TELEGEI

Home

Шежірелі шахта

Бөбетай Қанзия

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Шежірелі шахта

Бөбетай Қанзия - «Шежірелі шахта» шығармасы.

«ШЕЖІРЕЛІ ШАХТА»

(екі бөлімді драма)

Бұл шығарма Ұлы Отан соғысы жылдарында Маңғыстаудағы Таушық шахтасында еңбек етіп, қайратымен жеңіске үлес қосқан Әбіш Кекілбаевтың анасы - Айсәуле Қоқымова, Бәтен Бабышева, Салиха Боранбаева, Жібек Қорғанова сияқты көптеген аналарымыз бен Түмен Балтабасұлы секілді еңбегімен де, өнерімен де халық мақтанышына айналған аталарымыздың ерлік рухына арналады.

Қатысушылар: 1. Түмен Балтабасұлы – ақын, жұмысшы, абыз ақсақал. 2. Түменнің әйелі – Ақ шеше. 3. Хамидолла Елмұханбетов – партия комитетінің хатшысы 4. Айсәуле Қоқымова – Әбіштің анасы 5. Бәтен Бабышева – шахтер әйел 6. Тәрбие – Бәтеннің қызы 7. Мұстахи – Бәтеннің ұлы 8. Әбіш – Айсәуленің баласы (3-4 жаста) 9. Салиха Боранбаева – шахтер әйел 10. Сұлтанкелдиев – шахтаның бастығы 11. Бүркітбай – бригадир 12. Қарагөз – кішкентай қыз 13. Өтек – Түменнің көршісі 14. Жібек – бригадир 15. Жасөспірім бала 16. Әйелдер, балалар.

БІРІНШІ БӨЛІМ

БІРІНШІ КӨРІНІС

Ауылдың шеті. Әріректе тay. Төбе етегінде жайылып жүрген қозы-лақтар. Күншуақта бір әйел ұршық иіріп отыр.

Ақ шеше (өзіне-өзі):

— Демалыс күні де жиналыс.Тыныштық па екен, әйтеуір?

(Осы кезде шұбырып әйелдер, балалар келеді.)
Ақ шеше:

— Әй, не болды сонша? Тыныштық па? Жиналыста не айтты?

Әйелдер (шулап жатыр):

— Ойбай, Ақшеше-ау! Соғыс басталыпты, соғыс!

— Герман соғыс ашыпты.

— Соғыс!

Ақшеше:

— Астапыралла, не дейді.

Әйелдер:

— Соғыс!

— Соғыс басталыпты.

Ақшеше:

— Қарақтарым-ау, не деп тұрсыңдар? Ойбай-ай, не дейсіндер? Ендігі күніміз не болар. Шалымның көрген түсі расқа айналды-ау! Енді не істейміз?

Бір әйел:

— Ақшеше-ау, бәріміз де соны ойлап тұрмыз ғой. Сіздің үйдегі атам құмалақ ашпас па екен? Бұл қашанға созылар екен?

Ақшеше (күңірене):

— Ой, шырақтарым. Аталарың осының болатынын білді ғой. Оның айтуынша бұл 4-5 жылға созылар болар. Әй, болмаған екен. Сендер бұны ешкімге сездіре көрмеңдер. Ой, дүние-ай. Ал енді, жылап еңіре ермей, үйлеріңе қайтыңдар. Болған іске берік болудан басқа не қалды? Азаматтарыңды күтіп, жағдайларын жасай беріңдер. Оларды енді соғысқа шақыра бастайды. Естеріңді жинаңдар, айналайындар.

Бір әйел:

— Иә, бастықтар да солай деп айтып жатыр ғой.

Ақшеше:

— Әй, Бәтен, мұнда кел. (Бәтен қайырылып қайта келеді.)

Ақшеше:

— Көрші болған соң сені жұмсамай кімді жұмсаймын. Балаларды шақырт, қозы-лақты ауылға әкелсін. Бір мал сойып, садақа жасап жіберейік. Оған дейін шал да келіп қалар. Жүр, үй жаққа барайық.

Бәтен:

— Жарайды, шеше.

(Екеуі шығып кетеді).

Сахнаға қозы бағып жүрген ұл мен қыз шығады. Қолдарында шыбық. Қастарына алдарынан жүгіріп тағы бір бала келеді.

Бала:

— Әй. Мұстахи, естідің бе ? Соғыс басталыпты. Соғыс!

Бала Мұстахи:

— Соғыс? Оны кім айтты?

Бала:

— Жаңа орталықта жиналыс болды. Бүгін біздің елімізге Германия соғыс ашыпты.

Мұстахи:

— Германия деген кім? Бала:

— Немістер. Енді бізбен соғысатын көрінеді. Мұстахи:

— Шын ба, мектепте ағайдың соғыс болмайды дегені қайда?

Бала:

— Әй, қайдан білейін ? Жаңа бастықтар айтты. Енді ер адамдар түгел соғысқа кететін көрінеді.

Мұстахи:

— Қойшы, бізді ала ма екен ? Бала:

— Бізді емес! Әкелерімізді алатын көрінеді. Тәрбия:

— Мен де барам әкеммен бірге.

Бала:

— Сен не істейсің онда ?

Тәрбия:

— Мә, не істейсің дейді. Әкеме шәй қайнатып бермеймін бе? Сосын екеуміз ауылға келеміз.

Бала:

— Иә, саған. Соғыс дегенді білесің бе өзің? Онда мылтықпен атысады. Адамдар бір-бірін мылтықпен атып қырады.

(Тәрбия жылай бастайды.)
Мұстахи (оны жұбатып):

— Тәрбия, сен жылама, ана Сайынға айт, қозы-лақтарды ауылға қарай қайтарсын. Үйге қайтамыз.

(Тәрбия жылаған күйі шығып кетеді.)
Бала:

— Айтпақшы, Сайын қайда? Түмен атамның үйі садақа жасайын деп жатыр, соған малды тезірек әкелсін дейді.

Мұстахи:

— Жүр, онда ауылға қарай айдайық малды. (Екеуі кетеді. Жарық сөнеді.)

Екінші көрініс

Соғысқа ер-азаматтарды шығарып салушылар. Әйелдер, балалар, ақсақалдар. Бәрі жігіттермен көрісіп, құшақтасып, қоштасып жатады. Жігіттер қол бұлғап кете бастайды. Соңдарынан балалар жүгіреді. Бәрі шулап қоштасады.

— Қош, отағасы!

— Бауырым, аман-есен келгейсің!

— Қош, құлыным, аман-есен жүр. Бекет Ата, Қараман Ата, Дәніспан әулие, өздеріңе тапсырдым. Жалғызыма жар бола гөр!

— Қош!

Ортаға Түмен шығады. Музыка баяу естіліп тұрады. («Священная война»)
Түмен:

— Ей, шырақтарым, азаматтар ұлы жолға аттанып бара жатқанда жаман ырым бастап жыламас болар. «Кебін киген келмейді, кебенек киген келер » деген. Кебенек киіп аттанған ер-азаматқа ақ жол тілеңдер. Сабыр етіңдер, енді бізге сабырдан басқа амал жоқ.

Түменнің қасына хатшы Хамидолла Елмұханбетов келеді.
Хамидолла:

— Ақсақал дұрыс айтады. Жолдастар, апа-қарындастар, сабыр етіп, қайратқа міну керек. Көп ұзамай біз де кетеміз майданға. Сонда елдегі бар ауыртпалық сіздердің мойындарыңызға түскелі тұр. Азаматтар аман-есен елге оралсын десеңдер, қазірден бастап өздеріңді қолға алып, жігерленіңдер.

Түмен:

— Иә, солай, қарақтарым. Енді үйлеріңе қайтыңдар.

Бәтен:

— Ойбай-ау , бастықтарды да ала ма соғысқа?

Хамидолла:

— Бәке-ау, біздің жанымыз Өскенбай, Кекілбайлардан артық па? Біз де жақын күндері аттанамыз. Ал енді жұмысымызға барайық.

Түмен екеуі кетеді. Әйелдер тұрып қалады.
Айсәуле:

— Қой, жылағанмен бола ма ? Азаматтар аман оралсын деп тілейік. Шынында да жаман ырымға бастап еңірей бергеніміз болмас. Өздерің де сезіп тұрған боларсыңдар. Әлгі Халидолла рас айтып кетті. Ендігі жұмыс біздің мойнымызда, шахтаға түсіп көмір қазатын да мал бағатын да біз боламыз. Отандасымыздың артында қалған тұяқтарын аман-есен жетілдіру, өздері келгенде аман-сау алдарынан шығару – біздің міндетіміз. (Бәтенге қарап) Бәтен-ау, балаларды ойлайық. (Бәтенді құшақтайды).

Салиха:

— Иә, Айсәуле, балаларды ойлайық. Әкелері келгенше ауру-сырқаудан аман болса екен, әйтеуір. Шаруаның бәрі бізге қарап қалғанда, балалар аман жүрсін. Өзімізді қойшы, бәрін де көріп келеміз ғой. Көрген бейнетіміз өзімізге олжа, отағасылар аман келсе болады да.

Бір әйел:

— Сонда бұларды соғысқа қай жаққа апарар екен?

Айсәуле:

— Форттан кемеге мінетін көрінеді ғой. Одан әрі Красноводск арқылы алып кететін көрінеді, қайдам қай жерге апарарын?!

Ақшеше:

— Маңғыстаудың ойындағы үш жүз алпыс әулие, өзіңе тапсырдық. Ұрпақтарыңды оқтан қорға, оттан қорға, пәле-жаладан сақтай гөр.

Музыка үдей түседі.
Жарық сөнеді.

ҮШІНШІ КӨРІНІС

Шахтаның іші. Шақылдаған, тарсылдаған дыбыстар. Қараңғыда шамдар жылтырайды. Бәтен вогонеткаға көмір тиеп жатыр. Айсәуле келеді.

Бәтен:

— Айсәуле, қалайсың? Отағасыңнан хат-хабар бар ма?

Айсәуле:

— Жоқ. Хат жоқ болып тұр.

Бәтен:

— Ойбай-ау, босанатын уақытың жақындады ғой. Қалай жұмыс жасамақсың ? Енді саған болмайды ғой. Мүмкін бастықтарға айтсақ, көмектесер. Дем алмаса болмас.

Айсәуле:

— Бәтен-ау, менің демалғым келмей жүр ме? Үйде отырып қалсам, ана екі қыз бен Әбішжаныма не берем. Кәртішкіден қағылып қалам ба деп қорқамын. Әйтпесе, жүріп-тұруым қиындап барады.

Бәтен:

— Әй, сонда да айтып көрейік. Мүмкін көмектесер. Бала-шағаңды көріп отырып, аштан өлтірмес, ел емеспіз бе?

Айсәуле:

— Қайдам? Шахтаның нанымен бала-шағаны сақтап отырмыз ғой. Кекілбайдың аманаттап тапсырып кеткен жалғыз тұяғын аштан өлтіріп алсам, ел бетіне қалай қараймын.

Бәтен:

— Әне, бастықтың өзі келе жатыр.

Екеуінің қасына №2 шахтаның бастығы Сұлтанкелдиев келеді.
Сұлтанкелдиев:

— Аманбысыңдар? Айсәуле, осы сенің жағдайың болыңқырамай жүр екен ғой. Маған бригадир Жібек ескерткен. Үкіметтің жұмысындағы адамға аяғы ауыр болғанда берілетін демалыс бар. Енді сен демал. Ертеңнен бастап жұмысқа шықпай-ақ қой. Демалыста жүрсең де, еңбекақың да, кәртішкең де сақталады. Еңбек заңы бойынша солай, жағдайыңды айтып хабарласып тұр.

Айсәуле:

— Солай ма? Біз көп ештеңе біле бермейміз ғой. Балаларға қиын бола ма деп жүргенім ғой. Рақмет, жандарыңа жамандық бермесін.

(Сұлтанкелдиев әрі қарай жүріп кетеді.)
Бәтен (Айсәулені құшақтап):

— Айттым ғой, үкімет өлтірмейді деп. Әлгі Жібек бригадиріміз бастыққа ескерткен екен ғой. Енді жақсылап бір дем алшы. Өзіміз де хабар алып тұрамыз ғой. Орныңа кімді алар екен. Ана шахтадан біреуді ығыстырып әкелетін шығар.

(Жібек бригадир келеді. Қасында Сачиха бар).
Жібек:

— Бүгін бізге шахтадан шығу жоқ шығар.

Бәтен, Айсәуле (жарыса):

— Е, не болды?

— Неге?

Жібек:

— Сартас жақта тағы да темір жол бұзылыпты. Ер адамдарды түгел сонда жібердік.

Бәтен:

— Е, жауынның суы ғой бұзып кетіп жатқан. Мына төбеден саулаған су да таусылатын емес, аяқтың асты сірә шылқып жатыр.

Салиха:

— Етік те езіліп бітті. «Жау жағадан алғанда, бөрі етектен тартады» деп, қар мен жауынның да тынбай жауғанын көрмейсің бе?

Айсәуле (Жібекке қарап):

— Қыз-ау. менің жағдайымды бастыққа айтқаныңа рақмет. Ертеңнен бастап демалыс деп айтып кетті жаңа.

Жібек:

— Сенің демалатын уақытың жетті. Енді үйде отырып жылы киім дайындауға кірісіп кет. Өзің де қарап отыра алмайсың ғой.

Айсәуле:

— Иә, оны сірә жасаймыз ғой. Бұрын күйеулеріміз шахтаға түсіп біз осының біреуін білдік пе ? Ей, заман-ай, көресіні көрсетті ғой. Бізді қойшы майдандағылар аман болсын. Кекілбайдан хат келмегені де жаныма батып барады.

Жібек:

— Қой, уайымдама. Хат жазуға шамасы бар ма ? Келер хаты да, өзі де. Өзіңді ойласайшы, жазған-ау. Аман-есен қол-аяғыңды бауырыңа алсаң, айтпақшы ертең орталыққа барып, докторға көрініп кел.

Бәтен:

— Иә, мен де солай ойлап тұр едім. Елге түскен ауыртпалық қой. Бәрі бір күнгідей болмай өтер де кетер, шыдайық.

Салиха:

— Иә, балаларың да қолқанат болды ғой. Ал енді не тұрыс, мына вагоншікті итерейік.

Бәрі вагонетканы итеріп шығып кетеді.
Жарық сөнеді.

ТӨРТІНШІ КӨРІНІС

Күзгі мезгіл. Дала. Ауылдың маңы. Екі-үш бала қозы бағып, ойнап жүр.
Тәрбия (қолындағы сағатына қарап):

— Сағат екі жарым болыпты. Қозы-лақты бері қайтарып келейік. Аналар кімдер екен?

Қарагөз:

— Е,біздің ауылдың балалары ғой. Ширетте тұрып нан алып келе жатқан.

Осы кезде самолеттің дауысы, одан соң ысқырған, гүрс еткен дауыс естіледі. Балалар сол жаққа шошына қарайды.

Тәрбия:

— Ей, ей, анау не? Самолеттен бірдеңе тастап кетті ғой. Ей, анау шаң ба, түтін бе?

Қарагөз:

— Иә, иә самолет Фортқа қарай ұшып кетті. Түтін шығып жатыр. Жүр, сол жаққа барайық.

Балалар жүгіріп кетеді. Осы кезде сахнаның әр жерінен үрейленген ауыл адамдары шығады.

Салиха:

— Халқым-ау, мынасы несі тағы?

Бүркітбай:

— Бұл – бомба. Немістердің самолеті тастаған. Осы Сартас жаққа да біреуін тастаған сияқты. Өзі сол жақтан ұшып келді.

Үрейленген дауыстар:

— Ойпырмай!

— Астапыралла!

— О, Жасаған, ендігі көрсетпегенің осы еді!

Бір әйел:

— Ойбай-ау, ендігі күніміз не болады, қайнаға-ау, айтсаңшы? Соғыс бізге де келіп қалғаны ма? Бала-шағаны қайтеміз, ойбай (жылай бастайды).

Бүркітбай:

— Қой, шырағым, сабыр ет. Анда-санда теңіздің үстімен ұшып, біздің көмір тиеген баржаларымызды аңдитыны рас. Мынау да сондайдың бірі ғой. Дегенмен, ендігі жерде сақ болған жөн.

Осы кезде Мұстахимен тағы бір бала келеді.
Мұстахи:

— Е, мында да бомба тастаған ба? Жаңа біз пристаньнан жүк тиеп келе жатсақ, темір жолға бір бомба тастады. Әйтеуір, Құдай сақтады. Темір жолдың қасына түсіп, жайылып жүрген бір тайлақ өліп қалыпты.

Үрейленген дауыстар:

— Не дейді?

— Қойшы?

— Рас па?

Екінші бала:

— Рас, бізді де, мотовозды да Құдай сақтады.

Бір әйел:

— Ойпырмай, бомба дегені адамның жүрегін ұшыратын ысқырған пәле екен ғой. Қайран азаматтар-ай, күндіз-түні осы бомбаның астында жүрген сендердің не жандарың жүр екен. Уһ! Қайнаға-ау, мына халықты таратсаңызшы, әлгі самолеті тағы келіп, балаларымызды қырып кетер.

Әйелдер абыржып:

— Расымен-ей!

— Неғып тұрмыз!?

— Әй, балалар, жүр, тараңдар, үйлеріңе қайтыңдар.

— Шынымен де ендігі жерде сақ болмаса болмас.

— Қой, қайтайық,

Тәрбия:

— Бүгін Түмен атамның үйіне хат келді.

Бір әйел:

— Рас па? Майданнан ба?

Екінші әйел:

— Мұсадан шығар. Жүріңдер. Ақшешеме барып, хатын оқып қайтайық. Майданның хабарын естиік.

Бәрі шығып кетеді.
Жарық сөнеді.

БЕСІНШІ КӨР1Н1С

Түмен ақынның үйі. Үйде Түмен мен Ақшеше отырады. Үйге әйелдер, балалар кіреді. Сәлем береді.

Түмен:

— Аманбысыңдар, айналайын. Бала-шаға, мал-жандарың аман ба?

Ақшеше:

— Көп жаса, бақытты болыңдар. Кел, төрлетіңдер. Бір әйел:

— Шеше-ау, хат келіп көзайым болып жатырсыңдар ма?

Ақшеше:

— Иә, айналайын. Хат алып қуанып жатырмыз. Түмен:

— Күйеу балам Мұсажаннан хат келіп, аман екенін естіп, төбеміз көкке жетіп отыр бүгін. Кемпір, ас қамда. Әй, балаларым, қайсың оқығышсыңдар, кәне ағаңның хатын оқып бере ғой.

Тәрбия:

— Мен оқимын, ата!

Ортаға Тәрбия шығып, хатты оқи бастайды. "Ассалаумағалейкум, ата, Ақшеше! Үй-іші, бала-шаға, ел-жұрт аман ба? Мен де аман-есенмін. Днепрден өтерде жараланып, қазір емделіп жатырмын. Жарақатым онша қауіпті емес. Ата, ана жолғы түсіңіз айнымай келіп жатыр. Соғыстың үш жылдайы артта қалды. 4-5 жылға созылар деп едіңіз, көбі кетіп, азы қалған сияқты. Құдай қаласа, жауды жеңіп барып, аманшылықпен қауышармыз. Ал жақсы, бәріне менен сәлем айтыңдар. Сәлеммен Мұса".

Әйелдер (шулап):

— Ей, азамат, аман жүрсін.

— Елге аман келсін.

— Түс туралы айтыпты ғой. Түс көріп пе едіңіз, ата?

Ақшеше:

— Иә, аталарың осы соғыстың болатынын түсінде көріп білген. Мына балаларыңа ана жылғы көрген түсіңді айтып берсеңші.

Осы кезде Түмен домбыра алып, көрген түсін айтады:
Ей, Маңғыстаудың ойында
Қаратаудың бойында
Бір қара торы арғымақ

Арқанда тұрып азынайды.
Әлгі жүрген жануар,
Қара құла қақ жарған,
Сыпыра селдір жалы бар.

Қанжығадан аққан қаны бар,
Қабырғасының қалы бар.
Кекілінің асты кезең,
Кетпейтін бір дағы бар,

Айнала шауып кісінейді.
Және бір белін буған бес адам,
Бел, күрек, шоты қолында.
Өздері оқтың жолында,

Құбылаға қараулы,
Салауат таспих санаулы,
Бұл не болар деп едім.

Сонда көрген түсімді жақтырмай, айғыр жануар – жаугершіліктің көлігі. Оның үстіне қанжығасына қан қатыпты. Бұл сүргін төрт-бес жылға созылмаса игі еді деп қорқып, жігіттерді ертіп Махашқаладан ауылға қайтып келгенбіз. Көп ұзамай соғыс та басталды ғой. Мұсажан хатында сол түсті айтып отыр ғой.

Әйелдер:

— Е, жарықтық, атам әулие ғой.

— Айтқаны дәл келіп жатыр ғой.

— Бәсе, бұрын да осы түс туралы аздап естіген сияқты едім.

Ақшеше:

— Қарақтарым, отырып асқа қараңдар.

Әйелдер (жарыса):

— Ой, шеше, қазір жайланып отыратын заман ба?

— Қазір еменге бару керек.

— Балаңыз келгенде асықпай отырамыз ғой, қазір жұмысқа барамыз.

(Нан ауыз тиіп, шығып кетеді.)
Түмен:

— Кемпір, менің намаз оқитын уақытым болды-ау деймін.

(Осы кезде үйге көршісі Өтек келеді.)
Өтек:

— Ассалаумағалейкум!

Түмен:

— Уа, жарқыным, амансың ба? Мал-жаның ит-құстан аман, тыныш па?

Өтек:

— Түмеке, биыл қасқыр ерекше көп, теңіз ерте қатып, арғы беттің бөрісі ауып келген бе? Әйтеуір, бір жақсысы қына қалың, әй тобықтан келеді-ау, жарықтық.

Түмен:

— Қыстың да бағыты жаман, қыса берсе, қайдам...

Өтек:

— Түмеке әскердегі балалардан хат бар деп еді?

Түмен:

— Күйеу балам Мұсадан ғой.

Хатты кітаптың арасынан суырып береді. Өтек хатты шамның жарығына ұстап, ежіктеп оқи бастайды. Оқып болған соң:

Өтек:

— Ой, әулиесің ғой, Түмеке, әулиесің-ау, әулиесің. Ойпырмай, Түмеке-ай, біздің елге қарсы соғыс ашылатынын Гитлерден де бұрын білгенсіз ғой! (Өтек хатты өз қойын қалтасына салады.) Жарықта ертең жұмыстағыларға оқып берейін. Қайтып әкеліп беремін ғой. Ал енді жүрейін.

Ақ шеше:

— Ойбай-ау, отырмайсың ба? Отала келгендей, дәм татып кет дастарқанымыздан.

Өтек:

— Жоқ, асығыспын. (Шыға жөнеледі).

Түмен (өз-өзіне):

— Апырым-ай, әлгінің жүрісі қалай өзі? Хатты бекер бердім бе? Ақ шеше (көршінің соңынан қарап тұрып):

— Астапыралла, мынасы несі? Үлкен жолға түсіп алып тартып барады. Сол, сол, түнделетіп қайда бара жатқаны?

Сахна жабылады

ЕКІНШІ БӨЛІМ

ЕКІНШІ КӨРІНІС

Бәтеннің үйі. Шам жанып тұр. Мұстахи ұйықтап жатыр. Тәрбия ыңқылдап ауырып жатыр. Бәтен оның құйрығынан қағып ұйықтатпақшы болып отырады.

Салиха келеді. Қолында тоқуыш.
Салиха:

— Бәтен, Тәрбия қалай, тәуір ме? Қызуы түсті ме? Ақ шешемнің үйінен сүт әкеліп беру керек шығар. Ыссы сүт ішсе, терлер.

Бәтен:

— Сүтті де, дәрісін де беріп отырмын. Манағыдан тәуір сияқты кішкене.

Салиха:

— Қызылша деген бүкіл Шахтадағы үйдің бәрінде бар көрінеді. Құдай сақтасын.

Бәтен:

— Көзі ілініп келеді.

(Жайлап қызының құйрығынан қағып әндете бастайды. Оған Салиха қосылады.)
Әлди-әлди ақ бөпем-ау,
Ақ бесікке жат бөпем-ау.
Уайымсыз ішкен қара су,

Шекер балдай екен-ау.
Отпантау деген биік тау-ай,
Гитлер деген зұлым жау-ай,
Соғысқа кеткен бауырлар,

Келер ме екен есен сау-ай.

Екеуі көңілдері босап, көздерін сүртеді. Осы кезде үйге бір әйел кіреді, қолында иірген ұршық.

Әңгімешіл әйел:

— Кеш жарық! Әй, не болды? Қызың жақсы ма?

Бәтен:

— Шүкір, жаңа-жаңа терлеп, ұйықтап жатыр.

Әңгімешіл әйел:

— Е, жақсы екен онда. Екеуің қосылып еңіреп, жылап отырғанға қорқып кетіп едім. Қайдағыны шығарып сендер де.

Салиха:

— Ән айтып отырып, босап кеткеніміз ғой.

Әңгімешіл әйел:

— Қой, жылағаннан пайда бар ма? Балалардың жанын жасытпай жөндеріңе отырыңдар. Иә, не хабарларың бар?

Салиха:

— Бізде не хабар болсын. Шахтаға кіреміз, сменнен соң шығамыз діңкелеп, өзің сияқты.

Әңгімешіл әйел:

— Онда хабарды мен айтайын. Әлгі күзге таман Исатайды соғысқа алып еді ғой. Сол Исатай соғыста үлкен ерлік жасапты дейді. Күзде бір соғысқанда немістің 150- дей ме, 200-дей ме солдатын, 7 дзотын қырып салыпты дейді. Әй, соғыстағы газеттердің бәрінде оның істеген ерлігін жазыпты дейді. Гориптегі бастықтарға соғыстан алғыс хат келіпті. Сонда Исатайдың жасаған ерлігін айтыпты. «Ауылына сәлем айтыңдар» депті дейді. Қазір өзі емделіп жатқан көрінеді. Партком Өмір соны естіпті біреулерден. Ал саған Исатай тентек!

Бәтен (қуанып):

— Хабардың бәрі сеңде екен ғой. Исатайды бәрі тентек дейтін еді. Тентек болмаса немістермен соғыса ала ма? Әй, жарайсың. Өзі де ақылды тентек қой.

Салиха:

— Е, ол байғұс бала өзі сұранып, арыз жазып кетіпті ғой соғысқа. Қашанғы түрмеде отырсын. Былтыр машина аударып алғаны үшін оны түрмеге тығып еді ғой.

Бәтен:

— Енді қайтсін, босқа отырғанша, неміске қарсы соғысайын деген ғой. Әй, ерім-ай, біздің азаматтар солай болуы керек қой.

Әңгімешіл әйел:

— Әй, әлгі соғыста оғы таусылып қалған екен. Немістермен қолдасып соғысыпты. Өзі де ірі денелі жігіт қой. Ұрғаны құлай беріпті дейді. Командирлері риза болып Батыр атағын береміз деп жатқан көрінеді.

Салиха: (аспанға)

— Азамат аман болсын, ауылдың атағын шығарған екен.

Бәтен:

— Ел сенімін ақтады деген осы. Жарық сөнеді.

Екінші көрініс

Үй іші. Ауырып жатқан кішкентай Әбіш. Айсәуле баласының қасында өбектеп отыр.

Айсәуле:

— Әбішжан, жата тұр, құлыным, мен көрші үйден саған сүт әкеліп берейін.

Айсәуле шығып кетеді. Әбіш ыңқылдап жатады. Сол кезде елес болып қалқи басып әдемі шапанды қарт келеді. Бала оған қарап, сандырақтап сөйлей бастайды.

Әбіш:

— Құдеке, менің көкемді көрдің бе? Неге үндемейсің? Сен кімсің? Құдайсың ба? Құдеке, көкем тірі ме?

Қарт баланың маңдайынан үнсіз сипап, жайлап кетіп қалады. Бала тұрып жан-жағына қарайды. Айсәуле кіреді.

Әбіш:

— Мама, мама, мен жаңа Құдай шалды көрдім. Айсәуле (шошып):

— Жарығым-ай, не дейсің, Құдайың не айтып тұрған. Биссимилла, ұшық-ұшық. Жата ғой, құлыным. Мына сүттен ішіп жібер де жата ғой, құлыным. О, Жасаған, өзің сақтай гөр!

Баланы жатқызады, осы кезде Бәтен келеді. Бәтен:

— Аманбысыңдар? Әбішжан қалай? Е, терлеп жатыр екен. Елде қызылшаның беті қайтты. Тәуір болып кетеді. Ештеңе етпейді енді.

Айсәуле:

— Жаңа көршіден сүт әкелуге кетсем, балам «Құдай шалды көрдім» деп сандырақтап отыр.

Бәтен:

— Е, Құдай шал деп отырғаны ата-бабалар ғой. Мұны қорғап, қолдап отырған. Бұл жақсы, енді еш уайымдама, балаң жазылып кетеді екен, айналайын. Ертең әкесі келгенде алдынан шығады әлі.

Айсәуле:

— Әкесі де үнсіз қалды ғой, қайдан білейін. Бәтен:

— Қой әрі, жаман ойлама. Біздің отағасыдан да көптен бері хат жоқ еді. Алдыңғы күні хаты келді. «Тәрбияма сақтап жүрген бір орамалым бар» депті. Бала сияқты-ау, оны қайдан алды екен?

Айсәуле:

— А, солай деп пе? Немістің қыздарынан тартып алған шығар (күледі). Қызын сағынған ғой, қайтсін енді?

Бәтен:

— Е, орамал табылар, өзі аман оралса болар десейші.

Айсәуле:

— Иә, иә соны айт.

Бәтен:

— Ойбай, Айсәуле, естідің бе? Ақшешемнің үйіндегі кісіні НКВД алып кетіпті (сыбырлайды).

Айсәуле:

— Не дейді? Қашан?

Бәтен:

— Өткенде хат келгеннің соңынан іле-шала Кетікке алып кетіпті. Жауаптап жатқан көрінеді

Осы кезде әңгімешіл әйел келеді. Қолында ұршық.
Әңгімешіл әйел:

— Кеш жарық, Әбішжан жақсы болды ма, терледі ме? Бәтен -ау, аманбысың? Балаларың қызылшадан құтылды ма. Тәрбия жазылып кетті ме?

Бәтен:

— Аман, аман, шүкір. Әбішжан да жақсы. Ақ шешенің үйіндегі қайнағаңнан хабар бар ма?

Әңгімешіл әйел:

— Ой, «Жау жағадан алғанда, ит етектен тартады» деп, әлгі иттің істеп жүргені ғой. «Немістің шпионы екен» деп айтады дейді. Ол не қылған шпион Маңғыстауда қаптап кеткен. Отыз жетінші жылы жинаған жоқ па шпион деп, дұшпан деп. Иттің ғана баласы әлгі көршісінің істегені ғой.

Хатты «елге оқып берем»деп алған екен. Соның ертеңіне келіпті де, ай-шай жоқ Фортқа ала жөнеліпті. Әлгі оңбағанды көрсем бар ғой. (Жерді ұршығымен ұрып- ұрып қояды).

Бәтен:

— Ойбай, үндеме. Ол пәледен аулақ жүр.

Әңгімешіл әйел:

— Не үндеме деп, тап сол ақын қайнаға шпион болса бар ғой, мен де шпионмын, мына отырған бәрің де шпионсыңдар.

Айсәуле, Бәтен:

— Ойбуй!

— Қой деймін, айта көрме!

Әңгімешіл әйел:

— Бір қолымызды екі ете алмай жүргенде, қарашы оның істеп жүргенін. Кеше партком Өмір барған екен Фортқа, оның өзін біраз әурелеп жіберіпті. «Соғыстың болатынын біліп тұрып, неге айтпайсың, қашан, кімнен естідің?» деп жауаптап жатқан көрінеді.

Бәтен:

— Онда әзір жібермейтін шығар?

Әңгімешіл әйел:

— Жіберу қайда, көп жылға соттайтын көрінеді. 58- статья дейді ғой. Сосын ғой жанымның қиналып отырғаны.

Айсәуле:

— Қит етсе статья, осыдан құтылатын күн болар ма екен? Ақ шешеме қиын болған екен. Ертең жұбатып, кіріп-шығайық үйіне.

Әйелдер:

— Иә, сөйтейік. Барып көңілін аулайық, байғұстың.

Жарық сөнеді.

ҮШІНШІ КӨРІНІС

Шахта алды. Кешкі мезгіл. Күн жауып тұр. Шахтаның ішінен есіктен шығып келе жатқан әйелдер көрінеді.

Бәтен:

— Мәссаған, мына күн құйып кетті ғой. Біздің шығуымызды күтіп тұрғандай. Сәл күте тұрайық, басылар.

Салиха:

— Аяғымыз онсыз да шылқып тұр еді, ана тау жақ ашылып келе жатқан сияқты. Әй, мынау кім? Жаңбырдың астында қалды-ау, байғұс?!

Әңгімешіл әйел:

— Е, бұл Қанбала ғой. Қалмырзаның келіншегі.

Қанбала (жақындап кідіреді):

— Сәлем бердік.

Бәрі:

— Аманбысың?

— Аманбысың, айналайын?

Әңгімешіл әйел:

— Қанбаламысың? Ата-анаң аман ба? Көршілерің аман-есен бе?

Қанбала:

— Шүкір, аманбыз.

Әңгімешіл әйел:

— Қалмырзадан хат-хабар бар ма?

Қанбала:

— Иә, хат келіп тұр, өздеріңіз де амансыздар ма?

Әңгімешіл әйел:

— Аллаға шүкір, жүріп жатырмыз ғой, сменнен шығып тұрамыз. Ата-енеңе сәлем айт, жарығым.

Қанбала:

— Жарайды, сау болыңдар.

Қанбала жүріп кетеді.
Әңгімешіл әйел:

— Е, байғұс балалар-ай, ойнап-күліп жүретін кездері ғой, қайтерсің. Қалмырзадан әзір хат келіп тұр екен, аман болсын, Құдай көпсінбесін.

Бәтен:

— Өзі бір жақсы бала, біресе есепші, біресе дүкенші, бұларға да тыным жоқ. Азаматы аман келсін десейші, көрген қиындықтар бір күнгідей болмайды ғой.

Салиха:

— Иә, рас (жоғары қарап). Мына жауынның басылатын түрі жоқ. (Әңгімешіл әйелге қарап) Ақ шешемнің үйінен хабарың бар ма? Ақын қайныағаның жайы қалай екен?

Әңгімешіл әйел:

— Мәссаған, сен әлі естіген жоқсың ба? Ақыры кетті ғой. Әуелі он бес жыл деген екен, одан он жылға түсіріпті. Баяғы 58- статья дейді. «Түс көріп, біліп отырып соғыстың болатынын неге айтпайсың, соғыс басталатынын қайдан, кімнен естідің, шет елмен байланысың бар, айт» деп айыптайтын көрінеді. Үйшіктің түрмесіне алып кетіпті, Гөрипке. Айтпақшы, ағакем кетерде тағы түс көріпті. Содан түсін жорып «бір әйел адамнан себеп болып, алты ай шамасында елге қайтармын» депті дейді. Әулие ғой жарықтық.

Бәтен:

— Айтқаны келсін, айтқаны дәл келетін еді ғой.

Салиха:

— Ойпырмай, сөйдеп пе? Тезірек келсін, жарықтық. Не де болса обал болды ғой ол кісіге.

Әңгімешіл әйел:

— Ағакемнің обалы ана итке. Жазықсыз жапқан жаласы алдынан шықсын өзінің!

Бәтен:

— Елдің бәрі білігі отыр ғой, ол кісінің түк жазығы жоқ екенін. Бірақ не істей алады, ұстап беріп отырған да өз ішімізде. Құдай-ау, енді түс көруге де болмайтын болған ғой.

Әңгімешіл әйел:

— Түс көрсең де көрмеген болып жүресің енді. Әйтпесе, ағакемнің соңынан кетесіңдер.

Әйелдер:

— Тек, қайдағыны айтпа!

— Өш!

Әңгімешіл әйел:

— Е, не, өтірік пе? Қой, қараңғы түсіп барады. Жүрейік, мына жаңбыр басылмайтын болды ғой.

Салиха:

— Жүрсек, жүрейік, балалар да отырған шығар екі көзі төрт болып, тоңып та қалған шығар. Күн болса мынау.

Бәтен:

— «Күн жаманы кетер, адам жаманы қалар» деген, адамның жаманынан сақтасын.

Әңгімешіл әйел:

— Иә, дұрыс айтасың, солардан сақтасын. Қой, көрмей жүрген жаңбыр ма ал кеттік.

Әйелдер кетеді.
Жарық сөнеді.

ТӨРТІНШІ КӨРІНІС

Дала. Көктем мезгілі. Тезек теріп келе жатқан Бәтен мен Салиха көрінеді. Екеуі жалпақтау тacқа келіп отырып демалады.

Салиха (ойлана отырып):

— «Өлмеген құлға жетті жаз» деген. Тағы бір жаз шығып келеді. Жаудың да беті қайта бастады ғой.

Бәтен:

— Болпан-ау, уақыт өз жөнімен өте береді ғой. Таң атып, күн батады. Қыстан соң жаз келіп жатыр. Ал біздің Өскінбайдан хабар жоқ көптен. Ақпандағы хаттан соң тыйылып қалды ғой, қайдам, жағдайының не болып жатқанын.

Салиха:

— Сен де айтасың-ау, жер шалғай болған соң газетті неше айда бір аламыз? Жұрт тапсырманы орындап болған кезде, біздің жаққа енді-енді жетіп жатады. Өзің көріп отырсың ғой. Біздің әскер жауды қуған сайын, хаты да ұзақ жүріп келеді. Уайымдама, келіп қалар.

Бәтен:

— Кейде өзімнен-өзім қайдағы бір жаман ойларды ойлап кетем. Ойламаймын десем де болмайды.

Салиха:

— Ой, сен де, көптен бері хабарсыз жүрген ана Айсәулелердің не жаны жүр. Сен күні кешеге дейін хат алып келдің ғой. Бейнетсіз бола ма? Жараланып, хат жаза алмай жүрген болар? Енді аз шыдасаң, соғыс та бітер. Азаматтар елге оралар. Қайдағыны ойлай берме. Шүкірлік қылайық. Жұмыстың қандайынан да қашқан жоқпыз. Стахановшы болдық. Құдайдың алдында да, адамның алдында да күнәміз жоқ. Балаларымыз аман болып, соғыс тезірек бітсе, бәрі бір күнгідей болмас.

Бәтен:

— Дұрыс қой, ізімізді жалғастырар балаларымыз аман болсыншы (көзін cүртeді).

Салиха:

— Қой, енді. Елдің алдында жүзің жарқын ғой әйтеуір. Бетерден де бетер бар деген. Өзің де естіп жүрген шығарсың. Соғыстан қашып, елге тығылып жүргендер де бар көрінеді, біреулермен шатасып, балалы болып жатқан да бар, бәрі де тағдыр ғой. Маңдайына солай жазса, не шара. Әзір ондайдан амансың ғой. Шүкір ет. Тәрбияң қайда? Көрінбейді ғой.

Бәтен:

— Е, ол жаңа Ақшешесінің үйіне кеткен. Ол кісі де жарықтық, ешкісінің аз ғана сүтін қайнатып, ірімшік жасап, балаларға береді. Қолы ашық қой. Тәрбия ірімшік жеймін деп сол үйге кетіп еді.

Салиха:

— Әне, Айсәуле де шықты, Әбішін жетектеп. Ойпырмай, бұл байғұс та бір Әбіш деп, соны жеткізсем деп келе жатыр. Ана үш қыз бір төбе де, Әбіш бір төбе болып тұр-ау оған.

Бәтен:

— Е, қайтсін. Кекілбайдың көзі деп жүр ғой, жанын шүберекке түйіп.

Қастарына Айсәуле мен Әбіш келеді.
Айсәуле:

— Орта толсын. Аманбысыңдар? Әбішжан апаларыңа сәлем бер, айналайын!

Әбіш:

— Сәлем бердік.

Әйелдер:

— Аман бол, жарығым!

— Таудай жігіт бол!

Осы кезде Тәрбия жүгіріп келеді.
Тәрбия:

— Апа, Түмен атам келіпті. Ақшешем сендерді шақырып кел деп жіберді.

Әйелдер:

— Қойшы! Рас па? - Қашан келіпті? - Шын ба?

Тәрбия:

— Шын атам үйінде отыр.

Салиха:

— Я, Жасаған, ақ түйенің қарыны жарылды десейші!

Бәтен:

— Жеткен екен ғой аман, өзінің айтқаны келген екен.

Айсәуле:

— Бекет Ата! Жақсылықтың басы қыла гөр! Азаматтар да елге аман қайтсын деп тілейік.

Салиха:

— Япыр-ай, мынау күтпеген жаңалық болды-ау. «Аққа Құдай жақ» деген, ақталған екен ғой, бәсе. Алдымызда аталы, баталы сөзін айтып, жөн көрсетіп отыратын абыздарымыз аман болсын. Жүріңдер, ақ түйенің қарыны жарылған күн болды. Ұзағынан сүйіндірсін. Жақсылыққа жақсылық жалғассын!

Бәрі кетеді. Көңілді музыка.
Жарық сөнеді.

БЕСІНШІКӨРІНІС

Көктем. Дала. Ақшешe ұршық иіріп отыр. Қасынан асық ойнаған балалар жүгіріп өтеді.

Ақшеше:

— Сайынжан аман болғанда, мына балалармен ойнап жүрмес пе еді. Ей, жалған-ай. Соғыс бір жағынан қысқанда, елде қызылша, кезік деген пәлелер шығып, талай баланы жалмады ғой. Кезік біздің де жалғыз ат ұстатарымыз – Сайынжанды да алып кетті. Құлыным түнде түсіме кіріп жүр. Шапқылап қуанып жүр екен балапаным. Жақсылыққа көрінгей!

Ақ шешенің қасына үш-төрт бала келіп, сәлем береді.
Ақ шеше (Әбішке):

— Әй, сен кімнің баласысың?

Әбіш:

— Кекілбайдың.

Ақшеше:

— Ой, айналайын, көп жаса, таудай жігіт бол!

Тәрбия:

— Ақ шеше, бүгін де ірімшік қайнатасыз ба?

Ақшеше:

— Өй, қара қызым, дара қызым, қайнатам, әрине. Сен енді ана ешкілерді бері қарай шауып барып қайтарып келе ғой.

Балалар жүгіре жөнеледі. (Ақ шешенің қасына ауылдың бір әйелі келеді.)
Әйел:

— Сәлем бердік, шеше, үй ішіңіз аман ба? Атаның денсаулығы жақсы ма?

Ақшеше:

— Шүкір, өзің де амансың ба? Балалар сау ма?

Әйел:

— Шүкір, жақсымыз. Екі ешкіміздің арқасында балаларымыздың ауызы аққа тиіп, аздап болса да жақсы боп қалдық.

Ақшеше:

— Е, жөн шырағым, Үкімет те қарасып келеді ғой. Көп ұзамай соғыс та бітер.

Әйел:

— Осы соғысты бітуге таяп қалды деп еді. Күте-күте шаршадық қой. Қашан аяқталар екен бұл зұлымдық? Ел де қажыды ғой.

Ақшеше:

— Қырқына шыдағанда, қырық біріншісіне шыдамайтын неміз бар, шырағым. Сендер жассыңдар ғой, балаларың да аман, осыған да тәубе де, шүкірлік қыл. Мен де отырмын ғой Сайынымды беріп, он бірге шыға бергенде үзіліп түсті-ау құлыным. Қайтейін, балам түнде түсіме еніп жүр. Сүйіншілеп шапқылап, қуанып кетіп барады. Жақсылыққа көрінсін деп отырмын.

Әйел:

— А,а, сүйінші сұрап жүр дейсіз бе? Онда, мүмкін, бір азамат елге аман келер бүгін-ертең.

Ақшеше:

— Ауызыңа май, шырағым. Соған көрінсін.

Осы кезде қуанып балалар жүгіріп келеді.
Балалар (шулап):

— Сүйінші!

— Соғыс бітіпті!

— Соғыс бітті!

— Біз жеңдік!

— Жеңіс, жеңіс!

Әйел:

— Ойпыр-ай, шеше, не дейді? Шеше-ау, естідің бе? Сүйінші дейді! Соғыс бітті дейді.

Ақ шеше:

— Я, Құдай, ақсарбас, ауызыңа май, ауызыңа май!

Осы кезде Мұстахи мен тағы бір ересек бала келеді.
Мұстахи:

— Ақ шеше, сүйінші! Соғыс бітті. Жеңіс. Жаңа орталықтағы радиодан хабарлады.

Қасындағы бала:

— Иә, радиодан айтты, бәрі қуанып жатыр.

Ақшеше:

— Айналайын, ауызыңа май, қалағандарыңды алыңдар, ауыздарыңа май, құлындарым!

Осы кезде әйелдер, балалар, шахтерлер шығып бір-бірімен құшақтасып жатады. Музыка «День Победы».

СОҢЫ.

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙