Дала
Ілияс Жансүгіров
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Дала
Арнау
Жүрегім, жырым, сенікі,
Кеңесті далам,кең далам.
Тудым, өстім,есейдім,
Ен далам - анам, мен балаң.
Туған, өскен есейген
Еңбек тулы ел-балаң.
Бұрынғы өтен күніңді
Берейін жырлап елге, анам.
Көргеніңді бүгінгі
Жаз, жаз, қалам, тер, қалам.
Жүрегім, жырым, сенікі,
Кеңесті далам, кең далам.
Ен далам - анам, мен балаң,
Ендеше қалам бер маған.
Таңда
Құбақандап бозара,
Көтерілді көкжиек,
Нұр сәулесі көк жара
Берді аспанға тан қылаң.
Сөнді жұлдыз шоқтайын,
Түн түндігі түрілді.
Шалқып жанған оттайын
Атты қырда жазғы таң.
Өзен ұран қосқандай
Даладағы дүбірге,
Тау қойынын ашқандай,
Қайнағандай ой мен қыр.
Дүрілдейді бір жаңа үн,
Кім енбегі? Кім күші?
Алды қырды бір сарын,
Ақтарылды қырға нұр.
Көпті көрген бір кәрі,
Талай-талай заманнан
Тепкі көрген қыр шалы
Дөңде отырды осы кез.
Кейде айқайлап, қиқулап,
Кейде күлкі, кейде зар,
Жатты әйтеуір, қыр шулап,
Құлақ қоя, жұмды көз.
Терісінен, оңынан,
Таудан, құздан, даладан,
Құмнан, судан, қоңырдан,
Өзен, орман, қамыстан
Тау селіндей күңірене,
Қыр желіндей ескектей,
Көшкен елдей үдере
Келді дауыс алыстан...
Ақтабан
Қаратаудың қойнынан
Шықты жосып бір сарын,
Сырдың, Шудың бойынан
Сарқырады бір ағын...
Күңіренте даланы
Шықты қырдан бір сарын...
Жерге жақын таяды
Отағасы құлағын.
Алатаудың ақ сүті
Асқар иген, құм сүйген,
Боз даланың қос құты
Сыр менен Шу екі ене...
Екі өзеннен шықты шаң...
Екі енені шапты жау...
Жуды жауды, қанды қан...
Батыр шықты «жекеге».
Араласты, алысты,
Қан көмейлеп қалды құм,
Жекелесті, шабысты,
Қырғындады жан, дене...
Бас найзаға шаншылды.
Ат артында арулар...
Жерде қайнап қан сіңді...
Шан, топырақ-қан көже...
Жеңсіз берен киіне,
Күркіретіп жер-көкті,
Қанды қанжар үйіре
Батыр басшы мол қолға...
Шықты белге жүгірте,
Күн батардың алдында,
Қол көзінде көлеңке...
Бір үй отыр бір ойда...
Қалың шеру-қол қандай,
Жалғыз үйге қойылды ат,
Жер қайыса ұрандай,
Қақырық қан татыған.
Жапты сойыл, шоқпарлар,
─«Жау жұртында олжалап!»
─«Үйді ұрмаңдар! Тоқтаңдар!...»
Батыр түсті атынан.
Ол есікке үңілсін,
Өңкей егін-жас бала,
Емшек үшін, күн үшін,
Аңырайды, жылайды.
Түн бүлініп кеткен ел,
«Алармыз» бен «күн туса»,
Жұртта қалған өңкей төл...
Қозыдайын шулайды...
─«Аттарыңнан түс!» деген
Пәрмен болды жасаққа,
─«Қыр да, қанын іш!» деген...
Бауыздалды ұл мен қыз...
Төл тірсектер тіліңді,
Керегеге боршадай
Алпыс бала ілінді...
Десті «бітті құнымыз!»
Азан-қазан қыр үркіп,
Кімдер қалмай дал ада,
Талай көшті Сыр жұтып,
Ауғын болды ақтабан.
Жылап, шулап ұлардай
Шұбырынды болды күн,
Қайың сауа, ши шайнай,
Бақа, жылан қақтаған...
«Қаратаудың басынан
Көш келеді» деген күн;
«Көшкен сайын бір тайлақ
Бос келеді!» деген күн.
«Қарындас пен қара орын
Қалғаннан соң, дариға,
Қара көзден мөлтілдеп
Жас келеді» деген күн.
Алатаудың ақ сүті
Асқар иген, құм сүйген,
Боз даланың қос құты
Сыр менен Шу екі өзен.
Қырылған кім-халық па?
Шабылған кім? Шапқан кім?
Қазақ көшкен тарихта
Шулы, қанды қай кезең?...
Шал тыңдаған бұл дабыс
Кейде бал-бұл, кейде анық,
Кейде жақын, кейде алыс,
Ащы әңгіме айтқандай...
Кімнің кімді шапқанын,
Сырдың сырын, Шу суын,
Қанның судай аққанын,
Күн қырғынды тартқандай...
«Сол заманның жырлары- ау!
Мынау келген құлаққа.
Сол заманның мұңдары-ау»
Деді де шал күрсінді...
Желмен әдей келгендей
Ескіні еске алуға,
Әдейі дабыс бергендей
Болды дағы жел тынды...
Құл көгені
Алатауды жүлгелей
Қуа соққан желдейін,
Көк жайлауда бәйгедей
Келді дала дабыры...
Әлде жылау? Әлде ән?
Бұл не дабыс? Не сарын?
Тұнды жүрек, тынды қан...
Қалды тыңдай шал мұны:
Сол Алатау сүбесі-
Ағын судың көмейі,
Мұзды құздың төбесі
Бар еді әсем бір жайлау...
Сол жайлаудың үстінде,
Қырғыз, қазақ қосты бас.
Ұлы жиын үш күндей.
Палуан салу, ат айдау...
Қара құрық, қалың жан,
Қарағайдай қапырық.
Топ- тобымен ағылған,
Жыбыр қаққан ақ орда...
Өзі бір тау ет пен май,
Бұлақтайын cap қымыз,
Толды дуға тау мен сай,
Өзінше еш мін жоқ онда...
Дүр-дүр шапқан табақшы,
Қалмақшада қалың ат.
Тартты дәңге қарақшы,
Жұрт жөңкілді артынан.
Өңшең жампоз жүйрігі
Қамшыдайын қатысқан,
Сүзіліскен құрығы,
Жүзден мыңнан сарқылған...
Ат айдалды алысқа,
Жамбы атысты бір кезек,
Палуан алыс сайыста,
Атты тосты сарыла.
Шықты төске адақтай,
Керешіге ілінді,
Жүйрік бұты садақтай,
Кетті керіп жабыла...
Кеудесіне ат ойнай
Ащы ұрандар көк жара,
Тас домалай, су қайнай,
Дүбірледі Алатау.
Бұл сарынды шалғандай,
Жұмсақ жұмды қос көзін,
Сарынды ұстай алғандай,
Салды құлақ шал мынау...
Сол дүбірдің ішінен
Тағы дабыс келді анық,
Дүркіреген кісіден
Үйге тартты жамырай...
Үй ішінен, көгеннен
Күңіренді көп дауыс:
«Кесік құлақ» дегеннен
Ағытылды бірталай...
Үшеуі қыз, бір кемпір,
Екеуі шал, төрт бала.
Аты қазақ, заты құл,
Алып шықты көмбеге.
Күңіреністі, жыласты,
Жыласқанда кіміне
Жетім, жесір мұң ашты?
Кетті жылай бәйгеге...
«Сол да сондай күндер-ау,
Мынау келген құлаққа
Сол сорлының үндері-ау»-
Деді де шал жым тынды.
Тау мұзындай жүрегі,
Қалтырады, жылады,
Кемсеңдеді иегі...
«Күндер!» деді, күрсінді.
Құрбандық
Ақ Еділдің желіндей
Сарын сарнай, азынай,
Қыл қобыздың күйіндей
Келді дала дабыры.
Әлде жылау? Әлде ән?
Бұл не дабыс, не сарын?
Тұнды жүрек, тынды қан...
Қалды тыңдай шал мұны:
Ел Еділде жүргенде,
Еркін жайлай, кең оттай,
Еділде өткен күндерде,
Сонда да жан жаншылған.
Сонда жылау жарлыңыз,
Сонда әмірші бек пен хан:
Сонда сорлы сорлыңыз,
Тамды Еділге тамшы қан...
Ақ сұпыдай бет біткен,
Оймақ ауыз, күлім көз,
Ақ шыныдай ет біткен,
Қайың сынды мүсінді.
Асты иірім, зәулім құз,
Сенді ақтарып жатты Еділ,
Жар басынан сұлу қыз
Ұшты Еділге, ышқынды.
Қаны қаша, бозара,
Тілсіз, үнсіз, қимылсыз,
Қызға күйіп, қызара
Сұр, самарқау атты таң.
Тек, сылдыры Еділдің
Анда-санда күрсінді.
Дегендейін не білдің?
Тек сұм сопы тартты азан...
Не айтады су сылдыры?
Не қылған таң, не еткен қыз?
Біле білер кім мұны?
Десең шалға «мұны шеш!»
Түскен еді қыз қолға,
Өмірі жанып өшкені,
Мола болып түнде орда
Хан сөндірген кеше кеш.
Хан жинаған қалың қол
Бодам еткен бір елді,
Алып қайтқан мүлкі мол,
Түскен сұлу олжаға.
Сыбағасы боп ханның
Жамауына жарауға,
Хандағы көп құмардың...
Хан алдырған ордаға...
Хан үйінде бір князь.
Әкелген-ді шен-шекпен,
Қызды көріп еткен наз,
Ханға көзін қыскан-ды...
Белден төсек салына,
Князь көрді құрметті,
Қыз берілді қолына,
Ұстады да, қыстады...
Сүйген жары зынданда
Жатыр еді жылаумен,
Қыз шағылды жыланға...
Бар қолынан келгені.
Ертеде Еділ таңында
Тұрып князь қойнынан,
Ашып құшақ ағынға,
Өлімге қол сермеді.
─ «Өмір бітті, Еділ!...» деп,
«Молам-қойның, ақ өзен,
Ақ көйлегім-кебін!...» деп
Еділге өзін көмгені...
Жау қолында ел таппай
Жалғыз, әлсіз, панасыз..
Жан саялар жер таппай,
Өлімге езін бергені...
Өлді сорлы, өтті жыл...
Әлі сарын қалыпты...
Әлі ағады Ақ Еділ,
Еділ тірі, ел тірі.
Солардың сол заманын
Сөйлеген су анық.
Жылауларын, зарларын
Айтады әлі жел тілі...
Сандал
Желмаяның желіндей
Желе-жортқан жер шала.
Асанқайғы күйіндей
Келді дала дабыры.
Әлде жылау? Әлде жыр?
Не еткен дыбыс? Не сарын?
Бұл дабырға неше жыл?
Қалды тыңдай шал мұны:
Егін еккен, ішіп су
Әлде Талас, әлде Ертіс?
Әлде Жайық, Жетісу?
Бәлкім, тіпті Қостанай.
Төрт түліктен мал бітіп,
Қыста соғым, жазда айран,
Жата алар ма жан күтіп,
Айдап кетпей поштабай.
«Жер намаз сенсің» деп,
Тырмалады жер төсін,
«Жарлы балаң емсін» деп,
Салды қыстау «қоныс» деп.
«Тірлік осы» деп «үміт»,
Пішен шапты, жыртты жер.
Егін еккен диқан жұрт
Нені істесе соны істеп.
Ауыр тұман тұншыға,
Жауын жаумай далаға,
Талауранып күн шыға,
Кең жапанды басты зіл.
Жерді шенеп, қазықтап,
Жер сауырын, қонысты
Өңшең шұрай, жазықты ап,
Кетті кесіп землемер.
Атасынан құл мұжық
Еңіреген ежелгі,
Алпауыттан мұжылып,
Аударылды бер қарай.
Аузы-басы болып шаң,
Шұбап жетті далаға,
Салды избушка, түйді там,
Кетті қоңыр, көгорай.
Келе жерге жығылып
Қазақ, мұжық-екі құл,
Бір-біріне жұдырық
Егесті де салысты.
Бірін-бірі бауыздап,
Жала-пәле қаптады,
Адвокат пен арызды ап
Дуандарға шабысты.
«Асан қайғы бастаған,
Жолшыбай көмір тастаған
«Жиделібайсын» жері бар,
Шаңырағына мың түйе,
Жылына үш қоздайтын
Қой біткен құтты елі бар,
Қулы, нулы көлі бар,
Өзеннің ұзын кені бар.
Жалғыз түп қана шиіне
Айғыр үйір жылқы ығар.
Сондай шүйгін шөбі бар,
Көшудің соған жөні бар...»
Деп Бекетбай соқырлар
«Малдан-жаннан үміт жоқ!»
Деп «падыша шоқынтар!»
Жырау солай жырлаған.
Осы сөзбен улана
«Қайда көндік, тыныштық?»-
Деп кеңесе, толғана
Жыбырлаған бір заман.
«Қалғанша,-деп,-сен жауға»
Құдықтарға ит көмілді,
От қойылды қыстауға,
Қара түтін бықсыды.
«Құтсыз, құнсыз қалсын да!
Асан қайғы шалған жер
Кетсек пе екен Байсынға?»
Осы болды сыпсыны.
Құшақтасып моланы
«Қош мекен» деп шықты шу...
Соқты қырдың бораны,
Жұтқа ұрынды мал мен жан.
«Қайтсе, патша еркі!» деп
Тозғындады қалаға
Бет-бетімен тентіреп,
Қалды дала ыңыранған...
Күңіренгендей дала, жон,
Шулағандай сүргін ел,
Құлағына келген соң
Ұғынды шал, түйді ішін:
«Бұл дағы үлкен бір күйзеу
Болған екен бір күнде,
Болған екен ел жүдеу!...»
Деп күрсінді күй үшін...
Толқын
(1916 жыл)
Айдаһардың зәріндей,
Ақдауылдай бұрқырап,
Ақ патшаның кәріндей,
Келді дала дабыры.
Әлде жылау? Әлде күй?
Не еткен дабыс! Не сарын?
Кетті гулеп, үн ызғи,
Қалды тыңдай шал мұны:
Жойқын қырғын, қан сасыр,
Түсті халық талауға,
Басты қырды бір масыл,
Қан тамған жыл қурайдан,
Әлем тегіс күйзелген,
Күйзелудің мәнісі:
Қансырап жан сүйрелген,
Күнбатыста қан майдан.
─Алады екен баланы!
─Айдайды екен соғысқа!
Дақпырт басты даланы,
Қыр күңіренді күбірге.
Молда менен сопылар
«Күнге» қосты, «дін» шуын,
Бекетбайдай соқырлар,
Айқай қосты дүбірге:
«Ақырзаман боларда
Жер жүзін кеуір аларда
Жүз қатынға бір еркек
Қалады екен деген сөз...
Осынау сұмдық рас боп
Туған жерден топырақ
Қалармысың бұйырмай,
Көк өрім, өңшең көген көз..
Деп жырлады, аңыратты,
Жұрт жүйесін босатып,
Бұрын-соңғы күнді айтты.
Салбырап жұрт маужырай,
Су төгіліп мойнына,
Не қыларын біле алмай,
Жас төгіліп қойнына,
Қозғалды жұрт қан жылай.
─ Бере алмаймыз баланы!
─Бара алмаймыз соғысқа!..
Кеу-кеу басты даланы
Қыр күңіренді күбірге.
Салды пышақ болысқа,
Зәйімкеге қойылды өрт,
Шапты атағы «орысқа»,
Айналды ұлы дүбірге.
Қан жол, қаһары қатты әскер,
Қазақ-орыс аттанды.
Патша қолатты әскер
Тағы Сибирь, Түркстан.
Дала айналды тозаққа.
Қан, зеңбірек, пулемет.
Қырғыз бенен қазаққа
Болды майдан тұс-тұстан.
Жазды бауыр бесатар,
Күркіреді зеңбірек,
Сытыр қақты пулемет,
Ойдан, қырдан ұрынды.
Қырғи тиген торғай,
Ойда, қырда, тау, таста,
Қасқыр шапқан көп қойша
Қырғыз, қазақ қырылды.
«Аруақ»деп, «Аллалап!»
Кетті шұбап күңірене.
«Ауған Қытай қайда!» лап
Қызыл табан болды үркін.
Үйлер қалды тігулі,
Мекен қалды құлазып,
Өлік қалды үюлі,
Тастап түзде мал-мүлкін.
Іле басы-қасы, Күнес,
Өткел таппай үркін ел
Кетті суға талай көш;
Тозғындады ел, тозды жұрт,
«Жігіт алған» дейтін жыл.
Қазақ, қырғыз өмірінде
Шулы, қанды кезең бұл;
Белгілі бел-ұлы жұт.
Отырса да, қашса да,
Жалынса да жалбарып,
Болысқа да патшаға
Алынды өңшең жарлылар.
Поез толды тымаққа,
Өгіздейін тиеліп,
Кетті майдан іш жаққа;
Ел күңіренді, алды зар.
Бұл төгілген қан үшін,
Кейбір жуан, кей манап
Шыққан болса-жан үшін,
Пайдаланса қамы үшін.
Бола алар ма ол желеу?
Елдің жайы солай-ды.
Ел еңіреу, ел жүдеу...
Жоймас тарих мәнісін...
Жұт заманғы қарғадай,
Жемтігіне жарлының
Бір сұғынды болыс, бай;
Жауды көктен қанды қар.
Бұған салып құлағын:
«Мынау заман сол заман!
Мынау сарын-сол сарын
Екен!» деді әлгі шал.
Бостандық
Жазғы қырдың суындай,
Өзендегі сендейін,
Бостандықтың шуындай
Дүңкілдеді бір хабар.
Солқылдады жер мен көк,
Түсірді ме әлде жау?
Әлде ұлы той, әлде топ?
Қалды тыңдай мұны шал:
─Уа, сүйінші!... Сүйінші!
─Ояныңдар! Тұрыңдар!
─Бірің қалмай жиылшы!
Бостандық та, бостандық!
Патша тақтан түсіпті!
Түскенінің мәнісі:
«Көп бұқара қысыпты!
Болды тендік! Туысқандық!»
Десіп гулеп ел іші;
Ауыл, қала, жиылыс,
Жиылыстың мәжілісі:
Бай саудагер, зиялы
Жатыр алып мансапты.
«Пәлен-түген комитет!»
Жуан шілең он шақты;
Ордалы, өңшең ұялы.
─Хуриятта! Хурият!
─Құрылтайға бармақпыз!
─Ұсынбақпыз шарият!
Муфти, қазы, қазірет!
Құрылтайдың шарына
Бақан тірес, ит тартыс,
Көп список партия,
Әзір қымыз, әзір ет!
Әңкі-тәңкі ел басы,
Мырза көпес, бек, төре,
Болысы мен тілмашы;
Олар дағы «бостандық!»-
Деп салпақтап шабулы,
Босанған жұрт әлі жоқ!
Көзден сора ағулы.
«Алашым» деп жастар күп;
Күп-күп етіп күпілдеп,
─Комитетпіз! Жорналмыз!
─А, құдай-ай, «шүкір!» деп,
Қаужаң-қаужаң етісіп.
Бостандықтың мәнісін
Түсінуге дәрмен жоқ,
«Пәлен солай деді» мен
Күжілдесіп кетісіп.
«Біздерміз» деп «елге ие!»
Шарлас, сыбыс, сөз, съезд,
Өткен күннен белгі не?
Тым-тырақай бір заман!
«Кәзит», «қаулы», «құрылтай»,
«Хурият та, бостандық!»
Құрғақ сөзге халық бай,
Қуарған, әлі қуарған!
Бай қолында бір завод,
Әкім-жуан, бай-қожа,
Жер иесі-алпауыт,
Үкіметің төрт құйрық.
Батыстағы зеңбірек
Күрілдейді күн сайын,
Қан сасыды төңірек;
Жығылғанға жұдырық.
Тие берді тыйылмай.
Тендік қайда нашарға?
Жалшыға ақы бұйырмай,
Еңіреп етек толтырды.
─Бостандығың қайдалап!
─Өзіміз аш, жалаңаш!...
─Қан майданға айдамақ!...
Өкірді жау, көпірді.
─Хурият па, қанау ма?
Езілгенге күн қайда?
Бостандық па, алдау ма?
Неге соғар аяғы?
«Бар мұнда бір кілтипан!
Біле алмадым мұны анық...
Болар ма екен бір думан?»
Деді кәрі баяғы.
Октябрь дабысы
Ұлы жорық жарыста
Қызыл тудай лапылдап,
Жауға тартқан марштай
Әлемді алды бір сарын.
Бір сілкінді көк пен жер,
«Бұл қайнаған неткен күш?
Мынау дүбір не дүбір?»
Деп тыңдады бұл шалың:
Алыстағы қалада
Тапқа, сапқа тартылды.
Бір жағы-өңшең ақ білек,
Бір жағы-өңшең құс білек.
─Жер иесі-сен мұжық!
Ел иесі-енбекші!
─ Сен қожасың - құс білек!-
Деді большой большевик.
Құрылтайшы қазірет,
Ұлтшыл, буржой, ақындар:
«Бізге Октябрь жазым!» деп,
Естімеске дабысын,
Өлеңі мен ұранын,
Дабыл қақты «Алаштап»,
Бірі оқыды құранын
«Ел қамы үшін»- табы үшін
...Темір сауыт машина,
Машинаның бір көсем
Ырғып шықты үстіне,
Келді сарт-сұрт ұраны.
Лап аттанды Балтфлот,
Қызыл жасақ-матрос,
Петерборға жаудырды от,
Жарды шалдың құлағын.
Елендей ел құлағы,
Құлағына тиген-ді
Сол дабыстың ұраны,
Біздің құрыш, алмастар,
Сол ұранға аттана,
Жау-жарақты асына,
Шықты жауға баптана
Біздің ерлер-жолдастар.
Ұлы жорық жарыста
Қызыл тудай лапылдап,
Жауға тартқан марштай
Жер жүзіне күй кетті...
Қаңғыр-күңгір, күмбірден
Бітіп қалған құлаққа
Еміс-еміс үн кірген,
Сергіді шал, селт етті...
Аласапыран
Ала тудай бұландай
Терісінен шықты жел,
─ Алаш!
─ Алаш!- Ұрандай
Келді дала дабыры!
Бұл не дабыс? Не сарын?
Әлде ояту? Әлде айдау?
Шал төседі құлағын...
Келді дала сарыны...
Оқығаны, тілмашы,
Зиялысы, ұлтшылы,
Молда, қазы, мырзасы,
Байы, биі, жуаны
Атқа мінді, бармаққа.
Орынборда тұңғыш топ...
Қырғыз бенен қазаққа
«Алаш-алаш!» ұраны.
«Шығып тұрмын кәдеттен..
Онан үміт үздім-ақ...
─Келдіңдер ме дәретпен
Мынау тұңғыш съезге
Қажы, қазы, депутат?
Ал, съезді ашайын...
Ал, қазірет, оқы аят!
Өлген шалға-Оразға.
«Не ақыл?» деді «көсемі»,
«Айтқаныңыз, алдияр,
Мақұл!»-деді шешені,
─«Алашорда» тігілсін!
─Ал, жігіттер жиылсын!
Ақсақалдар атқа мін!
Әскер, азық, күн үшін-
Ұлт қазына үйілсін!
Осы болса пәтуа,
Жан пида, мал құрбандық,
Бар алаштың атына
Молда оқыды құранды.
Құран, аруақ, құдаймен
Бұқараны байлармыз,
Бай, зиялы, бұлармен
Орындаймыз ұранды.
Қырда атақты шал өлсе
Бір қобырап қалмай ма?
Пидиялап мал берсе,
Молда жалаң қақпай ма?
Біреу сиыр, саулық ап,
Біреу шапан, біреу ат,
Ағайыны бауырымдап,
Тұс-тұсынан шаппай ма?
Сол сықылды тұңғыш топ
Құрылтайға құранды
Оқып алып, сүріс боп
«Ойдай» қоқандады кеп.
Біреу тоңып секірет,
Біреу тойып кекірет,
Біреу кіндік үкімет!
Біреу «Қоқан ханы» боп.
Осы кеу-кеу үстіне
Колчак қалш-қалш ақырды:
─Алашты жап! Үш күнде!
Кім айтып жүр мынаны?
Әуел тұрсын ақ патша!
Автономың құрысын!
Мә, жау-жарақ! Мә ақша!
Соныменен не керек:
─«Колчак байғұс» ескі көз,
Болмасын ел большевик!
Жина баққан, сойылды,
Дутов пенен Колчакқа
Көмектесіп, жан сақта!
Жарасаңдар тамаққа
Сойғыза бер қойыңды!..»
Деді алаштың «ағасы»
Атаманға берді елді
«Кешегі алаш панасы»;
Тап соғысы болды жақ,
Біреу-қызыл, біреу-ақ,
Алаш; біреу-большевик
Ауыл майдан, екі жақ.
Офицер боп көп тілмаш,
Үкімет боп «оқыған»,
Әскер жиды, болды бас;
«Торы атты алаш», «ақ шапақ»
Елді басты алаш, ақ.
Қатын-отын, қыз-қатын,
Әйдай, қырға салды ойнақ,
Ішілді қан бейне арақ.
Адъютант боп ағаға,
Атаманға қылыш боп,
Оқа қадап жағаға
Талай қазақ «жеткен-ді».
Атағанды ауызға ап,
«Мынау қалай?» дегенді
Қырқыратып бауыздап,
Талай «ұлтшыл» кеткен-ді.
Қызыл жоса сел еткен
Сарыарқаның даласын:
Зар жылатқан, еңіреткен
Қатыны мен баласын.
Большевикшіл ерлерді,
Большевиктегі елдерді
Атқан, шапқан жылатқан
Алашың сол, алашың!..
Бұл да қалған бір кезең
Қазақ өткен тарихта,
Бұл да елеулі бір белең,
Арты қанды ор, алды жар.
─«Сол қан қазақ ұлты үшін
Десе кімді сендірер?
«Сол қан қазақ жұрты үшін»
Десе кімді сендірер
Деп ойлады әлгі шал.
Ала тудай бұлаңдай
Қыр төсінен есті жел.
«Алаштаған!» ұрандай
Ұйтқыды жел, бұзылды.
Сол күндердің шуындай,
Сондағы аққан қандайын,
Сол алаштың туындай
Тозғындап жел үзілді...
Атаман ойнағы
Сол сапыран өмірдей
Сапырып та шулатып,
Ебінің cap желіндей
Саулайды екен сол сарын.
Бірде ұйықтап, үздігіп,
Ышқынады осы күй.
Тұла бойын мұз қылып,
Қойды құлақ бұл шалың;
Алай-дүлей боран боп,
Сапырылды cap дала,
Көз сорасы томар боп,
Қыс аңғары болды жұт.
Қарды шашқан борандай
Қанды шашты, шықты жау,
Ел қысылды қояндай,
Қоқандады сары иық.
Теуіп түкті төресі,
Қайта туды қара күн,
Халықтың жоқ зәресі...
Күркіреді зеңбірек;
Сол Қоңыртау сағасын,
Тарбағатай, Алатау,
Антон, Черкас қаласын
Басты темір көкпеңбек.
Күн туды би, болысқа
Қора-қора қой, сиыр...
Жұтты жайын сойысқа...
Қойды-қырды, басты лаң.
Жауға толды бар өлке,
Ылау, жылау елді алды,
Ала қылыш, жапонке
Қырды, қырды, шашты қан.
Күнде ауылды қырады,
Күнінде бір шулыған.
Күңіренеді, жылайды,
Түсті халық талауға.
Абылай хан, алаш, ақ,
Қанды банда Анненков.
Ел бір жатқан көн тулақ,
Әйдәй, түсті сабауға.
Алакөлді айнала
Алатаудың жырасы,
Қанға бөкті ай дала;
Қалды тәні мұншаның.
Қанын қорқау ұрттады,
Қан сасыды ұлан жаз,
Жаздай дала құрттады,
Қалды қанды ор-бұл сарын.
Әлсіз дауыс
Сол қара күн кезінде
Елге сұлу бітіпті,
Ай жүз, бота көзіне
Көзі түсіп тілмаштың,
Жеткізіпті: «господа,
Сізге лайық, лайықсыз
Сізден сірә басқаға,
Еліменен ұнастым».
Дегенімен ақ бөрі
Ақ қозыға сапты ауыз
Беріп болыс, билері,
Бір қысырақ матаған.
Болыс арқа қақтырып,
Тілмаш бопты «харонжы»
Қазақтардың дақпырты:
«Біздің күйеу атаман!»
Қасында жоқ серігі,
Жау қолында бір тұтқын,
Басында жоқ ерігі
Торта торғай болыпты.
Жазығы жоқ жас балғын,
Жау жауызы жолықты,
Жаздыгүнгі жас шалғын,
Жазда бұршақ соғыпты.
Күні біткен ақ жылан
Күннің күні болғанда
Қашыпты сол атаман,
Жүдеу, жадау ел қапты.
Жолда жұтап көліктер,
Шашылған бір дүние,
Жолда жусап өліктер,
Қан сасыған жер қапты.
От ойнады құйындай,
Астан-кестен Ақ болды.
Желді күнгі шыбындай,
Қашты Қытай, Еженге.
Боран ұлып, үңгір құз...
Тарбағатай тауында
Қапты жолда сонау қыз
Қарайып бір кезеңде.
«Қатын болған кеуірге
Қайтып үйге келіпті»
Деген қу сөз тәуір ме?
Жаны жаман қиналып...
Кезеңде бір ағашты
Еңіреді құшақтап...
Қыз қалды, жау әрі асты,
Түр аңырап ырғалып.
«Аққу едім, көлде едім,
Адастым да тарықтым.
Аққұба едім, елде едім,
Аңырадым, зарықтым.
Болдым мұнша рәсуа
Қатын болдым қабанға,
Болыс-пәле басқырға
Мың лағнат! Енді айттым!
Көбелек ем қырдағы,
Қоңыз кетті қиратып,
Тағдыр шығар бұл дағы,
Мен көндім, ел не десең...
Мені құрман лаққа
Берген елді кім көрсін.
Мен шіріген жұмыртқа,
Елім, жерім, енді есен...»
Жерде жаяу борасын,
Бәсең тартты ақ дауыл.
«Пенде мендей болмасын!»-
Деген дауыс кіжінді,
Баяу соққан Ебідей1.
Саулай, зарлап, әлсіреп.
Күн батардың желіндей
Әлсіз дауыс үзілді.
Шәуешектің жолында
Күнде боран, күнде аяз,
Жұлған шашы қолында
Қиналыпты, налыпты.
Намыс жеңіп, ашынып,
«Ендігі өлім-өлім!» деп,
Сол ағашта асылып,
Сонау сорлы қалыпты.
Қызды боран жасырып,
Долы соққан сықылды.
Дала жатты басылып,
Қасқыр қырғын, қой шабын.
Сол сапыран өмірдей
Сапырып та шулатып,
Ебінің cap желіндей
Саулайды екен сол сарын.
Октябрь
Сонау алыс қалада,
Он жетінші жылдағы
Дабыс келді далаға,
Қырды басты бір дүбір.
«Апырым, бұл не дабыс?»-
Деді тыңдап әлгі шал:
«Құлағыма үн таныс!
Бұл ма, сонау Октябрь?»
─ Ия, тұрды, міне елім!
Міне, келді қалың қол,
Барады жылып жүрегім!
Ия, есімді білемін!
Тап - табыңды табыңдар!
Езілгендер бізге шық!
Тап жауына шабындар!-
Деген көсем Ленин!
Сол дүбірдің астынан
Дүрілдетіп даланы,
Сенді судай тасыған
Екпін келді, қол келді,
Октябрьде жау шапқан
Бұлар балға соққандар!
Бұлар советті орнатқан...
Келгенде де мол келді!
─ Ел иесі Октябрь!
Езілгендер шығыңдар!
Жер иесі Октябрь!
Алыңдар, құл, еркінді!..
Деген дауыс далада,
Ойда, тауда, заводта,
Темір жолда, қал ада
Көкті тепті серпіні!
Қырға, Сырға келді қол,
Ленин туы қолында,
Большевиктер бастап жол,
Ту көтерді езілген.
Алаш пенен ақтардан
Азап тартып, күйзеліп,
Тап жауына тапталған
Көрді жарық көзімен.
Октябрьдің ерлері
Дал ада н ұран салғанда
Қосылды еңбек елдері...
Қыр жауына оқ атты!
Қырда айқасты балға, орақ!
Құшақтасты көп тымақ!
Қол ұстасты, болды ода!
Қызыл жалау орнатты!
Қойшы сөйлеп, жұрт билеп,
─ Өз байыма, жауыма
Тием, елім жиыл,- деп.
Қыр қозғалды айқайдан.
─ Социалдық өмірге!
─ Жаңартамыз даланы!
─ Жауды құрта жеңуге!
Болды дала ке майдан!
Жауға шапқан жарыстай
Солқылдатып жер-көкті.
Жауға тартқан марштай
Жерді жарды бұл дүбір.
Құлақ салған алысқа
Кәрі құлақты сыншы шал
Даладағы дабысқа
Деді: «Міне Октябрь!»
Қызыл жұлдыз
(Әліби отрядына)
Октябрьдің үніндей
Айдалада, алыста,
Октябрьден дүбірлей
Келді дала дабыры.
Басқан күнде жерді жау,
Мына, жалғыз қара кім?
Қызыл тулы кім мынау?
Қалды аңғармай шал мұны.
Айдаған жел далада
Ысқырады бұрқырай,
Даладан жан қала ма?
Қар Жамылды, қатты мұз.
Қырда боран бұрқ-бұрқ-бұрқ...
Күнсіз, айсыз, сәулесіз,
Тесігі жоқ сұр бұлт,
Жылтылдайды бір жұлдыз.
Жерде дауыл, көкте бұлт.
Сапырады даланы,
Жалғыз жұлдыз етіп жылт
Жоғалады, жанады.
Бірде солда, бірде оңда
Таң хабары шолпандай,
Қараңғы мен боранға
Жалғыз күрес салады.
Астраханьнан көшкендей
Қардың бетін алуға,
Қоңыр ескек ескендей
Қырдан дыбыс келеді.
Түйін-түйін керуен
Мылтық артқан, жол тартқан,
Атырау теңіз жерінен,
Түйе зірк-зірк желеді...
Тарихқа із тастаған,
Мынау керуе-сол керуен.
Бір большевик бастаған
Бір азғантай отряд.
Башқұрт, қазақ солдаты
Отряды жанында.
Ленин берген мандаты,
Қолда қызыл жалауы.
Жібек мінез, қырмызы
Октябрьдің бір оғы.
Жана дүние жұлдызы
Бұл Әліби аяулы.
Алаш пенен ақтардан
Тазалауға даланы,
Талай-талай аттанған
Орынборға, Торғайға,
Қуғын көрген, қаңғырған,
Қараңғыда жылт еткен.
Жаман күнде жау қуған,
Сәлем сонау ағайға!
Октябрьді жақтадың,
Жалғыз жүріп далада,
Сен атынды ақтадың
Жаудікі-кек, құр мазақ,
Сенің орнын бір бөлек
Қазақстан ізінде,
Біздің кәрі большевик
Абыройлы бір қазақ!
Биыл, міне, оңдасын,
Қарасын да қуансын
Бүгінгі елі жолдасың,
Сәлем, сонау кәріге!
Созамыз қол қолыңа!
Жұлдыз едік - күн болдық!
Октябрьдің жолына
Тартысамыз әлі де!..
Теңдік
Жазғы желдің екпіні,
Жазғы селдің шуы ма?
Күшті көптің тепкіні
Келді дала дабыры.
Бұл не дабыс көкті алған?
Бұл не сарын? Не еткен ду?
Бұл не дауыс жер жарған?
Қалды тыңдай шал мұны:
Ұлы нөсер, көктен шу
Жерді-көкті қаусырды,
Сілкінгендей Жетісу,
Алатауды алды ұран.
Қалған жердей долыдан
Қалған бір ел қыбырлап,
Сол апаттың соңынан
Тірілгендей өлік жан...
«Қазақ түлкі, қыр саят,
Өзім бүркіт осындай...»,
Дегеніне ишарат
Қондырып құс басына:
«Қайтпайтын ер, қанды күш,
Саған Колпаковский,
Қалсын мәңгі ескерткіш!»
Деп жазған-ды тасына.
─ Бүгін біздің күніміз!
─ Бүгін біздің Октябрь!
─ Бүгін үстем міне біз!
Келді кеулеп орала!
─ Азат болған біздер құл,
Ел қанынан соғылған
Мынау белгі неге түр?-
Қолды қойды молаға.
Айқайласып, тас атып,
Жабылды өңшең жұлма тон,
Арқан салып босатып,
Бұзды мына белгіні.
Бір ауыр тас басқандай,
Талай жылғы жатқан ел.
Бүгін көзін ашқандай,
Серпілді жұрт сергіді.
Қарғыс таңба басылған
Қазақ-қырғыз жалшысы
Құтылуға масылдан
Сол таңбаға қол қойған,
Күнді көрген бір жылы
Ұзынағаш тойында...
Еске салар кім мұны?
Ол - тарихта бір майдан.
«Еркін елміз, жаңа жұрт,
Компартия көсем бар»,-
Деп сөйледі бір жігіт,
Саңқылдады, келді үні,
Ауыл, ойға, далаға,
Қырға, құмға, орманға,
Алатауға, қалаға
Ал, таратты жел мұны!
Жердің жүзін қаптады
Қызыл жалау, сап - сап жұрт,
Еңбек жырын тартқаны
Бұрынғы өңшең аш-арық.
Бұрынғы өңшең құл мен күң,
Бұрынғы өңшең көн иық,
Бұрынғы отар, өгей ұл,
Бүгін шерін шығарып:
─ Бүгін біздің күніміз!
─ Бүгін біздің Октябрь!
─ Бүгін үстем міне біз!-
Саңқ-саңқ дауыс құлаққа!
«Азат болған біздер құл!
Ел қанынан соғылған
Мынау белгі неге тұр?»
Деп ат қойды тау жаққа!
Ат қойғаны лап беріп,
Ұзынағаш деген жер;
Тауды кетті топ керіп,
Кетті қаптап сел кісі.
Қоқан қолы қашқанда
Алынғанда Жетісу
Салынған-ды тас таңба
Жандаралдың белгісі.
«Еһе! Мынау күшті күй!
Жаңғырықты Алатау,
Жер солқылдап билеп би,
Естімеген үн екен!
Алыстағы қал ада
«Енбекші үстем» деген үн
Жеткен екен далаға.
Мынау соның күйі екен!»-
Деді де шал жымиды,
«Енді білдім! Ұғындым!»
Жиды бойын, тыңайды,
Қан жүгірді жүрекке,
Алпыс екі тамыры
Өрді, қызды кәр қуат,
Қайнап кетті ауылы...
Нұр құйылды жер-көкке!
Ұлт пышағы
Бірде дүмп-дүмп жұдырық...
Бірде баж-баж, бірде күңк.
Бірде тұрып, жығылып,
Айналада шығады үн.
Қойылды шал құлағы,
Далада тан атқанда
Дабырлайды қыр жағы,
Естіледі бір шан-шұң.
Жағаласа, жұлыса,
Бірде жанжал, бірде жым...
Жақтырыспай тырыса,
Боқтасады екеуі.
Біреуінде делегей,
Біреуінде тымағы.
Екі пышақ селебе
Оқтасады екеуі.
Қалыңдағы қабандай
Ерегіскен екеуін,
Сол қабанша қабардай
Арс-арс етіп біреу тұр.
Қаңтардағы бурадай
Екеуінің еттерін
Жеуге дайын турамай,
Қалш-қалш етіп біреу тұр.
Адырайып көздері:
─ Бірін өл де, бірің қал!-
Дәл осылай сөздері!
Шайнасқандай, жегендей.
─ Не қылмады бұл саған!
─ Не қылмақшы бұл надан,
Үрит! Үрит - дегендей.
Соныменен «бұл жанжал»
Түні бойы болған-ау?!
Деп тұрғанда мына шал:
Бір ду басты даланы.
Жерді басты бір дабыс,
Лапылдады қызыл ту.
Күйі күшті бір марш,
Таянды қол манаты!
Тап құшағы
Бұлар бүйтіп жатқанда
Шықты артынан сонау шу;
Ұқсайды тан атқанға,
Қарай қалды екеуі...
Сонау шапқан шабуыл,
Компартия-қолбасы.
Сол аттанған қала, ауыл
Келіп қалған еккен-ді!
Тап майданы, енбекші
Табысқанға табына
Сонда жауын жеңбекші!
Партиясы Лениннің,-
Деді-жанжалдасқанға:
«Бір-біріңді танымай,
Көзіңді шел басқан ба?
Ау, сорлылар не білдің?
Қой, райдан енді қайт!
Екеуің де енбекші!
Пышағыңды кейін тарт!
Тында, артынды байымдап!»-
Деген кезде екеуі
Арт жағына қарасты,
Байқалды кім екені.
Екі жақтан бай, құлақ
Егестіріп тұр екен,
Атыстырып, айтақтап,
Бұғып тұрған сұм екен!
Екеуі де таныды.
Жаудың қайдан екенін
Жана білдік десті де,
Жайды кұшақ екеуі,
Жұрт екіге жарылды.
Бірін-бірі сүйет
«Біз ақымақ болыппыз!»,-
Деп екеуі күлісті,
Татуласты, жарасты.
Бұл жанжалды қойғанда
Ұлт пышағын тастатып,
Тап құшағын жайғанда
Бай мен құлақ қолдасты.
Егіз майдан
Айтты мықтап партия
Екеуіне манағы:
«Қара, алды-артыңа!
Жауыққан тап бай-кулак
Бірде жаулар, бірде алдар,
Ұлт пышағын суыртар,
Тап жолынан таймаңдар!
Жазба құшақ, болып сақ!
Ұлтшыл,
Ұлы орысшыл
Таптың жауы екеуі,
Егіз майдан деген бұл,
Тап таласы қабынған
Кезде кезек алмасын!
Бірлігіне екі ұлттың
Осылар жік салмасын!
Табын жуық қаныңнан!
Баста жаулап алғансып,
Ұлы орысшыл біреулер.
Билеп-төстеп алғансып,
«Басам!» десе, арқанда!
«Бізді етпекші орыс құл,
Бізді кұртып барады...»-
Дейтін байлар, бар ұлтшыл,
Екеуін де талқанда»!
Дегенді естіп екеуі
Осы ұранды ту қылып,
Өрге аттанып кетеді,
Қосылды анау қолына.
─ «Тап жауымыз бай, кулак
Біржолата құрталық!»-
Десті дағы: Бәлем! Қап!..»
Түсті жаудың соңына.
Білек біздікі
Сонау апат, сүреңнен
Серпілгендей сонау қыр.
Шығып аштық, жүдеуден
Арылғандай жадырап.
Көктен төгіп нұрын күн,
Көк бұрқырап, жайқалып,
Деп жер ана «Тірілдім!»,
Иді емшегі балбырап.
Жұттан шыққан жұрындар
Жамырасып, күлісіп,
Бұрынғы өңшең, күң, құлдар
Екпіні тау жыққандай.
Іздегендей шындықты,
Ашынғандай біржола,
Басшы алдында бір мықты
Жауды жерге тыққандай.
Ұрандасты, гулесті,
Көсемінің сионында,
«Жиылыңдар, жүр!»-десті,
Сыбан ысты белсене.-
Совет болса бізге ие!
Билік болса біздікі.
Елге, жерге біз ие!»
Келді кеулеп кеңсеге!
Ақ боз үйді тіктіріп,
Ішіне үстел қойдырып,
Өзін елге күттіріп,
Отыр кеңсе бастығы.
Иянаттап, ылаттап,
Сырты сұлу «советсіп»,
Қыз, қымызбен голайттап
Отыр байдың шашты ұлы.
Тепсінген көп тебінді,
«Босат біздің кеңсені-
Десті:- Тез тап жеріңді!»
Мырзам, Совет біздікі!
Енді істікке шаншылу,
Арамза шөптейін
Арамыздан аршылу
Сіздікі, мырза, сіздікі!
Аңдаусызда келіпсің,
Ала бүйі жыландай.
Абайсызда тиіпсің,
Көмбекшіміз, көрді көр!
Жер иесі біздерміз,
Тілек, білек біздікі!
Ел иесі біздерміз!
─ Мөрді бер!
Мырза, Мөрді бер!»
Құбыладан жел соққандай
Зіркілдетіп тау-тасты,
Екпіні жау жыққандай,
Кеулеп кетті бұл дабыс.
Күйінді көп белсенген,
Кезде кетіп жатты жау
Мектеп, жұмыс, кеңседен.
Даланы алды қуаныш.
Арқан сал!
Ескек желдей есе айдай,
Жауды қардай тоздыра,
Күрес, майдан, күш қандай,
Қимылдады сол ауыл.
Деп: «Дұспанға рақым жоқ!»
Тізе қосты, қайнады.
Сол бетімен шыққан көп,
Шабуылдан шабуыл!..
Қол алдында қызыл ту,
Ойда, тауда, далада,
Таласты тап, шықты шу,
Даланы алды дабыры.
«Мынау не еткен екпін ед?
Өзгерткендей жер жүзін...
Мынау не еткен екпін?»- деп
Қалды тыңдай шал мұны:
Коммунист пен комсомол
Топ алдында жүр солар,
«Мұндалайды» көпке жол.
Көп көшкендей қалын қол
Талай еңбектеріне,
Талай ердің қанына
Жау семірткен жеріне
Келді «егіндік- шабынға ол
«Жер біздікі, ие біз!»
Біз ашынған әскерміз!
Жауға осылай тиеміз!»
Десті топ-топ жиылды.
Жалғанды ұзын жаңа арқан,
Жерге қазық қағылды...
Сазға созып сан арқан,
Аңызға шым үйілді.
Жерін алып байдағы
Жарлы-жалшы болды мәз,
Қанжығада айраны,
Жаппай түсті шабынға.
Бұйра шалғын, көк құрақ
Иесіне иді бас,
Кетті дала саңғырап,
Бұлар шапқан шалғыға.
Сол шалғыдан шықты күй!
Жүрегінің жүйесін
Шалдың мықтап соқты күй,
Алды қырды бұл дабыр.
«Мынау дүбір-мол дүбір,
Болды! - деді төнді шал:
Бұл бастаған шабуыл,
Белгілі бел - бұл да бір!».
Айдау
Әлде күшті қуаныш,
Қобырады бір дабыр...
Әлде зарлау, бір дауыс,
Әлде жылау бір жағы.
Не еткен дабыс? Не еткен үн?
Әлде жылау? Әлде өлең?
Қалғандар кім? Кеткен кім?
Теселді шал құлағы:
Қазақ-қазақ болғалы
Кереге жайып, мал бағып,
Қырға, Сырға қонғалы
Бұл болмаған үлкен іс!
Арасында майдан боп,
Ауыл екі жарылды...
Жылап, күліп қалған көп
Болғансын-ды төңкеріс!
Жатар еді ен жайлап,
Ойда, тауда, далада,
Ен жайлауды ел жайлап,
Сұғынғандай шалғынға.
«Малды кісі палуан» боп
Ақшасымен ел шауып,
Ұлық әкім болған бек
Семіргендер қан-жынға.
Қынамалы қылтиған,
Мырзасынған сұрлары-ай.
Қап қарындар шартиған,
Далада мал, қала ақша.
Қырға беріп көтерме,
Елді соймай сорғызып,
Несиеші нөкерге
Жалаттырып қаны ақса.
Жіпсіз байлап жарлыны,
Жалғыз дәнін қаққандар,
Әлді, әлсіз сорлыны,
Жебе сауған жемеңгер.
Шоңайна ел тонында
Елді сорған кенелер,
Сорлы жұрттың сорына
«Тәңір-құдай бергендер».
Жарлы-жалшы желпіне,
Кесік құлақ есіктен
Көтеріле, серпіле,
Төре, ханға, қазыға
Шапты қатты түйіле;
Шынжыр балақ, шұбар төс
Болысына, биіне -
Қарғылы қасқыр, тазыға.
Зорлардан зор табыла,
Көсемі алда қалың қол
Көтеріле, жабыла,
Айдады өншең құмайды.
«Қоян» шапты доңызға.
Елге, жерге қоштасып,
Пароходта, поезда
Әне солар жылайды.
Қазақ-қазақ болғалы,
Алатауға, Арқаға, Қырға,
Сырға қонғалы
Болып па еді мұндай іс?
Дүние таны атқалы
Болып па еді далада
Құл қожаға шапқаны?
Бұл қайнаған күшті күш!
Қопарғандай тау-тасты,
Қотарғандай көлдерді,
Жуандарды кім басты?
Кім жылатты бай, бекті?
Айтыңдаршы, кәнеки?!
Мұны тыныш кім тыңдар?
Бұдан шыққан күшті күй
Жармасын ба жүректі?!
Қазақстан одақта,
Сол шабуыл-шабуыл
«Ардақты» бай-кулакка...
Анау бір шу-сол дауыс!
«Шапса шапсын осылай!-
Деп жылмиды мынау шал.
Көкті жарды күшті айқай,
Топты жарды қуаныш!
Алло! Алло!
─ Апырым-ау, бұл не дабыс?
Топыр бар ма? Той бар ма?
Апырым-ау, бұл не дауыс?
Дүрлікті ме жер мен көк?
Қобырады ел неге?
Не жамырау? Не еткен ду?
Бүгін қандай мереке?
Мынау қалың мың-сан топ?
Аттана ма бір жаққа?
Әлде бәйге? Әлде аттан?
Келген дабыс құлаққа
Қай жағымнан шығады?
Ойды-қырды қозғалтып.
Солқылдатып тау-тасты,
Кім барады күй тартып?
Кім барабан ұрады?
Көктің толқын үніндей,
Көкте десем қасымда,
Жерде десем көрінбей,
Дүрілдеді жаңа күй,
Тасығандай ұлы өзен,
Тулағандай Алатау,
Қайнағандай мың-миллион,
Мынау не еткен, балам, күй?
Арқадағы ақтүтек
Айдағар жел бұл емес.
Бұл емес шер көкірек,
Қайда, кәне қараңғы үй?
Алло! Алло!-деген не?
Кім сөйлейді, шырағым,
Мынау темір көмейде?
Жетер ме екен балам, ми?–
Деп сұрады анау шал,
Қасында түр бір бала,
Қызыл жаға-орамал
Пионердің біреуі.
Қос құлақты кәрінің
Құлағына қояды.
«Тында!- дейді,- бар күйін!»
Бала шалға күледі.
─ Қуыс құлақ дөңгелек!
Бұл бір қызық машина!
Үн келеді бір белек!
Әуел тыңдап қаныңыз!
Не қылған үн, не еткен күй?
Қандай құлақ-бұл құлақ?
Жетер ме екен бұған ми?
Сонда жауап алыңыз?!
Таң - тамаша болды шал
Машинаға, балаға,
Қолына алды, қойды шал
Құлағына құлақты.
Үн келгендей даладан
Мерекелі дүбірдей.
Ойдан, қырдан, қаладан
Аңырады, сөз ақты!...
Баяндама
Үстінде сол дүбірдің
Сөзді ағытты бір шешен,
Дауысындай бұлбұлдың,
Жанды ауызына қаратты.
Бүгін дала, бір бөлек!
─Товариштар! Жолдастар!
Бүгін тойда миллион көп,
Сөзді радио таратты...
Мәңгі бедеу, ту таулар,
Жесір өзен, қысыр қыр,
Кешегі құл-құтандар
Жамырайды, дулайды.
Тұман алған Сарыарқа
Бүгін нұрға толып тұр;
Борша борбай, арша арқа
Бүгін басты құрайды!
Нұра, Торғай, Есілдер
Емес пе еді бір күнде
Жау қолында жесірдей:
Анау жатқан Ақжайық,
Орал, Балқаш, Амур, Сыр
Астан-кестен өмірі,
Азынаған көкдауыл...
Елдің күні-жел қайық...
Лeпcі, Сарқан, Шу, Іле
Өмірге аққан жылаумен,
Бір тасыған күнінде
Қан шомылған Жетісу...
Тілегіне жеткендей
Сорлы қоныс, жарлы жұрт,
Алатау нұр төккендей
Мынау дабыр - не еткен шу?
Екі жағын жау басып,
Қанды қапқан, көк езу,
Өміріне қан сасып,
Ежелгі Шу-Ертіс-ай...
Бүгін шаттық ұласып,
Қойындасып көк пен жер,
Өлкесіне нұр шашып,
Ертістің күй шертісі-ай!
Талай апатқа ұшырап,
Талай долы дауылдан
Қалмап па еді қысырап.
Қарқаралы, Баяндар?
Құрымап па еді жұт болып,
Қырылмап па ед қасқырдан?
Жатыр ма екен жұрт болып,
Кешегі қой, қояндар?
Болмап па еді қан жылау
Батыр менен отардан,
Әсем Баян, Көкшетау-
Сарыарқаның жүрегі.
Көкке түндік ашқандай
Көкшетаулар бұл күнде,
Көпке нұрын шашқандай
Неге қарқ-қарқ күледі?
Кеше сорлы көк жұлын
Жамыраса, таптаса,
Жаман тымақ, жалба жең
Октябрьмен құрала,
Өздері ие еліне,
Өзінікі енбегі,
Өзі қожа жеріне,
Белсенгені біржола.
Қан жайлаған қара саз,
Сор жайлаған құм дала,
Бай жайлаған қоңыр жаз,
Иесіне тиіп тұр.
Серіктескен коллектив
Мәйегі боп шаруаның,
Жаңа өмірге рет қып,
Ел еңбегін сүйіп тұр.
Жапан түзге, далаға,
Жаппай ірге теуіп жұрт,
Жерді тіле қалаға
Ертіс, Орал, Сыр, Арқа
Енді болар бір бөлек,
Енді қазақ кент жұрты,
Енді орнығар ебелек,
Енді азаяр «итарқа!».
Бастарына шәпкі ұсап,
Соққан желдей екпіні,
Қолдарына папка ұстап,
Топта сөйлеп тұрған кім?
Енді малға сатылмай,
Ел басқара, үлгі айта,
Күшті электр отындай
Даусы емес пе қыздардың?
Жазғытұры көкке ұсап,
Қаланы алған жас қазақ,
Кітаптары бір құшақ,
Шашты қара, кепкалы.
Машинадай мініскер,
Винттердей орнықты,
Шын енбекші, шын іскер,
Трактордай тепкіні.
Күшті, өңшең көк өрім,
Өріп, өсіп жас маман
Қайнатты ма жігерін,
Білім тасын кеміре?-
Болат жігер, жас жүрек,
Құмырсқадай қайнасып,
Қаулады бір көп білек,
Қол қойып тұр өмірге!
Темір жолдар тартыла,
Абылай аспас белдерден
Аса соға, шарқ ұра,
Сонау Сибирь-Түркстан.
Құлашы мен құшағын
Қапсырыса, қосыла,
Социалдық нышанын
Ел көріп тұр тұс-тұстан!
Қараша үйде бозбала
Белін бекем буына,
Кетпен, ломды қолға ала
Сол жолды өзі салып тұр!
Еңіреген, егілген,
Итке мініп, ирекпен
Қамшылаған өмірден
Аулын тартып алып тұр!
Көк қапысын қаусыра,
Жер танабын тартты өнер,
Аэроплан ұшыра...
Қазақстан аспанын...
Өнер алды бұл күнде,
Ташкен, Семей арасын
Алты айлықты бір күнде
Көрдің бір- ақ басқанын.
Бар қаруы-көсеуі
Құр шулаған қарғадай
Қырылатын кешегі
Солдат десе-қаш, қазақ...
Винтовкасы мойнында,
Қызыл әскер жасанып,
Газет, кітап қойнында,
Жатыр ойнап жас қазақ!
Құрсанғаны темір мұз,
Совхоз түсті жапанға,
Жер қоздатып нұр жұлдыз,
Жарқырап тұр электр.
Қырдың жазып борбайын
Темір түйе боздатып,
Гүрілдейді комбайн,
Сақырлайды трактор!
Мұздай темір қыр құрсап,
Тасығандай жапан түз,
Жерден кесіп бауырсақ
Тракторлар шайнап жүр.
Қара жерде қайықтай
Қара жігіт жүргізіп,
Айдап тұр да,
Майлап тұр!
Ойылғандай жер асты
Солқылдайды Жексені,
Жерден еңбек кен ашты,
Жерге бір күш тиіп тұр.
Сарыарқасы солқылдап,
Алатауы аунақшып,
Балқаш, Арал толқындап,
Жер желіні иіп тұр!
Семізбұғы, Қоңырат,
Екі бас, Спасс, Қарсақбай,
Қарағанды комбинат,
Риддер еңбек жиып тұр.
Ертіс, Іле , Балқаш, Сыр
Балық туып, тұз құсып,
Жерге жауып май жаңбыр,
Ембі емшегі иіп тұр.
Жуан ата ожарлар,
Тігісінен сөгіле,
Шынжыр балақ шонжарлар
Аласталып қалып тұр
Іштен түскен түсіктей.
Енді олардың жоқшысы
Көштен қалған күшіктей
Көй-көй күйін салып тұр.
Ойды-қырды қайната
Сондай-сондай кендері,
Тауды, түзді жайната
Еңбек майы ағып тұр.
Осылардың жалыны
Көкке шалқып, қырды алып,
Осылардың сарыны
Жау зәресін алып тұр.
Міне, осындай іспенен,
Міне, осындай еңбекпен,
Міне осындай күшпенен,
Қазақстан қайнап тұр.
─ Бүгін дала мереке!
─ Бүгін он жыл Советке!
─ Бүгін он жыл бұл елге... -
Деген дауыс сайрап тұр.
Бұл дауыстар не дауыс?
Не еткен сарын? Не еткен үн?
Бұлар не еткен қуаныш?-
Ойы-қыры алғандай?!
Шал құйып тұр құлаққа,
Көз алдында тұрғандай.
Тарап жатыр жан-жаққа
Жерді-көкті жарғандай...
Той бастау
Сол дүбірдің ішінде
Жарқын-жарқын бір дауыс
Шықты желдей есіле,
Шал төседі құлағын:
Әлде біреу ән салад?
Әлде біреу бұл тойды
Құттықтайды, қуанад?
Келді саңқ-саңқ мынау үн:
«қимылда тіл, қимылда!
Қимылдайтын күн бүгін,
Есе тиген күн-құлға!
Қимылда тіл, қимылда!
Қимылдайтын күн бүгін,
Қазақстан он жылда!
Ленин берген ту қолда!
Қимылда тіл, қимылда!
Еңбекшінің дұшпаны
Ежелгі жау қуғында!
Қимылда тіл, қимылда!
Бүгін дабыр далада!
Бүгін дүбір қыр, сырда!
Қимылда тіл, қимылда!
Бүгін көтер даусыңды,
Масайраған мың-мыңға!
Қимылда тіл, кимылда!
Жорғала тіл, жорғала!
Ашылсаңшы қабағым,
Жасарғанда cap дала!
Жарылсаңшы, жүрегім,
Жаңарғанда қыр елім,
Жайнағанда айнала!
Қазақстан дейтін ел!
Октябрьден бір бала!
Кеше ғана туғаны,
Жасағаны он ғана!
Жас болса да бас болды,
Өз жұмысын қолға ала.
Жасаса да он ғана,
Он жасына келіп тұр
Олжасымен мол ғана!
Қазақстан даласы
Социалдық бір ана,
Сол ананың ұлына
Бүгін бұл той болып тұр,
Соқ өлеңім, балғала!
Қазақстан тастары,
Бүгін өрге домала!
Сол тастардың бірі боп,
Сен де, тілім, жорғала!
Жорғала тіл, жорғала!
Сорғала жыр, сорғала!
Тақылда тіл, тақылда!
Бүгінгі ұлы дүбірде,
Бүгін бір сын ақынға!
Жүректегі жалыным
Бүгін лаула, лапылда!
Көңілдегі бұлағым
Бүгін қайна, лақылда!
Тақылда тіл, тақылда!
Тайпалатын жұрт жайын
Текіректеу мақұл ма?
Көгеріп тұр cap дала.
Гүл бітіп тұр тақырға!
Енбекші елім, тойыңа
Құтты болсын айтамын,
Алыс пенен жақынға;
Бір шығарған дабысың
Жетсін дұспан, досыңа!
Құлағың сал даусыма!
Жақында жұрт, жақында
Өрмеле тіл, өрмеле!
Өрмелемей немене?!
Қазақстан бұл күнде
Дүние алдында көрмеде!
Қазақстан бұл күнде
Үлгі боп тұр өңгеге!
Октябрьдің одағы
Қазақстан тойымен
Бүгінгі күн көмбеде!
Социалдық жарысқа
Қазақстан қосқан ат
Бүгінгі күн бәйгеде!
Осы айқайға үн қосып,
Өрмеле тіл, өрмеле!
Дөңгеле жыр, дөңгеле!
Саңқылда үнім, саңқылда!
Саңқылдайтын күн бүгін!
Жырла елімнің он жылын!
Жеңу жыры сартылда!
Жауға бүгін жай түсті!
Дұспан торы шартылда!
Қазақстан төбесі
Бүгін айқын әлемге!
Бүгін сәлем халқыңа!
Көтер, көкке туынды!
Шығар, көкке шуынды!
Жер қозғалсын даңқыңа!
Ұраныңды, туынды
Бар әлемге айқында!
Бұл бетіңнен айныма!
Бұл адымнан тартынба!
Қайта, жайна енбекке!
Қарқында еңбек, қарқында!
Қазақстан дұспаны
Еңбекші елдің қырынан
Қалтыра да, қалтылда!
Қазақстан жерінде
Жарқылда нұр, жарқылда!
Аңқылда жыр, аңқылда!
Тойыңа, жұрт, тойыңа
Құтты болсын айтқаным!
Тойыңа, жұрт, тойыңа
Бүгінгі күн шапқаным!
Көп еңбекші күшің мол,
Бүлдіресің, жасайсың,
Құдіретің қолында!
Компартия-көш басшы!
Баста Ленин жолына!
Күзет күшейт жауына!
Сақ бол оның, солыңа!
Қолды мықтап қойғанда
Бесжылдықтың қамына!
Қып жет те, басып өз!
Озған қалсын соңында!
Осылай сал жарысқа!
Кетігіңді толымда!
Қайратыңды іске сал!
Жоспарыңды орында!
Дегеніңе жетуге
Серт қыл бүгін тойыңда!
Қамшыла тіл, қамшыла!
Мерекелі қалың ел
Қарай қалсын даусыңа!
Қамшыла тіл, қамшыла!
Келсе күйің, маршыңа!
Қамшыла тіл, қамшыла!
Қазақстан даласын
Айнала шап, шаршыла!
Қамшыла тіл, қамшыла!
Алатау, Атырау, Сыр, Ертіс
Елін шақыр бұл тойға!
Қамшыла тіл, қамшыла!
Тойын баста, шашу шаш
Жарлы менен жалшыға!
Білек іске сыбансын!
Жүрек жырмен тарсылда!
Қамшыла тіл, қамшыла!
Айдыныма шыдамай
Қалшылда жау, қалшылда!
Қамшыла тіл, қамшыла!
Еңбекшіге найза бол
Жауын жыға жаншуға!
Жай отымды жауға аттым,
Жағаласқан дұспаным
Құла, бүгін шаншыла!
Серме қалам-қылышым!
Шабыл жауым, қансыра!
Қамшыла тіл, қамшыла!
Октябрьге жеткенбіз
Ес кетіп те, жан шыға!
Қамшыла тіл, қамшыла!
Еңбекші елдің тойында
Алдына шық, сөз сұра!
Аршында тіл, аршында!
Той иесі еңбекші ел,
Құтты болсын мерекең,
Сәлем жалшы, малшыңа!
Он жылдағы олжамен
Қазақстан сақасы
Түскен күні алшыға,
Кәр құлақты тарихым
Есебінді бер бүгін!
Қазақстан он жылын
Шын бағала, дәл сына!»
Жыр құйылды осындай
Мұз жүрек, кәр құлаққа,
Осындай жыр жосыды- ай!
Елжіреп шал тыңдады.
Аз отырып, көз жұмып,
Ақылыңа келді шал;
Баласына сөз бұрып,
«Жақында!»- деп ымдады.
«Мынау қырдың дабыры-
Тұла бойды тербеді,
Мынау қырдың сарыны-
Жүрегімді жуғандай!
Қайнап кетті жүрегім!
Жолың болсын сенің де!
Бар тойыңа, бөбегім!
Білдім, балам, күй қандай!
Көктің толқын үніндей
Көкте десем қасымда:
Жерде десем көрінбей,
Дүрілдеген жаңа күй,
Тасығандай ұлы өзен,
Тулағандай Алатау,
Ойнағандай мың-миллион,
Мұны шерткен радио!
Бұл қайнаған кең дала
Бүгін істе, бүгін шат.
Нұр бөлеген айнала,
Қазақстан болады.
Бұл таптасқан талай ұлт,
Бауырласқан енбекші,
Социалдық жана жұрт,
Октябрьдің одағы...
Ерікті еркін ел бола,
Жауын жеңіп, жұрт жасап,
Өзгелермен тең бола
Дес тигенде күң-құлға.
Қазақстан болған-ды,
Болғанына дәл биыл
Аттай он жыл толған-ды,
Бүгінгі той-он жылға!
Шырқа, шырқа сен дауыс!
Бүгін тойда атойла!
Жан-жағыңа бер дабыс!
Көрсін сені дүние
Достың алсын сүйіне
Он жылдағы олжаңды!
Дұшпан қалсын күйіне!
Бас бір күшті күйіңе!»
Осыны айтып сол кәрі
Отырды қыр дөңінде,
Естіп бала мынаны
Шалға таман жақындайд.
Қолын алып кәрінің,
Жөн сұрады жеткіншек.
«Сіз боласыз, әлі кім?-
Деді,- ататай, атыңды айт!»
Шалдың жауабы
─ Балам, мақұл бұл ісің!
Мақұл болар жөні бар,
Той қылғанның ұлысын!
Атымды ұғып ал, балам!
Көп жасаған көнемін...
Шежіре боп талайға
Мен талайдан келемін...
Тарих дейтін шал болам!
28 қыркүйек, 1930 жыл.
Notes
Ебінің желі-Жоңғар қақпасынан ұдайы соғып тұратын жел
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру