Мазмұнға өту
Home

Маңғыстау қазақтарының аңшылық дәстүрі

Отыншы Көшбайұлы

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Маңғыстау қазақтарының аңшылық дәстүрі

Отыншы Көшбайұлы — «Маңғыстау қазақтарының аңшылық дәстүрі». МАҢҒЫСТАУ ҚАЗАҚТАРЫНЫҢ АҢШЫЛЫҚ ДӘСТҮРІ

/uploads/b4c87996-0828-5605-81fb-4ee81df3c406/cover.png

Адамзат баласы сонау ықылым замандардан бері өзінің тіршілігі үшін табиғатпен күресе білген. Ауа райы жомарт, өзен-суы мол жерлерде күнделікті қажеттілігін табу айтарлықтай қиындық та келтірмеген. Ал, шөл және шөлейт аймақтардағы көшпелі халықтар үшін ол басты мақсат болып табылады. Осыған орай күнелтіс тірлігі аңға байланысты болған бұрынғы уақыттарда олар андардың миграциялық жолдарымен жиі-жиі қоныс аударуға, андардың суатқа келетін жерлеріне қамап ұстайтын әртүрлі қондырғылар орнатуға тура келеді.

«Археологиялық зерттеулер негізінде, біз тас дәуірінің соңындағы Маңғыстау өңіріндегі тұрғындардың далалық және жартылай шөл жерлердің көшіп жүретін жабайы жануарлары - құлан, жайран, сайғақ және дала қойларының соңынан еріп отыратын көші-қонды бөлігі болғанын болжай аламыз. Алғашқы аңшылардың мұндай өмір сүру тәсілін кейініректе Азиялық өңірдің қуаңдануы кезеңінде бұл өлкенің алғашқы малшылары да өз пайдасына жаратуы мүмкін. Өндірістік шаруашылықтың негізі - мал бағу Арал-Каспий өңірінде б.з.д. 4000 жылы пайда болды», - дейді өлкемізге белгілі археолог А.Астафьев. (Үстірт пен Маңғыстаудың қазыналары. – А., 2007).

Осыған қарап отырып, Маңғыстау жерінде аңшылықтың өте ерте кезден бастап дамығанын байқайсыз. Өлке жерінде көптеп кездесетін аңдарды қамап ұстайтын арандардың өз бастауын тым әріден алатынын көптеген ғалымдар өз еңбектерінде айтып та кеткен.

1825-1826 жылдары Үстірт үстін зерттеген экспедицияның В.Д.Вольховский мен А.О.Дюгамел құрастырған топографиялық журналында: «Бұл өлкеде құлан, тарпаңдар мен киіктер жиі ұшырасады. Жергілікті тұрғындар оларды тас қоршаулар ішіндегі арнайы қазылған апандарға құлатып ұстайды» деп жазылған.

Сол экспедицияның материалдарында натуролог, медицина докторы, бірнеше ғылыми кеңестердің мүшесі Эдуард Эверсманның: «Үстірт тұрғындары ұзындығы 300-400 қадам, биіктігі 3- болатын тас қабырғалар жасайды. Оның түпкі жағында іші таспен өрілген аң секіріп арғы жағына өте алмайтын терең шұңқыр қазылады. Аңшы қырғыз сол маңайдан 10-15 верст ұзап шығып ұрғашы киіктің дауысын айнытпай салады. Одан кейін қалғандарын соңына ертіп тас қоршаудың арнайы ашық қалдырылған жері арқылы ішке өткізеді. Келесіде қазылған апан (шұңқыр) қасына барып тағы да ұрғашы киік болып маңырайды. Аңдар ішке енгеннен кейін бұрыннан жасырынып жатқан екінші аңшы манағы тас қоршаудың ашық жеріне тұра қалып қатты айқайлайды. Үріккен аңдар одан құтылу үшін дүркірей қашып алдарындағы арнайы қазылған шұңқырға құлайды» деп өзінің көріп, бақылағандарын жазады.

Ал, тарих ғылымының докторы Үркімбай Қыдыралин Маңғыстау қазақтарының аң аулауы туралы А.И.Левшиннің: «Үстірттен құлап теңізге қарай суатқа келетін құланның жалғыз аяқ сүрлеу жолының теңізге дейінгі екі жағында да садақ, ия мылтықпен қаруланған адамдар жасырынып жатады. Құландар үйірімен теңізге таялғанда жасырынып жатқан адамдар дауыстай түрегеледі де аңның кейін кетер жолын кеседі. Кері шегіну мүмкіндігінің жоқтығын көрген құландар теңізге қарай қайта шабады. Сол кезде адамдар да қоршау шеңберін тарылтып теңізге жақындай түседі. Олардан жанталаса үріккен құландар енді қысылғаннан теңізге түсіп әбден шаршағанша жүзеді де жағаға қайта келеді. Мұндай жағдайда аңшылар бірде-бір оқ шығармай-ақ оларды оңай олжалайтын болған» деп жазғанын және Г.С.Карелиннің: «Киіктердің суатқа баратын жолына үшкүл тәрізденген тоқыма тосқауыл жасалады да, оның сыртынан үш терең шұңқырлар қазылады. Шұңқырлар тұсындағы тосқауыл биіктігі басқа жерлерге қарағанда төмендеу болып бұрышты тосқауылға қуып кіргізілген киіктердің көпшілігі сол төмен жерлерден секіріп барып шұңқырға түсіп мертігетін де аңшыларға мол азық болатын көрінеді» деген деректерін келтіреді. (Ү.Қыдыралин. Маңғыстау қазақтарының мәдениеті мен тұрмысы. – Ақтау, 1995).

Аң аулаудың осындай тәсілдері кең көлемде тараған және бұлар туралы этнографиялық әдебиеттерде аз жазылған жоқ. Мәселен тувалықтардың аң аулау кезінде ұрғашы маралдың дауысын айнытпай салатын ағаштан жасалған құралдарды, болмаса маралдың лағының маңыраған дауысын салатын, сол арқылы енесін өзіне шақыратын арнайы құрал – эдискиді пайдаланғанын С.И.Вайнштейн өз еңбегінде айтса, Ү.Қыдыралин: «Маңғыстау аңшылары әр түрлі дауыстарды айнытпай салып, оған аңдарды еліктетіп алдап шақыру арқылы ұстау әдісін де меңгерген. Мәселен түлкіні шақыру үшін жылқының қылының екі шетін керіп тұрып, оның бойымен қағаз немесе басқа сол тәрізді затты ысқыласа шиқылдаған тышқан даусын шығарады. Сөйтіп тышқан іздеп келген түлкіге тазы қосып ұстаған», - дейді.

Сонымен қатар Ү.Қыдыралин өз еңбегінде «Қазақтың аңшылық кәсібінің орны мен маңызы туралы орынды айтылған нақтылы деректерді төңкеріске дейінгі әдеби мұралардан табамыз. Әрине қазақ арасындағы аңшылыққа шаруашылықтың негізгі түрлеріне қосымша кәсіп тұрғысында қарау керек. Олай дейтініміз аңшылықты кәсіп етушілер көбіне кедейлер болса, байлар онымен тек ермек үшін айналысқан» дейді (Ү.Қыдыралин. Аталған еңбегі).

Белгілі ғалым, жазушы А.Сейдімбеков өзінің еңбегінде былай деп жазады: «Ең алдымен аңшылық-саятшылық көшпелілер үшін күнкөріс тіршілігінің өзекті бір саласы болған. Екіншіден, әскери жаттығудың, шынығып-шыңдалудың, мергендік пен алғырлық-төзімділікті сынаудың тамаша үлгісі болған. Үшіншіден әсем табиғат аясындағы ең көңілді демалысы. әсерлі қызығы саналған. Осының қай-қайсысы да жылына бір-екі рет бүкіл pу, қалың тайпа көлемінде тұтаса шығатын жойқын науқан сияқты өтіп отырған. Ол үшін ел билеушісі арнайы адамдар бөліп, алдымен аңы қалың жерлерді шолдыратын болған. Сонсоң белгілі бір күнді белгілеп, байтақ рудың, бүкіл елдің аңға шығуы ескертілген. Жай ескерілмейді, әрине, әр рудың орны, жүретін жолы, басқа да тәртіптері қадағаланады. Содан уәделі шақ жеткенде көшпелілер ең жақсы атын мініп, ең асыл киімдерін киіп, ең мықты қаруларын асынып атқа қонады. Олардың соңынан сән-салтанатын түзеп қыз-жігіттер, кемпірлер жүріп отырады. Жазылап тастаған түйелер, жабулап тастаған сәйгүліктер, сырмақ-текеметпен безенген арбалар салтанатты жұрттың шырайын келтіреді.

Уәде-келісім бойынша байтақ ел күндік жерге созылатын сайын далада алқа-қотан жасайды да, белгіленген қолайлы жазыққа қарай шеңберлерін тарылта береді. Бұл шеңбердің үлкендігі соншалық, кейде аңды қаумалап, тықсырып келетін жерге келгенше үш-төрт күн өтеді. Шеңбер тарылған сайын жауапкершілік күшейеді. Қай рудың қанатынан аң шығып кетсе, сол рудың басшыларына көпшіліктің көзінше дүре соғылатын болған. Сондықтан да әр ру айрықша дайындалып, шеңбер аясы тарыла бастағанда сырмақ-текеметтерін қорған ретінде тұтынып жинақтала түскен.

Содан қой өрісіндей алапты қалың ел шеңбер жасап, алқа қотан қоршағанда, осынау жанды қорғанның ортасында аласұрған үйір-үйір құланды, табын-табын киікті, қарақұйрықты, елікті, шұбыра қорсылдаған қабанды, ширатыла ызбар төккен жолбарысты, қызыл езу қасқырды, қымсына жортқан түлкіні көруге болар еді.

Ең алдымен аң атып, қызық көрудің жолы ханға беріледі. Ол өзінің қасына бүкіл жанұясын, оларға қосып қызметші нөкерлерін алып шығады. Бұлар әбден құмарын тарқатқанда биіктеу жерге барып тұрады да, енді ортаға әскер басылары, батырлар, ру басылары шығады. Мұнан кейінгі кезек хан, сұлтан, ру басыларының ер жеткен ерке балаларына, сонсоң жауынгер жігіттерге берілетін болған. Осылайша дала төсі қан сасып, аң біткеннің өлгені өліп, өлмегені сансыраған шақта қарттар сауға сұрайды. Онысы келесі аңшылық-саятшылыққа тұқымдық қалдырыңдар дегені. Қарттардың тілегі қарсылықсыз қабылданған.

...Сонымен қатар аңшылық-саятшылықтың өзгеше жақсылығы бар. Ол – кімді болса да, салқын сабырға, жан семіртер көңілділікке баулып, ерік күші мен дене күшінің үндестік табуына ықпал етеді. Бұл ретте атамыз қазақ аңшылықты кәсіп емес, өнер санауында да үлкен мән бар». (А.Сейдімбеков. Күмбір-күмбір күмбездер. – А.: Жалын, 1981. – 130-132 б.)

Ғылымға «Жебе тәріздес құрылымдар» деген атпен енген арандарды зерттеу өткен ғасырдың 50-ші жылдары басталған болатын. Бұл ескерткіштер алғаш рет ғылыми тұрғыда 1952 жылы С.П.Толстов басқарған КСРО ҒА-ның Хорезм археологиялық-этнографиялық экспедициясының Үстірттегі Хантерек тұмсығында орналасқан орта ғасырларға тиісті Ербұрын қалашығының маңындағы барлау жұмыстары кезінде табылды. С.П.Толстов өз еңбегінде бұл құрылымдар туралы: «...Үстірт шыңдарының шатқалдарында өте қызық құрылыстар кездесті. Олардың әр жаққа созылып жатқан, тастары тіктеліп тұрғызылған ұзын орлары және дөңгелек ойлары бар. Керамикалық материалдар өте сирек кездеседі. Табылған материалдар негізінде орта ғасырлық ескерткіш деп болжамдауға болады. Мұндай, біздерге белгісіз ескерткіштер тек Үстірт шыңдарында ғана кездеседі. Жер бедеріне қарап оларды су жинайтын құрылыстар деуге келмейді. Шамасы бұлар аң аулауға арналған болуы керек» деп жазады.

Белгілі ғалым В.Н.Ягодин өзінің еңбегінде - «1986 жылы Оңтүстік Үстірт археологиялық экспедициясының отряды (ЮАЭО-86) Үстірттің оңтүстік-батыс бөлігін зерттеді. МИ-2 тікұшағымен бұрынғы белгілі құрылымдарды (арандарды) фотосуреттерге түсірді. Дәл осы жылы КСРО ҒА-ның археология институтының Поволжье-Орал экспедициясы Ескі Бейнеуге жақын жерлерден XI ғасырларға жататын жебе тәріздес құрылымдарды тапқан еді.

1988 жылы біз Үстірттің батыс шыңдарындағы Кендірлісор аймағында жұмыс жасадық. Көгесем құдығынан солтүстік-батысқа қарай 16 шақырым жер толық зерттеуден өтті. Осы учаскелерде және оған жапсарлас жатқан территориялардан 12 жебе тәріздес құрылымдар табылды. Оларға топографиялық түсірілімдер, ғылыми деректемелер, фотодокументтер жасалды.

Үстірттегі жебе тәріздес құрылымдардың ашылуы тек археологтарды ғана емес, басқа саладағы ғалымдарды да қызықтыра бастады. Оларға осы құрылымдар арқылы палеогеографиялық проблеманы, ерте кезеңдегі сол жер тұрғындарының бір-біріне қарым-қатынасы, өткен замандардағы табиғаттың қандай болғанын анықтауға мүмкіндік туды. Кейбір мамандар «Үстірт үстіндегі бұл жасалған құрылымдар Наска тегістігіндегі суреттер сияқты бағыт айыру үшін қолданған болуы мүмкін. Бірақ нақты қандай бағытта, ол жағы әзір белгісіз» дейді. (В.Н.Ягодин. Стреловидные планировки Устюрта. – Ташкент, 1991).

Әрине аң аулауға арналған арандарды салу да оңайға түспеген. Біріншіден осындай көлемді құрылымдарды салу үшін аң секіріп өте алмайтын үлкен тастарды тасымалдап, оны орналастыру болса, екіншіден оны салушыларға аңдардың миграциялық жүріс жолдары жақсы таныс болуы керек. Яғни, аранды салушылар өз жеріндегі аңдардың тыныс-тіршілігінен мол хабарлы адамдар болатын. В.В.Радлов өз еңбегінде арандарды бір руға біріккен көшпелі ауылдар салды дейді.

Ал, В.Н.Ягодин аталған еңбегінде: «Үстірт жеріндегі арандарды салу және оны пайдалануды жергілікті адайлармен, табындармен бірге олармен көршілес жатқан қарақалпақтар да қолданған. Тіпті осы қарақалпақтардың кенегес руының ішінде араншы деген бөлімі де бар. Осыған қарап отырып ерте кезде аңдарды қамап ұстайтын құрылымдарды салу қарақалпақтардың негізгі шаруашылықтарының бірі болғанын байқаймыз» дейді.

Қазіргі таңда ішінара аға буын өкілдері өздерінің ата-бабалары Үстірт үстінде көшіп жүргенде осындай арандарды пайдаланып қыс алдында еттің мол қорын жинағандары туралы естеліктерін айтады. Әңгіме айтушылар үш бұрышты құрылымның «аран» деп аталғанын, оның тарылып келер бұрышындағы шұңқырға жебедей өткір ұшталған қамыс, болмаса сексеуілдің шаншылатынын айтады. Аранның жан-жағына аңшылар жасырынып жататын бірнеше шұңқырлар қазылады. Аң аулауға 30-40 атты адам қатысатын болған. Бұл құрылыммен (аранмен) тек күз айларында ғана аң ауланатын. Оның сыры жаз бойы Арқа бетіне, Еділ, Жайық өзендері мен Орал тауларына дейін шығандап кететін киік, құлан сияқты аңдар күзге қарай әбден қоңданып кейін қайтатын.

Кейбір әңгіме айтушылар сол құрылымның ішіне ұшталған қамыс қадалған шұңқырдың қазылмайтынын, тек аңдар сығылып өтетін тар өткел жасалатынын айтады. «Өйткені, -дейді олар. Аңшылар күзде қоңданып қайтқан аңдардың тек ірілерін, кәрілерін ғана таңдап ататын. Ал, биылғы туған лақ, ешкілеріне тимейтін» дейді. Бұған қарап отырып ертедегі аңшылардың табиғаттың тепе-теңдігін сақтауға, андардың орынсыз қырылуына жол бермегенін байқаймыз.

В.Н.Ягодин осы құрылым-аранның халық арасында өте ертеден бар екендігі, қарақалпақтың «Ер Зийуар» және «Қырық-қыз» эпостарында жырланатынын айтады. Сонымен қатар қарақалпақтың әйгілі ақыны Бердақтың «Шежіре» дастанында:

«...Шөлдерде газер жераны

Жеранға құрған араны...» -

деген жолдарды да келтіреді.

Біздің Маңғыстау қазақтарында да «Ажалды күні ақ киік, андамай түсер аранға», «Аузы арандай ашылып», болмаса үлкен кісілердің әлі жастық желігі басылмаған, ақылынан істеген ісі бұрын жүретін қызбалау балаларына «Шырағым, абайла, орынсыз арандап қалып жүрме» деген сөздері де ертеден келе жатқанын байқатады.

Аң аулауға арналған осындай құрылымдар Сирияның, Иорданияның, Шығыс Палестинаның, Аравияның шөлдерінде де кездеседі екен. «Шөл жыланы» аталған бұл құрылымдар мен Үстірттің «арандары» жоғарыдан қарағанда өте ұқсастығымен таң қалдырады. 1925-1930 жылдары А.Пойдебар Сирияда кең көлемде археологиялық аэротүсірілімдер жасаған. В.Н.Ягодин өзінің аталған еңбегінде А.Пойдебардың: «Бұл ежелгі құрылымдар бастапқы әзірде қорғаныс, бекініс қызметін атқарып, кейінгі уақыттарда түземдіктер оны аң аулау үшін пайдаланған болуы мүмкін» дегенін келтіреді.

XX ғасырдың басынан бастап өлке жеріндегі аңшылардың негізгі қаруы қақпан мен мылтық болды. Әңгіме айтушылардың деректеріне қарағанда өткен ғасырларда тор, ау құрып, құс салып аң аулайтындар да болған. Оны Р.Карутц өз еңбегіне арқау еткені белгілі.

Осы күндері сол арандардың өлке жерінде сақталғандары да, уақыт өте келе құлап орындары қалғандары да бар. Оларды жан-жақты зерттеу, ғылыми деректемелер жасап маңызын айқындау алда тұрған негізгі міндеттердің бірі. Өлке тарихымен айналысып, оның өткені мен бүгінгісі туралы еңбектеніп жүрген азаматтардың бірі – Алқажан Еділхан. Түбек жерінде кездесетін арандар - «байлама» туралы оның «Қазақ ордасы» журналында (2003. № 2-3) жарияланған зерттеулерінде айтылады.

АҢШЫ НҰР ТУРАЛЫ

Маңғыстауға белгілі атақты аңшы Бабық Нұрды көзім көрді. Адамдардың бір-біріне деген пейілі, қамқорлығы, жарылған жүгерідей аппақ көңілдерінің суымаған уақыты ғой. Әке-шешелеріміз бірге отырды, бір аяқ қара суды бөле ішетін. Ол кездері қатар отырған адамдардың ағайыннан артық болып араласатыны сондай, рулары бөлек болса да, бір-бірінің келіндері үлкендерін көргенде, иіліп сәлемін жазбайтын. Оның менімен құрдас Рахмет деген баласы болды. Бірге ойнайтынбыз. Мына Аққуыс-Шөжікте қатар отырдық. Қыста, күн шуақты болғанда илеу тышқандары далаға шығып, бір іннен екіншісіне жүгіріп жүреді. Ауылымызда Нұрдың, ия сол сияқты үлкендердің қақпан құрып, аң әкелгендеріне еліктеуіміз шығар, әлгі індердің аузына кішкене қақпан құрып тышқан аулайтынбыз. Болмаса есік алдындағы күл-қоқысқа жиналып, қарқылдап жүретін қарға ұстайтынбыз. Баланың білмейтіні бола ма, есік алдындағы күлге тасталған сүйектерді қатарластыра жинастырамыз да, арасына білдіртпей қақпандарымызды құрып, анадай жерде аңдып отырамыз. Қарға бір шұқып, екі қарайтын сақ болса да, алдындағы мүжілген майлы сүйектерді шоқып жүріп ақыры қақпанға түседі. Оның қақпанға түскенін көрген қалғандары аспанға ду етіп көтеріліп төбеде қарқылдап жүреді. Есейе келе үлкен андарға арналған қақпандарды құрып үйрендік. Аңшыға керекті құрал-саймандарды жасауды, оны қалай пайдалану жолдарын меңгердік.

Беріректе ауыл ортасындағы ол кісінің ұста үйінде көрігін бастық, тәлімі, тәрбиесі көп әңгімесін тыңдадық. Ондай әңгімешіл адамдар сирек кездеседі. Есіңді кетіре майын тамызып айтатын. Бірақ қолы істе болатын. Біреулер сияқты бәрін кейін ысырып тастау ол кісіде жоқ еді. Қайта балғасын шыңылдатып төске ұрып, болмаса қып-қызыл темірді шыжылдата суарып жатқанда айтатын әңгімесі қызықты болатын сияқты еді.

Аңға да бірге шығатынбыз. Оның әрбір сөзінен, басқан қадамынан көп нәрсе үйрендім. Алдымда келе жатқан Нұрекең аңды атады. Мен артында қалып оның жайылып жатқан аңға барғанша не істейтінін бақылаумен боламын. Шамам келгенше оның әрбір қозғалысын, қимылын, аңға жасырынып жету жолдарын жадыма тоқығым келеді. «Қарақұйрықтың көзі тас төбесінде» деуші еді Нұрекең. Бұл сол аңның көргіштігіне, ерекше сезімталдығына байланысты айтылған сөзі. Оған қарама-қарсы «Киікті өзінен бұрын көрсең, міндетті түрде оқ шығарасың» дегені қарақұйрыққа қарағанда киіктің аңқаулау екендігін айтқандағысы болатын.

Артынан біз мал бағып кеттік. Нұрекең Ұштағанда. Анда-санда жолым түскенде міндетті түрде соғып сәлемдесіп кететінмін. Кейде өзінің тапсырмасы бойынша жүзгіннің көмірін дайындап әкеліп беремін. Ол уақытта Кемпірқұмда отырдық. Қой құм арасында бытырап жайылып жатады. Жер от болса, ит-құстан аман болса қойшының кешке дейін не істеймін десе де қолы бос. Алдағы күндердің бірінде Ұштағанға баратын есебім болса, Нұрекеңнің өткенде айтқан тапсырмасын орындаймын. Құм арасында өсіп тұрған қураған жүзгінді өртеймін. Әбден жанып бітіп қып-қызыл шоқ болғанда оны құммен көміп тастаймын. Ертесіне келіп құмды аршығаныңда қара көміршек болып жатады. Соларды ештеңесін қалдырмай сыпырып жинап аламын да, Нұрекеңе апарамын. Осылар көрікпен үрлегенде қып-қызыл көмір болып жанады. Қызуының күштілігі сондай, кез келген темірді балқытады.

Нұрекең темірді тезекпен қыздырып соққан кезім де болды деп отырушы еді. Ол үшін етегін кең қылып қалап, көтерілген сайын тарылта түсіп ең жоғарғы бөлігінде ауыз қалдырамын. Сонда мұның қызуы көмірден кем болмайды. Талай темірді осылай соққанбыз. Бабын тапса болмайтын нәрсе жоқ. Осы күні ғой, арнайы көмір алдыртып жататыны. Адам баласының дайын затқа ұмтылатыны сондықтан. Ата-бабамыз даладан тасымай-ақ, өз топырағындағы мүмкіндікті пайдалана білген. Ал, кәзір солардың көбі ұмыт болып барады деуші еді.

1972 жылы Нұрекең біздің ауылға келді. Атын ауылға тастап мотоциклге мініп екеуміз Жабайұшқанға барып қасқырға қақпан құрдық. Ол кісінің ерекше қасиеті шығар, көп ұзамай біраз қасқырды алды. Артынан қайтатын уақытым болды деп, қақпандарын қайта құрып маған тапсырып кеткен-ді. Содан кейін екеумізге бірге аңға шығуды тағдыр жазбады.

Мен Нұрекеңмен қанша кездессем де, талай түнде қара шәйнекті қайната отырып әңгімесін тыңдасам да мейірім қанған жоқ еді. Өйткені өмір бойы далада болып, сол даладағы аң-құстардың тыныс-тіршілігін білетін, олардың бар мінез-құлқын бойына сіңірген әйгілі аңшының айтары көп еді. Халқымыздың асыл өнерінің бірі болып табылатын аңшылықтың биігіне көтерілген адам болатын. Әттең, кезінде оның қасында болып аузынан шыққан әрбір сөзін жазып алып отырғанда, кейінгі ұрпаққа мол мұра қалатын еді ғой.

АҢШЫНЫҢ БІР КҮНІ

Маңғыстау халқы мал өсіріп, бар ырыс несібесін соның үстінен табатыны белгілі. Бірақ сол малдың жайылымы, қыс ыстауы мен жаз жайлауының өзі көп еңбекті, көп біліктілікті қажет ететіні даусыз. Ала жаздай қоныс аудармай бір жерде тапжылмай отырып, күн ұясына батпай-ақ малын иіріп әкеліп торға қамайтын, тал түске дейін өшін ұйқыдан алатын кәзіргі қойшылардың тірлігін бір кездегі мал қадірін, жер қадірін білетін шалдарға жеткізсе, әй қайдам, ешқайсысы да маңдайынан сипай қоймас. Мал соңындағы бақташы өз өрісіндегі шөптің құнары, жердің ықтасыны ғана емес, оңай жерден опық жегізетін даланың ит-құсын да көзінен таса қылмайтын. Қырқа астында әріден орағытып кетіп бара жатқан бөрінің зымиян ойларын одан бұрын сезіп, алдын ала қамданатын, қанаттас көршілеріне хабар беретін. Күштері келмей бара жатса қолы киелі, қақпаны қанды болып келетін атақты аңшыларға арнайы ат сабылтып барып өтініштерін айтатын. Онсыз да даланың тыныс-тіршілігіне көзін тігіп, құлағы түрік жүретін аңшы бұл хабарды естісімен-ақ қақпанын арқалап тау-тасты жағалайтын. Жыламсырап ағып жатқан ыза бойындағы аңдардың шиырлап тастаған іздерін тіміскілеп жүріп қақпанын құрушы еді. Үйіне келгесін де тыныш жата алмай, жүрегі әлденені сезген аңшы араға күн салып, тағы да аяғын үзеңгіге салып жататын-ды. Жолда келе жатып қақпан құрған жерінің ой-қырын көз алдына елестетін. Аяғына желімше жабысқан қара темірді қаншама тістелеп, қаншама арпалысса да босата алмаған бөрінің қай жерде жатқанын да шамалар еді.

Аңшының қарасы көрінгеннен-ақ қасқыр одан құтылу үшін барын салады. Манағы жіліншігін тас қылып қысып, жанын ауыртқан қақпанның салмағы да білінбегендей үш аяқтап бұрынғы дағдысымен қиын жотаға қарай тартады. Бірақ, шынжыр ұшындағы қармақ біресе тасқа тіреліп, біресе бұтаға ілініп діңкелетіп барып отырғызады. Қай малдың да құтын қашырып, есін алатын, шәуілдеп үрген иттің құйрығын бұтына қысып, иесінің артына тығылған кездерін талай көрген бөрі еді бұл. Бір шетінен кесіп өткенде тісі тиген, үстінен аттаған малдары пері соққандай орнынан тұра алмай домалап жататын. Енді міне, ол дәурен көзден бұл-бұл ұшып аяғындағы қақпан мен мұны үнемі аңдып жақындап қалған екі аяқтының өзінің түбіне жетер тажал екенін тағы бір түйсік арқылы сезген қасқыр, дәрменсіздігіне налығандай тұмсығын көкке көтеріп ұлиды, іле арпылдай үріп кейін бұрылады. Бұл оның соңғы айласы, соңғы амалы. Көзі қанталап өзіне жақындап қалған аңшыға бар күшін салып атылады. Бірақ кәнігі қолдан шыққан қатты соққы қара тұмсықтан тиіп ештеңе ойлауға да мүмкіндік бермей, жерге жабыстырады. Бірде Талақтың ойы, бірде бұйра-бұйра болып созылып жатқан Бостанның құмы, Кіндіктінің құдығы, Үстірт асар қия жолдар көз алдынан бірте-бірте алыстап бара жатты. Жүрегіне түк біткен аталары әрбір басқан қадамына есеп беріп «мен тек қақпаннан қорқам», - десе де ақыры соның құрбаны болып еді. Енді сол құрсау мұны да қолына түсірді.

Осы бір мұп-мұздай темір арқалаған адамдар бұл өлкеде көп те емес. Өздері жаяу жалпы. Солай бола тұрса да құлағына құдай сыбырлағандай қашан да бұлардың алдынан шығады. Асықпайды. Шың үстіне шығып алып қолындағы жұдырықтай темірін көзіне тақап, төмендегі сай-саланың ұңғыл-шұңғылына дейін қарап тұрғаны. Әсіресе бұл жатқан жерге келгенде көп кідіреді. Шың қойнауындағы қарағанды қалқалап жатқан қасқыр да тапжылмайды. Әшейіндегі аштығын, арықтығын білдірмей күдірейіп көрінер жүндері де су тигендей денесіне жабысып жерге кіре түседі. Артқы аяғын бауырына созып сояудай тырнағымен бір тартып өткенде бұқпа жатағы кеңіп сала береді. Бірақ осы кезде аңшының мұнымен ісі болмай, үш-төрт қақпанын қапталына байлап, тастан тасқа секіріп төмен түсе бастайды. Жасы біразға келсе де жас жігіттен артық. Мылтығы арқасында. Жүрек шайлықтырар темір мен дәрінің исін сезген қасқыр аңшымен одан әрі тіктесуге жігері жетпей, орнынан атып тұрып жоғары қарата қиялай тартады. Аңшы дым болмағандай, ештеңе көрмегендей кетіп барады. Әлдебіреулер құсап артынан мылтық та атпайды. Қасқыр жүрген сүрлеуге, жан-жағына қарап тұрып ана бір айналма тастың ығына, төменгі ыза бойына өскен қамыс ішіне қақпанын құрып, тағы да тастан тасқа секіріп жоғары жақта қалған көлігіне бара жатады. Содан ештеңе көріп сезбегендей екі-үш күнді артқа тастайды. Ал, қасқыр болса сол жерді алыстан бақылап бір күнді зорға өткізеді. Өйткені шың астында көлеңке сағалаған жылқылар да, жан-жағына едірейе қарап, құлап, түсіп жүрген аңдар да аранын аштырып барады. Бүлкілге басып әлгі жаққа бет алады. Осы кезде өткенде малын алдыртып ашуға мінген үш-төрт малшы тегістікті пайдаланып, гүрсілдете мылтық атып соңынан түседі. Бөрінің бұған жаны ауырып, жүрегі шайлыға да қоймайды. Өзіне таныс жырадан қарғып шығып, келемеж қылғандай асықпай артына қарап, әлгілерден бірте-бірте ұзап бара жатады. Сайға келіп кілт кідірген машина өз шаңына өзі көміліп, үстіндегілердің қалай болса солай атқан оқтарының ысқырып өтіп, айдалаға маңып бара жатқанын сезеді. Тек осылар болса керегін кертіп жеп, аузы жылы қаннан арылмас еді ғой. Машинаға сыйғанынша мініп, қаудырласа сөйлесіп мұның орағыта салған алдамшы ізінің соңында діңкелеп кешке дейін жүретін талай «аңшысымақтарды» көрді емес пе. Бұған ең қиыны жаңағы Алдаберді сияқты атқан оғы жерге түспейтін аңшылардың осы аймаққа келіп кеткені.

Шың басына бұқпантайлап келіп жата кетті. Төмен қарап кешегі өзінің жатқан жерін, суатқа түскен іздерін көрді. Көзге қораш ештеңе байқалмайды. Тек ылғал жерді жағалай өскен, әлі өңі тая қоймаған қалың жантақты толтыра асап, асықпай күрт-күрт шайнап тұрған жас тайлақтың сілекейіңді шұбыртар исі ғана білінеді. Одан артық шыдап тұра алмаған бөрі жерге жабыса төмен түсе бастайды. Салмағын салмай аяғын еппен басқаны соншалық, артындағы ізі болар болмас көрінеді. Кешегі жатқан жеріне жақындады. Танауын жыбырлатып иіс алды. Топыраққа сіңген өз сарығына қосыла шыққан темірдің де исі бар сияқты, ілгері жылжудың қауіпті екенін білген қасқыр көткеншектеп кейін шегінді. Шоқиып отырды да бұрынғы түсіп шығып жүрген жолынан ауып айналма тасқа беттеді. Кенет қанша аңдып басса да, алдыңғы аяғының төмен түсіп бара жатқанын білді. Бір нәрсені сезгендей жан ұшыра ілгері секірді. Бірақ, бәрі де енді кеш еді. Шарт ете түскен дыбыспен бірге жіліншігін тістей қадалған қақпан топырақ астынан қоса шықты. Қанша арпалысып тістелесе де қара темір мыңқ етпей жабысты да қалды. Бұл талаған, мұның тісі тиген не нәрсе болса да оңбаушы еді. Ал, мына аяғына жабысқан темірдің ештеңесі кетер емес. Құмның құлығындай қозғалған сайын денесіне сіңіп барады. Қақпанмен арпалысып жүріп домалап біраз жерге барыпты. Қиялай жоғары шығып кетудің мүмкін еместігін білген бөрі енді үш аяқтап төмен қарата қозғалды. Бірде дәрменсіздігіне налып көмек сұрағандай тұмсығын көкке созып ұлыса, бірде ызаланып абалап өз аяғын өзі қабады. Күн қызылға еніп, айналаны бірте-бірте қараңғылық баса бастады.

Қызарып таң атты. Алыстан бұл жақтыра қоймайтын машинаның даусы естілді. Бөрінің көз алдына тау түстес ақсұр киім киген кешегі мұртты аңшы елестеді. Жаныңды жадыратар жазғы күннің таңғы салқыны әлгі дауыстың осы бағытқа келе жатқанын аңғартады. Ешқайда бұрылмастан тұп-тура шыңның жиегіне келіп тоқтады. Кілт тоқтаған машинаның артынан бір елі де қалмай қуып келе жатқан шаңға қосылып бензин мен дала құмындағы шағыр мен жусанның исі қоса шықты. Бұған баяғыдан бері етене таныс мұртты аңшы асықпай жерге түсті. Көлігінің артқы есігін ашып дорбасынан үстінен өмірі тастамас ақсұр киімін алып киді. Шошайған мылтығын иығына ілді де, дүрбісімен тау-тасты тағы да сүзе бастады. Ербиіп қасында тұрған, қызық үшін келген жолдасының даңғырлап елді басына көтере сөйлегені ұнамады ма, қолын сілтеп тоқтатып тастады. Кәнігі аңшы қасқырдың қақпанмен арпалысқан іздерінің құлама тастарға қарай беттегенін көрді. Артынан аңшының келе жатқанын білген қасқыр одан әрі шыдай алмай, алдыңғы аяғын көтере ақсаңдап күз етегіндегі тарам-тарам сай бойында өскен қамысқа беттеді. Тастан тасқа секірген аңшы соңынан тартты. Кетіп бара жатып мылтығын оқтады. Қасқыр да бірдеңені сезгендей жылдамдата түсті. Бірақ шың жаңғырықтыра гүрс еткен мылтық ұңғысынан шыққан оқ дегеніне жеткізбеді. Қаңқ еткен дыбысымен бірге үш-төрт домалап барып етекке түсті. Аңшы өліп жатқан қасқырдың қасына келіп өз ісіне, әлде арланға сүйсінгені белгісіз: «Па, шіркін, нағыз көкжалдың өзі екен» деді. Қолын бұлғап, тас үстінде шоқиып отырған жолдасын шақырды. Тізесі дірілдеп алдында кездескен әрбір тасқа жабыса, әрбір бұтаны айналып өтіп келе жатқан серігінің жүрісіне көңілі толмай «мертігіп қалмас па екен» деп ойлады. Оның әзір жетпесін білген аңшы жанынан кездігін алып, бөрінің терісін сиыруға кірісті. Бірақ, іле ол ойынан қайтып ана келе жатқан «аңшының» көруі керек екені ойына түсіп, кездігін қайтадан қынына салды. Ыза бойын шиырлап тастаған түлкінің, қарсақтың іздеріне қарап отырып, көңілі толмай басын шайқады. Қамыс ішіндегі анда-санда сыбдырлап қозғалған дыбыстан екінші қақпанның құрбаны болған түлкі екенін көрмей-ақ біліп отыр. Осы кезде асай-мүсейін мойнына асқан жолдасы да келді. Тұмсығымен жер сүзе құлаған қасқырдың аузынан ағып жатқан қанды көріп, енді тұрмасына көзі жеткесін олай-бұлай ойқастап суретке түсірді. «Ана келе жатқан қасыңдағы жолдасың мені тірі кезімде суретке түсіріп алсын» деп бөрінің кідіретіне көзі жеткен адамша:

– Бекер ертерек атқан екенсіз, - деп қояды. Арасында камерасының да істемей қалғанын, құм арасындағы кешегі қонып шыққан қойшының ауылында тоқтың жоқтығына ренішін айтуды да ұмытпады

– Е, қарағым-ай, Маңғыстау жері ұлан байтақ шөлді аймақ. Бұл жердегі малдың қонысы табиғатпен тікелей байланысты. Ылғал көп болса мына біздер отырған Үстірттің үсті малға ырыс болып жайқалып жататын. Кей жылдары есік алдынан көп ұзамай-ақ сол малдың шаялап қалатын кездері болады. Ондай уақыттарда қойшыларға да құдайдың бергені. Малдың суатқа келетін кезінде ғана құдық басында болып, қалғанын оқудан демалысқа келген балаларына тапсырады. Өздері бір ауылға түстеніп, екіншісіне қонып дегендей той-томалағынан қалмай бір жырғап қалады. Ал, биылғыдай жылы оларға қиын-ақ. Көрмейсің бе, ала жаздай ештеңе тамған жоқ, көктемде басын қылтитқан аз ғана шөп болса күйіп кетті. Енді оларға алдындағы малын арытып алмау үшін жиі-жиі қоныс аударып қонуға тура келеді. Ол оңай шаруа емес. Оның үстіне «Жұт жеті ағайынды» дегендей мұндай уақытта даланың ит-құсы да көбейіп кетеді. Баяғы совхоз, колхоз кәзір жоқ, көбі жекешеленіп кетті, аз ғана бөлігі шағын серіктестіктер қарамағында. Сондықтан бұрынғыдай емес, қой соңындағы малшыларды жан-жақты қамту жайы да мәз емес. Бірде көлігі бұзылады, бірде оған құятын бензині таусылады. Барған үйіңде камераңды зарядтап алатын мүмкіндіктің болмауы да сондай қиындықтардан ғой. Онан басқа кішкене моторын тырылдатып қыздырып жарықта отырғаннан кім қашсын. Фотоаппаратың бұзылып қалмаса болғаны. Соған риза боласың-дағы. Кел, енді қарап тұрма, маған көмектес, қасқырды сойып терісін аламыз. Көзің көріп, қолың үйренгеннің болашақта пайдасы тиеді. Бұл да өнер. Кәзіргі уақытта ауылда тұрса да малды соймақ түгілі, бауыздай білмейтіндер де табылады. Қалада тұратын сендерге сынның жоқтығы белгілі ғой. Осының бәрі үйренейінші, білейінші деген талаптың жоқтығынан болады. Ал, ана артқы сирағынан ұста, - деп аңшы іске кірісті.

Содан екеулеп жүріп қасқырды сойды. Көмектесті деген аты болмаса қасындағы жолдасының бітіргені шамалы. Әйтеуір аңшының айтқанын ғана істейді.

– Ал енді сен шәй қайнат. Құрал-жабдықтар да, алып шыққан тамақтар да кешегі көрген дорбаның ішінде. Көрмейсің бе, күн көтерілмей жатып-ақ ыси бастады. Көп ұзамай жүріп кеткеніміз мақұл болар. Онша қашық емес жерде Бесбұлақтың құлауы бар. Сонда барып көлеңкелерміз. Ол жаққа бармағалы да біраз уақыт болды. Үстірт үстіне көтеріліп, түсетіндер бұл бағытта Сынды мен осы Бөрібас арқылы жүреді. Ал, кәзір Бесбұлақтың қандай екенін білмедім. Бұрыннан да қиын жол еді. Машина көп жүрмесе, қардың, жаңбырдың суынан одан әрі қиындаған шығар. Тәуекел етерміз. Ол жерде осындай күн ыссыда аңның, ит-құстың паналайтын сай-саласы, жықпылы көп еді. Жылымшылап ағып жататын бұлақтары да болатын. Бұл жерден көп ештеңе байқалмайды. Өткенде құрып кеткен қақпандар да сол күйінде жатыр екен. Жаңа ізінен байқадым, мына алған қасқырымыз екеу екен. Қасындағы қаншық қасқырдың бұл маңайға енді із салмасы анық. Аңның да құмалағы сирек, малды ауылда әріректе, сол Бесбұлақ бағытында,-деді аңшы қасқыр терісін тұздап жатып.

Шәйға қанып, құрыс-тұрысы жазылған аңшы көмекшісіне жинастыруды тапсырды да, қолына дүрбісін алып шың жиегінен төменге қарата тағы да көз салды. Бойына біткен қасиет пе, аңшы біткеннің бәрі солай ма, әлде аңшылық өнер соны талап ете ме, әйтеуір асықпайды. Бір нәрсе ойлағандай әрі-бері тұрды. Өзін күтіп машина қасында тұрған көмекшісіне қарап қояды. Көп ұзамай қайтып келді. Жүргізушіге тән қасиетпен машинасының жан-жағын қарап шықты да, «иә, сәт» деп рөлге отырды. Үстірт үстіндегі асфальтқа бергісіз тақтайдай тегіс жолмен артына сызылтып шаң қалдырған көк «УАЗ» Бесбұлақ бағытына бара жатты.

ҮСТІРТ ҮСТІНДЕ ӨТКЕН БІР АЙ

(Бабық Нұрдың баласы Рахметтің естелігі)

Мен мектеп табалдырығын негізінде 1948 жылы аттауым керек еді. Бірақ сол уақытта сонау Үстірт үстіндегі Аққуыс, Шөжікте отырған біздерді ойдағы мектепке жеткізу қиындығы болды ма, әлде ол жылдары ондай кешігіп қалатындарға жеңілдікпен қарай ма, ол жағын білмедім, әйтеуір мен бірінші сыныпқа екі жылдан кейін 1950 жылы бардым. Алтыншы сыныпта оқып жүрген кезім. Сол 1956 жылы ағам Сабытайды қызмет бабына байланысты Тұщыбектен Ұштағанға ауыстыратын болды. Жұмысын тапсырып колхозбен есептескенде ағамыздың берешек борышы болып шығады. Борышына өтейтін қаржысы болмағандықтан, оның орнына әкеміздің мініп жүрген атын беретін болады. Әрине, ол өзінің шешімі. Сондықтан әкемізге келіп болған жайды айтады.

– Колхозға бережақты болдым. Бәрі де бала-шағаның қамы үшін жасалған нәрсе ғой. Ұрлаған жоқпын, біреуге жасаған қиянатым болмағанын өзіңіз де білесіз. Соның өтеуіне сіздің мініп жүрген атыңызды беремін деп кеттім. Соны айтып алдыңыздан өтейін деп келдім, - дейді.

Әкем аңға шыққанда да, күнделікті шаруаға да мінетін сары атын қимаса керек:

– Колхозыңа міндетті түрде менің астымдағы ат керек емес шығар. Бережақ ақшаңның өтеуін басқа жолмен қайтарсақ болмай ма. Мен бір-екі ай тау жағалап қасқыр аулап қайтайын. Құдай сәтін сатса бәрі де реттелетін шығар. Осыны барып түсіндір. Қасыма ана колхоздың жұмысында жүрген Рахметті қос. Рұқсатын алып бер, - депті ағама.

Әкемнің Сабытай ағама осындай ұсыныс жасауын да мән бар еді. Ол кездері кез келген қасқыр аулаушыларға берілетін көтерме сыйлықтар болатын. Үлкен қасқырдың терісін әкелгендерге бір ірі қой, күшіктің терісін тапсырғандарға бір тоқты берілетін. Сондықтан шың жағалап бір-екі ай жүріп қайтса, ағамның колхозға бережақ ақшасын қайтаратындай қасқырды алатынына сенімді болған. Әрине, әкемнің бұл ұсынысына ағам да, колхоз басшылары да келіседі. Қанша дегенмен елге атағы шыққан аңшы, құрған қақпанының құр болмайтыны о бастан да белгілі.

Ол уақыттарда колхоз өзінің жұмысына керек болса жазғы демалыста жүргеніне қарамай балаларды да салатын. Біз сол жылы қалың өскен мортықты жұлысып шөп ауылда жатқанбыз. Артымнан келген ағам мән-жайды түсіндіріп мені ертіп кетті.

Ауылға келгесін көп айналмадық. Әкем дайын отыр екен. Қасымызға Кісібай деген әкеммен замандас ақсақал да еретін болды. Астында құла аты бар, әкемізде сірә өзінің бұрыннан мініп жүретін сары аты. Маған да өзіме лайық көлік табылды. Бағытымыз Үстірт. Әкем жолымыздан сол бұру болса да Ақшабайдікіне соғып сәлемдесіп кететінін айтты. Бұлар бір-бірімен талай жыл бірге отырған, ағайыннан артық болып араласып кеткен адамдар. Заманның қиын кезеңдерінде бірінде жоғын бірі беріп көмектескен, колхоздың демалыс дегенді білмейтін мігірсіз жұмыстарында ер-азаматын жоқтатпай бала-шағаларына, алдындағы аз ғана малдарына бас-көз болып жүріпті. Әкем оның Алдаберді дейтін менімен құрдас баласының бар екендігін де айтты. Көп ұзамай бағыт алып келе жатқан ауылымызға да келдік. Үлкен кісілер бір-біріне деген сыйластығын, құрметін көрсетіп құшақтасып амандасып жатыр. Әп-сәтте бәрін алдымызға қойған дастарханы да дайын болды. Кезектесе сөз алған үш ақсақалдың әңгімелері таусылар емес. Соғыс кезінде көрген қиындықтары да, «шүкір» деуге келетін кәзіргі жайлары да, даланың ит-құсының қай жерде көбірек көрініп жүргені туралы да айтылып жатыр. Алтыншы сыныпты бітірген баланың олар айтқан қай сөзі есінде қалсын. Маған салса осы кеңшілікті пайдаланып, Алдабердімен танысып, ойнағаным жақсы еді. Бірақ, ол құрдасым біз барғанда ауылда жоқ болып шықты. Әңгімелерін тыңдап жатып ұйықтап кетіппін.

Әкем ерте тұрып кетті. Біз ұйқымызды қандырып тұрдық. Таңғы шайды алдымызға ала бергенімізде әкем де келді. Артына өңгеріп алған арқардың үлкен құлжасын түсірді.

– Ақа, мынау саған арнаған сыбағам. Біз осыдан аттанып кеткеннен кейін біраз уақыт далада боламыз. Шаруамыздың қашан бітетінін, елге қай уақытта оралатынымызды бір Алла біледі. Түнде өзіңе айтқан, баланың колхозға бережағын өтейтін қасқырларды аулап қайтуымыз керек. Бір-бірімізге деген ықылас-пейіліміз бөлек еді. Құдай сонымыздан айырмасын. Әңгімеңді тыңдап қасында болғанның өзі мен үшін үлкен ғанибет. Бүгін де осында болып ертең аттанармыз, - деді.

– Е, қарағым Нұр-ау, адам баласын бір-біріне жақындататын да, ағайыннан бетер қылып араластырып жіберетін де жаңағы өзің айтқан, артында бүкпесі жоқ таза көңілден шыққан пейілдері ғой. Оған маңдайымызға тап болған заманның қиындығының да әсері болған шығар. Бір-біріміздің қолтығымыздан сүйемесек, басымыз ауырып, балтырымыз сыздаған уақыттарда жанымыздан табылмасақ бұл күнге жетудің мүмкін еместігін бәріміз де білгенбіз. Қара суды бөле іштік, жарты таба нанды жеке отырып жұтпадық. Сен сондай уақыттарда даланың құдай сыйлаған несібесін өзіңнің емес, көптің ошағының басына әкелдің. Соғыстың зардабын көріп, денсаулығың мәзді болмаса да қабағыңды шытқаныңды байқамаппын. Ертелетіп кеттің, түнделетіп келдің. Жолыңа үмітпен қарап отырған талай қызыл қарын баланың сауабына қалдың. Құдай ел алдындағы қадырыңнан айырмасын. Біз әңгіме айтсақ мына жастарға үлгі болсын дейміз, бір-біріне деген қамқорлығынан айрылмасын дейміз. Сол айтылғандардың бірі болмаса бірін жадында сақтаса да ертеңіне үлгі. Еншалла, сенің бос қайтқан, қақпаныңды құр арқалаған кезіңді көрмеппін. Жолың болсын. Түнде түс көріппін. Бөрібас, Бесбұлақ па, әлде, Аққуыс, Шөжік пе айыра алмадым, бір ақар-шақар шыңдардың етегіндегі үлкен қуысқа кіл арлан қасқырларды қамап жүр екенсің. «Ее, Нұрдың жолы болған екен. Өзіме ішік жасайтын тері алып қалайыншы» деп саған қарата атымды тебіне түстім. Менің келе жатқанымды көріп күлімсіреп тосып тұрдың, - деп көпті көрген қария тағы да таусылмас әңгімесін бастады.

Содан бұл ауылда екі қонып жүріп кеттік. Жолда Тұзбайырдың сорына соқтық. Ертеңгі ауланатын қасқыр терісіне, күнделікті тамағымызға деп әкелген аңның етіне керек тұздарды алдық. Бұл жердің тұзы да Шопан-атаның тұзындай ірі, қатты болады. Айырмасы түсі ақ. Көп кідірмей Сындының батыс жағындағы Кертті дейтін бұлақ басына келіп шай іштік. Жан-жағымызға қарап отырып аңның көп екеніне көзіміз жетті. Анадай жерде біздерге оқырая қарап жайылып барады. Аңның көптігіне елдің аз қоныстанатыны, оның үстіне ол кездегі машинаның аздығы да әсер етсе керек.

Әрі қарата қозғалдық. Осыдан онша қашық емес жерде Батша деген су бар екен. Соның басында төрт күн болдық.

Кісібай екеуміз қаламыз. Әкем бірде қақпанымды құрып кеттім деп ерте келеді, кейде олжасын қапталына байлап кеш келеді. Бірақ сол уақыттағы негізгі қаруы мылтық болып, тек қасқыр аулайтын. Бұл жерден екі қасқыр алдық. Тағы да шың жағалап жүріп отырып Бесбұлаққа келіп кідірдік. Кісібай екеуміздің міндетіміз күркемізді құрып, әкемнің алдынан тамағын дайындау, әкелген қасқырлардың терісін тұздау. Бесбұлақта біз он екі күн болдық. Асудан сәл әрірек күншығыс бетте ертеректе қазған аңшылардың әуез құдығы бар екен. Көптен бері пайдаланбағандықтан көзі бітеліп қалыпты. Соны тазарттық. Атымызға, күнделікті өзіміз пайдалануға жететін суы бар. Сәл исі бар. Оған мән беріп жатпадық. Әкем осы жерден артымызда қалған Сынды бетке де, алдымыздағы Бөрібас бағытына да шығып келетін. Қайта-қайта орын ауыстыра беруді қолайламаса керек. Аз ғана күннің ішінде он төрт қасқыр алдық.

Алдымызда қыс келе жатыр. Табиғаттың адам баласына берген ырзығының бірі – арқар, қарақұйрық дегендер ол кезде жыртылып айрылады десе де болады. Мен солардан қарын қуырдақ дайындаймын. Оны дайындаудың да өзіндік жолы бар. Сүйегін шауып, етін түгелдей тураймын да, қазанға салып қуырамын. Піскенде шытырлап әдемі бір иіс шығады. Содан кейін қарынға бар майымен төңкеріп құя саламын. Аузын байлап жан-жағын қолмен қағып қырлайсың. Көп ұзамай майы қатқан қарын қуырдақ алып жүруге де, жинауға да ыңғайлы төртбұрышты болып шыға келеді. Қыс түскенде шетінен кертіп ала бересің. Осы жерде он бір қарын қуырдақ дайындадық. Әкемнің айтысына қарағанда біз қасқырдың терісін әлі толық дайындап үлгерген жоқпыз. Шың жағалап Аққуыс, Шөжікке, бәлкім одан әрі Жабайұшқанға баруымыз мүмкін. Сондықтан жүк үстіне жүк қылмай дайындаған қуырдағымызды бір жерге белгілеп тастап кетуіміз керек. Таудың шатқалдарынан аузы тар, жан-жағынан су келмейтін үңгір тауып, әлгі қуырдақтарды соның ішіне жинадық. Одан кейін аузын тышқан да өте алмайтындай қылып таспен қалап тастадық. Елге қайтарда алып кететініміз белгілі.

«Аңның өзіндік қызығы бар, ол кез келген адамды елітіп, соңына ертеді» деп жатады ғой. Бірақ, әкемнің бойындағы ерекше бір қасиеті – аң алдынан шұбырып өтіп жатса да, оларға орынсыз оқ жұмсамайтын. Қызығып бірінен соң бірін домалатып жан-жағын қан сасытып жатуға әуеден-ақ қарсы болатын. Аң төлдеп, лағын соңына ертіп, өздігінен тамағын тауып жейтін кезге келгенше үйден шықпайтын. Тек анда-санда сыртынан бақылап өз малын көргендей сүйсініп жүретіні есімде. Әкелген аңының еті таусылғанда ғана барып, екіншісін әкелуші еді.

Кісібай ақсақал көбіне менің қасымда қалады. Өзімен бірге алып келген бес қақпаны болды. Қарап жүрмейді, соларды құрады. Бірақ, соның бірде біреуіне қасқырдың түскені есімде қалмапты. Көбінде түлкі, қарсақ, анда-санда қарақұйрық ілініп жатады.

– Ай, Рахметжан-ай, бұл жақтың қасқыр, арқарлары да ақылды шығар. Қартайғанда аңшылық құрған Кісібайдың қақпанына түсуді олар да ар көреді білем. Өйтіп ел алдында ұятқа қалғанша, Нұрдың мылтығының қарауылына іліккеніміз жақсы дейді-ау шамасы. Онан басқа менің бес қақпаныммен талай қасқыр, талай арқарды алатын уақыт болып еді. Онда тіпті масқара болып үлгере алмайды екенбіз. Екеуміздің жайымызды білгеніне де шүкір, - дейтін кеңкілдеп күліп қақпанға түскендерін сойып жатып.

Көп ұзамай бұл жерден де қозғалдық. Әкем Қожақорғанға барып ойға құлаймыз деген. Ол уақытта қиындау болса да сол жерден ойға құлайтын түйе жолдар болушы еді. Шың жиегіндегі құлау үстінде ескілікті қойымшылық бар. Ал төменде, тау етегінде дара тұрған, жан-жағы құлама төрткүл Қожақорған аталады. Айтушылардың әңгімесіне қарағанда осы жерді ертеде қожалар мекендепті. Аққуыс, Шөжік, Көлбайдың төрткүлі сияқты таулармен қоршалған ойда олар сонау ерте заманнан егін егіп күнелткен. Күні бүгінге дейін жан-жақтан ағып келер суды тоқтатқан бөгеттердің, егіншіліктің орны сақталған. Тіпті беріге дейін соларды пайдаланып жүгері, тары егушілер болыпты. Қай уақыт екені белгісіз, дін жолынан ауытқымай өз мәпеханасымен өздері күнелтіп отырған елге түстіктен келген жау кенеттен тап беріпті. Ауылдағы әйел, бала-шағаны әлгі төрткүлдің үстіне шығарыпты да, қолына қару ұстауға жарайтындары қарақұрым болып келе жатқан басқыншыларға қарсы тұрыпты дейді. Өздерінің шегінер жері, қашып құтылар саңылауы жоқ екенін білген қожалар соңғы демдері қалғанша арпалысыпты. Шама келсе жаудың жолына кесе көлденең тұруға, бір адым болса да ілгері жібермеуге тырысыпты. Бұл қиян-кескі ұрыста өздерінің түгелдей жер құшатынын біліп, төрткүл үстінде қалған өмір жалғасы -балаларын соңғы демдері қалғанша қорғапты. Құдай қолдады ма, әлде қадалған найза, кескен қылышқа қарамай ат тұяғының астында жатып та арпалысқан елдің қайсар қылығын көріп, енді жолдарының болмайтынын сезді ме, жау кейін қайтыпты. Ана шың үстіндегі көп қойымшылық сол қырғынның куәсі көрінеді.

Сол Қожақорғаннан құлаған біздер ешқайда бұрылмай тұп-тура Жабайұшқанға келдік. Тау етегінде ағып жатқан бұлақ бар екен. Соның басына келіп заттарымызды түсіріп, атымыздың белін босаттық. Өзімізге көлеңке жасадық.

– Мен тау жағалап қайтайын. Бүгін осында қонып ертең Оғыландыға соғамыз. Бүгін тап болған бір құлжаны Атаның аруағына бағыштармыз. Содан соң қайта түсіп жатпай үстімен жүріп отырып, Аққуыс, Шөжікке барып біраз аялдайтын шығармыз. Еншалла, атаның аруағы қолдап дем беріп жатса осы жерде шаруамызды аяқтайтын да шығармыз. Рахметтің де оқуға баратын уақыты жақындады. Ертерек жіберермін. Оқуға дейін бойын жазсын. Көп ұзамай хабар алуға Сабытай да келіп қалатын шығар, - деп жүріп кеткен әкем көп ұзамай ет пісірім уақытта қайта оралды. Қапталында мүйізі шыр айналған үлкен құлжа.

Ертесіне ата басына келдік. Ол уақытта оның басында адам болмайтын. Осы күнгі Сәуленің тамының астында кеуек мешіт бар екен, ішінде қазан-ошағы, ыдыс-аяғы жиналған. Қазіргідей техниканың көп кезі емес, алыстан ат сабылтып арнайы келетіндерге тап болмасаң, ешкімді кездестіре алмайсың. Атаға арналған құрбандығымыз бар, демалып, шай суымызды ішіп біраз аялдадық. Мешіт ішінен қай уақытта қалғаны белгісіз жер дәмі шығып кеткен тары табылды. Содан шыңды жиектеп жүріп отырып Аққуыс, Шөжікке келдік. Осы жерде бұрынғы қойшылардың қыстауы ма, әлде уақытша салынған тұрағы ма, ол жағы белгісіз, ертеректе салынған үй бар екен. Көптен бері адам тұрмағасын құлауға айналыпты. Соны бүтіндеп бір-екі жұмыстандық. Әкемнің айтысына қарағанда бұл жерде аң да, бізге керегі қасқыр да баршылық көрінеді. Ерте кетеді, кешке жай келеді. Қанжығасына байланған қасқыр терісін алдынан шығып, атын ұстаған маған ұсынып жатады. Мен ерте тұрып өрістегі атын әкелем, шайын дайындап беріп жолға салам. Айналасы он шақты күн ішінде жағалай орналасқан Қожақорғанның бұлағы, Ақ бұлақ, төмендегі сор ортасындағы Айдар бұлақтан жиырманың үстінде қасқыр алды.

Осы Шөжікте отырғанымызда бізден хабар алуға Сабытай ағам келіп, дайындап қойған жиырма теріні алып кетті. Сол терілер оның колхозға бережағын толық өтепті.

Әкем қасқырды қалай аулайтынын көрсеткісі келді ме, әлде қайтатын уақыты болды ғой, бір күн болса да бойын жазсын деді ме, білмеймін, мені бір күні өзімен бірге ертіп кетті. Кісібай ақсақал үйде қалды. Жүріп отырып Қожақорғанның бұлағының басына келдік. Кеше осындағы қасқыр сүрлеуіне қақпан құрып кеткен екен. Қақпанға түскен қасқырдың қалың қамыстың ішіне кірген ізі жатыр. Әкем маған осы жерден күтіп отыруды тапсырды да, өзі сол іздің соңын қуа қалың қамыстың ішіне кіріп кетті. Көп ұзамай ырылдаған дауыс шықты, іле қамысты судырлата қозғалып келе жатқан қасқыр көрінді. Әкемнің айтқаны дәл келді. Қамыстан шыққан қасқыр сай бойын қуалай барып оның аяқталар тұсынан айналып кетуге бағытталды. Одан әрі айналса болды тарам-тарам сайлардың қайсысына түскенін білмей әуреге түсетініміз анық. Қолымда тек өзім алып жүретін он алтыншы номерлі мылтығым бар. Әкем аңға кеткенде қолым бос болады. Тұрағымыздың маңына жақын келіп жайылып жүрген қарақұйрықтардың соңына еріп өзімше аңшылық құратыным бар еді. Бірақ, өте сақ жануарлар мені маңына қайдан жолатсын. Секіре қашып оқ жетпейтін жерге барып артына қарап тұрады. Қалай болғанда да оқ шығаруды мақсат етіп олардың артынан атамын, болмаса дара тұрған сексеуілдің бұтақтарын мешін қылып атамын. Бірі тисе, бірі асып кетіп жатады. Бірақ, қарауылды сығалай білуді, ішіне дәрі салынған оқ атылғанда мылтық дүмбісінің өзімді соқпауы үшін мықтап ұстауды үйренгенмін.

Қасқыр жүрісін жылдамдатып ұзап барады. Әкем жас бала жазым қылып абайламай өзімді атар деп ойлады ма, әлде мені қайтер екен деп сынағысы келді ме, білмеймін, қамыс арасынан әлі шыққан жоқ. Енді кішкене кідірсем қасқырдың мүйісті айналып кетері сөзсіз. Сондықтан сығалап отырып шүріппені бастым. Сай бойын жаңғырықтыра атылған оқпен бірге қасқыр тұмсығымен жер сүзе құлады.

– Бәрекелді, атқан оғың далаға кетпеді балам. Шамасы өкпеліктен тиген болар, - деген дауысқа қарасам, әкем қасқыр ізімен емес, артымнан келіп қасымда тұр екен. Сонда барып егер мен сасқалақтап ата алмасам, ия тигізе алмасам қасқырды жібермеуді ойлап сайдың аяқталар тұсын межелеп шыққанын білдім.

– Қасқырды сойып терісін алдық. Әкем қай уақытта да іреп емес, мес қылып сояды. Соған арналған шабақты ағаштары бар, оны өзімен бірге алып жүретін. Тау етегін айналып тағы да жүрдік. Түс мезгілі. Кішкене қара шәйнекті қайнатып алдымызға алдық. Шатқал баурайын жағалап бір құлжа кетіп барады. Соған қарап отырып әкем құлағына құйыла берсін дегені шығар, аңшылықтың біздің әулетке әріден келе жатқан өнер екенін айтты.

– Біздің төртінші атамыз Майемердің ер баласы болмапты. Ертеңгі шаңырағын ұстап, желісін жалғастырар адамның болмауы оның жанына қатты батса керек. Жатса-тұрса ойлайтыны, тәңірден жалбарынып сұрайтыны бір шикі өкпе болып жүргенде айтқаны қате кетпейтін белгілі бір кісіге жолығады. Майемердің жайын жанымен түсінген әлгі қария:

– Әй, шырағым, баланы ұл, қыз деп бөлгенің құдай алдында күпірлік болар. Бес-алты қызың бар екен, соған шүкіршілік ет. Шаңырағыңды ұстар ер баланы аңсауыңның бөтендігі жоқ та шығар. Меселің қайтпасын, мен саған бір ырым айтайын. Алланың пендесіне деген шапағаты мол ғой. Бәлкім, жатсаң, тұрсаң да ойыңнан шықпай жүрген арманың орындалып та қалар. Сен белгілі Өтер қалпе шешеміздің баласы едің. Бұл шешеміздің қасиеті, көріпкелдігі бүкіл елге белгілі. Кезінде Бекет атамен тілдескен адам ғой. Әулие Бекетпен тілдесуді тағдыр кез келген адамның маңдайына жаза бермейді. Сол анаңның басына барып түне. Өзіңмен бірге мылтығыңды ала бар. Болмаса сатып ал. Басында бір емес, үш күн жат. Еншалла, тілегің орындалар, - депті.

Содан Майемер атамыз бір үлкен нарға қырлы мылтық сатып алып әулие шешеміздің басына барып үш күн түнейді. Қайтып келгесін «Уа, әруақты ана, сенің құдіретіңе сендім, қасиетіңе басымды идім. Ырым қылып алған мына қырлы мылтық ер адамға ғана тиесілі емес пе еді. Ендеше сенің шапағатың тисін деген үміттемін» деп мылтықты кереге басына іледі. Алланың нұры жауды, көз қыры түсті деген осы шығар, көп ұзамай ол үйдегі шешеміз бірінен соң бірі екі баланы өмірге әкеледі. Бірінші баласына «Тілегім орындалды, жалынып, жалбарынғанымды Алла көрді, сүйіндірді» деп Сүйіндік, екіншісіне Бекен деген ат қойыпты.

Сол Сүйіндік те, Бекен де өсіп, ат жалын тартып мінгесін әкесінің ырым қылып алған баяғы қасиетті қара мылтығын арқалап жүріп, аң аулап тірлік жасапты. Ел арасында олардың мергендігі мен шапшаңдығы жөнінде әңгіме көп айтылады. Оны кезінде менің әкем, сенің атаң Оңдаған да айтып отыратын, - деді әкем. - Әсіресе Сүйіндік өте шапшаң және атқан оғы жерге түспейтін мерген екен. Бір күні жолдастарымен келе жатқанда олардың арттағысы «Сүйіндік» деп айқайлап жібереді. Оның дауысымен бірге алда келе жатқан Сүйіндіктің қамшысы да сарт ете түседі. Қатты соққыдан ат тұяғының астына «қара қашақ» дейтін жылан сылқ етіп құлайды. Сонда жолдасы Сүйіндіктің өте жылдам әрі дәл ұратын қамшыгер екеніне таң қалыпты. Оның бар айтқан сөзі «Сүйіндік», ал «жыланды қарашы» деп айтуға үлгермейді. Оның жылдамдығы сондай аузынан оқтайтын қырлының оғын оғына қоспағанмен, түтінін түтініне қосатын, - дейді екен ол туралы айтушылар.

Інісі Бекен де жылдамдығымен аты шыққан. Жас кезінде жетегінде аты бар, айдалада келе жатқанда оңай жерден мал тапқысы келген қарақшылар тұтқиылдан соңына түседі. Сонда шауып келе жатқан екі атқа кезектесе мініп ұстатпай кетіпті. Бекеннің шапшаңдығына риза болған әлгілер осы көріністі біразға дейін айтып жүріпті.

Сол Сүйіндіктен Оңдаған, Атшыбай, Тындыбай туады. Сенің атаң Оңдаған мылтыққа өте жас кезінен-ақ құмар болған көрінеді. Жасы он алтыға келгенде әкесінің тұсында ілулі тұрған қырлыны рұқсат сұрамай алып кетеді. Сонда әкесі:

– Әй, қайда барасың, – дейді. Бірақ, мылтықты таста, орнына қой демепті. Оңдағанның балалыққа салынып алып кетпегенін, мылтық оның өмірлік жолдасы болатынын, әулеттің бар тіршілігі енді соның қолындағы қара мылтыққа байланысты екенін сезсе керек. Содан кейін Сүйіндік атамыз қолына мылтық ұстамапты дейді.

Ондаған атаңның бүкіл елге жайылған «мерген» деген атағы болды. Құдайдың бойына дарытқан ерекше қасиеті болар, бос кеткен оғы болмапты. Оның тағы бір ерекшелігі қайда барса да көлікке мінбей жаяу жүреді екен. Өзі солай істей ме, әлде алдына дәулет бітпей, бар ырзық несібесін аңнан көргесін бе, әйтеуір жаяу жүріп, бұйырған аңын арқалап жаяу келетін көрінеді. Екі аң тап болса да далаға тастамай алып келеді екен. Бұған жүргіштікпен қоса қайраттың да керек екені белгілі. Бір айтқан әңгімесі есімде. Жас кезінде олар сонау Қауынды-Қорғанбай. Жазыгүрлі жерінде отырады. Сол маңда тайы, биесі аралас жүрген құланның бір үйірі болады. Соның ішіндегі бір тайды амандық болса қыста соғым қылармын деп іштей есептеп жүреді екен. Бір күні құландардың арқаға ауып бара жатқанын көреді. Кәнігі аңшы олардың енді бұл жаққа оралмайтынын сезеді де, уақыт оздырмау үшін соңына түсіп, неде болса алдын орап бір тайын алып қалайын деп жүріп кетеді. Сенектің тауына жақын «Сұлу төрткүлден» өткен жерде алдын орап үлгеріп, ұтымды жерден өзінің баяғыдан бері меншіктеп жүрген тайына оқ шығарады. Аңды қарнап, бауырын отқа көміп жеп талғажау жасайды да, елге қайтады. Содан сәресінің кезінде Қауынды-Қорғанбайдағы үйіне келіп інісі Атшыбайды оятады. Құланның тайының қай жерде жатқанын айтып, жөн сілтейді. Аңшыбай аса жершіл адам екен. Екі үй ара бір нарды қомдап таң ата аяң бүлкілмен жүріп кетіп, құланның жатқан жеріне түс ауа жетіпті. Аңды артып алып сол бүлкілмен кері қайтқанда ел жатып қалғанда келеді. Осыншама жерге жаяу жүргені Оңдаған атаңның шындығында жаяу жүріске шаршамағандығын, мықтылығын көрсетпей ме. Осы күндері бұл әңгімеге біреу сенер, біреу сенбес, ол өз еріктері. Мен саған олардың өз ауыздарынан естігенімді айтып отырмын.

Құдай тағала адамды жаратқанда алдағы өмірін маңдайына жазады дейді ғой. Сол рас білем. Әкеге, атаға бітпеген дәулет маған да бітпеді. Кәсібіміз де өзгере қойған жоқ, сол баяғы аңшылық. інім Пірімжар менен он жасы кіші. Шешем болса аурулы. Үйдің бар тауқыметі менің мойнымда қалды. Мен әкемнен мылтықты он сегіз жасымда алдым. Бұл баяғы Майемер атамыздан қалған мұра. Кезінде аузынан оқталып, сыртынан от беріп ататын білтелі қырлы еді. Соны Оңдаған атаң 1910 жылдар шамасында Бесқаланың шеберлеріне апарып екі рет қысқартып, шүріппесі салдырған екен. Мен оны қолымда ұстап, осы күнгі мылтықтар түскенше соғыстың алдындағы 1936 жылға дейін пайдаландым.

Әкем ойына бірдеңе түскендей жан-жағына қарап әрі-бері отырды. Бұл кісі жалпы әңгімешіл адам болатын. Онда адам талғау болмайды. Мал қараған жолаушы болса да, ұста үйінде көмектесіп жүрген бала-шаға болсын, шәй қайнатып кіріп-шығып жүрген келіншектер болсын бәрібір, бастаған әңгімесін майын тамыза айтып, аяғына дейін жеткізетін. Жол сапарында кездескен жайттарды, ия болмаса басқа бір адамнан естіген оқиғаларын қызықты қылып айтып жалықтырмаушы еді.

– Жасырақ кезімізде бір жылы «Қауындыны» қыстадық,- деп әңгімесін жалғастырды. – Төрт-бес үйміз. Алдымыздағы азын-аулақ малымыздың жайын баптаймыз. Аңшылық сірә, әу бастағы кәсібіміз. Қыста көбінесе түлкі, қарсақ, қасқырға қақпан құрамыз. Осы күнгідей төрт-бес бөлмелі тас үй қайдан болсын ол кездері. Соғыстың алдындағы елдің жаңа-жаңа көтеріліп келе жатқан уақыты. Үш қанат үйіміз бар. Оның бір жағында ұсталықтың құрал-саймандары, көрік орналасқан. Ол уақытта қи, тезек те көп табыла бермейді. Есігіңнің алдынан шығар малыңның құмалағы сирек болғасын қидың көп болмайтыны белгілі ғой. Түйесіңір, көтібос, теріскен, қараған сияқты сүйекті бұталарды отырған үйіміздің іргесіне әкеліп жинап қоямыз. Әрі ықтасын, әрі отын. Кешкі тамақты ішіп болғасын көрші-қолаңдар жиналып әңгіме айтып біразға дейін отырады. Қасымызда руы қараш Ізбасар дейтін ағамыз болды. Үйге кіріп босағадағы отын үстіне қисая кетеді. Күндегі дағдысы осы. Әңгімені бастайтын да, болмаса басқа айтушыға әртүрлі сұрақтар беріп жетелеп отыратын да өзі. Сөніп бара жатқан отқа қапталынан алып анда-санда бір бұтадан тастап отырады. Басынан өткен-кеткендерін де айтады. бірақ көбі аң аулап жүргенде кездескен қызық оқиғалар болып келеді.

– Кеше, - дейді ол өзіне қарап отырғандарды көзімен шолып, - түлкіге қақпан құрайын деп ауыл алдындағы ойпатқа келе жатқанымда екі қарға бір кішкентай құсқа жабылып жатыр екен. Тұра қалдым. Әлгі қарғалардың жабылып жүрген қаншар деген құс болып шықты. Апыр-ай, - деп ойладым ішімнен. Мына қаншарды екеуі жеңсе оны алып ұшып кетеді. Сондықтан шама келсе бұл екеуіне бұйыртпауым керек. Бірақ, кәзір айырсам ол қаншар оларға да, маған да жоқ. Сондықтан не де болса оның әлсіреуін күтуім керек деп тұра бердім. Жан беру оңай ма, қаншар жалғыздығына қарамай екеуіне кезек-кезек ұмтылады. Екеудің аты екеу, ақыры қарғалар дегеніне жеткен сияқты. Әлсіреп жығылған қаншарды енді алып ұшамыз дегенде таяғымды лақтырып мен де жеттім. Қаншар маған қалды. Тырнақтарына ілінген пайдасынан ойда жоқта айрылған екі қарға; «Қап, қап, мына пәле қайдан келді, енді аузымызға түсейін деп тұрған тамағымызды жырып алып, сорлатып кетті-ау» дегендей анадай жерге барып қарқылдады да қалды. Олардың зарына қараған мен жоқ, оңай олжамды арқалап үйге келдім. Жаңа ғана соның сорпасын ішіп келіп отырмын, - деп өзі де, бізді де күлкіге қарқ қылатын.

– Естеріңде болсын, - дейді оның күлдіргі әңгімесіне мәз болған жастарға қарап. -Қасқырдың бір тышым боғы құйрығының аузында тұрады.

Біз тағы да күліп: - Ізеке-ay, оны қайдан білесіз, - дейміз.

Ізекең жауап беруге асықпайды. Қапталына батқан қарағанның бұтағын асықпай отқа тастайды да:

– Мен қақпанға барғаннан кейін сендер сияқты оның қауып жатқан қасқырына, түлкісіне бірден ұмтылмаймын. Жан-жағыма зер салып қарап, қай жақтан келіп түскенін анықтаймын. Қасқырдың қақпанға түскен жерінен екі қадамдай жерде қап-қара болып шұбатылып тезегі жатады. Қақпан қасиетті нәрсе ғой. Оның қанды ауызы сарт ете түскенде қай қасқырдың да қорыққанынан боғы жұлдыздай ағады. Нанбасаңдар, осы айтқандарымды бақылап көрің, - дейтін.

Зер салып, бақылап қарасаңдар әрбір аңмен құстың өзіндік ерекшелігі болады. Олардың жемтігіне түсуін, тәжірибесінің қандай екенін айыруға болады. Бірде «Қарабарақтының» ойына қақпан құруға келе жаттым. Аспанда бір сарша ителгі төмен қарата зуылдап келе жатты. Қоянға түсетін шығар деп ойладым. Егер олай болса оны көтеріп кете алмайтыны анық. Өйткені бұл жақтың қояндарының ірі болатынын, оның үстіне биыл олардың әрқайсысы әлім-берім тоқтыдан кем емес екенін өздерің білесіңдер. Сондықтан «Ағасы, айып етпеңіз мынау азда болса сізге байлағаным болсын» деп маған тастайтын шығар деген үмітім де бар. «Иә, сәт» деп күтіп тұрмын. Жоқ, мен ойлағандай болмады. Аузымның жырығы бар екен. Ителгі түскен бойда оның астынан шыңғырған қоянды емес, жалпылдап ұшып бара жатқан бір жекті көрдім. Жаңағы ителгім қанатымен жер сабалап ұша алмай қалды. Жүгіріп келіп басып қалдым. Бірақ, құрысын ителгіні қолыма түсіргенмен үсті басым оның боғына былғанды да қалды. Исі жаман болады екен. Байғұс ителгі жектен бір айрылып, одан кейін менің қолыма түсіп мүсәпір болды да қалды. Сонда аты жыртқыш құс қой, өзіме қарап шаңқылдап қояды. Мұның енді менің қолыма үйренбесі анық, оның үстіне менің құсбегілігім де шамалы. Босқа қор қылмайын деп, үсті басын тазалап ұшырып жібердім. Әлі тәжірибе жинақтай қоймаған ителгі екен. Көпті көрген ителгі жекке бірден түспейді. Екі-үш рет төмен қарата құлдилай ағып қорқытады. Әбден саңғырығын тауысқаннан кейін түседі, - деп отырушы еді Ізекең.

Артынан есейдік, ержеттік. Аңның соңында жүріп оның талай қызығын да көрдік. Біле білген адамға олардың қай ісі де тәлім атарлық қой. Ізекеңнен естіген талай әңгімелердің растығына көзім жетті. Сонда барып бізге күлкілі болып көрінгенмен сол оқиғалардың басы қасында болып, жадына тоқи білген Ізекеңнің зеректігіне таң қалушы едім.

– Аңшылық біздің әулетке атадан балаға жалғасып келе жатқан кәсіп екенін қайта-қайта айтып отырғанымды байқап отырған шығарсың. Оны да тектен-тек қозғап отырған жоқпын. Кез келген адам аңшы бола алмайды, балам. Осы есіңде болсын. Әрине, қолына мылтық ұстап алдынан тап болған аңды кім болса да ата алады. Болмаса оның сүрлеуіне қақпан құрғанды меңгерген де көп. Бірақ бұлардың бәрін аңшы деуге болмайды. Нағыз аңшы табиғаттың адам баласына сыйлаған осы бір ырзығына жанашырлықпен қарауы керек. «Ұра берсең құдай да өледі» деген бар. Алды-артына қарамай, болашағын ойламай соңына түсе берсе мұның да тұқымы азаяды. Сенің көзіңнен ана кетіп бара жатқан құлжаны неге атпайды екен деген ойыңды да оқып отырмын. Бәлкім қасыңда мен болмасам тисін, тимесін қызық үшін оған оқ шығаратының да белгілі. Сонда одан ұтарың қайсы? Қасыма ергеніңе біраз уақыт болды. Соның бірде-бір күнінде қазаныңның қайнамай қалған күні жоқ. Әбден таусылғасын барып келесісін әкелетінімді көзің көріп жүр. Бұл менің ататын аң таба алмағандығым емес, оларға деген жанашырлығым. Аңшының жанының қуанып, мәртебесінің өсетіні - даланың сәнінен айрылмауы болып табылады. Осы кең жазирада жазыла жайылып жататын мал сол даланың берекесі болса, аң - сәні. Біле білсең сән-салтанаты мол әдемілік жаныңды қуанышқа бөлейді, көңіліңді өсіреді. Ал, көңілің құлазыса мына жалғанның мәнді болмағандығы. Біздің ата-бабаларымыз ықылым заманнан бері осы тепе-теңдікті сақтауға тырысқан, орынсыз қыра беруге оның киесінен қорыққан. Өсіп өнуіне мүмкіндік жасаған. Осыны жадыңа түй. Үйдегі басқа балаларыма қарағанда сенің осы кәсіпке ыңғайың бар сияқты. Сондықтан айтып отырмын. Әрі қарата жалғастырып кете аласың ба, жоқ па, оны бір құдай біледі. Мүмкін алдағы өміріңнің, заманыңның тынысы басқа сүрлеуге салар. Оны уақыт көрсетеді.

Аты аң болғанмен бұлардың кейбір істері ақыл-ойы дамыған адамнан артық. Таң қалмасыңа болмайды. Мен саған басымнан өткен бір жайды айтайын. Ертеректе қасқыр аулап жүріп шың етегіндегі таудың көлеңкесіне келіп демалдым. Күн ыссы. Шаршағаным болар, көп ұзамай ұйықтап кетіппін. Қанша уақыт өткенін білмеймін, бір кезде салқын леп келген сияқты болды. Әлгі салқындық бірте-бірте кеуде жағыма келді. Ұйқымды қимай жата бердім. Бірте-бірте мұздатып барады. Әлгі салқындық мойын тұсыма келгенде көзімді ашсам үлкен сарүйек жылан қолтығымның тұсынан әрі қарата өтіп бара жатыр екен. Өтіп кеткенше қозғалмадым. Анда-санда көзімнің қиығымен қарап қоямын. Жылан асықпай қозғалған күйі алдындағы қамыс арасына кіріп кетті. Бәлкім шошып кетіп орнымнан атып тұрсам оның зиян істеуі де мүмкін. Жатқан адамның қауіпсіз екенін, ұйықтап жатқанын ол да білген. Сондықтан келе жатқан бағытын өзгертпей үстімді қуалап барып әрі қарата өтіп кеткен.

Тағы бірде көлеңкелеп отырып тау етегіндегі арқардың екі қошқарының айқасын көрдім. Ұзаққа созылды. Көзіміз көріп жүрген қой қошқарының сүзіскеніндей болмайды. Біреуі орнынан қозғалмай тұрып қалады екен. Екіншісі шегіншектеп едәуір жерге барады да, қарсыласына қарай шабады. Тұрған қошқар қозғалмайды. Тек соққы тиетін уақытта ғана қарсы секіреді. Екпінмен келген соққыға шыдап, құламай орнында тұрып қалды. Басын шайқап-шайқап жіберіп кейін шегіншектей бастады. Енді оның орнында жаңағы қошқар тұрып қалды. Алыстан келер соққыны қабылдау кезегі соныкі. Бұл да жығылмады. Осылай жалғаса берді. Бір уақытта барып өзінің әлсіздігін, жеңілгендігін білген қошқардың бірі бұл жекпе-жекке қарсы тұрмай, басын шайқап үйірден бөлініп кете барды. Мерейі үстем болған қошқар оның артынан қумады. Бәлкім ол басқа бір үйірдегі қошқармен күш сынасып бағын сынайтын шығар. Бірақ, енді бұл жерде оған орын жоқтығы, үстемдігін жасай алмайтыны анық. Міне, бұл арқарға, тек аңға ғана тиесілі қасиет. Қолға үйренген малдай кетіп бара жатқан қарсыласының артынан қуып барып сүзу оларда кездеспейді. Мүмкін, бұл да адам баласы тәлім алатындай өрліктің көрінісі болса керек. Ал, енді қосқа қайталық, Кісібай да екі көзі төрт болып күтіп отырған шығар, - деп әңгімесін аяқтаған әкем орнынан тұрды.

Көп ұзамай менің оқуға баратын уақытым болғандықтан ауылға қайтатын болдым. Кісібай ақсақал да менімен бірге жүретін болды. Әкем Сабытай ағам келіп кеткеннен кейін аулаған тағы да ірілі-уақты жиырма қасқырдың терісін бізден беріп жіберді. Қасына еріп жүрген құрдасына риза болғандығы шығар, қасқырдың төрт-бес терісін Кісекеңнің қапталына байлады. Өзі әзірге Шөжікте егін салып отырған Шырақбайдыкінде қалып, осы маңайда қалған қасқырларды аулайтын болды. Қайтар жолда Бөрібасқа соғып үңгір ішіне қойып кеткен қуырдағымызды ұмытпай алуды да тапсырды.

Бірте-бірте айға жуық өзімізге қоныс болған Аққуыс, Шөжіктен ұзай бердік. Бізді ұзатып салған әкем көп ұзамай шоқытып Шырақбайдікіне бет алды. Астында қайда барса да мініп жүретін сары аты. Маған неге екені белгісіз әкеме сол сары атқа мініп жүрген жарасатындай, сонда ғана жолы болатындай болып көрінді. «Өткенде колхозға беріп жібермегені қандай жақсы болды, - деп ойладым іштей. Әйтпегенде осы күні кімнің астында жүретінін бір құдай білетін еді. Жолымыз болып борыштан да құтылдық».

Осы кезде алыстан кісінеген жылқы даусы естілді. Қыр үстіне көтерілген әкем тағы да артымыздан қарап тұр екен.

– Жарықтық сары ат қой. Біздің кетіп бара жатқанымызды ол да біледі. Қанша дегенмен айға жуық жолдас болдық. Мал болса да қимастығын білдіріп кісінеп жатқаны сондықтан, - деді Кісекең жанары қайта бастаған көзіне қолын апарып.

Жүріп келеміз. Алдымыздағы сайдан өте бергенімізде бір топ қарақұйрық дүркірей қашып төбе басына көтерілді. Әріректе кешкі салқынмен жайылысқа шыққан арқарлар тобы. Жол жиегіндегі ін аузындағы саршұнақ тышқандар тірлігіне риза болғандай кезектесе шиқылдайды. Түу алыста, заңғар көкте жер бетіндегі осы бір әдемі көрініске қызыққандай қанатын жазып жіберген бүркіт қалықтайды. Ойыма әкемнің өткенде айтқан «Мына дала өз бауырынан нәр алған әртүрлі жан-жануарларымен ғана сәнді. Сондықтан оларды азайтып алмауымыз керек. Осы есіңде болсын, балам», - дегені түсті.

МҰҚАН АҢШЫ

Өлкемізде құс салып, аң аулаған, азулы қасқыр аулаудың шебері атанған атақты аңшылар аз болмаған. Олардың ісін жалғастырушылар да, онымен сапарлас болғандар да кәзір азайып бара жатыр. Солардың бірі Жармыш ауылында тұрған атақты аңшы Мұқан Тастықараұлы болатын. Ақтау қаласында тұрған оның жиені Тілекбай ол туралы кейбір деректерді айтып еді.

АТАМЫЗ ЖАЙЛЫ

Атамыз Мұқан көп сөйлемейтін мінезді, көрші-көлемге қайырымды жан еді. Марқұм қақпанға түскен аңының етін жолда кездескен адамға, болмаса ауылға келгенде көрші-көлемге қылдай қылып үлестіріп беретін еді. Кей уақытта пендешілікпен:

– Ата, осы аңды арып ашып тауға шығып, тастан құлап, шөлдеп, шаршап әкелесіз. Келе сала таратып бергеніңіз қалай? - дейміз.

– Әй, қарағым, аң аулаған аңшының да, жолда тап болған жолаушының да сыбағасы болады. Пейіл тарылмасын, пейіл тарылмаса қалғанын құдай тағала жеткізе жатады, -деуші еді сабырмен.

– Атамыздың қай уақытта да ақыл-кеңесі таусылмаушы еді. Алды-артымызды ойламайтын жастықтың әсері шығар, келін боп осы үйдің босағасын аттаған алғашқы уақытымда орамал тартпай жалаңбас жүрсем керек. Бір күні атам басымнан сипап тұрып:

– Жас адамға, соның ішінде жалаңбас жүрген әйел адамға пері, шайтан әуес келеді. Олар шама келсе жолдан адастыруды ойлайды. Жеңілдеу орамал көп қой, соның біреуін тарта сал, айналайын. Орамал әйел адамның сәні, жас адамның көркі, - деді маңдайымнан сипап тұрып. Содан кейін-ақ орамалсыз жүрмейтін болдым, - дейді келіні Зылиқа.

Ал Жыңғылды ауылында тұратын қызы Несібелі былай дейді:

– Әкем соғыстан екі аяғынан бірдей жараланып, сол жаралары жазылмаған күйінде келді. Жүріп тұруы қиын еді. Сонда елге келгесін байырғы ата кәсібі аңшылыққа кірісіп кетті. Кейде тіпті соғыстың алдында құрып кеткен қақпандарымды таптым деп те отырушы еді. Күн сайын шешемізді артына мінгестіріп түйемен аңға кететін. Белгілі бір жерге барғаннан кейін түйесін шөгертіп (бәлкім ол жерлерде аңның сүйіп жейтін шөбі болар) қақпанын құратын көрінеді. Ертесіне олжалы оралып, елдің алғысын алушы еді.

АТАМЫЗДЫҢ ӨЗ ӘКЕСІ ТУРАЛЫ АЙТҚАНЫ

– Мұқа, бала әкеден ширек кем туады деген бар еді. Өзіңізге қандай баға берер едіңіз, -депті бірде әңгімеге әуес інілерінің бірі.

– Әй, қарағым-ай, менің атам Жабай Боздақтың қасынан, анау Манатаның астынан шауып бара жатқан аңды жаяу қайыратын көрінеді. Өлер алдында:

– Арманың жоқ қой, Жәке, - дегенде:

– Неге болмасын, бойымды жазып өзіммен бәсекелесетін желаяқ кездестірмедім бұл өңірде, - деген екен. Атам сүйекті ірі адам екен. Бүкіл елге желаяқтығымен белгілі болыпты. Ауызбаста отырып Иір, Онды арқылы кешке үйге оралады екен. Түлкі, қоян дегендерді қуып жетіп соғатын көрінеді. Ұстаған аңдарына уақыт кетеді деп сойып жатпай-ақ беліне қыстыра береді екен. Төбелі жерлермен жүгіріп бара жатқанда басындағы қозы құлақшыны жалпылдап баурайлап ұшып бара жатқан қарақұсты елестетін көрінеді. Одан менің әкем Тастықара туыпты. Одан мен туғанмын. Мен төрт ағайынды болдым. Үлкен ағам Елеусіз сонау ертеде колхоздастыру кезінде қызылдардың қолынан қаза тапты. Орынсыз тағылған кінәдан өлді ол. Колхозды ұйымдастырып жүрген екі белсенді әлдеқандай себептермен адам қолынан өледі. Белсенділер бұл өлімді басқа ешкімнен емес, аңшы Елеусіздің қолынан келуі мүмкін деп бар кінәні соған артады. Фортқа түрмеге апарып қамайды. Жауап алып, соққыға жығады. Ақыры көп қинауға, аштыққа шыдамай түрмеде қаза табады. Артынан баяғы адамдарды өлтіргендер де табылады. Қалған үш ағайынды жігіттер мен, Ерғазы, Байғазы Ұлы Отан соғысы басталғанда бірдей майданға аттандық. Бар өмір жалғасы балаларынан айрылған әкеміз Тастықара:

– А, құдай, ең болмаса тірі пендеге зияны жоқ Мұқанды аман қайтара көр, - деп тілейді екен. Көп ұзамай жаралы күйімде елге оралдым. Бұрынғы кәсібім аңшылықты жалғастырдым. Аңшылық біздің ата-бабамыздан жалғасып келе жатқан кәсіп. Мен аталарымнан ширек емес, көш кейіндемін, - депті.

СОҢҒЫ АЛА БАРЫСТЫ АЛУ

– Қай жер екені есімде жоқ. ұмытып қалыппын, - дейді Тілекбай. Соғыстың соңғы жылдарында әкем қыр үстінде шың жағалап арқарға қақпан құрып жүрсе керек. Бір жолы қақпанға түскен арқарды арқалап дара өсіп тұрған жалғыз ағаштың қасына келеді. Күн кешкіріп қалған уақыт болса керек. Жүрегі дүрсілдеп әлденеге сезіктенген сезімтал аңшы арқарды бір бұтаққа іліп, өзі одан жоғарырақ өскен екінші бұтақ үстіне шығып ыңғайланып орналасады да ұйқыға кетеді. Кенет ырылдаған дауыстан шошып оянып, аяқ-қолын жинаймын дегенше әлгі ағаштың теңселіп кеткені. Қараса бір бұтаққа шығып құйрығын сабалап атылуға бет алған бір мақұлықты көреді. Сәл кідірсе мүлт кететінін білген кәнігі аңшы артындағы қырлы мылтықпен атып жібереді. Жерге гүрс етіп түскеннен кейін де біраз уақытқа дейін қасына бармайды. Таң атқасын қараса ала барыстың арланы екен. Оның айтуы бойынша бұл өлкеміздегі соңғы барыс болса керек.

ҚАҚПАН ҚҰРУ

Осы күндері қасқыр аулаушылардың:

– Өлексе қасына қақпан құрып кетіп едім, көп болды әлі түсетін емес, - деген сөздерін естіп жатамыз.

Ал Мұқан атамыздың қақпан құруы бөлек еді. Оның айтуы бойынша қасқыр тырнағына іліккен малды, ия аңды жегеннен кейін ертесіне тағы да келіп қалғанын тауысып кетуді мақсат тұтпайды. Тойғаннан кейін сол өлекседен 40-50 қадамдай жерге сарып, тырналап кететін көрінеді. Араға күндер салып келгенде де әлгі өлексеге бірден тап бермейді. Өзінің сарып кеткен жерінде әрлі-берлі жүріп, өлексе маңына келген бөтен иісті ажыратады. Содан кейін ғана баратын болса керек. Ал тәтем болса жаңағы өлекседен бір кесектей ет кесіп алып, қасқыр сарыған жерге, сол жердің шөбіне тигізіп барып қақпан құратын еді.

Мұқан атамыздың қақпан құрғанына тумаластарының көңілі бітпейтін көрінеді. Сенің қақпан құрған жерің түйе аунаған жермен бірдей дейтін көрінеді. Бірақ қалай болғанда да оның құрған қақпандарының құр шапқанын ешкім көрмесе керек.

БІР ІНІСІНІҢ ҚАҚПАН ҚҰРУЫ

Мұқанның бір інісі құрған қақпанын таба алмай әбден діңкесі құрығасын:

– Мұқа, көмектеспесең болатын емес. Құрған қақпанымды таба алмадым, - деп амалсыздан оның алдына келеді. Содан ағасын ертіп өзінің қақпан құрған жеріне ертіп келеді.

– Әйтеуір осы маңайға құрған секілдімін. Бірақ, жоқ. Біреу көтеріп кеткен бе, білмеймін, -депті інісі.

Сонда жан-жағын көзімен шолып тұрған Мұқан:

– Ана бір жусан түбіне таяғыңды тақашы, - дейді. Әлгі ағашқа шарт ете түскен қақпанды көріп таң қалған інісі:

– Апыр-ай, Мұқа, мұны қалай білдіңіз, көзге ештеңе көрінбейді ғой, - деп таң қалады.

– Көрмейсің бе, әлгі жусанның бір жағына топырақ жабысыпты ғой. Сол сенің шеберлігіңнен қалған белгі емес пе, - депті сонда Мұқан.

БАБЫҚ НҰР ЕКЕУІНІҢ ҚАСҚЫР АУЛАУЫ

Соғыстың аяқталған кезеңінде Бозашы бетте қасқыр көп болып колхоз басшылары Мұқан мен Бабық Нұрға қолқа салады. Нұр бір күн ерте кетеді. Мұқан артынан барады. Қолқалап алдырған қос аңшыға қонағасы беріледі. Колхоз басшылары бар, ауылдың ақсақалдары бар, өткен кеткенді айтып түн ортасы ауғанша отырады. Нұр көбіне мылтықпен ауласа, Мұқан қақпанды жақын көретін көрінеді.

Ұйқысын қандырып тұрған аңшылар таңғы шайға отырады. Сонда Нұр:

– Мұқан мен қаншығы мен күшігін алып елге кете беремін, - дейді.

– Жарайды. Нүке, арланды алып мен де артыңнан барармын, - депті.

Даланың тағысын алдындағы малындай қылып бөлісіп отырған екі аңшыға қасында отырғандар сенер-сенбесін білмей таң қалыпты. Айтқандай-ақ сол күні Нұр қаншығы мен күшігін алады да, Мұқан қақпанға түскен арланды олжалапты. Бәлкім, бұл да көп ешкімге сыр шаша бермейтін аңшылықтың бір қыры болса керек.

«БАЙЛАМА» СЫРЫН БАЙЫПТАСАҚ

Каспий теңізі мен жағалауларының минералдық байлықтарын кең көлемде әрі үдете игеру ол аймақтағы, әсіресе, оның шығыс жағындағы табиғат пен қоғам арасындағы онсыз да әлсіз тепе-теңдіктің қалай да бұзылу қаупін туғызады. Табиғатты пайдаланудың осы заманғы ережелерін жасақтау, болуы мүмкін экологиялық апаттардың алдын алу жолдарын іздестіру осы аймақтың палеоэкономикасы мен палеоэкологиясын терең зерттеуді қажет етеді. Өздерін қоршаған ортаны қорғай білу, тұрған жеріндегі экономикалық потенциалды, табиғи қалыптасқан тепе-теңдікті бұзбай пайдаға жарату Маңғыстау аймағының көне тұрғындарына тән болған. Мұның бір куәсі – көне аңшылық құрылыстар.

Маңғыстау облысы көлемінде көптеген зерттеушілер қорғаныстық мақсаттағы ғимараттардың құландысына балаған көне құрылыстар кездеседі. Олардың барлығында да бастиондар бар, оқ атуға арналған тесіктер, жауынгерлер өтетін жерлер салынған, кейбірінің қабырғасының алдында көміліп қалған ор байқалады, оны «қорғаныс траншеясы» деп есептеген.

Тереңірек зерттеу жұмыстарының нәтижесі бұлардың көне аңшылық құрылыстар екендігін көрсетті. Аты – «байлама». Жазба деректерді, жергілікті тұрғындардың сілтеу негізінде жербетілік және авиациялық барлау арқылы бұл құрылыстардың орындары анықталды, орналасу бағытының археологиялық картасы жасақталды. Облыс ішінде осындай жиырмадан астам нысан белгіленді, мұнымен қатар, аймақта әлі барлаумен қамтылмаған тұстар баршылық.

Көне аңшылар жер бедерін есепке ала отырып, табиғи кедергілерге (бұл жерде тік құлама құз) қосымша құрылыс салып, аңдарды таңдап атуға арналған қоршау жасаған.

Олар әдейі таңдалған. Міндетті түрде тіке опырылған шың жиегінде түбек сияқты жерге салынған. Түбекке кіре берістің екі жағындағы тік құлама шыңдардың арасын арнайы қабырғамен қосқан, байланған. «Байлама» деген атау осыдан шыққан (1, 2, 3, 4-суреттер).

Аңдарды аңшылар жасырынған қабырғаға қуып әкелген. Қатты қуылған үй жануарларының да, аңның да еті жеуге жарамсыз екендігі белгілі. Байлама арқылы жасалған қоршау аңды тынықтырып алу үшін пайдаланылған. Барлық байламаларда қабырғадан 2- шығара қаланған жарты шеңбер, кейде төрт қырлы қабырғалар бар. Кейбір зерттеушілерді бастионға немесе күзет мұнарасына ұқсастығымен шатастырған мұндай ілгері ұмсынған қабырғалар көне аңшыларға атыс секторын кеңейтуге қажет болған. Көз алдының кеңеюі оларға аңды түріне, жынысына, жасына, күйіне қарап таңдап атуға мүмкіндік берген.

Қабырғаның қалыңдығы 3 метрге, биіктігі 2-3,5 метрге жеткен (5, 6, 7-суреттер). Ұзындығы 50 метрден бір шақырымға дейін созылады. Оларды салу үшін маңайдағы қара тас пайдаланылған. Жергілікті карьерден қазылып, арнайы өңделген өте ірі (20x40x80 см) қиматастардан салынған байламалар да көп кездеседі.

Құрылыстар эстетикалық өң жоқ емес, тастар үйлесімді түрде өрілген, ілгері шығарылған қабырғалар дұрыс шеңберленген (1, 2 фотосуреттер).

Байламалардың басым көпшілігі оңтүстік-батысқа қарата салынған, бұл аңдардың күн жағынан жақын да, жасырын қадағалауға мүмкіндік берген.

Аймақтағы аңшылық құрылыстың басқа бір түрі - көбінесе жазықтықта салынған аранға (ғылыми атауы - жебе іспеттес сызылым-стреловидная планировка) қарағанда байлама тек қана шың жиегінде тұрғызылған.

Кейбір байламаларда кездесетін қабырға алдында қазылған ордың неге қажет болғандығы әлі анықталған жоқ.

Байламалардың көлемі оларды салуға үлкен ұжымдық еңбек қажет болғандығын көрсетеді. Оларды мезгіл-мезгіл жөндеп тұрғандығы байқалады. Өте ескіргендерін жақын жердегі жаңа орынға көшірген («Дағар», «Тамшалы» байламалары). Көптеген байламаларда жергілікті ру-тайпалардың таңбалары кездеседі. Бұл зерттеушілердің аңшылық құрылыстар белгілі бір рудың иелігінде болғандығы жөніндегі болжамдарын растайды (В.Н.Ягодин, «Үстірттің жебе іспеттес сызбалары». – Ташкент, 1991).

Байламаларға қарап ертедегі аңшылар аң ұстау үшін қондырғы мен құралдардың қатыгез емес түрлерін пайдаланғандығы жөніндегі зерттеушілер жорамалдарының (Ү.Қыдыралин, «Маңғыстау қазақтарының аңшылық кәсібі. «Маңғыстау» газеті. 1993) растығына көз жеткізуге болады.

Байлама құлан, тарпаң, арқар, киік, қарақұйрық аулауға пайдаланылған. Мұны олардың биіктігінің 2 метрден аспауы және Елбідегі құрылыстың аталуы дәлелдеп тұр. Ал қабырғаларының биіктігі 3 метрден асатын «Қырықкөшек», «Қарлыбас» байламалары құлан аулауға арналған болса керек.

Соңғы жылдары жүргізілген климотологиялық зерттеулер (С.Варущенко. Р.Клиге, «Каспий теңізі мен тұйық сулар режимдерінің көне дүниеден бері өзгеруі». - М., 1987) Маңғыстау аймағында субплювиальдық кезеңнің ҮІІ-ХІҮ ғасырларда өткенін, осы және келесі біраз ғасырларды мұнда ылғалдылықтың салыстырмалы түрде жоғарырақ болғанын, фауна мен флораның байырақ болғанын көрсетті. Осы зерттеулер, орыс саяхатшылары (А.Левшин. «Қырғыз кайсак ордалар мен даларының жазбасы». – Спб., .Иванин. «Хиуа және Әмудария өзені». - Спб., 1873) мен жергілікті аңыздардың көрсетулері бұл маңда жоғарыда аталған аңдардың көп болғандығын растайды.

Климотологиялық байқаулармен аталған құрылыстарға басылған оғыз-қыпшақ таңбалары бұлардың ІХ-ХҮІ ғасырларда салынып, қолданылғанын көрсетеді. Осы мерзімді дәлдеңкіреу және кездесуі мүмкін остеологиялық заттарды зерттеу үшін жоспарлы, кәсіби археологиялық қазба жұмыстарын атқару керек.

Байламаларды зерттеу аймақтағы аңшылық кәсіп жүйелі түрде, аң аулаудың ғасырлар бойы қалыптасқан, олардың түрін, жасын, жынысын, санын ескере жасақталған ережелерге сай жүргізілгенін көрсетті. Мұның нәтижесінде үйірдің үздіксіз өсіп-өнуі, табиғи тепе-теңдікті сақтау мәселесі қамтамасыз етілген. Аң шаруашылығы тауарлы өндіріс деңгейіне көтерілді. Бұл өрістің тері, мүйіз тәрізді өнімдері Шығыс Еуропа, Орталық Азия аймақтарында көптеп шығарылған.

Аталған құрылыстардың өлке палеоэкономикасы мен мәдени ескерткіштері ретіндегі ғылыми құндылығы күмән туғызбайды. Сондықтан оларды қалпына келтіріп, қорғауға алу қажет.

Осы тор іздес құрылыстардың еліміздің басқа аймақтарында кездесуі жөніндегі мәлімет келешекте анықтала, зерттеле түсер деген сенімдеміз.

Алқажан Еділхан ,
өлкетанушы
Светлана Еділханова ,
Қаз МҰУ-дың аспиранты

ЗАМАНДАСЫ НҰР ЖАЙЫНДА АЙТҚАНЫ

Мұқан атамыз замандасы Нұр жайында да біраз әңгіме айтушы еді. Оның иен даладағы тағы аңдардың қыр-сырын толық білетін асқан аңшылығын мақтан ететін. Кеңкілдеп күліп отырып аңшы болғысы келген Нұрдың бір інісінің онымен сапарлас болғанын айтқаны есімде.

– Нұреке, жағдай болса қиындап кетті, екеуміз бірігіп көптен бері қазан көтермеген елге көмектеспесек болмас, - депті әлгі інісі.

Аңшы келіседі. Ертесіне екеуі құрал-саймандарын алып жолға шығады. Осы жерде аң болады-ау деген жерге келіп жүктерін түсіреді. Жан-жағына қараған аңшы құз үстінде тұрған арқарды інісіне көрсетіп:

– Мен қалған жұмысты істей берейін, сен ана арқарды атып әкеле ғой, - деп жұмсайды. «Ел асыраушы» мылтығын алып жүріп кетеді. Біраз уақыттан кейін ырсылдап-гүрсілдеп қайтып келеді.

– Нұреке, мен ештеңе кездестіре алмадым. Алдымда тұрған сияқты еді. Бір қарасам ұшты-күйлі жоқ, Осы маңнан мылтықтың даусы шыққан сияқты болып еді. Шамасы бұл жерде бізден басқа да аңшылар болса керек, - депті моншақтаған терін сүртіп.

– Ана төбенің астында жатқан болар, жаңа бауыздап кеткенмін. Алып келе ғой, мен қазанды дайындай берейін, - деп аңшы тағы да жұмсайды. Төбе астынан бауыздаған қошқарды зорға көтеріп келген інісіне сорпа-суын ішкізіп, ертесіне үш-төрт арқарды қапталына таңып беріпті де:

– Елге қайта ғой, қарағым. Көңілің жетіп жатса осы апарғаныңды елге бөліп берерсің. Аң аулау екінің бірінің қолынан келе бермейді, - деп ауылға аттандырыпты.

ТҮЛКІНІҢ ҚУЛЫҒЫ

– Түлкінің қулығы жөнінде аңыз да көп, әңгіме де көп. Соның өзім көрген бір қулығын айтайын депті Мұқан бірде жиені Тілекбайға.

Әдетте қақпан құрғаннан кейін ол жерге кей уақытта етті уақтап турап, шашып тастаушы едім. Бір-бірлеп жеген түлкі қақпанға келіп түсетін еді. Бірақ бір түлкі алдырмай-ақ қойды. Байқасам, етті теріп жеген қу түлкі қақпанға жақындағанда отыра қалып үстіндегі етті құйрығымен сыпырып алады екен. Бұл көрініс бірнеше рет қайталанды. Енді не істеу керек. Етті қақпан үстіне бекітіп тастадым. Құйрығымен сыпырып ала алмаған аш түлкі ақыры қақпанға түсті, - депті.

ТЕҢІЗ СУЫМЕН ШӨЛ БАСУ

Жаға беттегі елдердің шақыруымен анау Үшауыз, Сартас беттерінен қасқыр аулап жүргенде қоржынымдағы судың таусылып қалатын кездері болады. Сондай уақыттарда белімнің тұсына дейін барып еңкейіп теңіз түбінен су ішетінмін. Ащы да болса салқын су шөлімді қандыратын еді,-дейді екен.

КІШКЕНЕ ТАЙДЫҢ ҚАРЫМТАСЫ

Мұқанның егдірген шағында колхоз басшылары келіп:

– Мұқа, биыл қасқыр көбейіп кетті. Малға тыныштық болатын емес. Қол көмегіңді тигізбесең жағдай кетті, - деп қиылып отырып алады. Бірақ кемпірі:

– Қартайдың, бұрынғы күйің жоқ. Үйіңде отыр. Сүйегіңді даладан теріп алып елге күлкі болармыз, - деп бет бақтырмайды. Аңшы асып кете алмайды. Бір жағынан туралап алдына келіп көмек сұраған ел басшыларынан да ұялып барады. Сөйтіп жүргенде үй іргесіндегі төбе астынан тұсаулы жүрген қотыр тайды қасқыр жеп кетеді. Сыныққа сылтау таба алмай жүрген аңшы «мал ашуы, жан ашуы» дегендей қақпанын арқалап тағы да жолға шығады. Жолына кесе көлденең тұрғысы келген кемпіріне пысқырып та қарамайды. Көп ұзамай Мұқан жеті қасқырды бірдей алыпты, - деген хабар жан-жаққа дүңкілдеп естіліп жатты.

ДАЛА ҚАРБЫЗЫ

Мұқан атамыз табиғатпен біте қайнасқан, әр күнін тынымсыз еңбекке арнаған адам еді. Жасы келсе де сол қасиетінен айрылмады. Біреулер сияқты көлеңке қуалап бос әңгімеге үйірсектігі болған жоқ. Кейде қақпанға түскен арқар, қарақұйрығын әкелсе, кейде адамды таң қалдырып тау бойынан қарбыз әкелетін.

– Ау, ата, мына қарбызды қайдан әкелдің?, - деген сұраққа мұртынан күле отырып, мәнін айтатын. Тау қойнауларындағы мал тұяғы көп бармайтын су жиналған жерге қарбыз дәнін шашып кететінін, ия болмаса жантақты қиялай кесіп әлгі кесілген жерге қарбыз дәнін сұғып тастаса, көп ұзамай өзі өркен жайып кетеді, - дейтін дәмі тіл үйірер дала қарбызын алдымызға турап беріп отырып.

Өмір бойы дала кезіп, таңның атысынан күннің батысына дейін еңбек еткендігінен болар атамыз үлкейгесін аңға шықпаса да үй тірлігінен қалмады. Артынан жіңішке аурумен ауырды. Сөйтсе де күншуақта отырып бұрынғы ескі қақпандарын, күрек белдерді жөндеп отыратын.

– Денсаулығың жоқ, мұны жөндеп не қыласың? - дегендерге:

– Е, шырағым-ай, біздер кәзір байлаулы тоқтымен бірдейміз ғой. Алла тағала қай күні алам десе де еркіндеміз. Қайта оралмас сапарға аттанғанша мына балалардың құрал-саймандарын оңдап берейін деп отырғаным. Әзір бұлардың бірі бала, бірі шала ғой, -дейтін күрсініп.

АТАМЫЗДЫҢ МІНЕЗІ

Атамыз көп сөйлемейтін, жуас, мінезді адам болатын. Оған қарағанда нағашы шешеміз сәл нәрсеге күйгелектеп, тызылдап айтып қалатын, дауыс көтеріп сөйлейтін адам еді. Ондайға атамыздың еті үйренген, үндемейді. Тек анда-санда керек жерінде бір жауап қайтарып отырады. Біз отырған жердің суы мол, ылғалды болатын. Соған байланысты болар кешке қарай маса жатқызбайтын. Нағашы шешеміз әлгі ыңылдаған масаға өзі білетін бар қарғысты жаудыртып жатады. Сонда атамыз жайлап қана:

– Дауысыңды әлде де қаттырақ шығаршы. Масалар сенің Ақзер екеніңді танымай жүр ғой. Білсе сенің маңайыңа өлсе де жолар ма, - дейтін еді жарықтық кеңкілдеп күліп.

Аңшы біткен солай ма, әлде атамыз оның шебері ме, білмеймін, атам әңгіменің майын тамызып айтатын. Кешқұрым малдан келгесін, басқа шаруаларды жайлағасын қасына немере, жиендерін жинап алып аңшылықтың қыр-сыры жайында, кейде бір-біріне ұқсамайтын ертегілерді айтатын. Зылиқа-Жүсіп, Сейфүл-Мәлік дегендерді атамыздың аузынан сол бала кезімізде естіп едік. Әңгіменің қызығына берілген біздер: - Осының бәрін қайдан білесіз? - деп сұраймыз.

Соғыста, госпитальда Омбының бір қазағымен бірге болдым. Білігі көп еді шіркіннің. Көп нәрсені содан үйреніп, көзім ашылды. Содан есте қалғаны ғой, - деп отырушы еді.

БАЛАЛЫҚ ШАҚТА ЕСТЕ ҚАЛҒАНДАР

Біздің жеріміз тек қазба байлықтарымен ғана емес, өте ерте кезден мекендеп келе жатқан жан-жануарларымен де бай өлке. Осы күндері саны азайған немесе жойылып кеткен аңдардың бір кездері көп болғанын халық арасында айтылатын аңыз-әңгімелерден, жыр-дастандардан көруге болады. Соның бірі түркі халықтарына ортақ «Көроғлы» дастаны. Көршілес жатқан елдердің дәстүр салты да, бастарынан кешкен тарихи оқиғалары да ұқсас. Осы дастаннан олардың аңшылық өнерді сонау ықылым замандардан дамытып, жетілдіріп отырғандарын байқаймыз. Сонымен қатар өлке үстінен әрлі-берлі өткен саяхатшылардың жолжазба деректерінде де бұл жерді мекендеген жан-жануарлар туралы айтылады. Соның бірі венгр саяхатшысы Армении Вамбери болатын. Ол XIX ғасырдың екінші жартысында Иран арқылы Бұқара, Хиуаға келіп, одан кейін керуенге ілесіп Үстірт үстіне келгенде құландардың дүбірінің түнімен ұйықтатпай шыққанын жазады. Құландардың бұл өлкеде көптеп кездесетіні, оларды жергілікті тұрғындардың қалай аулайтыны жайында басқа саяхатшылар да жазған болатын, - деп әңгімесін бастады академик Құрбан Аманниязов ағамыз.

– Ал, біздің Маңғыстау жерінде сол аңдарды ұстауға арналған әртүрлі құрылымдардың бар екені белгілі. Солардың бірі - арандар. Ол өлкеміздің ойында да, Үстірт үстінде де көптеп кездеседі. Олардың қай-қайсысы да шың жағалап салынған. Сонымен қатар біздің бала кезімізде тау бойындағы биік-биік шоқылардың басында халық «оба» деп атап кеткен, қаланған тастар кездесетін. Мұны көп адамдар адаспас үшін қойылған белгі деп есептейтін еді. Әрине олардың ондай мақсатқа қойылғандары да бар шығар. Бірақ, біздің ақсақалдардың айтқан әңгімелерінен есімізде қалғаны - бұлар бүркіт, қаршыға, тағы сол сияқты жыртқыш құстарды аулауға арналған қондырғылар болатын. Тіпті сол уақыттарда Ақкетік, Аралды, Мүлкәмандағы шың бойында олардың міні құрымай тұрғанын да көрген болатынбыз. Әлгі «обалар» іші қуыс болып дөңгелене қаланатын. Кезінде қандай болғанын білмейміз, біз көргендегі биіктігі 1- шамасында болатын. Осы іші қуыс обаның түбіне қоян немесе кішкене лақ тасталады да, оның үстіне тор жабылады. Әуеде қалықтап жүрген бүркіт төмендегі оба ішіндегі қоянды көреді де, құлдилап оған түседі. Қоянды бүріп алғанмен оның бетін жапқан тордан шыға алмайды. Яғни, аяғы тордан өтіп барып жемтігіне түседі. Тор тастарға берік байланып тасталған. Әрі жемтігі төмендегі қуыс ішінде. Сөйтіп тордан босана алмай арпалысып жатқан бүркітті оның түсуін күтіп жатқан аңшылар оңай қолға түсіретін болған.

Уақыт өте келе кәзір бұлардың бәрі де құлап, үйінді тастарға айналды. Осы күндері Маңғыстауда құс ұстап, аң аулаған адамдар жөнінде естімеймін. Құсбегілерден менің көргенім Таған Жұбаназаров, Құрбан Адырақов және Ақкөйлек ақсақал болатын. Соғыстың кезіндегі ел басына тап болған қиындықты бұғанасы қатпаған, әлі оң-солын айыра алмаған балалардың да көтергені белгілі. Таңның атысы, күннің батысы аштан өлмеу үшін ата-аналарымызға көмектестік. Карточкамен берілетін нанның өшіретінде тұрдық. Солай бола тұрса да бала шіркіннің аты бала ғой. Арасында ойнап аламыз. Таңсық бір нәрсе көрсек қай уақытта да соның қасынан табыламыз. Таған аңшының үйіне барамыз. Жалпы аңшы дейтін халық ұсталықты қоса атқарады. Біз барсақ көрігін гуілдетіп әлдебір темірлерді қыздырып жатады. Екі тазысы болды. Олар осы үйдегі ең құрметті орында – төрде жатады. Тамақтың нәрлісін де осыларға беретін шығар деп ойлайтынбыз олардың шалжиып жатқанына қарап. Құстары арнайы жасалған ағаш қондырғының үстінде қонақтап отыратыны есімде.

Ал, Құрбан Адырақов соғысқа барып келген адам еді. Бір көзі соқыр, шамасы сол соғыстан болса керек. Ол да құс ұстап, қақпан құратын. Жүзі жылы, қайырымды адам болатын. Ауласында топырлап жүгіріп жүрген балаларға қабағын шытуды білмеуші еді. Жасап жатқан кейбір істеріне көмектесеміз. Балаға тән құштарлықпен әр нәрсені сұраймыз. Жалықпайды, қасында отырып сұрағыңа тәптіштеп жауап қайтарады. Қайсыбірі есіңде қалсын. Балапан торғайлардай дүркіреп келеміз, дүркірей шуылдап тағы да ойын соңынан кетіп барамыз.

Ал, енді Ақкөйлек ақсақалды бүкіл Форттың зауыты деуге болатын адам еді. Оның қолынан бәрі де келетін. Шытынап, сынған аққұманды желімдеп, шаңбақтап беретін де, уақыт өте келе түбі тесілген шелектерді, шылапшын, табақтарды жамап беретін де, ат арбаның керек жарағын жасайтын да, сол уақыттағы қаладағы санаулы машинаның кейбір тетігін аудармай құйып, жонып беретін де сол болатын. Мен кейде сол бір қиын кезеңдерде халықтың ауыртпалығын көтеріп, қолтығынан сүйеп жүретін осы бір қадірменді ақсақалды құдай жіберген шығар деп ойлайтынмын. Өйткені алдына келген адамдарды кейін қайтарып жіберу, болмаса әртүрлі сылтаулар айту немесе жасаған ісін бұлдап ақы сұрау деген ол кісіде болмайтын. Қайта қасына адам келіп қара-құра көбейгенде оның ісі жүріп қоя беретін-ді. Біреу көрігін басады, біреуі қысқашпен төс үстіне қойылған темірін ұстайды, не керек, қай уақытта да Ақкөйлектің шағын ұста үйі адамнан арылмайтын. Әңгімесін айтатын, анау қан майданда сүйегі қайда қалғаны белгісіз азаматынан айрылып, болмаса көптен бері солдаттың үшбұрышты сағыныш хаты келмей, хабар-ошар болмай қайғы тартқандардың көңілін көтеріп, үкілі үміттерін ілгері жетелейтін. Ақсақалдың сонымен қатар аңшылығы да бар еді. Екі қаршығасы болды. Өзі айтулы ұста болғандықтан, әрине қақпанның неше түрін жасап пайдасына асырады. Пайдасына асырады дегеннен гөрі көптің игілігіне жаратады деп айтқан дұрыс болар. Өйткені анда-санда ұста үйінің есігін қаусыра жауып аңға шығып кетеді. Ол кідірсе көрші-көлем, бала-шаға да оның жолына үмітпен қарайды. Айтқандай-ақ, қапталына бір-екі қарақұйрықты өңгерген қария аттан түсіп жатады. Әйел біткен жиналып әп-сәтте қарақұйрықтың ішек-қарнына дейін сыпырып, сиырып қазанға салады. Көрші-көлем, бала-шаға түгел жиналады. Әңгіме де айтылады, ет жеп, сорпа ішкен көп риза болып қауқылдаса тарасып жатқаны. Үйінде ауырып жатқан, болмаса қыршынынан қиылған жалғызының қайғысынан қан жұтып, шыға алмай қалғандардың сыбағасын беріп жіберуді де ұмытпайды.

Бірақ Ақкөйлек ақсақал жалғыз баласы соғысқа кеткеннен кейін аңға шыға алмады. Күні бойы ұста үйінен шықпайтын болды. Бұрынғыдай емес, әңгіме айтуды да доғарды. Тынымсыз жұмыс арқылы ойындағы қайғысын ұмытқысы келе ме, әйтеуір оның қара балғасы мен төсіне тыным болған жоқ. Біздер керек отынын әкеліп, көрігін басып көмектесеміз. Бір жағы қыстың кезінде жылыну үшін де баратынбыз. Қиын кез еді ғой. Жоқшылық, қарын тоя тамақ ішпейтін аш құрсақтық, оның үстіне майданнан келетін жайсыз хабарлар халықты қажытып-ақ тастаған болатын. Бірақ, сонда да ертеңге деген үмітін үзбеген адамдар итшілеп ілгері тырмыса берді. Өлкеге белгілі азамат Бимағанбетов Мұстахидың әкесі Ләтіп дейтін ақсақал да шебер болды. Соған даладан сиырдың мүйізін теріп әкелеміз. Әйелдерге тарақ жасап береді. Жасыратын несі бар, өз бойын күтуге мүмкіндік болмай сіркелеп, биттеп кеткен адамдарға ол да болса көмек еді.

Сол соғыс жылдары, содан кейінгі әлі жыртығы бүтінделіп, жан жарасы жазылып болмаған уақыттарда тағдырдың бізге көмектескені болар, қарақұйрық дегендер адамнан көп жасқануды білмейтін. Біздер Фортқа жақын Ақкетік, Асан дейтін жерлерде отырдық. Сонда қарақұйрық үйір-үйірімен таудан келіп құлап теңізден су ішеді. Тіпті оларды үркітетін ештеңенің жоқтығы шығар, таңға дейін жатып асықпай өріп, қайтадан тауға беттейді. Қарындары шермиіп суға тойған лақтарды ит қосып ұстап алған кездеріміз де болды.

Осы ұсталар қастарына келіп үйіріліп шықпайтын балаларға екі-үш тармақты шанышқы жасап, әр баланың бой шамасына қарай ұзындығы үш-төрт метрдей болатын ағашпен саптап беретін. «Қарап жүрмен, қарақтарым. Ана теңіздің жағасына барып тізе бойы суға түссеңдер болды, бір-біріне соқтығысып жүрген балық. Соларды осы шанышқымен түйреп алуға болады. Бір-жар күннен кейін қолдарың жаттығады. Бұрынғы өткен үлкендер «Өзен жағалағанның өзегі талмайды» деп бекер айтпаған. Ел басына келген ауырлық жалғыз бұл емес. Талай-талай қасіретті жылдар, тігерге тұяқ қалмай таяғын ұстап қалған жұттар да өткен. Сондай кезеңдерде осы Көк теңіз талай жанның өзегінің талмай, ертеңге жетуіне себепші болған. Сендердің қай-қайсыларың да жетімдіктің зарын тартып, ел басына түскен ауыртпалықты қабырғаларың қайыса көтеріп жүрсіңдер. Әлі де талай қиналарсыңдар. Ана теңіз төріндегі шағала сияқты дауылға қарсы жүзе білің» деуші еді.

Оларды қоршап отырған балалар бір-біріне қарайды. Шындығында да төрт құбыламыз түгеліміз жоқ еді. Көбінің әкесі осы қан майданда қаза тапқан. Солардың ортасындағы менің әкем Халнепес Атаназаров қана өмірден ерте өтті. Біздің Форттағы алғашқы білімді адамның бірі болатын. Ташкенттегі Ленин атындағы Коммунистік университеттің түлегі. Оқуды бітірер алдында ауылға келгенде ауырып қайтыс болған. Содан шешем Оғылбибі (Форттағылар Ұлаш дейтін) мен әжем Үзімнің тәрбиесінде қалғанмын. Бірақ менің фамилиям кәрі нағашыларымның атымен Аманниязов болып кетті. Мен туғаннан кейін Үзім әжем құжат шығаруға барғанда «фамилиясы кім» деп сұрайды. Күйеуінің атын атауға болмайтын дәстүрге байланысты болса керек, әжем өз әкесінің атын айтады. Сонымен осы фамилиямен кете бардым. Сол әжем соғыс аяқталар 1944 жылы қайтыс болды.

Ақылын да, қол көмегін де тигізген ақсақалдардың сөзін жерге тастамауға тырмысып бағатынбыз. Менің бір таныстарым ау салып, балық аулайтын. Бірде соған барып өздерінен ауысқан ау сұрадым. Олар мені баласынды ма, әлде балық аулаймын деп суға кетіп өлер деп қорықты ма, білмеймін маңайына жолатпады. Бір-екі рет үйінің алдындағы шарбақта жайылып тұрған ауды ұрлап алғым да келді. Бірақ, қаншама жоқтық көрсек те, жетімдіктің, жоқшылықтың ащы дәмін татып жүрсек те, ол уақытта ұрлық деген сөзді естісек төбе шашымыз тік тұратын. Біреудің ала жібін аттамау қанымызға сіңген қасиет, ата-анамыздың үнемі құлағымызға құйып отырар қағидасы болатын. Мүмкін, қайта-қайта қыңқылдап бара бергесін шығар, мүмкін жетім баланың жалынышты көзқарасынан аяушылық туған шығар, ақыры ол кісі ескі ауын қолыма ұстатты. Аспаннан құдай төбеме алтын ақтара салғандай қуанып үйге келдім. Бұрын көріп жүргенімді пайдаланып жыртық жерлерін қайта жамадым. Сөйтіп оны тереңірек жерге апарып құрдым. Ертеңіне барсам семіз екі-үш судак түсіпті. Екі езуім екі құлағыма жетіп үйге келдім. Сол кездегі шешемнің қуанышын айтсаңшы. Бірде күліп, бірде жылап отырып балықты тазалады. Содан кейін тарам-тарам болып бетін жуған жасын көйлегінің жеңімен сүртіп отырып:

– Бар балам, көршілерді шақыр. Азамат болды деген осы. Сені әлі баласынып байқамай жүр екенмін ғой. Шаңырақтың тірегі, ошақтың қорғанышы болар балам азамат қатарына қосылған екен. Сенің бұл ісіңді марқұм әжең көргенде қайтіп қуанар еді. Кім біледі, онда елдің бәрін жинап сенің бұл ісіңді жыр қылып айтар еді ғой. Е, жасаған, осы баланың қызығын көпсіне көрме енді. Мына қалың елдің қабырғасын қайыстырған алапат дауылдың тез тоқтауына көмектес. Сенің құдіретіңе қарсы тұрар пенде бар дейсің бе. Бұғанасы қатып ел қатарына қосылып кетуіне жағдай жасай гөр. Бар, бара ғой құлыным. Кемпірлерді шақыр. Жансалқын қалып қоймасын. Сенің алғашқы еңбегіңнің дәмін татсын, батасын берсін, - деді.

Сол уақытта үш балықтың қанша адамды тойдырғанын білмеймін. Әйтеуір кішкене үйіміздің төрі жаулықтары желбіреген әйелдерге толып еді. Олардың риза болып бірінің маңдайымнан сүйіп, бірінің басымнан сипап берген батасы қабыл болды. Келесі барғанда ауға оратылып тулап жатқан он сегіз судакты көрдім. Анам байғұс оны асты да, қысқа жинай берем деп тұздады да. Жүгіріп жүріп көрші-көлемге де таратты. Ол жылдары құла суды бөле ішпесе ешкімнің бойына сіңбейтін еді ғой. Бәлкім олардың бір-біріне деген жарылған жүгерідей аппақ көңілдері, кездесіп жатқан қуаныш пен қайғыда бір шаңырақ астынан табыла білгендігі, біздің жол ортада мертігіп қалмай осы күнге жетуімізге себепші болған шығар.

Ақкөйлек ұстаның өзін қоршап отырған үлкендермен әңгімелесіп отырғанда айтқан бір сөзі есімде қалыпты. «Құдай тағала алдымен адамды жаратты, оның ішіп-жеуі үшін жан-жануарларды, аңдарды жаратты. Жан-жануарлар оның алдындағы, бағымындағы меншігі. Ал, аңның орны бөлек. Мылтығыңмен атып ал, болмаса қақпанға, не тұзаққа түсіріп ал, қалай алсаң да аң кенеттен тап болар несібе, жаратқанның сыйы. Ол саған тек бұйырмыспен ғана тап болады. Сондықтан оған тойымсыздықпен қарауға болмайды. Сол қақпаныңа ілініп тап болғанының өзі сені далада қалдырмайды. Басқасын былай қойғанда құдай жолы садақаға ең болмаса тышқақ лақ таба алмай жаны қиналғандарды көрдік. Кенеттен қақпанына аң ілінгенін, сөйтіп құдіреттің оған көңілі түскенін де көрдік. Ол кез келген пендесінің жан қиналысын көреді, жалбарына сұраған тілегін орындайды. Аң да, қақпан да киелі нәрсе, сондықтан олардың қай-қайсысына да немқұрайлы қарауға болмайды», - деп отырғанын талай естідік.

Соғыс та аяқталды. Мен орта мектепті бітіргеннен кейін қалалық білім бөлімінде жұмыс жасадым. Біздің көптеген ағайын, тумаластарымыз анау отызыншы жылдары Түрікменстанға қоныс аударған. Әрі ойлап, бері ойлап біздер де ағайын сағалағанды жөн көрдік. Әрине кіндік қаным тамып, балалық шағым өткен Фортты тастап кету маған да оңай болған жоқ.

Ол кезде бүгінгідей байланыс жоқ. Маңғыстау мен Красноводск арасына анда-санда қатынайтын машинаның қапталына жармасып бара аласың. Бірақ, сол 1951 жылдары біздің өлкемізге алғашқы мұнай барлаушыларының келе бастаған уақыты. Қала басында олардың мекемесі орналасқан. Бір күні сол жерге барып жайымды айтқанымда олар 3500 сомға машина жалдап бере алатындарын айтты. Әрине сол кездегі бағамен. Ақшаның одан кейін 1961 жылы ауысқанын үлкендер жағы әлі ұмыта қоймаған шығар. Мынау соның алдындағы баға. Бірақ сонда да ондай ақшаның менде жоқтығы белгілі. Оқу бөлімінен алатын айлығымыз ішіп-жемнен ауыспайды. Аз ғана уақ жандығымыз, бір-екі түйеміз бар. Өткенде бір әңгіме арасында көршіміз Дүйсенбайға Түрікменстанға көшейін деп дайындалып жүргенімді айтқанмын. Дүйсенбай айтулы жырау Мұрынның күйеу баласы. Біз сол жылдары олармен көрші отырдық. Бір-бірімізбен араласымыз, сый-құрметіміз жоғары еді. Менің ойымды білген Дүйсенбай сонда:

– Құрбан, біздердің қатар отырып тонның ішкі бауындай болып араласып кеткенімізге көп уақыт болды. «Ища» дескен жеріміз жоқ. Жас болсаң да мұндағы адамдар арасында сыйлысың. Олардың көбі сенің әкеңді, аталарыңды көрді. Бірақ, қаншама қиын болса да, сендер кеткеннен кейін бір қапталымыз үңірейіп қалатындай болса да «көшпе, барма» деп айта алмаймыз ғой. Қанша дегенмен ата мекенің, ет жақын тумаластарың да сонда. Маңдайың ашылсын. Алыста жүрсек те бір-бірімізге деген ақ тілегіміз жоғалмасын. Шынымен кетіп жатсаң, ана түйелеріңді маған сатып кет. Біздің малдармен өрісі, жатағы бір ғой, - деген.

Красноводскіге машинаны жалдап бере аламыз дегеннен кейін ешқайда бұрылмастан Дүйсенбайға келіп жайымды айттым.

– Маған керекті 3500 сомды тауып бер. Қалғанын құдай жеткізер. Түйелердің жайылыста бірге жүргенін білесің. Басқа жаққа ауып кетпейтіні белгілі, - дедім.

Шіркін, сол уақыттағы адамдардың бір-біріне деген сенімін айтсаңшы. «Малыңды көрсет, босағамның алдына әкеліп байла» деген Дүйсенбай да болған жоқ, болмаса «жоғалып кеткен жоқ па екен» деп мен де ойлаған жоқпын. Даланың қасқыры болмаса, адамның қасқыры, ұры-қары дегендер болмаушы еді ғой. Ол ақшаны санап берді, мен рахметімді айтып автобазаның кассасына өткіздім.

Содан көп ұзамай Түрікменстанға бет алдық. Сол жылдар есіме түскенде тәуекелшіл болған екенбіз-ау деп ойлаймын. Екі ортада ағылып жатқан машина немесе бағыт сілтер көрсеткіштер жазылып сардиып жатқан асфальт немесе тас жол жоқ. Оның үстіне оның шопыры да, мен де жол білмеймін. Әйтеуір осы барып келуге жетеді деп кузов үстіне тиеп алған 2-3 бөшке бензиніміз бар. Жолды бағыттап көрсетіп отыратын өзім болдым. Себебі, алдын да оқу бөлімінде жұмыс жасап жүргенімде оң жаға беттегі мектептерді аралап сонау Ишан түбекке барып талай аралағаным бар еді. Айдалаға лағып кетпеу үшін оң жағымызды теңізге ала отырып жүрсек, ақыры діттеген жерімізге барамыз деп ойладық.

Бірақ сонда да өзіме сенім артып келе жатқан адамдарды елсіз жерде адастырып, шөлде қалдырам ба деген ойдың жанымды жегідей жеп келе жатқаны рас еді. Алдымда кездескен, болмаса қапталымызда қалып бара жатқан әулиелерге сыйынумен келем. Ол кезде бұл аймақтарды қоныстанатын адамдар сирек кездеседі. Өзіміздің есебіміз бойынша біраз жерді артқа тастаған да сияқтымыз. Жол тарам-тарам болып жан-жаққа кетіп жатыр. Кенет шопыр жігіт қасында отырған маған:

– Алдымыздағы жол бойында жатқан аң емес пе. Бейшара шөлден өлді ме екен. Жоқ, қозғалады, тірі сияқты. Қарашы, - деді.

Сөйткенше жақындап та қалдық. Қақпанға түскен қарақұйрықтың текесі болып шықты. Орнынан атып тұрғанымен жол жиегіндегі ірі баялышқа оралған шынжыры жіберер емес. Қасына келіп тоқтап «не істейміз» дегендей бір-бірімізге қарадық.

– Мұны айдалаға тастап кетпелік. Қақпанға түскеніне де екі-үш өткен сияқты. Сүйретінді ізінен байқап тұрмын. Шамасы иесінің із кесуге әлдебір шаруаларымен қолы тимеген шығар. Біз алмасақ та даланың ит-құсына жем болуы мүмкін. Бауыздап алайық, - деді шопыр жігіт.

Бауыздап сойып алдық. Қақпан мен текенің басын іздеушіге алыстан көрінетіндей қылып жол жиегіндегі баялыштың үстіне қойдық. Құдайдың жіберген несібесі болар, тап болған бір әулиенің басына барғаннан кейін солардың рухына бағыштап дұға қылармыз деп жүріп кеттік. Көп ұзамай алдымыздағы бір қыратқа көтерілгенімізде ойдағы екі-үш қараша үй көрінді. Мұндай қуанбаспыз. Көрмеген жердің ой-шұқыры көп. Айдалаға лағып кетеміз бе деп қорқып келе жатқанымызда жөн сілтейтін ауылдың көрінгені қандай жақсы болды. Оның үстіне жаңа ғана бауыздап алған текеміз бар. Қақпанның иесі мүмкін осы ауылда болар деп ойладық.

Мал бағып отырған ауыл болып шықты. Үйде отырған ақсақал қауқылдап амандасып төрге оздырды. Жүріс бағытымызды білгеннен кейін:

– Е, жол болсын қарақтарым. Бағыттарың дұрыс, адаспай келесіңдер. Жаңағы қарақұйрықтың текесі жатқан жерден сәл әріректе тарам-тарам жолдар бар еді. Біріне түсіп қиыс кетсеңдер біраз әуре-сарсаңға түсетін едіңдер. Алдарыңнан аң көрінбегенде бәлкім соның біреуіне түсіп кете баратындарың анық еді. Қақпанның жол жиегіндегі баялышқа ілініп қалғанын айтсаңшы. Жарықтық қақпан киелі ғой. Түп атасы сонау Дәуіт пайғамбардан тараған киелі зат емес пе. Сендердің бақтарыңа бола тап болған ғой. Әуелі ойларыңа алған садақаларыңды тарқатың. Осы шаңырақтан болар сый-құрметті артынан көре жатарсыңдар. Асықпа. Бүгін демалып, ертең ертелетіп қозғалып кетсеңдер, барар жерлеріңе жетесіңдер, - деді.

Пейілі кең ақсақалдың төрінде жатып демалған біздер ертесіне қош айтыстық. Шопыр жігітке жолда кездесер белгілерді айтып жөн сілтеген қария төбе басында артымыздан қарап әлі тұр. Өмірімде көріп білмеген қазақтың қара шалының ықылас-пейілі көңілімді босатқандай. Кеше ас үстінде шешемнен басымыздан кешкен қиындықтарды естіген қария:

– «Біреуді көріп пікір ет, біреуді көріп шүкір ет» деген бар, қарағым. Кәзір қабырғасы бүтін кім бар дейсің. Алапат соғыстың аяқталғаны кеше ғана емес пе. Бәріміз де итшілеп күн кештік. Осы үйдің шаңырағы астынан екі бірдей арыс аттанған еді. Соның бірінен әлі күнге дейін хабар жоқ. Өлі-тірісін бір құдай біледі. Көрген қиындығымыз, қарнымыздың ашқаны өзімізге олжа. Енді түзеліп кетсе болды емес пе. Құдіреті күшті жасағанның өз пендесіне деген несібесі таусылмайды. Кешегі соғыс уақытында өз малымызды өзіміз жей алмайтын, үкіметтің тарапынан болған қиянатты қайтіп ұмытарсың. Сол кезде құдайыма сыйынып, қақпанымды арқалап құм кезіп кететінмін. Қызылсыраған бала-шағаға сорпалап берер аңға қақпан құрамын. Жаратқанның шапағатының тигені шығар, құр тұрмайды әйтеуір. Өзегімізді жалғап, ертеңге жетуімізге қолымыздағы емес, даланың аңының септігінің тигені рас. Сендерге да тап болған қарақұйрық жаратқанның бұйрығы. Кеше де, бүгін де сол қақпанды қарап келуге ерінгенмін. Кәрілік шіркіннің мойынға шындап мінгені осы-ay деп ойлап едім қисайып жатып. Олай емес екен, сеңдердің жолдарыңа бола бұйырған екен, - деп еді.

Менің ойыма сонда алыста қалған Ақкөйлек ақсақалдың «Алла тағала кез келген пендесінің жалбарына сұраған тілеген орындайды» дегені түсті. Жолымызда тап болған бұл қария да жаныңды жадыратар әңгімесін айтып, ақ дәмін ұсынды. Жоғарғы оқу орнына түссем деген ой-арманыма тілегін айтып, батасын берді. Босаған көңілімді бекітіп тіктеліп отырдым. Алда арманға толы қиындығы да, қызығы да көп жылдар жатты...

АҢШЫЛЫҚ - МАЛШЫНЫҢ АЖЫРАМАС СЕРІГІ

Шебір ауылында тұратын Есмырза Жаңбыршин ақсақал Бозашы бетке айтулы малбегілік атағымен ғана емес, аңшылығымен де атағы шыққан адам. Мұражай жұмысымен жүріп кездесе қалғанымызда өзінің басынан кешкен біраз жайларын айтып еді.

– Е, қарағым-ай, сенің сұрағың сонау артта қалған, өтіп кеткен жылдарға жетеледі ғой. Кәзір асарымызды асап, жасарымызды жасап, оң-солымыз бүтін, құдайдың бергеніне шүкіршілік етіп отырмыз. Өмірде көрген қиындық, маңдайымызға тап болған тағдыр тауқыметінің бәрі артта қалған сияқты. Солай бола тұрса да оны әлі күнге дейін ұмыта алмаймын. Баяғыда ханның қасында тізесін соғыстыра қатар отырған Аяз би кезінде көрген қиындығымды ұмытпайын, көзіме түскен сайын өткен күндерімді еске салып отырсыншы деп қырық жамау тұмағын есіктің маңдайшасына іліп қойыпты деп айтатын кейбір білгіштер. Мүмкін шындық шығар, мүмкін кім-кімге болса да тәлім болсын деген әңгіме шығар, онысын білмедім. Алдыңа біткен дүниеге мас болып, кешегіңді бүгін ұмытар ми кеще болмасаң, жаныңды жаралап, бар қайғысын арқалатып кеткен өткен күндер ұмытылар ма. Анда-санда ойыңа түсіп жүрегіңді ауыртады, көзіңе кіреуке түсіреді. Бірақ соның өзі жақсы. Кісілігіңді, адамшылығыңды ұмыттырмай жадыңа салады. Қажып шаршаған жандарға қолыңнан келсе қамқор болғаннан төменшік тартып кетпейтініңді ойлайсың.

Кешегі болып кеткен Ұлы Отан соғысы басталғанда мен он екі жасар бала едім. Сол соғыстың аяқталғанына да, міне, алпыс төрт жыл болыпты. Үйдегі балаларыңа, немерелеріңе айттырсаң ол соғыс әлдеқашан өтіп кеткендей көрінеді. Шындығында да аз уақыт емес қой. Жанымызға батқан ауырлығы көп болды ма, білмеймін, маған, мен тұрғыластарға ол кеше ғана болып өткен сияқты болады да тұрады. Ағам одан бұрын Фин соғысына аттанып хабарсыз кетті. Әкемнің жасының келуіне байланысты соғысқа бармағанмен, «Рабочий батальонға» алынды. Бірақ тағдыр қырын қарайын десе сөз жоқ екен. Елдің барып келіп жүрген жерінен менің әкем оралмады. Хат та, хабар да болмады. Артынан беріде есімізді жиып әр жерге сұрау салғанмен көңіл көншітетін жауап алмадық. Өзім әліпті таяқ деп білмеймін, сауатсызбын. Әкем марқұм тентек адам еді. Бір жылы құдық басында жылқы суарып жатқанымызда ауылдағы мектептің директоры келіп:

– Балыңыздың жасы асып барады. Сіз әлі оны мектепке жібермей жүрсіз. Күні ертең мектепке келетін болсын. Әйтпесе әкімшілік шара қолданамыз, - деп қорқыта сөйлегеніне ерегесті білем:

– Мә, ендеше, - деп әйкелдің қасына келіп ат үстінде шалжиып отырған әлгі директорды қамшымен тартып жіберді. Әй-шәйға қарамай аттан түсіріп алып ер, тоқымын, жүгенін сыпырып алды да, өзін жаяу жіберді.

– Баланың жасының қаншаға келгенін сен емес, мен білетін шығармын. Оқытам ба, жоқ па - оны да өзім білемін. Менен алатын сыйыңды алдың. Енді қайда барсаң, онда бар. Қорқып ығыңа жығылатын адамды тапқан екенсің, - деді кетіп бара жатқан директордың артынан айқайлап.

Ашудың ақылдан бұрын жүргені жақсы емес қой. Мұның арты үлкен дауға айналды. Әкеме ұсталып кету қаупі төнді.

Бірақ ауылдың ақсақалдары жиналып даудың жоғары жаққа жетпеуі үшін жұмыстанды. Әкемнің боталы маясын беріп құтылғаны есімде. Бірақ ол өз дегенінде тұрды. Мені оқуға ақыры бермеді. Ол кезде осы күнгідей талап жоқ па, әлде мектеп директоры әкеммен тағы да жүздескісі келмеді ме, білмеймін, менің артымнан іздеп ешкім келмеді. Әліпті таяқ деп білмеймін деп отырғаным сондықтан.

Біз өмір бойы жылқы баққан адамдармыз. Әкемді жұмысшылар батальонына алып кеткесін бағып жүрген жылқымызды колхоз бастықтары отарымен Шебірдің басына айдап әкелді. Әлі ұмытпаймын 1942 жылдың қыркүйегінің 12-сі күні болатын. Сондағы екі айғырдың үйірінің ішінде төрт биеміз бар еді. Жасым сол уақытта он бірде. Бірақ әкемнің қасына жастайымнан еріп мал бағудың ыстық суығына үйренген мені бала деуге де болмайтын еді. «Отарды өзіме қалдырың, әкем болмаса да шашау шығармай баға аламын. Болмаса ана сүтін сауып ішіп жүрген төрт биемді бөліп аламын» деп арпалысқан мені аяды ма, білмеймін, сол уақыттағы колхоз бастығы Жапақов Жұмағали қасында тұрғандарға қарап:

– Апыр-ай, мына Жанайдың баласының көзінің отын қарашы. Мен білсем осы бала тегіннен тегін ұмтылып тұрған жоқ. Қайтеміз, көмекші қылсақ та қалдыра береміз бе, қалай ойлайсыңдар, - деп қасында тұрғандарға қарады.

Олар бастықтан асып ештеңе демеді. Сөйтіп жылқыны сол он бір жасымнан бастап бағып келемін. Соғыс кезінің ел басынан өткен бар қиындығын көппен бірге өткіздік. Аш та болдық, өз малыңды өзің сойып жей алмайтын қатаң тәртіпті де көрдік. Бәріне де көндік қой. Құдай тағала Бозашы бетінің құмында құмаршықты, тегістігінде сораңды жаратыпты. Кезінде бір қараға асуыңа, аш өзегіңді жалғауыңа оның да септігі болды. Қияқтың басын қырқып алып қағып, ұнтақтап көже жасап іштік. Жоқ кезде даладағы дәнді өсімдіктердің көп пайдасы тиді ғой. Адам сораң мен мал сораңды айыра алмай жеген адамдардың көзіне ақ түскенін де көрдік. Не өтпеді басымыздан.

Осы күндері біреулердің «Соғыстың кезінде тылда аянбай еңбек еттім. Ұйқы, күлкіні білмей бар қиындықты көтердік. Еңбек ветеранымын» деп көп алдында өздерін өздері көгеріп отыратындары бар. Сондайда «Әй, сен сол жылдары болашақта еңбек ветераны болу үшін қызмет жасап па едің. Осы күнге жететініңе сол кезде көзің анық жетіп пе еді. Ол уақытта кімнің ұйқысы қанып, шаттықтан күліп еді. Басыңа түссе не істемейсің. Күндіз колхоздың жұмысымен арпалысып, түнімен қызыл оттың ортасында жүрген жарын ойлап, шымылдығын ерте жинатқан тағдырға бар қарғысын айтып, жастығын жасқа шылап шығатын жас келіншектің күлкісі қайдан келетін еді. Болмаса күздің қыраулы күнінде аяғын аяғының үстіне қойып жылытатын жетім балада көгеріңкі көңіл күй болады деп кім айтты саған. Бұл жерде «ветерандығыңды» айтпай сол жылдары ит тірлікпен әупірімдеп ілгері қозғала берген өмір көшіне риза болмайсың ба», - деп ұрсып тастайтыным бар. Біреуі мақұлдайды, біреуі шатақ мінезімнен ығысатын шығар, теріс қарап ернін шығарады. Қайтерсің, бойға сіңген мінез, қаныңдағы қасиет, іштей тынып отырғанша бетің бар, жүзің бар демей айтып тастағанды жақсы көремін. Бірақ әлгілерге сол кезде жас болсам да өзімнің майдан даласына барғанымды, жарылған бомбаны көріп, дәрінің исін иіскеп келгенімді айтпаймын. Ондағы ойым біреулердің пендешілікпен айтқан сөзіне тоқтау салып, өзімді мақтағандай болмайын дегендігім болатын.

1943 жылы 150 жылқыны сонау Орлов қаласына апарғанмын. Онда не бары он төрт жастамын. Атты әскерге керек сол жылқыны Маңғыстаудан төрт адам айдап Гурьевке бардық. Менен басқалары үлкен адамдар. Қандай сылтау айтқанын, кімдердің ықпалымен қалғанын білмеймін, әйтеуір Орловтан келген төрт-бес әскери адамға мені қосты да, жолдастарым кейін қайтты. Жылқыны вагон-вагонға бөліп тиеп алдына жем, суын қойып жүріп кеттік. Бозашының құмынан әрі аспаған, оның үстіне оқу-тоқуы жоқ мен қай жермен, қай қаланың үстімен жүріп келе жатқанымды қайдан білейін.

Әйтеуір анда-санда аңырай боздап, қара түтінін будақтатып поезд тоқтаусыз жүріп келеді. Қанша күн өткенін де ұмыттым. Қираған, өртенген ауылды да, қаланы да көрдік. Бәрі де бұлдырап артта қалып бара жатыр. Бір күні ұшып келе жатқан көп самолетті көрдім. Ашық вагонда отырғанбыз. Әлгілер төмен қарата құлдилай бастады. Төбе құйқаңды шымырлата шыққан дауыс естілді. Мен орнымнан атып тұрып өмірі көрмеген самолеттерді қызықтап тұрмын. Жолдас орыстарым бірдеңе деп айқайлайды. Оны түсініп жатқан мен жоқ. Біреуі жүгіріп келіп астына ала құлады. Еңгезердей орыстың үстіме мініп алғанына ашуланып кеудесінен итеріп арпалысып жатырмын. Қырық аяқ құртша шұбатылған біздің эталонның біресе ана жағынан, біресе мына жағынан қара жердің ішек-қарынын ақтарып бомба жарыла бастады. Осы кезде қарсы беттен тағы да көп самолет шықты. Оларды көргесін әлгі бомба тастап жүргендер аспанға қайқаңдай көтеріліп кейін қайтты. Жолдас орыстарым мәз болып қол шапалақтап жатыр. Олардың неге қуанғанын артынан барып білдім. Жаудың тастаған бомбасы жылқы тиелген бірде-бір вагонға дөп түспеген екен. Жаңағы қарсы беттен келген біздің самолеттер көрінеді. Әйтпесе жау қайта айналып тағы да бомбаласа, бір жазымға ұшыратуы мүмкін екен.

Содан не керек, Орловқа келіп жылқыны табыстадым. Төрт-бес күн әскерлердің ішінде болдым. Елде қалған балаларын ойлай ма, бәрі де тамағын аузыма тосумен болды. Мені шыттай қылып әскерше киіндірді. Қолыма ақша, жолыма тамағымды беріп біреуі біраз жерге дейін еріп келіп, поезға мінгізіп жіберді. Сөйтіп елге келгенмін.

Сол уақыттан бері алдыма салып қайырғаным да, түн күзетіп баққаным да жылқы. Бар өмірім осы бір қасиетті малмен байланысты, ажырағысыз болдым десем өтірікші болмаймын. Өйткені жылқы көрмесем отыра алмаймын. Біреулер жылқы бағуды оңай көреді. Қой сияқты соңына ермей анда-санда бір көздеп, үйіңде аяғыңды айқастырып аспанға түкіріп жата беретіндей жеңіл санайды. Малдың жауы қасқырдың көп кезінде біресе қақпаныңды құрып, біресе мылтығыңды арқалап жусап жатқан жылқы қасында отыратыныңды қайдан білсін. Ертеректе 60-шы жылдары ана Үстірттегі Аяққұм, Ащыбұлақта отырғанымызда қасқырдың көптігі сондай, күні-түні тыныштық бермейтін. Жас кезімізден қосымша кәсіп қылған аңшылықтың, қақпан құрудың қайырын сонда көрдім. Бір жазда 40 қасқыр алғанмын. Осыншама қасқыр алғанмын деген айтуға ғана оңай ғой. Түз тағысы болғанмен оның да өзіндік айласы, соңына түскенді адастырып кетер қулығы болады. Сенің әлсіз жеріңді аңдиды. Жылқының іңір жусауында, болмаса таң жусауында қаншама қадағалап отырсаң да малыңды заялап кетеді. Содан кейін байқағаным қасқырдың шабуылы өзінің қайдан ауызданғанына байланысты болады. Егер бір айғырдың үйірінен жылқы өлтіріп дәмін татса, қайта-қайта сол үйірге шабады. Жылқының осал жері үріккендігінде. Ондай жағдайда қапталдаса шауып оңай жемтігіне түсіреді. Үрікпей қалған жылқы қандай қасқыр келсе де алдыртпайды.

Жылқы айғырларының ішінде адамнан зерек, ақылдылары да кездеседі. Ақылды демей қайтерсің сол қасқырдың көп кезінде үйіріндегі бір құлынын да шашау шығармай, қасқырға бермеген менде екі айғыр болды. Кейде көздеуге шыққанымда үйірдің жан-жағында айғырдан бата алмай торуылдап жүрген қасқырларды талай көрдім. Сол айғырдың бірі ит көрсе болды қуып жүріп ақыры өлтіріп тынатын еді.

Үстірт үстіндегі Ащыбұлақ Шалқар ауданының жері. Сол қасқырдың тыным бермеген жылдары қойшымыз бар, жылқышымыз бар жаз бойы қасқырмен арпалысып өттік. Қақпан құрамыз, мылтықпен атамыз. Бірақ бір топ қасқыр алдыртпай-ақ қойды. Тай-тананы жаралап шың жағалап құлап кетеді. Қақпан құрайық десек сүрлеу, соқпағы көрінбейді. Сонда малшылар болып:

– Ерінбейік, бүкіл шыңды жағалап құм сеуіп шығу мүмкін емес болар. Дегенмен ор жерге дорбалап құм төгейік, ізі түссе бағыты белгілі болады ғой, - деп шештік.

– Ертесіне барсақ әр жерге төккен топырағымызда шұбырған із жатыр. Қақпан құрып кеттік. Көп ұзамай бір қаншық қасқыр түсті. Қызық көрдім бе, әлде шынымен қасқырлар маңайына келеді деген сенімім мол болды ма, әлгі өлген қаншықтың төрт аяғын қазыққа байлап, тамағына ағаш тіреп басын көтеріп кеттік. Маңайына төрт-бес қақпан құрдық. Қасымда Еңсеп, Қайнар деген құрдастарым бар еді.

– Ай, Есмырза, бекер жұмыстанып жатқан шығарсың. Өлі, тірісін айыра алмайтын қасқыр ақымақ емес шығар, - деп күлген.

Еңбегім зая кетпепті. Сол жерден үш қасқыр алдық. Жас қасқырлар екен. Осыған қарап әккі қасқырлардың кез келген жерге аяғын баса бермейтінін білесің.

Аңшының атам заманнан келе жатқан негізгі қаруы қақпан ғой. Жеке өзім ұсталық құрған жоқпын. Қолыңа түскен кейбір қақпандардың серіппесі әлсіз болады. Сондай жағдайларда мықты темірден соғып алатыным бар. Жақсы қақпан кездессе оның бағасына қарап тартынып қалған жерім жоқ.

Менің ойым бойынша мал баққан қазақ аңшылықты қоса атқарады. Алдыңдағы малың саған бір күндік ермек емес. Оның ертеңгісін, төлдейтінін, өсетінін ойласаң қай жағыңнан тап болары белгісіз қасқырмен күресуге, алдын алуға міндеттісің. Ал «Ит-құс көбейіп кетті. Пәленшеге хабар жіберің, алдыртың, бір шара жасасын» деп хабар беріп жіберетін малшы малшы емес. Әр малшыға бір-бір аңшы қайдан болсын, болып та көрген жоқ.

Самнан ойға құлағасын 1972 жылы совхоз директоры Әріпов Бисембі анау Жармыштан кедей Мұқанды осы құм бойына алдыртты. Атақты аңшы ғой. Қасқырдың бағытын, қай жердің қақпан құруға ұрымтал екенін әулиедей біледі. Сонда Бәйділда дейтін ферма меңгерушісі мені сол Мұқанның қасына қосқаны бар. «Жалғыз шағылда» отырған Ербөлектің үйінде жатып біраз жерді бірге шарладық. Оншақты қақпаным бар еді. Біраз қасқыр алдым. Сонда Мұқан:

– Есмырза, мен Қаратау бойын мекен еткен адаммын. Оның сай-саласы, қасқырдың жүрер жолы маған бес саусағымдай белгілі. Саған құм етене жақын. Қақпаныңның құр болғанын көргенім жоқ. Менің ойымша, құрығың мен қақпаныңды қоса арқалап жүрген адам екенсің - деп көңілінің біткенін айтып еді.

Сол кісінің айтқаны дұрыс қарағым. Әу баста аңшы болайын деп ойламадым. Біздің балалық шағымыздағы қиындық аштан өлмеу үшін тырбынып еңбек етуге ұмтылдырды. Алдымдағы малымның жайы қақпан құрып, мылтық асынып аңшылықты қоса атқаруыма итермеледі. Өрісіңнің шөбі сұйылса, болмаса қуаңшылық болса жұрт ауыстырып жан сақтайсың. Ал қасқырдан қайтіп құтыласың. «Бір-жар тұяғын өлтіріп аштығымды бастым ғой, ендігім обал болар басқа жаққа кетейін» деп ақыл кіретін қасқырды көрмедім. Ашыққаннан құныққан жаман деген сөз бар. Қасқыр да сол. Тойғанына емес, өлтіргеніне мәз. Өйткені домалатып кеткенін бүгін болмаса ертең жейді. Қасқырмен тынымсыз күресетініміз, іздеп жүріп күшігін де өлтіретініміз де сондықтан. Маған тап болғаны солай ма, әлде шынымен тақ туа ма, онысын білмедім, менің қолыма түскен күшіктер ылғи тоғыз, жеті, бес, үш болып келеді. Көбінесе жеті күшік туады.

Өзің үшін еңбектенесің, сөйтіп жүріп көптің алғысына бөленесің. Жасаған ісіңнің зая кетпегеніне риза болатының да сол ғой. Жалпы жас кезімде қиындық көрсем де ешкімнің наласына қалмаппын. Ана бір жылы 1963 жылдың қоянында кешке таман үй алдындағы жылқыны көздеп келейін деп шығып кеттім. Онда Самда, Ақшелек дейтін жерде отырғанбыз. Қыстың кезі. Аяғымда керзі етік, үстімде күрте. Мен ауылдан ұзағасын алай-түлей боран соқты да кетті. Әлдеқалай шығар, көп ұзамай басылар деп жүре бердім. Ат құлағы көрінбеуге айналды. «Әзір ашылар түрі жоқ, кейін қайтайын» деп ауылға беттеген болдым. Бірақ екілене соққан боран бағытымнан адастырған болу керек ауылға жете алмадым. Боран қатарынан екі-үш күн соқты. Қайда бара жатырмын, бағытым қайсы айырудан қалдым. Аттан түссем қайтадан міне алмайтындаймын. Демалғым келеді. Бірақ жатып қалсам қатып қалармын деп ойлап ілбіп жүре бердім, жүре бердім. Аштықтан, суықтан әлсіреп өлуге келген шақта бір елді мекенге тап болыппын. Түрікменстанның жері екен. Оны қайдан білейін. Айтуларына қарағанда бір күн, бір түн тілге келмей жатыппын. Етіме жабысып қалған көйлегімді жібітіп зорға шешіпті. Ауылдағы адамдар әлдеқашан өлдіге жорып сүйегімді іздеумен болыпты. Көрер жарығым бар екен. Ана дүниенің есігін ашып кері қайтқандай болдым. Боранға ұрынып үсіп қалмағанымды, айдалада сүйегім шашылып қалмағанын көптен алған алғысымның арқасы шығар деп ойлағанмын сонда. Шаруасы түсіп алдыма келген адамның мәселесін қайтарып көрмеппін. Қарғыс алмаған адаммын. Көптің пейілі қай уақытта да періште болып қай қатерден де қорғап жүреді ғой. Осы күндері алдыма біткен азын-аулақ дәулет те бар. Бірақ соны тек өзімнің бауырыма басуға құлқым шамалы. Барымды көппен бірге бөліскім келеді. Өйткені жоқшылық көрдім, аштықты басымнан өткіздім. Сырты түк, іші бөк малдың кім-кімге де өмірлік жолдас болмасы белгілі. Осы күндері болып жататын той, мереке көп. Маңғыстаулықтар Адай ата кесенесін салғанда, кешегі ауданның 80 жылдығында, одан бұрын болып кеткен Шотан, Абыл, Досан, Төлептерге ас бергенде қарап қалғаным жоқ. Жетелеп жылқымды апардым, іргесіне қосақтап қойымды байладым. Терең діндар болмасам да пітір, зекетімді ұмытпаймын. «Өлі риза болмай тірі байымайды» деген қағида рас. Оларға қимаған малды не істейсің сонда. Ешкімге бермей үпектеп ұстаймын десең де сол мал бір жылғы жұттан қалмайды, ия даланың тағысының аузында кетеді.

Міне, қарағым, осындай жайымыз бар. Мені малшы дейсің бе, аңшы дейсің бе өзің біл. Мал баққан қазақпыз. Соның амандығын ойлап жердің құнарын іздейміз, сәл босаңсығаныңды аңдып дегенін істеп үлгеретін қасқырмен арпалысамыз. Екеуі де менің әріден келе жатқан кәсібім, ажырамас серігім. Сондықтан олардың қай-қайсысыменде айналысқаныма өкінбеймін, қайта мақтаныш тұтамын.

Менің бар сырым осы. Өз кәдеңе жарай ма, әлде көпке жарай ма, оны мен білмеймін. Жарыққа шығарып жатсаң біреулерге мысқалдай болса да пайдасы тисе, тәлім алар жері болса мен соған разымын.

ТОҚСАНБАЙ ДЕГЕН АҢШЫ БАР

(«Ұштаған - құтты мекенім» кітабынан)

Әкесі Назаров Жаңайға сегіз жылдықты бітірісімен көмекші шопан болған қарғадай баланың шарғасы шамалы болғанмен де, шаруаға ыңғайлы екенін біздер қанаттас жүріп байқағанбыз. Жылдар зулап өтіп жатты. Жарықтық Жәкең, бір көрмеге аңқаулау, кім не айтса да сеніп қалатын мінезі бар жақсы адам еді. Совхоздың бір отар қойын қайырмалай жүріп, бойына сіңген өнері аңшылықтан да қол үзбеген, ерінбейтін адам еді.

«Әке көрген оқ жонар» деген сөздің қарымын бұл күнде Тоқсанбай дәлелдеп жүр. Ат жалынан ерте тартып мінген ол әкесінің қасынан қалмай қақпанын арқаласып, мылтығын оқтап беріп көргендерін көңіліне түйе жүрді. Алдында қой баққан Тоқсанбай сексенінші жылдары жылқы бағуға aуысты. Асаудың құлағында ойнап, талай асау тарпаңдарға тақым салып, бір-жар күнде жуасытып, тезге салатын жас жігітке жылқышы болу жарасып-ақ тұрғандай еді. Құрығын қарына іліп, бұғалығын беліне, қақпанын қанжығасына байлап жылқысын көздеп желе жортып жүрген Тоқсанбай талай құр сайлардың, аңғарлардың бойын қуалай жүріп, табиғаттың сырымен, таулардың тылсым тыныштығымен етене болып кетті. Осындай жортуылдың бірінде жақында ғана бөрінің аузынан аман құтыла алмай мерт болған жылқының өлімтігіне «Ия, бисмилла, тәтемнің әруағына бағыш еттім» деп қақпанын құрып кетуші еді.

Араға күн салып «ИЖ-не» (мотоцикл) мініп, бес қаруын беліне байлап, шыңды жағалап жүріп «Бөрібас», «Бесбұлақ» аңғарларына үңіле өзі қақпанын тастаған «Бағданың» сайына келіп тізгінін тартып, темір тұлпарын тіреуішіне орнықтырып, жаяулатып сайға құлайды. Белшігі қолында, мылтығы иығында барынша сақтықпен айналаға қарап, қақпан жатқан жерге де жақындап қалды.

Мойнындағы дүрбісін көзіне апарып, сай бойын қуалай көз алдынан өткізіп, қақпан жатқан жерді де нысанаға алып, сол жерге көзін тоқтатып, дүрбісінің көргіштігін сәл-пәл бұрап тесіле қарап қалды. Анадай жерде жатқан жылқы өлімтігінің маңы опыр-топыр болып қалыпты. Қолға ұстатқандай болып, қақпанның бос жатқан шұқыры да анық көрініп, сүйретіндінің де ізі білінеді.

«Иә, ұрыста тұрыс жоқ, қақпанға не болса да бір зат ілінген ғой, әйтеуір қоян емес. Сүйреткеніне қарағанда көшелі хайуан сияқты» деп Тоқсанбай дүрбіні қабына салып, асынған мылтығын оқтап қолына алып, төмен қарай сайды бойлап жүріп кетті. Қақпанның жатқан жерінен сүйретіндіге түсіп елу қадамдай жердегі қалың қамыстың қасына келіп, ізден көз жазып қалды. Айналаға көз тастап тұрса, қамыстың екінші бетінде ойысқан жерге көзі түсіп «Ә, сырың белгілі болды. Айлаңды асыра алмаған екенсің» деп тура алдына қарай барып ізді тауып алды. Дәл өзі! Тайдың ізіндей арланның жалпақ табаны су аққан борпылдақ жерге айқын басылыпты.

Жерден тас алып қамыстың күдікті жеріне лақтырып жіберіп тың тыңдап тұрып қалды. Тым-тырыс. Тағы да тас алып, сол асыра лақтыра бастады. Дыбыс білінгендей болды. Үшінші рет тасты тағы жіберіп, қолына оқтаулы мылтығын алып нысанаға дайын тұрды. Иә, дәл ойлағанындай болып, қалың қамыс ішінен қақпанды сүйретіп көкжал қасқыр ырылдап атып шықты. Ойлануға мұрша жоқ, өкпе тұсың осы болар деп Тоқсанбай мылтықтың шүріппесін басып қалды. Тырс еткен дыбыстан оқтың зая кетпегенін сезінген аңшы жігіт, ентігін басып жақындап келсе, қамыстың шетін ала алшысынан түсіп, аяғын серпіп жатқан көкжалды көреді. Қолындағы белшікпен қара тұмсығынан ұрып мәңгілікке аттандырып «уф» деп демін алуға тастың үстіне отыра кетті.

Талай қылқұйрықты қансыратқан кәнігі көкжалды осылайша құрдымға жіберген Тоқсанбайдың бұдан кейінгі аңшылық сапарлары да сәтсіз болған емес. Ол қасқырды «ата жауымыз, себебі ол пәле ата кәсібімізге зиян салады. мынадай нарық заманында тұрмысымызға нұқсан келтіріп, әбден сорлатып болды. Өзіміз жемей отырғанда осы қызыл көз пәле-ақ оқсатып болды. Жан-жақтан шығып құртпаса болмайды. Алдаберді мен екеумізге азаяр түрі жоқ. Осы жақында ғана Көбеннің маңындағы малдарға (жылқыға) тыным бермей тұрған пәлені аңдып жүріп, ақыры қолға түсірдім», - деп Тоқсанбай жай ғана әңгімесін аяқтағысы келгенмен де біздер суыртпақтап қоймағасын:

– Жәке-ай! Аздап мыш-мыш хабарды естігенсің-ау. Айтайын онда. Ертемен мотоциклімді от алдырып, анау «Бесіктінің ойында», одан әрі «Өзеннің көк жолына» қарай шығып, жылқыны көздеп қайтайыншы деп ауылдың оңтүстік бағытына жүріп кеттім. Суық күз. Айнала мұнартып тұрғандай, көкжиек анық көрінбейді. Зулатып отырып «Тынысбайдың» биігіне шығып, Бесіктінің ойына құлап маңайды болжап келе жатыр едім, сол Бесіктінің тақырының жиегінде жатқан бір айғырдың үйірі жылқының маңынан бірдеңе қарауытып көзге түсті. Іле көлігімді сол жаққа бұрып, белгісіздеу нысанаға қарай ызғытыңқырап жүріп, жақын келіп те қалдым. Міне ғажап! Нағыздың өзі екен. Құйрығын салақтатып, сөлкектеп, бағытын Бесіктінің шоқысына қарай бұрған сияқты. Жақындап келгенше байқамай қалды-ау деймін, қасына келіп қалғанымда артына бір қарап жіберді де, атылған оқтай зауламасы бар ма. «Иә, сәт» деп газды беріңкіреп көлігіме орнығып отырып алдым да, оның алдын орай мен де жібердім. Спидометр 120-ны көрсетіп келеді. Алатағанақ тақырға бұрайын деп, жанымды шүберекке түйіп, газды беріңкіреп келемін. Ақыры дегеніме жетіп қасқырдың бағытын тақырға қарай бұрып, тықсыра бердім. Қырсыққанда мылтықсыз шығыппын ғой. Жанымда тек шаппам ғана бар еді. Не де болса нар тәуекелмен тақырдың жиегін ала отырып, ынтықтырып қуа бердім. Бірде тақап, бірде демін алдырып, әбден итсілікпесін шығарып, ауызынан іріткісін ағызғанша қуа бердім. Байқаймын, арланның апшысы қуырылып, бас сауғалайтын тесік болса кірейін деп, мойнын бұрып қызыл көзімен жіті бақылау жасап келеді. Тақымдап келіп мотоциклдің дігірімен бөксесінен түртіп қалуым мұң екен, әлгі пәле өзіме қарай «арс» ете түсті де, шамасы келсе аузын салғысы келді. Аяғыммен жасқап, қайта жолға салып, әбден титықтатып, шөкесінен отырғызып, мотоциклдің газын азайттым да, шөкесінен отырған қасқырдың екі құлағынан жабысып үстіне құладым. Бөксесін мотоцикл басып қалды. Құлағы менің қолымда, тырп етуге дәрмені жоқ аузынан тілі салақтап, дәрменсіз қалды. Бір қолымды босатып жанымдағы шаппаны алдым да, жүрек тұсынан бір-екі рет піскілеп қансыратып, жанын жаһаннамға жібердім. Ар жағы белгілі ғой, терісін сыпырып алып, қаңқасына бензин құйып өртеп жібердім де, демімді алдым. Міне, біздің хабар осы, - деп Тоқсанбай аңшымыз тыңдаушылардың аузынан суын шұбыртып, аңшылық сапарының кездейсоқ тап болған хикаясын баяндап берді. Адам айтса нанғысыз аңыз әңгіме сияқты болғанмен де, бұл таза шындық оқиға еді...

АҢШЫНЫҢ ӘҢГІМЕЛЕРІ

Соңғы кезеңдері аң аулау қосымша кәсіп ретінде қалыптасты. Әсіресе мал шаруашылығына зиян келтіретін қасқыр аулау аңшылардың негізгі міндеті болды. Өлкемізге белгілі Бабық Нұр, Тастығараев Мұқан сияқты аңшылардың өз еңбегімен колхоз шаруашылығының өркендеуіне зор үлес қосқаны көпке аян. Олардың ізін жалғастырып күні бүгінге дейін ата кәсіпті жетілдіріп келе жатқандар да бар. Солардың бірі Маңғыстау ауданының Жарма ауылында тұратын Ақшабаев Алдаберген. Өлкеміздің мал шаруашылығына өзіндік қолтаңбасы қалған оның айтуы бойынша аңшылық олардың әулетінде атадан балаға жалғасып келе жатқан өнер көрінеді. Әкесі кішкене кезінен бастап қасына ертіп қақпан құру жолдарын көрсетіп, дала жыртқышының мінез-құлқы жайындағы әңгімелерін жадына құя береді. Соның әсері болса керек, әке қасында жүріп малшы болған кезеңінде де, артынан жүргізуші, оқу бітіріп мал маманы, ферма меңгерушісі болған уақыттарында да осы кәсіптен бір елі ажырап көрмепті. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін аңшылық оның негізгі кәсібі болды. Дала тынысын сезініп, ондағы аң құстардың қайда жүретінін білетін аңшы уақытының көбін сол далада өткізеді. Кейде малшылардың, шаруашылық басшыларының арнайы тапсырмасын да орындайды.

Қасқыр айлакер, ақылды да сезімтал жыртқыш. Кез-келген аңшымын деген адамның құрған қақпанына оңайлықпен аяғын сұға салмайды, мылтықтың қарауылына ілінуі де екіталай. Оның мінез-құлқын меңгеріп, айлаңды асырғанда ғана мерейің үстем болады. Қақпан сүйреткен, ия жаралы қасқырдың соңынан ерген аңшыға көрсетер айбат, қатері де жетерлік.

Біз Алдаберген аңшының өз аузынан естіген, басынан кешкен кейбір оқиғаларын кітабымызға арқау еттік. Мұражай қызметкері болғандықтан бірте-бірте ұмыт болып бара жатқан аңшылық өнер туралы дерек жинау үшін онымен бірге бірнеше рет сапарлас болған едім. Бөрібас пен Бесбұлақ шыңдарында, болмаса Тұзбайыр сорының құмға астасар тұсында қараған мен жыңғылдың қураған бұтағына қайнаған қара шәйнекті ортаға алып отырамыз. Шың жағалап етектегі бұлаққа келер қасқыр жолына, болмаса қалың қамыс өскен ащы ағардың бойындағы бірнеше жерге қақпанын құрған аңшы да, қолымнан ештеңе келмесе де салпаңдап соңында жүрген менің де кенеземіз кепкендей үн-түнсіз сораптап, кесемізді қара шәйнектің мырза шүмегінің астына тосумен боламыз. Біраздан соң шөлі басылған аңшы күртесін жастанып қалтасынан насыбайын алады да, бір шөкімін тілінің астына тастайды. Бұлай істемесем кәзір басталатын әңгіменің қызығы болмайтындай мен де аңшы алдындағы насыбайға қол жүгіртем. Аңшы тың тыңдағандай жан-жағына қарайды. Алыстан шәуілдеп түлкі ме, қарсақ па үреді. Тас қараңғы түннің іргесін көтеріп ай туып келеді. Үстірттің жанға жайлы қоңыр салқыны есіп, жусанның хош иісі көкірегіңді аша түскендей. Төбеден қанаты сусылдап әлдебір құстар ұшып өтеді. Жер ошақтағы сексеуілдің қызыл шоғына анда-санда тастаған қураған бұтақтар лап етіп жанады да, айналаны қайтадан қараңғылық басады. Шырт-шырт түкірген аңшы өзінің әңгімесін бастайды.

ҚАҚПАНҒА ТҮСКЕН ГИЕНА

1995 жылы біздің Ұштағандағы совхоз директоры Сейілханов Қыдырбақыт болатын, - деп әңгімесін бастады аңшы. Ұмытпасам шілде айының басы болуы керек, шаруашылық басшысы Жармаға қатынасқан бір машинадан көлдей қылып қағаз жазып жіберіпті. «Алдеке, Үстірт үстіндегі малшылар, әсіресе Мәлібектегі жылқышылар қасқырдың көптігінен қиындық көріп жатыр. Күн сайын тай-танасын қасқыр жеп кететін көрінеді. Айтуларына қарағанда сол жерді мекендеп дәніккен үйірлі қасқыр болса керек. Тезірек қырға шығып тірлік жасамасаң болмас», - депті хатында.

Содан не керек, құрал-сайманымды алып қырға тартып кеттім. Мәлібектегі жылқы ауылға жақын шыңды жағалап жүре-жүре Бағдаға келдім. Жылымшылап ағып жатқан бұлағы бар. Төмен түсіп келе жатқанымда жыңғыл түбінен көлеңкелеп жатқан бес қасқыр атып тұрып бес жаққа бытырай қашты. Мылтығымды оңтайлап отыра қалдым. Ондағы ойым мылтықтың қарауылына ілінетіндей жерге тоқтар ма екен дегендік еді. Бірақ, қасқырлар сол қашқан күйі оқ жетпейтін, нысанаға ілінбейтін дерге барғаннан кейін ғана тұрып артына қарады. Ешқайсысына да оқ шығара алмадым. Қасымда өзіммен бірге жолдас болып келе жатқан осы Мәлібектегі Абылдың баласы бар еді. Жақында әскер қатарынан келген. Соған өзім сайға түсерде үш қақпанды қолына беріп:

 Осы жерде қозғалмай отыра бер. Қолымды бұлғап шақырғанда ғана қақпандарды алып келерсің, - деп кеткенмін.

Қасқырлардың бұл жерде еркін жүргендігі сондай бұлақ бойындағы шөптерді таптап тастапты. Аңшының жүргенін білсе, мылтық дауысын естісе, бұлай істемеген болар еді. Олардың бұлақ басына қайта оралары анық. Не де болса осы жерге бірақ қақпан құрып кетейін деп ойладым да, мені күтіп машина қасында отырған жігітті қол бұлғап шақырдым. Оның әкелген үш қақпаны көңіліме аздау болып көрінді. Тағы да үш қақпан алдырып қамыс ішіне, қасқырдың суға келер жолы бойына құрып ауылға келдік.

Күн ыссы, аспан айналып жерге түскендей. Жылқышы Абылдың үйінде демалып ертесіне дейін жаттық. Қозысын сойып қонағасы берді. Білігі көп адам еді, өткен-кеткенді айтып түн ортасына дейін әңгімелесіп жаттық. Таңертең тұрып машинамның май-суын қарап жаттым. Абыл ақсақал ол кезде үйінен әлі шыға қоймаған. Біраздан соң қасыма келіп:

 Алдаберген, жаңа құмалақ аштым. Олжа мол екен. Жолдарың болсын! – деді.

Құмалақшы шалдың ниетіне риза болып аттандым. Қай аңшы болса да қақпанының қанды болғанын, бос жолды болмай еңбегінің қайтқанын қалайды ғой. Қария қате айтпапты. Кешегі құрып кеткен алты қақпанның үшеуіне арлан, қаншығы аралас қасқыр түсіпті. Жатқан жерлерінде соғып өлтірдік те, қақпандарымыздың орнын ауыстырып қайта құрдық.

 Ал енді ауылға қайтамыз. Ертең таңертең тағы да келерміз. Мына қасқырларды оқшау жерге шығарып сойып, терісін алайық, - дедім көмекші балаға.

 Алеке, қызық үшін осыларды бұл жерде емес, ауылға апарып соялық. Ондағылар да көрсін, - дейді көмекшім.

 Ойбай, қарағым-ай, көрмейсің бе, бұл қасқыр дейтін қолтығыңа қысып жүре беретін қозы емес. Сонау шыңның басына шыққанша діңкеңді құртады. Мен біреуін алып шығайын. Сенің қалған екеуіне тәуекелің жетеді ме, - деп жігітке қарадым.

 Болды, Алеке. Екеуін де өзім алып шығамын. Маған тек қалай арқалайтынын көрсетсеңіз болады, - деді.

Қасқыр арқалаудың да өзіндік жолы бар. Алдыңғы екі аяғын қолыңмен ұстап арқаңа саласың. Әйтпесе оны қолтықтап ұстап биікке шығару оңай емес. Тез ентігіп қаласың. Жігіт айтқанында тұрды. Екі рет түсіп, екі қасқырды да үстіне шығарды. Содан ауылға келіп сойып, терісін алып тұздап тастадық. Бір жүзі қатты адамдар туралы «Қасқыр исі бар екен» деген әңгіме айтылып жатады ғой, сол рас. Әлгі қасқырларды әкеліп сойғанда ауылдың иттері шәуілдер үріп далаға безіп кетті. Әшейінде жылы-жұмсаққа тойып алып үй алдында күжірейіп жататын, кетіп бара жатқан салт аттының қапталына жармасып әрі-бері арпылдап үретін батырлықтары жоқ. Құйрығын қысып алып қыңсылап зытып барады. Тірі қасқыр келсе қайтер еді.

Ертесіне барсақ бұл жолы қақпанға бір қасқыр түсіп жатыр екен. Көрген бес қасқырдың төртеуін алдық. Қалған жалғыз қасқырдың енді бұл жерге келуі екіталай. Босқа уақыт оздырмайын деп қақпандарымды жинадым да ауылға қайттым. Совхоз директорына: «Енді Мәлібектегі жылқыға қасқыр тие қоймас. Сол жерде жүрген бес қасқырдың төртеуін алдым» деп бітірген шаруамды айттым.

 Рахмет Алеке. Енді ойдағы қасқырларды аулай бер. Малғa тыныштық болса, бізге де тыныштық қой. Сен барғанша сол қасқырлар біраз жылқыны заялап кетті. Қолында қақпаны, мылтығы жоқ жылқышылар қасқырға не амал істесін. Бола қойған күннің өзінде арнайы кәсіп қылмаған адамға дала тағысын қолға түсіру оп-оңай шаруа емес қой, - деп шығарып салды.

Содан арада бір жетідей уақыт өтті ме, өтпеді ме, білмеймін, директорым тағы да қағаз жазып жіберіпті. «Бұрынғы ештеңе емес екен, қасқырлар қайта құтырыпты. Күніге бір жылқыны заялап кететін көрінеді. Өткендегі барған жерлеріне тезірек жетсін» депті. Қақпандарымды арқалап қайтадан қырға кеттім. Алдында бір інім «Алеке, бір сапарында мені де ертіп кетсеңші. Қасқыр аулағанды көрейін деп едім. Кәзір қолым бос, көлеңке сағалап ауылда жүргенше бой жазып келейін» деп жүруші еді. Сол үшін Ұштағанға соғып, одан әрі кідірмей жүріп кеттік. Шың астындағы Ащыбұлаққа үңіліп, Бөрібастың үстіне шығып қондық. Ертесіне тау жағалап Бағдаға келдім. Алдында келіп қақпан құрғанымда байқағаным қасқырлар бұлаққа төменгі жағындағы сай бойын қуалап келетін еді. Бүгінгі байқағаным басқаша болды, із жоғарғы жақтан келіпті. Ұйыса өскен қамыстарды жапырып қиратқан. Бұлақтан су ішіпті, ізі де қасқырдікіне көп келіңкіремейді. Қасымдағы ініме:

- Апыр-ай, мына із мен көрмеген, қасқырдікі сияқты емес. Неде болса осы жерге бір қажарлы қақпанды, төменгі жағындағы бұрынғы қасқыр сүрлеуінің бойына екеуін құрып кетейік, - дедім.

Барған үйімде түнімен дөңбекшіп ұйықтай алмай шықтым. Манағы ізді қасқырдікіне қанша ұқсатқым келсе де маңайламайды. Әйтеуір мен көрмеген бір мақұлық болуы керек. Құдай-ау, сонда бұл ненің ізі? Ертедегі шалдар бұл жерде барыс болған деп отырушы еді. Көзім көрмесе де оның ізі мұндай болып түспес деп те ойлаймын. Шыдай алмай ертерек тұрып төмен түстік. Қақпан құрған жерге жақындай бергенде байқағаным қалың қамыс жапырылып қалыпты Иығымнан мылтығымды алып дайындалып келем.

Үргенге де, ұлығанға да келіңкіремейтін бір дыбыс шықты. Қарасам жапырылған қамыс ішінде мен көрмеген бір мақұлық тұр. Сұр түсті, түрі қасқыр сияқты. Бірақ тұмсығы қасқырдікінен келтелеу. Шықшыты шығыңқы. Желкеден қуалай өскен жалы бар. Екі қапталы теңбіл-теңбіл. Құйрығы келтелеу келген, шашақты. Арты қысқа, алды биік.

Шым болаттан жасалған қақпан жіберсін бе, қанша арпалысқанмен бұрынғы құрған жерінен көп ұзамапты. Қақпанның шынжыры қалың қамыс ішіндегі сексеуіл бұтағына оралып қалыпты. Кенет ырылдап, көзі қанталап атылуға дайындалды. Бірақ жүректен тиген оқ дегеніне жеткізбей орнынан көтеріле бере гүрс етіп құлады. Әшейінде қандай қасқыр болса да көтеріп кез келген өрден шыға беретін едім. Мынау тым ауыр болды. Амал жоқ, сол жерде басымен мес қылып сойып апарып жылқышыларға көрсеттік. Мұрты мысықтың мұртындай екен. Қаттылығы сондай бүктесең, морт сынады. Жылқышылар да таң қалып бұрын мұндай кереметті көрмегендіктерін айтты. Жылқыға тыным бермей жүрген де осы болды. Содан терісін арқалап ауылға, Жармаға келсем бір шаруаларымен мені күтіп марқұм Ізбасар Шыртанов отыр екен. Қасында жолдасы бар. Өздеріне арналған қонағасыны жеп, мен келмегесін жүргелі отырғандары үстіне дәл келіппін. Амандық-саулық алысып негізгі шаруалары біткеннен кейін әңгіме маған, аңшылыққа ауысты. Мен оларға Үстірттің үстінен алып келген олжамды көрсеттім. Артынан көп ұзамай Ізекең «Аңшының өзі аң-таң» деген кішкене ғана хабарламаны облыстық газетке беріпті. Атынан байқап отырған шығарсың, өзім әкелген олжамның қандай аң екенін білмегенімді меңзеп отыр ғой.

Ізекеңнің мақаласынан кейін маған тап болған кез келген адам «Алеке, сол жазылған қандай аң, өзі бұрын осы жақта болған ба» деп қайта-қайта сұрай бергесін өзім шамам келгенше әлгі аңға жан-жақты сипаттама беріп «Маңғыстау» газетіне жаздым. Артынан осы мақаланы «Егемен Қазақстан» жариялайды. Осы газеттен оқып, соның анық-қанығын білу үшін Алматыдан, зоология институтының ғылыми қызметкері Плахов бастаған екі-үш адам келді. Өздері Үстірт үстіне шығып, қайтар жолда маған соғуды жоспарлаған екен. Қасында жолбасшы болып жүрген «Союзохоттың» адамы бар. Қонақ болып қасқырдың, қарақұлақтың, сосын маған белгісіз болған аңның да терісін көрді. Сонда барып Плахов маған бұл аңның гиена деп аталатынын айтты. Қазақстанда жоқ. Өзі көбіне жалғыз жүретін аң. Сағатына 80 шақырымдай жылдамдықпен жүгіріп, жемтігін соғып алатын көрінеді. Біздің малшылардың жылқыларын екеу-үшеуден түсіріп жүрген осы болды. Плахов гиенаның Африкадан Түрікменстандағы Бадхыз қорығына азғантай әкелінгенін, бұл жерге шамасы содан ауып келген шығар деген өз жорамалын да айтты. Содан қоярда қоймай теріні алып кетті. Соған әлі өкінем. Музейге тапсырғанда өлкемізде болған аңдардың санын көбейтіп, келушілерге мағлұмат берілетін еді ғой. Айтпақшы, содан көп ұзамай біздің ауылда Әбдіхалық дейтін ақсақалымыз қайтыс болып, соның садақасына қырдағы жылқышылар да келген еді. Сонда кездескенімізде олар: «Сау бол Алеке, малымызды күн сайын қырып жүрген өткендегі пәле екен. Содан кейін көзіміз ашылды. Кәзір тынышпыз» деп рахметін айтқан. Міне, біздің Маңғыстауда адам айтса нанғысыз осындай оқиғалар да болып тұрады. Жалпы аңдардың ауытқып басқа жақтарға келіп тұратын да жайлары жиі болмағанмен кездеседі екен.

ҚАСҚЫР ТУРАЛЫ

Менің қақпан арқалап осы түбектің тау-тасы мен құм бойын кезіп жүргеніме де талай жылдың жүзі өтіпті. Қалай десем болады екен. Мұны арнайы кәсібім деуге болмас. Бірақ солай бола тұрса да бұл істен арамызды алшақ салған кезім де болмапты. Әкеден балаға жалғасын тауып келе жатқан дәстүр екенін айттым ғой. Ана бір жылдары үкіметтің жұмысымен жүрген уақытымда да ретін тауып осы аңшылықпен айналысатынмын. Кезінде осы өлкеге белгілі Нұр сияқты ақсақалдарды көрдім, әңгімесін тыңдадым. Сөйтіп жүріп даланы кезіп андардың, ит құстардың жүрер жолдарына көзім үйренді, қақпан құруға қолым жатықты. Енді аңға шықпасам, қақпан арқалап, жер шұқымасам көңілім қоңылтақситынды шығарды. Бірақ сенің көңілің қоңылтақсиды екен деп даланың тағысы өзінен-өзі қақпанға келіп түспейді. Олар да – табиғаттың жаратқан тірлік иесі. Тірлік иесі болғанда сол табиғаттың бар тынысын бойына сіңіріп, жадында тоқып, сол арқылы ғана ғұмыр кешетіндер. Өзін-өзі қорғау жолдары, сақтануы өте жоғары сезімтал болады. Кез келген аңшының құрған қақпанына аяғын оңай сұға қоймайтыны сондықтан. Жолын таба білмесең шым-шытырық сүрлеуге салып, адастырып кету олар үшін түк емес. Ақылың мен айлаң асқанда ғана дегеніңе жетесің. Қақпаныңды майлайсың. Былайша айтқанда сенімен түз тағысының арасындағы арпалыс басталады. Олар бірін-бірі танып, кездесер сәтін күтеді. Оғанға дейін қасқыр қасқырлығын істеп те үлгереді. Ақыры сенің ақылың үстем болып қолыңа түсіресің. Бұл іске деген құлшыныс, ерінбей дала кезу содан басталады. Аңшы дейтін халықтың кенеттен түс көргендей аяқ астынан бар шаруасын ысырып тастап кете беретіні болады. «Атан өлсе сойылар, атам өлсе қойылар, ал мынадай қан сонар қайдан табылар»,- деген аңшы сөздері сол іске жете берілгендіктен, онсыз тыныстай алмайтындығынан болса керек.

Қасқыр – өте ақылды, айлакер де сезімтал дала тағысы. Халық арасына тараған ертегі әңгімелерде, әдебиеттерде түлкіні одан айлакер қылып жазады, әңгіме айтушылар оның қулығын бөлек қылып көрсетеді. Әрине аң біткеннің қай-қайсысы да ақымақ емес, өздерінің жауынан қорғану үшін, тамағын табу үшін әртүрлі қарекеттерге барады. Олардың адам айтса нанғысыз қылықтарына куә болған кездеріміз де бар. Өмір бойы аңшылықты кәсіп етіп келе жатқан адаммын ғой. Содан байқағаным қасқырдың тұмсығы иісшіл, көзі көреген. Қасқыр «Түнде жортып келе жатып жерде жатқан жарты тарыны көремін» дейді екен. Бұл оның көзінің өте көргіштігін көрсетеді. Жарты тары болмай-ақ, бүтін бидайды көру үшін де өте жіті көз керек емес пе? Ол өзі жүріп келе жатқан жолдан иіс арқылы бұл жерден кімнің қашан өткеніне дейін біліп отырады.

Жалпы қасқыр15-16 жыл жасайды. Иттің он екі жасында қартайғанын көрдім. Олардың шағылысу уақыты ақпанның ортасында, кейде аяқ жағына таман келетіні бар. Екі ай жарымда күшігін әкеледі. Қаншық қасқырдың бауырында сегіз, кейде он екі емшек болады. Әкеміз он екі күшік туады деп отырушы еді. Мен оны көргенім жоқ, бірақ он бір, он, тоғыз күшіктерді талай алдым. Бес-алтыдан туатыны көп кездеседі. Бір-екі күшік туатыны сирек. Жаңа туған тума қасқыр, ия болмаса кәрі қасқырлар ғана бір-екіден ары асырмайды. Осы жерде бір айта кететін жай, кейбір аңшылар қасқыр бір рет күшіктейді, туғаннан кейін жатуын жеп қояды деген әңгімені де айтады. Бұл ақылға сыймайтын, асыра айтылған әңгіме. Өйткені жатудың қуықпен байланысты екені кім-кімге болса да белгілі. Қуықтан жатуды бөлек алып тастайтындай қасқыр қолында құрал жоқ қой. Қасқыр біздің жақтың қаттылау жерлерінде апанда, тау-тастың үңгірлерінде туа береді. Құмақты жерлерде қалың өскен бұтаның жүзгіннің түптерін паналайтын кездері де болады. Күшіктері көзін ашпаған уақыттарда маңайына адам келсе, болмаса оның исін сезсе анасы олардың орнын қайта-қайта ауыстырады. Қаншық пен арлан жас күшіктерді екі шошақ тісінің арасына қысып бір-бірлеп тасиды. Менің аңдығанымды біліп үш рет орын ауыстырғанды да көргенмін. Көзін ашып баспанасын өздері табатын дәрежеге жеткенше қасында болады. сүтімен қоректендіреді. Емізіп болғаннан кейін 40-50 метрдей жерде биікте, ия бұта түбінде ық бағытқа қарап жатады. Онысы жел жағынан келе жатқан адамдар болса алдын ала сезіп, қорғану үшін жасайтыны. Бұл уақытта арланы жемтік іздеп кетіп қаншықты да, күшіктерді де асырайды. Сол күшік он екі күнде барып көзін ашады. Одан кейінгі тағы бір он күнде борпылдап енесінің соңына еретін күйге жетеді. Қаншық қасқыр күшіктері көзін ашқаннан кейін ғана тамақ іздеуге шығады. Бұл уақытта оның желініндегі сүт те азаяды. Мамырдың аяғында қақпанмен алған қаншықтың тақта болып суалып кеткенінде көрдім. Сонда есептеп қарасаң бір, бір жарым ай ғана емізеді екен. Жалпы қасқыр күшігін туарда көп ешкім байқай бермейтін су көзін межелеп туады. Онысы ертең суалғасын әлі буыны қатайып, өз-өзіне толық келмеген күшіктеріне сол жерден су жалату үшін жасайды. Жатақ орнын ауыстырып сол суға бірте-бірте жақындай береді. Содан кейін оларды бірте-бірте жемтікке үйрете бастайды. Алғашқы әкелгендерін құсып береді. Бір табақтай етті құсып бергенін көрдім. Жалпы қасқыр жемтікке тойып келе жатып қақпанға түссе де құсады, бұл да оның бір ерекшелігін көрсетсе керек. Содан кейін саршұнақ, ия басқа аңдардың еттерін әкеледі. Олар енді сол еттерді жұлып жеуге, жемтікке үйренеді. Мен тіпті кейбір аңдарды өлтірмей шалажансар күйінде әкеліп бергенін де көрдім. Қозыны тірілей әкеліп күшіктерінің алдына қоя береді. Қашқан қозының артынан жүгірген күшіктер тістелеп, тартқылап жығады. Үлкен қасқыр осының бәрін сыртынан бақылап тұрады. Өйткені жас күшіктер айрылып қалса өзінің жібермейтіні сірә белгілі. Ол күшіктердің көзін тірі аңға үйрету, исін сездіру, қанның дәмін алдыру деген сөз. Міне, осылай күшіктер бірте-бірте бәріне де үйрене бастайды. Осы уақытта олар жиі-жиі жұрт ауыстырады. Бір шақырымдай жерге ауып қонады. Тағы да сөйтіп күшіктері әбден қатарларына еретін дәрежеге келгенше бірнеше рет жұрт ауыстырады. Бұл өздері жоқта күшіктерінің жатқан жерлері белгілі болады деп қауіптенетінінен болса керек. Менің көп жылғы аңшылықтан байқағаным, енелері жортуылға кеткенде күшіктер дс бала ғой, ін аузында бір-бірімен ойнап жүреді. Бірақ даусын шығарып, болмаса аулақ кетіп ойнамайды. Адам, ия басқа бір қара көрінсе болды, іннің түбіне кетеді. Одан кейін қаншама күтсең де сыртқа өздігінен шығара алмайсың. Олар ата-енесінің келе жатқанын дауысынан айырады. Анасының ұлуы бәсеңдеу, созылыңқы болса, еркек қасқырдікі қоюлау болып келеді.

Шілде айының ішінде енді қасқырлар күшіктерін алғашқы жортуылға алып шығады. Бұл уақытта олар қуғанда қашып құтылатын, бір-екі күн шөлге шыдайтын дәрежеге келеді. Олардың бірінші көретіні енелерінің жайратып кеткен өлімтігі. Осыдан кейін малға шауып бастайды. Бұл уақытта күшіктер қапталдаса шауып аңды, малды жықпаса да, оларды үркітіп үлкен қасқырлардың ыңғайына бағыттайды. Жалпы қасқырға құдай тағала ерекше бір сұс берген. Оның өзін ғана емес, күшіктерін көрген аңдар да шошып, қаша жөнеледі. Малға шапқанда ық жағынан, айдың астынан келеді. Өйткені жайылып жүрген малдар оның исін де, жер бауырлап жақындап келе жатқан қасқырды да байқамай қалады. Осылай аңдып келеді де, жақындаған сәтте тұра шабады. Әрине жылқы сияқты малдар үйіріліп тұра қалса, алдырмайды. Бірақ, жаңағы айтқан қасқыр сұсынан шошыған олар дүркірей қашады. Қашып бара жатқан жылқы қапталдаса шауып келе жатқан қасқырды тебе алмайды. Сөйтіп келе жатып сай-салаға, су жарған жерлерге тап болады да, омақасып құлайды. Ал, тәжірибесіз құлындар шығынып шетке шығады. Жан-жақтан қаумалап келе жатқан қасқырлар жаңағы омақасып құлаған жылқыны, ия болмаса шеткері шыққан құлынды басып қалады. Қыс басталғанда алты айлық, жеті айлық күшіктер енді енелерімен бірдей нағыз көкжалдыққа қадам басады. Жалпы қаншық қасқырлар ақшыл, сарғыш, ал арланы көкшілдеу болғанымен жазда түлегеннен кейін олардың өңі бірдей болады.

Қасқыр жұптарының өздері иелік ететін белгілі бір территориясы болады. Олардың барында әлгі жерге екінші топ аяғын да баспайды. Өйткені әрлі-берлі өткенде сол жердегі биік бұтаға, тасқа сарық тастайды, яғни сарып өтеді, тышады, тырнайды, әйтеуір өзіне тән белгі тастайды. Жемтік іздеп басқа жаққа кетіп қалғанмен реті келгенде әлгі жерге келіп тағы да сарып кетеді. Жаздыкүні оған пәлендей мән бермеуі де мүмкін. Ақпан айларында қасқырдың шағылысқа түсетінін айттық. Осы уақыттарда оның баяғы сарыққа келуі де жиілейді. Жалпы қасқыр қай уақытта да, қандай ісіне де секеммен қарайтын аң. Ол су көзіне де, өзінің меншікті сарығына да, өлтіріп кеткен өлімтігіне де бойлай ық жағынан келеді. Онда өзге иіс жоқтығын айырғаннан кейін ғана жақындайды. Өз тобының ішінде біреуі ғана жолбасшы болады, ал қалғандары оған сөзсіз бағынады. Алдарында кенеттен тап болған өлімтікке де әлгі басшының рұқсатымен барады. Керек болатын болса біреуін ғана жіберіп, қалғандары алыстан бақылап тұрады. Өйткені сол айналаға аңшылар қақпан құрып кетуі де мүмкін той. Олардың әрбір қадамын, істерін ақылмен істейтіні сондай, қаншама аштан бұралып келе жатса да, алдындағы аңға, ие малға бірден шаба кетпейді. Жақындағасын ақылдасып, әркім өзіне тиесілі істі бөліп алады. Бірі жасырынып қалады да, екіншісі шама келсе білдірмей жақындайды. Қуатын бағыты жаңағы екіншісі тығылған жаққа қарата болады. Сөйтіп осылай кезектесе қапталдаса шауып, ақыры қолға түсіреді. Кейде қуалап келіп соңынан шаба бермей, жан-жақтан қоршап тұратыны бар. Қорқыныштан есі кеткен малдар үйіріліп қорғанудың орнына, шыдай алмай қалай болса солай қашып олардың оп-оңай жемтігіне айналады. Қасқыр осыларды әлдебір түйсік арқылы сезіп біледі.

Қасқырдың ерекше қасиеті бір-бірімен отаспайды. Біреулер: «Пәлен жерден тобымен қатар жүрген 15-16 қасқыр көрдім» деп жатады. Ия, көп болып жүретіні рас. Бірақ бұлар бір арланның тобындағылар емес. Айталық, бір қаншық биыл төртеуі еркек, үшеуі ұрғашы жеті күшік туған екен. Биылғы күшік келесі жылы шағылысқа түседі. Ол уақытта бір анадан туған әлгі күшіктер бір-бірімен шағылыспайды. Екінші бір топта да осындай ұрғашы. еркегі аралас күшіктер болады. Міне, осылар шағылысқа түсер алдында бір-бірімен бірігіп, бірнеше күн қатар жүреді. Жұптасқан топтар өз алдына бөлектенеді де, отаспағандары саяқ болып бөлек кетеді.

Олардың тағы бір қасиеті еркегі, не ұрғашысы өлсе бірден екіншісімен жұптаса қоймайды. Бірнеше уақыт бойы жалғыз күй кешеді. Бұл да бір қасқырға тән қасиет. Жыртқыш болса да осындай әділдігі болады. Адамға бергісіз деп жататынымыз бар емес пе. Сол қасиет осы болса керек. Негізінен олардың жұптары өлгенше сақталады. Жалғыз қалған қасқырдың жұптасуы басқа мақұлықтардай бірін-бірі талап, еркектерінің жеңіске жетуі арқылы емес, тыныш жағдайда өтеді. Сондай жұпсыз қалған уақыттарда ма, әлде басқа бір себептері бар ма, білмеймін, қаншық қасқырдың ретін тауып ауылдағы төбетті ертіп кететіні бар. Тағы болса да бірінің жайын бірі түсінетін олар ортасына келген төбетті сыртқа теппейді. Осындай ит қасқырды да көріп, қақпанмен ұстаған кездерім болды. Бұл енді бұрынғы ауыл үшін қауіпті болады. Себебі тағыланып кеткен ит-қасқыр ол жердің бар қыр-сырын біледі ғой. Одан туған күшігі бұрынғы қасқыр күшігіне қарағанда өзгеше, салпаң құлақтау болады.

ҚАСҚЫРДЫҢ АЙЛАСЫ

Қасқырдың түз тағысы екенін, ол өзінің аштан қалмай өмір сүруі үшін адам айтса нанғысыз әрекеттерге баратынын ескерттім ғой. Ол біріншіден қатігез, сұсты. Оны көрген аңның да, малдың да бойын үрей билеп, иттердің айдалаға безіп кететінін айттым ғой. Ертедегі шалдардың «Қасқыр алатын итім болды, ауыл маңына ештеңені де жолатпайтын еді» деп әңгіме айтып отырғанын талай естідік. Бұрын болса, болған шығар. Ал, бірақ, мен соңғы кезеңдері қасқырға қарсы тұрған, онымен арпалысып жеңіске жеткен иттерді көргенім жоқ. Кәзіргі иттердің ерлігі қасқырдың исін сезсе, оның ауыл маңына жақындап келгенін білсе бажалақтап үріп өзінің иесіне белгі беру ғана. Итінің тынымсыз үргенінен қауіптенген адам далаға шығып малын өзі күзетеді, аспанға мылтығын алып жақын жүрген қасқырды жасқайды. Ол уақытта оның иті иесінің қасында қыңсылаумен болады.

Мен саған көзіммен көрген мына бір қызықты айтайын. Осы күндері дәрігер де көп, аяқ астынан қасиет қонып алдына келгендерге әртүрлі ем-дом жасайтын тәуіптер де көп. Адамға алдымен керегі денсаулық. Мал жинау, табыс табу одан кейінгі орында. Міне, осы тәуіптер алдына келген адамдарға «Қасқырдың майын жақ, тұмсығын төріңе іліп қой, болмаса тісін жаныңа салып жүр, сонда қауіп-қатерден сақтанасың» деп не керек, әртүрлі ем жолдарын айтады. Содан олардың көбі танитындары да, танымайтындары да маған келіп «Алеке, көмек етіңіз» деп жатқаны. Қызық үшін емес, ауру адамға емге деп келгесін мәселесін қайтармайсың, қолыңнан келген көмегіңді жасайсың. Бірде сондай адамның бірі:

 Осылай да, осылай. Маған тірі қасқыр керек. Өкпем ауырады. Дәрігерден ем қонбады. Пәлен жердегі атақты емші «Тірі қасқырды үйіңнің алдына әкеліп бауызда. Етін асып, сорпасын іш. Көп ұзамай құлан-таза айығып кетесің» деп еді. Соған көмектесіңіз, -деп қиылып отырып алды.

Егер бұл орындалмайтын іс болса қарсылық білдіріп, басыңды алып қашар едің. Аңшы деген атағың бар, оның үстіне ауруыма ем болса деп көзі жәудіреп үміттеніп отырған адамның мәселесін қайтып қайтарарсың. Содан қасыма баламды ертіп Бөрібасқа кеттім. Алдында соның астына үш-төрт қақпандарымды құрып кеткенмін. Ұмытпасам 1994 жылдың күз айы болатын. Барсақ сол күні арланның бірі қақпанға түскен екен. Сол күні деп астын сызып айтып отырған себебім қасқырдың қуаты әлі бойында, арпалысып, арпылдап маңайына жолатар емес. Егер оның қақпанға түскеніне бірнеше күн өткен болса, құтылу үшін қақпанмен жағаласып әлсіреп қалған болар еді. Біз жақындай бере қашқанмен қақпанның шынжыры жақын тұрған қарағанның бұтағына ілінді. Құтылғысы келіп арпалысып жүргенде әлгі қарағанға ілінген шынжыр қысқарып, енді орнынан қозғала алмайтын болды. Маған керегі де осы еді. Ауылдан әдейі алып келген ұзын ағашым бар еді. Соның басына шпагат жіптен ескен арқанды тұзақтап бірте-бірте жақындай бердім. Көзі қанталаған қасқыр басқа істейтін амалының жоқтығын біліп соңғы әрекеті, атылуға дайындала бастады. Бірақ шынжырдың оны жібермейтіні анық. Тағы да бір қадамдай аттадым да бұғалықты мойнына тастап жіберіп өзіме тартып қылғындыра бастадым. Бұғалықтың жібін сол тартқан күйінде қасына барып белшігіммен тұмсығынан ұрғанда сылқ ете түсті. Тұмсық қасқырдың ең осал жері. Соққы тигенде қасыр өлмейді, талып қалады. Содан мойнын басып тұрып аузына көлденең темір салып, аяғын байлап ауылға алып келдім.

Тірі қасқыр дегесін екі-үш көршім жетектеп өздерінің мақтаулы иттерін алып келді. Бірақ соның бірде біреуі де аузы, аяғы байлаулы жатқан қасқырға ия үрген жоқ, ия ұмтылған жоқ. Қыңсылап иелерінің аяғына оралып, қашып кетуге талпынды. Міне, қасқырдың сұсы, үрейі дегеніміз осы.

Аңшының негізгі құралының бірі қақпан. Қақпан адамдардың сонау ықылым замандардан бері түз тағысына қолданар құралы. Қасқыр қанша сезімтал болса да құрсауына түсіріп, опық жегізетін де осы қақпан. Сенің ақылыңнан кейде олардың істерінің үстем болатын кездері де болады. Қасқырдың қарсы келгеннің үрейін алатын осындай сұсы ғана емес. ақылдылығы да таң қалдырады. Ана бір жылдары Еламанда отырған Қыдыр дейтін балдызым хабар жіберіпті. «Бір қасқыр даладағы малды жегені аздай енді қаймықпай қораға да түсетін болды. Өткенде қора ішінен біреуін жеп, он жеті қойымды өлтіріп кетіпті. Жалғыз менің емес, көрші ауылдың малдарында осылай түсіп жейді екен. Бір әккі қу болса керек. Келсін. қақпанын құра ма, мылтығымен ата ма, оны өзі білсін, әйтеуір малға зиян салған осы пәледен құтқарсын» депті. Содан оның аулына келсем Қыдыр бұл жайды өзіне таныс тағы бір аңшыға айтқан екен. Ол ауылға жақын сүрлеу бойына, қораға осы жерден түседі-ау жерлерге қақпанын құрып тастапты. «Аңшы көп болса, аңға ырыс» деген сөз бар. Сондықтан мен ол ауылда көп кідірмей Тышқанқұм жаққа қақпан құруға кеттім. Жаздың кезі, күн ыссы. Оның үстіне сол жылғы ит-құс өз алдына, қарақұрт та көбейіп, әсіресе түйе малына оңай болып тұрған жоқ еді. Өткенде сол қарақұрт шағып өлтірген бір түйенің өлімтігінің қасына бір-біріне жақындау қылып үш бұрыш жасап, үш қақпан құрып кеткен едім. Араға екі-үш күн салып келсем өлімтіктен ештеңе қалып жарымапты. Бірақ қақпан сол күйінде. Байқап қарасам қасқыр жер бауырлап келіп аяғымен алдын аршып отырыпты. Қақпанның шынжырына аяғы тигеннен кейін одан айналып, алдын тағы да аршып отырған. Сөйтіп үш қақпанның ортасынан жол тауып өлімтікке де жетіпті. Ақылы мен қулық-сұмдығын осыдан айыра бер. Қанша араны ашылса да өлімтікке бірден бармаған. Бірақ оның бұл жерге тағы да айналып соғатынын біліп, қақпандарымды өзгертіп құрып кеткенмін. Сол қақпандарымды қарай кетейін деп бұрылдым. Барсам екі қақпаным жатыр да, біреуі жоқ. Шынжырының сүйреткен ізі әрі-беріге дейін барыпты да, одан кейін көрінбеді. Бірақ қасқырдың ізі бар. Бұл қалай сонда, қақпан қайда кеткен. Егер ол аяғын шайнап босатқан болса қақпан сол жерде қалар еді ғой. Әлде біреу қасқырды да, қақпанды да қолды қылды ма? Ойым он саққа жүгіріп бір төбеден асқанымда алдымда үш аяқтап шоқытып бара жатқан қасқырды көрдім. Мені көріп бірден алдындағы төбе баурайына қиялай тартты. Машина жүре алмайтын жыраларды бетке ұстап барады. Жүрісі бір қалыпты, кідірмейді. «Апыр-ау, сонда жолда кездескен бұта, тастарға қақпанның шынжыры ұшындағы қармақтың ілінбегені ме» деп ойлап, шоқалақты жол болса да машинамды аямай газды баса түстім. Арамыз бірте-бірте жақындап келеді. Сонда ғана байқадым, қасқыр қақпанның шынжырын тістеп алыпты. Екеуміздің арамыздағы арпалыс біраз уақытқа дейін созылды. Қырсыққанда мылтығым артқы жағымда қалған. Машинамды тоқтатып мылтығымды алам, оны оқтаймын дегенше қасқыр жыраға түсіп кетуі ықтимал. Неде болса машинамен қағайын деп жағаластым. Қанша туралап келсем де, бұлтың етіп екінші жағына шығып кетеді. Ол шаршады ма, әлде менің жолым болды ма, әйтеуір қағып құлаттым. Аузынан қан кетіп өліп жатқан қасқырға қарасам алдыңғы аяғы май табаннан шынтаққа дейін, артқы аяғының да май табаннан асықтыққа дейін жүні жоқ екен. Сонда барып нағыз айлакер арланды қолыма түсіргенімді білдім. Өткендегі үш қақпанның арасынан жол тауып өлімтіктің дымын қалдырмай жеп жүрген де, қойшыларды, Қыдыр балдызымды зар илетіп, қораға түсіп ұстатпай жүргенде осы болды. Аяғының жүнінің жоғы үнемі ауладан секіріп түсіп жүргендіктен екен.

Тағы бірде құрып кеткен қақпандарымды қарауға келе жатырмын. Алдында бір-екі күндікте осы Үстірт үстінде қалың жаңбыр жауған. Көптен бері шөліркеп жатқан жер бар суды бойына сіңіріп алған. Жол бойының қаттылығы мен ойпаң, тақыр жерлерге ғана су тұрған. Бойына нәр жүгірген шөптер бұрынғыдай емес, қауқиып көтеріле бастапты. Көзіме анадай жерде жатқан жылқының өлімтігі түсті. «Е, қасекеңнің осы маңайдағы малдарды торуылдап, дәндеп жүрген ісінің бірі болды ғой» деп ойлап өлімтіктің қасына барып қарап тұрмын. Мұны жеген ірі екі қасқыр екен. Жылқының ізі жалғыз. ішін үңгіп, жылы-жұмсағын, артқы сан етін жепті. Кеуде жағы мен басы сол күйінде. Неге екені белгісіз астыңғы ерні жоқ. «Айдалада жалғыз жүрген неғылған жылқы болды» деп ойлап жан-жағымнан іздерін қарадым. Кішкене жүргеннен кейін бәрі де белгілі болды. Жылқыны сол жаңбыр жауған күні қолға түсірген сияқты. Шамасы үйірден бөліне қашқан оны екі әккі қасқыр жібермеген. Арланы ретін тауып ұмтылып барып ернінен тістеген. Сол тістеген күйі көткеншектеп өзіне тарта берген. Артымен кейін жүрген қасқырдың тайғанақтаған іздері сол күйінде сайрап жатыр. Екінші қасқыр жылқы тұрып қалмауы үшін артынан ерген. Жылқы әрі-беріге дейін алдындағы өзін сүйреп келе жатқан қасқырдың ізін басып отырыпты. Жиырма-отыз метрдей сүйреп барып әлсірегесін екіншісі тамақтан алып құлатқан.

Олардың бұл жерге қайтадан оралатыны анық. Қақпанымды барып қарап, қайтар жолда осы жерге де құрып кетуді ойлап ілгері кеттім. Бірақ мен бос жолды болмадым. Жылқыны жеген кешегі арлан қақпанда жатыр екен. Қасына кешегі тойып жеген жылы жұмсағын құсып тастапты.

ҚАСҚЫРДЫҢ КҮШІГІ

Біздің әңгімелесіп отырғанымызға да бірталай уақыт өтті. Аңшының қара шәйнегі бұрқылдай қайнап қайта-қайта алдымызға келді. Алдекеңнің әңгімесі таусылар емес, қайта ұйқыны шайдай ашып өзіне тарта түседі. Үстірттің салқын ауасы тоңазытып, ауылдан алып шыққан киімдерімізді жамылып отырмыз.

 Алдеке, енді қасқырдың күшіктерін аулағаныңызды айтыңызшы. Оны қолға түсіру де оңай болмайтын шығар. Манағы бір әңгімеңізде енелері анадай жерде күзетіп жатады деп едіңіз. Күшігін алу үшін келген адамдарға қарсы шауып, қарсылық білдірмей ме?, -деп сұрадым.

 Е, қасқыр да тірлік иесі. Бауырынан шыққан баласын қай аң да оңайлықпен бермейді ғой. Ұясына барсаң торғай екеш торғай да шырылдап қасыңнан әрі-бері ұшпай ма. Бірақ қасқырдың бірден-бір жауы, әлі күнге дейін алысып, беріспей келе жатқаны адам емес пе. Оның қолында қару болатынын, сондықтан адам алдында дәрменсіз екенін қасқыр әлдебір түйсік арқылы сезеді. Сондықтан қолға үйренген мал сияқты жолыңа кесе көлденең тұрмайды. Аңшының қарасы алыстан көрінгеннен-ақ «Көңілін басқа жаққа бұрайын, ізіме түссе адастырайын» дегендей күшіктері жатқан іннен аулаққа қашады. Кәнігі адамдар болмаса тау-тастың жықпылынан олардың күшіктері паналаған інді таба қою да оңай емес. Көзге байқалмайтын болады.

Мен осыдан бес-алты жыл бұрын, шамасы 2003 жыл болса керек, біраз күшікті қолыма түсіргенді айтайын. Сәуір айының аяқ кезі болатын. Қасымда Ермек дейтін жігіт бар. Мырзайыр жаққа қақпан құрып келейік деп ауылдан шықтық. Содан Мырзайырдың Жармаға қарата жүргендегі етегіне жақындай бергенімізде құлаған тастың астынан емшегі салақтап бір қаншық қасқыр атып шықты да, тау баурайына қарай қиялай тартты.

 Тап осы маңайда жаңағы қасқырдың күшіктері бар. Асықпай жан-жағымызды қарап шығалық, - дедім қасымдағы қосшы жігітке.

Айтқандай болды. Әлгі құлаған тастың арғы жағында биік өскен жыңғылдың түбінде үңгір болып шықты. Зер салып қарамасаң аңғармайтынсың. Мысықтікіндей уақ іздер анда-санда далаға шығып ойнаған, шуақтаған күшіктердікі екені белгілі. Аузы тар. Үңгірдің қай жерге дейін баратыны белгісіз. Айна салып қарағанмен, көзімізге ештеңе көріне қоймады.

 Мен неде болса еңбектеп ішіне кірейін. Күшіктердің толық аяқтанып енесіне еретін уақыты болған жоқ. Түбінде жатқан шығар. Адам исін сезген олар қорқып қыңсылауды білмейді. Сол үндемеген қалпы жата береді. Бұл да оларға қанмен бірге бойына сіңген ерекше қасиеттерінің бірі, - дедім Ермекке. Күшіктерді салып алу үшін бір мешокті қапталыма қыстырып алуды да ұмытқаным жоқ.

Содан еңбектеп іннің ішіне кірдім. Әлі күннің толық жылына қоймаған уақыты, үстімде күртем бар. Бастапқы әзірде еркін қозғалғанмен төрт-бес метрден кейін үңгір іші тарыла бастады, іннің аузында артымнан қарап отырған Ермекке:

 Мен сәл кейін шегінейін, ін тарылып барады. Сен машинадан кішкене күректі әкеліп бер, - деп дауыстадым.

Қолыма күрек тигесін екі қолымды ілгері жіберіп бауырым тиетін жерлерді қазып, топырағын екі қапталыма ысырып әрі қарата қозғала бердім. Абырой болғанда жер қатты емес екен. Шамасы 6- жүргеннен кейін оң жаққа қарата бұрылыс болды. Содан бастап іннің іші де кеңи бастады. Тас қараңғы. «Күшіктер шамасы осы маңайда болуы мүмкін» деп ойладым. Өйткені бауырлап келіп ішке енген енесі осы кең жерде емізетін болған. Бұл әрине, күшіктердің көзін ашпаған уақыттарында осында келеді. Ал бауырын көтеріп, көзін ашқаннан кейін далада, ін аузында емізе береді. Қолыммен сипалап кеңейген үңгірдің жан-жағын сипалай бердім. Көп ұзамай қолыма біреуі ілікті. Қапталымдағы мөшекті алып ішіне сүңгіттім. Шығып кетпес үшін аузын жымқыра ұстап сәл қозғалып тағы да жан-жағымды сипалай бастадым. Қолым қатарласа жатқан күшіктерге ілікті. Бір бірлеп ұстап мөшектің ішіне тоғытып жатырмын, ішімнен сүйсініп те қоямын. Мойнынан қысып мөшекке салып жатқанымда қыңсылаған біреуі болсайшы, сірә. Он бір күшікті мөшекке салып жан-жағымды тағы да сипалап, енді ештеңенің жоғына көзім жеткесін манағы жолыммен кейін шықтым.

Күшіктерін алдық деп ауылға тартып кетуге болмайды. Шама келсе енді оның енесін, ия соларға тамақ әкеліп беріп жүрген арланын қолға түсіру керек. Бірақ, енді олардың күшіктерінің жоқ екенін білсе бұл жерге қайта оралуы екіталай, ізіміз, исіміз қалды. Сондықтан бір күшікті артқы сирағынан тасқа байлап іннің аузына тастадым. Содан кейін сол маңайды шарлап інге бұрын «осы жерлермен келіп жүр-ау» деген жерлерге үш қақпанымды құрып кеттім. Көп ұзамай қаншық қасқырды да алдым, іннің аузына бір күшікті байлап кетпегенде оның қақпанға түсуі белгісіз болатын.

– Ана жинап алған күшіктеріңізді не қылдыңыз. Бәрін де сол бойда өлтіріп кеттіңіз бе?

– Жоқ, өлтірмедім. Сол күшіктерді алғаннан кейін көп ұзамай Тұзбайыр жақтан тағы да бес күшік әкелдім. Мен бір қызық жасадым. «Осыларды қолға үйренсе бағып-қағайын. Кішкене есейгесін сойып алармын» деп ойладым да, үй іргесіндегі тас қораға қамап бақтым. Түйенің сүтін бердім, сүтке жеңдіріп көже жасап бердім, әйтеуір біраз шығындандым. Сол кезде ауылдың дүкендерінде көлемі орташа табақтай болатын шабақ консервілері болды. Соны алдарына тастаймын, әйтеуір аш қылмадым. Бірте-бірте үйреніп келе жатты. Есікті ашқаныңда тамақ әкелгеніңді біліп, құйрығын бұлғаңдатып алдыңнан жүгіріп шығады. Бала кезінде бәрі де сүйкімді болады ғой.

– Тамаққа тойып алып бұлтыңдаған күшіктерді көріп тұрып, ертең осылардан елге зиян келетін көкжал шығады деген ақылға да симайтын сияқты. Арада біраз уақыт өткеннен кейін бір күні, неге екені белгісіз түнімен ұлып шықты. Шамасы ауыл маңына қасқыр келген болуы мүмкін. Мыналар жас та болса, бір түйсік арқылы соны сезіп ұлыды-ау деп ойладым. Күшіктердің ұлыған даусын естігеннен кейін ауылдың бар иті де үріп, азан-қазан болды.

Енді басқа емес, көршілерімнің де маған жылы қабақпен қарай қоймасы белгілі. Таң атқасын бәрін де өлтіріп терісін сыпырып алдым. Біреулер «Қасқырдың күшігін бақтым, қолға үйреттім» деп жатады ғой. Меніңше ол бекер айтылған әңгіме. Анық көзім жететіні мен сияқты тобымен әкелмей жалғыз күшік бақсаң да, түбінде ол қасқырлығын жасайды.

ҚАСҚЫР ШЫДАМДЫЛЫҒЫ ЖӘНЕ ҚАУІПТІЛІГІ

Аңдардың, соның ішінде қасқырдың адам түсініп болмас керемет қасиеттері болады. Олардың сезімталдығын, қатыгездігін талай көріп, куә болдық. Қасқыр сонымен қатар шыдамды, жанына батқан қандай ауырлық болса да көтере білетін, өмір сүруге деген ұмтылысы өте жоғары жыртқыш. Оның соңғы минутына дейін арпалысып, екі аяқтап жүріп өзінің өмірі үшін, балалары үшін жан арпалысын көріп таң қалған да, сүйсінген де кезім болды. Маған аңшы ретінде малға зор зиянын тигізіп жүрген осы жыртқышты жою бірінші кезекте тұрады. Дегенмен оның жанкештілігі бір жағынан үлгі де болатын сияқты. Бір адамдар туралы «Ай, ол нағыз қасқыр ғой», «Не қылған қасқыр жанды адам екенін білмедім», «Оның қасқыр исі бар» деген сөздер қандай ауырлық, қандай қиындықты да тек қасқыр көтеріп, қасқыр шыдайтындықтан айтылса керек.

Әдетте малшы ауыл мен аңшы арасында жақсы байланыс болады. Өйткені ойламаған жерден қапы соқтырып кететін дала жыртқышы қасқырдан оларды қорғайтын да, өтінішін орындайтын да аңшы. Тіпті малына шауып зиянын тигізбесе де оның өзін, болмаса ізін көрсе де аңшыға хабарлап жатады. Алдын ала қамданбаса бүгін, болмаса ертең, тіпті араға бірнеше күн салса да ақыры зиянын тигізері анық. Сол қасқырдың көзі жойылғанша өзінен маза кетіп, алдындағы қара суын дұрыс іше алмай уайым шегіп жүретіні өз алдына.

Мырзайыр тауындағы Желтиместе Оразалы деген жылқышы отырды. Осыдан бір жыл бұрын ауылдағы бір садақада кездесіп қалғанымызда:

– Апыр-ай, Алеке, жақсы кездестіңіз. Өзім де арнайы барайын деп жүр едім. Мырзайыр-Басқұдық бойына әлгі көкжалың аяқ басыпты. Жан-жағына барлап қарап, секемденуді қойыпты. Бірден шабуылға шықты. Өткенде бір құлынымды жеп кетіп еді, араға күн салмай тағы бірін заялады. Көрші ауылдың да өрістегі малына тиіп жегені бар, тісі тигені бар, оншақты қойын домалатып кетіпті. Шамасы қой соңындағы баланы адам екен деп есептемеген сияқты. Астындағы жаман торы мен сапалақ қамшыдан басқа ештеңесі жоқ баланың малын шаппағанда қайтеді енді. Соңынан қуып, мылтық атпайтынын ол да біледі ғой. Кезек күттірмес шаруаң болмаса тезірек келе гөр. Осы отырғанда да ішкен асым бойыма сіңбей тызылдап отырмын. Ауылдағы балаларға қатты тапсырып кеткенмін. Сонда да бала балалығын істей ме деп отырғаным. Ал, көп күттірме, - деген.

Бұл сәуірдің бас кезі болатын. Қасқырдың әлі күшіктей қоймаған уақыты. Егіздің құмына барып ізін кесіп, төрт-бес қақпанымды құрып кеттім. Бір-екі рет барғанымда түсе қоймады. Әккі пәле болса керек, сол екі арада құм жағалап отырған ауылдардың тай-танасы бар, уақ жандығы бар, бірнешеуін тағы да заялап үлгерді. Содан араға үш күн салып қайта соққанымда бір қақпанымның жоқ екенін көрдім. Сүйретіп кетіпті. Амал жоқ, сол сүйретінді ізбен жүріп келемін. «Мықты қақпан еді. қайда кетер дейсің, алысқа ұзай қоймас» деп те ойлап қоямын. Біраз жүрдім. Бір уақытта жүзгіннің түбінде жатқан қақпанымды көрдім. Қасында шайналған аяғы жатыр. Мыжғылап тастағандықтан алдыңғы, ия артқы аяғы екенін айыра алмадым. Қансырап бір бұтаның түбінде жатқан шығар деген үмітпен төбе-төбеге шығып, жан-жағыма үңілгенмен көзіме ештеңе көрінбеді. Оның үстіне күн де кешкіріп келеді. Қақпанымды арқалап кейін қайтудан басқа амал қалмады. Ертесіне келіп әлі ештеңе ілінбеген қақпандарымның орнын ауыстырып, басқа жерлерге құрып кеттім.

Тірі адамның шаруасы таусыла ма? Қақпандарыма әне барамын, міне барамын деп жүргенімде арада біраз күн өтті. Келсем тағы бір қақпаным жоқ, оны да сүйретіп кетіпті, із тапталмаған жаңа, кеше, ия бүгін түскен сыңайлы. Сүйретпе ізге түсіп соңынан кеттім. Көп ұзамай алдымда жатқан қасқырдың аяғын көрдім. Бірақ қақпан жоқ. Біресе шайналған аяққа, біресе әрі қарата кеткен ізге қарап басым даң болды. Сонда қақпан қайда кеткен? Қасқырдың ізі Егіздің құмына кірді. Бұралаңдап жүріп құмнан шығып оның етегіндегі бір жүзгіннің түбінде көлеңкелеп жатыпты. Одан кейін сүйретінді із Тасбас бағытына қарай кеткен. «Мынау бір жаны сірі қасқыр болды» деп ойладым. Өзінің әккілігі ме, әлде бағына ма, қақпандағы қармақ ештеңеге ілінбепті. Біраз жүрген соң тегістікте жатқан қақпанға тап болдым. Қақпанның қанды ауызы артқы аяқтың асық жілігінің төменгі жіңішке басын тістеп тұр. Қасқыр асықтан төменгі жағын шайнап тастап кеткен. Бірақ, жатып қалмапты. Сүйретіліп ілгері кете берген. Сөйтіп жүргенде тағы бір қақпанның қанды аузына ілігіпті. Барсам жатыр екен. Әлсіреген, бірақ мені көргеннен кейін қашып кетуге ұмтылып, көзі қызарып айбат шекті. Емшегі салақтаған қаншық қасқыр екен. Екі қақпанға да түсіп аяғын шайнап кеткен осы екен. Бірінші түскені оң жағының алдыңғы аяғы болыпты да, одан кейінгі кеше түскені сол жағының артқы аяғы екен. Кәзіргі үшінші қақпанға да артқы аяғымен түсіпті. «Апыр-ай», - деп ойладым әрі әлсіреп, әрі қара тұмсықтан тиген қатты соққыдан өлген қасқырға қарап отырып. Алдыңғы қақпанға түсуі мен соңғы түсуі арасында жиырма күннен астам уақыт өтіпті. Бірінші түскен аяғы қара қотырланып жазылып кетіпті. Қасқыр жарасын жалап жазады деуші еді, сол рас екен. Екі ортада күшіктеген. Ол күшіктерде кәзір көзін ашып енесіне еретін уақыты болып қалды. Үш аяқтап жүріп соларды баққан. Содан енді өзі тамақ іздеуге шыққан кезі болса керек. Соңғысы кеше ғана. Екінші аяғын да шайнап тастап біраз жерге барыпты. Әккі қасқыр өзінің мүгедектігін біліп күшіктерін де адам біліп болмас жерге жасырған болар деп ойладым. Солай болды да. Ол жерді қанша кезсем де күшіктерін таба алмадым. Міне, қасқырдың осындай қасиеттері де болады.

Олардың соңғы минутына дейін арпалысып өтетінін, қақпанға түскен жаралы күйінің өзінде адамға қарсы шапқанын да көрдім. Көрдім деймін-ау, мені әлдебір құдірет, құдай сақтамағанда осы күндері мүгедек болып отыруым да мүмкін еді. Басымнан өткен тағы бір жайды айтайын саған.

Сол жылғы күзге таман тағы да сол Мырзайырда отырған танысым: «Ойбай, Алеке, соғымға соямын деп отырған бір қара биемді қасқыр жеп кетті. Бұл құрғырлар көптен бері көрінбегесін тынышталған шығармыз деп едік. Бір жақтан ауып келген қасқырлар ма, әлде баяғыдан бері көрінбей жүр ме, онысын білмедік. Жылы жұмсаққа аузы бір тигесін енді тыныштық берер дейсің бе. Жылқының өлімтігі Мырзайыр сорының шетінде жатыр» деп хабарлады.

Содан Мырзайырға келдім. Өлімтік сор жиегінде екен. Асықпай жепті. Өздері екі-үш қасқыр сияқты. Етке тойып анадай жердегі бір бұтаның түбіне саңғырып кетіпті. Бір қақпанды өлімтікке жақын, екіншісін «осы жерге де бір оралатын шығарсың» деп ойлап әлгі саңғырып тастаған бұта түбіне, үшіншісін тау бағытына қарай жүрген сүрлеуіне құрып кеттім. Екі күннен кейін қасымда әрі көршім, әрі құдам Есқуат бар, әлгі жерге келдік. Қасқыр өлімтік қасындағы қақпанды сүйретіп кетіпті. Есқуат ол уақытта машина ішінде отырған. Машина мен өлімтіктің арасы біраз жер. Қақпанның сол жерде қалған төсек киізін жоғары көтеріп Есқуатқа белгі бердім. Көріп отыр, көп ұзамай артымнан келеді деп есептедім де, сүйретінді ізбен кете бердім. Бір азырақ жүріп артыма қарасам, машина әлі қозғалмапты. Қолымда кішкене белшігімнен басқа қаруым жоқ. Мылтық машинада қалды. Артыма бұрылып тағы да қол бұлғап шақырдым да, кідірмей әрі қарата жүре бердім. Өткенде Торымның ойынан бір қасқырды қарусыз осы белшікпен ұрып алған едім. Онда қасқырдың олай-былай қозғалуына мүмкіндік бермейтіндей болып шынжырдың қармағы теріскенге мықтап оралған болатын. Жолдасымның келуін күтпей кете бергенім «тағы да сөйтіп қатты бұтаға оралып тұрса белшікпен соғып алармын» деген ой еді. Дәл ойлағанымдай болды. Қасқыр үлкен шағырдың түбінде жатыр екен. Шынжыр қармағының оратылып әрі қарата кетуіне мүмкіндік бермегені белгілі болды. Белшігімді ыңғайлап жақындай бердім. Бірақ қасқыр мені көргеннен-ақ арпылдап, абалай бастады. Тісін ақситып маған қарата қайта-қайта жұлқына ұмтылады. Шағыр түбірінің жібермейтініне сенген мен «айт, айт» деп айқайлап жақындай бердім. Белшігімді көтеріп ұруға дайындалып та келемін. Дәл осы уақытта шағырды түбірімен қопара жұлған қасқыр тісін ақсита абалап өзіме тарпа бас салды. Батырға да жан керек. Сүріне-қабына кейін қаштым. Қолымнан бар келгені қашып келе жатып, белшігімді артыма қарата сілтеп-сілтеп қоямын. «Жететін уақыты болды-ау, кәзір ия желкемнен, ия қара санымнан темір тістерін қадайтын шығар» деген қорқынышты ойлар келді. Машинаны күтпей кетіп қалғаныма, әшейінде ажырамас мылтығымды тастап кеткеніме деген өкініштерім, не керек, сан түрлі қорқынышты ойлар қамап алды. Бірақ, аяғым аяғыма жұқпай жүгіріп келемін. Артыма қарауға жүрегім дауаламайды. Қарай қойсам аузын арандай ашқан темірдей өткір азу тістерді көретіндеймін. Бірақ қасқыр кідірген сияқты. Тағы да бар күшімді салып ілгері ұмтылып бара жатып артыма қарасам. ...Ажалым жоқ екен. Қасқыр жол ортада тағы бір шағырға ілініп қалыпты. Жаңа жан ұшыра жүгіріп келе жатқанымда бетімді бір нәрсе осып өткендей болып еді. Өзім сүрініп кетіп барып тұрған едім. Сол осы шағыр екен ғой. Менің бағыма соңымнан ұмтылған қасқыр осыған келіп ілініпті. Осы уақытта Есқуат та келіп жетті. Біресе шағырға ілініп абалап маған ұмтылған қасқырға, біресе жерде жығылып жатқан маған қарап, бәрін айтпай-ақ түсінген сияқты. Жүгіріп келіп қолыма мылтығымды ұстатты. Өкпем өшіп, көзім қорқып қалған мен қасқырға қарап шүріппені басумен болдым.

Содан бойымды билеген қорқынышым бар, шаршағаным бар, аталақтап аузыма тығылған жүрегімді басып әрі-бері отырдым. Арасында Есқуатқа қасқырға батырсынып барғанымды, жан алқымға келгенде алды-артыма қарамай «боғым жұлдыздай ағып» қашқанымды айтып күлдіріп те қоямын. Өліп жатқан арланның терісін сыпырып алып ауылға тартып кетуге де болатын еді. Бірақ аңшы дейтін халықтың құрған қақпандарын көзімен көріп шықпаса, алдында кетіп бара жатқан аңның соңына түсіп оны қарауылына іліндіріп, қанжығасына байламаса, көңілінің тыншымайтыны белгілі. Әлгі «Атан өлсе сойылар, атам өлсе қойылар, мынадай қар сонар қайдан табылар» дейтін аңшылар арасындағы әңгіме де осы іске шын берілгендіктен, басқа дүниенің бәрін ұмытып сол іске есі кететін құмарлықтан туған шығар.

Қорықсақ та, қашсақ та бір қасқырды алдық. Ол алдымызда жатыр. Бірақ өткенде құрып кеткен екі қақпанымыз бар ғой. Олар әлі ештеңеге шаппай құр жатыр ма, әлде мына жатқанның қасында жүрген тағы біреуін қауып жатыр ма, ол жағы белгісіз. Сондықтан Есқуатқа келесі баратын қақпанымның бағытын сілтеп, жатқан қасқырды машинаға салып алуды тапсырдым.

Бекер келмеген екенмін. Бұл қақпанға түскен екінші қасқыр да оны сүйретіп кетіпті. Бағыты Мырзайыр тауынан Ұштаған бетке тіке асатын «Ат жолға» кеткен. Бұл енді қиындау болатын болды. Өйткені тап болайын демесе тау баурайында қармақты іліп қалар түбірлі бұталар шамалы. Тырбиып-тырбиып жатқан бұйрығынға ілінгенмен ол арлан үшін түк те емес. Оған қосымша тау үстінен ізін шығару да қиындай түседі. Бірақ, «Ат жолға» жақындай бергенімде тілімденген аласа бұйрат үстіне шығып бара жатқан қасқырды көрдім. Мені байқаған ол жүрісін жылдамдата түсті. Ой-шұқыры белгілі жер ғой. Қасқырдың кәзір төмен құлап, төбе тұмсығын айнала қашатыны белгілі. Оның асты ақ кешу. Жырынды пәле алдындағы сайға іліккенше төбеге шығып үлгерсем болғаны, астында кетіп бара жатқан қасқырға бір оқ шығарып үлгерем. Соны ойлап жылдамдата төбе үстіне шықтым, қасқыр да қақпаны сылдырлап төмен түсті. Демімді басып мылтығымды дайындап отырмын. Астына түскен қасқыр артына бір қарап келесі сайға бұрылды. Атып үлгердім. «Қаңқ» еткен дыбысы шығып алдындағы жыраға кіріп көрінбей кетті. Оқтың тигені белгілі. Асықпай артынан келсем аузынан қан кетіп өліп жатыр. Оқ өкпесінен тиіпті. Бұл да арлан қасқыр екен. Ол жолы оралғанымызға көңіліміз толып, манағы қасқырдан қашқан «батырлығымызға» мәз бола күліп ауылға қайттық.

Талай-талай қызыққа да батып, есімізден кете қорыққанымыз жалғыз сол емес еді. Бірде тағы да Ақсайға, одан әрі Қотырға барып қақпан құрып кетуді ойладым. Жаздың кезі, тамыз айының нағыз майы тамып тұрған уақыты. Күн көтерілмей жатып-ақ жер-дүниенің апшысын қуырған ыстық. Машинаның іші тіпті жанып кетті, отыру мүмкін емес. Жел терістіктен, бірақ аптап. Діттеген жеріме жету мүмкін емес сияқты. Сондықтан жолда отырған малды ауылға, Жұлдызбектікіне барып, шөлімді басып демалғанды жөн көрдім.

Ертесіне жолға шықтық. Пәлендей алып бара жатқан шаруасы болмағандықтан, Жұлдызбек қасыма ерді. Таңғы салқынмен Қотырға бардық. Ол жерден қасқырдың белгісі байқалмағандықтан, уақыт алмай Ақсайға кеттік, із кесіп жүрміз. Осы Ақсайдағы мал қораның шығыс жағында бір көлмек ыза болатын еді. Ылғалды, шөптесінді жер. Күн ыссыда қасқырлардың көлеңкелеп, жан-жағын бақылап жатуына ыңғайлы. Осы жерден тап болған қасқырдың ізіне түсіп тау бойымен жоғары қарай кеттім. Алдында Жұлдызбекке:

– Екеуміз салпақтап бір ізбен кете бермейік. Қасқырдың жатағын атап болсам қол бұлғап шақырармын. Сонда екі-үш қақпанды алып келерсің, - деп машинаның қасына тастап кеткен едім.

Бір-біріне жалғасып, ұйыса өскен жыңғылға жақындай бергенімде алдымнан бір күшік атып шықты да, жыңғыл арасына сіңіп кетті. Белгілі болды. Қасқырдың күшіктері осында. Ендеше олардың енесі де бұл маңайдан алысқа ұзап кетпейді. Қайта айналып бір соғатыны анық. Белгі беріп шақырған Жұлдызбек көп айналмай үш қақпанды арқалап жетті. Оған әр жыңғылдың түбіндегі індерді көрсетіп келемін. Аузы тарлау болғанмен арғы жағы кең. Содан сол жердің айналасына төрт қақпан құрдық та, кейін қайтып Жұлдызбектікіне қондым. Сол уақытта Жаңашаның басында Үстірт үстіне шығатын труба желісі бойында істейтін жұмысшылар болды. Бригадирі Шәбіков Дүйсен деген. Көптен бергі танысым. Кездеспегенімізге біраз уақыт болған. Сонымен өткен-кеткенді, жүріс бағытымызды айтып біраз отырдық.

Ертесіне қақпанға барсақ екі күшігімен қоса бір қаншық қасқыр түсіп жатыр екен. Қаншықтың шошақ тісі жағынан тек шығып тұр. Бұл кәріліктің белгісі. Қартайған қасқыр бір-екі күшіктен артық тумайды деп айтатыным сондықтан. Бұл жерді олар көптен бері мекендеген. Ауыл арасы жақын. Кәрі қаншық жайылыс кезінде қой соңында қалып қойған арық-тұрықты, ауыл маңына сүйреп тастаған өлімтікті қорек етіп жүрген сыңайлы.

Бір әңгіме бір әңгімені қуып кете береді ғой. Қорыққанымды айтамын деп басқа бағытқа түсіп кетіппін ғой. Аңның қызығы да, оны айтушы аңшының да әңгімесі таусылмайды, -деп күлген Алдаберді кішкене шәугім астындағы отты қағыстыра отырып әрі қарата жалғады.

– Қызылкерегеде абайсызда тап берген қасқырдан қорыққаным әлі есімнен кетпейді. Ол уақытта қой бағамын. Қыстауымыз Айғыржалда. Қыстың кезі, жер дыңылдап қатып жатыр. Алдында осы Қызылкереге жаққа барып құрып кеткен қақпандарым болатын. Соны қарап келейінші деп жолға шықтым. Астымда сол қойға мініп жүрген атым бар. Келсем қақпанымды сүйретіп кетіпті. Жер қатты болғандықтан сүйретінді із бірде байқалса, бірде байқалмайды. Ойымда ештеңе жоқ, атымды жетектеп әр жерге түскен сүйретінді бойымен келемін. Алдымнан бір сай кездесті. Кезінде тұйықталған жерінен қарғын ағып екі жағын адамның белінен келетіндей қылып жарып тастаған. Жардың жиегінде бір бұта жатыр. Кезінде аққан су түбін ашып тастапты да, бұта жарды жаба құлаған. Соның қасынан өте бергенімде астынан атып шыққан қасқыр «арс» етіп тура өзіме ұмтылды. Атым шыңғыра кісінеп мені сүйрей жөнелді. Абырой болғанда білегіме қыстырып келе жатқан жүгенімнен айрылмай қалдым. Тұла бойым түршігіп кетті. Бірақ ауыр қақпанның шынжыры жаңағы жардың бір жеріне ілінді ме, әлде басқалай бір себебі болды ма, білмеймін, қасқыр қайта секіре алмай тайғанақтап барып сай бойына құлапты. Мен ол уақытта өзімді жұлқа қашқан жылқымен болып, арпалысып жүріп зорға тоқтатқанмын. Жүрегім дүрсілдеп отырып атымды тұсап, мылтығымды алдым. Қақпанның шынжыры әлгі бұтаның түбіріне ілініп сай бойын қуалап кетіп бара жатқан қасқыр көп ұзай алмады. Оқ тиіп «қаңқ» еткен дыбысымен бірге кішкене жүгіріп барып домалап түсті.

Кенеттен тап болып қорыққаның ештеңе емес екен. Қорыққанның көкесі аш қасқырдың соңыңа еріп, өзіңді аңдығаны екен. Көктемнің кезі, мал төлдеп жатыр. Сындының тауының шығысындағы малды ауылдың мазасын алып жүрген қасқыр бар дегенді естігенмен, бірақ сол бойда бара алмадым. Мал төлдеп жатқан кез, нағыз қарбаластың уақыты. Бір жағы туып жатыр, оның ішінде қозысын алатыны бар, өз қағынан өзі жеріп діңкелетіп төлін бауырына жолатпайтыны тағы бар. Күн толық жыли қойған жоқ. Далада туып қалған қозы қатып қалмау керек, әйтеуір малшы біткеннің ол уақытта сіңбіруге мұршасы келмейді. Бірақ, аңшының дерті одан да жаман. Сол жаққа барып қақпан құрсам деп аңсарым ауды да тұрды. Содан бір күні астыма мотоциклімді мініп тартып кеттім. Алдында сол бетке едәуір жаңбыр жауғанын ашылмай түйдектеліп тұрған бұлттан біліп едім. Батып қалсам керек болар деп кішкене тақтайды салып, күрек алуды да ұмытпадым. Жүріп отырып тау етегіндегі жіңішкеріп жатқан сорға келдім. Бейнет дейтін аяқ астынан болатын нәрсе. Кешегі жауған жаңбыр жерге сіңіп кеуіп кетті деп ойладым ба, әлде мотоциклдің жүріп келе жатқан екпінімен өте шығамын деп ойладым ба, білмеймін, әлгі сорды айналып өтпей тура салып қоя бердім. Аты мотоцикл болғанмен, оның да өзінше салмағы бар емес пе. Сордың ортасына барып баттым да қалдым. Жалғыз өзім. Алып шыққан тақтайым бар, сор жиегінен жұлып әкелген итсигегім бар болғанмен, оның қай-қайсысын да пайдалана алмадым. Мықшыңдап көтеріп әлгі тақтайды, шөптерді аяғыммен дөңгелек астына салған болам. Өзі үш дөңгелекті мотоцикл. Не керек, оны шығара алмайтыныма анық көзім жетті. Оның үстіне күн де ұясына құлай бастады. «Қой, құрысын, ауылға қайтайын. Ертең келіп шығарып алармын» деп ойлап жаяулатып кейін қайттым. Үстімде пальто, жаңбыр жауып кетсе керек болады деп алған сулық плащым тағы бар. Плащымды қолтығыма қысып, жүріп келемін. Ауыл онда Еламанда, мотоцикл батқан жерден жиырма шақырымдай жер.

Үстінде қалың киімі бар адамның жүрісі өне ме. Салпаңдап Қоңырдың моласының батыс жағындағы машина жолмен жүріп келемін. Қараңғы әлдеқашан түсті. Аспанда ала бұлт бар. Батыстан соққан жел ай бетін жауып, бірде тас қараңғы болады, бірде жан-жағың анық көрінетіндей жарық түседі. Жаңағы әулиеден өте бере ойға құлайтын жол бар. Сол жолмен төмен түсіп келе жатқанымда соңымнан келе жатқан бірдеңені байқағандай болдым. Әлдеқалай ойым шығар деп артыма қарадым. Дәл осы уақытта үзік-үзік болған бұлт арасынан ай көрінді. Қарасам қасқыр, менен 20-30 қадамдай жерде қапталымнан қалмай келеді. Мен кідірсем, ол да тоқтайды. Ұлығаны да, ырылдағаны да емес, жылы-жұмсақты жеп жатқанда рахаттанып шығаратындай бір дыбыс шығарды. Тұла бойым тоқ соғып өткендей төбе шашым тік тұрды. Тіпті сол қорқыныштан басымдағы бөркімнің қозғалғанын байқағандай болдым. Өз-өзімді әлі толық билей алмай тұрғанымда қасқыр қапталымнан қиыстай өтіп жол бойына, алдыма барып шоқиып отырды. Көңіліме солай ма, әлде шындығы солай ма, білмедім, қасқыр маған қарата бір-екі табан жақындағандай болды. Жан дәрмен мылтығымды алып қалталарымнан оқ іздей бастадым. Қырсыққанда сол күні алып шыққаным мелькашка еді. Оның оғы да таусылған, не бары төрт-бесеуі ғана бар болатын. Осындай қысылған уақытта оларды қай қалтама салғанымды есіме түсіре алсамшы. Абдырап кәстөмнің, шалбардың, пальтомның қалтасын қарап жатырмын. Қасқыр жайлап жақындай түсті. Дәл осы уақытта ай бетін бұлт жауып, қайтадан қараңғылық орнады. Жаным қысылғаннан терім моншақтап ағып, бар қолымнан келгені «айт, айт» деп айқайлап, мылтықтың затворын сартылдатып ілгері-кейінді қозғай бердім. Кенет қапталыма түсіп қалған плащыма көзім түсті. Бір қолыммен өзіме тартып қалтасын қарадым. Уһ! Манағы төрт-бес оғым осының қалтасында екен. Дірілдеп отырып түйген шүберекке оралған оқтарымды алып, мылтықтың ұңғысына салдым. Бойымдағы қорқыныш сәл жеңілдегендей болып алдыма қарадым. Селдір бұлттардың арасынан ай сығалады. Қасқыр әлі тұр екен. Бірақ түн қараңғылығынан сығалағанда қасқыр мөшкеден көрінбейді. Неде болса осы жоба ғой деп бір оқ жібердім. Зың еткен дыбыстан оқтың тимей, далаға кеткенін білдім. Қасқыр орнынан атып тұрып жол жиегіндегі ақ кешудің үстінен шықты. Маған қайта қарап одырайып тұрды. Тарпа бас салуға әлі де дәмелі сияқты. Тимесін білсем де солай бағыттап екінші оқты тағы жібердім. Сонда барып қолымда мылтығым бар екенін сезген жыртқыш түн қараңғылығына сіңіп жоқ болды.

Жол бойына отырып моншақтаған терімді сүртіп, демімді алдым. «Егер жаңағы оқ табылмағанда...» деген қатерлі ой түсті. Аш қасқырдың сояудай тырнағы мен қылыш тістерінің жолындағысын әп-сәтте-ақ дал-дұлын шығаратыны көз алдыма елестеп түршігіп кеттім. Қалған үш оқтың біреуін мылтыққа, екеуін қалтама салып, әлі де жан-жағыма секемдене қарап ауылға апарар жолға түстім. Осы кезде түн қараңғылығын тіліп жарқырай көрінген машинаның фары көрінді. Ол мені іздеп келе жатқан Жаңаберді екен.

Арада азғана уақыт өтті. Малдың туып нобайлаған кезі. Бірде сол уақыттарда жиі-жиі болып тұратын партия жиналысына шақырды. Оның мүшесі болғандықтан, жиналысқа міндетті түрде қатысуың керек. «Ауырып қалып едім», «Таңдайымызға тартып отырған түйем жоғалып, соны іздеп кетіп едім», «Ағайынның тойы бар еді, құдамның садақасы болатын күн еді» деген сияқты сылтаулардың жүрмейтін уақыты. Ұштағандағы сол жиналысқа барып келдім. Қайтарда ауыл аралап жүретін, көшпелі кино қондырғысы бар Бекмолда мен Аман да менімен бірге келді. Келді, тамақтанды, төл тәрбиеші адамдарға киносын көрсетіп, біраз уақыттан кейін жатып қалды. Сол күні менің тісім ауыры, мазам болмай шықты. Таң ата көзім ілініп кеткенмен шаруаның аты шаруа, көп ұзамай тұрып кеттім. Ауылдың алдындағы анадай жерге бір өлген қойды сүйреп тастағанбыз. Осы партия жиналысына кетер алдында сол жерге әкемнің айтқанын тыңдамай қақпан құрып кеткенмін. Бір күні түнімен итіміз тыным таппай үріп шыққан болатын. «Шамасы ауыл маңайына қасқыр келіп содан қорқып үрді-ау» деп ойлап, ертесіне жан-жақты шолып шыққанымда, осы өлімтіктің қасынан қасқырдың ізін көргенмін.

– Ауыл маңайына қасқыр келіпті. Ана жатқан өлімтіктің маңайына қақпан құрайын деп отырмын. Қойды өріске шығарғанда шама келсе басқа бағытпен өргізсін, - дегенмін таңғы шай үстінде. Сонда әкем:

– Бояушы, бояушы дегенге сақалын бояйды деген бар еді. Сен де шырағым, «Алдабарді аңшы, қай уақытта да қақпаны құр болмайды» дегенге орынсыз масаттанып бара жатқан жоқсың ба. Үй маңайына келген қасқыр ана ашық аулада исі мұрнын жарып жатқан қойға шаппай ма, ия сол өлімтігіңе жақын жерде күлге аунап жататын түйенің бірін заяламай, әлдеқашан қатып семген өлімтігіңе риза болып кете барды деп ойлайсың ба. Әлде ол үшін мойнын бұрап тастау түк те емес, жаман иттеріңнен қорықты ма. Қой, шырағым, абайламай адам түсер, қой түсер, болмаса тайраңдап жүрген бота-тайлақтың бірі түсер, сөйтіп жоқ жерден жұмыс тауып бересің. Қасқыр мен иттің ізін айыра алмай жүрсің-дағы, - дегенді.

Бірақ, өлімтік маңайындағы іздің қасқырдікі екеніне көзім анық жеткен мен сол жерге екі қақпанды құрып кеткенмін. Түнімен тісім ауырып басым мең-зең болғасын «Кішкене жүріп қайтайын» деп ауылдан ұзадым. Қақпандарымды көріп қайтайын деп барсам, оның біреуін сүйретіп кетіпті. Содан асығыс шайымды ішіп, Жаңабердіні ертіп із кесуге шығатын болдым. «Алеке, тірі қасқырды өмірі көрген жоқ едім. Мен де ерейін сендерге. Ауылға сосын қайтармын» дегесін, Аманға да қарсы болмадық. Содан аттанып кеттік.

«Ала ешкі» тауының етегінде Қарабарақты деген ой бар. Кейбірі таяз, кейбірі терең шұңқыры көп орпалықты жер болатын. Сүйретінді із тура осыған алып келді. Қасқыр кейбір шұңқырларды айналып өтіп, таяздарына түсіп шығып, ақыры кісі бойындай түбі кең апанға барып құлапты. Барсақ сол апанның бір бұрышында жатыр. Көзі қызарып жоғарыдан жан-жағынан қаумалап тұрған біздерге қарап қояды. Түнімен арпалысып шыға алмайтынына көзі жетсе керек, сол қозғалмаған қалпы жатыр. Қай уақытта да керек болады деп алып жүретін арқаннан тұзақ жасап қасқырдың мойнына салдық. Саумалап жоғары тарта бастадық. Бастапқы әзірде бәріне де мойынсұнғандай болғанмен, артынан арпалыса бастады. Абалап үріп керілген арқанды тістелейді. Сояудай тырнақтарымен апанның жарын тілгілеп, өзі де жоғары шыққысы келгендей ыңғай танытты. Апанның аузына жақындағанда, арпалысы күшейе түскен қасқырдан қорықса керек, Жаңаберген:

– Қой, Алеке, мына пәледен мен қорқайын дедім. Шыға сала ұмтылып біреуімізді жазым етер. Апанның ішіндегі арпалысы мынау, үстіне шықса күшіне күш қосылып әл бермей кетер. Атайық. - деп қасқырды шығаруға құлқыны жоқтығын білдірді.

Үстіне шығарғанда да оны тірілей ауылға апармаймыз ғой. Осылардікі жөн шығар деп қайта түсірдік. «Мылтықты маған берші, мен атайыншы» деген Аманның көңілін қалдырмадық. Апан түбінде жатқан қасқырды асықпай сығалаған Аман біраздан кейін барып шүріппен басты. Содан кейін жан-жағымыз тыныш болды. Малды ауылдарға тыныштық бермей жүрген де, өткенде мені аңдып түнімен соңымнан жорытқан да осы болды деп есептедім.

БАСҚА АҢДАР ТУРАЛЫ

– Кешеден бері біраз жерді шарладық, - деді аңшы қасында отырған жолдасына. Байқадың ба, жоқ па, білмедім, алыстан көзге шалынған бір жар қарақұйрық болмаса, көп көрінбейді. Ертеде олар осы жерлерде жыртылып-айрылатын еді десек өтірік болар, бірақ, бар деп ауыз толтырып айтуға болатын еді. Мына ойда, - дейді аңшы Ала ешкі тауының етегін көрсетіп, қарақұйрық сүйіп жейтін жантақ, қырықбуын, кеуел дейтін ақ тікен шөп көп өседі. Аң жарықтық та өзіне керекті нәр алатын, шөл басатын шөптесінді жерде кездеседі. Бірақ кәзір орынсыз қуып, атып асқаннан кейін олар да азайып кетті. Бұлар жердің сәні, таудың ажары еді ғой.

Менің жаныма жақын, өмір бойы ажырамай келе жатқан серігім осы аңшылық екенін саған айттым. Далаға шықсам болды оның әрбір бұта, шөбі де, бұйрат-бұйрат құмдары мен тау-тасы да өз тынысын алдыма жайып салады. Аңдардың салып тастаған сүрлеуі де, жол бойына шашырай төгілген құмалақтары да өз жөнінен сыр шертеді. Осы бір керемет сезімтал, алдын болжауы жөнінен адамнан да зерек аңдар арқылы жерімізде болып жатқан өзгерістерді байқайсың. Өз қолымызбен жасалып жатқан қателіктерге өкінесің. Кейбір жасы үлкен адамдар «Ертеде қарақұйрық дегендер есік алдындағы малмен қатар өріп жатушы еді» деген әңгіме айтады. Оған кәзір ешкімнің де сенгісі келмейді. Ал, шындығында да, солай болғаны рас. Олардың азая бастауына, адам түгілі ауылдың да маңайына жоламауына біздің тарапымыздан болып жатқан тағылық қуғын-сүргін ғана емес, ауаның бүлінуі де әсер етеді. Сендер оны экология дейсіңдер ме. Десеңдер, міне, сол экологияларың шөптің нәрін солдыртып, топырағыңның құнарын кетіреді. Соған байланысты аңдар бізден арасын бірте-бірте алшақтатып бара жатыр. Табиғаттың жаратқан тірлік иелерінің бұлай бір-бірінен сырт кетуі жақсылық емес. Даланың сәнінен айрылуы кім-кімді де бейжай қалдырмауы керек. Баяғыда бала кезімізде қой соңында көшіп бара жатып, түс мезгілі болғанда жерді шұқып шұңқыр, яғни жер ошақ жасаймыз. Даланың қураған шөбімен тыз еткізіп шәйімізді қайнатамыз. Шөлімізді қандырып, енді орнымыздан қозғала бергенімізде әкеміз: «Шырағым, жерден жеті пәле шығады, ана ошағыңның орнын тазартып, көміп кет» деп жатушы еді. Онысы несі екен деп ойлайтынымыз, жоқ жерден жұмыс тауып бергеніне ренжитініміз де шындық болатын. Бірақ әке сөзін екі етпей ұлан даладағы қара шәйнек қайнаған кішкене ғана ошақты көміп жататынбыз. Бақсақ, сол кездегі кез келген сауатсыз малшының да жерге деген, табиғатқа деген көзқарасы бөлек екен ғой.

Осы даладағы арқар, қарақұйрық, киік дейтіндердің үйірге түсу мерзімі әртүрлі. Арқар қазанның 20-27 аралығында, қарақұйрық қарашаның 14-21 аралығында, ал киік желтоқсанның 10-20 арасында үйірге түседі. Осы желтоқсанның жиырмаларында киіктің «бел басар, мойын жуар» дегені болады. Ол кезде күннің суытып, бұрқасынды болатыны белгілі. Бұрын мән бермесең, байқауыңа болады. Баяғы шалдардың айтып кеткендерінің қатесі болсайшы. Бәрі өмірмен біте қайнасқан, табиғатпен етене араласқан тәжірибеден шыққан ғой. Құлағыңда қалсын деп айтып келемін. Сол кездегі киіктің үйірге түскенін көргеннің өзі керемет емес пе. Қарап отырып осыншама көріністерді жасап жатқан табиғатқа таң қалмасыңа болмайды. Әуелі киіктің текелерінің ішіндегі бір басшысы орағытып, ойнақтап келіп басын бұтының ішіне жіберіп, өз танауына өзі сиеді. Артқы тұяғымен танауын керіп, аяғын қатты серпіп жібергенде тарс еткен дыбыс шығады. Алдындағы бұтаны мүйізімен әрі-бері сипайды. Бұл – ұрпақ жаюдың, тұқым себудің басталғанын білдіретін белгі. Айналасы бес-он күнде аяқталатын маусым бұл. Арқар «алты ай жиған майымды, алты күнде тауысам» дейді екен. Қате кету, белгілі уақыттан ауытқу деген болмайды аңдарда. Содан мамырдың 10-20 аралығында «бықсыма» дейтін болады. Күн ысып кетеді де, іле 20-30 арасында салқын түседі. Мұны «Құралайдың салқыны» дейді. Яғни, киік лағын өргізеді. Қарап отырсаң, сол аң екеш андардың өмірі табиғаттың болып жататын құбылысымен тікелей байланысты. Жаңағы арқар, қарақұйрық, киіктің үйірге түсер кездерін айттым ғой. Соның сол алдындағы қазанның 16-17-дегі күндерді біздерде «талқан қазан» деп атайды. Себебі осы уақытта күннің суытуы басталады. Салқын түседі. Кей кездері шөптерді үсітетіндей суықтық болады. Міне, осы кезде шөптер тұқым тастайды. Аңдардың да тұқым себуі осы «талқан қазаннан» кейін басталады. Арқар, киік, қарақұйрығың сөйтіп жаңағы аталған уақыттардан кейін бес ай өткесін лақтай бастайды. Арасында қыстыра кетейін, қоян дейтін аңымыз екі жарым айдан кейін көжектейді. Киік те, қарақұйрық та лағын 15-20 күндей емізеді. Сол жерге тастап, өздері жайылысқа кетеді. Лақ болса, емізетін уақытында енесі келгенше ұйықтап жатады. Оны байқамайсың. Әсіресе қарақұйрықтың лағын байқау тіпті мүмкін емес. Бізге айттырса, олардың лағын бір-бірінен айыру тіпті мүмкін емес сияқты. Бірақ, әр бұта түбінде жатқан лақты енелері адаспай табады. Кәзіргі қолымыздағы малдардай бір-біріне шауып, енесін таба алмай адасып, азан-қазан болып жүрмейді.

Мен атақты аңшы Нұрды көрдім, одан тәлім алдым. Кезінде қатар отырдық, менімен құрдас Рахмет дейтін баласы болды, бірге ойнадық. Жарықтық сол кісі аңдардың қай-қайсысы да лақтап жатқанда мылтығын оқтамаушы еді. Өрістегі малын көздегендей сыртынан сүйсініп, даладағы жыртылып-айрылып жататын аңдарды көріп қайтатын. Кәзіргі аңшы сымақтардың орынсыз қатыгездігі бұлардың да түбіне жетпей қоймас. Онан басқа оғы жерге түсіп көрмеген Нұр ататын аң ол кезде көп болмаса, аз емес еді ғой. Нұрекең «қарақұйрықтың көзі дәл төбесінде» деп отырушы еді. Онысы қарақұйрықтың аңшыны алыстан байқағыш, сезімталдығына байланысты айтылған сөзі шығар. Нұрдың қолы мерген, Қаңғабайдың (Ел ішінде жаңа өкімет орнағанда мергендігімен аты шыққан адам, руы шегем) көзі мерген деген сөзді көп естідік. Аңшылардың арасында «Оқыраның кезінде бәрі мерген, озады күз келгенде кәрі мерген» деген де сөз бар. Оның шешуі мынада. Оқыра дейтініміз – қарақұйрықта ет пен терінің арасында болатын құрт. Ауамен дем алу үшін теріні тесіп басын шығарып қояды. Оқыраның кезінде, яғни жазғы уақытта аңды ату қиынға түспейді. Өйткені денесіндегі жыбырлаған құрттармен жағаласып, өзін аңдушыны байқамай да қалады екен. Ал, күзде ол құрт өз-өзінен түсіп қалады. Бұл уақытта қарақұйрыққа жақын бару, қарауылға іліндіру оңайлыққа түспейді. Нағыз аңшы нысанаға алған аңына оқтың қай жерден тигенін де біледі. Оқ ішінен тисе күрт ете түскен, кеуде қуысына тисе тырс еткен дыбыс шығады. Кәнігі аңшы сол дыбысқа қарап, атқан аңының сол орнында құлайтынын, болмаса тағы да бір-екі төбе соңына ертетінін айырады.

Әр аңның жауынан қорғануы, өмір сүру үшін жемтігін ұстауы да әртүрлі. Қасқыр өзі паналап жатқан үңгір, іннің ішінде теріс қарап жатады. Қоян оған керісінше далаға қарап жатуды әдетке айналдырған. Бұл оның кез келген уақытта жауларынан қашып құтылуына мүмкіндік жасайды. Сонымен қатар қыстың кезінде бұтаның күнгей бетін сағаласа, жылы уақыттарда көлеңкеде жатады. Қоян өзінің бойындағы қызуын сыртына шығармайтын аң. Келе жатқаныңды біліп ата жөнелген қоянның күртік астындағы орнынан қардың ерігенін көргенім жоқ. Қандай аязды күндер болса да, қызуын бойында сақтайды деп отырғаным сондықтан. Ана бір жылдары сол қоянның терісінен бөрік тіктіріп кигенім бар. Жылылығы сондай, машина ішінде отырғанда шешіп отыруыңа тура келеді.

Кәзір бізде қарақұлақ та кездеседі. Бұрынғы уақыттарда сиректеу болатын. Осы күндері шүкір, көбейіп келеді. Мына бұйра-бұйра болып жатқан Бостанқұмның ішінде де, тау бойында да кездеседі. Мысықтан ірі болғандықтан шығар, көп адам оны шатастырып сілеусін дейді. Шындығында да сыртқы көрінісі де оған ұқсайды. Ерекшелігі тек сілеусіндей теңбіл-теңбіл болмай, реңі біркелкі болады және құлағының түбінде дөңгелек қара дақтар кездеседі. Соған байланысты болуы мүмкін, кейбір адамдар оны қарақұлақ деп те атайды. Байқағаным – өте ыңғайлы, шапшаң қимылды жыртқыш.

Жемтігін қуып емес, аңдып ұстайды. Орнынан енді көтеріле берген құстарға секіріп жатқанын да көрдім. Оғанға дейін алдындағы құстар тобына жасырынып, бұқпантайлап келеді де, бірден ұмтылады. Әрине, ол оңай шаруа емес, құс қанша дегенмен құс қой. Негізінен тышқандарды, саршұнақтарды аулайды. Малға шабуыл жасағанын көргенім жоқ. Қой жайып жүргенде ұйықтап жатқан қарақалдың үстіне тап болғаным бар. Соған қарап, тамағын көбіне түнде аулайтынын білуге болады. Қасында келе жатқан иттен қорыққанда сексеуілге, болмаса тау басына шығып кетеді. Өзіміз көргеніміз жоқ, ерте кездерде қолға үйретіп қоян, түлкі, құстарды аулатқан деген сөздерді естідік. Болса болған шығар, нағыз аңшылар әр аңның қасиеттерін жете меңгерген ғой.

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙