Мазмұнға өту
Home

Ойрандалған адай даласы

Ізтұрған Сариев, Мұқаш Омаров

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Ойрандалған адай даласы

Ізтұрған Сариев, Мұқаш Омаров. Ойрандалған адай даласы

/uploads/b53bfd6a-9121-58b1-a1b2-df5b5154174c/cover.png

немесе Мемлекеттік біріккен саяси басқарма құжаттары негізінде.

халық қасіреті хақында хикая

КІРІСПЕ

Маңғыстау түбегі мен Үстірт үсті, ежелдің ен күнінен оқымыстылар мен саяхатшылардың, зерттеушілер мен жиһанкездердің назарында болған. Архив құжаттарына қарағанда сонау 1877 жылдардан бастап бұл өңір туралы мәліметтер мен ғылыми құжаттар жиі ұшырасады. Ал Кеңес үкіметі орнағаннан кейін де 1925-1934 жылдары түрлі барлау жұмыстары үздік-создық болса да, жүргізіліп отырған. Екінші дүние жүзілік соғысы кезінде, оның ішінде Кеңестер Одағының фашистік Германиямен арпалысқан жылдары бұрын басталған ғылыми жұмыстардың әрі қарай жалғастырылуы мүмкін емес еді.

Қырқыншы жылдардың аяғынан елуінші жылдардың ортасына дейін жер қабаттарын, қыртыстарын жеңіл геофизикалық экспедициялар, геологиялық барлаушылар қаншалықты зерттегенмен айтарлықтай нәтижеге қол жетпей жатты. Осыған байланысты кейбір мамандардың көңіліне бұл өңірде жер асты байлығының болу-болмауы жөнінде күмән туып, күдікті ойлар келе бастады. Қайсы біреулер ізденісті тоқтатып, халық қаржысын босқа ысырап етпеу жөн ғой деген пікір айта бастады.

Мұндай кертартпа пікірлерге дәлелді тойтарыс бермей ізденіс жұмыстарын ілгері бастырып, өркендету оңай емес еді.

Міне осы таласта оң жол нұсқап, көшбасшылық жасаған Қаныш Имантайұлы Сәтпаев басқарған Қазақстанның Ғылым академиясы болатын.

1949 жылдың 25-31 қаңтары күндері Қаныш Имантайұлының басқаруымен республика Ғылым академиясының көшпелі сессиясы Гурьев қаласында өткізілді. Қанекеңнің ұсынысы бойынша бұл сессияға одақтың Мұнай өндірісі министрлігінің, Химия өндірісі министрлігінің, Балық өндірісі министрлігінің Шығыс аудандар жөніндегі өкілдері қатынасты.

Мұның бәрі де бұл өлкеде таусылмас қазына қорының молдығын мойындау еді.

Бұл қол жеткен байлықтың көзі жалғыз ғылыми болжаудың дұрыстығының нәтижесінде ғана ашылды десек қате болар еді. Сол болжамдарға сүйене отырып ұйымдастырылған мыңдаған қажырлы еңбек иелері - геологтардың, геофизиктердің, бұрғышылардың, тағы басқалардың күш-қуатының нәтижесі.

Айтпағымыздан ауытқып, бұл өңір байлығы туралы әңгіме қозғап жатуымыздың да бір себебі бар. Егер жер қойнауының қазынасын іздеп жүрген азаматтардың адам жанының құпиялы «қазынасын» таппағанда осынау еңбектің жазылуына да себепші болмаған болар еді.

Жоғарыда айтқандай, қазіргі қалалар тұрған бүкіл Үстірт үстінде бұрын ел болмаған. Бірақ зерттеушілердің, геологиялық экспедициялардың қызметкерлері Үстірт үстінен, әсіресе Сам құмына жақын жерлерден бірен-саран көшпелі ауылдарды кездестіріп жүреді екен. Бұлар осы жердің байырғы қазақтары, бірақ өкіметтің, ауылдық кеңестердің есебінде тұрмаған, құжаттары да жоқ, сол шөл далада азғантай малын бағып, көшіп-қонып күн көрген олардың қоныстары да адам аяғы баспайтын, қиян түкпірлерде. Радио, газет, тағы басқа жаңалықтарды білмейді, ауырғандарын емшілері мен бақсылар емдейді. Кездескендермен ашылып тілдеспейді, орыс тілін де жөнді білмейді, білсе де сөйлескісі келмейді, орыстармен кездесіп қалғанда отырған жерінен басқа жаққа көшуге әзірлене бастайды, қайда баратынын, қай жерге тоқтайтынын ешкім білмейді. Бұл жапан даланы кезушілер жөнінде аңыздар ел ішіне қырқыншы жылдардың өзінде келіп жататын, бірақ ол кезде бұған еш қандай мән берілмейтін.

1959 жылы осы жөнінде Гурьев облыстық атқару комитетінің төрағасы Қайсақановтың жинаған шағын топ, басшы қызметкерлердің, арасында әңгіме болғаны анық. Бұрын-соңды мұндайды естімеген, осы күнге дейін еш жерде есепте жоқ, көшпелілердің бар екендігін мәжілісте отырған азаматтардың бірқатары білетіндерін жасырмаған.

1950 жылдардың аяғында, техниканың дамыған, адамдардың космосқа ұшып жүрген кезінде, Кеңес үкіметінің әрбір адамы туғаннан өлгенге дейін, малының, жанының санына дейін хаттаулы кезінде, еш жердің есебінде жоқ, өкімет тарапынан құжаты жоқ халықтың бір бөлігі осылай шөл далада өмір сүріп жүргені, әрине, таңқаларлық еді. Бұларды осындай халге жеткізіп, қашып-пысып өмір сүруге мәжбүр еткен кім, осы сауалдарға тыңғылықты жауап алу ол кезде қиын еді. Біреулері олар жөнінде ештеме білмейтінін, енді біреулері естігені болғанмен өтірік-расын білмейтінін айтса, үшіншісі жауап беруден тайсақтап, «көрдім деген көп сөз» дегендей сыңай танытқан. Бұл жөнінде ертеректе милиция органдарында қызмет істеген, бір адай ақсақалы ғана тайсалмай осы жолдардың авторлардың бірі Омаровқа анық-қанығын баяндап, сұрақтарына ашық жауап берген болатын:

- Бұлар жергілікті халықты еріксіз отырықшылыққа, ұжымшарға қауымдастырып, малын тәркілегеннен кейін Адай көтерілісіне қатынасып, үкімет жазасынан, оның қармағынан сытылып шыққан қашқындар, қорқып-үріккендер, соның салдарынан 20-30 жыл Үстірт үстінде күңіреніп, қоянша әр бұтаны паналап күн кешкендер, - деді ол кісі. Біраз уақыт үнсіз ойға шомылып, әрі қарай пікірін қайта жалғастырды:

- «Көп-қорқытады. Терең - батырады». Заманы қысқан адамы сол бір қиын-қыстау зобалаң кезде өзінше күн кешті. Он мыңдаған адайлар үкімет қаһарынан қорқып, Қарақалпақстанға, Түрікменстанға, шет елдерге тағы сол сияқты басқа жерлерге қоныс аударса, кейбіреулері ақсақалдың айтуынша,күн көрудің қиыншылығына, қуғыншылыққа ұшырағанға төзіп, шет жерге қоныс аудармай, азғантай ағайындары мен туыстарының ортасында туған жерден кете алмай, «өлсек осы туған жердің топырағында қалайық» деп, Үстірт үстінде, Сам құмының маңайында тозып жүргендердің болатаны рас.

«Бұлар осы күнге дейін ешкімге сенбейді, қорқыныш пен өкініш, өшпенділік пен ыза бұлардың есінен әлі күнге дейін кеткен жоқ. Жәй халық оларды біледі, халықтың көмегінсіз өмір сүру мүмкін емес. Киім-кешек, азық-түлік басқа керек-жарақтарын елден алып отырды. Біреулері жас балаларын жақын туыстарына тәрбиелеуге беріп, мектептерде оқытып жүр» дегенді айтқан еді сол ақсақал.

«Жергілікті өкімет, әкімшіліктер де бұлар жөнінде біледі, бірақ білсе де білмеген болып жүре береді, жоғарғы үкімет орындарына айтпайды. Егер айта қалған күнде, «олар үкіметтің жаулары, революцияның қарсыластары, қашқындар, оларды ұстаңдар»,. деп мазалайды деп қорқады, сондықтан оларды шөл даладан іздеп табу, ұстау, кімге керек бола қойса, осы себепті жоғарғы басшылардан жасырып келген» деді.

Автордың бірі Сариевтің бала кезінде өзі куә болып, есінде сақталған оқиғаға тоқталайық. Адай руының Жеменей бөлімінің азаматы қолғанат 1934 жылдары болу керек, «менің күн көруім қиындап барады, бүгін бе, ертең бе мені ұстап тұтқындауы мүмкін, сондықтан мен және бір-екі үй туыстарыммен бұл жерден кетемін», дегенді өзінің жақын туысына айтып, ол кісіден елсізде аң аулап, тамақ асырауға қажет болар деп тазы итін сұрап алған. Қолғанаттың қорқатын себебі де бар еді, ол 1931 жылғы Иманқара түбіндегі көтерілісшілердің толқуын басқанда қашып шыққандардың біреуі болатын.

Қолғанат сол кеткеннен 1936 жылға дейін Үстірт үстінде өмір сүрген, сол жылы қыстың өте қатты болуына байланысты азғантай малы жұтап, бала-шағасының ашаршылыққа ұшырауы қаупінен қорқып, өзінің туған жері Жылой ауданының Аратөбе ауылдық кеңесінің орталығына 5-6 кісімен келіп, ауыл адамдарын ешқайда шығармай, ұжымшардың малын, басқа да азық-түлігін алып, Үстірттің бір түкпірінде отырған өзінің ауылына үлестіріп берген. Мұндай қылмысты іске оның амалсыздан барғаны белгілі, дегенмен бұлай күн көру күннен күнге қиындай берген. Оның үстіне - әкімшілік тағы да бір бандының тобы пайда болды деп, Үстірт үстіне жазалаушы отрядтар жіберіп, іздестірген. Аратөбе ауылының адайлары тағы да тергеу астында болып, оларға «Қолғанаттық сыбайластары, астарластары» деген кінә тағылған. Бірақ Қолғанат үкімет құрығына түспей, кейіннен қиыншылығы жағдайына байланысты елге оралып, жолдастарымен өз еркімен қолға түсіп, тұтқындалды. Келтірілген оқиғалар, тағдырлар, Адай көтерілісі басып, тоқтатылғанда, содан ұшқан ұшқындар ғана. Біздің бұдан бастауымыз сол ұшқындар жөнінде деректер қай жерде, неден сабақталып бізге қалай жеткенін айту. Ендігі әңгіме көтерілістің өзі жөнінде болмақ.

Адай көтерілісі деген не? Бұл жөнінде көпшілік халық не білді? Газет, журналдарда, оқулықтарда, тарихи деректерде бұл жөнінде жазылды ма? Бұл сауалдарға тыңғылықты жауапты еш жерден таба алмайсыз.

Адай көтерілісі ел арасында әр түрлі жағдайда, әр түрлі сипатта айтылып жүретін.

Біреулер Атырау мен Арал, Мұғалжар мен Балқан арасын, Каспий теңізінің шығыс түстік жағасын, Жем, Сағыз, Ойыл, Қайнар, Ор өзендерінің бойын түгел алып жатқан өлкеде отызыншы жылдары қызыл империяның солақай саясатына, қысыпшылығына шыдамы таусылған жергілікті адайлар жаппай көтеріліс ұйымдастырыпты, бұл көтеріліс Ырғыз, Қордай, Созақ Батпақ қара, Абыралы тағы басқа қазақ жеріндегі көтерілістердің ең ауқымдысы және олардан бұрынырақ басталған халықтың бас көтеруі деп дәріптеп айтса, кейбіреулер адайлар Кеңес үкіметінің қарауынан шығып, өз алдына хандық мемлекет құру мақсатымен бандылық көтеріліске шыққан, үкіметке қарсы тұрып, аяусыз жазаланыпты дейтін.

Ал, сол көтерілісті басуға қатынасқан, партия, кеңес, сол кездегі комсомол белсенділері мұны барынша құбыжық құбылыс қылып көрсетуге тырысты. Осыған бірер мысал ретінде мына бір оқиға еске түседі. 1944 жылы Гурьев мұнай техникумына оқуға түсуге ауылдағы оқытушым Тынысбайұлы Оразбен бірге осы жолдардың авторларының бірі - мен, Сариев Гурьев қаласына келіп, сол кісінің қайынағасының үйіне түстік. Кешкі ас үстінде үй иесі марқұм Байбосын деген кісі, Ораздан жолдасының, яғни менің кім екенімді сұрап, руымның Адай екенін білген соң: «Иә, банды Адайдың тұқымы екенсің ғой» деп бірталай ауыр сөздер айтқан еді. Байбосын сол кезде облыстық қаржы бөлімінде қызмет жасайтын, 1931 жылы Жылыой ауданының халқынан салық жинауға барған екен, елдің ауыртпалыққа шыдай алмай, қозғалып жатқан кезі болса керек, бұны ұстап, өздерімен бірге ала көшкен. Түнде жатқанда қашып кетпеу үшін, киізбен құндақтап тастайды екен. Содан 10-15 күндей бірге алып жүріп, кейін босатып жіберген.

Сонау 1931 жылдан бері қарай келе жатқан осындай қасіретті таңба көтерілісшілердің өздері ғана емес олардың балаларына да, немерелеріне де тағылып келеді.

Бұл көтеріліс жөнінде жапа шеккен адайлардың өздерінен басқа Қазақстанның басқа жұрты біле ме? Газеттерден, журналдардан, кітаптардан Адай көтерілісі туралы оқығандар бар ма? Бұл мәселе барынша құпияланып елден жасырылды. Бар деректер тек қана қылмыстың, тергеу істерінде, өте құпия қалпында соңғы 1990 жылдарға дейін Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің, ішкі істер министрлігінің, тағы басқа партия архивтерінде жабулы тұрды. Бұлармен көріп танысуға кей халық түгілі өз қызметкерлеріне де рұқсат берілмеді.

Адай көтерілісі жөнінде ел арасында сол көтерілістің салдарынан зардап шеккендер ғана сыбырлап айтпаса ешкім дауыстап үн қата алмады.

Тек қана бұл көтерілістен соң елу жыл өткеннен кейін ғана Қазақ энциклопедиялық анықтамасының 225 бетінде жазғандай: «Алайда, 1931 жылдың бірінші жартысында, кей жерлерде колхоз құрлысы мен отырықшылықты ұйымдастырудың лениндік принциптері бұзылып, асыра сілтеуге жол берілді. Мұны пайдаланып, байлар малды жаппай қырғынға ұшыратты, ел ішінде азық-түлік жағдайын қиындатып, көшпенділік басталды». Ал, бұл энциклопедияда бұл көтеріліс жөнінде ешбір мағлұмат берілмеген.

«Лениндік принципті» кім бұзды, қандай асыра сілтеу болды," осының арты халықтың қарулы көтеріліске шығуына соқтыру себебі неде? Малын бағып, сол малының өнімімен күнелтіп отырған халық қолына қару алды, бұлар тек қана байлар емес, бұған барлығы -байы да, жарлысы да «малым-жанымның садағасы, жаным-арымның садағасы» деп шыбын жанын шүберекке түйіп, қарсыласуға шешім жасады.

Халықтың осындай әрекетке баруына не себеп болды, бұның анығына жету үшін сол көтерілісті басуға қатынасқан жазалаушы органдардың құжаттарында біраз деректердің бар екені белгілі. Мұнда көтеріліс қалай басталды, тыңғылықты жауаптар, көтеріліске қатынасқандардың және оны басушылардың аты-жөні тағы басқа да деректерді іздегенмен Сталин, Хрущев басқарған кездерде оны табу өте қиын болды.

Жылдардан соң жылдар өтті, көтерілістен жарты ғасырдан артық уақыт өткеннен кейін ғана бұрынғы жабық жатқан архивке қол жете бастады, соны пайдаланып, көптеген архивтерге үңіліп, 1931 жылғы Адай көтерілісіне байланысты құжаттар қарастырылды. Бұлар онша көп емес, болған күнде де сол кездегі саясатқа байланысты біржақты жазылған. Біздің тапқандарымыздан сол кезде болған қанды шайқастардың, қай уақытта, қай жерлерде болғанын, оған кімдер қатынасқанын, адам аттарын, жоғарыдан түскен нұсқаулар мен бұйрықтардың, оларға берілген жауаптарға сүйене отырып, бұдан келген шығынның есебін, тағысын тағы жағдайларды анықтауға болады.

Дегенмен көтерілістің басталу себебін көрсетуден бұрын Маңғыстау жері, елі, азаматтары жөнінде қысқаша мағұлматтар бере кетуді дұрыс деп есептедік.

АДАЙЛАРДЫҢ ATA ЖҰРТЫ

Ғалымдардың пікірінше, ерте заманда бұл өңірде суы тайыздау, ұлы Тетис мұхиты болған. Кейін Альпі, Гималай таулары пайда болғанда мұхит бірте-бірте қайта бастап, өзінің артына бірнеше «көлшіктер» - Жерорта, Қара, Каспий теңіздерін қалдырған. Тетис мұхитының бұрынғы табаны құрғаған,осының бір бөлігі, бірақ ең қатаң климатты бөлігі, Маңғыстау түбегі де, Үстірт алқабы да осы судың астында болғанға ұқсайды. Содан талай геологиялық өзгерістерге ұшырап, таулар, сай-салалар, алқаптар, өзендер пайда болған. Бұл өлкенің ауа райы, климаты өте ауыр, қысы өте салқын, жазы ыстық, су тапшылығы оның үстіне, өзендер мен көлдер бұрын мол болғанмен де кейіннен олардың барлығы да жойылған. Судың, ылғалдың тапшылығынан бұл өлкеде жөнді шөп шықпайды. Тек қана ауа райына өте төзімді жусан, бұйрығын, баялыш, изен тағы басқа түйе мен қой малдары жейтін шөптер ғана өседі. Қыста қар өте аз түседі және тез еріп кетеді. Жаңбыр жылына бір-екі рет қана жауады, жүз-жүз елу миллиметрден аспайтын ылғалдық береді.

Осындай өте қатаң климат жер өңірін де өзгертті. Көп жерлер сорлар, құмдар, сазды төбелер болып келеді. Алла тағаланың рахымынан тыс қалған жердің сиқы, міне ежелден-ақ осындай.

Бұл өңірде өмір сүру үшін тіршіліктің қамын тек қана ерінбеген еңбеккер ғана жүзеге асыра алады, жергілікті халық сол тіршілік үшін өмір бойы күресіп келеді.

Судың тапшылығы егін шаруашылығымен айналысуға мүмкіндік бермейді, халық Қаратау, Ақтау аймақтарында бұрын бұлақ суларын пайдаланып, азғантай бау-бақша өсірген болса, қазір судың тартылуына байланысты мұндай мүмкіншілік те болмай қалған. Бұл маңның жергілікті халқы малдың жайымен көшіп-қонып өмір сүрген. Қазақ жерінде төрт түлік мал болса, бұлар үш түлік мал ғана ұстайды, сиыр малын өсіруге климат жағдайы, жем-шөптің аздығы мүмкіндік бермеген. Дегенмен, мал жайылымына, көшіп қонуға бұл өлкеде жер көлемі жетерлік. Маңғыстау - Грузия, Армения және Әзербайжан сияқты Кавказ сырты елдері түгелімен сыйып кететін сегіз миллион гектар жерді алып жатқан кең аймақ. Немесе жер көлемі жөнінен Маңғыстау Балтық жағалауындағы үш мемлекет - Литва, Латвия және Эстониямен пара-пар. Осындай ұлан-ғайыр жерде Кіші жүздің Адай руының көпшілігі мекендеген. Бұл өңірде қазақтың басқа жеріндей тарихтың талай мезгілдерінің қалдырып кеткен адамды таң қалдыратындай іздері көптеп кездеседі.

Егер өткен аңыздар мен үлкендердің айтып кеткен әңгімелеріне, естеліктеріне көз жүгіртсек Адайлар Кіші жүздің басқа рулары сияқты ерте заманда Алатау аймағын мекендеген екен дейді. Қай мезгілде екені белгісіз, жаугершілік кезі болса керек, Адайдың екі баласы Құдайке және Келімберді ауылдары жазғытұрым Шу дариясынан мұз үстінен өтіп жатқанда Құдайкенің көші, үй-ішімен мұз астына кеткен, тек өзі ғана аман қалыпты-мыс.

Құдайке сол кезде біраз жасқа келіп қалған болса керек, інісі Келімбердінің үйінде тұрады. Келімбердінің әйелінің айтуымен Құдайкеге інісі жау елінен қолға түскен бір жетім қызды алып береді. Сол кісіден екі бала - Тәзіке, Қосай туады. Келімбердінің алты баласын, Құдайкенің екі баласын қосын, адайлар сегіз арыспыз дейді.

Жоғарыда айтылғандай, бір кезде қазақ жеріне жау келіп, қиыншылық болғанда Кіші жүз рулары, соның ішінде он екі ата Байұлы Алатау өңірінен Сыр бойын жағалап, Арал теңізінің солтүстік бетімен батысқа беттеген мұны Адайлар: «Сауран айналған кездер» дейді.

Тағы бір аңызда он екі ата Байұлының бір баласы Жаппас Арал мен Ырғыз жеріне келгенде дүние салған дейді. Ол кісінің бәйбішесі Алтынның төркіні сол жерлерде тұрған болуы керек, Жаппас дәулетті болған екен, жастау кезінде қайтыс болғанға ұқсайды, жастай. жесір қалған Алтын төркіндерін сағалап, сол жерде қалып қойған. Қазір Жаппастардың көпшілігі осы маңда. Жаппастардың азғантай бөлігі ағайындарымен әрі қарай кеткен, олардың тұқымдарының бір қатары Астрахан маңына дейін барған. Кейбір қағаз бетіне түсіп жүрген шежірелерде он екі ата Байұлын он үш ата деп, оған Алтынды қосады. Бұл дұрыс айтылмаған мәлімет екені ертеден келе жатқан естеліктермен дәлелденеді. Он үш ата Байұлы болмағаны анық.

Он екі ата Байұлы-рулары Ырғыз, Ор, Жем, Сағыз, Ойыл өзендері бойына, Үстірттің солтүстігінде қалмақтармен соғысып, ата мекенін қайтып алу жолында айқас салған. Бұны да тарих деректері анықтайды. Осы жерлер үшін күрескен, қан төккен ерлер мен батырлардың аттары осы күнге дейін ел аузында, тарихта өздерінің қадірлі орындарын алады.

Он екі ата Байұлы рулары, оның ішінде Адайдың Құдайке балаларының бірқатары Жайық бетіне, одан әрі Еділ жағасына дейін барған, олардың тұқымдары осы күнде Астрахан, Саратов, Волгоград, Орынбор маңдарында баршылық.

Көпшілік Адайлар Жем, Сағыз, Қайнар, Ойыл өзендерінің бойын Сам аймағын, Үстірттің терістік бетін мекен еткен.

Ел қорғаған батырлардың есімімен аталатын мекендердің біреуі Жем бойының сол Жем бетіндегі «Құлшан әулие», Бекеттің салған мешіті деп те аталады, содан 20 шақырымдай жердегі бір дөңнің басынан бұлақ ағып жатқан жерді Есекжал деп атайды, Есек батыр Адайдың Қосай ұрпағынан, Алатау жағынан көшкеннен кейін осы 7жерге қоныстанған. Бұл кісінің батырлығын сипаттайтын неше түрлі аңыздар ел арасында ертегі сияқты айтылып жүреді. Оны «жезтырнақпен», «тау тайлақпен» алысқан деп те айтады.

Екінші бір жер Жем өзенінің оң жақ бетінде, Құлсарының 50 шақырымдай терістігінде, Мақат өндірісінің оңтүстігінде Бек Бике деген өндіріс орны бар. Қосайдың Тіней бөлімінен шыққан Тәңірберген батыр осы жерді мекен еткен. Ол бір соғыста қалмақтардан қолға түскен бір сұлуды «ақ биенің сүтіне жуып», некелескен соң атын Бек Бике қойған екен дейді, ол жер де қазір Бек Бике аталып қалған.

Дегенмен, жоғарыда айтылған жерлерде адайлардың қанша тұрғаны белгісіз. Мал-жаны өскен олар қоныс іздеп, Үстірт үстімен Маңғыстау түбегіне қарай бет алады. Түбекте ол кезде Егдір, Шәудір, Бозашы, Абдал, тағы басқа түрікмен тайпаларымен көршілес тұрады. Кейіннен бұлардың арасынан жанжал шығып, жер, судың жетпеуінен көптеген түрікмендер, түстікке, қазіргі Қарабұғаздан әрі, кейбір тайпалары Ставрополь жеріне өтіп кетеді.

Ел арасындағы Адайлар түрікмендерді қонысынан қуып шығып, жерін тартып алыпты деген аңыз шындыққа үйлесіңкіремейді. Әрине, бұл екі ел арасында келіспеушілік болған. Көп түрікмен тайпалары өздері кеткен, бірқатары кейін XIX ғасырдың аяғына дейін теңіз жағасын қоныстанып, қазақтармен көршілес тұрған.

Шындығында түрікмендер мен қазақтарды араздастырып, біріне бірін айдап салып, ел араздығын қоздырып отырған - Хиуа хандығының саясаты еді. Бір кездерде түрікмендер де, адайлар да Хиуа хандығына тәуелді болып, салық төлеп отырған. Екі елдің басын қоспау, біріктірмеу үшін жасаған саясат түрікмендерге де, адайларға да оңай тимеген, көп қиыншылыққа, жоқшылыққа, қырғынға дейін әкеп соқтырған.

Осы екі ел арасындағы достықты дәлелдейтін мысалдардың бірі жазушы Әбіш Кекілбаевтың арғы атасы Қожаназар жөнінде айта кетсек артық болмайды. Қожаназар өзі бай, өзі батыр Маңғыстауда, теңіз жағасында, қазіргі форт-Шевченко маңын жайлап, қыстаған түрікмен байы Әжнияз Бек деген кісімен дос болатын. Бұлардың балаларының, тұқымдарының достығы бес атаға дейін жалғасқан дейді.

Әжнияз Бек өзінің досы, тамыры Қожаназарға қазіргі Оңды маңын жайлауға, қыстауға бөліп береді. Бір жылы Қожаназар қыстаудан ертерек көшіп баласы Тағанды жылқымен досының аулында қалдыра тұрады.

(Қожаназардан - Таған, Тағаннан - Көпжасар, Көпжасардан - Өтек, Өтектен - Жаманқұл, Жаманқұлдан - Қоқым, Қоқымнан - Кекілбай тарайды).

Тағанның сол кезде айттырып қойған қалыңдығы Сырым батырдың атасы Шоланның қызы екен. Бірақ Таған, Әжнияз Бектің сұлу қызымен көңіл қосып, қызды алып қашады. Қыз өте сұлу, қажырлы, қайратты болған. Жол бойында тас арасына кептеліп қалған бір еркек қойды көріп, Таған ат үстінен көтеріп алайын десе шамасы келмейді, сонда қыз ат үстінен қойды өзі көтеріп алады. Бұл қыздан бес ұл туады, ел оларды «бес қалмақ» деп атап кеткен дейді. Бәрі де қарулы, батыр болады. Қыздың аты Сұқсұр екен, бұл қалмақша сұлу деген сөз. Неге түрікмен қызының атын қалмақша қойғаны белгісіз. Күзге қарай Қожаназар Әжниязға елші жіберіп, кешірім сұрап, не айтса да көнемін, шешімін айтсын дейді. Әжнияз қызым мен күйеуін жіберсін, өзім тойын жасап, ұзатамын дейді. Бек сөзіне тұрып, қызын 100 қарамен ұзатыпты. Сонымен, Қожаназар Шоланның қызын келін ғып түсіріп, екі келінінің тойын бірге жасапты. Әжнияз Бек өлгеннен кейін, баласы Жәналы бек жарлы болады. Үйленуге, қалыңмал төлеуге малы болмайды. Жәналы Бек шешесінің ақылымен әкесінің досы Қожаназардан көмек сұрайды. Ол 40 еркек қой, 40 өре киіз беріп, сауынға түйе береді. Қалыңмалды да төлейді.

Міне түрікмендер мен қазақтардың достығының бір көрінісін ел арасында осылай дәріптейді.

Маңғыстау өлкесінің ауа райы өте қатаң болғанмен бұл жерде ерте заманнан бері қарай тіршілік біріне бірі жалғасып отырған ежелгі мекен. Жер көлемі қанша кең болғанмен оны мекендеген халық онша көп болмаған. Халықтың нақтылы есебін алып, саны қанша болды деген сұраққа толып жауап беретін құжаттар жоқтың қасы. Жыл он екі ай көшіп жүретін елдің тиянақты есебін жүргізу де оңай болмаса керек. Дегенмен, осы сұраққа жауап беретін мәліметтер жөнінде әңгімелеп көрейік.

1925-1927 жылдарда КСРО Ғылым академиясының төтенше комитеті Одақ көлемінде келелі зерттеулер жүргізген. Осы төтенше комитет үшін жазылған «Адай уезінің казактары» деген Ә.Н.Бөкейхан еңбегінде: «Адай уезі Каспий теңізі мен Арал теңізінің аралығында 42 және 50 параллелінде орналасқан. Жер көлемі 303325 шаршы километр (1928 жылғы мәлімет бойынша 345200 шаршы километр). 1925 жылдың мәліметі бойынша Адай уезінде 27 болыс, 21611 шаруашылық, 127798 адам, (1928 жылғы мәлімет бойынша 170 мыңнан астам) оның 66015-і ер, 61183-і әйел кісілер. Осы 27 болыстың Ойыл және Қазыбек болыстары Таздар мен Ысық рулары. Олар Ойыл маңын қоныстанған. Үш болыс Шөмішті Табын, Адай руларынан құралған. Бұлар уездің шығыс бетінде орналасқан. Қалған 22 болыс Адай рулары 1 », деп жазады.

Ә.Н.Бөкейханның осы еңбегінде 27 болыстың қай жерлерде орналасқанының, қандай шаруашылықпен айналысқанын, ауылдардың қай рулардан тұратынын толық көрсеткен. Соның ішінде:

«№ 19 Түпқараған болысы (Мұқал руы) Кетік түбегінде (форт-Александровск).

№ 8, 9, 10 жөне 11 Жеменей және Жарылар Бозашы түбегінде.

№ 8 болыстың Олжашы руының екі ауылы Қойғалы және Бабахан жерлері мекендеген (Үстірт - 24 меридиан).

№ 10 болыстың бір ауылы Пұсырман және Ырысалы (Жетімектер) бөлімшілері Жем өзенінің оңтүстік сағасындағы Қарақұм бойын мекендеген, осы жерлерде көшіп қонған.

№ 11 болыстың екі ауылы Кенже руының Қойсары бөлімшесі жазда Кенжалы өзенінің бойын (Ойыл өзенінің бір саласы), Қонай бөлімшесі Сағыз өзенінің бойын жайлаған.

№ 4 болыстың ауылдары Қаратүлей мен Сам бойында көшіп қонған, осы болыстың бір ауылы Темір (Қарақамыс) елді мекенінің солтүстік бетін жайлаған.

№ 5 және № 6 болыстардың Қосай (Түрікмен Адай) қыста Қарабұғаздың терістік батыс бойынан жазда Сағыз өзеніне дейін көшіп қонған.

№ 5 болыстың екі ауылы Нұрбай және Есек (Қосай руының бөлімшесі) Сағыз өзенінің солтүстігін Темір мен Ойылдың (Көкжар) араларын жайлаған.

№ 1, 2 және № 3 болыстардың ауылдары Шерқала мен Мұғалжар (Қарақамыс) маңайын жайлаған.

№ 14 болыстың бір ауылы Кетік маңында көшіп қонған, екі ауылы Өтес пен Қаратүлей аралығында (22-24 долготы, 44-46 широты; автордың пайдаланған кей сөздерін әдейі сол қалпында қалдырдық). болған, бір ауылы Тобыш руының Қараш бөлімшесі Қобдаға дейін (параллел Ақтөбе қаласы) көшіп, қыста Қарабұғазға дейін келген.

№ 13 болыстың Жеменейлері - Бегімбет, Кедей, Ақша Кедей, Қара Кедей, Қарақұм: мекендеген (Жем өзенінің оңтүстік сағасы), бір ауылы Шолақ бөлімшесі жатақтар Бозашы түбегінің оңтүстік батысында егін шаруашылығымен айналысқан.

№ 20 болыстың Қосай руының Тәңірберген бөлімшесінің бір ауылы Кетіктен 140 шақырымдай жерде Торыш төңірегінде (Ақтау мен Қаратау арасында) егін шаруашылығымен айналысқан, бір'ауылы Шалбар бөлімшесі жатақтар Кетікте, үш ауылы Таңғат (дұрысында Таңат), Құдайберген, Есембай бөлімшелері қыста Үстірт үстін қыстап, жазда Ойылдың солтүстігіндегі Жәкеңді өзенінің бойын жайлаған.

Бес ауылдан құралған № 21 болыстың, бір ауылы Ысық, Жарболдардан құралған.

№ 14 болыстың екі ауылы (Өтептер) Тұзбайыр, Сеңгірқұм, Аққуыс бойы (Маңғыстау ойы) Мангистауский котлован (44 параллел) қыстаған (жатақтар), бір ауылы (Есберді бөлімшесі) Ырғызбай құдыққа (долгота 26 и широта 46) дейін көшіп қонған.

№ 22 болысы Тайсойған, Сағыз бойының жатақтары.

№ 24 болыстың ауылдары Сағыз өзенінің терістік бойының жатақтары.

№ 25 болысы Жылой - Қосаның жатақтары.

№ 7 болыс алты ауылдан құралған, оның бір ауылы Мамыртай, Жақай (жатақтар) Бөрібас маңында (долгота 24 и широта 44) қоныстанған, үш ауылы, Әли, Жанғозы, Жантақ қыс кезінде Бөрібас, жазда Темір маңын жайлаған, Жапақ бөлімшесі де қыста Бөрібасты мекендеген, жазда Ойылдың шығыс бетін жайлаған.

Адай уезінің, Тайсойған-Сағыз, Шилі-Сағыз, Жем-Сағыз, Ойыл және Қазыбек барлығы бес болыс жатақтар 2 ».

Ә.Н.Бөкейханның Адай өлкесін, оның халқын зерттеу еңбегі ғылым саласында бұрын-соңды болмаған сияқты.: Бұл еңбекте қай жерде қандай ұжымдар болғанын, оны қандай рулар қыстағанын, жайлағанын барлығын да біршама дұрыс көрсеткен. Ру, жер аттарында жіберілген бірен-саран қателер бұл еңбектің құнын кемітпейді. Қателер еңбек орыс тілінде жазылғаннан болар деп те есептеуге болады.

Маңғыстауды қоныстанған қазақтар жөнінде бұдан бұрын да көптеген ғалымдардың топшыламалары болған. Бірақ Ә.Н.Бөкейханның еңбегі олардан өзгеше бөлек дүние. С.П.Толстов, А.Аристов, В.В.Бартольд, С.Аманжодов, В.В.Востров, Я.Г.Гуламов, Ә.Әбдірахманов, С.Омарбеков, А.Медоевтердің шығармаларында, зерттеулерінде әр түрлі пікірлер айтылады. Бірақ қазақтардың бұл ауыр климатты өлкені қай мезгілде, қай жақтан келіп мекендегенін ашық айта алмаған, тек қана ғылыми жорамалдар жасаған.

Қысқаша айтқанда, бұл өңірде ерте заманнан бері қарай болған, өмір сүрген тайпалардың қайсысы болса да өздерінің әдет-ғұрпы мен сана-сезімін, өнер шеберлігін бейнелеп, айқындайтын тарихи құнды ескерткіштерің қалдырып кеткен.

Көне мұралар мен тарихи деректерге көз жіберсек, Маңғыстау өңірін бірқатар елдер мен тайпалар мекендеген.

Қазақ жерінен Днепрге дейінгі ұлан байтақ территорияны қоныс еткен сақтар, соңғы кезде түрік аталып, төрт түлік мал бағып, сол малдың етімен, сүтімен, жүнімен күн көрген, тарихта бұлар да өздерінің мәдени іздерін қалдырған.

Тарихтың арғы түкпіріне бармай-ақ қазақтардың мекендеп, өніп-өсіп, өмір сүрген қазіргі қазақ жерінің өзі - өткен тарихи деректерімен, ерлік пен батырлықтармен, дастандарымен, жырларымен, алуан түрлі ескерткіштерімен, естеліктерімен бай екені белгілі. Ал Маңғыстау өлкесі де бұған толы деп айтуға болады. Соңғы кездерде газет-журналдарда жазылып жүргеніндей Қазақстан аймағында жиырма мыңнан астам тарихи, мәдени ескерткіштер тіркеліпті десек, соның жартысы (57 процент) осы Маңғыстау жерінде екен.

Халықтың іскерлік, шеберлік өнерінің ең бір таңғажайып түрлері осы Маңғыстау өңірінде қалыпты десек, өтірікші бола алмаймыз. Тастан тұрғызылған сәулеттілік ғимараттар, ағаштан, алтын, күмістен, темірден жасалған жиһаздар, зергерлік, бұйымдар, өрмек тоқу, ши орау, киіз басу өнерінің айырықша түрлері осы жерден кездеседі. Киіз үйдің жасалуы, оның ішіндегі жасауы мен жабдығы өз алдына. Мұның бір айғағы 1993 жылы өткен ел жиынында күллі республика халқын таң қалдырған Маңғыстаудан әкеліп тігілген киіз үйлер. Мұны өкелік форт-Шевченко қаласының тұрғыны Бозжанұлы Бақыт деген азамат. Кейбір басшылар: «Бұл киіз үйді астанаға қалдырыңыз, шет жердей келген қонақтарға көрсетіп, мақтан етейік», дегенде: «Шаңырағын тастап кету ел салтыңа, дәстүріне жатпайды. Керек болса астанаға лайықты үйді жасап беруге болады», - деген уәдесіне тұрып, 1993 жылдың қазан айында сол бұрынғы үйінен артық болмаса кем емес екі киіз үй жасап, өкшет басшыларына табыс еткен. Ол үйлерді ендігі жерде астанадан тамашалауға толық мүмкіндік бар.

Осы сияқты қарапайым тұрмыстық мәні бар жабдықтар болашақты тәрбиелеуге, өнерге үйретуге үлкен әсер етіп, ғасырлар бойы жалғасып, өзінің қадірлі қасиетін жойған жоқ.

Осының бір жалғасы 1960 жылдары Түрікменстаннан көшіп келіп, Алматы облысына қоныстанған бұрынғы Маңғыстау қазақтарының ұлттық киім киюуі, киіз үйлерді жабдықтау өзгешеліктері айырықша болғаны белгілі.

Үстірт үстінде, Маңғыстаудың ойында, Жем, Сағыз, Қайнар өзендерінің бойында, Сам құмдарының арасында бұдан жүздеген жылдар бұрын тұрғызған ескерткіштер, қорымдар, мазарлар осы күнге дейін сақталған.

Атақты ел азаматтарына, батырлар мен билерге қойылған ескерткіштердің неше бір әдемісі мыңдап саналады. Осы тұрғыдан алса идея сол халық қолөнерінің үлгісі осы күнге дейін жалғасып келеді және Қазақстанның алыс аймақтарында да көріне бастады. Отан мысал әйгілі ақын Сұлтанмахмұт Торайғырұлына салған мазар. Қазіргі Абай және оның әулетіне арнап жүргізіліп жатқан күрделі құрлыстар да осы Адай мазарлары үлгісінен алынды.

Ежелгі тарихи мұраларды насихаттау мен қалпына келтіру мақсатында ерінбей еңбек етіп жүрген сәулетшілер, шеберлер Маңғыстауда көптеп саналады, олардың аттарын мақтаныш ретінде атауға тұрады.

Маңғыстау өңірінде ауыз судың жетіспеушілігі ежелден келе жатқан мұқтаждық. Күн көрістің қиындығынан болу керек жер астынан су тарту, шыңырау құдық қазу бұл елде ерте заманнан келе жатқан шежіре ескерткіштерінің, көне өнерінің бір түрі, себебі шыңырау құдық қазудың Маңғыстаудағыдай шеберлікпен жасалған үлгісі басқа еш жерде болмаса керек.

Маңғыстау елінде шыңырау қазу жөнінде, су кемшілігі жөнінде, ел арасында тараған аңыздар өте көп. «Төбелеске табылған суды, әншейін демейсің бе» - деген мақал да бар. Осыған қарағанда судың тапшылығынан жанжалдар да болмай қалмағанға ұқсайды. Ақсақалдардың айтуынша, бұл елде Қараш. Бегей руларынан шыққан көптеген атақты құдықшылар болған, Құдықшылар жазғытұрым дәулетті адамдардың тапсырмасы бойынша, еңбек ақысын, сауын малын алып, елсіз далада Үстірт үстінде, Маңғыстау ойында, күзде ел қыстаққа қайтып келгенше құдықты әзірлеп қояды екен. Құдықтардың тереңдігі 30-80 метрден кем болмаған. Маңғыстау жерінде «Жүз сажын» деген құдықтың бар екені белгілі, сонда бұның тереңдігі жүз қадамдай болғанға ұқсайды. Шыңыраулардың суы тұщы, мол болады екен, «Мың суалмас» деген шыңырау да осы өңірде болған, соған қарағанда, мың бас малды суаруға жететін суы мол болған.

Осылай құдықтарды қазу үлкен білімпаздықты, шеберлікті керек еткен. Жер астының мол, тұщы суы қай жерде жатыр? Оны білу ғылыми тұрғыдан да мәні бар шаруа. Ол құдықтар ел жайлайтын, ел қыстайтын аймақтарда, керуен жолдарында болған. Бір өкініштісі шыңыраулардың саны қанша болғаны, қай жерлерде болғаны жазылып, хатталып қалмаған, көбі кешегі мал азайып, ел қоныс аударғаннан кейін қаңырап бос қалып, көміліп, су көзі бітіп қалған.

1925-1927 жылдары Маңғыстау өңірінде екі миллионға жуық мал болған дейді, сол көп малды жазда, күзде құдықтан суарған. Қазір ондай мал жоқ, кеңшарлардың малдарына суды автомашинамен тасиды. Құдықтарды пайдалану ұмытылған, сондықтан да жылдан жылға мал басы кеміп келе жатқаны тағы анық.

Су тапшылығы жөнінде тағы бір болған жайды еске алсақ, Маңғыстау өңірінде өмір сүріп, Кеңес үкіметін құруға еңбек еткен, көргені көп, шежірені Алшын Меңдөліұлының айтқан бір әңгімесін еске салып кетуге болады.

«Жиырмасыншы жылдары атақты заңгер, кезінде Ресейдің дума мүшесі болған, ел қамын жеген Қаратайұлы Бақытжан Маңғыстау уезінен кеңеске мүшелікке сайланбақшы болып, Маңғыстауға жолға шыққан. Жол үстінде көшіп келе жатқан елге кездеседі. Көш басшысы сусыз жерде кездескеніне қарамай көшті қондырып, айдап келе жатқан биелерді байлатып, бір тайды сойып, жылқының сүтіне ет пісіріп берген» дейді.

Осы жайды Алматы тұрғындары Сейдалы балалары Рүстем мен Асқардың анасы, Бақытжанның қызы Зиада апай да әкесінің «жылқының етін жылқының сүтіне пісіргенде өте дәмді болады екен» - деп әкесінің айтып отыратынын әлде неше рет естігенін есіне алып отыратын.

Маңғыстаудың тарихи мұраларының ең бір қасиеттісі діни ескерткіштер, халықтың айтуынша, әулиелер - Бекет-Ата, Шақпақ-Ата, Шопан-Ата, Масат-Ата, Сұлтан-Ене, Кеней-Баба, Қараман-Ата, Дүлдүл-Ата, тағысын тағылар жүздеп саналады. Бүкіл қазақ еліне әйгілі 362 әулиенің мекені де осы жерде.

Жоғарыда айтылғандай тарихи, мәдени, рухани мұраларын қалуы - халықтың салтымен кірігіп, тұрмыс-салтымен, тіршілігімен біте қайнасып, жалғасып қала беруінде болса керек. Неше бір қиындық тауқыметін басынан кешірген елде, адам таңқаларлық ескерткіштерді, шеберлікті ұмытпай есте қалдырғаны және осы күнге дейін жалғастырып келе жатқаны таңдандырарлық құбылыс.

Бұл өңірде рухани - мәдени мұра қандай көп болғанымен, оны зерттеу, халықтың игілігіне жарату, оларды қалпына келтіру жұмысы осы күнге дейін қолға алынбай, бұған мән берілмей келеді.

Маңғыстау жеріндегі ескерткіштерді былай қойғанға, тек қана қазақ емес бүкіл түркі халықтарына ортақ 90 мың жолдан артық көлемді шығарма, жастарға патриоттық тәрбие беру жөнінде де айтарлықтай мәні бар, дүние жүзілік әдебиетте көрнекті орын алатын «Қырымның қырық батыры» дастанын осы Маңғыстау тұрғыны Мұрын жыраудың есінде сақтап, болашаққа қалдырып кеткенінің өзі таңданарлық қой.

Өкінішке орай, өте қиын, тарихилық заманда, екінші дүние жүзілік соғыс кезінде сол кездегі қазақтың зиялы азаматтарының арқасында, Мұрын жыраудың өз аузынан жазып алған бұл дастан, осы күнге дейін халықтың игілігіне жаратылмай жатыр. Осы жөнінде марқұм Мәриям Хәкімжанқызы да бірнеше рет еске салып кетіп еді.

Мұрын жыраудың қалдырған мұрасы өз алдына, бұдан басқа да Маңғыстау ақындарының, жырауларының отаншылдық, ел қорғауда қан төккен ерлер жөнінде де қалдырып кеткен мұралары баршылық, бұлар да еске алынып ел арасында қадірленіп жүр.

Ертеректе өтіп кеткен Абыл, Нұрым, Ақтан, Қашаған, Аралбай, Қалнияз, Сәттіғұл, Елібай, Ту, Сүгір тағы басқаларының шығармаларының үлкен тәрбиелік мәні бар екенінде сөз жоқ. Бірақ бұл бабаларымызды дәріптеп, ел арасына таратуда да көп кемшіліктер бар. Ауыл арасында айтылып жүргенімен, еліміз көлемінде есімдері сирек естіледі. Бұлардың көбінің шығармалары кезінде большевиктер партиясының саясатына жатпады, әсіресе 30-40 жылдары мүлдем құрып кете жаздады. «Мынаны айтуға болады, ал мыналар айтылмайды» деп тиым салынғаны да белгілі. Дегенмен, соңғы кездерде аз да болса айтылып, ел арасына таралып жүр.

Маңғыстау өлкесінде ақындар мен жыраулар қандай көп болса, әншілер мен күйшілер де аз болмаған. Олардың ішінде дарынды домбырашылар Абыл, Бода, Құлшар, Есір, Өскенбай, Мұрат, Қоңыр, Шамғұндар болса, Жылкелді, Досат, Шолтаман, Қибас, Қыздарбай, Тастемір, Хамит, Сәулебай, Қайыптардың әншілік шеберліктері көпке көрінбей, елге көп естілмей келе жатқанына қынжыламыз. Тек бұдан былай тәуелсіз мемлекет, егеменді ел болғанда ұмыт қалмаса болғаны.

Өмір тіршілігіне Маңғыстау жері, Үстірт үсті қандай қиын, ауыр болғанмен бұл өлкенің қазақтары ғасырлар бойы осы жерді мекен етіп, өздерінің тәуелсіздігін қорғап, соңғы үш ғасырдан артығырақ уақыт бойы шет жұрт шапқыншыларымен күресіп келген. Маңғыстаудың қонысына, елінің байлығына шығыстан Хиуа ханы, Бұхара шапқыншылары көз алартып, өмір бойы тыныштық бермей шет жақтағы қазақ ауылдарына дүркін-дүркін шабуыл жасап отырған. Осыған қарағанда өзінің елін, жерін, суын, қорғаған халық тыныштық көрмеген сияқты. Дегенмен, бабалардың төгілген қаны, тері зая кетпеген.

Адайлар, әсіресе, Хиуа ханының қарауында болып, салық төлеп тұрған кездерінде үнемі әділетсіздікке, кемсітушілікке, озбырлыққа шыдамай жанжалдасып тұрған. Кейін салық төлеуден де бас тартқан. Осының салдарынан әлденеше рет қарулы қақтығыстар болып тұрған.

Осы жерде бір заңды сұрақ туады. 1731 жылы Әбілхайыр хан Ресей бодандығын алып, Кіші жүздің қазақтары оның қарауына кірген болса, бұдан бір ғасырдай уақыт өткенге дейін, Маңғыстау қазақтары Хиуа хандығына бағынып, оған салық төлеп отырғанын қалай түсінуге болады? Бұның себебі Әбілхайыр Кіші жүздің қазақтарын Ресейге тәуелді еткенмен, Маңғыстау қазақтарын өзіне толық бағындыра алмаған, оған себеп, біріншіден, жердің шалғайлығы болса, екіншіден, бұл елдің патшаға бағына қоюына құлқы аса болмаса керек. Бұған дәлел патша үкіметі Маңғыстау жеріне тек қана 1840 жылдардың ортасында ғана келе бастаған. Осы уақыттан бастап бірінші бекінісін қазіргі форт-Шевченкоға салған.

Осындай қиын-қыстау мезгілдерде ел тәуелсіздігін қорғаған батыр бабалар, ел ақылшыларының ішінде өмір бойы Хиуа ханымен тайталасып, күресіп өткендердің ең көрнектісі, бастысы - Үргенішбайұлы Сүйінғара батыр. Бұл кісінің басшылығымен қарсыласқан халық Хиуа хандығының қазақтарды өздеріне қаратып аламын деген жымысқы саясатын да, күшпен басып аламын деген әрекетін де іске асыртпаған. «Маңғыстау қазақтары Ресейдің қарамағына кіретін болыпты-мыс» деген лақапқа сеніп, бұны өзінің атажауы Сүйінғарадан көрген Хиуа ханы Аллақұл 1832 жылы қыста түрікмен Мәмбетияз бастаған 3000 әскермен қазақ ауылдарын, соның ішінде Сүйінғара ауылын аяусыз шапқан, 300 дей адамын өлтіріп, мал-мүлкін, жастарды, әсіресе қыз-келіншектерді, соның ішінде Сүйінғараның екі қыз, бір ұлын тұтқындаған.

Тұтқиылдан келген шапқыншылықтан кейін, Адай елі тез жиналып, ішінде Берти Құлбарақ батыр бар 800 кісімен Қызыладыр, Шәжік деген жерде жауды қуып, соғысады Сырым батырдан қашқан Әбілқайыр тұқымы, Сырым өлтірген Есім ханның баласы Қайыпалды Маңғыстауға келіп, өзін-өзі ханмын деп жариялап, осы ұрысқа қатынасқан. Жұрттың айтысына қарағанда, Қайыпалды Хиуа Аллақұлмен астарлас болған дейді. Адай жігіттерін соғысқа таяу салып, сол жылғы қалың қарға омбылаған осы соғыста адайлар 400-ден аса кісілерінен айырылады.

Құлбарақ батыр жөнінде мынандай аңыз бар. «Жау жаты Құлбарақтың басын кесіп алып, Хиуаның ханы Аллақұлға көрсетеді. Құлбарақтың аруағын сыйлайтын, хан оның елге қадірлі азамат екенін еске алып, жау да болса оның зор атағына бас иіп, «ақ жуып, арулап қойыңдар» деп жарлық берген дейді. Ал Құлбарақтың денесін адайлар Маңғыстауға әкеліп жерлеген. Сонымен Құлбарақтың аруағы екі жерде де ел алдында үлкен сыйға бөленіп, оған бас иіледі.

Бұл кезде Сүйінғараның 80 жастан асқан шағы болса керек бірақ оның беделі мен абыройы арқасында аз уақыттың ішінде осыншама қол жинап жаудан жесірлерін, малын, әсіресе Сүйінғараның ұлы мен қыздарын алып қалу жолында ел азаматтарының шейіт болуы тегіннен тегін емес болуы керек.

Бұл қырғын жөнінде адайдың ақыны Абыл жыраудың үлкен жоқтау толғауы ел арасында осы күнге дейін айтылып жүр. Осы шығармада кімдер батырлық көрсетіп, жау қолынан қаза тапқаны туралы халыққа айтқан жұбату, көңіл айтуы өте қайғылы болып келсе, ел қорғаудағы ерлік туралы жастарға өнеге ретінде айтқандары өте есте қаларлық.

Адай елінің азаттық күресіне Сүйінғараның қосқан еңбегі өте зор болған, кезінде ол Исатай-Махамбет көтерілісіне де тікелей көмек беріп, қолдау көрсеткен. Есет Көтібарұлымен де хабарлас болған. Естеліктерге қарағанда, ел арасындағы бірлікті қолдау мақсатында Адай мен Әлім рулары арасындағы араздықты жойып, екі елді татуластыруға ел ақсақалдарымен бас қосып ақылдасқан. Сол бас қосуға Исатай, Махамбет те қатысқан. Бұл жөнінде Халел Досмұхамбетұлының «Исатай-Махамбет» деген кітабында да айтылған. Бұл араздықты жоюға, бейбітшілік жұмысын жүргізуге Сүйінғарамен бірге адайдың көрнекті батырлары Шабай, Мәмбетияз, Кете руынан Құдайберген батыр тағы басқалары қатынасқан.

Тарихта 1731 жылы Әбілхайыр хан Ресей бодандығын алып, Кіші жүздің қазақтарын оның қарауына берген дейді, ал осылай болса бұдан бір ғасырдан артық уақыт өткенге дейін Маңғыстау қазақтары Хиуа хандығына бағынып, оған салық төлеп тұрыпты деген де деректер бар. Осыған қарағанда ақ патша да, Әбілхайыр да Маңғыстау елін өздеріне толық бағындыра алмағанға ұқсайды. Оған, біріншіден жердің шалғайлығы кедергі болса, екіншіден бұл елдің патшаға бағына қоюына аса құлқы болмаса керек, ал патша үкіметінің Маңғыстаудың қазақтарын бағындыруы бұдан бір ғасыр өткеннен кейін ғана, 1846 жылы форт-Новопетровск (қазіргі форт-Шевченко) деген атпен бекініс салған уақыттан басталған. Осыдан он бір жылдан кейін, 1857 жылы оны форт-Александровск деп атайды, ал 1882 жылы Шевченкоға ескерткіш орнатқан. Осыған қарағанда, бұл қалаға ақ патшасы болсын, қызыл империясы болсын бірнеше дүркін ат бергені белгілі. Патша үкіметі құлағаннан кейін, Кеңес үкіметі бекініске қызылдардың атақты бастықтарының біреуі Урицкийдің атын, кейін оған да місе тұтпай 1939 жылы Шевченко атын берді. Шевченко осы жерде 7 жыл өмірін өткізгенде қазақтар үшін қандай еңбек қосты деген сұраққа, нақтылы жауап беру, әрине қиындау соғатыны өтірік емес.

Дегенмен, Кеңес үкіметі уақытында бұл кісіге Одақ жерінде ескерткіштер аз салынбаған. Каспий жағасындағы тағы бір кереге жайған, қазіргі Ақтау қаласына да осы кісінің атын беріп, мүсінін қойғанда бұған да жұрт көне беруге мәжбүр болған.

Маңғыстау өңірінде, сусыз шөл далада түйеден басқа еш нәрсе жоқ сияқты болып көрінгенмен өзінің өзгешелігімен, таң қаларлықтай жәйттерімен адамға ой саларлықтай бір деректі айта кетсек артық болмас. Ол Н.Островскийдің «Өзіміз ғой, есептесерміз» (Свои люди, сочтемся) деген қойылымы Мәскеудің үлкен театрында 1861 жылы ғана қойылса, форт-Александровскде бұдан он жылдай бұрын 1852 жылы шымылдық ашқан» деп жазады жазушы С.Еркебаев. Бұның шындығына шұбалануға бола ма?

Патшалық Ресей қазақты қанша кеміткенмен, менсінбегенмен қазақ жерінің стратегиялық жағдайына, оның елінің байлығына ертеден-ақ көңіл қойып қызыққан. Олар Маңғыстау түбегіне, сонау Бірінші Петр патшадан бастап, небір зерттеушілер, академиктер, картографтар, жазушылар, суретшілер, геологтар, географтар, солардың арасында саяси сенімсіздерді де жіберген. Бұлардың барлығы да арам оймен келмегендерімен, қазақ жерін отарлауға, патша үстемдігін жүргізуге, байлығын иемденуге әжептәуір еңбек еткендері белгілі.

Осының бір айғағы, 1716 жылы Александр Бекович Черкасский (Дәулеткерей) Астрахан қаласы, арқылы осы түбекке келіп, кеме тоқтайтын қолтық деп «Әулие Петр» (Александр-бай) бекінісін салған. Бірақ ол бекініс 1846 жылы Новопетровск бекінісін салғанда Каспий теңізінің деңгейінің көтерілуіне байланысты су астында қалған.

Бұдан басқа да көптеген зерттеушілер 1731, 1764, 1798 жылдары бұл жерге аяқ басқанда Маңғыстау қазақтарын бағындыру ойларында болғанмен, оны іске асыруға онша асықпай, Маңғыстау арқылы Орта Азияның кіндік тұсынан Хиуаға, Бұхараға, одан әрі шығуға ұмтылды.Патша үкіметі Маңғыстау түбегіне бекініс салмастан бұрынырақта Орынбор, Орал жағынан, Маңғыстауға шығу үшін бірнеше дүркін әрекет жасағаны тарихтан белгілі. Қазіргі Атырау қаласы арқылы, Жайық өзені бойын билігіне алғаннан кейін, Жем, Сағыз, Ойыл өзендері бойлары арқылы Үстіртке шығу мақсатын ойлаған. Жергілікті халық бұған да қарсылық көрсетіп, бірнеше рет ел ішінде кішігірім көтерілістер, қарсылықтар, қақтығыстар болып тұрған. Дегенмен, олар Жем өзенінен өтіп кете алмаған, Жылой-Қоса деген балық өндірісін Жемнің төменгі сағасына, Каспий теңізінің жағасына салумен шектелген. Бұл жөнінде жазылып қалған мәліметтер жоқ, бар болған күнде де оны қайдан табуға болатыны белгісіз.

Әйткенмен, ел аузында қалған, ақын-жыраулардың шығармаларынан кейбір жайларды анықтауға болады. Бұған дәлел Жем бойында туып өскен бала .Ораз ақынның Жетісудың ақын қызы Жібекпен айтысында патша отаршыларына қарсы күрескен елді мадақтап, былай дейді: «Төремұрат, Нарынбай, Өтен сынды ерлерім» дегенде, Жібек: «Төремұрат, Нарынбай, Өтен сынды ерлерің, Қолыңнан бар ма еді көмгенің?» деп патша үкіметінің басқыншыларының қолынан қаза тапқандарын баяндайды. Сол Өтен батырдың шикі балшықтан соққан кішкентай бейіті Құлсары қаласының батыс жағында 10-15 шақырымдай жерде өкінішті дүние жүзілік" соғыс кезіне дейін тұрды.

Ал Төремұрат болса, ол атақты Құрманғазы күй арнаған батыр.

Маңғыстаудың тұс-тұсынан көз алартқан жаулардың, шапқыншылардың, барымташылардың бәріне көк найзаның күшімен, ақ білектің күшімен қарсы тұрып, ел азаттығын көксеген, өжеттік үлгісін көрсете білген қайсар халық елдің тәуелсіздігі мен теңдігі үшін төгілген қанды ескерусіз, елеусіз қалдырмаған.

Маңғыстау жеріндегі әр белгі, көп жерлерде «қырғын» деп аталатын қауымдар - молалар ел үшін төгілген қанға, ол үшін күрескен ерлерге арналып салынған ескерткіштер десе болады.

Атамекенді қорғауда, жаудан елді азат етуде ерлік көрсетіп атақтары, даңқтары жайылған Атақозы, Есен, Ақпан, Шотан, Қонайдың ерліктері, бұдан кейінгі жер мен елге көз алартқан басқыншыларға жанталаса қарсы тұрып, жандарын пида еткен Сүйінғара, Қармыс, Құлбарақ, Мыңбай, Мәмбетияз, Балуанияз, Төлеп, Шабай, Досан, Алғи тағы басқа осылар сияқты батыр бабаларымыздың ерліктері айта қаларлықтай. Қызыл империяның отызыншы жылдары халық арасына салған жауыздығы мен озбырлығына, елді күйзеліске ұшыратқанынан шыдай алмай қарсы тұрып жағаласқан осы елдің ерлері де көп болатын. Біздің кітаптың негізгі арқауы да айтары да осылар жөнінде болады.

Өткенді қойғанда, кеше ғана қызыл империяның жендеттері бүкіл қазақты ұлтшыл деп әшкерелеп, әлеуметтік, экономикалық кемсітушілікке ұшыратқанда, заманның қиын кезеңінде де бүгежектемей алғашқы бас көтергендердің бірі ретінде осы өлкеде Жаңаөзен қаласынан шыққан.

Қазақтардың басына патша үкіметі тұсында да, қызыл империяның қызыл көз алпауыттарының билеген кезінде де қара бұлт түнермей тұрған шағы өте аз болды. Соларға төзіп, өздерінің ойын, пікірін айтып, болмай бара жатқанда қарсы тұрған кездері де болмай қалған жоқ. Бұған дәлел 1979 жылғы Ақмоланы бөліп алып, біреулерге сыйлаймыз, Қазақстанның қақ ортасынан бөлек автономия құрамыз дегенде де, 1986 жылғы желтоқсанда үкіметтің солақай саясатына қазақтардың қарсылығы да осыны дәлелдейді.

Осы жоғарыда айтылғандардан көңілге бір ой түйіп, бір қорытынды жасауға болады. Жайшылықта әр біреуі, әр төбенің, әр жалдың бауырын, әр құдықтың маңайын жайлап, қыстап өмір тіршілігін көріп жүрген жұрт ел басына күн туғанда, халықты қайғы басып, қиыншылық түскенде бір жерге жиналып, бір басшының қол астында, оның айтқанын тыңдап, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, тас түйін болып жауға қарсы шығу елдің қанына сіңген қасиеті екені дәлелді қажет етпейді. Бұның қазіргі кездегі жастарды патриоттық сезімге тәрбиелеуде де үлкен мәні бар іс екені сөзсіз.

Патша үкіметінің отаршылдық саясатына қарсы күрес Сырым Датұлы бастаған Ақтөбе Торғай жерлерін, Ырғыз өңірін, Ор, Ойыл, Қиыл өзендерінің бойын, Жем өзенінің жоғарғы жағын қамтыса, осындай күрес бұл жерлерде Есет Көтібарұлының, сол шамалас мезгілдегі Кенесары Қасымұлының атын мәңгілікке қалдырған. Исатай, Махамбет бастаған шаруалар көтерілісі де осы жерлерде болғаны бұның айғағы.

Осындай тағы қарсылықтың жалғасы 1870-1874 жылдары бүкіл Маңғыстау түбегін, Хиуа жерін шарпыған Досан Тәжіұлы батыр бастаған халық көтерілісі болмақ. Бұны да Адай көтерілісі деп атаған. Бірақ кешегі тоталитарлық заманда және олардың қолшоқпарлары бұл орысқа қарсылық әрекет деп, оған ұлтшылдық сипат беріп, бүкіл халықты, ел ардақтыларын, тәуелсіздікті - аңсаған қолбасшы батырларды айтуға, дәріптеуге тиым салынды. Олар тарихтан аластатылды. Шынында Досан батыр бастаған бұл көтеріліс патша үкіметінің «уақытша ережесінің» озбырлығына, халыққа алым-салықты көбейтіп, елдің күйзеліске ұшырауына байланысты басталған ең бір күрделі, ұлт азаттық қозғалысы болған.

1869 жылы Маңғыстау уезі приставының бастығы подполковник Рукин деген елден алатын алым-салықты үш есеге көбейтіп, екі жылдың салығына бір жылдың ішінде санауға шешім шығарып, оны дереу орындауға кіріседі. Ол патша үкіметінің «уақытша ережесіне» сәйкес, елді болысқа, ауылға бөліп, отбасын қатаң есепке алып, жерді мемлекеттік меншік деп есептеп, жергілікті халықты өте қиын қасіретке ұшыратады. Салық төлеген құжаты болмаса елдің жайлауға көшуіне де ұлықсат бермей қойды. Рукинның бұл зорлығына, істеген озбырлығына, үстемдігіне жергілікті ел басшылары да қосылып, қысымшылықты күшейте түсті. Осындай отаршылдық, әлеуметтік саяси жағдай ел арасында асқынып, көпшіліктің күйзеліске ұшырауының соңы халықтың бас көтеріп, үкіметке қарсы шығуына әкеліп соғады. Ел арасы бұзылып, салық төлеуден бас тарта бастайды. Жәй халық көшіп-қонуды көбейтіп, кейбір ауылдар орталықтан алысырақ, Үстірттің шеткері жақтарына жасырынады. Осы әрекеттен сескенген Рукин және патша саясатына икемделген ел басшылары жаңа ғана басталып жатқан қарсылықты басып тастау үшін дереу әскер шығарды. Рукин әскері форт-Александровскден 30-40 шақырым терістік беттегі Үшауыз деген жерде Бозашыдағы балықшылар мен шаруаларды басқарған Досан Тәжіұлы мен Қаратау, Ақтау шаруаларының басшысы Иса Тіленбайұлы бастаған 400-дей көтерілісші Рукиннің әскерімен кездеседі. Өзінің күшінің аздығын байқаған Рукин айлаға көшіп, көтерілісшілерді келісім жасауға шақырады. Рукиннің бұл айласына түсінген Досан батыр бірден шабуылға шығып, Рукинді және оны қолдаушы би Маяұлы Бәймембетті өлтіреді. Тым көптеген кісілерінен айрылған Рукиннің қалған әскері форт-Александровск бекінісіне қашып барып тығылады.

Досанның тобына Иса, Сүгір, Шабай балалары, тағы басқалар өз адамдарымен қосылып, 1870 жылы сәуір айының басында форт-Александровск маңында бір неше мың көтерілісші жиналып, қаланы қоршауға алады. Бірнеше рет үлкен соғыс болады көтерілісшілердің ерлік көрсетіп шабуылға шығуы іске аспайды. Бұған олардың қаруының жеткіліксіздігі және сапасыздығы, тек қана айбалта, қылыштан, найзадан басқа қаруының жоқтығы әсер етеді. Көп кісілерінен айрылғандарымен форт-Александровскні ала алмайды.

Бұдан кейін форт-Александровскдегі патша әскерінің хабарлауымен Ресейдің жер-жерінен, Кавказдан, Астраханнан көмек келіп, көтерілісшілердің соңына түседі. Үстірт үстінде бірнеше рет қақтығыстар болады, соның салдарынан бейбіт халық, көшіп жүрген ауылдар зардап шегеді, малы тоналады, бала-шаға, кемпір-шалдар қырғынға ұшырайды. Көтерілісшілер Үстірт үстінде жолды, жерді жақсы білулерінің арқасында қаша соғысып, Үстірттің шөл даласына шығып кетеді.

1870 жылы қыркүйек айының басында жазалаушылар көтерілісшілердің, олардан басқа да бөлек-бөлек көшіп жүрген ауылдарын қанға бөктірді. Қияақты деген жердің маңында бір бөлек ауылды аяусыз жазалап, көптеген малдарын олжалайды. Дауылша қойнауында отырған ауылдардың 20 адамын өлтіріп, үй мүліктерін өртеп, әйелдері мен қыздарын зорлап, сонан кейін атып тастаған. Сағыз өзені бойында Ойылға астық алып қайтуға бара жатқан керуеннің 350 түйесін тартып алып, мүліктерін тонап 20 керуеншіні өлтіреді.

Досаннан өшін алу мақсатымен патша басқыншылары халықты осылай аямай жазалайды. Жолдарында кездескен бейбіт ауылдарды дымын қалдырмай тонап, талқандап, кісілерін өлтіріп, әйелдерін зорлап адам айтқысыз аюандық жасайды. Осыдан қашқан ел Маңғыстаудың түкпір-түкпіріне тығылып, малын, дүниесін тастап, бас сауғалап кеткен.

Жазалаушылардың қанды қақпанының зардабынан Маңғыстау халқы қатты күйзеліске ұшырайды. Көптеген мал-мүліктері патша әскерінің қолында кетеді. Көп адамдар шығыны болып, жергілікті халық ауыр қиыншылықты басынан кешірді.

Басқыншылар көтерілісшілердің соңына түсіп, бейбіт ауылдарды қыспаққа алады. Жем, Сағыз, Ойыл, Үстірттің терістік жағынан патша әскері шығып, Досанның алдын кеседі, осыдан көтерілісшілердің 3000-нан астам отбасы 1870 жылдың желтоқсан айында, қақаған қыстың ішінде бет қарыған аязға, өңменінен өткен ызғырыққа қарамай Хиуа хандығының жеріне өтіп кетуге мәжбүр болады.

Патша үкіметіне керегі де осы еді, олар осы жағдайды пайдаланып, Хиуаға өздерінің жымысқы саясатын іске асыруға мүмкіндік алды.. Патша үкіметінің қас жауы Досан және оны қолдаушылар Хиуа еліне де тыныштық бермейді. Сондықтан бұларға қатаң - шара қолданып, Хиуа еліне көмектесеміз деген сияқты саясат жүргізіп, өздерінің отаршылдық ниетін ақтағысы келгені белгілі.

Досан және соның еліне бұл өңірде де тыныштық болмады. Хиуа хандығы да бұларға қарсы тұрмағанмен, аяушылық білдіріп, жәрдем көрсетпеді, патша үкіметінің әскеріне де «кет әрі» демеді.

1871-1874 жылдары патша әскері Досанның соңынан қалмай, Хиуа жерінде де бірнеше рет барып шайқасады. Дегенмен патша әскерінің қыспағынан құтыла алмасын білген жұрт «Бөтен елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деген халық даналығын еске алып, бөтен елде тұрақтай алмай біртіндеп елге, Маңғыстауға орала бастайды. Досан өзінің ауылымен Хиуа жерінде қалады. 1874 жылдың көктемінде Сам құмының «Қосуық-Ишан» деген қауымына көшіп келеді, сол жерде бұның соңына түскен подполковник Аничкин отряді Досанның ауылына шабуыл жасап, бүкіл мал-мүлкін, бала-шағасын қолға түсіреді. Кейіннен өзі де ауыр жаралы болып тұтқындалады.

Досан батыр 1875 жылдың қараша айында Гурьев қаласының түрмесінен форт-Александровск түрмесіне әкелінеді. Осы жерде ай бойы азапталып, жендеттердің қолынан «аурудан» қаза табады. Оның сүйегін Қаратөбе деген Досанның жайлауына жерлейді.

Кейбір құжаттарға және ел аузындағы әңгімелерге қарағанда осы көтеріліске қатынасқан Алғи Жолмағамбетұлы, Дихан Өтепұлы, Шүрен Иманұлы, Демесін Жиенбайұлы, Өлібай Сүтембайұлы жеті жылға Сібірге жер аударылады. Алғи мен Дихан «қашып бара жатқан жерінде» оққа ұшады. Сүгір Шабайұлы, Өтеген Итемгенұлы сотқа дейін түрмеде өлген.

Досан ғасырлар бойы азаттық аңсаған өз халқының тәуелсіздігі үшін күресіп, шыбын жанын пида еткен ел перзенттерінің ең бір көрнектісі болып есептеледі. Ол кісінің батырлығы, орасан зор күштің иесі екендігі ел ішінде аңызға айналған. Өкінішке орай, бұл азамат та еске алынып, ескерілмей келе жатқан қазақ халқының көп арыстарының бірі.

Патша үкіметі Маңғыстау өлкесін толықтай бағындырып, форт-Александровскдегі бекінісін бекітіп, Ресей жерлерінен, Астрахан арқылы орыс балықшыларын Николаевскге (Баутино) орналастыра бастайды. Жергілікті халықтың - басқа мүмкіншілігі болмағандықтан патша саясатына толықтай бас иуге мәжбүр болады.

Сонымен қайғылы аяқталған күрестердің тағы біреуі осындай қиын жағдайда өзінің қарсылығын тоқтата тұруға тура келеді. Жапа шеккен халықтың ойында тек қана ыза мен ісек қана қалды. Мұны іске асыру келер ұрпақтың қолынан келетін шығар деп олар үміт етті, бірақ бұдан да ештеме шықпайтынын ол кезде ешкім де білген жоқ. Осыдан кейін жарты ғасырдан асар аспастай уақыт өтпей-ақ тап осы тәріздес қайғылы қасірет тағы да бір айналып соғатынын ол кезде кім білген.

Ақ патшаның ендігі ойы Бұхара, Самарқан арқылы Орта Азияға, одан әрі шығу болатын. Сол мақсатпен 1875 жылдары 90 түйемен жергілікті халықтан 9 түйеші алып, орыс отряды Хиуаға жол тартады. Осы отрядтің ішінде зорлықпен жолбасшылыққа алынған адайдың атақты күйші-домбырашысы Есір Айшуақұлы болған. Есірдің осы жорық жөнінде шығарған «90 түйе, тоғыз түйеші», Хиуадан аман сау босанып елге қайтарда қуанып шығарған «Ақжарма» тағы да басқа бірнеше күйлерін осы күндері еліміздің әр түкпіріндегі өнерпаз ұрпақтары орындап жүр.

ТӨРАҒА

Жоғарыда біз айтқан Адай'көтерілісі немесе Досан батыр бастаған патша үкіметінің отаршылық саясатына қарсы көтерілістен кейін Маңғыстау қазақтары баяғыдай қайғылы қасіретке ұшыраған жоқ. Дегенмен, патша үкіметінің неше түрлі тауқыметін тартты. Оның озбырлығын, халыққа істеген зорлығын, кемсітушілігін, менмендігін айтып жеткізу мүмкін емес. Оның үстіне, 10-15 жылда бір соғатын жұт тауқыметі де қылаң беріп, сорлы халықтың соңынан әсте бір қалып көрген жоқ.

Өйткенмен осы ғасырдың басында адайлардың мал-жаны өсті. Досан батыр бастаған көтерілістің салдарынан қоныс аударған халық өзінің туған жеріне оралды. Маңғыстау қазақтары шет жерлермен сауда-саттық жүргізді. Өздерінің өскен малының артығын, одан өнген өнімдерін Орынбор, Ақтөбе, Көкжар, Ойыл, ішкі Орда жәрмеңкелеріне апарып, керекті киім-кешек, азық-түлікке ауыстырып отырды, жылына екі рет Бесқалаға базарға шығып тұрды.

Осындай әлеуметтік, экономикалық жағдайының жақсаруының арқасында ұлан байтақ кең далада бейбіт өмір сүрді. Халықтың хал-ауқаты жақсарды, той тойлап, өлгеніне ас беріп, ескерткіш орнатып, құдайға құлшылық етіп, Меккеге барып бас иіп, өмірдің тыныштығына бейімделді.

Мұндай бейбіт өмірді анда-санда болса да Хиуа хандығының, түрікмендердің тентектері бұзып отырғанын айтпағанда, 1905 жылы Каспий теңізінің суы көтеріліп, жазғытұрым теңіз жағасында қыстап отырған көп ел топан судың астында қалды. Осы қасірет жөнінде Құрманғазы «Топан» атты күй шығарса, Қашаған жырау осы атты үлкен толғау қалдырған. Қашаған осы шығармасында байлыққа масайрап, мейманасы тасып, тәубәсінен жаңылған, асып-тасқан байлыққа мас болған елге бір тосқын дегендей, қасіретке тап болды, деп құдайға құлшылық етіп, тәубе етуге шақырады.

Дегенмен, тыныштықтың аты тыныштық, табиғаттың әкелген қасіреті ұмытылып, жоғалғанның орны толып, ел бұрынғы қалпына қайта келе бастады. Осы ғасырдың бастапқы 15-20 жылдарының арасында адайлардың әлеуметтік жағдайы бұрынғыдан да жақсарды десек өтірік болмайды. Бұл жөнінде әртүрлі деректерде де айтылады.

Маңғыстау қазақтары қазан төңкерісі жеңіп, Кеңес үкіметі орнағанда да патшаның тауқыметінен құтылдық, тәуелсіз ел боламыз, бозторғай қой үстіне жұмыртқалап, тыныштық болады деп қарсы алды.

Жетпіс жылдан артық өмір сүрген бұл үкімет халыққа қасірет те, қайғы да, қиянат та жасап үлгерді. Дегенмен, бұл империяның жасаған игі істерін де жоққа шығару әділеттікке жатпайтынын да еске алып кеткен жөн. Осындай жақсылықтың бір нышаны, ол Кеңес үкіметі тұсында қазақ халқы жаппай сауатын ашты, білім алды, бұл жөнінде жоғарғы қатарлы елдердің қатарына кірді. Қазақтардың арасынан неше түрлі мамандықты меңгерген азаматтар шықты. Бұлар өздерінің мамандығы жөнінен, білім деңгейінен ешбір елдің азаматтарынан кем болмағанымен, бұл білімнің біржақты ғана пайдаға асқанын айтпай кетуге болмайды, өз елінің мұқтажына жөнді жұмсалмады. Қызыл империяның мүддесін орындап, оның жоғын жоқтады. Большевик партиясының, Кеңес үкіметінің саясаты қазақ елі үшін, бұрынғы патша үкіметінің саясатынан да сорақы болды десек шындықтан қашпаспыз. Қазақстан шикізат өндіріп, жартылай отар аймақ қатарынан алыстап кете алмады. Соның зардабын тәуелсіздік алғаннан кейін көріп жатқанымыз белгілі. Өткеннің бәрін ұмытып басқаша тәрбие-тәлім алу керек болды. Осы идеологияны іске асыру үшін ең бір жасаған қиянатының бастысы - барлық жерде қазақ мектептері жабылды. Оқу бағдарламалары өзгеріп, қазақ әдебиетін, тарихын, оқу мүлдем біржақты жүргізілді. Осының салдарынан қазақтардың көбі орыс тілінде оқып, өз ана тілін ұмытты. Қазақ тілі «үйренуге де болатын, үйренбеуге де болатын «необъязательный» тілге айналды. 3.

Қазақ әдебиетін, тарихын, бұрынғы әдет-ғұрыпты, ата дәстүрін дәріптейтін оқулықтар, шығармалар жөнді жазылмады, жазылғандарын жастар оқи алмады, осының барлығы өткенді ұмытып, Кеңес үкіметінің, Коммунистік партияның солақай саясатын дәріптеп өсті.Осындай біржақты саясатының салдарынан қазақ тарихында болған ел ақындары, жыраулары, күйшілері, ел қорғаған батырлары, бұлардан кейінгі елге еңбегі сіңген, халық арасында үлкен беделге ие болған зиялы азаматтары ескерусіз қалды. Ауыл арасында, ақсақалдардың аузында, өз ауылы арасында болмаса, Қазақстан деңгейіне шыға алмады. Баспасөз беттерінде көрініп, айтылып жүргендері тек қана кеңес дәуірінде, сол идеологияға икемделіп, соның саясатына бейімделіп жұмыс жасағандар ғана болды.

Адай округі халықтарының зардап шегіп, жаппай жазаланып, қуғыншылыққа ұшыраған кездерінде, халық үшін, елдің болашағы үшін жанын аямай, араша түскен зиялы, асыл азаматтарының көбі тасада қалды, ел басқару жұмысынан аластатылды, кейін аяусыз жазаға ұшырады. Бұл жаза көпке созылды, бұрынғы Адай көтерілісіне қатысқандардың бірен-саран аман қалғандары 1937-1938 жылдары қайтадан жазаға тап болып, зардап шекті. Бұдан құтылып кеткендерге яғни қаралаушы аппараттың ұзын құрығы туған жерінен қашып, шет жерлерге аштықтың, жалаңаштықтың, кемсітушіліктің, қорлық пен зорлықтың ащы зарын тартқан көптеген жерлестерімізге ғана жете алмады. Олар Түрікменстанға, Қарақалпақстанға, Өзбекстанға, Тәжікстанға кетіп қана қойған жоқ, тіпті шет елдерге, Ауғанстанға, Иранға тарап кетті. Олар бұл жерлерге барғанша, барғаннан кейін де көп қиыншылық, азап, шекті, аштық, жалаңаштықтың кесірінен түрлі індеттерге шалдығып қырылды. Мұндай сұмдықты біз соңғы кезде, еліміз тәуелсіздік алып, ағайындардың елге оралып, араласа бастағанынан кейін ғана білдік. Бұған дейін бәрі де құпия ұсталды. «Шет елде туған-туысқандарың тұра ма?» деген сұрақ жұмысқа кіру үшін толтыратын құжаттарда міндетті түрде болатынын көзіміз көрді. Осының барлығы ел тарихына зиянын тигізбей қойған жоқ. Сондықтан көп зиялы ел азаматтарының есімі уақытпен бірге оларды білетін, бірге жұмыстас болған замандастарының, көне көз қарттардың сиреп бара жатқанынан ұмыт болып барады.

Біздің айтайын деп отырғанымыз, соңғы, осы ғасырдың басында өмір сүрген ел азаматтары жөнінде. Бұлардың көбі туралы екінші дүниежүзілік соғыс кезінде, 1940-1945 жылдары ел ақсақалдарынан естігенбіз. Олар - Кеңес үкіметі орнаған бастапқы кезде белсенді түрде жұмыс жасап, кейін қуғыншылыққа ұшырап, Мемлекеттік біріккен саяси басқарманың қармағына ілінген зиялы азаматтар. Олардың көбі ұмыт болды, бұлар жөніндегі құжаттар осы күнге дейін жабық. Қазір олардың қайсысының елге оралғанын, қайсысының хабарсыз кеткенін тек қана туған-туысқандарынан басқа ешкім білмейді. Архив құжаттарына қарағанда, осылардың ішінде Әлниязұлы Тобанияз, Тұрниязұлы Зақария, Жұбанұлы Талпақ, Сарғожаұлы Қойсары тағы басқалары, барлығы 70 адам бір мезгілде 1929 жылы тұтқындалған.

Осылардың бірі біз әңгіме еткелі отырған Адай революциялық комитетінің бірінші төрағасы Әлниязұлы Тобанияз. Құжаттарда, аз-мұз жазылған баспасөздерде, журналдарда осы кісінің басшылығымен, араласуымен істелген жұмыстар жазылады да, бірақ Тобанияздың аты аталмай, шығарылып тасталып отырады. Мұның себебі Тобанияздың атын атап жазу қорқынышты болды, оған тиым салынды, жазған күнде жазу иесінің бір пәлеге ұшырауы да сөзсіз болатын.

Тобанияз жөніндегі құжаттар Маңғыстау облыстық Ұлттық қауіпсіздік басқармасының архивінде сақтаулы. 1953 жылы Сталин өлгеннен кейін, Ішкі істер министрлігі мен Мемлекеттік қауіпсіздік министрлігі бір министрлік болып қосылғанда осы мекемеде жұмыс жасап жүрген кезде авторлардың бірі Сариевтің танысқаны бар. Бірақ ол кезде Тобанияз жөнінде көп білмейміз және оған мән де бергеніміз жоқ. Оның үстіне тергеу ісінде тартымды ештеме жоқ болып шықты. Ондай дүниені оқу ол кезде қорқынышты да болатын.

Дегенмен, Тобанияз жөнінде естеліктерден, және 1936-1937 жылдары Олжашы руынан шыққан жасы алпыстан асқан Қалпақ би деген ақсақалдан естігенім бар. Сол жылдары Қалпекең біздің ауылдан 20 шақырымдай жерде Ворошилов атындағы ұжымшарда тұрды: Бұл көп қуғынға ұшыраған, Түрікменстан, Қарақалпақстанда болып, ол жерлерде де көп кідіре алмай осы жерге келген кісі еді. Әкем жыл сайын, жазғытұрым, наурыз айында «Қалпекеңе көрісіп келейік» деп мені қасына алып, түйе арбамен бірнеше рет барғанымыз бар. Бірде сол Қалпекеңнің үйінде Тобанияздың үлкен баласы Бердіханмен кездескенбіз. Ол да кейін ұсталып кетті. Қалпекең Бердіханның асты-үстіне түсіп, «Хан ағамыздың баласы келіп қалды, саған қонақасы беріп сыйлайтын ағаңның жайын өзің көріп отырсың» деп қиналған. Ол кезде менің әкем де әрең дегенде үкімет қудалауынан құтылып, бай деген атақтан ада болып, аздап есімізді жинап, оңала бастаған кезіміз болатын.

Біздің ең соңғы барғанымыз болу керек, Қалпекең Тобаниязбен 1927 жылдарда кездескенін, онымен бірге сәлем беруге адайдың атақты биі Жары Мәтжан Тілеумағанбетұлының ауылына барғанын әңгімелеген. Мәтжан би ол кезде сексендер шамасында болса керек, оның ауылы жайлауда, Иманқараның оңтүстік баурайындағы Ханқожа деген жерде отырған. Ол осы жерде 1928 жылдары қайтыс болып, сол жерде жерленген. Тобанияз өзінің қыстауында Буракөлде, Ханғожадан 40-50 шақырымдай жерде болған.

Мәтжан би Маңғыстаудан жайлауға көшкенде, өмірінің көбін осы Ханқожа жерінде өткізген. Күзде, жазғытұрым Көкжар жәрмеңкесін базарлайды екен. Сол жәрмеңкеде жиналған көп елдің ішінде болып, ел арасындағы әр түрлі ұрыс-қағыс, дау-жанжалдарды, ел ішіндегі алауыздыққа билік айтып отырған. Ол кісінің білімпаздығы, әділдігі жөнінде бүкіл Кіші жүз жерінде естеліктер мен аңыздар көп. Мәтжан Ханқожа жерін қатты ұнатып, ол жерді аруақты, киелі мекен, дейді екен. Оның да өзіндік себебі бар сияқты.

Иманқара, Қойқара, Ханқожа ойпатын көргенде Ноғайлы эпосындағы Едіге батырды, Тоқтамыс ханды, Ақсақ Темірді еске түсіреді.

Мұрын жыраудың «Қырымның қырық батыры» эпосында Едіге Құтты Қаба Барпария баласы делінген. Тоқтамыс хан Құтты Қабаға Құғанат дейтін құсын бақтырады. Құтты Қаба сол құстың жұмыртқасын Ақсақ Темірге ұрлап береді, сол үшін Тоқтамыс Едігенің әкесін дарға асады. Жас қалған Едігені Жылқыбай деген кісі бағады. Тоқтамыс Құтты-Қабадан қалған баланың бар екенін естіп, іздеу салып Жылқыбайға келгенде, Жылқыбай Едігенің орнына өз баласын беріп жібереді, бұл баланы да Тоқтамыс өлтіреді. Дегенмен, өсіп қалған Едіге көзге түсіп, қуғынға ұшырайтынын біліп, Тоқтамыс ханнан қашады, Ақсақ Темірді сағалайды. Тарихта белгілі, Едіге кейіннен Тоқтамыс ханды өлтіреді. Сол уақыттағы Едігенің серігін Ханқожа дейді, оның балалары Тоған, Әбіғай, Қойқара дегендер болыпты. Осыған қарағанда, Жем бойындағы Ханқожа жері, Қойқара дөңі тегіннен тегін осылай аталмаса керек.

Енді Мәтжанның Тобаниязға және оның қасындағыларға айтқан әңгімесіне келейік. Оның ұзын ырғасы мынандай болғанға ұқсайды: «Шырағым Тобанияз, біз қартайдық, біздің сөзімізді түсінетін адамдар аз қалды. Ойыңа әр түрлі жағдай түседі. Жаңа үкімет келді, ел ішінің алауыздығы, ру таласы, барымта, қарымтасы басылады ғой, патша үкіметінің зорлығынан құтылдық қой, Кеңес үкіметінің айтқаны рас болса, қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын заман орнайды ғой деп едік, олай болмай шықты. Осы күнгі ел басқарған пысықайлар ел арасын бітіруден гөрі, араздастырып, екі ара да өздері олжа тапқанды көздейді. Ел берекесі қашты, қайда барарын білмей, әр ауыл, әр ру әр жаққа, тіпті шет елдерге кетеміз деп жатқандары бар дейді. Ол жақта жау жоқ деп кім айтқанын қайдан білейін, бөтен жерде жұмақ бар дегенге сенбеймін. Бұл жердегілер де өз жеріне сыймай, қай жағымыздан, не пәле келіп қалады деп, алдындағы тамағын да тыныш отырып іше алмай жүр. Менің айтарым, сіздер бас болып, ел ішін тыныштандыруға кіріспесеңдер, бұл істі кім қолға алады?!» деген сияқты ақылдар айтқан.

Қалпекеңнің айтуынша, Тобанияз Мәтжанмен көп әңгімелескен, ол ел ішінен шыққан жаулардың мұның соңынан қалмай, үсті үстіне арыз айтып, жамандауды, көбейткенін айтқан. «Көп азаматтар осындай жаладан ұсталып жатыр, кешікпей мені де тұтқындайтын болар» депті. Оған жауып жүрген жаланың бастысы, «қасқырдың аузы жесе де қан, жемесе де қан» дегендей құр атаққа күйіп жүргенін айтты. «Адайды Түрікменстанға көшіруге үгіт жүргізіп жүрсің» деп кінәлайды мені, ал мен болсам оған қарсымын. Ондай ойым болса, былтырлар көшетін жағдай болды. Ел қысқа қарай Маңғыстауға қыстаққа көшер мезгілде соны пайдаланып, әрі қарай өтіп кетуге болатын еді ғой, оны жасағаным жоқ, осы жерге қайтып келдім. Шынында аздаған ауылдар көшіп те кетті, олар менімен келісіп пе, мен олардың көбін танымаймын да, білмеймін. Жаз болса мен осы жерден кетпеймін, Ноғайтыда қыстау да салып алдым, бір жыл осында қыстап та шықтым. Осылардың бәрін үкімет білмейді емес, бірақ менің соңыма түсіп, өтірік жалаға жол беріп, сол жалақорларды қолдайды, солардың өтірігін тыңдайды», деп қиналса керек.

«Бәлен жерде алтын бар, барсаң бақыр да жоқ» дегендей, біздің адай қысылған уақытта Хиуаға, Түрікменстанға да көшкен. Бірақ ол жақта да көп тұра алмай қайтып келгенін де білеміз.

...Ел азаматтары азды, өтірік-өсекке жақын, бас пайдасының қамын ғана ойлайды, елге зорлық-зомбылық жасайды, соның ішінде партия, кеңес жұмысына бас сұғып алғандардан халық орасан зор зардап шегуде», деді.

Қалпекең Тобанияз бен Мәтжанның әңгімесін үлкен зор ықыласпен баяндады. Олардың бірін бірі сыйлайтынын, сырластығын айтып, өзі айтпағанмен, өзінің де өкініші ішінде кеткен адам екенін осы күнде түсіндік.

Осыдан кейін Қалпекеңе 1944 жылы сәлем бере барып, көрісіп кеткеніміз бар. Ол кезде оның тұрмыс жағдайы өте нашар екен.

Отызыншы жылдардың ортасында Жем бойында бұл кісінің көршісі сол жердің жергілікті қазағы Таз руынан Естібай деген есті, сөзге тоқтайтын адам болды. Сол кісі Қалпекеңе бірде: «сені адайда Қалпақ-Қалпақ дейді, көлеңкең қанша жерге түседі?» дегенде, Қалпекең: «Оның несін сұрайсың? Қалпақ-қалпақ болып жүргенде көлеңкем Байұлы деп айтпай-ақ қояйын, адайға түсе ме деп ойлайтын едім, қазір өз басыма да жетпей жүр емес пе? депті.

Қалпақ би, балуан, батыр атанған адам. Бұл жөнінде ел ішінде көптеген аңыздар да жоқ емес, ол түрікмендер мен адайлар арасында қақтығыс болып жүрген кезде ел ақсақалдарының ұйғарымы бойынша, шекарада тыныштық сақтау үшін көптеген азаматтар қарауылға, барлау жұмысына пайдаланылған. Соған Қалпекеңнің де еңбегі көп сіңсе керек. Бірде ол қарауылдан қайтып келе жатқандағы бір оқиғаны осы кісінің жақын тумасы Олжашы Баймұхан деген айтып еді.

Бірде Қалпақ қарауылдан оралып, елең далада келе жатса жолында бір еңгезердей кісі бір салт атты, қосарындағы атқа екі үлкен қоржынды теңдеп келе жатса керек, Қалпақ неде болса осы кісінің жетегіндегі атын жүгімен олжалауды ойға алып, жетектегі атты іле жөнеледі, ал анау бұның соңына түседі Ат үстінде жағаласып, бірін-бірі ала алмайды. Содан екеуі былай деп келіседі. «Жерді: дөңгелетіп, шеңберлеп сызамыз, сол шеңбердің ішінде күресіп, қайсымыз жеңсек сонымыз олжаны аламыз», деседі. Күрес басталады, бірін-бірі жыға алмайды, әбден шаршап, екеуі шеңбердің екі жағында отырып, жөн сұрасады.

- Осы сен кімсің өзің, аты-жөніңді айтшы? - десе керек жолаушы.

- Олжашы Қалпақпын, - дейді бұл. Сонда жолаушы.

- Ой езуіңді.., мен - Жеменей Қаракісімін ғой, - депті. Бұлар екеуі де бір тайпадан, ағайын кісілер, бірақ бірін бірі сырттай естігендері болмаса, бұрын кездеспеген екен. Ол да адайда аты шыққан батыр, балуан адам болған. Содан Қаракісі, ат пен бір қоржынды Қалпаққа сыйлап, бір қоржынын өзі алып, елдеріне тарапты дейді.

Бұл аңыз ба, шындық па, белгісіз бірақ ел аузында қалған әңгіме, екеуі де мәрт болған адамдар екені сөзсіз.

Қалпақ би 1946 жылы қайтыс болды. Бұл кісі Тобаниязға ағайын, жастары да шамалас, көпті көрген, көп білетін Тобанияздың бас биі Олжашы Айдарбай Қорекұлының жақын туысы болатын. Сол кезде бұдан басқа да көптеген қарттар болды Солардың ішінде Жеменей Тайбоз, Жұмырұлы Әжмұхан тағы басқалары Тобанияз жөнінде көптеген естеліктер білетін, бірақ көбі қазір ұмыт болды. Осылардың тағы біреуі Тобаниязбен жұмыстас болған, шежіреші Менделіұлы Алшын ақсақал, 15 жылдай халық жауы деген атақпен түрмеге отырып, жазасын өтеп елге оралған. Осы ақсақал соңғы 1960 жылдардың аяқ кезінде, бірнеше рет Алматыға, келіп жүргенде, көп әңгімелер айтқан.

Міне, осы жоғарыда аты аталған қарттардан, ел аузында қалған естеліктерден, қолға түскен; архив құжаттарынан жинақтаған Тобанияз жөніндегі білген мәліметтеріміз осындай.

Кеңес өкіметі Маңғыстауға қазан төңкерісінен 15 күннен кейін, яғни 22-қазанда орнады. Сол кездегі үкімет белсенділері тарапынан жарияланған үндеулер мен үгіттер халықтың көңілінен шыққаны рас. Осыған сенген жергілікті халық Кеңес өкіметін шын көңілмен қолдап, қарсы алды. Осы мақсатты іске асыру жөнінде қажырлы еңбек еткен ел азаматтары Жалау Мыңбайұлы, Төлесін Олиұлы, Зұлқаш Баймырзаұлы, Нұрсұлтан Оңғалбайұлы, Қылыш Нәдірбайұлы тағы басқа көптеген зиялы адамдар жан аямай жұмыс жасады, жаңа реформаны жан-тәнімен қолдады.

Жаңа үкіметті, Кеңес өкіметін қолдаудың бір айғағы 1918 жылы тамыздың 23-ін де Маңғыстауға, Қараған түбегіне Астрахан қаласынан теңіз арқылы Әліби Жангелдин бастаған интернационалдық отряд келіп түсті. Бұларды Тобанияз Әшінязұлы бастаған ел азаматтары қарсы алып, Бозашы түбегіне, елдің қалың орналасқан жеріне жеткізді.

Осы кезде ел ішінде: «Маңғыстауға орыс әскерлері келіпті, бұлар да баяғы патша басқыншылары сияқты халыққа қысымшылық жасайтын орыс отаршылары болар», деп жергілікті қазақтар сезіктене бастайды. Бірақ Тобанияз және басқа азаматтар халық арасында дұрыс түсінік жұмысын жүргізіп, жұртқа шындықты айтты. Адайлар Жангелдинге қолдау көрсетті. Ол өз тарапынан ел арасында үкімет саясатын, оның мақсаты жөнінде түсінік жұмысын жүргізіп, Қаратөбе, Мәстек жерінде адай елінің съезін ашып, Маңғыстау революциялық комитетін құрды. Оның төрағасы етіп Тобанияз Әлниязұлын сайлады.

Тобанияздың революциялық комитеттің төрағасы болып сайлануының негізі бар еді, Оның арғы аталары ел қорғаған батырлар, сол бабаларының салтын, даңқын сақтаған, өнегелі дәстүрін жалғастырған, шешен тілі бар, өнерлі шебер бар кісі, ел оны жадына халық шежіресін сақтаған, байсалды, еліне елеулі, халқына қалаулы азаматы деп танитын, білетін. Сондықтан да ел ішінде оның қолдау табуы жайдан жәй болмайтын.

Жангелдин отряді керекті адам күшімен, көлікпен, азық-түлікпен қамтамасыз етілді. Ел арасындағы алауыздықтан, қауіп-қатерден, жол білудің арқасында, су тапшылығына жолықтырмай отрядтың аман-caу, екі жарым ай жол жүріп, Шалқарға жетуіңе көмектесті. Көшпелі халық Жангелдин отрядына 600 түйе, 700 жылқы беріп, жолшыбай тамақпен, жем-шөппен қамтамасыз етті. Тобанияздың көмегімен 100-ден аса қазақ экспедиция жауынгерлері қатарына енді.

Тобанияз Әлниязұлы - Адай руы Жеменей тайпасының Кенже бөлімшесінен Кенженің екі баласы болған - Қойсары, Қонай. Қонай - адай елінде атақты батыр болып, ел қорғаған «Қара Қонай» атанған кісі.

Бұның тұқымдары Тәкеш, Құлтума, Қозыбек, Шегір, бұлар да батырлар. Тобанияз Қонай батырдың тікелей ұрпағы - шөпшегі болып есептеледі. Әлнияз үш ағайынды, Әлнияздан Тобанияз, Боққара және бір қыз Багорная туған.

Тобанияз 1875 жылы Маңғыстаудың Аусары құдығы деген жерден дүниеге келген. Тобанияздың екі ұлы, бірнеше қызы болған. Оның үлкен ұлы Бердіханның соңынан Мемлекеттік біріккен саяси басқармасының қарақшылары қалмай жүріп, «әкесі үшін баласы жауап бермейді» деген өз үкіметінің қағидасын өрескел бұзып, ол — халық жауының баласы аталды. Ақыры, 1936 жылы Жылой ауданының «Қазақстан» ұжымшарында мұғалім болып жұмыс істеп жүрген кезінде ұсталып, атылу жазасына кесілген. Кіші ұлы Зәкір де ағасының кебін киетін еді, бірақ құдай сақтап, жақын ағайындарымен Түрікменстанның Мары облысына барып аман қалды. Сол жерде 1974 жылы қайтыс болған. Зәкірдің балалары - төрт ұлы, екі қызы туыстарымен 1980 жылдардың ортасында Маңғыстау облысына келіп, сол жерде тұрып жатыр. Қыздары -Талшын, Мәнер Мары облысының Тақта-Базар деген жерінде бала-шағалы, үйлі баранды.

Боққараның бір қызы Сәуле, күйеуі Әбіл Алматы облысының Ақши елді мекенінде тұрады.

Тобанияздың басқа тұқымдары Атырау, Маңғыстау облыстарында баршылық.

Тобанияз бала кезінде мұсылманша оқып, сауатын ашқан. 15-16 жасынан бастап ел арасында өзінің өткірлігімен, шешендік қабілетімен көріне бастаған. Бұнымен қатар қол өнерінің үлкен шебері болған. Аяқ киім тігу, ер тұрман жасау тағы басқа тұрмысқа керекті жабдықтарды жасауда өте қабілетті адам болған.

Тобанияздың ағайындары соңғы 1940-1950 жылдарға дейін Жем бойында өмір сүріп, зергерлік, ұсталық өнермен айналысқан. Олардың ішінде Ізғара, Қайшыбай, Шәудір сияқты ақсақалдар Тобанияздың шеберлігін еске алып айтып отырушы еді.

Тобанияз өмірінің соңғы кезінде, тұтқындалғанға дейін, қазіргі Атырау облысы Қызыл-Қоға ауданының Буракөл деген жерінде өмір сүріп, сол жерде жергілікті елдің балаларын оқыту мақсатында мектеп ашқан.

Тобанияз жастайынан ел арасындағы зорлық-зомбылыққа, әділетсіз ел басшыларының, қайырымсыз байлардың, кедей шаруаға, ғарып-қасірге жасаған үстемдігін, жиі әшкерелеп, қара шаруа қамы үшін өзінің еңбегін аямаған. Сол үшін ел арасында орасан зор беделге ие болған, би атанған. Осының бір мысалын көрсетуді мақсат етіп отырмыз.

Қариялардың айтуы бойынша, Тобанияз 1892 жылы Маңғыстаудың атақты байлары Әли, Қали Төлеу балаларымен шатасады. Қали Тобаниязға өтірік жала жауып, ісін өкімет орындарына беріп, өзінің байлығын пайдаланып, оны Сібірге айдатпақ болады. Сол кезде 17 жастағы Тобанияз бұл жаладан ақталып шығады. Бұған оның ой өрісі, айтқан дәлелді деректері, шешендік қабілеті көмектеседі.

1909-1910 жылдары Маңғыстау түбегінде үлкен жұт болған, көп ауылдарда тігерге тұяқ қалмай ел қатты күйзелген, осының салдарынан 1910 жылы жазда ашаршылық басталады. Маңғыстаудағы патша әкімшілігі амалсыздан халыққа көмек көрсетуге мәжбүр болады.

Осы жағдайды жазып отырғанда есіне еріксізден 1932-1933 жылдары қазақ жерін жайпаған жалпы ашаршылық түседі. Кеңес үкіметі қазақтың барлық малын жинап алып, ел аштан өле бастағанда да осы науқанын үдете түскен. Қазақтан жиналған малды Ресейдің өндірістік өңіріне жіберуін тоқтатпаған, халық аштықтан қырылып жатса да өз малын өзіне бұйыртпаған. Ал 1910 жылы патша әкімшілігі халықтың малы қыстың қатаңдығынан жұтқа ұшырағанда елге аз да болса көмек жасап, біразды өлімнен құтқарған. Міне, «Жарлы-жақыбайды, кедей шаруаларды жарылқаймыз», деп жар салған пролетариат үкіметінің іс жүзінде бет пердесінің осылай ашылғанын, қасірет шеккен халық кейін зардап шеккенде ғана білді.

Ашыққан елге үкімет көмегін ұйымдастыру және басқару жұмысы форт-Александровск қаласының азаматы Ораз Оңғалбайұлына жүктеледі.

Ораз орта шаруасы бар, көзі ашық адам болған. Оның баласы Нұрсұлтан кейін Кеңес үкіметін орнату жолында қажырлы еңбек еткен азамат. Ол форт-Александровск қаласындағы орыс бастауыш мектебін бітіріп Ашғабад қаласындағы сол кездегі Сыртқы Каспий облысының орталығындағы гимназияға оқуға түседі. Сол қаланың тұрғыны орыс әскерінің полковнигі Жайлаубай дегеннің үйінде тұрып оқиды. Орыс, неміс, француз тілдерін жақсы игереді. Бірақ өзінің 1905 жылғы жұмысшылар арасында патша үкіметіне қарсы жүргізген үгіті үшін оқудан қуылып, форт-Александровск қаласына, өз үйіне келеді. Нұрсұлтан бұл жерде де балықшылар арасында астыртын жұмыспен айналысады.

Тобанияз Ораздың үкіметтің көмегін ағайындарына, тума, жекжаттарына үлестіріп жүргеніне шыдамы таусылып, наразылық білдіреді. Ашаршылыққа ұшыраған ел атынан арыз айтып, форт-Александровскге келіп, Нұрсұлтанмен кездеседі. Бұл екеуі, бұдан бұрын да бірін бірі жақсы білетін, сырлас, сыйлас азаматтар болатын. Тобанияз өзінің Ораздың үстінен жазған шағымын Нұрсұлтанға көрсетіп, оны орыс тіліне аударып беруін өтінеді. Нұрсұлтан арызды оқып, ондағы әкесі жөніндегі деректердің дұрыс екенін түсініп, Тобанияздың тілегін орындайды.

Жергілікті патша әкімшілігі бұл арызды Оразға көрсетеді, ол бұны жазған Тобанияз екенін, оны орыс тіліне аударған өзінің баласы екенін біледі.

Оразға арызда көрсетілген деректер қатты батқан, оған қарсы ештеме айта алмай, өзінің жіберген ағаттығын, кемшілігін түсініп, ел алдында әшкере болғанына өкінген. Тобаниязбен бетпе-бет сөйлескенде ешбір мардымды жауап бере алмағанын, ол Нұрсұлтанға айтқан бір сөзінде «Адайда бес би болған, оның басы Есен Ермембеттен өзімді артық санамағанмен, кем емеспін деп жүретін едім, ал Тобаниязбен сөйлескенімде ол менен артық па деп ойладым» деген сөзі ел арасында осы күнге дейін айтылып жүр. Әсіресе, марқұм Алшын ақсақал осыны көп айтушы еді.

Ораз өз қатарының алды болған, сөз білетін, ел тарихынан хабары бар, би кісі болған. Содан да болар, өз кемшілігін мойнына алып, сөзге түсініп, тоқтай білген. Мұны бұрынғы өткен қадірлі ақсақалдардан қалған көрегенділік деп түсінуге болады.

1916 жылғы патша үкіметінің қазақ жастарын «Қорғаныс бекіністерін және әскери шептерін жасауға қара жұмысқа алу туралы» жарлығына қарсы шығып, ел арасында үгіт жұмысын жүргізуге қатынасқандарды басқарғаны үшін Тобанияз Әлниязұлын, Қаражан Тасымұлын, тағы басқа Маңғыстау азаматтарын тұтқындайды. Бірақ 1917 жылғы ақпан буржуазиялық төңкерісінің ықпалымен Тобанияз жолдастарымен түрмеден босатылады.

1917 жылы 22-қазаннан бастап форт-Александровскде үкімет билігі жұмысшы-шаруалар және солдаттар депутаттарының қолына тиді дегенмен, сол кездегі ақтардың бас көтеріп, Кеңес үкіметіне қарсы тұруына байланысты Маңғыстаудан басқа жерлерде, Гурьевтегі кеңес генерал Толстовтың, Ақтөбедегі кеңес атаман Дутовтың қолына көшті. Маңғыстаудың түстігіндегі Орта-Азияда Ашғабад-Красноводск темір жолын басқару құқы ағылшындарға тиді. Осы жағдайда форд-Александровск, Маңғыстау түбегі ғана Кеңес үкіметінің ықпалында болды. Бірақ бұл да көпке созылмады. 1918 жылдың жазында генерал Толстовтың, әскері форт-Александровскдегі өкшетті құлатып, Маңғыстауды билеуді кадет тұрғыны О.Көбейұлына берді. Осының салдарынан ел басқарған Кеңес үкіметін қолдаушылар бас паналап, астыртын жұмысқа көшеді, соның ішінде Тобанияз Әлниязұлы, Нұрсұлтан Оңғалбайұлы, Қаражан Тасымұлы, сол кездегі кеңес, құрамының азық-түлік комиссиясының бастығы Жалау Мыңбайұлы, кейін Чапаев дивизиясының бригада комиссары Төлесін Әлипұлы тағы басқалары болды.

Көбейұлы билеген «өзін өзі басқару» әкімшілігі құрған интервенттердің өкіметін Маңғыстау елі онша мойындап, танымады. Бұның құқы тек қана форт-Александровскде болмаса Маңғыстаудың басқа өңіріне жүрмеді.

1919 жылы сәуір айында форт-Александровскге әскери кеңестің мүшесі С.М.Киров бастаған екінші кеңес армиясының өкілдерінің келуімен ақтардың қолшоқпарларының өмір сүруі тоқтады.

1919 жылы 16 мамырда Маңғыстау уездік кеңестер съезі өткізілді, уездік атқару комитетінің төрағасы болып Нұрсұлтан Оңғалбайұлы сайланды. Бірақ, екінші армияның өкілдері кетісімен генерал Толстовтың әскері мұндағы өкіметті құлатып, Оспан Көбейұлын ел басқаруға қайтадан тағайындады. Форт-Александровскдегі Кеңес Үкіметінің белсенділері ұсталып, қамауға алынады. Бұлардың ішінен Тобанияз Әлниязұлын, Нұрсұлтан Оңғалбайұлын, Жалау Мыңбайұлын ату жазасына үкім кесіледі. Бірқатар азаматтар қашып, ел арасына, Үстіртке шығып кетеді. Бірақ Оспан Көбейұлы ел наразылығынан сескеніп, түрмедегілерді қашырып. жіберуге мәжбүр болады.

1920 жылы сәуір айында форт-Александровск ақтардан қайтадан азат етіледі.

1920 жылы 4-қазанда бүкіл Қазақстандық 1-съезі Маңғыстау уезін Адай уезі деп жариялады.

1917-1920 жылдары бірде ақтардың, бірде қызылдардың қолына көшкен форт-Александровскдегі аумалы-төкпелі үкімет өз билігін осы қаладан басқа жерге жүргізуге шамасы жөнді келмеді.

Маңғыстау түбегінен бастап, Ойылға, бір жаты Сам құмдарының оңтүстігіне, одан әрі Арал теңізіне дейін созылған кең байтақ далада, көшіп жүрген ел арасында бірден бір билік жүргізу құқы тек қана революциялық комитетің төрағасы, хан атанған Тобанияз Әлниязұлының басшылығымен жүрді десек қателік болмайды.

Революциялық комитет, ауылдық кеңестер, кейіннен Тобанияздың ұсынысымен ауылдық революциялық комитеттер болып құрылған, елдің жағдайын түзеуге, бұхара арасында саяси, мәдени-тәрбиелік, әлеуметтік шаруашылық жұмыстарын жүргізеді. Ел тек қана революциялық комитетті таныды, ел арасындағы бұлардың қажеттілігі арта түсті.

Партия, кеңес ықпалы халық арасында мардымды түрде жүрмеді. Бұның бірінші себебі, ол кезде партия қатарына тартылғандардың саны өте аз болса, олардың білім деңгейі, саяси сауаттылық өрісі өте төмен болды. Сондықтан халық арасында кеңестің жұмысын тиянақты түрде үгіттеуге шамалары келмеді. Халық бұрыннан келе жатқан әдет-ғұрпын, салт-санасын, әлеуметтік жағдайын күрт өзгертіп, кеңес, партия саясатына сәйкес жүргізуге аса ынталы болмады. Бұл жұмыс ел арасында өте баяу жүрді. Оның үстіне көп жерлерде жаңа үкімет саясатын құбыжық қылып көрсетуге тырысқандар да аз болған жоқ. Ұйымдасқан ортақ шаруа, мал-жан барлығы да ортақтастырылады, әйелдер де ортақ болады екен деп ел арасына өтірік сыбыс жіберді, бұл да кеңестің жұмысына өз керісін тигізді.

Екіншіден, ауылдық кеңестерде, ауылдарда, шаруашылық қызметтеріне жастар, «тілектестер» тобы тартыла бастағанмен, комсомол қатарына кірушілер саны көбейгенмен, бұлардың белсенділігі де онша артып жарымады.

Үшіншіден, партия, кеңес жұмыстарына кіргендердің арасында, басшылық жұмысқа, билікке таласуға әуестенушілер де аз болған жоқ. Осыны іске асыруда өтірік-өсек, пара беру, жақын-туыстарын билік орнына, сауда-саттық жұмысына орналастыруға бар күштерін салды. Бұндай жағдай кеңес саясатын жүргізуге аса зор қиыншылық әкеліп, үкімет ісіне келеңсіз көлеңке түсірді.

Осындай келеңсіз жағдайларға төтеп беретін бір ғана орган бұл революциялық комитет болды. Бірақ бұл жұмысты тиянақты шешу, жаңа саясатқа бейімделу оңай болмады. Халық бұрынғы қалпынша жайбарақат, өмір сүру бейімділігін онша өзгерткен жоқ. Революциялық комитет те халықтың жағдайымен санасып, ел тыныштығын бұзуға, елді зорлап кеңес саясатына бейімдеуге белсене кіріскен жоқ. Осы бағытпен жалғасқан өмір тынысы бірқалыпты жүріп отырды. Халықтың экономикалық, әлеуметтік жағдайы біршама жақсарды. Мал-жаны өсті. Маңғыстау халқының арасында бейбітшілік орнады. Ел ішіндегі алауыздық бәсеңсіді, үкіметтің саясатына қарсылық, наразылық бұл кезде көріне қойған жоқ.

Революциялық комитеттің жүргізген саясаты халықтың салт-тұрмысын, әдет-ғұрпын, ескіден келе жатқан ел арасындағы қарым-қатынасты, дау-жанжалды, соның ішінде, жесір дауын, жер дауын, барымта-қарымталарды сол кездегі кеңес заңымен, саясатына байланыстыра отырып жүргізуге тырысты.

Кеңес үкіметінің бастапқы орнаған кезінен бастап-ақ, Маңғыстау уезінде милиция, сот, прокуратура тағы басқа да осындай басқарушы органдар болғанмен, олардың жұмыстары ел ішінде, Тобанияздың басшылық еткен мезгілінде, билер алқасымен, ескі ел дәстүрімен байланыстырылып жүргізілді. Ол кезде Маңғыстау жерінде форт-Александровскдегі патша үкіметінен қалған кішкене түрмеден басқа түрме болмаған. Ел арасы алыс, көшіп қонумен айналысатын елде қылмыс та аз болатын, қылмысқа қарсы заңдар да жоқтың қасы еді. Сондықтан да ұсақ-түйек келіспеушіліктер осылай шешіліп отырған.

Осы айтқандарға мысал ретінде бір болған оқиғаны еске салып кетуге болады.

1921 жылы Жеменей тайпасының Айкенже атты қызы күйеуге барған жерінен ағасының үйіне қайтып келеді. Сол қызды артынан кешірім сұрап, еліне қайта алып кетуге күйеуінің ағасы Есенғұл деген және оның жолдасы Бабық тайпасының бір жігіті келеді. Қыз ағалары қарындасын еліне қайтаруға келіседі, қыздың қасына кіші ағасы Бәршекті ертіп, төрт адам екі түйемен қазіргі Құлсарыдан 30 шақырымдай шығыс бетіндегі Ақкиіз тоғайы деген жерден Маңғыстаудан жайлауға көшіп келе жатқан елдің алдына қарай жолға шығады. Мезгіл жазғытұрым болса керек, осы күнгі Бейнеу ауданының орталығының маңындағы Жіңішке кебір деген жерде жолаушылардың алдынан бір дуадақ көрінеді. Соны атамын деп көздесе бесатары от алмайды. Содан біраз жүргеннен кейін мылтық иесі Бабық жігіті қамшының сабымен мылтықтың шүріппесін ұрып қалғанда мылтық атылып, екінші түйенің үстіндегі қыздың ағасына тиіп, өлтіріп кетеді.

Сасып, қорыққан екеуі қызды, өлген ағасымен елсіз далаға тастап, қашып кетеді. Далада қалған қыздың үстіне көшіп келе жатқан ел келіп, Бәршекті «аманат» деп жерлеп, өзін елге жеткізеді.

Осыдан кейін екі рулы ел арасы бұзылып, кісіні өлтіріп, елсіз далаға тастап кеткенге ренжіп, арты үлкен жанжалға жалғасады «жанға жан, кісі өлтіреміз» дегенге дейін барысады. Кісі өліміне кінәлі жағы араша сұрап, революциялық комитетінің төрағасы Тобаниязға барады.

Тобанияз ел арасындағы араздықты ушықтырмау үшін сол кездегі заңды қазақтың өткен әдет-ғұрпына байланыстыра. отырып, екі елді татуластырып, құн төлетумен шектейді, ел арасы бітімге келеді.

Дәстүр бойынша өлген кісіні «аманат» деп қойса, оны қайтадан алып қалаған жеріне апарып жерлеуге болады екен, содан 17 күн өтісеннен кейін, өліктің сүйегін Жем бойына әкеліп, өз елінің жеріне қойған. Сол қауым осы күнде Бәршек қауымы деп сол кісінің атымен аталады.

Кейіннен Тобанияздың үстінен іс көтеріліп, орнынан алынғанда бұл мәселе де бір пәле болып жабысады. Өзінің ағайынына құн алып берді, ескі әдет-ғұрыпты сақтады, Бабықтарға толық құн төлетті. Құнның жартысын қыздың барған елі төлеу қажеттігін ескермеді, жұмыс бабын пайдаланды, тағы басқа осы сияқты жалалар жабыса түсті. Дұрысында құнды екі ел бөліп төлеу керек екен, бірақ Тобанияз Бабықтар өздері түгел төлесін, адамы өліп жатқан елді әурелемеңдер, жарты құнды Таздардан (қыздың барған жерінің руы) өздері алсын деп шешім шығарған.

Кісі өліміне құн алу, ерте заманнан келе жатқан ата салты ретінде сақталып, заңдастырылған әдет. Қазақ елінде абақты, концлагерь, сот, прокуратура аппараттары болмағаны белгілі, сондықтан барлық мәселе осы жоралғымен шешілген. Құн төлетудің енді бір жағы ел арасындағы жауласушылыққа, араздыққа, барымташылыққа жол бермеген. Құнды барлық ағайын туыстарынан, жұрағаттарынан жинап төлеген, оның ауыртпалығын ел көтерген, сондықтан кісі өлімі ел атағына жаман таңба болса, мал жинап құн төлеу елге де оңай тимеген. Содан болар, ерте кезде ел арасында кісі өлтірушілік өте аз болған.

Закария 1929 жылы Тобанияз тобымен бірге тұтқындалады. Сол уақытта оның түрмеде отырғанда шығарған өлеңі былай басталады:

«Адамзаттың баласы Арман болмас дүниеде, Алласы болса панасы. Жақсылар аттан жығылса Жаманның қанар табасы. Түрмеге түскен біздерге, Сәл нәрсенің жаласы. Жау деп бізді атаған, Жазықсыз іске шатаған, Атасыз иттің баласы.»

Санкт-Петербург университетінің заң факультетін 1890 жылы алтын медальмен бітірген, 1907 жылы Орал обылысынан мемлекеттік П-думага депутат болып сайланған, үлкен заңгер Бақытжан Қаратайұлы Закария абақтыда отырғанда қорғаушы ретінде оның ісімен танысып, сөйлескен. Осы жөнінде Закарияның өлеңінде: «Танысуға келді ісіммен,Қаратаев деген бір адам», деп жалғастырады. Закарияның бұл шығармасының көлемі үлкен, 1945 жылы Гурьев қаласында оның үлкен ұлы Хамит көкесінің осы өлеңін және басқа да шығармаларын домбыраға қосып, бір кеш айтқан. Бұл жөнінде ел аузында әлі де деректер қалған. Біреу болмаса біреу тауып, жинақтайтын сөйтіп халқына атадан қалған мұра етіп ұсынатын уақыт жеткен сияқты.

Закарияның Хамит, Жазит деген екі баласы болған. Хамит 1950 жылдарда Гурьев облысының Қызыл-Қоға ауданының бір ұжымшарында зоотехник болып қызмет жасап жүргенде 19 өгіздің табанына шеге қаққан деген жаламен қамалған. Кейін қандай үкім шығарылғаны белгісіз.

Сол кездегі ел азаматтарының ішінен біз бір-екеуі жөнінде ғана мәлімет беріп отырмыз. Олардың әр қайсысының өзі бір тарих, бірақ соншама уақыт өткеннен кейін, бұлар жөніндегі естеліктердің көбі ұмыт болған.

Ел басшыларының бас қосқан жиындарында халық арасында төмендегідей жұмыс жүргізу міндеттелді:

- ел арасына өздерінің беделді, абыройлы азаматтарын жіберіп, Қазақстан орталығына өздерінің қарсылықтарын білдіріп, Адай округін ыдыратпау, болмаса Маңғыстау ауданын тікелей Алматыға бағындыру жөнінде ел атынан мәлімдеме жолдау;

- егер бұлай шешілмейтін болса Адай округін Түрікменстанға, немесе Дағыстанға бағындыру;

- бұл жөніндегі ең бір маңызды мәселе егер адайларды Гурьев округіне бағындыратын болса, оның арты ел арасындағы жанжалға айналуы мүмкін. Осыны пайдаланып, басқа рулардан құралған округтің басшылары адайларға қуғыншылық көрсетеді, ел арасындағы ескіден келе жатқан араздықты қоздырып, өшін алуға ұмтылады;

- адайларды отырықшылыққа көндіру үшін басқа жерлерге көшіп-қонуға қарсы түру, бұларды бөлек бір жерге біржола орналастыру сұралсын.

Халықтың талап-тілектерінде ешқандай саясатқа қайшылықтар болмайтын, оның барлығы көшпелілердің қалыптасқан әдет-ғұрпына, дәстүр-салтына байланысты екенін үкімет басшылары түсінбеді. Олардың мақсатының өзі де осы дәстүр- салтты, әдет-ғұрыпты бұзу болатын.Сондықтан да бұның барлығын феодал-байлардың сарқьшағы деп есептеді де адайлардың талап-тілектерінің біреуі де орындалмады.

Халық қозғалысының басшылары тек жай ғана наразылықпен, болмаса өтінішпен ештеме бітіре алмайтындарын түсініп, 1929 жылдың күзінде Қарабауырда, 1930 жылдың басында Теббеде елді Түрікменстанға көшуге үгіттеді. Осының нәтижесінде 1930 жылдың көктемінде 500-дей ауқатты отбасы көшіп те кетті.

Жоғарғы үкіметтің жүргізіліп жатқан саясатына қарсылықтар көбейе бастады. Бұған тек қана ірі байлар емес, өз малын өзі бағып, күнін көріп отырған момын ауқатты шаруалар да, орта шаруалар да, жарлы-жақыбайлар да қатынасты. Бірақ үкімет тарапынан ауыл шаруашылығының жағдайын қайтадан қарап, өзгертуге ешқандай шара қолданылмады. Бұрынғыдай ел арасында өрескел, тұрпайы әкімшілік, байлардың мал-мүлкін тәркілеу, алым-салықты күшпен жинау, халықты отырықшылыққа зорлықпен көндіру әрекеті күн санап күшейе бастады. Халықтың бұған наразылығы күшейте түсті, есептен малдарын, дүние мүлкін жасырды, малдарын сатып, сойып азайта бастады. Алым-салықтан, дайындау орындарына малын, оның өнімдерін, астық тары басқа заттарын тапсырудан бас тартты. Осылай ауыл ішіндегі жағдайдың бұзылып бара жатқанын түсініп, қауіптене бастады. Сондықтан жазалау шараларын кеңінен қолдана бастады. Жүздеген адам әр түрлі міндеттерді орындамағаны үшін, сотқа тартылып, тұтқынға алынды. 1931 жылдың басында тек қана форт-Александровскдегі абақты үйінде 200-ден аса адам қамалды. Бұл абақты патша үкіметі тұсында, Досан батыр бастаған көтерілістің кезінде салынған, небәрі 50-60 кісілік қана болатын. Осындай тар жерде халықты азаптау озбырлығы ұзаққа созылды.Екінші дүние жүзілік соғыс кезінде де осы сияқты жағдай болғаны белгілі. Бұл түрменің өмірі 1954 жылға дейін созылып, содан кейін ғана жойылды.

Үкіметтің жазалау шаралары елді ашықтан-ашық қорқытып-үркітіп, басшыларынан айырып, жүргізіп жатқан саясатқа қарсылықты азайту есебі болатын. Мұның бір мысалы сол кездегі Маңғыстау аудандық атқару комитетінің төрағасы Шадман Үсембайұлын және Смағұл Өтегенұлын тұтқындап, лагерьге айдатуы. Сейтқазыұлының, Боранқұлының, Есқалиұлының жауабында көрсетілгендей, 1929 жылы қыркүйектің 11-де аудандық кеңесте көп кісілердің алдында, оның ішінде аудандық кеңестің төрағасы да бар, Смағұл Өтегенұлы былай деген: «Мен партия мен Кеңес үкіметінің саясатына риза емеспін, олар байларды жабдықтайды, оларда астық та, тағы басқа мал өнімдері де бар, Кеңес үкіметі кімді қолдайтыны осыдан түсінікті емес пе? Кедейлер қашанда ештеме ала алмайды. Осыған қарамай астық дайындау жұмысын жүргізеді, ал халық ашаршылықтың алдында тұр». Өтегенұлының бұл сөзіне отырғандардың, арасынан ешқандай қарсылық білдірілмейді. Аудандық кеңес төрағасы Шадман Үсембайұлы да үндемей қалады. Осы үшін болу керек Өтегенұлымен бірге Шадман да қамауға алынады.

Сол кездегі саясаттың сорақылығынан халықтың жағдайының нашарлауын мына мысалдан көруге болады. Маңғыстау өлкесінің қазақтары Жем өзенінің бойында отырған азғантай отырықшылардан басқасы егін шаруашылығымен айналыспайды, ал астық дайындау науқаны барлық округ халқынан жиналған.

1929 жылғы қыркүйектің аяғында Смағұл Өтегенұлының абақтыдан халыққа тастаған үндеуі ел арасына жылдам таpaп, қолдау тапты. Ол үндеуде былай делінген: «Менің қорлық көріп, қайғы-қасірет шеккен халқым! Сен дәрменің кетіп тентіреудің алдында тұрсың, отбасыңды жоқшылыққа тіреп, тұйыққа қамадың. Астық дайындау науқаны сенің соңғы 5-6 пұт астығыңды алады, онымен бірге 5-10 бас малы да құрыйды.

Үкімет сені осымен ашаршылыққа ұшыратын, жаныңды алады. Оның басты мақсаты -қаныңды сорып, мал өсірушіні құрту.

Елді ашаршылық жайлады, ал үкімет не беріп жатыр? Ол ажал береді. Бізге мұндай үкімет керек пе? Бізге мұндай ел қамын ойламайтын, халықты қыспаққа алатын үкімет керек емес, ондай үкіметті жою керек!

Адал еңбегіңмен, отбасы үшін тапқан-таянғаныңды үкіметке бермеңдер. Бұндай саясатқа қарсы тұрамыз, мен оған әзірмін».

Үкіметтің қатаң жазалау саясаты, халықты қорқыта алмады. Ол өзінің мейірімсізділігімен, әділетсіздігімен өшіктіре түсті. Кешегі алаңдаушылық білдіріп, үкіметтің саясатына сенер-сенбесін білдірмей жүргендер, бүгін өздері көтеріліске шақырып, халықты үгіттеді. Бұл үгіт бүкіл ел арасында қолдау тапты.

Аспанды бұлт торлады, ел бүліне бастады. Бұған кінәлі үкіметтің сорақы саясаты, оны жүргізушілердің, қолдаушылардың елге салған ойраны еді.

СОЛАҚАЙ САЯСАТ ЖӘНЕ ОНЫ ОРЫНДАУШЫЛАР

Қазан революциясына дейін Маңғыстау түбегінің елі, Ойыл, Темір, Жайықтың арғы бетіне, Бөкей ордасына, бергі беті Бесқалаға, Қоңырат базарына дейін мал, мал өнімдерін шығарып сату ісінде біраз жетістіктерге жеткен. Кеңес үкіметінің кезінде де осындай болды, сондықтан Қазақстан өкіметі де бұған үлкен мән берді.

«1916 жылғы санақта Маңғыстау түбегінде 1 миллион 66 мың бас мал болған, сол жылы ғана 150 мың қой, 5 мың ірі қара, 250 мың пұт жүн, 200 мың пұт тері, 10 мың пұт мал майын сатқан». 4.

Бұл көрсеткіш бұдан 10 жылдай уақыт өткеннен кейін, 1928 жылғы «Ақ қоян» жұтының алдында мал басы бір миллион 800 мыңға жеткен дейтін мәліметтер де бар.

1920 жылдардың аяғында бұл жағдай мүлдем өзгерген. Сол кезде форт-Александровскде Қазақстан өкіметтік сауда агенттігінің меңгерушісі болып жұмыс істеген Омельянович дейтін былай деп көрсетеді: «1928 жылғы жұттан кейін Маңғыстау ауданында халық шаруашылығының есебі бойынша 135 мың саулық қой болған». Егер осыдан 2-3 есе қозысы және басқасын қосқанның өзінде де революцияға дейінгі есептен айырмашылығы үлкен. Осындай ойсыраған адайлардың мал басының кемуі, тек 1928 жылғы жұттың салдарынан болды деуге болмайды. Сол Омельяновичтің айтуынша, 1930 жылы ауа райының мал бағуға қолайлы болғанымен, мал басы, оның ішінде қой 117 мыңға дейін кеміген. Бұл жағдай елдің малын есептеп жасырып, сатып, сойып кеміткенінен деп түсінсек, мал басының мұндай күрт кемуінің екінші бір себебі үлкен байлар, күйлі шаруалар үкімет зорлығынан қашып құтылатын шығармыз деген үмітпен Аралдың арғы жағына, одан әрі Түрікменстанға көшіп кетті. Халықтың, көшпелі елдің, экономикалық, этникалық, әлеуметтік жағдайымен санаспағанның салдарынан осындай ауыр, қайғылы нәтижеге әкеліп соқтырды.

Осыған қоса, үкімет басшыларының болжамсыз саясаты, мұнымен бірге шала сауатты, қанағатсыз жергілікті әкімдердің жүргізген ел арасындағы пайдакүнемшілдігі аса зор өкінішті халге - аштыққа, қорлыққа, ашынушылыққа әкеліп ұрындырды.

1930 жылы ел дағдарысы күшейе түсті. Үкіметтің жаңа идеологиясы көшпелі халықтың тұрмыс жағдайымен байланыса қоймады. Қазақстан үкіметі өздерінің тығыз-таяң шешімін қайта қараудың орнына, әкімшілік-басқару әдісін, жазалау шарасын өрістетуге жұмсады.

Жиырмасыншы жылдардың аяғында көшпелі адай ауылдарын Ақтөбе округіне аударып, 1500 отбасын отырықшылыққа бейімдейді, ұжымдық шаруашылықтарды ұйымдастыруға шешім қабылдайды. '.

Үкіметтің осындай ойланбай жасаған өрескел шешімін жергілікті халық адайларды бөлшектеуге бағытталған, әріден ойлаған сұрқия саясаты деп түсінді. Бұл шешім экономикалық ұйымдастыру шаралары тыңғылықты болмағандықтан орындалмай қалды. Халықты күшпен отырықшылыққа көндіру саясаты да іске аспады. Халық озбырлықтың жолын ұстаушыларды қуып шығып, өздерінің туған өлкесіне қайтып, бұрынғы көшпелі өміріне қайта келді.

1931 жылдың 18-маусымында форт-Александровскден өкімет мүшелері Меңдешев және Асылбековтердің Өлкелік партия комитетіне жіберген жеделхатында көрсетілгендей, «қоныс аудару жұмысы мүліктей, ақшалай қамтамасыз етілмегендіктен көшушілердің тарапынан ешқандай ықылас болмады, оларды қызықтыра алмадық» дейді. 5.

Дегенмен, бұлар бұл жұмысты тоқтатпай қоныс аудару науқанын жылдамдату керектігін көздеді, бұл үшін қаражат бөлу, жаңа шаруашылықтарды материялдық мүліктермен қамтамасыз ету, оларға байлардан тәркіленген малдарды беруді ұйғарады. Өкімет мүшелері төтенше жағдайды пайдаланып, қарулы күш сұрауды да ұмытпаған.

Үкімет тарапынан бөлінген азғантай қаражат қоныс аудару жұмысына толық пайдаланылмады, кім көрінгеннің, партия, кеңес жұмысына кездейсоқ кіріп кеткен алаяқтардың аузында кетті.

Жалған кооперативтер құрылып, үкімет қаражатын өздерінің мүддесіне жаратты. Мұндай жұмысқа партия, кеңес қызметкерлері де, басшылары да араласты.

Т.Әлниязұлы.

М.Атайұлы.

С.Балқыұлы.

Ш.Бекназарұлы.

С.Бекназарұлы.

А.Байжанұлы.

С.Ғұбайдуллаұлы.

С.Жақсыбайұлы.

А.Даулетниязұлы.

О.Дауылұлы.

Т.Жұбанұлы.

С.Жұбайұлы.

Ә.Қалиұлы.

Қ.Көбейұлы.

Д.Қалқанұлы.

Қ.Қожықұлы.

О.Көбейұлы.

Қ.Көпжанұлы.

Ж.Маймақұлы.

X.Нәубетұлы.

М.Мақымұлы.

В.А.Омельянович.

Б.Сақауұлы.

С.Құдаманұлы (Құлшарұлы).

О.Салықұлы (Садықұлы).

Қ.Сарғожаұлы (Қайсары).

С.Тоқтамбетұлы

Б.Томалақұлы.

Қ.Тілеубергенұлы.

А.Тотайұлы.

Қ.Оңғалбайұлы.

Л.Оңғалбайұлы.

З.Түрниязұлы.

Б.Ожарұлы (Омарұлы).

Ж.Омарұлы (Дәулетбаев).

X.Оңғалбайұлы.

Ө.Юпусұлы (Жүпісұлы).

О.Айжарықұлы (Өскенбай).

М.Аманшаұлы.

М.Дәулетбайұлы.

I.Ирпанайұлы.

Қ.Елшібекұлы.

З.Қосымұлы.

Е.Қарамбетұлы.

Қ.Құлшарұлы.

Қ.Көпбергенұлы.

Қ.Күзембайұлы.

С.Құлжарасұлы.

Ж.Құбышұлы.

Б.Нарегенұлы.

С.Нұрқабайұлы.

Н.Ташкенбайұлы.

X.Ташекенұлы.

Д.Өтебайұлы.

С.Өтегенұлы.

Д.Омарұлы.

Қ.Шорбайұлы.

К.Тұмышұлы

С.Берікбайұлы.

Ж.Аманшайұлы.(Маймақұлы).

Ө.Баймәмбетұлы.

Маңғыстау аудандық партия комитетінің хатшысы Лепес Оңғалбайұлының әкесі Қонарбай Оңғалбайұлы «Таң сәрісі» деген дүниеде жоқ ауыл шаруашылығы артелін құрып, көп ақшаны өзінің пайдасына жаратады. Осы партия комитетінің қызметкері Домалақұлы дейтін «Талап» дейтін өмірде жоқ балық аулау артелін «құрады». Жетпісбай деген Ойыл ауданының № 5 ауылынан құрылған «Кемерші» атты тұтыну қоғамының атын пайдаланып, үкімет қорынан арзан бағамен дүние алады да оны қымбатқа сатқан. Осындай екі жалған артелді партия мүшесі Нәубетұлы да «құрған».

Әділхан деген үкіметтің өндіріс тауарларын арзан бағаға алып, қымбатқа сатып, тағы сол сияқты сауда жасап байыған. Мұндай қылмысты істермен айналысқандар айта берсе көп болған.

Біреулер осындай алаяқтықпен мал тауып байыса, жалпы халықтың күн көру өмірі күрт төмендеді. Салық жинау жұмысында жағдай өте қиындай түсті. Жоғарыдан түскен салық, мал, мал өнімдерін дайындау тапсырмасы орындалмады. Мұның себебі елдің мүмкіншілігіне қарамай салықтың мөлшерін жылдан жылға, күннен күнге көбейту болды. Ал адайлардың малы жоғарыда көрсетілгендей жылдан жылға азайып, кеми бастады. Жердің құнарсыздығы, жайлауға шығуға мүмкіншіліктің азайуына байланысты малдың өсу қарқыны, оның құндылығы төмендеді.

Осыған қоса көп ауылдар салық жинаушылардан, мал дайындаушылардан қашып-пысып көшіп-қонуды көбейтті, бұларға малдан айрылу ашаршылыққа жалғасатынын жақсы түсінді.

Жоғарғы басшылардың тұжырымы бойынша, түбектегі ірі байлардан жылына 130 мың сомнан артық салық жинауға болады деп сенді. Бірақ, большевик басшыларының бұл ойы өмір шындығымен жанаспай жатты. Салықтың тек жартысы ғана, мал дайындау тапсырмасының 30 проценті ғана орындалды. Бұған қарамай жоғарғы орындардың пікірі өзгермеді. Жоғарыдан, жергілікті әкімшіліктерге мал және мал өнімдерін дайындау жұмысын, салықтың мөлшерін, кемітпей толық орындау, кезінде төленбей қалған салықты шығынға, жазбау (недоимка) жөнінде қаһарлы жолдама, нұсқаулар үсті-үстіне түсіп жатты.

Өлкелік партия комитетінің хатшысы Рошельдің 1931 жылғы 13 сәуірдегі Меңдешевке және Маңғыстау партия комитетінің хатшысына жолдаған жеделхатында мал дайындауды шұғыл түрде жүргізіп, байлардың дүние-мүлкін, малын тәркілеп өздерін жекелеуге дейін шара қолданылсын деп нұсқау берген.

Жергілікті өкімет басшылары бұл нұсқауды қатаң түрде орындауға бар күштерін салды. Әйтпесе, олар қызмет орнынан айрылып қаламыз ба, болмаса жұмыс бабында жіберген қателіктерін кешірмес деп қорықты. Халықтан қалай болса да алым салық мөлшерін көбірек жинау үшін ауылдарға көптеген уәкілдер, агенттер, тексерушілер, бақылаушылар жіберілді. Бұларға салық жинаумен қатар, бұл жұмыстың саяси бағытын тексеру де тапсырылды. Уәкілдерге және бұлардың ауылдағы көмекшілері шолақ белсенділерге орта шаруаларды да байлардың қатарына жатқызып, олардың мал-мүлкін бүтіндей, болмаса жартылай тәркілеу керектігіне нұсқау берілді. Сонда бұлардың көпшілігінің байлығының бар болғаны 20-30 ұсақ мал бір-екі түйе, төрт-бес жылқы тана болатын. 6 Олар шешімге қарсылық көрсетіп, бағынбаушылық жасаса шара қолдануды одан да күшейтті. Малдарын есептен жасырғандарға, тапсырманы орындамағандарға, кезінде салықтарын төлемегендерге өте қатаң жазалар қолданды, бұларды қамауға алды, сотқа берді, барлық мал-мүлкін тартып алды.

Халықтың наразылығынан сескенген уәкілдер, тексерушілер бақылаушылар ел арасына шыққанда жұртты қорқыту үшін өздерімен бірге Мемлекеттік біріккен саяси басқармасының қызметкерлері бастаған қарулы жасақтарды, соттарды, прокуратураны, милиция қызметкерлерін ерте жүрді. Бұларға да ел арасында елді қорқытып-үркіту жұмыстар табылып жатты.

Жарлы-жақыбайлар малының аздығынан, сататын шикі заттарының жоқтығынан өте қатты күйзеліске ұшырады, тамақтан, киім-кешектен, күнделікті тұрмыстық қажеттіліктерден зардап шекті. Сондықтан да олар өздерінің ауқатты туыстарының алдында тәуелді болды, бала-шағасын аман алып қалу үшін олардан киім, тамақ сұрауға мәжбүр болды. Үкіметтің саясаты байларды жойып, көшпелі жарлыларды өздерінің ықпалына бейімдеп, жақтас ету саясаты іске аспады. Олардың жасаған жұмысы, істеген ісі айтқандарына сай келмеді, құр даурықпа сөз болып қалды. Сондықтан да көшпелі халық бұл өтірік саясатқа сенімсіздік білдірді. Лауазымды адамдардың көпшілігі қызмет бабын пайдаланып, халықтың ауыр жағдайына қарамастан өздерінің қара бастарының қамын ойлағандары жәй шаруаның ашу ызасын келтірді.

Үкіметтің, жарлыларға көмекке берген азғантай қаражатын, ар-ұятты қойып, әр түрлі қулық-сұмдықтарын асырып, өздерінің пайдасына жаратуға жұмсады. Халықтың көз алдында болған мұндай арсыздық әрекет, әсіресе 1928 жылдың «Ақ қоян» жұтынан кейін, халықтың күйзеліске ұшыраған кезінде болды.

Боршанскийдің жауабында көрсеткеніндей: «1928 жылғы жұтқа байланысты форт-Александровскге ашаршылыққа ұшыраған елге көмек үшін, көп астық жеткізілді. Мұны бөлуге комиссия құрылды, оның шешімінен түскен астықтың жартысын Кендірліге, қалғанын форт-Александровскге қалдырды. Маңғыстау аудандық тұтыну қоғамы бұл астықты мұқтаждарға бөлудің орнына, бір пұтын 3 сом 20 тиыннан сатты. Саудагерлер 20 қаптан сатып алып, пұтын 8 сомнан базарға шығарды.

Қатты күйзеліске ұшыраған Кендірлі ауылына жіберген астықты да осылай пайдаланды.

Ахмед Меңдібайұлы, Сұлтан Ахметұлы деген уәкілдер 10 арба астықты тиеп, халыққа үлестірудің орнына орта жолда Ханга-Бабада жоғарғы бағаға сатып жіберген. (Іздібай Ирпанұлының жауабы). Осы кісінің айтуы бойынша, Махачкаладан сатып алынған шөп, жем ауылдарға жетпей, форт-Александровскде қалып қойған.

Республика өкіметінің нұсқауына сәйкес, жеке адамдардың меншігіндегі азық-түліктер есепке алынып, ашаршылыққа ұшырағандарға тұрақты бағамен сату ұйғарылған. Саудагерлер бұл жөнінде де айла тауып, 1800 пұт ұнды, шикі зат дайындау басқармасының агенті Абдулла Есбейұлының заңсыз берген патенті бойынша өте қымбат бағаға сатып жіберген. Оның үстіне, шаруаның қиын жағдайын пайдаланып, олардың шикі заттарын арзан бағаға сатып алған. Тағы да осындай мысал. 1928 жылғы 24 сәуірдегі Адай округінің прокурорына жазған хатта былай дейді: «Жеменей болысының хатшысы Қожахметұлынан сауда бөліміне түскен арызында: Бірнеше алып-сатарлармен шикізат дайындау басқармасының агенттері Әжіғара Шыңдәулетұлы, Елман Құрманбайұлы және тағы басқалары астық, тағы басқа тауарларды елге қымбат бағаға сатып, өте төмен бағамен шикі заттарын сатып алуда. Осы жөнінде әкімшілік бөліміне нұсқау беріліп тергеу жүргізу, жауапқа тарту Адай прокуратурасынан сұралады. Осымен қатар, ауылда жүрген алыпсатарлардың патенттері бар ма, ол Окрфодан сұралсын. Қожахметұлының арызы қоса тіркеледі.

КНТК уәкілі Салықов

Экономист Черненко» 7

Тексеру актінің және бірқатар кісілердің (Абрамов, Ирпайұлы, Өтебайұлы, Бәйімбетұлы) жауаптарында көрсетілгендей жұттан зардап шеккен жарлы-жақыбайлар мен орта шаруаларға несие беру үкімет тарапынан бөлінген 75 мың сомның тек қана 15 мыңы тікелей бағытталған мақсатыңа жұмсалды. Қалғаны саудагерлер мен ептілердің және ел әкімдерінің пайдасына жаратылды. Кооперативтік қозғалысты дамыту мақсатына, жүн, тері-терсек контракциялауға бөлінген қаражат та кім көрінгеннің қолында кетті. Бұл ақша да малшымын деп ауыл кеңесінен жалған анықтама алған алаяқтардың қалтасына түсті.

Жаңа экономикалық саясаттың тудырған еш жаман ақауы - жаппай жер-жерге жайылған сатқындық болды. Партия қызметкерлері мен өкімет шенеуніктері пысықайларға жасаған жақсылығы үшін пара алумен бірге, оларды басшы жұмыстарға да орналастырды. Сатылған шенеуніктер ашықтан-ашық саудамен байығандар мен бірігіп, халықты және үкіметті жазықсыздан жазықсыз тонады. Жергілікті өкімет басшыларының қолдауымен дайындау агентінің атын пайдаланып жеке саудагерлер өкіметтен несие алып, оны өзінің жеке басының мүддесіне жаратып, байып кетті. Өкіметтің қаражатына алынған шикі заттар қоймаға түспей, халық пайдасына жаратылмай, Махачкаланың, Астраханның, Саратовтың тағы басқа үлкен қалалардың базарларында сатылды. Осыдан түскен пайдаларды алаяқтар бөлісті. Бұл жөнінде талай мысалдар келтіруге болады: Шәкір Бекназарұлы деген бір қу «Бекназаров и К» сауда компаниясының бастығы бола тұрып, сонымен қатар, жоғарыда айтылған Омельянович басқаратын өкімет сауда агенттігінің агенті жұмысын қоса атқарады. Үкіметтің қаражатына дайындалған 120 пұт ешкі түбітін Бекназарұлы 1928 жылы қымбат бағаға Астраханға апарып сатып, одан түскен пайданы Омельянович екеуі бөліп алған.

Осы үкімет сауда агенттігінде бұлардың басқа да алаяқтар, жемқорлар көп болды. Осылардың қырсыздығынан үкімет жоспары орындалмады, шикізат бір жаққа, ал түскен пайда сұрқиялардың қалтасына түсті.

Бұлар сияқты жалған агенттер халықты алдап тағы да жеңіл пайда тапты. Малды, жүнді, теріні елден кейін ақшалай, немесе өнеркәсіп бұйымдары мен қайтарамыз деп несиеге алды. Бірақ ол товарлар базарға кетті, пайдасы осы ұрылардың қалтасына түсті, ал халықтың қолында сауатсыз жазылған бір жапырақ қолхат қана қалды. Халық кімге шағынуды, өздерінің арыздарын кімге айтуға білмеді, бастықтардың өздері осы алдаушы алаяқтармен сыбайлас болды. Осы қанаушылық, алдаушылық, әділетсіздік елдің ашу-ызасын қоздырды, халық әбден наразы болып, зығырданы қайнады.

Кейін Үстіртте қан төгіліп жатқанда Мемлекеттік біріккен саяси басқарманың мәліметтерінде көрсетілгендей Республикалық өкімет мүшелері Меңдешев пен Асылбековтердің мойындағанындай, көтерілістің басталуының басты себебі, жоғарғы өкіметтің, жергілікті басшылар мен шолақ белсенділердің асыра сілтеуі, алаяқтардың елді алдап, қызмет орнын теріс пайдалануынан болды деген.

Өкінішке орай, мұны үкімет басшыларының мойындауы - қасіреттің осы сияқты озбырлықтан болғандығын тым түсінгендігінен еді. Бірақ ол кезде оны түсіну ешкімнің ойына келген жоқ. Халық қанға боялып, уақытта үкімет басшылары болсын, ауыл әкімдері болсын, қаралаушы, жазалаушы апаратар болсын үсті-үстіне жоғарыдан көмек сұрап, тездетіп қозғалысты басу үшін жұмыс жасағаны белгілі. Ол уақытта тап осылай жасау керек болды, халықтың көз жасын ешкім көрген жоқ. Қызыл империяның қылышынан қан тамып тұрғанда, азғантай адай ауылын ауқымдау бұның жұмырына жұқ болып па?

Бұның қалай деп айтқандарды да, ойлағандарды да омақастырып жатқан уақыт еді ғой. Бұл сияқты озбырлықты бірен-саран орындарға хабарлап отырғанға ұқсайды. Бірақ мұны да ешкім құлаққа аспаған. Соның бірі Қызылқоға аудандық Мемлекеттік біріккен саяси басқарманың оперативтік қызметкері Гафиатуллиннің Гурьев округтік бөліміне 1931 жылдың 14 сәуірінде жіберген жеделхатында былай деген: «Ауданда асыра сілтеу жол алған, осының салдарынан заңсыз тәркілеу басталды. Дайындалған малдың құнын төлемейді, мал тағы басқа шикізат өткізушілерге тиісті азық-түлік, өндірістік тауарларын бермейді. Аудан кедейлерге, орта шаруаларға үш мың сомдай ақша, көптеген үн, өндірістік тауарлар бермекші болып отыр.

Жоғарыда көрсетілген деректерге қарағанда, кейін көтерілісшілердің тым қаталдықпен дайындау пункттерін, қоймаларды, кооперативтерді тонауы, жөнелтуге дайындап қойған, елден жиналған малды айдап кетуі таң қалдырмайды және бұл жерлерде жұмыс жасайтын қызметкерлерді де аямағаны осылардың себебі екені белгілі болды. Жоғарыдағы айтылғандарды қорыта келгенде халықтың қасіреті, мүшкіл жағдайы, осының нәтижесінен амалсыз көтеріліске шығуы, үкіметтің солақай саясаты, оны жағымпаз, пайдакүнем жергілікті әкімшіліктің көз жұмып қолдауының салдары. Осы жөнінде № 32/539 1931 жылғы 14 мамырда Жылой ауданының басшылары Голощекин мен Исаевтың атына жіберген жеделхаты да анықтайды:

«Сіздің 5228, (нұсқау) қатаң басшылыққа алынып, бұлжытпай орындалуда. Нұсқау қазақ тіліне аударылып, барлық партия ұйымдарына, кандидаттық топтарға, ауылдың кеңестерге, ет дайындау уәкілдіктеріне жіберілді. Біздің ауданға өлкелік партия комитетінің берген бағасын бірден бір дұрыс, большевиктік баға деп түсініп, біздер, біріншіден өлкелік партия комитетінің, республика өкіметінің әлденеше рет еске салып, ескертуінің енді қажеттігі жоқ деп есептейміз. Екіншіден, біз дайындау мекемелеріне, мал дайындау одағына берілген қатаң басшылықты орындай алмадық. Өлкелік мал дайындау одағының нұсқаушысы Дашкиннің жарлығы аудандық ұйымдарды түсінбеушілікке соқтырды. Оның айтуынша, өлкеден түскен тонналаған ет мөлшері, төрт түлік мал: түйе, жылқы, сиыр, қой есебімен шағылған. Осының салдарынан ауылға, байларға, кулактарға ет мөлшері осы есеппен берілді. Осының нәтижесінде 1-мамырға 1394 тонна түйе еті (оның ішінде байлардан 773 тонна), 565 тонна жылқы еті (оның ішінде байлардан 391 тонна), барлығы 1959 тонна ет берілуге тиіс немесе бұл жылдық жоспардың 38, 2 проценті. 8 Шет жақтағы байлар малдарын қырып тауысты, бұлармен қоса байлардың үгіттеуімен кедейлер мен орта шаруалар да малдарын азайтып жатыр. Уәкілдердің хабарлауына қарағанда, елде түйе мен жылқы ғана қалды, қойдың басы көп кеміген, сиыр малы тіпті құрып барады. Бақылау цифрды орындауға және артық орындауға жасалып жатқан кедергілерді жоюдамыз, сенімді ақтамаған ауыл-кеңестерді таратып, сотқа беріп, ауылдардағы жұмыс ашық басшылыққа алынды. 1-мамырдағы елге жіберілген уәкілдерге қосымша тағы да 26 кісі, тексеру жұмысын жүргізу үшін 5-мамырда 5 басшы қызметкерді командировкаға жібердік. Бұлардың ішінде Қазақстан Орталық атқару комитетінің мүшесі, аудандық партия комитетінің ұйымдастырушысы, нұсқаушысы, мал жинау одағы бастығының міндетін атқарушы тағы басқалары бар. Осыған қоса балық науқанынан босаған 5 коммунист пен комсомолдарды да жібереміз. Бұлардан басқа жауынгерлік отрядта біздің ауданнан 23 басшы, оперативтік, техникалық қызметкерлер, оның ішінде Қаратонның прокуроры, коммунистер тағы басқа да мамандар бар.

Ауылдарда 13-мамырда біздің ауданнан барлығы 59 қызметкер жүр.

«Ауданға тұрақты жұмысқа, сот қызметіне, тергеушілікке қызметкерлер жіберуді сұрайды»,- деп жазған жеделхаттың аяғында.

Жоғарғы үкіметтің атына жазылған бұл хатқа түсінік берудің aca қажеттілігі жоқ қой деп ойлаймыз. Мұның барлығын да түсінікті, кеншілерге көмек берудің орнына, олардың ауылдарына прокурорларды, сот тағы басқа қаралаушылар топтарын, оперативтік қызметкерлерді жіберумен шектелген.

Орта шаруа Сақыш Қарайдарұлының үкіметке 40 бас қойының 18-ін, 6 түйесінің екеуін, екі атының біреуін тартып алды, қалған малын 320 сом ақшалай салығын төлеу үшін сатты. Кедей шаруа Елубай Ойыпсырұлы да сыртта; қалған жоқ, ол бір қойын және 25 сом ақша төлеп, өзінде бір жылқы, бір түйе, 10 шақты қойы ғана қалды.

Жоғарыда көрсетілгендей ауыл тұрғындарының бәрінің күй жағдайы бірдей болды. Ауыл ақсақалдары ақылдасып бөтен жерде, бөтен рулардың ішінде, адайларға күн көру өте қиын болатынын, бұларға салықтың мөлшері, жергілікті халықтан әлдеқайда көп екенін осы қиындықтан құтылудың бір-ақ жолы - ел жаққа көшу деп ұйғарды.

Жолдың өте ауырлығына қарамастан, қыстың ішінде, ақпан айында ауыл түгелімен Ақтөбеден түнделетіп үдере көшті. Жаңа жерде бұрынғыдан да ауыр болды. Былтырғы жылдың салығын төледік дегендеріне құлақ аспай бұларды қайтадан салық төлеуге мәжбүр етті. Ауыл кеңестің төрағасы Хиан Бөртебайұлы орта шаруа Қарайдарұлының 22 қойының 12-ін, жалғыз атын және 210 сом ақшасын тартып алды. Сонымен орта шаруа Қарайдарұлы, толықтай тәркілеуге ұшыраған бұрынғы бай Бейбітұлы, қаратабан кедей Ойыпсырұлы барлығы бірдей күйзеліске, қайыршылыққа ұшырады.

Осылай ойламай рахымсыз, өрескелдікпен жүргізілген саясат көшпелі шаруашылықтың экономикалық негізін бұзды, сонымен қатар үкіметтің де беделін түсірді. Олар осындай берекесіз ел басқару әдісінің салдарынан өзінің әлеуметтік негізін жоғалтты, осының арты экономикалық, әлеуметтік дағдарысқа соғуымен қатар, саяси дағдарысқа әкелді.

Екі рет тоналған ауыл, Сарыкөлдің түстігіне қарай үшінші рет көшті. Халық қиын-қыстау қыспақта қалды, не боларын білмей күйзелді, алдында не күтіп тұрғанын білмеді. Қалған азғантай малдары тамақ асырауға әзер-әзер жетіп, өлместің алдында ғана болды. Егер "қалған малын алатын болса, бұның арты не болады? Бұл жағдайдан шығудың қандай жолы бар, кім көмектеседі осындай таршылықта - оны ешкім білмеді.

Бір күні бұл ауылға ауыл кеңестің хатшысы Хасен Ыбырайұлы келіп, Маңғыстауға көшуге ақыл берді. Ол жақта Адай рулары бірігіп жатқанын айтты. Бұл ақыл ауыл азаматтарының ойынан шығып, ауыр жағдайдан құтылудың бірден-бір жолы деп түсінді. Сондықтан бұлар, артының не боларын ойламай-ақ, бірден келісіп сәуірдің басында Қайнарға, одан әрі Боздақ жағына көшіп келді. Бұл жерде өздері сияқты бейшаралық халге ұшыраған Боқымаш Шұланұлының қарауындағы 600-700 отбасы бар екен. Бұлардан басқа бұл маңда Доссор ауданының № 19, 34, 43, 45 ауылдары №. 42 Жылой ауданының, № 22 Ойыл ауданының, № 9 Қызылқоға ауданының - Адай руының Мұңал тайпасының Жарысынан Майлан, Тастемір бөлімшелерінен, Бәйімбет тайпасының Абыз, Байпақ бөлімшелерінен және түрікмен Адай (Қосай) тұқымдарынан құралған ауылдары шоғырланған екен.

Боқмаш Шоланұлы 1875 жылы туған, сауатсыз, мал шаруашылығымен айналысқан. Адай руының Мұңал тайпасының Жары бөлімінің Майлан бөлімшесінен Майланнан атақты билер шыққан, соның бірі Сырлыбай би. Осы ғасырдың басында бұл ауылда дәулеттілер көп болған. Боқымаш атақты бай Сарбас Саламатұлының туысы. Сарбас халық арасында өте беделді. қайырымды, мырза адам болыпты. Ол 1916 жылы әкесі Саламатқа ас бергенде 600-дей үй тігіп, әр үйге қонақасына бір тайдан сойысқа берген. Бұған дейін, адайда сойысқа тірілей мал берген, оның ішінде жылқы берген ешкім болмаған. Әр үйге 15-20 адамнан қонақ, оларды күтіп-сыйлауға әдейі дәйекшілер тағайындаған. Солар малын сойып, шайын қайнатып, тамағын пісірісіп дегендей, қонақтарды құрметтейді екен. Сол Сарбас балалары, туған-туыстарымен кейін көтеріліске қатынасып, өлгені өліп, өлмегені қуғынға ұшырап, ұсталып жоқ болған. Сарбас қартайған шағында бала-шағасынан толықтай айрылып жалғыз қалған. Жылой ауданының Тұрғызба деген жерінде қайыр сұрап жүріп, 1932 жылы аштан өлген. «Ақырбайдың түбі аштан өледі» деген жөнсіздеу мақал қызыл империяның қылығынан Сарбасқа осылай тап болған.

Боқымаш 1931 жылы бала-шағасымен Жымпыйты ауданының Жақсыбай жерінде тұрған. Осы жылы ол ет салығы үшін мал тапсыру міндетін орындамағанына байланысты тәркілеуге жатқызылған. 1931 жылы оның үш шаруашылығында (үш әйелі болған) 200-дей қой-ешкісі, 60 жылқысы, 18 түйесі болған. Тәркілеуде 84 қойын, 34 жылқысын, 17 түйесін алған. Кейінірек Шоланұлы отбасының тамағы үшін сойған қойлары мен жылқылары үшін 9 мың сом айылыққа тартылады. Оның 3 мыңнан артық қаражаты болмағаны ескерілмейді. 9 Салық төлемеудің жауапкершілігінен қорыққан ол, бала-шағасын тастап, Жымпыйты ауданынан қашып кетуге мәжбүр болады.

Боқымаш сол жылы жазғытұрым Маңғыстау округінің терістік бетіндегі Адай руының арасына барып, үкіметтің жөнсіз озбырлығынан қалай құтылу жөнінде ел ақсақалдарымен ақылдасады. Оның ойы бойынша Түрікменстандағы үкімет саясаты халыққа жағымдылау, сондықтан солай қарай қоныс аудару керектігін қолдайды. Егер Түрікменстанға өтпеген күнде Маңғыстау түбегінде тәуелсіз, дербес Адай хандығын құруға да ұсыныс жасайды. Қалай болғанда да түбектегі ағайындарға қосылуға сөз байласып, көшуді жылдамдату керектігін ұйғарады.

Бірақ, сол кездегі Жем өзенінің тасуына байланысты жылдамырақ түстікке қарай өтіп кету мақсаттарының орындалуы кейінге қалдырылады. Ертеде Жем өзені батыстағы Жайық өзенінен кейінгі, ең ірі өзендердің қатарына жататын. Мұғалжар тауы мен шатқалдарының қары еріген кезде Жем өзені өте күшті тасиды, 20-30 күндей өткел бермей, мезгілінде өте алмай қалған ел, Жемнің екі бетінде көнке дейін қалып қойып отырған. Жем өзенінің суы күркіреп, арқырап, тасыған кезде Жемнің жағасының көп жеріне жайылған судан көлдер пайда болып, жазда жайылымға, пішен дайындауға өте қолайлы жағдай жасайтын. Өзеннің төменгі сағасында, осы күнгі Қазыбек, Ақмешіт, Құлшан әулие, Аратөбе, одан төмен қарай Тұрғызба, Жылой атыраптарында бірнеше тоғайлар мен көлдер пайда болатын. Олар - Жыңғылды тоғай, Шоқпар тоғай, Шеңгелді тоғай, Ақкиіз тоғай тағысын тағылар. Шөптікөл, Айранкөл одан төмен ну қамысты көлдер мен өзентер теңізге дейін жалғасатын. Бұл жерлердің нар қамыстары 1940 жылдардың ортасына дейін сақталды. Қалың қамыстардың арасында ертеде жыртқыш аңдар да болған деседі. Солардан қалған қабандар соңғы кезге дейін болды.

Жемнің суы кезінде, Каспий теңізі қайтпай тұрғанда балық өндірісі күшті дамыған, 1920 жылдардың аяғына дейін Жилоя-Коса деген теңіз жағасындағы елді мекенге кемелер де келіп, балықшылармен сауда-саттық жасап тұрған. Бұл елді мекен Жылой ауданының орталығы да болған.

Ертеде теңізге жақын жағалаулардың барлығы ну қамысты болған, соның айналасына ел көп қыстаған, қатты борандарда, ұзақ қыстарда ел малының жұтқа ұшырамауына, қиындық көрмеуіне орасан зор көмегі болған.

Жемнің күшті тасығаны ең соңғы рет 1942 жылы болды. Одан кейін Жем тасымай, жазда суы қайтып, кей жылдары үзіліп қалатын болды. Жер өңі бұзылды, ел кетті, қайырлы қоныс қараң қалды.

Жем өзені Еділ, Жайықты айтпағанда, бұл өңірдегі Ойыл, Сағыз, Қиыл, Қайнар тағы басқаларынан көбірек айтылады, бұл жөнінде ақындардан, жыраулардан, шежірешілерден қалған неше түрлі ән-күй, жырлар, толғаулар, әңгімелер мен аңыздар өте көп болған, солардан қалған бірен-саран осы күнге дейін айтылып жүргені белгілі.

Енді Жем өзенінің қайтуын күткен елге келсек, олар Жем мен Сағыз өзендерінің арасында Иманқара, Қойқара, Ханқожа, Боздақ, Қырықмылтық, Дәулеталы өңірінде шеті Тайсойған құмына дейін көшіп-қонып жүрді. Бұл жерлер шүйгін шөпті, мал жайылымына қолайлы болғанымен, елдің өне бойы қоныс аударуға мәжбүр болуының ең басты себебі сол кездегі жергілікті өкімет белсенділерінің салық жинау, мал дайындау науқанына байланысты болды. Олар көшіп-қону өздеріне қанша қиын болғанмен бас сауғалаудың бірде бір әдісі деп түсінді.

Шоланұлының ұсынысы бойынша, наурыз айының жиырмасында Топырақшаштыда тәркілеуге ұшыраған бұрынғы бай Баянқұл Көптілеуұлының үйінде ақсақалдардың мәжілісі болды. Осында Шоланұлы наразылықпен, өтінішпен енді ештеме шықпайды, талау-тонаудан, зорлық-зомбылықтан басқаны білмейтін Кеңес үкіметіне тікелей қарсы әрекет жасау керектігі жөнінде үгіттеді.

«Байлардың ғана емес, орта шаруаның да, жарлы кедейлерді де ең соңғы малын, жалғыз қарасына дейін қоймай тонап жатқан үкіметті, халықтың үкіметі деп айтуға болмайды. Озбырлыққа күшпен жауап беріп, мұндай үкіметтен құтылу керек. Бүйтіп жұта берсе неміз қалады десті.

Бұрынғыдай емес бұл көтеріліске ашық шақыру болды.

Бұл бас қосу мәжілісінде қарулы қарсы тұрудың негізгі мақсаты Түрікменстанға көшу, болмаса дербес Адай хандығын құру деген байламға келді.

Көшер алдында кооперативтердің, дайындау тіректерінің малдарын айдап, дүниелерін талап кету, кеңестер мекемесін талқандап, коммунистерден, кеңестердің жауапты қызметкерлерінен, дайындау уәкілдерінен өш алып жәбірлеп кету керектігі ұйғарылды. Осымен бірге Шоланұлы бұл ұсынысқа, айтқанға көнбегендерге де қатаң шара қолданылатынын да ескертті.

Бірнеше күннен кейін Қайнарда өткен Адайлардың бір қатар руларының атынан өткізілген мәжілісте Боқымаш Шоланұлы хан болып сайланды. Төрт кісіден тұратын хан кеңесінің мүшелері де осы мәжілісте тағайындалды. Құранның нақыл сөздері тігіліп жазылған қасиетті Ислам туын көтеріп, көшпелі елдің қауіпсіздігін қорғау үшін жауынгер тобы құрылды. Бұл топтарды басқару бұрынғы Жылой ауданының № 43 ауыл кеңесінің төрағасы, түрікмен Адай (Қосай) болыстың кеңестің атқару комитетінің төрағасы бұрынғы кедей шаруа Мамай Салғараұлына, Қызылқоға ауданынан Құныскерей Қожахметұлына, Өзбек Ертөреұлына, Қазақ Шиненұлына, Асан Шынғалиұлына тапсырылды. Әскер басшысы әрі Шоланұлының орынбасарлығына Қарамұрза Ембергенұлын сайлады.

Осы жоғарыда аталғандардың барлығын байлар, молдалар, атқамінерлер деуге болмайды, бұлар еті тірі ел басқаруға қабілеті бар, көрнекті азаматтар болатын. Сол кезде Адай қозғалысына байлар да, жәй кедей шаруалар да бел байлағаны анық. Үкімет саясатында айтылып жүргендей, Адай көтерілісін бастаушылар, ұйымдастырушылар, қолдаушылар ірі байлардан, би, мырзалардан құралды, осылар ел ішін бұзды, халықты Кеңес үкіметіне, партия саясатына қарсы қойды дегені шындыққа жанаспайды. Мысалға бұрынғы малай, кейіннен «қосшы» ауыл кеңесінің, болыстық атқару комитетінің төрағасы жұмысын атқарып жүріп көтерілістің бір тобын басқаруды қолына алған Мамай Салғараұлын алсақ та болады. Ол кеңестің басшы жұмысында жүріп, үкімет жүргізген саясатқа, халықтың көріп жатқан зорлық-зомбылығына әбден шыдамы таусылып, жақсылық болады, кедей шаруаны жарылғанды дегенге сенімі бітіп, осындай қауіпті, қатерлі әрекетке басын байлаған.

Бұлар азамат соғысында 19 шет мемлекеттердің шабуыланан құтылып, жеңілмей шыққан Кеңес үкіметін жеңеміз деп бұған бас тіккен жоқ, бұларды өлер алдындағы «тұяқ серпер» іспетті шерменде болып, «ноқталы басқа бір өлім» деп, шыбын жанын шүберекке түйгендер.

Айта берсе бұлар сияқтылар өте көп, осы Мамайға тағдыры ұқсас Құныскерей Қожахметұлы жөнінде де төменде мәлімет береміз.

Міне, терістік Үстіртте халық қарсылығының тобы осылай құрылды. (Жем, Сағыз, Қайнар өзендерінің бойлары архив құжаттарында терістік Үстірт деп көрсетілген. Дұрысында бұл жерлер терістік Үстіртке жатпайды, ол - терістік Үстірт Жем өзенінің сол жақ бетінен, Ұшқан әулиеден түстікке қарай жүргенде басталады.

Жауынгер топтар, ханның бұйрығын алып, оны орындауға кірісті. Мемлекеттік біріккен саяси басқарманың жауынгерлері және өкіметтің оперативтік Қызметкерлері келгеніне, ханның жасағы жергілікті әкімшілікті дүрліктіріп, бірқатар істер істеп үлгерді. Олар ұжымшарлардың, кооперативтердің малдарын, дүние-мүліктерін талады, мұның үстіне 60-тан аса мал жинау науқанын жүргізуші уәкілді, партия, кеңес қызметкерлерін қолға түсірді. Бұларды ұрып-соғып, бірнешеуін өлтірді. Екі дайындаушыны Рахмет Әминаұлының, үш Зайланысшыны Мамай Салғараұлы мен Құныскерей Қожахметұлының тобы өлтірген. Жергілікті халыққа да бұлардың зияны тиген, малдарын барымталап, мүліктерін тартып алған. 10.

Бұл айтылғандар архив құжаттарынан алынған деректер, бұның қаншалықты дұрыстыққа үлесетінін анықтап айту өте қиын. Барлық архив құжаттарында, соның ішінде Мемлекеттік біріккен саяси басқарманың архивтеріндегі көрсетілген деректер көбінесе біржақты, тек халық қозғалысына қатынасқандарды, оның басшыларын қаралау бағытында жинақталған. Ал бұлардың өздерінің тарапынан жіберілген озбырлық, қатыгездік жөнінде ештеме айтылмайды, әсіресе бейбіт халықтың, қақтығыс кезіндегі, осының салдарынан аштан, шөлден, аурудан қаза тапқандар жөнінен бір ауыз сөз жоқ.

Көтерілісшілер жазалаушылармен қақтығыс кездерінде де, болмаса жәй көшін жүрген уақыттарында да өздерінің ауыл аймағымен, бала-шағасымен бірге болған, соларды қорғап алып жүрген. Сондықтан да олар ауыртпалықты, қанды қақтығыстың көтеріліске қатынасқан азаматтарымен бірге көрген, оқ астында да олармен бірге болған. Бірақ бұл бейбіт ауылдың арасынан шығынға ұшырағандар жөнінде сөз болмайды. Олар жөніндегі мәліметті кезінде халықтан жасырған, содан құпия болып қала берген.

Көтерілісшілер топтарының бір-бірімен қосылуға әрекет жасап жатқандарынан хабардар болған жазалаушы отрядтар, бұлардың бір жерге топталып, үлкен қарсылық жасауына жол бермей, көшпелі ауылдарды баратын жеріне жеткізбей, бөлек-бөлек, дер кезінде басып тастау мақсатымен Мемлекеттік біріккен саяси басқармасының жергілікті басшылары жедел шара қолданды.

Рахмет Әминұлы тобының Шоланұлының тобымен қосылуына жол бермеу үшін басқарған құрама отряд тығыз түрде іске кірісті. Бұның қарауында бесатар мылтықпен, қылышпен қаруланған 176 атты әскері және барлау жасайтын автомашинасы болды.

Нашар қаруланған 200-250-дей кісісі бар Әминұлының жасағымен бірінші соғыс 15 сәуірде Иманқараның оңтүстік бетінде, Ханқожа тегістігінде болды. Соғыс көпке созылған жоқ. Көтерілісшілер өздерінің қаруының мардымсыздығынан, мұндай күшпен ештеме шығара алмайтынын барлап, орны толмайтын шығынға ұшырамау үшін, қысқалау екі қақтығыста 9 кісісінен өлідей, екеуінен жаралылай айрылып, шегінуге мәжбүр болды. Әминұлы өзінің жасақтарымен, қарауындағы ауылды, мал-жанын қорғай отырып, Жем өзенінің оңтүстік жағасындағы сайлармен, үлкен жондарды паналап, Қойқара денесінің оңтүстік бетімен үдіре көшіп, Тұлағайсор көлінен 15-20 шақырымдай жердегі Шоланұлы ауылдарымен қосылып үлгерді. Бұлардың жасақтары осы жерде бір жетідей әзірлік жасап, жазалаушылар отрядтарынан құтылу мақсатымен түстікке қарай жылжи бастайды. Көтерілісшілер дүние-мүлкімен, бала-шаға, кемпір-шалдарымен, ірілі-уақты малдарымен алысқа ұзап кете алмайды. 21 сәуірде 8 автомашинамен қуып жеткен Воронежский басқарған Мемлекеттік біріккен саяси басқармасының Саратов отряды көтерілісшілерді қанға бояйды. Отрядтің 90 жауынгерінде өздерінің жеке қаруынан басқа 6 қол, 1 станокты пулеметі болды. Осындай мұздай қаруланған жазалаушыларға, санының үш еседен көптігіне қарамастан көтерілісшілердің қарсы тұруға шамасы келмеді. Бронежский отряды көтерілісшілерді үш жақтан пулемет, бесатар оғын жаудырып қоршауға алады. Азғантай уақыт қарсыласып, атысқаннан кейін көтерілісшілер 20 кісісінен айрылып, ендігі қарсылықтың көп адамдарының шығынға ұшырататынын түсініп, қолға түсуге мәжбүр болады.

Қанша ерлік көрсетіп оққа қарсы шапқанмен, ыза мен өшпенділік өршігенмен, намыстың отын сөндірмейміз деп жанталасқанмен, бұл ұрыстың нәтижесін саратовшылардың атыс құралының артықшылығы шешті. Бұл үшін ешқандай дәлел іздемей-ақ, бір деректі көрсете кетсек соның өзі де жеткілікті болатын шығар. Қолға түскен адайлардан барлығы 3 бесатар, 3 аңшы мылтығы, 27 қылыш және 11 револьвердің патроны алынған. Осындай қарумен пулеметке қарсы шығу көзсіз ерліктің белгісі еді.

Сол кездегі өлшеммен айтқанда, бақайшағына дейін қаруланған жазалаушылар отрядына қарсы тұрудан ештеме шықпайтынын түсінген көтерілісшілердің біразы бой тасалап қоршаудан қашып шыққан, осылардың ішінде Шоланұлы мен Әминұлы да болды: Бұлар көптен кейін ұсталып, жазаланады.

Қорғаушыларынан айрылып қаралы болған қарусыз ауылдарды өкімет жазалаушылары дереу қатаң жазаға тартты. 834 ер адамды тергеу елегінен өткізіп, біразын «кедейлер, орта шаруа, контрреволюциялық қозғалысқа белсенді түрде қатынаспаған» деп, 459 адамды «банды қозғалысына белсенді қатынасқан» деп тауып, сотқа беруге шешім шығарады. Жасақтар топтарының айдап кеткен малдарын, мұның ішіне көтерілісшілердің өз малдарын да қосып, бұрынғы иелеріне қайтарамыз деп тартып алды. Осымен қатар, үкіметке қарсылық көрсетіп, қарулы күреске қатынасқан көтерілісшілердің отбасыларын, контрибуцияға жатқызды. Соттың осындай шешім алатынына «жеңімпаздар» күмәнсіз сенді, мұндай отбасы саны - 222 болды.

Сотқа дейінгі шығарылған шешімді цифрлы мәліметтермен көрсетсек, айыпталған 222 отбасында бала-шағасымен қосып 1 есептегенде 1100 кісі болды. Ал олардың малының саны төлімен санағанда - 4099 бас болған. Сонда әрбір жанға 4 бас малдан келеді. Осының 2743 басын (көпшілігі ірі малдар) үкімет тартып алды. Жоғарыдағы көрсетілген отбасыларының күн көруіне барлығы 1364 бас мал қалдырылды, мұның ішінде 264-і сол жылғы төл, сонда бір жанға бір бас ірі малдан ғана қалдырылған, мұнымен тамақ асыруға болмайтындығы айдан анық. Бұл «өлсең өрем қап» дегенмен тең емес пе. Кейіннен бұлардың көбі осы қарғыстың кебін кигені белгілі.

Өкімет органдары өздерінше кешірім жасап, олардың жағдайына қараған болып, белсенді түрде көтеріліске қатынасып тұтқындалған кедейлер мен орта шаруалардың отбасынан мал алмады, олардан алатын ештеме жоқ екенін жақсы білді. Бұлардың жағдайы онсыз да өте ауыр халде болатын. 486 кісілік 118 отбасының 439 ірі малы болды, яғни кісі басына бір бас мал да келмей қалады.

Малай Салғараұлы, Құныскерей Қожахметұлы, Өзбек Ертөреұлы, Асан Шынғалиұлы тағы басқалары басқарған терістік жасақтар топтары, Шоланұлы мен Әминұлының ауылдарымен Қайнар маңында қосылуға мүмкіндіктері болмайды. Олар ауылдарын Дәулеталы көлінің жоғарғы жағымен, Қазыбек тұсынан Жемнен өтіп, түстікке, Маңғыстау түбегіне қарай ұзақ жол жүріп, қиыншылықты бастан өткізіп барып көтерілісшілерге қосылады.

Қолға түскен деректерге сүйеніп, Боқымаш Шоланұлы жөнінде азғантай мәлімет бергенбіз. Енді естеліктерден есте қалғандарды жинақтап, Құныскерей Қожахметұлына да тоқтап өткенді жөн көрдік.

Құныскерей Қожахметұлы құжаттарда Құдыскерей деп жазылған, бұл кісі жөнінде ел арасында аңыздар мен ақиқаттар өте көп.

Хамза Есенжанұлы өзінің «Ақ Жайық» трилогиясында Құныскерей бейнесін өте шебер сомдаған. Ол ел арасында атағы шыққан, осы күнге дейін аса зор дәріптеліп айтылатын азамат. Аса батыл, батыр, құралайды көзінен ататын мерген адам болған.

Кеңес үкіметі орнаған кезде, аса белсене кірісіп еңбек сіңірген, ол ауылдық кеңестің төрағасы да болған. Осы жұмыстарда жүргенде партия, кеңестің саясатының халықтың күткеніндей болмай шыққанына өте қинала қарап, Кеңес үкіметінің саясатын дәріптейтін көзқарасын өзгерте бастайды. Естеліктерге қарағанда, ол жиырмасыншы жылдардың ортасынан бастап жергілікті өкіметтің жүргізіп жатқан озбырлығына ашықтан-ашық наразылығын білдіреді. Өкімет жұмысынан бас тартады. Халықты ұжымшарға, отырықшылыққа зорлап орналастыру, алым-салықтық аса зор асыра сілтеушілікпен жүргізілуіне қарсы тұрады. Осы қылықтары үшін ол өсеккe, жалаға ұшырап, өкімет тарапынан қуғын-сүргінге ұшырайды, бұған барымташы, банды деген кінә тағылып, оны ұстап қылмысты іске тартуға әрекет жасайды.

Құныскерей сияқты атақты азаматтар патша тұсында да, кеңес кезінде де үкімет тарапынан қуғынға ұшырағандар Қазақстанның көп жерлерінде болған. Маңғыстауда Құрмаш, Атырауда Аманғали, Арқада Иман-Жүсіп, Мәди, Басығара баласы Қанапия тағысын тағылар.

1929 жылдары ел арасы бүлініп, Адайлар үкіметке ашық қарсылық көрсете бастағанда Құныскерей сол көтерілісшілер тобына қосылып, олардың басшыларының бірі болады.

1931 жылы Боқымаш Шоланұлының жасақтары және оның қарауындағы ауылдары жеңіліске ұшырап, азаматтары ұсталғанда Құныскерей және басқаларының басқарған топтары Шоланұлы мен Әминұлының ауылдарына қосылуға мүмкіншіліктері болмай, жазалаушылардың қармағынан, Жемнен өтіп үлгереді, Маңғыстауға қарай бет алады. Осыдан кейін оның ізі жоғалады. Боқымаш тағы басқалары Маңғыстауға барып, көтерілісшілерге қосылғанда, Құныскеренді бұлармен бірге барды деген деректер жоқ.

Ел аузында Құныскерей жөнінде көп, әртүрлі әңгімелер болған, оны біреулер Иранға, Ауғанстанға кетті десе, біреулер Дағыстанға өтіп кетті дейді.

Маңғыстау округінің көтерілісшілерін басып, елді мазалағаннан кейін, жұрттың бір қатар бөлігі Түрікменстанға, Қарақалпақстанға, шет елдерге қоныс аудара бастаған кезде, Құныскерей өзіне ешқандай кешірім болмайтынын сезіп, «Мен Қытайға өтемін» деп сыбыс жіберіпті деген де әңгімелер ел ішінде тараған, бірақ Құныскерей шет елге кетпеген. Соңғы 1950 жылдарға дейін ол Жамбыл облысының Созақ не болмаса Сарысу ауданында ма Кіші жүздің руларының арасында тыныш өмір сүріп, балалы-шағалы болған дейді. Оны көрген кісілер де болғанға ұқсайды. Бір естелікте, көтеріліс кезінде Құныскереймен бірге болып, көтерілістен кейін оны елден шығарып салуға көмектескен бір ақсақал 1950 жылдардың басында Созақ, әлде Сарысу ауданында Құныскерейдің үйіне түсіп, сый-сияпат көреді. Бірақ оның Құныскерей екенін білмейді, танымайды. Ал Құныскерей болса мұны танып, оған аттанарда үлкен сыйлық көрсетіп, бір түйесін жетелетіп жіберіпті деген әңгіме де бар.

Бұл шын, болмаса аңыз, әңгіме ме, ол жағы бізге белгісіздеу, бірақ Құныскерейдің үкімет тарапынан жазаланбай, көп жасап, өзінің ажалынан қайтыс болғаны анық. Құныскерей -жөніндегі біздің білетініміздің ұзын-ырғағы осындай.

Бұл сияқты азаматтардың елден, жерден айрылып, туған-туысқандарынан адасып, быт-шыт болған уақытында, бірқатар азаматтар туған топырағын тастап кете алмай, кейіннен көбі Мемлекеттік біріккен саяси басқарманың қарамағына ілініп зардап шекті, атылды, лагерге қамалды, жер аударылды, сол жерлерден қайтпай қалды. Бұлардың кім екенін анықтаудың жалғыз жолы олардың аты-жөнін біліп, архивтерден қарау. Бірақ ондай істің оңай емес екені белгілі.

1931 жылы жазғытұрым табиғаттың жандануымен қатар, көшіп-қонуды асыға күтіп отырған адай өлкесінде де қозғалыс басталды. Шоланұлы мен Әлімұлының қолға түскен ауылдарынан басқалары Жемнен өтіп, Маңғыстауға бет алғанда, бұларға басқа ауылдар да қосылды. Ел арасы аласапыран болды, қалай болғанда да ертерек көшіп, көшкенде кейін қарай, түстікке бет алып, қатардан қалып қалмау үшін ауыл басшылары асыға бастады. Бұған себеп болған, сол кездегі үкімет саясатының қатаңдығы болды. Қандай да болмасын, көшіп бара жатқан елді көрсе, кейін қайыруға, жайлауға қарай көшуге аса қатты шаралар қолданды, кей жерлерде күш те көрсете бастады. Мұның басты себебі елдің жайлауға, арқаға қарай көшпей, терістікке бет алуы болды. Дегенмен, қысқа уақыттың ішінде ірге аудару жаппай жол алды. Үкімет тарапынан алынған шаралар өзінің жемісін жөнді бермеді. Жергілікті әкімшіліктің есебі бойынша мамыр айында Маңғыстау ауданынан 3500, Жылой ауданынан 3200, Табын ауданынан 7000 отбасы шаруашылығы көшіп кетуге үлгерген. Бұндай мағлұмат Ойыл және Доссор аудандары бойынша зерттелген тергеу істерінде жоқ болғанмен, бұл аудандарда да жағдай осындай болмауы мүмкін емес. 11.

Үкімет орындарының жобалауы бойынша, көшіп кетіп жатқан халықтың барлығының мақсаты Қарақалпақстанға, болмаса Түрікменстанға өтіп кету еді. Өйтпесе Маңғыстау жерінде шоғырланып, ағайындарымен, руластарымен бірігіп, тәуелсіз Адай хандығын құру дейтін олардың ойы болмайтын.

Бірқатар ауылдар өздерінің байырғы көшіп-қону бағытымен көшті, ал кейбіреулері Қазақстаннан кетуге ойлары барлары да, елден кетіп қалу ниеті жоқтары да қалай болғанда да жоқшылыққа ұшыратқан алым-салықтан, дайындау науқанынан құтылып кету амалын қарастырған еді.

Жергілікті әкімшілік, кейіннен республика басшылары, жаппай қоныс аударуды, салық жинау, мал дайындау және мал өнімдерін сатып алу жоспарының орындалуына соқтырады деп түсінді. Мұның арты неге соғатынын олар жақсы білді. Жоғарғы орындар мұндай кемшіліктерді жібергендері үшін өздеріне кешірім жасамайтынын да түсінді. Осындай ашулы көзқарастан өздерінің басын қорғау, «ақталу» үшін барлық қоныс аударуды, көшіп кетуді «дұшпандық қимыл, Кеңес үкіметіне қарсы әрекет» деп санады. Сондықтан көшпелі елдің барлығы, байы болсын, жарлысы болсын, Кеңес үкіметінің жауы деп саналғандықтан, бұлармен бәтуаласудың жолын біреу-ақ деп есептеді Ол жол -Қазақстаннан шеткері жерлерден, әсіресе, Кеңес үкіметінің Еуропа бөліктерінің халқынан құралған жауынгер отрядтарды шақыру еді. Олар жергілікті халықтың салт-санасын, әдет-ғұрпын, шаруашылық жүйесін білмейтіндер болатын. Бұларға көшпелі ауылдарды қорқытып-үркітіп, қатаң шара қолданылсын деген тапсырма берілді. Жолдарында кездескен адай ауылдарының барлығының да малын тартып алып, дайындау есебі үшін тапсырып, ақсақал, басшы адамдарын осы қоныс аударушылар бандысының басшылары ретінде қамауға алу, тағы басқа қатаң шаралар қолданылды. Үкімет тарапынан жүргізілген мұндай жалаң саясаттан ештеме шықпады, керісінше халықтың ыза-ашуын келтіріп, халық ашынды. Өздерінің шаруа жайымен көшіп-қонып жүрген, ешқандай көтеріліске қосылу ойларында жоқ момын көшпелілердің көбі көтерілісшілер қатарына қосылуға мәжбүр болды, олар осылардан ғана қолдау, жәрдем күтті.

Үкіметтің үгіт топтарының да, коммунист отрядтарының да,жауынгер жазалаушылардың да халықты тоқтатуға шамасы келмеді. Шоланұлы мен Әминұлы бастаған көтерілісшілердің сәуір айында күшпен күйреуіне қарамай, азғантай қалған азаматтары, оған қоса осы сияқты соққы көрген басқа да ауылдар қаруын тастамады, қарсыласуға бел байлады. Мамыр айында кедей бөлімінің Досан бастаған көтерілісшілері тағы бір рет Боздақ маңында Бакуден келген Ефименко басқарған жазалау отрядтарымен қақтығысты. Бұл жерде қақтығысты дегеннен соғысты десек дұрысырақ болады. Бұл соғысты әкелген көтерілісшілер емес, оны іздеп, қудалаған жазалаушы топтар еді. Олар қай жерде қандай ауылдар көшіп-қонып жүр, олардың күштері қандай, бұл жөнінде жазалаушылардың барлаушылары толық мағлұмат жинап, әр уақытта шабуыл жасап отырды. Бұл жолы да осылай болды. Бейбіт отырған ауылға тұтқиылдан тап беріп, талқанын шығарды. Көтерілісшілердің жеңіске жетеміз деген мақсаты жоқ екені белгілі, қаша соғысып, 6 адамынан өлідей, 8 адамынан жаралыдай айрылып (оның бесеуі кешікпей қайтыс болды), 15 адамы қолға түсіп, жеңіліс тапты. Дегенмен, қатты жеңіліске қарамастан, Досан өзі бастаған ауылдарды түстікке, Үстірттің түпкіріне қарай аман алып өтті.

Ел ішінде жағдай өте шиеленісті. Халықтың қарсылығы маусым, шілде айларында күшейе түсті. Бұл айларда халық көтерілістің шиеленісіп,күшейуіне тағы әр түрлі жағдайлар әсерін тигізді.

12 сәуірде форт-Александровск қаласының абақты үйінен 200 тұтқын күзетшілерді қарусыздандырып, босанып шығып, ел ішіне тарап кетті. Бұлардың қандай қылмыскерлер екендігін, не үшін отырғандарын Гурьев Мемлекеттік біріккен саяси басқармасының Өкілеттік секторының бастығы Калашниковқа жіберген хабарламасында былай деп сипаттайды: «30 кісі - революцияның жауы, 20 кісі - бай дайындауға қарсылық көрсетуші революцияға қарсылықтар, 100 кісі - сіздің ұсынысыңыз бойынша қамалғандар, қалғандары - сайлау науқанына қарсылар, ет дайындауға қарсылықтары және басқа да қылмыстары үшін отырғандар».

Осында көрсетілгендей барлық абақтыда отырғандар - Кеңес үкіметінің жауы, контрреволюционерлер. Оның ішінде тең жартысының қылмыстың іске ешқандай қатысы жоқ сияқты, тек қана жоғарғы мемлекеттік Біріккен саяси басқарманың Гурьевтегі оперсекторының бастығының бұйрығы бойынша қамалғандар. Демек, жоғарғы орындағылар отырғыз десе отырғызады, жазала десе жазалайды, ойларына не келсе соны істейді деген сөз. Мұндай жүгенсіздік ешбір мемлекет заңында болмаған болу керек. Халықтың, жұмысшы, кедей шаруа үкіметінің өзі шығарған, өзі ойлап тапқан пролетариат үкіметінің қылығы осылай болған ғой.

Абақтыдан қашып шыққандар, көтерілісшілердің қол астына кіріп, олардың қозғалысын аз да болса жандандырды.

Түрікменстаннан 1930 жылдың күзінде, 1931 жылдың басында көшіп кеткен Маңғыстау қазақтары мамыр айында кейін қайта бастады. Олар ол жақтан да тыныштық таба алмады. Түрікмендермен бірігіп бас көтерген қазақтарды Мемлекеттік біріккен саяси басқарманың әскері ығыстырған. Оларды Маңғыстау жерінде де Қазақстан жазалаушылары қарсы алып қудалай бастады. Қазақтармен бірге Үстіртке бір азғантай түрікмендер де келді. Олар әр жерлерде көтерілісшілерге дем беріп, оларға қол ұшын берді, қимылын жандандыруға көмектесті.

Халық арасында, соның ішінде көтерілісшілер ауылдарының ішінде, Англияның әскерлері түсіпті, Кеңес үкіметіне қарсы соғыс ашыпты, көтеріліс бастаған кей жерлерде Кеңес үкіметі құлапты деген сыбыс, көтерілісшілерге қайрат беріп, жігерлендірді. Елдің еңсесі көтеріліп, құдайға сиынып, құлшылық етті. Садақа берілді. Құдайы беру соғыста шейіт болған ел боздақтарына да арналды. Мұндай оқиға Үстірттің Қазақстанға қарайтын бөлігінде емес, бүкіл Маңғыстау түбегінің барлық жеріне тарады, қолдау тапты.

Ел қанша құдайға сиынғанмен, арқасын кеңге салып, тыныштық өмір сүру қашан келеді деп аңсағанмен, оның шеті бұларға көрінбейтін сияқты. Олар күн сайын үрейленіп, түнде тыныш ұйқы жоқ, күндіз көшіп-қону қамымен айналысады. Бұрын қазақта көшу, әсіресе жазғытұрым жайлауға көшу қандай мереке, той болатын. Ауыл ақсақалдары көш бастап, ауылдың қонатын жерін, оның отын-суына ыңғайлы жерлерін алдын-ала әзірлесе, жастар бір бөлек, ойын-күлкі, мүше алып қашу, жарысу тағы басқа ойын-сауықпен көңіл көтеретін.

Қазіргі уақытта мұндай өмірдің бірі жоқ, қай жағынан, қай төбенің астынан жау шығып қалады деп алаңдаумен, қорқынышпен үрейленіп, күн көрісін өткізіп жатқан халық. Мұндай жағдайда барамын деген жеріне баруға мүмкіншілігі болмай, жетемін деген жеріне жете алмай, үлкен дағдарысты, қиындықты басынан кешірген елдің жайын пайымдаудың өзі қиын.

Көшпелілердің жағдайының артықшылығы мен әлсіздігі көшпелі өмірдің өзіне тән қасиетімен байланысты екені ежелден-ақ түсінікті. Үнемі жайылыммен су іздеп бір жерде тұрақтылық таба алмайтыны түсінікті. Көшпелілердің өмір сүру жағдайы, ата дәстүрі, әдет-ғұрпы оларды уақыт пен кеңістікке бейім жүруге ыңғайлады. Мыңдаған отбасын, он мыңдаған малды бір жерге жинап ұстауға бұл өңірде су да, жайылым да жетпейді, сондықтан бір жерге, жиналып, шоғырланып, бірігіп күш жинау мүмкін емес екендігі де анық. 12 Өмір үшін күрес бұларды бытыраңқыланып жүруге мәжбүр етті. Көшпелілердің бөлініп, бөлек-бөлек жүруі дұшпанның күшінің де бөлінуіне әкеліп соқты. Бұларды шөл, мүлдем белгісіз кең далада көтерілісшілердің, болмаса көшпелі ауылдардың ұдайы соңына түсуіне душар етті. Күн сайын қоныс аударып жүрген ауылдарды іздеп табу бұларға да оңай болған жоқ. Бірақ көп малымен, бала-шағасымен, қарт адамдарымен көшіп жүрген ауылдардың қуғыншылардан құтылып кету мүмкіншілігі аз болды, ал жазалаушы отрядтардың бұлардың соңына түсіп қуып жетіп, жазалауға мүмкіншіліктері артық болды. Бұлар автомашинамен, жаңа заман қаруларымен қаруланған, кең даланың тегіс жері бұларға жол қиындығын да көрсетпеді, сондықтан көтерілісші елді кез-келген уақытта қуып жетіп, қатаң жазалап, сазайын тарттырып отырды.

Көшпелі халықтың бытыраңқылығы көтерілісшілер қозғалысына өзінің әсерін тигізбей қойған жоқ. Өзін-өзі қорғау мақсатында туысқандық байланыстары бар әрбір ауылда өздерінің басшыларын сайлады. Басшының айтқанын екі етпей орындау ежелден келе жатқан қағида болғандықтан, мұндай қиыншылық заманда бұл заң бұлжытпай орындалып отырды. Ерікті жауынгер жасақтары құрылды. Мұны құру үшін екі-үш отбасынан бір-бір жігіт өзінің көлігімен, қару-жарағымен келуі тапсырылды. Кей жерлерде мұндай жасақтардың сарбаздар саны 1000-га тарта болды, оларды 40-30 кісіден бөліп, әскери бастықтарын тағайындады. Бұл Топтар бір-бірімен әр уақытта хабарласып, ел басшыларының тапсырмаларын орындап, барлау жұмысын жүргізіп, жазалаушылардың жылжымалы отрядтарының бағытын біліп, оны тез хабарлап отырды. Дегенмен, соңына түскен жаудан бұлар әр уақытта да құтылып кете алмады. Бұлардың қару-жарағы өте мардымсыз, ату құралдары, оның оқ-дәрісі мүлдем жоқтың қасында болды, бар қарулары найза, қолдан жасалған қылыш, сойыл, шоқпар ғана болды. Мұндай қарумен бесатар мылтық, пулемет, карабинмен қаруланған әскерге қарсы тұру қиындыққа соқтырды, сондықтан да бұлар әр уақытта көп шығынға ұшырап, жеңіліс тауып отырды.

Көтерілісшілердің жасақтар топтарының бірінші, басты мақсаты шабуылға шығып, жауға қарсы тұру емес, олардан бой тасалап, ауыл адамдарын, мал жандарын қудалаушылардан қорғау болатын. Азық-түлікшілердің жасақтар топтары үкіметтік, қоғамдық ұйымдарға, ұжымдық шаруашылықтарына шабуыл жасап, олардың мүлкін алып, малдарын айдап кетіп, қоғамдық ғимараттарын өртеп, бастықтарын жазалап отырды. Бірқатар көтерілісшілер тобы Үстірттің солтүстік шығыс жағында, Сам құмдарының маңайында шоғырланды. Олар Өліқолтық соры, Көгел дөңесі, Бейнеу маңына дейін қимыл жасап, күн көру қамын ойластырды. Доссор ауданының № 32 және № 33 ауылдары өздерінің басшысы етіп Жамақ бөлімінен Ыстамғазыны, оның көмекшісіне Жеменейдің Кенже бөлімінен Тұяқты сайлады. Бұлардың жасақтары 500 дей кісіден құралды. Көтерілісшілердің ең бір үлкен тобы Үстірттің орталық бөлігінің түстігінде, Сам құмынан Қарабауыр бөктерінде, Қарамая тауы мен көлінің айналасына жиналды. Бұл ауылдарды Мырзағали Тынымбайұлы, Айшуақ Жаңайұлы, Дауылтай және олардың сенімді көмекшілері Мамай Салғараұлы, Өткелбай Батынұлы (Қожаұлы), Бәйімбет Жангелдіұлы, Назыр Бөкенұлы, Қарабатыр Қаралдаұлы, Ерғали Күтегенұлы, Қоңғабай және Досандар басқарды. Бұлардың жасақтар топтары бірнеше жүз кісіден құралды, барлығы 2000 адамнан асты.

Барлық көтеріліс қозғалысының басшылығын, ел алдында беделді, халық қолдайтын Мырзағали Тынышбайұлы өз билігіне алды.

Көтерілісшілердің қозғалысы мен қимылын жандандыру мақсатымен Маңғыстау түбегіне, Бозашыға Мырзағали өзінің көмекшілері Жармағамбет Қажыбайұлын Қарабатыр Қаралдаұлын, Өткелбай Батынұлын, Ақшолақ Жаңайұлын, Жұмабай Үсенұлын, Қонғабайды, Досанды және басқаларын жіберді. Бұлар осы жерлерде қарсыластардың жаңа топтарын ұйымдастырды. Бұл екі буыннан тұрды. Бұның біріншісі, үлкендеу бөлімі терістік Ақтаудың түстік жағы, түстік Ақтаудың айналасы, Қаратаудың батыс және шығыс бетінің елдерін қамтыды. Бұның бастығы болып Жармағанбет Қожабайұлы сайланды. Қарауында мыңға тарта жасағы бар бұлар өздерінің ықпалын Түпқараған түбегіне, оның батыс жағалауындағы форт-Александровск, Баутино елді мекендеріне, Бозашы түбегіне, Қайдақ сорының түстік және шығыс жағалауына, Қаракешу шатқалының маңына жүргізді.

Маңғыстауда құрылған екінші бөлім, Шолпан-Ата соқты құдықтарының маңын, Сеңгір құмының түстік бетін, Бостан құмының шығыс жағын қамтыды. Осы жерлерден көтерілісшілер әрекеті Каспийдің шығыс жағалауына, Александр-Бай және Кендірлі шығанақтарының арасына дейін жетті. Бұл жерлерде Жұмабай Үсенұлы мен Қонғабандын басшылық етуімен 1000-нан аса атты көтерілісші болды.

Көтерілісшілер өздерінің осыншама ұлан-ғайыр айдаладағы бытыраңқылық жағдайына қарамастан, маусым айында бұрынғыдан гөрі біркелкі ұйымдасқандық көрсетіп, қимылын жандандырды. Коммунистік және жазалаушы әскери отрядтар көтерілісшілерге жоспарлы, белгілі мақсатты, бір бағытты түрде соққы беріп отырғанмен, жалпы жағдай үкімет басшыларын едәуір алаңдатты.

Көтерілісшілер қозғалысын басу, қатаң шара қолданудың жалпы басшылығы қазақстандағы Өлкелік мемлекеттік біріккен саяси басқарма өкілдігінің ерекше бөлім бастығы Белоноговқа жүктелді. Бұның басқару штабы, орталығы форт-Александровскде болды. Бұған көшпелі ел арасындағы жағдайлар жөнінде, барлық жауынгер отрядтардан, аудандардан мәліметтер түсіп жатты. Сонымен бірге бұл жерден, жоғарғы орындардан, жауынгерлік әрекеттерді үйлестіріп, ықпалын арттыру жөнінде жарлықтар, нұсқаулар жіберіліп тұрды.

Көтерілісшілер қозғалысына қарсы 32 бөлімнен құралған жауынгерлік отрядтар әрекет жасады. Оның 14-ті Мемлекеттік біріккен саяси басқарманың әскерінен, қалғандары коммунистік ерікті отрядтардан, партия, кеңес, комсомол белсенділерінен құрылғандар. Бұларды да Мемлекеттік біріккен саяси басқарманың жергілікті органдарының оперативтік қызметкерлері басқарды. Бөлімшелердің жауынгерлік құрамы 1000-нан аса адам болды, ал коммунистік отрядтар 200-ге жақын адамнан тұрды. Бұлар бесатар мылтықпен, қылыштармен, тағы басқа жеткілікті қару-жарақпен, оқ-дәрімен қамтамасыз етілді, атыс құралы 12 станокты, 8 қол пулеметінен, бір мортирка (қысқа мойынды зеңбіректен), бір күзетші кемеден, 13 жүк машинасынан, 2 жеңіл автомашинадан, жеткілікті жылқы көлігінен құралды.

Жазалаушылардың айбарлы күшінің құрамы төмендегідей болды:

- Мемлекеттік біріккен саяси басқарманың сыртқы Кавказ округтік шекаралық басқармасының бастығы Сумбатов басқарған екі дивизион Баку жартылай эскадроны және Дағыстан отряды, барлығы 400 жауынгер.

- Мемлекеттік біріккен саяси басқармасы әскерінің 24-ші полк командирінің көмекшісі Оглоды басқарған әскери күзетінің 100 кісілік атқыштар тобы және 70 адамдық Мемлекеттік біріккен саяси басқарманың әскері, екі станокты пулеметпен және «Атарбеков» күзетші кемесінің атыс құралымен күшейтілген.

- 100 әскери жауынгері бар; 2 станокты пулеметпен 6 қол пулеметімен қаруланған Воронежский басқарған Саратов отряды.

Көтерілісшілерді басушылардың күші маусым айының басында жоғарыда айтылғандай күмәнсіз басым болды. Булав жақсы қаруланған, ұрыс қимылдарын жүргізуде ұйымдасқандық білдірді, барлау әдісін шебер жүргізді. Көлік күшінің артықшылығын, жылдам орын ауыстыру әдісін тиімді пайдаланды. Осының нәтижесінде көтерілісшілердің қай жерде қалай қаруланғанын біліп алып, жазалаушы отрядтар мамыр айының аяғына таман тиянақты операция жасап, маусым айының басында бірнеше жерде көтерілісшілерге аяусыз соққы берумен аяқтады.

21 мамырда Каспий теңізі арқылы Өліқолтықтың түстік шығысына 40 кісілік әскерімен Гурьев дивизионы келіп түсті Олар сол жердің жағалауын барлағаннан кейін, теңіздің оңтүстік жағасымен 5 маусымда Кендірлі шығанағының жағасына келді. Осы жерден автомашинамен дивизион әскері терістік шығысқа қарай Бесоқты және Сенек құдықтарын бағытқа алды. Одан әрі қарай Сеңгірқұм және Бостанқұм құмдары арқылы отряд Қайдақ сорының оңтүстік жағалауымен Қаракешуге келді.

Мамыр айында қарауылда 110 әскері бар, 2 қол және 3 станокты пулеметімен қаруланған 8 жүк, 2 жеңіл автомашинамен, 39 атты әскерімен форт-Александровскіде Сырма басқарған 68-1 дивизион шықты. Бұлар Маңғыстау бөктерінің және Бостанқұм құмының он бетімен Бесоқты, Сенек құдықтары арқылы Босаға, Қайғылы-Баба, Қарақын, Тағылбай, Күшетас құдықтарына шықты. Осыдан кейін қарай жүріп Қондақ арқылы Қарашек көлінің терістігімен Бесовы, Сенек дақтарына қайта оралды. Бесоқты маңында бұларға баталау жасап жүрген Клигман тобы қосылды.

Осыған қарағанда, қарсылас топтардың екі жағы да осы жылғы жаз айларында шешуші айқасқа өздерінше әзірленіп қамданғаны байқалады. Көтерілісшілер қозғалысы адам саны жөнінен басым болғанмен, олардың қару-жарақтары жоқтың қасы еді. Олардың барлық әзірлігі жазалаушылардан сытылып шығу, елді аман сақтап, көп шығынға ұшыратпау, бала-шағаны жылатпау болды. Бұлар шабуылға шығып, жауды жеңу деген мақсатты қай уақытта да алдарына қойған емес. Олардың мықты қаруы - озбырлыққа қарсы ызасы, халықтың көз жасы, ел қорғап шейіт болған боздақтардың төгілген қаны, осыған ызаланған батырлық, қайсарлық, өшпенділік, жауынгерлік күш.

Жазалау топтарының осы жазда әзірлігі аса зор болды. Көпжақты бағдарламалар жасалды, қару-жарақпен толықтай қамтамасыз етілді. Оның үстіне соңғы бір-екі айдың ішінде, көтерілісшілердің көшіп-қонып жүрген жерлерін, ел арасындағы жағдайларды тыңғылықты зерттеді. Бұлардың көтерілісшілерге қарағанда мүмкіншілігі көп болды. Олардың «көздері мен құлақтары» қай жерде де болғаны анық. Көп жерлерде барлау жұмысын жалғастырды, жазалаушылар отрядтары осымен қатар, көтерілісшілермен төрт рет кездесіп, оларға шабуыл жасады.

Енді архив құжаттарының көрсетуіне сүйеніп, сол қақтығыстардың барысы жөнінде тоқтасақ, олар қысқаша мына төмендегідей сипат алады.

8-10 маусымды Сенек құдығының маңындағы Қоғабай сарбаздарының бір бөлек тобы мен жазалаушылар арасындағы соғыста, олардың үш кісісі өліп, екі көтерілісші қолға түседі, бұлардан 50 оғымен 2 бесатар мылтық алынады.

19 маусымда Қарақын құдығының басында Сырма жазалаушы отрядының екі жеңіл пулеметі бар бір взводы Қонғабай жасағының 60 кісілік отрядымен кездеседі. Бұл соғыста 7 кісі өліп, 7 кісі қолға түседі, 60 оғымен бір бесатар мылтық алынады. Бұл жолы көтерілісшілердің қорғауындағы бірге көшіп жүрген бейбіт ауылдар ауыр жазаға ұшырады. Өздері ала жаздай тыным таппай қуғыншылардан ығысып шаруа жағдайы күрт төмендеген ауылдар 1200 қойынан 150 түйесінен 23 жылқысынан, 42 киіз үйінен айрылды. Осы қайғылы қақтығыстан кейін, өлгенін, жаралыларын өздерімен бірге алып, көтерілісшілер Қарақынның шығысындағы Қыңыр төңірегіне қарай шегінді. Жазалаушылар осы соғыста бір атын ғана жоғалтты.

21 маусымда Босаға құдығының оңтүстік бетінде Бәйімбеттің жасағымен, 68-дивизионньщ бір қол пулеметі бар, 20 атты әскерінің арасында атыс басталды, жазалаушылардың бесатар мылтықпен, пулеметпен жаудырған оғына шыдай алмай көтерілісшілер сол жердің сай, жылғасын пайдаланып, қашып үлгерді. Соғыс даласында олардың ер-тұрманымен 9 аты және бір қылышы қалып қояды. Осыған қарағанда, көтерілісшілер жасағы, өлгендері мен жараланғандарын алып кетуге үлгерген болу керек, ерттеулі аттарын тастап кету тек осыны ғана дәлелдейді. Архив құжаттарында бұл соғыста қанша адам өлді, жаралы болды деген мағлұматтар жоқ. Жазалаушылар әр уақытта соғыс даласында алып кетуге шамасы келмей қалып қойғандарды ғана шығынға есептейді. Сондықтан да өлген мен жараланғандар санын азайтып көрсету де бұлардың саясатының бір астары болуы керек.

24-25 маусымда Босаға құдығының 12 шақырымдай жерде көтерілісшілердің барлық қарулы күштерінің бастығы Мырзағали Тынымбайұлының жауынгер жасақтарымен 68-дивизионның жазалаушыларының арасында тәулік жарымға созылған қанды шайқас болды. Бірінші күнгі, 24 маусымда көтерілісшілер күші, 40 кісілік әскері бар жазалаушылар отрядынан 10 еседей көп болды. Екінші күні, 25 маусымда дивизион соғысқа 110 кісілік, 3 станокты, 2 қол пулеметтерімен қаруланған барлық әскер құрамын қосты.

24 маусымда Қарқын құдығына өтетін тау асуын барлау үшін Сырма бір автомашинамен 8 жауынгерін және 2 оперативтік қызметкері Чапурин мен Фетисовты жіберді. Тау асуына жақындағанда оларды тасадан көтерілісшілер тобы атқылай бастады. Фетисов ауыр жараланып, екі сағаттан кейін лагерьде қайтыс болды. Автомашинаның жүргізушісі жеңіл жарақат алып аман қалды. Қарсыластарының күштерінің қандай екенін біле алмаған Сырма жасырын барлау жүргізу үшін 3 кісілік атты әскер тобын қайтадан жіберді. Бұларды лагерьден 12 шақырымдай жерде көтерілісшілер қамауға алып екеуін өлтірді, біреуі лагерьге аман оралды.

24 маусымда көтерілісшілер жазалаушылар отрядының лагерін үш жағынан қоршауға алып, шұғыл шабуылға шығады. Бірақ шабуылдың асығыс басталуының, ұйымдастыру басшылығының кемістігінен ешқандай нәтиже бермейді. Түнге қарай соғыс бәсеңдегенмен екі жақта мазасызданып, үрей үстінде болды. Бұл күнгі айқаста жазалаушылар да жеңіске жете алмады. Келесі күні соғыс қайтадан сол бағытпен жүріп күн ұзаққа созылды.

Мұндай ұзаққа созылған атысқа көтерілісшілердің мүмкіншілігі аз екені анық. Бұларда атыс құралы мардымсыз, бесатар мылтық та, шиті мылтықтары да өте аз, оқ дәрісі санаулы, осы сияқты күшпен жақсы қаруланған жазалаушыларға қарсы тұру амалсыздық болатын. Жау жағының қаруы белгілі, кісі басына бесатар, пулемет, көк ала қару асынған, атыс құралы жақсы меңгерген, әдейі әскери әзірліктен өткен, соғыс амалын білетін, тәжірибелі жауынгерлер.

Қазақтарда ертеден жаяу әскер болмаған, ат үстінде қолма-қол найзамен, қылышпен соғысқан. Сондықтан атысып, ештеме шығара алмайтынын түсінген бұлар, неде болса оққа қарсы, төтен ерлікке шығуға бел байлап, көзді жұмып ашық шабуылға, қардай бораған пулемет оғына қарсы шапты. Бірақ бұдан еш нәтиже шықпайтыны белгілі болатын, бірден-ақ шабуылшылардың қатары бұзылды көтерілісшілер 3 өліп және 3 жаралы жауынгерлерін тастап, Қарқын құдығының маңына қарай жасырынды.

Сырма отряды күн ұзаққа созылған соғыстан кейін шаршаған болу керек, көтерілісшілерді қуған жоқ. Соғыс даласында қалған өліктердің біреуі Мырзағали Тынымбайұлы болып шықты. Кейіннен жоғарғы орындарға жіберген хабарлама бойынша Мырзағали жаралы болып, лажсыз жағдайға түсіп, қаруын тастаудан бас тартып, оқпен жауап береді, оның тірілей қолға түспейтінін түсінген жазалаушылар тобы, оны қылышпен шауып өлтіреді. Есіл ер бұл өмірмен сөйтіп қош айтысады.

Мырзағали Тынымбайұлы тағы басқа ел азаматтарының барлығы да халық үшін қан төккен, беделді, зиялы қадірменді адамдар болатын.

Бізде Мырзағали жөнінде деректер жоқтың қасы. Ол кезде онымен бірге болған адамдардан ешкім қалған жоқ. Ел аузында азын-аулақ қалған естеліктерге сүйенсек, ол өте батыл, батыр адам болған. Оның батырлығы осы көтеріліс кезінде бірнеше рет дәлелденген. Оның үстіне ел басқару қабілеті де мол болған, сондықтан оны көтерілісшілердің басшысы етіп тағайындаған.

Бір ғана оның жау алдында бас имей, шыбын жанын пида етіп, ақырғы оғына дейін жауға атып, қылыппын оларға сермеген. Жау қолына түсіп, Досан бабалары сияқты абақтыда шіріп, жендеттердің қолында өлгеннен, айқаста өлгенін артық көріп, оғы таусылып, жаралы болғанда да берілмей, жау қылышы басын кескенше күрескен.

Осы Мырзағалимен болған соңғы соғыста оны кескілеп өлтірудің мәнісіне қалай түсінуге болады? Өзі жаралы, атуға оғы жоқ, қылыш сермеуге әлі жоқ Мырзағалиды қылышпен шауып өлтіруді жауыздықтың барып тұрған шегі десек те, бұны өшпенділіктің ызасы десек те, адамшылықтан айрылған айуандық деп түсінсек те, болмаса бұратана халыққа көз қарастың бір көрінісі десек те, әйтеуір кім білсін, өлім халінде жатқан кісіні кескілеуді түсіну қиын. Бұл қандай да болмасын соғыс заңына жатпайтын қаталдық. Жазалаушылардың мұндай қаталдығы амалсыздан істелген шаруа емес, әдейі жасалған жауыздық. Кезінде мұндай жағдайды біреу түсінсе, халықтың көбі түсінген жоқ, қазақ үшін, соның ішінде адай еліне кейіннен келген генноцидтің бастама нышаны десек артық болмайды. Осы көтерілістің нәтижесінде қанша халық қырылып, қуғынға тап болса, оның арты ашаршылыққа ұшырады, ел азып-тозып қанғырып кетті, қалғандары екінші дүниежүзілік соғыстың құрбаны болды. Сонда бұны генноцид демегенде не дейміз?

Бізге Мырзағали Тынымбайұлының бейнесі жан-жақты толық ашуға осы жазылғаннан артық дерегіміз болмады. Осы еңбек жарық керіп, ел арасында тараса оқырмандар ішінен Мырзағалидан қалған ұрпақтар, не туған-туыстар шығып қалар деген үміттеміз. Солай болған күнде олардың білетінін жинақтап, осы бір кесек тұлғаны халқымызға тағы да таныта түссе, ол құрметті парыз болар еді.

Екінші бір азамат, көтерілісшілердің басшыларының бірі болған Қаралдаұлы Қарабатыр да жай кісі болмайтын. Оның әкесі Қаралда Саламатұлы Жеменейдің, бес Өрдегінің Бөкен бөлімінен. Қаралда үлкен күш иесі, балуан адам екен, ел арасында күшті болсаң, нән болсаң Қаралдадай бол деген сөз бар.

Осы кісі жөнінде ел ішінде қалған бір естелікті еске салып кетсек артық болмас дейміз: Қаралданың бурасы су ішемін деп шыңыраудың аузына басын салғанда, басы тас әйкелге қысылып қалып шығара алмайды.

Әйкел деген таудың тасын дөңгелетіп өңдеп, ортасын қауға сиятындай өтіп тесіп, құдықтың аузына жабады, бұлар бірінің үстінде бірі бірнешеу болады. Әйкелдер құдыққа шаң топырақ түспеске, мықтылыққа жасалады. Содан Қаралда бурасын тартқанда, оны тас әйкелмен бірге алып шыққан дейді. Сол Қаралда балуанның баласы Қарабатыр да алып күштің иесі болған дейді. Ол көтеріліс кезінде өлді ме, немесе ұсталып кетіп, жоқ болды ма бізге белгісіз. Сөйтіп есіл ерлердің тұқымдары осылай құрыған сияқты.

Мырзағали жасақтарымен болған соғыс жөнінде Қазақстан Мемлекеттік біріккен саяси басқарманың өкілдігіне тағы басқа жоғарғы басшы орындарға жіберген хабарламасында Белонов былай дейді: «Көтерілісшілердің ашық шабуылға шыққан кезінде пулеметтен оқ жаудыру нәтижесінде олардың жалпы шығыны 60-100 адамнан кем болған жоқ» дейді. Хабарлама авторының айтуынша көтерілісшілер өлгендері мен жаралыларын алып кетуге үлгерген. Шайқас даласында айтып үлгере алмағандары ғана қалды Сырма отрядының олжасы - 4 орыс, 2 ағылшын онатар (карабин) мылтықта- VT 2 наган, 300 патрон. Бұдан басқа жазалаушылардың қолына көтерілісшілердің отбасы, бала-шағасы, барлық малда түсті. Бірақ хабарламада және басқа да құжаттарда бұлардың саны көрсетілмейді. Дивизион 3 жауынгерінен өлідей айрылды, екі кісісі жаралы болған.

Көтерілісшілер қозғалысының жағдайы Маңғыстау түбегінің батыс жағында, Үстірттің терістігінде басқаша өріс алды.

Маңғыстау тау сілемінде Жармағамбет Қожыбайұлы бастаған көтерілісшілер жасағы, үкіметтік, қоғамдық шаруашылықтарға бірнеше рет шабуыл жасады. Бұларды бұл жағына итермелеген өкіметтің азық-түлік дайындау жөнінен қатаң саясаты болды. Көтерілісшілердің ауылдарында да, көтеріліске қатынаспаған отырықшы кедейлерге де тамақ асырау, бала-шағасын киім-кешекпен қамтамасыз ету күннен-күнге қиындыққа соқты. Осыған қарамастан үкімет басшылары, жергілікті әкімшіліктер бұл жағдайды аз да болса жеңілдетуге ешқандай шара қолданбады, ал бұл саясатты өзгерту деген ойларына да келген жоқ. Ауылдарда зорлық-зомбылық өріс алды. Жарлылар, кедейлер малы, мал өнімдері жоқтығының, жетіспеуінің салдарынан тамақсыз, киімсіз қалды. Аштар мен жалаңаштарға тек қана көтерілісшілерге қосылудан басқа жол қалмағандықтан, олар бұлармен бірігіп, маңайындағы шаруашылықтарға, дайындау тіректеріне, өндірістерге шабуыл жасап отырды.

Мамыр айында Бозашы түбегінен дайындалған мың қойды айдап кетті. Форт-Александровск қаласының маңында екі кооперативтік тіректі тонады, одан елден жиналған 5 мыңдай малды алып кетті. Маусымның басында форт-Александровскден 60 шақырымдай жерден 200 жылқыны қуып кетті.

Осындай жағдайдың шиеленісіп бара жатқанын байқаған өкімет органдары үрейлене, сескене бастады. Форт-Александровск қаласының маңындағы елден жиналған 20 мың қой-ешкіні, 1500 түйе мен жылқыны сақтау үшін барлық майды форт-Александровск қаласына жинап бағу керек деп шешім алады, бірақ бұны орындауға мүмкіншілік болмайды. 68-дивизионның жорықта жүргендігін, оның қарауындағы бөлімшелерді қорғайтын жауынгерлердің жоқтығын пайдаланып, 23 маусымда Жармағамбет Қожабайұлы мың қаралы жасағымен фортқа шабуыл жасайды. Бұған қала әкімшілігі қарсы тұрып, өкімет, кеңес, партия белсенділерін 60 бесатар, 40 аңшы мылтықтарымен қаруландырып, оқ жаудырады. Соғыс бір күнге созылды. Қорғаушылар жан аямай соғысты, өкімет органдарын, банкті, кооперативтің қоймаларын, абақты үйін, радио станциясын қиратып, басын алуға жол бермеді. Бірақ 8 жеке үйді, кооператив тірегін, өндіріс трестін тонаудан қорғай алмады. Мектепті және мал жинау одағын өртеп жіберді. Шабуылшылар барлық малды айдап кетті. 2 белсенді қаза тапты, біреуі жаралы болды, бір қатар тұрғындарды ұрып-соғып зәбірлеп, таяққа жықты. Шабуылшылар өлгені бар, жараланғандары бар 30 шамалы адамынан айрылды.

Осыдан кейін Жармағамбет жасағы қаланы тастап, үш топқа бөлінді. Оның біріншісі бір мыңдай шаруашылықты қорғауға алып, Қаракешу арқылы Үстіртке қарай бет алды. Қайдақ сорының оңтүстік жағасымен Қаратүйе мекеніне жетіп, одан әрі қарай бұрылды. Ешкіқырған құдығында бұлар Ақшолақ Жанайұлы жіберген Өткелбай Батынұлы басқарған 200 кісілік жасақпен қосылды. Содан кейін Агото құдығының маңымен Қарабауыр құламасына бағыттады, бұл жерде бұларға Ақшолақ, Қонғабай, Бәйімбет, Досан, Жармағамбет басқарған ауылдар, жасақтар қосылды. Осы жерде Мырзағали отрядының жазалаушылардан қашып құтылған қалдықтары да осыларға қосылды.

Ауызбен айтып, қағазға түсіру оңай болғанмен, бірінші топтың фортты тастап, мыңнан аса шаруашылық жасақтарымен Үстірттің үстіндегі шөл даламен жаздың нағыз ыстық кезінде Қарақалпақ шекарасына, Қарабауырдың құламасына дейін көшуі амалсыздықтың ғана шарасы болатын. Бұл мезгіл көшпелілердің көшетін уақыты да емес екендігі белгілі, егер көше қалғанда тыныштық кезінде, жазғытұрым бұл ауылдар жайлауға Жем, Сағыз, Ойыл өзендерінен әрі қарай салқындау жерлерге көшетін. Бұларды осындай жағдайға жеткізген, қуғыншылыққа ұшыратқан үкіметтің, жазалаушы отрядтардың екпіні болатын. Көтерілісші ауылдардың бір мың шақырымдай, күнге қарсы көшуінің себебі осының зардабы, қуғыншылардан құтылудың амалы. Көшкен елдің бала-шағасы, жасы жеткен қарттары ауруға шалдықты, шөлге ыстыққа шыдай алмай өлімге ұшырады. Оның үстіне тамақ тапшылығы да осыған қосылды, тыныш уақытта жаз кезінде малдың сүтімен күн көретін көшпелілер, көшіп-қонып жүргенде сауын малдары төлдерімен бірге айдалып, бала-шағаға сүт болмады, соның салдары сәбилер арасында әр түрлі аурулардың көбірек етек алуына соқтырды, балалардың шәтшеуі жөнінен едәуір көптеу екінші топ Бозашы түбегінің түкпіріне қарай кетті. 27 маусымда бұлар Долги жарты аралында балық өндірістеріне шабуыл жасады, олардың дүние-мүлкін олжалады.

60 шамалы жасағы бар үшінші топ өздерінің шаруа отбасыларымен теңіз жағалауымен түстік бетке қарай жылжыды.Бұлардың мақсаты Александр-Бай шығанағындағы балық өндірістеріне шабуыл жасап, олардан азық-түлік алып, тұрмыс халі төмендеген ағайындарына бөліп беру болатын.

Бұл соңғы екі топтардың ауылдары бірінші топтың көрген қиыншылығын, ауыр азабын көрген жоқ, Үшінші топтың барған жерінің қашықтығы 500-600 шақырымдай болғанмен, теңізге жақын жағалаумен көшудің онша қиыншылығы болмады. Дегенмен, жайшылық уақытта көшумен жаугершілік мезгілде - көшіп-қонудың айырмашылығы жер мен көктен екендігі белгілі. Ел өне бойы қорқынышта, үрейде, қай жақтан, қай уақытта қуғыншылар келіп қалады деген үрей халықтың тыныштығын кетірумен болды.

Осы мезгілде Мемлекеттік біріккен саяси басқармасы әскерінің 24-полк командирінің көмекшісі Оглоды басқарған Баку отряды 27 маусымда форт-Александровск қаласына келіп жетті. Бұлардың алдына қойған мақсаты айналасы 50 шақырымдай қаланың маңайын көтерілісшілердің қайталап шабуылынан қорғауға алу еді. Осымен қатар бұлардың ойы форттың терістік бетіндегі көтерілісшілердің шағын топтарына да шабуыл жасау болатын.

23 маусымда қалаға шабуыл жасаған көтерілісшілердің негізгі ең көпшілігі Бозашы түбегіне қарай ауысып, ол жерлерде балықшы өндірістерін олжалаумен айналысып жүрген, міне осылар қалаға қайта айналып соғуы да мүмкін болатын. Сондықтан Шматков және Ефименко басқарған, Оглоды отрядының көпшілігі Бозашы маңына келіп, көтерілісшілердің ізіне түсіп соққы беруге кірісті, жолында кездескен ауылдарды талқандап, малдарын талай, адамдарын жәбірлеумен айналысты.

29 маусымда Бозашы түбегінің түпкі жағында Қайры жерінің батыс бетінде 25 жауынгерден құралған Ефименко басқарған бөлімше, бір топ көтерілісшілер жасағымен кездесті. Қақтығыс көпке созылған жоқ, екі жағы да шығынсыз тарасты. Жазалаушылар осы жерде көшіп жүрген Жылой ауданының № 26 және № 27 ауылдарының 23 азаматын банды құрамының «белсенді қатынасушылары» деген айыппен тұтқындады.

4 шілдеде Кочак шығанағының терістігінде Шәудір құдығында 96 кісілік әскері бар, бір станокты пулеметпен және «Атарбеков» күзетші кемесінің атыс құралымен күшейтілген Шматков бөлімшесі 90 кісілік жасағы бар көтерілісшілермен шайқасты. Көтерілісшілер мұндай қару-жарағы бар жазалаушыларға қарсы тұра алмай, жеңіліс тапты. Бұлардан 17 кісі өліп, 10 адам жараланып, 50 адам қолға түсті. 33 мылтық, көптеген мал басынан айрылды. Шматков бөлімшесінен бір ғана кісі жаралы болды.

Осындай жедел шара алғанның нәтижесінде, жақсы қаруланған жазалаушылар барлығы бір жетінің ішінде Бозашы түбегіндегі көтерілісшілер қозғалысын толықтай жеңіп, форт-Александровск қаласына олардың тарапынан шабуыл жасау қаупін жойды.

Жазалаушылар Маңғыстау түбегінің басқа жерлеріндегі көтерілісшілер қозғалысына да тұс-тұстан қысым жасай бастады.

Оперативтік қызметкерлері Криворучко, Мостовой, Токарев, Рахматуллиндер басқарған коммунистік отрядтары Сам құмының маңайындағы көтерілісшілер тобын қоршауға алды.

Жазалаушы экспедициялардың барлық уақытта жеңіске жете бергендігін айтпасақ та түсінікті. Бірақ олардың бір рет жеңіліс тапқан уақыты да болды.

12 шілдеде Сам құмының терістік шығысында жүрген Мостовой отрядына шабуыл жасалды. Мостовой отряды күшінің аздығына қарамастан, қаруларына сенген болу керек, ұрысқа кірісті. Айқас 9 сағатқа созылды. Коммунистік отряд қатты жеңіліске ұшырады, 18 жауынгерінің Мостовой бастаған 5 қана адамы әрең дегенде қашып құтылды, қалғандарынан айрылды.

Өтес, Қызылсай және Қызылтас бұлақтарының маңында жүрген 200-250 кісілік жасағы бар көтерілісшілер тобы Сам құмының шет жағындағы көтерілісшілермен қосылу үшін Қайдақ сорымен, Өлі-Қолтықтың жағалауымен онша алыс болмағанмен 200-300 шақырымдай жерді айналып жүру үшін Бейнеудегі Рахматуллин бастаған коммунистік отрядпен кездеспей қалмайтын еді, бұлардың Бейнеуге соқпай кететін басқа жолы болмайтын. Осыны байқаған Рахматуллин отряды Мостовойдың 12 шілдедегі жіберген қателігін қайталағысы келмеді. Мұның барлаушылардан алған хабарламасы бойынша, көтерілісшілер күші, адам санымен есептегенде әлдеқайда көп екенін ескеріп, Мемлекеттік біріккен саяси басқармасының Гурьевтегі оперсекторымен келісіп, өзінің 47 кісіден тұратын отряды, Бейнеуден 200 шақырымдай жердегі Қаратон мұнай өндірісінің шығыс бетінде, Сарқамыс, Прорва жағына алып кетті.

Маусым және шілде айларында жүргізілген қатаң, шұғыл операциялардың нәтижесінде Маңғыстау түбегіндегі көтерілісшілер қозғалысы бірнеше рет жеңіліс тапқанмен олардың әлі де болса қарсыласуға мүмкіншілігі бар болатын. Екі жағы да шешуші айқасқа әзірленді, әсіресе жазалаушылар жағы бұл міндетті жедел қолға алып, құлшына кірісті.

«Жұт жеті ағайынды» деген бекер айтылмаған ғой, 1961 жылдың жазы басталысымен ауа-райы әдеттегісінен әлдеқайда ыссы болып, елдің тыныштығын ала бастады. Үстірт үстінің суы азайып, жайылымдардың шөбі ерте күйіп, малға қолайсыз болды. Табиғаттың мұндай қолайсыздығы жазалаушыларға жаман болған жоқ. Бұлардың қару-жарағының артықшылығымен, қосымша әскер күшінің қамтамасыз етілуімен бірге табиғаттың жағдайы да оларға көмектесті. Осындай қиыншылыққа шыдай алмай көшпелі көтерілісшілер жасағы Маңғыстау ойына, теңіз жағалауына қарай түсуге мәжбүр болды. Мұндай амалсыздық жазалаушылар қармағына түсуге әкеліп соқтырды. Алажаздай тыным таппай көшіп-қонып жүрген ауылдардың әлеуметтік жағдайы төмендеді, мал арық, сауда-саттық жасайтын, мүмкіншіліктің жоқтығынан күннен күнге азық-түлік азайды, ашаршылық қауіп туды, түрлі ауру-сырқау көбейе бастады. Бұның бәрі халықтың рухын түсіріп, сенімін кеміте бастады.

Көтерілісшілердің әлеуметтік хал-күшінің нашарлауы, қиыншылыққа ұшырап амалсыздан ойға түсуі, жазалаушылардың бұларды Үстірттің үстінен, шөл даладан іздемей, негізгі өздерінің базасынан алыс емес және жауынгерлеріне таныс жерлерден қарсы алып, оларға қиналмай соққы беруге қолайлы болды. Осыны пайдаланып, Белоногов көтерілісшілер қозғалысын біржола басу мақсатымен шешуші операцияның жоспарын жасап, оны Қазақстандағы Мемлекеттік біріккен саяси басқарманың Өкілдігіне келісуге жіберді, онда төмендегідей ұсыныс жасалды:

- көтерлісшілерді оңтүстікке, Түрікменстанға, шығыс бетке Қарақалпақстанға жібермей олардың жолын бөгеу;

- көтерілісшілер жөнінде ең анық мәліметтер алу үшін, әскери және агентуралық барлау жұмысын күшейту;

- ірі көтерілісшілер тобына бір мезгілде шабуыл жасап, олардың бірігіп, күш жинауына мүмкіндік бермеу;

- көтерілісшілер қозғалысын бөліп-бөліп соққы беріп, олардың топтарын, негізгі базасын жойып жіберу;

- форт-Александровск қаласын, теңіз жағасына орналасқан балық өндірістерін, тас көмір, тұз шығаратын жерлерді, ауыл шаруашылық артельдерін, тұтыну қоғамдарының қоймаларын, мал, шикізат одақтарын, сенімді берік қорғауға алу;

- көтерілісшілердің қозғалысын басуға күш біріктіру мақсатымен, Қазақстан және Түрікменстан Мемлекеттік біріккен саяси басқармасының әскерлері мен органдарының жұмыс бағытын байланыстыру;

- көтерілісшілердің қарсылығын тоқтатып, ел ішінде тыныштық орнату үшін олардың ішіндегі ру басшыларымен, ақсақалдарымен байланыс жасап, келіссөз жүргізу.

Келісссөз жүргізу жөнінде екі бағытта пікір туды, оны операция бастағанға дейін бе немесе шешуші соққы бергеннен кейін жүргізу керек пе? Бірақ, қандай шешім алынғаны белгісіз, дегенмен жазалаушылардың барлау жұмысы, агентуралық әрекеттері ел арасында, көтерілісшілер жасақтары мен топтарының ішінде белгілі, бір бағытта, жоспарлы түрде жүргізіліп отырды.

Жазалаушы отрядтары, олардың жоғарыдағы басшылары барлаушы топтарының деректеріне сүйене отырып, Маңғыстау түбегінде, Үстірт үстінде, шығыс және түстік беттеріне, Қарақалпақстан, Түрікменстан шекарасына дейін бір мезгілде, бірнеше жерден көтерілісшілерге соққы беру үшін, Белоноговтың жоспары бойынша, форт-Александровскден ең қашық жатқан Қарақалпақ шекарасына жақын жерлерді де қамту мақсатымен, Кендірлі шығанағы бағытындағы Бесоқты, Қарқын құдықтары арқылы, Тағылбай және Күшетас құдықтарына қарай шығу 170 кісілік бірінші отрядқа тапсырылды. Бұл жорық ең үлкен, баратын жерлері ұзақ, алыс жол болатын.

100 жауынгері бар екінші отрядқа форт-Александровск, Қаратүйе мекені, Ешкіқырған құдығы, Бесшымырау, болмаса жағдайға қарай, Қосақұрық құдығы бағыты бекітілді. Бұл бағыт бірінші отрядтың терістік жағымен жүріп отырып, Бейнеудің түстік бетімен, Үстірттің орта бөлігін түгелімен қамту болатын, 70 жауынгері бар Рахматуллин Мостовойдың біріккен үшінші отрядына Күйкен мекені мен Бесшымырау, Бейнеудің түстік жағымен Қарабауырдың терістік орталығын алып, Қарақалпақ шекарасына дейінгі бағытта соққы беру, содан кейін жағдайға қарап, екінші отрядпен хабарласу тапсырылды.

Төртінші Арал біріккен отрядының оперсекторы Әжібай шығанағынан Барса-Келмес сорына қарай жүретін жолмен Күшетас құдығына бет алды.

Бұл жерлерді қамтудың өзінше үлкен мәні болатын, бұл Қазақстанның Қарақалпақстанға шығатын шет жағы, сондықтан шет елге шығу үшін көшіп жүрген ауылдарды кейін қайтарып, бірінші, екінші отрядтардың жүрген жерлеріне қарай елді қайыру мақсатымен жоспарланған жұмыс болатын. Бұл бағытқа, егер керек болатын болса, үшінші отрядтың жауынгерлері де бұрылып, екінші отрядпен хабарласу тапсырылған.

Осындай жан-жақты қаралған жоспар бойынша, Белоноговтың қарауында жақсы қаруланған Мемлекеттік біріккен саяси басқарманың бөлімшелері және оперативтік қызметкерлер басқарған коммунистік отрядтар, барлығы мың жарымдай адамнан құралған күші болса да, ол көтерілісшілер қозғалысы ауқымының үлкендігін сылтау етіп, мұндай күштің белгіленген операцияға аздық ететінін айтып, Қазақстандағы Мемлекеттік біріккен саяси басқарма Өкілдігінің бастығы Даниловскийден және оның орынбасары Рогоздннен мұның қарауына 200 жауынгерлік тұрақты әскер жіберуін сұрады. Белоногов жоғарғы басшылардан бұл күштің маңғыстаулық Төлесін Әлиев басқаратын қазақ ұлттық атты әскер полкынан болуын өтінді. Мұның себебін ол көтерілісті басушылардың көбі еуропалық ұлттан болғандықтан, жергілікті халықтың наразылығын күшейтуі мүмкін, ол көтерілісшілер қатарын көбейтуге де ықпал етеді деп түсіндіріп бақты.

Дегенмен, қазақтардан құралған коммунистік отрядтарда басқа жерлерден, соның ішінде, Гурьев, Ақтөбе округтерден шақырылған қазақтар аз болған жоқ. Олар оперативтік қызметкерлер Алдияров, Гафиатуллин, Насыров, Рахматуллин, Үмбетияров, Омарходжаев, Халилов басқарған отрядтарда қазақтар жеткілікті болды. Бұлардан басқа да барлық отрядтарда да оперативтік қызметкерлер, тілмәштар, жол көрсетушілер, оперативті барлау жұмысын жүргізуші қазақтар болғаны анық.

Белоноговтың мұндай сауалын Өлкелік партия комитеті мен Қазақстан өкіметінің Маңғыстауға жіберген уәкілдері Меңдешев және Асылбеков те қолдады.

''Мұндай саясаттың түпкі мақсаты не екені айдан анық белгілі болатын. Қазақтарды қазаққа қарсы қойып, оның басшысын жергілікті Адай руынан шыққан Әлиевке жүктеуді сұрауы да сұрқиялық емес пе. 1 шілдедегі форт-Александровскден Өлкелік партия комитетінің бірінші хатшысы Голощекиннің атына Меңдешев пен Асылбековтың және Мемлекеттік біріккен саяси басқармасының Гурьевтен оперативтік секторының бастығы Калашниковтың жіберген жеделхатында жағдайды хабарлаумен қатар, ұлттың атты әскер дивизионын жіберуді сұрайды. «Жағдайдың өте маңыздылығын ескеріп, операцияны ұлттық атты әскердің күшімен жүргізу саяси орынды деп есептейміз. 22 маусымдағы секретариаттың қаулысы бойынша, атты әскер дивизионын жолдас Әлиевтің басқаруымен жіберуді сұраймыз. Дивизион 5-шілдеде Красноводск қаласы арқылы түскені жөн».

Бұған қарағанда, Мендешев пен Асылбеков, Мемлекеттік біріккен саяси басқарманың Гурьевтегі оперсекторының бастығы Калашников, операцияның бастығы Белоногов барлығы да ұлттық атты әскерінің дивизионын жіберуді сұраумен қатар, сол полктың командирі Әлиевтің келуіне қатты көңіл бөліп, сұрағаны анық. Бұның себебін айтпағанмен «бұл саяси орынды болады» дегендеріне карағанда, олардың түпкі ойы қандай болғанын кім білген, бірақ Әлиевті қалайда болса осы шешуші айқаста пайдалану болғаны анық.

Әлиев Маңғыстауға келді ме, көтерілісшілер қозғалысын басуға қатынасты ма, ол жөнінде архив құжаттарынан мәліметтер кездестіре алмадық. Шешуші айқастың қалай өткенін, оның қай уақытта басталып, қалай аяқталғаны жөніндегі мәліметтер де жоқ. Сондықтан бұл жағдайлардың бір-бірімен байланысты болуы мүмкін. Бұндай мәліметтер архив құжаттарында болуы болған, бірақ солардың таптырмай кетуінде бір сыр бар сияқты, бұның да тегіннен тегін болмауы мүмкін.

Шешуші операцияның нәтижелі бітуі қосымша күштің уақытында келуімен және қару-жарақпен қамтамасыз етілуімен байланысты екенін айта келіп, Белоногов Қазақстандағы Мемлекеттік біріккен саяси басқарманың өкілдігіне жіберген жеделхатында былай көрсетеді: «Алайда бағдарламаны қарағанда, тамыз айында адайда, әсіресе Үстіртте өте ыссы болады, ол операция жүргізген мезгілде, әскер күшіне, малға, автокөлікке өте жағымсыз болатыны ескертілсін, соңғы шайқаста ыстық өтіп кету оқиғасы көп болды» деп хабарлайды.

«Осы уақытқа дейін созылып келе жатқан операцияны жүргізу жоспарының жан-жақты қаралуын қыркүйек айына қалдырып, оған дейін осы жоспарға сәйкес отрядтарды дайындап, негізгі бағыттарына шоғырландыру керек».

Белоногов операция жүргізудің бұдан басқа да бірнеше өзгешеліктерін көрсетеді:

- жердің өте шалғайлығы, ауыз судың тапшылығы;

- азық-түлік пен жемді тасудың қиындығы;

- қолға түскен мал, мүліктерді және тұтқынға түскендерді мезгілінде жеткізудің қиыншылығы;

- шабуылға шығатын бөлімшелерді жеткілікті азық-түлікпен, жеммен қамтамасыз етудің ауырлығы;

- көршілес отрядтармен және соғыс аймағынан қашықтағы жерлермен байланыс жүйесінің мезгіл-мезгіл үзіліп қалуына жол бермеу; көтерілісшілердің көшіп-қонып, орын ауыстыру жылдамдығы жоғары екендігі ескерілсін.

Жоғарыдағы жағдайды ескере келіп мына төмендегідей қажеттілікті ескеруін сұрайды:

- жүріп өтетін жолдарды және құдықтарды аралық базалар мен байланыс тіректері арқылы жалғастыру;

- 68-дивизионға шұғыл түрде 35 әскер атын жіберу;

- базалар мен байланыс орындарын ұйымдастыру және бекіту үшін коммунистік отрядтар құрамын 50 жауынгермен толықтыру, мұны Орал оперативтік секторына тапсыру керек;

- жіберілетін бөлімшелер шатырлармен, екі айлық азық-түлікпен, жеммен қамтамасыз етілсін, әрбір жауынгерде 300, пулеметте 6000 патрон (оқ) болу керек;

- бұрыннан тұрған дивизионмен отрядтарды қосымша 20000 патронмен жабдықтау керек;

- экспедицияны кем дегенде 6 мортиркамен (қысқа мойынды зеңбірек) және жеткілікті түрде гранатамен жабдықтау керек;

- станокты пулеметтерді тачанкамен қамтамасыз ету керек;

- екі радиостанция жіберу керек;

- агентуралық, тергеу жұмыстарын күшейту үшін жергілікті ұлттан 5 оперативтік қызметкер тобын жіберу керек».

Операцияның басталу мезгілі Белоноговтың пайымдауынша, жоғарыдағы көрсетілген күш құралдардың келіп үлгеруіне байланысты.

Белоноговтың Алматыға, Бакуге, Гурьевке, Ақтөбеге жіберген радиохабарламаларына қарағанда, ол шешуші, ақырғы шабуылға әзірлену барысында жоғарғы өкімет орындарынан өзінің жоспарын қолдауды күтумен бірге, көтерілісшілердің қай жерлерде шоғырланғанын, қандай, қанша қару-жарақтары бар екенін, олардың шабуылға шығу жоспарларын, елдің көңіл-күйін білу үшін агентуралық-әскери барлау жұмыстарын жандандырды. Теңіз жағалауынан десант (шабуылшы топ) түсетін базалар тіректерін, байланыс орындарын құратын, шабуыл бастауға қолайлы жерлер іздеді.

Анықталған деректерге қарағанда және архив құжаттарының көрсетуі бойынша, Мырзағали Тынымбайұлы өлгеннен кейін Босаға, Қарқын, Тағылбай құдықтарының маңындағы көтерілісшілер - және Мырзағали отрядының қалдықтарын Қонғабайдың қарауына енеді. Жармағамбет Қожабайұлы, Бәйімбет Жангелдіұлы, Ақшолақ Жанайұлы басқарған көтерілісшілер жасақтары да Қонғабайға қосылды. Біріккен жасақтардың күші 1500 адамға дейін көбейеді. Үстірт үсті жайылымның нашарлап, шөптің күйіп кетуіне байланысты, Қонғабай өздерінің шаруашылықтарын Сенек құдығының маңына әкелді, Сенгірқұм және Бостанқұм құмдарының айналасында көшіп-қонып, осы жерден форт-Александровск қаласына, Кендірлі шығанағындағы балық, өндірістеріне жорық жасау да ойларында болған.

Сам құмының маңында Мостовойдың коммунистік отряды көтерілісшілерден жеңіліс тапқаннан кейін, Рахматуллин басқарған коммунистік отряды Бейнеу бетінен Қаратон өндірісі маңына қарай ауысқаннан кейін, Қарабатыр Қаралдаұлы мен Өткелбай Батынұлы басқарған көтерілісшілер өздерінің қарауындағы ауылдары мен Үстірттің батыс шетімен Қайдақ соры мен Тұзбайыр сорының түстік шығыс мүйісінің арасындағы Ағашты. және Агиске құдықтарына құлайды. Осыдан кейін шығыс Қаратау және Шекшесу бұлағына дейін барып Оңды құдығының түстік батысына жетеді. Осы жерлерде бұларға ізімберген Жеймебайұлы, Ағашбай Өтежанұлы, Нәдір Бекенұлы, Досан тағы басқалары басқарған көтерілісшілер топтары қосылады. Сонымен Қайдақ сорының оңтүстік шығысынан бастап Өтес, Ешкіқырған, Қыземшек, Шопан-Ата құдықтары, Тұзбайыр соры, Оңды, Шектесу, Жыңғылды құдықтары арқылы жүретін бүкіл Бозашы түбегінің оңтүстік шығысын алып жатқан үлкен аумақты жерге қуатты көтерілісшілер топтары орналасты. Толық емес мәліметтерге қарағанда, көтерілісшілердің жасақтар күші екі мың кісі шамасындай болған. Бұлар Қоңғабайдың жасақтарымен тығыз байланыс жасап, 50-60 кісіден құралған жеңіл жасақтар тобымен Теңіз жағалауы бетінде барлау жүргізіп, сол маңдағы өкімет органдарына шабуыл жасап отырды. Сонымен қатар, көтерілісшілерге қосылмаған жергілікті ауылдарды да мазалап, малдарын алып, азық-түлік жинап қорқытып-үркітті. Бұлардың мұндай қылықтары олардың наразылығын туғызып, қарсы тұруға дейін апарды. Осындай қорлыққа-зорлыққа шыдай алмаған елдің наразылығы көтерілісшілердің арасында да тармай қалған жоқ. Бұны түсінбеуге де болмайды. «Қарға тамырлы қазақтың» әр жерде де туған-туысқаны, жегжат-жұраттары бар, осындай ағайындық қатынастар бейбіт ауылдармен көтерілісшілер ішінде де аз болмаған. Осының салдарынан алауыздық, сенімсіздік тағы басқа түсінбеушілік орын алғаны анық.

Көтерілісшілер арасындағы кедей шаруадан құралған топтарының соңғы кезде қозғалысшылар қатарынан шығуға тағаттанып ойлана бастағаны байқалды. Мұның басты себебі, көтеріліске қатынасқан елдің шаруашылық, әлеуметтік жағдаяттың күннен күнге төмендей бастауы болса, көтерілісшілердің өне бойы жеңіліске ұшырап, көп шығынға тап болып, мал-мүлкінен айрылуы, қатаң жазаға тартылуы да әсер етпей қойған жоқ. Екіншіден, үкімет орындары жарлы-жақыбайларды, кедей шаруаларды, егер олар көтерілісшілер қатарына білмегендіктен, немесе оларды зорлап, қосылуға мәжбүр етсе, қылмысты іске бармаса, олар үкімет алдында жауапкершіліктен босатылады деген сыбыстар да тарап жатқандықтан болу керек. Осыған қоса жергілікті өкіметтің басшылары, жазалаушы отрядтардың барлаушы топтары, көтерілісшілер арасындағы ақсақалдармен жүргізген келіссөздері де өзінің әсерін тигізбей қойған жоқ.

Ел ішіндегі орын алған аштық-жалаңаштық, ауру-сырқаулық, онымен қоса қарулы әскерге қарсы шығып ештеме шығара алмайтынын түсіне бастаған халыққа, үкімет басшылары көтерілісті күшпен басу емес, басқа бір шешім алғанда, соңғы болған қанды қырғынның мөлшері әлдеқайда аз болған еді, өкінішке орай, мұның ешкімнің де ойына келмегені анық.

Адай жеріндегі оқиғаның жоғарыда көрсетілгеннен басқа қалай өрбігенін, соңғы қорытында: операцияның ақырғы жоспары қалай орындалғанын, оны жүргізуде қанша құрбандық болғаны жөнінде мәліметті білуге мүмкіншілік болмады. Белоноговтың және Қазақстан үкіметінің Маңғыстаудағы өкімет мүшелерінің, жергілікті партия, кеңес орындарының, Мемлекеттік біріккен саяси басқарманың басшыларының бірігіп жасаған жоспары бойынша бұдан бұрын болған қақтығыстардан, соғыстардан, жазалаушылардың елге жасаған жазалау әрекеттерімен әлдеқайда ауқымды болуы қарастырылған. Өкінішке орай, мұндай құжаттарды таппадық. Қазақстан Ұлттың Қауіпсіздік комитетінің архивінде мұндай мәлімет болмай шықты. Дұрысында, жанама сілтемелерге қарағанда, 1959 жылы ондай құжаттар болған, бірақ оны іздеп табуға мүмкіндік болмады. Кездесіп қалған үздік-создық мәліметтерге сүйенсек, шешуші операция жоспарда көрсетілгендей 1931 жылдың қыркүйек айында аяқталған сияқты.

Тағы да қайталап айтсақ, Әлиев бастаған ұлттық казак полкы Маңғыстауға барды ма? Барса қай жермен барды, Красноводск арқылы ма, немесе Орал жағымен бе? Бұл жөнінде тыңғылықты мәлімет жоқ. Мұны білетін ел ішінде қалған ақсақалдарды да кездестіре алмадық.

Сондықтан, 1990 жылғы «Жұлдыз» журналының сегізінші нөмірінде бұрынғы бір эскадронның бастығы Кәрім Асенов былай деген атпен жазған естелігінде былай дейді. «1931 жылы казак полкы Алматыда тұрды, оның бастығы (командирі) Төлеміс Әлиұлы болды. Соған түскен нұсқау бойынша Әлиұлына 80 есімді жауынгермен басуға жүру — Жетпісбайұлы деген жауынгер болды...»

Асеновтың жазуы бойынша, Жетпісбайұлы және басқаларының айтуы бойынша, жорық өте қиын болды соғыста екі жолдасынан айрылған, бірақ қай уақытта отряд жүріп кеткен, қалай көтерілісті басуға қатынасқаны жөн ештеме айтпайды.

Сырғабековтің Орталық партия комитетінің саған баяндамасына сілтеме жасасақ және Голощекиннің екі ұштылау етін айтқан қорытынды сөзінде Әлиевтің, Меңдешевті Мыңбаевтың үстінен қара бұлт торлағаны анық, ол арамызда адайлар жөнінде теріс пікір айтқандар бар» дегенде осыларды ойына алғаны анық. Бірақ Әлиев те Меңдешев те аман қалған. Соған қарағанда, бұлардың Адай көтерілісін басуға сіңірген еңбектері еске алынған болу керек.

Адай көтерілісін біржолата басу үшін қалай болғанда да нақтылы қызмет қағаздарында, жарлықтарда, нұсқауларда хабарламаларда жеделхаттарда, рапорттарда, бұларға берілген жауаптарда, тағы басқа да құжаттарда толық көрсетілуі мүмкін емес. Мұның үстіне бұл жұмысқа көп қызметкерлер мекемелер қатынасқаны да анық, бірақ еш жерде ешқандай құжаттар жоқ. Қандай соғыс болғанда да, оның ең басты бағасы шығын жөнінде болу керек, бұл жөнінде мәлімет тағы да жоқ, іш аузында қалған естеліктерде Адай көтерілісінің қасіреті мен тартқан зардабы адам айтқысыз, жан түршігетін етіп баяндайды. Бұл шындықты білетіндер, басынан өткізгендер сыбырлап айтпаса, даусын шығарып сырласа да алмады. Қазір оны көзбен көргендерді табу да қиын.

Сонымен, құпия сол құпия күйінде көміліп қалды. Қай уақытта, кім болса да мұны анықтайтын құжаттарды, архивтегі деректерді артқа қалдыру өте қауіпті деп есептеген болу керек.

ҚАСІРЕТ

1931 жылдың наурыз айында басталған Адай, оған кейіннен қосылған Табын ауданының бір азғантай қазақтарының халық көтерілісі қыркүйек айында біржолата жеңіліске ұшырады. Мұның осындай қайғылы жағдайға ұшырайтыны әуелден-ақ белгілі болған. Көтерілісшілер жоқшылыққа ұшыратқан Кеңес үкіметінің саясатына өшпенділігі мен жергілікті өкімет басшыларына ызасынан басқа ештеме қарсы қоя алмады.

Жазалаушы әскери басшыларының жоғарғы үкімет орындарына, өздерінің қолбасшыларына жіберген хабарламаларында көтерілісшілердің күшінің басым екенін үнемі дәлелдеумен болғаны анық. Оның басты себебі әр уақытта қосымша әскери күш, қару-жарақпен қамтамасыз етуді сұрап отыру болатын.

Көтерілісшілердің тек қана қарусыз кісі санынан артықшылығы болғаны ғана белгілі, басқа ешқандай басымдылығы болған жоқ, ол адамдар кеудесін оққа тосқан тірі жандар еді. Соғыстарда, қақтығыстарда шешуші кезең қару-жарақтың күші, соғыс әдісін білудің нәтижесімен ғана айқындалып отырады. Сондықтан да жалғыз ғана 12 шілдедегі Сам құмының маңындағы Мостовойдың азғантай отрядымен болған соғысты санамағанда көтерілісшілердің кісі саны әр уақытта да басым болғанымен еш уақытта жеңіске жете алмады.

Көтеріліс жасақтарын басқарғандар соғыс әдісін білмейтін, шала сауатты, болмаса мүлдем сауатсыз адамдар болды. Ал оларға қарсы тұрған жазалау бөлімшелерінің бастықтары тәжірибелі әскери қолбасшылар, қатардағы жауынгерлері әскер қатарында арнайы дайындықтан өткендер болатын.

Белоноговтың Алматыға жіберген ең соңғы операцияның қортынды жоспарында көрсетілгендей, ол қосымша әскери күш, қару-жарақ сұрағанда көтерілісшілердің жылдам орын ауыстыруы жөнінен артықшылығы бар дегені де шындыққа үйлеспейтінділігін мынаның өзімен-ақ дәлелдеуге болатындай: Көтерілісшілер үнемі өзімен бірге бүкіл ауылын, мал-жаны бала-шағасы, әйелдері мен шал-кемпірлерін алып, оларды қорғап отырғандықтан, жылдам орын ауыстырып отыру мүмкіншілігі аз болды. Ал жазалаушылар мұндай қиыншылық көрген жоқ, әр уақытта жүріп-тұруға, орын ауыстыруға көлік пен автомашиналар болса, радиостанциялар арқылы хабарласып, көтерілісшілер арасындағы өздерінің барлаушыларынан да мәлімет жинауға мүмкіншілігі мол болды.

Осындай жалған мәлімет жинап, көтерілісшілерді аса бір қауіпті қарсылас қылып, болмаған жағдайды болды деп өтірікшілердің өсегін «жерден жеті қоян тапқандай» етіп көрсетуді әдетке айналдырған арсыздардың саясаты, арамдардың ниеті болатын. Көтерілісшілердің қару-жарақтары жөніндегі шындыққа жанаспайтын мәліметтері мен хабарламалары хақында көптеген мысалдардың біреуіне тоқтап өтейік. Мемлекеттік біріккен саяси басқарманың Доссор аудандық бөлімінің бастығы Хлебников 12 сәуірде Гурьевке жіберген хабарламасында «Шопанұлы мен Әминұлының жасақтары 100-ден аса бесатармен, аңшы мылтықтарымен қаруланған», деп көрсеткен ал шындығында олардың топтары талқандалғаннан кейін, 21 сәуірде барлығы 3 бесатар және 3 аңшы мылтығы ғана болғаны анықталды. Өтіріктерінің шындыққа жанаспайтынынан ұялған олар, «ұялған тек тұрмас» дегендей, «көтерілісшілер жеңіліске ұшырағаннан кейін мылтықтарын жерге көміп кетуге үлгерген» деп ұғындыруға тырысқан.

Соғыста жеңіліп, өздері, барлық ауыл-аймақтары, мал-мүліктері қолға түсіп, өлгендерін қалай жерлеуді білмей қамығып жүрген халық мылтықтарын көміп, оны кімге тастап кетеміз деп ойлады дейсің.

Тағы бір назар аударатын жағдай, көтерілісшілер қозғалысының басталған күнінен бастап, талқандалып біткеніне дейін олардан бар болғаны 137 бесатар, 542 аңшы мылтығы және 3349 патрон алынған. Егер ой жіберіп қарасаңыз осыншама кең далада бөлек-бөлек жүрген көптеген көтерілісшілер отрядтары мен топтары болғаны белгілі, ал осындай мардымсыз қарумен қандай да болмасын жақсы қаруланған, әскери жаттығудан өткізілген жауынгерлерге үрей туғызыпты деуге бола ма? Бұған дәлел наурыздан тамызға дейінгі 15 ұрыста, 8 қақтығыста, толық емес мәліметтерге қарағанда, жазалаушылардың көрсеткен есебі бойынша, қыркүйектегі ақырғы, шешуші операцияны қоспағанда, көтерілісшілер 168 кісілерінен өлідей айрылып, 22-сі жараланып, 74 адамы қолға түскен. Бұдан басқа, жазалап, шапқыншылық жүргізгенде қолға түскен ауылдардан 1715 адам қамауға алынған-ды. Ауылдардың көптеген жәй адамдары үйінен айрылып, қақтаған ыстықтың астында, күн көзінде, аш-жалаңаш, сусыз шөлдеп азап шекті. Алыс жолдарға оларды жаяу айдады. Осының салдарынан көп жазықсыз адамдар аурудан, аштықтан, шөлден өлді. Айдаушылар бұлардың ауыр жағдайымен мүлде санаспады, қашты деп, жүрмеді деп, жүруге шамасы келмегендермен де санаспай, ұрып соқты, атып тастады. Мұндай өрескел мейірімсіздік, аюандық қатаңдықтың нәтижесінен өмірден кеткендердің есебі алынған жоқ, із-түзсіз жоқ болып кетті. Бұлардың туған-туысқандары, бұл жөнінде хабарсыз болды, іздеуге мүмкіншілік болмады, бұған жол бермеді, өте құпияда сақталды.

Көтерілісшілердің отбасына, бала-шағасына да ешқандай аяушылық, есіркеу болмады, бұлардың қолында қалған азғантай малдары ішсе тамаққа, кисе киім-кешекке жетпеді, қайыршылық күн кешті. Адамдарды өшпенділік заңы басқарған жерде, қайырымдылыққа, мейірімділікке, рахымдылыққа орын қалмайды дегеннің кебін киді. Халық даналығының рас екенін анықтады.

Екі жақ та келісімге келмейтін қарсы тұру жағдайында болғанмен, ел басына түскен ауыр азапты аз да болса жеңілдету мақсатында, аяушылық нышаны сияқты елес көріне бастағандай болғаны да байқалады. Өтірік, расын кім білген, кейбір кездескен мәліметтерге қарағанда Қазақстан Мемлекеттік біріккен саяси басқармасы өкілдігінің бастығы Даниловскийдің және Гурьев оперативтік секторының бастығы Калашниковтың көтерілісті басушылардың бастықтарына берген нұсқауларында көшіп жүрген елдердің барлығы көтерілісшілер емес, бұлардың ұлттық шаруашылық жағдайларын ескеру керектігі айтылған. Жазалаушылардың бастықтарына жіберген мәліметтерінде жазалау шарасын қолға түскен көшіп жүрген көшпелілердің барлығына жаппай жүргізбеу керектігін, кедейлер мен орта шаруаларды, егер олар кісі өлтіруге, тонауға, өрт жіберуге тікелей қатынасы болмаса жауапқа тартып, тұтқындауға бармауды ескертті.

Көтерілісшілер де қолға түскен жазалаушылар өкілдерінің барлығына бірдей қатаң жаза қолданған жоқ, қатаң жаза тек қана көтеріліске дейін, болмаса көтеріліс кезінде, мал дайындау науқанында, тағы басқа өкімет жұмыстарын жүргізгенде алдағандарды, пара алғандарды, әйелдерді ашыналыққа үгіттеушілерді қатаң жазалады. Басқа қолға түскендерді, егер олар мұндай келеңсіз іске қатынаспаған болса босатып жіберіп отырды.

Дегенмен, көтерілісшілерге өтірік жала жауып, жасамағандарын жасады, істемегендерін істеді деген айыптар тағылған жағдайлар да көп болды. Мұндай өтірік жала жабудың ол кезде саяси мәнідe болмай қалған жоқ. Осындай болмағанды болды деп ел арасына тарату, көтерілісшілерге халықтың наразылығын туғызу болатын. Әсіресе, шет жақтағы ауылдарда, көтеріліске қатынаспаған басқа округтердің елдерінің арасында, көтерілісшілерге көмек беріп, оларды жақтай ма деген қауіптен сескенген атқарушы, кеңес, партия әкімшілігі әдейі ел арасында үгіт жүргізді, жай халықты қорқытып үркітті. Мұның бір айғағы, жоғарыда айтылған К.Асеновтің мақаласындағы Жетпісбаевтің айтуы бойынша, көтерілісшілер құдықтарды улап, оларға мысықтардың, иттердің өлігін тастап кеткен дейді. Бірақ ешқандай оперативтік құжаттарда тергеу істерінде мұндай бірде бір оқиғаның болғанын көрсетпейді. Егер бола қалғанда, ол жазалаушы, қаралаушылардан ескерусіз қалмаған болар еді, оларға қылмысты әрекет деп іс қозғалмай қалуы мүмкін емес және оның шындыққа үлеспейтіндігі, ол кезде көтерілісшілерде улы заттың болуы да неғайбыл екенінен дәлелденеді. Сонымен қатар, ертең өздерінен кейін уланған, былғанған құдықтарға өздерінің туыстары жерлестері келіп қонатындары белгілі емес пе. Мұндай ойдан шығарған лақап кезінде біреулердің жапқан жаласы болу керек, болмаса осыны айтушының сол кездегі жағдайдың қиындығын, көтерілісшілерді басудың қатерлі екенін, осыны басымыздан кешірдік, көрдік деп айту үшін шығарғаны болуы да мүмкін.

Көтерілісшілерді құстанаушылар жазалаушылар ғана емес көбі өзіміздің қазақтардың ішінен шыққан десек өтірік болмайды. 1960 жылдарға дейін көтерілісшілерді құбыжық етіп көрсету бәсеңдеген емес. Олар түрікмендермен де төбелесті әлімдермен де алысты деп кінә тақты. Ал адайлардың Хиуа хандығынан 300 жылдай зорлық көргенін, Үстіртте, шөл далада, жайлауға шыға алмай азап шеккенін ешкім де түсінген жоқ, көмек те болған жоқ. Тек қана 1832 жылғы хиуалықтармен соғыста қол үшін берген Қарашоқай-Беріш Құлбарақ батырдың басы Хиуаға кетсе, денесі ақ жуылып, арулап Үстіртке қойылды. Әлімдермен пәтуаға келтірген Исатай-Махамбеттер ғана.

Ал 1930 жылдардағы көтерілістің пәлесін адайларға жапты, мұнда келісім болған жоқ, қасіреттің орын алғаны белгілі.

Сондықтан, көтерілісті мадақтап, мақтап, оған қатынасқандарды, сол үшін жапа шегіп, жанын бергендерді ел ардагерлері деп айтатын күнді әлі де болса көре алмай келеміз.

ҮШТІКТІҢ ЛАҢЫ

Барлық тірі қалған көтерілісшілердің басшыларынан тек қана Жармағамбет Қожыбайұлы, Дауылтай және Қоңғабай ғана қылмыстық жауапкершіліктен құтылды. Олар Түрікменстанға қашып, сол жақтан таптырмай кетті. Боқымаш Шопанұлы, Мамай Салғараұлы, Қазақ Шиенұлы өздерінің жасақтары жеңіліс тапқанда қашып кетіп, кейіннен Мемлекеттік біріккен саяси басқармасы органдармен іздестіріліп, қамауға алынды.

Біз айтып отырған Қоңғабай Түрікменстанға қашып, ұстатпай кеткен болса, тағы бір естеліктерде Қоңғабай Шоғырұлы Тобыштың Шегем бөлімшесінен, 1930 жылдарға дейін Түрікменстан жағында болып жүргенде, үкіметке жақпастық әрекет жасаған ба, әйтеуір Мемлекеттік біріккен саяси басқармасының жергілікті органдарының қырағы қабағынан құтыла алмай жүргенде Мемлекеттік біріккен саяси басқармасының Қоңыраттағы және Гурьевтегі органдары бірігіп, бұған «егер Құрмаш Қосжановты ұстауға көмектессең жазаңнан құтқарамыз» деп, Құрмашты іздестіруші жазалау отрядына қолбасшы етіп еріксіз алған дейді.Қоңғабай Маңғыстау жерін жақсы білетін, ізшіл, аңшы, сері, батыл адам болған. Өткен қылмыстарыңды ұмытамыз дегеннен кейін, басқа шарасы болмай, ол амалсыздан келіседі. Оларға жол көрсетуші ғана болады. Дегенмен, берген уәделерінде тұрмай бұған сенімсіздік білдіріп, 1930 жылдары айдалада атып кеткен екен деген әңгімелер тағы бар.

Ал көтеріліске қатынасқан Қоңғабай, әкесінің атын құжаттардан кездестіре алмадық, ол 1931 жылы көтерілісшілер жасақтарының біреуін басқарған, кейін жеңіліс тапқан кезде қашып кеткен. Бұлар бір кісі ме, немесе аттастар ма, неде болса үкіметтің қара тізімінде болғандар.

Бұрын көрсетілгендей, көтеріліске қатынасқан 1715 кісі тұтқындалды. Осының 5-і тергеу істері бойынша (№17, 38, 100, 3329, 5671) 802 адам РСФСР қылмыстық кодексінің 58-2 (контрреволюциялық көтеріліс) және 59 (бандитизм) бабтарымен жауапқа тартылды. Тергеу жүргізу кезінде осылардың ішінен 79 адам Гурьев, Ақтөбе абақтыларында қайтыс болды, 215-і бұлардың әрекетінде қылмыстық құрамының болмағандығынан босатылды. 508 айыпкердің ісін Гурьев Мемлекеттік біріккен саяси басқармасының оперсекторы қылмыстарын белгілеу үшін Қазақстандағы Өкілдігіне жіберді. Бұлардың үштігі өзінің 1931 жылғы 22 желтоқсандағы қаулысымен Доссор, Жылой, Ойыл және Маңғыстау аудандарынан 135 көтерілісшіні және 5 сәуірдегі 1932 жылғы қаулысымен 373 маңғыстаулықты соттап жіберді.

Көтерілісшілердің 15 басшысы мен белсенді қатынасушылары - Боқымаш Шопанұлы, Қарамырза Ембердіұлы, Рахмет Боқымашұлы, Демеген Айтжанұлы, Қоғабай Алдасүгірұлы, Өтебай Жанасұлы, Қойшығұл Жантілеуұлы, Әмір Нысанұлы, Қазақ Шиенұлы, Көбейсін Қуантырұлы, Жұмабай Үсенұлы, Лұқпан Сарқұлұлы ату жазасына кесілді.

Дүние-мүлкін тәркілеп 10 жылға концентрационный лагерьге 21 адам, дүние-мүлкі тәркіленбей 10 жылға 17 адам, 5 жылға дүние-мүлкін тәркілеп 125 адам, тәркіленбей 14 адам, бір жылдан 3 жылға дейін дүние-мүлкін тәркілеп 39 адам, тәркілемей 53 адам, Қазақстан өңіріне 5 жылға 19, үш жылға дүние-мүлкін тәркілеп 11, тәркілемей 8 адам жер аударылды. Арнайы жер аударуға (спецпереселение) - 100 адамға үкім шығарылды. Тергеу мезгілінде абақтыда отырған уақыттары есептеліп, 66 адам босатылды, қалғандары ақталды.

Большевик партиясының сұрқия саясаты, оның орындаушы органдарымен, шолақ белсенділерінің халықты осыншама қатаң жазаға ұшырауын немен түсіндіруге болады. Партияның саясаты кедей-шаруа халықты жарылқаймыз, оларды байлардың, молдалардың қысымынан құтқарамыз деген өсиеті, іс жүзінде ешбір шындыққа жанаспағаны белгілі.

Большевик партиясы, Кеңес үкіметі патша үкіметінің отаршылдық саясатын, оның халыққа жасаған озбырлығын шама-шарқы келгенше жамандауға алдына кісі салмады. Егер 4-5 жылға созылған 1870 жылдары Досан батыр бастаған Адай көтерілісінің қалай басылғаны белгілі. Олар жергілікті адайларды қырып-жойды, көптеген көтеріліс басшылары сотталып, жазаланды. Оның саны да аз болған жоқ. Ал бір жылға жетер-жетпес уақытта Адай көтерілісіне қатынастардың қандай шығынға ұшырағанын, қанша адамы сотталып, атылып кеткендерін, патша үкіметінің істегенімен салыстырсақ жер мен көктей. Егер Досан көтерілісіне қатынасушылардың соғыста, абақтыда өлгендерін санамағанда (Досан да абақтыда өлген) көтеріліс басшыларының бір азғантайы ғана Сібірге жер аударылған. Олардың біреуіне де өлім жазасы заң жүзінде қолданылмаған. Осыған қарағанда, большевик, оның үкіметінің саясатының, қан құйлы қолшоқпары Мемлекеттік біріккен саяси басқарманың жасаған жауыздығы ешбір мемлекеттің қылығымен салыстыруға болмайды.

Жоғарыда көрсетілген қылмыскерлердің 131-і 1931 жылдың сәуір айындағы Доссор, Жылой, Ойыл аудандарындағы көтерілісшілерді басқанда қолға түскендер болу керек, бұларды осы жылдың 22 желтоқсанында соттаған. Маңғыстау ауданынан қолға түскен 373 кісіге 1932 жылдың 5 сәуірінде үкім кесілген. Бұлар 1931 жылдың шілде айынан, көтерілісшілерді толықтай басқанға дейін (қыркүйек-қазан айларына дейін) қолға түскендер екені сөзсіз. Сонда осындай қысқа уақытта 79 адам абақтыда қаза тапқан. Бұларды абақтыда атып тастады дегеннен аулақпыз. Бірақ осылардың орта жасы 20-40 шамасындағы жас жігіттер түрменің ауыр жағдайынан, ауруларға дәрігерлік көмектің нашарлығынан, дәрі-дәрмек, тамақпен дұрыс қамтамасыз етілмеу салдарынан және тағы басқа да адам төзгісіз жағдайлардың орын алуынан болды десек өтірік болмайды.

Маңғыстау түбегін қоспағанда, 1931 жылдың жазында Жем бойындағы көтерілісшілер аса күшті қаруланған жазалау отрядтарына төтеп беріп, қарсы тұра алмады. Біразы Үстірт үстіне қашып кеткенмен көтерілісшілердің екі үлкен тобының (оларға қоса сол маңда көшіп жүрген адай ауылдары) біріншісі Иманқараның оңтүстік бетінде, екіншісі Қарақұмның терістік жағындағы Аққұдық, Қарашүңгіл әулие маңында қоршауға алынып, қолға түсті. Қарақұм деп отырғанымыз - Жем өзенінің солтүстік бетіндегі Құлсарыдан 50-60 шақырымдай - түстік бетіндегі, құнарлы, шөбі шүйгін, құмды өңір. Бұл жерді адайлар қыстаққа пайдаланған. Бұның батыс беті Каспий теңізінің, терістік жағалауына жақын, қысы жылы, жері қамысты қалың жынысты болып келеді.

Қарақұмдағы көтерілісшілер және оған қатынаспаған жай көшпелілер, өздерінің мал-бастарымен, бала-шағасымен көшіп-қонып жүрген жерінде жазалаушы отрядтарының қарамағына ілінді. Олар жазалаушылар тарапынан аяусыз жазаланды, адамдары қорланды, зорланды, мал-мүлкі талан-таражға түсті.

Бұл 1931 жылы болған, бірақ жылдың қай мезгілінде болғаны белгісіз. Біз зерттеген архив құжаттарында бұл жерлерде көтерілісшілер мен жазалаушы отрядтарының кездескендері жөнінде мәліметтер жоқ, Дегенмен, бұл маңда да қақтығыстың болғаны анық және бұның ең соңғы шешуші айқас та болуы мүмкін.

Бұл жерлерден қолға түскен көтерілісшілердің ер азаматтарын бір бөлек, ауылдарын, малдары мен бала-шағаларын бір бөлек Гурьев қаласына қарай айдаған. Сол кездегі комсомол мүшесі белсенді ретінде осы жұмысқа тартылған марқұм Шашан Оразбайұлы өзінің естелігінде былай дейді: «Біздер партия, комсомол, кеңес белсенділері Қарақұмнан ұсталған көтерілісшілер ауылын Гурьевке қарай айдадық. Жалпы адам саны балаларды қоса есептегенде, мыңнан асатын болу керек. Көбі жаяау Сарқамыс маңымен, Жем өзенінің сағасы арқылы, теңіздің жағасымен Гурьевке қарай жүрдік. Бұл жерден Жемге жету үшін бір тәуліктен артығырақ уақыт кетті ғой деймін. Жемге келгенде адамдар мен малдың Жем суына бас қойғанын көргенде жаның түршігеді. Содан кейін Гурьевке қарай жол тарттық, алдымызда әлі 200 шақырымдай жер жүруіміз керек. Суы жоқ осы жолда көп адам әсіресе балалар мен қарттар шөлден жүре алмай өлгені өліп, өлмегені жолда қалды. Ең қиыншылығы әйелдер мен балалардың күңірегенінен, жылағанынан сай-сүйегің сырқырайды, бүкіл ел зарлағандай болды. Гурьевке ер адамдардан басқа ешкім жеткен жоқ. Бірқатарын, балалар мен әйелдерді жолда босатып жібердік. Сондай тәртіп болды ғой деймін».

Шашан ақсақал Жайық бойында туып-өскен, Кеңес үкіметінің тұсында Құқық халық комиссары, Қазақстанның бірнеше облыстарында облыстық атқару комитетінің төрағасы болып басшы қызметтерде болды. 1994 жылы 87 жасында Алматы қаласында дүние салды.

Шопанұлы мен Әлімұлы басқарған екінші топта барлық ауылдарымен бірге Ханғожада қоршауға алынып, Гурьевке айдалды. Бұл кезде 15-16 жастағы комсомол мүшесі Өтесін Бисембайұлының айтуы бойынша былай болған: «Біздер көтерілісшілердің бала-шағасын, қарттарын, азғантай малдарымен Гурьевке қарай алып жүрдік. Мен өте жаспын, бойым бесатардан биік емес. Біздерді бұл жұмысқа Гурьевтен алып келді. Ұсталғандардың саны өте көп болды, 2-3 мыңдай десем өтірік болмас. Ханғожадан Гурьевке 250 шақырымдай. Жолда су жоқ, тақырларда жаңбырдан қалған қақтар ғана бар. Жол өте ауыр болды. Ұсталғандардың көбі шөлден, аурудан өлді, бір қатары жүре алмай жолда қалды. Жол ортасынан ауғасын, Доссор өндірісінің маңында әйелдерді, жас балаларды, қарт адамдарды босатып жібердік. Бүкіл жол бойы жылаған, зарлаған әйелдер мен балалардың дауысы осы күнге дейін құлағымнан кетпейді».

Өтесін Бисембайұлы 1914 жылы туған, ұзақ жылдар милиция органдарында басшы қызметтерде болған, полковник. Бұл күнде зейнеткер, Алматы қаласында тұрады.

Осы екінші топтан Доссорда босанып шыққан Адайдың Жары тайпасының Майдан бөлімшесінен Түгелбай, Өткелбай тұқымдары өздерінің бала-шағасымен Қызылқоға, ауданының Миялы деген жеріне қыстап шығуды ұйғарады. Түгелбайдың баласы Досбай және бұлардың барлық туыстары, ер азаматтары сол Иманқара түбіндегі соғыста қаза болды ма, болмаса қолға түскеннен кейін өлді ме хабарсыз кеткен, Досбайдың жақын қарындасы, қазірде Құлсары өндірісінде тұратын Қаймақ деген жеңгейдің айтуы бойынша Миялыға қыстаған жылы ер азаматтары жоқ, біздердің барлық қалған малдарымызды жергілікті қазақтар «бұлар бандының малы» деп ұрлап тауысты. Жазғытұрым күн көрістеріміз күрт төмендеді, жүнді мал да қалмады. Досбайдың әйелі Құрықтың шешесі қайтыс болды. Үш баласы - төрт жасар Сырық, бір жасар Құрық және он жастағы қызы жетім қалды. Жаз шыға бұлар ағайындарына ілесіп, Маңғыстауға, одан әрі Түрікменстанға барды, ол жерлерде де көп кідіре алмай, Оңтүстік Қазақстанның Мақтаарал ауданына барып, Құрықты балалар үйіне орналастырып (Сырық қайтыс болады), әпкелері сол жерде күйеуге тиіп, бала-шағалы болады. 1970 жылдардың ортасында қайтыс болды.

Құрық Түгелбаев балалар үйінде тәрбиеленіп, әскер қатарынан оралғаннан кейін Алматыдағы милиция мектебін бітіріп, көп жылдар милиция органдарында басшы қызметтерде болды. Полковник атағымен 1987 жылы зейнетке шығып, 1989 жылы дүние салды.

Құрық Алматы қалалық ішкі істер басқармасы бастығының бірінші орынбасары болып жұмыс жасап жүргенде Ауғанстанға жұмысқа жіберіліп, содан бір жылдан кейін ауырып елге қайтқан. Құрық содан денсаулығын жөндей алмады. Ауғанстаннан келген соң жөнді жұмыс та берілмеді. Бұған көбінесе Мәскеудегі атақты Чурбановтың «көлеңкесі» түскені белгілі. Бірақ одан арашалайтын ешкім табылмады.

Жем бойындағы көтерілісшілер жеңіліс тауып, көбі ұсталып, қарауындағы, қорғауындағы ауылдары азапталып айдалғаннан кейін, бұл жердегі көтерілісшілердің қалған бір азғантайы, терістік Үстірттің үстімен, Маңғыстау түбегіне қарай ойысқан, сол жерлердегі көтерілісшілер ауылдарымен біріккен.

1931 жылдың жазында бұл жерлердегі көтерілісшілердің көбі талқандалғаннан кейін қалғандары Үстірттің шығысына, Самнан да әрі қарай ауысып, ол жерлерден де тыныштық таба алмай жанталасқан. Бірақ жазалаушы отрядтар бұлардың соңынан қалмай, бөлек-бөлек ауылдарды шауып жазалаған. Маңғыстаудың шығыс терістік бетінің ең шет жағында көшіп жүрген ауылдар Қарақалпақстанға өтіп кетеді деп қауіптенген жазалаушылар Қаратүлей, Қызыластау деген жерде Салпықұлы Мамай, Сарбасұлы Смайыл тағы басқалары басқарған ауылдарды қырғынға ұшыратқан. Сол жерлерде көп азаматтар, бейбіт халықтар, оның ішінде Смайыл, Мамай ерлікпен қаза тапқан, көп ер азаматтар және олардың бала-шағалары түгелдей қолға түсіп, кейін қайтарылған. Ер адамдарды сол жерден, ыссы шілденің ішінде, бір мың шақырым жердегі Гурьевке жаяу айдаған. Бұл жаяу жорықта көбі жолда өлген. Кімдердің бұл азаптан тірі қалғаны белгісіз, елге оралғандарын ешкім білмейді.

Мұндай деректерді де біз архив құжаттарынан кездестіре алмадық.

Көне көз қарттардың айтуы бойынша, 1931 жылдың жазында жазалаушылар бүкіл Үстірт үстіне, Жем бойына, Маңғыстау ойына ойран салған. Жаз айының аяғында бұларға қарсы тұрушылар тіптен болмаған. Осы кезде жергілікті әкімдердің де құдайы берген, бұлар ел ішінде айтқандарын жасатып, ойлағандарын орындаған. Халық жуасыған, не жасарын білмей, мүшкіл халге душар болған.

1926-1930 жылдардағы Маңғыстау халқына тап болған аса зор ауыртпалық, осыған қоса көтерілістің салдарынан қуғыншылыққа ұшырағандар жерін, елін тастап басқа жерлерге, шет елдерге қоныс аудара бастағанын айтқанбыз. Маңғыстау өлкесінен қанша халық, немесе қанша отбасы кетті, оның есебі еш жерде жоқ, оны ешкім білмейді. Елден кеткенде бір есеп болса, баратын жеріне қаншасы жетті, ол да белгісіз. «Атадан алтау едік, еле-еле жетеу болдық» деген ата мақалы бұлар үшін шындыққа шықты. Өсудің орнына азайып, құруға айналған сормаңдай халықтың қазір осы бөтен елде бірнеше мың ұрпақтары қалды. Бұлар туған жердің бар екенін ғана біледі, ал ата-бабасы туып өскен жерде, туысқандарынан кімдер бар екенін білмейді, мұны білуге де кезінде тиым салынған. Осының бәрі 1931 жылғы көтерілістің зардабы.

Көшіп, қоныс аударғандарды басқарып ұйымдастырушылар байлар мен молдалар деген саясаткерлердің ойлап тапқан жел сөзі екені айдан анық болды. Байлардың малы, басқа да малдан жинаған өнімдері тек қана өздерін емес, олардың туған-туыстарының, жегжат-жұраттарының күн көруіне жаратылды, осыларды асырап, киіндірді.

Ал жарлы туыстары болса байларға өздерінің еңбегін сіңірген. Осындай сыйластық, қайырымдылық бұлардың арасына жік сала алмаған, соның себебімен көшіп кеткендердің ішінде жарлы-жақыбайлылар көп болды. Ел туған-туыстарымен бірге үдере көшті.

Қай жерде кімдер бар, олардан қазір кімдер қалды, тек қана 1980-1990 жылдары, еліміз егемендік алып, есін жинағаннан кейін ғана бірін-бірі тауып, қауымын жатқандары белгілі.

Осындай қиыншылықты көргендер сол кезде аз болмаған, бұлардың алдына қойған ешқандай бағдарламасы болмаған, қайткенде де ел басына түскен ауыр азаптан құтылудың жолын іздеген, бірақ ондай жол табудың қиын болғаны белгілі. Елдің бас көтерер, ақыл беруші зиялы азаматтары қуғынға ұшыраған, тіпті жасы жеткен ел ақсақалдары да әдейі есепте болған. Осыған дәлел ретінде бірнеше мысал келтіруге болады.

Он екі ата Байұлының атақты биі десек те, Адайдың биі десек те артық болмайтын Мәтжан Тілеумағағамбетұлы қартайған шағына қарамай 1927 жылы қуғынға ұшыраған. Бұл кісіні Жем бойында тұтқындамақ болған. Ол кезде Мәтжанның 80 жастан асқан шағы болса керек, денсаулығының нашарлығынан тұтқындай алмайды. Осыдан кейін көп кешікпей ол дүние салады. Ол кісінің сүйегі өзінің байырғы жайлауы Ханқожа жерінде қалды. Заманның тарлығына байланысты Мәтжанның балалары Піди, Мұхамедин, Алуадин, Сахи, Нұраған әкесін шала-шарпы жерлеп, өздері Маңғыстауға қарай үдере көшкен.

Мәтжанға жөнді ескерткіш те салынбай қалды. Содан жылдардан жылдар өтті, оған құлпы тасты, оның ағайыны, Құлсары тұрғыны марқұм Қазақ Кідібасұлы тұрғызды деп естіп, риза болдық.

Мәтжанның екі баласы Шәди, Нұраған Маңғыстаудың бір түпкірінде қалған, олардың балалары, немерелері қазір Ақтау қаласында, Маңғыстау облысында тұрады. Мұхамедин сол кеткеннен мол кетіп, оның балалары Айса, Айнахан Өзбекстанның Гагарин қаласына тұрақтайды. Айнахан 1986 жылы, Айса 1995 жылы дүние салды. Бұлардың балалары сол жерде тұрып жатыр. Алуадин орта дәрежелі дәрігерлік училищені бітірген, Ауғанстан жеріне өтіп, сол жерде біреулердің қолынан қаза тапқан. Мәтжанның және оның туыстарының тұқымдары немесе шөберелері Өзбекстанда, Қазақстанның Маңғыстау облысында баршылық.

Маңғыстаудың Жармышында патша үкіметінің тұсында болыс болған Адайдың Кедей бөлімінен Етенбай Ержанұлы өзінің 30 шамалы отбасы туыстарымен 1930 жылы Өзбекстанға жақын, Қазақстанның Мақтаарал ауданына барып тоқтаған. Етенбайдың үлкен баласы қазір де 70 жастан асқан.

Ол кісінің айтуына қарағанда осындай алыс жолға көшкенде олар да көп қиыншылық көрген. Өзбекстан, Түрікменстан жерімен жүргенде, күннің ыссылығына, аштық, жалаңаштыққа шыдай алмай көп адамдары жолда өлген. Етенбайдың әйелі екі баласы өліп, бір баламен қалған, басқа ағайындарыда осындай хал кешкен. Маңғыстаудан көшкенде 30 отбасы болса, 60 жылдан кейін де бұдан көп асып кете алмаған. Қазір бұлардың тұқымдары осы жерде тұрады.

Осы Етенбайдың ағайындары атақты байлар Шәкенбай Таушанбай балалары өздерінің туыстарымен Түрікменстанға өткен. Бұлардың немере-шөберелері 30-дай отбасы Мары облысының Тахта-Базар ауданы «Қалаймор» ұжымшарында тұрады. Бұлармен 1975 жылы ғана хабарласып, білістік 1980 жылы немерелері Шәукенбай аталарына ас берді, соған шақырылған Оңтүстік Қазақстан облысының Мақтаарал ауданынан Салықбай Ержанұлы мен осы кітап авторларының біріне жіберген еді, бірақ баруға мүмкіншілік болмады.

Олардың айтуынша, «Қалаймор» ұжымшарында 350-дей «Пограничный» ұжымшарында 300-дей, «Сараджа» ұжымшарында 135-тей барлығы 3700-ден аса қазақ мекен етеді екен барлығы да бір-бірімен құда жегжат болып, туысып кеткен.Елдің әлеуметтік-экономикалық хал-жағдайы да жаман емес. Бір кемшілігі аудан көлемінде бір де бір ұлттық қазақ мектебі, кластары жоқ көрінеді, балалары түрікмен және орыс тілдерінде білім алады.

Тағы да осы Кедей бөлімшесінің үлкен байы Жарықбас өз жақындары мен Иран жеріне өтіп кеткен. Оның бір ғана баласы Наужан дегенді білетін едік. Соның немересі Алматыдағы Қазақтық Мемлекеттік Ұлттық университетінде сабақ береді.

Маңғыстаудың бұрынғы тұрғыны атақты оқымысты араб парсы тағы басқа тілдерді жетік білетін Оразмағамбет 1929-жылдары Қазақстанда байларды, молдаларды қуғынға ұшырата бастағанда Иран жеріне барған. Оның баласы Мұхамбет қазір Бендер-Түрікмен қаласында бір фабриканы басқарады. Қазақстанға бірнеше рет келген, Құралтайға қатынасты Алматыдағы көрмеге шығарған дүниелерін алып келді.

Оразмағамбетті 1920 жылдардың аяғында ел арасына ірткі салушы, өте беделді, білімді адам деп сескенген үкімет қудалай бастайды. Осыған шыдамаған Оразмағамбет өзінің бала оқытатын мешітін жауып, араб, парсы тағы басқа шығыс, орыс ғұламаларының кітаптарын Маңғыстаудың бір белгілі жеріне көмеді. Оны баласы Мұхамбетке көрсетіп, шет елге жол тартқан. Кейінірек Мұхамбет сол кітаптардың қай жерде екенін айтып, хат жазып, тауып беруге уәде етеді.

Маңғыстау даты ағайындары және Қазақстан Ғылым академиясынан жазушы, ғалым марқұм Балтабай Адамбаев барып, сол кітаптарды академияға табыс еткен. Кейіннен Мұхамбет Алматыға бір келгенінде Балтекеңмен кездескенін көргенбіз.

Оразмағамбет шет елге кеткенмен, Кеңес үкіметінің ұзын құрығы бұл кісінің соңынан қалмаған. Бірінші дүние жүзілік соғыстың алдында ішкі істер мекемесінің Қазақстандағы өкілдері Иранға Оразмағамбеттің бір сенімді, таныс адамын жіберіп, оны елге алып келуге, болмаған жағдайда көзін жоюға тапсырма берген дейді. Бірақ Оразмағамбет ол кісімен елге қайтуға келіспей Кеңес үкіметінен қорқатынын жасырмайды, шекараға дейін шығарып салуға келіседі. Шекарадан өтерде алып кете алмайтынын білген ол Оразмағамбеттің көзін жойған деседі. Не болғанда да оның содан кейін ауылына оралмағаны анық.

Қазақстанда өткен Құрылтайға Ирандағы ағайындардан 16 кісі келіп, елді аралап, аталары туып өскен Маңғыстауға барып қайтты. Қазір Ираннан елге оралып жатқандары бар, бірақ экономикалық жағдайға байланысты, көбіне жөнді жәрдем берілмей өте қиыншылық көруде, дегенмен олар туған жерге келуге өте құштар. Сол жақтан келген бір ақсақалмен сөйлескенде былай деп еді: «Біздің әке-шешелеріміздің көрген күнін, шеккен азабын, қайғы-қасіретін біздің тіршілікпен салыстыруға әсте болмайды. Олардың көрген қиыншылығына қарағанда біздің қазіргі жағдайымызды жұмақ деп айтсам артық болмас. Олар көшкенде күніне бірнеше бала-шағасынан, қарттарынан айрылып, солардың бетін шала-шарпы жасырып, өздері қайда барады, алдында не күтіп тұрғанын білмей, еңіреумен өмірлерін өткізген. Сондықтан келгенде алдымыздан барлығы әзірлеп қоймады деп ренжуіміз ағаттық. Туған жерге келіп, кейінгі ұрпақты ата-бабаның әдет-ғұрпына үйрету, елге, жерге пайда тигізудің бірінші міндет екенін түсінуіміз керек».

Мұндай қиыншылық жағдайды жұрттың бәрі осылайша түсінсе жақсы ғой, өкінішке орай олай болмай жатқаны да белгілі. Келгендердің өкініп жүргендері де аз емес сияқты. Жергілікті басшылардың бұл сияқты елді іздеп келгендерге алалап қарап, нақтылы көмек беру былай тұрсын, «сені мен шақырғаным жоқ» деп, теріс айналатындары да бар екені анық.

Шет жаққа кетіп, сол жерлерде тұрып жатқандардың сол кезде екі ағайынды адамдардың бірі бірінен, әкесі баласынан, қызы шешесінен айрылып қалғандары да аз болмаған. Осыларға іздеу салушылар осы күнге дейін газеттерден, радиодан, теледидардан көрініп қалады.

Жоғарыда көрсетілгендей Адай көтерілісі жөнінде бұрын-соңды шындық жазылып та, айтылып та көрген емес. Біз қараған, зерттеген қылмыстық және тергеу істерінде де, жоғарыдан түскен жарлық пен нұсқауларда да, оларға қайтарған жергілікті әкімшіліктердің жауаптарында да, ел арасында сол көтерілістің басы-қасында болған өкімет мүшелері де, жергілікті солақай белсенділер де, жазалаушы әскери басшылар да, қаралаушы прокурор, сот, милиция қызметкерлері де, салық жинау, мал дайындау, тіпті, шикізат сатып алушыларға дейін де көтеріліске біржақты сипат берді. Көтерілісшілерге, оған қатынаспаған жай көшпелілерге де барлық келеңсіз жағдайларды жабуға тырысты. «Бұлардың бәрі революцияға қарсыластар, адай елінің, оның басшыларының мақсаты -бөлек Адай хандығын құрып, Кеңес үкіметінің қирауынан шығу», дегенге өздері сеніп, сонан соң жұртты сендіруге тырысты. Барлығына саяси сипат берді. Құжаттарда, тергеу істерінде, тағы сондай үкімет тарапынан жүргізілген хаттамалар мен нұсқауларда: бөлек-бөлек көтерілісшілер топтарында пәленше-түгенше хан болып сайланыпты дегенді сылтау етіп, көтерілісшілердің басты мақсаты хандық құру екен деп, ел арасына үгіт жүргізді, қазақ елінде бұрын соңды командир деген атақ болмаған. Көтерілісшілердің басшы, ақылшы сайладық дегенін ешкім түсінбей хан сайлады деп даурықты. Көтерілісшілер топтарында өздерінің басшылары сайланып отырған анық, оларды хан деп аталғаны да рас. Бұл - хан емес, басшы, қолбасшы еді.

Адай тарихында ең жойқын аяусыз қырғын 1870 жылдан кейін, 1931 жылы болды. Көтеріліс адай халқына жан кешті қырғын, саяси қуғын, зұлматты геноцид әкелді, қасіретті қайғыға ұшыратты. Елді түрлі шұбырындылық пен басқыншылыққа душар етті. 1929-1930 жылдары ел үдере көшті, ал көтерілістен кейін де қоныс аудару бәсеңдеген жоқ. Көтеріліс күшпен басылды. Ел не істерін білмеді, тоз-тоз болып, әр жерге үркіп, бірде оңтүстікке, бірде кейін қарай көшіп сандалумен болды. Елдің хал-күйі, тұрмыс-жағдайы күрт төмендеді. Мал азайды, тамақ асырау мүмкіншілігі азайды, ал жұмыссыздық деген адам айтқысыз көп болды. Ел басына зұлматтың тағы бір түрі жақындады.

Ауыл шаруашылығы лениндік коллективтендіру мақсатымен социализм орнату идеяларын орнатуға күш салған үкімет саясаты, шын мәнінде, бұқара халықты күйретіп жіберді.

Көтерлісті басқаннан кейін партия, кеңес саясаты халықты отырықшылыққа, ұжымшарға зорлықпен тартуды, байлардың, орта шаруалардың мал-мүлкін тәркілеуді аса озбырлықпен жалғастырып, үдете түсті. Көтеріліс кезінде халықтың күнкөріс жағдайының төмендеуі, бірқатар әлді шаруалардың шет жерлерге кетіп қалуынан, Маңғыстау елінің малы азайды, шаруашылық жүйесі бұзылды. Осындай ауыр хал кешкен халыққа «жығылған үстіне жұдырық» дегендей, мыңдаған адамға ашаршылықтың соққысы келіп тиді. Бұл зұлмат Адай округінің территориясында өзінің шырқау шетіне жетті. Мұның аяғы кей жерлерде 1934 жылдың жазына дейін созылды.

Ашаршылық қанша уақытқа созылса да Қазақстанның қай жерінде болмасын,соның ішінде Адай округіне қанша адам аштан немесе соның зардабынан өлгендердің есебі жүргізілмеген, құжаттарда аштан өлді деген мағлұматтар тіптен жоқ. Мұндай есепті, олардың аты-жөнін, қанша адам өлгенін бөлек ауылдар, рулық топтардың өздері ғана біледі, бірақ оның да арнайы есебі жоқтығы белгілі. Ескілікті қарттардың айтуы бойынша, «Біздің ауылда ашаршылық алдында мынадай отбасы бар еді, ашаршылықтан кейін ешкім қалған жоқ,» дегендерін болмаса тірі қалғандардың бірен-саранының аттарын айтып отыратынын естігенбіз. Сондықтан бір ауылда болған қасіретті ғана айтсақ та жеткілікті болар деп есептейміз.

Қазіргі Атырау облысының бұрынғы Адай округіне қараған Жылой ауданының Аратөбе ауылдық кеңесінде болған ашаршылықты көзіміз көрді. Ақкиіз тоғай елді мекенінде отырған отырықшылар, сораң, құмарлық жеді, мұны табу да оңай болған жоқ. Елді ауру жайлады, кезік, бүкіржік (цынга), безгек деген аурулар халықты баудай түсірді. Сол ауылдық кеңестің халқынан келер жылы санаулы ғана ел қалды. Кей үйдің есігі мүлде жабылды.

Сол елді жайлаған аурулардың кезік пен бүкіржіктен басқасының не ауру екенін ешкім ол кезде білген жоқ. Дәрігер дегенді ел көрген емес, дәрі-дәрмекті білмеді. Үкімет тарапынан дәрігерлік көмек болған жоқ. Осы аурулардың салдарынан көктемде көбісінің далаға шығып тышқан, құс балы» аулап күн көруге шамасы келмеді, үйлерінен шыға алмай өлді. Жем өзенінен балық ұстап жеуге құрал-сайманы болмады. Ау тоқып, балық аулауға жіптері де болмады. Шөп жинайтын айырдан шанышқы жасап балық аулағандар болды.

Бұл 1933 жылдың жазы болатын.

Қожас деген қарт адам 8-10 жастардағы екі қызы мен қыстауынан шыға алмай, бірнеше күн бойы жылаған сияқты ыңылдап жатып өлген. Ол кезде біреуге біреудің көмектесуге мүмкіншілігі жоқ. Қожастың көршісінен сұрағаны өлгенде бетін жабу болған. Сол өтінішін Сиық деген кісі орындап, жалғыз өзі қыстауының ішіне үшеуін бірге көмген. Қожастың үш ұлының екеуі тамақ іздеп, ауылдан кетіп қалған, ал үлкен ұлы Масым ауылдың қасынан отын шауып жүріп аштықтан құлап, жан тапсырған. Тағы басқа да жақын жердегі ауылдарда аштан өліп жатқандар болды. Олар жөнінен ешкім тиянақты ештеме білмеді, әркім өзінің қара басының қамын ойлап, өз басымен болды.

Бір қатар ауылдар саршұнақ аулап, 2-3 шақырымдай жерде бөлек отырды. Ислам діні бойынша тек қана шөппен қоректенгенмен інінің түбіне қарап жататын айуан атаулы арам деп саналғандықтан арам жегендермен аяқ-табақ араластырып, бірге отыруға болмайды. Содан да ол сорлылар ауылдан бөлек отырды, бірақ көбі тірі қалды.

Байлар тәркіленіп, өздерін жер аударып, немесе қамауға алғаннан кейін, көтерілісте әке-ағаларынан айрылғандардың бала-шағасы, қарт әке-шешелері мүлдем панасыз қалып, аурудан, ел аралап қайыр сұрап жүріп, аштан өлді.

Большевиктік сұрқия идеяның Қазақстанда асыра сілтеушілікпен, дөрекі әдістермен жүзеге асырылуы, әкімшіл-әміршіл социализмнің мақтаншақ, лепірме, уәдешіл тас қоршау жүйесінің қанды қармағына адай халқы да таң болып адам айтқысыз апатқа ұшырады.

Үкіметке малыңды, тағы басқа мал өнімдеріңді, салықтарыңды өз еркімен уақытында төлеп, өзі адал қызмет еткендерге де ешкім сенбеді. «Сен бәрібір қатаң жазалануың керек, сен - тап жауының өзісің, болмаса соның құйыршығысың, туысысың», деп қудалады. Немесе аштықтан, зорлықтан бой тасалағандардың бәрі банды атанды. Жері өртке айналған, халқы қасірет шеккен, өмірі тозған, тар жол тайғақ кешудің қайғысына толы ауыр азабын басынан кешірген ауылдардың «банды» да, «контрреволюционер» де емес екенін ешкім түсіне қоймады, түсінгісі де келмеді.

Бұрын қазақ елінде банды деген сөз, ұғым болмайтын. Ұры-қары, барымташы дегендер бірен-саран болған. Қолына қару беріп, жергілікті ауыл, ішінек жіберілген уәкілдер «шаш ал десе, бас алатын» шолақ белсенділер асыра сілтеп, «көшпелі ел енді өмір сүруге тиіс емес», көшпелілікті жоямыз деп халыққа зорлық-зомбылық жасады, олар әскери репрессияға айналды, қуғынға ұшыратты.

Патша үкіметінің озбырлығына шыдамы таусылған Маңғыстау қазақтары бірінші рет Досан батыр бастаған көтерілістен кейін қуғынға ұшырап, босқындап, Хиуа, Бұхара, Түрікмен жеріне кетсе, екінші рет 1931-1932 жылдардағы Адай көтерілісін күшпен, аса қаталдықпен басқаннан кейін тағы да қуғынға ұшырап, босқын болып кетті.

Халықтың аяусыз қуғынға ұшырағанынан, сүйтіп аса ауыр шығынды, зорлықты, зомбылықты басынан кешіргенінен, аштықтан, соған байланысты аурулардан, табиғи өлім деңгейінің жоғары болуынан, туған елден тыс жерге, шет елдерге қоныс аударуына байланысты 1928 жылғы 27 болыс адайлардың 170 мыңнан аса халқынан, отызыншы жылдардың аяғында Жылой ауданында 15 мыңдай, Маңғыстау ауданында одан да аз халық қалды. Өз халқын жеңген «жеңімпаздар» ауыл қазақтарын тонаушылық саясатын одан әрі қарай қатаң түрде жүргізе берді.

Қызыл империяның үгіті бойынша, байлар «жарлы-жақыбайларды қанапты, еңбек ақыларын дұрыс төлемепті». Бұл сөздің шындыққа жатпайтынына ешкім құлақ аспады. Оларды тан ретінде жоюға күш салды және оны орындады да қазақ байлары қай жерде болмасын, өздерінің ерінбей еңбек етуінің арқасында мал жинаған дегенге саясатты қолдағандар сенбеді. Бай мен кедей арасында еш уақытта қиыншылықтар болмағаны белгілі. Егер бірен-саран келіспеушілік болса, оларды зорлап ұстамаған, қысым жасамаған. Байдың, малының етін жеп, сүтін ішіп, ақысын алып күн көрген. Көмектерін аямаған, ағайынының татушылық әдет-ғұрпын қатты сақтаған, енші алыспайтын туыстардың татулығын айтсақ та болады. Байлардың көбі мырза, жомарт болған. «Бай -бір жұттың, батыр - бір оқтық» деген қағиданы мықты ұстаған. Әліби Жангелдиннің «Егер барлық жердегі жұрт қазақтардан қонақжай болса, жер жүзін аралауға қаражаттың керегі жоқ болар еді» деген сөзі қазақтардың осы бір жақсы әдетіне берілген баға болса керек.

Қазақтың танымайтын, білмейтіндерге де құрмет көрсететін әдеті ата-бабадан қалған қасиет. Жолаушы қонақтарды да сыйлаған. Үйіне қонақ түсірмегендерді қатты сынап, ел ішіне олардың қайырымсыздығын, сараңдығын әшкерелеп отырған. Осыған дәлел ретінде Қашаған жыраудың Кете руының Ысқали деген сопысына оны жақтырмай, қонуға ұлықсат бергісі келмегені жөнінде айтқан сөзі, ғасыр жарым уақыттан артық ел аузынан қалмай айтылып жүргені жайдан жай емес.

Ел басына түскен ауыртпалықты да байлар көтерген. Шаруалары шағындары да ат, көлік майға беруде де сараңдық жасамаған. Ат майын беру деген, жазда жағдайы барлар көлігі жоқтарға мінуге ат береді, бұл жарлыға көмек болса, байлардың жылқысына бас білдіріп жуасытуға көмектескен. Ата-бабасына ас беруде, қыз ұзатып, келін түсіруде малын аямаған.

Осыған мысал, марқұм Алшын ақсақал өзінің естелігінде былай деген: «Жоғарыда айтқан Тіней Жұбан байдың баласы Шам өзінің Тілеген деген қызын 1915 жылы Адайдың -Бәйімбеті Байпақтың Қыздарбай дегеніне ұзатқанда 200 түйе, жылқы, 200-дей әр түрлі жасау, қымбатты бұйымдар берген. Ертеректе Жаңай Қожаназардың асын Жем бойында берген. Асқа 1000-ға жақын үй тігіліп, 2000 қой сойылып, бәйгеге 500 ат қосылады. Бас бейте - 100 жылқы болған, бәйгені той иесі Қожаназардың баласы Шонтының көк биесі алыпты. Асқа Нұралы хан шақырылған дейді. Ханның атынан түсіп, үйге кіргенше жолына ақ киіз төселген, содан сол жер Ақкиіз тоғай деп аталып кеткен. Қазір Құлсары өндірісінің шығыс бетінде, Жем өзені бойындағы ұжымшардың орталығы Ақкиіз тоғай елді мекені болып аталады.

Адайларда Кеңес үкіметі орнағанша жыл сайын 30-40 кісі Меккеге де барып тұрған екен. Осы сияқты мысалдар, есте қалатын жақсы жағдайлар көп болған, бірақ бәрі ұмыт болып, бір күнгідей болмай аласапыранға ұшыраған.

Қызыл империяның 70 жылдан астам тарихына, мұның осы жылдар бойы жүргізген солақай саясатына бүгінгі көзқараспен қайта қарасақ, адам баласының ақыл-ойы жетпейтін, дені дұрыс ешқандай болжамға ұқсамайтын неше түрлі сұрқия істерді еске алуға, өлшеп көруге болады.

Қазір еткен уақыттағы ел басқарудағы кеткен қателіктер, тіпті сорақы қылықтар, асыра сілтеушіліктер, озбырлықтар, әділетсіздіктер жөнінде біз өз көзімізбен көргендерімізді ғана баяндайық. Осының бірі отызыншы жылдары Жылой ауданының Аралтөбе ауыл кеңесінің орталығынан, кім ойлап тапқанын бір құдайдың өзі білсін, халықты бір жерге шоғырландырамыз деп, бір шаңырақтың астына бірнеше отбасын орналастыру үшін үй тұрғыза бастаған. Бірақ сол кездегі елдің хал-жағдайының нашарлығынан, елдің ашаршылыққа ұшырап жатқандықтан ол құрылыс аяқталмай қалған. Сол құрылыстың орны 1940 жылдардың аяғына дейін болды, айналасы 30-60 метрлік мекеннің ортасы әр отбасына деп бөлінген барақ сияқты құрылыс.

Ашаршылық басталған кездегі жергілікті өкімет әкімшілігінің бір сорақылығы Жем өзенінің оң жақ бетінен, 1932 жылы жазғытұрым жер жыртып, тың көтеруге кірісті. Жәлеке қорымынан төмен қарай Сарнияз жалынын үлкен бауырын, одан төмен. Бәршек қауымының маңын, сол жердегі Шоқы аталатын алқаптардың барлығын жыртып, тұқым септі. Коллективизация кезінде ұжымшарға жиналған түйелермен қатар, халықтың қолында қалған бірен-саран түйелер де осы жұмысқа алынды. Ол кезде бұл жерлерде сабанға жегуге түйе ғана қолданылады, жылқы мен егіздерді пайдаланбайды. Жыртқан жердің жалпы аумағы ұзындығы 20-25, көлденеңі 5-10 шақырымдай. Осы жерді жыртуға Жылой ауданының ауыл кеңестерінен көптеген аш-жалаңаш азаматтары қатынасты. Ауыл белсенділері таңертең ерте, үй-үйге атпен келіп айқайлап, жұмысқа шығуын талап өтетінін өз көзімізбен көргенбіз. Сол жерге тары егілді. Тұқымға кеткен астықты, аш адамдарға бергенде көп отбастары қиыншылық көрмеген болар еді. Тұқымға жиналған астық ауыл әкімдерінің үйлерінде сақталды. Солар ғана бір күндік тұқымды себушілерге үлестіріп беріп отырады, қолында тұқым барлар ашаршылық көрген жоқ.

Бұл өңір өте құрғақшылық, жаңбыр жылына бір рет жауса жауады, көбінде жаз бойына жаңбыр болмайтын жылдар да болады. Егін, әрине шыққан жоқ. Тұқым дұрыс себілді ме, себілмеді ме оны ешкім білмейді.

Тың көтеру науқаны, сол кездегі асыра сілтеушіліктің кезекті ойлап тапқан жемісі болатын.

Бұл жерде бұдан бұрын, қай заманда да жаңбырға сеніп егін салмаған. Жем бойындағы жатақтар Жем-суын шығыр арқылы пайдаланып, тары, жүгері егетін және жаман түсім алмайтын. Егер ылғалы болса, бұл жерлер өте құнарлы, бірақ шығырмен суару да оңайға түспейтін.

1932 жылдары ұжымшарлар таратылып, ашаршылықтан кейін елде мал азайып, халық ТОЗ-ға бірігіп, қолдарында қалған бірен-саран түйелерімен шығыр арқылы егін суарып күн көрді. ТОЗ-дың ұжымшарлардан айырмашылығы 4-5 отбасы бір шығырмен 5-6 гектар тары егеді, одан түскен түсімнен жергілікті өкіметке салығын төлеп, қалғанын өздері бөліп алып отырады. Сондықтан «өзім дегенде, өгіз қара күшім бар» деген рас екен, ел жан-тәнімен еңбек етіп, күн көру қамын жасады.

1937 жылдары қайтадан ұжымшарға ұйымдасқанда мұндай жағдай бойлай қалды. Жасаған еңбегіңе қарай еңбек күн жазылатын болды, соған жыл аяғында, егер табыс болса ақынды аласың, болмаса ештеме жоқ. Шығырмен жасаған еңбек өнімі аз болды, ұжымшарда мал саны да өте аз еді, сондықтан халықтың жұмыс жасауға ынтасы болмады. Табыстың көбі бөлінбейтін қорға құйылды.

Халықтың күй-жағдайының нашарлауына бұл да бір табылған әдіс болды, ел басын көтертпейтін төбесінен төнген шоқпар іспетті еді.

Әрбір халықтың тарихында, төтенше, ауыр, қайғылы, зарлы заман болатыны белгілі. XX ғасыр қазақ халқы үшін, оның ішінде Маңғыстау қазақтары үшін өте қайғылы кезең болды. Жазықсыз бейбіт халықты жаппай қуғын-сүргінге салып, соттан тыс заңсыз буындардың - үштіктердің, төтенше кеңестердің өз бетінше ойларына келгендерін істеу өріс алды. Әуелі Алаш азаматтарын, кейіннен ел ардақтыларын, зиялыларын қудалап, абақтыға жауып тынды.

1928-1630 жылдары елдің атақты азаматтары Әлниязұлы Тобанияз, Тұрниязұлы Зақария, Қабанұлы Назар, Бектілеуұлы Нұрнияз, Жұбанұлы Таллақ тары басқалары барлығы 70 адам бір мезгілде тұтқындалғанын айттық. Бұлардан басқа 1929 жылы тағы да 42 кісі бір рет, 25 кісі екінші рет ұсталған. Мемлекеттік біріккен саяси басқарманың бір құжатында, жоғарыдағы 42 адамның 22-і ату жазасына кесілген Бұлардан басқа талайлардың бөлек-бөлек кеткендері қанша оны бір құдайдың өзі білсін. Көтеріліс кезінде, қара тізімге ілінгендердің бұл жолы аман қалғандары 1937-1938 жылдардағы жаппай жазалау науқанына қайтадан ілінді. Бұл жазаланғандардың көбі елге қайтпай қалды. Әсіресе, қайғылы қасіретке 1937-1938 жылдары ұшырағандардың ауыр болды, бұлар өз елінде халық жауы атанды. Отбасы әйелдері, балалары, тіпті жақын туыстарына дейін жазаланды. Бұлардың атын атауға да болмады. Балалары әкесінің атын атап, соның атымен құжат алуға қорықты, сондықтан, басқа атқа көшті, көбі елден безіп бөтен жерлерде күн көруге мәжбүр болды.

Еліміз тәуелсіздік алып, ардақты азаматтарының аттарын келешек ұрпаққа танытқанымызға шүкіршілік етіп, құлазыған көңілге жұбаныш етеміз.

Адай көтерілісінің бас-аяғына дейін ішінде болып, жазалаушы отрядтарына, жергілікті Кеңес үкіметіне басшылық етіп, көтерілісті басуға ат салысқан Меңдешев Асылбеков сияқты Қазақстан өкімет мүшелері, елі аяусыз қанға боялып жатқанда қалай «араша түскені» белгілі. Әскери, жазалаушы органдарының сөзіне еріп, Маңғыстау қазақтарын жылдамырақ талқандау үшін жоғарғы үкіметтен үнемі көмек cұрап отырғандары құжаттардан анықталып отыр.

Осы көтеріліс кезінде жазалаушы, әскери бөлімдерінде тілмәш, тергеуші, жол көрсетуші, барлаушы болып, ауданның партия, кеңес қызметтеріндегі белсенділердің қатарындағылардың барлығы, Гурьев, Ақтөбе округтерінен келген азаматтар болды.

Партияның, үкіметтің сол кездегі жүргізген саясаты - «рулық, қауымдық ұйымдар партия саясатына жатпайды» деген үгіті өрескел бұзылып, іс жүзінде руларды біріне-бірін қарсы қойып, өздерінің қара ниетінің мүддесін орындауға жаратып отырғаны анық. Бұлар көтерілісті басуға, жазаланғандарды, қолға түскендерді айдап, тиісті жеріне жеткізуге көмектерін аяған жоқ, сондықтан да олардың көтерілісшілерді мүсіркемегені белгілі, керісінше тапсырылған міндеттерін мүлтіксіз орындауға тырысты.

Жоғарғы үкімет, жергілікті әкімшілік бұларды «контрреволюцияшыларды» ауыздықтауда көмегін көрсеткен, көрнекті қайраткерлер деп есептеді.

Мұндай жағдай партия саясатының арқасында өмір бойы жалғасып келгені де өтірік емес. Кеңес одағы тарихында, оның ішінде Қазақстанда біреулер «контрреволюционер» болса, екіншілері соны басушылар, большевик партиясына жан аямай қызмет еткен екпінділер, қатарына жатты. Бұлар қызмет жөнінен жоғарылады, тұрмыс жағдайын жақсартты, партияның сүйікті ұлдары атанды.

Қазақ халқы ұлттық қадір-қасиетінен ада болып, шаңырағы шайқалып, ата салтының айрылып, рухани жағынан неше түрлі дағдарысқа ұшырағанда жері, суы, табиғаты азып-тозғанда, тағы басқа адам айтқысыз қиыншылыққа тап болғанда, осыларды көре тұра, астындағы тағынан, партияның берген бағынан айрылып қалам ба деп, өз ойын ешкімге айта алмай, әркімнің аузына қарап, арты не болып кетер екен деп жалтақтап, ел басқарғанды осы күнде қайраткер деп есептеледі. Осы қайраткерлер үкіметтің, ұжымның малы өлсе, егіш шықпаса, өнеркәсіп жұмысы төмендесе жаны қалмай жалтақтады, ал қазақ халқы ұлт ретінде жойылып бара жатса оған ешкім жауап бермеді, оны ешкімнен сұрамады. Республика үкіметінің басында отырғандар қызыл империяның бастықтарының алдында басын шұлғып, солардың сұрқия әрекеттерін қолдады.

Тың жерлерді игеруге жер-жерден басқа ұлт өкілдері шақырылды, бірақ қаңғып, шашырап кеткен қазақтарды ешкім шақыруды ойламады. Брежневтің қазақ балаларын өз тілдерінде оқытуға болмай ма дегеніне бір де бір бастық тарапынан қолдау болмады, қазақ мектептері жаппай жабылып, қазақтардың жартысынан көбі өз тілін білмей қалды. Айта берсе 70 жыл ішінде барлық бұратана халықтар үшін, соның бірі қазақтардың көрген шапағатынан, жақсылығынан қиянаты, қияметі бастан асады. Кеңес үкіметі қазақтарға жақсылық әкелді деп соны дәріптейтіндер, аңсайтындар да аз емес. Олардың ойынша Кеңес үкіметі болмаса қазақтар баяғы XX ғасырдың басындағы деңгейінде қалады-мыс деп дәлелдемек болады, бірақ тарихтың тегіршігі кейін қарай айналмайтынын, оның аз да болса ілгері жылжуы болатынын ескергісі келмейді. Қазақтардың ұлт есебінде жойылып кете жаздағанының өзін, ешқандай жақсылыққа, ақшаға, дүниеге айырбастауға болмайтыны айдан анық. Тамағың тоқ, киімің көк болып, бірақ сен қазақ екеніңді білмесең, болмаса оны айтуға арлансаң, жинаған дүниеңнің, алған атағыңның кімге керек екенін шын қазақпыз деп жүргендер түсінетін шығар.

Тып-тыныш дүниені төңкеріп, әлемнің жарлы-жақыбайларын жарылқаймыз деп айға ұмтылып, қиалы қоғам орнатпақ болған большевиктік идеологияның жалаңтөс уәкілдері мен белсенділері ел арасына осылайша бүлік салды, бірақ ел үшін мардымды жұмыс жасамады, ал өз қамдарын ойлауға, оны іске асыруға келгенде алдарына кісі салмады.

Көтерілістен кейін Маңғыстау қазақтарының күн көрісі төмендеумен қатар, бұл жағдай -ел азаматтарының құлқына да, мінезіне де әсер етпей қоймады. Демограф-ғалым Мақаш Тәтімовтың: «Батырдың тұқымы — жуасқа, жуастың тұқымы -ынжыққа, ынжықтың тұқымы - азғынға, азғынның тұқымы - сатқынға, сатқынның тұқымы - мәңгүртке айналған», дегені сол кездің өзінде-ақ көріне бастағаны белгілі. Елде, тіпті, өсек-аяң, сөз тасушылық жайлады. Бірінің ізіне бірі түсті, бірінің аузын бірі бақты. Мұндай азғындыққа тап қылған сол кездегі үкімет жүргізген саясаттың салдары болатын. Осының қайғылы зардабын Маңғыстау қазақтары, көтеріліске қатынасқандардың ұрпақтары көрді. Олардың үкімет жазасына ұшырағандарынан қалғандары бандының тұқымы деп қудаланды, оларға сенімсіздік білдірді, басшылық жұмысына жіберілмеді.

1922 жылы Тобанияз революциялық комитетінің төрағасы жұмысынан босатылғаннан кейін Маңғыстау халқының маңдайына жергілікті азаматтардан бірінші басшы болып ел басқару жазылған жоқ.

Мұның барлығы большевиктік партияның, кеңестің, олардың жергілікті өкілдері, соның ішінде ВЧК-ОГГГУ-НКВД органдарының халыққа сенімсіздікпен қарау саясатының салдары. Қандай да болмасын басшы қызметке бұлардың тексеруінсіз ешкім жіберілмеді. Ел арасында сен адай болсаң, сен - бандысың, иә, бандының тұқымысың деп қудаланып отырды. Сондықтан да бұлардың арасынан басшы қызмет орындарына ешкім бара алмады. Тек қана Тобанияздан кейін 65 жыл өткенде Маңғыстау ауданына бірінші басшы болып, 1983 жылы, сол жердің азаматы Кемелбайұлы Сақап сайланды.

Осындай жағдай Адай көтерілісінің басталған орталықтарының бірі, бұрынғы Адай округінің, қазіргі Атырау облысының Жылой ауданында да орын алды. Бұл жерде де адайлардан бірінші бастық 1970 жылдардың аяғынан бастап тағайындала бастады.

Маңғыстау ауданы 1973 жылға дейін 55 жыл бойы Гурьев облысының қарауында болды. Облыстың басшы қызметтеріне Маңғыстаудан бір де бір адам жіберілмеді десек өтірік болмайды. 1973 жылы Маңғыстау облыс болып құрылғанда да облыс басшылары да үлкен, ірі мекемелер басшылары да басқа жақтан әкелінді.

Сол кездегі солақай саясаттың, Қазақстан басшыларының теріс көзқарастарының арқасында 1988 жылы Маңғыстау облысы жойылып, тағы да Гурьев облысының қарауына кірді. 1990 жылы әрең дегенде, Маңғыстаудың болашағы еске алынып, қайтадан облыс болып құрылды. Тек осы кезден бастап облыстың бірінші басшысынан басқалары жергілікті жерден сайланып, тағайындала бастады. Мұның өзін бірінші көрген көне көз ақсақалдар жақсылыққа жорып, мәз болды.

Маңғыстау тарихында неше бір сорақы жағдайлар өмір бойы, ғасырлар бойы орын алып келді деген тұжырымды тарихтың өзі-ақ тұжырымдады.

Патша үкіметі ғасырлар бойы өзінің тәуелсіздігін көксеп, елін, жерін қорғаған «бүлікшіл», «бунтарь» халықты, «тағы да не болып кетеді» деген арам пиғылмен, қазақтың басқа жерінен бөліп алып, басқару үшін, 1870 жылға дейін орталығы Тифлистегі Кавказ сыртқы әскери округше бағындырса, атақты Досан батыр бастаған Адай көтерілісінен кейін Ташкендегі Түркістан генерал-губернаторына қарасты орталығы Ашхабадтағы Сыртқы Каспий облысына бағындырды.

Тек қана 1920 жылдың 26-тамызында қазақ Автономиялық Кеңестік социалистік республикасының құрамына кірді. Бұл мәселені шешуге де Тобанияз Әлниязұлы өзінің үлесін қосқаны жоғарыда айтылған.

ҚОРЫТЫНДЫ

Сіздердің алдарыңызға ұсынып отырған дүниені көркем шығарма деп ойламаймыз, бұның барлық ұзын-ырғасы бұдан 70 жылдай бұрын уақытта болған адай халқының қанды шайқасын, осыған байланысты оның басынан өткен қасіретін сіздерге тек қана архив құжаттарынан, оның ішінде қара түнекте жабулы жатқан мәліметтерден аз да болса есте қалған көне көз қарттардың естеліктерінен жиналған, тарихта болған деректі оқиғалардың азғантай ғана қолға түскен жиынтығы десек артық болмайды. Дегенмен, бұл қасіретті толықтай көрсететін, соңғы шайқасты баяндайтын құжаттың жоқ болып кетуінен шындықтың түбіне жете алмағанымызға өкінеміз.

Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұламадан кейін, адай халқының басына түскен қиын да, қайғылы істі әркімдер әр түрлі түсінеді. Бұл көтеріліс байлар мен молдалардың үгітіне ерген бір ғана рудың емес, Кеңес үкіметінің саясатына қарсы бүкіл қазақ халқының әділетсіздікке қарсы ұлттық наразылығы деп түсінгеніміз дұрыс деп есептейміз.

Адай халқының басынан кешірген ондай қаралы күннің зардабы қазір ұмытылып бара жатқаны да белгілі. Мұны сол көтерілістен таяқ жеген, соның ащы дәмін татқандардың ұрпақтарынан басқа, елдің бәрі біле бермейді, оны көргендерден, білетіндерден қазір ешкім қалған жоқ.

Бұл көтеріліс жөнінде, және адайлардың осыдан көрген қасіреті қағаз бетіне түсірілуі де бірінші рет, бұрын бұл жағдайды жазу түгілі айтуға болмағаны да анық.

Сондықтан, ізі жоғалып, ұмыт болып кетпеу үшін, келешек ұрпақтың дұрыс ұғынып, түсінуі үшін, шындығына көзі жетуі үшін, бұл еңбектің аз да болса пайдасы тисе, біздің ойлаған, алдымызға қойған мақсатымыз орындалғаны деп есептейміз.

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙