Прозалық жанрлар
Бабалар сөзі
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Прозалық жанрлар
«БАБАЛАР СӨЗІ» СЕРИЯСЫНАН
МОҢҒОЛИЯДАҒЫ ҚАЗАҚ ФОЛЬКЛОРЫ
Ертегілер
Пиғылсыз байдың сазайы
Ерте, ерте, ерте кезде Қызылкиік деген жерде Базар деген бай болыпты, төрт түлігі сай болыпты. Ошарылған малы бопты, он төрт үйлі жаны бопты. Қайыстай қара қатынын ханымдай көріпті, қисапсыз малын жанындай көріпті. Сол байдың он тоғыз жыл малын баққан Мергенбай атты құлы болыпты. Мергенбайда бала болмапты. Әйелі бай ауылының тезегін теріп, терісін керіп, отымен кіріп, суымен шығыпты. Өз үйіне де кіруге шамасы болмай, жұмыс істеп жүре беріпті. Күндердің күнінде байғұс күң өзінің жүкті болғанын біліп, Мергенбай екеуі оңаша әңгіме-дүкен құрыпты.
– Менің аяғым ауырлай бастады. Жұмысты баяғыдай істемедің деп бәйбіше-тоқалдар күн көрсетуден қалып барады. Бұл арадан кетейік. Өз күнімізді өзіміз көріп, байдан аулақ күнелтейік. Осылардан түбі біз озамыз, – депті Мергенбайдың ақылды жары. Мергенбай тұрып:
– Құрығы ұзын бай бізді тегін жібермейді, аш-жалаңаш айдап салады, – депті. Мергенбайдың әйелі белді бекем буып: – Сен араласпа, баймен не болса да, мен өзім сөйлесем, – деп, үйіне келіпті.
– Мергенбай айықпас ауруға шалдықты. Айтуға аузым бармайды. Бақсы-балгер, құшынаштар: – Тасты өзенге апармасаң адам болмайды, – дейді. – Малшы-жалшыңды тауып ал, бай-еке. Біз таңнан қозғаламыз. Тез кетпесек, тез жұғатын індет бәріңді де былғайды, – депті байға әйел. Үрейі ұшқан бай: – Алдарыңнан жарылқасын, – деп, он тоғыз жылғы еңбегіне батасын беріп, тез құтылуға асығыпты.
Ертемен жалғыз ала сиырын ыңыршақтап, Мергенбай қосын артып, аттануға бет қояды. Сол мезет бай шығып:
– Ей, құл, үйіңе жапқан құрымды қалдыр, кейінгі құлға керек-ті! – деп ақырыпты. Құлдың көші әудем жерге барғанда, бай:
– Мергенім, еңбегің көп сіңіп еді, кейін келіп, ала байталдың құлынын ал, – деп, енесі жеріп, емізбей іргеде өлгелі жатқан құлынды көрсетіпті.
Мергенбай мен әйелі күн-түн жүріп, Тастының бойына жетіпті. Азап торынан құтылып, қостарын қуана тігіп, көсіле бір жатыпты қос мұңлық. Ертеңіне екеуі де аштан өлместің қамына кірісіп, аңға шығыпты. Кеш Мергенбай тауешкі, әйелі қоян соғып әкеліпті. «Кедейдің бір тойғаны шала байығаны» деп өмірлерінде тұңғыш рет бас қосып отырып, асты еркін бір ішісіпті. Мергенбай әдетінше аңға аттанғанда, әйелі байдың берген құлынын тез алайын, танып кетер деп, бай аулына кетіпті. Ол келе зарлай бастайды:
– Ауру Мергенбайды аштық қоса азаптап жатыр, бай-еке! Бекер-ақ сізден кетіппіз. Жылбысқасын жегізейін, берешек құлыныңды бере көр, – деп безектейді айлалы әйел.
Әйел құлынды көтеріп, қосқа келсе, Мерген қосты айнала аңның етін самсатып іліп тастапты. Ала сиыр, жалғыз бұзау, жетім құлын – үшеуін ыспар әйел күн сайын бағып, асырай беріпті. Осы кезде Мергенбайдың әйелі ұл тауып, атын Серікбол қойыпты. Мергенбай бұл арада алты жыл мекендепті. Ала сиыр алтау болыпты, Серікбол алты жасар ай маңдайлы ұл болыпты, өлмелі құлын алты жасар ат болыпты. Бұл кезде Базар ел жиып, той жасапты. Ондағы ойы өзін «бай» атандыру екен дейді. Алты Алаштың аты жеткені жиналған ұлы тойда Базар тұрып, ел ақсақал, қарасақалына, молдасы мен би-төрелеріне мынаны айтыпты: – Мені өздерің білесіңдер, жеті атамнан дәулет кетпеген байдың ұрқымын. Жұрт мені Базар дейді, бай демейді. Бүгін барша жанға бай атымды мәшһүр етіп, ұлы жиын той жасап отырмын. Бәйгіге бір өзім үш жүз ат қоспақпын! – деп лепіріпті. Жиылған ығай мен сығай онан әрмен көпіртіпті. Тойға ел де жүгіреді-ау деген атын жаратқан екен, жүйрік аттанғанда жер қайысқан қолдай боп, шаңынан бұлт тұрыпты. Осы көптің ішінде алты жасар Серікбол мінген ауыздықпен алысып, Мергенбайдың жалғыз да аты кетеді. Ат түнейтін жерге Базар үш күн бұрын елу атанға қос артып, азық-түлігімен жіберген екен. Ат айдаушылар таңсәріден тұрып, шабандоздарды тамақтандырып, аттарына мінгізе бастайды. Даяшы белгі бергенде, жүйріктер жөңкіле жөнеледі. Түс ауып, кіші бесін болғанда, жиылған жұрттың қарай-қарай көзі талғанда, көз ұшынан бәйге атының шаңы бұрқ етіп шыға келеді. Алты жүз жиырма үш жүйріктен үш жүз он саңлақты ұстауға даяшылар ат қояды. Ұбақ-шұбақ жүйріктердің алдында козыкеш жерде жалғыз қара көрінеді. Ет асымдай уақытта жүйріктер келіп қалады. Бәрінен бұрын жеткен алдыңғы ат Мергенбайдың жалғызы болып шығады. Бұған Базар қатты күйінеді. – Үш жүз атымнан біреуі озып келмеді, оның үстіне бес ат бірдей мерт болды, – деп күңіреніпті байекең. Базарды «Базар бай» ататқан бұл тойға ынсапсыз бай ырза болмай, үш күн, үш түн төсектен тұрмай жатып алыпты. Ақыры, аулының бар игі жақсысын жиып алып: – Мен Мергенбайдың жүйрігін алмай, көңілім көншімейді. Ат – менікі, құлынында бергенмін. Осыған ақыл табыңдар! – деп, бай гөй-гөйге басыпты дейді. Сонда байдың бір ұлы тұрып: – Атты тегін бермейді, тартып алсақ, атты жазым етеді. Ендеше ебін тауып, ұрлап алсақ нетеді? Өзінен бір жас кіші інісін жарыс болар күні орнына ауыстырып, жүйрікті ала қою керек. Таңбаны саннан бір соқсақ, Мерген тұр ғой көргенде таласа алмай қалады, – депті. Бәрі осыған қош депті. Мерген атын үйдің іргесіне арқандап қояды екен. Базардың кіші баласы торып жүріп, өңдес атпен ауыстырып, жүйрікті алып кетеді. Мергенбай күндегі әдетінше аңға бару үшін әкелі-балалы екеуі жүйріктің қасына келеді. Ат күндегідей емес, әлжуаз сүлкиген, құлағы түсіп, салпиған. «Бұған не болып қалды екен» деп, таң қалысады. «Мұны бүгін мінбейік» деп, екеуі аңға жаяу шығады. Аңнан оралған Мергенбайға хабаршы келіп:
– Атыңды бапта. Алдағы сембіде ат жарысы болады. Анада арманды болған Базарбай тағы ат шаптырғалы жатыр, – дейді.
Мергенбай уәделі күні: – Атсыз күнде де күнелткенбіз, бар, балам, бәйгеңе! Шаба алмаса, жолда басын кесіп алып кел, – деп, қарадай жүдеген жүйрікке жалғыз ұлын мінгізіп, жолға салады. Ара қонған қалың ат ертеңінде күн еңкейе көмбеге де келіп қалады. Жиылған жұрт ұран салып, сар жазықты қиқуға көміп жібереді. Оқ бойы озық келе жатқан баран ат қиқу жете, құлаштай сілтеп, керіле созылып көмбеге қозы көш жер бұрын жетеді. Жұрт Базарбайдың торысы деп шулайды. Ат даяшыдан орала, қаптай келген жұрттың көзі кешегі мәстек торыны, оған мінген Мергенбайдың ұлын көреді. Арсалаңдап алдымен жеткен пиғылсыз бай мұны көріп, атынан ауып түсіпті! Мергенбай тыныш өмір кешіп, жүйрік торы мен өрен ұлының игілігінен көріп, өмір кешіпті.
Арпа деген ас екен
Ерте, ерте ертеде, ешкі жүні бөртеде, екі бала ен далада ойнап-күліп аулына қайтса, елге жау тиіп, ауыл лаңға да ойран-асыр болып жатады. Жау лаңынан шошынған екі бала кең жазира далаға қаңғып кетіпті. Баланың біреуі кедейдің қара табаны екен де, екіншісі байдың аялаған ақ саусағы екен. Күні бойы бет алды лағып, әбден шаршаған екі бала тағы да жау шауып, жайраған жұртқа кез болады. Жұрттан екі бала бір дорба арпа мен бір кесек алтынды көреді. Дүниеқұмар ашқарақ бай ұлы алтынды бас салады. Кедейдің баласы қолына дорбаны алып, екеуі бірігіп, жолға түседі. Екі бала неше күн, неше түн жүреді. Әбден шаршап болдырады. Қарындары ашып, таңдайлары кеуіп, сусайды. Әсіресе, бай ұлы көп азап шегеді де, кедейдің баласы анда-санда арпадан бір асап қойып, кеңташ әндетіп отырыпты. Жанындағы жолдасына жаны ашып, әлсін-әлі «мә, арпа, жеші, өлер болдың ғой», – деп өтінеді.
Сонда бай баласы:
– Қара мұның қулығын. Арпа беріп алтын алмақшысың ғой. Арпаның керегі жоқ, – деп көнбейді.
Олар тағы да біраз күн жол жүреді. Бай ұлы жүруге қалі келмейді. Кедейдің баласы арпасын «тегін-ақ» деп жалынса да, озбыр бай баласы көнбейді. Ақыры, жүре-жүре бір шаһардың күмбездеріне көздері түседі, бай баласы әлсіреп, құлап қалады. Кедей баласы шаһарға келіп, бір кедейге жалынады. Шайына қанған соң ол адам ас-су алып, кедейдің баласын ертіп, байдың баласына келсе, ол баяғыда жан тапсырыпты. Қасарысып қалған қолынан алтынды әзер айырып алыпты. Мұны көрген кедейдің баласы:
– Арпа деген – ас екен,
Алтын деген – тас екен, – деп, әндетіп жолға түсіпті. Ұзамай ата-анасын тауып, мұратына жетіпті.
Қара тері
Бір жетім бала байдың қойын бағып жүріпті. Ол неше жыл қой баққан ақысына байдан жалғыз қара тоқты алыпты. Бала бір күні қой жайып жүріп, арлан қасқырға жолығады. Арлан абалағы:
– Бір қой бер, – деп болмапты. Бала: – Қой байдікі, бай біледі, мен бере алмаймын, – депті. Сонда арлан: – Қойды мен баға тұрайын, сен сұрап кел, – депті. Оған бала көнбейді. Арлан балаға: – Сен келгенше қой етін жесем, дауасыз дертке жолығып, азап тартайын, – деп, ант су ішіпті. Бала қойды арланға тастап, байға келіпті. Қасқырдың қой сұрағанын айтыпты. Сонда бай: – Көзін жұмып, қойға енсін де, аузына түскенін жесін, – депті. Бала қайтып келіп, арланға байдың төрелігін айтты. Арлан көзін жұмып, қоралы қойға еніпті. Арланның ауызына баланың жалғыз тоқтысы түсіпті. Сонда бала: – Болмаса, өзім сойып, терісін алайын, – депті. Бала қара тоқтыны сойып, етін арланға беріпті де, терісін өзі алыпты. Бала қара тоқтының терісін иығына салып, қойды айдап келе жатып, базарға кетіп бара жатқан бір топ керуеншіге жолығыпты. Ол керуеншілерге: – Мына теріні базарға ала кетіп, бір жейде ала кеп беріңдер, – депті. Керуеншілер қара теріні шомға қыстыра салыпты.
Олар жолда әлгі қара теріні беріп, мысықтың күшігін сатып алыпты. Керуеншілер қалаға таяғанда, шапқылап келе жатқан бір адамға жолығыпты. Ол керуеншілерге: – Қалаға аумалы тышқан келіп, ханның сарайындағы астықты тауысуға айналды. Ханның әмірімен халықтың бәрі мысық іздеуге шықты. Бір мысықтың бағасы – бес түйе жүк, – депті. Керуенбасы: – Жетім балаға бір жейде бере салайық. Бес түйе жүкті бөліп алайық, – депті керуеншілерге. Сонымен керуеншілер мысықтың күшігін бес түйе жүкке сатыпты. Жүкті өздері бөлісіп алмақ болып ақылдасқанда, түйелер тұрмай, шөгіп жатып алады. Сонда бір ақсақалды керуенші: – Қара тері – баланың еңбек ақысы. Шашау шығармай, өзіне апарып берейік, – дегенде, түйелер ұшып тұрыпты. Керуеншілер шашау шығармай, бес түйе жүкті балаға әкеп тапсырыпты.
Назар батыр
Қырыққан бас Назар батырдың өр кеуде ерлігімен де, қайыспас қайсарлығымен де, шалдырмас шешендігімен де аты алты алашқа кең жайылыпты. Сол Назар батыр ерегеспен ұрлық істеп, қалмақ пен найманға маза бермепті. Бір сәті келгенде Назарды наймандар ұстап алып, қалмақтарға байлап беріпті. Олардың қолында байлауда бір жыл жатады. Қапысын тауып, қашып шыққан Назар тұтқында көп жатып, әбден әлсірегендіктен ұзап кете алмай, жазыққа жатып қалады. Таңертең қуғыншылар қиналмай-ақ тауып алады. Қалмақтар қашқынды атқа сүйретіп өлтіруге үкім қылады. Мойнына қайыс арқанды салып жіберіп, кең жазыққа түс ауғанша сүйретіпті. Әлден уақытта өлді-ау деп жендеттер тоқтайды. Жазагердің жансыз жатқанына бәрінің көзі жетеді. Сонда да жендеттердің біреуі көзін әбден жеткізу үшін, атынан түсе қалып, өліп жатқан Назардың май табанын пышағымен тіліп жібереді. Өлік селт етпейді. Жазалаушылыр қайтып кетеді. Олар жолына түсіп, көзден таса болды-ау деген кезде «өлген» Назар басын көтереді. Сөйтсе, батыр мойнына арқан түскенде кеңірдегіне басбармағын сала қояды да, сүйретілген кезде арқанның қылқындыруына иегімен тіреп, дес бермей қойыпты. Ал, табанын тілгенде тырп етсе, өлтіретінін біліп, қыңқ етпепті есіл ер! Жарасын шоқпытымен таңған Назар, түн қараңғысымен қалмақтың қорасынан бір қойды ұрлап алып, тау үңгірінде апта жатып, айығып шығады. Есін жиған ер қалмақтан ат ұрлап мініп, еліне келеді де, кешікпей кері оралып, өштескен найманына бет қояды. Найманның іргесін түріп қойып, жылқысын шауып әкетеді. Келер жаз Назар найманда ашылған жәрмеңкеге келеді. Қайтарында жайылып жүрген тоғыз ақ бас атанға кез болады. Атандарға қызыққан Қырыққан бір бас тоқты алып кеп сойып жібереді де, қанымен түйелерінің басып бояп тастайды. Өзі алыстан шолып, мал иесінің келуін аңдиды. Ұзамай ол да көрінеді. Ол түйелерге барып, кері қайтады. Назар алдынан оза шығып, сәлем беріп, жөн сұрайды. Жүргінші: – Тоғыз ақ бас атаным бар еді. Соны айдап әкетейін деп келсем, орнында жоқ, өзің көрмедің бе? – дейді. Назар азар да безер болып, өзінің де қызыл бас тоғыз атанын іздеп, дал ұрып жүргенін айтады. Ал, анау: «Е, жәрмеңкеге келген сорлы екен ғой» деп ойлайды да, өзі әлгінде көріп қайтқан атандарға жібереді.
Назар тегін олжаға белден батып, тартып отырады.
Әлгі пақыр біраз күн өткен соң алданғанын біледі де, артынан қуып, жолға шығады. Назардың еліне келсе, көрші-қолаңымен тоғыз атанды бөліп сойып алған Назекең қоныс аударып, көшіп кетіпті. Қуғыншы жұрттан атанның бір тобығын тауып алады да, Назарды қуып кете барады. Назарды әзер тапқан қуғыншы даудың дабылын үдетіп, «атанды әкел» дейді. Беттетпеген Назарға: – Түйенің тобығы жұртыңнан табылды, төреге жүр! – деп сүйрелейді. Сонда Назар: – Қане, тапқан тобығың? – дейді. Анау тобықты қойнынан суырып алғанда, оны Назар жұлып ап, бір тығып, бір-ақ жұтыпты. Тобық тамағынан өткен кезде байлаулы тымағының бауы тырс етіп, үзіліп кетіпті. Іс насырға шауып, даугер Назарды төреге алып келіпті. Төре даугерге: – Куәң бар ма? – дейді. – Бар куәм түйемнің тобығы еді, оны мына найсап жұтып қойды! – депті. Сонда Назар: – Төрелігіңе құлдық тақсыр-еке! Бұл адамның нағыз жалақор екенін өзіңіз де көріп отырсыз. Егер осы адам түйе тұр ғой, қойдың тобығын жұтып берсе, тоғыз атаның тіркеуімен мен-ақ тауып берейін! – депті.
Қайдан жұтсын, тапқыр батыр даудан осылай құтылыпты.
Жұмсауық келін
Ерте, ерте, ертеде бір қарияның келіні болыпты. Ол өзі өте жұмсауық екен, маңайындағы ауыл үй адамдарын талғаусыз жұмсай беріпті. Көршілері оны «жұмсауық келін» деп атап кетіпті. Мұны естіп бір күні қария отауына беттейді. «Келінге барып хабарласайыншы, мені де жұмсар ма екен» деп ойлайды ол.
Қарт отауға таяй бергенде, үйден:
– Әй, кім болсаң да, андағы сыртта жатқан келі-келсапты ала келші, – деген келінінің даусы естіледі. Айтқанын ала кіріп, келінін ұялтпақ болған қарт үйге еніп келіп: – Міне, қарағым, келі-келсабың, – депті. Сонда келіні: – Ойбай-ау, бетім-ай, атам екенсіз ғой, орнына апарып тастай қойыңыз, өзім барып алайын, – деген екен. Амалы таусылған атасы бұған да көнсе керек-ті.
Кемпір мен әруақ
Баяғыда бір қу жігіт болыпты. Ол үнемі ел аралап қожа, молданы күлкі етіп, жарлы-жақыбайды жадыратып жүреді екен. Бір күні ел аралап келе жатқан әлгі қу жігіт бір науқас кемпірдің үйіне тап болған екен дейді. Ауруынан қорыққан кемпір молла шақыртып, күнде бал аштырып, құмалақ салдырып отырады екен. Ал моллаекең аңқау кемпірді алдап, Алла атынан ақы алып отырады. Мұны білген қу жігіт молланы бір қатыруды ойлайды да, кемпірдің баласына шешесінің бір кезек киімін ұрлатып алдырады.
Жігіт моллаға түнде келіп кемпірдің баласы болып:
– Апам қайтыс болды. Таңертең жаназасына келіңіз, – деп кетіп қалады. Молла ертемен келе жатса, түнде «өлді» деген кемпір отыр. Ол моллаға тап беріп, бақыра жөнеледі. Зәресі ұшқан молла иманын айтып, тұра қашады. Кемпір тарсылдатып қуа береді. Оның қу жігіт екенін молла білмейді. Есі кіресілі-шығасылы болып, әбден үрейі ұшқан молла әзер деп кемпірдің аулына жетеді.
Артына қараса, түк жоқ. Босап кеткен кісесі салбырап тұр. Әруақ қуды деп қашқан бойы, кісенің жанын соғып тарсылдағаны екен. Молла ентігін басып, үйге кірсе, әлгі кемпір алдында отыр. Шошынғаннан молланың тілі күрмеліп қалды. Балалы екеуі жабылып жүріп, есін әзер жиғызады. Тілге келген молла асып-сасып кемпірге өзіңді жолда көрдім, түнде өлгенің қайда, әруағың анау жолда жүрген, өзің мынау тірі отырған, – дейді. Кемпір: – Мені өлтіріп, дүниемді алғалы жүрсің, – деп ойбай сап, елді жиып, молланы ауылдан қуып жіберіпті. Еш нәрсенің байыбына бармай, әбден шошыған дүмше аулына барар жолдағы әруақтан шошып, басқа жолмен кетіп, әлі күнге дейін адасып жүрсе керек.
Ақылды шал
Ерте кезде бір шал мен кемпір болыпты. Ол екеуінің он сиыры болыпты. Ол он сиырдың біреуіне шалы мініп, бағып жүреді екен. Он сиырдың біреуін сол жерде қасқыр жеп жүреді екен. Бір күні кемпірі шалынан: – Сиырлар қайда? – деп сұрағанда, шалы: – Сиырды мен алтын мен күміске сатып жүрмін, – дейді. Сиырларының бәрін қасқыр жеп болғаннан кейін, кемпірі шалынан: – Енді алтын мен күмісті алып кел, – дейді. Сонан соң шал қалған бір өгізіне мініп алып, қаңғып келе жатқанда, алдынан бір ақ там кезігіпті. Шал сыртынан: – Үйде кісі бар ма? – деп айғайлапты. Ол үйдің ішінде екі жалмауыз кемпір отыр екен. Олар: – Бұл кім? Бізге ешуақытта адам жоламаушы еді, мынау бір керемет шал ғой, – деп қорқып, тығыла қалыпты. Олардың қорыққанын біліп, шал ақырып, үйіне кіріп барыпты. Содан кемпірлер қорқып, шалды асты-үстіне түсіп күтеді. Ертеңінде екі кемпір ақылдасып, шалдың күшін сынамақшы болады. Бір су құятын үлкен сабалары болыпты. Сонан су құйып көтертеміз депті. Содан соң кемпір сабаға су құйып жатқанда, бір кемпір арт жағынан қатты жел шығарып алыпты, содан оянып кеткен шал ұшып, суға түсіп ағып бара жатып, бір үлкен тастан ұстай алыпты. Кемпірлер қорқып: – Андағы тасты не қыласыз? – депті. Шал қулығын асырып: – Бұл тасты жәнегі аузына бітей қояйын, – депті. Кемпірлер қорқып, сабаны өздері көтеріп барыпты. Сөйтіп, шал ертеңіне еліне кетпекші болыпты. Кемпір: – Жұмысыңыз бар ма? – деп сұрағанда, – бір қап алтын, бір қап күміс бер, – депті. Содан соң оны беріпті. Шал оны не өзі, не өгізі көтере алмайтын болып, кемпірлерге көтер деп бұйырыпты. Екі кемпір қорыққанынан көтеріпті. Шалдың үйіне таяғанда, баяғыдағы көк қасқыр алдынан шыға келіп, кемпірлерге: – Мына шалдан несіне қорқасыңдар? Мұның он сиырын мен жеп қойғам. Енді астындағы өгізі мен өзі қалды, – дейді. Бірақ та оған кемпірлер сенбей, шалдан қорқып, үйіне дейін келе жатыпты. Кемпірлердің демімен шалдың жаман үйі желбіреп тұрады. Сонда шалдан сұрағанда: – Танымайтын кісі келсе, жеп қоюшы еді, – депті. Содан кейін шал кемпірлерге қасқырды қосақтап келе жатқанда қасқыр өліпті. Шал оның терісін сыпырып алып, кемпірлерді ертіп, үйіне келеді. Содан соң кемпірі: – Не асамыз? – депті. Сонда кемпіріне: – Қоңыр қойды сойып ас, ол жоқ болса, қасқалдақтың төсін ас, ол жоқ болса, мына екеуінің бірін сойып, бірін ас, – депті. Кемпірлер қашып кетіпті. Сөйтіп, шал кемпірлерді бір емес-ау, бірнеше рет қатырыпты.
Батыр Сартха
Осыдан 200 жыл бұрын Сартха деген батыр болыпты. Ол алып тұлғалы екен. Сартха Бейжіңде бір бай қытайдың қызына ғашық болады. Қыздың Сартхаға көңілі жоқ болды. Ақыры, Сартха соғыс ашатын болғандықтан, былай деп серт береді: – Сен мені аламын десең, моңғолдың Ховд өзенінің суын Бейжіңге ағызып келсең, барамын, – дейді. Сосын Сартха Ховд аймағының Эрднэбуран сұмынының бас жағындағы Қапталдың аузынан бастап арық қазыпты. Ол жолда Бұлжым, Сарсұдық, Зурган, Таван Хайрхан деген жерлерді бастырып және күннің шығысынан Ховд аймағының Манхан, Цецаг сұмынын бастырып, Гов-Алтай аймағының сырт жағын, Заах сұмынының жайлауын, Тонкол деген жерді басып, ары Моңғол шекарасынан асып, шекараның аржағы Алатау, Аж, Богда, Бақантыны басып, Бейжіңге апарыпты. Богда тауынан асырғанда сегіз бүтін, бір жарты айналып асырыпты. Сартха батырдың күрегінің сабы Матшадан жуан екен. Ховд аймағының жерінде бар дейді. Оған тас көктеп шығыпты. Бейжіңге су барғанда Сартха күпіршілік ойлап, мен қыздың әкесіне бармай, қыздың өзіне барам деп, қызға барып: – Боз інгендей боздатып суыңды алып келдім. «Міне» дегенде, су тартылып қалыпты. Сол жерде Сартха өліп кетіпті дейді.
Алтынасық және Құлмерген
Ерте, ерте, ертеде бір бай болыпты. Оның Алтынасық атты қызы, Құлмерген атты ұлы болыпты. Бір күні Алтынасық пен Құлмерген жардың астында ойнап жүргенде, елге жау тиді деген хабар тиіп, елі үркіп кетеді. Алтынасық пен Құлмерген жылай-жылай елін іздеуге кетеді. Бірақ қанша іздегенмен таба алмайды. Құлмерген оның сайманынан жалғыз қыл садағы болады. Құлмерген аң атып, Алтынасық аң терісінен киім тігіп, ағаштан шатыр жасап алып, аң етін жеп, өмірін өткізе береді. Құлмерген аң атып жүрсе, жылаған баланың даусын естиді. Дауыс шыққан жақта үш қырқаның ар жағында бесіктен сыпырылып түсіп, жылап жатқан бір баланы көреді. Оны көтеріп алып келіп, қарындасына асыратады. Бала сағат сайын емес, күн сайын, ай сайын өсіп, алты айда алты жасқа жетеді. Алтынасықтан бала бірде ағасы Құлмергеннің жанының қайда тұратынын сұрайды. Баланы қышқашпен бір салып: – Сенің онда нең бар? – дейді. Баланың жылаған дауысы үш таудың ар жағында жүрген ағасына жетеді. Дауысты естіп, үйге келеді. Болған жайды қарындасы хабарлап береді. – Оны не істеуші еді, менің жанымды неге айтпадың? – дейді. Құлмерген: – Жаным садақтың ұшында, жалғыз тал қыл бар. Егер сол қыл қиылса, мен өлемін, – деп айтады және қарындасыммен төбелеспе деп, ағалық кеңес береді. Олар садақты есікке байлап қояды. Егер қастық істемек ойы бар біреу есік ашса, садақ сол кісінің жүрегіне тисін деген оймен сол түнде бауыры садақтың ұшындағы қылды тұрып қиып тастайды. Таңертең Алтынасық тұрып, шай қайнатып, ағасына тұр десе, төсекте өліп жатқан ағасын көреді. Жылап-жылап, кеселдің бауырынан келгенін біліп, оны өлтіріп, он екі жілігін он екі қырқаны асыра лақтырады. Өзі елін іздеуге шығады. Темір таяқтан тебендей, темір етіктен теңгедей қалған кезде, бір жылтыраған отты көреді. Келсе, бір кемпір, бір шал сексен жасқа келгенше перзент көрмеген олар сұлу қызды асырап алмақшы болады. Қыз өз басынан кешкен өмірін толық баяндайды. Шал айтады: – Бір қу асық жілік бар, соны тауып шақсаң, ішінен темір қазық шығады. Соны ағаңның түскиізіне қақсаң, ағаң «уф» – деп тұрады, – дейді. Қыз ағасын іздеуге қайта шығады. Баяғы үйіне келіп, ағасының түскиізіне қазық қаққан кезде, киік үркіп, шарбақты бауырына түсіріп, ол кетеді. Енді қарындасын іздеуге Құлмерген шығады. Бір елге келіп, ең шеткі үйіне келсе, бір кемпір, бір шалдың үйі екен. Ол өз басынан кешкен өмірін айтады. Сонда шал былай дейді: – Алтынасық атты қызды осы елдің патшасы айттырып алғалы жатыр, – депті. Ағасы: – Өлсем де қарындасымды көріп өлейін, – деп, қалай көрудің жолын сұрайды. – Бір сайдың ішінде құла өзен бар. Сен кешке соған барып жасырынып отырсаң, жеті құлан келеді. Оның ішінде сарбас құланды атып, ішін жар. Сол кезде ішінен бір сандық түседі. Соны ашсаң, жеті балапан бар. Оның басын жұл, – дейді. Кешке өзенге барады. Аңдар келіп, оны атып қайта келсе, ел ішінде хан қансырап өліпті деген хабар тарайды. Алтынасықты көруге сарайға келеді. Қарындасы ағасын көргенде, беті от болып жанып, ұялады. Бірақ екеуі бірін-бірі аман көргеннен кейін, оның бәрі басылады. Алтынасық пен Құлмерген патша қысымынан құтылып, өз-өз сүйген адамына қосылып, мұратына жетеді.
Аққайшы
Ерте заманда Әліп деген хан болыпты. Оның жалғыз ұлы болыпты. Ұлы сиықсыз, ақылсыз, жігерсіз болған екен. Хан баласының мұндай болғанына қатты қайғыланады. Көзім жұмылса, мына жаман ұл мирасқорым бола алмас, алтын тақ, қисапсыз мал-мүлік біреудің жемі болар деп ойлайды. Хан уәзірлерімен елдің игі жақсыларын жинап, ақылдасады. Олар ханға: – Балаңызға елден таңдап, ақылды қыз алып беріп, одан немере сүйсеңіз, мирасқорыңыз сол болар, – деседі. Хан бүкіл елден қыз таңдап, өзіне лайықты келін болар адам таппайды. Хан бір күні еліндегі атақты суретшіні шақырып алады да:
– Әлемдегі жанды, жансыз нәрсенің суретін сыз, – дейді. Суретші бірнеше ай бойы ұйқы-күлкі көрмей, өнерін төге отырып, суреттерді салып бітеді. Хан суреттерді үлкен шатқалдың аузына жайғызып қояды. Ел жайлаудан етекке түскенде осы шатқалмен түседі екен. Шатқалдан шұбырып көш түсіп жатады. Ел суретті көріп қайран қалады. Оны қатты тамашалайды. Суреттің қасында халықтың суретті қалай тамашалайтынын бақылап отыратын ханның арнаулы адамдары тұрады. Суреттен ешбір адам мін таппайды. Хан бақылаушыларын суреттен мін тапқан адамды белгілеп әкелуді тапсырады.
Көштің ең соңында көк өгізге күркесін артып, өгізді өзі жетелеп, қызына өгізді айдатып, мүсәпір шал келеді. Шалдың қызы аса көрікті екен. Ол суретті тамашалап тұрады да:
– Қанша өнерін салса да,
Қабыланды қалай ұмытқан.
Көп толғанып сызса да,
Айды қалай ұмытқан, – дейді де жүре береді.
Бұл жайды бақылаушылар ханға келіп айтады. Хан ойланып қалады. Қызды баласына айттырайын десе, ол төменгі нәсілдің адамы. Айттырмайын десе, елден ақылды қыз табылмайды. Хан уәзірлері мен игі жақсыларына ақылдасып, өзі барып, қызды көріп сынамақшы болады. Хан күркеге келгенде, қыз тезек теріп кетіпті де, күркеде шал ғана отыр екен. Хан шалға әмір үнмен:
– Мен ертең қайтып келемін. Көк өгіздің сүтімен қатық ұйытып қой. Егер орындамасаң, басыңды аламын, – дейді.
Қызы тезектен келгенде, шал қатты мұңайып, аһылап-үһілей береді. Қыз әкесінің мойнына оралып, неге мұңайғанын сұрайды. Шал болған оқиғаны баяндайды.
Қыз сәл ойланып тұрады да:
– Әке қамықпа, ханға жауабын мен берейін. Ертең күркенің сыртына хан келгенде, оранып, күркеде отырып ал, – дейді.
Ертеңінде хан келіп, аттан түскелі жатқанда күркеден қыз шығып:
– Мәртебелі тақсыр, бүгін біздің күркеге адам енбейтін күн, – дейді.
– Кіруге неге болмайды? – дейді хан.
– Тақсыр, әкем жаңа ғана босанып, қол-аяғын бауырына алып еді. Сондықтан кіруге болмайды.
– О заманда бұл заман еркек бала табушы ма еді? Әкеңдей адамды неге мазақ етесің, балам?
– О заманда бұл заман еркек бала таппаса, өгізден сүт шыққанын қайдан көрдіңіз? – дейді. Хан сөзден жеңіліп, кетіп қалады. Ертеңінде хан кісі жіберіп шалды шақыртып алып:
– Маған ертеңге дейін күлден шідер түйіп әкел, егер орындамасаң, басың алынады, – дейді.
Шал күркесіне келіп, хан жарлығын айтады. Қыз әкесіне қияқ жұлып әкеледі де шідер түйдіреді. Оны темірдің үстіне салып өртейді де:
– Осы күйінде бұзбай ханға беріп: – Түюін мен түйдім, ал енді бұзбай қолдану сізден деңіз де, жүре беріңіз, – дейді қыз күл шідерді әкесінің қолына беріп.
Шал ханға келіп, қызының айтқанын істейді. Хан шалға:
– Маған ертең ерте кел. Келгенде атпен де келме, жаяу да келме, маған келгенде үйге де кірме, далаға да тұрма. Егер бұл шарттардың бірі орындалмаса, басың алынады, – дейді. Шал хан жарлығын қызына айтады. Қыз сәл ойланып отырады да, әкесіне:
– Түнде ханның қорасына кіріп, бір серкесін ұстап әкел де ертең соны мініп бар. Сонда жаяу да емес, атпен де емес болғаның.
Барғанда хан үйінің туырлығы мен шиінің арасына кіріп ханға тілдес. Сонда үйге де кірмей, далаға да тұрмай сөйлескенің, – дейді. Шал қызының осы ақылын бұлжытпай орындайды. Хан сынамақ үшін берілген үш шартты да мүдірмей орындауға айла тапқан қыз екенін біледі де, қызды баласына айттырады. Ұлан-асыр той жасап, келін түсіреді. Хан келінінің бұрынғы атын өзгертіп, Аққайшы қояды. Онысы қайшыдан өткір деген мағынада екен. Хан бір күні ұлын шақырып алады да:
– Жылқыға барып, екі басты ат мініп кел! – дейді. Ат ерттетіп кеткелі жатқанда күйеуіне Аққайшы:
– Қайда барасың? – дейді. Күйеуі әкесінің әмірін орындау үшін жылқыға барып, екі басты ат іздейтінін айтады. Аққайшы күйеуіне:
– Саған екі басы бар ат табылмайды. Сол үшін жылқышылармен сөйлес те, бүгін туады деген биені ұстатып ерттет. Айылын шабынан қатты тартып міне шауып, әкеңнің есігінің алдына кел де: – Әке, екі басты ат мініп келдім деп айқай сал, – дейді.
Жігіт келіншегінің айтқанын істейді. Жігіт буаз биені мініп, шауып келсе, биенің артынан құлынның басы салақтап шығып тұр екен. Хан баласына:
– Жарайды, балам, екі басты ат тауып мініпсің. Енді жылқыда үш жирен ат бар, соны байламай-матамай өрісте жарат, жеті күннен соң барып көрем, – дейді. Жігіт жылқыға келіп, үш жирен атты қуады да жүреді. Ат жарамайды, жігіт шаршап жығылады. Ол бұл жайды келіншегіне айтады.
Аққайшы хан әмірін естіген соң күйеуіне:
– Үш жирен атты жылқышыларға ұстатып ал да, тілін жібекпен буып қоя бер, – дейді. Хан жеті күн өткен соң жылқыға келсе, үш жирен ат қанжардай қатып өлуге айналған. Хан жылқыдан үш бесті асау ұстатып әкеледі де баласына:
– Ана үш асауды бүгін жібермей, бағып, қон! – деп бір құлаш қайыс береді. Жігіт жалғыз құлаш қайыспен үш асауды қалай матарын білмейді. Оған Аққайшы келіп:
– Үшеуінің де тұяғынан тескізіп, тұяғынан тізіп қой, – дейді. Жігіт келіншегінің айтқанын істейді. Аққайшы ханның күйеуіне берген әмірін өзін сынау үшін беріп отырғандығын біледі де, берген әмірін бәрін мүдірмей орындап, ақылын айта береді.
Жылжып жылдар өтеді. Аққайшының данышпандылығы бүкіл елге аян болады. Күндерде бір күн Әліп ханның елін басқа бір ханның қалың қолы келіп, жаулап алады. Хан қолға түсіп, сол елге тұтқын болып кетеді. Бір күні хан Әліпті алдына алдыртып:
– Еліңді түгел бізге қаратасың ба, жоқ, басыңды алайын ба? – дейді.
– Менің елім енді әскер бармай-ақ сізге қарайды. Мен хат жазып берейін, түгел көшіріп келсін, көп кісінің керегі жоқ, үш-ақ кісі жіберіңіз, – дейді. Әліп сөзіне хан сенеді де, үш кісі елші жібермек болады. Әліп хан өзінің бас уәзіріне мынадай хат жазады. «Мен бұл елде жырғаулы тұрмыстамын. Астыма төсегенім қара торғын, үстіме жамылғаным көк торғын, артымнан он кісі сүйеп жүреді. Ханның маған берген еншісіне есеп жетпейді. Сондықтан осы елге бағыныңдар. Елді түгел көшіріңдер. Сарайдың алдына еккен үш теректің бірін мына үш кісі барысымен кесіп, отқа жағыңдар. Енді бірін жолда жағыңдар, үшіншісін менің көзіме көрсетіңдер. Көшкенде малдың мүйіздісін алдына жүргізіңдер».
Үш елші Әліп ханның еліне жетіп, бас уәзірге хатты береді. Хатты оқығанда Әліп ханның бәйбішесі, баласы уәзірлері қуанады. Тек Аққайшы уайымдайды. Ол ханның бәйбішесін, уәзірлерін, елдің игі жақсыларын бір жерге жасырын жиғызады да, ханның жазған хатын шешеді.
– Астыма төсегенім қара торғын дегені – төсенері жоқ, қара жерде жатқаны, үстіне жамылғаны көк торғын дегені – үстінде көк аспаннан өзге дәнеме жоқ, жалаңаш жатқаны. Артымнан он кісі сүйеп жүреді дегені – екі қолын артына байлап қойғандықтан он саусағын айтқаны. Ханның берген еншісінде қисап жоқ дегені, үстін бит басқаны. Сарайдың алдында үш терек дегені – мына келіп отырған үш кісі.
Бірін бара кесіп отқа жақ дегені оның бірін бара өлтір, бірін жолда жақ дегені – енді бірін жолда өлтір, бірін көзіме көрсет дегені, үшіншісін тірі әкел дегені. – Мүйізді малды алдына айда дегені қару-жарағы сай әскерді алдына жүргіз дегені, – дейді. Әліп ханның уәзірлері Аққайшының ақылымен әскер жинап, Аққайшыға бастатады. Әскер жайбарақат жатқан хан еліне тұтқиылдан шабуыл жасап басып алады. Әліп ханды тұтқыннан босатып, ырғап-жырғап, еліне келеді. Әліп хан еліне келіп, отыз күн ойын, қырық күн тойын істеп, елін жинап, жұрт алдында Аққайшыға тағын береді.
Атақты ұры мен айбынды жолбарыс
Бір атақты ұры болыпты. Ол жапанда жаяу келе жатып, бір керуеншілерден мінетін ат сұрайды. Керуеншілер басы артық ат жоқ екенін айтады. Ұры:
– Бәлем, қолыңнан бермегенді жолыңнан алармын, – деп, керуеншілердің соңынан еріп отырады. Кеш болып, түн қараңғысын жамылғанда, керуеншілер бір тоғайдың шетіне келіп қонады.
Ол тоғайда керуеншілерді тонайтын бір жыртқыш жолбарыс бар екен. Керуеншілер от жағып, көліктерін байлап тастап отырғанда, жолбарыс таяп келіп, оттың сөнгенін бағып тұрады. Сол кезде ұры да жолбарыстың арт жағынан келіп, керуеншілердің ұйқыға кетуін күтеді. Керуеншілер ұйықтады-ау деген кезде, ұры таяп келіп ең жақын тұрған шұбарға сап етіп, қарғып мінеді. Шұбар ат шошып зыта жөнеледі. Сонда ұрының салған әні:
– Айтайын, айтагенім пай, шұбарым,
Осындай бір ат еді ынтазарым.
Жортқанда бүгін түнде жолым болып,
Тағдырым жолықтырды медет кәрім, шу, жануар, – деп тепкіленіп қояды. Сонда жолбарыс та:
– Құдай-ау, айналайын, табыстырдың,
Арқама кетпестей ғып жабыстырдың.
Қазамның бүйтіп жүріп жеткені ме,
Қысып ап екі өкпемнен жабыстырдың, – деп, зыта береді.
Таң атып, күн шыққанда, ұры мінген ат емес, жолбарыс екенін көріп:
– Бәсе неге шаршамайды, жүрісі аттан бөлек десем, тез құтылайын, – деп қорқа бастайды. Зыта келе жатқан жолбарыс екі ағаштың арасынан өте бергенде, бұтақтан ұстап, ұры ағаштың басында қалып қояды. Әбден дымы құрып шалдыққан жолбарыс бір қамыстың түбіне келіп, басын көтере алмай жатқанда, қасына маймыл келіп:
– Қайтпайтын қарайғаннан, батырым,
Бұл арада сілейіп неғып жатырсың? – деп сұрайды. Сонда жолбарыс:
– Маймылым, көрер едің шапқанымды,
Шабарға шамам келмей жатқанымды.
Жол тосып, жолаушыны тапқанымды, – дегенде:
Маймыл:
– Болса да саған қиын, маған оңай,
Ұрыны бұл жасымда көрдім талай.
Тоғайдан орын теуіп тұрғызбайық,
Бәлемді өлтірейін бара сала-ай, – деп ұмтылады.
Жолбарыс:
– Өлімге басты байлап бармас, – деймін,
Арқаңа бір жабысса қалмас, – деймін.
Адамның айласы артық, қайласы көп,
Бір түнге мініп алса, талмас деймін, – дейді.
Сонда жолбарыстың айтқанына көнбей, маймыл ұрыға барып, өрмелеп ағаш басына шығады. Ұры да қайла іздейді. Жейдесін шешіп, тұзақ еседі де, маймылдың енінен іліп алып, тарта бастайды. Жан даусы шыққан маймылға жолбарыс келіп:
– Маймылым, барма десе болып па едің,
Қиын іс бұдан басқа көріп пе едің?
Несіне шыдай алмай бақырасаң,
Дегенге қайласы көп көніп пе едің? – деп, одан ары қаша
жөнеледі. Керуеншілер күн жүріп, ұрының қасына келіп қонады. Ұры керуеншілерге өткен түнгі көргендерін айтады.
Керуеншілер:
– Япырай-ай, осы жігіт зерек екен,
Қайласы өзге жаннан бөлек екен.
Жолбарыс жолаушының жауы еді,
Бір атты бұл жігітке бермек екен, – деп, араларынан ат шығарып, жігітке мінгізіпті.
Қорыққан бұрын жұдырықтайды
Ертеде бір кемпір мен шал өмір сүріпті. Мал дегеннен сауатын үш сиыры болыпты. Шал күн сайын сиырын жайып келеді де, кемпірі сүт пісіріп, тамақ істейді екен. Бір күні сиырдың бірін қасқыр жеп кетеді. Кешкісін үйіне келген шал кемпірінен қорқып:
– Кемпір, екеуімізге екі сиыр болады ғой деп, бір сиырды алтынға саттым, – деп, өтірік айтып келеді.
Шал ертеңінде қалған екі сиырын өріске апарып жайып отырғанда, дағдылы қасқыр келіп, тағы бірін тартып жейді. Шал кемпіріне:
– Кешегі сиырды сатып алған саудагер артық алтын беретін болған соң, сиырдың бірін тағы сатып келдім, – дейді.
– Енді қашан қолға алтын түскенше қалған жалғыз сиырды сата көрме, аштан өлерміз, қарағанымыз осы сиыр емес пе? – дейді кемпірі.
Дәнігіп, аңдып жүрген қасқыр өріске келген жерінде шалдың жалғыз сиырын тартып жеп кетеді. Бар сиырдан осылай айырылған шал жылай-жылай үйіне қайтады. Ол кемпіріне келіп: – Алтынға қызығып қалған жалғыз сиырды тағы саттым, – дейді.
Сонда кемпірі:
– Үш сиырдың алтынына тамақ, қой сатып әкел, – деп, шалды қуып жібереді. Шал алтын іздеп, иен далада қаңғып келе жатып, жапан түздегі бір үлкен ақ үйге көзі түседі. Осы үйге барып, алтын сұрайын, – деп келсе, түндігі жабулы, есігі бекітулі, ішінде бірдеңе күбір-күбір сөйлейді. Үй ішіндегі сөйлегендер адамнан қорқып, есігін бекітіп, түндігін жауып алған жалмауыздар еді. Шал есігін ашам деп тырмалай түседі. Үй ішіндегі жалмауыздар жаны қалмай, біздің жанымызға ешбір жан жоламаушы еді деп одан әрі қорқады. Екі жалмауыз келісіп, не қылған жан екен, жөнін сұрап, қажетін беріп құтылайық, дейді де, іштен:
– Кімсің? Не керек? – дейді. Сонда шал:
– Адаммын, аз ғана сиырдан айырылып, алтын сұрап жүрмін, – дейді.
– Жалмауыздар «пәледен машайық қашыпты» деген, алтын беріп құтылайық, – деп жабықтан бір дорба алтын береді. Алтын тапқан шал қуанып, кемпіріне қайтады. Шал кеткен соң әлгі үйге қасқыр келеді, жалмауыздар қасқырға шал келіп алтын сұрағанын, одан қорқып, алтын беріп құтылғандығын айтады. Сонда қасқыр күліп:
– Ол қарт мен үш күнде үш сиырын тартып жеген шал екен, артынан қуып барып, алтынды әкелемін, – деп тұра ұмтылады. Сонда жалмауыздар:
– Сен қасқыр, ақымақсың, айлалы адам қайлалы әдісін істеп, өзіңді мерт етеді. Сосын келіп, бізді құртады, – деп жібермейді. Қасқыр күш бермей, барам деп есікке ұмтылады. Сол арада жалмауыздар қасқырды балтамен ұрып өлтіреді.
Шал үйіне есен жетіп, кемпірі екеуі алтынды сатып, тамақ тауып жеп, күнін көре береді. Сөйтіп, «қорыққан бұрын жұдырықтайды» дегендей, бірінші жыртқыш екінші жыртқышты құртып, кемпір мен шал бұрынғысындай өмір сүріпті.
Есірік
Өте ерте кезде Есірік деген ел болыпты. Ол елдің Әулеки деген биі болыпты. Әулеки би еліндегі игі жақсыларды жиып, ислам діні шыққанына жар шашып, халқына ораза, намаз ұстаудың амалын іздестіреді. Жиылған адамның ешбірі ақыл айтпаған соң, бес мықты жігітті сайлап алып, елінен жеті жүз ділдә жиып береді де:
– Осыған ораза, намаз тауып, сатып әкеліңдер, егерде тауып әкелмесеңдер, бастарыңды алам! – деп бұйырады. Ораза, намаз іздеген Әулеки бидің бес жігіті ай жүріп арып, жыл жүріп жүдеп, батыстағы бір елге келеді. Ел ішіне келіп өздерін түгендесе, біреуі жоқ. Қалай санаса да, төртеу болып шығады. Жігіттер осылай жоғын іздеп тұрғанда, сол елдің түйеші шалы Мұрал қастарына келіп, неге әбігер болып жатқандарын сұрайды. Жігіттердің біреуі елінің биі Әулеки жеті жүз ділдә беріп, ораза, намаз тауып әкел деп жұмсағанын, егер таппай барса, бастарын алатындығын айтып, елден шыққанда бесеу едік, жол-жөнекей біріміз жоғалды, соған әбігер болып жатырмыз, – дейді. Қу шал бұлардың сасып тұрғанын біліп:
– Жоқ адамдарыңды тауып берейін, ақысына не бересіңдер? – дейді. Жігіттер: – Ойбай, ағатай, елу ділдә алыңыз, – дейді.
Мұрал жігіттерді аттарынан түсіріп, бөлек байлатады.
Сосын біріне санатса, аттары бесеу болып шығады. Енді аттарыңа мініңдер, – дейді.
Жігіттер сонда өздерінің түгел екендігін біледі. «Бұл бір білгіш адам екен, осыған ораза, намаз тапқызып алайық», – деп ойлайды.
Жігіттер:
– Сіз әулие адам екенсіз, біздің қалған ділдәмызды алып, ораза, намаз тауып беріңіз, – дейді. Сонда Мұрал:
– Менің түйемді үш күн баға тұрыңдар, сендерге ораза, намаз тауып келем, – деп, күншілік жердегі ара баққан кісіге келіп, екі шелек араны балымен сатып алады. Іші гу-гу еткен екі шелек араны Мұрал жігіттерге алып келіп, бірін – ораза, бірін – намаз деп береді де, ділдәларының бәрін алады.
Жігіттер:
– Мұны қайтіп пайдаланамыз? – дейді. Сонда Мұрал:
– Елдеріңе апарып, алты қанат ақ орданы тігіп, еліңнің ораза, намазға сиынатындарын ордаға жинап, есігі мен түндігін ашылмайтындай етіп бекітіңдер. Сосын екі шелектің аузын қатар ашсаңдар, жалаңаш еттеріне ораза, намаз жабысады. Сөйтіп, ораза, намазды ұғатын боласыңдар, – дейді.
Ораза, намаз тапқан бес жігіт Әулеки биге келіп, екі шелекті тапсырады. Әулеки би тыңдап көрсе, шынында да, ораза, намаз күбірлеген сияқты болады. Сосын елінің игі жақсыларын жиып, үлкен ақ орданың ішіне бәрін жалаңаш кіргізіп, есігі мен түндігін жаптырып алады да, екі шелектің аузын қатар ашады. Неше күннен бері ашыққан аралар игі жақсы, уәзір, байлар мен билердің жалаңаш еттеріне қадалып, шаға бастайды. Отырғандар төзе алмай, орданың быт-шытын шығарып, қашып шығады. Ісіп-кеуіп далаға қашып шыққан уәзірлер мен байлар өздерін түгендесе, Әулеки би жоқ болып шығады. Әулеки биді іздеп сұрастырса, бір қойшы:
– Екі намаз соңында, ергеншегі мойнында сайды қуалап кетіп бара жатқан, – дейді. Сөйтсе, есіктен ең алдымен шығам деп ұмтылған Әулеки бидің мойнына ергеншек ілініп, ашыққан ара артынан қалмай, бір сайға келгенде, талып жығылған жерінен уәзірлер тауып алады. Жығылған жерінен тұрғызған уәзірлері:
– Есірік деген елімнің Әулеки биі деген байғұсым-ай, – деп, еліне алып қайтыпты.
Аңқау шал мен айлалы жігіт
Ерте, ерте, ертеде жеңін сүйреткен Есенбай деген шал болыпты. Есенбай, жаңадан алған тоқалы, асқан сұлу қызы – үшеуі ғана тұрады екен.
Шалдың сұлу қызына жігіттер қызығып, көз салып жүрсе керек.
Бір күні айлалы Асан деген жігіт шалдың үйіне келеді. Шал оны үйіне кіргізбей, далада жүріп алады. Сол кезде, өлген біреуді жерлеуге әкетіп бара жатқан адамдарға қарап Асан:
– Анау адам өлген кісі ме? Әлде тірі кісі ме? – деп сұрайды Есенбайдан.
– Тірі адамды көрге апарушы ма еді? – деп ұрсады шал. Асан тағы да:
– Мына егіннің иесі бар ма, әлде иесіз егін бе? – дейді. Есенбай одан әрі ашуланып:
– Сен өзің ақымақпысың, иесіз егін шығушы ма еді? – дейді. Жігіт тағы да шалдан:
– Үлкен кісі төсегіңізге неше кісі жатасыздар? – деп сұрайды.
– Нешеуің не, тоқалым екеуіміз, – деп ақырады да, жүріп кетеді. Асан артынан қалмай, тағы да:
– Қызыңыз шешесі өлген жетім екен. Үнемі жылап отыра ма? – дейді.
Шал: – Жыламайды, күрсініп отырады, – деп кете береді. Ызаланған шал үйіне келіп тоқалы мен қызына:
– Ақымақ жігітке кезіктім, – деп, оның сұрағы мен қайтарған жауабын айтады. Сонда қызы:
– Әке, бәріне теріс жауап беріпсіз.
– Ана кісі тірі кісі ме, өлі кісі ме дегені – артында баласы бар ма, жоқ па дегені, күтімі жоқ егіннің жарымы өсіп, жарымы өспегенін сұрағаны екен.
– Төсегіңізге неше кісі жатасыздар деуіне күндіз екеу, түнде төртеу демепсіз. Өйткені, тоқалыңыз түнде бұрынғы күйеуін, сіз кемпіріңізді ойлайсыздар ғой. Қызым күрсініп отырады дегенше, сілкініп отырады деп айтпаған екенсіз, – дейді.
Есенбай ойланып барып, ол ақымақ емес, ақылды жігіт екен, барып жауабын берейін, – деп жігітке келеді. Асан қыздың қайтарған жауабынан сілкініп отырамын дегені бой түзеп отырамын дегенін түсінеді де, шалға:
– Үйіңізге барып, қонақ болуға бола ма? – дейді. Сонда шал:
– Саған дәмді тамақ істеп беретін өз кемпірім өлген. Тоқалым дәмді тамақ істей алмайды, ал қызым қазан ошаққа араласпайды, – дейді. Сонда жігіт: – Мен қызыңыздың сілкінгеніне тоямын, – дейді.
Қыздың сілкінгеніне тоямын дегенін Есекең «жетім қызды мүсіркеген екен ғой» деп ойлайды да, жігітті үйіне ертіп барады. Бірін-бірі осылай көрген жігіт пен қыз бірін-бірі ұнатып, қосылып, мұраттарына жеткен екен дейді.
Гүл мен Самұрық
Ерте заманда өзі жарты болса да, ақыл даналығы жағынан жұрттан асқан бір адам болыпты. Оның үйемелі үш ұлы болыпты. Ол қартайған шағында науқастанып, өлім халінде жатып, үш ұлын шақырып алып:
– Е, қарағым, көзімнің нұры, көңілімнің гүлі үш ұлым, өлер шағымда сендерге ақыл айтпақпын. Әуелі береке-бірлікшіл болыңдар, біреуге қиянат жасап, қастық ойламаңдар, адал еңбек етіңдер, мен өлген соң зиратымның басына үзбей, үш апта бойы ымырт жабыла үш рет барып, еске түсіріп, айтқан ақылымды іштеріңнен үш мәртебе қайталап айтып шығыңдар, – депті. Бір апта өткен соң кенже ұлы екі ағасына:
– Бүгін әкемнің зиратының басына баратын күн ғой. Ымырт жабылды, енді барып қайталық, – депті. Сонда екі ағасы тұрып:
– Әй, бауырым-ай, өлген кісіден не дәметесің, өлгелі жатқанда айтқан бір сандырағы емес пе? Оған әуре болып қайтеміз. Қаракет істеп жан сақтайық, бес-он қойыңды бақ, – деп бармапты. Ағалары бармаған соң, бала әкесінің басына жалғыз барыпты. Бір кезде алтын мақпалдай қара ат жетіп келіпті.
– Е, әкем жарықтықтың жібергені ғой, – деп, атты мініп алыпты. Сонда атқа тіл бітіп:
– Менің саған қазір қажетім жоқ. Менің жалымнан бір тал алып қал. Қажет болған кезде соны тұтатсаң, мен әзір боламын, – депті де, ғайып болыпты.
Бала екінші аптада келгенде алтын тұрманды қаракөк ат, үшінші рет келгенде, үстінде сауыт-сайманы бар ақбоз ат келіп, алдыңғы қара аттың айтқанын айтып, бір-бір тал жалын беріп кетіпті. Бала көрген-білгенін екі ағасына да, басқаға да сездірмейді. Бес-он қойын бағып жүре береді. Сол заманда сол елдің ханының екі сұлу қызы бар екен. Үлкен қызы бойжеткен, тұрмысқа шықпақ болыпты. Ол әкесіне:
– Менің жасым толды, ерге шығатын уақытым жетті. Ұлан-асыр той жасап, бүкіл халқыңызды жинаңыз, бірінен-бірі биік үш саты орнатып, үшіншісінің басына менің сақинамды қадатыңыз! Ат қарғытып, екінші сатыдан өтіп, үшінші сатыдағы сақинамды кім іліп әкетсе, құй төре, құй қара, құй жарлы демей, соған тием, – депті. Хан той жасап, бүкіл халқын жинапты. Алтын жүзікті бірде бір адам ала алмапты. Бұл хабар бес-он қойын бағып жүрген баланың құлағына да тиіпті. Ол қара аттың жалын тұтатып, қара атты келтіріпті де, аттың үстіндегі киімді киіп, қара атты мініп, тойға келеді. Қара атты екі сатыдан секіртіп, үшіншісіне ілінбей, атты қоя беріп, кешке үйіне келсе, екі ағасы тойдың малын сойысып, бас-сирақ, ішек-қарнын әкеп, тамақ істеп, бағанағы қара аттыны мақтап әңгіме етіп отыр екен.
Бала екінші күні қаракөк атты секіртеді. Ол екі сатыдан өтіп, үшінші сатыға ілінбей қалады. Үшінші күні батырдың сауытын киіп, сайманын асынып, ақбоз атты ырғытады. Ақбоз ат үш сатыдан да ілінбей өтеді. Бала алтын сақинаны іліп әкетеді. Бала сол күйінде көрінбей кетеді. Сақинаны сақтап, бес күн қойын бағып жүре береді. Хан бүкіл халықты жинап, сақинаны алған ақбоз аттыны таппайды. Сөйтіп, елдегі қойшы-қолаң, еркектің бәрін жинайды. Қой бағып жүрген жерінен баланы да алып келеді. Сақина баладан шығады. Баланың аты Ерболат екен. Хан қызын ұзатпақ болады, «отыз күн ойын, қырық күн тойын жасаймын» деп, жар салады. Ерболатты қызға көрсетеді. Жұпыны баланы көріп қыз серттен таяды. Екінші шартымды орындасаң ғана тиемін, – дейді. Ерболат екінші сертін де орындамақ болады. Қыз Ерболатқа:
– Бізбен іргелес, Самұрық деген хан бар, соған барып, «Гүл Самұрыққа не істеді? Самұрық гүлге не істеді?» деген әңгімені тыңдап, маған айтып келсең ғана тиемін, – депті.
Ерболат қара атты шақырып мінеді де, Самұрық ханның шаһарына сапар шегеді. Жолда қара атқа тіл бітіп: – Көзіңді жұм да, мен аш дегенде аш, – дейді. Бір уақытта көзін ашса, үлкен шаһардың қасында тұр. Қара ат Ерболатқа: – Ханнан тіл алу үшін сарайға енесің. Бірақ қайта тірі шығу қиын. Егер бір амалын тауып, сыртқа шықсаң, онан соңғысын мен амалдаймын, – дейді. Ерболат ханның сақшылары арқылы сарайға енеді. Келген шаруасын айтады. Ерболатты бір күн тынықтырып, әңгімесін бастайды.
– Менің – атым Самұрық. Менің әкем даңқы жер жарған хан болған. Әкемнен жалғызбын. Мен ержеткен соң бүкіл елден таңдап жүріп, Әлім деген ханның жаннан асқан сұлу қызы – Гүлге сөз салады. Әкесі ұйғарса да, қыз мені сүймеді. Ақыры, әкем күшпен алып берді. Кешікпей әкем өлді де, мен таққа отырдым. Гүл өзіме пәлен демесе де, шын ниетімен берілмеді. Менде үстіне өзімнен-өзге жел шықпаса, жан шықпаған үш тұлпарым болды. Күнде таңертең көрмес күнде бірі қара сүмек болып тұрғанын көремін. Бір күні күзетшімді шақырып алып, мәнін сұрап едім, ол: – Сіз ұйықтаған соң Гүл бірін мінеді де кетеді. Таңертең күн шыға келіп, жатып қалады. Тегі сізге дәрі беріп ұйықтататын сияқты, – дейді. Кешке жатарда Гүлдің берген сусынын ішкен болып, төгіп тастадым. Сонымен Гүлді аңдып, ұйықтамай жаттым. Бір уақытта Гүл киініп, сыртқа шығып, тұлпардың бірін мінді де, жөнеле берді. Іле-шала артынан мен де жөнелдім. Ол шытырман тоғайдың ішіне енді. Тоғайдың ішінде үлкен ақ орда тұр. Гүл атты байлады да, соған еніп кетті. Қылышымды жалақтатып, мен де еніп келсем, бір қарасұр, бір ақсұр жігіттің ортасында Гүл отыр. Келе қарасұр жігіттің басын шауып жібердім. Ақсұр жігіт көгершін бейнесіне келді де, шарықтап ұшып кетті. Гүл шыға жөнеліп, тұлпарға мінді де, өзіміздің сарайға қарай жөнелді. Мен де артынан қуып жеттім. Ол маған ашулы түрде:
– Қаншықтың артынан ерген төбетсің, «төбет бол», – деп, қолын сермеп қалды. Мен төрт көз, сары аяқ төбет болып шыға келдім. Бірақ есім дұрыс, сөйлесуге тіл жоқ.
Ақсұр жігіт менің атымды жамылып таққа отырды. Маған дәм таттырмады. Жемтік іздеп қайда болса, сонда қаңғып кеттім. Күндерде бір күн жемтік іздеп, тіміскілеп жүр едім, бір әби адам кезікті. «Өзі бір келісті төбет екен, асырап алайыншы» – деді де, «күшік-күшік» деп шақырды. Мен әлгіден қалмай еріп отырдым. Бай мол тамақ берген соң «ит үргенімен жағады» дегендей түнде тыным таппай, қой қораны күзеттім. Бір күні қораға үш ұры кірді. Қыңсылап, есік тырмалап едім, бай қару алып, сыртқа шықты. Сол-ақ мұң екен шарбақ қораға кірген үш ұрының кеудесіне қарадым. Байдың малайлары қаптап келіп, үш ұрыны биге байлап-матап беріп жіберді. Мен сонымен «айлалы төбет», «ақылды төбет» атандым. Маңайдағы елдің бәріне танылдым. Тағы бірде бір бай келіп, маған итіңді бер деп, қолқа салып жатқанын көрдім. Әлгі байдың әйелі босанған сайын шілдехананың алғашқы үш күнінде туған бала жоғалып кетеді екен. Биыл тағы босануына бірнеше күн қалыпты. Шілдехана күзетуге мені алмақ екен. Сонымен ол: – Итімді көзден таса қылмаймын деп, мені әлгі үйге ертіп келді. Байдың әйелі аман-есен босанды. Шілдеханада отырғандар түн ортасы ауа қалғып-шұлғи бастады. Мен аса сақтық жасап, оң жақта ұйықтамай отырдым. Бір уақытта шаңырақтан бір қырғи келіп, баланы іле бергенде, арс етіп жабыса түсіп, баланы айырып алып қалдым. Шілдеханадағылардың бәрі оянып кетті. Бай менің маңдайымнан, жонымнан сипап, тәтті тағамдарды алдыма төкті-ай келіп. Күндіз ұйқымды қандырып алып, келесі күні баланы қаршығадан, үшінші күні бүркітттен қорғап қалдым. Өстіп үш күн шілдеханада баласы аман қалған бай ұлан-асыр той жасады. Менің иеме көп мүлік, мал берді. Менің ием малды айдап, мүлікті артып, үйіне келді. Ием мені екі інісіне мақтап көпіріп отырды. Ақыры, ағайынды үшеуі таласып еді, иемнің бәйбішесі былай деді:
– Үшеуің үш жаққа бөліне көш, итті үшеуің де шақыр. Қайсысыңа ерсе, соның ал!
Мен үшеуіне де ермей, бет-алды жортып кеттім. Баяғы әйелім – Гүлдің сарайының алдына келдім. Гүл мені көріп: – Мына пәле тойынып алыпты ғой. Сені бұл күніңе де зар қылайын, – деп, мені жұдырықтай торғай бейнесіне айналдырып жіберді. Бір күні көп торғаймен бидай шашып, тұзақпен торғай ұстап жейтін екі баласы бар кемпір-шалдың үйінің қасына келдім. Қасымдағы торғайлар тұзаққа түсе-түсе таусылып, мен тұзаққа түспей, жалғыз қалдым. Шал қоймай жүріп, ақыры, мені қолына түсірді. Ол мені ұстап тұрып, қысып жібергенде, жаным шығып кете жаздап, «мен саған не істедім» деген сөз шығып кетіпті аузымнан.
– Сен ақымақ, маған не істемедің, үш рет үш түрлі құс болып барсам да, байдың баласын алдырмай қоймап па едің, – деді шал қаһарланып.
– Міне, ғажап, алты жыл асырайтын болсаң, баяғы адам бейнеңе қазір түсірем, – деді. Мен серт бердім. Мен адам бейнесіне түсіп, азаптан айықтым. Шалды алты жыл асырау үшін жалданып, еңбек еттім. Бетіме перде кигізді. Шал бір күні мені қасына шақырып алып:
– Сенің әйелің Гүл, сен өлтірген қара сұр жігіт, ана Гүлді алып, сенің тағыңда отырған сұрша жігіт менің сиқыр ілімімнен үйренген шәкірттерім. Ол үшеуі аса зерек еді. Ал менен алты жыл оқысаң оларға теңелесің. Сонан соң мұратыңа жетесің, – деді.
Мен алты жыл оқи жүріп, оны асырадым. Шал күндерде бір күн қасына мені шақырып алып:
– Балам, алты жыл асырадың. Сиқыр өнерін үйрендің. Енді менің өлер шағым болды. Мен өлсем, мына баланы баяғы туған әкесіне тапсыр. Бұл екеуі қай ғылымнан хабардар болды. Сиқырлық жөнінде ол екеуіне қолғанат болып, қашанда көз қырыңды сала жүр. Сарайыңа барып, хан тағына отыр. Ол үшін, сарайға бар да, Гүлден бұрын:
– Ей, Гүл, сен маған не істемедің? Енді тарғыл мысық бол деп, өзің білетін сиқырлықты істе, – деді де, шал үзіліп кетті.
Мен екі баланы ертіп, сарайға келдім. Сарайға келсем, Гүл шашын тарап отыр екен. Мен оны тарғыл мысық бейнесіне айналдырдым да, таққа отырдым. Ана даладағы итпен таласып күжірейіп тұрған сол, – деп сөзін аяқтапты Самұрық хан. Самұрық хан әңгімесін аяқтаған соң, Ерболатқа түсін өзгерте қарап: – Иә, жігітім, енді өлесің, сен әзірлен! – деп бұйырады. Ерболат аспай-саспай орнынан тұрып: – Тақсыр, өлімнен қашпаймын. Өлер алдында дәрет сындырып келейін, – дейді. Хан рұқсат береді. Ерболат қақпадан шыға бере, қара ат іліп алып, көзден ғайып болады. Жолда қара атқа тіл бітіп:
– Достым, сен енді мұратыңа жетесің. Баяғы Гүлді алған сұрша жігіт қазір сенің қалыңдығыңды алды. Ол балалы болды. Оны қыздың әкесі білмейді. Сондықтан сұрша жігітті өлтіріп, көрген бейнетіңді айтып, қызды әкесіне жетелеп бар. Әкесі әмірін өзі айтады, – депті.
Ерболат қыздың бөлмесіне келсе, сұрша жігіт ұйықтап жатыр. Қыз баласын шомылдырып отыр. Ерболат сұрша жігіттің басын шауып өлтіреді. Қызды, баласын көтеріп әкесіне ертіп келеді. Болған оқиғаны бастан-аяқ баяндайды. Хан Ерболаттың ерлігіне разы болады.
Хан Ерболатты өзінің бас уәзірі етіп, кіші қызын Ерболатқа қосады.
Өліп тірілген қыз
Бір жарлы шал болыпты. Оның бір ұл, бір қызы болыпты. Ұлы мен қызы 17-18 жасқа келгенде шалдың кемпірі қайтыс болыпты. Кемпірі қайтыс болған шал қолындағы бірлі-жарым ірі қарасы мен жиырма шақты ұсағын беріп, өзі сияқты бір кедейдің жалғыз қызына баласын үйлендіріпті. Шалдың келіні асқан сұлу болыпты. Үйленген соң, көп кешікпей шалдың ұлы қайтыс болыпты да, келіні жесір қалыпты. Шал келіні басқаға тұрмысқа шықпапты. Күндерде бір күн шалдың үйіне кісі келіп қонады. Оның бірі қарапайым киім киіп, ел арасына сейілге шығып жүрген басқа бір елдің ханы екен. Оның көзі шалдың сұлу келініне түседі де:
– Мына келініңе құда түскім келеді, қалыңды мол берейін, маған бер, – деп, шалға қолқа салады. Сонда шалдың келіні:
– Мен атама ұл орнына ұл, қыз орнына қыз болып отырмын. Маған үйленем десең, малдың керегі жоқ, атам мен қайын сіңлім үшеуімізді асырап, осы үйде тұрасың, әйтпесе, мен саған тимеймін, – дейді. Ақыры, хан үйленіп, шалдың үйінде үш ай тұрады. Шалдың келіні жүкті болады. Бір күні хан келіншекке:
– Мен елімнен шыққалы көп уақыт болды. Еліме барып, қайтып оралайын. Егер мен кешігіп, келмей қалсам, ішіңдегі бала мейлі ұл, мейлі қыз болсын, мына жүзікті бер, – деп, өзінің аты жазылған жүзікті береді де, хан еліне қайтып кетеді.
Хан қайтып оралмайды. Келіншек босанып, ұл табады. Баланың атын Төлепберген қояды. Ай артынан ай, жыл артынан жыл жылжып өте береді. Төлепберген он алты жасқа толады. Батыр тұлғалы, шешесі сияқты асқан көркем болып өсе береді. Күндерде бір күн ас берген үлкен той болады. Басқа елден де жүйрік ат, атақты балуандар келеді. Төлепбергеннің өз елінде түйе балуан деген балуан бар екен. Ол барлық балуанды жығып, ең ақырында, Төлепбергенмен күреседі. Төлепберген оны үйіріп, асықша атқанда, қабырғасы күйреп, аяғы сыныпты. Әбден масқара болып, баладан жығылып, мертіккен балуан:
– Маған жасаған күшіңді көрсетіп, баяғыда тастап кеткен әкеңді неге тауып алмайсың? – депті. Төлепберген үйге келіп, әкесі мен шешесіне: – Әкемді тауып аламын, қайда екенін айтыңдар, – деп болмаған соң, алтын жүзікті қолына беріп, қоя беріпті.
Төлепберген айдан ай өтіп, шаршап-шалдығып келіп, иен даладағы үлкен қорғаны бар қалың бейіттердің арасына келіп түнепті. Түнде қорғанның бір шетіне бір топ адам келеді де, бір нәрсені тез көміп кетіп қалады. Төлепберген көмген нәрсені ақтарып көрсе, алтын сандық екен. Сандықтың ішін ашса, өне бойы қан-қан сұлу қыз жатыр. Сандыққа қоса салған тоғыз алтын ақша, бір уыс тұз. Қыздың шала жаны бар. Төлепберген қызды су жағасына көтеріп келіп, қанын жуып-шайып, су жұтқызады. Қызға ес кіріп:
– Мен сені мұратыңа жеткіземін. Мен қашанда сендікпін. Бірақ екеуіміз қосылатын уақытымыз кейін. Сен оған дейін менің аты-жөнімді сұрама. Ал сенің аты-жөніңді мен сұраймын. Мына тоғыз алтын ақшамен мені емдеп жаз, – дейді. Төлепберген қыздың тоғыз жерден найза тиген жаралы екенін аңғарады. Қыз басын көтеріп отырады да, хат жазады. Ол Төлепбергенге: – Отыз шақырым жерде қала бар. Қалаға енсең, төрт бұрыш ақсақалды шал отырады. Осы хатты соған берсең, ол еріп келеді, – дейді. Төлепберген шалға хатты беріп, ертіп келеді. Шал Төлепберген мен қызды үйіне әкеліп емдейді. Қыз әбден сауығады.
– Осы хатты ешкімге көрсетпей, қаланың ортасында есігінің алдында басы ілулі тұрған алтын сарайға енсең, ақсақалды шал отырады. Хатты соған берсең, маған алтын ақша береді, – дейді. Төлепберген хатты беріп, мың сом ақшаны алып келеді. Бір күні Төлепберген ренжіп:
– Мен босқа әуреленіп, жолымнан қалдым, – дейді қызға. Қыз тағы хат жазып бағанағы мың [алтын] ақша берген шалға осы хатты берсең, патшалық киім береді. Оны кимей, маған әкел, – дейді. Төлепберген оны да алып келеді.
Қыз Төлепбергеннің қолына жиырма бес алтын ақша ұстатып:
– Қаланың ең аяғында арғымақ сататын базар бар. Соған барсаң ең бірінші арғымақ – жиырма бес алтын ақша. Сонан өзің таңдаған арғымақ сатып әкел, – дейді. Төлепберген арғымақ сатып әкеледі.
Қыз Төлепбергенге патша киімін кигізіп, арғымаққа мінгізеді де:
– Қаланы араласаң, ат ойыны болып жатады. Сол жерде екі патшаға кездесесің. Ол сені көрген соң қонаққа шақырады. Түнде қонбай, қайтып кел. Олардың есігінің алдында алтын діңгек бар. Атыңды діңгекке байламай, бос қой. Қайтарыңда үйге қонаққа шақыр. Сырыңды айтпа, – дейді. Төлепберген ат ойыны болып жатқан жерден екі патшаға кезігеді. Олар Төлепбергенді қонақ қылады. Төлепберген оларды қонаққа шақырады. Төлепберген таңертең қызға келіп, оларды қонаққа шақырғандығын айтады:
– Мен екі патшаны сенің айтуың бойынша шақырдым. Мына кедей шалдың төрт бұрыш тамына қалай күтеміз, немен сыйлаймыз? – дейді. Қыз тағы хат жазып, Төлепбергенді баяғы мың алтын ақша берген шалға жұмсайды. Шал қырық дию ертіп келеді де, көзді ашып-жұмғанша қырық бөлмелі сарай салдырады. Бірінен-бірін аласа етіп, ортасына үш алтын тақ орнатады.
Тағамдар әзірлейді. Кешке екі патша келеді. Төлепберген мен қыз оларды қарсы алып күтеді. Сарайдың төңірегіндегі биік таққа Төлепберген отырады. Онан соңғы екі таққа екі патша отырады. Қырық дию оларға қызмет етеді. Ән-күй тартылып, қызу думан болады. Төлепберген мен қыз екі патшаны жібермей, қондырады. Төлепберген ұйықтап жатса, біреу келіп оятады. Қараса, өзінің жолдас қызы. Қыз Төлепбергенге, қырық диюге екі патшаны өлтірткендігін айтады.
– Бейуаз адамды неге өлтірттің, мен сенімен дос болмаймын, – дейді Төлепберген қызға. Сонда қыз:
– Олардың маған істеген зұлымдығын кейін айтамын. Өз істегендерін алдына келтірдім. Енді ұйықтай бер, – деп, кетіп қалады. Таңертең Төлепберген оянса, сарайда қыз жоқ, өзі үлкен дарияның жағасында жалғыз жатыр. Ол өз ісіне қапаланады да, жардан қарғып, суға түсіп кетеді. Оны ағып бара жатқан жерінен біреу іліп алады. Қараса, баяғы қыз, үстінде патшалық киім.
Қыз Төлепбергенге сырын айтады.
– Мен Әлім деген патшаның жалғыз қызы едім. Атым – Айгүл. Әкем өлді де, мен оның орнына патша болдым. Әкемнің екі уәзірі бар еді. Олар қыз патша бола алмайды, – деп менімен бақталастық жасады. Олар мен ұйықтап жатқанда найзалады да, сандыққа салып көмді. Мен саған түсімде ғашық болдым. Түсімді бір түс жорушыға жорытқанымда: – Сенімен өліп, көрге түскенде жолығасың, – деп еді. Оның жоруы дәл келді. Бағанағы өлтірген екі патша – сол екі уәзір. Алғашқы мені емдеген ақсақалды шал әкемнің досы – ғалым адам. Ал мың ақша берген әкемнің шаруашылық бастығы. Ал қырық дию – әкемнің періден әкелген қырық жігіті. Олар құс болып, аспанға да ұшады. Сенің әкеңнің патша екендігін сенің соны іздеп шыққандығыңды ақсақалды ғалым оймен тауып, маған айтты. Сенің далада жалғыз қалғандығың – менің таққа отыруым. Енді менің орныма патша бол. Әкеңді періге мініп іздейін, – депті қыз.
Төлепберген: – Әкемді өз зейнетіммен іздеп табамын, – деп, қыздың айтқанына көнбепті. Төлепберген көнбеген соң, қыз Төлепбергенге алтын ақша беріп, арғымақ мінгізіп, әкеңді тапқан соң, маған қайта орал, – деп қоя береді. Төлепберген айдан ай өткенде бір қалаға келіп, саудагер болып, дүкен ашыпты. Оның тұрпаттылығына қала халқы қайран қалыпты. Бір күні үлде мен бүлдеге бөленген үш қыз келіп, Төлепбергенді қонаққа шақырыпты. Төлепберген үш қыздың сарайында тамақ ішіп отырғанда, екі мүсәпір адам келіпті. Олар тамақ ішіп болған соң кетіп қалады. Төлепберген үш қыздың сарайына түнейді. Ертеңінде сол қаланың патшасы Төлепбергенді шақырып алып, түнде қайда болғандығын сұрайды. Төлепберген болған оқиғаны айтыпты. Төлепберген қонақ болып отырғанда келген мүсәпір болып барған патша мен уәзірі екен. Патша әмір етіп үш қызды да, Төлепбергенді де дарға асып өлтірмек болады. Дарға асқалы жатқанда, Төлепберген қолындағы патшаның аты бар жүзікті патшаның алдына лақтырып:
– Әкемді іздеп жүрген жетім едім. Осыны кезіксе, әкеме табыс ет. Менің өлгендігімді айт, – депті. Патша жүзікті көре салып, Төлепбергенді құшақтай алыпты. Бұл патша Төлепбергеннің баяғыдағы әкесі екен. Сөйтіп, Төлепберген үш қызды өлімнен аман алып қалыпты. Төлепберген әкесінің орнына патша болып тұрған кезде, еліне басқа бір елдің патшасы болып жаулық жасапты. Соғыста Төлепберген өзі шығып, жаулыққа келген елдің патшасын жекпе-жекке шақырыпты. О да тайынбайтын ер екен, жекпе-жекке шығыпты. Екеуі үш күн бойы алысып, бірін-бірі жеңе алмапты. Сөйтіп, жүргенде жаулыққа келген елдің патшасының бетіндегі пердесі түсіп кетіпті. Ол баяғы Айгүл патша екен. Екеуі бірін-бірі танып, құшақтаса қосылыпты. Екі патша Төлепбергеннің ұлы әкесі мен шешесін, әпкесін іздеп тауып, мұратына жетіпті.
Жартыетек
Бір байдың тоғыз ұлы болыпты. Бай сегіз ұлын үйлендіріп, отау түсіріп, енші береді. Ең кенжесі Жартыетекті үйлендірмейді. Жартыетек өркеуде, есерсоқтау, басқаның айтқан ақылына көне қоймайтын, кімнен болса да, тайынбайтын жігіт екен. Жартыетек бір күні әкесіне:
– Әке, басқа ұлдарыңды үйлендіргенде мені неге үйлендірмейсің? Малың жетпей ме? – депті. Сонда әкесі:
– Е, балам, дәулетімді аяп отырғаным жоқ. Ел-жұртқа пәленшенің баласы деген ұятқа қалдыра ма деп, өзіңе сенбей отырмын, – депті.
– Сонда мен басқа ұлдарыңнан жаман болғаным ғой!
– Жоқ, жаман емессің, бәрінен де өжетсің. Тек өзіңнен басқаның ақылын алмайсың, өлеріңді білмейсің, – дейді әкесі.
– Мен ақыл мен қайраттан кенже емеспін. Өз ақыл-қайратыммен сіздің дәулетке залалымды тигізбей, үйленсем ризасыз ба?
– Қолыңнан келсе, мейлің.
Сонымен Жартыетек ләм демей, үйден шыққан бойында жылқыға келеді де, көкбесті деген жүйрікті ерттеп мініп, беті ауған жаққа жүре беріпті. Жартыетек бір күні үлкен өзенге кез болады. Өзеннің жағасында аспанмен тілдескен бәйтерек тұр. Өзеннен өтпек болып өткелдің аузына таяй бергенде, алай-дүлей боран соғып, өзен буырқанып, таси жөнелді. Жартыетек өте алмай, кері шегінеді. «Ей, жігіт, тілдесе кет» деген дыбыс естіледі. Жартыетек жалт етіп, жан-жағына қарайды. Ол бәйтеректің басынан төмен түсіп келе жатқан қарт ананы көреді. Ана Жартыетектің қасына келіп, таяғына сүйеніп, отыра кетеді. Оның жүзінен қайғы-қасірет басқандықтың белгісі білінеді. Ананың көкірегі қарс айрылып, уһілей отырып:
– Е, балам, мен бір шерлі жанмын. Бала дегенде ай мен күндей Айна деген жалғыз қызым бар еді. Әкесі ерте өлген жетім-жесір едік. Сол қызымды ел-жұртты құртқан Алаяқ, Теміраяқ деген дәу келіп, тартып әкетті. Дәрменсіз мен сорлы аңырап, жалғыз қалдым. Теміраяқты жеңетін батыр тумады. Оның жеті жаны бар, мекеніне жеті жылда жетеді. Жолда ұшқан құс болмаса, адам өте алмайтын жеті дария, адам баласы аса алмайтын аспанмен тілдескен жеті шың бар. Сол шыңға шыққанда Теміраяқтың зәулім сарайы көрінеді. Зәулім сарайдың бергі жағында тағы бір дария бар. Оның жағасында жапырағы жайқалған бәйтерек бар. Сол бәйтеректің басында ұя бар. Сол ұяда алты балапан бар. Алты балапан – Теміраяқтың алты жаны. Ал Теміраяқтың төсегіш астында бір балапан жатады. Ол – Теміраяқтың жетінші жаны. Міне, осы жеті балапанды өлтірген кісі Теміраяқты өлтіреді дегенді мен бір дана қарттан естіп едім. Мен секілді мүсәпір қарт адамға бұл секілді қиын-қыстау бөгеттерден өтіп, Айнаны Теміраяқтан айырып алатын дәрмен қайда? – деп, қарт ана сөзін аяқтады.
Жартыетек қарт ананың қасында екі күн болады. Қарт ананың күншілік жердегі кедей жатақтың ішінде қара борша күркесі бар екен. Ол сол жерден осы бәйтерекке күнде жаяу келеді екен де, бәйтеректің басына шығып, қызын жоқтап, зарлайды екен. Жартыетек қарт анаға өз жайын айтады. Екі күн өтіп, үшінші күн боран басылып, күн жайма-шуақ болады. Өзеннің тасығаны басылады. Жартыетек Айнаны іздемек болады. Қарт ана Жартыетекке батасын береді. Жартыетек өзеннен өтіп, сапар шегеді. Жартыетек бір күні жолда келе жатып, екі тауды екі қолымен көтеріп, алма-кезек ауыстырып тұрған бір алыпқа кезігеді.
– Менің күшімнің кереметі осындай. Қандай үлкен шың-құз болса да саламын, – дейді алып. Жартыетек өзінің Теміраяққа бара жатқанын айтады. Алыптан жәрдем сұрайды. Таукөтергіш Жартыетекке ереді. Екеуі жол жүріп келе жатып, айдын-шалқар көлге тап болады. Көлге таяй бергенде, бір алып келеді де көлді жұта салады. Екеуі аң-таң болады.
Көлжұтқыштың жанына бұлар таяй бергенде, көлді аузынан қайта төге салады.
– Менің ішімнің үлкендігі сондай, қандай үлкен көл-дария болса да, жұта салам, – дейді. Жартыетек көл жұтқышқа жайын айтып, жәрдем сұрайды. Көлжұтқыш пен Таукөтергіш ереді.
Үшеуі жол жүріп келе жатқанда, жайма-шуақ күн лезде бұзылып алай-дүлей боран соғады. Үшеуінің алдына таудай алып құс келіп қонады. Жаңағы дауыл соның екпіні екен. Ол құстың бір аяғы жоқ, сыңар аяқ екен.
– Мен – дүниедегі алып құспын. Тау болса да, көтеріп ұшамын. Жеті жылдық жолға жеті күнде жетемін, – дейді алып құс. Жартыетек алып құсқа өз жайын айтады. Жәрдем сұрайды. Алып құс жәрдем бермек болады. Алып құс Таукөтергіш, Көлжұтқыш, Жартыетек – үшеуін Теміраяқтың зәулім сарайына алып ұшады. Ол жеті дарияның қасына келеді. Көлжұтқыш жеті дарияны кезек-кезек жұтып, өтіп алған соң, қайта төгіп отырады. Олар аспанмен тілдескен жеті шыңға келеді. Таукөтергіш жеті шыңды кезек-кезек көтеріп, өтіп алған соң, қайтадан орнына қоя салып, жүре береді. Бұлар Теміраяқтың зәулім сарайының бір жағындағы дариядан өтіп, алты балапан жатқан бәйтеректің түбіне келеді. Жартыетек алты балапан жатқан бәйтерекке шығады да, бесеуін мойнынан бұрап өлтіріп, біреуін тірідей қойнына тығып алады. Сонда қасындағы алып серіктері Жартыетекке:
– Балапанды түгел неге өлтірмедің? Ол екі жаны тұрғанда өзіңді мерт қылмай ма? – дейді.
– Бес жанынан айырылған Теміраяқ әлсіреп-ақ қалған шығар. Екі жанын бойына қалдырып, алысып көрейін, – дейді Жартыетек.
Серіктері Жартыетекті осы бәйтеректің қасынан тосып алмақ болады. Жартыетек Теміраяқты өлтіріп, Айнаны әкелуге кетеді. Жартыетек Теміраяқтың зәулім сарайының есігінің алдына келіп, анадай жерде тұрған жасауылдың біріне:
– Үйінде болса, Теміраяқ маған тез шығып, сөйлесіп кетсін! – дейді асқақ сөйлеп.
– Теміраяқты алдыңа келтіріп, сөйлескендей сен қай батырсың? – дейді жасауыл.
– Тас жүрек батыр деген мен, мылжыңды қой, тез шақырып әкел, әйтпесе, басың алынады, – дейді Жартыетек. Жасауыл сарайға еніп, жедел қайта шығады да:
– Теміраяқ науқастанып төсегінде жатыр. Келіп сөйлессін, – дейді. Жартыетек сарайдың есігінен кіре бере, сылдырап аққан мөлдір бұлақ жағасында тұрған бір топ сұлу қызға тап болады. Бір топ қыздың ішінде ай мен күндей біреуі оған басқасынан ерекше көрінеді. Ол бір топ қыздың қасына келеді. Қыздар бейтаныс адамға таң-тамаша қалады.
– Айна қайсысың? – дейді Жартыетек. Жартыетектің долбарлағанындай әлгі ерекше көрінген қыз жалт етіп, Жартыетекке қарап:
– Айна – мен, – дейді сылдыраған үнмен. Жартыетек Айнаны оңаша шығарып, өз жайын баяндайды. Айна Теміраяқтың науқастанып жатқандығын, ертең неке қиып, өзіне үйленгелі жатқандығын айтады.
– Екеуіміз де Теміраяқтың жатқан бөлмесіне енейік. Сен менің соңымнан іздеп келген ағам еді де. Мен сені алып кетемін дейін. Ол бермеймін, – деп, мені өлтірмек болар. Сол кезде мен алысқа кетейін. Күш бермей бара жатса, мына балапанды өлтіріп жібер, – деп Жартыетек қойнындағы балапанды Айнаға береді. Айна мен Жартыетек Теміраяқтың бөлмесіне кіріп келеді. Теміраяқ науқастанып жатса да, қаһарын төгіп: – Менің сарайымның сыртына келіп шақырғандай сен қай алыпсың? – дейді.
– Сен менің қарындасымды, өзім аң аулап жүрген кезде шешемнен тартып әкетіпсің. Мына қарындасымды сенен айырып алғалы келдім, – дейді.
Жартыетекпен алыса түседі. Сол кезде Айна қолындағы балапанды өлтіреді. Теміраяқ сонда да күш бермейді. Айна жүгіріп барып, Теміраяқтың төсегінің астындағы жетінші балапанды өлтірген кезде Теміраяқ омақасып құлайды. Жартыетек Айнаны ертіп, алыптардың қасына келеді. Сол кезде Теміраяқтың жендеттері келіп қалады. Көлжұтқыш жанындағы дарияны ұрттай салып, олардың үстінен төге салады. Жартыетек алыптарды ертіп, Теміраяқтың сарайына келеді де, тұтқын қыздарды азат етеді. Таукөтергіш, Алыпқұс, Көлжұтқыш – үшеуі осы сарайдың иесі болады. Алыптар Айна мен Жартыетекті еліне жеткізеді. Айнаның шешесі Айнаны Жартыетекке ұзатады.
Жартыетекті бүкіл ел өзіне басшы қылады. Сөйтіп, Жартыетек мұратына жетеді.
Жер астындағы адам
Ерте заманда байлығы асқан бай болыпты. Ол күндерде бір күн науқастанып, өлім халінде жатып, Мұратбек деген жалғыз ұлын шақырып алыпты да:
– Е, қарағым, көзімнің қарашығы жалғызым, әкең о дүниеге сапар шеккелі жатыр. Ақтық демім бітер алдында саған үш ақыл сөзімді айтып кетейін. Біріншіде, сезікті жерде сергек жүр, екінші, адам баласын мынау –жақсы, мынау жаман деп алалама, үшінші, тас жұтсаң да, тәуекелге бел байла, – деп, үзіліп кетіпті.
Жылжып жылдар өте береді, байдың малы таусылып, Мұратбек пен шешесі әбден күйзеледі. Бір күні Мұратбек шешесін жетелеп, асбұзылға келеді. Асбұзылдың иесі қартаң сарт адам екен. Мұратбек оған:
– Ақсақал, жетім-жесір адам едік. Өзім сіздің жұмысқа қолғабыс етейін, шешем екеуімізге тамақ беріп тұрыңыз, – дейді.
Аспазшы Мұратбекті қызметке алады. Шешесі екеуі тамақ асырап, бірнеше жыл осында тұра береді.
Бір күні қала ішінде жаршы шығып:
– Қалаға Жора деген атақты бай келді. 5000 ділдәға жалшы жалдап алады. Ол жиырма жыл сол байдың қолында болады. Жалданушылар қазір барып, байға сөйлесіп, ақша алуға жол бос, – дейді. Мұратбек байға жалданбақ болады. Шешесімен ақылдасып, жалпы жалдап алатын байға келеді. Жиырма жылға келісім жасап, 5000 ділдәні алады да, әлгі асбұзылдың қасынан 2000 ділдәға тамаша сарай салғызып, шешесін орналастырады. Үш мың ділдәға шешесіне жиырма жылға жететін азық-түлік, киім-кешек алып береді. Сарайдың сыртына: «Талыққан адам мұнда бар, талықтырмаңдар» деген жазу жазғызады.
Шешесімен қоштасып, байдың керуенімен еріп, жолға шығады. Екі-үш жүз түйелі керуен жолда жатып, алтын ер-тоқымды арғымақ мінген, сәнді киінген жас жігітке тап болады. Ол керуенбасшысына жолығып:
– Менің атым – Жолжомарт деген. Осы жолмен жүрген адамдарды қонақ қылып жіберетін әдетім. Бір күн қонақсыз, ойын-күлкісіз отыра алмаймын, үйім анау орманды сайдың ішінде, – дейді.
Оған керуенбасы:
– Менде екі жүзден артық адам бар, мұның бәрі сенің үйіңе қалай сияды? Оған сенің тамақ, төсек-орның қалай жетеді? – дейді.
– Тамақ та, үй де, жатар орын да жетеді. Тек барып қонуларыңызды тілеймін, – дейді. Жігіт қолқа салып болмаған соң, керуенбасы бастап, жігіттің ауылына келеді. Келсе, орманды үлкен сайдың іші қаз-қатар салынған тамаша сарайлар, бау-бақша, сылдыраған бұлақ екен. Үш жүз түйе жүк кең қоймаға түйе-мүйесімен кісілік үлкен сарайға орналастырады.
Алуан түрлі тағамдармен, арақ-шараппен сыйлайды. Ойын-сауық көріп, ырғап-жырғап қалады. Жігіт керуенбасына бөлек үйге төсек салдырады.
– Шақырып қонақ еткен өзіңсің, мен өз үйіме бір жігітіммен бірге жатамын деп айтыңыз, – дейді. Мұратбек керуенбасын оңаша шақырып алып, жігіт өз үйінің бөлмесіне екі кісілік төсек салдырады. Керуенбасы мен Мұратбек сол бөлмеге жатады. Мұратбек есіне «сезікті жерде сергек бол» деген әкесінің ақылы түседі. Ол ұйықтамай, бөлек бөлмеде әйелімен жатқан жігітті бақылайды. Жігіт бір мезетте әйелін ертіп, далаға шығып кетеді де, әрі беріден соң, бір дорба ұн алып келіп, орталық бөлмеге қойып, жатып қалады. Мұратбек керуенбасын оятып, болған оқиғаны айтады. Өз ұндарынан бір дорба ұн алып келеді де, әлгі ұнды ауыстырып алады.
Таңертең керуенбасы жігітпен қоштасып жүрмекші болады. Жолжомарт «қош тамағын берем», – дейді. Бағанағы ұнды қосып, алуан түрлі тамақ әзірлетіп, арақ-шарап береді. Мұратбек керуенбасына:
– Бұған сіз де өз «қош тамағыңызды» берем деңіз. Мен тез әзірлеп жіберейін, – дейді. Сөйтіп, керуеншілер де Жолжомарттың туыс-туған, қызметшілеріне тамақ береді. Ол тамаққа Жолжомарттың түндегі ұнын қосып істейді. Мұратбек керуеншілерге:
– Қонақтар ауыз тигенше бұл тамақтан татушы болмаңдар, – дейді. Жолжомарттың жағы әлгі асты ауыздарына сала бере қашар болып шыға келді.
Мұратбек керуеншілерге:
– Егер түнде ұнды ауыстырмаған болсақ, барлық мүліктен айырылып, бүгін бәріміз Жолжомарттың жүк таситын қашары болар едік. Міне, енді көлікке де, дүниеге де қарық болдыңдар. Сарайдағы қазынаны ана қашарға артып алыңдар. Бізге қазған орына өзі түсті, – дейді. Керуенбасы Мұратбектің ақылдылығына қайран қалады. Сөйтіп, керуеншілер сарайдағы бар мүлікті алып, жолға шығады. Жолжомарттың сарайлары аңырап, иен қалады. Керуенбасы өзінің сыбайластарымен ақылдасады:
– Мұратбек айлалы жігіт. Бұл жолы жақсылық істеді, қатерден құтқарды. Ал екінші кезекте өзімізге қатер тудыруы мүмкін. Сондықтан жолдағы құдық барған соң, мұның көзін жоғалталық, – дейді. Керуен күні-түні жүріп, аузын қақпақтаған құдыққа келіп тоқтайды. Құдықтың маңы қалың бейіт екен. Жүк түсіріп жайғасқан соң, керуенбасы Мұратбекті шақырып алып:
– Сені 5000 ділдәға сатып алдым. Енді саған не істесем де, өз еркім. Сен мына құдыққа түсесің де, бізге су әпересің. Басың құдық түбіне қалады да, денең шығады. Денеңді мына молалардың ішіне қоямыз, – дейді. Мұратбектің есіне «тас жұтсаң да, тәуекелге бел байла» деген әкесінің нақыл сөзі түседі де: – Тәуекел, түсейін, билік сізде, – дейді. Мұратбекті арқан байлап, құдыққа түсіреді. Құдықтың түбі кең жазира, аққан өзен, құлпырған бау-бақша екен. Өзен басында бір сұлу қыз бен өлмелі шал отыр екен. Қыздың бір бетінен ірің ағып тұр.
– Суыңды беріп, сырттағыларды қандыр. Сенен сұрайтын сұрау бар, – деді әлгі қыз тәкаппар пішінмен. Мұратбек суды беріп болып, қызға қарады.
– Мына шал екеуімізден қайсымыз жақсы? Дәл жауап қайырмасаң басың алынады, – деді қыз, қолына қылыш алып, қаһар тіге тұрып.
– Мен әдейі басымды алсын деп келдім. Адамның жақсы-жаманы болмайды. Сен жассың, анау – кәрі. Екеуіңдегі айырмашылық, білгенде осы ғана. Екеуің бірдейсің, – деді Мұратбек.
– Аржағыңа қара, – деді қыз қылышын тастай беріп, Мұратбек жалт қараса, сылдыраған екі сұлу қыз тұр. Қайта қараса, шал мен қыз жоқ.
– Қайсымыз сұлумыз, тез жауап бер, дәл айтпасаң, басың алынады, – деді екі қыздың бірі қылышын жалаңдатып.
– Екеуің бірдейсің, – деді Мұратбек батыл жауап қатып.
– Ары қара, – деді қыздар. Мұратбек жалт қараса, темір есік ашулы тұр. Мұратбек есікке келді. Іші толған алтын-күміс. Ол аман қалғандығын, көп алтын-күміске тап болғандығын айтып, сырттағыларға хат жазып, арқанға байлап жібереді. Сырттағылар: «алтын-күмісті қауғаға салып жібере бер, енді тірі шығасың», – деп хат жазды. Мұратбек алтын-күміс таусылғанша жібере берді. Алтын-күміс таусылған соң, енді өзін шығарып алуды айтып, хат жазады.
Керуеншілер өзара ақылдасып: «Егер Мұратбек тірі шықса, өзімізге қауіп төндіреді. Мына мүлікті мен таптым», – дейді. Сондықтан құдыққа қалдырып кетелік деседі. Сөйтіп, арқанды қияды да, көшіп жүре береді. Мұратбек құдықтың түбінде қайғы-қасіретке батады. Ол тағы тәуекелге бел байлап, қайраттанып бағады. Бір кезде арт жағындағы есіктен бір дыбыс естілді. Жүгіріп есікке келді де, есікті қақты. Есік ашылды. Кіріп барса, жайнаған жиһазды үй екен. Құс төсекте шалқасынан түсіп, кеудесіне домбыра ұстаған, сәнді киінген ақсақалды қарт адам жатыр. Ол жетпеген арман, бітпеген арман деген күй тартады. Шал бір мезгілде басын көтеріп, Мұратбекке отыр дегендей ишарат білдіреді. Шал көзін жұмып, ойға батқандай болды да:
– Е, балам, бір талабың сегіз, бір талабың тоғыз болсын. Сенің қайратыңа қайран қалдым. Сенің бұл жерге келген соң әрекет жасағаныңды мен біліп жаттым. Разы болғанымнан дыбыс білдірдім. Енді саған қауіп-қатер жоқ. Қауіп-қатерден құтылдың. Осы жердің тажалы саған алғаш кезіккен қыздар еді.
Алғашқы кезіккен қыздың қасындағы шал емес, сұлу жігіт. Саған құбылып көрініп отыр. Оларға жауапты дәл бердің. Егер бірін жамансың десең, басың алынатын еді. Екінші, сен олардан тайсалмадың. Олар тайсалмаған адамға тимейді. Олар алғашында маған да солай істеген. Қазір олар маған қызмет етеді. Мен ән-күйдің ғалымы едім. Атым – Сандал, жасым 150-де, жердің үстінен асты қызық, жердің үстінен аспан әлемі қызық. Мына өзен-су, бау-бақша, үй, алтын-күмісті шығартқан – мен. Жер астындағылар – менің нөкерлерім. Олар мен не істесем, соны істейді. Тек олардың серті бойынша жер үстінен келгендерді өлтіру-өлтірмеуді солар біледі, өлмей қалған адам маған келеді. Енді сенің тағдырың менің қолымда, – дейді қарт.
Қарт жанындағы бір түймені басып қалды. Алуан түрлі тағамдар әзір болды.
– Сен құдықтың аузына қашан келсең де, өзім түсіріп аламын. Мен мына түймені басқанда, сен сатымен сыртқа шығасың. Ал мына түймені басқанда, саты қайта түседі, – деді қарт жанында тұрған тақтайдағы қалың түйменің ішіндегі екі жасыл түймені көрсетіп. Қарт Мұратбекке тағы да мынаны айтты:
– Сен сыртқа шыққанда, үстінде жаман ер-тоқымы бар арық есек тұрады. Ол – баяғы өз ұнымен өзін есек, қашар қылып жіберген Жолжомарттың сұлу келіншегі. Жолжомарт өлген. Ол жас келіншекте ешбір жазық жоқ. Сен сол сырттағы есекке мін де, оң жақ құлағын бұра, есек құйындай есіп, ұша жөнеледі. Керуеншілердің сайрандап жатқан үстінен түсесің. Есектен қарғып түс те, мына қылышты қынаптан суыр. Бәрі саған бас иеді. Керуенбасын қылышпен шауып өлтір. Басқалары – жалшы, оларға тиме. Мына орамалды қалтаңнан ал да, желпіп қал. Сонда есек, қашар болып жүрген Жолжомарттың жалшы жігіт-қыздары адам қалпына келеді. Олар сенімен дос болады. Сөйтіп, барлық жалшының басын қосып, көрген бейнетіңді баянда. Барлық қазынаны тең бөліп бер де, өзді-өзінің еліне қайтар. Жолжомарттың сұлу келіншегі саған ғашық болады. Оны некелеп ал. Орамал мен қылышты бойыңнан тастама.
Шал Мұратбекке осыны айтты да, құдықтан шығарып жіберді. Мұратбек шалдың айтқанын жаза бастырмай орындады. Мұратбек Жолжомарттың сұлу келіншегі Айкүмісті алып, еліне қайтады. Шешесін табады. Мұратбектің зеректігі елге аян болады. Мұратбек ақылымен асып, өз еліне хан болып, мұратына жетеді.
Атақты ұрыдан туған ақылдылық
Бұрынғы өткен заманда Жылысбай деген бір кедей адам болыпты. Бар кәсібі ұрлық екен. Ұры болғанда ана-мына емес, баукеспенің өзі болыпты. Оның ұрлаған нәрсесін дүниеде адам баласы сезіп, көзі шалып көрмеген екен. Сиқырлығы жоқ болсадағы, сиқыршылардан ептілігі асқан ұры болыпты. Жылысбай ұрының жас ортасына келіп қалған кезінде көрген Сапар деген жалғыз баласы болған екен. Жылысбай жасы ұлғайып, жалғаннан өтетініне көзі жетіп, жалғыз баласы Сапардың өмірі туралы қиялды бір қайғы ойлапты. Қайғысы: «Өмірімді дерлік ұрлықпен өткіздім. Дүниеден ұрлыққа менен епті, менен ыспар адам болмады. Ұрлықтың арқасында қарным аш, киімім жыртық болып көрген жоқ. Ал енді, міне, артымнан алдым жуық, жасым болса ұлғайды. Ерте ме, кеш пе, бір өлімнің бары рас. Ажалым жетіп бір күні өліп кетсем, Сапарым қалай кәсіп етіп, қалай өмір сүрер екен? Кедейліктің кесірінен оқу да оқыта алмадым немесе ұрлықтан пайда тауып, осының өміріне пайда тиерлік мал жинап, артымда қалдыра алмадым. Не бір өнердің соңына түскізіп, соның құйрығын ұстатып кете алмадым. Ұлыма әкелік борышымды өтей алмай, мойнымда кететін болды-ау. Қалай күн көріп, кәсіп етер екен? Енді ойлағанмен кеш қалдым. Бәрібір кешіктім», – деп көп ойланып, тарығып, ақыры, мынандай ойға келеді. «Өзімнің бар білетін өнерім – ұрлық. «Ұрлық түбі – қорлық» дегенімен, өз басым қорлық көріп көргенім жоқ. Енді бұған сол ұрлықтың әдіс-амалдарын үйретіп кетейін. Ұрлықтан қорлық көріп барып, Құдай өзі кешейін десе қиын ба?» Бұл сырды қасында айтса:
– Әй, ұрлығыңмен құрығыр! Енді жалғыз баланы жарға жығып, жайратқалы жүрмісің? – деп байбалам салады. Онан да оңаша жерге апарып, ойымдағымды айтып, білген өнерімді үйреткенім жөн деген оймен баласын қасына ертіп, бадамшалы тоғайдың ішіне алып келіп, құпия сырын айтып беріпті.
Баласы бұған не қарсылық, не разылық білдірмейді. Әкенің баласына қас істемеуі нақ, өзіңіз біле беріңіз деп ғана жауап береді. Жылысбай сонда баласына: – Алдымен ұрлыққа өзімнің қандай епті екендігімді саған көрсетемін, содан кейін басқадай әдіс-амалдарымды үйрете жатармын, – деп баласын ертіп, тоғайды аралап жүріп кетеді. Келе жатса, бір ұзын шынар ағаштың басында ұя басып отырған қарғаны көреді.
– Әне, балам, – депті сонда Жылысбай баласына әлгі басып отырған қарғаны көрсетіп. Мен ана қарғаның бауырында басып отырған жұмыртқаларын ұрлауға барамын. Қарғаны үркітпей, жұмыртқаларын алып келе алсам, ұрлық жолының сәті сейсенбі күні туғандығымды дәлелдер. Менің қимыл-әрекетімді жаңылмай, жадыңда сақта! – деп, ағашқа жабысып өрмелей жөнелген әкесінің оң аяғының етігінің ұлтанын пышақпен білдірмей сөгіп алып қалыпты Сапар. Бұл қылықты әкесі де сезбей, ағашқа өрмелеп кете барыпты. Жылысбай сол өрмелеген күйі қарғаның ұясына жетіп, қарғаға сездірмей, бауырында басып жатқан алты жұмыртқасын қойнына салып алып, қайта түсіп, баласына көрсетіп:
– Енді сездірмей ұясына қайта салып кетейін, – деп, ағашқа қайта шыға бастайды. Ол қайта түсіп келіп:
– Міне, балам, менің ұрлыққа ептілігім осындай, көрдің бе? – деп, аздап мақтанған түрде баласына қарап күліп, арқасынан қағып қояды.
– Әке, заманыңызда өнеріңіз үстем болғаны көрініп тұр. Өзіңізден өнері, ептілігі асып көрген кісі болды ма осы өміріңізде? – деп сұрапты Сапар әкесінен.
– Жоқ, балам, өмірімде ондай адам кездесіп көрген емес. Оған мына қарға дәлел емес пе? Аң бол, адам бол қарғадай сақ жан-жануар болмайды, – депті Жылысбай баласына.
Сонда Сапар былай деп әкесіне аз ғана өсиет айтқан екен:
– Ол жөн ғой, әке, ептілігіңіз жан-жануардан асқан екендігі өзінен өзі-ақ көрініп тұр. Бір аздап кемшіліктеріңіз де бар екен. Ұрлайтын заттарыңызға барарға жақындағанда, өзіңізді өзіңіз ұмытып кетеді екенсіз, көрдіңіз бе?
Сіз ұяға өрмелей жөнелгенде, мен сіздің бір етігіңіздің ұлтанын сөгіп, алып қалғанымды әлі сезбей тұрсыз ғой, – дегенде, Жылысбай етігіне қарап күліп жіберіпті. – Жәке, бір білместігіңіз бар екен, өзіңізді-өзіңіз ұмыту деген аңғалдыққа жатады. Осындай ұлы іс жолында жүрген адамға мақтан пайда болғаны масқараға ұрындыруы мүмкін. Бұл – жүйрікке бір-бір томар деген сөз. Енді үйге барып, ұлтаныңызды жамап алыңыз, – депті Сапар. Жылысбай сонда қатты қуанып: – Құдайдан тілеген тілегім орындалған екен. Енді күні бүгін өлсем де арманым жоқ, ұрлықты менен асып істемесең, кем түсер түрің көрінбейді. Қанша епті болғаныммен, жалғыздық көріп жүрген жерім көп еді, – деп, баласын ертіп үйіне келіп, етігін жамап алып, енді қандай ұрлыққа бару жөнінде Сапарға кеңес беріпті:
– Ханның қазына сарайындағы алтынын жалғыз болып, ұрлай алмай жүруші едім, енді екеулеп амалын табайық, сен маған серіктікке жараған екенсің.
Сөйтіп, әкелі-балалы екі ұры ханның қазына сарайына келеді. Сарайдың айналасындағы күзетшілердің жанынан өтіп бара жатып, ескілікті талмасы ұстаған адам болып, сереңдеп, талып қалады. Күзетшілер талып жатқан адамға көмектесіп, шуылдасып жүргенде, Сапар сарайдың терезесін бұзып, ішіне түсіп, өзі көтергенінше алтынды алып кете барады. Алтынды Сапар алып болды-ау деген кезде Жылысбайдың талмасы тәуір болып, басын көтеріп күзетшілерге:
– Сіздерді Тәңір жарылқасын, қашаннан осындай ескілікті ауруым бар еді, – деп, жөнімен кете барады.
Сарайға түнде кім келгенін білген бір де күзетші жоқ. Таң атып, күн шыққаннан кейін, қазына сарайды тонатқандарын білісіп, ханға хабарлапты. Сонда хан ойланып отырып, бұл ұрының оңай ұры емес екендігін біледі де, мынандай жария шығарады: – Осындай қалың күзеттің біреуіне шалдықпай, алтынымды ұрлаған ұры, ұры атасы адам болу керек. Шын сондай ұры атасы адам болса, келіп, сол әдісімен тағы ұрлап көрсін. Күзетшілерге ұсталып қалса, менен рақым табамын демесін! Бірақ сол алтынды алып кеткен терезенің алдынан терең ор қаздырып, ордың ішіне адам денесі толық сиғандай кеспек ыдысқа толтыра май құйып, майға шайыр араластырып қайнатып, ордың аузын жұқалап, шөппен жауып қояды. Ханның бұл жариясын естіген Жылысбай баласына: – Балам, елу жыл жалғыз жүріп, жан адамға сездірмей, жаһанның жан кеспесі болып келіп едім. Алтын ұрлаған хан менің намысыма тиіп, жария шығарып отыр. Намысым қозып, нар тәуекел дегелі отырмын. Сен қорықсаң, үйде қал. Мен барып, байқап көрейін дегенде, Сапар: – Бәрібір ғой! Сіз ұсталып қалсаңыз, мені сіздің балаңыз деп үйден де ұстап алады емес пе, онан да екеуіміз де барайық, – деген ақылға келісіп, ханның қазына сарайына келеді. Ханның қандай амал істеп қойғанын бұлар сезген жоқ. Күзетшілер кешегі өздері бұзып, алтын алып кеткен терезе жақта молырақ жүргендерін көріп, сол жақтан көрініс беріп қашып кетіп қалғанда, әкесі сарайдың басқа жақ терезесін бұзып, ішіне түсіп, алтынды алып болып, баласына жалғастырып жіберіп, енді өзі шыққалы жатқанда, күзетшілер біліп қалып, сол терезеге қарай ұмтылады. Жәкең кешегі бұзылған терезені қағып жіберіп, сыртқа қарай қарғиды да, ханның май құйып қойған кеспегіне шоп беріп түсіп кетеді. Сапар сезіп қалады да, күзетшілер ана терезеге үймелеп, іштегі ұрыны ұстап аламыз деп ханға кісі жіберіп, сырттан басқадай тағы бір жарым кісі іздесіп, у-шу болысып жүргенде, Сапар келіп, әкесі түскен жерді көрсе, ыстық шайырлы майға күйіп, баяғыда дүние салыпты. Көп ойланып тұруға уақыт жоқ, әкемнің денесін таң атқан соң көреді де, мені де ұстап құртады. Ал бүгін денесін алып кетуге мына қарбаласта шама да келмейді. Енді не істеу керек, – деп аз тұрады да, ханға танылмас үшін өліктің басын кесіп алып, денесін құдықтың түбіне тастап кетеді. Бұл қылықты білген күзетші де, хан да болған жоқ. Ұры қазына сарайдың ішінде деп таң атқанша берік күзетіп, таңертең жарықта ұстаймыз десіп гуілдеседі. Таңертең сарайдың есігін ашып қараса, ұры жоқ. Бұл қайтіп кетіп қалды десіп қарап жүрсе, май құйып қойған құдығынан бас жоқ өлік табылады. Хан аузын басып, санын бір-ақ соғады. Құдықтан өлікті шығарып алып келеді, бірақ кім екені, қандай екені, кәрі ме, жас па түгі білінбей, хан тағы алданып қалады. Екінші алданғанын білген хан енді қандай амалмен алдап ұстау керек деп ойлап отырып, өзінің бой жетіп отырған қызымен ақылдасады. Сонда қызы әкесіне:
– Ұлы сөздің ұяттығы жоқ, әке, хан басыңызға қатты қорлық болды. Сіздің ұлықтық намысыңыз қозса, ұрының намысы қозған екен. Бұл ақылдан кенже адам емес, енді біз мұның жігіттік намысына тиер әрекет жасауымыз керек. Сол үшін елдегі он бес пен қырық арасындағы азаматтарды түгел жинап, сарайда қонақ етіңіз. Мен жатқан сарайға берік күзет қойдырыңыз. Жиналған жігіттерге менің қызымның жастығының астында оймағы мен тарағы тығулы болады. Осы қалың күзетке азаматқа қызымды қосамын деп жария етіңіз. Сол ұрыдан басқа адам ол іске жүрегі батып, маған сөз қатып, оймақ пен тарақты ала алмайды. Онан соңғы ақылды мен өзім беремін, – депті.
«Бұл да ақыл екен» деп, қызының айтқандарын түгел істеп, хан жатып қалады. Бұл жиынға Сапар да келген еді. Хан қонағасын «жақсылап» бергізіп, сыйғандарын сарайдың ішіне, сыймағандарын ауланың ішіне, қайда болса, сонда жатқызып, неше қабат күзет қояды. Ханның қызының жататын бөлмесі жеті бөлмелі сарайдың ең түпкісі екен. Сол жеті есікке мықты жеті жігіт күзетші қойылған екен. Жанынан үміті бар адам қыз жатқан бөлмеге кіретіндей ешбір мүмкіндік жоқ еді. Қалың жігіттердің ішінде Сапар да жатты. Оның көпке дейін ұйқысы келмей, алуан түрлі ой ойлайды. «Япыр-ау, бұл ханның қалай істеген қылығы, жалғыз қызын күйеуге бергенде, өзінің ақымақтығын жұртқа білгізіп, баласының арын айрандай төгіп, хан болмай, хас ақымақ болғаны өзіне біліне ме екен? Әлде басқадай ойлаған ойы бар ма екен? Сен хан, менің жігіттік, жігер-намысыма тиіп, жылжытпа амалмен ұстамақ екенсің ғой. Олай болса, сенің намысыңа, шымбайыңа мен де тиіп, масқаралап кететін амалды ойластырармын деген ойға келіп, орнынан қозғалды. Алдырайын дегенде, алжаса кететін қашанғы заң емес пе? Көп күзетші бір-біріне сеніп, маужырасып қалғуға кетісті. Олардың қалғығанын аңдып тұрған Сапар қараңғыны пайдаланып, ара-арасымен жүріп, ақырғы күзетшіге келгенде, ол ояу екен. Есіктің алдында ары-бері жүріп, есікке барып, қайта айнала бергенде күзетшінің артынан Сапар да ере жөнелді. Күзетші есікке барып, енді қайта айнала бергенде, қыз жатқан есікке жып беріп, кіріп үлгереді. Сапардың ойы оймақ пен тарақ емес, хан қызына жолығып, оны да масқаралап кету еді. Сол мақсатымен келген бетте іркілмей қызды оятты. Аздан соң Сапар ебін тауып, кезігіп тұрармын деп қызбен қоштасып, қайтып келген жолмен кеңге шығып айнала қараса, қызыл өрт жағып жіберіпті. Сапар бағанағы жолмен қыз жатқан бөлмеге қайта кіріп, қыздың жастығының астындағы жібекке түйілген қызыл ретті тарақ, оймағын алып шығып, өзінің бетіне салған таңбадай таңбаны сол сарай төңірегінде жатқан қалың жігіттердің бетіне түгел жағып, тарақ пен оймақты сарай есігінің есік алдына қыстырып, өзі жатқан орнына келіп, ұйықтап қалады. Таңның саз беруін асыға күткен Ханыша күннің шығуын әрең тосты. Таң ата уәзір, сардарларды Ханыша шақырып алды. Оларға түндегі болған уақиғаны түгел баян етті дағы, мына қонақ болып жатқан жігіттерді түгел оятып, қатарға тұрғызып, бетінде қызыл реті бар жігітті ұстаңдар! – деді. Ханыша өзі бас болып, ұры ұстаушы жігіттерді оята бастағанда, бояу жағылған жігіт бірден кезікті. Бас салып оны ұстаған дүбірімен басқа жігіттер оянып кетіп, бастарын көтеріп алғанда, көбінің беттері қызыл бояу. Шаш ал десе бас алатын жігіттер. Міне, бояулы, әне, тағы, міне, тағы, ойбай, тағы және біреу, ұстаңдар, ұстаңдар десіп бояулы жігіттерді шетінен матай берді. Ұсталғандардың ішінде Сапар да тұрды. Ханыша аң-таң, өзінің жаққаны бір-ақ адам. Бұл не болып кетті, тіпті, рет бетіне жағылмаған адам қалмапты. Ханыша дағдарып тұрып, амалы таусылып, бұл жолы да алданып қалғанын айтты. Хан да қалай алдап ұстаудың амалын ойластырып бақты. Бұл жолы мынандай амал тапты. Осы менің қолымдағы басы жоқ өліктің туыс, жанашыры оның денесін көргенде, бір жыламай, дәті қалай шыдар екен? Осыны барлық халқыма тұтас көрсетсем, өлікті көріп жылаған адам, менің ұрым болады да шығады емес пе деген шешімге келіп, әруақтың басы жоқ денесін ханның ордасының есігінің алдына кәрі-жасын түгел өткізеді. Уәзір, бек, сардарларына: «Өлікті көріп жылаған кім болса да ұстаңдар!» деген жарлық береді. Бұл жарлық бойынша халық шұбырып өтіп жатты. Бірақ өлікті көріп, жыламақ түгіл сескеніп кетіп жатты. Мына хабарды естігенде, Сапар мықтап састы. Оның сасатын жөні де болды. «Қырық жыл отасып келген жолдасының қорлықпен өліп, болмағанда денесі бүтін де емес, денесін көргенде дәті шыдамай, шешем жылап жібередідағы, хан тап сол жерімізден ұстайды» деп ойлап сасқан еді. Бірақ бұған да бір амал тапты. Кішкене үйсымақтарын жығып, тура көшетін болады. Жалғыз өгізі бар екен. Бар жүгін соған артып болып қалғанда, Сапар шешесіне былай дейді: – Шеше, біз қазір хан ордасының алдынан өтеміз. Орданың алдында әкемнің денесін көргенде өзіңіз де жыламай кете алмайсыз. Егер сіздің жылағаныңызды көрсе, ханның сайлауыттары бұлтартпай екеуімізді ұстап алады. Сіз жылағанда мынандай сылтаумен жылаңыз. Жүктің ең үстіне үлкен қазанды бос қояйық. Сіз жылай бастағанда, мен өгізді тулатамын. Содан қазан құлап жерге түсіп сынатын болсын. Сынған қазанды сылтау етіп, мені қарғап, жылай бересіз, – деп шешесіне айтып қояды Сапар. Өгізіне жүктерін артып, қазанды бос бастырып, ханның ордасына да жақындайды. Жылысбайдың басы жоқ, май мен шайыр араласып жабысқан былғанышты денесін көріп, қорлықпен өлгенін есіне түсіргенде, кемпірдің көңілі босап, еңкілдеп, жылай бастағанын сезе қойған Сапар:
– Атан түйе орнында өгіз аршын,
Артында айдап жүруге қолда қамшым.
Былғанышты арт жағың, мұрның сасық,
Сен сасыққа беретін мен бе жалшың! –
деп айқай салып, бір ауыз өлең айтып жіберіп, өгіздің құйыршығына бір қарыс бізді шаншып кеп жібергенде, өгіз мөңіреп барып, қарғып-қарғып кетеді. Алдымен қазан ұшып, тасқа түсіп, төрт бөлінеді. Баласының тентектігін кемпірдің мынадай шығынға ұшырағанын хан да, халық та көріп тұр. Жылаудың жыны қысып жатқан кемпір ойбайын сала жөнелді. – Қаңғырып жүргенде, қай қағынған, ойбай, қағынды алғыр-ай! Қапсағай ұлы атамнан қалған жалғыз мұрамды құрттың-ау, құт-берекемнің ұйытқысы еді. Һу жалғыз, құртып тындың-ау!
– Тереңіне тайдың еті бір-ақ сиятын еді,
Шырақ отын жақсам да, шымырлап қайнайтын еді.
Қола емес, шойын еді,
Сыну дегенді қойып еді.
Көзім жұмылып көрге кіргенше,
Сындырмасам деген ойым еді.
Қара құрттың қасы келгір,
Ерегеспенің басы келгір,
Таяқсыз тұра алмайтын,
Тоқсанға жасы келгір.
Қаңғырып далаға кеткір,
Қазанынан садаға кеткір.
Дәулеттен көзің ашылмай,
Алтыныңды далаға тепкір.
Ойбай, Құдай, ойбай,
Дүниеден өтіп едім.
Бір күн тоймай,
Шаңырағым тағы сыныпты, Қиратып бітті-ау, түгімді қоймай, – деп, жер-көкті қарғысты баласына жаудырған болып, ойбайын салып жатыр. Бірақ қарғыстың сөзіне мән берген адам болмады. Шешесі қарғап емес, алғап жатқанын сезген адам болмады. Азан-қазан долы қатынның бейнесімен жылап-еңіреп баласын таспен атып қуып жүргенде, Сапар шешесіне еркелеген және өтірік қорыққан болып, ішек-сілесі қатып күле қашып жүріп, елді бір-бірден шұбыртып өтіп жатқан жерге келіп: – Ағатайлар, мені жылдам өткізіп жіберіңдер. Шешем қазан сынғанын менен көріп, қуып жүр. Маған атқан тасы өздеріңізге тиіп кетіп жүрмесін, – дегенде, әлгілер бірі қашып, бірі қуып жүргенге мәз болысып, мысқылдап күлісіп Сапарды өткізіп жіберіп:
– Шеше, сіз де жылдам өтіп кетіп, қайткен күнде өшіңізді алыңыз, – деп мысқылдасып, кемпірді де айналдырмай, өткізіп жіберіп, қарқылдасып күлісіп жатты. Ханның сайлауыттары шек жерінен өткенмен, шерменде кемпір сорлы баласын бірсыпыра жерге қуып, өкпесі күйген соң отырып қалып Сапарға қарғысты жаудыра берді.
Бұл қылықты хан да көріп, өзі де ақыр заман долы адам екен. Қазынадан бір жүз ділдә беріп: – Қазан сатып ал, – деп ашуын басқызып, жолға салып жіберіңдер, – депті. Ханның жарлығы орындалды. Бір жүз ділдә беріліп, кемпір өз жолымен жүгін артып кете барғанда, Сапар да шешесінің соңынан еріп кетіпті. Орданың алдынан өлікті көріп жыламақ түгіл, қабақ шытып та өткен адам болмады. «Ұры болса да тегін ұры емес. Ұрылардың сырттаны екен» деген ойға келеді. Дегенмен мал ашуы жан ашуы дегені рас қой. Хан тағы ойланып, мынандай ақылға келдідағы, ол ойын жария қылып, тақтаға ілдірді. Жариясында: «Енді орданың есігінің алдына мына бассыз өлікті көрнекті жерге қоямын. Екі босағадан қарама-қарсы қатарластырып, дауыс шақырым жерге созылтып, екі қатар әскердің көзіне көрінбей, өліктің қасына келіп қайтып кетсе, ұрланған алтынымды үріндіге жіберіп, барлық қылмысын кешемін. Жүрегінің батылдығын осыдан сынаймын. Бұған таба алмаса, тоқты, лақ, жырым, шеттіктің ұрысы екен деп, қолыма түскен күнде адам баласы көрмеген қорлықпен өлтіремін» депті. Мына жарияны көргенде, Сапарға мынандай ойлар келді: «Япырым-ау, өлім айдаған тышқан мысықтың құйрығымен ойнайды. Оның кебін киіп алысқанда емес, арыстанмен ойнағанда немен тынам. Ұрлық істеп, мен не марқадам табам. Ұрлықтың түбі – қорлық екені де белгілі нәрсе ғой. Сорлы әкем бұл ұрлықты өнер деп маған өлім жолын үйреткенше, өмірдің өзіне сай өрмекші ғұрлы жан бағатын бір кәсіпті неге қалап алмады екен. Ұрлыққа сондай епті болғанда, өмірге де сондай бай адам емес пе? Сол байлығын не өзіне, не халқына тигізе алмай, өз басы қор болып өліп, енді, міне, менің басымды өлім саудасына салып қойғаны. Жарлық қатты, жан тәтті. Жарлық қаһарынан қорқып, жан әкем, басыңды өз қолыммен кестім. Мұнан қорлық не бар? Екі бөлек денеңді біріктіріп, бір жерге көме алмасам, әкелік қарызыңды өтей алмаспын. Арманы таусылмай, анам да зарлаумен өтер. Мына ханның ендігі ойы шыжық қоңырсытып, қақпанға түлкі шақырғанның кебі емес пе?
Түлкі де қақпанды оңайлықпен киіп алмайды.
Амалын тауып, қақпанды шаптырмай, шыжығын теріп, жеп кете береді емес пе? Түлкіден адамның бір амалы артық деуші емес пе? Мен адам емеспін бе? Бір амал тауып, осы ханды тағы да санын бір соқтырып, шамам келсе, әкемнің денесін де ұрлап алып, басына қосып көмейін» деп ойлайды да, өткелге атпен бармақ екен. Сапардың әкесінен қалған жалғыз-ақ аты бар екен. Атының бір жақ қабырғасын қазанның күйесін майға араластырып болды. Сонда атының бір жағы – қара, екінші жағы қалпынша болды. Әлгі түні ай жарық екен. Атына мініп алып, қарама-қарсы тұрған екі сап әскердің ортасымен жүре берді. Мына келе жатқан адамның аты баран деп, мінер жағындағы әскерлер түстеп тұрса, қамшы жақтағы әскерлер ақ атты адам, – деп, түстеп тұрады. Бірақ көрген жерден бас салмай, ордаға барып қайта қайтқанда, ұстаймыз десіп, тек бөгенайын ғана байқап дайындалып тұрады. Бұлар мені қайтқанымда ұстамақ болып дайын тұр дегенді Сапар жорамалдап білген еді. Осылай ордаға да жетіп, тамның қабырғасына сүйеулі тұрған әкесінің өлігін іліп ала, жалт беріп, қайта қашады. Сапардың келгендегі мінер жағында тұрған әскер қамшы жағындағы әскердің баран аттысын қуады да, ал қамшы жағында тұрған әскерлер мінер жағында тұрған әскердің ақ аттысын қуады. Осылай жапа-тармағай у-шу болып, бірін-бірі қуып жүргенде, Сапар бір тоғайдың ішіне кіріп, адастырып, әкесінің өлігіне басына қосып, жерлепті. Мұны естіген хан аң-таң болады. Хан енді ары-бері ойлап, ақырында, мынандай шешімге келеді. Осы ұры ерлігін де, ақылдылығын да, даналығын да көрсетті. Мен іздеп таппадым. Бастапқыда ызамен іздедім. Келе-келе бұл істің қызығын көргім келді, бәрін де көрдім. Тіпті, осы істеп жүрген ерлігіне сүйіндім. Алдау-арбау деп ойлама. Өзі маған келіп, осы істеген әдіс амалдарды ауызекі айтсын. Мүмкін тек өз басына ғана емес, халыққа пайдаң тиетін адам болуың да ықтимал. «Ерді кебенек ішінде таны» деген ғой, – деп, хан жария шығарады. Бұл жарияны көріп, Сапарға да дұрыс ой келеді. Ұрлық пен сұмдықтың сұрқиясы болғаннан да ұлылықтың құлы болғаным жөн екен. Халықты бастап отырған ханымыздың да хас ақымақтық қылықтары көп. Оны да әшкерелеп берсем халыққа қиянаты азаяр. Жанымнан қорқып жасырғанмен жалғанды арқалап кетпеуім нақ деген шешім ойға келіп:
– Алдияр, тақсыр! – деп ханға келіп сәлем берді Сапар.
Ұрым келді деген ханда да ой жоқ еді. – Иә, пақырым, қандай мұқтаждығың бар. Тілегің орындалды ма, айт? – деді Сапарға. Ол: – Құлдық тақсыр! Құлдық тақсыр! Алдыңа келсе, атаңның құнын кеш, – деген екен. – Мейіріміңізді тілеймін. – Хан екен деп қорықпа, қаталығын алдына сал. Қаралығын асқанмен, қасиетіңді білер деген-ді, тағы сол ата-бабаларым айтқан екен. Келіп алып, несін жасырайын. Сізбен жасырынбақ ойнап жүрген мен едім, тақсыр. Хандығыңызды бұлдасаңыз, қасиетіңіз таяр! Сізге орасан сұмдық еттім. Жолына өзі салар, құлдық еттім! – деп, Сапар отырып қалыпты. «Мынандай жас бала осындай сұмды, қулықтың кенін қайдан аралап тауысып жүр екен» деп ойланады да, хан, уәзір, бек сардарын жиғыздыдағы ұры Сапарға сұрау бере бастады.
– Ал ұрым, әуелі өзің кімнің баласысың, өз атың кім, ағайын-туысың кім?
– Шыққан тегім қайбір текті тұқым дейсіз?!
Ата тегім – ұры менен қарақшы,
Елден шығып, діннен безген арапшы!
Баян етем тарихымды кәзаптік...
Қандай ісі ұнамды екен, жаратшы, – деп бір ауыз өлең айтып жіберіп: – Әкемнің аты – Жылысбай, өз атым – Сапар, бізде жанашыр ағайын деген болмайды, – дегенде, хан:
– Қарай гөріңдер, жаман иттің атын Бөрібасар қояды деген рас екен-ау. Мынаның әкесі менімен аттас, өзі қызыммен аттас болып шыға келуін.
Менің өз атымды қалайша Жылысбай қойғанын кім білсін. Мен өз баламның атын Сапар қойғаным, өзім бір саяхатпен сапарда жүргенімде туған бала болған соң, қыз да болса атын Сапар қойып едім, – депті хан жанындағыларға. Сонда әлгі ұры Сапар:
– Тақсыр, оның несіне таңырқайсыз! Менің ұлы атам Мауысқан деген кісі де ұры болған екен. Ол кісі баласының атын өзі сауысқандай сақ ұры болған соң, жымсыма ұры болсын деп Жылысбай қойған екен. Таң болары жоқ, сіз халықтың ханы болсаңыз, менің әкем ұрылардың хан сұлтаны болған шығар. Немене, сіздің де ұрлыққа жақын жеріңіз болған шығар, тақсыр! – деп айтады. Сонда хан Жылысбай:
– Оллаһи, тіліңе шоқ түссін! – депті.
– Е, оны жиіркенсеңіз, ұры Жылысбай, хан Жылысбай, ұры Сапар, ханыша Сапар деп атала береміз ғой! Атта тұрған не бар дейсіз, – депті ұры Сапар.
– Тіліңді темірге жанып, тегіме тие берме! Терістік ісіңді оңға бұруды ойлан. Мына отырғандар менің халқымның қамқоршылары болады деп сайлаған адамдарым. Әлеуметтілерім! Сөзді тыңдағанда түбірі, амалы мен арбауын, ептілігі мен тектілігін тексере тыңдаңдар!
Жалғыз менің ішіме жалғыз ғана аяқ ас сияды. Көптің ақылы біріксе, көмескіні табады. «Ащы менен тұщыны татқан біледі, алыс пенен жуықты жортқан біледі» деген мақалды еске алғанда, осы жас бала болғанмен, жортып та, татып та көргенге ұқсап отыр. Қой асығын қор тұтпа, қолыңа толса, сақа тұт, – деп, хан көпшілікке ескерту айтты да, ендігі сөзді ұры Сапарға берді. Ол:
– Әкесінің қандай нәрсені еткендігі, ұрлыққа ол кісінің неге әуес болғандығы, өмір бойы ұрлығы бір сезілмей, ақыры, жүйрікке де бір томар болып, ұры Жылысбайдың қазасы болғандығы, баулу жолында ханның сарайына қандай амалдармен келіп, алтын ұрлағандығы, әкесінің өлу жолы, өліктің басын неге кескендігі, ханшаны қалай масқаралағандығы, өлікті көріп, жылаған адамды соның жанашыр жақыны деп ұстар деген оймен шешесін не амалмен жылатқандығы, әкесінің табытын қандай амалмен ұрлап алып кетіп, қайда жерлегендігі туралы баяндап айтып шығады.
Ұры Сапардың бұл кеңесін тыңдаушылардың кейі күліп, кейі таң болып, кейі риза болып, кейі ыза болады. Хан Жылысбай бұларға назарын аудармай, ұры Сапарға тағы сұрау берді.
– Сенің осы істегендеріңнің бәрі қылмыс екен деп ойлайсың ба? Ойласаң, қандай қылмыс? Ауыр ма? Жеңіл ме? Өзіңе жаза бар ма? Жоқ па? Жазасыз болсаң, қалай жазасыз боласың. Ендігі істер ісіңді кімге арнап, не үшін істер едің? Атап айтқанда, адал ниетті халқымның бірі болып, менің хан атағыма кір келтірмей істер ме едің? Өз басыңның мұраты үшін істер ме едің? Осының бәрін кең толғап, ойланып, жасырмай, бүгіп қалмай, менің де қате ісім болса, хан екен деп қорғаншақтамай, мойныма қоя, арылтып айт та, қалған рақаты мен бейнетіңнің бірін ал!
– Тақсыр, өзіңіз кеңшілік берген соң, менде бүгіп қалар не болсын. Шешінген судан тайынбайды деген ғой. Сонда менің бір сұрауым тұрғаны, – деді қылмысты Сапар.
– Сұрап алып, арылтып айт! – деді Жылысбай хан.
– Менің мына істеген қылмыстарыма өзім ғана қылмыстымын ба? Әлде еншілес адам бар ма? Мен ойласам, әкем еншілес қой. Бірақ ол марқұм дүниеде жоқ қой. Тақсыр! Енді тыңдай беріңіз! Ендеше қылмысты жүктейтін дүниеде мен ғана емеспін, – деп сөзін бастап кетті ұры Сапар.
– Осы қылмыстың ең ауыры сізге артылады. Ғаділдік жолға келгенде оның мәнісі енді айтылады. Ұядан ұшқанда балапан нені көрсе, соны алады – деп бекер айтпаған ғой. Өзіңіз кеңшілік берген соң, сіздің кемшілігіңізді кеңінен толғап, айта кетейін. Өзіңіз халықтың басына шығып алып, көрнеу ұрлықпен жегеніңізден тәлім-үлгі алған менің әкем сияқтылар халықтың қалың ортасына кіріп алып, қаралықпен жеуді өнер көріпті.
Көрдіңіз бе, менің әкем сізден тәлім алып, ұры болса, мен әкемнен тәлім алып, ұры болғанмын. Менің әкеме қатысым қалай болса, әкемнің сізге қатысы дәл солай. Сіз патша адамсыз. Сізге қараған әлеумет халық түгелдей сіздің балаңыз десек те қателеспейміз. Осылардың бай, кедей болуы, ұры, қарақшы, жомарт, момын, жаман, зәлім, ғалым, шешен, дәрігер, қорғаншақ, батыр, батыл болулары, қысқасы, сізге байланысты. Осының түбіне жете ойламапсыз. Сіз сол мен ұрлаған алтынды халықтан қалай алып, қазынаға салуды ғана көздедіңіз. Бұл қылығыңыз көрнеу ұрлық, ұрлық дейтінім, сол мен ұрлаған алтынды халықтан жиғызып алып, орнына не бердіңіз? Сіздің бергеніңіз мен сендердің хандарыңмын деген атағыңыз ғана емес пе? Ал сол жиылған алтыннан халыққа тиер пайда бар ма? Жоқ, болмаса, кәріп-кәсірге жылына бір рет жейде кигізбейсіз. Сіз ханмын мен деп халыққа еркелік істесеңіз, мен ханның ұлымын деп, сізге еркелік істедім. Шын қамқоршы болса, менің бір еркелігімді кешірер деп едім. Көшкенді қойып, кесепат жолға сүйрелеп, асқындырып, түрлі-түрлі сұрқиялыққа өзіңіз жетелеп кеттіңіз. Мен сіздің орныңызда хан болсам, алтынды қазынаға жинап қойып, көзімді суарғанша сол алтынның күшімен халыққа білім таратқан болар едім дегенде, хан: – Алтынмен қандай білім табылмақ? – депті.
– Дүниеде білім, ғылымнан көп не бар дейсіз?! Алтыннан қақы беріп, білімі көп ғалым адамдарды қатарыңызға алып, халыққа өнер үйретуді талап етсеңіз, ғалым үйретеді де, әлеумет халыңызға өнер тарап, қалаған мұратыңызға сіз де, халқыңыз да жетеді емес пе? Сақтаулы тұрған алтын сазарған тас емес пе? Халыққа жаныңыз ашып, бай тұрмысты, салтанатты болдырайын десеңіз, ғылым, білімді көп тарата беріңіз, ғылымның шешпейтін түйіні, ашпайтын кілті болмайды ғой. Бай болу, жомарт болу, шешен, ділмәр болу, ержүрек, батыр, батыл болу, тақуа ғалым болу, рақатты тұрмыста болу тек білімде ғана емес пе?
Ал халқымыздан жаман, қорғаншақ, ұры-қары, қияңқы, бетімен кету, біреуді-біреу күтіп, сыйлауды білмеу, үлкен-кішілік жоқ болудың барлығы осы білім жоқтыққа әкеп соғады. Осыларды ойлайтын сіздің өз басыңызда түсінік аз болған соң, момын халықтың басына кім әкеп, осы білімді құйып жіберер дейсіз. Әлде болса, кеш емес. Бос тұрған алтынның пайдасын халық игілігіне жұмсауды тілеймін. Ұрлығым үшін жаза кесем десеңіз, оныңызға құлдық. Жазадан ағартып, кешіп жіберсеңіз, халыққа салмағыңызды салып қана бұрынғыша сіз отыра берсеңіз, мен тағы тыныш отыра алмай, қайтадан сіздің алдыңызға жазаға келетін боламын. Сондықтан халық игілігінен өзіңіз бас тартпайтын болсаңыз, қылмысты қылығымен ақтап алып, осы өзім айтып отырған өнердің біреуін үйретіп, сол тапқан білімімді халық игілігіне арнауыма жағдай жасауды тілеймін. Тек қылмысымды кешіре гөр деп жаным үшін жалынбаймын, – деп ұры Сапар сөзін бітірген екен. Жылысбай хан ұры Сапардың сөзін тыңдап болып, би, бектеріне қарап:
– О, әлеумет абзалдарым, Сапар баланың айтқан сөзі ішімді өрттей жалап, сыртымды қауыздай қаусатты. Шынында да, біз халықты түзу бастап, мүддесін дұрыс біле алмаған екенбіз. Қара басымыздың қамы, атақ-абырой үшін ғана халық басында отырыппыз. Сапардан сөз қалған жоқ, халықтың қарызын өтей алмай, масқаралық кепте екенбіз. Елді бастау дегенді өзіміз біле алмай, білгеннің тілін алмай, ары қарай қырсықсақ, халықтың қырсығына ұрынамыз. Игіліктің ерте-кеші жоқ екен. Ендігі өмірімді ел игілігіне арнаймын. Ұрлықтың жазасына келсек, ортақ екеніміз де енді білінді. Халықтан біріміз тартып алсақ, біріміз сол тартып алған алтынды ұрлап келіппіз. Сапар балам, сенің ұрлағаныңды кештім. Менің қылығымды сен де кеш, сенің біліміңе елу жігіт, елу қыз берейін. Сапарды өзің бастап өнер жолын ізде, қаржыдан қамтамасыз етіп, қазынадан қырық мың алтын ақша берейін. Тек саған қояр шартым: «үш жылда үйренген өнерлілеріңнің алды елге келіп, үлгі бола бастасын» деген Жылысбай ханның ақырғы жарлығы шыққан екен. Жарлық бойынша ұры Сапардың өзіне сынатып, елу жігіт, елу қыз, қырық мың алтын ақша беріліп, өнер іздеу жолына салыныпты. Содан бері Сапар аты ел аузында сақталып қалған екен.
Әңгімелер
Қожаның өлімі
Қожанасыр бірде ағаштың бұтағына мініп, түбін арамен аралап отырады. Қасынан өтіп бара жатып, мұны көрген жолаушы:
– Ау, Қожеке, не, андағы ағашты кесуді қоймасаң, құлайсың, – дейді. Ондайға көне қояр Қожа қайда, үндемей ісін істей береді. Әрі-беріден кейін, кесіліп біткен ағаш Қожасын қоса жалп ете түседі. «Менің құларымды күні бұрын білген бұл бір көріпкелі бар тәуіп адам екен, мен одан енді қашан өлетінімді де сұрап алайын», – деп, жолаушыны қуа жөнеледі.
– Мен қашан өлемін, айта кет, – деп, әлгі адамнан қалмапты. Мазасын әбден кетірген беймаздан тез құтылу үшін жолаушы:
– Есегің үш ышқынғанда өлесің, – деп кете береді. Бұған дән разы болған Қожанасыр үйіне қайтады. Жолай жолыққан бір мойнаққа шыға бергенде, болдырған есегі кібіртіктей қалыпты. Қожекең есегін тебініп қалғанда, ол пақыр ышқынып қалыпты. Жүрегі зу ете түскен Қожа: – Басым айналып тұрғанын-ай, – дейді. Алдынан өзен кезігіп, өтуден қорынған есегін Қожекең тағы тебініп қалады. Есек екінші рет тебінгенде: – Денем қалтырап, буындарым босап бара жатқанын қарашы, – дейді Қожа.
Өзеннің тереңіне жетіп, су қапталына келген есек тұра қалады. Қожа абайламай, үшінші рет тебініп жібереді. Есек ышқына бергенде «өлген деген осы екен» деп, Қожа суға құлай кетеді. Осы замат өткелге бір топ кірешілер келіп өтпекші болады. Қожадан үріккен түйелері суға түспей қояды. Керуеншілер: – Неғып жатырсың, тұр! – дейді. Қожанасыр: – Өліп жатырмын! – деп тұрмайды. Не де болса керуеншілер өтпекші болып суға түсе-түсе қалады. Қожадан үріккен түйе жатта тулап, жүгі шашылып, су бетін тәтті кәмпит жауып кетеді. Қожанасыр: – Ақыретке барғанда алдыңа тәтті кәмпит келеді деген осы-ау! – деп тере бастайды. Күйіп кеткен керуенбасы Қожаны қамшымен тартып-тартып жібереді. Шыдай алмаған Қожа ұшып тұрады. Қожекең керуенбасының қамшысын болмай отырып, сұрап алады. – Бұл өлген адамды тірілтетін қамшы екен, – деп жатта жабысады. Қамшы қолға тиген соң, Қожа есегіне мініп алып, ақыретке бір рет барып келдім деп жүріп кетіпті.
Ақырзаман күнгі Қожа мен балалар
Қожанасыр базардан бір қой алып келе жатып, бір топ балаларға тап болады. Ерігіп, ойын баққан балалар ақылдасып, Қожанасырға былай дейді: – Жұрт ертең заманақыр болады дейді. Сондықтан бір күнгі өмірімізді жырғап өткізейік. Жалғыз қойды апарып байиын деп пе едің, сояйық та жейік, – дейді. Қожа тұрып: – Түстік өміріңе кештік мал жи деген екен, сосын алып ем бұл қойды. Мен байып, Меккеге енді бара алмаспын. Заманақыр басталыпты ғой. Кедейдің бір тойғаны шала байығаны деген, келіңдер, сойсақ, соялық, – деп, келісе кетеді. Қой еті өздері әкелген қазанға түскенде қулықтарына разы болған балалар өзенге шомыла бастапты. Қожекең олардың бар киімін жиып әкеп отқа сап, етті тездетіп, қайната береді. Балалар ашуланып, Қожаға жабыла кетеді. Сонда Қожа: – Ертең ақырзаман болса, бәрібір, киімнің қажеті не? – деп, еріккен балалардың қолдарына бір-бір жілік ет ұстатып, жалаңаш айдапты.
Қожаның ныспысы
Қожанасыр ауыл арасында жүріп, бір топ жолаушыға кез болады. Бұлар амандасып болысымен жолаушылар Қожадан: – Ныспың кім? – деп жөн сұрайды.
– Құдай, – дейді Қожа.
Аналар Құдайды құрдас етті деп айыптап, ханға алып келеді. Хан қаһарына мінеді. Қожа дат сұрап:
– Хан ием, менің атым Құдайберген еді. Мыналар Құдайын айтқызып «бергеніне» дәт қылмай, сізге сүйрей жөнелді, – деп, даугерлерді пәлеге ұрындырып кетіпті.
Мәндір шелпек
Қожанасырды бір күні хан үйіне шақырып, Қожа жақсы көретін мәндір шелпекті сиырдың жас қиымен қосып істеп, алдына тартыпты. Хан өзіне тәтті қосқан мәндір шелпек алдырады. Аңғал Қожа шелпекті асап жіберіп, түкіріп, қаша жөнеледі. Хан кегін Қожадан өмірінде бір алып, айызы қана күліп қала береді. Қапысын күткен Қожа бірде бір серкенің терісін бітеу сойып, ханның суға шомылатын жеріне өлшеулі күні келіп, тұлыпқа түсіп жатады. Бір кезде хан суға түсіп шыға бергенде, Қожа хан киімін тығып алып, теріні салдырлатып:
– Өлесің бе, өлесің бе? Әлде есемді бересің бе? – деп, өкіріп тап береді. Қорыққан хан тыр жалаңаш тұра қашады.
– Мені алдашы алам деп келіп қалыпты. Киім кием деп қашып келдім, – депті хан ес-түссіз. Бәрі ұмыт болған кезде, хан Қожаны ұшыратыпты да: – Мәндір шелпек жейсің бе? – деп әжуалап күле беріпті. Сонда Қожанасыр: – Салдыр-күлдір еткенде, Алла-Алла дейсің бе? – депті. Хан Құдайдың төбесінен нақ ұрғанын сонда ғана бір-ақ біліпті.
Қожаның насыбайы
Қожанасыр бір баймен әңгімелесіп отырады. Сөз арасында Қожа байға насыбай шақшасын ұсынады. Өзі насыбай атпайтын Қожа шақшасын кепкен саңырауқұлақтың үгіндісіне толтырып қойған екен. Озбыр бай «бір атсам да бірегей атайын» деп, алақанын толтыра салып, шірене атып жібереді. Үгіндіге қақалып-шашалып, біраздан соң байекең есін әзер жияды.
– Ойбай, Қожа, темекің қалай еді? – деп, Қожаға дүрсе қоя береді.
– Менің темекім – нағыз жақсы темекі. Бірақ кімде кім озбырланып, көбірек атып қойса, темекінің осындай бір нашар әдеті бар еді, – депті.
Хан ақымақ па, әлде...
Бір күні Қожанасыр жолаушылап келе жатып аңда жүрген ханға кездесіп қалып, әңгіме-дүкен құрысыпты. Хан отырып: – Менің алашұбар атым бар. Шапса, шаң ілеспейді, желсе, жел жетпейді, – деп бөсіпті. – Менің асыл текті есегіме не жетсін, ақырғанда даусы айшылықтан естіледі, – дейді Қожа хан қытығына тиіп.
– Сенің есегің менен де қатты ақыра ма? – депті қызып кеткен ақылсыз хан.
– Тақсыр-ай, сіздің айқайыңызды естімеген едім, қайдан білейін қаншалық екенін, – дейді. Хан сонда тамағын қырнап-қырнап жіберіп, қаһарлана ақырып салады. Айызы қанған Қожа:
– Болды, болды, хан ием. Сіз, шынында да, айна-қатесіз менің есегімдей екенсіз, – депті.
Қожаның ақылы
Қожанасырға бір-екі бай келіп: – Сенің әкең суға ағып кетіпті. Бағанадан соны іздеп таппай келдік, – депті. – Судан қалай іздедіңдер? – дейді Қожа. Аналар: – Ағын бойын қуалай іздедік, – дейді. Сонда Қожа тұрып:
– Онда таппайсыңдар, судың ағынына қарсы іздеу керек, енді солай бір іздеп келіңдер, – депті.
Жер кіндігі мен жұлдыз саны
Еріккен хан елін жинап алып:
– Жердің кіндігін тауып бер, орындасаң, сыйлық, болмаса, қырғын! – деп жарлық салыпты. – Жердің кіндігін тапса, аспандағы жұлдызды санап беретін болсын! – депті.
Мұны естіген Қожанасыр: – Жер кіндігін тауып, жұлдызды санап берейін, – дейді. Қожа таяғымен жерді олай өлшеп, бұлай өлшеп, кіндігі осы ара деп, бір жерді түртеді. Хан: – Емес! – деп ақырады. – Онда өзің көрсете ғой, – деп, ханды орнына сылқ еткізіпті тапқыр Қожа.
– Енді жұлдызды санаймын деп шұбар атымен олай шауып, бұлай шауып келеді де, жұлдыздың саны атымның ақ жүніне тең екен. Аттың жүнін өздерің санап алыңдар, – деп, ханның әлжуаз әмірінен елін арашалапты.
Қожаның ұрлығы
Қожанасыр бірде үйінде отырып, бұл үйде не ат жоқ, не ет жоқ, енді қайтер екенбіз деп, әбден тарығады. Отырып-отырып, бір кез сыртқа шығады да, кетіп қалады. Әйелі оның не істегелі кеткенін біліп, бір торғай ұстап, тығып қояды және бір алмас кездік әзірлейді. Кешінде Қожа бір қойды сүйреп келе жатады. Мұны көріп әйелі, алмас кездікті алдына байқатпай, шаныша қояды. Қожекең үйге енген кезде, әйелінің етегінің астынан бір торғай пыр етіп, ұша жөнеледі. Қожа бұған қайран қалып қояды. Қойды сойып, терісін сыртқа жайып қояды. Қой иесі іздеп келіп, Қожанасырдан осындай қойым жоғалды, көрмедің бе, Қожа? – деп сұраса, – Көргені несі, біз сойып алғамыз, – депті. Сонда әйелі: – Өтірік айтады, біз қашан сойдық? – дейді.
– Әлгі менің алдымнан алмас кездік шығып, сенің астыңнан торғай ұшқан күні соймап па едік, – деп, Қожа өзеленіп бой бермейді. Әйелі: – Адамның алдынан кездік шығып, астынан торғай ұша ма екен? – деп ұрсады. Мал иесі дауға тап болғанын біліп, жөніне кетіпті. Сонда да Қожекең: – Әй, кемпір-ай, не деген тапқыр едің! Кейде өтірікті де орынсыз айтады екенсіз. Тап қой сойған күні астыңнан торғай ұшпап па еді? – деп қоймай, осы күнге дейін бәйбішесімен қызыл кеңірдек болып, дауласып отыр дейді.
Таңдайбайдың саудагерді алдауы
Таңдайбай күндердің күнінде бір топ адамдармен бірге сауда жасауға базарға келеді. Олар базар жанындағы қос теректің түбіне қостарын тігіп тынығады. Әбден тыныққан жүргіншілер келген жұмыстарына кіріседі. Таңдайбай жолдастарына осы жолы жемеңқор бір саудагерді алдайтынын айтады. Бір көзін қысқан Таңдайбай соқыр кісі болып, базарға еніп кетеді, айтқан саудагерлерін де табады. Жолдастары саудасын істеп болып, кезек ең соңында тұрған Тәкеңе де келеді. Ол: – Балам, ақшам қоста ұмытылып қалыпты. Екі қап ұн алмақшы едім, бере қойшы, айналайын. Мына әзір көліктермен жеткізіп алайын, ақшаңды қате қылмай, қол жеткізейін, – дейді. Саудагер: – Танымайтын сізді қайдан іздеймін? – деп көнбепті. Сонда Тәкең қос теректің түбіндегі қара соқырдың қосы қайсы десең, мені білмейтін пенде жоқ, – деп болмапты өзеленіп. Саудагер келісім беріпті. Алушысы келмеген соң саудагер іздеп шығады. Ешкім ондай адамды білмейтін болып шығады. «Сұрай-сұрай Меккеге де барады» деп, іздей-іздей Таңдайбайдың қосына да келеді. Олар да білмеуші едік дейді. Әбден тарыққан саудагер отырып:
– Өңі тап осы кісіге ұқсаған кісі еді, – депті. Сонда Тәкең ұшып тұрып:
– Шырағым, маған осы екі көзді де көпсініп тұрсың ба? – деп тепсінеді. Сасқан саудагер қостан сытыла жөнеліпті.
* * * Ел ішіне Россиядан алымшыға екі орыс келіпті. Түтін басы екі ірі қара алып жатыр. Малды жиып болған соң орыс жеріне әкеткелі жатыр деген өсек гулеп кетеді. Орысқа алым төлемейтінін білетін Таңдайбай бұның таза іс еместігін сезеді. Сұрастыра отырса оның бірі қазақша дым білмейді де, екіншісі өтірік шүлдірлейтін болса керек. Ауылына алымшылардың келетін күнін аңдып отырып, Тәкең төріне екі кебіс, бір көсеу тастап қояды. Келімсектермен әңгіме ұзаған сайын әлгі екеуі бірі кебісті айналдырып, бірі көсеуді жона бастайды. Сөз бітіп, ел тысқа шығарда біреуі кебістерді біріне-бірін кигізіп тастап шығады. – Керей көсеу жонады. Қазақтың ең тыныш отырғаны екі кебісті біріне-бірін сұғып кетеді деген осы. Мыналарың түс бояп, жұртты алдап жүрген керей, найманның өз қулары екен, – деп Таңдайбай малды елге таратып беріп, екі пысықты келген жағына қайыра қуып жібереді.
* * * Өмірінде сөзге дес бермеген шешен де тапқыр Таңдайбай: – Өзім өз болғалы екі рет екі қыздан жеңілген едім, – депті. Ел аралап келе жатқан шешен ел шетінде тезек теріп жүрген бір қызға жөн сұрауға бұрылады. Қыздың қызыл көйлегі қолтық тұсынан жыртылып, қыз тәні ағараңдап тұрғанын көрген Тәкең келе сала:
– Шырақ, ақ шап кер құнажын көрмедің бе? – депті.
Қыз да іздегенге сұраған болса керек:
– Көрдім, ағасы, тарғыл бұқа шаптан иіскеп төмен тұр еді, – депті. Одан артық не естісін, сасқан шешен:
– Әп, бәрекелді-ай! –деп, жөнеп кетуге мәжбүр болыпты.
* * * Бір топ жігіттермен келе жатқан Таңдайбай бір байдың ауылына бұрылады, серіктері: – Бұл байдың сараңдығы Шығайбайдан кем емес. Өзі үйінде күндіз әсте болмайды. Ал, бәйбішесі тастан да қатты, –дейді. Ендеше дейді Таңдайбай: – Мен шешініп, атқа жайдақ ішкі киімдеріммен ғана мінейін де, дәл бай үйіне қарай қашайын. Сендер шу болып мені қуып келіп, тап-таптың астына алыңдар. Онан арғысы менің мойнымда болсын, – дейді. Иә, дескен жігіттер шешенді тұра қуады. Ол шауып кеп, бай үйіне жып береді. Кемпір сасып, ұшып тұрады. – Ойбай, шешеке, өлтірді. Мені қуғыншы кеткенше жасыра тұр. Құлдығың болайын, – дейді. Сасқан бәйбіше қазан жақтағы шиге жасыра қояды. Ши іші құрт, ірімшік, қаймақ пен майға толы еді. Қуғыншылар әңгір-мүңкірге ұқсап, опыр-топыр үйге кіріп келеді. Ши ішінен екі қолына қос табақ құрт пен май қаймақты ала шыға келіп Таңдайбай:
– Ағаекештер-ай, кеше көріңдер күнәмді, – деп, алдарына тарта қойыпты. Іздегендері ашу емес, ас болған жігіттер бәрін соғып алыпты. Сараң бәйбіше іс байыбына бармаған күйі әлі күнге дейін Ойғырдың басында, қазанның қасында отыр дейді.
* * * Елінің атақты бір даукесі ауылдасының атын даулап, алып кетті деп естиді Тәкең бір күні. Бұған қайдан шыдасын, пәлеқордың алдын орай шауып, бір шілік ішінен жол торып, пішенге жата қалады. Жазықсызды жәбірлеушіні есінен кетпестей етіп қорқытуды ойлап шешініп жіберіп, балағын түрінген шешен үсті-басына күл мен батпақты сыбап алады. Әлгі адам тұсынан өте бергенде, Таңдайбай білдіртпей келіп, ат жүгенін сыпырып алып, өз басына кие қояды. Сәл жүріп, босаған ат ұзаған соң, шешен шегіншектей қалады. Артына жалт қараған жалақор шошып кетіп, аттан жалп етіп, ұшып түсіпті. «Байтал түгіл бас қайғы» деп, еліне әзер жетсе керек.
* * * Талайды тарықтырған тапқыр Таңдайбайды бір замандас әйелі әжуа етуді ойлап жүреді. Оның да сәті түсіп Тәкең жып етіп, бір күні жетіп келеді. Енесі келіншекке: – Шай ас дейді. Шай әзір болады. Келіншек дастарқан жаяды, шайды құярда шәйнекке қос уыс тұзды бір-ақ салады.
– Мұның не, балам, тұздық етіп, – деп, енесі ішпей қояды. Келіні: – Апа, тұз жігітті жінтікті етпей ме, шай Тәкеңнің сыбағалы шайы депті. Таңдайбай сорлағанын білсе де, намысы жібермей, тұзды шайды іше беріпті, келіншек құя беріпті. Соңғы шыны шайды бітірген Тәкең: – Уһ! Талай жылғы шөккен белім жаңа көтерілді-ау! – деп, келіншекке тұра ұмтылыпты. Қашып құтылған келіншек ұтылғанын біліп, шешенге орамал, шыт жоралғысын беріп, әзер құтылыпты.
* * * Тілі мірдің оғындай Таңдайбайды би төрелер мен бай ұлықтар иттің етінен де жек көріпті. Олар Таңдайбайдан қолынан келген жамандықтарын аямапты. Тәкең де бас имей, есесін жібермепті. Сондай бір еселескен ерегес кезінде көптен тісін қайрап жүрген төре жігіт астында тайпалған торы жорғасы бар серігі екеуі қарсы ұшыраса кетіпті. Сәлемдесіп жатқанда төренің аты есінейді. Мұны көрген Тәкең бір жымың етіп, кенет дау сала жөнеледі.
– Төре, атымды бер, ат менікі, – дейді. Аң-таң болған төре үш тоғыз төлеп, сатып алғанын айтады. Тәкең пәлен де пәлен жерде жоғалған жорғам еді деп шаужайына жабысып, жатып алады. Дау ұласып, ұлыққа келіп тіреледі. Ұлық ат белгісін, иенің куәсін сұрайды. Төре ен-таңбасын, сауда делдалын алға салады. Тәкең сонда да көнбейді. – Өз дәлелің не? – дейді би Таңдайбайға. – Менің жорғам екенін өңі-түсінен, аузындағы тісінен танып тұрмын. Ал оған нанбасаң, құлын күнінде таңдайында қалы бар еді. Ендігі қалы дардай-ақ болған шығар, – депті. Би ат аузын ашса, расында да, Таңдайбайдың айтқанындай, танадай қалы бар екен.
Ат ер-тұрманы алынып, Тәкең жаман шылбырын жорға басына салыпты. Таңдайбай аттың таңдайында қалы бар екенін мана есінегенде көріп қалған еді.
Өстіп, алғыр шешен топас төрені бір отырғызыпты.
* * *
Таңдайбай келе жатып бір үйге түседі. Серіктерімен сәлем беріп, кіріп келеді. Үйде бәйбіше мен келіні ғана бар екен. Қария: – Қонақтарға сырмақ сал, – дейді. Таңдайбайды таныған кесір келін сырмақты қабаттап тұйығын отқа қаратып сала қояды. Таңдайбай малдасын құра төрге қарап, отыра кетеді. Көптің ішінде теріс қарап отырған адамға таңданып, кемпір мұның не десе:
– Шеше, «әр елдің салты басқа, иттері қара қасқа» деген ғой! Сіздің елдің салтын сыйлап жатырмын, – депті.
* * * Таңдайбайдың нағашысы найман екен. Бірақ нағашысына бұрын бармапты. Бірде алыстан ат арытып іздеп шығып, нағашы ауылына келеді. Үйде жүн сабап жатқан үш-төрт қыз керей келеді, «керей келеді» деп, шу ете түседі. Тәкең үйге кіреді. Бір қыз:
– Керей болса көсеу жонады, төрге көсеу таста, – дейді. Таңдайбай көсеуді жона береді. Күлкіге батқан қыздар мазағын күшейтіп, керей кебекті де жеп қояды. Тегештегі кебекті қойыңдар алдына дейді. Таңдайбай іштей ыза болып, әбден булығады. Кебекті жей отырып, Таңдайбай жатып кеп тұрып, жылай бастайды. Қыздар: – Керей қақалды деп шулап кетеді. Үй иесі бәйбіше: – Шырағым, қақалып қалдың ба? – деп, әжуа етіп, екі-үш қайырып сұрапты. Сонда Таңдайбай өксігін баса алмай:
– Ойбу, шешекем-ай, сіз сұрап болмадыңыз, мен айтпасам болмас. Жалғыз қарындасым бар еді. Ол да сіздің екі қызыңыздай буаз еді. Сол бала аман ба, әлде жаман ба деп уайымдап отырмын, – депті. Кемпір жым болыпты да, дарақы әдепсіз қыздар үйден тұра қашыпты.
Бір жиын тойда төрге шығып алған шешенсымақ төре жігіт босағадағы Таңдайбайға дес бермепті. Шешенді де іліп-шалып болмапты. Сонда Таңдайбай отырып: – Мырза жігіт, шынында да, шешен адам екенсің! Мен жазбай таныдым, хас шешеннің таңдайының қатпары артық болушы еді. Келші, шырақ, санайын, – депті. Бұған иланып қалған даңғой жігіт жетіп келіп: – Сана, Тәке, сана! – деп, аузын аша беріпті. Таңдайбай төренің аузына былш еткізіп бір түкіріп: – Міне, саған шешендік, – депті. Керей кебек жейді деген сөздің төркіні былай екен: Найманға бір керей, жолаушы барады. Ас әдеті бойынша наймандар қонақ қолын сүртсін деп бір тегене кебек әкеп қояды екен. Ондайды көрмеген керей жігіт бұйыртса, тойып қалдық қой деп, кебекті бір асап қалып, қақалыпты-мыс.
Аңшының әңгімесі
Аңшы Алтай тауында аң аулап жүреді. Аңшы бір шоқы тастың басына шықса, астында бір топ тауешкі жусап тұрады. Аңшы тауешкілерді атуға қимай қарап тұрып, ешкілерге бұқпантайлап келе жатқан аюды көреді. Аңшы не боларын көрмекке аңдып отырады. Аю таяп келіп, бір үлкен тасты алады да, тауешкілерге қарай атып жібереді. Аюдың тасы бір ешкіні жұлып түседі. Аю қарбаң-құрбаң етіп тастан жүгіріп түсіп, өлген тауешкіні әдеті бойынша көтеріп, жерге бір соғып, жей бастайды. Аңшы аюды атуға оқтала беріп, қарсы беттен бауырлай жылжып келе жатқан бөріге көзі түседі. Қасқыр баспалай аюға жақындай береді. Аюға бес-алты қадамдай қалғанда, қасқыр серпіле секіріп, аюдың астынан өте шығады. Еттің қызығына түскен аю арс етіп, өз бауырын өзі қауып алады. Аңшының көзіне алыстан аюдың бауырынан бірдемелерді алып тастап жатқаны көрінеді. Сонша болмай-ақ, аю өз олжасын құша жата кетеді. Әлден уақыттан кейін қасқыр қайтадан келеді. Бұл жолы қасқыр қасына аю қарсылық көрсетпей, жата береді. Аңшы аюға бір сұмдықтың болғанын біліп, қасқырды атып түсіреді. Аңшы келсе, аю әлдеқашан өліп қалыпты. Қасқыр шапқан кезде оның жұқа шабын жарып кетіпті. Дүлей аю өзінің шабынан шығып тұрған ішек-қарнын өзі суырып алыпты да өлім қауыпты. Тағы бірде аңшы аң аулай келе жатып, мына бір қызықты көріпті. Жайыла-жайыла інінен ұзап кеткен суырды жем етуге байқаусыз аңдып келе жатқан қасқырды көреді. Суырға әбден тақап қалған бөрі кенет өз алдына ырылдап, секіріп ала жөнеледі. Суыр алғашқы кезіккен інге еніп кетеді. Ал қасқыр өзінен-өзі қарғып-шоршып, арпалысып жүр. Мұны көрген аңшы шоши бастайды. Аңшыға бөрінің алқымында бір нәрсе жабысып жүргенге ұқсап көрінеді. Қасқыр біраз тулап барып, құлап түседі. Аңшы байқай-байқай қасына келсе, қасекең өліп жатыр. Тамағынан қан жосып жатыр да, анадай жерде шақар сасықкүзен қарап тұр. Қасқыр алғаш суырды көргенде, қасқырды сасықкүзен көріпті. Есіл-дерті суыр боп келе жатқан бөрі алқымына сасықкүзеннің жабыса қалғанын да ә дегенде аңғармай қалыпты.
Ал аңшының мерген оғынан сасықкүзен де мүлт кетпей, мерт болыпты.
Аңыз
Ел ауған туралы аңыз
Қалмақ шауып, Тобықты быт-шыт болады. Екі бөлініп, бір тобы Қарамеңде бастап Әмударияға барып, өте алмай, тұрақтап қалады. Кеңгірбай тобы бері үркіп, Кеңдірлі жеріне келеді. Мұнда келіп, орысқа бодан болып, соған иық тірейді. Сонда Әмудариядағы Қарамеңдеден сәлем келеді. Ол Кеңгірбайларды өз жеріне шақырған екен. Сыр бойына ел ауған деген осы. Кеңгірбай Ордың қара ағашы Кендірлік (Ертіс) жағалауында екен.
Қараменденің Кеңгірбайға сәлемі:
«Басында Сырдан ауып, Орға бардық,
Жүре алмай, табан тиіп зорға бардық.
«Құрулы талқы деген қу алдынан»,
Ол жерге баққа бармай, сорға бардық.
Сәлем де Кеңгірбайға, кел кетелік,
Мықты сабаз, атанды терлетелік.
Бет қойып мұсылманның руына,
Аты жақсы дариядан ары өтелік. 1777 жылы қалмақтан үркіп, Бабаң (Әнет) бастап, Қаратаудан асады. Көштің алды-артын шолушы батырлардың бірі ақын абайлап тұрса, ерін жау өлтірген, ерісі бұзылған (кимешегі жыртылған) бір әйел күңіреніп, дауыс қып айтып келе жатса, бір бос жетім тайлақ көшті кимелей беріпті.
Сондағы айтқаны:
– Қаратаудың басында көш келеді,
Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді.
Айырылған қарындастан қандай қиын,
Қара көзден мөлдіреп жас келеді.
Мына заман қай заман, бағы заман,
Баяғыдай болсашы тағы заман.
Қара орын, қара мекен қалғаннан соң,
Көп қылып көздің жасын ағызамын.
Мына заман қай заман, қысқан заман,
Басымыздан бақ-дәулет ұшқан заман.
Шұбырғанда ізіңнен шаң борайды-ау,
Қаңтардағы қар жауған қыстан жаман, – деп, ауған халық бір көлге кеп сұлап жатады (діңкелеп). Ортадан біреу тұрып: – Уа, балалар, бұл сапарға ат қойып, артқыға тарих қалдырайық, – депті.
– Өзің айт, – депті жұрт.
Сонда ол: – Осы сапарды «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама», – деп атайық дейді. Отағасы: – «Ақтабан» боп жаяу шаңдатып шұбырып келеміз, ал «Алқакөл» дегенің – мына көл. «Сұлама» дегенім – мына өзгеріп, болдырып жатқанымыз, – депті. Жұрт қолдап, шу етеді. Алқакөлден Сарыарқаға келген біздің керей, сол Сарыарқадан ауған керей. Әз-Жәнібек бастап келіпті. Көбі Қалбада қалыпты. Онда Наймандардан қорлық көріп, қайта көшіп, Алтайдың күн бетіне келіпті. Бастаған Ырымның (аймақ бастығы болған) бабалары: Шошаш, Бардыбайлар, Шобаштың бейіті Алғадай, Сарбас деген Алтай бөктерінде тас бейіт мола, кебежелеп, ағаш қоршап, ішіне тас үйген. Барлыбайдікі – Аласа Алтай бөктері Қызылтас тауы. Теректі Буыршынның алқымында екен (түрі әлгіндей бейіт). Ел Сарыарқадан ауғанда:
– Сарарқа жерім-ай,
Сағындым, елім-ай.
(Сарарқа әні осы босқыннан туған екен).
Елдің бір саласы Үшторғайты бойына келіпті (Алтай жері). Қалба, Бөкеннен кеп ауғандағы айтатыны:
– Бойын Үшторғайты салдым қауын,
Немене кәпір емей менің жауым.
Айрылып ел мен жерден жүргенімде,
Тілеймін бір Алладан деннің сауын.
Ау, Бөкен, Бөкен,
Қалдың-ау, Қалба, Бөкен,
Қайран мекен.
(Әнін алып, осы өз Бөкенімізге сәйкестіріп, сөз жаздым, Б.Ақтан).
Бөкен тау, басың киік, бауырың дала,
Беткейің бедерленген сала-сала.
Ау, Бөкен, Бөкен,
Бөкен тау талай жылдар
Болған мекен.
Шежірелер
«Шежіре-Қазақ»
Ақ лақ алып барды қайтіп,
Дем алып тынығады үйде жатып.
Мешітке лақ шығып тынышын алды,
Жіберетін жөні жоқ бәрін сатып.
Әннасқа сахабалар айтты сонда:
– Лақтың мәнісі жоқ тұрса мұнда.
Сахараға тауға апарып мұныңды бақ,
Әйтпесе сатып жібер біржолата.
Жөнелді Әннас сонда тауға асығып,
10. Мешітте имамдардың сөзін ұғып.
Осы мал біраз жылда өсіп кетті,
Егізден қысы-жазы бірдей туып.
Әннастан туған екен Әбінмағаз,
Данышпан ер жеткен соң болды сабаз.
Ешкінің терісіне күйе сүйкер
Жазуға таба алмайды қалам-қағаз.
Мағыздан саңлақ туды Аламан,
Күн көрді малын бағып айдаладан.
Аламаннан Алаш деген бір ұл туды, 20. Өнері төмен емес бір баладан.
Алаштан туған екен Қазақ, Созақ,
Мал бағып, дін күтеді бар деп тозақ.
Жаһанда аң секілді болып өсті,
Шаһардың адамдары қылар мазақ.
Созақтан Қарақалпақ бөлінеді,
Осылай шежіреде көрінеді.
Қарақалпақ халық боп шаһар басты,
Киіз үй бізге енші боп беріледі.
Далада Алаш атам келе жатыр, 30. Кісі екен шамасынша болған батыр.
Сырты түк мәрай қозы терісіндей,
Жартастың қуысында біреу жатыр.
Сол жерде Алаш тұрып жауаптасты:
– Мекен қылған сен кімсің мынау тасты?
Үстіңде киген кимің көрінбейді,
Қайтіп қорек қыласың ішкен асты?
Ол адам айтты сонда мәні-жайын:
– Тергізген бір ырыздық бар Құдайым,
Ешкімен Мединеден келіп тұрмын, 40. Менен сен қорқып, кейіп, қылма уайым.
– Сен мұнда Мединеден келген болсаң,
Құдайдың ырыздығын терген болсаң,
Үйіме жүр, күтейін қонақ қылып,
Сейіл қып жапан жүзге келген болсаң.
– Мен күндіз оразамын, түнде ұйқым жоқ,
Қой, сиыр, түйе баққан көп жылқым жоқ.
Құдайға құлшылық қып жалынамын,
Сөйлесер адаммен еш сиқым жоқ.
Сен мені күтем десең, қасыма кел,
50. Аралап көп халықты көрмеймін мен.
Жазда ешкінің, қыс болса сиыр сүтін
Күтем десең біреуден беріп жатыр.
Жастығым жастанатын бір қара тас,
Мен күндіз оразамын, ішпеймін ас.
Жамбасымның астында топырақ бар,
Дәулет бірге көтермес адам нас.
Береді сонда Алаш сүтті тасып,
Алашқа әулие айтты сырын ашып.
Жалаңаш баба деп қойған әулие атын, 60. Именбес Алаш батыр, енді қаш.
Бабаң айтты: – Қайтатын уақытым болды,
Маған ажал-уақыт жақын болды.
Балаларыңды ертіп кеп, батамды алшы,
Білетін адам едің әрбір жолды.
Үйіне Алаш батыр келді қайтып,
Жауабын көрген-білген бәрін айтып.
Баласына жауабын ұғындырып,
Болмас деп үйде қарап босқа жатып.
Қазақ деген баласын алған ертіп, 70. Созағы үйде жоқ боп малға кетіп.
Біреуі жоқ болса да, біреуі бар,
Қасына әулиенің келді жетіп.
Қазаққа Алаш бабаң берді бата:
– Жалғанның Хақтан өзге бәрі қата.
Жүз жиырма төрт мың әулие, билер,
Қолдай көр Хауа ана мен Адам ата.
«Әмин» деп Алаш сонда қолын жайды,
Батасын берейін деп қимылдайды.
«Ғаламның он сегіз мың падишасы, 80. Қолда!» деп аузына алды бір Құдайды.
Қазақ бала қол жайып түрегелді,
Балалық қып босқа қарап құр тұрмайды.
«Әмин иә Рассол ғаламин»,
Жалаңаш бабаның берген батасы:
– Атың – Алаш ұранды Қазағым,
Көп болады азабың.
Азабың көп болса да,
Алдың ашық боласың.
Пәлекетің қашық болсын,
90. Жүрсең жолың болсын!
Жолдасың Қызыр болсын!
Биік асқар таулардан
Көшің көшсе,
Жығылмас дұғалы болсын!
Сол таулардан шыққан
Мөлдір бұлақтың суын ішкен
Көкірегің қайғысыз,
Көңілің уайымсыз болсын!
Қара бақан, қара шоқпар 100. Сойылың болсын!
Атанның үсті үйің болсын,
Иен жерде, асқар тауда
Көшіп жүріп жан сақтамақта
Құдайым нәсіп қылсын!
Қардың үстінен балаларың түссе,
Құдайым тоңдырмасын!
Аллакбар! – деп ғайып болыпты,
Құдайым берсін, дұшпаның өлсін.
Жалаңаш баба бата беріп болды ғайып, 110. Алаш атаң бата алып кетті байып.
Алаштан үш ұл туды бәрі зерек,
Шамамша білгізейін жұртқа жиып.
Ат қойды Ақарыс пен Бекарыс деп,
Жасында бала көрмей жүрген жүдеп.
Кенжесі Жанарыс деп және естідім,
Әр адам әртүрлі айтар о деп, бүй деп.
Той қылып Алаш батыр көп мал сойды,
Қайғының көңілдегі бәрін жойды.
Үш Арыс халық болып өскеннен соң, 120. Үш жүз деп үшеуіне есім қойды.
Жазуға ата есімін қылдым ниет,
Аллаға тіл тигізген болады шет.
Үш жүзді үш арыс деп мен естідім,
Кей адам деп айтады «үш Құлманбет».
Ұрпағы Ақарыстың – анау Үйсін,
Момынды қорлағанның беті күйсін.
Білгенімше айтайын басқа атаны,
Үйсіннің ұрпағы айтар ендігісін.
Ұрпағы Орта жүздің алты ағайын, 130. Білген соң оқығанға болар дайын.
Бәйбішеден Арғын, Найман, Қыпшақ, Қоңырат,
Тоқалдан Керей,Уақ айтсам жайын.
Кіші жүз жеті руға бөлінеді,
Осылай шежіреде көрінеді.
Кердала, Далын, Тама, Жағалбайлы,
Бұлай деп бұған есім беріледі.
Керейт және Тілеу, Орамадан
Кіші жүз боп құралар жеті атадан.
Шежіреден көрген соң жаза салдым, 140. Білмейді атақ қуып сұрамаған.
Керей, Уақ Орта жүзден таралады,
Бекарыс тоқалынан жаралады.
Үлкені Уақ, кішісі Керей екен,
Өсіп-өніп, көп жұрт боп таралады.
Ғаламнан Керей күшті жас шағында,
Өлмей тұрып ұл туған бастабында.
Қайнағасы зорлық қып алам депті,
Баланы жолдас қылған қашқанында.
Байы өлген соң, қайнағасы алам депті, 150. Сені алмай босқа неге қалам депті.
Басқа жанға сені алмай жібермеймін,
Інімнен туған Құтыберді балам дейді.
Төркіні Қара Керей Сыбан, Мұрын,
Қашатын ойында жоқ мұнан бұрын.
Байы өлген соң, қайнағасы алам депті,
Бір жылдай араз болып жүрді қырын.
Бес жасар баласын ап қашты бір күн,
Кісі сап қоймаған соң дүркін-дүркін.
Аты екен Абақ деген қатын екен, 160. Тойғандай адам пәнде көрсе көркін.
Қосылды төркініне көшіп барып,
Баласы жас, байы өлген ғаріп болды.
Төркінінде бала оқытқан бір қожа бар,
Қатын сұрар шариғат сөз шығарып.
– Ей, тақсыр, байым өлген мен тұл қатын,
Бір балам бар байымнан жұрағатым.
Қайнағам алам десе тимеп едім,
Қатынның айырып бер шариғатын.
Қолына қожа сонда кітап алды,
170. Кітаптың әрбіріне көзін салды.
Жас қатын байға тимей босқа отырса,
Жиған мал арам қылар мүкәммалды.
Қожаға сонда қатын: – Айтам, – дейді,
Қайнағам кейін қалды, тием, – дейді.
Шариғаттан қазел болад дегеннен соң,
Қожаға тиіп алды, именбеді.
Мінгізген жалғыз ұлды ашамайға,
Жас қатын байға тимей байсалдай ма?
Ашамайлы Керей деп ат қойыпты, 180. Ержетіп Құттыберді жасамай ма.
Алладан тағдыр жетіп қаза келді,
Абақ қатын жас баланы ертіп алып,
Төркінінен кетуге көңіл бөлді.
Тағы да Абақ қатын жесір қалды,
Бұрынғы байдың жақынын жиып алды.
Бәсең деген қара бидің заманында,
Бір тойда қалмақ тағы атыс қылды.
Ақтабан шұбырынды ел ауыпты,
Қатынның енді көшпес несі қалды. 190. Сабырай мен Орай көшті Сарыарқаға,
Ілгері өсіп жыл сайын мал арта ма.
Сол күннен көшіп қонған ата-баба,
Мінеки, келіп тұрмыз тап ортаға.
«Өнерлі өрге жүзер» деген сөз бар,
Салыңдар, бозбалалар, жанды ортаға.
Баладан Құттыберді туды төрт ұл,
Үмбеті пайғамбардың Құдайға құл.
Қойлау, Байлау, Сартоқай, Сарыбас деген
Абайлап ата жөнін, мәнісін біл. 200. Қойлаудан Ителі атам туған жалқы,
Үш күйік боп көбейген мұның арты.
Жәдік, Жәнтекей, Шеруші, Байлау ұрқы,
Осылайша келеді сөздің нарқы.
Байлаудан бағаналы туған Жаппас,
Анасы мұнан өзге бала таппас.
Адамның ол күндегі бәрі осындай,
Кісі жоқ бір-біріне қалам хаттас.
Бағаналы баласы Елдай, Көлдей,
Таныңдар ата-ананы көңіл бөлмей. 210. Дін күтіп, шамаң барда өнер ізде,
Қаламын деп ойлама бір күн өлмей.
Көлдейден туған бала БердіШора,
Атадан бала туып қалған мұра.
Бердішора баласы екеу екен,
Үлкені – Жәнтекей, кішісі – Жиеншора.
Аз жылда тиген байы тағы да өлді,
Жәнтекейден Орыс, Сүйіндік, Сүйіншәлі.
Басымен бірдей болып өсті малы,
Сүйіндіктің баласы төртеу екен:
Кешу, Жайлау, Құлманбек, болар Сары.
Сүйіншәлі баласы Ботақара,
Барақ, Секел, Көбекпен төртеу ара,
Мәміштің уысынан шығып кетіп,
Бардаш та болып еді жеке дара.
Сәмембет, Самұрат, Бөгі, Орыс ұлы,
Төлеке Құттыберді болар айтса мұны.
Талап қылып, жас балалар, сендер де ұқ, 228. Несін айтты деп сөкпей бұрынғыны.
Сәмембет
Баласы Сәмембеттің он бір екен,
Сарыарқа, Сабырайды қылған мекен.
Атантай, Есембай мен Есентай деп,
Баласы бәйбішенің үшеу екен.
Барданнан Есағасы, Қазыбек-ті,
Білгенімше ұқтырайын ата-текті.
Сәмембеттің ұрпағы атаңды айыр!
Біреуі Есдәулет пен Есіргеп-ті.
Бөрте, Қаржау, Ақша мен Ақсары деп, 10. Он бір дедім осымен Сәмембетті.
Жәнтекейге Жиеншора болған бала,
Айталық мағұлымдап оны жаңа.
Жиенін бала қылып алған екен,
Бала асырар жосын бар бұрынғыда.
Сарт екен Былқылдақтың алған байы,
Ұқтырсаң қалай келер сөздің жайы.
Рахмет деген сарт алған әпекесін,
Осылайша келеді айтсам жайы.
Баласы Жиеншора: Құлтай, Болат,
Таласқаның шежіреден бар да сұрат.
Ар жағын Жәнтекей деп айтсаң дағы,
22. Біріне он екі абақ бұл қосылад.
Жаппастың балалары
Жаппастан: Молқы менен Қарақас-ты,
Көңсадақ, Меркітпенен өнері асты.
Сарбас пенен Жастабан бір туысқан,
Ұранын «Сартоқай!» деп жұртқа шашты.
Керейдің Шыбарайғыр енді бірі,
Марқалап ерте туып-өскен ері.
Меркітті он екіге тағы қосам,
Толымды боп келмейді әрі-сәрі.
Он екі Керей
1. Жәдік 2. Жәнтекей 3. Шеруші 4. Ителі 5. Қарақас 6. Молқы 7. Сарбас 8. Жастабан 9. Көнсадақ 10. 10. Меркіт 11. Шыбарайғыр 12. Жиеншора Ұзынмонтық! Шимойын!
Толымқожа – Меркіттің арғы атасы,
Көп шығар арасында сөз қатасы.
Қазақтан қатын алған сарт болады,
Дәмі тартса қайда өлмейді адам нәсі.
Тоқтарқожа дегені найманда өлген,
Атам аты бұлайша мынау білген.
Қарақұрсақ Сәмембет ұрпақтары:
Төлеубай, Әскембайды көзім көрген.
Меркітпен он екіге таралады,
Өспесе, қайтіп жұрт боп жаралады.
Шимойынның сүйегі шөмей Найман
24. Он екіге қосылып қарамады.
Жәдік атам шежіресі
Білуші Алла өзі кешер бар қатамды,
Арғы атам Абақ Керей деп аталды.
Кім де кім өз сүйегін өзі білер,
Білгенімше сөйлейін өз атамды.
Байлаудың бір баласы Көлдей екен,
Сабырай Сарыарқаны қылған мекен.
Жасы жетіп, кәрілік тақымдап жүр,
Ей, Дөнтай, атаң жөнін жазсаң екен.
Шеруші, Жәдік, Жәнтекей немерелес, 10. Елдейдің бел баласы Жәдік екен.
Жәдіктің балалары: Жанат, Мұңал,
Бірі Итемген, кенжесі Мәлік екен.
Қарақас, Молқы сол уақытта,
Бір аста Жәнтекейге сорпа төккен.
Кісі өліп, ас беріпті Қарақастан,
Аң іздеп Жәдік кеткен қарамастан.
Басын бермей жүрген соң жер ошақтың,
Қарақас, Молқы Жәнтекейге сорпа шашқан.
Қасына шерушіні ертіп алып, 20. Жәнтекей жылап жүрді тоқтамастан.
Жәдік атам намыс қып ашуланды,
Бауырын неге қойсын жоқтамастан.
Жәнтекейге қатты ұрсып, ашуланды:
– Жер ошаққа неге бардың өлсең де аштан?!
Ұран салып жотаға шығып тұрды,
Жәдік атам «соғысам» деп қозғалмастан.
Елші боп екі араға жүрді кісі,
Екі дайым болып қалады елдің іші.
Бұлардың бұл ісі дұрыс емес, 30. Екі жетім балаға қылған күші.
Бұл жұртты міні бар деп қылды сөгіс,
Ұлғайтып шығармалық енді көп іс.
Екі-үш жетім баланы құрметке алып,
Аяғына жығылды бәрі тегіс.
Атаны қайта айтуға келдім бастан,
Жарамдап жібермейін кейін тастап.
Балаларым, ұғып ал ата затын,
Мен айтып тұра бермен күнде қақсап.
Жәдіктің бәйбішесі Молқы қызы, 40. Аң қарар Жәдік атам жазы-қысы.
Итен мен Итақ туды бәйбішеден,
Шежіре білгіш екен айтқан сөзі.
Келеді осылайша шежіресі,
Әр атаның баласы ел жүйесі.
Ұмытылып, талаптанған үйренеді,
Үйренбеген адамдар не біледі?
Ортаншы қатыны қызы екен Қарбидің,
Билеуші иелері бар әрбір үйдің.
Сол кезде иен жерде өскен қазақ 50. Пышақтай боп осы күнде қонышқа сыйдың.
Баласы бірі – Мұңыл, бірі – Жанат,
Қаламшы білгенімше жұртқа тарап.
Жәдік атам баласы төртеу екен,
Бірі құйрық болғанда, бірі қанат.
Қызы екен Қырғыз қызы кіші қатын,
Бір-бірлеп білгізейін оның атын.
Онан туған бір ұл бар, аты – Мәлік,
Төрт Мәлік деп атайды жұрағатын.
Үлкені төрт Мәліктің Құттыберді, 60. Құттыберді деп айтар біраз елді.
Тойған деген аз үй бар өспеген жұрт,
Биқажанын қасында көзім көрді.
Біреуі – Құттықожа аян түгел,
Молайып ол да артықша өспеген ел.
Онан соңғы біреуі Көрпеш еді,
Ұрпағы Омар, Өміш абайлап біл.
Мәлік атам кенжесі Азат батыр,
Білгенімше ұқтыратын әуел ақыр.
Азаттың өз баласы үшеу екен, 70. Өсіп-өніп көп жұрт боп келе жатыр.
Ат қойған үлкеніне Байқара деп,
Тыңдай бер құлақ қойып, жиылған көп.
Құланбай деп ат қойған кенжесіне,
Ортаншысын атапты Жанқара деп.
Жанқара атыс қылып жаудан өлген,
Құдайдың құдіретіне пәнде көнген.
Жанқара екі қатын алған адам,
Екеуінен екі еркек бала көрген.
Байтөбет бәйбішеден туған бала, 80. Бабасы өліп жас бала болған ала.
Кіші қатын тауыпты Тасболатты,
Ермегі екеуінің екеу ара.
Үлкенін қайнағасы ала алмапты,
Алысқа бөтен оймен бара алмапты.
Қайнысы Құланбайға тиген екен,
Жас адам ұрпақ шашып балалапты?
Құланбайдан туады Мойнақ, Жайнақ,
Қайнағасы бос қалған соры қайнап.
Мойнақтан Төленші деп бір ұл туды, 90. Шамамша ұқтырайын артын ойлап.
Үш еркек бала туды Төлешіден,
Хабар сөз сонда халық алып биден.
Жиырма, отыз адам осы күнде
Өрбіп өсіп келеді бір кісіден.
Досымбек, Мұстафа мен бірі Мұңбай,
Мұстафа дүние салды бала тумай.
Досымбекте үш ұл бар, Мұңбайда төрт,
Ұрпақ шашып өсірген патша Құдай.
Досымбектен Нұрпейіс, Жамаубай-ды, 100. Бізге жақын ағайын анандай-ды.
Елге керек Жамаубай жігіт еді,
Оны алғанша, Мұңтайды неге алмайды.
Өсірмей Жамаубайды жасында алды,
Нұрпейіс шамасынша болған малды.
Алты, жеті бала бар Нұрпейісте,
Жамаубайдың баласы Ермек шал-ды.
Мұңбайдың төрт ұлы бар Алтай бетте,
Дәм бұйырып біз жүрміз қиыр шетте.
Біреуден біреу көрмек ескі қаде, 110. Билігі бір Алланың құдіретте.
Жанқарадан туған бала Байтөбет-ті,
Құланбайға келген соң о да ержетті.
Сегіз-Сары дейтұғын бір сал жігіт
Тасболатты шешесімен алып кетті.
Намыс қып жан қумады қарындастан,
Шешесі қайырылмады қарамастан.
Байтөбет ер жеткен соң қуып барып,
Арғындағы інісіне араласқан.
Сол жерде арғынменен сөйлеседі, 120. «Бауырымды шешеммен бер» деседі.
Тағы да екі бала тапқан екен,
Сөзге кеп арғынменен елдеседі.
Шешесі мен беріпті Тасболатты,
Бірнеше күн айтысып бас құрапты.
Арғында туған екен екі бала,
Күш қылып сол екеуін бермей қапты.
Байтекең Тасболатты алып келген,
Мал төгіп екі-үш қатын алып берген.
Өзгесін баян қылып тағы айтармыз, 130. Байназар деген туған бәйбішеден.
Байназардан бір ұл туған, аты – Сембай,
Болыпты бала туып көңілі жай.
Сембайдың баласы Айтбан туған,
Олар да дүние салды, бала қалмай.
Сегізбай, Назар туды бір қатыннан,
Ұры қылып Қаба деген жерде атылған.
Сегізбайдан Талдыбай қарт туады,
Бір атаның баласы бұл айтылған.
Өксікбай Талдыбайдан туған бала, 140. Қабаны төре өлтірген қылып жала.
Өксікбайдан Көздей деген бір ұл туды,
Өзгесін жасында алған Хақ Тағала.
Қарт баласы Өміржан, Қасқарбай-ды,
Атаның атын басқа жұрт басқармайды.
Әдік деген бір жігіт тағы да бар,
Оны да хатқа жазсам тасталмайды.
Өміржанның бар еді бір баласы,
Халықтың қатарында мал мен басы.
Атаның атын балалар ұғынып ал, 150. Жұрт жиылса шығады сөз таласы.
Исхан Қасқарбайдың қолындағы,
Мал иесі баласы орнындағы.
Мал басы ілгері өсіп артылмаса,
Жігіттің осы емес пе қоры бағы.
Тасболат тоқалынан екі ұлы бар,
Байторы, Тойторы деп ат қойылар.
Алтайда өсіп-өніп тұрған олар,
Байторыдан Бәсен, Қонақ екі ұл туған.
Қонақтың қатынынан туған Торай, 160. Хат жазып ұқтырайын қарап тұрмай.
Ата-ананың жөнін білу тағы дұрыс,
Ер жігіт қарап отыра алмас талап қылмай.
Торғайдан Бұқабай деген туған бір ер,
Үлкені біздің елдің оны білер.
Осы айтылған адамның бәрі де өлген,
Жемейді кімдерді асап сұм қара жер.
Қонақтың тоқалынан туды Уәли,
Осы күнде Үрімжіде олар Әли.
Ата-бабам бәрі де дүние салған, 170. Қаза жетсе қалмайды жанның бәрі.
Тасболаттан Сегізбай туды Назар,
Қаламшы ақ қағазға сызып жазар.
Сол күндегі адамның берекесі –
Сауық қып ойын-күлкі күнде базар.
Назардан Оразалы, Молда, Сұра,
Ағайын береке қып ақыл сұра.
Сұра ағаң дәулет біткен бай кісі еді,
Артында балаларға қалған мұра.
Оразалы баласы Ақылбай-ды, 180. Ақылбай теріс істі мақұлдайды.
Бір туысқан Көпберген қойда да жүр,
Бірігіп қайсы күні жақындайды.
Ақылбайдан Денбай мен Дөгенбай-ды,
Көп қуған дүниені дем алмайды.
Дөмбайда нысап, ұят абырой бар,
Адамның аманатын жеп алмайды.
Молдадан туды Райыс пысық болып,
Ерте күннен қалмады бізден қырсық.
Бытырап бет алдынан кететұғын, 190. Жабысты біздің елге біраз ұшық.
Қосылған құдасына жалғыз барып,
Айрылған ел-жұртынан жігіт ғаріп.
Артында үш-төрт ұлы қалған екен,
Кетіпті қаза жетіп дүние салып.
Сұрадан Жадыра мен Айылбай-ды,
Айылбай ескі үлгіден айрылмайды.
Көгенбай талаптанып өнер ізде,
Құдайым талапсызды бай қылмайды.
Кенжесі Оразалы Көпберген-ді, 200. Білмейді ашуланып жек көргенді.
Айтқанынан қайтпайды, мінезі ауыр,
Олжа деп болымсызды сеп көрмейді.
Бар екен Көпбергеннің бір баласы
Жеті менен сегізге келген жасы.
Әй, Көпе, шүкіршілік қып, тәубә келтір,
Көп болар берсе Алла мал мен басты.
Айылбайда бар еді екі-үш бала,
Бұл кезде Айылбайдың көңілі ала.
Құдайға тәуекел қып ұмтыла бер, 210. Адамды құр тастамас ой мен сана.
Баласы Қомшық пен Құдабай-ды,
Қомшығы шаруа қылмай тұра алмайды.
Әдепті жас күнінен өскен бала,
Әкесінің жауабын бұра алмайды.
Кегенбай өте момын жас шағында,
Момындықпен өтті ғой бастабынан.
Сұраған дәулет біткен бай кісі еді,
Бір жұғын тағы келер қаспағынан.
Кенжесі Жадыра еді орнын басқан, 220. Әкесі бай кісі еді дәулеті асқан.
Бірде олай дүние, бірде бұлай,
Махпозда жазған шығар әуел бастан.
Тайторыдан туған бала Қаратал-ды,
Кедей нашар кісі екен, емес малды.
Қаратал дүниеден көшкенінде,
Артында Белбеу деген бір ұл қалды.
Белбеуде қатын алып бала көрмей,
Көп жасап, ғұмыр көрмей, дүние салды.
Қараталдың қатынын әмеңгер деп, 230. Жыл уағы болғанда Қонақ алды.
Алған соң ол кісіден туған бала
Жеңсікбай деп ат қойған оған және.
Жеңсікбайдан Жұмажан, Мамыт туды,
Білімпаз артық емес ой мен сана.
Шерік аты қаралас халық біз ғой,
Атадан туа бермес болып дана.
Байтөбет тоқалынан төрт ұл туды,
Мекен етіп Қаба өзенін тұрған суды.
Алдаяр, Алдаберген, Тайырберген 240. Ұлықтап қойған екен осы құрлы.
Ат қойған кенжесіне Жанқабыл деп,
Сіздерден аямағын білген сырды.
Баласы Алдаярдың бай Үмбет-ті,
Бай Үмбеттен Ұлтарақ, Тамшы кетті.
Ұлтарақ кәртигенше ғұмыр сүрді,
Тамшыға жас күнінде ажал жетті.
Біреуі төртеуінің Алдаберген,
Бір бала онан туған Қыран деген.
Қаметжан, Шолақетек, Түсіпбай деп, 250. Қалғанынан үш кісі үш ұл көрген.
Тәңірберген баласы Байпақ еді,
Шежірелік әр ісі байқап еді.
Дәуітбай деген біреуі жасында өлді,
Есепші күннің сәтін байқап еді.
Байпақұлы Далабай мен Жақыпбай-ды,
Дәулеті кейін басып тартықтайды.
Салақтық мінезіңіз бойыңызда,
Бекітіп міне алмаймыз мінген тайды.
Жанқабылдан Уақыбай, туды Көкіш, 260. Бастан кешкен бір күнде әртүрлі іс.
Көкіш те үш ұл көрген бала сүйіп,
Ағаш кесіп жан сақтар жаз бенен қыс.
Үш ұл бар Уақбайда тағы дағы,
Талап қылса жастардың бағы дағы.
Өнер деп өтірік айтып әуре қылса,
Бақ қайтып осы емес пе қағынғаны.
Байтөбет бәйбішесі екі ұл тапқан,
Кем емес балалары мал мен бақтан.
Осының ұрпақтарын таратайын, 270. Әуелі мәдет сұрап Алла Хақтан.
Ақшора, Бекшора деп есім еткен,
Жігіттің бір белгісі сөзге жеткен.
Бекшорадан Алакөшек, Үмітші туды,
Билігі пәндесінің Құдіреттен.
Төрт ұл бар Алаекеңде бес-алты қыз,
Жалалы боп Итенменен жасында өлген.
Баласы Итбай, Тоқбай, Көпбай, Жұртбай,
Осылай сөз жүйесі келді еппен.
Бибатыр Жәнебатыр жасында өлген, 280. Айтайын ата жөнін көріп білген.
Алакөшек Мотышпен бір туысқан,
Осылар жақын туған адам екен.
Мотыштан жалғыз болып туған Үркін,
Үркіннен үш ұл туды дүркін-дүркін.
Үлкендер осылайша өтіп кетті,
Қалады бәрімізден дүние шіркін.
Мотыштан Садыр, Шылғау, туды Орамал,
Ажалға тоқтау пәнде қылмас амал.
Садырдың жеті-сегіз өз кіндігі, 290. Өркендеп ілгерлеген бас пенен мал.
Бәйбішеден Керімбай Бажақ туды,
Өзге ұлы тоқалдың, құлағың сал!
Шылғаудан Аңғалбай мен Кенегеш-ті,
Құрметтер ең кенжесі Кәртемішті.
Бәрі момын тексімалды дәулет күткен,
Дау-жанжал түк білмеді ерегесті.
Орамалда тағы да үш бала бар,
Құдайым пәндем десе болады жар.
Тоқбайда да бар еді үш-төрт бала, 300. Жақып, Түсіп, кенжесі Боғдабайлар.
Бәйтекең Ақшораға болған бала,
Сол күнде ел мекені – Ертіс, Қалба.
Бір күнде бірге жүрген бауырларын
Түскендей болып жүрміз барымтаға.
Баласы Байтекеңнің Жантемір-ді,
Біз өткізіп барамыз босқа өмірді.
Жер шалғай кезгар қиын сәбабынан,
Үміт үзіп қалдырдық бар көңілді.
Жантемірден Бабай деген туды жалғыз, 310. Мал бағып жүруші еді қысы, жаз, күз.
Бабайдан бес ұл туып өсіп-өнді,
Бірталай аяқ жағы болады сөз.
Құттыкей, берекелі бауырларым,
Қалды ғой қаза жетіп жамылып бөз.
Қайырбай, Медетбай мен Қанатбайлар
Қарасып қарындасқа сөз айтпады.
Тәуірбай, Көрінбай мен Қанатбайлар
Мекенденіп қай араны тұрақтайды.
Борпықбай, Құжырбай мен Нүрбекбайлар
Дәлетін бағып отыр Құратбайды.
Саябай, Ілияс пен Ақыбайлар
Жүрегі жақын адамға нақ балалар.
Ақжігіт, Мұқаметәлі, Мұқамәди
Адамға ағайыншыл жақ балалар.
Жылында Қайырбайдан зекет алып,
326. Пақыр-мүскін разы бейшаралар!
Ақшорадан
Туыпты Ақшорадан аты – Игілік,
Дәулеті өркендеген үш-төрт түлік.
Анасы Боздақ деген бәйбіше екен,
Қадірлеп құрметтеген жұрты біліп.
Шілдебай, Шәке туды Иекеңнен,
Кеткелі көп жыл болды ол мекеннен.
Шойын қазан қойғандай қайнап ыстық,
Біз дағы хабар алып көп дүкеннен.
Шәкемен бір туысқан Бұрымбет-ті, 10. Ол адам қатын алмай жасында өтті.
Шілдебайдан туып еді үш-төрт бала,
Ердәулер, Төлегетай, Орманбет-ті.
Қайдар деген бір бала Қобдада жүр,
Онан басқа ұрпақ жоқ, бәрі кетті.
Шәке ағаң алған екен екі қатын,
Өсірген ұрпақ шашып оның артын.
Кірімбет, Қали, Тәжи ерте ер жеткен,
Мағұлымдап айталық өскен шартын.
Қали менен Тәжиде екі бала, 20. Тәжиді жасында алған Хақ Тағала.
Құтыкей, берекелі ағаларым,
Сіздерді ойлап қозғалды ой мен сана.
Қалидан Көксеген деп бір ұл туды,
Мекен қылып тоқтап жүр Бұлғын суды.
Бұл жігітте бар дейді төрт-бес бала,
Жалғыз өсіп көрмей жүр қалың нуды.
Екі бала бар еді Кірімбетте,
Дәм бұйырып біз жүрміз қиыр шетте.
Немере екі ағамда бес бала бар,
Билігі пәндесінің құдіретте.
Інісі Жұдырық, Кәріжан, Шалжан еді,
Атадан ауыр дәулет қалған еді.
Мирас қып балалары орнын басты,
Шәке ағаның кенжесі Балжан еді.
Үш бала бар Жұдырықта, Шалжан да бір,
Кәріжан мен Балжанда бір-екі ұл жүр.
Жықай мен Тәкенде бес бала бар, 38. Бұлардың жөнін болжап есептеп тұр.
Амбының балалары
Амбы деген кісінің үш ұлы бар,
Жар болды Қожамбетте білім қылар.
Шағи деген кенжесі суға кетті,
Шілдебай Шәкеменен бір тұрғылар.
Биқадан: Таужан, Тыныбай деген кісі
Осы айтқан Жарболдың ұрқы болар.
Биқадамның баласы Дүйсек, Жомарт,
Ата-бабам бәрі өтті бұрынғы қарт.
Немере бірге туған бауырларым, 10. Секілді алыста жүр қытай мен сарт.
Мылтықбай Мұса, Бөлекбай бір туысқан,
Көп болды сол уақытта бізге дұшпан.
Тезекбай деген кенжесі момын еді,
Бәріне сәлем жаздым ұшқан құстан.
Тыныбайдан Тоқан мен Алақан-ды,
Халыққа білгізейін бар адамды.
Аңғарлап төрт Мәлікті хатқа жаздым,
Біле алмай шала жаздым Қара атанды.
Кенжесі Нияз деген бір бала бар, 20. Жақын жүрсе біреуге бір адам жар.
Құлашты кең созатын заман қайда,
Қамауда осы заман алды-артың тар.
Баласы Мылтықбайдың Нұқтархан-ды,
Балалар анықтап біл өз атаңды.
Бараңдап білгенімше айта салдым,
Білетін хабарым жоқ мұнан дәмді.
Мұсадан туған екен Құсман бала,
Балалардың ойласам ісі шала.
Байқап бас аяғыңды алды-артың тар, 30. Адамға көп емес пе дұшпан пәле.
Үлкені Түрікбен еді Қожамбеттің,
Ақырына көзің сал мына көптің.
Жан ашыр, ақыл айтар жалғыз ағам,
Ғайып боп ұшқан құстай қайда кеттің?
Көрем бе тірі күнде? өлемін бе,
Билігі бір өзінде Құдіреттің.
Шағидың өз жесірін Түрікпен алған,
Шағи өліп, жесірі тұл боп қалған.
Амбының үлкен орнын Түрікпен басып,
Бұрынғы сол қатыннан төрт ұл қалған.
Түрікпеннен Кеску, Ажынтай, Төлебай-ды,
Бар болса жақын адам көре алмайды.
Бала жоқ, бәрі дағы жасында өлді,
Баласы бәйбішенің Қадамбай-ды.
Дөнтай, Түрікпен екеуі – бір туысқан,
Қожамбеттің кенжесі Жағабай-ды.
Атаңның атын ұқ десем бәрі жалқау, 48. Аздан соң ұқтырар жан таба алмайды, Тамат, тамам!
Қазақ тарихы
Болады арғы атамыз батыр Алаш,
Ете алмас бұл тарихқа ешкім талас.
Жалаңаш Бабаң оған бата беріп,
Сайрандап Сахарада өскен алғаш.
Алаштан туған екен: Қазақ, Созақ,
Мал бағып, дінін күтеді бар деп тозақ.
Жапанда аң секілді болып өсіп,
Шаһардың адамдары етті мазақ.
Сол кезде жалғыз-жарым болғанменен, 10. Көбейтіп ұрпақтары кетеді ұзап.
Созақтан Қарақалпақ бөлінеді,
Осылайша шежіреден көрінеді.
Халық боп Қарақалпақ шаһарда өсті,
Киіз үй бізге еншіге бөлінеді.
Жалаңаш Баба деген ол бір ғайып,
Әйтеуір Алаш атам кетті байып.
Алаштың да үш ұл туған ұрпағынан,
Бұларды таратайық жұртқа жайып.
Ат қойған Ақарыс пен Бекарыс деп, 20. Кенжесін түсінеміз Жанарыс деп.
Үш Арыс халық болып ержеткен соң,
Тарихы жұрт аузына тараған көп.
Айтуға атасын мен қылдым ниет,
Тарихты оқығандар жақсы біледі.
Үш жүзді – үш Арыс деп мен түсіндім,
Кейбіреулер дейді екен үш Құлмамбет.
Ұрпағы Ақарыстың – анау Үйсін,
Тарихты ұқпағандар қайдан білсін.
Айтайын түсіндіріп екі Арысты, 30. Ұлы жүз – Үйсін болып тұра тұрсын.
Ұрпағы Орта жүздің алты ағайын,
Тарихтан көргендерге бәрі дайын.
Бәйбішеден Арғын, Найман, Қыпшақ, Коңырат,
Тоқалдан Керей, Уақ айтсам жайын.
Кіші жүз жеті руға бөлінеді,
Осылай шежіреде көрінеді.
Кердері, Дәрін, Тама, Жағалбайлы,
Бұлай деп бұған елім берілді.
Керейт Жантілеу менен Орамадан 40. Кіші жүз боп бір келер жеті атадан.
Көрген соң шежіреден жаздым мұңды
Түсінбес ата қуып сұрамаған.
Керей, Уақ Орта жүзден таралады,
Абақ деп атайды жұрт өз анамды.
Үлкені Уақ, кішісі Керей екен,
Тарихтан осылайша қаралады.
Абақтың күйеуі өліп жас шағында,
Қалыпты тар өмірдің қыспағында.
Зорлық қып алайын деп қайынағасы, 50. Сол үшін елден шыққан бастабында.
Бар еді жесір алу деген ұғым,
Араз боп қайынағасы жүрді қырын.
Кісі сап қоймаған соң дүркін-дүркін,
Бес жасар баласын ап қашты бір күн.
Қосылды төркініне қашып барып,
Баласы жас, ері өлген, болды ғаріп.
Төркінінде бала оқытқан бір қожа бар,
Абақ сұрар шариғат сөз шығарып.
– Ей, тақсыр, байым өлген мен тұл қатын,
60. Бір балам бар байымнан жұрағатым.
Қайнағам алам десе, тіл алмап ем,
Осының айырып бер шариғатын.
Қолына қожа сонда кітап алды,
Шариғат хүкіміне көзін салды:
– Жас қатын байға тимей, босқа отырса,
Жиған мал арам қылар мүкәммалды.
– Қайнағам кейін қалған ием еді,
Енді мен оған, сірә, тимен, – деді.
Шариғат осылай деп бұйырған соң,
70. Қожаға тиіп алды, именбеді.
Мінгізді жалғыз ұлды ашамайға,
Жас әйел ерге тимей байсалдай ма?
«Ашамайлы Керей» деп ат қойыпты,
Ержетіп Құтымберді жасамай ма.
Аз жылда тиген ері тағы да өлді,
Амалсыз дәм таусылып тағдыр келді.
Абақ анам ертіп ап жас баланы,
Төркінінен кетуге көңіл бөлді.
Тағы да Абақ анам жесір қалды, 80. Жағын бұзып басына қара салды.
Сожан деген араттың заманында,
Бір тойда қалмақ жаман атыс қылды.
Ақтабан шұбырынды ел ауыпты,
Абақтың енді көшпес несі қалды.
Сабырай мен Орай көшіп Сарыарқаға,
Ауған ел зар болмай ма бас қалқаға.
Сол күннен көшіп-қонған ата-бабаң,
Мінеки, келіп тұрмыз тап ортаға.
Баладан Құтыберді туды төрт ұл, 90. Мирас қой ата жолың ұғынсаң бұл.
Қойлау, Байлау, Сарытоғай, Сарыбас деген,
Абайлап ата жөнін анықтап біл.
Қойлаудан Ителі атаң туған жалқы,
Көбейген үш күйік боп мұның арты.
Жантекей, Жәдік, Шеруші, Байлау ұрқы
Осылайша келеді сөздің нарқы.
Ұрпақтар ұға берсін тарих қуған,
Ұласып келе жатыр талай жылдан.
Жазылған осылай деп шежіреде, 100. Байлаудан Бағаналы, Жаппас туған.
Баласы Бағаналы Елдей, Көлдей,
Тарихты кім түсінер сұрап білмей.
Елінде қартың болса хатпенен тең,
Тұрмайды қолдарында о дағы өлмей.
Көлдейден туған бала БердіШора,
Атадан бала туып болған мұра.
БердіШора баласы екеу екен,
Үлкені – Жантекей, кішісі – Жиеншора.
Жәнтекейден Орыс, Сүйіндік, Сүйіншіәлі, 110. Басымен бірдей болып өскен малы.
Баласы Сүйіндіктің төртеу екен:
Кешу, Жайлау, Құлмамбет, болар Сары.
Сүйіншәлі баласы — Ботақара,
Барақ, Секел, Көбекпен төртеу ғана.
Мәліштің уысынан шығып кетіп,
Бардам да болып еді жеке-дара.
Сәмембет, Самұрат, Бөкі Орысұлы
Төлеке, Құтыберді айтсам мұны.
Жастарым талаптанған тарихын біл, 120. Несін жазды демеңдер бұрынғыны.
Баласы Сәменбеттің он бір екен,
Сарыарқа, Сабырайды қылған мекен.
Атантай, Үсентай мен Есембай деп,
Баласы бәйбішенің үшеу екен.
Бәденнен Есағасы, Қазыбек-ті,
Ұрпаққа білу міндет ата-текті.
Ұрпағы Сәменбеттің осындай мол,
Біреуі Есдәулет пен Есіркеп-ті.
Бөрте, Қаржақ, Ақша мен Ақсары деп, 130. Он бір боп Сәмен ұрқы тамам бітті.
Жәкеңе Жиеншора болған бала,
Айталық мағлұмалап мұны және.
Жиенін бала қылып алған екен,
Жосын бар бала асырар бұрынғыда.
Сарт екен Былқылдақтың алған байы,
Ұқтырсаң қалай келер сөздің жайы.
Рахмет деген сарт алған екен,
Осылайша келеді айтсам жайы.
Жиеншора баласы: Құлтай, Болат, 140. Талассаң шежіреден бар да сұрат.
Арғы жағын Жәнтекейден айтса дағы,
Біріне он екі Абақ бұл қосылмақ.
Жаппастан Молқы менен Қарақас-ты,
Көңсадақ, Меркітпенен тұрғыласты.
Сарбас пенен Жастабан бір туысқан,
Ұранын «Сартоқай» деп жұртқа шашты.
Керейдің Шыбарайғыр енді бірі,
Марқалап ерте туып өскен ірі.
Меркітті он екіге тағы қосам, 150. Толымды боп келмейді әрі-сәрі.
Толымқожа Меркіттің арғы атасы,
Тарихтан көрген істің жоқ қатасы.
Қазақтан қатын алған сарт болады,
Дәм тартса қайда жүрмес адам басы.
Тоқтарқожа дегені найманда үлкен,
Атам аты былайша мынау білген.
Қарақұрсақ Сәмембет ұрпақтарын:
Тілеубай, Әлкенбайды көзім көрген.
Байлаудың бір баласы Көлдей екен, 160. Сабырай, Сарыарқаны қылған мекен.
Жәнтекей, Жәдік, Шеруші немерелес,
Елдейдің бел баласы Жәдік екен.
Жәдіктің балалары: Жанат, Мұңал,
Бірі Итемген, кенжесі Мәлік екен.
Толымды ел Қарақаста Молқы сол уақта,
Бір аста Жәнтекейге сорпа төккен.
Кісі өліп ас беріпті Қарақастан,
Аң аулап Жәдік кеткен қарамастан.
Басын бермей жүрген соң жер ошақтың, 170. Жәнтекейге Қарақас сорпа шашқан.
Жас жетім еті күйген жылай берген,
Ертіп ап шерушіні тоқтамастан.
Жәдік пен Жәнтекей ашуланды,
Оған неге бардың деп өлсең де аштан.
Ұран сап Жәдік атаң соғысам деп,
Төбеде тұрып апты қозғалмастан.
Намыс қып Жәдік атаң ызаланған,
Бауырын неге қойсын жоқтамастан.
Елшіге екі араға жүрді кісі, 180. Екі ұдай болып қалады елдің іші.
Қарақас, Молқыныкі дұрыс емес,
Екі жетім балаға қылған күшті.
Бұлардыкі қисық деп жұрт қылды сөгіс,
Ұлғайтып шығармалық депті көп іс.
Екі-үш жетім баланы ортаға ап,
Аяғына жығылды бәрі тегіс.
Жәдіктің бәйбішесі молқы қызы,
Аң аулар Жәдік атам жазы-қысы.
Итемген, Итақ туды бәйбішеден, 190. Шежіре білгір екен оның өзі.
Ортаншысы қыз екен Қарабидің,
Иесі боп табылады он бір үйдің.
Туады осы әйелден Мұңал, Жанат.
Қырғыздың қызы дейді кіші қатын,
Бір-бірлеп ұқтырдым ғой оның атын.
Мұнан туған бір ұлды Мәлік депті,
Төрт Мәлік деп атайды оның ұрқын.
Үлкені төрт Мәліктің Құтыберді,
Құтыберді деп айтар біраз елді. 200. Тойған деген аз үй бар өспеген жұрт,
Өміртайдың қасынан көзім көрді.
Біреуі Құттықожа баян түгел,
Молайып о да артықша өспеген ел.
Онан соңғы біреуі Көрпеш екен,
Ұрпағы Омар, Өлгіш анықтап біл.
Мәлік атам кенжесі – Азат батыр,
Білгенімше ұқтырайын әуел ақыр.
Азаттың өз баласы үшеу екен,
Өсіп-өніп көп жұрт боп келе жатыр. 210. Атайды ең үлкенін Байқара деп,
Тыңдай бер құлақ салып, жалғаны жоқ.
Құланбай деп ат койған кенжесіне,
Ортаншысын айтады Құлабек деп.
Деп атайды арғы атамды Сегіз-Жанат,
Бір-бірлеп мен берейін атын санап.
Назбике, Дәулетбике анамыздан
Сегіз ұл туады екен сонан тарап.
Төртеуі: Боқай, Тоқай, Моймабас,
Тарихта талаптылар өте таныс. 220. Тілеке, Қостай менен Қуыр атам,
Жанаттың ең кенжесі болады Ағыс.
Қарақас, Молқы Жаппастан тарайды,
Молқының баласы төртеу (олар):
1. Машан 2. Қайып (баласы Көрібоқ) 3. Құл 4. Қошақ
Машанның баласы – төртеу: 1. Айтуған 230. 2. Жанжігіт 3. Дәулеткелді 4. Бітібай
Бітібайдың баласы: 1. Баубек 2. Жанақ 3. Есет 4. Ертісбай Молқының шаңырағы Машанда, ең үлкені кенжесі Бірібай екен. Қыранбайдан түсіндім, Қайыптың баласы Көрібоқ жерошақтан жылап жатқан бір жас баланы көреді. Шешесі сол баланы алғызып оның атын Қошақ қояды. Құл дегеніміз, заты-төре, біреудің жалғыз баласы екен. Кісі өлтіріп елінен қашқан, оны да Қайыптың әйелі бала қылып алады.
Шерушінің баласы төртеу екен: Айтуған, Сарт.
Айтуғаннан: Ожық, Шаппас.
Сарттан: Бақат, Саңырау, Құтымбет, Құрман,
Баласы Шерушінің Айтуған, Сарт,
Осылай деп айтады ақсақал қарт.
Айтуғанның баласы Ожық, Шаппас,
Шаппас ұрқы туыстан өсіпті жат.
Көрдім де шежіреден, жаздым мұны,
Ақынның әлемге ортақ өлең-жыры.
Саңырау, Бақат, Құтымбет, Құрманымыз –
247. Бұл төртеуі болады Сарттың ұлы.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру