Атыраудың ақиықтары
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Әбіл-Хан Сейтім — «Атыраудың ақиықтары» (Көркем әңгіме). Мұнайлы астана чемпиондары
Мұнайлы астана чемпиондары
Рухы биік палуан-полицей
Ол 1966 жылы Қызылқоға ауданы, Миялы селосында туған. Дзюдодан ҚР халықаралық дәрежедегі спорт шебері, КСРО спорт шебері. Сондай-ақ қазақша күрестен спорт шебері атанған.
Спорттағы басты жетістігі: 2000 жылы Америкада өткен әлем елдерінің құқық қорғау қызметкерлерінің арасындағы әлем біріншілігінің чемпионы.
Олимпиадалық мәртебеге ие өрт сөндірушілер мен құқық қорғау қызметкерлерінің Бүкіләлемдік ойынының күміс жүлдегері.
Алматы денешынықтыру институтының (күрес бөлімі), ҚазҰМУ-нің заң факультетін бітірген.
Қызметі: Алғашқы еңбек жолын Қызылқоға ауданындағы спорт мектебінде жаттықтырушылықтан бастаған. Спорт саласында, кәсіпкерлік құрылымдарда қызмет еткен. 1998 жылдан бастап құқық қорғау жүйесінде. Алматы қаласының ІІБ-да, үстіміздегі жылдың сәуірінен Атырау облыстық ІІБ-да жауапты қызметтерде болды.
Қазір облыстық ішкі істер басқарманың жанынан жаңадан құрылған «Арлан» арнайы мақсаттағы бөлімшесінің командирі болып тағайындалды. Филология ғылымдарының кандидаты. Отбасылы.
-Аян, Сіздің өмір жолыңыз өзгелерге ұқсамайды. Спортшы, кәсіпкер, полицей, ғалым, оған қоса тіл маманысыз. Сан түрлі мамандықты бір арнаға тоғыстыру мүмкін бе?
-Адам баласы дүниеге келгенінде маңдайына тағдыры жазылады дейді ғой, рас шығар. Менің де өмірде өзімдік соқпағым бар. Топтан озған спортшы болуды мақсат тұттым. Ауыз толтырып айтар жетістігім бар. Кәсіпкерлік салада да қол жеткізгенім қомақты. Дегенмен мұның бәрі бала кезден қиялдаған басты арманымның серігі секілді. Әуел бастаңғы мақсатым- тәртіп сақшысы, анықтап айтсам, із кесуші болатын. Игіліктің ерте-кеші жоқ демей ме, ойлағаным орындалды.
-Тәртіп сақшысы болуға неліктен сонша құмарттыңыз?
-Санамда тәртіп сақшысы- әділеттіктің символы ретінде қалыптасқан. Бала көңілі кіршіксіз, шынайы ғой, өмірдегі барлық келеңсіздікке тек осы мамандық иесі ғана тосқауыл болатындай көрінетін. Міне, көңілге қонақтаған осындай ұғым менің арманымды ұлғайта түсті. Кейін ол үлкен мақсатқа ұласты.
-Біз Сізді алдымен жауырыны жерге тимеген палуан ретінде танимыз. Сондықтан да спорттық жолыңызды сөз етсеңіз.
-Спорт. Менің шын мәнінде де сенімді сергіме, ал бапкерлерім өмірдегі ұстазыма айналды. Әрине, өмір болған соң ол тақтайдай теп-тегіс болмайды. Сондай шақта мен жаттықтырушыларым Мәлік Сүлейменов, Асқар Асубаевтардың кезінде айтқан ақыл-кеңесін есіме аламын. Санамды сабырлыққа шақырамын. Соның нәтижесі болар, қандай тұйықтан да жол таба білемін. Ал, спорт адамды қиындықтан жол табуға үйретеді.
-Ауылда жүргенімде қазақша қүрес, Алматыға оқуға түскенімде дзюдомен айналыстым. Бұл менің алдымнан зор мүмкіндік ашқаны анық. Дүбірлі додаларға қатынасып, талай мықтылармен белдесудің мүмкіндігі туды. Денешынықтыру институтының екінші курсында оқып жүргенімде қазақша күрестен спорт шебері, кейін Қазақстан біріншілігінің күміс жүлдесін иемденіп, КСРО спорт шебері атандым. Әрине, мұның бәрін мен мақтан үшін айтып отырған жоқпын. Тоқталғым келгені, қай елде кілемге шықпайын, қазақ деген ұлттың намысқойлығын, жеңіске деген жігерлігін өзімше дәлелдегім келді. Дәлелдедім деп ойлаймын. Әйтсе де ақиқатын айтсам, еш жерде спорттағы жетістігімді айтып, кеуде кергенім жоқ.
-Осынау дүбірлі додада алтыннан алқа таққаныңызды алғашқыда орталық ақпарат құралдары арқылы естідік.
-Полицейлердің бүкіләлемдік ойыны 2000 жылдың тамыз айында Американың Кокао-бич (Флорида штаты) қаласында ұйымдастырылды. Оған дүниежүзінің 12 еліне, АҚШ-тың 50 штатынан полиция қызметкерлері қатынасқан-ды. Сайдың тасындай іріктелген мықтылар арасында бәсекеге түсу оңай болмады. Тіпті соңғы сында үлкен жарақат алып, дәрігерлер белдесуіме қарсы болды. Әйткенмен ісім оңғарылып, жеңіске қол жеткіздім. Шындығын айтсам, мен алтын медалімнен гөрі, қазақтың туы көкте желбірегеніне қуандым. Сонау шалғайдағы қазақтың қара баласының Америка төрінде тұрғанына шаттандым. Жасыратыны жоқ, аталған алып мемлекет тұрғындарының көпшілігі Қазақстан халқын әлі толық біле бермейді. Жер шарының қай бөлігінде орналасқанынан да хабарсыз. Амал жоқ, қос алпауыт Ресей мен Қытайдың аралығы деп түсіндіруге тура келді.
Бұл жарыстан соң тағы да АҚ-та өткен олимпиадалық мәртебеге ие өрт сөндірушілер мен құқық қорғау қызметкерлерінің халықаралық олимпиадасына қатынасуға мүмкіндік алып, күміс медальді кеудеге тақтым.
-Өмірбаяныңызға үңілсек, бірнеше жыл кәсіпкерлікпен шұғылданыпсыз. Қол жеткізгеніңіз де аз болмаған секілді. Ендеше, жалақысы аз, әлеуметтік қамқорлыққа зәру полицейлік қызметке неге ауыстыңыз?
-Мен үшін өмірдегі басты мақсат болған емес. Ол қолдағы мұз секілді, бүгін бар, ертең жоқ. Ал адамның ғұмырындағы берік ұстаным ешқашан өзгермейді. Сондықтан да полицейлік қызметке шақырылғанымда оның материалдық қамтылуын ойлап жатпадым. Бір жағынан мен бұл шақта аяғымнан тұрып, күйбең тіршілікке алаңдамайтын кезеңге жеткенмін-тұғын. Ал алаңы бар адамның жұмысында берекет болмайды.
Осы орайда айта кетейін, мен жастайымнан қанағатшылыққа үйренгенмін. Әкем өмірден ерте озған. Оның орнын анам Бақтылы еш жоқтатқан емес. Бар жиғанын аузыма тосты, тәрбиесін бойыма сіңірді. Ол кісі ҚР оқу ісінің үздігі.
-Сіз филология ғылымының кандидатысыз...
-Бұл енді таза намыстан ана тіліне алаңдаушылықтан туған жағдай. Алматыда қызмет ете жүріп байқағаным, қала тіптен орыстанып кеткен. Басқармадағы барлық іс-қағаз тек қана орыс тілінде жүргізіледі, барлығы да сол тілмен шүйіркелеседі. Сонда біздің қазақтығымыз қайда? Мемлекеттік тіл туралы заң қайда қалады. Міне, осы жайлар мені қатты алаңдатып, қағаздарымды қазақ тілінде жазуға ұмтылдым. Соған байланысты біраз қиындық шеккенім де есте. Дегенмен жігерімді ұштап, ана тілімізді тереңдей зерттей түстім. Ол менің «ҚР Қылмыстық кодексінің тілі» тақырыбында ғылыми жұмыс жазуыма негіз болды. Сөйтіп 2002 жылдың 8 мамырында ҚР Білім Министрлігінің Жоғары аттестациялық комиссияның шешімімен маған филология ғылымдарының кандидаты атағы берілді.
Қорыта айтқанда, мен үшін «Малым-жанымның, жаным-арымның садағасы» деген мақал өмірлік ұстанымға айналған. Өйткені қазақ намысты бәрінен де биік қойған. Ал мен намыссыз адамнан қорқамын. Себебі, жамандықтың бәрі намыссыз, құр кеуде жандардан шығады.
Сегіз қырлы спортшы
Осы бір сақаның асығындай жігітті спорт әлеміндегі жандардың біразы таниды. Мичри Владимир Борисович 1962 жылы Атырау қаласында дүниеге келіп, спортпен 12 жасынан бастап айналысады. Алғашқы кезде еркін күрес секциясына барып, жаттықтырушы Ли Олег Семеновичтің тәлімін алды. Еркін күрестің өзі ерік-жігерді қуатты, шымырлықты талап етеді. Осыны берік жадына ұялатқан Владимир күшін толықтыруды мақсат етіп жаттығуға көп күш салды. Жүгірді, гир көтерді, толассыз жаттығулар жасады. Соның арқасында қалалық және облыстық жарыстарда топ жарып, республикалық және одақтық бәсекелерге жолдама алды.15 жасында еркін күрестен спорт шеберлігіне кандидат болып, бірнеше турнирлерде күміс, қола жүлделерге ие болды.
КСРО Қарулы күштері қатарына әскери борышын өтеуге алынғанда жеңіл атлетикаға ден қойып, марафондық қашықтарға жүгірумен айналысты. Тіпті 60,85 және 100 шақырымдық марафондық қашықтарды бағындыруға қатысты.
Бұдан кейін жоғарғы оқу орнына түскенде де спорттың алуан түрімен айналысуды қолға алды. Еркін күрес, самбо, жеңіл атлетика, ауыр атлетика және гир спорты секцияларына уақыт тауып, үзбей қатынасты. Талмай жасаған жаттығулар өз жемісін бере бастады. Спорттың осы түрлерінен түрлі жарыстар мен турнирлерге қатысып, еркін және классикалық, самбо күрестерінен, жеңіл атлетика, ауыр атлетиканың қос сайысынан, гир спортынан жүлделерге ие болды.1987 жылы гир спортынан спорт шеберлігін орындады.
Осыдан кейін ол негізінен атлетикалық гимнастика және гир спортына бет бұрды.1990 жылдан бастап түбегейлі гир спортын таңдады.Бұл оның спорттағы жаңа биіктерді бағындыруына кең жол ашты.1990-1998 жылдар аралығында республикалық жарыстар мен чемпионаттарда, халықаралық бәсекелерде бағын сынады.Екі дүркін гир көтеруден Қазақстан чемпионы болса, гир спортынан екі дүркін «Динамо» қоғамының чемпионы атанды.Қазақстан Республикасының құрама командасы құрамында үш рет гир спортынан әлем чемпионатына қатысты.Бұл оның шеберлігін шыңдай түсуге, мол тәжірибе жинауға көп көмегін тигізді. 2002 жылғы сәуірде Қазақстан теміржолшылар арасындағы ашық чемпионатта жеңімпаз атанса, шілде айында Атырау тарихында тұңғыш рет Қазақстан Республикасы Президенті жүлдесі үшін өткен ұлттық спорт ойындарының чемпионы болды.Осы жылғы қыркүйекте Қазақстан Республикасы чемпионаты мен Филикиди жүлдесі өткен халықаралық турнирде қола жүлдені еншіледі.
Сол жылғы қазанда І Қазақстан салалық кәсіподақтары спартакиадасының, желтоқсанда Отельченко жүлдесі үшін өткен халықаралық турнирдің алтынын қанжығасына бөктерсе, жыл аяғында әлем чемпионы атағын жеңіп алды.
Қазір сегіз қырлы спортшы «Динамо» спорт қоғамында гир спортынан жаттықтырушы болып еңбек етеді.Оның бүгінгі жетістіктері жеңістердің баспалдағы деп есептейміз.
Ильфат бағындырған биіктер
Айдынды Жайық өзені бойында тұрсақ та су спорты Атырауда кенжелеу қалып келеді. Оны жасыруға болмайды. Тек ауыз толтырып айтарымыз Каноэ байдарка спортынан ел намысын қорғап жүрген бес-алты спортшылардың есімі. Міне, осылардың қатарында Гатиятуллин Ильфат Ильсуровичті бөле жара айтуға болады.
Ол 1977 жылы туған, байдарка есумен 11 жасынан бері айналысады. Бұған ерке Жайық бойында өскені де басты себеп болып, су бетіндегі дайындықтар оны шыңдай түсті. Бірте –бірте мол тәжірибе жинақтап, намысты қолдан бермеуге тырысты. Облыстық, республикалық байқауларда жеңістерге жетіп, халықаралық, әлемдік додаларда ел намысын қорғай білді.
Алғашқы топ жарғаны Волжский қаласында өткен Ресей чемпионатында, осы бәсекеде күміс медальды олжалады. 1990-1995 жылдар аралығында бірнеше дүркін Қазақстанның чемпионы және жүлдегері атанды.1995 жылы Қазақстан ұлттық құрама командасына қабылданды.
Жеңісті жолдар одан әрі жалғаса түсіп, әлемдік додаларда бақ сынады. 1996 жылы Жапониядағы Азия чемпионаты мен Даниядағы әлем кубогында күмістен алқа тақты. Осы жылы Атланта да өткен Олимпиялық ойындарға қатысып, 12 –ші орыннан көрінді.
1997 жылы да жеңісті биіктерді бағындыруға ұмтылды. Әлем кубогының Бельгия, Австриядағы кезеңдерінде қола еншілесе, Кореядағы Азия чемпионатында екі алтын, бір күмісті қоржынға салды. Келер жылы Тайландтағы ХІІІ Азия ойындарында күміс медельды иеленді. 2002 жылы Тегерандағы Азия чемпионатында (Иран) бір алтын, 1 күміс, 1 қола жүлделерді қанжығаға бөктерді. Бұл бір медаль жауған шақ болды. Мұның бәрі оңайлықпен келмегені де белгілі. Оның астарында моншақтай төгілген тер мен Жайықтың ағысымен жарысқан жүйрік уақыттыр жатқаны ақиқат. Әзірге Ильфат бағындырған асулар осы. Бірақ оның алдындағы мақсат биік ол олимпиада ел намысын қорғауды, еліміздің көк байрағын биікке желбіретуді мақсат тұтады. Бізде соған тілекшіміз. Ақ жол, Ильфат!
Марафоншы Асқар
Нарын – киелі арын құмы. Кішкентайынан табанын құмға қыздырып, сайын далада желмен жарысып өскен Асқар Қазиев бала күнінен шымыр болды. 1961 жылы облыстағы іргелі аудандардың бірі – Исатай ауданының Тұщықұдық ауылында дүниеге келді. Отбасында 10 баланың бірі болып тәрбиеленген ол көпшіл, ақжарқын болып өсті.
Спортпен мектеп қабырғасында жүргенде-ақ айналысты. Алғашқы жаттықтырушысы дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі Қалидолла Шаумұрынов болды. Ол Асқардың бойынан спортқа деген ынтазарлықты байқап, жеңіл атлетикамен айналасуға баулыды. Көп сайыстан талай мәрте мектеп намысын қорғап, аудандық, облыстық байқаулардың жүлдегері атанды.
Кейін қаладағы №4 Гагарин атындағы орта мектепке ауысқанда да спортты тастамады. Облыстық жасөспірімдер спорт мектебіне барып, жаттықтырушы В.А.Пактың жетекшілігімен бокс үйірмесінде жаттыға бастады. Мұнда да абыройсыз болған жоқ. Сол кездегі ұшқыш-космонавт Ю.Поповтың жүлдесі үшін дәстүрлі өтіп тұрған халықаралық турнирге бірнеше мәрте қатысып, облыс намысын да қорғады.
Бокспен айналыса жүріп, жеңіл атлетикадан да қол үзбеді. Спортты жан серігі еткен Асқар мектептер мен Гурьев ауыл шаруашылығы техникумында қызмет істеп, жастарды спортқа баулыды.
Еңбек ете жүріп, білімін де көтеруді ұмытпады. Гурьев педагогикалық институтының тарих-филология және дене тәрбиесі факультетін сырттай бітіріп, қос мамандық иегері атанды.
Қай жерде жұмыс істесе де ол спорттан қол үзбеді. 1990 жылы Атырау мұнай-газ институтының дене тәрбиесі кафедрасына меңгерушілікке шақырылды. Міне, 13 жылдай осы оқу орнында жемісті еңбек етеді, институттың доцент атағын алды.
1985 жылы Атырау қаласында «Жас өркен» әуесқой жүгірушілер клубы ашылғанда оның алғашқы мүшелерінің бірі болды. Оның жаттықтырушысы әрі ұйымдастырушысы облысқа танымал спортшы, спорт шебері Жеңіс Айтбаев еді. Осында шеберлігін шыңдаған Асқар Қазиев содан бері түрлі марафондарға қатысып келеді.
1986 жылы Мәскеудегі Бүкіләлемдік әуесқой жүгірушілердің 42 шақырым 195 метрлік марафонына бірнеше рет қатысса, биыл оның ХХІІІ марафонына қатысып оралды. Уақыт жылдам деген рас-ау . Содан бері Асқар Мәскеу марафонына 13 рет, Санкт-Петербургтағы «Өмір жолы» қысқы марафонына 4 рет, Қырымдағы Симферополь, Алматыдағы, Ақтөбедегі, Атыраудағы марафондарға үзбей қатысып келеді.
Әлі есінде 2001 жылғы 14 қазанда «Познань» марафонына Қазақстаннан жалғыз өзі қатысып қайтты. Бұған 10 мемлекеттен 3286 спортшы келген еді. Сонда марафондық қашықтыққа алғашқы жүгіріп өткен 10 спортшы қатарына ілігіп, қазақ халқының, оның – жас тәуелсіз мемлекетінің көк байрағын биікке көтеріп өткен еді.
Асқар тек өзі жүгіріп қана қоймай өзгені де қатарына тартады. Бұл оған мол абырой беруде. Марафоншы Асқар Қазиев осындай жан.
Палуан Бақытжан
Атырау облысының спортын дамытуға елеулі үлес қосып жүрген жанның бірі – Бақытжан Рахбиев. Ол жәй жанкүйер емес, атағы шыққан, дәлірек айтқанда, КСРО спорт шебері.
Иә, Бәкен спортпен, соның ішінде еркін және қазақша күреспен көп шұғылданып, абырой биігінен көрінді. «Қайрат» ерікті спорт қоғамы бойынша 1970-тен 1978 жылға дейін облыс республика чемпионы атағын иемденген адам. Тек қоғамның ғана беделін қорғап қана қойған жоқ, Қазақстан Республикасы бойынша өткен ХХІ спартакиадасында қазақша күрестен Республика чемпионы, атағын жеңіп алса, еркін күрестен жүлдегер болды.
Бақытжан Рахбиев 1964 жылы Атырау қаласындағы пединституттың тарих факультетіне оқуға түсіп, оны 1968 жылы ойдағыдай бітіріп шығады. Ол мұнымен де шектеліп қойған жоқ 1986-1991 жылдары осы институттың дене тәрбиесі факультетінде бітірген маман.
Жоғарыда айтқандай, спортпен белсене айналысқан адам болғасын да Бәкең бұл бағыттағы шаралардың нақтылы өткізілуіне үнемі көмектесе жүріп, шәкірттерін тәрбиелеуге де сүбелі үлес қосты. 1969-1979 жылдар да, яғни он жыл бойы «Қайрат» және «Еңбек резерві» ерікті спорт қоғамдарында жаттықтырушы болып жастардың шеберлігін шындауға атсалысты.
Күрес десе ішкен асын жерге қоятын Б.Рахбиев біраз уақыт «Еңбек резерві» ерікті спорт қоғамы төрағасының орынбасары және төрағасы қызметінде атқарып, сан түрлі спорт сайысының мәнді де қызықты өткізілуіне мұрындық болғанын да айта кеткен жөн. Ал өзі 1985- 1989 жылдары облыс спорт комитетінің төрағасы қызметін атқарған кезінде де сол дәстүрді кең дамытып, қабілетті жастарымыздың Республикалық, Одақтық жарыстарға көбірек қатысуына тікелей ықпал етті.
Танымал спортшы
1949 жылы туған бұл жігіттің спорттық жолы да қызықты, әрі қилы-қилы. Жоғары білімді ол алғашқы еңбек жолын 1978 жылы Балықшыдағы балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің директорлығынан бастады. Спорттың әртүріне де әуестігі, елгезектігі, қандай ма қиындықты жеңуге деген қайсарлығы Русланның мерейін үстеді. Сөйтіп жас жігіттің мәртебесі биіктеп, жалауы желбірей түсті.
Ол облыста алғашқылардың бірі болып жас шахматшылар мен халықтық спорт ойыны- тоғызқұмалақшылар бөлімін ашты. Сонан бері оның шәкірттері Қазақстан Республикасы көлемінде жүлделі орындарды иемденіп келеді. Ол халықаралық дәрежедегі спорт шеберінің ұстазы, 1985 жылы Балықшы аудандық, ал 1987 жылы Атырау қалалық спорт комитетінің төрағасы, 1993 жылдан облыстық жастар ісі, саяхат және спорт басқармасы бастығының орынбасары, 1998-2001 жылдары облыстық білім басқармасында бас маман болды. 2001 жылдан бастап Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде дене тәрбиесі мен физкультура кафедрасының меңгерушісі болып істейді.
Руслан Ізтелеуов спортқа мектепте оқып жүргеннен-ақ машықтана бастады. Республикалық деңгейдегі «Б» тобына қатысқан футбол командасында ойнаған. 1974 жылы ГТО көп сайысы жарыстарынан облыс чемпионы болса, осы спорт түрінен республикалық чемпионаттарда да жүлдегер жігіт. Облыстық «Қайрат» ерікті спорт қоғамы өткізген бірнеше біріншіліктің чемпионы. Республикалық ауыл-село спортшыларының барлық спартакиадаларына қатысушы. 1995-1998 жылдары Атырау облыстық футбол федерациясының төрағасы болды.
Терлеген сайын төрге озған ол 1985 жылдан облыстық футбол ардагерлері командасына мүше болды. Сөйтіп жүріп КСРО чемпионаты мен КСРО кубогі жолындағы футбол жарыстарына қатысты. Облыс спорты саласында еңбек ете жүріп, Руслан Боранғалиұлы қала мен облыс көлеміндегі көптеген ірі жарыстарды өз деңгейінде өткізуге үлесін қосты. Олардың арасында «Теңіз достарды қарсы алады», «Гурьев қаласының іргесі көтерілгеніне- 350 жыл», «Құрманғазы Сағырбаевтың туғанына 175 жыл» деген айтулы мерекелердегі кешенді спорт шаралары бар. Сондай-ақ Атырауда өткен кәсіпқой былғары қолғапшылардың халықаралық турнирі, 1997 жылғы Олимпиадалық ойындардың 100 жылдығына орай Қазақстан Республикасы Президентінің жүлдесі жолындағы ұлттық ойындардан өткізілген облыстық спартакиаданың бұқараралық сипат алуында оның да қолтаңбасы қалды. Сонымен қатар Атырау волейбол командасының қалыптасуымен, республикалық чемпионаттарда жүлделі орындарды иеленуінде де өзіндік үлесін қосты. Әрі облыстағы кіші аяқдоп спортының дамуына жігерлі күш салды.
Руслан «Жас өркен» әуесқой жүгірушілер клубының мүшесі. 1991 жылдан бері ол 3-10 шақырымдық қашыққа жүгіріп, жүлделі орындарды иеленді. Руслан Ізтелеуов атыраулық спорт сүйер жұртшылыққа осынысымен де қымбат.
Спортшы-ғалым-ұстаз
Спорттан жолы болып, атағы шыққан адамның бірі- Нұрлыбек Ғилажұлы Дауымов. Қырықтан асып келе жатқан Нұрлыбек өмір бойы спортпен айналысып келеді деуге әбден лайық. Сонау Құрманғазы ауданындағы Қиғаш өзенінің жағасында туған ол жасынан суға жүзуді үйренді. Мектеп партасында жүрген шағында әр түрлі жаттығу, әсіресе бокспен айналысатын үйірмеге белсене қатынасты.
Мектепті ойдағыдай аяқтаған ол, Орал қаласындағы педагогикалық институтқа мүдірмей оқуға түсті. Мұнда да оның бос уақыты бокспен айналысуға арналды. Сондай үзбей шұғылдануының нәтижесі болса керек студент шағында КСРО спорт шеберлігіне кандидат деген атақты иеленді.
Жас жігіттің бұл жетістігі көпшілік назарынан тыс қалған жоқ. Тіпті әскери комиссариат армия қатарына қызметке шақырғанда, оны әдейі спорт батальонына жібереді. Бұл Нұрлыбек Ғилажұлына жаман болған жоқ. Тәжірибе үстіне тәжірибе қосып, шыңдала түсті. Сөйтіп 1980 жылы чемпионатқа қатынасып, 75 килограмдық салмақта орта Азия әскери округі бойынша қарулы күштерінің бокстан чемпионы атанды. КСРО спорт шебері атағын алады.
Армия қатарынан да осындай абыройлы оралған ол Атырау қаласына келіп, облыстық спорт мектебінің жаттықтырушысы, кейін көп кешікпей осы мектептің директоры болып, біраз жыл жұмыс істейді. Осы жылдар ішінде ол жүгіруді сүйетіндер клубына кіріп, сонымен айналыса бастады. 1985 жылы Атырау қаласында тұңғыш ұйымдастырылған облыстық марафонға қатынасқан 8 адамның бірі болып, 42 километр 195 метрге жүгіруге шықты. Жасыратын несі бар, ол бұдан да жақсы нәтиже көрсетті. Соған сай осы жылдың тамыз айында Москвада өткен халықаралық марафонға қатысып, жүлделі орынды иемденіп оралды. 42 шақырым 195 метрді 3 сағат 47 минутта жүгіріп өтті. Еңбегі зая кеткен жоқ, лайықты бағаланды.
Міне, Н.Даумов содан бері КСРО – ның әр қаласында болған бірнеше марафонға қатынасты. Онда жүгіруде табыспен келіп жүр. Сонымен бірге ол – ұстаз. Жас ұрпақ өкілдеріне білім беруде де ізденіс пен соны құлшыныс танытуда. Осындай қабілетінен болса керек Нұрлыбек Ғилажұлы облыс орталығында тұңғыш ашылған гимназияның директорлығына тағайындалды. Қазірде сол жұмысын абыройлы атқарып келеді. 2003 жылы педагогика ғылымдарының кандидаты атанды.
Жылдар бойы жинаған тәжірибесін бүгінгі оқушы шәкірттеріне жеткізу жолында жалықпай еңбек етуде. «Сегіз қырлы бір сырлы» деп танылған ұстаз гимназияның кәдімгі ұлттық гимназия атануы үшін зор ұйымдастырушылық жұмыс жүргізуде. Қабілетті адамның бұл бағытта да көзге түсері сөзсіз.
Спорт шыңдаған өрен
Оқиға желісі мен шешім
Спорт - адамның жан серігі. Оған жастай ден қойған Кенжеғали Еркін Абатұлы спортпен ерте айналысты. Бұл оның шымыр да, жігерлі боп өсуіне игі әсерін тигізді.
Еркін Абатұлы 1976 жылы Маңғыстау облысының Құрық поселкесінде дүниеге келді. Әке-шешесі зиялы текті адамдар. Олар да баласының тәрбиесіне ерекше мән беріп, үнемі қамқор бола білді.
Осындай отбасы әсері шығар ол спорттың ең ауыр түрі- каратэмен айналысты. Елімізде кенже қалған спорт түрі болғанмен бұқараның бұған деген ықыласы өте зор болатын. Соның арқасында барлық өңірде каратэ кең өріс жайды.
Жасындай жарқылдаған Еркінде бұған аса ден қойып, өзінің білімін көтерумен қатар спортта да тың биіктерге бет алды. Атырау қаласындағы арнайы мектепте жаттыққан ол облыстық бәсекелерде бірнеше дүркін жеңімпаз атанып, облыс намысын республикалық, халықаралық жарыстарды абыроймен қорғай білді.
1996-1997 жылдары екі дүркін «Кекусинкай» каратэ күресінен Қазақстан Республикасының чемпионы атанды. Қазақстан құрама командасына мүшелікке қабылданды. Команда құрамында «Кекусинкай» каратэ Халықаралық федерациясының әлем чемпионатына қатысты. Әлемнің әр түпкірінен келген шеберлермен күш сынасу оңайға түскен жоқ. Бірақ Еркін өзінің оңай шағылар жаңғақ емесін танытты. Тартысты өткен бәсекелерде үлкен шеберлік танытып, әлемдік дода да қоладан алқа тақты. Ол сары белбеу иегері.
Қазір Еркін Абатұлы ішкі істер органында қызмет етеді. Спорт та шыңдалған өреннің алар асулары әлі алда екеніне сенеміз.
Марал палуан ізі
Марал Бисекешұлы Көшенов облыстағы танымал палуан әрі жаттықтырушы. Ол 1963 жылдың 3 шілдесінде Атырау қаласында дүниеге келген. Әке-шешесі қарапайым еңбек адамдары, текті жандар еді. Отбасына қонақтар жиі келіп, үйі адамдардан босамайтын. Мұның бәрі оның көпшіл де қарапайым болып өсуіне кең жол ашты.
Оның спортқа келуі де қызық. Жасы 25-ке келгенде тұңғыш рет спорт зылының есігін ашып, боз кілемге шықты. Оған себеп, өзінен бір жас үлкен нағашысы Бекзат Әбдуалиев болды. Ол танымал жаттықтырушы Мәлік Сүлейменовтың шәкірті. Бірнеше әлем чемпиондарын дайындаған бапкер Марат Әбдуәлиевтің туған інісі болатын. Күрес десе ішкен асын жерге қоятын арқалы палуан еді. Соның бастауымен күреске келген Марал кеш болса да күрес әліппесін бірден игеріп кетті.
Күнде жаттығудан қалмай шеберлігін шыңдауға, бапкерінің айтқанын қалт жібермей орындауға тырысатын. Самбо мен дзю-доны өте жақсы көрді.
Алғашқы сынақ Орал қаласында өткен 1989 жылғы Садық Жақсығұловтың жүлдесі үшін бәсеке болды. Мұнда боз кілемге алғаш шыққан мен өз қарсыластарына оңай шағылатын жаңғақ еместігін дәлелдеп бақты. Қарсыластарының әр тәсіліне қайраты мен шеберлігін қарсы қоя білді. Үш палуанды ұтып, жартылай финалда ұтылып, қола жүлдегер атанды. Бұл күреске жаңа келген палуанға аз жетістік емес еді.
Осыдан кейін жарыстардан қалмай бағын сынай берді. Тек 1991 жылы үш бірдей үлкен додаға түсті. Павлодардағы Кеңес Одағының батыры М.Қайырбаев атындағы Бүкілодақтық турнир мен Шымкентте өткен ұлттық спорт түрлерінің спартакиадасында жүлдегер болып, 3-ші орынды иеленсе, Ашхабатта өткен Бүкілодақтық турнирде алтыннан алқа тағып, чемпион болды. Бұл кез оның нағыз бабына келген шағы еді. Келер жылы Алматы қаласындағы батыр бабамыз Сырым Датұлына арналған республикалық чемпионатта абсолюттік чемпион атанды. Ол қарсыластарын адуын қимылмен емес, әдемі, жүйелі тәсілдермен жеңуге тырысады. Оның кілемдегі қимылына зер салсаңыз самбо күресінің әдемі әдістеріне елтисіз. Кілемдегі 5 минут – тұтас бір ғұмыр. Соны жете түсінген Марал күресте тек жеңістерге ұмытылып отырады.
1993 жылы Волгоградтағы ардагерлер арасындағы Әлем кубогы жолындағы сында күмістен алқа тақса, Ақмоладағы Азия біріншілігінде қола жүлдегер атанды. Бақ пен бап осылайша Маралға тек жеңістер сыйлай білді. 1994 жылы Орал қаласында С.Майданов атындағы республикалық додада алтын тұғырға көтерілсе, 1998 жылы Мальтадағы шеберлер арасындағы әлем чемпионатында күміс алқа олжалады. 2002 жылы Алматыда өткен Қазақстан кәсіподақтарының 1 спартакиадасында қола жүлдегер атанды.
Ол үлкен бәсекелерде осындай жеңістерге жете тұрса да шеберлігін шыңдауға әсте жалыққан емес. Облыстағы дзю-до, самбо, қазақша күрес жарыстарына үзбей қатысып, бірнеше дүркін облыс чемпиондығын еншіледі. Сонымен қатар ҚР Ішкі істер министрлігінің чемпионатында да бақ сынап, бірнеше рет жүлделі орындарды иеленді. Ол жеткен биігіне тасыған, жеңілгеніне жасыған жан емес. Марал Көшенов самбодан КСРО спорт шебері (1981 жыл), Ресейдің құрметті спорт шебері (1993 жыл).
Қазір жаттықтырушылықпен айналысып, шәкірттер баулуда. Мұндағы еңбегі де жеміссіз емес. Бір шәкірті – Аманбай Қыздарбаев дзю-до және самбо күресінен Қазақстан Республикасының бірнеше дүркін чемпионы, тағы ізбасары – Алтынбек Жиенбаев Азия чемпионы, Әлем кубогының қола жүлдегері, Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Ол: «Мен мұнайлы астананың спорт тарихына өз ізімді қалдырдым, өзімді мойындаттым», - дейді. Күрес кілеміне есейіп келген палуанның тағдыры әлі күнге спортпен егіз. Ол спортта да, отбасында да бақытты жан.
Жеңіске құштар жан
Қызылқоғаның қасиетті топырағы талай тарландарға қазақы рух пен намысты сіңірген ордалы мекен. Бауыржан Тахауов Тайсойған мен Бүйрек құмдарының тоғысында орналасқан Тасшағыл селосында 1968 жылы дүниеге келді. Оның қайсарлығы, еңбекқорлығы, намысшылдығы спортшыға аса қажет қасиеттер болатын. Ол спортпен 10 жасынан айналасып, шымыр болып өсті. Ауыл балаларының айналысқан барлық спорт түрлерінен қалыс қалмай, әсіресе жеңіл атлетика мен волейболға ерекше ден қойды. Аудандық, облыстық жарыстарға қатысып жүлделі орындардан көрініп жүрді.
Бірақ қырсық деген аяқ астынан емес пе?.. 1990 жылы жұмыста жүріп Бауыржан ауыр жарақат алды. Нағыз кемелденген шағы 22 жаста сүйікті ісінен қол үзіп қалу оңай ма? Ол өкінді, налыды пешенеге жазылғаны сол шығар... Бұл Бауыржанды спортшы боламын деген арманымен қоштастырып, бір аяғын кестіруге мәжбүр етті. Оған Бауыржан жасымай, өмірге деген, жеңіске деген құштарлығын жоғалтпады. Тағдырдың бұл соққысына да төтеп бере алды.
Тоқсаныншы жылдардың басында Қазақстанда да мүгедектер спортына көңіл аударылып, елімізде түрлі бәсекелер ұйымдастырыла бастады. Осыларды көрген Бауыржан да 1993 жылы мүгедектер спортымен айналысып, волейболды жанына серік етті. Әрине, алғашқы жаттығулар өте ауыр болды. Талай тер төгіліп, шаршаған сәттері де есте...
Ол Маңғыстау облысы құрама командасы сабында Алматы қаласында өткен 1994-1998 жылдардағы Қазақстан чемпионатына үзбей қатысса, сонымен қатар Ақтөбе облысы құрама командасы сабында Ресейдің Омск, Саратов, Екатеринбург қалаларында өткен халықаралық турнирлерде де бақ сынасты. Бірнеше дүркін жеңіс тұғырынан көрініп, жүлделі орындарды да еншіледі.
1998 жылы Ақтөбе қаласындағы «Манас» спорттық мүгедектер клубының төрағасы болып сайланып, осында спорттық бәсекелерге қатысты 1999 жылғы Қазақстан Республикасы құрама командасының сабында Бангкок қаласында (Тайланд) өткен 3-параазиялық ойындардағы волейбол кездесулері әлі есте. Өте тартысты өткен бәсекеде Азия құрлығындағы ең күшті команда атанып, алтыннан алқа тақты. Әрбір ойын жігерлік пен шеберлікті, ұйымшылдықты талап етті. Олар осы межеден көріне білді.
2002 жылғы 8-параазиялық ойындар Оңтүстік Кореяның Пусан қаласында өтті. Онда Қазақстан командасы волейболдан күміс жүлдені қоржынға салды. Бұл жеңісте де Бауыржанның үлесі мол. Оған спорттағы осындай жетістіктері үшін волейболдан 1995 жылы ҚР спорт шеберлігіне кандидат, 1997 жылы ҚР спорт шебері, 1999 жылы халықаралық дәрежедегі спорт шебері атақтары берілді.
2002 жылдан туған топыраққа оралып, мүгедектер спорты Атырау облыстық федерациясының төрағасы болып қызмет атқаруда. Спорттағы үздік жетістіктері үшін ол Елбасының алғыс хатымен марапатталып, облыс әкімшілігінің ризашылықтарын да иеленіп жүр.
Ол спортты жан серігім деп біледі. Білімін де көтеруді ұмытпай Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің дене тәрбиесі факультетінің 1-курсында сырттай оқиды. Отбасылы, үш баласы бар.
Өмірдің соққысын жеңіске деген құштарлығымен және біліп жүрген Бауыржан Тахауов артта қалған күндерін былайша еске алады: «Әсіресе алғашқы кезде маған өте қиын болды. Бала кезден серік еткен спорт түрінен қол үзгеннен кейін енді не істесем екен?» - деп дал болдым.
Иә, алмас кездік қын түбінде жатпайды. Бауыржан секілді талантты жанның спорттағы жолы осылайша өріліп келеді. Оның жаны тек жеңістерге құштар.
Арқалы палуан
Нарынның нар тұлғалы перзенті Хайруллин Меңдігерей арқалы палуан да. Ол 1939 жылы Исатай ауданының Қойбас қорығында туған. Еңбекке ерте араласқан Меңдігерей жас күнінен шымыр да әлеуетті болды. Ауылда құм кілемде өткен белдесулерде өзі қатарлыларды шақ келтірмейтін.
Мектепке, кейін теміржол техникумында оқығанда да спорттан қол үзбеді. Шеберлігін арттырып, шыңдала түсті. Спортқа деген ынтазарлық ақыры оны спорт саласына алып келді. 1962 жылы облыстық ауыл-село жастары физкультура және спорт қоғамында нұсқаушы, кейін бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарса, 1967 жылдан 1987 жылға дейін «Қайрат» ауыл-село спорт қоғамының төрағасы болды. Кейін осы қоғамның облыстық кәсіподақтар федерациясының спорт қоғамдарымен бірігуіне байланысты құрылған іріленген спорт қоғамының төраға орынбасары, кейін төрағасы болып еңбек етті. КСРО спорт шебері.
Осы кезеңдерде ол спорттан қол үзбей классикалық күреспен тұрақты айналысты. Бірнеше дүркін Ақтөбе, Атырау облыстарының чемпионы болып боз кілемнің арқалы палуаны атанды. 1958 жылы классикалық күрестен өз салмақ дәрежесінде Республика чемпионы болып, барлық қарсыластарын жеңді. Шеберлігін шыңдауда ол одақтық, республикалық бәсекелер мен жарыстарға үзбей қатысып отырды. Олардан олжасыз да болмады. КСРО қарулы күштері мен ауыл-село спортшылары спартакиадаларының бірнеше дүркін жүлдегері болып, күміс пен қоладан алқа тақты. Батыс Қазақстан және Қазақ ССР құрама командаларының мүшелігіне қабылданды. Белоруссия мен Молдавияда өткен Бүкілодақтық село жастарының спартакиадаларына қатысып, жеңіс тұғырына көтерілді.
Спорт саласында жемісті еңбек ете жүріп, балалар мен жасөспірімдерді күреске баулыды. Қазақша және еркін күрестен облыс командаларын жасақтауға лайықты үлес қосты. Ауыл-село спортын дамытуға, спортшылардың дүбірлі жарыстарға қатысуына жағдай жасады. Бүгінгі облыстағы ардагер палуандар қатарында оның есімі абыроймен аталады.
Қайсар қазақ
Атыраудағы он жылдан бері жанына серік етіп, жұрт назарына ұсынып жүрген тамашаға балауға тұрар таңғажайыптарын екінің бірі қайталай алмайды. Темірландай өмір мен өлім арпалысқан қиын сәттермен бетпе-бет келіп, қиналмай өнер көрсететіндер жоқ. Жұртты тамсандыру үшін шыбын жанын шүберекке түйіп, тақтайға жағалай қағылған топ шегенің ұшына арқасын тірей жатып, үстіне алпамсадай, екеуінің салмағы 100 килограмнан асатын жігіттерді мінгізу, одан қалса, лаулай жанған алау отқа жалаңаш денесін шарпылту, тіпті жарты тонналық «Жигулидің» астында шімірікпестен жату оның дәстүрлі ісі.
Самсаған шеге мен уатылған әйнектің үстінде жалаңаш жатқан жігітті «Жигулимен» таптағанда несі қалады? Төзімді деген темірдің өзі де күндердің күнінде тозады. Ал, ет пен сүйектен жаралғандықтан темірдей емес, адам жанға батқан ауырлықты сезінеді. Бірақ, Темірлан әр көріністен соң, «мүлт кете жаздадым, осы жолы қиналдым» немесе «әне-міне доғарғалы жүрмін, шаршадым ғой» деп осалдық танытпайды. Керісінше, ең қиын көріністерді орындаған сайын жаным рахат бір күй кешеді деп жігірлене түседі. Мұнысын неге жорырыңды білмейсің. Бәлкім, қазақтың қанына сіңген, бабалардан қалған қайсарлық па? Көздеген мақсатына жету үшін төзімділік танытып жүр дейін десең, оның дәл осылай сахнаға шыққанына сегіз жылдан асты. Содан бері тілеулес жұртын тосын өнерімен қаншама рет таң-тамаша қалдырды.
Жалпы, Темірлан өзгелер үшін алынбастай қамал көрінер осы бір өнерге неге сонша үйір? Бұл өнер ме, әлде спорттың бір түрі ме? Және оның жанына қиналудың орнына ляззат берердей қандай таңғажайыбы бар? Темірлан өліп-тірілдім деп өткен күндерін осылайша еске алады. «Бұл дейді ол, - 1988 жылы болған оқиға». Ол кезде жас жігіттің ащы судан да ұрттап, көше қалтарысында тентектермен де бетпе-бет келіп, жанжалдасып қалатыны бар-ды. Сондай қақтығыстардың бірінде оны көше бұзықтары орнынан тұрмыстай етіп сабап кеткен. Былайша айтқанда, өлімші боп таяқ жеген ол есін жимастан алты сағат жатыпты. «Мен сонда не сезіндім, десеңізші. Жанымның тәнімнен бөлініп, ғаламат азап пен қияметтен өткенін сезіндім. Алла тағала жанымды тозақтан өткізіп, тәніме кері қайтарған шығар. Әйтеуір, сол сәтте керемет жарықты көрдім. Бұл Алланың түсірген жарығы екенін, онымен бойыма алапат бір күш дарығанын ұқтым...»
Сол күштің әсері болар, Темірлан алты сағат далада жатып, үйіне қалай жеткенін, одан соң дәрігерлерге қалай хабар бергенін есіне түсіре алмайды. Содан бері 15 жыл өтсе де, сол күні есінен танып жатып, көрген жарықтың құдыреті барын тілмен түсіндіріп айта алмай келеді. Оның бір ұғынғаны – әлдебір күш алға жетелейді. «Бұл жаратылыс күші ғой», - деп түйіндейді ол ойын.
«Осы күш менің рухымды оятты, дұрыс жолға түсуіме итермеледі», - деп жалғастырды әңгімесін Темірлан. Сол уақыттан бері ол бұрын ешкімнің қолынан келмеген таңғажайып өнердің жалынан ұстады. Әрине, әуелі бокс пе таэквондоны үйрену үшін тер төкті. Бұл оның спортқа бет бұруының бастауы болды. Уақыт өте келе оның аңсары алғашқы сәтте лаулап жанған оттың қызуына жалаңаш кеудесін тосуға, одан соң қып-қызыл шоқтай боп қыздырылған темір шарды алақанмен ұстап бағындыруға ауды. Мұны меңгеру немесе жұрт алдында ешқандай жасандыққа бармай өнер көрсету үшін қаншалықты төзімділік, ерік-жігер, ең бастысы- сенім керек десеңізші!
Бір қызығы, Темірлан ұстазсыз, өзін-өзі жаттықтырады. Немесе дайындықтың бәрін өз бетімен жасайды. Темірланның ұстазсыз-ақ намысын қайрап, таңдандырар таңғажайыптарды бағындыруында не сыр бар? Өзінің шәкірттері шоқпар таяқпен қолынан, басынан ұрғылағанда астынан бірнеше шеге мен жүзі алмастай әйнектер қадалып, үстінен «Жигули» өткенде қыңқ демеді-ау сабазың. Уатылған әйнектің үстінде жатып, кеудесіндегі тақта тастарды салмағы ауыр болғанмен ұрғылатып сындыртқаны тағы бар.
«Осының бәрін атақ, абырой үшін емес, қазақтың жекпе-жек өнерін дамыту, оған жастарды баулу үшін қолға алдым», - деп өз ойымен бөлісті ол. Оның айтуынша, бұл кім-кімнің де қолынан келуі мүмкін. Бірақ, оған әр адам ішкі жан дүниесін дайындау керек. Кезінде жауға қарсы атойлап шапқан батыр бабаларымыздың өзі жекпе-жектің бірнеше түрін меңгергені әлі күнге аңыз боп тарайды. Олардың іштей өзін-өзі қайрағанын, дайындағанын жоққа шығаруға болмас. Мұның өзі түптің- түбінде рухтың оянуына әсер береді. Міне, Темірланның көздеген ойы осы. Жастардың жан дүниесін тазартып, рухын ояту. Осы мақсатта тәрбиелеп жүрген шәкірттері де бар. Қазір олардың қатары 20-ға жақындады. Арасында Тарих, Аманай секілді жігіттерге үміт артады. Өзі қазақтың жекпе-жек өнерін насихаттауға, дамытуға құштар. Ажалмен бетпе-бет келер ең қиын жаттығуларды меңгерудің астарында сол құштарлықпен бірге қайсарлық та, шыдамдылық та жатқан шығар.
1999 жылы Астанада кикбоксинг және жекпе-жек өнері федерациясы ұйымдастырған алғашқы халықаралық ірі дода, ол додаға халықаралық дәрежеде атақ алғандар қатысады. Ал, мұндай атақ Темірланда қайдан болсын. Дегенмен, ол сол сайыста бақ сынап көрмекке бекініп, өзінің жаттығулар жасап жатқанда түсірілген бейнетаспаларын көрсетеді. Мұнда оның тастарды қалай сындырғаны, семсерді сілтеу әдістері бейнеленген. Сол сайысқа Сабыржан Махметовтың көмегімен қатысуға мүмкіндік алды. Сөйтіп, 60 килоға дейінгі салмақ дәрежесі бойынша тіркелген Темірлан қарсыласын күтіп, төрт сағат отырады. Ақыры бірден жай кездесуге емес, Қырғызстанның алыбы, ережесіз ұрыстың 5 дүркін жеңімпазымен ақтық сынға шығады. Мұндай сайыста айла да, әдіс те қажеттігі болары даусыз. Шапшаң қимыл да қажет. Мұның бәрі Темірланнан табылып, кездесу небары үш секөнтте аяқталады. Осы уақытта әбжіл қимыл танытқан Темірлан қарсыласын нокаудқа түсірді. Сөйтіп, бірден жеңістің биік тұғырынан көрініп, алтыннан алқа тақты.
Темірланның шапшаңдығы таңқаларлық. Ол жан-жағынан лақтырылған кірпіш пен тасты көз ілеспес жылдамдықпен қимылдап, жұдырығымен ұрып, сындырып шығады.
Әріптесінің кіндігінің үстіне қойылған алманы қылышпен қақ ортасынан бөлуі, тіптен керемет! Қасқағым сәтте алма екіге жарылып, Темірланды қылышты қос қолдап ұстаған қалпында көресіз. Оның әбжілдігіне көз ілеспейді...
Темірден де төзімді Темірланның бойында қазақтың қайсарлық мінезі бар. Қайсарлық қашан да көздеген мақсатқа жеткізбей қоймайды.
Болашағы зор – Валентин
Бүгінде облыстағы болашағынан зор үміт күттіретін палуандардың қатарында Тен Валентин Владимировичтің есімі ерекше аталады. Ол 1984 жылы Атырау қаласында дүниеге келді. Қазақтың заңғар жазушыларының бірі Ғабит Мүсірепов атындағы №5 орта мектепке оқуға барды.
Сәби шағынан күреске ынтазар болып өсті. Соның жетегімен 3 класта-ақ облыстық білім басқармасның балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің күрес үйірмесіне жазылып, жаттықтырушы Мусин Рашидтің жетекшілігімен грек-рим күресінің әдіс-айласын үйрене бастайды. Құштарлық пен ыждағаттылық күрес әліппесін шапшаң меңгеруіне ықпалын тигізді. Жыл өткенде-ақ қала мен облыстық біріншіліктерде топ жарып, Алматы қаласында өткен халықаралық жарыста облыс намысын қорғады. 5 класта оқып жүргенде-ақ жасөспірімдер арасында Қазақстан чемпионатына қатысып, жеңімпаз атанды.
Сол жылы облыстық олимпиалық резервтер спорт мектебіне ауысып, спорттық шеберлігін шыңдай түсті. Содан бері бірнеше дүркін қатарынан жасөспірімдер арасында Қазақстан чемпионы атағын иеленді.
2000 жылы Омскде өткен А.Каралин жүлдесі үшін турнирде өз салмақ дәрежесінде жеңіс тұғырынан көрінді. Бұл үлкен сын еді. Турнирге 20-ға тарта елден 300-ге жуық палуандар қатысты.
Жеңісті жолдар осылайша өріле түсті. 2001 жылы Ирандағы Азия чемпионатында қола жүлде алса, бұл келер жылғы чемпионатта тағы қайталанды. 2001 жылы Украинаның Одесса қаласында өткен халықаралық турнирде алтынды еншілесе, биылғы Түркиядағы халықаралық турнирде қола жүлдені қанжығасына салды.
Ересектер арасындағы Қазақстан чемпионатына тұңғыш қатысып, қола медальды иеленді. Спорт шебері.
1996 жылы Алматыдағы спорт мектебіне түсіп, қазір сонда спорттық шеберлігін шыңдауда. Валентиннің алар асулары әлі алда.
Спортшылардың қамқоршысы
Облысымызға белгілі палуан және жаттықтырушы Құсайынов Тілекқабыл Базарбайұлы 1943 жылы мамыр айының 20-сында Қызылқоға ауданында дүниеге келіп, Мақат ауданында оқып, еңбек жолын бастады.
1960 жылы Гурьев ауыл шаруашылық техникумына түсті. Міне, осы сәттен бастап ол спортқа ден қояды. Оның қабілет-қарымын таныған жаттықтырушылар Сапаров Асан мен Ысқақов Жүрес күрес әліппесін үйретіп, боз кілемге шығарды. Содан бері ол спортты өзіне серік етіп келеді.
Облыстық бәсекелерде талай рет топ жарып жеңіс тұғырына көтерілді. Бірте-бірте шеберлігі қалыптасып, әдіс-айласы молайды. Әлі есінде Шымкент қаласында өткен 1968 жылғы Қазақстан чемпионаты аса тартысты өтті. Еліміздің әр түпкірінен келген палуандар боз кілемнің шаңын шығарып, бірінен-бірі айласын асырып жатты. Осы сында өз салмақ дәрежесінде Тілекқабылдың айы оңынан туды. Ол барлық қарсыласын да айқын басылымдылықпен ұтты. Ақтық сында да азулы қарсыласын жер қаптырып кетті. Сөйтіп, еркін күрестен 1968 жылғы Қазақстан чемпионы атанды. КСРО спорт шебері.
Бұдан кейін де талай рет олжа салды. Душанбе қаласында өткен Орта Азия біріншілігінде қоладан алқа тақса, «Қайрат», «Еңбек резервтері» қоғымдарының республикалық біріншіліктерінде де талай мәрте жеңімпаз және жүлдегер болды.
Жоғары білім алып, Гурьев педагогикалық институтын бітіргеннен кейін Мақат ауданының Доссор поселкесінде мамандығына сай жұмысқа орналасады. Сол кезде де спорттан қол үзбей жастарды еркін және қазақша күреске баулыды. Ауданда спорт мектебінің ашылуына мұрындық болып, соны ұйымдастыруға атсалысты.
Спортқа деген сүйіспеншілік ақыры оны орта мектептен спорт мектебіне алып келді. Осында табан аудармай жас буынды тәрбиелеуге, оларды спорттық бәсекелерде шыңдауға, сынауға күш салды. Кейін түрлі басшылық қызметтерде істесе де күресті ұмытпады.
Шәкірттері де өзі секілді талай рет топ жарып, ел намысын қорғады. Облыс, республика чемпионы атанды. Олардың арасында марқұм, кеден полковнигі Т.Тұрышовты бөле жара еске алады.
Оның саналы ғұмыры тек спортпен еншілес екені ақиқат. 1960-1988 жылдары аралығындағы 28 жылы спорттық жарыстарда өтті. Талай қуаныштар да, өкініштер де, күйініштер де болғаны даусыз. Бұған бүгінде Тілекқабыл аға өкінбейді.
Қазір спортшы аға аудандағы ең байырғы оқу орны – С.Шәріпов атындағы мектеп-интернатта директорлық қызмет атқаруды. Биыл 60 жасқа шықты. Мақат ауданының құрметті азаматы атанды. Бұл оның өмір және спорттық жолына берілген биік баға деп білеміз.
Қос қыран
Атырау спортшылары көптен бері олжа салып жүрген-ді. Бірақ қатарынан қос палуанның алтыннан алқа таққаны сирек. Биылғы қыркүйек айының аяғында Орал қаласында самбодан жастар мен жасөспірімдер арасында өткен әлем біріншілігіне 20 елден 500-ге тарта палуандар қатысып, бақтарын сынады. Әлемдегі ең таңдаулы жас самбошы жігіттер мен қыздар бас қосты. Дүбірлі додаға ТМД елдерінен өзге Германия, Болгария, Монғолия, т.б. дүниежүзінің 16-елінің жас жолбарыстары қатынасты.
Қазақстан құрамасы сабында Атыраулық қос палуан ел намысын абыроймен қорғады. 70 кг. салмақ дәрежесінде сынға түскен Ренат Ибрагимов алғашқы белдесуінде Белорус елінің мақтанышы Дмитрий Артемьевты таза жықты. Бұдан кейінгі кездесулерде де ол қарсыластарын айқын басымдықпен жеңіп, ақтық финалға шықты.
Ақтық сында оның қарсыласы Ресейдің төрт дүркін чемпионы, жауырыны жерге тимеген Әлихан Хажаев болды. Боз кілемдегі кездесу аса тартысты өтті. Тәжірибелі ресейлік Әлихан бар күшін сарқып бақты. Бірақ Ренаттың әр шабуылы сәтті аяқталып, ұпай қорын молықтыра берді. Төреші ысқырығы естілгенде оның қоржынында 16 ұпай болса, Әлихан бар болғаны 3-ақ ұпай алды. Ренат әлем чемпионы. Еліміздің көк байрағын көкке көтеріп, әлем біріншілігінің чемпионы атанған атыраулық Ренат Ибрагимов бұған дейін Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы, 2002 жылғы ТМД және Балтық жағалауы елдері біріккен спартакиадасының чемпионы болып үлгерген еді. Ол 1986 жылы Атырау қаласында дүниеге келіп, №22 орта мектепті тәмамдаған. Қазір Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде 1-курс студенті.
56 кг салмақта додаға түскен Бисенбай Қошқаров та қарсыластарын шақ келтірмеді. Былтыр Югославияда өткен әлемдік біріншілікте жүлдегер атанған атыраулық палуан көп тәжірибе жиеақтап қалған. Әр қимылы сақ, шапшаң әрі әдіске салуға епті-ақ. Барлық қарсыластарын таза тізе бүктірген оған ақтық сында Ресейдің жұлдызына айнала бастаған Роман Хлопов қарсылас болды.
Кілем үстіндегі кездесу бірден Бисенбайдың басымдылығымен өтті. Шабуыл сайын Романды тықсыра түсіп, оның қолданған әдістеріне ешқандай нәтиже бермеді. Қарсыласынан мұндай тегеурін күтпеген ресейлік палуан ақыры бірде-бір ұпай ала-алмай пұшаймен болды. Оны жерлесіміз 5: 0 есебімен тізе бүктіріп, әлем чемпионы атанды.
Бисенбай Қошқаров 1985 жылы Ақтөбе қаласында туған. Алматы қаласындағы спорт мектебінде тәрбиеленген. 2000 жылдан Атырау қаласында тұрады. Қазіргі таңда облыстық спорт мектебінің жаттықтырушысы.
Қос қыран – екі әлем чемпионының да жаттықтырушысы елімізге танымал атыраулық бапкер Қошқарбай Табынбаев. Әнұранымызды әуелетіп, көк байрағымызды көкке көтерген қос палуанымыздың болашағы әлі алда деп ойлаймыз. Мұнайлы аймақтың нар спортшылары еліміздің мәртебесін асқақтата береріне сенеміз.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру