TELEGEI

Home

Дастандар

Кенен Әзірбаев

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Дастандар

Дастандар

ТОЛҒАУ-ЖЫР, ДАСТАНДАР

БЕТАШАРЫ АЙТЫСТЫҢ

Ежелден ол салты бар,
Айтыс десе талпынар.
Кәрі мен жас келгенде
Ақын қиял шарқ ұрар.

Ат қосқандай бәйгеге
Озып келсе даңқы бар,
Жүзден жүлде алғанды,
Мадақтайтын салты бар.

Айтысқа тән жол ашар,
Асыл сөздер жарасар.
Ұлы думан - жиынды
Ақсақалды шал ашар.

Мен де ақынның бірімін,
Сөзіме жұрт таласар.
Домбырамды шертейін,
Бақытты елім қаласа.

Сол дәстүрден озбайын,
Сөз сарасын қозғайын,
Жиналғанда әлеумет
Жыр шашуға біз дайын.

Шәкірттерім, достарым,
Жақынға айтар сөз дайын:
Бүгін қосқан бастарың,
Ақынға айтар сөз дайын.

Жүйріктерім — бауырым,
Ауданың мен аулыңның
Колхоз, совхоз қауымның
Табыстарын айтыңдар.

Социалистік шартпенен,
Жарысқанын айтыңдар.
Қайсысы озып, қайсысы
Қалысқанын айтыңдар.

Өркендеген еліңді айт,
Өндіріс пен кеніңді айт,
Егін менен жеріңді айт,
Еңбек сүйгіш еріңді айт.

Өзенің мен көліңді айт,
Алыс отар, шөліңді айт,
Мал азығы — шөбіңді айт,
Мыңғыраған төліңді айт,

Мыңдап алған өнімді айт.
Қара жаға,көк бөрік, —
Қаракөлдің молын айт.
Мәдениет орнын айт,

Көркемөнер жолын айт,
Қызылшаның көбін айт.
Жетісі мен кемін айт,
Кемшілікті көріп айт.

Әділ сынап, теріп айт,
ЬІза болсын жалқаулар,
Көп алдында көзіне айт.
Қытықтамай шымшып айт,

Өткір жырмен қыршып айт,
Ұл-қыздарым, қызып айт,
Аққу-қаздай жүзіп айт,
Арғымақтай шұлғып айт,

Ақбөкендей желіп айт,
Оза шауып орғып айт.
Тыңдаушыға жол ғып айт.
Облысы Жамбылдың

Ленин орденін алғанды айт,
Тойы — тойға ұласып,
Даңқы жерді жарғанды айт,
Бұл бақытқа жеткізген

Партияға алғыс айт,
Ал, жол болсын, ақындар,
Әбүйірлі болып қайт!

ҮМБЕТАЛЫ ДҮНИЕ САЛҒАНДА

1969 жылы халық ақыны Үмбеталы Кәрібаев қайтыс болып, бұл хабарды Кененге ақын Әсімхан Қосбасаров келеді

Ә с і м х а н
Мен келдім Қордай аудан Кировіне,
Ақынның ішіндегі жүйрігіне.
Үмбеталы екеуің тең, өсіп ең,

Көп тұрмын Үмбет жайын білдіруге.
Ән қосқан бозторғайға Кенен едің,
Өлең мен домбыраның кемелі едің.
Айтпай-ақ ендігісін түсінерсің,

Қолайсыз бір жұмыспен келген едім.
Кенен мен Үмбеталы қарттарымыз,
Жамбыл мен Сүйімбайға тартқаныңыз.
Кешегі бала күнгің ойыңда ма,

Айқасып бір төсекте жатқаныңыз.
Домбыра сіздер алған мен де ұстадым,
Ақынсыз болмасын деп арт жағыңыз.
Сол Үмбет қайтыс болды өткен кеште,

Түс ауа демі бітіп сағат бесте.
Көзінің тірісінде тапсырып ед
Кенендей сәлем айт деп тетелеске.
Аттанды бұл дүниеден Үмбеталың,

Кеп тұрмын сол хабарды салғалы еске.
С о н д а К е н е н:

«Қайран Үмбеталы-ай!.. Қазақстанда өлеңнің бір бұлағы кеміп қалды-ау!» деп, қамығып қолына домбырасын алады.

Сайраған Алатаудың бұлбұлы едің,
Арыны басылмаған дүлдүл едің.
Сүрінген қапылыста, асыл Үмбет,
Ақынға әрбір сөзі үлгілі едің.

Жасыңнан даңқың шыққан Үмбет едің,
Жеріңе жүрген - тұрған міндет едің.
Түлкі қуған қияда қырандай-ақ
Апарып өз ініне індететін.

Жорғаңды салдырушы ең талай топқа,
Түсуші ең айтыс десе жанған отқа.
Топырақ саған барып сала алмадым,
Кездестің сырқау болып халім жоқта.

Кәрілік біздерге де келіп қалды,
Басылып су сепкендей желік қалды.
Тең өскен Жетісуда Үмбеталы ең,
Өлеңнің бір бастауы кеміп қалды.

Доқтырдан бес күн болды келгеніме,
Қайтарды дәрі беріп емдеді де.
«Қара жорға» деуші еді Жамбыл марқұм
Жорғаны сұм ажалдың жеңгені ме?

Шіркін-ай, қуат барда талай рет
Жарап ек көпшіліктің ермегіне.
Несіне оның бәрін тәптештейін,
Ақыннан саған қайда тең келуге.

Сене алмай дал-дал болып мен отырмын,
Сенді не, амал қанша, сенбеді не...
Шырағым Әсілханжан, ризамын,
Қастектен ат терлетіп келгеніңе.

Мен - дағы ауру шалдың бірі болдым,
Білмеймін кәріліктің жеңгені ме.
Қазіргі Кененіңнің халі осындай,
Сұраған дұғай сәлем елдеріңе.

ҚҰДАЛАР

Бар еді бір атадан төрт бес түтін,
Ағайын бірде жарты, бірде бүтін.
Әдісі сол атаның малға жұмсап,
Қолымды босатпайды я күн, я түн.

Бармасам бәрі қарғап ұрысады,
Кіргізбей үйлеріне тырысады.
Олардың тіліп алмай босқа жүрсем,
Жақтырмай мені көрсе бырысады.

Құлағым елеңдейді ән дегенде,
Кежегем кейін тартар мал дегенде.
Ақ ит пен ала мысық ере шығад,
Нан тастап, сүйек беріп дәндегенге.

Ол кезде ел жайлауға көшер еді,
Жалғыз қой, үш ешкімен өсе ме енді.
Шешем жоқ, әкем кәрі, өзім жалғыз,
Кім мені еркелесем көтереді?

Мінгізіп тай - танаға қойшыларды,
Көш озып қонар жерге кетер еді.
Баласы еңбекшінің сөкпеңіздер,
Шерім бұл өткен бастан шертер енді.

Ақтерек, Ырғайтыдай сай бар еді,
Сол жерде талай-талай бай бар еді.
Өзені қатпар жартас, күрлеген су,
Атқыған жыра сайын қайнар еді.

Көшкен ел бұл өлкені өрлей көшіп,
Шулатып қой, жылқысын айдар еді,
Үстіне шыға келсең мидай дала,
Сол сазды барған байлар жайлар еді.

Таулардың шоқысында ұлар ұшып,
Қойшылар салқындайды суға түсіп.
Түбінде бір ағаштың көлеңкелеп,
Демалып, отырушы ек сусын ішін.

Жайлауда шілдехана той болады,
Баққаны сорлы кедей қой болады.
Баруға баста билік болмаған соң,
Шерленген жүрегінде ой болады.

Той болса ел қатарлы бара алмаймын,
Жаутаңдап екі көзім алаңдаймын.
Қиялмен қарап жүріп ойға шомып,
Еш айла бұл дертіме таба алмаймын.

Ойланып тас түбінде қалсам жатып,
Даусымнан шошып тұрам ән сап жатып.
Кеткенін қойдың қайда мен білмеппін,
Жете алмай ой түбіне шаршап жатып.

Ол күнде малды адамның бәрі де үстем,
Дегенін істетеді малды күшпен.
Балама әйел алып беремін деп,
Біреуге әкем сорлы құда түскен.

Қопаның арғы жағы төс болады,
Ерте күн жарлыларға кеш болады.
Барлығын қой, ешкінің соған бердік,
Білмеймін онан әрі не іс болады?

Берген мал қалың малға өсіп кетті,
Қырсығын қайын атамның кесіп кетті.
Мал бітіп төрт түліктен ел қатарлы,
Жайлауға бие байлап, көшіп кетті.

Бай болып мал алғандар жата тұрсын,
Қызыққа қымыз ішіп бата тұрсын.
Қыз өсіп, қымыз ішіп, көңіл тасып,
Аузына келген сөзін айта тұрсын.

Болғалы маған қайын көп жыл өтті,
Аз емес, екі арада мол жыл өтті.
Жетімге үй-жайы жоқ қыз бермен деп,
Жеп алып барлық малды қорлығы өтті.

Менің әкем барады
Құдасына қуанып.
Жақтырмайды құдасы
Теріс қарап, қуарып.

Балалары шулап жүр,
Қой, жылқысын суарып.
Келіні шыға қашады,
Атасынан ұялып,

Құдағи жүр тырысып.
Екі ұрты суалып.
Балалары тағы жүр
Күңкіл етіп ұрысып.

Әкем сорлы үндемей,
Үстінде тәуір киім жоқ,
Қаудыр тоны құрысып.
Құда келді демейді,

Бай елей пе кедейді?
Сусыны қанып шай ішіп,
Тәуір тамақ жемейді.
Құдағи жүр күбірлеп,

Бүлкілдетіп көмейді.
Ұстап алар дегендей,
Қасына адам келмейді.
Белең алып күн сайын

Араздық, өкпе көбейді.
Сөзін айтар біреу жоқ,
Жарлыны кім жебейді.
Бай құданың бейлі жоқ,

Көзге ілсін бе кедейді,
Ұрсып күші жете ме,
Қартайған шал не дейді?
Керегі байға қалың мал,

Қызының қамын жемейді.

ӘКЕМНІҢ ҚҰДАСЫНА АЙТҚАНЫ

— Бай құдам бар деп мен жатырмын,

Қай құдам бар деп сен жатырсың.
Қатық ішіп сен жатырсың,
Қатып-семіп мен жатырмын.
Мен құда болғанда,

Жирен шолақ құнаның бар еді,
Екі ғана құлағың бар еді,
Басында жаман тымағың бар еді,
Атың жоқ еді, таяғың бар еді,

Жалғыз қара шұнақ лағың бар еді.
Дәулетің менімен тең еді,
Мен қашан сенен кем едім?
Жал біткен соң жалтарған,

Не қылған арсыз неме едің?!
Құдағи бар, құда деп,
Әдейі мұнда келгенім.
Сенің қызың бойжетті,

Менің балам ержетті,
Екі жасты қосалық,
Ұнасқан жасқа біз де бір
Рақымшылық жасалық.

Кешегі күнде жарлы едің,
Төгілме тасып соншалық!

ҚҰДАСЫНЫҢ АЙТҚАНЫ

Ей, құда, үстіңде жоқ киім, деді.
Табуын қалың малды қиын, деді.
Қызымды қу кедейге бере алмаймын,
Байлауым осы соңғы түйін, деді.

Балаңмен менің қызым қатар, деді,
Малсыз берсем, жаныма батар, деді.
Жетімге баспанасыз қыз бердің деп,
Бәйбіше мазамды алып шатар, деді.

Ержетіп, осы күнде ақыл кірді,
Бәйбіше де бір нәрсе байқар деді.
Қызымды байлап-матап бергенменен,
Үйің жоқ қайда барып жатар, деді.

Қызымды енді саған бере алмаймын,
Сөзіңе зарласаң да көне алмаймын.
Ат мінбей, таяқ мінген тақыр кедей,
Мен саған қыз беремін дей алмаймын.

* * *
Шал байғұс амалы жоқ қайтып кетті,
Құда мен құдағидың қорлығы өтті.
Қыз бермейтін күшіңді көрермін деп,

Әлінше о да қайрат айтып кетті.
ЬІза боп әкем келді үйіне де,
Қорлыққа шыдай алмай күйіне де,
Елемеді, шағып ед әкем барып,

Сол елдің Нұрбек деген биіне де.
Зарланып айтты одан соң ағайынға:

- Мұңымды сендерге де шағайын да.

Өзіммен тілегі бір жарлы, жалшы,
Жәрдем қыл, келінімді алайын да!
Мүсәпір ортаңдағы шалың едім,
Ежелден өздеріңе мәлім едім.

Қылмасаң туысқандық осындайда,
Келмейтін болып тұр ғой әлім менің.
Келінді құда жатыр бермеймін деп,
Мен кеттім қорлығыңа көнбеймін деп.

Ол айтты: «қызым шығып боз ордадан,
Астына алты уықтың өнбейді» деп.
Бәрі де көп кедейдің мақұл, деді,
Әкеме бұл айтқаның ақыл, деді.

Бір қозы, бір-бір қойдан бермек болды,
Болсын деп көмек, жылу пақырға енді.
Ал құда көнбеймін деп тұра тұрсын,
Әңгіме, өсектерін құра тұрсын.

Айтайын өз жайымды біразырақ.
Басқалар шаруасын қыла тұрсын.
* * *
Мен келдім сол уақытта он сегізге,

Бармақ ем қайын жұртқа келер күзде.
Шыдамай бұл қорлыққа намыстанып,
Шырқаймын әнге салып жапан түзде.
Көрген ел қалыңдығың жақсы, дейді,

Тек қана әл-ауқатың тапшы, дейді.
Бір байға Шоқы деген бергелі жүр,
Бұзылып әкесінің нәпсі, дейді.
Сүйгенің әрі ақылды, түсті, дейді,

Майысқан он саусағы істі, дейді.
Атасқан күйеуімді бір көрсем деп,
Арманы жүрегінде күшті, дейді.
Елуде ол Шоқының жасы, дейді,

Ағарған сақалы мен шашы, дейді.
Қу шалға шыныменен кетем бе деп,
Батпай жүр қыздың ішкен асы, дейді.
Сүйгенің әнге десе тоты, дейді,

Гауһардай екі көздің оты, дейді.
Малмен қыздың әкесін қызықтырып,
Тоқал ғып алғалы жүр Шоқы, дейді.
Қарасаң бой нұсқасы тал құрықтай,

Қиылған белі оның қылдырықтай.
Дариға - ай, күйеуімді бір көрсем деп,
Дөңбекшиді төсегінде бұлдырықтай.
Тізілген аппақ тісі меруерттей,

Нұр атқан екі беті жанған өрттей,
Қу шалға шыныменен барам ба деп,
Жатады көңілінен қайғы кетпей.
Осылай әркім айтты қыздың жайын,

Көбейді сағат санап қайғы, уайым.
Аулына кедейсініп жолатпайды,
Ойлаймын не істесем деп, не қылайын?
Қызбенен енді қалай кездесемін,

Қисынын қайтіп тауып сөйлесемін.
Рас па, өтірік не ел айтқан сөз,
Қалайша ебін тауып меңзесемін?
Жігітті ыза, қорлық шыдатпайды,

Кедейлік кімге қайыр сұратпайды,
Құдамның арғы атадан туысқаны,
Іздедім далбасалап Құрақпайды.
Құрақпай туғаннан - ақ жарлы еді,

О - дағы қолы қысқа зарлы еді.
Өзі әнші, өзі батыр, өзі сері,
Намысқой, ер көңілді, арлы еді.
Сөйлестім оңашалап соны тауып:

— Өзіңе келдім,— дедім,— көңілім ауып.

Көмек ет, сен де кедей, мен де кедей,
Алсаң да дүниемнің бәрін шауып.
Жүрсің бе замандасым, батыр Құрақ,
Беруге күнде сәлем ауыл жырақ,

Жас - жастың тілегі бір деген кәні,
Өзіңе келіп едім ақыл сұрап.
Құрақпай, жасың үлкен, жаның құрбы,
Ер едің көпті көрген сегіз қырлы,

Қызбенен жөнін тауып сөйлестіргін,
Естідің ішімдегі барлық сырды.
Ағатай, ұмытпаймын өлгенімше,
Қолыңнан жақсылық қыл келгенінше,

Аулына күндіз барсам жолатпайды,
Сол қызды күйіп, жандым көргенімше.
Құрақпай: Сөзіңді ұқтым, Кенен, деді,
Келіпсің ақыл сұрап менен, деді,

Тілегі нашарлардың бір емес пе,
Қызметті аямайын сенен, деді.
Бел буса тәуекелге әркім күшті.
Тәсілін тапқан алар тотықұсты.

Қызбенен сөйлесеміз ебін тауып,
Дей бергін: «үмітімнің сәті түсті»
Ханзада сүйгеніңнің аты, деді,
Әйел боп шыққан емес даты, деді.

Ұялып мені керсе қалушы еді,
Атасы меніменен жақын еді.
Бекқожа қыз ұзатпақ, тойы болар,
Жиылып қыз, бозбала ойын болар,

Дайын бол, өзім барып хабар айтам,
Айтатын қалыңдыққа ойың болар.
Тойына дүйсенбі күн малын сояр,
Жігіттің сұлу қыздар көзін ояр.

Сол тойға ат-тоныңды тәуірлеп кел,
Сені де көрген қыздың көзі тояр.
Деймісің осы үшін басты жояр,
Жаным жоқ, Кенен достым, сенен аяр.

Қызбенен оған шейін сөйлесейін,
Боп тұрсын уәдеге о да даяр.
Сен - дағы барың болса киініп кел,
Сұңқардай сұқсыр көрген түйіліп кел;

Қасыңа он бес-жиырма жігіт ертіп,
Ел болып парасатпен жиылып кел...
Болғанша қыздың тойы үйге қайттым,
Толғанша дүйсенбі күн зорға жаттым.

Осындай бір әңгіме бастадым деп,
Бәріне дос - құрбымның түгел айттым.
Біткенде уәделі күн келіп тұрдым,
Көңілімді тек осы іске бөліп тұрдым.

Жиылған бір-бір қозы, бір-бір қойға,
Үстіме біраз киім алып кидім.
Таңертең Құрақпайдың өзі келді,
Төрт болып отыр еді көзім енді.

Шетінде шай орамал күміс жүзік,
Қуантқан сүйген жардың сөзі келді.
Құрақпай:— Атыңа тез мінгін, деді,
Жүреміз киіміңді кигін деді.

Осы той екеуіңе бір сын болар,
Менің де ерлігімді білгін, деді.
Қонақ қып Құрақпайға лақ сойдық,
Ерттедік те, аттарды байлап қойдық,

Көрінбей түн болғанда барамыз деп,
Кедейден жасақ құрдық, жиын болдың.
Ауылы Ханзаданың Қырқұдықта,
Жиналған қырық-отыз үй бір құдыққа,

Күн батып, шам жамырап, түн болған соң,
Жөнелдік алты жігіт сол құдыққа...
Қалың ел тойға келген дуылдасып,
Ән салды қыз, бозбала шуылдасып.

Жиналған қыз, келіншек тіккен үйге
Көлеңдеп шай көйлегі сусылдасып.
Ол кезде қыз киеді құндыз бөрік,
Қадаған үкілері берер көрік.

Етегін оқалаған бешпент киіп,
Әсемдеп шолпы таққан, шашын өріп.
Кигені ұзын шапан жігіттердің,
Айтысып қыз, бозбала іріктелді.

Тұсынан керегенің көзін тігіп,
Қағады қызға жігіт кірпіктерін.
Айтысып қыз, бозбала ән салып тұр,
Сыртында шал мен кемпір тамсанып тұр.

Қыздар мен жігіттерді таныстырып,
Сылқылдап жеңгелері ақша алып тұр.
Айналып керегені біз де жүрдік,
Көрмекке Ханзаданы іздеп жүрдік.

Бір жерге атымызды байлап тастап,
Қасында бір - екеуміз көздеп жүрдік.
Құрақпай ертіп келді қос келіншек,
Ақтүлкі, Өлмесектей жас келіншек.

Топ жігіттің ішінен мені іздеп,
Еркетайдың сүйгенін,— деді,— көрсек.
Екеуі бізге келді шамын алып,
Бой жеткен екі-үш қызды жанына алып.

Көрісіп, қол ұстасып амандастық,
Оңаша ертіп келді үйіне алып.
Отырдық күліп-ойнап әзілдесіп,
Барады Ханзаданы көзім тесіп.

Ақтардың жүрек сырын терең жатқан,
Етін жеп, қайнап тұрған шайын ішіп.
Сымбатты, ашаң жүзді, орта бойлы,
Көрген соң сұлу көркін көңлім тойды.

Ақтүлкі, Өлмесекпен ақылдасып,
Отырмыз біз де ойлап әр түрлі ойды.
Бар екен сол арада бұзылған там,
Ішінде күңгірттене жанын тұр шам.

Тұрғандай сол уақиға көз алдымда,
Жүрегімде сақталған боламын таң.
Біз бардық сол бір тамға қол ұстасып,
Кетуге бел байластық, ақылдасып.

Жүрекпен сүйгеннен соң қосылайық,
Жүрсек те өлмеспіз деп отын тасын.
Бақытым өзімді іздеп келгендей боп,
Жүрегім отқа жанып күйгендей боп.

Кеудемде қуанышты күй толады,
Өмірдің бақшасында жүргендей боп.
Жасымды төгуші едім торыққанда,
Жүрегім дүрсілдейді қорыққанда.

Тәуекел, жүріп кеттік түнделетіп,
Бұл жүріс кем болмады жорықтан да.
Құрақпай алға түсіп, жорта берді,
Екі жас көгергін деп бата берді.

Қоштасып қос жеңгесі ақыл айтып,
Олар да амандасып қайта берді.
Тиген соң қалағаным қолыма енді,
Қуанып қайта түстім жолыма енді.

Келінін аман-есен көрсе әкем,
Қалар тасып, көңілі толып енді...
Артынан ағалары жетті қуып,
Қолында жігіттердің сойыл, құрық.

Талдырып түсірдік те аттарынан,
Ауылға шеру артып, кеттік жүріп...
Кейіннен арамызға кісі түсті,
Ол кезде би мен манап, болыс күшті.

Билігін айтпақ болып дау-жанжалдың,
Сау етіп солар біздің үйге түсті.
Пысығы екі жақтың билік қылды,
Құрақпай бәрін алдап қулық қылды.

Қолдағы біраз малды аямастан,
Болыс пенен билерге сыйлық қылды.
Пара алып би, болыстар тарасады,
Бұл қылық арсыздарға жарасады.

Ауылдан қырық қадам шыға беріп,
Олжаға шуылдасып таласады...
Өзімде, туысқанда қалған малды,
Соңынан қуып келіп құда да алды.

Егерде көнгің келмей бұраңдасаң,
Қызымды қайта алам деп күшке салды.
Ол, бірақ, қызын қайтып ала алмады,
Өйткені, болыс, биді пара алдады;

Және де мені қостап бір тайпы ел,
Дайын тұр шығаруға дау-жанжалды.
Адалға қолымызда мал қалмады,
Көрінді желке сіңір, жал қалмады.

Жан сақтау сол уақытта қиып болып,
Қарыздан қозғалуға әл қалмады.
Адамға еңбек еткен жарасады,
Жалқаулар бақытынан адасады.

Байлардың қойын бақтым амал бар ма,
Кім маған босқа жатсам қарасады?!
Қой соңында жүрем деп кетті күйім,
Көрдім азап, қу жоқтық қандай қиын!

Торғай әкеп қамасаң тұрмайтындай,
Шұрық тесік отырған киіз үйім.
Өксумен өте берді өмір - жасым,
Кедейлік зарын тартып қайран басым.

Жетуге бір арманнан бір арманға,
Құйқылжып, қанат қағад көңіл - лашын.

ҚЫРҒЫЗБАЙ

Әнге бас, Кенеп ақын, ал домбыра,
Көкейден ақтарылған сөзді құра.
Көз көріп, құлақ естіп, бастан өткен,
Тарихи оқиғаның бірін жырла.

Көп көрген шежіре қарт, әңгімеңді айт,
Келешек ұрпағына қалсын мұра.
* * *
Бір болыс Қордай елі — он бір ауыл,

Болысы Сұлтан деген жуан сауыр.
Өмірін кедейлердің ойран етіп,
Тұрғызған қаһарынан қара дауыл.
Отыз жыл елді билеп, салған ойран,

Шұбар тос, шынжыр балақ уын жайған.
Қарайды бір өзіне мың жарым үй,
Сойылын соғады ол бек пен байдың.
Үш ата Қасқарауда ел болатын,

Шоқпар мен Қордай деген жер болатын.
Көк жайлау, өзен - суды байлар билеп,
Жер, суы нашарлардың кем болатын.
Бірінші ауыл қонысы Кіндіктаста,

Әр атаның мекені басқа-басқа,
Дау шешіп, билік айтқан билері де,
Кедейді зар қақсатқан еді шошқа.
Арқасын азап тесіп елдің ұлы,

Ел-жұртын асыраған аштық жылы.
Халықтың қамын жеген солардың да
Ішінде кете барды қайғы-мұңы.
Болыс боп Сұлтан залым алды бекіп,

Қашарға билік құрды дүрілдетіп.
Малын да, ақшасын да күшпен зорлап,
Алатын қалың елді зар еңіретіп.
Аяздай Сұлтан бір күн қалшылдады,

Жүзінен жер өртердей зәр шығады.
Мал бермеген жазаң деп көп кедейдің
Жазықсыз жонын тіле қамшылады.

— Малыңның жеп жүргені менің жерім,

Сол үшін бар мүлкіңді алам сенің!
Егер де бас көтерсең, өңшең тобыр,
Қан жұтып көресіңдер ит көргенін!
Кедейдің қанын сорды Сұлтан байып,

Халықтың өміріне уын жайып.
Енді бұған беретін малымыз жоқ! —
Деді жұрт тас бекініп, әрі айбын қып.
Ауылдың ақсақалы Әлімжан шал,

Жастарға атқа мінген айтты ақыл:

— Қорқатын, күрмелетін дәнеңе жоқ,

Малым жоқ деп бәрің де отырып ал! —
Ел-жұрты шалдың сөзін шықты қостап,
Бермейміз деген сөзді берік ұстап.
Жұрқабай, Нүсіпбай мен Қырғызбайлар

Болысқа қарсы тұрды көпті бастап.
Сұрланды мұны естіп кәрі Сұлтан,
Толғандай алабұртып көзіне қап.
Жиып ап дос-жаранын кеңес құрды,

«Бұларды жеңіп, малын қалай алам?»
С ұ л т а н н ы ң а й т қ а н ы:
Сұлтан, Сұлтан болғалы,
Басыма бақыт қонғалы,

Тұлпар міндім, ту алдым,
Ата аруағы қолдады.
Көп шуылдақ, көп кедей,
Не қылсам алам малыңды.

Құм құюға көзіңе
Аямай салам барымды.
Көзім тірі тұрғанда,
Кемітпеймін басымды.

Боздағын бордай етпесем,
Жасайын жерге жасымды.
Ажалды қарға ойнайды,
Ақиық қыран бүркітпен.

Өңшең тобыр, сорлылар,
Қай қырсық сені бұл түрткен?!
Съезд шақыр, Құрманқұл,
Жина жылдам билерді!

Сұлтанның көрсін сойқанын,
Тіккіз жылдам үйлерді.
Шабармандар жөнелді бұйрық алып,
Ат дүбірі барады құлақ жарып.

Шоқпары, қылыштары сапын ұрып,
Бұрқырап жолдың шаңы тұр айналып.
Шабады шабармандар, жетуге асық,
Жол тартқан тапсырма алып, сапар қашық.

Қала жоқ, поселке жоқ ол заманда,
Төтелеп асу асад, белді басып.
Шабарман келді жетіп Нұрбек биге,
Би отыр сауық құрып шаттық күйде.

— Старшын, елу басын түгел ертіп

Кел,— деді,— Қордайдағы кеңес үйге.
Қордайға жұрт жиылды қауырт келіп,
Бәрі де Сұлтан сұмға берді ерік.
Өтірік куәліктер жазып жатыр,

Қаралап көп кедейді пәле теріп.
Мөр басып, қол қойылды жала жауып,
Біреулер айғақ болды ебін тауып.
Бөкенге барып, съезд ашпақ болды,

Алмақшы әлсіз елді Сұлтан шауып.
Гулесіп болыс, билер шықты елге,
Екпіні үй жыққандай сөйлегенде.
Лау мініп, жолай елден жүріп келед,

Көресіні көрсетпек көп кедейге.
Шаптырды Жақсымбетті алдын ала,

— Үй тігіңдер осыдан бара сала.

Тоқтаусыз мал сойылсын, съезд болад,
Адалға қалмаса да жалғыз қара.
Жасауыл бұйрық алып елге жетті,
Сабылтып мінген атын екпіндетті.

Съездің ойлатынын хабарлады,
Мұны естіп талайлардың есі кетті.

— Былғаған би, болыстар елдің жүзін,

Басынбасын!—деді Әлімжан қадап көзін, —
Жалтақтап жалынатын дәнеңе жоқ,
Сақ отыр, сайланып тұр! Осы сөзім.
Сөйткенще би, болыстар елге жетті,

Заһары жұртқа үрей сап, малды үркітті,
Писерін, старшынын, шабарманын
Топ қылып, осы ауылға ертіп кепті.
Тобырды зіл ой басты, қозғалмайды,

Қырғызбай — ақыл бер,— деп, айтты жайды.
Әлімжан сөз бастады шарт жүгініп,
Кеудеде буырқана кек қайнайды.
Ә л і м ж а н н ы ң а й т қ а н ы:

Ұлықтап, елім, қорықпа,
Дауыл болар, жел болар,
Қарғыс айтса ел көрімен,
Ұлықтың басы жер болар.

Айға шапқан арыстан
Аяғынан айрылған.
Бір жерден бәрің табыссаң,
Атағың елге жайылған.

Жау қарасын санамас,
Батыр жүрек соғысар.
Ар мен намыс шып ердің
Кеудесінде тоғысар.

Қорқақты қусаң — ер болар,
Көп түкірсе көл болар.
Аруақ түбі жын болар,
Барымта түбі құн болар.

Тұман түбі жұт болар,
Тұмау түбі күрт болар.
Көл анасы жер болар.
Ер анасы ел болар,

Ерегістен ер өлер,
Зорлық қылсаң ел көрер,
Тауды, тасты жел бұзар,
Ағайынды сөз бұзар.

Екі сөйлеген елден безер,
Екі жығылған жерден безер,
Қолы білген үй түзер,
Асқынғанды ел түзер.

Дауға барсаң бірің бар,
Жауға барсаң бәрің бар,
Өңшең ерім бас қосып,
Көпке ақыл салыңдар.

Әлімжан сынды атаңның
Сөзін қабыл алыңдар!
Әлімжан айтар сөзден тартынбады,
Айбаты найзағайдай жарқылдады,

Сұлтанның бар жаласын ашып салып,
Зұлымды көзге шұқып қарқындады.
Білдірмей сонда Сұлтан сарқылғанын,
Қаба сөйлеп, төбеттей саңқылдады.

Шетіңнен итжеккенге айдатам деп,
Атарман, шабарманын шақырып алды.
Песірлер жазып жатыр протоколды,
Айыпкер деп көп жұртқа атақ берді.

Бөкеннің жеті ерін қойдай тізіп,
Тал түсте бұғалақтап көгендеді.
Бәрінің тартып алды мал мен мүлкін,
Тұтқындады ерлерді — елдің көркін.

Сұр жылан Сұлтан отыр қанын тартып,
Қара бет, қара жүрек азған шіркін!
Көзінен жігіттердің оты жайнап,
Ашынды ыза буып, тісін қайран.

Бізді де тұтқындар деп күні ертең,
Бір топ жас дайындалды қару сайлап.
Бұл қорлыққа шыдамай,
Бөкендіктер қайғырды.

Қатын, бала зар жылап,
Тау менен тас жаңғырды.
Кемпір, шалдар кемсеңдеп,
Ақылдан танып мәңгірді.

Шауыр болған жарлы елді,
Есінеп Сұлтан тандырды.
Аянар бұдан жан жоқ деп,
Ер азамат сап құрып,

Ұрыспаққа қам қылды.
Би, болыс түскен ақ үйге
Тастан жаңбыр жаудырды.
Байлап алған жеті ерді

Босатуға бұғаудан,
Жиылған ел қам қылды.

— Сыйлағанды білмедің,

Сөнген отты үрледің,
Өзің басып көрікті,
Боздаққа салып бұғалық,
Месқарын неге желікті!?—

Деп Әлімжан ақырып,
Болыс, биге төніпті.
Байлаудан босап Нүсіпбай,
Песірді алды жағадан.

Ақтыны бер деп алқымдап,
Қыса ұстады сағадан.
Жасауыл жалтақ Жақсымбет,
Түспеген көзге манадан.

Ерлердің түрін көрген соң,
Есі шығып залымның,
Дей берді: «Құлдық, садағаң!»
Сұлтанды жығып сойылға,

Бар қағазды Жұрқабай
Отқа өртейді шашады,
Тұра алмай шыдап Жақсымбет,
Атына міне қашады.

Соңынан түсіп Нүсіпбай,
Атына қамшы басады.
Үрейленіп Жақсымбет,
Қарамай зытты артына.

Тоқтақұл деген кедейдің
Тоғыз жасар баласы,
Көзінің ақ пен қарасы
Қалды аттың астында,

Тіл тартпай кетті балғын жас,
Бақадай аузын ашты да.
Анасы қалды ойбайлап,
«Көріңде өкір, Сұлтан» деп,

Біреулер жүр айғайлап.
Өкінді жұрт балаға,
Қосылды жара жараға.
Арыз жазып ұлыққа,

Шаптырды дереу қалаға.
Елдің момын кедейін
Ол кезде езді манаптар.
Қағазға жазып берейін,

Салмағын жұртым қадақтар.
Соқтығып қалды екі тап,
Не болар арты көрейін.
Істері кетті судьяға,

Кім білсін заңның не дерін.
Ұлыққа пара берді байлар жағы,
Ол кезде пара берсе көктер бағы.
Сөзі өтпей, теңдік тимей кедейлерге,

Қалатын айыпкер боп сынып сағы.
Әділдік, аяушылық бөрі малда,
Сондықтан шағылмайды байлар тауы.
Параны кім көп берсе, дау сенікі,

Малымен сатып алар қолындағы.
Сұлтан, болыс күш қылып,
Бөкенге маза бермеді.
Ақылды туған Әлімжан

Намыстан жарылып өлмеді.
Барымтаға алды сұлтандар
Көп кедейдің бар малын.
Тұсынан өткен Бөкенді

Сойылға жығып жерледі.
Өшпендігі екі елдің
Күннен-күнге өрледі.
Ұзамай сот та шықты ел аралап,

Шешпекші елдің дауын, істі қарап.
Алдынан шабармандар лау мініп,
Жыландай келе жатты жерді жалап.
Жол бойы қонақ болып бай мен бекке,

Кенелді сот олжаға, мол құрметке,
Тайпалған талай жорға жетектелді,
Қалтаға ақша түсті аз ба, көп пе?
Сабылтып келе жатыр ызғарланып,

Олжаға көңлі өсіп, мейірі қанып.
Ақ үйге аттың басын тірегенде,
Қол берді Сұлтан шығып қарсы алып.
Пристав, судьялар бірге түсті,

Сұлтан барып олардың қолын қысты.
Бағланның етін жесін, арақ ішіп,
Бар жайды ашып айтып, ақылдасты.
Бөкеннің даулайтыны кісі құны,

Икемге ап Сұлтан отыр енді мұны.
Дәрігердің қалтасына тай - тұяқ сап,
Аузын тығындады,— шықпас үні.
Екі елдің келесі күн басын қосты,

Не дер деп ұлық аузын Бөкен тосты.
Баланың көрін ашып көрмек болып,
Бәрі де мола жаққа шұбырысты.
Өлігін көрден алып көрді көзбен,

Тұяқтың таңбасы тұр етін езген.
«Өзі ұрып өлтірген» деп жазылды акт,
Кім көрген мұндай сұмды ардан безген?!
Бекеннің қолдан кетті енді күші,

Халықты түршіктірді соттың ісі.
Жүрегі Әлімжанның тілімденіп,
Қайнады ыза-кегі, күйді іші.
Қисайды ұлықтардың қалам ұшы,

Күрсінді Бөкендердің құрып мысы.
Жауыздың үкім айтып ары жоқтар,
«Тұтқындалсын,— ден жазды, — жеті кісі».
Сол жерде Қырғызбайды байлап алды,

Есіл ер қапияда қолда қалды.
Астыртын хабарласып алты жігіт,
Сол сағат ебін тауып,
көзден тайды.

Ұлықтың кетті бұлар құлқын сезіп,
Кекті ашу шыдатпады жанын езіп.
«Шешінген судан таймас» дегендейін,
Жөнелді жортуылдап жиһан кезіп.

Артында қалды зарлап қатын, бала,
Зорлық, қорлық жүрегін еткен жара.
Тау, тасты мекендеді тағы болып,
Арман жоқ Сұлтанды өлсе жастыққа ала.

Кетті алып байлап, матап Қырғызбайды,
Еш жерге сусындатып тұрзғызбайды.
Бар денесі көгерген таяқпенен,
Көк желке есіл ерді бұрғызбайды.

Мысқылдап күліп қояд өңшең бұзық,
Мысықтай тышқан алған көрді қызық:
Арпалысып, ашу кек көкірегінде,
Қырғызбай қарап жатты көзін сүзіп.

Пристав маң-маң басып келді жақын,

— Кім,— деді Қырғызбайға,— сенің атың?

Жендеттер ұрып-соғып жазалады,
Өш алды қан ағызып, қылмай рахым.
Кезерген кеуіп таңдай, еріндері,
Кең дүние тостағандай көрінбейді.

Ұрса да, сүйресе де мыңқ етпейді,
Қасарып ер жігері жеңілмеді.
Қырғызбай би, болысқа назаланды,
Нахақ ер жазықсыздан жазаланды.

Өртеніп ет жүрегі жатыр жанып,
Қинады ел қайғысы мазаны алды,
Толғанып іштен Қырғызбай,
Деді, қайран елім-ай,

Кіндік кесіп, кір жуған
Кіндіктес атты жерім - ай,
Қойнында туып ержетіп,
Ерке өскен күнім - ай.

Тоқсандағы атам - ай,
Сексендегі анам - ай!
Сүйген жарым аман бол,
Тап болды маған ұзақ жол.

Колоткаға қарылды,
Екі аяқ пен екі қол,
Кетпесін кегім жауымда,
Бар тілегім менің сол.

Тауға сіңген серіктер —
Кеудедегі тынысым.
Басы бос олар ерікті ер,
Белін бекем буынсын.

Кек шыңдаған аң семсер
Жау қанына жуылсын.
Бізде нұрлы күн туар,
Зорлық құрып дүниеден,

Әділет пен шын туар.
Жарлының жоғын жоқтайтын,
Дүйім елден ұл туар.
Он бес жылға сотталып,

Қырғызбай кетті Сібірге.
Өзегінде от жанып
Өмірі өтті Сібірде.
Он жылды сонда өткізді,

Есінеп қалмас өмірде,
Қараңғы түрме, тар қапас
Қасірет құйды көңілге.
* * *

Қырғызбайдың достары
Мекендеді тау - құзын.
Таудың тасын жастанып,
Төсеніп жатты көк мұзын.

Алысқан жаумен аңдысып,
Көрмеді он жыл ел жүзін.
Байлардың малын айдап ап,
Күн сайын сол боп азығы.

Қуғын көрді ұзақ жыл,
Болмаса да жазығы.
Алты батыр кетті алыс,
Көрінбеді жауына.

Олар барып бекінді
Қырғыздың Алатауына.
Ат, тондарын сайлады.
Қаруларын қайрады.

Патшаның тақтан түскенін
Естіп олар шаттанып,
Таң жақын деп ойлады.
Елді жеген жауыздың

Талайын ұстап байлады,
Белдесер күн бар ма деп,
Қазандай іші қайнады.
Лениннің естіп атағын,

Жүздері нұрдай жайнады.
Жер мен көкті сілкінтіп,
Он жетінші жыл келді,
Бостандық таңы арайлап,

Теңдік деген үн келді.
Әлемге жайып шұғыласын,
Лениндей күн келді.
Ұлы Октябрь толқынын

Ту астынан ел көрді.
«Азаттың!» деген асыл сөз
Жетті лезде халыққа.
Ленин дана жетелеп,

Шығарды елді жарыққа.
Қуаныштан нәр берді
Аштар менен арыққа.
Қашқын болған батырлар

Үңгірден шығып бой жазды,
Қанат қақты шабыт та.
Өздері келіп қосылды,
Қызыләскер тобына.

Қарсы тұрды қарумен
Бай, манаптың жолына.
Қашқандарын қағып ап,
Тастады өлім торына.

Бастарын тікті батырлар,
Большевиктің жолына.
Халықтар кегін, ызасын
Би, болысқа оқтады.

Үстем тапты жапырып,
Кигізді оған ноқтаны.
Жауының сағын сындырып,
Кеудесін кере алды дем,

Ел - жұртына қосылып
Дүниені көрді кең.
Қырғызбайды еске алып,
Деуші еді бәрі:

«тірі ме екен?»
Айтайын соның хабарын,
Сібірде аман жүр ме екен?
* * *

Қырғызбай Сібірге кеп тұрақтады,
Үйренгенше ауасы шыдатпады.
Қол-аяқтың бұғауы алынғанмен,
Ащы терін маңдайдың құрғатпады.

Саны жоқ сапырылысқан қалың халық,
Бәрі де барған екен жер аударылып.
Грузин, украин, армян, орыс,
Башқұрт пен татар да жүр күйіп-жанып,

Солардың мекені екен бір кең арал,
Ішер ас, көрген бейнет ес тандырар.
Жайсыз - ақ жатар орын, киер киім,
Ұлықтар тұтқындарды итке балар.

Сөзіңе құлақ аспайд арыз айтсаң,
Аш жатқызад, ауырып ерте қайтсаң.
Күндік нормаң бітпесе, ол бір бәле,
Бәрекелде демейді тас қайнатсаң.

Осылай өтіп жатты жылжып өмір,
Серпілмейді тас басқандай ауыр көңіл.
Қырғызбай шыдап бақты қиындыққа,
Ер еді еңіреген болат жігер.

Жиырма адам бір бөлмеде жататұғын,
Бір столдан бәрі дәм тататұғын:
Кей күні тіл қатыспай ұзақ таңға,
Кейде таң керіспенен ататұғын.

Баяндап үстем таптың саясатын,
Андрей ортасында сыр ашатын.
Жолында бостандықтың жан құрбан деп,
Қызған жұрт тұс-тұсынан шуласатын.

Қырғызбай үндемейді ойға қалып,
Кей күні ұйықтамайды таңға талып.
Жазықсыз жаралының бірі өзі,
Андрейдің айтқаны айдан анық.

Зорлық, қорлық бәрі де өтті өзінен,
Көрді бәрін бұлтартпай өз көзімен;
Сырын айтып ақтарад Андрейге,
Бір әділ жан тапқандай жер жүзінен.

— Кедейлер байдың құлы есіктегі,

Ешбір жан оның мұңын есітпеді,
Болса егер етің тірі бас көтерер.
Жіберед Итжеккенге айдап сені.
Ағынан ақтарылып сыр айтылды,

Екі достың арасында жыр айтылды;
Сенімі серік болды бір-біріне,
Жүздерінде туысқандық шырай тұрды.
Қосылды тілегі де, жүрегі де,

Не істесе де бұлардың ақылы бірге.
Жасырып ұйым болып ұйымдасты,
Қарайды бір әйнектен келер күнге.
Оянды Қырғызбайдың ой-санасы,

Өзгерді дүниеге көзқарасы:
Дос болды құшақтасып Андреймен,
Екі ұлттың от жүректі екі жасы.
Қанатын жая берді жасырын ұйым,

Талқылап тұқындардың ауыр күйін.
Әр ұлттан мүше болды өзі қалап,
Көрмек боп өмірінің тартқан сыйын.
Андрей сол ұйымның жетекшісі,

Кеңейді етек алып ұйым ісі:
Лениннің ұлы сөзі устав болып,
Сілкінді тұтқындардың жігер, күші...
Айлардан ай өткенде,

Бостандықтың ұраны
Тайгаға да жеткенде.
Андрей мен Қырғызбай
Айсыз түнгі жұлдыздай

Кеудеде сенім - шырағы.
Айдалып келген қиырға,
Әр ұлттың өрен боздағы
Шыныққан көніп қиынға

Жігер, намыс қоздады.
Белдерін буып аттанды.
Жауға кекті қозғады.
Хабар алып астыртып,

Патшаның білді түскенін
Дүние жүзі сілкініп,
Патшалықтың өшкенін.
Күле қарап күн туды,

Жаулардан кек алынды.
Талқандалды тар қапас,
Ерлер тордан босанды.
Теңдік туын көтеріп,

Мұздай темір құрсанды.
Көрген азап өткен-ді,
Мұңды жері тайганың
Қайта гүлдеп көгерді;

Ардагері әр елдің,
Шықты үзіп көгенді.
Барлық тұтқын босанып,
Елдеріне жол тартты,

Соның бірі Қырғызбай
Андреймен бір тартты.
Келе жатыр дем алмай,
Сабылтып олар қос атты;

Жолда жүрді тоғыз ай,
Талай-талай күн батты.
Ақыры жетті еліне,
Туып, өскен жеріне.

Туған жердің топырағын
Төсіне басты Қырғызбай.
Домалаған ыстық жас
Омырауын жуғызды - ай;

Кеткеніне елінен
Болған екен он жылдай.
Орынборға келген соң,
Андреймен қоштасты.

Бірге болып он жылдай,
От-жалындай бір-бірін
Ыстың көрді, өйткені,
Тар кезеңде достасты,

Ұлы орыстың баласын,
Ағасындай сыйлайды.
Андрейді Қырғызбай
Кетерінде қимайды.

— Еліңе бар да, тез орал,

Өзің талай айтушы ең.
Алда талай асу бар,
Бізді аңдыған дұшпан көп.
Бостандық келмейд тектен-тек.

Тамырын жаудың жоғалтпай,
Кеудеден шықпас ыза, кек.
Таппен таптың тартысы —
Дауылды күнгі жанған өрт.

Қолын қысып қоштасып,
Қала берді Андрей.
Поезбенен көп жүрді,
Жетті еліне Қырғызбай.

Алып ұшты жүрегі,
Көктемнің самал желіндей.
Астына мінген атының
Тежемей басын жіберді.

Елең қағып жануар
Ұшқан құстай жөнелді.
Қос құлағы қамыстай,
Мойны кез, сағақты,

Тісі ұзын қарыстай,
Соза тартқан тамақты.
Асқар таулар, кең дала,
Гүрілдеп аққан өзендер,

Барын жайған алдынан
Анасындай туған жер.
Қырғызбай кенет таң қалды,
Сағынып келген ауылының

Қаңырап жатыр қонысы.
Өмірдің соққан даулының
Тастаған ізі мұнысы.
Білмей қайда барарын,

Ақтарылып тұрғанда,
Көзіне түсті бір кісі.
Сәлем берді Қырғызбай
Жақын келіп қасына.

Ақ сақалды қарт адам,
Таяққа тұр асыла.

— Келесің қайдан, шырағым,

Кім болады сүйегің?
Мен көрмеген баласың,
Әлде құда, жиенім?
Солдатпысың әлде сен,

Үстіңе киген сұр қаптал.
Жүрісіңде бір гәп бар,
Екенін ойым түйіп тұр.
Әлде адал ұлымсың,

Елдің тұзын шын ақтар.
Шошынбайды қарт жаным,
Жөніңді айтшы, шырағым.
Алпыс екі тамырым

Сені көріп иіп тұр.
Атынан түсіп Қырғызбай
Қарттың келді жанына,
Сәске түстің кезі еді,

Шағылады күн нұры,
Шық моншағын тағынған
Сақалының ағына.
Қырғызбай жөнін айтқанда,

Жас баладай кемсеңдеп,
Көз жасы кетті ағыла.
Бұл баяғы Әлімжан
Құшағын жайып жүгірді.

— Дауысыңа болайын

Болаттан берік жігерлі.
Жасымадың жауыңнан,
Басыңды байлап дауына.
Аман келдің, адал ұл,

Ақ басты Алатауыңа.
Айтатын саған сырым бар,
Ардагерім, құлақ сал.
Алды-артыңа қарашы,

Төрт жағы құбыла кімдер бар?
Сен кеткелі еліңнен,
Туып, өскен жеріңнен,
Талай дүние өзгерді.

Өзгергенін көз көрді.
Сені өсірген ата-ана,
Сенен қалған жас бала,
Сені сүйген аруың,

Қаза болды,
жасыма.
Байлардың тиіп сойылы,
Бір үйдегі төрт жанның

Бәрі де жерге қойылды.
Жүк ауырын нар көтерер,
Нардан да күшті ер едің,
Беліңді бекем байлағын,

Айбының күшті сен едің.
Би, болыс, патша жеңбеген
Жиһангер батыр сеп едің.
Қайғының бұлтын тілетіп

Найзағайға тең едің.
Келе ме деп, қарағым,
Жолыңды тосып жүр едім.
Өткен іске өкінбе,

Атыңа мін, бекін де.
Ығысып барып ел отыр,
Балықты Балқаш шетінде.
Байлардан барып кегіңді ал,

Қолың жетті енді өкімге.
Жолыңа, жаным, бозқасқа,
Алдыма түс те,
ел баста.

Жеңімпаз туын жеңістің
Шайқалдырмай нық ұста.
Кемеңгер Ленин басшымыз
Нұрын шашты Шығысқа.

Елің тірі тұрғанда,
Зар болмассың туысқа! —
Деп Әлімжан тоқтады.
Туған жерін сағынған

Қырғызбай көріп қуанды,
Үй ішінің өлімі,
Жанына, бірақ,
тым батты.

Кегі үшін солардың,
Туған елдің,
өзінің
Жауын түгел талқандап

Құртуға бекіп, серт етті.
Басшы қылып Әлімжанды,
Ауылын іздеп жол тартты.
Белін бекем буынып,

Қамшылай түсті боз атты.

ӘЛИ БАТЫР

Оқушы өрендерім, құлағың сал,
Жырладым сендерге арнап, керегіңді ал.
Уақиға көзбен көрген, қолмен ұстап,
Жыр еттім шын өмірді, алсын деп нәр.

Бір күні «ақ патшадан» келді жарлық,
Жатқан кез соғыс болып, жерді қан ғып.
Майданға жігіттерді бересің деп,
Қазаққа Қордайдағы салды салық.

Қалың ел қатты састы селебеден,
Шошыды жұрт жүрегі бұл пәледен.
Патшаның әмірі күшті, елде ерік жоқ,
Жылысып тау - мен тасты көбелеген.

Күңіреніп қазақ аулы ақылдасты,
Жиылып ез алдына құрды басты.
Қан төкпей қолдан бала бермейміз деп,
Анттасып, басын қосып, қол алысты.

Еңбекші ел би-болыспен бөлді жігін,
Ер шықты арқалайтын елдің жүгін.
Қасқайып «ақ патшаға» қарсы тұрды,
Шығарып ақ сауыттан кекті түгін.

Қордайдан Әли шықты ат ойнатып,
Жалынды жас жүрегін кек қайнатып.
Соңынан ерді елдің бозбаласы,
Жауынан кек алуға оң бойлатып.

Халыққа қардан суық қайғы жауды,
Қара бұлт алды торлап Алатауды,
Үрпиіп, үрейленіп үріккен ел-жұрт
Қонысын тастап көшіп, бетіне ауды.

Шақырған жандаралдан хабар келді,
Би, болыс, ауылнайлар сонда жүрді.
Арасын он сегіз бен отыз бірдің,
Тізімдеп береміз деп басты мөрді.

Бермек боп елден солдат қайтып келді,
Жарлығын жандаралдың айтып келді.
Әр болыс өз қоластын жинап алып,
Қамқорсып түсіндірді қалың елді.

Қалың ел қарсы болды ере тұрып,
Бермейміз баламызды тірі отырып.
Тізімді мөріменен тартып алып,
Жіберді болысының өзін ұрып.

Жұлынып Әли шықты тізімді алып,
Өртеді өз қолымен отқа салып.
Гуілдеп жөңкілген жас ерді Әлиге,
Батырдың, батылдығы жанға жағып.

Әлқожа түрекелді мұны көріп,
Әлиді құшақтады қолын беріп.
Жалаңаш қанжарының жүзін сүйді,
Болам деп өлгенімше саған серік.

Ер Әли ертіп алды өңшең жасты,
Тобына талай көкжал араласты.
Ән шырқап, өлең айтып, думандатып,
Мен - дағы ел жолына қойдым басты.

Болысы ЬІрғайтының Бәймен деген,
Ұлық көрсе өлердей мәймеңдеген.
Көрген соң елдің бетін, ер құдіретін,
Қояндай жатты бұғып шықпай үйден.

Қордайдан екі ер шықты үзеңгілес,
Ар-намыс, адамдықтан алмақ үлес.
Нүсіпбай, Әлжанменен қолды бастап,
Әлиге қосылды олар боп тілектес.

Нүсіпбай ер атанған он сегізде,
Жайылған оның даңқы Ұлы жүзге;
Атақты батыр екен арғы атасы,
Әр елде аңыз болған о бір кезде.

Кісі екен қошқар тұмсық, қара торы,
Ерліктің маңдайынан түскен жолы.
Оралған құлағына қара мұрты,
Қақпақ жаурын,

қажымас дене зоры.
Жүрегі қайтар емес атқан оқтан,
Оқшау шығып тұрады қалың топтан.
Әлидің ақылшысы осы болды,

Сөзі ыстық жастарға жанған шоқтан.
Бұрыннан ұлыққа өш екеуі де,
Қарсыласып, жүрмеген жетегіне,
Жазықсыз талайларды қырсібір ғып,

Айдағаны кетпейтін көкейінде.
Көп халық атқа мінді тісін қайрап,
Кекті ашу, зығырданы ішін жайлап.
Қолдан соғып құралын дайындады,

Бес қаруын беліне алды байлап.
Жаратып бір-бір атын мініп алды,
Қарына айбалтасын іліп алды.
Мойнында кейбірінің қосауыз бар,

Азығын белбеуіне түйіп алды.
Би-болыс батып елге қарамады,
Беттесіп сөйлесуге жарамады.
Самсаған сарбаздарды көргеннен соң,

Бойына ішкен асы тарамады.
Жасырын хабар берді жандаралға,
«Әскер бер,— деді,— елді араларға.
Жиналып, өңшең бұзық сайлануда,

Оларға қарсы тұрар шара бар ма?»
Жауабын жандаралдың алғанынша,
Күшпенен елді жөнге салғанынша.
Қопада бес болыс ел басын қосты,

Соғыспақ қасық қаны қалғанынша.
Кетіпті болыс - билер тауға қашып,
Ел-жұртпен жұмысы жоқ өңшең пасық,
Қолдарына түссе егер момын шаруа,

Бауыздайды зұлымдар қанын шашып.
Өлтірдік приставты жер шенеген,
Почтаны талап алдық жасырып келген.
Бай мен болыс түспеді қолға тіпті,

Із кесіп іздесек те ылди - өрден.
Қаладан отряд шыққан хабар келді,
Қырып-жойып келед дейді жолдағы елді.
Сайланып сарбаздар да сапқа тұрды,

Тайсалмай тәуекелге буып белді.
Қолқамыста кездестік отрядпен,
Бұршақтай оқ жауғызды зеңбіректен.
Дүрбіменен шолады жердің бетін,

Күштері до кем емес құдіреттен.
Қараңғы ел қайдан білсін соғыс жайын,
Ажал ойнап алдында, басты уайым.
«Шешінген судан таймас» дегендейін,

Өршеленіп ұмтылад өлген сайын.
Офицер айдаһардан ысқырады,
Шыдатпай баудай орып тықсырады.
Патшаға қарсы жанды қырамыз деп,

Басынып момын елді күш қылады.
Сарбаздар шегінісе салды ұрыс,
Жосадай жердің беті болды қырыс.
Зіркілдеп зеңбірегі шыдатпады,

Соғысты қайрап ерлер, алмай тыныс.
Сол кезде отыз екіде еді жасым,
Патшаның күш - құралы болды басым.
«Қайран ел», «Аттан!» деген ән шығарып,

Тербеттім зарлы үніммен таудың тасып...
Тентек уйез тепсініп,
Әскермен шықты далаға.
Тым - ақ суыт жүрісі,

Қонбастан келед араға.
Қатуланып кәр қылды,
Қатын менен балаға:

— Қазақ егер, көрінсе,

Қыра бер, жанға санама.
Басын кес те, қанын төк,
Ақ патшадан садаға.
Көтере алмай тойғанын,

Жармасты келіп жағаға,—
Деп бұйырды солдатқа,
Айтқаны болмай қала ма...
Уйез келед дегеннен,

Ел жөңкіліп сабылды.
Талай ауыл иесіз қап,
Талай түндік жабылды.
Төре жүрген жерінен

Талай өлік табылды.
Білмеймін деген Әлиді,
Талай бастар шабылды.
Талай ару мазақ боп,

Ыстық қанын жамылды.
Тау мен тасқа тығылып,
Жұрт шұбырып ағылған.
Ұл атадан айрылып,

Ми далада қаңғырған.
Азан-қазан мал шулап,
Меңіреу дала жаңғырған.
Жұртта қалған ит үріп,

О да өзінше зар қылған.
Құйындайын бұрқылдап,
Жүрген жерін шаң қылған.
Кез келгенді дүрелеп,

Әуре-сарсаң даң қылған.
Тентек уйез жолдағы,
Елді шауып талады.
Тұрпанға қарап түріле

Қырғыз қашып барады.
Елден, жерден безініп,
Шөлге қашып шұбырып,
Өрдегі ұл үрікті,

Тау қойнауын қыдырып.
Бет-бетімен шұбады,
Паналарға жер таппай
Кемпір-шалдар жылады,

Кірерге тірі көр таппай
Жаннан халық түңілді,
Жан саялар жер таппай.
Бес болыс елді ерітіп,

Әлидің қолы бөлінді.
Түйелері қомдаулы,
Көшкен елдей секілді,
Мылтықтары оқтаулы,

Найзалары саптаулы,
Хантауы мен Бестамад,
Паналаған жер еді.
Бергі жағы Қызылдұм,

Арғы беті шөл еді.
Шөбі сортаң, суы ащы,
Түйеден басқа төзе алмайд,
Отряд келмес ден еді.

Ұлыққа сенген би-болыс
Қалың елге ермеді.
Тентек уйез алдында
Жүгірумен терледі.

Қол бастаған ерлерді
Жамандап, даттап жерледі.
Отрядқа басшы боп
Сай-саланы өрледі.

Сұлтан мен Бәймен болыстар,
Әлиді ұстап бермекке,
Қызығын көзбен көрмекке,
Аңсыраған бөрідей,

Жапанды кезіп кел деді.
Бәймен менен Әжібай,
Азаптап, ұрын, өлтіріп.
Қашқан елді жинамақ.

Көнгендерін көндіріп,
Көнбегенін қинамақ.
Күлін көкке ұшырып,
Үстінен жәй түсіріп,

Өлігімен сыйламақ.
Би-болыстар бел алып,
Ел апшысын қуырды.
Азу тісі ақсиып,

Бұрқылдап жыны шұбырды.
Таппадың деп Әлиді,
Қолқасын елдің суырды.
Таба алмады Әлиді,

Елі қорғап айтпады,
Мекендеп сабаз жатып ед,
Жан бармас шатқал, тұғылды.
Ерлер шықты жалындап,

Әли батыр бастаған.
Тәуекел деп жөнелді,
Қиындықтан саспаған.
Құлжа басы тасына,

Мәтібұлақ қасына,
Қушоқының дөңіне
Бекініп меже ұстаған.
Қатпарлы адыр бер жақта,

Қордай тауы ар жақта,
Қу шоқыдан көрінер,
Қарасаң шығып жан-жаққа.
Әли батыр асықпай

Төскейге көзін салады.
Мойнындағы дүрбімен,
Алыстан шолып қарады.
Көлқамыста құжнаған,

Отрядті көзі шалады.
Айла - әдісін ойланып,
Көпке ақыл салады.
Түн көрпесін жамылып,

Ел қыстауына барады.
Иесіз жатқан көп малдың
Бәрін жинап алады.
Атан демей,

нар демей,
Айғыр демей, тай демей,
Астықты теңдеп салады.
Өздері көмген қамбадан

Керегін мол алады.
Үш жүз көлік ыңыранып,
Маймаңдап басып жөнеді.
Таудың қойнын бөктерлеп,

Жылғамен жылжып келеді.
Дәл жеті күн жол жүріп,
Ел қарасын көреді.
Ашыққан жұрт тойынып,

Батасын шулап береді.
Бес жүз әскер қол алып,
Қушоқыға бет қойып,
Әли тағы жөнеді.

Қушоқыға келгенде,
Алдынан хабар алады.
Әлидің ізін сезгендей,
Отряд іздеп барады.

Бәймен болыс басшысы,
Тапса ойран салады.
Мұны естіген Әли ер
Қанжардың жүзін жалады.

Бөгемекке жауларын,
Ақыл-айла табады,
Беске бөліп сарбазын,
Бос серігін бас қылып,

Жолын тосып отрядтің
Өзі жеке қалады.
Қырғызбай мен Әлқожа,
Жаудың алдын кеспекші.

Нүсіпбай мен Майсан ер,
Өкпе тұстан түспекші,
Қарсы барып Әли ер,
Уйездің көзін теспекші.

Қуа соғып соңынан,
Әлжан ұрмақ желкеден.
Жүз-жүзден алып серікті,
Жаланып ерлер желікті.

Халық үшін өлсе арман жоқ,
Ажалға болды ерікті.
Әли - сынды батырым,
Тортөбелге мініпті.

Бесатарын мойнына
Тәуекел деп іліпті.
Жұлдызы туса оңынан,
Салмақшы жауға бүлікті,

Тау текенің терісі
Тымағын баса киіпті.
Шыр айналып Тортөбел,
Елеңдеп құлақ түреді.

Араптан шыққан тұқымы,
Жау дыбысын біледі.
Шын бабына келгенде,
Тұяғы тасты тіледі.

Тауға шапса замғайтын,
Өрге салса өрлейтін,
Қияда аяғы таймайтын,
Үш күн шапса үздіксіз,

Сонда да жануар танбайтын,
Дөңге шығып аунайтын,
Көрмеген жан нанбайтын,
Тұяғы бар күректей,

Құйрығы бар жібектей,
Омыртқасы кетпендей,
Қабырғасы білектей,
Сернегі шұқыр қазандай.

Құлағы қиық құрақтай,
Көзі өткір шырақтай.
Екі елі майда жалы бар,
Бейіштегі пырақтай.

Сөз негізін бастайын,
Ат суретін ұзатпай.
Бір қыраттың басынан,
Қушоқының қасынан,

Солдаттар келед сатырдан,
Қару-жарақ жарқылдап,
Бәймен болыс алдында,
Әукесі түскен салпылдап.

Алыстан танып Әли ер,
Бесатарға оқ салды.
Айылын тартып атының,
«Бағымды аш деп» мінеді,

Жолбарыстай ақырып,
Қапыда жауға тиеді.
Ақырған даусын өсіріп,
Таудың құзы қаңқ етті.

Қарағай, қайың, жартастар,
Жаңғырығып шаңқ етті.
Безек қағып бесатар,
Үсті-үстіне сарт етті.

Бәймен болыс өкіріп,
Ат үстінен жалп етті.
Тұс-тұстан айқай шыққанда,
Жау шегініп жеңкіліп,

Бет алдына ол кетті.
Бар құралды ата алмай,
Дірілдеп буын, әл кетті.
Найзаменен шаншысып,

Балтаменен шабысып,
Шоқпарменен қағысып,
Талайларын көлбетті.
Аш бөрідей жаланып,

Әли батыр соғысты,
Үркер айға тоғысты,
Құмардан шықты сабазым,
Оққа ұшырып болысты.

Уйез қолға түспеді,
Оның да басын кесетін,
Танауынан тесетін.
Ел талаған зұлымның

Шашып қанын ішетін,
Күн төбеден ауғанда,
Жаудың тобын қашырды.
Балқаш көлін көбелеп,

Талай белден асырды.
Жау жүректі Әли ер
Жаудырды жауға жасылды.
Қолға түсіп жандарм,

Аяғына бас ұрды.
Соңынан қуған Әлжан ер,
Қолданды түрлі тәсілді.
Жандарм басы бұралып,

Иектен талға асылды.
Көп кедейдің кегі үшін
Тұрсын дедік асулы.

Жауды қуып тастап, тірі қалған сарбаздарын жинап, өлгендерін жерлеп болған соң, Әли батыр бала-шағасын іздемек болды. Қаладан енді жаңа отряд шыққанша оларды жинап алуына көпшілік те қосылды. Батыр жанына бұл кезде Сібірден қайта оралған Қырғызбайды алып жүріп кетті.

Жүріп кетті екі ер,
Бөлініп қолдан күн бата.
Қала берді бұлдырап,
Арттарында ақ жота.

Сағынып үйін жөнелді,
Жетейік деп таң ата.
Қасына ерді Қырғызбай,
Жөнелді ағып жұлдыздай.

Астындағы қос тұлпар,
Жұтынады құндыздай.
Дамылсыз жүріп түн бойы
Таң ата елге келеді.

Жұрты жатыр, үйі жоқ,
Әли батыр көреді.
Кез келген жанды тоқтатып,
Баласын сұрай береді.

Іштен шыққан жан бала,
Батырдың көңлін бөледі.
Аулын шауып отряд,
Аға, інісін, әйелін

Кеткенін айдап біледі.
Шырылдатып ұл-қызын,
Жөнеліпті бір бөлек,
Дегенде батыр жүдеді.

Ат басындай жүрегін,
Ұлы қайғы тіледі.
Қолынан түсті найзасы,
Үзілгендей білегі.

Батырдың түсіп еңсесі,
Қалыңдады қабағы,
Көмескі шықты дыбысы,
Қарлыққандай тамағы.

Айқара ернін тістеді,
Осы деп өмір сабағы.
Талауда кеткен мал-жаны,
Қайдан іздеп табады.

Аталық жаны елжіреп,
Көзінің жасы тамады.
Зығыры қайнап ішінде
Таңдайын тарс-тарс қағады.

Қамығып Әли тұрғанда,
Қырғызбай келді қасына.

— Қайратыңды жи, батыр,

Болған іске жасыма.
Ел үшін туған ерлердің
Не келмеген басына.
Қайғырғаннан пайда жоқ,

Бар көргенің осы ма?!
Әперсең теңдік ақталар,
Соңынан ерген досына.
Еңбегің еткен еш болмас,

«Ақ патшадан» құтқарып,
Жеңіс туын тіккенде,
Еңбекші елдің қосына.
Тұрмайық батыр, бекерге,

Көлқамысқа барайық.
Жауға жансыз жіберіп,
Бір хабарын алайық..
Қолда тұтқын жоқ па екен

Іш - сыртын байқап қарайық..
Тірі болса тұтқындар,
Босату жолын табайық.
Айтқаныңды екі қылмайды,

Бұл жақтағы халайық.
Тістенген бойы Әли ер,
Атына мінді тіл қатпай.
Түтігіп ерні кезерген,

Аш өзегі дым татпай.
Сергісін батыр дегендей,
Тортөбел басты ойнақтай.
Туған жермен қоштасып,

Күңіренді батыр кек сақтай,
Аузынан шыққан сөздері
Шарпыған жалын, бейне оттай:
«Қош, қайыр, қалдың иесіз, туған жерім,

Өсіп ем топырағыңа аунап сенің.
Айрылып қатын, бала, аға, ініден,
Ішіме сыймай барад қайғы-шерім.
Жүр екен әлдекімің тепкісінде,

Екі тал, екі түсті көбелегім.
Тас шайнап, мұзды жалап, ішім жанып,
Қорлықтың баса киіп кебенегін.
Шырылдап жауда кеткен қос құлыным,

Болдым - ау, обалыңа қалған сенің,
Алатау асқарында туып-өстім,
Тулаған бұлағыңның суын іштім.
Аға інім, алған жарым жау қолында,

Тұншығып тұманында зорлық күштің.
Жарлығы жау патшаның жалын тастап.
Тиегін бұрағандай кек пен өштің.
Халық үшін садаға деп шыбын жаным.

Болыстың басып кесіп, қанын іштім.
Ұлыған иттей болып қалдым жұртта,
Басыма ақыр заман бүгін түстің.
Кекті ашу кеудем толғап қайнап пісті,

Қоймадың өз еркіме ар-намысым.
Не жеңіп, ие өлермін, құн сұраусыз,
Басынып патша залым берді қысым.
Бар дейді Ленин деген бір данышпан,

Адамға қондыратын бақыт құсын.
Кетер ем соны іздеп жер бетінен,
Білмеймін жол мәнісін, күнің тұрсын.
Жақтайды жарлы табын деп естимін,

Жаратқан сондай ерге жолдас қылсын.
Жанары екі көздің қанға толып,
Уланып іші - баурым тілсім - тілсім.
Табалар дұшпандарым, досым күліп,

Басына түспеген жан қайдан білсін,
«Бауыр ет, емшектесім жау қолында,
Арман жоқ солар үшін жанды берсем»,
Деп батыр қамшы басты Тортөбелге,

Қорлыққа бастан асқан ер көнер ме.
Қасында Қырғызбайдай шын досы бар,
Бір сырлы, сегіз қырлы бар өнерге.
Салдыртып Көлқамысқа келді жетіп,

Аттарын тежей тартып текіретіп.
Жамылған түн көрпесін, ай сәулесін,
Мезгіл ед түн ортасы кеткен өтіп.
Алыстан қарағанда көз жіберіп,

Көрінед от жарығы жылт-жылт етіп.
Екі атты тал түбіне матастырып,
Еңбектеп екі батыр қалды кетіп.
Жақындап тың тыңдады құлақ түріп,

Кандек ит арба астында жатыр үріп,
Күзетші айналып.жүр аулақ жерден,
Мойнына көрер емес салсаң құрық.
Солдаттар ұйықтап жатыр пырдай болып,

Алаңсыз, білер емес кетсең қырып.
Шамасы жиырма - отыздан артық емес,
Қалаға басқалары кеткен жүріп.
Еңбектеп екі батыр шықты айналып,

Бөгеліп ақылдасып тұрды ойланып.
Күзетші жүрген жақты шолмақ енді,
Бекініп тәуекелге бел байланып.
Сақтанып, Қырғызбайды кейін тастап,

Әли ер кетті жалғыз,— неден саспақ.
Жақыннан ыңырсыған дыбыс шықты,
Осы түн секілденіп сырды ашпақ.
Еңбектеп, жер бауырлап келді жақын,

Ашулы ашынған ер, тым - ақ батыл.
Алдында ауыр қайғы дегендейін,
Сипайды маңдайынан түнгі салқын.
Жатқан жан жараланып Жапар екен,

Батырдың жалғыз інісі — емес бөтен.
Тастапты тікенектің арасына,
Салыпты аяқ-қолға болат кісен.
Бауырын көріп батыр төкті жасып,

Алдына ап, құшақтады сүйеп басын.
Аузына тақиямен су тамызды,
Дегендей ақырғы рет мейрің қансын.
Шықпаған шыбын жаннан үміті бар,

Тілге келіп алсам дейд анық хабар.
«Бауырым» деп басады бауырына,
Ыстық жаспен бұлдырап екі жанар.
Күн шыға Жапар бала көзін ашты,

Ағасын танығандай изеп басты.
Айқасып күрек тісі шақырлайды,
Сындырып шайнағандай қара тасты.
Түс ауа тілге келді есін жиып,

Шыдатпай іші-сырты бірдей күйіп.
Дененің жараланбай қалғаны жоқ,
Сауыс боп аққан қаны қалған ұйып:

— Ағамды атып кеткен көп солдаттар,

Әкеткен Күлипаны би-болыстар,
Төлеу мен жеңешемді жаяу айдап,
Пышақтап сізді тап деп мені қыстар.
Бәйменнің осы топта баласы бар,

Мал-мүлікке не боп қалды солар.
Күң қылып Күлипаның шашын кесіп,
Бөктерін ат артына салды олар.
Қош, аға, қолыңды бер, жоқпын енді.

Жазықсыз қос шырағым ерте сенді.
Жолында бостандықтың мен құрбанмын,
Жібермей зұлымдарға ал кегімді... —
Деді де Жапар бала көзін жұмды,

Иегін жалғыз қағып, жаны тынды.
Сүйегін Әли батыр арқалап ап,
Еңбектеп жылғаменен кейін жүрді.
Қырғызбай күтіп алды батыр досын,

Зор қайғы екеуіне болды тосын.
Арулап жерлеп болып Жапар жасты,
Торыды түн жамылып жаудың қосын.
Тап берді таңға жақын, тиді жауға,

Тәуекел қалқан болды омырауға.
Көзге қан, көкірегі кекке толған,
Батырдың қимылына шыдау бар ма?
«Өлсем құным сұраусыз елім үшін,

Төгілсе қан тергеусіз жерім үшін.
Өлексесін үйейін оба қылып,
Жастай өлген Жапардың кегі үшін». —
Деп Әли қамшы басты Тортөбелге,

Қырғызбай бір шетінен тиді түре:
Қасқырдай қойға шапқан салды ойран,
Уыстап шеңгеліне жауды бүре.
Алаңсыз жатқан жерден араласты,

Қапыда құлатқандай қара тасты.
Кіршілдеп қылыш пенен айбалталар,
Ұшырды кеудесінен талай басты.
Бір кезде Әли батыр жараланды,

Оқ тиіп оң қолынан төкті қанды.
Жөнелді Тортөбелдің жалын құшып,
Солдаттар оқ жаудырып қала барды.
Белгілі жерге келіп, түсті аттан,

Дірілдеп ат жалына қаны қатқан.
Кейінгі Қырғызбайды уайымдады,
Батырды ауыр қайғы басты батпан.
Жаралы Қырғызбай да келіп жетті.

Әлсіреп ат үстінен құлап кетті.
Денеге тоғыз жерден оқ тиіпті,
Ақ боз ат жан ұшырып алып жетті.
Ес жиып, жараларын жуып, байлап,

Шолды Әли көз жіберіп төңіректі.
Шоғырға баяулаған жолсызбенен,
Алыстан мұнарланған көзі жетті.
Бұл кім деп ойға қалды екі батыр,

Жау жүретін жол емес, келе жатыр.
Кім болса да тосайық осы жерден,
Ыңғайланып тұрайық қалмай қапыл.
Айтқанындай жолаушы түсті келіп,

Қынжылып қиналысты жайды біліп.
Елші екен батырларды іздеп шыққан.
Түн қатып, түсі қашып, тынбай жүріп.
Бұлармен екі батыр қайтпақ болды,

Қыс болды, кемпір-шал мен бала тоңды.
Алты ауыз, ала бақан елдің іші,
Деген соң екі ердің жүзі солды.
Ас ішіп, ат шалдырып алды бекіп,

Елге қарай бет қойды дүрілдетіп.
Ауыр азап, қайғы-шер көргендері,
Опасыз жалған дүние жатты өтіп.
Әли ер жараланған жолбарыстай,

Еліне аянышпен көзін тастай,
Қалдырмай жалғыз жанды жинап алып,
Жөнелді түйдегімен сөзді бастай.

— Халқым-ай, кәрі-жасың жазығың жоқ,

Тұрақты сүйенетін қазығың жоқ.
Армансыз алысатын жауыңменен,
Ат - көлік, қару-жарақ, азығың жоқ.
ЬІсқырып қыс келеді қылыш алып,

Жан-жағың жаланған жау даруланып.
Сар бала, қара қазан қамы үшін,
Қонысқа орнығыңдар қайтып барып.
Алты айдай дем алмадық тынышталып,

Күш келмеске зорланып тырыспалық.
Қаладан кісі келед ел жинауға,
Қайтыңдар, қонысыңа, ұрыспалық.
Жабыңдар бар кінаны маған ғана,

Сол бүлдірді елді деп жала жаба.
Кемпір-шал, бала-шаға жыламасын,
Солардың көз жасы үшін мен садаға.
Ташкеннен бір үлкені келед, дейді,

Аралап көшкен елді көред, дейді.
Жазықсыз қалың елді жараламай,
Жазықтының жазасын беред, дейді.
Сондықтан бүлдірмеңдер басқаларды,

Естідім қуанышты бір хабарды.
Бостандық әперетін бар адамға,
Жарқ етіп күн шығуға аз - ақ далды.
«Жеңіпті «ақ патшаны» Ленин батыр,

Болыпты залымдарға заман ақыр».

— Деген хабар барады өріс алып,

Бізге де көп кешікпей таң да атар.
Әлидің бұл айтқанын тыңдады елі,
Жіберді жасын төгіп біреулері.
Азаттың әперер деп ердің ері,

Лениннің атын естіп үміттенді.
Қырғызбай, Нүсіпбай мен Әлдожалар,
Әлжан, Майсаппенен шықты олар.
Әлиден қалмаймыз деп қамданысты,

Кім білсін іс адыры қандай болар...
Қойдай шулап қоштасты, нардай Создан,
Ұзақ жолға бет алды алты боздақ.
Большевикті іздемек жер бетінен,

Ер жүрегі шыдатпайды іштей қоздап.

Бұлар сол бетімен Алматыға келіп, қаланың шетіндегі Майсаптың жақынының үйіне бекінді. Үй иесі опасыздық қылып, бұлардың келгенін жандармға хабарлайды. Жандарм көп солдатпен келіп атыс салады. Нүсіпбай мен Майсап оққа ұшып, басқалары қолға түседі. Қолға түскендерді ұрып-соғып, абақтыға салады. Тұтқын болған батырлардың ісін Павлов деген тергеуші жүргізеді. Ол большевик болады, жасырын ұйымды басқарады. Әлилердің ісін баяу жүргізіп соза береді.

Азуы қарыс Әли ер,
Абақтының төрінде.
Қызыл қан боп Қырғызбай,
Көнер емес өлімге.

Алып күшті Әлжан ер,
Басқа жан сенің теңің бе.
Ақылы кемел Әлқожа,
Тоқтау айтып деп қояд, —

Уайымға ерлер берілме!
Жата берді батырлар,
Іші-бауры егіліп,
Кісендеулі қол-аяқ,

Отты көздер телміріп.
Павлов деген тергеуші,
Алады жауап емініп.
Әли тілін тартпады,

Түссе де қолға жеңіліп.
Қайтар емес бетінен,
Тұрса да ажал көрініп.
Әли келді жауапқа

Екі көзі қызарып.
Екі жағы суалған,
Сақал, шашы ұзарып.
Кісендеулі қол-аяқ,

Ісіп кеткен бозарып,
Тесіле қарап тергеущі,
Сұрап отыр сазарып. —
Сөйле,— деді Әлиге, —

Көргеніңді айтып бер.
Ақ патшаға сен неге
Қарсы шықтың, арам тер?
Еліңді неге бүлдірдің,

Жетпеді ме саған жер.
Қолға түстің мінекей,
Жазаға енді шыдап көр!
Сонда Әли сөйледі,

Көмекейі бүлкілдеп.
Жасқануды білмейді,
Кетті батыр еркіндеп,
Патшадан көрген қорлығын,

Айта берді біртіндеп.
Ел жарасы ушықты,
Жарылғалы күлтілдеп...
Аруана туар лөктен,

Ақиық туар түлектен.
Тұлпар туар жүйріктен,
Сұңқар шығар үйректен.
Өтірік тіпті айтпаймын,

Оқ атсаң да жүректен.
Ленинді іздеп шығам деп,
Қармаққа түстім иектен.
Аңдыған жауым арс етіп,

Қаба түсті сүйектен.
Босанар елім күні ертең,
Басына түскен түнектен.
Алар жанды ала бер,

Қорқытпай-ақ білекпен.
Жан беруге ризамын,
Бостандық деген тілекпен.
Орнынан тұрып тергеуші,

Әлиге жақын келеді,
Шынжыр қиған жарасын
Қол-аяғын көреді.
Атпаймын да аспаймын,

Жатасың ұзақ деп еді.
Колодкасын алуға
Рұқсат қағаз береді.
Қасиетін Әлидің

Тергеуші де сезеді.
Абақтыда жатты олар,
Тұтқын тонын жамылын.
Істің соңы не болар,

Күте берді зарығын.
Большевикті,
қызылды,
Ел қолдады бағынын.

Ала - сапыран соғыста;
Бұлар да шықты жарқ етіп,
Қызыл жұлдыз тағынып.
Жарыққа шығып Әли ер,

Жарағын қайта асынды.
Партизан болған Павлов,
Тобына соның қосылды.
Қырғызбай, Әлжан, Әлқожа,

Түсірді жауға жасылды.
Өңшең көкжал бас қосып,
Жандаралды торыды.
Күн - күн сайын күтпейді,

Қызылдардың жорығы.
Қалаға кісі кіргізбей,
Жанталасып жандарм,
Жандаралды қорыды.

Інге кіріп шықпады,
Зұлымдықтың қорығы.
Бір күндері болғанда,
Астыртын хабар келеді.

Жүз солдатпен жандарал,
Қытайға қарай жүреді.
Мұны естіп батырлар,
Қаптай атқа мінеді.

Буырқанын, бұрқанын,
Қаруын бойға іледі.
Ат-тұрманын беріктен,
Тәуекелден жүреді.

Тау мен тасты көбелеп,
Ну орманға кіреді.
Батырлар жолды тосуда,
Арада етті бір жеті.

Ақтар жөңкіп қашуда,
Бұлардан өтіп көп кетті.
Көрінгенін жібермей,
Көкқұтандай келбетті.

Өшпендігі өршіген
Өр кеуде өңшең батырлар,
Арыстандай келбетті.
Павлов пенен Әли ер,

Ұйқы, күлкі кермеді.
Қабақтары қатулы,
Бел шешуді білмеді.
Тау мен тасты мекендеп,

Тағыдайын өрледі.
Күндердің күні болғанда
Дыбысы келді дүбірдің.
Таң салқынын жамылып,

Ақтар топтап шұбырды.
Ерлерге хабар беруге,
Шолушылар жүгірді.
Батырлар кезеп қаруын,

Аттанып жабыла жұмылды.
Алдыңғы тобын жіберді,
Көздерінен өткізіп,
Жиды бойға жігерді,

Шеңберіне жеткізіп.
Екінші топ келеді,
Сағындырған күткізіп.
Тал жамылып тасада,

Батырлар жатыр тістеніп,
Бойларында қан қызып.
Келе жатыр көп солдат,
Қара құстай қаптаған.

Көк күймені қоршап ап
Қаруларын саптаған.
Күймеден аузын шығарып,
Пулемет қойған баптаған.

Жандаралдай жауыздың
Осы күйме сияқты
Шыбын жанын сақтаған.
Екі жаны, алды-арты,

Самсаған солдат — сары қол.
Алдырар емес әккі жау,
Қару-жарақ, күші мол.
Батырлар жатыр сазарып,

Алдынан құрып қанды тор.
Бақыты ұшып төренің,
Түнергендей қалың сор.
Дәл тұсына келгенде,

Дауа бар ма мергенде,
Көк күймені көзге алып,
Қорамсаққа қол салып;
Басып-басып жіберді,

Жауырындары қозғалып.
Құлындағы даусы құраққа,
Шыңғырып аттар жөнелді.
Кек кернеген батырлар

Бір қызыққа кенелді.
Пулемет жатыр бұрқылдап,
Мылтық жатыр тарсылдап,
Күйме қалды шоңқиып,

Аттар қалды теңкиіп,
Үрейленіп уез тұр.
Жалтаң қағып жандар жүр,
Естері шығып селтиіп,

Күймені қоршап шулайды,
Сапырылысып жүгіріп.
Жайрағандай жандарал,
Қара құсы жұлынып.

— Кезеңді жерде кезеп қал,

Келгенде кезі кегіңді ал!
Санасып жаумен атыспай,
Қолқасына қолың сал! —
Деп Әли ер кезеді,

Тірідей жаннан безеді.
Оққа ұшырып уезді,
Аттың басын тежеді.
Бір сұмдықтың болғанын,

Батыр - дағы сезеді.
Павлов - сынды аяулы ер
Аттың жалын құшыпты.
Бас киімі ұшыпты.

Алтын шашын қан жуыл,
Мойын төмен түсіпті.
Мұны көрген Әлидің
Сірә де жаны төзер ме?

Тар кезеңде шын достар
Бір-бірінен безер ме?
Әли батыр жетіп кеп,
Атынан түсе қалады.

Ат үстінен көтеріп,
Алдына досын алады.
Өз жейдесін қақ айырып,
Дос жарасын таңады.

Кеудесі толып ашуға,
Көзі оттай жанады.
Кісі қойып қасына,
Сусын қойып басына,

Қайыра батыр салады.
Тұс-тұстан қаптап партизан,
Қаруды тартып алады.
Күйме ішінде қан болған

Көрді қатын-баланы.
Ордалы жылан ойран боп,
Құмарлары тарады.
Павлов, Әлжан бұлардан

Болды ауыр жаралы.
Отызға тарта кісі өлді,
Оларды жерлеп салады.
Қырғи тиген торғайдай,

Бас сауғалап солдаттар
Бетімен кетіп барады.

Жараланған Павлов пен Әлжанды теңге салып, бекіністеріне әкеліп бағады. Олар көп бейнет, ауыр азап тартып барып жазылады. Партизандардың шабуылы күшейе береді. Көп ұзамай қызылдар Алматы қаласын алады.

Бекініп, тау құзына жатты бұлар,
Бейнеттің тауқыметін тартты бұлар.
Ат арып, тоны тозып жүдесе де,
Қапысын жандаралдың тапты бұлар.

Дүңк етті өлгендігі жандаралдың,
Жері жоқ шашылмаған бұл хабардың,
Павлов пен Әли ердің даңқын естіп,
Демеген бір жан қалмад

«Ой, сабазым!»
Қаланы қызыл алып, туын тікті,
Иықтан түсіргендей ауыр жүкті.
Құл мен күң, кедейлерге теңдік деген

Дабысы жерді жарып, ұран шықты.
Селт етіп батырлар да шықты таудан,
Құтылып аяғынан алған жаудан.
Қуанып қарсы шықты қала халқы,

Иіскеп ата-анадай омыраудан.
Ішінен көпшіліктің бір жас жігіт
Келеді Әли ерге қарсы жүріп.
Әскерше киген киім белін қынап,

Қол алып сәлем берді әдеп қылып.
Әли ер сонда білді өз баласын,
Шыдамай төгіп жіберді көзден жасын.
Төлеуін бауырына қысып тұрып,

Сипады бір қолымен қара шашын.
Тұтқыннан қашып шығып Төлеу бала,
Қосылып партизанға кезген дала.
Ақ сүтін ақтамаққа анасының

Ақтарға соққы берді ойран сала.
Әйелі Әли ердің жаудан өлген,
Өлімін Төлеу бала көзбен көрген.
Әлидің жатқан жерін айтпадың деп,

Пышақтан ана төсін тілімдеген.
Күлипа жалғыз қызы жауда кеткен,
Шап болмай білем деген төңіректен.
Аға, іні, алған жары құрбан болып,

Батырдың іші - баурын елжіреткен.
Қалаға кірді бәрі ұбап-шұбап,
Біреу күліп, біреулер жатыр жылап.
Қаланың бастықтары жиылыс ашып,

Құттықтап батырларды алды сыйлап.
Лениннің суреті тұр жүрек сезген
Әли ер сонда ғана көрді көзбен.
Жеңістің туын сүйіп, тізе бүгіп,

Жасасын! — деді батыр жарқын жүзбен.
Әлидің уақиғасы тамам болды,
Осындай қилы-қилы заман болды.
Еңіреген ер еңбегін бағалайтын,

Лениндей асқан дана бабаң болды.
Солардың соңына ерді ұлы халық,
Даңқты, жеңісті ісі жерді жарып,
Жолынан партияның әділ не бар,

Ұрпағым, үйреніңдер үлгі алып.
Көнемін осыларды көзбен көрген,
Алпысқа шаш ағарып жасым келген.
Ұсынам сендерге арнап, өрендерім,

Қабыл ал, сыйлығымды менің берген.

ТӨКЕТАЙ MЕН МӘНІКЕР

Бұрынғы өткен дәуірде
Халықтың мұңы мал болған.
Малсызда ақыл дал болған.
Манас батыр тұсында

Көкетай деген хан болған.
Көкетайдың тұсында
Көрнекті талай дәу болған.
Аброй, бедел түзден боп,

Берекесі үйден боп,
Ер Қосай деген шал болған
Көкше батыр Әлмембет,
Күрең сақал Келмембет,

Күнбатыста Ақжелек,
Күншығыста Көкжелек,
Атақты талай жан болған.
Елеместің еркесі,

Отыз ұлдың кенжесі
Ер Төстік деген нән болған.
Осы дәулер тұсында
Көкетай деген хан екен.

Өз шағында халыққа
Кәдірі бар жан екен.
Әділетті, қайырлы
Әлінше көпке нақ екен.

Өзіне тете інісі
Төкетай деген сал екен.
Екеуінен жалғыздан
Екі ұл бала бар екен.

Аман болса ботамыз,
Қолға ұстаған сақамыз,
Есен болса баламыз,
Елден сұлу аламыз.

Жер-жерден сұлу қыз ізден,
Жол тартады Төкетай.
Қырғыз бенен қазақты
Аралады Төкетай.

Хан ұлына қызығар
Қалың малға талай бай.
Ел аралап, ел кезіп,
Жер аралап, жер кезіп

Талай асқар бел кезіп,
Талай шалқар көл кезіп,
Талай жерді арылтты.
Астына мінген Мәнікер

Жер танабын тарылтты.
Алты күнде аралап,
Алты айлық жерді шалыпты.
Қасындағы қырық жолдас

Ілесе алмай қалыпты.
Мәнікер ат майыспай,
Мініп шапса қайыстай,
Желсе жел де жетпейді.

Құс құтылып кетпейді.
Алдынан қашқан киіктер
Әудем жерден өтпейді,
Үш Қосай мен Манастан

Аспара, Мерке, Таластан,
Аралап өтіп барады.
Алатау асқар жартастан
Ел қоймай кетіп барады.

Алты рулы алаштан.
Сырдан өтіп сырғытып,
Шудан өрлеп шүйілтіп,
Іледен өтіп ырғытып,

Ылди - ерден орғытып,
Қара талдан қарғытып.
Ақсудан өтті аттатып,
Көк судан өтті көсілтіп,

Ертістен өтті есілтіп.
Есіл менен Нұрадан
Іңірде өтті ыршытып.
Сарыарқаны аралап,

Сан сұлуды саралап,
Көкшетауды көктеді,
Көз жұмғанша өткені.
Қарқаралы, Қазаннан,

Қарап өтті азаннан.
Тобыл менен Торғайдан,
Ойнап өтті тоғайдан.
Мәнікер атпен Төкетай

Жүзіп өтті балықтай.
Күн-түн жүрді жалықпай,
Еділ бойын ерледі,
Орынбормен желгені

Өзіне жағар сұлуды
Төкетай ер көрмеді,
Өршеленіп Мәнікер
Омырауы терледі,

Ауыздығы қаршылдап,
Адымдап аяқ сермеді,
Қос құлағын қайшылап,
Жаңбырдай тері тамшылап,

Қолға ерік бермеді.
Оңтүстікке қасқарды,
Арал менен Атырау,
Қалқи жүзіп кештірді.

Қалың балық, жайынды,
Қарсы келген тептірді.
Қазыбек пен Қаптауда
Аттың терін кептірді.

Атын суға жүздірді
Қайыстай қылып тілдірді.
Ат өнерін білдірді.
Батыстағы Ақжелек

Ауылына бет бұрды.
Қырымнан қыз қарауға
Мәнікерді соқтырды.
Алты батпан алтыны

Атқа артқан балқыды.
Ақжелектің аулына,
Азанымен кеп тұрды.
Басылмай аттың қарқыны,

Ассалаумағалайкүм,
Амансыз ба,
Ақжелек,
Ел-жұртына нақ Желек,

Әдейі келдім аулыңа
Керегімді тап,
Желек.
Іздеп келдім алыстан.

Астымдағы тұлпарым
Ұшқан құспен жарысқан.
Күнбатыста Ақжелек,
Сен бір жатқан арыстан.

Көпті көрген ділмәр деп,
Көргелі келдім, ағажан.
Ақжелек сонда бүйдеді:

— О, балам - ау,

балам - ау,
Алыс жолдан келіпсің,
Мәнікер тұлпар мініпсің,
Бадана тон киіпсің,

Алмас қылыш іліпсің.
Келбетіңе қарасам,
Келісіп туған жігітсің
Бұл алаптан көрмеген.

Жол болсын,
қайдан жүріпсің?
Астыңа алтын салыпсың,
Атыңды суға малыпсың.

Ат - жөніңді айтшы енді,
Аршындап жүрген алыпсың.
Бұл өлкеден көрмеген,
Бұл ауылдың үстінен,

Бұлдырық ұшпас көлденең,
Бұл жаққа келдің қай елден?
Батыста ма ауылың,
Шығыста ма ауылың,

Оң жақта ма ауылың,
Сол жақта ма ауылың,
Келген бетің қай жерден?
Т ө к е т а й д ы ң с ө з і:

Әуелде шықтым елімнен,
Аспара, Мерке жерімнен.
Тарбағатай, Тянь-Шанъ,
Алатау асқар белімнен.

Аралап келдім шығыстан,
Жетісу өзен, көлімнен.
Ер Қосай мен Манастай
Рұқсат алып ерімнен.

Қара құжыр,
көк ойрақ
Қазақ, қырғыз елімнен.
Алатау болад жеріміз,

Мұсылман болад еліміз.
Көкетай деген ханымыз,
Көпке бірдей шамымыз.
Күншығыста Көкжелек

Өзіңе аттас дәуіміз.
Ауылдан шықса Ақжолтай,
Көкжал, Барақ, Көбікті
Маңдайдағы барымыз.

Қатынын берген қайырға
Қанкелді деген нарымыз.
Жолды Қосай басшымыз,
Ақыл берген шалымыз.

Ел иесі осылар
Қолында мал-жанымыз.
Әуелі шықтым ауылдан,
Дін мұсылман қауымнан.

Шығысқа қарай бет алдым
Алатаудың бауырынан.
Ардақтаған атымның
Алтын артып сауырынан.

Үйден шықтым қыз іздеп,
Ер Қосай мен Манастан,
Үшбұрыл мен Таластан,
Атты, тонды адамға,

Алыс жол жүрсе жарасқан.
Жақсы менен жаманның
Арасы болар жер - аспан.
Ағайынның жақсысы,

Бір-біріне қарасқан.
Ақымақтың белгісі
Ата салттан адасқан.
Қырғыз елін қыдырдым,

Қыз жақтырмай түңілдім.
Сыр бойынан сырғыттым,
Шу бойынан шүйілттім.
Жетісудан желдірттім,

Іледен ат ырғыттым,
Көксудан келіп көсілттім.
Ақсудан ат аттаттым.
Күншығыста Көкжелек

Күндіз барып жолықтым,
Елінен қыз жақтырмай
Енді бұдан торықтым.
Ертістен.ат есілттім,

Көкжалға келіп жолықтым.
Көксеген қыз таба алмай,
Күдер үзіп торықтым.
Әрі қарай жөнедім,

Есіл менен Нұраға.
Ертеңменен кеп едім.
Осы жерде кездестім,
Кісі алатын бураға.

Бура қуды, мен қаштым
Бұрылыс сай - жыраға.
Адастырдым әреңмен
Күдірден - күдір, қырқаға.

Таң ата жүріп сол жерден
Күнбатысқа өктедім.
Күн шашырап түскенше
Атырапта Ақжелек,

Алдыңызға жеткенім.
Аруақты ерден ат үркер
Алтын жырды төккенім.
Ағаның аты Көкетай,

Аулыңа келген Төкетай
Ақжелек ата, саумысың,
Ата, жөнім осылай,
Қызы сұлу Қырым деп

Қызыққаннан мен келдім.
Ұл сұлуы үрім деп,
Ұзақ жолдан мен келдім.
Рудан мойны озған деп.

Өзіңді іздеп мен келдім.
Көкетай ханның інісі
Төкетай сал мен едім.
Екеумізде екі ұл бар

Арттан ерген өренім.
Елден асқан сұлу қыз
Әперейін деп едім.
Шығыс жақты аралап,

Әлемнен қыз саралап,
Ақжелек, саған кеп едім.
Ақжелек батыр алқынды,
Ағындай сөзі қарқынды.

— Алыстан аңсап келіпсің.

Ардақтап менің атымды.
Ауылға байлап атыңды
Ақ үй тігіп басыңа,
Аралатам халқымды.

Азаматтығын көріп кет
Ауылымдағы батырдың,
Ақ ордаға жата бер
Алғалы келсең ақылды.

Боз биені сойдырып,
Сары қымыз құйдырып,
Асықпай қонып жата бер
Асыл болсаң тартымды.

Алдырайын шақырып
Жастар менен қартымды.
Қона жатып көріп кет
Сауық-сайран салтымды.

Көкетай ханның көңілі үшін
Білемін сенің нарқыңды.

— Мақұл,— деді Төкетай.

Енді болды көңілі жай.
Ақжелек үйді тіккізді,
Боз бие сойып күткізді.
Сары қымыз сапырды,

Ақжелек елін шақырды.
Алдындағы бір тауға
Шығып алып ақырды.
Дауысына шыдамай,

Көкте құстар шарқ ұрды.
Жиыл деген даусына
Желіде құлып шатылды.
Жай садақтың оқтары,

Жау көргендей атылды.
Тау жаңғырып, тас құлап,
Дария тасын шалқыды.
Атырап елі арсаңдап,

Жиылуға талпынды.
Ақжелектің аулына
Айлық жерден ел келді.
Айлық жерге дауысы

Барушы еді демде енді.
Көк ала сақал Әлмембет,
Көк тұлпармен ол келді.
Күрең сақал Келмембет,

Кер шабақпен бұл келді.
Сауыт қалқан киініп,
Садақты бес мың қол келді.
Жабдықтарын асынып,

Жау көргендей мол келді.
Елеместің еркесі,
Отыз ұлдың кенжесі,
Ер Төстік батыр соң келді.

Соң келді де сөйледі:

— Ақжелек батыр, сен,— деді.

Артыңда інің мен,— деді.
Ақсақал деп сыйлайды,
Әлпештеп сізді ел,— деді.
Халықтың қамқор, қамалы

Асқар таудай бел,— деді.
Шапқалы тұрған жау бар ма,
Шыққалы тұрған дау бар ма,
Бората жауған қар бар ма,

Қаптаған тасқын су бар ма?
Ат терледі ентігіп,
Ата, неге ақырдың,
Әлде неге шақырдың?

Бекер босқа шықпайтын,
Белгілі жұртқа үніңіз.
Бетіңізге қарамай,
Ерке өсірген еліңіз.

Үйірде ат, үйде адам,
Қалмады ұл менен қызыңыз.
Даусыңызды есітіп,
Жау көрген-ді деп едік.

Жаудан хабар білген соң,
Шақырған-ды деп едік.
Шапшаң кел деп сол үшін,
Ақырған-ды деп едік.

Не қылады қыздарды,
Қатындарды,— деп едік.
Жау қамалап жан-жағын,
Жақындады,— деп едік.

Еліңіз, ата, жиналды,
Ерлеріңіз қиналды.
Аттар мұнша буланды,
Ауыл қорқып шулады.

Құлын-тайлар тулады,
Бала тастап қатындар,
Уақытсыз туғаны.
Үніңізді есітіп,

Уайым тартып қурады.
Жүрексіздер жылады,
Жүректілер қуанды,
Құдіреттің жіберген

Кереметі бұ - дағы.
Көптің қамын ойлаған,
Сіз едің, ата бұлағы.
Бәйгеден озған пырағы,

Көпке құрбан болатын
Мен де бір айтқан лағы.
Неменеге шақырдың
Халқың жөнін сұрады.

Ақжелек шал.сөйледі,
Сөйлегенде бүй деді:

— Жау емес, қонақ, ел,— деді

Жаусырама сен,— деді.
Жайын айтып берейін,
Жарқыным, жақын кел,— деді
Жайын біліп шақырдым,

Жазықты болсам — мен, деді.
Жағадан ала атаңның,
Сөйледің, балам, сен — деді.
Жайымды өзің білесің,

Жұмсар балам кем,— деді.
Бұл қонақты сұрасаң
Белгілі туған ер,— дейді.
Білгің келсе, Ер Төстік,

Бізбен қатар ер,— деді
Көкетай хан ағасы
Көпке түскен панасы,
Кіреуке тон кигені,

Мәнікер тұлпар мінгені.
Мұсылманның жынысы,
Көкетай ханның інісі
Өзінің аты Төкетай,

Кере қарыс ырысы —
Қырымнан қыз іздеген
Келіп жүрген жұмысы.
Айнала елден қыз жақпай,

Ал деген қызға міз қақпай,
Жер табанын тарылтып
Жетісуды айналып,
Сарыарқадан сандалып,

Күндіз-түні үш тәулік
Келіпті мейман бұл жаққа.
Қыз жақтырмай келіпті
Қырғыз бенен қазақтан.

Қыз сұлуы Қырым деп,
Ұлы батыр ұрым деп,
Қиырдан кепті бұл жаққа.

Әу,

дегенде келуші ед
Ардақты елім қасыма.
Ат-шапанын тартайын
Абайсыз шыққан даусыма.

Алысып жаспен не етейін
Ақ кірген сақал-шашыма.
О, дариға жалғыздық,
Үні шықпас осы ма.

Осылай деп Ақжелек,
Өкпелеп қайтты қосына.
Үйімдегі қонақтың
Барайын деп қасына.

Алты тарам сақалдан
Сорғалап ақты жасы да.
Ақжелек өзі жаяуды,
Ауылы жақын таяуды.

Таяғын алып таянып,
Таудан түсті баяулы.
Жалғыз өзі жүргенде,
Білмеді ешкім аяуды.

Қажымайтын ер еді,
Ер Төстік салды көңіліне
Майдалап сөгіп қаяуды.
Ақжелек келіп үйіне

Таянып қолын бүйіріне,
Ақ ордаға сүйеніп,
Уһлеп келді күйіне,
Үйінде жатқан Төкетай

Жүгіре шықты түйіне.
Төкетай батыр көз салды
Ақжелектің түріне.
Түрін көріп сөйледі,

Сөйлегенде бүй деді:

— Бір құдайға мәлім-ді

Биік пенен аласа.
Арғымақтан әл кетсе,
Жабы шығар жанаса.
Жаман болса ағайын

Аяқты қаққан томаша.
Түрің қалай, Ақжелек,
Өкпелеген балаша.
Сол қолыңа оң қолың

Болад деген араша.
Әңгімеңізді айтыңыз
Қандай болды тамаша.
Түрің қалай, жан ата,

Тұтығып тұрсыз далаға.
Жолаушылап мен келдім
Әйел іздеп балаға,
Атың мәлім болған соң

Көкетай хан ағаға.
Мен үшін қалып тұрсыз ғой
Әр түрлі, ата, жалаға.
Біреудің тілі тиді ме,

Жүректегі санаға.
Жасырмаңыз сырыңды,
Түсейін, ата, араға.
Ақжелек сонда күрсінді,

Көк тұйғындай сілкінді.
Орнынан тұра алмай,
Таяқпен үш ұмтылды.
Ақжелек айтты :—Қарағым,

Хан — мұнара болады,
Халық дұғадар болады,
Хан қайық болады,
Халық теңіз болады,

Теңіз егер шайқалса,
Балық арық болады.
Мен орнымнан ұмтылып,
Тұрғанымды айтайын.

— Қатын — шайпау, ұл — тентек,

Екеуледі қайтейін,
Кәрілік жетті, қайрат кетті —
Төртеуледі қайтейін.
Балам жоқ боп,

Жүрек тот боп —
Алтаулады қайтейін.
Сонда тұрып Төкетай,
Мәнікерге мінеді.

Бадана тонды киеді.
Шоталыны қолға алып,
Беліне садақ іледі.
Ақсұңқардай түледі,

Қарғып мініп атына
Ақиықтай талпына,
Мәнікер де тынығып,
Келген екен шарқына.

Төбедегі жиналған
Тура шапты халқына.
Жалғызбын деп Төкетай,
Қарамады артына. Салауаты,

сәулеті,
Саймандары артыла,
Келе жатқан жалғыздың
Қарады ел қалпына.

Келе жатқан кім,— дейді,
Келбеті бөлек тым,— дейді.
Періште ме, пері ме,
Сағым ба, әлде жын,— дейді.

Халықтың тұрған жерлері:
Қырымның бір шыңы еді,
Өршеленіп Мәнікер,
Биіктігін білмеді.

Көк ала сақал Әлмембет,
Ер Төстік те тұр еді.
Кім екенін біл,— деді.
Ер Төстіктің тұлпары

Құмай торы Шалқұйрық.
Сансыз аттан озатын
Мен жүйрікпін дегеннің
Қолтығын талай созатын.

Нағыз тұлпар жүйріктер
Шаңын кермей қалатын.
Сағымдай ағып желгенде
Қараған көз талатын.

Айшылық алыс жерлерді
Алты күнде алатын.
Жер түбіне желіспен
Жеті күнде баратын.

Қатар ұшқан қарлығаш
Қанаты талып қонатын.
Өрге шапса талмайтын,
Ылди шапса самғайтын,

Қия салса таймайтын,
Көзі оттай жайнайтын.
Он бес жасар Ер Төстік
Шалқұйрыққа нанатын.

Ауыздығы қаршылдап,
Шапса тасты қабатын.
Төстен қашқан түлкіні
Төрт аттатпай соғатын.

Тіл біледі Шалқұйрық
Жат десе жата қалатын.
Елеместің еркесі,
Отыз ұлдың кенжесі

Ер Төстік шықты жол тосып,
Төкетаймен керісті,
Сәлем беріп қолдасып,
Жолыңыз болсын, жігітім, —

Деді Төстік сөзді ашып.
Қайда кетіп барасыз,
Тау аралап, тас басып.
Екі батыр тілдесті,

Жөн сұрасып үндесті,
Екі тұлпар иіскесті,
Иіскесіп тістесті.
Сөзге алданып тұрғанда

Тағы аттары тебісті,
Тебіскенін тоқтатып,
Енді сөзге келісті.
Т ө к е т а й:

Азаматтың қадірін
Ағайын білмес, жат білер.
Артқы айылдың батқанын
Иесі білмес, ат білер.

Қара жерге қар жауып,
Қарды басқан — бір мұрат.
Қара жерден қар кетіп,
Жерді басқан — бір мұрат.

Ер Төстік батыр, сенбісің,
Елеместің еркесі,
Отыз ұлдың кенжесі,
Өзіңдей болып туады

Тәңірдің сүйген пендесі.
Ерегіскен батырдың
Ел үшін кетер кәлдесі.
Елдестірмек елшіден,

Жауластырмақ жаушыдан.
Мен бір келген қонақпын,
Үрім менен Қырымға
Асыл адам қарайды,

Уәдеге бұрында.
Батыр болар жігіттің
Аты кетер руға,
Тұлпар болар жылқының,

Тұлғасы тұрар құлында.
Ақжелекке кеп едім
Аты шыққан бұрында.
Кәрияңды қайғыртып,

Мұның жаман ырым-ды.
Екі жирен ат мінген —
Ерте жолы болмайды,
Екі боз ат мінгеннің

Ежелден жолы болмайды.
Жерге сұңқар қонбайды,
Тонды киген тоңбайды.
Қара жерге кіргенше

Адамның көзі тоймайды.
Тілімді алсаң, жас бала,
Болғалы тұрсың бас бала,
Сыйламасаң үлкенді

Ер Төстік, болдың масқара.
Ер Төстік сонда күлді енді,
Жығылғанын білді енді.
Төбедегі халыққа

Сәлем бергін, жүр,— деді.
Еріп келіп Төкетай,
Сәлемдесіп тұрды енді.
Ақылдасып Ер Төстік :

Әңгімесін құрды енді,
Алты жорға тарту қып
Алпыс кісі жүрді енді.
Ақжелектің аулына,

Алпыс қонақ келеді,
Алдына келіп Ер Төстік 4
Иіліп сәлем береді.
Төкетайдың ат-тонын

Таңырқап бәрі көреді.
Қонақ болып түнімен
Алысып, ойнап күледі.
Таңертеңмен батырлар

Қыз жинауға кірісті.
Түніменен сөйлесіп,
Аты - жөнін білісті.
Алты батпан алтынын

Алуға тұрды күмісті.
Түніменен аралап,
Сұлу қызды жиысты.
Екі батыр ішінен

Сынаспақ болып ырысты.
Қудай тағала қош көрсе,
Бастады бұлар бір істі.
Таң атқанша аттарын

Екеуі мақтап тұрысты.
Келер сұлу жиылды,
Асыл киім киінді,
Қыздың бәрі түйінді.

Қыз айттырған кісінің
Қараған көзі талады,
Қыздар шашын тарады.
Қара көз оттай жанады.

Қырымның қыз - ұлына
Қыз айттырған Төкетай
Қиғаштап көзін салады.
Қыз жақпас Төкетайға

Шетінен бәрі жағады.
Әсіресе екі қыз,
Бірінің аты Айнакөз,
Бірінің аты Қаракөз,

Балаларым бағына
Келтірді құдай енді кез.
Төкетайдың көңілі
Енді судай тасады.

Талтаң - талтаң басады,
Маған келін осы,— деп,
Алтыннан шашу шашады.
Қалың қыздың ішінен

Аттарын анық атады.
Айнакөз бен Қаракөз
Құдалық жайын сөйлесіп,
Құйрық, бауыр асады.

Ата-анасын алдырып,
Ақжелек жауап ашады.
Сұрастырса Айнакөз —
Елеместің қызы екен,

Айтулының өзі екен.
Қырым менен Үрімнің
Аузындағы сөзі екен.
Қаракөзді сұраса

Бір кедейдің жалғызы,
Ата-анасы өліпті,
Ер Төстіктің балдызы.
Әңгіменің аяғы

Ер Төстікке тірелді.
Ақжелектің артынан
Бас түлек боп тұр еді.
Атырап елі ауғандай

Бір жағын билеп жүр еді.
«Үйде көпті түзде ұрмас»
Туысы отыз ұл еді.
Елемес өзі шын кедей

Сексен жаста тірі еді.
Отыз ұлдың ішінде
Айнакөз жалғыз қызы еді.
«Теңін тапсаң тегін бер»,

Деген мақал біледі,
Шешесі де жасында
Көріктінің бірі еді.
Балаларым білед деп,

Жауабын солай береді.
Қыз көптікі деген,— деп,
Көпшілігің біл,— деді.
Суырылып Төстік сөйледі,

Сөйлегенде бүй дейді: —
Отырсыздар, ақсақал,
Көпті көрген шүйделі
«Қызға тыю қырық үйден»,

Төкетай, келдің аулыма,
Түсіпті көзің баурыма.
Алты батпан алтынды
Атының салып саурына.

Көпшіліктің кірермін
Кер кетпей-ақ қаумына,
Екі балаңды алып кел,
Қайта барып аулыңа.

«Қыз көргенді біз көрін,
Естігенді — көз көріп».
Келіндеріңді алып кет.
Ерте қайтып, тез келіп;

Қызға кім көзі түспейді,
Қымызды кім ішпейді.
Тіл астында тіл бар ғой,
Бұл жақта да ұл бар ғой.

Күйеусіз босқа жіберсем
«Ат көті» деген мін бар ғой,
Айттырып жүрген тағы көп,
Аңдып жүрген жабы көп.

Қызығып жүрген тағы бар.
Қызғанған адам табылар.
Қыздың сырын кім білсін,
Кеудесі бөлек жаны бар.

Тобышақты шоңқайтқан
Қаба жалды жабы бар.
Қыз шіркінге кім сенсін,
Түрлі пәле табылар.

Ақылы.жоқ арыстан,
Айға қарап шабынар.
Бозторғайға бақ қонса,
Бидайық, қыран бағынар.

Шымшық құсқа бақ қонса,
Самырық келіп жалынар.
Құл мен күңге күн туса,
Патшадан таж — тақ алынар.

Арғымақ ат пысқырса,
Алыс жолға шабылар.
Тағы да айтар бір сөзім
Көпшілік, құлақ салыңдар.

Хан емеспін қарамын,
Қарадан туған баламын.
Әкем кедей, өзім жас,
Әр нәрседен шаламын.

Өзім деген адамға
Өзегімді саламын,
Өзі келіп соқтықса,
Өш жібермей аламын.

Көңілім түскен кісіге,
Өлтірсе де нанамын.
«Ер өледі намыстан,
Қоян өлер қамыстан».

Мәнікермен сен келдің
Бір жұма жүріп алыстап.
Шалқұйрығым менің де
Ұшқан құстан қалыспан.

Ағаң сенің Көкетай
Атағын білем алыстан.
Жасың үлкен ағасың
Жүз көрісіп танысқан.

Біреу озып басынан,
Біреу шауып қалысқан.
Жарысуға қалайсың
Атаның ұлы арыстан.

Сөреге адам қоялық
Әділетті қалыстан.

— Мақұл,— деді Төкетай,

Жәрдем берсін бір құдай
Әкесінен бері қарай,
Деген емес жәкетай.
Ел таңырқап балаға,

Батырлар түсті араға.
Ерігіп тұрған қалың ел
Еліртіп жатыр жана да.
Ер Төстік сонда сөйледі.

Төкетайға кел,— деді.
Бәйгесіне атыңның
Не тігесің сен? — деді.
Т ө к е т а й:

Қалағаның берейін,
Қалса егер Мәнікер.
Мәнікерден озам деп,
Болма, бала, әбігер.

Қалмақ, қазақ, қырғыздан
Алғам талай әбиір.
Алты батпан алтыным,
Ол жарай ма, жарқыным.

Баламмен жасты баласың
Басылмаған қарқының.
Мақтанбаңыз сіз,— дейді
Қорықпаймыз біз,— дейді.

Алты батпан алтыннан
Күдеріңді үз, — дейді.
Мәнікерді қоса тік
Рас болса сөз,— дейді,

Озарыңа Төкетай,
Жетіп тұрса көз,— дейді.
Мен тігейін бәйгеге
Екі сұлу қыз,— дейді.

Үш ай көктем ары жүріп,
Үш ай шауып бері жүріп,
Жарысайық біз,— дейді.
Үркер мен ай тоқтамас

Уақытында тоғыспай.
Екі батыр тоқтамас
Ерегіспей соғыспай,
Екі тұлпар жарыспай,

Екі арыстан тоқтамас,
Ырылдасып алыспай.
Бір-бірінен оза алмай,
Қолтықтары шыланбай

Құлаштап аяқ соза алмай,
Делебесі қоза алмай,
Қалың тоғай қарағай.
Тұра алмайды қарамай.

Осындайлық алысқа
Әуре қылған бір құдай.
Айлық жерден қос тұлпар
Құстай ұшып келеді.

Кербаланың шөлінен
Жеті күнде өтеді.
Жиделібайсын жерінен
Екі күнде өтеді,

Даласынан бетпақтың
Алты күнде өтеді.
Адыр-адыр белдерден
Жарты күнде өтеді.

Орыс елін аралап
Оянғанша өтеді.
Он сан ноғай үстінен
Ойнақтатып өтеді,

Қалмақтардың елінен,
Қарағанша өтеді,
Қарақалпақ елінен,
Шалқар өзен көлінен,

Шапшаң қарғып өтеді.
Еділ менен Жайыққа
Ерегісіп жетеді.
Еділ бойын өрледі,

Тұлпар сонда терледі.
Құлаштап аяқ сермеді,
Қолға ерік бермеді.
Орал тауын бастырды,

Кавказға қарай қасқарды.
Қара теңіз, Каспийден
Екеуі де жүздірді.
Пышақтай суды тілдірді.

Балықтарды үркітіп,
Жайындарды бүлдірді.
Екі жақтап қамшылап,
Енді ұрды дүлдүлді.

Мәнікер ат майыспай,
Мойны озды алыстай.
Қара теңіз ішінде
«Қош» деп ұран салысты - ай.

Бұрын шықты жиекке,
Су өтті әбден сүйекке.
Алыс-жақын бір екен,
Абайлады жүйрікке.

Ұзай салды Мәнікер
Тұлпарлыға мәлім кер
Төкетай Ер Төстікке
Бұрылды да «қош» деді.

Болма деп ем әбігер.
«Қосайлап» ұран шақырды,
Әперді аты әбиір.
Төкетай ұзап жөнелді,

Алдында бірталай өр.
Әлі де болса тұлпарға
Озатын бар талай жер.
Тағы қуып жетем деп

Ер Төстік айтты «қолдай гөр»,
Сөйтті де шықты жағаға
Шынымен аты қала ма,
Шығып алып қамшы ұрды

Сыйынып біраз аллаға.
Шалқұйрық тұлпар самғады,
Шабысынан танбады.
Ызаланған жануар

Тіке тұрды жалдары
Тыңнан мініп шапқандай
Көздің жасы парлады.
Қарағай мен қайыңдар

Дүбіріне сарнады.
Қуып жетті тағы да
Төкетайды алдағы,
Тағы үзеңгі қағысып,

Бір-бірінен қалмады.
Күндік жер қалды сөреге.
«Сүйкенер сиыр өреге»
Келер мезгіл болды деп,

Ел де шықты төбеге.
Айтқанындай Есімнің
Екеуі қатар бір шықты.
Екі тұлпар шаңынан

Ел көре алмай тұншықты.
Тұяқтары соққан тас
Қазандай көкке ыршытты.
Аспанға ұшқан қалың тас

Қайта төмен ұрыпты.
Шаңға көміп көп жұртты
Тұрған жерде қырыпты.
Есім бақсы айтқаны

Ә дегенше келіпті.
Екі тұлпар келіпті.
Екі тұлпар екпіні,
Елге салды білікті.

Мәнікердің мойыны
Сөреге озып кіріпті.
Ер Төстік пен Төкетай,
Таласып босқа тұрыпты.

«Басты шайтан көрікті»,
«Сен келіп бәле болдың» деп,
Төкетайды ұрыпты.
Сойыл тиген Төкетай

Аттан құдай төніпті.
Ер Төстік енді қағынды.
Қайрылып келіп тағы ұрды.
Алыстан келген жалғызды

Жанып қинап өлтірді.
Ерегіскен Ер Төстік
Өз айтқанын келтірді.
Ел ағасы Ақжелек

— Бұл қалай?!— деп, жекірді.

— Алтынын,

атын талаңдар —
Ер Төстік елге деп тұрды.
Халық шулап талады,
Дауысы жерді жарады.

Құмырсқадай қалың ел
Ат саурына таңылған
Алтынды бөліп алады.
Алтынды былай олжалап,

Мәнікерге ауыз салады.
Мәнікер ашып ауызын,
Елге қарсы шабады,
Быт - шыт болып ел қашып

Айнала келіп қамады.
Төкетайдай жалғыздың
Сүйегін ешкім алмады.
Шыр айналды Мәнікер,

Шеніне адам бармады.
Қодырайтып құйрығын,
Тікірейтіп құлағын.
Төкетайдай жолдасын

Жата қалып тісімен
Арқасына салады.
Анталап тұрған қалың ел
Көріп мұны таң қалды.

Ұстамаққа қамалап
Рулы ел қамданды.
Оны көріп Мәнікер
Ұстатпасқа шамданды.

Аузымен тістеп ап
Шығысқа қарай самғады.
Ақылы бар,
тілі жоқ,

Көзінен жасы парлады.
Ерге салып жануар
Екі аяғын тістеді.
Екі қолын қусыртып,

Иегіңнен иіскеді.
Төрт тұяқпен жер тарпып
Қош дегендей кісінеді.
Айуан да болса Мәнікер

Адамзаттан есті еді.
Қамалап ел қамданып
Ұстайын деген адамды
Ұршықтай ойнап тепкені,

Алдынан келсе тістеді.
Алданып қолға түспеді.
Найзаласа өтпеді,
Садақ атса жетпеді.

Қылыштаса тілмеді,
Мылтық оғы тимеді.
Қалың елді қаң жарып,
Қашып тұлпар «шу» деді

Тұрған халық таңырқап,

— О, жануар,

ту!— деді.
Тұлпар кетті құтылып,
Төкетайды алып сытылып
Шалқұйрық пен Ер Төстік,

Толқындай тұлпар бұлқынып
Борандай соғып жұлқынып,
Ел қайда,— деп жөнелді...

ЕР ТӨСТІК

(Аңыз)
...Ер Төстік жерден өтіп жеті қабат
Жетіпті жер астына сау-саламат.
Көтерген бүкіл жерді көк өгізді

Кергенде қайран қалып тұрды қарап.
Көк өгіз мүйізімен көкті тіреп,
Көк тасқа төрт аяғын тұрған шіреп.
Көтеріп ол көк тасты бір жайын тұр,

Жайынды көтеріп тұр дария, көл боп.
Ер Төстік қарап тұрып көк өгізге,
Көргелі көктен түстім деді сізге,
Аспаннан аруағыңды іздеп келдім,

Қыласың қандай жәрдем енді бізге.
Көк өгіз жақтырмады басын шайқап,
Ер Төстік онан кетті кеңілі тайқап.
Тау мен тас тас-талқан боп, сілкініп тұр,

Себебі, осы екен деп тұрды байқап.
Ер Төстік адасқанын енді білді,
Ел іздеп екі етегін белге түрді.
Ел бар деп жер астында айтушы еді,

Қайда деп қиялды ер зыр жүгірді.
Жүгіріп келе жатса ел көрінді,
Тау мен тас, дария - шалқар, көл көрінді.
Бұлдырлап көз ұшында бір ауыл тұр,

Қаптаған қара құрттай мал көрінді.
Таң қалды жер астында ел бар екен,
Бұл жерді көрген қандай ер бар екен.
Адам ба, әлде қалай деп ойлады,

Көрмекке құмарланып кім бар екен.
Күн шығып, жер астында ай бар екен.
Таулар мен бұл жақта да сай бар екен.
Ауылға көзі ұшқындап келді

Төстік, Мұнда да кедей менен бай бар екен.
Көрінген әлгі ауылға келді Төстік,
Отырған көп адамға сәлемдесіп.
Төстіктің түр-түсіне қайран қалып,

Қарайды бір-біріне бас изесіп.
Таң қалып Ер Төстікті көзі тесіп,
Біреуі тұра келіп ашты есік.
Ет беріп, шай қайнатып, қымыз құйып,

Қонаққа қой сойылып, болды несіп.
Ер Төстік ішіп-жеді берген сыйын,
Жыртылған далба-дұлба жыртық ішім.
Қатқан жоқ әлі жауап бір - біріне

Тілдерін түсінбеді, білу қиын.
Сөйледі бір ақсақал жүзге келген
Қонағым құрметті деп бізге келген.
Кәніки, қайдан келдің, қайдан жүрсің,

Батырсың бұл өңірден біз көрмеген?
Келбетің періштедей көрінесін,
Қонағым қазір менің төрімдесің.
Үстінде бір ел бар деп естуші едік,

Айта бер ол туралы не білесің?
Байқасам үстіміздегі ел боларсың,
Сондағы бір атақты ер боларсың.
Ол елден жоғары бір тағы ел бар,

Мен білсем, сол елдегі ер сен боларсың.
Мен бір қарт жер астында көп жасаған,
Өзі — хан, өзі — патша, ата-бабам.
Бар болса не керегің мен берейін

Айта бер мұқтажыңды, батыр, маған.
Ер Төстік шалдың қолын қатты қысып,
Сөйледі оқиғаны түгел шешіп.
Бұл жаққа ұл болғалы көктен түстім,

Елемес әкем аты, атым Төстік.
Мен өзім Елеместің еркесі едім,
Бір қыз бен отыз ұлдың кенжесі едім.
Өлмек бар, жер үстінде тірілмек жоқ,

Сол үшін жер астына келін едім.
Атақты жер үстінде батыр едім,
Ардақты бір халықтың ақылы едім.
Ажалдан жер астына қашып түстім,

Бір күні өлем ғой деп ақыр енді.
Ақсақал, ұлы жоққа ұл болайын,
Алдында қызметкер құл болайын.
Жоқ болса елім, ажал жер астында

Мен - дағы сіздерменен бір болайын.
Бұл елдің мен шықпайын кесігінен,
Ризығым бір терейін несібімнен.
Ел бар деп өлмейтұғын осы жақта

Рас па, өтірік пе естіген ем.
Ақсақал таяғымен жерді ұрып,
Құдайым салмас дейсіз кімге құрық.
Жұтпайды қайсымызды қу қара жер,

Төстікке жауап берді қарап тұрып.
Ақсақал Ер Төстікке мойын бұрып,
Тамаққа неше түрлі тойындырып.
Балам жоқ, маған бала болғын, — депті,

Төстікті қанша алуан киіндіріп.
Ер Төстік бала болды әлгі шалға
Шал жатыр елін жинап тойды қылып.
Қалың ел хан баласын құрметтеп,

Жиналды өз заңынша сыйын қылып.
Төстікке той жасады түрлі алуан
Түп-түгел кәрі-жасы көп жиналған.
Төстіктің дәулігіне қайран қалып

Батпады күресуге ешбір балуан.
Ондағы ел Ер Төстікке қайран қалып
Жеті жыл өмір сүрді мұнда қалып.
Қолында бала болып шалды сыйлап,

Дұшпанын талай шапты ойран салып.
Төстікке құдай сөйтіп бақ бергені
Дұшпандар қарсы келген шаң келмеді.
«Ер —туған жерде» деген мақал да бар,

Бұл жерде қалуды енді құп көрмеді.
Жегені бойға жұқпай, ішкені — ірің,
Бар ма деп көрер заман елдің нұрын.
«Әкесі» қандай сұлу айттырса да

Сүймеді сұлулардың бірде-бірін.
Әкесі бір күн тұрып; «Балам,— деді
Көңілің неге мұнша алаң,— деді.
Кеттің ғой азып-тозып санаменен

Тірі ме атаң менен анаң?— деді.
Ер Төстік төмен қарап жерді шұқып,
Көрсетіп әкесінің қолын тұтып.
Ата-ана, ағаларымды ойламай мен,

Кеттім ғой сіз тұрғанда бәрін ұмытып.
Ата-анам, тумасам да туғандаймын,
Қасында өмір сүріп тұрғандаймын.
Қандай жау сізге келіп киліксе де,

Ата-анам, көзің көрді қырғандаймын.
Арманым — жер бетіне шығып келсем,
Сондағы дұшпандарды қырып келсем.
Бар еді екі қабат бір әйелім,

Баламды содан туған көріп келсем.
Қолыңда жүрдім, ата, жеті жылдай,
Мен болдым қайғыменен жалғыз қылдай.
Ата-ана, жер үстіне жеткізіп сал,

Өтем бе бұл дүниеден көңілім тынбай.
Ақсақал, рұқсат бер балаңызға,
Мың құлдық атамыз бен анамызға.
Шығатын жер бетіне бір амал тап,

Зарланып жер астында қаламыз ба?
Ер Төстік осылай деп айтты сөзін,
Кемпір-шал жаспен жуды екі көзін.
Төстіктің тоқталмасын білгеннен соң,

Ішіне бұлардың да түсті сезім.

— Ер Төстік, тоқтамасаң бар ма шара?

Жеті жыл бала болып тұрдың дара.
Шығатын жер үстіне бір себеп бар,
Айтайын соның жөнін тыңдап қара.
Бір құс бар осы жерде Алып қара,

Табады жыл - жыл сайын екі бала.
Баласын бір айдаһар жылда жейді,
Ер Төстік, дәл осыған барып қара.
Жапанға жалғыз шыққан бір бәйтерек,

Ер Төстік, бала екенсің туған зерек.
Басына Алып қара ұялайды,
Ер Төстік, сол терекке бар ертерек.
Айдаһар жылда жұтад балапанын

Жылда ұрад Алып қара алақанын.
Жем іздеп Алып қара кеткен шақта
Ағызып жеп қояды қызыл қанын.
Шеніне екеуінің ел бармайды

Ел тұрмақ, өздеріңдей ер бармайды.
Жылдағы балапанын жылан жұтып,
Бейшара Алып қара көп зарлайды.
Маңына екеуінің жан бармайды,

Ұшқан құс, жүгірген аң, мал бармайды.
Құтқарсаң балапанын айдаһардан
Ер Төстік, сенен өткен ер болмайды.
Ол құсты көрген адам кем болмайды,

Барлық құс оныменен тең болмайды.
Ер Төстік, жер үстіне сол шығарад,
Басқадан бұл дертіңе ем болмайды.
Ер Төстік құстың жайын енді білді,

Білді де жылан жайын енді күлді. —
Ата-ана, рұқсат бер, барамын,— деп
Орнынан қол қусырып түрегелді.
Ақсақал:— Жолың болсын, барғын,— деді,

Әбиір қайда жүрсең алғын,— деді.
Жолдасқа «бір күн көрген қырық күн сәлем»,
Ер Төстік, амалым жоқ қалдым,— деді.
Ер Төстік қош - қош айтып кетті жүріп,

Етегін баяғыдай белге түріп.
Қаңғырып қанша айдай теректі іздеп,
Тауыпты әрең зорға дымы құрып.
Түбіне бәйтеректің түнеп жатты,

Құдайдан талай тілек тілеп жатты.
Жем іздеп баласына Алып қара
Алты айлық алыс жерге кетіп қапты.
Қарайды бәйтерекке көзін салып,

Ағаштың зорлығына қайран қалып.
Мың қойдың қорасындай бір ұя тұр,
Бұлттай жапырағы көкті шалып.
Түбінде ағып жатыр тоғыз қайнар,

Гауһардай тұнықтығы жұлдыз жайнар,
Тағы да бір көк тас тұр үй секілді,
Болаттай жалтылдайды айнадай бар.
Түбінде сол көк тастың жатты Төстік,

Құс пенен айдаһарды бақты Төстік.
Бұлақтың суын ішіп, балығын жеп,
Несіпті неше түрлі татты Төстік.
Ер Төстік бәйтерекке шыға алмайды,

Дүниеде не бар, жоғын біле алмайды.
Амал жоқ, отыз-қырық күн жата берді,
Бұл жерден басқа жаққа жүре алмайды.
Бір күні шырылдайды балапандар,

Таң сәуле серпілмеген, көлеңке бар.
Ысқырып, тау жаңғыртып, тіл жалаңдай,
Теректің түбінде түр бір айдаһар.
Шаншылып түйе басты тіл жалаңдап,

Жарқылдап ақ бауыры, көзі алаңдап.
Терекпен көк тіреген бойы бірдей
Балапан шыр-шыр етіп тұр далаңдап.
Ер Төстік мұны көріп көзі жайнап,

Семсерін қонышындағы тасқа қайрап.
Жүгірді айдаһарға айқай салып,
Жаны ашын балапанға тұрған зарлап.
Айдаһар дауысты естіп жиырылады,

Адамның үнін біліп шиырланды.
Ақырып арыстандай батыр Төстік
Қанжармен айдаһарды бір ұрады.
Айдаһар маңдайынан қақ жарылып,

Теректен жерге түсті аударылып.
Ұядан үркіп тұрған балапандар,
Қуанып, қанат қақты тәубе қылып.
Ауызын сұмырай жылап бір-ақ ашты,

Ер Төстік төрт-бес бөліп қанын шашты.
Құтқарып балапанды қан сорғыштан,
Жеткендей жер үстіне мауқын басты.
Ұядан ұшып түсті қос балапан,

Ақ үрпек арылмаған жас балапан.
Төстікті тырнағымен қысып алып
Апарды ұясына дос балапан.
Ер Төстік балапанға таң қалады,

Қайратын балапанның аңғарады.
Қамшы құрлы көрмеді іліп алып,
Қандай деп ата-анасы ойланады.
Қараса, ұя толған киік, марал,

Ұяның үлкендігі бейне арал.
Етін жеп жата берді күндіз-түні
Болса да мейлі арам, мейлі адал.
Бір күні бұршақ жауып, жел соғады,

Бәйтерек басын иіп, жер соғады.
Анамыз, атамызбен келеді деп
Шаңқылдап балапандар қуанады.
Жел қойып, жаңбыр жауып, күн шығыпты,

Аспаннан шуылдаған үн шығыпты.
Қалтырап бәйтеректің жапырағы,
Қарсы алып, көкке қарап тыншығыпты.
Алып құс келе жатып алыс шеттен,

Алты айлық жерден ауқат іздеп кеткен.
Әлгі жел — қанатының серпіні екен,
Көзінен бұршақтатып моншақ төккен.
Атасы бірдей кеткен анасы да,

Жем іздеп ұзақ жолдан баласына.
Баламыз айдаһардан аман ба деп,
Жаңбыр боп көздеп аққан сорасы да.
Бұлт боп бір мезгілде түнереді,

Баласы ойға түсіп күңіренеді.
Серпіліп қара бұлт күн шығарда
Көргенде балаларын тебіренді.
Аспаннан төнді төмен қара бұлт,

Кіршік жоқ жан-жағында, судай тұнық.
Көрген соң ата-анасын қос балапан
Төстікті қанатына қойды тығып.
Көз салып батыр Төстік жатыр бұғып,

Көрген жоқ туып мұндай есі шығып.
Айналып Алып қара келе жатыр
Төменде ұясына көзі тұнып.
Аңқитып балапандар аузын ашып,

Аузына жем түскенше болып асық.
Арсаңдап анасына еркелеп жүр,
Ер Төстік көріп отыр көңілі жасып.
Он марал салып алған иығына,

Он киік іліп алған тұяғына.
Ұяға қонды келіп Алып қара
Иіскеп қара жерді жан-жағына.
Апырмай-ай, шығып тұр ғой адам иісі,

Бұл жерге қайдан келді адам жынысы.
Тауып алып Ер Төстікті бір-ақ жұтты,
Адамның мұнда бар деп не жұмысы.
Шырылдап апасына қос балапан,

Жармасып тамағына жас балапан.
Төстіктің екі аяғын екеуі ұстап,
Боп кетті анасының көзі алақан.
Тастады Ер Төстікті лақ дегізіп,

Тамағын анасының баласы езіп.
Төстіктің басы алтын болып шықты,
Қара құс тастай салды жарқ еткізіп.
А л ы п қ а р а:

«Жақсылық — жақсылыққа» деген сөз бар,
Баламды жылда жұтқан сұм айдаһар.
Басы алтын, арты күміс етсем деп ем,
Асығыс істедіңдер, балапандар.

Бұл жерге қайдан келдің, адамзатым?
Ұмытылмас маған қылған шарапатын.
Бар болса ие мұқтажың айтшы маған,
Мойнымда шамам келсе достық хақың

Бұл жаққа құдай айдап қайдан келдің,
Зарлаған көзім жасын қайдан көрдің?
Адамзат шенейіме келмеуші еді,
Достым - ай, хал-жайымды қайдан білдің?

Т ө с т і к:
Мен өзім келіп едім жер үстінен,
Ерлердің ризығы ел үстінен.
«Ер кесер ер қырсығып» — деген сөз бар,

Шығарсаң арманым жоқ жер үстіне.
Сөзімді таза тыңда, Алып қара,
Шын достым құлағыңды салып қара.
Шығарсаң жер бетіне разымын,

Бар еді менде - дағы қатын-бала.
Мен жүрмін жер астында жеті жылдай,
Өзіңе душар қылған мені құдай.
Есіркеп көз жасымды сен көрмесең,

Арманда күнім өтер жылай-жылай.
Бұл іске Алып қара аң-таң қалып,
Төстікті ұшпақ болды аспанға алып.
Қамданып жеті күндей жол азығын

Жеткізбек Ер Төстікті алып барып.
Терісін киік, марал Төстік,
Сүйектен аяқ - қасық үйді Төстік.
Мес жасап, қайыс тіліп, арқан қылып,

Дайындап азық-түлік қойды Төстік. -
Үш меске үш маралдың етін салды,
Төрт меске толтыра су құйып алды.
Үстіне Қара құстың артып алып

Ер Төстік көкке қарай шырқ айналды.
Қош айтып балапан мен бәйтерекке,
Ер Төстік жүріп кетті шырқап көкке.
Үстіне Қара құстың өзі мініп,

Көз салып өзі түскен жер тесікке.
Қара құс келе жатыр шыр айналып,
Қара жер аспанымен тұр айналып.
Бір сағат дамыл алмай ұшып келед

Түн өтсе, арт жағынан күн айналып.
Көктегі құс жолымен тура бастап,
Ер Төстік келе жатыр құсқа қақсап.
Ет пенен суды аямай беріп келед

Бұрылса екі жаққа кезек тастап.
Жақындап жер үстіне келген шақта,
Тесікті Төстік түскен көрген шақта,
Беруге бір жапырақ ет қалмапты,

Ер Төстік қысылады сол уақытта.
Жалтақтап Алып қара қарай берді,
Аяғын Ер Төстіктің жалай берді.
Ер Төстік өз қоң етін кесіп берді,

Достымды аш қойғаным жарай ма енді.
Бұрылса оң жағынан ет беретін,
Бұрылса сол жағынан су беретін.
Төстікке Алын қара сауал қойды,

Ең соңғы немене еді берген етің?

— Ей достым, мен айтайын оның жайын,

Басыма түсті қатты сары уайым.
Жалтақтап қарағанда жем таусылып,
Қоң етім кесіп салдым, айналайын.
Бәсе, мен қанатымды қатты қақтым,

Көзіңді күшің тасып жарқыраттың.
Қорқыныш, қопар жер жоқ, қырылмақ ек,
Ер Төстік, бұл ақылды қайдан таптың?
Лезде шыға келді жер бетіне,

Ер Төстік енді шықты ел шетіне.
Қоштасып Қара құспен қайта-қайта,
Бір-бірін ұмытпас боп қызметіне.
Қоштасты - ау сол екі дос қайта-қайта,

Өлгенше бірін-бірі айта-айта.
Түйіліп Алып қара төмен ұшып,
Жөнелді жер астына кейін тарта.
Ер Төстік жер бетіне шығып алып,

Қарайды жан-жағына көзін салып.
Құдайға мың мәртебе шүкір қылды,
Көргенде туған жерді өліп-талып.
Қарайды қайран қалып жан-жағына,

Жалғанның кім ілінбес қармағына.
Қалыпты есі ауып Ер Төстіктің
Жер асты жеті жылдай зардабына.
Ер Төстік жүгіреді ел қайда?— деп,

Кір жуып, кіндік кескен жер қайда?— деп
Бар ма деп, ата-ана, ағаларым,
Көретін елі-жұртымды күн қайда?—деп.
Жүгіріп келе жатыр батыр Төстік,

Бір жанға жеткізбейді желдей есіп.
Кім бұрын қарсы алдымнан шығар екен?
Деп ойлап, екі көзі елді тесіп.
Ер Төстік елге қарай жүгіреді,

Беліне екі етегін түрінеді.
Ентеңдеп елсіз жерде келе жатса,
Жапанда жалғыз түйе көрінеді.
Бұл түйе желге қарсы желіп келед,

Алыстан батыр Төстік көріп келед.
Артынан ақ жаулықты ағараңдап,
Бір әйел айқай салып еріп келед.
Желмая желіккенде тоқтамайды,

Еңкейіп жердің шөбін оттамайды.
Жете алмай түйесіне сорлы әйел
Жүгіріп келе жатыр, даттамайды.
Түйенің қарсы алдынан Төстік шықты,

Желмая тұра қалды жібек түкті.
Иіскеп Ер Төстіктің омырауын
Желмая тап жылжымай жерге шөкті.
Қараса Ер Төстіктің қызыл нары,

Нарын көріп көңілден кетті зары.
Әлгі әйел, түйе қуған о да келді,
Көп күткен құдай қосқан адал жары.
Ер Төстік жар түбіне бұғып жатты,

Көрінбей өзін-өзі тығып жатты.
Түйеге шөгіп жатқан әйел жегіп,
Отырып нарға қарай бір сөз айтты.
Қызыл нар Төстік барда буаз екен,

Айлас боп әйелімен туады екен.
Ер Төстік жер астына кеткен жылы
Серттесіп белін мықтап буады екен.

— Жеткізбедің, желмая!

Нені біліп желіктің?
Шеті жылдай сыр бермей,
Бүгін қалай зеріктің?
Жылжымаушы ең орныңнан,

Жемшөп жедің қолымнан,
Желгеніңе жете алмай,
Мен келемін соңыңнан.
Қазығың қалды долана.

Азығың қалды далада.
Айналайын асылым
Ер Төстік келген бола ма?
Бұған белім шешілді,

Бүгілген балам көсілді.
Шиеленген құрсауым
Нені біліп есілді?
Ер Төстік келген бола ма?

Ер Төстігім кеткенде,
Ішіме бала біткенде,
Серттескенмін қызыл нар,
Саған бура шөккенде.

Сенің бұйдаң үзілді,
Менің белім шешілді,
Төстігім келген бола ма?
Ер Төстігім келгенде,

Не болмаса өлгенде,
Бошала деп ем қызыл нар,
Бір хабары боларда.
Ботала деп ем қызыл пар,

Бүгін хабар болар ма?
Ғашық жарым кездесіп,
Қайғылы көңілім толар ма?
Жеті жылдай жоғалған

Боздағым келген болар ма?
Боталады сол жерде
Ер Төстіктің түйесі.
Әйелінің сөзіне

Босады ердің жүйесі,
Келер ме екен, тәңір - ай!
Осы малдың иесі
Ер Төстік шықты жүгіріп,

Жар астынан бүгіліп.
Келе жатқан адамға
Қарап тұр әйел үңілін.
Кеп қалар деген ойы жоқ,

Көңілі қалған түңіліп.
Қарап тұрды Төстікке
Қара суды сіміріп.
Сәлем етті ізетпен

Екі қолы иіліп.
Толғатып тұрған кезі еді
Түйеге қолы сүйеніп.
Жарқ етті Төстік көзіне,

Көрісті келіп өзіне,
Құдайтағала жеткізді,
Серттескен ердің сөзіне.
Қуанғаннан құлапты,

Ер Төстіктің төсіне.
Зар болдым деп жылады,
Ер Төстік, сенің ізіңе.
Өлсем де бүгін армап жоқ,

Көрінді Төстік көзіме.
Екі ғашық жылады,
Көздің жасын бұлады.
Жолдас болсаң сондай бол,

Тілегін қабыл қылады.
Желмаясы боталап,
Адал жары ұл туып,
Көңілдері тынады.

КЕНЕБАЙ МЕН КЕРБЕЗ СҰЛУ

Ырғайты, Ақтерек пен Жаманты сай,
Бар екен Аламандай бір үлкен бай.
Баласы Бошқұл, Керім үшеу туған,
Кішісі ақын, сері, сал Кенебай.

Кенебай елге мәлім бала жастан,
Ертектей ел аузында қызық дастан.
Ескі әдет, дін — рәсім күшті кезде,
Немере қарындасын алып қашқан.

Тұқымы Аламанның үш-төрт ауыл,
Қара ала жылқысы бар жүйрік дауыл.
Екі ала тұлпарға міне қашып,
Кербез қыз бен Кенебай шеккен дәуір.

Екі жас бір-ақ түнде елден безді,
Кір жуып, кіндік кескен жерден безді.
Қазаң салты — қыз алып, қыз бермейді,
Жеті атаға толмаса ол бір кезде.

Бесікте құда түскен әдет-ғұрып,
Қалыңмал жай береді уәде қылып.
Кербез қыздың күйеуі — бай баласы,
Үйде отырса, мойнына түспек құрық.

Күйеуі ерні жырың, бойы мыртық,
Әйел тұрмақ, кететін еркек үркіп.
Бұл сияқты күйеуді Кербез қызға
Ата-анасы атапты түлен түртіп.

Қызбенен ата-ананың ісі бар ма?
Обалға қарайтұғын кісі бар ма?
Кенебайдан басқаның бәрі де жау,
Қыз сорлының ол кезде күші бар ма?

Той істеп Кербез сұлу ұзатылмақ,
Қос жорға, екі түйе жүк артылмақ.
Сөз байласқан құдасын қайтып қисын,
Қырық жеті жеген соң, тез құтылмақ.

Той болып, өлең айтып, шулап жатыр,
Жаңғырып тау менен тас дулап жатыр.

— Кенебай қашан көзге көрінед?—деп,

Кербез де естен танып, жылап жатыр.
Кенебай Алматыға кетем,— деген,
Кербезге — тойда болып кетем,— деген.
Күзгі таң, көз талдырар үркер туа,

Түбіне мая шөптің жетем,— деген.
Сол шөпке Кербез келді, ебін тауып.
Тұр еді мұнарланып жаңбыр жауып.
Кеп тұрған Кенебай да, екі ат алып,

Қарғып мініп, екі жас кетті шауып.
Шу десе, топтан озған қос қара ала,
Бір үйірде бірге өскен дос қара ала,
Таң ата «Аңырақайға» жетті зулап,

Қолайлы бекінуге сұр аңғарға.
Әлеумет, демеңіздер, мұны өтірік,
Жігіт сыртта, қыз, келін үйде отырып,
Ай қараңғы білтелі соқыр шамды,

«Құйып» келіп, бір соғып, кетті ұшырып.
Отырған адамдардың көрмей көзі,
Лап беріп шам жаққанша қыз да безді.
Кенебай, Кербез қашып кете барсын,

Басталық шетсіз тойдан енді сөзді.
Енесі шам жаққан соң жалт қарады,

— Кербез қайда, жоқ қой!—деп,

дат салады.
Қайтадан қыз-бозбала айтыса алмай,
Тойлары жау шапқандай сап болады.
Тарқады тойға келген халық шулап,

Жаман сөз жатпайды екен ұзынқұлақ.
«Кенебай қарындасын ап қашты!»— деп,
Естіген ел сілкінді, жүрек сулан.
Аламан ажал жетіп, өлген кезі,

Бала-шаға ер жетіп келген кезі.
Ат шауып, асып беріп, жылдығы еткен,
Әлі тұр суреті мен ақ күмбезі.
Меркеде қыздың қайны кері Ботбай,

Атағы жұртқа мәлім дәу Сыпатай,
Келінін алып қашып кесірлі ұл,
Кенебай салып кетті, елді шоққа - ай.
Ол кезде барымта бар, құн дауы бар.

Тағы да тамыр дауы, қыз дауы бар.
Екі ел даулы болса епті жігіт,
Мал тауып қаламыз деп ұрлауы бар.
Құдалар шашын жұлып зарланады. —

Елге не деп барам!— деп арланады.
Шешесі екі емшегін көкке сауып,
Кенебай мен Кербезге қарғанады.
Ботбайдан жүз кісі кеп қамалады.

Дауға - дау қабаттасып жамалады.
Кеткелі іздеушілер бір ай өтті,
Қаңғырып қайтып келді, таба алмады.
Шаруалар барымтадан үркіп жатыр.

Таулардың арасына жытып жатыр.
Қой қырқып, бие байлап, он үй тігіп,
Жүз кісі күні-түні күтіп жатыр.
Баласы Исатайдың Нұрғали келді,

Кез келген адамдарды сабай берді.
Сиқымбай деген шешен жан жеңбеген,
Бұлбұлдай дау иесі сайрай келді.
Қасқараудың кәрі-жасы жалбырады,

Еңсе түсіп, ес кетіп салбырады.
Сөз тапса Сиқымбайға сол табар,— деп
Шақыртып Ноғайбайды алдырады.
Қарабай, Кебекбайдың қартаң кезі,

Торғауыт Керім батыр қайтқан кезі.
Бейімбет, Байғазылар дүние салып,
Ноғайбай Қасқарауға тоқтам кезі.
Қысқасы, Жайықта бар түгел келді,

Ақыл мен айла табар түгелденді.
Қарағандар қашқынды таба алмады,
Жері жоқ іздемеген түк өнбеді.
Қарғап жүр ауыл болып екі жасты,

Шартарап Ысты, Дулат, Шапырашты.

— Немере қарындасын қатын қылса,

Оңбайды, бұл Кенебай жарымас-ты.
Ботбайлар көп күн болды, жатыр қамап,
Шаң келмей, ет пен қымыз берген тамақ.
Ноғайбай, Сиқымбайдай екі шешен,

Қашан бітім қылад?— деп халық қарап.
Кербез қыз, Кенебаймен қырсық болды,
Хабарсыз ұшып кеткен шымшық болды.

— Аламанның дәулетін шайқады,— деп

Көген, желі жиналған сұмдық болды.
Жайылды бұл уақиға оң мен солға,
Ақ орда болады деп қара қорда,
Таутеке, Жандос деген бір ауыздан

Қыз бен жігітті өлтірмек, түссе қолға.
Әуелі Сиқымбайға келді кезек,
Сиқымбай сөйлеп кетті тілін безеп:

— Қасқарау, қырық құрау қып кетемін,

Дулатқа бүлік салды екі кезеп.

— Тауып бер, жерден қазып жесірімді.

Тигіздің бүкіл елге кесіріңді.
Қырық жеті, тоғыз түйе, тоғыз бие,
Ат, айғыр санап алам өсімімді!

— Берген ат, берген түйе тоғыз айып,

Ежелден ереже бар қойған салып.
Аламанның жылқысын түгел келтір,
Қалдырмай бір тайын да кетем алып!
Сиқымбай сөйлеп отыр желдей есіп,

Өзі би, өзі жан боп пішіп-кесіп,
Сиқымбайдың сыңайын сезген халық
Үрейленіп: — Мынауың қайтеді?! — десіп.
Н о ғ а й б а й:

Нұқанның жұртқа таныс жеңіс үні,
Қыз тұрмақ, біткен талай ердің құны.
Өткір көз оттай жанып, шарт жүгініп,
Сайрады сандуғаштай қызыл тілі.

— Ау, Сиқымбай, сабыр бер, құрбым,— деді.

Өзіңе кезек беріп тұрдым,— деді.
Асқақтап Аспараның боранындай,
Қамшыны оңды-солды ұрдың,— деді.
Ашуменен болмайсың ел иесі,

Оп-оңай білімдіге дау жүйесі.
Кебекбай, Қарабайлар әділ айт!— деп,
Түсіп тұр екеумізге бар киесі.
Халықтың қаны таза, жазығы жоқ,

Жастарға «қаш» — деп айтқан жазымы жоқ.
Қасқарауды қалайша басынасың,
Күйеуді үйге тастап, жасырғың кеп.
Күйеуді сен де алып кел, ерні жырық,

Күйеусіз қыз берген кім сөзге тұрып?
Сиқымбай, өз мініңді ойламастан,
Салмақсың жылқымызға қайтып құрық?!
Сиқымбай, ерегіссең айтарым сол,

Кісінің бірі дейді ақылы мол.
Дулаттың төрт ұлы бар төрт тіреудей,
Сарнап жатыр атамыз сап кеткен жол.
Ноғайбай бір сөзінен бір сөзі асып,

— Бәсе!— деді, көп халық жымыңдасып.

Сөздері Ноғайбайдың жүйе болып,
Сиқымбай тұрып қалды сұры қашып.
К е б е к б а й:
Ел үшін туған болсаң екі шешен,

Ел алғысын алғандар болар көсем.
Бөтені жоқ төрт Дулат бір анадан,
Әділ болсаң жұрт тарар аман-есен.
Сыпатай үйде жатыр, құлақ түріп,

Сиқымбайға сенген соң шүкір қылып.
Қарабаймен қатарлас қариялар
Ноғайбайға тапсырып біз де тұрдық.
Екеуің ерегіссең — ел шайқалар,

Екпіндеп дауыл соқса көл шайқалар.
Қариялық айтпаған кезім бар ма,
Бітім қылсаң бақ-дәулет басқа қонар.
Ноғайбай Сиқымбайды қабылдады.

Қуанып қалың халық дабырлады.
Қол жайып екі шешен тұра келді,
Жолдарың болсын деп жұрт жабырлады.
Бүкіл ел айтып жатыр алғыс сөзін.

Жылаған құдағилар жуды жүзін.
Ноғайбай Сиқымбайға «Сөйле!»— деді,
Көрдің ғой, көпшіліктің құрған тезін.
Сиқымбай Ноғайбайға қарап тұрып:

— Бітім қыл!— деді оған мойып бұрып.

Адалдықпен қайтарғын алған малды,
Түп-түгел бұзбай мұртын санап тұрып.
Мақұл,— деп өткен малды есептесті.
Бітімнен қайтпаңдар,— деп шыбық кесті.

Байлары қайтыс болған екі әйел,
Алдына екі қалыс келіп түсті.
Берген ат, берген түйе тоғыз айып,
Найзамен түсіргендей жауды сайып.

Аламанның жылқысын айдап келіп,
Кек ала биені алды құрық салып.
Кенебай, Кербез сұлу қырсық болды.
Желі үзіліп, сабасы торсық болды.

Ноғайбай түрлі енерге салар еді,
Қазақтың ескі әдеті кесір болды.
Жайылды бұл уақиға оң мен солға.
Ақ орда болып қалды қара қорда.

Кенебай, Кербез сұлу түссе қолға,
Құрбан қып шалар еді осы жолға.
Ботбайлар бітім қылып қайтып кетті,
Лағнат халықтар да айтып кетті.

Кенебай, Кербез сұлу табылмады,
Жыл жылжып, ай аяңдап үш жыл өтті.
Жастардың бұл қылығы елге мазақ,
Екеуің елден безген — дейді кәззап.

Көп жұрттың надан кезі дінге уланған,
Білмейді махаббаттың жайын қазақ.
Екі жас сол қашқаннан кете берді.
Өсегін елдің бәрі шерте берді.

Білмеді ұшты-күйді қайда екенін,
Зымырап талай күн-түн өте берді.
Кетпесе Қарымбайдай жерге түсіп,
Кетпесе жын-шайтан боп аспанға ұшып.

Туғандар, туысқандар, аға, інілер,
Табылса бауыздамақ қанын ішіп.
...Екеуі Аңырақайдан аттанады,
Адамға жоламасқа, сақтанады.

Іледен ат жүздіріп әрең өтіп,
Малайсары тауына бет алады.
Сар желіп, Сары өзекті өрлеп өтіп,
Ешкіөлмес, Текеліге жатты бекіп.

Күн бұрын азық-түлік қамдан алды,
Екі қоржын төрт басы толған ет қып.
Үш-төрт жыл Алтай тауын мекен етті.
Екі жас бірін-бірі медет етті.

Айрылып ел мен жерден жүрген кезде,
Кербезге қас қылғандай құрсақ бітті.
Бұл құрсақ екеуіне болды қайғы,
Жүргенде мекен қылып тау, тас, сайды.

Әрі ойлап, бері ойлап екі ғашық,
Қош айтысып Алтайдан енді тайды.
Екеуі атқа мінді ел табуға,
Түсінер мұң мен шерді ер табуға.

Қайтадан Текеліге үш күн түнеп,
Қашуға тура келді бір ауылға.
Шаңырақтан шығады от жарқылдап,
Ат дүбірге маң төбет тұр арсылдап.

Маңындағы ақ үйдің мама ағашта
Томағалы бір бүркіт тұр шаңқылдап.
Кенебай атта тұрып «кім бар» деді.
Қоңырлау дауыс үйден «біз бар» деді.

«Құдайы қонақпыз»— деп айтқан кезде,

— Түсіңіз, біз қонаққа құмар,— деді.

Ат сайлап, екі бала сәлемдесті,
Сылдырлап шашбаулы қыз есік ашты.
Кенебай көпті көрген ырым қылды,
Кез болып адамдарға ықыласты.

— Төрлет!— деп бай-бәйбіше айтты қатар.

— Жігітім, жүріпсіздер шегіп сапар.

Тоятын ішпей-жемей ниетіне,
Киіз үй, қара қазан аңқып жұпар.
Кісі екен қара сақал үй иесі,
Айтпай-ақ көрініп тұр әр жүйесі.

Шай ішіп, қызыл күрең терлеп, тепшіп,
Бастады жөн сұраумен сөз жүйесі.
Асылып қазы-қарта соғым еті,
Аңсап жүрген табылып елдің шеті.

Қоңырсып шоғы маздап қой жапасы,
Осы еді екі «қашқын» есі-дерті.

— Ау, балам, біреуің — қыз, бірің —

Жігіт, Жүріпсің қос қара ала ат парлап мініп?
Алыстан ат арытып, тон тоздырып,
Толтырып қос қоржынға азық-түлік.
Бүркіттей тоят алып, жүрген түзден,

Адамды ауыл көрмей дала кезген.
Отырсыз дәмдес болып, құтты қонақ,
Сырыңды жасырмайсың, енді бізден.
К е н е б а й:

Әз аға, айтпай таптың сырымызды,
Таусылмас айта берсек шерімізді.
Қайырымды адамға кез қылған деп,
Құдайдан тілен едік күндіз-түні.

Арғы атам төрт Дулаттың Жанысы еді.
Ауылымыз Алатауда, алыс еді.
Қасқарау деген ру алты болыс,
Арасы жақын, сүйем қарыс еді.

Немере қасымдағы қарындасым,
Ғашық боп құдай бұзып, алып қаштым,
Қазаққа қоспас еді мұндай әдет,
Аңдай бон мекендедік таудың тасып.

Үш жылдай паналадық Алтай тауын,
Адамзат болғандай - ақ ата жауым.
Ақылды енді, ағажан, таппасаңыз,
Ағайын бізді өлтіред, туған бауырым.

Кенебай, Кербез біздің аттарымыз,
Қадірлі, дәм-тұзыңды татқанымыз.
Мінекей, «көп сөз — көмір,
аз сөз — алтын»,

Бар сырды осы сізге айтқанымыз.
Тіле осы, ағажан, қабылдаңыз,
Ел менен жерден безген біз бір аңбыз.
Отырмыз енді сізді пана тұтып,

Ағажан, аяп бізді жарылқаңыз!
Ү й и е с і:
Сақалын саусағымен алды тарап,
Кербез бен Кенебайға алды қарап.

— Қарағым Дулат болсаң, біз Жалайыр,

Ар жағы ата-анадан Абақ, Тарақ.
Он екі ата Жалайыр ел болады,
Атақты Орақ деген ер болады.
Ескелді, Балпық деген билер өткен,

Төлеби, Өтегендер тең болады.
Бұларға тіл тигізген еркек, әйел
Дүниеде бас пен малдан кем болады.
Найманбай, Малдыбай мен Қарасайлар,

Әділ би, айтқан сөзі ем болады.
Бәріміз Бақтиярдың баласымыз,
Кенебай, айтқан сөзің жөн болады.
Шырағым, Қази деген менің атым,

Баламмен дос болып жүр ниет жақын.
Біреуде нарық та жоқ, тарих та жоқ,
Ерекше ерлік қыпсың, азаматым.
Қазақтан басқа ұлтқа ұят емес,

Біле ме қара халық махаббаттың,
Отқа түсер, су кешер машақатын?
Жайланып, жата бергін, күліп-ойнап,
Мен болдым өкіл әкең екі жарқын.

Мұндай іс азаматқа сын болады.
Бақ тайса батыр түбі — жын болады.
Дулаттың көптігіне сан жетпейді,
Қариясы Қасқарау кім болады?

К е н е б а й:
Кенебай өзі ақын тілге жүйрік,
Жатық жауап береді жырлап тұрып.

— Ел менен жерден безген қиын екен,

Арашашы бол,— деді, жылап тұрып.
Өзіңмен қайда барсаң бір жүрейін,
Құсыңа алтай түлкі ілдірейін.
Мен - дағы ит жүгіртіп, құс салушы ем,

Өлеңші өнерімді білдірейін.
Қасқарау аз ел емес, алты болыс,
Күңгей мен теріскейді қылған қоныс.
Дулаттың төрт баласы көпшілігі,

Сырымбет баба ру — бақ пен ырыс.
Жақсысы әр атаның көп болады,
Бірі бай, бірі батыр, бек болады.
Қарабай, Жайнақ батыр ақсақалы,

Айтқаны әділетті ем болады.
Сырымбеттен Ноғайбай озған ұзап,
Ауызына қарап тұр қырғыз, қазақ.
Оразайдан Кебекбай бар әділ төре,

Сұлтанкелді, Бөкендер аймағы аз - ақ.
Қ а з и:
Кенебай, босап отыр жүйе-жүйем,
Қарыстан болады ғой, жаңын сүйем.

Сыпатай, Кебекбай мен Ноғайбайың,
Жалайыр нағашысы, бізге жиен:
Сұрасаң менің атам Қарабалпық,
Атамның нағашысы Алтай - Қарпық.

Кенебай, Кербез балам, қорықпаңдар,
Атаңды қара бура кетер тарпып.
Қазының сөзі әділ, өзі шешен,
Қадірлі Жалайырға батыр, көсем.

Кербездің айы жетіп, бір ұл туды,
Бақытты үйге кез болып аман-есен.
Кенебай көңіл тыныш жата берді.
Өлең айтын, көкпарды тарта берді.

Той қылып, өкіл бала, қыз Кербезге,
Дос болып қолын жайып бата берді.
Ежелден «ел құлағы — елу» деген,
Үш-төрт жыл Кенебайлар көрінбеген.

«Шіріген жұмыртқа» деп қойған халық,
Табылып енді қайта келу деген.
Бұл елде ұлан-асыр той болады,
Сол тойға жиналған ел көп болады.

Жетісу, жеті ояз, қырғыз, қазақ,
Үш жылда бас қосатын серт болады.
Аймағы Жетісудың — жеті дуан,
Найман мен Жалайырлар, Албан, Суан.

Түрлі ел тұс - тұсынан келіп жатыр,
Күжілдеп болыс, билер құрып думан.
Қази би осы топқа келген екен,
Кенебай ақыны боп ерген екен.

Қасқараудан бұл топқа кім келсе де,
Солармен бір тілдесіп көрмек екен.
Тай сойып Ноғайбайды шақырады,
Сар қымыз мес тегешке сапырады,

Көрсетіп сән-салтанат қонақтарға,
Көрісіп Ноғайбаймен отырады.
Әжібай бірге барған өрескел-ді,
Қатарға кіріп қалған жігіт кезі.

Кенебай мойнына шылбыр байлап,
Қусырып екі қолын көніп келді.
Нұқаңа сәлем беріп, бүгіледі,
Кенебай бір жанынан түңіледі.

— Өлтірсең өз қолыңнан арманым жоқ,

Міне!— деп қылша мойнын жүгінеді.
Қ а з и:
Ау, Ноғайбай, Абақ — іні, Тарақ — аға,
Ноқта ағасы депті ғой ата-баба.

Кең Дулат - Домалақ ана тұқымысың,
Кешірім беріңіздер бұл балаға.
Жиенжан, жол бересің Жалайырға,
Бұл болсын Қасқарауға тоқтам - тұлға.

Екеуі ел - жұртына жазықты боп,
Жүр екен аңдай қашып біздің қырда.
Кез болды маған Кербез, Кенебайың,
Бұларды айдап барған бір құдайым.

Ескелді, Балпық бидің ұрпағы едім,
Күнәсін кешкеніңді мен сұраймын.
Н о ғ а й б а й:
Қазеке, сөзіңізді екі қылман,

Мұндай іс кім сұрайды қыз бен ұлдан.
Қазақтың салтында жоқ бір іс болды,
Қарғысын алды бұлар кемпір - шалдан.
Қазеке, сіз айтқан соң кештік,— деді.

Шылбырды мойындағы шештік,— деді.
Кенені өзім бастап елге апарам,
Жатарсыз тілектес боп есітіп,— деді.
Қазекең алғыс айтып, бата берді,

«Аумин» — деп сипады сақалды енді.
Жіберін Кенебайды тон тарқамай,
Кербезді ап келуге қайтарды енді.
Кенебай кетті шауып күн-түн қатып,

Кербезге болған істің бәрін айтып.
Қоштасып, өкіл шеше, достарымен,
Үш күнде Кербезді алып келді қайтып.
Той тарқап, жоқ табылып елге жүрді,

Қордай мен Ырғайтыдай белге жүрді.
Ноғайбай Қазыбимен қатар түзеп,
Бұлармен екі жігіт бірге жүрді.
Ауылға бір жігітті шаптырады,

Қасқарау Ноғайбайға тақ тұрады.
Қарабай, Кебекбайға хабар қылып,
Шабарман ойға - қырға шапқылады.
Үй тігіп Жамантының сағасына,

Сүйінші айтып ана, ағасына.
Туысқан, туғандарды түгел жиды,
Қалмас үшін ағайын табасына.

— Ау, жұртым, анам— Домалақ,

атам — Дулат,
Үйірден құтылмайды, асау тулап.
Қазыби қадірменді кеш деп,— келді,
Осынша қалың елдің басын құрап.

Алыста Жалайырдан келіп отыр,
Ордасын Аламанның көріп отыр.
Кербез бен Кенебайға өкіл ата,
Ертіп кеп, жоқты тауып беріп отыр.

Тентектер бола беред ел ішінде,
Қол сынса көрінбейді жең ішінде.
Кенекең, Қаракең де қой,— деп отыр,
Көпшілік келу керек келісімге.

Құнанның бәтуалы болды сөзі,
Айтқаны екі болмай тұрған кезі.
Ашулы Аламанның жігіттері
«Қойдық»,— деп, бата алды жылап өзі.

Өз қолын өзі батып кесе алмады,
Бауырлас кекіл кесіп кете алмады.
Салпы етек, сабау қамшы есектілер,
Ел-жұрттың бірлігінен өте алмады.

Кенебай, Кербез елге араласты,
Күрсініп туыстары төкті жасты.
Анасы аңырап - боздап Кербезіне,
Құшақтап бетін сүйіп, мауқын басты.

Қазыби үш күн жатып, елге қайтты,
Халыққа разы боп алғыс айтты.
Асыл тон, ат мінгізіп, түйе сыйлап,
Жолдасына ат беріп, шапан жапты.

Қазыби Кебекбаймен құшақтасып,
Қоштасты, төстеріне төсін басып.
Құрметтеп Ноғайбайлар нағашым деп
Шығарды түстік жерге жолдастасып.

Қазыби бата беріп Ноғайбайға,
Найманбай аруақ қонған Малдыбайға,
Бетке алып Алтай тауын жүріп кетті,
Көрсеткен риза боп қонақ - жайға.

Кенебай, Кербез сұлу елге келіп,
Кір жуып, кіндік кескен жерге келіп,
Екеуі он шақты жыл дәурен сүрді.
Балалы-шағалы боп ойнап, күліп.

...Бір түні Кербез сұлу ұшып тұрып,
Мойнынан Кенебайдың құшып тұрып,
«Ғашығым ақиретте көрелік»,— деп,
Амал не, ажал жетті, кетті жүріп.

Баланың атын қойған Текелі деп,
Туған соң Текелі тау мекені деп.
Сол ұлы он жасында қайтыс бопты,
Болжапты кім оны ерте өтеді,— деп.

К е н е б а й д ы ң з а р ы:
Кеттің бе, тастап мені, Кербезім - ай!
Сен үшін ел-жұртымнан безгенім - ай!
Қалмады тым болмаса Текелі де,

Амал не, ағып түсті - ау, екі көзім - ай!
Әлемнен алып қашқан нұр қызым - ай!
Серттескен лебізіңнен бір бұзылмай,
Мен үшін ата - анадан безіп едің,

Қол жетпес аспандағы жұлдызым - ай!
Өтермін өлгенімше жырлай - жырлай,
Секілді егіз қозы сыңарым - ай!
Қош болғын, асыл ару Кербез сұлу,

Сен үшін маған қарыз айтып жүру.
Артынан арыстандай күңіреніп,
Жүрермін арам болып ойнап-күлу.
Аңдай боп араладық тау биігін,

Ақылды әйелдегі кер миығым.
Өтермін өлгенімше жырлап сені,
Арылмас ажал алмай шер - күйігім.
Шолпандай жалт-жұлт еткен екі көзің,

Кетпейді көкейімнен айтқан сөзің.
Ұмытылмас сағат сайып сағынышым,
Шаршасам болар қуат өр мінезің.
...Кенебай осылай деп жырлаушы еді,

Кәрі-жас таңдай қағып тыңдаушы еді.
Жас дәурен, қызық дәурен қызығымен,
Алыстан бізге қолын бұлғаушы еді.
Кенебай Әзірбайға көп келетін,

«Кененің ақын бопты» деп келетін.
Екеуі бастан кешкен әңгіме айтып,
Мінезі бір-біріне деп келетін.
Кенебай қазақ-қырғызды аралайтын,

Еш сері оған ермей қала алмайтын.
Өрт еді, болат еді тіліп түсер,
Бай-манап ажарына қарамайтын.

ЖАЛҒЫЗ ҚАЗ

Хан отыр ханымымен ішіп шайын,
Күтуші күң мен құлы бәрі дайын.
Қасында қырық уәзір қошеметтеп,
Дайындап қазы-қарта, бал мен майын.

Бұл ханның дастарқаны күнде топыр;
Шаш балау, алуа, шекер түрленіп тұр.
Әйелі сұлу екен көз тартқандай,
Көрнекті көркем жігіт бас уәзір.

Хан отыр шарап ішіп, көңілі мәз,
Қасында қырық жолдас пен әнші, өнерпаз.
Тал түсте тамашалап отыр еді,
Айналып ұшып жүрді бір қоңыр қаз.

Қоңыр қаз ұзамайды үйді айналып,
Қонады көлге барып, жүр жайланып.
Қаңқылдап неше күндей кетер емес,
Қарады хан мен халық қайран қалып.

Сөйледі хан тұрды да қатер – қауып,
Тыңдады қырық уәзір есі ауып.
Айтқанын жалғыз қаздың уәзірлер,
Береді сегіз күннен қалмай тауып.

— Не деп жүр келіп-кетіп қаз қаңқылдап?

Табасың айтқан сөзін қырық ақымақ.
Таппасаң сегіз күн-түн бұл жұмбақты,
Аламын бастарыңды, ойлан да тап.
Шулады қырық уәзір ханға қарап,

Құс тілін қайдан білет бұл адамзат.
Көрсетпей бүйтіп қорлық, тақсыр хан - ау,
Алсаңшы бар мал-жанды өзің талап.
Шығардың әдетте жоқ бұл бәлені,

Кетелік қасыңыздан онда тарап.
Қаһарлы, бұзылып тұр ханның түсі,
Белгілі әйеліне ханның іші.
Түңіліп уәзірлері үйден шықты,

Мойнына су төгіліп қырық кісі.
Мен үшін ата-анадан безіп едің,
Қол жетпес аспандағы жұлдызым - ай!
Өтермін өлгенімше жырлай - жырлай,

Секілді егіз қозы сыңарым - ай!
Қош болғын, асыл ару Кербез сұлу,
Сен үшін маған қарыз айтып жүру.
Артынан арыстандай күңіреніп,

Жүрермін арам болып ойнап-күлу.
Аңдай боп араладың тау биігін,
Ақылды әйелдегі кер миығым.
Өтермін өлгенімше жырлап сені,

Арылмас ажал алмай шер - күйігім.
Шолпандай жалт-жұлт еткен екі көзің,
Кетпейді көкейімнен айтқан сөзің.
Ұмытылмас сағат сайын сағынышым,

Шаршасам болар қуат өр мінезің.
...Кенебай осылай деп жырлаушы еді,
Кәрі-жас таңдай қағып тыңдаушы еді.
Жас дәурен, қызық дәурен қызығымен,

Алыстан бізге қолын бұлғаушы еді.
Кенебай Әзірбайға көп келетін,
«Кененің ақын бопты» деп келетін.
Екеуі бастан кешкен әңгіме айтып,

Мінезі бір-біріне деп келетін.
Кенебай қазақ-қырғызды аралайтын,
Еш сері оған ермей қала алмайтын.
Өрт еді, болат еді тіліп түсер,

Бай-манап ажарына қарамайтын.

ЖАЛҒЫЗ ҚАЗ

Хан отыр ханымымен ішіп шайын,
Күтуші күң мен құлы бәрі дайын.
Қасында қырық уәзір қошеметтеп,
Дайындап қазы-қарта, бал мен майын.

Бұл ханның дастарқаны күнде топыр,
Шаш балау, алуа, шекер түрленіп тұр.
Әйелі сұлу екен көз тартқандай,
Көрнекті көркем жігіт бас уәзір.

Хан отыр шарап ішіп, көңілі мәз,
Қасында қырық жолдас пен әнші, өнерпаз.
Тал түсте тамашалап отыр еді,
Айналып ұшып жүрді бір қоңыр қаз.

Қоңыр қаз ұзамайды үйді айналып,
Қонады көлге барып, жүр жайланып.
Қаңқылдап неше күндей кетер емес,
Қарады хан мен халық қайран қалып.

Сөйледі хан тұрды да қатер - қауып,
Тыңдады қырық уәзір есі ауын.
Айтқанын жалғыз қаздың уәзірлер,
Береді сегіз күннен қалмай тауып.

— Не деп жүр келіп-кетіп қаз қаңқылдап?

Табасың айтқан сөзін қырық ақымақ.
Таппасаң сегіз күн-түн бұл жұмбақты,
Аламын бастарыңды, ойлан да тап.
Шулады қырық уәзір ханға қарап,

Құс тілін қайдан білет бұл адамзат.
Көрсетпей бүйтіп қорлық, тақсыр хан - ау,
Алсаңшы бар мал-жанды өзің талап.
Шығардың әдетте жоқ бұл бәлені,

Кетелік қасыңыздан онда тарап.
Қаһарлы, бұзылып тұр ханның түсі,
Белгілі әйеліне ханның іші.
Түңіліп уәзірлері үйден шықты,

Мойнына су төгіліп қырық кісі.
Қатал хан өстіп үйде жата берді,
Жанына уәзірлердің бата берді.
Ой ойлап күні-түні ұйқы көрмей,

Сандалып қырық сорлы зар еңіреді.
Таппады не дегенін жалғыз қаздың,
Шөптей боп қырық уәзір ойдан аздың.
Хан қысып күнде жауап алып отыр,

Бергені бір - ақ жеті, қандай аз күн!
Береді далбасалап күнде жауап,
Алты күн өтіп кетті демде заулап.
Қоштасып қатын, бала, ел-жұртымен,

Қаңғырып таң атқанша тауды аралап.
Келеді рауандай күннің көзі,
Түспейді ауыздарына айтар сөзі.
Сайрандап тауда жатқан нөкерімен,

Кездесті ханның жалғыз ерке қызы.
Таң қалып әкесінің жолдасына,
Шақырды бақша-баулы ордасына.
Бұл қызды жастайынан еркелетіп,

Көтерген уәзірлері арқасына.

— Ағалар, немене іздеп жүрсің қаңғып?

Көрдім де, түр-түсіңді тұрмын таң боп.
Халқым, әке-шешем, ел аман ба?
Келесің іздеріңді бір-бір аңдып.
Болды ма әділетсіз менің әкем?

Өсірген еркелетіп қырық жәкем.
Айтсаңшы сырларыңды жасырмастан,
Қалайша қаңғып жүрген білсем екен?
Шулады есіп жиып, қолын сүйіп,

Елжіреп қыз сөзіне сүттей ұйып.

— Хан бізге бір қасірет тауып берді,

Қайдағы жоқ бәлені біліп бер,— деп.
Жылайды сөзге келмей ауыздары,
Хан қызын қуат қылып енді бәрі.
Ұшқан қаздың айтқанын табасың деп,

Бұрынғы күнімізге қылды зарлы.
Таңертең дарға аспақ, таппай барсақ,
Тамақтан өтер болмай түйір тары.
Қыз айтты, кәдірлейтін ағаларым,

Бар шығар ханға баста жазаларың.
Қаның бөтен деп мені жек көреді,
Жәкелер, мені қысты зарлағаның.
Жалғыз қаздың айтқаны қандай жұмбақ,

Таба алмай жүрген сонша бәрің шулап.
Жаным ашып отырмын, қырық уәзір,
Айтыңыздар қаз сөзін, ұқсын құлақ.
Сөйледі Бас уәзір қаздың жайын,

Қаһарлы қайырымсыз ханның жайын.
Бір ақыл тауып берсең біз разы,
Жанымызды алып қал, қалқатайым.
Шулады қырық адам тау жаңғыртып,

Бір қайран қыла көр деп, айналайын.
Қыз айтты,— білемін,— деп қаздың сөзін,
Сері қыз аралайтын жердің жүзін.
Перінің патшасының жалғыз қызы,

Әкемнің төрт қып жүрген екі көзін.
Әкеме келіп жүр ғой болып ашық,
Шаһары Қап тауынан ары қашық.
Әкеме «мен айтты» деп сорлатпаңдар,

Қаз сөзін тауып берсем жаным ашып.
Жалынды өлсек - тағы айтпалық деп,

— Қарағым, айтқан серттен қайтпалық деп.

Құшақтап қыз аяғын жатып алды,
Сен үшін аузымызды ашпалық деп.
Сонда қыз айнасына қарап алтын,
Жалт етіп, айна көзі жүзі жарқын.

«Жасытып жақсы еркекті жаман қылар,
Жаманды жақсы қылар жақсы қатын».
Қаз сөзі: осылай деп ханға айтыңдар,
Жандарың қалар қырық азаматым.

Таңертең уәзірлер ханға келді,
Қаз тілі осы екен деп жауап берді.

— Таптыңдар, мұны саған кім үйретті,

Бұрын неге таппадың?— деп зекіреді.
Зар жылап уәзірлер айтып жағдай,
Ойладың жеті күн-түн тыным алмай,
Хан тақсыр, бүгін ғана тауып ек деп,

Шулап тұр қырқы бірдей жаны қалмай.
Шақырды хан айғайлап жендеттерін,
Тазыдай жалаңдаған көп иттерін.
Пышағын қайрап алған қасапшылар,

Көргенде жан шошыды суық түрін.
Сыбанып дар ағашты құрып жатыр,
Шыдайды заһарына қандай батыр?!
Жан қима деп жалынады сертті ұмытып,

— Өз қызың үйретті,— деп шулады ақыр.

Босатып уәзірлерді, тара,— деді.
Мойнына асылмасын дара,— деді.
Болысып дұшпаныма ақыл айтып,
Бұл қыздың қорлығына қара,— деді.

Құтылып қырық уәзір жайға кетті,
Хан қандай қызға бәле салады енді?
Бір күні хан жарлығы жайылады,
Жинап жүр бағынышты барлық жанды.

Бай, кедей, соқыр, жынды, мылқау —
Шақырды түк қалдырмай жарлыларды.
Жарлыққа келді халық бірі қалмай,
Таң қалып болды екен деп қандай жағдай.

Хан қызы ортада тұр жалғыз өзі,
Жарқырап қара түнде туған айдай.
Хан айтты:— Мынау менің жалғыз қызым,
Халқым, көріп тұрсың мұны көзің.

Шіріген жұмыртқадай садақа қып,
Келтірдім өз алдына айтқан сөзін.
Жиналған кем-кетіктің түрін қарап,
Аңсақ, таз, соқыр, керең түгел санап.

Ішінен тұра алмайтын бір мылқауды,
Жеті жыл мес боп жатқан алды таңдап.
Шақырып жалғыз қызын көп алдында,
Көрсетті әлгі месті «ал»— деп қарғап.

— Ау, қызым, осы адамды күйеу қып ал,

Түп-түгел төрт мүшесін сай қылып ал.
Құтқардың дұшпанымды ажалынан,
Мен қостым осы месті, жар қылып ал.
Зарланып амалы жоқ ана қалды,

Шуласып қырық қыз нөкер және қалды.

— Апырмай, мынау ханның қаттысы - ай!—деп

Күңіреніп жұрт күйзеліп тараған-ды.
Қыз айтты әкесіне қарап тұрып,
Қарақат көзін жазбай қадап тұрып:

— Жазықсыз қырық адамды қырам дедің,

Ап қалдым жаным ашып ара тұрып.
Бұл мылқау құдай қосқан жарым болар,
Көрерсің талай елге сарын болар.
Қаздың сөзін мысал қып айттым рас,

Қайырлы, істің арты мәлім болар.
Іскен мес жатыр тілсіз домаланып,
Арбаға ала қашты қызды салып.
Шуласып келе жатыр а құдайлап,

Шапқылап қатарласа бір топ халық.
Келеді үлкен жолмен тау етектеп,
Қамалып ханның қызын мәуе етектеп.

— Ау, әкей, өңіміз бе, түсіміз бе?

Ойда жоқ хан қызына қол жетет деп.
Әлгі мес диқаншының жалғыз ұлы,
Бал, құрақ, жеміс ағаш неше түрлі.
Өрісте мал қаптаған болмаса да,

Егін жай шаруасы — қолда пұлы.
Бар екен екі өгіз, жалғыз сиыр,
Ат-арба, бұдан басқа мал жоқ түйір.
Бала екен жеті жылдай болған мешел,

Хан қызы болар екен қайтып үйір?
Қ ы з:
Ал енді, құлақ салшы, қайын ата,
Құдайдың қылған ісі болмас қата.

Бие тап жеті жылғы қысыр қалған,
Керек болса балаңыз, үйде жатпа.
Атасы, енесімен күрсінеді,
Сөзіне хан қызының сүйсінеді.

Жазылса жанымызды қияр едік,
Күн болса адам болар Тұрсын енді.
Дүниенің қызығынан тойып едік,
Он баланы өлтіріп жойып едік.

Күдер үзіп қалғанда осы туып,
Тұрсын деп атын солай қойып едік.
Қаңғырып жетер жерді аралады,
Ту бие оңайлықпен таба алмады.

Халықтан қарай берсе не шықпайды,
Түрлі елді сұрау салып жағалады.
Табылды Шар - Қиядан ақбоз бие,
Бағасы елу тұяқ, екі түйе.

Бағалап қалыс адам кескеннен соң,
Қуанып ел де берді малын үйе.
Биені бір жыл қаңғып зорға тапты,
Қиын ба құдай берсе қызға бақты.

Сойғызып қарыс қазы қарынына,
Жігітті бөлеп, орап қымтап сапты.
Шығарып басын ғана тұншықтырмай,
Хан қызы өзі бағын сусындатты.

Төрт бөліп түн ұйқысын қарап тұрды,
Өткізді көзін ілмей күн мен түнді.
Мойнына бұршақ салып ата-анасы,
Айналып баласынан зыр жүгірді.

Жігіттің ыңыранған үні шықты,
Дәл сегіз күн дегенде тілі шықты.
Жын ұрды, пері соқты деген адам,
Жазылып ел көргендей жігіт бопты.

Ақылы хан қызының жаннан асты,
Көңілі кедейлердің судай тасты.
Тұрсын мен Қарақатқа неке қиып,
Тойлары тойға ұласып шашу шашты.

Бір тайпы ел Қарақатқа бағынады,
Ардақтап айтқан жерден табылады.
Бір күні ел - жұрт шулап жас пен кәрі.
Қаһарлы хан жарлығы жайылады.

Хан ашық бопты дейді жалғыз қазға,
Қайғырып қатып-семіп ала жазға.
Кімде-кім осы қазды ұстап берсе,
Аузы соған ашық хан қазына:

Жарлыққа ел құлағын салсын депті,
Алтынға қызықтырып мынау көпті.
Беремін не сұраса ұстағанға,
Апырмай жалғыз қаздың ызасы өтті.

Жаратып бір-бір атын мініп алды,
Патшаның ауылына ел жиналды.

— А, құдай, ханға қолды жеткізе гөр! —

Деп әркім өз ішінен сыбырлады.
Бұл өзі қаз болмапты, қыз болады,
Күнде келіп көліне бір қонады.
Шомылып айдын көлге айдай сұлу,

Хан соған ғашық болып естен танды.
Таң қалды қазды қуып жас пен кәрі,
Үш жылдай қазбен әуре елдің бәрі
Атуға рұқсат жоқ, тірі ап келу,

Таусылды ұстай алмай амалдары.
Ат, айғыр, бай-кедейде жүйрік тұлпар,
Жаратып, жалғыз қазды ұстауға іңкәр.
Қандай адам маңдайы жарылар?—деп,

Қазды ұстап ханға тартса не арман бар.
Хан қызы мұны естіп:— Тұрсын,— деді,
Сен неге қазды қумай жүрсің?— деді.
Базардан барып алты ат сатып әкел,

Бәрі де арық - тұрақ болсын,— деді.
Қыз сөзін екі қылмай алып келді,
Құмжыла алты бірдей арықтарды.
Әкемнің қойын жайған шал астында,

Шұбарды сатып әкел барып,— деді.
Қой жайған шалға Тұрсын сәлемдесті,
Атыңды сатыңыз деп жауаптасты.
Астына мінетұғын басқа ат беріп,

Он ділдә шалға артық беріп асты.
Шұбарды жал құйрық жоқ алып келді
Қосты да жаман атқа бағып көрді,
Екі жыл өткеннен соң қыз тілімен

Алдырып, басқаларын сойып еді.
Алты атты кезекпенен сойын көрді,
Шілігін шағып майын сорып керді.
Ұстатты шұбар атты содан кейін,

Жетіліп жал құйрығы толып келді.
Таусылды алты шолақ соя - соя.
Қасапқа сатты етін қазы - жая.
Ажырап қара кемік, қом жіліктер

Қыз көрді қалмағанын ешбір шала.
Шұбарды қыздың өзі қайырады,
Жаратып семіздіктен айырады.
Сүт беріп, су орнына суыттырып,

Тұрсынға айтқан тілін алдырады.
Шұбарды бабын тауып жаратады,
Хан қызы елді аузына қаратады.
Ал енді қалың елге қосылғын деп,

Тұрсынды салды жолға езі тағы.
Қарақат талай асыл ала келген,
Көп ділдә, қымбат киім сала келген.
Алтын шәлі Тұрсынға тығып беріп,

Ақылын, әдістерін айтын берген.
Қуғанда елмен бірге жалғыз қазды,
Көресің талай тұлпар, өнерпазды.
Көрсетпе бір адамға жағдай айтып,

Қойныңнан шығарма деп орамалды.
Шұбарға барлық тұлпар ере алмайды,
Қараңды ермек түгіл көре алмайды.
Қаз емес, пері қызы оны байқар,

Адамға жалынсақ да жоламайды.
Шұбардан ұшқан құс та құтылмайды,
Тау, дала, жарға тұлпар тоқтамайды.
Пері қыз қызығады алтын керсе,

Басқаға көңілі түсіп ұмтылмайды.
Қолға алып орамалды бұлғай бергін,
Жерменен қаздан қалмай зулай бергін,
Қолыңа пері қызы қонар келіп,

«Ағатай, көрейін» деп алдайды енді.
Перизат жаралғаннан алтынға ашық,
Айрылма орамалдан жаза басып.
Қолына көрейін деп бере қалсаң,

Кетеді дат дегізіп алып қашып.
Жұрт қуған жалғыз қазды екі жылдай,
Болысуға қазды ұстап, ханға балдай.
Күн-түні кәрі - жаста бір тыным жоқ,

Үйде адам, үйірде ат, айғыр қалмай.
Қосылды шұбар атпен Тұрсын жігіт,
Қарайды ат қуысына ел қызығып.
Қаңқылдап қаз да ұшып келеке етіп,

Әркім жүр ұстаймыз деп қылып үміт.
Шуылдап мың сан адам қуа берді,
Мұндайда тұлпар қызбай тұрар ма еді?!
Сан қолдар салған жерден шырқап шығып,

Қарғи озып кетті Тұрсын ұзап енді.
Шұбарға қалың халық таңданады,
Болдырып мінген аты сандалады.
«Апырмай, мынау қандай жылқы еді!» деп,

Аспанда пері қыз да аңғарады.
Қара озып қалың елден кеткеннен соң,
Тұрсын да орамалды қолға алады:
Қолына сұқтай түсті пері қызы,

Алтында жалт-жұлт еткен екі көзі.
«Ағатай көріп берем, қолыма бер! —
Жалынған белгілі ғой қыздың сөзі.
Бермеді Тұрсын - дағы орамалды,

Ылажсыз қыз да жылап, қолға қонды.
Перінің туғаннан - ақ ата салты —
Қолына түссе адамның бағынады.
...Хан жатыр жалғыз қазға болып ғашық

Ас ішпей, итше қатып көзін ашып.
Қаз емес, пері қызы болғаннан соң,
Еліне жарлық қылған хабар шашып.
Қазды ұстап ханға Тұрсын алып келді,

Таңырқап пері қызды халық көрді.
Шұбар ат пен балаға алғыс айтып,
Хан жазылды, қайтадан қалыпқа енді.
Некелеп пері қызын алыпты хан,

Сұлудың келбетіне дүние таң.
Қалаған қандай затыңды ала бер деп,
Жігітке разы болып қазды ұстаған.
Тұрсын салды қолқасын ханға келіп,

Хан да отырды жігітке ерік беріп.
Алатұғын қолқам сол, тақсыр, сізден
Қонақ бол бізге келіп, үйді көріп.
Хан айтты:— Басқа бар ма қалағаның?

Атың кім, қандай ата-бабаларың?
Бала айтты:— Атым Тұрсын, әкем кедей
Бар,— деді,— сұлу әйел, бақ - дарағым.

— Ондай болсаң алтын ал, ат басындай,

Уәзір боп отырғын жан досымдай.
Қарағым, аямайын еш нәрсені,
Ала бер сұрасаң да мал-басымды.

— Тақсыр хан, алтын мен мал керегі жоқ,

Артық мал не қылайын, қарыным тоқ.
Жүрелік жақын болып көңіл қосып,
Кетсеңіз дәм - тұз татып, бір қонақ боп.

— Барайын,— деді,— балам, бір айдан соң,

Қалжа жеп, есім жиып тыңайған соң...
Түк алмай ал десе де кетті Тұрсын,
Мініп ап шұбар атқа суғарған соң.
Көргенін Қарақатқа айтып келді,

Қалдырмай барлық сөзді айтып берді.
Бәрі де хан қызының үйреткені,
Шұбар ат байлаулы тұр тарпып жерді.
Тазалап қора, жайды, үйді түзеп,

Дайындап түрлі тағам, жеміс үзіп.
Мал байлап бордақылап, бағлан қозы,
Май палау, қырық түрлі алуа - шұжық.
Хан келді уәдемен салып хабар,

Шапқылап түстік жерден шауып шабар.
Қасында қырық уәзір, әнші, ақыны,
Ханымы — перизаты қасында бар.
Сәулетпен саңлақ мінген түрлі жорға,

Кеп түсті сырнайлатып ханзадалар.
Қонағын шаруалар күтіп алды,
Бетіне ханның қызы перде салды.
Сылаңдап қол-аяғы шаң жұқпайды,

Шай құйып, өзі жайып дастарқанды.
Түлкідей қызыл алтай шұбалаңдап,
Аққудай мойнын иіп қаздай паңдап,
Адамда мұндай сұлу бар екен деп,

Перизат та отырды көзін қадап.
Мін таппай Қарақаттың жүрісінен,
Сын таппай ас - тамағы, үйі - ішінен.
Шіркін-ай, мынау әйелді алар ма ед деп,

Хан отыр әйелге көз қысуменен:
Тұрсын да шұбар атпен даңқы жарған,
Қазды ұстап, пері қызын алып барған,
Үй таза, дастарқан мол, көркем жігіт,

Қарақат — қатын сұлу, бар ма арман?
Малдары аз болса да тұрмысы сай,
Бау-бақша түрлі жеміс жері қандай
Әкесі мен анасы еңбекші екен,

Бал тамған бармағынан көңілі бай.
Ағайын, көршілері балдай тату,
Бір-бірін болмайды әсте жабырқату.
Қонақтар күліп-ойнап үш күн жатты.

Ішіп-жеп арақ-шарап, ән шырқатты.
Пейілді, берекелі осынау жұрт
Сыйлады тіке тұрып көп қонақты...
Шіркін-ай, әйелінің сұлуын - ай!

Түрленіп тауыс құстай жүруін - ай!
Тарыдай тал бойында бір міні жоқ,
Жүрісі, тұрысы мен қылығын - ай!
Қаралар ханға қарсы тұра алмайды,

Жүр десек сұлу мойнын бұра алмайды.
Алалық та кетелік, бұрқап тұрып,
Бұл сұлу маңдайына сыя алмайды.
Татқан тұз, құрмет - сый естен шығып

Қан сорғыш қара құстар тұр бұзылып.
Қарақат Тұрсынға айтып түсіндірді,
Ниетін әкесінің ойлап біліп.

— Шығарса шатақ - жанжал түйініп тұр,

Бір тайпы ел жасырынып жиылып тұр.
Ерттеп шұбар атты дайындап қой,
Қан құмар ханның іші күйініп тұр.
Халықты қап қақсатып езген болар,

Ар-ұят адамдықтан безген болар.
Алайын бет пердемді, үйге шақыр,
Ұяттан өлер ме екен бұл қан құмар.
Шақырды Тұрсын үйге қонақтарды,

Дайындап дастарқанға тамақтарды,
Ажырасып аттанарда елдің салты,
Ішетін қағыстырып шараптарды.
Орнынан Қарақат қыз тұрды жайлап,

Әнші, аңын қош - аманды жатыр сайрап.
Пердесін өз бетінен жұлып алды,
Аршылған жауқазындай жүзі жайнап.
Шешесі талып түсті, қызын танып,

Хан қалды қап-қара боп санын қағып,
Ұялып жер шұқиды қырық уәзір,
Түсуге жер болмайды ешбір жарық.
...Хан сайлап Қарақат пен Тұрсынды жұрт,

Қала салып осы аймаққа ел жиналды.
«Жаман еркекті жақсы әйел бағады»,— деп,
Осындай бұрынғыдан нақыл қалды.

САРБАРПЫ

Сарбарпы сай - сайды өрлеп қанат қағып,
Безілдеп жоғары - төмен сумен ағып.
Майысып су бетіне тиіп төнген,
Ағаштың бұтағына ұя салып.

Жүреді қашып ылғи сұр жыланнан,
Сондықтан су қасына ұя салған.
Құрғақтан құтылса да ақыл тауып,
Тағы да қорлық көрді су жыланнан.

Тұрмысы бұлбұл құстың бұлдырады,
Жыланнан қайда барса құтылады?
Торқаға орап қойған балапандар,
Жем бер деп аузын ашып шырқырады.

Жем іздеп ата-анасы кеткен шақта,
Бөленген балапандары торғын мақта.

— Бөбегім мен барғанша не болар?—деп,

Зарлайды бұлбұл қонып әр бұтаққа.
Жиналды ән тыңдауға құстың бәрі,
Сұмырай сұр жыланда күштің бәрі.
Тас балқып, таулар қалғып, шөптер ұйып,

Әлемді елжіреткен әннің зары.
Зарлайды күндіз-түні таң атқанша:
«Ұядан балаларым қанаттанса,
Сұр жылан саған зауал болар ма екен,

Жалмадың ұрпағымды менің қанша!
Апырай, қу жыланға жем қын қойдың,
Нетеді жаратпасаң, жаратқанша!
Мүгедек нашар құстар шуылдады,

Бәрінің жүректері суылдады.

— Жыланға қалай амал табамыз?!— деп,

Жаңғыртып тоғай ішін дуылдады.

— Нашармыз біз де өзіңдей,—

деді құстар —
Жыланды шара бар ма бізде ұстар.
Шуылдап Сарбарпыға алғыс айтты,
Әніне разы боп барлық достар.

Сауысқан қыпың - қыпың жақындады.
Табалап Сарбарпыны бақылдады.

— Менен сақа әнші құс өтпейді,— деп,

Көре алмай бұлбұл әнін тақылдады.
Құзғын мен алақарға қаңқылдады,
Олар да сауысқанды мақұлдады.

— «Шоқ-шоқ!» — деп Сарбарпыны көре

алмастан,
Орманда тоқылдақ та тоқылдады.
Сарбарпы қас пен досты ажыратты,
Дос құстар біраз көңілін жадыратты.

Табалап келеке еткен күншіл құсты,
Қаршыға, лашын кеп қырып сапты.
Сарбарпы мұны көріп көңілі тасты,
Келеке, күлкі қылған құстан қашты.

Ән шырқап таңға жақын отырғанда,
Кез қылды Сарбарпыға қарлығашты.
Қарсы алды Сарбарпы да қарлығашты,
Әнменен жайын айтып төкті жасты.

— Бір қайран, достым, сенен болмас па?—

деп,

— Балам не болды екен?— деп қарны ашты.

Қарлығаш: — сабырлық ет, достым,— деді,
Ниетті енді саған қостым деді.
Менің де балаларымды жылап қоймай,
Жыланды құртатын дос таптым,— деді.

Қарлығаш осылай деп ұшып кетті,
Сарбарпы мұны естіп шүкір етті.
Дүниеде мұнан өтер ұшқыр құс жоқ,
Әпкелді көз жұмғанша көк тәуетті.

Тәуетті құрметпенен алып жүрді,
Қарлығаш иығына салып жүрді.
Орман мен өзен бойын өрлей ұшып,
Тәуетті ұяға әкеп отырғызды.

Сондағы Сарбарпының сарнағаны,
Сағынған балаларға аңырағаны.

— Бармысың, төрт балапан,

жоқпысың? — деп
Көзінен жасы тамып зарлағаны.

— Ұрпағым, аман ба екен төрт балапан,

Саласың жылда қайғы — дерт балапан.
Дертімізді жазатын күнім туды,
Жауыздан алатұғын кек балапан.
Жылайды төрт балапан шыр-шыр етіп,

Аңқайтып ауыздарын жем дәметіп.
Тамақтан басқа оларда еш қайғы жоқ,
Көрсетіп көмекейін пыр-пыр етіп.
Қарлығаш Сарбарпымен сырласады,

Екеуі кезек сайрап жырласады.
Дәуітке құрметті қонағым,— деп,
Мың түрлі ән-күйменен ырғасады.
Жем іздеп балаларға келелі деп,

Қарлығаш бұлбұлменен белді асады.
Қондырып көк тәуетті ұяға олар,
Тілімен өздерінше ымдасады.
Тоғайда миллион құстар жүрген сыйып,

Сайрандап саясында күдерді үзіп,
Бір мерген бұлақты өрлеп келе жатса,
Ғажайып кез болады үлкен қызық.
Дем алып, бет - қол жуып отырады,

Бір жылан өте шықты сумен жүзіп.
Селт өтіп, септі жылан көрген шақта,
Тесіліп қарап тұрды көзін сүзіп.
Су жылан ағып барат сылаң қағып,

Тоқтады бір ағашқа бұраң қағып.
Үйіріліп суға төнген бір бұтаққа,
Өрледі бір ұяға ирең қағып.
Мерген де қарап тұрды тамашалап,

Ұяға жылан барды жанасалап.
Безілдеп Сарбарпы мен қарлығаш жүр,
Дөңбекшіп қанатымен жерді сабап.
Ұяға жылжып жылан бара жатыр,

Ысқырып қызыл тілі жалақ-жалақ.
Мерген де жүгіреді жаны ашып,
Алуға балапанды арашалап.
Сүмбесін мылтығының қолына ұстап,

Мергенші ұрайын деп ашу қыстап.
Аузында көк тәует тұр әлгі ұяның,
Көзіне түскеннен соң тұрды тоқтап.
Құстардан жылан қылмас қатер - қауіп,

Жұтпаққа балапанды нәпсі ауып,
Ұяға басын жылан тыққан кезде,
Көк тәует екі көзге қалды шауып.
Серпіні бұл тәуеттің қандай күшті,

Мылтықтың білтесіндей сырт деп түсті.
Балапан тұрмақ бас қайғы боп,
Сұмырай суға келіп сылқ деп түсті.
Қарлығаш бұлбұлменен қарқ-қарқ күліп,

Құрметтеп көк тәуетті алып ұшты.
Мерген де қайран қалды көріп тұрып,
Тәуетке үлкен алғыс беріп тұрып,
Жыланды мазақ қылды, ұстай келіп,

Тез солай бұтаққа ілді бөліп тұрып,
Дос болсаң қарлығаш пен тәуеттей бол,
Міндетсіз, сату, қолқа, дәме етпей бол.
Қарлығаш, бұлбұл, тәует нағыз достар,

Анық дос, жан аямас білгендей сол.

БҰЛБҰЛ МЕН КӨКЕК

(мысал)
Саяда бұлбұл тұрса сайрап әнге,
Ұйытып жан-жануар күллі әлемге,
«Көк - көк» деп таста отырған тау көкегі,

Мақтанды ұялмастан жалғыз әнге.
К ө к е к:
Ау, бұлбұл, көрінсеңші, үнің өшкір,
Дүниеден жасырынып күнің өткір!

Күн-түні көз ілмейсің қақсап босқа,
Гүл құсап үш күн жайнап мүрдем кеткір!
Б ұ л б ұ л:
Мақтаншақ, тәкаппарсың, көкек есер,

Қарғысың маған айтқан тасты тесер,
Әуелеп аспанға айтқан жалғыз әнді,
Шақырып өз атыңды жүрсің бекер.
К ө к е к:

Ай, бұлбұл, не табасың қақсағанмен,
Гүлді аңдып күні-түні аңсағанмен.
Салқын тау, қарағай мен қайың менде,
Мәртебең биік емес таста менен.

Б ұ л б ұ л:
Ау, көкек, өзіңді өзің атап жүрсің,
Қарлы тау, ескі қорған қонып жүрсің.
Мақтаған өзін - өзі өлгенмен тең,

Әнің мен өнеріңді әлем білсін.
К ө к е к:
Тау-тасты жаңғыртады менің үнім,
Келеді, бұлбұл, саған қатты жыным.

Аспанда ұшып жүріп ән салмайсың,
Дала мен қалада өтті-ау қайран күнің.
Б ұ л б ұ л:
Ай, көкек, сен - ақ алшы таудың басын,

Қайырсыз сараң байдай қар мен тасын.
Құр айғай құлақ құршын қандыра ма,
Сүйкімсіз «көк - көк» — деген жалғыз даусың.
К ө к е к:

Не залал көрдің, бұлбұл, тау басын,
Аққан су пайдаландың жар тасынан.
Қарағай, қайыңдардан үй салды адам,
Асылдың бәрі тауда, білші, антұрған.

Б ұ л б ұ л:
Ау, көкек, жалғыз әнмен оңалмайсың
Дала менен қаладай бола алмайсың.
Тасың табан астымда, суың сусып

Бау-бақшадай баспана таба алмайсың.
Жан-жануар әнімді әлем сүйген
Менімен айтысуға ұялмайсың.
К ө к е к:

Тау, таста арқар, құлжа, барысым бар,
Ақиық, қасқыр, қаблан танысым бар.
Қарағай, қайың, арша, қалың шырша,
Әнімді сүйіп тыңдар дауысым бар.

Б ұ л б ұ л:
Ау, көкек, есің болса ерегіспе,
Әншімін деп мақтанба, бөсіп - іспе.
Қар жауып, мұз қатқанда тау басына,

Көрермін салғаныңды көкек әнге!
К ө к е к:
Ай, бұлбұл, мен кеткенде сен қайдасың,
Өлмейтұғын тапқанда жан айласын.

Қыс тұрмақ, жазғы шілде түскен кезде,
Гүл тұрмақ «күң - күң» етіп тіл байлайсың,
Өзіңе келер сөзді маған айтып,
Айрылып көп өп күйден тың тыңдайсың.

Б ұ л б ұ л:
Ау, көкек, сен де өлесің,
мен де өлемін,
Армансыз араладым жер көлемін.

Бұлбұл деп атым қалды күллі әлемге,
Ұрпақтар үлгі етсе неге өлемін?
«Көкек» деп өз атыңды қақсағанмен,
Әніңді ел айтқанын мен көрмедім.

Тәкаппар, мақтаншақтың аты қалмас,
Халық өзі бағалар тартып алмас.
Еңбек жерде қалмайды ерінбесең,
Жаман ат, жақсы атты сатып алмас.

Сайрадым жаз айында маужыратып,
Күллі әлем, жан-жануар таңырқатып.
Ұшқан құс, жүгірген аң, аққан сулар,
Адамды әнімменен балбыратып.

К ө к е к:
Ау, бұлбұл, сен де әнші,
мен де әнші
Әйтеуір мен де жыршы, сен де жыршы.

Бозторғай екеумізден үлгі алып,
Әуелеп ұшып, парлап әнге салшы.
Көрініп көзге түссең сұқ бола ма,
Сұр шымшық, өз мініңді қарасаңшы!

Б ұ л б ұ л:
Ау, көкек, мойның қисық, мұрның кейкі,
Өзіңнен көрінбейді әнші кейпі,
Бозторғай меніменен тектес әнші,

Сүйкімді әніменен елге көркі.
Көкекті әнші екен деп кім айтады?
Шындық пен кім жеңеді әділетті,
Қараторғай, қарлығаш, сандуғаштар,

Маған жолдас шәкіртім аузы епті.
...Мақтаншақтың «әкесі» көкек екен,
Өз атын өзі атап ұшып кетті.

ЕРКЕБАЙДЫҢ АУЛЬІНДА

Терең ойлы Еркебай,
Орта бойлы Еркебай.
Ауылы күнде той-думан,
Еңбекші елге серкем - ай!

Кішіпейіл жайдары,
Ақылы көп айлалы,
Қысылғандар келгенде,
Кеңес табар пайдалы.

Зорлық - қорлық көргендер,
Паналаған қайдағы.
Түрлі елден келгендер,
Еркебайды жоқтайтын.

Бір көргенде ауылын,
Өз аулына қайтпайтын.
Достарына көңілі жайлау-ды,
Дастарқаны жаюлы.

Ит жүгіртіп, құс салып,
Жүйрік аттар байлаулы.
Ақын, әнші-күйшілер
Ауылында сайраулы.

Сері Жігіт, талапты
Еркебайда жинаулы.
Ақ самауыр қайнаулы,
Қыз, бозбала ойнаулы,

Балуан Шолақ, Шашубай,
Қажымұқан қонағы.
Қырғыздардың жыршысы
Күні-түні жырлаулы.

Әсіреп, Шаңбай балуан —
Ұлы жүздің қос дәуі.
Қарағайдан там салған,
Көшпенді халық тамсанған.

Монша салып, тал тігіп,
Мәдениетке бастаған.
Жеміс ағаш, бақша айдап,
Көрсетіп елге нұсқаған.

Орыстан көрген үлгісін,
Үйрен деп елге қақсаған.
Орыстармен бір жүріп,
«Шоқынды» деп атанған.

Тапқанын салып ортаға,
Нашарлар ауылын жақтаған.
Азаматтық, жомарттық,
Халықтың мұңын жоқтаған.

Жалпыға бірдей жайдары,
Көрмедім мұндай жақсы адам!
* * *
Әрқашан Еркебайдың айтам жайын.

Өтірік мақтағанмен не қылайын.
Өзіме кеп пайдасы тиген еді,
Ойыма, алғыс айтам, түскен сайын.
Көрмедім Еркебайдай жайдары адам.

Қасынан кетпеуші еді қайдағы адам.
Жасымнан жан жолдас қып, ертіп алып,
Жерім жоқ Жетісуда сайрамаған.
«Жолдасқа бір күн болған

қырық күн сәлем» —
Кейбіреу көзі тайса ойламаған.
* * *
Еркебай ит жүгіртіп, құс салатын,

Қасына ақын, сері қосшы алатын.
Бай-манаптар, молдалар үкіметке
Қарсы болса табанда ұсталатын.
Еркебай ертіп алып екі тазы,

Жігіттің, жүйрік ат –құс,
құмарпазы.
Үйіне Әубәкір бай түсе қалса,
Бүлкілдеп қайнап жатар қарта - қазы.

Түстеніп отыр екен молда, қожа,
Қазанға қарай түсіп мойын соза,
Большевик үкіметін жек көреді,
Қудалап жүргеннен соң бермей маза.

Алдырған тазыларға алты түлкі,
Таң ата қан сонарда көрмейді ұйқы.
Талдыбұлақ атақты ат жайлауда,
Қарлы боран соғып тұр ұйқы-тұйқы.

Қыстауы Әубәкірдің Шаңқұдықта,
Нақ түсте біз де келдік сән құдыққа.
Әубәкір аузы қисық мұрны пұшық,
Кез болдық түлкі қарап қаңғырдық та.

Басында болған екен ешкілі бай,
Өте сараң шықбермес деп Шығайбай.
Еті құрсын,
көргенде шошып кеттім,

Қисайған аузы - мұрны кескінін - ай!
Сол үйде екі молда жатыр екен,
Балалары шиедей қотыр екен.
Молдалардан ішірткі тұмар алып,

Көршілері кәрі-жас отыр екен.
Әубәкірдің өзіне сай қосылған
Қатыны да молданың қызы екен.
Жібі түзу бір көрпе жоқ осында,

Жиренетін кірген жан қоқыр екен.
Еркебай үйге енді менен бұрын,
Молдалардың атының танып түрін.
Маған көзін қысты да, қолын бұлғап,

Тіс қаққан сопылардың біліп сырын.
Түсіндім мен де ымменен айтқан сөзін,
Қанжығада түлкінің құрттым көзін.
Қазыққа қос тазыны байлай салып,

Артынан кептен кейін бардым езім.
Молдалар шариғатты шертіп отыр,
Шай ішіп жентпенен, бөртіп отыр.
Жақтырмай Еркебаймен екеумізді,

Шылымның түтінінен үркіп отыр.
Онда біз ілінген шақ белсендіге,
Түсірген бай – манапты теңселдіге.
Түстігінің үстінен түскеннен соң,

Үндемей бері қалды мелшиді де.
Бұлардың сыбағасын сал демейді,
Молдадан басқаларды жан демейді.
Ешқайсы Еркебайға әңгіме айт деп.

Кенен - ау, домбыраңды ал, демейді.
Біз де кеп дайын шайдан іше бердік,
Жаурап келген жан терге түсе бердік.
Молдалар мен үй-іші жақтырмайды,

Жейтіні жеп, көмбешін кесе бердік.
Жау жүрек, азулы ер Еркебай бар,
Ұры деп жек көреді молда, байлар.
Үшеумізді атарға оғы жетпей,

Үрпиісіп ішінен тісін қайрар.
Өздері қанып алған ыстың шайға,
Молдалар уағыз айтты Еркебайға:
«Сақалың әппақ болды құлқайырдай,

Құлшылық қылмайсың ба бір құдайға.
Шоқынып жастайыңнан орыс болдың,
Тілмаш боп кедейлерге помощь болдың.
Сайлауда екі байдың малын шашып,

Еппенен түсірдің де, болыс болдың.
Ермегің қартайғанда арақ, шылым,
Жымдас қып ұры менен пері, жынды.
Шайтанның сапалағы ақын - әнші,

Секіртіп серік қылдың қарақшыны.
Құс салып, ит жүгірткен пері адам,
Көрмейді Мұхамбетті ондай надан.
Енді кеп большевикке қосылыпсың,

Тақалды қияметқайым, ақыр заман.
Коммунист патша мен бай, дінге қарсы,
Құдай мен пайғамбарға мүлде қарсы.
Бар еді сегіз ұжмақ, жеті тозақ,

Тамұққа сендер бармай, кім бармақшы?
Еркебай жанжал, шатақ қаламайтын,
Ешкімге қастық ойлап қарамайтын.
Еркіне Есенбайды қоя берсең,

Молданы жүндей түтіп сабалайтын.
Сол кезде домбырамды қолыма алып,
Мен бір-ақ өлең айттым табалайтын:
«Құдаймен бұлар бірге «туған» екен,

Шық бермес Шығайбайдай қулар екен.
Әубәкірдің бет-аузын қабат құртып,
Жын-пері жексұрын ғып ұрған екен.
Отына айран құйған қоңырсытып,

Баспанасын тастапты ыбырсытып.
Өзіңе-өзің қимай мал-мүлкіңді,
Ортаға түсірерсің енді қырсық».
Қатыны күйбең қақты, отын жағып,

Көп адам мәз болады сөзін бағып.
Сөзіме менің айтқан таңырқайды,
«Сауап!» деп, Әубәкірге ашуланып.
Батырақ «Союзқосшы» бауыры тақыр.

Байлардан еңбек ақы даулап жатыр.
Большевик партия мен Лениннің
Өкілдер декретін айтып батыл.
Би-болыс, бай - құлақ пен қожа, молда,

Болды деп үгіттейді заманақыр.
Ет пісті, қазан түсті, оты маздап,
Қызғанып молда отыр өле жаздап.
Қазы, қарта, үйтілген қойдың сүрі,

Ішінен тынып отыр тәңір қарғап.
Еркебай бір амалды таппақ болды,
Өкпелеп ет жемей-ақ қайтпақ болды.
Жемейтінін молдалардың жегізбекке,

Ер жігіт керауызды қақпақ болды.
Шөңет пен борандатып Даңбай келді,
Бірнеше белсенділер қолдай келді.
Түстікке түстік жерден бәрі қаптап,

Бай менен молда құты қалмайды енді.
Байларға баса салып алым-салық,
Белсенді жүрген шағы байды шағып,
Құдасүйек, қожалар сыбағасын

Жайлауға сақтаушы еді артып бәрін.
Алалап еттің түрін қайта қарап,
Амалсыз ет жасалды екі табақ.
Молдаларды қоспады арам астай,

Біздің табақ жұпыны асқа мол - ақ.
Сыйға ұстап туралғанда қарта, қазы
Қазақтан ет қала ма қысы, жазы?
Есенбай енді аузын ашқан кезде,

Жалақтап үйге кірді екі тазы.

— Кет - кет!— деп елдің бәрі шұрқырады,

Қожалар сай - сүмегі сырқырады.
Шұбырып сілекейі аш тазылар,
Табаққа тақап лебі бұрқырады.
Молдалар орнынан тұрды атып,

Болмайды арам асты енді татып.
Сәлдесін шала-пұла басына орап,
Атына зорға жетті асып-сасып.

КӨЗ ЖІБЕРСЕМ ӨТКЕНГЕ

Толғау
Құлағым елеңдейді ән дегенде,
Кежегем кейіп тартар мал дегенде.
Қалмайды қойға барсам ала мысық,

Ақ күшік арт жағымда дәндегендей.
Маған жолдас ақ күшік, ала мысық,
Ақ лақ үшеуі жүр бірге ілесіп,
Ақтиін, қоян қуса қоймаушы еді,

Мысығым мәулеп тұрар көзін қысып.
Үш достың біреуі еді ақ лағым,
Жарысып, озып алған нақ лағым.
Қолымнан жем-шөп беріп, сүт ішкізіп,

Мойынын созар, қайшылап қос құлағын.
Ақ лақ ұрғашы еді, өсе берді,
Тұқымы әппақ болып түсе берді.
Тас - тасқа ақ қайыңдай ешкі қаптап,

Шайылса еріп ақ ит те кете берді.
Ол кезде ел жайлауға көшер еді,
Таңертең уықбауын шешер еді.
Мініп ап жайдақ атқа қой айдаушы ек,

Көш озып қонар жерге кетер еді.
Ақтерек, Ырғайтыдай сай бар еді,
Тыртысқақ талай-талай бай бар еді.
Өзені күрлеген су қой ағатын

Таулары қатпар жартас, аңғар еді.
Көшкен ел сол өлкені өрлей қонып,
Шулатып төрт түлік мал айдар еді.
Үстіне шыға келсең мидай дала,

Сол сазды Ысты, Дулат жайлар еді.
Таулардың саясында құстар ұшып,
Бүркіттер көкті айналып, бұлтты құшып,
Сайраған бұлбұлдардың әндеріне

Құмар боп отырушы ем көңілім түсіп.
Жайлауда күнде қызың той болады,
Баққаны жарлы байғұс қой болады.
Баруға баста билік болмаған соң,

Шерленген жүрегінде ой болады.
Той. болса ел қатарлы бара алмаймын,
Ат таппай, киім таппай алаңдаймын.
Қиялмен ыза болып әп шырқаймын,

Еш лаж бұл дертіме таба алмаймын.
Қиялмен тас түбінде қалсам жатып,
Даусымнан шошып тұрам ән сап жатып.
Кеткенін қойдың қайда мен білмеймін,

Жете алмай ой түбіне шаршап жатып.
Мені іздеп әкем байғұс жүгіреді,
Тізесі, белі ауырып бүгіледі.
Ауылға тауып алып ертіп келіп,

Құртады - ау! Мал байғұс деп түңіледі.
Әкелді үшкіртуге молда тауып,
Қиялмен мен жатырмын есім ауып.
Молда менен тәуіпті жек көремін,

Айтпайды көңіліңді тура тауып.
Қалмаймын ақын келсе Сарыбастай,
Тыңдаймын таң атқанша кірпік қақпай.
Құлағым естігенді ұмытпаймын,

Қалдырмай жаттап алам жаза баспай...
Жақсылық көзге елестеп жақындады,
Қашанда жұрт сыйлайды ақындарды.
Тұр едім қой сауғызып кешкі уақта,

Қылышы жасауылдың жарқылдады.
Қарасам тым - тырақай елдің бәрі,
Аттарын алып қашқан жас пен кәрі.
Быт-шыт боп жасауылдан қорқатындай,

Сондай-ақ қатты ма еді оның зәрі?
Тұп-тура біздің үйге келді .шауып,
Әкеме сәлемдесті үйден тауып.
Көкшолақ үй артында тұсаулы тұр,

Қылмаймыз мінеді деп одан қауып.

— Әзірбай, сенің балаң

қайда?- деді,

— Тез шақыр, бұл ауылда бар ма?! — деді.

— Баламды не қыласың?— деп, қалтырап,

Жалтақтап жасауылға қарай берді.

— Еркебай қырсығыңды кесер,— деді,

Әзеке, тұсауыңды шешер,— деді.
Қырғыздың ас - тойына алып барып,
Баланың көңлі тасып өсер,— деді.
Бұл сөзді естігенде атан енді,

Жақсы сөз жерде тыныш жата ма енді,-

— О, құдай, бешенеңді ашсын балам, —

Деді де жылап тұрып бата берді.
Мінгестім тәуекел деп ЬІбырайға,
Жігітке не табылар жатса жайға.
Баяғы киіз етік, қоңыр тонмен,

Түсе қап сәлем бердім Еркебайға.
Еркебай: — Жақсы келдің, інім,— деді,

— Күшті еді даусың менен үнің,— деді.

Қасында моншасына жуындырып,
Үстіме неше түрлі киім берді.
Ыбырай моншасына алып барды,
Киімді қоржынына салып барды.

Түтіні бұрқылдаған кішкентай үй,
Көргенде қараймын деп мойным талды.
Көрмен ем ол уақытта там дегенді,
Орыстан сатып жеуші ек нан дегенді.

Ыбырай байлады атты қарағайға,
Сонда көрдім тұңғыш май шам дегенді.
Ыбырай:— Ал, інішек, шешін,— деді, —
Кешігіп отырамыз несін, деді.

Ішіне ыстық монша кірген шақта,
Тұншығып жия алмадым есімді енді.
Ыбырай шомылдырды мені қыштап,
Жалынам өлтірер деп түтінге ыстап.

Тыр жалаңаш қашпақ боп ұмтылғанда.
Шап етіп білегімнен алды ұстап.
Кірімнің үстімдегі бәрі кетті,
Аяққа тікен кірген жарық көп-ті.

Киімін алып келген киіндіріп,
Қайтадан ауыл жаққа алып кетті.
Еркебай жетімдіктің дәмін татқан,
Малай бон жастайынан азап тартқан.

Оқуға бір болыс ел ұстап беріп,
Тілмаш боп, орысша оқып өнер тапқан.
Баяғы тойға келіп көреді екен,
Әкем мен мені жақсы біледі екен.

«Сол бала жақсы ақын болады»,— деп,
Сыртымнан мені мақтап жүреді екен.
Астыма құлақасқа атын берді,
Қасына тағы үш - төрт ақын ерді.

Жүйрік ат, сері жігіт бәрін жинап,
Әсіреп, Шаңбай деген батыр ерді.
Ат баққыш, жүйрік атты, саяпкерді —
Үш жүздей жолдас қылды талапкерді.

Еркебай, Мекетастан Мамай, Тәкен,
Баяғы мені ұрғызған бәрі келді.
Баршасы «Кененжан» деп қошеметтеп,
«Тойдағы көкшолақты осы ма?» деп,

«Япырмай, алдымыздан қарсы шығып,
Қой жоқтап, бізді өлеңге қосып ед», деп.
Осылар жүріп кетті бастап енді,
Сәулетті үш жүз адам асқан енді.

Жүйрік ат, ақын, әнші, палуандармен
Аттанып жүріп кетті асқа енді.
Қордайдан түсте аттандық Сұлутөрге,
Атымыз жер баспайды шаршы өрге.

Гуілдеп бозбалалар келе жатыр,
Топ-топ боп қалың халық әрбір жерде.
Тоқпаққа Шудан өтіп жүріп бардық,
Жел соғып, сулар атқып бастан қарғып.

Ташкеннен бергі халық атпен жүріп,
Келеді жерге сыймай көкті шаң қып.
Тоқпаққа адам сыймай қаласына,
Арғы тау, бергі таудың даласына,

Келемін көп ішінде мен де бірге,
Қуанып қазаң, қырғыз арасында.
Қонаққа бес мың ақ үй тіккен екен,
Қырғыздан басқаларды күткен екен.

Шу өзен жағасынан өрлей тігіп,
Басына Кішікебін жеткен екен.
Қырғыздың манабы екен Шәбден батыр,
Патшаға алты барған әбден батыр.

Қырғыз бен қазақтарға сауын айтып,
Ат жетер жердегі ел келе жатыр.
Желпілдеп жеті оязда әр түрлі ту,
Билеген бұл жиынды би-болыс, қу.

Жиналған қырық мың адам осы асқа,
Қан-жын боп аға алмады өзеннен су.
Мұнша елді бес күн қонақ қылды қырғыз,
Бұл астың мақтанышын білді қырғыз.

Жүз мың сом, неше мың мал құрбан қылып,
Халыққа күшін салған күллі қырғыз.
Бауыздап жылқы, қойды қан ағызып,
Қонақтар езуінен май ағызын.

Көрмеген мұндай жиын есім шығып,
Мен жүрмін қайран қалып алағызып.
Қазақтан келген екен қырық ақын,
Сар табан жорғасында — бұрынғы ақын.

Өлеңмен жұрттың бәрін таңырқатып,
Бәрі де мендей емес, жырынды ақын.
Қалмырза деген қырғыз айғай салып,
Қолына қағаз бенен қалам алып.

Қазақтар, ақыныңды хаттап бер деп,
Кетіпті Еркебайдан сұрап алып.
Еркебай береді екен мені хаттан,
Қырғыздың ақынына мақтап - мақтап.

«Жас бала, жаңа талап, аты Кенен»,
Мен жоқта қайтарыпты оны баптап.
Таусылмас айта берсем бәрін теріп,
Мен жүрмін тамашалап қызық көріп,

Көп бала үйде тұрмай ойнап кетсек,
Еркебай шақырады шапшаң кел деп.
Осы тойда «Пайыз» атты әнмен айтқан
өлеңім

«Мен өзім Дулат деген елден келдім,
Көлқопа, Қордай деген жерден келдім.
Жас бала, жаңа талап мен бір қойшы,
Туғалы мұндай жиын көрмеп едім.

Мен езім інісі едім Сарыбастың,
Он жаста ел тойына араластым.
Өлерде мені Сарыбас шақырып ап,
Тапсырды аманат деп домбырасын.

Мен өзім жол көрмеген ақын едім,
Атақты Сарыбастың жақыны едім.
Өнерім ор қияға алып ұшты,
Астында алты уықтың жатыр едім».

Риза боп қалың халың шуылдап тұр,
Жүрегім, денем қызып зуылдап тұр.
Болды деп даяршылар тоқтатпаса,
Айтсам деп тағы етім дуылдап тұр.

Қасына Жамбыл ақын барып тұрдым,
Көрісіп, қолын ұстап, танып тұрдым,
Ол кісі де өлеңді төгіп жатыр,
Таңқалып құлағымды салып тұрдым.

Мен алдым осы топта кемер белдік,
Үйінен той қылғанның теберік деп.
Атанып осы жолда ақын деген,
Жайылып талай жұртқа, үйге келдік.

Әкеме сүйіншілеп әркім келген,
Хабарды ұзын құлақ естіп елден.
Балаң озып бір бәйге алыпты деп,
Қуантып шал әкемді сүйрей берген.

Қуанып менің әкем малын сойған,
Қайғының неше жылғы бәрін жойған.
Алдымнан жүгірісіп келді ағайын,
Ер-әйел, атты, жаяу Бүргенді алдан.

Шапқылап әкем келді көкшолақпен,
Құшақтап бетім сүйіп шүкір еткен.
Қуанып ағайындар шуылдасып,
Бәрі де жолдан тосып құрмет еткен.

Халыққа атым шықты Кенен деген,
Осындай талап етіп өлеңменен,
Халқына Жетісудың тарап кетті,
Асына сол қырғыздың келген елден...

Қолымызда жөп-жөнді мал қалмады,
Көрініп желке сіңір жал қалмады.
Жан сақтау енді бізге қиын болды,
Қарыздан құтылуға хал болмады.

Сол кезде он тоғызға келді жасым,
Туғаннан талай қорлық көрді басым.
Әйел мен шал әкемді асырауға,
Тәуекел, не көрсе де көнді басым.

Жас күнде не қылса да жарасады,
Ақылдан көп ойлаған адасады.
Қыдырып жаяу-жалпы жүре бердім,
Кім маған қаран жатсам қарасады.

Төрт қанат отау тіктік, жерден төсек,
Кереге бас-аяғы кірпіш - кесек.
Қасында жас әйелдің жата берсең,
Күңкілден ағайындар қылады өсек.

Әйел бітіп, көбейді қазан-аяқ,
Атамыз атаныпты «жалаңаяқ».
Қолымнан домбырамды тастамаймын,
Көкшолақ пен құт болған құтты таяқ.

Айтамын оразада жарапазан,
Асылмаса қурайды қара қазан.
Шырт ұйқыда жатқанда ел аралап,
Тұсына кеп саламын азан-қазан.

Біреу теңге береді, біреу тиын,
Біреу мата береді, біреу киім.
Талқан - тары береді, тастамаймын,
Жинай бердім, жоқшылық қандай қиып!

Кейбіреулер береді қозы-лақ,
«Айтшы - айтшылап» кәрі-жас салар құлақ.
Арт жағымнан қалмайды жастар шулап,
Шал әкемнің ішкені болды бұлақ.

Жетер жерден қалмады ешбір түтіп,
Біреу майын береді, біреу құртын.
Тапқаныма әйелім не болар,
Ес жиналды, тамақ тоқ, киім бүтін.

Он бес жастан осы өлең болды кәсіп,
Жылдан-жылға кездесті түрлі нәсіп.
Қазақ пенен қырғызға атым шықты,
Жақсылыққа.жақындап қадам басып.

Жақсылық көзге елестен жақындады,
Халық сүйіп сыйлады ақындарды.
Ас пен той, құда түспек, болса жиын
«Кенен, кел» деп барлығы шақырады.

Халқына Жетісудың Кенен болдым,
«Ә» десем аузым ән мен өлең болдым.
Үй тігіп, ел қатарлы қазан асып,
Қуанып қонақ келсе берен болдым.

Әкем .мен шешем себеп ақындыққа,
Халқыммен кішіпейіл жақындыққа.
Ішіп-жеп тапқанымды ортаға сап,
Бай болып, үйренбедім батылдыққа.

Әкем де немересін сүйіп кетті,
Арманым енді жоқ деп шүкір етті.
«Ел танып, адам болып ержеттің» —деп,
Пәниден бақы жайға жүріп кетті.

Жасаған кезім сонда жиырма бес,
Айтқаным ән мен елең ертелі-кеш.
Қонақтар күндіз-түні үзілмейді,
Үй едім бір кездерде адам келмес.

Талай іс адамзаттан кешеді екен,
Көрген сайын әр істі өседі екен.
«Нұр жауар таланты ерге» деген мақал,
Бәрін де тұрмыс билеп шешеді екен.

Келгенде Алатауға Балуан Шолақ,
Аралап біздің елге болған қонақ.
Үлгісін ән салудың содан алдым,
Ән салуға мен бұрып едім олақ.

Қасына ертіп алған Шолақ Балуан,
Үйрендім он екі әнін алуан-алуан.
Әндерін қырғыз, қазақ менен естіп,
Әнші деп атақ бітті одан да армап.

Жетісу қазақ-қырғыз көп халығы
Шолақтың әнін менен естіп қалған.
Сонымен енер тауып, өрге шауып,
Халқыма ақын - әнші даңқым барған.

ТОЙҒА ШАШУ

(В. И. Лениннің туғанына 100 жыл толуына)
І жыр
Ленин еңбекші елдің тынысындай,
Әлемнің шөлі қанған тұнық судай.

Жарығы Ильич шамының нұрға бөлеп,
Жайнатты жазғы самал жылысындай.
Лениннің жүз жыл толды туғанына,
Халқымның алаулаған ту қолында —

Ленинді ойлағанда қарт ақынын
Қарайды желбіреген туға мына!
Ес біліп таныған соң оң мен солды,
Патша мен байға әуелден қарсы болды.

Баршаның алдындағы бақ-талайын
Қырандай қиядағы дөңнен шолды.
Туылған ел бағына Владимир,
Еңіреп ол туғанша жылады өмір.

Жеткізді ол қалың елді мұратына,
Бұл күнде дала да бір, қала да бір.
Адамда ақыл-ойға туған озық,
Тұрады ылғи алға қолын созып,

Төңкерді Ұлы Октябрь
бай - патшаны,
Ақындық содан шықты арқам қозып.
Ленин қараңғы елдің көзін ашты,

Отаным өзге жұрттан озып асты.
Жаһанға асыл нұрын жарқыратын,
Ай - күнмен аспандағы өзі ұласты.
Ер, әйел еңбегімен тойға келмек,

Табысып салтанатпен сыйға бермек.
Ай түгіл, апта түгіл, күн, сағаттың
Тасиды күш-қайраты бойды кернеп.
Дайындап біреу алтын, біреу күміс,

Әзірлеп біреу болат, біреу мырыш,
Көмірші, егінші мен ғалым, жыршы —
Тындырмай отырмайды біреу бір іс.
Етуде ерлік еңбек алмай тыныс,

Күз сайын тау-тау қылып жиып астық,
Ғарышқа шығып алып,
атой салып,
Аяқты Ай — Шолпанға жиі бастық.

Болған соң бай халық та, батыр халық,
Несіне жер мен көкті жатырқалық.
Елімнің түбі терең даналығын
Дос түгіл дұшпаным да жатыр танып.

Бәрі де болсын - ақ деп адам үшін,
Бастаған партияның адал ісін,
Бақытым — айналайын табиғаттың
Қайғыдан, қасіреттен ада құсы!

Бақытым — менің досым, менің балам.
Ырысым — ағыл-тегіл келім, далам!..
Осыны Отаныма сыйға тартқан
Ақылдың дариясы — Ленин данам.

...Сексен бе — жеті мүшел — белге келдім,
Демеймін торалғыдан кенде келдім.
Тағы бір жиғанымды тарту етіп,
Көсемнің өз тойына мен де келдім.

Қосылып ақын - әнші жолдасыма,
Өлеңнің мініп алып жорғасына,
Көкпардың көк серкесін маған бер деп
Айғайлап шығып тұрмын жон басына.

ІІ жыр
Домбырамды қолға алып,
Қырандайын қомданып,
Мен де шашу шашайын

Тереңнен тартып толғанып.
Жүз жылына көсемнің
Жұртпен бірге қуанып,
Отанның халқы шаттықта.

Шарықта, елім, шарықта!
Жырла, тілім, жалықпа!
Елу жылда ел жаңа,
Ел бастаған ер дана!

Құс қонбайтын қу мола —
Су тасыған шөл жаңа.
Қала-дала гүлденген
Колхоз, совхоз сәнді ауыл,

Жайқалған егін дән жаңа.
Күмбірлеген күй жаңа,
Көркем салған үй жаңа.
Салтанатты сәнді өмір,

Өлең менен ән жаңа.
Кемпір-шалдар жасарып,
Жайын тапқан заң жаңа.
Әділетті заманда

Достық келді адамға.
Ұл-қызымыз оқушы
Еңбек еткен қоғамға.
Жүз жылына Ильичтің

Домбырасын тартпаса,
Жаңадан ішек тақпаса,
Ән мен күйді гулетіп
Тойда бәйге шаппаса...

Түрлі ұлт, түрлі тіл
Келіп жатыр тартулар.
Той дегенде қу бас та
Домалайтын салты бар.

Басқа тойдан бұл тойдың
Аспан - жердей парқы бар.
Көппен бірге жырлауға,
Ұлы тойға қарызбын.

Жеті атамда өлең-жыр
Үзілмеген тәрізбін.
Он жасымнан бері. қарай,
Ел аузында аңызбын.

Ұлы көсем бастады
Жеңіс туды ұстады.
Еңбекші елім ұйым боп
Өмірді өрге бастады.

Талай бөгет тосқауыл
Талқандалып тасталды.
Шындық жеңбей қоя ма!
Партияның нұсқауын

Ғылым, білім артылып,
Айға да жол ашқаны.
Компартия салған жол —
Ленин басшы болған жол.

Адам аяқ баспаған,
Құз басына қонған жол.
Жеңіс тулар желпілдеп,
Жер жүзінде тұрған жол.

Салтанатты сәнді өмір,
Әділ - шындық құрған жол.
Еңбекші елдің арманы —
Коммунизм болған жол.

Ел көңілін шалқытып,
Сәтті, құтты саңдақ жол.
Жасасын мәңгі партия
Ленин басшы болған жол.

ІІІ ж ы р
Ленин — еңбекші елдің тынысындай,
Мейірі шол қандырған тұнық судай.
Жарығы жалпы тапқа бірдей түскен

Мәуелі май айының ырысындай.
Бейбітшіл жер жүзінде барлық адам,
Бір кезде ерік көрмей зар жылаған,
Бұл күнді әлемге әйгі біздің елдің

Даңқынан өзен тасып, тау құлаған.
Сексен бес — жеті мүшел белге келдім,
Бір тауға қар кетпейтін демде келдім.
Он бес жас - ақ көсемнен кіші екенмін,

Кесемді жырлауды мен жөн көремін.
Ленин еңбекші елдің жүрегінде,
Кәрі, жас, ер мен әйел тілегінде.
Коммунист, комсомолдар

миллиондаған
Пионер, октябрят реңінде.
Ленин еңбекші елдің қасында жүр,
Жол бастап жеңіс тудың астында жүр.

Әділет, шындықпенен істеңдер деп,
Қайдағы ауыр істің басында жүр.
Туылған ұлы орыстан Владимир,
Халық үшін қажымастан жасады өмір.

Теңгерді азды — көпке,
жоқты — байға,
Басшы боп партияға шын кемеңгер.
ІV ж ы р

Домбырам басы ырғайды,
Дүбірлі тойға ыңғайлы.
Емен ағашы атақты
Ешкім талас қылмайды.

Торқалы той жүз жылдың,
Құттықтап ақын жырлайды.
Соның бірі қарт Кенен,
Жырлауға жағы тынбайды.

Жеті жастан жолдасым,
Жігерімді қорғайды.
Ленин дана тойында,
Дауысыма дауыс барлайды.

Әділ басшың болмаса,
Бақытың жоғын содан біл.
Әділ басшың бар болса,
Бақытың барын содан біл.

Адал көсем туғалы,
Ел ырысы бір жүз жыл,
Ғасырдан - ғасыр арманда
Өткен талай ардақты

Барар пана таба алмай
Зарлап кеткен күң мен құл.
Патша мен бай тұсында
Мезгілсіз солған қызыл гүл.

Компартия тұсында
Шешілді бұған сансыз тіл.
Ленин басшы болғалы
Сайрады еркін таң бұлбұл...

Ленинді естен шығарма,
Халық алғыс күнде айтар,
Партия жолын мақтаса.
Жүз жылына тарту қып,

Жыр ап келдім қысқаша.
Еңбек сүйгіш ер, әйел,
Сән - салтанат тамаша!
Телегей - теңіз дегендей,

Әр табысты санаса.
Саны емес сапасын,
Ақыл-оймен қараса.
Совет халқы самғауда,

Дұшпан келмес жанаса.
Жаңа заман қарқын күш
Жаңа өспірім балаша.
Орнатамыз жеңіс ту

Жер жүзіне нұр шаша.
Капиталдар қартайды,
Тамыры шіріп томарша.
Жер шарында еңбекші ел

Тілегі бір бізбенен.
Қанқұмарлар шулайды
Қыран қуған қарғаша.
* * *

Жақсы заман, жаңа ән-жыр.
Өскен елге өлең жыр,
Ән менен күй — ой мен қыр.
Теректегі сұңқардай

Шыңға біткен шынардай.
Ұлытауда мекендер
Қиядағы қырандай,
Қол жетпейтін құздардай,

Ән-күйлердің ырғағы,
Жыр шумағы ұзарды - ай.
Жастарға ұқсап жаза алмай,
Екі бетім қызарды - ай!

Жалпақ тілмен жырласам,
Жастар кетсе құп алмай,
Халық ішінде қарттар көп,
Түсінер сөзге қиналмай.

Қарт ақындар жырласа,
Қалмайды жұртым жиналмай,
Жұмбақтап жазған тереңді,
Кемпір-шал кетер ұға алмай.

Желдірме жыр, толғау бар,
Құлаққа үйір қозғауға.
Ел қатарлы жырлауға
Жүз жылдыққа қарызбын.

Көп ішінде бір шалмын,
Ақындық ат ел берген.
Демеппін ұзап әрі оздым,
Кәрілік жетін шал келін,

Тозығы жеткен қобызбын.
Дәнімді беріп қоғамға,
Жазда жайнар аңызбын.
Жемісі мол ағаштай

Өркендеген ұл-қызым,
Жүз жылына Ильичтің
Бар өнерді салғыздым.
Ұзақ жырымды арнасам,

Барымды аян қалмасам,
Жүз жылына Ильичтің
Ән-күй тарту салмасам,
Достық, көңіл көрсетіп

Жұртпен бірге бармасам.
Жалпақ тілмен жасқанбай,
Қалың топты жармасам,
Өзімдегі өнерім,

Өзгеден сұрап алмасам.
Кенен деген атым бар,
Ақ домбыра қолға алып,
Той бастар жолды бергін, деп.

Халқым берген даңқым бар.
Ақ сақалым желпілден,
Жүгірдім тойға елпілдеп.
Жер бетіндегі ақындар,

Ниеті бізге жақындар.
Жүз жылға арнап өлең-жыр,
Таңдайлары тақылдар.
Одақтастар он бес ел,

Өркендеген халқы бар.
Ұйымшылық бар елде
Домалар өрге тастары.
Шындық ««енбей қоймайды,

Кесем әділ нұсқады.
Артта қалған көшпенді ел
Гүлдендірді ой - қырын.
Мәңгілік алғыс көсемге,

Құттықтаймын жүз жылын.
Қайда десең қазына —
Әділ басшы ер екен.
Қайда десең күш, қайрат —

Ерге ерген ел екен.
Қажырлы еңбек бірлессе,
Қазына деген жер екен.
Елін еңбекке үйретті,

Сондықтан байлық, береке,
Мал бағып, баптап жүрген жер,
Сан алуан кен екен.
Партия бастап, ел қостап,

Ленин — қазына, нұр екен.

ЖАМБЫЛ-ЖЫР

Жамбылды Жамбыл десем, кім
білмейді,
Өлеңнің ордасына кім кірмейді.
Елу жыл ертіп жүрген ардақты ата,

Домбыраң құлағымда күмбірлейді.
...Бір күні Жамбылды ойлап
қиялдадым,
Көз ілмей, төсегіме сия алмадым.

«Кененжан» .дейтін сөзі еске түсіп,
Өзімді-өзім сөгіп, ұялғаным...
Ақтауға парызымды домбыра алдым,
Ойланып шырмауықтай он бұралдым,

Жан Жәке, қартайсам да жырым ширақ,
Басыма саған біткен қонды бағың.
Бұйырмай тәуір көлік, тәуір тағам,
Өнерді беріп еді тәңір саған.

Ақынның бұлбұлы деп бұл Жәкеңді
Көрген ел Жетісуда таңырқаған.
Жамбылдың арғы атасы Екей дейді,
Екейдің ақыны көп екен дейді.

Сүйімбай көген алмай, өлең алып,
Өлең сөз сол өлкені мекендейді.
«Екейде елу ақын, сексен бақсы,
Ел жинап Сарыбайы болған жақсы».

Ертеден ел аузында осы сөз бар,
Кененің содан бастап толғанбақшы...
Ұлы жүз ұлғат қылған Сүйімбайды,
Өлең-жыр Сүйімбайсыз бұйырмайды.

Ақындар Сүйімбайды атамаса,
Баяғы басқан ізді шиырлайды.
Ұстазы Сүйімбайдың Қабан ақын,
Ұлы жүзде бас иген тамам ақын,

Нағашысы Жалайыр Қабан-ды деп,
Жамбыл атам айтатын маған атын.
Атағы үлкен адам Қабан жырау,
Жамбылдың айтқан сөзі есте тұр-ау.

Жиені — Сарыбас ақын сөйлерінде
Әдеті мұртын қағып, құлақ бұрау.
Сүйімбай сөйлерінде мұртты қаққан,
Өлеңнен он екі взвод мылтық атқан.

Сөйлесе жаман аңын жұрт алдында,
Жанына Сүйімбайдың қатты батқан.
Үйреніп содан біздің Жамбыл өскен,
Жамбылың сара жолда даңғыл өскен.

Сол ақын жапан түзде ғасыр бойы
Баршамен бал-шекердей дәмді үлескен.
Дүниеде Жамбыл сыры жан сырымдай,
Енді мен соны айтамын жасырынбай.

Біреуге бұл өлеңім көне сарын,
Біреуге бұл өлеңім бал — шырындай!

ЖАМБЫЛДЫҢ БАЛА КЕЗІ

Ал, Жамбылға келейін,
Ақбөкендей желейін,
Домбырамды бұрайын,
Неге қарап тұрайын,

Ұстаздығы бар еді,
Сый - құрметін қылайын.
Жападан туған баланың
Жамбыл екен кенжесі.

Көп болыпты еркенің
Айтқаныңа көнбесі.
Шаруаға қыры жоқ,
Малға қарар түрі жоқ,

Балалармен ойнаса,
Ұрыспай келген күні жоқ.
Өзгелер айтса — өркеуде,
Өзінше бір міні жоқ.

Молданың тілін алмайды,
Мал жаюға бармайды.
Алпыстай ала жылқы бар,
Басқа малы болмайды.

Таң атқаннан күн батқан —
Тай мінуден талмайды.
Соған да көңіл толмайды.
Жылқыға Жамбыл бармайды,

Жылғадан ұшқан торғайды
Жыр қылып Жамбыл толғайды.
Сүйімбайдың аулына
Қашып кетіп келмейді.

Сарыбайдың аулына
Асып кетіп келмейді.
Ораза шалдар қазыны
Алдына жасап қонғанда

Ала қашып бермейді.
Жабыла атпен қуса да,
Тасқа шығып өрлейді.
Алдап-сулап шақырса,

Қайсар бала көнбейді.
Мұны көрген Сүйекең,
Тентегіңе тиме деп,
Жабайға да аңғартты,

Сонан кейін бұл Жамбыл
Сүйімбайдан қалмапты:
Қара ала құнан бәсіресін
Бала Жамбыл таңдапты,

Мініп алып,
ел кезіп,
Сүйекемді жандапты.
Қасына ертіп Жәкеңді,

Сүйекең солай саулапты.
Қаза қылып бастан-ақ
Бес уақыт қарызды,
Бұл азаптап құтқар деп,

Құдайға айтып арызды,
Жас күнінде бұл Жәкең,
Тентек болған тәрізді.
Өз көзіммен көргем жоқ,

Онда бірге жүргем жоқ,
Анадан туып болғам жоқ, —
Ел айтуы осындай,
Ел сөзінде жалған жоқ.

Жас кезімде естуші ем,
Өз әкемнен Жамбылды,
Өлең-жырға даңғылды.
Жамбыл — Жакең аттарын

Көкірекке жаттадым.
Шөже, Түбек, Біржан сал,
Саралардың атын да
Жаттап алмай жатпадым.

Майкөт ақын, Бақтыбай,
Құлмағамбет, Сүйімбай
Асыл сөзін құптадым,
Басқаларын ұқпадым.

Бәрін қайдан білейін,
Қасқараудан ол кезде
Қашық жолға шықпадым,
Ақындармен айтысып,

Жығылмадым, жықпадым.

ЖАМБЫЛДЫ БІРІНШІ КӨРГЕНІМ

Бірінші аттанғанда алыс жолға,
Алыппын жұлдызымды сәтті оңға.
Еркебай ертіп барып қырғыз жаққа,
Босатқан боз торғайды түскен торға.

Кедейлер көшіп жүрген зар заманда,
Өрісі ақындардың тар заманда,
Сұлудың күппен кезіп жасыратын
Бай-манап, би-болыстар бар заманда,

Сол тойға ат жетер жер бәрі барған,
Тай ақын, тарлан боздай кәрі барған.
Ол кезде түбіт иек Кенен едім,
Өнердің ақындығы дарып алған.

Жамбыл да осы тойға келген екен,
Жел сөзге айтудағы мерген екен,
Зар болып бір көруге жүргенімде
Тәңірім тілеуімді берген екен.

Кісі екен алпыс жасты алқымдаған,
Салдықтың самалымен салқындаған,
Домбыра ап, төңірекке қарағанда
От болып екі көзі жарқылдаған.

Ауызда айтар сөзі іркілмеген,
Ақынның дер шағы екен бұл күн деген.
Ақырып, домбыраны сабағанда,
Шіркіннің екі иығы бүлкілдеген.

Шабытын айғай салып шақырарда,
Адамдай езу тартып бір күлмеген,
Сөйлесе досын мақтап, қасын даттап,
Нөсердей дүркін – дүркін - дүркіндеген.

Бір жырды ақбоз үйде төгіп салды
Ағайын қазақ, қырғыз жұртым деген.
Қызықса қияғынан мұртын жеген...
Дулатып қаумалаған халайықты,

Түк емес сөйлеп кетсе бір түн деген.
Ақында алынбаған батам барып
Білсем де,
ә дегенде бата алмадым.

Жаюлы дарқан жатқан дастарқанның
Еркіндеп дәмін сірә тата алмадым.
Еркебай бері кел деп шақырғанша,
Аузында өзге жұрттың аталмадым.

Көрдім мен ертеңіне Жамбыл ақын
Сыйлыққа ақ жабулы ат алғанын.
Көргенде мына - сынды кәрі бозды,
Ақынсып жүргендердің бәрі безді.

Жеті күн желіккенде қайран ақын
Қайда да қалың топты жарып озды.
Мен тұрдым әрі ойланып, бері ойланып,
Кете алмай тентек қойдай шыр айналып.

Тәуекел, барайын деп белді будым,
Сөз басып енді Кенен құрайды анық...
Халықпен қаумалаған араластым,
Жақындап бірте-бірте қадам бастым.

Әдеппен алдына кеп тізе бүгіп,
Қолымды төске қойып салмақтастым.
Көнерген өлеңіммен енді қазір
Сондағы сүгіретін сала алмаспын.

Алды да сәлемімді, қарап тұрып,
Жылы жүз, ықыласпен мойын бұрып: —
Қарағым,
қай баласың? — дегеннен-ақ,

Тастады аш құмарды тойындырып.
Мен айттым баламын деп ашылмаған,
Тастағы жауқазындай аршылмаған.
Дулаттың бір атасы Қасқараудан,

Өлеңге бай болса да,
барсынбаған.
Кебекбай, Ноғайбайды айтып бердім
Күліктей топтан озып аршындаған,

Өмірде өлең қуып жүрмін дедім, —
Алмаймын ақ орданы алтындаған.
Ж а м б ы л:
Кешегі анау боз үйден

Шыққан дауыс сен бе едің?
Бөдене мен тұрымтай
Бұққан дауыс сен бе едің?
Бүркіт болсаң боларсың,

Үлкен екен шеңгелің.
«Кенен - Кенен» деп жүр ғой елдің бәрі, —
Осы тойға жиналған жас пен кәрі.
Сәлем берсең, қарағым,

сәлемет бол,
Бабалардың балаға көшкен нәрі...
Ақындық, Ораздан да үзілмеген,
Сарбас,

Әлмен бар ма еді біз білмеген?
«Бабаның батасынан» деген нақыл,
Жас жүйрікті жарамас тізгіндеген.
Құдай сені сақтасын кесірінен,

Жар бағатын жапалақ,
құзғын деген.
Досың болсын Алатау аспанында,
Қырап құстай шырқаған қызғынды өлең...

Бұдан соң ақпап менен аптап ыстық
Кезінде қыс табыстық, жаз табыстық.
Айтыстың неше түрлі аңыздарын
Екеуміз талай жерге тастап ұштық.

Жарлының құрметіне құлдық айтып,
Байлардың сараңымен аз таныстық.
Дұшпанмен неше түрлі жағаласып,
Жар сүйдік, қанды көйлек дос та құштық.

Қырғыздың қысырының тайын жедік,
Балқаштың жағасынан жайын жедік,
Қанып ап Хан - Тағының қымызынан,
Кегеннің кенесінің майын жедік.

Жер дауын, жесір дауын көргендіктен,
Бәріне қосып соның уәйім жедік.
Жұбатып жұт жылдары жұртымызды,
Нағашы, жиен дедік,

қайып дедік.

ЖАМБЫЛДЫҢ ЖЕЛДІРМЕСІ

Желдірмесі Жамбылдың,
Жел соққандай таң қалдың,
Екіленіп екпіндеп,
Қарасақал желпілдеп,

Тізелері селкілдеп,
Желген аттай дүрсілдеп,
Жел маядай бүлкілдеп,
Жерімен бірге зіркілдеп,

Келіп жатқан секілді.
Ахау шіркін,
шіркін! — деп,
Таңдайына тамғандай,

Жыр тізбегі біртіндеп.
Жалғыз әні желдірме
Жақсы болсаң — батыл деп,
Қорқақ болсаң,

сатыл деп,
Қожаңдаған күштіге
Қорғасындай атыл деп,
Сорғалаған қырандай

Бөктердегі бөріге
Төне жатқан секілді.
Аяғының астында
Төре жатқан секілді,

Алынбаған алдында
Төбе жатқан секілді,
Асқар - асқар тауларда
Шыңдар жатқан секілді,

Айтылатын халыққа
Шындық жатқан секілді,
Желкесінен қиылар
Сұмдар жатқан секілді.

* * *
Жамбылдың бірге жүріп сырын алдым,
Үлгісін, өнегесін жиып алдым.
Болсақ та Шапырашты, Дулат екеу,

Ат қинап ауылымнан жиі бардым.
Бөлмеді сөзімізді екеуміздің,
Бізде жоқ, өзгеде бар күйі малдың.
Біз айтсақ, біздің сөзге ересіңіз,

Екеуміз ескі жырға төрешіміз,
Өнердің тұнығынан қалқып алып,
Екеуміз келешекке бересіміз.
Айтамыз соның бәрін өлеңдетіп,

Жалпыға Жамбылдатып, Кенендетіп,
Қатыгез, қаны суық байлардың да
Қоямыз құлақтарын елеңдетіп.
Күні - түн сол жүрістен байқағаным,

Қадірлеп балапандай шайқағаным.
Жамбылдың бір мінезі —
мақтанбайды,
Бой тартып, сайысудан сақтанбайды.

Қажырлы қайратынан қайрақ істеп,
Үскірік борандатып, ақпандайды.
Әжуа, қалжыңға да қапелімде
Шап етіп шауып қалар қақпандай-ды.

Ағат сөз айтып қалса ағайынға,
Жұтынып жұрт алдында ақтанбайды.
Бір сөзден әділ айтқан танбайтұғын,
Өмірде адалдықты таңдайтұғын.

Жақпаған, жақтырмаған адамына
Сараңдап да сараң бон тамбайтұғын.
Тағы бір қасиеті тарихының:
Адамды алғаш сөзден танитұғын.

Көргенде жалбаңдағыш жағымпазды,
Қанжардай өткір тілді жанитұғын,
Қатты құрт, қара шайдан ниет қылса,
Қарық боп соған түгел жаритұғын.

Сенгіш еді досына, ауырғанда
Ем болып айтқан сөзің даритұғын,
Өмірден жазатайым опық жесе,
Бір күнде бір жылғыдай аритұғын.

Бала көп, бәрін сүйіп құшатұғын
Жетімсіз тұрмыс шіркін қысатұғын.
Аңшының жақтырмайтын жата қалып,
Күнгейден күнәсі жоқ құс атуын...

Тапқанын көп балалар талапайлап,
Үлесіп алушы еді алақайлап.
Жәкеңді бүткіл Екей тәте дейтін,
Құрметпен ағайындар атын байлап.

Жамбылдан ұшан теңіз көргенім де...
Үйренген толып жатыр өрнегім де.
Қайсыбірін жазамын дарындының, —
Менің миым жетпейді меңгеруде.

Жәкеңді Жастайымнан төңіректен,
Әйтеуір жүре бердім епелектеп.
Сол Жәкең шығарғандай енді ойласам,
Өзімді өрден - өрге жетелеп кеп.

Көрген сайын Жәкеңді
Күліп қайттым жадырап,
Сүтке тойған қозыдай
Бөгіп қайттым маужырап.

Шежіредей таратып,
Елді аузына қаратып,
Көрұғлыны айтқанда
Көз ілмейтін таң. атып.

Алпамысты толғаса,
Жұрттың көзін қадалтып,
Қатаған мен Сүйімбай
Айтысқанын заулатып,

Білмесе де - ақ бір әріп,
Жыр теңізін тулатып,
Қомдаушы еді қанатын.
Домбырада күйші еді;

Күйші атанбай, жыршы еді.
Көп білетін ескі сөз,
Түгесілмес сыршы еді.
Дарынды ақын дүр еді,

Атаны зор ер еді.
Ата тегін үш жүздің
Он саусақтай біледі.
Қырғыздардың атасын

Мүдірмей айтып береді.
Әңгімені шерткенде,
Табылып сөздің керегі,
Құмарыңа құятын

Адамның асыл көрегі.
Тарыққанға пайдалы
Тапқыр ойы бар еді.
Толқи топқа түскенде

Тайпалмаға пар еді;
Жолда жүгін қалдырмас
Жалғыз еркеш нар еді.
Жамбыл аты — жыр еді,

Аш-арықтың — ары еді.

ПАТШАНЫҢ ТОЙЫНДА

Жамбылдың бір ниеті Алматыда.
Болмайды үйде қарап шал жатуға.
Жәмшіктер ұлықтасып күн-түн демей,
Тынымсыз қара жолды шаңдатуда.

Үй тігіп, би болыстар бекет сайын,
Керекті салтанаттың бәрі дайын.
Жасауыл жарқылдатып сары қылыш,
Салады ел басына сары уәйім.

Знакты болыстардың омырауы,
ЬІзғарлы қыратындай елдің жауы,
Пәуеске құйындатып үш ат жеккен,
Қорқыныш хабаршысы — қоңырауы.

Көрінер ондағы ұлық бура түсті,
Немесе қабан қияқ, қасқыр тісті.
Солардан шекпен киген бай, болыстар,
Жазықсыз қыл мойыннан бас қырқысты.

Солардың әмірімен ел жиылды,
Төменгі ой, жоғарғы төс, бел жиылды.
Ортасы жеті ояздың Алматыға,
Халықтың қазнасынан сел құйылды.

Патшалық үш жүз жылға толыпты деп,
Ұран салып ұйтқытты жел - құйынды.
Бұл тойға ақындарды тегіс жиған,
Болыстар қалмай қол деп бұйрық қылған.

Баяғы Еркебайым жүр деген соң,
Қордайдан сол думанға бірге барғам.
Ұясын ұлықтардың көргенім сол.
Көз тұнған көп жиынға әкелді жол.

Таңқалдым біреулердің пейіліне,
Ақылсыз арақ ішіп, жегенге мол.
Шауып жүр болыс - билер ақ ту байлап,
Пристав, ояз деген одағайлап,

Старшын, стражник, жасауылдар
Қорқытар бұқараны қойдай айдап.
Талтаңбайлар таңдаулы үйге қонды,
Қазан асқан, от жаққан кедей сорлы.

Қатар тіккен ақ үйлер дөдегелі,
Қолы жеткен ұлыққа құмар болды.
Тоқашты сонда көрдім өткір шоттай,
Жайнаған екі көзі жанған шоқтай,

Аққұба, орта бойлы ширақ жігіт,
Мазасыз мамадағы аттай жүйрік,
Ертіп жүр жандаралдың
қатын - қызын,

Татқызып қазақ үйдің дәм мен тұзын.
Аралап ақ үйлерді тамашалап,
Орысша судай ағып айтар сөзін.
Тоқашты бай-манаптар, би-болыстар,

Байқасаң көзқарасы сырттап ұстар.
Шаруа кедейлер мен мұжықтарың —
Тоқашты төңіректеп жүр байғұстар...

ТОЙ БАСТАЛДЫ

ЬІбырайым Жайнақ ұлы той бастады,
Губернатор, ояздар ойқастады.
Қақанов, Қалығұл мен Төлембайлар,
Мұсақан, Қыразалы жолдастары.

Құмда мен Беларықты тамаша етті,
Сарала шеркеу жаққа үйлер тікті.
Қыз қуды, көкпар тартты, құстар салды,
Ат шауып, балуанды балуан жықты.

Көшемен көш жүргізді, жылқыны айдап,
Түйеге кілем жапқан аң ту байлап.
Жанаса көш-жөнекей қыз-бозбала,
Айтысты қазаң салты қатты айқайлап.

Келеді батырлар да көшті жанап,
Дүрбі алып ұлықтар тұр тамашалап.
«Жау шапты!» — Сол уақытта аттан салып,
Сонымен ту-талақай кетті тарап...

Артынан ақындарға кезек келді,
Жайнақов қайрап жатыр өжеттерді:
Ол келіп ортамызға «ұғып ал» деп,
Патшаның ата тегін сөйлеп берді.

Үш жүз жыл Романовтар тақта, деді,
Тұқымын, құдай, өзің сақта, деді.
Жиналған Жетісудың ақындары
Патшаңның қасиетін мақта, деді.

Ақындар бір боз үйде отыр бәрі,
Айнала өлең тыңдай жас пен кәрі.
Ішінде ең үлкені Жамбыл екен,
Сол бұрын мақтау керек патшаларды.

Атақты Арғынбай мен Бармақ ақын,
Шөкітай, Өмірзақтай жарма ақын.
Атақты Садық, Шарғы,
Жолдыбайлар,

Тағы да әлде неше тарлап ақын.
Қырғыздан Халық пенен
Оспанқұлдар,
Ішінде Сәрсендердей күлдіргіш бар.

Жамбылға жасы үлкен деп берді кезек.
Ақынның серкесіндей ұзын өзек.
Қаумалап алды халың айналаны,
Тартқанда домбырасын безеп - безеп.

Бір бөлек таңырқап тұр ұлықтар да,
Жіберді жыр бұлағын Жамбыл көсеп.
Ж а м б ы л:
Атам батыр Қарасай,

Ағам ақын Сүйімбай,
Петроград, Алматы
Бір жылдың жол арасы - ай.
Патшаның қуын қарашы - ай!

Өзі келмей істеткен
Айдалаға тамаша - ай.
Қазақ пенен қырғыздың
Табақ-табақ еті мен

Тойғызып жатыр сабасы - ай.
Өңшең ұлық өгіздей,
Біз бұзау мен танасы - ай.
Бай-манаптан басқаға

Бұл той отыр жараспай.
Бұқаралар бүрсеңдеп,
Ет асып жүр жанаспай.
Патшаның тойы бұл болса,

Жоқ-жітікке қараспай,
Неменесін мақтайын,
Ағзам патша адасты - ай!
Әлексей мен Мекалай,

Бәрін айтып тараспай,
Сүйек көрген төбеттей
Теңгесіне таласпай,
Шаппайтұғын болған соң,

Бекер босқа таң аспай.
Ертерек елге қайталық,
Жұртқа керек өлеңді
Ауылға барып айталық,

Жамбылдың мына сөзі болды қиып,
Тарқамай тұрған кезде думан - жиын,
Жамбылды халық мақтап, болыс боқтап,
Ақыры адалдықтан алды «сыйын».

Тік тұрып ұлықтардың төбе шашы,
Сықырлап қазақ үйдің босағасы,
Жамбылды жайлап келіп, айдап кетті,
Табылмай қой деп айтар арашашы.

Зәресі көп ақынның ұшып кетті,
Қолдағы домбырасы түсіп кетті.
«Николай! Алексей!» —деп шулай бердік,
Жаңғыртып ағаш үйді, жер мен көкті.

Ішінде сол айқайдың мен де бармын,
Құрғырдан құтылғанша ынтызармын.
Қорыққанның бір белгісі —
дауысым күшті,

Көтеріңкі әнменен жерді жардым.
Байтал түгіл бас сауға, быт-шыт болдық.
Тұрымтайдан тығылған шымшық болдық.
Жамбыл шалдан айрылып, әрқайсымыз

Бөденедей бүлкілдеп жым-жырт болдық.
Жәкеңді ел жиылып сұрап апты,
Кес-кестеп арашаға тұра қапты.
Жамбылдың ақындығы, батырлығы, —

Әйтпесе болар еді бір абақты...

ҰЛЫ ОКТЯБРЬ НҰРЬІ

Ұлықтар у жыландай елді шақты,
Талайды дарға асып, көзімше атты.
«Өлер бала молаға қашады» деп,
Ақырында ел соның өзін шапты.

Қызыл ер талқандады алтын тақты,
Езілген еңбекші елге нұр таң атты.
Ленин бастап, Большевик батыр шығып,
Жалпақ елге жалынды жыр таратты.

Жақсылық бірте-бірте жақындады,
Шақырып Алматыға ақындарды,
Жандосов, Бәрібаев — жас жігіттер
Қарсы алып, сөзімізді мақұлдады.

Еркіндік енді жырға тұлға деді,
Қызыл Ту, Орақ - Балға — туған елім.
«Ауыз аққа, ау атқа» еркін жетіп,
Көңілі кедейлердің тынған еді.

Жамбыл бар, баяғы ақын бәрі келді,
Көктем бейне көгертті сары белді; —
Бұрынғы ұлықтар жоқ, Жаңа басшы,
Жайдары жас жігіттер бәрі де енді.

Біз жаттық үй тіктіріп бақ астында,
Ақынның сонда білдік бағасын да.
Таспенен атқылайтын бұзықтар жоқ,
Жайладық өзен, бұлақ жағасын да.

Ағайын жұрттың бәрі, кішіпейіл,
Жүзінде көрінбейді ешбір зейіл.
Ақындар құрмет көріп жата бердік,
'Гамаша күні-түні құрып сейіл.

Ол кезде бір аталған қазақ, қырғыз,
Қозыдай жамырасып бірге жүрміз.
Жиналыс неше күндей болады деп,
Құлақты жақсылыққа түріп тұрмыз.

Ашылып ақырында күткен жиын,
Отырдық тамашалап бақыт үйін.
Тезірек кезегімді берсе екен деп,
Шабыты ақындардың ала - құйын.

Жас жігіт көпке қарай жүре келді,
Жымиып миығынан күле келді.
Жай бастап, бірте-бірте қыза сөйлеп,
Жүйріктей көсілді де, жүре берді.

Еріксіз еріп - балқып бар денеміз,
Лүпілдеп алып - ұшты жүрек енді.
Шекелі, өткір көзді, жауырынды,
Батпандап көтерердей ауырыңды.

Жас жігіт беделімен, сөзімен де
Барады елжіретіп бауырымды.
Әуелі түсіндірді большевикті,
Құттықтап, қол ұрғызды барша көпті.

Баршаға жарық сәуле Ленин деді,
Ленинді күн деп білдік сол себепті.
Қысқартып айтып тұрмын жалықтырмай
Қашама қараңғылық, жарық тұрмай?!

Жамбылға ондай сырды қойған емес,
Өзінің зерек, білгір жаны ұқтырмай.
Сөйледі Жәкең қырғыз, қазағына,
Көп бидің көнбедім деп мазағына...

Тойында ақ патшаның тарттым жаза,
Жазықсыз статья — «күнә», жаза.
Жамбыл және сөйледі,
Сөйлегенде бүй деді: —

Жетіл, Жамбыл, жетіл деп,
Ет жүрегім елпілдеп,
Көмекейім бүлкілдеп,
Енді қартың сөйлейді

Ескен желдей еркіндеп.
Қырғыз, қазақ еліне
Түгел барып, төркіндеп,
Кең Ресей жеріне

Кете берем біртіндеп...
Осылай ұзақ жырды бастап еді,
Біздерге сөз аяғын тастап еді.
Сол жиын неше күндей жыр толғатып,

Алатау биігінен асқан еді.
Қайтарда қағаз алып елімізге,
Қол қойып, совет мөрін басқан еді.
Ел-жұртқа білген сөзді біз айтқанда,

Ленин деп ел сауатын ашқан еді.
Шу, Қастек, Балқаш бойлап, Іле келіп,
Халықтың жырға қостық тілегенін,
Шау тартып қалған шығар деп жүр едім,

Жамбылдың сонда көрдім түлегенін.
Айтыста топтан мойны озып айтты,
Жырларын бір жетіге созып айтты,
Өтеген, Сұраншыны дастан қылып,

Халқының қаһармандық сөзін айтты.
Зар - мұңнан азат болған заманада
Қайнардың жаңа ашылған көзін айтты.
Қынаптан аң қылыштай суырылған

Ақынның өткір сөзді өзін айтты.
Патшаның жеті атасын жерге тығып
Елдегі бай, молданы езіп айтты.
Сабалап жалғыз атты, сарша - тамыз

Кезінде жер - дүниені кезіп айтты.

ҰЗЫНАҒАШТАҒЫ ӨСТЕПКЕ

Үкімет орнаған кез табан тіреп,
Кедейлер ұйымдасып қосты тілек.
Құлақ пен бай, манаптың жер-суына
Есеп боп, еңбек етті күшті білек.

Жарлы жұрт қолда барып ортаға сап,
Артельдер жерге ұрды кетпен күрек.
Аталған өстепке деп Бірінші май,
Тап жауын танып қалды жарлы-жақыбай.

Байлардың ақ үйлерін көшіріп кеп,
Жарлыға туғызатын думан жағдай.
Жыл сайын жүз үй тігіп қатар-қатар,
Төрінде жылқышы мен қойшы жатар.

Сол күндер әлі есімде бүгінгідей,
Шабыттың тағы еді сол думандатар.
Би-болыс ол күндерде жылқы бақты,
Қой сойып, қымыз тасып, бебеу қақты.

Ет асып, самауырға ағаш жарып,
Бәйбіше бәйек болып, отын жақты,
...Ортаға желбіретіп қызыл туды,
Қазақтар көше тартып тікті үйді.

Бұл тойды тәртіпті қып өткізуге
Жеті адам қолдан сайлап алдық «биді».
Мәскеу мен Түркістаннан уәкіл келді, —
Бірінші аэропланды көзім көрді.

Сондағы қайран қалған халықтағы
Жеткізіп айта алмаспын сезімдерді.
Соколов, Баскотский жарқын жүзді
Көктен түсе құшақтап бәрімізді,

Аспандияров, Қоджанов құттықтады
Мерекемен жасымыз, кәрімізді.
Тап сонда ревком боп сайланған — мен,
Ақ жүрек белсендіге айналған — мен,

Байлардың алты ақ үйін жылқысымен
Шулатып сойыс қойып айдаған — мен.
Тағы да ақындардың бәрін жиған,
Жел сөздің неше түрлі нәрін жиғам.

Басқаның бәрі келді, Жамбыл ата
Қалайша ат аяғын бұдан тыйған?..
Деу керек қой енді оған: «Құлдық,
құлдық!»...

Хабар тимей қалыпты, кейін білдік.

— Шал қайда? — деп Жандосов

сұрағанда,
Құдай ұрып, сөз таппай біз қысылдың.
Кеш болса да жібердік ат шаптырып,
«Алмай келме!» дедік біз қақсап тұрып.

Хабаршыдан шығыпты Жамбыл бұрын,
«Ұзын құлақ» жүйріктен жылдам жүріп.
Естен кетпес сондағы ұялғаным,
Тас төбеден біздерді құдай ұрып.

...Ат мініп келген Жамбыл
қатуланған.
Асығыс жолда неше асуды алған,

— Мен де ақын! — десе орыс милиция,

Кіргізбей Жамбыл тағы ашуланған.
Сол жерде Жамбыл тұрып айғай салған,
Өлеңін барлық үйде құлақ шалған.
Күллі ақын шуылдасып жатыр еді,

Жым болдық «сыбаға» алып бір-ақ шалдан.
Үкіметтік қонақтар шуылдасып,
Ентелеген Жамбылға есік ашып,
Кірген сәтте жіберді - ау қайран ақын,

Бұрқан-талқан өлеңге басып-басып.
...Жамбылға елдің бәрі қарап қалды,
Сақалын саусағымен тарап қалды.
Ақынның ащы даусы үдеген соң,

Ас пенен жай - жайына шарап қалды.

— Ау! Мен Жамбылмын, Жамбылмын,

Қара жолдай даңғылмын.
Күңіреніп күн-түні
Жалғыз қалып қаңғырдым.
Қатар - құрбы қадірлес,

Замандасты сағындым.
Қатаған мен Кедейбай —
Мақамдасты сағындым.
Көкте жүзген күміс күн,

Аппақ айды сағындым.
Қалдырмайтын тойынан
Ноғайбайды сағындым.
Кедейлерді жақтамай.

Байға қашан жағындым?!
Болысқа қашан бағындым?
Бой бермей жүріп оларға,
Бостандығым сағындым.

Күткен күнім туғандай,
Құрметім мен олжамнан
Не себепті қағылдым?!.,
Жас ақындар қасында,

Дудар шашың басында.
Сиыр баққан, тас өртеп,
Әкелеріңді білуші ем,
Оразбек пен Жұбаныш,

Торқалы тойға шақырмай
Мен сендерге нағылдым?!..
Жігіттерде әдеп жоқ,
Қыздарында сәлем жоқ,

Сондай ұл-қыз көргем жоқ.
Әйтеуір жас екем деп,
Көк қояндай секеңдеп,
Өзім айтып жүргем жоқ.

Ленин батыр большевик,
Келсе екен ден, аңсап ек.
Сол айтар деп күтіп ем,
Өзің тойды баста деп,

Үйретті ме сендерге,
Шал-кемпірді таста деп?!..
Ақындар бәрі шошып шуылдасты,
Мына шал сотталар деп дуылдасты.

Сырттағы қалың халық қаптап кетіп,
Әрең деп аптығы мен буын басты.
Еркебай ұстай алды домбырасын:

— Жамбыл - ау, бүйтіп кімді оңдырасың?!

Қой енді, далаға шық, деміңді ал,
Қарт адам қақсай берсең, болдырасың.
Жандосов қонақтарға мойын бұрып,
Орысша айтып жатты ұғындырып.

— Ал енді аристовный қылады! — деп,

Барлық ел қорқып қалды буыны құрып.
Жамбылды атпақ, түгіл, айдаған жоқ,
Артына екі қолын байлаған жоқ..
Ақындар әсіресе өсек қылып,

Жамбылға жақсылықты ойлаған жоқ.
...Таңертең елу қойды айдап кетті,.
Ат мініп, екі түйе байлап кетті.
Жамандаған Жамбылға көп мал берді,

Көп ақындар көре алмай арыз етті.
Көп ақын гуілдеді соны көріп,
Өкпелеп өкіметке қағаз беріп,
Күн-түні большевикті мақтасақ та,

Қалдық қой,— деді,— бекер тезек теріп.
Қырқысқан қыстақ - ауыл ақындары
Жамбылды жамандасып жатыр бәрі.
Ілияс Жансүгіров сонда отырып,

Өсекті қаңылтырдай жапырғаны.
Ж а н с ү г і р о в:
Қарғаның қарға көзін шоқымайды,
Өрмекші ауды бекер тоқымайды.

Олжаны Жамбыл алмай кім алады,
О бастан сүйген жарлы-жақыбайды.
Айтқанда жан тебіренді замандасын,
Төккендей білген адам көздің жасын.

Ақындар, ақсақалды сөз етпеңдер,
Ежелден үлкен жейді қойдың басын.
Өлеңге Жамбыл артық, әнге — Кенен,
Су жорға Үмбетәлі — қара дөнен.

Төреші басшыларға рақымет,
Жамбылға өкпелемей олжа берген.
Жамбылдың сүйсінді де ерлігіне,
Сый-құрмет тарту етті енді міне:

Жандосов, Бәрібаев үндеген жоқ,
Ойлашы, тарлығы ма, кеңдігі ме?..
Бұл сөзін Ілиястың ұғып алдық:
Ұққан соң төмен қарай бұғып қалдық:

Әйтеуір адал ақын енді қымбат,
Бәрібір ертең алдың, бүгін алдық...
Ендігі байлық - ырыс ел қолында,
Не жөн бар сұрап — тілеп сұғынарлық?

...Қонақтар қош айтысып қайтып кетті.
Құшақтасып, ырзалық айтып кетті.
Кененнің куәсі деп көктем заман
Жамбылдың жанын солай байытып кетті.

ЖАМБЫЛДЫҢ ТҮСІ

Сен барсаң, Жәкең кейде құрыстайтын,
Ондайда келмедің деп ұрыспайтын.
«Қонақтар асығыс»! — деп, шай қамдатып,
«Жолыңнан қалмағанды» дұрыстайтын.

Бір жылы жаз жайлауы — төске бардым.
Жәкеңе сәлем бере түсте бардым.
Бұл жолы көңілі бір көл-дария,
Жолы сол қозы жейтін қонақтардың.

Себебін кейіп білсек, түс көріпті,
Түсінде таңғажайып іс көріпті.
Ақынның өз аузымен айтуынша,
Көрген түс бір ғаламат күш беріпті.

Ж а м б ы л:
Түсімде күн қоныпты жерге дейді,
Жалыны жап шыдатпай елге дейді.
Жиналып жер жүзінің адамдары

Күнді қолмен ұстауға келген дейді.
Ұқпаған жан-жануар шуылдап жүр,
Аспанда құс қанаты суылдап жүр.
Шыдамай күн лебіне,

жан сауғалап,
Айдаһар көл - теңізден су ұрлап жүр.
Халық жүр ұстаймыз деп
Күнді айналып,

Құжынап құмырсқадай айқай салып,
Үйіме жапқан үзік қап-қара еді,
Жүгірдім сол үзікті жұлып алып.
Құшақтап үзігімді мен де айқайлап,

Қалың жұрт маған қарап тұрды абайлап.
Бас салдым бардым - дағы жалын күнді,
Ақырып бар дауысыммен Қарасайлап.
Ұстаған ұлы күнді үзікпенен,

Бола ма бұдан артың қызық деген!?
Жүгірдім үйге қарай көтеріп ап,
Балқыды қорғасындай қызып денем.
Таңырқап тұрған халық ерлігіме,

Бастады өз үйіме енді кіре!..
Төріме күнді әкеліп орнатып ем,
Ай қонды жайып қойған терлігіме.
Сондықтан күнге талас кеше кеште

Құдайы ажал жетті ақ серкешке.
Ет жеген шал-кемпірлер айта кетті,
«Жақсылық бар екен деп ерте,
кеш пе».

Біз айттық ақындық деп сүтпен біткен,
Әншейін түс емес деп өткен-кеткен,
Бар дедік ғылымда да түске кірмек —
Арманың,

аңсағаның көптен күткен.

1934 ЖЬІЛҒЫ СЛЕТ

Келіпті Алматыға Затаевич,
Қазақтан ән-күй жинап жүрген білгіш.
Бір мыңнан аса жазған нотасына
Сарыарқа, Орал жақта істеп жұмыс.

Халқымен ақылдасып Қазақстан
Жинаған өнерпазды әрбір тұстан.
Ақындар, әнші, күйші, артист, биші,
Оң мен сол, күнбатыс пен

күншығыстан.
Маңғыстау, Орал, Гурьев, Қызылорда,
Ақындар Ақтөбеден шықты жолға.
Көкшетау, Баянауыл, Қостанайдан

Келгеннің бәрі жүйрік, бәрі жорға.
Оңтүстік. Алатаудың айналасы,
Жетісудың кеп жатыр кәрі, жасы.
Жамбыл да жалғыз атпен сонда келді

Ішінде үш жүз ақын қариясы.
Мирзоян, Исаев пен Жүргеновтер
Дабылдап ақындарды ұсынды төр.
Сексеннен асқан ата Жамбылға да

Кез келді жақсылықтың ісін күтер.
Пенсия боп ықыластың алды келді,
Сауын, сойыс қажетке малды берді.
Сыйлықтардың сыйлығы деп айтарым:

Партия жыр бұлағы — шалды көрді.
Алысқа аты шыққан Жамбыл болды,
Қайда да оның жолы даңғыл болды.
Алатау биігінен шырқап ұшқан

Бақ құсы шаңырағына кәмбіл қонды.
Жәкеңмен бірге бардым астанаға,
Баяғы Жәкең маған бастап, аға, —
Төрт бөлдім түн ұйқымды бір вагонда,

Анадай көңіл бөлген жас балаға.
Жәкеңнің сонда айтқаны: «Кенен шырақ,
Білейін бір жөнімді сенен сұрап:
Бақыттың бақшасына шынымен-ақ,

Ұшыртып әкеле ме мынау пырақ?»
...Жайларды жұрт білетін бұдан әрі
Айта алмас келістіріп Кенен - дағы,
Москва, Кремльді, Мавзолейді

Жырлаған Жәкең өзі менен де әрі.
Жалғыз-ақ, осы жерге қосатыным:
Білмепті осыншалық озатынын. —
Сен қалай шықтың - ай? — деп

нұқитұғын
Үстінен Жамбыл деген өз атының.
Қуланып, өлеңімен құйылмалы
Сөйлесе жұрт езуі жиылмады:

Қонақ үй, асханада, машинада —
Қайда да қалжың сөзі тыйылмады.
Калинин оған орден таққан шақта
Халықтар құтты болсын айтқан шақта,

Шылдырмақ тағатұғын қыз болдым ба,
Одан да ақша берсе мақтаншаққа.
Бәріңе берер едім үлестіріп,
Екі есе аламын деп жыл өсіріп, —

Әй, бірақ, қағаз, күміс ақшалардай
Қалмайтын шығар деді бұл ескіріп.
Жас жандар шалдың сөзін көріп қызық.
Ақшаға сатыңыз деп бізге үзіп,

Қайраса, қайрап ақын домбырасын
Сабалап жөнелетін қатты қызып.
Есіктен Күләш рұқсат сұраушы еді,
Шал оған сығырайып қараушы еді.

Еркелеп атасына аяулы қыз
Сақалын шаштай созып - тараушы еді.
...Ол сапар ұмытылмас ешқашан да,
Шалдарды жер қойнына тастасаң да,

Арада аттай ғасыр мезгіл өтіп,
Бізден соң басқа дәуір бастасаң да.
Көрінді көп халықтан дос та сонда,
Үндемей өз үйімде осы күнде

Отырам сол күндермен бас қосам да.
Москва, қасиетіңнен айналайын,
Өлсем де мен сенімен қоштасам ба?!

ЖАМБЫЛ ТОЙЫ

Күнде той, күнде қызық Жамбыл ауылы,
Жаңғыртты ән менен күй Алатауды.
Тоқсанда торқа киіп, жорға мінді,
Партия мен үкімет алып қаулы.

Жамбылды тегіс білді жердің жүзі.
Әлемге үлгі болды айтқан сөзі.
Күнде бір асыл жырын елге оқытты
Сәулелі шам жарығы, күннің көзі.

Жамбылға он бес бөлме сарай бітті, —
Алтыннан төбесіне орай бітті...
Жантайып жатып кейде Жамбыл ата
Артықша келер таңнан арай күтті.

Жырының жетпіс бес жыл тойын тойлап,
Сол тойға жүз биеден желі байлап,
Саны жоқ ақ үйлерді қатар тігіп,
Бақ ішін ат шаптырым алдық жайлап.

Ел - елден одақтағы қонақ алдың,
Той жайлы жер жүзіне хабар салдың.
Тойынан он патшаның оныкі артық,
Бұл емес жай әншейін тасығандық.

Қазақтың өнерінің тойы дедік,
Керейдің көкке жеткен бойы дедік.
Қазақтың азат болған замандағы
Теңізден тереңірек ойы дедік.

Сол тойдың көрсетпеген қызығы жоқ;
Жалғыз-ақ жан біткенннің бұзығы жоқ.
Жандарал, пристав жоқ,
ақындар бар,

Сыйлыққа Кенен, Нартай — бәрі де тоқ.
Қалжыңмен қарт ақындар шалысады,
Тапқырлықпен жорғалық салысады.
Қонақтардың көзінше Жәкең, Дина

Қыз-жігіттей ұстасып алысады.
Жараспай ма онымыз, жараса ма —
Біз түсеміз қызығып «арашаға»
Сонда Жәкең айтқаны: қартайсақ та

Талмай жеткен екенбіз тамашаға...

СОЛ ТОЙДА ҚЫРҒЫЗ ЖЫРШЬІЛАРЫНЫҢ АЙТҚАНЫ:

X а л ы қ а қ ы н:
Бұғы сайлаған елден келдім,
Қошқар жұмқал жерден келдім.
Атасызды ұққанменен,

Алтын жүзік көрмеп едім,
Шертпегімді тағынып келдім.
Сірә болмаса қағылып келдім.
Қазақ пен қырғыз туысқан

Өмілдірік - құйысқан.
Кенехан мен Орманхан
Надандықтан ұрысқан.
Мынау жорға ат әкелдік,

Ер - тұрманын сап келдік.
Жамбыл ата, мініп ал,
Белге домбыра іліп ал.
Достық жолды біліп ал.

Тоқсанда торқа орандың,
Мәскеу барып нұр алдың.
Ақ қалпақты қырғыздың
Атынан сәлем жырладым.

Құтты болсын тойыңыз
Халық ініңнен қол алғын.
Ә л і м қ ұ л а қ ы н:
Ау, Жамбыл, алып атамыз.

Саяңызда жатамыз.
Тоқсанда топтан озғанға
Құтты болсын айтамыз.
Жамбыл ата-бабамыз

Біз де сізге баламыз.
Тоқтағұлдың атынан
Бұлғын ішік жабамыз.
Ақ қалпағын киіп ап,

Айнаменен қараңыз.
Бізді өзіңе санаңыз.
Сізден үлгі аламыз.
Қазақ,

қырғыз бауырлас,
Қатар жатқан ауылдас.
Бірге көшіп,
бір ішіп,

Бір ниетіңе ұйымдас.
Қызды беріп, қыз алып,
Құлай сүйсе қарындас,
Берекелі «бесбармақ»,

Аулымыздан айрылмас,
Киген киім кең етек,
Мінген аты бауырлас,
Ата Жамбыл, риза бол,

Топқа жырым асыл тас!

ЖАМБЫЛДЫ ҚОНАҚҚА ШАҚЫРУ

Қордай мен Красногор қатар жатқан,
Ол кезде қосылған жоқ әр тараптан.
«Жамбылды алып кел» деп екі аудан ел
Жұмсады сонда мені (емес мақтан).

Райком Степанов машинасын
Берген соң ерінейін енді несін.
Шофері қара жолмен бұрқыратып,
Болғанда жетіп бардық кіші бесін.

Жамбылға сәлемдесіп құрмет етіп,
Көрген соң алтын жүзін қолын тұтып,
Отар да шақыра кеп отыр екен,
Отарды алсақ дедік сөзбен ұтып.

Таластық үш ауданның адамдары,
Бәрінің таласқаны Жамбыл кәрі.
Жүргенде көк есекпен көрмеген шал,
Бұл күнде басқан ізі болды дәрі.

Дауластық жүгінісіп Жамбыл қартқа,
Шулаймыз жүре көр деп біздің жаққа,
Жәкеңді ертіп кетсек, сол мәртебе,
Отырмыз жетердей боп бір мұратқа.

Жан-жаққа Жамбыл ата қарап алды,
Сақалын салалап бір тарап алды. —
Барамын Қасқарауға Қордайдағы,
Мақұл де қалғандарың тарағанды.

Балалар, өкпелемей, елге барып,
Мен үшін бір тістеңдер қара нанды, —
Мақтанып Жәкеңді елге алып жүрдік.
Жолшыбай «Тік шырқауға» салып жүрдік.

Жолшыбай шалдың көзін ала беріп,
Шампанға мұрттың шетін малып жүрдік.
Тойы еді Ұлы Октябрь сол бір кезде,
Ақ жауын құйын тұрды алтын күзде.

Қордайдың кезеңінде алдымыздан
Ақ боран «сәлем» бере шықты бізге.
Қордайдың асуының сайтаны бар,
Аса алмай ақ бораннан қайтары бар.

Екі әйел ұрысқанда қарғыстары
«Мұзбелде мұздап ол» деп айтары бар.
Жамбылды қоршап алдық жауратпасқа,
Машина тіреліп тұр бір қой тасқа..

Жартыбай Сатышпенен дірілдеп тұр
Есендік - саулық тілен қара басқа!..
Екеуі ант ішеді бұл асудан
Екінші қадам:басып құламасқа.

Тұсында түтеген сол әбігердің
Жамбылдың бір ерлігін тағы көрдім.
Бір ауыз сөз айтпады тоңса - дағы,
Көрсетіп көсемдігін нағыз ердің.

Боранға қарсы келер қандай мықты,
Ондайда сақтаған жөн сабырлықты.
Дүлейге амал таппай тарыққанда,
Кенет бір алдымыздан дабыр шықты.

Жәкеңді қарсы алғалы шыққан екен,
Шанаға екі торы ат парлап жеккен.
Жүрерде Жамбыл айтты Жартыбайға:
«Қажет,— деп,— қайрат барда азап шеккен»...

Әзілін қосып айтты Сатышқа да,
«Тарыдай тар қазанда шикі бөккен». —
Машина,— деді,— өрге келді тартып,
Кененнің шөлмек - шыны,

затын артып.
Алдымнан ақ бораным қарсы алғанда,
Боп шықты бәрінен де атым артық.
...Хатшысы райкомның үйінде екен,

Үйінде бізді күткен жиында екен.
Алды да суық қолын сығып - сығып,
Қолға алды домбыраны біздің Жәкең...
Ж а м б ы л

Атақты Қордай, Сұлутөр,
Жайсаң жайлау,
қоңыр жел.
Ұлы Октябрь нұр құйып,

Ие болды еңбекші ел.
Ленин көсем жеткізді,
Ақ алтынды төккізді,
Мал-бастары өркендеп,

Түрлі астық еккізді.
Жарымай жүрген жалпыға
Жау басынан тепкізді.
Еңіреп жүрген кедейді

Қозыдай сүтке бөккізді.
Жасасын Ұлы Октябрь,
Көңілден қайғы кеткізді...
Аптадан кейін ақын қайтып кетті,

Халыққа рахмет айтып кетті.
Ат мінді, шапан жапты колхозшылар,
Бұл елге өмірінде үш-төрт кепті.
Еліне қайта апардым Жамбыл қартты

Сыйлады елі - дағы мені қатты.
Кененнің әнін тыңдап қайтамыз деп,
Екейде ел ағылып келіп жатты.

КӨРКЕМЖАН ТУҒАНДА

Отыр едім үй алды төбесінде,
Ән-күйдің мініп алып кемесіне.
Жарқ етіп Жамбыл өзі келіп қалды,
Болсашы келет деген тегі есімде!

Қарсы алдым сәлемдесіп, құшақтасып,
Қуанып «Киров» колхоз дабырласып.
Ауылдың ақсақалы, басшысы да
Шулады Жамбыл, Жамбыл,

Жамбылдасып!..
Үйіме Жамбыл келіп кеште түсті,
Ұмытпасам, дәл сағат бесте түсті.
Әуелі соны айтайын: шал келгенде

Баяғы бір әңгіме еске түсті.
Кез болғам Алматыда Жамбыл шалға,
Өлген жыл Базар, Назар... Амал бар ма!
Ішінде мал базардың бір топ адам

Құлақ сап отыр екен ақын салға.
Ақын сал ат, құнанға баға беріп,
Сәудегер сұйықтардан әбден жеріп,
Кеткелі отыр екен... жарқ еткені

Қайғыдан жүдеу тартқан мені көріп.
Ж а м б ы л:
Өзіңнің мойның қылқиып,
Атыңның бұты тыртиып,

Әжептәуір жігіт ең,
Қалған ба саған тіл тиіп?!
Ер жігіт десем, ез құсап,
Мойып қапсың сылқиып.

Қой, ойлама уайым,
Туарыңды ұрайын,
Тағы да табар жұбайың,
Түбін берсін құдайым.

...Өкпелеп қалып едім тымырайып,
Жамбылға, бұл несі деп қыңырайып.

— Дос жылатып айтады, қас күлдіріп, —

Деді Жамбыл,— саған нар қомы ылайық.
Сөйткен шал енді келді өркен жалғап,
Көрімдік беремін деп Көркемжанға.
Айнала үй іргесін түріп тастап,

Ел толған көзім салып көрсем маңға.
Ж а м б ы л:
Кененім, келіп қалдым қуанған соң, —
Тұйғының үйрек - қаз бен қу алған соң.

Келінжан,
бата берем,
қолыңды жай,
Құдайдан өлгеніңе құп алған соң:

Құтты болсын Көркемің,
Өсе берсін өркенің,
Кененнен тудым дейтіндей
Ұлы болсын өлкенің!

Жігіт болып жеткенше,
Бетін қақпа еркенің,
Өзі болсын өскенде
Қой бастайтын серкенің!

Ғашық етсін қыздарын
Қордай, Шу мен Меркенің.
Құрметіне сәбидің
Елім берді домбыра,

Екі күндей шертемін!
Өлең сөзге Кененді
Қызық тойда қыздырып,
Қаз дауысын сыздырып,

Өз соңымнан ертемін.
Әлі тойды бастаймын,
Аман болса,
балалар,

Бүгінім мен ертеңім!»
Айтқанындай екі күн тойды ұзарттым,
Жинап алып барлығын жас пен қарттың,
Ат-шапан оз алдына... сонда атаға

Өлеңмен жүрегімді сыйға тарттым!

ЖАМБЫЛ ЖАТЫП ҚАЛҒАНДА

Жамбылдың жасы жүзге тақалған-ды,
Мезгілден қарттығы да «ақы алған-ды» —
Қарттыққа екі беттен етті беріп,
Мұрты мең селдіреген сақал қалды.

Жамбылдың жатып қалған мынау жайы,
Жүректің жұқарған соң ылди - сайы,
Отанды отты соғыс жайлағанда,
Ақынның соған кеткен Алғадайы.

Алғадай неше дүркін жауға шапқан,
Ерлікпен көзге түскен қалың топтан.
Ақыры, кескілескен бір айқаста
Ақынның қайрап ұлы қаза тапқан.

Зіл батпан шаңырақ пен керегеңді
Басса да, көңіл айтпақ керек енді.
Үкіметтің үлкен-үлкен өкіліне
Мұқтар, Сәбит, Ғалилар ере келді.

Баласының қайғысы қатты батқан,
Нәр татпай, бір тіл қатпай ақын жатқан.
«Ескі дос, тілін тапса сол табады,
Кененді алдырсақ» деп ақылдасқан.

Шілденің күні жанған оттай ыстық,
Асығыс біздің үйден бір шай іштік,
Сәбитжан мініп келген машинамен
Екеуміз елден шыға құстай ұштық.

Ие дерге білмей келем асып-сасып,
Сәбитпен алдым біраз ақылдасып.
Келеміз ақыл айтып қырсықтырмай,
Өзіне шағынуды мақұлдасып.

Бұл бізді сынға салар бір іс дедік,
Жамбылды сақтап қалсақ, ырыс дедік.
Ақылға өз аузынан сөз сұранып,
Ескіше егілгенді дұрыс дедік.

Қиялап Басбатырдың өрімінен,
Дегерес, Қозыбасы беліменен.
Киікті күмбезінен Шиен асып,
Таң ата зорға жетіп келді Кенен.

Көрістік бауырым-ай деп шуылдасып,
Тезекбай, Сатыштармен құшақтасып.
Бой бермей үйдің ішін кернеп кетті,
Халықтың кәрі-жасы дуылдасып.

Төсекте Жамбыл жатыр теріс қарап,
Екі-үш күн тамақ татпай аттай жарап.
Келгендер Кенен сөзін естиміз деп
Аумақты үйге сыймай алды қамап.

К е н е н:
Ау, Шәке, көпті көрген батырымсың,
Қайғырып Алғадайға жатырмысың?!
Пендеге бұл жалғанда өлім рас,

Тағдырдың сөгесіз бе қылған ісін.
Кім күшті, тәңірім күшті, тағдыр күшті,
Жүзге дейін көрдіңіз талай істі.
Миуалы бақ ішінде дарақы едің,

Бір жемісің жел соғып жерге түсті.
Сен тұрмасаң, береке бізден қашты,
Түгесіп те бітірдік көзден жасты.
Қарасай бабаң шейіт емес пе еді,

Атаң батыр Шапырашты, көтер
басты!
Басыңда бағың түгел, елің аман,
Құдайға қарсылығың жарамас-ты.

Бұл жатқан төсегіңнен сен тұрмасаң,
Жүректі жазылмастай жара басты...
Көтерді басын сонда төгіп жасын.
Зорға отыр қалтақтап.

Жұрты жатыр аруақтан.
Келіні Күлән кезден жас бұлады:
«Ас адамның арқауы» — деп сұрады.

— Жәкең тамақ ішті! — деп Сәбит сонда,

Телефонның құлағын көп бұрады.
Сонда қайта сөйледім,
Сөйлегенде бүй дедім:

— Ассалаумағалейкүм, Жамбыл ата,

Атағың жер жүзіне даңғыл ата.
Мен келдім өтінгелі Қасқараудан,
Жұртыңды жұбатқандай қам қыл, ата!
Алғадайдың артында Қуанышы бар ,—

Артында өз көзіндей алтын сақа.
Бұл сөзді мен айтпасам кім айтады,
Бастап-ақ езіңізден алған бата.
Үкімет бізге нұрды жауғызып тұр,

Атыңды барша адамға жайғызып тұр.
Мәскеуден тамақ, киім, түрлі заттар,
Поезбен керегіңді алғызып тұр.
Сойысқа колхоз, совхоз мал жеткізіп,

Қымызға тоғыз бие сауғызып тұр.
Сәулетті он бес үйге он бес кілем,
Жиһаздың бәрін төсеп салғызып тұр.
Сол үйдің айналасын бау-бақшалы

Қырық түрлі жеміске малғызып тұр.
Талайдың жампозы өлді, қай біріне
Сәбитті көңіл айта барғызып тұр...
Тойлайтын жеңіс туын желбіретіп,

Уа, Жәке, алдымызда бар қызық тұр.
Мінсе деп көк машина жұлқынып тұр.
Мінсе деп күрең жорға сілкініп тұр.
Алғадай Отан қорғап құрбан болды, —

Отанның көңілі үшін орныңнан тұр!..
Орнынан осыдан соң тұрды қартың,
Біздерге көп айтпады сырды қартың.

— Алғадай, Алғадайлап! — ертелі-кеш,

Сенделіп бақ ішінде жүрді қартың.
Жүз де жетті, жүрек те солғын соқты,
Бірте - бірте тоқтатты жырды қартың.
Көнерген көздерінен оқыдық біз

Тоқсан жыл тоқтамаған жырдың артын.

СОҢҒЫ СӨЗ

Жамбылды өлді деуге ауыз бармас,
Сұм ажал көрнеу келіп, бауыздамас.
Туған соң топыраққа қайтады әркім,
Қара жер қайсымызбен ауызданбас.

Адамға аз жас емес жүз жыл деген,
Қуармыз басқан ізді білдірмеген.
Өлмесе ата-баба қайда кетті,
Мәңгіге ешкім тегі бір жүрмеген.

Жүз жасқа Жамбыл ата келіп кетті,
Жеңісін Ұлы Отанның көріп кетті.
Сүйінші сұрағанда қуанғаннан,
Көзінің жасы майдай еріп кетті.

Былдырлап төсегінде жас баладай
Өлеңмен өз батасын беріп кетті.
Артынша ұзамай-ақ алып ақын
Төстіктей қазған көрге еніп кетті.

Арғы той ұлан-асыр қайран ақын
Қазаққа көп дос тауып беріп кетті.
...Жамбылдың ауылынан қол үзгем жоқ,
Жылына екі-үш барсам көңілге тоқ.

Күмбезі күмбірлеп тұр өзі құсап,
Кененжан, ән шырқашы дегендей боп.
Бармасам боп тұрады көңіл күпті,
Қалайша ұмытармын жолдастықты?!

Қаладан, даладан да қайран жұрты
Қия өтпей барып тұрат түпкілікті.
Жолдасқа бір күн болған қырық сәлем,
Бұл сөзді текке айтқан жоқ ата-бабам.

Тұрсам да, жүрсем - дағы елді аралап,
Жамбылды күні-түні ауызға алам.
Ақыры мұнша ұзақ өлең жаздым,
Олқысы болса айыпқа бұйырмаңдар.

Демеймін аса күшті, терең жаздым.
Селкілдеп қолымдағы кәрі қалам,
Сексеннің бесеуінде әрең жаздым.

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙