Сыр туралы сыр
Абылай Айдосов
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Сыр туралы сыр. Абылай Айдосов
І бөлім
ТҮРІК ӘЛЕМІНЕ ОРТАҚ МҰРА
Қорқыттың мұрасын зерттеуші профессор Ә.Қоңыратбаев «Қорқыт ата» кітабындағы шежірелік сюжеттерді үш кезеңге бөледі. Бірінші кезең: Оғыз-қыпшақ ұлысының ұйымдасу кезеңін суреттейтін жырлар. Бұған «Бәмсі-Байрақ», «Дирсе хан баласы», «Бұқаш батыр», «Қан Төреәлі», «Домрул», ішінара «Бисат» жырын жатқызады. Сәлжүк қызын алатын Қан-Төреәліні түрікменге жатқызады. Екінші кезең: Түркімендер мен пешене тайпалардың арасындағы 34 жылға созылған алалықты суреттейтін жырлар. Бұған Қазан, оның баласы Ораз жайындағы жырларын жатқызады. Ұшан оғыз баласы Екрек (Игенек) пен Секрет (ит аты), олар Қазанның Әлмүшке тұтқын болған әйелі Берлі сұлудан туған. Үшінші кезең: Оғыз қыпшақ ұлысының ыдырауын білдіретін жырлар. Бұған көбіне-көп ішкі оғыздарға қарсы бас көтерген Қазанның қыр қыпшақтарынан аманатқа алған өгей баласы «Аруз» жыры жатады. Бірақ, алалықтың нышандары Бисат, Домрул, Миран, Бұқаш жырларында да кездеседі. Сондықтан Оғыз мемлекетінің көркеюі мен ыдырау процестері әрдайым қатар жүргенін байқауға болады. Ал соңғы жырда қыпшақтар Қазан жағындағы Бәмсі-Байрақты өлтіреді. Арузды Қазан өлтіреді. 1043 жылы қыпшақтар Сейілхан мен түркіменді Сырдан қуып шығады. Жанкент ханы Мәлік пен оның баласы Әлиді батыстағы түрікмен тайпалары өлтіреді. Профессор Ә.Қоңыратбаевтың зерттеуінше оғыз-қыпшақ ұлысының басында һәм соңғы кезеңінде Алпамыс батыр тұрған. Қазан мен Алпамыс батырлардың жүрген жері – Сыр бойы. Баршын сұлудың моласы Сырлытамдағы «Іңкәрдария» шаруашылығы жерінде, Баршындария жағасында. Қазан батырдың бейіті Шиеліде деп болжам айтылады. Ал ұстаханасы Бастамда, оны Оқшы ата басқарған. Оқшы ата мазары Шиеліде, оның аты «Қорқыт жырларында» айтылады. Осы деректерге сүйене отырып профессор Ә.Қоңыратбаев Қорқыттың Баят (Баян) елінен шыққанын дәлелдейді. Қазан және Алпамыс батырлар қаза тапқаннан кейін Оғыз мемлекеті күйреп, ыдырай бастайды. Оғыз ұлысы ыдырағанда Қорқыт Жанкенттен кетіп, қыр қыпшақтарына қосылады. Ал оғыз тайпалары Албанияға, Балқанға, Кавказға қарай ығысып, бароған жерлерінде Сыр бойындағы қалалар мен оның байлықтарын айтып, оларды жаулардан қорғаған батырлар ерлігін жырлаған, әсіресе Қорқыт туралы айтқан аңыздар мен ертегілер жергілікті халықтарды таңқалдырған. Мәселен, Сыр бойында ІХ – Х ғасырда айтылған Қорқыт жырларының фольклорлық желісі Кавказ тайпаларында сақталып, тек ХV ғасырда ғана проза болып хатқа түсірілген, сөйтіп кейбір өзгерістер енгізілген. Әсіресе Сәлжүк (азербайжан), Баяндүр (түрікмен), Анатолия (түріктер) нұсқаларында әлгі «Қорқыт жырларының» жер, су, қала аттарындағы өзгерістер әлі сақталуда. Сондықтан да кейбір халықтар Қорқыт жырларын эпостарының арғы атасы, прототипін айтқанына ешқандай таңдануға болмайды. Өйткені Қорқыттан бастап бүкіл түркі әлемінде батырлар ерлігін жырлау дәстүрге айналған. Оған дәлел (ретінде) қазақ, татар, қарақалпақ, түрікмен, башқұрт, көшпенді өзбектер мен таулы алтайлықтарға ортақ «Едіге» жыры.
НОҒАЙЛАР. Оғыз тайпалары Кавказға қоныс аударғанда сол аймақты мекендеген ноғайлармен бірге өмір сүре бастайды. Олар Алтын Орда әскерінің қолбасшысы Ноғай батыр бастаған түрік тектес қыпшақтармен араласып, тілін қабылдаған тайпа.
Оғыз тайпалары Кавказға келгенде Ноғай батыр Алтын Орданың бес ханынының тұсында қолбасшы болған. Ол 1252 – 1269 жылдары Батидық, кейін Берке ханның тапсыруымен Парсыда, Кавказда басқыншылық соғыс жүргізеді. Берке өлгеннен кейін Доннан Дунайға дейінгі ұлан-байтақ жер ноғайлардың бақылауында қалады. Ноғай батыр Византия императорының өгей қызы – Ефросияға үйленіп, Польша, Венгрия, Болгария, Сербияға және кейбір орыс князьдарына шабуыл жасайды. Ноғай батыр төре тұқымы болмағандықтан хан аталынбайды. Соған қарамастан Бати жаулап алған аймақты уысынан шығармай, Алтын Орданың Беркеден кейінгі хандарына ықпалын жасаған Ноғай батыр. Оның көмегімен Беркеден кейін хан болған Төлебұға тақтан тайдырылып, орнына Тоқта отырғызылады. Беделі артып тұрған Ноғай батырдан құтылу үшін Тоқта хан оған қарсы соғыс бастайды. Бұға жағасындағы соғыста, 1300 жылы Ноғай батыр қолға түсіп, өлтіріледі. Мұндай сарын «Қорқыттың жырында» көп кездеседі. Алтын Ордадағы бұл кезең ноғайлардың ертеден келе жатқан ауыз және жазба әдебиет мұраларында «аласапыран заман» атанады. Ордадағы ішкі қайшылықтар шиеленісе түсіп, 20 жылдың ішінде (1360 – 1380ж.ж) он төрт хан алмасады. Дәл осы тұста, Алтын Орда ыдырай бастаған кезеңде тарих сахнасына Едіге батыр мен Тоқтамыс хан шығады. Олармен қатар Орта Азияда Ақсақ Темір басқарған мемлекет құрылып, көп тарихи оқиғалар осы мемлекеттер арасындағы геосаяси басымдылық үшін күреспен жалғасады. Сол дәуірден бастап ноғайлардың жадында сақталып, бүгінгі бізге жеткен эпикалық жырларда, атап айтқанда, «Қарайдар мен қызыл гүл», «Бозжігіт», «Шора батыр», «Едіге» және басқа халық мұраларындағы суреттерде «Қорқыт жырларындағы» сияқты батырлардың халқын қорғағандағы ерліктері, хандардың биліктері баяндалады. Олардың желісі мен мазмұны көптеген жағдайда ұқсас, әрі қайталанып тұрады. Сыр бойы оғыз тайпасында дүниеге келген Қорқыттың жастық шағы Кавказдағы ноғайлық Едіге батырдың өмірімен біраз ұқсас. Оған «Едіге» жырын зерттеуші Ш.Уәлиханов, Ә.Диваев, М.Әуезов, Қ.Сатбаев, С.Сейфуллин, А.Орлов, А.Самойлович және басқа зерттеушілер көп тоқталған. Атақты түркітанушы башқұрт Әбубәкір Ахметжанұлы Диваевтың зерттеуінше «Едіге» жырында перзенті жоқ әулие көп жылдан кейін ұлды болады. Ол да жиырма бес жасқа дейін әулиелік жасап жүреді, аққу болып ұшып жүрген перінің бір қызына үйленеді. Бір күні қыз етігін шешсе, аяғы ешкінің аяғындай, көйлегін шешсе, қолтығынан өкпесі көрінеді. Тағы бірде қыз шашын жуғанда бас терісін алдына алса, миы көрінеді. Осындай сұмдықты көрген әулие қыздан шошынып, оны қуып жібереді. Одан соң құс кейпін киіп, ұшып бара жатып, әулиеге мынадай жауап айтқан екен: «Ай, байбатша, менің ішімде тоғыз айлық еркек балаң бар. Ол бізге аманат. Сол балаңды тоғыз жолдың тоғысқан жерінен тауып ал. Мен пері едім, сіздің маңдайыңызға симаған екенмін» деп ұшып кетеді. Бұл әулие баба Түкті Шашты әзиз-тын. Ол тоғыз жолдың тоғысқан жеріне келгенде баяғы пері жібек орамалға оралған баласын аспаннан тастап жібереді. Әулие елсіз, күнсіз туған баласына Едіге деп ат қояды. Тоқтамыс хандық құрып отырған ноғайлардың жұртына алып келеді де, оны бір кемпір мен шалға тапсырып, өзі бақсылық жасап жапан кезіп кетеді. Әрине, бұл жерде Қорқыт жырларындағы сюжеттермен ұқсастық байқалады. Едіге үш жасында молдаға барып діни оқу оқиды, сегіз жасында бірге оқыған тоқсан баланы күресте жығады. Бір күні күресте олардың барлығын жығып, киімдерінің үстіне шығып: «Міне, мен Тоқтамыс хан тағының үстінде отырмын», - депті. Едіге жас кезінен әділ билік айта бастайды. Едіге туралы әңгімелер ноғай ханы Тоқтамысқа да жетеді. Баласы жоқ хан Едігені қолына алады. Өзі бек, айбатты, сұлу, ақылды жігітке Тоқтамыс ханның жас әйелінің көңілі кетеді. Өгей анасының айтқанына көнбеген жігітке әйел жамандық ойлайды. Күндердің бір күні Тоқтамыстың ханымы патшаға: «Осы алып жүрген жалшы баламыздың аруағы сіздің аруағыңыздан басым болып бара жатыр. Өйткені, ол үйге кіріп келіп, «Аллаң жар болсын» дегенде өзің селк ете қаласың. Менің сөзіме иланбасаңыз, киіміңіздің етегін тебен инемен түйрейін, содан кейін баланы алдыңызға шақырыңыз»- дейді. Сол уақытта Едіге кіріп келіп сәлемдескенде Тоқтамыс селк ете қалады, ал түйрелген тебен ине ортасынан сынып, аспанға ұшыпты. Одан кейін Едігенің аруағын төмен түсіру мақсатында ішіне ханымның нәсібі араласқан бір аяқ қатық ұйытып, оны Едігеге ұсынады. Үңіліп қарап, қынынан пышағын суырып алып, қатықты төрт бөліп, ортасын былғап-былғап, көтеріп ішіп жібереді. Ханымның «Тәтті ме екен?» деген сұрағына Едіге: «Ыдысы ескі болмаса, тәуір екен», – депті. Ханым Едігенің бұл жауабы мен оның қимылын былай жорыпты: «Қара қатынның зәрі болмаса, тәуір екен», – деп болжам айтады. Ал пышақпен осып-осып ішкені «жұртыңды төрт бөлек қылармын» дегені, ортасын бұлғап ішкені «жұртыңды осылай қылып былғармын дегені» деп ханның үрейін алады. Тоқтамыстың өлтіретін пиғылын біліп, Едіге Еділ мен Жайық арасына өтіп кетеді. Сонда ноғайлы жұрты абдырап, Тоқтамыстың мазасы кетеді. Хан кеңесшілерін шақырып, ақыл сұраған. Олардың біреуі Тоқтамыс ханға мынандай кеңес береді:
Еділден әрі өткен жоқ,
Мына бір тоғыз ерді жібер де,
Алдап – сулап қасыңа ал.
Қасыңа ал да басын ал.
Сәтемір ханға жетсе ол,
Осы үшін сірә да
Сәкен алмай қалмас-ты,
Боғай құбаша ұғыл – депті.
Тоқтамыс жұмсаған тоғыз ер Едігеден қорқып, сөйлесуге бата алмай отырғанда, батыр олардың келген пиғылын біліп, өзі сөз бастапты:
Сен тұра тұршы, тоғыз ер,
Мен саған туған жерім айтайын,
Айтайын да қайтайын,
Мен баба Омар бабамды,
Батамда көргенмін,
Баба Түкті Шашты Әзізге,
Арқа беріп жүргенмін.
Мен әзірейіл періштеге,
Алты күн арыз еткенмін.
Жәбірейіл періштеге,
Жеті күн арыз еткенмін.
Мен Омар менен аспанға,
Әбубәкір Сыздыққа,
Әзірейіл Әлі бабама,
Арқа беріп жүргенмін.
Мен Мұхаммед атты піріме,
Мекке деген шәрінде,
Барып арыз еткенмін.
Тәңірәуи Мекені,
Үш айналып, күнәмнан пәк болып,
Сонда артып қайтқанмын.
Менің түсімде аян береді,
Ақ шалмасы бар кісі,
Оқымысты дүр кісі,
Енді Едігені шәуілжіге қағып,
Тоқтатамын деген қайсың?
Тоқтамыстың тоғыз ер,
Сен тоғыз да, мен жалғыз,
Дәмең болса кел, доңыз...
Міне, Қорқыт жырларындағы бұл сюжеттердің Едіге батыр жырларында кездесуі Қорқыт мұраларының ноғай тайпаларына таныс екендігін көрсетсе керек. Сонымен Едіге тарих сахнасына Қорқыттан кейін Тоқтамыспен бірге өмір сүріп, Ақ орданың Жошы ұлысы – Алтын Ордадан іс жүзінде бөлініп, өз алдына мемлекет болған кезінде келді. Едіге 1376 жылы Самарқандтағы Ақсақ Темірге барады. Ал Тоқтамыс 1380 жылы Алтын Ордадағы хандық билікті қолына алды. Алтын Орда мен Ақсақ Темір арасында үш ірі шайқаста Тоқтамыс жеңіліске ұшырайды. Алғашқысы 1389 жылы Сырдарияның бойында Сығанаққа жақын жерде, екіншісі 1391 жылы Еділдің бойында Құндызшы деген жерде, үшіншісі – 1395 жылы Кавказда Теректің бойында. Алтын Орданың астанасы Сарай өртеліп, тоналып, Тоқтамыс алдымен Қырымға, одан кейін Литва жеріне бас сауғалайды. Алтын Орданы Едіге батыр өзіне қаратып, кейін Ноғай ордасының негізін қалайды. 1405 жылы Ақсақ Темірдің өлімін пайдаланып Сыр бойын қайтарып алады. Хорезмді өзіне қаратады. Одан кейін Мәскеуге жорық жасайды, бас игізіп, алым-салық жинап қайтады. Қорқыт сияқты ірі мемлекет қайраткері Едігенің тұсында соғыстан әбден әлсіреген, қаласы қираған, халқы қырылған, шаруашылығы күйзелген Алтын Орда қайтадан қалпына келе бастайды. Елдің ішкі жағдайы жақсарып, халықтың еңсесі көтеріледі. Ол жаңа ақша реформасын жүргізеді. Ордада жаңарған заң жүйелерін енгізеді. Едіге туралы аңыз-жырларда оның біліктілігі мен білектілігі, даралығы мен даналығы: «Ақылы кемел, асқан жомарт, күлкісі биязы, аңғарымпаз да тапқыр, ғұлама оқымыстыларды сыйлаған, мәрт азаматтарды қастерлеген, пақырларға мейірімді, имандыларға қайырымды, ораза намазын берік тұтып, шариғат жолын адал ұстаған, Алланың аяты мен пайғамбардың хадисін көкірегіне түйген адам еді» – деп суреттелінеді. Түрік халықтарының тарихында ең елеулі оқиғалардың бірі Ворскла өзенінің бойында Литва князы Витовтың және сол елге қашып барған Тоқтамыстың әскерін Едіге талқандайды. Бұл соғыс бүкіл түрік халықтарының келешегін шешеді. «Мұндай жеңісті Шығыс та, Батыс та көрген емес» деп жазады орыс тарихшысы Карамазин. Едіге 1409 жылы Батыс Сібірді паналап жүрген Тоқтамысты өлтіреді. «Қорқыт жырындағы» кездесетін тағы бір сарын – баласы әкесінің кегін алу, оның арманын орындап, атқара алмай кеткен жұмыстарын тиянақты түрде аяқтау. Мәселен, әкесінің кегін алу үшін Тоқтамыстың балалары Едігемен соғысуын тоқтатпайды. 1419 жылы Тоқтамыстың кіші баласымен болған соғыста Едіге ауыр жараланады. Оны Тоқтамыстың балаларының бір әмірі (әміршісі ме?) шауып өлтіреді. Соған қарамастан Едіге түрік халқының санасында «Дешті қыпшақ әміршісі», «Ноғайлардың императоры», «Алтын Орданы билеуші», «Ел билеген Едіге», «Ел қамын жеген Едіге» ретінде бүгінге дейін жырланып келеді. Кавказ еліне барған оғыз-қыпшақ тайпалары мен ноғайлар Едіге батырдың ұрпақтары оның өсиетін орындап, түрік руларының басын қайта қосқан деп жырланады. Ноғай ордасында Едігенің үлкен ұлы Нұрединнің атынан бас мырза аталынса, билігі жағынан кейін тұрған мырза – Едігенің екінші ұлы Кейқуат атымен аталатын. Кейін мұндай тәртіпті Қырым хандары мен түрік сұлтандары да өздеріне енгізген. Едіге ұрпақтарының бірі орыс тарихында белгілі Юсуповтар, оның төртінші буынындағы ұрпағы Жүсіповтің әулеті, князь Урусовтар бесінші буындағы Едігенің ұрпағы, орыс мырзаның әулеті. Жыр дастандарында тарихи орны бар Мұса, Мамай, Орақ, Қарасай, Қази, Талағыс батырлар Едігенің ұрпақтары. Осыдан кейін шығыста Лена өзенінен бастап, батыста Еділге дейінгі аймақтағы түркілер төртке бөлініп, Ресей мен Қытайдың отарына айналды. Олар Еділ-Жайық өңіріндегі Қазан татарлары, башқұрттар, шуаштар, Қырым татарлары; одан кейін Кавказ түркілеріне азербайжан, Дағыстандағы ноғайлар, қарашайлар, балқарлар; Түркістан және Батыс Түркістан түркілеріне қазақтар, қырғыздар, таулы Бадахшан тәжіктері, қарақалпақтар, өзбектер, Түркменстанның түріктері; Сібір және Шығыс Азия түркілеріне саха, шор, саян, хакас, Алтай және Моңғолия, Солтүстік Қытай түркілері. Бұлар бірнеше мемлекет құрғанымен, өздері бірнеше мемлекеттің құрамында отаршылдықты басынан кешірді. Түрік әлемінде ноғайлар Едіге батырдың ұлы Нұрадиннің (1426 – 1440) билік еткен кезеңінде күшті мемлекетке айналды. Одан кейін XVІ ғасырдың екінші жартысында үлкен ноғай және кіші ноғай болып екіге бөлінеді. Кіші ноғайлар Еділдің батысын, үлкен ноғайлар Еділдің шығысын мекендеп Қырым хандығына, Ресей патшасына, Түрік сұлтандығына тәуелді болды. Ноғайлар 400 жыл бойы Қырым мен Еділ арасында көшпелі өмір сүрді. 1769 жылы Едиссан, Бұржақ ұлыстарындағы 11 мың 794 түтін ноғайлар орыс азаматтығын қабылдады. 1790 жылы Потемкин тұсындағы ноғайлар Берды, Тоқмақ өзендерінің бойына шоғырланды. ХІХ ғасырдың басында Едиссен ордасында 4655 адам, Ембұлақта 1922 адам, Едішкөлде 1118 адам болды. Ал 1807 жылы Днестрден Новороссийск жағына, Таврия губерниясында 6 мың 404 түтін ноғайлар өмір сүрді. 1821жылы Қара теңіздің Ноғай қамалы, Берді өзенінің бойында Бердиян қамалының іргетасы қаланды. Қырым соғысынан кейін татарлармен бірге шамамен 180 мың ноғайлар Түркияға қоныс аударды. 1863 жылы Ставрополь губерниясында 87 мың ноғайлар тұрған. Сонымен, ноғай жазық даланы мекендеген көп халық бола тұрып, шегіне-шегіне осы қазіргі күнгі Ставрополь өлкесі мен Дағыстан, Шешен мен Ингуш республикаларын мекендейді. Олардың саны әрең дегенде 70 мыңнан асты. Ноғайлар әдет-ғұрпы мен тұрмыс-салты жағынан қазақ, қарақалпаққа және басқа түрік халқына жақындау. Сондықтан ноғай халқының жоғын жоқтау бүкіл түрік әлемінің парызы мен қарызы. Тарих биігінен Ұлытауға назар салсақ, оның басында тастан қалап үйілген, биіктігі құрық бойындай, бір жақ беті тік, үшбұрышты пирамида ретінде салынған қорым бар. Бұл – Едіге батырдың моласы. Қазақ халқы Едіге тауы мен моласын қасиетті есептеп, басына ақтық байлайды, батырды әулие тұтып, ол туралы түрлі аңыздар айтады.
ТАТАРЛАР. «Қорқыт және түркі әлемі» тақырыбын зерттегенде жоғарғы тарауда көрсеткендей, түрік елі өмір сүрген 1500 жыл ішінде төрт рет гүлдену-өрлеу, төрт рет дағдарыс-құлдырауды бастан кешіргені белгілі. Қ.Аманжолов пен Қ.Рахметовтың зерттеуінде түрік елінің бірінші гүлдену-өрлеу кезеңі – біздің заманның VІ ғасырында Еуразия кеңістігін жайлаған байырғы түркі тегінен шыққан тайпалардың халықтары бірігіп, бірінші түрік қағандығын құрған кезімен сәйкес келеді (551 – 630 жылдар). Бұл империя көп аймақты Монғолияны, Енисейдің шығыс жағын, Байкал көлінің жағалауын, ал батысында Қырымға дейін, оңтүстігінде Амударияның бастауына дейін қамтиды. Солтүстік Қытай мемлекеті – Ци және батыс Қытай мемлекеті – Чжоу түркі қағандығына алым-салық төлеген.
Түрік қағанынының тарихындағы гүлдену-өрлеуден кейінгі бірінші ауыр дағдарыс, экономикалық-мәдени құлдырау кезеңі VІІ ғасырдың ортасынан басталады. Бұл кезеңде түркі бөктерінің дербестікке ұмтылуы өзара қырқыстарға әкеліп соғады. Соның салдарынан түркі қағандығы Орта Азияда Шығыс және Батыс қағандықтар болып екіге бөлінеді. Шығыс түркі мемлекеті қытайлардан жеңіліп, түркі халқы 50 жыл бойы (630 – 679) бостандығынан айрылады. Түркі елі 679 – 744 жылдары екінші рет қайта гүлдену-өрлеу кезеңін басынан өткізді. Бұл кезеңде тоз-тоз болған түркі халқы 679 – 683 жылдары қытайлардан жерін азат етті. Шығыс түркі қағандығының жері Манчжуриядан Сырдарияға дейін кеңейтіліп, даңқы тағы да жер жарып, қайтадан іргелі елге айналды. Түркі елінің бұл гүлдену-өрлеуінен кейін екінші рет дағдарыс құлдырауы 741 жылы басталды. Жекелеген иеліктер, мәселен ұйғыр, карлук және басқа тайпалар өзара одақтасып, қағандықты талқандады. VІІІ ғасырдың бірінші жартысында ыдырай бастаған Шығыс қағандығының жерінде үлкенді-кішілі бірнеше мемлекет құрылды. Осы дағдарыс-құлдыраудан кейін түркі елінің үшінші рет гүлдену-өрлеуі X-XІІ ғасырларда болды. Қарахан мемлекеті Шығыс Түркістаннан Сырдарияның орта ағысына дейінгі аумақты біріктіріп, түркі тайпаларының мемлекеттік бірлігін нығайтты. Оғыз мемлекеті құрылған кезде Түркістан және Сырдария қалаларының мәдениеті дамыды. Осы кезеңде Әл-Фараби, Қорқыт өмір сүрді. Түркі елінің гүлденіп-көркеюіне өз үлестерін қосты.
Түркі елінің үшінші рет экономикалық, саяси-мәдени дағдарысы мен құлдырауы ХІ ғасырда басталды. Оғыз-қыпшақ тайпалары Албанияға, Кавказ, Балқан елдеріне жетіп, сол жерлерді мекендей бастады. Ал түркі елінің төртінші рет мәдени-экономикалық гүлденуі мен өрлеуі моңғол империясының құрылу кезеңінен – 1206 жылдан басталады. Шыңғыс хан, оның мұрагерлері Орта Азиядағы түркілер мекендеген аймақтарды жаулап алып, моңғолдар жергілікті түркі халқының мәдениеті мен тұрмыс-салтын қабылдайды. Бұл кезеңде Алтын Орда Еуразиялық одағы құрылып, Ислам діні моңғолдар жаулап алған түркі жерлерінің барлығына дерлік тарайды. Түркі елінің төртінші дағдарыс-құлдырауы 1389 жылы Әмір Темірдің Тоқтамыс ханды талқандау кезеңімен сәйкес келеді. Бұл кезең Еуропа, Ресей, және Қытаймен бірде дос, бірде қас сипатта 600 жылға созылады. Түркі елінің төртінші гүлдену-өрлеу және дағдарыс-құлдырау кезеңінде татарлар тарих әлемінде өзінің орнын айқындай түседі. Мәселен, татарлар этнонимі Байкалдың оңтүстік шығыс жағын мекендеген моңғол тайпаларының арасында V – ІX ғасырлардан белгілі. Қытай жазбаларында олар «тата», «татамь» деп аталынған екен. Орал өңірі мен Еділ бойынан келген түркі тілдес тайпалар осы жердің тұрғындары финугор халықтарының мәдениетін қабылдаған. Азов жағалауына түркі тілдес халықтардың бірі – бұлғар тайпасы да қоныс аударған-тын. Олар жергілікті халықтармен бірігіп Еділ-Кама мемлекетін құрады. Қалаларда қолөнер, металлургия дамып, өсті, бұлғаларда төлтума жазу мәдениеті, әдебиеті мен өнері болды. Олар жібек жолы арқылы Оғыз және басқа мемлекеттермен байланыс жасай бастады. Бұлғарлар ХІ ғасырдан ХІІІ ғасырға дейінгі уақыт ішінде Устюгтен Саратовқа, Мурманнан Уфим аймағына дейінгі жерлерде өмір сүрді. Олардың елу мыңнан астам адам тұратын тастан қаланған қаласы болды. Бұлғарлардың атақты тері өндірісінің арқасында жасалған былғарысы бүкіл түркі елінде үлкен сұаныспен пайдаланылды. Бұлғарлар мен орыстардың арасындағы әскери қақтығыстар алмакезек жеңіліспен бітіп тұрды. Тек ХІІІ ғасырда Моңғол шапқыншылығының алдында ғана орыстар Каманың Окаға құяр сағасына жетіп, Нижний Новгород қамалын салып үлгерді. ХІІІ ғасырдың екінші жартысында бұлғарлардың Еділдегі қамалы Қазан қаласының іргесі қаланды. Бұлғарлар мен Еділ бойы, Орал өңірі татарлары моңғол шапқыншылығына қарсы ерлікпен соғысты. ХІІІ – XV ғасырларда бұл аймақты мекендеген түркі тілдес халықтардың көпшілігі Алтын Орда құрамына енді. Одан кейін бұл ордадан Қазан, Астрахань, Қырым, Сібір хандықтары бөлініп шықты. ХV – XVІ ғасырларда Қазан татарлары біртұтас халық болып қалыптасты. Орыс патшалығының бірнеше рет шапқыншылығынан кейін Қазан хандығы Ресейдің қол астына қарады. Татарлардың ең ауыр күні 1552 жылдың 15 қазаны еді. Орыс патшасы Иван Грозныйдың 150 мың әскері 41 күн бойы Қазанды қоршауға алып, қамалды бұзып кіргеннен кейін оның тұрғындарын, әсіресе ер азаматтарын шетінен бауыздап, қырып салды. Татарлардың орыс басқыншыларына қарсы күресі бүкіл мұсылман – түркі әлемін дүр сілкіндірді. Ол туралы «Шора батыр» эпосында көптеген деректер келтірілген:
Истанбұл, Қазан екі шахар
Әуелден еді белгілі
Мұсылманның жұртынан.
Мәдеті еді еліне,
Бұрынғылар надан-ау
Қазанды қатар салдырған
Петербор, Мәскеу төріне,
Еділдің суы қосылып,
Екі айырылған жеріне
Қызыр бір Қырым болғалы
Қырық мың мешіт салғаны
Бұл Қырымның ішінде,
Қорлықсыз өскен ер едім,
Тамағыма күніне тайлы бие жер едім
Қазыналы Қазанды,
Бұл Қазанды айырсам,
Кәпірлерінің қолынан
Іс бітірдің дер едім,
Ақтанкерді келтірші,
Жүгендеп әкеп ноқтасын,
Сауытымды келтірші,
Оны үстіме киейін,
Мынау жатқан нөпірге,
Аллалий енді тиейін.
«Шора батыр» эпосында Қорқыт жырларына ұқсас жерлері көп. Оғыз-қыпшақ батыры Алпамыс пен Баршын сұлуға байланысты сюжеттерде көп кездеседі. Мәселен, Шора батыр Қазанды орыстардан құтқару сапарында оның қарындасы мен анасының айтқан сөздеріне:
Ал, Шоражан, жан балам,
Кімге тастап кетесің?
Толған айдай шалқыған,
Иісі жұпар аңқыған
Бұғағы судай толқыған
Кімге тастап барасың
Меңілідей сұлуыңды
Шырын түрлі сіңліңді
Қарт атаң мен анаңды, - дейді.
Шора мен Ноғай елінің батыры Құлыншақтың Қазанға шапқан ерлігінен қырылған орыстардың аққан қаны, тұтқынға түскендері, батырлардың ерлігіне риза болған татарлардың алғысы мен батасы Қорқыт жырындағы сюжеттерде жалғасын тапқан.
Жырда:
Кәпірдің үлкен патшасы
Жез бұтына сыйынды
Ер Шораның аруағы
Аждаһа болып жұтады
Шора батыр келген соң,
Патшасы таудай құралды.
Қазандағы ноғайдан
Мұраты сонда болады.
Шора батыр сөйлейді
Сөйлегенде не дейді:
Ат қақысын сұрасаң
Андижан мен Қоқанда
Ер қақысын көргенмін,
Қырым менен Қазанды
Топ қақысын көргенмін
Хиуа менен Бұқарда
Қазынасы Қазанды
Бересіз кәпір Хиранды
Мұнан соң келген Қазанға
Аузы түгел күйарлер
Көріп тұрмын Хиранды
Алдырамын шәріңді,
Шабатұрмын далаңды,
Қан етпей қоймаң қалаңды,
Жылатармын жәміліңді, –
деп Қазан шаһарын кәпірлерден тазартып, өз еліне қайтады.
Қазан хандығы құлағаннан кейін татарлардың ұлт-азаттық күресі кең етек алды. Оларды әр кезеңде басқарған татар халқының адал ұлдары Маныш-Берды, Әли-Әкрам, Сырым-Баһадур, Жансейіт, Жанғалы Шүгіров, Сейіт Ягафаров, Тюленей-Ақай-Абудулла батырлар. Осындай қиын-қыстау заманда татар халқы үлкен ерлік жасады, өніп-өсті. 1963 жылы санақта Ресей империясындағы татарлар 1240 мыңға жетті. Қыпшақ ордасының тұқымы Қазан татарлар 1040 мың, қыпшақ ордасынан бөлінген Қырым татарлары 100 мың, Астрахань табы 10 мың, Сібір татарлары 62 мың болды. Ресейдің Еуропа бөлігінде – Каспий мен Қара теңіз аралығындағы кең далада көшіп жүрген ноғайлар да татарлар деп аталынды. Сонымен, татар халқының ұлт-азаттық күрестегі қол жеткен табысы түрік әлемінің Қорқыт заманынан бастап келе жатқан ынтымақтық идеясы.
Алты Алаш. Түркі әлемінде «алты алаш» деген үғым бар. Бұл алтауды тек қазақтың өзіне ғана қатысты деген дұрыс емес.
Түркістан деп аталған көлемді және біртұтас жатқан кең географиялық аймақты мекендеген, өзара туысқан, түркі тілдес алты ұлысты «алты алашқа» жатқызған: өзбек, қазақ, ұйғыр, түркімен, қырғыз және қарақалпақ.
Бұл айтып отырған алты арыс елге Кіндік Азиядағы алты республика – Өзбекстан, Қазақстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Қырғызстан және Қарақалпақстан кіреді. Көне дәуірде «алты алаш» мекендеген аймақ кезінде адамзат баласы өркениетті ошақтарының бірі. Бұл жерде әлемдегі ең көне мемлекеттер Согдиана, Бактрия, Маржана, Хорезм өмір сүрген Түркістан, Отырар, Баласұғани, Тараз, Самарқанд, Бұхара, Хиуа, Жангент, Жент, Асанал, Баршынкент, Сығанақ, Шали сияқты қалалармен даңқы шыққан. Бұл аймақ пен қалаларды Қорқыт әулие талай рет кезіп, қыл қобызымен күй тартып, «алты алаш» еліне оғыз-қыпшақ батырлары туралы жырларын айтып берген. Бүгінгі таңда аты аталған алты республика 4 млн шаршы шақырым жерді алып жатыр.Бұл аймақты 55 миллионға жуық халық мекендейді. Халқы сирек қоныстанған, әрбір шаршы шақырымға 13 адамнан келеді, бірақ олар біркелкі орналасқан. Түркістан деп аталынған аймақ қазіргі Еуразия алып құрығына кең жайылып кеткен түркі тілдес халықтардың ежелгі этникалық қалыптасқан ошағы. Белгілі ғалым-демограф М.Тәтімовтың деректері бойынша түркілер сонау солтүстік қиыр шығыстан оңтүстік қиыр батысқа дейін созылып жатқан шамамен 12 млн шаршы шақырым жерді алып жатыр. Олардың әлемдегі ғылыми толық жалпы саны бүгінгі күні 15 миллион адамнан асқан. Түркі тілдес халықтардың деморгафиялық қайта өрлеуін тосын тұрғысынан ғалым нақты зерттеулермен дәлелдейді. Оның болжамы бойынша әлемдегі түркі тілдес халықтар кем дегенде 400 – 450 миллионға дейін өседі. Олардың дербес мемлекеттері гүлдене дамып, көркейіп, түбінде тіл мен мәдениет негізінде ортақ, біртұтас ынтымақтыққа жететіні айтылады. «Ондай жағдайда, – дейді М.Тәтімов, – біздің Қазақстан географиялық жағынан ғана емес, тарихи, мәдени, тіл жағынан да түркі тілінің негізі қазақ тілінде мейлінше мол сақталғаны және негізі ата-баба кәсібі – мал шаруашылығы да мирас болып қалуы соның кепілі емес пе?». Түркі әлемі және алты алаш мәселелері әлі зерттелмеген тың тақырыптар. Әзірге бізге белгілі жағы қазақ шежіресінде «Алты алаш» деп аталынған ежелгі тайпалардың атасы Алаша хан екен. Оның аты «Қорқыт жырында», орта ғасырдағы жазбаларда кездеседі. Рашид-ад-Диннің еңбегінде және Әбілғазының Түрік шежіресінде Алаша ханның шығу тегі оғыздармен байланысады. Оның билігіндегі оғыз-қыпшақ елі қыста Сыр бойын, жазда қырды жайлаған тайпалар екен. Жалпы бұл тақырыпты зерттеуге соңғы қирамай жеткен Түркістан деп айта аламыз.
Мағжан атамыз жазғандай:
Түркістан екі дүние есігі ғой,
Түркістан ер түріктің бесігі ғой.
Тамаша Түркістандай жерде туған,
Түріктің Тәңір берген несібі ғой.
Бүкіл түркі әлемінің астанасы болған Түркістанның бүгінгі келбеті оның тарихи орнына сәйкес еместігі айдан анық. Сондықтан «Қорқыт және түркі әлемі» тақырыбына Қызылордада өтетін халықаралық ғылыми-теориялық конференцияда бұл мәселе туралы кеңінен пікірлер жинақталып, арнаулы шешім қабылдануы қажет сияқты. Түркістанның жылдығына ЮНЕСКО мән беріп жатқанда бүкіл әлеміне оның тарихи мазмұны мен практикалық мағынасын ежелгі жыр аңыздармен жеткізсек те жеткілікті.
Түркістанда тұман бап,
Алмалыда алпыс бап,
Сайранда бар сансыз бап,
Таразда бар талай бап,
Меркеде бар мерген бап,
Талайларды көрген бап,
Батасын берген бап,
Бәрінен де мықтысы,
Отырарда Арыстан бап.
Міне, осы аталған баптармен қатар әлі де болса жете танымаған орта ғасыр ойшылдардың бірі – Қорқыт ата. Оның жырлары мен күйлері түркі әлемі үшін теңдесі жоқ жаңалық. Қорыта келгенде, «Қорқытнама» түркі әлеміне ортақ мұра болса, Сыр елі Қорқыттың есімімен тығыз байланысты ақиқат пен аңыздарға тұнып тұрған қайнар бұлағы. Сол бұлақтың көзін ашқан кезде ғана ол бүкіл түркі әлемі сусындайтын дарияға айналатыны сөзсіз.
ІІ бөлім
ЖЕРҰЙЫҒЫ – БАЙҚОҢЫР ҒАРЫШ АЙЛАҒЫ
Бүкіл әлемде астрологиялық бақылаулар ерте кезден бастап жүргізілген. Мәселен, Шығыста Әл-Фараби, Әл-Бируни, Ибн-Сина, Қорқыт – өз заманының ірі ғалымдары әрі ойшыл адамдары. Профессор Ә.Қоңыратбаевтың айтуынша Әл-Фараби мен Қорқыт жерұйығы Сыр бойында екендігін болжай білген. «Қорқыт ата кітабында» жазылған бір оқиғаны қайта еске алсақ артық болмас: «Қара Қойшының қанжығасында тас ататын сақпаны бар еді. Оның бүйені тау бұқаның терісінен, әдібі үш ешкінің, қайсыбірі серкенің терісінен істелген еді. Сақпаннан атылған тастың салмағы он екі батпан болушы еді. Түскен жерін ошақтай етіп ойып, шаңдатып, көкке қайтадан көтерілетін. Тас түскен жерге үш жылға дейін шөп шықпаушы еді. Сол жерді қой, арық қозылар жайлап қалып семірсе, оларға қасқыр да тимеуші еді...» Жазылған бұл аңыз қазіргі замандағы ғарышқа ұшқан обьектілерді еске түсіретінін, Сыр бойындағы Байқоңыр ғарыш айлағы тұрған жер туралы айтқандай әсер қалдырады. Бүгінгі күні ұшырылып жатқан ракеталар мен ядролық қаруларды сынаудың зардабын айтсақ, сол кезде Сыр бойында өмір сүрген Әл-Фараби мен Қорқыттың даналығына күмән келтіре алмаймыз. Халықтың қиялынан туған Қорқыттың Желмаясы, аса таяғы, кілемі бүгінгі күні отарбасы, ұшақтар, сүңгуір, қайықтармен жалғасын тапты. Байқоңыр ғарыш айлағының тұрған жері ғалымдардың болжамы бойынша космостық аппараттың өз орбитасына шығу кезеңіндегі жылдамдығының мәнінде деп түсіндіріледі. Жерұйығынан жіберілген зымыран кеме жердің тарту әсерінен шығып кетуге қолайлы әрі күннің тарту күшін тастап кететіндігі бастапқы жылдамдыққа тең деп табылған. Соның нәтижесінде Байқоңырдан жіберілген ракета жылдамдығы секундына 316 метр қосымша артатыны есептелініп шығарылды. Осындай қолайлы жағдайлар Сыр бойындағы ежелден Байқоңыр аталған жеріне алғашқы ғарыш алаңын орнатуға септігін тигізді. Сөйтіп 1955 жылдың 12 қаңтарында Төретам станциясына әскери құрылыстар жасағы түсіріліп, оны полковник Г.М.Шубников басқарды. Сол жылы 5 мамырда қазіргі Байқоңыр қаласының бірінші іргетасы қаланды. Байқоңыр ғарыш айлағын салуға алғашқы кезеңде 427 инженер мен 236 техник қатынасты. Әскери бөлімшелерді басқару 650 офицерлер арқылы жүргізілді. Бұл мәселелерді шешу ең алдымен қуатты ұшырғыш-ракета, ғарыш айлағы жердің жасанды серігі, ғарыш кемесі т.б. техникалық құралдарды жасауды талап етті. Екі жылға созылған үлкен құрылыс нәтижежесінде 1957 жылы 4 наурызда Сергей Павлович Королев бірінші 1957 жылдан бері планетарлық баллистикалық ракетаны жіберу туралы N1 техникалық құжатқа қол қойды. Нәтижесінде 15 мамырда бірінші ракета ғарышы ұшырылды. Өкінішке орай, ол сәтсіз аяқталды. Бірнеше рет сәтсіздіктен кейін 4 қазанда Байқоңырдың ұшырылған жердің жасанды серігі орбитаға шығарылды. Сонымен Сыр бойындағы Байқоңыр жерінен 1957 жылдан бері әр түрлі аппараттар, жердің жасанды серіктері, планетааралық автомат станциялары және ғарыш кемелері ұшырыла бастады. Бірінші болып Жер серігі орбитаға шығарылғаннан кейін, ең алдымен космосқа Лайка атты ит ұшырылды. Айға ұшырылған алғашқы ракета да Байқоңырдан жіберіліп, ол жасанды планетаға айналды. Басқа бір ракета айға жетті. Енді бір планетааралық автомат станциясы айдың арғы бетінің фотосуретін түсірді. Басқарып ұшырылған аппараттарды жетілдіру мақсатында бірнеше дүркін бортында жануарлар және басқа тірі организмдер бар ғарыш кемелері ұшырылып, сыналды. Ғарышқа ракеталар ұшырудағы ең ауыр сәтсіздік 1960 жылы 24 қазанда болды. Ғарыш айлағының 41 алаңында болған жарылыстың салдарынан көптеген әскери қызметкерлер және артиллерия бас маршалы, ракета әскерінің қолбасшысы М.И.Недилен қағазға ұшырады. Мұндай апат үш жылдан кейін тағы қайталанды. 1963 жылы 24 қазанда ғарыш алаңында кезекті ракетаны ұшыруға дайындық кезінде болған өрттен 7 солдат пен офицер қаза тапты. Байқоңыр ғарыш айлағынан адам ұшыру 1961 жылы іске асты. Сол жылы 12 сәуірде ғарышкер Ю.А.Гагарин дүниежүзінде тұңғыш рет ғарышқа көтерілді. Осыдан бастап Байқоңырдан ғарышкерлер ғарышқа үздіксіз аттануда.
Ю.А.Гагариннен кейін ғарышқа тұңғыш ғарышкер әйел В.В.Терешкова көтерілді. 1964 жылы 12 қазанда үш кісілік «Восход» кемесімен ғарышқа В.М.Комаров, ғалым К.П.Феоктистов және дәрігер Б.Б.Егоров ұшты, ғарышкер А.А.Ленов «Восход-2» кемесімен 1965 жылдың 18 наурызында ашық ғарыш кеңістігіне шықты. 1967 жылы ғарыш кемесі жасанды жер серігі орбитасында автоматты түрде түйістірілді. Осы жылдары ғарыш техникасын дамыту қарқынды түрде атқарыла бастады. Бір мезгілде Марсқа, Шолпанға, Айға ұшырылатын автомат станцияларын кемелдендіру жұмыстары жүргізілді. 1666 жылы 3 ақпанда планетаарлық автомат станциясы «Луна-9» Ай бетіне жайлап қондырылып, оның бетінің дидарлық кескінін көрсетті. Сол жылы 13 сәуірде «Луна-10» Айдың жасанды серігіне айналды. «Луна-16» планетааралық автомат станциясы 1970 жылдың 21 қыркүйегінде Айдың молшылық теңізі ауданына қонып, онан топырақ алып жерге қайта оралды. Планетааралық «Зонд-6» 1968 жылы Айды айналып ұшып өтіп, Жерге келіп қонды. Бірнеше планетааралық автомат станциялары Шолпан планетасына жайлап қондырылып, Жерге көптеген ғылыми деректер жеткізілді. 1971 жылы 19 мамырда ұшырылған «Марс-3» және сол жылғы 28 мамырда ұшырылған «Марс-3» планетааралық автомат станциялары Марстың серігі ретінде орбитаға шықты. «Марс-3» планетаның оңтүстік шарына арнайы аппарат түсірді. 1972 жылы ССРО мен АҚШ-тың ғарыш кеңістігін бірлесіп зерттеу жөніндегі келісіміне сәйкес бағдарлама жасалынды. Оның негізгі мақсаты – жүйелердің орбитада жақындастырылатын элементтері мен түйістіру агрегатын сынау, ғарышкерлердің бір кемеден екіншісіне ауысып мінуін жүзеге асыратын техникалық мүмкіндіктерді байқау, кемені түйістіргеннен кейін ғарышкерлердің бірге отырып, белгіленген жұмыстарды орындау, ғарышта апатты жағдайға көмек көрсете білу жұмыстары жоспарланды. Бұл бағдарлама бекітілгеннен кейін 1974 жылы жергілікті уақыт бойынша 17 сағат 20 минутта Байқоңыр ғарыш айлағынан «Союз-19» ғарыш кемесі, құрамында кеме командирі А.А. Ленов, борт инженері В.Н. Кубасов ғарышқа ұшырылды. Сол күні Мәскеу уақыты бойынша 22 сағат 50 минутта Кановрал мүйісінен (Флорида штаты) АҚШ-тың «Аполлон» ғарыш кемесі, құрамында кеме командирі Т.Стаффорд, басқару бөліктің ұшқышы В.Барнд, түйістірілген бөліктің ұшқышы Д.Слейтон ұшырылды. Екі кеме 17 маусым күні бір-бірімен түйістіріліп, ең алғашқы халықаралық ғарыштық кемеге айналды. «Союз-19» және «Аполлон» кемелерінің біріккен салмағы 20977 кг болды, олардың жалпы ұшу ұзақтығы 46 сағат 36 минутқа созылды. Ұшу барысында ғарыш кемелері екі рет түйістірілді. Содан бері ұшқан ғарышкерлердің бәрін кеңбайтақ Қазақстан жері, оның ішінде Торғай және Жезқазған облыстарының қасиетті қара топырағы қабылдаумен келеді. Бағдарлама бойынша белгіленген ғылыми-зерттеу жұмыстары орындалып болғаннан кейін, 1976 жылы 21 шілдеде «Союз-19» ғарыш кемесі Қазақстан жеріне қайтып оралды. Сол жылы 24 шілдеде «Аполлон» ғарыш кемесі де Тынық мұхитқа жайлап қонды. Сонымен бұл бағдарламаның жүзеге асырылуы космос кеңістігін бейбіт мақсатқа пайдалану және оны зерттеу жөніндегі халықаралық ынтымақтастықты дамытуға маңызды қадам жасады. Ғарыш кеңістігін игеру барысындағы айтулы оқиғалардың бірі «Боран» кемесін ұшыру еді. Орбиталық «Боран» кемесінің ұшырылуын дайындау 1976 жылы басталды. Тек 1988 жылдың 15 қарашасында ғана Москва уақыты бойынша 6 сағат 45 минутта Байқоңыр ғарыш айлағынан ғарыштық ракета «Энергия» транспорт жүйесі мен көп дүркін пайдаланатын «Боран» кемесі ұшырылды. Жер шарын екі рет айналып шыққан «Боран» кемесі өзінің бағдарламасында қаралған мақсаттарын орындап, 9 сағат 25 минутта Байқоңырға келіп қонды. Жүздеген институт, конструкциялық бюро, зауыттар мен құрылыс мекемелерінің қатысуымен өмірге келген көпдүркіндік «Боран» кемесі бүкіл әлемдік ғарышты зерттеу саласына зор табыс әкелді. Көптеген тәжірибе жинақтап, әбден сыналған ғарыш кемелерін ұшыру мен пайдалану барысында үлкен кемшіліктер шықты. Олар ғарышқа қажетті қондырғыларды жеткізгенімен қайтып әкелу мүмкіндігінен айырылды. Сондықтан істен шыққан орбиталық станциялар, жасанды жер серіктері мен бөлшектері жансыз дене болып ұшып жүруге немесе жер бетіне бұрылып, теңіз тұңғиығына түсіп жойылды. Әрине оның экономикалық жағынан тиімсіз екені белгілі. Ұзындығы 36.4 метр, керілген қанаты 24 және биіктігі 16.5 метрлік, жалпы салмағы 105 тонналық «Боран» кемесінің жүк қоймасына 30 тонна жүк сыяды. Оған «Мир» сияқты орбиталық станциялар еркін орналасты. Кеме әмбебап тасымалдаушы «Энергия» зымыраны арқылы орбитаға шығып, тиісті міндетін атқарған соң жер бетіне сағатына 340 шақырымдық жылдамдықпен кәдімгі ұшақтар сияқты қону мүмкіндігін иеленді. Қазақ елінің қасиетті жеріне, Қорқыт баба қыл қобызын сарнатқан елге бас иіп, ғылым мен техниканың тамаша табысына таңдана таңдай қақпаған, оның дәм-тұзын татпаған бүкіл әлемнің қайраткерлері кемде-кем шығар. Әр жылдары Польшаның, Болгарияның, Вьетнамның, Кубаның, Монғолияның, Румынияның, Индияның өкілдері әлем кеңістігінде көтерілгенімен, өкінішке орай, Байқоңыр орналасқан елден қазақ азаматы ұшырылмады. Кеңес өкіметі тұсында әртүрлі деңгейдегі көптеген депутаттарымыз осы мәселені қолына алғанымен, іс жүзінде тиянақты ештеңе жасалмады. Ол уақыт егемендік алмаған елдің баласы көзге түсер жерден ығыстырылып отыратын кезең еді. 1986 жылы 15 желтоқсан күні ғарыш айлағының және КСРО Әуе күштерінің басшылары, Қызылорда облысының халық депутаттары атқару комитетінің төрағасы Ыдырыс Қалиев қатысқан үлкен мәжілісте Қазақ ССР КСР Министрлер Кеңесінің Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев ғарышқа ұлты қазақ азаматты ұшыру жөнінде ұсыныс қойды. Бірақ бәрі бірдей қарсы болмағанымен, құптай қойғандар да көрінбеді. Содан кейін тәуелсіздік алған еліміздің тұңғыш Президенті Н. Назарбаев сессиялар мен көптеген мәртебелі мінберлерде шегелей айтқан сөздерінен соң, Байқоңырдың кілті қолымызға тиісімен көгілдір кеңістік қазақ халқының ұлын құшағына алуға мүмкіндік туды. 1991 жылдың 2 қазанында сағат 7-де қазақ халқының перзенті, Кеңестер Одағының Батыры ұшқыш-сынақшы Тоқтар Әубәкіров Қазақстан Президентіне ғарышқа ұшуға даяр екенін мәлімдеді. Қазақстан Президенті Н. Назарбаев, Австрияның Федеральді Канцлері Франц Враниций қазақ жерінен, Сырдың қасиетті топырағынан ғарыш кеңістігіне сапар шеккелі тұрған Қазақ, Ресей, Австрия елдерінің азаматтарына сәт-сапар тіледі. Сонымен кеме командирі Александр Волков, космонавт-зерттеуші Франц Фибек ұшатын көп ұлтты «Союз-ТМ-13» ғарыш кемесі осы күні 7 сағат 59 минутта көкке самғады. Байқоңыр ғарыш айлағы мен Ленинск қаласына келген шетел мен ТМД елдерінің басшылары мен өкілдері қазақ елін қуанышты оқиғамен құттықтады. Қазақстан Республикасы мен Австрия арасындағы достық ұшу сапарын шығарып салу салтанаты екі елдің басшылары үшін ғарыш сауда-саттық, ғылым саласындағы маңызды келісімдерге келуге жалғасын тапты. Ғарышқа ұшу кезінде Т. Әубәкіровке жүктелген Қазақстан Ғылым академиясы мен «Энергия» ғылыми-өндірістік бірлестігі тарапынан «Қазақстан-ғарыш» бағдарламасын дамытуға орай жасалынған бірнеше бағыттағы жоспар әзірленді. Мәселен, ұшу кезінде алынған мәліметтерді өңдеу нәтижелерін табиғи ресурстық және экологиялық міндеттемелерді шешу үшін пайдалану мақсатында Қазақстанның байтақ даласын суретке түсіру жүзеге асырылды. Әсіресе, Каспийді және солтүстік жағалауын, Балқашты, Арал мен Алматы қаласын Т. Әубәкіровтың қатысуымен шұғыл телесуретке түсіру процесін Республикалық Ғылым академиясының мамандары ұшуды бақылап, сараптан өткізіп отырды. Тағы бір іске асқан бағдарлама көлемінде Арал теңізінің суы тартылған, табанынан ұшқан тұзды шаң-тозаңның құрылуы мен өрбу процесін ғарыш арқылы және онымен бір мезгілде ғарыштық зерттеулер институты экологиялық экспедицияның жерден бақылау жүргізуі бұл жұмыстың құнын арттыра түсті. Екі жақты үндескен мұндай тәжірибе Арал аймағының экологиялық жағдайы туралы обьективті хабар алуға, оларды саралап, өңдеу нәтижелерін тарату үшін нақты алғы шарттар жасауға кең жол ашты. Ғарышқа ұшу сапары кезінде ауыл шаруашылық жерлерінің жайын бақылау, негізгі дақылдардың өнімділігіне баға беру, орман, жер, судың нақты тізімі мен картасын геологиялық объектілерді болжау, ауа бассейнінің аэрозольді және газ қосындылары, оған ірі өнеркәсіп орталықтарының жер аймағын айқындаумен бірге зерттеу жүргізілді. Ал республикамыздың таулы аймақтарын (Тянь-Шань, Жоңғар Алатауы, Алтай) суретке түсірудің нәтижелері сейсмикалық қатерді айқындау, жер сілкінісінің қысқамерзімді болжамын жасау проблемаларын шешу үшін пайдаланылады. Т.Әубәкіровке жүктелген медициналық-биологиялық эксперименттер де күткендегідей нәтижелер берді. Жақында құрылған Ғарыштық зертеулер Агенттігінде Қазақстан Республикасы Ғылым академиясының биотехнология, геология, ауыл шаруашылығы, материалтану саласындағы ізденістерін дамыта түсуге айырықша назар аударылып отыр. Агенттіктің жұмысында ғарыштық жедел хабарларды қабылдау мен өңдеу жөніндегі республикалық жүйе, сондай-ақ сейсмикалық спутниктің мониторинг орталықтарын құру үшін мемлекеттік тұрғыдан қаржыландыруға басымдық сипат берілуде. Мұндай орталық өз республикамыздан басқа көршілес мемлекеттер Қытай, Пәкістан, Үнді тәрізді басқа да елдердің бай табиғи ресурстары жөнінде нақты мағлұматтар беріп тұрмақ. Ал бұдан түсер пайданың қаншалықты мол болатынын байқау қиын емес. Дегенмен нарықтық экономика кезінде ғарыштық зерттеулерді жүзеге асыруға бір республиканың шамасы жете бермейтіндіктен Тәуелсіз Мемлекеттер Достығы келісімі бойынша оның қызметін үлестіру үшін мемлекетаралық орган құрылуы қажет. Қазір еліміздің мақтанышы болған, әлемдік маңызы бар Байқонырдың Сыр елінің экологиялық жағдайына әсері үлкен әңгіме арқауы болып отыр. Әсіресе ғарыш айлағы үшін, оған қызмет ететін әр түрлі обьектілер мен әскери бөлімдер үшін облыс жері мен табиғи байлықтарын пайдалануға беріп, ол жерлерден халық шаруашылығы обьектілерін ығыстырып шығару жергілікті тұрғындар арасында наразылық шығарғанын жасыру қиын. Кеңестер Одағы Компартиясының Орталық Комитеті мен Министрлер Кеңесінің 1956 жылғы 29 сәуірдегі N827/491 қаулысымен және Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің сол жылдың 18 мамырындағы N10-РС шешімі бойынша жергілікті аудан және шаруашылықтардың келісімінсіз Қорғаныс Министрлігінің 11284 әскери бөліміне Қазалы және Қармақшы аудандарының 657449 гектар жері алынып берілді. Сол жылдары ұзақ мерзім Қармақшы ауданы еңбекшілер депутаттары Атқару Комитетінің Төрағасы болған Әмзе Әлжанов:
– Бұрынғы Ленинск қаласы, ғарыш айлағы орналасқан жерлер Қармақшы ауданында болатын, соған қарамастан біздің келісімімізсіз 65,7 мың гектар КСРО Қорғаныс Министрлігіне берілді. Келген әскери бөлімшілерге жағдай жасау, азық-түлікпен қамтамасыз ету ең алдымен біздің ауданға тапсырылды. Алғашқы ғарышкер Ю.А.Гагариннің ғарышқа ұшуына арналған ресми салтанатқа қатыстым, – дейді.
Еліміз тәуелсіздікке ие болғаннан кейін ғана әскери мекемелер иеленген жеріміздің жағдайын байқауға мүмкіндік туды. 1990 жылы 15 мамырдағы Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің N11-31/17-ші тапсырмасымен КСРО Қорғаныс Министрлігіне берілген жерлерді тексергенде ұланғайыр аймақтың 26200 гектары ғана тиісті мақсатқа пайдаланылып отырғаны анықталды. Оның ішінде Ленинск қаласы үшін 5,1 мың гектар, әскери-өндірістік объектілер, темір жол мен байланыс үшін 20,8 мың гектар жер бар. Сонымен бірге 1870 гектар жер әртүрлі қоқыстармен бүлініп жатса, 1154 гектар жер көптеген құрылыс, игеру жұмыстарынан кейін қалпына келтірілмей, істен шыққаны белгілі болды. Бір ғана Қармақшы ауданының 1961 жылдан бері 635 гектар жер Ленинск қаласы мен ғарыш айлағын дамыту мақсатында пайдаланып келеді. Сыр өзенінің ең шұрайлы жерінен 89117 гектар аймақты иеленген әскери «Октябрь» кеңшары жергілікті басқа шаруашылықтарға қарағанда жерден жоғары өнім алып, сапасын жақсартуға аз мән беретіндіктен инженерлік жүйеге келтірілген егістік сорға, 2679 гектары батпаққа айналып, іске алғысыз халге келген. Сол сияқты 1958 жылы «Қызылды игеру» деген желеумен Қарақұмдағы мал шаруашылықтары Қызылқұмға қарай көшіріліп, шұрайлы, өрісті «Нұраның» 546,3 мың гектар жері де әскери мекемеге берілді. Апаттан ұлан-ғайыр жер мал шаруашылығына пайдаланылмай, пайдаланса да малшылар мен қоғам малына қауіп төңдіруде деген әңгімелер үзілмей отыр. Ленинск қаласының кәсіпорындарынан, тұрмыстық пайдаланудан қалған ағын сулар Сыр өзенінің сол жағалаудағы ойысқа жиналып, ұзындығы 75 шақырымдық көлге айналып, он жылдан бері Сыр өзенінің сапасына әсер етуде. Ленинск қаласы мен ғарыш айлағын жер асты таза суымен қамтамасыз ету үшін тереңдетілген топтама су құбырлары қазылып, «Таяу» деген атпен құрылыс басталды. Құбыр пайдалануға берілгеннен кейін осы өңірдегі 50 су көзі кеуіп қалып, 700 мың гектар жайылым істен шықты. Бірақ ол жердің суын төмендетіп алған соң КСРО қорғаныс Министрлігі Қызылқұмға ауыз салды. 1985 жыл «Қиыр» деп аталатын Бекей-Ленинск су құбырын тарту үшін облыстың халық депуттары Атқару Комитеті Жалағаш және Қармақшы ауданынан 12504,4 гектар жерді тағы да беруге мәжбүр болып шешім шығарды. «Қиырдың» 78 скважинасы толық іске кірісіп, тәулігіне 150 мың текше метр суды таратқанда, жер асты теңізінің жағдайы мүшкіл халге жетті. Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алғаннан кейін Байқоңыр ғарыш айлағын сақтау және пайдалану мәселелері қайта-қайта қаралуда. Н. Назарбаевтың шешімі мен Республикада ғарышты зерттеу Агенттігі құрылды. Ғылым мен жаңа технология министрлігі мен Инженерлік академия іске кірісті. 1988 жылы мамырда болған Қазақстан инженерлерінің бірінші съезінде сөйлеген сөзінде Президент Байқоңырдың қуаты мен мүмкіншілігін тиімді пайдаланып, оны республика мұқтаждарына қайта бағдарлау және конвенсиялау бағдарламасын жүзеге асыру керектігін айтты. Әрине, бұл жұмыстардың барлығы Қызылорда облысының әлеуметтік және экономикалық дамуына тікелей әсер ететіні анық. Байқоңырда ғарыш айлағы орнауына байланысты қазақ жерінде тағы бір қала дүниеге келді. Ол қазіргі Байқоңыр қаласы. Бұл, әсіресе экологиялық апатқа тап болған Қармақшы және Қазалы аудандары халқының орнығып жұмыс атқаруына, бірқалыпты ғұмыр кешуіне жағдай жасады. Қаладағы үйлердің бәрі тез арада жасыл желекке оранды. Қалада 6 мектеп жұмыс істейді. Москва Авиация институтының филиалы, байланыс техникумы бар. Қонақ үйі, екі бірдей кинотеатр, құрлысшылардың мәдениет үйі, стадион, цирк, әуежай, аурухана, емханалар халыққа қызмет көрсетуде. Балалар үшін жастар сарайы, су бассейні, емхана үздіксіз жұмыс атқарады. Телестанция хабарының да өрісі кең, «Байқоңыр» атты газет шығарды. Барлық үй көгілдір отынмен қамтамасыз етілген. Жүз мыңнан астам халқы бар қаланы басқару оңайға түскен жоқ. Сондықтан халық депутаттарының Қалалық Кеңесі құрылып, оның бірінші төрағасы болып Жарылқасын Үмбетов сайланды. Қалалық өкімет қала шаруашылығын қолына алып, тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсарту үшін әскерлермен бірге көптеген ұйымдастыру жұмыстарын жүргізіп, іс-шаралар жасап, ғарышкерлердің ғарышқа саяхат жасап тұруына, ғарыш айлағының өз бағдарламасының кедергісіз орындалуына өз үлестерін қосып, бар мүмкіншілікті жасап отыр. Осы күнге дейін ғарышкерлердің үздіксіз космосқа ұшып отыруына қала басшыларының өз үлесі бар. Тәуелсіз мемлекетіміздің, егеменді еліміздің тағы бір қуанышты қадамына әлем жұртшылығы куә болды. 1994 жылдың 1 шілдесінде Байқоңыр ғарыш айлағынан кезекті «Союз ТМ-19» ғарыш кемесі ұшырылды. Сонымен екінші қазақ ғарышкері Талғат Мұсабаев, Ресей Федерациясы әскери әуе күштерінің полковнигі Юрий Маленченко екеуі Ғарыш кеңістігіне сапар шекті. Қазақстан Ресей ғарыш сапары болатын күні Байқоңырға Қазақстан Президенті Н. Назарбаев, Республика Қорғаныс Министрі армия генералы С. Нұрмағанбетов, үкімен пен Жоғары Кеңес делегациялары, Ресей Федерациясы үкіметі басшысының бірінші орынбасары О. Сосковец және Ресейдің Мемлекеттік Дума депутаттары мен бір топ шетел журналистері ұшып келді. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев пен Ресейдің басшылары Байқоңырда келісімсөз жүргізді. Онда Байқоңыр жөніндегі Ресей-Қазақстан келісімін жүзеге асыруға және ғарыш айлағы мен Байқоңыр қаласының дамуына байланысты мәселелер бойынша шешімдер қабылданды. Сонымен Қорқыттың «Жер кіндігі» атаған Байқоңыр айлағы Қазақстанның ғарыш қақпасына айналып, қазіргі кезеңдегі қиыншылықтарға қарамастан дүние жүзіне, оның ішінде түркі әлеміне қызмет жасай беретініне сенім мол.
АРАЛДЫҢ ҚҰПИЯСЫ МЕН ҚАСІРЕТІ
Арал теңізі Қорқыт заманында құрылық ішіндегі ірі су айдыны-тын. Тереңдігі 53 метрге дейін баратын теңіз бетінің аумағы 64,5 мың шаршы шақырымға жететін. Ұзындығы 428, ені 235 шақырымға созылып жататын. Суының көлемі 1060 текше шақырым еді. Аралдың өзіне тән ерекшеліктері аз емес. Академик Л.С.Берг осы ғасырдың басында арал теңізін зерттеп жүріп, оны «Кері ағысты теңіз» атаған. Оның мәнісі мынада: Солтүстік жарты шарда барлық денелер жердің айналу бағытының әсерімен оңға қарай қозғалады, Гольфстрим ағысы да солай. Ал, арал бұл заңға «бағынбайды», солға қарай ағады (иірленеді). Экологиялық апатқа дейін Арал суының тұздануы әлдеқайда кем-тін. Сыр мен Әму жылына 83 миллион тонна тұз әкелетін. Бірақ, теңіздің тұз мөлшері 11 млрд асқан емес. Ол өзендерінің жүздеген жылдар бойы құрғағанын есепке алсақ, олар әкелген басқа тұздардың қайда кеткені жұмбақ. Арал мен Каспий – егіз болғанымен «мінездері» кереғар. Каспийде су көбейсе, Аралда азаяды, Аралда су көбейсе, Каспий шегінеді Әлімсақтан бері солай болып келеді. Бұл екі теңіз өзара тұтасып жатқан жоқ па деген сауал да алға тартылады. Теңіз біткен тұмансыз болмайды. Аралда ол атымен болған емес, Аралдың бұл да бір «кереметі». Басқа теңізде тереңдеген сайын оттегі азая беретін болса, Аралда керісінше көбейе береді. Теңіздің су жағдайын зерттеген ғалымдар тағы бір жаңалық ашты. Арал жылына 5 миллиард текшеметр суды жер астынан алатын көрінеді. Сыр өңірінің, соның ішінде Арал теңізінің табиғаты ерекше бір аймағы – Барсакелмес аралы. Экологиялық апатқа дейін Барсакелместе өсімдіктің 155 түрі өскен. Сегізсай жоны мен Қарақақ сайы, үлкен және Кіші тұз көлдері, Тұщы құдық маңы көктем мен жаз басында көркемдігімен көз тартады. Барсакелместегі тіршілік иелері осы төңірекке топтасқан: құлан мен ақбөкен осы аймақты паналайды, сексеуіл мен басқа бұталар да осы жерде өседі. Үй хайуанаттары да осында жайылған. Барсакелместің басты байлығы ақбөкендер табыны. Тас ғасырынан бері төбесінен тоқпақ кетпей келе жатқан «бейбақтардың» етінің тәтті болуы, оның үстіне мүйізінен қасиеті мол «пантокрин» дәрісінің жасалуы олардың сорына айналды. 1840 жылы Бұхар әмірінің аңшылары Қытайға 34 мың бөкен мүйізін сатқаны жөнінде мәлімет бар. Ақырында ақбөкендердің құрып бітуіне байланысты 1929 жылы солтүстік Балқаш маңынан ұсталған бірнеше «дала аруы» сонда апарылды. Олар өсіп, көбейгенімен, ашкөз аңшылық берекесін кетірді. Бұл өңірдегі екінші бір аса бағалы жануар – құландар. Құландар мұнда 1953 жылы Батқыз қорығынан әкелінген. Олар Амур мен Дунай аралығындағы аймақта келе жатқан тұз тағысы. Халық аңыздары мен әдебиет ескерткіштерінде құлан туралы әңгіме аз емес. Тарихшы Геродот (б.д.д. Ү ғасыр) пен географ Страбоннан (біздің заманымыздың І ғасыры) бастап бұл Азия даласының еркесі туралы жазбаған жан кемде-кем. Қазақтың ертеден келе жатқан «Ақсақ құлан» күйі де соның айғағы. Француз жазушысы Оноре де Бальзактың «Шегірен былғары» романында құлан терісі, құланның табиғаты туралы кең мағлұмат берілгені аян. (Құлан терісі түрік қаласы Шагриде өңделгендіктен ол «шегірен былғары» атанған). Барсакелместің соңғы жылдары экологиялық апатқа және кешеннің сынақ-зерттеу алаңына айналуына байланысты құландар жаңа қоныстарға көшірілді. 50 жылдардан бастап Арал аймағы апат құшағына енді. Соңғы 40 жылда Аралдың жоғары жағында суландырудың айқыш-ұйқыш жүйелері тартылып, көптеген су қоймалары, бөгеттер, су электр станциялары салынды. Сырдария мен Амударияның өн бойында мақта мен күріш өсіру көлемі арта беруі су шығынын ұлғайтты. Соңғы жылдары суармалы жерлерде 118 текше шақырым ағын су жұмсалды. Оның үстіне Арнасай, Сарықамыс аңғарлары қашыртқы ретінде жіберілген мол көлемдегі суды ысырап етуде. Оның салдарынан Сыр мен Әму өзендері Аралды нәрсіз қалдырды. Арал теңізі жер бетінен жоғалуға айналды. Айдыны 40, ал суының мөлшері 65 процентке кеміп, тұздығы 2,7 есе артты. Баяғы біртұтас айдын орнына – Кіші және Үлкен Арал пайда болды. Балық шаруашылығы мен кеме қатынасы тоқтады. Зерттеушілердің 50 жыл ішіндегі жасаған бақылау деректеріне қарағанда (1911 – 1960) арал теңізі жағалауының тіршілігі қалыпты деңгейде болған. 1960 жылға дейін оған келіп құятын екі өзеннің табиғи су қоры шамамен 120 текше шақырымға, оның ішінде Сырдария суы 40, Әмудария суы 80 текше шақырымға тең болған. Жылдық балық аулау 400 – 450 мың центнерге, ондатр терісін дайындау 21 миллион данаға жетті. Оңтүстік аймақта қамыстың орасан зор көлемі дайындалды, суармалы егіншілік дамыды. Алайда, 1961 – 1970 жылдары Аралдың жағдайы қауіпті сипатқа көшті. Ал, 1985 жылы қос өзен суының келуі мүлдем тоқтады. Соңғы ширек ғасырда теңіз деңгейі 13 метрге төмендеп, айдынының аумағы 26 мың шаршы шақырымға, су көлемі 600 текше шақырымға азайып, судың тұздануы 2,6 есе артты. Қазақстан территориясындағы теңіз жағалауы 100 шақырымға дейін қашықтап, Кіші Арал толық оқшауланды. Құрғаған теңіз ұлтанынан көтерілген тұзды шаң бүкіл әлемге тарала бастады. Зерттеушілердің деректеріне қарағанда Арал аймағындағы өсімдіктер мен жануарлар дүниесінің 70 проценті жойылған. Оның төңірегіндегі Сырдарияда балық, ондатр кәсібі тоқтап, Орта Азия мен Қазақстан экономикасына зиянын тигізді. Арал теңізі құрғауының заңдылықтарын 1803 – 1900 жылдардағы экспедиция құрамында жан-жақты зерттеген Л.С.Берг, А.И.Бутаков, Е.К.Мейндорф, Н.А.Северцевтің пікірінше теңіз деңгейінің соңғы төмендеуі 50 – 60 жылға созылған. «Қосарал 50 – 70-ші жылдары құлазып жатқан тегіс дала болатын. Қазір ол ит тұмсығы батпайтын қалың қамыс өсіп ми батпаққа айналған. Қосаралдың қарсы бетіндегі Шошқаарал бұрын балықшылар мекені болатын. Тіпті астық та егілетін, қазір ол ми батпаққа айналып, қалың қамыс өсімдіктер адам тұруға жарамсыз» – деп жазды Л.С.Берг. Оның байқауынша айналада құрғап жатқан көлдердің суға толғаны белгілі болды. 70-ші, тіпті 80-ші жылдары Қамыстыбас көлі суының тұзданғаны соншалық ол ішуге жарамсыз күйге жеткен, ал 1880 жылы дариядан су құйғандықтан көл суы түгелдей тұзданған. Кейінірек академик Л.С.Берг Орта Азия даласының ауа райы өте құрғақ келетінін, жаңбырдың тым аз жауатынын айта келіп, Аралдың құрғақшылыққа ұшырауы тұрақты сипатта еместігін, оның деңгейінің арагідік қана өзгеріске ұшырап отыратынын дәлелдеді. Орта Азия мен Арал теңізінің құрғау теориясын жоққа шығару патшалық Ресейді осы өңірдің байлығын тездеп игеруге бағыттаған ықпалды шаралар қабылдауға мәжбүр етті. Сол мақсатта 1901 – 1905 жылдары ұзындығы 2090 километрлік Орынбар-Ташкент темір жолы салынып, Арал теңізі патшалық Ресей өнеркәсібінің шикізат шылауына айналды.
Орта Азия өзендерінің су қорларын есепсіз пайдалану Арал теңізін нағыз қасіретке ұшыратты. Бұл экологиялық апаттың алғашқы зиянды қадамдары соғыс жылдарынан кейін басталды. ВАСХНИЛ-дің 1948 жылы өткен сессиясында академик Лысенконың «Биология ғылымындағы жағдай туралы» баяндамасында табиғатты қайта түлету жөніндегі Сталиндік жоспар ғылыми жағынан негізделді.
Сталиннің табиғатты қайта түлету жоспарына сйкес Арал экологиялық апатына жол салған ірі Қарақұм жармасының құрылысы басталды. Ұзындығы 840 шақырым Қарақұм каналы құрылысы аяқталғаннан кейін оның ұзындығы 1400 шақырымға жетіп, әрбір секунд сайын 360 текшеметр Әмудария суын жұтып отырды. Хаузхан, Түйемойын, Қаршы және басқа су қоймаларын салу Амударияның теңізге су беруін мүлде тоқтатты. Сырдарияның суы бұдан да зор шығынға ұшырады. Өзен бойында Қызылорда, Фархад, Қазалы бөгеттері, Қарақұм және Шардара су қоймалары, ал оның сағасында Нарын-Тоқтағүл, Шыршық-Шаршақ, Қарадария-Әндіжан су қоймалары салынды. Нәтижесінде, 1970 жылы су қоймаларының жалпы реттегіш сыйымдылығы 29 текше шақырымға жетіп, Сырдария өзенінің су қорын толық пайдалану шегіне жетті. Теңіз деңгейінің апатты құлдырауы кезеңінде (1848 – 1880) орыс инженері Я.Г.Демченко Обь пен Ертіске тоспалар салып, Сібір суларын Аралға жіберуді ұсынды. Бірақ осы уақыттан бастап (1880) аралдың деңгейі үздіксіз көтерілді де бұл жобаны іс жүзінде жүзеге асырудың қажеттігі болмай қалды. ХХ ғасырдың 50 жылдығының басында Сібір өзендерінің суын Орта Азия мен Қазақстан бұру идеясына тағы да оралуға тура келді. М.М.Давыдов осы бір ғажайып су қоймасын аман сақтап қалу үшін Сібір өзендерінің суын әкелудің жобасын ұсынды. Одан әрі еліміздің су қорларын қайта бөлу жобаларын жасау қолға алынып 16 нұсқа әзірленді. Сібір өзендерін бұрудың бас арнасы Арал теңізін аттап өтіп, ұзындығы 1730 шақырымдық Ертістен Сырдарияға және 2230 шақырым қашықтағы Әмударияға дейін жүргізілді. Тереңдігі 12 – 15 метр және су бетімен есептегенде ені 108 – 112 метрлік онда кеме жүретіндей болуы тиіс. Осылайша Сібір суларын Арал теңізіне беру жобаланды. Адамның табиғи ортаға соншалықты өрескел араласуы және оның ауыр зардаптары КОКП Орталық Комитеті мен КСРО Министрлер Кеңесінің «Солтүстік және Сібір өзендері бөлігін бұру жұмыстарын тоқтату жөнінде» қаулы қабылдауына әкеліп соқты (тамыз, 1986). Сонымен қатар жұмыстың қайта басталуынан қауіптенген жазушылар Залыгин, Бондарев, Белов ғалымдары Лемешов, Яншин және Голициндер қолда бар жобаға бұрынғыдан да өршелене шабуыл жасады. Олардың көзқарастары мен пікірлерін ақпарат құралдары айнымайтын ақиқат есебінде жеткізіп жатты. Сібір суларын Арал теңізіне бұрудағы Бас арнаның бірінші кезеңіндегі құны Г.А.Қасмасовтың мәліметі бойынша 13,8 млрд сомды құрайды екен. Жобаны сынаушылар шығынының 45 млрд сомнан кем болмайтыны, тіпті 100 млрд сомға жуықтап мүмкін екендігін мәлімдеді. Жобаның маңызы мен кеңес баспасөздерін жете зерттеп, түбегейлі танысқан американ ғалымы Ф.П.Миклин апатты аймақты аман сақтау үшін су келтірудің Сібір жобасы аса қажет деп есептеді. Сөйткенімен көптеген сарапшылардың қарсы келуі бұл жобаны қайта қарап, күн тәртібінен алып тастауға мәжбүр етті. Арал теңізі алқабында экологиялық жүйенің бұзылуы жер бетіндегі биосфераның залалсыздану қаупін туғызады. Солтүстік Мұзды мұхитта пайда болған озон оқпандары мәңгілік мұздардың еруіне әкеліп соғуы мүмкін екендігі айтыла бастады. Ал Арал теңізінің жойылуы оңтүстік аптап желінің мәңгі мұздарға іркіліссіз жетіп, олардың еру процесін тездеттіру еді. Арал теңізін апаттан құтқаруға арналған бағдарламалар дүниеге келді. «Природа» Мемлекеттік ғылыми-зерттеу орталығының Өзбек филиалы ұсынған теңізді қалпына келтірудің тұжырымдамасы жер асты суларын пайдалануға бағыт ұстады. Жоба авторлары Аралды қалпына келтірудің осы тұжырымдамасын екі кезеңде шешуді ұсынады. Бірінші кезеңде ағынды немесе су қақпалары жәрдемімен жер астынан 30 – 35 текше шақырым суды тартқызып теңізге құйып, оның қалпын сақтауды қалайды. Екінші кезең – Аралды толығымен қалпына келтіру. Бұл үшін жоба авторлары секундына жүз текше метрлік қуаты бар 50 мың атқылағыш су көзін қазуды ұсынады. Олар теңізге 150 текше шақырымға дейін су айдап, Аралды 6 – 7 жылдың ішінде қалпына келтіруге мүмкіндік береді. Бұл тұжырымдамалардың көңілге қонымдылығы ортаазиялық жасыл белестерді құм тасқынынан сақтауға, сөйтіп аймақтағы экологиялық жағдайды түбегейлі сауықтыруға жағдай туғызды. Теңіз деңгейін ұстап тұру үшін жерасты суларын тартып алу кезінде ыза суларын бір жарым – екі метрге дейін төмен түсіреді. Қашыртқы суларын тазарту жөніндегі жобалар айрықша қызығушылық туғызды. Ортаазиялық өзендер жүйесінде суармалы жерлер 30 – 32 текше шақырымдық коллекторлы қашыртқы сулардан құралады. Сарықамыс пен Арнасай көлдеріне 40 текше шақырымға жуық қашыртқы сулары жинақталған. Оларды тазартуға күрделі қаражат қажет. Аралды қалпына келтіру тұжырымдамасын талқылау барысында Каспий суының бөлігін жақын орналасқан теңізге қарай бұру жобасын қолдаушылар көбейе түсті. Өйткені 1991 жылы Каспий теңізінің деңгейі 29 сантиметрге көтеріледі. Бұл Ақтау портының өміріне қатер төндірді. 1992 жылы наурызда Алматыда өткен ғылыми – техникалық практикум Арал – Каспий арнасының жобасын ұсынды. Мұның құндылығы Каспий төңірегі су апатынан құтылады және Арал қалпына келтіреді. Касий суының бір бөлігін бұру арқылы Арал теңізін қалпына келтіру тұжырымдамасы екі нұсқада жасалды. Бірінші нұсқа 399 шақырымның «Комсомолец – Ақтұмсық шығанағы» қысқа трассасы арқылы жүргізу. Ең жоғары биігі 150 метр, суды 120 метрге көтеріге болады. Алматыдағы ғыылыми – техникалық практикумға қатысушылар Арал теңізіне Каспий суларын жеткізудің солтүстік нұсқасына ден қойды.Жоба авторлары трассаның ұзына бойы 520 шақырымға жететін Каспийдің солтүстік бөлігінен арна құрылысын салуды ұсынады.Каспий суының тұздылығы төмен, мұның өзі Аралдың тұз базасын бір жүйеге келтіріп, әрі теңізге жан береді деп күтілуде. Мамандардың есебі бойынша тек қана топырақтың қазып шығарудың өзіне 11 млрд. сом, ал инженерлік – техникалық құрылыстарға 50 – 60 млрд. сом күрделі қаржы екен.Аралды 10 жыл ішінде қалпына келтіру үшін тек ТМД – ның мүдделі мемлекеттері мен шет елдердің бірлескен іс – қимылы арқылы мұндай жоба жүзеге асуы мүмкін. Арал проблемасын айтқанда «Сарышығанақ» жармасын еске алуымыз керек.Азиядағы бес республика басшылары «Кіші Арал» құрылысын орынды деп тауып, сол үшін республикалық инвестициялық қордан 26 миллион теңге қаражат бөлінді. Табиғи ауа райы жағдайының қолайсыздығы, сапасының төиендеуі, белоктың заттар мен витаминдердің жеткіліксіздігі тұрғындардың денсаулығына әсер етті, құрамындағы тұз бес – алты есе өсіп, теңіз тіршіліксіз қалды. Ұзақ жылдар бойы судың жетіспеушілігі мен құрамында химиялықзаттардың көбеюі облыстың халық шаруашылығына елеулі шығын келтірді. Көптеген алқаптарға егілген ауыл шаруашылық дақылдары өліп қалды, өсім төмен, тамақ өнімдерін өндіруде ілгерілеушілік жоқ.Соның салдарынан облыс халқы ет пен сүтті республикалық орта көрсеткіштерінен екі есе, көкөніс пен картопты 10 есе кем пайдаланды. Жануарлар мен өсімдіктер әлемі құрып, табиғат қуаты тығырыққа тірелді. Сыр бойында қолайсыз факторлар салдарынан соңғы 10 – 16 жыл ішінде асқазан – ішек ауруына шалдыққандар саны 3 есе, жүрек, қан тамыр сырқаттары2, бауыр мен бүйрек сырқаттары 3 есеге өсті. Ауыз судың санитарлық ережелерінің толық бұзылуына байланысты адам организміне улы заттардың көптеп түсуінен күрт өскен жұқпалы аурулар осы кезең ішінде 10 есеге дейін ұлғайып отыр. Сүзекке шалдыққандар саны 30 есе өсті. Ішек сырқатына шалдыққандардың 75 процентке жуығы балалар. Олардың 30 проценті осы науқастан дүние салып отыр. Облыстағы аналар өлімі республикалық орта көрсеткішінен үш – төрт есе артық. Туылған әрбір мың нәрестенің жетпіс бесіне дейін шетінеуі орын алып отыр. Арал мен Арал аймағының экологиялық проблемасы жөнінде қоғамдық пікір қалыптасуы барысында бірнеше экспедициялар өткізілді,бірнеше қорлар ашылып, бұқаралық қозғалыстар пайда болды. Одақтың, республикалық өкімет тарапынан Арал аймағындағы әлеуметтік – экономикалық дамуға тікелей қатысты өкімет қаулылары мен шешімдері қабылданды. Бірақ, бұл орындалған жоқ. Арал қаласында өткен халықаралық «Дөңгелек стол» мәжілісінде Австрия, Италия, Жапония, Франция, Болгарияның ғалым – экологтары, БҰҰ – ның сарапшылары, еліміздің ғылыми институттарының өкілдері, Қазақстан мен Орта Азия республикаларының ғалымдары қатысты. Халықаралық «Дөңгелек столдың» қабылданған мәлімдемесінде Арал дағдарысының бүкіл ғаламдық экологиялық қасірет екендігі айқындалады. 1990 жылы маусымның орта шенінде Қызылорда, Арал аймағындағы экологиялықмәселелер жөнінде Қазақстан Ғылыми академиясы Президиумының кеңейтілген көшпелі мәжілісі болып өтті. Кешікпей Қазақстанда Арал мен Арал өңірі проблемалары жөніндегі маңызды шешімдер дүниеге келді. «Қызылорданың Арал, Қазалы және Ақтөбе обылысының аудандарында тұратын балалардың денсаулығын жақсарту жөніндегі шаралар туралы» Жарлығы, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің «Арал өңіріндегі экологиялық және экономикалық проблемаларды шешу жөніндегі кезек күттірмейтін іс – шаралар туралы» қаулысы қабылданды. 1991 жылдың басында Арал мен Арал аймағына байланысты бірінші кезектегі мәселелерді шешуге мүдделі республикалардыңЖоғарғы Кеңестері және КСРО – ның Жоғарғы Кеңесі 2 миллиард 605 миллион сом ақша бөліп, «Арал» консорциумын құрды. Оның төрағалығына кезек бойынша бір жылдық мерзіммен одақтас республикалардың бір өкілін сайлау шешілді. Консорциумның бірінші төрағасы болып Қазақ КСР Министрлер Кабинетінің кеңесшісі Б.С.Тұрсынбаев сайланды. Бірақ Кеңстер Одағы ыдыраған соң қабылданған барлық қаулылар өз күшін жойды. Арал теңізін құтқару мен экологиялық жағдайды жақсарту үшін қарастырылған қаржы бөлусіз қалды. 1992 жылы Арал апатының ауыр зардаптарын жою жөніндегі шараларды заңдылық тұрғыдан қамтамаысз етуде үлкен серпіліс болды. Республика Жоғарғы Кеңесі екі бірдей сессиясында осыған қатысты арнаулы мәселелер қарады.Қызылорда облысы экологиялық апат аймағы болып жарияланды. «Арал өңірі тұрғындарының әлеуметтік – экономикалық және экологиялық жағдайын жақсарту жөніндегі кезек күттірмейтін шаралар туралы» қаулы және «Арал өңірінде экологиялық апат салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы»заң дүниеге келді. Республика үкіметі оны іс жүзіне асыру мақсатында тұтастай нақты шаралар жүйесін қамтыған екі арнайы қаулы қабылдайды. Қайта өрлеу («Возрождение») аралығындағы әскери полигон жабылды. Арал проблемасы бұл күнде бүкіл әлемдік сипат алып отыр.Теңіздің тартылуынан туындаған экологиялық апат барған сайын ушығып,ғ жер бетіне қаралы қасіреттерін жая түседі. Сондықтан да өмірлік мәселеге бүкіл әлемнің назарын аударып, оны шешу үшін күш – жігер біріктірудің өткір қажеттігі туындады. Осындай сын сағатта, қиын – қыстау кезеңде Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан Республикалары мен Ресей Федерациясы Елбасыларының үлкен адамгершілік қасиетті көздеп, жер мен елдің тағдыры болашағы үшін жанашырлық танытып, жоғары жауапкершілікті сезініп, Қызылордада Арал проблемасы жөніндегі халықаралық конференция өткізуге келісімге келу тарихтағы елеулі оқиға болды. 1993 жылдың 26 наурызындағы облыс әкімшілігінің үйінде Азия мемлекеттері Қазақстан, Қырғыстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Ресей Федерациясы басшылары бастаған делегациялардың қатысуымен Арал проблемалары жөніндегі халықаралық Қызылорда конференциясы болып өтті. Конференцияны Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев сөз сөйлеп ашып, төрағалық етті. Конференцияға Қырғыстан Республикасының Президенті Асқар Ақаев, Өзбекстан республикасының Презитенті Ислам Каримов, Тәжікстан Республикасының Жоғарға Кеңесінің Төрағасы Имомали Рахманов, ресей Федерациясы Министрлер Кабинеті Төрағасының сол кездегі орынбасары Г.С.Хижа қатысты. Конференция Америка Құрама Штаттарында ресми сапармен жүрген Түркменстан Республикасының Президенті осы басқарудың шешімдеріне қосылатындығы туралы өтініш бойынша Түркменстан деленгациясы қатысуда деп есептеді. Конференцияда маңызды шешімдер қабылданды. Арал мен Арал аймағының проблемаларын шешу, экологиялық сауықтыру мен әлеуметтік – экономикалық дамуын қамтамасыз ету жөніндегі бірлескен іс –қимыл жасау жайлы келісімге қол қойылды. Арал теңізі аймағының проблемалары жөніндегі мемлекетаралық Кеңес құрылып, оның құрамы бекітілді. Аралды құтқару жөніндегі Халықаралыққордың басқармасын құрды және оның ережесін бекітті. Аралды құтқару жөніндегі Халықаралық қордың Президенті болып сол жылы Н.Ә.Назарбаев сайланды. Ал әр республика өз ұлттық табысының 1 процентін осы қорға аударатын болды. Кіндік Азия мен Ресей Федерациясы басшыларының Арал ароблемалары жөніндегі Халықаралық конференциясы Біріккен Ұлттар Ұйымынысол кездегі бас хатшысы Бутрос Галидеге хат қабылдады. Кіндік Азия мемлекеттері мен ресей Федерациясы басшыларының «Арал проблемалары» жөніндегі Халықаралық Қызылорда конференциясы мазмұндама қабылдады. Халықаралық конференцияға қатысушылар достық, іс – қимыл бірлігінің белгісі ретінде облыс әкімшілігі үйінің алдында шырша ағаштарын отырғызды. Қызылорда қаласының орталық алаңында олардың қатысуымен бұқаралық митинг өткізілді. Онда Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа, Өзбекстан Республикасының Президенте Ислам Каримовке, ресей Федерациясының Министрлер Кеңесі Төрағасының орынбасары Георгий Хижаға, Қырғыстан Республикасының Президенті Асқар Ақаев мырзаларға сөз берілді.Салтанатты митингіде, сондай – ақ Қызлорда қаласы жұртшылығы, жастардың өкілдері шығып сөйлеп, аса мңызды құжаттарды дүниеге келтірген коференцияға қатысушыларға алғыс сөздерін жеткізді. Бүгінде аралды құтқарудың жиырмадан астам жобасы жасалғаны белгілі. Алайда, бұлардың баршасы да терең зерттеуді қажет етеді.Арал үшін мына жоба тиімді де қолайлы деп ажыратып, бөліп айту тіпті қиын. Қай нәрсені, қай мақсатты да жүзеге асыру үшін қаржы керек. Осы ретте Аралды құтқару жөніндегі Халықаралық қордың үлкен жәрдемі болатын сияқты. Қалай болғанда да сең бұзылды. Аралды Құтқарудың Мемлекетаралық дәрежедегі алғашқы қадамы жасалды. Ол Қазақстан мен Орта Азия елдерінен басталды. 1993 жылғы сәуірдің 19-ында Алматыда Орталық Азия мемлекеттері басшыларының, наурыз айында Қызылордада өткізілген конференциясында құрылған Аралды Құтқарудың Мемлекетаралық қоры басқармасының алғашқы мәжілісі өткізілді. «Арал теңізі бассейніндегі экологиялық жағдайды жақсартудың нақты іс-қимыл бағдарламасы туралы», «Арал жөніндегі Мемелекетаралық Кеңестің Атқару Комитеті туралы» мәселелер қаралды. Күн тәртібіне қойылған бірінші мәселе бойынша Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев Аралды құтқаруға байланысты бастаманы дүниежүзілік көптеген ірі-ірі елдерінің қолдап отырғанына кеңінен тоқталды. Олардың АҚШ, Франция, Ұлыбритания, Италия, Германия, Түркия және басқа мемлекеттердің басшылары Қордың қызметін мақұлдап, оны қаржылай қолдау кепілдігін берді. Мұның өзі Арал проблемасы бір аймақтың шеңберінен шығып, халықаралық сипат алғанының айқын айғағы. Қордың қаражаты конференцияға қатысушы елдердің ұлттық табыстарының бір процентін аудару есебінен, халықаралық беделді қордың, әлемдік қауымдастықтың, коммерциялық құрылымдардың көмегімен, қайырымдылық акциялардан және басқа көздерден құралады. Экономикалық қиыншылықтардың күшейе түскеніне қарамастан, делегация басшылары мүмкін болғанынша Қордың қаражатын толықтырып отыруға келісім жасады. Сонымен бірге облыс басшылығы ұсынған халқымыз үшін аса маңызды он гидротехникалық ірі жобалар қабылданды. Оның ішінде Сырдария өзеніне жеті автокөлік көпірін салу, оңжағалық магистральды жарманы реконструкциялап, оны Әйтек жармасына қосу, Қараөзек жүйесін жаңарту. Аманөткелде көп көлемде судан қорғау бөгеттерін салуды жүзеге асыратын болды. Конференцияда қашыртқы суларды дарияға тазартылған күйде жіберу жөніндегі келісім жасалынды. Бұл мақсатта Сырдария мен Әмудария бойында тазартқыш құрылыстың тұтастай кешенін салу көзделді. Арал проблемасы жөніндегі Мемлекетаралық Кеңестің Атқару Комитеті Ташкент қаласында болады деп шешім қабылданды. Бұл жұмысшы орган осыған байланысты іс-қимылдарды үйлестіріп отырады. Нүкіс конференциясы бұдан бір жыл бұрын болған Қызылорда кездесуі сияқты Аралды құтқару ісінің негізі іспетті. Келесі Халықаралық конференциясын Біріккен Ұлттар Ұйымының қамқорлығымен өткізу жөнінде шешімнің қабылдануы соның нақты айғағы. Осы Ұйымның ЮНИСЕФ балалар қоры Арал өңіріндегі балалар мен әйелдерді қолдау мақсатында АСПЕРА жобасын жасаған болатын. Сол БҰҰ Балалар қорының директоры Кэрол Беллами ханым болып, заттай, ақшалай көмек көрсетті. 1997 жылдың маусымында Нью-Йоркте БҰҰ Ассамблеясының қоршаған ортаны қорғау проблемаларына арналған арнаулы сессиясында Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев сөз сөйлеп, Арал теңізі және Семей ядролық полигоны аймақтарындағы экологиялық өткір проблемаларға халықаралық қауымдастықтың назарын аударды. Әсіресе 1992 жылы Рио-де-Жанейрода өткен «Жер Саммиті» халықаралық конференциясынан кейін орман туралы ереже, бос аймақтар жөніндегі конвенция тағы басқа құжаттар қабылданғаны туралы айтты. Ал Орта Азия елдері басшыларының 1995 жылғы Ыстықкөл және Нүкістегі бас қосуы, 1997 жылдың ақпан айындағы Алматыдағы кесдесуі, Орта Азия аймағында 1998 жыл қоршаған ортаны қорғау жылы деп жариялануы, әлеуметтік-экономикалық және экологиялық проблемаларды бірлесе шешуге бағытталғаны деді. Қорыта айтқанда, әрбір елдің, БҰҰ қоршаған ортаны сауықтыруға, оны тұрақты түрде дамытуға арналған ұлттық және дүниежүзілік жоспары болуы керектігіне Ассамблеяға қатысушылардың назарын аударды.
ТҮРКІ ӘЛЕМІНДЕГІ ҚАЗАҚТЫҢ ШЕЖІРЕЛІК ЖӘНЕ ДЕМОГРАФИЯЛЫҚ КЕСКІНІ
Шежірелік Түрік әлемі үшін теңізшінің қолындағы компас сияқты қажеттілік. Қорқытқа дейін сары даланы өмір сахнасы етіп, ат үстінде айшылық жерге сапар шегетін кісі жолшыбай ұшырасқан адаммен туысындай шұқыраса табысып, жолшыбай кездескен ауылға өз үйіндей еркінсіп түсуі, далада тіршілік құрудың кепілдігі іспеттес. Сондықтан далада адам жатсынбау, бауырмал болу – көшпелі өмір салттың бұлжымас заңына, бұзылмас әдет-ғұрпына айналған. Мұндай әдет-ғұрыпсыз байтақ даланы игеріп, тіршілік құру мүмкін емес. Мұның сыртында жаңағы жапан түзде кездейсоқ ұшырасып, шұрқырасып, табысатын адам Түркі әлемінің өкілі болып шығатыны рас. Ұлы дала, куаң табиғат, көшпелі өмір салты маңдайға жазылған соң, сол жазмышқа көндігудің бірден-бір кепілі – адамдар бірін-бірі жатсынбай, біріне бірі арқа сүйеп қана өмір сүруі қажет. Бұл қажеттілікті терең сезінген көшпелілер «адамның күні – адаммен» деген принципті тіршілікке тірек еткен. Олар көне дәуірден бастап туыстық-қатынастық жүйені тарта білуді өмір сүрудің нормасы, моральдық-этикалық критерийі деп білді. Мұндай дәстүрдің бұлжымай сақталуына жеті аталық үрдіс алынды. Бұл орайда, жеті аталық үрдіске ұлттың этнобиологиялық және этномәдени тұтастығын қамтамасыз ететін ғажайып тетік (механика) ретінде ден қоюға тура келеді. Түрік әлеміндегі туыстық-қандастық қатынасты қалыптастыруда әйел орны ерекше. Қорқыт өз заманында әйелге арнап мынадай өсиет айтқан екен:
– От басының құты (тірегі) болған әйел даладан бір қонақ келсе, үйіндегі ері болмаса да оған сусын беріп, бар дәмін алдына қояды, сыйлап аттандырып салады. Бұлар Айша мен Фатимадан бата алған әйелдер. Хан ием, мұндай әйелдер мыңнан өссе де көп емес, бәлки аз. Сіздің ошағыңызға сондай әйел кез болсын.
Одан соңғысы – ынсапсыз, қанағатсыз әйел. Ондай әйел таңертең төсегінен тұрып, беті-қолын жумастан тоғыз тоқаштың бәрін ауыстырып, ең тәуірін таңдап жейді, аузын томпайтады, бір шелек айранды басына көтеріп, қарынды қампайтады, содан соң маңдайын сабалап, жалана бастайды да: «Қараң қалғыр, осы күйге мен қайдан душар болдым. Бір күн қарным тойып, ас ішпедім, жүзіме күлкі келмеді, аяғыма ілген башмағым болмады, бетімнен перде түспеді. Ерім өліп басқа біреуге тисем, бағым ашылар еді, сол үмітім өшпесін, – дейді, – хан ием, ондай әйел мың болса да өсіп-өнбесін, сіздің ошағыңызға кез бола көрмесін». Одан соңғысы салақ әйел дейміз. Ондай әйел төсегінен тұрған соң, беті-қолын жуады, үйдің (шатырдың) о шеті мен бұ шетіне қарайды да, күбіні апыл-құпыл пісіп, көрпе-төсегін жинайды. Содан соң «шуу» деп ауыл кезіп, түс қайта үйіне оралады. Келсе үй ұрланған, қазан-аяғын ит жалаған, бие-бұзау сүйкеніп, үйдің қорада байлаулы қалған сиыры мөңірейді. Келе сала көршілеріне барып, шаптыға бастайды: «Ал, қыздар-ау, Зылихан, Руғайдан бикештерім. Уа, азамат туған жігіт-желендерім, Айна-Мәлік, Құтлы Мәлік қайда едіңдер? Ойбай-ау, үйім құлап қалыпты, түнде қайда жатамыз? Мені ерігіп жүр дедіңдер ме? Зәру жұмыс болған соң кетіп едім ғой. Үйіме неге көз қырын салмадыңдар? «Көрші ақысы – Тәңір ақысы деген қайда» – деп безек қағады. Хан ием, ондай әйел мың болса да өсіп-өнбесін, сіздің ошағыңызға кез болмасын. Қорқыт ата өсиеті бүкіл түрік әлемінде күні бүгінге дейін сақталып келеді. Қорқыттың «Шаңырағың биік болсын», отбасыңның мәртебесі жоғары, онда қуаныш толсын дегені. Оған қосымша «шырақтарым, түтіндерің түзу шықсын», оты маздап тұрған қарапайым үйде түзу өмір сүріңдер, қисық-қыңыр болмаңдар болса керек. Сол сияқты «керегең сөгілмесін, босағаң берік болсын» деген тілек бар. Жалпы осыларға және «Алтын босаға» не «Ақ босағаларға» зер салып қарасақ, қазақтың әлеуметтік тарихи дамуы мен әдет ғұрып қалыптасуының тамаша көрінісін табамыз. Өйткені шаңырақтың иесі ер азамат, босағаны берік ұстайтын қазақтың келіндері емес пе? Көп жылдар бойы осы тақырыпқа қалам тартып жүрген, отбасының қыры мен сырын терең білетін, әсіресе қазақ келіндерінің тарихи орнын, отбасылық байырғы қарым-қатынасын жүрегімен сезетін ақын, Қорқыттың жерлесі Сәнімкүл Желдербаеваның:
Қыз аттаға, келін боп, ақ босаға
Ақ босаға, мерейлі бақ босаға
Қасиетті халқымның дәстүріне,
Куә болып, ғасырлар жатты осы ара.
Пай-пай, шіркін қазақтың келіндері,
Көл дария секілді пейілдері.
«Абысын тату болса, ас көп» – деген,
Мақалдың айтылуы тегін бе еді.
Қариялар батасын береді екен,
Бата деген ақ тілеу керек екен,
Жақсы дәстүр, жақсы сөз, игі тілек,
Ұрпақтарға жалғасып келеді екен.
Пай-пай, шіркін қазақтың келіндері,
Көл дария секілді пейілдері.
Бір шаңырақ келінсіз көтерілмей,
Бір кереге келінсіз керілмеді.
Татулықпен тамсантқан ауылымды,
Ардақ тұтқан аға, іні, бауырымды
Іздеп мол қазақтың келіндері
Бағалаттың баршаға қадіріңді.
Пай-пай, шіркін қазақтың келіндері,
Көл дария секілді пейілдері.
Сол келіндер арқылы босағадан
Құда-жекжат іргесі сөгілмеді.
Ақын сипаттамасы Қорқыт өсиеттерімен сабақтасып жатқандығын және әйелдердің бүкіл түркі әлемі дәстүріндегі алатын орнын көрсетеді. Әсіресе түркі әлемі, берісі қазақ халқының орныққан дәстүрі бойынша жеті атаға дейін туысқандар арасында қыз алысып, қыз берісуге болмайды. Бұл дәстүрді бұзған адам қатаң жазаланған. Ғасырлар бойы көшіп-қону кеңістікті игеру далалықтар үшін өмір сүрудің тәсілі болғандықтан кез келген көшпелі жеті атасын одан әрі руын, содан соң жүзін білу арқылы мыңдаған шақырымдық кеңістікте еркін жүріп тұрған, ұдайы өз қандастарының ортасында екенін терең сезінген. Жеті аталық үрдістің құрылымы мейлінше қарапайым, сонымен бірге этникалық тұтастыққа ұйытқы ықпалы мейлінше күшті. Бір кіндіктен тараған ұрпақ жетінші буынға жеткенде рулы елге ұласып отырған. Бұған әрине, көп әйел алу, жесірге ие болу, әмеңгерлік, құдандалық, сүйек жаңғырту сияқты дәстүрлер әсер еткен. Түрік әлемінің туыстық атаулары негізінен үш жұрт бойынша сараланады: өз жұрты, нағашы жұрты, қайын жұрты. Мұның сыртында жиен жақ бойынша, неке құруға байланысты және құдандылыққа қатысты туыстық атаулар бар. Өз жұрты бойынша туыстық атаулар әке, бел бала, немере, шөбере, шөпшек, немене, жүрежат. Жеті ата дегеніміздің атауы осы. Мұнан әрі туажат, тумажат, жекжат, жұрағат, қайнама деп те атайды. Сондай-ақ, ұлы баба, баба, ата, әже, көке, шеше, тоқал, шеше, апа, аға, әпке, іні, қарындас, ұл, қыз, немере аға, немере апа, немере іні, немере қарындас, шөбере аға, шөбере апа, шөбере іні, шөбере қарындас т.б. деген атаулар жатады. Нағашы жұрты бойынша туыстық атаулар: нағашы, нағашы ата, нағашы әже, нағашы аға, нағашы іні, нағашы қарындас, нағашы сіңлі, нағашы жеңге, нағашы келін т.б. Қайын жұрты бойынша туыстық атаулар: қайын ата, қайын ене, қайын аға, қайын іні, қайын бике, қайын сіңлі, қайын жеңге, немере қайын бике, немере қайын, немере қайын сіңлі т.б.
Жиен жақ бойынша атаулар: жиен, жиеншар, жиен келін, жиен күйеу т.б. Неке құруға байланысты атаулар: ер, бай, күйеу, әйел, қатын, зайып, бәйбіше, тоқал, күйеу бала, жезде, балдыз, жеңеше, абысын, ажын, бажа, бөле т.б. Құда–құдандалыққа байланысты атаулар: құда, бел құда, бесік құда, аяқ құда, бауыздау құда, жанама құда, құданың құдасы, құдағи, құдаша, келін, құда бала т.б. Осынау туыстық атауларды таратуда әрбір адам орталық тұлға болып, туыстық атауларды үнемі өзіне телеп, өзіне қатысты бағдарлап айтады. Түркі әлемінде әрбір адамның өзін жалғыз сезінбеуінің, берісі ру-тайпа арасынан, әсіресе қазақ арасынан туыс табатынына сенімді болуының бір тетігі осында. Ең ғажабы, осынша мол құрылымдағы туыстардың әрқайсысында бір-бірімен қарым қатынас жасауда өз алдына бөлек-бөлек моральдық-этикалық нормалар қалыптасқан. Ол нормалардың көшпелі қоғамда сұрыпталып, шыңдалғандығы сонша, сол қоғамдағы барша өмір салтын қапысыз реттеп отыруға реттейтін заң, кодекс деңгейіне көтерілген. Сондықтан да туыстық қарым-қатынас нормасын бұзған адамды ұрмай-соқпай-ақ өз ортасы жатсынып, оған «елден шыққан», «ата салтын аттаған», «қара бет», «жетесіз», «мәңгүрт» сияқты айып таққан. Түрік әлемінің тәрбиесін көрген дені дұрыс адам үшін мұнан ауыр жаза жоқ. Аралары жеті атаға толып, өсіп-өнген аталар рулы елге ұласу рәсімін атап өтетін дәстүр бар. Ол үшін жеті жұртты куәге тартып, яғни жеті рудан кісі шақырып, ала арқан керіп, ала жіп аттап, боз бие шалып, аталастығымызды ұмытпайық деп бармақтарын қанға малып, елдік ұран мен таңба белгілеседі. Мұндай рәсім, далалықтардың заңы бойынша жеті атаға толған ұрпақтың рулық статус алуы. Рулық статус алған рулы ел, тарихи-әлеуметтік субьект өзін-өзі қалың қазақтың тұтас ұлттық мемлекеттік гүлденіп-көркеюіне мүдделі санайды. Себебі жеті атаға толғанға дейін әрбір рудың генологиялық тамыр иісі түрік өзі сияқты рулармен сабақтасып үлгереді. Яғни, елдің амандығы – өзінен-өзі рудың амандығын меңзейді. Түркі әлемінде қазақ халқының тарихына қысқаша көз жүгіртсек, оның өсу динамикасы өте күрделі, бірқалыпты еместігін, бұлталанға толы, тарихи тәртіптің қиыншылықтарымен байланыстығын көреміз. Ұлтымыздың әр кезеңдегі демографиялық кескіні, осы жолдағы іркілістер мен ілгерілушіліктер жайлы белгілі ғалым, демограф Мақаш Тәтімов өз еңбегінде төмендегідей тұжырымдар жасайды. Алғашқы қазақ мемлекетінің құрылуынан «ұлы нәубеттің» басталуына, яғни 1465 жылдан 1723 жылға дейін қазақтың саны 1,1 милионнан 3,3 миллион адамға үш есе өскен. Қазақ халқы нығайып, көшпелі тұрмыс өрістеді, жаңа жерге орналасып, шекара кеңейе түсті. 1723 – 1725 жылдары жоңғар шапқыншылығы нәтижесінде қазақтар жалпы саны үштен бірінен айырылса да, өздерін сақтап қалып, жойылып кетуге қарсы тұрды. Көшпелі қазақтар дәстүрлі демографияның арқасында тірі қалды және де басқыншылары мен отаршыларды ығыстыра алды. 1916 жылдың ортасында ұлт азаттық көтеріліс басталғанда, жалпы қазақтар саны 5 млн 650 мың адамға жетті. Осы кезде қазақтар саны жағынан дүние жүзінде түркі тілдес халықтар ішінде екінші орнында, ал Ресей империясы мен бұрынғы Кеңес одағында бірінші орында болды. Ол осыдан 30 жыл өткен соң, яғни ерікті көшпелі шаруашылықты тез арада казармалық социализмнің қатаң жүйесіне көшу тұсындағы демографиялық апаттың нәтижесінде олар үшінші орынға түсіп қалды. 1916 – 1945 жылдар ішінде басқа халықтар, социалистік қайта құрудың барлық қиыншылықтарына қарамастан, 25 – 30 процентке өссе, ал қазақтардың саны 3 млн 150 мың адамға немесе 45 прцентке кеміді. Қажетті демографиялық өсуді есептегенде қазақ халқы осы жылдары 65 процентінен, яғни үштен екісінен айрылды. Мұндай қасіретті ХХ ғасырда дүние жүзіндегі бірде-бір халық басынан өткізген жоқ. Проценттік қатынаста «Қазақстан қасіреті» Батыс Армения қасіретінен, еуропадағы фашизмнің еврейлерді жоюынан, Камбоджадағы зұлматтан асып түсті. Қолдан жасалған демографиялық апат толқын тәрізді бірінен соң бірі келіп жатты. Біріншісі, ең ұзағы 1916 – 1927 жылдардағы 6 жылға созылды. Бұрынғы Кеңес Одағы территориясы көлемінде 1916 жылғы ұлт азаттық көтеріліс, ақпан және қазан төңкерісі, азамат соғысы жылдарында шаруашылықтың күйзеліске, ашаршылыққа ұшырауына байланысты 950 мың қазақ немесе елде тұратындардың 18 – 19 проценті апат болды. Шет елдерге 400 мың адам біржолата қоныс аударды. Екіншісі, көшпелі және жартылай көшпелі қазақтарды күшпен отырықшыландырып, күнкөріс көзі – малдарын тартып алып, еріксіз колхозға қуып тықты. Мұндай жасанды ұйымдастырылған аштық, Голошекиндік зұламаттың нәтижесінде 2 млн 300 мың қазақ елі, 900 мың жан туған жерін тастап, сырт жерге босып кетті. Жұрттан жұрдай қалған Қазақстанға сырттан басқа ұлт өкілдерін көшіріп әкелу (индустрияландыру, депотация, тың игеру т.б.) қуатты қарқынмен жүргізілді. Үшінші, қазақстандықтардың екінші дүниежүзілік соғыстағы шығыны 350 мың адам болып, яғни қанды қырғыннан кейін дүниені бөлуге қатысқан АҚШ сияқты мемлекеттің құрбандығынан екі есеге жуық асып түсіпті. Сөйтіп, өз республикасында көп жапа шегіп, аз санды халықтардың қатарында қалып қойған халқына бұл жағдайдан шығу үшін толығымен 75 жыл жұмсалды. Бұған соғысқа дейінгі және одан кейінгі күшті демографиялық жарылыстар нәтижесінде қол жеткізілді. Атап айтсақ, Қазақстан мен шекаралас Қытайдағы, Ресейдегі және Өзбекстандағы көптеген қазақтар өздерінің негізі ата-бабаларының жерінде тұрады. Бөтен территорияны мекендейтін алыстағы қазақ диаспорасының саны 300 мыңнан аздап қана асады немесе шет елдердегі жалпы санының тоғыз процентін ғана құрайды. Ал, 1992 жылы қазақ халқының жалпы саны 11.1 миллионға жетті. ХХ ғасырдың аяғына қарай еліміздегі жергілікті ұлт басқа ұлт өкілдеріне қарағанда сан жағынан алдыңғы қатарға шыққанымен, олардың бала туу қарқыны күрт төмендеп отыр. Мысалы, 1958-1959 жылдары орташа есеппен әр ана жеті баладан, ал 1990 – 1991 жылдары үш баладан дүниеге келтірген. Демографиялық өшу өтпелі кезеңнің алғашқы қиындықтары, нарықтық экономикаға көшудің ауыртпалықтары, Семей ядролық сынақ және кесенесі кепкен Арал теңізі аймақтарындағы экологиялық апат зардаптары салдарынын тездетілді. Қорыта айтқанда, қазақ халқының ұлттық санасының өсуі, Республиканың егемендік алуы және әлемдік беделге иеленуі ғана этнодемографиялық процесті жеделдетіп, қазақ диаспорасын өзінің ұлттық мемлекетіне қайтып келуіне жағдай жасамақ. Қазіргі заманғы адамның санасын, оның тарихқа қатынасын екі ұғым арқылы сипаттауға болады, оның бірі – «тарихи зерделік», екіншісі – «мәңгүрттік». Бұл түсініктердің әрқайсысының әр түрлі мән-мазмұны бар. «Тарихи зерделік» – әрбір жеке адамға, тұтас ұрпаққа байланысты, әрбір адамның, ұрпақтың тарихты сезінуі, өзінің шыққан тегін, өлкесін, нәсілін, жалпы адамзаттық тегін, оның рухани түптамырларын, өткендегі тарихи жолын танып білуге ұмтылып, сана-сезімінің оянуы. Бұл – өскендіктің, рухани мәдениеттің жоғарғы сатыға көтерілу белгісі. Ал оған қарама-қарсы ұғым «мәңгүрттік». Оның теріс мағыналы, этникалық мәні бар. Мәңгүрттік жеке индивитті қоғамның рухани-тарихи маңызынан қашықтауды, коньютуралық мақсаттарға абсолюттік мән беруді, өзгермелі күнделікті моданы бетке ұстап, алдыңғы қатарға қоюды аңсайды. Қазақ халқының қазіргі кездегі өмір кешкен тарихи жолын танып білуге деген құштарлығы жәй емес. Себебі, біздерді көп жылдар бойы «мәңгүрттікте» ұстап келді. Отаршылдық саясат, өктемдік тәртіп, Голощекиндік геноцид қазақ халқының ес жиып, етек жабуына мүмкіндік бермеді. Халқымыздың талай зиялы азаматтары шектен шыққан қаныпезер саясаттың құрбанына айналды. Жер жылап ел күңіренді, әр азаматтың мойнына қыларқан ілініп, рухани мұраларымызға, оның тамырына балта шабылды. Өткен мен болашақтың арасы үзіліп орта орға айналды. Әрине, мұның бәрі қолдан жасалған саясат еді, аз халықтарды басып ұстау, тарихын ұмыттыру, ұлттық сана-сезімнің оянуына жол бермеу ол кездегі саясат сілімтігі. Қазақтардың рухын қорлай сілкіп, оны түгелімен шайқалтып жіберген – патшалық отарлау, азамат соғысы, зорлықпен ұжымдастыру, репрессия т.б зобалаңдар асып-төгілді. Ой, сана-сезім осындай аштық нәубеттерінен (бір күн ашыққаннан қырық күн ақыл сұрама), әпербақан асыра сілтеушіліктер, қуғын сүргіннен, әліпті қайта-қайта ауыстырудан, рухани тамырлардан ажыратуда әбден жұқарып жұтады. Осындай қорқыныштың күшімен халыққа жаңа таптық-партиялық сезімді, «жарқын болашақ» туралы жалған арманды оңай ұқтыруға жағдай туды. Оған көнбегендердің тағдыры тәлкекке түсті. Тек алғашқы демократиялық қозғалыс – 1986 жылғы желтоқсан оқиғаларынан кейін, Кеңес империясы ыдырап, тәуелсіздік алғаннан кейін ұйқыда жатқан ұлттық сана, ар-намыс, азаматтық-адамгершілік ояна бастады. Өткенге үлкен құрметпен қарау, рухани мұраларымыздың сабақтастығы, ұрпақтарымыздың тарихи үндестігі, оны танып-білуге деген құштарлық барған сайын қоғамдағы қажеттілікке айналды. Рухани тамырларымызды табу бүгінгі күніміз және ертеңгі келешегіміз үшін, өркениетті халықтардың қатарына абыроймен қосылуымыз үшін қажет. Қазіргі кезеңде Қазақстанның мәдени зерттеу ғылымының арсеналында ХІХ ғасырдың ағартушыларының мұраларынан басқалар аз зерттелді. Әсіресе Фараби, Қорқыт, Асанқайғы, Жүсіп Баласағұн, Ахмет Яссауи, А.Байтұрсынов, М.Жұмабаев, Ш.Құдайбердиев, Ж.Аймауытов еңбектерін зерттеу, жарыққа шығару күн тәртібінде тұр. Тарихта құлдырау және көтерілу ұрпақ арасындағы байланыстың үзілуі, жоғалу кезеңдері болғаны анық. Олардың жасырмай шындығын асқақтау керек. Ертедегі Орхон-Енисей т.б. түркі жазбаларына байланысты Т.Томсон және В.Радлов сияқты ірі зерттеушілердің жұмыстарын басшылыққа алған жөн. Бұл тұрғыда 1997 жылдың шілдесінде Республика Премьер министрінің орынбасары – Білім беру және Мәдениет министрі И.Тасмағанбетов бастаған ғылым мен мәдениетіміздің көрнекті қайраткерлерінен тұратын делегацияның Монғолияда болған сапарында қол қойылған келісімнің маңызы зор. Онда қазақтар мен монғолдар тарихына қатысты ежелгі түркі жазба ескерткіштерінің көшірмесін сатып алу көзделінген. Өйткені, олардың бойында тұнып тұрған мағұлматтар сырын ашпайынша Еуразия кеңістігінде өмір сүрген ертедегі көшпелілер тарихына тереңдеу мүмкін емес. Сонымен түркі әлемінің рухани мұрасын тарихымыздың ұзақ кезеңімен байланыстыра, жан-жақты, кең түрде зерттеу міндеті тұр. Себебі қазіргі болмыстың тарихи негіздерін ұғыну – бүгінгі өзімізді-өзіміз тану жағдайында, өткен мен болашақ алдында, ата-баба мен ұрпақтар алдында жауапкершілікті ұғыну.
ТҮРІК ӘЛЕМІНДЕГІ ҚАЗАҚСТАН ЖӘНЕ СЫР ЕЛІНІҢ БҮГІНГІ КЕЛБЕТІ
Осыдан бір жарым мың жылдай бұрын біздің ата-бабаларымыз өздерінің тұңғыш ұлы мемлекетін – Түркі қағандығын құрған. Сол кезеңде өмір сүрген Еуразиядағы түріктердің көшпелі және жартылай көшпелі тайпалары бүгінгі көптеген халықтардың, ең алдымен түрік тілдес халықтардың қалыптасуының негізін жасап берген. Түркі елі өзі өмір сүрген сол 1500 жыл ішінде төрт рет гүлдену-өрлеу, төрт рет дағдарыс-құлдырауды бастан кешірген. Қ. Аманжолов пен Қ. Рахметовтың деректері бойынша бірінші өрлеу – біздің заманымыздың YІ ғасырында Еуразияны жайлаған ежелгі түркі тегінен шыққан тайпалардың, халықтардың бірігіп, бірінші Түркі қағандығын құрған кез (551- 630 жж.). Осы өрлеу дәуірінің тарихындағы ауыр дағдарыс, экономикалық-мәдени құлдырау кезеңі YІІ ғасырдың ортасы. Бұл кезеңде түркі қағандығы шығыс және Батыс қағандықтар болып екіге бөлінген. Шығыс түркі мемлекеті қытайлардан жеңіліп, түркі халқы 50 жыл бойына бостандықтан айырылады. Түркі елі 679 – 744 жылдары екінші рет гүлдене бастайды. Тоз-тоз болған түркі халқын жинап, қытайлардың Шығыс Түркі қағандығының жерін азат еткен Құтылық (Елтеріс) болатын. Оның жері Манжуриядан Сырдарияға дейін кеңейді, даңқы қайтадан жер жарды. Ал түркі елінің екінші дағдарысы, қағандықтың 741 жылы ыдырауынан басталды. YІІ ғасырдың басында ыдырай бастаған Шығыс қағандығының жерінде бірнеше мемлекет құрылды. Түркі елінің үшінші рет гүлденуі мен өрлеуі Х – ХІІ ғасырлардағы Қарахандықтар кезінде болды. Ол кезеңде отырықшы және қалалық мәдениет дамыды. ХІ ғасырдың соңында Қарахан мемлекетінің құлдырауы басталды. Түркілердің бірі бөлігі Кіші Азияға кетіп, Византия жерінде өз туының астында мұсылмандарды біріктірген Селжұқ империясын құрды. Түркі елінің төртінші рет мәдени-экономикалық гүлденуі мен өрлеуі Монғол империясының құрылу кезеңінен – 1206 жылдан бастап, 1389 жылы Әмір-Темірдің Алтын Орданы талқандау кезеңіне дейін созылды. Ал төртінші дағдарыс-құлдырауы орыстардың Ақ Орда ханы Тоқтамыспен одақтасуынан басталады. Бұл кезең Еуропа, Ресей және Қытаймен бірде дос, бірде қас сипатта 600 жылға созылды. Монғол империясының қиратылған жұртында көптеген мемлекеттер дүниеге келді. Қазақстан жеріндегі бұл басқыншылық кезеңінде тоқтатып тастаған халықтың мемлекетінің қалыптасу процесі қайта өріс алды. Сол кезеңде тарихи аренаға шыққан Қазақ хандығы дүниеге келген алғашқы күннен бастап, егемендігі мен тәуелсіздігі үшін ғасырлар бойы жүргізген күресі тек ХХ ғасырдың аяғында ғана өз нәтижесін берді. 1991 жылдың желтоқсанында Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі қазақ халқының еркін білдіріп, өзін-өзі билеуін растайтын құжат – қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы Заңын қабылдады. Сонымен қазақ халқына бүгінгі бостандық пен тәуелсіздік өзінен-өзі келген жоқ, азаттық үшін миллиондаған адамдардың қаны төгілді, жаны қиылды, жазықсыз зардап шекті. Оның жанқиярлық табанды күресінің арқасында ата-бабаларымыз өзінің бірлік-берекесін сақтап қана қоймай ХҮ ғасырда қуатты Қазақ хандығын құрды. Сонда да тәуелсіз қазақ мемлекеті бейбіт, тыныш өмір сүре алмады. Оның кең байтақ жеріне жан-жақтан көз тігіп, ойран салушылар көбейді. Ақын Жұбан Молдағалиев айтқандай «Мен қазақпын мың өліп, мың тірілген», қазақ халқы сонан бері өсудің де, өшудің де талай белестерінен өтті. Әсіресе «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» қанды көші ең ауыр кезең болды. Осы кезеңде атақты Төле би, Қазбек, Әйтеке би ұйытқы болған, Абылай, Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай, Есет, Қарасай, Жәнібек, Олжабай, Райымбектер қорған болған қазақ елі бәрібір отаршылдық табанында қала берді. Патшалық Ресейдің отаршылдығы бәрінен де асып түсті. Кең байтақ қазақ даласы империя меншігіне айналды. Қазақ халқы тек ХХ ғасырдың өзінде талай рет қантөгістің астында қалды. Мәселен, 1916 жылы патшаға қарсы бас көтерген мыңдаған қазақ қырылды. Онан кейін 1918 – 1927 жылдары болған ақтар мен қызылдар арасындағы таптық соғыста 10 мың қазақ қаза тапты. 1931 – 1932 жылдары Кеңес империясы қолдан жасаған «Қызылтабан шұбырынды, ақсүйек азу» кезінде 2,5 млн қазақ құрбан болды. Ал 1941-1945 жылдары соғыста 350 мың қазақ жау оғынан қаза тапты. Нәтижесінде 1959 жылы қазақтар 3 миллионға да жете алмай қалды. ХХ ғасырдың басында 6 миллионға жеткен қазақ тәуелсіздік алған күні дүние жүзінде
10 миллионға әзер жетті.
Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне байланысты кезеңде жан-жаққа жер аударылған халықтар көтеріліп келгенін айтпауға болмайды. Мәселен, 1937 жылы Қиыр Шығыстан 900 мың кәріс жер аударылды. Олардың көпшілігі Орта Азия мен Қазақстанға, атап айтқанда Қызылорда облысына қоныстанды. 1939 жылы батыс шекарадан мыңдаған поляк Қазақстанға келді. Соғыс жылдарында жарты миллионнан астам неміс Еділ бойынан, жарты миллионға жуық шешен, ингуш, қарашай ұлттары қазақ жеріне жер аударылды. Тіпті, 1948 жылы Грузиядан түрік-месеттер мен 1949 жылы Тәжікстаннан 900 бастамашы Қазақстанға әкелінді. Ал 1950 жылдардың ортасында 1.5 миллионнан астам кірмелер қазақтың құнарлы тыңын игеру кезінде басқа жерлерден көшіп келіп, түпкілікті орнықты. Нәтижесінде өз ата-мекенінде азшылық болған қазақтар өмірлерін өгейсітумен, өкінумен өткізіп, тілінен, әдет-ғұрып пен дінінен айырылу қаупіне түсті. Қазақ елінің тәуелсіздігі республикамызда тұратын халықтардың, оның ішінде қазақ ұлтының мәртебесін, үлкен жауапкершілігін сездірді. Егемен мемлекет Қазақстан Республикасының тәуелсіздігін әлемдік қауымдастық таныды, ол Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше болды. Қазақстан Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі кеңеске қатынасты, әлемдік банк пен халықаралық валюта қорына, басқа да халықаралық ұйымдарға қабылданды. Тәуелсіз Қазақстанды бірінші болып Түркия мен Румыния таныды. Қазақстан Республикасының бірінші Президенті Н.Ә. Назарбаев БҰҰ-ның Бас Ассамблеясының 47-ші сессиясында сөйлеп, қазақ елін әлемге танытты. «Осының алдындағы сессияда, – деді Н.Ә.Назарбаев, Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының мүшелігіне бірауыздан қабылданды. Мен республика халқының атынан осы қадам үшін терең алғыс сезімін білдіремін және Қазақстан Республикасы бейбітшілік сүйгіш мемлекет ретінде БҰҰ-ның жарғысында көрсетілген міндеттемелерді толығымен орындауға қабілетті екенін, осы беделді халықаралық ұйымның қызметінің барлық саласына сындарлы үлес қосатынын мәлімдеймін.» Тәуелсіз Қазақстан Республикасында саясат пен экономикадағы түбірлі реформалар мен мемлекеттік құрылымдарында үлкен өзгерістерге жол ашылды. Республикада Президенттік басқару енгізіліп, жергілікті жерлерде әкімдер бекітілді. Егемен еліміздің тәуелсіздігін сақтау үшін экономиканы тұрақтандыру және нарыққа көшу кезеңіне арналған жаңа бағдарламалар жасалынып, онда реформалардың бірқатар принципті бағыттарын түбегейлі қайта қарады. Дағдарысқа қарсы шұғыл шаралардың және әлеуметтік-экономикалық реформаны тереңдетудің бағдарламасын орындаған жағдайда ғана экономиканы дамытуға, ойға алған шаралардың жемісті болуы оған қажетті жағдайлар жасағанда ғана мүмкін болатыны анық болды. Сонымен, тәуелсіздік алған алғашқы жылдары бәрі де оңай көрінетін сезім барлығымызды билеп, күллі әлем есігін алдымыздан айқара ашып салады деген ойымыз тек қиял ғана болып шықты. Н.Ә.Назарбаев өзінің «Ғасырлар тоғысында» атты кітабында былай деп жазады: «Бүгін көзіміз жетіп отыр, бәрі де өздігінен бола салмайды екен, жеңіл ештеңе жоқ екен. Аса күрделі геосаяси процестер өтіп жатыр. Бәрі де біздің мүмкіншіліктерімізге өз әсерін тигізді». Мәселен, жекешелендірудің бірінші кезеңінде жарық көрген заңдардың қарама-қайшылығы қоғамда әлеуметтік әділетсіздікке апарып соқтырды. Әсіресе негізгі қорларды ақшаның құнсыздануын ескермей суды тегінге сату етек алды, мемлекеттің мол дүниесі азғантай топқа тегін үлестіріліп берілді. 1991 – 1992 жылдары жекешелендірілген кейбір обьектілер сол кездегі заңдарға сәйкес жүргізілмегені үшін қабылдаған шешімдер қайта қаралып, олар күшін жойды. Жекешелендірудің екінші кезеңінде жіберілген кемшіліктер ескеріліп, оларды міндетті түрде жою шаралары бекітілді. Инвестициялық купон, инвестициялық қор, оларды пайдалану жолдарын анықтау және насихаттау жұмыстары да қарама-қайшылық жағдайда жүргізілді. Басшы кадрлар мен мамандарды оқыту қажеттігі туды. Осындай қиын-қыстау кезеңде 1992 жылдың күзінде дүниежүзі қазақтарының құрылтайы өткізілді. Алаш жұрты асыға күткен дүбірлі ұлы жиын көп жылдар бойы бір-бірінен көз жазып қалған ағайындарды табыстырған үлкен асыр тойға айналды. Бұл құрылтайда бар әлемге тарыдай шашыраған, өз жерінде азшылыққа айналған, тілі мен дінінен біржола айрылудың аз-ақ алдында қалған, тәуелсіздіктің жылы лебізін енді-енді сезіне бастаған қазақ ұлтының тарихын таразыға салып, келешегіне көз тастап, ғылыми тұжырымдар жасауға бірінші рет мүмкіншілік туды. Осындай экономикалық және әлеуметтік дағдарыс кезінде, экологиялық апат жағдайында шет елдегі қазақтардың көші-қонға түсуі қиындық туғызды. Мәселен, 1992 жылы Қазақстанға 5 мыңнан астам отбасы көшіп келді. Олардың жүгін тасымалдау үшін мыңнан астам машина, 10 ұшақ бөлінді. Сондай-ақ әр отауға 1 сиыр, 10 қой және ақшалай көмек беру жөнінде шешім қабылданды. Дегенмен шеттен келіп жатқан бауырластарымызды жұмысқа орналастыру, оларға арнайы жеңілдіктер жасау барлық жерде бірдей болмады. Кейбір шаруашылық басшылары келушілерге сенімсіздік танытып, оларды әр жұмысқа бір жегіп, қыңыршылдық көрсетілгені орын алды. Осындай қиыншылыққа кездескен бауырлар келген елдеріне қайтып жете алмай, «бағымыз ашылмаған қазақ екенбіз» деп қапаланған қандастарымызды көзімізбен көріп, жұбату айттық. Иран елінен келген қазақтардың бір тобы Қызылорда облысының Қармақшы ауданына орналасты. 1994 жылдың қақаған қысында философия ғылымдарының докторы, профессор Р.Б.Абсаттаров екеуміз көшіп келген отбасымен жүздестік. Ауыр сырқаттанып, хал үстінде жатқан ақсақал өмірбойы туған жеріне, Қорқыт жатқан жерге жетіп өлгенін армандапты. Сол арманы орындалғанына ризашылығын білдірді. Бәйбіше, бірнеше тоқалдан туған балалары мен немерелерін жинап алып біздің көзімізше Қорқыттың нақыл сөздерін айта жөнелді. «Тәңірі пендесінің маңдайына не жазса, сол болады. Оның жазуынсыз адам жамандық көрмейді, ажал келіп өлмейді. Өлген тірілмейді, кеудеңнен жаның кетсе, ол қайтып келмейді. Жігіт тірісінде Қаратаудай қылып бір күн тыныш көрмей дүние жияды, баийды. Бірақ соның ішінен ол өзіне тиісті үлесін ғана жейді». Қария сәл демалып алды да, тағы да Қорқыттан қозғады: «Қара есектің басына жүген таққанмен, ол тұлпар болмас, қар қанша жауғанмен, ол жазға бармас, гүлденіп өскен бәйшешек күзге бармас, ат қиналмай жол болмас, анадан өнеге көрмеген қыз жаман, атадан тағлым алмаған ұл жаман, жабы мінген жау алмас, тозған мақта бөз болмас». Міне, жат жерді аралап Иранға, сосын ата жұртқа жеткен қазақтың Қорқыт нақыл сөздері мен өсиет айтуы Қорқытнаманың бүкіл түркі әлеміне, мұсылман елдеріне жайылғанын айғақтайды. Қанша ғасыр өткенмен, Қорқыт мұрасын көздің қарашығындай сақтаған Сыр елін мақтаныш билейді. Қанша қиыншылықтарды бастан кешірген түркі әлеміне Қорқыт мұралары рухани азық. Сол қиыншылықтардың бірі нарықтық қатынастар қалыптасу кезінде, еліміздегі экономикалық және әлеуметтік күйзеліс жағдайында, Арал теңізінің экологиялық апатқа ұшырауында Сыр елін қайтадан гүлдетіп, дамыту ендігі жерде таза әкімшілік жолмен шешілмейтіндігі бесенеден белгілі. Оның экономикалық дамуын қамтамасыз ететін басты жол – сонау Қорқыт заманынан бері Қаратау мен Аралдың, Бетбақдала мен Қызылқұмның арасындағы кең байтақ жердің қойнауында жатқан табиғи байлықтарды игеру. Мұнай мен газдың, түсті металл мен қоңыр көмірдің, Арысқұмның тұзын, Жосалы мен Жаңақорған арасындағы алтын мен күмістің, темір, тас пен фосфаридтің, молибден-ваннадийдің, титан мен кварц құрамының мол қоры Сыр елі болашағының үкілі үміті. Міне, осындай табиғи байлықтарды игеруге бағыт алған облыс әкімі Б.М.Сапарбаев «Егемен Қазақстан» газетінде өз ойын былай тұжырымдады: «Жанбастың астында жатқан қазына-байлықтарды игілікке жұмсауға көңіл жеткенімен қажетті шақта қол жете қоймады, тіпті, республикадағы бірегей целлюза-қатырма қағаз шығаратын, күріш машиналарын құрастыратын, жергілікті шикізаттан силикат-кірпіш құятын зауыттар мен тоқылмайтын маталар фабрикасы, астық өнімдері, Арал тұз комбинаттары тәрізді ірі-ірі өндіріс ошақтары толық қуатында іске қосылмай келсе, 53 кәсіпорынның жұмысы нарықтың қысымына төтеп бере алмай қалды». Осындай қолайсыз жағдайлар ескеріле отырып республикамыздағы «Ащысай түсті металл комбинаты», «Өскемен қорғасын-мырыш комбинаты», «Шымкент қорғасын зауыты» акционерлік қоғамдарының өңдеуші қуаттарын шикізатпен және экологиялық қолайсыз аймақтың халқын еңбекпен қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі «Шалқия түсті металл кенішін онан әрі игеру туралы» қаулы қабылдады. Облыс жұртшылығы бұл құжаттарды Сыр өңірінің келешегіне мемлекет тарапынан бетбұрыстың алғашқы нышаны деп қабылдады. Кезек күттірмейтін жұмыстардың бірі облыстағы ауыл шаруашылығының жағдайы. Бұл мәселе облыс әкімі жанындағы алқаның 1995 жылғы желтоқсан айындағы мәжілісінде арнайы қаралып, онда «Облыс шаруашылығында 1995 жылғы егін жинаудың қорытындылары және егін шаруашылығын дамытудың алда тұрған міндеттері туралы» қаулы қабылданды. 1995 жылы облыс ауыл шаруашылығында күрделі жағдай қалыптасқаны, межелеген өнімнен 85 мың тонна астық кем жиналғандығы атап көрсетілді. Бұл мәселелермен қатар облыстың 1995 жылғы бюджетін орындату арқылы білім, денсаулық сақтау және басқа бюджеттік мекемелер қызметкерлеріне жалақы төлеу, зейнетақы қорына қаражат түсіру, халықты әлеуметтік қорғау жұмыстары қолға алынды. Облыс әкімі демократиялық процестерді дамыту және жариялықты күшейту мақсатында көп кешіктірмей саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдардың басшыларымен, бұқаралық ақпарат құралдарының жетекшілері және журналистермен кездесті. Бұл кездесулерде облыста реформаларды тереңдету, қоғамдағы жүріп жатқан демократиялық процестер мен әлеуметтік құбылыстарға ықпал жасауды жариялылық жағдайында көрсету, барлық жерлерде қоғамдық тәртіп орнату, тұрғындарды әлеуметтік қорғау мәселелері кеңінен әңгімеленді. Облыстық және басқа газеттердің жұмысын жақсарту мақсатында олар Баспасөз үйіне топтастырылды. Сыр елінің әлеуметтік-саяси өмірінде «Ақниет» қайырымдылық балалар қорының ашылуына үлкен мән берді. Бұл қордың Президенті болып белгілі ақын Сәнімкүл Желдербаева сайланды. «Ақниет» қорының тұсаукесеріне 1995 жылы желтоқсанда Қазақстандағы «Бөбек» балалар қорының президенті С.А.Назарбаева келді. Жаңадан ашылған облыстық қорға демеушілер 2 миллион теңгедей түсірді. Бұл қордың алғашқы мейірімділік акциялары балалар ауруханасында, жетім балалар интернатында, балабақшаларда өткізілді. Осындай ауқымды жұмыстар Қазақстан Республикасы парламентіне депутаттар сайлауға дайындықпен тұспа-тұс келді. Оның барлығы облыста әлеуметтік-саяси ахуал жөнделіп, жер-жерде тыныштық орнауына, азаматтық келісім мен ұлтаралық достық одан әрі нығаюына себебін тигізді. Жаңа Конституця бойынша парламентке сайлау демократиялық жағдайда өтті. Сенат депутаттығына үш кандидат түсіп, баламалы жағдайда Б. Қаюпов, С. Шаухаманов өтті. Мәжіліс депутаттығына 13 кандидат тіркеліп, олардың ішінен Ж. Бәкіров, Қ. Сұлтанбаев және Ш. Төребаев парламетке сайланды. Облыс әкімі белгілі Қорқыттанушы ғалым, профессор Әуелбек Қоңыратбаевтың және атақты ақын Асқар Тоқмағанбетовтың 90 жылдық мерейтойларын кеңінен атап өтуге нақты ықпал жасады. Шиелі ауданында Ә.Қоңыратбаевтың есімімен жаңа мектеп аталынса, Тереңөзек ауданы мен облыс орталықтарында А.Тоқмағанбетовтың мұражайы ұйымдастырылды. Құқықтық мемлекет құру кезеңінде Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының негізгі қағидаларын оқып-үйрену, мемлекеттік рәміздерді – Елтаңба, Ту, Әнұранды, республика Президентін құрметтеу сезімін қалыптастыруға бағытталған жұмыстар жүргізіле бастады. Барлық мектептерде, кәсіптік-техникалық училищелерде, жоғарғы және орта арнаулы оқу орындарында жаңа конституцияға арналған факультативтік сабақтар мен арнаулы курстар енгізілді. Еңбек ұжымдарында Жаңа конституцияның негізгі қағидаларына байланысты айына бір рет сабақ өткізу қажеттігі айтылды. Мемлекеттік мекемелерге арналған салтанаттарда Ту мен Елтаңбаның болуы, Әнұранның орындалуы, Қазақстан Республикасының Рәміздерін көрнекі үгіт және бұқаралық баспасөз арқылы насихаттауға байланысты іс-шаралар қолға алынды. Облыс әкімінің атаулы степендиясының тағайындалуы шығармашылық жұмыспен айналысатын зиялылар өкілдері мен студент жастарға ғылымдар, мәдениет пен өнерде, спортта үлкен табысқа жетелейтін жол ашылды. Мәселен, Бозова Жамал самбо күресі бойынша халықаралық жарыстардың бірнеше дүркін жүлдегері атанса, Ен Ирина студенттер фестивалінің жүлдегері ретінде Қазақстанның жаңа астанасы Ақмолада Өткен республика жастарының форумына қатынасты, Зәкіров Қайырбай Алматыда өзінің шығармашылық туындысына арналған жеке көрмесін өткізді, Төлепова Зухра республикалық жастар сыйлығының лауреаты болды. Өтемісов Жеңіске республикадағы еңбегі сіңген қызметкер атағы берілді. Белгілі жазушы Қомшабай Сүйенішев халықаралық «Алаш» сыйлығын иеленді. Сондай-ақ Қорқытты ашушылар Л.С.Сапожникова мен Ш. Серікбаев еңбектері жанып елеулі табысқа жетті. Өкінішке орай, 1995 жылы облыстық әлеуметтік-экономикалық жағдай нашарлап, дағдарысты ахуал процестері жалғаса берді. Мәселен, өнеркәсіп өндірісінің көлемі жыл ішінде 19,6 процент, тұтыну тауарлары бойынша 62 процент құрады, ал кәсіпорындардың үштен екісі бұрынғы деңгейге жете алмады. Құрылысқа жұмсалатын күрделі қаржы 18,5 процентке, тұрғын үйлерді пайдалануға беру – 35 процентке қысқарды. Көлік тасымалы күрт азайып, байланыс саласының тұрақты жұмыс істеуі, бұрынғыдан да нашарлай түсті. Кәсіпорындардың
42 проценттен астамы жылды шығынмен аяқтады.
Облыстың ауылшаруашылығы үлкен күйзеліске ұшырады. 1995 жылы облыс бойынша
4,5 миллиард теңгенің өнімі өндірілгенімен бұрынғы жылдармен салыстырғанда оның көлемі екі есе кеміп кетті. Әсіресе, егістік жердің құнары жылдан-жылға төмендей берді. Суармалы егіс алқабының 86 мың гектары сортаң тартып, 45 мың гектар жер айналымнан шығып қалды. Сол сияқты мал жайылымдарының 9 млн гектар суландырылған жердің 3 млн гектары пайдалануға жарамды. Оның үстіне жекешелендіруге жеңіл-желпі көзқарастың салдарынан көптеген шаруа қожалықтары тарап кетті. Бұрынғы қоғамдық шаруашылықтар негізінде құрылған кәсіпорындарда ірі қара мал – 44, қой – 22,8, жылқы – 20,5, түйе – 11,8 процентке азайды. Облыс бойынша әр жүз сиырдан 35 бұзаудан алынды. Жалпы осындай қиыншылық жағдайға қарамастан Жалағаш ауданындағы «Ақбарық» жеке шаруашылығы, Қармақшы ауданындағы «ІІІ Интернационал», Тереңөзек ауданындағы «Шаған серістестігінің нарыққа бейімділігі байқалды. Мәселен «Шаған» серіктестігінің төрағасы К.Дәдікбаевтың мәлімдемесі бойынша бұл шаруашылықта меншік түрі өзгеріп, реформалардың жүруі арқасында 1995 жылы 88 мың центнер күріш, 1500 центер бидай, 4500 центнер сүт өндіріліп, жылды 3 млн теңгемен қорытындылаған. Нәтижесінде жанар-жағар майға, электр қуатына, қосалқы бөлшектерге алған несиелері мен бюджетке берешектерінен құтылған, тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған жұмыстар атқарған. Сонымен қатар агроөнеркәсіп кешенінде экономикалық және жер жөніндегі реформаларды жүргізуде бұрынғы өндіріс құрылымы мен басқару тәсілі де әлі де болса сақталғандығы, жердің, мүліктің нақтылы меншік иесі қалыптаспағандығы байқалды. Осындай қиын кезеңде Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1996 – 1998 жылдарға арналған реформалары тереңдету жөніндегі шараларын жүзеге асыру үшін ауқымды жұмыстар жүргізуге кең жол ашылды. Мемлекеттің бұл құжатын басшылыққа ала отырып «Қызылорда облысы әкімінің 1996 – 1998 жылдары реформаларды тереңдету жөніндегі бағдарламасы» қабылданды. Онда макроэкономикалық салалардағы қол жеткен нәтижелерді тұрақтандыру және құрылымдық-институтты қайта құруды, өндірістің құлдырауын тоқтатып, одан кейін экономиканы, оның негізінде халықтың тұрмыс деңгейін көтеруді қамтамасыз ету көзделген-ді. Облыста орта мерзімді бағдарламаға сәйкес реформаны тереңдету жұмыстары өзінің жалғасын таба бастады. Меншік қатынастарын жаңарту, жеке сектордың қалыптасуы мен дамуы, бәсекелес ортаның жаңарты, жеке сектордың қалыптасуы мен дамуы, бәсекелес ортаның құрылуы, нарықтық инфроқұрылымның қалыптасуы, тауар өндірушілердің әлемдік нарық жағдайына бейімделуі, басым бағыттағы өдірістің дамуы және шетел капиталын келтірудің жаңа үлгілері мен жолдарын іздестіру процестері басталды. Нәтижесінде 1996 жылы инфляцияның деңгейі оның алдындағы жылмен салыстырғанда 40 процентке төмендеп, өнеркәсіп өнімінің көлемі 41,6 процентке артты. Әлеуметтік-экономикалық ахуалын жөндеу үшін бағалы қағаздар рыногын қалыптастыру жұмысы қолға алынды. Муниципалдық облигациялар шығарылып, облыстың «Инвестиция – газ» есептік міндеттемелер таратылды. Облыста жер реформасы, әлеуметтік саясатты жүзеге асыру жөнінде шаралар қолданыла бастады. 1996 жылы жерді өмірлік пайдалануға 62,2 мың мемлекеттік актілер, жер үлесіне құқы туралы 114 мың куәлік ресімделіп, иелеріне тапсырылды. Кәсіпкерлердің дамуын қолдау шараларының барысында шағын және орта бизнес кәсіпорындарының сан жағынан өсуі байқала бастады. 1997 жылдың басында экономиканың жеке секторы кәсіпорындары 4025-ке жетті. Оның ішінде 100 өнеркәсіптік, 1182 ауылшаруашылығы, 81 құрылыс бағытында болып, оларда қызмет етуші адам саны 32 мыңға жетті. Олардың шығарған өнімдері 4887 мың теңгеге бағаланды. Осындай жұмыстардың нәтижесінде облыстың халық шаруашылығында мемлекеттік сектор тек 15,3 процент болып, ал мемлекеттік емес сектор – 85,7 процентін құрады. Экономика мен есеп, салық пен қаржы жүйесіндегі мамандар қала, ауыл, аудан басшылары мен облыс басқармалары бюджетті қорландыруға бағытталған біраз жұмыстар атқарды. Нәтижесінде облыста бюджет кірісінің болжамдық мөлшері 121,8 процентке орындалды. 1996 жылы өндіріс өнімінің көлемі оның алдындағы жылдық деңгейімен салыстырғанда 141,6 процентке көтерілсе, бағаның өсу қарқыны 22 процентке шектелді. Осы мерзімде күріштің әр гектарынан жиналған өнім 11 центнерге артты, мал шаруашылығынан алынған төл республика бойынша әлдеқайда жоғары болды. Жалақы, зейнетақы және жәрдемақының мерзімінде берілуі кейбір жерлерде қалыпқа түсе бастады. Дегенмен әлі де облыстың әлеуметтік-экономикалық жағдайы толық тұрақтандырылмады. Жыл қорытындысы бойынша өнеркәсіп кәсіпорындарының 47 проценті өндіріс көлемін төмендетті. «Тоқылмайтын маталар фабрикасы», «Балық», «Шалқия кен басқармасы» акционерлік қоғамдары жыл бойы өнім өндірмеді. «Жайна», «Ісмер» акционерлік қоғамдары, «Дәулет» ұжымдық кәсіпорын, Арал электротехникалық заводы ұзақ іркілістерімен жұмыс істеп, өндірістің құлдырауына жол берді. Облысымызда экономика және әлеуметтік мәселелер мен қатар денсаулық сақтау, рухани-мәдениет салаларына да баса көңіл аударылды. Қазақстан Республикасы Президентінің «Азаматтарды медициналық сақтандыру туралы» жарлығына сәйкес республикалық сақтандыру қорының Қызылорда облыстық бөлімшесі құрылды. Облыс тұрғындарының әлеуметтік-тұрмыстық және медициналық сақтандыру қорының облыстық бөлімшесінің жұмысына нақты көмек көрсету үшін 1995 жылдың наурызында Қазақстан Республикасы Премьер министрінің сол кездегі орынбасары Иманғали Нұрғалиұлы Тасмағамбетов келіп, облыс активінің кеңесін өткізді. Оны облыс әкімі Б. Сапарбаев ашып, денсаулық сақтау басқармасының міндетті медициналық сақтау қорының облыстық бөлімшесінің, қала және аудан басшыларының хабарламалары тыңдалып, оларға нақты тапсырмалар берілді. Сыр елінің әлеуметтік саяси өміріндегі елеулі оқиғалардың бірі Қызылорда педагогикалық институты Қорқыт ата атындағы гуманитарлық университеті, агроөнеркәсіп өндірісі инженерлер институты Ы. Жақаев атындағы Қызылорда политехникалық институты болып қайта құрылды. Бұл оқу орындарын биология ғылымдарының докторы, профессор Қ.А.Бисенов басқарды. Облыс жұртшылығы Қызылорда политехникалық институтының құрылғанына 20 жыл толуын салтанатты жағдайда атап өтті.
Облыс және қала әкімдері шешімдерімен Қызылорда қаласының 180 жылдығына (1818 – 1998) Қызылорда облысының құрылғанына 60 жыл толуына байланысты (1938 – 1998) дайындық жұмыстарын жүргізуге бағытталған құжаттар қабылданды. Осы мереке қарсаңында Қызылорда қаласы мен облыс елді мекендерінде 1996 – 1998 жылдары реформалар тереңдету арқылы тұрғындардың әл-ауқатын жақсарту, құрылыс-сәулет жұмыстарын жүргізу, көркейту, көгалдандыруға арналған бағдарламалар іске асырыла бастады. 1996 жылы Республика күні қарсаңында Қызылорда қаласында Абылайханға ескерткіштің ашылу салтанатына Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев, халық жазушысы Қ.Мұхамеджанов қатысты. Президент өзінің сөзінде Қорқыт заманынан бастап Оғыз мемлекетін, одан кейін қазақ хандығының тарихын таразылай келе, Абылайханның ел, жер бірлігін сақтаудағы кемеңгерлігіне тоқтады, өз тарихымызды біліп, ата-баба аруағын сыйлаудың нақты нышаны ретінде Қазақстанның алғашқы астанасы – Қызылордада ескерткіш ашылуына байланысты ризашылығын білдірді. «Осыдан артық идеология жоқ, – деді Елбасы, – Қазақстанды дүние жүзіне танытқан ұлттардың ынтымағы, достығы бейбіт даму жолы. Бұл біздің жеріміздің тұтастығына кепілдік береді. Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, ауызбірлікпен істесек, бүгінгі қиындық, ертеңгі байлыққа бастайды. Патриотизм керек. Тәуелсіздігімізге бес жыл толды, өмір жақсылыққа қарай бой бұрды. Бақыт дегеніміз осы». Президент осы сапарының алдында «Қызылорда арнайы экономикалық аймағын құру туралы» Жарлыққа қол қойғанын айтып Қызылордалықтарды қуантты. Ол Қызылордада АЭА-да орналасқан мекемелерде болып, әсіресе республикада қажетін өтейтін, экспортқа өнім шығаруға қабілеті бар біраз өндіріс өнеркәсіп орындарына баса назарын аударды. Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің бес жылдығы құрметіне Алматыда облыстардың өнері мен мәдениетінің күндері өткізілді. Республикада бірінші болып Астана сарайлары мен театрларында, көркем мен спорт залдарында, алаңдары мен саябақтарында Қызылорда облысының жас таланттары өнер көрсетті. Оған қатысушыларға Республика Президенті құттықтау жолдады. Байырғы Қорқыт елінің ұрпақтары астанада ұлттық өнердің шырағын жақса, одан кейін дарынды жасөспірімдер Түркия, Эстония, Ресей, Жапон, Өзбекстан мен Қырғызстан елдерінде өткен халықаралық әуездік, спорттық жарыстарға қатысып, егемен еліміздің атағын алысқа жайды. 1996 жылдың ішінде он бір адам республиканың орден, медальдарымен, Құрмет грамоталарымен және құрметті атақтарымен дәріптелсе, 125 азамат облыстың Құрмет грамотасымен марапатталды. Он кісіге облыс әкімінің арнайы степендиясы тағайындалып, бес адамға жылдың ең үздік демеушісі, журналисі жүлдесі берілді. Облыс жұртшылығы Қазақстан Республикасының тәуелсіздігінің бес жылдығын және «Желтоқсан-86» қозғалысының он жылдығын салтанатты жағдайда атап өтті. Сыр елінің түкпір-түкпірінде қалалар мен ауылдарда, еңбек ұжымдары мен оқу орындарында, мәдени ошақтары осы даңқты оқиғаларға арналған шаралар өткізілді, кітап көрмелері ашылып, ғылыми-практикалық конференциялар, қызықты кездесулер, спорт жарыстары, облыс және аудан орталықтарында салтанатты жиналыстар болып өтті.
Облыс әкімінің шешімімен Қызылорда қаласының әкімі Қызылорда арнаулы экономикалық аймақ әкімшілігі кеңесінің төрағасы болып белгілі ғалым, экономика ғылымының докторы, профессор Бақберген Сәрсенұлы Досмамбетов тағайындалды. Қызылорда арнайы экономикалық аймағы әкімшілігінің құрамы бекітіліп, оның алғашқы мәжілісі өтті. Облысымызға, оның ішінде Қызылорда АЭС халықаралық ұйымдардың, шет елдерден және Қазақстаннан келген инвесторлардың назары бірте-бірте аударыла бастады. Бұған дейін Біріккен Ұлттар Ұйымының Балалар қоры ЮНИСЕФ Арал экологиялық аймағындағы әйелдер үшін 5 млн АҚШ долларын бөліп, дәрі-дәрмекпен медициналық құралдар жеткізіп берген-ді. Халықаралық балалар қорының басшысы Кэрол Беллани ханым облысымызда болғанда ЮНИСЭФ бағдарламасының одан әрі жүргізілетінін және ауқымды түрде атқарылатынын мәлімдеді.
Қорқыт елінде құрылған арнаулы экономикалық аймағының басшылары ең алдымен Қазақстандағы құрылған АЭА-дағы әріптестерінің тәжірибелерін білуге бет бұрды. Осы мақсатпен Қостанай облысының Лисаковка қаласында алғашқылардың қатарында арнайы экономикалық аймақтың жұмысымен танысу қажеттігі туды. Лисаковск АЭА әкімшілігі кеңесінің бірінші орынбасары О.Х.Айдосов басқарған құрамында бірнеше мамандары бар делегация Қызылордаға шақырылып, олармен көптеген кездесулер өткізілді, керекті құжаттар жасалынып, өздерінің әріптестеріне бұл жұмыстың қиыншылықтары мен ерекшеліктерін баяндап берді. Бұдан кейін Қызылорда қаласының делегациясы Лисаковск АЭА-да болып, ондағы атқарылып жатқан жұмыстарды өз көздерімен көріп қайтты. Байырғы Қорқыт елінің табиғи байлығы, Қызылорда арнайы экономикалық аймағының құрылушы шет елдіктердің назарын аударды. Облысымыздың ең ірі өндіріс мекемесі «Оңтүстікмұнайгаз» акционерлік қоғамының мемлекеттік пакет акцияларын Канадалық «Харрикейн Хидрокорьанс ЛТД» компаниясы иеленді. Акционерлердің төтенше жиналысында бұл компанияның Президенті Джон Комарники «Оңтүстікмұнайгаз» акционерлік қоғамының акциялары үшін 120 млн АҚШ долларын жұмсағанын айтты. Бұған қосымша өндірісті дамытуға 280 млн доллар жұмсалатынын, осының негізінде өндіріс көлемі ұлғайтылып пайданың жаңа көзіне жол ашатынын мәлімдеді. Облыс әкімі Республика Премьер министрі Ә. Қажыгелдин бастаған мемлекеттік делегация құрамында Жапонияға барған ресми сапарынан кейін Арал теңізі аймағындағы мұнай-газ қорын игеру, ауызсу тазартқыштар орнату, аудандарда ирригациялық құрылыстарды салу және қалпына келтіру, Атырау-Құмкөл-Токио сияқты мұнай құбыры желісін жүргізуге байланысты күрделі жұмыстар атқаруға мүмкіншілік жасалынды. Жапон ұлттық мұнай корпорация Президенті Кунис Комацуды мырзаның мәлімдемесіне қарағанда олар Арал теңізі аймағында ақысыз негізде геологиялық және геофизикалық жұмыстар жүргізіп, 11 мың шаршы километрден астам жерді зерттеуден өткізген. Осылайша екі жақ тарапынан қол жеткен келісімге сәйкес жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде 1997 жылғы 24 ақпанда «Арал аймағы қазақстандық бөлігінің пайдалы қазбалар кен орнын игеру туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы дүниеге келді. Соңғы кезде Сыр еліне халықаралық ұйымдардың беті бұрылып, олар өз тарапынан қамқорлық жасауды қолға алды. 1977 жылғы наурыз айында облысымызға келген Біріккен Ұлттар Ұйымының Қазақстандағы тұрақты өкілі Х. Берстон және дүниежүзілік банктің тұрақты өкілі Д. Перс мырзалар іскерлік байланыс ниетіндегі хаттамаға облыс әкімімен бірге қол қойды. Қорқыт заманынан бері келе жатқан ұлы мереке – «Наурыз мейрамы» қарсаңында іссапармен келген мәртебелі қонақтар Арал, Қазалы аудандары мен Қызылорда арнайы экономикалық аймағандағы шаруашылықтар мен өндіріс орындарының жұмыстарымен кеңінен танысып, облыс орталығындағы Наурыз мерекесіне арналған салтанатқа қатынасты. Осы бастаманың негізінде 9 сәуірде Алматыда БҰҰ-ның өкілетті үйінде халықаралық ұйымдары басшылары мен облыс әкімі қол қойған Арал теңізі аймағындағы өзара ынтымақтастықтың қызметі бойынша келісім құжат қабылданды.
Қызылордада құрылған экономикалық даму орталығы бұрын жұмыс істеп келген және келешекте ашылатын барлық шетелдік ұйымдар, атап айтқанда ЦПП, ЮНИСЕФ, Дүниежүзілік банк, ПРОНН, ЮСАИД өкілдері тұрақты қызмет істейтін орынға айналды. Олардың атқарған жұмыстарының арқасында көптеген бағдарламалар өмірге келді.
Облыстық әйелдер кеңесінің бастамасымен (төрайым Г.А.Алтынбекова) «Арал аймағындағы әйелдер және бизнес» бағдарламасына сәйкес БҰҰ-ның жобаларды қолдау орталығына Қызылордалық 115 әйелдің бизнес-жоспарлары түсті. Олардың сексеннен астамы негізгі уақыттарын қозғалыс бойынша жасақталған топтарда ағылшын тілін үйренуге пайдаланды. Өздерінің бизнес жоспарларын қорғау нәтижесінде жеті кәсіпкерге ресми рұқсат беріліп, оларға 17054 АҚШ доллары көлемінде шағын несие бөлінді. Қызылорда арнайы экономикалық аймағы кәсіпкерлер мен филиалдардың, орта және кіші бизнестің жұмыстарына тың серпіліс берді. Мәселен, 1997 жылдың наурыз айынан бастап «Айдан» фирмасының ықпалымен Қызылордадағы көптен бері тұрған өндіріс орны – тоқылмайтын маталар фабрикасы өнім бере бастады. Сондай-ақ аяқ киім фабрикасы, «Сейхұн» акционерлік қоғамдарында да игі істер басталды. Облысымыздағы Т. Кенжебаев, Ә. Жанзақов, Қ. Нақыпов тәрізді кәсіпкерлікті дамытуда жақсы істермен көзге түскен, іскер жігіттер көптеген өндіріс пен мәдениет орындарына қолдау көрсетті. Шетел инвесторларын, республика мен облыстағы кәсіпкерлер мен фирмаларды, облыстық әлеуметтік-экономикалық дамуына қатыстыруға 1997 жылғы маусым айында өткізілген Қызылорда арнайы экономикалық аймағы тұсаукесерінің маңызы өте зор. 1996 жылы агроөнеркәсіп кешеніндегі шұғыл қолға алынған реформа қиыншылықтарға қарамастан межелі жерге жетті. 1996 жылы өткен жылмен салыстырғанда түліктің барлық түрінен төл басы өсті. Облыс бойынша күріштің әр гектарынан 12,2 центнерден өнім артық өндіріліп, орта есеппен 38 центнерден дән жиналды. Әсіресе Жалағаш, Тереңөзек және Қазалы аудандары үлкен табысқа жетті. «Алтын дән-96» мерекесінде Жалағаш ауданы жеңімпаз аталды. Шаруашылық арасында жыл жеңімпаздары болып «Мәдениет» өндірістік кооперативі мен ІІІ Интернационал ұжымдық шаруашылығы жарияланып, олардың төрағалары Н.Жолдасбаев пен В.Гейдаров салтанатты жағдайда марапатталынды. Ауыл шаруашылығы салалары бойынша көптеген азаматтар жыл озаттары атанды. 1997 жылдың наурызында өтпелі кезеңнің қиындығын ескере отырып, көктемгі егіс жұмыстары басталар алдында Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Ж.С.Кәрібжанов оңтүстік облыстарға арнаулы сапармен келді. Ол облысымыздың Жаңақорған, Шиелі, Сырдария аудандарының шаруашылықтарын аралап, облыс әкімшілігінде өткізген арнайы кеңесте сапардағы көрген-білгендерін ортаға салды. Премьер-министр орынбасарының айтуынша ауылшаруашылығын реформалау бағытында көптеген жұмыстар жүргізілгені, бірқатар реформалау бағытында көптеген жұмыстар жүргізілгені, бірқатар шаруашылықтардың аттары өзгергеніне қарамастан, мазмұны бұрынғы күйінде қалғаны жиналғандардың назарын аударды, мамандардың реформаға қатысты қарапайым мәселелерді біле бермейтіндігі туралы айтты. Әсіресе, бөлініп кеткен шаруашылықтарда олардың күш-қуаты бөлшектеніп, техниканы жөндеу, су жолдарын әзірлеу, тұқым тазалау, егіншілерді жасақтау жұмыстарының төмен екендігі туралы мәселелерге тоқталып, оларды игеру үшін тиімді жолдар қарастыру қажеттігін және практикалық көмек берілетінін айтты. Республика Президенті мен Үкіметінің жарлықтарын, шешімдерін жүзеге асыруда құқық қорғау және қадағалау органдарының жауапкершілігі арттырылды. Өкінішке орай, облыстағы қылмыс және құқық бұзушылық жағдайы 1995 жылмен салыстырғанда 18 процентке өсті. Жасалынған қылмыстардың жартысынан астамы ауыр қылмыстар саналып, ал олардың 80 процентке жуығы ашылмады. Бұл мәселелер облыс құқық қорғау және қадағалау органдары өкілдерінің кеңейтілген кеңесінде арнайы талқыланды. Оған Қазақстан Республикасы Мемлекеттік тергеу комитетінің сол кездегі төрағасы генерал-полковник Ж. Тұяқбаев, Қазақстан Республикасы Кеден комитетінің төрағасы Ғ. Қасымов, Республика Бас прокурорының орынбасары С. Оңғарбаев, Республика Ішкі Істер министрінің орынбасары Б. Байжасаров қатысты. Кеңесте облыс әкімі Б. Сапарбаевтың баяндамасы тыңдалып, талқыланғаннан кейін нақты іс-шаралар қабылданды. МГК облыстық басқармасының бастығы болып Т. Рахимов тағайындалды. Облыстағы азаматтарға зейнетақы мен жалақыны уақытында төлеуді бақылау жұмысы тұрақты түрде қолға алынды. Республика, облыс, қала және аудан әкімдіктері жанында құрылған оперативтік топтар бұл жұмысты қатаң бақылауға алды, шара қолданбаған басшылар қызметтерінен босатылды. Нарықтық қатынастарды қалыптастыратын реформаларды тереңдетіп, құқықтық мемлекет құруға бағытталған жұмыстармен қатар облыста демократиялық процестер мен жариялылық кеңінен өрістей бастады. Облыс әкімі, облыстық кәсіподақтар бірлестіктері, облыстық жұмыс берушілер одақтары арасындағы 1997 жылға арналған келісімшартқа қол қойылды. Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерімен кездесулер өткізу тұрақтылыққа айналды. Қызылорда арнайы экономикалық аймағының құрылуына байланысты оның ақпарат құралы «Ақмешіт ақшамы» апталық газетінің бірінші саны 1997 жылдың 22 наурызында жарық көрді. Облыстық мәслихаттың сессияларында әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері тұрақты түрде қаралып тұрды. Қоғамдық ұйымдар мен саяси партиялардың, әсіресе ардагерлер мен әйелдер кеңесінің, ұлттық-мәдени орталықтары мен облыстық ассамблеяның жұмыстары жандана түсті. Нарықтық қатынастарды қалыптастыру кезеңінде, экономикалық реформаларды тереңдету мақсатында кейбір аудандарды біріктіріп, кадрлар өзгертуге тура келді. Сол мақсаттарда Сырдария мен Тереңөзек аудандары біріктірілді. Қолдарынан іс келмейтін әкімдер мен кадрлар тағайындалды. Жаңақорған және Қазалы аудандарының әкімдері болып С. Мырзабеков және Б. Пұсырманов бекітілді. Облыс, қала және аудан әкімшіліктерінде үлкен өзгерістер болып, көптеген аппарат қызметкерлері қысқартылды. Әлі де болса мемлекет қызметкерлері арасында жастары ұлғайған, қолдарынан іс келмейтін және жаңалықтарды мейлінше қабылдай алмайтын кадрлардан арылу жұмыстары баяу жүргізілу байқалады. Сол себептерден жергілікті жерлерде реформаларды тереңдету процестерін алға жылжыту және әлеуметтік-экономикалық дамуда өзгерістер болу үшін кадрларға қатаң талап қойыла бастады. Әсіресе зейнетақы реформаларын жүргізу, жарналарды жинап қарыздарды төлеуге қатаң бақылау жасау қажеттігі туды. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен 1997 жыл «Жалпыұлттық татулық және қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы» деп жарияланды. Республика аймақтары және қоғамдық бірлестіктердің тілектерін ескере отырып 31 мамыр – саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні деп белгіленді. Облыс әкімінің шешімімен Жалпыұлттық татулық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алудың негізгі бағдарламасы қаралып, олар іске асырылды. Бұл көкейкесті әлеуметтік-саяси мәселелер бойынша тұрақты жұмыс істейтін «Дөңгелек столы» құрылып, онда атқарушы және өкілетті органдар, саяси партиялар, қоғамдық бірлестіктер, ұлттық-мәдени орталықтар өкілдері қатысып, пікір айтатын орынға айналды. Бұқаралық ақпарат құралдары арқылы Жалпыұлттық татулық тақырыбына материалдар жарияланып, саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған мақалалар жарық көрді. Атап айтқанда, аса көрнекті мемлекет қайраткері Сыр елінің перзенті Мұстафа Шоқайға арналған шаралар іске асты. Облыс әкімінің шешімімен 1997 жыл Мұстафа Шоқай жылы деп жарияланды. Мұстафа Шоқайдың туған жері – Сырдария ауданында да біршама жұмыстар атқарылды. Оның атында құрылған қордың бастамасымен М.Шоқайдың туған ауылында ескерткіш-мүсіні орнатылып, даңқты жерлестеріне бағышталып ас берілді. Облыс және аудан жұртшылығы өкілдері арнайы сапармен Алмания және Түркия елдерінде болып, М. Шоқайдың сүйегін туған жері Сыр бойына, атап айтқанда Түркістанға Ахмет Иассауидің кесенесі жанына қою туралы мәселе көтерді. Түркияның Ыстамбұл қаласында 1997 жылы наурызда өткен дүниежүзі қазақтары қауымдастығының кіші құрылтайында бұл мәселе қолдау тапты. Жалпыұлттық татулық және саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылында қиын-қыстау кезеңде өздеріне Қазақстанда және оның Сыр бойындағы аймағында бұрыннан орнығып келген саяси тыныштық пен халықтардың достығы одан әрі нығая түсті. Кеңес империясы кезеңінде облысымызға жер аударылған корейлер, шешендер мен ингуштар мескет-түріктері және басқа халықтардың өкілдері қазақ халқына, Сыр елі жұртшылығына өздерінің ризашылығын білдірді. Облыста көптеген ұлттық-мәдени орталықтар құрылып, мемлекет және қоғамдық ұйымдар тарапынан олардың әлеуметтік-саяси өміріне байланысты мәселелер шешімін таба бастады. Қызылордада «Сабалаққұм» деген жерде саяси қуғын-сүргін құрбандарына ескерткіш орнатылды. Қазақстан Республикасының прокуроры Сүлеймен Есқараевтың мерейтойы өткізіліп, туған жерінде ас берілді. Қазақ халқының ХХ ғасырдағы ұлы жазушысы, ғалым, академик, көрнекті қоғам қайраткері Мұхтар Әуезовтың 100 жылдығы Сыр елінде кеңінен аталып өтті. Ұлы суреткердің мерейтойы ЮНИСЕФ шеңберінде дүниежүзінде аталынып, оның егеменді еліміздің жұртшылығы ұлтымыз үшін рухани олқылығымызды толтыруға септігін тигізетін, Абай мен Жамбылдың бұған дейін болған тойларының жалғасы деп білді. Облыс және қала әкімдері Ақмешіттің 180 жылдығына дайындық барысында Қызылорданы көркейту, көгалдандыру жұмыстары қолға алынды. Облыс орталығында 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысының жетекшісі Амангелді Имановқа ескерткіш ашылды. Қазақстанда бүкіл ТМД елдерінің арасында алғашқы рет ұйымдастырылған облыстың Қызылорда арнайы экономикалық аймағының тұсаукесері Сыр елінің әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталған аса елеулі тарихи оқиға болды. 1997 жылдың 17 – 28 маусымында Қызылорда қаласында презентацияға 556 адам шақырылды. Оған он жеті мемлекеттің Қазақстандағы елшілері және он бес халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты. Сондай-ақ Қазақстан Республикасы министрліктері мен комитеттерінен, ғылым орталықтарынан, Алматы, Шымкент, Жамбыл, Ақтөбе және басқа аймақтардан арнайы өкілдер қатысты. Презентация кезінде шетелдік елшілер мен ұйымдарға облыстың Қызылорда АЭА жағдайымен танысуға мол мүмкіншілік жасалынды. Н. Бекежанов атындағы театрда болған мәжілісте облыс әкімі Б. Сапарбаев облыстың экономикалық және әлеуметтік жағдайы, аймақтың экологиялық ахуалы, табиғи қазына, оны игерудегі алғашқы қадамдар, инвестиция тарту бағытында баяндама жасады. Қызылорда арнайы экономикалық аймағының донорлар қауымдастығы тарапынан келешек шетелдік және басқа инвестиция үшін пайдалы өңір екендігі және бұл өлкенің потенциалын айшықтап, қаншалықты күш-жігер жұмсалғандығы туралы баяндама жасағандар Қазақстан Республикасы экология және табиғи қорлар министрінің орынбасары Қ.С.Байешев, энергетика және табиғи қорлар министрінің орынбасары С.Ж.Даукеев, мемлекеттік инвестиция комитетінің атқарушы директоры С.М.Қанапянов, Қызылорда қаласының әкімі, арнайы экономикалық аймақ әкімшілік Кеңесінің төрағасы Б.С.Досмамбетов, «Харрикейн Хайдрокарбонс ЛТД» фирмасының президенті Джон Комерники және басқа басшылар мен мамандар еді. Тұсаукесердің нәтижесі мен Сыр елінің әлеуметтік-экономикалық дамуының болашағы туралы сөз сөйлегендердің ішінде Біріккен Ұлттар Ұйымының Қазақстандағы тұрақты өкілі Д. Пиэрс, Индия елшілігінің кеңесшісі С. Джейн және басқа мәртебелі мырзалар өз пікірлерін ортаға салды. Презентация арнайы ұйымдастырылған орталық алаңдағы және Н. Бекежанов атындағы театрдағы кәсіпкерлік фирмалары мен өнеркәсіп орындары шығарған өнімдер көрмесіне келген қонақтарға әсері мол болды. Тұсаукесер кезінде Қазақстанда тұңғыш рет экономикалық даму орталығы ашылды, өзара ынтымақтастық, іскерлік байланысты бағдарлайтын, мемерандумға облыс әкімі, шетел мемлекеттерінің елшілері, халықаралық ұйымдардың басшылары қол қойды. Сөйтіп, Қызылорда облысы сонау Қорқыт заманынан бері келе жатқан ауызбіршілік пен ұлтымызға тән ұстамдылық қасиетін бұзбай нарықтық қатынастарды қалыптастыру мен реформаларды тереңдету жолына бетбұрыс жасауда. Сыр өңірі жұртшылығы жалпыұлттық келісім және халықтар достығын нығайту жағдайында Ақмешіттің 180 жылдығының дайындығы кезінде егемен еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі мол болды.
АҚМЕШІТ – ҚАЗАҚСТАННЫҢ АЛҒАШҚЫ АСТАНАСЫ
1920 жылы құрылған Қазақ АССР-і құрамына Орал, Орынбор, Қостанай, Ақтөбе, Бөкей, Ақмола, Семей және Адай аудандары, олардың ішінде Перовск (бұрынғы Ақмешіт) және Қазалы уездері Түркістан АССР-і құрамында қалатын болатын. Орта Азияның ұлттық-территориялық шекарасын мәжелеу туралы мәселе 1924жылдан бастап талдана бастады. Сол жылы 12 мамырда Өзбек, Түркмен, кейінірек, Тәжік Республикалары Түркістан АССР-нан кейін жеке отау тікті, ал оның құрамындағы қазақ аудандары Қырғыз (Қазақ) АССР-ның құрамына қосылды. Сонымен Орта Азияны бөлу нәтижесінде Қазақстанға Қазалы, Ақмешіт, Түркістан, Шымкент уездері, Әулиеата уезінің бірқатар бөлігі, Сырдария облысының Ташкент және Мырзашөл уездерінің бір бөлігі, Самарқанд және Жизақ облыстарының алты көшпелі болысы қарады. Жетісу облысынан Алматы, Жаркент, Лепсі, Қапал уездері, Бішкек уезінен Георгиев, Шу, Қарақұм, облыстары келіп қосылды. Осының нәтижесінде Қазақстан территориясы 700 мың шаршы шақырымға, халқы 523 мың адамға жетті. 1926 жылы санақ бойынша қазақтар тұңғыш рет республика халқының 61,3 процентін құрады. Қазақ жерінің бірігуі біртұтас мемлекет құру және Қазақстан астанасын Орынбордан көшіру міндетін алға қойды. Осы мәселе бойынша құрылған арнаулы комиссия астана ретінде Ақтөбе, Ақмола, Шымкент, Әулиеата, Ақмешіт қалаларын атады. Бірінші Сырдария губерниялық партия конференциясында Қазақстан астанасы ретінде Ташкент қаласы болсын деген ұсыныстар басым болды. Республиканың астанасына Ақмешіт қаласы ұсынылғанда ең басты дәлел ретінде онда қазақтардың көп тұратыны тілге тиек болды. Орынбор-Ташкент теміржолының бойында және Ақмешіттің болашағы үлкен үміт күттіретін суармалы егістің орталығында орналасуы қатты ескерілді. Ғасырлары бойы Қоқан және Хорезм хандықтарының езгісіне қарсы күрес жүргізген. Ресей империясының зорлық-зомбылығына амалсыздан көнген Сырдария қазақтары республика астанасының Орынбордан Ақмешітке көшірілуін үлкен қуаныш сезіммен қарсы алды, олар бұл ауқымды өлкенің экономикалық және әлеуметтік даму жағынан жаңа сипатты өзгерістерге ие болатынына үміт артты. Түркі әлемінде Сырдария бойында көркейіп күшейген Оғыз мемлекетінің тарихын ескерсек, Қорқыт атаның жер кіндігі деп атаған Байқоңырдан Желмаясына мініп алып дүние жүзін аралап, артына өлмес мұра қалдарған, халқының мүддесін қорғап, оған пана болатын Жерұйықты табамын деп Сыр бойына келген Асан қайғының «әр шеңгелдің түбінде бір асым ет бар» деген қанатты сөздеріне қарағанда Ақмешіттің Қазақстанның алғашқы астанасы болуы тегін емес деп айтуға болады. Сонымен Перовск теміржол станциясы жұмысшыларының тілегі бойынша Қазақстан үкіметін Орынбордан Ақмешітке көшіру үшін «Қызыл паровоз» жасақталды. Қазақ АССР Кеңестері V съезінің делегаттары бар үкімет поезы Орынбордан республиканың жаңа астанасы Ақмешітке 1925 жылдың наурыз айының аяғында аттанды. Съезд делегеттарының ішінде Иса Байзақов, Әміре Қашаубаев, Сәбит Мұқанов, Қажымұқан Мұңайтпасов болатын. Олармен бірге қазақ әндерін жинаушы, әрі зерттеуші Александр Владимирович Затаевич Қазақ АССР Кеңестерінің V съезі делегаты ретінде республиканың жаңа астанасы Ақмешітке бірінші рет келді. Республиканың жаңа астанасы Ақмешітте ашылатын Қазақ АССР-і Кеңесінің V съезіне Қарақалпақ автономиялы облысынан қырық адамнан тұратын делегация сайланды. Олардың ішінде А. Досназаров, И. Бейімбетов, Қ. Әуезов, Ж. Аташев, Ө. Бейімбетов, А. Ерманов, Ә. Құдабаев, Е. Қожұров, Д. Құрбанаев, Т. Нәпесов, А. Әйтешов, Т. Низаматдинов және басқа делегеттар болатын. Қарақалпақ делегаттарының бірі Әбу Ержанұлы Құдабаев Ақмешіт қаласына жақын Сырдария өзенінің батыс жағасындағы «Қызыл қайың» атты Қарақалпақ ауылында 1898 жылы туған жерлесіміз болатын. 1921 – 1922 жылдары Ақмешіт уездік партия комитетінің, ал 1922 жылы Сырдария губерниялық партия комитетінің хатшысы болып сайланды. Ол 1925 жылдан Қарақалпақ автономиялы облысын құру жөніндегі ұйымдастыру комитетінің төрағасы, кейін облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметтерін атқарды. Сталиндік репрессия кезінде құрбан болды. Қызылорда облысының жұртшылығы өзінің жерлесі Әбу Құдабаевты қатты құрметтеді, бір көше мен мектепке Құдабаевтың аты берілді. Құрамында Қазақ АССР Кеңестерінің V съезі делегаттары бар үкімет поезын жол бойында Сексеуіл, Арал, Қазалы, Жосалы станцияларының жұртшылығы қарсы алып, көп адам жиналған митингілер ұйымдастырылды. Ақмешіт станциясында орасан зор митингі болып өтті. Оны Ташкенттен келген Сырдария облыстық партия комитетінің хатшысы Әбілқайыр Досов ашты. Үкімет делегациясын Қазақстанның жаңа астанасының жұршылығы қызу құттықтады. Қала жастары атынан ақын Әбілдә Тәжібаев сөз сөйледі. 1925 жылдың 15-19 сәуірінде Кеңестердің V республикалық съезі болып өтті, оған бірінші рет Сырдария және Жетісу облыстарының өкілдері қатынасты. Бұл республика еңбекшілерінің саяси белсенділігі өрлеуінің бетбұрыс кезеңі болды, қоғамдық өмірдің жаңа қатынастары қалыптаса бастады. Халықтың тарихи қазақ есімі қалпына келтірілді. Бұған дейін орыс билеушілері қазақ халқының атын бұрмалап оны қырғыз атандырып келген еді. Съезд бұдан былай Қазақ АССР астанасын Ақмешіт орнына (бұрынғы Перовск) Қызылорда қаласы деп атау жөнінде қаулы қабылдады. Үкімет есебі бойынша V съезд қабылдаған қарарда республиканың өнеркәсібен күрделі дамыту, алдағы онжылдықта теміржол және жергілікті жол қатынасын дамыту жоспары, байланыс құралдарын, көшпелі және селолық аудандарда жылжымалы почтаны, радио-телеграф жүйелерін кеңейту жобалары қуатталды, бұл мақсатта өнеркәсіпті Қазақстанның шебер жұмысшыларын қалыптастыру шаралары қабылданды. Қазақ АССР-ның жер құрылысы туралы қарарында бұрынғы патша үкіметінің жүйесіз әскери-әкімшілік саясатының зобалаңы салдарынан 29 миллион десятин шұрайлы жерлер талан-таражға салынып, мал шаруашылығының күйреуіне әкеп соққаны атап өтілді. Мал шаруашылығын тиімді ұйымдастыру мақсатында республиканың барлық жерін табиғи-тарихи және экономикалық белгілері бойынша үш ауданға бөлу дұрыс деп табылды. Біріншісі – егіншілік-мал шаруашылығы сипатындағы аудан. Мұнда мал шаруашылығы бірқалыпты дамуы тиіс. Екіншісі – мал-егін шаруашылығы сипатындағы аудан. Онда жайылымдық жер басымдығы орын алады. Үшіншісі – бірыңғай мал шаруашылығы бағыты үстемдік құратын аудан. Сонымен бірге аталған әрбір ауданның шаруашылық жүргізу жүйесі әртүрлі болуға тиіс деп есептеледі. Съезд Қазақстанға бұрынғы Түркістан республикасы губерниясы мен Қарақалпақ автономиялы облысының бірқатар аудандарының қосылуы, 1920 – 1921 жылдары бірқатар қоныс аударғандардың келуі, сондай-ақ осы кезеңде белең алған құрғақшылық салдарынан онсыз да тар жердің құрылымын қайта құру мүмкін болмай отырғанын атап өтті. Суландыру туралы қабылданған қарарда Сырдария, Амудария және Қазақстанның басқа да өзендерінің суларын іргелес жатқан республикалармен бөлуді талап ету. Осының негізінде судың шектелген мөлшеріне орай суармалы егіншілік экономикасын қалыптастыру туралы жазылды. Су шаруашылығы органдарының кадрларын даярлау, Қызылорда гидротехникумын ашуға байланысты қаржы бөлу мәселелері шешімін тапты. Өнеркәсіп пен ауылшаруашылығының дамуы, сонымен бірге республика халқының мәдени қажеттіліктерін өтеуі үкімет алдында енді халық ағарту мен денсаулық сақтау проблемасын шешуді міндет етіп қойды. 1925 жылдың сәуірінде өткен Қазақ АССР Кеңестерінің V съезі республика дамуының перспективасын айқындап, ұлтық-мемлекеттік құрылыс саласының маңызды тарихи шешімдерін қабылдады. Қазақстан тарихында Қазақ Өлкелік Комитетінің бірінші хатшысы Ф.И.Голощекин басшылық еткен кезең үлкен қасірет әкелді. Ол жаңа астанаға 1925 жылдың 12 сәуірінде келген болатын. Теміржол вокзалына аяғы тиісімен Голощекин өзін қарсы алуға келген өлкелік комитеттегі әріптестерін қазақ ауылында «Кіші октябрь» деген сойқанды жүзеге асыру ниетін сездіріп, таңқалдырды. Голощекиннің Қазақстанға келуі кездейсоқ емес еді. Профессор В. Григорьевтің пікірінше оның республика партия ұйымының бірінші басшысы қызметіне келуіне бірнеше себептер әсер еткенге ұқсайды. Біріншіден, Сталин осынау Поволжьемен, Уралмен, Батыс Сібірмен, Орта Азиямен шекаралас жатқан геосаяси жағынан маңызды аймақта өзінің ықпалын сақтап қалғысы келді. Голощекин өлкенің әлеуметтік-экономикалық құрылымын, қазақ қоғамын экономикалық, саяси, мәдени жағынан Ресеймен жақындастыруда таптырмайтын басшы еді. Қызылордаға келгенше Голощекиннің Орта Азияда қызмет еткен тәжірибесі болды. 1918 жылы Екатеринбургте патша отбасын өлтіруге қатысқан Голощекин енді қазақ интеллигенциясының қаймағын бұзып жіліктеуге кірісті. Ол ұлтаралық қатынас, туыстық қарым-қатынас, ұлттық зиялылар көзқарасы сияқты өте күрделі үш мәселені бір түйінге біріктірем деп шатасты. 1925 жылдың желтоқсанында Қызылорда V өлкелік партия конференциясы болып өтті. Өлкелік комитеттің есепті баяндамасын жасаған Голощекин делегаттар назарын Орталық Партия Комитетінің нұсқауларын Қазақстанда орындау тым оңайға соқпайтынына аударды, ол қазақ ауылында шын мәнінде кеңес өкіметі орнаған жоқ, оның есесіне туыстық және байлар үстемдігі басым деген пікір білдірді. Голощекиннің халыққа қарсы қызметінен кейінгі Қазақстандағы жағдай Л.Д.Троцкийдің 1927 жылдың басында Москвада бір топ қазақ коммунистерімен болған әңгімесінің өзегі болған. Әңгіме қорытындысында Троцкий: «Қазақ комунистері үш жілікке бөлінген, оның бірі Голощекин төңірегіне шоғырланғандар – олар жоғарының айтқанын екі етпей, кез-келген нұсқауды бұлжытпай орындайтындар, екіншісі – «солшылдар», олар да Голощекинді қолдайды, бірақ менің түсінігімше біршама «тәуелсіз» көзқарас танытушылар, үшіншісі – «оңшылдар», олардың төркіні «солшылдардан» шыққан, бірақ «оңшылдарға» жақындасып кететін кездері де болады», – деп жазды. Тағдырдың жазмышына орай Троцкий 1928 жылы Верныйға келеді. Ол Голощекиннің Қазақстанда немен айналысып жатқанын өз көзімен көреді. Троцкийдің байқауынша ұлтшылдар топтарын орталықтан басқарып, қолдау көрсететін басшылар бар секілді. Бұл жөнінде Троцкий қазақ коммунистерімен кездесуде естіп білгені еді. Олардың айтуынша Европа және қазақ коммунистері жекедара өмір сүретіні соншалық, тіпті бір-бірімен шахмат ойнамайтын да көрінеді. Л.Д.Троцкий өзінің Қазақстандағы әріптестері туралы жылы лебіздер білдірді. «Артта қалған халықтардың жас әрі қабілетті өкілдерін таптық күрес жағдайымен жақынырақ танысу үшін шетелге жіберіп алған қандай жақсы болар еді», – деп жазады Троцкий. «Әйтпесе бізде олардың санасын мемлекеттік-әкімшілік ой шырмауы билеп алған». Бұған Троцкий Қазақстанда саяси қуғында жүрген жылдары көз жеткізген болатын. Осы жағдайдың барлығы Голощекиннің ашу-ызасын туғызды. Ол өзіне пікірлес топтардың көмегімен Рысқұловты, Меңдешевті жұмыс істеу үшін Москвада қалдырды. Хожановты, Сәдуақасовты, Мыңбаевты феодал-бай құйыршықтарын қорғады деген айыппен өлкелік комитет, орталық атқару комитеті мен халық комиссарлар кеңесі құрамынан шығарды. Қазақстанда индустрияны дамыту мәселесін жедел шешу қажет болды. 1926 жылдың сәуірінде республика астанасы Қызылордада өнеркәсіпті дамыту проблемасына арналған кеңес болып өтті. Кеңес республикасының орасан зор шикізат қорын иемденіп отырғанын, сондықтан өнеркәсіп өндірісінің даму қарқынын жеделдету қажеттігін атап өтіп, пайдалы қазбалардың жаңа орындарын барлаудың шараларын белгіледі. Мемлекеттік Жоспарлау комитеті мен Қазақ АССР Халық Комиссарлары Кеңесіне Қазақстанның өнеркәсібін аудандарға бөлу, өнеркәсіптің, алғашқы кезекте түсті металлургияны ұлғайту жоспарларын жасау тапсырылды. Қазақстанды қалпына келтіру мен дамыту баяу жүріп жатты. Ең алдымен жергілікті шикізатты өңдейтін қой терісі, тоқыма, темекі, спирт, балық, ұн өндірісін қалпына келтіру қажет болды. Ауыр өнеркәсіп қатарынан алғашқы кезекте мұнай, алтын өндіру кәсіпшіліктері қалпына келтірілді. Мұнай және алтын кен орындарын игеру республика мүддесіне сай келмеді, ол елдің мұнай өнімдері мен валютаға деген сұранысын қамтамасыз етуді көздеді. Мұнайлы Ембіні қалпына келтіру мен дамыту өте қиын жағдайда жүргізілді. Кәсіпшілікке құрылыс материалдары, жабдықтар керуенмен жеткізіліп, алынған мұнай осындай жолмен тасымалданды. Гурьевті Доссор, Мақат, Ембімұнай кәсіпшіліктермен жалғастырған тар шеңберлі жол салынумен сенімді қатынас қозғалысы пайда болды. Әсіресе, Қарсақпай мыс қорыту комбинаты өте қиын жағдайда салынды, ол теміржолдан жүздеген шақырым қашықтықта меңіреу далада орналасқан еді. Ең жақын деген Жосалы станциясының өзі 370 шақырым қашықтықта орналасқан болатын. Қарсақпай комбинатының құрылысына арналған жүктер Жосалы станциясына келіп түсіп, онан әрі түйе, ат-өгіздерге, кей жағдайда автокөліктерге тиеліп Қарсақпайға жөнелтілетін. Қысқы борасын, көктем мен күзгі ауа райының құбылмалы кезеңінде жол байланысы үзіліп, комбинат жұмысын тұралатып тастайтын. Осынау ауыр жолдың бойында керуеннің тынығуы үшін 18 бекет орналастырылды. Қарсақпайға дейін керуен жеті күн жүретін. Қарсақпай мыс қорыту комбинатын қалпына келтіру тарихы Жосалы механикалық зауытын салумен тығыз байланысты. Мыс қорыту комбинатын қалпына келтіру мен Жосалы механикалық зауытын салу үшін мемлекет бар болғаны 10500 мың сом бөлді. Оның 3970 мың сомы 1925 – 1926 жылдары бөлінген болатын. Ең басты назар тұрғын үй мен жол құрылысын салуға жұмылдырылды. Жосалы станциясында жаңа гараж, механикалық шеберхана құрылысы басталды. «Атбасарцемент» тресінің бас геологы, инженер Қ.И.Сәтбаевтың бастамасы бойынша Жосалы станциясыда 300 – 350 автокөлігі бар ірі автобаза құрылысы басталды. Жезқазған-Қарсақпай-Байқоңыр тар шеңберлі теміржол желісі қалпына келтіріліп, ол зауытты кенішпен және көмір кен орнымен жалғастырды. 1926 жылы Қарсақпай электр станциясы іске қосылып, 1927 жылы мыс өндіру басталды, ал 1928 жылдың қараша айында алғашқы мыс өндірілді. Осынау үлкен істің жүзеге асуына Жосалы станциясы мен Жосалы механикалық зауытының ықпалы ерекше болды. Республика астанасының Қызылордада болған кезінде «Түркістан-Сібір теміржол салу туралы» қаулы қабылданды. Қазақ АССР Кеңестерінің VІ съезі қабылдаған қаулыда бай өлкенің табиғат байлықтарын жедел игеруге, орта азиялық республикаларды Қазақстанның және Сібірдің арзан астығымен қамтамасыз етуге мүмкіндік жасаған Трассібір магистралінің Қазақстан мен Орта Азия үшін экономикалық және саяси маңыздылығы атап өтілді. Кеңестер съезінің қаулысында жазылғанындай, Түркістан-Сібір теміржолының Орта Азия республикаларының экономикасын дамытуда үлкен маңызы барлығы ескеріліп, «ол оның болашағын байыта түсіп, техникалық дақылдар, ең алдымен мақта, сондай-ақ күріш егу» нақты міндет етіп қойылды. Бұл Орталықтың Орта Азия республикалары мен Қазақстанды ССРО-ның шикізат шылауына айналдыруының бастамасы болды. Осы кезеңде Қазақстанда геологиялық партиялар саны артып, республиканың жер қойнауын зерттеу кең өріс ала бастады. Осының нәтижесінде Қоңыратта және Жезқазғанда, Оңтүстік Қазақстанда қорғасынның, Алтайда полиметалл кенінің, Ақтөбе облысында фосфордың, Орталық Қазақстанда көмірдің бай-кен орындары ашылды. 1928 жылы төңкеріске дейінгі коммуналдық электр станциялары келтіріліп, бірнеше жаңа электр станциялары салынды. Қостанайдағы, Қызылордадағы, Петропавлдағы, Шымкенттегі электр станциялары кеңейтіліп, металл өңдейтін шағын кәсіпорындар қалпына келтірілді, бірқатар ірі кірпіш зауыттарының құрылысы басталып, жаңа ет комбинаттары іске қосылды. Сонымен қатар Қазақстанның өз өнеркәсібінің әлсіз дамуы салдарынан өндіріс құрал-жабдықтарының барлығы дерлік басқа республикалардан тасымалданды. Сондай-ақ Қазақстаннан шикізаттың көп бөлігі өңделмеген күйі сыртқа шығарылып жатты. Жергілікті жерде ауылшаруашылық шикізатының болмашы түрі, жүннің 1,8 проценті, май тұқымының 6 проценті, ұсақ терінің 3,8 проценті, ірі терінің 24 проценті, темекінің 35 проценті ғана өңдеуден өтті. Қазақстанның көптеген аудандарында мал негізгі жүк – жұмыс көлігі болып қала берді. 1921 – 1922 жылдары мал басының жаппай күрт төмендеуі көлік жағдайын тым қиындатып жіберді. Жүк тасымалдауға республиканың көшпелі халқы іс жүзінде тегін пайдаланылды. Мысалы, Жосалы станциясы мен Қарсақпай аралығында бір мезгілде 6 мың түйеден тұратын керуен сапарға шығатын. Сауданы қалпына келтіру жаңа экономикалық саясаттың маңызды проблемасы ретінде қаралды. Тауар айналымында далалық жәрмеңкелер үлкен роль атқарды. Жаңа экономикалық саясат кезінде қалпына келтірілген Қоянды, Темір, Ойыл, Қарқара ірі жәрмеңкелер қатарына жататын. Республика астанасының Қызылордада болған кезінде Қызылорда жәрмеңкесі өз жұмысын бастады. 1927 жылы бұл жәрмеңкенің сауда айналымы 1924 жылмен салыстырғанда жеті есе өсті. Тұтастай алғанда республика бюджеті 1923 – 1924 жылғы 12 миллион сомнан
1927 – 1928 жылы 56 миллион сомға артты.
Қазақстан үкіметі мен жергілікті өкімет органдары республика мен жергілікті бюджет қорынан мәдениет пен халық ағарту қажеттілігі үшін 35 проценттен кем қаржы бөлген жоқ. Бірақ облыста ағарту саласы бойынша жан басына шаққандағы шығын бар болғаны 68,9 тиынды құрады. 1928 жылдың аяғында республикада небары 494 оқу ұясы, 23 қызыл шайхана, 9 мұражай, алғашқы 1,5 мың радиоқондырғы пайда болды. Республиканың жана астанасы Қызылордада газеттер мен журналдар шыға бастады. Республикада барлығы 31 газет, оның ішінде 13-і қазақ тілінде шықты. Осы жерде В.И.Ленин шығармаларын қазақ тіліне аударып, басып шығару жөніндегі редакциялық алқа ұйымдастырылды. Қалпына келтіру жылдарында сауатсыздықты жою жөніндегі жұмыс қарқыны біршама бәсеңдеді. 1926 жылғы санақ бойынша Қазақ АССР-де 16 мен 35 жас аралығындағы 1,7 миллион адам сауатсыз деп есептелді. Осындай жағдайда қазақ өлкелік комитеті сауатсыздықты жою жөніндегі комиссияларды қайтадан қалпына келтіру туралы шешім қабылдады. Төтенше комиссия 1927 – 1928 жылдары 65300 адамды оқытуды жоспарлады. Бұған қосымша 417860 шала сауатты адамның білім деңгейін көтеру көзделді. Республика астанасының Қызылордада болған жылдары Қазақ АССР Орталық Атқару Комитетінің кейінірек ұлттық тіл мен мәдениетті дамыту барысына қасіретті зардабын тигізген «Жаңа қазақ алфавитін енгізу туралы» қаулысы қабылданды. Бұл құжатта қазақ еңбекшілерінің шаруашылықта, қоғамдық және мәдени өмірде патриархалдық-рулық, жартылай феодалдық қатынастардың қалдығы ретінде сақталған араб алфавитінен құтылу мүмкіндігі туғаны атап өтілді. Коммунистік идеологияның дем беруімен қаулыда: «Қазақ еңбекшілеріне Исламмен бірге таңылған араб алфавиті өзінің күрделілігімен техникалық жағынан жарамсыз болып, оны баспа өнеркәсібінде пайдалану үлкен шығынға түсті. Араб алфавиті қазақ еңбекшілері үшін өзінің мәдени-тарихи жағынан оқшау қалуына байланысты жалпы адамзаттық жетістіктерді игеру барысында техникалық кедергі болып қалды» деген сөйлемдер көрініс тапты. Үкімет деңгейінде айтылған мұндай тұжырымдар шындықтан тым алыс жатқан болатын. Құранды және араб алфавитін білетін халық латын, онан кейін орыс алфавитіне көшемін деп жүргенде бар білгенінен айырылып, елді жаппай сауатсыздық жайлады. Осылайша өзінің тамыры сонау ертедегі Шығыс мәдениетімен байланысып жатқан ұлттың мәдениеті мен тіліне өлшеусіз зиянкестік жасалды. Білім мен жалпыадамзаттық мәдениет жетістіктеріне табиғатынан құмар қазақ халқы енді алдымен латын, кейін орыс алфавитін қазақ және араб тілдеріне, ұлттық мәдениетке зардап келтіре отырып, барынша табандылықпен оқып үйренуге кірісті. Қазақ мектебі сан жағынан емес, сапалық жағынан да артта қалды. 1926 жылы республикада 3344 мектеп, оның ішінде жеті жылдың және екінші сатыдағы ІІІ мектеп болды. Оларда 17720 оқушы білім алса, оның 3048 ғана қазақ азаматтары, бастауыш мектептердегі 215142 оқушының 67769 ғана қазақ балалары еді. Қазақ мектептеріне кітаптар жетіспеді, 1925 жылы бар болғаны 320 мың данамен 16 оқу құралдары басылып шығарылды. Қазақстан үшін жоғары білімді мамандар Ташкентте, Москвада, Ленинградта даярланды. Ташкенттегі қазақ халық ағарту институты негізінде құрылған Қазақ мемлекеттік педагогика институты қазақтың алғашқы жоғары оқу орны болды. 1928 жылы Қазақ пединституты Алматыға көшірілді. 1926 жылы Қызылордада қазақтың тұңғыш кәсіптік театр өнерінің негізін қалаған қазақ драма театры ашылды. Оны ұйымдастырушылар қатарында кейінірек қазақ өнерінің майталмандары атанған Ә. Қашаубаев, Қ. Қуанышбаев, С. Қожамқұлов, Е. Өмірзақов,
Қ. Жандарбеков, Ж. Шанин, К. Бадыров және басқалар болды.
Республика астанасының Қызылордада болу кезеңінде өнеркәсіп пен мәдени салалар біршама дами түсті. Жергілікті өнеркәсіп, тұрғын үйлер, мәдениет, денсаулық сақтау, білім беру объектілері бой көтерді. Қазақ музыкасы Қызылорда сахнасынан әлемдік аренаға шарықтады. 1925 жылы Парижде КСРО-ның басқа өкілдерімен бірге Әміре Қашаубаев үлкен табыспен өнер көрсетті. Өзінің таңғажайып та әсем дауысымен тамаша қазақ әндерімен Ә. Қашаубаев көрермендерді баурап алып, жүлдегер болып оралды. 1927 жылы Әміре Иайндағы Франкфуртте өткен Бүкіл дүниежүзілік музыка көрмесінде де табысты өнер көрсетті. Ол Германияның бірнеше қалаларында гастрольдік сапарда болды. Осы кезеңде республика үкіметі Голощекиннің басшылығымен Қазақстан республикасының астанасын басқа қалаға көшіру туралы мәселені жандандыра түсті. 1927 жылдың наурызында Қазақстан Орталық Атқару Комитеті мен Халық Комиссарлар Кеңесі Қазақстан астанасын Алматы қаласына көшіру туралы қаулы қабылдады. Осы құжаттың негізінде Қазақ АССР Кеңесінің VІ съезі 1927 жылғы 3 сәуірдегі болған мәжілісінде оны бекітті. Түркістан – Сібір темір жолының іске қосылуы астананың Ақмешіттен Алматыға көшуін тездетті.
ІІ бөлім
ЖЕРҰЙЫҒЫ – БАЙҚОҢЫР ҒАРЫШ АЙЛАҒЫ
Бүкіл әлемде астрологиялық бақылаулар ерте кезден бастап жүргізілген. Мәселен, Шығыста Әл-Фараби, Әл-Бируни, Ибн-Сина, Қорқыт – өз заманының ірі ғалымдары әрі ойшыл адамдары. Профессор Ә.Қоңыратбаевтың айтуынша Әл-Фараби мен Қорқыт жерұйығы Сыр бойында екендігін болжай білген. «Қорқыт ата кітабында» жазылған бір оқиғаны қайта еске алсақ артық болмас: «Қара Қойшының қанжығасында тас ататын сақпаны бар еді. Оның бүйені тау бұқаның терісінен, әдібі үш ешкінің, қайсыбірі серкенің терісінен істелген еді. Сақпаннан атылған тастың салмағы он екі батпан болушы еді. Түскен жерін ошақтай етіп ойып, шаңдатып, көкке қайтадан көтерілетін. Тас түскен жерге үш жылға дейін шөп шықпаушы еді. Сол жерді қой, арық қозылар жайлап қалып семірсе, оларға қасқыр да тимеуші еді...» Жазылған бұл аңыз қазіргі замандағы ғарышқа ұшқан обьектілерді еске түсіретінін, Сыр бойындағы Байқоңыр ғарыш айлағы тұрған жер туралы айтқандай әсер қалдырады. Бүгінгі күні ұшырылып жатқан ракеталар мен ядролық қаруларды сынаудың зардабын айтсақ, сол кезде Сыр бойында өмір сүрген Әл-Фараби мен Қорқыттың даналығына күмән келтіре алмаймыз. Халықтың қиялынан туған Қорқыттың Желмаясы, аса таяғы, кілемі бүгінгі күні отарбасы, ұшақтар, сүңгуір, қайықтармен жалғасын тапты. Байқоңыр ғарыш айлағының тұрған жері ғалымдардың болжамы бойынша космостық аппараттың өз орбитасына шығу кезеңіндегі жылдамдығының мәнінде деп түсіндіріледі. Жерұйығынан жіберілген зымыран кеме жердің тарту әсерінен шығып кетуге қолайлы әрі күннің тарту күшін тастап кететіндігі бастапқы жылдамдыққа тең деп табылған. Соның нәтижесінде Байқоңырдан жіберілген ракета жылдамдығы секундына 316 метр қосымша артатыны есептелініп шығарылды. Осындай қолайлы жағдайлар Сыр бойындағы ежелден Байқоңыр аталған жеріне алғашқы ғарыш алаңын орнатуға септігін тигізді. Сөйтіп 1955 жылдың 12 қаңтарында Төретам станциясына әскери құрылыстар жасағы түсіріліп, оны полковник Г.М.Шубников басқарды. Сол жылы 5 мамырда қазіргі Байқоңыр қаласының бірінші іргетасы қаланды. Байқоңыр ғарыш айлағын салуға алғашқы кезеңде 427 инженер мен 236 техник қатынасты. Әскери бөлімшелерді басқару 650 офицерлер арқылы жүргізілді. Бұл мәселелерді шешу ең алдымен қуатты ұшырғыш-ракета, ғарыш айлағы жердің жасанды серігі, ғарыш кемесі т.б. техникалық құралдарды жасауды талап етті. Екі жылға созылған үлкен құрылыс нәтижежесінде 1957 жылы 4 наурызда Сергей Павлович Королев бірінші 1957 жылдан бері планетарлық баллистикалық ракетаны жіберу туралы N1 техникалық құжатқа қол қойды. Нәтижесінде 15 мамырда бірінші ракета ғарышы ұшырылды. Өкінішке орай, ол сәтсіз аяқталды. Бірнеше рет сәтсіздіктен кейін 4 қазанда Байқоңырдың ұшырылған жердің жасанды серігі орбитаға шығарылды. Сонымен Сыр бойындағы Байқоңыр жерінен 1957 жылдан бері әр түрлі аппараттар, жердің жасанды серіктері, планетааралық автомат станциялары және ғарыш кемелері ұшырыла бастады. Бірінші болып Жер серігі орбитаға шығарылғаннан кейін, ең алдымен космосқа Лайка атты ит ұшырылды. Айға ұшырылған алғашқы ракета да Байқоңырдан жіберіліп, ол жасанды планетаға айналды. Басқа бір ракета айға жетті. Енді бір планетааралық автомат станциясы айдың арғы бетінің фотосуретін түсірді. Басқарып ұшырылған аппараттарды жетілдіру мақсатында бірнеше дүркін бортында жануарлар және басқа тірі организмдер бар ғарыш кемелері ұшырылып, сыналды. Ғарышқа ракеталар ұшырудағы ең ауыр сәтсіздік 1960 жылы 24 қазанда болды. Ғарыш айлағының 41 алаңында болған жарылыстың салдарынан көптеген әскери қызметкерлер және артиллерия бас маршалы, ракета әскерінің қолбасшысы М.И.Недилен қағазға ұшырады. Мұндай апат үш жылдан кейін тағы қайталанды. 1963 жылы 24 қазанда ғарыш алаңында кезекті ракетаны ұшыруға дайындық кезінде болған өрттен 7 солдат пен офицер қаза тапты. Байқоңыр ғарыш айлағынан адам ұшыру 1961 жылы іске асты. Сол жылы 12 сәуірде ғарышкер Ю.А.Гагарин дүниежүзінде тұңғыш рет ғарышқа көтерілді. Осыдан бастап Байқоңырдан ғарышкерлер ғарышқа үздіксіз аттануда.
Ю.А.Гагариннен кейін ғарышқа тұңғыш ғарышкер әйел В.В.Терешкова көтерілді. 1964 жылы 12 қазанда үш кісілік «Восход» кемесімен ғарышқа В.М.Комаров, ғалым К.П.Феоктистов және дәрігер Б.Б.Егоров ұшты, ғарышкер А.А.Ленов «Восход-2» кемесімен 1965 жылдың 18 наурызында ашық ғарыш кеңістігіне шықты. 1967 жылы ғарыш кемесі жасанды жер серігі орбитасында автоматты түрде түйістірілді. Осы жылдары ғарыш техникасын дамыту қарқынды түрде атқарыла бастады. Бір мезгілде Марсқа, Шолпанға, Айға ұшырылатын автомат станцияларын кемелдендіру жұмыстары жүргізілді. 1666 жылы 3 ақпанда планетаарлық автомат станциясы «Луна-9» Ай бетіне жайлап қондырылып, оның бетінің дидарлық кескінін көрсетті. Сол жылы 13 сәуірде «Луна-10» Айдың жасанды серігіне айналды. «Луна-16» планетааралық автомат станциясы 1970 жылдың 21 қыркүйегінде Айдың молшылық теңізі ауданына қонып, онан топырақ алып жерге қайта оралды. Планетааралық «Зонд-6» 1968 жылы Айды айналып ұшып өтіп, Жерге келіп қонды. Бірнеше планетааралық автомат станциялары Шолпан планетасына жайлап қондырылып, Жерге көптеген ғылыми деректер жеткізілді. 1971 жылы 19 мамырда ұшырылған «Марс-3» және сол жылғы 28 мамырда ұшырылған «Марс-3» планетааралық автомат станциялары Марстың серігі ретінде орбитаға шықты. «Марс-3» планетаның оңтүстік шарына арнайы аппарат түсірді. 1972 жылы ССРО мен АҚШ-тың ғарыш кеңістігін бірлесіп зерттеу жөніндегі келісіміне сәйкес бағдарлама жасалынды. Оның негізгі мақсаты – жүйелердің орбитада жақындастырылатын элементтері мен түйістіру агрегатын сынау, ғарышкерлердің бір кемеден екіншісіне ауысып мінуін жүзеге асыратын техникалық мүмкіндіктерді байқау, кемені түйістіргеннен кейін ғарышкерлердің бірге отырып, белгіленген жұмыстарды орындау, ғарышта апатты жағдайға көмек көрсете білу жұмыстары жоспарланды. Бұл бағдарлама бекітілгеннен кейін 1974 жылы жергілікті уақыт бойынша 17 сағат 20 минутта Байқоңыр ғарыш айлағынан «Союз-19» ғарыш кемесі, құрамында кеме командирі А.А. Ленов, борт инженері В.Н. Кубасов ғарышқа ұшырылды. Сол күні Мәскеу уақыты бойынша 22 сағат 50 минутта Кановрал мүйісінен (Флорида штаты) АҚШ-тың «Аполлон» ғарыш кемесі, құрамында кеме командирі Т.Стаффорд, басқару бөліктің ұшқышы В.Барнд, түйістірілген бөліктің ұшқышы Д.Слейтон ұшырылды. Екі кеме 17 маусым күні бір-бірімен түйістіріліп, ең алғашқы халықаралық ғарыштық кемеге айналды. «Союз-19» және «Аполлон» кемелерінің біріккен салмағы 20977 кг болды, олардың жалпы ұшу ұзақтығы 46 сағат 36 минутқа созылды. Ұшу барысында ғарыш кемелері екі рет түйістірілді. Содан бері ұшқан ғарышкерлердің бәрін кеңбайтақ Қазақстан жері, оның ішінде Торғай және Жезқазған облыстарының қасиетті қара топырағы қабылдаумен келеді. Бағдарлама бойынша белгіленген ғылыми-зерттеу жұмыстары орындалып болғаннан кейін, 1976 жылы 21 шілдеде «Союз-19» ғарыш кемесі Қазақстан жеріне қайтып оралды. Сол жылы 24 шілдеде «Аполлон» ғарыш кемесі де Тынық мұхитқа жайлап қонды. Сонымен бұл бағдарламаның жүзеге асырылуы космос кеңістігін бейбіт мақсатқа пайдалану және оны зерттеу жөніндегі халықаралық ынтымақтастықты дамытуға маңызды қадам жасады. Ғарыш кеңістігін игеру барысындағы айтулы оқиғалардың бірі «Боран» кемесін ұшыру еді. Орбиталық «Боран» кемесінің ұшырылуын дайындау 1976 жылы басталды. Тек 1988 жылдың 15 қарашасында ғана Москва уақыты бойынша 6 сағат 45 минутта Байқоңыр ғарыш айлағынан ғарыштық ракета «Энергия» транспорт жүйесі мен көп дүркін пайдаланатын «Боран» кемесі ұшырылды. Жер шарын екі рет айналып шыққан «Боран» кемесі өзінің бағдарламасында қаралған мақсаттарын орындап, 9 сағат 25 минутта Байқоңырға келіп қонды. Жүздеген институт, конструкциялық бюро, зауыттар мен құрылыс мекемелерінің қатысуымен өмірге келген көпдүркіндік «Боран» кемесі бүкіл әлемдік ғарышты зерттеу саласына зор табыс әкелді. Көптеген тәжірибе жинақтап, әбден сыналған ғарыш кемелерін ұшыру мен пайдалану барысында үлкен кемшіліктер шықты. Олар ғарышқа қажетті қондырғыларды жеткізгенімен қайтып әкелу мүмкіндігінен айырылды. Сондықтан істен шыққан орбиталық станциялар, жасанды жер серіктері мен бөлшектері жансыз дене болып ұшып жүруге немесе жер бетіне бұрылып, теңіз тұңғиығына түсіп жойылды. Әрине оның экономикалық жағынан тиімсіз екені белгілі. Ұзындығы 36.4 метр, керілген қанаты 24 және биіктігі 16.5 метрлік, жалпы салмағы 105 тонналық «Боран» кемесінің жүк қоймасына 30 тонна жүк сыяды. Оған «Мир» сияқты орбиталық станциялар еркін орналасты. Кеме әмбебап тасымалдаушы «Энергия» зымыраны арқылы орбитаға шығып, тиісті міндетін атқарған соң жер бетіне сағатына 340 шақырымдық жылдамдықпен кәдімгі ұшақтар сияқты қону мүмкіндігін иеленді. Қазақ елінің қасиетті жеріне, Қорқыт баба қыл қобызын сарнатқан елге бас иіп, ғылым мен техниканың тамаша табысына таңдана таңдай қақпаған, оның дәм-тұзын татпаған бүкіл әлемнің қайраткерлері кемде-кем шығар. Әр жылдары Польшаның, Болгарияның, Вьетнамның, Кубаның, Монғолияның, Румынияның, Индияның өкілдері әлем кеңістігінде көтерілгенімен, өкінішке орай, Байқоңыр орналасқан елден қазақ азаматы ұшырылмады. Кеңес өкіметі тұсында әртүрлі деңгейдегі көптеген депутаттарымыз осы мәселені қолына алғанымен, іс жүзінде тиянақты ештеңе жасалмады. Ол уақыт егемендік алмаған елдің баласы көзге түсер жерден ығыстырылып отыратын кезең еді. 1986 жылы 15 желтоқсан күні ғарыш айлағының және КСРО Әуе күштерінің басшылары, Қызылорда облысының халық депутаттары атқару комитетінің төрағасы Ыдырыс Қалиев қатысқан үлкен мәжілісте Қазақ ССР КСР Министрлер Кеңесінің Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев ғарышқа ұлты қазақ азаматты ұшыру жөнінде ұсыныс қойды. Бірақ бәрі бірдей қарсы болмағанымен, құптай қойғандар да көрінбеді. Содан кейін тәуелсіздік алған еліміздің тұңғыш Президенті Н. Назарбаев сессиялар мен көптеген мәртебелі мінберлерде шегелей айтқан сөздерінен соң, Байқоңырдың кілті қолымызға тиісімен көгілдір кеңістік қазақ халқының ұлын құшағына алуға мүмкіндік туды. 1991 жылдың 2 қазанында сағат 7-де қазақ халқының перзенті, Кеңестер Одағының Батыры ұшқыш-сынақшы Тоқтар Әубәкіров Қазақстан Президентіне ғарышқа ұшуға даяр екенін мәлімдеді. Қазақстан Президенті Н. Назарбаев, Австрияның Федеральді Канцлері Франц Враниций қазақ жерінен, Сырдың қасиетті топырағынан ғарыш кеңістігіне сапар шеккелі тұрған Қазақ, Ресей, Австрия елдерінің азаматтарына сәт-сапар тіледі. Сонымен кеме командирі Александр Волков, космонавт-зерттеуші Франц Фибек ұшатын көп ұлтты «Союз-ТМ-13» ғарыш кемесі осы күні 7 сағат 59 минутта көкке самғады. Байқоңыр ғарыш айлағы мен Ленинск қаласына келген шетел мен ТМД елдерінің басшылары мен өкілдері қазақ елін қуанышты оқиғамен құттықтады. Қазақстан Республикасы мен Австрия арасындағы достық ұшу сапарын шығарып салу салтанаты екі елдің басшылары үшін ғарыш сауда-саттық, ғылым саласындағы маңызды келісімдерге келуге жалғасын тапты. Ғарышқа ұшу кезінде Т. Әубәкіровке жүктелген Қазақстан Ғылым академиясы мен «Энергия» ғылыми-өндірістік бірлестігі тарапынан «Қазақстан-ғарыш» бағдарламасын дамытуға орай жасалынған бірнеше бағыттағы жоспар әзірленді. Мәселен, ұшу кезінде алынған мәліметтерді өңдеу нәтижелерін табиғи ресурстық және экологиялық міндеттемелерді шешу үшін пайдалану мақсатында Қазақстанның байтақ даласын суретке түсіру жүзеге асырылды. Әсіресе, Каспийді және солтүстік жағалауын, Балқашты, Арал мен Алматы қаласын Т. Әубәкіровтың қатысуымен шұғыл телесуретке түсіру процесін Республикалық Ғылым академиясының мамандары ұшуды бақылап, сараптан өткізіп отырды. Тағы бір іске асқан бағдарлама көлемінде Арал теңізінің суы тартылған, табанынан ұшқан тұзды шаң-тозаңның құрылуы мен өрбу процесін ғарыш арқылы және онымен бір мезгілде ғарыштық зерттеулер институты экологиялық экспедицияның жерден бақылау жүргізуі бұл жұмыстың құнын арттыра түсті. Екі жақты үндескен мұндай тәжірибе Арал аймағының экологиялық жағдайы туралы обьективті хабар алуға, оларды саралап, өңдеу нәтижелерін тарату үшін нақты алғы шарттар жасауға кең жол ашты. Ғарышқа ұшу сапары кезінде ауыл шаруашылық жерлерінің жайын бақылау, негізгі дақылдардың өнімділігіне баға беру, орман, жер, судың нақты тізімі мен картасын геологиялық объектілерді болжау, ауа бассейнінің аэрозольді және газ қосындылары, оған ірі өнеркәсіп орталықтарының жер аймағын айқындаумен бірге зерттеу жүргізілді. Ал республикамыздың таулы аймақтарын (Тянь-Шань, Жоңғар Алатауы, Алтай) суретке түсірудің нәтижелері сейсмикалық қатерді айқындау, жер сілкінісінің қысқамерзімді болжамын жасау проблемаларын шешу үшін пайдаланылады. Т.Әубәкіровке жүктелген медициналық-биологиялық эксперименттер де күткендегідей нәтижелер берді. Жақында құрылған Ғарыштық зертеулер Агенттігінде Қазақстан Республикасы Ғылым академиясының биотехнология, геология, ауыл шаруашылығы, материалтану саласындағы ізденістерін дамыта түсуге айырықша назар аударылып отыр. Агенттіктің жұмысында ғарыштық жедел хабарларды қабылдау мен өңдеу жөніндегі республикалық жүйе, сондай-ақ сейсмикалық спутниктің мониторинг орталықтарын құру үшін мемлекеттік тұрғыдан қаржыландыруға басымдық сипат берілуде. Мұндай орталық өз республикамыздан басқа көршілес мемлекеттер Қытай, Пәкістан, Үнді тәрізді басқа да елдердің бай табиғи ресурстары жөнінде нақты мағлұматтар беріп тұрмақ. Ал бұдан түсер пайданың қаншалықты мол болатынын байқау қиын емес. Дегенмен нарықтық экономика кезінде ғарыштық зерттеулерді жүзеге асыруға бір республиканың шамасы жете бермейтіндіктен Тәуелсіз Мемлекеттер Достығы келісімі бойынша оның қызметін үлестіру үшін мемлекетаралық орган құрылуы қажет. Қазір еліміздің мақтанышы болған, әлемдік маңызы бар Байқонырдың Сыр елінің экологиялық жағдайына әсері үлкен әңгіме арқауы болып отыр. Әсіресе ғарыш айлағы үшін, оған қызмет ететін әр түрлі обьектілер мен әскери бөлімдер үшін облыс жері мен табиғи байлықтарын пайдалануға беріп, ол жерлерден халық шаруашылығы обьектілерін ығыстырып шығару жергілікті тұрғындар арасында наразылық шығарғанын жасыру қиын. Кеңестер Одағы Компартиясының Орталық Комитеті мен Министрлер Кеңесінің 1956 жылғы 29 сәуірдегі N827/491 қаулысымен және Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің сол жылдың 18 мамырындағы N10-РС шешімі бойынша жергілікті аудан және шаруашылықтардың келісімінсіз Қорғаныс Министрлігінің 11284 әскери бөліміне Қазалы және Қармақшы аудандарының 657449 гектар жері алынып берілді. Сол жылдары ұзақ мерзім Қармақшы ауданы еңбекшілер депутаттары Атқару Комитетінің Төрағасы болған Әмзе Әлжанов:
– Бұрынғы Ленинск қаласы, ғарыш айлағы орналасқан жерлер Қармақшы ауданында болатын, соған қарамастан біздің келісімімізсіз 65,7 мың гектар КСРО Қорғаныс Министрлігіне берілді. Келген әскери бөлімшілерге жағдай жасау, азық-түлікпен қамтамасыз ету ең алдымен біздің ауданға тапсырылды. Алғашқы ғарышкер Ю.А.Гагариннің ғарышқа ұшуына арналған ресми салтанатқа қатыстым, – дейді.
Еліміз тәуелсіздікке ие болғаннан кейін ғана әскери мекемелер иеленген жеріміздің жағдайын байқауға мүмкіндік туды. 1990 жылы 15 мамырдағы Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің N11-31/17-ші тапсырмасымен КСРО Қорғаныс Министрлігіне берілген жерлерді тексергенде ұланғайыр аймақтың 26200 гектары ғана тиісті мақсатқа пайдаланылып отырғаны анықталды. Оның ішінде Ленинск қаласы үшін 5,1 мың гектар, әскери-өндірістік объектілер, темір жол мен байланыс үшін 20,8 мың гектар жер бар. Сонымен бірге 1870 гектар жер әртүрлі қоқыстармен бүлініп жатса, 1154 гектар жер көптеген құрылыс, игеру жұмыстарынан кейін қалпына келтірілмей, істен шыққаны белгілі болды. Бір ғана Қармақшы ауданының 1961 жылдан бері 635 гектар жер Ленинск қаласы мен ғарыш айлағын дамыту мақсатында пайдаланып келеді. Сыр өзенінің ең шұрайлы жерінен 89117 гектар аймақты иеленген әскери «Октябрь» кеңшары жергілікті басқа шаруашылықтарға қарағанда жерден жоғары өнім алып, сапасын жақсартуға аз мән беретіндіктен инженерлік жүйеге келтірілген егістік сорға, 2679 гектары батпаққа айналып, іске алғысыз халге келген. Сол сияқты 1958 жылы «Қызылды игеру» деген желеумен Қарақұмдағы мал шаруашылықтары Қызылқұмға қарай көшіріліп, шұрайлы, өрісті «Нұраның» 546,3 мың гектар жері де әскери мекемеге берілді. Апаттан ұлан-ғайыр жер мал шаруашылығына пайдаланылмай, пайдаланса да малшылар мен қоғам малына қауіп төңдіруде деген әңгімелер үзілмей отыр. Ленинск қаласының кәсіпорындарынан, тұрмыстық пайдаланудан қалған ағын сулар Сыр өзенінің сол жағалаудағы ойысқа жиналып, ұзындығы 75 шақырымдық көлге айналып, он жылдан бері Сыр өзенінің сапасына әсер етуде. Ленинск қаласы мен ғарыш айлағын жер асты таза суымен қамтамасыз ету үшін тереңдетілген топтама су құбырлары қазылып, «Таяу» деген атпен құрылыс басталды. Құбыр пайдалануға берілгеннен кейін осы өңірдегі 50 су көзі кеуіп қалып, 700 мың гектар жайылым істен шықты. Бірақ ол жердің суын төмендетіп алған соң КСРО қорғаныс Министрлігі Қызылқұмға ауыз салды. 1985 жыл «Қиыр» деп аталатын Бекей-Ленинск су құбырын тарту үшін облыстың халық депуттары Атқару Комитеті Жалағаш және Қармақшы ауданынан 12504,4 гектар жерді тағы да беруге мәжбүр болып шешім шығарды. «Қиырдың» 78 скважинасы толық іске кірісіп, тәулігіне 150 мың текше метр суды таратқанда, жер асты теңізінің жағдайы мүшкіл халге жетті. Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алғаннан кейін Байқоңыр ғарыш айлағын сақтау және пайдалану мәселелері қайта-қайта қаралуда. Н. Назарбаевтың шешімі мен Республикада ғарышты зерттеу Агенттігі құрылды. Ғылым мен жаңа технология министрлігі мен Инженерлік академия іске кірісті. 1988 жылы мамырда болған Қазақстан инженерлерінің бірінші съезінде сөйлеген сөзінде Президент Байқоңырдың қуаты мен мүмкіншілігін тиімді пайдаланып, оны республика мұқтаждарына қайта бағдарлау және конвенсиялау бағдарламасын жүзеге асыру керектігін айтты. Әрине, бұл жұмыстардың барлығы Қызылорда облысының әлеуметтік және экономикалық дамуына тікелей әсер ететіні анық. Байқоңырда ғарыш айлағы орнауына байланысты қазақ жерінде тағы бір қала дүниеге келді. Ол қазіргі Байқоңыр қаласы. Бұл, әсіресе экологиялық апатқа тап болған Қармақшы және Қазалы аудандары халқының орнығып жұмыс атқаруына, бірқалыпты ғұмыр кешуіне жағдай жасады. Қаладағы үйлердің бәрі тез арада жасыл желекке оранды. Қалада 6 мектеп жұмыс істейді. Москва Авиация институтының филиалы, байланыс техникумы бар. Қонақ үйі, екі бірдей кинотеатр, құрлысшылардың мәдениет үйі, стадион, цирк, әуежай, аурухана, емханалар халыққа қызмет көрсетуде. Балалар үшін жастар сарайы, су бассейні, емхана үздіксіз жұмыс атқарады. Телестанция хабарының да өрісі кең, «Байқоңыр» атты газет шығарды. Барлық үй көгілдір отынмен қамтамасыз етілген. Жүз мыңнан астам халқы бар қаланы басқару оңайға түскен жоқ. Сондықтан халық депутаттарының Қалалық Кеңесі құрылып, оның бірінші төрағасы болып Жарылқасын Үмбетов сайланды. Қалалық өкімет қала шаруашылығын қолына алып, тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсарту үшін әскерлермен бірге көптеген ұйымдастыру жұмыстарын жүргізіп, іс-шаралар жасап, ғарышкерлердің ғарышқа саяхат жасап тұруына, ғарыш айлағының өз бағдарламасының кедергісіз орындалуына өз үлестерін қосып, бар мүмкіншілікті жасап отыр. Осы күнге дейін ғарышкерлердің үздіксіз космосқа ұшып отыруына қала басшыларының өз үлесі бар. Тәуелсіз мемлекетіміздің, егеменді еліміздің тағы бір қуанышты қадамына әлем жұртшылығы куә болды. 1994 жылдың 1 шілдесінде Байқоңыр ғарыш айлағынан кезекті «Союз ТМ-19» ғарыш кемесі ұшырылды. Сонымен екінші қазақ ғарышкері Талғат Мұсабаев, Ресей Федерациясы әскери әуе күштерінің полковнигі Юрий Маленченко екеуі Ғарыш кеңістігіне сапар шекті. Қазақстан Ресей ғарыш сапары болатын күні Байқоңырға Қазақстан Президенті Н. Назарбаев, Республика Қорғаныс Министрі армия генералы С. Нұрмағанбетов, үкімен пен Жоғары Кеңес делегациялары, Ресей Федерациясы үкіметі басшысының бірінші орынбасары О. Сосковец және Ресейдің Мемлекеттік Дума депутаттары мен бір топ шетел журналистері ұшып келді. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев пен Ресейдің басшылары Байқоңырда келісімсөз жүргізді. Онда Байқоңыр жөніндегі Ресей-Қазақстан келісімін жүзеге асыруға және ғарыш айлағы мен Байқоңыр қаласының дамуына байланысты мәселелер бойынша шешімдер қабылданды. Сонымен Қорқыттың «Жер кіндігі» атаған Байқоңыр айлағы Қазақстанның ғарыш қақпасына айналып, қазіргі кезеңдегі қиыншылықтарға қарамастан дүние жүзіне, оның ішінде түркі әлеміне қызмет жасай беретініне сенім мол.
АРАЛДЫҢ ҚҰПИЯСЫ МЕН ҚАСІРЕТІ
Арал теңізі Қорқыт заманында құрылық ішіндегі ірі су айдыны-тын. Тереңдігі 53 метрге дейін баратын теңіз бетінің аумағы 64,5 мың шаршы шақырымға жететін. Ұзындығы 428, ені 235 шақырымға созылып жататын. Суының көлемі 1060 текше шақырым еді. Аралдың өзіне тән ерекшеліктері аз емес. Академик Л.С.Берг осы ғасырдың басында арал теңізін зерттеп жүріп, оны «Кері ағысты теңіз» атаған. Оның мәнісі мынада: Солтүстік жарты шарда барлық денелер жердің айналу бағытының әсерімен оңға қарай қозғалады, Гольфстрим ағысы да солай. Ал, арал бұл заңға «бағынбайды», солға қарай ағады (иірленеді). Экологиялық апатқа дейін Арал суының тұздануы әлдеқайда кем-тін. Сыр мен Әму жылына 83 миллион тонна тұз әкелетін. Бірақ, теңіздің тұз мөлшері 11 млрд асқан емес. Ол өзендерінің жүздеген жылдар бойы құрғағанын есепке алсақ, олар әкелген басқа тұздардың қайда кеткені жұмбақ. Арал мен Каспий – егіз болғанымен «мінездері» кереғар. Каспийде су көбейсе, Аралда азаяды, Аралда су көбейсе, Каспий шегінеді Әлімсақтан бері солай болып келеді. Бұл екі теңіз өзара тұтасып жатқан жоқ па деген сауал да алға тартылады. Теңіз біткен тұмансыз болмайды. Аралда ол атымен болған емес, Аралдың бұл да бір «кереметі». Басқа теңізде тереңдеген сайын оттегі азая беретін болса, Аралда керісінше көбейе береді. Теңіздің су жағдайын зерттеген ғалымдар тағы бір жаңалық ашты. Арал жылына 5 миллиард текшеметр суды жер астынан алатын көрінеді. Сыр өңірінің, соның ішінде Арал теңізінің табиғаты ерекше бір аймағы – Барсакелмес аралы. Экологиялық апатқа дейін Барсакелместе өсімдіктің 155 түрі өскен. Сегізсай жоны мен Қарақақ сайы, үлкен және Кіші тұз көлдері, Тұщы құдық маңы көктем мен жаз басында көркемдігімен көз тартады. Барсакелместегі тіршілік иелері осы төңірекке топтасқан: құлан мен ақбөкен осы аймақты паналайды, сексеуіл мен басқа бұталар да осы жерде өседі. Үй хайуанаттары да осында жайылған. Барсакелместің басты байлығы ақбөкендер табыны. Тас ғасырынан бері төбесінен тоқпақ кетпей келе жатқан «бейбақтардың» етінің тәтті болуы, оның үстіне мүйізінен қасиеті мол «пантокрин» дәрісінің жасалуы олардың сорына айналды. 1840 жылы Бұхар әмірінің аңшылары Қытайға 34 мың бөкен мүйізін сатқаны жөнінде мәлімет бар. Ақырында ақбөкендердің құрып бітуіне байланысты 1929 жылы солтүстік Балқаш маңынан ұсталған бірнеше «дала аруы» сонда апарылды. Олар өсіп, көбейгенімен, ашкөз аңшылық берекесін кетірді. Бұл өңірдегі екінші бір аса бағалы жануар – құландар. Құландар мұнда 1953 жылы Батқыз қорығынан әкелінген. Олар Амур мен Дунай аралығындағы аймақта келе жатқан тұз тағысы. Халық аңыздары мен әдебиет ескерткіштерінде құлан туралы әңгіме аз емес. Тарихшы Геродот (б.д.д. Ү ғасыр) пен географ Страбоннан (біздің заманымыздың І ғасыры) бастап бұл Азия даласының еркесі туралы жазбаған жан кемде-кем. Қазақтың ертеден келе жатқан «Ақсақ құлан» күйі де соның айғағы. Француз жазушысы Оноре де Бальзактың «Шегірен былғары» романында құлан терісі, құланның табиғаты туралы кең мағлұмат берілгені аян. (Құлан терісі түрік қаласы Шагриде өңделгендіктен ол «шегірен былғары» атанған). Барсакелместің соңғы жылдары экологиялық апатқа және кешеннің сынақ-зерттеу алаңына айналуына байланысты құландар жаңа қоныстарға көшірілді. 50 жылдардан бастап Арал аймағы апат құшағына енді. Соңғы 40 жылда Аралдың жоғары жағында суландырудың айқыш-ұйқыш жүйелері тартылып, көптеген су қоймалары, бөгеттер, су электр станциялары салынды. Сырдария мен Амударияның өн бойында мақта мен күріш өсіру көлемі арта беруі су шығынын ұлғайтты. Соңғы жылдары суармалы жерлерде 118 текше шақырым ағын су жұмсалды. Оның үстіне Арнасай, Сарықамыс аңғарлары қашыртқы ретінде жіберілген мол көлемдегі суды ысырап етуде. Оның салдарынан Сыр мен Әму өзендері Аралды нәрсіз қалдырды. Арал теңізі жер бетінен жоғалуға айналды. Айдыны 40, ал суының мөлшері 65 процентке кеміп, тұздығы 2,7 есе артты. Баяғы біртұтас айдын орнына – Кіші және Үлкен Арал пайда болды. Балық шаруашылығы мен кеме қатынасы тоқтады. Зерттеушілердің 50 жыл ішіндегі жасаған бақылау деректеріне қарағанда (1911 – 1960) арал теңізі жағалауының тіршілігі қалыпты деңгейде болған. 1960 жылға дейін оған келіп құятын екі өзеннің табиғи су қоры шамамен 120 текше шақырымға, оның ішінде Сырдария суы 40, Әмудария суы 80 текше шақырымға тең болған. Жылдық балық аулау 400 – 450 мың центнерге, ондатр терісін дайындау 21 миллион данаға жетті. Оңтүстік аймақта қамыстың орасан зор көлемі дайындалды, суармалы егіншілік дамыды. Алайда, 1961 – 1970 жылдары Аралдың жағдайы қауіпті сипатқа көшті. Ал, 1985 жылы қос өзен суының келуі мүлдем тоқтады. Соңғы ширек ғасырда теңіз деңгейі 13 метрге төмендеп, айдынының аумағы 26 мың шаршы шақырымға, су көлемі 600 текше шақырымға азайып, судың тұздануы 2,6 есе артты. Қазақстан территориясындағы теңіз жағалауы 100 шақырымға дейін қашықтап, Кіші Арал толық оқшауланды. Құрғаған теңіз ұлтанынан көтерілген тұзды шаң бүкіл әлемге тарала бастады. Зерттеушілердің деректеріне қарағанда Арал аймағындағы өсімдіктер мен жануарлар дүниесінің 70 проценті жойылған. Оның төңірегіндегі Сырдарияда балық, ондатр кәсібі тоқтап, Орта Азия мен Қазақстан экономикасына зиянын тигізді. Арал теңізі құрғауының заңдылықтарын 1803 – 1900 жылдардағы экспедиция құрамында жан-жақты зерттеген Л.С.Берг, А.И.Бутаков, Е.К.Мейндорф, Н.А.Северцевтің пікірінше теңіз деңгейінің соңғы төмендеуі 50 – 60 жылға созылған. «Қосарал 50 – 70-ші жылдары құлазып жатқан тегіс дала болатын. Қазір ол ит тұмсығы батпайтын қалың қамыс өсіп ми батпаққа айналған. Қосаралдың қарсы бетіндегі Шошқаарал бұрын балықшылар мекені болатын. Тіпті астық та егілетін, қазір ол ми батпаққа айналып, қалың қамыс өсімдіктер адам тұруға жарамсыз» – деп жазды Л.С.Берг. Оның байқауынша айналада құрғап жатқан көлдердің суға толғаны белгілі болды. 70-ші, тіпті 80-ші жылдары Қамыстыбас көлі суының тұзданғаны соншалық ол ішуге жарамсыз күйге жеткен, ал 1880 жылы дариядан су құйғандықтан көл суы түгелдей тұзданған. Кейінірек академик Л.С.Берг Орта Азия даласының ауа райы өте құрғақ келетінін, жаңбырдың тым аз жауатынын айта келіп, Аралдың құрғақшылыққа ұшырауы тұрақты сипатта еместігін, оның деңгейінің арагідік қана өзгеріске ұшырап отыратынын дәлелдеді. Орта Азия мен Арал теңізінің құрғау теориясын жоққа шығару патшалық Ресейді осы өңірдің байлығын тездеп игеруге бағыттаған ықпалды шаралар қабылдауға мәжбүр етті. Сол мақсатта 1901 – 1905 жылдары ұзындығы 2090 километрлік Орынбар-Ташкент темір жолы салынып, Арал теңізі патшалық Ресей өнеркәсібінің шикізат шылауына айналды.
Орта Азия өзендерінің су қорларын есепсіз пайдалану Арал теңізін нағыз қасіретке ұшыратты. Бұл экологиялық апаттың алғашқы зиянды қадамдары соғыс жылдарынан кейін басталды. ВАСХНИЛ-дің 1948 жылы өткен сессиясында академик Лысенконың «Биология ғылымындағы жағдай туралы» баяндамасында табиғатты қайта түлету жөніндегі Сталиндік жоспар ғылыми жағынан негізделді.
Сталиннің табиғатты қайта түлету жоспарына сйкес Арал экологиялық апатына жол салған ірі Қарақұм жармасының құрылысы басталды. Ұзындығы 840 шақырым Қарақұм каналы құрылысы аяқталғаннан кейін оның ұзындығы 1400 шақырымға жетіп, әрбір секунд сайын 360 текшеметр Әмудария суын жұтып отырды. Хаузхан, Түйемойын, Қаршы және басқа су қоймаларын салу Амударияның теңізге су беруін мүлде тоқтатты. Сырдарияның суы бұдан да зор шығынға ұшырады. Өзен бойында Қызылорда, Фархад, Қазалы бөгеттері, Қарақұм және Шардара су қоймалары, ал оның сағасында Нарын-Тоқтағүл, Шыршық-Шаршақ, Қарадария-Әндіжан су қоймалары салынды. Нәтижесінде, 1970 жылы су қоймаларының жалпы реттегіш сыйымдылығы 29 текше шақырымға жетіп, Сырдария өзенінің су қорын толық пайдалану шегіне жетті. Теңіз деңгейінің апатты құлдырауы кезеңінде (1848 – 1880) орыс инженері Я.Г.Демченко Обь пен Ертіске тоспалар салып, Сібір суларын Аралға жіберуді ұсынды. Бірақ осы уақыттан бастап (1880) аралдың деңгейі үздіксіз көтерілді де бұл жобаны іс жүзінде жүзеге асырудың қажеттігі болмай қалды. ХХ ғасырдың 50 жылдығының басында Сібір өзендерінің суын Орта Азия мен Қазақстан бұру идеясына тағы да оралуға тура келді. М.М.Давыдов осы бір ғажайып су қоймасын аман сақтап қалу үшін Сібір өзендерінің суын әкелудің жобасын ұсынды. Одан әрі еліміздің су қорларын қайта бөлу жобаларын жасау қолға алынып 16 нұсқа әзірленді. Сібір өзендерін бұрудың бас арнасы Арал теңізін аттап өтіп, ұзындығы 1730 шақырымдық Ертістен Сырдарияға және 2230 шақырым қашықтағы Әмударияға дейін жүргізілді. Тереңдігі 12 – 15 метр және су бетімен есептегенде ені 108 – 112 метрлік онда кеме жүретіндей болуы тиіс. Осылайша Сібір суларын Арал теңізіне беру жобаланды. Адамның табиғи ортаға соншалықты өрескел араласуы және оның ауыр зардаптары КОКП Орталық Комитеті мен КСРО Министрлер Кеңесінің «Солтүстік және Сібір өзендері бөлігін бұру жұмыстарын тоқтату жөнінде» қаулы қабылдауына әкеліп соқты (тамыз, 1986). Сонымен қатар жұмыстың қайта басталуынан қауіптенген жазушылар Залыгин, Бондарев, Белов ғалымдары Лемешов, Яншин және Голициндер қолда бар жобаға бұрынғыдан да өршелене шабуыл жасады. Олардың көзқарастары мен пікірлерін ақпарат құралдары айнымайтын ақиқат есебінде жеткізіп жатты. Сібір суларын Арал теңізіне бұрудағы Бас арнаның бірінші кезеңіндегі құны Г.А.Қасмасовтың мәліметі бойынша 13,8 млрд сомды құрайды екен. Жобаны сынаушылар шығынының 45 млрд сомнан кем болмайтыны, тіпті 100 млрд сомға жуықтап мүмкін екендігін мәлімдеді. Жобаның маңызы мен кеңес баспасөздерін жете зерттеп, түбегейлі танысқан американ ғалымы Ф.П.Миклин апатты аймақты аман сақтау үшін су келтірудің Сібір жобасы аса қажет деп есептеді. Сөйткенімен көптеген сарапшылардың қарсы келуі бұл жобаны қайта қарап, күн тәртібінен алып тастауға мәжбүр етті. Арал теңізі алқабында экологиялық жүйенің бұзылуы жер бетіндегі биосфераның залалсыздану қаупін туғызады. Солтүстік Мұзды мұхитта пайда болған озон оқпандары мәңгілік мұздардың еруіне әкеліп соғуы мүмкін екендігі айтыла бастады. Ал Арал теңізінің жойылуы оңтүстік аптап желінің мәңгі мұздарға іркіліссіз жетіп, олардың еру процесін тездеттіру еді. Арал теңізін апаттан құтқаруға арналған бағдарламалар дүниеге келді. «Природа» Мемлекеттік ғылыми-зерттеу орталығының Өзбек филиалы ұсынған теңізді қалпына келтірудің тұжырымдамасы жер асты суларын пайдалануға бағыт ұстады. Жоба авторлары Аралды қалпына келтірудің осы тұжырымдамасын екі кезеңде шешуді ұсынады. Бірінші кезеңде ағынды немесе су қақпалары жәрдемімен жер астынан 30 – 35 текше шақырым суды тартқызып теңізге құйып, оның қалпын сақтауды қалайды. Екінші кезең – Аралды толығымен қалпына келтіру. Бұл үшін жоба авторлары секундына жүз текше метрлік қуаты бар 50 мың атқылағыш су көзін қазуды ұсынады. Олар теңізге 150 текше шақырымға дейін су айдап, Аралды 6 – 7 жылдың ішінде қалпына келтіруге мүмкіндік береді. Бұл тұжырымдамалардың көңілге қонымдылығы ортаазиялық жасыл белестерді құм тасқынынан сақтауға, сөйтіп аймақтағы экологиялық жағдайды түбегейлі сауықтыруға жағдай туғызды. Теңіз деңгейін ұстап тұру үшін жерасты суларын тартып алу кезінде ыза суларын бір жарым – екі метрге дейін төмен түсіреді. Қашыртқы суларын тазарту жөніндегі жобалар айрықша қызығушылық туғызды. Ортаазиялық өзендер жүйесінде суармалы жерлер 30 – 32 текше шақырымдық коллекторлы қашыртқы сулардан құралады. Сарықамыс пен Арнасай көлдеріне 40 текше шақырымға жуық қашыртқы сулары жинақталған. Оларды тазартуға күрделі қаражат қажет. Аралды қалпына келтіру тұжырымдамасын талқылау барысында Каспий суының бөлігін жақын орналасқан теңізге қарай бұру жобасын қолдаушылар көбейе түсті. Өйткені 1991 жылы Каспий теңізінің деңгейі 29 сантиметрге көтеріледі. Бұл Ақтау портының өміріне қатер төндірді. 1992 жылы наурызда Алматыда өткен ғылыми – техникалық практикум Арал – Каспий арнасының жобасын ұсынды. Мұның құндылығы Каспий төңірегі су апатынан құтылады және Арал қалпына келтіреді. Касий суының бір бөлігін бұру арқылы Арал теңізін қалпына келтіру тұжырымдамасы екі нұсқада жасалды. Бірінші нұсқа 399 шақырымның «Комсомолец – Ақтұмсық шығанағы» қысқа трассасы арқылы жүргізу. Ең жоғары биігі 150 метр, суды 120 метрге көтеріге болады. Алматыдағы ғыылыми – техникалық практикумға қатысушылар Арал теңізіне Каспий суларын жеткізудің солтүстік нұсқасына ден қойды.Жоба авторлары трассаның ұзына бойы 520 шақырымға жететін Каспийдің солтүстік бөлігінен арна құрылысын салуды ұсынады.Каспий суының тұздылығы төмен, мұның өзі Аралдың тұз базасын бір жүйеге келтіріп, әрі теңізге жан береді деп күтілуде. Мамандардың есебі бойынша тек қана топырақтың қазып шығарудың өзіне 11 млрд. сом, ал инженерлік – техникалық құрылыстарға 50 – 60 млрд. сом күрделі қаржы екен.Аралды 10 жыл ішінде қалпына келтіру үшін тек ТМД – ның мүдделі мемлекеттері мен шет елдердің бірлескен іс – қимылы арқылы мұндай жоба жүзеге асуы мүмкін. Арал проблемасын айтқанда «Сарышығанақ» жармасын еске алуымыз керек.Азиядағы бес республика басшылары «Кіші Арал» құрылысын орынды деп тауып, сол үшін республикалық инвестициялық қордан 26 миллион теңге қаражат бөлінді. Табиғи ауа райы жағдайының қолайсыздығы, сапасының төиендеуі, белоктың заттар мен витаминдердің жеткіліксіздігі тұрғындардың денсаулығына әсер етті, құрамындағы тұз бес – алты есе өсіп, теңіз тіршіліксіз қалды. Ұзақ жылдар бойы судың жетіспеушілігі мен құрамында химиялықзаттардың көбеюі облыстың халық шаруашылығына елеулі шығын келтірді. Көптеген алқаптарға егілген ауыл шаруашылық дақылдары өліп қалды, өсім төмен, тамақ өнімдерін өндіруде ілгерілеушілік жоқ.Соның салдарынан облыс халқы ет пен сүтті республикалық орта көрсеткіштерінен екі есе, көкөніс пен картопты 10 есе кем пайдаланды. Жануарлар мен өсімдіктер әлемі құрып, табиғат қуаты тығырыққа тірелді. Сыр бойында қолайсыз факторлар салдарынан соңғы 10 – 16 жыл ішінде асқазан – ішек ауруына шалдыққандар саны 3 есе, жүрек, қан тамыр сырқаттары2, бауыр мен бүйрек сырқаттары 3 есеге өсті. Ауыз судың санитарлық ережелерінің толық бұзылуына байланысты адам организміне улы заттардың көптеп түсуінен күрт өскен жұқпалы аурулар осы кезең ішінде 10 есеге дейін ұлғайып отыр. Сүзекке шалдыққандар саны 30 есе өсті. Ішек сырқатына шалдыққандардың 75 процентке жуығы балалар. Олардың 30 проценті осы науқастан дүние салып отыр. Облыстағы аналар өлімі республикалық орта көрсеткішінен үш – төрт есе артық. Туылған әрбір мың нәрестенің жетпіс бесіне дейін шетінеуі орын алып отыр. Арал мен Арал аймағының экологиялық проблемасы жөнінде қоғамдық пікір қалыптасуы барысында бірнеше экспедициялар өткізілді,бірнеше қорлар ашылып, бұқаралық қозғалыстар пайда болды. Одақтың, республикалық өкімет тарапынан Арал аймағындағы әлеуметтік – экономикалық дамуға тікелей қатысты өкімет қаулылары мен шешімдері қабылданды. Бірақ, бұл орындалған жоқ. Арал қаласында өткен халықаралық «Дөңгелек стол» мәжілісінде Австрия, Италия, Жапония, Франция, Болгарияның ғалым – экологтары, БҰҰ – ның сарапшылары, еліміздің ғылыми институттарының өкілдері, Қазақстан мен Орта Азия республикаларының ғалымдары қатысты. Халықаралық «Дөңгелек столдың» қабылданған мәлімдемесінде Арал дағдарысының бүкіл ғаламдық экологиялық қасірет екендігі айқындалады. 1990 жылы маусымның орта шенінде Қызылорда, Арал аймағындағы экологиялықмәселелер жөнінде Қазақстан Ғылыми академиясы Президиумының кеңейтілген көшпелі мәжілісі болып өтті. Кешікпей Қазақстанда Арал мен Арал өңірі проблемалары жөніндегі маңызды шешімдер дүниеге келді. «Қызылорданың Арал, Қазалы және Ақтөбе обылысының аудандарында тұратын балалардың денсаулығын жақсарту жөніндегі шаралар туралы» Жарлығы, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің «Арал өңіріндегі экологиялық және экономикалық проблемаларды шешу жөніндегі кезек күттірмейтін іс – шаралар туралы» қаулысы қабылданды. 1991 жылдың басында Арал мен Арал аймағына байланысты бірінші кезектегі мәселелерді шешуге мүдделі республикалардыңЖоғарғы Кеңестері және КСРО – ның Жоғарғы Кеңесі 2 миллиард 605 миллион сом ақша бөліп, «Арал» консорциумын құрды. Оның төрағалығына кезек бойынша бір жылдық мерзіммен одақтас республикалардың бір өкілін сайлау шешілді. Консорциумның бірінші төрағасы болып Қазақ КСР Министрлер Кабинетінің кеңесшісі Б.С.Тұрсынбаев сайланды. Бірақ Кеңстер Одағы ыдыраған соң қабылданған барлық қаулылар өз күшін жойды. Арал теңізін құтқару мен экологиялық жағдайды жақсарту үшін қарастырылған қаржы бөлусіз қалды. 1992 жылы Арал апатының ауыр зардаптарын жою жөніндегі шараларды заңдылық тұрғыдан қамтамаысз етуде үлкен серпіліс болды. Республика Жоғарғы Кеңесі екі бірдей сессиясында осыған қатысты арнаулы мәселелер қарады.Қызылорда облысы экологиялық апат аймағы болып жарияланды. «Арал өңірі тұрғындарының әлеуметтік – экономикалық және экологиялық жағдайын жақсарту жөніндегі кезек күттірмейтін шаралар туралы» қаулы және «Арал өңірінде экологиялық апат салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы»заң дүниеге келді. Республика үкіметі оны іс жүзіне асыру мақсатында тұтастай нақты шаралар жүйесін қамтыған екі арнайы қаулы қабылдайды. Қайта өрлеу («Возрождение») аралығындағы әскери полигон жабылды. Арал проблемасы бұл күнде бүкіл әлемдік сипат алып отыр.Теңіздің тартылуынан туындаған экологиялық апат барған сайын ушығып,ғ жер бетіне қаралы қасіреттерін жая түседі. Сондықтан да өмірлік мәселеге бүкіл әлемнің назарын аударып, оны шешу үшін күш – жігер біріктірудің өткір қажеттігі туындады. Осындай сын сағатта, қиын – қыстау кезеңде Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан Республикалары мен Ресей Федерациясы Елбасыларының үлкен адамгершілік қасиетті көздеп, жер мен елдің тағдыры болашағы үшін жанашырлық танытып, жоғары жауапкершілікті сезініп, Қызылордада Арал проблемасы жөніндегі халықаралық конференция өткізуге келісімге келу тарихтағы елеулі оқиға болды. 1993 жылдың 26 наурызындағы облыс әкімшілігінің үйінде Азия мемлекеттері Қазақстан, Қырғыстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Ресей Федерациясы басшылары бастаған делегациялардың қатысуымен Арал проблемалары жөніндегі халықаралық Қызылорда конференциясы болып өтті. Конференцияны Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев сөз сөйлеп ашып, төрағалық етті. Конференцияға Қырғыстан Республикасының Президенті Асқар Ақаев, Өзбекстан республикасының Презитенті Ислам Каримов, Тәжікстан Республикасының Жоғарға Кеңесінің Төрағасы Имомали Рахманов, ресей Федерациясы Министрлер Кабинеті Төрағасының сол кездегі орынбасары Г.С.Хижа қатысты. Конференция Америка Құрама Штаттарында ресми сапармен жүрген Түркменстан Республикасының Президенті осы басқарудың шешімдеріне қосылатындығы туралы өтініш бойынша Түркменстан деленгациясы қатысуда деп есептеді. Конференцияда маңызды шешімдер қабылданды. Арал мен Арал аймағының проблемаларын шешу, экологиялық сауықтыру мен әлеуметтік – экономикалық дамуын қамтамасыз ету жөніндегі бірлескен іс –қимыл жасау жайлы келісімге қол қойылды. Арал теңізі аймағының проблемалары жөніндегі мемлекетаралық Кеңес құрылып, оның құрамы бекітілді. Аралды құтқару жөніндегі Халықаралыққордың басқармасын құрды және оның ережесін бекітті. Аралды құтқару жөніндегі Халықаралық қордың Президенті болып сол жылы Н.Ә.Назарбаев сайланды. Ал әр республика өз ұлттық табысының 1 процентін осы қорға аударатын болды. Кіндік Азия мен Ресей Федерациясы басшыларының Арал ароблемалары жөніндегі Халықаралық конференциясы Біріккен Ұлттар Ұйымынысол кездегі бас хатшысы Бутрос Галидеге хат қабылдады. Кіндік Азия мемлекеттері мен ресей Федерациясы басшыларының «Арал проблемалары» жөніндегі Халықаралық Қызылорда конференциясы мазмұндама қабылдады. Халықаралық конференцияға қатысушылар достық, іс – қимыл бірлігінің белгісі ретінде облыс әкімшілігі үйінің алдында шырша ағаштарын отырғызды. Қызылорда қаласының орталық алаңында олардың қатысуымен бұқаралық митинг өткізілді. Онда Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа, Өзбекстан Республикасының Президенте Ислам Каримовке, ресей Федерациясының Министрлер Кеңесі Төрағасының орынбасары Георгий Хижаға, Қырғыстан Республикасының Президенті Асқар Ақаев мырзаларға сөз берілді.Салтанатты митингіде, сондай – ақ Қызлорда қаласы жұртшылығы, жастардың өкілдері шығып сөйлеп, аса мңызды құжаттарды дүниеге келтірген коференцияға қатысушыларға алғыс сөздерін жеткізді. Бүгінде аралды құтқарудың жиырмадан астам жобасы жасалғаны белгілі. Алайда, бұлардың баршасы да терең зерттеуді қажет етеді.Арал үшін мына жоба тиімді де қолайлы деп ажыратып, бөліп айту тіпті қиын. Қай нәрсені, қай мақсатты да жүзеге асыру үшін қаржы керек. Осы ретте Аралды құтқару жөніндегі Халықаралық қордың үлкен жәрдемі болатын сияқты. Қалай болғанда да сең бұзылды. Аралды Құтқарудың Мемлекетаралық дәрежедегі алғашқы қадамы жасалды. Ол Қазақстан мен Орта Азия елдерінен басталды. 1993 жылғы сәуірдің 19-ында Алматыда Орталық Азия мемлекеттері басшыларының, наурыз айында Қызылордада өткізілген конференциясында құрылған Аралды Құтқарудың Мемлекетаралық қоры басқармасының алғашқы мәжілісі өткізілді. «Арал теңізі бассейніндегі экологиялық жағдайды жақсартудың нақты іс-қимыл бағдарламасы туралы», «Арал жөніндегі Мемелекетаралық Кеңестің Атқару Комитеті туралы» мәселелер қаралды. Күн тәртібіне қойылған бірінші мәселе бойынша Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев Аралды құтқаруға байланысты бастаманы дүниежүзілік көптеген ірі-ірі елдерінің қолдап отырғанына кеңінен тоқталды. Олардың АҚШ, Франция, Ұлыбритания, Италия, Германия, Түркия және басқа мемлекеттердің басшылары Қордың қызметін мақұлдап, оны қаржылай қолдау кепілдігін берді. Мұның өзі Арал проблемасы бір аймақтың шеңберінен шығып, халықаралық сипат алғанының айқын айғағы. Қордың қаражаты конференцияға қатысушы елдердің ұлттық табыстарының бір процентін аудару есебінен, халықаралық беделді қордың, әлемдік қауымдастықтың, коммерциялық құрылымдардың көмегімен, қайырымдылық акциялардан және басқа көздерден құралады. Экономикалық қиыншылықтардың күшейе түскеніне қарамастан, делегация басшылары мүмкін болғанынша Қордың қаражатын толықтырып отыруға келісім жасады. Сонымен бірге облыс басшылығы ұсынған халқымыз үшін аса маңызды он гидротехникалық ірі жобалар қабылданды. Оның ішінде Сырдария өзеніне жеті автокөлік көпірін салу, оңжағалық магистральды жарманы реконструкциялап, оны Әйтек жармасына қосу, Қараөзек жүйесін жаңарту. Аманөткелде көп көлемде судан қорғау бөгеттерін салуды жүзеге асыратын болды. Конференцияда қашыртқы суларды дарияға тазартылған күйде жіберу жөніндегі келісім жасалынды. Бұл мақсатта Сырдария мен Әмудария бойында тазартқыш құрылыстың тұтастай кешенін салу көзделді. Арал проблемасы жөніндегі Мемлекетаралық Кеңестің Атқару Комитеті Ташкент қаласында болады деп шешім қабылданды. Бұл жұмысшы орган осыған байланысты іс-қимылдарды үйлестіріп отырады. Нүкіс конференциясы бұдан бір жыл бұрын болған Қызылорда кездесуі сияқты Аралды құтқару ісінің негізі іспетті. Келесі Халықаралық конференциясын Біріккен Ұлттар Ұйымының қамқорлығымен өткізу жөнінде шешімнің қабылдануы соның нақты айғағы. Осы Ұйымның ЮНИСЕФ балалар қоры Арал өңіріндегі балалар мен әйелдерді қолдау мақсатында АСПЕРА жобасын жасаған болатын. Сол БҰҰ Балалар қорының директоры Кэрол Беллами ханым болып, заттай, ақшалай көмек көрсетті. 1997 жылдың маусымында Нью-Йоркте БҰҰ Ассамблеясының қоршаған ортаны қорғау проблемаларына арналған арнаулы сессиясында Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев сөз сөйлеп, Арал теңізі және Семей ядролық полигоны аймақтарындағы экологиялық өткір проблемаларға халықаралық қауымдастықтың назарын аударды. Әсіресе 1992 жылы Рио-де-Жанейрода өткен «Жер Саммиті» халықаралық конференциясынан кейін орман туралы ереже, бос аймақтар жөніндегі конвенция тағы басқа құжаттар қабылданғаны туралы айтты. Ал Орта Азия елдері басшыларының 1995 жылғы Ыстықкөл және Нүкістегі бас қосуы, 1997 жылдың ақпан айындағы Алматыдағы кесдесуі, Орта Азия аймағында 1998 жыл қоршаған ортаны қорғау жылы деп жариялануы, әлеуметтік-экономикалық және экологиялық проблемаларды бірлесе шешуге бағытталғаны деді. Қорыта айтқанда, әрбір елдің, БҰҰ қоршаған ортаны сауықтыруға, оны тұрақты түрде дамытуға арналған ұлттық және дүниежүзілік жоспары болуы керектігіне Ассамблеяға қатысушылардың назарын аударды.
ТҮРКІ ӘЛЕМІНДЕГІ ҚАЗАҚТЫҢ ШЕЖІРЕЛІК ЖӘНЕ ДЕМОГРАФИЯЛЫҚ КЕСКІНІ
Шежірелік Түрік әлемі үшін теңізшінің қолындағы компас сияқты қажеттілік. Қорқытқа дейін сары даланы өмір сахнасы етіп, ат үстінде айшылық жерге сапар шегетін кісі жолшыбай ұшырасқан адаммен туысындай шұқыраса табысып, жолшыбай кездескен ауылға өз үйіндей еркінсіп түсуі, далада тіршілік құрудың кепілдігі іспеттес. Сондықтан далада адам жатсынбау, бауырмал болу – көшпелі өмір салттың бұлжымас заңына, бұзылмас әдет-ғұрпына айналған. Мұндай әдет-ғұрыпсыз байтақ даланы игеріп, тіршілік құру мүмкін емес. Мұның сыртында жаңағы жапан түзде кездейсоқ ұшырасып, шұрқырасып, табысатын адам Түркі әлемінің өкілі болып шығатыны рас. Ұлы дала, куаң табиғат, көшпелі өмір салты маңдайға жазылған соң, сол жазмышқа көндігудің бірден-бір кепілі – адамдар бірін-бірі жатсынбай, біріне бірі арқа сүйеп қана өмір сүруі қажет. Бұл қажеттілікті терең сезінген көшпелілер «адамның күні – адаммен» деген принципті тіршілікке тірек еткен. Олар көне дәуірден бастап туыстық-қатынастық жүйені тарта білуді өмір сүрудің нормасы, моральдық-этикалық критерийі деп білді. Мұндай дәстүрдің бұлжымай сақталуына жеті аталық үрдіс алынды. Бұл орайда, жеті аталық үрдіске ұлттың этнобиологиялық және этномәдени тұтастығын қамтамасыз ететін ғажайып тетік (механика) ретінде ден қоюға тура келеді. Түрік әлеміндегі туыстық-қандастық қатынасты қалыптастыруда әйел орны ерекше. Қорқыт өз заманында әйелге арнап мынадай өсиет айтқан екен:
– От басының құты (тірегі) болған әйел даладан бір қонақ келсе, үйіндегі ері болмаса да оған сусын беріп, бар дәмін алдына қояды, сыйлап аттандырып салады. Бұлар Айша мен Фатимадан бата алған әйелдер. Хан ием, мұндай әйелдер мыңнан өссе де көп емес, бәлки аз. Сіздің ошағыңызға сондай әйел кез болсын.
Одан соңғысы – ынсапсыз, қанағатсыз әйел. Ондай әйел таңертең төсегінен тұрып, беті-қолын жумастан тоғыз тоқаштың бәрін ауыстырып, ең тәуірін таңдап жейді, аузын томпайтады, бір шелек айранды басына көтеріп, қарынды қампайтады, содан соң маңдайын сабалап, жалана бастайды да: «Қараң қалғыр, осы күйге мен қайдан душар болдым. Бір күн қарным тойып, ас ішпедім, жүзіме күлкі келмеді, аяғыма ілген башмағым болмады, бетімнен перде түспеді. Ерім өліп басқа біреуге тисем, бағым ашылар еді, сол үмітім өшпесін, – дейді, – хан ием, ондай әйел мың болса да өсіп-өнбесін, сіздің ошағыңызға кез бола көрмесін». Одан соңғысы салақ әйел дейміз. Ондай әйел төсегінен тұрған соң, беті-қолын жуады, үйдің (шатырдың) о шеті мен бұ шетіне қарайды да, күбіні апыл-құпыл пісіп, көрпе-төсегін жинайды. Содан соң «шуу» деп ауыл кезіп, түс қайта үйіне оралады. Келсе үй ұрланған, қазан-аяғын ит жалаған, бие-бұзау сүйкеніп, үйдің қорада байлаулы қалған сиыры мөңірейді. Келе сала көршілеріне барып, шаптыға бастайды: «Ал, қыздар-ау, Зылихан, Руғайдан бикештерім. Уа, азамат туған жігіт-желендерім, Айна-Мәлік, Құтлы Мәлік қайда едіңдер? Ойбай-ау, үйім құлап қалыпты, түнде қайда жатамыз? Мені ерігіп жүр дедіңдер ме? Зәру жұмыс болған соң кетіп едім ғой. Үйіме неге көз қырын салмадыңдар? «Көрші ақысы – Тәңір ақысы деген қайда» – деп безек қағады. Хан ием, ондай әйел мың болса да өсіп-өнбесін, сіздің ошағыңызға кез болмасын. Қорқыт ата өсиеті бүкіл түрік әлемінде күні бүгінге дейін сақталып келеді. Қорқыттың «Шаңырағың биік болсын», отбасыңның мәртебесі жоғары, онда қуаныш толсын дегені. Оған қосымша «шырақтарым, түтіндерің түзу шықсын», оты маздап тұрған қарапайым үйде түзу өмір сүріңдер, қисық-қыңыр болмаңдар болса керек. Сол сияқты «керегең сөгілмесін, босағаң берік болсын» деген тілек бар. Жалпы осыларға және «Алтын босаға» не «Ақ босағаларға» зер салып қарасақ, қазақтың әлеуметтік тарихи дамуы мен әдет ғұрып қалыптасуының тамаша көрінісін табамыз. Өйткені шаңырақтың иесі ер азамат, босағаны берік ұстайтын қазақтың келіндері емес пе? Көп жылдар бойы осы тақырыпқа қалам тартып жүрген, отбасының қыры мен сырын терең білетін, әсіресе қазақ келіндерінің тарихи орнын, отбасылық байырғы қарым-қатынасын жүрегімен сезетін ақын, Қорқыттың жерлесі Сәнімкүл Желдербаеваның:
Қыз аттаға, келін боп, ақ босаға
Ақ босаға, мерейлі бақ босаға
Қасиетті халқымның дәстүріне,
Куә болып, ғасырлар жатты осы ара.
Пай-пай, шіркін қазақтың келіндері,
Көл дария секілді пейілдері.
«Абысын тату болса, ас көп» – деген,
Мақалдың айтылуы тегін бе еді.
Қариялар батасын береді екен,
Бата деген ақ тілеу керек екен,
Жақсы дәстүр, жақсы сөз, игі тілек,
Ұрпақтарға жалғасып келеді екен.
Пай-пай, шіркін қазақтың келіндері,
Көл дария секілді пейілдері.
Бір шаңырақ келінсіз көтерілмей,
Бір кереге келінсіз керілмеді.
Татулықпен тамсантқан ауылымды,
Ардақ тұтқан аға, іні, бауырымды
Іздеп мол қазақтың келіндері
Бағалаттың баршаға қадіріңді.
Пай-пай, шіркін қазақтың келіндері,
Көл дария секілді пейілдері.
Сол келіндер арқылы босағадан
Құда-жекжат іргесі сөгілмеді.
Ақын сипаттамасы Қорқыт өсиеттерімен сабақтасып жатқандығын және әйелдердің бүкіл түркі әлемі дәстүріндегі алатын орнын көрсетеді. Әсіресе түркі әлемі, берісі қазақ халқының орныққан дәстүрі бойынша жеті атаға дейін туысқандар арасында қыз алысып, қыз берісуге болмайды. Бұл дәстүрді бұзған адам қатаң жазаланған. Ғасырлар бойы көшіп-қону кеңістікті игеру далалықтар үшін өмір сүрудің тәсілі болғандықтан кез келген көшпелі жеті атасын одан әрі руын, содан соң жүзін білу арқылы мыңдаған шақырымдық кеңістікте еркін жүріп тұрған, ұдайы өз қандастарының ортасында екенін терең сезінген. Жеті аталық үрдістің құрылымы мейлінше қарапайым, сонымен бірге этникалық тұтастыққа ұйытқы ықпалы мейлінше күшті. Бір кіндіктен тараған ұрпақ жетінші буынға жеткенде рулы елге ұласып отырған. Бұған әрине, көп әйел алу, жесірге ие болу, әмеңгерлік, құдандалық, сүйек жаңғырту сияқты дәстүрлер әсер еткен. Түрік әлемінің туыстық атаулары негізінен үш жұрт бойынша сараланады: өз жұрты, нағашы жұрты, қайын жұрты. Мұның сыртында жиен жақ бойынша, неке құруға байланысты және құдандылыққа қатысты туыстық атаулар бар. Өз жұрты бойынша туыстық атаулар әке, бел бала, немере, шөбере, шөпшек, немене, жүрежат. Жеті ата дегеніміздің атауы осы. Мұнан әрі туажат, тумажат, жекжат, жұрағат, қайнама деп те атайды. Сондай-ақ, ұлы баба, баба, ата, әже, көке, шеше, тоқал, шеше, апа, аға, әпке, іні, қарындас, ұл, қыз, немере аға, немере апа, немере іні, немере қарындас, шөбере аға, шөбере апа, шөбере іні, шөбере қарындас т.б. деген атаулар жатады. Нағашы жұрты бойынша туыстық атаулар: нағашы, нағашы ата, нағашы әже, нағашы аға, нағашы іні, нағашы қарындас, нағашы сіңлі, нағашы жеңге, нағашы келін т.б. Қайын жұрты бойынша туыстық атаулар: қайын ата, қайын ене, қайын аға, қайын іні, қайын бике, қайын сіңлі, қайын жеңге, немере қайын бике, немере қайын, немере қайын сіңлі т.б.
Жиен жақ бойынша атаулар: жиен, жиеншар, жиен келін, жиен күйеу т.б. Неке құруға байланысты атаулар: ер, бай, күйеу, әйел, қатын, зайып, бәйбіше, тоқал, күйеу бала, жезде, балдыз, жеңеше, абысын, ажын, бажа, бөле т.б. Құда–құдандалыққа байланысты атаулар: құда, бел құда, бесік құда, аяқ құда, бауыздау құда, жанама құда, құданың құдасы, құдағи, құдаша, келін, құда бала т.б. Осынау туыстық атауларды таратуда әрбір адам орталық тұлға болып, туыстық атауларды үнемі өзіне телеп, өзіне қатысты бағдарлап айтады. Түркі әлемінде әрбір адамның өзін жалғыз сезінбеуінің, берісі ру-тайпа арасынан, әсіресе қазақ арасынан туыс табатынына сенімді болуының бір тетігі осында. Ең ғажабы, осынша мол құрылымдағы туыстардың әрқайсысында бір-бірімен қарым қатынас жасауда өз алдына бөлек-бөлек моральдық-этикалық нормалар қалыптасқан. Ол нормалардың көшпелі қоғамда сұрыпталып, шыңдалғандығы сонша, сол қоғамдағы барша өмір салтын қапысыз реттеп отыруға реттейтін заң, кодекс деңгейіне көтерілген. Сондықтан да туыстық қарым-қатынас нормасын бұзған адамды ұрмай-соқпай-ақ өз ортасы жатсынып, оған «елден шыққан», «ата салтын аттаған», «қара бет», «жетесіз», «мәңгүрт» сияқты айып таққан. Түрік әлемінің тәрбиесін көрген дені дұрыс адам үшін мұнан ауыр жаза жоқ. Аралары жеті атаға толып, өсіп-өнген аталар рулы елге ұласу рәсімін атап өтетін дәстүр бар. Ол үшін жеті жұртты куәге тартып, яғни жеті рудан кісі шақырып, ала арқан керіп, ала жіп аттап, боз бие шалып, аталастығымызды ұмытпайық деп бармақтарын қанға малып, елдік ұран мен таңба белгілеседі. Мұндай рәсім, далалықтардың заңы бойынша жеті атаға толған ұрпақтың рулық статус алуы. Рулық статус алған рулы ел, тарихи-әлеуметтік субьект өзін-өзі қалың қазақтың тұтас ұлттық мемлекеттік гүлденіп-көркеюіне мүдделі санайды. Себебі жеті атаға толғанға дейін әрбір рудың генологиялық тамыр иісі түрік өзі сияқты рулармен сабақтасып үлгереді. Яғни, елдің амандығы – өзінен-өзі рудың амандығын меңзейді. Түркі әлемінде қазақ халқының тарихына қысқаша көз жүгіртсек, оның өсу динамикасы өте күрделі, бірқалыпты еместігін, бұлталанға толы, тарихи тәртіптің қиыншылықтарымен байланыстығын көреміз. Ұлтымыздың әр кезеңдегі демографиялық кескіні, осы жолдағы іркілістер мен ілгерілушіліктер жайлы белгілі ғалым, демограф Мақаш Тәтімов өз еңбегінде төмендегідей тұжырымдар жасайды. Алғашқы қазақ мемлекетінің құрылуынан «ұлы нәубеттің» басталуына, яғни 1465 жылдан 1723 жылға дейін қазақтың саны 1,1 милионнан 3,3 миллион адамға үш есе өскен. Қазақ халқы нығайып, көшпелі тұрмыс өрістеді, жаңа жерге орналасып, шекара кеңейе түсті. 1723 – 1725 жылдары жоңғар шапқыншылығы нәтижесінде қазақтар жалпы саны үштен бірінен айырылса да, өздерін сақтап қалып, жойылып кетуге қарсы тұрды. Көшпелі қазақтар дәстүрлі демографияның арқасында тірі қалды және де басқыншылары мен отаршыларды ығыстыра алды. 1916 жылдың ортасында ұлт азаттық көтеріліс басталғанда, жалпы қазақтар саны 5 млн 650 мың адамға жетті. Осы кезде қазақтар саны жағынан дүние жүзінде түркі тілдес халықтар ішінде екінші орнында, ал Ресей империясы мен бұрынғы Кеңес одағында бірінші орында болды. Ол осыдан 30 жыл өткен соң, яғни ерікті көшпелі шаруашылықты тез арада казармалық социализмнің қатаң жүйесіне көшу тұсындағы демографиялық апаттың нәтижесінде олар үшінші орынға түсіп қалды. 1916 – 1945 жылдар ішінде басқа халықтар, социалистік қайта құрудың барлық қиыншылықтарына қарамастан, 25 – 30 процентке өссе, ал қазақтардың саны 3 млн 150 мың адамға немесе 45 прцентке кеміді. Қажетті демографиялық өсуді есептегенде қазақ халқы осы жылдары 65 процентінен, яғни үштен екісінен айрылды. Мұндай қасіретті ХХ ғасырда дүние жүзіндегі бірде-бір халық басынан өткізген жоқ. Проценттік қатынаста «Қазақстан қасіреті» Батыс Армения қасіретінен, еуропадағы фашизмнің еврейлерді жоюынан, Камбоджадағы зұлматтан асып түсті. Қолдан жасалған демографиялық апат толқын тәрізді бірінен соң бірі келіп жатты. Біріншісі, ең ұзағы 1916 – 1927 жылдардағы 6 жылға созылды. Бұрынғы Кеңес Одағы территориясы көлемінде 1916 жылғы ұлт азаттық көтеріліс, ақпан және қазан төңкерісі, азамат соғысы жылдарында шаруашылықтың күйзеліске, ашаршылыққа ұшырауына байланысты 950 мың қазақ немесе елде тұратындардың 18 – 19 проценті апат болды. Шет елдерге 400 мың адам біржолата қоныс аударды. Екіншісі, көшпелі және жартылай көшпелі қазақтарды күшпен отырықшыландырып, күнкөріс көзі – малдарын тартып алып, еріксіз колхозға қуып тықты. Мұндай жасанды ұйымдастырылған аштық, Голошекиндік зұламаттың нәтижесінде 2 млн 300 мың қазақ елі, 900 мың жан туған жерін тастап, сырт жерге босып кетті. Жұрттан жұрдай қалған Қазақстанға сырттан басқа ұлт өкілдерін көшіріп әкелу (индустрияландыру, депотация, тың игеру т.б.) қуатты қарқынмен жүргізілді. Үшінші, қазақстандықтардың екінші дүниежүзілік соғыстағы шығыны 350 мың адам болып, яғни қанды қырғыннан кейін дүниені бөлуге қатысқан АҚШ сияқты мемлекеттің құрбандығынан екі есеге жуық асып түсіпті. Сөйтіп, өз республикасында көп жапа шегіп, аз санды халықтардың қатарында қалып қойған халқына бұл жағдайдан шығу үшін толығымен 75 жыл жұмсалды. Бұған соғысқа дейінгі және одан кейінгі күшті демографиялық жарылыстар нәтижесінде қол жеткізілді. Атап айтсақ, Қазақстан мен шекаралас Қытайдағы, Ресейдегі және Өзбекстандағы көптеген қазақтар өздерінің негізі ата-бабаларының жерінде тұрады. Бөтен территорияны мекендейтін алыстағы қазақ диаспорасының саны 300 мыңнан аздап қана асады немесе шет елдердегі жалпы санының тоғыз процентін ғана құрайды. Ал, 1992 жылы қазақ халқының жалпы саны 11.1 миллионға жетті. ХХ ғасырдың аяғына қарай еліміздегі жергілікті ұлт басқа ұлт өкілдеріне қарағанда сан жағынан алдыңғы қатарға шыққанымен, олардың бала туу қарқыны күрт төмендеп отыр. Мысалы, 1958-1959 жылдары орташа есеппен әр ана жеті баладан, ал 1990 – 1991 жылдары үш баладан дүниеге келтірген. Демографиялық өшу өтпелі кезеңнің алғашқы қиындықтары, нарықтық экономикаға көшудің ауыртпалықтары, Семей ядролық сынақ және кесенесі кепкен Арал теңізі аймақтарындағы экологиялық апат зардаптары салдарынын тездетілді. Қорыта айтқанда, қазақ халқының ұлттық санасының өсуі, Республиканың егемендік алуы және әлемдік беделге иеленуі ғана этнодемографиялық процесті жеделдетіп, қазақ диаспорасын өзінің ұлттық мемлекетіне қайтып келуіне жағдай жасамақ. Қазіргі заманғы адамның санасын, оның тарихқа қатынасын екі ұғым арқылы сипаттауға болады, оның бірі – «тарихи зерделік», екіншісі – «мәңгүрттік». Бұл түсініктердің әрқайсысының әр түрлі мән-мазмұны бар. «Тарихи зерделік» – әрбір жеке адамға, тұтас ұрпаққа байланысты, әрбір адамның, ұрпақтың тарихты сезінуі, өзінің шыққан тегін, өлкесін, нәсілін, жалпы адамзаттық тегін, оның рухани түптамырларын, өткендегі тарихи жолын танып білуге ұмтылып, сана-сезімінің оянуы. Бұл – өскендіктің, рухани мәдениеттің жоғарғы сатыға көтерілу белгісі. Ал оған қарама-қарсы ұғым «мәңгүрттік». Оның теріс мағыналы, этникалық мәні бар. Мәңгүрттік жеке индивитті қоғамның рухани-тарихи маңызынан қашықтауды, коньютуралық мақсаттарға абсолюттік мән беруді, өзгермелі күнделікті моданы бетке ұстап, алдыңғы қатарға қоюды аңсайды. Қазақ халқының қазіргі кездегі өмір кешкен тарихи жолын танып білуге деген құштарлығы жәй емес. Себебі, біздерді көп жылдар бойы «мәңгүрттікте» ұстап келді. Отаршылдық саясат, өктемдік тәртіп, Голощекиндік геноцид қазақ халқының ес жиып, етек жабуына мүмкіндік бермеді. Халқымыздың талай зиялы азаматтары шектен шыққан қаныпезер саясаттың құрбанына айналды. Жер жылап ел күңіренді, әр азаматтың мойнына қыларқан ілініп, рухани мұраларымызға, оның тамырына балта шабылды. Өткен мен болашақтың арасы үзіліп орта орға айналды. Әрине, мұның бәрі қолдан жасалған саясат еді, аз халықтарды басып ұстау, тарихын ұмыттыру, ұлттық сана-сезімнің оянуына жол бермеу ол кездегі саясат сілімтігі. Қазақтардың рухын қорлай сілкіп, оны түгелімен шайқалтып жіберген – патшалық отарлау, азамат соғысы, зорлықпен ұжымдастыру, репрессия т.б зобалаңдар асып-төгілді. Ой, сана-сезім осындай аштық нәубеттерінен (бір күн ашыққаннан қырық күн ақыл сұрама), әпербақан асыра сілтеушіліктер, қуғын сүргіннен, әліпті қайта-қайта ауыстырудан, рухани тамырлардан ажыратуда әбден жұқарып жұтады. Осындай қорқыныштың күшімен халыққа жаңа таптық-партиялық сезімді, «жарқын болашақ» туралы жалған арманды оңай ұқтыруға жағдай туды. Оған көнбегендердің тағдыры тәлкекке түсті. Тек алғашқы демократиялық қозғалыс – 1986 жылғы желтоқсан оқиғаларынан кейін, Кеңес империясы ыдырап, тәуелсіздік алғаннан кейін ұйқыда жатқан ұлттық сана, ар-намыс, азаматтық-адамгершілік ояна бастады. Өткенге үлкен құрметпен қарау, рухани мұраларымыздың сабақтастығы, ұрпақтарымыздың тарихи үндестігі, оны танып-білуге деген құштарлық барған сайын қоғамдағы қажеттілікке айналды. Рухани тамырларымызды табу бүгінгі күніміз және ертеңгі келешегіміз үшін, өркениетті халықтардың қатарына абыроймен қосылуымыз үшін қажет. Қазіргі кезеңде Қазақстанның мәдени зерттеу ғылымының арсеналында ХІХ ғасырдың ағартушыларының мұраларынан басқалар аз зерттелді. Әсіресе Фараби, Қорқыт, Асанқайғы, Жүсіп Баласағұн, Ахмет Яссауи, А.Байтұрсынов, М.Жұмабаев, Ш.Құдайбердиев, Ж.Аймауытов еңбектерін зерттеу, жарыққа шығару күн тәртібінде тұр. Тарихта құлдырау және көтерілу ұрпақ арасындағы байланыстың үзілуі, жоғалу кезеңдері болғаны анық. Олардың жасырмай шындығын асқақтау керек. Ертедегі Орхон-Енисей т.б. түркі жазбаларына байланысты Т.Томсон және В.Радлов сияқты ірі зерттеушілердің жұмыстарын басшылыққа алған жөн. Бұл тұрғыда 1997 жылдың шілдесінде Республика Премьер министрінің орынбасары – Білім беру және Мәдениет министрі И.Тасмағанбетов бастаған ғылым мен мәдениетіміздің көрнекті қайраткерлерінен тұратын делегацияның Монғолияда болған сапарында қол қойылған келісімнің маңызы зор. Онда қазақтар мен монғолдар тарихына қатысты ежелгі түркі жазба ескерткіштерінің көшірмесін сатып алу көзделінген. Өйткені, олардың бойында тұнып тұрған мағұлматтар сырын ашпайынша Еуразия кеңістігінде өмір сүрген ертедегі көшпелілер тарихына тереңдеу мүмкін емес. Сонымен түркі әлемінің рухани мұрасын тарихымыздың ұзақ кезеңімен байланыстыра, жан-жақты, кең түрде зерттеу міндеті тұр. Себебі қазіргі болмыстың тарихи негіздерін ұғыну – бүгінгі өзімізді-өзіміз тану жағдайында, өткен мен болашақ алдында, ата-баба мен ұрпақтар алдында жауапкершілікті ұғыну.
ТҮРІК ӘЛЕМІНДЕГІ ҚАЗАҚСТАН ЖӘНЕ СЫР ЕЛІНІҢ БҮГІНГІ КЕЛБЕТІ
Осыдан бір жарым мың жылдай бұрын біздің ата-бабаларымыз өздерінің тұңғыш ұлы мемлекетін – Түркі қағандығын құрған. Сол кезеңде өмір сүрген Еуразиядағы түріктердің көшпелі және жартылай көшпелі тайпалары бүгінгі көптеген халықтардың, ең алдымен түрік тілдес халықтардың қалыптасуының негізін жасап берген. Түркі елі өзі өмір сүрген сол 1500 жыл ішінде төрт рет гүлдену-өрлеу, төрт рет дағдарыс-құлдырауды бастан кешірген. Қ. Аманжолов пен Қ. Рахметовтың деректері бойынша бірінші өрлеу – біздің заманымыздың YІ ғасырында Еуразияны жайлаған ежелгі түркі тегінен шыққан тайпалардың, халықтардың бірігіп, бірінші Түркі қағандығын құрған кез (551- 630 жж.). Осы өрлеу дәуірінің тарихындағы ауыр дағдарыс, экономикалық-мәдени құлдырау кезеңі YІІ ғасырдың ортасы. Бұл кезеңде түркі қағандығы шығыс және Батыс қағандықтар болып екіге бөлінген. Шығыс түркі мемлекеті қытайлардан жеңіліп, түркі халқы 50 жыл бойына бостандықтан айырылады. Түркі елі 679 – 744 жылдары екінші рет гүлдене бастайды. Тоз-тоз болған түркі халқын жинап, қытайлардың Шығыс Түркі қағандығының жерін азат еткен Құтылық (Елтеріс) болатын. Оның жері Манжуриядан Сырдарияға дейін кеңейді, даңқы қайтадан жер жарды. Ал түркі елінің екінші дағдарысы, қағандықтың 741 жылы ыдырауынан басталды. YІІ ғасырдың басында ыдырай бастаған Шығыс қағандығының жерінде бірнеше мемлекет құрылды. Түркі елінің үшінші рет гүлденуі мен өрлеуі Х – ХІІ ғасырлардағы Қарахандықтар кезінде болды. Ол кезеңде отырықшы және қалалық мәдениет дамыды. ХІ ғасырдың соңында Қарахан мемлекетінің құлдырауы басталды. Түркілердің бірі бөлігі Кіші Азияға кетіп, Византия жерінде өз туының астында мұсылмандарды біріктірген Селжұқ империясын құрды. Түркі елінің төртінші рет мәдени-экономикалық гүлденуі мен өрлеуі Монғол империясының құрылу кезеңінен – 1206 жылдан бастап, 1389 жылы Әмір-Темірдің Алтын Орданы талқандау кезеңіне дейін созылды. Ал төртінші дағдарыс-құлдырауы орыстардың Ақ Орда ханы Тоқтамыспен одақтасуынан басталады. Бұл кезең Еуропа, Ресей және Қытаймен бірде дос, бірде қас сипатта 600 жылға созылды. Монғол империясының қиратылған жұртында көптеген мемлекеттер дүниеге келді. Қазақстан жеріндегі бұл басқыншылық кезеңінде тоқтатып тастаған халықтың мемлекетінің қалыптасу процесі қайта өріс алды. Сол кезеңде тарихи аренаға шыққан Қазақ хандығы дүниеге келген алғашқы күннен бастап, егемендігі мен тәуелсіздігі үшін ғасырлар бойы жүргізген күресі тек ХХ ғасырдың аяғында ғана өз нәтижесін берді. 1991 жылдың желтоқсанында Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі қазақ халқының еркін білдіріп, өзін-өзі билеуін растайтын құжат – қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы Заңын қабылдады. Сонымен қазақ халқына бүгінгі бостандық пен тәуелсіздік өзінен-өзі келген жоқ, азаттық үшін миллиондаған адамдардың қаны төгілді, жаны қиылды, жазықсыз зардап шекті. Оның жанқиярлық табанды күресінің арқасында ата-бабаларымыз өзінің бірлік-берекесін сақтап қана қоймай ХҮ ғасырда қуатты Қазақ хандығын құрды. Сонда да тәуелсіз қазақ мемлекеті бейбіт, тыныш өмір сүре алмады. Оның кең байтақ жеріне жан-жақтан көз тігіп, ойран салушылар көбейді. Ақын Жұбан Молдағалиев айтқандай «Мен қазақпын мың өліп, мың тірілген», қазақ халқы сонан бері өсудің де, өшудің де талай белестерінен өтті. Әсіресе «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» қанды көші ең ауыр кезең болды. Осы кезеңде атақты Төле би, Қазбек, Әйтеке би ұйытқы болған, Абылай, Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай, Есет, Қарасай, Жәнібек, Олжабай, Райымбектер қорған болған қазақ елі бәрібір отаршылдық табанында қала берді. Патшалық Ресейдің отаршылдығы бәрінен де асып түсті. Кең байтақ қазақ даласы империя меншігіне айналды. Қазақ халқы тек ХХ ғасырдың өзінде талай рет қантөгістің астында қалды. Мәселен, 1916 жылы патшаға қарсы бас көтерген мыңдаған қазақ қырылды. Онан кейін 1918 – 1927 жылдары болған ақтар мен қызылдар арасындағы таптық соғыста 10 мың қазақ қаза тапты. 1931 – 1932 жылдары Кеңес империясы қолдан жасаған «Қызылтабан шұбырынды, ақсүйек азу» кезінде 2,5 млн қазақ құрбан болды. Ал 1941-1945 жылдары соғыста 350 мың қазақ жау оғынан қаза тапты. Нәтижесінде 1959 жылы қазақтар 3 миллионға да жете алмай қалды. ХХ ғасырдың басында 6 миллионға жеткен қазақ тәуелсіздік алған күні дүние жүзінде 10 миллионға әзер жетті. Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне байланысты кезеңде жан-жаққа жер аударылған халықтар көтеріліп келгенін айтпауға болмайды. Мәселен, 1937 жылы Қиыр Шығыстан 900 мың кәріс жер аударылды. Олардың көпшілігі Орта Азия мен Қазақстанға, атап айтқанда Қызылорда облысына қоныстанды. 1939 жылы батыс шекарадан мыңдаған поляк Қазақстанға келді. Соғыс жылдарында жарты миллионнан астам неміс Еділ бойынан, жарты миллионға жуық шешен, ингуш, қарашай ұлттары қазақ жеріне жер аударылды. Тіпті, 1948 жылы Грузиядан түрік-месеттер мен 1949 жылы Тәжікстаннан 900 бастамашы Қазақстанға әкелінді. Ал 1950 жылдардың ортасында 1.5 миллионнан астам кірмелер қазақтың құнарлы тыңын игеру кезінде басқа жерлерден көшіп келіп, түпкілікті орнықты. Нәтижесінде өз ата-мекенінде азшылық болған қазақтар өмірлерін өгейсітумен, өкінумен өткізіп, тілінен, әдет-ғұрып пен дінінен айырылу қаупіне түсті. Қазақ елінің тәуелсіздігі республикамызда тұратын халықтардың, оның ішінде қазақ ұлтының мәртебесін, үлкен жауапкершілігін сездірді. Егемен мемлекет Қазақстан Республикасының тәуелсіздігін әлемдік қауымдастық таныды, ол Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше болды. Қазақстан Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі кеңеске қатынасты, әлемдік банк пен халықаралық валюта қорына, басқа да халықаралық ұйымдарға қабылданды. Тәуелсіз Қазақстанды бірінші болып Түркия мен Румыния таныды. Қазақстан Республикасының бірінші Президенті Н.Ә. Назарбаев БҰҰ-ның Бас Ассамблеясының 47-ші сессиясында сөйлеп, қазақ елін әлемге танытты. «Осының алдындағы сессияда, – деді Н.Ә.Назарбаев, Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының мүшелігіне бірауыздан қабылданды. Мен республика халқының атынан осы қадам үшін терең алғыс сезімін білдіремін және Қазақстан Республикасы бейбітшілік сүйгіш мемлекет ретінде БҰҰ-ның жарғысында көрсетілген міндеттемелерді толығымен орындауға қабілетті екенін, осы беделді халықаралық ұйымның қызметінің барлық саласына сындарлы үлес қосатынын мәлімдеймін.» Тәуелсіз Қазақстан Республикасында саясат пен экономикадағы түбірлі реформалар мен мемлекеттік құрылымдарында үлкен өзгерістерге жол ашылды. Республикада Президенттік басқару енгізіліп, жергілікті жерлерде әкімдер бекітілді. Егемен еліміздің тәуелсіздігін сақтау үшін экономиканы тұрақтандыру және нарыққа көшу кезеңіне арналған жаңа бағдарламалар жасалынып, онда реформалардың бірқатар принципті бағыттарын түбегейлі қайта қарады. Дағдарысқа қарсы шұғыл шаралардың және әлеуметтік-экономикалық реформаны тереңдетудің бағдарламасын орындаған жағдайда ғана экономиканы дамытуға, ойға алған шаралардың жемісті болуы оған қажетті жағдайлар жасағанда ғана мүмкін болатыны анық болды. Сонымен, тәуелсіздік алған алғашқы жылдары бәрі де оңай көрінетін сезім барлығымызды билеп, күллі әлем есігін алдымыздан айқара ашып салады деген ойымыз тек қиял ғана болып шықты. Н.Ә.Назарбаев өзінің «Ғасырлар тоғысында» атты кітабында былай деп жазады: «Бүгін көзіміз жетіп отыр, бәрі де өздігінен бола салмайды екен, жеңіл ештеңе жоқ екен. Аса күрделі геосаяси процестер өтіп жатыр. Бәрі де біздің мүмкіншіліктерімізге өз әсерін тигізді». Мәселен, жекешелендірудің бірінші кезеңінде жарық көрген заңдардың қарама-қайшылығы қоғамда әлеуметтік әділетсіздікке апарып соқтырды. Әсіресе негізгі қорларды ақшаның құнсыздануын ескермей суды тегінге сату етек алды, мемлекеттің мол дүниесі азғантай топқа тегін үлестіріліп берілді. 1991 – 1992 жылдары жекешелендірілген кейбір обьектілер сол кездегі заңдарға сәйкес жүргізілмегені үшін қабылдаған шешімдер қайта қаралып, олар күшін жойды. Жекешелендірудің екінші кезеңінде жіберілген кемшіліктер ескеріліп, оларды міндетті түрде жою шаралары бекітілді. Инвестициялық купон, инвестициялық қор, оларды пайдалану жолдарын анықтау және насихаттау жұмыстары да қарама-қайшылық жағдайда жүргізілді. Басшы кадрлар мен мамандарды оқыту қажеттігі туды. Осындай қиын-қыстау кезеңде 1992 жылдың күзінде дүниежүзі қазақтарының құрылтайы өткізілді. Алаш жұрты асыға күткен дүбірлі ұлы жиын көп жылдар бойы бір-бірінен көз жазып қалған ағайындарды табыстырған үлкен асыр тойға айналды. Бұл құрылтайда бар әлемге тарыдай шашыраған, өз жерінде азшылыққа айналған, тілі мен дінінен біржола айрылудың аз-ақ алдында қалған, тәуелсіздіктің жылы лебізін енді-енді сезіне бастаған қазақ ұлтының тарихын таразыға салып, келешегіне көз тастап, ғылыми тұжырымдар жасауға бірінші рет мүмкіншілік туды. Осындай экономикалық және әлеуметтік дағдарыс кезінде, экологиялық апат жағдайында шет елдегі қазақтардың көші-қонға түсуі қиындық туғызды. Мәселен, 1992 жылы Қазақстанға 5 мыңнан астам отбасы көшіп келді. Олардың жүгін тасымалдау үшін мыңнан астам машина, 10 ұшақ бөлінді. Сондай-ақ әр отауға 1 сиыр, 10 қой және ақшалай көмек беру жөнінде шешім қабылданды. Дегенмен шеттен келіп жатқан бауырластарымызды жұмысқа орналастыру, оларға арнайы жеңілдіктер жасау барлық жерде бірдей болмады. Кейбір шаруашылық басшылары келушілерге сенімсіздік танытып, оларды әр жұмысқа бір жегіп, қыңыршылдық көрсетілгені орын алды. Осындай қиыншылыққа кездескен бауырлар келген елдеріне қайтып жете алмай, «бағымыз ашылмаған қазақ екенбіз» деп қапаланған қандастарымызды көзімізбен көріп, жұбату айттық. Иран елінен келген қазақтардың бір тобы Қызылорда облысының Қармақшы ауданына орналасты. 1994 жылдың қақаған қысында философия ғылымдарының докторы, профессор Р.Б.Абсаттаров екеуміз көшіп келген отбасымен жүздестік. Ауыр сырқаттанып, хал үстінде жатқан ақсақал өмірбойы туған жеріне, Қорқыт жатқан жерге жетіп өлгенін армандапты. Сол арманы орындалғанына ризашылығын білдірді. Бәйбіше, бірнеше тоқалдан туған балалары мен немерелерін жинап алып біздің көзімізше Қорқыттың нақыл сөздерін айта жөнелді. «Тәңірі пендесінің маңдайына не жазса, сол болады. Оның жазуынсыз адам жамандық көрмейді, ажал келіп өлмейді. Өлген тірілмейді, кеудеңнен жаның кетсе, ол қайтып келмейді. Жігіт тірісінде Қаратаудай қылып бір күн тыныш көрмей дүние жияды, баийды. Бірақ соның ішінен ол өзіне тиісті үлесін ғана жейді». Қария сәл демалып алды да, тағы да Қорқыттан қозғады: «Қара есектің басына жүген таққанмен, ол тұлпар болмас, қар қанша жауғанмен, ол жазға бармас, гүлденіп өскен бәйшешек күзге бармас, ат қиналмай жол болмас, анадан өнеге көрмеген қыз жаман, атадан тағлым алмаған ұл жаман, жабы мінген жау алмас, тозған мақта бөз болмас». Міне, жат жерді аралап Иранға, сосын ата жұртқа жеткен қазақтың Қорқыт нақыл сөздері мен өсиет айтуы Қорқытнаманың бүкіл түркі әлеміне, мұсылман елдеріне жайылғанын айғақтайды. Қанша ғасыр өткенмен, Қорқыт мұрасын көздің қарашығындай сақтаған Сыр елін мақтаныш билейді. Қанша қиыншылықтарды бастан кешірген түркі әлеміне Қорқыт мұралары рухани азық. Сол қиыншылықтардың бірі нарықтық қатынастар қалыптасу кезінде, еліміздегі экономикалық және әлеуметтік күйзеліс жағдайында, Арал теңізінің экологиялық апатқа ұшырауында Сыр елін қайтадан гүлдетіп, дамыту ендігі жерде таза әкімшілік жолмен шешілмейтіндігі бесенеден белгілі. Оның экономикалық дамуын қамтамасыз ететін басты жол – сонау Қорқыт заманынан бері Қаратау мен Аралдың, Бетбақдала мен Қызылқұмның арасындағы кең байтақ жердің қойнауында жатқан табиғи байлықтарды игеру. Мұнай мен газдың, түсті металл мен қоңыр көмірдің, Арысқұмның тұзын, Жосалы мен Жаңақорған арасындағы алтын мен күмістің, темір, тас пен фосфаридтің, молибден-ваннадийдің, титан мен кварц құрамының мол қоры Сыр елі болашағының үкілі үміті. Міне, осындай табиғи байлықтарды игеруге бағыт алған облыс әкімі Б.М.Сапарбаев «Егемен Қазақстан» газетінде өз ойын былай тұжырымдады: «Жанбастың астында жатқан қазына-байлықтарды игілікке жұмсауға көңіл жеткенімен қажетті шақта қол жете қоймады, тіпті, республикадағы бірегей целлюза-қатырма қағаз шығаратын, күріш машиналарын құрастыратын, жергілікті шикізаттан силикат-кірпіш құятын зауыттар мен тоқылмайтын маталар фабрикасы, астық өнімдері, Арал тұз комбинаттары тәрізді ірі-ірі өндіріс ошақтары толық қуатында іске қосылмай келсе, 53 кәсіпорынның жұмысы нарықтың қысымына төтеп бере алмай қалды». Осындай қолайсыз жағдайлар ескеріле отырып республикамыздағы «Ащысай түсті металл комбинаты», «Өскемен қорғасын-мырыш комбинаты», «Шымкент қорғасын зауыты» акционерлік қоғамдарының өңдеуші қуаттарын шикізатпен және экологиялық қолайсыз аймақтың халқын еңбекпен қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі «Шалқия түсті металл кенішін онан әрі игеру туралы» қаулы қабылдады. Облыс жұртшылығы бұл құжаттарды Сыр өңірінің келешегіне мемлекет тарапынан бетбұрыстың алғашқы нышаны деп қабылдады. Кезек күттірмейтін жұмыстардың бірі облыстағы ауыл шаруашылығының жағдайы. Бұл мәселе облыс әкімі жанындағы алқаның 1995 жылғы желтоқсан айындағы мәжілісінде арнайы қаралып, онда «Облыс шаруашылығында 1995 жылғы егін жинаудың қорытындылары және егін шаруашылығын дамытудың алда тұрған міндеттері туралы» қаулы қабылданды. 1995 жылы облыс ауыл шаруашылығында күрделі жағдай қалыптасқаны, межелеген өнімнен 85 мың тонна астық кем жиналғандығы атап көрсетілді. Бұл мәселелермен қатар облыстың 1995 жылғы бюджетін орындату арқылы білім, денсаулық сақтау және басқа бюджеттік мекемелер қызметкерлеріне жалақы төлеу, зейнетақы қорына қаражат түсіру, халықты әлеуметтік қорғау жұмыстары қолға алынды. Облыс әкімі демократиялық процестерді дамыту және жариялықты күшейту мақсатында көп кешіктірмей саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдардың басшыларымен, бұқаралық ақпарат құралдарының жетекшілері және журналистермен кездесті. Бұл кездесулерде облыста реформаларды тереңдету, қоғамдағы жүріп жатқан демократиялық процестер мен әлеуметтік құбылыстарға ықпал жасауды жариялылық жағдайында көрсету, барлық жерлерде қоғамдық тәртіп орнату, тұрғындарды әлеуметтік қорғау мәселелері кеңінен әңгімеленді. Облыстық және басқа газеттердің жұмысын жақсарту мақсатында олар Баспасөз үйіне топтастырылды. Сыр елінің әлеуметтік-саяси өмірінде «Ақниет» қайырымдылық балалар қорының ашылуына үлкен мән берді. Бұл қордың Президенті болып белгілі ақын Сәнімкүл Желдербаева сайланды. «Ақниет» қорының тұсаукесеріне 1995 жылы желтоқсанда Қазақстандағы «Бөбек» балалар қорының президенті С.А.Назарбаева келді. Жаңадан ашылған облыстық қорға демеушілер 2 миллион теңгедей түсірді. Бұл қордың алғашқы мейірімділік акциялары балалар ауруханасында, жетім балалар интернатында, балабақшаларда өткізілді. Осындай ауқымды жұмыстар Қазақстан Республикасы парламентіне депутаттар сайлауға дайындықпен тұспа-тұс келді. Оның барлығы облыста әлеуметтік-саяси ахуал жөнделіп, жер-жерде тыныштық орнауына, азаматтық келісім мен ұлтаралық достық одан әрі нығаюына себебін тигізді. Жаңа Конституця бойынша парламентке сайлау демократиялық жағдайда өтті. Сенат депутаттығына үш кандидат түсіп, баламалы жағдайда Б. Қаюпов, С. Шаухаманов өтті. Мәжіліс депутаттығына 13 кандидат тіркеліп, олардың ішінен Ж. Бәкіров, Қ. Сұлтанбаев және Ш. Төребаев парламетке сайланды. Облыс әкімі белгілі Қорқыттанушы ғалым, профессор Әуелбек Қоңыратбаевтың және атақты ақын Асқар Тоқмағанбетовтың 90 жылдық мерейтойларын кеңінен атап өтуге нақты ықпал жасады. Шиелі ауданында Ә.Қоңыратбаевтың есімімен жаңа мектеп аталынса, Тереңөзек ауданы мен облыс орталықтарында А.Тоқмағанбетовтың мұражайы ұйымдастырылды. Құқықтық мемлекет құру кезеңінде Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының негізгі қағидаларын оқып-үйрену, мемлекеттік рәміздерді – Елтаңба, Ту, Әнұранды, республика Президентін құрметтеу сезімін қалыптастыруға бағытталған жұмыстар жүргізіле бастады. Барлық мектептерде, кәсіптік-техникалық училищелерде, жоғарғы және орта арнаулы оқу орындарында жаңа конституцияға арналған факультативтік сабақтар мен арнаулы курстар енгізілді. Еңбек ұжымдарында Жаңа конституцияның негізгі қағидаларына байланысты айына бір рет сабақ өткізу қажеттігі айтылды. Мемлекеттік мекемелерге арналған салтанаттарда Ту мен Елтаңбаның болуы, Әнұранның орындалуы, Қазақстан Республикасының Рәміздерін көрнекі үгіт және бұқаралық баспасөз арқылы насихаттауға байланысты іс-шаралар қолға алынды. Облыс әкімінің атаулы степендиясының тағайындалуы шығармашылық жұмыспен айналысатын зиялылар өкілдері мен студент жастарға ғылымдар, мәдениет пен өнерде, спортта үлкен табысқа жетелейтін жол ашылды. Мәселен, Бозова Жамал самбо күресі бойынша халықаралық жарыстардың бірнеше дүркін жүлдегері атанса, Ен Ирина студенттер фестивалінің жүлдегері ретінде Қазақстанның жаңа астанасы Ақмолада Өткен республика жастарының форумына қатынасты, Зәкіров Қайырбай Алматыда өзінің шығармашылық туындысына арналған жеке көрмесін өткізді, Төлепова Зухра республикалық жастар сыйлығының лауреаты болды. Өтемісов Жеңіске республикадағы еңбегі сіңген қызметкер атағы берілді. Белгілі жазушы Қомшабай Сүйенішев халықаралық «Алаш» сыйлығын иеленді. Сондай-ақ Қорқытты ашушылар Л.С.Сапожникова мен Ш. Серікбаев еңбектері жанып елеулі табысқа жетті. Өкінішке орай, 1995 жылы облыстық әлеуметтік-экономикалық жағдай нашарлап, дағдарысты ахуал процестері жалғаса берді. Мәселен, өнеркәсіп өндірісінің көлемі жыл ішінде 19,6 процент, тұтыну тауарлары бойынша 62 процент құрады, ал кәсіпорындардың үштен екісі бұрынғы деңгейге жете алмады. Құрылысқа жұмсалатын күрделі қаржы 18,5 процентке, тұрғын үйлерді пайдалануға беру – 35 процентке қысқарды. Көлік тасымалы күрт азайып, байланыс саласының тұрақты жұмыс істеуі, бұрынғыдан да нашарлай түсті. Кәсіпорындардың 42 проценттен астамы жылды шығынмен аяқтады. Облыстың ауылшаруашылығы үлкен күйзеліске ұшырады. 1995 жылы облыс бойынша 4,5 миллиард теңгенің өнімі өндірілгенімен бұрынғы жылдармен салыстырғанда оның көлемі екі есе кеміп кетті. Әсіресе, егістік жердің құнары жылдан-жылға төмендей берді. Суармалы егіс алқабының 86 мың гектары сортаң тартып, 45 мың гектар жер айналымнан шығып қалды. Сол сияқты мал жайылымдарының 9 млн гектар суландырылған жердің 3 млн гектары пайдалануға жарамды. Оның үстіне жекешелендіруге жеңіл-желпі көзқарастың салдарынан көптеген шаруа қожалықтары тарап кетті. Бұрынғы қоғамдық шаруашылықтар негізінде құрылған кәсіпорындарда ірі қара мал – 44, қой – 22,8, жылқы – 20,5, түйе – 11,8 процентке азайды. Облыс бойынша әр жүз сиырдан 35 бұзаудан алынды. Жалпы осындай қиыншылық жағдайға қарамастан Жалағаш ауданындағы «Ақбарық» жеке шаруашылығы, Қармақшы ауданындағы «ІІІ Интернационал», Тереңөзек ауданындағы «Шаған серістестігінің нарыққа бейімділігі байқалды. Мәселен «Шаған» серіктестігінің төрағасы К.Дәдікбаевтың мәлімдемесі бойынша бұл шаруашылықта меншік түрі өзгеріп, реформалардың жүруі арқасында 1995 жылы 88 мың центнер күріш, 1500 центер бидай, 4500 центнер сүт өндіріліп, жылды 3 млн теңгемен қорытындылаған. Нәтижесінде жанар-жағар майға, электр қуатына, қосалқы бөлшектерге алған несиелері мен бюджетке берешектерінен құтылған, тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған жұмыстар атқарған. Сонымен қатар агроөнеркәсіп кешенінде экономикалық және жер жөніндегі реформаларды жүргізуде бұрынғы өндіріс құрылымы мен басқару тәсілі де әлі де болса сақталғандығы, жердің, мүліктің нақтылы меншік иесі қалыптаспағандығы байқалды. Осындай қиын кезеңде Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1996 – 1998 жылдарға арналған реформалары тереңдету жөніндегі шараларын жүзеге асыру үшін ауқымды жұмыстар жүргізуге кең жол ашылды. Мемлекеттің бұл құжатын басшылыққа ала отырып «Қызылорда облысы әкімінің 1996 – 1998 жылдары реформаларды тереңдету жөніндегі бағдарламасы» қабылданды. Онда макроэкономикалық салалардағы қол жеткен нәтижелерді тұрақтандыру және құрылымдық-институтты қайта құруды, өндірістің құлдырауын тоқтатып, одан кейін экономиканы, оның негізінде халықтың тұрмыс деңгейін көтеруді қамтамасыз ету көзделген-ді. Облыста орта мерзімді бағдарламаға сәйкес реформаны тереңдету жұмыстары өзінің жалғасын таба бастады. Меншік қатынастарын жаңарту, жеке сектордың қалыптасуы мен дамуы, бәсекелес ортаның жаңарты, жеке сектордың қалыптасуы мен дамуы, бәсекелес ортаның құрылуы, нарықтық инфроқұрылымның қалыптасуы, тауар өндірушілердің әлемдік нарық жағдайына бейімделуі, басым бағыттағы өдірістің дамуы және шетел капиталын келтірудің жаңа үлгілері мен жолдарын іздестіру процестері басталды. Нәтижесінде 1996 жылы инфляцияның деңгейі оның алдындағы жылмен салыстырғанда 40 процентке төмендеп, өнеркәсіп өнімінің көлемі 41,6 процентке артты. Әлеуметтік-экономикалық ахуалын жөндеу үшін бағалы қағаздар рыногын қалыптастыру жұмысы қолға алынды. Муниципалдық облигациялар шығарылып, облыстың «Инвестиция – газ» есептік міндеттемелер таратылды. Облыста жер реформасы, әлеуметтік саясатты жүзеге асыру жөнінде шаралар қолданыла бастады. 1996 жылы жерді өмірлік пайдалануға 62,2 мың мемлекеттік актілер, жер үлесіне құқы туралы 114 мың куәлік ресімделіп, иелеріне тапсырылды. Кәсіпкерлердің дамуын қолдау шараларының барысында шағын және орта бизнес кәсіпорындарының сан жағынан өсуі байқала бастады. 1997 жылдың басында экономиканың жеке секторы кәсіпорындары 4025-ке жетті. Оның ішінде 100 өнеркәсіптік, 1182 ауылшаруашылығы, 81 құрылыс бағытында болып, оларда қызмет етуші адам саны 32 мыңға жетті. Олардың шығарған өнімдері 4887 мың теңгеге бағаланды. Осындай жұмыстардың нәтижесінде облыстың халық шаруашылығында мемлекеттік сектор тек 15,3 процент болып, ал мемлекеттік емес сектор – 85,7 процентін құрады. Экономика мен есеп, салық пен қаржы жүйесіндегі мамандар қала, ауыл, аудан басшылары мен облыс басқармалары бюджетті қорландыруға бағытталған біраз жұмыстар атқарды. Нәтижесінде облыста бюджет кірісінің болжамдық мөлшері 121,8 процентке орындалды. 1996 жылы өндіріс өнімінің көлемі оның алдындағы жылдық деңгейімен салыстырғанда 141,6 процентке көтерілсе, бағаның өсу қарқыны 22 процентке шектелді. Осы мерзімде күріштің әр гектарынан жиналған өнім 11 центнерге артты, мал шаруашылығынан алынған төл республика бойынша әлдеқайда жоғары болды. Жалақы, зейнетақы және жәрдемақының мерзімінде берілуі кейбір жерлерде қалыпқа түсе бастады. Дегенмен әлі де облыстың әлеуметтік-экономикалық жағдайы толық тұрақтандырылмады. Жыл қорытындысы бойынша өнеркәсіп кәсіпорындарының 47 проценті өндіріс көлемін төмендетті. «Тоқылмайтын маталар фабрикасы», «Балық», «Шалқия кен басқармасы» акционерлік қоғамдары жыл бойы өнім өндірмеді. «Жайна», «Ісмер» акционерлік қоғамдары, «Дәулет» ұжымдық кәсіпорын, Арал электротехникалық заводы ұзақ іркілістерімен жұмыс істеп, өндірістің құлдырауына жол берді. Облысымызда экономика және әлеуметтік мәселелер мен қатар денсаулық сақтау, рухани-мәдениет салаларына да баса көңіл аударылды. Қазақстан Республикасы Президентінің «Азаматтарды медициналық сақтандыру туралы» жарлығына сәйкес республикалық сақтандыру қорының Қызылорда облыстық бөлімшесі құрылды. Облыс тұрғындарының әлеуметтік-тұрмыстық және медициналық сақтандыру қорының облыстық бөлімшесінің жұмысына нақты көмек көрсету үшін 1995 жылдың наурызында Қазақстан Республикасы Премьер министрінің сол кездегі орынбасары Иманғали Нұрғалиұлы Тасмағамбетов келіп, облыс активінің кеңесін өткізді. Оны облыс әкімі Б. Сапарбаев ашып, денсаулық сақтау басқармасының міндетті медициналық сақтау қорының облыстық бөлімшесінің, қала және аудан басшыларының хабарламалары тыңдалып, оларға нақты тапсырмалар берілді. Сыр елінің әлеуметтік саяси өміріндегі елеулі оқиғалардың бірі Қызылорда педагогикалық институты Қорқыт ата атындағы гуманитарлық университеті, агроөнеркәсіп өндірісі инженерлер институты Ы. Жақаев атындағы Қызылорда политехникалық институты болып қайта құрылды. Бұл оқу орындарын биология ғылымдарының докторы, профессор Қ.А.Бисенов басқарды. Облыс жұртшылығы Қызылорда политехникалық институтының құрылғанына 20 жыл толуын салтанатты жағдайда атап өтті. Облыс және қала әкімдері шешімдерімен Қызылорда қаласының 180 жылдығына (1818 – 1998) Қызылорда облысының құрылғанына 60 жыл толуына байланысты (1938 – 1998) дайындық жұмыстарын жүргізуге бағытталған құжаттар қабылданды. Осы мереке қарсаңында Қызылорда қаласы мен облыс елді мекендерінде 1996 – 1998 жылдары реформалар тереңдету арқылы тұрғындардың әл-ауқатын жақсарту, құрылыс-сәулет жұмыстарын жүргізу, көркейту, көгалдандыруға арналған бағдарламалар іске асырыла бастады. 1996 жылы Республика күні қарсаңында Қызылорда қаласында Абылайханға ескерткіштің ашылу салтанатына Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев, халық жазушысы Қ.Мұхамеджанов қатысты. Президент өзінің сөзінде Қорқыт заманынан бастап Оғыз мемлекетін, одан кейін қазақ хандығының тарихын таразылай келе, Абылайханның ел, жер бірлігін сақтаудағы кемеңгерлігіне тоқтады, өз тарихымызды біліп, ата-баба аруағын сыйлаудың нақты нышаны ретінде Қазақстанның алғашқы астанасы – Қызылордада ескерткіш ашылуына байланысты ризашылығын білдірді. «Осыдан артық идеология жоқ, – деді Елбасы, – Қазақстанды дүние жүзіне танытқан ұлттардың ынтымағы, достығы бейбіт даму жолы. Бұл біздің жеріміздің тұтастығына кепілдік береді. Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, ауызбірлікпен істесек, бүгінгі қиындық, ертеңгі байлыққа бастайды. Патриотизм керек. Тәуелсіздігімізге бес жыл толды, өмір жақсылыққа қарай бой бұрды. Бақыт дегеніміз осы». Президент осы сапарының алдында «Қызылорда арнайы экономикалық аймағын құру туралы» Жарлыққа қол қойғанын айтып Қызылордалықтарды қуантты. Ол Қызылордада АЭА-да орналасқан мекемелерде болып, әсіресе республикада қажетін өтейтін, экспортқа өнім шығаруға қабілеті бар біраз өндіріс өнеркәсіп орындарына баса назарын аударды. Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің бес жылдығы құрметіне Алматыда облыстардың өнері мен мәдениетінің күндері өткізілді. Республикада бірінші болып Астана сарайлары мен театрларында, көркем мен спорт залдарында, алаңдары мен саябақтарында Қызылорда облысының жас таланттары өнер көрсетті. Оған қатысушыларға Республика Президенті құттықтау жолдады. Байырғы Қорқыт елінің ұрпақтары астанада ұлттық өнердің шырағын жақса, одан кейін дарынды жасөспірімдер Түркия, Эстония, Ресей, Жапон, Өзбекстан мен Қырғызстан елдерінде өткен халықаралық әуездік, спорттық жарыстарға қатысып, егемен еліміздің атағын алысқа жайды. 1996 жылдың ішінде он бір адам республиканың орден, медальдарымен, Құрмет грамоталарымен және құрметті атақтарымен дәріптелсе, 125 азамат облыстың Құрмет грамотасымен марапатталды. Он кісіге облыс әкімінің арнайы степендиясы тағайындалып, бес адамға жылдың ең үздік демеушісі, журналисі жүлдесі берілді. Облыс жұртшылығы Қазақстан Республикасының тәуелсіздігінің бес жылдығын және «Желтоқсан-86» қозғалысының он жылдығын салтанатты жағдайда атап өтті. Сыр елінің түкпір-түкпірінде қалалар мен ауылдарда, еңбек ұжымдары мен оқу орындарында, мәдени ошақтары осы даңқты оқиғаларға арналған шаралар өткізілді, кітап көрмелері ашылып, ғылыми-практикалық конференциялар, қызықты кездесулер, спорт жарыстары, облыс және аудан орталықтарында салтанатты жиналыстар болып өтті.
Облыс әкімінің шешімімен Қызылорда қаласының әкімі Қызылорда арнаулы экономикалық аймақ әкімшілігі кеңесінің төрағасы болып белгілі ғалым, экономика ғылымының докторы, профессор Бақберген Сәрсенұлы Досмамбетов тағайындалды. Қызылорда арнайы экономикалық аймағы әкімшілігінің құрамы бекітіліп, оның алғашқы мәжілісі өтті. Облысымызға, оның ішінде Қызылорда АЭС халықаралық ұйымдардың, шет елдерден және Қазақстаннан келген инвесторлардың назары бірте-бірте аударыла бастады. Бұған дейін Біріккен Ұлттар Ұйымының Балалар қоры ЮНИСЕФ Арал экологиялық аймағындағы әйелдер үшін 5 млн АҚШ долларын бөліп, дәрі-дәрмекпен медициналық құралдар жеткізіп берген-ді. Халықаралық балалар қорының басшысы Кэрол Беллани ханым облысымызда болғанда ЮНИСЭФ бағдарламасының одан әрі жүргізілетінін және ауқымды түрде атқарылатынын мәлімдеді.
Қорқыт елінде құрылған арнаулы экономикалық аймағының басшылары ең алдымен Қазақстандағы құрылған АЭА-дағы әріптестерінің тәжірибелерін білуге бет бұрды. Осы мақсатпен Қостанай облысының Лисаковка қаласында алғашқылардың қатарында арнайы экономикалық аймақтың жұмысымен танысу қажеттігі туды. Лисаковск АЭА әкімшілігі кеңесінің бірінші орынбасары О.Х.Айдосов басқарған құрамында бірнеше мамандары бар делегация Қызылордаға шақырылып, олармен көптеген кездесулер өткізілді, керекті құжаттар жасалынып, өздерінің әріптестеріне бұл жұмыстың қиыншылықтары мен ерекшеліктерін баяндап берді. Бұдан кейін Қызылорда қаласының делегациясы Лисаковск АЭА-да болып, ондағы атқарылып жатқан жұмыстарды өз көздерімен көріп қайтты. Байырғы Қорқыт елінің табиғи байлығы, Қызылорда арнайы экономикалық аймағының құрылушы шет елдіктердің назарын аударды. Облысымыздың ең ірі өндіріс мекемесі «Оңтүстікмұнайгаз» акционерлік қоғамының мемлекеттік пакет акцияларын Канадалық «Харрикейн Хидрокорьанс ЛТД» компаниясы иеленді. Акционерлердің төтенше жиналысында бұл компанияның Президенті Джон Комарники «Оңтүстікмұнайгаз» акционерлік қоғамының акциялары үшін 120 млн АҚШ долларын жұмсағанын айтты. Бұған қосымша өндірісті дамытуға 280 млн доллар жұмсалатынын, осының негізінде өндіріс көлемі ұлғайтылып пайданың жаңа көзіне жол ашатынын мәлімдеді. Облыс әкімі Республика Премьер министрі Ә. Қажыгелдин бастаған мемлекеттік делегация құрамында Жапонияға барған ресми сапарынан кейін Арал теңізі аймағындағы мұнай-газ қорын игеру, ауызсу тазартқыштар орнату, аудандарда ирригациялық құрылыстарды салу және қалпына келтіру, Атырау-Құмкөл-Токио сияқты мұнай құбыры желісін жүргізуге байланысты күрделі жұмыстар атқаруға мүмкіншілік жасалынды. Жапон ұлттық мұнай корпорация Президенті Кунис Комацуды мырзаның мәлімдемесіне қарағанда олар Арал теңізі аймағында ақысыз негізде геологиялық және геофизикалық жұмыстар жүргізіп, 11 мың шаршы километрден астам жерді зерттеуден өткізген. Осылайша екі жақ тарапынан қол жеткен келісімге сәйкес жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде 1997 жылғы 24 ақпанда «Арал аймағы қазақстандық бөлігінің пайдалы қазбалар кен орнын игеру туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы дүниеге келді. Соңғы кезде Сыр еліне халықаралық ұйымдардың беті бұрылып, олар өз тарапынан қамқорлық жасауды қолға алды. 1977 жылғы наурыз айында облысымызға келген Біріккен Ұлттар Ұйымының Қазақстандағы тұрақты өкілі Х. Берстон және дүниежүзілік банктің тұрақты өкілі Д. Перс мырзалар іскерлік байланыс ниетіндегі хаттамаға облыс әкімімен бірге қол қойды. Қорқыт заманынан бері келе жатқан ұлы мереке – «Наурыз мейрамы» қарсаңында іссапармен келген мәртебелі қонақтар Арал, Қазалы аудандары мен Қызылорда арнайы экономикалық аймағандағы шаруашылықтар мен өндіріс орындарының жұмыстарымен кеңінен танысып, облыс орталығындағы Наурыз мерекесіне арналған салтанатқа қатынасты. Осы бастаманың негізінде 9 сәуірде Алматыда БҰҰ-ның өкілетті үйінде халықаралық ұйымдары басшылары мен облыс әкімі қол қойған Арал теңізі аймағындағы өзара ынтымақтастықтың қызметі бойынша келісім құжат қабылданды.
Қызылордада құрылған экономикалық даму орталығы бұрын жұмыс істеп келген және келешекте ашылатын барлық шетелдік ұйымдар, атап айтқанда ЦПП, ЮНИСЕФ, Дүниежүзілік банк, ПРОНН, ЮСАИД өкілдері тұрақты қызмет істейтін орынға айналды. Олардың атқарған жұмыстарының арқасында көптеген бағдарламалар өмірге келді.
Облыстық әйелдер кеңесінің бастамасымен (төрайым Г.А.Алтынбекова) «Арал аймағындағы әйелдер және бизнес» бағдарламасына сәйкес БҰҰ-ның жобаларды қолдау орталығына Қызылордалық 115 әйелдің бизнес-жоспарлары түсті. Олардың сексеннен астамы негізгі уақыттарын қозғалыс бойынша жасақталған топтарда ағылшын тілін үйренуге пайдаланды. Өздерінің бизнес жоспарларын қорғау нәтижесінде жеті кәсіпкерге ресми рұқсат беріліп, оларға 17054 АҚШ доллары көлемінде шағын несие бөлінді. Қызылорда арнайы экономикалық аймағы кәсіпкерлер мен филиалдардың, орта және кіші бизнестің жұмыстарына тың серпіліс берді. Мәселен, 1997 жылдың наурыз айынан бастап «Айдан» фирмасының ықпалымен Қызылордадағы көптен бері тұрған өндіріс орны – тоқылмайтын маталар фабрикасы өнім бере бастады. Сондай-ақ аяқ киім фабрикасы, «Сейхұн» акционерлік қоғамдарында да игі істер басталды. Облысымыздағы Т. Кенжебаев, Ә. Жанзақов, Қ. Нақыпов тәрізді кәсіпкерлікті дамытуда жақсы істермен көзге түскен, іскер жігіттер көптеген өндіріс пен мәдениет орындарына қолдау көрсетті. Шетел инвесторларын, республика мен облыстағы кәсіпкерлер мен фирмаларды, облыстық әлеуметтік-экономикалық дамуына қатыстыруға 1997 жылғы маусым айында өткізілген Қызылорда арнайы экономикалық аймағы тұсаукесерінің маңызы өте зор. 1996 жылы агроөнеркәсіп кешеніндегі шұғыл қолға алынған реформа қиыншылықтарға қарамастан межелі жерге жетті. 1996 жылы өткен жылмен салыстырғанда түліктің барлық түрінен төл басы өсті. Облыс бойынша күріштің әр гектарынан 12,2 центнерден өнім артық өндіріліп, орта есеппен 38 центнерден дән жиналды. Әсіресе Жалағаш, Тереңөзек және Қазалы аудандары үлкен табысқа жетті. «Алтын дән-96» мерекесінде Жалағаш ауданы жеңімпаз аталды. Шаруашылық арасында жыл жеңімпаздары болып «Мәдениет» өндірістік кооперативі мен ІІІ Интернационал ұжымдық шаруашылығы жарияланып, олардың төрағалары Н.Жолдасбаев пен В.Гейдаров салтанатты жағдайда марапатталынды. Ауыл шаруашылығы салалары бойынша көптеген азаматтар жыл озаттары атанды. 1997 жылдың наурызында өтпелі кезеңнің қиындығын ескере отырып, көктемгі егіс жұмыстары басталар алдында Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Ж.С.Кәрібжанов оңтүстік облыстарға арнаулы сапармен келді. Ол облысымыздың Жаңақорған, Шиелі, Сырдария аудандарының шаруашылықтарын аралап, облыс әкімшілігінде өткізген арнайы кеңесте сапардағы көрген-білгендерін ортаға салды. Премьер-министр орынбасарының айтуынша ауылшаруашылығын реформалау бағытында көптеген жұмыстар жүргізілгені, бірқатар реформалау бағытында көптеген жұмыстар жүргізілгені, бірқатар шаруашылықтардың аттары өзгергеніне қарамастан, мазмұны бұрынғы күйінде қалғаны жиналғандардың назарын аударды, мамандардың реформаға қатысты қарапайым мәселелерді біле бермейтіндігі туралы айтты. Әсіресе, бөлініп кеткен шаруашылықтарда олардың күш-қуаты бөлшектеніп, техниканы жөндеу, су жолдарын әзірлеу, тұқым тазалау, егіншілерді жасақтау жұмыстарының төмен екендігі туралы мәселелерге тоқталып, оларды игеру үшін тиімді жолдар қарастыру қажеттігін және практикалық көмек берілетінін айтты. Республика Президенті мен Үкіметінің жарлықтарын, шешімдерін жүзеге асыруда құқық қорғау және қадағалау органдарының жауапкершілігі арттырылды. Өкінішке орай, облыстағы қылмыс және құқық бұзушылық жағдайы 1995 жылмен салыстырғанда 18 процентке өсті. Жасалынған қылмыстардың жартысынан астамы ауыр қылмыстар саналып, ал олардың 80 процентке жуығы ашылмады. Бұл мәселелер облыс құқық қорғау және қадағалау органдары өкілдерінің кеңейтілген кеңесінде арнайы талқыланды. Оған Қазақстан Республикасы Мемлекеттік тергеу комитетінің сол кездегі төрағасы генерал-полковник Ж. Тұяқбаев, Қазақстан Республикасы Кеден комитетінің төрағасы Ғ. Қасымов, Республика Бас прокурорының орынбасары С. Оңғарбаев, Республика Ішкі Істер министрінің орынбасары Б. Байжасаров қатысты. Кеңесте облыс әкімі Б. Сапарбаевтың баяндамасы тыңдалып, талқыланғаннан кейін нақты іс-шаралар қабылданды. МГК облыстық басқармасының бастығы болып Т. Рахимов тағайындалды. Облыстағы азаматтарға зейнетақы мен жалақыны уақытында төлеуді бақылау жұмысы тұрақты түрде қолға алынды. Республика, облыс, қала және аудан әкімдіктері жанында құрылған оперативтік топтар бұл жұмысты қатаң бақылауға алды, шара қолданбаған басшылар қызметтерінен босатылды. Нарықтық қатынастарды қалыптастыратын реформаларды тереңдетіп, құқықтық мемлекет құруға бағытталған жұмыстармен қатар облыста демократиялық процестер мен жариялылық кеңінен өрістей бастады. Облыс әкімі, облыстық кәсіподақтар бірлестіктері, облыстық жұмыс берушілер одақтары арасындағы 1997 жылға арналған келісімшартқа қол қойылды. Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерімен кездесулер өткізу тұрақтылыққа айналды. Қызылорда арнайы экономикалық аймағының құрылуына байланысты оның ақпарат құралы «Ақмешіт ақшамы» апталық газетінің бірінші саны 1997 жылдың 22 наурызында жарық көрді. Облыстық мәслихаттың сессияларында әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері тұрақты түрде қаралып тұрды. Қоғамдық ұйымдар мен саяси партиялардың, әсіресе ардагерлер мен әйелдер кеңесінің, ұлттық-мәдени орталықтары мен облыстық ассамблеяның жұмыстары жандана түсті. Нарықтық қатынастарды қалыптастыру кезеңінде, экономикалық реформаларды тереңдету мақсатында кейбір аудандарды біріктіріп, кадрлар өзгертуге тура келді. Сол мақсаттарда Сырдария мен Тереңөзек аудандары біріктірілді. Қолдарынан іс келмейтін әкімдер мен кадрлар тағайындалды. Жаңақорған және Қазалы аудандарының әкімдері болып С. Мырзабеков және Б. Пұсырманов бекітілді. Облыс, қала және аудан әкімшіліктерінде үлкен өзгерістер болып, көптеген аппарат қызметкерлері қысқартылды. Әлі де болса мемлекет қызметкерлері арасында жастары ұлғайған, қолдарынан іс келмейтін және жаңалықтарды мейлінше қабылдай алмайтын кадрлардан арылу жұмыстары баяу жүргізілу байқалады. Сол себептерден жергілікті жерлерде реформаларды тереңдету процестерін алға жылжыту және әлеуметтік-экономикалық дамуда өзгерістер болу үшін кадрларға қатаң талап қойыла бастады. Әсіресе зейнетақы реформаларын жүргізу, жарналарды жинап қарыздарды төлеуге қатаң бақылау жасау қажеттігі туды. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен 1997 жыл «Жалпыұлттық татулық және қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы» деп жарияланды. Республика аймақтары және қоғамдық бірлестіктердің тілектерін ескере отырып 31 мамыр – саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні деп белгіленді. Облыс әкімінің шешімімен Жалпыұлттық татулық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алудың негізгі бағдарламасы қаралып, олар іске асырылды. Бұл көкейкесті әлеуметтік-саяси мәселелер бойынша тұрақты жұмыс істейтін «Дөңгелек столы» құрылып, онда атқарушы және өкілетті органдар, саяси партиялар, қоғамдық бірлестіктер, ұлттық-мәдени орталықтар өкілдері қатысып, пікір айтатын орынға айналды. Бұқаралық ақпарат құралдары арқылы Жалпыұлттық татулық тақырыбына материалдар жарияланып, саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған мақалалар жарық көрді. Атап айтқанда, аса көрнекті мемлекет қайраткері Сыр елінің перзенті Мұстафа Шоқайға арналған шаралар іске асты. Облыс әкімінің шешімімен 1997 жыл Мұстафа Шоқай жылы деп жарияланды. Мұстафа Шоқайдың туған жері – Сырдария ауданында да біршама жұмыстар атқарылды. Оның атында құрылған қордың бастамасымен М.Шоқайдың туған ауылында ескерткіш-мүсіні орнатылып, даңқты жерлестеріне бағышталып ас берілді. Облыс және аудан жұртшылығы өкілдері арнайы сапармен Алмания және Түркия елдерінде болып, М. Шоқайдың сүйегін туған жері Сыр бойына, атап айтқанда Түркістанға Ахмет Иассауидің кесенесі жанына қою туралы мәселе көтерді. Түркияның Ыстамбұл қаласында 1997 жылы наурызда өткен дүниежүзі қазақтары қауымдастығының кіші құрылтайында бұл мәселе қолдау тапты. Жалпыұлттық татулық және саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылында қиын-қыстау кезеңде өздеріне Қазақстанда және оның Сыр бойындағы аймағында бұрыннан орнығып келген саяси тыныштық пен халықтардың достығы одан әрі нығая түсті. Кеңес империясы кезеңінде облысымызға жер аударылған корейлер, шешендер мен ингуштар мескет-түріктері және басқа халықтардың өкілдері қазақ халқына, Сыр елі жұртшылығына өздерінің ризашылығын білдірді. Облыста көптеген ұлттық-мәдени орталықтар құрылып, мемлекет және қоғамдық ұйымдар тарапынан олардың әлеуметтік-саяси өміріне байланысты мәселелер шешімін таба бастады. Қызылордада «Сабалаққұм» деген жерде саяси қуғын-сүргін құрбандарына ескерткіш орнатылды. Қазақстан Республикасының прокуроры Сүлеймен Есқараевтың мерейтойы өткізіліп, туған жерінде ас берілді. Қазақ халқының ХХ ғасырдағы ұлы жазушысы, ғалым, академик, көрнекті қоғам қайраткері Мұхтар Әуезовтың 100 жылдығы Сыр елінде кеңінен аталып өтті. Ұлы суреткердің мерейтойы ЮНИСЕФ шеңберінде дүниежүзінде аталынып, оның егеменді еліміздің жұртшылығы ұлтымыз үшін рухани олқылығымызды толтыруға септігін тигізетін, Абай мен Жамбылдың бұған дейін болған тойларының жалғасы деп білді. Облыс және қала әкімдері Ақмешіттің 180 жылдығына дайындық барысында Қызылорданы көркейту, көгалдандыру жұмыстары қолға алынды. Облыс орталығында 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысының жетекшісі Амангелді Имановқа ескерткіш ашылды. Қазақстанда бүкіл ТМД елдерінің арасында алғашқы рет ұйымдастырылған облыстың Қызылорда арнайы экономикалық аймағының тұсаукесері Сыр елінің әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталған аса елеулі тарихи оқиға болды. 1997 жылдың 17 – 28 маусымында Қызылорда қаласында презентацияға 556 адам шақырылды. Оған он жеті мемлекеттің Қазақстандағы елшілері және он бес халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты. Сондай-ақ Қазақстан Республикасы министрліктері мен комитеттерінен, ғылым орталықтарынан, Алматы, Шымкент, Жамбыл, Ақтөбе және басқа аймақтардан арнайы өкілдер қатысты. Презентация кезінде шетелдік елшілер мен ұйымдарға облыстың Қызылорда АЭА жағдайымен танысуға мол мүмкіншілік жасалынды. Н. Бекежанов атындағы театрда болған мәжілісте облыс әкімі Б. Сапарбаев облыстың экономикалық және әлеуметтік жағдайы, аймақтың экологиялық ахуалы, табиғи қазына, оны игерудегі алғашқы қадамдар, инвестиция тарту бағытында баяндама жасады. Қызылорда арнайы экономикалық аймағының донорлар қауымдастығы тарапынан келешек шетелдік және басқа инвестиция үшін пайдалы өңір екендігі және бұл өлкенің потенциалын айшықтап, қаншалықты күш-жігер жұмсалғандығы туралы баяндама жасағандар Қазақстан Республикасы экология және табиғи қорлар министрінің орынбасары Қ.С.Байешев, энергетика және табиғи қорлар министрінің орынбасары С.Ж.Даукеев, мемлекеттік инвестиция комитетінің атқарушы директоры С.М.Қанапянов, Қызылорда қаласының әкімі, арнайы экономикалық аймақ әкімшілік Кеңесінің төрағасы Б.С.Досмамбетов, «Харрикейн Хайдрокарбонс ЛТД» фирмасының президенті Джон Комерники және басқа басшылар мен мамандар еді. Тұсаукесердің нәтижесі мен Сыр елінің әлеуметтік-экономикалық дамуының болашағы туралы сөз сөйлегендердің ішінде Біріккен Ұлттар Ұйымының Қазақстандағы тұрақты өкілі Д. Пиэрс, Индия елшілігінің кеңесшісі С. Джейн және басқа мәртебелі мырзалар өз пікірлерін ортаға салды. Презентация арнайы ұйымдастырылған орталық алаңдағы және Н. Бекежанов атындағы театрдағы кәсіпкерлік фирмалары мен өнеркәсіп орындары шығарған өнімдер көрмесіне келген қонақтарға әсері мол болды. Тұсаукесер кезінде Қазақстанда тұңғыш рет экономикалық даму орталығы ашылды, өзара ынтымақтастық, іскерлік байланысты бағдарлайтын, мемерандумға облыс әкімі, шетел мемлекеттерінің елшілері, халықаралық ұйымдардың басшылары қол қойды. Сөйтіп, Қызылорда облысы сонау Қорқыт заманынан бері келе жатқан ауызбіршілік пен ұлтымызға тән ұстамдылық қасиетін бұзбай нарықтық қатынастарды қалыптастыру мен реформаларды тереңдету жолына бетбұрыс жасауда. Сыр өңірі жұртшылығы жалпыұлттық келісім және халықтар достығын нығайту жағдайында Ақмешіттің 180 жылдығының дайындығы кезінде егемен еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі мол болды.
АҚМЕШІТ – ҚАЗАҚСТАННЫҢ АЛҒАШҚЫ АСТАНАСЫ
1920 жылы құрылған Қазақ АССР-і құрамына Орал, Орынбор, Қостанай, Ақтөбе, Бөкей, Ақмола, Семей және Адай аудандары, олардың ішінде Перовск (бұрынғы Ақмешіт) және Қазалы уездері Түркістан АССР-і құрамында қалатын болатын. Орта Азияның ұлттық-территориялық шекарасын мәжелеу туралы мәселе 1924жылдан бастап талдана бастады. Сол жылы 12 мамырда Өзбек, Түркмен, кейінірек, Тәжік Республикалары Түркістан АССР-нан кейін жеке отау тікті, ал оның құрамындағы қазақ аудандары Қырғыз (Қазақ) АССР-ның құрамына қосылды. Сонымен Орта Азияны бөлу нәтижесінде Қазақстанға Қазалы, Ақмешіт, Түркістан, Шымкент уездері, Әулиеата уезінің бірқатар бөлігі, Сырдария облысының Ташкент және Мырзашөл уездерінің бір бөлігі, Самарқанд және Жизақ облыстарының алты көшпелі болысы қарады. Жетісу облысынан Алматы, Жаркент, Лепсі, Қапал уездері, Бішкек уезінен Георгиев, Шу, Қарақұм, облыстары келіп қосылды. Осының нәтижесінде Қазақстан территориясы 700 мың шаршы шақырымға, халқы 523 мың адамға жетті. 1926 жылы санақ бойынша қазақтар тұңғыш рет республика халқының 61,3 процентін құрады. Қазақ жерінің бірігуі біртұтас мемлекет құру және Қазақстан астанасын Орынбордан көшіру міндетін алға қойды. Осы мәселе бойынша құрылған арнаулы комиссия астана ретінде Ақтөбе, Ақмола, Шымкент, Әулиеата, Ақмешіт қалаларын атады. Бірінші Сырдария губерниялық партия конференциясында Қазақстан астанасы ретінде Ташкент қаласы болсын деген ұсыныстар басым болды. Республиканың астанасына Ақмешіт қаласы ұсынылғанда ең басты дәлел ретінде онда қазақтардың көп тұратыны тілге тиек болды. Орынбор-Ташкент теміржолының бойында және Ақмешіттің болашағы үлкен үміт күттіретін суармалы егістің орталығында орналасуы қатты ескерілді. Ғасырлары бойы Қоқан және Хорезм хандықтарының езгісіне қарсы күрес жүргізген. Ресей империясының зорлық-зомбылығына амалсыздан көнген Сырдария қазақтары республика астанасының Орынбордан Ақмешітке көшірілуін үлкен қуаныш сезіммен қарсы алды, олар бұл ауқымды өлкенің экономикалық және әлеуметтік даму жағынан жаңа сипатты өзгерістерге ие болатынына үміт артты. Түркі әлемінде Сырдария бойында көркейіп күшейген Оғыз мемлекетінің тарихын ескерсек, Қорқыт атаның жер кіндігі деп атаған Байқоңырдан Желмаясына мініп алып дүние жүзін аралап, артына өлмес мұра қалдарған, халқының мүддесін қорғап, оған пана болатын Жерұйықты табамын деп Сыр бойына келген Асан қайғының «әр шеңгелдің түбінде бір асым ет бар» деген қанатты сөздеріне қарағанда Ақмешіттің Қазақстанның алғашқы астанасы болуы тегін емес деп айтуға болады. Сонымен Перовск теміржол станциясы жұмысшыларының тілегі бойынша Қазақстан үкіметін Орынбордан Ақмешітке көшіру үшін «Қызыл паровоз» жасақталды. Қазақ АССР Кеңестері V съезінің делегаттары бар үкімет поезы Орынбордан республиканың жаңа астанасы Ақмешітке 1925 жылдың наурыз айының аяғында аттанды. Съезд делегеттарының ішінде Иса Байзақов, Әміре Қашаубаев, Сәбит Мұқанов, Қажымұқан Мұңайтпасов болатын. Олармен бірге қазақ әндерін жинаушы, әрі зерттеуші Александр Владимирович Затаевич Қазақ АССР Кеңестерінің V съезі делегаты ретінде республиканың жаңа астанасы Ақмешітке бірінші рет келді. Республиканың жаңа астанасы Ақмешітте ашылатын Қазақ АССР-і Кеңесінің V съезіне Қарақалпақ автономиялы облысынан қырық адамнан тұратын делегация сайланды. Олардың ішінде А. Досназаров, И. Бейімбетов, Қ. Әуезов, Ж. Аташев, Ө. Бейімбетов, А. Ерманов, Ә. Құдабаев, Е. Қожұров, Д. Құрбанаев, Т. Нәпесов, А. Әйтешов, Т. Низаматдинов және басқа делегеттар болатын. Қарақалпақ делегаттарының бірі Әбу Ержанұлы Құдабаев Ақмешіт қаласына жақын Сырдария өзенінің батыс жағасындағы «Қызыл қайың» атты Қарақалпақ ауылында 1898 жылы туған жерлесіміз болатын. 1921 – 1922 жылдары Ақмешіт уездік партия комитетінің, ал 1922 жылы Сырдария губерниялық партия комитетінің хатшысы болып сайланды. Ол 1925 жылдан Қарақалпақ автономиялы облысын құру жөніндегі ұйымдастыру комитетінің төрағасы, кейін облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметтерін атқарды. Сталиндік репрессия кезінде құрбан болды. Қызылорда облысының жұртшылығы өзінің жерлесі Әбу Құдабаевты қатты құрметтеді, бір көше мен мектепке Құдабаевтың аты берілді. Құрамында Қазақ АССР Кеңестерінің V съезі делегаттары бар үкімет поезын жол бойында Сексеуіл, Арал, Қазалы, Жосалы станцияларының жұртшылығы қарсы алып, көп адам жиналған митингілер ұйымдастырылды. Ақмешіт станциясында орасан зор митингі болып өтті. Оны Ташкенттен келген Сырдария облыстық партия комитетінің хатшысы Әбілқайыр Досов ашты. Үкімет делегациясын Қазақстанның жаңа астанасының жұршылығы қызу құттықтады. Қала жастары атынан ақын Әбілдә Тәжібаев сөз сөйледі. 1925 жылдың 15-19 сәуірінде Кеңестердің V республикалық съезі болып өтті, оған бірінші рет Сырдария және Жетісу облыстарының өкілдері қатынасты. Бұл республика еңбекшілерінің саяси белсенділігі өрлеуінің бетбұрыс кезеңі болды, қоғамдық өмірдің жаңа қатынастары қалыптаса бастады. Халықтың тарихи қазақ есімі қалпына келтірілді. Бұған дейін орыс билеушілері қазақ халқының атын бұрмалап оны қырғыз атандырып келген еді. Съезд бұдан былай Қазақ АССР астанасын Ақмешіт орнына (бұрынғы Перовск) Қызылорда қаласы деп атау жөнінде қаулы қабылдады. Үкімет есебі бойынша V съезд қабылдаған қарарда республиканың өнеркәсібен күрделі дамыту, алдағы онжылдықта теміржол және жергілікті жол қатынасын дамыту жоспары, байланыс құралдарын, көшпелі және селолық аудандарда жылжымалы почтаны, радио-телеграф жүйелерін кеңейту жобалары қуатталды, бұл мақсатта өнеркәсіпті Қазақстанның шебер жұмысшыларын қалыптастыру шаралары қабылданды. Қазақ АССР-ның жер құрылысы туралы қарарында бұрынғы патша үкіметінің жүйесіз әскери-әкімшілік саясатының зобалаңы салдарынан 29 миллион десятин шұрайлы жерлер талан-таражға салынып, мал шаруашылығының күйреуіне әкеп соққаны атап өтілді. Мал шаруашылығын тиімді ұйымдастыру мақсатында республиканың барлық жерін табиғи-тарихи және экономикалық белгілері бойынша үш ауданға бөлу дұрыс деп табылды. Біріншісі – егіншілік-мал шаруашылығы сипатындағы аудан. Мұнда мал шаруашылығы бірқалыпты дамуы тиіс. Екіншісі – мал-егін шаруашылығы сипатындағы аудан. Онда жайылымдық жер басымдығы орын алады. Үшіншісі – бірыңғай мал шаруашылығы бағыты үстемдік құратын аудан. Сонымен бірге аталған әрбір ауданның шаруашылық жүргізу жүйесі әртүрлі болуға тиіс деп есептеледі. Съезд Қазақстанға бұрынғы Түркістан республикасы губерниясы мен Қарақалпақ автономиялы облысының бірқатар аудандарының қосылуы, 1920 – 1921 жылдары бірқатар қоныс аударғандардың келуі, сондай-ақ осы кезеңде белең алған құрғақшылық салдарынан онсыз да тар жердің құрылымын қайта құру мүмкін болмай отырғанын атап өтті. Суландыру туралы қабылданған қарарда Сырдария, Амудария және Қазақстанның басқа да өзендерінің суларын іргелес жатқан республикалармен бөлуді талап ету. Осының негізінде судың шектелген мөлшеріне орай суармалы егіншілік экономикасын қалыптастыру туралы жазылды. Су шаруашылығы органдарының кадрларын даярлау, Қызылорда гидротехникумын ашуға байланысты қаржы бөлу мәселелері шешімін тапты. Өнеркәсіп пен ауылшаруашылығының дамуы, сонымен бірге республика халқының мәдени қажеттіліктерін өтеуі үкімет алдында енді халық ағарту мен денсаулық сақтау проблемасын шешуді міндет етіп қойды. 1925 жылдың сәуірінде өткен Қазақ АССР Кеңестерінің V съезі республика дамуының перспективасын айқындап, ұлтық-мемлекеттік құрылыс саласының маңызды тарихи шешімдерін қабылдады. Қазақстан тарихында Қазақ Өлкелік Комитетінің бірінші хатшысы Ф.И.Голощекин басшылық еткен кезең үлкен қасірет әкелді. Ол жаңа астанаға 1925 жылдың 12 сәуірінде келген болатын. Теміржол вокзалына аяғы тиісімен Голощекин өзін қарсы алуға келген өлкелік комитеттегі әріптестерін қазақ ауылында «Кіші октябрь» деген сойқанды жүзеге асыру ниетін сездіріп, таңқалдырды. Голощекиннің Қазақстанға келуі кездейсоқ емес еді. Профессор В. Григорьевтің пікірінше оның республика партия ұйымының бірінші басшысы қызметіне келуіне бірнеше себептер әсер еткенге ұқсайды. Біріншіден, Сталин осынау Поволжьемен, Уралмен, Батыс Сібірмен, Орта Азиямен шекаралас жатқан геосаяси жағынан маңызды аймақта өзінің ықпалын сақтап қалғысы келді. Голощекин өлкенің әлеуметтік-экономикалық құрылымын, қазақ қоғамын экономикалық, саяси, мәдени жағынан Ресеймен жақындастыруда таптырмайтын басшы еді. Қызылордаға келгенше Голощекиннің Орта Азияда қызмет еткен тәжірибесі болды. 1918 жылы Екатеринбургте патша отбасын өлтіруге қатысқан Голощекин енді қазақ интеллигенциясының қаймағын бұзып жіліктеуге кірісті. Ол ұлтаралық қатынас, туыстық қарым-қатынас, ұлттық зиялылар көзқарасы сияқты өте күрделі үш мәселені бір түйінге біріктірем деп шатасты. 1925 жылдың желтоқсанында Қызылорда V өлкелік партия конференциясы болып өтті. Өлкелік комитеттің есепті баяндамасын жасаған Голощекин делегаттар назарын Орталық Партия Комитетінің нұсқауларын Қазақстанда орындау тым оңайға соқпайтынына аударды, ол қазақ ауылында шын мәнінде кеңес өкіметі орнаған жоқ, оның есесіне туыстық және байлар үстемдігі басым деген пікір білдірді. Голощекиннің халыққа қарсы қызметінен кейінгі Қазақстандағы жағдай Л.Д.Троцкийдің 1927 жылдың басында Москвада бір топ қазақ коммунистерімен болған әңгімесінің өзегі болған. Әңгіме қорытындысында Троцкий: «Қазақ комунистері үш жілікке бөлінген, оның бірі Голощекин төңірегіне шоғырланғандар – олар жоғарының айтқанын екі етпей, кез-келген нұсқауды бұлжытпай орындайтындар, екіншісі – «солшылдар», олар да Голощекинді қолдайды, бірақ менің түсінігімше біршама «тәуелсіз» көзқарас танытушылар, үшіншісі – «оңшылдар», олардың төркіні «солшылдардан» шыққан, бірақ «оңшылдарға» жақындасып кететін кездері де болады», – деп жазды. Тағдырдың жазмышына орай Троцкий 1928 жылы Верныйға келеді. Ол Голощекиннің Қазақстанда немен айналысып жатқанын өз көзімен көреді. Троцкийдің байқауынша ұлтшылдар топтарын орталықтан басқарып, қолдау көрсететін басшылар бар секілді. Бұл жөнінде Троцкий қазақ коммунистерімен кездесуде естіп білгені еді. Олардың айтуынша Европа және қазақ коммунистері жекедара өмір сүретіні соншалық, тіпті бір-бірімен шахмат ойнамайтын да көрінеді. Л.Д.Троцкий өзінің Қазақстандағы әріптестері туралы жылы лебіздер білдірді. «Артта қалған халықтардың жас әрі қабілетті өкілдерін таптық күрес жағдайымен жақынырақ танысу үшін шетелге жіберіп алған қандай жақсы болар еді», – деп жазады Троцкий. «Әйтпесе бізде олардың санасын мемлекеттік-әкімшілік ой шырмауы билеп алған». Бұған Троцкий Қазақстанда саяси қуғында жүрген жылдары көз жеткізген болатын. Осы жағдайдың барлығы Голощекиннің ашу-ызасын туғызды. Ол өзіне пікірлес топтардың көмегімен Рысқұловты, Меңдешевті жұмыс істеу үшін Москвада қалдырды. Хожановты, Сәдуақасовты, Мыңбаевты феодал-бай құйыршықтарын қорғады деген айыппен өлкелік комитет, орталық атқару комитеті мен халық комиссарлар кеңесі құрамынан шығарды. Қазақстанда индустрияны дамыту мәселесін жедел шешу қажет болды. 1926 жылдың сәуірінде республика астанасы Қызылордада өнеркәсіпті дамыту проблемасына арналған кеңес болып өтті. Кеңес республикасының орасан зор шикізат қорын иемденіп отырғанын, сондықтан өнеркәсіп өндірісінің даму қарқынын жеделдету қажеттігін атап өтіп, пайдалы қазбалардың жаңа орындарын барлаудың шараларын белгіледі. Мемлекеттік Жоспарлау комитеті мен Қазақ АССР Халық Комиссарлары Кеңесіне Қазақстанның өнеркәсібін аудандарға бөлу, өнеркәсіптің, алғашқы кезекте түсті металлургияны ұлғайту жоспарларын жасау тапсырылды. Қазақстанды қалпына келтіру мен дамыту баяу жүріп жатты. Ең алдымен жергілікті шикізатты өңдейтін қой терісі, тоқыма, темекі, спирт, балық, ұн өндірісін қалпына келтіру қажет болды. Ауыр өнеркәсіп қатарынан алғашқы кезекте мұнай, алтын өндіру кәсіпшіліктері қалпына келтірілді. Мұнай және алтын кен орындарын игеру республика мүддесіне сай келмеді, ол елдің мұнай өнімдері мен валютаға деген сұранысын қамтамасыз етуді көздеді. Мұнайлы Ембіні қалпына келтіру мен дамыту өте қиын жағдайда жүргізілді. Кәсіпшілікке құрылыс материалдары, жабдықтар керуенмен жеткізіліп, алынған мұнай осындай жолмен тасымалданды. Гурьевті Доссор, Мақат, Ембімұнай кәсіпшіліктермен жалғастырған тар шеңберлі жол салынумен сенімді қатынас қозғалысы пайда болды. Әсіресе, Қарсақпай мыс қорыту комбинаты өте қиын жағдайда салынды, ол теміржолдан жүздеген шақырым қашықтықта меңіреу далада орналасқан еді. Ең жақын деген Жосалы станциясының өзі 370 шақырым қашықтықта орналасқан болатын. Қарсақпай комбинатының құрылысына арналған жүктер Жосалы станциясына келіп түсіп, онан әрі түйе, ат-өгіздерге, кей жағдайда автокөліктерге тиеліп Қарсақпайға жөнелтілетін. Қысқы борасын, көктем мен күзгі ауа райының құбылмалы кезеңінде жол байланысы үзіліп, комбинат жұмысын тұралатып тастайтын. Осынау ауыр жолдың бойында керуеннің тынығуы үшін 18 бекет орналастырылды. Қарсақпайға дейін керуен жеті күн жүретін. Қарсақпай мыс қорыту комбинатын қалпына келтіру тарихы Жосалы механикалық зауытын салумен тығыз байланысты. Мыс қорыту комбинатын қалпына келтіру мен Жосалы механикалық зауытын салу үшін мемлекет бар болғаны 10500 мың сом бөлді. Оның 3970 мың сомы 1925 – 1926 жылдары бөлінген болатын. Ең басты назар тұрғын үй мен жол құрылысын салуға жұмылдырылды. Жосалы станциясында жаңа гараж, механикалық шеберхана құрылысы басталды. «Атбасарцемент» тресінің бас геологы, инженер Қ.И.Сәтбаевтың бастамасы бойынша Жосалы станциясыда 300 – 350 автокөлігі бар ірі автобаза құрылысы басталды. Жезқазған-Қарсақпай-Байқоңыр тар шеңберлі теміржол желісі қалпына келтіріліп, ол зауытты кенішпен және көмір кен орнымен жалғастырды. 1926 жылы Қарсақпай электр станциясы іске қосылып, 1927 жылы мыс өндіру басталды, ал 1928 жылдың қараша айында алғашқы мыс өндірілді. Осынау үлкен істің жүзеге асуына Жосалы станциясы мен Жосалы механикалық зауытының ықпалы ерекше болды. Республика астанасының Қызылордада болған кезінде «Түркістан-Сібір теміржол салу туралы» қаулы қабылданды. Қазақ АССР Кеңестерінің VІ съезі қабылдаған қаулыда бай өлкенің табиғат байлықтарын жедел игеруге, орта азиялық республикаларды Қазақстанның және Сібірдің арзан астығымен қамтамасыз етуге мүмкіндік жасаған Трассібір магистралінің Қазақстан мен Орта Азия үшін экономикалық және саяси маңыздылығы атап өтілді. Кеңестер съезінің қаулысында жазылғанындай, Түркістан-Сібір теміржолының Орта Азия республикаларының экономикасын дамытуда үлкен маңызы барлығы ескеріліп, «ол оның болашағын байыта түсіп, техникалық дақылдар, ең алдымен мақта, сондай-ақ күріш егу» нақты міндет етіп қойылды. Бұл Орталықтың Орта Азия республикалары мен Қазақстанды ССРО-ның шикізат шылауына айналдыруының бастамасы болды. Осы кезеңде Қазақстанда геологиялық партиялар саны артып, республиканың жер қойнауын зерттеу кең өріс ала бастады. Осының нәтижесінде Қоңыратта және Жезқазғанда, Оңтүстік Қазақстанда қорғасынның, Алтайда полиметалл кенінің, Ақтөбе облысында фосфордың, Орталық Қазақстанда көмірдің бай-кен орындары ашылды. 1928 жылы төңкеріске дейінгі коммуналдық электр станциялары келтіріліп, бірнеше жаңа электр станциялары салынды. Қостанайдағы, Қызылордадағы, Петропавлдағы, Шымкенттегі электр станциялары кеңейтіліп, металл өңдейтін шағын кәсіпорындар қалпына келтірілді, бірқатар ірі кірпіш зауыттарының құрылысы басталып, жаңа ет комбинаттары іске қосылды. Сонымен қатар Қазақстанның өз өнеркәсібінің әлсіз дамуы салдарынан өндіріс құрал-жабдықтарының барлығы дерлік басқа республикалардан тасымалданды. Сондай-ақ Қазақстаннан шикізаттың көп бөлігі өңделмеген күйі сыртқа шығарылып жатты. Жергілікті жерде ауылшаруашылық шикізатының болмашы түрі, жүннің 1,8 проценті, май тұқымының 6 проценті, ұсақ терінің 3,8 проценті, ірі терінің 24 проценті, темекінің 35 проценті ғана өңдеуден өтті. Қазақстанның көптеген аудандарында мал негізгі жүк – жұмыс көлігі болып қала берді. 1921 – 1922 жылдары мал басының жаппай күрт төмендеуі көлік жағдайын тым қиындатып жіберді. Жүк тасымалдауға республиканың көшпелі халқы іс жүзінде тегін пайдаланылды. Мысалы, Жосалы станциясы мен Қарсақпай аралығында бір мезгілде 6 мың түйеден тұратын керуен сапарға шығатын. Сауданы қалпына келтіру жаңа экономикалық саясаттың маңызды проблемасы ретінде қаралды. Тауар айналымында далалық жәрмеңкелер үлкен роль атқарды. Жаңа экономикалық саясат кезінде қалпына келтірілген Қоянды, Темір, Ойыл, Қарқара ірі жәрмеңкелер қатарына жататын. Республика астанасының Қызылордада болған кезінде Қызылорда жәрмеңкесі өз жұмысын бастады. 1927 жылы бұл жәрмеңкенің сауда айналымы 1924 жылмен салыстырғанда жеті есе өсті. Тұтастай алғанда республика бюджеті 1923 – 1924 жылғы 12 миллион сомнан 1927 – 1928 жылы 56 миллион сомға артты. Қазақстан үкіметі мен жергілікті өкімет органдары республика мен жергілікті бюджет қорынан мәдениет пен халық ағарту қажеттілігі үшін 35 проценттен кем қаржы бөлген жоқ. Бірақ облыста ағарту саласы бойынша жан басына шаққандағы шығын бар болғаны 68,9 тиынды құрады. 1928 жылдың аяғында республикада небары 494 оқу ұясы, 23 қызыл шайхана, 9 мұражай, алғашқы 1,5 мың радиоқондырғы пайда болды. Республиканың жана астанасы Қызылордада газеттер мен журналдар шыға бастады. Республикада барлығы 31 газет, оның ішінде 13-і қазақ тілінде шықты. Осы жерде В.И.Ленин шығармаларын қазақ тіліне аударып, басып шығару жөніндегі редакциялық алқа ұйымдастырылды. Қалпына келтіру жылдарында сауатсыздықты жою жөніндегі жұмыс қарқыны біршама бәсеңдеді. 1926 жылғы санақ бойынша Қазақ АССР-де 16 мен 35 жас аралығындағы 1,7 миллион адам сауатсыз деп есептелді. Осындай жағдайда қазақ өлкелік комитеті сауатсыздықты жою жөніндегі комиссияларды қайтадан қалпына келтіру туралы шешім қабылдады. Төтенше комиссия 1927 – 1928 жылдары 65300 адамды оқытуды жоспарлады. Бұған қосымша 417860 шала сауатты адамның білім деңгейін көтеру көзделді. Республика астанасының Қызылордада болған жылдары Қазақ АССР Орталық Атқару Комитетінің кейінірек ұлттық тіл мен мәдениетті дамыту барысына қасіретті зардабын тигізген «Жаңа қазақ алфавитін енгізу туралы» қаулысы қабылданды. Бұл құжатта қазақ еңбекшілерінің шаруашылықта, қоғамдық және мәдени өмірде патриархалдық-рулық, жартылай феодалдық қатынастардың қалдығы ретінде сақталған араб алфавитінен құтылу мүмкіндігі туғаны атап өтілді. Коммунистік идеологияның дем беруімен қаулыда: «Қазақ еңбекшілеріне Исламмен бірге таңылған араб алфавиті өзінің күрделілігімен техникалық жағынан жарамсыз болып, оны баспа өнеркәсібінде пайдалану үлкен шығынға түсті. Араб алфавиті қазақ еңбекшілері үшін өзінің мәдени-тарихи жағынан оқшау қалуына байланысты жалпы адамзаттық жетістіктерді игеру барысында техникалық кедергі болып қалды» деген сөйлемдер көрініс тапты. Үкімет деңгейінде айтылған мұндай тұжырымдар шындықтан тым алыс жатқан болатын. Құранды және араб алфавитін білетін халық латын, онан кейін орыс алфавитіне көшемін деп жүргенде бар білгенінен айырылып, елді жаппай сауатсыздық жайлады. Осылайша өзінің тамыры сонау ертедегі Шығыс мәдениетімен байланысып жатқан ұлттың мәдениеті мен тіліне өлшеусіз зиянкестік жасалды. Білім мен жалпыадамзаттық мәдениет жетістіктеріне табиғатынан құмар қазақ халқы енді алдымен латын, кейін орыс алфавитін қазақ және араб тілдеріне, ұлттық мәдениетке зардап келтіре отырып, барынша табандылықпен оқып үйренуге кірісті. Қазақ мектебі сан жағынан емес, сапалық жағынан да артта қалды. 1926 жылы республикада 3344 мектеп, оның ішінде жеті жылдың және екінші сатыдағы ІІІ мектеп болды. Оларда 17720 оқушы білім алса, оның 3048 ғана қазақ азаматтары, бастауыш мектептердегі 215142 оқушының 67769 ғана қазақ балалары еді. Қазақ мектептеріне кітаптар жетіспеді, 1925 жылы бар болғаны 320 мың данамен 16 оқу құралдары басылып шығарылды. Қазақстан үшін жоғары білімді мамандар Ташкентте, Москвада, Ленинградта даярланды. Ташкенттегі қазақ халық ағарту институты негізінде құрылған Қазақ мемлекеттік педагогика институты қазақтың алғашқы жоғары оқу орны болды. 1928 жылы Қазақ пединституты Алматыға көшірілді. 1926 жылы Қызылордада қазақтың тұңғыш кәсіптік театр өнерінің негізін қалаған қазақ драма театры ашылды. Оны ұйымдастырушылар қатарында кейінірек қазақ өнерінің майталмандары атанған Ә. Қашаубаев, Қ. Қуанышбаев, С. Қожамқұлов, Е. Өмірзақов,
Қ. Жандарбеков, Ж. Шанин, К. Бадыров және басқалар болды.
Республика астанасының Қызылордада болу кезеңінде өнеркәсіп пен мәдени салалар біршама дами түсті. Жергілікті өнеркәсіп, тұрғын үйлер, мәдениет, денсаулық сақтау, білім беру объектілері бой көтерді. Қазақ музыкасы Қызылорда сахнасынан әлемдік аренаға шарықтады. 1925 жылы Парижде КСРО-ның басқа өкілдерімен бірге Әміре Қашаубаев үлкен табыспен өнер көрсетті. Өзінің таңғажайып та әсем дауысымен тамаша қазақ әндерімен Ә. Қашаубаев көрермендерді баурап алып, жүлдегер болып оралды. 1927 жылы Әміре Иайндағы Франкфуртте өткен Бүкіл дүниежүзілік музыка көрмесінде де табысты өнер көрсетті. Ол Германияның бірнеше қалаларында гастрольдік сапарда болды. Осы кезеңде республика үкіметі Голощекиннің басшылығымен Қазақстан республикасының астанасын басқа қалаға көшіру туралы мәселені жандандыра түсті. 1927 жылдың наурызында Қазақстан Орталық Атқару Комитеті мен Халық Комиссарлар Кеңесі Қазақстан астанасын Алматы қаласына көшіру туралы қаулы қабылдады. Осы құжаттың негізінде Қазақ АССР Кеңесінің VІ съезі 1927 жылғы 3 сәуірдегі болған мәжілісінде оны бекітті. Түркістан – Сібір темір жолының іске қосылуы астананың Ақмешіттен Алматыға көшуін тездетті.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру