Мазмұнға өту
Home

Кентавр

Маралтай Ыбыраев

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Кентавр

Авторы: Маралтай Ыбыраев

МАРАЛТАЙ

КЕНТАВР

ОТ ЖЫРЫ

КЕНТАВР

Тұлпарға мінген ұлы даланың Тарпаң мінезді ұлы боламын. Жауларым семсер сілтеген сәтте Қиылған талай гүлім, қарағым. «Тереңдеп кеткен әжімің» деме, Бүгінге қарап қажыдым неге? Сұңқарлар анау торғайға түсіп, Естілмей кетті-ау қаз үні көлде. Бір ғажап рух ғарыштан келіп, Дұшпанмен бабам алысқан дедік. Сүйемдей жерге сүйегін берген Арыстар туып, намыстан өліп. Көнеден қалған жыр тегін ұқсақ, Ұйқыдан безем Күлтегін құсап. Келмейді мені мойындағысы Өркениеттік ділдегі ынсап. Неғылсын сон-оу заманды надан, Жаулаған жарты ғаламды бабам. Толассыз уақыт толғату керек, Табанға салса адамды адам.

Болмауы тиіс мұратым мұңды, Толағай бір ұл туатын сынды – Кісі бейнелі, тарпаң жүректі, Кешегі… біздің ұғатын сырды. Тарпаң тұлғалы, кісі бейнелі Бабалар бүгін түсіме енбейді. Солардан қалған жүрек қой мынау – Жүрегім неге кісінемейді? Пұшайман халім өртеді мені. Қылқобыз кеудем шертеді нені? Жал бітті, кенет… жотама менің, Оқиғадағыдай ертегідегі. Ғаламат солай басталып бір сәт, Құйғытып кеттім тастарды турап. Атылдым көкке жай сияқтанып, Тұяғым алтын – Ай сияқтанып… Алапам тасып, ақырып, төніп, Аруағымды шақырып келіп: Шығысқа қарай адырна тарттым, Жар болса Тәңір, ақырын беріп!

У ҚАЙТАРУ

Құдай – Көкте, Мен – Жердемін, Жердегі – Қаламымда тағдырымның кермегі. Маңдайыма тұрып қалған ағып кеп Ғасырлардың айғыз-айғыз өрнегі. Кермегімде кешегімнің зәрі бар, Өрнегімде өмірімнің зары бар. Боздар болса, мен боздайын ботадай, Жүрегімде аруана елдің қаны бар. Сол қайғыны жою үшін ғасырлық – Арманымды алмау үшін ғасыл қып. О, Кер Далам, сөйлесін деп биіктен, Батыр тудың күркіреген күйіктен. Ақын тудың ұланғайыр Тұранға Бөрінің де көкірегін иіткен. Олар сенің таптатқан жоқ гүліңді, Бүлдірткен жоқ тіліңді. Содан бері жазылып сан Ғазалдар, Қирамады дейсің не дүр мазарлар! О, Туған ел, мен сен үшін шаттанып Һәм күйредім саған төнген ажалға әр. «Басыбайлы бөтен тұтып баламды, Сыйлаудан да қалып мүлдем анамды, Игере алмай иірімге кетем бе,- деп ойлаушы ем, – жат билеген санамды». Дінім, ділім, ғұрыптарым – күш, қаным, Қайта айналып қонса, рас ұшқаным. Босағамда сүйек мүжіп төбеті, Неге озады-ей төріме әлі дұшпаным!? Бірлігімді тапсам-дағы жоғалған, Қайдан табам тарихымды тоналған?! Тар жатырын жарып шыққан құлдықтың Сәби-елге сәулеңді құй, о, жалған. Кәрін қайта төкпесін деп жат әмір, Уа, бабалар, балаларыңа бата қыл. Үмбеттерің үмітіне ер салды, Қолың бос па, демеп жібер, О, Тәңір. Тамырынан таратылып текті сөз, Ал, арманшыл асыл халқым, көкті кез. Көк байрақты қыран текті қазаққа, Күн астында қанат жаяр жетті кез...

ӨЗЕК Жаратушы сен едің, Жаралушы мен едім. Ақылыңа ой жетпей, Әлі адасып келемін. Автор Бір ібіліс, бір періште, бір Құдай Бір жүрекке қалай сыйған, құрғыр-ай. Көнбес болсам көксеуіне Алланың Жазылмауы керек еді жыр бұлай. Құдайыма құлдық ұрып күні-түн, Жағып қоям періштемнің үмітін – Айырылып кетпеуі үшін арнадай, Өзім менен өзегімнің жігі тым. «Пенде деген екі өмірге келмейді, Менің жолым – ең ізгі жол, сен» дейді. Есер тәнім сайтан айтса, Естияр Періштеме көткеншектеп көнбейді. Періштем жүр орын таппай қонарға, (Адам тәні осынша нас болар ма?!) Өз дегенін істеткізбей қоймайтын Әйел сынды, Сайтанға ерсең, сор ол да!

Қарабет боп көп алдында тұрғандай, Тауқыметті тағдыр еді бұл қандай! Адамнан да, Алладан да қорыққан қор, Иманыңа өрмекші тор құрғандай. Пиғылыма сайтан ісін қолдатып, Сан адастым, көкке көшер жолда тік. Ібілісті періштеме жеңдіріп, Қайта алсам ғой, Сол– бақыт! Сорабынан жаңылысқан құлжадай, Түк айта алмай, тәмам болар жыр...(сор-ай!) Өнбес дауға қазылық қып ғазиз жан Екі оттың ортасында тұр солай!

АСАУ

Баса алмай жүрек солқылын, Аңсайды, құрғыр, беу, нені? Еркіндік шығар ол мүмкін Жаңғыртқан қайта зердені? Мияты, арман, мақсұты Сыймайтын ұсақ безбенге. Асырап ардың ақ сүті, Киесі биік сөзден де. Қатыгез мынау ғаламда Жарқылдап оттай жанары, Дөңгелеп дүние табанда Арғымақ ағып барады. Тегінен жұрдай, тегінде, Өткенін тани алар ма? Бас иген өмір өмір ме Бағынып қағидаларға?! Азаттық, қайран, ырқын ап, Бауырын жазып, сөгіліп. Қымыздай ашып, бұрқырап, Бозадай боздап, төгіліп. Бұғалық тимей қылқынып, Көңілін кенет жүдетіп. Бұлғарыдай бұлқынып, Бұлдырықтай пыр етіп.

Асаулық заулап келеді. (Асау боп асау өледі!) Қаны бір, жаны қазақпен Бас білмей өткен... себебі. Баса алмай жүрек солқылын, Аңсайды, құрғыр, беу, нені? Тектілік шығар ол мүмкін Тепкілеп тұрған кеудені. Еркіндік – арман, мұраты Асауды көрсем кейде мен. Еске сап Сізді тұрады Бағзы бір асқақ бейнемен.

МЕНІҢ БӨЛТІРІКТЕРІМ

Ауылдан ауылға, Шаһардан шәріге тараған Менің бөлтіріктерім – шетінен абадан. Бәрі де жаралы! Жарасын жасырып жалаған. (Қаншық қоғам талаған!) Соңымнан ергендер, Көргендер куә әлі. Ақ боран ап қашып дұғамды. Сере қар, көк мұзға қаныммен жазғанмын Мемлекетімнің «махаббаты» туралы. Менің бөлтіріктерім (Бүгін...) көзі қанталап, Сыртымнан айбат шегеді анталап. Мұрагерлеріндей патшаның тәжінен үміткер, Әй, жігіттер! Қашаған ел едік тарихын тасқа көп, Жыр тәжі – Мономах тәжінен басқарек. Көтеріп тұруға ал оны Асаулау жүрек пен ақымақ бас керек!!!

БАРДА

Ей, иманды, Ей, мейірімді – ізгі адам (Отқа қарап қалмайсыз ғой сіз одан), Жанға сайғақ, жүрекке ем үшін де, Құдай үшін, құйыңызшы жүз грамм. Менің жаным жалғыз жұтым заһарда, Қолыңда тұр қосу-қоспау қатарға. Кім біледі, бәлкім, дос боп кетерміз, Бәлкім, мәңгі бір шығармыз сапарға. Ей, иманды, Ей, мейірімді бүлдіршін, Мен көтерген тағдыр жүгін кім білсін?! Жылай-жылай Құсжолында адасқан Зағип кісі не нәрсені бүлдірсін?! (Жас ғұмырын рәсуә еткен қасқа боп, Мына өмірден босқа өтіп, босқа кеп... Қатар тұрып Көкке қолын түйетін, Жанарыма тік қарайтын дос та жоқ).

Ей, иманды, Ей, мейірімді қарғашым, Біздей ғаріп сізді қайтіп алдасын?! Қос алмасын қос қанатпен қымтаған Періштем-ай, пейіш деген бар ма шын!

МАҢЫРАҚ

Ажалдың Айы туғанда Солынан емес, оңынан, өлмейді Қазақ, Өледі – Өлсе егер, мұңның жоғынан. Кек болып келіп көмейге, маңырап шыққан мұңлық үн, Мен сені қалай жұбатып, Жіліктей алам, құлдығым!? Көмген соң көмбе-көмейге, Басты алар, Тілді кеспес деп, Ділгірі жетпес діліме, Содан ба, қайдам, өштес көп. Кеткендей болып көңілдің күлкісі Мұңға жамырап, Асқардан ұшқан арқардай Маңырай берем, Маңырақ! Үн тамсап таныс шалғайдан мүйізім ылғи сырқырар, Себебі, сон-оу түпсізде – Сенің де, Менің жұртым бар. Дариға, аһ... Жоққа зар жандай, Түбінде мұңның шындық тұр. Шешімі ұлы Жұмбақтың... Сыр сауып Сырдан, Сұмдық сыр.

Маңырақ жалған маңарда Ақырғы сыр бұл айтылған – Алақанында Алланың Адамнан бұрын Ай туған!

АЛМАТЫ

Сені Ару деп алдайды жұрт, Алдайды. Етегіңе қол жүгіртіп... Ар жайлы сөз қозғайды мына қоғам – оңбаған. Бататыны – сол маған! Ару болсаң, неге сені сүймейді? Сүймейді олар. Жүрегі жоқ! И, мейлі. Біреулер жүр сатқысы кеп сені де, Атқысы кеп, Қолдан келсе, мені де. Ұрлап кеткен сенің нәзік назыңды, Астана деп аталатын Тәжіңді. Сені сатса – айналасың ақшаға, Мені атса – жол ашылар басқаға! Соны ойласам, от өзегім өртенді, Жапқым келіп жыртық-жыртық көрпемді. Көше бойлап ұлдарың тұр құл болған, Көше бойлап қыздарың тұр күң болған.

Биік-биік аласарып армандар, Биік-биік үй тұрғызып алғандар – Сенің ашық кіндігіңе қадалып, Үмітіме түкіреді Далалық. Босағаңнан кім кірмеді талтаңдап, Жат құшақта күнің өтті жаутаңдап. Ақындардың жесіріндей Алматы-ай, Ақындардың жесіріндей Алматы!

МҰХАММЕДТІ РАСТАУ

А, дариға, Батар Күнге бататын, Ант етейін атар таңға ататын. Күллі Әлемді тізерлетер алдыңа – Мына Менмін, айналайын, Отаным! Қатер төнсе қазақ дейтін ұлысқа, Қаламымды айырбастап қылышқа, Сенің қаның менің қаным болған соң, Ең бірінші мен кірермін ұрысқа. Мен туғанмын – Ер Мұхаммед өлген күн. Мен болмасам, жүрегіңді емдер кім?! Хақ Мұхаммед айтып кеткен кешегі: Келеді деп… Келген ақын, сол – Менмін!

ЖЫРАУ

Қара Жер шыр айналған қазығы жоқ, Адамның қайғысы мол – жазығы жоқ. Бөкендей құба белден ғайып болған, Ән аңсап диуанадай қажыдым көп. Ән іздеп Алтай, Арқа, Атыраудан Бір шемен өзегімде жатып алған. Жалбыздай жанымдағы тасты ерітті Кісінеп шыққан үнің сахнадан. Әріден, Әлмисақтан жалғап ойды (Ұл туған анасынан..!) Арманы – ойлы. Кімі бар бұл қазақтың сенен басқа, Қарғам-ай, Қазтуғандай қарға бойлы. Құлын ең, Құлыншақ ең қоңыраулы, Тарпаңдай топқа салды өмір дауы. Иықта қанатың бар көрінбейтін, Айбозым алтын тұяқ омыраулы.

Сөйледі қара қобыз өксіп-өксіп, Өткінші өмір деген, өткінші үміт. Байлауы бұл фәнидің ән болмаса, Кеудемнен көкала үйрек кетсін ұшып. О, сонда тау менен тау соғысқандай, Аңырап адырнадан оқ ұшқандай. Теңізге мұхит құлап қапияда, Ғарышта Ай менен Күн тоғысқандай. Қара Жер дөңгеленген қазығы жоқ, Кісінің әнді сүйген жазығы жоқ. Абайдың сырласындай кенже туған, Өмірдің артын көріп қажыдың көп. ...Қарғасы-ай, Қарға бойлы Қазағымның Өнердің шын түсінер азабын кім?! Дүния шыр айналса ханкөбелек Тұсынан ән салып өт базарыңның.

ШЕБЕР

Шетсіз, шексіз ғаламға Жұлдыз шашып, Күн қадап... Ғұмыр берген адамға, Алла, Сізге – мың мадақ! Қауыштырған өмірмен, Мейірімі зор орасан. Сізді көрем көңілмен – Қай жағыма қарасам. Тағдырымның наласын Сізге ғана шертем мен, Көк пен Жердің арасын Шұғыламен көмкерген. Бір ғаламат күй кешіп, (Жаратқанның жарлығы!) Тау мен дала үйлесіп, Теңіз, мұхит – барлығы. Жанарыма сияды Балбұлақтың сылдыры. Көлдің көркем қияғы, Бақалардың былдыры... Қар мен мұзың шекердей, О, не деген құдырет! Тас та сөйлеп кетердей, Көзің түссе бір рет. Жазираның самалы, Қыр сағымы балқыған, Сізді есіме салады Гүл жұпары аңқыған.

Сізде менің бесігім – Арман, аңсар, мұратым. Екі Дүния есігін Теңестіріп тұратын. (Қам қылыңдар, қамсыздар!..) Дархан, дара, серіксіз, Бүкіл жанды, жансыздар, Сізге мұқтаж еріксіз! Мызғымайтын қазығым, Азан салам озаң ғып. Шебер Алла, разымын, Жіберсе де тозаң ғып. Бәрі Сізден көктейді, Талғамыңа зиялы Ақын тілі жетпейді, Суретшінің қиялы. Жалқы, жалғыз тірегім, Жаным қашан жай табад... Лүп-лүп соғар жүрегім, Есіміңді қайталап. Он сегіз мың арсыны Нұрға бөлер лайым. Жүрегімнің бар шыны – Сізді сүйем, Құдайым!!!

АЛАТАУ

Алатау, сен де ғаріп, мен де ғаріп, Келеміз жүрекке мұң теңдеп алып. Мен саған жыр оқиын, қасыма кел, Қайтеміз түсінбейтін елге налып. Алатау, сен де биік, мен де биік, Қосылсақ – қосылғандай шерге күйік. Сені Күн, мені күншіл менсінбейді, Тұрған соң табанымыз жерге тиіп. Алатау, сен де көркем, мен де көркем, Ботаңдай бауырыңа бас, еркелесем. Қобыздай қоңырың ем, Қолыңа алып, Мен дайын, жан сырыңды шертем десең. Алатау, айналайын, барым – нарым, Алладан соңғы сенсің – табынғаным. Бұл қазақ сен болмасаң қайтер еді, Өзіңсіз менің-дағы мәлім халім.

Ақын жоқ жер бетінде мен сияқты, Тау да жоқ бұ ғаламда сен сияқты. Жадырап тұрайықшы, беу, Алатау, Қазасы, қайғысы жоқ ел сияқты.

АДАСҚАҚ

Беу, Жайық, қарашығы жанарымның, Мен де бір маңып кеткен маралыңмын. Батысқа ішім күйіп қарай берем, Шығыстан шыққан сайын ағарып Күн. Аһ ұрып аруағын арқа тұтып, Басына тал дарақтың шарһат іліп. Ақ Жайық – атамыздың белбеуі еді Белінен түсіп қалған тарқатылып. Беліңнен тарқатылып мен де кеткем, Ешкім жоқ одан кейін еркелеткен. Адасқан ақботадай анасынан, Өзегін өмір бойы өртеп өткен. Өзегін өртеген ер аз тумаған, Ақ моншақ толқыныңда саз тулаған. Жайығым – жаһандағы жалғызым-ай, Қай жерім артық менің Қазтуғаннан.

Еш жерім артық емес бұрынғыдан, Білместер бұрынғымды зығыр қылған. Ықаңның қыл қобызы не дегенін Сүгірдің «Бозінгені» ұғындырған. Жырым да, айбыным да сай тұлғама, Менікі жан азабын айту ғана, Орманға ұлымайды біздің жүрек, Төменде Жер, төбемде Ай тұрғанда! Жайығым, маған да сыр шертетіндей, Баяғы бабам көрген ерке күндей. ... Мен саған түбі әйтеуір ораламын, Аяғы әйбат біткен ертегідей.

ҚЫЗҒЫШ

Өлсем – сенің босағаңда өлемін, Ақындарын ардақтаған өр елім. Иесі бар иттер талап жатса да, Киесіне шағынбаған бөрі едім. Тозаң басқан тарихымды тозбасқа – Ниет қылып күнде шалам бозқасқа. Ұл қыламын десең – сенің құлыңмын, Құл қыламын десең егер… сөз басқа! Қапсадағы қақпан боп, Жауымды да бірінші боп атқам жоқ. Әлдеқандай күн туғанда басыма Әлдекімдей Отанымды сатқам жоқ. Ханның кенже баласындай ұл едім, Ауырады жүрегім. Бас қалада баспанасыз Қасымдай, Қаңғып жүріп тілеуіңді тіледім. Мұң жоқ менің мұңымдай, Шыбын жаным шырылдайды шыбындай. Саған қарап оқырана беремін Қасқа айғырдан төбел туған құлындай.

АҚИЫҚ

Қапияда күнің батса арайлы Талап жейді, Талап жейді – талайды! Бір ақиық Алатаудың басынан Адамдарға аянышпен қарайды. Әділеттің төрешісі ар болар, Арың таза, сені көрсе зар қағар – Қолыңа су құя алмайтын кешегі Билік айтты күйкентай мен қарғалар. Ер еңбегін қиянатпен сыздырып, Өлді қанша қанат жаймай ізгілік. Көресіні сенен көріп біттік қой, Ей, екіжүзділік!!! Жем қылады ит пен битке, бүргеге, Бағың тайса жел сумаңдап іргеде. Торға тығар торғай емес еді ғой, Құс төресін қаматтырып түрмеге... Мынау қоғам сан алжасты, алжасты Бұл алжасу соңғы да емес, алғашқы... Ақиығы айнала ұшып жүретін Алатауды тағы да әне қар басты.

Сая болып құзғынға да шың-құздар, Ей, шың-құздар, көңілімді бұздыңдар. Құс төресі – төре болып қалады, Қанша жерден таласа да құзғындар.

МАХАМБЕТТІҢ МҮСІНІ

Достарым менің кіл мықты, Әр сөзі – бір-бір өнеге. Сатқындық дейтін сұмдықты Сүймейді олар және де. Ақынбыз өңкей, батырмыз, Қидасын жілік атандай. Біріміз мыңға татырмыз Өтемісұлы Махаңдай. Жеткізер бізбіз (ол да анық!) Адасқандарды арманға. Бұқара жайлы толғанып Сырахана мен Барларда. Көбейіп кенет жалқы боп, Ере алмай заман көшіне. Сүйеніп, сенер халқы жоқ Махамбет түсіп есіме. Теңселіп үйге қайтамын Батыр боп, кейде ақын боп. Жалғыздық әнін айтамын, Жалғыз болмасқа хақым жоқ. Құлаймын келіп төсекке, Түс көрем, пәс боп аспаным. Мені де қосып өсекке, Жүреді сатып достарым.

Достарым менің кіл мықты, Әр ісі – бір-бір өнеге. Сатқындық дейтін сұмдықты Қолдайды олар, о, неге! Көңілдің солай хошы жоқ, Ере алмай тағдыр көшіне. Оянам қайта досы жоқ Махамбет түсіп есіме. Ойланам сонсоң, шындықты Көрсету керек шын ақын. Сатқындық дейтін сұмдықты Мансұқтап мәңгі тұратын. Шошынар көріп көп пенде, Мәрмәрдан қашап үлгісін, Ой салар өткен-кеткенге Жасасам, шіркін, бір мүсін. Махамбет тұрса басы жоқ, Алға аттай бере тоқтаған, Дұшпаны менен қасы көп, Досы жоқ жалған мақтаған. Ауыр бұл көрініс, расында, Адамзат атын ұсақтап, Ықылас тұрса қасында Кесілген басты құшақтап.

Жонымнан пышақ ұрғандай, Ғарыштан келген дабылдай. Жолыма тұзақ құрғандай, Қабылдан өлген Абылдай. Құлаймын қайта шалқамнан, Түс көрем... шайдай аспаным. Құшақтап, мәз боп арқамнан Жатады қағып достарым. Достарым менің кіл мықты, Әр сөзі – бір-бір өнеге. Сатқындық дейтін сұмдықты Кешпейді олар және де. Қамығар кейін (ол да анық!) Оңаша бәрі қалғанда. Ұлы ақын жайлы толғанып Сырахана мен Барларда.

СОТ

Аң – аң, Құс – құс. Адамды – адам дегенге, Сенейін бе!? (Мен – төменде, ол – төбемде!) Күнің үшін қараны аппақ дегізіп, Қорлық болар зорлық жасау өлеңге. Адам, мүмкін, маймыл шығар шынымен, Сәл ес құйып, тазартылған түгінен. (дұрыс түсін бұрыс айтып отырсам, Саған жаным бұрғаннан соң мұны мен) Адам, рас, аң шығар деп дамыған, Дарвиншелеп көкімек ем, ағынан жарылғанға жаны қастау қоғамда Айырылып қаламын-ау «тағымнан». Адам мүмкін құс болуы... қанатын қағып қалып сүйгеніне баратын. Неге менің жас келеді көзіме, Сұңқар көрсем самғап бара жататын.

Адам мүмкін (күбірлейді жалған үн, Бітпей қалған мүсіні деп Алланың)... Жадымдағы бұлыңғырлау кодымда Бейнесі тұр орақ пенен балғаның. Сыбырлаған сақаудаймын кереңге, Сендіре алмай... (Сізге және өлеңге) Иланбастан кетер ме екем өзім де: Адамды адам дегенге?! Сәт туғанда сынайтын, Сүйегіме қайта жан сап құрайтын. Қияметтің күліп тұрып төрінде Бір сұрақ бар, Алла, Сізден сұрайтын. Алла сонда сөйлейді!!!

СЕНТИМЕНТАЛЬДІ ҚҰБЫЛЫС

Қара түн құлайды бауырына ап даланы, Күрең нұр көкжиек көзінде мелдеп тұр. Аққан қан сияқты. Жұлдыздар қаралы, ғаламның бетінде жаралы Жұмыр Жер адасып барады. Күрең нұр көкжиек көзінде сырғанап Өшеді. Өлген – ол үміті Алланың, Азалы сияқты. Сайтандар тұр қарап, ібіліс төсіне гүл қадап, Пенделер иманын ұрлап ап! Бұл сәтті суреттеу – қан жұтып айтатын қасірет, Мен – түссіз ферзімін ақ, қара шаршыда Сенделген көлеңке сияқты, Ой ұстар басы жоқ. Ақ нөсер құюда Иемнің жасы боп. Атпайды таң енді, шықпайды Күн көкке, Ырғағы бұзылған әуендей. Іші өрт сияқты. Абылдар кірмеген дүрмекке, Қабылдар ие еді құрметке, Мақшардың таңы ертең! Дірдекте, ал дірдекте. Менің де, Сенің де сөздерің күмәнді, «Адамзат баласы зиянда, ғапыл әм...» Ертегі сияқты.

Ертеңім тұманды, артым – от, Кеш, кешпе күнәмді, Алған – мен, берген – Сен едің ғой Құранды. Жұмыр Жер адасып барады, Қолында Құраны.

ДОС

Қарсы тұру қиын, рас, Құдайға, Дегенменен жасау керек бір айла. Бұ дүниені менше сүйгіш жандар-ау, Не істеу керек мұндайда?! Мен кетер жақ – Жерге-дағы таңсықтау Болғаннан соң, шың-кұз өксіп, қаңсып бау – Аспан келіп қолтығымнан демеді, «Уһ» деді де, жан шықты-ау. Бұлдыр-бұлдыр, бұлдыр мұңға мінгесіп, Мұнар күннің маңдайынан нұр кесіп, Көкті қайтем?! Жерден опа тапқам жоқ, Күтпе мені, «Мен» бармайтын бір тесік. Кебіні тұл, қан, сүйегі, тәні – нәт, Жасыл жерге жарықтық ем жаны жат. Жеті шелпек таратыңдар дәл бүгін, Менің «Менім» ортаңда жоқ – Аруақ!

Сеніскен дос, сүйген жарым –Тәңірім, Жыға алмадым Жаратқанның әмірін. Бағыт сілтер бода-бода жырларым, Мені аңсасаң – мекенімді, жарығым!

ОПТИМИЗМ

Бүгінгі түн – мен үшін ақырғы түн, Өмірімнің ажалға атын бұрдым. Мың ұмтылып Аллаға ділім жетпей, Аян боп тұр сайтанмен жақындығым. Бәрі мені алдайды, алданам мен, Алла, өзіңе аманат қалған өлең. Жүрегімнен жүз бұтақ өріп шығып, Айналып кетсе, шіркін, талға денем. Бүгінгі түн – мен үшін ауыр сондай, Жаным қалқып барады қауырсындай. Бірге жүрген достарым, (дос бар ма еді?) Көрімді кең қазса ғой ауырсынбай. Сәтін тауып дәл бүгін келе қалған. Ажал – ақ қой, сатпайды сенем оған. Жыл құсындай қайырылып бір соқпаса, (Сенбесең де сенші сен), өле ме адам!

Бүгінгі түн – мен үшін қасіретті, Қасіреті жанымды жасын етті. Сен аман бол, қара өлең, айналайын, Азар болса, бір қырттың басы кетті.

КЕРБҰҒЫ

Қарсы ала алмайтын ертеңгі таңды Түндегі отпен тұлданған өшті ол бірге. Келмеске маңды – Европадай ұрланған. Фәниде пенде өзегін бір жылт мекендер, Сөнер – сен сөнсең, Сарғалдақ депті ол сағынышты жұрт, Сағыныш түссіз, сенсең сен! Түсіне еніп, тіліне тамған Уды бал ету – кәсібі. Мүйіздерінде шырақтар жанған Бұғыдай әулие, әсілі. Сол жанды неге түсімде көрдім, Сіздегі торға қамалған... Босатып қайта, бостандық бергін, Сағындық Оны, я, Аллам!

ҚОБЫЗ

Ақ ғаламды қара, қоңыр... жоқ! Қызыл Бояуменен бұзып өтті түп-түзу. Кетсін деп те мына өмірдің соры үдеп, Осы оның отқа оранар жолы деп. Сол бояудың тарқаған жоқ мұңы әлі, Шер көкірек шерленеді, тынады. Сен шалғанда қобызыңды, содан ба, Түз әні емес, ызалы әуен шығады. Жан өртеніп, қияғыңнан шоқ ұшып, Жауырынымда сан мың ине соғысып, Жария етер тауқыметін жыланның, Жал-құйрықсыз Қазақ тектес құланның. Мұның бәрі қанға түскен күйіктің зор суреті. Жұлдыздардан биік тым. Қыш кірпішке қашап жазған өлеңнің, Қадіріндей мұз дәуірлік береннің.

Жалғыздықтан құтыла алмай батпандай, Тәңір өзі зарыққан соң шапқандай. Қобызбенен өзегі дерт жұмыр Жер Бір-бірімен бақұлдасып жатқандай. Сен шалғанда қобызыңды қоңырқай, Зар-саз жетер жүрегіме. Тобыр қай Мән береді ми сыздатар әуенге, Сән күледі олар сүйген әлемде. Жаһаннамдық жаназамды жаһанда Сыймайтұғын ешбір сөзге, мақамға Қылқобыздың қос көзінен таныдым, Таныдым мен бақилықтың анығын. Қара нар – ой боздап, кезіп сананы, Солқылдатты-ау жанда бітеу жараны. «Тексіздік пен аруақтың егесі Бір тоқтамға келе алмайды-ей, неге осы! Көрден қашып (пенделердей есі кем) Қорқыттыкі, ал, шоң басымен несі екен?» –

деп күбірлеп күпірліксіз іңірде Сіңіп кеттім ауадағы дірілге. Содан бері қобыз болып күн кештім, Айыра алмай: Кім – ақ, қара, ділдес – кім?! Жер бетінде тәнім қалды, сен оның Тілін тапсаң, Сырласы бол, мұңлы өскін!

НАЙЗАҒАЙ

Жазда жауған қар құсап, қыста ойнаған жасындай, Жасандыны сындырған мінін айтып жасырмай, Жан әлемі белгісіз элементтен құралған, Жерге түскен ғарыштың Қағбадағы тасындай. Қарағайға қитығып қарсы біткен бұтақтай, Ер сияқты қоймайтын егескенін мұқатпай. Күндей күліп кенеттен, бұзылатын нілдей боп, Түсіне алмай қойдық қой түсініксіз кітаптай. Жаратасың жаратсаң ерекше ғып, ой, Алла-ай, Қайшылықпен астасқан біз көрмеген бояудай. Заты түгіл атынан қабыландай қаһарлы Жетесіздер кететін інге кіріп қояндай.

... біздің қоғам біртүрлі, біздің қоғам ызғарлы, Жылытуға дәрменсіз жүректегі сыздарды. Қара перде бөліп тұр әйелдер мен еркекті Ұғынбайды ел сондықтан жаны жұмбақ қыздарды. Сіз жайлы да, жан апа, өлеңнен де тақпақ көп, Үп еткенде самал жел ұшып кетер бақбақ боп. Мен де айтайын деп едім сіз туралы бір рет, Қара перде артында гүл жатқанын аппақ боп... КЕНЕСАРЫ Тарихтың кім кетпеген тақымында?! Бек сенген мақсаты мен ақылына. Хан Кене бір күндері жаушы салды Ботпайдың бетке ұстаған батырына. Жаушының сөзі қысқа. Нақпа-нағы: – Дулаттың қаракетсіз жатқан әлі Ат жалын тартып мінер кәрі-жасы Қырғызға дайын тұрсын қаптағалы!

Сыпатай саумалайды сақалын кеп, Тағдырдан тағы не сор татамын деп. Қырғызға қарсы шапса, жүзі күйіп, Бір дауға қалары анық шатағы көп. Кеңісе қамар белдік беліндегі, Сұм семсер дем тартады төріндегі. Құп алса Хан Кененің өктемдігін – Екі елдің оты мәңгі бөлінгені. Кененің құрығы ұзын, қолы мығым, Қай күшпен тоқтатарсың оны бүгін. Көкжиек жұтып бара жатыр әне Және бір ауыр ойға толы күнін. Қапа боп батқан күнге, атқан таңға, Зар болып жалғыз үзім қатқан нанға. Дәл бұлай абыржыған кезі бар ма ед Хиуаның зынданында жатқанда да.

Қырғызбен құдандалы, өрісі кең, Иті мен иті туыс, бөрісімен... – Тақ құмар ханға бола қайдағы жоқ, Көршімнің қанын шашам не үшін мен?! Жапалақ бір жалп етті жар басынан, Осы деп «өгіз өліп, арба сынған!» Алла деп атқа мінді, Беті – Алатау. Бұл істің хабарсызбын арғысынан. Аңыздың ақыры осы, сенесің бе-ей, (Бұл аңыз – бар аңыздың төресіндей!) Бүгін ғой басымды іздеп қаңғып жүрмін Кененің көрден шыққан денесіндей.

СҮЙІНБАЙ

Алатау жақта сіз ғаріп, Қаратау жақта біз ғаріп, Замана мынау не дейді қара өлең жаққа сызданып?! Тазарта алмай жүректің түбіне тұнған тотын біз, Бағаналы терек жарылып, бақыраш жамап отырмыз. Қара Жер-Аспан астында өзіңмен жырды тете емсем, Аруағыңды шақырып, бөрілі байрақ көтерсем. Сүйегі бөлек Сүйекем, кел-дағы бізге қарап көр, Бөріден тудық дейді-ау кеп бөрлігіп жүрген нәлеттер. Оң жағымнан да жел тұрып, сол жағымнан да жел тұрып. Тәуелсіз байрақ астында тәуелді біздей бөлтірік Ішіне сыймай арманы, жанарға жасы тұнып бір, Сүйекем жатқан төбенің түбінде көкке ұлып тұр!

ҚЫЗЫЛ ӨЛЕҢ

Қасіретке боялған ба қызғыл түн, Қиыр-қиыр қыраттар да қызғылтым. Қоса ағарар қосағасын аңсайды, Қойлы ауылға қиған еді ол қыз қылқын. Сәтінде ағам отарды үйге бұратын, Шай даярлап қырда ол күтіп тұратын. Қапелімде қазанаттың ері ауып, Қайғы-мұңға төрін берді мына түн. Ықтырардай ырық бермес лаңды, Қариялар күбірлесті Құранды. Ағам ғана аймалайтын ақ алқым Жесірліктің жасыменен шыланды. Аза тұтты ағайындар түгел кеп, Аққа орап, алып кетті кілемдеп. Үш жылдан соң әкем жатты оң жақта, Қара ұлыма қамқор болып жүрем деп.

Апам сосын қара киіп қамығып, Қара ұлы мен шалын ойлап зарығып, Жоқтау айтып отырушы еді, оны да – Қара дауыл қағып кеттің қағынып. Тоқтата алмай тосын келген ажалды, Жіңішкерді, жүйкем менің қажалды. Кетем деп ем, кете алмадым, қимадым, Қия алмадым тірлік дейтін тажалды. Маңдайымды сүйеп құлпы тасына, Ата-анам мен бауырымның кеп басына, Жазылмаған жырымды оқып тұрамын – Қазылмаған қабірімнің қасында.

ҰЛУ ЖЫЛЫ

Он сегіз мың ғаламның кілті кімде?.. Бәйшешектің ұйыған бүртігінде. Жарлы байға, Күн Түнге теңелгенін Жеткізе алмай ғапылмын жыр тілінде. Айналғанын аңғарып тастың гүлге, Жұпарымды жалғанға шаштым бірге. Құшақтасып көрісіп әз Наурызбен, Ішпей-жемей мен-дағы маспын мүлде. Науас, Қаяс сазына тербетілем, Исіндірген игагай келбетімен, Шайтан көшіп іңірде, бүгін түнде, Қыдыр жүріп өтерде Жер бетімен. Он екі айда оралар сері құсап, Наурызына жаяды елі құшақ. ...Мен таныдым қазақтың жанарынан Ұлып тұрған Ұлуды бөрі құсап.

ҚҰН

Адам өледі екен ғой, Арзанға сатқан дос үшін күйіп. Шын дос көнеді екен ғой, Адамның құны сол үшін биік. Жанымнан мұң лаулап барад, О, Жалған! Жалған – қас-қағым ғана! Тырналар тыраулап барад... Достарым қайда?.. Достарым бар ма?! Бауырыңа қатты қысқанмен, Жанымыз табыспайды екен ғой. Құс құсап қатар ұшқанмен, Адамдар алыстайды екен ғой... Жасырам жұртымнан нені?! Мың дос болса да, көп емес маған. Атпаңдар сыртымнан мені, Шарап сыйлаңдар – оқ емес маған!

ҚҰЙЫН

Өзім барам! Сол жаққа қарай-қарай көзім талған. Кез еді Ер Төстіктей көзім талған – Құсадан Жер бетілік мезі болған. Барамын, табамын да жақынымды Алыста жақындарым заты мұңды. Жалғанның жұмағына кісенделген Босатам, дүр-дүр ұшсын, пақырымды. Ұя сап имансыздық иығына, Тірелген тіршіліктің тұйығына. Шырылдап шыбын жаным сіңіп кетсін Құдайдың көк тіреген құйынына. Арда еміп, адал туып өскенменен, Ауылы адалдықтың көшкен менен – Құнына бір ләззаттың басын тігіп, Отынан мың тозақтың сескенбеген. Қарауға айналама айнаң бар ма, Боздаған бота көңіл қайран ғана. Өлім хақ адамға да, сайтанға да, Өмір тар – ақындар мен пайғамбарға.

Келмейді ешкім енді, Барамыз біз! Салыңқы тартты неге қабағыңыз?! …кешқұрым көбелектер отқа үйір, Шам жағыңыз!

ІБІЛІС

Дағдарыс туды санада, Тұтылған күндей мысалы. Дағдарыс туып санада, Жерітті тірлік құшағы. Еске сап құстар сөйлейді: «Қай жақтан келдің, қарғам?» деп. Өксімейтін де өлмейтін Құдайда құйттай арман жоқ. Үмітін үзген пендеден Сананың түбі – түңіліс. Алласын сүйіп көрмеген Ассалаумағалейкүм, Ібіліс! Құлаған жұлдыз кеудемде, Жүректі жақын айналып, Көздері ашық көркеудем, Бақытқа қалды-ай байланып. Үмітін үзген пендеден Сананың түбі – түңіліс. Нәпсісін тыйып көрмеген, Ассалаумағалейкүм, Ібіліс! Жадымда жанған сәулемен Жапырақ жанға ой құяр. Зейінім зарлап зәуде, нем (?) Бой жазар сана, оянар...

Көлеңкем түспей қорланам, Бейнесіз тәнім тәртіпсіз. Өмірде бір рет болмаған. Сіз Менен мәрте артықсыз. Үмітін үзген пендеден Сананың түбі – түңіліс. Жалғанға өңін бермеген, Қош болып тұрғын, Ібіліс! Дағдарған сана тазарар, Ай тумас деп пе ең, немене?! Қазалы жерде аза бар, Тәңірім тұтсын төбеге!!!

СУ ЖЫРЫ

НАТЮРМОРТ

Қалам қалған үстелінің үстінде, Қағаз қалған үстелінің үстінде. Шырақ әне, жағылмаған қалпында, Құран міне, Құран – Құран қалпында! Енді қайта батпастай боп күн тұрды, Батса қайта атпастай боп… бір түрлі. Және бір тал сары гүл бар әдемі, Гүл туралы айту жөн еді әуелі. Кінәсі не қағаз бенен қаламның – Түйіршігі тозаңданса ғаламның. …айтпақшы, гүл құсқа айналған заматта, Құран болса сүйеулі тұр сағатқа.

ЖАЗА

Алладан деп не болса да алдымен, Азапқа сап сансыраттым жанды мен. Құс қайтқанда қиқулайды жүрегім Уысында тағдырымның қан-күрең. Құлақ тұнып керней менен дабылдан, Бүкіл патша аударылып тағынан. Ақын біткен Абылды іздеп өксиді Жаратылған қара жүрек Қабылдан. Не дейді бұл ессіз көңіл… жел түрген – Өзім қашып өзім жаққан өртімнен. Қу жанымды қоярға жер таптырмас, Қабылға ұқсап Абыл бауырын өлтірген. Құлақ тұнар керней менен дабылдан… (Сол бір сәтті жалғыз сіз бе сағынған!) Шын патшаға мың патшаның атымен Абыл жауап алатын күн Қабылдан.

ШЕШІМ

Жұлдыз ақты. Жұлдыз ақпай тұра ма?! Тағы бір жан нүкте қойып күнәға… Аманатын сұрап келсе, Артына Тастап кеткен ешкім жоқ қой мұраға. (Өзімді айтам!) тыныш мекен таппағыр, Иманымен ойнап отыр қақпақыл. Ағып түскен жұлдыздарға қызығып, Ақшам кіріп, намаз оқыр шақта бұл. Ажал келсе Алла берген жүлдедей, Есіл өмір есігі ашық түрмедей. Өлім жайлы ойлай берем неге осы, Молаға әкеп көмбей кеткен мүрдедей?! Жалғыз шырақ күлімдейді Күнмін деп, Аққан жұлдыз күбірлейді. Білгім кеп – Бүкіл ғалам сыйып кеткен кітаптан Қашып шығып алдыңызға тұрмын кеп.

Көкке қарап, Жерге қарап… О, бәрін – Сезіп қояр жүрегіме – обалым. Бір тілегін сіз де бір күн тыңдарсыз Жұлдыз ақса қуанатын баланың.

«БОЗІНГЕН»

Қамшысын солай білей ме?! Адасып қалған ақботасына дүлейде. Шанаққа сыймас сырымды шертіп нем бар ед Түлік танымас түлейге! Тағдырым менің – қара нар... Бүгін – ақтабан, Ақтабаншалап Қаратау жаққа қаптаған Боздап та жүрген бозінген көрсең, сүрт көзін, Ал, егер атар оғыңыз қалса, ат маған! Көбік жұтқандай, уа, көп пенде, Шыңырауға ділің жеткен бе? Құдай мен Мені күйге ұқсас бір үн баурайды Құс қайтар шақ пен көктемде. Қоңыр үн өзі, момын үн өзі зары бар, Зары бар кісі беймәлім жаққа зарығар. Бүлкілдеп желіп ботасын іздеп бара ма, Иесін аңсап келе ме әлде жануар?

Тағат таптырмас жанына, Тегіне біткен Қарабураның қаны ма? Иеңді сенің киесін білмей көмгенбіз, Қамыға көрме, қамыға. Сыбырлап жусан, қыбырлап анау құмырсқа, Шындықты көксеп шырылдап жатса, бұрыс па?! Бозінген боздап алдыңа келді – бұйдалы, Бұйдасын шешіп бұйрыққа көнген дұрыс та!

ИГІЛІК

Ару сүйдім ерінімді күйдіріп, Шарап іштім шараяққа құйдырып. Соның бәрін жүрегіме сыйдырып, Мен өзіңнен алып кеткем, Игілік. Табанымды топырағың күйдіріп, Алпыс екі тамырымды идіріп, Сол баяғы алқам-салқам қалпымда Мен келдім ғой, айналайын, Игілік. Анам қайда, ауызында тобасы, Әкем қайда... (жатыр әне моласы). Қоңыр мұңға қоңыр қобыз қосқандай, Жанарымның жаудыраған қарасы. Ей, жанарымның жаудыраған қарасы, Әнеу бір жан жылап тұр ма, қарашы. Жесір жеңгем күліп шықса алдымнан, Жетім ұлдың жетілген ғой санасы. Қалды сенде жастық деген жан әнім, Жан әнімнің неге жырттым парағын?! Алатаудай асқақ едім, Мен бүгін – Сені көріп аласарып барамын.

Жорытсақ та сонау күннің түбіне, Күңірене сұм фәниден түңіле. Бейбарыстай жусаныңа ынтығып, Саған жетіп жығылармыз түбінде. Жығылармыз, Тағдыр заңы ол-дағы. Тағдыр деген жезөкшедей жолдағы. Пәк қалпында алып кеткен жанымды Ақ қалпында қайтып берсем болғаны.

ЗООЛОГИЯЛЫҚ ТЕРМИНДЕР

Аядай ғана айналып болмас жасымда: Түлкіні көргем мәз болып күлген миықтан, Қаншықты көргем қорқауларменен ұйыққан, Қартайған шақта қиядан құлап өлетін Қыранды көріп, көзінен сұмдық күй ұққам. Бұлбұлды көргем көкектер үшін ұялған, Есекті көргем тұлпардан озып сый алған. Мегежін көргем ақылды туған бірегей, Қарызға сұрап тауықтан титтей ми алған. Борсықты көргем қарны мен мойны бір біткен, Қанденді көргем пілдерді үріп үркіткен. Күлейін десем, көзімнен қаным тамады-ау, Қарғалар әлі ойнап жүр көкте бүркітпен. Безіндім мен де мына бір қара қоғамнан, Әділет іздеп жүріппін бекер заманнан. Маймылдар сынды айнаға сәлем беретін, Наданды көргем аумайтын сырты адамнан. Кәпірді көргем қой мінез елді құл тұтқан, Пендені көргем құдайдан өзін зор тұтқан. Заманды көргем аждаһа сынды у бүркіп, Қасқырдай бейне күнәсіз қанды қылғытқан. Сен-дағы, ол да, бәрің де мұны білесің, (Жылайтын іске несіне, достым, күлесің!) Бір тамшы қаным түбінде қатты жүректің, Қоғамнан көріп кесапат үкім үлесін. Мендей-ақ сүйсін, қоғамын сүйсе кім егер, Қоғамың азса, айтпай-ақ бәрін біле бер. Құдайдың, әттең, қуаты жоқ қой қолымда, Пенденің бәрін пайғамбар етіп жіберер.

ЫМЫРТ

Түн мекені түнекке Серік таппай бойлаған. Біздің ғазиз жүрекке Жұлдыз шашып ойнаған. Кексе дүние тұр үнсіз Көкке сүйреп көңілді. Қалатындай ғұмырсыз Санам санға бөлінді. Құстың тынып шырылы, Жаным аңсап, егіліп. Қайыңдардың бұрымы Жүрегіме төгіліп. Біз ұқпаған жалғанның Сіз табарсыз шешімін. Қағып, күтіп қалған кім Ескі өмірдің есігін?!

ҚАҒАЗ

Ешқашан, еш жерде болмаған Секілді алғашқы һәм соңғы адам. Қазақта екі-үш-ақ ақын бар Қанаты талса да, қонбаған. Солардың сазынан естідім Ең тұңғыш ақынның есті үнін. Қағаздар ұшқанда қонбастан Аққанат құстардай кешқұрым. Тылсым бір сырды жасырған, Ақынның жырлары басылған Қағаздар ұшып жүр әуеде Құдайдың қойнынан шашылған. Қанатым қарайып кетер деп, (Аспанды жүрсе де мекендеп), Қағаздар қонады, Қауырсын ұстаса – Ұлықбек көкем кеп! Тылсым бір сырды жасырған. Құдайдың сөзі бар басылған. Қағаздар ұшып жүр әуеде Ақынның қойнынан шашылған.

...Тірі әлі, жүр әлі – өлмеген, Құстардың әуені тербеген, Қазақта екі-үш ақ ақын бар Қанатын көрсе де ел көрмеген.

«ҚҰРАНҒА ЕЛІКТЕУ»

Заманға серт! (Зерде жүгірт қиянға). Адамизат негізінен зиянда. Иманды боп, ізгі ісімен шындықты Дәріптесе – қашықтатар сұмдықты. Үгіттесе үмбеттерің сабырды, Зиян нәрсе көрден табар дамылды.

  • * Алланың жәрдемі және «жеңіс» келгенде, Ақ жолға түсіп адамдар періште кеуде – Топ-тобымен қабылдап Алланың дінін, Жүректен шайып, тазалар жалғанның кірін. Раббыңды сонда құрметтеп, дәріптеп, мақтап, Жарылқау тіле, тілегің уәжіптен болмақ. Алланың жағы – жаныңның ауыл-мекені, Сүйеді Алла, тәубеңді қабыл етеді...
  • * Алла – дара, дархан, мұңсыз, серіксіз, Әр нәрсе оған мұқтаж болар еріксіз. Ол тумады, туылмады.... Бар адам – Ешбір жанды теңесе алмас әрі оған.

АЛАҢ

Шөккенде түн төсіне етбетімнен, Күлкі жоқ, ұйқы қашар бет-бетімен. Елбіреп есіл көңіл жоқ сұрайды Қол жайып, дұға оқып, көктегі елден. Бұрылып қаратпайтын артыңа бір, Жастық-ай, сөзің өткір, зарпың ауыр. Шыға сап ару түннің құшағынан, Бірдеңе айтпақ болам халқыма бұл. Кім бірақ құлақ қояр кесіміме, Тілімді жат жауласа бесігімде. Ел жайлы ләм-мим демес ағалардай Жүргенмен Елбасының есігінде. Түн қатып, түсім қашып отырамын, Тоналып тозып біткен топырағым. Отына мен күйермін бүгінгі таң, Мақшардың жауап берер сотына кім?!

Өзіме өзім қойған сұрақтардан Түйінді шешім таппай, жылап қалам. Сан рет сатып кетті олар мені, Кім берер жақсы ағасын бірақ маған! Мен тұрам қимай оған қарап қана, Түн өксіп таңға сіңіп баратқанда – Оралып қазағымның ортасына Мың мәрте алғыс айтып Жаратқанға. Үлкен аз алдамайтын кішілерді, (Кішінің жүрегін кім түсінеді?) Еділді етігімен кешіп тұрған Қазтуған кеше менің түсіме енді. Ол жазған (Түн шымылдық түсіргенде) Біздегі тілсіз ымды түсінген бе?!

КҮЗ. АЛМАТЫ.

Мен секілді сағына ма түсінде, Сезе алар ма әкімі әм тұрғыны, Түсінгеннің бірге кетер ішінде Алматының бір мұңы бар, бір мұңы! Күрең шашын, алтын сары кірпігін, Бауырыма басып дел-сал реңін, Бірге жамап жүрегінің жыртығын Көшесінде мең-зең болып жүремін. Алматының аспанында бір мұң бар, Кімдікі ол, соны білмей далмын мен. О дүние мен бұ дүниелік тұрғындар, Сенікі ме әлде Аллам – алды кең?! Алматының бір мұңы бар, бір мұңы, Түсінгеннің бірге кетер ішінде. Сезе алар ма әкімі әм тұрғыны Мен секілді сағынар ма түсінде!?

Түсіндіре алмаса да өлеңім, Күз де оған кінәлі емес тегінде. Тек сол ғана біледі деп себебін, Раушановтан сұрауым жөн менің де! Алматының көшесінде арман жүр, Күз келгенін ертең құстар сездірер. Сонда айтылар, ал әзірге қалған жыр – Соры қалың жүрегіңді ездірер.

ҚҰСА

Ақшамда ару болып келеді де, Түн мені тартып кетед тереңіне. Жарыққа жаныңды үзіп жалтақтатқан О да бір өксік өмір өреліге. Келе алмас тірілермен келісімге, Туған ұл мен шығармын көр ішінде. Шарқ ұрып жетім жүрек аласұрар, Бурадай өрт құлаған өрісіне. Арына ақтық байлап, шыбық қадап, Жалғанның жанарына суық қарап. Ізіне ібілістің құл боп кеткен Мен сүйген көркем күндер күліп барад... Нұрға ынтық көңілімнің тұсауы мың, (Жол таппай жаратқанға құсалымын) Өзінің өзегіне балта шапқан, Мен-дағы көп бейбақтың мысалымын.

Мінген соң ғапыл дүние кемесіне, Иеңнің икеміне көнесің де. Сайтандар қоршауында қалған ұлмен, Я, Раббым, сіз қалайсыз кеңесуге! Я, Раббым, сіз қалайсыз кеңесуге???

АҚАН

– Серігі ед бейшараның кемді күнгі, Қаңғыртпас Құлагердің кегі кімді! – Қоскөлде ақ қанатты періште бар, Ол соған ғашық екен? – деді бірі. – Жо-жо-жоқ! Жын соғыпты, сайтан қамап! (Болмасты бит астынан байқар қазақ) Қаулаған ел аузында өсек өрті, Мәнісі – жоғарғыдай айтар болсақ. Қоскөлдің Ақан қонған жағасына, Қар жауып, боран ұлып санасында. Тұп-тұнық кешкі көлге жан телміртер Қос мылқау (туа мылқау баласы да). Бір жан жоқ сері халін түсінердей. (Сұңқардан сәулет тайса – күшігендей). Сыр тартып бара қалған бар адамға Моладай мелшиеді ішін бермей.

Бақ сынды – бастан басқа ауады арман, Тілімнен тіліменен жауап алған – – Марқам-ау, Марқам, – дейді күңіреніп, Шығар ма басқадай леп сау адамнан. Құлагер, Қараторғай, Базаралы, Ұрқия-ай! Бәрі көзден тасаланды. Жары мен тел қозысын қатар берген Ақанды ұқса, ұғар тек – Асанәлі. Тас түскен, түскен жерге ауыр қандай! Тағы да бір соғатын дауыл бардай. Серінің күйзелісі осынау сәт Қытайдан көшіп келген бауырлардай. Ақанның жөні де бар тұлданатын, Себебін сезген кісі мұңданар тым. Әділет күтіп жатыр ақыретте Әйтеуір түбі біздер бір баратын.

– Ың, ың, - деп Ыбан отыр ат қасында, Балаға әке мұңы батпасын ба?! «...Ақынға бүгінгідей қамқор болмас Ол кездің кәпір еді-ау патшасы да». Ғажаптар мен азаптардан тоңды ми, Аулақ қалған шаттықпен достасар шақ. Билеп жүрмін... соңғы би, Өмірмен де, өзгемен қоштасар сәт. Қашық емес екен, рас, Жерден Көк, Екі арада ессіздер барын ескер. Көз алдыма елестейді ербеңдеп Арқа-жарқа даурыққан жарыместер. Білмесем де билеп жүрмін өтірік, Саф өнерді саралар ма мұндағы ел. Кекіріп не жекіріп, я көпіріп, Боп көрінер аңқау елге сұм-дағы ер.

Билеу керек. Даңғаза өмір... Биле сен, Аяғың жоқ болса егер, қолың қайда? Есік ашық – мына ауланы сүймесең, Ана өмірге жан-арың, жолың сай ма?! Жүрегімді шымшылайды бір әуен, Ақ ажалым, аққудың салғыз күйін. Үйретті ғой, биші емес ем туа мен, Өмір сенің билеткен жалғыз биің – Алғашқы һәм ақырғы ... – соңғы биім... Билеңдер!..

АҚЫРЗАМАН. АЛМАТЫ

Жатыр еді кенеттен (дала тымық!) Алатаудың басынан қан атылып. Түйдек-түйдек шудадай бұйраланып, Нөпір тасқын ұмтылды қалаға тік. Құз құлатып, тау бұзып – жағалай кеп, Селге жем боп қойтастар, қарағай көп, Жан-жағыма алақтап қарай берем, Ес алдырған есалаң баладай боп. Қамын ойлап тантыма қара бастың, Тірлігінен, түбіңнен ал адастың. Жұтып кетіп барады кездескенін Аласұрған аждаһа – қара тасқын. Пендеге аз болғандай мұнысынан, Зевстің от шашқандай уысынан, Ашыған қамырдайын лава лықсып, Жұмыр жер шоқ лақтырды қуысынан.

Бас түгіл балағына барғызбайтын, Бұлтқа да етегінен шалғызбайтын Қирады Алатаудың шың-құздары, Қара жер – қолдан түскен қарбыздай-тын. Орысың, Қытайың да ағылмайтын, Қазақтан басқа халық сағынбайтын Алматы Алла әмірін қабыл алды, Батырдай басын беріп бағынбайтын. Жатқан ел етек-жеңін кеңге беріп, Шаһары шаһит болды жерге еніп. Кеңістік көмейінде тозаңданып Бір нәрсе бара жатты дөңгеленіп. Құдайым, қуат бар ма күшіңе тең?! Пенденің ойы азды, ісі – бөтен. Ақсарбас айтпаймысың ақыныңа, Алматы, аман-сау тұр, Түсім екен!

ТАҢ

Таң алды, сондай қаралы, Жұлдыздар сөніп барады. Ұлғайтып ұмыт наланы Бүгінгі күннің қабағы. Шапақтар шаршап қалғандай, Шашырар науқас адамдай. Болашақ күнге қамданбай, Телміріп тұрмын, таңданбай. Бояулар баяу сырғиды, Ұқтырып жұмбақ бір күйді. Кекілі Күннің қылтиды. (Кім сүйді, бүгін кім күйді?)

АРМАНСЫЗ

Тебіреніп теңселсе де төңірек, Бір аяулы арман қозғап қаныңды. Білген сайын өмір мәнін көбірек, Неге осы, кем сүйесің жаныңды?! Қасірет пе, әлде үміті пенденің Жан құштары жүрекке мұң құятын? Арманының абайсызда өлгенін Әйгілемей, бүгіп қалар ұятың. Көрге кірер қай бір күні сүйегі, Тіршіліктің қай пендесі армансыз? Өле-өлгенше табылмайтын бір емі, Жалған, рас, жалғансыз!

ҚАРАҢҒЫ

Жарығы талақ жалғанның Көзімде күңгірт нұры қап. Адасып кеткен арманның Жолығар сынды бірі нақ. Арбасқан ойдан ми ысып, Қараңғылыққа кіремін. Көлеңкелермен сүйісіп, Қарайған сәтте реңім. Мүрдеге толы айналам Ақ Айға сәлем етеді. Шашына жұлдыз байлаған Қам көңіл түннің етегі. Жұлдыздан жеткен бір күйді Пейілмен тыңдап зарыққан. Зираттар үнсіз мүлгиді Жасырып зарын жарықтан.

АРУ АЛМАТЫ

Сол әлі, баяғы ғұмыр нақ Айналмас аңға не құсқа. Жұлдызды иықтар ырылдап Кіндіктен сәл төмен тұста. Қарашы, көшелер әжімдей, Күн сайын ағылған өлік. Түн сайын ажалдың тәжіндей Ай шығар айбарын төгіп. Ауырлау болса да (аурудай), Сепкені замани әтір, Көрпесі ашылған арудай Алматы түс көріп жатыр.

АУЫШ

Жұрттың бәрі асығады жұмысқа, Қайсыбірін ұйытарсың жырыңмен. Бір әйел тұр дайындалып ұрысқа, Бір көкем тұр көкке қарап мұрнымен. Айналдырған жалғыз өмір ол-дағы, Үлгертпейді көз жеткізіп бәріне. Асылымды берер ем-ау қолдағы, Бірақ сізге менің жырым дәрі ме? Деп күйініп, баққа қарай келемін, Тым тып-тыныш болмағанмен мұнда аса. Мұңға жүкті жүрегімнің өлеңін Солар ғана тыңдар-ау деп тыңдаса. Қайыңға кеп жыр оқып ем құшақтап, Қара ағаштар құлақ түрді елеңдей. «Өзіңді өзің осыншама ұсақтап, – Жел жылады, – не боп кеттің» дегендей.

Тамырымда қан булығып ойнады, Құлағыма қисық-қыңыр дауыс кеп. Анау ағай есалаң деп ойлады, Мына қыздар күбірлесті «ауыш» деп. Мен күрсіндім, өкпелейін несіне, Тілі барлар келмеді деп пайымға. Ілестім де кеттім елдің көшіне, .. Енді өлең оқымаймын қайыңға!

КӨРҒАУ

Аза бұлты қаза жасын төккенде, Жаз ба, күз бе, жә, болмаса көктемде. Күрегін ап көр қазатын күрсініп, Бір әзіз жан дүниеден өткенде. Жанарынан талай мәрте шық құлап, Қу фәниден шыншыл әрі құттырақ, Сан жақсыны жайлы орынға жайғаған Оның шені министрден мықтырақ. Көрем десе, тәңірінің көзі көп, Кімнің алдын кімдер болжап сезіп ед? Ол қайтқанда жуып жатты денесін (Бұл түсі ғой) қажы Рәтбек өзі кеп. Ақыры енді сөздің басын ашқасын, Ақ шашын да сыйламай-ақ, қасқасын. Сорға біткен сүйрік тілім, сүйреңде, Құдайдан тек қақпайтұғын басқасын.

Біз салғанда садақаның жарысын, Ол аспанға түртті саусақ, Наны үшін. Қайдан жыртсын қайыршылар содан соң Дін мұсылман баласының намысын. Ал әлгі жан қабыл болмай тілегі, Иығында басы сынған күрегі. Көзін жұмса, таныс зират ішінде Үй салатын жер таба алмай жүреді.

ӨМІР

Менің жаным аппақ емес, қап-қара, Қапияда от тигендей мақтаға. Қарап қоям айнасынан уақыттың Маңдайдағы тағдыр дейтін тақтаға. Тәніне орап тәлімінің кебінін, Жалпылдайды көптің жықпай көңілін. Жатырында қулық пенен сұмдықтың Ессіз өскен бала сынды өмірім. Жүрек содан жетім жандай ашынар, Ашынар да шаншып, қайта басылар. Жалғыз жерде жалғыз ғұмыр кештім мен, Көзім, сірә, көрге кіріп ашылар. Бала арманым өлді екен деп тереңде, Болмас іске қабағымды керем бе. Жерге сыйлап жансыз қалған тәнімді, Көкке кетем, көресімді көрем де!

ТАҒДЫР

Сайқал тағдыр сарығасын санама, Ащы өмірдің жұттым удай сусынын. Түсіне алсаң түйткілімді бағала, Түйсігіңмен жүрегіме қара да. Маған да бір бақ қонар деп күткенмін, Қайғы да өтті, шаттық та өтті басымнан. Махаббаттың мерекесі біткен күн Сен де менің табыласың қасымнан. Оу, адамдар, аялаңдар ақынды, Сіздерге арнар өмірі мен өлеңін. Ішпегеннің бәрі бүгін ақылды, Ішкендердің бәрі ақымақ демегін. Сансыратса сансыз қайғы, ауыр мұң, Мен сияқты күй кешесіз сіз де кіл. Шарап пенен гүлін сүйген сәуірдің Шайырлардың сарқытымыз біз де бір.

Көп-көп достар жүрегімнен жоғалды, «Өмір солай, түк етпейді» – деп күлді де, Ит тірлік кеп балағыма оралды, Кімнің жанын кім ұғарын білді ме?!

ЖАЗМЫШ

Жазмыш деген бір қызық... Алладан жетсе арайлы үн. Түндікті түнде түргізіп, Аққан жұлдызды санаймын. Іңірде шығып төбеге, Жанарға жас боп құйылған, Ана бір жарық немене, Ғұмыр ма қыршын қиылған? Зымырап ағып көлденең Ғайыпқа сіңіп табанда, Сәби ме жоққа шөлдеген Иманы кемдеу заманда. Обал-ау, ару жан болса, Арына арсыз сүйкенген. Азасыз салдым ән қанша, Ақ жалын жұтқан жүйкемнен. Не ұғып, нені білемін, Менің де санам боданда. Ақын ба, әлде жүрегін Қансоқта еткен қоғамға. Ұмсынған көкке құрысын Адамның біздей әуресі. Аспанның түбі тылсым, Сананың соқыр сәулесі.

КҮЗГІ ПАЛИТРА

Дос көп еді, Өлді бәрі тым ерте, Күндер жетті жетегіне мұң ерте. Түндерім тұр – сұры қашып сұрланып, Гүлдерім тұр – қабақтарын түнерте. Қайғы жауып көңілінің кемерін, Тәнін іреп уілдейді нелер үн – Тұңғыш сезген сәбидей-ақ түбінде Ажалдың бір төнерін. Шырай тайып нарттай қызыл түсінен, Дірілдейді жапырағы үсіген... «Мұндай болса, келмес ем, – деп, – өмірге» Мен сияқты күбірлей ме ішінен. Түтіге кеп төңірекке төнді сыз, Бақ кезбеспіз баяғыдай енді біз. Бұл аққайың – қайың емес, бір кезде Жүрегіне жара түскен меңді қыз.

Қара жерге қайта қонған кері ұшып – Шық досымен қырау да әлек керісіп, Азан-қазан екі дүние арасы – Құрақ құлап, бұлақпенен көрісіп. Көз сүрінер аянышты әлемге, Бәрі шерлі, Көрген жоқпын хал өңге. Ұша алмаған жан-жағынан тұсап от, Кек кернеген жалғыздыққа құса боп, Бағытынан жаңылысқан құс көрсең, Маған – оны, Оны – маған мысал ет.

ҚАҢҒЫБАС-1

Алматыға келдім мен, Сенделіп – жаз, қыста да, Көшесіне мас күнімді бердім мен, Тағдырымды – Құдай деген ұстаға. Бауыр, Ана, Әке өлген – Ақ ажалдың азығы. Бірақ мені Алматыға әкелген, Олар түгіл, пойыздың жоқ жазығы. Жол жабылды. Алды-артым жар кілең, Арманымды аялап па ем сорыма? Жетпей қалдым, Айды алам деп қарғып ем, Қайта түстім көшелердің торына. Талай-талай жақсы ақындар бар мұнда, (нашары да аз емес!) Алайда анау Абай шалдың алдында, Е, бәрі де мәз емес. Жоғы жақсы аға да бар ... (Түкіргем), Іші – жылан, сырты – абыз. Түгі де жоқ бітірген, «Оу, есіл елдің есін неге жыртасыз?!» -

Деймін кейде қапалы, Әй, түйіні көп, иіні жоқ тірлік-ай! Көз алдымда ағып бара жатады Таза кезім бұлдырай. Ышқырына қолы жетпей қоғам тұр Ақындарын сүймейтін. Кім не істейді оған дүр, Надан өсті заманына күйлейтін. Енді елге қайту өлім маған да, Барар бағыт белгісіз. Жан тапталды жапырақтай табанда, Неғылдейсіз енді сіз!

ҚАҢҒЫБАС-2

Көшенің шамы жанып тұр әлі, Мен келем жайсыз теңселіп. Қаланың шуы жалықтырады, Халық тұрады сәлден соң. Қалтамнан алып жартылап қалған Жартылығымнан жұтамын. Өн бойым өксік, қалтырап таңнан, Көңілдің сынған бұтағы. Жанымды қайтсін, пенделікпенен Бәрі де менен жерінген. Орнымды іздеп сенделіп келем Орындық емес өмірден. Ақ қарлар аппақ жанымды мақтап, – Ой, мұның не? – деп сұрайды. Қайтесің сорлы тәніңді баптап, Бір күні ол да құлайды. (Күліп көрдің бе? Күлемін неге?) Алды-артын бірі аңдымас. Білем ғой бәрін, білемін мен де, Бұлар да мендей қаңғыбас.

Жылы ас пенен жылы жер керек, Бұлардың ойы сол ғана. Ал маған, маған ұғыну керек Өмірді ... сонсоң... сол ғана. Қалтамнан алып тас-талқан қылдым, Қалғанын сарқып жартының. Жаңа өмір маған басталғандығын Айтқым кеп, Айтқым кеп саған, алтыным.

ҚАРА ТАҢБАЛЫ ХАТ

Қара таңбалы хат алдым, Лайық кісі табылмай жаңа қабірге, аға, Қараңғы жерде жатармын, Құдайдың салып суретін қара қабырғаға. Құсжолының да айласын Сезініп қойғанмын, жазық жолағындағы Қара қоңыздар тойласын. Азар болса, уақытқа азық боламын-дағы. Өмірді сүйіп ... өлгенмін! Өліп жатқан тек мен бе? Ұрдым ба екенмін! Басқа бір жақтан келгенмін, Басқа бір жаққа... құрдымға кетемін. Көгіңнің қалмас күлі де, Қапыда Күннің қып-қызыл қанаса алмасы, Жалғаншылардың бірі де Ақиқат менің орныма таласа алмасы! Қара таңбалы хат, Қара таңбалы хат алса!!!

ЖҰТЫЛУ

Иегіне қолын сүйеп, Түн түнеріп тұр мына: Жұлдыздарға үзіп беріп үмітін. Зират ішін кезіп келе жатырмын, Күйіне еніп есі ауысқан пақырдың. Әнін айтып аяқталмас фәнилікпен астасқан, Қарлыққанда қаралы Жер тамағы, Жанымды алып қашып тобыр-топастан, Ой емемін кеңістікпен отасқан. Түсіп кеткен шарап толы құмыраның ішіне, Өз-өзімді мүсіркемей, аямай, Әр молаға басымды үнсіз иемін, Бордай боздап сүйегім. Көкжиектің көмейінде сұмдық сырды аңдаған, Иығымнан басымда алып лақтырып: Меніменен бітелсе деп тесігің, Қақтым сонсоң о дүние есігін.

Байыз таппай байғыз құстар мейрамдап, Жарқанаттың жас ауларда пиғылы. Жерге қалған жас тәнімді байланып, Ай бейнесі айналып жүр ... (қайғы анық!) Иегінен қолын алып түн шақырды, барамын... Талай күндер зарықтырған мақсатым. Бал шарапты жаны балқып ішетін, О дүниеге о бастан-ақ мүше едім.

ЖАС ЖУАР

Мәңгілік мұңлы мақамда Кешқұрым кеуде күңіренер-ді. Жалт жауып кетіп жаһанды, Талдардың тәні тебіренді. Үздіге қарап Үркерге... (Жұлдыз боп кетсем, шіркін-ай!) Құсаға толып дүр кеуде, Көміліп қалған күлкім-ай. Жасыннан жасыл ән шығар, Ғарыштың қанын тербеген. «Жаңбырлы түнде жан жылар», Жұбату күтпей пендеден. Тауықтың ары тарымен бірге, Шашылса тары – шашылар. Аққудың ары жарымен бірге (Жарына ғана бас ұрар). Есектің ары, есалаң неме, Ойлайды ол қарнын созу деп. Тұлпарды даттап өш алам деме, Тұлпардың ары озу тек. Қыранның ары көзінде өткір, Күнге де қарар қасқайып. Қарғаның ары... өзімен кеткір, Өзімен өзін тастайық.

Ғаламның ары күнменен нұрлы, Күнсіз тұл тірлік әлемі. Даланың әрі гүлімен сырлы, Гүлсіз де бірақ әдемі. Шаладай бықсып жалғасып жүрер, Өсек пен соры соңында, – Ақынның арын Алласы білер, Ал сенің арың қолыңда!

АВТОПОРТРЕТ

Сүлеймендей аң мен құсқа зар айтып, Өз басымды өз жырыммен қарайтып, Опат болып оты сөнген ғаламдай, Жанға дәру бір сәулені таба алмай. Ойларымды жинай алмай шашылған, Мен Уақыттың өтіп барам қасынан. Мұң түбінен дос таппаған мұңлықтай, Ар түбінен жар іздеген зарлықтай, Қаңырадым сауап емес, обалдан, Тәж-Махалдай жаһұттары тоналған. Менің жаным сүйкімді бір ботаның Жүрегіне түсіп кетті, о жалған. Көр ішінен тәнімді ертіп келем Мен, Жанымды іздеп жер бетінде жоғалған. Сәуірдегі қар астында қалған гүл, Ол да мендей, қауызында арман тұр. Армансызға орын тимес жалғаннан, Мен де көптің бірімін бе алданған?!

Шөл шөбіндей тамыр тарттым тереңдеп, Ажалымның арашасы – өлең деп. Не бүлдірдім, не тындырдым, кіммін Мен, Отызға кеп иек сүйеп тұрмын Мен. Бар ма, жоқ па бұл өмірге керегім, Мен не дедім, сен не дейсің өлеңім? Достарым да, дұшпаным да байқаған Мен бір істің ақиқатын айта алам: Арасында фәни менен бақидың Менің ізім жол боп қалды ел танитын. Қыл ішегіне шыбын қонса, мұң құлап, Қоя берер сай-сүйегің сырқырап. Сүтке тамған қызыл түсті сиядай, Менің қобыз жүрегімнің қияғы – Ай. Жанарларын құбылаға қадаған Жайнамазын төсек еткен бар адам. Жан аурасы шайқалмаған жарандар, Мен өзіме ұқсаймын ба, қараңдар!

ЖЕРМЕН ҚОШТАСУ

Жерді ораған көк перде, Менің жұлдызым көрінбейді бұл жерден. Оны іздеп өзім барам түбінде Жұпариса гүл аңқыған көктемде. Сезем ғой мен, Қанат бітер сол кезде. Өксігімді ұмыттырып нұрлы әлем. Ұшармын-ау, аңсап күткен шақ келіп, Өмір сүйгіш өзегімді қақ бөліп. Риза бол, Бал да жұттың, у іштің, Ә, бейберекет бейнеті мол сор басым. Жерде туып ақын болу әбестік, Әм алқаштау һәм шын қазақ болғасын. Алыстармыз алыс жаққа құпия, Жасыл жұлдыз, жанарыңды жасаурат. Қайтып келіп, қайтып көру неғайбіл, Сенде өтіп ед аз ғана күн, масаң сәт. ҚОЛҚА «Әуелеп ұшқан алты қаз» («Қыз Жібек» жыры)

Төменде қалдым ғой, Биікке бағыт бақ болар ма екен?! Ей, аласа арман, аптықпа! Ақтық па?! Е, оны бірде кірлетіп алғам Шомылып жүріп шаттыққа. Қонып кетіңдерші, Алақанымда ақ тарым да жоқ, Ақ арымменен жемдермін. Сендер мың. Алла ауылына алып ұшыңдаршы, Нала-мұңымды... емдер кім! Өлең оқыңдаршы! Баратынымыз бір жер ғой түбі. Әйбат әлемге әл тірейінші, Сәл түрейінші етегіңді. Құйып қой, құрбым, уыңнан, У-шу қалада тәлтірейінші. Кеуіп барамын. – Сүт беріңдерші? – Біздерде сүт мүлде болған емес! – Ауа сатыңдаршы, құлдығы-ем? – Ауаның бәрі таусылып кеткен... ...Су тамызбайтын тірлігім.

ҚАЗАНАМА

Сұм ажал адырнасынан кімдерді байлап атпаған, Қорамсақ толы сұр жебе кімдерге әлі сақтаған? Жақсы адам өтсе өмірден, жақсының жанын езеді-ау, Ақ найза толғап қомдана орданы бұзар кезі еді-ау! Томсарған тірлік қобызын толайым жүрек толғай ма, Біздерге олқы кең дүния сіздерге арман болмай ма?! Жатсың ба жайлы, жас аруақ, бүлкілдеп бейбіт беткейде, Қырандар көзін жұмғанша, Құзғындар қыршын кетпей ме! Мезгілсіз сөнген жалын көп, сұм ажал кімді елеген, Оқ тиіп ол да – отызда көз жұмбап па еді Төлеген? Жиырма бір жасын арқалап Артығали да арманда, Мұқағали да аттанған Жырларын жалғап жалғанға. Адвокаттарды менсінбес

бұл ажал дейтін – ауыр заң, Саламат болсын иманың, Бақыл бол, көкем Бауыржан! Құмалақ ашса көңілім, жүректі күпті ой үңгілер, Ішінде кеткен сыр аз ба ед, өзінен басқа кім білер?! Өмірді қорғап әлі де ақ қанат жырлар жазбас па ең, Алқымнан алған ажалға қаламмен қабір қазбас па ең?! Балдағы асыл семсер жыр сермелмей, әттең, сынды ғой, Құрақтай ғұмыр ғасыл боп, жанарға шықтар тұнды ғой. Ащы ғой ақын тағдыры, тәттісін Тәңір қимайды, «Адамдар сияр табытқа ақындар бірақ сыймайды!»

ТҰМАР

Тағы да күн алыстады, Көкжиек көзінде – мұң. Өмірдің сабылыстары Жүректе – дым. Өлеңім әлі бала, Тірліктен ұқпасы көп. Ішімде кетер нәрсем Тісімнен шықпашы тек. Жүрегім қыса берер Ұрланған күндер үшін. Зымырап айналар Жер Қайталап күндегі ісін. Әргі мен бергі өмірдің Арасы бөлінбеген. Тел емген еркесімін Өмір мен Өлімді Мен. Шын асыл – үшбұрышты Ғаламның бойындағы Қара Жер – қара тұмар Құдайдың мойнындағы. Қанды сүт дірдектер кез Ғарыштың анарынан. Уа, Жалған, жарығыңды үз Жапырақ жанарынан!– деп бәрін талақ қылып Сананы сайтан буып, Өзімнің мәңгі үйіме Содан соң қайтам күліп!

БАҚЫТ

Сорлап жүрсің билік айтар тақ болмай, Жүрмін мен де басыма бір бақ қонбай. Жердің беті – шахматтың тақтасы, Тоқтамайтын корольдері мат болмай. Тағдырыммен әзілдестім тіресіп, Тақ пен баққа қызыққам жоқ күресіп. Бір кездері сүйген едім бір қызды, Сол қызбенен кетсе керек ілесіп. Маған солай, бәлкім, сізге күлкілі, Бақыт деген – балмұздақтың бір түрі. Оны көрсем одан бұрын мұз болдым, Жанарымды жалықтырып жылтылы. Оу, оң көзім, қабақ шытпа сол көзге, Сен де, ей, Бақ, сәтсіз күні жол кезбе. Танымас та ең, қонбас та ең бәрібір, Бөтелкенің қасында едім ол кезде.

Ақындардан арылған жоқ сор әлі, Мойынымда – бар Әлемнің обалы. Бақыт деген атақ, мансап болса егер, Бақытсыз-ақ күн кешуге болады!

О ДҮНИЕГЕ ХАТ

Алтын шашын тарқата алмай батқан Күн, Арыстай боп Ай астында жатқан кім?! Ағып барып жоқ боп кеткен сәріде Анау жарық жұлдызы ғой Саттардың. Тас түнекті тас төбеден қашырып, Аппақ өлең бара жатыр шашылып. Сүттей сәуле Құсжолына сіңгенде, Алқаракөк кеңістікке асылып. Ажал сыры түйсігінде сақталған Ғазал сыры мәлім болған Саттардан, Қанаты бар қарындастар дүрлігіп, Пыр-пыр етіп ұшып жатыр бақтардан. Тірілердің бәрі өледі – мұңдаспыз, Өлгендердің бәрі тірі – құрдаспыз! Қыршын кеткен ақын көрсең, сәлем айт, Жиырма үшімде ұшып кеткен, сырлас қыз.

Бақыт бар деп босқа өткізіп күндерін, Сүйретіп құр сүлдерін. Амалы жоқ, ақпаған соң жұлдызы, Қанаты жоқ, қайғы жұтып жүр дегін. Құстар қайта қонып жатыр бақтарға, Осылай деп бұлжытпай айт Саттарға. Бататын күн шығу үшін батады, Жалғыз біз бе жетпей кеткен ақ таңға. ...Маралтай деп қол қоюым шарт емес О дүниеден жауап келмес хаттарға.

ЖҮРЕК

«Тоқтайын ба!» – дейді маған жүрегім (Ол тоқтаса, не боларын білемін...) Сұлу қыздың дидарындай дүние-ау, Не болады мен кеткен соң реңің?.. Сен тоқтарсың су құйғандай отқа, рас, Сен тоқтарсың, Өмір бірақ тоқтамас. Сен бақытты о дүниеден іздейсің, О дүниең бұ дүниеге – бақталас! «Тоқтайын ба!» дейді маған несіне?! Тоқтап қалған таулар түсті есіме. Көшіп жатқан бұлттар түсті есіме, Асау өзен ағып жатыр көсіле.

ЖАҢА ЖЫЛ ТҮНІ

Ақ жұлдыздар тойлап, Ақ аспанда ойнап Асығады жерге, Жаралғандай ардан, Ақ көбелек арман. Қырдан қырға зулап, Сәбилер жүр шулап, Жарысып пәк желмен. Пейілге нұр сеуіп, Шаңғыларын теуіп. Шаттыққа сән қосып, Алақанын тосып, Шыршалар тұр әне Мейірім сыйлап миға, Көктен қонған сыйға. Сыймайтұғын сөзге, Көрінбейтін көзге, Тек Аллаға аян, Ақ әлемде жарық Бақыт бары анық. ...Жаңа жылдың күні, Жаңа үміттің тіні. Сол бір бақыт кірсін, Бүгін әрбір үйге – Жарылмаған күйде.

КӨНЕ ТАРАЗ

Ниет еткен мұсылмандай намазға, Ниет етіп ғазал төктім қағазға. Ғасырлардың саусағында нұр шашқан Гауһар жүзік секілденген Таразға. Көне шаһар көз алдыңда көлбесе, Ғазиз көңіл әлденеге шөлдесе. Жұмақты іздеп жанталасқан жан болса, Таразға кел, Таразды көр ендеше. Ғашық жүрек жырға ынтық, гүлге әсем Қожа Хафиз, мұңымыз бір, сыйлас ең. Бір мең тұрмақ қос меңі үшін сұлудың Таразымның түйір тасын қимас ем. Төрт қақпасы төрт тарапқа қараған, Нәйдің назы, дутар сазы тараған. Шайханада қорқор тартып көпестер, Мәйханада мұңаяды марал ән.

Кірпігімен Күн бетінен бұлт ілген, Сол ғасырға өтіп кетсем, шіркін, мен. Айлы түнде шомылар ма ем Таласқа Пәранжасыз пүліш киген сылқыммен. Серпі, уақыт, заманалар түнегін, Тарихыма тартып туған ұл едім. Жұлдыз аттас жалғыз шаһар Жердегі, Рүстемнің елжіреткен жүрегін. Ниет еткен мұсылмандай намазға, Ниет етіп ғазал төгіп қағазға. Ақтық рет қағылғанда кірпігім, Бір ұлы көш бетін түзер Таразға.

ГҮЛ ЖЫРЫ

ҚҰДІРЕТ

Құдірет деген сыңар қанатты құс болады екен. Ол өмір бойы өзінің сыңарын іздеумен өтеді. Егер ол өзінің серігін тапса, екі дене кірігіп, екі қанат бірігіп, бақытты жандар сияқты ұшып кетеді екен. Сен де кештің сол мұңды, мен де кештім, Сені қайдам, мен енді емделмеспін. Аппақ нұрдан жаралған қанатымды Көрсе-дағы, қайтейін, сенбеді ешкім. Сыры кейін ашылар, кете бере – Айдай ару ажалдың жетегінде. Жабысқан дерт бұл өзі ғайыптан кеп Бозбалалық дәуреннен өте бере. Орнады да басыма ғаріпшілік, Тамырымда у ақты талықсытып. Ақ мақтадай аршыған қауызынан Жалғыз қанат жанымды жарып шығып.

Жалғыз қанат ол неге, жалғыз қанат?! Жалғызымды жау түгіл, жар қызғанад... Сыңар таппай сыңсиды жазған байғұс, Қара түнге қауырсын малғызып ап. Мен-дағы бір жер басып жүрген елес, (Берем десе, Тәңірім кімге бермес) Сапарласын таба алмай сағы сынған, Дүнияда, дүние-ау, бір мен емес. Жастығымды алған соң арзандатып, Неме керек, дариға-ау, қалған бақыт. Неге маған келмейді Ол кеште болса, Қанатының астына маржан тағып.

ЖЕСІР

Көтеріп нәзік жүрек ба-а-р құсаны, Зар қылып, Зарықтырып жар құшағы. Мысалы сыңары өлген ақсұңқардай, Қасынан қалбалақтап қарға ұшады. Арды ойлап, Бір жағынан нәпсі қысып, О, бейбақ, төсегінде жатты ысынып… Жібермей ер аруағы, иба-иманы Ләззат ап тояттауға жатты құшып. Қайыңдай жел өтінде жалғыз қалған, Жалқы өмір – бір тұңғиық, Жалғыз арман!.. Қайтейін сені даттап, ей, жалғыздық, Санасы бардың бәрі жалғыздардан… Жаратқан жұп-жұбымен жаратқасын, Жұбыңнан басқаға күн қаратпасын. Талақ қып тастағаны аздай Тағдыр – Тобырдың мазағына талатқасын…

Әз жанын қорлық буып, күйеленіп, Тағдырын өз қайта иеленіп, Қырғидай қиып түсер бір еркектің Астында қалды сосын … сүйегі еріп.

ӘЙЕЛ

Кірпігіме күллі ғалам ілулі… Сен үйреттің көкке қарап ұлуды. Үйретпедің қалай, қайтып күлуді, Мен ұмыттым жылауды әм жылуды. Тәнім үшін таласқандар, жан үшін Тартыспады. Тірі азапкер намысым. Бекер мені тыңдадың-ау (шашы ұзын, ақылы кем…), Адам-Ата – арысым! Жердің шарын доп еткендер тепкілеп, Қос алмама қол созғанда ептірек. Бар әйелді көкке әкетсе Жаратқан, Ал, қайтесің, «Зауал сәті жетті» деп. Қабырғаңа қарайсың ба, олардың Зауалына арашашы болар кім? Сауабында сен жатқанда ләззаттың, Отын жағып мен отырам обалдың.

Белдемшемді белімдегі шешем мен, Нақақ күйіп, нақақ жаным неше өлген. Кеудеңдегі мың айлалы ібіліс Бақыт тапса нәпсі дейтін кеселден. Ей, ғаламның, Ей, Адамның жесірі, Перзентіңнің есімі кім, есімі? Есі бүтін еркектерге сор болды Мен жасаған бір күнәнің кесірі.

ЖЕЗ ҚОҢЫРАУ

Жез қоңырау жылайтын жазға қарай, Жаз ғұмыры жастықтың аз қалғандай. Гүлдей дәурен тұратын гүл құшақтап, Жанарында қыздардың маздап арай. Қадіріңді сездім бе, Сезбедім-ау, Жылы ұшырап тұратын көзге мынау. Менің балғын күнімнің белгісіндей, Жез қоңырау, қайда сол жез қоңырау? Шеті сынық болса да, күмбір қағып, Күмбір қағып тұратын – мың бір бақыт. Күні батқан кісідей сені-дағы Тастады ма лақтырып құрғыр уақыт. Жез қоңырау сөйлейтін күз келгенде, Күз келгенде, Мектепке біз келгенде. Сүйісіп те көрмеген сүйкімді қыз Жүздесетін едім ғой сізбен мен де.

Жез қоңырау жылайтын жазға қарай, Аққу ұшып, айдында қаз қалғандай. Көтеріп ап жүгірсек мәз болатын Кекіліне бақ қонған жазған бала-ай. Қадіріңді сездім бе, Сезбедім-ау. Жез қоңырау! … қайда сол – жез қоңырау!

МАХАББАТ

Қадірі білмеске арзандай, Мен оны жеткізіп айта алман. Теңізде жоғалған маржандай, Құйындай кездер-ай, шайқалған... Қаншама қыздарды ұнаттым, Жылаттым... білмеймін себебін. Осынау есалаң сұрақтың Жауабын сен айтшы, өлеңім. Аққұба әдемі бала едің, Ақ фартук, ақ бантик байлаған. Мен-дағы өзіңдей пәк едім, Ақ түстен тұратын айналам. Қояды жай ғана күлген боп, Біледі ол Абайды, Қасымды. Тіпті де көзіне ілген жоқ Алты Алаш ардақтар басымды. Тағдырға басымды имедім, Мені де тәкаппар еттің сен. Тым болса бір рет сүймедім, Қолыңнан ұстатпай кеттің сен.

Қойнында сені ойлап түндердің «Аһ» ұра бастадым, «аһ» ұра. Балауса бейғамдау күндердің Сағаты тоқтады қапыда.

САУҒА

Қара шашың шашылса, Менің қара мұңымдай. Ерінің сәл ашылса, Шым батырар шырындай. Тойға тоймай көз қалған, Рахат сыйлап реңің. Тоқтап барып қозғалған Жүрекке ұқсас жүрегім. Жұлдыз ағып барады Жанарыңда жарқылдап. Жаным көшіп барады Қобыз тартып қаңқылдап. Сағым кезіп санасын, Сарғайып жүр демейсің. «...Қарғам!» – деуші ед анашым, Қарғадай қыз, не дейсің?! Түпсіз дүние, түбің толса, мен ертең Келмес жаққа жан сәулесін жөнелтем. Ай толғанда күрсініп қап көкірек, Сүрінгенде күрең түсті көлеңкем. Мен – тірі жан, ол тірі жан – тәні гүл, Табысып ек, сәтсіз болды бәрібір. Өз басымдай көруші ем ғой мен оны Көз жасымдай тамып кеткен сары нұр.

Ай толғанда басым байлап бәлеге, Жан ауырып, жалғыз қалдым және де. Толған айдың толқынынан көрдім ғой – Менің демім өрт шарпып тұр әуеге. Мен сезбеген ішінде бір күнә қап, Мазаңды алса пәк махаббат кінәлап – Басымдағы Айға тигіз ерніңді, Көктегі Айға мінәжат қып, мінәжат!.. Түн ортасы... Түннің түріп түндігін Жұлдыз ақты. Анау жұлдыз кімдікі..? Түптің-түбі біз жолығар нүктеміз – Көктегі Ай мен жердегі Айдың кіндігі.

СҮЙІНШІ

Өмірге рұқсат берілді!!! Жарық дүние дидарын – Екеумізге бірге жазды көруді. Менде дос көп, сенде жау жоқ (әдемі). Дұрысталды дүниенің сәлемі. Ластауға лайықсыз – Лә ил Аллам, Сүйіншіге жанымды алсаң, ал енді! Бес күн ойдым бесігіңнің бедерін. (О, Кішкентай – қайталанбас өлеңім). Шүмегіңнен шүметейің шықса аман, Көрімді де өзім қазсаң деп едім. Үйлесімсіз тіршілікке мұрындық Сен боларсың! (Біздер кейін бұрылдық) Құстан да зау шығып кеткен биікке Бір ақынның атын қойдым ырым ғып. Шертпе сезім сүгірленді селге тең, Сыйсаң еді – маңдайыма... жерге кең. Жан-жарыңнан туған ұлдың қызығы Сүйіктіңнің қылығынан кем бе екен! Құлыншағым (кейін өзің қалғанда), Мен өртенген ауыр жолға қамданба. Әке тілін баласы алса жалғанда Арман бар ма! Арманға...

ЖОҒАЛТУ

«Қаратаудан көш қайтқанда Күтпе мені, Бегімай!» Ш.Айтматов Орманға ұлып опа таппай, шынжырланған арлан. Бөз қымтасын тәнін, айрылмас-ты ардан. Кеше жұртта қалған – Тозған жүрек, сені іздеп жолға шықты, жазған! Білмейді ғой деп пе ең, табылмасын жоқтың. Қызығына бола қызуындай оттың, Шерменде боп жаны жарығына көктің, Қимасынан адасқан арасында көптің,– Орманға ұлып опа таппай шынжырланған арлан. Оты өшкен арман. Көрін өзі қазған, Тозған жүрек, сені іздеп жол тосады, жазған. Қос әлемнен табылмайтын құсым, Әлсін-әлі сипаттың жүрегімнің тұсын. Сені сүйген тұлға – бүгін міскін мүсін, Мен барман-ды, Сен келме!!! (Құдай үшін!)

ЖҰБАТУ

Жоқтан өзге жоқ адамға жылайсың, Жүрегіңе сызат түсер, құлыным. Жоққа келіп жоқ нәрсені сұрайсың, Төгіледі шырының. Мен де іздеп арып-талып, құлағам, Түсінбейді деп пе едің, Абыройы, ары нәби күнәдан Ботақаным, сөкпегін! Жүрегінің басына у жиылса, Қиын шығар кімге де. Қайта оралар, Тәңір-төрем бұйырса, Ешкімге де үндеме. Көресің ғой, ұмытылар ертегің, Бұл жұбату қазір саған керексіз. Мен де қанша өзегімді өртедім Бұл дүниеде – дерексіз.

БЕЙОПА

Көктем емес пе еді?! Қазбауыр бұлттар жеткенде шығыстан кезбе, Сезімнің құйып шарабын хрусталь сөзге, Егіз бір жандай екеуміз ұғысқан кезде. Өткен елес пе еді! Шекер екен нәрі – Қиялға қанат сананың қақтырғаны да, Беймезгіл басқа бейопа бақ тұрғаны да. Күрсінем келіп, түпсізге лақтырғаның ба? Бекер екен бәрі. Іздерді жалған, Қанменен шайып жүректен өшіріп мүлде, Күйінсем-дағы қараймын кешіріп Күнге, Гүлдерді өртеп кеткендей көшіріп күлге, – Күз келді, қарғам!

БІР ҚЫЗ

Көкжиекке батты жұлдыз, Аққан көздей ақты жұлдыз... Есіне алса, өкси берер... О, осынау шақты... бір қыз. Ақты солай... Ақты жұлдыз. Арманымды сатты бір қыз. Бақытымды қақты бір қыз. Кеудеме гүл тақты бір қыз! Тағдырымды апты бір қыз, Тағдырым боп қапты бір қыз. Үмітімді жақты бір қыз, Ақты жұлдыз... Ақты жұлдыз... Өкіндірді тәтті бір қыз, Бекіндірді қатты бір қыз. Беу, солардың көз жасындай О, бәрібір... ақты жұлдыз...

ЕЛЕС

Жұлдыз едің, Мөлт еттің жанарымнан, Аппақ Айдың дақ көрдім анарынан. Еңіреп кеп құлады қара түнім Қара гүлдің құшақтап сағағынан. Жалт ете қап, жоқ болдың қас-қағымда, Кілт айналды дүние басқа ағымға... Періштелер дүрлігіп той жасап жүр, Алатаудың Ай қадап асқарына. Кермек татып кеткендей таза жасым, Сұр аспанда саз емес, Аза басым, Шілік біткен шімірікпей оқып жатыр Аққайыңның ақ жауып жаназасын. Қисаймастай қылы оған қала мына, Аяп кетем, сүйенем қаламыма. Сені көзден сүйгендей сүйем сосын Кірпігіңді сап қойып шарабыма.

АЛҒАШҚЫ СЕЗІМ

Тағдырымның артқа бұрсам кемесін, Жағалаудай қол бұлғайды елесің. Жүрегімде шымыр етіп ең алғаш Сезіміме сіңіп қалған жеке есім. Мәңгі ажырап қалсам-дағы өзіңнен, (Сүйем! Сүйем! Сол тап-таза сезіммен) Бір жылылау нұр іздеймін әлі де Кездескенде сенің тұнық көзіңнен. Өн бойымда бір белгісіз тасып қан, Сәл көрмесем, саған қарай асыққам. Ал, сен болсаң қайрылмаушы ең, асылым, Аяғыңды әдемілеп басып паң! Мен сен үшін батыр болғам сол кезде, Мен сен үшін ақын болғам сол кезде. Албырттықтан ақымақ боп көрініп, Жүргенімді сезе алмаппын сол кезде.

Өзгелермен ойнай қалсаң, қызғанып, Өтуші еді жүрегімді мұз қарып. Бар баланың мұрнын бұзғым келетін, Қызғаныштан туып кейде қызбалық. Тым ертерек, тым ертерек гүлдеппін, (Ақыл айтар өмір мәнін біл деп кім) Менің сол бір ғұмырымның бөлшегі Қайта ашылмас гүл екенін білмеппін. Балалықтың пәктігі бар бойымда, Өткен шақтың елесі бар ойымда. Кешір мені, сен үйленіп жатқанда, Түсінерсің, бара алмағам тойыңа. Балалық пен махаббаттың арасын Түсіне алмай, кейде от боп жанасың. Баға жетпес, беу, сәбилік дүнием, Мені тастап, қайда кетіп барасың?!

ТОЙ

Сүттей аппақ көңіліңе Алла үрлеп – дем беріп, Менің мұңлы өміріме Той боп жатыр сен келіп. Жалғыздықтың жалғыз емін... Жанға қатты батты көп. Мен бұл тойда бал ішемін Кешегі удан тәтті деп. Шарапты да жұтам, мүмкін, Ашып ардың тұмасын. Талшын тәннің қуатын ол Танып, талып – жыласын. Келер күндер қабағымнан, Қадамас деп қайғы сұқ. Би биледім ... Тамағыңнан Нұрды жұтып, Ай құшып. Ән салдым мен әм бұл тойда, Гүр – ғашықтық, дүр – сезім. Шашып шашу албырт ойға, Жүрек сүртіп тұр көзін.

ГҮЛ

Санамды сезім улағандай-ау, Ажарың тілді байлап бір. Маңдайың буға булағандай-ау, Гауһардай көзің жайнап тұр. Жүргенің қудың жүзгеніндей ме? Құмыра белің нәзік тым. Ақ тісің ақ жыр тізгенімдей ме? (Тауысар көркін жазып кім?) Жүрек пе жүрек – үбектемесе, Ғашықтың ғасыл кей түнін? Сендей-ақ шығар Жібек те кеше Періште тектес дейтұғын!

ҚАРАҒАШ

Сенің шашыңдай қарағаш, Мектептің қасындағы қарағаш. Ерініңдей ып-ыстық, Аспандағы Ай шала мас. Мектептің қасындағы қарағаш, Қара көзіңдей – қара рас, Құшақтап тұрып жұлдыздарды жұтып ем Жасыңменен аралас. Менің жасыммен шамалас, Құрбым едің ғой – қара қас... Қамығып қалған жоқ па екен, Қасынан өтсең сипай сал, Менің шашымдай... Қарағаш!

ҮМІТ

Аңсарын алған асындай болып жеріктің, Көрініп көзге көңілімді несін еліттің? Түсінесің бе, Түбірсіз мына дүниені, Пейілі таза, жүрегі аппақ көріктім? Баса да бердім, қайтейін, қате әр ізді, Табылмай қалып жанымды ұғар жан ізгі. Жалғанның жалған екенін сезіп барлығы Арларын сатып, Арсыз боп кеткен тәрізді. Жаныма жылы тигеннен кейін гүл демің, Өзіңе аштым тот басқан жүрек ілгегін. Қанаты дал-дал сұңқармен бірақ сапарға, Ғұмырын қиып, шыға да қояр бірге кім?!

ҚЫЗЫЛ ЖЕЛ

Салт аттыдай тым шапшаң жүрегім соқты, кештегі үн... Бұл бұрын ойлап қойғандай Алланың ісі ед (не істермін?!) Жер бетін сипап көлеңке, Таулардың басын жұтып түн, Тұманнан көйлек киініп, тоғайлар шашын тұтып мұң, Бұталардың арасы, (боларын солай сезіп ем) Түн қарап тұрды тамсанып мыңдаған қара көзімен. Аянышты жүзбенен аспанда өксіп аппақ Ай, Кішкентай құстар дүрлікті жел алып қашқан мақтадай. Үрейлі сәтте үрікпен – бұл түнде қанша ғажап бар, Адыра қалған бойынан қайғылы, улы мазақтар. Мен саған үнсіз қараймын бейілмен құлап, егіліп, Жайдары, жылы қуаныш көзқарасымнан төгіліп. Жүзіңді сұлу аймалап

көктемнің қызыл желі есті, Мейірімділіктің бейнесі Тәңірден кемдеу емес-ті. Таң атты міне, Күн шықты, қоштасу ауыр жүрекке, Сендегі ләззат, уайым тоғысып жалғыз тілекке. Мен кеттім... Тұрдың артымнан қия алмай ұзақ мұңайып, Бақыты кемдеу кеудеге тек біздің жүрек лайық.

ТҮНДЕГІ ОЙЛАР

Түндегі ойлар тәтті болар бәрінен, Жарық кезде жазған жырдың мәнінен. Жүрегімде бүлкілдейсің бүр жарып, Қанға түскен қызғалдақтың дәні ме ең? Түндегі ойлар ащы кейде удан да, Қаша қоймас көңіліңнен қуғанға. Шарап ішіп отырамын ондайда, Сен келмеген жабырқаулы думанда. Түндегі ойлар шыңырау һәм шың, биік, Тіршілік бар түпсізінде тұңғиық. Аяқ асты болмасын деп арманың, Ай жымияр сүйеп қойып түнге иық. Түндегі ойда жалғыз түйін болады, Түйін баққа не сорға әкеп соғады. Сорға соқса, гүліміз де солады, Бақты, бірақ, көрген кісі жоқ әлі.

СЕН МЕНІ ОЙЛАЙСЫҢ БА?

Сен мені ойлайсың ба? Мен қазір алыста жүрмін – Ғұмырын кешіп құлдың. Сағыныш-шаһтың сарайын соғып, Батпағын илеп мұңның. Сені де мазалай ма Тағдырдың тоғыспас жолы? Тәңірдей дидарлым-ау! Қисыны қиғаш аруана фәни, Қол созшы, қиналдым-ау! Сен мені ойлайсың ба? Мен сені күнде, жаным... Ал бүгін тілде балым – У болып уақытыма зәр құюда, Осылай уланғанмын. Ұйқастық, ұқсастық па? Е, ондай бола алмадым. Қанымды ішіп қойды қабарған мұң. Бақыттың Сен сияқты бұтағына Баянсыз бүршік болып жаралғанмын. Сен мені ойлайсың ба? Мен саған жеткізе алман Жанымның шөлдейтінін. Сарғайып сана, құс болдым ғой мен Көзімен сөйлейтұғын.

Кездеспей кеттік! Сені де өмір алып ағыстарға, Салды ма нанымы зор жарыстарға? ...Махаббат – мәңгіліктің мәңгүрттігі, Кететін бірге еріп ғарышқа да! Кездеспей кеттік неге, Уақытпен уланып сана, Аялап гүлдің мұңын? Ғашықтың ділі – Мәңгүрттің күні екенін білдім бүгін.

ҚОШТАСУ

Райы күннің бұзылды-ақ, Құстарын ертіп күз кетті. Қыл-қобыз дүние ызылдап, О, нені маған іздетті? Қырлардан қашты қызыл гүл, Қызыл гүл еді – көңілім. Жылытпай қойды жүзін бір Өмірім маған, өмірім. Ол-дағы кетті алыстап, Бар еді бір жан – жаны нұр. Анттасқан жоқпыз нан ұстап, Антқа өмір көнбес бәрібір. Оралмас деп пе ең, о, жалған, Қоғалы көлге қу ұшып. Өткен күн өшті, жоғалған, Уайымдай берме у ішіп!

СҮЙЕСІҢ БЕ...

Жалт бұрыларын Біле алмай жүрмін жан қашан, Жарқ етіп аспан – Жұмылып көзім қалмасам. Өмірді қайта басынан саған арнасам – Сүйесің бе мені?.. Түк емес екен бұрынғым, Тағы да тағы, Тағы да тағы сүріндім. Сүріну деген серті сынды ғой Ғұмырдың Сүйесің бе мені?.. Бір сайтан күліп, Бір сайтан жылап арбады. Ақ моншағымды білдірмей үзіп Ардағы. Алданулардың жүрекке түсті салмағы. Сүйесің бе мені???

ЖАНТАЛАС

Жаурасаң, жаным, жарығым, Қанатсыз құстай шарасыз, Дүния – Нұрдың парығын Мені ойлап еске аларсыз. Күндер де өшіп жоғалар Сабалап аппақ қанатын. Мен кеткен жақтан оралар, Мен кеткен жаққа баратын, Құстарға сәлем айтарсың, Жараспай кеткен тұз-дәмі. Махаббатымызды қайтарсын Тағдырдың күзгі ызғары. Періштелердің қыздары Перизаттардың ізгі әні... Тереңдеп қайғы құздары, Сыздады жүрек, сыздады...

ҒАРІП

Терезеге қарай берем, қараймын. Кеп қалар деп арайлым. Бақытсыздық ортамызға жол салып Қош айтысты бақыты мол талай күн. Сол жолменен қарғыс атқыр қап-қара Кетіп барад аппақ қыз бен ақ бала. Үмітімнің бұрқыратып тозаңын Құстар ұшты жүрегімнен топтала. Сендер жүрер жол ма еді бұл, жарқыным, Мен кешетін мұң ба еді бұл, Алтыным! Күзгі алаудай бауырымды жылытқан Қайда сенің көзіңдегі жарқылың? Сәтсіз күні үйден шығып кешқұрым, Алдарыңнан тосты қайғы, тосты мұң. Кісінеген үндеріңнен оянам, Жетпей жатып жетім қалған қос құлын.

Қарай берем есік жаққа алаңдап, Есік қақса жүгіремін далаңдап... Нұр сәулесі өмірімнің кері ағып Уақыт тоқтап қалған сынды табандап. Кім өбеді маңдайымнан мені өпкен, Жоқ әлде сен о бастан-ақ бөлек пе ең?! Теңіздегі ақжелкендей жақындап, Келе жатып жоқ боп кеткен кенеттен. Нашақордай тамырына дәрі еккен Бұ басымнан не өтпеген, бәрі өткен. Жүрегіңнің алдына кеп егілдім Қайыршыдай садақадан дәметкен. А, Дариға, Сүйдім сені... Налыттым. Неге сүйдім? Неге сүйдің? Қамықтым. Зарықтырам десең, міне, зарықтым, Ғаріп қылам десең, міне – Ғаріппін...

КҮТУ

Мен саған хабарласам! Хабарласам... Жаныма бір жұбаныш таба алмасам, Мен деген періштедей бала едім ғой, Сен егер аялаған анам болсаң. Мен саған хабарласам үміттеніп, Тағдырдың дегеніне... (Ұғып, көніп) Тәнім тұр жар басынан ұшқысы кеп, Жаным жүр мына өмірге күдіктеніп. Мен саған хабарласам қажығанда, Бас игің келмесе де базынама. (Жаратқан қай ісіңе қол сұғып ем, Маңдайға осылай да жазыла ма?!). Мен саған хабарласам күйінгенде, Иілмес жерде басым иілгенде. Келер ме саған шамам, келгенменен Ғұмырды жалғыз оқпен түйіндеуге.

Мен саған хабарласам, күле алмасам, Қайтейін халімді ұғып, тіл алмасаң. Жақындап о басында нең бар еді, Шешініп өрт ішіне кіре алмасаң...

ӘДИЛӘ

Уа, Әдилә! Мынау қалың қорымға Бір басыма қос Ай қадап кіріп ем, Сірі деммен серт тайысқан күні мен. Алғашқысы – аруақтар, соңғысы – Жасыл өңді ғасыл ғарақ тіріден, көңілім қап Маралтай мен Құдайға, Маңдайымда қара сызық Күн, Айға, «Қарабақ қып сезімімді таптатпа!» – деп мінәжат етпеп пе едім Ұмайға? Сау қанатым қалмаған соң күймеген, Рухымды қан мен сүтке илеп ем. (Саған жаным ашитыны тағы рас Емшегіне еркек ерні тимеген). Е, Әдилә, айналайын Әдилә! Қапелімде шыға келіп нұрдан сіз – Мұңдана алмас мисыздарды мұңданғыз. Қара түсті қалампырды құшақтап, Құлпытастан күліп қарап тұрған қыз.

ЖЕЗӨКШЕ

Мен қайтейін, тағдырыма көз өтсе, Ете берсін, былайғылар сөз етсе, Одан кейін жолыққан жоқ ондай жан, Жалғыз түнге жолдас болған жезөкше. Шексіздіктен сыр жеткізіп тұнық түн, Тұнық түннің ләззатына құнықтым. Мен сіз жайлы Және бүкіл қыз жайлы Ғайбат ойдың жетегінде жүріппін. Жаттың солай бауырымда шашылып, Періштемнің алапасын қашырып. ...Ай боп жылап қарап тұрды әйнектен Махаббатым!.. Аяғы – сор, басы – үміт... Мазмұны ОТ ЖЫРЫ (1-бөлім)

Кентавр.................................................................................................... У қайтару................................................................................................. Өзек.......................................................................................................... Асау.......................................................................................................... Менің бөлтіріктерім................................................................................ Барда......................................................................................................... Маңырақ................................................................................................... Алматы..................................................................................................... Мұхаммедті растау.................................................................................. Жырау....................................................................................................... Шебер........................................................................................................ Алатау........................................................................................................ Адасқақ...................................................................................................... Қызғыш...................................................................................................... Ақиық........................................................................................................ Махамбеттің мүсіні................................................................................... Сот.............................................................................................................. Сентиментальді құбылыс......................................................................... Дос.............................................................................................................. Оптимизм................................................................................................... Кербұғы...................................................................................................... Қобыз.......................................................................................................... Найзағай..................................................................................................... Кенесары.................................................................................................... Сүйінбай.................................................................................................... Қызыл өлең............................................................................................... Ұлу жылы................................................................................................. Құн............................................................................................................. Құйын........................................................................................................ Ібіліс..........................................................................................................

СУ ЖЫРЫ (2-бөлім)

Натюрморт................................................................................................ Жаза........................................................................................................... Шешім....................................................................................................... «Бозінген»................................................................................................. Игілік......................................................................................................... Зоологиялық терминдер.......................................................................... Ымырт....................................................................................................... Қағаз.......................................................................................................... «Құранға еліктеу».................................................................................... Алаң.......................................................................................................... Күз.Алматы.............................................................................................. Құса........................................................................................................... Ақан........................................................................................................... Би............................................................................................................... Ақырзаман.Алматы................................................................................. Таң............................................................................................................. Армансыз.................................................................................................. Қараңғы..................................................................................................... Ару Алматы.............................................................................................. Ауыш......................................................................................................... Көрғау....................................................................................................... Өмір.......................................................................................................... Тағдыр...................................................................................................... Жазмыш.................................................................................................... Күзгі палитра............................................................................................ Қаңғыбас-1................................................................................................ Қаңғыбас-2............................................................................................... Қара таңбалы хат..................................................................................... Жұтылу..................................................................................................... Жас жуар................................................................................................... Ар............................................................................................................... Автопортрет.............................................................................................. Жермен қоштасу....................................................................................... Қолқа.......................................................................................................... Қазанама..................................................................................................... Тұмар.......................................................................................................... Бақыт..........................................................................................................

О дүниеге хат......................................................................................... Жүрек..................................................................................................... Жаңа жыл түні...................................................................................... Көне Тараз............................................................................................ ГҮЛ ЖЫРЫ (3-бөлім)

Құдірет.................................................................................................... Жесір....................................................................................................... Әйел........................................................................................................ Жез қоңырау.......................................................................................... Махаббат................................................................................................ Сауға....................................................................................................... Ай............................................................................................................ Сүйінші................................................................................................... Жоғалту................................................................................................... Жұбату.................................................................................................... Бейопа..................................................................................................... Бір қыз.................................................................................................... Елес......................................................................................................... Алғашқы сезім....................................................................................... Той.......................................................................................................... Гүл.......................................................................................................... Қарағаш................................................................................................. Үміт........................................................................................................ Қызыл жел............................................................................................. Түндегі ойлар......................................................................................... Сен мені ойлайсың ба?......................................................................... Қоштасу.................................................................................................. Сүйесің бе... ......................................................................................... Жанталас................................................................................................ Ғаріп....................................................................................................... Күту........................................................................................................ Әдилә...................................................................................................... Жезөкше.................................................................................................

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙