көкмойнақты өйткізбейік, ұлым. Көкмойнақтағы бауырларың ешкімнен, ешқашан сенімін жоғалтпасын. Сосын шешеңе айт, маған келемін деп ары-бері сабылмасын. Өйтер жағдай, қане. Тірі қалыппын. – Баяғыда майдан даласына бір аяғын түгел қалдырып келіп, бізге сабақ берген марқұм Әміреқұлды оқушы біткен «Ойбай, балдақ келе жатыр» деп күлуші ек, азар болса енді мені де сөйтер, – Асыраубай әзер езу тартты. – Сабылмасын шешең. Мұнда құдайға шүкір, өздерің барсың ғой... Қайын атаң иманды екен, қайдан білейін. Өміріміз шын жақсыны танымай, өтірік жақсыны жағалаумен өтеді, ит-ай... – Басқа айтар сәлеміңіз бар ма? – Сәлемім сол, әне-мінелемей жұрт іске кірісіп кетсін. Осыны Түрікбай атаңа қатты табыста. Ақшаны сол кісінің қолына ұстат. Баласы шығып кеткен соң, көзі молтақ аяғына түсті. Құдайдың ісі шығар, деді іштей өзін өзі жұбатып, мүшеңнің кемдігі ештеңе етпес, бәрінен бұрын ниеттің кемдігінен сақтасын. Адамдардың бірін-бірін іздеп келгені, іздеп жатқаны, іздей беретіні ең алдымен ниеттің саулығы, тазалығы шығар. Иә, сол, сол... Басқа немене...
Көкмойнақ жақтан қазір еміс-еміс бір әңгіме естіліп қалады. Ол сызу пәні мұғалімінің Көкмойнақ мектебіне түптің түбінде Асыраубайдың есімін беру туралы мәселе көтеріп жүргені. Сосын «Көкмойнақтан шыққан көкжал» деген жалпы көлемі алты дәптер очерк жазып, аудандық газеттің редакторына алып барған екен, ол: «Бұл дүниеңізді журналистік стильмен қайта жазып шығуды айтпағанда, ішінде әкімдерге байланысты ыңғайсыз сөздер кетіп қалыпты. Ал біз, әкімияттың газетіміз. Образдап айтқанда, сол әкімияттың шашқан тарысын теріп жеп, бала-шаға асырап жүрміз. Сондықтан, шырағым, мынауың біздің ыңғайымызға келмейді» деп қайтарып жіберіпті.
Бейғам дүние
Арты желіп, алды аяңдайтын күрең биенің төрт тұяғы шаппай-ақ жер апшысын қуырып келе жатқандай; иен далада ірге тепкен ауылдан ертеңгі салқынмен шығып кеткен Естияр енді аз жүрсе асуға күн сәске болмай-ақ
ілінермін деп ойламаған. Сірә, жылқының жел аяқтығы жадынан өше бастаған-ау. Ат жалын тартпағалы қашан. Өмір дейтін инеге ғұмыр дейтін шіркіннің жібін сабақтай-сабақтай, күнді түнге жұтқызып, түнді күнге ұтқызып, туған топырақтан бірте-бірте алыстай беріпті. Ата-ананың да бірбірін онша ұзатпай әруақтарға барып қосылғанына он бес жылдың жүзі. Соңынан ерген екі қарындасы дәм бұйырған екі қазақтың отын жағып тутуде. Қалай болған күнде де ауылдан қара үзіңкіреп кеткені рас. Биыл да келетін ойы жоқ еді, әкесінің ағасы Сәбдешбектен оқушы дәптерінің он парағына жазылған хат келіпті. Ауылдағы бұлардың Естөре руынан тарайтын жиырма шақты түтіннің жай-жапсары – кімі қайтыс болды, қайсысының баласы үйленіп, кімінің қызы тұрмысқа шықты, ажырасып кеткендері қанша, оқуға қанша бала түсті… түгел тізіліпті де, тобықтай түйіні: “Шорман тұқымынан екенің, менің Сұрапалды бауырымнан туғаның рас болса, ұзын арқан, кең тұсауға салып жүріп алмай, келіп қайт, айтарым бар”, - депті. Өзінің де ауылды сағынғаны, оның үстіне ойында көптен жүрген атаанасы мен өзге де бірі жасы жетіп, бірі тағдырының талайымен мезгілсіз дүниеден өткен жақындарына құран бағыштату парызы бар, оған шалдың мына “жет те, жеті” қосылған соң, кезекті демалысын алып, жолға шығып кеткен. Сәбдешбек әкесі жылдан-жылға шау тартып келе жатқанымен әлі ширақ көрінді. Кемпірі тәңірінің аманатын баяғыда тапсырып, жесір қалғанымен, құдай келіннен салыпты. Шалдың шашын алып, сақал-мұртын да басып беретін де сол екен. Жаздың күні емес пе. Шал бұтақтары бір-біріне айқасып кеткен екі түп алма ағашының көлеңкесіне киіз жаздырып, көрпе төсетіп, жастық тастатып, ас-ауқатты солай алдырды. Өзінің қалыңдығы кере қарыс арнайы бөстегі бар екен, жамбасына соны басты. “Попыразың жоқ, ә, – деп қойды бұған. – Андағы құйрығы сарыңды сорып көргем, дәмсіз… Әлгі біздің бала шылымның құйрығы жалаңашын тартады, езуіңе қыстырсаң, аузың қиқымға толып… бір жағы сорып, бір жағы шайнап жүре ме, немене”. Шал ыстық шайдан ұрттап қойып, сөйлеп отыр: “Естөренің ішінде Шорман тұқымы бәлендей өспей келе жатқан ата. Жиырма түтіннен жаңа асты. Отыз екінің нәубаты бар, соғыстың зауалы бар… Спанбайдың маңдайы жарқырап шыққан қос ұлы “халық жауына” ілікті. Әйтеуір, енді өсіп келе жатқанда, бір пәле кесе көлденең келеді де, қараң-құраңданып қалады”, деді күрсініп.
Естияр ыңғайсыз күйге түсті. Жасы қырықтан асып қалғанымен мұнда не ұл, не қыз жоқ. Құдай бермеді емес, берді. Бірақ үшеуі де апыл-тапыл басып қалғанда үш түрлі аурудан бақилық болған. Медицина олардың дертіне диагноз қойғанымен, ем таппады. “Келін осы Семей жақтың қызы ғой, – деді шал. – Біздің ауылда бір білгіш бар қазір. Қасы-көзін жауып тұратын Таубай атаң есіңде ме, түйе ұрып өлтірген. Ұмытпасаң, жарықтықтың осы өзің құрыптас алакөз баласы болмаушы ма еді. Әлде сенен сәл үлкен бе екен. Сол әне бір жылдары аяқ астынан құладүз кетіп, айдалада жападан жалғыз домбыра дыңғырлатып отыратын дертке ұшырады ғой. О пәлесін ағайындары Мамыт мергеншіге айтып, ол бала қу далада домбыра сабалап отырғанында байқатпай барып, төбесінен мылтық атып, содан қатты шошып, жазылған. Кейін қойшыларды моншаға түсіретін машина айдап жүр еді, қой мен қойшының мәнісі кеткен соң, қайбір береке қалды. Қазір үйінде. Үйінде болғанда жатпай-тұрмай істейтін шаруасы – газит оқу, құры оқымайды, қойны-қонышына толтырып өзімен бірге ап жүреді. Барған, тұрған жерінде басқа әңгімесі жоқ, тек газит судыратады. Тыңдасаң, екі қолыңды төбеңе қойып, бұл дүниеден безіп кетесің. Ылғи қырғын, лаулап жанып жатқан өрт, сілкініп жатқан жер, тасып жатқан су, қаңыраған далалар, қараң қалған ауылдар мен жазылмайтын ауруларды жиіп-теріп алған… Осы күні алакөз келе жатыр десе, жарық әлемдегі барлық пәле-жаланы сол көтеріп жүргендей жұрт одан тым-тырақай қашатын болды. “Ау, қайда барасыңдар, неге қашасыңдар, мынаны естісеңдерші, білсеңдерші” – деп ананың да, мынаның да соңынан далақтап, алакөз ала өкпе. Со қызбалақ бірде: “Ағайын, Семей жақтан келін алмаңдар, Семей жаққа қыз бермеңдер, о жақта бір бәленің сынағы бәлен жыл өткен, ауа бүлінген, қан бұзылған тұқым азады” деді ме, әйтеуір, құдайдың зарын қылды. Бұл не, жындының сандырағы ма, қалай? Мынаны айтқанда шалдың нені меңзеп отырғанын Естияр түсінген. “Әке, қалай енді, сөйтіп Семей жақтан қыз беріп, қыз алғанды қойдыңыздар ма?” – деп әңгімеге әзіл араластырмақ болып еді, шал оны елеген жоқ. “Шырағым, газит жазған екен, оны түйе ұрып өлтірген Таубайдың алакөзі айғайлап оқып, айтып жүр екен деп жұрт жүрісінен жаңылмайды ғой. Сосын бір қазақтың баласы бір жағымыз аурулы екен деп өз қағынан өзі қалай жериді. Не көрсе де бірге көреді де. Әңгіме бірінің басына түскенді бәрі болып оңдап-түзеуде шығар. Құдай тағала әу баста пенде шіркіннің тағдырын бір-біріне матап, тұтас қылып жаратқан ба, кім білсін, оқымаған адамбыз…”
Күрең бие пысқырынды. Тау шөбін үзіп тартқысы келе ме, ауыздығын шайнап, басын сүзе береді. Мына кейпінде сәл тебінсең жердің жүрегі болып соғып, дүниенің кеудесінде дүрсіл қақпақ. “Пау, шіркін-ай!” деп дауыстап қалды Естияр. Деп қалып оңтүстік пен солтүстікке екі шалғайын жайып тастап, батыс пен шығысқа көлденең жатқан, ана басы мен мына басына көз жете қоймайтын асуды көзімен сыпыра қыдырып өткен. Сонау бір кездерде осы асу жатқан кең далаға жұмсақ жұпарлы самал саулап тұратын. Сәбдешбек қария айтып отырса, ұзақ жылдар өтіпті, таудың ол үлпілі ізғайым. Оның орнына қай бағыттан шығатыны белгісіз, күн сайын түс ауа шыр айналып, сабалап соғатын күшті бір жел пайда болыпты. “Есіңде шығар, – дейді шал, – сендердің бала кездеріңде мына құладүзге қызыл изені аралас қара жусан ұйысып өсіп жатпаушы ма еді. Көркемтаудағы екі колхоз бар, оған біз қосылып, тайлы-таяғымызбен ала жаздай мал азығын дайындағанда ұшы-қиырсыз дала аралары алпыс адымнан аспайтын шөп маяларынан көрінбей қалатын. Қалай мына шыр айналып соғатын жел пайда болды, солай қаптатып мая тұрғызбақ түгілі, ешкі-лағымызды енді қайда апарып жаямыз деп қалдық қой. Ерте көктемде айнала көктеуін көктейді, содан жаз шыға жынды жел басталып, көктей солып, көтерілмей қалады. Ал енді мына сұмдықты қара, сол көктей солып, көтерілмей бірте-бірте тұқымы құрып бара жатқан қара жусан мен қызыл изеннің орнына шөп деуге келмейтін, тікенге ұқсамайтын, шіліктен бөтен, жапырағы жоқ тырбиған-тырбиған бірдеңелер өсіп жатыр. Мал жемейді, отқа жанбайды. Таубайдың алакөзі айтса, жер азды. Азуына Мұзбелдегі баяғы шақтының орнына өзінен-өзі пайда болған көл себеп.” Естияр елеңдеген. “Көл деймісіз?” “Иә, көл. Әлгі Мылтықбай сол жаққа көшкен соң, оқта-текте ат ізін салам ғой, сонда арнайы барып көрдім. Айналасы ат шаптырымға жете қоймағанмен, көлемі әжептәуір. Түсі көкпеңбек. Жетпісіңді аяқтап қалған жасымда мен сондай тұнық көгілдір су көрген емеспін, шырағым. Өз бетінше қарап жатқан көгілдір көлден бір жақтағы жер азады дегенге қалай сенесің”. “Сонда ол көл шынында да өзінен-өзі пайда болған ба?” “Сөйткен”. “Шахтаның орнына дейсіз?..” “Солай деп айтып жүрген алакөз. Алакөз айтса, Мұзбелдегі көл тұрғанда азудың ендігі кезегі бізге, адамдарға келмек… Бізде бірте-бірте әлгі қара жусан мен қызыл изеннің орнына шығып жатқан тұқымы мен түрі белгісіз өсімдік іспетті тегін, тілін, дінін айырып болмайтын сұмдыққа айнала бастайтын сияқтымыз. Ол иттің зар заманына сеніп жүрген ешкім жоқ, әрине. Бірақ осы өткен күзден бері ойланып қалдым. Ойлағанда бәрі Мылтықбайдың Кәртешбегінен шықты ғой, деп шал әңгімесін әуелі
Мылтықбайдың өзінен бастап кетті. − Өзіңе аян, бір әке, бір анадан туған үш ұл әр қилы болдық қой. Сенің әкең қой бақты, мен, әйтеуір, дүйім елді иіріп әкетпесем де, белсендінің шекпенін кидім, Құлбай інім диірмен жағаламады ма. Өзің білесің, о байғұс ұлының басын құрауға үлгермей кетті. Оқу жағы оңбай, көбіне тауда жүріп, тауда өскен бойы бұлғаң неме күндіз ұйқы, түнде бос сенделіспен біраз жүріп алды. Марқұм шешесі екі күннің бірінде “Мылтықбайды қайтесің?” деп келіп тұрады. Сондағысы баланы отау ет дегені. Ойбай, енді әкелсін де бір шүйке басты десем, шешесі “Төрежан-ау, ол өз бетімен қатын ала алмайды” деп құдайдың зарын қылады. Қайтемін, күшікті шақырттым. “Жүгермегім-ау, осылай қу тізеңді құшақтап жүре беремісің, келін түсір” десем, “Әке, мен әйел алмаймын” дейді. “Оу, неге?” “Ұяламын”… “О, бас теріңді”… деп жанын қоям ба, Қарақалпақтан қайтқан төрт-бес түтін бар еді, соның бірінің қызына құда түсіп, алып бердім. Енді үйінен шығара алсақ, қане. Соның түбіне жетсең көремін деп мен де тымтырыс жаттым. Күздің төбесі көрінгенде өзі де сидаң неме, қурайдай болып келіп тұр. Екі ұрты ішіне кіріп, екі көзі ары кетіп қалған. Әйелдің борбайы тамақ болмайтынына көзі жетсе керек, “Әйе, жұмыс жағын қайтеміз?” дейді. “Мені жұмыс үлестіріп жатыр деп пе ең” деп өзін біраз жіліктеп алып, қайтемін, колхоздың кеңсесіне ертіп бардым. Бұл өзі кеңестің іргесі әне-міне сөгілгелі тұрған, дүниенің астаң-кестеңі көп кез еді. Жұрт түгел не болып, не қоятынын жөнді білмей, дүбараланып қалған. Бастық бала орнында екен, шылауына жармаса кеттім. Ары отырып, бері ойланып, ауыл маңынан, өзіміз жақтың жыра-жықпалынан лайықты дәнеңе таппай, ақыр соңында әлгі Мұзбелге тоқтаған. Мұзбелде қанша жыл құдай-ау, уаенный тұрды ғой. Енді солар бір жола Мәскеуге көшкен. Көшкенде пәдқоз дей ме, әйтеуір, әжептәуір қора-қопсысы болыпты. Соны колхоз су тегінге сатып алып қалыпты. Бастық бала Мылтықбайды сол қора-қопсыға қарауыл болып барсын деп шешті. Одан бері де он жылдан асты. Құдайға шүкір, үш жаманы бар, енді оларының есімдері… тұңғышы Кәртешбек, ортаншысы Порықбек, қызының аты Пестенкүл. Ит-ау, мыналарың ұл-қыз ба, жоқ бір дорба оқ-дәрі ме десем, Мылтықбайым, “Әйе, келініңіздің аяғы тағы ауыр, аман-есен ұл босанса, атын Жалғызоқ” қоямын деп жайраң-жайраң етеді.” Естияр мырс етті. “Күлкінің көкесіне енді келе жатырмыз, балам, – деді Сәбдешбек шал – күлкі деймін ғой, қайдағы күлкі… Өткен күзде Кәртешбек мектепке баратын болды. Қайтпек керек. Әке-шешесі ауылға көшіп келейін десе, тірлік қалады. Тірлік дегенде колхоз тарап, тұрымтай тұсымен кеткен
тұста Мылтықбай қарап отырған қора-қопсыны аудан орталығындағы дөйдің бірі бәленбай жылға әренделеп алған. Нәлөктің бастығы деді ме, әйтеуір, малды неме екен. Мылтықбайдың алдына соның біразын әкеліп салып, осыны жақсылап бақ, жақсылап бақсаң, ішер тамақ, киер киімнен кем қылмаймын дейді. Сөзінде тұрды. Мылтықбайымыз көш алдына түсіп кетпегенімен, одан қалып жатқан жоқ. Көже-қатығын ажыратар мал бітті, ай сайын ақысын алады, киім бүтін, тамақ тоқ. Тек әлгі уаенный гәрөдектегі сары ауыз тамырларымен ішіңкіреп қояды күшік… Осы бірді айтып, бірге кеттім бе… Содан әлгі, Кәртешбек мектепке баратын болды. Баланы бізге әкеліңдер, біздің үйде жатып оқысын дедік. Басқа амал, қайсы.” Бұдан ары қарияның әңгімесі былай өрбіді: Мұзбелден ертеңгісін әкесі алып келіп тастаған Кәртешбек шалдың бастауыш кластағы үймелі-сүймелі немерелерімен түскі асқа мелдектеп тойып алған соң, байыз таба алмай, мал қораға кіріп-шығуы көбейіп, бір түрлі мазалы күйге түседі. Мұнысы несі екен деп шал осы көлеңкеде үй ішімен ыстық шайларын шайқап ішіп, қарайды да отырады. Содан бір мезетте Кәртешбек қалт тұра қалды дейді. Қалт тұра қалып, үстіңгі ернін шүйіріп, оң аяғымен жер тарпыған. Тарпып-тарпып тұрып, бұлардың жанынан көктей өтіп, қарсыдағы қоңсыластың ауласына қарай оқтан бетер атылады. Ей, ей, мынау қайтеді дегенше болмай, қоңсының жоңышқалығындағы арқандаулы тұрған бұзауының барған бойда артынан артыла кетеді. Оқыс келіп, ес жидырмай бөксесіне артылған зауалдан жаман үріккен қызыл бұзау қатты тулайды. Бірақ кеудесі қыр жотасында, аяғы жерде, екі қолы бауыр жүніне тастай жабысып итең-итең еткен пәледен босап шығу оңай болмайды. Қоңсыластың кәрі төбеті әупілдеп, үйлерінен олар шығып, бұл жақтан шалдың келін, балалары тұра жүгіріп, бәрі жабылып жүріп Кәртешбекті бұзаудың бөксесінен әзер ажыратып алады. Бала әбден еліріп алған. Көзі шоқтай. Үстіңгі ернін шүйіріп, тұмсығын көкке көтеріп, оң аяғымен жер тарпып екі көзі қызыл бұзауда, көпке дейін “жетекке жүрмей” қояды. “Қоңсыластар да, біз де баланың мына әрекетінен дәнеңе түсіне алмай далмыз, – дейді шал – өзі бір ұяттау шаруа болды. Келінге, көршілерге қарайтын бет қалмады. Қара пұшықтарымның ішек-сілелері қатып: “Ата, Кәртешбек бұқа ма?” деп және күйдірді ғой”… Кәртешбек онымен тоқтамайды. Кешке өрістен қайтқан мал көшемен өткенде, арасынан ұрғашы бұзау-тана көрсе тұра қуып, жеткен жерінде артылып, қып-қызыл сойқан салған. Мұнысы күллі ауылға тарап, Сәбдешбек
үйден шыға алмай қалады. Ал бірде Кәртешбектің “бұқалығынан” бір рудың екі атасының балалары бір-бірімен ат құйрығын кесісіп кете жаздайды. Осындағы Шоманнан тарайтын көп атаның бірінде Әлімхан деген бағбан бар. Баяғыда бұл атаның балалары Ирсуда өз алдарына колхоз болып отырғанда, сонда алма ағашын өсірген. Одан бері не заман өтті. ИрсудаИрсудан өзге ештеңе жоқ. Бірақ Ирсудан жұртпен бірге баяғыда осында қоныс аударған Әлімхан бар. Әлімхан болған соң алма ағашы да өседі. Қазір оның ауласында алма ағашының небір түрін көресің. Саны аз, түрі көп. Амал қане, әлгі шыр айналып соғатын жел пайда болғаннан кейін, Әлімханның апорты дәл пісер кезде өзінен-өзі тең жартысынан шіритін зауалға ұшыраған. Балалар оған қарай ма. Сол Әлімханның апортынан жемесе бойлары өспей қалатындай, күндіз-түні соны аңдиды. Аңдығанда, ұрлап жеу ғой. Сәбдешбек шалдың да немерелері үйір оған. Содан Әлімхан ұйқыға кеткен шығар-ау дейтін тал түсте Кәртешбекті алып, бармай ма ұрлыққа. Кәнігі шал қалың ағаш арасынан аңдып тұрған. Балалар алмаға қолдарын соза бергенде, “О, қызыңды…” деп тұра ұмтылады ғой шал. Сонда өзгелер келген іздерімен қашып, Кәртешбек қарабасқыр шалдың өзіне қарай қашады. Әлімхан, “Мына ит қайтеді?..” деп сасып қалған ба, тапырақтап таяп қалған баланы қолындағы солқылдақ көк шыбықпен жон арқадан тартып келіп жібереді. Қиралаң еткен Кәртешбек: “Ата-тай, мені ұрмашы” деп отыра кетіпті. “Е, неге ұрмаймын. Ұрмайтын сен кім едің?” десе, “Құлбайдың Мылтықбайының бұқасы едім” дейді. Әлімхан қайбір оңған шал: “Онда жақсы болды ғой, сиырларым күйлеп жүр еді” деп баланы екі құнажынмен кешке дейін қораға қамап қояды. Арты айтыс, айғайға ұласып, араға басқа ағайын түсіп әзер ымыраласқан. Бірақ Кәртешбекке жұрт сөйтіп жатыр екен деп “бұқалығын” қоймады. Бұрын өріске жіберетін малдары Сәбдешбектің көшесінен өтетіндердің ішінде ұрғашы бұзау-таналары барлар енді оларын жайылымға басқа көшемен айдап, басқа көшеден күтіп алатын болған. “Осындай сұмдыққа ұшырадық қой, – дейді шал – ұят та болса көндік, намыс та жеп барады. Ол аздай, шырағым, Мылтықбайдың екінші баласының сөзі бір түрлі болып бұзылған, ол аз десең кеше ғана тілі былдырап жүрген кіші қызының жалғыз күнде мүлде мақау болып қалған жағдай және бар. Сені хат жазып, тез жет дегенде осыларды айтайын дедім. Бұл өзі не? Дерт пе, басқа пәле ме? Бауырың. Бауырыңның бірі ұрғашы бұзауға артылып, біреуі сөз бұзып, бірі мылқауға айналып кете берсе, мұның арты қайтеді. Жазу-сызуың бар, жөн білесің…”
Асудың төбесіне шыққан соң, күрең биені қатты тебініп қалды. Мұзбелің, әне. Әскери қалашық кезінде көз жауын алатын елді мекен еді. Қазіргі сыйқы, дәл бір үстінен соғыс жүріп кеткендей. Естиярлар мектепте оқып жүргенде, ауыл балалары көп қатынайтын мұнда. Сондағылары шұжық, бәліш, балмұздақ алып жеп, асхананың тамағын ішу. Төмендегі темір жол станциясына да соны іздеп барады. Ауылға Мұзбел де, станция да жақын, осы екеуінің арасына үздіксіз жүріп жататын, түстері бір өңкей сары МАЗ-дардың біріне жиырма тиыныңды төлеп, жарты сағаттың ар жақ, бер жағында жетіп келесің. МАЗ-дар асфальтқа су сорғалатып Мұзбелден теміржол станциясына тас-топырақ таситын. О не қылған топырақ неге тасып жатады, ешкімнің шаруасы жоқ. Білетіндері Мұзбелде шахты бары. Уран деген кен шығады. Сосын білетіндері Мұзбелді тұрмысқа керек-жарағымен тікелей Мәскеу қамтамасыз етеді. Не керек, бәрі бар. Бәрі импорт және арзан. Жұрт “жыртық үйдің құдайын” айтып, соған қуанатын. Шал айтқан нұсқамен Мұзбелді көктей өтіп, таудың тастақ жанына түскен Естияр Мылтықбайдың қонысына тез-ақ жетті. Атты кісіні байқап, абалаған алпамсадай кәрі төбетпен қоса, үй көлеңкесінде шай ішіп отырғандар орындарынан өре түрегелді. Малшы жұрттың, әйтеуір, біреуді күтіп отыратын, біреудің төбесі көрінсе жабыла тұрып, қарсы алатын қазақы әдеті. Бұл таяп келгенде ғана таныды ма, Мылтықбай: – Ойбай, аға… Аға ғой, – деп тұра ұмтылды. Сол баяғы бойы құрықтай, жүрісі именшек қалпы. Тек шашы жидіп түсіп қалыпты. “Жасы жетпей мұнікі не?” деп ойлады Естияр. – Әй, Кәртешбек, Порықбек, Пестенкүл, келіңдер. Естияр көкеңе сәлем беріңдер. Көкелерің ғой. Анада жорналдан суретін көрсеткем. Балбала дастарқаныңды… – Мылтықбай үй ішін қақпа тастай қағып барады. – Кәртеш, төркөрпе… Сәлемдескенде байқады, әкесінен айнымай қалған Кәртешбектің қолы тым ұзын екен, үстіңгі ернін бір шүйіріп алып, кеспек ұсынғандай онысын алыстан ұстата салды. Порықбегі шешесіне тартқан ба, тапалтақ. − Сагаумагигім, гөгө, – деді алты-жетілердегі көмірдей қара бала. – Амансың ба? – Естияр оның қолын сәл жібермей тұрды. – Атың кім? – Поргбег. – Мені білесің бе? – Бігбеймін.
Келін әне-міне дегенше-ақ, дастарқанын жаңалап, көлеңкенің төріне екіүш қабаттап су жаңа құрақ көрпені төсеп тастады. Ортаға гүлді жайпақ табаққа салынған ыстық қуырдақ та келіп қалды. Тау сарымсағының өзегін қосып, бірыңғай майға қуырылған тағамның иісі мұрын жарады. – Арқардың тоқтысының еті, − деді Мылтықбай. – Итбаспақтың құзынан түнде келдім. Алыңыз, аға. – Ойжайлаудың Итбаспағынан ба? Тым алыстау ғой бұл жерден. – Арқар қазір басқа өңірде жоқ. Ол жерден де жоғалып, Хан тау ауып кетіп еді, колхоз, совхоздың тұқымы құрып, жайлау шығар малдан береке кеткен соң, қайта пайда болды ғой. Бірақ баяғыдай үйір-үйір емес, аздау. Шанда көзге түседі. Естияр дастарқанға салынған тәттілерді теріп жеп, айналасына мағынасыз қарап отырған жалбыр шаш қызға қарады. – Бұ қызымыз сөйлемей қалған, аға. Тілі былдырлап-ақ шығып еді, жалғыз күнде өзінен-өзі байланды да қалды, – деді Мылтықбай кәрі жіліктің көк етін көмейлете асап жатып, әбден былқып піскен жас ет аузында еріп кетті ме, жұтқаны білінбей, сөзі үзілмей ары қарай әңгімелей берді. – Ауруханаға апардық. Әуре-сарсаңы көп пәле екен. Тексермегендері жоқ. Біресе анаусына, біресе мынаусына жұмсайды. Бекер барып, бекер қаралмайсың, ақша төлейсің. Содан, қызымыз осыдан қайта сөйлеп кетсе жақсы, өйтпесе ше… Өйтпесе жиған-тергенімізді құры шаша береміз бе, құдайға шүкір сөйлемей қалды демесек, тамағы сау, ұйқысы тыныш… Мақаулықтан өлген ешкімді көрген жоқпыз дедік те, сандалысты қойдық. Қайсы бірде тәуіпке көрсетіп едік, ана жылы Ауғанстанда соғысып қан көрген пәле екен, жаман зікір салып, Пестенкүл түгілі өзіміздің зәремізді алды. – Сәбдешбек әйем мына Кәртешбектің бір қылығын айтады ғой, – деді Естияр. – Ол Гәртешбег емес, – деп Порықбек шап етті. – Ол бұга, кага буга. – Сен гысың, гысың, – деп Кәртешбек інісін иықтан түртіп қалды. – Әй, қойыңдар тақаспай! Мылтықбай екі баласына зілсіз зекіп қойды. Сосын бұған қарап: – Әйемнің айтып жүргені Кәртешбектің бұқа болып ойнайтыны ғой. Осы жаққа көшіп келгеннен кейін пайда болды сонысы. Ана жылы қожайын әуелі он шақты тана-торпақ әкелген. Ішінде үш-төрт сиыр, бір бұқасы бар. Дәу қара бұқа. Кәртешбектің әжетке жарап қалған кезі. Күндіз көбіне малды өрісте осы қайырып жүреді. Содан бастап, бұ күшік қара бұқа не істесе, соны істейтінге ұшырады. Келе-келе ұрғашы тана-торпақ
көрсе бітті, тырағайлатып қуып кете беретін пәлені шығарды. Қанша ұрыстық, қоймайды. Тіпті үдеп бара жатқан соң, қожайынға шынымызды айтып едік, “ой, бұл не сұмдық” деп біраз жүрді де, ұрғашы тана-торпағының қу сүйекке айналып бара жатқанын өзі де байқап, оларын амалсыз алып кеткен. Өзіміздің де жанымыз кіріп қалды. Болмаса, өрісте де, екі өкпесін қолына алып ұрғашы бұзау-тана қуып жүрген Кәртешбек, үй маңында да көзі алайып, танауы делдиіп ұрғашы бұзау-тана қуып жүрген Кәртешбек. Ит-ай… – Ой жыгды, – деді Порықбек ыржиып. – Сен жаман, оған күлме, – деп Мылтықбай Порықбекке қарап кеңк етті. – Өзіңе қарасаңшы. Өзіңше бір тіл шығарып жүрсің, қыңыр-қисық. Естияр: – Мұның кей әріпке тілі келмей ме, жоқ әдейі бұзып сөйлей ме? – деп сұрады. – Түсінсем бұйырмасын, – деді Мылтықбай. – Бара-бара мүлде ешкім түсінбейтін, жер бетінде жоқ тілмен сөйлеп кете ме, қайтеді? – деп Мылтықбай тағы да қарадан-қарап мәз болды. – Ойласам, осы жаққа көшіп келген соң, біздің үйден басқа бір халық пайда болып келе жатқандай көрінеді кейде. – Көл бар дейді ғой мұнда? – Көкпенбек. Мұндай мөлдір суды көрсем, көзім шықсын. – Соны көрсем. – Көрсеңіз, мына тұрған жерде. Балалар ертіп барады, мен мал соя берейін. Атқа мінесіз бе? – Жақын дейсің ғой, жаяу-ақ барайық. Естиярға Кәртешбек пен Порықбек ілесті. Қырға көтеріле суылдаған бір жел пайда болды. Қай жақтан есіп тұрғаны белгісіз. Қай жаққа қарасаң, сол жақтан ұрады бетке. – Гәзір онша егмес, – деді Порықбектің мұрны пысылдап. – Гішгенеден гейін гатты согады. Көл шынында да қол созымда екен. Қыр астында оймақтай болып жатыр. Көкпенбек. Өте ашық та, өте қою да емес, сол екеуінің арасындағы бір ғажап рең. Түбі түгел көрінеді. Өң бір еш жерлерін топырақ тұтпаған, мүк баспаған жалаңаш қайрақ тас сайрап жатыр. Маңайында ұшқан құс, қыбырлаған құртқұмырсқа сияқты тіршілік белгісі білінбейді. – Бұл суда балық, бақа дегендер бар ма? – деп сұрады Естияр балалардан. – Жог, – деді Порықбек. – Өгіп галады. – Өліп қалғаны қалай?
– Ягов Галгутыдагы сугдан багыгтар ұстап әгеліп ішіне гоя беріп еді, сгазу өгіп галды. – Ал сендер бұған шомылдыңдар ма? – Бұгын ылги. Газір папам жігбермейді. – Папаңның өзі ше? – Бұгын о да шогылатын. Согдан гейін шашы түгісіп галды. – Анада арақ ішкенде шомылды ғой, – деді Кәртешбек сөзге қосылып. – Агаг ішгенде бәгі шогылады. Мас адамга багыбір. Агуырмайды. Естияр демін зорға алды. Ұрғашы бұзау көрсе қуалай жөнеліп, бір артылмаса жаны тынбайтын үлкен бала анау, әр сөзінің ішіне “г” әрпі түсіп кеткен ортаншы бала мынау, бар тілінен бір күнде айырылып, мәңгі мақауға айналған қыз… көгілдір әлеміне көз тұнатын, бірақ тіршілігі тұл көл… Бұл не нәрсе? Неге бұлай? – Гөгө, – деді Порықбек мұның ойын бұзып. – Сіз өгіметсіз бе? – Емеспін. – Неге? Естияр қапелімде жауап бере алмай қалды. Бергенде не дейді, нені түсіндіреді. Сосын сұрақты баланың өзіне бұрған. – Өскенде өздерің кім боласыңдар? – Гәртешбег бұга болады, – деді Порықбек. – Кетші-әй, – деді анау ыржиып. Естиярдың көзі шалбарларын шешуге ыңғайланып жатқан балаларға түсіп кетті. – Әй, не істегелі жатырсыңдар? – Бір сүңгиікші, – деді Кәртешбек. – Гүн гүйді гой, – деп Порықбек аспанға сығырайды. – Қойыңдар. Түспеңдер бұл суға ендігәрі. Қане, қайталық, – деп Естияр орнынан тұрды. – Бігаг сүгиікші, гөгө, – деп Порықбек ыржиып тұр. Бұлар келгенде Мылтықбай сойылған семіз тұсақтың етін жайғап, Яков арқар тоқтысының сан ет, сүбелеріне құйрық май қосып кәуапқа дайындап, Балбала жүні жұлынған үндіктің сыртын жалынға ыстап, ала шапқын болып жатыр екен. Еш қаперсіз. Барға бәріне разы кейіп. Не істеп жатыр, содан өзге еш нәрсе керек жоқ. Ертең қайтеді, бүрсігүні не болады, шаруалары жоқ. – Көке, келіңіз, үйге, төргі бөлмеге көрпе төсеп, жастық тастап қойды, мызғып аласыз ба біраз, – деді Мылтықбай. – Әлде, шай әзірлетейін бе?
Естияр аяқ созғанды дұрыс көрді. Үй іші тап-таза, сап-салқын. Ақ сейсеп, құс жастықтан тазалықтың жеп-жеңіл жұпар лебі білінді. Бірақ жаны жаман құлазып, ой-санасы безбен күндердей береке таппай бебеулеп жатты. Оған көп ұзамай дүниенің беті қай жағыңнан соғып тұратыны белгісіз аңызақ жел мен айналасында қылпып алары жоқ көлге айналып кететін сияқтанады. Мұны бірақ бағамдап жатқан кім бар? Неге жұмыр басты пенде бейғам? Айналасына жаппай ақылмен, абай қарайтын кездері бола ма? Сандаған сұрақтардан сансырап көзі ілініп кеткен Естияр түс көрді. Айнала қалың тұман. Айналасы тұлдыр оймақтай көгілдір көл көпіршіп, көкке қарай көтеріле-көтеріле бері қарай лап қояды. Жолындағының барлығы қурап-семіп, солып, қурап жатыр… Солардың арасында Кәртешбек ұрғашы қызыл бұзауды қуалап, Порықбек "бұга, бұга" деп айғайлап, Пестенкүлдің қолы жан-жағына ербеңдеп, ала өкпе. Қай жақтан екені белгісіз бір сұмдық аңызақ жел де аңырап қоя берді. Аңырап… Арыда топырақ па, құм ба, күл ме, бір қалың, қара тозаң келеді жайлап. Әне-міне… Әне-міне…
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру