TELEGEI

Home

Алматы ғазалдары

Ғалым Әріп

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Алматы ғазалдары

Лирикалық жырлар

Ғалым Бисембіұлы ӘРІП Маңғыстау ауданының Жыңғылды ауылындағы орта мектепті 1976 жылы бітірген соң, алғашқы еңбек жолын облыстық «Коммунистік жол» газетінде корректорлықтан бастады, әдеби қызметкер болды. 1977 жылы КазГУ-дің журналистика факультетіне күндізгі бөлімге түсіп, 1982 жылы тәмамдады. 1982-84 жылдарда Алматыда «Жалын» баспасында поэзия редакциясында кіші редактор, редактор қызметтерін атқарды. Редакторлық (баспагерлік ісі) курстан өткен. 1984-88 жылдар аралығында облыстық «Коммунистік жолда» тілші, секретариат қызметкері, жауапты хатшының орынбасары. 1988-90 жылдарда Ақтаудағы Абай атындағы мәдениет сарайында нұсқаушы-методист. 1990-94 жылдарда қалалық-облыстық «Маңғыстау» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі, ал 1994 жылдан бас редактордың бірінші орынбасары болды, 2013 жылдан осы газеттің бас редакторы әрі Қазақстан Жазушылар одағы Маңғыстау облыстық филиалының директоры. «Жыл он екі ай», «Жақсы жұмыс», «Көңілді тоқсан», «Қарлығаш», «Абитуриент-77», «Мерейлі мекен», тағы басқа жинақтарға топтама өлеңдері енген. Өзінің дербес «Жүрегімнің толқындары», «Асау жүрек», «Дүрия-дүние», «Асылдың сынығы», «Каспий трагедиясы», «Жұлдыз-ғұмыр», «Рух жанартауы», «Ақын арманы»(азабы), «Төрт толғау», «Томирис», «Қасиетті парыз», «Өмірді өлшеймін мен өз бағаммен» атты поэзиялық, прозалық, публицистикалық кітаптары жарық көрді. Форт-Шевченко қаласының 160 жылдығына арналған «Жаңарған Ақкетік», Ұлы Жеңістің 60 жылдығына арналған «Отты жылдар жаңғырығы» кітаптарының авторы. «Гармония» атты жыр жинағы ақын Р.Рябцовскаяның көркем аудармасымен (жолма-жол аударған қызы Раушан Әріп) орыс тілінде басылып шықты. Жазба ақындардың 1990 жылғы Алматыда өткен республикалық тұңғыш мүшәйрасына Маңғыстау облысынан бірден-бір қатысушы. Ғ.Әріп журналистер мен ақындар арасындағы облыстық, республикалық бәйгілерде жеңімпаз, жүлдегер атанды. Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған республикалық конкурстың жүлдегері, Түркияның ғылыми және әдеби шығармалар иелері кәсіби ассоциациясының Алғыс хаты, Маңғыстау облысы әкімі мен облыстық мәслихаттың Құрмет грамотасымен, облыс әкімінің Құрмет грамотасымен, ҚР Тәуелсіздігінің 10 жылдығы құрметіне мерекелік медальмен және ҚР Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталған, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшесі, ҚР Мәдениет қайраткері.

АЛҒЫС ХАТ

«Құрметті Ғалым Әріп! Сізді Қазақстан Жазушылар одағының 80 жылдық мерейтойымен құттықтап, Түркі дүниесінің әдебиетіне қосқан үлесіңізге алғыс білдіреміз. ІLESAM(Түркияның ғылыми және әдеби шығармалар иелерінің кәсіби ассоциациясы) төрағасы Meһmet Nurі PARMAKSІZ. 3 қараша 2014 жыл» (түрікшеден тәржімеленген)

ЛИРИКА

Алматы ғазалдары

х х х

Өзіндік менің өлшем - әз-ғаламым,
Іркілмей Алматымды жаз, қаламым.
Әуелден қиялына қанат біткен,
Арманшыл, асқақ көңіл бозбаламын.

Болса деп өздік шыңым, дара тауым,
Ту еттім жыр-ғұмырды – ар-отауын.
Ең алғаш көргенімнен есімді алып,
Ұйытқан ұлылыққа Алатауым!

Сен мені терең ойға батырасың,
Тәнтімін көк таласқан атыңа - шың!
Қараймын құзарыңа көзімді алмай,
Шырқаған шырқауларға шақырасың!

Сен менің семсерімсің, ар-намысым,
(Сүрмейміз бұл ғұмырды жалған үшін),
Алатау, ата-бабам аруағы,
Қазаққа жаралғандай қалқан үшін!

Сен үшін біз бір шыбық-өрімдейміз,
Нәр алған өнбойыңнан төліңдейміз.
Бір кезде Адай да - Алтай, Алатауда
Кешіпті елмен бірге өмір дейміз...

Жаралдық дей алмаймыз жат-алыстан,
Қаздаймыз Ұлы Жүзбен қатар ұшқан...
Адайлар – Шыңғысханның ұрпақтары,
Ақорда, Алтынорда, Моғолстан!..

Бабама құдіретті басымды ием,
(Демеймін тапқанымды тосын сый ең),
Адайлар алтын нұрдан жаратылған,
Мұңалдар төре тұқым, асыл сүйек!...

Тізбеймін бірақ тарих сораптарын,
Болса да бағзы күннен мол ақпарым...
Мен үшін Алатауым – қарі Бабам:
«Бір болың деп тұрғандай, қарақтарым!»

Кешеміз бүгін ғұмыр ұлы өткелін,
Ұғайық ұғыспаудың күні өткенін...
Алатау Бабам бізге деп тұрғандай:
«Беу, қазақ, бір болсын деп тілектерің,

Бірлігің – Мәңгі Ел етер тіректерің,
Бір жеңнен бір шықсын деп білектерің.
Алатау өзендері күркірейді:
Беу, Қазақ, бір соқсын деп жүректерің!!!»

Бойында бала күннен дауыл басым,
Алатау, мен бір сенің дауылпазың!
Жырлайын асқақтық пен махаббатты,
Сырласым - алматылық бауырласым...

х х х

Алматым, өзіңді асқақ тұлғам деймін,
Арбайды сылқым-сырға тұнған кейпің.
Аумайды абыздардың бейнесінен-
Алатау- ақар-шақар шыңдар деймін.

Тарихтан қазбаласам тыңдар кей- кім,
Билеген бұл өлкені ғұндар деймін.
Асырып қазағымның аруағын,
Ұлы йозі елді қорғап тұрған деймін.

Табылар өткен күннен қисын көптен,
Бауырым, баба жолын түйсін тек сен.
Қытайлар санасуға мәжбүр болған-
Шыңғыс хан,

Ұлы жүзім – Үйсін жұртпен.

Ешкімнің көнбеді ерлер айдауына,
Тектен тек ие болмай жайлауына...
Бұл күнде Жетісудың әз шаһары-
Болғандай мыңжылдығын тойлауына!

Тұғырың мықты болсын табанды елім,
Тарихтың тартуы мол саған керім.
Жасай бер, мың жасаған ақсақалым,
Алматым- асыл, бекзат қалам менің!

Айналаң – шырша менен қайың, бақ, гүл,
Қараймын құдіретке пайымдап бір:
Алматының ажарын алабөтен
ЮНЕСКО-Париж де мойындап тұр!..

х х х

Алматым, жанды баурап, аяладың,
Аңсатар жасыл тепсең, сая бағың.
Тербеткен тал бесікті анамыздай-
Өзіңсің асылым да, аяулы әнім.

Өзіңсің менің үшін бір құт ғалам,

(Сырымды қалай енді іркіп қалам?)
Алматым, асығамын саған дәйім,
Көңілімнің кезі бар ма ынтықпаған?

Бейне бір бәйтеректей мәуе жайған,
Ешқашан арылмадым сәуелі ойдан.
Көңілім перзентіңдей тебіренер-
Ұшып кеп түскен кезде әуежайдан.

Билеп ап бір қуат-күш еліктіріп,
Сезімді билейтіні-ай желіктіріп.
Алматым, алақұйын әлемсің-ау,
Қалайша «мас» болмайын көріп тұрып?

Кім- кім де күн кешпейді «мас» боп бекер,
Кәрің де бұл шаһарда жас боп кетер...
Әз-шаһар «әзәзілдей» арбаса да,
Алдында ақылдының мақсат жетер.

Ақылды ләйімда адаспайды,
Адасу ақылдыға жараспайды.
Ақылмен ғұмыр кеше алмасаңыз,
Алматы кім-кімге де бақ ашпайды.

Алматы жамандармен санаспайды,
Алматы жасықтарға қараспайды.
Алматы – сал-серілер астанасы,
Бас қосса, тез арада тараспайды...

Атқанда аппақ таңы арайлап бір,
Күн кешер Алматыда талай жақсы ұл...
Ай жүзі арулардың ақша қардай,
Алайда, айналайын, абайлап жүр...

х х х

Дәурен-ай, бір күніңнен бір күн керім,
Сырымды жаюға мен іркілмедім.
Алматым әйбәт қала, шәрбәт қала,
Өтті ғой сенде талай жыр-күндерім.

Өлгенше өшпес алған әсерлерім,
Жастық шақ, жарқыл қаққан әсем, керім,
Шомылдым шуағыңа беу, Алматым,
Тәнімді жуып-шайды нөсерлерің!

Көктемде арай шашса таң шапағың,
Арбайды жазғытұры арша бағың.
Жаңбырдан арылмайды күзгі Алматы,
Қыстағы қандай ғажап ақша қарың!

Әйтеуір, Алматының ылғалы көп,

Қашанда бұлтқа оранып тұрғаны көк...
Бір сәтке қалса ұмыт қолшатырың,
Қаһарға мінер дейсің шыңдары кеп!..

Кезгенде Алатаудың қыр-шатқалын,
Кәнігі альпинистей бір саспадым.
Жаңғақтай сатырласа зәрені алар-
Төпейтін тұтқиылдан бұршақтарың!..

Мұндайда бойды қарып барады ызғар,
Қаптайды бір беймәлім қара құстар...
Жарқылдап найзағайлар, орман у-шу,
Қаныңды қоздырады дала құштар!..

Табиғат, қандай ғажап дем бергенің,
Ғаламат тіршілікке өң бергенің...
Қалқалап тұр ма кәрлі қия шыңдар,
Алайда, Алматыдан жел көрмедім...

Өтті ғой баба-тарих – ұлы керуен,
Жетісу – жер жәннәты, жүгінем мен...
Ал менің Маңғыстауым – желі азынап,
Боз дала – аруақтар күңіренген!..

Киелер желей берсін,жебей берсін,
Қазағын қолтығынан демей берсін.
Қазақтың жері-суы, орман-нуы,
Халқымды қуанышқа бөлей берсін.

Астана – атанса да астана боп,
Тарихқа қатталар-ау жас қала боп...
Алматым – алтын қанат ақиығым,
Алашқа сен тұрарсың бас қала боп!

х х х

Қала жоқ Алматымен таласарға,
Не жетсін Медеу кезіп, тау асарға...
Қасыңда өңшең жайсаң жандарменен
Көктебе, барсаң Алма-Арасанға...

Жеткізсе әлі талай ғұмыр Алла,
Жаралдық тіршіліктен сыр ұғарға...
Сіңіріп саф ауасын ну орманның,
Қаналық қымыз бенен қымыранға.

От-сезім өшпес тегі арман қумақ,
Ойлыға сәтті күндер талай тумақ.
Балқытып бойды балдай сыраменен,
Көк шөпке алар ма еді-ау аунап-қунап...

Десе де көңіл, шіркін, алаңдама,

Адаспас аңдып басқан адам ғана.
Аспандап кете көрме қайран жүрек,
Астыртын айтқан сөзге арандама.

Желіксең, жел-қаңбақтай ұшып кетпе,
Беймәлім бір қиялға түсіп кетпе.
Сап көңіл, Алматыда сабаңа түс,
Бауырым, елес қуып ішіп кетпе...

Білемін, Алматы бұл тарлан қала,
Жүреміз кейде шайқап талтаң қаға...
Барғанбыз Ұзынағаш, Қаскелеңге,
Барғанбыз Жамбыл(ауданы), Есік, Талғарға да.

Алматы алабөтен шаһар-қала,
Шыңдады тартыс-тірлік, қатал-дода...
Кезгенбіз біз бірінші Алматыны,
Жат емес «қауіпті аймақ» «татарка» да...

Күн кездік, түн де кездік, тайсалмадық,
Жас күнде бола алмадық байсалды анық,
Шегінбей өмір-өзен майданында,
Алуан асулардан ой, самғадық...

Жасымай намыс пенен ар үстінде,
Өтті ғой шалдырмастан шабыс мүлде...
Нұрберген, есіңде ме, алысам деп,
Қара тон қалдырғаның қар үстінде...

Қарсы алдық талай-талай асыл таңды,
Бір күні Қожакеев ашуланды...
Дүрәлі, Дәуітәлі, Иса, Қали,
Қасымда (марқұм) Мұрат досым бар-ды...

Ұстап ап милиция бәрімізді,
Тыңдады декан біздің «әнімізді»:
-Құртамын сізді «восемь гвардеец»,
Көрейін енді мықты халіңізді...

дегенде дірілдедік, күмілжідік,
Үрейден маза қашып, үзілді үміт...
Темкеңнің тепкілері әлі сабақ,
Алдына қойған қойдай тізілдіріп...

Көңілдің алға сүйреп талпынысы,
Қанғандай мейлі, мейлі, жан құрышы...
Байқасаң, тұнып-ақ тұр тылсым сырға,
Мұң-муза Алматының әр бұрышы...

х х х

Мен келемін, достарым, мен келемін,

Сағынышым сарғайған сендер едің.
Мынау бүкіл әлемнің мәніс-мәнін,
Бірге болған күндермен теңгеремін.

Беу, бауырлар, сендер ең шөлдегенім,
Пейіл –Дала, көңілім - көл дер едім.
Жалғыздыққа көндікпес пендең едім,
Жалғыз қалсам, жабығып, шерленемін.

Жалғыз ғұмыр кеше алман елегізбей,
Ондай кезде бұлттымын қара күздей.
Алматыға келемін алабұртып,
Арқа-жарқа достардан күдер үзбей.

Көңіл жүдеп қалса да алда-жалда,
Әрдайымда сүйрейді арман-алға.
Алатаудың абыздай дидарымен-
Құшақ жайып қарсы алар Алматы –Ата.

Мен келемін, сілкініп, тасып ұдай,
Тек қар көшіп,
өр өзен тасымағай...
Жер сілкініп кетпесе деп тілеймін,

Аман болшы, Алматым, асылым-ай!

Түсе берсін асығың алшысынан,
(Пейілімді ақжарма алға ұсынам).
Рухани төрімсің,
Рухымсың,

Қуат алған халқыңның алғысынан!

Таусылмайтын шаһарсың ән-ғұмыры,
Сарқылмайтын шаһарсың мәңгілігі!
Тәуелсіздік Туысың, Ерлік Жыры-
Желтоқсанның Жүректе Жаңғырығы!

Өлмейді олар...
Өлмейді!
Өрімдерім,
Шейіт еткен ерлерім өмірлерін!

Көн-бұғауға көнбейтін еркін Қазақ,
Жарқыраған Жұлдызым – көгімде Күн!

Өр Алматым - өрелім-өсиетті,
Бастан кештің қайғы мен қасіретті!..
Жолым түскен кездерде әр уақта,
Алаңыңа барамын қасиетті!..

х х х

Басымды саған дәйім иіп келем,
Алғаусыз сезімменен сүйіп келем.
Алматым-Алатауым биік мекен,
Көңіліме көрікті ойлар түйіп кетем...

Алматым – Алаш жұрты – арыстарым,
Күн кешкен не ғұлама, данышпаным:
Алматым -Әуезовым, Сәкен, Ілияс,
Бейімбет, Қонаев пен Қаныштарым!

Қос Ғабең, Сәбең дәйім жол бастаған,
Батырлар Бауыржандай қол бастаған!
Күн туса ел басына айыл жимас-
Жұбағаң(Жұбан), Шаханов пен Олжас ағам!..

Сөйлейтін ерлерім көп кесек үнмен,
Алматы десе мерей өсер мүлдем...
Елбасым – Президент Назарбаев
Жаралған жасыл жайлау осы өңірден!

Ежелден алматылық болса Елбасы,
Сайрайды салған ізі, қолтаңбасы...
Алғанда Тәуелсіздік алғаш рет,
Қаланған осы жерде Елтаңбасы.

Көкбайрақ көкке қарай желбіреген,
Әнұран шырқалғанда Ел елжіреген!..
Аспанға бөркін атып қайран Қазақ,
Рухы шарықтап бір көк тіреген!

Болмысың берен, ұлттық өрең биік,
Рухани өрісіңе келем ұйып:
Имекең(Иманғали) игілікті іс мол жасады,
Алтын басын әдебиет, өнерге иіп!

Жаңғыртты Алматыны, жалындатты,
Орнатты метро, көпір, лағыл бақты...
Еңбек пен ізгі іске жаны құмар,
Күні-түн мігір таппай дабыл қақты!..

Ләйім елдік дәстүр жойылмасын,
Ләйім ерлік дәстүр жойылмасын.
Күйреткен КСРО-ны Алматымды-
ТМД, бүкіл әлем мойындасын!

х х х

Жұлдызындай сөнбейтін тұнық көктің,
Алматыға мен де өзім сіңіп кеттім.

Бес жыл оқып білім ап, еңбек еткен,
Көшесімен қаланың жүріп кеттім.

Өзгерген жаным сүйген қалам қалай,
Кеземін кең көшені алаңдамай.
Абайдың бойында – Ұлттық кітапхана,
Томдарды ақтарып ек талай-талай...

Жас күнімде жетелеп үзік-арман,
Қилы-қилы бұрышта ізім қалған.
Сырахана...
қалайша қиыс кетем,

Жарасады жаныма қызып алған.

Сырахана...
өткеннің бәрі елес пе,
Жанды ерітер бал сыра дәрі емес пе?
Шарап десе, қолдаушым Омар Һайям,

Мұқағали рухы бар емес пе?!

Болмаса да бойымда ақылда мін,
Сілкінуге сеземін хақым барын!
Жалғызсырап қалмайын жат адамдай,
Келсеңдерші жаныма, ақындарым!

Өлең қайда, жыр қайда, жанға пайда,
Ағыл-тегіл баяғы арна қайда?
Ағыл-тегіл бір ақын толғамай ма,
Ағыл-тегіл бір ақын сарнамай ма?

Жыр дегенде па, шіркін, тағат бар ма,
Жыр-пыраққа мінелік қанат барда...
Дүниенің арылып күйбеңінен,
Баралықшы беу, досым, кабактарға...

Жаның қалай ерімес сыр ағылса,
Жаныңды арбап жаныңда сыра тұрса...
Біз сезімнен жаралдық,
кейде-кейде...

Ой мен Сана сәл кейін тұра тұрса...

х х х

Тәңіріден жарқын боп жанар көгің,
Тәңіріден тарту боп Самал келін,
ХанТәңірдің асқақ боп заңғарындай-
Жарқылдай бер жайсаң ер, Жанарбегім!

Бірден ұқтым жанарда жасын барын,
Жұқтыра алмас жат өзге асылға мін.
«Ғалаға» деп тұрасың құшақ жайып,
Дара болмыс Жанарбек Әшімжаным!

Бұ тірлікте табам ба, бәлкім, досты,
Жолықтырып хақ Құдай, тағдыр қосты.
Кісілікте аға-іні, бауыр болып,
Ардақ тұтып келеміз алтын басты.

Адам болсаң, арлы боп кеудені ұр,
Айшықтайды ойлы жүз, пендені нұр.
Ажырамай жігіміз біз жүрелік,
Абайлатпай зырғиды келте ғұмыр.

Тәңір өзі қойғандай бағын ашып,
Жандармыз біз жақсыға жаны ғашық.
«Тәтемменен бірге кел Алматыға»,-
дейсің маған, бауырым, жаның ашып.

Осындайда сыр болып ағыламын,
(Ішке іркіп ол сырды неғыламын?)
Нұрғалидың ләміне құлақ түрсек,
Бойымыздан табылар тағы да мін.

Дейді ғой ол: бұ Ғалым досым менің,
Қылығың да аз емес тосын сенің.
Өңің басқа келгенде Алматыға,
Ауылыңа қайтқанда сосын сенің...

Алматыға келгенде алаудайсың,
Алдаспандай жарқылдап, жалаңдайсың.
Дүниеге нұр сепкен, жылу сепкен,
Өзді-өзіңше ерек бір ғаламдайсың.

Азаматсың арқалы, қызу денең,
Шұғылалы, шуақты жүзің де ерен.
Ауылыңа қайтқанда ал...
мыж-мыж болып,

Басты жазып кетесің... қызуменен...

Не десе де, сөкпеймін, Нұрғалиым,
(Қайда дәурен, жастық шақ, қайда құйын?)
Жанарбек-ау, сен мені ұғынарсың,
Мен өмірді кешемін арда күйім...

х х х

Беу, Жанарбек, кездестік қалай ғана,
(Жаның ұқсас Албансың – Адайға да!)
Алатаудың секілді ағыстары,
Бес жыл заулап өтіпті танысқалы,

Көңілде дық қалмаған, қалай нала?

Күн кешкенді сүюші ем кеуде керіп,
Ұсақтыққа ұрынбан пендеге еріп.

Менің досым ер мінез сен боларсың,
Аға үйінде шалқайғын төрге келіп.

Уақыт жүйткіп ағады зымыраған,
Түсінетін дос болдық ымырадан.
Ақтарылар сыр деген ағыл-тегіл,
Сыра құйып ішкенде құмырадан.

Күн кешеміз думанды, дауылдатып,
Ащы сулар кетсе де бауырды алып...
Біз желеміз қаланың көшесімен,
Алматыда ақ нөсер - жауын жауып...

Билегендей бойды бір сиқыр әлем,
(Аулақ қашты жылыстап күйкі әлем)...
Беу, Жанарбек , екеуміз бір болғанда,
Ұзап кетті-ау бейуаққа ұйқы деген...

Сол ұйқыға жаным қас тумысымнан,
Жаным жаршы аумайды жыл құсынан.
Түніменен толғатып, тебіреніп,
Жүрегімнен төгілген жырды ұсынам...

х х х

Адалдықпен арлы істі ұғындырдың,
Болмысыңа бірегей үңілдірдің.
Астанадан жеңгеңмен келгенімде,
Алдан шығып, вокзалдан күтіп тұрдың.

Ақжармалық таныттың арсалаңдап,
Аңқыл қағып сөйлейсің алға бастап.
Көңіл, шіркін, қалғандай көкке жетпей,
Біз ереміз соңыңнан қалбалақтап.

Шаңырақты көрің деп қонақ еттің,
Көпті көрген қариядай, дана-тектім.
Аралатып бір күндей «барахолка»,
Көлігіңмен қыдыртып, шарлап өттің.

Лебіңнен сезілді сана нұры,
Бағаламақ кім-кім де бағалыны.
Тәтең сені мақтады қайта-қайта,
Мақтай тегі қоймайтын шамалыны.

Бір қарасам ұқсайсың тау ұлына,
Бір қарасам ұқсайсың дала ұлына.
Біз келеміз жаныңда тәнті болып,
Шыныдай пәк жаныңның лағылына.

Сыймай жүрген шуы мол қаласына,
Алатаудай ұқсайсың дара шыңға.

Орнаталық достықтың нән көпірін-
Алматы мен Маңғыстау арасында...

х х х

Өмір деген қарасаң әр күні аңыз,
Достар барда қалайша сарқыламыз?
Күн кешпейік күндікші, қара мыстан,
Дүниенің достықта парқы нағыз.

Көзің салсаң, көз тұнар келбетіне,
Алматыдай қала жоқ жер бетінде!
Перілер де осында, серілер де,
Құшақ жайып қарсы алар келгенімде.

Алматыда өткізген күндерім көп,
Артар, бірақ, жайым бар кімге міндет?
Азаматтар алдымнан ақ жарылып,
Жанарбекке бұрады бүйрегім көп.

Балбұлақтың көзіндей тұнығының,
Әр ісінің таныдым ірілігін.
Жанарбектің жасыны – жанарында,
Жанымызға құяды жылылығын.

Жігіттіктің биігін бағындырып,
Бильярдты да ойнайсың қағындырып.
Ұзақ-ұзақ көрмесем, бауырым-ау,
Көзден тайып кетесің сағындырып.

х х х

Алдан күтіп нешеме желіс небір,
Алматыға келсем-ақ өріс кеңір.
Қайда кеттің, бауырым, Жарылқасын,
Құстай ұшып жүрсің бе, Қонысбегім!

Жыры болса ақынның басты арманы,
Алғаусыз ақ көңілді достар сәні.
Жарылқасын қосағы Раушанның-
Кетпейді естен ақ адал дастарханы.

Алматыға жеткенде қанаттана,
Құшақ жайған, қайдасың, Самат дара.
Курстастар бас қосып жиналады,
Желігуге жел беріп абат қала.

Сағынасың сан жылдар көрмегесін,
Нұрғали мен Бақытжан бөлмелесім.
Әй, әңгүдік бауырым Бақытжан-ай,
Баладайын бесікте тербелесің.

Бәріміз де ол кезде албырт едік,
Бәрімізден сен өзге аңғырт едің.
511-бөлмені өрт шалдырып,
Шылым шегіп төсекте қалғып едің...

Жыр қылушы ек біз сенің әр ісіңді,
Іштік талай пісірген борщыңды.
Бесінші жатақхана,
еден жуып,

Бахаңның саған талай тері сіңді.

Жыр-додада естіртіп дабысыңды,
Ерікпен бірге жортқан шабысыңды...
Еврей Краснермен ерегесіп,
Есімде, бермегенің намысыңды.

Білемін, сонша жылдар мекен еттің,
Ендеше, Алматыдан неге кеттің?
Қызылордаға не үшін бардың, досым,
Бәрі Алматыда емес пе кереметтің?!

х х х

Қылығың жоқ еді ғой ерегеспе,
(Болсаң да бейім кейде төбелеске...)
«Думан» мен «Шолпан» сынды
сырахана-

Сырласқан талай біздер жер емес пе?

Бақ күтіп қиялда қыз, арман күшті,
Аңсадың Алматыда аппақ құсты.
Ақыры Күләйханға жолықтың да,
Қанатың самғай-самғай елге ұшты.

Ей, Баха, Алматыда не көрмедік,
(Кім білсін, алқаш болып кетер ме едік?)
Кім білсін, биіктерге жетер ме едік,
Өкініп өмір бойы өтер ме едік?

Бір кезде күн кешсек те астанада
(Алматы),
Бәрібір жарымадық баспанаға.
Екеуміз сосын елге көш түзедік,

Алматы бұйырған ғой басқаларға...

х х х

Күн кешер Алматыда кілең мықты,
Күні үшін күресерге жігер мықты.
Аңдысқан, алашапқын қайран ғұмыр,
Болмаса күйреп кетер жүрек түкті.

Тегінде жүру қиын арпалыспай,
Жортасың жонды-жонды жолбарыстай.
Ақкөңіл Бақытжаным Алматыда,
Екеуміз түсеміз ғой дағдарысқа-ай.

Алматы қаласы ғой тарпаңдардың,
Алматы қаласы ғой тарландардың.
Бақытжан, саған не жоқ Алматыда,
Қаласы ол - ақылды мен арландардың...

Алматы қаласы ғой пенделердің,
Сен барсаң, Баха, онда сенделерсің.
Кабакта күні-түні сыра ішіп,
Сарқылар қалтаңдағы аз теңгелерің.

Болсаң да ақын жігіт қиялы – шың,
Өмір сүр, Баха, енді ұяң үшін.
Ол жаққа әңгүдіктер керек емес,
Алматы қаласы ғой зиялының.

Сен үшін Қызылордаң Қағбаң болар,
Мен үшін Бекет бабам заңғар болар!
Баралық Алматыға сайрандауға,
Біз үшін Алматы енді арман болар...

х х х

Болса да өткен күннен сағым басым,
Белгілі ақиқаттан жаңылмасым.
Оқуға түскенімде алғаш рет
Қолымды қысқан Ләззәт қарындасым.

Бес жыл бірге оқыған курстасым,
Маңғыстау ауданынан – ауылдасым,
Іштартып, бүйрегіміз бұратұғын,
Ләззәт, Әбдіғалым - бауырласым.

Жас күнде қандай керім ойнап-күлген,
Жарасар жаз күніндей жайнап жүрген.
Қыздарға қырындарда Әбдіғалым
Су жаңа көйлегімді ұрлап киген...

Жүздерің көзіме ыстық нұр ойнаған,
Жастық шақ аумас бейне шарайнадан...
Бір күні Сағат пенен Сағит келді,
Авиация институты – Ригадан.

Бір жүріп Алматыны сайрандадық,
Қос жігіт шаһарға алып қайран қалып...
Сағит Ләззәтқа ғашық болып,
Ләззәт Шымкентте қойған қалып...

Сағат пен Анар ару жолығысты,
Тағдырын тоғыстырып, сәті түсті...
( Пәниден бақиға озды қайран Сағат),
Жастық шақ, қоздырдың-ау сағынышты...

Бұл күнде айналғандай бәрі аңызға,
Жаңғырар курстастар санамызда.
Қос Гүлнәр, Айгүл, Нұржан,Ақбала ару,
Түсті еске Әлия, Гүлжанат,Заря қыз да.

Қиялдың қанатына құлаш ұрып,
Жүректен жырды төктім сыр ашылып...
Қайдасың, алматылық курстастар,
Елеусіз, достым Серік Рәсілов?

х х х

Алматы...
Сені ойласам іркілемін,
Төсіңде тастүлектей бір түледім.
Тасыды ағыл-тегіл айдындайын-

Тәңірден тарту болған жыр-жүрегім.

Мен сенің жаңбырыңдай сіркіредім,
Жарқылдап найзағай боп, күркіредім.
Дидары Алатаудың көзімді арбап,
Мен де бір қырандайын сілкінемін.

Жас дәурен, сірә, құрық шалдырар ма,
Арманның асқарына талпынар да.
Арайлы аққуыммен қол ұстасып,
Өрледім талай-талай тау-шыңыңа.

Ойласам, билейді ерен от денені,
Медеуің, саябақ пен Көктебені.
Алматы, жас дәуренім, отау тіккен,
Мен үшін ұлы өмір мектебі еді.

Өзіңде білім алдым, құнарландым,
Жар құштым, мәңгі бақыт,сыңар жаным.
Бүгінде бала-келін, қыздарым бар,
Жүгірген немерелер... - ұл - арманым...

х х х

Ауылдан ұшқан мен де бұла құспын,
Әуелден Алматыға құрақ ұштым.
Баласы ем алыстағы бір ауылдың,
Маңғыстау – киелі өлке, құладүздің.

Сезсем де күтерін көп сан өткелдің,
ҚазГУ-ге түсуге тек әлектендім.

Кетсем де алғашқы жыл мұрттай ұшып,
Міндім кеп қайығына тәуекелдің...

Тағдырым талайлармен жарастырды,
Достарды бөле-жару ағат сынды.
Біздерді көп қауіптен құтқарды ғой-
Староста – Мұхтар мен Ораз сынды...

Сес болған боксер де бар Марат сынды,
Күштілер Қуаныш пен Самат сынды...
Өткеннің өрнегі мол еске алғанда,
Ақтарғым келер кейде талай сырды...

Айтайын бір-ақ сәтін шамалатып,
Жас күннен өскен едім жағаласып,
Орысша бөлімменен жұлқысқанда,
Жамбасқа ап жер құштырдым домалатып.

Күреспен әжептәуір айналысқан,
Жан едім жаралған бір ар-намыстан.
Есемді жіберіп еш көрген емен,
Сәттерде не мықтымен арпалысқан...

х х х

Білімнің тартып тылсым терең-түбі,
Танылған ерте бастан кемелдігі,
Жасындай жарып шықты жастай Мұхтар,
Абрар ақсақалдың өрелі ұлы.

Әуелден талапты еді-ау тау жығардай,
Алатау өзеніндей сарқырардай.
Нұрланып көрінгенде өр бейнесі,
Жұлдыз боп көгімдегі жарқырардай.

Өзі ғой дара туған марғасқаның,
Алдаспан секілденген алмас дарын.
Деканға жағымпаздық танытпады ол,
Қорғаштап бірге оқитын құрдастарын.

Үмітін достарының ақтай білді,
Тұлпарын ұлы өмірде баптай білді.
Министр, Мемхатшы болғанда да,
Ер мінез қасиетін сақтай білді.

Ортадан озып шыққан арғымағым,
Топ жарған талай жерде шаршыда шын.
«Мұхаң деп біздің!» бәрі әспеттейді,
Кісілік асқақ намыс-ар шынарың.

Өзіңе бар ма қазақ сүйінбейтін,
Қос тілде суырылған биімдейсің.

Жақсыны қысып алып бауырыңа,
Жаманға жүгінбейсің, иілмейсің.

Жігіттік біледі жұрт мәрттігіңді,
Жігермен алдың жеңіп бақ-тұғырды.
Отбасы, бала-шағаң аман болып,
Ләйім шалқыта бер шаттығыңды.

Алдыңнан ата берсін ақ таң күліп,
Дем баспа ірі істерде ат шалдырып.
Мерейін өсіре бер ұлы еліңнің,
Өзіңді біз жүрелік мақтан қылып.

Даңқың бар айтардайын дабырайтып,
Шаба бер шалдырмастан арымай түк.
Өзіңмен арқаланар курстастар,
Ерекше есіміңді бәрі де айтып...

х х х

Әр таңда оянушы ем елеңдеулі,
(Кей таңда жүрегімді жыр емдеулі).
Сәріден бас жазып ем коньякпенен,
Кенеттен телефоным бебеулеулі.

Көтердім...
Қызылорда...-
Қуекеңім,
Болмысын кісілікті ту етемін.

Көңілін айқара ашқан азаматты
Шалқыған шабытпенен жыр етемін.

Бойында болған емес өзалда мін,
(Жайсаңмен жаным ұқсас, әз-арманым).
-Берейін,-деді өзі мен шығарып,
Ғалымжан, «Алматының ғазалдарын».

Пейілі ақбұлақтай ақтарылған,
Бойына адамгершіл гәп дарыған,
Қуекем жан сырларын ағытады,
Өткен мен бүгінгінің шақтарынан.

Бұл өмір телегей бір өзен бе еді,
Жастықтың ойға оралды кезеңдері.
Сельхозда, жатақхана - дуылдатып,
Достардың жыр оқып, тіл безенгені.

Кетеді еске алғанда тербеп тегі,
Ұмытылмас сол күндердің өрнектері.
Ойласақ түседі еске қайта-қайта,
Курстас дос-жаранның келбеттері.

Бейнебір жастық шақтың көркіндей,
Ол да бір адал көңіл, сері күндей.
Қоздатқан баяғының алау шоғын,
Қуекең жаны сыршыл серігімдей.

Екеуміз қыздырдық бір әңгімені,
Көктемнің желпігендей таңғы лебі.
Қуекең - Қуаныш аға Махамбетов,
Рахатқа бөлегендей жанды тегі.

Жан екен жанның сырын ағытар шын,
(Қуеке, ізгі ісіңмен сағынтарсың).
Тірлігін баян еттің «бәтшағарлар»-
Бақытжан, Орынбасар, Жағыпардың.

Сәлем де бәріне де, Қаршығаға,
Сыр, шіркін, ақтарылса таусыла ма?
Жаныңның - тұнба бұлақ иірімі,
Мәрт мінез, кесек бітім, нарсың аға!

Ақтарып қай-қашанда арман-көлін,
Мың жаса, ақиығым, арқалы ерім!
Құтайсын шаңырағың,
баспаханаң,

Қол созған қиялардан дархан ерім!

х х х

Бойында кісілік мол асқан тәуір,
Өмірден ерте оздың-ау Басқар-бауыр.
Бел кетіп, баз кешкенде сипалаған,
Емшім ең, қазаң болды соншама ауыр.

Еске алсам, жанарға жас іркіледі,
Өнерде жанып тұрған дүлдүл еді.
Жігіттер жиналғанда ән де шырқап,
Әзілмен күлмесіңе күлдіреді.

Болып ең талай жерде ақылдасым,
Сыйласқан, сырласқан да жақын досым.
Бауырым, топырағың торқа болғай,
Еске алды елжіреумен ақын досың...

х х х

Түйнейді кейде жүрек ауырып-ай,
Түссе еске Ораздай дос-бауырым-ай!...
Бір кешкен Алматының ауасын да,
Бір кешкен нөсерлеген жауынын-ай...

Жастық шақ қандай қымбат
арманға асқан,

Жалындап отты жүрек алға басқан...
Үйленіп медик бойжеткендерге біз-
Бажа боп алған едік ерте бастан...

Кезіміз алаулаған ол кезде жас,
Бибігүл мен Бақыт, сірә, группалас.
Оразым - Консерватория түлегі еді,
Өнерді өле сүйген, өмірге мас.

Талай күн, талай түндер бірге өтіпті,
Достықта рухтас ек, ірге мықты.
Бір рет «шәй» деспедік отыз жылда,
Қашанда жеңе білдік пенделікті.

Артыңда қалды ұрпағың –
Ғалымжаның,
Гүлназың, Гүлнәрің мен асыл жарың.
Гүл жайнап өсе берсін немерелер,

Қашанда қайран досым, қасымдасың.

Көңілім сен дегенде ерек еді,
Көңліңнің көп болушы ед кереметі.
Амал не, алыс қондың тым ертерек,
Сен бізге Ораз досым, керек едің...

х х х

Жанымды мөлдіреген достар ұқты,
Білемін Ораз бенен Басқар ұқты.
Қалайша еске алмайын қандыкөйлек-
Серігім сері мінез Асқаровты.

Ей, Ерік, қия алмаймын саған өлім,
Сапарлап кеттің қайда маңмаңкерім?
Фурманов-Карл Маркс көшесінде-
Шайқаған күндер қайда арман көлін?

Үйіңнен бәрін-бәрін ішетінбіз,
Бақытжан, Нұрғали – үшеуміз...
Жыр қылып Бақытжанның
«хиссаларын»,

Күлуші ек үзілгенше ішегіміз...

Болмаушы ед Бақытжанда тойым ғана...
Деуші едің: «Шойынқара – ойын қара...»
Кейде бір қызып алған сәттеріңде,
Сүйеніп тұрушы едің қайыңға да...

Жыр етіп махаббатты – мәңгі от деп,
Тиісіп Бақытжанға «идиот» деп,
Түнімен жүз грамға сылқи тойып,
Шығушы ек сіздің үйден таңды иектеп...

Апырай, мен бір желдей есем бе екен,
(Бір күні аулаққа алыс көшем бе екен?)
Махамбет жары – Мәншүк Шәжімова,
Рухың- еске алмасам кешер ме екен?!

Жазсам деп өткен жайлы ұтымды жыр,
Заулаумен барады өтіп ғұмыр, шүкір...
Мерт болды-ау қайран Қайрат Әлімбеков,
Айтушы ед «Дүрияма...» жылы пікір...

Қайыспай қамшы бассам жыр-дөненге,
Сен едің серпін берген сырлы өлеңге.
Ең алғаш ертіп өзің апарып ең,
Ерекше баспа осы деп «Нұрлы әлемге»...

Болашақ таныстыққа болды-ау себеп,
Беу, досым, аңқылдаған алға сүйреп...
Сатирик, ақын, сазгер, бизнесмен-
Ол кезде Жарылқасын «молда» емес ед...

Оралып жастық шақтың гүл-күндері,
Алдымнан шықсаңдар ғой, шіркін, тегі.
Амал не, маңдайдағы жазмыш солай,
Бақида жолығармыз бір күндері...

х х х

Бұл кезде түседі кеп еске мүлде,
Ой салар мұңлы Алматы бос көңілге.
Ағалар, қайдасыңдар, асыл текті,
Адайдың бас қосатын кештерінде.

Бұл күнде сол дәуреннің бәрі ұзады,
Кім білмес дәрігерді Оразақов!
Атымов, Жұмалиев, Нұн Жұбаев,
Айдаров Ғұбайдолла – қазақ аты!

Тек қана Адай емес, қазақ ері,
Топжарған ортасының ақтаңгері.
Бәрі де профессор, ғұламалар,
Шетінен халқы сүйген мақтаулы еді.

Ал Маршал қаламгер ед, жаны керім,
Ал Санбай адал жүрек дәрігер-тін...
Ағалар, жатқан жерің жайлы болсын,
Кезінде іні болып бәріңе ердім...

Кей-кейде өткен күнге ой самғайды,
Кейде бір көңілді мұң, басқан қайғы...
Жақсылар, жатқан жерің жәннәт болсын,
Жайғасқан кең қорымға Ақсайдағы...

Бұл күнде Әмин ағам, Жан ағам бар,
Нығмет, Жұмат ағам – дара жандар.
Игілік - Астанада,
Жауымбай, Ермек-

Тұлпар боп тумысынан жарағандар…

Тарландар, арман қуған үлгің керім,
Замана, бір күніңнен бір күн керім.
Өнерде топты жарған кілең саңлақ,
Жарайсың жаңа буын дүлдүлдерім!

Нәр алған туған жердің құнарынан,
Жүректен сендерді ойлап жыр ағылған.
Сөнбейтін жарық жұлдыз Қосанова
Айгүлдің үні кетпес құлағыңнан.

Қазақтың дәстүрлі әні қалықтайды,
Балқытып бойды, көкке шарықтайды!..
Эстрада әлемінде - Тамара Асар,
Ешқашан тыңдаған жан жалықпайды.

Шыңдарда жаңғырығар алыстағы-
Айгүл мен Тамараның дауыстары!
Сіңірген қасиет мол өнбойында,
Маңғыстау рухындай намыстары!

Ел сүйер ерлерім көп асыл текті,
Өнерде олар қилы асуды өтті...
Ұлықпан Жолдасовтай музыкант жоқ,
Бөлеген қоңыр сазға сырлы ішекті.

Әншіден кім білмейді Ақылбекті,
Нұрлан мен Мұрат Қожа, Ғаділбекті...
«Каспийдің» жігіттері, армысыңдар,
Бұл күнде мойындатқан басым көпті?!

х х х

Жатақхана, АГМИ, педфак қандай,
Ақының осы жерден бақ тапқандай.
Жас ару, қос жанарың жымыңдайды,
Лаулатып жүрегіме от жаққандай.

Мен саған ғашық едім... ес танардай,
Көңілім... көрсем сені мас болардай...
Қоштасып кеткен едік Маңғыстауда,
Ойласам, жанарымнан жас тамардай...

Жас тамса, мәлім маған тыя алмасым,
Жолыққан қайта оралып, қия алмасым.
Сен менің жарым болдың мәңгілікке,

Жүрегім әлі толқыр – қиялдасың...

Ойласам қоштасуды жаным сыздар,
Тағдырым түйіскені бағым шығар...
Гүлсара, Гүлжан, Рабиға, Такура-
Қайда екен қасыңдағы тәуір қыздар?

Бар еді-ау өзінше бір әлеміңіз,
Ақтауда Кенже менен Дәмелі қыз...
Гүлдерден Алматыда көз тұнатын,
Көрмедім, бірақ сенен әдемі қыз...

х х х

КазГУ, бесінші жатақхана,
Жеткізем жүректен жыр, мадақ қана.
Ауылдан аулақ кеткен перзент едік,
Өзіңнен таптық ұя, жұмақ-пана.

Әйтпесе, далада біз қалмас па едік,
(Күй болмай, кім біліпті, оңбас па едік?)
Салдырған КазГУград қалашығын,
Кім дейміз, ұлы демей Жолдасбеков!?

Демеймін өлі рухын мазалайық,
Сыйлауға аз ба ұстаздар таза лайық?
Ақылгөй, данышпаным Амандосов,
Тепкілеп, тезге салған Қожакеев!

Санада жаңғырғанда сан есімдер,
Әкемдей көз алдыма келесіңдер.
Ұлағат сіңіп қалған көкірекке,
Ұрпаққа өшпес тәлім бересіңдер.

Ақиқат, қайтем сені бүгіп тегі,
Есімде жатақхана жігіттері...
Бір күні оқыс сәтте бөлмемізге,
Күркіреп Қожакеев кіріп келді.

Бақытжан еден жуған сыңайда-тын,
(Бойында көп қой, бірақ, алайда мін...)
-Түйенің үстінде сен тұрсың ба,-деп,
Танытып сонда декан шын айбатын,

-Еденді жуу үшін еңкей, тоңқай,
Шалқайып боп тұрсың ғой шәлтай-балтай...
дегенде шыдамай біз күлген едік,
Күлкіден таяқ жедік сонда оңбай...

Сатирик ащы тілмен осқылады,
Құтырған «жынымызды» басты тағы...

«Айтыңдар, ана жерде кім жатады?!»
Абызов: «Әріпов» деп бөсті-дағы,

-Бұл «батыр» жарды үйкелеп жатады екен,
Бір күні арғы бетке өтеді екен...
Шамасы, келер бөлме қыздардікі,
Сабаздың ойы мүлде бөтен екен...

дегенде, тағы күлкі қысып берді...
Деканның сол-ақ сәтте түсі өзгерді:
-Көк шаң боп жататұғын бөлмелері,
Көк жалқау жандар болар бұл өздері,

Көк шыбын үймелетіп көздеріне,
Шошысын шыбын жаны, бездері де...
Жатақтан қуу керек, қуу керек,
Обалы болсын дейміз өздеріне...

Апырай, декан сонда түнерді шын,
Танытып тау жығардай жігер-күшін...
Тәрбие бере білді Темкең бізге,
Танытып қатқыл мінез, рең- пішін...

«Тиме» деп айтады екен комендантқа,
Талап па, кісілік пе, аманат па...
Толып тұрған әр ісі ұлағатқа,
Ұстазды қия алмаймыз жаманатқа..

х х х

Кей күні көңіл-күйім азалы ма,
Ой салар өткен күндер қазағыңа...
Біздерді баулып еді-ау арабшаға,
Аяулы Мәрзия апа Маженова.

Нар тұлға Ыдырысов Әбілфайыз,
Сөйлеуші ед макет жайлы қанып айыз...
«Секретариат өнеріне көндікпесең,
Білімің, дейтін, шығар болып тайыз».

Қызықты жәйттер көп-ті таңғажайып,
(Ұстаздар бұл күндері қалды азайып).
Шошайтып қолын маған «мұрт» дейтұғын,
Есімнен кете қоймас Ерғазиев...

Сүйресе биіктерге Намаз(әлі) аға,
(Жақсының бабы келген бағы оза ма?)
Әскери сабақтан да аман өттік,
Дем беріп Сысоевтай сабаз аға.

Терең «ор» өзімізге қазып алып,
Атандық тентек-телі нағыз, анық.

Зачетқа келген кезде сұрау болып,
Көлденең тұрды Күзек Назханов.

Ағайда болсын, сірә, айып қайдан,
Білеміз біз келгенін қауіп қайдан?
Кезінде сессияның, Нұрғали-ау,
Шымкентке кеттік біздер тайып қайдан?

Ауылға кетем деген сен едің ғой,
Көңіліңді дос болғасын демедім ғой.
Пойызың қозғалғанда,
көзіңде жас..,

Секіріп мініп кеткен мен едім ғой...

Өткен күн жүйкемді кеп жібітеді...
Кейде бір сағым ойлар үгітеді...
Қиналған кезімізде, есіңде ме,
Қолдаған Күзек аға жігіт еді!

-Келіңдер сенбі күні үйге деді,
(Ұнады үйге бізді сүйрегені).
«Погреб» шағын ғана бірге жасап,
Өнеге, ақыл-кеңес үйретеді.

Есімде, шалқар еді көңіл неткен,
Ешқашан болмақ емес өмірге өкпең...
Екеуміз ақ тер, көк тер боп жатқанда,
Жұмабек Кенжалин де келіп жеткен...

Степендиант Лениндік терін төкті,
«Бестігін» қоймады алмай ерің текті!
Біздер де зачет- баға қойдырып ап,
Ерлікке еңбегіміз кәміл жетті.

Сыр ұғып кейін Аға қабағынан,
Табылдық білгіштердің санатынан.
Мемлекеттік сынақта мүлт кетпедік,
«Ғылыми коммунизм» сабағынан...

Айтасың несін, достым, бәрі де өтті,
Бес жылың бес күн болмай ағып өтті...
Ширалып ұлы өмірге біз аттандық,
Бойдағы танытсақ деп қабілетті.

х х х

Ақыры оқуды да тәмәмдадық,
Құлаудан аман қалып, амалдадық.
Алдағы арман енді Алматы еді,
Тіркелу жағына да алаңдадық.

Ауыл да айтар ойға елеңдесті,

Ел жаққа дұрыс болар келген десті.
Ауылға аттың басын бұра алмадым,
Сау болсын, Жәрдем Кейкин көмектесті.

Тіркелдім, енді қызмет іздестірдім,
Әр жерден сәтін іздеп із кестірдім...
Күркіреп тұрған ағам Кекілбаев
Үйіне келдім бір күн, күн кешқұрым.

Қарсы алды ақ жаулықты Айсәуле ана,
Жайымды сұрап-білді байсалды ана.
Сөйткенше үйге кіріп келген еді,
Ғұлама Әбекеңдей жайсаң аға,

-Әй,Әбіш,-деді анасы, жалтақтамай,
Жүрсін да мына бала жаутаңдамай,
Жұмысқа кіргіз оны, әйтпесе егер,
Айтамын Фаризаға арнап талай...

-Әй, мама-ай,-деп Әбекең күлімдейді,
Білетін шаруам ғой мұның,- дейді.
Қалдарбек Найманбаев сөзін құп ап,
«Жұмысқа келсін ертең інің», дейді.

Жеңгеміз Клара апа жымияды,
Өзіме пана тұттым жылы ұяны.
Бір мықты болсам дедім Әбекеңдей-
Бойымды билеп намыс, ар-ұяты.

Осылай Алматыда қалған едім,
Әуелден осы жолды таңдап едім.
Алдымнан тұрды күтіп «жетім бұрыш»,
Шаһардың әр шалғайын шарлап едім...

х х х

Алматы…
Пәтер жалдап өткен күндер…
Соңыңда қалған сенің көп белгілер.
Қорғансыз даладағы қайыңдайын

Сарыуайым, мұң, жоқшылық шеккен түндер…

Жырақта туған жерден, түу алыста,
Қаймықпай қарсы жүзіп біз ағысқа,
Өмірдің майданымен бетпе-бет кеп,
Түсіппіз небір тартыс-қақтығысқа.

Ех, шіркін, жүрек кейде жылап кетер,
Қайтесің, егіледі бірақ бекер.
Жастыққа тән емес пе албырт күйің,
Алдырмас асу сынды ұнапты өнер.

Шарпылып бал махаббат алауына,
Балқытып бойды заман шарабына,
Кешіппіз қиқулатып сауық-дәурен,
Шалдырмас асыл арман қанатында.

О, жастық, келіпсің-ау тізгін бермей,
Ойласам, енді жүрек үздігердей.
Мысықтың қысқы түнгі зарғағындай
Кез еді дүлей өкпек күзгі желдей.

Қазақтың астанасы дегенменен,
Өмірді өлшеп арман-өлеңменен,
Көлденең көк аттыға ұқсаппыз-ау,
Жат жұртта бейне жөнсіз көлеңдеген.

Дүниеге сөйтіп жүріп сәби келген,
Ол қай бір жал-пәтерде «әлди» көрген?
Жалынып қожайынға құлындай боп,
Сөз есту неткен қорлық әркімдерден.

Қайран-ай,
Кейде күйіп қапаланам,
Қары есте Алматының жапалақтаған,
Ұлымды көтеріп ап пәтер іздеп,

Бейне бір қайыршыдай алақтаған.

Бәрі есте…
Жырғып оны не қыламын,
Еске алсам сол күндерді аһ ұрамын.
Тұрағым қазір – туған топырағым,

Жайылды жап-жасыл боп жапырағым,
Сонда да Алматыны сағынамын…

х х х

Зуылдап өтті жаз, қыс, көктем, күз де,
Опынар мен емеспін өткен іске.
Жас күнде не көрсең де қызық сынды,
Ұқсайды бір мезетте көрген түске.

Жанымда жан серігім, елік жанар,
Өмірге, тіршілікке мейір қанар...
«Жалында» қызмет еттім, баспагер боп,
Таусылмас жыры да оның ұзынсонар...

Жан жарым оқып жүрді АГМИ-де,
(Дәрігер керек дер ем әрбір үйге).
Кеш болса күнде той мен күнде думан,
Кешеміз жастық дәурен жалын күйде.

Жайым жоқ қиындықтан қиналарға,
Босайды кей күндері винолар да...

Дем алып рухани біз жүреміз,
Театр,кітапхана, киноларда...

х х х

Шарпиды отты жалын денемізді,
Алматы, алдың билеп неге бізді?
Тағдырмен тартысуға табанды етіп,
Өсірдің дүние-пайым-өремізді.

Болсақ та әлі албырт-бұла сынды,
Алматы мерейімді тым асырды.
Аршындап алға бастым, сермелеумен
Арманның асқарына құлашымды.

Пәнидің баянды етіп біз күндерін,
Бақыттың кемесінде жүздік керім...
Күні-түн толғаттырып жүрегімді,
Алматы жыр-әлемге тізгіндедің...

Демеймін өгей болдым, тал қармадым,
Демеймін, беу, Алматым, арбап алдың...
Алматы десе өзім өзге әлеммін,
Алматы десе сонша арқаландым...

х х х

Жас күнге не жетеді пәнидағы,
(Жаныңның мәңгі өшпесін ар-иманы!)
Есіме түстің бүгін «Горный Гигант»,
Еске алдым Дүйсен менен Бағиланы.

Өткенді ойша сүзіп аралаймын,
Болған ең Сәбит, Ғидаят ағадайын,
Анаңыз - анамыздай еркелеткен,
Барсыз ба, Тастақтағы Сара апайым!

Сірә да өкінбейміз өткен іске,
(Ұқсамас сүрген ғұмыр теп-тегіске).
Нығмет ағамыздың пәрменімен
Бір мезгіл паналадық «Көктем» үште.

Демейміз өзге жұртқа болдық таба,
Ширатты шыңға сүйреп өмір-дода.
Анамыз кіп-кішкентей Рауанмен
Бір болған күндер қандай «Орбитада».

Ақыры баламенен қыс күнінде
Тауқымет басымызға түсті мүлде...
Жұмат ағам «келің» деп есік ашты,
Әр ісі жанашырлық, ізгі мүлде...

Ойласам, бәрі-бәрін кетем шарлап,
«Плодоконсервный»-Чернова-13 алам сабақ...
Өтті ғой бұл Ғалымның көп күндері
Алматым, ой-қырыңнан пәтер жалдап...

Жастықтың жалын атқан шағы қандай,
Жүректе ұялаған табы қандай.
Сол күндер енді қайтып оралмайды,
Жас күнді адам, шіркін, сағынардай...

х х х

Пәтер жағы қандай қиын қалада,
Қарайлайсың қаршығадай балаңа.
Көше кезіп жыларман боп жүргенше,
Кеткің келер туып-өскен далаңа!

Уақыт таппай тереңірек ойлауға,
Бұйығы боп, жүргендейсің байлауда.
Қор еткенше жырдың асыл сәттерін
Кеткің келер шопан болып жайлауға!

Жайсыз тірлік жанымызға тым батты,
Жалын атқан от жүректе мұң жатты...
Арманыңды күйдіргенше күйбеңге,
Шіркін, елде тер төккенің қымбатты!

Кім үңілген ішіңдегі дауылға,
Ағыл-тегіл саулаған жыр-жауынға?
Поэзиям, билеушім сен, қайтсем де,
Таңда өзің: Алматы ма, ауыл ма?

х х х

Түнде мысық жылағаны жағымсыз,
Ондай кезде тартады әбден жаным күз.
Шырылдайды-ау тоңғанынан, жарықтық,
Құшағына алған кезде қар үнсіз.

Неткен қатал сықырлаған қыс, боран,
Зар айтады терезе де мұздаған.
Естігендей жылағанын сәбидің,
Менің-дағы жан-жүрегім сыздаған.

Қайтем енді, ақын- жүрек жыр құшты,
Қайтем енді, әке-жүрек мұң құшты...
Алматыда қаламыз деп...
Бес айлық

Ауыл жаққа жіберіп ек тұңғышты.

Балбөбегім қолында еді қарттардың,
Көңіліме нақ осы ғой артқан мұң.

Босаңдау жан босамайын мен қалай,
Естіп жатып сыңсығанын бақтардың?

х х х

Отырмын сонау кезгі түсімді ойлап,
Алматым, ақыныңды түсін бойлап.
Көз ілсем болды түнде қасқыр көріп,
Шығушы ем шақыр-шұқыр тісім қайрап.

Қасқырлар бірде тобыр, топ болады,
Тістеуге кейде тіпті оқталады.
Бір арлан дараланып жақын келіп,
Бата алмай, ақырында жоқ болады.

Қасқырлар екі жақтап қос та болды,
Аңдыды ақын қадам басқан жолды.
Бесеуі жетті бірде желе жортып,
Маған да созды мезет достар қолды.

Тарылып сонда көкжал тыныстары,
Тоң-торыс кейін қарай жылыстады...
Есімде... сонан кейін алыс ұзап,
Беталды айдалаға ұлысқаны...

Есімде... төсектен сан атып тұрдым,
Ойлама қолайсыздау жатып, құрбым,
Шошыған екен ғой деп ұйқысынан,
Тағдырдың ащысын көп татып жүрмін.

Әйтпесе, қасқырдың бар менде несі,
Еместей бұл аң-адам ерегесі.
Көкжалдың көр кеудесі аржағында
Кей кімнің көрінердей бет пердесі,

Жатқандай зымияндық көлеңкесі...

х х х

Алматының жаз айын
Көресің көше-айнадан:
Қыздардың бәрі ғажайып,
Қызыл гүл бейне жайнаған.

Қарайсың үнсіз таңдана,
Жүректің оты маздауда.
Шыдатпас шабыт сонда да
Жауқазын жырды жазбауға.

Жан-жағың тұнған жасыл бақ,
Қадайсың көзді тойынбай.

Жүреді жастар асыр сап,
Сұп-сұлу, көзі мойылдай.

Маужырап қала ұйып тұр,
Қорғайды күннен тал-шатыр.
Жауғанда нөсер құйып бір,
Керек те емес қолшатыр!

Қызарып батса күн от боп,
Кешіңді кетер көркемдей.
Ай туса түнде жүрек боп,
Қалу да қиын өртенбей!

х х х

Асқары мұзарт мұнар шың,
Алатау сынды асқағым.
Жетсем деп саған құмарттым,
Жүректің жазып дастанын.

Есімді ап есіл елесің,
Түсіме түнде енесің.
Ұйқымды күнде бөлесің,
Балаңдай бауыр көресің.

Ынтығып іңкәр көңілім,
Асықты албырт жас жаным.
Өлеңге толып өмірім,
Қол бұлғар асыл достарым.

Дүние деген қас-қағым,
Жылдарым өткен жылыстап.
Асудан асқар аспадым,
Ауамен терең тыныстап.

Өзің боп арман, құмарым,
Таба алмай тағат көңілге,
Шыңдардың аңсап шынарын,
Талпындым заңғар көгіне!..

х х х

Бұл күнде мен бір саяқ, жырақтайын,
(Алайда, шоқытпаймын құр аттайын...)
Жүрсем де арқайын бір Ақтауымда,
Ынтығам Алматыға бірақ дәйім.

Осында жанды ұғатын достарым да,
Жетемін қас-қағымда қастарына...
Жазушылар Одағы...
Табалдырық...

«Біссіміллә» деп өтем басқанымда.

Әуелден аулақ едім тасырлықтан,
(Періште көңілімді қасым да ұққан).
Одаққа кіргенімде құшақ жайып,
Алдымнан Жанарбектей досым шыққан.

Қарсы алды Оразалин- Нұр ағамыз,
(Жаны – жыр, жайсаң жанды ұнатамыз).
Үш томдық таңдамалы сыйға тарты,
Мен білген арда көңіл, міне, нағыз!

Ұқсаттым оны қазақ данасына,
Ұқсаттым оны қазақ даласына.
Жанына ұялатып сыршыл сезім,
Ұлағат құйған дерсің санасына.

Сөйледі Ол Ұлы Одаққа алаң болып,
Желпиді жылы сөзі самал болып.
Нұрағам шашып берді барлық сырын,
Ақиқат айнадайын маған толық...

х х х

Өткенге терең-терең ой саламын,
(Жайым не жалпақ жұртқа жар салатын?)
Келгенде Алматыға баяғыда,
Баянғали ағам ед қарсы алатын.

«Жұлдыздың» есігін тарс құлыптайтын,
Бөгдені бұл араға жуытпайтын.
Мереке, Рахымжан – Адайларды
Карта мен жүз грамда ұмытпайтын...

Атанып есті тентек ортасында,
Мінездің Құдай берген арқасында,
Желігіп, желдей есіп лепіретін,
Ойнайтын тарс еткізіп картасын да...

Үркітер шамалыны жүректі еді,
Бүркітше бүретіндей білекті еді.
Екеуміз түніменен қала кезіп,
Жастықтың болған небір реттері...

От шашып қыран тектес көздерінде,
Қызбалық буып кеткен кездерінде...
Бүгінде бәрін қойып күн кешуде-
Көкшетау – атамекен өз жерінде...

х х х

Іздеймін Ұлықбектей-Ұлағамды,

Іздеймін Шаштайұлы Жұма-ағамды.
Сырласып жаны жайсаң жандарменен,
«Тауысып» кеткім келер сыраларды...

Іздеймін аттасымды – Жайлыбайды,
Тұлғасы тау пішіннен айнымайды.
Жүрегі ағыл-тегіл жыр-құдірет,
Қалайша шабыт буып шалқымайды!

Іздеймін Берік аға, Маралтайды,
Жаппасов Еркін сынды өр Алтайды!
Күлтәйдай айналайын қарындастар-
Шәй берсе қыс күнінде маған жайлы.

Ешқашан күн кешпеймін тырысып тым,
(Мен, сірә, кіммен жау боп ұрысыппын?!)
Әйтеуір, киемдейін жанды баурап,
Одаққа бір кісідей сіңісіппін...

х х х

Мен-дағы Одақтың бір бөлшегімін,
Ақтағым келер дәйім ел сенімін.
Жырлатқан жүрегімді бала күннен,
Поэзия, Өзіңсің, жан серігім.

Сен мені тебірентіп, тасындырдың,
Сен менің сезімімсің, асыл құрбым.
Одақтың кірдім жәйлап есігінен,
Бойдағы демеуімен жасын жырдың.

Бұл Одақ – қақ төрі ғой ұлылардың,
(Қадірі, қасиетін ұғынар кім?!)
Бұл жерде алабөтен күшке енермін,
Бұл жерден тым ерекше сыр ұғармын.

Ұлтының ұлылығы кеудесінде-
Бұл Одақ – алыптардың бейнесінде.
Естілер тұлпарлардың тұяқтары-
Киелі сөз өнері бәйгесінде...

х х х

Оу, ҚазГУім, киелі, қасиеттім,
Ұлағат мың бойыңда, өсиет мың.
Нешебір ғұламалар-шәкірттерің,
Бәрі де ҚазГУ десе - бас иетін!

ҚазГУ,беу, көсілген қалашығым,
Көзді арбар сән-салтанат, жарасымың.
Ғылым менен білімнің ордасындай-
Алатаудай асқағым, дара шыңым!

Өзіңді паналадым,
санам-арым,
Есімде, өнбойыңнан нәр алғаным.
Өзіңнен өрбіді сан кемеңгерлер,

Өзіңнен шықты небір даналарым.!

Сен өзі бар асылдың кеніндейсің,
Сен өзі парасаттың төріндейсің.
Сен өзі рухани кеңістікте-
Қырандар қалықтайтын көгіндейсің!

Сен өзі тым ыстықсың маған дәйім,
Асығам бір көрмекке саған дәйім.
ҚазГУім көзіме оттай басылады-
Бейнебір ақ сақалды атамдайын!

Бейне бір ақсақалсың ақылы асқан,
Біз сенің төлің едік бауыр басқан.
Сексенге толып тұрған шағыңызда,
Жазады шын жүректен ақын дастан!

Шағың қандай көңілді елжіреткен,
Шаттық-күйдің жалауын желбіреткен.
Ұлағатты, армысың, ұстаздарым,
Ақтарайын ақ тілек шын жүректен.

Мен бүгін ақ жауындай жыр арнадым,
Бұл күнде іске асқандай бір арманым...
КазГУім, ұшыра бер қияларға-
Халқымның үлгілі қыз-ұландарын!

Жастарым бола берсін әлемде үздік,
Білім мен имандылық, өнерде үздік.
ҚазГУдің өрендері өрелі боп,
Кірпішін қалай берсінТәуелсіздік!

Айрықша биік болып ақыл-ойы,
Жастардың арта бергей абыройы.
Сексеннің сеңгіріне қадам басқан,
КазГУдің құтты болғай ұлы тойы!

х х х
профессор Б.Шалабаевқа

Көргенде Сізді әр кез мен
Толғана ұзақ қараймын.
Мейірім тұнған нәр-көзден
Ұлылық сәуле тарайтын.

Айтатын жылы сөзіңіз
Сағынтар еді әкемді.
Мөп-мөлдір бота көзіңіз
Елестетеді Сәкенді.

Ақынды көріп суреттен,
Кездескен кезде Сізбенен:
Толқуға бойды билеткен
Сұраңыз не деп Сіз менен.

Мүшелді тойға тілек қып,
Арнасам да бұл жырымды:
Ағажан, адал жүректік
Ашайын Сізге сырымды.

Маған да бір сәт қараңыз,
Адамдар деген әпенде:
Алдыңыздағы балаңыз
Ұқсамайды ма Сәкенге?

Келіп ем көптен ақтармай,
Сырымды ғажап!(беу,шыным).
Саны өсіп келе жатқандай
«Сәкен ғой біздің» деушінің.

Өзім де бұған таңданам,
Себепкер жазған жырым ба?
Сезе ме адам аңдаған,
Ұқсайтын, бәлкім, түрім бе?

Бекерден бекер теңемес
Бетіңе қарап жұрт деген.
Беретін бейне жанды елес,
Жібектей майда мұрт па екен?

Ол жағын, Аға, білмедім,
Берерсіз баға өзіңіз.
Ұқсамай ма екен күлгенім,
Ұқсамай ма екен көзіміз?

Ұқсамадым ба сөзіммен,
Ұқсамады ма қызба жан?
Көргем жоқ Сәкен көзін мен,
Сәкеннің көзі – Сіз маған!..

х х х
Кураторымыз Н.Омашевқа

Жанарыңда жарқ етсе өткен кейде,
Жүрек, шіркін, қобалжып кеткендей ме?
Журфакта оқыған курстастар,
Жаз дидарлы жан аға, көктем- бейне,

Ойға оралып, нұр-шуақ төккендей ме?!

Қайран, қайран, арманның арналары-ай,
Сол арманмен жүйткідік алға қарай.
Ойдан-қырдан жиналған өрендерді
Өрге қарай сүйреген тарланым-ай,

Алатаудай асқағым, ардағым-ай!

Қалса да артта өмірдің белестері,
Қандай тәтті жастық шақ елестері.
Кісілікке үйреткен, кішілікке
Намазалы ағамыз емес пе еді?!

Жаңғырады ақыл-ой-кеңестері.

Намаз, иман –атадан аманаты,
Өнеге ісі, ұстаздық ұлағаты.
Тектіліктен тамырын терең алған –
Парық, пайым, пәтуа, парасаты.

Асыл ердің шықты ерте қыран аты.

Ағат кетсе студент әңгүдік кей,
Тәрбиемен баулитын жанды үгітпей.
Келбет қандай болардай қыздар ғашық,
Үлгі болар ұлдарға ар-жігіттей,

Ұлт дегенде қайралар Көктүріктей!

Ұлтжандылық қасиет жатыр қанда,
Басар мысы аруақ шақырғанда!
... Пәлсапасын ұйып бір тыңдаушы едік
(Лекция тыңдап бір отырғанда),

Саясат пен тарихтан сапырғанда!

Оқу менен ізденіс, білім кенен,
Тоғыстырған тағдырын ғылымменен.
Айдай сұлу Клара жеңгемізбен
Асау арна тартады ғұмыр-дөнен,

Бала-келін, немере – тұғырменен.

Бұл ағамның Тәңірден бақыты бар,
Алға қойған жол-даңғыл-бағыты бар.
Мұхтар сынды министр шәкірті бар,
Сарқылмаған бойда күш-шабыты бар,

Жан-әлемде ізгілік-жақұты бар.

Сол ізгілік – мұраты, оққағары,
Жақсы-жайсаң – жарасқан бақ-талабы.
Ғалым болып ғылымда оза шауып,
Өмір-айдын төрінде топ жарады,

Көппен бірге қуанып, шаттанады.

Елге сыйлы, әріптес, достарына,
Шәкірттерін баурайды төс қағыса.
Намазалы ағажан, мың жасаңыз,
Құтты болғай Алпыстың асқары да!

Алла жазсын Жамбылдың жастарына!

х х х

Табиғат, сиқырың көп дара біткен,
Шырқауды аңсап көңіл, сана күткен.
Сәтінде Дүйсембі ағам екеумізді
Қонысбек бастады алға қара «Джиппен».

Шынымен жөңки берді қиял-арман,
Асамыз небір асу-қиялардан...
Медеу де артымыздан қол бұлғайды,
Көк жүзі көрінбейді қырандардан.

Шымбұлақ – шыңның нағыз құзары екен,
Мәңгілік ерімейтін мұзарт екен.
Аспанға созсам қолым жететіндей,
Адамның делебесі қозады екен.

Заңғарлық ойға небір салып кетті,
Елміз-ау біз де қазақ алып текті.
Тұрғанда Шымбұлақтың шырқауында,
Бойымды мұздай лебі қарып кетті.

Барады денем енді тітіркеніп,
Барады бір жағынан буып желік,
Әкелсем дей беремін балаларды,
Құдайым сәтін салса ғұмыр беріп.

Балалар көрсін деймін тамашаны,

Шаттықпен өтсе деймін бала шағы,
Шыңдарды бойлай өскен қалың шырша,
Көзімен көрсе деймін сан аршаны.

Шыңдарды мәңгілік тал тұрған сүйіп,
Шырқауға шақырады мұндай биік.
Кім-кім де құр кетпейді бұл арадан,
Кетеді көкірекке арман жиып.

Шымбұлақ - шамырқанған шар болатым,
Қазаққа намыс пенен ар болатын.
Қияңа өрлегенде өріс кеңіп,
Мақтаныш сезім билеп, арқаландым.

Құштарым арта берді сүйікті елге,
(Құдайым кез қылмағай күйік-шерге).
Шымбұлақтан қуат ап бойымызға,
Шырқай ылғи берейік биіктерге!

Қонысбек достым, саған мың-сан алғыс,
Заңғарың болсын дәйім шың менен құз.
Заманды бір кешелік бауырлардай-
Көгілдір көктем мен жаз, қыс пенен күз...

х х х

Алматым, сағыныштан жыр туған-ды,
Еске алдым қайран достар – кіл тумамды.
Еске алдым жиып алып Ақтаудағы-
Айтуар, Болат, Серік, Нұртуғанды.

Сиезбек, Есемұрат, қос Ғалымжан,
Мен қалай аулақтайын достарымнан?
Исатай,есіңде ме Алматыда,
Думан шақ – таңғасалым бас жазылған...

Таңдарды ұластырып асыл таңға,
Желігі жастық шақтың басылған ба?
«Алматы» мейрамханасын дүбірлеттік
Қайрат пенен Мәрзия қосылғанда.

Күн кешіп от жанарды нұрға малып,
Күн кештік мәңгі муза – жырға қанып.
Дем берді ҚазПТИ-де құдам-досым
ОКД болған Серік Мырзаханов.

Билеген бауырмалдық саналарын,
Науша мен Әлиядай апаларым.
Әліби, Оспан сынды жезделерім,
Мен үшін өмірде зор бағаларың.

Жас дәурен, қайнар бұлақ бастауларым,
Сірә да тауыса алман дастандарын.
Байбүркіт-Миуаш, есіңде ме «Дубокта»,
Үйлену тойларыңды басқарғаным?..

Өтті ғой басымыздан талай сындар,
Еске алсам жанарымда арай-мұң бар...
Адайлар кешін де біз басқарып ек,
Баймұрат, Майрамбай мен Анаргүл бар...

Алып бір достар үшін жүз грамды,
От-сезім бойымызды қыздырады.
Сіз бейне Алматының мұзбалағы,
Біз бейне Маңғыстаудың түз қыраны.

Ағалар еске түсті ақиықты,
Адуын, аруақты, бәрі мықты.
Темірхан, Исраил, Иран-бағым,
Кезінде кіршігі жоқ жанымды ұқты.

Еске алсам енді бүгін ерсілік пе,
(Бақиды ойла пәни-тіршілікте!)
Дүйсенбек, Болат Қанатбаевтар мен
Түсті еске Жұматай мен Кеңшілік те!

Ақынды билегенде сезім селі,
Толғанып ойға шомған кезіндегі...
Жұматай Жақыпбаев ағам есте,
Қыран көз, паң күлкісі езудегі.

Кеңшілік ағамменен қоңсы қонғам,
(Жаныңды ерітеді жақсы адам).
Кафеден «Спорт» атты сыралатып,
Шақтар-ай жақсы ағамен «бақ сынаған»...

Тосындау естілді ме сөзім кенет,
Кез бе еді бойым қызған, сезім бөлек?
Кеңшілік ағам күлді кеңкілдеп бір:
«Бірдеңе бар ма, аға, өзіңде деп?

Ғалымжан, қатырдың-ау, қатырдың-ау,
Сен де бір жүрек жұтқан батырсың-ау...»
Суырып қалтасынан қызыл «ондық»,
Шәрбатқа жұмсап еді ақын-жырау...

Бәрі де көзден бұл-бұл ұшып кетті,
Жұмақты талай жайсаң құшып кетті...
Біреулер баз кешсе бұл дүниеден,
Біреулер, кім біліпті, ішіп кетті...

Мен өзім ешбір жанды сөге алмаймын,
(Пәниден жүрер дейсің жоғалмай кім?)

Мен өзім жақсыларды пір тұтамын,
Ар-намыс, абыройдан тоналмайтын...

Дүние көшер дейсің дөңгеленіп,
Тірлікте таусылар ма демде желік?
Қайдасың, Байботадай бауыр ағам,
Дауылда бірге жүзген кеуде керіп?!

Аз емес ардақ тұтқан жасын- жандар,
Аманхан, Есенғали, Қасымхандар.
Бауыржан, Ертай,Мәди, Светқали...
Поэзия әлеміне бас ұрғандар...

Сіңдіріп жүрегіме от-арманды,
Қарсы алам кейде ұйқысыз атар таңды.
Бақытжан Алдиярдай інім қайда,
Жанарбек, тапшы Бақыт Беделханды.

Жақсының бәрін бүгін адақтайын,
Бір жүрген бауырлардай мадақтайын!
Жолдаймын ыстық сәлем Мереке аға,
Құлиев, Қосбармақов, Жетекбайым!

Тақ толы әріптестер – сыйластарым,
Таусылмас олар жайлы жыр-дастаным.
Нұртөре, Шамшадин, Серік, Қадірбек, Қали,
Жүсіпбек, Иманбай, Срайыл – кіл достарым...

Алматым, келбетіңдей сенің дара,
Білгенге Ақтауым да керім қала.
Шағала көңілімді самғатамын,
Жан емен тумысымнан сенімге ада.

Кінә артпаң қияс кетсе ақыныңа,
Бәріңді санаймын мен жақыныма.
Ізделік бірімізді біріміз біз,
Сіңгенше анау дүние сағымына...

х х х

Алматым, білім алған сен де ағайым,
Ту еткен Дүйсекеңді барша Адайым.
Жүргенде КазГУ-де оқып боксер болып,
Жан-жақты мойындатқан бар маңайын.

Мен-дағы сол КазГУ-ді жағаладым,
Қаңбақтай бос жөңкуді қаламадым.
Халқымның қалауынан табылсам деп,
Қолыма қасиеттеп қалам алдым...

Іздедім сөз алтынын, жыр асылын,
Қосылдым Бибігүлге гүл-ғашығым,

Пәтерден пәтер кезіп ол екеуміз,
Бір тұрды СХИ-да оқып Нұртас інім.

Алматым, көлгірсімен бекер-текке,
Ақтардым жаным сырын, бекер сөкпе.
Кейіннен оқып білім алды ұл-қызым-
Рауан, Раушан да Политехте.

Жайым бар бұл күндері бәрін діттер,
Ақкөңіл ішкі сырын Ғалым бүкпер...
Алматым, тәліміңнен түйін түйген,
Өзіңе парыздар ма Әріповтер?!

Бұл күнде кетпесек те ғарышқа асып,
Қалмадық орта жолда шалыс басып.
Қалыспай ұлы өмірдің дүрмегінен,
Қатайған қадамымыз шабыста нық...

х х х

Ақ Раушанға
-----------------

Ақтаудан ұштым бір жолы құстай ағылып,
Астана-ару сапарға сонда шақырып.
Ал Алматыдан ұшып сен сонда келген ең,
-Арнайы, әке, келдім деп сені сағынып.

Арманы болған әкеңнің балапанысың,
Аппақ боп туған Құдайдан қалағанысың.
Адамзат пен перизаттың ғаламатында-
Айдан да асыл, Күннен де көркем балағанысың.

-Арнайы келдім, әке, деп сонда мәз еттің,
Адам баласы үшін сағыныш сезім қажет тым.
Алматы менен Астана арасын жол етіп,
Айналайыным, ұшақпен ұшып тез жеттің.

Аз күн де болса бір болып көңіл бірленді,
Ақыры елге қайтатын-дағы күн келді.
Алдымен ұшып Ақтауға кеттім мен сонда,
Артымда қалдың, мұңлантты аздап бұл мені.

Ақ қанат ұшақ аспанға шықты шарықтап,
Айнала-тұсқа қараймын мен де анықтап.
Апырмай, мынау ақша бұлттармен алысып,
Ақ Раушаным келеді екен қалықтап.

Ақша бұлт болып артымнан тегі қалмайсың,
Аспанды билеп, ұмтылып алға талмайсың.
Ата-анаңа деген ақ адал махаббатыңмен-
Ақ шағаладайын періште болып самғайсың.

Айдында жүзген аққудай жаның мөлдір тым,
Арғымақ сынды аспанда әбден желдірдің.
«Ауылға әкемді шығарып салам» дегендей,
Ақша бұлттарды өз дегеніңе көндірдің...

Аппақ қызым-ау, түскені еске сол сәттің,
Ағындай уақыт, өтеді заулап мұрсат тым.
Ал бүгін, міне, толдым деп жасқа дөңгелек,
Ақын әкеңнің көңілін біраз босаттың...

Ақын әлемі – сезімнің кәусәр селіндей,
Арда көңілі басылмас асып, төгілмей...
Ақ Раушаным құтты да болсын асқарың,
Шұғыла шашсын өмірің нұрлы өңіңдей.

Ақ Шәрбан қызым қасыңда жүрсін жарасып,
Ақ Шәрбөгіме ғұмыр кеш мәңгі қарасып.
Ақ Шәрбөгімнің еркелігін де кеше біл,
Ақ Шәрбөгімнің өр қылығымен санасып.

Алдыңнан дәйім ата да берсін бақыт таң,
Арайлы шапақ төге де берсін жақұттан.
Абыройменен қай сынақтан да өтерсің,
Айналдым қарғам, ұтылма ұлы уақыттан.

Адамға қуат:өмірге деген махаббат,
Ар-иман, ақыл, өрелі пайым-парасат.
Ақжарма жанның жанына жауһар ұялар,
Алладан – дәру, шексіз бір мейір-шапағат .

Адам боп тудың, ар жолын қудың, жүзің шат,
Арамнан безіп, адалды сезу- қызым, бақ.
Алда да тағдыр айнытпай сара жолыңнан,
Ақжал толқындай күреспен ғұмыр түзу – шарт.

Амал не, жұмыс, табылмай тұр ғой бір қанат,
Айырплансыз жолдадым саған жыр-қанат.
Ауылдың, елдің сәлемін алып самғайды,
Анашың асыл, жанында аппақ Нұржанат!

х х х

Алматым, айналдың сен әз-арманға,
Сағынам келбетіңді атар таңда.
Достар да көлбеңдейді сағым сынды,
Ұшыпты көзден бұлбұл апорттар да.

Бойыңда қасиет көп ұнар сенің,
Шексіздік...

бұлт торлаған мұнар көгің.
Кейде мен жалғыз қалсам жабырқаймын,
Қайда деп төс қағысқан Жанарбегім!

Қайдасың, адал достар,жанымды ұққан,
Қайдасың, «жетім көңіл» ақынды ұққан...
Алматым, келгенде мен құшағыңды аш,
Жүрмейін жапа шегіп жалғыздықтан...

Өтірік...
демесем де өліп-өштім,
Жатсына алмас сені тегі ешкім...
Алматым, ағат кеткен жерім болса,

Өтінем, ғапу Сенен, мені кешкін...

Тиді ғой талай мейір-шапағатың,
Шаһарым, ұялаған санаға шын...
Шақырып тұрар дәйім шырқау шыңдар,
Жас күннен арман болған, Махаббатым!

АБИТУРИЕНТ-77 ҺӘМ ЖУРФАК ГИМНІ

Арманды жүрекке тұмар ғып,
Бойда бар қаламға құмарлық,
Алматым,
ҚазГУ-ім,

өзіңе
Келген ек
Құштарлық шын артып.

Қайырмасы:

Қарсы алдың

құшағың айқара,

Көк-жасыл орманың жайқала.

Көңілдің құстары сайрайды,

Керемет дүние айнала,

Жастықтың жалыны қайда да!

Күн кештік осындай гүл-бақта,
Таң қалып тамаша сымбатқа.
Шіркін-ай, терген ек ең алғаш
Алманы Таудағы Гигантта.

Қайырмасы:

Жүрсек те ауылдан жырақта,

Жасып бір көрмедік бірақта.

Жаны үйлес курстас достар-ай,

Жаны ұқсас мөп-мөлдір бұлаққа,

Жанымыз шомылды шуаққа!

Студент шақтар-ай аңызды,
Ойласақ көзден жас ағызды.
Өмірмен күресте шыңдады
Алатау – атамыз тәрізді.

Қайырмасы:

Қарызбыз жеткенше ғұмыр-дем,

Ұстаздар, ұлағат сіңірген.

Шалқысын шабыттың шырқауы,

О, достар, жанарға мұң ілмең,

Күлімдең, күлімдең, күлімдең.

Бел буып ел мен жер қамы үшін,
Бермелік азамат намысын.
Ана тіл, атасалт, ар үшін,
Танытып тұлпардың шабысын.

Қайырмасы:

Әр істе шығалық топ жарып,

Аман-сау, шаттанып, бақ дарып,

Ел артқан үмітті ақталық.

Ұлтының тұлғасы атанған-

Министр Мұхтармен мақтанып!

Лондон лирикалары

х х х

Демеймін өте шалқып, өте тастым,
Дер едім тіл күрмеліп, өте састым...
Білсеңіз, бірінші рет елден шығып,
Атырау-Амстердам, шетел астым.

Бұйыртса сырттан дәм-тұз татам, иә,
Тіл білмей тірлік заңы қатал, иә.
Сапарлас Маңғыстаудан екі адамбыз,
Жанымда – Бутырина Наталья.

Туған жер, қалды артымда мәңгі ұя,
(Сен үшін ғұмыр кешем, жанды қия).
Лайнер қалықтап кеп қона қалды,
Алдымда – мұнар басқан Англия...

Дәл осы біз көрмеген аңыз нағыз,
Бейнебір жүзгендейміз сағымда біз…

Сүйреді алға қарай жол торабы,
Мінеки, мейманхана жанындамыз.

Мұндайда жолығар ма таныс текті,
(Көруге құмар ма едім алыс,шетті?),
Бөлменің кілтін қолға ұстатқасын,
Өзді-өзі Гүлмира мен Ханс кетті.

Шыққанда шет елдердің шалғайына,
Кім білген, не жазылмақ маңдайыңа?
Он адам – Алматыдан, Атыраудан,
Кім-кім де жөнеп берді өз жайына.

Жайым не бұлданардай жанға тегі,
Жалынсаң тіршіліктен мән кетеді.
«Көрерміз бұйырғанын» деумен іштей,
Бұ Ғалым желе жортып әндетеді.

Бөгделер жан-жағымнан қарайлайды,
(Бұ Ғалым намыс пенен ар ойлайды).
Екінші қабатты мен келем кезіп,
Әрине, көңіл аздап алаңдайды...

Бір сәтке көңілімді мұң басқандай,
Қарайды қара қыздар түнгі аспандай...
Қарайды саф алтындай сары шашты
Бір ару жанарынан нұр шашқандай.

Кезіккен жан болды ма бұл бағыма,
Түсінген секілді ме ымдарыма...
Қор болып ағылшынның тілін білмей,
Сүйене алмадым-ау тіл-жағыма...

х х х

Жырлайын Гүлмирадай бір аруды,
Жан екен жаны жайсаң, рақымды.
Он бес жыл Лондонда қызмет жасап,
Танытқан бет-бейнесін шын ақылды.

Жетелеп сүйрегенде арман көгі,
Қанаты Гүлмираның талған бе еді?
«Жыладым Лондонда бір жыл бойы»,
дейді ол аяулы ару, Найман тегі.

Өмірдің мәнін мүлде ерте ұғыпты,
«Ұмыттым,дейді өзі еркелікті.
Анашым білім үшін күрес деді,
Қал,деді Лондонда, сен де мықты!»

Сыя алмай жат ортаға балауса қыз,

Кептелді талай-талай жанарға сыз…
Ақыры Би-Би-Си-ге әбден сіңіп,
Тағдырды мойындатқан алайда Сіз,

Бізді де жөнелдіңіз алға бастап,
Шақырды қияларға арман асқақ.
НКОКтан Ханс Венк екеуіңіз,
Жайым не Сіздер барда босқа саспақ?

х х х

Сұрарым тек амандық Жасағаннан,
Жүректе ұялайды асау арман:
Каспийден айрылып тек қалмайықшы,
Мұнайды аламыз деп Қашағаннан.

Кей кімнің ұғынбаймын ұғымдарын,
Жарылған көк теңізде құбырларын...
Бір күні өлі айдынға ұрынғаным –
Тартқаным ғұмыр-бақи ғұмыр-зарын.

Кепіл жоқ теңізде апат болмасына,
Кепіл жоқ сорлап мәңгі қалмасына...
Қара алтын төсіндегі – көздің құрты,
Кім кепіл басқа бәле салмасына?..

Баланған қазынамыз ніл-алтынға,
Сол мұнай бізді ап келді Лондонға...
Апаттан құтқарамыз дейді бұлар,
Бұл сұрақ бірақ әлі тұр алқымда...

( Кім білсін, мен де ойымнан ауып кеттім),
Әйтеуір, көк теңізден қауіп еттім...
Әлемге көз тігеді ағылшындар,
Сақадай-саймыз дейді Саутгемптон...

х х х

Алдымнан атқан таңның арайы есіп,
Бір күнде шыға келді-ау мерей өсіп.
Толысты қатарымыз келер күні,
Есімі ердің – Ғани Жарикесов.

Келісті өрен екен бойлы-сойлы,
Білімді, парасатты, кемел ойлы,
Тақылдап ағылшынша төпегенде,
Тіл безеп, ағылшынды елемейді.

Ортадан жарып шыққан тұлпар тектім,
Келеді игі ісіңді жырлап өткім.
Екеуміз Лондонды сайрандадық,
Сен өзі өмірімді думанды еттің.

Сен барда тілім менің байланбады,
Сен барда көңілім де жайланғаны.
Мұратбаев Ғаниға ұқсап туған-
Тектілік қылығыңа ел қайран қалды.

Өзіңді асыл ұлмен тең десеміз,
Мадақ етіп, биікке өрлесеңіз.
«Жасым қатар екен ғой балаңызбен,
Сіз демей, дұрыс болар сен десеңіз»,

деген бір қалды ұялап кісілігің,
Жол білер ілтипат пен кішілігің.
«Көрейік Шерлок Холмс мұражайын»
дегенде танылды өре-түсінігің.

Байқаттың рухани пайымыңды,
Көрсеттің қолдан келер қайырыңды.
Лондонды арқайын шарлаттың бір,
Шалқытып серік болған шайырыңды.

Көз қарып көркем қала жақсы үйлері,
Рикша- сылқым жігіт ат-күймелі,
Тырсылдап қалтамызды қағатындай,
Кептелген көп көліктен таксилері...

Кептелді...
адамдар да...
топталыс бар...
Ағылшын, араб, қытай...

жоқ таныстар...
Жүйткиді жанымыздан жанай өтіп,
Қып-қызыл қос қабатты автобустар.

Жан-жағым қызыл әлем... (бейне сиқыр),
(Сайрай ма құйқылжытып бақта бұлбұл?)
Қаланы бір айналып кезейін бе,
Алдымда жалға – вело, мотоцикл...

Өзді-өзім күлем кейде ойға қалып,
Мен сонда көрем қызық қайда барып?..
Жанымда Ғани сынды інім барда,
Келеміз қажет болса Айға барыпІ

х х х

Тілекті қалай іркем алға ұсынбай,
Жауһар жыр жүректегі алғысымдай.
Шалабекова Гүлмира ару-
Бейнебір Лондонның төл қызындай.

Қашанда ол бастады көшімізді,

Күн сайын қыздырады кешімізді.
Күмілжіп, тұйықталып бастапқыда,
Біртіндеп жидық біз де есімізді.

Алғашқы тосты айтып Ханс күлді,
Еске алды бізге мәлім таныс «жырды»:
-Қазақтар сөз сөйлеуге шеберсіңіз,
Келейін мен де шарлап алыс қырды,-

деді де саясаттан орағытып,
Ақтарды ақ көңілден сыр ағытып.
Голландтық ұнап қалды неміс жігіт,
Балқытты бойды балдай сыра ағылып...

Тілектер неше алуан ағытылды,
Бәрі мәз, бәрі жарқын, бәрі нұрлы.
Біреуі ағылшынша, бірі орысша,
Қазақша ал мен қайрадым шабытымды.

Мұратым – тәуелсіздік, азаттығым,
Мақтадым Қазақ елі ғажаптығын,
«Лондон, Париж, мейлі қайда жүрің,
Сыйлаңдар, дедім достар, қазақ тілін!»

х х х

Гүлмира тағы бізді бастады алға,
Мұрсат жоқ көзді жұмып, қас қағарға.
Мүлт кетіп қала барсаң метрода,
Мезетте ұшырайсың масқараға.

Метро құстай ұшып зымырайды,
Адассаң үйіріңнен «ұлы қайғы».
Тіл білмей, тентіреп бір асып кетсең,
Жанның да іші саған жылымайды.

Сондықтан Гүлмираны сағалай бер,
Жанынан аулақ кетпей жағалай бер.
Гүлмира кең шаһарды сайрандатты,
Тек қана қасына еріп аралай бер...

Ол өзі көрген бәрін талай-дағы,
Парламент, Бахингемнің сарайлары...
Тып-тыныш тербеледі Темза өзені,
Айнала – сұлулықтың арай-бағы.

Кез туды армансыздан бір аралар,
(Өлмейтін - өшпес елден мұра қалар!)
Бір жағым Виктория ханшайымның,
Бір жағым Бауэр сынды мұнаралар.

Вестминистер, Миллениум, Тауэр - көпір,

Жөңкиді сол көпірмен адам нөпір...
Бір жақта көз жауындай Галерея,
Танисың ұлттық бояу одан небір...

Қараймын жан-жағыма байыптанып,
Бір жағым Тюссо до гайд-парк.
Пикадилли, Трафальгар алаңдары-
СИТИ-ді көрмеген жан айыпты анық.

Бәріне ғаламаттың барам қайдан,
(Аз емес көрер болсам табар пайдам).
Британ,мадам Тюссо мұражайы,
Қол бұлғап шақырады сонадайдан.

Көремін неше алуан таң ғұрыпты,
Тағылым терең тартар мәңгілікті.
Мұражай, кітапхана, көрме залдар...
Принц Альберто оны салдырыпты.

Таң етті таңғажайып ормандары,
Соборлар, ғажап Виндзор қорғандары.
Лондон түніменен қалғымайды,
Адамның таусылған ба армандары...

Дүние тербеледі әнге оранып,
Көк пен жер түгел дерсің сәнге оранып...
Түнімен Лондонды кезеді жұрт,
Мүлгиді төсегіне таңда оралып...

х х х

Не деген мейрамхана, мейрамхана,
Көңілді көтерердей сайранхана.
Үнді, қытай, түрік, кәріс... кухнясы,
Жетіспес шұбат, қымыз, айран ғана...

Аз емес көз тоярдай жерікке ас,
Көңілің болар дейсің көрікке мас...
Жат жерде жүгіне гөр сабырға дос,
Ес жиып, еркелікпен желікпе жас.

Сыры көп алыс қиян, жат өңірдің,
Келместей бір сәтке де қате жүргің.
Жан-жақтан дуылдайды қалың қауым,
Түрі бар неше тілдің, бөтен үннің...

Біз деген сабырлымыз, салқындаумыз,
(Бұйырса, туған елде жарқылдармыз).
«Бұл біздің мәдениет» дегендейін,
Негрдің құшағында алтын шаш қыз...

Алтын шаш шамалыны арбамай ма,
Ұшпасын беу, жігітім, арман Айға...
Қойшы оны,
ал қазақтың басын қосар,

Бауырым, Лондонда орта қайда?!

х х х

Түн.
Қараймын терезеден телміре мен,
Көшеде талайлар жүр тентіреген...
Көңілім, барасың-ау суық тартып,

Көңілім, туған ел деп елжіреген...

Түн.
Біртүрлі қарап тұрсам мұңлы-ай дала,
Секілді Лондон-сұлу сұрқай қала...
Бір сәтке кеткенін-ай тұрғым келмей,

Сағыныш батады екен шымбайға о да...

Түн.
Тұсалдым жалғыздықтың шеңгеліне,
Тегі адам тұрақтамас өзге еліне...
Туған жер тарта берді магниті,

Апта өткен Англияға келгеніме...

Түн.
Өзді-өзім бөлме ішінде сенделемін,
(Мен өзім тым елжанды пенде ме едім?!)
Лондон, кешір мені, ғаламатсың,

дей алман Ақтауыма теңгеремін.

Ақтауым,
асау Каспий, дертім менің,
Жаулаған жүрегімді өртім менің.
Табиғи келбетіңмен тәнті етесің,

Лондондай болмаса да көркің сенің.

Өзіңе арқамды мен келгем сүйеп,
Оянды өнбойымда елге ниет.
Маңғыстау, Қазақстан – Ұлы Далам,
Лондон – тіл жетпестей өркениет!

Лондон!(Мен көрмедім кемістігін),
Лондон! Жыр етемін жетістігін!
Лондон – Черчиль, Тэтчэр, Герберт Уэллс,
Лондон – Бернард Шоу мен Шекспирім!

Лондон – жанға жайлы тұрақ бәлкім,

Лондон – қаласы ғой лордтардың...
Астанам, өркендей бер сен де алға,
Іске асып арман, мақсат, мұраттарың!..

Лондон, кеңейттің-ау өрісімді,
Лондон – бүкіл әлем төрі сынды...
Ойладым туған елді түн ішінде,
Жұртыма аман-есен көрісуді...

Амал не, ақыр мұнда түнемеске,
Дүние айналғандай бір елеске...
Күні ертең ұшар күн де таяу қалды,
Хитроу әуежайы түседі еске...

Кезім көп дей алмаспын қиналған да,
Тәнтіміз алыс елде сыйланғанға...
Күні ертең көңіл көкке самғар дерсің,
Ұшақта қазақ сазы ойналғанда...

Алдымнан сары далам қарсы алмай ма,
Жүрегім сонда шалқып ән салмай ма:
Туған ел, туған жерім, шаңырағым -
Сендерсіз жетімдеймін жүрсем қайда!

Десем де саяхатқа құмар едім,
Қайтейін Альбионның мұнар елін?
Арқа мен Алатауым, Маңғыстауым,
Жасай бер, жазиралы жұмақ елім!

Қазақта шексіз дала, атырап бар,
Киелі, қасиетті топырақ бар...
Жатқандай сезіледі күңіреніп,
Әулие-әмбиелер, әруақтар!

Аман бол, Қазақстан, асыл елім,
Өзіңе алыс кетсем асық едім...
Көк теңіз, сайын дала, жусан иісі,
Өр өлкем, мен өзіңе ғашық едім!

Туған жер, бұл бір саған еркелік пе,
Өзімді санамаймын боркемікке.
Шетелге шыққан кезде шаттанғанмен,
Кейде бір кетеміз-ау шерленіп те...

Жат жерде жанға жайлы күй табам ба,
Еліңнен қымбат не бар милы адамға.
Көмейден құйылар-ау ағыс келіп,
Самайдан саумал леп сипағанда...

Оралам, өз жұртыма,
өскен елден,
(Бейне бір оралғандай басқа әлемнен!..)

Бәрібір табамын тек бақытымды,
Қоңырқай қырдан самал ескен желден...

Лепірмен қызыл сөзді босқа қызып,
Өмірде неге керек басқа қызық?!
Бауырмал балаң едім, ұлы Отаным,
Жанардан барасың-ау жас тамызып!..

Төгем күш, өнбойымнан, аяп қалмай,
Төгем жыр, толғанысым аяқталмай...
Махаббат, Елге деген іңкәрлігім,
Лондон – қанымды бір оятқандай!..

ТОЛҒАУЛАР, ПОЭМАЛАР

ТҮБІ БІР ТҮРКІ ЖҰРТЫһәм МӘҢГІЛІК ҚАЗАҚ ЕЛІ

Дауылпаз жырау

Қожаберген Толыбайсыншыұлының 350 жылдығына орай Қабырғалы қазақ жұртын ата дұшпан – қалмақтармен болған үш ғасырлық қанды-қасап қырғында кеудесін керіп қорғап, үш жүздің бас қолбасшы-баһадүрі, әрі көкірегінен жыр саулаған дауылпаз ақын-жырауы, арқасүйер данышпаны бола білген, атақты «Елім-ай» дастаны мен халқымыздың бірден-бір ақиқат заңы –«Жеті жарғының» белді авторы Қожаберген жырау Толыбайсыншыұлының 350 жылдық мерейтойы 2013 жылдың маусым айының 20-ы күні Астанада (Гумилев атындағы Еуразия университетінде ғылыми-теориялық конференция) және 21-і күні Петропавлда(мерекелік салтанат, мәдени-көпшілік шаралар) өткізілді. Жалпы исі қазаққа ортақ осынау мерейлі де мерекелі істің орайында дүниеге келген, бүкіл түркі дүниесінің бірлігі мен ынтымағына негізделген ақын толғауы назарға ұсынылып отыр.

Қош келдің, бүгін тойға жұрағатым,
Жырласын ерлік іске құмар ақын.
Дүниеден неше арыстан асыл өтті,
Түркінің даңқын көкке шығаратын.

Күндерде басың бір боп құралатын,
Өткеннің түйген қандай ұлағатын.
Тарихты даңғазаға сүйрелемей,
Ақиқаттың өлшемі сыналатын.

Ақтарып әр кезеңнің мұрағатын,
Қазақтың қастерлейік мұраларын.
Қазақстан –түркінің құт әлемі,
Ер Түріктің ұрпағы ұға алатын.

Қазақ жері – түркінің ұлы Отаны,
Кезінде шыққан талай дүр атағы.
Мынау жатқан көсіліп Ұлы Дала,
Түркінің туын тіккен ұлы Одағы!

Беу, Түркі, көтер бүгін еңсеңді тік,
Ежелден ер мінезді еңселі жұрт.
Жасай бер, Ұлы Дала ұландары,
Неше бір асқар асу еңсеріліп.

Бағзыны баян қылмай тек құралмас,
Текті жұрт кезі келсе тек тұра алмас.
Алдаспанын ойнатқан бабалардың-
Көзіндей алтын қында жатты алмас.

Оянды дүйім жұртым қайта бүгін,
Шыққандай Алтайымнан асқақ үнім.
Ендеше, Кеше, Бүгін, Ертең жайлы,
Беу, ақын, болашақтың толға жырын.

Жайым бар тарих нәрін еме берген,
Тарихтың тылсымына ене берген.
Сақ-Скиф, Ғұн бабалар түседі еске,
Сыр тартсақ әлімсақтан-көнелерден.

Әрбір сақ жауынгері батыр жандар,
Жауына жолбарыс боп атылғандар.
КөкТәңірге сиынып, Көкбөріге,
Ата-баба аруағын шақырғандар!

Ишпақай, Партатуа, Мәди хандар-
Дабысы жарты әлемге танылғандар.
Атей, Палак, Скилдур, Идан-пірлер,
Томирис, Руғайла, Атиллалар!..

Өтті ғой тарпаң мінез небір тарлан,
Жауласқан дұшпанынан кегін алған.
Парсының мың-сан қолын адастырып,
Бір ғана Ширақ батыр қырып салған.

Бойында өртті мінез, қаны болған,
Ерлердің даңқы менен аты қалған.
Тоқсары, Анахарсис...
Әл-Фараби-

Ғұламам түлеп ұшқан Отырардан.
Өмірге жасық болып жаралмаған,
Намысын ел мен жердің сан арлаған,
Осындай жау жүректі ерлер барда,

Сақ пен ғұн жат езгіге көне алмаған.
Болғасын тумысынан нағыз текті,
Ешқашан жауға бермес намыс-кекті.
Азия, Еуропа, Арабия-

Тұяғы тұлпарының алыс кетті!
Жайым бар кең ғаламды шарпып өткен,
Жайылған жалпақ жұртқа даңқым өктем.
Кезім көп Қытай, Үнді, Таяу Шығыс,

Киев Русі, ары асып Балтық өткен!..
Осылай бабам менің дүрлеген-ді,
Көңілді талай-талай бірлеген-ді.
Кешегі көктүріктер заманында,

Көктегі жұлдыз-ғұмыр сүрген еді.
Атағы кеткен еді ғасырларға,
Түркінің басы бірге қосылғанда!
Күлтегін, Білге қаған, Тоныкөктер,

Түркінің аруағын асырғанда!
Елтеріс, Естеми мен Бұмын өтті,
Түркінің жерін қорғап ғұмыры өтті.
Жапырып жарты әлемді Түркі Бабам,

Рухқа ұйыстырды ұлы текті!
Жаралған жасын оттай ар-намыстан,
Айналдым аңыз болған Бейбарыстан.
Ерлерім ат үстінде ғұмыр кешті,

Ақсауытын шешпестен арпалысқан!..
Түбі бір түркі тегін бөле алмадым,
Түркінің тұтастығы боп арманым.
Түркінің қаны таза, ары таза,

Тарихтың илеуінде жоғалмадым.
Ұлы сақ, ұлы ғұндар, массагет, дай,
Ашина, теле-тірек –жауған оқтай.
Исседон, хетт, кемер, ұлы йозі, оғыз,

Тарихта тайпамыз көп алсақ хаттай.
Қаңлы, Қыпшақ, Арғын да түпкі тегім,
Алшын, Найман, Керей, Уақ-бір тірегім.
Ноғайлыдан Едіге,

Қырық батыр,
Солардың бәрі түгел түркілерім!
Өтті ғой небір жойқын аттаныстар,
Шыңғысхан, Темір, Бабыр, Тоқтамыстар...

Түбі бір түркі жерін қорғау үшін-
Жан пида етті талай текті арыстар.
Өшпейді ерлік дәстүр – ата ғұрып,
Қатепті нарлар барда атан жілік!

Стамбұл, Анкараны иеленді-
Алып Арыслан, атақты Ататүрік!
Алса да қан қасапта талай шепті,
Бақ, шіркін, қолдан сусып талай кетті.

Ағайын алауыз боп іштей іріп,
Басына ерлерімнің зауал жетті!
Бірліксіз озған шақта бақ құбылып,
Текті жұрт бар айыбын жатты ұғынып.

Тарих талай мәрте бағамдатты,
Бірлік болмай, болмасын тәтті тірлік!..
...Мінеки, Қожаберген де осыны айтты,
Өзгеден толғап терең басым айтты.

Әз-Жәнібек, Керейлер көш бастаған,
Әз-Тәукелер билеген заманда айтты.
Қысылтаяң кезде ол да жанталасты,
Қорғаймын деп Өгіз-Түрік-Алты Алашты.

Бұл өзі заман-тұғын алмағайып,
Аталған жұрттар үшін қарбалас-ты.
Бабасы Таузар, Дәулен батыр болған,
Әкесі Толыбайсыншы аруақ қонған.

Шақшақ би, Жанкісі жырау, Дәстем, Бахрам,
Салқара, Жанақ сынды ақын болған.
Дүреген бұл әулеттен Сегіз сері,
Бәрі сал, бәрі батыр маңмаңгері.

Осындай орта көрген Қожаберген
Топ жарған арғымақтың ақтаңгері.
Өзіне түп нағашы Жалаңтөс-ті,
Жасынан асыл тектің қолында өсті.

Үргеніш, Бұқара мен Самарқанда
Білім ап болды азамат ерте есті.
Шақырып ерте бастан жыр шыңдары,
Шақырып ғылым-білім тылсымдары:

Рашид ад-Дин, Мырза Хайдар Дулати,
Қадырғали Жалаири,
Жәми, Низами, Науаи, Физули, Фирдоуси,
Сағди, Рудаки-

Шығыс пенен түркінің
Ғұламалары мен сыршылдары!
Нәр алып, міне, осындай құнарлардан,
О бастан оған білім, өнер қонған.

Нешебір мүридтерден дәріс алды,
Нешебір атышулы шаһарлардан.
Өзі де толғап сол бір дәуір үнін,
Байқатты даусын заман шайырының.

Бар ғұмырын сарп етті бір-ақ жолда-
Тисе деп қазағыма қайырымым.
Қорғаштап Алтай мен Сыр, Алатауын,
Қорғаштап Енесай, Каспий, Қаратауын,

Қорғаштап Есіл, Еділ, Тобыл, Ертіс,
Қорғаштап қазағымның әр отауын.
Ту ұстап, ғаскер бастап атқа мінді,
Жау көрсе, екі көзі отқа тұнды.

Оғы да мір, сөзі де мір оғындай,
Бас қолбасшы сайлады мақтан ұлды.
Күңірентіп жүректің толғамасы,
Тебірентіп тағдырлы кең даласы,

Қазақ үшін қайыспай қанын төкті,
Жиырма бес жыл атанып Ордабасы.
Қазақ, башқұрт, ноғай мен қарақалпақ,
Татар менен естектің арын арлап,

Ұлы Дала ұранын ұлықтады Ол,
Жауға шауып қазағы «Абылайлап!»
Бұл заман болды-ау заман, қысыр заман,
Алаштың басына бір түсіп заман,

Жан-жақтан үш аждаһа қатар қысты,
Састы Алаш бұған дейін қысылмаған.
Түркім-ай, садақ,сүңгің жолда қалды,
Тұлпар-ай дүрілдеткен кең даланы!

Айылыңды жиғызып атылғанда,
Зеңбіректің доптары доңғалады!..
Дес бермес ең алыссаң ат үстінде,
Жеткізбеді ал енді жеңіс мүлде!

Үш жағыңнан үш тажал қысып келді,
Қазағым-ай, тарылды-ау өріс мүлде!
Жанарға күндер кешіп мұң тығыла,
Сенделді Ұлы Дала жұрты мына!

Айдаһар мен Арыстан айдап салып,
Қалмақтың тап келгесін қырғынына!
Түркістан, Тұран, Алтай, Ақжайығым,
Тараз, Шу, Сыр, Маңғыстау - өр қиырым.

Бәрі де дүниеден баз кешкендей,
Боздады Қожаберген ақиығым.
Замана болса да қан қасаптағы,
Өлместің күнін кешті қазақ-тағы.

Қожаберген, Әйтеке, Төле, Қазыбек,
«Жеті жарғы» заңын да жасақтады.
Осылай терең бойлап ел ісіне,
Елдіктің құлаш ұрды өрісіне.

Жарғыны ханға әкеліп тарту етті,
Түсіріп боз бұзаудың терісіне.
Бас қосып билер елді ерлікке үндеп,
Атқарды зар заманда елдік міндет.

«Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама»...
Түткендей Алаш сынды елді жүндеп.
Тайғандай бақ-береке кең даладан,
Күн кешті қазақ солай қорғалаған.

Құйылды қара нөпір қарақшылар-
Торғауыт, жоңғар, ойрат сан-саладан.
Бір өзің сақта деумен о,Құдайым,
Толғады Қожаберген «Елім-айын!»

Зарлы әуен құлағына жеткендей ме,
Қазақтың басын қосты Абылайым!
Бұл қазаққа талай-ақ бақ қонып ең,
Иемін деп Далаға мақтанып ең.

Қасымның қасқа жолы, Есімнің ескі жолы,
Ақыры Абылайдың ақ жолымен аттанып ең!
Болғанда небір сұлтан мәртебелі,
Қаһарман Қожаберген қарт еменім.

Бас сардар боп сайланды Әбілхайыр
Жиылғанда басында Күлтөбенің,
Қасында кеңесші боп Бөгенбайым,
Семсерін серпе сілтеп ұрандайын,

Үш Жүздің жасыл туын желбіретті,
Пір тұтып Қожаберген ағатайын.
Сонда да сауытын ер шеше алмады,
Өзгенің езгісіне төзе алмады.

Қазақ елі, жерінің тұтастығы-
Көкейден кетпейтұғын әз-арманы.
Ұлтына өрлік рух нәрін септі,
Бойдағы отты жырдан жалын төкті.

Ел сүю мен ел қорғау - өшпес мұрат,
Ерлердің бойындағы асыл текті.
Солардың Қожаберген соқталысы,
Кеудеде қан боп тұнған от-намысы.

Керей емес, Қазақтың туын тіккен,
Алты Алаштың бетке ұстар мақтанышы!
Қожаберген, Қабанбай, Ер Шотаным,
Наурызбай, Кенесары, беу, қаһарлым!

Ер соңы – Есет батыр,
Пірдің соңы-
Бекет бабам, алысқа кетті атағың!..
Бүгінде ерлер аз ба жырға лайық,

Қазақты бөлмей, рухтас, бір болайық!
Қожаберген Керей демей,
ту көтерген-
Тумысы тектілерден үлгі алайық!

Осындай ерлер туған аналар-ай,
Көш бастап, қол бастаған даналар-ай!
Қазақ бүгін ел болып өз алдына,
Күн туды барымызды бағалардай!

Сол хандар мен ерлердің ұрығы бар,
Қазақ сынды халықтың ғұмыры бар.
Ұлы Дала киесін әспеттеген,
Астананың мәңгілік тұғыры бар!

Ұлы нарлар дүресе ұлы жерден,
Ұлт боламыз ел деген ұлы ұғыммен.
Қазақстан!
Көш бастап Назарбаев-

Түркі әлемнің табылды жүрегінен!
Түркі әлемге қашанда өріс керек,
Біз жер үшін өліспей беріспеп ек!
...Қожаберген аңсаған өмір осы,

Қазақ үшін бұл заман Жеңіс дер ек!!!
«Елім-айлап» енді келмес аңырағым,
Шырқалып шырқау биік Әнұраным!
Қазағымның қасқайып Елтаңбасы,

Көгімде желбірей бер Көкбайрағым!
Жасай бер ана тілім – жаным, арым!
Сыртың бүтін болмаққа – ішің бүтін,
Бүтін болсаң, ұшады түзу түтін.

Ата-баба аңсаған Тәуелсіздік,
Ел болғасын жайнайды жүзің Бүгін.
Қазаққа ырыс дарып, бақ күліпті,
Жасанып, Ұлы Далам жаңғырыпты!

Қайыспастай қабырғаң қаһарлы бол,
Қазақ Елі, аңсаған мәңгілікті!
Түркі дүние, текті жұрт, қыран-елім,
Түркі дүние, тұтас бол, Тұран-елім!

Туын ұстап түркінің Қазақстан,
Мәңгі жаса, Кең Дала – Құлагерім!
Мәңгі жаса Мирасқор -- Мұрагерім!

ҰЛЫ ДАЛА ҰЛАҒАТЫ

Қазақ елі

Ойламан бар деп сенен көне халық,
Ойламан бар деп сенен дана халық.
Ұлылығыңды паш етер адамзатқа-
Ұланғайыр көсілген Далаң анық!

Сахара, сары белдер, дала - бағың,
(Келеді кезіп бәрін аралағым)...
Қорғалған Бабалардың қаныменен-
Тоғызыншы орныңды дараладың!

Біреулер қараса егер қызығумен,
Біреудің өзгереді жүзі мүлдем...
Біреуде қызғаныштың қызыл иті,
Қарайды көзін сатып сүзілумен...

Дала!
Дала!
Оу, менің, Құдіреттім,
Сен бар деп халқым үшін шүкір еттім.

Дала, Дала!
Ойласам Өзің жайлы,
Құлағыма бағзыдан дүбір жетті!..

Білесің бе,
Даланы қорғаған кім,
Даланың от-намысын арлаған кім?
Ол – ҚАЗАҚ!

Өзалдан бар тарихы оның,
Алайда, сол тарихты торлаған мұң...

Қазақ бұл – бұлтарыссыз Арғы Сақтар,
Арғы сақ – адуынды, арлы сақтар.
Сақ пен Ғұн...
Бүкіл түркі әлемінде-

Қазақ бұл – Сақ рухын мәңгі сақтар!

Қазақ, беу, қазақ, әулие елім,
Өзіңсің аруағым, бар киелім!
«Қазақ!» деп атқа мінем айыл жимай,
Бір ауыз осы сөзден мән түйемін.

Қазақ, жұмылған бір жұдырығым,
Рухым да нақ осы, Күн-ұрығым.
Мәңгілікке жол тартсын, мәңгілікке,
Тәуелсіз боп түзілген жыр-ғұмырың!

Асқақта, анау көкте, Көкбайрағым,
Басымнан, мен – қазақпын, бақ таймағын.
Қазақ, басың бір болсын, ауызың бір,
Қазақ десе, жарқылда, от-қайрағым!

О менің Қазақ елім, егеменім,
Жол тартқан мұхиттарға Кеме ме едің?!
Сапарың сәтті болсын бұ ғаламда,
Жая бер өрісіңді, Өнегелім!

Сен құшақты кең жайдың адамзатқа,
Кір келтірмей кісілік – қазақ атқа.
Сақ бол, сақ бол, мейлі, Сақ баласы,
Әрбір ісің тән болсын азаматқа!

Тәнті болсын бар әлем таза Саққа!

Мойынға артып алдық жүкті анық,
Сын сәтте қапы кетпес мықты халық!
Ездерді тарих, шіркін, кешірмейді,
Мәңгілік - жүректері түкті халық!

Қазақпыз – қаны таза, ақылы асқан,
Нешебір өтті бастан дәуір-дастан.
«Бір өліп, бір тірілген» қайран, халқым,
Қайтадан біз түледік арымастан.

Қазақ Бүгін ұйқыдан сілкініп тұр,
Ел дегенде, бұ жүрек бұлқынып тұр.

Қазақ, Қазақ - бақытты Ел болса деп,
От-жанарға ыстық жас іркіліп тұр!..

Тарихтың тізіп ойша барлығын да,
Бөленем намыс пенен арлы ұғымға.
Қазағым, тегің сенің - Алтынорда,
Қазағым, тегің - Қазақ хандығында!

Көкейге ерлік дәстүр-салтын түйіп,
Ерлерді қанын төккен халқын сүйіп,
Асқақтай білейікші, ағайындар,
Керей мен Жәнібектің даңқын биік!

Өтсе де бастан небір зауал-көштер,
Суалмас тектілікті санаңды ескер.
Тарихтың қойнауына кете алмайды,
Қалмаққа қырғын салған Жалаңтөстер!

Неше хан, неше сұлтан, қаған өтті,
Қағынған не қатігез заман өтті...
Ел қорғау, жерді қорғау – ұлы парыз,
Бабадан қалған мұра-аманат-ты!

Еліңді сүй, елжіре, ей, өрелім,
Еміренер төліне киелі елім!
Қазақстан – байтағым, Ұлы Отаным,
Қазақстан – мәңгіге сүйенерім!

Біз үшін анамыздай отты реңің,
Көктәңір – Ұла Дала – тек-тірегің.
Аман болып тіл-көзден, жаса мәңгі,
Өзіңе таусылмастай бақ тіледім!..

Қазақ Елі!
Қазақ Елі!-
Мәңгі ұраным,
Мирасқор Иесі Сен бар мұраның!

Қазақ десе, күй болып ағытылсын-
Құлағы қасиетті домбыраның!

Көрмедім мен қазақтай шешен халық,
Көрмедім мен қазақтай көсем халық.
Барыңды базарлай біл, Ұлы Елім,
Барлықтан кетпесінші бас айналып...

Кей жәйттар бұл адамның қанын қозғар...
Жетесіз, жемқор, жасық, жағымпаздар...
Қазаққа ақыл, айла, РУХ керек,
Билікке таласпасын дарыны аздар.

Салады кейбір жандар жаныма ызғар,
Қазақша сөйлемейтін парықсыздар.

Күйттейтін қара бастың қамын ғана,
Ұлтына жаны ашымас жалынсыздар.

Өттік қой, беу, ағайын, талай өткел,
Шақ келді ес жиылып, сана көктер.
Әлі де пасық аз ба екіжүзді-
Қазақты сатып кетер қарабеттер…

Екенін біле ме екен мұның өлім,
Мен өзім тектілерге жүгінемін.
Жас ұрпақ, Отаным деп кеуде керіп,
Көшбасшым бастайды алға Ұлы Елін!!!

Қазақ жері

Кең Дала, Қазақ жері – байтақ қандай,
Көз салсам, көңілім бір жай тапқандай.
Көк сүңгісі жарқылдап бабалардың,
Тұлпарлардың дүбірін ойлатқандай,

Көненің тылсымына бойлатқандай...

Сақтар, Ғұндар, Көктүріктер...-
Ежелгі елім,
Түйсігім бағзы даңқын сезер менің:
Күлтегін, Тоныкөк пен Білге қаған,

Естеми қол бастаған кезеңдерің!...

Жер үшін болса бүкіл шапқыншылық,
Түркінің бойында бар артықшылық:
Тұлпарды серік еткен көшпенділер-
Талайды мойындаттың даңқың шығып!

Түркілер Көктәңірге сиыныпты,
Түркілер қара бұлттай түйіліпті!..
Түркінің табан жұртын иеленген-
Қазаққа Ұлы Дала бұйырыпты!

Қазақ жері!
Қазақ жері!
Шетсіз-шексіз сайын далам,
Құдіретіңе тәу етер пайымдаған.

Қарыс сүйем жер үшін баһадүрлер-
Қырқысуға ешкімнен тайынбаған!

Күн кешем сол Далада арқайын-ды,
Жақсы деп жобалаймын жағдайымды.
Түркі рухы Қазақта-
билей білген-

Түркістан, Тұран менен Алтайымды!

Сондықтан Қазақстан – төрім ұлы,
Біздерміз баяғы сол Көкбөріұлы.

Біздерміз – Ұлы Дала иелері,
Түркінің бәрінен де жолым ұлы!

Мен бүгін алабөтен бір түледім,
Бар менің Түркі деген дүр-тірегім!
Білгенге Қазақ- Ата, Қазақ-Ана,
Ақиқат тарих осы, түркілерім!

Қазақта Ұлы Дала, көңіл дархан,
Әлемде тоғызыншы орын алған!...
Бір күні қазақ саны 100 000 000 болар,
Адамда таусылған ба өмірде арман!?

Сонда біз айрылмаймыз кең Даладан,
Кетпесін бұл ақиқат ой-санадан.
Қазақты өзгелермен тең етпекке-
Әр ару туу керек он баладан!

Біз сонда арыламыз қайғы-мұңнан,
Сескенер өзге жұрттар айбыныңнан.
Ол үшін әр балаға – 10 мың доллар,
Бөлейік қазақ жері байлығынан!

Байлығым – ең бірінші адам болар,
Байлығын бере алмаған харам болар.
Қара жер асырайды мәңгі бізді,
Байлығын ұқсатпаған надан болар.

Билікке айтар осы базынамыз,
Қара жер –қасиетті қазынамыз!
Қазақтың жерін сатпай,
қорғай білсек,

Тарихқа тұлғалы ер боп жазыламыз!

Көрерміз кей жәйттерді өмір жетсе,
Көңілде іркілер ме тегінде өкпе!
Қалайша күйінбессің,
жерім менің

Егерде талан-тараж болып кетсе?!

Жер, жер деп бабам найза, ту ұстаған,
Жау жоқтай сол жер үшін ұрыспаған.
Бәрібір тіліміз бір, діліміз бір-
Түркілер - өз бауырым, туыс маған!

Түркілер, түркілердің азат елі,
Түркілер –сақ пен ғұнның зәузәт елі.
Қасиетті тектілер топырағы-
Қолдасын мәңгілікке Қазақ Жері!

Қазақ ері

Ел болдық, Тәуелсіздік – тынысымыз,
Құдайдан бақ-береке-ырысымыз.
Қазақ елі жол тартты КЕЛЕШЕККЕ,
Астанадан басталып ірі ісіміз.

Ұлы істер ұйлығады ойланғанға,
(Іс бітпей, адам көңілі жайланған ба?)
Аласұрып қалған ек алғашқыда,
Астана астанаға айналғанда...

Алысып қала салып азаптанып,
Әйткенмен қалмадық біз мазаққа анық.
Әуелден КӨРІПКЕЛДІҢ көздегені-
Солтүстік рух жиды қазақтанып.

Арқадан алабөтен самал есті,
Ел-жұртым бұрды сонда дала-көшті.
Есілдің есті алып сол жағалауы,
Жуықтап миллионға қалам өсті.

Марқайдым, сүйреді алға ой тереңім,
(Қаз баспай, кері кетсем қайтер едім?)
Ғаламдық Өркениет өресінде-
Ханшатыр, Пирамида, Бәйтерегім!!!

Күн сайын Ер Төстіктей келем өсіп,
Қарайды ел Астанаға елеңдесіп.
Қазақша шырқай берем қанаттанып,
Қолымнан келгенінше көмектесіп.

Қазақ бол, беу, бауырым, астаналық,
Бауырға құшақ жайып, төс қағалық.
Қазақ пен қазақ сөйлес қазақша деп,
Елбасы айтқан жоқ па бастама ғып.

Елбасым, ғарышқа жол сала білген,
(Марқаяр ұлы Далам Дана Ұлмен!)
Әлемде Елбасылар толып жатыр,
Нұр-ағаң – бөлек бітім, дара мүлдем!

Сиынып ата-баба, Жаратқанға,
Әлемді ұстап отыр алақанда.
Астана әйбәт рух құятындай-
Мәңгілік Қазақ Елі – Ұлы Отанға!

Қазақ хандығының 550 жылдығына
------------------------------------------------------------

Қазақ - менің ұраным!

Ұлы дала

Сайрайын семіз шығып, арық қана,
Бұйырдың бізге қалай алып дала?!
Бұйдасынан тартуға жол бермейді,
Қаны таза қазақтай халық қана!

Ең мықты қасиет деп мұны сана,
Болайық тектіліктің құлы ғана.
Қанды қасап қырғынмен
Қазақ үшін-

Пешенеге жазылды Ұлы Дала!

Өтсе де бастан қанша азап мейлің,
Өткенді саралай біл азат кейпің.
Өзалдан атам қазақ жатқа мәшһүр,
Халықты мойындаған Қазақ дейтін!

Салса да ауыр қамыт заманалар,
Өтеді сан зауалдан аман олар.
Өйткені, көкірегінде ар мен намыс,
Ерлердің тарихта ісі бағаланар.

Жонынан кейде тағдыр осқанменен,
Топырақ тарихына шашқанменен,
Ерегіскен дұшпанға дес бермедім,
Тілдесіп Көктәңірі – аспанменен!

Беу, бауыр, ақыныңа басыңды бұр,
Жазайын жүрегімнен жасынды жыр!
Қастерлеп жер-ананы, ел-ананы,
Қашанда қасың менен досыңды біл.

Қазаққа болсын деген жан көрмедім,
Алдау мен арбауларға жол бермегін.
Қынабында қайралып алдаспаның,
Тәуелсіздік шыңына мәңгі өрлегін!

Қазақстан, мәңгі кеш ғұмырды алда,
Табаныңнан тайқыма тұғыр барда!
Қазақ - менің ұраным,
Жау алмайды

Бір жұдырық болып біз жұмылғанда!

Сақтар мен ғұндар

Шарласам тұнба тарих-ғаламды бір,
Самала, билейтіндей санамды-нұр.
Бөгденің бопсасында кетпеу үшін

Ағайын, арғы тегің-бабаңды біл.

От шашып алау жанар, ыстық денем,
(Елді ойлап ерек күйге түстік пе екен?)
Мақтанам шабыт кернеп өнбойымды,
Еске алсам бабамды Сақ-Скиф деген!

Құдай да жасыра алмас ақиқатын,
Тарихта бастан кешкен оқиға мың.
Қазақтың арғы түбі – ұлы сақтар:
Массагет, яксарт, дай(дахиларым)!

Каспи, аримаспи, фарат, комар,
Исседон, асси, асқатаг, сармат болар...
Бәрі де Ұлы Қазақ Даласынан-
Жайылып бұтақ болып тарапты олар.

Өткеннің сорабында тұр іздері,
Досқа адал, жауға қатал тым өздері.
Жауының жотасынан таспа тіліп,
Жасындай жарқылдаған мінездері.

Сақтарым небір жойқын шабыс көрген,
Мақтанған жаужүректі арысты ермен.
Ішімдік ішетұғын ыдыс еткен-
Жауының бас сүйегін соғыста өлген...

Осылай қас дұшпанды сескендірдім,
Ешкімнің жауыздығын кешпей қырдым...
Санынан садақпенен жаралы етіп,
Өзін де өлтірген біз Ескендірдің.

Тек қана мақтан етпен дүр қанша ұлды,
Жырлайын Томиристей пір ханшамды.
Ержүрек әйелдері атқа мініп,
Жоқ еткен парсы әскері, Кир патшаңды!

Алысып қарсы келген жауыменен,
Үдере соққан дүлей дауылменен,
Жиырма төрт тайпа басын біріктірген-
Ғұндар да заманында дәуірлеген.

Түрік-ті - ғұндардың да кәміл заты,
Танымал әлемге оның әмірлі аты.
Шоң биден жол тартса егер патшалығы,
Империя еткен Мете тәңірқұты!

Бағзыдан ерлік дәстүр баян жетті,
Аттила ел-жұрт үшін аянбапты!
Еуропаны талқандап көшпенділер,
Ұлы Ғұн империясын баянды етті!

Саналған сол дәуірде құдіретті,
Басып ап Римді де дірілдетті...
«Қанішер», «жауыз», «тағы» атанса да,
Ғұн даңқын асырумен ғұмыры өтті!

Атағын асқақ тұтып ұлан- ердің,
Болмысын танытайық мұрагердің!
Сақ пен Ғұн – алтын бастау-қайнарымыз,
Қазығы - Қазақ деген ұранды елдің!

Көктүріктер

Бабамның маған мәлім мықты екені,
Баһадүр, жүрегінің түкті екені.
Өзалдан Алтай, Арқа, Алатауым,
Сыр бойы, Орта Азия, Маңғыстауым,

Қазақтың қасиетті құт мекені!

Бұмындай ел қағаны тарпаңдарым,
Азуы алты қарыс арландарым.
Тулақтай жерді қимай жат-дұшпанға,
Халқының кие тұтқан армандарын.

Естеми, Білгі қаған,Күлтегінім,
Тоныкөк...
тарихқа ауып тұр көңілім.
Нәр алған тамырымыз түркі жұрттан,

Білемін бір екенін түр-тегінің.

Күн кешіп баба дәстүр, дәп-ғұрыппен,
Өр ұлан, айнымағын тектіліктен.
Ешкімнен айыл жимас жауынгер ел-
Бәріміз тараламыз Көктүріктен!

Бабалар кешкен жорық-жасын ғұмыр,
Демеймін өткенді ойлап жасыңды үйір.
Заманның алмағайып кезеңінде,
Түркілер, біріктірші басыңды бір!

Жүректе жанып алау жалындасын,
Қамалдың біз білмейміз алынбасын.
Түркінің ұстап қара шаңырағын,
Қазағым, ұлы Жібек жолындасың!

Қазағым – Көктүріктің ұлы Отаны,
Сондықтан түркі жұрты ұнатады.
Қайтадан туын тіксін төрімізге,
Баяғы Түркілердің ұлы Одағы!

Білгенге болмау керек талас мұнда,

Ешкімнің емес ешкім қол астында.
Тек қана бірлік керек беу, түркілер,
Білсеңіз, жау жоқ деме, жар астында!

Сиынып құдіретіне бабамыздың,
Жыр еттік ұлылығын Даламыздың.
Тұлпарлар тұяғының жаңғырығы,
Жақпарын жаңғыртқанда санамыздың!..

Түріктер!
Көктүріктер!
Көп түріктер!
Өшпесін бойыңдағы тектілік өр!

Тілі, ділі, діні бір зәузатыңа,
О, Бабам, аруақты, отты рух бер!

ШЫҢҒЫСХАН

немесе Моңғолдар империясы

Заманды еске алайық бұрынғы өткен,
Ерлерді «Елім!!!» деумен ғұмыры өткен,
Уысынан шығармай кең Даланы,
Ерліктің ерен күйін дүбірлеткен,

Елдіктің шаңырағын тұғырлы еткен,
Рухы Бабалардың мәңгі жаса,
Ұлтының жүрегіне ұрық сепкен!

Өтсе де неше ғасыр дүрбелеңмен,
Тараймыз бұтақ болып іргелі елден,
Тарихты таразылап тым көнерген,
Шындықты тарқаталық шым тереңнен.

Түркің де, бүтін Алаш, Үш Жүзің де,
Тел өскен тұлпардайын бірге өрген.

Кейде ішім кетсе де ашып ойлағанда,
(Сол үшін көңіліме қайғы алам ба?)
Жайым жоқ бүгін менің жай табарға,
Ешкімге танытпаған осалдығын-

Ерекше жаратылған қай бабам да,
Түйсінем тылсымдарға бойлағанда...

Түйсінген дәйім менің жанымды ұқты,
Жаралдым менің де өзім қаным мықты.
Бір бала сескендіріп бәрін тіпті,
Уыстап уысына қанын шықты!..

Темучин – Есугейдің есті ұланы,
Тақымға басты дерсің қалың жұртты!..

Айталық, арыстардың ірі ісін көп,
Ашылар ерлік десе тынысың кеп.
Дегенде шашылмасын ырысың көп,

Бөліну – кім-кімге де бұрыс індет.
Темучин тәмәм елдің басын қосты,
«Қорықпай сыйлағаның құрысын!» деп.

Ол заман бөрі заман, босқан заман,
Шамалың сазай тартып сасқан заман...
Ешкімнен ешқашанда жасқанбаған,
Тимучин- абыройы аспандаған,

Бастарын түркілердің қосқан заман,
Айбыны Айдан ары асқан заман.

Астына мініп асау бозжорғаны,
Қайралды қынабында қанжарлары...
Шықса да талай дау-шар, жанжалдары,
Елдігін түркі жұрттың армандады...

Орхон өзені бойында «Шыңғысхан» деп,
Берді атақ ру-тайпа шонжарлары!

Тапжылмай таққа отырып Ұлы Қаған,
Жазылды даңққа толы ғұмыр оған...
Жауына жүрегі әсте жылымаған,
Тәңірге жалбарынды Ұлы Бабам.

Жиналып Қарақорым-Бұрхан тауға,
Топтасты бір ел болып Ұлы Далам.

Ешқашан елдік үшін аянбады,
Алынды талай шептер қияндағы...
Бұл өзі арман, әлде қиял-дағы,
Тәрізді «Адай» күйі – күй арналы!..

Жүз елу, екі жүз мың әскерменен
Сап құрды Шыңғысханның нояндары!..

Нируннан Бөріжігін –Қият болды,
Тайджиут, Керей, Найман, Оңғыт(Уақ) болды,
Бұл сапта Татар, Меркіт, Қаңлы, Қыпшақ,
Төлеңгіт, Арғын, Дулат, Маңғыт болды,

Қырғыз бен Ойрат, Бурят, Тарғұт болды,
Бұл сапта Құры, Тума, Якут болды.

Бұл сапта Мұқалы гойаң - Жалайыр да,
Бұл сапта болды Үйсін, Ноғайың да,
Қоңырат, Қожа,Ұйғыр – талайың да...
Алтай мен Алатаудың баурайында,

Айналған бәрі туыс, ағайынға,
Бұл сапта Алшын - Мұңал-Адайың да!..

Білсеңіз, Жебе ноян – Жорға Адай-ды,
Шыңғысхан неге оны қолдамайды?!
Қолдайды,
өзі де Адай-тегі Мұңал,

Ол қалай қазақ арын арламайды?!
Қандасы кектессе егер қарамайды,

Таиджуит - аямады Тарғұтайды.

Халықпыз терең тамыр, дәбіміз бар,
Халықпыз маңдайында бағымыз бар...
Бірлігі болса елдің сәніміз бар,
Тектілік туысқандық қанымыз бар...

Үш Жүздің кенжесі Адай-Мұңал болса,
Қара шаңыраққа қалайша дауымыз бар?

Бүлінсе елдің іші оқсады тым,
Елдікті қалың түркі аңсады тым...
Шыңғысхан орындалып мақсатының-
Құрса егер Мұңал(Моңғол) патшалығын:

Бұл өзі - кенже ұлдың шаңырағы,
Қазақтың шыққаны ғой жақсы атының.

Қазақтың туын көкке тіктегені,
Қазақтың мойындалып мықты екені,
Қазақтың қасиетті жұрт екені,
Қазақтың ұлағатты ұлт екені.

Алтайда – Адай таңба аяқ бассаң,
Алтайым – қазағымның құт мекені!

Бұл Мұңал кімді тегі құл етпеді,
Түкті екен шеттерінен жүректері.
Қазақтың орындалып тілектері,
«Сояды» қас-дұшпанын іреп тегі...

Әлі де ұрпақтары өр мінезді,
Бүгін де туған елдің тіректері.

Іске асып бүгінде елміз асыл арман,
Халқымның келер туып асығы алдан,
Тарихты түгендемей ғасырлардан,
Әйтсе де, кеуде керіп тасына алман.

Шыңғысханға «монғол», қытай таласып жүр,
Бір кезде бабаларым басып алған.

Бір кезде бабаларым басып алған,
Жауласқан қас- дұшпанның басын алған.
Сібір де біздікі еді – жасыл орман,
Қабқаз да – Қазақия далам дархан.

Бір кезде Еуропа, Азияң да,
Қазаққа басын иген орыс-орман...

Дәуірлеп күн кешкен-ді халқым сонда,
Ерек боп ерлік дәстүр-салтым сонда.
Айналып дұшпан үшін әр күн сорға,
Жапанға жаңғырықты даңқым сонда!

Мәскеуді өртке ораған Мамай, Орақ,
Тоқтамыс,
қандай еді Алтынорда!

Жеттік қой Балтық асып ел шетіне,
Үндістан, Ауғанстан, Парсы еліне,
Қастасқан жаудың күші еңсеріле...
Бас иіп арабтар мен крестшілер,

Жарамай қалды қауқар көрсетуге,
Шыңғысқан-Жошы-Бату әскеріне!!!

Салдырған мәлім сәнді сарайлары,
Жанды ғой бұл қазақтың талай бағы...
Алаштың туын көкке аспандатып,
Алтын Күн зеңгір көктен арайлады.

Қазақтың шаңырағын, ар ойлады-
Әйгілі Монғол-Мұңал Адайдағы.

Жайымды ұғарсың сен сезіп көрсең,
(Жаулардан ұтыларсың сезік берсең).
Тарихта жаңылыспақ сезімге ерген,
Жөн болмақ ақиқатқа төзіп көрген:

Адай мен Қазақ қатар аталады,
Кең-байтақ даламызды кезіп көрсең.

Мұңалжар, Мұңалошақ – тұлғаң бөлек,
Сол ошақ Қазығұртта тұрған дер ек.
Үш Жүзің сол ошақтың үш бұтындай,
Бөленген бір болғанда думанға ерек.

Алатау, Алтай мен Сыр-туған жер ед,
Тіл таңба, тас таңбаға тұнған дерек.

Жауымды құртқан болсақ жоңғар деген,
Тәңірім қалай жолды оңғарды екен?..
Халық жоқ жер бетінде моңғол деген,
Кенже ұл: Қазақ-Адай-Мұңал деген.

Жаралған сол Мұңалдан Шыңғыс қаған,
Қазақты ел етудің қамын жеген.

Демеңіз мынау неткен тосын сый ед,
Адайлар – төре тұқым, асыл сүйек.
Мұңалдар империясы – Қазақ Елі,
Пір Бекет – Ол да Мұңал асыл кие!

Ұлұндай ұлы анаға басын сүйеп,
Шыңғысхан Көктәңірге басын иед!

Дүреген сонау дәуір Сақ жерінен,
Тарихтың алып орнын қақ төрінен,
Жаралған Күн нұрынан Көк Түрік ем,
Нәр алып Алан Қуа- Көкбөріден!..

Бүгінде Қазақ Елі қайта оянды,
Қауышып дабысы үстем Өткенімен!!!

Дабысым – Шыңғысхандай зиялы адам,
Тарайтын текті жұрттың Қиятынан.
Жаралған ар-намыстың ұятынан,

Сескенбес сесті бөрі сияқынан,
Сол заман түскенде еске масаттанам,
Тас ұшқан тұлпарлардың тұяғынан!!!

Ақсақ Темірдің адасуы

Қанымның оянғанда ар-намысы,
Жанымның аз болмайды арпалысы...
Өртейді өзегімді өткен менің,
Тарихтың оралса ойға қалтарысы...

Тарихқа болса кейде таңданысым,
Ерліктің танысам да тарлан ісін,
Елдікті сақтай білмес жауыздықты,
Ұлағат ете алмаспын ұрпақ үшін.

Тарихтан небір тұлға тарлан өтті,
Алайда, мақтай алман қарабетті.
Шыңғысқан түркі жұртын біріктірсе,
Түркіні Ақсақ Темір талақ етті.

Сан-сапат одан бері заман өтті,
Басынан қазағымның зауал өтті.
Орыс пен қытай, қалмақ ортасында
Даласын ата-бабам қорғап өтті.

Ежелден еркіндікті сүйген ел ек,
Тарихтан түйін талай түйген ел ек,
Тарихтан сабақ ала білсек егер,
Тарихта біз ерекше күйге енер ек.

Айдын-көл, орман-нуым, шалқар далам,
Қазаққа болған дәйім арман далам,
Баяғы дүбірлеген дәуіріңде,
Бабалар төсін қағып, талтаңдаған.

Тарихтың тылсымын-ай сан арналы,
(Тарихта қай халықтың қонар бағы?)
Шыңғыс хан жарты әлемді жаулап алып,
Тіккен-ді Алтынорда, Ақорданы.

Амал не, қолдан сусып бағы кетті,
Бірлігі бекем болған шағы кетті.
Сұрапыл Ақсақ Темір заманында
Жинаған абыройдың бәрі кетті.

Ол өзі болса да ер қабілетті,
Талайға төндірген сан ақыретті.
Тарихтың алмағайып кездерінде
Аңдыстап, дей алмас ем сабыр етті.

Барластан-түркі жұрттан нәр алса да,
Кең-байтақ Далада ұлы жаралса да,
Өзалдан шімірікпес ер болса да,
Қара саннан жебе кеп қадалса да,

Бабалар аруағын қор еткендей,
Үмітін елдің дүйім жер еткендей.
Бағындырып алса да барша елді,
Түркінің несібесін кем еткендей.

Ол өзі сесті еді, қаһарлы еді,
Қан тамған қылышынан атақты еді.
Сайыпқыран әскері қол астында,
Тіксінткен талайларды шатақ та еді.

Ол өзі кескекті ер ед, ірі де еді,
Ешкімнің алдында әсте бүгілмеді.
Есімі естілгенде қанқұйлы ердің,
Дүние дабысынан дірілдеді.

Ешкімнің алдында ол иілмеді,
Ешкімнің алдында ол жүгірмеді.
Қаншама шықса-дағы дабырасы,
Түркі үшін ерекше еңбек сіңірмеді.

Өзалғы баба дәстүр сақтардағы-
Амал не, өз қалпында сақталмады,
Кеңістік қолымыздан сусып кетті,
Сенімі елдің күткен ақталмады.

Әскери өнерде Ол шыңдалса да,
Бейнебір бағындырмас шыңды алса да,
Демеймін тарих оны бағалайды,
Қаншама жерді жаулап мыңды алса да.

Бас иіп тұрған кезде барша маңай,
Өз жұртын өзі шауып шаршағаны-ай.
Жүз мыңдап жауын жойып, жайратса да,
Басынан сол жандардың салып сарай,

Тектіден жаралсаң да Ақсақ Темір,
Ісің бар бұ тарихта жаңсақ небір,
Түркінің туын төмен құлдыратып,
Ұтылдың ұлылықта оқсап Темір.

Білмеймін неге ақылды саяз етті,
Түркінің арқасынан аяз өтті.
Қан-қасап ұлы ұрыста талқандадың
Еуропаны билеген Баязитті.

Бір-бірін қолдар еді-ау шын естілер,
Бекерге екеуара тіресті Ер...

Мәз болдың алдап сүйек тастағанға,
Түркіден таяқ жеген крестшілер.

Не жорық, өз жұртыңа түнергенге,
Бөгденің бопсасына тым ергенге?!
Мәз болдың арбап сені крестшілер
Алтыннан аптап күйме жібергенге.

Өмірде осы ма еді ұлдың парқы,
(Ел сату- секілді ме ед құлдың нарқы?!)
Басқаны бағындыру баян болған,
Қайда енді Еділ патша-ғұнның салты?!

Ех, Темір, ер болар ма ең мақтан етті,
Еліңді өзің келіп таптап өттің...
Баязит, Тоқтамысты талқандаумен,
Еліңнің бақ-баяны жатқа кетті.

Бұл іске барды екен дәтің қалай,
Тарихта қалмақ енді атың қалай,
Өзіңді өзегіңнен тептің неге,
Өзгені өкіртіп бір тақымдамай?!

Осылай қайран елім босқа күйді,
(Әйтпесе, кешер ме еді басқа күйді?!)
Мен сені кеше алмаймын Ақсақ Темір
Сәнді етіп салдырсаң да Иассауиді.

Иассауи - сол түркінің тұғырлы ері,
Түркінің бір емес пе ед түбір-тегі,
Беу, бабам, бопсалауға босына ерген,
Болжамай болашақты күнілгері.

Халқыңа пайдаң тимей қара бақыр,
Айдала еншің болды ала тақыр...
Қытайға төрт жүз мың қолмен бара
жатып,

Аурудан ажал келді далада ақыр...

Болсаң да заманыңда алтын алмас,
Осылай зауал кештің халқыңа қас...
Бар байлығын тонатқан дұшпанына,
Ер емес, ездің мұндай даңқы қалмас!..

Қазақ хандығы

Ешқашан арылма, Елім, арлы ұғымнан,
Бодандық - арыла біл тар ұғымнан...
Тектілер, көшпенділер ұрпағымыз-

Тарайтын арғы Сақтан, арғы Ғұннан.

Көктүрік, түркеш-қарлық, қимақ-қыпшақ-
Дәуірі Қазақ үшін қымбатты шақ.
Алып Арсылан Стамбулда туын тікті,
Туысқан түрікті де сыйлап тұрсақ.

Дүниені дүрілдеткен шағы азайып,
Бүлінді Алтынорда бағы тайып.
Шыңғыстың төрт ұлынан төрт ұлысы,
Күйзелді хан-сұлтандар тағы тайып.

Күйзелді іштей іріп, араздасып,
Жан-жақтан жау анталап аранды ашып...
Шапқын мен жаугершілік тиылмады,
Тумалас бір-бірімен жағаласып...

Шағатай ұлысынан - Моғолстан,
Мауараннахрда - Әмір Темір қаһары үстем.
Орта Азияда –Шайбани Әбілхайыр,
Ту тігер туды күндер - Қазақстан!

Ақ Орда – Алтынорда мұрагері,
Көктәңір – сиынар Пір, ұраны еді.
Билеген Ақ Орданы Ырыс ханның
Аймағы - атышулы Тұран еді.

Ырыстан- Барақ ханның ұрпақтары-
Керей мен Жәнібек хан- ел мақтаны.
Баяғы атам Қазақ арын арлап,
Тұлпары тарпып тұяқ ойнақтады.

Жарқылдап алмас қылыш, сүңгілері,
Көктегі қыран құстай бір түледі.
Қол созып Моғолстан ханы Есенбұға,
Шу, Талас бойында Қазақ ту тігеді.

Тартыстан таусылғандай ғұмыр-әні,
Біртіндеп Моғолстан ыдырады.
Сібірден, Ертіс, Жайық, Сыр бойынан
Қазаққа қалың түркі шұбырады.

Тарих та ақиқатты сезді ішінен,
Қазақтың енді ешкімге төзгісі кем.
Қалың жұрт қазағыма қосылды кеп,
Қиналған Әбілхайыр езгісінен...

Қалмастан қалың елдің тай-таяғы,
Бас қосты қазақ ру-тайпалары.
Ұлытау, Алатау мен Қаратауым,
Бірлігі ұлы елімнің байқалады.

Керей хан, Жәнібек хан, Бұрындық хан,
Елдіктің дербес жайын бұрын ұққан.
Біртіндеп қас-жауларын талқан етіп,
Атанған қазағына ұлы құт хан.

Қалалар, бағындырып Даланы Ұлы,
Алтай мен Жетісудың аралығы...
Сығанақ, Созақ, Сауран, Сарайшығым,
Түркістан – түркі әлемім, қалам ұлы!

Күндерді кешпесе де аспан ашық,
Қазағым күн кешкен жоқ босқа сасып.
Дәстүрге көшпелі елді бағындырды,
Қасым хан «қасқа жолын» тасқа басып.

Тең тұрып жақынмен де, алыспен де,
Қытайман, Еуропа, Орыспен де,
Қасымның «қасқа жолын» жалғастырды,
Хақназар, Тәуекелдей арыстар да.

Есім хан «ескі жолға» табынады,
Тәукеден «Жеті жарғы» заңы қалды.
Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би,
Қожаберген жыраудың зары қалды...

Тіс қайрап от қарулы орысың да,
Айдаһар сәтін күтіп бағысуда...
Бірлесіп ойрат-жоңғар шапты бізге,
Торғауыт, дорбыт, қушуыт, шорысың да.

«Ақтабан шұбырынды...» басталды енді,
Жауған оқ торлағандай аспан-жерді...
Бас болып Әбілхайыр
Қалың қазақ

Дұшпанды Бұлантыда тосқан еді...

Шайқаста жау екпіні басылғандай,
Сейілді шама-шарқы басынғандай.
От беріп жан-жағынан айдап салып,
Айласын орыс, қытай асырғандай.

Кең Далам, жалғыз қалды дүйім Қазақ,
Зар заман, кешті азаптың күйін Қазақ.
Мұндайда ата-баба-аруақтар,
Әулие-әмбиеге сиын, Қазақ!

Ерекше күңіреніп кетті Далам,
Қасірет, қайғы, мұңды шекті Далам.
Үш Жүздің басын қосып төрелерім,
Жалауын жықпай қалды текті Бабам!

Жат өзге бірлігіме қайран қалды,

Жоңғарың қытай талап, ойрандалды...
Ресейге ноқтамызды ұстатсақ та,
Арыстар ар бермеді ай маңдайлы.

Алашта аз емес-ті арыстан ұл,
Бағатын қай кезде де намысқа бір.
Алаш Орда, Түркістан мемлекетін-
Құрам деп марғасқалар алысты бір!

Шетінен сайыпқыран іске татыр,
Қазақтың ұл-қызының бәрі батыр!
Туған ел – Қазақстан қайта оянды,
Құдайдың оң боп өзі көзі ақыр!..

Мәңгі ел

Өтсе де бастан талай мұнар күндер,
Өтсе де бастан талай тұман күндер,
Қазақтың туы дәйім жығылған жоқ,
Қасқайып тұрды алдымда қыран күндер.

Егемен ел атандым ірге бекіп,
Өзгемен терезем тең күнге жетіп.
Тәуелсіз Қазақстан қарыштайды,
Бәйгіде келеді озып жүлделетіп.

Кейде бір мақтанамын, мастанам бір,
Шақырып биіктерге бас қалам тұр!
Нұрсұлтан Назарбаев – бас сәулетші,
Ажары айдай сұлу Астанам тұр!

Өткеннің бейне алтын сынығындай,
Баяғы бабалардың рухындай!
Топтасып Көшбасшының маңайына,
Болайық бір шаңырақ уығындай!

Әрдайым жүгінелік сабырға біз,
Келейік ортақ мақсат, ақылға біз.
Кеңесіп іс қылғанда қателеспей,
Қазықтай берік болар қабырғамыз!

Тәңірім, бұл қазақты қор етпе енді,
Туған ел бірлікпенен қоректенді.
Тілім мен ділім, дінім мәңгі жаса,
Бабалар жатсын желеп-жебеп тегі.

Болмайық жебір, жалқау, әңгүдік те,
Жүрмейік жер бетінде мәңгіріп те.
Түріп бір етек-жеңді жымдасайық,
Айналып Қазақ Елі мәңгілікке!

Қазақ тілі – қанатым

Жаным да осы, арым да, намысым да,
Қаным да осы жүрегім ағысында.
Қазақ тілі – қыраным алтын қанат,
Қазақ тілі – бұлағым,дауысым да!

Қазағымның үні де ол,әуені де,
Ән-жыры да сарқылмас,өлеңі де!
Тартатұғын тарихтың тереңіне
Тіл дегенің – қазына әлемі де.

Қазына әлем,кәусарым,майда тілім,
Жылдан-жылға жетіліп,жайна тілім.
Нәр алатын өзісің қайнарымның,
Рухындай туған ел,байтағымның!

Тілім десе келеді айқай салғым,
Қияларға самға деп қайран халқым.
Қайда барсам жөніне жүгіндірер –
Киелі сөз,әулие ата-салтым.

Мен бағындым осынау қызыл тілге,
Жарқылдауға жан құмар,қызу кеуде.
Барқыт түнде шоқжұлдыз жымыңдаса,
Жүрегімнен жыр-маржан үзілер ме?

Бас иемін мұндайда әруаққа,
Махамбеттей,Абылдай арғымаққа.
Ел мүддесін тілімен кестелеген
Еліктеймін солардай жалын-отқа.

Еліктеймін,күш-қуат жиям бойға,
Жетелемес мұндайда қиял қайда?
Ана тілі дегенде арлы азамат
Ар-намысты сатудан ұялмай ма?!

Ана тілі – бұл менің қазақ тілім,
Қылбұраудан,қыспақтан азат тілім.
Өмірдің алмағайып өткелінде
Басынан сан өткерген азапты мың.

ІІ Ойларым жатыр пісіп,сараланып, Жүрегім жыласа да жараланып, Айтайын көшелі елдің ұлы едім мен Ақынын хан көтерген қара халық.

Халық ем өлең-сөзсіз күн кешпейтін,
Жыр барда қайғыңның да бұлты еспейтін.
Мойнына салып мейлі бұғалықты,

Бас кеспек болса-дағы,тіл кеспейтін.

Ақыл сөз, дана сөзді пір санаған –
Айналдым асылымдай ар-санадан.
Қосқанда «Қаратаудың көшін» әнге,
Жанары жасқа тұнып,жасаураған.

Болса да небір заман анталаған,
Жауға жерін бермеген,таңдан Адам!
Далиған дариядай Дала мынау -
Қымбат болды десеңші қандай оған!

Туған жер қандай ыстық қарыс сүйем,
Ер бар ма сол жер үшін қан ішпеген!!!
Ресейге сол жер үшін бодан болып,
Тағдыры өзектесті орыспенен.

Шағы аз ба,бірақ,достым,қысым тартқан,
Патшаның қазағыма тісі батқан.
Күндес ел бір жағынан іштей іріп,
Бақ құсы бастарынан ұшып жатқан.

Кең жері көшпелі елдің талақтанып,
Жөңкіген бай-манабың алақ қағып.
Өзгеріп жер аты да,тіл де қүрау,
Жасқауын қанша жұрттың жамап алып.

Қазағым соншалықты қор ел ме еді,
Ұлыс-ты өзінше бір әлемдегі.
Ұқсамас өзгелерге өрнегі – алтын,
Айшығы өзіне тән өнердегі.

Осы тіл бірте-бірте шектеу көрді,
Осы тіл бірте-бірте тежеу көрді.
Сұйылып бара жатты бірте-бірте
Азияның ақиық шешен елі...

ІІІ Тіл өшпес халқы барда,елі барда, Ел қамын жеген арыс ұлы барда. Қаншама қарғыс атқан заман болсын Кенде емес бұл қазақ та қара нарға.

Атқанда ұлы Қазан таңы күліп,
Маздаумен шырақ шашты жалын үміт.
Халқымның жанарына нұр құям деп,
Шықты ғой неше алуан жанып жігіт.

Бәрі де Ленинге сеніп мәңгі,
Жолында жаңа өмірдің жаныққан-ды.
Алаштың арын арлап шығамын деп,

Алапат азаматтар арып қалды...

ІҮ Үскірік боран есті сонда барып, Таң нұрын уысына қармап алып. Сол боран кетті тінтіп тұлабойды, Жер бетін жайлады өрт жалмап алып.

Жойқын өрт ел басына нәубет болды,
Сойқанды қазақ деген әулет көрді.
Бір жақтан аштық алса алқымыңнан,
Бір жақтан аждаһадай зұлмат келді.

Тақсырлар таққа мініп сонша тағы,
Адамды айуанша қоршалады...
Аузыңды ашсаң болды айдап,қорлап,
Жүрегін зиялының пәршалады...

Ойласақ соны көзге қан толады,
Зымиян,заманының зәнталағы –
Жымысқы түлкідейін,қарсақтайын
Аңдыстап жан-жағыңнан анталады...

Тірлікпен күн кешпеген текке күйкі
Ерлерім елім деген отқа күйді.
Тілді ғой тарғыл заман тілімді де,
Тежеді ағыл-тегіл төкпе күйді...

Біртіндеп ар-намыс та тайыз тартты,
Кім білсін,кей кімдерде айыз қанды?
Қазақтың қайран тілін тұмшалаған
Соттаса деймін дүмше жауыздарды.

Жүрегің қалай енді жұлынбасын,
Халықпыз әу бастан-ақ мұңы басым.
Кім білген немересі айтқан сөзді
Келерін атасының ұғынбас күн?

О,сұмдық,қалай шошып дір етпейін,
Замана,бопсың талай түнектейін.
Сонда да бір әділет болады деп,
Сенуге алдағыға жүрек бейім.

Ү Шерінің шегі бар ма қазағымның, Жазылған маңдайына азабы мың. Ұқсаймыз сондай халық болғанға біз Тағдырдың жемі сынды тұзағының.

Шалғанда соғыс өрті кеше елімді,
Алғанмын фашистерден мен кегімді.
«Отан!» деп отқа кірдім айыл жимай,

Ерлікпен жаңғыртқанмын ертеңімді.

Кеудеме мәрттік мінез тұрақтанды,
Өтті сан батыр қазақ сынақтарды.
Қарт Жамбыл от жүректен жыр ақтарды,
Жырынан бүкіл Отан қуаттанды.

Қаймықпай тура жолдан дауылдарда,
Бас болып солдат қауым-бауырларға,
Жауына қарсы шабар арыстаным –
Кім жетер қаһарманым Бауыржанға!

Хош ,достым,айта берсем мақтаным көп,
Тұрғаны осыменен тоқтағым кеп...
Жеңістен кейін қайта сайрап едім,
Қайран тіл,қара тасқа соққаның кеп...

Осылай қызыл тілден кешеуледім,
Жайымды ұқпады жан мешел менің.
Қара бұлт бір үдеріп көшкенімен,
Тілімді тоты құстай безенбедім...

ҮІ Тамырлап кеміріпті жегі құртың, Жетелеп тұңғиыққа мені құрдым. Тілің бір байланғандай,көзің мөлт-мөлт, Не болды жаутаңдардай тегі,құрбым?

Заманға көзбен қайта оң қарадым,
Тасимын,толқимын да,толғанамын.
Тіліме ел қатарлы теңдік берген
Азамат арыстарым – ер-қанатым.

Арайлап нұрлы таңым қайта туды,
Ел үшін ер-азамат белін буды.
Жаңғыртып бүкіл елді қайта құру,
Көнекөз қарттар көздің жасын жуды.

Өшкенім қайта тұтап маздап жанды,
Өр ағыс тасытқандай қозғап қанды...
Өмірге қайта әкелдік
Жазықсыздан

Жаладан жапа шеккен боздақтарды.

Қысса да қаскөй жылдар қаһарымен,
Нұрландым жаңа күннің шапағымен.
Қабыстым қайта салтым,дәстүріммен,
Табыстым Жүсіпбек,Ахмет,

Міржақып,Мағжан,
Шәкәріммен!

ҮІІ

Сіңірген бойыма әкем ел сүюді,
Сіңірген бойыма әкем жер сүюді.
Сіңірген анам менің жүрегіме
Сүюді қаным тамған бесігімді.

Мен де айтам ұрпағыма-ұланыма,
Қанып іш деп ана тіл бұлағынан.
Өз елін,жерін,тілін сүйген Адам
Өмірде жетпей қоймас мұратына.

Анаңның тіліменен көгересің,
Толтырып бақытыңның кенересін.
Қазақша сөйлеп тұрған балдай етіп,
Атасы сүйген қандай немсересін.

Қанатым – қазақ тілі самғайтұғын,
Самғасам ешқашанда талмайтұғын.
Анамның аппақ сүті секілді ғой
Сәбиі емген сайын қанбайтұғын.

Рухым – ана тілі,бағым менің,
Мәңгілік ажырамас асыл кенім.
Қандары оянсын деп тереңінде
Ақтардым әлеуметке жаным шерін...

1989 жыл.

Қазақ қандай халық?
Бұл сауалға іркілердей жөнім не,
Көл секілді көлкиді ойлар көңілде.
Қазақ деген қандай халық, айтайын,

Жөргегінде қайта келген өмірге.

Жете сүйген ұл едім мен ұлтымды,
Жетесіз деп даттамаймын жұртымды.
Жасықпын деп айта алмаймын әманда,
Жоғалтуға айналсам да ғұрпымды.

Бабалардың қалған болса жұрнағы,
Аман болса атқамінер ұлдары,
Қайран елім қанатынан қайрылмай,
Қалар қағыс қай-қашанғы мұң-зары.

Өзгелердің езгісіне көне алмай,
Қайран Далам келімсекке тоналмай,
Қаз қадамын Ертеңіне басса нық,
Дейді жүрек, бәрі оңынан болардай.

Қазақ – кемел, дариядай Данасы,
Қайсар туған ел билеген Ағасы.
Білім кенін жиған күллі әлемнің,
Аз емес қой тонның алтын жағасы.

Солар болар елдің тұлға, панасы,
Марғасқа етіп жаратқа-ау анасы.
Алынбайтын асудан да тайсалмай,
Асқақ шыңға жететұғын шамасы.

Болса сондай бар қазақтың баласы,
Биіктесе ой-өресі, санасы,
Дейді көңіл,
жан-жағына қарайлап,

Сілкінердей марғау жатқан Даласы!

Е-хе-хе-хей!
Айқай салып көрем бе,
Ей, бауырым, құлағың түр өлеңге.
Намысыңның жаны алмас қанжарын,

Жетіле түс мұқалмастай өнерге.

Сенен мәрттік күтеді өмір күрделі,
Қоя тұрғын үлде менен бүлдені.
Күнделікті күйбеңіңнен бой үзіп,
Ұлы жарыс жолын таңда жүлделі.

Елдің қамын ойлау керек, жер қамын,
Бабалардың аманатын, арманын –
Келешекпен жалғау парыз бүгінгі,
Замананың арқалап зіл-салмағын.

Бұл қазақтың арманының жоқ шегі,
Баяғыдан азаттықты көкседі.
Баян-ғұмыр бақытына қол жетіп,
Ел болуға ұмтылды енді еңселі.

Базарына қайта оралып әуелгі,
Құйқылжытты қоңыр сазды әуенді.
Өзіне сай өрнегімен ұйытып,
Баурап алу бар ниеті әлемді.

Тұнып келген тереңдегі лағылдар –
Жаңа өмірге шашудай боп ағылар.
Шапағатын шашып тұрса шұғыла,
Жүректерге жарқын үміт жағылар.

Қазақ көрген аз емес қой қайғы-мұң,
Танытатын күн туды енді айбынын.
Көкбайрақтың астына кеп жиналып,
Пәтуасын есіне алсын Майқының!

Парасат пен парықты ләйім мұрат қып,
Қазақстан – ұлы ордасын тұрақ қып,
Бүтін қазақ жер жүзіне жиналып ,
Алға басса ақыл-ойды шырақ қып.

Жарқын көңіл, қолы ашық халқым-ай,
Жаңғыртуды қажет қылар салтың-ай.
Ұрпағыңды ақылменен баулышы,
Көпті көрген абыздарым, қартым-ай.

Дүниенің тарылғанда тынысы,
Өз жайыңды қамдау болар дұрысы.
Құшағыңды жая берме жат жұртқа,
Шашылмасын – Жер-ананың ырысы!

Беу, қандасым, әр ісіңе бол қатал,
Аңғалдыққа бой алдырсаң сорлатар.
Білек те бір, жүрек те бір болсыншы,
Онсыз өзге әңгіртаяқ ойнатар.

Арамызда алауыздық жойылып,
«Алаш!» деген отты ұранға бой ұрып,
Іштей ширап, шыңдалайық, шырқайық,
Атағымыз шартарапқа жайылып.

Сенің маған мәлім, қазақ, сипатың,
Дәл бүгінгі дабысың мен тұрпатың.
Қашан заман ілесесің көшіне,
Көз қарырдай керемет боп сымбатың?!

Аз көрмедім қаракөзді қаны жоқ,
Маскүнемді өлекседей жаны жоқ.
Өз халқына топырақты шашатын-
Аз көрмедім алаяқты ары жоқ.

Ондай мыстан –елге дұшпан,сұм, жауыз,
Халқын сату –опасыздық бұл нағыз.
Жансыз бенен жағымпаздан арылмай,
Көтерілмес шөгерілген тұлғамыз.

Татулық пен бірлік керек ел үшін,
Үдетелік желмаяның желісін.
Барша қазақ жұдырық боп жұмылып,
Көрелік тек сол тірліктің жеңісін.

Таталық та бірге тәтті жемісін.

Қазақ қандай деп сұраса
не дермін,
Жақсы десе, келісермін, көнермін.
Күйе жақса менің туған халқыма,

Сол пенденің қолында мен өлермін!
1992 жыл.

РУХ пен ЖІГЕР
О, аруақ, демей гөр,
О, Бекет, желеп-жебей гөр!
Оғландының басында –

Ордасын тікке кемеңгер!
Автор.
Арқаландым
Ар биік,

Марқаландым
Жал биік,
Ата-бабам бойыма
Асау етті нәр құйып!

Өртеніп тұр
Өнбойым,
Қыз-қыз қайнап маңдайым!
Күйіп-жанып жүремін

Күңсік болмай әрдайым.
Шыңым шырқау айбатты,
Далам шалқар байтақ-ты.
Кезген екен ерлерім

Көсілген кең аймақты.
Сұрғылт сынды боз дала,
Сырын терең қозғама.
Күңіреніп жатса да,

Боз маядай боздама.
Тектілікті тел еткен-
Тентіремес ел өктем.
Тума тұрық-болмысы-

Жаралған дейді бөлектен.
Алпамсалы тұлғалы
Арда мінез ұлдары,
Аттандаса жауына

Талақ етер мұрғалы.
Кесек пішім-тұрпаты
Тұяғын тарпып тұлпары,
Батырына мәп келген

Қазанаттың сымбаты.
Төрт құбыла тең келген,
Шеттерінен мәрт келген,
Бес қаруын жасанып,

Сәйгүлігі ерттелген,
Құлақ тері бусанып,
Құрыш қанып, бап келген,
Көшіп-қонған ел едім,

Түзден тапқан қорегін,
Түлетіп ту өлкені,
Тірлікке бөтен бөледім.
Тентектің де тентегі –

Табиғаттың төлі едім.
Кие мекен – тым құтты-
Маңғыстау мен Үстіртті
Мың-сан жылдар жайлаған-

Ұлыс едім дің мықты.
Түлікке толды жазирам,
Түледі түбек – қазынам.
Атышулы аймақ деп,

Тарихқа мәңгі жазылам.
Бұрынғы өткен бабамның-
Жұрнағы болып жаралдым.
Қайсар да мінез қожасы –

Осынау жарты аралдың.
Сертке салсаң берікпін,
Сенімді жанға серікпін.
Ұсақтық – ұят іс болар,

Ірілеу турап келіппін.
Мен мен едім, мен едім,
Тасиды толып кемерім.
Тегімді айтып толғасам,

Өрекпіп өршір өлеңім.
Маңғыстау – маңғаз мекенім,
Өркендеп, өсіп, өнермін.
Артық та туған Бекетім –

Тәңіріме бейне теңермін.
Шыдармын қалай шаттанбай,
Сөйлермін қалай мақтанбай.
Әз әулием – тірегім

Қолтықтан демеп жатқандай.
Саңқылдап шығар үніміз,
Жасық емес, іріміз.
Оғландының басынан

Қол бұлғайды піріміз!
Қазаққа біткен Даралық,
Қазаққа біткен даналық,
«Бекет!» деп білек біріксе,

Ел болар едік нар, алып!
Есіңді жый ел-жұртым,
Есті алмасын жан-құлқын,
Рух пен Жігер оянса,

Ерекше болар сән-ғұрпың.
Тағзым етсек Атаға,
Талайлар түсер сабаға.
Тағзым етсек Атаға,

Қылау түспес араға.
Қазақ қазақ бола алар,
Қасиет кіріп оңалар.
Көреген, көсем, көріпкел,

Пайғамбарлармен пара-пар,
Бекетті биік ұсталық,
Ғаламат бойға күш дарып,
Сүйенген, сенген Киеміз –

Пәле-жаладан құтқарып.
Азулы халық атансақ,
Жүректе намыс атойлап.
Жолымыз болып, жанар бақ,

Нешебір бөгет қамалды ап.
О, Пір Бекет, Аруақ,
Өзіңнен қуат дарымақ.
Ұлы дүние көшінде-

Кешеміз ғұмыр дауылдап.
Сенгеніміз Ер Бекет,
Ергеніміз Пір Бекет!
Рухымызды асқақтап,

Ұлы Бекет тұр демеп!
Желеп!!!
Жебеп!!!
...Қырандар қалқып кенет!!!

ҰЛТТЫҚ ПАНТЕОН

Әбіш Кекілбаевтың рухына
----------------------------------------
-Алло,алло, алло!

Алыстан азалы үн талып жетті,
Арқаны суыт хабар қарып кетті.
Ақырған желтоқсанның боранындай-
Суық сөз естіртіп тұр қасіретті...

Өмірден шейіт кетті-ау небір текті,
Кім жеңген ажал менен ақиретті?!
Қара сөз, дана сөзде дес бермеген,
Нар Әбіш бұл пәниден бақиға өтті...

Сумаң жел тыныштықты түре келді,
Ел мен жұрт түнгі ұйқыдан түрегелді.
Иманғали бастаған игі жақсы
Түнжарымда жағдайды біле келді...

Ауыр қайғы кеудені жаншып-ақ тұр,
Жүрек, шіркін, жай таппай қан жылап тұр.
Күннің көзі бейне бір тұтылғандай,
Жанарлардан жас ыршып тамшылап тұр.

Ұмтылып ешкім алға белсенбейді,
Кім-кім де іштей күйреп, кемсеңдейді.
Ғұлама дүниеден өтті деген
«Жел сөзге» туған дала, ел сенбейді.

Тұнса да бойда жалын, дауыл іште,
Амал не, тағдыр салған ауыр іске.
Әбекең рухына басын иіп,
Енеді үнсіз ғана бәрі де ішке.

Ерлердің көрінгенде пішіндері,
Ақтарды шерін жеңгей ішіндегі...
Егіліп мейлі қанша босаса да,
Еңсесін төмен қарай түсірмеді.

Бұл өзі неткен сұмдық азап еді,
Дүние күңіренген азалы еді...
-Замананың заңғары Кекілбаев,

Тау тұлғасын жоқтайды Қазақ елі!-

Осылай азаматтар көңіл айтты,
Сырларын көкейдегі төгіп айтты...
Мәңгілік - Кекілбаев феномені,
Өшпейтін айта білсек ақиқатты.

Жоқтайтын Әбекеңді күллі Алаш бар,
Зиялы, қайраткерлер, тұлғаластар...
Сүйектің иесі боп саналатын-
Бас қосып ақылдасты тумаластар.

Келісті ой, келелі іске жиын жиды,
Кеңесіп кешетіндей қиын күйді...
Ақыры келіп ортақ пәтуаға,
Еліне әкетуге түйін түйді...

Маңғыстау- киелі өңір атың дардай,
Туған жер – атамекен шақырғандай...
Қамысбай, Сисем ата қауымында -
Тектілер тегіс күтіп жатырғандай...

* * *
Қазақта сарқылмайды-ау мәнді ғұрып,
Сақталар дәстүр барда мәңгілік ұлт.
Кідірмей бұл киелі шаңыраққа,

Елбасы Назарбаев келді кіріп.

Нұрағаң- дархан дала, ел тірегі,
Халқының қайсар мінез ер түлегі.
Жиналған ағайынға басу айтып,
Қайғыны ақылына жеңдіреді.

-Мен үшін, деді Елбасы,-Ол-аяулы Адам,
Ел үшін ешқашан да аянбаған!..
Сол жерде әңгіменің орайында
Ағайын жерлеу жайын баяндаған...

Елбасы сөзді бөлмей тыңдап алып,
Отырды терең-терең ойға қалып...
Тәуелсіздік жылдары көз алдынан
Кинолента секілді зырлап ағып...

Ел болу – үкілі үміт, қатаң сынақ,
Қай ел де өздік бағын жатар сынап.
Есінде,Тұңғыш рет ант бергенде,
Марқайды қарияның батасын ап.

Есінде, Әбіш айтқан төре билік,
Алғаны ақылманды Төбе би ғып.
Тәуелсіздік көтеріп туын көкке,
Танытқаны тарландар өрелілік.

Жақсылар жымдасқанда жасқанар ма,
Бағынар бас біріксе бас қамал да!
Саяси серіктерін саралаған-
Елбасы елін еркін бастады алға!

Ер еді Ол айдарынан жел есетін,
Ғаламдық ұлылармен теңесетін:
Елбасы елдік мұрат-мақсат үшін-
Әбішпен кемел ойлы кеңесетін.

Ұлылар кез келгенді дос қылмайды,
Сенген дос бір-біріне қас қылмайды.
Сенімді серігі еді Кекілбаев,
Сырласқан елдік рух-дәстүр жайлы!..

Хан-патша көсем болса, Би де көсем,
Хан-патша шешен болса, Би де шешен.
Қазақтың шаңырағы шалқақ болып,
Туған ел бөленген-ді күйге әсем...

Таусылмас елдік күрес, ұлы майдан,
Қазаққа туар енді ұлы қайдан?
«Бақұл бол, беу, арысым» деген іштей,
Елбасы бас көтеріп қалың ойдан:

-Ағайын, маған да енді құлақ түрің,
Жүректің басайықшы бір аптығын.
Әбішті елге апарсақ деген дұрыс,
Басқа да мәнісі бар бірақ мұның:

Бұл Әбіш елден озған қазанат тым,
Көтерген бар ғаламға Қазақ атын.
Алматы, Астанада өмірі өтті,
Елім деп еңіреген азаматтың!

Есімін ерек тұтып елеулі ердің,
Кескінін көркейтейік кемеңгердің!
Егемен елдің «Ұлттық пантеоны»-
Мекені – шыңыраудай тереңдердің!

Қазақтың мәңгі туыс баласы да,
Атасы, анасы да, данасы да.
Бөлмейік, бөлінбейік,
Ұлы Әбішті

Жерлейік Сарыарқаның даласына!

Қыранды қиядағы қыр асырмай,
Арулап аттандырсақ шын асылды-ай.
Еліне ерлер тұрмақ рух беріп,
Ұлттық пантеон – елдіктің мұрасындай!

Білемін, Маңғыстау бұл киелі жер,
Күн кешер Пір Бекетке сүйеніп ел!
Бас ием құдіретті бабаларға,
Әйткенмен, ер Әбіштің сүйегін бер!!!

Сөзіме менің айтқан сенерсіңдер,
Бабалар, елді желеп-жеберсіңдер.
Әбіштей әулиені сағынғанда,
«Ұлттық пантеонға» келерсіңдер!..

Жүйелі сөзге ағайын құлақ асты,
Айтпайды Президент ұнамасты.
Қабанбай қалмақтарды қалай қырса,
Әбіш те қорғай білген күллі Алашты!

Ер Әбіш – бүгінгінің баһадүрі,
Жетеді бір басына дара қыры.
Суреткер, философ, тарихшы,
Мемлекеттік қызметтің нар алыбы!

Елбасы ұлағатты ой ұсынды,
Ағайын уәжіне бой ұсынды.
Клара жеңгей бір сәт батылданып,
Өзін бір толғандырған жай ұсынды:

-Нұрсұлтан,-деді ол сонда, -ойға қалам,
Жан едім өлім жайлы ойламаған.
Арқада қалар болса Әбіш досың,
Айтсаңшы, мен өлгесін қайда барам?

Жан жары болып мәңгі туған едім,
Белімді бір болмаққа буған едім.
Мәпелеп тумысынан тұлғалы ерді,
Алпыс жыл аяғын да жуған едім!..

Ескертіп дүние-жалған келте екенін,
Ерлерді ерек тұту салт екенін,
Елбасы асыл жарға алғыс айтты,
Танытып қай істе де мәрт екенін:

-Клара,-деді сонда, шешім алып,
Бұл жайды уайымдама есіңе алып.
Кекілбаев қасында - Пантеонда,
Орының бар Арқаның төсінде анық...

Әуелі қиналған-ды уайымдап ел,
Көсемнің кемелдігін мойындады ел.
Пантеон-бейне даңқ тұғырындай,
Патшаның парасатын пайымдады ел.

...Қағынып қара дауыл екіленді,
Пантеон – қырат-қырда жел үдерді...
Қара жер де сезгендей күңіреніп,
Құшағына алғанын есіл Ерді!..

Сұңқарлар жас болмайды

«Тезірек ұшып-үйренуі үшін балапанды
мерзімінен бұрынырақ ұядан қуу керек».
Ағылшын нақылы.
«Адам болатын бала жас болмайды».

Қазақ даналығы.

Толғанайын, толғайын,
Толысып тұрған ұрпаққа
Толымды сәлем жолдайын,
Тамыры терең зәузатқа

Татымды тілек арнайын.
Сөйлегім келді шешіле,
Көкірегім нұрға малынып,
Заманның ерсек көшіне,

Ауырмас жүрек қабынып.
Туған жердің төсіне
Жұлдыз боп тұрсақ жағылып.
Жастардың уәжі осындай

Жарқырап туған маңдайы.
Тектіден тұяқ-асылдай
Сөнбейтін шырақ-шамдайы.
Түйсініп тұрса тереңнен

Бабадан қалған әуезді,
Өлеңнен жақұт терем мен
Көргенде кесек мінезді.
Көңілім кетер марқая,

Сөйлеймін сонда шалқая,
Қазақтың озса баласы,
Желетін мен бір желмая.
Әкелер жолын қуа алған,

Ерлікке белін буа алған,
Өнерден озып өзгеден,
Білімге жанын суарған,
Мен бір жүрген Қыдырмын –

Жастарды көрсе қуанған.
Соларды көріп мастандым,
Шарпып бір соқса жас толқын,
Алынбас бар ма асқар шың?

Шуағы қандай бойыңа
Ашылып тұрған аспанның,
Келеді ойға жолдары
Жазылар жаңа дастанның.

О, жастарым, жастарым,

Дәуірі бірге достарым!
Сілкінелік қанатты,
Серкелер сұңқар санатты.
Ұшарсыңдар ұшпаққа

Ұштасаңдар талапты.

Тегінде Тәңір ұнатпас
Жалқау менен масылды,
Көзіңдегі бұлақты аш,
Көрмекке ғажап ғасырды!

Туып тұр сенің Уақытың,
Қонып тұр сенің бақытың.
Тура жолдан айныма,
Нөсерлесін шабытың.

Құйқылжытып төге біл,
Өмір сүріп, өне біл.
Қиядан шолып ғаламды,
Сұңқар құсап көре біл.

Туған жер мен ел үшін
Бойдағы күшті аяма,
Өркенді болсын өрісің,
Өмірлік болсын жеңісің,

Өрлеген кезде қияға,
Шапағат шашып ұяңа,
Жұртыңды ал бүкіл саяңа.
Қарақан басты қамдама,

Күнкөріс жайын таңдама.
Ел-жұртым деп еңірер,
Қабырғасы сөгілер-
Ерек туған жан ғана.

Тоқмейілсіп тегінде,
Тірлік кешпе алдана,
Жасындай жанып көгімде,
Жебеушің болссын маң дала!

Адам боп келсең өмірге,
Адамзат жүгін арқала!

Самғаған сайын шарықтар
Сұңқар сынды құс болар,
Болса да қанша алыптар-
Жер шарында халықтар:

Сұңқарлы елде сұс болар,
Сұңқар болса ұланы,
Сенімді, сақ, қырағы,
Қайрат қайтпас, күш толар,

Сұңқарлардың ұрпағы –
Салтын биік ұстанар.
Қанаты қалса қайрылып,
Қайтпайды оның айбыны.

Сұңқарды сұңқар тастамас-
Мәрттігімен әйгілі.
Болмайтын мүлде бақталас,

Бір-біріне сайлығы-
Текті құстың байлығы.
Тағылым солай тараған,
Ұрпағын тегіс аздырмай,

Тұлпардй түгел жараған.
Семсердей жүзі жалаңдар,
Ертеңін елдің бағамдар,
Ертеңіне елдің алаңдар-

Ерек туған есті ұлан,
Сендерге берер бағам бар!
Мынау заман – құт заман,
Адасады ұқпаған.

Алға асады ләйім
Арманы асқақ мықты Адам!
Сендердің туды күндерің,
Қия-шыңнан гүл терің!

Жағады менің жаныма
Сұңқардай отты түрлерің,
Саңқылдаған үндерің.
Санадан кетпей сүйікті ел,

Самғауың болып биіктер,
Бермеңдер басын жүлденің.
Ырыстарың мол болар,
Қайда да жолды оңғарар:

Бір Алла, Бекет-Пірлерің!

Ақтау – арман қаласы
Ару-Ақтаудың 30 жылдығына
-------------------------------------
Киелі, Далам, Маңғыстауым менің,

маң басқан нарлар,
маңғаз мұнаралар,
асау айдын мен
аңызақ шөлдің,

кәрі таулар мен
шағыл құмдардың,
наркескен мінез
марғасқа ерлер мен

түзде жортқан
тағы аңдардың
Ордасы,
Бақыт пен байлық,

атақ пен абырой,
даңқ, мерейден
тасынып, тасып,
толып бір жатқан

арнасы,
Ақтаудай сенің
азамат төлің
арқасын кеңге салып бір,

Жиырмаға толған
жас арулардың

болғандай бұла құрдасы.
Ақтауың сенің
ақ мәрмәр кейіп,
ақшулан толқын

жартасты сүйіп
толқиды,
Жаға-жайларда
шағалалардың

шаңқылыменен,
аққу-қаздардың қаңқылыменен
қиялың жүзіп,
ойыңыз алыс шалқиды.

Ақтауға келсең
арманның қалқып
сүңгуір сынды
заулаған жүйткіп

қайығыменен,
Сырласқың келер
сымбатты, сұлу,
сылқымсып күлер

бұралған сиқыр қайыңыменен,
Ақтауым менің
әсемдігімен
әлемді арбап,

атағы шарлап
жүр кезіп,
Ару қыздарға
жарасқан жұбы

адай кескінді,
арда мінезді,
азаматтық пен мәрттікке дәйім
сай ұлыменен!

Ақтауым менің
отты да ойлы,
сұңғақтау бойлы,
жас жігіт сынды,

зәулім биікке өрлеген,
өздік өрнекпен,
еңбек-бейнетпен
мүсіні сом боп,

мәрттігі зор боп,
зейнетін көріп ерлеген.
Ақтауым менің
алыс шақырымдарға,

шет жұрттарға
шығатын алтын қақпадай,
Ақтауым менің
қыран тәріздес,

сұңқар қаладай
Ғарышқа құлаш сермеген.

Ақтауға келсең,
адамды көр сен
жаятын құшақ айқара,
Шұғыла жүзді

шуақты жандар
сезімді тербер қайда да.
Ақтауым менің –
ырысы менен берекесі де,

ынтымағы мен мерекесі де,
ырзығы мен рахаты да,
шапағаты мен ұлағаты да
бай қала.

Ақтауым менің-
арман мен жастық,
береке, достық шаһары,
Ақтаудың таңы

алаулап атар
шашылып алтын шапағы.
Көресің мұнда
жымдасқан білек,

жарасқан көңіл
сан ұлттың сері-жампозын,
Көресің мұнда
кәрі мен жасты,

көргені көлдей Атаны,
керексе берер батаны.

Ақтауым менің-
әруақты жердің
әйгілі елдің
бауырынан өнген жайсаңы,

өзгеге намыс бермеген өршіл
өжет те ердің қайсары.
Көрсең де қашан
қарсы алар сені

көңілмен көктем жайдары,
Жас жігіттейін
желпініп тұрар
жел ескендейін айдары.

Ақтау қаладан-
көрегендік пен көрікті,
сәулеткерлік пен өрлікті,
еркіндік пенен ерікті,

жасампаздық пен шеберлік,
биіктік пенен тереңдік,
табасыз- бәрін табасыз,
өлместей мұра-өнерді.

Еліңе еңбек етпесең,
Биікке самғап жетпесең,

Бас қамын ғана күйттесең,
Халқыңа қандай қайырың?
Ақтауда тұрған жұрағат,
Сөзімде болса ұлағат,

Қайрасын сізді шайырың.

Маңғыстау деген мекенде
Астана –Ақтау екен де,
Айналып келсең жер жүзін,
Ақтауға сәні жетер ме?!

Тұрып ап сондай шаһарда,
Ер жігіт тыныш жатар ма?
Еліңнің ойла, дос, қамын,
Ілессін десең қатарға.

Тұрғанда заман алға озып,
Ілгері ұмтыл, қол созып.
Еліңнің ойла қамын сен,
Кетпесін десең жер тозып.

Жоғалтпай ұлттық нәріңді,
Дәстүрің менен дәбіңді,
Құлшына дәйім өмір сүр,
Сындырмай мүлде сағыңды.

Ақтауым – мәрттік қаласы,
Ақтауым – шаттық қаласы.
Әлпештеп оны өсірген –
Маңғыстау – қазақ Даласы!

Маңғыстау – ата-анасы!!!

Отызға толып жасұлан,
Дариядай көңіл тасыған.
Ақтаудың асқақ тұлғасы –
Жаралған ақық-асылдан,

Көрген жан – бәрі бас ұрған.

Қолдасын сені Тәңірім,
Өшпесін алау-жалының,
Қошқар-Атаға жерленген
Өлі әруақтардың да бәрінің –

Рухы сені қолдасын,
Қуат ал содан, бол басым.
Жүрсін деп жұртың жыр қылып,
Ақтаудай аппақ ордасын,

Өлеңнің селін ақтардым-
Бойыма шабыт қонғасын...
1993 жыл

Сүйінқара серті

Маңғыстау емес мүлде иен дала,
Маңғыстау –маңғаз жатқан кие дала.
«Бұл неткен айдалада батпан құйрық» -
Деп әркім кете алмаған ие бола.

Қалдырып артына сан өлі, құрбан,
Жеті жұрт аттың басын кері бұрған.
Азуы алты қарыс арғымақпен,
«Аттандап» Адайлардың Елі тұрған.

Ерлер көп бұл Қазақта текті туған,
Ел үшін ерлік іске белді буған.
Емексіп, есірген жау ентелесе,
Есінен тандырып бір кекті қуған.

Жортса да жат жерліктер талайлаған,
Шайлығып жүректері абайлаған.
Қорықпай бағындырып құладүзді,
Қабыланша қайрат қылу – Адайға тән.

Кең дала, асау айдын арнасы бар,
Тәңірден бұл Адайдың олжасы бар.
Хақ-Құдай хас батыр ғып жаратса егер,
Үркіту үрейіңмен қолда шығар.

Ұлыста Маңғыстауды мекен еткен –
Көш бастап, қол бастаған Шотан* өткен.
Жерсінтіп елін,
өзі жел өтінде

Қалмаққа қырғын салған о да кеткен.

Ізінен ілесті іні – Сүйінқара,
Аймаққа атышулы сыйы дара.
Тағдырдың алмағайып кезеңінде
Ел, жерді ойлауменен күйіпті о да.

Қарақан бастың қамын күйттемеген,
Айрылмау –арман мен серт құт мекеннен.
Алғанда жау жағадан, бөрі етектен,
Адайы іштей іріп түртпелеген.

Туғанда ата-анадан сойы бөлек,
Туған жер дегенде асқақ ойы бөлек.
Тұлғасы тау секілді кесек бітім,
Көзі – шоқ, жүрегі –от, бойы бөлек.

Сұстанса ақырады арыстанша,
Жау шошыр ұсқынынан алысқанша!
Маната* қиясынан күркіресе,
Отпанға* жаңғырығар дауыс қанша!

Ұқсамас жол ортада шалдуарға,
Жаралған Намыс пенен Ар қуарға –
Аршылан, артық туған Сүйекемді –
Теңепті Абыл ақын Қарқуарға!

Қарқуар –аң төресі, һәм, түз бөрісі,
Кім білсін, суын айғыр, су перісі?!
Кім білсін, самұрық па алтын қанат,
Тарпаң ба Тайбурылдай сырт келісі.

Тегінде бұл Адайда батыр көп-ті,
Тебінген асау тұлпар, асыл текті.
Түскенде ел басына қауіп-қатер,
Қас-жауын жекпе-жекте шауып кетер,

Алмастай жарқылдаған жасын көп-ті.

Жалқы емес, жалпы елдің көзайымы,
Батырды мадақтаудың жоқ айыбы.
Сүйеніш, пана болған байтағына -
Сүйекең – Маңғыстаудың қожайыны.

Емес Ол барымташы жол торыған,
Есіл Ер өле-өлгенше Ел қорыған.
Сезілер Сүйекеңнің Өшпес Рухы –
Үстірт пен Бозашының жондарынан.

х х х
...Суық күз. Бұлт көмкерген сұр аспанды,
Хауыс* кеп ақырапқа* ұласқан-ды.
Сүйінқара ауылы ойға құлап,

Тапқан-ды жаға бойлық туысқанды.

Керел* мен Бозашыны* жайлаған ел,
Ежелден еркіндікті ойлаған ел.
Жеменей, Жары, Қосай, Қаратоқай*,
Бойына бес қаруын сайлаған ел.

Қарсы алып қарқуардай Ер Сүйінді,
Ерлігі, билігіне ел сүйінді.
Орыспен, Хиуамен тең тұрғылы –
Көргесін көсемдігін ел сиынды.

Батырға әулиелік қонған еді,
Қиядан қияндарды шолған еді.
Жүрсе де қай шетінде боз даланың
Халқына қалқан еді, қорған еді.

...Жау шапты...
бір күндері хабар жетті,
Зар заман...
Ер басына зауал кепті.

Жоғында Сүйінқара аулын шауып,

Хиуаның үш мың қолы қаһар төкті.

Қапыда қалды батыр бармақ шайнап,
Ерлері ес жия алмай қалған жайрап.
Қылыдан* тағалы атпен теңізге өтті,
Шегініп, шамырқанып, кегі қайнап.

Өлтіріп Кежі інісін қанішерлер,
Олар да шеттерінен жаны сірлер,
Ат басын Қаламқастан кері бұрды,
Баскесер, қарақшылар, тағы-дүрлер.

Өш алу –Хиуаның көксегені,
Адайдың батырлар ғой бек сенері.
...Сегіз жүз әскер жиып Сүйінқара,
Қас-жауын орта жолда өкшеледі...

Ерлерге не тәйірі жол салмағы,
Ерекше ауыр Намыс, Ар салмағы.
«Жан әке, абай бол!» - деп жан ұшырды,
Қос қызы –Айсалқам мен Жансалқамы.

«Кеткенде қос өрімің жау қолында,
Басыңнан бақ-дәулетің ауғаны ма?!
Иелік ете алмасаң аумағыңа,
Не қайыр батыр болып туғаныңа?!!»

Кектене, күйіп кетті Сүйінқара,
Аруақ қонған сұсты күйін қара!
...Қасында Құлбарақ бар Қаратоқай*,
Тиді кеп қақ ортадан құйындата!..

Ұрандап айбалтамен ұрыс салды,
Аз қолмен жарты жауын қырып салды...
Үдере қашты дерсің үріккен жау,
Тарылып ту өлкеде тыныстары...

Құлбарақ – серттескен дос бақұл болды,
Сарбаздар дұшпаннан кек алып өлді.
Беріштен он жеті ер шейіт болып,
Адайдан көзсіз ерлер мерт болып,

Көз жұмды Бүркіталы*, Сатыбалды*.

Ерлікпен қаза болған қапияда-
Қос ұлдың жан жарасы жазыла ма?!
Тағдырдың тақсіреті төнгендей ме,
Сүйекең сүйеу болған жанұяға?

Ортаға түскендей боп шаңырағы,
Ит ұлып, қорада қой маңырады.
Кісінеп жылқы, түйе бошалады,
Азалап бүкіл аймақ, атырабы!..

...Сүйекең есін қайта жиып алған,
Түнеріп, қас-қабағын түйіп алған.
«Маңғыстау, о киелім, дей береді,
Мен үшін сен боларсың биік арман.

Қайғылы көңілімді күйретпеспін,
Ешкімге бұл даланы илетпеспін.
Жер басып жұрсем егер кек қайырып,
Жат жұртқа Маңғыстауды билетпеспін!»!

Ездікке мойны бостар алдырады,
Көрсе өлім, күйреп басы қаңғырады.
Ал Сүйінқара батыр, дара батыр-
Ұрпаққа ерлік дәстүр қалдырады,

Дабысы кең далада жаңғырады!

Бұл дәстүр -өз жеріңе иелігің,
Ел қорғау – ежелден де киелі ұғым.
Асылдығын сездім мен, ағайындар,
Сүйінқара батырдың сүйегінің!

Туған халқы тұғырлы сүйеді ұлын!

*Сүйінқара – ХҮІІІ-ХІХ ғ.-да Маңғыстау өңірін Ресей империясы мен Хиуа хандығының езгісіне бермеген, отарлаушылыққа көнбеген ірі қолбасшы, дипломат, сұңғыла саясаткер, азулы батыр. *Шотан – ХҮІІ-ХҮІІІ ғ.-да Әбілхайыр ханның бас сардары(Кіші жүзге) атанып, қалмақпен қырқысқан, одан кейін Қазақ мемлекетінің Адай ұлысын байырғы атабаба мекені Маңғыстауға бастап келген даңқты қолбасшы-баһадүр. *Маната,Отпан* - соғыс жағдайында ұран отын жағып, белгі беретін бірі Маңғыстаудың қараойындағы, екіншісі Үстірттегі биік шың-шоқылар. *Хауыс(қазан), ақырап(желтоқсан) – ескіше ай аттары. *Керел, Бозашы – жер атаулары. *Жеменей,Жары, Қосай, Қаратоқай-ру аттары. *Қылы - Қаламқастағы тұщы теңіз бен кезіндегі ащы теңіздің(кейін сорға айналып кеткен) ортасындағы қылдай жер. *Айсалқам, Жансалқам – Сүйінқараның қыздары. *Бүркіталы, Сатыбалды – Сүйінқараның ұлдары. *Құлбарақ – Маңғыстауды Адаймен бірге қоныстанған Қаратоқай Беріштің атақты әулие-батыры.

Сүйінғара сыбағасы
Ә.Спанға
--------------------------
Дұшпанын сүре қуған атойлатып,

Астында асау айғыр ат ойнатып,

Жүрегі түкті болып жаралған ғой,
Адуын, арда мінез Адай халық.

Алғанда жау жағадан, бөрі етектен,
Бабалар желеп,жебеп,демеп өткен.,
Адайдың аруағы үстем шығып,
Нешебір найзаласса кереметпен.

Сескеніп есіл ерлер қайратынан,
Үркіпті жат жерліктер айбатынан.
Жауларын жапыратын тулақ етіп,
Адайлар жаралған ғой жай отынан.

Бұл өлке ұлылықтан нәр алыпты,
Әкеліп өмірге сан нар, алыпты.
Көктәңір, Көкбөрінің пәрменімен-
Адайлар алтын нұрдан жаралыпты.

Жеті жұрт келіп-кеткен кие мекен,
Адайға болған жалғыз ие мекен.
Маңғыстау –үш жүз алпыс әулиелі –
Тентекті, тектілерді сүйеді екен.

Кең дала, көк теңізді енші еткен,
Еліне мәңгілікке меншік еткен.
Адайдың баласының қансызы жоқ,
Шетінен ақкөз, өжет,өршіл,өктем.

Ерлерім ту өлкені бағындырған,
Дұшпанын қарсы келген қағындырған.
Алаштың бағы үшін жаралған ғой-
Пір Бекет – ұлылыққа табындырған.

Адайға Жаппар Алла бәрін берген,
Ер бол деп еңсең түспес әмір берген.
Ту тігіп Маңғыстауға Атағозы,
Ер Шотан, Есекмерген, Тәңірберген.

Ер Қармыс,Ер Төлеп пен Ер Қонайым,
Балуанияз,Лабақ,Досан, Ер Шабайым.
Құлбарақ - Қаратоқай Есболайдан,
Қалғаны – жүрек жұтқан бәрі Адайым.

Тұрмамбет, Балуанияз, Қожагелді,
Бұлар да жаудың көрін қаза келді.
Бермеген Маңғыстауды бөтен жұртқа-
Адайға борышты ма Қазақ Елі?!

Жо-жо-жоқ, артық айту айып болар,
Ақында даналық пен байып болар.
Адайдың артық туған қасиетін –
Кез келді қазағыма жайып болар.

Алашқа аты шыққан дара дүрлер,
Адайда - арыстандай баһадүрлер.
Айылын жиып кейін аттаныпты,
Аяғы тиген мұнда жаһангерлер.

Ерлердің бәрін бірдей санамайын,
Сұрыптап, сүзгілейін, саралайын.
Еліне екі ғасыр қорған болған -
Сүйінқара бабаны даралайын.

Ол барда кеңге жайып ел қанатын,
Сәні мен жарастырған салтанатын.
Ешкімнің көнбейтұғын езгісіне,
Сүйінқара - нағыз қаранар болатын.

Жаралып тумысынан өзі текті,
Тентектеу ел-жұртына сөзі де өтті.
Алмағайып осынау дүниеде-
Текетірес майданға көзі жетті.

Хиуаға мәңгілік кегі кетті,
Қапияда інісі Кежі кетті.
Қос ұлынан айрылып қиналса да,
Қасіретке Елі үшін төзім етті.

Күйттемей күйбең менен қара басын,
Қорғады Ол маң даланың шекарасын.
Маңғыстау топырағын басқан жаттан –
Алыпты «Сүйінғара сыбағасын».

Бермесе, тартып алар тепкісімен,
Жаулары шошынды оның екпінінен.
Аумайды ол елге пана- асқар шыңнан,
Халқына қалқан болған ерлігімен.

Талатпай туған жерден тулақтайын,
Жүрген ол тым ірілеу турап дәйім.
Ақыл менен жүгініп Ар, Намысқа,
Маңғыстауы болған ғой қымбат дәйім.

Ұнасын , базбіреуге ұнамасын,
Қасиеттеп ұстаған қыр-даласын,
Сүйінқара- бабаның дәстүрімен –
Қазақтың қастерлейік сыбағасын!

Каспий трагедиясы

Дәуірлер дүппуінен аман келген,
Қарт Каспий , не құқайға шамаң келген,
Бұл күнде жер астынан жік шыққандай
Басыңа алабөтен зауал келген.

Мен бүгін ойлап едім өткеніңді,
Көрмеп ем мұндай қайғы шеккеніңді,
Жерорта, Азов , Каспий, Қара теңіз-
Тарихтың тылсымынан жеткеніңді: .

Білем мен, бәрі-бәрін білемін мен,
Сүйемін сені жаным, жүрегіммен.
Тетистей ніл-мұхиттан ажыраған,
Қарт Каспий, төрт теңіздің бірі едің сен.

Мен сені анам деймін, бабам деймін,
Сен маған елестейсің адам кейпің.
Жеті атам көк теңіздің төсінде өткен,
Күн кешіп әкем менен маған дейін.

Ағайын, айтатұғын анық шыным,
Мен деген баласымын балықшының.
Қаламқас, Қаражамбас – атамекен,
Тереңге бүгіп жатқан тарих сырын.

Астында шұбар аты асау келген,
Есболай, Итемген бай қасына ерген.
Қаумалап жан-жағынан Жарылары-
Ел бастап Маңғыстауға Шотан келген.

Мекендеп содан Керел, Жандауырды,
Жерсінткен өңшең өжет – жан бауырды.
Ел қорғап, жерін,суын, нуын қорғап,
Өткізген ата-бабам сан дәуірді.

Болса да қанша жаулық жат арнадан,
Қонысын ата-бабам сата алмаған.
Кешегі қысса-дағы кеңес заман,
Үдеріп бәрі бірге кете алмаған.

Еске алсам әрідегі Сақ заманын,
Тұлғаммен Томиристей мақтанамын.
Бөктіріп қанға басын Кир патшаның,
Дұшпаннан елі-жұртын сақтағанын.

Ешқашан от-намысын күйретпеген,,
Ешкімге ен даласын илетпеген.
Ен тағып айдынына Кас-пи деген,
Ешкімге сақтан басқа билетпеген.

Каспий бұл – қазақ деген, сақ деген ғой,
Дайларсыз мұнда дәурен өтпеген ғой.
«Маңғыстау –сонадайдан тозаңытқан»-
Қазақтың маңдайына бақ мекен ғой.

Бұл мекен , беу ағайын, ұлы мекен,
Әулие-әруақтар күңіренген.

Асау айдын асардай арнасынан,
Күркіреген күнімен, түніменен.

Сол көк айдын тап болып талайына,
Қайғы шөкті көңілдің сарайына.
Қарт Каспийге анталап қол салғаны,-
Қанжар сұғып жатқандай Адайыма!

Біреулердің қанғандай шын құмары,
Ал қарт Каспий шыдауда,шіркін әлі.
Өктемдікке төзбейтін өршіл теңіз
Бір күндері бұлқынып, жұлқынары,

Мәлім маған, ей қазақ, мәлім маған,
Басып жүрген қара жер бәрің де адам.
Бағың болған көк теңіз сорың болар,
Байлам осы ескертер ақын саған.

Керек емес маған еш шетелің де,
Олар үшін озбырлық не тегінде!
Теңізімнен айрылып қалған күні,
Бұл өмірден зарлаумен өтемін бе?!

Иеленіп кірмелер төрді бүгін,
Қарт Каспиім өгейлік көрді бүгін.
Әулиелер сілкініп ұйқысынан,
Естір Тәңір теңіздің шерлі үнін.

Теңізім толғанады, толғатады,
Ұрпағына ұлысты тіл қатады.
Өнебойын у кеулеп, өзегіне
Қара майды құйғаны тым батады.

Сұмдық осы болмаған бұрын әлі,
Сумаңдаған суық қол ұрынады.
Бауырынан өрбіген баласындай –
Балықтары мың-мыңдап қырылады.

Таусылғандай сан ғасыр-ғұмыр әні,
Жан-жүрегі үзіліп, жұлынады...
Арал сынды тәлкекке салмақ үшін
Әлдекімдер , ашкөздер құнығады.

Аралыңнан айрылған қазақ едің,
Тағдырыңда аз болмас жазаң сенің.
Әбден ашқан аранын Каспий үшін
Көлденең көк аттыға мазақ едің.

Айта алмаймын дәл бүгін алғыс саған,
Ақылына жүгінер намысты адам.
Ата-бабам кешірер мына мені,
Айтар болсам дәл бүгін қарғыс саған,

Ауызыма алайда болам ие,
Безертесің ұлыңды ,беу, дүние!
Кезертесің ернімді теңізімдей,
Мейірімге шөлдеген ұлы кие!

Мен теңіздің төлі едім, тасынатын,
Қайдан туды , апырай, басыма күн?
Қарт Каспийге қатерлі төнді қауіп,
Ей, адамзат, қалай мен жасырамын?!

Табиғатты аялап, аясақ шын,
Болмайық та құрбаны саясаттың.
Мөлдірлігін жоймаған баба Каспий-
Қазақ үшін тұғыры Болашақтың!

Ағалар, тізгінді тарт, абайлағын,
Еліміздің ертеңін көп ойлағын.
Карт Каспиім аман боп тұрса ғана,
Бере бермек мол ырыс Құдайларың.

Ал егер адамдайын арандаған,
Ашкөздікке жол берсек жалаңдаған,
Өзгелерге теңізді тарту етіп,
Тірлік кешсек бейшара, амалдаған,

Ел боламыз ертеңі, айдыны жоқ,
Айдыны жоқ елдердің айбыны жоқ,
Айдыны өлген елдердің қайғысы көп,
Қайғысы көп елдердің байғұсы көп.

Сән түземей аққулар бола ма айдын,
Шаңқылдамай шағала тола ма айдын?
Қызыл балық, ит балық, қара балық,
Құрбаны боп кетпегей қара майдың!

Беу, ағайын, жаны үйлес теңізбенен,
Мен – балықпын, теңізбен егіз денем.
Шыбын жаным шырқырап, шырылдаймын,
Айдыныма амандық жол іздеген.

Қасиет бар туған жер әр тасында,
Қасиет бар көк теңіз арнасында.
Ойып орнын алып тұр қалай ғана,
Қазақстан әлемнің картасында?!

Бұғалыққа көнбеген баба далам,
Даралықтан жаралған дана далам.
Саған бақыт тілеймін қарт Каспийден,
Саған бақыт тілеймін Жер-Анадан!

Бір-ақ тілек тілеймін Нұр-ағадан,

(Құқым болса сұрардай бірақ одан):
Қорғап өткен қанымен батыр Бабам -
Біз айрылып қалмайық мұралардан!

Жер мен ел

Қамы үшін күңіренсем халқымның,
Қапастан да келмес менің тартынғым.
Қасиетті қара жері қазақтың,
Намысыңды қорғауға мен талпындым.

Қазақ жері!
Дабысы еді даңқымның,
Елдік дәстүр, ерлік дәстүр, салтымның!
Қожайын боп көлденең көк аттылар,

Шамырқандым шар болаттай, шарқ ұрдым.

Бұл өмірдің терең бойлар парқын кім,
Қадірі жоқ қолда барда алтынның.
Кен байлығым – ел байлығым тәрк боп,
Құрсауында кетпеу керек әркімнің!

Далам үшін бабаларым қан кешті,
Жорықтар мен соғыстарды сан кешті.
Тулақтай жер бермеу үшін дұшпанға,
Шеттерінен болған батыр, жанкешті.

Қаны, жаны, ары менен намысы,
Бәрі ел үшін, пай, қазақтың арысы!
Ұлан-байтақ жазираны бөктеріп,
Кең әлемге болған жария дабысы!

Елдігің мен ерлік жолың, санатың,
Кеңдігімен өлшенеді даланың!
Ұлы дала – хас батырлық өлшемі,
Ұлы дала – кеңге жайған қанатың.

Бабаларым қорғап суық қолдардан,
Аман алып өткен қилы жолдардан.
Қытай, қырғыз, орыс, татар, қалмақ, сарт,
Түркмен, парсы, дүнген, башқұрт, жоңғардан!

Заманында болған талай жер талас,
Қауіп-қатер бірге жүріп кешті Алаш.
Замандардан заман ауған кезінде,
Сол жер үшін болған қырғын, жанталас.

Ал, қанеки, кім-кіміңнен мықты екен,
Кім сенімді ақтап өзі шықты екен?
Қазақ жері – рухындай қазақтың,

Қазақ үшін қасиетті құт мекен!

Жерді ойласам, елді ойлаймын, елімді,
Елді ойласам, буам бекем белімді.
Егемендік алғанменен, ағайын,
Көлеңке көп түсіретін көңілді.

Иеленіп жер-қазына-кенімді,
Иеленіп отырмын ба төрімді?!
Мына заман түлкі болып бұлғаңдап,
Қырғи салған бөрідей боп көрінді.

Көз алдымда далам жатыр дөңбекшіп,
Көз алдымда анам жатыр дөңбекшіп.
Сан ғасырлар нәрін беріп өсірген –
Баба-дала панам жатыр дөңбекшіп.

Кеуде керіп кете алмаймын мақтанып,
Сыртқы келбет-сұлулыққа сұқтанып.
Жер байлығы – елге ырзық болғанда,
Халқым есін жияр еді құт дарып.

Мен қорқамын, жерді жұтқан обырдан,
Ат төбелі секілді аз тобырдан.
Қазақ жері кез-келгенге сатылып,
Сезіп отыр оны қари-соқыр жан.

Кеніштерім –менікі емес , оныкі,
Кеніштерім елдікі емес, сенікі.
Кәсіпорын, фабрика, зауыттар,
Жемқорлардың жетегінде кәнігі.

Кең даланың шығып жатса тозығы,
Ол ел жұрттың бола алмайды озығы.
Қазақ жері қор болмасын өзгеге,
Қазақ жері!

Қазақ - оның қазығы!

Қазақ десе, жерім десем, сілкінем,
Ғапу еткін, қатты кетсем мүмкін Ел!
Көз алдыма келер менің Көкбөрі,
Көк сүңгімен «аттандаған» түркілер!

Көз алдыма елестетсем өткенді,
Жадымызда жаңғырады көп белгі.
Кең сахара, саумал ауа, құлагер,
Көп ойлаймын көлбең сағым, көк белді.

Заманға асық ел ырысын төкпейтін,
Заманға асық бүкіл ел боп көктейтін,
Ақын деген арда туған халық қой,
Ақын сөзін хан-патша да сөкпейтін.

Менің елім – Болашаққа көз тігер,
Есіл Ерім Елі үшін сөз тігер!
Егемендік еншісінен айрылмай,
Халқым менің , шын елдігін сездірер!

Аталардан аманат қой Ел үшін,
Басты байлық – күреселік Жер үшін!
Жеріміздің Елім татып жемісін,
Туған елдің біз тойлайық Жеңісін!

х х х
Деді бірде сырттан келген мейманым:
«Жерің бар ма Маңғыстауда ей, Ғалым!»
. ..Жеті атамның жатқан өлең-төсегі,

Қайран менің о, киелі аймағым!
Өзің жайлы тебірене ойладым.

Баба-далам, қасиетіне бас идірген,
Барша жұртты сүйіндірген, сүйдірген.
Ел қорғаудың, жер қорғаудың үлгісін -
Ұлағаттап, көңілге ой түйдірген.

Бір төлің ем өрген ана-төсіңнен,
Жыр төлің ем сәйгүлікше көсілген,
Атойлаумен Ар мен Намыс алдында,
Белді буып, шекпенімді шешінгем.

Қазақ десе күйіп кетер ұл едім,
Қазақ десе жанып кетер ұл едім,
Қазақ десе қаным қайнап , қайралып,
Қазақ десе , отқа оранып жүретін,

Жалаң төс ем жалын атқан жүрегім!

Маңғыстауым –байтақ әлем, шалқарым,
Тұяғынан тас ұшатын тарпаңым,
Сенің түспей талан менен таражға,
Тарихтарға жол тартуың –арманым.

Беу дүние , сенде кеткен ақым бар,
Бабасынан РУХ алар ақын бар.
Маңғыстаудың ұланғайыр даласын-
Меншіктеуге түгелімен хақым бар!

Мейманыма меңзегенмін осыны,
Сәл бір бәсең тартқан сынды дос үні.
Деді тағы: «Жер соныкі болды ғой,
Алшысынан түссе кімнің асығы!»

О, жасай бер, дедім сонда байтағым,
Ақының жоқ райынан қайтатын,
Жер халыққа бұйырмаса тегінде,

Үш жүз алпыс Әулиеге айтамын.

Туғаным жоқ тумысымнан қағынып,
Тұрғаным жоқ Тәңіріге шағынып,
Тұрғаным ғой ақиқатқа бағынып,
Әкімдерді әділ сотқа шақырып!

Ұлылар достығы Мұхтар Құл-Мұхаммедке --------------------------------- Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бүкілхалықтық референдумнан кейін қайта сайланған соң өткізілген той дастарханында лебіз білдіруге сөз сұрап алған белгілі азамат, республикалық «Атамұра» баспа-корпорациясының президенті Мұхтар Құл-Мұхаммед пәтуалы әңгімемен жиналған зиялы қауымның назарын аударады. Мәселенің түп төркіні – Ел ағаларының, соның ішінде Нұрсұлтан Назарбаев пен айтулы тұлға Әбіш Кекілбаевтың терең достығының арқауында.

Келіп ед бағы байланып,
Жасанды көңіл жайланып.
Халқымның асты мерейі,
Қазақтың Ханы сайланып.

Ұлан-той осы ғажап күн
Телегей-теңіз сөз ақты...
Көтеріп көкке көк Тәңір,
Қолдады дейсің қазақты!

Бұл Қазақ кімнен сор болған,
Заманында зор болған.
Оралды жаңа дәуірге,
Неше бір өтіп жолдардан.

Ғасырлар өтті тайғақты,
Батырлар өтті айбатты.
Кешегі нәубет кезеңде
Кетті ғой қалқып қаймақты.

Кетті ғой небір тарландар,
Арыстандар мен арландар,
Азаттық үшін алсып,
Ажалға қарсы барғандар,

Үзілген есіл армандар.

Осылай халқым күйрген,
Іштен бір ыза түйнеген.
Жарқырап таңым қайта атып,
Тәуелсіздікке сүйреген.

Тұра бір елді Нарларым,
Тұлпар бір тектес Тарпаңым.
Он жеті миллион халыққа

Сайланып шыққан бар Ханым!

Ерекше туған Елбасым,
Жарқылдап тұрған Алмасым.
Елінің болып қорғаны,
Ертеңге бұрды көш басын.

Кеудесі жақұт –Нұр екен,
Келісті туған Ұл екен.
Елімен бірге жасаған,
Елімен бірге түлеген,

Көреген, Көсем, Ұлы екен!

Азуын айға білеген,
Жер менен Көкті тіреген,
Патшадай даңқы болса да,
Бекет- әулиеге түнеген,

Тәубешіл пенде бірі екен.

Бұйыртқан Тәңір бағына,
Отырды келіп тағына.
Салтанат- сәннің үстінде
Айтылды тілек ағыла...

Ақталған сынды зор арман,
Ашылды сара жол алдан,
Арналды ханға асыл сөз,
Ақ киізге оранған.

Сөздің де бар ғой үстемі,
Сауық бір қызған тұс па ед,
Сұрады сөзді жас жігіт,
Толқуды басып іштегі.

-Айтып көр, қане,-деді хан,
Қозғалып жәйлап тағынан.
Жиналған небір жақсылар,
Айнала оның маңынан,

Шетінен сырбаз, дені паң.

Сөйледі сонда жас берен,
Озық бір оймен өскелең:
-Ұлылар ұлы болмай ма,
Жанында серік, доспенен!

Жүргенге жалғыз қайғы бар,
Жалғыздың таңы айрылар.
Бағы бар елдің Ханының
Жанында Жайсаң сай тұрар!

Бұл жерде бар-ау айтарым,
Бөлек бір жайды байқадым.

Туған ғой Ол да ел бағына,
Таусылмас шексіз қайнарым.

Дара бір туған данамыз,
Ағамыз біздің бар Абыз.
Өнбойы тұнған ұлылық,
Бейнебір дария, даламыз.

Айбатты ер десең, айбатты ер,
Саясаткер десең, саясаткер,
Қайраткер десең, қайраткер,
Көреген десең, көреген,

Суреткер десең, суреткер...

Қияға ол талай өрледі,
Мансапқа жетті, терледі.
Төмен бір түссе қызметтен,
Ұсаққа көңіл бөлмеді.

Тоң-торыстықты сүймеді,
Сабырмен өзін биледі.
Тонын да ашу үстінде
Айналтып теріс кимеді.

Жоймады Сізбен достығын,
Қазаққа достық – басты ұғым.
Жарасып екі Ұлы Адам,
Көрсете берсе бастығын.

Сол болар соқпақ үлгілі,
Халықтың бастау-бірлігі.
Жақсылар жүрсе жарасып,
Жұртына түгел қарасып,

Жаман да болмас тірлігі.

Жанарда, Аға, тұр ағын,
Келгендей болды-ау жылағым.
Арманшыл қазақ халқының
Артуы үшін даңқының,

Қосарлап шабың, Пырағым!

Достықтарың үндессін,
Иықтасып күн кешкін.
Алынып асқар асулар,
Көшке ұлы халқым ілессін.

Татулық болсын елімде,
Бейбіт күн болсын жерімде.
Қос Қыраным, қалықта,
Елді бастап көгімде!..

Жігіт сөзі еркін-ді,

Берді білем серпінді,
Ел билеген ағалар
Ұғынысып желпінді!..

Тереңдерге бойлаған,
Есті жігіт сайраған,
Ерек туған жан еді,
Ол да Ел қамын ойлаған.

24.06.1998 .

Түсімдегі тұлпарлар...
Түс көрдім...
Таңға салым...
алабөтен,

Жазира,кең бір жазық алап екен.
О,ғажап,сізге өтірік,өзіме шын,
Күй кешіп құдіретті барады екем.
Керемет сөз жетпестей сезімдемін,

Қауышып тұрғандаймын даламенен.

Көрінген сонадайдан қыр басынан
Күш алдым Шотан,Досан тұлғасынан.
Абылдың асқақ жыры тербегендей
Қауымның табылыппын дәл қасынан.

Үшеуі асқақтайды сонадайдан,
Жүргені-ау кетпей әлі олар ойдан.
Адайдың атышулы арыстары
Жүр екен не дәметіп балақайдан.

О,менің бабаларым сүйенетін,
Түсіме күмбез тамдар жиі енетін.
Сый етіп жіберіпті қазанатын –
Қолдаушы қайда жүрсем киелерім.

Тұлпардың тоқтасам ба сипатына,
Тең келер жануар жоқ тұйнағына.
Асауым асыл текті ойнақтайды,
Жалт етіп көзін қадап жан-жағына.

Тұрқына көзің салсаң таңқалардай,
Тамсантып есіңді алып арбағандай.
Аттаса алты айшылық жолды алып,
Қияға қыран құсап самғағандай.

Батырлар жырларында айтылатын
Адуын осы болар айғыр атың!
Есік пен төрдей келген кең кеудесі,
Жүрегі шамалының шайлығатын.

Көздері жалын болып жанатындай,

Түндегі жұлдыз болып ағатындай,
Керімсал кең даланың самалындай,
Баяғы батырлардың қанатындай.

Тұлпардың тұр екенмін тұсында мен,
Толғанған,алабұртқан пішінменен.
Жуастау тағы бірі бар секілді,
Аумаған жаратылыс,түсіменен.

Аумаған қазанаттан жөні бардай,
Оның да үстінде көп меңі бардай.
Алғашқы арғымақ ат атасы ма,
Екеуі бірін-бірі танығандай.

Артына қазанатым қарайлардай,
Па,шіркін,сергек мінез рай қандай!
Соңынан ерер серік жуас болмай,
Болғанын өр құлықты қалай ма Алла-ай!?

Бұл тұлпар тіл тиердей болмысынан,
Дүлдүл боп жаратылған тумысынан.
Айналдым қазанаттың алымдысы,
Айналдым арғымақтың жалдысынан.

О,пәлі,тіфә,тіфә,сақта құдай,
Қалайша жатам тыныш ақтарылмай.
Кеудеде оянады өжет рух,
Даланы дүбірлеткен сақтарымдай.

Біз деген ұрпағы едік батыр Дайдың,
Кезінде кең әлемге атым жайдым.
Астыма арғымақ ат мінгенімде,
Талайды тайсалдырып,тақымдаймын.

Түсімде сол киелі ат тұрды жақын,
Жүр дей ме биігінде бір қияның.
Жүйрік боп жетіп еді жампозыңа
Ұйытар ұранындай ұл ұяның.

Әлде бір мен қияли адам ба екем,
Білмеймін жақсы ма екем,жаман ба екем?
Түндердің ортасында оянамын
Тілдесе күңіреніп бабамменен.

Түсімде дүркін-дүркін аян берген
Қазанат тұлпар,бәлкім,анам ба екен?
Сол күні төл баласы оза шауып,
Жанына желеу берген,демеу берген.

Кім білсін,менің шалқар бай мекенім,
Самғатсын деді ме екен ой-дөненін.
Сезініп пырағымдай пәнидегі

Жұртыма жүрегімді сөйлетемін.

Ешкімнен артық-тасып кеткен емен,
Мен де бір ел қатарлы пенделерің.
Дауылды тұлпар-ғұмыр кешсем деген
Жатыр ғой іштей бұғып кеудедегі үн...

Алаштың арыстары
Текті қаннан жаралған тарпаң елім,
Тумысыңда адуын, арлан едің.
Тарихтың сан ғасырлық тарамында

Талмап едің, қияға самғап едің.

Демеймін кезің аз ба құлдыраған,
Талай мейлі кешсе де мұңды далам.
Сен бүгінге жетіпсің ғұрпың аман,
Сен бүгінге жетіпсің құлқың аман.

Халқым менің, түспеген еңселері,
Ер мінезді ерлер ғой ел сенері.
Көл-көсір боп көсілген байтақ жерім,
Бабамның қаныменен өлшенеді.

Бойларына дарытып асқан жігер,
Бағындырған даланы көшпенділер.
Тұтам жердің қадірін
Сол жер үшін

Қырғын шайқас дұшпанмен кешкен білер.

Сол жер үшін сертінде тұрысатын,
Алысқанмен алысып, жұлысатын.
Қайран біздің баһадүр бабалар-ай,
Даңқты еткен ұлты мен ұлыс атын.

Сендерді ойлап, өткенге үңілемін,
Дәстүрім бар жүгінер ұлы менің.
Батырлардың бағасын бағамдаймын,
Есі кеткен ездерден түңілемін.

Мен де «өлеңді жазбаймын ермек үшін»,
Ақиқаттың ашқылтым кермегі шын.
Рухына бас иіп жыр жазамын,
Басын тіккен өлімге ерлер үшін.

Заманының азулы арыстаны,
Ғапыл кеткен Алаштың арыстары!
Тәуелсіз Тұран үшін жанын қиған,
Алдаспандай жарқылдап намыстары!

Қазағын салсам деумен сара жолға,
Тіксем деп туын биік Алашорда!
Қияларға самғаған қырандар-ай,

Текті тұрпат тарпаңға жарасар да.

От жүрегін «елім!» деп алға ұсынып,
Мұстафа, Әлихан, Ахмет Байтұрсынов,
Міржақып, Мағжан, Жүсіпбек, Сұлтанбектер
Арқалады абырой арлы іс қылып!

Сәкен, Ілияс, Бейімбет, Әуезовім,
Туған елге дарытқан жан азығын.
Зұлмат заман шарпылып жаласына,
Жапа шекті қара нар –бар асылым.

Маңғыстау да назардан қалыс қалмай,
Айрылдым неше саңлақ арыстардан.
ҚазЦИК-те төраға Жалау Мыңбай,
«Ақкөз Адай» атанған нағыз тарлан.

Тобанияз хан болған тұғырлым-ды,
Төлесін тұлпар тектес тұkымдым-ды.
Оразмағанбет,
Нұрсұлтан, Зұлқаш, Байбоз, Қойсары, Ержан –

Шейіт етті шетінен ғұмырлымды.

Ащы жас –көзімізде кермек қалды,
От-намыс бойымызды кернеп алды.
Алаштың артық туған асылдары –ай,
Артыңда өнегелі өрнек қалды.

Сол ерлікті жазсам деп дастан етіп,
Мен бүгін көк теңіздей тасқан едім.
Ұлтын сүйген ұл-қызды ұлықтай біл,
Көкбөріден күш алған асқақ елім!

От-намыс алауы
немесе
қаһарман қазақ жастары Маңғыстаулық ауылдас інім, жалынды ер
Аманжол Қортабаевпен сырласа отырып, барша желтоқсаншы

батыр бауырларыма арнадым.
Автор.
-----------------------------

Бодандықтан ноқта үзуді көксеген –
Бұғып іште жатушы еді шер-шемен.
Бір мезетте оянды да от-намыс,
Дейді жүрек, дүрсіл қағып «Өршелен!»

Бұл қазақты кім дейді өзге халайық,
Өзді-өзіңе билетпесе, ол – айып.
Жайлы орын неге бермек Колбинге,
Жиырма бес жыл атқа мінген Қонаев?!

Жиырма бес жыл тақта отырды Дін-ағаң,
Елі, жері өсіп-өнді дін-аман.
Көлденең көк атты келсе ал енді,
Қазақ туы болар әбден құлаған...

Отты намыс өнбойларын өртеген –
Жас түлектер шықты алаңға ертемен...
Бодандықтың бопсасына көбеске
Белді буып, арды қуып ерлеген.

Атойлайды көкіректен ыстық қан,
Асау мінез жарасып тұр жастыққа!
Орталықтың озбырлығын осындай
Қалай ғана баламасссың қастыққа?!

Баба дала күңіреніп кеткендей,
Қайсар қала ерлік жырын шерткендей.
Көше бойы теңселеді нөпірден-
Жымдасқанда алынбайтын шептердей.

Әулекінің өзгертпекке шешімін
Тербетті олар жаңартулар бесігін.
Қасаң қоғам жүрегіне қанжар сап,
Қаққан еді тәуелсіздік есігін,

Ел болуға ұмтылудың несі мін?!

Өктемдіктің қылпыл қағып қылышы,
Қазағымның өшірмекке тынысын,
Қазағымның өшірмекке өр үнін,
Тырысты әбден тәркілеуге ырысын.

Теңдік болмай, болмайды екен дос керім,
Төкті дейсің қас жауындай әскерін.
Қатыгездік құралына жүгініп,
Сезбейтіндей Ел Рухы өскенін.

Рух барда жеңілмейді өр халық,
Біле білсе, қазақ деген нар халық.
Жарық жұлдыз сеіклденген жастары-
Бабабалрдан қалған Намыс, Арға нық.

Бейбіт шеру ойламаған байыбын,
Әскерден де жияр емес айылын.
Ел намысы жолында олар айқасты,
Ертеңгі ұрпақ көреді деп қайырын.

Фашистердің ұсықыны бар келбетпен –
Қанды жауыз мұздай суды селдеткен.
Қалқан ұстап, сілтегенде сойылын,
Аумай-ақ тұр ата жауың – жендеттен.

Тағдырының аз көрмеген азабын,

Осы күндер ерек шықты қазағым!
Қақыратып ескі жүйе пердесін,
Күлге ұшырды қаскөйлердің мазағын!

Азап көрген, қуғын көрген жан қанша,
Қайрат сынды өтті өрендер арманда.
Алдаспандай жарқылдаған жастарым
Алысты ғой қасық қаны қалғанша.

Мың тоғыз жүз сексен алты...
үрейлі,
Жеңді қазақ аждаһадай дүлейді.
Бар әлемді дауылы оның шарпыған-

Соққан сайын май құйғандай үдейді.

Шынардайын шырқау өскен шыңдағы,
Жастарымның бөлек екен тұрпаты.
Құтқарған да құрсауынан құлдықтың-
Қазағымның қыздары мен ұлдары!

Осы жолда текті ұланым тер төкті,,
Осы жолда кекті ұланым қан төкті.
Бар әлемді көктей өтіп дабысы,
Тітіретті жаңғырығы жер-көкті.

Өлекседей іріп-шіріп денесі,
КСРО...-сөгілгендей көбесі.
Он бес елге егемендік әкеліп,
Жүзеді еркін бостандықтың кемесі.

Бостан ғұмыр бой балқытып, баурайды,
Қазақ Елі қаһарманнан аумайды!
Сексен алты!..
От-намыстың алауы-

Мәңгі сөнбес маздақ болып лаулайды!

Сол жастарды қай батырдан кем көрем,
Бәрін-бәрін жолбарысқа теңгерем .
Ердің бірі – маңғыстаулық Аманжол,
Қияларға қыран-құлаш сермеген.

Желтоқсанда түрдің сен де білекті,
Қырда туған жігіт едің жүректі.
Мәңгі маздақ ұшқынына айналып,
Серпігенсің жай отындай түнекті.

Тарихтарға кетер ме екен есімің,
(Сенен, бәлкім, сұрар Дәуір кешірім).
Сексен алты,
Желтоқсанда, бауырым,

Қақтың сен де Тәуелсіздік есігін,
Тербетсем деп туған елдің бесігін!..

ПЕШЕНЕ

немесе маңдайдағы жазулар...
О, Құдайым,
құлдық ұрған құлыңмын,
Үмбетіңмін,

міндетім мың ұлыңмын.
Шапағатың, шуағыңа жылындым,
Мың-сан ғалам жұмбағыңа үңілдім,
Сырларым мен жырларыма жүгіндім.

Өмірім боп
Өзің жазған тағдырың,
Өріледі өрнектермен әр күнім.
Өзегімнен от шығады өртеніп,

Өлең-селдің төккенімде жаңбырын,
О, Тәңірім, ол да өзіңнің жарлығың!

Тербелгендей тәтті әуенмен әз-әлем,
Жаратлыс жан толқуын сезер ем.
Адамдарды анасындай әлдилеп,
Дейді жүрек: ағыл-тегіл жаз өлең...

Дейді жүрек: тасқыныңды еселе,
Толғамасаң, Тәңір оны кеше ме?
Жыр жазуға, нұр шашуға жаралдың,
Маңдайыңа жазылған сол пешене.,

Дейді жүрек: тасқыныңды еселе!

Иә, иә, шексіз менің алғысым,
(Ақ көңілді, ақын жүрек, алға ұсын).
Адамдарға ақ өлеңді арнаумен,
Әз-ғұмырдың самғата бер ақ құсын.

Жырларыңнан жарық-ғалам нәр алсын,
Жырларыңнан жалын-алау таралсын.
Жырларыңмен шарпып өтіп дүниені,
Дейді жүрек: өмір шамын жағарсың.

Сол – пешенең,
сол – маңдайда жазуың,
Сен- ақынсың,
мықты темір қазығың.

Өлең сенің - өміріңнің өлшемі,
Өлең сенің - өшпейтұғын азығың!

Ақын болсаң, Көк-Тәңірден елшісің,
Ақын болсаң, адамзатқа емшісің.
Оқи білсең маңдайдағы жазуды,
Ұқтырғаның ұлылықтың белгісін.

Мен ойландым, көп ойландым, толғандым,

Бір күйзеліп, бір қуанып, жайландым.
Әр адамның маңдайының жазмышы,
Тылсымына қалай оның бойлармын?

Бар ғаламға болсам да мен тілеулес,
Бұл өмірден кетер ерте, біреу кеш.
Бір қарасаң, адам жаңқа секілді,
Бүгін барсың, ертең жоқсың, түк емес.

Жарым дедім, ең жақыным сол ма екен,
Жұмбақ шешсем, о қылығым оң ба екен?
-Жоқ!-деді де,-Алла деді бір ғана,
Өз сөзіне тұратұғын ол бекем.

-Жаным,-дедім мен Тәңірге тіл қатам,
(дей алмаймын дегенімді тыңдатам),
Ізгілік пен мейірімнен жаралған –
Сен секілді шалқығанда қымбат ән:

Жаратқаным жазу жазар саған сан,
(Жаратқанның бір жұмбағын таба алсам),
Жақсылықтың кетті дерсің жолында
Жарты жолда ал мен ғайыптан жоғалсам.

Ұлы өмірді сен барасың алға алып,
Балаларға болашақты жалғатып.
Тағдыр жазып жүзге келген кезіңде,
Бұзылмағай жаз дидарың бал қалып.

Пешенеңе жазылғанды екшедім,
Өшпейтұғын ғұмыр жолын көкседім.
Жаның сенің Күн нұрынан жаралған –
Жасарыңа ұз-а-а-қ мендік бек сенім!

Ц У Н А М И

немесе А д а м з а т қ а е с к ер т у

Қара жерде болар болса бір қайғы,
Ақын жаны алағызбай тұрмайды.
Қасірет көп,қатері көп дүниеде-
Ақын қалай бақыт жайлы жырлайды?!

Құлағың түр,беу,Адамзат ,даусыма,
Қатты айтсам,түйреп айтсам апшыма.
Иман іздеп,жан-әлемге ем іздеп,
Ұқсаймын ба сарнап кеткен бақсыға.

Құлағың түр,беу,Адамзат,үніме,
Қарамайды деме неге түріне?
Жер-жаһанның біле білсек ертеңі-
Тапсырылған эстафета тіріге.

Бәріміздің Адам-Ата тегіміз,
Адам-заттың,Хауа-ананың еліміз.
Қауашаққа ақыл құйған Тәңірім,
Ой-саналы Адам болу теңіміз.

Жаратылыс-он сегіз мың ғаламда,
Жанды тірлік жете алмайды Адамға.
Нағыз Адам саналы да,сәулелі,
Парасат пен парық деген бар онда.

Кейде тасып,асып алыс кетеміз,
Өзгелерге қоқан-лоққы етеміз.
Хақ-Тәңірдің қолын ұстап тұрғандай,
Оқшауланып үстемсиміз неге біз?!

Құлағың түр,АҚШ,Ресей,Қытайым,
Естілікпен бағың жанып,құтайың.
Өркениет көшін алға апармақ,
Тани білген Көк Тәңірі-Құдайын!

Біле білсек,мына бізге жер ортақ,
Біле білсек,мына бізге көк ортақ.
Оны қанша алсақ та біз бөлшектеп,
Ұлы өмірден табылар-ау көп ортақ.

Табиғаттың тін-жүрегін жаралап,
Тауды бұзып,тасты жардық таласа.
Теңіздердің тереңіне бұрғы сап,
Ормандарды кескіледік аралап.

Жер қойнауын тілгіледік,иледік,
Мұхиттарды,мұзарттарды биледік.
Жетіқат жер астын тегіс қазбалап,
Адамзатты Адамша біз сүймедік.

Өрлегендей өркениет көшіне,
Қала салдық,қару жидық көсіле.
12 қыркүйекте,АҚШ-та
Уақыт сабақ салды сенің есіңе!

Бүтін әлем дағдарысқа кезігіп,
Күштілердің күшейгендей сезігі...
Әлсіздердің азайғандай төзімі,
Ырық бермей кекке толы сезімі!..

Кей-кімдегі ой –адамзатты билемек,
Түптің түбі құрдым кетіп күйремек.
Бүкіл Әлем бара жатса адасып,
Дей алам ба : «Қазағыма тиме тек».

Адамзаттың болса да алтын ғасыры,

Адамзаттың болса да сан асылы,
Адамзаттың аз ба небір тасыры,
Ей,Адамзат,есіңді жи,асылы!..

Жан-жағымда соғыс өрті тұтанып,
Іштей өзім күй кешемін құсалық.
Державалар алысқа көз сүзеді,
Теріс пиғыл тізгініне тұсалып.

Ізгілікке тұрар едім іш тартып,
Өркен жайса,махаббат пен құштарлық.
Бір-біріне көз алартқан бұл әлем-
Тұнып тұрған ішмерездік,іштарлық.

Бұл өмірден табылмастай дос керім,
Менің осы дүниеден сезгенім.
Бәрінің де ойлайтыны бүгінде:
«Байлық қайда,кілті қайда өзгенің?»

Әркім аулақ тігіп алып ордасын,
Қымтайтындай шарғасынша қалқасын.
Жер-жаһандық төніп тұрған қатерлер,
Адамзаттың болашағы –арға сын.

Ақын болсақ.мына бізге тіл шығар,
Бір күндері бұл замана қырсығар.
«Талай-талай жер астынан жік шығар,
Жік шыққанда қос құлағы тік шығар».

Бәрі жақсы дей алмаймын,дей алман,
Бұл сөзімді құп көрер-ді бір Аллам.
Заманақыр болар кезде демей ме,
Адамзатың шығар ессіз құмардан.

Құмарлығы –біреулердің нәпсісі,
Құмарлығы-азайғаны арлы ісі.
Құмарлығы-өктемдік пен озбырлық,
Қорқытпастай Құдайдың да қарғысы!

Тоқтам айтар таусылғандай ақылман,
Үркердеймін мен осынау ғасырдан!
Адамзатқа абай бол деп айтуға,
Алла өкілі –кім бар басқа Ақыннан!

Абай болшы,абай болшы,Адамзат,
Ақымақтық - бұл өмірде саған жат.
Жарты әлемді сабасына түсірген,
Цунамилер,сілкіністер жаман зат!

Мен қорқамын,шақырамын сабырға,
Беу,Адамзат, суғарыл сен ақылға.
Ақырзаман ауылынан алшақтап,

Бақытзаман ауылына жақында!
Түйін түйіп Ұлы Өмір хақында!!!

Қыранмен сұхбат
Баллада
Көк жүзінде ұшып жүр:
шағала да,

қарға да,
Шағала еркін қалқиды,
қарға болса зорлана...
«Ей, шағала, аспанмен табасың сен жарасым,

Ал сен, қарға, қалбағай, биіктікті қорлама!»

«Құс патшасы, қыраным, қайда жүрсің сен өзің,
Ақ, қараны айырар қайда дүлей мінезің?
Шағаладай шандоздар шалқи берсін көгінде,
Қарғадайын қарабет

қандай оны білесің!.»

Бұл ойыма өр қыран маңғаз басын шайқады,
«Болмас жайды айтасыз, оң да болса қайдағы,
Шығып алған төбеңе таусылар ма қарға бұл,
Құртсаң бірін, қарқылдап, мазаны алар қалғаны...!

«О, қыраным, дей бердім, мен де ішімнен түңіле,
Жетер қарға бір күні өзіңнің де түбіңе.
Жанарыңның жарқылын сен оларға қадап көр,
Қарға біткен қашқақтап, тығылар ма ініне...

Қара қарға ақыры ақ қардан да қара үзер,
Қарғаңызға қол емес, біле білсек қара жер».
«Жоқ,-деп қыран бас шайқар, қара жерге –анаға
Қарға болсын, амал не, іштен шыққан бала»,-дер.

Жауап таппай бұл сөзге іштен тынып, тиылдым,
Жауар бұлттай түнеріп, нөсер болып құйылдым.
Қалбалақтап күн кешкен қара қарға шіркінге
Қыран ұшқан көк жүзі, қалай ғана бұйырдың?!

Жер бетінен дей бердім, қашан өшпек қаралық,
Көкке қалай самғайды, көрде аяғы қарға нық?
Қаламыма жармастым әділетсіз дүниеде,
Қарға самғап жүргенге жаным күйіп, арланып.

Жұлдыз жанар ғұмырда ерік беріп қарғаға,
Топас ойға тұтқын боп, тірлік кешіп алдана,
Көкке ұшқан кей қыран өз жандарын қорғаумен
Кейде одан да жерінген, қарға-өмірден арлана...

Қайтпек енді?
Қарғаға
болғанынша қол бала,

Кешкенінше пәс ғұмыр тәтті арманы қор бола,
Түңілген ғой, жарықтық, тұл секілді пәниден,
Болғанымен тілекші өр ұлына сорлы ана,

Алтын таңның шапағы қара бұлттан қайысып,
Қаралық пен ақ әлем бір-бірімен сайысып,
Қанша ғасыр жасаған текетірес дүние
Шайқалған ғой алапат долы желмен майысып.

Долы желмен майысып, кәрі емендей қажыған,
Өмірінің өтпелі қысы менен жазынан...
Сезем Бүгін, Әділет, сенің өршіл Рухыңды,
Дәуірімнің дауылпаз ерлік үнді сазынан.

Осы сазбен өзім де мәңгі өмірді тербеймін,
Қасиетсіз қарғаның тұл тірлігін тергеймін.
Менде сенің даусың бар, естір болсаң, замана,
Құдіретің бар сенің тұла бойды кернейтін.

Мен өзіме сенемін,
сендім және Бүгінге,
Жарқын заман – жыл құсым – қыран болған күнінде,
Жұлдызың боп жарқырап, Айың болып туармын,

Қарғаларды құртармын жер бетінен түбінде!

Поэзия көгінің пайғамбары
Қай заманда болмасын, қай дәуірде
Адам-пенде жете алмас мәңгі өмірге.
Сол Уақыттың Дауысы, Үні болып,

Ақын өлмес самғаған жыр көгінде.

Қазақтың да даңғайыр даласынан
Жарып шығып халқының арасынан,
Шайыр өткен нешебір пырағыдай –
Шаң жұқпаған шапқанда шашасына.

Өміршеңі өнердің өлең болар,
Дара туар дарынды ғұламалар.
Жүрегімен толғаған заман жырын
Ақындардан шын асыл мұра қалар.

Ақын асқақ шыңда өскен шынар болса,
Қия-көкте шырқаған қыран болса,
Шабытыңның қозады делебесі,
Жанын оның халайық ұғар болса.

Күңіреніп «елім!» деп күркіреумен,
Өлең болып, жыр болып сіркіреумен,
Ғұмыр кешті ұлы ақын заманында
Қараңғы елі, жұртына нұр тілеумен.

Ғұмыр кешті өн бойы аза болып,

Бірде тірі, бірде өлі –қаза болып,
Қазағының көргенде сорлы күйін,
Ақын қайдан күн кешсін маза болып?

Өртенеді, лапылдап, жанады да,
Жармасады дауа іздеп қаламына,
Өртеп шыққан өзегін өлеңімен
Сөз арнайды қазақтың наданына.

Ақынды ұқпас кер кеткен өшер елде,
Тіпті тастың лақтырар кесегін де,
Өзін де оның, сөзін де лағнаттап,
Сыйлай білмес ұлысын, көсемін де.

Білген оны Абайым заманында,
Өмір сүріп түнектің қоғамында.
Ол кездері қазағым қараңғы еді,
Ол кездері оранды дала мұңға.

Сілкімекке сол мұңның перделерін,
Ақын жырмен ағытты елге шерін.
Біреу ұқты, біреулер ұқпады оны,
Жақұт-жырдың қазына-көмбелерін.

Дүлдүл болып жаралған болмысынан,
Дәуірінің үрікпей Ол мысынан,
Дара шапты қарсы боп қаралыққа,
Дәру алып жақсының алғысынан.

Қай кезде де жұғар ма аққа қара,
Арғымақтар орғытып шапса дара,
Абай қалды мәңгілік Абай болып,
Даңқы оның жаңғырып паң далада.

Ақыны бар Абайдай – ұлы халық,
Көтереді замана жүгін алып.
Ел тағдыры тұрады көкейінде,
Толғатқанда жүрегін жыры жарып.

Сол жолдарды оқыған зердесімен,
Даналықты таниды әр сөзінен.
Сезіледі күмбір күй құйылғандай
Домбыраның қос ішек пернесінен.

Абай десе, кеудең -ән, кеудең-өлең,
Жыр нөсері секілді термелеген.
Кең далада көсілтіп шырқап салсаң,
Абай әні – жаныңды тербер әлем.

Сол әлемнен бойыңа күш аларсың,
Самғау биік шыңдарға ұша аларсың.
Әруағынан ақынның қанат бітіп,

Адамзатты бауырша құша аларсың.

Абай – Ақын, Әулие – Абай бабам,
Алтын таңды аңсады Ол арайлаған,
Менің Қазақ еліме, Отаныма,
Нұр шұғыла шуағы тарайды одан.

Ол өлсе де ғасырдың бастауында,
Мәңгі тұрмақ Күнім боп аспанымда.
Поэзия көгінің пайғамбары –
Асқағым да Ол менің, асқарым да!

Есімі оның таралып жер-жаһанға,
Алыстарды атағы шарлағанда,
Абайы бар халықтың мерейі өсіп,
Танытты ақын қазағын бар ғаламға!

Адай атам
нағашыларым - Қаратоқай Беріш
пен Қосай ауылы және Мұңал- Жары-Бектемісім хақында
Толғау

х х х
Мен айтайын бабамнан,
Жанби мен Татан анамнан,
Қандырайын хабардан,

Адам ата о баста
Топырақтан жаралған.
Оны артық жаратқан
Он сегіз мың ғаламнан.

Туыппыз Әнес бабадан,
Атамыз сол тараған
Ғазірет Ғайса пайғамбар,
Атасыз туған анадан.

Дүйім Баян кеткесін,
Алты жыл анық өткесін,
Шыңғыс туып Арқардан,
Күндей балқып тарқаған.

Одан туып барша хан,
Халқына әділ қараған.
Бұрынғы өткен жақсыдан,
Бұл шежіре, жәдігер,

Қағида болып қалыпты-ай.
Он төрт қабат аспан,жер,
Жаратылған нұрдан деп,
Атамыз Сафи Салолла,

Ғазіреті пейіш пайғамбар,
Бір шөлмектің ішінен,
Рахым еткен күшінен,
Бір тамшы тамған судан деп.

Ғазіреті Ғайсаны
Мәрия ерсіз туған деп,
Тілегі қабыл пендеге,

Ғайыптан дәулет болған деп, Жарқыраған сәулеге Сарай іші толған деп. Су бетінен «қаймақ» жеп, Балапан тапқан қаз бен қу, Құлақ салсаң сөзіме, Зейін қойсаң өзіме, Топырақ пен күлге аунап, Жұмыртқа тапқан тауық бар... Аржағы тектіден тараған, Аузына халық қараған, Білгенге Адай асылдың Нәсілі нұрдан жаралған. Осы бір сөздер көңілімде, Бұрынғы өткен үлкеннен Қағида болып қаланған... Қашаған Күржіманұлы. («Адай тегі туралы» толғаудан үзінді) «...Адаевский род искони отличался особою дикостью нрава и своеволием и поэтому с ним всегда начальники старались поступать осторожно и делали уступки, чтобы не раздражать их без особенной надобности... Адаевцы – это был такой народ, который не признавал над собой никакой власти. Живя особняком от прочих киргизских(казахских) родов и не соединяясь с ними узнами родства, эти воинственные сыни степи, любившие пожить на чужой счет и поживится чужим добром, не только грабили русских, но нападали и на киргиз, и на хивинцев, и на туркмен , и на текинцев... Лошади адаевской орды считаются самыми лучшими из породы киргизской. Они высоки, стройны, легки и выносливы»...»

Олег Иванович Середа
1891 г., газета «Русская мысль».
(Гауһар Еділхан, заңгер,
Алқажан Еділхан, өлкетанушы).

Дәл бүгін сырды қозғап Геродоттан,
Жайым бар тым әріден орағытқан.
Дайлар мекен тауыпты өзалдан-ақ
Арал-Каспий – тел теңіз аралықтан.

Дайларды ад, ада, ата дескен,
Дайларың иен далада талай көшкен.
Руникалық таңбалар Алтайдағы-
Нағыз Адай таңбасын салады еске!

Бұл Дайдың Құдаймен де жаны жақын,
Ежелгі аңыздарға бағын ақын,
Адайлар алтын нұрдан жаралыпты,
Деген сөз шындық болып табылатын.

Тәңірім нұрдан да адам жарата алған,
Тектісін Күн нұрынан тарата алған.
Әнес Сарай айтқандай Атаұлдары-

Өзгелер арасында дара тұрған.

Бұл адам егіз дейді жер-көкпенен,
Жер-Ана, Көк зеңгірің Еркек деген.
Адайдың жаратылыс жұмбақтарын-
Қашаған қиыстырып өрнектеген.

Ешқашан ел бола алмас текті рухсыз,
Талайды тәубасына келтіріппіз.
Көкбөрісін ту етіп көкке ұлыған,
КөкТәңірге сиынған Көктүрікпіз!

Ниеттің оңтай болып құбыласы,
Құдайдың Адайға ыстық ықыласы.
Арда Адай жерде Құдай өкілі ме,
Аты ұқсас, сөзіміздің бұл расы.

Арғы Адай, арғы Дайдан сөз өргенде,
Ақиқат алшақтамас, сезем мен де.
Бергі Адай арғы Дайдың бір сілемі,
Жауап көп тілін заржақ безенгенге.

Кезі жоқ бұл Адайдың тексіз болған,
Кезі жоқ әлдекімнен кемшін болған.
Тектілігін жоймайтын тұлпар мінез,
Өзгеге үстемдігі шексіз болған.

Әрине, әр заманның салмағы бар,
Бір кезде басынан бақ тайғаны бар.
Қыдырқожа кенжесі - Қанбибіні
Байқожаұлы Елтайдың алғаны бар.

Қыдырқожа - інісі Байқожаның,
Берекеге толтырған тайқазанын.
Байқожа көшпей қалып оңтүстіктен,
Жаулық пен көрген небір қайғы азабын.

Өткенді бұл күндері салмақтар кім,
Қолынан өліпті Ол қалмақтардың.
Артында Ата, Қалпақ, Естай, Елтай-
Жыр етер көне тарих қалғандарын.

Ата өліп, одан есен Темір қалды,
Қалпақ пен Естайды да жау ұрған-ды.
Босанып артта қалған арулары,
Дүниеге Беріш пенен Таз туады.

Ер Елтай ертіп іні, жеңгелерін,
Туыстың шығар іздеп өңгелерін.
Құдайдың қарасқаны демеспіз бе,
Іздеген сұрағанға тап келерін.

Батырдың тұлғасы еді баласы Елтай,
Жақсыдан қалған тұяқ бір асылдай.
Ел кезіп, туыстарын табады іздеп,
Мәңгілік жоғалмайтын мұрасындай.

Ол кезде сойқан соғыс әр күн толы,
Бұралаңсыз болмақ, сірә,кімнің жолы?
Алыстан ат арытып жеткенінде,
Қыдырқожа кемпірі таниды оны.

Жеңгесі Жанбибідей бітімді еді,
Әулеттің бәйбішесі тым іргелі.
Қыдырқожа аулына шапқан жауды
Қырып салған Елтайды ол құтым деді.

Келгенде кешкіғұрым отағасы,
Көңілден ақтарылды ой-арнасы:
«Қанбибіні қосалық Елтайжанға,
Бір емшекті емген жоқ ең бастысы.

Елтайды Ұлы жүз деп ұлықталық,
Отырған барша жауды қырып салып.
Көрші-көлем, ел-жұртқа осылай деп,
Ал бірақ арғы тегін ұмытпалық.

Бұл Елтай –бауырластан өз баламыз,
Сапары суыт екен толған аңыз.
Бір емшекті ембесе, шариғатта
Некелесу ол-дағы болған бір іс...»

Осылай Қанбибі-Алтай некелесті,
Тындырды Жанбибі-ана кемел істі.
Амал не, айлар өтіп, бір жорықта,
Ер Алтай қапияда оққа ұшты.

Бұл хабар Қанбибіні шошындырды,
(Сол күні ұйқысынан шошып тұрды).
Шаранасын толғатып шала туып,
Шаңырақты бір бейнет тосып тұрды.

Қыз да өлді, ел қорғаған күйеу де өлді,
Тасыған дәл бұрынғы күй өзгерді.
Сол жерде Қыдырқожа сырын ашып,
Ағайын, ел-жұртынан сүйеу көрді.

Қалың ел оның сөзін мақұлдады:
-Болмайды Елтайжаннан жақын-дағы.
Шырылдаған бұл перзент Адай болсын,
Арғы Ад, Дай Баба атындағы.

Осылай Адай есін жия келді,

Киелі шаңырақты, ұя көрді.
Онбір ұсақ Байұлы(Қыдырқожа),
Онекінші оғылан Адай болды.

Арысы Алшын бабам: Әлімқожа,
Дүреген Байқожа мен Қыдырқожа.
Есентемір, Беріш, Таз, Адайды айттық-
Байқожаұлы, бала еткен Қыдырқожа.

Өзінен Қыдырқожа: үшеу сиық,
Сұлтансиық, Бақтысиық, Қыдырсиық.
Олардан: Алаша, Байбақты,Қызылқұрт, Масқар,
Тана мен Жаппас және Шеркеш, Ысық.

Барлығын қоссақ болар он екі ата,
Байұлы – бір қауым ел алған бата.
«Жауға қой найза беріп Кіші Жүзді»,
Қолдасын баршамызды Алшын баба!

Алшынның арын қуған Адай елмін,
Тепкісін тар заманның талай көрдім.
Тартқан сайын теперіш, тайқымастан
Тұлпардай асау текті жарай бердім.

Тағдырдан зауал тартсын мейлі талай,
Кесек турап келеді айбынды Адай.
Өзінің жері, көлі, тілі, рухы,
Мәңгіге ұласады баяғыдай.

Тарих аз тым ертеден тұнып жеткен,
Тәңірім Атаұлына нұрын төккен.
Адайлардың асырып аруағын,
Табаны тайқымайтын тұғырлы еткен.

Рухын асқақ ұстап әрдайымда,
Адайдың мін болмаған тал бойында.
Бір заманда қазақпен бірге көшкен
Әзірет Алатауы баурайында.

Жетісудан Сауран мен Шу айналып,
Ел-жұрты суға кеткен Құдайке налып.
Кемпірімен кеңесіп Келімберді,
Ағаға қыз әперген ел айналып.

Бұл өзі аруы екен түрікменнің,
(Жөні жоқ ақиқатты іріккеннің),
Сол ару Тәзіке-Қосай - қос ұл туып,
Бұл екі бағы жанған жігіттердің.

Фариза –қыз Махамбет - Тәзікеден,
Қосайдың алты ұлының бәрі бекем.
Батыр көп:Тоқтамыс пен Тоқмамбеті,

Атағозы,Есекмерген, Тәңірберген...

Осылай өсе берген, өсе берген,
Ешкімге кезі болмай есе берген.
Іні менен келіннің кемелдігі-
Қалдырып ұлан-ұрпақ көшелі ерден.

Келсе де жас жетпіске, ғұмыр өтті,
Деместен мәрт Құдайке шүкір етті.
Жайылған үрім-бұтақ, кемі болмай,
Мен-дағы мақтан тұтам ұлы текті.

Сол тектің дарасы еді Дарайы анам,
Ай жүзі алтын Күндей арайлаған.
Өз тегім Келімберді-Мұңал мейлі,
Қосайдан қан жұқпайды қалай маған?!

Аналар – сыйлайды ғой өмірді олар,
Қосайға қай кезде де көңілім толар.
Демей ме: «Жолға шықсаң Қосайды ерт,
Алдыңнан ақ күн туып жолың болар».

Ал енді оралайын өз додама,
Дейтіндей бабам: «сөзді қозға, бала».
Өткенді ойлап кетсем күңіреніп,
Көз салам – Маңғыстаудай боз далама.

Секілді бәрі ертегі бұл күндері,
Құлпытас, оба, аран, үңгірлері...
Мен үшін...
Түседі еске бабалардың

Қазанат, найза, садақ, сүңгілері...

Дей алмас маған ешкім: «таспа, шырақ»,
О заман бұ заманнан басқашарақ.
Тұлпарын тебіндірген бабаларым-
Тарихын кеткен мәңгі тасқа қашап.

Шотанның даңқы өшпес шұбарының,
Төлеп пен Балуанияз құласының.
Ер Қармыс күреңінің аты шықты,
Сүйіннің(Сүйінғара) көк найза, көк тұлпарының.

Ерлерім жау шошырлық талай шықты,
Лабақ, Өмір,Есен, Сүгір, Шабай шықты.
Бердәулет пен Жоламан, Дауымшар, Рах,
Ер Төлеп, Есенияз бен Қонай шықты.

Амантұрлы,Қабыл мен Жанұзақ бар,
Төленді, Әмин, Темір, Қозыбақ бар,
Кенжебек, Сармыс, Досан, ер Исатай,

Шоғыдан қырық батыр – елі мақтар...

Көбен би, Ерменбет би, Жары Мәтжан,
Тілеген, Мәмбетнияз, Иса – бәрі мақтан.
Абыл, Ақтан, Аралбай, Сәттіғұл, Түмен,
Ыбырайым ахун жыр-нөпір арқыратқан.

Өткілбай, Әлқуат,Шамғұл, Жанжігіт, Нұрым,
Дүйсембай, Бүркітбайым төккен жырын...
Шолтаман, Досат, Әділ, Жылкелді, Тұрсын,
Өскінбай – өңшең Қайқы, кіл дүлдүлім...

Осылай қанат жайып Келімберді,
Құдайым алты ұлына өмір берді.
Адайдың шаңырағын ұстап қалар,
Кенже ұлы Мұңалына көңіл бөлді.

Мұңалдың шыға берді дүрлеп аты,
Толысып өсті дерсің ел қанаты.
Батыр мен би, байларың, Пірің де сол-
Мұңалдың асты әбден салтанаты.

Мақтанар ұл да шыққан ұраным деп,
Ерлік пен парасатқа тұрар үндеп!
Жеменей Ерменбет би арқаланды-
«Кісі бойы, қол созым Мұңалым деп»!

«Мұңалым – жел жақтағы панам деді ол,
Қара нар, алынбайтын қамал», деді ол.
Мұңал ошақ, Мұңалжар – тарих ізі,
Мұңал десе, соғады самалды жел.

Мұңалым – Адайымның арқа-белі,
Топ жарар, айбыны асқан маңмаңгері.
Ол барда орыс, қалмақ, Хиуа, түрікмен
Ала алмай Маңғыстауды арманда еді.

Құладүз атанғанмен бағзы дала,
Өңірде Адай атам озды дара.
Жеті жұрт келіп- кеткен киелі өңір,
Алайда, иесі Адай – жалғыз ғана.

Толғасам бабам өткен ұлан жолды,
Жетісу, Түркістан, Алтай, Тұран жолды,
Сыр, Нарын, Ойыл, Қиыл, Жем, Сағызым,
Ұрпағы сала білген «Мұңал жолды»!

Мұңалдан -Әли, Бәйімбет, Жаулы, Шоғы,
Алақұнан...
жоқ мұның даулы жағы.
Жаулы атамыз – жазғандай Кекілбаев

Адайдың жауға салар дәу қыраны.

Жаулыдан - Жары, Ескелді, Қосқұлағың,
Пір Бекет - Қосқұлақтан хас қыраным.
Жарыдан неше жайсаң -жақсы шықты,
Адайдың тайпасына бас қылатын.

«Адай Жары – Мен Жары» деседі елім,
Осылай дүреп дәйім өсе бердім.
Қашанда даңқы алысқа кете берген,
Тектілік тумысынан көшелі елдің.

Сол Жары – сегіз арыс семсерімдей,
Адайдың Рухының өлшеміндей.
Жары барда Адайым алшаң басқан,
Жауына жиі аттанып сәл шегінбей.

Сөз еткен ауыздылар ең көшелі,
Жарының Адайда орны төр деседі.
Жәрдем Кейкін аралап Бозашыны,
«Жары деген – ру емес, ел» деседі.

Бұ Жары деседі жұрт тарыдан көп,
(Қытай да жұғыса алмас Жарыға кеп).
Әр Жарыда Шотанның жүрегі бар,
Бабалардан қанменен дарыған кеп.

Кеудеде сырт дұшпанға түйерде кек,
Жарыға Адай ұлы сүйенді тек.
Жарының жарқылдаған мәрт мінезі,
Жұғысты нағашылы-жиенді боп.

Осылай Жары деген жасын туған,
Жарыдан неше жақұт-асыл туған.
Жеті жұртты желкелеп қуып шығып,
Кезі жоқ Маңғыстауда басындырған!

Тарихтың келді-ау кезі бәрін қазар,
Адайда атағы асқан бар үш Назар:
Саназар, Қожаназар,
Ал олардың

ішінде Қыдыр көрген - Жары Назар.

Үй тігіп отырғанда қыр басынан,
Келген қарт – Қыдыр ата сұлбасынан.
Сесінен секем алған ол пірадар,
Шотанның өр даусы мен тұлғасынан!

Жасаңдар мәңгілікке сұңқарларым,
Даланы дүбірлеткен тұлпарларым!
Бабаларды арналсын ұлықтауға,

Бауырлар, дәл бүгінгі думандарың.

Жарының бір баласы Бектемісім,
Бектеміс – ахун болған текті кісім.
Бабамыз Сыр бойында қалған дейді,
Шарапат тірісінде төккені шын.

Бектеміс – тақуа жан, зайырлы екен,
Діл мен дін – рухани пайымды екен.
Көрегендік, көсемдік, кемеңгерлік-
Бойға біткен пірадар қайырлы екен.

Ақұқұба, ашаң жүзді, ұзын бойлы,
Болмысы – бір ғанибет пішін дейді.
Аузынан шыққан сөзі сом алтындай,
Кіші Жүзге белгілі кісің дейді.

Қасиет қалған осы қанымызда,
Ар-иман, отты намыс– жанымызда.
Бабалардан генменен таралады,
Небір ізгі қасиет бағымызға.

Қашанда парыз: ұстау – Отанды асқақ,
Ер жігіт баспас жерін талай баспақ,
Адайлар Маңғыстауға оралған-ды,
Жарыдан Назарұлы Шотан бастап.

Бір келген сол Шотанмен бабамды айтам,
Тарихтың тылсымынан орайлатам.
Шотанмен бел немере Қамай, Самай,
Мамай мен Сүйірбасты қалайда айтам.

Ер Мамай тым ертерек жазым болған,
Үйленбей, бір шайқаста қаза болған.
Сүйірбас Харазымға сапар шегіп,
Ұрпағы ажырамаған қазағынан.

Бұл күнде ол да біраз дүйім ел-ді,
Аз емес Маңғыстауда сүйінері.
Қамай менен Самайдан туыстары-
Бесшоқыдай соншалық биік еді.

Қамайдан Байжігітің жаралады,
Бектеміс атасынан нәр алады.
Үдербай, Көлбай, Сары, Сығай, Болат,
Байжігіттен бесеу боп таралады.

Қамай қайтып, жеңгесін Самай алды,
Ақжігіт туып одан арайланды.
Құлтан, Жұма, Қазыбай, Сегізбай, Бәлімтай,
Ақжігіттен көп болып тарайды әрі.

Осылай Самай даңқы дүр етеді,
Бұл өзі сол заманның реті еді.
Бір шапқында арулар олжа болып,
Қалмақ қызы Өкінді Ол жар етеді.

Құтты болып Өкіннің орамалы,
Ұрпағы өсіп, өніп таралады.
Құлшымбай, Құттыбай, Шақабай, Боранбайлар,
Өкін болып аталып келеді әлі.

Самайға Тәңір ұзақ ғұмыр берген,
Тауыпты шын бақытты жұмыр жерден.
Мал беріп қыздай әйел тағы да алған,
Ал одан Есенбайдай ұлын көрген.

Ендеше Есенбайды өрбітелік,
Ол-дағы шамасынша өсті делік.
Айдабол, Бостан, Қуандық, Сүйіндік боп,
Кем болмай қатарынан келді делік.

Тегінде таусылар ма ұлы желі,
Демеймін бұл ешқашан үзіледі.
Бәрі де Бектемістің балалары,
Бәрі де Бектемістің ұлан-елі.

Атағы заманында Адайға асты,
Тағдырдың зұлматы да талай басты.
Қалдырып көшкен еді амалсыздан,
Жандауыр, Ортаеспе мен Қаламқасты.

Ақеспе, Ұлыеспе, Ауызеспе,
Тышқанжар, Долгий, Саға – бәрі де есте.
Мекендеп жаға бойын үш сан ғасыр,
Кешкен-ді баян-ғұмыр ұлы көште.

Ғайыптан тайып бір күн зауал келді,
Әйтпесе, басынан бақ ауар ма еді?!
«Бектеміс – нар мая сауған теп-тегіс» боп,
Нар мая әлі күнге сауар ма еді?!

Жұртымның күн туғанын басына шын,
Несіне, кімнен тегі жасырамын?!
Қысымын да күшейтіп күннен-күнге,
Кез еді ол айласын да асыратын.

КСРО күшпен елді көшірген-ді,
Сұм заман алабөтен есірген-ді
Бектеміс, Тіней, Қаратоқайдың,
Елдігін елден қуып өшірген-ді.

Беріштен Қаратоқай Құлбарағым,

Тінейден Тәңірберген бір дарағым.
Қыз алып, қыз берісіп Бектеміспен,
Күн кешкен көрші-қоңсы құдаларым.

Өз шекем Орын - Беріш-Құлбарақтан,
Жан екен жанарынан нұр таратқан.
Бір ағасы Темірбай дүлдүл мерген,
Ал Сұраубай хақ шайыр жыр боратқан.

Олар да бізбен бірге қоныс ауған,
Көк теңіз, аунап-қунар өріс ауған.
Көлбеңдеп көк сағымдай қала берген,
Қаламқас, Қаражанбас – таныс аудан.

Осылай жұртым менің саяқ кеткен,
Қия алмай туған жерден аяп кеткен.
Отырған табанынан айрылғасын,
Кейпіне босқан елдің таяп кеткен.

Үш ғасыр мекен еткен атырабын,
Қия алмай соры, құсы, топырағын.
Қол бұлғап ата-баба қауымдары,
Жатыпты желеп-жебеп сан ұрпағын.

Қаламқас, Ақсиын мен Күшік, Жұма,
Нұр-Мәйке, Қарағашты, Жыңғылды әулие.
Бәрі де Бектемістің қауымдары,
Болуға тиістіміз бүгін де ие,

Қолдағай тұқым-теберігін ұлы кие!

Толғасам Бозашыда ерлігім мың,
Мен талай тарих сырын келді ұғынғым.
Бүгінде қайта басым қосылғаны,
Белгісі оралғаны елдігімнің!

Аз емес ата-бабам даңқы асқаны,
Жарқылдар заманында алдаспаны.
Шотан мен Сүйінқара әскерінің -
Мол екен Бектемістен сарбаздары!

Қашанда қанында ерлік өр ағайын,
Нешебір кешкен заман алмағайым.
Бермеген бірақ ешбір қас-дұшпанға,
Кең алқап – Жандауыр мен Керел бойын.

Оқ бойы заманынан озық болған,
Оларға оқу,білім азық болған.
Көк теңіз көп елменен елдестіріп,
Осы жер Бектеміске қазық болған.

Көк теңіз десек те біз дәру-бағы,
Белінен шешпеген бес қаруларын.

Тайсалмай ел қорғаған Ерлер түгіл,
Мәрт болған Қаламқастай арулары!

Аз емес топты жарған тарландарым,
Ақтаған ата-баба армандарын.
Бектеміс қасиетін бекемдеген-
Несібек-Нұр, Жұма мен Ержандарым.

Сақтайын ата намыс, мұрамды анық,
Иманға жүгінейін Құранды алып.
Смайыл Сарбасұлы көсем болып,
«Адай көтерілісін» бастаған ұран салып!

Әкесі Сарбас биден жаралады ол,
Арысы Жұма әулиеден таралады ол.
Жұманың немересі Әбдірахман,
Бес қаруы белінде саналады Ол.

Осылай сыр шертеді құлпытасы,
Батырдың бедеріндей түр-тұлғасы.
Қасында бірге жатыр Қытайы ана,
Тарихтың іштей тынып сыр-тұнбасы...

Өмір де –«Ақсиында», «Қапамда» -Әріп,
Ол-дағы «Адай банды» атанды анық.
Тектілік болмысынан тая алмаған
Тағдыры танытса да қатаң қалып.

Бисембі, Дүйсембі сол Әріпұлы,
Бойында - Адай-Мұңал- Жарылығы.
Жақсымен мақтанғанның жаттығы жоқ,
Әкеміз, ағамыз да – халық ұлы.

Жүректен небір маржан сөз төгіле,
Тереңдеп кеткенім бе өз тегіме?
Тегінде байырқалап баянымды,
Келіпті дем басардай кез де, міне.

Мен өзім туған жерден нәр аламын,
Жаңғырар бабам ізі санада мың.
Тірі болсам оятып бабаларды,
Қаламқасқа талай сан ораламын.

Бозашы, жаға бойлық , кәсіп – балық,
Бабалар көк теңізге ғашық болып...
Түзеумен түйелердің керуенін,
Мыңғыртып мал да өсірген машықтанып.

Ешкімнен шағымыз жоқ олқы соққан,
Текті елміз тумысынан алғыс алған.
Жасай бер Бектемісім-Мұңал-Адай,
Басталар көне Дайлар, арғы Сақтан!

Ғалым Әріп
Қазақ болу
немесе тоқсанның тұғырындағы
әкеммен сырласу

Толға, толға, домбырам,
Бағзының күйін шерте біл.
Бағзыдан қалған - мол мұрам,
Бағзыға елді ерте біл...

Біз ҚАЗАҚ деген ел едік,
Еркіндік -ерен еншіміз.
Қай жұртыңнан кем едік,
Кем еді кімнен өрісіміз?

Біз ҚАЗАҚ деген ел едік,
Көкірегі тұнған намыстан,
Елдікпен көңіл демедік,
Жауларды жеңіп алысқан.

Қанға тартқан қазақпыз,
Арға шапқан қазақпыз.
Бұл күндері (аз-ақпыз),
Аз болсақ та, азатпыз.

Тәуелсіздік, азаттық,
Тәңір сыйы демес ем...
Кешегі 1986-ЖЕЛТОҚСАН-
Бабалардың елесі ең!..

Ол –елдігі қазақтың,
Ол - ерлігі қазақтың,
Ол - бірлігі қазақтың,
Ол - теңдігі қазақтың.

Жерің,тілің, ділің бір,
Мұңың, жырың, діңің бір,
Иманың бір, дінің бір,
Нақ ҚАЗАҚ боп өмір сүр!

Мынау шалқар даланың
Қасиетіне бойла, елім.

ҚАЗАҚЫ ҰЛТТЫҚ САНАНЫҢ-

Келешегін ойла, елім.

Уақыт, шіркін, дүрбелең,
Жылыстап жылдар кетер ме,
Етпеске не бар күнде елең,
Болмайық қамсыз бекерге.

Зуылдап жатқан замана,
Қыр түлкісі тәрізді...
Атадан қалған аманат-
Қарттарым қайда жаны ізгі?

О, әкелер, көкелер,
Көненің көзі кәкелер,
Ұлт алдында
Ұрпақтың –

Парызы қалай өтелер?!

Қалдырып артта іздерді,
Демеңдер уақыт – күз келді.
Ақсақалды абыздар,
Іздейміз дәйім сіздерді.

Аулақтау жүріп кейде біз,
Көзден бір тайса бейнеңіз,
Жоғалтып алған жақұтын
Жандайын билер ой-теңіз...

Көңлімде сәуле оянып,
Жүрегім босап езілер.
Бұл дүниенің баяны –
Қарттардай болып сезілер.

Егерде-ки бір күні
Сейіліп кетсе қатары...
Жанарға жас іркіліп,
Белгілі-ау жанға батары...

Мен сонда өксіп, жылармын,
Қарттарды іздеп нар мүсін.
Көзімді жасқа бұлармын,
Қазақтың іздеп болмысын.

Қазақтың іздеп ғұрыпы,
Алтын да арқау қазығын,
Қайда деп қазақ ұрығы,
Қаңқылдап шығар қаз үнім.

Қаңқылдамай қайтейін,
Саңқылдамайын қайтейін,
Шайқалып тұрса қайтейін,
Қазақтың арғы тұнығы...

Шыңыраудан кәусар тартатын
Қарттарым еді шығыры.
Қара нар жүгін артатын,
Қайыстай бекем тұғыры.

Қайтерміз ертең тарланым-
Олардың өтсе ғұмыры?!

Қазақ деген кім еді,
Енші еттік қалай бай дала?
Әуелден қазақ ұлы еді,
Қазақты демең қаймана.

Айбыным асып қайда да,
Тығылған жоқпыз тайгаға.
Қанжар боп қасқа қайрала,
Досқа аштық құшақ айқара.

Толғауы тоқсан қызыл тіл,
Толғауды қалай өзің біл.
Зерделі болса тыңдарман,
Қозғалық САҚ пен ҒҰНДАРДАН.

Көкбөрі болған көкке ұлып,
Көктәңір-Құдай-Көктүрік.

Көксүңгі қолда ойнатып,
Кек алған жауын жайратып.
Өтсе де заман нешебір,
Қайтпаған мүлде меселі,

Еске алсам ерен ерлерді,
Мерейім менің өседі!
Түркістан-Тұран, Алтайым,
Жетісу, Арқа –байтағым,

Атырау менен Шыңғыстау,
Маңғыстау сынды айбатым!

Дүрбелеңді дүние,
Төксе де қанша кәрі-уын,
Жарақты ерлер жерге ие,
Ойнатқан алмас қаруын.

Ерлердей тұлпар тулатып,
Суытпай аяқ, түн қатып,
Персия сынды сұсты елдің,
Тас-талқан етіп әскерін,

Тәубасына келтірген,
Кир патшаны өлтірген,
Басын қанға бөктірген,
Томирис сынды аруым!

Массагет, дайлар, каспийлер,
Исседон, аримаспийлер,
Кемерлер, теле, хазарлар,
Оғыздар, түрік, аландар,

Ноғайлар, башқұрт, татарлар -
Бәрі де туыс, жарандар!
Жайым жоқ менің алаңдар,
Жазира Ұлы Далам бар!

Арал мен Каспий –айдыным,
Аз емес теңіз-байлығым!
Көз жетпес шексіз, қараңдар!

Тарихты көктей өткенім,
Тылсымға сапар шеккенім,
Білгенім демен көп менің,
Ел Жады-Рухын серпіп бір,

Бабамды мақтан еткенім!
Кең Дала бабам сыйы еді,
Әр сүйем жерім киелі.
Бабадан қалған Жерұйық -

Барша жұрт, халқым ие еді.
Сол Дала түссе бөлшекке,
Сырқырар Бабам сүйегі.
Сиынған ел ек Жер-Көкке,

Кемел жан түйін түйеді.
Қалмайын десек қарғысқа,
Ие боп бата-алғысқа,
Аманат – Дала –Ар-нұсқа,

Азамат, мұны алға ұста!

Қастерле,
ғұмыр қан-қасап
Кешумен ерлер өткенін...
Алып Ер Тұңға – Афрасиаб,

Ишпақай сынды Көкбөрім!
Күлтегін менен Тоныкөк,
Бумындай берен ер өткен,
Естеми оның інісі,

Артында қалған ірі ісі,
Түменге түрен салыпты,
Артында ізі қалыпты...
Көктүріктердің сарыны,

Өшпестей рухы дарыды,
Ер түрік қаны ойнайды,
Еске алған кезде әріні!
Ашқанда алтын сандықты,

Демеймін даусым қарлықты.
Айтар ем Беріш Бейбарыс
Артық бір туған мамлюкті.
Билеген араб әлемін,

Жүрек бір жұтқан жолбарыс,
Құдайдай бейне көретін
Өтіпті-ау тарпаң ол да арыс.
Ассирия, Вавилон,

Жаулаған Рим қаласын,
Еуропаның төрі мен
Жерорта теңіз арасын:
Еділдей ерім өтіпті,

Ғұндардың даңқы жетіпті.
Түркия сынды ұлы елді
Мирас қып елге кетіпті.
Шетінен кілең арлылар,

Қыпшақтар менен қаңлылар.
Ұлы жүз-Үйсін ұлысым,
Он екі ата тынысым.
Орта жүз – алты арысым,

Қыр мінез, құмай, барысым!
Жиырма бес таңба Кіші жүз,
Айқаса білген Ар үшін!
Бұл - біздің ата тегіміз,

Бұл - біздің ҚАЗАҚ еліміз.
Көкбайрақ тұрса желбіреп,
Қатаяр арқа-беліміз!
Тек ие болып желкенге,

Кемеміз жүзсін ертеңге!
Ерлерім бастап, ел қостап,
Беу, елім, өсіп, өркенде!

Беу, Тұранның Ұлы Елі!
«Қазақ!» боп қайта сайраған.

Бағаңды байқап, біл енді,
Бабаңды еске ап қайтадан.
Бұл қазақ қалай дүреді,
Дескенде қайта қайралам.

Бұл ҚАЗАҚ өзі кім еді?-
Әкеме қарап ойланам.
Даладай дархан тілегі,
Кеңдікке пайым бойлаған.

Қазақ деген ежелгі,
Тұлпар мінген дүр еді.
Жауға сүңгі кезеулі,
Шайлықпаған жүрегі.

Қасық қаны қалғанша
Тұтам жер үшін айқасқан.
Елінің бағы жанғанша,
Ерлік қылған қоймастан...

Біз үшін бәрі мақтаныш,
Не сойқан өтті-ау аттаныс..
Жат емес бізге текті арыс-
Шыңғыс хан, Темір, Тоқтамыс...

...Сан өтті шайқас ерен мың,
Кетердей жасық безіне,
Хонтайшы Қалдан Цереннің
Айылын тартты өзі де.

«Шұбырынды етіп ақтабан,
Алқакөл сұлама» атанған,
Шақта да жерін сақтаған,
Өтті ғой ерлер не тарлан!..

Сақтай гөр, Тәңір, апырай,
Ел қорғап өлер батыр-ай!
Әйтеке, Төле, Қазыбек би,
Хандардың ханы Абылай!..

...Әлқисса, далам Маңғыстау,
Ер Шотан бастап ту тіккен,
Санада мұны мәңгі ұстаң-
Қазаққа Бекет Пір біткен!

Сүйінғарадай сойылдым-
Қарқуардай ер өткен...
Сұңғыла, шайыр, пайымдым,
Нешебір дүлей дүр өткен.

Әрбіреуі оның есіл ер,
Жүзіндей болған алмастың.
Бабалар мені кешірер,
Саусақпен санай алмаспын...

Ақ патшаны шайқалтқан
Досан батыр жолы өзге.
Ақкөздігін байқатқан,
Адайлық салып мінезге!..

Сол баһадүр бабалар

Бейнесі кетсе елестеп,
Бабалық ізге пара-пар-
Әкеммен көңіл кеңеспек.
Даналық, сабыр болмаса,

Өмірдің мәні далбаса,
Жұқанадай болса да,
Жұрнағы бола алмасақ:
Мынау абыз қартыңның-

Өмірі өткен дабылмен,
Халқының ойлап, салтының
Жауһарын жиған ақылмен.
Ақылдың кені - ой мен сөз,

Ағылып шығар алтындай.
Әр ой мен сөзді бойлап кез,
Құйылған қайнар сарқылмай.

Сөз анасы – бұлақ сол,
Тек зерделей құлақ сал.
Сөзге қонақ берелік,
Ақылманға ерелік.

Тақтақ билер сөз бастар,
Тайбурылдай ойқастар.
Туырлықты ел топтасар,
Қара нарлар көш бастар.

Бұрынғының сөз ләмі-
Бүлінген ел азады.
Бірлікті елдің әрқашан
Бүлк-бүлк қайнар қазаны.

Ақиқат боп арман-ән,
Озса дейді қазағы!

Болса егерде пәтуа,
Қарттардан тәлім алалық.
Мәз болмай өмір шатына,
Ертеңге көзді салалық.

Әкеміз біздің өмірде-
Дәуірмен тете - Ол кісі.
Ащы мен тұщы – бәрін де-
Өткерген бастан Ол кісі.

Мақтады демең,
тегінде –
Тірліктен түйін мол кісі.
Жаны, қаны, өңінде-

Қазағымның болмысы.
Болсам деп өзім, пай, сондай,
Билейді-ау ойлар өрелі,
Ақсақалдарым, ай маңдай,

Әңгіме айтар келелі.
Тоқсанға келіп тайсалмай,
Алшаң басып келеді!
Пай, неткен мынау жарасым,

Көз керек алмай қарардай.

Бар қазақтың баласын
Құшағына алардай.
Сөзі жақұт, тіл кесте,
Шымыраулы ой - тереңдік.

Бар қазаққа бір бітсе,
Абыз қарттай кемелдік!
Жүрекке жүк артар ек,
Көңілдегі сыз еріп,

Болашаққа тартар ек,
Көшіміз сонда түзеліп...

Жас ұрпақ, қайда барасың,
Ұға біл терең сен мұны,
Қайда еді, айтшы, қарағым,
Тектіліктің төркіні?!

ОЛ - сенің шыққан түбірің,
Тарқата білгін тегіңді.
Желкілдеген ғұмырың
Болады сонда сенімді.

Жеті атадан әрі асып,
Он екі атаға барғайсың.
Білігің тұрса таласып,
Далада, сірә, қалмайсың.

Босқа өтпесін жас күнің,
Сәулелі боп өс, жарығым,
Атасалт, атадәстүрің,
Қазақы болмыс-қалыбың:

Арна тартар қарттардан,
Абыздарға құлақ түр.
Дәл бүгінгі шақтарда,
Ел болу жайлы сұрақ тұр.

Елдіктің дәні ертеде,
Бабадан қалған қанда тұр.
Қияға қанат серме де,
«Қазағым!» деумен таңды атыр.

Беу, қазына қариям,
Аз емес еді-ау көргенің,
Ағып тұрған дариям,
Айналаңды тербедің.

Аузыңнан шыққан саф алтын-
Түйсікті жанға дауалы.
Сөнбесін оты жанардың,
Айқара жұтып ауаны.

Құйған бір нөсер жауындай,
Арылмай сөзің аталы,
Жүрек пен басың ауырмай,
Бере бер елге батаны.

Маңғыстау көшін бастаған
Сау болсын жақсы-жайсаңдар.
Қарттары барда саспаған,
Қанына тартқан қайсарлар.

Адай көтерілісіне қосылып,
Соғысты кешкен қарт екен,
Ел мен жер даңқын өсіріп,
Тұлғасы ерек мәрт екен,-

Деп құшақ жайса інілер,
Бүгіннің олар батыры.
Ағаға іні жүгірер,
Болса егер бірдей ақылы.

Кетсе де сәл-пәл әр тайып,
Отырар төрде марқайып,
Ақсақалдарым, жасай бер,
Ақылмен жеткен қартайып!

Тоқсанға толса әкеміз,
Қария қазақ – елге ортақ..
Танытып елдік өте біз,
Ерлерге кемел қонды бақ.

Ақылды адам кең келер,
Алыстан шолып болжайды...
Әулиелер мен әмбиелер-
Ақ ниет жанды қолдайды!

Құйылып шабыт күтпеген,
Айтты ғой аз сөз ақының.

ҚАЗАҚТЫҚ ЖОЛЫН ДІТТЕГЕН-

СӨЗДІҢ ДЕ БОЛАР МАҚҰЛЫ!

Томирис
Арайы алтын нұрдай Ай қызыл өң,
Ажары асқан Ару «пай,мүсін!» ең(!)-
Аруақты Апатайым - Томиристей-

Массагет-Сақ, Дах-Дай қызы екен!

Тәңірім елден ерек шырай берген,
Көркіне көрген жігіт құлай берген.
Көркіне Өрлігі мен Ерлігі сай,
Құдірет пен Құзырет Құдай берген!

Әлқисса, «ол кезде» деп сөз өрейін,
Арқаланып, тілімді безенейін.
Кең Даламды олжадай көріп жүрген-
Жетесізге жыр-қару кезенейін.

Дала десе бойында құлық берен,
Өзімді өршіл өрен- жігіт көрем.
Өткенді өнеге етіп Бүгінгіге,
Ойланса деп даңғойлар үміттенем.

...Ол кезде Арал-Каспи егіз екен,
Тарих пен тағдыр солай негіздеген.
Аймаққа атышулы көз алартып,
Нешебір дүлейлерің жер іздеген.

Ол кезде қос теңіздің саласы бір,
Саласы бір, ағысы, сағасы бір,
Батыс - Скиф, Шығысың - Сақ атаған-
Қазақтың қасиетті Даласы бұл!

Бұл күнде ісінгенше болып-толып,
Бағзыны ойланайық шолып көріп.
Сол Даланы уыстан шығармасқа,
Өмірі өтті ерлердің жорық болып.

Жер қорғау – елдің, ердің тұрқы бекем,
Ел мәңгі ата қоныс –жұртыменен.
Қара жұрт –қасиетті ШАҢЫРАҒЫМ,
ҚАЗАҚ деген қастерлі ұлтыменен!

О, Далам, ұлы өмірден ақыл түйем,
Жыр-ұлың толғанады, асыл кием!
Көсілген ніл-дария сахараны-
Бағындырған Бабама басымды ием!

Намысым қайралады қайрақтайын,
Аруақтар құяр бойға айбат дәйім.
Жер үшін қанын төккен бабамды ойлап,
Дөңбекшіп түніменен жай таппаймын.

Жер десе, шақтарым бар қаным қозар,
Кеулейді кейде долы жанымды ызғар...
Ерлермен бірдей ел мен жер қорғаған-
Санамда жаңғырады Тәңір-қыздар!

Тәңірқыз, әлде Темір, Тұмар қыз ба,
(Есімін екшелеуден ұтармыз ба?!)
Есімін Томирис деп еншілеткен,
Гректің Геродотын сынармыз ба?!

Жо-жо-жоқ, тигізді олар бар қайырын,
Сақтардың хан көтеріп ханшайымын.
Мен-дағы көрейінші бір толғанып,
Сілкінсін орнынан бір патшайымым!

х х х
Жалтарман жанарымда жасын барда,
Құлатып ниетімді асылдарға.
Біздің мынау дәуірге дейін өткен-

Ой салдым алты-сегіз ғасырларға.

Дәуірлер құлағыма үні келді,
Баяғы болмысына түрім енді...
Баянын тарта берді бағзы әуендер,
Үзілмей тарих деген ұлы желі.

Жел беріп баба рухы-қуаттары,
Жанардан отты жастар жиі аққаны.
Баһадүрлер көрінді көз алдыма,
Тарпысқан тұлпарлардың тұяқтары!

Жер десе, кеңірдегін үзіскендер,
Жер десе, бұқадайын сүзіскендер,
Жер десе, бере алмаған қарыс сүйем,
Қорғаған ұясындай Ұлысты Ер!

Ақтаған азаматтар ел сенімін,
Ата-ана, бала-шаға, жар сенімін.
Ежелден көрші-қоңсы қоныстасы ед,
Сақ біткен атағы асқан Парсы елінің!

Персия жарақты ел-ді жариялы,
Жағалай қоныс тепкен дарияны.
Сақтарға иек артып жаулап та алған,
Вавилон, Ассирия, Медияны.

Сонда да ойландырып өріс тары,
Өзгенің қызықтырған қоныстары.
Шарықтап шартарапқа жетіп жатты,
Парсының шапқыншылық соғыстары.

Тасып тым Кир патшаның мейманасы,
Сақтардың есін алды кең даласы.
Массагет-Дай тайпасы – Сақ көсемі-
Елшімен Томириске сөз салады...

Кир патшаның талабы
Сөйледі парсы елшісі өктемірек,
Өрекпіп, өпірем тым, өркөкірек,
Бұйрық рай бұрқылдап дауысынан,

Былайша сұсты сыңай ол лепіред:

-Ей, Сақ қызы, даңқың зор батырлықта,
Хош көреміз Сізді Біз жақындыққа...
Дүрілдеткен ғаламды Кир патшамыз
Сізді алғысы келеді қатындыққа!..

Қарсы келсең, білесің оң болмасын,
Қарсылығың басыңа сор болмасын.
Парсы менен Сақ елін біріктіріп,
Кир патшаның басасың оң жамбасын!..

Елшінің, жан-жағында әскері бар,
Бір жауап Томиристен тосқаны бар...
Томирис
Жанарынан жалын шашып,

Тілімен елшілерді осқаны бар:

-Ей, парсының керіауызы, тарт тіліңді,
Енді бір сөз...-
деп ойла жақ тілінді!..
Менің елім –Сақ елі, Сақ даласы,

Өз елімнен тапқанмын бақ-тұғырды!

Патшаңа айт, ойы - тайыз, ақыл тайды,
Ешкімге Сақ қыздары сатылмайды!
Арандату, арсыздық, айтаққа еріп,
Сақтың елі ешқашан аһ ұрмайды!

Көктәңір, Оттәңірге табынатын,
Жер-Анаға халықпыз жаны жақын!
Даламызды өгейге енші етпейміз,
Біз емеспіз бөгдеге бағынатын!

Қасқайған аш қасқырдай ұлып тегі,
Үзілсін Кир патшаңның үміттері!..
Мендей болса сақтардың арулары,
Желкеңді үзер тепсінген жігіттері!!!

Бұзғың келіп елдігім, шаттығымды,
Көршіңізге көрсеттің жаттығыңды.
Енді ойла өзіңнің сақтығыңды,-
Деген кезде елші де жалт бұрылды...

-Онда соғыс!-деп кетті- бірауыздан,
Сескенбеді Сақ елі кілауыздан.
Сыр тарталық ендеше, ағайындар,
Шындықпенен шендескен бір аңыздан...

Соғыс
Жеті жұрт келіп-кетіп, Адай деген
Өр халық атандырған арай мекен!..
Ол кезде Әбескүн, Дай, әлде Хазар,

Деп Каспи теңізімді атайды екен.

Қос бетін қоныс еткен сол өңірдің,
Толғайын толғауларын көне жырдың.
Бабадан баян тартып кеткен кезде,
Көлкіген көк айдындай төгеді ұлың!

Бағзысыз Бүгін болмас өрелі елге,
Беу, тарих, қияс кетсем сөге көрме!
Қанқұмар Кир патшаны талақ еткен,
Томирис рухы ұшып бір келер ме!

Әлқисса, кесапат сөз «соғыс!» деген,
Киелі сөз ғой «ата қоныс» деген!
Сол ата қоныс үшін қанын төгіп,
Ерлерім өліспей бір беріспеген!

Болса да бақ таласы, тақ таласы,
Ездерді тарихтың бар жақтамасы!
Томирис сынды аруды туған екен,
Қасиетті Маңғыстау –Сақ даласы!

Туғасын тумысынан болып текті,
Өмірі аттан түспей жорықта өтті.
... Естіген елші сөзін Кир патшаның
Көздері қызыл қанға толып кетті!..

...Күз күні. Кешқұрым шақ. Дала төсі,
Ширықты екі жақтың ерегесі.
Жасанған жау жарағын қалың әскер,
Жасақтың тең секілді терезесі.

Әуеге ұран оттар лапыл қақты,
Дарылдап дауылпаздар дабыл қақты...
Тұлпарлардың тұяғы тітіретіп,
Бір сұмдық тұрды күтіп атырапты...

Кир патша күпсінеді, ісінеді,
Қайрайды қайта-қайта тісін енді.
Қатыннан жеңіліс бір тауып қалса,
Қасқиып қалатынын түсінеді.

Сенделіп арлы-берлі кезе берді,
Жүрегі әлденені сезер еді...
Байқады...
Сайыпқыран Сақтың қызы

Көктегі жауар бұлттай безереді.

Томирис
Тау секілді тұлғаланып,
Тұрған жоқ от жанарын нұрға малып,
Қайсарлық қаны ойнайды жүрегінде,

Қолдары қайта-қайта қынға барып.

Қасына Спаргапис ұлы жетті,
Ол биыл жасқа толған кәмелетті.
Көздері шоқтай жанып
Анасына

Өзінің бекем ойын мәлім етті:

-Жан ана, әкем шейіт қан майданда,
Шалқайған ер еді ол шалқайғанға!
Жауыздың жағын екі айырар-ды,
Кемсіткен кесір сөзі байқалғанда!

Мен енді әке орнын жоқтата алман,
Тепсінген тұлпарымды тоқтата алман!
Күпсінген Кир патшаны жоқ етемін,
Көкірегім намыс пен кекке толған!

-Жоқ, ұлым!
Томиристің сөзі өктем,
-Жоқ менің, айналайын, өзіңе өкпем.
Парсымен қанды шайқас күтер бізді,

Ежелден бұл ақиқат көзім жеткен.

Сен сақ бол, тұяғысың Ерен Ердің,
Еліне қорған болған кемел Ердің.
Кемсіткен анаңды емес, Сақтың елін
Сазайын Кир патшаның мен берермін!..

...Екі жақ алға бастап ауыр шепті,
Жебелер қорғасындай жауып кетті...
Біресе парсы басым, біресе сақ,
Бір-бірін қиян-кескі шауып кетті...

Дейтіндей Жер-Анамыз: «обал-дағы»,
Қан-қасап, бас доптайын домалады...
Шыңғырған, еңіреген, өкірген үн,
Екі жақ жан берісіп, жан алады...

...Кенеттен...
Қиқулаған дауыс жетті,
Баудай ғып, жау жағының жарып шепті...
Томиристің қосалқы әскері бұл-

Сақтардың арулары асыл текті.

Тосын күш ...
Парсыларды тосылдырды,
Атты әскер жауды қойша осып қырды.
Шайқастың шекке жеткен шамасында

Сақтардың күші мүлде басым тұрды!

Бұл күні парсыларды қара басты,
Саусақпен санарлықтай сарбаз қашты...
Жекпе-жекте жеңісті иеленіп,
Томирис тұрды ұстап Дара Басты!..

-Қумаңдар, қашқан жауды, қаша берсін,
Үдеріп қашқан сайын боса берсін...
«Сақ!» деген сөз естілсе құлағына,
Сезгендей құдіретті саса берсін!

Осылай үн қатты да Тәңір- қызы,
Естілді ерегескен әмір-сұсы:
-Кир деген қанға құмар патша едің,
Құдайдың тиді саған қағындысы!

Қанға той! Қанішер жау арын сатқан,
Қан құшып Сақ қызынан «дамыл» тапқан!..
Хан басын қанға толы тұлыпқа сап,

Лақтырды дарияға сарыл қаққан!..

х х х
Осылай сыр толғайды аңыз сөзі,
Осылай жыр толғайды ақын өзі.
Осындай еркек жалды арулардың-

Па, шіркін, бар ма екен қазір көзі?!

Десек те далам бүтін, дариям бар,
Қаламқас, Мәншүк пенен Әлиям бар:
Есті қыз өсірсе деп арман еттім,
Қазақта қасиетті жанұям әр!

Демеңдер мынау ақын ақылсынды,
Ақтардым тарих жайлы асыл сырды.
Томирис апам кейде түседі еске,
Текті ару көрсем егер батыр сынды!

Қазақтың еске түссе азап-мұңы,
Қазақтың еске түссе азаттығы:
Ерлердей ел қорғаған,
Ұрпағы өсіп,

Ержүрек еске түсер Қазақ Қызы!!!

Рух Һәм Досан батырдың абақтыдағы арпалысты сәттері (һәм ақын Рахат Қосбармақов ініме)

«...батырлықты, мәрттікті қатты қастерлейтін елдің Батырлық жырының қаһарманының қылықтары қалай болғанда да сол елдің салттықдәстүрлік шеңберіне сиюы қажет, сөйтіп, өзін жұртқа жексұрын көрсететін қылықтан аулақ болуы керек. Жұмат Тілепов, филология ғылымдарының докторы.

х х х

...Сонда Досан сөйледі:
-Уайым айтпа маған, деп,
Рұқсат етем саған деп,
Сүйегім тұтам қалғанша,

Қайыспаймын бас ұрып,
Ойлама мені бас иіп
Патшаға барад деп,
Хауіп етпеймін дұшпаннан

Ажалдан бұрын алад деп.
Мен аруананың баласы,
Мыңқ етпейтін нардаймын,
Иығымды кессе де,

Қапталымды тессе де,
Ауыр жүкке болдырман,

Бес қару белде тұрғанда
Шыбын жаным сау болса,
Етегіне дұшпанның
Басымды салып қор болман.

Айырылмаса көк тұлпар
Бұрынғы шабыс қарқыннан,
Әлі де жауға алдырман,
Етіме таңба салдырман.

Кем болған жоқ атағым
Қарсының ұлы Тарғыннан.
Серттескен жолдас сен едің,
Арыстаны елдің мен едім,

Дұшпанның есін тандырған.
Халық айтты, бізді батыр деп,
Енді барсақ бас ұрып,
Айтпай ма бізді қатын деп,

Бұл айтқан сенің сөзіңді
Тыңдамаймын мақұл деп...

...Неверский деген бір ояз
Сотталғанда айтулы:
-Берем,-деп саған қысымды-ай,
Патшаға мен жазам деп,

Таудай қылмыс ісіңді-ай.
Сонда Досан айтулы:
-Таусылған жоқ қайратым,
Алдап, арбап ұстадың

Қан төгісіп қастасқан
Сен едің менің дұшпаным.
Ат үстіне мінген күн,
Бойыма қару ілген күн

Ақ алмасты суырып,
Заманасын қуырып,
Әскеріңді қырған мен едім.
Өзіңдей ояз Рукин

Қаза тапқан сүңгімнен,
Солдатын қырдым бір жүрген
Ат жүйрігін ойнатып,
Ақ сүңгіні бойлатып,

Ойран салған мен едім
Әскеріңді бүлдірген
Енді жоқ менің арманым.
Ақ сауытты жамылып,

Алмастан қару тағынып,
Мінуге тұлпар таңдадым.
Ломакин генералыңның
Жасқанбай атқан оғынан

Бөрідей тартып қоңынан,
Жүрген жолын қандадым.
Қапы қалма боқ солдат,
Талайыңды қандадым!

Сәттіғұл Жанғабылов.
(«Досан батыр» толғауынан үзінді, 1939 жыл)

Досан батырдың тұтқындағы монологы
(Үзінді)
...Жығылып жалы жалынның,
Сарыуайымға салындым.

Тұтылды шіркеу тағы да
Терезесіне жанымның.
Сейіліп сергек сенімім,
Жылауық бұлттай көңілім.

Өңменім-бәсең, өң-өлі,
Жел үрлегендей желігім.
Көрешегіме көнсем де,
Келешегіме сенсем де,

Көңілімде – мұң, көзде – дым,
Етекке кетті еңсем де.
Жанымда жанбай жалыным,
Ей, өмір-аяз қарыдың.

Беретіні жоқ безбүйрек
Бедеу тағдырға налыдым.
...Көргем жоқ өмір молдығын,
Тым ерте қурап, солды гүл.

Соңы жоқ сордың сорасын
Сораптап ішкен сорлымын...
Рахат Қосбармақов.

Сәл шегініс
Тұлабойдан бұрқанған дауылды леп,
Алдаспанға санаушы ем жалын жүрек.
Боз ботадай жырларың боздап кетіп,

Өзекті өртер өлеңің жанымды жеп...
Төзбесімді білмеймін, төзерімді,
Ағат ойға аһ ұрмақ ақын жүрек.
Арпалысқан патшамен кезеңімді

Жазсаң етті «хас батыр қағынды!» деп.
Түңілдірдің...
Түрменің торы ішінде
Сарыуайымға мәрт Досан салынды деп?!

Алысқан Ер Намыс пен Ар үшін де,
Мойынсұнып тағдырға бағынды деп?!
Ұлы өнердің мұраты – рух себу,
Рухсыз ой айтпас ем жағымды деп.

Рухсыздық дертінен ұрық төгу-
Қоздырып та кеткендей қанымды кеп...
Кінәлама әрі іні, әрі балдыз,
Түйреді деп ащылау Ғалымды көп.

Ақындардың десек те бәрі жалғыз,
Айтатұғын әр ойға ақыл тірек.
Адай деген халықта әлсіздер жоқ,
Айта алмас жан патшаға бағынды деп.

Адай деген халықта қансыздар жоқ,

Астамсыған Рукиннен алынды кек.
Адуынды күй кешкен ата-баба,
Ерлер сөзі: «Ел үшін қаныңды төк!»
Ей,Рахат, рухыңды аласартпа,

Артық айтсам, сындырма сағыңды тек!

х х х
Бойға біткен дем беріп нар талабың,
Дүйім елдің «АР»-ын сен арқаладың.
Бабаң Досан, Дихан мен Орақ, Алғи,

Жүрсің жалғап Бүгінмен тарпаң атын.
Дүйім халық жүгінсе бабаларға,
Жөніміз не қиясқа жалтаратын.
Мынау жатқан көл-көсір дала барда,

Заман туды жыр-нөпір ақтаратын.
Уақыт жетіп емдеді жараны Алла,
Бабалармен шақ туды мақтанатын.
Бабалар-ай, түсірмес арға таңба,

Езді көрсе, от жанар шоқтанатын.
Ақкөздігі атойлар арда жанға,
Абай келіп, патшаң да сақтанатын.
Тым биікте шоқтығы – дара тұлға,

Келді кезең «Досан!» деп жар салатын.
Келді кезең қиялдың қанатында
Ерлік ізбен Ертеңге аттанатын...

Тарпаңдық
немесе Досанның тар қапастағы күңіренген сәттері
Арқалап шер мен шеменді,
Түссем де торға мен енді,

Таспа тілім жонымнан,
Кескілесе де денемді,
Бас иіп кетпен ар сатып,
Бас имеу – түпкі мақсатым.

Сындырса-дағы опырып,
Қабырғаларымды қаусатып.
Шығарман тамшы жасымды,
Түңілтіп дұшпан-қасымды.

Алдында тізе бүкпеспін,
Алса да кесіп басымды.
Елінің болған тірегі,
Біз едік түздің түлегі,

Қатепті қара нарлардың –
Езіле бермес жүрегі!
Ерлерге сенім артқанда ел,
Жолбарыс сынды жортқан ек.

Жасанған қару-жарағын -
Жасқанып жаудан қорықпап ек.
Кетпеуі үшін басынып,
Көтердік басты ашынып.

Дүрлікті өңір, дүрлерім,
Теңіздей болып тасынып.

Кешірмес өзге өктемін,
Шегінер жай да жоқ тегін.
Қасқайып қарсы алдық біз
Патшаның зеңбіректерін.

Атойлап жауға аттандық,
Жеңуге тапап шақ қалдық.
Қол бастаушы Рукиннің
Қылышпен басын шапқанмын.

Салуды үрей жөн көріп,
Сүңгіме алдым өңгеріп.
Сұсымнан қашқан көп әскер
Талқаны шықты сенделіп.

Күш басым дұшпан үрікті,
Бастадық ойран-бүлікті.
Айласын ақыр асырып,
Салғандай жауыз құрықты.

Сарқылып, қалмай амал түк,
Түрмеге келіп қамалдық.
Азаттық үшін алысқан
Есіл ерлерге саналдық.

Жойсақ та талай жендетті,
Көкейде арман, кек кетті.
Арыстан туған арыстар –
Елдік намысты бермепті.

Ездікті Адай сүймеген,
Ешкімге басын имеген.
Сүйкеніп келген сұстының,
Қашырып құты-ұсқынын,

Сүңгімен шаншып, түйреген.
Тектілік тіннен таймапты,
Жігерін дәйім қайрапты.
Бөгдеге бере салмаған –

Маңғыстау – маңғаз байтақты!!!
Беу, туған жер, ұлы өңір,
Жасымай ғұмыр сүре біл.
Ертеңге жарқын жол ашар,

Бұғауға түскен бұл өмір.
Мен өлермін, өлермін,
Түскенін басқа көрермін.
МӘҢГІ ӨШПЕС РУХ боп,

Айналып қайта келермін.
Сүйемін туған елімді,
Сүйемін туған жерімді,
Қия алмай барам баршаңды,

Қарулас серіктерімді.
Қош болың бауыр, кең Далам,
Қарасам көзім талмаған.
Қапияда кетсем ғайып боп,

Тақпассың айып сен маған...
х х х
Кетсе де ол күн келмеске,
Айнала қоймас елеске.

Тәуелсіздікке қол жетіп,
Өрледік биік белеске.

Ақпатша тақтан құлады,
Ленин «көсем» сұлады...
Қос батырға ескерткіш-
Ақкетік...

Жартас ұшары...

Иса тұр жарқын жол нұсқап,
Досан тұр намыс, Арды ұстап!
Ерлердің рухы оянды,
Қалды артта дәуір тар-қыспақ.

Замана жүгі артылса,
Төрелік дәстүр би қуса.
Найзамен елін қорғайтын,
Досандай тусын Ер туса!

Жырлаған дүлей шақты бұл,
Жанғабылұлы Сәттіғұл!
Бабаңнан, Қазақ, тәлім ал,
Баянды болсын тақ-тұғыр!

Бибігүл
(Поэма)
Бұл өмір маңыз берсек терең болар,
Көңілде көк тасқындай өлең толар.

Қай жерде жүрсем-дағы тірлік кешіп,
Бибігүл – сүйрер алға кемем болар.

Ол менің мәңгі сүйер жаным деймін,
Өтермін бұл ғұмырдан дауыл кейпім.
Бибігүл – жарым менің болса-дағы,
Өзіме етен оны бауыр деймін.

Біз, бәлкім, жүрміз кейде алыс кетіп,
Сөйлейміз кей күндері намыс келіп.
Қаншалық қатты келіп қалғанменен,
Жүректен сезім келер ағыс болып.

Бұл ағыс – менің бүкіл иірімім, Махаббат әлемінің ұйығымын. Өмірді өлшеп дәйім өтермін мен Тағдырдың тұмар етіп бұйырығын. * Бибігүл – бұйырмысы пешенемнің, Аруы – ардақ тұтар көшелі елдің. Ол мені қолтығымнан жүрсе сүйеп, Өршіген өр толқындай өсе бердім. Ол маған асау айдын – шабыт берді, Үйіме бақ құсындай бақыт келді.

Ару Ол –бал сезімге суаратын.
Жүрегі қанға толы жалынды ерді.

Ол менің - өмірімнің өзегіндей, Сарқылмас ішкі әлемнің өзеніндей. Бес күндік мынау пәни тіршілікте – Мәңгілік мирас етер кезеңімдей. * Ғұмырым тәттілікпен өлшенеді, Бұ Ғалым неге шалқып, белсенеді? Тәңірім тіршілікті тұрса тіреп, Болайын үмбетіндей мен сенері.

Пенде едім Құдайыма құлдық ұрған,
Дүние жатыр өтіп ұлы думан.
Мен жүрмін шалқып-тасып, шайқап ішіп,
Бақыттың қанбайтұғын тұнығынан.

Бибігүл дейтін менің бұлағым бар, Бибігүл десе жүйткір пырағым бар. Бибігүл десе көңіл босайды ғой, Бибігүл десе шаттық жыр-әнім бар. * Сезімнің дариясына бой ұрайын, Жүректің әмірін мен мойындайын. Жас күннен жазмышыма жазылды ғой Сыланған аппақ ару қайыңдайын.

Ол деген – жарық күннің тұтқасындай,
Тұп-тұнық пәк әлемнің тұнбасындай.
Көргенде оның алтын ақ дидарын,
Төгілер өлең, шіркін, жыр-Қасымдай!

Өмірге келсем-дағы қарапайым, Дүниеде түкті сезбес баладайын, Әлдилеп әлі мені келеді ғой, Баласын жанға қимас анадайын. * Бас иіп өтермін мен оған дәйім, Құшақтар көл сезіммен даламдайын, Қайда мен жүрсем-дағы кезбе болып, Қориды қасиетті панамдайын.

Жүректен сезім сел боп құйылатын,
Тәнті етіп ай жүзіне ұйытатын,
Осынау жарық әлем періштесі –
Бибігүл – бақ құсым ғой сиынатын.

Өзінің табындырып пәктігімен,
Жаныма сөнбес алау жақты мүлдем.
Келемін қол ұстасып Бибігүлмен,
Өмірдің көңіл шалқып шаттығымен.

Тағдырым аямады шарапатын, Төгеді әр күн сайын шапағатын. Мен жүрмін бақытым деп Бибігүлдің – Нәркестей жанарының қарақатын. * Шошынтар түнек сынды бұлтыменен, Шағымда қара аспандай күркіреген, Еріксіз іліктіріп есті алады – Еліктей екі көздің жылтыменен.

Кезім көп өзім де ұқпай дауыл болған,
Жүрекке жанартаудай жалын толған,
Дос та ұқпас жауым түгіл сәттерімде –
Бибігүл жанымды ұғып қолымды алған.

Мен, бәлкім, құйын ба едім, жасын ба едім,
Қай күні өмірде бұл жасып едім?
Дүрмегін дүрілдетсем дүниенің,
Бибігүл – шабыт алар асыл кенім.

Мен өзім тәтті өмірге масаң ба едім,
Құрықты салдырмайтын асау ма едім?
Мәңгілік он сегізге тұрақтаған –
Бір жүріп Бибігүлмен жасарды өңім.

Кей күні саябырсып сабыр табам, Күндейін жауар алды дамылдаған. Сыйлатпай қояды ма сезім-желік, Сұлуым – Бибігүлдей жарым маған?! *

Қалайша сөз сөйлейін жорғасынбай,
Жүрем бе тынып іштей қорғасындай.
Аруым – алтын өзен арнасындай,
Отауым – ұлы бақыт ордасындай.

Сезінем өзімді өмір патшасындай,
Бибігүл – сол патшаның ханшасындай.
Жайқалған жапырағым – ұлым, қызым-
Бағымның жасыл желек шыршасындай!

Шыдар ма, шіркін, көңіл шалқып ақпай,
Шабамын, шарықтаймын арғымақтай.
Аруым арқыратса ақыныңды,
Балалар қояды ма балбыратпай?!

Өмірдің ұлы көші – бәйгесінде
Іркемін атым басын мен несіне?
Бос мойын күн кешемін қалай ғана,
Бақыттың қол жеткізіп көмбесіне.

Жазылған жарқын ырыс маңдайыма –

Бибігүл нәр құяды өнбойыма.
Жүректен ағыл-тегіл ағыс келіп,
Саф алтын сөз ұйиды таңдайыма.

Бұл деген махаббаттың айғағындай, Бибігүл –сарқылмайтын қайнарымдай. Осындай асыл ару жарды құшқан – Бар ма жан бұл фәниде бай Ғалымдай?! * Ешкімнің қызғанбаймын несібесін, Көсілсем, достым мені кешірерсің. Мендейін сүйген болсаң қосағыңды, Өмірдің бар қызығын сезінерсің.

Ондайда таусылар ма шаттығың да,
Өртеген от сезімнің шарпуы да.
Осынау Тәңір тартқан тағдыр-күйдің
Тынысы – таңдап сүйген аққуыңда.

Ол сені жан-тәнімен сүйсе құлап,
Сүрінсең, бауырыңдай күйсе жылап,
Айнымас артық туған ару болса,
Сезімі секілденген айнабұлақ.

Ол үшін біз тұрармыз тағзым етіп,
Аймалап, аялдармыз бал қыз етіп.
Бар адам қосылсыншы бақытына,
Дүниеден баз кешпейік жалғыз өтіп.

Бағалай білейік те бардың бағын,
Құдайым тауып қосқай жардың бәрін.
Бибігүл екеуміздей қол ұстасып,
Ағайын, баршаңыз да жарқыл қағың.

Жанарда мұңның көлі көлкімесін,
Жүрекке шын ғашықтық өртін берсін.
Айрылмас жұбым болып жарасатын –
Бибігүл – менің үшін мәңгі есім!

АҚЫНДАР

немесе өзім туралы
Бұл күйіммен мені бір күн жыр ұрар,
Бұл күйімен ақын бір күн құтырар.
Дауыл атқан ішкі жаным әлемін,

Сірә да жан табылар ма ұғынар?

Оны айтасың, ұға алмай жүр жақын жан,
Кім іздейді дәтке дәру ақыннан?
Ел қатарлы жүрсе бүгін қалыпты,
Ертеңгі күн жанартаудай атылған.

Жүрсе өзі дүниеге ойы алаң,
Одан сырт та айналады кей адам.

Тар секілді оған пақыр тірлігің,
Ақын көзі қарайды ғой қиядан.

Ол жүреді дүниені тербетіп,
Қиял құсын қияндарға серметіп.
Ақын да бір шырылдаған балапан,
Тағдыр оны жаратқан ғой ерке етіп.

О, бауырым, айтып,айтпай не керек,
Ақындарды ауру жандар деме тек.
Кең даламен қанат қаққан бейкүнә
Ол-дағы бір нәзік жүрек көбелек.

Қаралап сен жанын оның нетесің,
Сүйкенсең сәл жаралап-ақ кетесің.
Дауылдарда алып шығар алып та Ол,
Тағдырының толқын соққан кемесін.

Ақын жүрек әрі нәзік, әрі отты,
Ол-дағы бір дерсің қыран қанатты.
Ақын аңғырт болғанымен баладай,
Арқалы да, әулиедей әруақты.

Көп жайларды салып көрсек ақылға,
Титімдей де жазық болмас ақында.
Ұқпағанға ұнамауы мүмкін-ау
Келмей жүрген кездерінде бабына.

Атым шықса демейді Ол әлемге,
Жүрек сырын жайсам дейді Өлеңге.
Ол жырлар ед сұлулықты тек қана,
Кей пенделер түсірмесе көлеңке.

Сондықтан да көзінде оның кіреуке,
Өшпенділік оты да бар реңде.
Кінәмшілдеу жүрегі де жаралы,
Жүзі де тым дімкәс жандай жүдеу ме?

Кім шыдамақ, міне, осынау мұң-күйге,
Тағдыр өзі ақыныңды сілки ме?
Беу, дүние, қара тастай безерген,
Жынданардай боп жүреміз бұл күнде.

Қалай ие болам жүрек шіркінге,
Басады да тұрады ләйім дүрсілге.
Әкем айтты: «Өзіңе, ұлым, бол мығым,
Жаныңменен жылама да, күрсінбе».

«Қайғыға да қара,деді Ол, сабырмен,
Өзді-өзіңді тізгіндей біл ақылмен.
Әке сөзін құп алсам да іштейін,
Қалай жартас болмақшымын жалын мен?!»

«Жоқ!-дедім де, еңсемді тік көтердім,
Бұл өмірде осы күйде өтермін,
Мұңланармын, жылармын да, күлермін,
Кім біліпті, жынданып та кетермін...»

Соғыс көрген кәрлі көзі әкемнің
Өз сөзіне тұратындай бекем тым.
Деді тағы: абай болшы , асыл ұл,
Бұл тірлікте кезігеді қатер мың...

Одан сайын қызып кетті от денем,
Мейлі, қатер, кезі келсе өртенем,
Дедім күйіп, күресемін бәрімен,
Қаталмын да, дүниеге ерке мен.

Шашып тұрса алтын шапақ шуақ күн,
Жаным –арай, жаз өмірді қуанттым.
Жүзін көрсем жарқын көңіл жандардың,
Мөлдірлігі билер мені бұлақтың.

Жаны жайсаң жанға жайып жақұт-сыр,
Бүкіл ішкі әлемімді ағыттым...
Жанымды ұғар жанды көрсем сезінем-
Балдай дәмін дүниедегі бақыттың.

О, қайран дос, айқара ашық құшағың,
Саған қарай қиялыммен ұшамын.
Келші бермен, жанымды ұққан азамат,
Тарқат шерін ішімдегі ызаның.

Бұл күйімде мені бір күн жын ұрар,
Бұл күйінде Ақын бір күн құтырар.
Осы күйде Ақын мәңгі өте ме,
Жайым жоқ еш неде болса бұғынар.

Жағдайым не тышқаншылап тығылар,
Бұқсаң төмен, бықсық жандар сұғынар.
Мен өлмеспін топасыңды түйремей,
Халқым ақыр жан сырымды ұғынар.

Жұрты ұқпай талай ақын өткен ғой,
Жұрты ұқпай көбі қайғы шеккен ғой.
Дүниеге қарай алмай безеріп,
Талай ақын отша жанып кеткен ғой...

Талай ақын
мұратына діттеген
жете алмай,
душар жайға күтпеген...

Айтқан олар айтатұғын, жерінде,
Арамзадай ішке пиғыл бүкпеген...

Кейде мен де шырай берсем қатулы,
Кей алаяқ күйеледі атымды.
Туған сайын заман оңнан жарқырап,
Ұғады ғой ақ жүректі ақынды.

Сенем бұған, сөзімнің бар негізі,
Нағыз ақын – мәңгіліктің егізі.
Ақын деген жартасты ұрған сабалап,
Табиғаттың асау толқын-теңізі!..

Әйелдер әлеміндегі әңгіме
Күн сенбі, дала бұлтты, күз әдемі,
Келгенмін қой базарға түс әлеті.
Мал таңдап, сойдыруға кезек күттім,

Той, қонақ – бұл қазақтың бір әдеті.

Жел үрлеп, тығыламыз ықтасынға,
Жасамыс жандар кілең тұр қасымда.
Бір әйел өткен күнді еске алады,
Уақыттың қалып қойған жылғасында:

-Балауса бір уыстай денем болды,
Ақырған аюдайын енем болды.
Төрт қызы төрт жағымнан анталаса,
Бетерден деген осы бетер болды!

Тұрмыстың тауқыметін арқаладық,
Тірелді намысымыз арға барып.
Тік тұрып тілерсектен қонақ күтіп
Жүргенде арайлайтын таң да ағарып.

Талмастан жұмысты да атқарамыз,
Қуанып, елмен бірге шаттанамыз...
Ауырдың үстіменен жүруге әуес
Қазіргі келіндерге таң қаламыз...

Бір апа сөз арнасын бұрғандай ма,
Адам көп, асығып бір тұрғандай ма?
-Қалада қой союға тиым сапты,
Қазан да астыруды тыйғандай ма?

Апырай, малды мейлі сойдырмасын,
Атағын жайсыз іспен жайдырмасын.
Қазаққа, Адайға тән ағаш үй мен
Қазанды тұғырынан тайдырмасын...

Бұл сөзді іліп кетті бір келіншек,
-Хакімің жан емес қой бір келімсек.
Еділің еңіреген ер емес пе ед,

Билікпен жайы бар ма тым келіспек?

Ақтаудан АЭС салмақ деседі жұрт,
Демеймін бостан-босқа бөседі жұрт...
Бір кезде салдырмаймын деген Еділ,
Бұл күнде самал желдей еседі кілт...

Өзеннен келіп едік көшіп енді,
Ақтауды мадақтаймыз несіне енді?
Астана, Алматыға қашамыз ба,
АЭС-тың дабыры үстем естіледі...

Тағы да тақырып дүр өзгереді,
Қозғады аққұба әйел сөз келелі:
-Ғарыштан құлдилаған метеорит
Құлайтын қара жерге кез келеді...

деп газет, ғаламторлар үркітуде,
Ғалымдар жауап таппай іркілуде...
Ақырзаман ауылы алыс емес,
Желтоқсанда дүние сілкінуде!..

Бір ару орамалды бөлді сөзді,
Тарқатып саясатты өргізеді.
-Қатерлі шаққа келді Таяу Шығыс,
Тарих тірі болсақ көргізеді.

Дейді ғой аңдамаған от басады,
Тосқын бар кім егерде көп тасады.
Иран мен Сирияға - Орыс, Қытай,
Түркияға – НАТО жақтасады!

Мұсылман мұсылманға оқ атуда,
Оқ атуда, жаңбырша боратуда!
Айдап салып алыста АҚШ отыр,
Адамзаттың күйместен ар отында!

Дүниенің дөңгелеп қас-қабағы,
Жер-Ана жанарынан жас тамады...
Дейді ғой сәуегейлер көп ұзамай
Үшінші жаһандық соғыс басталады!..

Танытып өзімізше ер, жігіт қылық.
Ертеңнен жүруші едік үміт қылып,
Әйелдер әлемінің әңгімесі
Байқасаң, тұнып тұрған біліктілік.

Жанымды кеткен ойды үгіттіріп,
Ішімде қайтем енді бүгіп тұрып?
Әйелдер адамзатқа алаңдайды,
Ғаламның бар болмысын ұғып, біліп.

Әйелдер көп хабарды аян етті,
Әйелдер көп сырларды баян етті.
Әйелдердің аңсары – бейбітшілік,
Әйелдер жек көреді қияметті.

Әйелдер ізігіліктен шырағым бұл,
Әйелдер мөлдірліктен бұлағым бұл.
Ей, Адамзат, ес жиып, тәубеңе кел,
Әйелдер әлеміне құлағың түрІ

Қарт майдангердің келіні
Келінім Құлыншаққа
-------------------
Сөйлейтін сөйлесе сөз шабыттанып,

Дана қарт бір кісідей бақытты анық.
Тағдырдың талқысына бой бермеген,
Ғұмыры ақылды іске бағытталып.

Жаманға жаны ешқашан жұғыспады,
Даланың жұпарымен тыныстады.
Жақсымен, жайсаңменен дәурен кешіп,
Өмірде еселенді ырыс-бағы.

Құшағын көпшілікке жая білген,
Адамға жылы сөйлеп аялы үнмен.
Қыр-сырын жалпақ дүние пайымдаған
Үндесіп бар болмысы баяғымен.

Әр сөзі қазақ деумен қайталанып,
Әлі күн толғанады ойға батып...
Күн көзі көкжиекке жасырынды,
Барады ұясына Ай да батып...

Тоқсанның тұғырынан асып барып,
Ақсақал ажарында асыл қалып.
Кәрілік дәу құрығын тастаса да,
Жатқан жоқ тірлігінен жасып қалып.

Дүние дөңгеленген шыр айналып,
Бұл күнде кетсе-дағы шырайды алып,
Қартыңыз төсек тартып жатып қалмай,
Келеді үйдің ішін бір айналып.

Тоқсанда десек-дағы хәл кетеді,
Өмірді пайымдауға әл жетеді.
Немере, шөберені қызықтатқан
Құдайдың құдіретіне тәубә етеді.

Болғасын ниет-құлық түзу пенде,
Әр күннен үміті оның үзілген бе?
Шошып та кетер дейсің өзді-өзінен
Өткен күн көз алдына тізілгенде...

Мың тоғыз жүз жиырма бір, тауық еді,
Елдің де жағдайы тым ауыр еді.
Атысқан ақ пен қызыл алапат кез,
Жұт пенен ашаршылық қауіп еді...

Артынша алабөтен зұлмат келді,
Жауыздар Адай деген қырмақ елді.
Сардарлар, сарбаздардың сағы сынбай,
Намысты қолдан бермей қырда өлді.

Сұр заман сұмдығына шара бар ма,
Нешебір түсті құрық қара нарға.
Отыз бір, отыз жеті зауалдарын-
Тартқан-ды сол кездегі балалар да.

Құртты ғой тарғыл заман аталарды,
Арыстар өтті өмірден тәмәм арлы.
Артынша соғыс өрті бұрқ етті де,
Сталинград - қан майданға кете барды...

Қудалау, соғыс пенен жоқшылықта,
Күндері өткен еді таршылықта...
Соғыстан аман келіп, бейбіт күнде
Қырық жыл кешті ғұмыр баршылықта...

Қырық жыл атқа мінді айыл жимай,
Жақсы атын жамандыққа шалындырмай.
Ақылменен абырой жинай білді,
Әлсіздікке өнбойын бағындырмай.

Тоқсаннан да асты Ол тайынбастан,
Тағдыры ғұмырынан айырмастан.
«Қарт қой Ол сүйегі асыл» деседі жұрт,
Таңғалыс сезімінен арылмастан.

-Шынында,-дейді келін қолындағы,
Кісі ғой бұл бекзаттық жолындағы.
Ешқашан жан-тәніне кір жұқпаған,
Тап-таза кіршіксіздік қанындағы.

Тектінің тектісі Ол, ақсүйегі,
Өнеге өмірінің әр сүйемі.
Қазақтың ұлылығын әспеттейтін-
Енеміз Дарайыдай жар сүйеді.

Дегенде,
Қарт көңілі қамыққандай,
Дүниенің бар мәнісін жаны ұққандай,
-Айтайын менің тоқсан жасауыма,

Айтса да небір пікір халық қандай:

Өрейін өрелі ойды саралықты,
Өмірден түйген түйін, даналықты:
Өлместің күйін кештім бұл күндері,
Құлыншақ менің үшін жаралыпты!

Атаның сөзін мақұл жұрт санайды,
Қартымыз жүдеу жанға ұқсамайды.
Келіні жуындырып, күтіп, бағып,
Қалса да ұйқысынан шаршамайды.

Тәңірдің тартқан бағын қарияға,
Біз бүгін жыр ғып төктік жарияға.
Қарттардың батасымен көгереді ел,
Болса егер текті келін жанұяда!

Болғасын өмір қыс пен күз де келер,
Кәрілік бір күн Біз бен Сізге келер.
Қарттарды мәпелеген шарапатты –
Келіндер Құдай қолдап жүзге келе

АҚЫРЗАМАН жайлы ой

Арайланып алтын нұр таң атқанда,
Жалбарынып жүрелік Жаратқанға.
Ұлы Тәңір паш еткен құдіретін-
Он сегіз мың ғаламды жаратқанда.

Жымдастырып қойған-ау бәрін түзіп,
Тағдырында әркімнің – кәміл сызық...
Фәлсафасын ұға алмай тіршіліктің,
Табиғатты тәрк еттік заңын бұзып...

Көк аспанды айырып, тілгіледік,
Қара жерді қақ бөлді бұрғы керіп...
Көк теңіздің флора, фаунасын
Қап-қара май мыстандай қуды келіп...

Цунамилер, Торнада - бір аймақта,
Жанартаулар енгендей дүлей шаққа...
Жер шарының жартысы егесуде,
О, Адамзат бүлінді-ау, Құдай сақта!

Бір жақтарда ормандар өртенуде,
Дөңгеленген дүние кер кетуде...
Табиғат пен Адамзат тайталасып,
Тыныш заман болмай тұр жер бетінде.

Кім өлшеген шамасын ғұмыр-жастың,
Тауанына тағдырдың ұрынбас кім?
Қайдан келмек, ағайын, қауіп-қатер,
Қайдан келмек селдетіп ұлы тасқын?

Екі мың он екінші жылың келді,
Желтоқсанның жиырма бірі бүгін келді...
Майялықтар болжаған ақырзаман-
Дүрілдетіп болды ғой дүйім елді.

Қорықпадым мен өзім, мал жимадым,
Ұлы өмірде байлығым – ар жиғаным.
Қазағым да, адамзат көктесе деп,
Жырым төктім, құр бекер шалжимадым.

Қазағым аман болса деп тіледім,
Елжірейді ел десе, ет-жүрегім.
Ақырзаман деген не, ағайындар,
Ақырзаман деген не, тектілерім?!

Ақырзаман?..
Кім білген?..
Келеді ме?,,
Төбемізден қара аспан төнеді ме?!

Он сегіз мың ғаламың опырылып,
Қара жер қабатына енеді ме?!

Білмеймін сенбесіме, сенеріме,
Мәңгі тірі табиғат өледі ме?!
Өркениет, апырай, өшеді ме,
Адамзат жетті десек кемеліне?!

Тартылып айдын бір күн суала ма,
Кім білсін, тасып теңіз, су ала ма?
Ақылынан алжасса адамзатың,
Ібіліс,жын-шайтаның қуана ма?!

Кім білсін, қалай келмек ақырзаман,
Ақырзаман, не деген атың жаман!
Ақырзаман уытын қайтарардай,
Қайдасың, дана құлық, ақылды адам?!

Сана-сезім тұрғанда сан құбылып,
Түзе алмаспыз тегінде мәнді ғұрып.
Өзалда ақырзаман болмас үшін –
Адамды жаратқан ғой арлы қылып.

Бұл заман мойынға жүк көп артады,
Замана жауыр етті жон арқаны...
Ақырзаман келерде, Адам затың,
Адамшылық болмысын жоғалтады.

Қозғасам көкіректен қоламтаны,
Өткеннің өшпестей боп қалар табы...
Ақырзаман боларда, ағайындар-
Бір-біріне қол жұмсап, оқ атады...

Болса да жаралғанда қаны бірге,
Бола алмайды, амал не, жаны бірге...
Жаңаөзен...
Желтоқсанның шері кетпес,

Зауалы запыран боп әлі күнге...

Елінің еске түссе ер түлегі,
Егіліп, езіледі ел жүрегі...
Тумайды деп кім айтар ақырзаман,
Түршіктіріп, түңілтіп белгілері...

Ақырзаман болады-
Тілім кетсе!
Ақырзаман болады-
Ділім кетсе!

Ақырзаман болады-
Иманым мен
КөкТәңірге сиынған дінім кетсе!

Қуанар ем...
Баршаға үнім жетсе,
Қуанар ем...
Жанымнан мұңым кетсе...

Бабамұра – жеріме ие болып,
Баянды боп болашақ – ғұмыр жетсе!

Адал болып келгенде өмірге адам,
Көкірек соқыр болмасын, көңіл харам.
Жер-Ананың ұрардай кепиеті-
Ақырзаман деген бұл – обырзаман!

Бір-ақ сәтте кетеді ғапылға адам,
Айтып қалар тіл берген ақынға әман.
Ей, Адамзат, есің жи, ақылға кел,
Адамзатты жеңбесін ақырзаман!

Кейде өзі қалардай үздігіп дем,
Адам жаны жұтаса ізгіліктен...
Білсе білер бір Алла Тағаламыз-
Тіршілікте не барын бізді күткен!

АҚЫН АРМАНЫ (АЗАБЫ)

Екі актілі поэтикалық драма

Бұл шығармада Ақын Қоғам атынан, яғни Халық атынан шығып, өзінің (яғни қоғамдық пікір боп қалыптасқан халықтық ойдың жалаугері ретінде) көкейінде піскен, қордаланған, бұлқынып шығуға жол іздеген ойларын, көзқарастарын Ақындық, Азаматтық, Адами тұрғыда тереңнен толғана, тебірене ұсынады. Ол еліміздің егемендігіне, Қазақ елінің тәуелсіз, дербес ел болғанына жүрегі жарыла қуана отырып, елдікті қалыптастырудың ұлы жол-өткеліндегі кездесетін көптеген қиындықтар мен кедергілерді, кемшіліктер мен осал тұстарымызды бірлесіп түзетуге, бірлік пен ынтымаққа шақырады. Ел болу үшін ең бірінші кезектегі маңызға ие ұлттық рухтың үстемдігі, ел, жер, тіл, теңіз, адам жанының экологиясы, ұлы жолда даңқты ата-бабаларға сиыну тәрізді ұлы мұрат, көкейкесті тақырыптарды шабыттана жырлайды. Ақын арманы да осы. Ұлт назарын төмен түсірмеу, ұлттық рухани және материалдық құндылықтардан айрылып қалмау, тізгінді тарта ұстау, ешкімге есе жібермеу. Ішкі және сыртқы «жаулардың» қай-қайсысының да арандатқанына түсіп қалмай, ұпайды түгендей білу. Ақын осынау азапты міндетті, келеңсіз көріністерге қарсы сын садағын көздей тарту тәрізді ауыр жүкті мойынға алғанын жан азабына меңзеп отыр.

Қатысушылар:

Ақынның өзі
Ақынның досы
Баба үні
Елбасы

Төбе би
Жер-Ана
Тіл-Ана
Батырлар Рухы

Әулие-әмбие, аруақтар
Ақынның қызы(Шәрбану)
Студенттер
Бір топ жас қыздар

Тоғышарлар(жемқорлар)

Бірінші акт

Сахна төріне(қыр төсін шола қарай) Ақын шығады

Ақын:
Беу, Далам, сен не деген шалқар едің,
Несібең құр кетпегей дархан елім.
Көзім салсам көз жетпес кеңістікке,

Кезем келіп шексіз бір арман елін!..
Ақын досы (немесе оның дауысы):
Беу, ақыным, сен елдің ардағы едің,
Бағалайды туған ел арлан ерін.

Озғанында, немесе тозғанында,
Төтесінен қайырар тарланы едің.
Ақын:
Біле білсек, дәл сондай туып тұр шақ,

Ұстарадай қылпылдар уыт-пышақ.
Ел басына күн туған тәрізденіп,
Менің сөзім бара ма суыт құсап?!
Досы:

Адалсың, дос, әрдайым ар алдында,
Туған жерден бойыңа нәр алдың да.
Туралықтан таймайтын кескек мінез,
Адал сөйле, ақын боп жаралдың ба?!

Мейлі, сұсты болса да хан алдында!
Ақын:
Сөз сөйлейік, ендеше, патшамызға,
Ұлық кісі бас сұқса ортамызға.

Сын мен мінді кім жақсы көрер дейсің,
Шамшыл болса қақпайды-ау арқамызға.
Елдің қамын ойласа, ол ер дейсің,
Елбасымыз буар-ау ар-намысқа.

Елбасы келеді.

Ақын досы:
Сүйінші, беу, ақыным, жырлашы енді,
Хан келгенде қасыңа,

тұнба-селді
ақтара біл,

көкейден ел тілегін,
Баянда, басың бұғып тұрмашы енді.

Дәл бүгін болып тұрсың бақытты өзің,
Шырқырат шалқытып бір шабыт көзін.
Елеңдеген Елбасы, елім деген,
Құлағына асар-ау халық сөзін.

Елбасы:
Жігіттер, не боп қалды, күбініс не,
Өмірге құлшыну ма, түңіліс пе?
Айталық арамызда ерген болса,

Егерде шайтан мен кім ібіліске!
Әңгіме әділдікке жүгіністе!

Өзалдан Тәңір сыйы сайрай білген,
Ақындар алған беттен таймай жүрген.
Айта бер, айтарыңды, азулы ақын,
Бұхар да Абылайды қайрай білген.

Ақын:
Ежелден иген ел ек ханына бас,
Ешқашан тілемейтін жанына қас.
Ерлермен өр мінезді ел мақтанар,

Биліктің батыр келсе бағына хас.

Сөз қозғап баяғының тереңінен,
Бұл ақын шер тарқатса өлеңімен,
Қазақтың келешегін көксейді ғой,
Алаш пен ер Түріктің әлемінен.

Кем болған бұл қазақтың кезі бар ма,
Қадалған кеудесінде безі бар ма,
Қандай іс қылсаң-дағы ниетіңді
Қашанда тұрар деуші ед сезіп Алла.

Нешеме басымыздан дәуір өтті,
Сан қилы тағдыр бастан ауыр өтті.
Көп көрген зобалаңды қайран елім,
Ойласақ, жаралайды-ау бауыр-етті.

Селдейін көз жасы боп құйып жаңбыр,
Өтсе де ел басынан қиын тағдыр,
Көшпенді қайран қазақ айыл жимай,
Ту етіп Көк Тәңірге сиынды бір.

Қалса да кейбір шақта бас мәңгіріп,
Қазақты кім көріп ед жасқандырып?!
Ұлан жер, Ұлы Дала – Баба-мұра,
Көк сүңгі, қайқы қылыш, асқақ РУХ!

Елбасы:
Ақыным, көп жәйттарды жөн айтасың,
Үміт пенен сенімді молайтасың.
Оның рас, мирас қой ұлы Дала,

Аманат пен парызды зорайтасың.

Болғанменен біз бір хан, ұлық-пенде,
Бойдағы қан, ел деген құлық кем бе?!

Күні кеше бас тігіп атойладық,
Тәуелсіздік қолға кеп іліккенде!

Қилы шақта елемей өліараны,
Тұрғыздық қой елдіктен мұнараны!
Желбіретіп көгіңде Көкбайрақты,
Шартараппен бекіттік шекараны!

Демеймін бәрін-бәрін мен істедім,
Бар шығар тегістерім, еңістерім.
Бар шығар табыстарым, кемістерім,
Әйткенмен, тағу оңай жеңіске мін.

Тәй-тәйлап қадам басқан кез алқына,
Кешегі күндер келер көз алдыма...
БҰҰ-дан еркін сөйлеп тұрмыз Бүгін
Ел болып егеменді өз алдына!

Әр күнді жыр етсек деп дастан-аңыз,
Күрестік,

кімнен тегі жасқанамыз?!
Киіз туырлықты қазағың, Тәңір қолдап,
Біз бүгін ОБСЕ-ні басқарамыз!

Аялап кие-мекен топырақты,
Тіктедік қабырға, уық, шаңырақты!
Енді-енді есті жігіт шаққа келдік,
Жиырмада жая білген жапырақты!

Ел едік жылқы мінез тарпаңымен,
Салмайық қойдай жуас арқаны кең.
Қазақтың ұлы арманын өшіре алмас,
Жау жаға, бөрі етектен тартқанымен!

Әр сөзде болу керек бай мағына,
Ешкімнің ермеу керек айтағына!
Топырақ шашқан жандар не ұта алмақ,
Қазақтың қара нардай қаймағына?!

Соғыс жоқ, бейбітшілік байтағыңда,
Жел есті қазағымның айдарында.
Ортадан оза шаптық сәйгүліктей-
Көш бастап Орта Азия аймағында!

Баба үні:
Келе жатқан тін тартып ғасырлардан,
Ақиқатқа айналды-ау асыл арман.
Балаларым, бастарың бірге болып,

Әлі талай асыңдар асулардан.

Бар әлемге, білемін, шашқан аңыз,
Аман болғай тіл-көзден Астанамыз.
Аман болғай тіл-көзден Қазақ елі,
Ұлан-ұрпақ, өскелең жас баламыз.

Білем, білем, ұқсайсың өскен елге,
Парасат пен парыққа көшкен елге.
Есте болсын, алайда, мәңгілікке,
Айналмаудың жолдары өшкен елге!..

Баба үні жоқ болып кетеді.

Ақын:
Оу, бабам, қайда кеттің, қайда кеттің,
Көкейге қандай сөзді байлам еттің?
Өшкен елге айналмау жолы үшін,

Өзді-өзіммен оңаша ойға кеттім.

Бұл жұмбақтың шешімін шеше алмасақ,
Құримыз-ау құрдымға осал құсап.
Төрімізде Бәйтерек тұрғанымен,
Бірімізден біріміз сөз аңдысақ.

Бірімізге біріміз сырттансысақ,
Бірімізге біріміз мыстансысақ.
Төбе билер тиылса ауызынан,
Төрде емес, есікте ұлтан құсап.

Құлдық ұрса бой беріп жағынысқа,
Құдай емес, жекеге бағыныста.
Қазағымның қорғалмай ұлт мүддесі,
Қайран елім түссе егер сабылысқа!

Жүре алмасақ өзді-өзі жағаласпай,
Өсиетіне Бабаның құлақ аспай.
Қара халық Ханына бас имесе,
Хан егерде халқына құрақ ұшпай.

Төбе би:
Бізді де ілдің сыныңның садағына,
Жөнің жоқ-ты сөйлердей таба қыла.
Біз сөйлесек елдіктің сөзін айттық,

Жығылмадық ешкімнің табанына.

Ұлы өмірдің жүгініп сабағына,
Болсын дедік ләйім қазағыма.

Өз ішінен жік шығып, ырылдасқан
Қалары анық өзгенің мазағына.

Аз деймісің күндестер көре алмаған,
Көршіге де бұл қазақ сене алмаған.
Жан-жағында арыстан, айдаһарлар,
Жын-пері мен диюлар көзді арбаған.

Күпірлікке ермедік күңсігеннің,
Тұзағына түспедік түксигеннің.
Елбасымен бір тоқтам, пәтуалы,
Билер болар ұстыны ұлт сүйгеннің.

Елбасы:
Айт, ақыным, атыңның тартпа басын,
Ағыл-тегіл сөзіңді ақтарар сын.
Тек ақиқат аулынан бұра кетпе,

Нахақ сөйлер жаладан сақтанарсың.

Барымызды айт, білікті өрелікпен,
Парық, пайым, пәлсафа, төрелікпен.
Іс қыламыз ұстанып тәуекелді,
Іс қылмаған тең болар тірі өлікпен.

Демесек те көкпенен таласқан-ды,
Бүгінде елім біршама қыр асқан-ды...
Қараниет жандайын, жаны соқыр,
Төндірмейік бекерге қара аспанды...

Ақын:
Дат Тақсыр, саларсыз бір дәтке құлдық,
Дейміз ғой арман елін шаққа құрдық.
Адамға жеткізер ме қиял, шіркін,

Демейміз туған елді жатқа құрдық.

Десек біз туған елдің тынысы кең,
Десек біз болмасын еш ырысы кем,
Туған ел, туған халқын туған ұлы
Дана боп бастар алға ұлы ісімен!

Ұлы өмір ұлы айдындай тербеледі,
Ұлы іске ұлы Бабам дем береді.
Ұлыны ұлы жолдан тайдырмаққа
Біреулер жел сөзімен жел береді...

Толқын ғып жаратса да салтын Құдай,
Теңіз де жатпайды ғой шалқып ұдай.
Құлағы нән кеменің бұрғызбайды,
Болса егер бұрауы кем домбырадай...

Елбасы:

Дәл бүгін сырласудың сәті болды,
Пәтуа елдік жайлы ақыл болды.
Ал, қане, Алла өкілі Ақын жігіт,
Өзіңше аңғартып көр ұлы жолды.

Іркілме, біз қай жерден тау асыппыз,
Шыңдармен заңғар биік таласыппыз?
Іркілме, ұлы мақсат сүрлеуінде,
Қай жерде мүкі кетіп, адасыппыз?

Ақын:
Қиядағы қырандай қалықтап бір,
Қазақстан бүгінде шарықтап тұр.
Жалпақ әлем құлағын түргенімен,

Жіті көзбен қазақты бақылап тұр!

Мүмкін, асқақ арманға біз жетерміз,
Болашағын елімнің нұрлы етерміз.
Ұлы қаһан, алайда,
Ұлт мүддесін

Ұлықтамай

қаридай мүлт кетерміз!

Біздің ойда, білсеңіз, бір-ақ түйін,
Ұлт тыншыса, кешеміз бұлақ күйін.
Ғұмыр кешсек қазақтың арманы ұшін,
Болмас еді көңілде сұрақ-бұйым.

Сізді халқым сайлады ел етсін деп,
Көсегесін қазақтың көгертсін деп,
Қор болған қазағымның Ана тілін
Көкке өрлетіп, өзгемен тең етсін деп!

Қашан жанар от болып азапты үміт,
Жүзі жайнап, тілі мен қазақ күліп,
Қазақ тілі – тілі ғой Түркі әлемнің,
Қазақ тілі күтеді қажеттілік!

Бола алмайды өзгемен ғұмыры бір,
(Ағылшын, орыс тілдің тірлігі-жыр!)

Сіз отырған айнымас Хан тағындай,
Ана тілдің тегінде Тұғыры Бір!

Маздамаса жүректе ар оттары,
Басқа шығар қарында талақ-тағы!
Тәуелсіздік кім үшін керек болды,
Сауап болмай тарихтың сабақтары!?

Болса-дағы ессізден серкесі көп,
Бұл қазақтың естіден еркесі көп,
«Тәк» демесе бала да қағынады,
Нұқып-нұқып алмаса желкесінен.

Талай мықты кергіп бір, керіліп жүр,
Сырттан келіп сырттансып желігіп жүр.
Сығалап кіріп, сыналап төрге озып,
Ырысыңды білдірмей кеміріп жүр.

Боп көрмеген жан едім адамға араз,
Айтатұғын жан едім ғаламға наз,
Кәрі Каспий кетпегей ғайып болып,
Арал сынды қайраңдап майып болып,

Кен-байлығым болмағай талан-тараж...

Көрсоқырдың сақтағай өсегінен,
Көлденеңнің сақтағай кеселінен,
Қансорғыштар секілді жемқорларды
Қайтаратын кез келді-ау меселінен!..

Баба үні:
Балаларым, тіл деген халық жаны,
Ағып жатқан су емес арықтағы,
Ана тілі көктемей ел болмайды,

Ана тілсіз атпайды бақыт таңы.

Өткелдерді ұмытпай кеше көрген,
Ешкімге де ешқашан есе бермең.
Ел басына күн туар заман болар,
Ана тілмен ел рухы өсе берген.

Қасаңдықпен тайызда, Ер, қайраңдама,
Тілің сорлап, сен, Қазақ ,тайраңдама!
Ана тілі – елдіктің жалауындай,
Қорғайтұғын қандайма майданда да!

Күйін кешіп тіліңсіз албастының,
Жан-дүниең, ұлт-санаң алмас тыным.
Батырлар жыры менен ертегі, аңыз,
Бастар алға қазақы салт-дәстүрің.

Ей, жігітім, елдіктің атына мін,
Жалтақтауың қазақы затыңа сын.
Кең даланың, бауырым, иесі бол,
Мінезің сай мұрагер атыңа шын...

Бұл – бабаңның, біле біл, базынасы,
Жер дегенің – қазақтың қазынасы.

Ажырамас тіндейін Жер менен Ел,
Қазақ деген халықтың Қазығы Осы!

Баба үні тағы да жоқ болып кетеді.

Ақын:
Һ-і-і-мм!..
Әріден құрық тастаған сынды бабам-дүр,
Байқатқан сынды беймаза көңіл алаң бір.

Кең Дала үшін қасықтай қаны қалғанша
Арғымақ атқа қамшыны басқан жалаң-дүр.

Ей, аруақтар, тұрып бір кеткен ұйқыдан,
Шошынды деме, ұланың дүлей- сиқыңнан.
Мен бүгін тіл мен рухтан қанды қозғайын,
Өзіңсің менің бойыма шабыт сый қылған.

Кең дала десе, қозады менің делебем,
Қазанат мінген көз алдым түгел Ер екен!..
Кең Дала деген Бабамның қаны төгілген,
Көсіліп жатқан жазира мынау Жер екен!

Кең Дала десе, қозады менің арқам-дүр,
Қайдасың, қайда сағымы жүзген жайлау, қыр,
Қазағым десе, Көшпенділердің мекені,
Даңғайыр Дала аңыздай шықпас естен бір.

Сол Дала бүгін шерте ме күйін шалқыған?
Сахара-көңіл, күйзеліп кейде шарқ ұрам.
Найзаның ұшы, қорғалған білек күшімен,
Қалса ғой, шіркін, қазақтың бағзы даңқынан.

Бұрынғы қазақ алысқан екен ел үшін,
Алысқан екен бір тұтам бермей жер үшін.
Жеріміз біздің елімнің болса ырзығы,
Өмірде мынау бақыт та осы мен үшін!

Елбасы:
Беріліп ойға тұрсың ғой, достым, көреген,
Дұрыс қой, дұрыс, екшеп бір ойды елеген.
Қозып тұр, білем, жер үшін арқаң, тіл үшін,

Дұрыс қой, дұрыс, пайыммен терең шенеген.

Біз айтар уәжге түріңіз құлақ Сіз де онда,
Кемістікті айтып, жетістік жайын қызғанба.
Төрт аяғымыздан тең басып тұрған ел ме едік,
Тәуелсіздікті маңдайға тағдыр жазғанда.

Қаншама жылдар өзгеге қарап тамсандық,
Тәуелсіздікті жылап бір тұрып қарсы алдық.

Тентіреп кете жаздаған туыс-қандарды
Шақырып елге шартарапқа біз жар салдық.

Қазақтың сонда ойладық ерен елдігін,
Көбейіп саны, болсын деп тұтас жер бүтін.
Тоғызыншы орын алатын жалпақ әлемде
Танысын дедік қазақтың бостан, теңдігін.

Көрмесін дедік дүниенің мынау кемдігін,
Сезінсін дедік қазақтың жері кеңдігін.
Қияндап кеткен жерлерді кері аламыз,
Қия бір шауып иеленсе заңсыз жерді кім?!

Қиястық болса, көшкен бір кезде нарыққа,
Саламыз әлі талайын өлшем-парыққа.
Таразы басы тоғышарларға бұрмайды,
Таразы басы бұрады туған халыққа!

Ал егер біздер сөз етсек тіл мен ұлт жайын,
Еліме қалың айтпасқа сынды жоқ жайым.
Біріңмен, қазақ ,біріңіз сөйлең қазақша,
Өзге ұлттарды ерте біл жүйрік аттайын.

Еліміз үшін бірлігі керек бар ұлттың,
Сонда біз күйін кешеміз мықты, алыптың.
Қазақстанның ертеңі қазақ тілінде,
Елжандылығында елдегі барлық халықтың!

Тоғышарлар (жарамсақтанып, жымсиып):
Хан-еке, Сіз бір туған пайғамбарсыз,
Мәңгілікке тамырды жайған жансыз.
Көсем де, көреген де, көріпкел де,

Бір ғана Сіз болып, Хан сайланғансыз.

Болмасаңыз Сіз егер өлеміз ғой,
Жұлдыздардай жым-жылас сөнеміз ғой.
Сіз ортақсыз әлемге, бар ұлтқа да,
Сізді нағыз Құдайдай көреміз ғой!..

Ақын:
Ей, әзәзіл, алдауыш, кәпір неме,
Суық желдей сумаңдар зәрін төге.
Елбасының ішіне кіріп алып,

Кісінейді өзгеге кәрін төге.

Бойда болмай абырой ел сендірер,
Шабан аттай кей шолақ белсенділер
Елбасының сенімін ақтай алмай,
Мың түрленіп, дүниені теңселдірер.

Білсе-дағы Елбасы бекемдігін,
Танытады кей-кімдер мекерлігін.
Домна пеште қайралып шыққан жанның-
Білсе де Ердің Ері екендігін!

Алаяқтың ішінде жақын да бар,
Ар аттаған тойымсыз әкім де бар.
Шенеунік, шетелдік, шен-шекпенді
Шертигенді шақ келді-ау тақым қағар.

Өсер елде ұлт сүю – ұран болар,
Ұлағаты пәктіктің Құран болар.
Кең Даланың перзенті жүрегіңде
«Қазақстан!» деген сөз тұмар болар!

Өсер елде өрлік бар алдырмайтын,
Көлденеңге, кірмеге шалдырмайтын.
Ауызбірлік, кісілік, көшелілік,
Ұлттық қайнар шаршап бір талдырмайтын.

Өсер елде есепке құлық болар,
Ақыл-айла, үнемшіл ғұрып болар.
Түлкі менен тышқанға тестірмейтін,
Қазынаның мүлкінде құлып болар.

Шамалыға бұл құлып ашылмайды,
Өсер елдің өркенін ақын жайды,
Мемлекет мүлкіне қол сұқпаңыз,
Мемлекет мүддесі сатылмайды!

Төбе би:
Заман – түлкі, шалмақ керек тазы боп,
Солай деген Төле, Әйтеке, Қазыбек.
Кім-кімге де хақ бағасын берелік,

Қазір бізге бұйырса егер төрелік,
Майқы биден үлгі ап әділ қазы боп.

Бүгін тасып тұрса бақыт арнасы,
Майдай шылқып Қазақстан ордасы,
Бас сәулетші егемендік, елдікке –
Жол бастайды жұлдыз-жанар Елбасы.

Ел дегенде – екі көзі жайнаған,
Елдің қамын ерте бастан ойлаған.
Елмен бірге ғұмыр кешіп ежелден,
Қара жұмыс қазанында қайнаған.

Болса бүгін бар қазақтың данасы,
Қарапайым ол да ауылдың баласы.

Қазақ оның қуанышы көзайым,
Қазақ оның жүрегінің жарасы...

Күн көз ілмей, кірпік қақпай, түн қатып,
Ой мен қиял тереңіне мың батып,
Ел дегенде үзіледі өзегі,
Туған елге сыйласам деп шын бақыт!

Бірақ, бірақ, қазағы оны ұғар ма,
Қазақ, әлде, бақастыққа құмар ма,
Хайуан да теппес үйір басшысын,
Үйірімен бірге топқа шығарда.

Сонда бізге келмес те еді кесел түк,
Біз ел болдық, сара жолға төселдік.
Жасай берсін, дара болмыс Елбасы,
Бойына тән Мәрттік, Өрлік, Көсемдік!

Баба үні:
Хан менен халық – бір болсын сіздің басыңыз,
Өрлейді сонда заңғарға биік тасыңыз.
Бастасын ҚАЗАҚ баршаны биік белеске,

«Қазақстандық ұлт» деген сөзден қашыңыз...

Жеріңде қанша болса да ұлт пен ұлыстар,
Ей, балам-патшам, артылар саған ұлы іс бар.
Қаны мен қарға тартады қазақ баласы,
Ендеше, баста, «ұрыста қандай тұрыс бар»!..

Бес қаруын асынған Батырлар Рухы:
Қайда, қайда әлгі жасанған жау,
Мерездей тұлабойдан бас алған жау?!
Қайда, қайда, ұрып түсірелік,

Болмаса алдаспанмен сылып түсірелік,
Елге етпесін қаралық,
Жемқорларды желкесінен алалық.
Жауды аттатпалық,

Жерді таптатпалық.
Сырттан келген індеп кетпесін,
Жер иесін жүндей түтпесін,
Қожайынның кім екенін білсін,

Абайлап, аңдап жүрсін,
Бөгдеге бодан болмалық,
Жан-тәнді Отанға арналық,
Сесің болмай ер болмассың,

Есің болмай ел болмассың!
Ана тілдің арын арлалық,
Қыран құстай көкте самғалық!
Қайда, қайда жау қайда,

Бітіспеген дау қайда?!
Жер-Анаға тіл бітті:

Осы жер үшін алысып бабаларың,
Жерді бермеу жайлады саналарын.
Осы жолда жан пида, шейіт кетті,
Олжа болып даңғайыр далаларың.

Қандай айтыс,тартысқа барыспады,
Сол жер үшін Алаштың арыстары?!
Тұран мен Түркістанның даралығын
Көксеген қазақтың кіл данышпаны!

Алатау, Алтай, Арқа, Шыңғыстауға,
Атырау, табан тіреп Маңғыстауға,
Қазақтың жақсылары ие болған,
Халқының тілегі мен алғыстарға.

Сол жерге қожа болу – қазаққа сын,
Қорқауға ұқсамасын азат басың.
Көкбөріге татитын тірлік керек,
Жер-Анаға сиынсын әр отбасың.

Дала сенің байлығың, дала бағың,
Жақсы болсаң, шықпайды жаман атың.
Жерді сатпа, қарағым, үмітті ақта,
Жер-Анаңнан, сол менің аманатым.

Тіл-Ана тіл қатты:
О, Көк Түрік ұрпақтары!
Қайғының кетті алыс зіл-батпаны.
Қазақстан – мекені Көктүріктің,

Арайлап келеді атып нұр шақтары!

Ел едіңдер бірге өскен құлын-тайдан,
Кездер өтті өтпелі тұғыр тайған.
Кеңесетін келді шақ, айналайын,
Ешқашанда шығарма тіліңді ойдан.

Заманында жер бетін тітіреткен,
Көктүріктің рухы құдіретті ең!
Кешегі Мағжандардың арманы боп,
Бүгінге аман-есен тілің жеткен.

Сен оны менсінбесең сенделерсің,
Боданы болар тілің өңгелердің.
Қапаланып күй кешпе,
демеу болып,

Қайран, ботам, жаныңа мен келермін.
Әулие-әмбие, аруақтар(!):
О-о-о-о-оу!
Тәңірге тағзым еткен тұл болмайды,

Алласы аян берген құл болмайды.

Құдайын танымаған кесір елдің
Қуат ап Күннен көзі нұрланбайды.

Десеңіз ел боламын алып шынар,
Кез туды Уақыт пенен Бақытты ұғар,
Ізгілік, инабат пен имандылық
Гүл сынды қара тасты жарып шығар.

Тарихтың тылсым сырын шерткен білер,
Қазаққа дос па қара шекпенділер?
Қашанда Ел мен Жерін қорғай білген
Көсілген кең Далада көшпенділер.

Демеңдер құлпытастар текке жатыр,
Есіл ер, неше дүлдүл өтті батыр,
Хан-төре, бай менен би, ақын-жырау,
Неше асыл, жақсы-жайсаң, текті жатыр.

Олардың еді-ау бәрі мұратты ерлер,
Қорымын сәулет-тарих-мұра еттіңдер.
Жаңғыртып қазағымның жазирасын,
Қала сап, гүлге орантып, түлеттіңдер.

Көңілмен көл-дария шалқып аққан,
Аумайды Қазақстан арғымақтан.
Қасиетті Киелер аунап-қунап,
Ақ тілегін арнайды халқына ақ таң,

Ей, бауырым, арқалан, аруақтан!

Ақын және оның досы сахнаға шығады.

Ақын досы:
Ақтарып шер-шеменді шешілдің бе,
Тайынба судан егер, шешіндің бе?!
Арманның жету үшін асқарына,

Ағытып аттың басын көсілдің бе?!

Болсаң да, шешімді адам, кесімді адам,
Болса ғой бұл өмірде есіл бағаң.
Тіліңе тізгін салып жібермегей,
Мойныңа бұғалық сап кесір заман.

Ақын:
Сапырсам самала-нұр жыр-дестеден,
Қазақты көрсем деп ем мұң кешпеген.
Өлмесін сөз атасы ішімізде,

Бұл қазақ бас кессе де, тіл кеспеген.

Мен емен әлдекімді жасқап өтер,
Көңілім, құр айғаймен таспа бекер.

Білсеңіз, күркіреген хан-патша да,
Ақынның үніне құлақ асқан екен.

Хандарды дәл осындай, данадайын
Сезініп халқы тұтқан пана дәйім.
Елімнің ертеңіне жол тартқанда,
Бүгінгі өміріне оралайын...

Екінші акт

Бірінші көрініс

Ақын және оның он жасар қызы Шәрбану екеуі түнгі сағат 10-11-лер шамасында күндегіше ұйқыға жатты.

Шәрбану:

– Ал, бапа, спокойной ночи!

Ақын:

– Қараймын саған шоши!

Барасың лағып өзің қайда,
Орынсыз орысша сөйлеме деген сөзім қайда!
Шәрбану:

– Ой, бапа-ай, ашуға неге буасың?

Ақын:

– Сөйлемесең қазақша,

Бөленіп бекер азапқа,
Қазақ боп неге туасың?!
Шәрбану:

– Оу, әке, ұласып кеттің дабырға,

Келсеңші аздап сабырға.
Сөз айтсам күлесің бе,
Сен, бірақ білесің бе?
Ақын:

– Иә, айтып көр, нені,

Тоқтатып көр мені.
Шәрбану:

– Сен өзің аңғарып қара,

Мән беріп қара.
Байқамайды адам өздері,
Аңғармай айтып салады.
Қазақтың талай сөздері

Орысшаға айналып барады.

«Сәлем» деген сән емес.
«Привет» дейміз құрбыға.
«Ну, что», «а так», «молодец»...
Айналды-ау ғұмыр ғұрпына...

Ақын:

– Сөзіңді, қарғам, бөлейін,

Саған бір ақыл берейін.
Болғасын бодан басқаға,
Сөйледік бұрын жасқана,
Орысша білмей осылдық,

Топастай болып тосылдық.
Өзімізді өзіміз сүйредік,
Қоймастан жүріп үйреніп.
Анасын сүйген, алайда,

Сөйлейді таза қалайда,
Өзінің ана тілінде,
Кеше де, Ертең, Бүгін де,
Бір ауыз шүлдір қоспайды

Тәуелсіз болған күнінде.
Түйерсің мұны санаңа,
Тартуың болсын анаңа.
Анашың – Отан –ұлы елің,

Ана тіл – сенің жүрегің!
Шәрбану:

– Сөзіңді, әке, құп алдым,

Мәнісін терең ұғармын.
Анамның тілін ардақтап,
Бабамның дәбін салмақтап,
Самғап бір биік шығармын!..

Екінші көрініс

Төрт-бес бойжеткен қыз асханада өзара орыс тілінде шүйіркелесіп, қатты-қатты күлісіп, ерсі қылық танытып отырады. Бұл жәйтті көңілсіз қабылдаған сол жерде отырған Ақын әлгі қыздарға таяп келіп, былай деп тіл қатты:

Ақын: – Қарындастар, Тұр менің «қарным ашып», Қарным ашып сіздерге, жаным ашып. Қасы-көзі қиылған қаракөздер Қазақ тілден тұрсаңшы жақұт шашып!.. Үндемей төмен қарап ұялғансып қалған қыздардың арасынан біреуі батылданып: – Кешіріңіз, ұрыспаңыз жасқап енді, Тек қазақша сөйлейміз бүгіннен бастап енді. Ақын: – Сіздер де кешіріңіз мені ендеше, Тілге құлақ түруші ем елеңдесе. Құлағыма түрпідей тие берді, Өзге тілде қазағым көлеңдесе.

Мұндай кезде,білсеңіз, қаным қозған,
Тұра алмаймын, қағынам, арым қозған.
Қазақ қызы қазақша, инабатпен,
Сәлем беріп, бақытқа қолын созған.

Қазақ қызы – үміттің ақтаушысы,
Ана болар – ана тіл жоқтаушысы.
Қазақ қызы – ұлтының түп-тамырын,
Ана тілді ұрпағын сақтаушысы!

Қыздар басын иіп, ризашылық танытады, енді өзге тілде шүлдірлемеуге уәде етеді. Үшінші көрініс

Үйінен шығып келе жатқан Ақын есік алдында ойнап жүрген екі қазақ, бір орыс тектес ұлт қызының орыс тілінде сөйлескеніне назар аударып:

Ақын:

– Балалар, орысша сөйлеу әдет қой,

Қазақша сөйлеу әдеп қой.
Қазақстан елінде –
Қазақша сөйлеу қажет қой.
Қыздардың бірі(көрші) үшінші қызды көрсетіп:

– Сөйлемейді қазақша,

Айтсақ та қанша мына қыз.
Біледі, бірақ қазақша,
Өзіңіз, қане, сұраңыз.
Ақын (орыс тілді қызға):

– Қанеки, маған қарағын,

Ұлтың кім сенің қарағым?
Қазақша білмей болмайды,
Қазақша білсең, жарадың.
Әлгі қыз:

– Қызымын, Аға, татардың,

Болмасам да алды қатардың,
Сөйлей алам қазақша,
Үйреніп келе жатырмын...
Ақын:

– Бәрекелді, жөн екен,

Мынау бір жақсы бала екен.
Қазақша енді сөйлер деп,
Сендерге өзім сенем мен.
Қазақ пен татар – түркі ғой,

Түркінің қара жұрты ғой.

Тағы бірде Ақын үйінен шығып келе жатқанда байқайды, өткендегі орыс мектебінде оқитын үш қыз қазақ тілінде сөйлесіп келе жатады. Ақын көңілі бұған жұбаныш табады.

Төртінші көрініс

Ақын отбасымен пойызға отырып, Алматыдан Шымкентке тартып барады. Билеттің ыңғайына қарай жан жары, екі қызы бөлек купеде, өзі басқа купеде болатын. Пойыз жүрген соң хабар ала келсе, бір орта жастағы қазақ әйелі мұның отбасы мүшелеріне орысша сайрап отыр. Есіктен кіріп келген Ақын осынау жағымсыз жағдайға орай қаны басына шапшып қалшиып тұрып қалады.

Ақын:

– Сіз, немене, замандас, орыссыз ба,

Ана тілден соншама алыссыз ба?
Айтыңызшы, өзіңіз кім боласыз,
Қазақшамен, сірә, өзі таныссыз ба?
Мен жайында көрмессіз жаман ойлай,

Сөйлей алман қазаққа кінә қоймай.
Қазағымыз орысша шүлдірлесе,
Айызым бір қанбайды сынап алмай.
Замандас(сәл жасы үлкендеу апай):

– Төтесінен кеттіңіз түйреп тегі,

Қазақпын мен, білемін, үйретпеңші.
Ұстанамын қазақтың салт-дәстүрін,
Ұстазбын Таразда университеттегі.
Ақын:

– Көрдіңіз бе, жүрсіңіз шәкірт баулып,

Ана тілсіз болмайды бақытты анық.
Оңтүстіктің қазағы орысша айтса,
Солтүстігің сөйлемес шабыттанып.

Әйел:

– Құп аламын мен сіздің сыныңызды,

Түзетелік бойдағы мінімізді.
Әкем менің кезінде басшы болып,
Орысша алғам қалада үлгімізді.

Бұл әйел қазақша жақсы сөйлейтін, барлық жөн-жоралғыны білетін, қонақжай адам болып шығады. Сапарластар сыйласып, қимай қоштасады.

Бесінші көрініс

Сарыағаш санаторийі. Ем алуға кезекте тұрғандардың дені қазақ, бірен-саран ғана өзге ұлт өкілдері ұшырасады. Ақын орындықта орысша әңгімелесіп отырған қос келіншекке орынды сөзбен тиіседі.

Ақын:
Қарындастар, айтатын бір сөзім бар,
Болса егерде тыңдаушы – сырласым бар?

Келіншектер сәл үрпиісіп, үрейленісіп қалады.

Олардың біреуі:

– Не айтпақсыз, азамат, сонда бізге,

Сөз келтіріп жүрмеңіз жеңгемізге...
Ақын:

– Осы жерде тұрсыңыз ағат кетіп,

Ал мен тұрмын шыдамай тағат кетіп.
Сөйлесуге қазақша болмас па еді,
Тұрса егерде сөйлеуге шамаң жетіп.
Орысшаңыз барады маған өтіп.

Оңтүстіктің екеуің қызы екенсің,
Жылы сөйлер арудың өзі екенсің.
Анаң сені туды ма өзге тілде,
Қарап тұрып жанымды жүдетесің.

Екінші келіншек:

– Ашуланып, шаншуды үдетесіз,

Ұлтым деген ұланның бірі екенсіз.
Сарыағашта демалған адамдарды
Оқытпаққа қазақша жүр екенсіз.

Білесіз бе, ағасы, алайда сіз,
Төбемізде отыр ғой талай нағыз.
Үкіметің, Парламент сөйлесе егер,
Ана тілде сөйлер ек қалайда біз!

Ақын сөз таппай қорғалап:

– Ей, қу қыз-ай, сен мені жеңіп кеттің,

Пәтуалы ой санама егіп кеттің.
Ең әуелі сөйлесін қазақ халқы,
Жүрген жерде тіл-рух сеуіп кеткін!

Ағылшынша, орысша, қытай-шүршіт,
Сайрағанда мың тілде – бәрін де үркіт.
Ұясынан алайда, нәр алмаса,
Қалықтамас қияға қыран бүркіт!

Алтыншы көрініс

Ақынның қызмет кабинетіне келген әкімшілік қызметкері орысша сөйлей кіреді. Оған бір ауыз сөзбен қатқылдау «орысша сөйлемеңіз!» деп ескерте сес көрсете үн қатқан Ақын сол жерде өзіне республикада өтетін мемлекеттік қызметкерлер арасындағы конкурсқа қатысу үшін мәтін жазып беруді сұраған талапкерлерге ұсынған өлеңін оқиды.

Ақын:
Анаң ыстық бәрінен бұл өмірде,
Анаң тілі – мұратың, тірегің де.
Ана тілдің жалауын желбірету –

Жалын болып лауласын жүрегіңде.

Жалаулатып, маздатып отты ұранды,
Көсем ойдың көңілде бақ-тұрағы:
«Ана тілім, әулие, дана тілім» –
Секілденген мұзбалақ тау қыраны.

Кездерің көп өгейсіп есең кеткен,
Бұл күндері баяғы кезең өткен,
Егемендік алғанда сілкінші бір,
Мардымсыздау бүгінгі межең жеткен.

Арттырсақ деп тілдің сол аруағын,
Төксек дейміз жан-тәннің бар қуатын.
Ана тілі, бабаның салт-дәстүрін
Ардақтайды киелі топырағым.

Мақсат емес қол созу жүлдесіне, Ана тілде сөйлейік күнде есіле. Мемлекеттік қызметте Мемлекеттік тіл Қызмет етсін мемлекет мүддесіне! Өз қатесін мойындаған әкімшілік қызметкері жас жігіт «аға, бәрі де дұрыс, мемлекеттік тілде сөйлеу - міндетіміз» деп күлімдеп шығып кетуге оқталады.

Ақын оған:
Әңгіме өзің ғана білгенде емес,
Өзгені де үйретіп жүргенде ғой.
Әңгіме ғұмырды тек сүргенде емес,

Ана сүті қадірін білгенде ғой! –
деп шығарып салады.

Жетінші көрініс

Ақын студенттермен кездесуге келеді. Жастар қаумаласып, өздерін толғандырған көптеген сауалдарға жауап іздейді. Ақын олардың ең өзекті деген сұрақ-сауалдарына жыр жолдарымен жауап береді. Кездесуді ұйымдастырушы университеттің филология факультетінің доценті Ақынды былайша таныстырады:

«Сен тимесең, мен тимен»,
«Жаманды заман илеген»(Абай),
Ақиық туған ақындар
Қоғамды алға сүйреген.

Жалаңдап тұрған қылыштай,
Сөз семсерін сермейді.
Ұлағат айтып, ұрыспай,
Салауат ойлар кернейді.

Айтып бір қалған ағамыз, Ортадан орын алып тұр. Көкірегінде – даламыз, Соңында оның халық тұр. Ойымды, Аға, қостаңыз, Санаға сәуле тастаңыз. Ұлтын сүйген ұрпақты Сара бір жолға бастаңыз. Ақын: «Өмірдің мынау мәнісі, Еліңді сүю – Ар ісі» деп алады да, «Еліңді сүй!» деген өлеңін оқиды. Еліңді сүй! Сүй еліңді! Сезім – шың! Ел дегенде ет-бауырың езілсін. Ел дегенде көкірегің сөгіліп, Ел дегенде қаныңды ойла өзіңнің.

Ел дегенде өзегіңді өрт шалып,
Тұрсын дәйім от жанарың шоқтанып.
Ел дегенде ұйқың қашып елегізіп,
Елмен бірге қуана біл шаттанып.

Елмен бірге заман жүгін мойынға іл,
Өле-өлгенше ел-жұртыңа қайыр қыл.
Қара нардай көтеруге ауырды,
Елің үшін жан беруге дайын тұр!

Ел дегенде асау жүрек ұрғылап,
Шыбын жаның тұрсын сенің шырқырап.
Туған Отан – абыз Атаң, тұғырың,
Ғазиз Анаң – сарқылмайтын шымбұлақ.

Сенің Елің, менің Елім – байтағым,
Байтақ Дала – әз әулие, айбатым.
Бар әлемді құшағына сыйдырып,
Бауыр басар қасиетін байқадым.

Қайран Елім, қайран халқым, Қас-Сағым,
Ашық болғай ала бұлттан аспаның.
Сен еліңді ерекше сүй, азамат,
Кетпеу үшін боданында басқаның.

Еліңді сүй, сүй еліңді, есті ұлан,
Қия-көкке бастайсың сен жас қыран!
Елін сүйген елге қызмет жасамақ,
Елді сүю – баршамызға басты ұран!

(Ду қол шапалақтау).

Бірінші студент:
Айтардай ашып әлі де көп-ау мініміз,
Ажырап кетті табиғи ділден тініміз.
Қалайша біздің қатарға ермек тіліміз,

Қалайша біздің озады төрге дініміз,
Сиынар, сенер кім өзі біздің Піріміз?!

Ақын арасында пауза жасап алып, бірінен соң бірін екі өлеңнен үзінді оқиды: Кейде өзімнен күйінем де қамығам, Кейде өзімнен жабығам да, зарығам, Менің үшін Ардың нағыз биігі – Елді сүю, жерді сүю деп ұғам.

Базбіреуді дер ем аса жақсы адам,
Кейпін көрем бір жағынан ақсаған...
Ар алдында асқақ бола алмайды
Жоғалса егер ұлттық дәстүр, салт-санам!

Тілін сатқан ділсіз болар, тамырсыз,
Тексіздікке тартар менің жаным сыз.
Ана тілін мансұқ етіп жүргеннің
Бәрі топас, бәрі мәңгүрт, бәрі арсыз!

Ақын сәл пауза жасап екінші өлеңді оқиды:

Әр істе, достым, болғай-ды санада түйін,
Санаң бір болса, Түркілік санаңа сиын!
Тәңір деп көкке қарайды Құдайдың құлы,
Тәңірдей көріп баһадүр Бабаңа сиын!

Бөгдеге бодан делқұлы санадан арыл,
Ақ жүрегіңмен әрдайым Аллаға жарыл.
Көкірегіңе кір жұқса, көңілің – соқыр,
Мәңгүрттік ғұмыр кешкенге дүние-ғапыл.

Ақыл мен сезім үйлессе үрейің болмас,
Періште жанды пендеге Құдайың жолдас.
Шабыт та қонар бойыңа самғауға биік,
Қырандай қиял қалықтап қанатың талмас.

Көңілің қуыс тартпасын сиынар жатқа,
Түркілік санаң сүйресін бұйырар баққа.
«Қазағым!» деген текті ұлан, Қазаққа сиын,
Қаныңды қозғап, қайралып, сілкінер шақта!

Сиыну үшін түйе біл санаға түйін,
Қастерлі баба-дәстүрді санама қиын.
Көк Тәңір менен Көк Бөрі айбарың болып,

Көсіліп жатқан киелі Далаңа сиын!
Қорғаның болар Атаң мен Анаңа сиын!

Жақпайды маған, жігітім, желөкпе күйің,
Ағымдар, елес-сағымдар –нәлетке – тиым!
Үш жүз алпыс әулие,
Пайғамбар соңы,

Пірлердің Пірі,
Кие,
Аруақ –
Бекетке сиын!!!

Студент жігіт:

– Парыз деген немене,

Қарыз деген немене?
Ақын «Парыз және қарыз» өлеңін оқиды:
Беу, ұланым, өмірдің ұқ маңызын,
Парасатпен суғарылсын әр ізің.

Адам ету сені – менің парызым,
Адам болу сенің елге қарызың.

Басқа қарыз болмақ емес адамда,
Пайдаң тисін туған елге, қоғамға.
Арқаланып өсу керек азамат,
Қызмет қылып қасиетті Отанға!

Буырқанып ата намыс, ар биік,
Өнбойыңа өр өлкеңнен нәр құйып,
Өмір бойы «халқым!» деумен күңірен,
Қажетінде осы жолда жан қиып!

Ұсақтыққа ұрынбайды ұлысты ер,
Ұлы жолда – ұлы мақсат дұрыс көр:
Парызың да, қарызың да бір ғана,
Ел, жер үшін жасау болмақ ұлы істер!

Студент қыз:
Ел қарардай бүкіл дүйім тамсанып,
Қазақ қыздың қасиеті қаншалық?

Ақын өзінің «Қазақ қызы» атты өлеңін оқып береді.

Ұлтының сөзі десек қарияны,
Ұлтының қыздар болар ар-ұяты.
Ұрпақтан ұрпақтарға ұластырар –
Ұлағаттап салт-дәстүр –дарияны.

Ардақтап ана тілін, баба жырын,
Сүйеді ол қыр жұпары, дала гүлін.
Өн бойынан аңқыған жусан иісі,

Қастер тұтқан халқының даналығын.
Дініне берік, жаны елім деген,
Жасай бер туып-өскен жерім деген,
Қазақтың көргенімде хас аруын,

Еміренем, ерекше тебіренем.

Намысына тәнтімін, бас иемін,
Тұмар еткен бабалар өсиетін.
Қайран біздің қаракөз қарындастар –
Сақтай білген жұртының қасиетін.

Ұлттық мирас-мұраны асқақ тұтып,
Тәрбиеңмен жаманды жасқандырып,
Көріне бер шыңдардың шырқауынан,
Тектілігің жанардан жас тамдырып!

Тал бойыңа өрлікті жиып алып,
Ұлы өмірден жүргейсің сиыңды алып.
Ұйқысынан оянып Томиристер,
Өнеріңе қол соқсын дүйім халық.

Қалықтасын қияға арман құсы,
Жүректегі лауласын от-намысың.
Бұл өмірде ешқашан қияс кетпес –
Бола білген ұлтының мақтанышы!

Дүлдүлдейін топ жарса Құлагері,
Тәңіріне тәубе етер ұлан-елі.
Ұл деп, қыз деп ұрпағын бөле жармас,
Ұлтын сүйген –ұлтының мұрагері!!!

Студенттер ақынның елдік толғауларынан үзінділер оқиды:

Сұңқарлар жас болмайды

Бірінші студент:
Сөйлегім келді шешіле,
Көкірегім нұрға малынып,
Заманның ерсек көшіне,

Ауырмас жүрек қабынып.
Туған жердің төсіне
Жұлдыз боп тұрсақ жағылып.
Жастардың уәжі осындай

Жарқырап туған маңдайы.
Тектіден тұяқ-асылдай
Сөнбейтін шырақ-шамдайы.

Түйсініп тұрса тереңнен
Бабадан қалған әуезді,
Өлеңнен жақұт терем мен
Көргенде кесек мінезді.

Көңілім кетер марқая,
Сөйлеймін сонда шалқая,
Қазақтың озса баласы,
Желетін мен бір желмая.

Әкелер жолын қуа алған,
Ерлікке белін буа алған,
Өнерден озып өзгеден,
Білімге жанын суарған,

Мен бір жүрген Қыдырмын –
Жастарды көрсе қуанған.
Соларды көріп мастандым,
Шарпып бір соқса жас толқын,

Алынбас бар ма асқар шың?
Шуағы қандай бойыңа
Ашылып тұрған аспанның,
Келеді ойға жолдары

Жазылар жаңа дастанның.

Екінші студент:
О, жастарым, жастарым,
Дәуірі бірге достарым!
Сілкінелік қанатты,

Серкелер сұңқар санатты.
Ұшарсыңдар ұшпаққа
Ұштасаңдар талапты.
Тегінде Тәңір ұнатпас

Жалқау менен масылды,
Көзіңдегі бұлақты аш,
Көрмекке ғажап ғасырды!
Туып тұр сенің Уақытың,

Қонып тұр сенің бақытың.
Тура жолдан айныма,
Нөсерлесін шабытың.
Құйқылжытып төге біл,

Өмір сүріп, өне біл.
Қиядан шолып ғаламды,
Сұңқар құсап көре біл.
Туған жер мен ел үшін

Бойдағы күшті аяма,
Өркенді болсын өрісің,
Өмірлік болсын жеңісің,
Өрлеген кезде қияға,

Шапағат шашып ұяңа,
Жұртыңды ал бүкіл саяңа.

Қарақан басты қамдама,
Күнкөріс жайын таңдама.
Ел-жұртым деп еңірер,
Қабырғасы сөгілер –

Ерек туған жан ғана.
Тоқмейілсіп тегінде,
Тірлік кешпе алдана,
Жасындай жанып көгімде,

Жебеушің болсын маң дала!
Адам боп келсең өмірге,
Адамзат жүгін арқала!
Үшінші студент:

Самғаған сайын шарықтар
Сұңқар сынды құс болар,
Болса да қанша алыптар-
Жер шарында халықтар:

Сұңқарлы елде сұс болар,
Сұңқар болса ұланы,
Сенімді, сақ, қырағы,
Қайрат қайтпас, күш толар,

Сұңқарлардың ұрпағы –
Салтын биік ұстанар.
Қанаты қалса қайрылып,
Қайтпайды оның айбыны.

Сұңқарды сұңқар тастамас-
Мәрттігімен әйгілі.
Болмайтын мүлде бақталас,
Бір-біріне сайлығы-

Текті құстың байлығы.
Тағылым солай тараған,
Ұрпағын тегіс аздырмай,
Тұлпардай түгел жараған.

Семсердей жүзі жалаңдар,
Ертеңін елдің бағамдар,
Ертеңіне елдің алаңдар-
Ерек туған есті ұлан,

Сендерге берер бағам бар!
Мынау заман – құт заман,
Адасады ұқпаған.
Алға асады ләйім

Арманы асқақ мықты Адам!
Сендердің туды күндерің,
Қия-шыңнан гүл терің!
Жағады менің жаныма

Сұңқардай отты түрлерің,
Саңқылдаған үндерің.
Санадан кетпей сүйікті ел,
Самғауың болып биіктер,

Бермеңдер басын жүлденің!

Қазақ қандай халық?

Бірінші студент:
Бұл сауалға іркілердей жөнім не,
Көл секілді көлкиді ойлар көңілде.
Қазақ деген қандай халық, айтайын,

Жөргегінде қайта келген өмірге.

Жете сүйген ұл едім мен ұлтымды,
Жетесіз деп даттамаймын жұртымды.
Жасықпын деп айта алмаймын әманда,
Жоғалтуға айналсам да ғұрпымды.

Бабалардың қалған болса жұрнағы,
Аман болса атқамінер ұлдары,
Қайран елім қанатынан қайрылмай,
Қалар қағыс қай-қашанғы мұң-зары.

Өзгелердің езгісіне көне алмай,
Қайран Далам келімсекке тоналмай,
Қаз қадамын Ертеңіне басса нық,
Дейді жүрек, бәрі оңынан болардай.

Қазақ – кемел, дариядай Данасы,
Қайсар туған ел билеген Ағасы.
Білім кенін жиған күллі әлемнің,
Аз емес қой тонның алтын жағасы.

Солар болар елдің тұлға, панасы,
Марғасқа етіп жаратқан-ау анасы.
Алынбайтын асудан да тайсалмай,
Асқақ шыңға жететұғын шамасы.

Болса сондай бар қазақтың баласы,
Биіктесе ой-өресі, санасы,
Дейді көңіл,

жан-жағына қарайлап,
Сілкінердей марғау жатқан Даласы!
Екінші студент:
Е-хе-хе-хей!

Айқай салып көрем бе,
Ей, бауырым, құлағың түр өлеңге.
Намысыңның жаны алмас қанжарын,
Жетіле түс мұқалмастай өнерге.

Сенен мәрттік күтеді өмір күрделі,
Қоя тұрғын үлде менен бүлдені.
Күнделікті күйбеңіңнен бой үзіп,
Ұлы жарыс жолын таңда жүлделі.

Елдің қамын ойлау керек, жер қамын,
Бабалардың аманатын, арманын –
Келешекпен жалғау парыз бүгінгі,
Замананың арқалап зіл-салмағын.

Бұл қазақтың арманының жоқ шегі,
Баяғыдан азаттықты көкседі.
Баян-ғұмыр бақытына қол жетіп,
Ел болуға ұмтылды енді еңселі.

Базарына қайта оралып әуелгі,
Құйқылжытты қоңыр сазды әуенді.

Өзіне сай өрнегімен ұйытып,
Баурап алу бар ниеті әлемді.

Тұнып келген тереңдегі лағылдар –
Жаңа өмірге шашудай боп ағылар.
Шапағатын шашып тұрса шұғыла,
Жүректерге жарқын үміт жағылар.

Қазақ көрген аз емес қой қайғы-мұң,
Танытатын күн туды енді айбынын.
Көкбайрақтың астына кеп жиналып,
Пәтуасын есіне алсын Майқының!

Парасат пен парықты ләйім мұрат қып,
Қазақстан – ұлы ордасын тұрақ қып,
Бүтін қазақ жер жүзінен жиналып,
Алға басса ақыл-ойды шырақ қып.

Үшінші студент:
Жарқын көңіл, қолы ашық халқым-ай,
Жаңғыртуды қажет қылар салтың-ай.
Ұрпағыңды ақылменен баулышы,

Көпті көрген абыздарым, қартым-ай.

Дүниенің тарылғанда тынысы,
Өз жайыңды қамдау болар дұрысы.
Құшағыңды жая берме жат жұртқа,
Шашылмасын – Жер-ананың ырысы!

Беу, қандасым, әр ісіңе бол қатал,
Аңғалдыққа бой алдырсаң сорлатар.

Білек те бір, жүрек те бір болсыншы,
Онсыз өзге әңгіртаяқ ойнатар.

Арамызда алауыздық жойылып,
«Алаш!» деген отты ұранға бой ұрып,
Іштей ширап, шыңдалайық, шырқайық,
Атағымыз шартарапқа жайылып.

Сенің маған мәлім, қазақ, сипатың,
Дәл бүгінгі дабысың мен тұрпатың.
Қашан заман ілесесің көшіне,
Көз қарырдай керемет боп сымбатың?!

Аз көрмедім қаракөзді қаны жоқ,
Маскүнемді өлекседей жаны жоқ.
Өз халқына топырақты шашатын-
Аз көрмедім алаяқты ары жоқ.

Ондай мыстан –елге дұшпан,сұм, жауыз,
Халқын сату –опасыздық бұл нағыз.
Жансыз бенен жағымпаздан арылмай,
Көтерілмес шөгерілген тұлғамыз.

Татулық пен бірлік керек ел үшін,
Үдетелік желмаяның желісін.
Барша қазақ жұдырық боп жұмылып,
Көрелік тек сол тірліктің жеңісін.

Таталық та бірге тәтті жемісін.

Қазақ қандай деп сұраса

не дермін,
Жақсы десе, келісермін, көнермін.
Күйе жақса менің туған халқыма,
Сол залымның қолында мен өлермін!

Каспий трагедиясы

Бірінші студент:
Дәуірлер дүппуінен аман келген,
Қарт Каспий, не құқайға шамаң келген,
Бұл күнде жер астынан жік шыққандай

Басыңа алабөтен зауал келген.

Мен бүгін ойлап едім өткеніңді,
Көрмеп ем мұндай қайғы шеккеніңді,
Жерорта, Азов , Каспий, Қара теңіз-
Тарихтың тылсымынан жеткеніңді: .

Білем мен, бәрі-бәрін білемін мен,
Сүйемін сені жаным, жүрегіммен.
Тетистей ніл-мұхиттан ажыраған,
Қарт Каспий, төрт теңіздің бірі едің сен.

Мен сені анам деймін, бабам деймін,
Сен маған елестейсің адам кейпің.
Жеті атам көк теңіздің төсінде өткен,
Күн кешіп әкем менен маған дейін.

Болса да қанша жаулық жат арнадан,
Қонысын ата-бабам сата алмаған.
Кешегі қысса-дағы кеңес заман,
Үдеріп бәрі бірге кете алмаған.

Еске алсам әрідегі Сақ заманын,
Тұлғаммен Томиристей мақтанамын.
Бөктіріп қанға басын Кир патшаның,
Дұшпаннан елі-жұртын сақтағанын.

Ешқашан от-намысын күйретпеген,,
Ешкімге ен даласын илетпеген.
Ен тағып айдынына Кас-пи деген,
Ешкімге Сақтан басқа билетпеген.

...Иеленіп кірмелер төрді бүгін,
Қарт Каспиім өгейлік көрді бүгін.
Әулиелер сілкініп ұйқысынан,
Естір Тәңір теңіздің шерлі үнін.

Теңізім толғанады, толғатады,
Ұрпағына ұлысты тіл қатады.
Өнебойын у кеулеп, өзегіне
Қара майды құйғаны тым батады.

Сұмдық осы болмаған бұрын әлі,
Сумаңдаған суық қол ұрынады.
Бауырынан өрбіген баласындай –
Балықтары мың-мыңдап қырылады.

Таусылғандай сан ғасыр-ғұмыр әні,
Жан-жүрегі үзіліп, жұлынады...
Арал сынды тәлкекке салмақ үшін
Әлдекімдер, ашкөздер құнығады.

Аралыңнан айрылған қазақ едің,
Тағдырыңда аз болмас жазаң сенің.

Әбден ашқан аранын Каспий үшін
Көлденең көк аттыға мазақ едің.
Екінші студент:
Мен теңіздің төлі едім, тасынатын,

Қайдан туды, апырай, басыма күн?
Қарт Каспийге қатерлі төнді қауіп,
Ей, адамзат, қалай мен жасырамын?!

Табиғатты аялап, аясақ шын,
Болмайық та құрбаны саясаттың.
Мөлдірлігін жоймаған баба Каспий-
Қазақ үшін тұғыры Болашақтың!

Ал егер адамдайын арандаған,
Ашкөздікке жол берсек жалаңдаған,
Өзгелерге теңізді тарту етіп,
Тірлік кешсек бейшара, амалдаған,

Ел боламыз ертеңі, айдыны жоқ,
Айдыны жоқ елдердің айбыны жоқ,
Айдыны өлген елдердің қайғысы көп,
Қайғысы көп елдердің байғұсы көп.

Сән түземей аққулар бола ма айдын,
Шаңқылдамай шағала тола ма айдын?
Қызыл балық, ит балық, қара балық,
Құрбаны боп кетпегей қара майдың!

Беу, ағайын, жаны үйлес теңізбенен,
Мен – балықпын, теңізбен егіз денем.
Шыбын жаным шырқырап, шырылдаймын,
Айдыныма амандық жол іздеген...

Жер мен Ел

Бірінші студент:
Қамы үшін күңіренсем халқымның,
Қапастан да келмес менің тартынғым.
Қасиетті қара жері қазақтың,

Намысыңды қорғауға мен талпындым.

Қазақ жері!
Дабысы еді даңқымның,
Елдік дәстүр, ерлік дәстүр, салтымның!

Қожайын боп көлденең көк аттылар,
Шамырқандым шар болаттай, шарқ ұрдым.

Бұл өмірдің терең бойлар парқын кім,
Қадірі жоқ қолда барда алтынның.
Кен байлығым – ел байлығым тәрк боп,
Құрсауында кетпеу керек әркімнің!

Далам үшін бабаларым қан кешті,
Жорықтар мен соғыстарды сан кешті.
Тулақтай жер бермеу үшін дұшпанға,
Шеттерінен болған батыр, жанкешті.

Қаны, жаны, ары менен намысы,
Бәрі ел үшін, пай, қазақтың арысы!
Ұлан-байтақ жазираны бөктеріп,
Кең әлемге болған жария дабысы!

Елдігің мен ерлік жолың, санатың,
Кеңдігімен өлшенеді даланың!
Ұлы Дала – хас батырлық өлшемі,
Ұлы Дала – кеңге жайған қанатың.

Бабаларым қорғап суық қолдардан,
Аман алып өткен қилы жолдардан.
Қытай, қырғыз, орыс, татар, қалмақ, сарт,
Түркмен, парсы, дүнген, башқұрт, жоңғардан!

Заманында болған талай жер талас,
Қауіп-қатер бірге жүріп кешті Алаш.
Замандардан заман ауған кезінде,
Сол жер үшін болған қырғын, жанталас.

Ал, қанеки, кім-кіміңнен мықты екен,
Кім сенімді ақтап өзі шықты екен?
Қазақ жері – рухындай қазақтың,
Қазақ үшін қасиетті құт мекен!

Жерді ойласам, елді ойлаймын, елімді,
Елді ойласам, буам бекем белімді.
Егемендік алғанменен, ағайын,
Көлеңке көп түсіретін көңілді.

Иеленіп жер-қазына-кенімді,
Иеленіп отырмын ба төрімді?!
Мына заман түлкі болып бұлғаңдап,
Қырғи салған бөрідей боп көрінді.

Екінші студент:
Көз алдымда далам жатыр дөңбекшіп,
Көз алдымда анам жатыр дөңбекшіп.
Сан ғасырлар нәрін беріп өсірген –

Баба-дала панам жатыр дөңбекшіп.

Кеуде керіп кете алмаймын мақтанып,
Сыртқы келбет-сұлулыққа сұқтанып.
Жер байлығы – елге ырзық болғанда,
Халқым есін жияр еді құт дарып.

Қазақ десе, жерім десем, сілкінем,
Ғапу еткін, қатты кетсем мүмкін Ел!
Көз алдыма келер менің Көкбөрі,
Көк сүңгімен «аттандаған» түркілер!

Көз алдыма елестетсем өткенді,
Жадымызда жаңғырады көп белгі.
Кең сахара, саумал ауа, құлагер,
Көп ойлаймын көлбең сағым, көк белді.

Заманға асық ел ырысын төкпейтін,
Заманға асық бүкіл ел боп көктейтін,
Ақын деген арда туған халық қой,
Ақын сөзін хан-патша да сөкпейтін.

Менің елім – Болашаққа көз тігер,
Есіл Ерім Елі үшін сөз тігер!
Егемендік еншісінен айрылмай,
Халқым менің, шын елдігін сездірер!

Аталардан аманат қой Ел үшін,
Басты байлық – күреселік Жер үшін!
Жеріміздің Елім татып жемісін,
Туған елдің біз тойлайық Жеңісін!

Алаштың арыстары

Бірінші студент:
Текті қаннан жаралған тарпаң елім,
Тумысыңда адуын, арлан едің.
Тарихтың сан ғасырлық тарамында

Талмап едің, қияға самғап едің.

Демеймін кезің аз ба құлдыраған,
Талай мейлі кешсе де мұңды далам.
Сен бүгінге жетіпсің ғұрпың аман,
Сен бүгінге жетіпсің құлқың аман.

Халқым менің, түспеген еңселері,
Ер мінезді ерлер ғой ел сенері.
Көл-көсір боп көсілген байтақ жерім,

Бабамның қаныменен өлшенеді.

Бойларына дарытып асқан жігер,
Бағындырған даланы көшпенділер.

Тұтам жердің қадірін
Сол жер үшін
Қырғын шайқас дұшпанмен кешкен білер.

Сол жер үшін сертінде тұрысатын,
Алысқанмен алысып, жұлысатын.
Қайран біздің баһадүр бабалар-ай,
Даңқты еткен ұлты мен ұлыс атын.

Сендерді ойлап, өткенге үңілемін,
Дәстүрім бар жүгінер ұлы менің.
Батырлардың бағасын бағамдаймын,
Есі кеткен ездерден түңілемін.

Екінші студент:
Мен де «өлеңді жазбаймын ермек үшін»,
Ақиқаттың ашқылтым кермегі шын.
Рухына бас иіп жыр жазамын,

Басын тіккен өлімге ерлер үшін.

Заманының азулы арыстаны,
Ғапыл кеткен Алаштың арыстары!
Тәуелсіз Тұран үшін жанын қиған,
Алдаспандай жарқылдап намыстары!

Қазағын салсам деумен сара жолға,
Тіксем деп туын биік Алашорда!
Қияларға самғаған қырандар-ай,
Текті тұрпат тарпаңға жарасар да.

От жүрегін «елім!» деп алға ұсынып,
Мұстафа, Әлихан, Ахмет Байтұрсынов,
Міржақып, Мағжан, Жүсіпбек, Сұлтанбектер
Арқалады абырой арлы іс қылып!

Сәкен, Ілияс, Бейімбет, Әуезовім,
Туған елге дарытқан жан азығын.
Зұлмат заман шарпылып жаласына,
Жапа шекті қара нар –бар асылым.

Сол ерлікті жазсам деп дастан етіп,
Мен бүгін көк теңіздей тасқан едім.

Ұлтын сүйген ұл-қызды ұлықтай біл,
Көкбөріден күш алған асқақ елім!

От – намыс алауы
немесе
қаһарман қазақ жастары

Бірінші студент:
Бодандықтан ноқта үзуді көксеген –
Бұғып іште жатушы еді шер-шемен.
Бір мезетте оянды да от-намыс,

Дейді жүрек, дүрсіл қағып «Өршелен!»

Бұл қазақты кім дейді өзге халайық,
Өзді-өзіңе билетпесе, ол – айып.
Жайлы орын неге бермек Колбинге,
Жиырма бес жыл атқа мінген Қонаев?!

Жиырма бес жыл тақта отырды Дін-ағаң,
Елі, жері өсіп-өнді дін-аман.
Көлденең көк атты келсе ал енді,
Қазақ туы болар әбден құлаған...

Отты намыс өнбойларын өртеген –
Жас түлектер шықты алаңға ертемен...
Бодандықтың бопсасына көнбеске
Белді буып, арды қуып ерлеген.

Атойлайды көкіректен ыстық қан,
Асау мінез жарасып тұр жастыққа!
Орталықтың озбырлығын осындай
Қалай ғана баламасссың қастыққа?!

Баба дала күңіреніп кеткендей,
Қайсар қала ерлік жырын шерткендей.
Көше бойы теңселеді нөпірден-
Жымдасқанда алынбайтын шептердей.

Әулекінің өзгертпекке шешімін
Тербетті олар жаңартулар бесігін.
Қасаң қоғам жүрегіне қанжар сап,
Қаққан еді тәуелсіздік есігін,

Ел болуға ұмтылудың несі мін?!

Өктемдіктің қылпыл қағып қылышы,
Қазағымның өшірмекке тынысын,
Қазағымның өшірмекке өр үнін,
Тырысты әбден тәркілеуге ырысын.

Теңдік болмай, болмайды екен дос керім,
Төкті дейсің қас жауындай әскерін.
Қатыгездік құралына жүгініп,
Сезбейтіндей Ел Рухы өскенін.

Рух барда жеңілмейді өр халық,
Біле білсе, қазақ деген нар халық.
Жарық жұлдыз сеікілденген жастары –
Бабалардан қалған Намыс, Арға нық.

Бейбіт шеру ойламаған байыбын,
Әскерден де жияр емес айылын.
Ел намысы жолында олар айқасты,
Ертеңгі ұрпақ көреді деп қайырын.

Фашистердің ұсқыны бар келбетпен –
Қанды жауыз мұздай суды селдеткен.
Қалқан ұстап, сілтегенде сойылын,
Аумай-ақ тұр ата жауың – жендеттен.

Екінші студент:
Тағдырының аз көрмеген азабын,
Осы күндер ерек шықты қазағым!
Қақыратып ескі жүйе пердесін,

Күлге ұшырды қаскөйлердің мазағын!

Азап көрген, қуғын көрген жан қанша,
Қайрат сынды өтті өрендер арманда.
Алдаспандай жарқылдаған жастарым
Алысты ғой қасық қаны қалғанша.

Мың тоғыз жүз сексен алты...

үрейлі,
Жеңді қазақ аждаһадай дүлейді.
Бар әлемді дауылы оның шарпыған-
Соққан сайын май құйғандай үдейді.

Шынардайын шырқау өскен шыңдағы,
Жастарымның бөлек екен тұрпаты.
Құтқарған да құрсауынан құлдықтың-
Қазағымның қыздары мен ұлдары!

Осы жолда текті ұланым тер төкті,
Осы жолда кекті ұланым қан төкті.
Бар әлемді көктей өтіп дабысы,
Тітіретті жаңғырығы жер-көкті.

Өлекседей іріп-шіріп денесі,
КСРО...– сөгілгендей көбесі.

Он бес елге егемендік әкеліп,
Жүзеді еркін бостандықтың кемесі.
Бостан ғұмыр бой балқытып, баурайды,
Қазақ Елі қаһарманнан аумайды!

Сексен алты!..
От – намыстың алауы –
Мәңгі сөнбес маздақ болып лаулайды!

Кездесу соңында Ақынға бір студент «Арманыңыз не, азабыңыз не?» деген сауал тастайды. Ақын терең ой құшағында толғанып отырады...

Сегізінші көрініс

Сахна төріне Ақын шығып ақ өлеңнің тиегін ағытады.

Ақын: «Қайран елім, қазағым!» деп сонау Тәуелсіздіктің бастапқы жылдарында тебірене, күңірене толғап едім-ау!.. (Оң қолын ілгері қарай созып, еңсесін көтере ілгері ұмсына, романтикалық көңіл-күйде): – «Қазақстан!» дегенде – жанарымнан жас парлап, менің бүкіл әлемімжүрегімде ерек толқу оянып, ағыл-тегіл сезім күйім басталмақ, қайран, қайран, қазағымның ұлан-байтақ кең өлкесі көсілген, түлеп ұшқан төсіңнен: нешебір әулиең мен батырың да, абызың мен ақының да, көсемің мен шешенің де, тау тұлғалы қырандарың, ел қорғаны – ұландарың, шыңда өскен шынарларың, дүйім жұрты – қабырғалы елімнің, иесі сен, иесі сен, иесі сен(!) – қарағанда көз талардай, көрген адам таңғалардай шексіз Дала, жеріңнің: қойнауынан құт-береке тасыған, неше алуан қасірет пен қайғы-мұңды сан өткерген басынан, ғұмырында қанша азап көрсе-дағы жасымай,тереңінде жатқан қайнап бабалардан қалған намыс қайнарлары басылмай, егеменді ел болғанда сақтап қалған аманатын ақсақалды қарттардың, бүгіндері тойлап жатқан ең мерейлі шақтарын, Тәуелсіздік күні дейміз байтақ Қазақстанның, Көкбайрағы желбіреген аясында көк зеңгірлі аспанның, саясында сан алуан ұлттар менен ұлыстардың жапырағы жайылып, қазағымның көрген талай бауырластық көңілі мен қонақжайлық пейілінің дархандығын асқан тым(!), Баба Далам қанша ғасыр аза-мұңды арқалап, жарқырап бір туатұғын азат күнді армандап, бөгде елдің боданы боп бастан тағдыр өткерді, бұ қазағың дүниенің тауқыметін басқалардан көп көрді: зобалаң мен нәубеттерді, рухани сан дерттерді, бірақ рухын биік ұстап өшірмей, ел ертеңі үшін небір зиялылар көз ілмей, Даламыздың өз алдына дербестігін көздеді, замана да оңнан туып, етек жинап, есті жияр кез келді(!), Желтоқсанда жастарымыз қаралықтың түрмек болса пердесін, оның бәрі ездік пенен ескі ұғымды ерлік пенен елдік намыс жеңгесін(!), күллі адамзат құлақ түріп оқиғаға осынау, Бабалардың өшпес Рухы билеп алған қазағымның кеудесін, қанды оқиға жүректерде қалатұғын мәңгі елес, ХХ ғасырдағы сан алуан революциялық дүмпулерден кем де емес(!), шарпуы оның кетті тарап бүкіл кеңес еліне, біздің Қазақ туы болды азаттықтың өрмелеген көгіне, балтығың да, таулығың да, Орта Азияң – барлығы да, украин, белорус, тіпті орыс енді алғандай егемендік өзіне, еркін қарап демін алды барша адамзат көзіне, Қазақ елі басқалардың қатарынан қалар ма, отнамысы оянғандай жасын сынды жанарда, Елбасының бастауымен, Данышпанның қостауымен, бұқараны ертіп алып соңына, тарттық біздер Тәуелсіздік, Теңдік, Елдік жолына(!), ал осынау жолымызды дана Құдай оңғарсын, алға басқан ісімізді Әулиелер қолдасын, барша қазақ, жиылыңдар жер бетінде жасаған, арамызда алауыздық, жікке бөлу болмасын, біз барамыз заңғарларға асулы, оян, қазақ, көтер қане басыңды, сенің бүгін шағың нағыз шабытыңда шалқитын, бойдағы бар өнеріңмен, еңбегіңмен, құдіретіңмен, біліміңмен, өз бетіңмен қияларда қыран болып қалқитын, о, Жасаған, қасиетті ұлы елімнің құбылалы оң ниетін қабыл қыл, жалпақ

жатқан сахараны, байтағымды шуағыңа малындыр, ұлы Далакөшпенділер мекенінің Бүгіні – таңның арай шапағындай алаулаған жалын-нұр, о,Құдірет, ғаламатқа қалай ғана сенбессің, бірлігіміз шайқалмаса, дүрдараздық байқалмаса, қазағымның Көкбайрағын жыға алмайды енді ешкім(!!!), алға басқан қадамдарға құт дарып, Ел болайық ел қатарлы мықты, алып(!), беу, азамат, мойыныңа ауыр заман жүгін іл, «Мынау Қазақ!» деген атақ-даңқыңа жүгіндір, ұлан-ұрпақ өн бойына топырақтың қасиетін сіңіріп, сен оларды бабалардан қалған тарих, мұраларға үңілдір, Отанымның солар болар күні ертеңгі тірегі, қазағым деп соғу керек жас күнінен, бесігінен балалардың жүрегі, сен өзіңе мықты болшы қай-қашанда, бауырым, азаматтар, өздеріңде аталардың, бабалардың, аналардың сенімі мен тілегі, сол сенімнен шығатындай сара бағыт тұрлаулы, шыңға қарай ұмтыл, қазақ, шырқаулы, домбыраны бебеулетші күйші жігіт, сал жігіт, арғымақтар жүйткісінші қайран Далам жаңғырып, ұлы Тойда – біз шалқиық Тәуелсіздік Күнінде, базарымыз тарқамасын, ашық болып аспанымыз мәңгілік!

Ақын: Одан кейін «Менің Қазақстаным – менің тағдырым» деп толғанбадым ба?! Иә, асылында, еліңді, жеріңді, Отаныңды сүюден артық ұлы сезім жоқ та шығар. Өйткені, Отаның – туған анаң мен әкеңмен бірдей. Ал Алла тағаланың әмірімен жарық дүниеге әкеліп, түн ұйқыларын төрт бөліп, мәпелеп, шаң жуыттырмай бағып-қағып өсіретін әке мен шешесін сүймейтін, жақтырмайтын пенде баласы бола ма. Ендеше, еліңді сүй, ел дегенде екі көзге терең иірімдерден бұрқанып ыстық жас келсін, шын сүю деген солай болады. Босау, көзге жас іркілу, ақ жауын болып құйылу деген жасықтық емес, қайта керісінше мейір-махаббат пен рух қайнарының шексіз мықтылығы деп түсінемін. Рас, елін сүйген адамның елі үшін жасаған ерлік ісін көрсем босаймын. Осы күні кеше боксшы Бекзат Саттарханов ініміз Сиднейде талайды төмпештеп, Олимпиаданың жеңіс тұғырына көтерілгенде, тәуелсіз Қазақстанның туы желбірегенде бәріміз де сүйсіндік, бәріміз де босадық. Кейін сол Бекзатымыздан оқыстан айрылып қалғанымызда, бәріміз бірге тағы жыладық. Мейлі, оны танымай-ақ та қоялық, бірақ, әңгіме онда емес. Әңгіме – оның елдің, атам қазақтың атын айдай әлемге паш еткен ерлігінде жатыр ғой. Олай болса, еліміз іргелі ел болуы, біртұтас ұлт болып ұйысуы үшін оның жыртығына жамау болу, бойдағы бар күшжігерімізді, қабілет-қарымымызды аямай жанкешті еңбек ету – біздің борышымыз. Қазақ «Алмақтың да салмағы бар» демей ме. Біз барымызды, қанымызды, арымызды, білім-білігімізді, ми-санамызды ел мүддесі жолына толық бұрмай тұрып, алғымыз келеді, дәулетті болғымыз келеді. Дәулет жаппай жұмыла тер төккенде ғана келе алмақ. Елдегі барлық жағдайды өз көзімен көріп отырған қазақстандық бір орыс жaзушысы басылымдардың біріне: «Қазақтар, сендер әуелі елдеріңді байытып алыңдар, сонда бәрің де ауқат жиясыңдар. Елдің байлығы көп деп, барын бөліп, жырымдап, өздерің тонап алсаңдар, ырыс та, құт пен береке де болмайды ғой», деп ой тастай тамаша етіп жазды. Зерделі, елжанды адам құлақ асатындай фәлсапа. Ол Қазақстанды қазақтан кем сүйіп отырған жоқ, талан-тараж болып жатқан жағдайларды көріп жаны ауырып, күйзеле айтып отыр. Ақиқатында, Қазақстан түптің түбінде Қазақ елі, байырғы халықтың, ежелгі этнос – қазақ ұлтының игілігіне қызмет етеді ғой. Соны білейік, соны ойлайық. Тегінде жеке бас мүддесі мемлекеттік мүддеден жоғары тұрған жерде елдік сезім болады деуге сену де қиын. Содан да болар, тұңғыш Елбасымыз қазақстандық патриотизм рухын барша отандастардың санасына себу, ұйымдасқан қылмыс пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы ымырасыз күрес ашуды басты мақсат етіп алға қойып отыр. Өкінішке қарай, бұл ретте халық санасының марғаулығымен қоса, заң, құқық қорғау органдарының тегеурінділігі де жетіспей жатыр. Мен әлдебіреулер сияқты өз халқын менсінбей, немесе даттай, немесе оған жаманаттың бәрін үйіп-төге салатын адамдардың пікіріне қосыла бермейтін топтанмын. Өйткені, қай кезде болмасын, қанын да, арын да таза сақтаған біздің халқымыз өзінің қабілет-қарымы, өнер-білім мен қандайма іске де үйірім-икемі жағынан ешбір ұлттан олқы соқпайды. Әрине, біз экономикалықәлеуметтік, ғылым мен техника, электронды өркениет көшіне енді ғана бағдар түзеп жатырмыз.

Етек-жеңімізді жия бастадық. Мемлекетіміздің алтын шапақты, Күн шеңберлі шаңырағы төбемізде тіктеліп, уықтары шаншылды, керегелері қанат жайды. Бір кездегі киіз туырлықты қазақ енді әлемдік қауымдастық, әлемдік кеңістікке шықты... Ел тізгінін ұстаған еңсегей азаматтар ел ішінде тыныштық пен татулық, ынтымақ пен жарасым болса ғана, ырыс жұғысты боларына толық көз жеткізіп отыр. Біз үшін жерімізді мекендеген барлық ұлттар мен ұлыстардың тату-тәттілігі қандай қымбат болса, қазақтың бірлігі одан да қымбат. Жүзге бөлініп, жүзіміз күйіп жүрмегей. Руға бөлініп, іргеміз сетінеп жүрмегей. Жеті атамызды да, бүтін қазағымызды да жіліктей шағып, ата тарих-алтын тамырымызды түп-тереңнен тани, тарата білсек, ұлттық қалыптасуға, біртұтастыққа жетісе алатын болармыз. Мәңгілік маңызын жоғалтпас осынау ынтымақ пен бірлік, халықтық қасиеттерді Ертеңге жалғайтын бүгінгі жас ұрпақ екенін баршамыз білеміз. Мен сол ұрпақтың тағдырына алаңмын! Шүкір, біздің елімізде дарынды жастарға деген мемлекеттік қамқорлық пен қолдау-көмек күшейді. Олардың терең білімді болуы, осы заманғы техниканы игеріп, шетел тілдерін меңгеруі, жалпыадамзаттық даму көшіне ұмтылуына даңғыл жол ашылып отыр. Білім беру ошақтарының толық компьютерлендірілуі, гимназия, колледж, лицей, академия, университеттердің, жетілдіріліп оқытылатын мектептердің көбеюі қуантады. Ұлттық педагогика, әдеп пәндерінің өмірге келуі де оңды нышан. Президенттік «Болашақ» бағдарламасының өзі неге тұрады?! Жалпы алғанда, өскелең ұрпақтың бойына арғы-бергі ата-бабалардан келе жатқан ұлттық менталитетімізге тән қадір-қасиеттерді - кестелі қазақы тіл, «қанына тартпай тұрмайтын» қазақы діл, жүректерге имандылық пен ізгілік ұялататын мұсылмандық дін ұрығын әбден сеуіп, сіңірмейінше, қысқасы, Қазақ атты ұлы халықтың о бастағы ұлттық кескін-келбет, бітімболмысын қайта жаңғыртпайынша, біз ешкімнен де оза алмас едік. Өйткені, өзгеге ұқсамайтын өз тұлғасы бар(сұлбасы емес), салт-сана, дәстүрі бар халық мәңгілік! Бұрынғының көзі десең көзі, сөзі десең сөзі – абыз ақсақалдарымыз бен ақ жаулықты әжелеріміздің азайып бара жатқанына қиналатынымыз да сондықтан. Жалпы ел ертеңін қалай елестетемін дегенде менің ойыма әруақты ата-бабаларым, әулиеәнбиелерім келеді. Егерде біздің барлығымыздың елдікке деген ниетіміз түзу, осы ұлы мақсат жолында бір жұдырық болып жұмыла алсақ, киелі бабаларымыз(Пір Бекет атамыз) қолдары анық. Онда ешқашан енді туымыз жығылмайды, қайта жоғары көтерілген сайын биіктей түседі, . Менің қорқатыным – көбіне-көп өз арамызда болып жататын алауыздық, жікшілдік, аяқтан шалушылық, өресіздік пен парықсыздық, әсіре әуейілік пен дүниеқоңыздық, рухани жұтаңдық пен тоңмойындық, жастар арасындағы маскүнемдік пен есірткіқұмарлық(яғни, сана-сезімді топастандыру мен мәңгүрттену), іштей бақастық пен күншілдік, жемқорлық пен жебірлік, тойымсыздық пен ашкөздік, арсыздық пен астамшылдық, даңғойлық пен дүмше-дүбаралық, шолақ белсенділік пен екіжүзділік, арамтамақтық пен масылдық, ұстамсыздық пен ұятсыздық, көргенсіздік пен бос көлгірсушілік, талғамсыздық пен мәдениетсіздік, жасықтық пен пасықтық, табансыздық пен тұрақсыздық, олақтық пен салақтық, білімсіздік пен біліксіздік, көргенсіздік пен көрсоқырлық тәрізді кер «қасиеттер». Осындай жағымсыз қылықтар белгілері кімде жоқ дейсің, солардан арылайық. Жақсы қасиеттеріміз де көп қой, соларға қарай бұрылайық. Ол қайсысы екенін өздерің де білесіңіздер: Даладайын дархандық пен тұлпардайын тарпаңдық, арғымақтай алымдылық пен қиядағыны қағас жібермейтін қырандайын шалымдылық, орып түсер орақ ауыз от тілділік пен ортақ пәтуаға ұйыр парасат-пайымдылық, халқы Ханын Хақ тұтып, Ханы Халқын жақ тұтып, елдің қамын ойлаған, әкімдері сайланған, батыр, би мен байлары – халқының болған айбары, қайырым мен қанағат, ізгілік пен шарапат, қонақжайлық-кеңдігі, тектілігі, ерлігі, ізет пенен ілтипат –Қазағыма тән сипат. Одан кейінгі керегі – өнер, білім, ғылым, техникалық прогресс, спорт, ең бастысы мемлекеттік саясаткерлікте озу. Тәуелсіз Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті, қоғамдық

құрылысымыздың көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан-2030» стратегиялық бағдарламасында егемен еліміздің алыс болашағының күнгейлі келешегін көре, бүгінгі және келешек сүрлеулер жете сараланғандығы сенімді нықтай түседі. Осыдан отыз жыл өткенде не боларын болжау көрегендік емей немене?! Елімізде, өлкемізде осы бағытта қарқынды жұмыстар жасалып жатыр. Қол қысқалығына қарамастан қомақты шаруалар тындырылуда. Тек қана ел саясатын жүзеге асыруға тиісті жоғары-төменгі басшылар тамыр-таныстық арқылы шен-шекпен киіп, лауазым иеленгендер емес, шын мәнінде қабілетқарымды, көреген де дарынды, ел мүддесі дегенде шыбын жанын тігуге бар нағыз марғасқалардан таңдалса деген тілек бар. Басшы кадрлардың жан-жақты мықтылығы ел, жер, халық еңсесін көтере бермек. Өткенімізге, соңғы он жылымызға тағы да бір көз салып көрейікші. Қол жеткізген меже шүкір етерліктей. Халықтар достығы мен ұрпақтар сабақтастығы, тарихи қуғын-сүргін құрбандарын еске ала отырып, жадымызды жаңғырту, мәдениетімізді көтеру айтулы шаралар болды. Елбасымыз Н.Назарбаев пен Төбе биіміз Ә.Кекілбаевтың көсемдік-көрегендік қасиеттері Қазақ елін сағымды белестерден шұғылалы көкжиектерге бастап бара жатқанына тәнтілік құлатамыз. Шарпысқанда шалдырмайтын, шамалыға алдырмайтын Текті Барысқа тел секілдіміз. Көкке қарап ұлып, көздегеніне жеткенше көңілі көншімейтін Көкбөрі тәрізді Ер секілдіміз. Тәңіріден тілегені келіп, Алла тағала, ата-баба аян беріп, ортасынан озық туған, қатарларынан асып туған, он жаста болса да ойшыл, һәм кемеңгер, Құдай қаласа, көсегесі көгерер Ел секілдіміз! Ендігі жерде айналамаңына марғаулау көз тастап, маңғаз қозғалатын керенау нарлықтан гөрі, жусай жүріп көз шырымын алдырып, көсіле шауып айызын қандыратын жылқы мінезді сергектік керек-ау қазаққа!

Ақын: «Одан кейін «Көкбайрақ көтерген он жыл» деп былайша тебіренген екенмін-ау»: Сан ғасыр сансырап, өлдім-талдым дегенде, тәуелсіздік тізгінінен ұстаған қайран елім! Қазқадамыңда халқың түсінердей кем-кетік, қателіктерің аз кездеспесе де, барар жолыңды, өзіндік соны сүрлеуіңді, айқын нысанаңды ұстана білдің. Заманында сан соққыны көріп, есеңгіреп, рухани күйзеліске ұшыраған қайран жұртымыз Ата Салт, Текті Санасынан таймапты. Содан да болар, Тәуелсіздік көгершіні қалықтай ұшып, күлімдей жеткенде, бүкіл елдің көп болып таңдауымен Көсемі саналған тұғырлы Тұлғалар байырғы Баба Даласының бағын жандыруға бар қажыр-қайратын аямай жұмсай білді. Содан да болар, Арғымақ атын ойнақтатқан Тұңғыш Елбасымыз бен біртуар қазақ зиялылары тарихтың осынау күрделі кезеңінде табандылық пен көрегенділіктің сан үлгісін танытты. Енді-енді әрпіл-тәрпіл тәй-тәй-лаған кезеңдердің өзінен елдік сипатының арда жатқан айрықша бітім-болмысын аңғартқан ат үстіндегі атпал азаматтар біртіндеп мемлекет шаңырағын тіктеп, келіп қонған бақыт құсын қайтып ұшырып алмасқа бекем бел буған асыл ағалар, ата-бабалар армандап өткен егемендік еңсесін асқақтатып, елдік көшін өркениет дүниесіне қарай түзеуге мықтап күш салғандай. Құдай сәтін салып, елінің басына ерек туған ерлер келген алып кеме – Қазақстан Адамзаттың дулы да шулы сапырылысқан мұхитынан өзіндік дара да сара жол табуға бет түзеп келеді. Өзалда Көктәңірдің ауызын Айға білеген айылын жимас арландық пен баһадүрлер тақымында тулаған Тайбурылдай тарпаңдық қан-қасиетті жете сіңірген тұйнағы бөлек тектілер тұқымдары көзді арбаған қалың тұманның ішінен де тайсалмай алып шығар қамшы салдырмас қаныгілігімен тәнті етпей қоймайды. Тегінде азуы алты қарыс арыстан мен жан-жағын жалмап кетердей айдаһардың жуан ортасынан ойып ордалы орын алып, асығы алшы түсіп, тең терезелі, мәрт мінезді кейіппен арқайын тірлік кешіп жатқан Біздің Дала тіпті де осал бола қоймас. Бүтін қазақ болып бірігіп, бір жұдырық болып жұмылып, Өлтірмелік Рухты, Өшірмей Ерлік ғұрыпты, Мәңгілік болып ғұмырлы, Сақтаймыз сонда тұғырды, демекпіз. «Алтынның қолда барда қадірі жоқ», дейді атам қазақ. Бүгінгі таңдағы біздің қолымыздағы алтынымыз да, жақұт-жауһарымыз да, асыл ақық-алмазымыз да, баға жетпес байлық, мақсат-

мұрат, сарқылмас қазынамыз да – осы Тәуелсіздік. Тәуелсіздік – елдің лағыл-арманы, Тәуелсіз елдің бағы жанғаны, Тәуелсіз елдің бағы жанбағы – Көреген-Көсемдерінің сара жолды таңдауы. Халық даналығын осы ретте: Жақ болмайды жаңылмас, Тұяқ та болмас сүрінбес, Ақырын жүріп, анық бас, Дәлдікпен жымы білінбес, – деп сәл-пәл түрлендіріп жатсақ, оншалықты әбестігі бола қоймас. Бүгінде Қазақстан Көкбайрағын бүкіл жер-жаһан таныды, мойындады. Қазақстан – Нұрсұлтан бүгінде әлем назарын өзіне аударып тұр! Әрине, көбісінің ойлайтыны –жас мемлекеттің елең-алаң шағында бары-байлығынан қарпып қалу, азды-көпті үлес иеленіп қалу. Бірқатарының ойлайтыны сірә да мысық тілеу, бірқатарінікі – іштей қызғаныш, әлдебіреулердің ойы – арандату, айдап салу, итірқылжың қылу. Мінеки, осындай аласапыран дүниеде түпкі есебіңнен ұтылмай-жаңылмай, құрығанда ең болмаса итжығыс түсіп, шама келсе, екі жеп, үш жеп биге шығып кететіндей ақыл мен айла, ең бастысы әрбір қадам, әрбір іс, әрбір шешімді Терең ой, мен Парасат-Пайым елегінен сүзіп өткізіп барып қана әрекет жасау түптің түбінде береке мен мерекеге жетелемек те, жеткізбек. Оң-солын танып, тәуелсіз елдіктің саясат қыр-сырларына барынша қанығып, басында Бақ тұрақтары белгілі бола бастаған Біздің Ел енді-енді етек-жеңін жиып, белін шартпа түйіп, тындырғаны да, тындырмағы да жонданып, сәл-пәл бойын түзеп қоңданып, миығынан күле бастаған, көзінің қиығымен айнала-әлемді зерттеп шола бастаған өзіміздің Түз Қыранына келіңкірейді. Марғаулықтың заманы өтіп, аңғалдықтың зардабы жетіп, дымын ішіне сақтаған, тойынып, тояттар үшін шынжырдай шеңгелі мен қыран-қанаттарын баптаған Қазақ елі бір секірсе, он үш, он беске, жиырмаға келер, жігіттік межені ер жасқа теңер. Біз қазір келешек Жанартау мен Жасындар алдындамыз. Көп ұзамай өткерер жалынды асау шағын халқым нағыз! Иә, иншалла, біссіміллә! Жат пейіл, сұғанақ суық қол, сұқ көздер жоқ демесек те, еліміз аман, жеріміз тыныш. Шүкір, халқымыздың басым бөлігі байлыққа белшесінен батпаса да, әлденіп, қоң жия бастапты, өзге жұрттардай тырбана тірлік жасап, өз күнін өзі көрудің қам-қарекетінде. Асылы, Қазақстан секілді еңгезердей еркін Ел тоқсан тарау жолдың ішінен таңдап алған Өз Сүрлеуі, Өз Даңғылынан жаңыла қоймас! Жерімізді мекендеген жүздеген ұлттар мен жұрттардың тамырын дөп басып, тату-тәттілікке ұйытып, ауыз-ләмдерін, жүрек-демдерін бір етіп отырған, солардың бірлескен білек күшімен Ұлы Отанын түлетіп отырған Наркескен Тұлғаларды Пайғамбарлар демеске лажым жоқ-ау! Оу, туған Ел! Барша ғаламға бауырмалдық құшақ жаятын Баба қасиетің еді, қонақжайлылықмеймандостығың-өшпес өнеге, өсиетің еді. Ниетін бұрып, қолын созғанға оң қарадың, содан да болар, кезіп кеткендей атағың әлем шартарабын. Оңғара бергей жолыңды Алла, өзгені мойынсұндырып, өз қамыңды қамда! Жиырма, Отыз, Қырықыңды көріп, Қиқулай, құйғытып шапқан шағыңда, – 2030-ды көрсек бірге Тарпаңым!!!

Ақын қос қолымен басын ұстап, өзді-өзі күбірлеп жүр:
Табанды боп жаралдық па,
Соны соқпақ таба алдық па?
Әлем жұрты көзін қадап,

Әлемге аян саналдық па?

Өзге жұрттан оза алдық па,
Тек қана жан соза алдық па?
Бір қияға қона алдық па,

Жалаңаш боп тоналдық па?

Дағдарыстан өтеміз бе,
Барға қанағат етеміз бе?
Асан қайғы армандаған
Жерұйыққа жетеміз бе?

Туған елді мұратына
Жеткізсем де қыран-тұлға,
Елге берген антына адал,
Сертке бекем тұрады ма?!

Халқын өзі қолдайды ма,
Халқы ерін қорғайды ма?
Бірлік болса,

Қазақстан
Атағы әлем шарлайды да!
Тілек осы, тілек осы,
Біріксінші білек осы.

Бәйгіде озып келсе елім деп,
Дүрсілдеген жүрек осы!..

Ақын толғанып, әлсіреп жүрегін ұстайды. Оны жігіттер жүгіріп келіп қолтығынан демейді.

Сахна төрінде қандай елдік, қаһармандық іске де сақадай-сай, тас-түйін Елбасы көрінеді. Ол Атазаңға оң қолын қойып тұрып, халқының алдында қасиетті АНТ береді: Елім, Ерім деп маған Төріңді бүгін бұйырттың, Түндігін түріп,

тұманын серпіп тұйықтың,
Тұнжырап жатқан
Далаңа тыныс бердің де,
Бойыңды билеп,

көңліңді демдеп, ұйыттың.

Көзімді қадап

көсілген шалқар бейнеңе,
Қазақпын деген

мақтаныш қонар кеудеме.
Бабадан қалған

тектілік тұрпат тіріліп,
Дарияда талмай

ілесті көшке дәу кеме.

Елім,
Егемен болдық,

елдіктің күйін шертетін,

Бұрауы келіп

тұрғандай сазды перненің.
Алдыңда сенің

мың мәрте тұрып бас ием,
Егемен елім,
Кеше мен Бүгін,

Ертеңім!

Жерім,
Бабадан қалған

баянды байлық-мұрамсың,
(Қиястық қылсам,
Аталар, жауап сұрарсың).
Тулақтай жердің

аялап ырыс-нәсібін,

Болмағым парыз тым аршыл.

Жаныңа сенің

келтірмей мүлде кінәрат,
Алармын шара

іс қылмау үшін бір ағат.

Барыңды базар

етуге барды салармын,
Өмірде керек, әрине, сабыр, қанағат.

Қасиет сіңген
Қара жер сенің құлыңмын,
Қайқайған қылыш

секілді қайсар ұлыңмын.
Қанына тартып

жаралған қазақ баласы,
Қадірін білмек

сыйлаған халқы тұғырдың.

Халқым,

бұл үшін мың-мың

өзіңе айтар алғыс-сыр,
Аялай берсін

жүзіңді жарқын таңғы нұр.
Атағың сенің

алысқа кетсе деп едім,
Жер-жаһан танып мәңгі бір.

Қайнарым сенсің,

тұп-тұнық мөлдір бұлағым,

Шынарым да өзің,

ұраным да өзің,

шырағым.
Халқымның даңқы

ғасырдан асып ғасырға,
Қазақтар десе

бар әлем түрсе құлағын.

Өмірлік мақсат,

нақ осы арман көксеген,
Болашақ ғұмыр

боларға баян бек сенем.
Бұйырған бақ-тақ:

Еліме,

Жерім,

Халқыма
Ақ адал қызмет етумен дәйім өтсе екен!!!

Қазақ халқының «Сарыарқа», «Адай» күйлері орындалады. Қазақстан Республикасының Елтаңбасы «мен мұндалап!», Көкбайрағы желбіреп, Әнұраны шалықтайды! Барлығы да оң қолын жүрек тұсына қойып, еңселерін тік ұстап, Әнұранды асқақ көңілмен айтып тұрады.

БӘЙТЕРЕК

Жездеміз Ізтұрған Ақжанұлы
ақсақалдың рухына
-------------------------

Желпитін секілденіп таң самалы,
Еске алдым ақ көңілді ақсақалды.
Ізеке, жатқан жерің жарық болсын,
Ел-жұртың сағынады жақсы адамды.

Мен мұндай қарияны бақ санадым,
Қылығы көп еді ғой тамсанатын.
Шетпеге анда-санда жол түскенде,
Баладай қалбалақтап қарсы алатын.

Хабарын ауыл-аймақ сұрастырып,

Мән-жәйға қанығатын сыр аштырып.
Шәй-суы Салиханың болғанша әзір,
Картаға кірісуші ек құлашты ұрып.

Мұндайда жандар да көп тап келетін,
Мамай жездем екеуі мәп келетін.
Ойында көп ұтыла бермеуші еді,
Шалдарым әр ісіне сақ келетін.

Жан еді әр адамның жанын ұққан,
Кәнігі сауда ісінің мәнін ұққан.
Ізекең Таушықта басшы болып,
Саудада сардар еді аты шыққан.

Тауардың болса-дағы тапшылығы,
Қоғамның жарылқауға қарсылығы,
Тәртіптің тым қаталдау кезінде де,
Жақсының аз болмаған жақсылығы.

Өмірдің мектебінен дайындалған,
Жан еді мәрттігімен мойындалған.
Баяғы тектілердің тұяғы еді,
Тірлікті пәлсапамен пайымдаған.

Тәңірім аямады тартуын да,
Апамның еңбегі зор шалқуында.
Келтірген отбасының берекесін,
Көтеріп биіктерге жар туын да.

Самғаған қанат талмай сан қияға,
Жылылық ұялатқан жанұяда,
Еске алдым Сара апамды бидай өңді,
Дидары ұқсайтұғын Мәрзияға.

Бойында ата намыс, ар-ұяты,
Сыйлайды ел Ізекеңдей қарияны.
Апам мен екеуінен түлеп ұшқан-
Жекең мен Амангелді, Мәрияны.

Айналған олар өмір жалғасына,
Өтеді ғұмыр заулап алға асыға.
Немере, шөберелер бұл күндері,
Ілескен замананың арнасына.

Десек те дүние кезек, ақыл жаста,
Данагөй қариялар табылмас та.
Ұрпағы аталарын ардақтамақ,
Толғанын атап өтіп ғасыр жасқа.

Бұл өзі азаматтық, көргенділік,
Бабалар дәстүріне ерген ғұрып.
Не жетсін күн кешкенге Кеше менен

Бүгінді, Болашақты-Ертеңді ұғып.

Өткенді ел болмаймыз бағаламай,
Халықтық қасиетті сараламай.
Қалайша күн кешеміз, айтыңдаршы,
Асылдарды ардақтап, дараламай?

Кіршіксіз көңілі бар алып-ұшқан,
Көзінен отты жігер, жалын ұшқан.
Көңілім босап бүгін отыр менің,
Көнекөз қартқа деген сағыныштан.

Жақсылар ойлантады ойлы адамды,
Ұнатам оймен терең бойлағанды.
Есімде, сырықтайын сергек қарттың,
Тоқсанын дүрілдетіп тойлағаны.

Балдыз боп сонда әзілмен сұрақ қойғам,
Шықпады жауабы оның бірақ ойдан:
-Бұл кімнің тойы деп біз айта аламыз,
Тағылым түйген кезде мына тойдан?

Деген ем,
«Тінейдің!» деп дүр еткізген,
«Құтылып» кете алмады бірақ бізден.
-Қойыңыз, бұл Адай мен Қазақ тойы,

Ғұмыр жас – ел мерейі Сіз өткізген!

Білеміз, Қосай-Тіней кемдігі жоқ,
Батырдың Тәңірберген ерлігі көп.
Бір болып Бектеміспен топырағы,
Құдамдал, туыстыққа келді үндеп.

Бабалар өңшең ұқсас саф алмасқа,
Ұрпағы текті болып таралмас па,
Өткеннен сыр айтады құлпытастар,
Ортаеспе, Қаражанбас, Қаламқаста.

Дәстүрдің болса қандай жұғыстығы,
Ұғайық, ағайындар, дұрыс мұны.
Нағашы-жиен болып келетұғын,
Тіней мен Бектемістің туыстығы.

Ендеше, бүгінгі той – елдің тойы,
Тоқсанға талмай жеткен ердің тойы!
Ізтұрған Ақжановтай ақсақалдың
Мерейі- Маңғыстаудай жердің тойы!..

Жездеміз бұл сөзіме құлақ асты,
(Мен, сірә, сөз айтқам жоқ тым оғаш-ты).
Тіп-тік боп көрінетін тоқсанда да,
Салды еске бәйтеректей діңді ағашты.

Бұл енді өткен шақтың үлесінде,
Бейнесі тік қалпында тұр есімде.
Асылдың сынықтары қайта тумас,
Қазағым, бұл шындықты білесің бе?!

Адами қасиеттің ақтаңгері-
Ізекең қай кезде де мақтаулы еді.
Баршаны рухымен жебей берсін,
Ләйім жәннәт болып жатқан жері!

РУХ Ғани Меңтайұлына ---------------------------

Тағдыры қанша сілкісін, табаны таймай тірескен,
Тағдырды жеңе білетін батырдай бейне күрескер:
Тағылым небір көкейге түйгізер дара тарланым,
Тұлғаңды сенің көргенде оянып рух, жыр ескен.

Кей-кейде құрық салса да, қытымыр мінез бұл өмір,
Бұйырған жалғыз тірліктің бағасын дәйім біле біл.
Ғайыптан тайып басыңа күн түсе қалған сәтінде,
Беу ,бауырым,Ғани Кариндей баянды ғұмыр сүре біл.

Қайтеміз тегі, болған іс, басқаны тегі айыптай,
Өткенге көзді саламыз, ақылмен пішіп байыптай.
Тіл тиген Сізге, Ғанеке, жарқылдап тұрған алмас ең,
Бір кезде сонау тіл тиген Ғани Мұратбаевтай.

Ер едің сен де сиынған көктегі Тәңір-бабаңа,
Құдайым құйған ақыл-ой, парасат, білім санаңа.
Өзіңді-өзің тізгіндеп, өжеттік мінез таныттың,
Бағындырып жетпіс шың, ұқсайсың енді данаға.

Даналық деген –кісілік, адами болмыс –қалпыңыз,
Тура жолменен жүргесін артады дәйім нарқыңыз.
Адамгершілік пен ізгілік, қайырымдылықты ту еткен,
Сіздейін атпал ерлерді құрметтей білер халқымыз.

Ағаға ізет, ініге ілтипат қылған нар мүсін,
Азаматтығыңды айшықтар абырой жиған арлы ісің.
Жетпісің құтты, еліңмен марқая бергін той тойлап,
Жарасты ғұмыр кеше бер жеңгеймен асыл – бақ құсың!

Бақытжанға

Қазақтың рухани бас қаласы –
Алматы – ол кезде елдің астанасы.
Арман қуып ауылдан келген бізге
Бұйырды ҚазГУ-дің баспанасы.

Самғады алыс қиялдың ұшқан құсы,
Оқу, білім – көңілдің құштары осы.
Бақытжан, Нұрғали үшеуіміз-
Секілді едік бір үйдің үш баласы.

Жастықтың жарқын мінез құмар шағы
Бұл күнде сонадайдан мұнартады...
Желкіл қағып өскіндер өсіп-өніп,
Мойынға енді басқаша жүк артады...

Парызды өтеп беу,Баха, ата-аналық,
Көркейіңдер енді ене-ата атанып.
Шалқытумен шадыман шаттық тойын,
Бәтуалы қарттардан батаны алып.

Баяғыдан нар жігіт, байсалды ер ең,
Енді өмірге одан да ой сал терең...
Құт боп дарып бақ келін шаңыраққа,
Деп тілейміз бау-бағың жайқалса ерен.

Немерелер шапқылап құлын-тайдай,
Күн кешіңдер қызыққа ғұмыр тоймай.
Дүниенің бақыты – ұлан-ұрпақ,
Баяғыдай баз кешпе жырыңды ойлай...

Бұрын өлең толғаушы ең ұдайы таңмен,
Ақылдас бол күнде енді Күләйханмен.
Ел үмітін ақтасын бала-келін,
Басымызды қоссын тек Құдай тоймен.

Мәңгі орнап тыныштық жер бетінде,
Бақыт жүзсін жас жұбай келбетінде.
Қызылорда жұртына мың бір сәлем,
Қыпшақтар – Абызовтар әулетіне!

ЖІГЕРЛЕНДІРУ

Ойлама, қалқам,

өмірде бар деп жол даңғыл,
Сағымдай бұлдыр көлбеңдеп жүзер арман бұл.
Мұңайып мейлі жүрсең де,

ерлік іс болмақ
Үміттің отын маздата білу алдан бір.

Ойлама, қалқам,

бақытқа тез деп қол жетер,
Албырттық көңіл,

алданып қалу ол бекер.
Алдыңнан ақ күн туа да қоймас әп-сәтте,
Алысып өткен тағдырмен баққа сол жетер.

Ойлама, қалқам,

өмірде мен деп жыламан,
Жыламай өткен көрмедім мүлде бір адам.
Талайлар мықты теңселіп барып құлаған,
Тағдырдың жолы, өйткені, өте бұралаң.

Ойлама, қалқам,

өтем деп мәңгі күліп мен,
Өзіңе қалқан бола алмас жасық жігітпен.
Өмірдің қилы белесі, тай-таластарында
Арбасар талай сезігің сенім-үмітпен.

Аруды асыл

аялай білмей ер болмас,
Туғаннан тексіз

жасықтық қылса арланбас.

Өмір де жарыс,

өресіз туса оза алмас,
Тұлпар боп тумай,

жабыңыз жалды мал болмас.

Азамат болмай
Аққу да құстан айрылар,
Жұп аққу жүзбей

айдынды көл де қайғырар.
Өмірдің өжет толқынына қарсы жүзе алмай
Жігерсіз жандар жүрегі жидіп, шайлығар.

Ойлама, қалқам,

жаралдым мен деп құр-текке,
Өзіңе шексіз
Тәңірдің сыйын тәркі етпе.
Құдайдың көзі ерекше түсіп жаралған

Сенен бір сұлу көрмедім ару жер-көкте.

Құдайдың өзі

жаратты нұрдан өзіңді,
Қап-қара шашың, ботадай мөлдір көзіңді.
Адамға берер махаббат, иман, пәктік пен
Қиыпты саған адами тұнба сезімді.

Сол сезіміңе

салмақ боп селкеу күнәһар,
Адал жандарды

адастыруды ұнатар.
Айналаң түгел әзәзіл, шайтан, ібіліс,
Қорықпа, қалқам, оларды Құдай бір атар.

Ұлы өмір-көште
Баз кешкен пенде сорлайды,
Бастағы бақтан айрылу күнә, сол қайғы.
Баянды ғұмыр кешуге құқың болғанмен,

Бұралаң жолда кейде бір жолың болмайды.

Топас бір дүмше

сезе алмай түлен түрткенін,
Жолыңда тұрар

долы бір бейбақ, көкбетің.
Тасырдың келіп қақ маңдайынан ұрады,
Көктегі Тәңір

бақылап тұрған жер бетін.

Алладан шашу –

адамға мынау жарық күн,
Сұлулық, иман, денсаулық – табы бақыттың.
Жарқырап тұрған заманды ұқпай зар кешсек,
Бағасын білмей қор болдық мынау Уақыттың.

Басқа бір түскен бәле-жаланы еңсеріп,
Томирис қыздай болып бір тұрсын еңсе тік!
Мықтылар нағыз қайралып барып шыңдалар,
Осалдар болса, өкіріп өшер теңселіп.

Таяды, қалқам, басыңа қонар алтын-бақ,
Жұлдыздар сынды жана білмесең жарқырап.
Жұлдыздардың да жұлдызы болмақ тегінде,
Жасықтар жұлдыз бола алмайды ғой ал бірақ.

Жұлдыз боп жандың,

кезінде елдің көгінде,
Алқаны тақтың,

шалқыдың төрі-өрінде.
Аруақты ата-бабалар қолдап тұрғанда,
Ешқашан, қалқам, іркіліп, кейін шегінбе!

Жігерсіз жанды
Қолдай да бермен мен өзім,
Білесің өзің

қандайын менің мінезім.
Қажетсе егер
Тауларды түгел қопарып,
Елімнің Рухын көтере білем мен өзім!

Жасыннан әсте

тумаса керек жасық төл,
Өмірге мынау шуақты нұрлы шашып көр.
Өзді-өзі сонда қорланар қуыс-пасықтар,
Өмірге мынау өле-өлгеніңше ғашық бол!

Тілекші саған:

туған ел, туыс, бар маңың,
Ата-ана, бауыр, киелі өңір, жан-жағың.
Күйзелген кезде

жаныңа түсіп жарақат,
Жоғалып мүлде кетеді деме арманың.

Жазылған осы жолдардан түйін түйіп көр,
Орана берме тұмандай бейне күйікке.
Адалдық –арың, туралық – тұғыр,
Қаймықпай

Шақта да қандай самғай біл қыран-биікте!

Ақша бұлттар
Ақ Раушанға

Ақтаудан ұштым бір жолы құстай ағылып,
Астана-ару сапарға сонда шақырып.
Ал Алматыдан ұшып сен сонда келген ең,
-Арнайы, әке, келдім деп сені сағынып.

Арманы болған әкеңнің балапанысың,
Аппақ боп туған Құдайдан қалағанысың.
Адамзат пен перизаттың ғаламатында-
Айдан да асыл, Күннен де көркем балағанысың.

-Арнайы келдім, әке, деп сонда мәз еттің,
Адам баласы үшін сағыныш сезім қажет тым.
Алматы менен Астана арасын жол етіп,
Айналайыным, ұшақпен ұшып тез жеттің.

Аз күн де болса бір болып көңіл бірленді,
Ақыры елге қайтатын-дағы күн келді.
Алдымен ұшып Ақтауға кеттім мен сонда,
Артымда қалдың, мұңлантты аздап бұл мені.

Ақ қанат ұшақ аспанға шықты шарықтап,
Айнала-тұсқа қараймын мен де анықтап.
Апырмай, мынау ақша бұлттармен алысып,
Ақ Раушаным келеді екен қалықтап.

Ақша бұлт болып артымнан тегі қалмайсың,
Аспанды билеп, ұмтылып алға талмайсың.
Ата-анаңа деген ақ адал махаббатыңмен-
Ақ шағаладайын періште болып самғайсың.

Айдында жүзген аққудай жаның мөлдір тым,

Арғымақ сынды аспанда әбден желдірдің.
«Ауылға әкемді шығарып салам» дегендей,
Ақша бұлттарды өз дегеніңе көндірдің...

Аппақ қызым-ау, түскені еске сол сәттің,
Ағындай уақыт, өтеді заулап мұрсат тым.
Ал бүгін, міне, толдым деп жасқа дөңгелек,
Ақын әкеңнің көңілін біраз босаттың...

Ақын әлемі – сезімнің кәусәр селіндей,
Арда көңілі басылмас асып, төгілмей...
Ақ Раушаным құтты да болсын асқарың,
Шұғыла шашсын өмірің нұрлы өңіңдей.

Ақ Шәрбан қызым қасыңда жүрсін жарасып,
Ақ Шәрбөгіме ғұмыр кеш мәңгі қарасып.
Ақ Шәрбөгімнің еркелігін де кеше біл,
Ақ Шәрбөгімнің өр қылығымен санасып.

Алдыңнан дәйім ата да берсін бақыт таң,
Арайлы шапақ төге де берсін жақұттан.
Абыройменен қай сынақтан да өтерсің,
Айналдым қарғам, ұтылма ұлы уақыттан.

Адамға қуат:өмірге деген махаббат,
Ар-иман, ақыл, өрелі пайым-парасат.
Ақжарма жанның жанына жауһар ұялар,
Алладан – дәру, шексіз бір мейір-шапағат .

Адам боп тудың, ар жолын қудың, жүзің шат,
Арамнан безіп, адалды сезу- қызым, бақ.
Алда да тағдыр айнытпай сара жолыңнан,
Ақжал толқындай күреспен ғұмыр түзу – шарт.

Амал не, жұмыс, табылмай тұр ғой бір қанат,
Айырплансыз жолдадым саған жыр-қанат.
Ауылдың, елдің сәлемін алып самғайды,
Анашың асыл, жанында аппақ Нұржанат!

Шәрбануға

Ұнамайды дедің де басқа қала,
Шәрбануым, кеттің-ау Астанаға.
Гумилевтің Еуразия университеті
Қол созым жер сен тұрар баспанаға.

Алматы еді мен саған ұсынғаным,
Ол шаһарға оншама ұмсынбадың.
Ақордаға көңілің ауып кетті,
Алай-дүлей қысынан қысылмадың.

Мінезіңді хош көрдім жасқанбаған,

Апаңменен екеуің саспаң, балам.
Миллионер атанды Астана-ару,
Ер Төстіктей күн санап өскен қалаң.

Өсерсіңдер сендер де, өнерсіңдер,
Елмен бірге бәрін де көрерсіңдер.
Туған жерді киелі сағынғанда,
Анда-санда ауылға келерсіңдер.

Астанаға әкең де ғашық болған,
Баруға әркез ынтығып асық болған.
Баяғыдан бойдағы қасиетім-
Биіктерге самғауға машықтанған.

Ақтау-әсем, жұмақтың төрі сынды,
Асау теңіз –періште-пері сынды.
Астанаға құлшынып сонда-дағы
Кеңге жайғым келеді өрісімді.

Ел дегенде билесе мені сезім,
Астананы ойлаймын тегі өзім.
Астанада баянды болашақ бар,
Астанада қос қызым-екі көзім.

Ақ Шәрбөктің дәл бүгін туған күні,
Таусылмасын тірліктің думан-жыры.
Ақ Раушан апаңмен, достарыңмен,
Ақтарылсын ақ пейіл, сыр сындығы.

Балап сені, балапан, нақ асылға,
Қуанышқа бөгіп жүр анашың да.
Ыстық сәлем жолдайды әкең сенің,
Құйттай болған кенжетай баласына.

Сәбидейсің сен бүгін шырылдаған,
Бал кейпіңнен айныма, гүлім,балам.
Бақытты бол, баянды,берекелі,
Тәңір ұзақ сыйласын ғұмыр саған!

РУХСАНА

Мен – қазақпын! Қазақ – менің ой-санам,
Жыр толғасам, қазағыма ой салам.
Қазақ десе, қайсармын мен, өжетпін,
Қазақ десе, қай жауыңнан тайсалам?!

Қазақ десе, жүрек жұтқан батыр мен,
Мен – қазақпын, қай халықтан хақым кем?!
Мынау жатқан шалқар дала көсілген,
Егіз дер ем қазақ атты атыммен.

Мен – қазақпын, қазақ менің есімім,
Қанға тарту, арға тарту-кесімім.
Ұлы Тұран, Түркістаным, Алтайым,
Мақтан етсем тарихымды несі мін?!

Мен ғашықпын туып-өскен еліме,
Орман-тауым, кәрі Каспий көліме.
Үш жүз алпыс әулиенің мекені-
Маңғыстауым – қасиетті жеріме.

Беу жүрегім, толқындайын тулаған,
Бақыт үшін жаралған ғой бұл ғалам.
Елім десе өртенеді өзегім,
Елім десе, Күн секілді нұрланам.

Мен – Қазақпын! Жұбан солай жырлаған,
(Жұбағаңнан жайым жоқ сөз ұрлаған).
Мен тәуелсіз ғұмыр кешіп қоғамда,
Көңілімнен көшкен сынды мұң-налам.

Көңілім қош, бірақ жаным тағатсыз,
Көңілім қош, бодандықтан азатпыз.
Бірақ, мүлгіп ұлттық рух-санамыз,
Қарын қамын күйттеуліміз қазақ біз.

Елім деген ерің қайда ежелгі,
Найзалары қас-дұшпанға кезеулі.
Жемқорлықтың жемсауына жұтылған,
Рух өшкен, сана селкеу кез енді.

Ел қамынан ерек тұрса бас қамы,
Бұл қазақты нағыз қара басқаны.
Баба-жердің қазынасын бөлшектеп,
Кімге керек шірік байдың тасқаны.

Кімге керек бостан-босқа көлгірсу,
Ел байлығын шашып-төгіп еркінсу...
Ұлттық рух, санасы әсте көмескі,
Бұл қазақты оңай емес серпілту.

Қайрап өткен заманында Абай да,
Беу, қазағым, тозып кетпе, абайла.
Тілің, ділің, дінің менен дәстүрің,
Санамызға сіңу керек қалайда.

Босбелбеуге бұл пәниде кім сенер,
Батыр кеуде басты тігіп белсенер...
Рухымыз асқақ түсер әманда,
Елдік мүдде санамызда жүрсе егер!..

Осылайша әр жүрекке от қойдым,
Көңілім пәс, болса-дағы жоқ қайғым.
Оянса деп елдің рух, санасы,
Рухсана деп немереме ат қойдым.

Өсе берші, өркенім боп, Рухсана,
Мен өзіңді жырға қостым мақтана.
Елің менен жеріңді сүй, қарағым,
Атаңның бір ізгі үміті ақтала...

Саян мен Сайранға
------------------------------
Оянып әр күндері күліп таңнан,
Күтіңдер қызық дәурен, үмітті алдан.

Біз бүгін құттықтауға келіп тұрмыз,
Сіздерді атқа мінер жігіт болған.

Ләйім елі сенген ер болыңдар,
Көтерер ауыр жүкті нар болыңдар.
Ата-баба абыройын аспандатып,
Ез болудан тегінде арланыңдар.

Кеудеде тұрсын дәйім алау жанып,
Бала шақ өтсін жайнап, жалаулатып,
Ата-әже, әке-шеше қасыңда боп,
Өмірге бала көзбен қарау бақыт.

Бейбіт күн жарқырасын жер бетінде,
Сәбидің арай жүзіп келбетінде.
Кемелхан мен Оңайша немересі-
Саян мен Сайран өсіп ержетуде.

Бұл өзі мұсылманға міндет делік,
Ер қазақ атандыңдар сүндеттеліп.
Жиналып үлкен-кіші бүгін тойға,
Ортада тұрсыңыздар құрметтеліп.

Тірліктен ойлы түйін жүрің түйіп,
Қашанда тумаласты сүйіндіріп.
Көтеріңдер қашанда, қарақтарым,
Әріпов әулетінің туын биік!

Жайқалың сол Әріптің бау-бағындай,
Өр болың Саян-Памир тауларындай.
Сайрандап, бал-бұл жайнап ғұмыр кешің,
Өмірде орындалып арман ұдай.

Денсаулық мықты болсын, шымыр болсын,
Таусылмас ұзақ-ұзақ ғұмыр болсын.
Пір Бекет,ата-баба, қолдап, қорғап,
Туған жер – атамекен тұғыр болсынІ

Ақ құсымсың, аяулым!
Сөзін жазған Ғалым Әріп
Әнін жазған Ғалымжан Сағымбаев

Жанарыңда жалын, нұр-өңіңде от,
Тұнып тұрған сезімсің.
Сенен өзге жаным бұл өмірде жоқ,
Ынтық қылған өзіңсің.

Білектерің аппақ, тілектерің ақ,
Бақытым сен-баяндым!
Іңкәрлігің ғажап, жүректегі пәк,
Ақ құсымсың, аяулым!

Тебіренем толқып, шалқимын да мен,
Асығамын өзіңе.
Шағаладай бейне қалқимын да мен,
Шабыт күйін сезіне.

Арманымсың асыл, аққуымсың сен,
Шырқай берем ән қылып.
Дүние-думан-жасыл, бақ-гүлімсің сен,
Махаббатым мәңгілік!

х х х
Сенсіз мен, жаным, күн кештім қалай бір ай?
Сен мейлің, сенбе, күрсіндім күн-түн ұдай.
Жалт еткен жарық сәулем жанардан тайды,

Жалғыздық маған жат екен о Тәңір-Құдай.

Сенсіз мен, жаным, еш жай таба алмадым,
Жападан-жалғыз қалғандай айдаладамын.
Ойымда сенсің, сезімде, жан әлемімде,
Жүрсе де көзім түспейді айналада кім?!

Сенсіз мен, жаным, тағдырға бағынады екем,
Бір сені ойлап көз ілмей сағынады екем.
Сен жоқта жаным алауы күлге айналып,
Сен барда ғана жүрегіме от жағылады екен.

Сенсіз мен, жаным, сергелдең, ғаріппін бейне,

Мәнісіз болып көрінді жарық күн бейне.
Сен жоқта шабыт қыраны шарықтай алмай,
Сен барда ақын, батырмын, алыппын бейне.

Өмірде мүлде болмай-ақ өзіңе өкпем,
Қиналдың іштей, налыдың сөзіме сөккен.
Білемін, жаным, білемін,шарасыз болдың,
Шықпасы, сірә, белгілі төзім де шектен.

Көңілің қалды, жүрегің алып-ұшса да,
Іштейін тұсау салдың кеп сағынышқа да.
Өткізген сенің бір айың Астанадағы,
Реніш пенен мұңыңнан арылыс қана.

Мендейін қызба пенденің сезерсің халін,
Мен сенен ғапу өтінем, кешерсің, жаным.
Мынау ұлы дүниеде махаббат мәңгі,
Хор қызы боп қасыма келерсің, жарым!

Мазмұны

ЛИРИКА ------------ Алматы ғазалдары------------------------------------------------------------- Лондон лирикалары-------------------------------------------------------------

ТОЛҒАУЛАР, ПОЭМАЛАР

Түбі бір түркі жұрты------------------------------------------------------------ Ұлы Дала ұлағаты---------------------------------------------------------------- Қазақ – менің ұраным!----------------------------------------------------------- Қазақ тілі – қанатым----------------------------------------------------------- Қазақ қандай халық?------------------------------------------------------------ Рух пен Жігер----------------------------------------------------------------------- Ұлттық пантеон------------------------------------------------------------------ Сұңқарлар жас болмайды------------------------------------------------------ Ақтау – арман қаласы------------------------------------------------------------ Сүйінғара серті--------------------------------------------------------------------- Сүйінғара сыбағасы--------------------------------------------------------------- Каспий трагедиясы--------------------------------------------------------------- Жер мен ел----------------------------------------------------------------------------- Ұлылар достығы-------------------------------------------------------------------- Түсімдегі тұлпарлар--------------------------------------------------------------- Алаштың арыстары-------------------------------------------------------------- От-намыс алауы--------------------------------------------------------------------- Пешене------------------------------------------------------------------------------------ Цунами------------------------------------------------------------------------------------- Қыранмен сұхбат--------------------------------------------------------------------- Поэзия көгінің пайғамбары------------------------------------------------------- Адай атам--------------------------------------------------------------------------------

Қазақ болу-------------------------------------------------------------------------------- Томирис----------------------------------------------------------------------------------- Рух-------------------------------------------------------------------------------------------- Бибігүл------------------------------------------------------------------------------------- Ақындар------------------------------------------------------------------------------------ Әйелдер әлеміндегі әңгіме-------------------------------------------------------- Қарт майдангердің келіні---------------------------------------------------------- Ақырзаман жайлы ой-----------------------------------------------------------------

АҚЫН АРМАНЫ(АЗАБЫ)--------------------------------------------------------- (Поэтикалық драма)

АРНАУЛАР --------------- Бәйтерек------------------------------------------------------------------------------------ Рух---------------------------------------------------------------------------------------------- Бақытжанға------------------------------------------------------------------------------- Жігерлендіру------------------------------------------------------------------------------ Ақша бұлттар--------------------------------------------------------------------------- Шәрбануға---------------------------------------------------------------------------------- Рухсана-------------------------------------------------------------------------------------- Cаян мен Сайранға --------------------------------------------------------------------- Ақ құсымсың, аяулым!(ән)----------------------------------------------------------- «Сенсіз мен, жаным...»-----------------------------------------------------------------

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙