Мазмұнға өту
Home

Несіпбек Айтұлы. VІ том

Несіпбек Айтұлы

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Несіпбек Айтұлы. VІ том

Авторы: Несіпбек Айтұлы

Қазақтың көрнекті ақыны, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері Несіпбек Айтұлының көп томдық шығармалар жинағының алтыншы томына әр жылдары жазылған өлеңдері, толғаулары, балаларға арналған өлеңдері, ертегілері және аудар­ ма­лары енгізілді. УДК 821.512.122 ББК 84 (5 Қаз)-5 А 32 Айтұлы Н. Шығармалары. 7 томдық. – Астана: Фолиант, 2015. ISBN 978-601-7568-35-1 Т. 6. Өлеңдер, толғаулар, балаларға арналған өлеңдер, ертегілер және аудармалар. – 456 б. ISBN 978-601-302-218-5 ISBN 978-601-302-218-5 (Т.6) ISBN 978-601-7568-35-1 © Айтұлы Н., 2015 © «Фолиант» баспасы, 2015 Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» бағдарламасы бойынша жарық көрді А 32 УДК 821.512.122 ББК 84 (5 Қаз)-5

ӨЛЕҢДЕР МЕН ТОЛҒАУЛАР

ШЕРЛІ НАУАИ, ӨЗІҢ ЖАР БОЛ Әр нәрсенің болмысына бір құдірет себепкер, Асыл сөздің әулиесі, сен де маған медет бер! Қысылғанда жалбарынып, аруағыңды шақырдым, Сен болмасаң, көні кепкен қу медиен тақырмын. Көз жіберсем, қалың нөпір – ұлы көштің жоқ ұшы, Оң мен солым ала шапқын – ақ пен қара соғысы. Мен де соның ішіндемін тіршіліктен күскенше, Ырғай мойын, бейбақ басты семсер қиып түскенше. Тәубе, нысап жұрдай жерде опа табар ел қайдан, Бәз-баяғы өзің көрген сол арпалыс, сол майдан. Топыраққа оранғанша көрмейді бір жан маза, Айғай-шудан құлақ тұнар, аспан асты – даңғаза. Ғасырлардың қойнауынан зар дауысың жетсе де, Табанымды бастырмайды кірген шөгір өкшеге. Қалт-құлт етіп заманым тұр ұстараның жүзінде, Қияметтің қылкөпірі жатыр өткен ізімде. Қорқыныштың көлеңкесі қылаң беріп кейпімде, Шоққа түскен шегірткедей шырқыраймын кей түнде.

Бір көргеннен білінсе егер бақытыңның кемдігі, Кімге керек ұлан-байтақ мекеніңнің кеңдігі? Азынайды үмітімнің иен қалған қорасы, Сырғи-сырғи маған жетті көз жасыңның сорасы. Жер соқтырды салған уақыт бұлтағына түлкінің, Жұрнағына зар боласың тозып біткен Түркінің. Жапандағы жапырайып жалғыз тұрған бір лашық, Жарыта ма жалпақ әлем, жарық күнмен сырласып?! Данышпан жоқ әзәзілдің тілін қырқып отырар, Арыстанның азу тісін ақылменен опырар. Көне жұрттан жинастырып, құрағанмен қиқымды, Қайда апарып көрсетемін сұры қашқан сиқымды? Бұққан торғай бүтін қалар, көсемсінген немді алған, Теңгедей жер қияр маған текеметтей кең жалған. Түгендеуге жоқ саяқты сайда саны, құмда ізі, Тар қапастай тұл ғұмырдың түннен бетер күндізі. Көксегенмен өткен өмір жыл құсындай қайта ма, Жырыңды оқып жібитұғын жоқ Құсайын Байқара1. Надандықтың сақалы өсті сені кеше налытқан, Ақындарды қашан құдай қуанышқа жарытқан? 1 Құсайын Байқара – Әлішер Науи заманындағы патша

Сырты сұлу толып кетті, періштеден жаралғыш, Іштерінде қара шұбар жылан жатыр жан алғыш. Қаламыңа сүйен, ақын, өлмесіңді көздесең, Жұтыларсың айдаһардың арбағанын сезбесең. Май шығар ма түпсіз ойдың көк теңізін шайқасам, Осы күні саудагердің нарқы қымбат байқасам. Таң қалмаймын қан базарда түскеніне құнымның, Ей, әулием, өзің жар бол, өле-өлгенше құлыңмын!

БАЙТАҚ ӨЛКЕМ, СЕН ЖАСА Сырып тастап қараңғылық көрпесін, Таң сәулесі аймалайды жер төсін. Таң нұрындай тұтас сүйіп-құшсам-ау, Туған елдің таңғажайып өлкесін! Ойхой, менің тақсіретті тау-далам, Шаршап-талып жеттің аман-сау маған. Мен сендердің пора-пора көз жасың, Бұлттарыңның бауырынан саулаған. Қамқорларым, сендер барда дін аман, Сәбиіңмін хабары жоқ күнәдан. Разымын құшағыңда көз жұмсам, Әр төбеңді тастамастан дұғадан. Сендер бүтін тұрған кезде ел де аман, Жыртылмайды ешқашанда жең-жағам. Шалқып жүрер менің ұлы шаттығым, Құстарыңның қанатында самғаған. Жылап жатқан жүрегімді уатқан, Айналайын үстіңдегі шуақтан. Көтерілем шыңыраудан шың болып, Топырағыңнан алған титтей қуаттан! Көз алартып саған дұшпан қараса, Аспан асты тартар маған аласа. Мың үшкіріп, садақаңа берейін, Шыбын жаным керегіңе жараса!

Мен жасайын, байтақ өлкем, сен жаса, Қор болмаспын қасиетің қолдаса. Бұйырмайды маған бақыт ұшқыны, Ең алдымен сенің бағың жанбаса!.. БІЗДЕР ҮШІН Біздер үшін Отан жалғыз, Ту жалғыз, Қорғамасақ несін ұл боп туғанбыз?! Кіндігіміз тар қапаста кесіліп, Иткөйлекті қанды жаспен жуғанбыз. Туған жұртқа тірек болу ерге сын, Құлдықты енді құдай басқа бермесін. Атаң өлсе, өзің ата боларсың, Ешқашанда Отан өле көрмесін! Әкең өлсе, шешең өлсе жыларсың, Балаң өлсе, бір жығылып тұрарсың. Отан өлсе, опырылып түскенің, Күңіреніп көрге бірге құларсың.

Біздің Отан өліп, қайта тірілген, Біздің Байрақ құлап, қайта тігілген. Опат болған ерлер рухы оянар, Отан деген лебіз шықса тілімнен. Отанменен аспандағы Күн егіз, Екеуінің амандығын тілеңіз. Жас азамат, бұл Отанның қадірін, Отансыз боп көрген біздер білеміз! Керек қылса жолында оның құрбанбыз, Бәріне де белді бекем буғанбыз. Бір кеудеге екі жүрек сыймайды, Қазақ үшін Отан жалғыз, Ту жалғыз!

КЕНЕСАРЫНЫҢ КҮҢІРЕНУІ Намысын қорғаумен алты Алаштың, Жаралы көкжалдай жанталастым. Опасыз жалғанда, Қапыда қалғанда, Жете алмай арманға, Ажалдың қақпанын ерте бастым. Алды-артым қызыл өрт жалындаған, Қалдың-ау, ата кек, алынбаған! Басымды шабарсың, Табанға саларсың, Масқара боларсың, Қасқырдай талаған қалың надан. Адасқан, қазағым, бұралаңда, Көнбедің басыңды құрағанға. Жүгіртіп мың саққа, Салсаң да бұлтаққа, Не дерсің ұрпаққа, «Кенекем қайда!?» деп сұрағанда. Қырдағы тарпаң ем, Судағы шортан ем, Шынымен қырсықтың шалғаны ма? Қан қатып алдаспан балдағына, Қайран жұрт қорғансыз қалғаны ма? Байтақ ел – бауырым, Ақ орда, ауылым, Тапсырдым Абылай аруағына!

АЛТЫН БУЫН АРМАНДАЙДЫ Шартараптың жанарында патшамыз, Тажалдардың тамағында ақшамыз. Соқыр тиын сығымдайды көз жасын, Қайыршының жанқалтасын қақсаңыз. Аран ашып ақша деген патшағар, Алтын буын армандайды патшалар. Саудагердің саусағында сорлайды, Барлық гүлін базарға сап бақшалар. Ала өкпе ғып, мұнда шап та, анда шап, Әркім кетті өлмес үшін қам жасап. Қазақ малын қырып жатқан қынадай, Қайда барсаң, қызыл майдан, қан қасап. Құрып кеткір о, зобалаң, қырманы, Жетті жұттың біз болдық па құрбаны? Жалғыз атын жығып берген қорадан, Не күйде екен қара шалым қырдағы? Қасықтай боп қарындағы май тұрса, Қырсыққанда жалғыз сиыр жай туса, Не болады шалқасынан ай жатса, Қаптай соққан қара боран қайта ұрса? Үрейімнің күнде ұлиды қаншығы, Көбейіп жүр жүрегімнің шаншылы. Қарайғанда қанды ішіме тартамын, Қайта жұтып жанардағы тамшыны.

ҚАЗАҚ СИҚЫ Сөз айтпаймын мен саған қитығардай, Тұрмысыңның, қарашы, сиқы қандай? Жалғыз үйден аумайсың жау тонаған, Үрерге иті, сығарға биті қалмай. Көк торсықтай су толған күмпілдейсің, Көлденеңдеп өткенді құр тілдейсің. Қара сабау жоныңа қатты тисе, Жолға түскен күшіктей бүлкілдейсің. Қарақшы боп өзіңнен туған бала, Қан сигізді қашқанға, қуғанға да. Қуат алып әйтеуір қалқиясың, Желбіреген көктегі Тудан ғана. Қаладағы үзгенмен қыздан күдер, Жай-күйіне жүрегің сыздап жүрер. Ішіңдегі жалының басылар ма, Қаңтардағы асасаң мұздан бірер?! Қай ұшына білмейсің тартарыңды, Күнде қиып қысқарған арқаныңды. Қораңдағы қойыңнан үміт үзіп, Түгендейсің таудағы арқарыңды. Бойға біткен бұйырмай құтың-дағы, Төсеніштің қалмады бүтін жағы. Екі қолың босамас борбайыңнан, Тозған шалбар тоналса бұтыңдағы.

КӨР ІШІ – ҚАРА ҚОБЫЗ Тірліктің тұраласа кер шолағы, Көңілге қай-қайдағы шер толады. Арманды адам қуып жеткен емес, Қырандай қос қанатың болса-дағы. Таба алмас бұл жалғаннан жаның бақыт, Жастығың өте шығар жалындатып. Әкетер әлдеқайда ажал сені, Біраз күн жер бетінде дамылдатып. Мәңгілік бас қоясың оралмасқа, Іздесе елесіңді таба алмасқа. Қарайып қосың қалар арт жағыңда, Белгі жоқ, бедерің жоқ одан басқа. Ол-дағы қанша тұрар құдай білер, Бір күні құзғын келіп құмайды ілер. Ұйқыдан қу сүйекті оята алмай, Ақырын ішін тартып жылайды көр. Көр іші – қара қобыз күңіренген, Ешқашан тілдесе алмас тірілермен. Тылсымның жұмбақ сырын қайдан ұқсын, Қара құрт қара жердің түбін емген?..

БАБА ЖҰРТЫНДА Арызым бардай тағдырға, Жетіп ем ұшып күн батпай. Құлазып жатты алдымда, Бабаның жұрты тіл қатпай. Баяғы самал жел есті, Баяғы бұлақ сылдырап. Тереңге шөккен елесті Тірілтер қайта кім бірақ? Шыдайсың қалай мұңданбай, Жүректі өксік қысқанда? Аңырап жылап тұрғандай, Қаңырап қалған қыстау да. Сырғанап түсіп көзден жас, Ұқсайсың жетім ботаға. Қорымдар ғана қозғалмас, Қарайған қоңыр жотада. Болса да мәңгі жылжымас, Қара жер тұрмас кетілмей. Көненің ізі жым-жылас, Су шайған құмның бетіндей. Адамсыз жерде құн бар ма, Түргенмен құлақ айнала. Айналаң үнсіз тұрғанда, Тұлдыр ғой өмір қайда да. 1988 ж.

ҚАРЛЫҒАШТЫҢ МЕКЕНІ Адамзаттың ардағы, Азаматтың арманы – Қарлығаштың мекені – Қарлы таудың ар жағы. Көңілімді қалдырды, Дүниенің жалғаны. Асқарға мұз қатады, Асу бермей жатады. Қарлығаштың төсіндей Ағарып таң атады. Қарындастың қалғаны, Қабырғама батады. Адастырмай табатын, Ақ жұлдызым жанатын, Тоса-тоса өзіңді, Таусылды ғой тағатым. Қарлы таудан ассаңшы, Қарлығашым – қанатым!..

МҰХТАР МЕН АБЫЗ Тәңірінің күні жарқырап... Абай I Ақ домбыра, еңіре, қара қобыз, күңірен, Аш күзендей бүгілем, алдыңа кеп жүгінем. Алтын сақам үйірген алшы тұрмай тігінен, Тайқып барып тәйкесі, жатып қалды бүгінен. Сыры бөтен сойқанның сескенемін түрінен, Суық ызғар соғады тас түнектің түбінен. Қара шұнақ лағың – құрбандығың болайын, Ал, тебірен, аруағым, күнімен де түнімен! Қиянаттың қамшысы сұр жыландай қайқы бас, Сілтегенде ысқырып, зәр шашады тілінен. Жұмырыңа жұқ болмас іркіт ойым іріген, Не табасың, қызыл тіл, ит жалаған күбіден?! II Көмейіндей ажалдың қуыс түрме қараңғы, Иірімдей тартады ін түбіне адамды. Жан-жүрегін мұздатқан соқыр-мылқау зіл батпан, Көрсетпей тұр Мұхтарға мынау жарық ғаламды. Тажал мініп тағыңа, түлен түртсе шабына, Бас көтерсең, зынданға батырады қараңды. Кісенделген тұлпардай тар қапасқа қамалды, Шырғалаңнан құтылар қалай табар амалды? Ой соңында сарылып, кірпік ілсе талығып, Шыңғыстауға түсінде шыққан екен самалды. 2-0137

Ақ сақалы желпілдеп, ақ селеудей селкілдеп, Күңірене қарсы алды Нысан абыз заманғы. Нысан абыз: – Сен сұрасаң болжа деп, мен айтайын, уа, балам, Көріп тұрмын көк түтін – о, зобалаң, зобалаң! Шаңырақтан бақ безіп, құт қашады сабадан, Ел қынадай қырылар, жусағандай обадан. Ақ сүйектей домалап айдалада мама ағаш, Желі менен көгенің желге ұшады тонаған. Қыраныңның қанаты керегедей саудырап, Жаңғақ болар тұғырың, томар болар томағаң! Қолың кетпей жағадан, көзің кеппей сорадан, Тілің тозар көнектей қырық шоқпыт жамаған. Салбыраған басыңа жапалақ кеп саңғиды, Торпағыңды аш бөрі тарпа бас сап қорадан. Сарқыраған өзенің бұғауланып сағадан, Зауал төнер жеріңе жүндей түтіп сабаған. Аңдысқаның көбейіп жолдас пенен жорадан, Оққа байлап бересің арысыңды арадан. Қатын-бала сүргінде қойдай шулап қаңғырып, Қыл тақымын қиғызар зұлым итке қабаған. Мола бұзған антұрған жатырына жүгіріп, Ат үстінен шаптырар жұрт тынышта, ел аман. Босағаға қол жайып төрде отырған төрелер, Ауыздары босамас күнде жеген парадан. Құс қанатын талдырған ұлан-байтақ даладан, Өрттің бетін қайтарар табылар ма жан адам? Маңдайшасы орданың жай түскендей қақырап, Алты Алаштың баласы айырылар панадан. Айналайын, жан ботам, мен кетейін садағаң, Жаратқаның жар болып, жаның қалсын жаладан!

Мұхтар: – Не деп кеттің, қария, сөзің қандай зәрлі еді, Шыныменен тимей ме Тәңірінің жәрдемі? Арғымақтан жал кетсе, азаматтан әл кетсе, Қайда қалмақ қалың ел құрығанда дәрмені? Домаланса есікте алтын басым төрдегі, Күңіренер аруағы жеті атамның көрдегі. Пәруәрдігер, ала бер шыбын жанды мендегі, Айнымаса егерде әулиенің көргені?! Байқамаса қызыл тіл қарып түсер шоқ бейне, Адасады ақылың, жаңылады жақ кейде. Бұйырмай ма қазаққа сынық күлше бақыттан, Қара аспанды төндірмей, абыз ата, ақ сөйле!? Нысан абыз: – Көз жіберсем қиырға – сергелдең де сергелдең, Бұлдырайды босқан ел, сағым қуып сенделген. Шыңғыстаудың шоқтығы шымылдықтай қара нор, Мына сұрғылт заманның сиқы жаман мен көрген. Шала түтін бықсиды иттің көзі танымас, Тостағаның жарымас қойдан қозы бөлгенмен. Бүктемесең жауыңды, жем боласың қорқауға, Тектемесең түбіңді, тең боласың өлгенмен. Қылыш жалды қия тас – жүрер жолың жалама, Барар жерің белгілі, болашаққа сенгенмен. Көп шиырлап шығарсың сиқырлаған шеңберден, Мысық бүрген торғайдай құтыларсың шеңгелден. Өмір екі келмейді, дүние-боқты тергенмен, Жанның нұры сөнбейді, жаққан отың сөнгенмен.

Ақ жүзіңді жасырып, жер-бесікке көмгенмен, Аңырайды үкілі тал бесігің тербелген. Қарлы боран үйіріп, құзға қатер төнгенмен, Сұңқар, сірә, тастамас өз ұясын жем берген! Жаралғалы жалғанның тетігі жоқ жөнделген, Жете алмассың мұратқа желге мініп желгенмен. Келе жатыр бір зұлмат кең жаһанға қонаққа, Көкірегі – көрлақат, екі көзі шелденген. Мұхтар: – Адырнасын бір сөздің тартып қалдым ойжота, Ұшқыр тілді жебедей көңіліңе бойлата. Қырау басқан қабағың бара жатыр түнеріп, Кешірім ет ұлыңа, тағы не бар, сөйле, ата!? Нысан абыз: – Ілінгендей тағдырың ине-жіпке сабақты, Кезенгендей сұрмерген саған қарай садақты. Туырлықтай жақпар тас жан-жағыңнан камапты, Жұтқалы тұр басыңды айдаһардай абақты! Мұхтар: – Әулие ата, сөзіңнің сыңайынан қорқамын, Қанжар қиып түсердей қантамырын қолқаның. Ұлығанда ішімде бөлтірігі үрейдің, Жалғыз қалған көкжалдай жапан түзде жортамын. Суға салсаң сөлі жоқ, желге ұшырсаң дәні жоқ, Қуыс кеуде көбейді қауызындай арпаның. Зарлап өзің айтқандай, халқым қайтіп күн көрер, Жақсыларды сыпырды бетіндегі сорпаның. Алла рақым етпесе, ел мойнынан кім шешер Қарғыдай боп жабысқан қасіреттің арқанын?

Маңдайдан сор кетпесе, таусылғанша талқаным, Құмға құйған құрдымдай көздің жасын сарқамын. Айырыққа тірелдім, қай жағына тартамын? Оң жағымда – шөлейтім, сол жағымда – сортаңым. Оңға тартсам өлім бар – өткір жүзі балтаның, Солға тартсам арыма азап жүгін артамын. Ұлтым үшін аттанса жаһаннәмға жан-тәнім, Жер астында – сүйекпін, су астында – малтамын. Ұят күшті өлімнен, үйім тозақ көрімнен, Күнім караң Алашсыз – алдымдағы қалқаным! Нысан абыз: – Не көрмейсің, шырағым, шыр айналған жалғанда, Шу асаудай көнерсің құдай басқа салғанға! Қалың тобыр кімге ерер, қалмаса артта бір қара, Жау жағаға жармасып, бөрі етектен алғанда?! Тұл өмірдің анасы – түпсіз өлім, таңданба, Шырылдаған жан барда, тірлігіңе шамданба! Түлкі болса заманың, тазы боп шал, алданба, Дүние бір айналар, өте бермес арманда! Ең алдымен Тәңірдің тапсырғанын орында, Құлқын үшін жалданба, халқың үшін тал қарма! Мұхтар: – Көргендеймін, әулием, сөзіңнен бір саңылау, Тағдыр бірақ тасмылқау, селт етпейтін саңырау. Жауға басым байланса, жұртымдікі жүрегім, Мен – ызалы жолбарыс, құйрығында қоңырау. Аруақ өзі жұмсаса аянатын не қалды, Оқ тигендей онсыз да шұрық-тесік омырау?! Бабам Сұлтан Әзірет Түркістанда қолдасын, Хан Абылай, Қабанбай жұлқысқанда қолдасын!

Сөз атасы – Майқы би, жыр патшасы – ұлы Абай, Арсыздармен күнде бет жыртысқанда қолдасын! Сүйген қазақ баласын, бәйтерегім – Алашым, Бұталса да бұтағың, түп-тамырың солмасын! Жарылқаса Жаратқан, қотыр тайлақ көшке ерер, Күні бітсе құлайды ханның басын кескен ер. Құтырынған індеттің ыңғайы жоқ дес берер, Қойға келсе топалаң, қабатында ешкі өлер. Тиянақсыз қайран ел алтыбақан, алауыз, Жеті басты жалмауыз қайтіп одан сескенер?! Екі кәпір қосылса, көлеңкесі дос келер, Екі көзі қазақтың бір-біріне өш келер. Бұйдасына жармасты ұлы көштің, о, тоба, Іші – хайуан, сырты – адам, өңкей надан – кещелер! Қатарымнан айрылсам, қанатымнан қайрылсам, Соқа басым селтиген қурайды да ес көрер! Өрге шапқан тарландай тарылады тынысым, Қызыл қанға малғандай батыс пенен шығысым. Дүлейді де желкелеп жүгендейтін күн туар, Түгендейтін қазақтаң өлісі мен тірісін. Алты айшылық алысым, жеті күндік жүрісім – Атырау мен Алтайға шалқып жатқан ұлысым! Бөрі басты байрағым көкке қарап ұлыса, Найзағай боп жарқылдар жасырулы қылышым! Қаратаудай күңіренсем, қара түнге қосылам, Алатаудай тебіренсем, көшкен бұлттай жосылам. Алашым деп азаптың ажырығын арқалап, Батқан күндей түнеріп, шыққан күндей ашылам! Көрінгеннің алдында көк желкесін қасыған,

Біздің тағдыр тастар ма таз кепешін басынан? Ақ бәкісі Абайдың кіндігімді кесіпті, Кемеңгердің дәм татқам Қызыр қонған қосынан! Құлағыма келеді әлдекімнің дауысы, Қош-есен бол, әулие, мен бір жаққа асығам! Бағытымды баратын сізден несін жасырам, Іздегенге табылам Абай атам қасынан! Қолқанатпын рухына, жетсе шолақ өмірім, Абай – менің Тәңірім, ғұзырына бас ұрам! Нысан абыз: – Ақ батамды берейін, ал, қолыңды жай, балам, Әулиелер қолдасын аспан астын жайлаған! Соқыр тұман сейіліп күннің көзін байлаған, Елің жерге сыймасын құмырсқадай қайнаған! Арам қатып арсыздар, отқа жанып жансыздар, Асқақтасын жығылмай алтын туың жайнаған! Суға кетіп сатқындар саған қастық ойлаған, Опырылсын дұшпанның азу тісі қайраған! Құрбақалар құрысын сүрінгенді тойлаған, Құдықтағы құланның құлағында ойнаған!.. Айдай әлем алдында арғымақтай алшаң бас, Заман болсын жолдасың бүгін кәрі, ертең жас! Қаламыңды періште нәрестедей күзетсін, Қазынаға жолығып тоқсан атан тарта алмас! Әумин! ІІІ Дел-сал күйде оянды тұтқын Мұхтар бүгін бір, Көрген түсі қиқымет, төңірегі бұлыңғыр.

Ту сыртынан қариды сақылдаған сары аяз, Қаңсытады таңдайын ішіндегі шіліңгір. Шойын есік таң атпай ыңыранып ашылды, Талқандалып босағаң, о, топсаңнан жұлынғыр! Қарақшыдай қақшиып алдында тұр сұрақшы, Ежірейе қарайды екі бетің тілінгір! Ақыл-айла бірікпей құтылатын түрі жоқ, Жан қалмайды үміттің жалғағанмен жібін құр. Көзін жұмса тағы да қилы заман – қырғын өрт, Құшағында жалынның шырқыраған құлын жүр... Жоқ кінәні мойындап, жорта қайтып райдан, Ағалардың ақылын алғаны жөн бір ойдан. Түс сыңайын аңдаса, қайыры бар қазаның, Атасынан қалғандай арпалысқан бұл ойран! Қоңыр жүзі түтігіп, қорлық хатқа қол қойды, Обалы мен сауабы бір Құдайдан, Құдайдан!!! ІV Ақ домбыра, егілші, қара қобыз, боздашы, Батпан, батпан шерімді шыңыраудан қозғашы. Қараша үйді жыққанда қарсы соққан сұрапыл, Қоламтаға көмілген үміт шоғы, қоздашы! Көкжиектен жарқырап көтерілген жұлдыздай, Аңсап күткен арманның алтын оты, маздашы! Белдеуімде байлаулы, жер тарпышы, тұлпарым, Сандығымда сақтаулы көк семсерім, тозбашы! Зейін салшы зарыма, разы боп барына, Сәби көңіл, қолыңды тым биікке созбашы! Қуанышым, көсілші, қайғым, төрге озбашы, Дамылдашы, ділмәр тіл, қайдағыны қазбашы!

Ұлы мақсат жолында қорлық хатқа қол қойып, Мұхтар шықты түрмеден, өзіне олжа – өз басы. Қара сөздің қалыбы, асыл ойдың алыбы, Аманаты Алаштың, аруақтардың көз жасы!!!

ШӘКІРГЕ СОҢҒЫ САУАЛ Армысың, асыл киелім, Өзегі алтын жүйелім. Еңкейе бермес өзгеге Басымды саған иемін. Ағытсаң жырдың тиегін, Арынды, ақпа күй едің. Тілеген жерден табылған, Табиғат тартқан сый едің. Дегбіріңді алған дертіңнің Дауасын таппай күйемін. Өркеші атан түйенің, Емшегі мама биенің, Семгендей шөгіп қалдың ба, Сықырлап тозған сүйегің? Өзіңе өзің би едің, Жапанға жалғыз ие едің. Шыңғыстың шыңы болмаса, Арқаңды кімге сүйедің? Ішінен шыққан аппағым Қазандай қара күйенің. Қалтылдай басып тұрсың ба Құлама жардың жиегін? Өледі екен хас тұлпар Ернеуге сүйеп иегін. Толтырған бар ма айтсаңшы Тағдырдың тажал бүйенін? Бұдыры болат бедерлім, Бағасы қымбат беделдім.

Қарасы өшсе төбеңнің, Көзімнің жасын төгермін. Сұқсырдай судан суырылған, Толқынның төсін сөгермін. Кімдерді қалай қылмағы, Қолында Тәңір шебердің. Шоқтығы биік көк шоқы, Мұжылып, міне, көнердің. Жұртында қалған көненің, Қаңқасы едің өнердің. Айналсаң желге шаңдатып, Тоқымын қақтың кемердің. Аспанды кезсең ақ бұлттай, Асқарға барып бөгелдің. Оралсаң жерге опық жеп, Кейпіне кірдің шөгелдің. Сен де бір кезбе диуана, Дәм-тұзын татқан көп елдің. Үкідей ұштың үлпілдеп, Үстінен сансыз белеңнің. Адырдан оппа кез келсе, Аранын жаптың тереңнің. Үмітті қуып қаңғырдың Ұшында кеткен жебеңнің. Сағымдай ағып, сандалып Жүргенде, айтшы, не көрдің? Соңыңа жастан мен ердім, Соқпаққа түсіп жөнелдім. Жебелей жортқан көк бөрі, Сүргінге салсаң, желермін. Желмая болсаң, жеделмін, Жер түбін шолып келермін.

Бөртеден шыққан боз болсаң, Қасқадан туған төбелмін. Бедеудің белін талдырсаң, Діңкесін құрттым көбеңнің. Асырып бұдан не дермін, Артымды шаңға көмермін. Атамды айтып кайтейін, Батаңды алып көгердім. Ақиқат жолын нұсқашы, Оғындай түзу береннің. Жымына тұяқ ілдірмей Жоғары менен төменнің, Дулат пен Ақтанбердінің Кенішін тауып кенелдің. Шыңырауын көмген шегеннің, Бұғатын бұзған бөгеннің, Дауыл кеп діңін шайқады Ұялы бұтақ еменнің. Жанардан жасың бұршақтап, Көзінен өттің тебеннің. Бағылан мойын желкеңді Бұршағы қиды көгеннің. Бұлауға түскен тобандай, Бейнет пен сорға бөлендің. Заманың сиқын танытты Меңіреу, мылқау, кереңнің. Шалқыған көлің тартылып, Қаңсыған шөлдей кебердің. Шеңгелі бүріп ішіңді Шорланып қатқан шеменнің, Қобызын тарттың күңіреніп, Қапаста қайғы жегеннің.

Құтыла қалсаң кісеннен, Сәтінде алаң-елеңнің, Шыға алмай шарлап шетіне Опасыз дүние дегеннің, Астыңа мінген ақ атан, Апарып тасқа шөгердің. Айтшы, сен сонда не көрдің? Үркектей қарап алдыға, Үмітті кері шегердің. Сен сенбей кеткен жалғанға Иланып қалай сенермін? Сен көнбей кеткен құрыққа Жуасып қалай көнермін? Сен тәрк еткен арбаның Дәртесін мен де тебермін. Жанымды қоймас келер күн, Қарыздың құнын төлермін. Сен жұтқан удың жұғынын Мен-дағы жұтып өлермін. Тізгінін тұлдыр пәнидің Артқыға мен де берермін. Керегем кедей – басқұр жоқ, Өнегем өгей – дәстүр жоқ. Қорадан тартар қойымды, Аңдыған дүлей – қасқыр көп. Амалын айтып кетпесең, Көлденең тұр ғой кедергім. Соңыңнан жетсем жұрдай боп, Мақшарда саған не дермін?..

ҚҰМЫРСҚАНЫҢ БАЛЫ (Кіші атам Қыдырмолланың рухына) Атам менің шипа таппай бір шыбындай жанына, Зарығумен көзін жұмды құмырсқаның балына. Зәру дәрі жатады екен жеті қат жер астында, Тамшысына татымайтын Қарынбайдың малы да. Естіген соң есте қалған бұл сөзіме ел сенер, Қысылғанда жанның құны қолда жоқпен өлшенер. Құмырсқаның балын тауып берер ме еді кім білсін, Жерден шыққан Желім батыр мәңгі тірі болса егер?! Өзгермейтін, көз көрмейтін тіршіліктің тұғырын, Ажал-дию талқандайды толтырмасаң жұмырын. Қалың малы Қарынбайдың Атымтайға бітсе де, Шылбыр бойы ұзарта алмас шолақ жіптей ғұмырын. Тепкілесе үзілмейтін темір өзек жан қайда, Гүл-бәйшешек құлпырғанда жауқазын да солмай ма? Шаба бермей көк шолақты сабалаумен борбайға, Ей, бейшара, елмен бірге өлеріңді сен де ойла! Құмырсқаның балын тапсаң кереметтің күшімен, Алдыңда зыр жүгірейін бақайымның ұшымен. Сетінеген өміріме сеп болатын түрі жоқ, Жаралғалы жасыл көлдің кәусарынан ішіп ем. Маған жаның ашымасын шөліркеген аңызға, Иесіне қайтарармын алғанымды қарызға. Сұлық жатқан дүниені шамаң келсе тік тұрғыз, Таңдайына құмырсқаның балынан бір тамыз да!..

БІЗДІҢ МҰҚАҒАЛИ Оу, халайық, Расулға таң қалма, Көзіңді сал Мұқағали заңғарға. Ол сәл ғана мызғып кеткен ұлы тау, Ұлар басын сүйей салып таңдарға. Мына өмірде маздамасаң мән бар ма, Мен ғашықпын мәңгі өлмейтін жандарға. Оның жыры Тянь-Шаньның түз құсы, Дүр-дүр қағып сілкінетін самғарда. Аман тұрса Авары мен Дағыстан, Расул да танбас жойқын шабыстан. Бірақ біздің Мұқағали марқасқа, Күн астынан күркіреген арыстан. Қайран сабаз өтті жалғыз өлең деп, Тұлпарлардың дүбіріне елеңдеп. Енді, міне, оның мұңлы жырымен Өз жарамды отырамын мен емдеп. Жер айналмай жұлдыз сөніп, ай батпас, Қысқа ғұмыр алды-артыңды ойлатпас. Уға малған алмасымды жануға, Маған да бір керек боп тұр қайрақ тас.

АҚЫН ДОСТЫ ЖҰБАТУ Тірліктің дәмін татпас кім бұйырған, Сен келдің Алматыға бір қиырдан. Мен келдім алып таудың ар жағынан, Бөктеріп торсығымды мұң құйылған. Сұрамай кімнің жайын кім білгендей, Кім танып қас-қағымда үлгіргендей? Тізіліп қатар-қатар тұра қалдық, Үзілген сабағынан бүлдіргендей. Өскіндей үсік шалған дәнін ызғар, Бұл күнде жабырқаңқы жанымыз бар. Шілде деп ақ көйлекпен шауып жетсек, Екен ғой айналаның бәрі мұз, қар. Құлындай аңқау едік еркелеген, Емес ек сен тістеуік, мен тебеген. Сай-сайға қуғаннан соң сауғаладық, Ін қазған көп суырдай әр төбеден. Елеске ердің басы алданбас құр, Көрсетпес өлімтігін арлан қасқыр. Маңдайға жазғанына ризамыз, Болған соң атамыздан қалған дәстүр. Еске алсам Мұқағали, өр Қасымды, Ұмытам сырқыраған жамбасымды. Не таптық сөздің оғын сайлағаннан, Балқытып қызыл тілден қорғасынды.

Суындай сырғып ағып Ертісімнің, Тұғырдың тобығына жем түсірдім. Өзеннің ар жағынан үн қатсаң да, Кеудеңді күмбірлеген мен түсіндім. Қайғырмас тас төбеңнен түнерсе күн, Қай қазақ қадіріңді білер сенің. Келесің арпалысып, аласұрып, Көкжалдай оқ жалаған тілерсегін. Ақынды ұйытпаса имандай шын, Тіріліп әкең келсін иланбайсың. Жылқы емес, жел қайырған замандастың, Құдай-ау, қайсыбірін жиғандайсың. Қоңызды құтқарам деп батқан қидан, Қайтесің көмек сұрап қатқан мидан?! Біздердің тағдырымыз молақ тағдыр, Аюдың аяғындай қақпан қиған. Кей кезде қарап тұрып қорқасың да, Қоясың олай-бұлай жортасың да. Жүргендей жанұшырып қазақ сорлы, Ордалы жыландардың ортасында. Сұмдық бар мынау заман ұсқынында, Айдаһар жер астынан ысқыруда. Міне алмай арқандағы атын шешіп, Талайдың қолы кетті ышқырында. Пәниде түзеп алса пенде көшін, Сескенбес десе-дағы енді өлесің. 3-0137

Күндерге момақандау қос артыппыз, Құрыққа асау жылдар көнбегесін. Әзірше ажал бізді ала қоймас, Тепсеңге аяқ бастық табан оймас. Қайғының қара қылын көп боздатпа, Онсыз да шақшадай ғой шарадай бас.

ДЫБЫСЫҢДЫ ЕСТИМІН Дос жоқ қой менде. Жүрсін Досым жоқ деп налыма, дос дегенің баршылық, Досқа қызмет еткенің – сүйіп тапқан жалшылық. Қаңсығанда тамыры судан көріп таршылық, Зар еңіреп жылайды жалғыз-жарым талшыбық. Жылағанмен жалғыз тал малшынып көз жасына, Жамыраған көк орман көшіп келмес қасына. Қу далада қалғандай, Жүке, сонша шошыма, Керек болса сенікі ердің артқы қасы да! Ақан сері ағаңдай еңіреме, жасыма, Атың барда асықпа Сағынайдың асына. Жеке барып шағынсаң Ұлытаудың тасына, Елің қайтіп жиналар Едігенің басына?! Жатып алсаң жапанда күңіреніп абыздай, Өртенеді аспаның шілде менен тамыздай. Жетім қозы тәріздес жүдеу көңіл марқаймас, Өгей өмір бауырына өз қолыңмен жағызбай. Досым жоқ деп аузыңды сүрткенменен қу шөппен, Досын әкеп бере ме біреу саған бір шеттен?! Шыбын жаным аманда жүрегіме нұр сепкен, Дыбысыңды естимін жер бетінде тырс еткен. Бұлқынғанда бұрқ етіп кеудеңдегі көк қайнар, Сарынға түс сабырлы, сары өзендей төкпей зар.

Кермесіне жолатпай қызылкөздер қақпайлар, Опырылса мама ағаш ортамызда ат байлар. Адам тозар ішінен, жан-күйіңді түсінем, Жатырқайсың жалғанды түңілгенде кісіден. Қанжығада көрісер емеспіз ғой көк қоян, Қашып жүріп жыртқыштың тырнағынан, тісінен. Ақ сұңқары арманның заңғардан үн қататын, Торға түссе торығар шет елге ұрлап сататын. Үзілмейтін жұлындай күндер қайда, құдай-ау, Кісінескен құлындай шұрқырасып жататын?!

ЕЙ, ТҰРСЫН! Ей, Тұрсын, бір жүреміз енді қанша? Сұм ажал ысқырады кер жыланша. Бойға құт – бұйырғаны тіршіліктің, Әйтеуір артымызда белгі қалса. Жеткізбес құйын дүние қуғанменен, Жұбанбас жарлы жүрек думанменен. Біз-дағы табиғаттың болмысымыз, Адам боп анамыздан туғанменен. Қарағай қадам баспас тұрғанменен, Қара су теріс ақпас тұнғанменен. Тылсымның бұйрығына бағынамыз, Тентіреп аз күн сайран құрғанменен. Қиядан қылп еткенді ілгенменен, Жер үсті, аспан астын білгенменен, Қатқан көн, кепкен тулақ ғұмыр мынау, Қамшылық қайыс шықпас тілгенменен. Көңілге қаяу салған кірбеңменен, Додаға киіп-жарып кіргенменен, Күніміз баспанасыз шілмен бірдей, Қаңтарда қар астында дірдеңдеген. Тіріге бар ма бұдан асқан жаза? Таптырмас қайда барсаң қашқан маза. Ұшпаққа ұшқан ұяң шығармаса, Күпсініп, күпінгенің бос даңғаза.

Жылытпас тығылғанмен тасбауырға, Сүрінсең, соғыласың тосқауылға. Құшағы туған елдің кең болғанмен, Бармақтай басың сыймас басқа ауылға. Бөлінер соны ойласам ойым санға, Етіктің өкшесіндей ойылсам да. Танымай біз де бір күн қалмайық деп, Біріміз бірімізді қою шаңда. Өзендей асау өмір сал ағызған, Аунатар көз жазғанша қарамыздан. Шымбайға шертіп қалса батырмай-ақ, Шыпылдап қан шығады жарамыздан. Қамалып қатар өстік қабағанмен, Тістесіп, тарпа бас сап талағанмен. Жазылмас жара құрғыр былай шығып, Қыңсылап қызыл тілмен жалағанмен. Сарқылмас су аяғы жайылмасыз, Айтылмас ән аяғы қайырмасыз. Тергенмен жоқтан-барды не табамын, Арасы бар мен жоқтың айырмасыз...

СЕНІҢ ДАУСЫҢ ШЫҚҚАНДА... Бізге тағдыр әуелден жақсыларды қиған ба, Артық бақыт қазақтың маңдайына сыйған ба? Жәнібегім, қайтейін жетпеуші еді бір саған, Жүзден озған жүйрікті мыңнан таңдап жиғанда! Аз ғұмырда көп болды арқалаған азабың, Сен мерт болып, деп пе едім қаралы өлең жазамын? Бозторғайдай шырылдап шығушы едің аспанға, Екі өкпесін зар қысып, еңіресе қазағың. Өлді деуге өзіңді қалайша мен сенемін, Біле алмадым жалт етіп сөнген оттың себебін. Әнге салсаң шырқатып – тасқындаған дәрия, Қара сөзге келгенде таудан аққан сел едің. Арғы бабаң аруақты ән мен жырдың атасы, Боздап туған сен едің аруананың ботасы. Сенің даусың шыққанда кетуші еді асқақтап, Алатаудың арқасы, Шыңғыстаудың жотасы. Ағып түстің жұлдыздай, жанымдағы жарығым, Қара пышақ қақ тілді жүрегімнің жарымын. Жылағанмен жібір ме басыңдағы қара тас, Жұтап қалдым, қайтейін, енді кімге жарыдым?..

СЕКЕНГЕ СҮЙСІНУ Туласа тұла бойда текті қаның, Селдетіп ақ жаңбырын төкті жаның. Аузынан ата күйдің түскендейсің, Аруағы аян беріп Кетбұғаның. Тәңірдің сыйлығындай сендегі өнер, Қызығын пәнидегі пенде көрер. Шанақта шалқар теңіз үйіріліп, Ұшында саусағыңның дөңгеленер. Қапысыз ғұмыр кешіп күймен ғана, Еншіңе ризасың тиген дара. «Көке!» деп көңілімді көтересің, Көкейге көптің сырын түйген бала! Баурайсың балдай тәтті күй тілімен, Сезімнің жанға жұмбақ сиқырымен. Көзінен керегенің күй төгілді, Өлеңнен өзіңе арнап үй тігіп ем. Болмаса ойда қуат, бойда намыс, Жеткізбес өнер жолы айдан алыс. Өрнекті өмір деген домбыраның Тиегі тартқан сайын тайғанағыш. Шаңдатып әлдеқайдан шұнақ құйын, Бұзбасын тіршіліктің құлақ күйін. Ән-күйсіз қаңыраған дүниенің Бағасы, бауырым-ау, бір-ақ тиын!

БОЛСАМ ДА АЛТЫН ДӘРИЯ... Болғанша тақыс пенде сауда баққан, Қос қолға қысқа жіпті саумалатқан, Пәнидің азабынан мойным босап, Бұлаққа айналсам-ау таудан аққан. Табысып мәңгілікке тау, даламен, Жатар ма ем жанарымда аунап әлем?! Әлдилеп айналамды әнге бөлеп, Күндіз-түн көмейімнен саулап әуен. Қарық қып қысы-жазы аймағымды, Жалғасам ғасырларға айларымды. Толқыным тойдан тойды жасап жатса, Сапырып сары алтындай майда құмды. Сырымды тұнығыма қанған ұғар, Адамзат, рахат тапса жан-жануар. Жыртқыш та, қарақшы да шөлін басып, Арылса ниетінен қанға құмар. Өзгеріп мына дүние түбірімен, Құтылсақ сарылынан, гүрілінен. Айдыным ақ торғындай үлбіресе Нәп-нәзік жапырақтың дірілінен. Мен де бір табиғаттың қолтумасы, Күмбірін көкірегімнің сәл тыңдашы. Кім білсін тілегімнің не боларын, Жігіттің қайда қалмас еркін басы?!

Аз ғұмыр орта түсті серуендеткен, Жастық шақ оралмайды желмен кеткен. Болсам да алтын дәрия аялдар ма, Дамылсыз дүние көші керуендеткен.

ҚОЛТАҢБА Аман жүр, айналайын, Адай інім, Жақсының жанына ерген талайының. Асылдың өзің де бір сынығысың, Емессің жұқанасы қалайының. Жігіттің не мықтысын мен де көрдім, Атының қатты тартқан шап айылын. Бар болсаң барлығыңды көре алмайды, Жоқ болсаң бере алмайды ағайының. Төбеңе әңгіртаяқ ойнатады, Байқаусыз бола қалса сәл айыбың. Өнерді кие тұтқан құр қалмайды, Есігін ашып көңіл сарайының. Жүргендей сезінесің кейде өзіңді Ішінде жыртқыш пенен жабайының. Кісіден құны қымбат осы күні Шошқаның қорсылдаған торайының. Қазаққа дауа бар ма жете алмаған, Біз түгіл, қадіріне Абайының?! Бағзыдан келе жатқан басын бұрмай, Бұл өмір солай, інім, солай інім!

КӨКШЕТАУ Көкшетау, мөлдіреген көркің қандай, Қалықтап аспаныңда ән тұнғандай. Сексен көл сексен тамшы сыйға тартып, Айдынын көңілімнің толтырғандай. Алаңын Абылайдың көрген кезде, Ойланып, іштерінен ел тынғандай. Кіргенде Кенесары үңгіріне, Сескеніп кім болса да тартынғандай. Оқжетпес кере тартып көкке садақ, Көктегі ұшқан бұлтқа талпынғандай. Бурабай тас боп қатқан алып бура, Бауырында басып жатқан алтын бардай. Мызғиды Жекебатыр анадайда, Көтерсе басын жерден жел тұрғандай. Ішінен қарағайдың шыға келіп, Найзасы Наурызбайдың жарқылдардай. Жан-жақтан қалың батыр күркіресе, Түсердей төңкеріліп жер-су қалмай. Көкшетау, қасиетті топырағыңда Туыпты алыптарды халқым нардай. Сондықтан күндік жерден сені көрсем, Басымнан тұра алмаймын бөркімді алмай.

ТАРАҚТЫДА ТАРЛАН КӨП Сөз тәңірі, медет бер, Қызыл тілім демеп көр! Домбырамды қолға алсам, Он саусағым дедектер. Тарақтыны толғауға Аруақ өзі себепкер. Ағыл-тегіл шабытым, Аққан судай жөнеп бер! Қалсын тасқын астында Жол-жөнекей бөгеттер. Қозғағанда тереңнен, Жөнім жоқ қой өбектер! Бабаларды мадақтап, Жыр төгейін шанақтап. Ақын ақын болған ба, Сөзін сатқан қадақтап? Қысқа өмірім жетер ме, Үш жүзді шықсам адақтап?! Ата-тегін білген құл Жұртты аузына қаратпақ. Жетелі ұлдың парызы – Жеті атасын таратпақ. Мақау болса, жүргені Бұралқы иттей салақтап... Өмір беріп санатты, Адамды Алла жаратты. Қанша заман белгісіз, Күн айналып, таң атты.

Арғы түбі қазақтың Бір бұтақтан тарапты. Соның бірі – Орта жүз, Жауға алдырмас жарақты. Талай тарлан ер туып, Жұртты аузына қаратты. Орта жүздің ішінде Ноқта ағасы – Тарақты. Тарақтыға келейін, Тұлпардайын желейін. Орта жүзден бөлектеп, Оны бөтен демейін. Іліп алар жақсысын Інжудейін терейін. Шама-шарқым келгенше, Жіпке тізіп көрейін. Тарақтыдан төрт буын, Төрт терекке теңейін. Әлім, Алда, Айт, Қармыс, Атын атап берейін. Он екі ұл бар Қармыстан, Көре алмаған көп дұшпан. Арыстандай жігіттер Ай мен күндей жар құшқан. Көсегесі көгерген Барлығының алғыстан. Текті тұяқ тумағы – Асыл затты болмыстан. Алдырмаған іргесін Ата-жауға аңдысқан –

Ерлер қанша, дүние-ай, Қазақ үшін қан құсқан! Ерлерді айтсам біртуар, Қаным тасып бұрқырар. Ойға түсіп қайдағым, Сай-сүйегім сырқырар. Тарақтыда Наймантай, Асып одан кім туар?! Қарақұрым жау көрсе, Қамшымен-ақ ұмтылар, Қайтып тумас қаһарман, Қара дауыл бұлты бар. Соны да алған бұл заман, Атқан оқтай зырқырар. Наймантайдан Байғозы, Батыр да өзі, бай да өзі, Тарақтының атағын Алты Алашқа жайды өзі. Жауға атылған жебенің Сауыт бұзар сәйгезі. Абылайдың тұсында Ту ұстаған айбозы. Серкесі жоқ халықтың Оңған, сірә, қай кезі? Өтті-ау, шіркін, қазақтың Төрт құбыласы сай кезі!.. Ел жақсысын сөз қылсам, Ойдан ойды оздырсам,

Ерлер түсер есіме, Аруағымды қоздырсам. Тұяқ шешен табылмас, Тау мен тасты тоздырсам. Аға сұлтан – Тышқанбай, Тарих түбін қаздырсам. Тәшкентте Мәделбек, Жыр қолтығын жаздырсам, Түркістанда Шілмәмбет, Түгендеуге аз мұршам. Сүңги берсем әріге, Саңлақтар көп әлі де. Бері таман құласам – Қашаубаев Әміре. Бүкіл әлем таң қалған Шырқап салған әніне. Уа, жамиғат, өмірдің Үңіліңдер мәніне. Топырағы келіссе, Асыл болмақ дәні де. Ажар қосқан солар ғой Тіршіліктің сәніне... Жатырынан жарымай, Нәсілінен дарымай, Тұлпар тумас ешқашан, Жортатұғын арымай.

Тарақтының жиені – Бәрі бағылан, бәрі бай: Қаз дауысты Қазыбек, Шұбыртпалы Ағыбай, Шақшақұлы Жәнібек, Дуан басы Ыбырай, Ықылас пен Дайрабай, Қаракесек Жидебай... Белең, белең, кер белең, Белең сайын көлденең. Солар да өтті, дариға-ай, Топқа тізгін бермеген. Арысынан айырылған Алаш нені көрмеген?.. Ат тұяғын тай басар, Жүйрік кетпес кермеден. Тарақтының ұрпағы Тас қияға өрлеген. Бүгініне келейін, Көкке құлаш сермеген!.. Түрлендірген даланы, Ер еңбегі жанады: Жақайұлы Ыбырай – Дән өсірген дананы, Алтайбайдың жұлдызы – Ұлбаладай ананы, 4-0137

Жауды жеңген кешегі Сыпатайдай баланы Түгел білер қазақтың Ұлан-байтақ алабы. Тарақтыда тарлан көп, Жерге тимес табаны. Соның бірі – Ақселеу, Желден жүйрік қаламы...

ҚОБЫЗ-ЖҮРЕК Қобыз үнін тыңдашы, керемет қандай, Ғасырларды қиялмен аралатқандай. Қорқыт бабам оралып көне заманнен, Желмаясын желдіртті келе жатқандай. Бүкіл дала боздаса бозінгендей бір, Бауыр еті қазақтың езілгендей бір. Қобыз-жүрек қайғысын сезінер кім бар, Аққу құстың жүрегін сезінгендей бір?! Көне сазы қазақтың асқақ армандай, Әлдиінен бесіктің бастау алғандай. Қозы Көрпеш – Баянның зарын оятып, Махаббаттың жанарын жасқа малғандай. Бабалардың жан сыры бізге жеткендей, Алмасады бұл өмір күз бен көктемдей. Жүрегінен адамның жылу іздейік, Асан қайғы Жерұйық іздеп өткендей.

ЖЕР ШАРЫ ЖАЛҒЫЗСЫРАП... ...Білемін сені, аяулы Бостандығым, Халқымның көп сарғайып тосқандығын. Қазаққа ғарыштан да теңдік тиіп, Самғауға шақырады аспан бүгін! Жырламай мұны қалай үнсіз қалам? Айтпасам ақиқатты құнсызданам. Кім келіп-кетіп жатыр шаруасы жоқ Тылсымның төріндегі мұңсыз ғалам. Зуылдап жердің ұшқыр зымыраны, Ғарышты бетке ап қанша зымырады. Жұлдыздар тұңғиықта жүзген алыс, Ашқан жоқ адамзатқа сырын әлі. Жар болсын жаратқанның жалғыз өзі, Тылсымның тіл қататын келді кезі. Сығалап жеті қатқа телескоптан, Қаншама ғалымдардың талды көзі. Ойланбай дүние сыры еленбейді, Түбіне түскен сайын тереңдейді. Ғаламның он сегіз мың ортасында Жер шары жалғызсырап елеңдейді.

СІЛКІНІП АҚ БҮРКІТТЕЙ (Әлжаппар Әбішұлына) Тоқсанға аман-есен келдің, аға, Асқарға ақиықтай қондың, аға! Ұқсаған өмірің бар керқұлаға, Ұқсаған көңілің бар домбыраға. Қозғасаң Сарыарқаның сағынышын, Мәди боп мұң шағады шерлі дала! Жасыңнан атой салып ат жалында, Жасқанбай кірдің қанша от-жалынға. Сұм заман тіршіліктің көкпарында, Сілтеді қамшысын да, шоқпарын да. Хақың бар мақтануға, шаттануға, Тағдырдың адаспадың шатқалында! Құйындай өте шықты жол бермеген, Бір ғасыр көкірегін жел кернеген. Бірісің қияметке куәгердің, Санасам сұрапыл жоқ сен көрмеген. Аштықтың көзін көрдің телмеңдеген, Қорқаудың өзін көрдің өңмеңдеген... Тайдырмай табаныңды әділдіктен, Көріндің биіктерден елің күткен. Үлгің бар алыптардан алып қалған, Арқаңды босатпайсың ауыр жүктен! Жігіттің жігері бар қайратыңда, Әлдебір шал емессің жанын күткен!

Өзендей тоқсан тарау тоқсан жылың, Уақыттың тежегендей шапшаңдығын. Ақ маржан ақтарылар жүрегіңнен, Кеудеңнің ашып қалсаң ақ сандығын. Шақырып жүздің шамы жарқырап тұр, Тоқсанның терезесін қақсаң бүгін! Аспаннан қар ұшқынын қылаулатып, Жүзің де жетер ертең қыраулатып. Сілкініп отырасың ақ бүркіттей, Ғасырды жанарыңнан бір аунатып! Бұйырсын ұрпағыңа үйірімен Басыңа үйірілген мынау бақыт!

ОРАЛМАС ӨТКЕН ЖЫЛДАР (Сайын Мұратбековке) Жасыңнан бастауды ойлап көшті қалай, Жарқырап жан-жағыңа шаштың арай. Ұшынан қаламыңның маржан төктің, Тереңнен қайнап шыққан тас тұмадай. Жасындай қара бұлттың тіліп астын, Талантпен мылқау тағдыр тілін аштың. Өшпейтін ізін қуып Ілиястың, Асудың бірінен соң бірін астың. Асудан асқар барсаң қар жатады, Қар жатса қапталында зар жатады. Қылышқа қымбат басың төселмесе, Кім келіп алтын күмбез орнатады!? Өзіңді сол биіктен дәйім көрем, Затың бар атыңа сай Сайын деген. Қалың ел қоршап бүгін отырар ма, Қу болсаң күнің үшін уайым жеген?! Соққанмен қорған болмас жарты қамал, Қайырсыз – қалдырғанмен артыңа мал. Байлығың – таусылмайтын адалдығың, Құлдарын Құдай қолдар халқына адал! Момынның құдай сүйген сен де бірі, Не болар періштесіз пенде күні.

Алдымен өзіңе де нұр жаудырар, Жаратқан жарылқаса жердегіні. Кезің көп қабағыңа мұң жасырған, Еншің көп алынбаған бұл ғасырдан. Алпысқа аман-есен жеттің, міне, Күн кешіп алпыс қилы бір басыңнан. Оралмас өткен жылдар өкінгенмен, Тарлансың талай өрттің шетін көрген. Тәңірім тұрпатыңа дақ салмасын, Жоңғардың жолбарысы секілденген!

КЛАРА ЖЕҢГЕЙГЕ АРНАЛҒАН ЖЫР Жігіттің адал болса асыл жары – Бақыты маңдайының ашылғаны. Мінеки, елу жылға жуықтады, Жарқырап екі жақсы қосылғалы. Қос жақсы тартып туған негізіне, Ұқсайды бір ананың егізіне. Қаршадай күндерінен қол ұстасып, Өмірдің қайық салды теңізіне. Ғашықтар татса-дағы қара судан, Табады тәтті ләззат жарасудан. Шайқалтпай шаңырағын нық ұстады, Жылдардың толқынында аласұрған. Жеңгеміз Клараны кім білмейді, Ән салса, тыңдағандар бұлбұл дейді. Бәйек боп ағайынға келген-кеткен, Ағаның артық-кемін білдірмейді. Келін боп аттағалы босағаны, Кісіден дастарханы босамады. «Еркеш» деп еркелетіп келе жатыр, Азуы алты қарыс осы ағаны. Жеңгеміз қадірлі адам жұртқа осындай, Ұстара барда тұрмас мұрт басылмай. Өнерде Қобыланды болса Ерағам, Баптаған Тайбурылын Құртқасындай.

Асырып абыройын Ерағамның, Қасынан аулақ жүрген қабағанның. Қалдырып көрген емес көңілін бір, Қазақта сыйласуға жарағанның. Өмірден көшті қанша ұлы ағалар, Ерағам сағынғанда жылап алар. Дәм татқан өз қолынан жеңгеміздің, Ғабиттей қасиетті ғұламалар. Киелі ағалардан үлгі көрген, Кісімсіп бөлінбеген бір күн елден. Ұрпағын жас бұтақтай жамыратып, Құдайым қызды берген, ұлды берген. Бар болса кеуде қағып тасымаған, Жоқ болса жерге қарап жасымаған. Алланың бергеніне тәубә қылып, Ұл-қызын қанағатпен асыраған. Алдынан кесе өтпейді айналасы, Сыйлайды қайыны да, қайынағасы. Салады алақанға Ерағамды, Секілді кейде жары, кейде анасы. Қазақтың Еркеғали – Ерағасы, Бұл күнде Клара да – ел анасы! Шолтаңдап жүрген талай шолақ байтал, Кетпей ме жеңгемізден садағасы? Жігіттің көңілі толса алған жарға, Ешқашан өкпесі жоқ бұл жалғанға. Қазақта таңдап жүріп тектіні алған, Ұлында Рахмадидің арман бар ма?!

ЕКЕУІ БІРГЕ ЖЫРЛАП... (Еркеғали аға мен Клара жеңгейге) Болыпты елу жылдай, алтын ағам, Жеңгеме қосылғалы жарқыраған. Қаншама содан бері күндер ақты, Бұлақтай таудан төмен сарқыраған. Ғұмырдың тең бөлісіп бар қызығын, Сыйлады бір-біріне жан қызуын. Ағамның бекзаттығы жаннан бөлек, Жеңгемде тектілігі хан қызының. Екеуі бірге жырлап өмір жырын, Жайнатты әр күн сайын көңіл гүлін. Ұядан ұл өсірді, қыз өсірді, Өрбіткен қос аққудай көгілдірін. Ағаның баққан жеңге қас-қабағын, Ортайтып көрген емес тостағанын. Қазақтың қадірлісі енді екеуі, Қасқайып төрінде отыр Астананың! Кетпестей таңдайынан астың дәмі, Дәм татқан туыс пенен достың бәрі – Жиналып көрген емес ақ дастархан, Киелі шаңырақтың астындағы. Бұл үйге нұр сәулесін төгеді ақ таң, Отындай жас отаудың жаңа жаққан. Аяулы қос жүректен айналайық Елу жыл бірге соғып келе жатқан!

ҚЫЗДАР КҮНІ Бүгін – бүкіл әлемде қыздар күні, Орындалар тек қана қыз жарлығы. Қыздар күні – сауықтың қызған күні, Білінбейді күннің де ызғарлығы. Қыздар күні қыздарға гүл ұсындық, Гүлмен бірге жүректен жыр ұсындық. «Әйелдерсіз өмірдің сәні жоқ!» деп Айтылған сөз ежелден – ұлы шындық! Қыздар күні астың да дәмі балдай, Жүгіреді жігіттер жаны қалмай. Әйелдерсіз, құдай-ау, еркек байғұс, Не нәрсеге өмірде жарығандай? Қыз жігітке қалайша еркелемес, Солар үшін өтті ғой сан төбелес. Нәзік жанын әйелдің ұға алмаса, Еркекпін деп жүргендер – еркек емес!

АЛДАЙ САЛ Сарсаңға салған сұм жалған, Болмады дейсің кімге арман? Күрсінер күзгі жапырақ, Бүршікті көрсе бүр жарған. Тиянақ таппай көңілге, Күндерім қанша мұңданған. Жынданып кетсем таңданба, Тағдыр ғой қалған Біржаннан. Ойнаған қызыл отпенен, Өзімді кейде жек көрем. Жалт ете түсті бір сағым, Жасымда қуып жетпеген. Тәтті едің неткен, жастық шақ, Таңдайдан дәмі кетпеген? Жауқазын болғам мен-дағы, Жамылып қарды көктеген. Сарғайып жасыл маңайым, Сары уайым түсті ептеген. Жылытам тоңған жүректі, Іштегі қалған шоқпенен. Базарлы, шулы дүние Басынан кімнің өтпеген?.. Өкшесі қатты тіршілік Өзектен кімді теппеген?.. Соны ойлап мынау ғаламға Қараптан-қарап кектенем. Тонатып нәзік жанымды, Сүрдім бе ғұмыр текке мен?..

Түсінсең сөздің астарын, Ұғарсың жайды көптеген. Шіркін-ай, шерлі кеудеме Үңілер кім бар деп келем... Айыпқа, қалқам, бұйырма, Ақын жоқ сырын төкпеген. Алдай сал сәби жүректі, Маңдайдан сипап еппенен...

ТҰМАНБАЙ ЕЛУГЕ КЕЛГЕНДЕ Жырсыз күнің өткен емес ешқашан, Жабырқадың ойдан ұшқын шашпасаң. Көктем күйі күмбірледі сәт сайын, Сен қолыңа қалам ала бастасаң. Сен жырласаң, дала жырлап кеткендей, Алатауың алтын нұрға бөккендей. Алматыңа ақ жаңбырын төккендей, Нәзік жаның өзің туған көктемдей. Сен жырласаң, таудан сырғып ақ тұман, Шыға келді ақ бұлақтар атқыған. Аққу-қаздар аспан астын тербетіп, Көк төсінен төгілгендей шаттық ән. Сен жырласаң, «сыр қалмайды жасырын», Мөлдіреттің моншағын көз жасының. Тайға мінген Тұманбайды сағынып, Күрсінеді көк жайлауы Асының. Сен жырласаң, көбейгендей аз үміт, Сөйледі өмір қысы – жұтаң, жазы – құт. Соғыс сызы, жетім-жесір әуені – Жатты бәрі жүрегіңе жазылып. Арман жолы болған емес кең көше, Бұзып өттің тағдыр өткел бермесе. Өрнек салып өлкесіне өлеңнің, Көктем алып келіп едің сен кеше.

Күлімдейсің сол бір көктем қалпыңмен, Шуақ болып тілдесесің халқыңмен. Көлеңке мен ызғар барда тірлікте, Қайран ақын қалай ғана алсын дем. Көпке жетер көңілің бар ақ айран, Емін-еркін дәмін татты талай жан. Жиренесің Оразбайдан, Дантестен, Үйренесің Пушкин менен Абайдан. Қазынасы таусылмайтын кең кеуде, Ақтарылды кеткенге де, келгенге. Күйкілікке кеуіп қалған шөлсің де, Дариясың кісілікке келгенде. Біреу анау, біреу мынау демейсің, Адалға дос, арамдарға өгейсің. Мейірімге шаттануға байсың да, Менменсуге, мақтануға кедейсің. Жырмен жалғап алыс-жақын арасын, Жырмен гүлдеп, жырмен тыныс аласың. Алатаудың бауырында туған ұл, Алатаудай биік тартып барасың. Қарап тұрып қызығамын мен саған, Сендей келсін елу жасқа келсе адам. Өрлей берсін осылайша жұлдызың, Он жыл сайын осылайша қол соғам!

ҚОШ БОЛЫҢДАР, АҚ АТТАР (Оралхан Бөкейдің рухына) Шыбын жанға тіршілікте азап бар, Күнәліге қияметте тозақ бар. Күмбір-күмбір кісінейді түсімде, Аспан жақтан аппақ сүттей боз аттар. Жоқ олардың жермен ешбір шатағы, Тұяқтары бұлттан ұшқын атады. Аппақ болып сол аттардың үстінде Әулиелер кетіп бара жатады. Ақ құстардай самғағанда пырақтар, Жарқырайды аспандағы шырақтар. Қиқыметтің ұшығына шыға алмай, Қу жанымды қинайды мың сұрақтар. Ақ аттағы әулиелер сәлделі, Шапанынан нұр шашады сәулелі. Сияқтымын кететіндей ілесіп, Көз қырын сап, демеп қалса сәл мені. Ғұмырында не көрмейді пенде-адам, Құдіреттің ғұзырында кең ғалам. Аспандағы ақ аттарға жете алмай, Көз жасымды сорғалатып мен қалам. Қош болыңдар, қош болыңдар, ақ аттар, Ақыретте жолығысар сағат бар. Мәңгі-бақи сендер аман жүріңдер – Аруағымды алып ұшқан қанаттар!.. 5-0137

НЕ КӨРСЕҢ ДЕ... (Мырзатай Жолдасбековке) Жалғыз жүріп мұратқа жетер дейсің кім жеке, Не көрсең де көппенен бірге көрдің, Мырзеке! Самғап ұшып халқыңа қызмет еткен шығарсың, Сыртыңыздан біреулер күңкілдесе, күндесе. Тұлпарға да міндіңіз топқа түссе озатын, Торқаны да кидіңіз той өткен соң тозатын. Мансап деген биліктің биігіне шықтыңыз, Биік бірақ бәрінен өз абырой, өз атың. Жағың түспей жалғанда, сол биіктен түспегей, Жүйрік жүйрік бола ма аузымен құс тістемей. Бір жақсылық қылғанға жүз жақсылық жасадың, Ала-құла қазақты бөліп-жарып түстемей. Азаматты алысқа жетелейді арманы, Не тәйірі өмірдің от пен суға салғаны. Күннен-күнге көбейіп көрер қызық алдағы, Алла берген ырыздық таусылмаса болғаны!

ӨЛЕҢ-ХАТ (Ділда Матайқызына) Өмірі шуақты, қуатты, жақсы ана, Келдіңіз аяңдап сексен бес жасқа да! Қалың ел құттықтау жолдаған шығар-ау, Бас болып Атырау, Алматы, Астана! Бармақтай бақ берсе бір Алла маңдайға, Өлгенің тіріліп, өшкенің жанбай ма! Алашқа Имаштай арыстан ұл берген, Дәл Сіздей шешеден айналсақ болмай ма! Жамырап бұтағың жасай бер, әз ана, Шаң жұқпас ешқашан жүрегі тазаға. Қиянат көрсе де, қиямет көрсе де, Асылдың сынығы тот басып тоза ма?! Қаршадай қыз күннен қиындық көрдіңіз, Келешек келбетін ойменен шолдыңыз. Сіз жаққан ошақтың сөнбейді мәңгі оты, Халықтың төрінде қашанда орныңыз! Разы аруағы ата-ене, жардың да, Парызыңыз өтелген ұрпақтың алдында. Үлгіңіз жалғасар болашақ жылдарға, Өлшемі Өзіңіз ұят пен ардың да! Сіз келе жатсаңыз, кім кесіп өтеді? Жол берер бас иіп әр қазақ жетелі. «Бұл кім?» деп сұраса білмеген біреулер, «Имаштың анасы!» деген сөз жетеді!..

ШУЫЛДАСЫН КӨП ҚАРҒА (Иманғали Тасмағамбетовке) Түскен кезде ел тағдыры көкпарға, Сөйлемеймін қалай тіл мен жақ барда? «Әй!» демесем, ақындығым не керек, Бір қыранға жабылғанда көп қарға. Иманғали ортамызда жалғыз-ақ, Имансыздар толып жатыр қапталда. Қайдасыңдар, көбедей көп қайраткер, Қара ниет қамшы сілтеп жатқанда?! Мәз болады, масайрайды біреулер, Қызғаныштың қызыл отын жаққанға. Көйлегі көк олар көпті не қылсын, Көңілі тоқ оңай олжа тапқанға. Қу ағаштан сөл шығарып соққанда, Қайыршының қанын алар қаққанда. Тор құрады биік шырқап ұшқанға, Ор қазады топтан оза шапқанға. Барлығы да бір Алланың қолында, Кім біледі кім түседі қақпанға? Арда туған азаматым – Имашым, Алғыс алған жақыннан да, жаттан да. Өнер үшін жұлып берген өзегін, Өрге сүйреп небір қиын шақтарда! Дуылдасын, шуылдасын көп қарға, Қарғаларға жаза бар ма, сот бар ма? Қырандарды сақтасын тек құдайым, Жанған оттан, жаулар атқан оқтан да!..

ТОЗБАЙТЫН ШАПАН ЖАПТЫМ (Өмірбек Бәйгелдіге) Елім деп ет жүрегі елжіреген, Жақсы аға, жаны таза мөлдіреген. Жетпістің жотасына шықтың, міне, Ту тігіп жеті тауға желбіреген. Туған бір азаматсың айы оңынан, Заманға шалдырмаған аяғынан. Қария секілдісің келе жатқан, Халқыңмен бірге жасап баяғыдан. Қайтемін жіпке тізіп өткеніңді, Талайлар қанжығаңа бөктерілді. Кейбіреу қайдан білсін қаршадайдан Қазақ деп қабырғаңды сөккеніңді. Аяулы асыл аға ер көңілді, Ешқашан ел ұмытпас еңбегіңді. Киелі Қаратаудың аршасымен Анашың аластаған жөргегіңді. Тұңғиық тұнық судай тереңдеген, Үлгісін кісіліктің сенен көрем. Тойыңда тон мен торқа онсыз да көп, Тозбайтын шапан жаптым өлеңменен!

ҰСТАЗ (Әбілфайыз Ыдырысовқа) Қашанда орның бөлек кең ортада, Жүрегі жылылыққа жомарт аға! Ұлылық үлгісінен нәр жинадың, Секілді бал жиғандай омартаға. Жылдарға ой тастаумен жылжып өткен, Алдыңнан талай-талай күлді көктем. Сен бізді өз балаңнан кем көрмедің, Өзіңді біз де сүйдік шын жүрекпен! Өрелі өнегеңнен алдық тәлім, Ешқашан туымызды сен жықпадың. Қызыл көз қожайындар қиқу салды, Ұрыға алдырғандай барлық малын. Кімдерге тізгін берген мына жалған, Қуғанмен жеткізер ме құлан-арман?! Ғұмыры көңілі тардың құрдым келер, Затындай қайыршының сұрап алған. Жақсы аға, деме сөзден ауытқыды, Екшейді бар мен жоқты халық түбі. Тұғырдың семіздігі көзге ұрады, Жүйріктің білінбейді арықтығы. Немене жігіттерге жетпіс деген, Жасында жалын шайнап, от тістеген!?

Үңілсем, басқан ізің сайрап жатыр, Қарасам, ақ жүзіңе дақ түспеген! Әбеке, аздық қылар алғыс саған, Жыр құсы қашан самғар енді ұшпаған!? Аяғың ілінбесін кәрілікке, Таяғың сүрінбесін сәнге ұстаған! Келемін қаршадайдан сөзбен байып, Мен де бір көк теңізді кезген қайық. Құдай-ау, көлеңкеңді қайдан табам, Бір күні бола кетсең көзден ғайып?!

САУАЛ (Академик Жабайхан Әбділдинге) Қозғалмас құс қанатсыз, көш көліксіз, Уа, Жәке, ортамызға хош келіпсіз! Жаһанды оймен шолып, көзбен танып, Асты-үстін дүниенің тексеріпсіз. Қу сөзді қуырғанмен май шыға ма, Болмаса өзіңіздей ойшыл аға. Жабайхан деген атың жастан мәлім, Ұйымас айтқаныңа қайсы дана?! Шүйгінді шөп шыға ма тегін жерге, Танылар тұлпарлығың тегіңнен де! Қазақтың қара тілі Сіз бе дейміз, Аузыңнан інжу-маржан төгілгенде. Жақсы аға, жаның таза жыр аңсаған, Сыртыңнан саулық тілеп жүрем саған. Жарыста таймен озған толып жатыр, Өзіңдей оймен озған бірен-саран. Атыңа мақтауды жұрт көп айтады, Айтылар аман жүрсек талай тағы. Даңқының өзінен де биіктеу тұр, Халқының қарапайым Жабайханы! Енші бер езуіңнен бөле-жара, Сауал көп шешілмеген, кемел аға! Сандығы жерде тұрған дүниенің Кілті аспанда осы неге ғана?..

АҒА (Сәбит Оразбаевқа) Болмаса сері көңіл сендей аға, Қанатын тар дүние кең жая ма?! Келесің бабалардың жолын қуып, Қом салып уақыт деген желмаяға. Ішінен қалың жұрттың қарақұрым, Сезілер сонадайдан даралығың. Сарқыты сияқтысың жыраулардың, Сақтаған сары майдай дала жырын. Қазақсың Қызыр қонып, бақ қараған, Ешкімнің ала жібін аттамаған. Армансыз өзіңдей боп өрге жүзіп, Өнерден өз бақытын тапқан адам. Алдың да сахнадан ойып төрді, Сомдадың талай-талай кейіпкерді. Қасыңда бірге жүрген небір саңлақ Бұл күнде көз алдыңнан ғайып болды. Ашпасаң жүрегіңнің құлпын, аға, Жаныңның ауырғанын жұрт ұға ма? Қазақтай алтын құрсақ ұлт болмаса, Өзіңдей алтын басты ұл туа ма? Бұп-бұйра қара шашың жасыңдағы, Ақ қардай Алатаудың басындағы. Бірісің азаматтың орның бөлек, Біз көрген екі түрлі ғасырдағы.

Киелі ұлы дарын саған біткен, Көрінді биігінен заман күткен. Уа, Сәбе, алмағайып мына өмірде, Әрқашан жүздесейік амандықпен!

КЕУДЕҢІЗ КҮМІС ҚОБДИ (Төлек Тілеухановқа) Үкідей үлпілдеген Төлек аға, Үлгісің үлкенге де, балаға да! Алпысты әлдекімдер асқар деп жүр, Сіз үшін желіп шығар төбе ғана! Елім деп елпілдеген Төлек аға, Ешкімді көрген жоқсың бөле-жара. Қылаусыз көңіліңе қаяу салып, Қинайды жаныңды бір жара ғана! Салған соң тауқыметін басқа құдай, Бұл өмір жарқылдамас жастағыдай. Шаттықтың ақ шапанын жамыл-дағы, Қайғының қара тонын таста былай! Бұл тойда айтылмайтын сөз қалмасын, Көл болар көп тілегі қозғалғасын. Қайындап барып қайттың Барқытбелге, Жастықтың қайта мініп боз жорғасын! Ақтардың деме несін мұның бәрін, Білесіз менің де бір жыным барын. Дауылда құлағаның қайта тұрып, Тереңге тамыр жайсын жұлынғаның! Қысқа өмір атса таңы, күні батқан, Бұлақтай сылдырайды күліп аққан.

Кеудеңіз күміс қобди секілді бір, Сақтаулы бір ғасырлық мұңы жатқан! Жаманның кетті бүгін бәрі қаңғып, Біреудің шашау шыққан малын аңдып. Ал Сізді келе жатыр өрге сүйреп, Ұшына қаламыңның дарыған Құт! Шыққанша қия жолды тау басына, Кім кепіл кештің жүгі аумасына? Өзіңмен оңашада тілге келсе, Түседі тажалдар да тәубасына!

РОЛЛАНҒА Реке, шықтың, міне, алты белге, Барады керуен-көшің тартып өрге. Жасыңнан найзағайдай жарқ-жұрқ етіп, Жайылған азаматсың даңқың елге! Алдырмай алысқанда аңдығанға, Ешкімге дес бермедің самбодан да. Семейдің сан бұзығын сабадың сен, Бірақ та батырмадың қолды қанға. Ер жігіт төске өрлемей тұра алған ба? Қол создың бір арманнан бір арманға. Талай қыз төсегінде аунақшыды, Ғашық боп Сейсенбаев Ролланға! Өткеріп соның бәрін бастан, аға, Жол тарттың Мәскеу деген тас қалаға. Мүйізі қарағайдай жазушы боп, Іздедің басқаны емес, баспа ғана. Кітабың шығып жатты қалың-қалың, Алаулап, жазған сайын жалындадың. Лондоннан аштың-дағы Абай үйін, Шақырдың достарыңның сағынғанын. Шығысты, батысты да кеулесең де, Жарасар Сіз десем де, сен десем де. Діннің де ауылына барып қайттың, Абайдай медресе көрмесең де...

Басыңнан талай-талай өткеріп ой, Жүресің жалғыз жортып көк бөрідей. Әйгілі жазушы еткен сені алдымен, Данышпан қара шалдың мектебі ғой. Алдыңда сайрап жатыр жолдың бәрі, Атыңның жолда қалды болдырғаны. Қай қала, жүрсең-дағы қай қиырда, Әйтеуір ойлайтының елдің қамы. Бір ұлсың туа қалған қазақ үшін, Байқасам, жазушының ғажабысың. Оралмай айлар бойы жортып кетсең, Үйдегі жеңгеміздің азабысың. Күнің жоқ Құлагердей құйғытпаған, Түспесін қолыңнан тек жүйрік қалам. Тойыңа өлеңімді тарту еттім, Мен қайтып бұдан артық сыйлық табам!

ІҢГӘЛАП ЖАТҚАН ЕДІҢ (Тұрысбек Сәукетаевқа) Іңгәлап жатқан едің жөргегіңде, Айғайлап келдің, міне, сен де елуге. Көп шығар алдыңда әлі көрмегенің, Аз емес ал бірақ та көргенің де. Жан бағып жалғыз ғана қаламменен, Келесің аршындаған қадамменен. Сендегі сезімнен де ыстығырақ, Достардың махаббаты саған деген. Білеміз көкірегіңде дарын барын, Ешқашан ойламайсың қарын жағын. Сенбейсің тұрсақ-тағы қанша мақтап, Сенесің кітабыңа қалың-қалың. Көңілдің ақ сауытын кір шалдыртпай, Туыңды қуанамыз тұрсаң жықпай. Үмітсің алтын жіптей үзілмейтін, Жігітсің ашылмайтын сыр сандықтай. Алтайдың топырағында ата-бабаң, Кезің көп сағыныштан қаталаған. Түбінде жүрегіңнің жылап жатыр Сәби күн көзден жасы боталаған. Төгесің ақ қағазға соның бәрін, Елеңдеп алыстағы сарынға мың.

Сен-дағы сағым қуған мен сияқты, Қазақсың бақытың мол, сорың қалың. Табарсың арманыңды сол сағымнан, Тапқандай мөлдір бұлақ саршақұмнан. Қалғанша жер таянып, жағың түсіп, Түспесін жүйрік қалам саусағыңнан.

НҰРТІЛЕУГЕ Арындап арғымақтай арда күнің, Алпысқа сен де келдің, нар бауырым! Жоңғардың жотасындай қары кетпес, Сыйлаған Тәңір саған кең жауырын. Арқалап атан тартар ауыр жүкті, Өткен ғой мына өмірден небір мықты. Сүйініп туа біткен тұрпатыңа, Сенен де үлкен үміт елің күтті. Қастерлеп көне жырын, ескі аңызын, Іздедің бабалардың басқан ізін. Разы ата-анаңның рухы саған, Ақтадың ел парызын, дос қарызын. Мінезің орып түсер алдаспандай, Кім сенің шаужайыңа жармасқандай?! Жақсыға көңіліңнің төрі дайын, Жайдары, жаның таза таңғы аспандай. Келесің түзу жүріп, тура басып, Адассаң халқыңменен бірге адасып. Ақсудың толқынындай аласұрған, Айналдым жүрегіңнен жырға ғашық. Босамай ауыр жүктен кең жауырын, Әр күнің аман жүрген олжа бүгін. Жарқырап атқан таңың, туған айың, Түсірсін жылдар саған мол жарығын... 6-0137

АНАҢНАН АЙНАЛАЙЫН (Мұхамеджан Тілеухановқа) Дүниеге келген жансың, Мұхамеджан, Жусанды Сарыарқада жұпар атқан. Кең дала кескен сенің кіндігіңді, Байжігіт, Тәттімбет пен Тоқа жатқан! Қаз тұрып домбыраға сүйенгенсің, Киесі қонбаса кім иемденсін? Анаңның омырауынан ақ сүт емсең, Домбыра шанағынан күй емгенсің. Күй сенің тірлігің де, тынысың да, Күй сенің отырысың, тұрысың да. Ішегі домбыраның сөйлеп кетсе, Тұрады сенің атың тіл ұшында. Болғанмен тұлғаң кесек, жаның нәзік, Бересің шертпе күймен көңілге азық. Қолыңа домбыра алсаң көсілесің, Аңырап ақ бөкендей бауыр жазып. Халқыңа қаршадайдан күй тартасың, Күйлердің қымбатынан сый тартасың. Өнердің ақ боз үйін асқақтаттың, Тағдырдың отқа жағып итарқасын. Бола ма алтын менен күміс бірдей, Бола ма батыс пенен шығыс бірдей?

Арқалап домбыраңды Жаңаарқада, Алпысқа келіп қапсың тыныш жүрмей. Баянды болсын асқан алты белің, Құттықтап отыр бүгін жарқын елің. Өзіңсің тірі жүрген күй абызы, Білмеймін алды ма едің, арты ма едің?! О, Мұқа, жарасады шалқу бір сәт, Қияға құсымызды талпындырсақ. Қазаққа алтын басты ұлдар берген, Анаңнан айналайын алтын құрсақ!

БАТЫРДЫҢ ҰРПАҒЫСЫҢ (Серікбай Өрікбайұлына) Тіршілік шығармайды төрге бірден, Жетілген азаматсың еңбегіңмен. Ту тіктің елу бестің белесіне, Кеудеңді биік ұстап өр көңілмен. Үңіліп ойлы көзбен бұл өмірге, Сүйесің қыр елін де, Сыр елін де. Халқыңа қаршадайдан қызмет еттің, Намыстың оты маздап жүрегіңде. Батырдың ұрпағысың ел таныған, Өзіңдей некен-саяқ дархан ұлан! Қазақтың біреуімін сусындаған, Көңіліңнің мөлдір таза кәусарынан. Жүрекпен сезіп елдің бар тынысын, Жасаған көз алдыда жарқын ісің! Тынбасын қыран құстай талпынысың, Жасай бер, жан бауырым, халқың үшін!

ТУҒАН ЕЛДІҢ ШӘМШАСЫ (Шәмша Беркімбаеваға) Шыңға біткен гүл патшасы Еңліктей, Қыз төресі екеніңді көрдік қой. Шамшырақтай туған елдің Шәмшасы, Елге қызмет еттің тізе сен бүкпей. Көтерілдің биік-биік сатыға, Дақ түсіріп көрген жоқсың атыңа. Қайғырмадың төмендеген сәттерде, Май құймадың пендешілік отына. Ұрпақ үшін қалмадың бір жанды аяп, Қазақ қызы болсын, шіркін, сендей-ақ. Құбылмадың қиын-қыстау кезеңде, Құбылғанда заман бетін сан бояп. Өзіңді әр кез медет тұтып жүр елің, Жарқылдайды найзағайдай жігерің. Жұртың үшін күнде түсіп майданға, Ұлтың ұшін үлпілдейді жүрегің. Сақинадай жалт-жұлт еткен саусақта, Өмір кейде өзгереді әр саққа. Ерлер құсап тарттың аттың жалынан, Ездер құсап құл болмадың мансапқа. Жаса, жаса, нәзік жанды, әз Әпкем, Ортаймасын келген бақыт азаппен.

Сендей қайсар қызы барда қашанда, Дұшпаны да сыйласады қазақпен! Ырыздығы Алладан ғой әркімнің, Жалпымызға нұрын төксін алтын күн! Қызметіңе мемлекетің разы, Құрметіңе бөлене бер халқыңның!

ЖАСЫМНАН СОҢЫҢА ЕРІП... (Кәдірбек Сегізбайұлына) Жетпістің жотасына шықтың, аға, Биікке байрағыңды тіктің, аға! Қайыспай елдің жүгін көтереді Нар туған өзіңіздей мықты ғана. Бұл жалған өте шығар жортуылдай, Қазақсың құшағың кең, қолтығың бай. Көңіліңнен көпті сүйген айналайын, Зайсанның тебіреніп толқынындай. Заманға мың құбылған қарамастан, Сүйендің қаламыңа бала жастан. Жаз дәурен жалт-жұлт етіп артта қалды, Жақсымен, жаманмен де араласқан. Сезіліп салқын тартқан күз қабағы, Көрінді қыс қарасы бізге-дағы. Бетінде ақ қағаздың сайрап жатыр, Жұрт үшін жүрегіңнің сыздағаны. Күн нұры көкірегінен шашыраған, Ақ көңіл аңқылдаған асыл ағам, Қасқа атты Қамбар батыр секілдісің, Бір өзі қырық үйді асыраған. Халқыңнан басқа, сірә, жоқ сенерің, Көп еді аңсағаның, көксегенің.

Түсіңе сағындырып жиі енеді Оралхан, Кәрібайың, Ақселеуің. Жылдардың көз жіберіп асқарына, Қарайсың тұнжыраған аспаныңа. Қобыздай күңіреніп мұң шағасың Бексұлтан, Қуанышбай достарыңа! Алтайдан мұнар басын бұлт ораған, Ұлтына тірек болар ұл тараған. Табанды тоздыратын тау мен таста Тағасыз талай шапқан тұлпар ағам! Жасымнан соңыңа еріп ағаладым, Саяңды дауыл соқса сағаладым. Жүйтки бер, жүзге дейін енді зулап, Жырыммен тұяғыңды тағаладым.

БИІК БОЛСА... (Амангелді Ермегияевқа) Шын жүйріктің естілер ел шетіне дүбірі, Көк есектің адымы ашылмайды ғұмыры. Толып жүрген шық бермес Шығайбайлар ішінде, Атымтайы жігіттің Амангелді Дінұлы! Саған ырза қазақтың арғысы мен бергісі, Мецанаттың өзіңсің Маман байдай белдісі. Нәр құйсын деп өнердің өзегіне талғанда, Жарылғаптай батырдың тастап кеткен белгісі. Шенеуніктің не керек шапанды мен шендісі, Езуінен еліне келмесе енші бөлгісі. Көнелердің көзіндей, кесектігі өзіңдей, Келетіндер жасасын ұлт жолында өлгісі! Азаматсың арда өскен, тау-даланы тел емген, Тарихыңа үңілсем, сыр қозғайсың тереңнен. Жомарт мінез, сәбидей жаны таза, жақсы аға, Жүрегіңді тербетіп, әлдилейін өлеңмен. Қарағайға ұқсайсың Қарқаралы басында, Алатаудың нұры бар қырау шалған шашыңда. Өлең сыйлап өмірге өте шыққан емес пе, Мұңлы сазы музаның – Мұқағали, Қасым да! Ақындардың қолында жырдан басқа жоқ түгі, Кейігенде кей сәтте күйдіреді шоқ тілі. Асқақтаған тұғырдан көрінерміз біз-дағы, Биік болса алдыңғы ағалардың шоқтығы!

ТОЙҒА ТІЛЕК (Марқұм Тұрсынғазы Әлпейісов досым елуге келгенде оқыған өлең) Жан досым, келдің биыл елу жасқа, Жүрегің шерге толы, көзің жасқа. Қаптаған қалың Суан ортасында, Басқасы бір бөлек те, өзің басқа. Елуің еңкеймесін, жан құрдасым, Тілектес, топырақтас, тағдырласым. Гүл жайнап Жұпар сұлу талдырмашың, Тұлпарың тасқа тұяқ шалдырмасын! Ел жүгін сен бір сабаз арқалаған, Төріңнен той-думаның тарқамаған. Байыппен, бәсең жүріп, басып өттің Талайдың тас кеудесін шалқалаған! Бір ауық ел аңсадың, жер аңсадың, Қайғырсаң, сүйенішің қаламсабың. Түсіңе күнде енеді тыным алған, Боғданың бауырында Кәмал шалың. Адамда арман деген таусыла ма, Әлі де тағдыр сыйлар сан сыбаға?! Бұрқырап, тасты жарып шыға келер, Құдайым ғұмыр берсе тамшыға да!

САЛАУАТ ТУҒАНДА (Белгібай Сахариевке) Белгібай, бір атаның белгісі едің, Жігіттің жоталысы, белдісі едің. Біреуің екеу болып, бүтінделіп, Кеңейді көкжиегің енді сенің! Арқалап аманатын ата-ананың, Көшке ерді қоңырау таққан боталарың. Салауат Сахариев отыр бүгін, Алғалы аталардың баталарын! Бақытың өлшенеді ғұмырменен, Думаның тарқамасын дүрілдеген. Аузына жақсыларға түкіртіп ал, «Қырықтың бірі, сірә, Қыдыр» деген! Ақ үрпек балапаның ұядағы, Ақиық қыран болсын қиядағы. Жалғастың үзілмесе басқан ізі, Өмірдің сол емес пе тиянағы?! Құтылып басқа түскен сор-бейнеттен, Бұл күнге пенде разы өлмей жеткен. Көрсін деп Құдай саған берген шығар, Әкеңнің көп қызығын көрмей кеткен! Тірлікте құлаған бар, жылаған бар, Артында ұрпақ болса кім алаңдар?

Көрмесе бір тойыңды әке-шешең, Тоқсан той жасауға да праваң бар! Сөзімнің соза берсем жоқ қатасы, Түлесін бозінгеннің ақ ботасы! Бір аунап аруақтар да жатқан шығар, Әумин, қабыл болсын көп батасы!

НАМАЗӘЛІ ЕЛУГЕ КЕЛГЕНДЕ Асықтай жігіт едің он тоғызда, Қол жетпес арман болған қанша қызға. Басыңда даңғарадай қалпағың бар, Сен келдің гитара ұстап ортамызға. Самғадың, бозторғайдай шырқадың ән, Қалмадың сұлулардың қыр соңынан. Тебісіп тай-құлындай тату жүрдік, Шыққандай бір ананың құрсағынан. Жастық шақ баста тұрмас әрқашанда, Сол жылдар түске енеді анда-санда. Қалпақты бұлғап жүріп оңға-солға, Түсірдің Клараны торға сонда! Шақырды көкжиектен арман-арай, Тарттыңдар қол ұстасып алға қарай. Жақыннан махаббатты дорбаладың, Алыстан әлдекімше арбаламай. Әрі дос, күйеу бала әрі бізге, Сызылып тұрушы едің бәрімізге. Бұл күнде декан болып – пахан болып, Шалқайып отырасың төрімізде! Өрледің оза шауып тас қияға, Әйтпесе анау маңдай қасқия ма?! Жеңіліп Наполеондай сорлап қайтпай, Сен батыр қорғап қайттың Москвада!

Арзанды олжаламай аз күн жүріп, Әйтеуір, не жазсаң да жаздың біліп. Тауысып төбе шашты, көз майыңды, Ерінбей инеменен қаздың құдық! Уа, Нәке, бәрі де бар бір басыңда, Досың да, дұшпаның да, құрдасың да. Көз салып жан-жағыңа тұрсың қарап, Мінеки, елу деген қыр басында! Елу жас бөліп жеген бөлкедей-ақ, Немесе қыздар жапқан көрпедей-ақ. Басасың қиырларға ертең аяқ, Сен үшін Америка Меркедей-ақ! Шыға бер он жыл сайын әр төбеге, Жете бер абыройға, мәртебеге! Біреулер жүз жасаған ұзақ ғұмыр, Біздерге болу керек келте неге!?. Әніңді, әзіліңді ел сағынды, Көрсетші елудегі дер шағыңды. Тағы да гитараңды даңғырлатып, Киіп ап даңғарадай қалпағыңды. Жылдарды тауыса алмаймын жырлап бірақ, Кешіргей, қалжыңдасам тым қаттырақ. Біз үшін профессор атағыңнан, Баяғы ши қалпағың қымбаттырақ!

ЖАНБОЛАТҚА Есіңде ме, Жанболат, сол бір жаз бен сол бір күз, Алматының аспаны – жарқыраған көп жұлдыз. Аққу ұшып, қаз қонып жатқаннан соң көліне, Елуді бір жаз көріп, ердің жасы деп жүрміз. Жамыраған жан-жағың жасыл еді аршадай, Қаққан қазық секілді қара бала қаршадай. Жанболатты ағалар шарболат деп атаса, Мақтады деп қысылма, шындығында дәл солай. Арасымен жүгіріп жылдар деген жаңбырдың, Ризамыз жеткізген сөресіне тағдырдың. Талабыңды тамақ қып, қаламыңды қанат қып, Тынбай ұшып, топшыңды елің үшін талдырдың. Екі еселеп Тәңірім елу деген жасыңды, Өрге қарай осылай домалатсын тасыңды. Кішіліктің дәйегі, кісіліктің мәйегі, Саған құрмет етемін иіп тұрып басымды.

ДОСХАНҒА Асырып ер бағасын, дос қадірін, Алпысқа сен де келдің, Досхан інім. Жарқырап жастайыңнан көзге түстің, Секілді жылқы ішінде қасқа құлын. Оқ жонған оғлансың – ата көрген, Нәсілің қабырғалы, жоталы елден. Ауылыңнан Алматыға аттанарда, Қарт Алтай қолын жайып бата берген. Домалап талабыңның өрге тасы, Иншалла, қабыл болды тау батасы. Өнердің өрімдей жас баласы едің, Атандың ақ сақалды енді атасы. Жаныңа домбыраны жолдас қылып, Біржан боп ән саласың малдас құрып. Келесің Қарсақбаев Абдолла мен Айманов Шәкен жолын жалғастырып. Тайсалмай тәуекелге белді буған, Күндерің көз алдыда банды қуған. Айтайын қайсыбірін жіпке тізіп, Артыңда ұлы дүбір – қалды думан. Қызғаныш, қиянаттың бірін көрмей, Биікке кімнің туы тігілгендей?.. Қалмақтың қонтайшысын бейнеледің, Қаһарлы Қалдан-Серен тірілгендей!

Айналып адал туған сендей ұлдан, Сүйеді қалың елің маңдайыңнан. Бір сырлы, сегіз қырлы азаматсың, Табылған тоқсан өнер өн-бойыңнан. Сілтей бер, жан бауырым, кеңге құлаш, Ұл тумай ұлылыққа ел жарымас. Тәңірі жайсаңдарды көпсінбестен, Сені де бұл қазаққа бергені рас! Ешкімге жан емессің айбат қылған, Мінезің сүт бетіндей қаймақ тұнған. Ақ ордаң алты қанат құтты болсын, Ішінде бұлбұл құсың сайрап тұрған!.. 7-0137

КӨПЕН, ҚАЙДА БАРАСЫҢ? Құс келгенде сен тудың, Құс қайтқанда мен тудым. Бес ай бойы бесікте, Менен бұрын талпындың. Шүмегіңді сарғайтып, Түбегіңді толтырдың. Қаз тұрдың да тәй бастың, Дедің жүрмей қоймаспын. Әкімдей боп, әкеңнің Тізесіне жайғастың. Жарғақ құлақ, мес қарын, Өзі болдың тоймастың. Тәтті көрсең тамсандың, Алты жаста ән салдың. Қожанасыр көкеңдей Көк есекке ер салдың. «Көпен келе жатыр!» деп, Айналаңа жар салдың. Бармақ басты баласың, Айың үлкен ағасың. Алдар көсе – арғы атаң, Тазша – түпкі нағашың. Қайдан келе жатырсың, Қайда кетіп барасың? Көпен көке, сездің бе, Қорек болар сөз кімге?

Бес тиынмен барушы ек, Бейнет көрмей ҚазМУ-ге. Мансапқорды мәз қылған, Мына өмірде мазмұн не? Қой, қой, Көке, қоқима, Сөзіңді жұрт тоқи ма? Алдағаның Алмажан, Таңдағаның сатира. Сатып алып жүрсің бе Сау басыңа сақина? Азаматсың аты бар, Жүрегінің оты бар. Тұрған жерің – Алматы, Туған жерің – Отырар. Барыс жылғы барыссың, Бұғып жатыр атылар! Қой, Көкешім, қабынба, Деміңді ал, дамылда. Ұқсайтұғын сабынға, Ұлықтарға жалынба! Өлсе сені қоспайды Парламенттік табынға. Қышымасын иегің, Тайқымасын тиегің. Мұрны жырық келеді Көзі соқыр түйенің. Етің әкімдердікі, Еліңдікі сүйегің.

Көпен, қайда барасың, Қай төбеге қонасың? Күзеткелі жүрсің бе Шенеуніктің қорасын? Өзіңе де сол керек, Сабасын да тонасын!..

ОТАНЫҢ ҚЫМБАТ (Бекен Кемелбековке) О, Беке, бүгін дәміңді таттық бұйырған, Жақсы мен жайсаң төріңе келіп жиылған! Шұбартау жері ақтылы қойға мыңғырып, Балғаның басы босамаушы еді сиырдан. Қарасаң енді ойменен шолып қиырдан, Күрсінеді елің аруаққа ғана сиынған. Бақанас саған ботадай боздап жылайды, Сарқылып суы, жағада талы сұйылған. Қайран ел өтер жол тауып шатқал-қиыннан, Ырыздық сауып тамшылап аққан тиыннан. Бұзылған бірақ мектебің келмес қалпына, Кірпіші кеше қолымен әкең құйылған. Кетпейді бұл жай менің де, Беке, миымнан, Надандық пенен малғұндық қашан тыйылған!? Төбесін ашып, тақтайын отқа жағыпты, Әлдебір әкім танауын көкке шиырған. Балалық күннен сол еді бізге бір белгі, Ол да жоқ енді, тартасың сотқа кімдерді? Бақыттың күні басыңда шалқып сен тұрсың, Бекітіп алып, биікке шығып іргеңді! Жасай бер өрде, өрелі туған жайсаңым, Арманға жетпес санаумен қазақ қой санын.

Ауыл мен бауыр ойыңнан ешбір шыққан жоқ, Қарсы алдың күліп, құшағын саған жайса кім! Желкілдеп өссін немерең алтын құндақты, Бір ғажап өмір іңгалап саған тіл қатты! Атаң да қымбат, ботаң да қымбат, жан досым, Отаның бірақ бәрінен соның қымбатты!!!

ДОСҚА (Құныпия Алпысбаевқа) Құнашжан, келдің, міне, сен де алпысқа, Қарайсың ой жіберіп енді әр тұсқа. Бір кезде Алматыда жүруші едік, Ұмтылып ұстатпайтын арман-құсқа. Қырық жыл қатар жүріп ғұмыр кештік, Сырластық, той тойладық гуілдестік. Тұрмасақ сағынушы ек апта сайын, Шырқаған «Сары бидайды» үніңді естіп. Ержеттің әкең менен анаң қолдап, Көп әлі бақыт құсы саған қонбақ. Жастық шақ Алматыда қалып қойған, Аулайды көңіліңді сәлем жолдап. Алпыстың мықтап ұстап қыл шылбырын, Алшаңдап Астанада жүрсің бүгін. Жігітсің қаршадайдан естіп өскен, Мөлдіреп таудан аққан су сылдырын. Сусындап жүрегіңнің тұнығынан, Жаныңды бір досыңмын шын ұғынған. Сел жүріп, дүние көшіп жатса-дағы, Келмейді Сырдың суы жұлығыңнан. Сабаз да, сырбаз да сен саспайтұғын, Сабырың сабасынан аспайтұғын.

Әліптің артын бағып әрқашанда, Табаны сызды жерді баспайтұғын. Сақталған секілдісің асыл мұра, Сыйлайтын досың түгіл қасыңды да. Өзгеге қия алмаймын, қадірлі дос, Үзіліп түскен бір тал шашыңды да. Ежелден етек-жеңі кең жайылған, Қазақтың баласысың мал қайырған. Күн сүйіп жарқыраған маңдайыңнан, Өлгенше ән кетпесін таңдайыңнан!

СЕЙІЛҒАЗЫҒА Әкең тартып домбыра, өзің қалам ұстадың, Көріп өстің көк өзек кер заманның қыспағын. Қара пышақ жалғанда қан түбінде қалған ба, Сертке соққан семсері сенсің шебер ұстаның! Ертегідей есіңде Емілдегі қыстағың, Мекен еттің пейіштей кең даланың пұшпағын. Балапан қаз секілді бергі бетке өткен соң, Алакөлге белгілі қонғаның мен ұшқаның. Мың құбылған көрдің бе дүниенің мыстанын, Көк түтінге ендің де көкіректі ыстадың. Көз алдыда кешегі көлдей кешіп көшені, Сейіл сері атанып, айдай ару құшқаның! Өмір деген ойласаң, өте шығар қысқа күн, Алматыда досың көп, жоқ бірақ та дұшпаның. Ұлы бабаң Қабанбай қуса қалың қалмақты, Үркіте алмай сен жүрсің жаудың қара тышқанын... Өле-өлгенше тарқамас көңілдегі құштарың, Өрнегіне ғашықсың елудегі нұсқаның. Күдеріңді үзбейсің көк тұлпардан, бауырым, Жұртта қалған іздейсің алтын ердің пыстанын!..

МЕДЕТКЕ Ұшқынын алаулатып жан отының, Елуге келіп қапсың, Медет інім! Серпінін бала жастан сезіп өстің, Шығыстан ұшқан қыран қанатының. Жігітсің ата көрген – оқ жонатын, Жөнің жоқ жасқанатын, қорғанатын. Елуің құтты болсын, ерке бауыр, Кезең бұл ойланатын, толғанатын. Көп әлі көрмегенің көргеніңнен, Шалқисың өрге тартып өр көңілмен! Еліңе сол баяғы сәбидейсің, Елуге әжептәуір келгеніңмен. Туғансың текті әкеден, текті анадан, Тұлпардай кекіліне шоқ қадаған. Халқының қолқанаты болған ұлға, Қашанда Қызыр дарып, бақ қараған. Риза ұрпағына Құлжан атаң, Үмітін ақтадыңдар туған Отан! Алдыңда Медғаттай ағаң барда, Демейсің отқа жанып, суға батам. Ақ көйлек, аңқылдаған, асыл бауыр, Жақсының бәрі, міне, қасыңда жүр. Қазақтың аспандайтын келді кезі, Осынау бақыт қонған ғасырда бір.

Елу жас көрсетеді жол ортаны, Арқаңа ауыр жүгін ел артады. Айналаң гүлдей жайнап тұрған кезде, Жастығын адам қалай жоғалтады! Қызықты бірге көріп еліңменен, Аса бер асулардан сенімменен. Бау-бақшаң – бала-шағаң өсіп-өніп, Жүзге жет қол ұстасып келінменен!

ҰСТАТПАС ЖҮЙРІК УАҚЫТ (Нағашыбай Атшабаровқа) Уа, Нәке, болсын мынау тойың құтты, Жігітсің бойың мықты, ойың мықты. Үйіңе тұңғыш келін түскен кезде, Жасапсың тойға мықты дайындықты. Бұл тойға қалың қазақ жиылыпты, Жан-жақтан аққан судай құйылыпты. Келіннің оң аяғы құтты болсын, Бір жұлдыз маңдайыңа бұйырыпты. Бейбітің тұңғыш ұлың – төлдің басы, Отызда орда бұзар ердің жасы. Балаңның құтты болсын таңдап жүріп, Қондырған алақанға қарлығашы. Ұстатпас жүйрік уақыт қашағандай, Қарашы, бүгін қандай, кеше қандай! Шиыршық атқан шымыр жігіт едің, Денеңді тастан құйып жасағандай. Бұл күнде генералсың буырыл шашты, Тарпаңдай басып келген тау мен тасты. Әйкен де ене болды ақ самайлы, Сұлу қыз ай маңдайлы, қалам қасты. Бұл келін көптен күткен келін еді, Қалайша жақсы келін ерінеді.

Әйкеннің қолын малар жылы суға, Дильяра текті жерден көрінеді. Бұл тойға ана келді, ата келді, Аттарын шыға алмаспын атап енді. Шалынсын тәңірінің құлағына, Балаға генералдар бата берді. Төріңде немерелер салып ойнақ, Көбейсін төңірегіңде ауыл-аймақ! Немерең өзіңнен де оза шауып, Қамықсын туған елдің қамын ойлап!

СЕЗЕРСІҢ СӨЗ АСТАРЫН (Марқұм Дінәш Нұрмұғамбетов елуге келгенде жазылған өлең) Кісіге елу деген – ердің жасы, Көкорай, айдын шалқар көлдің қасы. Қуалап Сарыарқаның сай-саласын, Жоңғардан соғатұғын желдің басы. О, Дінәш, өтті деме серпінді жас, Сермей бер баяғыдай еркін құлаш. Жастықтың гүлжазира даласында, Жел тербеп, жапырағың желпінді рас! Жүрекке лапылдаған шоқ тастаған, Ол дәурен енді айналып соқпас саған. Түнеріп тас төбеңнен төнсе де аспан, Жарқылдар алмас жігер тот баспаған. Сезерсің сөз астарын, мен не дермін, Саған да жайы мәлім шөлдегеннің. Көкпарға күнде салған көк дөнендей, Шабылып шаршы топта терлегеннің. Жасқанып, жалтарғанмен жан қала ма, Жасыңнан түсіп бақтың сан додаға. Сүрінбей соқпақтардан өттің аман, Тұрғандай бар бақытың сонда ғана. Разы сияқтысың өмірге бұл, Жібектей майда мінез, мамыр көңіл.

Ешкімнің ала жібін аттамаған, Жігітсің сертке берік, сенімге құл! Жолынан жаңылмайды адал кісі, Халқыңның саған деген мол алғысы. Алтын ер астыңдағы қисаймасын, Тағылған тоғыз қабат таралғысы! Елуге онша сенбе, көңілшегім, Ырқыңа көне бермес өмір сенің. Бұл жаста басқанікін Құдай білер, Қыздай боп көрінеді өз келіншегің... Жүйріксің бауыры жазық, қолтығы кең, Дүбірі естілетін жер түбінен. Елуге келмесем де елең қағып, Сені ойлап, көз ілмедім мен түнімен!

ТӘНТІМІН МІНЕЗІҢЕ (Нұрлан Исабековке) Нұрланжан, келдің, міне, сен де елуге, Аз емес елу жылда көргенің де. Қазақтың ерек туған бір ұлысың, Тәрбие, тәлім көрген жөргегіңде. Жасыңнан талай жолды басқан ерсің, Асудан қар бораған асқан ерсің! Қазақта «Фолиантты» кім білмейді, Бұл күнде аты шыққан баспагерсің! Інісің – үлкендерге, кішіге – аға, Жігітсің жаны дархан, ісі дара. Арпалыс, алмағайып мына өмірде Кісіні түсінеді кісі ғана. Тәнтімін мінезіңе майда желдей, Көкірегің жарқыраған айна көлдей. Шашылып кейде жомарт Атымтайдай, Жүресің көк тиын да пайда көрмей. Аспанда жайнай берсін күнің сөнбей, Үлбіреп бақшаңдағы гүлің сембей. Алаңсыз алшаңдаймын Астанада, Арқамда тұрған кезде інім сендей! Бауырым, ердің жасы – елу деген, Жасай бер, өрге тартып еліңменен! Өтсе де қанша ғасыр сөгілмесін Түптері томдарыңның желімдеген!..

СЕРІК АҚЫН (Серік Тұрғынбековке) Асқаның – алты қырқа, Серік ақын, Аяғың жеткен жердің бәрі жақын. Қамшының сегіз таспа өріміндей, Өлеңмен бірге өрілген сенің атың! Өлеңсіз өмір бар деп сезінбейсің, Сезімнің мөлдіреген өзіндейсің. Кешегі Кеңшіліктің сыңарындай, Сырбай мен Ғафулардың көзіндейсің. Тудың да байтақ Торғай даласында, Жастығың өтті Алматы қаласында. Алпысқа келіп қапсың арындаумен, Байқамай қас пен көздің арасында. Ақынсың жаныңа кір жолатпаған, Тойымсыз бай емессің жалақтаған. Нысана – басыңдағы аппақ шашың, Ақ бұлттай аспаннан кеп қонақтаған. Келесің бұлтты шайқап басыңменен, Беттесіп жарқылдаған жасынменен. Шулатып шұбар ала ғасыр өтті, Бөрідей шу асауды басып жеген. Жырладың мұңға батқан кең далаңды, Береді әрқашан да ел бағаңды. Тересің жыр маржанын тұңғиықтан, Білмейсің арзан сөзбен алдағанды. 8-0137

Кетсе де тажал заман тайқып ақыр, Әлі де тағдыр жолы қайқы жатыр. Кесілген басын іздеп, мазаңды алып, Түсіңе кіреді ылғи Кейкі батыр. Сондықтан тыным алмай толғанасың, Күн сайын қаламыңды қолға аласың. Қияға қиырдағы көзің салып, Қырандай қанатыңды қомданасың. Ұланы байтақ елдің байтақ ақын, Кезің бұл айтарыңды айта алатын. Тулаған тіршіліктің айдынында Жөнің жоқ желқайықтай шайқалатын. Дүние екі жүзді – айнымалы, Шын ақын оған несін қайғырады? Өкінбе қалтаң жұқа болғанына, Болған жоқ жырдан асқан байлық әлі!

ЖАҢЫЛМАС КІСІЛІКТЕН Кімдерді тудырмаған ұлан дала, Дем берген тұлпарға да, қыранға да. Мараттар толып жатыр бұл қазақта, Нәбиев Әскенұлы біреу ғана. Нәбидің немересі Әскенұлы – Елім деп, аға сыйлап өскен іні! Соққысын сом балғаның қайта серпер, Ұстаның қайыспайтын төс темірі. Жата ма үйде тыныш ер баласы, Шақырса қиырларға кең даласы. Жаңылмас кісіліктен, кішіліктен, Болса да Нұрмағамбет паң бабасы. Бұл Марат – көпке мәлім ел Мараты, Қашанда қазағының қолғанаты. Жарқырап жан-жағына сәуле шашар, Жақсының жүрегінде жанған оты.

БҰТАҒЫҢ БҮРШІК АТЫП... (Жүнісбек Қабыкейұлына) Уа, Жүке, мына тойда біз отырған, Жүз өлең жаусын бүгін жүз ақыннан. Бойжетіп, батаңды алып, отау тігіп, Қыз жолы құтты болсын ұзатылған! Балапан бауыр басып арман-көлге, Әселің балдай батсын барған жерге. Беттеген болашаққа жас керуен, Биіктеп, аса берсін белден-белге. «Адамның бір қызығы бала емес пе» – Деген сөз баяғыдан бар емес пе?! Әселің өміріңді жалғастырар, Қауызды жарып шыққан дән емес пе! Дүние жалт-жұлт еткен желкен қайық, Бүгінгі көрген дәурен ертең ғайып. Бұтағың көктем сайын бүршік атып, Қаулай бер, көк ормандай өркен жайып. Әселдің бағы жансын Еділменен, Үй болсын ұлтын сүйіп, елім деген. Мың жылдық құдалығың құтты болсын, Бақыты шаңырақтың келінменен! Жігіттің сен-дағы бір дарханысың, Жақсының жанындағы қалқанысың.

Еділ де ұлыңдай боп іштен шыққан, Өзіңдей жер танысын, ел танысын! Өскенде өз халқына жаны ашыған, Қазағым айналмай ма баласынан! Жастардың арманы жоқ деп ойлаймын, Бата алған кілең жайсаң ағасынан! Кез емес сая қуып салқындайтын, Заман бұл найзағайдай жарқылдайтын. Тұлпардың үлгі болсын басқан ізі, Ел үшін өрге салса алқынбайтын!

БАТА (Болат Садықовқа) Болатжан, жасқа толды Айбарысың, Құлындай күтіп тұрған тай жарысын.. Айбарыс туа қалды Алла беріп, Жүргенде ұлға зар боп қайнап ішің. Ұланың арыстандай азамат боп, Қорғасын Қабанбайдай ел намысын. Тәңірі таңдайыма тіл беріпті, Тағдырын туған елдің толғау үшін. Сені де құдай бекер жаратпаған, Көп жортқан жоны шұбар жолбарысым. Табаның тау мен таста таймай жүрген, Жігіттің жылқы мінез тарланысың. Балаңа Төлегетай бабасының Киелі қасиеті мол дарысын. Ас беріп, аруағына сыйынған соң, Риза боп ұлы баба қолдады шын. Айбарыс сол дананың ізін қуып, Тигізсін ел-жұртына қолқабысын. Қыранға қанат керек самғау үшін, Тұлпарға тыныс керек талмау үшін. Адамға ұрпақ керек ұл боп туған, Өмірін болашаққа жалғау үшін. Не керек тірі жанға одан артық, Басына бақыт келіп орнау үшін. Байлық та, батырлық та, бағландық та Кешегі бабалардан қалғаны шын. Айбарыс – айбатың да, қайратың да, Іргеңнен жел өткізбес қорғанышың.

Ақырсаң азуыңды айға білеп, Қақ жарған қара бұлтты зор дауысың. Дүние – мың құбылған қызыл түлкі, Аз күнгі көңіл аулар алданышың. Мұраң да, мұратың да ұрпақ қана, Байқасаң тіршіліктің бар мәнісін. Бабаңыз Төлегетай қалды емес пе, Мекендеп Сыр бойының нар қамысын... Тұрмайды тірлік, шіркін, бір қалпында, Бұлдырар ай мен күндер жылда артыңда. Өмірің аққан судай құмға сіңер, Қалмаса соңыңда бір ұлдан тұлға. Айбарыс қызмет етіп қазақ үшін, Самғасын қыран құстай шыңнан шыңға! Қанатын керегедей кеңге жайып, Атағы аспандасын ерге лайық. Атадан қонған құты көпке дарып, Жырғасын кедей-кепшік демде байып. Аруақты азаматпын ата көрген, Жүйріктей асқан талай жота-белден. Қазақта біреу ғана мендей ақын, Өлеңмен Айбарысқа бата берген! Өмірдің алға жылжып көші барар, Ақынның сөзден басқа несі қалар?! «Бір атам бата беріп кетіпті» – деп, Айбарыс үлкейгенде есіне алар! 19.08.2013

РЫМҒАЛИ АҒАМЕН ҚОШТАСУ Шалқыған нұр сөнгенмен жүзіңдегі, Ағатай, үлгің өшпес ізіңдегі. Қапыда қиын болды-ау ғұмырыңның Домбыра ішегіндей үзілгені. Ұйтқыған қасіреті көк дауылдай, Япыр-ау, неге шықтың жолға мұндай? Қадалды қайдан ғана қарғыс атқыр, Ажалдың азу тісі қандауырдай? Тойлайтын жетпісіңді кезің еді, Еске алсам ет жүрегім езіледі. Сен едің қара тілді, айыр көмей, Бүгіннің Қаздауысты Қазыбегі. Елес боп жарқын бейнең нар тұлғалы, Шұбырып көшің қалды артыңдағы. Түсіме үш ұйықтасам кірмеп еді, Жазам деп қаралы өлең сен туралы. Күңіреніп Алматың да, Астанаң да, Аңырап қала берді баспанаң да. Бақыттан бал құятын тостағанға, Қызығың көп еді ғой тосқан алда. Осылай болады деп ойлаған кім, Ағатай, қайдан келдің, қайда бардың? Қайғыңды көтере алмай әзер тұрмын, Түнеріп төбемдегі жайнаған күн.

Дөңгелеп ай мен жұлдыз аспаныңда, Жетпіс жыл өте шықты қас-қағымда. Халқыңа қош айтпастан кете бардың, Опасыз бұл жалғанды тастадың да. Алдыңнан жарылқасын, асыл аға, Өкініш жылағанмен басыла ма? Бітпестей көріп жүрген тіршіліктің Екен ғой бар болғаны осы ғана...

БАУЫРЫМ (Дәлелханды жоқтау) Тұңғиықтай терең едің, бауырым, Тіккен тудай бөлек едің, бауырым! Ажалыңа көніп тұрмыз амалсыз, Қазағыңа керек едің, бауырым! Алты Алашқа туыс едің, бауырым, Ағайынға тыныс едің, бауырым! Егескенге жібермейтін намысын, Қиып түсер қылыш едің, бауырым! Азаматтың серкесі едің, бауырым, Ауылыңның еркесі едің, бауырым! Ойда жоқта есімізден тандырып, Кеткенің не ерте сенің, бауырым?! Жақсы атаның көзі едің ғой, бауырым, Ақ батаның сөзі едің ғой, бауырым! Топырлаған тор қасқаның ішінде Марғасқаның өзі едің ғой, бауырым! Шын асылдың сынығы едің, бауырым, Шымырлаған тұнық едің, бауырым! Тарбағатай жотасына шыққанда, Ойнақтаған құлын едің, бауырым! Көппен бірге еңіреттің, бауырым, Қабырғамды сөгіп өттің, бауырым!

Қасіреттің қара аспанын төндіріп, Қара жаңбыр төгіп өттің, бауырым! Ұрпақтарың ержетеді, бауырым, Заман көшіп желдетеді, бауырым! Құшағында мәңгі-бақи әлдилеп, Жер-бесігің тербетеді, бауырым! Аққан судай аласұрып тасыған, Өмір заңы осылай ғой басынан. Қош, бауырым, жаның болсын жәннатта, Ата-бабаң орын беріп қасынан!

МИРАШ АҒА (Мейрамбек Жанболатовтың рухына) Айналдым аруағыңнан, Мираш аға, Білуші ең сырласа да, сыйласа да. Амалсыз қара жерге елің берді, Ажалға сендей ерді қимаса да. Жоғалтып күміс қанат алтын құсын, Күңіреніп тұрған шығар Хан-Шыңғысың. Кеудеңнен күміс әуен төгілгенде, Байытып тастаушы едің халқыңды шын! Жаныңды қайдан ұқсын ән бөлеген, Өнердің дәмін татып дәндемеген?! Уағында қай жақсының нарқын білген, Дүние шыр айналып дөңгелеген? Бағаңды білмеген соң кемді күнде, Сан әуен көкірегіңде сөнді бірге. Ат басын Шыңғыстауға еркін тіреп, Япыр-ау, еркелейміз енді кімге? Шарықтап шығатұғын әні көкке, Дариға-ай, сағындырды Жәнібек те. Асылдың қолда барда қадірі жоқ, Өтеді жоғалғанда зары көпке!.. Қалдырған өлмейтұғын әннен мұра, Сөйлесең секілді едің сал домбыра.

Төбеңді тағдыр қайта көрсетер ме, Іздесем ат сабылтып елден мына?.. Тірліктің қысқа жібін жалғап мынау, Әніңмен талай биік самғаттың-ау! Шалқайған шал көп шығар Қарауылда, Бірақ та, Мираш ағам, сен жоқсың-ау!..

ХАЛҚЫҢА КЕРЕК ЕДІҢ... (Ғабдолла Құлқыбаевтың рухына) Үміттің ұшқындаған шоғы сөнбей, Отырмын өлгеніңе әлі сенбей. Жақсыға жаттығы жоқ, жайсаң аға, Аз еді-ау азаматтың нары сендей! Уақытқа шара бар ма жел қанатты, Шыққан күн шыр айналып демде батты. Жүргенмен біреулердің жері кеңіп, Батып тұр сенің қайғың елге қатты. Құландай қырда жортқан арда өсіп ең, Еңбекпен келіп еді бар несібең. Ер Нияз бабаң құсап шепті бұзып, Ғылымда мұз төсеніп, қар кешіп ең. Халқыңа алдыменен керек едің, Бір сырлы, сегіз қырлы – кемел едің. Құшағың кең еді ғой, қайран Ғаба, Ашылса ауқымындай керегенің. Өртіне қиянаттың жанып өлдің, Қайысты қабырғасы қалың елдің. Төрінде тіршіліктің ертелі-кеш, Тұрады үңірейіп сенің орның...

ҚАЗАҒЫ ҰМЫТПАЙДЫ (Әзиза Нұрмаханованың рухына) Жас кезде жақсыларға тартып өстік, Сақтадық кісіліктің салтын өстіп. Мақтаныш кернейтұғын кеудемізді, Алыстан Әзизаның даңқын естіп. Шықты деп қазақ қызы топты жарып, Бөрікті аспанға аттық бек қуанып. Дариға, озып туған сол апамыз Жұлдыздай жарқ-жұрқ етіп өтті жанып. Таланты қаршадайдан көзге ілініп, Білімде инеменен қазды құдық. Ғылым мен парасатты тең ұстады, Әрқашан халқына айтар сөзді біліп. Тебіреніп алған сайын қолға қалам, Күні жоқ туған елін толғамаған. Ойларын самғататын қуат алып, Асқар тау, асау өзен, кең даладан. Ұрпағы шалқып өссе толқын атып, Табады болашақта халқы бақыт. Қазақтың қызы осындай болады деп, Ортасын отыратын жарқыратып. Елінің Әзиза да алтын қызы, Өшпейді көз алдыдан жарқын жүзі.

«Шығыстың шынарындай» еңбегі бар, Қалғанның арманы жоқ артында ізі... Ұрпағы оның ізін суытпайды, Әспеттеп атақ-даңқын ұлықтайды. Біреулер ұмытса да бірге жүрген, Қазағы Әзизасын ұмытпайды.

ҚУАТҚА КӨҢІЛ АЙТУ Қуатжан, көз жазыпсың Балташыңнан, Баланың ішіндегі ерке асылдан. Үсікке ұрыныпты абайсызда Жауқазын гүлі жайнап ерте ашылған. Адамның бұрын-соңды жаратылған, Ажалға ешбірі жоқ ара тұрған. Сен түгіл Лұқпан Хакім, ұлы Абай да Мезгілсіз қайырылған қанатынан. Қайғыны қарсы алмасаң ақылменен, Жалғанның бас-аяғы жақын деген. Білесің Базары мен Назарынан Айрылып зар илеген ақын Кенен. Қиылып талай қыршын өмір өткен, Іздесең толып жатыр төңіректен. Бұл ажал жортып жүрген Жошыны алып, Қаһарлы Шыңғысты да еңіреткен. Болған соң өзіне жөн бір Алланың, Қайырып қайта бермес шын алғанын. Амал не, өле-өлгенше тарқамайды Кеудеңе шер боп қатқан бұл арманың. Қайғыңды бөлісетін халқың барда, Хақың жоқ серпілмеуге, талпынбауға. Қайтесің жылайсың да, шыдайсың да, Жұлынбас жапырағы жан туған ба? 9-0137

Үміттің шорт үзілген жібін жалға, Жетелеп желкілдеген ғұмырды алға. Егіліп жылай берме, ақ бестінің Соңында ізін басар құлын барда. Тәтті ғой көрінген соң бала балдан, Жұлдыздай жарқ-жұрқ етіп жана қалған. Немерең – Алдиярың аман болса, Бауырың бүтінделер жараланған! Көтерер азаматсың нардың жүгін, Жеңеді жазғырғанмен тағдырды кім? Қайғыға қайратыңды қарсы қойып, Кере жұт келе жатқан таңның нұрын!

АЛДИЯРҒА Алдияр, атаң саған той жасады, Бұрқылдап қара қазан, майлы ошағы. Қадамын құтты болсын, айналайын, Қашанда ат тұяғын тай басады! Жиналған көптің бүгін батасын ал, Балалық бал дәуренің өте шығар. Қазақта сендей бала некен-саяқ, Қуаттай нар тұлғалы атасы бар! Арқаңда атаң барда жасқанбайсың, Өмірдің еншісінен кеш қалмайсын. Әзірге ұядағы балапансың, Қанатың қатайған соң аспандайсың! Ұшасың қиырларға сен де самғап, Қонасың биік-биік жерге таңдап. Тірліктің тартысында алдыменен Түседі елін сүйген ерге салмақ! Өткен ғой бабаларың небір мықты, Оларды уақыт деген дауыл жықты. Солардан қалған сарқыт сенің атаң, Атаңдай көтере біл ауыр жүкті! Қайраса қара тастай ел намысы, Жалғанға кетпес, сірә, жалған ісі. Ермактың талқан қылған ескерткішін, Атаңдай бол ұлтыңның қорғанышы!

Көңіліңнің сәуле қонсын сарайына, Алдияр, ақын сөзін ал ойыңа! Мал жияр дүниеқоңыз жетіп жатыр, Ел жияр азамат бол маңайыңа!..

ЕРКЕҒАЛИ РАХМАДИЕВПЕН ҚОШТАСУ Халқым деп көкірегің қақыраған, Өмірден сен де өттің-ау, батыр ағам... Жұтпаған сұм жалғанда қай жақсыны, Жалмауыз – ажал деген аты жаман. Арда едің алыптардың соңына ерген, Әр қазақ марқаятын сені көрген. Тұйғындай төнуші едің күйсандыққа, Сәтіңде толқын атып тебіренген. Алдында әлдекімнің сызылмастан, Алмастай жарқылдады жүзің жастан. Еліңнің еркесі едің, серкесі едің, Мұқанның шәкірті едің ізін басқан. Тарлан ең қиыннан жол таба білген, Арлан ең дұшпанға азу сала білген. Тайдай боп тұлпарға ерген жүруші едім, Іздесем, енді қайдан табамын мен? Қашанда үстіңде еді елдің жаны, Жайнайтын сен отырған төрдің бәрі. Талдырдың өзегіңді халқың үшін, Халқың да қанатыңды талдырмады. Жұртыңды жүрегіңмен тербедің де, Сексен жыл самғап ұштың ел көгінде. Жан аға, мазасыз ең, тыныш ұйықта, Бұйырған жер-бесіктен жөргегіңде...

ҚАЖЫМҰРАТТЫ ЖҰБАТУ Қажеке, басқа түсті ауыр қайғы, Егіліп жаның қалай ауырмайды? Артында қалған құлын аман болсын, Жоғалған құлагерің табылмайды. Сұм тағдыр суық жүзін жасырмайды, Сұм ажал жапқан есік ашылмайды. Адамның бала, шіркін, бауыр еті, Оңайлық іштегі өртің басылмайды. Салған соң амал бар ма құдай сынға, Құдайға қарсы келіп ұнайсың ба? Қайыспас ер едің ғой, нар едің ғой, Қайтесің, жылайсың да, шыдайсың да. Келіп тұр қалың елің көңіл айтып, Өзіңмен бірге егіліп зарын айтып. Қайғыны сен иықпен көтермесең, Көтерер Рәшжанның белі қайтіп?

БАЛАЛАРҒА АРНАЛҒАН ӨЛЕҢДЕР МЕН ЕРТЕГІЛЕР

ЖОЛЫҢ БОЛСЫН Атам шықса сапарға: – Жолың болсын! – дейді апам. Апам шықса сапарға: – Жолың болсын! – дейді атам. – Жолың болсын! – дейді олар Үлкенге де, кішіге. – Жолың болсын! – дейді олар Ұшырасқан кісіге. Осы сөзде байқадым, Қуат барын, күш барын. «Жолың болсын!» айтамын, Алыс жолға шықса кім. АСЫҒУ Қарап тұрсаң, барлығы да асығыс, Санап тұрсаң, жатыр бастан асып іс: Көкте асығыс құстар ұшып барады, Асығып жүр құмырсқа жем тасығыш. Асау өзен арнасында асығар, Кемпірқосақ көкке асығыс асылар.

Асығады көктем қайта келгенше, Асқар тау да бауыры – жаз, басы – қар. Күн асығыс дөңгелейді аспанда, Бұлт асығыс бір селдетіп тастауға. Асығады жеміс біткен пісуге, Асығады өскенінше жас тал да. Әр минуты түсетіндей қымбатқа, Жұмыс бітпей қалатындай күн батса, Күні бойы асығады адамдар, Асығады бар дүние бір жаққа. Тым асығыс поезд зулап барады, Тыным таппас телеграф бағаны. «Жедел жәрдем» зырылдайды жұлдыздай, Әлде науқас, әлде перзент хабары. Көк жайлауға жеткенше асық малшы да, Асығады омартаға балшы да. Бу асығыс ұшып кетті биікке, Айналуға қайта мөлдір тамшыға. Уақыт тығыз. Асықпауға бола ма? Сауыншы асық, айран керек балаға. Егінші де, наубайшы да асығыс, Асықпаса дүкенге нан тола ма? Зыр айналып сан айлар мен сан апта, Асығып тұр шықылдаған сағат та. Бара жатыр мектебіне жүгіртіп, Оқушы да кешікпеуге сабаққа.

Шұғыласын таратуға әр күні, Асығады ең алдымен таң нұры. Ертеңінде жету үшін бақытқа, Асығады, асығады барлығы... МЕКТЕП Сарғыш тартып күллі алап, Жеміс пісті – Күз келді. Шақырады мұндалап, Мектебіміз бізді енді. Жүрегі алып ұшады Жетідегі баланың. Ыстық мектеп құшағы, Құшағындай ананың. Көзінен нұр төгілер, Балалық шақ – алтын күн. Өз үйіндей көрінер, Өз мектебі әркімнің. Саяхаттап жыраққа, Таныстық жер сәнімен. Мектебіміз бірақ та Әсем екен бәрінен. Бардық көлге, бұлаққа, Жаздың әсем әнімен. Мектебіміз бірақ та Саялы екен бәрінен. Бақта піскен албырап, Таттық жеміс нәрінен. Мектебіміз ал бірақ, Мәуелі екен бәрінен!

ОҚУЛЫҚ Саған білім жемісін Оқулығың береді. Талай адам сол үшін Маңдай терін төгеді. Орманшының аялы Алақаны өсірген, Сансыз ағаш саялы, Қағаз үшін кесілген. Ағаш кесіп қанша адам, Ормандарда жүреді. Аға қанша шаршаған, Ағаш тиеп үнемі?! Машинист боп жасынан, Дүбірлетіп даланы, Сол ағашты тасыған, Білер ме ең көп ағаны?

Заводтарда күні-түн Қағаз жасап бағалы, Қанша адамның Кім үшін Маңдай тері тамады? Оқулықты баршаға, Талай ғалым қолға алып, Жылдар бойы қаншама, Жазады ұзақ толғанып. Әдемілеп берсем деп, Бояу жағып не түрлі, Суретшілер көркемдеп, Қанша уақыт отырды. Әріп теру үшін де Талай адам терледі. Баспахана ішінде Айлап тыным көрмеді. Оқулықты мектебің Берер саған теп-тегін. Білмейсің-ау сен бірақ, Қаншама еңбек кеткенін. Оқулығың – құралың, Жағар білім шырағын. Баса алмайсың ешқашан Онсыз алға бір адым.

Оқулықты құрметте, Күтіп ұста, кірлетпе. Кішілерге табыс ет, Дақ түсірмей бір бетке. ПОРТФЕЛЬ Бірге бастап жол басын, Бірге оқуға барғасың. Қолыңдағы портфелің – Жеті жастан жолдасың. Сырласыңдай портфелің, Шын досыңдай портфелің. Жүреді оның ішінде Кітап, қалам, дәптерің... Сабақ бетін ашпасаң, Салақ бола бастасаң, Портфелің де жүдейді, Әр бұрышқа тастасаң. Оқушының мән-жайын Жұрт біледі әрдайым. Портфель өзі-ақ айтады, Иесінің қандайын... КҮНДЕЛІК Бірге барып сабаққа, Бірге үйіңе қайтады. Оның бетін кім ашса, Әр бағаңды айтады.

«Бес» кетпесе бетінен, Сүйсіндірер талайды. Көз ашпаса «екіден», Күнде жерге қарайды. «Оқы!» десе ерінер, Маубас ертең не білер? Кімнің қандай болары, Күнделіктен көрінер. ҚАЛАМ Каналдар қазылған, Қайланың күшімен. Кітаптар жазылған, Қаламның ұшымен. Ақылды, зерекке Қолғанат – қаламы. Әрқашан керекте Қолына алады. Ойларын дананың Өрнектеп бұл қалам, Қалдырған бабаның Хаттарын мыңдаған. Қаламсыз адамды Көрмейсің бұл күнде.

Қадірле қаламды, Жолашар білімге. Жалқаудың қаламы Қалтада тозады. Зеректің қаламы Қатесіз жазады. ҚАРЫНДАШ Қызыл, жасыл, қарасын... Қолға кезек аласың. Қарындашпен әр түсті Алуан сурет саласың. Көлдей тұнық аспанды, Орман, теңіз, асқарды, Өрнектейсің өзіңше, Шөпті, гүлді, тастарды. Өрнектейсің қаланы, Өрнектейсің даланы. Шекараны күзеткен Әскердегі ағаны. Қой қайырған атаны, Мал жайылған жотаны, Бәрін, бәрін саласың – Қозы, лақты, ботаны.

Шахтер аға келбеті, Актер аға келбеті... Портреттер көрмесі – Дәптеріңнің әр беті. Қарындаштың көмегі, Міне, қандай көп еді. Ұштай біл де Ұстай біл, Түрлі өрнек төгеді. ӨШІРГІШ Өшіргіш – оқушы құралы, Қатеңді өшіріп тұрады. Дәптерді қолыңмен тырналап, Былғама, орынсыз жұлмалап. Өшіргіш аямас көмекті, Өңдейді, жөндейді – ол епті. Көк сия қолма-қол кетеді, Қайтадан мұнтаздай етеді. Өшіргіш – тазалық сақшысы, Қатесіз жазған ғой жақсысы! 10-0137

ПЕНАЛ Жоғалмаса қаламсауыт – пеналың, Жоғалмайды қарындаш пен қаламың. Қыл-аяғы құйттай өшіргішің де Жоғалмастан жүреді оның ішінде. Демес үшін: «Қаламсабым жоғалды!», «Қарындашым жоғалды!», Сақтай біл сен ең алды, Сенімді дос – пеналды. ДӘПТЕР Он екі ақ парақ – Он екі ақ қанат. Жолдары әсем-ақ, Сызылған тақталап. Он екі параққа Жазасың сан апта. Әріптер шығады, Сап түзеп парадқа. Жақсы оқып сабақты, Жаза біл сауатты. Дәптерің – көгершін, Он екі қанатты. ЖАЗУ ҮСТІНДЕ Қалам айтады: – Қатесіз көшіремін! – деп. Өшіргіш айтады: – Қатеңді өшіремін! – деп. Дәптер айтады: – Бүлдіре көрмеңдерші! – деп. Оқушы айтады: – Ойымды бөлмеңдерші! – деп.

ПАРТАМ-АУ Талай бала, партам-ау, Саған жүгін артады-ау! Біраз нәрсе білгенім, Бір өзіңнің арқаң-ау! Білместік қой, партам-ау, Обалыңды арқалау: Бетіңді ойған сабаздар, Сазайын бір тартады-ау! Алдағы жол сан тарау, Әр жаққа әркім тартады-ау! Шығарып сап, соңымда Қаласың-ау, партам-ау! ҚАҒАЗ, ҚАЛАМ ЖӘНЕ СИЯНЫҢ АЙТЫСЫ Қағаз бенен Қалам бірде лепірді, Лепірді де сөздер айтты не түрлі: «Менен мықты жоқ!» деп, Қағаз желпінді, «Менен мықты жоқ!» деп, Қалам көпірді. Бара-бара болды қызыл кеңірдек, Кеңестерін Сия тыңдап отырды.

Қағаз айтты: – Мына менен артық не? Сөйлей алам! Барлық елде, бар тілде. Жазады адам аппақ сүттей бетіме: Әрбір сөйлем, Әрбір сөзін, Әрпін де... Дүниенің сыры жоқ мен білмейтін, Дүниенің жыры жоқ мен білмейтін. Жалғыз маған табынады жан біткен, Не жөнің бар жағаласып, күндейтін? Кітап болып тұрам әр үй төрінде, Әркім ынтық ішімді ашып көруге. Ұлылармен бір жасаймын өмірде, Мәңгі өлмеймін, Жеңе алмайды өлім де. Біледі адам тарихын мен арқылы, Сондықтан да үңіледі әр күні.

Түсер маған сансыз ойдың сәулесі, Түсер маған сансыз көздің жарқылы. Қолдан-қолға көшіп жүрсем бүгінде, Жатам ертең архивтердің түбінде. Келер ұрпақ парағымды ақтарар, Жол ашамын Болашаққа, Білімге! Қалам айтты: – Жөн ғой мұның бәрі де... Бірақ өзің қарасаңшы әліңе?! Мен болмасам, сенің күйің не болар, Жазуы жоқ құр қағаздың мәні не? Медеу тұтып мына мені қанша адам, Арманына жетті емес пе аңсаған?! Өзің айтшы, кезім бар ма шаршаған, Ғұмыр бойы жазып келем мен саған. Жүйткідім сан ғұламаның қолында, Асыл сөздер сап түзеді жолымда. Алдыменен мен жүрдім ғой қашанда, Қалған жерім бар ма сенің соңыңда? Менің нарқым сенен қымбат білгенге, Билігің де, Тірлігің де бір менде. Тағдырыңды шеше аламын бір демде, Құның жоқ-ау, соққаныңмен құр кеуде.

Қолға барып жүгінейік онан да, Өмір берген сол ғой саған, маған да. Ісімізге әуел бастан куә өзі, Төрелігін айттырайық табанда. Мына дауды тыңдап тұрған манадан, Айтты сия: – Астыңдар-ау шамадан! Ойлаңдаршы, жан иесі болды ма Біріңді артық, біріңді кем санаған? Мақтанбаймын, Қарапайым Сиямын, Екеуіңе мен күш-қайрат құямын. Сансыз тілде жазылам да сөз болып, Бар білімді өн бойыма жиямын. Нұрлы ақылдан қуат алдым, ой алдым, Сол арқылы мәңгі ұйқымнан ояндым. Ақыл мені жазуға айналдырмаса, Әншейін бір өлі жатқан бояумын. Деп бөспейік шетімізден іріміз, Бірімізден артықпыз ба біріміз? Қолдан бұрын қадірлейік Басты біз, Бас болмаса, не болады күніміз?!

АТАМ ТУРАЛЫ ӨЛЕҢДЕР I Менің атам сақалы, Асқардағы ақ қардай. Таусылмайды мақалы, Таудан бұлақ аққандай. Көкірегі – шежіре, Қазыналы қоймадай. Таң қаламын өзіне – Ақылға бай, ойға бай. Сондай асыл сүйегі, Демейді бір ауырдым. Өз ұлындай сүйеді Бар баласын ауылдың. Ой мен қырын даланың Бес саусақтай біледі. Өзі туған алабын Ойша шарлап жүреді. Ауа райы білгірі Осы кісі деседі: Босқа кетпес бір күні, Дәл келеді есебі. Кеңесшісі талайдың, Жатып алып үйде осы.

Атам – біздің маңайдың, Анықтама бюросы. Әңгіме айтса күліп ап, Жинап кәрі-жасты да, Мен отырам кіріп ап, Сақалының астына. II Менің атам мықты адам, Күштілерден ықпаған... Жас кезінде өзінің Жігіті жоқ жықпаған. Менің атам мықты адам, Фашистен де ықпаған. Отан үшін от кешкен, Басып алға нық қадам. Менің атам мықты адам, Бораннан да ықпаған. Жылқы жайып, қой бағып, Биігі жоқ шықпаған... АЛТЫН СӨЗ Сәулелі сөз сөне ме – Орны бөлек батаның. Бізге тәлім, өнеге – Ақ тілеуі атаның.

Мән беріп, ден қойғанда, Терең ойға батасың. Шілдехана тойларда Береді атам батасын. Әр сөзінің ақырын, Жақсылыққа тірейді. Қадап айтып ақылын, Көпке бақыт тілейді. Кім сүймейді атасын, Асқар таудай көрінген. Бөбекке айтар батасын Жаттап алған едім мен: «Жүйрік тілді ақын бол, Жақсыларға жақын бол! Достарыңмен тату бол, Дұшпаныңа қату бол! Ұсақ болма, ірі бол, Өз ортаңның гүлі бол! Ата-анаңның көзінің Сөнбейтұғын нұры бол! Кім болсаң да әйтеуір, Азаматтың бірі бол, Туған елдің ұлы бол!» Ойға тоқы, парқын сез, Ата сөзі – алтын сөз!

САЯХАТШЫ ҮЙ Киіз үй дөп-дөңгелек, Жыққан кезде – он бөлек. Тіккен кезде топ етіп, Қона қалар дөңге кеп. Көшіп-қонып үнемі, Көк жайлауда жүреді. Самал соқса аңқылдап, Желге іргесін түреді. Сан ғасырлар аралап, Таныс болған бар алап. Саяхатшы бір өзі, Қой айдаған қоралап. «Саяхатты сүйемін, Өркешінде түйенің!» – Деп жырлаған бұл үйге Бүгін өзім иемін! ШАҢЫРАҚ Көтерілсе шаңырақ, Ақ бақанды астына ап, Жатқан уық жамырап, Бірігеді бас құрап. Ата-баба тілеген, Қалмасын деп қаңырап. Төбесі көк тіреген, Осы – қара шаңырақ!

КЕРЕГЕ Ыңғайлы жоқ өзіндей, Тез жиналар, қаласаң. Тор жол дәптер көзіндей, Керілгенде қарасаң. Секілді алып парақтар, Керегелер ұнайды. Жалғаса кеп қанаттар, Киіз үйді құрайды. Киіз үйдің сұлбасы Қиысады не қилы. Уықтардың бір басы Керегеге бекиді. УЫҚ Дегеніміз уықтар – Имек басты сырықтар. Шаңырақты уысқа ап, Тұрады ылғи нық ұстап. ҮЗІК ПЕН БАҚАН Киіз үй, бір қызығы, Салады еске атаны: Ақ шапаны – үзігі, Ақ таяғы – бақаны.

ТҮҢЛІК Киіз үйдің арайлы Терезесі – түңлік. Ашық тұрса қарайды, Түнде жұлдыз үңіліп. Түңлікті ашқанда, «Құтылдым!» деп қуанып, Түтін ұшар аспанға, Шуда құсап шұбалып. Қайырылып, түріліп Тұрады оның бір басы. Бір жағынан түңлік – Киіз үйдің мұржасы. БЕЛДЕУ Киіз үйдің белбеуі – Беліндегі белдеуі. Болсын күндіз-түн мейлі, Босатуды білмейді. Тіресердей дәуіңмен, Күресердей дауылмен, Қашан ауыл көшкенше, Біреу келіп шешкенше, Тұрғаны тас түйін боп: «Келіп қалар құйын!» – деп.

ЕР-ТҰРМАН Десең атпен жүремін, Болсын ноқта, жүгенің. Шылбырың мен тізгінің – Ең сенімді тірегің. Қаптал, қасы екіден, Бір-біріне бекіген. Оқпаны бар ыңғайлы Жонып, шебер шекіген. Омырауға тағылар – Өмілдірік, танып ал! Шыға алмайсың өрге аса, Егер оның болмаса. Қиюласып қиысқан – Ер артында құйысқан. Құйысқансыз қиядан Түсу қиын, туысқан. Шап айыл мен төс айыл – Ажырамас қос айыл. Ер-тоқымды аудармай Ұстап тұрған осы айыл. Табан тірер узеңгі, Талдырмайды тізеңді. Екі бауы – таралғы, Тебінуге жарамды.

Тауып алған олжаны, Атып алған аңды да, Азығыңды жолдағы – Бөктеретін қанжыға. Жасалатын теріден, Тебінгі орны бір бөлек. Аттың ащы терінен Сақтау үшін бұл керек. Ең астында тоқым бар, Түгел ойға тоқыңдар! Ер-тұрманды біліп өс, Бала болсаң отың бар. АНА Бесікке бөлеп, Жатқызды бөлек. Емем деп мама, Жылады бөбек. Аялап ана, Емізді мама. Пысылдап мұрны, Ұйқтады бала. Ұйқысы қанды, Тағы айғай салды. Маманың түнде, Мазасын алды.

Оянып ана, Емізді мама. Тербелді бесік, Ақырын ғана... КІМ ЕКЕН? – Не баттасқан түбіне, Неге сонша кір екен? Тостағанын күніге Он жуатын кім екен? – Бұл әжейдің сөзі ғой, Жылауықтың өзі ғой. Он жуатын күніге, Тостағаны – көзі ғой! ӘЖЕНІҢ ӘЛДИІ Ұйықта, бөпем, әлди-ай! Жатқаның не қалғымай? Қора-қора қой айдап, Келе жатыр Малдыбай. Әлди-әлди-әлди-ай! Ұйықта, бөпем, әлди-ай! Жатқаның не қалғымай? Шөп арқалап қозыңа, Келе жатыр Шалғыбай. Әлди-әлди-әлди-ай!

Ұйықта, бөпем, әлди-ай! Жатқаның не қалғымай? Қарын-қарын май алып, Келе жатыр Майлыбай. Әлди-әлди-әлди-ай! Ұйықта, бөпем, әлди-ай! Жатқаның не қалғымай? Бес қаруын асынып, Келе жатыр Сайлыбай. Әлди-әлди-әлди-ай! Ұйықта, бөпем, әлди-ай! Жатқаның не қалғымай? Мамық жастық арқалап, Келе жатыр Жайлыбай. Әлди-әлди-әлди-ай! Ұйықта, бөпем, әлди-ай! Жатқаның не қалғымай? Керегіңнің бәрін ап, Келе жатыр Барлыбай. Әлди-әлди-әлди-ай! Ұйықта, бөпем, әлди-ай! Жатқаның не қалғымай? Тоңып қалып жүрерсің, Келіп қалса Қарлыбай. Әлди-әлди-әлди-ай!

ТЕКЕМЕТ Маған арнап жекелеп, Әжем басты текемет. Бір топ адам аяқпен Теуіп бердік төпелеп. Басу қызық текемет, Үсті-үстіне төпелеп. Алда біреу жіппенен Саумалайды жетелеп. Ары біраз аунаттық, Бері біраз аунаттық. Қабат шидің сыртынан Қайнақ суды саулаттық. Тепкілесе топ кісі, Қоя ма аяқ тепкісі. Жүн киіз боп бірікті, Біріккен соң көп күші. Шиден сосын түсірдік, Үш сап жерге, үш ұрдық. Отырдық та қаз-қатар, Білекке сап пісірдік. Ақырында кептірдік, Тамашалап көп тұрдық. Бір шетінде атым тұр: «Әжей жазған!» – деп күлдік. 11-0137

МЕНІҢ АПАМ Әуре болып жатар кім, Түссе көйлек түймесі: Дайын тұрар апамның Оймағы мен инесі. Тұра алам ба мен қарап, Берем жібін сабақтап. Көмекшімін қолғанат, Бос жүрмеймін салақтап. «Бақайды аяз шымшыды, Тоңдым», – десем, бүрісіп: Зырылдайды ұршығы, Дереу іске кірісіп. Мен апамнан жүргенім, Ажырамай бір елі, Ауырса егер бір жерім, Үзілердей жүрегі. «Айналдым, – деп, – баладан!» – Ылғи құрақ ұшады. Тоңып келсем даладан, Жылытады құшағы. ЖАУҚАЗЫН Алғаш рет күркіреп, Ағыл-тегіл жауса күн,

Қырға шығар дүркіреп, Көктем басы – жауқазын. Ызғар әлі кеткен жоқ, Қырлар әлі кепкен жоқ. Жауқазындар көкпеңбек, Көбейе бер көктем боп! КӨКТЕМ Көктем келді, қар кетті, Тырна көкте әндетті. Көк торғынға оранды Сеңгір таулар сәулетті. Сарқырады бұлақтар, Жарқырады қыраттар. Сағым ойнап, көзді алдап, Жақын тартты жырақтар. Көбелектер көлбеңдеп, Құстар сызды көлде өрнек. Дала киіп гүл көйлек, Жадырады жер мен көк. Көрсең енді қоянды, Көкшіл түске боянды. Аюлар мен аралар Ұйқысынан оянды.

Аяқтанып төл кетті, Мал жайлауға төрлетті. Машинаға бөгет жоқ, Тау ішінде жол кепті. Күн қызуы ұласты, Жібіді сай, қыр асты. Көктемде алғаш күркіреп, Жаздың бұлты тіл ашты. ГҮЛ Нұрын төксе көктен күн, Құлпыруды сүйетін, Гүл – көйлегі көктемнің, Қырға шықса киетін. Жібігенде жер төсі, Жасанып қыр жадырар. Гүл – даланың көрпесі, Жазғытұрым жамылар. Гүлдер өссе далада, Қуанады бал ара. Күлімдейді ана да, Шаттанады бала да. Омарташы сақ тұрар Түнді қойып, күндіз де. Гүлден шығар тәтті бал, Ешқашанда гүлді үзбе!

АЛМА АҒАШ Айдын көлді сағынып, Қаздар қанат қақты бір. Ақ бантигін тағынып, Алма ағаштар атты гүл. Асқарда жан сақтаған, Қарайды қыс сыздана. Алма ағаштар қаптаған – Ақ бантикті қыз бала. Басын қосып жиылып, Ақылдасып тұрғандай. Бұтақтары иіліп, Бізге сәлем қылғандай! ТАЛ ШЫБЫҚ Көктемде бір тал шыбық Тұра қалды шаншылып. Жаңбыр жауса жымиды, Мөлдір суға малшынып. Күннің нұры құйылды, Бойына нәр жиылды. Қуаныштан би билеп, Мың бұралып иілді. Күнен-күнге су тілеп, Күннен-күнге нұр тілеп,

Жапырағы жамырап, Шыға келді дүркіреп. Кездерінде сусаған, Құйып жүрдім су соған. Күшім текке кетпеді Айлар бойы жұмсаған. Талай күнді батырды, Талай таңды атырды. Бұтақ жайып, бой түзеп, Саясына шақырды! ҚАРЛЫҒАШ Амансың ба, қарлығаш, Адал досым айнымас! Жүдеп қалған жоқсың ба, Болған жоқ па қарның аш? Жемің дайын, көр, міне, Керек саған енді не? Қанатыңның астында Көктем бұғып келді ме? Нәзік жүнің үлпілдеп, Ақ тамағың бүлкілдеп, Отырғандай боласың: «Су болса екен, шіркін!» – деп. Мекендей ғой, қарлығаш, Бола қоймас қарның аш!

Сақ болғайсың, момыным, Ұяңды кім аңдымас?.. ҚОШАҚАН Майса жұлып берейін, Маңырама, қошақан. Өзім жайып келейін, Жамырама, қошақан. Күн шуақты май айы Тоңдыра ма, қошақан? От қой үйдің маңайы, Көп ұзама, қошақан. Сен өскенше марқайып, Күз келеді, қошақан. Ай мүйізің қайқайып, Сүзбе мені қошақан. Қанып ішіп қайнардан, Көк шалғынға көміліп, Қайтасыңдар жайлаудан, Тоқты болып семіріп. АҚСАҚ ҚОЗЫ Кешкі дала гүл жапқан, Тұрды бір сәт нұр атып.

Көрінді атам қыр жақтан, Қойын төмен құлатып. Шошаң етер таяғы, «Шәйт!» дегенде тіл қатып. Ат үстінен қояды, Шалғы мұртын ширатып. Қойын қоса қайырып, Майлыаяғы қалмайды. Қойторысы жайылып, Жерден басын алмайды. Атам ылғи қол ұшын Қошақанға береді. Күні бойы сол үшін Қой соңына ереді. Жамбастады батар күн, Ол да шаршап қалды ма? Ақсақ қозы атамның Мініп апты алдына! БҰЗАУҚАН Сүтке қарның тойынса-ақ, Ойнақтайсың ойын сап. Шап, құмарың тарқасын, Түрулі ғой мойыншақ. Шапқыламай жүрмейсің, Ойлы-қырға бірдейсің.

Шөпті иіскейсің тұра қап, Ал жайыла білмейсің. Әлі-ақ өсіп толасың, Дәу тайынша боласың. Сүт емуді қоясың, Балаусаға тоясың. ЖАЗ Жазым келді жарқылдап, Қазым келді қаңқылдап. Гүлге қонды көбелек, Қос қанаты қалтылдап. Сүйіп күннің шапағын, Тау шешті аппақ шапанын. Күлтеленді қурайлар, Төгіп бұйра шашағын. Көкте қызыл-жасылды Кемпірқосақ асылды. Жарлауытты жағаны Жапырақтар жасырды. Ат қып мініп сасырды, Салдық біз де асырды. Бие байлап жылқышы, Сары қымыз сапырды.

Жаңбыр жуып жас талды, Жоталар гүл жастанды. Кең жайлаудың төсінде Қызық-думан басталды. ЖАЙЛАУДА Сүңгіп шүйгін қойнауға, Қозы бағам жайлауда. Қозы-лақпен жарысып, Жайлау жақсы ойнауға. Іші пысса қозылар, Асыр салар кезі бар. Қайт дегенге қайтпайды, Емес олар сөз ұғар. Шапқылаумен терлеймін, Қашуға ерік бермеймін. Таудан түссе, түсемін, Тасқа өрлесе, өрлеймін. Тайым тынбай желістен, Шаршап қайтам өрістен. Өзіме өзім риза боп, Келе жатам мен іштен... ОМАРТАШЫ Омарташы мекені – Оңаша тау арасы.

Жаздай еңбек етеді, Баққаны – бал арасы. Аралардың біледі Құпиясын ол қанша, Бақылайды үнемі Бал шелегі толғанша. Ара қайда барғанын, Қандай шырын сорғанын, Ажыратар табанда – Татса болды бал дәмін. Нәр алсын деп аралар, Гүл өскенін тілейді. Бал жесін деп балалар, Тауда жалғыз түнейді. ПІШЕНДЕ Өсті өлкенің шалғыны, Атам салды шалғыны. Көмектеспей атама, Апам үйде жата ма?.. Қолына алып ашаны, Апам көпе жасады. Мен де өзімше тырбанып, Шөп жинадым, тырма алып.

Қызықтырды керемет Қызыл, жасыл көбелек. Қусам қырдан әрі асып, Кетпес пе екем адасып?! Атам әлде ұрса ма, Жұмыс бар ғой мұншама. Бос жүріп ем қанша күн, Бүгін қатты шаршадым. Сыр бермедім бірақ та, Түсіп шықтым бұлаққа. Атамды апам шақырып, Сары қымызды сапырып, Ішіп едік қанып біз, Көп отырып қалыппыз. Бесін ауды айналып, Жүрмін жіпсіз байланып. Келді менің ойнағым, Достарымды ойладым. Ойын бар ма асықтай, Тұрам қалай асықпай?! Болды, міне, екінді, Шегіртке ән сап, секірді.

Ал атам мен апам еш Шаршамайтын секілді. КӨКПАР Ат қып мініп көк талды, Ала қаштық көкпарды. Достың тартып шылбырын, Додаластық шын бүгін. Шыдамсыздар салды дау, Біз дегенің нармыз-ау. Жетсек үйге күн бата, Жамырапты бар бұзау. ӘТТЕҢ, ШІРКІН... Қамшы өтті де етінен, Аттар көкке секірді. Қарап тұрсаң, шетінен Бәрі тұлпар секілді. Кетті дода басталып, Керегі осы батылға. Бірі лақты бас салып, Басты бірі тақымға. Кірген адам додаға, Болады отқа кіргендей.

Қалың атты Далада Құйын болып жүргендей. Қалың топтан суырылып, Шықты бірі сол бір шақ. Жер апшысы қуырылып, Көтерілді шаң бұрқап. Жеткізер ме жарау ат, Қалып қойдық қалудай. Көкпар осы, ғаламат, Дүркіреген дауылдай. Тайымызды шаң басып, Артта қиқу саламыз. Қалар едік жармасып, Әттең, шіркін, баламыз! ӨТКІНШІ Жалбыр бұлтын сілкілеп, Жауын өтті сіркіреп. Жасыл орман тұнжырап, Жапырақтар тұр жылап. Туырлыққа іркілген Тамшы тұрды үйге өтпей. Сұр құлыным сілкінген, Судан шыққан үйректей.

БҰРШАҚ Төбемізден төнеді, Төбемізден төгеді. Табиғаттың маржаны Тіпті неткен көп еді. Шалғын ішін аралап, Тердім бұлақ жағалап. Тізер едім моншақ қып, Еритіні жаман-ақ! ЖАҢБЫР Жаңбыр жауды, Селдетті. Дала, тауды Көлдетті. Бұзауқандар ықтады. Үй артынан шықпады. Жорғалаған Бөдене Қорғалады Көдеге. Бұлақ біткен тулады, Бала біткен шулады: – Жаңғыр, жаңғыр, Төңірек! Жаңбыр, жаңбыр, Төгіп өт!

ЖАҢБЫРҒА ЕКІ ӨТІНІШ Көктем бұлты көңілді, Қуантады өңірді. Балалар да қарсы алар, Былай-былай ән салар: – Жау, жау, жаңбыр, көбірек, Гүлге орансын төңірек. Шалғын өссін жайқалып, Егін өнсін тезірек! Біздің жаққа жиі кеп, Әлсін-әлсін құйып өт. Қазір егер көп жаусаң, Жердің берер сыйы көп. Күзде болса күн бұлттау, Маңай тартар сұрғылттау. Балалар да көңілсіз, Тілек айтар тек үнсіз: – Жаума, жаңбыр, бұл маңға, Жауамын деп бұлданба! Егін жатыр жиналмай, Бидай ашық қырманда.

Жата алады кім күзде? Жұмыс – түн де, күндіз де. Жаумай-ақ қой, жаңбыр-ау, Қымбат ашық күн бізге. Не табасың күзде сен, Қол ұшын бер бізге сен! Қайда көктем, сонда бар, Жауатын жер іздесең!.. БАСТАУ Шөлдеп келіп қаталап, Бала жұтты жата қап. Бастау бейне тостаған, Тұнық суын тосты оған. Құлын келді шапқылап, «Қайдасың, – деп, – ақ бұлақ!» – Бастау бейне тостаған, Тұнық суын тосты оған. Қосылғандай жамырап, Қозы келді маңырап. Бастау бейне тостаған, Тұнық суын тосты оған. Аптап ыстық, шөл қысып, Балапан да келді ұшып, Бастау бейне тостаған, Тұнық суын тосты оған. 12-0137

Бәрі шөлін қандырды, Бастауға алғыс жаудырды. Ішіп кетті тік тұрып, Қалды бастау тұп-тұнық. Шөлден тілі салақтап, Күшік келді алақтап. Бастау бейне тостаған. Тұнық суын тосты оған. Шомылғандай астауға, Түсті күшік бастауға. Шолпылдатып аунады, Үстінен кір саулады. «Жатуыңа шіреніп, Берді өзі, – деп, – кім ерік?!» – Шыға келді ақ бастау, Қап-қара боп түнеріп. ТҮН Төсегіне күн жатты, Жердің бетін түн жапты. Маужырады шың-құздар, Көзін ашты жұлдыздар. Орман күңгірт, күңгірт көк, Құстар қалды жым-жырт боп.

Бергеннен соң түн хабар, Тәтті ұйқыға кірді олар. Жылқы жусап далада, Қой ұйықтады қорада. Ұясында тауықтар, Оған қандай қауіп бар? Күні бойы безектер, Ұйықтап кетті көжектер. Мысық пештің түбінде, Тышқан терең інінде. Күшік қана қырағы, Көзін ашып-жұмады. Көнген түннің ырқына, Бәрі ұйқыда, ұйқыда. Бөбектер де мүлгиді, Ай ақырын жылжиды. Көз ілмейтін таңға ұзақ, Өзен ояу жалғыз-ақ. «Ұйықтай алар түрім жоқ!» – Дейді қатты гүрілдеп. Күндіз-түні жарқырап, Аға берер сарқырап. Шаршамайтын себебі: Күтіп отыр ел оны...

ШАЛҒЫНЫҢ СӨЗІ Мен шалғымын, шалғымын, Алты ай қыста қалғыдым. Жазбен бірге менің де Оралады ән-жырым. Жазда тыным жоқ маған, Таңнан тұрып шөп шабам. Таудай-таудай маялар Үйілгенше тоқтаман. Жүзіп келем шалғында, Уақытым жоқ қалғуға. Қызу іске кірістім, Белді буып алдым да. Көлдей қылдым көпені, Шөп дегенің жетеді! Басқан тоттан тазарып, Жүзім жалт-жұлт етеді. Ойлайтыным – мал қамы, Қыстың жайы алдағы. Шөп шабылса әуелі, Уайым емес қалғаны!

СИЫР БҮЛДІРГЕН Тілімді сен үйірдің, Теруге мен үйірмін – Бұжыр-бұжыр бүлдірген, Бүйрегіндей сиырдың. Өзен-судың бойында, Биікте емес, ойында, Мәуе болып өсесің, Түсің ұқсас мойылға. ТАҢҚУРАЙ Уылжып сарша тамызда, Таңқурай толып піседі. Үзіп ап салсаң ауызға, Таңдайға тати түседі. Солқылдақ қурай сабағы Гүлдейді қаулап көктемде. Қуалай сулы жағаны, Өседі таулы бөктерде. Тарқамас жаздың қызығы, Серуенге шықпай қоймайсың. Таңқурай – таудың жүзімі, Жесең де қанша тоймайсың.

ТАУ ГҮЛІ Асып қиын шатқалды, Басып мұзды, ақ қарды, Шығамыз біз шаншылған Биік шыңға жақпарлы. Көкке жетіп төбеміз, Тау гүлдерін тереміз. Тастан-тасқа орғыған Таутекені көреміз. Қонған ұшпа құздарға, Таңырқаймыз мұздарға. Нәзік гүлдер шыдаған Қайтіп мынау ызғарға? Қызықтырар көзіңді, Тау гүлдері төзімді. Қиындыққа дәл сондай, Көндіріп бақ өзіңді. КӨБЕЛЕКТІҢ ЖЫРЫ Көріп жаздың қызығын, Гүлден-гүлге самғаймын. Гүлдің ерке қызымын, Гүлден өзім аумаймын. Шаршағанда, Ырғалып, Гүл үстінде демалам.

Қанатымды бір қағып, Демде қайта жоғалам. Десе гүлді дала бар, Қос қанатым талмайды. Мені көрсе, балалар Қыр соңымнан қалмайды. Сол бір жері дегенмен, Қабырғама батады. Тақиялар төбемнен Төніп келе жатады. Кейде зәре жоқ мүлдем, Балақаннан бас бұғам. Сан құтылып кеттім мен, Алақандар астынан. Жете алам ба кім білсін, Шақырып тұр гүлді алап. Тимесе екен бүлдіршін, Ойнай берсін қуалап. КҮНБАҒЫС Келе жатса таң атып, Шұғыласын таратып, Бетін бұрар күнбағыс, Күншығысқа қаратып.

Қалқайып ап құлағы, Тосады да тұрады. Күн құрғатпай иіліп, Күнге сәлем қылады. Телміреді күнге алыс, Күнді ғана тыңдағыш. Кіп-кішкентай локатор – Аунап тұрған күнбағыс. АҚ ТӨБЕТ Ақ төбет-ау, ақ төбет, Ақылды да сақ төбет. Атам түнде тынықсын, Қой қораны бақ, төбет. Ақ төбет-ау, ақ төбет, Бар ма сенен сақ төбет? Қонақ келсе ауылға, Абаламай жат, төбет. Ақ төбет-ау, ақ төбет, Сырттан төбет, сақ төбет. Қасқыр келсе маңайға, Қуып таста, қап, төбет.

СЕРКЕ Семсер мүйіз серкесің, Қой ішінде еркесің. Қысы, жазы отарды, Өз соңыңда ертесің. Жазда жайлау даласын Шарлап, шүйгін табасың. Қыста омбыны опырып, Тебінге жол саласың. Қара нөсер жауында, Қаптай соққан дауылда, Адастырмай отарды Жеткізесің ауылға. СІРГЕ Тайыншамның мұрнында Қолапайсыз сіргесі. Томсырайып тұр мұнда, Су көтермей сіркесі. Енесіне жанасып, Болмаған соң мазалап, Сиырға атам жаны ашып, Қойды мұны жазалап.

АҚ БОТАМ Жібек ноқта тақты апам, Жабырқама, ақ ботам. Бәлкім жүдеп қаларсың, Өзім бағып-қақпасам. Әлде ашығып қалдың ба, Жүздірейін шалғынға. Тез орныңнан тұра ғой, Үйір болма қалғуға. Болсаң егер шөлдеген, Апарайын көлге мен. Кәне, кәне, тұра ғой, Жатып алмай көлденең. БҰҒЫ Жайылады майсаға, Ішіп судың тұнығын. Көк орманды сай-сала – Кең өрісі бұғының. Әрқалай күн кешеді, Екі түрлі бұғы бар. Бірі қолда өседі, Бірі түзде шұбырар. Тундрада, Тайгада Одан көлік аспайды.

Түтеп тұрсын айнала, Адаспайды, саспайды. Желдей жүйрік бұғылар Жарысады желменен. Жалт-жұлт етіп зымырар Ойлы-қырлы жерменен. ЕШКІЛЕР ӨКІНІШІ Алдан жайлап есті жел, Желдеп кетті ешкілер. Тастан-тасқа өрледі, Демеді күн кешкірер. Кете барды биіктеп, Кететіндей киік боп. Шопан жоқта бар ерік Өздеріне тиіп тек. Қойлар айтты: «Ешкілер, Қайтыңдар, күн кешкірер!» – Ешкілерге бірақ та, Қашан, шіркін, ес кірер. Тарта берді тау асып, Шүйгін шөпке таласып. Күн кешкірді, далада Қалып қойды адасып.

Қас қарайды, түн болды, Аттап басу мұң болды. «Ау-у-у!» – деді қасқырлар, Қаңғыбастар жым болды. Жандарынан түңілді, Бір-біріне үңілді. Енесінің баурына Лақтары тығылды. «Әттеген-ай, көп қойды Тыңдамап ек!» – деп қойды... САБА ПІСТІМ Саба толды іркілдеп, Майы шығып кілкілдеп. Пісіп едім, жөнелді Қос бүйірі бүлкілдеп. Аққандай бір күркілдек, Арсы-гүрсі күрпілдеп, Піскен сайын қуанды: «Шіркін, шіркін, шіркін!» – деп. Пісе бердім жалықпай, Пісе бердім талықпай. Лыпылдады піспегім, Суда жүзген балықтай.

Пістім санап бес мыңды, Даусым сыртқа естілді. Күндегідей көмекке Шақырмадым ешкімді. Тер құйылып үстімнен, Бір азапқа түстім мен. Есесіне ертесін Балдай қымыз іштім мен! БАЛМҰЗДАҚ Мұздай қаймақ, шекерден Жасаған ба, балмұздақ?! Өте шықтың шекемнен, Асағанда, балмұздақ! Татпағандар арманда, Балдайсың-ау, балмұздақ! Қайта ауылға барғанда Болмайсың-ау, балмұздақ! Тек қана осы қалада Қаламысың, балмұздақ?! Ауылдағы балаға Барамысың, балмұздақ?! ҚАРА КҮШІК Дегендей-ақ: «Бұл не, бұл – Тағы шыжып барады?».

Қара күшік күнге бір Сығырая қарады. Итаяғын жалап ап, Көк желкесі құрыстап, Көлеңкені сағалап, Жата кетті тыныстап. Үйден шығып бала да, Тартты өзенге заматта-ақ. Оңдайда бұл қала ма, Еріп кетті салақтап. «Ой, тамаша, тамаша! Мұнда қызық қараса: Суға сүңгіп балаша, Құмға аунаса, қаласа!». Жүзіп жүрген балаға Су бетінде сырғанап, Қара күшік жағада Аузын ашып тұр қарап. Алды-артына қарамай, Кетер еді сүңгіп-ақ. Әттең, шіркін, баладай Жүзе алмайды бұл бірақ... ШІЛДЕДЕ Шіліңгір ыстық шілдеде Даладан жұпар аңқиды.

Суымай ауа түнде де, Денеңді лебі шарпиды. Сирейді жаңбыр шілдеде, Соқпайды жел де азынап. Жатады ылғи іргеде, Көлеңке қуып қозы, лақ. Шілдеде шалғын ұзарып, Сарғаяр егін алабы. Қарақат пісіп қызарып, Көзіңнің жауын алады. Жылиды суы көлдің де, Балалар шулап мәз-мейрам. Жүресің тойлап сен күнде, Думанға толы жаз – мейрам! ЖАПЫРАҚТАР Жапырақтар шулайды, Жел тынбаса, тынбайды. Жаңбыр келіп жумаса, Бірі бетін жумайды. Тұрғаны ылғи шаң басып, Бұлт келмесе тауды асып. Дауыл соқса, қолдасар Бір-біріне жармасып.

Шөлдегені батады-ақ, Шеттерінен қаталап! Бұлт көрінсе, жабыла Соғып берер шапалақ!.. АҚҚУЛАР Аққулар-ау, аққулар, Күз алыс па, жуық па? Неге қанат қақтыңдар, Көлдің суы суық па? Қандай мекен таптыңдар, Онда мұндай көл бар ма? Айтыңдаршы, аққулар, Біздің жердей жер бар ма? Әлде көкте саңқылдап, Қайтқыларың келді ме? Сайрандаңдар салқындап, Айдын-шалқар көл, міне! ҚАЗ БЕН ЖАЗ Қаз жүреді қаздаңдап: «Кетпейсің ғой, жазым?» – деп. Қояды оны жаз да алдап: «Кетпеймін ғой, қазым!» – деп.

Жаз бір түнде кетеді, Күзден қашып, жан сақтап. Жасқа толып етегі, Қаз қалады жалтақтап. Қаз қаңқылдар сасқаннан: «Қайдасың, – деп, – жазым-ау?». Жаз айғайлар аспаннан: «Қош боп тұр, – деп, – қазым ау!». КҮЗ Жапырақтар сап-сары, Қонып жатыр жерге кеп. Қызықтап бау-бақшаны, Шаттанады балбөбек. Егін пісіп далада, Қырманға дән сыймайды. Үлкенге де, балаға, Күз қуаныш сыйлайды. ЖЕЛ Жел соғады екпіндеп, Шайқамаққа көлдерді. «Сонша неге кептің?» – деп, Жайпамаққа шөлдерді. Дауылдатып жөнелер, Толқынды қақ айырып. 13-0137

«Өлдім!» – десе шөл егер, Бұлтты әкелмес қайырып. Жер менен көк шулайды, Жел бір соқса, тынбайды. Ызылдатып қурайды, Өзі ғана тыңдайды. ЖАҢҒЫРЫҚ Өзеннің дауысы Жартас пен жарды ұрып, Күмбірлеп тау іші Тұрады мәңгілік – Жаңғырық! Жаңғырық! Шатқал-құз, сай-сала Ұйқтаған мәңгіріп, «Әу» десең ән салар Өзіңді таң қылып – Жаңғырық! Жаңғырық! Айқайла қаншама Өңешің талдырып, Қайталар соншама Жалықпай жаңғырып – Жаңғырық! Жаңғырық!

Не жоқ деп мынаған, Дауыс деп бұл қандай? Тасада бір адам Мазақтап тұрғандай. ҚҰСТАР КӨШІП БАРАДЫ Суық түсті деді ме, Көшті құстар қайтадан. Қош айтқандай еліне, Әлдене деп айтады ән. Бірі қалмай бірінен, Қалықтайды аспанда. Шіркіндердің, шынымен, Жанарында жас бар ма? Атам көкке қарады, Не ойлады? Ол – жұмбақ. Құстар көшіп барады, Қала бердім қол бұлғап. ҚОЛШАНА Қолшананы үйдегі, Бала сыртқа сүйреді. Қарды көріп қолшана, «Алақайлап!» биледі.

Жетегінде баланың Құлдырауы-ай шананың! Сүйкеп-сүйкеп жіберді Таза қарға табанын. Қарға аунаса зырқырап, Тұра ала ма кір шыдап? Тот боп тұрған табаны Шыға келді жылтырап. Алып шыққан далаға, Алғыс айтып балаға, Көппен бірге қуанып, Шапқылап жүр шана да. АЯЗ АТА Әлде қарлы, боранды, Тау басынан түсті ме? Аяз ата оралды, Ақ тон киіп үстіне. Сары аязды, боранды, Болды ма әлде Сібірде. Аяз ата оралды, Есік қағып іңірде. Ақ қырауға малынған, Сақалы да, мұрты да, Аяз ата сағынған Сәлем берді жұртына.

Жібек шапан етегі, Судыр-судыр етеді. Базарлығы мол екен – Бәрімізге жетеді. Аяз ата ортада, Жымың-жымың қараймыз. Сағыныппыз соншама, Босатамыз қалай біз?! Бізбен бірге ән салып, Бірге ойнайды атамыз. Тамашаға тамсанып, Рақатқа батамыз. ЖАУА БЕР, АҚША ҚАР Жауа бер, өлкеме, Ақ түбіт – ақша қар. Оранып көрпеңе Ұйықтасын бақшалар. Жауа бер асыға, Жанымды сүйсіндір. Бұталар басына Ақ бөрік кисін бір. Ырыс боп жауа бер, Ертеңгі өсетін. Қуансын қара жер, Қуансын көшетім.

Көк аспан желпісін, Ұлпаңды мамықтай. Көктемнің көркі үшін Жауа бер, жалықпай. МАЛ АЛДЫНАН ШЫҒАМЫН Қойын айдап, тепеңдеп, Қайтады атам өрістен. Күн бұзылмаса екен деп, Тілеп тұрам мен іштен. Маубас емен іңірден Пеш түбінде қалғыған, Баламын зыр жүгірген, Шығамын мал алдынан. Отарына ілесіп, Шолып қыр мен жотаны, Жауырыны сіресіп, Атам келе жатады. Шаршағаны жаңағы Қас-қағымда басылып, Мені көрсе, қабағы Сала берер ашылып.

ҚАР Қарқылдаса қарғалар, Жапалақтап қар жауар. Жолға шығып шаналар, Демалады арбалар. Зуылдайды шаналар, Шуылдайды балалар. Жапалақтап қар жауса, Қарға оранар қалалар. Жалт-жұлт етіп табаны, Коньки мұзда ағады. Мұз астында балықтар Қалай жанын бағады? Боран ән сап жондарда, Сықырлайды жолдар да. Көшелерге шығады Кезек тиіп, тондар да. Тастаса қыс жолақтап, Дала да – аппақ, жол – аппақ. Отырады ұлпа қар Бұтақтарға қонақтап. Жел қозғаса ұшады, Жерді барып құшады. Ашуланса, аспанның Бұрқырайды құшағы.

БОРАН Боран, боран, борама, Түтеп кетсең бола ма?! Атам қайтсын өрістен, Қойлар енсін қораға. Боран, боран, долданба, Орғып дөңнен, ордан да. Құстар қонсын ұяға, Аңдар кірсін орманға. Неткен содыр борансың, Асықпа әлі борарсың. Ел орынға отырсын, Жолаушылар оралсын. Сонан кейін гуілде, Мұржалардың түбінде. Тыңдап тынбас әніңді, Отырайын үйімде. АҚПАН АЙЫ Бұрқыраса басылмайтын, Бар ашуын жасырмайтын, Шарт сынатын батырлардай Басынан сөз асырмайтын – Ақпан айы, ақпан айы. Ақ бурадай сақылдайтын, Адасқанды тақымдайтын,

Қыстың соңын тез бітіріп, Көктемге өзі жақындайтын – Ақпан айы, ақпан айы. Боранды күн дала қандай! Көз қызығып қарағандай. Ақ тон киіп, ақбоз мініп, Құйындатқан ағалардай – Ақпан айы, ақпан айы. Бүркемелеп асқарды айқын, Қарлы дауыл аспандайтын, Қайтпас, қайсар мінезі бар, Жауынгердей жасқанбайтын – Ақпан айы, ақпан айы. ТҰМАН Бауырына басты да Аппақ тұман жайлана, Ақ теңіздің астына Сүңгіп кетті айнала. Тау басынан түсті ме, Әлде алыстан жетті ме? Біздің ауыл үстіне Жатып алды шөкті де. Асықпайды аптығып, Бұлттай шұбап желмейді.

Дейін десем ақ түбіт, Қолға ұстауға келмейді. ШІЛДЕР Борайды боран, Деп: «Қарға оран!» – Қалтырап құстар, Қорқады одан. Шошиды торғай, Зәресі қалмай. Қарқылдар қарға: «Суық, – деп, – қандай!». Жоқ барар туыс, Іздейді қуыс. Баспана табу – Ең қиын жұмыс. Қалмайтын қапыл, Бәріне мақұл, Мұндайда шілдер Табады ақыл. Қар астын үңгіп, Жатады мүлгіп. Билейді боран, Үстінен ырғып. Қар асты жылы, Біледі мұны.

Шілдердің мынау Айтатын жыры: «Біз – көп шілміз, көп шілміз, Шетімізден көпшілміз, Көпті қорқыта алмайды, Сары аяз бен көкшіл мұз. Ажырамас іргеміз, Жазы-қысы біргеміз. Қар астының қашаннан Қасиетін білгеміз!». ЖАПАЛАҚ Ақ шапанын тау киіп, Қыс келгенде қар құйып, Жабырқайды жапалақ, Жар басында жарбиып. Келер жан жоқ хал сұрап, Дірілдейді қалтырап: Қар астында қалған соң, Қара тышқан, саршұнақ. «Азығым жоқ, үйім жоқ, Не болады күйім? – деп, Сары уайымға түседі, – Қоян алу қиын!» – деп. «Жапалақ-ау, жапалақ, Жер тепкіле, жата қап!» –

Деп күледі мазақтап, Қырғи соғып шапалақ. КЕЛ, КЕЛ, МЕНІҢ ҚҰСТАРЫМ! Қыста суық қысқа күн, Құс ойлай ма қыс қамын. Жем шашайын аулаға, Кел, кел, момын құстарым! Мамық жүнді момындар, Кел, үрікпей қоныңдар! Жауса, мейлі, қалың қар, Еркін қанат қағыңдар. Суық, аяз сормасын, Жемге тойып алыңдар. Мамық жүнді момындар, Кел, үрікпей қоныңдар! ТҰМАҚ Жазда атамның тұмағы Төрде ілулі тұрады. Қар жауып, қыс келгенде, Қайта сыртқа шығады. Әжем тіккен былтыр-ақ, Түлкі тұмақ – бұл тұмақ. Аппақ қарға соққан соң, Шыға келді жылтырап.

Шаңы кетіп тысынан, Тазарды бар ысынан. Тұмақ үшін өзінің Артық не бар қысынан. Малақай да асыл ма, Түлкі тұмақ қасында? Қып-қызыл боп, атамның Құлпырады басында. Босқа тұрып налыпты, Іші пысып қалыпты. Қыс келді деп, құлағы Едірейіп алыпты. ШАНАМЕНЕН КЕЛЕМІН Мықтап ұстап делбені, Ағып келем кең жолмен. Итереді жел мені Кейін қарай кеудемнен. Еңістерден шана тік Құйылғанда, тістенем. Шапқан атты боратып, Тартып келем күшпенен. Шетке соқсам, шанамды ат Кете ме деп төңкеріп, Қарап қоям алаңдап, Алдын-ала жер шолып.

Арындаған ат мынау, Танауынан бу атып. Жұлдыздай бір ақтым-ау, Кетпесе екен құлатып. Жеттім талай асып қыр, Көрінді ауыл қарасы. Атам неге тосып тұр, Қорқып тұр-ау, шамасы... ШАҢҒЫШЫ Қос таяғым – тіреніш, Алдым – бір өр, бір еңіс. Қар бетіне ізіммен Тартып келем рельс. Байқап алмай алдымен, Бір дөңестен қарғып ем, Ұшып түстім қалпақтай, Бұрқ еткізіп қарды мен. Әй, бүлдірдім, бүлдірдім, Көргендерді күлдірдім. Әттеген-ай, түп-түзу «Рельсті» сындырдым! МҰЗТАБАН Сақам тұрмай қойғасын, Құйдым ойып қорғасын.

Алып атам егеуін, Әдемілеп егедім. Үйіріп ем кідірмей, Алшы түсті мүдірмей. Қай жерінен мін табам, Болды нағыз мұзтабан. СЫНЫҚ БҰТАҚ Сынды бұтақ, Қалды төмен салбырап. Тұрды жұтап, Жапырағы жалбырап. Көп жылады, Үн шығармай ішінен. Қалжырады, Айырылып күшінен. Ешкім көріп, Қамқорлыққа алмады. Ешкі келіп, Жапырағын жалмады. Назаланып, Жасын төкті сол бұтақ. Жараланып, Таңылмаған қол құсап.

КҮЙШІ ҚАРАҒАЙ Оқшау – орман шетінде, Таудың күнгей бетінде, Жүз жыл тұрды қарағай, Күн мен желдің өтінде. Сонысына қарамай, Мықты еді бұл қарағай. Шымыр еді шыныққан, Майдан көрген ағадай. Қарап тұрып қарадай, Ыңылдайды қарағай. Әр бұтағы ән салып, Уілдейді баладай. Барсаң орман аралай, Өте шықпа қарамай. Домбыра үшін осы ғой, Таптырмайтын қарағай. Әдейі іздеп барды да, Шебер көріп қалды да: Жасамаққа домбыра, Кетті кесіп алды да. Бірнеше күн жонды да, Жасап шықты домбыра. Сөйлеп кетті қарағай, Қолға келіп қонды да!

СЕКСЕУІЛ

Бұтақтарың төксе гүл, Құлпырасың көктемде. Сарыбарақ сексеуіл, Саған отын жеткен бе?! Аптапта шөл қысса да, Қурамайсың, азбайсың. Мейлі жазы, қыста да Отқа жақсам маздайсың. Боран басып қалса да, Сілкінбейсің тік тұрып. Бой берместен балтаға, Көрсетесің мықтылық! ТАЛ БЕСІК Су құйған соң шелектеп, Өсе берді тал ептеп. «Түбінде бір, әйтеуір, Қалармын, – деп, – керек боп!». Ақтады да еңбекті, Бұтақтанып ер жетті. Бөбегіндей әлдилеп, Жел кеп оны тербетті. Тұрды солай тербеліп, Жүрді талай ел көріп. 14-0137 Алып кетті бір шал кеп, Бірде оны өңгеріп. Шал бекерге келмепті, «Немерем!» – деп терлепті. Талдан бесік жасалып, Балбөбекті тербетті.

МАҚТАНШАҚ ҚАҢБАҚ Қатты соқты жел кенет, Қаңбақ ұшты дөңгелеп. Жүре-жүре қалбаңдап, Шықты ақыры дөңге кеп. Осы арада жел тынды. Қаңбақ тоқтап желпінді: – Шыңға шыққан мынандай, Кім бар, сірә, мен сынды! Ойпаң енді не теңім, Биік тұғыр – мекенім. Өрлей берсем осылай, Бәлкім, көкке жетемін. – Құландай ем қырдағы, Қыран болдым шыңдағы, – Деген сөзін қаңбақтың Жел қитығып тыңдады.

Тиді желдің шамына, Қайта соқты қағына. Қағып ала жөнелді, Ойға қарай тағы да. Дедектеді домалап, Өзін-өзі сабалап. Мақтаншаққа мұндайда Әй, обал-ақ, обал-ақ!.. ТҮЙЕЛЕР Түйе, түйе, түйелер, Ойпаң жерде үйелер. Күлтөбеге көп аунап, Үсті-басын күйелер. Өркештері баладай, Сандары үлкен сабадай. Маңа берер маңқиып, Қатер бар деп қарамай. Жүк көтеріп төбедей. Құмда жүзер кемедей. Аштыққа да, шөлге де Шыдар бір ай елемей. Оты қанған болса егер, Бір шөккеннен мол шөгер. Ұзақ жатып тынықса, Ұзақ, ұзақ жол шегер.

БУРА Шолып тұрмын даланы, Қырға шығып, Бір топ түйе барады Ырғатылып. Желкілдеген жел қағып, Шудасын-ай! Селкілдеген долданып, Бурасын-ай!.. Шынымды айтсам сондағы Турасынан, Қорқып тұрдым соңдағы Бурасынан. Қуғаны бір анада, Түсті есіме. Қырдан енді бола ма Түспесіме? Тұра алады ұрынса, Құр қарап кім? Маған қарай бұрылса, Зырламақпын... ҚҰНАН Саған мінсем, құнаным, Зуылдап бір шырқармын.

Тас төбеңде құлағың, Тұқымысың тұлпардың. Тұлпар мініп бабалар, Жауға шапқан атойлап. Ту ұстаған ағалар, Кеше астында ат ойнап. Жүйріктердің санаулы Өзімісің, құнаным?! Тұлпарлардың сонау бір, Көзімісің, құнаным?! Құнаным-ау, кекілді, Құстай ұш өз далаңда. Менің бабам секілді, Текті сенің бабаң да. ТЫРНАЛАР Тырау-тырау, тырналар, «Жем іздесең, қырға бар». Сақтанып жүр, тікен бар, Мойыныңды тырмалар. Тырау-тырау, тырналар, «Жем іздесең, қырға бар». Қырда бірақ түлкі бар, Сақ болмасаң, жұлмалар.

ТОРҒАЙЛАР Кел, торғайлар, қонаққа, Талдарыма қонақта! Залым құртты залалды, Орманыма жолатпа! Кел, торғайлар, қонаққа, Талдарыма қонақта! Шегірткеге қаскүнем, Егінімді тонатпа! Кел, торғайлар, қорғаңдар, Ортақ егін, ормандар. Бидай өнсін, тал өссін, Әсте жалқау болмаңдар. Кел, торғайлар, келіңдер, Дән шашайын, теріңдер. Қыста еркін демалып, Жазда көмек беріңдер. ЖАЛҒЫЗ ТЫРНА Жапа-жалғыз бір тырна Келіп еді былтыр да. Жүріп алды сопиып, Биыл да ауыл сыртында. – Не сыры бар, мынаның? – Деп атамнан сұрадым.

Атам айтты: – Бұл байғұс, Жоғалтқан ғой сыңарын. Сыңарына себебі, Кездесем деп сенеді. Сондықтан да жыл сайын Осы араға келеді. Жалғыз тырна жүр жылап, Айдалада тұнжырап. Енді қайтып сыңарын Көре алмайды-ау бұл бірақ! – Қозғап қойып бұл сырды, Атам ауыр күрсінді. Мен де жалғыз тырнаны Аяп кеттім біртүрлі. БАЛАПАН Үлпілдеген үрпегім, Сәл нәрседен үркегім. Бір жүріп, бір тоқтайсың, Титтей сары доптайсың. Жерге үңіліп жүресің, Дән теруді білесің. Ал қарақұс келгенде, Көктен қатер төнгенде, Пана тауып аласың, Жасырына қаласың.

Жоқ қорғанар қаруың, Қиын-ақ күнкөрісің. Бас сауғалап қалуың – Үлкен ерлік сен үшін. ТАЛ МЕН ТОРҒАЙ Ұясында қанаттанып алды да, Ұшып шықты бала торғай аспанға. Сәлден кейін қос топшысы талды да, Қонды келіп жағадағы жас талға. Оның нәзік бұтағында тербеліп, Отырды да сая тауып, тыныстап, Деді талға: – Тұрсың мұнда сен неғып, Бос тұрғанша, пайдалы бір жұмыс тап!.. «Сезбейсің-ау, көп нәрсені, батырым, Білем әлі толмай жатыр ақылың. Ұғынарсың қадірімді өскенде», – Деді де іштей жымиды тал ақырын... ӨРМЕКШІ МЕН ШЫБЫН Неше түрлі өрмекті Тоқыпты бір өрмекші. Өрмекшінің өнерін Бопты шыбын көрмекші.

Әдейі іздеп келіпті, Келіп сәлем беріпті. Таңғажайып өрмекті Тамашалап көріпті: – Құтты болсын өрмегің, Ерен екен еңбегің! Үйренейін деп келдім, Болмаған соң ермегім. Өрмекші айтты: – Шыбыным, Ермек деп жүр мұны кім? Осы өнердің соңында Келеді өтіп ғұмырым. Тоқып келем ерінбей, Қиындықтан жерінбей. Өрмектің әр өрнегі – Төккен маңдай терім ғой. Болсаң егер үйренер, Күнде біздің үйге кел! Ерінбесең, алдыңнан Есік ашар қилы өнер. Бастамақ боп бұл істі, Шыбын дереу кірісті. Бірақ көпке шыдамай, Бір қонды да, бір ұшты.

Шошаңдауын қоймады, Оп-оңай деп ойлады. Бір тоқып, бір отырып, Өрмекпенен ойнады. Торға шығып ырғалды, Бәлеге енді шын қалды. Шатасты да маталды, Шықпастай боп шырмалды. АЙНАШ ПЕН ИНЕШ Айнашты ауыл біледі, Сабақты үздік оқиды. Кестені де тігеді, Қолғапты да тоқиды. Инешке ауыл күледі, Алқам-салқам түймесі. Қолына ылғи кіреді, Ұстай қалса инесі. ҚАСҚЫР МЕН ТӨБЕТ Қасқыр аңдыр жағалап: «Ұйқтады ма төбет?» – деп. Төбет үрер абалап, «Саған мұнда не жоқ!» – деп. Қанша тұрсын жасқанып, Түсті ақыры қораға.

Төбет дереу бас салып, Талады сол арада. Қасқыр кетер қаңқиып, Таң да күліп атады. Батыр төбет балпиып, Іргеге кеп жатады. ЖЫЛҚЫ МЕН СИЫР «Күн көруге ебім көп, Алынса тек ерім», – деп, Жылқы қыстан шығады, Жайылумен тебіндеп. «Жайылуға тебіндеп, Ебім жоқ қой менің», – деп, Сиыр тұрар қорада, Үйіп берген шөбін жеп. ТОЛҚЫН МЕН ЖАҒА Толқын ұрар жағаны: – Маған бөгет қылма! – деп. Жаға кейін қағады: – Әуре болып ұрма! – деп. – Кетер едім көсіліп, Кең далаға жайылып, –

Дейді толқын көпіріп, – Сен тұрмасаң қайырып! – Мен болмасам, көл болып, Қалай асыр салар ең?! Кең далада сенделіп, Жұғын болмай қалар ең. ТЕРЕК ПЕН ДАУЫЛ Құлатам деп теректі, Жел ырғады, ырғады. Алып терек желекті, Ешбір елең қылмады. Болмаған соң, Көмекке Жел дауылды шақырды. Даңғой дауыл желөкпе, Көкті судай сапырды. Теректі кеп қолға алды, «Көрейін, – деп, – батырды». Арпалысып, долданды, Күшін сарқып ақырғы. Сияқты өзі бір ауыл Жеке тұрған қырдағы: Алып терек діңі ауыр, Дауылға да қыңбады.

Қозғалта алмай ауырды, Дауыл қатты тулады. Мазақ қылып дауылды, Қалың бұтақ шулады: «Дауыл, дауыл, мақтаншақ, Айғайлама, аттан сап! Келе жатыр қара бұлт, Төгейін деп ақ моншақ. Өнеріңді көрер ек, Жаңбыр жауса себелеп. Жаныңды бақ, онан да Бізден саған не керек?! Бізден сәлем ала бар, Ойнап жүрсе балалар. Қаңбаққа бар, алдыңа Түсіп алып, домалар!». Дауыл тынды: «Құрысын, Неғылған бұл ауыр!» – деп. Терек айтты: «Бұл ісің Жарамайды, бауыр!» – деп...

САМАЛ МЕН ҚАМЫС Самал келіп қамысқа сыбырлады, Қамыс басын изеді, жымыңдады. Бұлғалақтап үкісі басындағы, Қозғалақтап орнынан, қыбырлады. – Самал келіп қамысқа не деп кетті? – Менің орным өзгеден бөлек! – депті, – Мен келгенде, ән салып, биге басып, Сырнайыңды тартуың керек! – депті. КІРПІ МЕН ҚАСҚЫР Аш қасқыр орманда Жалақтап келеді. Қаңғыған сол маңда Кірпіні көреді. Қырылдап, ырылдап, Қасекең тамсанды. Ішегі шұрылдап, Ішінде ән салды. «Бір күндік азығым, Табылып қалды», – деп, Ақсиған азуын Асығыс салды кеп. Бұғынып алды да, Кірпі қу мырс етті.

Қасқырдың аузына Инелер кірш етті. Ашыды удай боп, Тіл-аузы дуылдап. Езуден судай боп, Қан ақты зуылдап. – Деп едім сүйейін, Көрсеттің көресі. Жүресің, дүлейім, Қырынбай неге осы? – Деп қасқыр кірпіге Кейіді тым қатты. Мысқылмен күлді де, Кірпекең тіл қатты: – Біткенде сендердің Азуың жұлынып, Жүремін мен де еркін, Тап-таза қырынып. СҰРАҚ ПЕН ЖАУАП – Бұлт, қайда барасың? – Биік тауға барамын. – Биіктен не табасың? – Ұйықтауға барамын.

– Жел, жел, қайда барасың? – Жер түбіне барамын. – Жүгіріп не табасың? – Орман шаңын қағамын. – Көл, сен қайда барасың? – Мен ешқайда бармаймын. – Ал, неге асыр саласың? – Жан-жағымды барлаймын. – Бұлақ, қайда барасың? – Жолаушылап барамын. – Жолда қайда қонасың? – Көлге жетіп қонамын. – Лақ, қайда барасың? – Бұлақ іздеп барамын. – Бұлақтан не табасың? – Тұнық суға қанамын. – Қоян, қайда барасың? – Көк тоғайға барамын. – Тоғайдан не табасың? – Көгалда дем аламын. – Мысық қайда барасың? – Азық іздеп барамын. – Оны қайдан табасың? – Қаптың түбін қағамын.

ҰЛ МЕН ГҮЛ Баласы күлімдейді: «Гүл өсірдім!» – деп. Мамасы күлімдейді: «Ұл өсірдім!» – деп. Гүл құлпырып келеді, Ұл ұмтылып келеді. ТАҒА МЕН ТАБАН Бірде аттың табаны Ауырсынды тағаны: – Жүк болдың ғой босқа! – деп, Салқын тартты қабағы. Осыны дәл білген бе, Таға түсті бір демде. Табан қатты қуанды: «Жеңілмін, – деп, – жүргенде!». Келе жатқан асыр сап, Таға барда тас ұнтап. Жол ортада жұқарып, Шыға келді тасырқап. Жүрген сайын қалжырап, Кете барды зар жылап. – Баса ғой, – деп, – батырым, – Тастар жатыр саудырап. 15-0137

ЖЕЛ МЕН ҚАУЫРСЫН Ешкімге жоқ керегі, Желге ұшты қауырсын. Деп кекетті жел оны: «Неткен өзің ауырсың!». Әлгі сөзге қысылған, Былай деді қауырсын: «Мына мені ұшырған, Желім, сен де тәуірсің!». АСАУ МЕН АРҚАН Түсті асауға бұғалық, Арқан кетті шұбалып. Бұрқыратып барады, Жердің шаңын шығарып. Алды-артына қарамай, Асау зытып барады-ай! Қабаған ит тап беріп, Тұра қашқан баладай. Барабан ғып даланы, Төрт тұяғын қағады. Мойнындағы «бәледен» Құтыла алмай барады.

Орғып-орғып тулады. Барған сайын зулады. Судан әрі-бері өтіп, Арқанды әбден сулады. Қуғыншы да құйғытқан, Алды жетіп құйрықтан. Қыл арқанның қаттысы-ай, Суға түсіп ширыққан. ЖОЛ КЕЛЕДІ ЖҮГІРІП Шофер отыр үңіліп, Жол келеді жүгіріп: Жотасымен жондардың, Арасымен орманның, Үстіменен тегістің, Ішіменен егістің. Кесіп өтіп өзеннен, Асып түсіп кезеңнен, Қалаға кеп кіреді, Сайран салып жүреді. Сағынғанда даланы, Тастай қашар қаланы...

ЖОЛ Шексіз неткен жер деген, Жүрген сайын көлбеген! Жерді айналып шығасың, Тарта берсең жолменен. Жолдар жүйткіп қашады, Қырдан-қырды асады. Көз ұшынан көкжиек Бізге қойнын ашады. Жолдар қашан таусылар, Тау артынан тау шығар. Қалып жатыр қол бұлғап, Әр төбеден малшылар. Жер домалақ деуші еді, Сол бекер-ау мөлшері. Бірді-бірге жалғаған, Бітер емес жол шегі. Бір-бірімен тұстасып, Бір-бірімен ұштасып, Қалалар мен ауылдар Алыпты қол ұстасып. Жолдар қалған бабадан, Жолдар қалған ағадан. Осы жолмен жүреді Дүниеде бар адам.

Жолдар, жолдар, жүре бер, Ұзақ өмір сүре бер. Жүре берсең, жол ұшы Көк мұхитқа тірелер. Деме онда жол өлер, Сәл-сәл ғана бөгелер. Не аспанға шығады, Не мұхитпен жөнелер. Жолдың бойы ел екен, Мөлдір бұлақ мол екен. Таусылмайтын бір нәрсе Жер бетінде – жол екен... СОҚПАҚ Қаша-қаша зыр қағып, Соқпақ тауға кірді алып. Кейде жата қалады, Көк шалғынға ұрланып. Кезеңдерден қылт етіп, Жыралардан жылт етіп, Кейде тасқа тіреліп, Жалт береді бұлт етіп. Бұлтарысы өте көп Иіндерден төтелеп, Қалыңнан ап шығады, Адастырмай төтелеп.

Бірде өрге тартады, Шыңдарға қол артады. Шұбатылған бейне бір Алыптардың арқаны. Сайдан-сайды қуалар, Соқпақ – арқан шұбалар. Жүрген сайын жаңарып, Табан тисе қуанар. Қиясы жоқ баспаған, Асқары жоқ аспаған: Алып арқан Тауларды Матастырып тастаған. Бір жүгіріп, бір тоқтап, Арлы-берлі бұлтақтап, Ақырында ауылға Алып келді бұл соқпақ. БІР АППАҚ БАЛА ТҰР Жатырқар іс кімді, Болған соң азамат? Кірістім үстімді Алмаққа тазалап. Білекті сыбанып, Мінеки, кір жудым: Көйлегім қуанып, Көзінде тұр күннің.

Шалбарым мыж-мыж боп, Былғанып бітіпті: Сөйлейді: «быж-быж» деп, Жүргізсем үтікті. Басымды, көзімді Сабынға көмдім бір. Ысқылап өзімді, Мұнтаздай болдым бір. «Таптың, – деп, жаңа ақыл, Бері қара, әй бала!» – Бір аппақ бала тұр, Қарасам айнаға. ҰЯТ-АЙ... Тартып қойып танауын, Соғып еді палауын, Бәтеңкесін кие алмай, Жылап отыр ұялмай! КҮЙШІ ДЕСІН КӨРГЕН ЕЛ Кәне, тартып көрейін, Күмбірлесін көмейің. Атам менен апама Бір ән шырқап берейін.

Саусақтарым талмасын, Даусым биік самғасын. Қос ішегің күн бойы Жорғасынан танбасын. Дегенімді болдырам, Пернеңе күй қондырам. Күйші десін көрген ел, Сөйле, сөйле, домбырам. ЕРТЕ ТҰРДЫ «Күн шықты!» – деп жар салып, Сәуле түсті әйнекке. Ызылдап тұр ән салып, Ерте тұрған шәйнек те. Ерте тұрған мамасы, Біраз ісін тындырды. Ерте тұрған ағасы, Жұмысына үлгірді. Таң бозынан атасы Қорада жүр күйбіңдеп. Бұзауы мен ботасы Кетті өріске шүйгіндеп. Ең алдымен бағана Шыққан күнді құттықтап; Тауықтары далаға Шығып кетті «қыт-қыттап».

Қарамай өз сиқына, Күшігі жүр ырылдап. Бұл уақытта ұйқыда Кім жатады пырылдап? Үңілді де сағатқа, Ерте тұрды Қанат та. Тойып алып тамаққа, Тартып кетті сабаққа! ҚАУІП Алғаш рет, қызық-ай, Ұстағаным! Лыпып тұрған жүзін-ай, Ұстараның! Ой, шашының ұзыны-ай, Анау тұрған, Кір-қожалақ, Сабалақ, Күс баланың! Салып көрсем, ұстарам Өтер ме екен? Алып көрсем, күш соған Жетер ме екен? Шаш астына көмілген, Көрінбейді – Қоса алынып құлағы Кетер ме екен?

ТӘТТІ ҚИЯЛ «Жұлдыз, жұлдыз, алыстасың сен неге? Төмен түсші, кірші келіп бөлмеме. Жүрер ме едім түн ішінде өзіңді Жарқыратып тағып алып кеудеме?.. Барлық адам тұрса: «Ананы қара, – деп, – О, ғажайып жұлдыз таққан бала!» – деп», – Терезеден телміреді аспанға Қиялдағыш жеті жасар Қанабек! БАЛЫҚШЫ Күте-күте балықты, Қалтқы да жалықты. Қап, қармағым, қап енді, Алып шық бір «алыпты». Күні бойы күттім ғой, Қойдың ғой сен түк те ілмей. Шаршадың ғой өзің де, Мен де шаршап біттім ғой. Қармағымды, майбалық, Қапсаңшы кеп, айналып. Келе жатыр кеш батып, Барады көз байланып. Қармағым, күш салып көр, Не болса да алып кел!

Үйге не деп барамын, Өзен-ау, бір балық бер? САМОЛЕТТЕ Зулайды құс-кемеміз, Жер бұлдырап, домалап. Жүндей түтіп келеміз, Қанатқа бұлт орап ап. Бізге қолын созғандай, Биік шыңдар төменнен. Қала берді қозғалмай, Алып таулар дегенмен. Кете бардық тау асып, Үңірейіп қалды аңғар. Қалды дереу адасып, Қарап тұрған ормандар. Жетер алыс түздерге, Ұша берсек бұл қанат. Жерден тағы біздерге Ынтықты екен кім қарап?! ӨКІНІШ Білмеппін-ау бір гәпті, Болсам да ақыл қонатын. Атам ылғи бәйге атты Таң асырып қоятын.

Тұратынмын қызығып, Тықыршыса көк бесті. Бір күн кенет қызынып, Бәйге ат болғым кеп кетті. Кешке тамақ ішпедім, Деп таң асып шығамын. Қап, бекер-ақ істедім, Түн бойы әрең шыдадым. МҰХИТ – Көк мұхитты көрдің бе, Суына оның түстің бе? Толқынына ердің бе, Тұнығынан іштің бе? – Көрмегенмен, көремін, Оған қалай түспеймін! Толқынына еремін, Бірақ суын ішпеймін. Бізге дейін талайға Алып қойнын ашты ғой. Іше алмайсың алайда, Мұхит суы ащы ғой. ҚҰРБАҚАНЫҢ ҚИЯЛЫ Жүре-жүре құрбақа, Көлге жетті күн бата.

Көл түбінде күн жатыр, Аң-таң болды бұл батыр. «Күн де көлге түскен ғой, Көл суынан ішкен ғой. Күн бетінде жатайын, Рақатқа батайын. Болайын, – деп, – сол текті», – Көлге өзі де шолп етті. КІМДЕР ҚАЙДА ҚОНАДЫ? – Кімдер қайда қонады? – Кімдер кімнің қонағы? – Бұлттар қайда қонады? – Бұлттар – таудың қонағы. – Құстар қайда қонады? – Құстар – талдың қонағы. – Қаңбақ қайда қонады? – Қаңбақ – сайдың қонағы. – Қармақ қайда қонады? – Қармақ – судың қонағы. – Малдар қайда қонады? – Малдар – қора қонағы. – Аңдар қайда қонады? – Аңдар – дала қонағы. Бет-бетімен тентіреп, Түн қойнында тоңады.

Бірі кетсе орманға, Бірі кетер қырларға. Ал жолаушы қамықпас, Жолындағы ел барда... БАПТАЙМЫН Қара тайым тым жүрдек, Желе аяңдап басады. Тартсам дағы тізгіндеп, Бой бермейді басы әлі. Қолы түсіп қалар деп, Орынсыз көп шаппаймын. Тойда бәйге алар деп, Сұлы беріп баптаймын. Қоюшы едім шідерлеп, Бекітіп үш аяғын. Бос жібердім, жүдер деп, Бүгін өзін аядым. ТЕРЕЗЕЛЕР Күн шыққанда күлімдеп, Терезелер шаттанар. Ашылады біріндеп, Ашылғандай қақпалар. Құшақтауға күн нұрын, Күнге құшақ жаяды.

Анадайдан бір-бірін Құттықтасып қояды. Өзін ашса кім бұрын, Қуанбасын ол неге? Құшақ-құшақ күн нұрын Тасиды кеп бөлмеге. Сырттан жаңа тыныс кеп, Үйдің іші құлпырар. «Мұның жақсы жұмыс!» – деп, Күлім қағып күн тұрар. ТУРИСТЕР Бола ма денені Болаттай шыңдамай? Туристер келеді Тізіліп тырнадай. Бейтаныс жол басып, Өмірі көрмеген – Келеді тау асып, Еңіспен, өрменен. Денені тер басып, Қиындық көріп көп, Жылжиды қолдасып, Өзара серік боп.

Жерінде кеп қонған, Асыр сап аунайды. Ақ шатыр топтанған Аққудан аумайды. Қарыштап адымды, Күн сайын алға аттар, Туристер кәдімгі Шыныққан солдаттар. ЖАҢА ҮЙ Көрмеп едім ойлап бір, Керемет деп мұншалық! Бөлмелері жайнап тұр, Терезесін күн шалып. Биік тұрмыз қаладан – Он бесінші қабатта. Көрінер бұл арадан Мейрам күнгі парад та. Кіргеннен соң жаңа үйге, Құрақ ұшып, мәз мамам. Қуанышта, әрине, Келетұғын аз ба адам! Қызықсыз ғой қонақсыз Отыру да қуанып. Келіп жатыр толассыз, Құшақ-құшақ гүл алып.

Білгеннен соң мәнісін, Мұндайды кім ерсі дер: Танымасын, танысын, Кіріп жатыр көршілер. Келетіндей бүгіліп, Біздің үйге кіріп бір – Терезеден үңіліп, Алатау да күліп тұр. КІМ КЕЛЕДІ ТӨМЕНДЕП? «Мен жауғалы келем!» – деп, Бұлт келеді төмендеп. «Айтқаныңа көнем!» – деп, Құйын жүрді сереңдеп. «Мен қонғалы келем!» – деп, Құс келеді төмендеп. «Тамашаңды көрем!» – деп, Айдын жатты елеңдеп. «Енді ұяма енем!» – деп, Күн де кетті төмендеп. Көлеңкелер үлкейіп, Түн келеді көлеңдеп. ҚАРТАЙМАЙДЫ КҮН НЕГЕ? – Күннен уақыт озбай ма? Күн ескіріп тозбай ма? 16-0137

Қартаймайды ол неге, Арымай ма, азбай ма? – Жердегі бар сәбиді Күннің көзі таниды. Үлестіріп шуағын, Аралайды әр үйді. Нұры әлемге жетеді, Жерді айналып өтеді. Бөбек көрсе, басынан Бір-бір сипап кетеді. Әр бүлдіршін күлгенде, Жасарады Күн демде. Сондықтан да ғұмыры Бітпейді оның білгенге.

ТОЛАҒАЙ

Жалғыз тау тұр далада, Басқа тауға жоламай. Таныс барлық балаға, Бұл – атақты Толағай. Неге, неге, мына тау Айдалада – жолда тұр? Көтергені рас-ау, Мына тауды сол батыр! Аңызы ескі күндердің, Меңзейді бір шындықты. Адамдары бұл жердің Неге, неге кіл мықты? Шындыққа әкеп саяды, Жаныңды бір түртіп ой. Өйткені бұл баяғы Толағайдың жұрты ғой... ҚАҚПАН Мынау – қақпан, Кім ойлап тапқан? Аю мен қасқырдың Аяғын қапқан. Жасырын жатқан Қу екен қақпан. КӨМЕК Мен мамама еремін, Қол ұшымды беремін. Суға толы шелегін Көтерісіп келемін! Қалт етпей қас-қабағы, Мамам мені бағады. «Әуп-әуп!» десем, күш алып, Жымың-жымың қағады.

Бірге барып бұлаққа, Су тасыстым біп апта. Шелек менен жоғары Келе жатар бірақ та... БАЗАРЛЫҚ – Мамаң алма әкелді, Папаң киім әперді. Қуантасың сен немен, Шешең менен әкеңді? – Қайтам балабақшадан, Онда кімнен ақша алам? Сағынғанда тап келем, Ақ бетімді ап келем! ШЫҢҒА ШЫҚТЫМ Шыңға шығып ертемен, Қарап едім мен төмен: Жіңішкерді өзендер, Кішірейді кезеңдер. Үйлер қалды жүктей боп, Жолдар қалды жіптей боп. Тастар болды түймедей, Талдар болды инедей...

Өрлей берсем әріге, Кішірейер әлі де. БІРІ ҚОРҒАН БІРІНЕ Қауіп барын сезінсе, «Келіп қалды, ойбай!» – деп, Суырларға өзінше Хабар берер торғай кеп. Шақылдаса көп суыр, Торғайға айтып мың алғыс: «Неге шу боп кетті бұл?» – Деп шулайды ұлар құс. Дүрліктіріп тау ішін, Олар берсе нақ хабар: Ести сала дауысын, Тау ешкілер сақтанар. Қылп етсе: «Сақ болыңдар!» – Деп шуласар күніге. Әрқашанда момындар Бірі қорған біріне. ЕКІ БАЛА Су-су болып Нұрымбек, Үйге кірді дірілдеп. Шошып қалды мамасы: «Не боп кеткен түрің?» – деп.

Пеш жанып тұр гуілдеп: «Кел, қасыма, жылын! – деп. – Ақ таңертең кетіп ең, Қайда жүрдің бүгін?» – деп. Отын жарып Білімбек, Үйге кірді күлімдеп. Мәз болып тұр мамасы: «Менің алтын күнім!» – деп. Пеш жанып тұр гуілдеп; «Дұрыс болды мұның! – деп. – Енді біраз ойнап кел, Шаршадың ғой бүгін!» – деп. ТАҢБАЛЫ ТАС Көне ғасыр көзіндей, Бабалардың сөзіндей, Көрген адам таң қалар, Таста талай таңба бар. Жатыр онда сыр қанша, Жатыр онда жыр қанша! Батылдық бар, ерлік бар, Ерендік бар, елдік бар. Қиындыққа бас қойып, Жазып кеткен тасқа ойып. Көз кезіксе танитын, Оқыр баба тарихын...

АЯНЫШ Аңдып жүріп, әйгілеп, Қасқыр тартты тайды кеп. «Қасқыр тартса, – деген бар, – Тай кетеді бәйге боп». Жүйрік болар жылқыны Сезіп қасқыр құлқыны, Тартады екен: «Өзіме Жетпесін, – деп, – бұл түбі». Қара санын қан бояп, Жараланған тайды аяп: – Алып берем өшіңді! – Деп қойды оған Майлыаяқ. САҒАТТЫҢ СӨЗІ Тұра алмаймын түк үнсіз, Шықылдаймын тынымсыз. Уақыт сөйлей алмастай Менің екі тілімсіз. Ғасырлармен құрдаспын, Тәуліктермен сырласпын. Адам менен уақыттың Ортасында тілмашпын!

ДӨҢГЕЛЕГІМ, ДӨҢГЕЛЕН! Зырылдатып мен келем. Жазықпенен, дөңменен, Еңіспенен, өрменен, Дөңгелегім, дөңгелен! Шаршамаймын мен деген, Дөңгелегім, дөңгелен! Орғып-орғып өте шық, Не жатса да көлденең. Желге омырау ашамын, Белден-белді асамын. Зырылдайды қос педаль, Кезек аяқ басамын. Дөңгелегім, зырқырат, Ізіңнен шаң бұрқырат. Көрейінші бір сынап, Бағайыншы бір шыдап. Келем күшті салып бар, Кезім келді қалықтар. Дөңгелегім, ұш, кәне, Атама тез алып бар! КІМ ТАЗА? Түлкі қарға аунайды, Аунамайды шаңға бір.

Есек шаңға аунайды, Аунамайды қарға бір. ҰҚСАСТЫҚ Ырылдайды сұр күшік, Қырылдайды сұр мысық. Бірін бірі ала алмай, Жүргендері тырмысып. Тиіп кетсе жұғысып, Бөденедей жұлысып, Ағайынды екеу жүр, Жүйкелері тырысып. Ит пен мысық ешқашан Деген емес достасам. Қояр бірақ қолма-қол, Бір ақырып тастасаң. Мыналарға дауа жоқ, Қоймайды бір бала боп. Бірі тисе маса боп, Бірі шағар ара боп. Жүргендері безеріп, Соңдарынан сөз еріп. Ит пен мысық емес қой, Екеуіне не жорық?

ҚОРҚЫНЫШ Жолда келе жатыр ем, «Қош!» – деді де күн батты. Әншейінде батыр ем, Қорқып кеттім тым қатты. Ымыртта көз байланған, Келемін үн шығармай. Үңірейген сайлардан Аю атып шығардай. Жүрек кетті дүрсілдеп, Дию есік қаққандай. Қарсы алдымнан: «Кімсің?» – деп, Біреу келе жатқандай. Қызыл қасқыр алдымда Қызыл тілі салақтап: «Бала, келіп қалдың ба?» – Деп тұрғандай жалақтап. Есім шыға уайыммен Жан-жағыма алақтап, Желіп келем тайыммен, Екі етегім далақтап. Тебінемін тепеңдеп, Жүрген сайын жасқанып. Қашан ұстар екен деп, Ту сыртымнан бас салып.

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙