Өлеңдер
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Авторы: Сағат Әбдуғалиев
Сағат Әбдуғалиев Өлеңдер Кіндік жұрт – Қазақстаным Тудырып пікір таласын, Жайым жоқ елді екшемек, Бөлмеймін қазақ даласын: Жетісу, Жайық, Көкше – деп. Даңқтан дарқан дәулетім, Шабыттың шоғын шат үстеп, Бөлмеймін баба әулетін: Оңтүстік, Шығыс, Батыс – деп. Оятып түнде үш рет, Інжуің тапсын ізгі өлең. Ұлы деп, Орта, Кіші – деп, Бөлмеймін және «жүзге» мен. Шапағат шағым шашты ірең, Көңілді билеп құт кенен. Жаудан да бетер қаскүнем Жұртымды, Жерді жіктеген. Жойылсын адам аласы, Кеппеген күншіл ұрты удан. Қарқара қазақ даласы, Теңізі, Тауы бір туған!
Жаңбырлы жаздың жалты игі, Шалғынға түсіп шық-теңге. Қазақтың жаны аңқиды: Жусаннан, Қардан, Сүттен де! Арғымақ шалып қырларға, Сүйемін күнді, Ай төсін. Рухымды көріп тұрғанда, Руымды сұрап қайтесің?! Бөлмеймін түрге түндікті еш, Тұғырда тұрам тас түйін. Қандары бірге кіндіктес: Қарт Арал, Ертіс, Каспийім. Төсеулі көрпе, төрі кең, Табатын туыс, Дос талай. Жанымның бірге көгімен: Гурьев, Шымкент, Қостанай... Сарыарқа жері – сом алтын, Бұрымы бидай, Сәнді иық. Маңғыстау – донор, Жомартым Ғасырға жатқан қан құйып. Қаратау жері – қазынам, Толағай істен тапты ырыс. Сылыңғыр Сырдың жазынан, Сырғасын қақты ақ күріш.
Бұлбұлға толы көгалы, Жетісу жері – жыршы әлем. Жайықтың бегей бораны, Серілігің үшін бір сәлем! ...Сайраттың құмбыл құс тілде, Жанымның жаз ағыстарын. Тілегім сенің үстінде, Кіндік жұрт – Қазақстаным! *** Шанақтарды шайқаса шапағат үн, Шабыттың шербетінен татады ақын. Шүлен шақта жыр жаздым шамырқанып, Шырт ұйқыда жатырсың, махаббатым. Әуезімді әлдилеп ақ түн-ағыс, Қанатты қияндарға қақтым алыс. Муза – менің мұратым мәртебелі, Тербетіп тұр жанымды тәтті вальс. Шаңыраққа шаттықпен кірсең күліп, Шабыт, сені қайтемін құр сендіріп. Шартараптың шамдарын қуаладым, Шылымымды бір жағып, бір сөндіріп.
Парасат пен пейілді теңге бөліп, Жақсылық жоралғысын жөн көрелік. Алпыс аққу төрімді тамылжытып, Дариға аспан барады дөңгеленіп. Тұрпатына тұтпастан түнді бұйым, Сәби ақын ойлардан сынды миың. Жыр-анасы жебейді жалғыз ғана, Пері болған перзенттің жынды күйін. Балқаймағы бақыттың бетінде еріп, Отауында шабыт құс отыр делік. Жырға толы дәптерім жатыр алда, Пайғамбардың жалғызы секілденіп... Идиллия Қиындықта күйзелген мен бе сынып, Көрейік көрпемізге жөн көсіліп. Пірәдар боп қайтемін пақырсыған, Менде де бар, әрине, пендешілік.
Көкіректе кісінеп барша құлын, Жалғыздықта сақтадым жан сабырын. Қуартпады күн нұры көктеменің, Қар астынан қылтиған қарша гүлін. Қателіктен қызарып бетім-бесін, Есігінде тірліктің жетілді есім. Серіліктің сыйқы да соқыр тиын Басыңнан бақа-шаян секіргесін. Шексіздерге жататын шеті ұласып, Шапағатқа арманның оты ғашық. Кристалдай кіршіксіз дегенді де, Пенделіктің жүреді тоты басып. Естеліктер түсіріп еске нені, Сан алуан сұрақтар сес береді. Тағдырдың азды-көпті таяғы ма... Ер жігіт кектемейді ештеңені. Тіршілікке ынтазар табан-сүлік, Торабымды сапардан табам шығып. Жамандықтың жағасы жыртылмайды, Алты алашқа ағайын – адамшылық!
Тепсінетін табанда темірді үзіп, Шындықты да мойындар небір бұзық. Ірі қылып жаратып әлдекімді, Ірілікті сүймейтін өмір қызық! Құдайшылар күткенде көктен шырақ, Өмір деген – ағызып өткен сұр ат. Қасық қаны қазақтың болса менде Шенділерден жүрмеспін шекпен сұрап. Қасиетін танытқан қаспақ беттің, Балалықтан басталар бастапқы екпін. Қулықтар мен сұмдыққа кіжінгенде, Тіршілікті келеді тастап кеткім. Төзімдердің тоздырып көк тағасын, Жөнсіздіктен айтамыз жоққа да сын. Адам да бір мәжіғұн көбелек қой, Өзі тығып жүреді отқа басын! Ашылу апогейі Ашиды алмағайып көңіл-айран,
Тіршілік текетірес – толы майдан. Жоғалған жақұттарым жеті көмбе, Табайын отыз бесте оны қайдан?! Қайткенде қыламын деп халықты елең, Жырыммен жүректерге жарық берем. Болмыстың бедерлерін біле түстім, Бітпейтін Өмір деген әліппеден. Қайбірде басып жүріп қиынға аяқ, Сыйластан бәлсінбедім – сыйымды аяп. Өлеңнен алтын азап арқаладым, Бақытты өтер ме екен бұйырмай-ақ?! Тозбасын азаматтар текке есіріп, Тиісті басқа қырау, бетке сүлік. Даурыққан дастарқандас достардың да, Кещесі келе-келе кетті өшігіп. Жарыққа көрінсе де жәй кітабым, Жасымнан мекен еттім ой бұтағын. Жыр-анам жылағанда жұбандырып, Қуаныш қамшылады қайғы табын.
Өлең боп өртегенде бойымды алау, Іздейді болашақтан тойым қалау. Тәңір де кешірмейтін тасырлық қой, Талантты тірісінде мойындамау! Көңілдің байқалмасын қош кемдігі, Саулыққа көтерейік тосты ендігі. Тірінің санатында жоқ де мені, Жүректен ақындығым өшкен күні. Жанымның жалғыз бұлбұлы Жайқалып жонда қыр гүлі, Жарықтан табар тоят кім? Жанымның жалғыз бұлбұлы Жазира таңда ояттың. Ояттың мені нәзігім, Жүзіңде жүзіп науша күн. Жайықтың жалпақ жазығын, Сипады шаштан саусағың. Кәзине қуып кеңдіктен, Жұлқына тартты жарау ат. Өзендер менен көл біткен, Тіледі тұнық салауат.
Шанақтан шаттық шертемін, Жаңбырлар жанды жуады ақ. Жардан да бұрын өртедің, Қаршадай кезден дуалап. Маңдайға қонған бақ құсым, Бауырыңа көктен бұлт енсін. Үш баламнан да тәттісің, Үш баламнан да үлкенсің! Санамда сексен сән ашып, Баураған бойды күйпаз үн. Көзімде тұрған қарашық, Жүрекке біткен жиһазым. Амандық деген дәстүрге, Сертінің айтпас сырт әнін. Жәлелдер жатқан тас түрме, Сындыра алмаған сұңқарым! Лебіңнен еріп ілезде, Құрлықтың кетер қар-мұзы. Анамдай дарқан мінезге, Ақиқат шалдың жалғызы. Көңілдің құты – берік тін, Тілегім сені тапты айқын. Хор қызынан да көріктім, Қызыл алтынға сатпаймын!
Жолыңда сенің жүргенге, Татымас түкке тәж құны. Бағаңды бекзат білгенге, Мазасыз тірлік мазмұны. Магеллан таппас бекетін, Жұмбағы жеті жас ендік. Жындылығы да жететін, Фараон фәни-әсемдік! Түңілісті де үміт қып, Тажалдан тәуір төзім-кен. Жетпістен тауып жігіттік, Ботасы сансыз боз інген. Тамашаң туып терістен, Езулей алмас еш ырың. Қасымды сүйген періштем, Абайдан қалған жесірім. Түспейді қолға тал ұшы... Таппадым теңеу – сый атын. Даламның ұшан дауысы, Дарынға біткен ұятым! Бағамды біліп бір күні, Талқыға түсер төл еңбек. Жанымның жалғыз бұлбұлы – Өлемін, Сен деп – Өлең деп!
Калмыков мектебіндегі ой Армысың, Ата-мектеп! Ана-мектеп! Жатыр ма жанарыңда дала көктеп?! Ешкімнің еншісіне ен тақпаған, Ешкімді қарғамаған қара бет деп. Ақжолтай армандардың тасын құйып, Сен биік! Заман биік! Ғасыр биік! Мешітіне жүгінген мәзін құсап, Кетейін бәлденбейтін басымды иіп. Мұзарты мұңдарымның кеттің бе еріп, Елес те – зымыраған екпінді елік?! Есігі жабылмайтын еркелігім, Тұрады саған жиі жеткім келіп. Жүрекке жасағасын жыр естілік, Тозбайды салтанаттың сыны ескіріп. Жиырма жыл бұрын ұшқан жұмағыма, Ұлымды келдім бүгін ілестіріп.
Бекерге беттемедік бөсіп тегін, Бәрінен қымбат екен бесіктегі үн! Көрмедім сенікіндей жылы қабақ, Жылы сөз сенікіндей есітпедім. Табиғат баршамызға кекіл беріп, Жетпеген жігіттікке жетіл дедік. Архивы балалықтың қалды сенде, Жартысы жүрегімнің секілденіп. Біткенде балапанға беріш қанат, Әкетті әлеміне жол ұшқалақ. Сүйейтін қолтығымнан сені ойладым, Тағдырым түксигенде теріс қарап. Шабандоз шықпаса да менен керім, Танытты көкірегім өлеңге ебін. Жоғымды жылатпай-ақ жетістіріп, Қатемді кешіретін, кемеңгерім! Жүргенде көңілімнің қошы көктеп, Қай мұндар құлыныңды мешін етпек. Жаратқан ат жалында бәрімізді, Осы жер! Осы халық! Осы мектеп!
Ішкілікті қойған жігіттің жыры Быжылдаса бәтшағар қатын-мысық, Аяз тілі арқама батырды үсік. Ала таңнан ашылмай арақ дүкен, Әсерлендім үйдегі әтірді ішіп. Ағып түсе жаздаса миың сынап, Бас жазудың азабы қиын, шырақ! Жолдастарым жалт беріп жөнеледі, Қоймағасын күнбе-күн тиын сұрап. Мұндарлықтың тазалап мыс тегешін, Қырсық сумен басталды күшті егесім. Ақыл айтқан туысты сөктім былай: «Ішмерездер күндейді ішпегесін!». Адамдықтан азғанды ез деп кеміт, (Ташкентте де қаңғыдым өзбекке еріп). Жақсы маман дейді де бастық біткен, Ар жағына қалады сөз кептеліп.
Салтанаттың естілмей сазы машық, Жоғалады көктемге жаз ұласып. Өле сүйген жарым да бір кездегі, Автономия боп кетті ажырасып. Тоғышарлық кір қылып жағамды үйме, Қарап жүріп қадалды табанға ине. Отауымның бұйырмай босағасы, Қанша мәрте түнедім қараңғы үйде?! Арамызда арақтың жігі тұрып, Күңіренді көңілдің күні тымық. Кім болғаның кезінде мәселе емес, Қандай жаман қалғаның ұмытылып! Жүрегімді тырнайды мұң-қайғы ұлып, Осы екен ғой дүние, дырдай бүлік. Тіршілікте жалғыз-ақ берілетін, Ұяттан да жіберді жұрдай қылып.
Тұрмағасын тұғырда бекіп қанат, Қаракетің – тісі жоқ кетік тарақ. Талайлардың тұлпарын мертіктіріп, Талайлардың түбіне жетіпті арақ. Әпенде жоқ, әрине, күнәдан бос, (Құрбақалар құдыққа құлағанға өш). Ішпеген де нұсқасы іріліктің, Ішпегендер жеңеді, жылаған дос! Автобустағы айқас немесе туған тіл Автобус талай жолдың белін кешіп, Жаппады кеткендер мен келімге есік. Қалың жұрт отырғанда қалғып-мүлгіп, Қалды шал бозбаламен керілдесіп. Жүйткіген машинаның жүрісі ұңғыт, Кеткендей қолтығына ұры сүңгіп. Қазақ тілін білмеген қазақ үшін, Бұзылды ақсақалдың түрі сұмдық.
Көзінен шашыратып отты күрең, Ұруға ұялды ма ел көптігінен. Әр нені былдырлаған бейшараға, Безілдеп сақалы да кетті, білем! «Ақымаққа санасаң да ақыр мені, Еншалла, таусылған жоқ ақыл кені. Мұртындай Гитлердің мұртың құрсын, Обалың ата-анаңа, пақыр!» – деді. Қалдырмас қасиет пен көнеңді ұмыт, Туған тіл – түсінгенге терең білік. Не істеймін бозбаланың көкірегін, Жасаған жаратқасын керең қылып. Туған тіл – бұрқыраған бөрте бесік, Ұқпаған ұятыңды келте нешік?! Сүйемін сақалынан осы шалды, Отырған өзің үшін желкелесіп. Туған тіл – тектілердің ми еңбегі, Туған тіл – иманымның иен көгі. Сен арқылы бозбала әкем менің, Анамды алғаш рет сүйем деді.
Туған тіл – ақындарға діңгекті өлең, (Жанымды жарығыңмен бірлеп келем). Қай көсем де алуан тілді біліп, Әуелі кіндік тілін құрметтеген! Даламнан отаршылдық мазақты үрлеп, Ғасырым көрсетеді ғажап құрмет. Туған тілде айтамын мен әуелі, Ұлан-ғайыр ұлтпын деп, Қазақпын деп! Махамбеттер тойтарып төре месін, Ұлы Абай – аспандағы бөлек есім. Мұхтар тілін ұмытсам, Ұлтым мені Креске Христостай шегелесін! Пенделіктің пәршалап бет пердесін, Парықсызды ар деген сот тергесін. Қазақ емес деп кеттім, Қазақ емес! Тілін жұтқан «жетімді» жек көргесін... Тәтті мұң
Жанымнан көрдім кеше түн, Жанарың жәуміт, жан құрбым. Жұпары сенен есетін, Жайықта жауған жаңбырдың. Жалғанда жаңғақ тәтті ой көп, Жазмыштан жүрдік сый күтіп. Желбіреп желге ақ көйлек, Жоғалдың қайда құйғытып?! Жаралған жансың жыр үшін, Жасырмай оны айта алам. Жиырма бес – алмас қылышым, Жадыма түсті-ау қайтадан. Жүрекке сырнай сазын бер, Жанталас ұқпай ешқашан. Жүгірді бетке әжімдер, Жабысты мына шашқа шаң. Жаңғырса кейде сыр нәзік, Жауапты дейсің бұған кім? Жоқтасам сені, жыр жазып, Жабыққан сәтте жұбандым. Жұмбағы шалқар шақпенен, Жадағай үміт тұтаттым. Жоғалдың қайда, әттеген, Жалғасы болмай кітаптың.
Жанымды жауып құм селі, Жіктемен өшімді ешкімнен. Жоғалтып алған бір сені, Жүректі кешірмеспін мен! *** Темір торға тұмшаланып бет-бәден, Жыламауға жігер күші жетті әрең. Есік пен төр аралығын аңдытып, Құшағынан қайда қашып кетті әлем? Е, жалған-ай, жауыздықта жоқ есеп, Боркеміктік болар дейсің неге сеп? Бұтағымен талақтасып бұлбұл құс, Күн шуақта кекіреді көк есек. Жүрек сорлы жоғалтқандай жас өртін, Тұңғиықтан тербемейді әсер тың. Есер ұлдың ермегінен есті әке, Бейшараның талақ қылды бас еркін. Тас түнектен тебірентіп көк түбін, Тарғыл-тарғыл көңілінен төкті мұң. Құсалы құс жалғыздықта білдің бе, Жанашырдан жендеттердің көптігін?!
Тамылжытып тауыңды әндет, тасты әндет, Әуен асты көкіректен қашқан кек. Қарғауға да кәдімгідей қақың бар, Қара қарға қарқылдаған аспан деп! Отты өзектен өршеленіп өр ұшқын, Бәлденбесін басыңдағы беріш түн. Әнді сыйлап өтер еді, әттең-ай, Әділдік-қарт әлдилесе жер үстін. О, бостандық, байлаудағы бір несіп, Сан қиялда көбесінен сынды есік. Туған жердің ұлылығын жырлайды ол, Туған жердің түрмесінде күн кешіп! Лебіз Айқындалар кімдер жабы, кім тарлан, Болмысынан пенде болмас бұлтарған. Жүгіремін бір құмарды қуалап, Жеткізбейді тірліктегі түлкіарман.
Қанаттары қатаймаған қыр құсын, Торабында тосып талай тұрды сын. Таң алдында дауысымды естімей, Жер бетінде мені жоқ деп жүрмісің? Жантық болып жорғаламай жұрт алдын, Жалғыз жүрек ізгілікке іңкәр мың. Келешегің көк жиегің алда деп, Тұяғынан от шашады тұлпар-күн Мәймөңкелеп талайларды майда тіл, Парақордың көмейінде пайда тұр. Жарамсақтар жек көреді жау санап, Жолдастарға атанбадық «әй, кәпір». Күндестік қой қазақтағы күшті індет, Ібілістер табалайды іштің деп. Көңілінен шыға білген жігітке ел, Көктемдерден ұшырады құс-құрмет.
Борандарда іздестірмей бір ықтын, Қажетінде қара тасты үгіттім. Жалғыз ұлы атансам да әкенің Жалпақ елге борышы мол жігітпін. О, тіршілік, жанардағы жарық күн, Жарық күннен жарағанша мән ұқтым. Ата-ананың бүйрегінде бүлк етпей, Жүрегінде қалу керек халықтың! Махаббат әуені
Кезікпей қызғышыма құсты көлден, Сарқанат сағынышым ұшты бермен. …Іздедім інжу кірпік іңкәрімді Жаздағы жасыл бульвар, скверден. Бұйғытып бауырында бір ән қайран, Отырсын байыз тауып қыран қайдан? Тастақтың тас көшесін тасырлатып Іздедім тырна тізбек трамвайдан. Көгерді ақ көйлегін тастап бар маң, Көк еді-ау көкіректе бастапқы арман! Ілесіп көбелеккөз көктемдерге Іздедім сыңсып аққан составтардан. Махаббат жүректерге жарық берген, Әйтпесе ақын жұрты дәріптер ме ең?! Сенімнің сексен теңін сертке байлап Іздедім арулар көп парктерден. Сағынып сымбаттымды түледі әр таң, (Махаббат машақаты міне, қалқам) Дүр сілкіп селебояу сәулелерді Жас үміт үзілмеді – жібек арқан. Тоғысар тілегінің нәші мұқым, Жігітпін жанары нұр, басы бүтін. Мен сені табуға да тиіспін ғой, Өйткені өшкен емес жас үмітім!
Жолығысу жыры Жүздеген жүректерге жеңіл еніп, Жүздік жыр-теңізден тебіреніп. Қарадың топ ішінен кірпік қақпай, Жоғалған жер үстінен мені көріп. Айтар ма ақиқатты жыр тілі кем, Ұмыттым ұзақ жылдар күлкіні мен. Желкендей желді күнгі жеткізбедің, Жайықтың жағасынан ұмтылып ем. Шеберлершығарғанда шыбықтан бау, Қиянат өз-өзне жігітті алдау. Дәлелдеп жалғыз жанға іңкәрлігін, Жүрегім жиырма жаста тұрып қалды-ау! Талдаса тарихтың көзі ноян: Тумапты енді қайтып Қозы-Баян. Жабысқан сендік дерттен еш дәрігер, Еш дәрі жазбайтыны өзіме аян.
Шуағы шымырқанған,шіркін,жарық, Сұмдықтың сенделмедім сыртын бағып. Осы қыз он сегізде сүйді мені, Осы қыз қайтармады күлкімді алып. Күйттемей қарбаласта жан ырысын, Түйсігім талайлардың таныды ішін. Тағдырға қандай қарғыс айтсам екен, Әуеде шырқатпаған әнім үшін. Қопарып кетпеседе тауды күшім, Жазасыз қалдырмадым жауды ісін. Тағдырға қандай алғыс айтсам екен, Армандай осы адамның саулығы үшін! Инабат иірімдерін иман санап, Көкірек –күйдің түрін жиған шанақ. Бір қыздың құшағына симағаны-ау, Бір әйел құрсағына сиған Сағат... Қаройдағы толғаныс
Аяулы анаң-ақиқат та, Атаң-кек! Төрелердің тәтті қанын татам деп, Бөрілермен бөрілерше белдескен, Сен менен де бақыттысың, Махамбет! Төс етіңді майыстырып тас тірлік, Қуаныш па?- Көжектейін қашты ырғып. Садақада сапырылысқан жұртыңа, Жаугерлікте бұйырмаған бас бірлік. Заман деген Заман емес-қари түн, Бытырадай бөлініпті жан ұйқың. Басың кетті, Мынау мылқау даланың, Адамдыққа жеткізем деп «әр итін»... О, Махамбет! Аксиома Көз жасқа толып етегі, Жоймасын жаһан кейпін оң. Бомбаның түрі жетеді: Сутегі, Атом, Нейтрон... Сөнбесін көкте сақи күн, Сұмдықтан халық сескеніп. Қайғысы Нагасакидің - Қарғысқа толы естелік!
Армандар үшін аңсаған, Зиянды зәуде ой-еңбек. Әлемге бүгін жар салам, Қылмыскер ғалым - Коэн деп. Тыныштық күйін келтіріп, Әлемнің тұрсын төрі аман. Өзіңнен туған бөлтірік, Өзіңе шабар-бөрі адам. Жігіт болсаң... Отсың ба, Сайтансың ба, Перісің бе? Бәрі бір бала атайды ел ішінде. Бала атайды көне көз қариялар, Ризамын жалғанда сол үшінде. Жігіт болсаң, Бес елі бақ-талайың. Сағынышыңды суалтпай сақта дәйім. Сонда сені ұлым деп ел біледі, Сонда сені қимайды жатқа ағайын. Жігіт болсаң, Жаңғырта асқақ ән сап, Елден өзге ойлама басқа мансап. Сонда саған дүйім ел мақтанады, Көкірегіңе кеңдік пен аспан аңсап. ***
Қиялдың жарыстырып жұп кемесін, Тағыда естеліктер түтті елесін. Дозақтың домнасынан талай қайттым, Жердегі алтын азап бітпегесін. Бес елі қайткендеде бақ-талайым, Таппадым жаман туыс қатты ағайын. Өзіме сенен көрі сенгендер көп, Сенімді енді қайтып ақтамайын. Жанымда боз торғайдың үні бар сан, Түсінбей түксидіңдер мұны қаншан? Тіршілік-ұясы ғой мұраттардың Жетемін бәрінеде тірі болсам! Хамза Есенжановқа Төзімділік таба біліп дерт емін, Төгілмеді маңдайынан тер тегін. Аға, сенің жармасыпты жағаңа, Ойламаған опасыздар Ертеңін.
Қылыштан да ауыр тиіп сөз кесек, (Көрініпсіз бір кездері көзге шет). Оның бәрін кейінгілер кешпесін, Оның бәрі – өзектегі өзге сеп. Тұтақ тағдыр тоспағасын тәбәрік, Қаталдықты қатал жеңу – жаңалық! Ақ қарындай өзің басқан Сібірдің, Шашыңызда ерте кетті ағарып. Келешек боп көңілдегі қатты арна, Парыз мені палубаңнан құтқарма! Алладан да ақиқатқа сеніп ең, Сол ақиқат сені сүйреп шықты алға! Жампоздарды жаратқанда нар етіп, Жасық итке тумысынан тар етік. Көк теңіздей көктей өтіп кезінде, Желкеніңіз жығылмады және түк.
Қиғылықтың қара тасы кептеліп, Барлығына жігер менен жетті ерік. Азаматтай аяулы жар Софья, Соңыңыздан жүрмеген ғой текке еріп. Ірілікпен қаланғасын ірге түп, Қабырғадан табылмайды бір кетік. Залалы ащы зауалдардың зәуінде, Аға, сені отырамын үлгі етіп! Бауыржан Момышұлы …Жүретін жарамсақты сұсы басып, Серілік сипатына кісі ғашық. Тиежақ пәтер алды Бауыржанға Жылаған кемпір қалды ұшырасып. Шарболат шымырлығын шын әйгілеп, Керексе танымайтын “Құдайды” көп, Бес бөлме пәтеріне кірмей тұрып Сұрады: “Кемпір неге жылайды?”- деп.
Қозғаса күйзелістер қанды кенет, Табылар дәлелдейтін дәнді дерек. Көзінен тотияйын тамшылатып Кейуана кетті жайын әңгімелеп: “Жарығы ақиқаттың – жанға көрік, Жатпайын жағдайымды жалған өріп Қос бөлме пәтерімді қосымша ғып Қойыпты полковник шалға беріп. Ақтармай ағайынды, арғы әкені, Риза боламыз ғой барға, тегі. Жалғызым оралмады қу соғыстан Ол бірақ қатардағы солдат еді!” Отырды кәрі кемпір бүкірейіп, (Ақталсын аналардың сүті дейік) Түбінен алпыс түмен ат ойнатып Баукеңнің шықты мұрты тікірейіп. Көзінің қарасынан аласы көп, Тұратын шырайына жарасып от Саңқ етті отставкадағы полковник: “Солдаттың анасы – Россияның анасы!”- деп.
Түйілген қабағына кек тығылып, Көрсетпей есерлік пен епті қылық “Бұл үйге Момышұлы кірмейді” деп Қаһарлы таяғына кетті мініп. (Бұл өлең “Жалын” журналының 1984 жылғы № 5 санында тағы бір өлеңмен бірге жарық көрген) Өтініш
Айдарына ақ самал ескен үнем, Еш қағажу көрместен өскен ұл ем. Коммунистер Отаны – менің елім, Коммунистер тарихын беске білем. “Күндеріңнен болашақ тосып ақ таң, Қыжақпенен ешкімнің қосын артпан”- Дейді маған қағидам коммунистік, Коммунистер ұлымын – осы мақтан! Тұрпатына лайық ер істер ен, Коммунистер жолынан жеңіс көрем. Муза біткен соларға бағышталып, Күллі ақындар арнасын періште өлең. Ақиқаттан аттамай қарыс табан, Коммунистік мұраттан мәніс табам. Ғалым ғасыр жүгі бар иінімде, Жасасын жасампаз қол, нан ұстаған! Шуағында Отанның гүлден есен, Қуанышын, қайғысын бірге кешем. Жиһан-жерде көп болса коммунистер Жауыздықтан, дүние, кірлемес ең. Мылтық емес, мәпелеп масақты әман, Өз бақытын еңбекпен жасапты адам. Ерке мінез еркіндік әз анасы – Коммунистер Отаны – масаттанам! Мақтан етіп елімнің ұлан даңқын, Шабыттана шырқаймын бұл әнді әр күн. Болашақтың тауына ұшты биік Коммунистік қанатпен қыран халқым. …Жасындардан ерліктің отын емген, Пейілдері шадыман шетінен кең,
Жоқ болса да билетім партиялық, Коммунист деп біліңдер - Өтінем мен! (16.10.1976 ж. “Орал өңірі” газеті) Кіндікжұртым
Кіндікжұртым – абыз әкем, текті анам, Құрақ ұшып көгершінің жетті аман. Іздедің бе ұзақ жылдар жоғалтып, “Қай тарапқа кетіп қалды?”- деп балам. О, сағыныш, кісінеген жүз құлын, Жүрегімді кернеп тұр-ау ізгі үнің. Көп алқындым көкжиекке көз тігіп, Ұстаймын деп тұлпар-арман тізгінін. Кіндікжұртым - әжімді әжем, сұсты атам, Өрге тартсын өзің берген күш-батаң. Тұғырына бір кездегі түлеген, Қайта оралу – қанаты бар құсқа тән. Кіндікжұртым – үзеңгі дос, өз құрбым, Бала шақтың базарына кез қылдың. Шашыма да ұрын келді боз қылаң, Боз көдесі сияқтанып боз қырдың. Кіндікжұртым – ғашық қызым, ер інім, Жанарыма жарық шашқан сері күн. Өзім жайлы жырлап берді бозторғай, Жоқтайды деп жүруші едім мені кім? Кіндікжұртым – ғазиз жеңгем, мәрт ағам, Жаным менің жаратпайды жалтақ ән. Бөбек сынды түсірмеймін өлгенше Саған деген сағынышты арқадан. Кіндікжұртым – кемел далам, кеңдігім, Шамасынша жыр толғайды енді ұлың. Мансұқ тұтпай бір төбеңде туғанды Бір биікке құлшынамын мен бүгін! (16.10.1976 ж. “Орал өңірі” газеті)
Торда тұрған жолбарыс (Аман Есқұловқа) Мәрт үрдісті жүрегін міз бақпаған, Суық тордың солқымы сыздатты әман. Қарға адым жер қараң боп қарғанады Таудың тарғыл тағысы мұздақ табан. О, жолбарыс, жорыққа жырынды ұдай, Кегежеңнен тартты ма қырын Құдай? Құндыз бауыр күн нұры сипамайды Жан тимеген жоныңды бұрынғыдай. Сіңіп қалған серілік сұс ұқтырып, Сілкінгенмен кей сәтте ұшып тұрып Тұтақ темір тәсіңді тәлкектеді Барыс емес, кәдімгі мысық қылып. Таулар еді жалғанда тірек, панаң, (Қарау істің қамына түлетті анаң) Көкжиекке телміріп күрең жанар Бота сынды боздайды жүрек тәмам.
Жан әлемде ұлардай ұлып құсаң, Шуақ күннен үздің-ау үмітті ұшан. Көрші торда табалап маймыл отыр Кісәпірің көрсетіп қылықты сан… Төзім бітіп кіжінген текке есілің, Темір тордың тағы да тепті есігін. …Ірілікті қайсыбір сүймесе өмір, Ұлы болсаң ұлы бол, жоқ кешірім! (16.10.1976 ж. “Орал өңірі” газеті) Жүзім сатқан агроном Жырлап кетсең аспан да өлең, жер де өлең, Қайран өлең тіршілікті тербеген. Жұрта алдына ақтарайын бұл сырды Нән шаһардан бір досымды көрген ем. Сәркіл таңда сандуғаштар саз құйып, Жасыл бақтар бойын түзеп, жазды иық. Мектеби дос жүзім сатып тұр екен, Кемпір-шалдың қатарында қаздиып.
Ақын жаны көрген емес сыр сақтап, (Жырым менің, елім үшін мұрсат тап). Бес жыл оқып білім алған агроном Базарда тұр маңдай тері бұршақтап. Бәтшағарың құйқылжытып күрт үнін, Мадақтайды жүзімінің түр-түрін. Қос жанары табанда ағып түсердей Тиындарға тік кезейді-ау кірпігін. “Сырт көздерден сескенбе, дос, сескенбе, ақша барда жақ ашпайды еш пенде. Кишиневта ерте піскен жеміс қой, Бұл жүзімнің бір килосы бес теңге! Сауда жолы іздегенге – ізгі дәм, Көнтақы боп үйренгенбіз біз бұған. Орны бөлек нәпақаның үлкені – Таразыдан қағып қалған жүз грамм!
Тіршіліктің қағидасын біл, түсін, Өмір кешіп жүрген жоқпыз жұрт үшін” – Деп бетпағың орамалмен сүртеді Шайыр болған шоң желкенің қыртысын. Оу, ағайын, ақиқатқа ақкөз кім? Мен досымның кәсібіне шақ төздім. Жүзім емес, бет қызылын сатып тұр Бас маманы болар адам совхоздың. (Жоғарыдағы төрт өлең топтамасы 1976 жылы 16-қазанда облыстық “Орал өңірі” газетінде жарық көрген) Серенада Өрімтал ойларым, сыңсыған Еш адам көрмеген отты ізде! Күн демей, Түн демей жұмысқа құлшынам, График, Режим Жоқ бізде!
Шабытым, жасымнан жалт емген, Жұртыма жаңбырлы жыр ұсын! Шынығып шыққайсың Жүрек – мартеннен Қазақы өлеңім – құрышым. Сапардың салмағы жоқ демен, (Қажетсіз мұндайда өрт – ұран) Кеземін теңізді, Көкті өрен, Сенімнің аэропортынан. Қыздырар… Суытар – Өлеңім дәрі бұл, Жанына жырпаздың әр күй тән. Мен сені іздеймін, Іздеуге тиіспін бәрібір, Өзімдік галактикалы орбитам! (“Орал өңірі” 1979-80 жылдар шамасы, 12-19 ақпан) Даңғайыр дала …Жау түмені төріңе төнді кілең, Сахарамда сан жұлдыз сөнді, білем. Пұшпағындай тоқтының жүз иленіп Апшырмаған далам-ай кеңдігінен!
Түндігіңе туғанда күн қысталаң, Сарбаздарың сертпенен сүңгі ұстаған. Шәйт кеткен шайқаста Отырарлар – Өзегіңді өртеген тұңғыш балаң! Жетеді деп ұшпаққа халық қашан, Махамбеттер ұмсынды жарыққа сан… Қазынаңды қат-қабат қанжығалап Көз жасыңды көрмеді-ау, парықтасам. Қуанышқа кенелмей несіп – кесең, Қайран жұртым, қайғымен бесіктес ең. Төрге шығар басыңды төмендетіп Телміріпсің талай жыл есікте сен. Октябрьде ұшқыннан ұлы іс тұтап, Жеті қатқа жойылды жымысқы тап. Бостандықтың байрағы тұрды биік Жарқырады жұлдыздар күміс бұтақ.
Ұланғайыр ұлттардың құрметі үдеп, Бір-біріне он бес ел ірге-тірек. Күн астында кірбіңсіз қыздырынып Ай астында келеді бірге түнеп. Жарқылдатып жалынан жалтты күрең, Корабльдер ғарышқа тартты кілем. Нан ұстаған ғылымгер ғасыр мынау Заңғар заман, айналдық мәрттігінен! Кейуана ел кешегі жас бұлаған, Болашақ пен бақытқа басты қадам. Мамырстан мәуесі бәйтеректің, Тамыры таралады Москвадан! (“Орал өңірі” 1979-80 жылдар шамасы, 12-19 ақпан) Махаббат әуені Кезікпей қызғышыма құсты көлден, Сарқанат сағынышым ұшты бермен. …Іздедім інжу кірпік іңкәрімді Жаздағы жасыл бульвар, скверден.
Бұйғытып бауырында бір ән қайран, Отырсын байыз тауып қыран қайдан? Тастақтың тас көшесін тасырлатып Іздедім тырна тізбек трамвайдан. Көгерді ақ көйлегін тастап бар маң, Көк еді-ау көкіректе бастапқы арман! Ілесіп көбелеккөз көктемдерге Іздедім сыңсып аққан составтардан. Махаббат жүректерге жарық берген, Әйтпесе ақын жұрты дәріптер ме ең?! Сенімнің сексен теңін сертке байлап Іздедім арулар көп парктерден. Сағынып сымбаттымды түледі әр таң, (Махаббат машақаты міне, қалқам) Дүр сілкіп селебояу сәулелерді Жас үміт үзілмеді – жібек арқан.
Тоғысар тілегінің нәші мұқым, Жігітпін жанары нұр, басы бүтін. Мен сені табуға да тиіспін ғой, Өйткені өшкен емес жас үмітім! (“Орал өңірі” 1979-80 жылдар шамасы, 12-19 ақпан) Ағалар әңгімесі Қадым жылға қанат қағып ой-кептер, Куә жүрек көрбілтесіз сөйлеп көр: Кимедік біз былғарыдан бәтеңке, Қиял еді жамауы жоқ көйлектер. Қайғы кешкен кірбің кезең, о, біздің, Көзімізден күміс теңге көп үздің. Бота буын балалық шақ байланды Бас жібіне соқа тартқан өгіздің. “Е, қиындық, ен ауылды кезе бер, Тәрік қылмақ тәлкегіңе төзеді ел!” Тіршіліктің тегершігін тұрды ұстап Қара талқан, қара кебек көжелер. Лаң соғыс лақтырғанша мылтығын,
Тылдағылар тапқан жоқпыз бір тыным. Бажайласаң біздің ұрпақ, бауырым, Жанбай қалған шилері ғой шырпының. (“Орал өңірі” 1979-80 жылдар шамасы, 12-19 ақпан. Бұл соңғы төрт өлең басылған газет бетіне автор өз қолымен “Тубдиспансер” деп жазып қойыпты.) *** О, махаббат, төсіңнен түлеп ұштым, Жүрегіме жалғады жүрек ұшқын. Көрші қыздың сиямен атын жазып Балалықтан бүлдірдім білек үстін. Сыңғырлаған сырғадай назы ұнамды, Желіктірген жастықтың жазы мәнді. Сүрттіргенде мұғалім сезіп қалып Жоғалтқандай көп жүрдім қазынамды.
Серіліктің сүйресе сылқым күші, Қомсынбайды тұтамдай тұрқын кісі. Айналайын сол қыздың атын жазып Журналға да жолданды жыр тұңғышым. Жолдастыққа жарайтын сенімді ерен, Көгершінге көбейді …(оқылмады. Қ.Қ.) берен. Ең әдемі өлеңім сол шығар-ау Баспасөздің бетінде көрінбеген. Тасқындарға толмаса сай тереңі, Табиғаттың тылсымы қайтер еді?! Тұңғыш қарға түсірдім сол есімді Тамыр жайып бақыттың бәйтерегі. Бітіргендей бойдағы серт енді ісін, Жадымнан жоғалмады көркем мүсін. Бірақ қырдың бұлағай бұрқасыны Түк қалдырмай өшірді ертеңгісін. Қарекетін күндердің күрес біліп, Тұғырынан тайсалмай тіресті үміт. Жайығымның құмына жазып едім,
Жуып кетті толқындар ілестіріп. Өкінтсе де өмірдің қатты өресі, Жоғалмайды жылдардың тәтті елесі. Жүректегі жазуға не шара бар Жанымның жәудіреген ақ төресі?! (Бұл өлең әлдебір қолжазбадан көшірілді, бірақ қолтаңба автордікі емес) Ұялас қасқырлар “Түгесетін болды ғой малды ұсақтап, Ұстағанға – сыйлық пен алғыс әппақ!”- Десе де жұрт, ұялас екі қасқыр Қопа ішінде өмірін қалды сақтап. Ауысқан ба ұрыға ұрыдан сүт, Тас төбеде қопаның күні қаңсып Тапқандарын аз күнде жеп бітірді Бірі – азулы арлан да, бірі – қаншық.
Жандарынан шілдеде шыбын сиреп, (Ұшқан шығар кемінде мыңыншы үйрек). Аңдушыдан қорқады қос албасты Қара түнде келетін құлын сүйреп. Талай түнде шақырып ұрын кәсіп, Екеуі де жорыққа жырынды ашық. Араздықтың жаманы аштық екен, Бір-біріне қарайды ырылдасып. Жетінші күн үзді де жібін шыдам, Арлан өзі бастады бірінші лаң. Қопа ішінде қаншықтан қалды белгі – Түте-түте түбіт пен жылымшы қан… Дос күйініп құрмағы(?!) қас күлетін Шындықтың рәсім ашты бетін. Басыңа күн тумасын. Күн туғанда Қасқырдың да жеп қояр қасқыр етін! (Автордың жазуынан берілді. Өлеңнің соңғы варианты табылмады, бұл алғашқы жазба екені көрініп тұр) Тілек (Ақлиманың атынан)
Өлшетпей өзгелерге өре кемін, Бақыттың бөлісіңдер бөлек емін. Жолықсаң көп іздеген Жібегіңе Өзіңе құшақ жайып Төлегенің. Көсілді көк жиекте жол ұзарып, Парасатты пейілдер – теңіз анық. Қос жүректің тоғысқан аэропорты “Махаббат” деп аталар сегіз әріп. Қосылып құстарына бұлғын бақтың, Көңліңнің күмбезіне күңгір қақтым. Бастарың бұл тірлікте не көрмейді Қайғының да кебегін біл, қымбаттым! Тартысында тағдырдың тосын екпін, Тұлпарыңды келер-ау қосып өткің. Жалғыздықтың белгілі барар жері, Дастарханда ыңғайы досы көптің. Күндеріңді көрейін шаттық еткен, Кездеріңде кешіңдер қатты кеткен. Осылай деп тілейді бұл ғұмырда Апаларың Ақлима ақ тілекпен.
Төзімділік теоремасы Төбемде буыршын бұлт көк бауырлап, Кеудемнен керуендер өтті ауырлап. Көзіме үйезденген үйір жасты Қайсарлық кірпігімнен кетті-ау ұрлап. Тас тағдыр табаныма салып әйнек, Мұнартты мекен-жердің таңы ләйлек. Күрсінді қам көңілді абыз апам: “Сырқаттан сарсылдың ғой, жаным-ай”- деп. “Өмір-ай, бақастығың бұл бір маған, Қай күні шанағымнан күмбір қағам?” Кезенген қақ жүректен мылтығымды, Жармасып Жігер атты сындырды ағам. “Тұқыртпа тарлан басты жігіт төмен, Күйресін көкірегіңнен күдікті өрең” Ұсынды нәзік қолын назырқанбай Ең сұлу қарындасым Үміт деген.
“Қиынға кезікпеген қай бәтірің, Тоң-мұзын жібітеді қайғы ақырын”. Тобылғы торы түнде көзімді ашсам, Тұр екен Сенім деген әйбат інім.
“Үдесі арындардың өскін үнем, Мен болам бәйгедегі бесті күрең!”- Деп Арман андағайлап тік тұрғызды Төсекті түріп тастап пеш түбінен.
Күлсе де кешпегендер үштен бір сын, Пейілді ақ тілеуден түстендірсін. Салауат көксеп жүрген саулығыма Мерейін бес бауырдың үстем қылсын!
Жанарға жайқалдың да көгал-кілем, Санадан саруайымды жоғалды ірең. Баршын бас бақыттармен бәлденбесін, Өле біл өмір үшін ең алдымен! (Бұл өлең ақынның өз қолжазбасынан беріліп отыр)
- *
О, тағдыр, тірлігімде өлең өпкіз! (Адамдар – гүлге ұмтылған көбелекпіз). Ақынның ақ жүрегін алаң қылған Жиһанда жоқ-ау сенен керемет қыз.
Ешкімнен емес едім күлкісі кем, Параққа жүрегімнен жыр түсірем. Жоғалтып алғандайын мені іздейсің Жайқалған жапырақтай жұрт ішінен.
Ауызға үріп салған үмбет пішін, Мұнымды мәртебелі жыр деп түсін. Жүз адам тасасында тұрсаң-дағы Жанардан ұшырамын құрмет құсын.
Осылай өз үлесін тауып түлек, Тұрады сайран көңіл сауық тілеп. Аққуым, ақын жұрты найзағай ғой Ақынға ғашық болу қауіптірек. (Бұл өлең автордың өз архивінен алынды)
- *
Бағышталып өзіңе бар ән бүгін, Қанатында құстардың таралды үнім. Қай тарапта жүрсең де ғұмыр кешіп Айым, сенің керек қой амандығың. Арзандатса шанақтан күй бағасын, Айтылады сәтінде сыйға да сын. Ең бақытты кезіңді есіңе алып Бұл күндері күрсініп, қиналасың. Торығудың торына толды кешім, Шырағдандай үмітім сөнді ме шын?! Көз алдымда жарқырап ыстық бейне Көкіректе қап қойды сол бір есім. Қалайынша қалады көмбеде мұң, (Жалғандықты жаныма өң көремін). Сен деп бітер мендегі ақырғы дем, Саған арнап жазылар соңғы өлеңім. (Бұл өлең де ақынның өз қолтаңбасынан алынды) Поездағы періште
…Жаратпаса жаратпасын бәз бірі, Әйел жайлы әңгіменің мазмұны: Экспресс жаңбыр асты жүйткітіп Алматыға сапар шектім жаз күні. Нажағайлар жалаңдатып от тілін, Қайсыбірде кісінейді көк-құлын. Ұйықтап жатқан төмендегі сөреде Жез мұрт шалдың танауына жоқ тыным. Купедегі үшінші адам – келісті өң, Ынтықтырды мәурітінде мені іштен. Күн астында Күнікей қыз сыңары – Жас мөлшері жиырмадағы періштем! О, жастық-ай, әмбебапты әрлі күн, Қызығыңның құмарына қанды кім? Ұмыттырды бұл отырған үрзада Серт байласқан сүйіктімнің барлығын.
О, жастық-ай, мәртебесі биік тым, Аспаныңнан құш әуезді күй ұқтым. Бура санды бағаналар бұлдырап Келеді ұшып поезбенен киік түн. Құр қызына қадалғасын көз құртым, Жаңа ғана ашып едім өз құлпын. Тәжікемді табанда үзіп жіберді Ұйқысынан сергек тұрып жез мұртың: - Оңай іздеп нәпақа мен несібін, Бозбалалар бұзылған ғой осы күн. Жұбайына жат адамның жымыңдап… Соның үшін сұрау керек кешірім – Сездіргесін сыздана қап сұс әлгің, Уәзипалы уәжден енді тұсалдым. Қыз дегенім келіншегі боп шықты Бір ғылыми лауазымды бұ шалдың!
Иә, жүрек, мейлің жыла, мың күрсін, Қазір сенің қасіретіңді кім білсін?! Жыбырлайды шалыңыздың жез мұрты, Көзіменен атып отыр құрғыр сұм. (Шалдың сөзін – қызғаныштың қамы де) нанталап боп қалды мендік нән үде. Жалаңдаған қылышы бар қасында Қалай табам келіншекпен мәміле?.. Кептеліп қап көкейімде құрдым үн, Көңілімді кіреукелеп тұрды мұң. Қай тәңірің тастады екен тозаңға Қыршынынан қырқып алып қыр гүлін? Іздегендей інжу ұйқас, ырғақ тың, Жаңбыр асты жуынады жырлап түн. Мен өзімше топшылаймын түйінін Өмірдегі осынау бір жұмбақтың.
Шындыққа сабақтасам жыр ұшын, Жазғырмайды қалың жұртым бұл үшін. Мансұқ тұтқан көлеңкесін мансаптың Жылуы жоқ махаббаттар құрысын! Генерал Қарбышев Гид! – Алапат өткен аждаһа мекенді аралатқышым, Абыз жүректің сарамжал сырын саралап түсін. Тас тұғырдағы айпара тұлға – жерлесім менің, Генерал, сәламатпысың, Ұшырдым жырдың саған ақ құсын! Қарақан қасірет теңізін түндігім кешкен, Ұмытармын ба 1418 мұңды күнді естен. Маутхаузен топырағында баба тарих Жекенсал ерліктің кіндігін кескен! Ұмытармын ба! Жиырма миллион нар өлім құнын, (Сақи аналар солдырған сан өрім гүлін) Жұпар дүние нұр таңда жыламасыншы Бейбітшілік - әскери паролім бүгін.
Фашизм… Түнек түндей торлады жер-көкті кінәң, Маутхаузен мақамы мұңды тербетті бір ән. Қанезу ажалдың қара бетіне түкірді Советтік келбетті қыран! “…Кісәпір жаудан жасқану – жарамас қылық, Отан үшін отқа түс, қара басты ұмыт”- Деді генерал Карбышев алты асу асқан Австрия аязында жалаңаш тұрып! Төрт жыл ғұмыр фашистік “тамұқта” өткен, Жолбарыс жүрек бизар-ды жарыққа көптен. Есінде оның: барактас бауырлар мұқым Тажал – крематорийлерде жанып та кеткен. Февраль түні… Бәдәуи бұлттар бауырынан қар ұшқындаған, (Одақтың тағы бір өжет ұлымен танысқын, ғалам!) Әскери академияда осынау бәкене шалдан Болашақ командармдар дәрістыңдаған.
Қарт генералдың бозторғай жаны кептелді кекпен, (Көре алмайды енді ол жеңіс қоңыраулы көктемді жеткен) Ұққаны мынау: Отанды сүйген жүрекке лайым Найзалы намыс өктемдік еткен. Ұшан тау ерліктің танытып ұлық кескінін, Сусамыр мұздың солқымын тұрып кешті ұлың. Зұлмат дұшпан зұлымдыққа бөктірді, Отан Қаһарман қырық бес түнін. “Өңменге түйіп өлімнің жерік қасқырын, Кіндікжұрт рухын жаныңа теліп бас бүгін!”- Деп соқты жүрек бір сәтке, әмсе ұмытпан Коммунистің берік дәстүрін! Қайырдық жаудан қисапсыз құла қан нарқын,
Мәзірлі жеңіспен жұбанды жылаған халқым. Беу, ұрпақтар! Жарық күндерге жылынар ма едік, Мұз боп қатпаса бұл адам бәлкім?! (Қолжазбадан көшірілді) Ақындар Жазғырмайды жалған деп жырымды ешкім, Насатты бір мәуріттің нұрын кештім. Әлмисақтан аян ғой ғұмырлы ақын Қаһарланған ханның да тілін кестің. Төменде қап тарлан тау, барлық төбең, Қаңтарларды қақ тіліп қарғыпты өлең. Ақиқатпен ұрам деп ноқайларды Және азабын тартасың нарлықпенен. Ізгі арманның жолында арнап түстер… Жұрт алдында парызың салмақты үстер. Сатқын оғы жаралап қанатыңды Аңғалым-ай, артынан бармақ тістер.
Күш әуезді әуелеп әнің бақтан, Ақ сөйлесең – ағынан жарылды ақ таң. Парасатты пейілмен көресің сен Жауыздықтан басқаның бәрін мақтан. Болашаққа бағыштап бір үнді әман, Өлмесе деп тілейсің жырың – балаң. Мәжнүн деп айтар ма көрсе бәлкім Шабыт буған шақтағы түріңді адам. Жүрегіңе жалын-от жақты ма елің, Қаз қанатын шабыттың қақты керім. Ұрын барып аулына өлең-қыздың Жетпісте де алмайсың аттың ерін. Жанарыңда жүз аунап солқымды алаң, Өн бойыңа өршіткен өртін ғалам. О, садағаң кетейін, сері ақындар, Алдыңда басымды иіп, бөркімді алам.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру