TELEGEI

Home

Тарих – күрес алаңы. Мақалалар, сұхбаттар

Мәмбет Қойгелдиев

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Тарих – күрес алаңы. Мақалалар, сұхбаттар

Кітапта еліміздің өтпелі кезең арнасында жарық көрген ғылыми мақалалар, сұхбаттар және ресми орындарға жолданған хаттар топтастырылды. Тарих ғылымының қуатты күшке айналып, жаңа өріс алуы жағдайында даярланған бұл еңбектер отандық тарихтың түрлі тақырыптарын қамтиды. Кітап қоғамтанушы ғалымдарға,...

Мәмбет Қойгелдиев. Тарих – күрес алаңы. Мақалалар, сұхбаттар

АВТОРДАН

Отандық тарихнама дербес ғылым саласы ретінде советтік кезеңде қалыптасты. Қазақ тарихын зерттеу, оны бір жүйеге түсіруде, әрине, асыра бағалау мүмкін емес жұмыстар атқарылды. Қазіргі уақытта белсенді қызметте жүрген тарихшы-мамандар да сол қоғамның өнімі. Бұл тарихи факт. Сонымен бірге, кеңестік дәуірде жазылған тарих - сол қоғамға тән методологиялық көзқарас тұрғысынан жазылған тарих еді. Соңғы ширек ғасырдан артық мезгілде ол теориялық-методологиялық тұрғыдан да, сондай-ақ фактілік негіз тұрғысынан да түбегейлі өзгерістерге ұшырады. Басқаша айтқанда тарихшы ғалымдарға отан тарихының біраз беттерін қайта қарап, жаңа көзқарас тұрғысынан қорытуға тура келді. Бұл толық табиғи құбылыс болатын. Міне, бұл жағдайдың тарих саласында жүрген жеке зерттеушілердің де ұстанымына әсер етпеуі, әрине, мүмкін емес. Бұл кезеңнің тағы бір ерекшелігі тарих өлкесіне арнайы кәсіби даярлығы жоқ, басқаша айтқанда тарихты сүйетіндер де ат басын бұрды. Бұл жағдай, әрине, түрлі дәреже деңгейде өткен айтыс-тартыстарды тудырмай қоймады. Оқырманға ұсынылып отырған жинақта топтастырылған мақалалар, сұхбаттар мен хаттар отан тарихы үшін өзгерістер кезеңі болған осы мезгілде өмірге келген дүниелер еді деп айтуға болады. Сондықтан да бұл материалдарда сол орта мен уақыттың табы бар. Өмір деген – күрес. Ал ол күрестен тарихшылар кете ала ма? Кете алмайды. Тарихшы күрескер болуы керек. Әсіресе, біздің жағдайымызда. Біз – жаңа тұрпаттағы мемлекеттілік құрып жатқан халықпыз. Олай болса, жаңа тұрпаттағы мемлекеттілік құрып жатқан ұлттың тарихшылары белсенді, күрескер болғаны жөн! Бұл – өмірдің талабы.

1-тарау. МАҚАЛАЛАР

ҚАЗДАУЫСТЫ ҚАЗЫБЕК БИДІҢ ГЕНЕРАЛ-ГУБЕРНАТОР И.И. НЕПЛЮЕВКЕ ЖАЗҒАН ХАТТАРЫ

(Хаттың түпнұсқасы мұрағаттан алынып, алғаш рет жарияланып отыр)

БІРІНШІ ХАТ

«Иана биз Казубек биден инаралға суз будур: иети хан, куп туре, иурут бару бизларниң уштумизга килалар. Сузлашамиз, кингаш қиламиз тиб айталар. Имри бу Дукан батурга илчи кошуб илдам кайтаруб ибаргайсыз. Ол ханларның, тураларның, иурутның... кингашин, сузларин сиз инаралға Дукан қолуна хат беруб хизматунизға биз ибарурмиз. Бу Дукан батур падишаһ хизматун қиламыз тиб ики чуға чипкан бирмак болуп, ики ат алыб минди. Иана игрми табак, қағаз биргайсиз. Иана биз қара кисек Казубек биден салам. Орунбор башлығы инаралға сузумиз будур: бизга бир қара тулки ибаргайсиз. Дукан батур қолуна беруп ибаргайсиз. Иана бу Дукан батурға душманлар иаманлиқ қуңлу бардур. Инарал бу Дукан батурның сақлардай ғақл табгайсиз. Аниң учун подишаһның сузларин Дукан батур яғшы айтадур. Кашлар сузин бу Дукан батур яғшы айтадур. Аниң учун бу Дукан батурның башын душманлардан сақулағудай бир яғшы ғақл табгайсиз3».

Қазіргі қазақ тіліндегі аудармасы: «Және біз, Қазыбек биден, генералға сөз бұл: жеті хан, көп төре, жұрт болып біздің үстімізге келмек. Пікір алысып, кеңес құрмақ. Енді мына Төкен батырға елші қосып тезірек қайтарып жібергейсіз. Хан, төре, жұрттың айтқан пікірін, жасаған шешімін сізге, генералға, Төкен батырдан хат арқылы жеткізерміз. Бұл Төкен батыр патшаға қызмет етемін деп екі шұға шекпен бермек болып екі aт алып мінді. Және одан жиырма табақ қағаз беріп жібергейсіз. Және біз қара кесек Қазыбек биден дұғай сәлем! Орынбор бастығы генералға сөзіміз бұл: бізге бір қара түлкі жібергейсіз. Төкен батырдың қолына беріп жіберіңіз. Және бұ Төкен батырға дұшпандар жамандық жасамақ ойда. Сондықтан да генерал, бұ Төкен батырды аман сақтауға бір ақыл тапқайсыз. Өйткені Төкен батыр патша сөзін бізге, біздің сөзімізді сіздерге жақсы жеткізіп жүр. Сол себепті Төкен батырдың басын дұшпандардан сақтайтындай бір жақсы ақыл тапсаңыз екен».

ЕКІНШІ ХАТ

«Биз қара кесек Қазубек би улуғ падишаһға баш... Иана Орунбор башлыгы инаралга салам сузумиз будур: Бизлар падишаһның хизматиндамыз. Падишаһның душманина душманмыз, дустина дустимиз. Бизларниң бурунги антимиз антдур, сузумиз бирдур. Иана сиз инаралниң билтур Дукан батурға берип ибарған хатуңиз бирла сиуңыз қолумизга килуб muдu. Бизлар яғшы күш курдук. Бизлар бу заманда ишутамиз, жонғар қалмақ Қалдан Чирин хан падишаһ иуртуна иаманлик қиладур тиб. Узумиз куз бирла курғанмиз иукдур. Иана... лау Ғабдулкарим бек игрми сан к... Ташкент қала устуна килди. Қалдан хан қалмақ иурту бирла уруш қилди тиб иатадур. Андан башка узгариш ишутмаймиз. Һар иурутлардан ишутсак сизларға хабар қилармыз. Хатни Дукан батурга бирдук.»6

Қазіргі қазақ тіліндегі аудармасы «Біз, қаракесек Қазыбек би, ұлы патшаға бас (идік). Және Орынбор бастығы генералға сәлем сөзіміз бұ: Біз патшаның қызметіндеміз. Патшаның дұшпанына дұшпан, досына доспыз. Біздің бұрынғы антымыз ант, сөзіміз бір. Және сіз (дің), генералдың, былтыр Төкен батырдан беріп жіберген хатыңыз бен сыйлығыңыз қолымызға келіп тиді. Біз жақсы, хош көрдік. Біз бұл заманда жоңғар қалмақ Қалдан Серен хан патша жұртына жамандық жасап жүр деп есітеміз. Өзіміз көзімізбен көргеніміз жоқ. Және... лау Ғабдулкарим бек жиырма сан к... Ташкент қаласының үстіне келді. Қалдан ханның қалмақ жұрты мен ұрысты деп айтады. Одан басқа жаңалық есіткеміз жоқ. Әртүрлі жұрттан жаңалық есітсек, сіздерге хабар қылармыз. Хатты Төкен батырға бердік». Ірі саяси оқиғаларға толы XVІІІ ғасырдағы қазақ қоғамында өзара және басқа жұртпен хат арқылы пікір алысу, түрлі байланыстар жасау мәдениеті сол заманға лайық деңгейде дамыған. Қазақ елінің қоғамдық тіршілігін ұйымдастырушы, басқарушы міндетін атқарған хандар, билер, батырлар Ресей губернаторларымен, Орта Азия хан, бектерімен, Жоңғар қонтайшыларымен жер және түрлі саяси мәселелерге байланысты ылғи да хат алысып тұрған. Осы мақсатта олар арнайы хатшы ұстаған. Хатшы міндетін татар, Бұхар, Хиуа, сондай-ақ қазақ қоғамының өзінен шыққан, араб жазуынан сауаты бар адамдар атқарған. Жазылған хатты белгілі бір кісіге жеткізу міндеті негізінен батырларға жүктелген. Бұл арада батыр жай хат тасушы ғана емес, хатта айтылмаған көптеген жәйттерді түсіндіріп жеткізуші, басқаша айтқанда, елші де болған. Мәселен, орыс әкімшілігі мен қазақ билеушілері арасындағы байланыста осындай міндетті Хангелді, Сатай Бөгенбай, Жәнібек, сияқты белгілі ірі қайраткер батырлар атқарған. XVІІІ ғасырға тән архивтік құжаттармен таныса отырып, бұл пікірдің дұрыстығына көз жеткізу қиын емес. Қазақ елінің тарихи жадынан құрметті орын алып, кезінде үлкен елшілік, билік қызметімен танылған Келдібек ұлы Қазыбек би негізінен шешендік өнерінің аса көрнекті өкілі ретінде белгілі. «Өнер алды қызыл тіл» деп түсінген ортада Қазыбек бидің сөз өнерін ғажап меңгерген ұлы шешен болғандығы даусыз. Бірақ, мәселенің түп төркініне келер болсақ, шешендік өнері бидің негізгі үздік қыры емес-тін. Қиын-қыстау заманда бар өмірін өз халқының еркіндігі мен теңдігіне арнаған қайраткердің өмір жолын тек шешендік өнерімен шектеу ғылыми әділеттілік болмас еді. Шешендік өнері оның үлкен қоғамдық-саяси қызметіндегі қуатты құралы ғана болатын. Тура осы ойды Қазыбектің Төле би, Әйтеке би сияқты басқа да белгілі замандастарының өмір жолына байланысты айтуға болады. Олардың күресте өткен өмірінен хабар беретін тарихи деректер мәселеге осы тұрғыдан қарауға итермелейді. Орынбор облыстық архивіндегі губерниялық канцелярия қорында сақталып, біздің заманымызға жеткен Қазыбек бидің Орынбор генерал-губернаторы И. И. Неплюевке жолдаған екі хаты бұл пікірді растай түседі.1 Өткеннен жеткен куәлік құжаттарды талдап түсінудің өз ерекшеліктері бар. Солардың бірі – әрбір құжат тек сол тарихи кезеңнің және ортаның қоғамдық және рухани болмысының құрамды бөлігі ретінде, яғни солармен тығыз байланыста қаралуға тиіс. Өйткені Гегель дәл басып көрсеткендей, әрбір тарихи дәуірдің өз бітім-болмысы бар, демек оның уақыт және өмір, еркіндік пен әділеттілік туралы өз ұғым-түсінігі болуы заңды. Міне, осыны есепке алмайынша біз тарихи құжатты тура түсінбей, тіптен оған бүгінгі түсінік, өлшемдерімізбен ғана қарап, қате тұжырымдарға ұрынуымыз ықтимал. Біз әңгіме етіп отырған Қазыбек бидің екі хаты да – осындай талап тұрғысынан талдауды қажет ететін құжаттар. Сарғыш тартқан жай қағазға араб қарпімен жазылған хаттар сол кездегі Орынбор канцеляриясында қалыптасқан тәртіп бойынша орысшаға аударылған. Екі хаттың алғашқысын орыс тіліне аударған Емағұл (мүмкін Смағұл – М. Қ) Гуляев. Ал екіншісінің соңында аудармашының аты-жөні жоқ тек «перевел переводчик» деп қана қойылған. Жазу мәнеріне қарағанда екеуін де бір адам аударғаны байқалады. Орысша текстердің сапасы аудармашының қазақ тілін жетік білгендігін көрсетеді. Реті бойынша папкаға бірінші тігіліп, бетінің жоғарғы шетіне «112» «112 об» деген нөмірлер қойылған бірінші хаттың орысша аудармасы «От него же Казбек бия» деген сөйлемнен басталады. Хаттың Орынбор канцеляриясына жеткен уақыты туралы ешқандай белгі жоқ. Тек екінші хаттың тексі арқылы оның соңғысынан шамамен бір жыл бұрын жазылғандығын ажыратуға болады. Екінші хаттың бетіне «113 об» деген рет нөмірі қойылып, одан төмен хатқа мынадай қысқаша түсінік берілген: «Перевод с татарского письма, которое прислано от Казыбек бия, полученного от Тюкеня Балтачева июня 13 дня 1745 году в Оренбурге. В нем же по переводу значит ниже сего2». 1745 жылы қазақ қоғамы «Ақтабан шұбырындының» (1723) зардабынан біржола арыла қойған жоқ еді. Жау әлі де қуатты, ал елде саяси тұтастық жоқ, оның үстіне Жетісудан Ташкентке дейінгі аралық Жоңғар хандығына қарайтын. Міне, осындай ауыр ішкі және сыртқы жағдайда Ресей өкімет орындарымен саяси байланыстың мәні үлкен болды. Сол кезеңге тән архивтік материалдар қазақ хандары мен сұлтандарының, Төле, Қазыбек сияқты билердің, Бөгенбай, Қабанбай, Малайсары сиякты батырлардың орыс әкімшілігімен қатынаста белсенділік танытып, тұрақты байланыста болуға тырысқандығын көрсетеді. Қазыбек бидің Орынбор әкімшілігіне жолдаған екі хатының екеуі де елдің саяси өміріне тікелей қатысты келелі мәселерге байланысты жазылған. Бірінші хатта Қазыбек би Орынборға елде өткелі жатқан жиын туралы хабар береді. Сондай-ақ бұл жиын қатардағы емес жеті хан сұлтан, төре және басқа ел билеушілер бас қосып, толғағы жеткен ішкі және сыртқы саяси жағдайларды талдауға, солар бойынша тиесілі шешім қабылдауға шақырылған үлкен кеңес. Біздің түсінігімізше бидің бұл оқиға туралы Орынборға хабар берудегі түпкі мақсаты орыс әкімшілігіне елдегі болып жатқан іргелі жаңалықтарды, соңынан кеңестің негізгі шешімдері туралы баяндап қана қоймай, сол арқылы мүмкін болса, жоңғар шапқыншылығына қарсы Ресейдің қолдауын алу. Хатта «Төкен батырға елші қосып» қайтарыңыз деуі соны аңғартса керек. Сонымен бірге би Орынбор мен екі арадағы жылы қатынасты жаратпайтындардың бар екенін ескертіп, генералдан қызметте жүрген Төкен (Дүкен болуы да мүмкін хаттың түпнұсқасында «Дукан» деп жазылған-ред.) батырдың қауіпсіздігін қамтамасыз етерлік шара қолдануын өтінеді. Хаттың тілі сол тарихи кезеңге дейін қолжазба еңбектерде, іс қағаздарында қолданылып келген ортағасырлық түркі жазба тіліне жақын. Бұл жағдай XVІІІ ғасырдағы қазақ қоғамында ортағасырлық жазба мәдениетінің одан ары өз жалғасын тапқандығының көрінісі. Бидің Орынбор канцеляриясынан жиырма табақ қағаз сұрауы да соны айғақтай түседі. Оқырманның өткеннен жатқан бағалы деректік материалдармен түпнұсқа арқылы танысуды қалайтындығын ескере отырып, алдымен хаттың тексін өзгеріссіз күйінде беріп соңынан қазіргі қазақ тіліне аударылған нұсқасын келтіруді жөн көрдік. Екі жарым ғасырға жуық уақыт бұрын жазылған хаттың жақсы сақталғанына қарамастан, әріптердің өшіңкіреп қалуына байланысты оның қайсы бір сөздерін оқу қиындау болғандығын айта кетуді қажет деп санаймыз. 1745 жылы жазылған екінші хат қазақ жоңғар қатынасының тағы да ширыға түсуіне байланысты елдің күпті көңілінен хабар бергендей. Қысқаша айтқанда, жағдай мынадай еді. 1744 жылдың күзінде Ташкент Қалдан Серен билігінен Орта Азиялық Абдулкарим бектің қолына өтеді4. Оның үстіне 1744 және 1745 жылдардың аралығында Ұлы жүздің Қойгелді, Тоқсанбай, Мәлік, Кетен сияқты батыр-билері бастаған көтерілісшілер Қалдан Сереннің Шымкент жанында орда тіккен өкілі Баршаханды, оның көмекшісі Саңғалды өлтіреді. Қазақстандағы іргесі шайқала бастаған билігін қалпына келтіру мақсатында Қалдан Серен қанды жорыққа даярлана бастайды. Бұл жағдай қазақ қоғамында үлкен қобалжулық туғызып, белгілі дәрежеде билеуші топтарды Ресеймен арадағы достық қатынасты нығайта түсуге итермелейді. Сонымен бірге бұл кезең өз кезегінде Ресей мен Жоңғар хандығы арасындағы территориялық даудың жалғаса түскен, оған қосымша ойрат қолдарының батыс Сібірдегі орыс бекіністеріне ауық-ауық жасап отырған шабуылдарының нәтижесінде екі мемлекеттің арасында қырғиқабақ қатынастардың орын алған кезі еді. Қазыбек бидің хатында осы айтылған саяси жағдайдың қысқа болғанымен, айтарлықтай анық көрініс тапқандығын аңғару қиын емес. Хаттың негізгі өзекті тақырыбы Қазақстанның оңтүстігіндегі саяси жағдай, соған байланысты қазақ қоғамы мен Ресейдің ара қатынасы. Хатта ірі саяси қайраткердің екі елдің ара қатынасына байланысты ұстанған позициясында екі жақтылық жоқ, қайта ол өзара қатынастың маңызын және болашағын терең түсінген, мемлекетаралық дипломатиялық байланыстың сырларынан хабардар тәжірибелі адамның сыңайын танытады. Бұл арада арнайы сөз етуге лайық бір жай бар. Ол Қазыбек бидің қоғамдық қызметін тереңірек түсінуге көмектесетін бұл өте сирек кездесетін құжаттың халық арасында сақталып келген деректік материалдардан алшақ емес, қайта олардың бірін-бірі өте орынды толықтыра түсетіндігі. Мәселен, халық арасында ауызекі және жазба түрінде сақталып келген деректер Қазыбек бидің қазақ жоңғар қатынасында да белсенді рөл атқарып, жоңғар хандығына елшілік сапармен барып қайтқандығын айтады. Біз қарастырып отырған және одан бұрынғы тарихи кезеңдерде қазақ қоғамында елшілік қызметі негізінен билердің үлесіне тиген. Қазанғап ақынның «Төле бидің тарихы» атты жырында аса маңызды дерек бар. Онда бір қақтығыстан кейін тұтқын дауымен қалмаққа елші жіберу құйрығы күшті ме?» деп сұраумен қайырылғанда жас жағынан үлкен Төле би: «Шырағым Қазыбек, жол қажеттілігі туады. Бұл сапарға кім аттанады дегенде хан тағы жанында Билер Кеңесін құрған үш бидің үшеуі де ыңғай білдіреді. Сонда біреу Қазыбек биге «айтыңызшы арғымақтың басы күшті ме, жоқ белі күшті ме, жоқ бастауға аттың омырауы күшті, бірақ белі қызметті көп істейді, рұқсат сізге7 – деп жол береді. Қасына Қожабақтың ұлдары Қылыш пен Балта батырларды ертіп барған бұл сапарында ол тұтқын, жер дауына байланысты көп іс тындырып қайтады. Ол туралы жырда «Қазыбек енді еліне жөнеледі, жиып ап жетім-жесір, не ерлерді. Сіздер де жоғыңды ал деп, ертіп келіп, қалмақтың жоғын тауып бұл да берді8» – делінеді. Қазыбектің шешендік өнері қалмақ ханына үлкен әсер еткен. Қас батырды көргенде жау көңіліне қызғаныш ұялаған. Осы сапарда қалмақтар бидің жанындағы сіркелінің батырлары Қылыш пен Балтаның үзеңгісіне у жағып жіберіп, елге келген соң Қылыш өліп, Балта аман қалады. Қазанғап ақын арқылы бізге жеткен Әбдірейім шежіресі бойынша Тәшкенге таяу маңда Қылыштың қыры, Балтаның көлі деген жер аттары болған9. Қазыбектің өзін де жырда аракідік Ер Қазыбек атайды. Бидің ер атануы осындай қауіпті сапарға байланысты екендігі анық.

-----------1.Орынбор облыстық архивы. 3-қ, 1-т. 8-іс, 112, 112 об, 113, 113 об. 114,114 об. беттер.

2.Сонда, 113-113 об. беттер.
3.Сонда, 112-бет.
4.Сонда, 38-бет

5.Қазақстан Республикасы Ғ А. кітапханасының қолжазба қоры, 763-п, «Төле бидің тарихы» 72, 80, 81-беттер. 6.Орынбор облыстық архивы. 3-қ, 1-т, 8-іс 113-6. 7.Қазанғап Байболұлы. Төле би. Алматы. 1991, 213-бет. 8.Сонда, 217-бет.

9.Сонда.

Қазақ әдебиеті 1.07.1989 ж.

БІЗ ТАНИ АЛМАҒАН АБАЙ

(Қоғамдық ойдағы сабақтастық жөнінде)

Ғылымдағы И.Ньютонның тартылыс заңы немесе Ч.Дарвиннің тірі организмдерің эволюциялық даму заңы бүгінде қандай аксиомалық ақиқат болса, қоғамдық дамудағы ұрпақаралық сабақтастық та сондай жарық дүниемен бірге жасайтын мәңгі заңдылықтардың санатына жатады. Өкінішке орай, кезінде тоталитарлық өктем жүйенің қоғамдық дамудың негізінде жатқан осы қарапайым шындықты да мансұқ еткенін бірде мойындасақ, бірде мойындағымыз келмейді. Біз бұл мәселені неге еске алып отырмыз? Кезінде, яғни алпысыншы жылдары мектепте оқып жүргенде бағдарламаға сәйкес Абайды біз де оқыдық. Ұстазымыз Мауыпаева апайдың (ол кісі Шу ауданы Төле би орта мектебінде әлі де жұмыс істейді) оқыту әдісінде, шеберлігінде мін болған жоқ. Бірақ, біз Абайды сол кезден бастап-ақ тура түсініп қабылдай бастадық дей алмаймын. Шынын айтқанда, ұлы ойшыл бізден тыс алыс еді, асқар шыңына біздің балғын жанарымыз жете бермейтін тым биік еді. Қазір ойланып, өткенге ой жүгіртіп қарасам, біздің, менің бейкүнә замандастарымның Абайды тура түсіне алмай қиналуы толық табиғи, заңды құбылыс екен. Өйткені, сол тұстағы мектеп бағдарламасындағы «соқтықпалы соқпақсыз» ортада өмір сүріп, «мыңмен жалғыз» алысқан ойшыл Абай алдында да, артында да сабақтасып жалғасар ешкімі жоқ, қайырсыз, қатал сахарада күңіреніп жалғыз қалған шерменде еді. Көбірек айтатын «кеңесі де» «орыстың ғылымы, өнері – дүниенің кілті» еді. Енді-енді түсіне бастағанымыздай, бұл надандықтың қалың көрпесін жамылып ұйқыда жатқан елінің болашағы туралы ойы дертке айналып, дегенмен «қары қалың қатты қыстың артынан көгі қалың, көлі мол жақсы жаз келмеуші ме еді?» деп, жарық үміттен біржола теріс айналып кетпеген Абаймен қабыса бермейтін жартыкеш тұжырымы еді. Олай болса, көңілге қонымды шындық қайда, шын Абай кім? XІX ғасырдың соңы, – XX ғасырдың басында, яғни отарлық езгі мен ортағасырлық екі жағынан бірдей қысқан қоғам жағдайында өмір сүрген ойшылдың алдында Шортанбай, Дулат және Мұрат сияқты алыптар салған «Зар заман» мектебі, соңында Әлихан, Ахмет, Мағжан, Міржақып, Жүсіпбек сияқты «қажымай азаттықтың алтын айына қол сермеп», сол жолда мерт болған қасиетті ұрпақ керегесін көтерген жасампаз ойдың биік үлгісі бар еді. «Зар заман» мектебі мен Абайды жалғастырып тұрған ортақ өзекті ой кандай ой? Ол, меніңше, мемлекеттігімен бірге саяси тұтастығынан айрылып, өз ырқы қолынан кеткен, сөйтіп партия болып жарылып, бітпейтін дау-дамай дертіне шалдығып, азып-тозу жолына түскен жұрттың ауыр халін сол жұрттың өзіне жеткізіп, сол арқылы оны бұл тығырықтан шығуға итермелеуді көздейтін Дулат, Шортанбай және Мұрат шығармашылығында «болашақты болжамай, жол сауданы олжалай, ақбөкендей алданып», ортасына жауының, «аңдамай келіп түскен» жұрттың тәуелді жағдайын ақындық түйсікпен сезіну ғана емес, сонымен бірге ойшылдық әдіспен бұл тәуелділіктің салдары мен нәтижесі анық, айқын бағдарлау да бар. Отаршыл әкімшілік «зар заман» мектебі үшін енді Бұқар жырау заманындағындай «күнбатыстан келе жатқан бір дұшпан» емес, көзбен көріп, жүрекпен сезінген «қабырғаңды өгілтіп, аш күзендей бүгіліп, ... түйең мен жылқыңды» әлі-ақ жиып алатын нақты шындыққа айналған айлалы да дүлей күш. Оған қарсы тұру оңай емес. Тіптен қарсы тұрарлық елдің халі де жоқ: ауызбірлік кеткен, өзара алауыздық үстемдік алған, ал елдің атқамінер «жақсылары» шен-шекпенге сатылып, батпаққа елін батырып, дұшпанына оқ болып, еліне қарай атылып», тек жалқы басының қамын күйттейтін куйге жеткен. Қолға қылыш, найза алып атқан отырып, батырлық құрар, Мағжан айтқандай «ер заманы» – XVІІІ ғасыр келмеске кеткен. Соны сезген Шортанбай:

Енді еркіндік заман жоқ
Дұшпанның құрған торы бар.
Ендігі жүрген жігіттің,
Мандайында соры бар, – деп түйді.

XІX ғасырдың алғашқы жартысы және орта тұсы қазақ қоғамы үшін шектеулі болса да әйтеуір бар саяси еркіндіктен біржола айырылып, орталық ахуалдың, саяси тәуелділіктің «дәм-тұзын тату » кезеңі болды. Ал саяси тәуелділіктің бұғауы алқымына бата бастаған қоғам көңіл-күйінің көтеріңкі бола қоймайтындығы өзінен-өзі түсінікті. Міне, осындай рухани ахуалдың көрінісі болған «Зар заман» мектебі ойшылдары шығармаларының негізгі міндеті елдегі жаңа қалыптасқан саяси ахуалға сай қазақ жұртына ой салу, жаңа орныққан тәртіп түпкілікті үстемдік алған жағдайда болашақта қоғам ретінде жойылу қаупін нұсқау болатын. Ғылымда «Зар заман» атанған бұл мектеп қоғамдық ойдың, әдебитеттің гуманистік табиғатынан туындап, халыққа саяси ахуалды түсінуге қызмет етуге тиіс көркем әдіс еді. Нені де болса сын елегінен өткізбей қабылдамайтын Абайдың алдындағы ағаларына «өлеңі бірі – жамау, бірі – құрау» деп сақтана қарағанымен, ел-жұртына төнген қауіпті түстеп тануда олармен рухани тоғыспауы, әрине, мүмкін емес-тін. Мұрат пен Шортанбай сынға алған ел арасындағы «пысықтарды» Абай да көрді, «есерсоқ өңшең мастары, бұзақор, ойсыз жастары» деп Дулат түңілген елден «бойларынан адам жақсы көрерлік, көңіл тиянақ қыларлық бір нәрсе» таппадым деп Абай да түңілді. Дегенмен, «есер, есірік болмасаң, тіршіліктен пайда жоқ» деген тұжырымға келген Абайдың өзі де ағартушылықтан асып, нақты іс-әрекетке бара алған жоқ. Ол үшін біз ұлы ойшылды кінәлай алмаймыз. Өйткені, ондай өмірдің ағымын өзгертуге сүйеніш боларлық алғышарттар қалыптаса қойған да жоқ-тын. Бірақ Абай феноменінің бір ғажап қыры сол, ол өзі қабылдай алмаған, өзі жараса алмаған ортаны өзгертуге қажет алғышартты даярлауда өзі басты роль атқарды. Жаратушы ием жұмыр басты пендесінің бәріне бірдей жаза бермейтін мұндай үлкен де абыройлы міндетті Абай өзінің сын мектебін жасау арқылы орындап шықты. Ал Абай сыны күйректікке бастайтын сын емес, керісінше жасампаздыққа бастайтын, жасампаз ұрпақ әрекетке көшетін уақыттың дәл алдында айтылған, еститін көңіл өмірге енді келген сәтте бір Алланың еркімен қағазға түскен сын еді. Өз жағдайына сын көзбен қарау сапалы өзгеріске өтудің алғышарты, бірақ өту емес. Өту үшін жүйелі іс-әрекет, жігерлі күрес, мұқалмас талап керек. Бұл өмірге Абайдың ізін ала келген қазақ зиялыларының жаңа буынының үлесіне тиген еді. Қазақ қоғамдық ойына Абайдың артын ала келген Әлихан, Ахмет, Міржақыптар ақынның ұлы Әбдірахманмен замандас «жаңа жолдың басшысы», қайғы-қасіретке бой алдырудан халықтың халінің өзгермесін терең түсінген, түсініп, саналы іс-әрекетке бет алған ұрпақ болатын. Ал олардың мұндай жолға түсуіне негіз болған рухани факторлардың бірі, мүмкін негізгісінде Абайдың ымырасыз жасампаз сыны еді. Өкінішке орай, ғылымда бұл сабақтастық, яғни Абай мен XX ғасырдың басында белсенді саяси қызметке араласқан қазақ зиялыларының өзара рухани байланысы әзірге жүйелі түрде бір арнаға түсе қойған жоқ. XX ғасырдың алғашқы жылдары-ақ белсенді саяси қызметке араласып кеткен ұрпақтың көш бастаушылары Ә.Бөкейханұлы, А.Байтұрсынұлы және М.Дулатұлы болғандығы мәлім. Бір ғажабы сол, бұл үш ұлы қайраткер дегеннен-ақ өздері үшін де, жалпы қазақ жұрты үшін де Абай шығармаларының мәнін жазбай тура таныды. Ә.Бөкейханұлы әлі жарық көріп үлгермеген Абайдың қолжазбаларымен танысып, ақын шығармаларын 1903 жылдан бастап-ақ қазақ қоғамдық ойының жетістігін есебінде орыс оқырмандарына таныстыра бастайды. (Қараңыз: Россия. Полное географическое описание нашего отечества. Спб. 1903, с.204). Ол жөнінде белгілі зерттеуші Қ.Мұхаметқанов «Абайдың көзі тірісінде оны орыстың оқырман қауымына тұңғыш рет таныстырған адам Әлихан Бөкейханов болды» деп әбден орынды жазды. Абай қайтыс болған соң Ә.Бөкейханұлы алдымен «Семипалатинский листок» (1905), содан кейін орыс географиялық қоғамы Батыс Сібір бөлімінің Семей бөлімшесінің жазбаларында арнайы мақала жариялап, онда ақын шығармалары қазақ елінің мақтанышы болып табылатындығын айтып «еще не было киргизского поэта, так возвышевшего духовное творчество народа как Абай», – деп көрсетті. Ә.Бөкейханұлы Абай шығармаларының тұңғыш рет Петербургтен кітап болып шығуына да тікелей мұрындық болды. Бұл жөнінде өзі: «1904 жылы Абай марқұмның өлеңін кітап қылып басыңдар деп, балаларына хат жаздым. 1905 жылғы апрель аяғында Кәкітай Абайдың қолжазба кітабын алып, Омбыдағы маған келді. 1905 жылы жазғытұры саясат ісі қалай болғанын біздің «Қазақтың» оқушылары біледі. Кәкітай біздің үйде бірер жұмадай жатты. Абай, Пушкин, Лермонтов сөздерін бірге оқып, мәз-мейрам болдық. Анық таныстық», – деп жазды. (Ә.Бөкейханов. Шығармалар. 1994 ж. 272-бет!). Бұл істе Ә.Бөкейханұлының атқарған қызметі туралы М.Дулатұлы: «1914 жылы «Қазақ» газетінде басылған «Абай» атты мақаласында: «1909 жылы Абайдың балалары мен інілерінің ризалығы Һәм Әлиханның ыждаҺатымен Абай кітабы Петербургта Бурганский баспасында басылып шықты. Бұл күнгі қолымыздағы кітап сол бірінші баспасы» (М.Дулатов. Шығармалары. 1991. 249-б). Абайды А.Байтұрсынұлы мен М.Дулатұлы да өздеріне ұстаз тұтты. А.Байтұрсынұлы 1904 жылдың күзінде Абаймен танысу үшін ақынның еліне баруды жоспарлайды, бірақ ұлы ойшылдың сол жылғы маусымда опат болуына байланысты бұл мақсаты іске аспай қалды. Бұл екі қайраткер 1908-1914 жылдары татардың «Уақыт» және «Қазақ» газеттерінде Абайдың шығармашылығына арнап бірнеше мақалалар жариялайды. Ә.Бөкейханұлының Абайдың туыс-шәкірттері Кәкітай және Көкбаймен арақатынасы өте жылы болды. Сол жайдан хабар беретін мынадай бір фактіні ғана келтіре кетейін. 1909-шы жылы Кәкітай мен Шәкәрім Ә.Бөкейханұлына хат жазып, онда ішкі Россиядан келген шаруаларға жер үлесін беретін переселен мекемесінің Құнанбай тұқымының ата қонысы Қарауылға да жеткенін айтып, «Не айтасың, ата қоныс, кір жуып, кіндік кескен Қарауыл өзені мұжыққа кетіп барады, 15-тен жер ал дейді, аламыз ба?» деп ақыл сұрайды. Оған Әлекең «Жерің кетсін. Құнанбай баласы Тобықтыға мұрындық болды деген атқа қаларсың, не болса да жұртпен бірге көр. Жұрт шаруасы қағазбен 15-ті алғанменен егінге айналмас. Тәмам қазақ Құнанбай баласына еріп қалған, артынан еріп 15-ке құл болса, мал баққан шаруаға зиян болар» деп жауап береді. Әлекеңнің кеңесі орындап Құнанбай тұқымы Қарауылдан айрылады (Қараңыз: Ә.Бөкейханов. Шығармалары. 271-274 б). Енді бірер сөз Абайдың туыстары мен ұрпағының Алаш қозғалысына қатынасы жөнінде. Бұл тақырып осы уақытқа дейін белгілі себептерге байланысты қозғалмай келді. Саяси мәдениеті мен белсенділігі жоғары болған Құнанбай тұқымы әрқашанда ұлт-азаттық қозғалыс жағында болды, оған қолдау жасап отырды. Бір-екі мысал келтірелік. 1906 жылы маусым айында Семей қаласында Мемлекеттік Думаға депутат сайлауға жиналған қазақ сайлаушылардың жиналысы өтеді. Оған 150-ден астам адам қатынасып, сөзді Ә.Бөкейханұлы бастап, ол жиналыста отырғандарды кадеттер партиясының бағдарламасымен таныстырып, отырғандар осы партияға қосылу турасында қаулы қабылдайды. Жарыссөзде Абайдың немере інісі Шәкәрім де сөз алады. Бұл 1905 жылдан бастап жаңа кезеңге өткен ұлт-азаттық қозғалыстың саяси күресте кадеттер партиясының соңынан ергендігінің бір көрінісі еді. 1917 жылы патшалық билік құлағаннан кейінгі айларда облыстық және жалпықазақ съездері өтіп, жаңа жағдайда қазақ қоғамының адында тұрған міндеттерді айқындайды. Осы съездерге Шәкәріммен бірге Абайдың ұлы Тұрағұл да белсенді түрде атсалысады. Мәселен, ол екінші жалпықазақ съезінің (Орынбор, желтоқсан) шешімі бойынша Алашорда үкіметінің атынан Сырдария қазақтарының сьезіне қатынасады (1918. қаңтар). Шәкәрім мен Тұрағұл жергілікті болыстық және уездік Қазақ комитеттерінің де жұмысына белсенді түрде араласады. Осы қызметі үшін де олардың кейінірек ОГПУ-дің құрығына ілінгені тарихи шындық. Шәкәрім мен Тұрағұлдың жолын Кәкітайдың ұлы Даниял Ысқақұлы да құшты. Қорыта айтқанда, міне осы жоғарыда келтірілген фактілер Абай феноменін терең тарихи контекстке, тарихи сабақтастықта ғана тура түсінуге болатындығы кішкене болса да көрсетсе керек. Табиғаттағы сияқты қоғамдық дамуда да себеп-салдарсыз ешнәрсе болмақ емес. Осы ұлы да мәңгі жарасымдылық жөнінде ұлы Мағжан поэзия тілімен «толқыннан толқын туады, толқынды толқын қуады» дейді.

«Өркениет».

1994жыл, 31 тамыз.

ЖЕТІМ ЖҰРТТЫҢ ЖЕТЕКШІЛ ТАРИХЫ БОЛҒАН

Адамзат өткен тарихына үңіліп, одан көңілін күпті еткен сауалдарға жауап іздеуден шаршаған емес. Бұрын да солай болған, қазір де солай, болашақта да солай бола бермек. Өйткені тарихтың тағылымынан үйрену саналы өмірдің, мақсатты әрекеттің іргетасы, кемелдіктің өлшемі, өркениеттіліктің альфа және омегасы. Ал тағылымсыз тарих жоқ. Егер ол болмаған болса, адамзат «тәуелсіздік», «теңдік», «демократия», «мәдениет» және басқа осы сияқты қасиетті мұраттар үшін қан төгіп қүреспеген болар еді. Француз, неміс, ағылшын, қытай, жапон сияқты халықтар рухани және индустриялдық дамудың бүгінгідей биігіне көтеріле алмас еді. Бүкіл латынамерикалық халықтар Симон Боливар мен Хосе Марти сияқты бүтін бір құрлықтың тұтастығы мен азаттығына өмірін арнаған қайраткерлерді соншалық құрмет тұтпаған болар еді. Яғни тағылым дегеніміз – адамзаттың, жеке халықтың, әрбір адамның өмірдің алған сабағы, жасаған тұжырымы. Гәп кімнің қандай тұжырым жасап, оны күнделікті тірлігінде қандай дәрежеде қажетіне жарата алуында болса керек. Жүріп өткен тарихи жолың, сол жолда жинаған тәжірибесін, ата-бабасының озық өнегесі мен дәстүр-салтын бойына сіңіріп, оларды жетілдіріп, сондай-ақ, түрлі күрделі тарихи кезеңдерде жіберген қателіктерінен тиісті қорытынды жасап отырмаған халықтан не күтуге болады? Біз – соңғы үш ғасыр бойы империя құрамында өмір сүріп келген халықпыз. Бүгінгі күнге шешілмей жеткен мәселелеріміз көп. Ал оларды шешу үшін үлкен білім, мәдениет, парасат керек. Ал бұл қасиеттердің бәрі бірдей тарихтан алған тағлымға негізделеді. Отанымыздың халқымыздың тарихи тәжірбиесінен тамыр алған білім мен мәдениет қана баянды болмақ. Сондықтан да біздің жас ұрпақтарымыз үшін ата-жұрт, ата-баба тарихы тіптен антикалық тарихтан да қымбат болуға тиіс. Өз ата-жұртының тарихына іші жылымайтын отандық мәңгүрттен елімізді өркениетке бастайтын қайраткердің шықпайтындығы анық. Тек бір ХХ ғасырда ғана жеріміз бен халқымыз сансыз көп азапты басынан өткізуге мәжбүр болса, оған сол елдік тәжірибемізден хабарсыз немесе оны мансұқ еткен «қайраткерсымақтардың» кінәлі екендігін ұмытпайық. Осы ойымды өрбіте түсейін. Тарих тағылымын терең ұғыну, ең алдымен, бүгінгідей ауыр тарихи кезеңде ертеңгі бағыт-бағдарымызды анықтайтын басшылар үшін қажет. Өйткені мына қоғамдық өмірде ешнәрсе де ғайыптан пайда болмайды, кез-келген құбылыстың өткені, бүгіні және түрлі мазмұн мен деңгейдегі жалғасы бар. Яғни қоғамдық мәселелердің тарихи негізін, тарихи астарын тура түсінбей, олардың өткен кезеңдерде неге байланысты пайда болып, қалай шешілгендігін немесе шешілмей келгендігін тура ұғынбай негізді шешім қабылдау мүмкін емес. Айтқаным құрғақ сөз болмасын, бірер мысал келтірейін. ХІХ ғасырдың екінші жартысында саяси қуғынға ұшыраған біраз поляк зиялылары қазақ жеріне келді. Солардың бірі Ярослав Янушкевич бүгінгі күні өзімізді өзіміз тануға пайдасы тиіп жүрген тамаша күнделіктер кітабын қалдырды. Тағдырдың жазуымен Қарқаралыдан шыққан поляк зиялыларының бір тобы (Богуславский, Петржкевич) ХХ ғасыр басында қазақ ұлт-азаттық қозғалысына қолдау жасап, Жақып Ақбаев, Әлімхан Ермеков, Ахмет Байтұрсынов, Смахан Бөкейханов сияқты зиялыларымызбен достық қатынаста болып, отаршыл әкімшілікпен күреске жиған тәжірибелерін үйретті. Отарлық езгінің тепкісін көп көрген поляк халқы тарих тағылымының не екенін жақсы біледі. «Жұлдыз» журналы 1992 жылы 2-санында Хасен Оралтайдың 1986 жылғы Қазақстандағы желтоқсан оқиғаларына арналған кітабынан үзінді жариялады. Сол жарияланым арқылы біз басқа да европалық демократиямен бірге Лех Валенса, Анжей Вайда бастаған бүгінгі жетпіс поляк зиялысының Қайрат Рысқұлбековке берілген өлім жазасының көпе-көрнеу қиянат екендігін, соған байланысты оған кешірім жасалуын талап еткен үндеумен таныстық. Тарих тағылымынан бастау алатын шынайы ынтымақтастықтың көрінісі осы болса керек. Европа құрлығының орталығында орналасқан поляк халқы зиялыларының Орталық Азиядағы қазақ жұртына мұншалық емеурін танытудың ар жағында не жатыр? Әрине, мұның астарында ең алдымен тек Адамға, Азаматқа тән биік парасат, сонан соң ұқсас тағдырдан бастау алатын азаматтық парыз бен түпкі мақсат – азаттыққа жеткізетін жалқы, тиімді әрі табиғи құрал-ынтымақтыққа деген ұмтылыс жатса керек. Дегенмен, бұл арада біздің әңгімеміз тарихтың тағылымы жөнінде емес, тағылымға жетелейтін ғылыми тарихтың тағылымы жөнінде емес, тағылымға жетелейтін ғылыми тарихтың өмірлік шындыққа сәйкестігі оқиғаға қатысы бар деректердің жеткілікті болуына, сол деректік материалдарда берілген тарихи фактілердің сапасына тәуелді. Сондай-ақ, деректердің өзі іштей түрлі топтарға жіктеледі. Олардың негізгілері, әрине, жазба, құжаттық деректер және жазба түрінде қағазға түсірілмеген деректер. Алғашқы топтағы деректердің тарих ғылымында алатын орнын жіктеп жатудың өзі артық болар. Бүгінгі бізге мәлім тарихтану ғылымы жазба деректерге сүйеніп, оның зерттеу әдістері мен құралдары құжаттық материалдарда берілетін фактілерді талдауға бейімделген. Тек ХХ ғасырдағы археология, антропология, этнография және басқа ғылым салаларының қауырт дамуы тарихтанудың деректік негізін анағұрлым кеңейте түсіп, өткен кезеңдерді зерттеуде жазба емес деректердің алар орны туралы пікірге біраз жағымды өзгерістер енгізді. Дегенмен, зерттеу әдістері негізінен жазба деректерді игеруге байланысты қалыптасқан бүгінгі тарихтану ғылымы Африка және Латын Америкасында қолдары тәуелсіздікке жетіп, дербес ғылыми тарихын жасауға кіріскен көптеген елдердің өткен жолын, әсіресе, ерте кезеңдерін баяндауға келгенде дәрменсіздік танытқандығы да ақиқат. Өйткені бұл елдердің өзіндік қайталанбас тағдыры, тарихи жолы бар-тын. Олардың басым бөлігіне тән бұл ерекшеліктердің бірі – жазба мәдениетінің кем дамуы немесе соңғы мезгілге шейін мүлдем болмауы, соған байланысты ғылыми тарихын жазу үшін қажет жазба құжаттық куәліктердің тапшылығы еді. Басқаша айтқанда, деректік негізі тұрғысынан алғанда Африка мен Латын Америкасының көне тұрғындарының тарихында екі кезең анық байқалды. Олар, біріншіден, бұл халықтардың жүріп өткен жолына байланысты жазба құжаттық материалдардың болмаған кезеңі және екіншіден, европалықтармен бірге бұл елдердің қоғамдық өміріне де жазба мәдениеттің жетіп, жазба құжаттық деректердің қалыптаса бастаған кезеңі еді. Міне, осыған байланысты бұл аталған елдердің тарихшылары алдында алғашқы яғни жазба деректік материалдарға тапшы (негізінен, сырттан келген кісілердің куәліктері дәрежесінде) кезеңнің ғылыми тарихын жасау мәселесі көлденең тартылды. Өз ретінде Африка елдерінің төл тарихын жасаушылар бұл тығырықтан қалай шықты? Осы арада бұл елдердің жаңа буын тарихшыларының (Дж. Т. Ньян, Ж. КиЗербо...) үлкен белсенділікпен қолға алған мынадай екі шараны бөліп айтқан жөн. Біріншіден, олар төл тарихын жазуда жаңа, жетілген методология қалыптастыру ісін қолға алды. Оның негізгі мазмұны: Африка халықтарының қайталанбас өз тарихи жолы бар. Сондықтан да оны талдауда даяр схемаларды емес, жергілікті еркшеліктерден туындайтын жаңа зерттеу принциптерін басшылыққа алу қажет. Екіншіден, Африка тарихын жергілікті халықтардың ауызша тарих айту дәстүрінен келген материалдарсыз жазу мүмкін емес, соған байланысты оларды тарихи дерек ретінде пайдалану әдісі ғылыми негізге қойылуы керек. Африка тарихын зерттеушілердің бұл позициясы батыстағы Ян Вансина, Д.Мак-Колл сияқты африкатанушылардың қолдауын тапты. Африкалық университеттердің жанынан арнайы құрылған ғылыми орталықтардың мұраты ел арасында жатқа айтылып, ұрпақтан-ұрпаққа ауысып келген деректік материалдарды жинап, белгілі бір жүйеге келтіру ғана емес, сонымен бірге жаңа мазмұндағы Африка тарихын даярлауға атсалысу болып белгіленді. Белгілі дәрежеде бізге де қатысты бұл мысалды келтіруіміздің мынадай себептері бар. Биыл Ғылым академиясының тарих және археология институттары даярлаған төрт томдық «Қазақстан тарихының» алғашқы томы жарық көрді. Тас дәуірінен бастап соңғы орта ғасырларға дейінгі Қазақстан тарихын қамтыған бұл басылым белгілі дәрежеде еліміздегі тарихтану ғылымының, оның археология және антропология сияқты салаларының даму жетістіктерінің көрінісі екендігі даусыз. Баяндалған тарихи процестер мен оқиғаларды негіздеу деңгейі және оларды оқырманға жеткізу мәдениеті тұрғысынан алғанда да академик М.Қ.Қозыбаев бастаған ғылыми ұжымның үлкен шығармашылық ізденісті бастан өткергенін аңғару қиын емес. Бұл томды оқи отырып, тарих және археология институттарының түрлі ауыртпалықтарға қарамастан, еліміздің тарихын заман талабына сай жаңа сапада қорытуға бет түзегендігіне көз жеткіземіз.Сонымен бірге бұл томда бұдан бұрынғы 5-томдық басылымға тән даулы жағдайлардың да орын алғандығын айтуға тура келеді. Ол, біздің пікірімізше, томдағы екінші бөлімнің 2 және 3 тарауларындағы «усун» және «кангюй» атауларына байланысты. Бұрынғы бес томдық басылымдағыдай бұл жаңа басылымда да «усун» термині өзгеріссіз қытай транскрипциясы бойынша беріледі. Томдағы тараудың авторы, аса беделді зерттеуші, профессор Қ. Ақышев: «Ежелгі усундердің қазақ және қырғыз халықтарының құрамына кірген үйсіндермен және уйшүндермен генетикалық жағынан сабақтастық байланысы болды деп айтуға толық негіз бар (267- б.) деген тұжырым жасай отырып, бұл терминді өзгеріссіз қытай транскрипциясы түрінде қалдырғанын біз түсіне алмадық. Әрине, тарау авторының бұл термин мағынасының толық анықталмауына байланысты, сондай-ақ шатасуларға жол бермеу үшін оны сол қытай иероглифінде берілген күйінде пайдалануға құқы бар екендігін біз жоққа шығара алмаймыз. Дегенмен... Тура осы арада біз жоғарыда қозғаған ауызша тарих айту дәстүрі деректерінің халқымыздың тарихын жазудағы орны туралы мәселеге қайтадан оралуға тура келеді. Бұл тұрғыдан алғанда біздің тарихнамада халықтың тарих айту дәстүрін өз дәрежесінде бағалай алмаушылық, оның есесіне көңілде алыс-жақыны бар шетедік авторлар қалдырған жазбаша деректік материалдардың көрсетулерін асыра құрметтеп, оларда берілген хабарды өзгеріссіз сол күйінде қабылдаушылық әлі де болса етек алып отыр ма деген күдік ұялайды. Біз бұл арада көне тарихымызға байланысты онсыз да аз аса құнды жазба деректердің маңызын төмендетуден мүлдем аулақпыз. Мақсат – төл деректеріміз бен өзге жұрттық авторлар қалдырған куәліктердің ара салмағын анықтау, мүмкін болғанша оларды өзара қарсы қоймай, бірін-бірі толықтыра түсетін тең құқылы материалдар есебінде пайдалану жолдарын қарастыру. «Усун» терминін өзгеріссіз яғни қытай эмиссары Чжан Цян берген күйінде пайдалану қаншалықты негізді? Бұл арада мынадай қисындарды да есте сақтаған жөн шығар. Біріншіден, эмиссар Чжан Цянның жылға жуық мезгіл ішінде өзі арасында болған жұрттың атын қатесіз дәл берді деп айту қиын. Қытайлық авторлардың көрші халықтардың есімін өз транскрипциясына бейімдеп өзгертіп беретіндігі жөнінде мысалдарды көптеп келтіруге болады. Мәселен, сақтар – сэ, күнтулар – хунну, қаңлылар – кангюй делінеді. Екіншіден, «усун» терминін өзгеріссіз күйінде қабылдауға болар еді, егер оның дұрыстығын тексеруге мүмкіндік беретін басқа балама терминдер болмаса. Ал ондай балама жоқ емес, бар. Мәселен сол усунды моңғолдар «ушун» («Алтан Тобчи», «Шара Туджи»XVІІ ғ.) қырғыздар «үйшүн» («Манас»), ал қазақтар «үйсін» дейтіндігі көптен мәлім. Ал ғылыми әдебиеттерде – «усун» терминінің үстем алуы сол баяғы іргелі жазба дәстүрі бар елдерге тән куәліктерді (мейлі олар дәлдіктен алшақ болсын!), қағазға түспеген, сондықтан да аз сенімділік туғызатын көшпенділерге тән деректерден жоғары қоюшылықтан шыққан әдет деп атауға болады. Ондай болмаған күнде неге тағдырдың жазуымен көрші болған моңғол және қырғыз халықтарына тән тарихи материалдардың көрсетулеріне назар аудармасқа? Моңғол жылнамалары усундардың тарих сахнасындағы көрінісін Х ғасырмен шектемейді (Қараңыз: Қазақстан тарихы, 1996, 257 б.). ХVІІ ғасырға тән – «Алтан Тобчи» моңғол мен ойраттардың басын біріктіріп қаһарлы билік құрған есен Тайшы (XV ғ.) «үйсіннің үш түменіне» жорыққа аттанып, оларды келісім шарт жасауға мәжбүр етеді. (Лубсан Данзан. Алтан Тобчи. М., 1973, с. 269.). Ал моңғолдың тағы бір шежіресі «Шара Туджи» (XVІІ ғ.) моңғолдың ұлы ханы Даянның ұлы Гэресэндзе Қонтайшы өлген соң оның жесір ханшасы өзінің жеті ұлына енші үлестіріп, үлкені Әшімханға Ушин мен Жалайырды береді. Бұл XVІ ғасырдың жартысы еді. («Шара Туджи». Монгольская летопись XVІІ века. М. Л., 1957, с. 163). Аталған тарихи деректер үйсін мен жалайыр тайпаларының ешқайда да жоғалып, сіңіп кетпей өздерінің сол баяғы тарихи отанында аман-есен жүріп жатқандығын айғақтайды. Әрине, бұл арада әңгіменің моңғол мен ойраттармен аралас-құралас жүрген үйсін және жалайыр руларының белгілі бір бұтақтары туралы болып отырғандығы түсінікті. Бірақ олардың үлкен және негізгі бөліктерінің қазақ құрамына еніп, шамамен тура осы мезгілде (XV және XVІ ғ.), Ш. Уәлиханов атап көрсеткендей, Жетісуда жаңа сапада қайта құрылған Үйсін атанған тайпалар одағын қалыптастырады. Ұлы «Манас» жырында да үйсіндер туралы, олардың бізге мәлім емес қайраткерлері жөнінде аса мол деректер кездестіреміз. Мәселен, қытай экспансиясына қарсы одаққа біріккен халықтар мен тайпалардың арасында «алғын, үйшүн, найман бар, арғын Карақожа бар». (Манас. Сағымбай Оразбақұлының нұсқасы. Фрунзе, 1980, 2 кітап, 94 б.). Ретіне қарай айта кетелік, ерте және ортағасырлық қазақ тарихын «Манас» арқылы кәдімгідей байыта түсуге болады. Мәселен бұл жырда Қамбардың ұлы Айдархан Алтайда қырғыздармен көрші, аралас мекендеген наймандардың тайпа басы ірі бай, батыр, Ақ-Қала атанған тұрақ-бекініс салдырған. Қазақ жырында Ер Көкше Қамбардың ұлы болса, «Манаста» оның әкесі Айдархан, ал Қамбар арғы атасы. Он алты жасар Көкше қалмақ батырымен жекпе-жекке шығуға ұмтылғанда Айдархан баласының алдына көлденең тұрып, әлі жастығын айтып, жекпе-жекке өзі шығады. Ал осы «Манас» атаған Қарақожа тарихта болған адам. Қасымұлы Қадырғали би «Жылнамалар жинағында» Қарақожаның арғын тайпасынан екенін білдіріп, Тоқтамыш ханның ұлы Қадырберді ханның Едігемен шайқасы кезінде опат болғандығын айтады. Шежірелер көрсетулеріне сүйене отырып, профессор С. Аманжолов Қарақожа арғын тайпасының ұраны болғандығын келтіреді. Ал «Манаста» Қарақожа ылғи да ірі кеңестерге байланысты арғын тайпасының өкілі және «ақылға дыйхан хошосу» ретінде аталады. Міне, бұл айтылғандардан өзара мүлдем тәуелсіз жазба, шежіре және эпостық деректердің бір-біріне қайшы келмей, қайта бірін-бірі байытып, толықтыра түсетіндігін байқаймыз. Сонымен, үйсіндерге қайта оралайық. Үйсіндердің ғылыми әдебиетте «усун» болып жазылуы Жетісу өлкесін мекендеген бұл тайпалық одақты біздің арғы тегімізден алшақтату сияқты көңіл-күйдің тууына түрткі болып келгендігін жасырудың қажеті бола қоймас. Шын мәнінде шаруашылық құру, тұрмыс-салт, әдет-ғұрып, тіптен шығу тегіне байланысты аңыз-әңгімелеріне шейін өзімізге жақын тұрған бұл тайпалық одақты алыстатуға ешқашанда да негіз жоқ. Жарайды, қазақ ғалымдарының тұжырымына сезіктене қарайық десек, бірақ жапон ғылымының пікірінің қалыстығына құлақ түруге болар! Үйсіндерден жеткен аз ғана сөздерді лингвистикалық талдауға алған Сиратори Куракатидің пікірінше бұл халық түркі тілінде сөйледі деп айтуға негіз бар. (Восточный Туркестан в древности и раннем средневековье. М., 1988, с. 233). Қытайлық және басқа деректер үйсіндерді қаңлылардан бөліп қараған емес. Бұлар – орналасқан жері, тұрмыс-салты, тілі бойынша туыс, араласып жатқан халықтар. Ал Рашид ад-дин қаңлыларды оғыздармен туыстырады. «Родственники Огуза, по соображению собственного ума сделали повозки и нагружали на них все награбленное, другие навьючивали добычу на животных. Повозку потюркски называют «канлы», по этой причине и они были названы именем канлы». (Рашид ад-дин, ст. летописей, т. І, кн. І, с. 84). Рашид ад-дин берген бұл деректі түркі халықтары тарихының білгірі Абылғазы Баһадур хан да қолдайды: «Ее назвали канк потому, что когда на ней ехали, то она производила скрып: канк, а изобретателя назвали Канкли. Весь народ Канкли от этого человека происходит». (История Абул Гази. Казань. 1854, с. 17, 18). Рашид ад-диннің көрсетуі бойынша Оғыздың балалары Талас және Сайрам маңында көбейіп, сол төңіректен тараған. Бұл – қытай эмиссары Чжан Цянь көрсеткен «кангюлар» мекені. Қорыта айтқанда, қазақ елінің ауызша тарих айту дәстүрі материалдарына тың әрі батыл көзқарастың кеміктігін тек «усун», «кангюй» мәселелеріне ғана байланысты емес, сондай-ақ орта ғасыр және жаңа замандағы тарихи процестерді де терең әрі жан-жақты түсіну үшін де қажеттігін мойындайтын уақыт жетті. Геродот пен Рашид ад-диннің, Қадырғали би мен Абылғазы баһадүрдің, Левшин мен Аристовтың, Шоқан Уәлиханов пен Әлкей Марғұланның ауызша тарих айту дәстүрі материалдарына қаншалықты құрметпен және ыждағатпен қарағандығы бұл пікірдің негізді екендігіне дәлел болып қана қоймайды, сонымен бірге мұндай көзқарастың ерте замандардан-ақ қалыптасып, үлкен зерттеушілердің шығармалығында үзілмей жалғасып отырғандығын айғақтайды. Ш. Уәлиханов «қазақ немесе алаш елінің о бастағы шығу тегі қайдан деген сұраққа халық арасындағы жыр-дастандардан қанағаттанарлық тәп-тәуір түсінік алуға болады» деп көрсетіп, тарих айту дәстүрі материалдарының «қарапайым» ұғымды шынайылығымен, нақтылы өмірден алшақтамайтындығымен құнды» екендігіне баса назар аударған еді. Өкінішке орай, біз, тарихшылар, ғылым үшін аса маңызды бұл негізді пікірді жоғары деңгейде әрі қарай жалғастырып кете алмадық. Ауызша тарих айту дәстүріне, төл халықтық деректерге байланысты қалыптасқан мұндай салқындықтың түп-төркінінің тарих ғылымында үстемдік құрып келген еуропацентристік және ұлы державалық концепциялардан іздеген жөн. Осы арнада зерттеу еңбектер мен оқулықтар жазып жүрген тіл мен мәдениетке тән тайпаларды ғана көргендей боламыз. Біздің эрамызға дейінгі 430-424 жылдар аралығында жазылған Геродоттың «Тарихындағы» Сыр өзенінің шығыс бетін мекендеген сақтар мен массагеттерден парсылық жаулап алушы Кир мен Дарийге қарсы өзіміздің арғы ата-бабаларымыздың иісі сезіледі. Ал ХХ ғасырдың 90-шы жылдары жазылған Кляшторный мен Сұлтановтың оқулығындағы сақтардан болмыс-бітімі өзімізден бөлек арийлықтардың (ирандық) үрім-бұтағын көреміз. Түпкі тегімізден бөліп, тамырсыздандырып, ата-мекенге аяқ тірейтін бедерден айырып, тарих тезінде жел қуған қаңбақтай тұрақсыз етіп, көңілде күдік ұялататын тарихсымақ еңбек жазғандар кімге қандай опа бере қояр екен?! Олар ата-бабамыздың қаны мен теріне суарылған жерімізден кімнің жоғын іздеп жүр екен? Тура осы арада Н. Бердяевтың «өмірге толыққанды зерттеудің келуі үшін тарихи факті мен тарихи процестің тарихилығы жетімсіз, сонымен бірге зерттеушінің де тарихилығы қажет» деген тұжырымының қаншалықты дәл және терең айтылғандығына көз жеткізгендей боласыз. Ең соңында айтарымыз, республика тарихшыларының, тарих институты ғалымдарының күшімен көптеген құнды еңбектердің өмірге келгендігін ешкім де жоққа шығара алмайды, дегенмен, осы бүгінге дейін атқарылған жұмыс, біздің пікірімізше, бар шынайы болмысымен, қайталанбас өзіндік ерекшелігімен толыққанды қазақ тарихын жазуға жасалынған даярлық қана сияқты. Енді ғана бастауыш класқа барып жүрген тәуелсіз Қазақстанның болашақ иелерінің дүниетанымына ықпал ете алатын Отан тарихы әлі жазылған жоқ. Өз басым ондай оқулық даярлау барысында мынадай принциптерді басшылыққа алуды қалар едім. Біріншіден. Таптық детерминизмге ұрынған кеңестік тарихнама әрбір халықтың қалыптасып, даму ерекшеліктеріне жете көңіл аудармады. Керісінше, барлық елдердің тарихын белгілі бір универсалды схемаларға салып баяндау етек алды. Мұндай методологиялық әдіс империялық жағдайда қазақ сияқты халықтардың өзін-өзі сақтау, қорғау механизмін әлсіретуге қызмет етті. Олай болса, әрбір халықтың қайталанбас жүріп өткен жолы белгілі бір методологиялық схемаларға бейімделмей, керісінше, баяндау әдісі мен методологиясы әрбір елдің қайталанбас өзіндік төл тарихын ашып көрсетуге лайық болуы керек. Екіншіден. Әрине, тарих оқулықтары жас ұрпақтың санасында өз халқының өткеніне деген құрмет сезімін қалыптастыруға тиіс. Бірақ, сонымен бірге, біздің отандық тарихымыз тек батырларымыздың көзсіз ерлігінен, қиын-қыстау заманаларда төтеннен жол тапқан билеріміздің көсемдік көргендігінен ғана тұрмайды. Өткен замандарға ғажап ерлік те, азаматтықтың биік үлгісі де, сонымен бірге сатқындық пен екіжүзділік те болған, қатар жүрген. Ал біз өзіміз болсақ сол өткеннің жалғасы емеспіз бе? Олай болса, біздің бойымызда да сол өткен аға ұрпақтардың адасулары мен қателіктері, кемшіліктері мен жетекшілдігі жеткілікті. Сондықтан да бізге белгілі дәрежеде, өзімізге сын көзбен қарауды үйрететін, дәлірек айтқанда, Абай мен Әлиханның ымырасыз шыншыл көзімен қарауға баулитын тарих керек. Үшіншіден. Әлі күнге дейін барлық деңгейдегі оқу орындарындағы оқушылардың қолында жүрген оқулықтар – аударма оқулықтар. Ал тікелей мемлекеттің қаржылай қолдауымен арнайы қазақ тілінде жазылған оқулықтардың қашан өмірге келері беймәлім. Кеңес өкіметі өз идеологиясына сәйкес тарихи таным қалыптастыру ісінде сараңдық танытқан емес. Осы мақсатта өмірдің түрлі саласында атқарылған сан-қырлы істі атап жатпай-ақ кеңестік биліктің символдық көріністерін ғана алайықшы. Тек Алматының өзінде ғана кеңес өкіметінің орнауына белсенді атсалысқан қайраткерлерге қойылған ескерткіштер, солардың есімімен аталатын көшелер қаншама? Ал саяси мемлекеттік бостандық алғанымызға да бес жыл болып қалды. Тарихымыздағы осындай түбегейлі бетбұрысты, мемлекеттік дербестігімізді айғақтайтын ескерткіштер Алматыда бой көтере қойған жоқ. Украинада Б.Хмельницкийге, өзбектер Әмір Темірге қалталарының қалыңдығынан белгі қойған жоқ шығар! Сол сияқты Қазақ елінің, Қазақстанның тәуелсіздігіне талай ұрпақ өз өмірін арнаған. Осы қасиетті жолда біз бірінші де, соңғы да емеспіз. Ел мен Азаттық егіз ұғымдар, Азаттықты құрметтейік. Кенесары Қасымұлы мен Алаш зиялыларына сіңірген еңбектеріне лайық белгі қояйық! Қоғамда да табиғаттағы сияқты ғайыптан ештеңе пайда болмайды, бәрі де сабақтастық байланыста өмірге келіп, өніп-өсіп отырады. 1986 жылғы желтоқсан оқиғалары да – сол мәңгі үзілмес өмір арнасында болған тарихи оқиғалар. Ендеше, олар да өз дәрежесінде бағалануға тиіс. Халқымыздың сыншысы да, ұстазы да бола білген Әлекең – Әлихан Бөкейхан ХХ ғасырдың басында қазақты «жетім жұрт, жетекшіл жұрт» атаған еді. «Жетім» дегені өз билігі, өз ырқы қолында жоқтығын, «жетекшіл» дегені аңғал, сенгіш, сондықтан да өз бетінше жол іздеп, жол табудан гөрі басқа біреудің артынан еруге бейімдігін нұсқағаны еді. Енді, міне, ХХ ғасыр да аяқталуға бет алды. Мемлекеттік дербестігімізді өз қолымызға алғандай сыңайымыз бар. Бірақ жетекшіл санадан арылдық па? Өзімізге лайық, тиесілі жол табуға даярлығымыз жете ме? Осындай сан-салалы сауалдар көңілді мазалайды. Бір анығы сол, мұндай сұрауларға тура жауап табудың алғы шарты – халқымыздың жүріп өткен жолын шыншыл баяндайтын ғылыми тарихының болуы.

//Қазақ әдебиеті

№43. 22 қазан, 1996 жыл.

МӘДЕНИЕТТІҢ ЖИНАҚЫ КӨРІНІСІ — ПАТРИОТИЗМ

Бұл пікір алысудың арғы жағында көңілге ауыр тиетін бір зіл жатыр. Бұл күнделікті газет бетінде өтіп жатқан диалогтардың бірі емес. Бұл – бүгінгі терең қайшылықтың тұңғиығына енген қазақ болмысынан туған айқай. Бұл – тарихтың терең қойнауынан бастау алатын рухани жарылыстың шарықтау шыңы, апогейі. Бүтін бір халықтың, ұлттың өң бойында осы уақытқа шейін тамыр жайып, пісіп, жетіліп келе жатқан қайшылықтың міне шегіне жетіп, «енді бұдан былай не болмақ», «енді бұдан былайғы болмыс кімдікі?» деген сауалға жан ұшыра жауап іздеуі. Жан айқайы болып оқылатын бұл диалогқа қатысушылардың қазақ қоғамының рухани дертін сынауға, талдауға келгенде батылдық танытып, ал бірақ сол жалпыұлттық дертімізден айығу жолдары мен емін тауып айтпаса да, болжауға келгенде кібіртіктеуі, тіптен жат мәдениеттің, басқа жұрттың өкілдеріндей кейіп танытуы сол мәселенің себебі не тереңдеп бармаудан болса керек. Иә, сонымен біз, яғни, қазақ жұрты, Сүлеев пен Амантай көрсетіп отырған бүгінгі ахуалға қалай жеттік? Мұндай ауыр жағдайға душар еткен не?

ХАЛЫҚТЫ ТҰҚЫРТУ — ӨНЕРГЕ АЙНАЛМАСЫН

(Ж. Сүлеев пен Д.Амантайдың сұхбат-диалогынан туған ойлар) Оқырман ретінде бұл диалогпен таныса отырып, пікір алысушылардың негізінен мәселенің бүгінгі болмысын талдаумен, соны сілкілеумен шектелмегендіктерін аңғару қиынға түспейді. Ал мәселенің түп-төркіні жөнінде бір ауыз сөз жоқ. Бұл мәселені динамикада емес, статикада талдау дегенді білдірсе керек. Ғылымға қашаннан белгілі әдіс: кез келген мәселенің бүгінгі жағдайын, бүгінгі мазмұнын тура түсінудің бірден-бір тиімді жолы ол алдымен мәселенің тарихын пайда болу себептерін түсіну. Қоғамдық дамудағы кез келген процестің себебін түсінбей бүгінгі жағдайына баға беру мүмкін емес. Тіптен мәселенің тарихын, себебін жатып, үзілді-кесілді тұжырымдар жасау, оңды-солды қылыш сермеу ақиқатқа жеткізіп, бүгінгі алдымызда тұрған мәселелерді тура шешуге апармай, қайта күрделілендіре түсуі әбден мүмкін. Иә, рас біздің қоғам, белгілі дәрежеде, дертті қоғам. Бұл пікірде мен де Жәнібек Сүлеев пен Дидар Амантайдың айтқанымен келісемін. Дерті ауыр, әбден асқынған. Бірақ қандай дәрігер өз пациентін айықтыруға күш салып, тура диагноз қоюға тырыспайды. Ал тура диагноз қою үшін ол дерттің себебін білуі керек емес пе? Ұлы Әбу Әли Ибн Синаның өзі ол жөнінде: «Кез келген нәрсені, пайда болған құбылысты танып білу оның себептерін анықтаудан басталады, сонда ғана таным толық болмақ; сондықтан да емшілік те қажет», – деп жазған еді (Абу Али ибн Сина.

Канон врачебной науки. Т-1, Ташкент, 1996, с.28).

Осы сипаттағы жеңіл-желпі емес сауалдарға біз бәріміз, яғни, қазақ зиялылары, әрине, ең алдымен гуманитарлық ғылымдардың өкілдері жауап іздеуге тиістіміз. Сондай-ақ, бұл сауалдарға жауап беруде біз тақыр жерде тұрмыз десек, әрине, ақиқаттан ауытқыған болар едік. Бұл қойылған сауалдарға соңғы жылдары белгілі дәрежеде там-тұмдап болса да жауап та беріліп келеді. Біз өз тарапымыздан соларға мына айтылғандарды қосар едік.

1.Біз өркениеттік отарлауды бастан кешірген халықпыз

Ресейлік отарлық биліктің орнауын жұтпен ғана салыстыруға болады. Ал жұт жеті ағайынды. Саяси отарлау, яғни, мемлекеттік тәуелсіздіктен айыру, отарлық басқару жүйесін орнату. Экономикалық отарлау, яғни, халықты оның өмір сүру негізі – өз атамекеніне иелік құқынан айыру, жерінің асты мен үстіндегі берекесін алдымен билеуші ұлттың мүддесіне жарату, өзін арзан жұмыс қолы есебінде пайдалану. Рухани отарлау, яғни отарлық тәуелсіздікке ұшыраған халықтың бастапқы ұлттық болмысын әлсірету, оның табиғатына жат құндылықтар егу, сөйтіп оның этнос ретінде біржола өшуіне жол ашу. Отарлау процесін мұндай жіктеудің өзі шартты екендігі мәлім. Өйткені, бұл аталған түрлі өмір салалары өзара көзге бірде көрінсе, бірде көрінбейтін мыңдаған жіппен жалғасып жататындығы дәлелдеуге мұқтаж емес. Біз білім алған кеңестік оқулықтарда отарлау процесі осы мазмұнда оқытылды. Отарлау процесінің шынайы мазмұнын тура ұғыну үшін бұл методологиялық кілттің бүгінгі күнде мүлдем жетімсіз екендігін енді ғана түсіне бастағандаймыз. Халықаралық тәжірибе көрсетіп бергендей, отарлау белгілі дәрежеде, өркениеттік өктемдікпен қатар жүреді. Қазақстанды отарлаудың нағыз классикалық көрінісі. Оны неден көреміз? Ресей біздің жерімізді, өмір сүрген табиғи ортамызды бар ерекшелігімен сыйлап, оның байлығын өркениетті тұрғыдан игеріп барлығымыздың ортақ игілігімізге айналдырудың орнына, керісінше оны бүлдірумен, келер ұрпақтардың мұқтажына жарамсыз өтумен басымырақ айналысты. Осы мазмұндағы қатынас қоғамдық өмірде де байқалды. Патшалық, кейінірек, кеңестік билік қазақ қоғамының ғасырлар бойы қалыптасқан шаруашылық жүйесін, әлеуметтік құрылымын өз қалауынша өз мүддесіне лайық етіп өзгертумен, қайта құрумен болды. Олар жүргізген экономикалық реформалар еш уақытта қазақ елінің ұлттық мүддесін есепке алған емес. Өркениеттік өктемдік, әсіресе, мәдениет саласында екпінді жүрді. Ислам діні, ұлттық мәдениет, салт-дәстүр, эпикалық және басқа мұралар, тіптен араб әліппесі, барлығы да түкке тұрғысыз жарияланды. Егер патшалық билік қазақтарды жаппай христиан дініне аударуға негіз жасауға кірісіп кеткен болса, большевиктер халықты дінсіз ету бағытын берік ұстанды. Ұлттық салт-дәстүр, эпос, ән мен күй «күні өткен ортағасырлық феодалдық дәуірдің көрінісі» болғандықтан, бүгінгі озық ойдың «айнасы болып табылатын» орыстық, батыс еуропалық эстрада мен әдеби үлгілерге орын берулері керек еді. Сол сияқты араб әліппесі де озық еуропалық ой мен технологияны қабылдауға кедергі жасайтын болғандықтан кириллицаға ауыстырылды. Міне осындай күйде, рухани атмосферада бір емес, бірнеше ұрпақ өмір сүрді. Мемлекеттік саясат деңгейіне көтерілген осындай жағдайда қазақ рухының «аяғының астындағы қара жер тұтас өртенгендей» күй кешкендігін дәлелдеп жатудың қажеті бола қоймас. Басқаша айтқанда, қазақ рухы «өз қағынан жеріген» киіктің кебін киді. Бүкіл ақпараттық құралдарды қолына шоғырландырып, олардың үстінен қатаң бақылау орнатқан орталық билік еуропалық қауымдастықтың көз алдында Түркістанның жергілікті жұрты жөнінде жаңа техника мен технологияны, қоғамдық қатынастар мен озық мәдениетті қабылдауға құлықсыз, оған қарсы ортаазиялық «түземдіктердің» бейнесін жасап, ал өзін мұнда еуропалық, батыстық өркениеттің жетістіктерін енгізуші мемлекет есебінде көрсетуге тырысты. Орыс билігін бір жола үстем ету әрекетіне көшкен отарлық әкімшілік ішкі ресейлік губерния, облыстардан мыңдап, миллиондап орыс және басқа еуропалықтарды Қазақстанға әкеліп қоныстандырып, оларды өзінің сенімді тірегіне айналдыруға тырысты. Өз ретінде ресми биліктің қолдауын әрқашанда ала алатындығын іштей жақсы сезінген орыс қоныс аударушылары өздерін Қазақстанда озық өркениеттің өкілдері есебінде сезінді, жергілікті халықпен ара қатынасын осы негізде құрды, өздерінің аса қажет мемлекеттік іс атқарып жатқандықтарына сенімдері мол болды. Яғни Ресей Қазақстандағы билігіне мессиандық сипат берді. Міне, осындай қазақ пен орыс арасындағы түрлі өмір салаларындағы теңсіздік біртіндеп рухани болмыс арасындағы теңсіздікке ұласты. Басқаша айтқанда, орыс тілі, тарихы, мәдениеті мен әдебиеті біртіндеп қазақ санасынан қазақи болмыс пен мәдениетті, тіл мен әдебиетті, ұлттық тарих пен қоғамдық ойды ығыстыра бастады. Бұл процесс біртіндеп ұлттық жарылысқа алып келді. Қазақтың өзі енді орыстану деңгейіне қарай «біз» бен «олар» болып екіге бөлінетін жағдайға жетті. «Біз» ұлттық мәдени негізден біржола қол үзіп, «еуропалық» өркениеттік сара жолға түскендері, ал «олары» қазақи болмыстан әлі де болса бір жола қол үзе алмай «әуресараңда» жүргендері. Ұлттық тіл, әдебиет және тарих постотарлық жүйеде әлі де болса екінші сорттағы құндылықтар. Олар сондықтан үлкен рухани құлшыныс туғыза алмайды, яғни, қаншама «ақ берен жаугершілік» рухта болса да, әзірге биік өркениетке жеткізе алатын, «халықты куатты мемлекет құруға талпындыра» алатын құралға айнала алмай отыр. Ащы да болса шындық осындай. Тағы да анықтай түсер болсақ, постотарлық кезеңдегі халықтың рухы сөну алдында, онда құлшыныс жоқ. Оған демеу бола алатын экономиканың, мемлекеттік жүйенің күйі анадай. Дегенмен, менің құрметті бауырласым, «ақ берен жаугершілік рухтан қалаға келген соң, түк қалмайды» деп, ұлттық намысты орынды орынсыз сілкілеп, жаназасын оқуға әлі ерте. Кешегі 86-ның желтоқсанында елдік ар-ожданнан еуропалық өркениеттің «сара жолына» түсіп үлгірген қалалық қазақтар теріс айналғанда, оны қорғауға намыс алаңына шыққан сол ауылдан келген «қисық өкшелі, тесік өкпелі» қазақ балалары болатын. Біздің түсінігімізше, мәдениеттің биік әрі жинақы көрінісі патриотизм, ұлтжандылық. Ал ұлтжандылықтың бастау бұлағы – ана тілі, төл мәдениет.

2.Ұлт, ұлттық идея және элита

Жәнібек Сүлеев «жеке-дара ұлт ретінде қалыптаса алған жоқпыз», демек бізде осы уақытқа шейін ұлттық «идея ... болмап еді, ол енді бүгінде жоқ» деп налып, мұндай көңілсіз жағдайдың себебін, жалпыұлттық элитаны қалыптастыра алмағанымыздан көреді. Жәнібек, бауырым, мұндай ауыр ойлар саған өз елінің ертеңіне немқұрайды бола алмағандықтан келгендігіне мен сенемін. «Біз ондаймыз, біз мұндаймыз!» деп бос кеудені қағуға мен де қарсымын! Осы сұхбатта өздерің білдірген ауыр ойлар жиі-жиі мені де мазалайды. Отанымыздың болашағы қыл үстінде тұрған мына заманда отбасы мен жеке беделінен басқаны ойлап, басты қатырмайтын замандастарымды көргенде неге налымаймын. Дегенмен, «битке өкпелеп, тонын отқа тастағанның» кебін кимейік. Жоғарыда өзің қойған сауалдарға байланысты айтарым: қазақ, біздің бағымызға, орыс билігіне шейін-ақ ұлт болып қалыптасқан, сондай-ақ оның ауық-ауық жер қапқан ұлттық идеясы да болған, азапты ізденістерден соң ұлттық идеяны жаратып, оны білдіруші саяси элитасы да болған. Абай айтқандай, қазақ та адамның баласы ғой. Адамзатқа тән кейбір құндылықтар оған да тән. Отаршылдар келіп арсыздықпен ең құнарлы жерлерін тіліп алып, өздеріне қолайлы заңын жасап, басқару жүйесін орнатып, ұлын – құл, қызын – күң етуге даярлай бастағанда, иншалла, «Оу, мынауың не?» деуге жараған еліміздің азаматтары ондап, жүздеп емес, мыңдап саналады. Сондай-ақ мұндай мінез танытқан бір емес бірнеше буынның өкілдері. Аллаға шүкір, қазақ елі қарсылығын қару алып, қол түзеп те көрсетті (Сырым батыр, Жоламан Тіленішұлы, Исатай Тайманұлы, Жанқожа Нұрмұхамедұлы, Кенесары Қасымұлы, Бекболат Әшекеұлы, Қайрат Рысқұлбекұлы және басқа азаттық үшін күрес жолында шейіт болған мыңдаған сарбаздар), қолына қалам алып интеллектімен де танытты (Махамбет Өтемісұлы, Шортанбай, Мұрат, Дулат сияқты кемел ақыл-ой иелері, Әлихан Бөкейханұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Ғұмар Қашарұлы, Жүсіпбек Аймауытұлы, Мағжан Жұмабайұлы, Асқар Сүлейменұлы, Мұқағали Мақатайұлы, т.б.). ұзын саны мен келтірген тізімнен анағұрлым үлкен бұл таңдаулылардың арасында, сізге қандай таулылылардың арасында, сізге қандай қатысы бар екенін білмеймін, алаштық толқынның белгілі өкілі Біләл Сүлеев те бар. Бүгінгі күннің биігінен халқымыз, халқымыздың тарихы мен тағдыры жөнінде тұжырымдар жасағанда өткендегі алыптардың төккен тері мен аққан қанына көз жұмбайық. Мен бұл арада сіздің «Өткен істер өтті, бүгінгі бар мәселелер біздікі, оны біздің өзіміз шешуіміз керек, оған кешегі алыптардың қандай қатысы бар?» деген сауалыңызды естігендей боламын. Иә, рас, бүгінгі қоғамдық мәселелерді шешумен бүгінгі көзі тірі өзіміз айналасуымыз керек, әрине, оған мүмкіндігіміз бен күш-қуатымыз жетсе. Келісемін. Бірақ, сіз бен біздің қызу талқылап отырған қоғамдық мәселелерді өз уақытында кешегі алыптар да қойып, оларды шешуге бар ғұмырын арнап өткендігін ұмытпайық. Тіптен, «бүгінгі мәселелер» деуіміздің өзі шартты. Таза «бүгінгі мәселелердің» болуы да мүмкін емес. Алда, бізді, көзі тірі жүрген кейбір теоретиктеріміздей ел тағдырына қатысты барлық тұжырымдардың авторы болып көріну сияқты әзәзіл ойдан сақтасын! Демек, оларды шешу үшін бүгінгі өзіміздің ақылымыз жетімсіз, өткен алыптардың тәжірибесіне, тұжырымдарына сүйенуге тура келеді. Өмір керуенінде біз алғашқыда емеспіз, сондай-ақ соңғы да емеспіз! Негізгі ойдан ауытқып кетсем, кешірім өтінемін! Сонымен қазақтың өзін бүтін бір ұлт сезінуі ең бері дегенде он сегізінші ғасырға, анығырақ айтсақ, «ақтабан шұбырындыға» тұс келеді. Қисынсыз салыстыруларға мен де қарсымын. Әр жұрттың өз тағдыры, өз жолы бар! Мен бұл арада сіздің «Өткен істер өтті, бүгінгі бар мәселелер біздікі, оны біздің өзіміз шешуіміз керек, оған кешегі алыптардың қандай қатысы бар?» деген сауалаңызды естігендей боламын. Иә, рас, бүгінгі қоғамдық мәселелерді шешумен бүгінгі көзі тірі өзіміз айналасуымыз керек, әрине, оған мүмкіндігіміз бен күш-қуатымыз жетсе. Келісемін. Бірақ, сіз бен біздің қызу талқылап отырған қоғамдық мәселелерді өз уақытында кешегі алыптар да қойып, оларды шешуге бар ғұмырын арнап өткендігін ұмытпайық. Өркениеттік өктемдік, әсіресе, мәдениет саласында екпінді жүрді. Ислам діні, ұлттық мәдениет, салт-дәстүр, эпикалық және басқа мұралар, тіптен араб әліппесі, барлығы да түкке тұрғысыз жарияланды. Егер патшалық билік қазақтарды жаппай христиан дініне аударуға негіз жасауға кірісіп кеткен болса, большевиктер халықты дінсіз ету бағытын берік ұстанды. Ұлттық салт-дәстүр, эпос, ән мен күй «күні өткен ортағасырлық феодалдық дәуірдің көрінісі» болғандықтан, бүгінгі озық ойдың «айнасы болып табылатын» орыстық, батыс еуропалық эстрада мен әдеби үлгілерге орын берулері керек еді. Сол сияқты араб әліппесі де озық еуропалық ой мен технологияны қабылдауға кедергі жасайтын болғандықтан кириллицаға ауыстырылды. Дегенмен, түсінікті болу үшін айтайын, қазақтың жалпыұлттық санасын оятқан «Бородиносы» «Аңырақай шайқасы», ал қалыптасып үлгерген қазақы рухтың төл (мүмкін жалқы!) перзенті «Елім ай!» болатын. Егер осы ақиқат бүгінгі менің қанымда жаңғырмаса онда менің кім болғаным?! Осы мерзімде ұлттық элитада қалыптасып үлгерген-ді. Менің тұжырымыма иланғысы келмеген оппонентім «ақтабан шұбырынды» оқиғаларына арналған тарихи жырлар циклымен таныссын. Бірақ, оларға еуропалық өлшеммен емес, тарихи шындықты іздеген көзбен, көңілмен қарасын. Ал осы мұрамен және ресейлік әкімшілік орындарының құжаттарымен танысқан зерттеуші қазақ элитасын осы мезгілде жалпыұлттық мемлекетті қалыпына келтіріп, сақтау, халықтың белгілі бір бөлігін біртіндеп отырықшы тұрмысқа, егіншілікке аудару және рулық жүздік санадан жалпыұлттық санаға, дүниетанымға өту арқылы әлемдік кеңістіктегі өз орныңды анықтау сияқты іргелі мәселелерді қойып, оларды шешуге біраз күш жұмсағандығын аңғармай қоя алмайды. Бүгін біз Абылай хан, Төле би, Бұхар жырау, Бөгенбай батыр сияқты осы кезеңнің ірі тұлғаларын қоғамдық өмірдегі осы аталған жалпыұлттық іргелі мәселелерді шешуге күш жұмсап, рухани көк жиегімізді, дүниетанымымызды жаңа сатыға көтергендігі үшін құрмет тұтсақ керек. Сонымен бірге, егер біз бүгін жоңғар шапқыншылығына ұшырап, Ресей империясы шеңгеліне іліккенімізге өкініште болсақ, алдымен осы табиғи тарихи процестердің үзіліп, өзінің логикалық соңына жете алмай, зорлықпен доғарылғаны үшін өкінеміз. Ресейлік әкімшілік Қазақстанға көз тіккен алғашқы күннен бастап ақ, қазақ мемлекеттігін жою, ұлттың санасынан мемлекеттік идеясын біржола ысырып тастау әрекетіне көшкен болатын. Күштінің осы әрекетін тура түсініп, оған қарсы тұрған күш – басқарушы элита болатын. Сондықтан да, патшалық билік өзі тарих сахнасынан кеткенге шейін қазақ билеуші элитасын бөліп жарып, оларды біріне бірін қарсы қойып, бірақ дара біреуін тым күшейтпеу саясатын ұстанып кетті. XVІІІ ғасырда ақ орыс әкімшілігіне қатынас сипатын анықтау барысында ұлттық элита екі ағымға жарылып тынды. Ресейлік әкімшілікке қарсы топтын қолынан Әбілқайыр, Есім, Жантөре хандардың мерт болуы бұл күрестің бітіспес сипатынан хабар берсе керек. Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт азаттық соғыс (1837-1847) отарлық билікке қарсы күрестің шырқау шегі болды. Саяси элита арасындағы жарылыс ұлттық творчестволық зиялы топ ішінде де байқалды. Оның бір жағында ресейлік тәртіп әкелген жаңалықтарға үзілді кесілді қарсы шыққан «Зар заман» мектебі (Шортанбай, Мұрат, Дулат) тұрса, екінші жағында Ресей алып келген өзгертулерді қазақ қоғамының қажетіне жаратуға шақырған Шоқан, Ыбырай және Абай бастаған топ тұрды. Бұл екі ағымның қайсысы болмасын «прогрессивті» немесе «реакциялы» деген анықтама шеңберіне сыймайды. Егер алғашқысы өркениеттік, ұлттық негіз бен ерекшеліктердің мән мағынасын тура ұғынуға көмектесіп, құр еліктеушіліктен сақтандырса, соңғысы еуропалық білім мен мәдениетсіз елінің ортағасырлық надандық шырмауына шыға алмайтындыған жақсы түсінді. Сонымен бірге алдыңғы топ, өз еркінен тыс, белгілі дәрежеде, ұлттық тұйықтықты дәріптесе, соңғысы, керісінше, еуропалық өркениет құндылықтарын асыра бағалап, өздері, белгілі дәрежеде, орыс мемлекеті мен мәдениетінің мүддесін өткізуші құралға айналғандықтарын аңғара берген жоқ. Диалог авторлары «біз» бен «оларға» бөліп алып, Олжасты «біздің» туына айналдырғылары бар. Дидар «олардың» «Олжаспен неге күресетіндіктерін түсінбеймін... Мен ондай қазақтарды түсінуден бас тартамын. Олжас – қазақтың символы. Жалауы. Тіпті, қазақ халқы жойылып кеткен күннің өзінде, жойылып кеткен қазақ мәдениетінің символы болып Олжас қалады!» деген ойды айтады. Айналайын, Дидар ау, не айтып отырсың! Сендер сілкілеп отырған, «қалаға жаппай ауған» қазақтармен сөйлесіп көрші, сонда Олжасты «олар» не үшін және қалай жақсы көретіндігін байқайсың! Өзінің жаңа тарихындағы Олжастың орнын халқы түсінеді. Бірақ мәселені тым қарабайырландырудың да қажеті бола қоймас. Олжас күрделі құбылыс. Оның жеке басы, құдіретті таланты, еліне деген махаббаты мақтануға лайық. Сонымен бірге, Олжас XІX ғасырдағы Шоқан заманынан бастау алатын орыстандыру процесінің жиынтық көрінісі. Әрине, ол ұлт үшін, ұлттық мәдениет үшін орыс тілінің ұлы мүмкіндігін пайдаланудың тамаша үлгісін көрсетті. Бұл тұрғыдан алғанда ол тек қазақ көркемдік ойын ғана емес, орыс әдебиеті мен ғылымын да байыта түсті. Сонымен бірге біз мына мәселе жөнінде де ойлануымыз қажет. Егер болашақта Олжас орыс тілді жазушы және ғалым ретінде жалпыұлттық құбылысқа ұласса, сонда біздің ұлттық, өркениеттік болмысымыздан, мәдениетімізден не қалмақ? Тарихымыздағы кез-келген ұлы тұлғаны жалпыұлттық мүддеден жоғары қою немесе оған қарсы қою өрелілік емес. XX ғасырдың басында күрес сахнасына мүлдем жаңа топ көтерілді. Олар «Тұр, қазақ!». «Оян, қазақ!» деген ұран тастап, ұсынды, жаңа әлемдік деңгейдегі ұлттық мемлекеттік идеясын көтерді, саяси партия құрды, ең соңында Алашорда, Қоқан автономиясы үкіметтерін өмірге әкелді. Өркениеттік, ұлттық ерекшеліктерді сақтай отырып, қоғам өмірін реформалауды көздеген бұл мемлекеттік құрылымдардың барлық атрибуттары мен символдары бар болатын. Мына жолдың авторы ұлттық идеядан алыс тұр деп кім айта алады.

Қазағым, қақтықпа, қамалма.
Ел болар қамыңды амалда,
Кетті түн, атты таң, шықты күн,
Сал малды, сал жанды, аянба!

Ұраным, қорғаным, сен алаш!
Жолыңа құрмалдық мал мен бас!
Өнер тап, өрге шап, қару ап.
Аллалап алға бас, ал Алаш!!!

(Жүсіпбек Аймауытұлы, «Ұран». «Жұлдыз», 1991, № 5, 88 89 б.). «Ұлы мақсаттарды» көздеген большевиктік революция бақытқа халықты оның саналы бөлігі – ұлттық элитасыз жеткізетіндігін ашық жария етті. Басқаша айтқанда, кеңестік билікке ұлттық мүдде мәселесін көтеріп, ол үшін күресе алатын элитаның қажеті жоқ тын. Оған керегі орталықтың түрлі «негізді» директиваларын уақытында бұлжытпай орындап отыратын «басқарушы кадрлар», яғни, номенклатура керек еді. 1927-1938 жылдары ОГПУ мен НКВД іске асырған репрессиялық шаралар қазақ элитасының басын жұтып тынды. Бұдан былайғы уақытта ұлттық саяси олимпте номенклатура салтанат құрған кезең келді. Міне, Жәнібек бауырым, азды көпті біз білетін жаңа тарих кезеңіндегі ұлттық элита мен ұлттық идеяның жүріп өткен тарихи жолы, қысқаша қайырсақ, осындай. Бұл айтылған тарихтың бүгінгі ахуалымызға қатысы бар ма, жоқ па, оны өзің ақ пайымдап түсіне жатарсың. Мен осымен шектелейін де, енді бұл тығырықтан шығатын жол жөнінде азын аулақ білгенімді айтып әңгімені аяқтайын.

3. Дағдарыстан шығатын жол қайда?

Мұндай күйге түскен жалғыз біз болсақ та, оған жақындау тәжірибе алыс жақын жұрттардан да табылады. Тек оларды жинап, саралап, қорытып, ұсыныстар жасап отырған орталықтарды көрген емеспін, мүмкін олар бар да шығар. Жаңа қоғам, мемлекет, қоғамдық қатынастар құруға бет алған ел алдымен өркениеттік құндылықтарын түгендейді. Әрине, оларды музей, архивтерінде сақтап қою үшін емес, бұдан былайғы өркендеуіне арқау ету үшін, белгілі бір орта мен тарихи жолда қалыптасқан өз келбеті мен болмысын негіз етіп, әлемдік өзара ықпалдастықта басқа мәдениетке сіңіп, біржола жоқ болып кетпеу үшін. Өзге мемлекеттің қарауында болып өзге өркениеттің ұзақ мерзім тегеурінді ықпалын басынан кешірген қазақ жұртына мұндай қам қарекет керек екендігін ешкім жоққа шығара қоймас. Олай болса, біздің өркениеттік негізімізді қандай құндылықтар құрайды, яғни, қандай құндылықтар үшін күресіп, тер төгуіміз керек? Шынымды айтайын, өз басым «еуразиялық кеңістік», «еуразиялық қауымдастық» деген ұғымдарды аздап түсінсем де, «еуразиялық өркениет» деген ұғымның бас аяғын таба алмадым. Егер ондай өркениет бар болса, онда оның негізін қандай дін, тіл, салт дәстүр және басқа рухани құндылықтар құрамақ? Жоқ әлде ол тек экономикалық, саяси және басқа өткінші қатынастардан ған тұрады ма? Біздің өркениеттік негізімізді қандай құндылықтар үшін, күресіп, тер төгуіміз керек? Әрине, кез келген елдің өркениеттік құндылықтарының қалыптасуын қаматамасыз ететін екі фактор бар. Ол сол халықтың өмір сүріп келе жатқан табиғи ортасы, атамекені, оны игеру барысында жиған тәжірибесі және басқа алыс жақын жұрттармен өзара ықпалдастыққа түсуі, олардан уйренуі. Міне, осы тұрғыдан алғанда қазақ елінің сан ғасырлар бойы қалыптасқан өркениеттік құндылықтары санатына оның егіншілікке жарамды оазистер мен шексіз шетсіз табиғи жайылымдарды игеру барысында жиған шаруашылық тәжірибесі, мал өнімдерінен жасайтын түрлі азық түлік, тұрмыстық бұйымдары, жалпы адамзаттық құндылықтармен үндесіп жатқан салт дәстүрі, ана тілі, рухани мәдениеті. Қазақ елі соңғы мыңжылдықта ислам дінін қабылдау арқылы мұсылман, шығыс әлеміне енді, ислам діні оның рухани дүниесінің өзегіне, ұйытқы элементіне айналды. Біздің ұлттық табиғи болмысымыз бен мүддемізді, яғни, өркениеттік құндылықтарымызды түркістандық түркілік рухани құндылықтар контексінде ғана, сонымен органикалық байланыста ғана тура түсініп, пайымдауға болады. Өйткені біз, Түркістан халықтары этникалық тамырымыз ортақ, дініміз бен тіліміз бір, салт дәстүріміз тұтас, кеңестік империяға шейін бөлінбей келген халықтарымыз. Көне Түркістан жеріне түрлі тарихи дәуірлерде келіп орын теуіп, бірін бірі ығыстырған түрлі діни, этникалық таптық, мәдени, идеологиялық концепциялардан «Түркістан», «түркі» идеясының өміршең екендігін өмірдің өзі сан мәрте көрсетіп берді. Түркістан жұрты мен жерін түрлі тарихи кезеңдерде ауыр азапқа салған қоғамдық катакализмдерден соң бұл идея ылғи да қайта жаңғырып, мәңгі екендігін қайта қайта дәлелдеумен келді. Менің бұл арада айтпағым, жалпыұлттық құндылықтар мен түркілік, түркістандық құндылықтардың әрқашанда өзара тығыз, табиғи байланыста болып келгендігі, олардың өзара бірін бірі толықтыра түсетіндігі, болашақта олардың бірінсіз бірінің нәтижелі дамуының мүмкін еместігі. Ал осы ортақ өркениеттік құндылықтарды сақтап, өркендетуде қандай тәжірибе бар? Басқа қазақтар сияқты, өз басым да тұрмысымызда болып жатқан өзгерістерді өзбек ағайындардың тәжірибесімен салыстырып отыруды ұнатамын. Осы жылдың алғашқы күндерінде Ташкентте болып, көрген түйгендерім бұл әдетіме жаңа, тың материал берген сияқты. Әрине, дербес мемлекет құрғаннан бергі жылдардың өзбек ағайындарға, әсіресе, қышлақтағы жұртқа әкелген жақсылығы шамалы. Оңтүстік Қазақстан облысына келіп жалданып, бала шағасын бағып жүрген отбасы иелері де бар көрінеді. Ащы да болса шындық осындай. Сонымен бірге Ташкенде көрген мынадай жағдайларға риза болғанымды жасыра алмаймын. Біз тұрған «Юнусабад» ықшам ауданында өзбектердің бұрынғы махаллалық тіршілігі сол күйінде сақтаулы, тіптен жаңа мазмұн, сипат ала бастаған ба деп қалдым. Бүгінгі көпқабатты үйлер мен жеке отбасылық үйлер өзара жарасымдылығын тапқандай. Күнде таңертең екі үш сәбилерін жақын маңдағы бала бақшаға алып бара жатқан жас келіншектер әрбір көшеде ондап саналады. Анасы мен баласы өзара әрине, ана тілінде сөйлеседі, жүздерінде алаңдаушылықтың ізі де жоқ, сенімділік басым. Дүкендерінде негізінен өздері өндірген өнім, өкіметтің жергілікті өндірісті қорғауға бағытталған саясаты анық байқалады. Ұлттық рухани құндылықтарды қорғауға бағытталған мемлекеттік саясаттың бар екендігін теледидардан байқау қиын емес. Ташкентте берілетін төрт бағдарламаның үшеуі тек өзбек тілінде, ал біреуі ғана орыс тілінде жүргізіледі. Порнография мен сексті насихаттайтын бағдарламалар мүлдем жоқ. Оның есесіне өзбек халқының салт дәстүрін, қол өнерін, әдебиет пен өнердегі жетістіктерін дәріптейтін бағдарламалар жеткілікті. Ал біздің Қазақстандағы, Алматыдағы жағдай мүлдем өзгеше. Жан бағу үшін көше иен вокзалға, түрлі базарларға шыққан ашынған жұрттан қандай рухани құндылықтарды талап етпекпіз. Ертелі кеш секс пен порнографияны насихаттаудан қолы босамайтын теледидардың күйі анау. Осы мазмұндағы келеңсіздіктерді тізе беруге болады. Ал осының бәрі ұлттық, өркениеттік құндылықтарды саналы түрде қорғауға, қолдауға бағытталған мемлекеттік саясаттың әлі қалыптаса қоймағандығының көрінісі ме деп қаласын. Қорыта айтқанда, өркениеттік, ұлттық құндылықтарды қорғап, өркендету мемлекет пен зиялылар, мемлекет пен халық арасындағы түсіністік, өзара қолдаушылық болуға тиіс, мұндай жарасымдылықсыз біздің болашағымыз, шынымен де күмәнды. Қалай болғанда да, Жәнібек пен Дидар мырзалар қозғау салған ойлар жалпы қазақ зиялыларына ортақ, сондықтан да бұл мәселелерге кімнің де болса үстірт, жеңіл қарауға хақы жоқ. Тағдыр бізге енді қайтып мұндай мүмкіндік жібермейді! Біздің өркениеттік негізімізді қандай құндылықтар құрайды, яғни, қандай құндылықтар үшін күресіп, тер төгуіміз керек? Шынымды айтайын, өз басым «еуразиялық кеңістік», «еуразиялық қауымдастық» деген ұғымдарды аздап түсінсем де, «еуразиялық өркениет» деген ұғымның бас аяғын таба алмадым. Егер ондай өркениет бар болса, онда оның негізін қандай дін, тіл, салт дәстүр және басқа рухани құндылықтар құрамақ? Жоқ әлде ол тек экономикалық, саяси және басқа өткінші қатынастардан ғана тұрады ма? Менің бұл арада айтпағым, жалпыұлттық құндылықтар мен түркілік, түркістандық құндылықтардың әрқашанда өзара тығыз, табиғи байланыста болып келгендігі, олардың өзара бірін бірі толықтыра түсетіндігі, болашақта олардың бірінсіз бірінің нәтижелі дамуының мүмкін еместігі. Ал осы ортақ өркениеттік құндылықтарды сақтап, өркендетуде қандай тәжірибе бар?

//Заман – Қазақстан

12 ақпан, жұма, 1999 жыл, 7 (282)

ҰЛТ ӨМІРІ — БҰЛ КҮНДЕЛІКТІ ПЛЕБИСЦИТ

(Депутат Серікболсын Әбділдин мырзаның телесұхбатына орай) 16 желтоқсан күні, яғни мемлекеттік Тәуелсіздігіміздің 10 жылдығы жалпы мемлекеттік деңгейде аталып жатқанда Серікболсын Әбділдин мырза 31-телеарнадан саяси түсінік беріп жатты. Жорналшы екеуінің арасындағы сұхбат 86-ның желтоқсаны жөнінде болып жатыр екен, құлақ түруге тура келді. Анығырақ айтсақ, екеуара әңгіме әйгілі 17-18 желтоқсан оқиғасына саяси баға беру жөнінде болды. Саясаткердің кезекті сұхбатына арнайы көңіл бөлмей-ақ қоюға болар еді, бірақ тарихи шындықтың көпе-көрнеу бұрмалануы, тіпті бүтін бір халықтың рухани болмысына қатысы бар мәселелердің мүлдем басқа мазмұнда баяндауы көңілде реніш тудырды. Оның үстіне Серікболсын Әбділдин – жай қатардағы жұмыр басты пенде емес. Жоғары лауазымды билікте болған, кезінде Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі төрағасы қызметінде өзінің айтуынша, мемлекеттік «тәуелсіздіктің заң бойынша қабылдауын жариялаған», «тәуелсіздік жолына мойын бұрған» азамат. Қазір де белсенді саяси қызметте, Парламент депутаты, коммунистердің лидері. Яғни мұндай дәрежедегі адамның айтқанына көпшілік көңіл аударады.Олай болса, саясаткердің желтоқсан жөнінде айтқан жаңсақ пікірлерін елеусіз қалдыру да орынсыз болар еді. Сонымен, С.Әбділдин желтоқсан қозғалысы жөнінде не айтты? Бұл арада саясаткердің жорналшы сауалына берген жауаптарын сол күйінде келтіру мүмкін емес, сондықтан да бұлардың әңгімесін тек мазмұндық тұрғыдан айтуға тура келеді. С.Әбділдин жұмысшы және студент жастардың алаңға шығу себебіне байланысты олар өз еркімен емес, қайсыбіреулердің айдап салуымен шықты, ал айдап салушылар жастардың обалына қалды деген мағынадағы ойды айтты. Мұны оқиғаға қатысты негізгі құжаттармен мүлдем таныс емес, немесе таныс болған күннің өзінде оларды түсінбеген адамның сөзі демеске лажымыз жоқ. Мәселе мынада. Желтоқсан қозғалысына қатысты осы уақытқы шейін жарық көрген құжаттарда, еңбектерде, естеліктерде, әзірге бұл оқиғаның ұйымдастырушылары мынадай кісі немесе мынадай топ болды деген дерек жоқ. 1986-1987 жылдары Алматыда және басқа жерлерде жүрген сот процестері де ондай топтың немесе жеке адамның болғанын дәлелдеп бере алған емес. Ондай ұйымдастырушылардың болғанын, бір адам білсе Г.В. Колбин білетін еді. Қазақ теледидары арқылы кезінде берген сұхбатында Колбин де С.Әбділдин сияқты 17 желтоқсан күнгі жастардың шеруі біреулердің тарапынан ұйымдастырылды деген пікірді айта отырып, ал ұйымдастырушылардың нақты кімдер болғанына келгенде тұйыққа тіреледі. Ұйымдастырушылардың болғаны жөнінде мәлімет КГБ құжаттарында да жоқ. 1986 жылғы желтоқсанда осы республикалық мекеменің бөлім бастығы қызметінде болған полковник Қараби Мұқанбетқалиев «Түркістан» газетіне берген сұхбатында «Желтоқсан оқиғасы алдын-ала дайындықтан немесе партия-совет қызметкерлерінің ұйымдастыруынан туындаған жоқ» деген тұжырымға келеді.(«Түркістан», 2001, 15 желтоқсан ). Ия, рас, ондай ұйымдастырушылардың болуы да ықтимал, дегенмен, әзірге ол дәлелденбеген болжам ғана. Ал дәлелсіз болжамды шынайы факті дәрежесіне көтеру, сыпайы айтқанда, білімділікке жатпайды. Тіптен мәселеге мақсатты түрде ұйымдастырылған деген болжам тұрғысынан келген күннің өзінде, 17-ші желтоқсан күні Қазақстанға, қазақ еліне саяси теңдік сұрап, қолдарына түрлі ұрандар көтеріп алаңға шыққан қазақ жастарының әрекеті – дүлей күшке қарсы ұмтылған көзсіз батырдың ісі. Ия, бұл арада менің оппонентімнің «мұндай үлкен шығынға алып баратын соқыр ерлік кімге керек?» деген сауал тастауы әбден мүмкін. Әрине, халықтың тағдыры таразыға түскен тарихи сәттерде қан төгусіз, көз жасынсыз жалпыұлттық мақсатқа жеткенге не жетсін! Өкінішке орай, өмірде ондай бола бермейді. Намысы мен кісілігі аяқ асты болған қамаудағы ұлттық шыдамы сарқылатын, таусылатын қатерлі де қайғылы сәт жетеді.Сол сәтте қозғалысқа келген таудың дүлей-нөпір селіндей көтерілген халық намысы жолындағының бәрін бұзып-жарып, шайып барып басылары хақ. 1916 жылы бейбіт жатқан халықтың жас өркенін майдандағы қара жұмысқа аламын деп патшалық сес көрсеткенде, соған дейін ішіне запыран болып жиналған халық кегі жаппай қарулы көтеріліс түрінде бір лап ете түскен.Сонда ашу-ыза кернеген халықты Әлихан, Ахмет және Мыржақыптар тоқтамға,ақылға шақырып, басу айтқан. Бірақ «айдап салғанның артынан ергенің қалай, мынауың төменнің ісі болды» деген жоқ. Ондай зіл сөзді, «халық қарсылығын, көтерілісті жапон немес немістің агенттері ұйымдастырды, болмаса мұндай ерік, жігер қазақта жоқ еді» деген сөзді халықтың жаулары айтқан. 1986 жылы 17 желтоқсан бұрқ ете түскен кек вулканы да сол көптен бері халықтың ішінде қат-қабат жиналып қалған ашу-ыза, наразылықтың бұрқ етіп сыртқа шыққандығының көрінісі еді. Бұл арада мынадай фактіні есепке алмасқа амал жоқ. Кеңестік идеология, оның білім және ғылым жүйесі жетпіс жыл бойы империя құзырындағы қазақ сияқты халықтардың ұлттық сенімімен санасын еппен, біртіндеп жоқ етіп жіберуге күш салды. Ал желтоқсан – қазақ елінің, әсіресе оның жас ұланының бұл қасиетті сезімдерден, яғни ұят пен намыстан бір жола ада болып қалмағандығының айғағы-тын. Ал ұяты мен арын сақтаған халықтың болашағы зор. С. Әбділдин мырза болса халықтың табиғи наразылығын үгіт-насихаттың салдарына жатқызғысы келеді. Кезінде, яғни 86-шы жылғы желтоқсан күндері сол тұстағы идеология хатшысы З. Камалиденовтың: «Подстрекательским элементам удалось увлечь молодежь. Она представляла собой махровонационалистическую, обезумевшую от принятия наркотиков, алкоголия массу», – дегені әлі ұмтыла қойған жоқ. Міне осы тұжырымға өзектес, жақын ойды араға он бес жыл салып С. Әбділдин мырзаның қайталауы, әрине өкінішті-ақ. Бұл халықтың ішкі рухани мәдениеті мен мүмкіншілігін өз дәрежесінде бағалай алмаушылықтың, тіптен керек десеңіз, халыққа өзінің түпкілікті мүддесін түсіну дәрежесіне еш уақытта көтеріле алмайтын қалың қара тобыр ретінде жоғарыдан менсінбей қараушылықтың көрінісінен басқа ештеме де емес. С. Әбділдин мырза жоғарыда айтылған телесұхбатында алаңға шыққан жастардың орталық биліктің алдына қойған негізгі тілегін «Қазақстанды қазақ елінің өкілі басқаруға тейіс» деген мазмұндағы талаппен ғана шектегісі келеді. Бұл тұжырым да – депутат мырзада қозғалысқа қатынасушыларға деген қарапайым құрметтің мүлдем жоқ екендігінің айғағы. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Комиссиясының қорытындыларында алаңға шыққан жастардың қолдарына ұстаған ұрандары арасында мынадай талап-тілектер болғандығы айтылды: «Ешқандай да ұлтқа ешқандай артықшылық болмасын!», «Ұлт саясатының лениндік принциптерін сыйлауды талап етеміз!», «Әрбір республикаға – өз көсемі!», «Қазақстан жасасын!». Егер бұл талап-тілектерді сол тарихи кезеңдегі тоталитарлық жүйе контексінде талдар болсақ, онда олардың өте батыл қойылғандығына ешқандай да шек келтіруге болмайды. Бұл іс жүзінде өткен ғасыр басындағы Алаш қозғалысы қайраткерлерінен соң, сондай-ақ олардың ізін ала саяси күрес сахнасына көтерілген Тұрар Рысқұлов, Сұлтанбек Қожанов, Жалау Мыңбаевтардан соң араға алпыс жыл салып мемлекеттік тәуелсіздік мәселесінің қайта көтеріліп, ашық қойылуы еді. 1986 жылдың суық 17 желтоқсан күні таңертең сағат 8-00-де Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің үйінің алдындағы Л.И.Брежнев атындағы алаңға жиналған жастар қазақ елінің XVІІІ ғасырдан бері Ресей империясы алдына әлденеше рет қойып, ылғи да тауы шағылып, жеңіліс тауып келе жатқан ең өзекті талап-тілегін тағы да білдірді. Ешқандай да асыра сілтеусіз, бейбіт түрде, үлкен ұстамдылықпен мәдениетті түрде білдірді. Әрине, жеке алғанда қозғалысқа қатысушылардың біразының, тіптен басым бөлігінің биік теориялық деңгейге көтеріле қоймағандығы даусыз шығар. Бірақ жалпы алғанда халықтың өзінің түпкілікті тіршілігіне қажет мұқтажын, бұл арада саяси тәуелсіздік мәселесін түсінуге келгенде жоғары деңгейден көріне алғандығына шек келтіру қисынды бола қояр ма екен? Әй, қайдам. Халық өзінің мәңгілік мүддесін бағалауға немесе ажыратуға келгенде уақытша алдануы ықтимал, бірақ біржола адасуы мүмкін емес. Бұл жолы да сондай болды. Өзінің 60-80-жылдардағы ес жиып, етек-жеңін жабу кезеңін Д.А. Қонаевтың қызметі мен тікелей байланыстыруға дағдыланып қалған халық, бұл тұлғаның биліктен кетіп, оның орнына еш уақытта атын естіп, өзін көрмеген жат жұрттық Г.В. Колбиннің келуін терең саяси дағдарыс ретінде қабылдады. Орталық биліктен өзінің ұлттық сана-сезімін, намысын сыйлауды талап етті. Сонда қалай, Әбділдин мырза, халыққа ең болмаса осындай қарапайым түсінікті де қимайсыз ба? Жетпіс жыл бойы Орталық биліктің қитұрқы саясатына көніп, шыдап келген халық, енді ғана жарияланған қайта құруға сеніп,өзінің ең арзан да қарапайым құқығын талап етті,өйткені ол бір жола адамдық болмысынан айырылып, тағылық жолға тусе қойған жоқ-тын. Міне, сондықтан да ол 1991 жылы жеткен азаттықты Алланың жіберген сыйындай үлкен ризашылықпен қарсы алды, өйткені оған өзі де рухани даяр еді, сондай-ақ осы ұлы мақсат жолында беруге мәжбүр болған өтеуі де тым ауыр, тым қымбат-тын. Біз қазір жаңа тарихи жағдайда өмір сүре бастадық. Жаңа қалыптпасып келе жатқан жағдай зиялыларымызға, саяси басқарушы топқа да халыққа қатынасын өзгертуді,қайта қарауды талап етеді. Халыққа тек басқарушы номенклатураның айтқанымен жатып-тұруға тиіс, не айтса да келісе, көне беретін тобыр ретінде қараған билік жүйелері болған. Аллаға шүкір, ондай заманалар артта қалды.Тарихшы, философ Ренан жаңа заманның айшықты белгілерінің бірі ретінде «Ұлт өмірі – бұл күнделікті плебисцит» дейді, яғни нені болса да халықпен кеңесіп, халықтың даусына салып шешуге тура келеді деген сөз. Иә, солай!

//Қазақ әдебиеті №51(2733) 21.12.2001

ЖЕЛТОҚСАН ҚОЗҒАЛЫСЫ: ТАРИХТАҒЫ ОРНЫ МЕН САБАҚТАРЫ ЖӨНІНДЕ

(1986 ж. желтоқсан оқиғасының 15 жылдығына)

Ғылыми және көпшілікке арналған басылымдарда қазіргі уақытта кең қолданылып жүрген «Желтоқсан окиғалары» деген кеңестік идеология қойнауында өмірге келген ұғым бұл құбылыстың шынайы мазмұнын аша алмайды. «Оқиға» деген сөз бір мезгіл, сәтте өмірде орын алған іс, құбылыс дегенді білдіреді (1). 1986 жылғы 17-18 желтоқсан күндері Алматы қаласында, сондай-ақ облыс орталықтары мен ірі елді мекендерде болып өткен фактілер, әрине бір сәттік, кездейсоқ құбылыс емес екендігі анық. Желтоқсан оқиғалары қазақ тарихында бұдан да бұрын орын алған тамырлы, өзара сабақтас оқиғалардың логикалық жалғасы, кезекті табиғи көрінісі. Анығырақ айтқанда ол қазақ халқының империялық, отарлық езгіге қарсы азаттық үшін күресінің, мемлекеттік тәуелсіздікке деген тынымсыз ұмтылысының табиғи жалғасы. Міне, осы тұрғыдан алғанда біз әңгіме етіп отырған тарихи құбылыстың «Желтоқсан оқиғалары» емес «Желтоқсан қозғалысы» аталғаны, әрине, орынды болмақ. Сондай-ақ ол бір қалалық немесе аймақтық та құбылыс емес, жалпыұлттық қозғалыс. Оның мынадай себептері бар. Империялық озбырлыққа қарсы бас көтеру тек астана кала – Алматымен ғана шектеліп қалған жоқ, басқа да облыс орталықтарында, аймақтарда көрініс тапты. Желтоқсанның 17-25 күндері Жамбыл, Шымкент, Талдықорған, Жезқазған, Қарағанды, Павлодар, Көкшетау, Арқалық сияқты калаларда, Шамалған, Сарыөзек сияқты елді мекендерде болып өткен толқулар наразылықтың жалпықазақстандық сипат алғанын айғақтайды. Алматыдағы 17 желтоқсан күнгі толқуларға 25-30 мың адам қатынасқан. Сол күнгі кешінде және түнде шеруге шыққандарға қарсы қолданылған қанды жазалау шараларына қарамастан, ертеңіне Брежнев алаңына тағы да сонша адамдардың жиналуы әбден мүмкін еді. Әскер күштері мен милиция алаңды қоршап алып, оған ешкімді жібермеді. Алматыдан тыс жерлерде болған шерулерге қатынасқандардың саны 2500 адам. Бұл саналы түрде басыңқы көрсетілген сан болуы да ықтимал. Әрине қозғалыстың белгілі бір орталық басқару штабы болған жоқ, кеңестік қатаң бақылау жағдайында оның болуы да мүмкін емес-тін. Анығы сол, ондай штаб қозғалысқа өз еркімен қатысқан әрбір азаматтың жүрегінде болды. Қозғалыстың ауқымын оны басуға тартылған күштердін саны мен қуатынан да байқауға болады. Американдық Хельсинки тобы демонстранттарға қарсы 50 мың әскер адамдары және 20 мың милиционерлер тартылғанын айтады. Академик М.Қозыбаевтың есебі бойынша әскер күшінің саны 40 мың қару төңірегінде (2). Әскер күшіне қосымша жастарды басуға 10-нан 15 мыңға дейін қаруланған ерікті жасақшылар көшеге шыққан. Бұған қосымша 15 БТР және 20 өрт сөндіруші машиналар бөлінген (3). Бұл келтірілген цифрлық фактілерден байқалатыны сол шеруді басуға шыққан қарулы қолдың саны шерушілерден екі есе асып түскен еді, ал екі жақтың қарулану деңгейі әрине, ешқандай да салыстыруға келмейтіндігі өзінен-өзі түсінікті. Бейбіт шеруге шыққан жастардың қарулы әскер күштерімен қақтығысқа түсу қаперінде болмағаны, әрине, айдай анық. Желтоқсан оқиғалары тұсындағы империялық Орталықтың әрекеті 1916 жылғы патшалық биліктің Қазақстандағы көтеріліс ошақтарын жаншып басуға бағытталған әрекетін еске салатын еді. Мәселен, біріншіден, қозғалысты тез арада басып тастауға Фрунзе, Ташкент, Челябинск, Новосибирск, Уфа, Свердловск, Тбилиси сияқты қалалардан арнайы даярлықтан өткен, сондай-ақ ең негізгісі жергілікті халықпен және жағдаймен таныс емес әскер құрамалары жіберілді. 1916 жылы қазақ елінің қарсылығын басу үшін тандаулы әскер қолдары Қазаннан, Пермнен, Орынбордан алдырылған болатын. Екіншіден, 1916 жылғы көтеріліс қарсаңында және тұсында патшалық билік Қазақстанға келіп қоныстанған орыс және басқа еуропалық шаруаларды саналы түрде қаруландыру шараларын іске асырды. Қазақ ҚСР Жоғарғы Кеңесі Президиумы Комиссиясының көрсетуіне қарағанда көтеріліс күндері Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің, қалалық және облыстық партия комитеттерінің нұсқауы бойынша Алматы заводтарында халық жасақтары үшін темір арматураның кесіктерінен, резинкадан жасалған кабелдерден, шынжырлардан арнайы қару даярланды (4). Ал «халық жасақшыларының» басым әрі белсенді бөлігі сол тұста астана заводтарында жұмыс істейтін орыс және басқа еуропалықтар болатын. Осы арада тағы да бір елеулі нәрсені айтпай өту мүмкін емес. Қазақстанды отарлау ісінде патшалық билік пен мұнда келген переселендер арасында өзара түсінушілік және колдаушылық болғаны тарихтан мәлім факті. Өкінішке орай, коммунистік партияның жетпіс жылдық «интернационализм» саясаты сынға түскен сәтте жергілікті еуропалық тұрғындардың белгілі бір бөлігі Орталық биліктің зорлықшыл саясатын қолдайтындығын танытты. Белгілі дәрежеде, желтоқсан күндері кеңестік биліктің Қазақстандағы негізгі ұлттардың ара салмағын біртіндеп өзгертіп, бұл мәселені біржола өз пайдасына шешу саясатының ойлағандай нәтиже бергендігін мойындамасқа лаж жоқ. Әсіресе Алматы сияқты астана тұрғындарының ұлттық құрамын қалыптастыруда ұстанған Орталықтың стратегиялык саясатының қаншалықты қауіпті екендігін желтоқсан окиғалары еш бүкпесіз анық көрсетіп берген еді. Мәскеулік орталықтың Алматы астанаға айналған алғашқы күннен бастап-ақ бұл каланың, сондай-ак оның төңірегін қоршаған село тұрғындарының ұлттық құрамын жоспарлы түрде калыптастыру ісін қолында не себепті берік ұстап келгендігіне біз жете көңіл аудармадық. Тура осыған ұксас саясат көрші туыс ел Қырғызстанның астанасы Бішкекке де (Фрунзе-бұрынғы аты) қатысты жүргізілді. Бұл саясаттың астары: астанадағы үстемдік жалпы республикадағы үстемдікке жол ашпақ, сондай-ақ орталық ұстанған позицияның өтімділігінің кепілі болмақ. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының комиссиясының анықтауы бойынша қозғалысқа қатысқаны үшін ұсталғандардың саны 8500 адам. Олардың ұлттық, әлеуметтік, кәсіби құрамы жөнінде толық мәлімет әзірге жоқ. Желтоқсаншы Күзембаев Қайыргелдінің зайыбы Роза Спанова «Біз білетін желтоқсан» (5) атты мәліметтер мен маңызды тұжырымдарға толы жақсы кітап шығарды. Осы кітапта 17-18 желтоқсан күндері ұсталған 633 адамның тізімі және олар жөніңде қысқаша мәлімет берілген. Міне осы тізімде берілген жастардың құрамы жөнінде мынаны айтуға болады. Ұсталған 633 адамның ұлттық құрамы: 628 қазақ, 1 ұйғыр, 1 татар, 1 корей, 1 қарақалпақ, 1 қырғыз; әлеуметтік құрамы: 303 жұмысшы, 275 студент-жастар, 5 мектеп окушысы, 9 зиялылар өкілі, 16 қызметкер, 17жұмыссыз. Жастардың басым бөлігі “Алматы тұрғын үй құрылысың тресінде «Құрылыс-монтаж» басқармасында; «Алматы ауырмашина жасау» заводында, «Алматы мақта-мата» комбинатында, «Поршень» заводында, «Тұрмыстык химия» заводында, Гагарин атындағы тігін фабрикасында істейтін жұмысшы жастар еді. Осы және басқа жарияланған фактілерден қозғалыстың негізгі катысушылары да, бастаушылары да, дем берушілері де соған сай негізгі жазаланушылары да қазақ жұмысшы және студент жастары болғандығын аңғару, әрине, мүлдем қиын емес. Қозғалыс күндері Ішкі істер Министрлігі тарапынан айыптылар есебінде ұсталған 2400 адамның 2302 (92%) қазақ, 31 орыс, 13 ұйғыр, 10 татар, 4 қырғыз. Осы күндері Алматыдағы дәрігерлік орындарға тіркеліп, медициналык көмек алғандардың саны 286 адам, олардың 281-і қазақ, ал ауруханаға жатқызылғандардың саны 83 адам, олардың 82-і қазақ (6). Американдық Хельсинки тобының көрсетуіне қарағанда ауруханаға түскен 369 адамның 363-і қазақ, екеуі орыс, басқалары түркімен, шешен, армян, башкұрт (7). Р.Спанованың кітабында сотталғандардың саны бұрын айтылып келгендей 99 емес, 103 адам. Олардың 100-і қазақ, 3-і ұйғыр және дұнған ұлттарының өкілдері. Қозғалысқа қатысқандардың басым бөлігі түрлі әлеуметтік топтардан тұрған республиканың жергілікті қазақ халқы. Бұл жағдай Желтоқсан қозғалысының империялық зорлыққа қарсы ұлт-азаттық сипат алғандығын аңғартады. Осы арада мынадай жағдайды еске алуға тура келеді. Мәскеулік Орталық биліктің шешіміне саналы ашық түрде наразылық көрсетіп, шеруге шығу Қазақстан тарихында 30-шы жылдардың басынан бері болмаған құбылыс (8). Кеңестік билікке қарсы соңғы қарулы бас көтеру 1929-1931 жылдары, яғни қазақ шаруаларының дәстүрлі шаруашылық жүйесін күрт күйретуге бағытталған большевиктер реформасына қарсылық түрінде көрінді. Одан бері жарты ғасырдан астам уакыт, яғни 55 жыл өтті. Бұл өмірде белсенді қоғамдық қызметтегі екі буынның ауысып, үшінші буынның өзін көрсететін мерзімі. 1986 жылғы желтоқсанда алаңға шыққан жастар сол жаңа буынның өкілі болатын. Ал осы ұрпакқа қандай ерекшеліктер тән? Біріншіден, олар 37-38-дің жойқын жаппай репрессиялау саясатын көрмеген, 1939-45 жылдардағы екінші дүниежүзілік аласапыран соғысқа қатынаспаған, соғыстан кейінгі мерзімде қатая түскен тоталитарлык жүйенің идеологиялық ықпалына ұшырағанымен илеуінде біржола жаншылмаған ұрпақ еді. 1970-80-ші жылдары кеңестік тәртіппен саяқ жүріп арпалысқан 37 жастағы Хасен Қожахметовтың өзі де шеруге шыққан жас буынның көш бастар ағасы деуге жарап қалғантын. Екіншіден, ешкандай да күмәнсіз нәрсе сол, бұл жаны таза, рухы биік қазақ әдебиеті мен өнерінің үздік дәстүрінде тәрбиеленген, Мұкағали Мақатаевтың «Реквиемін», өлендерін жатқа білетін, Шәмші Қалдаяқовтың «Қазақстанымын» өзінің ортақ гиміне айналдырған ұрпақ болатын. 1986-ның желтоқсан күндері олар елінің азаттығы үшін ең биік те асқақта қамалды алуға даяр екендігін нақты іс-әрекеттермен дәлелдеп берді. Желтоқсаншылар үстінен жүрген сот істерінің өзектісі Қ.Рысқұлбеков, Т.Тәшенов, Ж.Тайжұманов және Қ.Күзембаев төртеуіне арналған сот процесі екендігі мәлім. Міне осы сот ісіне басынан аяғына шейін қатынасқан Р.Спанова жоғарыда аталған кітабында Қайрат Рысқұлбековтың соттағы ақтық сөзінен үзінді келтіреді. Онда Қайрат: «-Менің бір ғана арманым бар еді. Ол шындықты халқыма ескерту болатын. Менің арымның таза екендігін, адам өлтірмегенімді халық естімей, шынымен «қылмыскер» деп айыптайды-ау деп, қорқушы едім. Қымбатты әке, аяулы анам, қадірлі жұртым, менің ақ екеніме көздерің жеткен болар. Енді міне, қазір атып жіберсе де арманым жоқ. Қазақ халқы үшін құрбандыққа шалған тоқтыларың болайын. Сендер аман болыңдар!» – деп, сөзін абақтыда жазған өлеңімен жалғастырады. Қайраттың өлеңі ойлы, терең әсерлі еді. Ол жөнінде Р.Спанова былайша еске алады: «Ол өлеңді ұзақ оқыған сияқты еді. Әйтеуір, залдың іші өксікке айналып, шынымды айтсам, қазақ милиционерлеріне дейін көздерін сүртіп, уһілап шығып жатты. Қайрат демін ауыр жұтып алады да, өлеңді оқиды, бір шумағын оқып біткенше жұрт тып-тыныш тыңдайды да, мұрындарын қорс-қорс тартып, көз жастарын сүртеді, сосын келесі шумақты оқиды. Сөйтіп бүкіл халық еңіреп, залдың ішінде жыламаған жан қалмады. Тек Грабарник (әрине, ол қазақша түсінбеді) пен Баймұханбетов қана былшиып отырды. Бұл әміршіл-әкімшіл жүйенің үркітіп-қорқыту үшін қайткенде де бір адамға ату жазасын беруі хақ екенін алдын-ала түсінген Қайраттың: «Жарайды, қазақ халқы үшін мен-ақ құрбан болайын. Бірақ, айналайын жұртым, менің адал екенімді, қандықол еместігімді біліңдер! – деген соңғы жан айқайы еді» (9). Идеологиялық аппарат демонстрация басталған 16 желтоқсан күнінен бастап-ақ құзырындағы бұқаралық ақпарат құралдары арқылы орталық алаң мен көше кезіп, қоғамдық тәртіпті бұзушы нашақорлар мен маскүнемдер жөнінде пікір таратып жатты. Бұл пікірді одақтық баспасөз, радио және телевидение іліп алып, лаулатып әлемдік кеңістікке жайды. Бірақ, кеңестік идеологияның құйтыркы әдіс-айласына әбден қанық шет елдердегі қоғамдық пікір кеңестік БАҚ-тың мәліметтеріне сенген жоқ. Сол сияқты идеологиялык аппарат «аңқау » қазақ жұртын да оп-оңай алдай саламын деп ойлады. Оған, әрине, қазақ елі сенген жоқ. Өлім жазасына кесілген Қайрат Рысқұлбековтың да, Мырзағұл Әбдіқұловтың да, түрлі мерзімге кесілген басқа да азаматтардың биік парасатты, отанының мүддесіне шынайы берілген тұлғалы жандар екендігін, сондықтан да олардың нақақтан нақақ отаршыл, зымиян, әділетсіз жүйенің рахымсыз кұрығына іліккендіктерін іштей түсінді де, тынды. Қарапайым халық әділетсіздің жазасын Алладан сұрады.... Желтоқсан қозғалысының негізгі себебіне байланысты да акцентті тура қоятын мезгіл жетті. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Комиссиясы (1990 ж. 19 қаңтарда құрылған) өз қорытындыларында желтоқсан оқиғаларының, негізгі себебін патшалық және кеңестік биліктердің отарлық саясатымен тікелей байланыстырып өте негізгі қорытындыға келді деп айтуға болады. Бұл құжаттың міндетіне орай белгілі дәрежеде жалпы жасалынған тұжырымды дәлелді толықтыра түсудің артықшылығы жоқ сияқты. Кеңестік идеология әйгілі желтоқсан күндерінің артын ала келген құжаттарында, әсіресе Г.В.Колбин өзінің көптеген сөздерінде қозғалыстың негізгі себебін басым түрде қоғамда бұрынғы басшылықтың жіберген қателіктеріне байланысты түрлі әлеуметтік қайшылықтардың шиеленісіп кетуімен байланыстырды. Жаңа келген бірінші хатшы «Тұрғын үй-90» аталатын бағдарлама жасап Алматының оңтүстік батыс бетінен жаңа ыкшамаудандар құрылысын бастап та кеткен еді. Екінші біреулер қозғалыстың туу себебін тікелей Г.В.Колбиннің Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы болып келуімен байланыстырды. Сол тұстағы идеологиялық хатшы З.Камалединов: «Айдап салушы элементтерге жастарды соңынан ерту сәті түсті. Ал олар болса есірткі мен алкогольды қабылдап естерінен танған көрсокыр-ұлтшылдардан тұрған көпшіліктің өзі-тін». Бұл тұжырымдардың бәрі де қозғалыстың шынайы (саяси мазмұнын) бүркемелеп көрсетпей қоюды мақсат тұткан әрекеттер еді. Әрине, қозғалыстың түрлі әлеуметтік және басқа себептері болғандығын, жалпы алғанда оның көптеген қоғамдық алғы шарттары бар күрделі құбылыс екендігін жоққа шығаруға болмас. Дегенмен қозғалыстың ең алдымен, басым түрде саяси сипат алғандығы ақиқат. Оны 17 желтоқсан күні таңертең шеруге шығып, алаңға келген жастардың қолдарына ұстаған ұрандары айғақтайды. Қазақ және орыс тілдерінде жазылған транспоранттарда мынадай талап-тілектер айтылған еді: «Ешқандай да ұлтка ешкандай артыкшылық болмасын!», «Ұлт саясатының лениндік принциптерін сыйлауды талап етеміз!», «Әрбір республикаға – өз көсемі!», «Қазақстан жасасын!». Міне бұл ұран сөздер қозғалыстың әлеуметтік талаптар ауқымынан шығып, айқын саяси сипат алғанын көрсетсе керек. Бұл іс жүзінде 1917 жылы Алаш автономиясы туын көтерген Алаш қозғалысы қайраткерлерінен соң, олардың ізін ала Кеңестік автономияға ұлттык мемлекеттік мазмұн беру мәселесін қойған Тұрар Рысқұлов, Сұлтанбек Қожанұлы, Жалау Мыңбайұлынан соң араға алпыс жыл салып мемлекеттік тәуелсіздік мәселесінің қайта көтеріліп, ашық қойылуы еді. Басқаша айтқанда 1986-ның суық 17 желтоксан күні таң ертең сағат 8-де Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің алдындағы Л.И.Брежнев атындағы алаңға жиналған 200-300 қаралы жастар қазақ елінің 18 ғасырдан бері Ресей имдериясы алдына әлденеше рет қойып, ылғи да тауы шағылып, жеңіліс тауып келе жаткан ең өзекті талап-тілегін тағы да білдірді. Ешқандай да асыра сілтеусіз, бейбіт түрде, үлкен ұстамдылықпен мәдениетті түрде білдірді. Осы арада қысқаша болса да тарихқа экскурс жасауға тура келеді. 18-19 ғасырларда отарлық үстемдікке қарсы мемлекеттік тәуелсіздік үшін азаттық қозғалысты ру-тайпа ақсүйектері, сұлтан-төрелер бастап шықты. XX ғасырдың алғашқы ширегінде азаттық үшін қозғалыстың басына ұлт зиялылары мен жаңа ғана қалыптаса бастаған саяси элита келді, сөйтіп оған жаңа мазмұн және серпін берді. Ал, 1986 жылы желтоқсанда орталық алаңда мемлекеттік мәселесін зиялылар да емес, басқарушы саяси топ та емес жұмысшы және студент жастардың қоюын немен түсіндіруге болады? Қозғалыс күндері, одан кейін, тіптен қазіргі уақытқа шейін де жастарға желтоқсан күндері ашық та нақты қолдау көрсете алмағандығы үшін қоғамдық пікірде ұлт зиялыларын айыптау орын алып келді. Мұндай пікірдің белгілі дәрежеде орынды екендігін мойындау керек. Зиялылар әрқашанда қоғамдық қозғалыста алдыңғы сапта көрінген, халықтың, ұлттың ең кәусәр тілегін білдірген, ұлтына жөн сілтеген. Қарапайым халық, алаңға шыққан жастар осы міндетті өз мойнына алған зиялыларды көргісі келді, оның соңына еруге даяр екендігін әлденеше рет білдірді де. Өкінішке орай ондай биіктен көрінуге даяр зиялылар қауымы жоқ болып шықты. Оқиғалар бұлтартпай осы ащы шындықты алдынан көлденең тартты да отырды. Ондай қолдауды жастарға биліктегі номенклатураның көрсете алмайтындығы бесенеден белгілі-тін. Дәстүрлі қазақ қоғамында ертеден келе жаткан салт бар: ел дағдарысты тұйыққа келіп тірелгенде көпті көрген, көңіліне көпті түйген ел басы ақсақалдар жиналған шаршы топтың алдына шығып, екі жақты бірдей бәтуаға келуге шақырар еді. Дәстүрлі шабысынан көптен бері жаңылысқан XX ғасырдың соңындағы қазақ коғамында ондай ақсақалдар да жоқ болып шыкты. Төсіне еңбек пен майданда алған ордендері мен медальдарын тағып «ал атсаң алдымен мені ат!» деп алаңға келетін ақсақал ағаларымыз жылы үйінен шыкпаған күйде отырып алды. Сөйтіп қалың елі, қазағының «жоғын жоқтап, алаңға шықсам; оның жайсаң жақсыларының қолдауын табамын» деп үміттенген албырт жастар, ең ақыры желтоқсанның қатыгез аязында далада қалып, иығы мен басын кеңес солдатының күрегі мен күрзісіне берді, итіне таланды. Дегенмен, бұл арада мен акцентті өзгерткім келіп отыр, анығырақ айтқанда оны тура қойғанды жөн көріп отырмын. Зиялылар қауымының, оның басым бөлігін құрған қатардағыларының кеңестік жүйеде қарапайым еңбекші халықтан ерекше жағдайы мен құқы болған емес. Жетпіс жыл бойы кеңестік идеологияның тепкісінде болып, қызметінде коммунистік партияның нұсқауларын басшылыққа алып үйренген зиялылардан дағдарысты сәтте дербес жігерлі әрекет күту әділетсіздік болары хақ. Яғни бұл арада мемлекеттікке байланысты сөз алдымен саяси номенклатура жөнінде болуға тиіс. Зиялылар мен саяси басшылық кеңестік жүйе жағдайында өзара байланысы шамалы, бөлек әлеуметтік топтар болғандығы сөзсіз. Мен бұл арада «саяси номенклатура» деген үғымды саналы түрде қолданып отырмын. Кенестік коғамда кәсіби түрде саяси басқару ісімен айналысатын ақсүйектер тобы болған емес. Ондай ерте ме, кеш пе әйтеуір бір ұлттық мүдде мәселесін көтермей қоймайтын әлеуметтік күштің кеңестік билікке керегі де жоқ еді. Сондықтан ол өзіне толық тәуелді, айтқанын бұлжытпай орындап отыратын саяси номенклатураны қалыптастыруға тырысты. Желтоқсан окиғалары СОКП Орталык Комитетінің кадр саясатындағы бұл бағытының дұрыс екендігін. көрсетіп берді. Қазақстандық номенклатура желтоқсан күндері бүтіндей империялық басшылық жағында тұрды. Ол XX ғасырдың 20-шы жылдары Тұрар Рысқұлов пен Сұлтанбек Қожанов бастаған тегеурінді саяси басшылықтан өзгеше, жетекшіл, ұлттық тамыры әлсіреген, дүбәрә құбылыс болатын. Сондықтан да нақақтан күйіп бара жатқан желтоқсан жастарына араша түсу оның қаперіне де келген емес. Желтоқсан күндері кеңестік билік тоталдық сипатын толық жайып салды. Жетпіс жыл бойы өзін еңбекші халықтың билігі ретінде жариялап келген ол алаңға жиналған жұмысшы жастармен байсалды келіссөз жүргізіп, белгілі бір ортақ шешімге келуге тырысқан да жоқ. Халықтың пікірімен санаспайтындығын, оған тобыр деп қарайтындығын көрсетті. Мәскеудегі Политбюро, Бас хатшы өз шешімдерінің жалғыз тура тұжырым екендігіне сенімді болатын. М.С.Горбачев жаңа ғана қызметтен кеткен Д.А.Қонаевтың пәтеріне телефон соғып, жастардың алаңға шығу себебін сұрап, сөзін «Жақсы, біз бәрін анықтаймыз да шара қолданамыз, тәртіп орнатамыз», – деп аяқтайды. Тура осы мағынадағы пікірді осыдан бір сағат бүрын қазақстандық губернатор Г.В.Колбин де айтқан еді (10). Желтоқсан күндері Қазақстандағы саяси билік бүтіндей Мәскеудің, оның жергілікгі өкілі Г.В.Колбиннің қолына көшті. Қазақ халқы бұл күндері шынайы биліктің өзінен мүлдем алыс тұрғанын, ал егер Орталықтың еркіне қарсы шықсаң таптап-жаншуға әзір тұрғанын анық байқады. Билік пен халық арасындағы мұндай алшақтық ертелі-кеш білінбей қоймайтындығы анық, желтоқсан окиғалары бұл үйлесімсіздіктің ара жігін, бетпердесін біржола ашып тастады. Желтоқсан ерлерін соттау барысында билік орындары саналы түрде ескі империялық әдіс-ұлттарды өзара қарсы қою саясатына жол берді. Кек алу саясаты мемлекеттік саясат дәрежесіне көтерілді. Алматыдағы телерадио орталықтың қызметкері, жасақшы Савицкийдің кездейсоқ тиген соққыдан өлімі төңірегінде ең жоғарғы деңгейдегі дау-жанжал көтерілді. Мақсат, әрине, қаза болған Савицкийдің «аяқ асты болған намысын қорғау» емес-тін. Басы Г.В.Колбин болып жанжалды көтерушілер ең кем дегенде мынадай екі мақсатты көздеседі. Біріншіден, Савицкий өлімі төңірегінде дау-жанжал көтере отырып Қазақстандағы және одан тыс жерлердегі елдердің назарын 17-18 желтоқсан күндері билік жендеттерінің қолынан қаза тапқан қазақ жастарының бір адамның өлімінен анағұрлым кең де терең трагедиясын көлеңкеде қалдырып, мүмкін болғанша оның маңызын төмендете түсу еді. Екіншіден, империялық билік орындары өзінің қанды озбырлық әрекетін әлемдік қауымдастық алдында ақтап алу үшін Алматыдағы қозғалысты тар ұлтшыл, мәдениеті төмен азиялық халықтың өркениетті орыстарға қарсы бас көтеруі ретінде көрсетуге тырысты. Савицкийдің өлімін осы максатта пайдалану ойында болды. Үшіншіден, Савицкийдің өлімі үшін қайткен күнде де бір немесе бірнеше қазақ жастарын жазалау арқылы, саяси билік, әрине, елдің, мемлекеттің иесі кім екендігін аңғартып қою да ойында болғандығы даусыз. Р.Спанова аталған кітабында мынадай тұжырым жасайды: «...Шынын айтқанда, бұл жерде тергеушіге де, сотқа да ақиқатты ашудың, ақ пен қараны анықтап дәлелдеудің еш қажеті жоқ еді, олардың мақсаты жоғарыда отырған Колбиннің»: «Жасақшыны өлтірген адамды тездетіп табыңдар!» — деген әмірін орындау болатын. Сондықтан, қайткенде де бір адамның «қылмыскер» болуы шарт еді», – дейді.

Бұл тұжырымға қосылмасқа шарамыз жоқ.

Қазақ жастарын соттау процесі тағы да мынаны байқатты. Кеңестік жазалау жүйесі 1986 жылы өзінің әдіс-айласы және қатыгездігі жағынан өткен ғасырдың 30-шы жылдарындағы ОГПУ, НКВД органдарының қызметін еске салды. Мүмкін бұл аталған мекемелерден асып түскен де шығар. КГБ агентгері қолдарына алаңда және көшелерде түсірілген қазақ жастарының суреттерін алып жоғары және арнаулы орта оқу орындарының кіре беріс есіктерінің алдында тұрды, ешқандай да қымсынбастан ежірейіп өткен адамдардың бәріне, бейнесіне тінте қарады, жатакханаларды тіміскілеп, кезіп жүрді, деканаттарда отырып оқытушыларды шақыртып тергеу жүргізді. Абақтыға түскен ешқандай да кінәсіз жастарға олар жасамаған айыпты мойындату үшін түрлі заңсыз әрекеттерге барды. 30-шы жылдары «халық жауы» ретінде тұтқындалғандарға ОГПУ тергеушілері «Мұнда келген соң сүттен ақ, судан таза болып шыға алмайсың! Адам болса, істі (жазаны) табамыз!», – деген мағынадағы сөздерді айтып ұрып-соғу, қорқыту, үрейді алу, сол арқылы тұтқынға тергеушілердің өздері даярлаған тергеу хаттамасына қол қойдырып алатын. Тура осындай тергеу әдісі 1986-87 жылдары Қайрат Рысқұлбеков пен оның замандастарына да қолданылды. Осы арада Р.Спанованың еңбегінен тағы да бір үзінді келтіруге тура келеді. «–Күннің қайсы, түннің қайсы екенін білмеймін. Ұйқы қысып, кірпігім енді байлана бастағанда «шақыртып жатыр» деп алып кетеді, – дейді Қайрат қатты қынжылып. Сықырлап, сарт-сұрт ашылып-жабылған 5-6 темір есіктен өтіп, тергеушінің бөлмесіне келсем, бес-алтауы жабылып үгіттейді, адамгершілік, азаматтық абыройымды түкке алғысыз етіп сөгеді, «әкеңді тұқымымен құртамыз» деп кіжінеді, тіпті болмаса, есімнен танғанша ұрып, камераға сүйретіп апарып тастайды. Көзімді ашсам, жанымдағы «ағайымның бағанағы сөзін қайталайды («Ағай» деп отырған камераға екінші тұтқын ретінде енгізілген құпия мекеменің тыңшысы еді – Авт.). Әбден қалжырадым. Тіптен жалған өмірден түңілгенім соншалықты, оның үстіне әкемді құртып жіберсе, үйдегі шиеттей балаларды кім асырайды деген ой да бір жағынан мазалап, мұндай қорлықты көргенше өлгенді артық көріп: «Әкеліңдер, жазсам жазайын, бірақ мен адам өлтірген жоқпын, -деп айқайлап жібердім, - деп, сотта басын ұрғылады Қайрат» (11). Міне өзін әлем алдында еңбекші халықтың үкіметі жариялаған кеңестік биліктің әділ сотының сикы осындай-тын. Желтоқсан қозғалысы қазақ елі үшін мемлекеттік тәуелсіздіктен биік құндылықтың болуы мүмкін емес екендігін көрсетіп берді. Ал, осы үш ғасырлық қанды күрестен соң қолымызға тиген мемлекетгік дербестікті сақтап, нығайтуға еліміздің жас өркеннің орны әркашанда ерекше болмақ. Француз еліне Жанна де' Арк, чех еліне Ян Гус, венгр еліне Шандор Петефи қандай қасиетті есім болса, қазақ елі үшін Кайрат Ноғайбайұлы Рысқұлбеков те сондай қасиетті. Қайрат 86-ның суық желтоқсанында алаңға шыққан қазақ жастарының жинақы көрінісі, қазақ халқының мәңгі мұқалмас азаттыққа ұмтылысының символдық бейнесі. Президентіміз ылғи да айтып келе жатқан мемлекеттік дербестігімізді сақтаудың келесі сенімді жолы - Қазақстан халықтарының ауызбірлігін, тұтастығын сақтау, сапалы түрде осы саяси бағытка қолдау жасап отыру. Тарихи тәжірибе көрсетіп бергендей, қазақ елі өзінің мемлекеттік тәуелсіздігін атамекендегі басқа да халықтармен туысқандық қатынасын нығайта түсу арқылы ғана сақтай алады. Келесі аса маңызды мәселе – қазақ халкының, оның жастары мен зиялы қауымының саналы, мақсатты түрде көрші түбі бір туыс халықтармен, мемлекеттермен рухани, экономикалық, саяси және мәдени байланыстарды ылғи да жетілдіріп, дамытып отыруға ұмтылысы қалыпты жағдайға айналуға тиіс. Біз ашуақытта төрт жүзге жуық кырғыз жігіттерінің Қордай асуынан бері өте алмай қайтканын, қырғыз жігіті Талайбек Ылаевтың Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Құрмет грамотасын үйінде сақтауға арланып кейін қайтарып бергенін ұмыта алмаймыз. Қазақ еліне желтоқсан қозғалысынан соң адамгершілік қолдауды Еуропа халықтары, атап айтқанда Польша, Венгрия, Чехия, Түркия және Батыс Германия зиялылары да көрсетті. Желтоқсан қозғалысы Қазақстанды жаңа әлемдік кеңестікке алып шықты, Қазақ елі кеңестік идеологияның алдамшы, жалған сипатын түсіне бастады. Осының бәрі империялық зорлық дәуірінін аяқталуға бет алғандығының, азаттық үшін күрестін жаңа мазмұн, сипат ала бастағандығының, оның басына жаңа буынның келгендігінің көрінісі еді.

---------------------
1.Түсіндірме сөздік. А., 1979. 7 т., 405 б.

2.Козыбаев М.К. Казахстана на рубеже веков: размышления и поиски. Кн. 1., А., 2000, с. 238-239.

3.Заключение Комиссии Президиума Верховного Совета, с. 31. 4.Қозғалыс күңдері өте салысымен ресми билік бұл қаруларды даярлаған, ол – шеруге шыққандар деген пікір таратты.

5.Спанова Р. Біз білетін желтоқсан. А.: «Жалын» баспасы, 2000.
6.Coнда, 170-200 б.
7.Козыбаев М. Аталған еңбек, 250 б.

8.Бұл ретте 1954 жылғы Теміртау каласында орын алған жұмысшы жастардың билік орындарымен қақтығысын айткан жөн. Бірақ ол оқиғаның шығуына тұрмыстық қажеттіліктердің негіз болғандығы мәлім. 9.Спанова Р. Біз білетін желтоқсан. А., “Жалын баспасы, 2000, 29-30, 129-169, ж.б.

10.Кунаев Д.А.. О моем времени. А., 1992.
11.Спанова Р. Аталған кітап, 23 б.

«ҚазҰУ хабаршысы. Тарих сериясы»,

№4 (23), 2001ж.

ЖАСЫН

ХІХ ғасырдың 30-40 жылдарындағы Кене хан бастаған азаттық қозғалыс «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламадан», соң араға ғасыр салып елдің елдігін көрсеткен ұлы оқиға болатын. Соған қарамастан ғылымда бұл тақырыптың жолының ауыр болғандығын аңғару қиын емес. Мәселені зерттеу ісін белгілі үш кезеңге, яғни патшалық билік тұсы, кеңестік билік кезеңі, сондай-ақ мемлекеттің тәуелсіздік алған жылдары деп бөліп алып қарауға болады. 1870 жылы петербургтік «Вестник Европы» журналының бірнеше санында «Бунт киргизского султана Кенесары Касымова (1837 – 1847ж.ж)» деген атпен патша шенеунігі Н.Середаның, ал 1888 жылы Ташкентте Е.Т.Смирновтың кіріспе сөзімен және осы кісінің аударуымен Сұлтан Ахмет Кенесариннің «Кенесары и Садық» атты еңбектері жарық көрді. Аталмыш қозғалысқа қатысты құжаттар жинағын жинап бастыру ісі де осы мезгілде қолға алына бастады. 1908-1915 жылдар аралығын Ташкентте Ресей соғыс істері министрі А.Н. Куропаткиннің тапсыруымен полковник А.Г.Серебренников «Туркестанский край. Сборник материалов для истории его завоевания» деген атпен 14 томдық құжаттар жинағын бастырып шығарды. Осы көптомдықтың алғашқы бес томында Кенесары хан бастаған қозғалысқа қатысты 176 құжат жарық көреді. Егер осы алғашқы кезеңде дайындаған еңбектер болмаса, бұл азаттық қозғалыстың шынайы ғылыми бейнесін жасау бізге қиынға соққан болар еді. Ұлт-азаттық қозғалысы мәселесіне қырын қараған кеңестік билік тұсында Кенесары хан тақырыбын арқау еткен ғылыми зерттеу еңбектері де, көркем шығармалар да қуғынға ұшырады. «Елдігің, бірлігің, игілігің кеткен заманда, етек-жеңін түріп, екіленіп шыққан ерді көксейсің. Қиялай қиқу шыққанда қаңтарыла кететін омыраулы басшыға құштарсың... Ел боламын, сілкінемін десеңдер екі тізгін, бір шылбырды қолына беретін кез келді... Алдыңғының сарқыны осы. Бұдан айырылсаң бойыңды жиғызбайды»,- деп басталатын М.Әуезовтың «Хан Кене» пьесасы театр сахнасына жіберілмеді. Кезінде, яғни ХІХ ғасырда хан Кене бастаған қарсылыққа байланысты билеуші топтың арасында көрінген жарылыс кеңестік дәуірде енді шығармашылықтағы зиялылар арасында байқалды. 1934 жылы Қазақ өлкелік партия комитетінде өткен «Хан Кене» пьесасын талқылау кезінде бәз – біреулер «Хан Кене» идеясы біздің мүддемізге қайшы. Ол қайтадан өңделмесе, пайдасынан зияны басым болмақ», – деп көрсетті. Е.Бекмахановтың 1947 жылғы жарық көрген белгілі еңбегі төңірегінде Қазақстанда өткен толассыз айтыс тартысты былай қойғанда, Мәскеудегі Орталық Комитетте әлденеше рет және КСРО Ғылым академиясы Тарих институтында (1948 ж.ақпан) өткн талқылаулар бүгінгі күн тұрғысынан қарағанда тек Кенесары хан жөніндегі тақырыптың ғана емес, жалпы ұлттық рухтың кіріптар жағдайынан хабар беретін ауыр оқиғалар болатын. Кене ханның көксеген арманы орындалып, азаттық алған соңғы 10 жылда бұл тақырыпқа да, қайсар тұлғаның ұлттық тархымызда алатын орнына да көзқарас түбегейлі өзгеріске ұшырай бастады. Хан Кенеге арналған бұрынғы зерттеулермен қатар академик М.Қ. Қозыбаевтың, профессор Ж.Қасымбаевтың зерттеулері, жаңа құжаттық жинақтар жарық көрді. Жас Астанада, Есілдің бойында өзгерген рухымыз бен мемлекеттік тәуелсіздігіміздің жинақы көрінісі іспетті болған Кене ханның ескерткіші бой көтерді. Тарих танымымызда болып жатқан мұндай өзгерістердің басында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі тұрғандығын халқымыз жақсы түсінеді деп ойлаймын. Сонымен бірге, Кене хан сияқты ұлы да біртуар тұлғаға, ол бастаған, қозғалысқа арналған зерттеу жұмыстарының деңгейі бүгінгі рухани түлеу жолында тұрған еліміздің өскелең сұранысын қанағаттандыра алмайтындығын мойындауымыз қажет. Кенесары Қасымұлы бастаған қарсылық жөнінде сөйлегенде алдымен оралатын мәселе, әрине, 1837 – 1847 ж.ж. аралығын қамтыған хан әскері мен Ресей әкімшілігі арасындағы қарулы қақтығыстың түп-төркіні, анығырақ айтқанда, құқықтық негізі жөнінде болмақ. Біз де бұл сауалды айналып өте алмаймыз. Мәселе, бұл оқиғаның себеп-салдары біздің хабардар болуымызға ғана саймайды, ол анағұрлым тереңде жатыр, яғни осы және одан кейінгі кезеңдерде де азаттық үшін күрес жолында мерт болған біздің бабаларымыздың төгілген қаны мен көз жасы бізді бұл сауалға неғұрлым дәл де терең жауап беруге міндеттейді. Өйткені «тәуелсіздік» және «азаттық» деген ұғымдар салтанатты жиындар мен ғылыми форумдарда ғана айтылатын әдемі сөздер емес, олар қазақ халқының бүгіні мен болашағын, бітім-болмысын анықтайтын, түрлі замандарда өмір сүрген және сүретін барлық ұрпаққа бірдей ортақ ұғым, адамгершіліктік категория. Бұл сауалға әлі де объективті жауапты біз тек өз тарихи тәжірибемізге ғана емес, сондай-ақ жалпы азаматтық тәжірибеге сүйене отырып, бара аламыз. Ал, әлемдік тәжірибе нені көрсетеді? Ағылшын тарихшысы Эрик Хоббаум 1875 – 1914 ж.ж. аралығын әлем тарихындағы «империялар ғасыры» деп атайды. Ал империалистік мемлекеттердің негізгі белгілерінің бірі өздерінің экономикалық және әскери артықшылықтарын пайдалана отырып, басқа елдері жаулап алып, өздеріне бағындыру болатын. Ресейдің Англия, Германия, Франция сияқты мемлекеттерден ерекшелігі сол, ол бұл процесті олардан ерте, яғни ХV ғасырда-ақ бастап кеткен-тін. Петр І-дің 1721 жылы Ресей империя, өзін император жариялауы белгілі дәрежеде шындыққа айналған фактіге ресми сипат беруі еді. Міне, осы император І Петр Ресей стратегиясындағы Қазақстанның орнын Шығысқа ашылатын, «есік және оның кілті» ретінде белгілеген болса, кейінгі ХІХ және ХХ ғасырларда Қазақстан «Орыс империясы тәжіндегі ең жарық бриллиантқа» айналды. Әсіресе, ХІХ ғасырдың алғашқы жартысында орыс-ағылшын бақталастығы барысында Ресей, Орталық Азия хандықтары мен Қытай ортасында орналасқан Қазақстанның аса зор стратегиялық маңызы айқындала түскен-ді. Ресей патшасы І Николай оның төңірегіндегі шенеуніктері, сондай-ақ Сібірдегі билік басшылары «жаңа басып алған жерлер неғұрлым көп болса, соғұрлым мемлекет те бай бола түседі, соғұрлым алым-салық көп жиналады» деген принципті басшылыққа ала отырып, сонымен бірге жаңа жер мен елдердегі өздеріне қарату арқылы саяси беделдерін өсіре түсіру жағын да ұмытқан емес. Император отбасы жаңа қосылған Солтүстік Кавказ және Қазақстан сияқты әсем де бай жерлерден өз үлесін ала отырып, сонымен бірге өздерінің табиғи құқығын қорғаған имам Шәміл және Кенесары хан сияқты қайсар тұлғаларын және олардың ержүрек серіктерінің сағын сындыру арқылы да өз мүмкіндігі мен күшін танытып, ішкі және сыртқы бақталастарының алдында күмәнді бедел жинауға тырысты. Бұған қосымша, империяның ішкі өмірінде беделі төмен мемлекеттік аппарат, әсіресе, оның жоғарғы буыны абыройды басқа елдердің еркіндігін басып-жаншу арқылы табудан үміттенді. Ал табиғи байлығы мол жаңа жұмақ өлкені халқымен қоса бағындыру аса үлкен шығынды қажет етпейтін еді. Орталық билікпен жұлдызы жараспай келген казактар (казачество) отарлау ісіне білек түре кірісіп, үкіметтің отарланушы халықтың есебінен жасаған қолдау шараларына сүйеніп, өздерін империялық мемлекет пен ұлттың еркін орындаушы күш есебінде көрсетуге тырысты. Ресейдің Қазақстанға, жалпы Түркістан өңіріне енуі тек экономикалық отарлау бағытында ғана емес, сонымен бірге өркениеттік отарлау сипатында жүрді. Ресей өзін барлық жағынан да үстем еуропалық мәдениетті жаңа территория, халықтарға таратушы ретінде сезінді, ал жергілікті халықтың өміріне, әсіресе, оның әдет-ғұрпына, қалыптасқан құқықтық жүйесіне құрметпен қарауға ынталылық танытқан жоқ, тіптен оларға қазақ қоғамының ішіне тереңдеп енуге мүмкіндік бермейтін кедергі есебінде қарады. Орыс зерттеушілерінің пікіріне илансақ, ресейлік басқарушы элита мұндай позицияны тіптен өзінің ішкі өмірін реттеу ісінде де ұстанған. Белгілі орыс философы Н.Я. Данилевский «Россия и Европа» атты еңбегінде орыс өмірі Еуропаға еліктеушілікке толы екендігін айтып: «2. Заимствование разных иностранных учреждений и пересадка их на русскую почву с мыслью, что хорошее в одном месте должно быть и везде хорошо. 3.Взгляд как на внутренние, так и внешние отношения и вопросы русской жизни с иностранной, европейской точки зрения; рассматривания их в европейские очки... причем нередко то, что должно быть нам казаться окруженным лучами самого блистательного света, является совершенным мраком и темнотою, и наоборот», – деп жазды. Қазақ қоғамының өміріне де байланысты шамамен осындай бағыт-бағдар ұстанған орыс билеуші тобы реформалық шараларын жүргізе отырып, мынандай түсінікте болды: саяси кіріптарлыққа ұшыраған халықтың дәстүрлі басқару және құқық жүйесін қалай болғанда да ысырып тастап, оның орнына отарлаушыға қолайлы басқару және құқық жүйесін енгізбей, отарлау процесі баянды бола алмақ емес. 1822 жылы Орта жүзде, ал 1824 жылы Кіші жүзде енгізілген ережелер, олардың артын ала қазақ жерінде ашылған ресейлік басқару мекемелері – округтік және шекаралық, олармен қатар әскери бекіністердің түсуі – міне, осы шаралардың бәрі қазақ қоғамына еніп келе жатқан түбегейлі өркениеттік өзгерістердің көрінісі болатын. Міне, осы тұрғыдан алғанда Кенесары заманында және оның артын ала Қазақстан мен Батыс Түркістан көлемінде екі өркениеттің, яғни жергілікті мұсылмандық – түркілік және православиялық – славяндық мәдениеттердің өзара тоғысу процесі жүргендігін, ал бұл жолығысуда мемлекеттік билік тарапынан теперіш көрген жергілікті мәдениет өрісінің тарыла түскендігін байқаймыз. Кенесары хан бастаған қарулы қарсылық сөзсіз осы Ресей тарапынан жасалған отарлық, өркениеттік басшылыққа берілген табиғи жауап болатын. Егер бұл қарсылықты жалпы империялық, географиялық және мерзімдік кеңістікте алар болсақ, онда Кене хан қозғалысы, әрине, кезінде, яғни, XV-XVІІІ ғасырларда болып өткен Сібірдегі Көшім хан, Татарстандағы Сүйімбике, Башқұртстандағы Батырша және Салауат Юлаев бастаған қарсылықтардың қисынды жалғасы ретінде қабылдануға толық құқылы. Бірақ, әрине, Сүйімбике мен Батырша заманындағы Ресеймен, Кене хан заманындағы Ресейдің тәжірибесі мен мүмкіндігін салыстыруға келмейтіндігі өзінен-өзі түсінікті болса керек. Тіптен қазақ қоғамы ауқымында мерзімдік тұрғыдан алғанда да Кене хан қозғалысының толық негізді құбылыс екендігіне жеңіл көз жеткізе аламыз. XVІІІ ғасырдағы Абылай хан тұсында енді ғана қалыптаса бастаған орыс-қазақ қатынасы ХІХ ғасырдығң 30-40 жылдары түбегейлі өзгеріске ұшырап үлгерген - ді. Бұл ара қатынастың Абылай заманындағы ерекшелігін Бұқар жыраудың ханға арнаған толғауында:

...Күнбатыстан бір дұспан,
Ақыр да келер сол тұстан.
Сары май жағар мұртыңа,
Ел қамын жеген жақсыны

Сөйлетпей ұрар ұртына, – деген мазмұндағы болжау айтады. Бұқар көрген заманда отаршылдық саясат тек төбесін ғана көрсеткені болмаса, бет әлпетін әлі толық таныта қойған жоқтын. Сондықтан да жыраудың толғауында дәл басып, дәлелді кесіп айтудан гөрі тұспалдап айту басымырақ. Кенесары заманында, яғни ХІХ ғасырдың 20-30 жылдары Ресейдің отарлық шаралары толық бой көрсетіп, елдің еңсесін басқан нақты өмірлік фактіге айналған еді. Бұл жағдайды Шортанбай ақын:

Енді еркіндік заман жоқ,
Дұшпанның құрған торы бар.
Ендігі жүрген жігіттің

Маңдайында соры бар, – деген жолдар арқылы білдірді. Қазақ сахараның кемел ойшылының өз заманына байланысты жасаған бұл тұжырымымен келіспеске лажың жоқ. Кенесары хан Ресей патшасына жолдаған алғашқы хаттарының бірінде императорды атасы Абылай хан заманында екі ел арасында орын алған бейбіт қатынасқа және шекара есебінде қабылданған межеге қайта оралуға шақырды. «...Сіздің арғы бабаларыңыз, ал бізде менің атам Абылай патшалық құрған уақытта, – деп жазды ол император І Николайға, – халық бейбіт және тыныш жағдайда өмір сүрді, оны ешкім бұзған емес. Екі жақ та өзара сауда жасады; біздің жұртымызға ешқандай да салық салынған жоқ. Ал одан кейінгі мезгілде бәрі өзгерді, біздің халқымыздан салық жинала бастады, оған басқа да түрлі таршылықтар жасалынды. Бұрынғы жасалынған бейбіт келісімді бұзып Сіздің төменгі қарауыңыздағы басшыларыңыз бүкіл қазақ халқы Ресей бодандығына қарады деп жалған көрсетті, соның салдарынан менің Абылай атама қарасты жерлерде сегіз дуан орнады. Бұл біздің халқымыз үшін өте қайғылы жағдай, әсіресе оған салықтың салынуы өкінішті-ақ. Сондықтан да біздің бүтін қазақ халқымыз таршылық көрмей, тыныш рахатты өмір сүрсе екен деп, ұлы мәртебелім, Сізге өтініш айтуға өзімді бақытты санап, біздің халқымызды сол бұрынғы күйінде қалдырып, даламызда орналасқан сегіз округтік дуандар мен өзге де мекемелеріңізді жоюыңызды сұраймын». Келесі Батыс Сібір генерал-губернаторына жолданған хатында ол «... менің тілегім екі иелік халқының тыныш өмір сүргені, ал Сіз болсаңыз мені бодандығыңыздағы жұртты иемденесің деп айыптағыңыз бар. Мен болсам керісінше Сіз менің атам Абылай ханға тиесілі жерлерде округтік дуандар орнатып, қазақ халқынан салық жинайсыз деймін. Демек, Сіз бізді тықсырып отырсыз, соған біз наламыз және Сіздің билігіңізде салық төлеп өмір сүргіміз келмейді. Мәселен, егер Ресейді өзге патшалық басқарса қандай күйде болар едіңіз, олай болса Сіз де бір сәт біздің жағдайға еніп көріңіз», – деп көрсетті. Зерттеу жұмыстарында Кене хан қозғалысына қатысты толық ашылмаған бұлыңғыр бір мәселе бар. Ол Кенесары ханның біраз жұртты зорлықпен өзімен бірге алып жүргендігіне және көтерілісті қолдамаған ауылдарды шапқанына байланысты. Көтеріліс барысында өңірде орын алған мұндай оқиғаларға қандай баға беруге болады? Біріншіден, бұл мәселеге қатысты тұжырымды мүмкін болғанша сол заманға тиесілі ұғым-түсінік арнасында, сондай-ақ отарлаушы жақ пен оған қарсылық көрсетушілер арасындағы егестің ушығуы барысында қалыптасқан нақты жағдайды есепке ала отырып жасаған жөн. Кене хан өз уақытында қазақ халқының басым бөлігі мойындаған Абылай ханның тікелей немересі ретінде орыс патшасының хандық билікті жойып (1822 жылғы ереже), округтік приказ сияқты басқару жүйесін енгізуге ашық қарсылық көрсетуге өзін құқылы санады. Патшадан приказдық билікті жойып, қазақтардан алым-салық жинауды тоқтатып, Абылай хан заманындағы екеуара шекараны мойындауды сұрады. Егер қазіргі тілмен айтар болсақ, бұл Абылай хан мұрагерінің патшалық әкімшіліктен ұлттың территориялық тұтастығы мен мемлекеттік тәуелсіздігін сыйлауды талап етудің өзі болатын. Ал қайраткер тұлға көтеретін бұдан үлкен жүктің болуы мүмкін бе? Біздің түсінігімізше, мүмкін емес. Абылай хан заманынан кейін 20-шы ғасырдың бас кезіндегі Алаш қозғалысына дейінгі кезеңде ұлттың мемлекеттік мәселесін мұндай биік дәрежеде қойып, ол үшін өз ғұмырын арнаған дара тұлға Кенесары Қасымұлы және оның сарбаздары екендігін мойындайтын уақыт келді. Кезінде кеңестік тарихнама Ресей үкіметіне Қазақстандағы хандық билікті жою құқын бере отырып, ал қазақ қоғамының мемлекеттігін қорғау құқын мойындамай, өзінің империалистік басқыншылықты қолдау жолына түскендігін аңғармай қалды. Екіншіден, бытыраңқы,өзінің күнделікті тіршілігіне мықтап байлаулы, үлкен саясаттан алыс жатқан қарапайым халықты жалпыұлттық қарсылыққа күшпен тарту тек Кене хан қозғалысына ғана тән құбылыс емес. Осы мазмұндағы көріністерді, мәселен Солтүстік Кавказдағы Шәміл бастаған қозғалыстан да байқаймыз. Шәміл көтерілісін зерттеушілердің бірі В.Дегоев «Иман Шамиль: пророк, властитель, воин» (М., 2001) атты еңбегінде: «разумеется, Шамиль предпочел бы подчинить себе горские массы бескровным путем, и он охотно пользовался этим способом там, где позволяли обстоятельства. Но в большинстве случаев приходилось действовать силой или угрозой ее применения. Часто Шамиль напоминал скорее завоевателя, чем властителя. Наиболее строптивые аулы, отказывавшиеся принимать шариат и признавать власть имама, наказывались самым жестоким образом и, в конце концов, приводились к покорности... С одной стороны, репрессии утверждали господство Шамиля, с другой – кормили его воинов, главных исполнителей воли имама, которым требовались хотя бы минимальные экономические стимулы». Он жылға созылған егес барысында Кене хан мен патша әкімшілігі арасында қазақ бұқарасына ықпал үшін тынымсыз күрес жүрді. Кене хан Батыс Сібір генерал-губернаторына жолдаған хатында: «...Мен, әрине өз жағыма Баянауыл, Қарқаралы және Ақмоладағы өз халқымның біразын алдым, алда әлі де халқымызды өз жағыма тартпақ ниетім бар», – деп ашық мәлімдеді. Міне осы мақсатқа жету жолында қарсылық жетекшісінің тізесінің жеке ауыл, ірі сұлтан мен байларға батқаны рас. Бұл репрессиялық шараларға бара отырып, Кенесары Қасымұлы бүкіл қазақ қоғамын өзіне бағындыруға, ал отаршыл әкімшілік жағында болған немесе өзін қолдағысы келмеген жеке сұлтандарды жазалауға барды, сол арқылы қоғамды ортақ мүддеге жұмылдырудан үміттенді. Кенесары Қасымұлы бастаған қарсылықтың қазақ тарихындағы басқа да қарсылықтар арасында өзіне тиесілі орны қандай? К.Қасымұлы бастаған жалпыұлттық қозғалысты бүгін біз мүмкін болғанша жаңа теориялық және методологиялық негізде оның шынайы мазмұнына, табиғатына лайық дәрежеде талдауға алып, осы аса маңызды тарихи құбылыстан туындайтын тарих сабақтарын екшеп, оларды түрлі деңгейдегі оқулықтар мен оқу құралдарына енгізуіміз қажет. Міне, осы тұрғыдан келгенде, мынадай тұжырымдарға назар аударуды жөн көреміз. Біріншіден, геосаяси және мерзімдік тұрғыдан алғанда Кенесары Қасымұлы бастаған ұлттық қарсылықтың алғашқы көрінісі болатын. Бұл пікірді қуаттайтын құжаттық материалдар аз емес. Солардың бірін өз қызметін 1917 жылғы революциялық өзгерістерге дейін-ақ бастаған қырғыз тарихшы ғалымы Белек Солтоноев «Қызыл қырғыз тарихы» атты екі кітаптан тұратын еңбегінде келтіреді. Кенесары хан 1846 жылы ерте көктемде Жетісу жеріне келген бетте «қырғыздармен өзара елдесейік деген ниетпен... қырғыздың басшы адамдары Жангарач, Жантай, Тыналы, Төрегелді деген кісілеріне елші жіберген. Сонда жіберген елшінің аталған кісілерге айтқаны: «Орыс деген көп ел, беттескен жауын талқандап жеңіп, қаптаған селдей болып, Еділ – Жайықты кешіп, Оралдан өтіп, Сарыарқада сыңсып жатқан қалын қазақты алып, Ертістен шыға Ілеге жақындап қалды. Әлі-ақ Алатау, Іле, Шу бойларына ат қояды. Арыны өте қатты, әскері өте мол, қырғыз-қазақ ежелден ел шетінде, жау бетінде ылғи да бір едік, жақсылық-жамандығымыз, қуаныш-сүйінішіміз ортақ, мал-жанымыз аралас ел едік. Жауға қарсы бірге қамданайық! Қазақ-қырғыз бір болсақ, Ташкент, Қоқан, Самарқан біздің ығымыздан көп алыс кетпейді, мен елшімін, ханымның бұйрығын айттым, егер де бірікпесеңдер сендерге көп күш түсер. Кене ханның тапсырғаны осы сөз». Бұл бізге мәлім орыс тіліндегі құжаттарда кездеспейтін дерек. Соған қарағанда Б.Солтоноев оны қырғыз халқының арасында сақталып келген, тіптен елші сөзін өз құлағымен естіген кісілерден алуы да толық ықтимал. Қалай болғанда да дерек арқылы Кенесары Қасымұлының жаңа заманда жаңа саяси жағдайда өзінен бұрынғы Есім, Тәуке сияқты қазақ хандарының жалпытүркістандық бірлік үшін күрес дәстүрін жалғастырушы қайраткер ретінде көрінеді. ҚР Президенті Н.Назарбаев осыдан бірнеше күн бұрын Өзбекстан Республикасымен аралығы мемлекеттік шекара туралы шарт пен Мәңгілік достық туралы шарттың орындалу барысы туралы бірлескен Декларацияға қол қою рәсімінде Орталық Азия кеңестігіндегі түбі бір туыс халықтардың болашағы олардың тарихи қойнауынан тамыр алатын өзара тиімді достық қатынасты нығайта түсуге тәуелді екеніне баса көңіл аударды. Дәстүр жалғасын көреміз. Келесі екінші тұжырым: К.Қасымұлы бастаған қозғалыстың негізгі өзегі – мемлекеттік мәселесі. Бұл қарсылықтың өзінен бұрынғы және тұстас басқа көтерілістерден (мәселен, Ж.Тіленшіұлы, Ж. Нұрмұхамедұлы бастаған) айырмашылығы да оның осы қырынан анық байқалып тұр. Әрине, қазақ азаттық қозғалысының басқа көсемдері ұлттық мемлекеттің маңызын түсінбеді деп айтуға ауыз бармайды, дегенмен Кене хан Ресей империясының қазақ жері мен қоғамына қатысты отаршылдық пиғылын терең әрі дәл түсіне отырып, оған мемлекеттік тәуелсіздік мәселесін қарсы қойды және бұл мақсатқа бүкіл қазақ халқын жұмылдыруға күш салды. Алдымен, Солтүстік және Орталық Қазақстан бастау алған қарсылық Торғай мен Ырғыз өңірлерінде жалғасын тапты, ең соңында ол Оңтүстік Қазақстан және Жетісу жеріне жетіп, бүкіл қазақ даласын құшағына алды. Патшалық әкімшілік К.Қасымов қарсылығын өзінің қазақ даласындағы, жалпы Орталық Азиядағы түпкілікті мүддесіне төнген үлкен қауіп ретінде қабылдады. Қазақ жерінде жаңа мемлекеттілік құрылымының өмірге келуі, әрине, Ресейдің бұл аймақтағы жоспарын белгісіз мерзімге кейінге шегеретін еді. Ресейлік әскери тарихшы В.А. Потто қозғалыстың зор мүмкіндігіне тоқтала келіп «...Востание принило тот опасный характер единодушного и общего востания, с которым справится-было уже нелегко; тем более, что во главе мятежа состояла буйная, но даровитая и в высшей степени энергичная личность», – деп жазды. Келесі үшінші тұжырым: Кенесары Қасымұлы біз еліміздің өткен жолында өз басынан өткізген тарихи тәжірбиесі тұрғысынан қарағанымыз жөн. Ал бұл тәжірбенің ұлттық қиялды тербететін тәтті тұстарымен бірге, жан түршігерлік ауыр беттері мен тараулары да бар болғандығын мойындауымыз керек. Кене хан бастаған қозғалыстың түпкі мақсаты мен бүкіл идеясын қарапайым халық жаңылыспай тура түсінді, бірақ оны пәрменді қолдауға қоғамның дамыған шаруашылығы да, әскери күш те жоқ болатын. Ал қарсылық көрсетіп атқа қонған қалың жұрттың алдында Ресей империясының еуропалық дәрежедегі экономикасы мен жақсы қаруланған әскері, сондай-ақ жетілген идеологиялық мемлекеттік ақпарат тұрды. Империялық орталық билік Кенесары ханмен шиеленісті күрес барысында дүлей күшпен қатар түрлі әдіс-айлаларын да іске қосты. Ол өзінің жергілікті халық алдында қажет жерінде қамқоршы, оны ішкі және сыртқы беріксіздіктен сақтаушы күш ретінде көрсете білді. Мұндай стратегиялық әдіс – ұстамға Ресейдің мүмкіндігі де жеткілікті болатын. Оның осындай айлаларының бірі өзін жақтап тұрмыс жағдайын жөндегісі келгендерге түрлі сый-сияпат көрсету, шен-шекпен беру болса, ал айтқанына көніп айдауына жүргісі келмегендерді аяусыз жазалау, қуғын-сүргінге салу болды. Идеологиялық аппарат тура осы тарихи мезгілде кейін кең қолданған айласын сыннан өткізді. Ол қалың жұртқа Кене ханды жау етіп көрсеткен еді. Мұндай саясат әрекет етті. Қазақ саяси басқарушы тобы Ресей билігін қолдаушы немесе оған қарсы тұрған оппозиция болып жарылды. Ал Кенесары бастаған қозғалыс тұсында халықтың саяси кемелділігінің әлі де болса жетімсіздігі, оның сенгіштігі, өзініңм түпкілікті мүддесін тануға және оны білек түрініп қорғауға ешқандайда даярлығының жоқтығы анық байқалды. Кене хан мен оның серіктестерінің шексіз трагедиясы да осы жағдайдан туындайды. Кене хан өз заманы мен ортасының оқ бойы озық тұрғанымен, өзі туған ортаның шешімі тымкүрделі қайшылықтарына тұншықты, басқаша айтқанда, Кене хандай биік тұлғаның жеңілісі рулық мүддеден озып, ұлттық мүддеге жете алмаған халықтың мұддесі болатын. Кене хан қарсылығы берген тарихи сабақтардың бірі мынау: мемлекеттілік Жаратушы Иеміздің белгілі бір ұлтқа мәңгілікке бере салған еншісі емес. Мемлекеттік тәуелсіздікке табанды және айлалы күрес жүргізе алған жетсе, ал оны баянды ету тер төгіп, мақсатты еңбек ете білгеннің үлесіне тиері хақ. Сондай-ақ мемлекеттілік басқаның даяр озық үлгілерін ұлттық негізге алып келіп қондыра салу емес, ұлттық құндылықттарды өзгенің озық қонымды тәжірибесімен байыту болса керек. Ал Кене хан мен оның ержүрек серіктерінің империялық дүлей күшке қасқайып қарсы тұрғандағы ең биік мұраты да күштінің қанжығасында олжа болып кете бармай, сан ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық бітім-болмысты сақтап, кейінгі ұрпақтарға аманатқа қалдыру болғандығы ақиқат. Осы тақырыпқа қатысты тағы да бір мәселеге соқпай өте шығу ағаттық болар еді. Ол қайсы бір жарияланымдарда бой көрсетіп қалатын Сыпатай батыр мен Рүстем сұлтанның «сатқындығы» жөнінде. Бұл тұжырымның ешқандай да негізсіз екенін айғақтайтын мынандай қисындарға назар аударған жөн деп білем. Біріншіден, туыс және көрші қырғыз халқымен ортақ жауларға одақ құру ниетінде болған Кене ханның бұл саясаты жиі өзгеріске ұшырап, бейбіт ауылдарды тонау оларды арзан олжа көзіне айналдыру әрекетіне ұласып отырды. Бұл Кене хан қозғалысының соңғы кезінде терең дағдарысқа келіп тірелгендігінің көрінісі болатын. Көңіл аударарлық жағдай мынау Кене ханның өзі белгілі жағдайда тақуа (аскет) адам болған. Артынан қалған ұрпағына дүние-мүлік қалдырмаған. Ал тапқан мал және басқа олжасын, негізінен, соңынан ерген серіктері мен әскерін күтуге жұмсаған. Тарихи деректерде оның бір мәрте қырғыз ауылдарын шапқаннан түскен олжаны әскеріне, енді ғана қосылған дулат қосындарына үлестіруге тырысқандығы айтылады. Бұл жаңа келген жігіттерді өз ықпалында неғұрлым ұзағырақ ұстауға үшін әрекеттің көрінісі болатын. Бірақ бұл, әрине, бар болғаны төңірегіндегі аз ғана топты болар-болмас мезгілге ұстап тұруға мүмкіндік беретін өткінші сипатта әрекет еді. Ұзын саны 20 мыңға дейін жетіп отырған қолды ылғи да олжа алған табыспен асырау, әрине, мүмкін емес-тін. Мұндай әрекеттің шегі болатындығы өзінен-өзі түсінікті. Бұл айтылғандарға қосымша, Кене хан қолының қатарында күнделікті үйреншікті тіршілігін, отбасы қасындағы бейбіт еңбегін тастап, қозғалысқа келуге мәжбүр болғандар да аз емес-тін. Кекілік Сеңгірдегі қайғылы түнде Кене ханды тастап кетушілердің қатарын толтырғандар да осылар еді. Кене хан қолына Рүстем сұлтанмен бірге қосылған Сыпатай батыр өзінің күрделі де қайшылықты жағдайға тап болғанын аңғармауы мүмкін емес еді. Өйткені батырдың жеке басының іргедегі аралас-қоралас қырғыз халқының бітпес жауына айналуға ешқандай негіз жоқ-тын. Осы қисынды дәл басқан қырғыз манапы оған «Арқадан келген қонағың Кенесары хан бүгін бізбен соғысып ертен-ақ еліне қайтар, сонда Алланың еркімен мәңгі көршілігіміз бар біз бір-біріміздің бетімізге қалай қараймыз», – деп кісі салады. Бұл жағдай Сыпатайдың күдігін тереңдете түскендігі сөзсіз. Сондай-ақ Кенесарының қырғыз жерінде опат болуын Рүстем мен Сыпатайдың хан қолынан бөлініп кетулерімен байланыстыру сананың сарқыншағында қоздыру әрекетінен басқа ештеңе де емес. Өйткені Кене хан қырғыз қолдарынан үстем түскеннің өзінде де Ресей секілді қуатты империяның Орталық Азияға тереңдеп енуін тоқтата алатын күшке айналуы екі талай нәрсе болатын. Экономикалық даму жолында тұрған еуропалық мемлекеттердің артта қалған елдерді өзара бөліске сала бастауы сол тарихи кезеңдегі халықаралық қатынастың негізгі белгілерінің бірі еді. Қорыта айтқанда, жасындай жарқылдап өткен Кене хан бастаған 1837-1847 ж.ж. аралығындағы жалпыұлттық қарсылық бүгінгі мемлекеттілік тәуелсіздігіміз бен ұлттық жаңғыруымызға жетер жолдағы ешуақытта өз маңызын жоғалтпайтын тарихи кезең. Ал Кене хан әрқашанда Отанға қызмет етудің биік үлгісі болып қала бермек.

//Егемен Қазақстан,

2002, 20 қыркүйек (№221-222)

ТАҚЫРЫП ПЕН МАЗМҰННЫҢ АРАСЫ ТЫМ АЛШАҚ

«Көшпенділер» (Номад) фильмінің сценарий жөнінде

«Көшпенділер». Фильмнің аты осылай аталады. Олай болса, бұл жинақты ат Рустам Ибрагимбеков (сценарий авторы) қазақ пен қалмақтардың XVІІІ ғасырдағы тарихи өмірінде орын алған оқиғаларды негізге ала отырып, көшпенділер өркениетін киноөнер тілімен баяндауды мақсат тұтқан. Бұл, әрине, аз шаруа, аз міндет емес. Анығырақ айтқанда, аталмыш фильмнің міндеті – бүтін халықаралық кеңістікке дербес мемлекет ретінде құлаш ұрған Қазақстанның кеше ғана артта қалған көшпелі өмір панорамасын жайып салу арқылы еліміз жөнінде әлемдік кеңістікке мүмкіндігінше жағымды пікір (реноме, репутация) қалыптастыру. Сөзсіз, абыройлы, зор міндет. Ал, енді сценарийде осы міндет қандай дәрежеде шешімін тапқан? Фильмнің концепциясы жөнінде. Классикалық үлгідегі көшпенділер өмірі тарих қойнауына кеткен шындық. Енді ол қайтып келмейді. Өткен тарихымыздағы осы кезең жөнінде шынайы және байсалды көзқарас қалыптастыратын уақыт енді ғана келді. Ондай мүмкіндік бізде бұрын болған емес. Өйткені, көшпенділер өмірін талдауға немесе көрсетуге келгенде, зерттеуші ғалымдар, өнер адамдары еуроцентристік талдау әдістеріне, көзқарасқа басымдылық берді, мәселені ашуға еуропалық өлшеммен келді. Көшпелілер әлемінің Атилла, Шынғыс хан сияқты белгілі тұлғалары қызметінің тек бір қырын, яғни жауынгершілік қызметін ғана алып, оларды «Жаратушының қаһарына, қамшысына» теңеді. Әлемдік тарихтың көшпенділер үстемдік құрған кезеңінің артта қалғанына да біраз уақыт өтті. Батысқа да, Шығысқа да енді көшпенділерден қауіп жоқ. Ұлы деревня ақыны Сергей Есенин айтқандай, «темір арғымақтың тірі тұлпарды» жеңгені баяғыда-ақ шындыққа айналған. Ғылым мен өнерде отырықшы мәдениетті көшпелілер әлеміне қарсы қою, сол ортағасырлық текетірестің жаңғырығы болса керек. Енді, міне, әлемдік өркендеуде мүлдем жаңа кезең қалыптасып келеді. Олай болса, кешегі көшпенділер құрған қоғамдық, әлеуметтік жүйеге, мәдени, рухани құндылықтарға бүгінгі көзқарас қандай болуы керек? Бұл сұрауға негізгі де нанымды, әрі концептуалды жауапты кешегі көшпенділердің ұрпағы – біз беруіміз керек. Бұл арада мынандай бір мәселенің басы ашық. Мақсат – көшпенділер өмірін құбылыс ретінде дәріптеу емес. Көшпенділер өмірі оған мұқтаж да емес. Мәселе – көшпенділер өмірін тұтас бір өркениеттік құбылыс ретінде қабылдап, оны ғылым және өнер тілімен түсіндіре білуде. Бүгінгі біздің сол тарих қойнауындағы әлемнің сыр сандығын ашып, ішкі тылсым сырын оқуға даярлығымыз, қарым-қабілетіміз жетеді ме? Гәп сонда! Кино – сөзсіз ұлы өнер. Оның тек өзіне тән тарихи шындықты айту, жеткізу құралдары бар. Сонымен бірге, кино да біз сияқты жұмыр басты пенделер үшін түсіріледі. Олай болса, фильм жасаушылар мен түсірілген фильмді көрушілер арасында өзара тоғысатын, ұғыныса алатын соқпақтар мен көпірлерде болуы керек қой! Ал, осы екі жақты жалғастырып жатқан соқпақтар мен көпірлердің жиынтығын шартты түрде концепция атауымызға болады. «Көшпенділер» фильмі сценариін оқып отырып, біз ондай өзекті жіпті, көшпенділер өмірін көрерменнің көкірегіне орнықтырар тұжырымдар жүйесін таба алмадық. Иә, рас, Р.Ибрагимовтің сценарийінде көшпенділер қоршаған орта, табиғат-анамен жарасымдылықта өмір сүре білді деген ойға меңзейтін көріністер бар. Бірер мысал, Фильм көпті көрген салт атты қыр адамының елікті алуға шүйілген қыранды өткір жанарымен қайтарып тастауымен басталды. Әлгі салт атты түз тағыларының екеуін бірдей түсініп, елікке пана болды, ал, меселі қайтқан қыранды басынан сипап жұбатып, көгіне көтереді. Фильмде Қобыландыға тұлпар баптаған Құртқаның бейнесі «айлы құлынды» (лунный малыш) өсірген Гаухар арқылы берілген. Осы сияқты суреттер мен образдар кездеседі, бар. Бірақ, бұл үзік-үзік сюжет, үстірт образдар біздің рухани әлемімізге классикалық эпос, Ақан серінің «Құлагері», М. Әуезовтың «Абай жолы» арқылы енге, тіптен үлкендеріміз шет жағасын көзімен көріп, жанымен сезінген көшпенділер қоғамының болмысы жөнінде нанымды түсінік бере алады деп айту қиын. Фильмде әлгі аталған туындылар деңгейінде болмаса да, соларға жақын, соларды еске алатын суреттер мен көрініс жоқтың қасы. Біздің түсінігімізше, автор таңдап алған тақырып пен сценарийдің мазмұны арасында өзара үйлесімділік болғаны жөн. Өкінішке қарай біріншіден, сценарий тақырыбы мен мазмұны арасында алшақтық бар. Фильмге өзек болған тақырып қазақ және жоңғар соғысы. Тағы да бұл соғыстың XVІІІ ғасырлардың 20-50 жылдарына тұс келетін кезеңі. Басқаша айтқанда, хронологиялық тұрғыдан нақты мезгіл. Соған сәйкес, сценарий нақты оқиғаларға қатынасқан тұлғалардың қимыл-әрекетіне байлаулы. Автордың осы тарихи сюжетпен бір мезгілде кең тынысты көшпенділер өркениетін көрсету мүмкіндігі тым шектеулі. Оның үстіне, бұл тарихи мезгіл көшпенділер қоғамының өз мүмкіндігін әлі де болса толық тауыса қоймаған кезеңі. Сондай-ақ, екіншіден, егер автор көшпенділер өркениетінің ерекшелігін олардың өзара қарулы қақтығыс сәті (бұл арада қазақ және жоңғар қалмақ соғысы) арқылы ашу ниетінде тұрса, ондай пікірді қолдау қателікке ұрындырған болар еді. Өйткені, көшпенділер өзара тек қақтығыс жағдайында ғана өмір сүрген жоқ. Олардың арасында бейбіт қатынас, өзара түсінушілік пен сыйластық та болған. Тарихи мезгіл жөнінде. Түсірілмекші фильм мейлі, көркем шығарма-ақ болсын. Дегенмен, оның тарихи шындықтан алыс кетпегені жөн. Біздің түсінігімізше, ол жоқ дегенде ең негізгі мәселелерде тарихи арнаға неғұрлым жақын болса, соғұрлым тартымды шықпақ. Ал, XVІІІ ғасырлардағы, анығырақ, «Ақтабан шұбырынды» кезеңіндегі қазақ шындығы, оның ішкі драмасы, ешқандай да әсірелеусіз, бір емес, бірнеше сериялы көркем фильмге сюжет болуға лайық. Осы орайда, сценарий авторына, мәселен, мынандай оқиғалар ағымын ескеру қажет еді. 1723 жылға шейін экономикалық және әлеуметтік даму деңгейлерге шамалас қазақ және қалмақ қандықтары арасындағы тепе-теңдік кенеттен бұзылып, үстемдік неге қалмақ жағына ауды? Оның басты себебі қалмақ әскерінің қару сапасында еді. Қалмақ хандары Сыбан Рабдан мен Галдан Церен Цин империясы және қазақ хандығымен текетірес барысында көрегендік танытып, мылтық жасау және зеңбірек құю ісіне баса көңіл аударады. Міне осы екі жоңғар билеушілерінің тұсында қалмақ әскеріне мылтық құю және жасау ісімен Зеленовский, Иван Бильдега, И. Сорокин сияқты даярлығы бар мамандар және басқа есімдері беймәлім жүзге жуық орыс тұтқындары, сондай-ақ, мыңға жуық темір ұсталар айналысқан (И.Я.Златкин. история джунгарского ханства.1635-1758. М., 1983, стр. 219 - 240). Ал, белгілі швед офицері ренат қалмақ әскеріне түрлі көлемдегі 40-қа жуық зеңбірек құйып береді (Сонда, 238-б.). Басқаша айтқанда, XVІІІ ғасырдың 20-40 жылдарындағы қазақ және қалмақ сияқты халықтардың өмірі мен олардың өзара қатынасына ортағасырлық ұғым-түсініктердің, дүниетанымының күлін көкке ұшыраған еуропалық қару мен мүдделер келіп жеткен болатын. Яғни, ортағасырлық классикалық көшпелі тіршіліктің ұясындағы қазақ және ойрат халықтарының өмірі де бұл кезде астаң-кестең күйді басынан кешіріп, өз ошағында да, халықаралық кеңістікте де мүлдем жаңа сапаға ойыса бастаған-тын. Оған бұл халықтардың осы мезгілден былайғы тағдыры куә. XVІІІ ғасырдың 50-жылдарының соңына қарай жоңғар хандығы тарих сахнасына кетті, ал, осы жүзжылдықтың 30-жылдарынан бастап қазақ қоғамы орыс империясының иіріміне тартылып, дербестігінен айырылды. Қорыта айтқанда, сценарий сюжетіне негіз болған аталған тарихи кезеңдегі көшпелілер өмірі автор ойлағандай идиллиядан алыс болған. Сценарийдегі тарихи тұлғалар. Сценарийде жоңғар тарапынан алынған Галдан Церен, Шарш, Ренат – өмірде болған адамдар. Олай болса, қазақ жағынан алынған кейіпкерлер де тарихтан белгілі тұлғалардың тікелей баламасы болмаса да, соларға жақын, иықтас, жоқ дегенде көңілге қонымды болуы қажет емес пе? Өкінішке қарай, фильм сценарийінде бұл үйлесімділік байқалмайды. Сценарийде ұлттық тұтастық үшін тер төгетін тұлға екеу: Әбілқайыр хан мен Ораз ұстаз. Қазақ тарихынан азды-көпті хабардар бүгінгі көрермен бұл тұжырыммен келісе қояр ма екен ?! Иә, рас, тарихи деректерде Ораз аталық деген кісі бар. Ол Абылайдың (Әбілмансұр – М.Қ.) әкесі Уәли сұлтанның қызметіндегі адам. Он үш жасында әкесінен айырылып жетім қалған Әбілмансұрды Ташкенттен Түркістанға, яғни қазақтың ортасына жеткізеді. Ораз аталықтың мұнан былайғы өмірбаяны беймәлім. Сценарийде Ораз аталық емес, оның есесіне кемеңгер ұстаз Әбілмансұрды жоңғарлардан құтқарушы және тәрбиелеушісі. Жинақы образ. Төле би сияқты халықтық кемеңгерлікті бойына жинаған ірі тұлғаның даяр образы тұрғанда, Ораз сияқты жасанды кейіпкер іздеу қаншалықты орынды болмақ ?

//Жас Алаш, 2003 жыл,

№ 69, 10 маусым

ҰЛТТЫҚ ТАРИХЫМЫЗДЫҢ БАСТАУ КӨЗДЕРІ

«Күлтегін» баспасынан шыққан «Орхон ескерткіштерінің толық атласы» атты кітап туралы толғаныс

Соңғы 15-20 жыл көлемінде идеологиялық өктемдіктен ада, жаңа ұстанымдар мен құжаттарға бай тарихи еңбектерге деген сұраныс жоғары деңгейде қалып отыр. Бүгінгі күнде де тиянақты тарихи зерттеулерге қызығушылық бәсеңсіген жоқ. Әсіресе, халқымыздың көне тарихына арналған жұмыстарға деген көпшіліктің ынтасы ерекше. Мұндай қызығушылықтың сырын немен түсіндіруге болады? Көне дәуір тарихынан кеңестік жылдары да Ә.Марғұланның, К.Ақышевтің, О.Ысмағұловтың іргелі зерттеулері жарық көріп еді ғой. Біздің ойымызша, бұл ынта – қоғамымыздың, мемлекетіміздің дәл бүгінгі түбегейлі өзгеру кезеңінен туындап отырған рухани құбылыс. Яғни, біріншіден, еркін ойлау мүмкіндігіне ие қоғам шынайы өткенін білгісі келеді. Бұған дейінгі саяси жүйеде ұлттың өткен тарихы, оның барлық кезеңдері мен іргелі мәселелері бұрмалауға ұшырағаны құпия емес. Мәселен, мектеп оқулықтары мен зерттеу еңбектерінде жас буын мен көпшілік оқырман санасына қазақ халқының арғы тегі – «түркі тайпалары бұл жердің автохтонды (жергілікті) тұрғындары болған емес, ал сақтар болса өзге мәдениет пен текке тән жұрт» деген мағынадағы тұжырымдар сіңірілді. Қазақ тарихын, әсіресе оның көне кезеңдерін баяндау мен түсіндіруде тарихи сабақтастыққа негізделген нанымды логикалық жүйе болмады, керісінше, өзара байланысы жоқ, үзік-үзік баяндауларға басымдылық берілді. Ұлттық өзін-өзі өткен тарихы арқылы тану ісіне жол бермейтін мұндай «ғылыми» әдістер отарлаушы империяға, оның идеологиялық аппаратын басқарып отырған күштерге қажет-ақ еді. Ғылымдағы түрлі концепцияларды қалыптастыруға тікелей ықпалы болған бұл идеологиялық ұстанымның салдары қазақ ұлтының тарихи танымынан анық байқалды:ұлт өзін өркениеттілік құндылықтар жаратқан субъект ретінде сезінуден қалды, оның көңіліне өзінің этностық болмысына қатысты күдікті ойлар ұя сала бастады. Ал мемлекеттік тәуелсіздіктің арқасында қазақ қоғамында мүлдем жаңа жағдай қалыптасты. Оны біз «жаңа рухани ахуал» немесе «жаңа рухани күй» деп атаған болар едік. Тұжырымдап айтқанда, оның мағынасы мынаған саяды. Заман талабына сай кезекті сапалы өзгерістерге мұқтаж ұлт өз өткенін қайта қорытуға ден қойды. 2005 жылы «Күлтегін» баспасынан Мырзатай Жолдасбеков пен Қаржаубай Сартқожаұлының «Орхон ескерткіштерінің толық атласы» аталатын көлемді (45,0б.т) кітабы жарық көрді. Оның ізін ала Қытай Халық Республикасындағы Шыңжаң халық баспасынан (Үрімжі) «Ежелгі Үйсін елі» атты еңбек (24,5б.т) дүниеге келді. Бұл екі басылым тұтастай алғанда жоғарыда айтылған пікіріміздің, яғни өткен тарихымызды рухани игілік ретінде қайта қорыту жолында тұрғандығымыздың нақты айғағы бола алады. Мәселенің басын ашып қоялық, аталған кітаптардың соңғысы б.з.б ІІ ғасырда өзегі Іле өзені сағасында орын теуіп, өзін қалыптасқан өркениетті қоғам ретінде көрші Хан империясына және басқа жұрттарға мойындатқан Үйсін мемлекетінің тарихына арналған. Кітапта көне қытайлық тарихи дерек мәтіндерімен (түпнұсқа және аударма) қатар бүгінгі қытай ғалымдарының зерттеу жұмыстары берілген. Ал алдыңғы кітапта б.з.VІ-VІІІ ғасырларында бүкіл әлемге Түрік қағанаты, яғни империясы ретінде танылған қоғамның тасқа қашалып жазылған мұраларының мәтіндері, олардың жаңа транскрипциясы мен аудармасы, ескерткіштердің археологиялық сипаттамасы, фото және сызба суреттері тұңғыш рет толық күйінде жарияланып отыр. Көтерген жүгі соншама салмақты да мәнді бұл екі еңбек мазмұндық тұрғыдан өзара жақын, тіптен ортақ өзекті мәселеге арналған десе де болады. Өйткені, Үйсін мемлекеті мен Түрік қағанаты түрлі тарихи мезгілдер мен өзара іргелес кеңістіктерде өмір сүріп, артында терең із қалдырған біртұтас түрік этносының дамуы болып табылады. Аталған басылымдар, сөз жоқ, осы бүтін бір тарихи құбылысты өзара сабақтастыққа әрі жаңа сапада қорытуға көмектеспек. Бұл еңбектердің бүгінгі тарихи таным үшін ең негізгі маңызы да осы атқарар міндетінде. Осы екі басылымға бірдей қатысы бар тағы да бір мынадай жағдайды айта кетелік. Осыдан ғасыр астам мезгіл бұрын орта ғасырдағы түрік жазба ескерткіштері жөнінде пікір алысу басталғанда, олардың түрік этносына тәндігіне еуропалық ғалымдар сенімсіздік танытты. Ол жөнінде академик В.В. Бартольд: «Бүтін түріктік төркіні дәлелденген бұл жазулардың (сөз Енисей және Минусинск жазбалары жөнінде – авт .) кілті табылар мезгілдің сәл алдында ғана ең таңдаулы түріктанушылардың бірі Радлов тас балбалдар түріктерге тән еместігіне иландыруға тырысты» деген пікірді білдіре келіп, кейінірек Моңғолиядағы Орхоннан табылған түрік ескерткіштеріндегі тура сол әріптермен тасқа қашалған жазуларды дат ғалымы В.Томсеннің қытай жылнамалары арқылы оқығандығын, сөйтіп ғалымдар қауымдастығы бұл жағдайды ғылыми факті ретінде мойындауға мәжбүр болғандығын жазады (Акад. Бартольд В.В. Сочинения. Т.5. М.,1968, с.426). Анығырақ айтқанда, қытай дерек көздерінде Түрік қағандығының қайраткерлері Білге қаған (734ж. көз жұмған) мен оның бауыры Күлтегіннің (731ж. көз жұмған) есімдері аталып, қызметі баяндалғаны мәлім болған соң түрік өркениетіне, оның жазба ескерткіштеріне көзқарас түбегейлі өзгеріске ұшырай бастайды. Тарих тағылымы тағы алдымыздан шығып отыр. Осы баяндалған үрдіске ұқсас жағдай енді, міне, б.з.б. соңғы мыңжылдықтың екінші жартысы мен б.з. ІV ғасыры аралығында өмір сүрген Үйсін мемлекеті мен бүгінгі қазақ этносы арасындағы сабақтастық байланыс мәселесіне орай қайталанғандай сыңай танытуда. Б.з.б. Хань империясының батыс бетіндегі Орталық Азия кеңістігін мекен еткен халықтар жөніндегі қытай жазба мәліметтерінде Алатаудың солтүстік етегі мен Іле бойына қоныстанған усунь жұрты жөнінде айтылады. Соңғы жылдарға дейін осы көне халықтың этностық тегі жөнінде айтыс толастамай келеді. Дискуссияға қатысущы ғалымдардың бір жағындағылары усундарды индоеуропалық иран тілді халықтар тобына жатқызуға бейімділік танытса, екінші жағындағылары түрік тілді жергілікті жұрт ретінде тануға басымдылық береді.

//Егемен Қазақстан (Мәдени мұра)

– 2006 ж. №33. б-4.

ОТАН ТАРИХЫНЫҢ ЖАЛПЫ-ТҮРКІЛІК КЕЗЕҢІН ОҚЫТУДЫҢ КЕЙБІР МӘСЕЛЕЛЕРІ ЖӨНІНДЕ

Бүгінгі университеттік білімнің гуманитарлық саласындағы өзгерістер кемшіліксіз емес. Өз ойымды қысқаша түсіндіріп көрейін. Біз университетте кеңестік кезеңде оқыдық. Әр пәннен оқу бағдарламалары орталықта, яғни Мәскеуде даярланып және бекітіліп ұлттық республикалардың жоғары оқу орындарына басшылыққа алуға жіберілетін. Тарих мамандықтары бойынша сол бағдарламаларда мынадай екі мәселеге ерекше назар аударылды. Болашақ маман, біріншіден, тарихи процестер мен құбылыстарды марксистік методология және көзқарас тұрғысынан түсіндіруді және екіншіден, әлем тарихын, сондай-ақ өзекті жібі мен мазмұны Ресей тарихынан тұрған КСРО тарихын терең меңгеріп шығуға тиіс болды. Жергілікті ұлттық республикалар тарихы империя тарихы контексінде, яғни үлкен елдің құрамындағы кіші ұлттың тарихы есебінде оқытылды. Бұл аталған міндеттерді орындау жолында басымдылық марксизм-ленинизм классиктерінің еңбектерін терең оқып игеруге және осы дүниетанымдық көзқарас тұрғысынан тарихи процестер мен фактілерді талдауға алуға берілді. Сол арқылы университеттік білімді іргелендіру процесі жүрді. Бүгінгі университеттік білімде марксистік компонент, яғни тарихи процестер мен құбылыстарды партиялық және таптық дүниетаным тұрғысынан түсіндіру ғылыми ұстаным ретінде бұрынғы ықпалынан айырылды. Бұрынғы КСРО тарихының орнын Қазақстан тарихы алды. Барлық жоғары оқу орындарында оқытылатын СОКП тарихы пәнінің орнын енді Отан тарихы пәні басты. Қазақстанның, қазақ елінің тәуелсіз мемлекеттік статусы білім жүйесінде Қазақстан тарихына пән ретінде ерекше мән беру арқылы белгіленді. Бұл шешімнің толық табиғи әрі негізді шешім екендігі қазіргі уақытта мойындалған. Сонымен бірге отан тарихына білім жүйесінде осындай маңызды орын бере отырып, бұл пәнді оқытуды іргелендіру мәселесі өз шешімін тапты ма деген сауалдың тууы да толық заңды болса керек. Менің түсінігімше бұл сауалға біз әзір қанағаттанарлықтай жауап бере алмаймыз. Советтік кезеңдегі университеттік білім тағы да ойға орала береді. Онда тарихшыларға бірінші курстың алғашқы семестірін бүтіндей ертедегі Руске тиесілі «Русская правда» мен «Повесть временных лет» сияқты заңдық актілерді талдауға берілетін. Біз болашақ тарихшылар осы құқықтық материалдарды ежіктеп оқу арқылы көне Рустің әлеуметтік өміріне тереңдеп еніп, оның әлеуметтік-таптық құрылымын талдауға алып, жеке әлеуметтік топтарға берілген анықтамаларды жаттап алуға тиіс болдық. Академик Б.Д.Грековтың «Киевская Русь» және «Крестьяне на Руси» аталатын монографиялық зерттеулері болашақ тарихшы маманның әліппесі міндетін атқаратын. Университтегі тарихи білімді іргілендіру процесі міне осы көне Руске тиесілі заңдық құжаттар мен іргелі монографиялық зерттеулерді игеруден басталатын. Тарихшы мамандарды даярлау ісіндегі бұл үрдіс бүгінгі Ресейде де сақталып қалды, өзгеріске оның көзқарастық, яғни методологиялық компоненті ғана ұшырады. Біз отан тарихын оқытуды бүгінгі тәуелсіз мемлекеттік жағдайымызға лайықты дәрежеге көтеріп, бұл үрдісті іргелендіру мәселесін шешуді тым созып алған сияқтымыз. Дегенмен, әлі де болса бұл істі жүргізуге тиістіміз. Ал оны неден бастаған жөн? Жауап қарапайым: тарихи процесс қашан және неден басталса, оны зерттеу және оқыту да содан басталады. Қазақ тарихы б.э.д. соңғы мыңжылдықта бүгінгі қазақ жерін мекен етіп, алғашқы мемлекеттік құрылымдарды қалыптастырған сақ, үйсін, қаңлы және сармат тарихынан бастау алады. Мұндай тұжырымға отандық және шетелдік антрополог, археолог және тарихшы ғалымдардың зерттеу еңбектері жетелейді. Қазақ елінің этногенезін антропологиялық әдіс-құралдар арқылы зерттеу ісіне ғұмырын арнаған академик О.С. Смағұловтың «қазақтардың бүгінгі метистік типінің қалыптасуына 20 ғасырдай уақыт кеткен және оның бәрі қазақ халқының өз жері мен өз елінде ғана болған энтроантропологиялық үрдіс» [1] деген тұжырымы бүгінде отан тарихында орныққан ұстаным. Бұл жасалған тұжырым жазба дерек көздері тұрғысынан да қолдау тауып отыр. Осы ретте, әрине, 2200 жылдық жылнама-тарих жазу дәстүрі бар қытай дерек көздерінің көрсетулерін есепке алмау мүмкін емес. 2006-2012 ж.ж. аралығында Қытай Халық Республикасының Шыңжан, Ұйғыр Автономиялық Республикасындағы қоғамдық ғылымдар академиясының арнайы құрылған ғылыми жұмыс тобы (Ж.Мырзаханұлының жетекшілімен) дайындап Алматы және Үрімшіде жарық көрген үш кітаптан тұратын «Қытай жылнамаларындағы қазақ тарихының деректері» атты басылым жарық көрді[2]. Бұл іргелі еңбекті даярлаған мамандардың қытай дерек көздеріне байланысты «Орта азиядағы эностар мен мемлекеттер жөніндегі ең алғашқы аса құнды, біршама нақты жазба деректер міне осы жылнамалардан көбірек табылады»[3], – деген тұжырымымен келісуге болады. Ұлт тарихының ерте кезеңі бойынша өз орны бар осы басылымға қысқаша тоқталып өтейік. Бұл 3 томдықтың мынадай ерекшеліктері бар. Біріншіден, оларда берілген деректік материалдар ескі қытай тілінен тіке қазақ тіліне аударылған. Аударма жұмысын атқарған арнайы даярлығы бар сол елдегі қазақ ғалымдары. Екіншіден, үш томдықта берілген «қазақ халқының этникалық тегімен тіке немесе жанама байланысы бар» қытай жылнамаларындағы материалдар арнайы сұрыпталып, жүйелі түрде орналастырылған. Яғни бұл үш томдықтың бұдан бұрын жарық көрген Н.Я.Бичурин мен Н.В.Кюнердің аудармаларынан принциптік айырмашылығы бар және біршама толықтығымен ерекшеленеді[4]. Басқаша айтқанда, Үрімшідегі ҚХР ШҰАР Қоғамдық ғылымдар академиясының жұмыс тобы дайындаған бұл көптомдық отан тарихының ерте кезеңін зерттеп тану ісінде жаңа мүмкіндіктер туғызып отырғандығын мойындаған жөн. Біреулердің «мақсаты басқа, мүддесі бөлек елдің жылнама-хронология тарихы бойынша отан тарихын түгендеу дұрыс емес» – деуі әбден мүмкін. Ондай пікір айтушыларға қарсы қояр сұрағымыз «Отан тарихының көне дәуірі басқа жазба дерек көздеріне жұтаң болса ше?». Сондықтан да бізге қытай дерек көздеріндегі отан тарихына қатысты фактілерді сын елегінен өткізіп, айналымға тартуға тура келеді. Сондай-ақ бұл кәсіби тарихшы мамандардың ісі. Ал осы қытай жылнамаларындағы көне қазақ тарихына қатысты деректер несімен бағалы? Бұл дерек көздерінде Шығыс Түркістан, Жетісу және Сыр бойына таяу өңірлерде өмір сүрген ғұн, үйсін, қаңлы және басқа ұлыстарға қатысты фактілік материалдар олардың орналасқан территориясын анықтауға, қоғамдық өмірін (шаруашылығы, әлеуметтік құрылымы, билік жүйесі, мәдениеті ж.б.) түсінуге әжептеуір мүмкіндік береді. Бұл біріншіден. Екіншіден, жылнамалардағы фактілік материалдар арқылы қаңлы, үйсін, ғұн және басқа ертедегі халықтардың өзара, сондай-ақ қытай мемлекетімен ара қатынасының қандай тарихи жолдан өткендігін, сондай-ақ бұл тарихи тәжірибеден қандай қорытынды шығатындығын пайымдауға мүмкіндік туғызады. Осы ретте соңғы жылдарға дейінгі ғылыми дискуссияға түрткі салып келген мынадай бір мәселеге көңіл аударған артық емес. Ол қытай жылнамаларындағы «усун» және «кангю» этнонимдерінің қазақ тіліндегі «үйсін» және «қаңлы» аталатын тайпалық құрылымдарға қатынасы жөнінде. Соңғы жылдардағы зерттеулер, әсіресе қытай ғалымдарының жасаған тұжырымдары қытай жылнамалары мен қазақ тіліндегі аталған этнонимдердің қай тұрғыдан алғанда да тарихтағы бір елдің атауын білдіретіндігін көрсетіп отыр. Мәселен «Ежелгі үйсін елі»[5] аталатын кітапта қытай жылнамалары мен Іле өзені бойындағы обаларда жүргізілген зерттеу жұмыстарының нәтижелеріне сүйене отырып Ма Мәнли, Хуаң Уынби, Уаң Биңхуа, Чын Шыляң,Мың Фәнрын, Хән Каңшин, Пән Чифың сияқты қытай тарихшы, археолог ғалымдары ертедегі үйсіндер мен кейінгі қазақ халқының құрамына енген үйсіндердің бір халық екендігіне ешқандай да күмән келтірмейді. Әрине, тайпалық одақ ретінде оның құрамы түрлі тарихи кезеңдерде өзгеріске ұшырап отыруы әбден мүмкін және ол толық табиғи нәрсе, дегенмен, оның өзекті бөлігі сапалық тұрғыдан сақталып қалды деп айтуға негіз бар. Ал Есік қорғанында жерленген алтын сауытты бекзада бұл, әрине, өзара кірігіп кеткен сақ-үйсін мәдениетіне тән ескерткіш. Қорғанда табылған тостағандағы 26 әріптен тұратын мәтіннің «көне түркі руникалық таңбалармен көне түркі тілінде» (А.Аманжолов) жазылғандығын ешкім де жоққа шығара алған жоқ. Яғни Есік қорғаны – бұл көне түрік мәдениетіне тән ескерткіш. Ол өзара сабақтас байланыстағы сақ жіне үйсін мідениетінің жинақы көрінісі. Яғни бұл ескерткіш білім жүйесінде осы ұстаным тұрғысынан оқытылғаны жөн, әрі негізді болмақ. Есік қорғанынан шыққан тостағандағы жазудың ертедегі түрік мәдениетінің тұтастығын сезінуде орны еркеше. Ол, мәселен, Орхон(қазіргі Моңғолия) және Іле бойында(шығыс Түркістан және Қазақстан) б.з.д.ІІ-б.з.XІІІ ғ.ғ. аралығында өмір сүріп, түрлі мемлекеттік құрылымдар жаратқан халықтардың ортақ түрік мәдениетіне тәндігін айғақтайды. Б.э.д. мыңжылдықтың екінші жартысы мен б.э. бірінші мыңжылдығының алғашқы жартысында өрлеу дәуірін басынан кешірген сақ-үйсін-қаңлы өркениеті ізсіз өте шыққан жоқ-тын. Бұл тарихи кезеңді егер түркілер мәдениетінің балаң кезеңі, яғни ерте түрік кезеңі ретінде қарастырсақ, онда оның ізін ала VІ ғасырда (545ж.) өмірге келген түрік қағанаты, оның өз орнын анықтауға бағытталған белсенді қызметі еуразиялық кеңістікте негізгі этникалық күшке айналуымен аяқталды. Осы мезгілде «тұтас түрік елі», «өміршең ел болу» идеясы мен ұстанымы өмірге келді. Отан тарихын білім жүйесінде оқытудың кезекті маңызды кезеңі міне осы ерте орта ғасырларға тән түрік қағанаты кезеңі. Бұл тарихи кезең, әрине, ерте түрік кезеңімен өзара сабақтас, байланыста оқытылады. Мәселен: 1.Іле және Орхон өзендері бойындағы қоғамдардың экономикалық негізі, әлеуметтік құрылымы мен билік жүйесінде ұқсастықтар анық байқалады. Екі қоғамда да егіншілікпен айналысқан отырықшы елді мекендер болды. Дегенмен, орналасқан өңірдің табиғи ерекшеліктеріне байланысты басымдылық мал шаруашылығына берілді.Мәселен, Іледегі үйсін ауқаттыларының мал басы 4-5 мың жылқымен саналды. Сол сияқты Орхондағы Күлтегінге ас берілгенде оның төрт мың жылқысын, қазынасын, дүние мүлкін таратты. Бұл екі қоғамда да жылқы малы, арғымақ ат,тұлпар-байлықтың, ерліктің,сұлулықтың, мәңгіліктің символы. 2. Үйсіндерде бүкіл елді басқаратын өкіметтік ұйымы болды(Н.Мыңжани). Елді күнбилер әулеті басқарды. Би, билік айту тәртібі осы кезеңде қалыптасты. Қоғамды басқару ісінде ерекше еңбегі үшін билік иесіне «ел»»деген жалғауды тіркеп айту дәстүрі орнықты. Мәселен, Нәнді бидің (б.з.д. 177ж.бұрын) баласын Елжау би (б.з.д.177-104жж. аралығы) атады. Тура осы дәстүр түркі қағанытында да байқалды. Мәселен, елді біріктіру ісінде ерен еңбегі үшін Құтлұғ қағанды (693ж. өмірден қайтқан) Елтеріс (Елтеруші мағынада – авт .) қаған атады. 3. Бұл екі қоғамның дүниетанымындағы ұқсастық олардың тотемдік сенімдерінен де байқалады. Мәселен,жауының қолынан өлген үйсін Нәнді бидің нәресте ұлын көк құртқа (бөрі) емізіп, аман алып қалады. Ал Орхондағы Бұғыты кешеніндегі ұстынның бас жағына қасқырды еміп тұрған баланың кескіні бейнеленген. Қорыта айтқанда, Үйсін және түрік қағанаты қоғамдары арасындағы өзара сабақтас байланыстың бар екендігін айғақтайтын фактілік материалдар аз емес. Қазіргі уақытта бұл байланысты оқу процесінде емін-еркін ашып көрсетуге мүмкіндік беретін материалдарды негізге алып оқу құралдарын даярлайтын мезгіл жетті. Ортағасырлық түрік мәдениетінің әлемдік деңгейде танылуы Қарахандар мемлекетінің өмір сүрген мезгіліне тұс келеді. Қарахандар Орта Азиядағы мұсылман дінін қабылдаған алғашқы мемлекет болды. Орталық Азиялық түріктердің мемлекет құру және басқару салтын сақтай отырып, олар оны ислам институттарымен байыта түсті. Қарахандар мемлекеті ортаазиялық түркілердің интелектуалдық өсу мүмкіндігіне жаңа өріс ашты: білім мен ғылымға қолдау жасады, медреселер ұйымдастырды , қоғамда білім беделін арттырды т.с.с. Мемлекттің руханиятқа көрсеткен бұл қолдауы өз нәтижесін берді. Өмірге Жүсіп Баласағұнның «Құтты Білік» [6] Махмұт Қащқаридың «Түрік сөздігі» сияқты түркілер өркениетін жалпы адамзаттық кеңістікке алып шыққан ұлы еңбектер келді. Түркі халықтары мәдениетінің жаңа сапа және кеңістікке шығуының жинақы көрінісі түрік әдеби тілінің қалыптасуы болды. Бұл ғылымда әбден таныс тарихи фактілер. Бірақ біздің халық және мәдениет ретінде түп тамырымыздың терең және берік екендігін айғақтайтын бұл рухани асылдарымыз бізге жат құндылықтар ретінде ұлттық рухани өндірісте айналымнан шығып қалған. Оның орнын ойлау жүйемізді жат арнаға салуды көздейтін бұлақтар басқан. Ал бізге қазіргі уақытта өзіміздің көне замандардан ресейлік отарлауға дейін бірде әлсіреп, бірде қайта жаңғырып, бірақ үзіліссіз жалғасып келе жатқан түркілік өзегімізді танып білуге және оған жаңа серпін беруге бастайтын ойлау мәдениеті қажет. Бұл ретте біз жоқтан бар жасауды емес, барды өз орны мен дәрежесінде көрсетіп, бағалауға жол ашатын жаңа ойлау жүйесі мен стилін қалыптастыру жөнінде айтып отырмыз. Осы ұстаным тұрғысынан келгенде Ж. Баласағұн мен М. Қашқаридың бізге қалдырған мұралары заман сұранысы тұрғысынан несімен құнды, соған байланысты олар еліміздің білім жүйесінде қандай орын алуға тиіс? Бұл ретте мына жағдайды ескерген жөн. Бұл екі шығарма да төл тума, жергілікті этнос өмірінен бастау алатын түрік қоғамдық ойының сол мезгілге дейінгі қалыптасып, жетіліп, еркін дамуының табиғи жемісі, шаруашылық жүргізу, мемлекет құру және мәдениет жасау тәжірибесінің жиынтық көрінісі, сондай-ақ бұдан былайғы рухани өсіп-өнуінің берік негізі болды. Алладан соң ұлы шығармашылық иесі-халық. Ал халықтың ең ұлы туындысы оның тілі. Махмұт Қашқаридың айтуында түріктер Алланың басқа да сүйікті құлдарының санатында. Ғалым «Тәңірі оларды «Түрік» деп атады және оларды мемлекетке еге қылды», деп көрсетіп, одан ары «заманымыздың хақандарын түріктерден шығарып, дәуір, халықтың ақыл-ерік тізгінін солардың қолдарына ұстатты; оларды адамдарға бас қылды; хақ істерде соларды қолдады»– деген ойды айтып, түркілердің әлемдік кеңістікке шығып, өзін басқа өркениеттерге мойындатқандығын білдіреді. Сондықтан да ғалым «түрік тілін үйрену уәжіп, білген абзал» екендігін ескеріп, сол үшін де «мәңгілік жәдігерлік уа таусылмас-түгесілмес, азып-тозбас бір байлық болсын деп, бір Тәңірге сыйынып, «Түрік тілдерінің диуаны», аталатын кітабын жазып шыққандығын баяндайды[7]. Махмут Қашқари жасаған тұжырымға ұқсас ойды Ж.Баласағун шығармасынан да оқимыз. «Құтты білік» авторының түсінігінде түріктер құрған мемлекеттік биілік білімге, ақылға сүйенгенде ғана елге құт әкелмек.Бұл осыдан 945 жыл бұрын,яғни 1069 жылы айтылған пікір. Бүгін оны ешкім де тура емес деп айта алмайды. Өйткені бұл тұжырым барлық замандардағы кез-келген қоғамға байланысты жасалған негізді тұжырым. Бұдан шығатын қорытынды: XІ ғасырдағы Қарахандар әулеті басқарған түркілер мемлекеті жалпыадамзаттық даму арнасында тұрды, сол сияқты ол мемлекеттің Жүсіп Баласағұн және Махмұт Қашқари сияқты ғұламалары да жалпыадамзаттық арнада және деңгейде ойлап, еңбек етті. Осы ретте «Құтты біліктің» жеті жүз елуінші бәйітінде айтылған мына жолдарға көңіл аударайық:

Сендей жанды аңсап, іздеп жүр едім, Тәңір берді, қабыл болды тілегім[8]. Бұл білімнің елге құт әкелетіндігіне көзі жеткен Күнтуды Елік ханның ақыл иесі Айтолдының кеңесін тыңдаған соң жасаған тұжырымы. Айтолды халықтың арасынан шыққан зиялы адам, өзінің жеке қасиеті мен білімін халық игілігіне жаратуға бел буып, билік басындағы Қүнтуды Елік хан сарайына аттанып, жолын тауып ханмен кездесіп, өзінің мақсатын білдіреді.Осы ретте Жүсіп Баласағұнның айтпағы не? Әділдікке жол бар қоғамда оның әрбір мүшесі мемелекетті басқару, заң даярлау және сот ісіне ат салысуға тиіс. Сол арқылы ғана қоғамдағы азаматтардың теңдігі жүзеге аспақ. Осылайша ұлы ойшыл Жүсіп Баласағұн өз шығармасында билік пен білім арасында жарасымдылық орнатады. Қоғамда әділ заңның, әділдіктің салтанат құруын ұлы ойшыл күннің жерге төккен нұрымен ған теңестіреді. Ал әділдік пен заңдылықтың салатанат құруы биліктің ерік-жігеріне байланысты. Шығармадағы билік пен білім үйлескен қоғамның сипаты:

Құт дарыды, өсті халық өрісі,
Бірге жусап өрді қозы, бөрісі,
Заң түзелді, жетілді елі, әулеті,
Күннен-күнге тасыды Елік дәулеті.

Осылайша құтты заман жалғанып,
Тұзелді елі, кемелденді бар халық[9].

Ұлы ойшыл билік пен білім үйлесімін таппаған қоғам туралы да өз пікірін білдіреді.

Егер бекті иектесе жамандар,
Ел үстінде жалаңдар сол арамдар!
Егер ізгі болса елдің басшысы,
Түгел ізгі болар атшы, қосшысы... [10].

Басқаша айтқанда, білімге сусындаған билік ізгі болып келеді. Ал билікте ізгілер отырған қоғамның қарашысы тоқ. Бұл не? Құрғақ қияли жоба ма,жоқ әлде жарық дүниеде ақиқатқа айналуы мүмкін пайдалы ойдың көрінісі ме? Ортағасырлық кезеңде мемлекетті басқару ісінде биліктің біліммен одаққа сүйену әрекетін біз мұсылман шығысы тарихынан білеміз. Аббастар әулеті билеген тұстағы (әсіресе Харун ар – Рашид (786-809), Әл –Момын (813 ж билікке келген) араб халифаты өмірінен бұл жағдай анық байқалады. 830 ж Византияны алаған Әл-Момын халиф жеңіліс тапқан жақтан контрибутцияны ақшалай немесе алтын-күміс түрінде емес, ойшыл ғалымдардың кітаптары арқылы төлеуді талап етті [11]. Осы Әл Момын Халиф Бағдатта “Даналық үйін” ашып бұл ғылым орталығына түрлі тіл және мәдениеттегі ғалымдарды жинады. Орталыққа антикалық әлемде жазылған ғылыми еңбектер, қолжазба жұмыстар жан-жақтан әкелінді. Ертедегі философ және ғалымдардың еңбектері араб тіліне аударылды. Сол заманның ирандық, гректік, византиялық, арабтық озық ойлы ғалымдары әлем тарихында алғаш рет аударма мәдениетін қалыптастырды. Соның арқасында ертедегі грек философиясы мен ғылымының үлгілері араб тілінде сақталып, араб тілінде жазатын ғалымдар оларға түсінік жазды. Мәселен Аристотельдің “Метафизика” еңбегіне Әл-Фарабидің араб тілінде берген түсінігімен танысқан Әбу Әли ибн-Сина сол уақытқа дейін түсініксіз болып келген сауалдарға нанымды жауап алғанын жазды. Қорыта айтқанда, араб халифаты мәдениетіне тартылған ортаазиялық түріктерге сол заманның озық ғылымы мен біліміне араласуға мүмкіндік туды. “Құтты білік” пен “Түрік сөздігі” осы ислам діні арқылы жеткен ықпалдың ғажап жемісі болатын. Қазақ жерінде 751 ж болып өткен Талас өзені маңындағы шайқаста қытай әскерін жеңіп, Орта Азиялық түркілерге ислам өркениетіне жол ашқан осы аббастықтар. Жақсыдан шарапат деген, араға тоқсан жыл салып орнаған Қарахандар билігі ислам дінін қабылдап, жергілікті түрік және араб халифаты мәдениетттері арасында өзара тоғысу және байыту процесі жүрді. Міне осы аббастар әулет билігі тұсында отырарлық Әбу Насыр әл-Фараби білім іздеп халифаттың астанасы Бағдатқа барып, қайткенде мемлекет, оның адамдары бақытқа жетеді деген сауалға жауап іздеп, өз трактаттарын жазды. Ұлы ғалымның пәлсапалық еңбектеріне сүйсінген Халеб сұлтаны Сайф-ад-Дауля оны өз сарайына жақын ұстады. Ғылым мен білімді құрмет тұтқан Шамс-ад-Дауля және Али-ад-Дауля сұлтандар Әбу Әли Ибн Синаны сарайларына шақырып, оған уәзір және кеңесші лауазымын сыйлады[12]. Басқаша айтқанда, араб халифтерінің бұл ұстанымының сол бір тарихи кезеңде орта азиялық түркілердің қоғамдық өміріне жағымды әсері болғаны хақ. Білім мен ғылымның қоғам өміріне тиімді ықпалын байқайған Әмір Темір де (1335-1404 ж.ж) ғалымдарға есігін ашық ұстады. Әмірдің жаугершілік саясатына түрлі көзқарастың болуы әбден мүмкін.Дегенмен,оның білім мен өнерге, әсіресе сәулет өнеріне немқұрайды ұстанымда болмағаны белгілі.Оның өмір баянынан мынадай жолдарды оқуға болады: «Жүріп өткен жеріңде қанды із қалдырған ол жауының алдында қорқыныштың не екенін сезбей және жеңілістің уын ішпей өтті. Ал бірақ (таңқаларлық нәрсе) ғалымдарды сүйді және қайда болмасын ақылды адамды немесе пайдалы кітапты кезіктірсе болғаны, бәрін де қалдырмастан Самарқанға жеткізетін» [13]. Әмір Темірдің білімге құштарлығы және ғалымдардың кеңесіне сүйенуі оған Мауренахрда бір орталыққа біріккен дербес мемлекет құрып, ірі құрылыстар жүргізіп, сол арқылы экономика мен мәдениеттің жандануына жағымды ықпал жасауға мүмкіндік берді. Негізін Әмір Темір салған бұл дәстүрді Мәуеренахрдың кейінгі билеушілер де жалғастыруға тырысқандығы байқалады. Бұл ретте, әсіресе, Әмірдің немерелері Ұлықбек пен Бабырдың орны ерекше. Өкінішке орай, Орта Азиялық кеңістіктегі билік пен білімнің арасындағы мұндай үйлесімдік кейінгі ғасырларда өз жалғасын таба алған жоқ. Ш.Ш. Уәлиханов осы жағдайға байланысты өкінішін білдіріп: «орта азиялық билеушілер олардың ілгергі аталары сияқты бүгін енді жыр немесе естеліктер жазып, астрономиялық кестелер түзбейді»[14], –деген пікір білдірді. 2006 жылы ҚР Ұлттық Ғылым академиясының ғимаратының кіші залында Түрік республикасының Білім министрмен бір топ ғалымдардың кездесуі болып өтті. Сол кездесуде сөйлеген сөзінде министр мырза араб халифаты кезіндегі мұсылман шығысындағы ғылым мен білімнің өркендеуіне тоқталып, осы дәстүрді жаңғыртудың жолдары қандай? деген сауал тастады. Орынды қойылған сауал. Бұл сауалға жауап іздейтін адамдар бар сияқты. Исламның бастапқы кезеңінде мұсылман елдері қоғамдық дамуда үлкен жетістіктерге жетті өз жерінің байлығын өздері игерді, әлемдік саудада белсенді рөл атқарды, өз халықтарының мүддесін қорғай алды т.б.с.с. Бұл араб халифтарының білім мен ғылымға жасаған қамқорлығының нәтижесі болатын. Өкінішке орай, бұл жағымды үрдіс мұсылман әлемінде кейін жалғасын таппады. Осы мәселе жөнінде тұшымды пікір айтқан, Малайзия үкіметінің басшысы доктор Махатхирдың пікірінше мұсылмандар батыстағы өнеркәсіптік революция тұсында ұйқыда жатты, өз елдерінде ғылым мен білімді өрістету ісін қолға алмады.жаңа територияларды игеруден шет қалды, әлемдік саудадағы бұрынғы белсенділігін жоғалтты, яғни сырттан келетін табыс көздері жоқтық қасында болды. Соның нәтижесінде капиталдың бастапқы қорлану үрдісі жүрмеді. Бұл тоқырауға аяқ басудың көрінісі еді. Шамамен ХV ғасырдан бастап, қоғам өмірінде ғылым мен білімге ерекше қолдау жасап, ағартушылық үрдісін өрістеткен еуропа елдері қарышты даму жолына түсті, содан бері олар әлемдік дамуда инициативаны өз қолдарында ұстап келеді. Патшалық, оның орнын басқан Советтік биліктердің қазақ елін басқарудағы басты қателігі олар енгізген басқару түрі жергілікті халықтың түпкілікті мүддесіне сәйкес келмеді, ал оларды өзара үйлестіру әрекеті қарсылыққа тап болды, тіптен ұлттық басқарушы топқа қарсы бағытталған репрессиялық шараларға ұласып отырды. Ұлттық негізді, ерекшеліктерді ескермеу, тіптен оған тәкаппарлықпен жоғарыдан менсінбей қарау, халықты ешқашанда орындалмайтын қияли бағдарламалармен алдарқату бұл біздің тарихымыздың советтік кезеңіндегі үкіметіне тән іргелі ұстаным болатын. Енді міне біз тәуелсіз мемлекет жағдайында өмір сүрудеміз. Тәуелсіздігімізге сәйкес мемлекет басқару ұстанымы қандай негіздерге сүйенуге тиіс? Бұл қатардағы нәрсе емес. Бұл мәселеге өз елінің азаттығына ғұмырын арнаған талай қайраткер тұлғалар жауап іздеген. Солардың бірі Куба елінің перзенті Хосе Марти. Ол өзінің «Наша Америка» атты еңбегінде «Тәуелсіздік мәселесі басқару түрінің алмасуымен шектелмейді, сонымен бірге басқару рухының да өзгеруі маңызды»[15], – деген тұжырымға келеді. Ал басқару рухы неден басталады? Әрине, сол елдің, сол жұрттың төл тарихына, ана тілінен, шындығынан бастау алады. Үкімет сол елдің перзенті, ал басқару рухы оның халқының рухынан туындауға тиіс (Х. Марти). Сондықтанда жас буын, болашақта елді басқаратын оқушы және студент жастар өз елінің тарихы мен шындығын түсініп және оларды бойына сіңіре алатындай тәрбие алуға тиіс. Мемлекет құру және дамытуда, әрине, әлемдік тәжірибе ескерілгені жақсы, бірақ ол шешуші фактор бола алмайды, шешуші фактор сол елдің әлеуметтік құрамын және олардың басындағы түйіткіл мәселелерін анықтаудан және оларды шешу жолдарын қарастырудан құралады. Еліміздің басшысы Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқына жолдауында (2014) ғылымды қаржыландыруды ішкі жалпы өнімнің 3 пайызынан кем емес деңгейге көтеру жөнінде айтты. Өте құптарлық шешім. Ғылымға көрсетілген мұндай қолдаудың нәтижесінде жаратылыстану ғылымдары мен қатар гуманитарлық саладағы ғылымдар да жаңа сапаға көтерілуге тиіс. Олардың ең басты міндеті отандық шындықты, оның тарихын, рухани тәжірибесі мен бүгінін қазіргі сұранысқа лайық деңгейде қорыта алуда, осы негізде жас тәуелсіздікке тіреу бола алатындай қоғамдық сана, патриоттық сезім қалыптастыруында болса керек. Қазіргі уақытта елімізде жүріп жатқан қазақ тарихын заман сұранысына лайық дәрежеде қорыту үрдісі ұлттың жүріп өткен жолындағы тарихи кезеңдер мен өнегелі істерді елеп-екшеп қоғамның қажетіне жарату болса керек. Ал ұлттың бүгінгі дүниетанымы мен талғамына сүйеніш бола алатын оның төл тарихындағы өнегелі істер, иншалла, жетіп артылады. Міне сондай тарихи кезеңдер қатарында еліміздің рухани бұлақтары бастау алатын ертетүркілік, түрік қағанаты және қарахандықтар мемлекеті кезеңдері ерекше орын алады. Мәселе осы тарихи құндылықтарымызды жаңа буын ұрпақтың санасына тура жеткізе білуде болса керек.

-----------------
Ескертулер

1.Смағұлов О. Қазақ халқының антропологиялық тарихы (морфофизиологиялық зерттеу).– Алматы,2011, 269 б. 2.Қытай жылнамаларындағы қазақ тарихының деректері (б.з.б. 177-б.з.222 жылдары) 1 кітап. Басылымның ғылыми жетекшісі Ж. Мырзаханұлы, бас редакторы Қ.Мұқанұлы, жауапты редактор Қалиұлы. Алматы, өнер, 2006, 269 б.; Қытай жылнамаларындағы қазақ тарихының деректері (б.з. 275-840 жылдары). 2 кітап. Басылымның ғылыми жетекшісі Ж. Мырзаханұлы, бас редакторы К.Қайыржанұлы, жауапты редактор А. Сағатұлы. Алматы, өнер, 2006, 344 б; қытай жылнамаларындағы қазақ тарихының деректері (б.з. 275-840 жылдары). 2 кітап. Басылымның ғылыми жетекшісі Ж. Мырзаханұлы, Үрімжі 2012 ж

3.Сонда,1 кітап, 5б. 4.Бұл ретте мәселен проф. Н.Мұхаметханұлының “қытай жылнамаларындағы көшпенділерге, Орталық Азия елдеріне қатысты деректер ең алғаш орыс тіліне аударылып әлемге мәлім болды. Оны аударушы орыс синологиясының атасы – Н.Я.Бичурин (Иакинф). Ол «Тарихнамада» бірінші рет кездесетін Wusun (қазіргі қытай тілі фонетикасы бойынша) деген екі иероглифтен тұратын атауды Усунь – деп орыс тілінің ерекшелігіне бейімдеп транскрипциялаған. Ал одан соңғы пайымдауда айтылатын үйсіндер « xіng guo – көшпенді мемлекет» деген сөзді ол «Это кочевое владение» – деп тәржімелеген. «Хань шудағы (Хань патшалығы тарихындағы») «Wu sun guo – У сүнь го – Үйсін мемлекетінің үлкен күнмиі (күнбиі, гуньми) Чигу, – деп аударған. Мұнда аудармашының қытай тілінде «guo – го» – мемлекет деген өте маңызды сөзді «владение» деп аударуы немесе оны аудармай кетуі, әсте жаңылыстан немесе ол сөзді түсінбестіктен жіберген ағаттығы емес, ол қытайтанушы ғалымның ғылымилықтан гөрі саяси идеологиялыққа бой ұрғандығының көрінісі болса керек.

5.Ежелгі үйсін елі. Құрастырушы Жадымен Ахметұлы. Үрімжі, 2005, 390б
6.Баласағұн Ж. Құтты білік, 143-б.

7. Қашқари М. Түрік сөздігі. Үш томдық. Аударған, алғы сөзі мен ғылыми түсініктері жазып, баспаға дайындаған ақын, сыншы, филология ғылымдарының кандидат Асқар Құрмашұлы Егеубай. Алматы, 1997, 1998; Махмұд ал –Қашқари Диван Лугат ат-Турк. Перевод и предисловие 3.- А.М.Ауэзовой. Индексы Р.Эрмерса. Алматы, 2005, 1288 с. 8. Баласағұн Ж. Құтты білік. Көне түрік тілінен аударған, алғы сөзі мен ғылыми түсініктерін жазып, баспаға дайындаған ақын, әдебиет сыншысы, филология ғылымдарының кандидаты Асқар Құрмашұлы Егеубай. Алматы, 2006, 640 б. 9. Баласағұн Ж. Құтты білік, 143-б.

10.Сонда, 168-б. 11. Игнатенко А.А. В поисках счастья. М., 1989, с.15 12. Сонда, с47 13. Тамерлан. Эпоха. Личность. Деяния. М, 1992, С.502 14. Валиханов Ч.Ч. Собр. Соч. Т.3, А. 1985, С.326 15. С е а Л. Философия американской истории. Судьбы Латинской Америки. М., 1984, с.326. «GLOBAL-Turk», № 2, 2014. - 91-101 беттер.

ҰЛТ ЗИЯЛЫЛАРЫ ЖӘНЕ ҰЛТТЫҚ ИДЕЯ

(ХХ ғасырдың алғашқы ширегі)

Қазақ қоғамындағы зиялылық пен зиялылар тарихын елдің саяси өмірінен бөлек талдауға алып, түсіну мүмкін емес. Оның себебі қазақ қоғамының ұзақ мерзім отарлық тәуелділікте болған жағдайынан, сондай-ақ ұлт зиялыларының қалыптасу процесінің де осы мерзімге тұс келуінен іздеген жөн. Өзінің этникалық ортасында өмір сүріп, қызмет жасаған зиялының отарлық тәуелділіктегі елінің болашағына төнген қауіпті сезбеуі әрине, мүмкін емес. Біз мақаламызда міне осындай тарихи жағдайда қазақ елінің интеллектуалдық болмысына шешуші ықпал жасауға күш салған ұлттық зиялылар тобының қызметіне, оның тарихи және ұлттық ерекшеліктеріне тоқталмақпыз.

ЗИЯЛЫЛЫҚ ЖӘНЕ ҰЛТ ЗИЯЛЫСЫ

Ұлттың интеллектуалдық потенциалын қалыптастыруда зиялылар әлеуметтік күш ретінде аса зор рөл атқарады. Бұл тұжырымның шындықтан алыс еместігін қазақ тарихынан, әсіресе оның ХХ ғасырдың алғашқы ширегіндегі кезеңінен анық байқауға болады. Өкінішке орай, бұл тақырып, яғни ұлт зиялыларының ұлтты және оның интеллектуалдық мүмкіндігін қалыптастыру әрекеті тәжірибе ретінде терең талдауға алынды деп айту қиын, анығырақ айтқанда кешеуілдепкеле жатқан іс. Осы ретте сол алғашқы буын зиялылар қатарында болып, соңында терең іс қалдырған жеке тұлғалардың пікірі мен тұжырымдарына көңіл аудару қажет-ақ. Мақаламызды Мұстафа Шоқайдың зиялылық пен ұлт зиялысы жөнінде жасаған талдауларына арнайы тоқталудан бастағанымыз міне осы қажеттіліктен туындап отырғандығын мойындаймыз. «3иялы» бұл араб сөзі[1]. Оқыған, білімді азамат деген ойды білдіреді. Яғни ол мағынасы жағынан орыс тіліндегі «интеллигент» сөзіне жақын. Ал орыс тіліндегі «интеллигенция» сөзінің әлеуметтік жүгі бар. Ол басым түрде қоғамдық өмірде өз орны мен ұстанымы арқылы танылған әлеуметтік күшті еске салады. Түп-төркіні еуропалық бұл сөзге ХІХ-ХХ ғасырлардағы орыс шындығы дербес мазмұн және сипат берді. Ресейлік зерттеушілердің пікірінше қоғамдық күш ретінде орыс интеллигенциясының шынайы қызметі XІX ғасырдың 60-шы жылдары мен XX ғасырдың 20-шы жылдары аралығына тұс келеді [2]. Осы тарихи кезеңде ол өсу, жіктелу және дағдарыс сатыларынан өтіп, социалистік қоғам тұсында өзінің бұрынғы белсенді қоғамдық қызметінен ығыстырылды. Белсенді қызметінің өрлеу тұсында ол қоғамдағы «үштіктің» (халық – билік – интеллигенция) бірі ретінде мойындалды. Қоғамдық көзқарасы ресейлік шыңдық жағдайында қалыптаскан М. Шоқай тұжырымдарынан зиялылыққа байланысты Ресей қоғамындағы ұстаным және пікірлердің ықпалын байқамау, әрине, мүмкін емес. Сонымен бірге, зиялылар қызметіне қатысты оның талдауларына негіз ретінде сол тарихи кезеңдегі түркістандық өмір алынғандығы да даусыз. М. Шоқай түсінігінде «зиялылық» бұл нақты тарихи құбылыс. Басқаша айтқанда, ұлт зиялысының қызметі ол өмір сүрген тарихи кезеңдегі елінің мүддесімен өзектес, өзара үйлесімді болғанда ғана белгілі бір мәнге ие болмақ. Сол сияқты «зиялыларсыз ұлтқа айналган саяси, әлеуметтік халық бұқарасы бірлігі ешқашан болған емес»[3]. Яғни ұлт пен зиялы өзара органикалық байланыстағы бірінсіз-бірі жок қоғамдық құбылыстар. Міне осы арада мынадай жағдайды ескерген жөн. Ресей империясында болып өткен 1917 жылғы тарихи өзгерістер және оның ізін ала 20-30-шы жылдары жүргізілген түбегейлі кеңестік реформалық шаралардан соң осы мезгілде зиялылар жүріп өткен жолды, олардың іс тәжірбиесін еркін талдауға алған бірден-бір зерттеуші тұлға М. Шоқай болды. Сондай-ақ оның бұл міндеті жоғары дәрежеде әрі адал орындап шыққанын атап айтқан жөн. М. Шоқай өзінің «Ұлттық зиялы» аталатын мақаласында «зиялы» деген ұғымға мынадай анықтама береді: «Ұлттық зиялы деп кімдерді айтамыз. Бір қарағанда жеңіл көрінгенімен, шын мәнінде бұл сұрауға дұрыс жауап қайыру оңай емес. Оқыған, тәрбие көрген адамның бәрін зиялы деп атап, оны сол адам өзі тән болған ұлттың «ұлттық зиялысы» қатарына қоса беруге болады деп ойласақ, сөзсіз қателесеміз. Біздіңше, белгілі бір мұрат-мақсаттардың соңында жүрген және сол белгілі мұрат-мақсаттары төңірегіне жиналған оқымыстыларды ғана зиялы деп айтуға болады. Ұлттық зиялылар қатарына тек өз халкының саяси, экономикалык және әлеуметтік дамуына қалтқысыз қызмет ете алатын адамдар ғана кіре алады» [4]. М. Шоқай берген анықтамадан анық байқалып тұрғандай, бұл әлеуметтік топқа жатқызуға болады деген кісінің білім дәрежесі немесе алған тәрбиесі зиялылықтың басты өлшемі немесе көрінісі бола алмайды. М. Шоқай түсінігінше зиялылықтың басты өлшемі оның қызметінің ұлт өмірінің негізгі сұраныстарына сәйкес болуында, олармен үйлесімді жүруінде. М. Шоқай осы аталған мақаласында «халық» және «ұлт» ұғымдарының өзара айырмашылығына тоқталып, «халық бірін-бірі және өзін-өзі басқара алмайтын, басқалардың басқаруында ғана болатын тобырлар», ал «ұлт-басқаларға тәуелді болмаған, өзінің мекемелеріне ие және өзінің бірыңғай мүддесі бар халықтар жиынтығы. Философияның тұжырымдауынша, халық – объект (object), ұлт – субъект (subject) [5], деген ойды білдіреді. Міне осы халыктық сападан ұлттық сапаға өтуде аса зор міндет зиялылар үлесіне тимек. «Халықты ұлт деңгейіне көтеру, яғни жері, суы, қазынасы, тілі мен діні бір болған халық бұқарасын бірлестіріп, олардың санасын біртұтас саяси, әлеуметтік, ұлттық санаға жеткізуде ұлы тарихи міндеттің маңызды бір бөлігі зиялылардың үстіне жүктеледі [6], – деп көрсетеді ол. Қазақ халқының ұлт ретінде ұю процесі Ресей империясының отаршылдық ұстанымдағы күштермен арпалысты идеологиялық күрес жағдайында жүрді. Ал отарлау ісінде батыстық мемлекеттердің түрлі құйтырқы әдіс-айласын әбден меңгеріп алған Ресей билігі қазақ қоғамын түрлі идеологиялық құралдар арқылы илеу ісін XІX ғасырда-ақ бастап кеткен болатын. Мұндай илеуге алдымен ұлттың билеуші тобы, әсіресе, орысша білім алған алғашқы оқығандары түсті. Отарлаушы әкімшілік енді ғана қалыптаса бастаған қазақ оқығандары мен шенеуніктер тобынан орыс билігіне шексіз берілгендікті талап етіп қана қойған жоқ, сондай-ақ ол берілгендігін күнделікті ісімен бекітіп отыруларын да бақылауға алды. Бұл талапқа сәйкес келмеген қазақ оқығандары бірден қызметінен шеттетілді, немесе қызмет сатысымен жоғары өсу мүмкіндігінен айырылды. Сондай күйді ең алғашқылардан болып өз басынан кешіргендердің бірі Шоқан Уәлиханов еді. Алған еуропалық білімін өз отандастарының тұрмыс жағдайы мен өмір сүру салтын түзетуге жүмсамақ болған ол Атбасар округы бойынша аға сұлтандық қызметке сайлау-ға түсіп, екі жақтың да (ресейлік әкімшілік және қазақ сайлаушылары) қолдауын ала алмаған күйде сайланбай қалады. Осы оқиғадан кейінгі өзінің көңіл күйін ол досы Ф.М. Достоевскийге жазған хатында мынадай сөздермен білдірген еді: «Сен біздің (мен Ресейде тәрбие алған қазақтар жөнінде айтып отырмын) жағдайымызды көз алдыңа келтіріп көрші. Жерлестеріміз бізді жолынан жаңылған кәпір деп біледі, өйткені, өзің де келісерсің, іштей сенім болмаған соң тек саясат үшін ғана күніне бес мәрте Аллаға мадақ айту қиын, ал генералдар болса шығысқа тән мәймөңкелігім кемшін болғандықтан да жақтырмайды. Шайтан алғыр, осыдан соң құла-дүзге каңғып кеткің келеді [7]. Бұл хатты 1862 жылы жазған жиырма жетідегі Шоқанның алдында бұдан да үлкен сындар күтіп тұрған еді. 1864 жыл орыс әскерінің Бас Штабы Шоқан Уәлихановты Орталық Азияны Ресей құрамына қосу ісін біржола аяқтауға тиіс болған полковник Черняев отрядына жергілікті халықпен ара қатынасты «жұмсартушы» міндетін атқаруға тиіс офицер ретінде енгізеді. Тапсырылған міндетті адал орындап келе жатқан Шоқан полковник Черняевтан Әулие-Ата қаласын бейбіт жолмен алуды ұсынып, қаланы зеңбірекпен атуды тоқтатуды талап етеді. Полковниктен дөрекі жауап естіп қорланған Шоқан отрядты тастап, Алтын Емелдегі (Жетісу) Тезек төре ауылына жетіп, сонда 1865 жылы бақилық болады. Сөйтіп зор ақыл иесі Шоқан да өмірінің соңына қарай туған елінің отаршылдықтың ауыр қамытын кигелі тұрғанын көзімен көріп, жанымен сезінеді [8]. Біздің тақырыбымызға байланысты бұл арада көңіл аударуға лайық нәрсе интеллигент Шоқанның отарлаушы орыс әкімшілігі мен оның илеуіне түсуден үрейленген қазақ қоғамы арасындағы жағдайы еді. Ш. Уәлиханов енді ғана басталған осы екі қоғам арасындағы қатынастың бастапқы кезеңінде толық табиғи да негізді белсенділік танытып, бүл екеуара қатынастан халқының алар үлесінің молырақ болғанын қалап, осы мақсатқа құлшына қызмет те жасады. Бұл ретте Шоқан казақ халқының демократиялық орыс мәдениетіне деген ұмтылысы мен сенімінің жинақы көрінісі десе де болғандай еді. Сонымен бірге Шоқан феномені осы кіршіксіз ұмтылыстың алғашқы жемісі болумен бірге, оның алғашқы опық жеуі, яғни бұл процестің алдағы ауыр салдарынан қауіптенуі, іш тартуы да еді. Жоғарыда аталған «Ұлттық зиялы» аталатын мақаласында М. Шоқай Шоқан тәжірибесіне тоқталып «Шоқан орыс (Батыс) халқының рухымен өз халқын бақытты ету мүмкіндігін іздеді. Шоқан өзі басынан кешірген ащы сабақтардан, қайғылы оқиғалардан кейін барып өз халқына өгей болып бара жатқандығын сезінді [9], – деп жазды. М. Шоқайдың Шоқан тұлғасына байланысты ой толғаулары негізінде тарихилық (историзм) катынас жатты, яғни ол Шоқан өмір сүpreн тарихи мезгіл мен өзі өмір сүрген уақыттың өзара байланысын, сонымен бірге айырмашылықтарын да ескерусіз қалдырған жоқ еді. Осы ретте М. Шоқай «Орыс миссионерлігі» атты мақаласында Шоқан тұлгасына тағы да оралып, Г. Потаниннің естеліктеріне сүйеніп Пішпек пен Әулиеатаны алу кезінде орыс әскерінің қазақ пен қырғызға, жергілікті халыққа жасаған қиянатының Шоқанды терең күйзеліске, рухани дағдарысқа әкеліп тірегендігін айта келіп «Шоқан Уәлиханов шынында орыс мәдениеті мен орыс билігінің миссионері еді. Бірақ ол орыстардың өз халқына істеген хайуандығын көргенде оларға қарсы шығуға батылдық жасай алмады. Шоқан Уәлихановты сынауға тек біздің ғана құқымыз бар. Ал өздері орыс большевизмі мен орыс диктатурасының миссионері болып отырғандардың құқы жоқ» [10], – деп большевиктердің ұлт саясатымен ымыраға келуге мәжбүр болған қазақ партия және кеңес қызметкерлерін сынға алады. «Біздің ғасырымыз, – деп жазды ол, – Шоқан дәуіріне қарағанда мүлде басқа. Шоқан ол кезде жалғыз еді. Және оның алдында халқын ұлт деңгейіне көтеру міндеті де тұрган жоқ болатын. Бұл мәселені ойдан шығарып алған жоқпыз. Тарих пеп өмір қажеті, оянған халықтың мағыналы түйсінулері осы бір маңызды міндетті біздің алдымыздан шығарып отыр [11]. Сонымен М. Шоқайдың бұл жасаған тұжырымынан айқын аңғарылып тұрғандай жаңа заманда зиялылардың алдында тұрған негізгі міндет – «халқын ұлт деңгейіне көтеру » Бұл ретте оның алдында тұрған бастапқы міндет, әрине, өз елін «жат үстемдіктің тепкісінен құтқарып өз мекемелеріне ие, тәуелсіз бір жеке тұлғаға айналдыру», ал бұл мұратқа жетер жолда «ұлттық зиялы қауым мен ол өзі тән болып отырған халық бұқарасы арасында бір ортақ сана болуы тиіс» екендігін де айтады. Өз ұлтын қалыптастыру жолында тұрган зиялылардың қызметі осы заман сұранысына сай жалпыұлтгық мақсат-міндеттерді айқындау, «халықтың тілегін дұрыс және анық бір формаға келтіру. аталған мақсатқа жету үшін іс пен әрекет бағдарламасын жасау» болмақ. Көріп отырғанымыздай, М. Шоқайдың зиялылық пен зиялылар қызметіне байланысты жасаған талдаулары мен тұжырымдарының негізінде ұлтшылдық идеясы(жағымды мағынада) жатты. XX ғасырдың басында қалыптасқан қазақ және Түркістан ұлтшылдығы осы тарихи мезгілде жалпы шығыс елдерінде көрініс тапқан ұлтшылдық идеологиясымен тамырлас және өзектес, толық табиғи, өмірлік негізі бар қуатты құбылыс болатын [12]. Қазақ ұлтшылдығының жинақы көрінісі болған Қарқаралы петициясында, (1905) мәселен, мынадай талаптар қойылды: ішкі ресейлік губерниялардан қазақ жеріне жаппай қоныс аударушылық тиылсын, жергілікті халық орналасқан жерлер олардың Заңды меншігі екені мойындалсын, діни сенімдерді атқаруда, оқу-ағарту жүйесін жүргізуде халықтың мүддесіне қайшы келетін шектеулер жойылсын, қажет көлем және деңгейде қазақ мектептерін ашуға қарсы кедергілер болмасын, қазақ халқының мұң-мұқтажын еркін талқылауға мүмкіндік туғызатын құрал-цензурасыз газет шығаруға және баспахана ашуға рұқсат берілсін [13]. Қазақ ұлтшылдығы, кейінірек кеңестік идеологтар дақпыртқа айналдырғандай, өмірде болмаған қазақ «буржуазиясының» мүддесін қорғайтын, агрессияшыл ұлтшылдық емес-тін. Қазақ ұлтшылдығының өзекті жібі, діңгекті ойы «менің ұлтым өзгеден ерекше, артық» сияқты мазмұндағы ұран болған жоқ. Ол елім деген қазақтың оқыған азаматының надандық пен отарлық езгінің құрсауында тұншыққан жұртын азаттыққа шығару, өзгемен тең ету жолындағы қызметке әзірлігін білдіретін шешімі және осы мақсат үшін күреске шақырған үндеуі болатын. Қазақ ұлтшылдығының концептуалдық деңгейде және жалпыадамзаттық құндылықтар арнасында қалыптасып, оны ұлт зиялыларының сенім және күрес қаруы дәрежесіне жеткізу ісінде Әлихан Бөкейханов жетекші рөл атқарды. Оның бұл қызметін тіптен қарсыластары да мойындады. Сондай опоненттерінің бірі Бақытжан Қаратаев Бөкейхановқа 1910 жылы 3 қыркүйекте жолдаған хатында: «Меніңше, жалғыз сен ғана халықтың ықыласына лайықсың. Жалғыз сен ғана халқым үшін қызмет жасадым деп айтуға хақылысың» [14] – деп жазды. Сонымен бірге, мәселеге байланысты біржақтылыққа ұрынбау үшін Б. Қаратаев білдірген пікірге мынадай мазмұндағы кішкене анықтау енгізген де артық бола қоймас. Қазақ ұлтшылдығының жалпы қазақ оқығандарының сеніміне айналып, нақты күш дәрежесіне көтерілуіне 1909 жылы жарық көріп, үлкен бедел және ықпалға ие болған мынадай үш бірдей кітаптың маңызын бөліп атаған жөн. Олар Петербургте жарық көрген Абайдың өлеңдер жинағы мен Ахмет Байтұрсынұлының «Қырық мысалы» (Крылов шығармаларының аудармасы) және Уфа қаласында жарық көрген Міржақып Дулатұлының «Оян, қазағы!» еді. Бұл аталған кітаптардың жаңа мазмұндағы қазақ коғамдық ойының қалыптасуына жасаған ықпалын асыра бағалау мүмкін емес. Олардың артын ала өмірге келіп, бірден жалпыұлттық деңгейге көтерілген «Айқап» журналы (1911-1914) мен «Қазақ» газеті (1913-1918) қазақ ұлтшылдығының көзқарас және ұстаным ретінде біржола калыптасуын қамтамасыз етті. Қорыта айтқанда, XX ғасырдың басында, яғни М. Шоқай белсенді қоғамдық қызметке араласып, Ресей мемлекеттік думасы жанындағы мұсылмандар фракциясына хатшылық қызметке тұрғанда (1914) қазақ зиялылары арасында қазақ ұлтшылдығы көзқарас және ұстаным ретінде біржола қалыптасып қалған еді. Міржақып Дулатұлының 1921 жылы «Шынын айтқанда, күні кеше бәріміз де ұлтшыл емес пе едік? Қазақ оқығандарының ең әуелгі тобы ұлтшылдар емес пе еді?... «Мен әлімсақтан бері коммунист едім... мен 1905 жылдан бері партияда едім...» деушілердің ертегісі біздің құлағымызға кіріп те шықпайды. Ат сыры иесіне мәлім. Біз білмейтін қазақтың сыры жоқ! Ал ұлтшылдарымыз қанша еді? Шын ұлтшылдың өзі аз еді. Ұлтшыл еместердің көбі өзімшіл, дәреже құмар, парашыл, шағымшыл, зорлықшыл еді» [15], деген сөзі тура осы мезгілге тән ақиқат болатын. М. Дулатұлының бұл пікірінің жалпы түркістандық шындыққа да сәйкес келетіндігін Мұхамеждан Тынышбайұлы да қуаттайды. Ол 1932 жылы ОГПУ тергеушілеріне берген жауабында кеңестік биліктің алғашқы жылдарына байланысты «Түркістан коммунистері осы сөздің мазмұнына лайық дәрежеде коммунисте» болған жоқ еді, ол кезде коммунистердің бізден (яғни ұлтшылдардан – авт.) айырмашылығы да тым азтын, сондай-ақ олардың идеологиясы да біздің идеологиямыздан көп өзгеше емес-тін [16], – деген негізді пікірді ашық та анық білдірген болатын. Дегенмен, кеңестік билік біржола орныққаннан кейінгі уақытта ұлтшылдық идеологиясының ықпалы да мүлдем тарыла түскендігі мәлім. Қазақстандағы және басқа Түркістан республикаларындағы социалистік құрылыс тәжірибесі көрсетіп бергендей, кеңестік билік өзінің алғашқы күндерінен-ақ ұлтшылдық ұстанымындағы ұлт зиялыларын «халықты ұлт деңгейіне көтеру» ісінен біржола ығыстырып тастаған болатын. Ұлт зиялылары жөніндегі өзінің еңбектерін 30-шы жылдары жазған М. Шоқай отанындағы мұндай жағдайдан хабардар ма еді? – деген сауалдың тууы әбден мүмкін. М. ІІІоқай, әрине, кеңестік Түркістандағы жергілікті ұлт зиялыларына қарсы жүргізіліп жатқан репрессиялық шараларды білді және мұндай саясатқа деген шексіз наразылығын тез арада үлкен жігермен білдіріп отырды. 1931 жылы ол өзінің басшылығымен Берлинде шығып тұрған «Яш Түркістан» журналының 15 санында «Ақ-Қызыл» деген мақаласын беріп, онда «большевиктер Түркістанда орыс үстемдігінің екінші бір дәуірін» бастап кетті, ендігі уақытта «біздің ана тіліміз ұлы орыстың рухани мәдениетін таратушы техникалық құралдың» рөлін ғана атқаратын болады» деген тұжырым жасайды. Міне осы мақаласында М. Шоқай кеңестік биліктің мәдениет саласындағы саясатын бірнеше бағытта сынға алып, жергілікті мәдениеттің ірі тұлғалары – зиялылардың жағдайына тоқталады. Бұл ретте ең алдымен М. Шоқай сынына ұшыраған «түрі – ұлттық, мазмұны – пролетарлық» аталатын социалистік мәдениеттің іргелі принципі еді. Ол бұл қағиданы орыс емес халықтарды орыстандыру ісінде колданылатын қулық-сұмдықтардың «жаңа формуласы» ретінде бағалады. «Асылында, – деп жазды ол, – халықтың рухани дүниесі (мәдениеті) біртұтас нәрсе. Оны «мазмұнға» және «формаға» бөлуге болмайды. Кез келген рухани мәдениет өзінің мазмұнымен айқындалады. Пушкин, Тургенев, Толстойлар жасаған «ұлы орыс тіліне» большевиктер өздері ғана табынып қалмастан, барлық империя халықтарын да бас июге үндеп отырғандықтарын айта келіп, ол «Пушкин дворяндар» тобына жатады. Тургенев те қыруар мүлікке ие жоғарғы жікке тән болатын. Толстой болса асқан бай «граф» еді. Орыстың осы аттары аталған ақын-жазушылары жасаған ұлы әдебиеттің іші де, сырты да ұлттық болды. Онда пролетариаттың иісі де жоқ...» [17], – деп жазды ол. М. Шоқай сыны, уақыт көрсетіп бергендей кеңестік биліктің мәдениет саласындағы саясатының дәл жүрегіне атылған оқтай болатын. Ол осы мақаласында өзінен бұрын да, сондай-ақ кейін де ешкім терең бойлап аша алмаған кеңестік ұлт саясатының ең басты қайшылығын көрсетіп береді. «Ленин бір кезде, – деп жазды ол – кейбір коммунистерді шалғамға теңеп, «сырты ғана қызыл, іші – аппақ деген болатын. Енді, міне, ұлт мәселесін шешу ісінде лениндік жүйенің өзі шалғамға ұқсап қалды. Ол сырттай қарағанда «төңкерісшіл», – «интернационалистшіл», ал іші бүкілдей аппақ.

Бұрын орыс патшасы ақ патша делінгені бәріміздің есімізде болса керек. Орыс патшасының «ақтығы» оның қара саясатымен оралған болатын. Ал бүгінгі большевик орыстардың «ақтығы» қызыл бояумен боялған... Өзгешелігі осы ғана» [18]. М. Шоқай сыны толық негіздері әрі әділ сын болатын. Кеңестік Түркістан мен Қазақстанда жаңа билік орнай салысымен-ақ ұлт-азаттық идеологиясы ұстанымындағы зиялылар саясат кеңістігінен ғана ығыстырылған жоқ, сонымен бірге олардың еркін шығармашылық қызметіне де шектеу қойылды. Қазақстанда билікке Ф.И. Голощекин келген сәттен бастап алаштық зиялылар ашықтан-ашық саяси қудалауға алына бастады. Міне осы саяси жағдайдан жақсы хабардар М. Шоқай «Яш Түркістан» арқылы кеңестік биліктің бұл саясатын әшкерелеп, өз мақалаларын үзіліссіз жариялаумен болды. Бұл ретте Еуропа төрінен Түркістан өміріне қатысты әділдікке араша түскен М.Шоқай үні – қатқыл шыққан жалғыз үн еді. Кеңестік биліктің рухани мәдениет саласында Түркістанда орыс мәдениеті құндылықтарын орнықтыру ісіне алаңсыз кірісіп кеткендігін, сондай-ақ бұл саясатқа қарсы тұра алатын жалғыз күш жергілікті ұлт зиялыларының жағдайына тоқталып, ол «Ал біздің Түркістанда ұлттық тілімізді байытуға, дамытуға қабілетті ақын-жазушыларымыздың қол-аяғын байлап-матап, ауыздарын аша алмас етіп қойды. Оларды Мәскеудің «түрі – ұлттық, мазмұны-пролетарлық» тұжырымдамасымен келіспегені үшін солай етті. Мәселен, Ахмет Байтұрсын мен Шолпан* – ұлттық әдебиетіміздің ең үздік тұлғалары. Олардың шығармаларынан біз орыс тепкісінде қысым көрген тіліміз бен мәдениетіміздің өлмес, өшпес өміршең қуатын көреміз», – деген тұжырым жасай отырып, оның артын ала «Қазір Ахмет пен Шолпандар қайда жүр? Олар неге қуғын-сүргінге ұшырады? Орыс әдебиеті мен рухани мәдениетіне қатысты дүниелердің бәрі Пушкин, Тургенев, Толстойсыз шығарылмайды. Ал біздің халқымыз өзінің Байтұрсыны мен Шолпандарын неге оқи алмай отыр? – деген сауал тастап, оған «оның себептері Мәскеу «социализмі мен кеңестік интернационализмнің» талаптарында жатыр» [19], – деген өз жауабын берді. Бұл ретте де М. Шоқай ешнәрсені асыра айтқан жоқ, орыс отаршылдығына қарсылық көрсетіп, ұлт-азаттық идеологиясын ұстанған түркістандық зиялылардың мұрасы кеңестік билік тарих сахнасынан біржола кеткенге дейін өз халқының қолына берілген жоқ. Түркістандағы жергілікті ұлт тілдеріндегі мектеп бағларламасының орыс тілді мектеп бағдарламасынан айырмашылығы да осы арада байқалатын. Орыс тілді мектептерде жоғарыда аталған ұлы орыс классиктерінің шығармалары еркін әрі тереңдетілген түрде оқытылатын болса, қазақ, өзбек және басқа жергілікті ұлт тіліндегі мектептерде А. Байтұрсынұлы, М.Жұмабаев, Шолпан және басқа ұлтшыл ақын-жазушылардың шығармалары мүлдем ауызға алынбады. Егер ауызға алынса, тек жағымсыз мағынада ғана айтылуға тиіс болды. «Сырттай қызыл, іштей ақ» шалғам түсті кеңестік билік қазақ және басқа Түркістан халықтарын орыстандыру саясатына осылайша жол ашуға тырысты. М. Шоқайдың орыс емес ұлттарды орыстандыру ұстанымында тұрған кеңестік билік жағдайында ұлт зиялыларын, әрине, «көзсіз ерлік» жасауға шақырмағандығы түсінікті. Өмірінің соңына қарай ол кеңестік биліктің тез арада күрес алаңынан кете қоймайтындығын жақсы түсінген де еді. Сондықтан да ол отандастарын тәуелсіздік үшін ауыр да ұзақ күреске даяр болуға үндеумен болды және бұл мақсатқа жетуді жас ұрпаққа қажет мазмұндағы тәрбие беру ісімен байланыстырды. Міне осы арада кезінде М. Шоқай еңбектерінде айтылған мынадай бір мәселеге назар аударған жөн. Ол аталған «Ұлттық зиялы» атты мақаласында [21] зиялылар қатарының ұлғайып келе жатқанын және зиялыларды даярлау ісінің үш ортада жүріп жатқандығына тоқталып, ұлттың болашағын осы түрлі ортада даярланып жатқан жастардың ұстанымының ортақ ұлттық мүдде төңірегіне тоғысуымен байланыстырды. Ол қандай орталар еді? Бірінші орта – атамекен. М. Шоқай мұнда тәрбие жұмысында басымдылық «ұлттық рухқа» емес, «таптық» және «интернационалдық» көзқарасқа беріліп отырғандығына көңіл аударады. Соған қарамастан, оның пікірінше, атамекенде жастарды ұлттық рухта тәрбиелеу ісіне зор мән беретін зиялылар да аз емес. Олай болса, осы ұстанымдағы зиялылар ісіне саналы әрі мақсатты түрде қолдау көрсетіп отыру ләзім. Екінші орта – бұл Түркия. М. Шоқай Мұстафа Кемал реформаларының нәтижелі болуын «батыс білімін» «шығыс рухымен» сәтті ұштастыра алу әрекетімен байланыстырды. Сондықтан да М. Шоқай Түркияда даярлықтан өтіп жатқан болашақ түркістандық зиялыларды осы тәжірибені өз елінде үйлесімді қолдану жолдарын қарастыруға үндеді.

Үшінші орта – бұл батыс елдері, солардың бірі Алмания (Германия). М. Шоқай пікірінше батыс елдерінде білім алып жатқан жастардың бәрі бірдей орыстанып кеткендер емес, олардың басым бөлігі ұлттық рухпен сусындаған қабілетті жастар. Олар ұлттық мұратқа қызмет ету жолында тұр. Олай болса осы ұстанымдағы жастармен мақсатты жұмыс жүргізу, сөйтіп олардың батыстық білімін ұлт мүддесіне қызметке қою күн тәртібінде тұрған іске айналуға тиіс. М. Шоқай пікірінше, осы үш ортада білім алып жүрген жастардың «бәрі де «ұлттық зиялы» санатына әбден лайық». Ұлт оларға үміт артуға тиіс, сондай-ақ ол үміттің мән-маңызын ең алдымен ұлттың өзі терең сезініп, түсінуге тиіс, ондай болмаған күнде «өміріміз бен қызметіміздің мағынасы қалмаған болар еді» [21], – деп жазды ол. Сонымен, Мұстафа Шоқай мұрасында «зиялылық» немесе «ұлт зиялысы» тақырыбының алатын орны ерекше. Қайраткердің зиялылардың басты міндеті «халқын ұлт деңгейіне көтеру» деген тұжырымы бүгінгі уақытта да өз өзектілігін жойған жоқ. Өткен ғасырдың 30-шы жылдары жасалған бұл тұжырымды біз бүгін қандай тұрғыдан түсінгеніміз жөн? Біз XX ғасырда ұлы державалық күштермен идеологиялық күресте бір емес, бірнеше мәрте жеңіліс таптық. Мұны жасырудың қажеті бола қоймас. М. Шоқайдың «халқын ұлт деңгейіне көтеру» зиялылардың міндеті деген тұжырымы мемлекеттік тәуелсіздікке қол жеткен уақытта жаңа сипат алған идеологиялық күрес жағдайында өз күшін жойған жоқ. Ұлт зиялысы үшін мемлекеттік тәуелсіздікті жақтаушы әрі оны нығайта түсу жолында тұрған күштерді қолдау негізгі міндет болып қала береді.

АҒАРТУШЫЛЫҚ – ЗИЯЛЫЛЫҚТЫҢ БАСТЫ ӨЛШЕМІ

Өсіп-өну жолында тұрған ұлттың алтын ғасыры, яғни қарышты даму жолына түсер сәті болады. Қазақ елі ондай сәтті XX ғасырдың алғашқы ширегінде басынан кешірді. Осы ретте мынадай бір мәселеге көңіл аударған жөн. Еуропадағы ағартушылық: Англияда-17 ғасырда, Францияда-18 ғасырда, Германияда-18-19 ғасырларда жүрді. Сондай-ақ ешқандай да сырттан араласусыз, барлық қалыптасу және даму сатыларынан ешқандай да тежеусіз емін-еркін жүріп өтті. Сондай-ақ еуропалық ағартушылықтың өкілдері репрессия құрбаны болған жоқ. Англиядағы ағартушылықтың ұраны: «Көктен күту жетер, жұмырбасты пенде өзіне ғана сенер!» деген девиз болса, Германиядағы философ Кант «адамдарға отырған жаялығынан өз еркімен шығатын уақыт жетті!», соған байланысты оның девизі «тәуелсіз ойлаудан жасқанба!» [22] болды. Қазақ ағартушылығы ағартушылыққа тән барлық көріністерімен ХХ ғасырдың басында байқалды. Егер Еуропалық ағартушылықтың басында Фрэнсис Бэкон, Гетхолть Лессинг, Иммануил Кант, Франсуа Мари Аруэ (Вольтер) сияқты философ және ақын-жазушылар тұрса, қазақ ағартушылығының қозғаушы күші Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Ғұмар Қараш сияқты және басқа ірі шығармашылық иелерінен тұрды. Оның девизі «Оян, қазақ! Өркениет көшінен қалма!» болды. Өкінішке орай отаршыл билік «қазақ оянып кетсе» мемлекеттік тәуелсіздігін талап етеді» деген қауіппен бұл ұранды көтерген ұлт зиялыларын қуғын-сүргінге алып, түгелдей дерлік жойып тынды. Яғни қазақ ағартушылығы өзінің табиғи ұлттық негізінде бар болғаны 20 жылға жетер-жетпес мерзімге созылды. Мұндай қысқа ғұмырды бірде-бір бүгінгі еуропалық ұлт басынан кешірген емес. Соған қарамастан қазақ зиялыларының ағартушылық қызметте бар болғаны 20-30 жылдың ішінде жүріп өткен жолы таңданыс тудырмай қоймайды. 1905 жылдан белсенді саяси және ағартушылық қызметке көшкен қазақ зиялылары 1906 жылдан басталған қуғын-сүргінді басынан кешіре отырып, 1911-1913 жылдары «Айқап» және «Қазақ» сияқты жалпыұлттық басылымдардың тұрақты шығып тұруын жолға қойып, қысқа мерзім ішінде ұлт-азаттық күрес идеологиясын қалыптастырып үлгірді. 1916 жылғы бүкіл қазақ жерін құшағына алған ұлт-азаттық көтерілісі қазақ ағартушылығы қызметінің алғашқы жемісі болса, 1917 жылы қолға алынған ұлттық мемлекеттілікті жаңғырту әрекеті қазақ саяси бастаушы тобының интелектуалдық деңгейінің қаншалықты биікке көтерілгендігінің нақты дәлелді көрінісі еді. Яғни қазақ зиялылары осы бар болғаны 20 жылға жетер-жетпес уақытта петиция жазудан ұлттық мемлекеттілікті жаңғыру мәселесін қою және оны іске асыру әрекетіне көшу дәрежесіне дейін көтерілді. Бұл тарихта жиі кездесе бермейтін құбылыс еді. Осы ретте, біздің тақырыбымызға қатысы бар мынадай екі мәселеге көңіл аудару қажет. Олар қазақ ағартушылығы мен қазақ ұлтшылдығын теориялық тұрғыдан тура қорыту жөнінде. Бұл мәселелерді тура түсінбей қазақ топырағындағы зиялылық жөнінде негізді ой қалыптастыру мүмкін емес. Өйткені ХХ ғасыр басындағы қазақ зиялыларының қоғамдық қызметіндегі басты екі бағыт осылар болатын. Кезінде кеңестік идеология қазақ ағартушылығын Шоқан, Ыбырай және Абайдың қызметімен шектеуге тырысты. Ал қазақ ағартушылығының ұраны – девизі ретінде ұлы Абайдың «Орыстың ғылымы, өнері-дүниенің кілті, ...балаңа орыстың ғылымын үйрет!» [23] деген тұжырымы алынды. Абай сөзінде тарихи шындықтың табы бар. Осы тарихи мезгілде орыс мәдениеті мен тілінің қазақ үшін оны әлемдік өркениетпен жалғастырар жалғыз көпір болғаны даусыз шындық. Сонымен бірге ұлы Абай сөзін девиз ретінде алған кеңестік идеологияның ағартушы Абайдың шапанынан шыққан Міржақып Дулатұлының «Оян, қазағын!» көлегейлеп, көрсетпеуге көп күш жұмсағандағын ұмыта аламыз ба? Бұл арада мәселе мынада. Абайдың орны қазақ ағартушылығының бастапқы кезеңінде. Ал егер біз ағартушылықты уақыт арнасындағы процесс ретінде қарастырар болсақ, оның, Шоқан, Ыбырай және Абай заманында алғашқы қадамын жасап, ХХ ғасыр басындағы зиялылар қызметі тұсында қоғамдық құбылыс ретінде нақты шындыққа айналып, нәтижелерін бере бастағанын байқаймыз. Қазақ ағартушылығының ұраны ретінде Абай сөзін алған идеологияның мақсаты қазақ мәдениетін ылғи да үйренуші шәкірт және еліктеуші мәдениет дәрежесінде ұстау болатын. Бұл ұстанымдағы қазақ мәдениеті өзінің түпнұсқалық (оригинал) мазмұнын күн өткен сайын жоғалтып, ең соңында көшірме мәдениет дәрежесіне түсуге тиіс еді. Мұндай тағдырдан бізді 1991жылы келген мемлекеттік тәуелсіздік сақтап қалды. Осы тұрғыдан алғанда Мемлекеттік Тәуелсіздік бірнеше ғасырлардан бері халқымыздың ең озық, ойлы азаматтары аңсаған басты құндылық екендігі айқын. Қазақ ағартушылығының мынадай бір ерекшелігіне тоқталған жөн. Қазақ ағартушылығы ұстаным және көзқарас ретінде міндетті түрде қазақ ұлтшылдығының қалыптасуына ықпал етпей қоймайтын еді. Ал қазақ ұлтшылдығы қоғамдық ойдағы ағым ретінде «Айқап» және «Қазақ» басылымдары арқылы толық көрініс тапты. Бұл ретте «Айқаптың» орны мен рөлі (1911-1915) қазақ ұлтшылдығының бастапқы қалыптасу кезеңіне тура келсе, ал «Қазақ» газетінің қызметі оның, яғни қазақ ұлтшылдығының қоғамдық ойдағы қалыптасқан ағым ретінде орнығуына тұс келді. Академик С.Зиманов, Қ.Ыдырысовпен авторлық бірлікте жазған еңбегінде: «Ұлттық қозғалыстар кезеңінде жалпыұлттық мүдделер мен ұрандар ілгері шығып уақытша болса да басқа қоғамдық мүдделер мен идеяларды кейінге ығыстырып, әлеуметтік мүдделер жүйесінде басымдылық алмақ. Бұл дамудың белгілі бір кезеңінде барлық елдерге тән құбылыс, бірақ бұл жағдай жеке әлеуметтік топтар мен таптардың мүддесі шайылып, жоқ болады дегенді білдірмейді», [24] – деген негізді тұжырымға келеді. Басқаша айтқанда, ұлтшылдық (ағым, ұстаным ретінде) – бұл жалғыз қазақ зиялыларына ғана емес, жалпы барлық отар елдеріне ортақ қоғамдық құбылыс болатын. Сондықтан болса керек, Дж. Нерру осы тарихи кезеңде ұлтшылдық «бүкіл Азия елдерінде үстемдік құрған прогресшіл күш болды», [25] – деп көрсетті. ХХ ғасыр басындағы қазақ қоғамы жағдайында білімді және саналы азаматтың ұлтшылдық ұстанымында болмау мүмкін емес-тін. Міржақып Дулатұлы айтқандай сол тарихи кезеңдегі қазақ қоғамында «шын ұлтшылдың өзі аз еді. Ұлтшыл еместердің көбі өзімшіл, дәрежеқұмар, парашыл, шағымшыл, зорлықшыл еді» [26]. Бұл мезгілдегі қазақ ұлтшылдығының өзі ағартушылық сипат алды. Бұл тұрғыдан алғанда ол Абай мектебінен шыққан ұлтшылдық, яғни өз ұлты-қазақ елінің кемшілігін ашық сынға алып, онымен ымырасыз күреске шыққан сыншыл (өз ішінде) әрі қорғаныс ұлтшылдық (сырттан төнген қауіпке байланысты) болатын. Сонымен бірге, өткен ғасырдың басындағы қазақ қоғамын, оның рухани әлемін билеген екі құдіретті күштің болғанын бөліп айтқан жөн. Оның бірі сөз, яғни қазақ тілінде білімдінің аузымен айтылған орынды пікір, екіншісі қоғам өмірінің сахнасына әлгінде ғана көтерілген әлеуметтік күш, елдің жоғын жоқтаған зиялылар шоғыры еді. Ал «Айқап» және «Қазақ» сияқты басылымдар осы екі құдіретті күшті халықпен жалғастырушы көпір міндетін атқарды. Қазақ қоғамы бұрын білмеген «зиялылар» аталған әлеуметтік топ жалпыұлттық басылымдар арқылы, түрлі баспа орындарынан шамамен 2 миллион тиражбен жарық көрген кітаптары арқылы сөзге, сөз арқылы қазақ тіліне жаңа күш, қуат, салмақ берді, оны халыққа жақын ете түсті. Өз ретінде сөз, зиялылар тобының ел өміріндегі орынын анықтады. Міне осы үш қуатты күш – сөз, зиялылар, мерзімді басылым – ұлт өмірін өзгертті. Ұлт өміріне жаңа мазмұн, жаңа сапа берді. Қазақ аталатын жұрт осы күштің қызметі арқылы өзін ортақ мақсат-мұрат төңірегіне біріккен біртұтас қауым ретінде сезінді, адамзат қауымдастығындағы өз орнын іздеу жолына түсті. Кезінде кеңестік идеология ХХ ғасыр басындағы алғашқы зиялылар буынын қазақ қоғамын ілгері емес, кейін сүйрейтін күш ретінде көрсетуге тырысты. Бұл тарихи шындыққа, ұлттық руханиятқа жасалған қиянат еді. ХХ ғасырдың басындағы алғашқы буын ұлт зиялылары өздеріне аса зор да жауапты тарихи міндет жүктеді, қазақ деген «халқын ұлт деңгейіне көтеру », осы мұратқа жету жолында халық бұқарасымен арада ортақ сана қалыптастыруға күш салды. «Айқап», «Қазақстан», «Қазақ» басылымдары осы ұлы мақсатқа жету жолында негізгі күрес құралы міндетін атқаруға тиіс болды. «Айқаптың» Троицкіде, «Қазақстан» газетінің Оралда, «Қазақ» газетінің Орынборда жарық көруі, әрине, кездейсоқ құбылыс емес-тін. Патшалық билік аталған қала орталықтарында татар сауда және іс адамдарына біраз еркіндік беріп, солар арқылы қазақ қоғамына тереңдеп енуді көздеді. Өз кезегінде мұндай мүмкіншілікті татар сауда адамдары мен ағартушы-зиялылары текке жібермей, түрік-мұсылман халықтарының азаттық қозғалысына жаңа өріс және қуат беру мақсатында баспа ісін жолға қоя білді. Деректердің көрсетуіне қарағанда «Айқап» журналының жарық көруіне Троицкілік татар көпесі Яушев пен оның приказчигі Ф. Ганиевтің қазақ мұғалімі Мұхамеджан Сералинмен қазақ және орыс тілдерінде газет шығару жөнінде жүргізген келіссөздері негіз болған еді. 1910 жылдың соңына қарай өкімет орындары М. Сералинге «Айқап» журналын шығаруға келісім береді. Журналды шығаруға қажет алғашқы қаржыны жоғарыда аталған көпес Яушев бөледі. Кейінірек журналды қаржыландырушылар қатарына қазақ ауқаттылары Тәңірберген Тұрысбеков, Сәдуақас Шорманов, Ғабділрахман Жүсіпов сынды азаматтар қосылды. Журналды шығаруға қажет қаржының белгілі бір бөлігі жазылушылардың есебінен де болғандығы байқалады. Дегенмен, журналды қаржылай қолдау ісінің жоғары деңгейде болмауы, түптеп келгенде оның жабылып қалуына соқтырғандығы белгілі. Бес жылдың ішінде (1911-1915) журналдың 88 саны жарық көрді. Тура осындай күнді «Қазақстан» газеті де басынан кешірді. Газеттің ашылуына негіз болған Әзірбайжандағы Баку қаласының байы Зейнелғабиден Тағиев деген азамат еді. Ол газетті шығаруға қажет 1 мың сом қаржы бөледі. Осы фактіге байланысты М. Дулатұлы: «Мыңды айдаған қазақ байларының қолынан мұндай орынға 5-10 сомнан шығуы қиын болып тұрғанда, әлдеқайдағы бір шеркестің мың сом суырып беруі қалай! Сол «Қазақстан» газеті ақырында қазақтан мыңдап жәрдем алмақ түгіл жылына 3 сом төлеп алушының кемдігінен тоқтап қалды» [27], – деп жазды. Бұл екі басылым да мемлекеттің есебінен бір тиын да алған емес. Ескеретін жағдай, кеңестік кезеңге дейін жарық көрген қазақ тіліндегі мерзімді басылымдар (өкіметтік емес) мен кітаптардың ешқайсысы да мемлекет тарапынан қаржылай қолдау тапқан жоқ. Ал бірақ Ресейлік билік орындары қазақ тіліндегі басылымдардың үстінен цензорлық бақылау орнатуды ұмытқан емес. Орынбордағы генерал-губернатор кеңсесі жанынан бұл істі атқаратын арнайы штат бөлініп, ол міндетті 1906-1917 жылдары аралығында Мұхамедияр Тұнғачин атқарды [28]. Ал Қазандағы баспа ісі бойынша уақытша комитет Ресей империясы көлемінде жарық көрген қазақ авторларының кітаптарын саяси тұрғыдан талдауға алып, сезік тудырғандарын айналымнан шығарып отырды. Міне осы келтірілген фактілерден-ақ кезінде Ресей билігінің қазақ қоғамындағы «ағартушылық» миссиясы жөніндегі тұжырымның қаншалықты негізді екендігін аңғару қиынға түспейді. Өз ретіне қарай айта кетелік, кеңестік билік тұсында да «Айқап», «Қазақстан», «Қазақ», «Бірлік туы», «Сарыарқа» сияқты ұлттық мерзімді басылымдарды, «Оян, қазақ!», «Маса» сияқты ондаған кітаптарды оқуға тыйым салынды. Басқаша айтқанда, патшалық билік орындары сияқты кеңестік жүйе де қазақ елінің интеллектуалдық өмірін бақылауда ұстауға көп күш жұмсады. Революциялық өзгерістерге дейінгі қазақ басылымдары қырағы цензураның болуына қарамастан ұлт өміріне қатысты қоғамдық мәселелерді батыл көтерді. Мәселен, «Айқап» авторлары алғаш рет ашық, көпшілік алдында «Қазақ халқы жоғала ма, жоғалмай ма?» [29], – деген мәселе қойып, оған қауым болып жауап іздеді. Әрине, бұл сауалға жауап біркелкі болған жоқ, дегенмен мәселенің қойылуының өзі қазақ қоғамына ой салды, сілкініс туғызды. Қазақ ағартушылығы әрине халықты білім алуға үндегені рас, дегенмен оның түсінігіндегі білім қазақ елін мүлдем жаңа сападағы өмірге бастауға тиіс еді. Ал жаңа сападағы өмірге, мәселен, А. Байтұрсынұлының тура айтып көрсеткеніндей, өміршең мәдениет қана алып бара алады. Сол сияқты дамуда ілгері кеткен елдермен теңдікке қуатты мәдениет арқылы ғана жетуге болады. Ал білімі мен ғылымы төмен елдер мәдениеті кемел елдерге кіріптарлыққа ұшырамақ, олардың шикізат көзі мен арзан жұмыс күшіне айналмақ. Басқаша айтқанда, өмір сұранысына лайық мәдениет пен білім қазақ қоғамын әлеуметтік-экономикалық мешеуліктен және отарлық тәуелділіктен құтқара алатын басты құралға айналуға тиіс-тін. «Айқап» журналының, әсіресе «Қазақ» газетінің бар мүмкіншілігін ағартушылық мақсатта кең пайдалана отырып, қазақ зиялылары сонымен бірге ұлт-азаттық қозғалыс идеологиясының негізін жасады. Анығырақ айтқанда, ол идеологиялық принциптер отаршыл әкімшіліктің өктем саясатына қарсы демократиялық зиялы қауым өкілдерінің күнделікті әрекеті нәтижесінде өмірге келіп, біртіндеп өмір талқысынан өтіп, қоғамдық қозғалыстың бағыт-бағдарын айқындаушы негізге айналды. 1913—1918 жылдар аралығында «Қазақ» газеті іске асырған бұл қызмет негізінен мынадай екі бағытта жүрді. Біріншіден, бұл мезгілде ұлттық белсенді зиялы қауымның алдында тұрған ең басты міндет отарлық езгіге қарсы ұлттық бостандық үшін күрестің бағыт-бағдарын және күрес әдістерін айқындау болды. Екіншіден, саяси бостандыққа жету үшін күрес ішкі феодалдық тәртіптер мен қатынастарға, күні өткен салт-дәстүрге, қоғамдық мерездерге карсы бітіспес күреспен қатар жүруге тиіс еді. Жаңа сұраныс және сындарға шыдас бере алатын ұлтты қалыптастыру міндетін көздеген ағартушылық қызметінің отарлық тәуелділіктегі қазақ қоғамы жағдайында ұлтшылдық ұстанымын айналып өтуі мүмкін емес-тін. Өз ретінде ұлтшылдық көзқарастың күш алуы нәтижесінде ұлттық мемлекеттілікті жаңғырту мәселесінің күн тәртібіне қойылуы да толық табиғи құбылыс болатын. Қазақ жерін тұтас күйінде сақтау, оның мәдениеті мен тілін, салт-дәстүрі мен мінезін жаңа сұраныстарға бейімдеу сияқты міндеттердің ұлттық мемлекеттік құрылымсыз іске асуы, әрине, мүмкін емес-тін.

МЕМЛЕКЕТШІЛДІК – ЗИЯЛЫЛЫҚ БЕЛГІСІ

Соңғы жылдары дәстүрлі тарих ғылымының барған сайын саясаттана түсуі байқалады. Бұл үрдіс, мәселен, Мәскеудегі РОССПЭН баспасы арқылы жарық көрген көптомдық «Сталинизм тарихы» сериясынан да көрініс тапты. Осы ретте XX ғасырдағы Қазақстан тарихына қатысы бар «Государство наций: Империя и национальное строительство в эпоху Ленина и Сталина» атты жинаққа және америкалық автор Терри Мартиннің «Империя «положительной деятельности». Нации и национализм в СССР. 1923-1939» [30] монографиялық еңбегіне көңіл аудармау мүмкін емес. Жинақта жариялаған мақаласында және көлемді монографиялық зерттеуінде Гарвард университетінің профессоры Т.Мартин «Кеңестер Одағын әлемдегі ең алғашқы жағымды қызмет империясы» ретінде бағалап, Ресей еуропалық көпұлтты мемлекеттердің арасынан бірінші болып «бас көтере бастаған ұлтшылдыққа қарсылық көрсетті», сондай-ақ оның одан ары өріс алуына жол бермеу үшін «орыс емес азшылықтарға ұлттық санасын дамытуға қолдау жасап, олардың біразына жалпыұлттық мемлекеттілікке тән институционалдық ошақтарды құрып берді» деген тұжырым жасайды. Оның пікірінше И. Сталин 1923-1932 жылдар аралығында Кеңестер Одағының ұлт саясатын басқару ісінде «басты қауіп ұстанымын» басшылыққа алған. Т.Мартинге Кеңестер Одағын оның құрамындағы шығыс, мұсылман халықтары тарихында жарылқаушы мемлекет рөлінде көрсету ұнайды, сондай-ақ мұндай ұстанымның оның ғылыми объективті ізденісінен гөрі, субъективті саяси мүддесіне жақындығы байқалады [31]. Т.Мартин мұндай тұжырымға келген жалғыз зерттеуші емес. Соңғы жылдары мұндай пікір батыс және Ресей зерттеушілері арасында қолдаушыларын табуда. Қазақстан тарихына байланысты мұндай тұжырым жөнінде не айтуға болады? Қойылған мәселе тым ауқымды, ал оған мақала көлемінде егжей-тегжейлі жауап беру мүмкін болмағандықтан, біз бұл тақырыпқа кеңестік империяның бастапқы жылдарына байланысты талдау жасап көрейік. Бүкіл империя көлемін қамтыған азаматтық соғыс жағдайында 1919 жылдың көктемінде Кеңес үкметінің басшылығымен келіссөз жүргізу үшін Мәскеуге қызыл комиссар Әліби Жангелдинмен бірге қазақ ұлт-азаттық қозғалысы басшыларының бірі Ахмет Байтұрсынұлы аттанды. Осы мезгілден бастап Қазақ Кеңестік автономиялық билігі орнағанға дейінгі (1920) уақытта А. Байтұрсынұлы Мәскеудегі орталық билік алдында қазақ азаттық қозғалысы ұстанымын білдіруші саяси тұлға міндетін атқарды. Оның 1920 жылы Лениннің атына жолдаған хаттарын осы тұрғыдан ғана тура түсінуге болады. Өмірде орын алған оқиғалардың маңыздылығын ескеріп бұл тарихи кезеңнің ерекшеліктеріне қысқаша болса да тоқталып өтейік. Бұл кезең (1919-1920 ж.ж.) Кеңестік жоғарғы билік пен қазақ ұлт-азаттық қозғалысы басшыларының алғаш рет бетпе-бет келіп, мемлекеттік құрылыс мәселесінде өздерінің ұстанымын анықтау сәті болды және ол нені байқатты? Қазақ ұлт-азаттық қозғалысы жаңа қалыптасқан саяси жағдайда өзінің толық табиғи тарихи арнасында, яғни өзін-өзі билеу құқына қол жеткізу (национальное самоопределение – авт.), осы негізде қорланып қалған ішкі әлеуметтік-саяси мәселелерін шешу әрекетіне көшу платформасында тұрғандығын анық көрсетті. Ал марксистік теорияға сүйенген Советтік басшылық империя кұрамындағы ұлттардың өзін-өзі билеу мәселесінде революциялық империялық диктат (қазақша «революциялық зорлау» – авт.), яғни ұлттық азшылықтарға өздеріне қолайлы билік жүйесін қалыптастыруға мүмкіндік беру орнына советтік билік жүйесін күштеп енгізу ұстанымында тұрғандығын бүкпесіз ашық аңғартты. Сәл кейінгі уақытта бұл ұстаным советтік ғылымда «капиталистік емес жол» концепциясы түрінде негізделді. Осы тарихи мезгілге тиесілі тарихи фактілерге сүйеніп аталған ұстанымдарды талдауға алып көрейік. Жаңадан билікке келген большевиктер партиясының ұлт мәселесінде өмірлік шындыққа негізделген нақты бағдарламасы болған емес. Большевиктер партиясының басшылары пролетариат диктатурасы әлеуметтік теңсіздіктің кез-келген көрінісіне карсы, сондықтан да осы ұстанымға сәйкес ол ұлт мәселесін бірден және түбегейлі шешетін болады деп түсіндірді. Ия, рас, олар отарлық тәуелділіктегі елдердің өз еркіндігі үшін күресін заңды да табиғи кұбылыс ретінде мойындады. Сонымен бірге большевиктер партиясы империяның Қазақстан сияқты шет аймақтарындағы азаттық қозғалыстарға бар болғаны метрополиядағы пролетарлық революцияның қосымша күш қоры (резерві) ретінде қарады. Жаңа биліктің ұлт мәселесі бойынша бас теоретигі және комиссары И.Сталин өзінің белгілі «Ленинизм негіздері жөнінде» атты лекциясында ұлттардың құқығы туралы мәселе «оқшау және дербес мәнге ие мәселе емес, пролетарлық революция туралы мәселенің бөлігі, яғни бүтінге тәуелді және өзіне осы бүтін тұрғысынан қарауды талап етеді» [32], – деп көрсетті. И.Сталин өз ретінде В.И. Лениннің «демократияның кейбір талаптары, соның ішінде өзін-өзі билеу мәселесі шексіз нәрсе емес, бар болғаны әлемдік жалпыдемократиялық (қазіргі: жалпысоциалистік) қозғалыстың бөлігі ғана, мүмкін, кейбір нақты жағдайларда бүл бөліктің жалпыға қайшы келуі ықтимал, ондай жағдайда бөліктің талабы орындалмақ емес», – деген тұжырымына сілтеме жасайды. Басқаша айтқанда, большевизмнің теориялық негізін қалаушылар ұлт-азаттық қозғалыстарды әлемдік революциялық процестің бөлігі, сондай-ақ оған тәуелді резервтік күш ретінде қарастырды. Яғни олар пролетарлық революцияның әлемдік деңгейде жеңіске жетуін отар елдердің өз тәуелсіздігін алуының алғышарты ретінде түсіндірді. Ал енді Совет үкіметі басшыларының бұл ұстанымына байланысты қазақ ұлт-азаттық қозғалысы жетекшілері қандай көзқараста болды? Мәскеуге 1919 жылдың көктемінде келген А.Байтұрсынұлы Кеңес ұкіметінің басшысы В.И. Ленинмен және ұлт істері бойынша комиссар И.Сталинмен келіссөздер жүргізіп, соның нәтижесінде ақгвардияшылардан қол үзген алаштықтарға кешірім (амнистия) жарияланып [33], сондай-ақ осы жылдың 10 шілдесінде В.И. Ленин «Қырғыз (қазақ-авт.) өлкесін басқаратын революциялық комитет жөніндегі уақытша ережеге» қол қояды. 1919 жылдың сәуір айынан бастап шілде айының алғашқы күндеріне дейін Мәскеуде Ұлт істері бойынша комиссариаттың Қазақ бөлімінде қызметте болып, ал осы жылдың шілдесінен бастап Қазақ Революциялық Комитеті төрағасының орынбасары қызметін атқарған А.Байтұрсынұлы үшін жауабы жоқ сұраулар аз емес-тін. Солардьщ бірі, мүмкін ең негізгісі – ол жаңа Советтік биліктің қазақ сияқты ұлттардың пісуі жеткен қоғамдық мәселелерін шешуге байланысты белгілі бір бағдарламалық ұстанымының жоқ екендігі еді. Билікке келген большевиктер партиясының ұлт мәселесінде «ұлттар өзін-өзі билеуге құқылы!» сияқты ұраннан басқа белгілі бір бағдарламалық ұстанымының жоқ болғандығын Т.Мартин сияқты батыстық зерттеушілердің өздері де мойындайды [34]. Кеңес үкіметінің ұлт мәселесінде бағдарламалық ұстанымының жоқ екендігін сырттай емес, Мәскеудегі ұлт істері бойынша комиссариат аппаратының және Қазақ революциялық комитеті қызметіне тікелей араласа жүріп байкаған А.Байтұрсынұлы 1920 жылы 17 мамырда В.И. Ленинге жолдаған хатында: «1) Қазак өлкесін басқаруға қойылған орталықтың өкілінің белгілі бір ұстанымы болған емес, соның салдарынан нақты жұмыс жоспары да жоқ; мұндай жағдайды орталықтың өзінің «Ресей халықтарының құқық декларациясы мен РК(б)П бағдарламасындағы принциптік нұсқауларынан басқа Қазақ өлкесінің әлеуметтік өмірінің ерекшеліктерін есепке алған қазақ мәселесіне қатысты нақты көзқарасының жоқтығымен түсіндіруге болады және 2) орталық өкілдері мен жергілікті халықтың арасында өзара сенім де болған жоқ» [35], – деп көрсетті. А.Байтұрсынұлы хатында Орталық билік қызметіндегі оның кемшіліктерді көрсетіп сынаумен шектелмей, күрделі жағдайдан шығуға мүмкіндік беретін жолды да айтқан еді. Оның түсінігінде бұл жол ескі патшалық билік тұсында қазақ ұлтының мүддесі үшін күресте біршама тәжірибе жинап, халықтың сеніміне кірген ұлттық зиялылар тобын жаңа билікке қызметке тарту еді. «... Қазақтарда елдің сеніміне ие болған зиялылар тобы бар, – деп көрсетті ол, – олардың қателесуі немесе адасуы мүмкін, ал бірақ олар өз халқын саналы түрде ешқандай да жеке бас мүддесі және пайдасы үшін сатпайды» [36]. Бұл, басқаша айтқанда, социалистік революцияның жетекшісі және Кеңестік биліктің негізін қалаушы В.И. Лениннен ұлттардың өзін-өзі билеуі туралы мәселені декларация түрінде қалдырмай, нақты шындыққа айналдыруга мумкіндік туғызуды талап етудің өзі еді. Яғни сөз бен істің арасындағы алшақтыққа жол бермеу, олардың тұтастығы туралы мәселенің қойылуы болатын. А.Байтұрсынұлының В.И. Ленинге жолданған келесі екі хаты маусым айына тиесілі. Бұл екі хат та В.И. Лениннің 1920 жылы ІІІ Коммунистік Интернационалдың ІІ съезінде жасамақ болған «Первоначальный набросок тезисов по национальному и колониальному вопросам» атты баяндамасына орай жазылған. В.И. Ленин аталған тезистерін даярлап, осы жылдың 5 маусымында бірнеше партиялық және советтік қызметкерлерге таратып, олардан «өте қысқа көлемде (2-3 беттен артық емес) өз пікірлерін, түзетулерін немесе қосымшаларын, немесе нақты түсініктерін берулерін» өтінеді. Лениннің әсіресе, мынадай пункттер бойынша деп бөліп корсеткендерінің арасында «Башкирская и Татарская Республики. Киргизстан. Туркестан, его опыт» деген пунктте бар еді [37]. Екі жауап хаттың біріне А.Байтұрсынұлы озі жеке, ал екіншісіне түркістандық қайраткерлермен бірге қол қойған [38]. А.Байтұрсынұлы өзі жеке қол қойған 4 пункттен тұратын хатында Ресей империясындағы ұлт-азаттық қозғалыстар мен орталық большевиктік биліктің ара қатынасына қатысты В.И. Лениннің тезистеріндегі тұжырымдармен үйлесе бермейтін өте маңызды пікірлер айтылып, тұжырымдар жасалған [39] Сондықтан да ол хатқа бөлек тоқталған жөн. Бұл құжатта большевиктік басшылықтың ұстанымымен үйлеспейтін А.Байтұрсынұлы білдірген бірінші пікірі мынау: «Осы уақытқа дейін Еуропадағы капитализмнің күш алуына қызмет жасап келген Шығысқа ендігі уақытта Еуропадағы революцияны жасауға және оны күшейте түсу үшін пайдалануға болатын отар ретінде қарауға болмайды, ал оны еуропалық капитализм және империализм езгісінен азат ету коммунистік ұйымдардың дербес міндеті мен мақсаты болуға тиіс». Яғни, А.Байтұрсынұлының пікірінше, Коммунистік Интернационал, Кеңес үкіметі ұлт-азаттық қозғалыстарға бар болғаны әлемдік пролетарлық революцияның қосымша күш қоры (резерві) ретінде қараудан бас тартып, оларды дербес мәнге ие қозғалыс ретінде мойындауға міндетті. Бұл, әрине мәселені мүлдем басқа негізде қарауға шақырған батыл ұсыныс болатын. Бұл хатта А.Байтұрсынұлы жасаған келесі тұжырым ол билікке келген коммунистік партияның шығыс елдеріне тән әлеуметтік жағдайдың ерекшелігін, күрделілігін және әртүрлілігін тура есепке ала отырып, соған лайықтап өз саясатын жүргізе алуы жөнінде. «РКП және Коминтерннің міндеті, – деп көрсетті А. Байтұрсынов өз хатында, – бұл қозғалыстың (ұлт-азаттық деп оқыңыз – авт.) доңғалағына кедергілер қою емес, керісінше оны бақылай және басқара отырып, мүмкін болғанша оған қолдау жасау, сөйтіп оның таза ұлттық немесе буржуазиялық сипат алып кетуіне жол бермеу». Басқаша айтқанда, коммунистік партиялар ұлт-азаттық қозғалыстардың таза ұлтшылдық немесе капиталистік сипат алып кетпеуіне ықпал жасағаны жөн. Ресейдегі революциялық өзгерістерден соң қалыптасқан жаңа жағдайда орталык билік пен орыс емес ұлттардың жаңадан құрылған өзін-өзі басқару, ұйымдарының өзара қатынасының шиеленісіп кетуі байқалды. Тіптен, анығырақ айтқанда, совет үкіметі жұмысшы, шаруа және солдат депутаттары кеңесінен басқа ұлттық негізде құрылған ұйымдарды мойындаудан үзілді-кесілді бас тартып, оларды күш қолдану арқылы таратып жіберуге көшті. 1917 жылғы Ақпан революциясы жеңісінің қазақ жеріндегі алғашқы нәтижесі, сондай-ақ қазақ елінің мемлекеттік тәуелсіздікке ұмтылысының көрінісі – бұл бүкіл қазақ облыстары мен уездерінде қазақтардың өздерін-өзі басқару органдары ретінде Қазақ Комитеттерінің өмірге келуі болды. Қазақ Комитеттері, біріншіден, халықтың және оның бастаушы саяси тобының мемлекеттік еркіндікке ұмтылысы жолындағы шығармашылық еңбегінің жемісі болатын. Ақпан революциясынан соң қалыптасқан саяси жағдайда ол тек осындай қоғамдық ұйымдасу арқылы ғана өз мүддесін қорғай алатын еді. Екіншіден, қазақ саяси тобы Қазақ Комитеттеріне болашақ ұлттық мемлекеттік жүйенің алғашқы үлгісі, осы мұратқа жету, жолындағы мақсатты әрекетінің, бастапқы кезеңі есебінде қарады, сондықтан да олардың қалыптасуы мен қызметінің мазмұнына аса үлкен көңіл аударды. Қазақ қоғамындағы табиғи өзгерістер толқынында және ұлт-зиялыларының мақсатты қызметінің нәтижесінде осы жылы өмірге келген құрылымдар Алаш партиясы мен Алашорда үкіметі еді. Алаш партиясы сол бір қиын-қыстау кезеңде қазақ ұлтының ортақ мақсат-мұраттарын білдіретін қоғамдық саяси ұйым ретінде өмірге келсе, Алашорда үкіметі қазақ жерінің тұтастығы мен қазақ ұлтының еркін дамуын қамтамасыз ете алатын мемлекеттік құрылым, яғни қазақ мемлекеттігін жаңғырту ісін белгілі бір арнаға салу міндетін атқаруға тиіс еді. Бүкіл империя көлеміндегі күрделі қоғамдық өмірді бір ғана тапаралық күрес тұрғысынан түсіндіріп, оны бір қалыпқа салу әрекетіне көшкен большевиктік билік Қазақ Комитеттерін советтерге, Алаш партиясын большевиктер партиясына, ал Алашорда үкіметін Кеңес үкіметіне балама құрылымдар ретінде қарастырып, ешқандай да өзара түсінісуге, ымыраға бармастан оларды «буржуазиялық құрылымдар» ретінде жою жолына түсті. Бұл, әрине, билік партиясы тарапынан көрсетілген революциялық тәкәппарлықтың нақты көрінісі болатын және ол ұлттық демократиялық күштер тарапынан нағыз зорлықтың көрінісі ретінде бағаланды. Міне осы жағдайға байланысты А.Байтұрсынұлы «билік құрушы ұлттың пролетарлық және соған жақын күштерінің» «ұлыдержавалық, бонапартистік» «менмендікпен және тәкаппарлықпен қанаудағы ұлттардың революциялық ұйымдарын» жоюына байланысты өзінің және серіктерінің шексіз наразылығын білдіріп, бұдан былай да шығыс республикаларының ішкі өміріне жөнсіз араласа беру жақсылыққа апармайтындығын ескертуі әбден орынды еді. Хат авторының астарлы ойын түсіну оны мұқият оқыған кісіге, әрине, қиынға түспейтін. Қазақ ұлт-азаттық қозғалысы басшыларының атынан айтылған осы және басқа пікірлерді Ресей революциясының көсемі түсінушілікпен қабыл алды ма? Жоқ. Бұл ретте В.И. Лениннің тезистеріне жауап ретінде жазылған екінші хат авторларының бірі Заки Валиди Тоғанның естелігінде айтылған мына жолдарға назар аударған артық емес: «Лениннің шығармалар жинағында жарияланған бұл тезистер 12 баптан тұратын. Біз оларды түркістандық жолдастарымызбен бірге оқыдық ... Араға екі күн салып мен оған өз ойларымды еркін тезистер түрінде жазып жеткіздім», – деп көрсетіп, мынадай тұжырымға келеді: «Ол біздің көзқарасымызды қабылдауға ниетті емес-тін. Бұрынғы отар елдерде олар енді тек орыс пролетариатына ғана сенетін болады, ал бізге сенім деңгейі олардың басшыларын тыңдап, айтқандарын бұлжытпай орындап отыруымызға байланысты, сондай-ақ социализм Ресейде және әлемде біржола орныққанда ғана бізге сенуге болады. Соған дейін Шығысты метрополия пролетариаты басқаратын болады ... Мен бұл пікірді өз құлағыммен естідім» [40]. Кеңестік орталық биліктің біз қарап отырған мезгілде Қазақстанда жүргізген саясатында А. Байтұрсынов қабылдай алмаған, соған байланысты қарсылық та көрсеткен келесі мәселе, әрине, ол кадр мәселесі еді. Жаңа орнаған Кеңес үкіметі бастапқы 1-2 айда сол уақытқа дейін империялық кеңістікте өзін толық танытып үлгірген қазақ ұлт-азаттық қозғалысы басшыларымен өзара бәтуаға келуге ынта танытқандай болғанымен көп ұзамай-ақ бұл саясатынан жеңіл түрде бас тартып, белгілі дәрежеде, ұлттык қозғалыстан шалғай тұрған, тіптен оған қарсы әрекеттерімен көзге түскен кісілермен ымыраға келіп, оларды жоғары билік орындарына қызыметке тартуы еді. Бұл ретте ең алдымен ауызға ілінер тұлға, әрине Әліби Жангелдин. Әліби Жангелдиннің кеңестік саясат сахнасына көтеріліп, танылуы 1917 жылға тиесілі. Бұл уақытқа дейін ол қазақ қоғамында белгілі бір қызметімен танылмаған, беймәлім адам еді. Қазақ қоғамы арасында көзге түсуге тырысқан жеке тұлғалар жөнінде мәліметтер беру ісінде мейлінше әділ болған. «Қазақ» газеті Ә.Жангелдин туралы да жазған. Солардың бірінде (1917, қараша) [41]. Бөкейханов наурыз айында Петроград жұмысшы және солдат депутаттары советінің жіберуімен Бүкілресейлік Құрылтай жиналысына депутаттыққа тек социал-демократтардың өкілдерін ғана сайлауға үгіттеуге Торғай уезіне «миссионер» Ә.Жангелдиннің келгенін, бірақ оның бұл әрекетінен ештеңе шықпағандығын айтып, сайлау нәтижесінде Торғай уезі бойынша «1-нші нөмір Алаш партиясы 54 мың 978 дауыс, ал 3-нші нөмір социал-демократтардың 41 дауыс» ғана алғандағын жазды. Ал оның халық үшін атқарған ешқандай да ісінің жоқ екендігін баяндап, соған байланысты «жіберген адамы мынадай болды, онда үкіметі қандай болғаны» деген ойды білдірді. «Қазақ» газеті және оның төңірегіне жиналған ұлт зиялыларымен ара қатынасы жағымсыз болған Ә.Жангелдин бұл көңіл-күйін бүкіл ұлт-азаттық қозғалысқа байланысты байқатып отырды. 1918-1919 жылдары Кеңес үкметінің ұлт істері бойынша комиссары И. Сталинмен тығыз байланыста қызмет атқарған ол қазақ қоғамына алаш қайраткерлерінің ықпалын әлсірету мақсатында билікке алаштықтарға қарсы тұлғаларды тарту ұстанымында болды. Мәселен, ол кеңес өкіметінің Торғай облысы бойынша халық комиссары қызметіне кіріскендігі жөнінде И. Сталинге жолдаған телеграммасында «көмекшілік қызметке өзіме таныс және жергілікті тұрғындар» арасында еңбекші бұқараның мүддесін қорғаушы ретінде кең танымал Тунғачинді белгіледім, оны телеграф арқылы бекітуіңізді өтінемін», –деп жазды [42]. 1918 жылы 11 мамырда Ұлт істері бойынша Халық Комиссариаты жанынан қазақ бөлімін құру туралы шешім қабылданады. Мәскеудегі Кеңес үкіметі жанындағы қазақ өкілдігі міндетін атқарған бұл бөлімің меңгерушісі қызметіне Ә.Жангелдин тағы да өзінің пікірлес серігі Мұхамедияр Тұнғачинді ұсынып, Кремльде оның бұл ұсынысы қабыл алынды [43] Ал осы Ә.Жангелдин қамқорлығына алған М.Тұнғачин кім еді? 1888 жылы қазіргі Ақтөбе облысының Ырғыз қаласында өмірге келіп, 1905 жылы Қазан қаласындағы мұғалімдер семинариясын аяқтаған Мұхамедияр Хангерейұлы Тұнғачин 1917 жылғы революциялық өзгерістерге дейін ұзақ мерзім Орынбордағы татар және қазақ басылымдарының цензоры қызметін атқарып, ұлт-азаттық ұстанымындағы қазақ зиялыларына қарсы патшалық билікке қызмет жасаған адам ретінде танылған еді [44]. 1917 жылы 1-2 сәуір күндері Орынбор қаласында, болып өткен Торғай облыстық қазақ съезі оған қатынасуға келген М.Тұнғачинді М.Дулатұлының ұсынысы бойынша мәжілістен кетіреді. Кеңестік билік тұсында белсенділік танытқан М.Тұнғачин Ә.Жангелдиннің колдауымен түрлі басшылық қызметтерді атқарады [45]. Кеңестік биліктің Қазақстандағы кадр саясатындағы дүдәмалдық жағдайлар кейінгі кезеңдерде де байқалды. Бұл фактілердің А.Байтұрсынұлы сияқты сезімтал тұлғаның саяси ұстанымы мен көзқарасына жағымсыз әсер еткені, әрине, түсінікті. Міне осы қысқа түрде баяндалған тарихи фактілерден сұранып тұрған тұжырымдарға көңіл аударайық. Біріншіден, В.И. Ленин бастаған большевиктер партиясы таптық партиялық мүддені тым біржақты ұстанғаны соншалық, ол қорланып қалған ұлттық мәселелерді кейінге ығыстырып, оны социализм жеңісі жағдайында өзінен-өзі шешімін табатын мәселе ретінде қарастырды. Ресей сияқты көпұлтты империя жағдайында саяси басшылықтың мұндай біржақты шешімге келуінің аз ұлттар үшін қаншалықты зардапты салдары болуы мүмкін екендігін большевиктік лидерлер сол тарихи кезеңде тура түсіне алмады. Бұл жіберілген қателік И.Сталиннің жеке басшылығы тұсында бірнеше мәрте үлкейіп, орыс емес ұлттар үшін нағыз трагедияға айналды. Екіншіден, большевиктер партиясы бұрынғы патшалық билікті ұлт мәселесіндегі ұлыдержавалық саясаты үшін қаншама сынға алып, ол ұстанымнан кететіндігін мәлімдегенімен өздері де сол саясаттың шеңберінен шыға алмады. Кремльдегі басшылық советтік биліктің алғашқы күндерінен бастап ақ қазақ қоғамынан ойлы, ұлт мәселесінде прогрестік көзқарастағы және берік ұстанымдағы тұлғаларды емес, керісінше Орталықтың курсын көз жұмып, бас шұлғып іске асыруға әзір қызметкерлерді іздеп, соларға қолдау көрсетті. Басқаша айтқанда, Кремльдің жобасы бойынша Қазақстанда орнауға тиіс саяси жүйе, одақтық мүдделер мен жергілікті мүдделерді үйлестіруші міндетін емес, әрқашанда бірінші кезекте одақтық, ұлыдержавиялық курстың орындалуын қамтамасыз ететін жүйеге айналуға тиіс болды. Бұл жағдай ұлттың интеллектуалдық өсуіне жағымсыз әсер етпей қоймайтын еді.

ТҰЖЫРЫМДАР

Біз мақаламызда А. Байтұрсынұлының басында В.И. Ленин тұрған большевиктер билігінің бүкіл империя ауқымында орнатуға беталған жаңа тәртібіне көрсеткен қарсылыы жөнінде баяндадық. Тарихи тұрғыдан алғанда бұл нағыз азаматтық әрекеттің және ұстанымның үлгісі еді. Олай болса бұл азамттық қарсылық бүгін біз үшін өзінің қандай мәнімен құнды? Сол тарихи мезгіл ағымында В.И. Ленин бастаған большевиктер партиясы коммунистік идея үшін жүргізген жанкешті күресімен өздерін ең аз дегенде заманының алдыңғы озық ойлы саяси күші ретінде көрсете білді. Ресей империясының сандық және моральдық тұрғыдан басым, сондай-ақ ғасырлар бойы әлеуметтік теңсіздік жағдайда өмір сүріп келген миллиондаған орыс және орыс емес ұлттардың шаруа және жұмысшы халқына араша түсуі соның айғағы болатын. Сырттай қарағанда өз басына соншалықты әділ де биік тарихи жауапкершілікті жүктеген саяси күшке қарсы шығудың өзі де жеңіл емес-тін. Өйткені бұл мезгілде Еуропаның, тіптен әлемнің демократиялық күштері большевиктер күресіне еңбектің капиталға қарсы әділетті күресі есебінде үлкен үмітпен қарады. Шын мәнінде большевиктер революциясы Джон Рид айтқандай «әлемді дүр сілкіндірген» оқиға еді. Міне осы контексте алғанда Ә.Бөкейханов пен А.Байтұрсынұлы бастаған алаш зиялаларының большевиктер билігіне көрсеткен қарсылығын қандай мағынада түсінгеніміз жөн? Бұл ретте бізге мынадай тарихи жағдайға көңіл аудару тарихи ойдың міндеті көрінеді. Ең әуелде қазақ белгілі бір географиялық кеңестікте өз орнын анықтаған, тарихи жолы қалыптасқан күнкөріс шаруашылығы, мәдениеті, салт-дәстүрі бар, басқаша айтқанда өзін-өзі сыйлауға негіз боларлық құндылықтар жүйесіне ие ел болатын. Өзін өркениеттік дамудың жоғарғы сатысында тұрған күш ретінде сезінген (тарихи шындық солай болатын) патшалық Ресей гуманизм принциптерін тәрік етіп қазақ жерін еркін иемдену, ал оның өзін қанау жолына түсті. Ғасырлар бойы еркіндікте өмір сүріп келген халық ұлттық кемсіту мен қорлауды басынан кешірді, ел ретінде жоқ болып кету қауіпін ашық та анық сезіне бастады. Ресей билігінің Қазақ қоғамына байланысты 1867 жылы және 1891 жылы және басқа жылдары қабылдаған заңдық құжаттары қазақ халқын ең негізгі құндылықтарынан айырды. Қазақ халқы мешеу феодалдық қатынастар және отарлық езгі жағдайында өмір сүруге мәжбүр болды. Осындай жағдайда ұлт зиялылары бастаған азаттық үшін қозғалыс өмірге келді. 1917 жылға дейін-ақ қазақ топырағында ұлт тарихындағы тұңғыш интеллектуалдық қозғалыстың теориялық негізі, мақсаты, бағыт-бағдары сондай-ақ бастаушы тұлғалары айқындалып қалған еді. Қазақ жерінде қалыптасқан бұл азаматтық қозғалыс Ресейдің ішкі өңірлеріндегі революциялық қозғалыстан мазмұндық тұрғыдан айырмашылығы бар-тын. Егер солшыл партиялар бастаған ресейлік революциялық қозғалыс таптық мүдделерді негізге алса, қазақ азаттық қозғалысы жалпы ұлттық мүдделерді ту етіп көтереді. Басқаша айтқанда қазақ азаттық қозғалысы қазақ жерінің тұтастығын сақтау, қазақ қоғамында экономикалық және мәдени шараларды іске асыру сияқты міндеттерге басымдылық берді. Революциялық әдіс-құралдар мен шараларды қозғалыс басшылары қабыл алған жоқ. В.И. Ленин бастаған большевиктер билігі қазақ азаттық қозғалысының өмірлік қажеттіліктен туған мұндай табиғи ерекшеліктерін мойындаудан бас тартты. Олар біріншіден, қазақ қоғамында күштеп тап күресі идеясын таңды, қазақ қоғамын таптық негізде жіктерге бөлді, сол арқылы империялық үстемдікке қарсы көтерілген жалпыұлттық күресті әлсіретті, екіншіден, экономикалық және әлеуметтік мәселелерді шешу ісінде қазақ қоғамында революциялық әдіс-құралдары мойындатты. Осының бәрі революциялық тәкаппарлықтың жаңаимпериялық зорлықтың көрінісі болатын. Империя көлемінде қалыптасқан осындай жағдайда Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынұлы және Т.Рысқұлұлы бастаған ұлттық басқарушы топтың ұлттық азшылықтардың қоғамдық өміріне қатысты ұсыныстары бұл халықтардың этникалық ерекшеліктері мен құндылықтарын шайылып кетуден сақтау, қазақ халқының дара тұлғалық сипатына араша түсу әрекеті болатын. Өйткені қазақ саяси тобы бір ақиқатты жақсы түсініп, берік ұстанды. Кез келген ұлттың нәтижелі өсіп-өнуі бірінші кезекте сол тарихи мезгілдегі оның ішкі сұраныстарын қанағаттандырудан, сондай-ақ осы жолдағы кедергілерді жойып, ұлттың ішкі потенциалының (мүмкіндіктерінің) ашылуына жағдай туғызудан басталмақ. Ал ұлттың заман талабына сай ішкі сұраныстары мен мұқтаждықтарын анықтау бұл оның интеллектуалдық күштерінің қызметіне тәуелді, ең алдымен солар арқылы жүретін процесс. Мұндай жағдайды мойындамаған және оны есепке алмған шешімдердің дұрыс нәтиже беруі өте даулы. Жарайды, бұл жағдайлардың бәрі де империя құрамындағы үлкенді-кішілі халықтардың өмірінде көрініс тапты делік. Дегенмен, большевиктер билігі жасаған қиянаттың мынадай екі көрінісі қазақ халқы ешуақытта ұмыта алмайды. Олар біріншіден, жиырмасыншы ғасыр басында патшалық саяси жүйе және ішкі феодалдық мешеулікпен күрес барысында қуатты серпін алған қазақ ағартушылығы қоғамдық процесс ретінде өзінің табиғи арнасында еркін өріс ала алмай, бастапқы кезеңінде-ақ шектеуге ұшырады. Қазақ ағартушылығының төл құжаты орнында жүрген «Оян қазақ!», «Қырық мысал», «Маса» сияқты кітаптарға цензуралық тиым салынды, «Қазақ», «Бірлік туы», «Сарыарқа» сияқты басылымдардың еркін жарық көруі қауіпті деп танылды, ұлттық ағартушылық ұстанымындағы зиялылар саяси қуғын-сүргінге ұшырады. Сөйтіп қазақ ағартушылығының ең соңғы және ең маңызды кезеңі бар болғаны 10-15 жылға ғана созылды. Бұл жағдай ұлттық сананың өсуіне, ұлттың даму процессіне теріс жағымсыз әсері болды. Империялық билік қазақ мәдениетін өз тамыры бар тәуелсіз де еркін қуатты мәдениеттен әлсіз де көшірме мәдениетке айналдыруға көп күш жұмсады. Қорыта айтқанда, қазақ ағартушылығы басқа елдердегідей барлық даму сатысынан еркін жүріп өтіп, ұлттық мінез бен болмыстың жаңа сапаға өтуін қамтамасыз ету мүмкіндігінен айырылды. Билік тарапынан тура осындай шектеу және құғын-сүргінге қазақ ұлтшылдығы да ұшырады. Большевиктік идеология қорғаныстық мазмұнындағы қазақ ұлтшылдығын, агрессивті прогреске қарсы ұстанымдағы көзқарас есебінде көрсетті. Халықтар достығы және интернационализмді негізгі ұраны ретінде көтерген билік, шын мәнінде өмірде пәрменді орыстандыру саясатын жүргізді. Бар болғаны 20-30 жылдың ішінде ғана бірнеше мәрте сұрапыл аштықты (1921-22, 1931-33) екі бірдей зиялылар және саясаткерлер буынын жұтқан саяси репрессияны, азамат соғысы мен фашизмге қарсы соғыстарды, қуатты орыстандыру процесін басынан өткізген қазақ қоғамы терең рухани күйзелістерден соң өрдер мінезді, азатшыл халықтан жасық та жалтақ, жетекшіл халыққа айналды. Ең негізгісі ХХ ғасыр басында барлық Азия елдерінде көрініс тапқан ұлтшылдық идеясы қазақ қоғамында өзінің табиғи сөресі – ұлттық мемлекеттік құрумен аяқталған жоқ. Қазақ азаттық қозғалысын теориялық тұрғыдан негіздеп, саяси күрес сахнасына алып щыққан мемлекетшіл тұлғалар түгелдей «буржуазиялық ұлтшылдар» немесе жапон, неміс агенттері ретінде саяси репрессия құрбаны болды. Басқаша айтқанда, өмірлік негізі бар толық табиғи құбылыс қазақ ұлтшылдығы саяси қозғалыс ретінде өзінің көздеген мұраты ұлттық мемлекеттілікті жаңғырту ісіне қол жеткізе алмады. Мұндай финалды қоғамнан жеткілікті белсенді қолдау таба алмаған қазақ азаттық қозғалысының әлсіздігі ретінде қарастыру мәселенің басқа екінші қырына яғни социалистік идеяға берілгендей сыңай танытқан большевиктік басшылықтың түптеп келгенде империялық биліктен бас тарта алмағандығына жете назар аудармағандық болар еді. Ғасыр соңында кеңестік империяның ыдырауы мұндай тұжырымға негіздің жеткілікті екендігінің айғағы. Ұлтаралық теңдікті сөз жүзінде емес шынайы өмірде жалпыадамзаттық гуманизм тұрғысынан шеше алмаған билік ертелі-кеш өзін ыдыраудан сақтап қалуы мүмкін емес.

-----------------
Ескертулер:

1 Қараңыз: Мұстафа Шоқай. Таңдамалы. 1 т., А. 1998, 174-179, 198-202,426-429, 429-431 бб. 2 Мустафа Чокаев. Отрывки из воспоминаний о 1917 г. Токио-Москва,2001, С. 53.

3 Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі. - А., 1979. Т.4 - 394 б. 4 Левода Ю. Интеллигенция // 50/50. Опыт словаря нового мышления. - М, 1989. – С. 129.

5 Шоқай М. Ұлттық зиялы. Таңдамалы. Т.1. 174-179 б.б.
6 Сонда, 174-175 бб.
7 Сонда, 176 б.
8 Сонда, 175-176 66.

9 Валиханов Ч. Собр. соч. в пяти томах. - А., 1985. Т.5. - С.152. 10 Шоқан өмірін жақыннан білген А.К. Гейнс өз естелігінде «...начался-ряд оскорблений и придирок, уложивших чокана в настоящем году вгроб» деп жазды // қараңыз: А.К. Гейнс. из дневника 1865 г. в кн. Ч.Валиханов. собр. соч. в пяти томах. Т.5. – С.257.

11 Шоқай М. Таңдамалы. Т.1. –177 б.
12 Сонда, 486 б.
13 Сонда, 178 6.

14 Дж. Неру «Индияны ашу» атты еңбегінде осы тарихи мезгілге байланысты «ұлтшылдык Азияда нағыз үстем күшке айналған еді» деп жазды қараңыз: Дж. Неру. открытие Индии. книга вторая. – М.,1989. – С.111 15 Алаш қозғалысы. Движение Алаш. Сборник документов и материалов. Т.1, – Алматы, 2004. – С. 33-39

16 Сонда 86-91 б.б.
17 Дулатұлы М. Бес томдык шығармалар жинағы. 3т. – А., 2003. 56- 57 бб.
18 ҚР МҚК Алматы қаласы бойынша мұрағаты, 2370 іс. 4т. 975 б.
19 Шоқай М. Аталған еңбек, 152-153 бб.

20 Сонда, 154-155 бб.
21 Сонда, 154 б.
22 Всемирная история. Люди, события, даты. –Португалия 2007. – С.384.

23 Құнанбаев Абай. Шығармалар. Екі томдық. – Алматы, 1968, 2 т. 174-175 б.б. 24 Зиманов С.З., Идрисов К.З. Общественно-политические взгляды Мұхамеджана Сералина. – А.,1989. – С.76

25 Неру Дж. Открытие Индии. – М., 1989, Кн.2, – С.111.
26 Дулатұлы М. Бес томдық шығармалар жинағы. – А., 2003. 3т., – 57 б.
27 Сонда, 2т. 132 б.
28 Сонда, 344-345 б.

29 «Айқап» Құрастырушылар: Ү.Субханбердина, С.Дәуітов. - Алматы, 995. 72-73 б.б. 30 Государство наций: Империя и национальное строительство в эпоху Ленина и Сталина. – М., 2011. – С.88-116; Мартин Терди. Империя «положительной деятельности». Нации и национализм в СССР. 1923-1939. – М., 2011. – С. 855 31 Мартин Т. Империя «положительной деятельности». Нации и национализм в СССР. 1923-1939. – М., 2011. – С. 855 32 Сталин И. Вопросы ленинизма. Издание одиннадцатое. – М., 1947. – С. 47-48 33 ҚРОММ., 1023-қор, 1-тізбе, 1-іс, 110-111 пп; Ахметова Л.С., / Григорьев В.К., Шойкин Г.Н. Алихан Букейханов – поиск ориентиров. Ахмет Байтурсыно – главное – обретение государственности. Турар Рыскулов - яркий политик советскоп Востока. Учебное пособие. – Астана, 2008, – С.94

34 Мартин Т. Аталған кітап, 11 б.
35 Сонда, 60-61 б.б.

36 Алаш қозғалысы. Движение Алаш. Сборник документов и материалов. 3 том, 1 кітап. – Алматы, 2007, – 59 б.

37 Ленин В.И. полн.собр.соч., Т.41, – С. 161-168
38 Алаш қозғалысы. Движение Алаш…, 65-73 б.б.

39 А.Байтұрсынұлының ІІІ Коммунистік Интернационалдың екінші конгресіне қатысқандығы туралы дерек бар. Мәселен, педагогС.Жәкеев «А.Байтұрсынов ІІІ Коминтерн конгресінде» атты мақаласында конгрестің «стенографиялық есебі мен протоколын қарап шыққанымда делегаттар тізімінде Байтұрсыновтың фамилиясын кезіктірдім. Демек қадірлі азаматымыз Ахмет Байтұрсынов ІІІ Коммунистік Интернационалдың Екінші конгресіне Россия Коммунистік партиясы құрамында делегат болып қатысқан» –деген тұжырымжасайды // Алматы ақшамы, 1991, 24 маусым.

40 Заки Валиди Тоган. Воспоминания. – М., 1997, – С.257 41 Бөкейханов Ә. Шығармалар. А., 1994, 267 б.; Дулатұлы М. 5т шығ. жинағы – Алматы, 2003. 2т., 344-345 б.б. 42 Победа великой Октябрьской Социалистической революции в Казахстане. 1917-1918г.г. Сборник документов и материалов. А., 1957, с.195 43 Зиманов С, Даулетова С, Исмагулов М. Казахский отдел народного комиссариата по делам национальностей РСФСР. – А., 1975, – С. 78-80. 44 ҚР Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің Алматы облысы және қаласы бойынша мұрағаты, №11020 іс, 1Т., 3,14-16 п.п:; Қойгелдиев М. аталған кітап, 302 б.

45 Алаш Орда. Энциклопедия. – А., 2009. – 316 б.

Kamshy.kz 03.10.2014 11:28

2-тарау. СҰХБАТТАР

ТАРИХТЫ САЯСАТТЫҢ ЫҚПАЛЫНДА ҚАЛДЫРУҒА БОЛМАЙДЫ

– Өткен жылдан бері үзік-үзік болса да Алаш қозғалысының 90 жылдығы жөнінде айтылып келеді. Қазақ тілді газеттердің бас редакторларымен болған кездесуде Елбасы Алаш қозғалысы тарихына арнайы тоқталып, өз тұжырымын білдірді. Жақында, бұл азаттық қозғалысқа байланысты, үкіметтің арнайы қаулысы шықты. Қысқасы, тақырыпқа немқұрайлы қарай алмайтын адам ретінде, осы мәселеге қатысты пікіріңізді білдірсеңіз.

– Қазақта «шындықтың жолы ауыр» деген сөз бар. Елбасы Алашты қазақ мемлекеттілігі идеясын ту етіп көтерген патриоттық қозғалыс ретінде бағалады. Тәуелсіз мемлекеттілік жағдайында айтылуға тиіс сөз айтылды. Аллаға шүкір! Алаш көсемдері бұл тұжырымды Алаш автаномиясы- Алашорда үкіметі мен бүгінгі Қазақ Республикасы арасындағы табиғи сабақтастықты ресми мойындау және оны ашық жария ету рәсімі ретінде қабылдаған болар еді. Өйткені бүгінгі мемлекеттілік қазақ халқына оның орындалуына жол ашатын мүмкіндік сәтті болуымен құнды.

Халық, қоғам Алаш қайраткерлерінің ісі мен есімінің қайта жаңғыртуын толық табиғи нәрсе ретінде ә дегенде-ақ қабылдап қойған. Өйткені ол Алаш идеясынан еш уақытта ажыраған емес. Ал, Алаш қозғалысын билікті мойындауының мәні еркеше. Халық пен биліктің алаш идеясында тоғысуы ұлттық дамуда жаңа сапаға жетуге мүмкіндік туғызады. Ресми биліктің Алашты мойындауы - бұл оның өз қызметінде қазақ идеясын ұстанды өзіне парыз санайтындығын айғақтайды. Алаш идеясын мойындау бұл қазақ ұлты мен оның мемлекеттігінің болашағы үшін қажет. Елбасының өз сұхбатында айтып көрсеткендей, қазақ халқы бүгін үлкен тарихи сын сәтті басынан кешіруде, алдымызда әлі қандай сындардың күтіп тұрғаны бір Аллаға ғана аян. Олай болса, біз сол сындардан өз мүддесі төңірегіне топтасқан ұлттық қауым, жай ұлт емес, жаңа сапаға өткен, іштей жаңғырған және тілеген, ширыққан және шыныққан ұлт түрінде ғана өте аламыз. Ал, ұлтты мұндай сапаға ммелекеттік мақсатты қолдау ғана көтере алады. Бұл – әлемдік, батыстық және шығыстық тәжірибе көрсеткен ақиқат. Прибалтика елдері 40-жылдарға дейінгі, Украина мен Грузия 1917-1918 жылдардағы мемлекеттігі мен бүгінгі мемлекет арасындағы тарихи сабақтастықты ресми түрде жария етіп, жыл сайын атап өтуді дәстүрге айналдырған. Біздің де осы жолмен жүруіміз тарихи шындыққа үйлесімді болмақ. Егер болашақта Алашорда үкіметі мен Түркістан (Қоқан) Автономиялық үкіметі (1917,қараша) жөнінде де аранайы құжат өмірге келіп жатса, бұл сол тарихи мезгілдегі Түркістан халықтарының мемлекеттік тәуелсіздігі идеясын ту етіп көтерген тарихи тұлғалардың еңбегіне және біздің халықтарымыздың өзара туыстық сезіміне көрсетілген құрметтің, сондай-ақ тарихи әділеттіліктің әйтеуір бір салтанат құратындығының айғағы болар еді.

– Күнделікті өмірдегі сияқты ғылымда да бұрынғы жасалған тұжырымдар өзгеріске ұшырап жатады. Ғылым айтқандай, «егер шындыққа жеткің келсе, қалыптасқан тұжырымға күмәндан». Алаш қозғалысы туралы ғылымдағы соңғы тұжарамдар жөнінде не айтқан болар едіңіз?

– Бұрынғы кеңестік ғылымда ұлт тарихын түсіндіру ісінде саяси мүдделер басым түсіп жатты. Мәселен, қазақ қоғамына ағартушылық идеясы Шоқан, Ыбырай және Абай шығармашылығы арқылы ХІХ ғасырда келді деген тұжырым бар. Иә, бұл тарихи тұлғалардың шығармашылығы мен қызметінде ағартушылық идеясы элементтерінің болғаны рас. Олардың ұлттың болашағын өмірге пайдалы өзгерістер әкелетін біліммен ұштастыру қажеттігі ұстанымында тұрғандығы да анық.

Сонымен бірге Еуропалық ағартушылық идеологиясының тұтас концепция, көзқарас ретінде ғана емес, сонымен бірге нақты тәжірибе ретінде қазақ өміріне келуін Алаш зиялыларының қызметімен байланыстыру тарихи әділеттілік болмақ, яғни басқаша айтқанда, кеңестік ғылым қазақ жеріндегі ағартушылықтың бастапқы кезеңін көрді де, ал оның табиғи жалғасын айтуға келгенде саяси мүддеге басымдылық беріп, тарихи шындықты бұрмалауға ұрынды. Қазақ ағартушылығының қазақ ұлтшылдығымен өзектес, өзара байланысты құбылыстар екендігін халықтан жасыруға тырысты. Қысқасы, Алаштың бағдарламалық құжаттарындағы қазақ жерінің ауқымын анықтау, ұлттық ақша және банк қызметін құру, ұлттың сұранысына лайық білім жүйесін жарақтау оның негізін құрайтын қазақ тілін жаңа сапаға көтеріп, сол тілде оқулықтар жазу және басқа осы сипаттағы әрекеттер ұлттық саяси топтың тура бағытта тұрғандығының айғағы еді. Ұлттың, оның бастаушы тобының мұндай міндеттерді орындауға қарым- қабілеті жеткілікті болатын. Өкінішке қарай, империялық орталық ол мұратқа жетуге мүмкіндік бермеді.

– Бүгінгі мемлекеттік тәуелсіздікке қол жеткен қазақ қоғамы мен оның патриоттық күштері Алаш зиялылары бастаған істі жалғастыру мүмкіндігіне тағы да бір рет ие болып отыр. Бірақ бізде басы тәтті басталған шараның аяғы қаттылау болып жататыны үйреншікті құбылысқа айналып кетті ғой...

– Ол – рас. Егер басты мұратымызға енді жете алмасақ, онда біздің кім болғанымыз? Онда, әрине, соңғы мүмкіндігін жіберіп алған... Алла ондай тағдырдан сақтасын. Ал, шын мәнінде, алаштық буын қазақ жерінде заман сұранысына лайықты жауап бере алатындай жаңа сапа, мазмұндағы білім жүйесін қалыптастыру ісін негізгі мақсат ретінде қолға алған алғашқы ұлттық қоғамдық-саяси топ болатын. Сондықтан да ол білім мәселесін өзінің бағдарламалық құжаттарына енгізді, онымен шектеліп қоймай, бұл мақсатты жақындата түсетін нақты істер атқарды (кітап бастыру, оқулықтар жазу, газет-журналдар шығару т.б.с.с.). Бұл қазақ ұлтының өмірінде бұрын байқалмаған жаңа бетбұрыс болатын.

Сондай-ақ Алаш зиялылары ағартушылыққа қазақ қоғамына, жеке тұлғаларға жаңа сападағы өмір есігін ашатын мүмкіндік есебінде қарады. Сонымен, ағартушылық идеясы мен тәжірибесінің қазақ жеріне келуі Алаш зиялыларының қызыметімен тікелей байланысты. Алаш зиялыларының ағартушылық қызметін олардың ұлтшылдық идеологиясынан бөліп қарауға болмайды. Өмірге келуіне орыс отаршылдығы түрткі болған қазақ ұлтшылдығы алаштық топтың мақсатты қызметі арқылы бағдарламалық негізі бар нақты саяси ұстаным және көзқарасқа айналды. Ә. Бөкейханов пен оның серіктестері қалыптастырған қазақ ұлтшылдығы мынадай басты тұжырымдардан тұрды: қазақ жерін, оның асты-үсті байлығының сырттан қоныс аудара келгендердің игілігіне өтіп кетуден сақтау; қазақ ұлтына өз қоғамдық мерездерін дәл де тура түсінуге, әсіресе, шарушылық жүргізу, заманға лайық білім алу ісінде артта келе жатқандығына көзін жеткізе отырып, сол кемшіліктерді жеңуге деген құлшыныс туғызу еді. Сонымен бірге алаштық топ шынайы ұлттық мемлекеттілікті қалпына келтірмейінше негізі мақсатқа жету, яғни ұлттық құндалақтарды құнсыздандыру үрдісін тоқтату мүмкін еместігін жақсы түсінді. Сондықтан да ұлттық мемлекеттілік үшін күрес бұл идеологияның өзекті жібі және басты мұраты болуға тиіс еді. Жалпы, кез келген ұлтты жою оның ұлттық құндылықтарын әлсіздендіруден басталады. Алаш зиялылары осы шындықты жақсы білді. Қорыта айтқанда, қазақ ағартушылығы мен қазақ ұлтшылдығы теория және практика ретінде қазақ топырағына Алаш зиялыларының мақсатты қызметі арқылы тамыр жайды. Бұл егілген дәндер егер де сырттан араласқан өктем кедергілір болмаған күнде, сөзсіз, ұлтымыздың өмірін мүлдем жаңа сапаға көтеретіндігі күмәнсіз еді.

– Алаш қозғалысы тарихына қатысты бірінші кезекте қолға алынуға лайық деген мәселелерді бөліп атасаңыз.

– Жаңа мүмкіндіктер туып жатса, әрине, «Алаш қозғалысына қатысы болды» деген сезікпен 20-50-жылдары қуғын-сүргінге ұшырап, біразы атылып кеткен адамдардың мүмкін болғанша толық тізімін жасап, олардың тағдыр талайы жөнінде бірнеше кітаптан тұратын құжаттар жинағы мен зерттеулерді қолға алу қажет.

– Осы уақытқа дейін мұндай тізім жасалған жоқ. Ал Алаш қайраткерлері мен белсенділеріне қатысты заңдық тұрғыдан ақтау ісі аяғына дейін жеткізілмегені де белгілі.

– Осы мәселеге қатысы бар жағымсыз істер де етек алуда. Бұл жөнінде айтпай-ақ қоюға болар еді, дегенмен мәселенің қоғамдық жадқа, жалпы ұлттық мәдениетімізге қатысы болғандықтан, оған тоқталуға тура келеді.

Бүгінде кімнің артында қалған қалталы немесе қызметте жүрген жоқшысы болса, соның атына көшелер беріліп, оған ескерткіштер қойылатын салт орныға бастады. Неге де болса көніп, немқұрайдылыққа бой алдырған көпшілік бұл құбылысқа да үйреніп келеді. Алматыда әл-Фарби даңғылының тау жақ бетінде Бағанашыл деген мекен бар, сол мекенге қарай шығатын кең көше Н.Сырғабеков көшесі аталады Қазақстанда Ф.Голощекен билік құрған тұста сот-прокуратура жүйесін басқарып, Смағұл Сәдуақасов пен оның идеялас серіктерінің соңынан шам алып түскен осы Нығмет Сырғабеков болатын. Н.Сырғабеков пен оның ұстанымындағы пікірлестері өздері көз жұмып, қолдау көрсеткен тоталитарлық жүйе мен идеологияның құрбаны болды. Олар бар болғаны әдәлетсіз биліктің еркін орындаушы тетік міндетін атқарды. Ал олай болса, Н.Сырғабековтың Голощекинге жолдаған запискасында «бұлардың тарпаң мінезіне қанша уақытқа дейін шыдауға болады, меніңше, нақты әрекетке көшетін мезгіл жетті» деп көрсеткен «сәдуақасовшылдар» кімдер еді? Зерттеу еңбектерінде көрсетілгендей, Смағұл Сәдуақасов, Ыдырыс Мұстамбаев, Жағыпар Сұлтанбеков және басқа осы ұстанымдағы қайраткерлер Қазақстандағы кеңестік билікті қазақ халқының (сол сияқты басқа да республика тұрғындарының) мүддесімен үйлестіру жолында тұрған қайраткерлер болатын. Ал бұл әрекетті биліктегі ұлы державалық ұстанымдағылар ұлтшылдықтың көрінісі есебінде бағалады. С.Сәдуқасов пен оның серіктері түгелдей қызметтен ығыстырылып, алдымен саяси қудалауға, соңын ала репрессияға ұшырады, атылды. Ал енді бүгін біз Сырғабековтерге көше аттарын беріп, ескерткіштер қоюдамыз. Жоғарыда аталған қайраткерлердің есімін біржола ұмыту алдында тұрмыз.

– Өткен жылдың соңында, Қазақстан тарихшылары қауымдастығы атынан Алаш қозғалысының 90 жылдығына байланысты Алматыдағы Шаляпин атындағы үлкен көшені Алаш көшесі деп атауды ұсынып едіңіз. Бірақ ұсыныс қабылданбай қалды. Қарсылық қай тараптан болды?

– 2007 жылдың алғашқы айларында Қарағанды қаласы тұрғындары арасында түрлі пікір туғызған оқиға болды. Қалалық мәслихат депутаттары, зиялылар тобы қаладағы Ленин даңғылы атын өзгертіп, оны Ә.Бөкейханов атындағы даңғыл деп атауды ұсынды. Сол-ақ екен қалада шығатын орыс тілді газет «Бөкейханов-террорист» деген мақала жариялады. Соған байланысты тарихшылар қауымдастығы атынан облыс әкімі мен Е.Букетов атындағы университет ректорына облыс орталығында Ә.Бөкейхановтың 140 жылдығына аталған ғылыми конференция өткізу жөнінде ұсыныс айттық. Мақсат – Ә.Бөкейхановтың қазақ және орыс мәдениеттеріне ортақ тарихи тұлға болғандығын жергілікті қауымға жеткізу еді. Өкінішке қарай, қолдау болған жоқ. Қолдаудың қай тараптан болмағанын ішіңіз сезіп отырған болар... Тура осы мазмұндағы ұсыныс кезінде Семей қаласы әкімшілігіне де жасалынды. «Мыналарың жөн екен» деген басшыларды көрмедік.

Әрине, бүгін заман өзгерді. Қоғамда Алаш зиялыларының қызметімен таныс емес сауатты адамды кездестіру қиын. Ол да – мемлекеттік тәуелсіздіктің арқасы. Ендігі міндет – жас буынды Алаш зиялылары іздеген құндылықтар жолына салу. Бұл сөзбұйдаға салатын іс емес. Жас буынды Алаш рухымен сусындату. Менің арманым – мемлекеттік бағдарлама арқылы жас ұрпаққа Алаш идеясын мейірі қана ішетіндей бір жағдай туғызу, яғни Алаш тақырыбымен айналысатын мамандардың атқаруға тиіс міндеттері шаш етектен.

– Жақында бір газетте Әлихан Бөкейхановтың қоғамдық-саяси қызметіне ресми баға беру жөнінде мәселе көтердіңіз. Бұл ұсынысты жасай отырып, қандай дәлелдерге сүйендіңіз?

– Біз, қазақ халқы – ХІХ ғасырдың 20-30-жылдарынан бері өз мемлекттігіміз үшін күресіп келген халықпыз. Мемлекеттілік арқылы біз өзімізді ел, ұлт ретінде сақтай аламыз. Мелекеттілік бізге ұлттық құндалақтарымызды, ұлттық болмысымызды, рухани еркіндігімізді сақтауға мүмкіндік берді. Мемлекеттіліктен айырылған кезеңде біздің ұлттық тамырларымыз, құндылықтарымыз азды, әлсіреді. Жалтақ, жетекшіл, күншіл халыққа айнала бастадық, ұлттық мінезіміз терең күйзеліске ұшырады.

ХХ ғасырдың басында Ә.Бөкеханов бастаған зиялылар тобы осы қазақ мемлекеттігі үшін күрестің жаңа кезеңін бастап берді. Күрес заманы сұранысына лайық бағдарламалық сипат алды. Жаңа саяси топ күрестің өркениеттік әдіс-құралдарын игерді. Ұлт-азаттық күрес идеологиясы, Алаш партиясы өмірге келді. Оның лидерлері қазақ жері Алаш автономиясына қарасты екендігін жария етіп, Алашорда үкіметін құрды. Міне, осы шаралардың бәрі қазақ өмірін жаңа сапаға көтеру әрекетінің көрінісі болатын. Бұл – Алаш қозғалысына қатысты берілген біздің ғана бағамыз емес, сол батыстық зерттеушілердің де өз бетінше бейтарап жасаған ғылыми тұжырымы. Олай болса, алаш қозғалысы бүгінгі билік тарапынан ресми түрде қазақ мемлекеттілігін қалпына келтіру жолындағы ұлт-азаттық қозғалыстың кезекті табиғи көрінісі, яғни актісі ретінде арнайы құжат арқылы бағаланып, ұлттық тарихымыздан өз орнын алғаны жөн. Бұл төл тарихымызға деген құрметтің көрінісі болары хақ. Сол сияқты Ә.Бөкейханов та – ұлттық тарихымызда өз орны бар тарихи тұлға. Ол – өткен ғасырдың басындағы Ұлт-азаттық қозғалыстың көш бастаушысы, жетекшісі, идеологы. Алаш партиясын құрушы, Алашорда үкіметінің жалпықазақ съезінің делегаттары демократиялық жолмен бірауыздан сайлаған төрағасы. Отаршыл орыс билігі Әлекеңді осы тұрғыдан таныды. Сондықтан да орыс билігі оны 1908-1917, 1922-1937 жылдар аралығында қазақ жеріне келу құқығынан айырып, сыртта, Ресей орталықтарында (Самара, Мәскеу) ұстады. Ондағы мақсаты – қазақтың азаттық қозғалысын оның жетекшісінен айырып, әлсірету болатын. Ал осы келтірген фактілер шындықтан алшақ деп кім айта алады? Ешкім де. Олай болса, Әлекеңнің - Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейхановтың ұлт алдындағы қоғамдық-саяси қызметіне баға беру – бүгінгі ұрпақтың міндеті. Бұл істе оны кейінге қалдырудың ешқандай да қисыны жоқ.

– Тарих ғылымында қалыптасқан жағдайға байланысты түрлі қайшылықты пікірлер бар. Ал қоғам болса өз өткеніне байланысты ғылыми шындықты білгісі келеді. Шындық пен жаланың ара-жігін айырып қабылдауға біздің қоғам дайын ба?

– Орынды сұрақ. Мұның басты себебі бізде тарих саясаттың ығында қалып қалады. Бұл – Кеңес жүйесінен қалған және күні бүгінге дейін арыла алмай келе жатқан қасірет. Тарих саясатқа кіріспе міндетін атқаруға тиіс емес. 2006 жылы Білім және ғылым министрлігі комиссиясы алдында мен осы мәселені көтердім. «Тарих ғылымын саясаттанудан бөліп алуға күш салайық. Өйткені ол саясатқа араласса, онда ғылым болудан қалады. Тарихтанудың қалыптасқан, уақыт елегі мен сынынан өткен зерттеу әдіс-құралдары бар. Соларды сыйлайық» деген ойды білдірдім. Өкінішке қарай, комиссия мүшелерінің бұл пікірге құлақ асқандары байқалмады. ХХ ғасырда тарих ғылымы мен тарихшы мамандардың бастарынан кешірген трагедиялық жағдайлардың бәрі де осы саясаттың тарих ғылымына араласуынан туындап жатты. Саясат тарих ғылымын өз қолындағы идеологиялық қаруға айналдыруға көп күш салды. Бұл жағдай тарихнамаға өз міндетін атқаруға көп кедергі жасады, қоғам алдындағы беделін түсірді.

Министрдің айтқаны болды. Тарих иститутына директорлыққа саясаттану маманы жіберілді. Бұл – ірі қателік еді. Мен қазір де осы пікірдемін. Тарихтың дербес ғылым және білім саласы екендігін сыйлайық. Ол – елге, қоғамға қажет, өз ерекшелктері бар гуманитарлық білім саласы. Осы шындықты тура түсіне алмаған кейбір ғылыми атағы бар кәсіп иелерін көргенде, әрине, көңілің құлазиды. Бірде саясаттанушы, енді бірде жеп-жеңіл тарихшы бола қалады. Бұл – әрине, ғылымда өз тақырыбын, өз орнын таба алмаған кісілердің ісі. «Өтпелі кезең» атанған мезгілдің бір қайшылықты көрінісі. Ғылымдағы осындай жағымсыз құбылыстардан арылудың бірден-бір жолы жаңа, тың методологиялық негізде жас ғалымдар буынын тәрбиелеу, өсіру болса керек. Осымен бір мезгілде тарихтану ғылымы, әсіресе, оның методологиялық және теориялық дәстүрі кемелдікке жеткен елдермен байланыстар орнату болса керек. Бұл аталған істерді атқару қоржыны, мемлекеттік қолдауды талап етеді. Білім және ғылым министрлігі ғалымдар мен тарихшылар қауымдастығы сияқты үкметтік емес ұйымдармен бірлікте 3-4 жылдық жоспар қабылдап, соны бәріміз жұмылып іске асырып жатсақ, әрине, қоғамға пайдалы шара болар еді. Дегенмен біз бәріміз де үмітпен өмір сүреміз. «Мемлекеттік қолдау жоқ» деп ауызды құр шөппен сүртуге болмайды. Бір ғана «Мәдени мұра» бағдарламасының өзі не тұрады! Біз, тарихшылар, нағыз ізденістер мен жаңалықтар заманында өмір сүріп жатқанымызды ұмытпауға тиістіміз. Қажырлы еңбек арқылы тарих ғылымы мен білімін жаңа сапаға көтеру – ортақ борышымыз.

– Әңгімеңізге рахмет.

//Айқын- Алматы

23 шілде, 2008 ж.

№135(1072), 3-бет.

Сұхбаттасқан Сейсен Әмірбекұлы

«МӘДЕНИ МҰРА» БАҒДАРЛАМАСЫ ЖӨНІНДЕ

– Елімізде мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы қабылданды.

Осы бағдарламаның қоғамның бүгінгі өмірінде алатын орнына тоқталып өтсеңіз?

– Қазақстан тарихында соңғы 10-15 жылдар төңірегінде орын алған өзгерістер бұрынғы империялық мемлекеттік, саяси жүйесінің жаңа жергілікті ұлттың өзін-өзі басқару жүйесіне алмасуы ғана емес, сонымен бірге рухани өмір, қоғамдық санадағы құндылықтардың да түбегейлі өзгерістерге ұшырауы болды. Міне осы жеке тұлға, жалпы қоғам санасындағы бетбұрыстар ұлт тарихын қайта құрудан бастады. Ресей империясы, оның мұрагері болған Кеңестер Одағы қазақ халқының санасына өз билігін баянды ете алатын рухани құндылықтарын егуге аз күш жұмсаған жоқ. Бұл стратегиялық мақсат ұлттық болмысымызды айқындайтын құндылықтарымызды, яғни салт-дәстүрімізді, ана тілімізді, ұлттық өнерімізді, құнсыздандыру, мінезімізді өзгерту арқылы іске асырылуға тиіс болды. Ұлы Ахмет Байтұрсынұлының «құнсыз болып еріміз, жесір болып жеріміз», «жан менікі» дей алмай, «мал менікі» дей алмай, ит пен құсқа азық ек!», – деген жолдары осы күйді білдіретін.

Міне енді жаңа заманға аяқ бастық. Империямен бірге оның ғасырлар бойы еккен құндылықтары да ыдырай бастады. Қоғамға өзінің табиғи мүдделерімен қауышып, құндылықтарын түгендеуге мүмкіндік туды. Міне, осы процесс еліміздің соңғы он жылдан астам тарихында пәрменді жүрді. Қоғамымызда Елбасынан бастап қатардағы азаматқа шейін ұлттық тарихымызға бетбұрыс жасады. Әрбір адам өзінің шыққан тегін, ата шежіресін білуге ұмтылды, әрбір азамат елінің өткен жолына үңіліп, сол арқылы бүгінгі көп сауалдарға жауап іздеді. Бұл жалпы ұлттық мәдениет деңгейінің жоғарылығын танытқан ғажап құбылыс-тын. Өйткені болашағына үміт артқан халық қана өткенін білуге құштар. Халық өткеніне селқостық танытса, онда оның өз болашағынан үмітінің үзілгендігі. Халықтың рухани өміріндегі осы мазмұндағы сапалы өзгерістерге қолдау жасаған мемлекет басшысы 1998 жылды «Халық бірлігі мен ұлттық тарих жылы» жариялады. Ал одан бұрынғы 1997 жыл саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы болды. Кенесары Қасымұлы, Әлихан Бөкейханұлы, Мұстафа Шоқай, Ахмет Байтұрсынұлы және басқа бұрын есімі оқулықтардан алынып тасталған ұлы тарихи тұлғалардың ұлт алдындағы еңбегі кең, тиесілі дәрежеде айтыла бастады, артында қалдырған мұралары жарық көрді. Тарихшы мамандарға, жалпы қоғамға кез-келген тарихи мәселеге байланысты пікір білдіру еркіндігі берілді. Міне, осы аталған және басқа атқарылған көптеген істердің табиғи жалғасы ретінде Елбасының ұсынысы бойынша елімізде «Мәдени мұра» аталатын мемлекеттік бағдарлама қабылданды. Биыл екінші жыл бағдарламаны орындауға қажет қаржы бөлініп, бұл іске шығармашылықтағы зиялылардың үлкен тобы жұмылдырылған.

– Ал осы мемлекеттік бағдарлама қандай қажеттіліктен туған?

– Бұл ретте мынадай жағдайларға көңіл аударған орынды болар еді.

Біріншіден, әлемде өз төл мәдени құндылықтарын қастерлеп, қадір тұтпаған ұлт өркендеу жолында тұщымды жетістіктерге жеткен емес. Бұл дәлелдеуге мұқтаж емес қарапайым шындық. Қазақ халқы соңғы үш-төрт ғасырда алғаш рет өзінің өркениет жолында өсіп-өнуіне негіз бола аларлықтай мәдени құндылықтарын елеп-екшеу мүмкідігіне ие болып отыр. Екіншіден бүгінгі дамыған елдердің бірде-біреуі тәуелсіз ұлттық –мемлекеттік тілде білім жүйесін қалыптастыру, оған қажет әдебиеттер қорын жасау кезеңін айналып өте алған емес. Қазақ тіліндегі сапалы білім жүйесі –бұл мемлекеттің баянды өсіп-өркендеу тіректерінің бірі, алғышарты. Яғни мемлекеттік тәуелсіздігін енді ғана қолына алған еліміз үшін бұл өз уақытында қойылған мәселе. Президент бұл істі кейінге қалдыруға болмайтындығын тарихи тұрғыдан дәл басып айқындап отыр. Үшіншіден, елдің экономикасын өркендету ісі мен дәстүрлі мәдениетін жаңғырту процестері арасындағы өзара байланыс бар екендігі де даусыз. Экономикадығы жетістіктер мәдениет саласындағы сұраныстарға жете көңіл бөлуге мүмкіндік туғызып отыр. Өз ретінде ұлт-тың озық мәдени құндылықтардың жаңғырту тұрақты экономикалық өркендеуге жағымды ықпал жасайтын болады. Төртіншіден, еліміздің қарқынды да нәтижелі дамуын шеттен алынған қондырғылық элементтер (мейлі олар ең үлгілі болсын) қамтамасыз ете алмақ емес. Қоғамдық өсіп-өркендеу әуелде өз топырағымызда тамыр жайған ұлттық мәдениет пен салт-дәстүрге, олардың өміршең озық үлгілеріне табан тірегенде ғана нәтижелі болары хақ. Кезінде Елбасы жасаған осы тұжырым маған халқымыздың ХХ ғасырдағы өмірлік тәжірибесінен тікелей туындағандай ұғылады. Отандық, елдік негіздерге иек арту бұл өсуіміздегі кемелдік нышандардың көрінісі екендігі анық. Бағдарлама көп қырлы және ол, мәселен мынадай міндеттерді шешу арқылы іске асырылмақ: еліміздің маңызды тарихи-мәдени және сәулет ескерткіштерін қайта жаңғырту, сөйтіп оларды туристік инфрақұрылым жүйесіне енгізу; әлемдік деңгейдегі қайраткерлердің көрнекті өкілдерінің, әлемдік деңгейдегі қайраткерлердің таңдаулы еңбектері мен шығармаларының озық үлгілерін қазақ тілді оқырманның қолына жеткізу, сол арқылы гуманитарлық білім жүйесінің мемлекеттік тілдегі толыққанды қорын жасау; қазақ тарихы мен мәдениетін тікелей қатысы бар жақын және алыстағы шетел мұрағат және кітапхана қорларындағы материалдарды көптомдық түрде жариялау, халықтың ауыз әдебиетіне тән інжу-маржан ескерткіштерін «бабалар сөзі» көптомдық кітабын баспадан шығару, т.с. міне осы мазмұндағы жұмыстар тіл білімі философия, мәдениеттану, психология және басқа салаларды қамтиды. Бағдарламаның жүзеге асуына қажет құжаттық материалдар даярланып, қабылданған, оның орындау барысында туындайтын мәселелерді уақытында шешіп отыру міндеті И.Н. Тасмағанбетов басқаратын Қоғамдық Кеңес пен Мәдениет, ақпарат және спорт министрлігіне жүктелген.

– Осы Кеңестің мүшесі ретінде бағдарламаның орындалу барысы жөнінде, не айтар едіңіз?

– Атқарылып жатқан жұмыс кең ауқымды, сондықтан да оның бәрін қамту мүмкін емес, кейбіреулеріне ғана тоқталайын. Мәселен, осы уақытқа шейін еліміздегі жиырмадан астам мәдениет ескерткіштерін жаңғырту және сақтау жұмыстарына қажет ғылыми-жоба қаражат құжаттары даярланып, нақты жұмыстар жүргізілуде. Тек 2004 жылы ғана 128.65млн мың теңге игерілді. Бұл ескерткіштердің арасында Арыстан-Баб, Абат-Байтақ, Жұбан ата Кесенелері, Жаркент мешіті және басқа белгілі мұралар бар.

Бүгінгі күнге дейін Отан тарихын зерттеу және оны білім жүйесінде оқытуға қатысы бар біраз жұмыстар атқарылғандығын айта кеткен жөн. Мәселен, құрамында тарихшы және филолог ғалымдар бар топтар және жеке ғалымдар бағдарлама аясында Қытай, Ресей, Моңғолия, Италия, Нидерланды, Австрия, Франция, Турция, Өзбекстан және Қырғызстанға археологиялық іс сапармен барып қайтты. Соның нәтижесінде, мәселен Қытай, Манчжур, ойрат, парсы және ортаазиялық түркі тілдеріндегі 3мыңнан астам жаңа құжаттар табылды. Олардың арасында қазақ хандары мен сұлтандарының Цин императорына, Іле губернаторларына және Тарбағатай билеушілеріне жолдаған алпыстан астам хаттары бар. Париж, Вена, Венеция кітапханалары мен мұрағат қорларынан түркі халықтарының б.з.д. ҮІІІ-б.э.д. ХІІІ ғасырдағы әскери және әлеуметтік-саяси тарихына тән грек, латын, француз және ағылшын тілдеріндегі ортағасырлық хроникалар мен жарғылар бар екендігі анықталды. Бұл құжаттық материалдарда сондай-ақ түркі халықтарының (сақ,алан, ғұн, сармат, массагет, т.б.) этнографиялық ерекшеліктері, өзара қарым-қатынастары және басқа жұрттармен алыс-берісі жөнінде де маңызды мәліметтер бар. Алғаш рет Қазақстандық зерттеуші (Гарковец А.Н) Ватикан мұрағатының құпия каталогымен танысу мүмкіндігіне ие болды. Каталогтағы ақпараттардан Ватиканның ІХ-ХІІІ ғасырларда Орталық Азия мен Оңтүстік Шығыс Еуропа өңірлерінде жүргізген миссионерлік қызметі жөнінде мәліметтер бар. Еліміздің тарихына қатысы бар дерек көздерінің бірі белгілі «Түркістан жинағы» 591томнан тұратын бұл жинақ Ташкенттегі Ә.Науаи атындағы кітапханада сақтаулы. Бүгінде өзбек ағайындар бұл көлемді мұраның электрондық версиясын даярлаған. Ташкентте жасалған іс-сапар нәтижесінде Тарих институтының ғылыми қызметкерлері (Мажитов С.Ф., Рүстемов С.К.) бұл маңызды деректер көзінің Қазақстан тарихына қатысты бөлігін (80%) алып келді. Болашақта ол құжаттық материалдарды көп томдық жинақ түрінде өзімізден шығаруға әбден болады. Нидерландияның Лейден университетінің кітапхана қорында ортағасырлық қыпшақ тілінде жазылған «Ованес Кармаданенттің алғыс бітігі» бар екендігі анықталды. 1618 жылы жазылған бұл кітап ортағасырлық қыпшақтардың баспа мәдениетін игергендігін, оған төрт жүз жылға жуық мерзім болғандығын айғақтайды. Өз ретінде бұл факті түркі халықтарында жазба мәдениетінің ерте кезеңдерден үзіліссіз жүріп отырғандығының көрінісі. Лейден университетінде бұл аталған кітаптан басқа түркі тілдегі 65 қолжазба ескерткіштерінің бар екендігі анықталды. Біздің ұлы көршілеріміздің бірі Ресейдің мұрағат және кітапхана қорларында сақтаулы Қазақстан тарихына тікелей қатысы бар құжаттық материалдардың аса мол екендігі мәлім. «Мәдени мұра» бағдарламасы сол маңызды құжаттық материалдардың біразын 10 томдық кітап түрінде басып шығаруға мүмкіндік туғызып отыр. Олардың арасында, мәселен, белгілі ресей елшісі А.И. Тевкелевтің «Журналы» (толық нұсқасы), тарихшы-өлкетанушы П.И.Рычковтың жазбалары және басқа еңбектер мен орыс-қазақ қатынасының ерекшеліктеріне тереңірек үңілуге туғызаттын құжаттар мол.

– «Мәдени мұра» бағдарламасының мақсат-мұратын қалың көпшілікке жеткізу ісі қандай деңгейде? Осы жөнінде де айта кетсеңіз.

– Бұл аса маңызды мәселе. Осы жылдың 27 мамыр күні Оңтүстік Қазақстан облысының Бәйдібек ауданы Қошқар ата ауылында «Мәдени мұра халықтың тарих айту, сақтау дәстүрі және оны жаңғырту жолдары» деген тақырыпқа ғылыми-практикалық конференция болып өтті. Оның жұмысына Румынияның Қазақстандағы елшісі Василе Соаре мырза, Алматы, Тараз, Шымкент қалаларынан барған 15-ке жуық ғалымдар мен жазушылар қатынасып, баяндама жасады. түпкірдегі ауыл адамдарымен жүздесіп, «Мәдени мұра» бағдарламасының мақсат-мұраты жөнінде әңгімелесу, еркін пікір алмасу мүмкіндігіне ие болды. Кітапханаларға, жеке адамдарға өз еңбектерін сыйға тартты. Сапар барысында қала тіршілігінен сыртқа шыққан зиялылар «Бәйдібек баба», «Домалақ ана», «Қошқар ата» кесенелерін көзімен көріп, олардың күтімімен танысты. Орда басы сияқты тарихи орында болып қайтты. Сонымен бірге өз ретінде ауыл адамдары, қарапайым халық танымал ғалым, жазушы, журналистердің ғылыми баяндамасын, айтқан пікірін тыңдады, өз пікірлері мен тұжырымдарын ортаға салды. Алматылық ғалымдар мен елші Василе Соаре мырза Шымкент қаласындағы жоғары оқу орындары студент, оқытушыларымен қызықты кездесулер өткізді. Қошқар ата конференциясын өткізуге мұрындық болып, қаржылай шығын өз мойнына алған кәсіпкер Оралбек Қожамжарұлына ризашылығымыз мол.

Бұл сапардан біздің түйген тұжырымымыз мынау: мұндай екі жаққа бірдей тиімді кездесулер еліміздің түкпір-түкпіріндегі ауылдарда, елді мекендерде өткені дұрыс. Сондықтан да бұл істі жалғастырмақ ойымыз бар.

//Da Қазақстан 2004 ж.

Сұхбатты жүргізген Ғалымжан Құлжабайұлы

БІЗГЕ ЕНДІ ӨРКЕНИЕТТІК КАТЕГОРИЯЛАРМЕН ОЙЛАЙТЫН КЕЗ КЕЛІП ЖЕТТІ АШЫҚ ҚОҒАМ ТУРАЛЫ

Осыдан біраз бұрын Мұхтар Әуезовтың мұражай – үйінде АҚШ-тың Фулбрайт қоры (бұл да Сорос сияқты қор – ред.) «Ашық қоғам және дәстүрлі мәдениет» атты мәжіліс өткізді. Бұл мәжіліске қырғыздың әйгілі кинорежиссері Болат Шамшиев, қырғыз саясаттанушысы Үміт Асанова, Қазақстандағы АҚШ әкімшілігінің Мәдениет жөніндегі елшісі және танымал бірсыпыра әдеби-мәдени қайраткерлер қатысты. Әңгіменің ұзын-ырғасы «Біз ашық қоғамға өтуіміз керек» дегенге келіп сайды.

Осы жиынға мен де қатысқан едім. Өз ойларымды ортаға салдым.

– Ашық қоғамға қарсы шықтыңыз ба?

– Қазақ қоғамы еш уақытта тұйық қоғам болған емес. Баяғыда да, қазір де. Әйгілі Жібек жолының Қазақстанның үстінен өтуі – біздің баяғыдан-ақ есік-тереземіздің де, ниет-пейіліміздің де ашық болғандығының белгісі. Алыс-берістің қандай түрі болмасын, қазақ одан ешуақытта қалыс қалып көрген емес...

Бұл жерде «Біз кімнің алдында және ненің алдында ашық-шашық болуымыз керек? Және не үшін ашық-шашық болуымыз керек?» деген мәселенің басын ашып алу керек сияқты. XІX ғасырда Батыс Европа елдері Азия елдері (Қытай, Жапония, Үндістан және т.б.) үшін «Ашық есік» саясатын жүргізді. Яғни, осы саясатты бетке ұстап, Азия елдеріне тауарларын өткізді. «Бекіністерді бұзатын – тауар» дейді Ф.Энгельс. Осы сөзде шындық бар. Ал енді қазіргі «Ашық қоғам» да сол баяғы «Ашық есіктің» жаңғырған түрі секілденеді де тұрады маған. «Ашық қоғам» концепциясының арғы астарына тереңірек үңілсеңіз, теориялық агрессияның нышандарын байқайсыз.

– «Теориялық агрессия» дейсіз бе? Мұны қалай түсіндік?

– Батыстың социологы және футурологы Э.Тоффлердің айтуынша, адамзат өркениетінің тарихы үлкен-үлкен үш кезеңге бөлінді: 1. Аграрлық өркениет. 2. Индустриялы өркениет. 3. Информациялы қоғам. Міне, біз қалайық – қаламайық, қазір осы информациялы қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Ал енді информациялы қоғам немен сипатталады?

Аграрлық өркениеттің сипаттамасы бойынша, адам қызметі дегеніміз – адам мен табиғи ортаның (жер, су, орман- тоғай т . б.) ара-қатынасы. Индустриялы өркениеттегі қызмет – адам мен жасанды ортаның (өнім шығаратын кәсіпорын, ірі өндіріс орындары және т.б.) арақатынасы. Ал информациялы қоғамдағы қызмет – адам мен адамның ойыны болмақ. Яғни, адам мен адамның арақатынасы (шенеунік пен оның қабылдауына кірген адамның, дәрігер мен пациенттің, оқытушы мен оқушының аразқатынасы) қоғамдағы ең басты, ең негізгі қатынасқа айналады. Демек, адамдар енді бір-бірімен өзара үйлесімді өмір сүруді үйренуі керек. Бұл – адамзат тарихында бұрын-соңды болмаған ситуация. Ал енді осындай жағдайда, осындай қоғамда, осындай қатынаста басты роль атқаратын не? Білім. Интелект. Қазіргі күнгі шешуші тетік, шешуші факторы – білім. Бұрындары шешуші фактор – қара күш, онан кейін бұл рольді – ақша мен байлық атқарса, қазіргі кезде ақша да, байлық та шешуші фактор болудан қалып келеді. Қазіргі күннің шешуші факторы – білім, кімнің білімі негізді болса, соның қолы ұзын, оның құрығы ұзын. Батыстың білімі зор, ғылымы дамыған мемлекеттері қазір бізге, біздің жас мемлекетімізге дамудың түрлі модельдерін, түрлі концепцияларды тықпалап бағуда. «Теориялық агрессия» дегеніміз де осы. Теориялық агрессияның бір жаман жері, бұл түптеп келгенде тек саяси тәуелділікке қана емес, сонымен бірге экономикалық, ғылыми, мәдени тәуелділікке де ұшыратады.

– Ал енді теориялық агрессиядан құтылмақ үшін не істеу керек?

– Әрбір қоғамның, мемлекеттің өз даму бағытын анықтау мақсатында жасаған теориялық концепциялары болуға тиіс. Біз дамуымыздың басты һәм басым бағыттары туралы теориялық концепцияларды өзіміз жасауымыз керек. Және мұндай теориялық концепциялар біреу-екеу ғана емес, бірнешеу болуы және негізді, өзіміздің ерекшеліктерімізге сүйенуі керек. Менің түсінігімше, жиі айтылып жүрген ұлттық идеология осы іргелі, еліміздің ғылыми мекемелері арнайы даярлаған теориялық тұжырымдардан бастау алуы қажет. Өкінішке қарай, еліміздегі ғылыми – зерттеу институттары осы іске атсалысуда тегеуріндік таныта алмай келеді.

МАРГИНАЛДАР ТУРАЛЫ

– Көптеген шетелдік орталықтар қазіргі уақытта біздің қоғамның жалпы мәдени, интеллектуалдық деңгей-дәрежесі жөнінде ақпараттар жинау үстінде. Олардың қайсыбірі біздің өз құндылықтарымызға қатынасымызды, өзге құндылықтарға жақын-алыстығымызды, санамыздың деңгейін (рулық сана ма, жоқ әлде ұлттық, өркениеттік сана ма?) және өзге де қадыр-қасиетімізді өлшеуге, білуге ден қоюда.

Өзгелер бізді осылай білуге, тануға зор ынта білдіріп отырғанда, біз неге өзімізді өзіміз тануға тырыспауымыз керек?

– Осы орайда, ең алдымен, мына нәрсені анықтап алған дұрыс. Біздің алған біліміміз, интеллектуалдық деңгейіміз бізге дәл бүгін қажет құндылықтарды тура ажыратуға, ажырата білуге мүмкіндік бере ала ма? Соған сәйкес даму-өсу моделін қалыптастыра аламыз ба? Жоқ па? Бұл – аса приципті мәселе.

Осы приципті мәселенің тұрғысынан қарасақ, бізде мынадай екі деңгей байқалады (кеңестік дәуір қалыптастырған шындық десек те болады мұны). Бірі – ұлттық негізге, ұлттық құндылықтарға сүйенген топ. Бүгінгі өмір талабы тұрғысынан келгенде, бұл топтың болмысындағы басты қайшылығы мынау: ұлттық мүддені анықтауда бұлардың кейде рулық мүдденің ырқында кетіп қалатыны да бар. Екіншісі – ұлттық негізбен байланысы әлсіреп қалған маргиналдық топ. Ұлттық құндылықтардың қадір-қасиетін пір тұтқан бірінші топтағылар ұлттық негізден қол үзіп қалған екінші топтағылардың алған бағытының қандай нәтижемен аяқталарын (басқа мәдениетке сіңіп кету) сезіп, олар ұстанған бағыттан шамасы келгенше бойын алыс ұстауға тырысады. Өзге мәдениеттің құндылықтарына бой алдырып, бауыр басқан екінші топтағыларға ұлттық өмірдің белгілі себептерге байланысты жетілмей қалған қырлары тым қарабайыр, сөлекет көрінеді.

– «Ұлттық өмірдің белгілі себептерге байланысты жетілмей қалған қырлары» деп нені айтасыз сонда?

– Ұлттық өмірдің белгілі бір себептерге байланысты жетілмей қалған қырлары болады. Мәселен, олар жеке адамның жайбасар мінезінен, қарабайыр дүниетанымынан, қайсыбір доғал, үйлесімсіз әрекетінен байқалып тұрады. Жалпы қоғам өмірінің ілгері жылжуына кедергі болып табылатын мұндай факторларды екінші топтағылар өздерінің маргиналдық, статусын ақтап аларлық аргумент етіп алады. Білімсіздіктің балдыры мен салғырттықтың торына шырмалған қарабайыр өмірді нұсқап олар: «Қараңыз, мына өмірдің несі жақсы!?» дейді. Ал шын мәнінде ұлттық өмірдің басты құндылықтары мен негізгі кәусәрінен қол үзіп қалған олар «битке өкпелеп, тонын отқа тастағанын» сезбейді. Өйткені ұлттық негізден айрылған өмірдің болашағы бұлынғыр, күмәнді. Біздің табиғи байлығымызға қызығып отырғандарға да керегі – дәл осы «нәтиже». Олардың осылай ойлауы. Осылай әрекет етуі.

– Өз басыңыз маргиналдардың бойынан жақсы, жағымды қасиеттер байқай алдыңыз ба?

– Бүгінгі техника мен технологиялық жетістіктерге негізделген қоғамдық өркендеуге қажет үлгі, саяси, мәдени жүйедегі басымдылық әзірге Батыста. Сондықтан Батысқа осқырына, үрке қараудың жөні жоқ. Алды – артымызды аңыстап, «екі шоқып, бір қарап», Батыстан мүмкіндігінше үйрене беруіміз керек. Осы тұрғыдан келгенде, маргиналдардың біршама жақсы қасиеттері де бар: олардың теориялық даярлығы жаман емес, Батыстық өркениеттің алдыңғы үлгілеріне еліктеуге және соны қабылдауға бейім.

– Кемшілігі неден?

– Мен бұл жерде тек тарихшыларға ғана қатысты айтайын...

Мәселен тарихшы көне тарихты, яғни, ата-бабаларының тағдыр- талайын зерттегенде өзінің де сол аға, ата буындармен мүдделес, рухтас, мұраттас, мұңдас екенін жан-тәнімен сезіне алуы қажет-ақ. Міне, маргиналдарға жетпейтіні де осы. Теориялық даярлығы бар, бірақ... Мен жоғарыда маргиналдардың «битке өкпелеп кейде тонын отқа жағатыны» жөнінде айттым ғой. Осы орайда маргиналдарға, тек маргиналдарға ғана емес, баршамызға үлгі ретінде мына бір жайды айта кетсем деймін. 1921-22 жылдары Қазақстанда үлкен ашаршылық болды. Халық қырылып жатты. Әсіресе, осы ашаршылықта Торғай облысы көп зардап шекті. Осы тұста Алаш зиялылары «Қазақта жылу жинау деген дәстүр бар. Ашаршылыққа қатты ұрынған аудандарға арнап жылу жинайық!» деп, бұған большевиктерді де, өкіметті де көндіріп ел-елден мал жинай бастайды. Семей облысынан жиналған малды Жүсіпбек Аймауытов бастаған зиялылар Торғай өңіріне айдап апарып, ауыл-ауылға қылдай етіп бөліп береді. Қызылкөздер қай жерде де, қай елде де бар ғой, міне осындай қызылкөздер Жүсіпбектің үстінен «Ж. Аймауытов Семейден айдап келген малдың көбісін өзінің арғындарына үлестіріп, қыпшақтарға қалған-құтқанды ғана таратып берді...» деген жалалы арыз жазады жоғары жаққа. Ж.Аймауытов пен алаш зиялыларын аяқтан шалудың сәтін күтіп жүрген биліктегі Ф.И. Голощекин бастаған шенеуніктер нақақтан жабылған жаланы іліп алып кетіп, сот процесін бастап жібереді. Архивтен Жүсіпбек Аймауытовтың ақтық сөзін оқыдым (Жазушының бұл өзін қорғау сөзін архивтен тауып алғаш рет жариялаған едім. Қараңыз: «Басқа табар елім жоқ!» // Қазақ әдебиеті, 1996, 6 ақпан). Жалалы арызға қатты қапаланған, күйіне налыған Жүсіпбек сонда бүй дейді. «Менің бүгін соттың алдында сүмпиіп тұратын жөнім бе еді?! Қайтейін... Халқым осындай болса, менің не шарам бар? Басқа табар елім жоқ! Халқыммен біргемін, не көрсем де осы халықпен бірге көремін ...». Міне, халқын сүю, ұлтын сүю дегеніміз осы! Халықтың жетістігін көрген кезде сүйініп, ал оның кемшілігін көрген кезде түңіліп кете салуға болмайды. Жүсіпбек Аймауытов секілді әманда халықпен бірге болу керек! Біз өмір сүріп отырған заманның бір ерекшелігі – ұлттық сананың жаңғыруы. Меніңше, қазақ халқы үшін бұл жағымсыз құбылыс деп айтуға ешкімнің де ауызы бара қоймас. Міне осындай жағдайда өзін осы жұрттың перзентімін деп санаған адам қалайша оның тарихы мен мәдениетінен, әдебиеті мен өнерінен тыс қала алады? Халқына қайта оралған Мағжан мен Жүсіпбектің шығармалары оның көңілінде толқу туғызбаса, Ә.Бөкейхан мен М.Шоқайдың ұлт үшін жасаған қызметі оның жанында жігер отын жақпаса, онда бұл отандасымыздың кімге айналғаны? Басқаша айтқанда қазақ, қазақстандық болса өзін Қазақстанның азаматтарына тиесілі түрлі артықшылықтарды құқықтық негізде иемдене алатын азамат ретінде ұғыну ғана емес, сонымен бірге өзінің рухани болмысын осы елдің мәдени мұра, құндылықтарымен тұтастықта сезіну болса керек.

МИФТІК САНА ТУРАЛЫ

– Сіз жаңа ғана кейбір зиялыларымыздың «ұлттық мүддені анықтауда кейде рулық мүдденің ырқында кетіп қалатыны бар» дедіңіз. Демек, бізде рушылдық та бар ғой?

– Бар нәрсені «бар!», жоқ нәрсені «жоқ!» деп айтуымыз керек. Арамызда рулық мүддеге қарай бүйрегі бұрып тұратындар бар. Көп емес шығар, бірақ бар.

Қазір кім көп, ана тілін білмейтіндер көп. Ал енді осылардан сұрап байқаңызшы, руын білмейтіндері жоқтың қасы. Біз кез келген қоғамдық құбылысқа баға бергенде ең бірінші кезекте «Осы құндылық па, жоқ әлде өткінші нәрсе ме?» деген мәселені анықтап алған жөн. Рулық сана – натуралды шаруашылық кезеңіне тән сана, ортағасырлық саяси күйге тән құбылыс. Рулық сана – ұлттық мемлекеттікке, ұлттық мемлекет жүйесін жасауға қайшы, кереғар. Рулық сана егер біздің күнделікті өмірімізде, қызметімізде, азаматтық ұстанымызда басымдылық алса онда не болғаны? Қазақ қоғамының бүгінгі жағдайына байланысты Рабиндранат Тагордың «Индия – ана сен ұлдарыңды кең байтақ атамекенге шашып таста» деген сөзі есіме түсе береді. Рулас адамыңа көмектеспе деп ешкім де айта қоймас, көмектес, бірақ жақсы, ел болып өсіп-өну мағынасында. Қоғамға зиянды мағынада емес. Мифтік сана өтпелі кезеңде бас көтереді. Қазіргі бірсыпыра шығармашыл зиялыларымыз, «шежірешілдеріміз» осы мифтік сананың шырмауынан шыға алмай жүр. Қолдан аңыз жасап, сол аңыздарына өзгелерді де сендіруге тырысып бағуда. Мәселен, атын айтпай-ақ қояйын, беп-белгілі жазушымыз өз романында осындай аңыздарға сүйеніп, кәдімгідей «тұжырымдар» жасайды. Сондағы «тұжырымыңның» сиқы мынау: қазақ – жоңғар соғысында пәленбай деген ру ядролық міндет, ұйымдастырушылық қызмет атқарған, өзге рулар осы рудың айналасына топтасқан, жаудың бетін қайтарған басты батырлар да осы рудан шыққан және т.т. Бұл – өте зиянды, аса қатерлі «тұжырым». Руаралық, жүзаралық талас-тартысты тудырып және оны қоздыратын «тұжырым». Жалпы шығармашыл зиялыларымыз ұлттық мүддеге зиянды мифтер жасаудан алыс болып, өнбейтін тақырыптың төңірегінде дау туғызып, елді ауық-ауық дүрліктіріп отырғаны кемелдіктің нышаны емес. «Шыңғыс хан жалайыр екен...», не болмаса «Шыңғыс ханның шешесі де, әйелі де қоңырат екен» деген желқуық пікірлердің ар жағында да осындай бықсықтар жатыр.

ШЫҢҒЫС ХАН ТУРАЛЫ

– «Шыңғыс хан» дегеннен шығады, баспасөз бетінде жүріп жатқан Шыңғыс хан туралы айтыс-тартысқа көзқарасыңыз қалай?

– Өзіңізге мәлім, осыдан сәл біраз бұрын баспасөз бетінде Шыңғыс ханның тарихтағы орны жөнінде қызу айтыс жүрді. Бұл жалпы табиғи құбылыс. Тарихтағы ірі тұлғалар жөнінде айтыс-тартыстың болуы қоғамдық танымның жаңа сатыға көтерілуіне ықпал жасайды.

Бізде бір жаман әдет бар. Өмірдің мың-сан бояуынан екі-ақ түсті білеміз. Айтқанымыз не ақ, не қара болуы тиіс. Осы «не ақ, не қара» деген схемадан ажырай алмай-ақ қойдық. Шыңғыс хан – аса күрделі тұлға. Адамның өмірі – көп қырлы, көп сырлы, көп вариантты, сан салалы. Шыңғыс ханның өмірі мен қызметі «не ақ, не қара» деген схемаға сыймайды. Француздардың XVІІІ ғасырда өмір сүрген Робеспьер деген революционері бар. Робеспьер жөнінде француз зиялылары әлі күнге дейін таласып-тартысады, біреулері «қанішер» десе, енді біреулері «жаңа позицияны айқындаған жаңашыл тұлға» деп таниды. Және әр буын алмасқан сайын сол буынның өкілдері Робеспьер туралы өз пікірлерін білдіріп жатады. Және бұл пікірлердің жуыр маңда тоқтар да, толастар да түрі жоқ. Сол сияқты, Шыңғыс хан туралы айтыс-тартысқа да неге Тарих институты мынанікі – дұрыс, ананікі – дұрыс емес деп нүкте қоя салуға тиіс? Шыңғыс хан сияқты аса күрделі тұлғаны тану – ғасырлардың еншісі.

ҰЛТТЫҚ ТҰТАСТЫҚ ТУРАЛЫ

– Рушылдық пиғылды түрткілеп оятатын, қоздататын, рулық мүддені еске түсіретін себеп пен салдарларды, әсілі, болдырмауға және оның алдын алып отыруға ден қою керек. Алаш зиялылары сияқты.

– 1917 жылы Уақытша Үкіметтің тұсында Қазақстаннан Бүкілроссиялық Құрылтайға депутаттар сайлау науқаны жүреді. Осы кезде ұлтымыздың ұлы перзенті Міржақып Дулатовтың «Қазақ» газетінде ашық хаты жарияланады. Ашық хаттың толық мәтіні сөзбе-сөз есімде жоқ, тұжырымдап айтсам, Міржақыптың сөзі төмендегідей: «Қазақ қоғамы арасында сайланып жатқан депутаттардың басым бөлігі – арғындармыс деген күңкіл шықты. Соған байланысты мен өз кандидатурамды қайтып аламын. Мақсатым – бір арғын кем болсын деген ой. Өйткені, мен күллі өмірімді ұлттың тұтастығына арнаған адаммын. Рулық мүдде екі жалау етіп ұстау менің ұстанымыма қайшы келеді».

Егер Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытовтар мезгілсіз қазаға ұшырамағанда, біз ұлттық консолидация, яғни ұлттық ұйысу процесінен баяғыда-ақ өтіп кететін едік... «Ұлттық тұтастық болған жағдайда ғана азаттық, тәуелсіздік баянды болады». Алаш зиялылары осылай деген. Бұл не? Бұл – формула. Қоғамдық дамудың формуласы. Біз бұл формуланы қай уақытта да, қандай жағдайда да ұмытуға тиіс емеспіз...

ЗИЯЛЫЛАР ЖАУАПКЕРШІЛІГІ

– Қоғаммен бірге зиялылар да өзгеріп келе жатқандай әсер қалдырады. Егер осы пікіріммен келіссеңіз, бүгінгі зиялылардың болмысындағы қандай жағымды-жағымсыз көріністерге көңіл аударар едіңіз?

– Бір нәрсенің басы ашық. Зиялылардың тәуелсіздік жылдары белсенділігі арта түсті. Қоғамда жаңа сападағы рухани ахуалдың қалыптасуына үлкен ықпал жасады. Сонымен бірге оның қоғамдық қызметінде ойландыратын жағдайлар да бар сияқты. Мәселен, осы соңғы 10-15 жылдың аралығында шығармашылық зиялылар телевидение, баспасөз жұмысына ең жоғары деңгейде тартылып келеді. Бұл – жалпы табиғи құбылыс. Зиялылар байланыс құралдары арқылы халқына, мемлекеттік тәуелсіздікке қызмет етуге тиіс. Уақыттың бір ерекшелігі де осында. Өз басым тура осы арада БАҚ пен зиялылар арасында өзара түсіністік, сыйластық болғанын қалар едім. Олар бірін-бірі өздерінің мүдделері үшін пайдаланбағандары жөн. Олардың екеуінің де мүдделері жалпыұлттық, жалпықоғамдық мүдделер болатындығын ұмытпауымыз қажет-ақ. Олай болмаған күнде екеуінен де бедел кетеді.

Сонымен бірген БАҚ-қа бет бұрған зиялылардың кез-келген мәдениеттің іргетасын құрайтын іргелі еңбектер жаратуға уақыты да, күші де қалмағандай көрінеді де тұрады. Мүмкін мен қателесермін. Дегенмен, зиялылардың бастапқы міндеті әрқашанда іргелі құндылықтар жарату болған. Ғылыми зерттеу еңбектері. Көркем шығарма. Ғажап өнер. Есімде, кезінде яғни 1950-1960 жылдары біз М.Әуезовтің, С.Мұқановтың, З.Шашкиннің шығармаларын іздеп жүріп, үлкен ләззатпен оқитынбыз. Ал бүгінгі жас буында сондай ұмтылыс бар ма? Жазушыларымыз бен ғалымдарымыз жас ұрпақтың қолынан түспейтін құндылықтар жарата алып отыр ма ?

– Жазушыларымыз көптомдық шығармаларын бастыртып жатыр. Ал солардың ішінде бар үздік туындыларды басым бөлігі қалаға ығысқан бүгінгі жастар қолына ала ма екен?

– Қоғамның рухани өмірінде болып жатқан осындай өзгерістер – зиялыларды ойландыратын жағдай. Егер біз жас ұрпақты «арзан» мәдениетке (массовая культура) беріп қойып, күнделікті күйбең тіршілігімізден аса алмасақ, онда ертеңіміз – бұлыңғыр. Жастардың талғамы, рухани мәдениеті – зиялылардың ең негізгі міндеттерінің бірі болса керек. Бүгінгі білім жүйесінде болып жатқан реформалық өзгерістер жас ұрпаққа өз Отанының тарихын, әдебиетін, сонымен бірге, әрине шетел тілдерін жетік меңгеруге жағдай туғызумен аяқталғаны жөн болар еді.

БАТЫС ПЕН ШЫҒЫС

– Халқымыздың көп айтылып, жазылып жүрген жаһандану процесіне араласу мүмкіндігі жөнінде түрлі пікірлер бар...

– Мұхаммед Хайдар Дулатидың «қасиетті ғылым – жалпы адамзатқа ортақ» деген сөзі бар. Әбден орынды әрі дәл жасалған тұжырым. Сол сияқты бүгінгі мәдениет пен ғылым әлем халықтарының жасампаз еңбегінің нәтижесі. Оны жаратуға түрлі тарихи кезеңдерде біздің Қожа Ахмет Йассауи, Жүсіп Баласағұн, Махмұд Қашқари, Әл Фараби, Ибн Сина сияқты отандастарымыз да өз үлестерін қосқан. Осы айтылған және басқа да біздің топырағымыздан шыққан белгілі тұлғалар кезінде әлемдік категориялармен ойланатын, сондай еңбектер жазған.

Тіптен ары бармай-ақ кешегі XX ғасырдың басында өмір сүрген Әлихан Бөкейхан мен Мұстафа Шоқай өз отанының болашағын әлемдік өркениетпен тұтастықта көргенін дәлелдеп, қорғап жатудың қажеті бола қоймас. Яғни, жалпы адамзаттың даму үрдісіне араласу біздің халық үшін мүлдем беймәлім құбылыс емес. Осымен бірге мәселенің екінші қырын, басқа бетін де ұмытпағанымыз жөн. Біз әлемдік өркениетке сырттан алынған «қондырғылар» арқылы емес, өз топырағымызда тамыр жайған отандық құндылықтарымызды өсіру, өркендету арқылы ғана қосыла аламыз. Біз, қазақ халқы, тарих тәжірибесі көрсетіп бергендей, соңғы екі ғасырда ең аз дегенде үш мәрте «өтпелі кезеңдерді» бастан кешірдік. Алғаш рет – XІX ғасырдың 60-шы жылдары ресейлік отарлық жүйемен бірге жаңа басқару тәртібі енгізілгенде. Екінші рет, өздеріңізге мәлім, социалистік төңкеріске байланысты, яғни XX ғасырдың 20-30-жылдары. Сондай-ақ үшінші рет – 1991 жылы кеңестік билік ыдырап, оның орнына тәуелсіз мемлекеттердің орнығу процесі басталғанда. Шығыс мәтелі шамамен «Дұшпаныма өтпелі кезеңде өмір сүруді тілеймін» деген мазмұнда айтылады. Өтпелі кезеңді бастан кешіру халыққа да, оның дәстүрлі мәдениетіне де жеңіл емес. Тура қазіргі тарихи кезеңде біздің халқымыз үшін аса маңызды мәселе кіммен, қандай дәрежеде өзара ықпалдастыққа түсу емес (әрине бұл фактордың да маңызын жоққа шығару дұрыс болма қоймас), бұдан сәл өзгеше мазмұндағы мәселе, яғни «мен қандай қоғамнан шықтым, не жоғалттым, не таптым, ал мына қалыптасқан жаңа жағдайда қандай құндылықтарды сақтап, жетілдіре түсіп, ілгері өркендете аламын?» деген мәселе болса керек.

– Әңгімеңізге рахмет !

Әңгімелескен: Әмірхан Меңдеке

//Жас Алаш, 2003 жыл, № 14, 1 ақпан

БОЛАШАҒЫНА ҮМІТ АРТҚАН ХАЛЫҚ, ӨТКЕНІН БІЛУГЕ ҚҰШТАР

Мәмбет Қойгелдиев – елімізге кеңінен танымал зерделі тарихшы. Тарих және этнология институтының директоры, тарих ғылымының докторы, профессор. Өз ойын ашық айтады, өз пікірін бүкпесіз білдіреді. Өзіндік көзқарасы, өз айтары бар. Не нәрсені болсын өзінше бағамдайды, қандай құбылысты болсын өз тұрғысынан бағалайды. Яғни нағыз ғалым. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары тарихымыздың ақтандақ беттерін ашуға білек сыбана кірісіп, ұлтымыздың ұпайын түгендеуде еселі еңбек етіп келе жатқан күрескер ғалымдардың бірі, бірі емес, бірегейі. Жақында тарихшыға жолығып, тарихымыздағы кейбір түйінді мәселелер төңірегінде ой бөлісудің сәті түскен еді.

Сонымен, «Қазақ әдебиетінің» бүгінгі қонағы – профессор Мәмбет Қойгелдиев.

– Сіз институтқа басшы болып келгелі де екі жылдай уақыт өтіпті. Сондықтан да әңгімеңіздің әліпбиін институттың қазіргі жағдайын айтудан бастағанды жөн көріп отырмын. Көңіліңізді күпті ететін жайлар бар ма, жоқ әлде, институттың болашағына нық сенімдісіз бе?

– Ғылымның бүгінгі жағдайын түсінуді оның тарихына көз жүгіртуден бастаған жөн болар. Қазақстанда тарихтанудың дербес ғылым саласы ретінде қалыптаса бастауы өткен ғасырдың 20-30 жылдарына тұс келеді. Алғашқы республикалық ғылыми-тарихи орталық БКП (б) Орталық Комитеті жанындағы Марксизм-ленинизм институтының (ИМЭЛ) қазақстандық филиалы болды. Оған Қазақстандағы большевиктік партия ұйымының тарихын жазу сияқты таза идеологиялық міндет жүктелді. Қазақстан тарихын жазуға байланысты ең алғашқы көзқарастық қақтығыстар осы мекеме шаңырағы астында басталды. 1933 жылы желтоқсанда 20 күнге созылған нағыз текетірес тақырыбы алаштық зиялылар қызметін бағалау жөнінде болды.

Міне осы кезден-ақ Отан тарихына көрсетілген «ыстық ықыластан» тарихтану ғылымына саяси биліктің қандай мән-мағына бергендігін аңғаруға болады. Ресми билік тарихтану ғылымын есеп айырысу құралы ретінде ұлт-азаттық қозғалыс басшыларына, демек, жаңғыру және қалыптасу жолында тұрған ұлттық сана мен өмірге қарсы пайдаланды. Бұл – мемлекеттік деңгейде жасалынған қылмыс, әрі қиянат болатын. Яғни империялық билік қойнауында өмірге келген тарихтану империялық мақсат-мүддеге қызмет жасауға тиіс болды. Осы тарихи мезгілдегі азаттық қозғалыстың таңдаулы өкілдері М.Тынышбаев, С.Асфендияров, Т.Рысқұлов өздерінің шығармашылық мүмкіндіктерін тарихтану арқылы танытып, Отан тарихына арнап терең ғылыми еңбектер жазды. Бұл қайраткерлердің тарихқа баруы еріккендіктен емес-тін, халықтың жүріп өткен жолын теориялық тұрғыдан қорыту арқылы оның тағдырына жағымды ықпал жасау әрекеті еді. Халық тарихы тек үзіліссіз үдемелі дамудан немесе тек арпалысты күрестен тұрмайды. Халық өмірінің басым бөлігі бейбіт жағдайда күш жинаудан, материалдық және рухани қорланудан, тіптен азды-көпті мерзімге созылған жайбарақат күйбең тіршіліктен тұрады. Егер ол тек өмір үшін арпалысты күрестен ғана тұрса, қоғам мен адам болмысы біртіндеп азып, өмір өзіне тән ғажап тартымдылығынан айрылған болар еді. Осы тұрғыдан қазақ тарихының соңғы үш жүз жылдығына көз жүгіртсек, мынадай жағдайды байқаймыз. Әрбір 50-60 жылдық (бұл орта есеппен алғанда екі буын ұрпақ өмірі) өмірін бейбіт жағдайда өткізіп күнделікті тіршілікке арнаған халық, ең кем дегенде келесі 5-10 жылын жалпы қоғам өмірін құшағына алған арпалысты күрес жағдайында өткізуге мәжбүр болған. ХХ ғасырдың алғашқы жартысында өмір сүрген М.Тынышбаев, С.Асфендияров, Т.Рысқұлов және басқа ұлт зиялыларының өмірі халық тарихының кезекті арпалысты кезеңіне тұс келеді. Соған байланысты болса керек, олар жазған ғылыми тарих та заманына тартып туған «перзентті» еске салады, яғни «бір айтары ішінде» болды. Осы арада мынадай бір жағдайға тоқтала кетейік. Қазақстандағы тарих ғылымы кеңестік билік жағдайында және орыс тарихтану мектебінің ықпалы аясында өмірге келген құбылыс. Отан соғысы жылдары (1941-1945) КСРО-ға тарих институтының бір топ ғалымдары уақытша Алматыда тұрып, қазақ жерінде, осы ғылым саласының өркен жаюына жағымды жағдай туғызды. Олардың арасында Анна Михайловна Панкратова, Михаил Порфирьевич Вяткин сияқты сол тұстағы ғылымның аса ірі тұлғалары бар-тын. Соғыстан кейінгі кезеңде Қазақстанда тарих ғылымының күрт қарқын алуы, белгілі дәрежеде, осы мәскеулік топ қалыптастырған ситуацияның логикалық жалғасы ретінде қарастырылуына негіз жеткілікті.

– Қазақстанда тарих институтының жеке шаңырақ көтергені де сол жылдар емес пе?

– Ия, дұрыс айтасыз, 1945 жылы Қазақстанда дербес Тарих, археология және этнография институты өмірге келді. Бір ғажабы сол, кеңестік билік өсіп-өркендеуге қажет ситуацияны өз еркімен туғыза отырып, өз қолымен оның толық табиғи салдарларынан тұншықтырып отыруды да есінен шығарған емес. Бұл тұрғыдан алғанда ол болмысы қайшылыққа толы, үйлесімсіздікке құрылған қоғам болатын. Әлгінде ғана Қазақстанда құрылған тарих саласындағы Академиялық ғылыми-зерттеу институты үшін ұлт-азаттық мәселесі тағы да үлкен дау туғызған тақырыпқа айналды. Бұл жолы идеологиялық аппарат қылышын «алаштық ұлтшылдардың сарқыты» Е.Бекмаханов, Б.Сүлейменов сияқты қалыптасқан кәсіби тарихшыларға сермеді. Олардың алды 25 жылға сотталып, қалғандары абақтының есігін ашып, қуғын-сүргіннің дәмін тартты. Міне, осы алғашқы кәсіби тарихшы ғалымдар буынына жасалған зорлық пен қиянат бұдан былай тарихтану ғылымына келген зертттеушілерге жасалған қатаң ескертулермен тең еді.

Соған қарамастан, яғни қатаң идеологиялық қыспақпен бір мезгілде Қазақстанда іргелі тарих ғылымының қалыптасу процесі жүріп жатты. Тарих институты негізінде Отан тарихының барлық кезеңдері зерттеуге алынды, тарих ғылымындағы ішкі мамандану процесінің табиғи нәтижесі ретінде археология, деректану, тарихнама, этнография, антропология, тарихи демография, диаспорология сияқты ғылыми бағыттар қалыптасты. 1977-1981 жылдар аралығында қазақ және орыс тілдерінде бес томдық «Қазақ ССР тарихы» жарық көрді, басқа да қыруар жұмыстар атқарылды. Қазіргі уақытта Институт тарих ғылымының жоғарыда аталған салалары бойынша жетекші әрі үйлестіруші орталық болып табылады. Институтта жұмыс жасайтын 49 ғылыми қызметкерлердің 14-і ғылым докторлары. Олардың арасында тарих ғылымына бар саналы ғұмырын арнап, бүгін де жемісті еңбек жасап жүрген ғалымдар бар. Қорыта айтқанда, өткен ғасырда елімізде тарихтану ғылымы мен оның кәсіби мамандарының қалыптасуы тарихи шындыққа айналды. Мемлекеттік тәуелсіздік қоғамдағы рухани ахуалдың мүлдем өзгеруіне алып келді. Ұлттық тарихымызға, оны жаңа сапада қорытуға деген бетбұрыс байқалды. Әрбір адам өзінің шыққан тегін, ата шежіресін білуге талпыныс жасады, көзі қырағы азамат елінің өткен жолына үңіліп, сол арқылы бүгінгі көп сауалдарға жауап іздеді. Заман тарих ғылымын гуманитарлық білім салаларының алдына шығарды. Бұл – өмірлік сұраныстан туған құбылыс еді. Ал егер тарих ғылымында жүрген түбегейлі өзгерістерге барсақ, онда маркстік-лениндік дүниетанымның өзекті жібі болған өткенге таптық көзқарастың, коммунистік партияның жетекші ролін негіздеу және оны дәріптеу, «бессатылық» схемадан тұрған формациялық теорияның тарихи зерттеулерден ысырылғандығын айтқан жөн. Тура осындай орынды сынға Ресей империясы мен Кеңестік биліктің отаршыл саясаты да алынды. Басқаша айтқанда, тарихтану ғылымында түбегейлі методологиялық бетбұрыстар болып өтті. Қазіргі уақытта тарихи зерттеулерде орын алуы мүмкін түрлі баламалық пікірлерге шектеу жоқ. Мұндай жағдайдың қалыпты құбылысқа айналатындығына сенім мол. Неге мен тарих ғылымының жүріп өткен жолына үңіліп, бұл саладағы өзгерістерге назар аударып отырмын? Мәселе мынада. Кезінде кеңестік тарихнаманың іргелі принциптері мен түрлі бұрмалаушылықтарына жасалған шабуыл, енді бүгін түрлі ауыртпалықтардан басын әзер арашалап, жаңа салаға ие бола бастаған ұлттық тарихнама жасалынуда. Сондай-ақ, бұл өнбейтін іске шығармашылық иелерінің білек түріп араласып кеткендігі таңданыс тудырмай қоймайды.

– Осы ойыңызды нақтылай түссеңіз?

– Жоғарыда айтылды ғой деймін, қалың көпшіліктің тарихты білуге ұмтылысы бұл сөзсіз жағымды құбылыс. Сонымен тарихты танудың екі деңгейі бар. Бірі – өткенді арнайы даярлықты талап етпейтін қарапайым қызығушылық дәрежеде білуде, екіншісі – тарихи фактілермен процестерді арнайы кәсіби деңгейде талдау. Өкінішке орай, біздің шығармашылық саласында жүрген кейбір бауырларымыз осы екі деңгейдің өзара айырмашылығын шатастырып алғандай. Мәселен, жердің терең қатпарында жатқан қазына байлықтарды қоғамның игілігіне жаратуға қажет жағдай туғызу геология, техника және басқа көптеген ғылым салаларының үлесіндегі іс. Адам анатомиясын зерттеу, оны түрлі дерттерден сақтау немесе арылту биология және медицина сияқты ғылым салаларының кәсіби деңгейде айналысатын іс. Жалпы, бұл ғылымының қалыптасып даму барысында өз ішінде жүрген еңбек бөлінісінің көрінісі және өзін-өзі ақтаған. Сол сияқты өткен өмірдегі құбылыстарды талдауға алып, зерттеу ісі де арнайы кәсіби даярлықты, машықтануды талап етеді.

Өркениетті елдерде бұл тұжырымның аксиомалық шындық ретінде қабылданғанына біраз уақыт болғандығына қарамастан, өткен оқиғаларға еркін түсінік бере салу тіптен тарихты белгілі бір тар пендешілік мақсатта немесе жеке топтардың мүддесіне бейімдеп баяндау кең етек алып, тіптен біраз елдерге тән құбылысқа айналып үлгерді. Соған байланысты болса керек, Норвегияның астанасы Осло қаласында болып өткен (2000 ж. тамыз ) тарихшылардың Халықаралық XІX конгресі «шынайы дәуірдің және бұрмаланған тарих. Тарихшылардың жауапкершілігі» деген мәселені пленарлық мәжілісінде арнайы талқыға салды. Әрине, кәсіби тарихшылардың халықаралық жиыны тарих ғылымындағы бұрмалаушылықтарды жоюдың даяр әдісін бермейді. Дегенмен, бұл тақырыптың күн тәртібіне арнайы қойылуының өзі-ақ мәселенің қаншалықты өзектілігін аңғартса керек.

– Шынайы тарих жазу үшін зерттеушіде қандай қасиеттер болғаны жөн?

– Тарихтың күрделі тақырыптарына бару үшін өз Отаныңды сүю, ұлтына деген шынайы жанашырлық сезімде болу (мұны ғылымда ішкі «тарихилық» дейді) әрине, маңызды-ақ, бірақ ол жетімсіз. Бұл істі қолға алған кісінің ең кем дегенде тарихи зерттеу әдістерімен мәселеге қатысты дерек көрсетулерін талдау мәдениеті (жалпы, теориялық, методологиялық әзірлігі ж.б.с.с.), яғни арнайы кәсіби даярлығы болуы шарт. П.Чаадаевтың «Отанға деген махаббат – ғажап нәрсе, бірақ одан да биік нәрсе бар, ол ақиқатқа деген құштарлық» - деген сөзі бар.

– Өзіңізге қойылуға тиіс бір сауалдың реті келді ғой деймін. Кезінде біздің газет (24.10.2003ж.) Сіз бен Әдебиет және өнер институтының директоры, академик Сейіт Қасқабасов екеуіңізге жолдаған тараздық қаламгер Бақтияр Әбілдаұлының «Қазақ әдебиетінің тарихы Алып Ер Тоңа туралы жырдан басталады» атты Ашық хаты жарияланған еді. Бұған Сіздердің тарап-тарыңыздан ешқандай жауап болмады. Неліктен?

– Кезінде кеңестік идеологияның ықпалымен біздің санамызда Қазақстанның тарихының ерте және орта ғасырлар кезеңіне байланысты үзік-үзік таным қалыптасқанын бүгін мойындауымыз керек. Соған байланысты түрлі тарихи кезеңдер мен оқиғалар арасындағы сабақтастық әлсіз, тіптен бұлдыр болып келетіндігі бар. Мұндай жағдай тек қазақ тарихына ғана тән емес, басқа елдердің де ғылыми тарихында кездеседі, мәселен Ресей тарихында.

Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты соңғы жылдары қазақ ұлты мен мемлекеттігі тарихын жерімізде көне замандардан бері өмір сүріп, құндылықтар жаратқан қоғам және мемлекеттер тарихымен өзара сабақтастықта қарау мәселесіне жете көңіл аудара бастады. Түрлі тарихи мезгілдерде бүгінгі қазақ жерінің дінаралық, энтосаралық, тіптен түрлі өркениеттік құндылықтар арасындағы тартыс алаңына айналғандығы бар. Дегенмен, бір нәрсенің басы ашық: сонау сақ, үйсін замандарынан бергі уақытта осы құтты жерді біздің ата-бабаларымыз үзіліссіз өздеріне мекен етіп келді. Мұндай тұжырымға археологиялық, антропологиялық, этнографиялық, лингвистикалық және басқа зерттеу қорытындылары толық негіз бола алады. Соңғы жылдары институт ұжымына көне қытай, ортағасырлық моңғол деректерін меңгерген мамандардың келіп қосылуы – ерте және ортағасырлық тарихымызды зерттеу мүмкіндігімізді анағұрлым кеңейте түсті. Ә. Марғұлан атындағы Археология институты ғылымдарының Алтай, Іле, Жетісу, Сыр бойы, Батыс Қазақстан өңірлерінде жүргізген зерттеу жұмыстарының қорытындылары атамекеніміздегі ежелгі қоғамдар тарихына қатысты жаңа тың тұжырымдар жасауға мүмкіндік туғызып отыр. Енді институт ұжымының жүргізіп келе жатқан зерттеу жұмыстарына сүйене отырып, ашық хатта қойылған кейбір мәселелерге тоқталып өтейін. Ең алдымен халықтар тарихындағы мемлекеттік мәселесі жөнінде. Ашық хатты оқи отырып кеңестік кезеңде көрші туыс халықтардың рухани өмірінде орын алған келеңсіз бір жағдай есіме оралды. Әрқайсысы өз халқының мәдениеті мен тарихын көнелендіру жолына түскен зерттеушілер ерте кезеңдердегі тұлғаларымызды «өз пәтерлеріне» бөліп әкетуге күш салды. Мұндай әрекет ешқандай да нәтиже берген жоқ. Әл – Фараби тек қазаққа, Махмұд Қашқари тек ұйғырға, Жүсіп Баласағұн тек қырғызға тән тарихи тұлғаларға айналған жоқ. Аталған шығармашылық иелері олардың тағы басқа ұлы замандастары, «Алпамыс» пен «Ертөстікте» осы өңірдегі жалпы түркі жұртына орта тарихи тұлғалар мен рухани құндылықтар болатын. Анығырақ айтқана, әл-Фараби де, М. Қашқари да, Ж. Баласағұн да жалпы түркі әлеміне ортақ құндылықтар жаратып, сол арқылы түркілер өмірін жаңа сапаға қөтергендігімен, сондай-ақ, бізге әлемдік қоғамдық ойды өз шығармаларымен байыта түскендігімен қымбат. Орталық Азия кеңістігінде қазіргі кезеңде өмір сүріп жатқан мемлекет – ұлттар бүгін өздері тамыр жайып отырған территорияның жергілікті тұрғындары бола отырып, сонымен бірге көп ғасырлық күрделі өзгерістердің де жемісі. Біз неғұрлым уақыт қойнауына тереңдей түссек, соғұрлым ұзындығы он мың шақырымға, яғни Якутия мен Балқан аралығында созылып жатқан алып кеңістіктегі түркі халықтары арасындағы өзара араласудың жиі әрі тұрақты жүріп отырғандығына көз жеткізе түсеміз. Осы жағдайды негізге ала отырып, ғаламдар сонау көне замандардағы сақ, қаңлы, үйсін халықтары құрған мемлекеттік құрылымдар мен олар жаратқан құндылықтарды Орталық Азия кеңістігіндегі түркі жұрттарына ортақ мұраға жатқызуға бейім. Бұл тұжырым бергі кезеңдердегі алып мемлекеттік кұрылымдар шығыс пен батыс түркі қағанаттарына қарахандар империясына да тән. Міне, осы жағдайды ескере отырып, Орталық Азиядағы түркі халықтары мемлекеттігі тарихына байланысты мынадай екі тарихи кезеңді байқауға болады. Алғашқысы Шыңғыс хан жорығына дейінгі және Алтын Орда кезеңі (ХІІІ- ХІY ғ.ғ). Бұл тарихи мезгілдегі белгілі бір қажеттілікке байланысты құрылып, көп ұзамай ыдырауға ұшырап отырған мемлекеттік құрылымдарды қазіргі уақыттағы белгілі бір нақты халықтың үлесіне балау қиын. Өйткені мемлекеттік құрылымдар бірнеше ұлыс тайпалар одағына сүйенді, яғни басқаша айтқанда, олар жаңа замандағы мемлекет – ұлт дәрежесіне, яғни дербес саяси фактор – жеке ұлттың ұлттық мүддесін жүргізуші және оны іске асырушы күш деңгейіне көтеріле қойған жоқ-тын. Сондықтан да жеңіл ыдырау жолында тұрды. Келесі кезең Алтын Орда және Шағатай ұлысы орнында қалыптасқан мемлекеттік құрылымдар. Бұл мемлекеттік құрылымдардың басым бөлігі мемлекеттік-ұлт, яғни белгілі бір ұлттың немесе соған жақын ұлттық құрылымдардың саяси, экономикалық, территориялық, т.б. мүддесін жүргізуші фактор есебінде өмірге келді. Сондықтан да олар бұрынғы құрылымдармен салыстырғанда мерзім тұрғысынан тұрақтылық сипатқа ие еді. Қазақ мемлекеттігі тарихы мәселесі тарихымыздың басты нысанасына айналып отырғаны рас. Бірақ бұл қайсыбіреулердің бүгін ғана байбалам салуымен көтеріліп отырған тақырып емес. Өткендегі белгілі тарихшыларымыздың барлығы да бұл тақырыпты аттап өтпеген. Әрине, Кеңестік дәуірде осы тақырыпты зерттеуде түрлі шектеулер, қолбайлаулар көп болды. Ал еліміз егемендікке қол жеткізген соң, бұл тақырыпқа сұраныс арта түсіп, отандық тарихымызды зерттеудің басты нысанына айналды. Біздің институттың ежелгі және орта ғасыр тарихы бөлімі «Қазақстан территориясында мемлекеттік өркендеудің тарихи сабақтастығы» тақырыбында соңғы бес жыл бойы арнайы зерттеу жүргізіп келеді. Зерттеудің алғашқы қорытындылары Қазақстан тарихының жаңаша редакторланған бес томдығына кіріп үлгерді. Жоба бойынша екі монография дайындалды. Тағы екі монография дайындалу үстінде. Үш диссертация қорғалды. Отызға жуық мақала жарияланды. Тақырыптың тарихнамалық және деректемелік тізімі жасалды. Біз осынау зерттеулердің негізінде қазақ даласында салтанат құрған мемлекеттердің тарихын бір-бірінен үзіп-жармай, динамикалық біртұтас құбылыс ретінде таныған жөн деген тұжырымды қорытындыға келдік. Бұл құбылыс Сақ конфедерациясынан басталады. Сақтардан бастап Қыпшақ хандығына дейінгі (б.д.д VІІ ғ-дан дәуіріміздің ХІІІғ.) уақытта қазақ сахарасында мемлекеттік 14 құрылым (Сақ конфедерациясы, Үйсін, Қаңлы мемлекеті, Алан, Батыс хұн, Батыс түрік, Түргеш, Қарлық, Қимақ хандығы, Қарахан, Батыс Лиау державасы, Қыпшақ хандығы және шығыста бой көтерген Керейт, Найман хандығы) шаңырақ көтерді. Бұлардың әрқайсысы транс-этностық жағдайда көшіп-қонып отырған мемлекеттер болғандықтан, бұл процессте олардың шекарасы, этно-кұрамы, атауынан бастап мемлекеттік сипатына шейін өзгеріп отырды. Мысалға сақтарды алайық. Сақтар Қара теңізден Үнді түбегіне дейін, оңтүстік Сібірден Памир тауларына дейінгі алып сахарада көшіп-қонып жүрген жалпақ жұрт. Оларды бір текті этнос, бір тілді халық деп тану мүмкін емес. Көп этнотоптардан құралған, полимәдени салты бар, әскери-демократиялық құрылымдағы саяси бірлестік болды. Ертеде сақтар жорытқан алып кеңістікте қазір де 20-ға жуық дербес мемлекет, олардың аймақтары орналасқан. Барлығында да сақтардан қалған із бар. Біз сияқты олардың барлығы да сақтардан қалған ежелгі құндылықтарды қадір тұтады. Ал біз, қазақтар жалпы сақтардың емес, оның шығыс түрік бөлімдерінің мұрагері болып табыламыз. Сол сияқты жоғарыда аталған мемлекеттердің барлығы да дерлік бүгінгі жеке ұлттардың, олардың тек өздеріне ғана тән қазіргі этно-мәдениеті толық қалыптасып үлгермеген этнодинамикалық өтпелі кезеңде өмір сүрді. Соған байланысты көптеген мәдени құндылықтар өзгеріске ұшыраумен болды. Қазақтың өзіндік этно-мәдениеті, саяси мұрат-мүдделері қалыптаса бастаған XІІІ ғасырдың бастапқы ширегінде мұнда ежелгі түркілік ықпалда қалыптасқан моңғолдың ұлыстық билік жүйесі келді. Әрине, бастапқы жаулап алушылық кезеңінде моңғол билігінің халыққа, жергілікті өркениетке әкелген азабы аз болған жоқ. Бірақ Жошы хан ұрпақтары билеген Жошы-Қыпшақ державасы (орысша Алтын Орда), оның әскери Сол қанаты - Ақ Орда қазақ халқының саяси-әлеуметтік мүдделерін топтастырып, бір шаңырақ астына біріктіріп, жеке ұлт, жеке мемлекет ретінде тоғысып қалыптасуына елеулі ықпал жасады. Ақ Орданың әлдеқашан қазаққа айналған ұрпақтары (Мүбәрәк – Қожа, Ерзең, әсіресе Орыс хан) билеген дәуірі қазақтар үшін шынымен мемлекет, ұлт ретінде өз шаңырағын түзеген кезеңі еді. Ақ Орда қазақтың алғашқы мемлекеті деген пікірді біздің тарихшылар сонау 1967 жылдары айтқан еді. Қазір бұл тақырып монографиялық деңгейде талданып отыр. Біз 1465 жылы Қазақ хандығының құрылу оқиғасын Қазақ мемлекетінің алғаш көтеруі емес, қазаққа тән мемлекет – Ақ Орданың қайта жаңғыру белесі деп есептейміз. Қазақ тарихшысы Қадырғали Жалайырдың «тарихи дәуірдің Оразмұхамедінде» «Жәнібек хан атасының ұлысын өзі биледі» деген түйін бар. Ал Жәнібектің атасы Орыс хан, оның билеген ұлысы Ақ Орда. Олай болса, Қазақ хандығын Ақ Ордадан бөліп қарау мүмкін емес. Біздің Институт бұл мәселені алдағы жылы концептуалдық жаңа бағыт ретінде ғылыми көпшілікке ұсынбақ. Осыған байланысты «қазақ» атауын 1456-1457 жылдардағы Жәнібек-Керейдің көшімен байланыстырып қарастыратын сынаржақ пікірден де бас тартуға тура келетін сияқты. Бұл мәселе төңірегінде біздің институт ғылымдарының алғашқы пікірлері жарық көрді (Егемен Қазақстан 24 қыркүйек 2003ж). Тарих ғылымы өз «тар жол тайғақ кешуі» бар, қиын да күрделі сала. Біз тарихшылар қайсыбіреулердің байқауынан үркіп, бүгін жеңіл-желпі, негізсіз тұжырымдауға бара салар жайымыз жоқ. Өйткені біз ғылымның қиын жолымен келе жатқан жандармыз.

– Кешірерсіз, Б.Әбілдаұлы сол мақаласында «...Төтесінен қойған сауалымды айып көрмеңіз: Сіз үйсіндерді қырғыздардың атасы деп санайсыз ба, жоқ әлде, кез келген қазақ баласына...бесігінен белгілі ақиқатты... жұрт алдында ашық айтып бересіз бе?» деген сауал тастаған еді. Сол сұрақты біз де қойсақ қалай қарайсыз?

– Үйсіндердің тарихы Қазақстанның ежелгі тарихындағы біршама зерттелген тақырыптардың бірі. Біздің институттың тарихшылары үйсіндер туралы қытай деректерін жинақтап, жеке басылым етіп шығарады. Үйсін мемлекеті (Усунь Го) б.з.д. ІІ ғасырдан б.з.V ғасырына дейінгі уақыт кеңістігінде қазақ даласында салтанат құрған алғашқы мемлекеттік құрылымдардың бірі. Үйсін мемлекетінің жағрафиялық ауқымы тым кең болды. Үйсін жұрты Іледен Шу, Таласқа дейін, Балқаштан Тәңір Тауға (Тянь-Шань) дейінгі алқапты алып жатты. Осынау саяси-жағрафиялық орналасуы арқылы әуелі Қытай (Ши цзи, Цянь Хянь шу, Ху хань шу қатарлы) түрік, парсы деректерінде алғаш хатқа түсті. Н.Я.Бичурин (Иакинф), С.Малов, А.И. Бернштам, В.В. Григольев, Н.А. Аристов, Н.В.Кюнер, В.В. Бартольд, А.Г. Малявкин. Ш.Ш. Уәлиханов, К.А. Ақышев, И.Л. Кызласов сияқты тарихшылардың еңбектерінде жан-жақты талданды.

Б. Әбділдаұлын қырғыз тарихшысы Ж. Малабаевтың «Барсбектен бізге дейін» атты мақаласында Қырғыз мемлекеттігінің тегін үйсіндерден бастауы толғандыратындығы байқалады. Ж. Малабаевтың еңбегі кейбір қырғыз ағайындардың ата-тегін үйсіндерден сабақтап жазатын еңбектерінің алғашқысы емес. Осыдан үш жыл бұрын қырғызстандық автор Нусупов жоғарыдағы тақырып төңірегінде монография жазып, оған академик М. Қозыбаев бастаған біздің тарихшыларымыз өз пікірлерін білдірген болатын. Біз Нусупов пен Малабаевтың жазған еңбектерін авторлардың өз жеке бастарының пікірі деп білеміз. Өйткені қырғыздар мен үйсіндер дербес тарих субъектілері болып табылады. Тарих бұл екі жұртты тек ХІV-ХVІ ғасырларда тоғыстырып, аралас-кұралас етті. Үйсіндер болса, Іле, Жетісу, Алатаудың төл туындысы, ал қырғыз ағайындардың түркі тамыры, көне ізі сонау Енисей, Абақан, Батыс Монғолияда жатыр. Бірақ қырғыздарды біз еш жат санаймыз, өзіміз сиақты олар да түріктердің бір ұрпағы және көне қытай жылнамалары арқылы хатқа түскен ежелгі жұрттардың бірі. Әрине, 6-7 ғасыр бойы етене жақын араласып-құраласу барысында екі халықтың ахуал тіршілігі мен этнографиялық салт-санасы бір-бірімен сіңісіп, жақындағаны рас. Бірақ екі халықтың арғы тегі ежелгі түркілердің екі түрлі тобына жатады. Бұл туралы кезінде Клапрот және Абель Ремюза, А. Левшин, Ш. Уәлиханов жазған. Қырғыздар мен үйсін-қазақ топтары ежелгі түріктердің екі түрлі үрім-бұтағының өкілдері. Қырғыздар антропологиялық бет-пішімі жағынан ежелден-ақ таза моңғолдық нәсіл тобына жатса, үйсіндер де моңғол дәуіріне дейін арийеуропалық бет-пішім басым болған деген пікір бар. Екі халықтың тілінде де айырмашылықтар кездеседі. Қырғыздардың тілі түрік тілдерінің Алтай тобына, ал үйсін-қазақ тілі Арал, Каспий тілдерінің қыпшақ диалектілік тобына жатады. Шығу тегі жағынан қазақ тілі ноғай, қарақалпақ тілдеріне жақын болса, қырғыз тілі алтай-түрік топтарының ықпалында, ал қазақ тілі Дешті Қыпшақ даласын мекендеген түркі топтарының ықпалында қалыптасқан. Қырғыздар мен үйсіндердің тегін тектеп ара-жігін ажырату үшін жоғарыда айтылған деректердің өзі жетіп жатыр. Ол үшін қытай иероглифы арқылы «үйсін» атауын талдаймын деп әуре-сарсаң болудың қажеттігі жоқ. Қытай тіліндегі «усунь» жазуы кытайша белгілі бар мағынаны білдірмейді. Егер қытай иероглифіндегі «усунь» дыбысын транскрипциялайтын болсақ, онда усунь (немесе үйсін) деген жергілікті этнотоптың атауы ғана шығады.

– Сіз сол Ашық хатта айтылған ғұн атауына қатысты мәселеге қалай қарайсыз? Ғұн мен арғынның арасында қандай байланыс бар?

– Біз жоғарыда атап өткеніміздей үйсіндерден «қырғыз» жасау мүмкін еместігі сиякты ғұндардан «арғын – аргун» жасау және мүмкін емес. Хан авторы «арғын атауы «ар» және «ғұн» деген біріккен сөздерден шыққан деп батыл айта аламыз» деген ой түйеді. Әрине, қарапайым өмірде батыл болу жаман мінез емес. Бірақ, ғылымдағы әрбір батыл қадам шындыққа жетелеп әкеле бермейтінін ескермеске болмайды. Ол үшін түрлі талдау, нанымды дерек көздері қажет. Біз сіздің бұл жолғы батыл қадамыңыздан бұлжытпайтын қисын көре алмадық. Тарихи деректерде Ғұн және Арғындардың тарихы тіптен басқаша баяндалады. Ғұн империялық атау. Ол үш түрлі (түркі, моңғол, тұнғыс) этнотоптар және 26 тайпа бірліктерінен құралады. Қытайдың әрбір династиясы тұсында ғұндардың атауы өзгеріп отырған. Мысалы, қытайдың Ся әулеті тұсында түріктер « Шунь – вэй», Инь династиясы тұсында – гуйфан атанса, Хань әулеті көшпенді түрік шивейлерді хуню «сунь-ю» атандырды. Ғұн билігіндегі әрбір тайпа бірліктері конфедерация есебінде болды. Мысалы, Дунху, Ухуань, Сянь Би, Цифу, Сушең, Шивэйлер моңғол-тұнғыс тобына жатса, түркі топтарын Оғыз, Шато, Жянь Гунь, Усунь, Юечжи (Кангюй), Дулу, Түркеш және басқалар құрады. Аталғандардың түркі тобының құрамында арғындардың да болғаны сөзсіз.

Арғынның шығу тегі жайлы бірнеше пікір бар. 1)Бұл жұрт ертеде Қара айдаһар (Амур) өзеніне құятын Аргун өзені бойын мекен еткендіктен «Арғын елі» атанған делінетін пікір. 2) Орхон-Енисей жазуындағы «Улуг Ергин» жұрты осы Арғындар делінетін пікір. 3) Арғындар Әбілғазының «Түркі шежіресінде» келтірген Ойрат Арғын аға ұрпағы болуы мүмкін делінетін пікір. 4) Ежелгі Қытай деректерінде Арғындарды «Ақ Ғұндармен» (Бай Сюнгу) байланыстыратын тұстары бар. Мұндағы «Бай» сөзі «арлылықты» емес «ақ» деген мағына білдіреді. 5) Шәкәрім Құдайбердіұлы Арғынның шығу тегін Шыңғысханның ұлы Тулуй Ойрат Арғын ағаны Хорасанға 1262 жылы жолдаған оқиғамен байланыстырады. Бұл да тарихи шындыққа сай пікір емес. Көне деректерге жүгінсек, Арғындар Х ғасырда Алакөл мен Қаратал өзені бойында әлдеқашан бой көрсеткен көне жұрт екеніне көз жеткіземіз. Сондықтан Арғынның шығу тегін алғашқы екі пікірдің төңірегінде Түркі жұртының қатарынан іздеген жөн. Арғындар көне орта ғасырларда батыстан шығысқа, шығыстан батысқа жосыған Түркі топтарының (Басмыл) қатарында Моңғол шапқыншылығынан әлдеқайда бұрын Арқа даласында қоныс тепкен және Қыпшақтарға етене жақын халық. Арғындардың атауы төңірегінде де түрлі болжамдар бар. Егер автор тіптен «Ар» сөзін этникалық мағынасында емес, қандай да бір жағрафиялық (мысалы, моңғол-тұнғысша «Ар» сөзі – батыстағы, арғы жақтағы деген мағына беретін сияқты) мағынасында қолданып отырса, онда ойлануға тура келер еді. Ал қадірменді авторымыз мұнда тіптен қисыны келмейтін материяны күшпен қиыстыруға ұмтылғандықтан, сенімді пікір тудыра алмай отыр. Егер «Ар» сөзі ар-ұятты, пәк-таза деген мағына береді десек, «Ар-ұятты һәм таза ғұндар қазақ даласында тұрған екен-мыс деп көрсек, онда «Ар-ұятсыз, харам» ғұндар әлемнің қай түкпірінде болды екен? деген сауал туады. Сондықтан сіздің бұл пікіріңізде ұқсастық қуудан өзге ғылымның талқысына салып, ойластырып жататын қандай да бір елең еткізерлік жаңалықтың нышанын көре алмағанымызды мойындауға мәжбүрміз.

– Автор қазақ-түркі мемлекеттігінің кемінде 2800 жылдық тарихы бар екенін тіліне тиек етеді. Ал бұған қалай қарайсыз?

– «Қазақ – Түркі мемлекеттігіне кемінде 2800 жыл» деген тақырыбының өзі бізді елең еткізгенін айта кеткеніміз жөн. Бірақ автордың қазақ және түркі ұғымын тең мағынада қолданғанына қарап бір сәт іркіліп қалдық. Өйткені «түркі» дегеніміз ең аз дегенде жиырма бес ғасырлық тарихы бар Еуразияны жайлаған дүйім жұртқа берілген жалпақ атау да, қазақ деген оның бір ғана бұтағы. Осылардың барлығын ескере отырып, біз Бәкеннің жазғандарының ішінде ғылымға саятын қандай да бір дерек көздері бар ма екен деп көп іздедік. Бірақ, өкінішке орай, іздегенімізді таба алмадық. Өйткені мұнда алға тартып отырған зороастра (заратуштра) хикаясы (үлен және кіші «Авестадан») қалған трактаттар Аристотельден бастап бүгінге дейін 24 ғасыр бойы зерттеліп келеді. Аристотель заратуштра дәуірін Платон өлгеннен (б.ж.б.348ж.) алты мың жыл болды деп жазады. Бұл б.з.б. Х ғасырға сай келеді. Ал сіз болсаңыз зороастра дегеніміз Түйешібай қазақ Зардош екен-мыс, ол Батыс Қазақстан аймағында өмірге келіпті деп қолмен қойғандай қалай айта аласыз? Ол кезде Зарекең қайда, қазақ қайда?! Иә, Заратуштра зерттеудің «Бактриялык ілімін» жақтайтын ғалымдардың арасында оны Еділ мен Жайықтан Орал тауларына дейінгі аралықта өмірге келді делінетін пікір және бұл өлкеде де Заратуштраның нанымдық ізі бары рас. Бірақ сіздіңше қолмен қойғандай етіп кесіп-пішіп айтарлықтай дерек жоқ.

Афрасиабтың ата-бабалары туралы Рашид ад-Дин, Мұхаммед Қайдар Дулат және «Тарих-и Гузида» авторының келтірген шежірелік нұсқаларының барлығы да аңыз (миф) түрінде берілгенінің куәсі болар едіңіз. «Авеста» болсын немесе басқадай жыр дастандар сол заманның тынысы, халықтың шаруашылық жане этносалт дәстүріне қатысты кейбір мағлұматтар беретінін біз жоққа шығармаймыз. Бірақ біз тарихшылар, сіз өз мақалаңызда кесіп-пішіп тастағаныңыз сияқты «Авестаны» барлығына жауап бере алатын тарихи дерек көзі деп санаймыз. Ол тек әлем халықтарының әдеби-мәдени және дәстүрлік мұраларын зерттеудін құнды дерек көздерінін бірі ретінде танылады. Мысалы, тарихта «Тұран» атаулы мемлекет және оның Афрасиаб (Ер Тоңа) атты билеушісі болмаған. «Тұран» дегеніміз Әмударияның бергі жағындағы дүйім жұртқа ирандықтардың қойған жағрафиялық атауы қазірде «Тұран» ұғымы – Түркістан (Түркілердің Отаны) мағынасында қолданылады. Әзірге белгілі болып отырғанындай біздің даламызда сақтардан бастап, Қазақ хандығына дейін 14 мемлекеттік құрылым салтанат құрды. Олардың әрқайсысы өзіндік территориясы, орталығы, атаулы билеушілері, әскері, әлеуметтік құрылымы, шаруашылығы мен мәдениеті болды. Бұлардың әрқайсысы жеке-жеке зерттелді. Солардың бірі – Қаңлы мемлекеті. Қаңлылар жайлы қытай жылнамаларында б.з.б. ІІ ғасырдан бастап айтылады. Бірақ бұл мемлекетке 2600 жыл толды деп кесіп-пішіп айта қоярлықтай нақтыланған дерек жоқ. Олардың барлығы Түркі тектес халықтардан құралған мемлекет екені рас, бірақ тура Қазақ мемлекеті ретінде тану үшін этногенетикалық, этнологиялық және басқа тұрғыдан әлі де болса терең зерттеулер жүргізу қажет. Сіз Ежелгі түркілердің «дүйім түркілердің басын қосып ел етсек, ол үшін Алып Ер Тоңадай қаһарман қолбасшымыз болса» деген ізгі арманынан «Алып Ер Тоңа» және басқадай жырлар тудырғаны сияқты, өзіңіздің «шіркін, біз де елдігіміздің пәленбай мың жылдығын тойлап шат-шадыман, дыр-думан болып жатсақ» деген ізгі арманыңыздан «қаңлының – 2600» «яғма – жалайыдың 2800 жылдығы» делінетін тарихи даталар жасағыңыз келетіндігі байқалады. Арман қуғанға не жетсін, бірақ амал нешік, әзірге тарих ғылымында мұндай ой-арманды ақиқатқа жеткізетін деректердің жоқтығы өкінішті-ақ! Енді сіздің «жалайыр мемлекетінің 2800 жылдығы» төнірегінде пікіріңізге азды-көпті тоқталып өтелік. Сіз мұнда «яғмалардың Іле бойындағы этнографиялық әрі территориялық мұрагері жалайырлар болды» делінетін «Қазақ совет энциклопедиясында» берілген жолдарды алға тартыпсыз (12т,221 бет). Мұндай материалды алға тарту үшін оқушыға төмендегі екі түрлі жайды алдын ала ескертіп алғанымыз жоқ. 1.Энциклопедияда Іле бойын мекендеген яғма атанған жұрттың бір бөлігі жөнінде ғана сөз болып отыр. Ал сонда бұл жұрттың Шу, Талас, Алатау бойын мекендеген басқа да топтарының этнографиялық мұрагерлері кімдер болмақ? 2.Энциклопедияларда жазылғандардың барлығын ғылыми ақиқатқа жатқызу қиын. Ал егер оларда ғылымда басы ашылған шындық алға тартылып жатса, онда әрине, материалдары ғылыми-зерттеулерге жем бола алады. Бірақ қазіргі жағдайда біздің отандық түрлі энциклопедияларымыздың материалдарының басым көпшілігі насихаттық, ағартушылық роль атқарып отырғандығын ескермеске лаж жоқ. Яғмалар тарихын «Қазақ Совет энциклопедиясында» көрсетілгендей, ғылымда басы ашылған шындықтардың қатарына жатқыза алмаймыз. Осыған байланысты біз Қарахан – Қашқар дәуіріндегі тайпалардың орналасу жағрафиясы және жалайырлар тарихына қысқа да болса тоқталып өтуді жөн көрдік. Орталық Азия тайпаларының жайғасу жайы, құрамы туралы ғылыми анықтаулар бізге 1. ежелгі қытай деректері, 2. Х-ХІ ғасырда біршама дамыған араб жағрафиялық карталары, 3. Махмұд Кашқаридың «Түрік сөздігі» (Диуани Лұгат ит – түрік) арқылы жетіп отыр. Қытай деректерінде яғмаларды тоғыз оғыздардағы Қашқар топтары қатарында болған деп көрсетеді. Х ғасырдағы араб жағрафияшылары Каспий теңізі бойынан Қытай қамалына дейінгі аралықта орналасқан негізгі үш тайпа бірлігі: оғыз, қарлық, тоғыз-оғыздардың атын атайды. Ондағы деректер бойынша Каспийден Сырдың ортаңғы сағасын оғыздар, Ферғанадан, Шығысқа қарай 20 күншілік аумақта қарлықтар, одан қытайға дейін тоғыз-оғыздар мекендеген деп жазады (Гардизи). Гардизи еңбектерінде яғмалар туралы Қашқарды билеген және бір бөлігі Нарынның оң түстігіне қарасты Жетісу бойын мекендеген тоғыз – оғыздардың белгілі тайпаларының бірі деп белгілеген. Х-ХІ ғасырда қарахандықтар қашқарлықтармен етене жақын қарым-қатынаста болды. Сондықтан қарахандықтар билегенде яғмалықтардың болуы тарихшыларды таңдандырмайды. Мысалы, Махмұд Қашқаридың белгілеуіне жүгінер болсақ, оғыздар Әмудариядан Қытай қамалына дейінгі барлық түркілерді шігілдер деп атағанын көреміз. Мінеки, осындай тарихи шым-шытырақтың ішінен мынасы жалайыр, анасы арғын екен деп жіліктеп көрсету мүмкін емес. Мұнда сөз болып отырған Х-ХІ ғасырларда яғмалар Іле, Жетісудан Нарынға дейінгі алқапта жатса, жалайыр аталған жұрт сонау орталық Моңғолияның Керулен мен Бұйра көл аралығында болды. Ара қашықтығы қазіргі өлшеммен 5 мың шақырым. Қазақ тарихшысы Қадырғали би Қосымұлының еңбектерінен бастап, толып жатқан басқа да тарихи шежірелерде осылай баяндалады. Жалайыр атауы көне түрік және моңғол жылнамалары арқылы бізге жетті. Жалайырлардың Моңғолия жерінен Орталық Азияға келіп қоныстану жайын М. Тынышбаев біршама нақты көрсеткен. Оның пайымдауынша соңғы жалайырлар 4 топқа бөлінді бір тобы Моңғолия және Қытайда қалды, екінші бөлімі Жошы және оның ұрпақтарының қатарында Шудың орта бойына келіп шуманақтар атанды, үшінші бөлігі Шаршық, Ангеран алқабына орнығып, сонда Жалайыр ордасының шаңырағын көтерді (кейде олар Сырманақ деп те аталады). Төртінші бөлігі Мәңке қағанның ұлы Хүлэг (Хулагу) тобының қатарында Иран, Парсыға барып, жалайыр жайсаңдары кейін Солтүстік Парсы, Үндістанда үлкен лауазымдарға ие болды. ХVІІ-ХVІІІ ғасыр аралығында Қапал уезі, Жаркент, Шу бойына келіп тұрақтады. Әрине, Моңғол жерінде «жат жалайыр» атанған жұрт, соңынан жалайыр атанған жұрттың бір бөлігі ғана. Жалайырлар басқадай түркі топтары сияқты әр дәуірде әр түрлі атаумен оғыз-түркі топтарының құрамында болып келді. Яғма деп аталса да, аталмаса да қарахандықтардың құрамында жалайырлардың болғандығында сөз жоқ. Тарихтың әр кезендерінде жалайырлар да қилы тағдыр тауқыметін басынан кешіре жүріп, кейін қазақ халқы, қазақ мемлекетінің басын құрауға үлес қосқан белгілі де іргелі қауымның бірі. Бірақ қалай десек те, бұл белгілі, жұртты «қазақтын атасы», «яғмалардың мұрагері» деп басқа түркі-қазақ жұрттарынан бөле қарауға негіз жоқ. Қорыта айтқанда, нанымды тарихи деректерге сүйенбей тек «пәлен энциклопедияда солай дейді» деген тұжырымға иланып ғылым жасау, әрине, ағаттық. Ал Заратуштраның діни философиялық ілімі, «Афрасиаб – Алып Ер Тоңа жырының» әдеби құндылығына келсек ол басқа мәселе.

– Бір сұхбатқа ойыңдағыңның бәрін сыйғызу киын-ау, сірә! Айтар әнгімеңіздің көп екенін білгендіктен шығар, сізден сұраймын-ау деген сауалдарым да көп еді. Дегенмен, бір сұхбатпен әнгімеміздің аяқталып қалмайтынын білемін. Сондықтан қалған әнгімені келесі бір сұхбаттың еншісіне қалдырсақ, айып етпессіз.

– Оның несі айып?! Өзің айтпақшы, бір әңгімеде бар мәселені сыпыра айтып шығу да мүмкін емес. Ендеше, келесі әнгімеңе де дайынмын.

– Рахмет аға!

//Қазақ әдебиеті №29 (2867) 3.07.2004

сұхбаттасқан Думан Рамазан

АҚИҚАТ ҚОҒАМҒА ПАЙДАЛЫ БОЛСА, ТАРИХШЫНЫҢ ҮНСІЗ ҚАЛУЫ АЙЫП

– Мәке, қоғамдық сана, ұрпақ тәрбиесі секілді ұлттық және мемлекеттік идеологияның басты тірегі - сан ғасырлық тарихи ақиқатты айқындау ерекше маңызды болса, ұлттық мақтаныш сезімнің қайнар көзі сол тарих пен мәдениетте жатыр. Сол жалпы ұлттық қазынамыз – отандық тарихты қорыту ісінде бүгін қай жерде тұрмыз?

– Орыс тілінде «Свобода» және «достойнство» деген сөздер бар. Олар қолданымда жиі және қатар жүреді, өйткені бұл қоғамдық құндылықтар бірінсіз-бірі жоқ. Ал осы сөздердің қазақша баламасы «азаттық» және «парық». Қазақ тіліндегі осы сөздерді жиі және қатар қолдану мүмкіндігі бізде бұрын болған емес. Өйткені, қазақ ұлтының ең кем дегенде 5-6 буыны отарлық тәуелділік жағдайында өмір сүрді. Яғни, осы мезгілде империялық идеологиялық аппарат біздің санамызға мүмкін болғанша өз құндылықтарын енгізе отырып, жаңағы аталған ұғымдарға мүлдем басқа мазмұн беруге тырысты.

Тәуелсіздігін енді ғана қолына алған мемлекет үшін ең үлкен мәселелердің бірі халықтың дүниетанымын, санасын империялық үстемдік жағдайында тамыр жайып, орнығып қалған «жат» құндылықтардан арылту болса керек. Сөйтіп, ұлтқа жалпы қоғамға өзінің табиғи мүдделері және құндылықтарымен қауышуға, оларды түгендеуге мүмкіндік туғызу. Ал, бұл шаруа өткен тарихты сыртқы идеологиялық күштердің араласуынсыз, емін-еркін қайта сараптаудан, ғылыми талдаудан, електен өткізуден басталады. Міне, осы процесс еліміздің соңғы он жылдан астам тарихында пәрменді жүрді. Қоғамымызда Елбасынан бастап қатардағы азаматқа дейін ұлттық тарихымызға бетбұрыс жасады. Әрбір адам өзінің шыққан тегін, ата шежіресін білуге ұмтылды, әрбір азамат елінің өткен жолына үңіліп, сол арқылы бүгіні көп сауалдарға жауап іздеді. Халықтың рухани өміріндегі сапалы өзгерістерге қолдау жасаған Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаев 1998 жылды «Халық бірлігі мен ұлттық тарих жылы» деп жариялады. Ал одан бұрынғы 1997 жыл саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы болды. Кенесары Қасымұлы, Әлихан Бөкейхан, Мұстафа Шоқай, Ахмет Байтұрсынұлы және басқа бұрын есімі оқулықтардан алынып тасталынған ұлы тарихи тұлғалардың ұлт алдындағы еңбегі кең, тиесілі дәрежеде айтыла бастады, артында қалдырған мұралары жарық көрді. Мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы жасалынды. Оны іске асырудың отандық тарихты зерттеу мен оқытуға ықпалы қандай болмақ? Елбасының осы бағдарламаға байланысты Ұлттық кеңесте сөйлеген сөзінен өз басым тарихшы ретінде мынаны аңғардым. Біріншіден, еліміздің тәуелсіздік жағдайда өсіп өркендеуінің негізінде жүйелі, қатаң логика жатыр. Елбасы «Мәдени мұра» бағдарламасының мемлекеттік шара екендігін, оның жоспарлы түрде жасалынып отырғандығын қадап айтты. Президент бұл мәселені әлемдік өркениеттік тәжірибеге сүйеніп қойып отыр. Мәселе мынада. Бүгінгі дамыған елдердің бірде-біреуі кезінде тәуелсіз ұлттық – мемлекеттік тілде білім жүйесін қалыптастыру, оған қажет әдебиеттер қорын жасау кезеңін айналып өте алған емес. Президент бұл істі кейінге қалдыруға болмайтындығын тарихи тұрғыдан дәл басып айтып отыр. Екіншіден, Елбасы осындай-ақ елдің экономикасын өркендету ісі мен дәстүрлі мәдениетін жаңғырту процестері арасындағы өзара байланысқа, тәуелділікке баса назар аударды. Экономикадағы жетістіктер мәдениет саласындағы сұраныстарға жете көңіл бөлуге мүмкіндік туғызып отыр, өз ретінде ұлттық мәдени дәстүрлердің жаңғыруы тұрақты экономикалық өркендеуге жағымды ықпал жасамақ. Елбасы сөзінен туындайтын аса маңызды келесі, үшінші тұжырым ол қоғамдық дамуды шеттен алынған қондырғылық элементтер (арқылы ғана өркендету мүмкін емес. Қоғамдық даму әуелде өз топрағымызда тамыр жайған ұлттық мәдениет пен салт-дәстүрге, оның өміршең озық үлгілеріне сүйенуі қажет. Маған осы сонғы тұжырым халқымыздың өмірлік тәжірибесінен туындағандай ұғынды. Қазіргі кезеңде еліміздегі оқу жүйесінің, оның гуманитарлық бөлімінің қазақ тіліндегі әдебиеттік қорының жұтаңдығы анық білініп отыр. Егер тарих ғылымына қатысты айтар болсақ, «Мәдени мұра» бағдарламасында басымдылық мынадай екі бағытқа берілген. Біріншіден, көрші елдердің мұрағат қорларындағы Қазақстан тарихына қатысты құжаттық материалдарды жинастыру және деректік маңызы жоғарғы еңбектерді қазақ және орыс тілдерінде көптомдық түрінде жариялау. Екіншіден, әлемдік тарихнаманың озық үлгілерін қазақ тіліне аударып бастыру. Бұл қыруар жұмыс, сондай-ақ ол үзіліссіз жүріп отыратыны түсінікті. Аталған екі бағыт ғылыми зерттеу ісіне де және білім жүйесіне де ортақ шаруа.

– Ұлттық кеңесте сөйлеген сөзінде Елбасы: «...Осыдан он жыл бұрын бес томдық ретінде жоспарланған, оқырмандардың қызу пікірталастарын туғызған академиялық басылымның бүгінге дейін үш томдығы ғана жарық көрді» деп қатаң сын айтты. Шындығына келгенде, бұл жинақтың он жыл бойы кідіріске тап болған себебі неде болып отыр?

– Елбасы сөзінде аталған «Қазақстан тарихының» 4 және 5 томдарына байланысты айтылған сынды былай қабылдаймыз. Бес томдық басылымның алғашқы үш томы қазақ және орыс тілдерінде жарық көрді. Соңғы екі томның кешеуілдеп жатқаны рас. Бір-екі айдың ішінде төртінші томды баспаға тапсырмақпыз. Ақталу емес. Дегенмен, қысқаша мынандай түсінік бере кетейін. Қазақстанның XX ғасырдағы тарихына арналған бұл томның алғашқы қол жазбалық нұсқасы белгілі дәрежеде даяр да болған еді. Бірақ оны біз сол күйінде баспаға өткізбеу туралы шешім қабылдадық. Оның мынадай себептері бар. Біріншіден, бұл 4-том еліміздің тарихының ең күрделі де қайшылықты кезеңіне (социалистік қоғам тарихы) арналғандықтан, баяндалған біраз мәселелерді жалпы тарихи ойдағы концептуалдық өзгерістер арасында қайта қарауды жөн көрдік. Жаңадан жоспар жасалынып, томның басым бөлігі елеулі өзгеріске ұшырады. Екіншіден, қалған екі томды бұрынғыдай алдымен орыс тілінде жазып, содан кейін қазақшаға аудармай, ә дегенде мемлекеттік тілде жазғанды дұрыс санадық.

Сондай-ақ, диссертациялық зерттеулер тым көп қорғалып жатыр деген пікір тарих ғылымы атына айтылса, мұндай ұстаныммен өз басым келісе алмаймын. Әрине, қорғалып жатқан зерттеулердің бәрі бірдей жоғары талапқа сай десем, артық кеткендік болар. Деңгейі төмен диссертациялық жұмыстар да кездеседі. Олардың біразы соңғы жылдары Жоғары аттестациялық комитеттің бекітуінен өтпей қалды. Алайда дисертациялық кеңестердің жұмыстарынан жақсы хабардар маман ретінде тарих ғылымы саласында қорғалған жұмыстардың басым бөлігінің қажет те, өзекті тақырыптарға жазылып, осы ғылым саласының түбегейлі жағымды өзгеріс жолына түсуіне ықпал жасағандығын сенімді түрде айта аламын.

– Қоғамдағы рухани процестерге ықпал жасай алу үшін алдымен тарих ғылымының өзі өзгіріске ұшырыған болар. Қазіргі тарих ғылымындағы қандай өзгерістерді бөліп айтар едіңіз?

– Жалпы қоғам болып тарихқа үңіліп, оны талдауға алу және түсіндіру процесінің басында кәсіби тарихшылар қауымы тұр. Қоғамда қалыптасқан жаңа рухани сұраныстарға жауап бере отырып, олар кезінде еркін қалам тарту мүмкін болмаған күрделі тақырыптарға барды. Тарихымыздың сақ, үйсін және қаңлы дәуірі, Қазақ мемлекеттігінің қалыптасуы жөнінде жаңа, тың көзқарас қалыптаса бастады. 18-19 ғасырлардағы қазақ хандарының тарихи тұлғалары сомдалды.

XІX ғасырдың 30-40-шы жылдардағы Кенесары Қасымұлы, XX ғасырдың алғашқы ширегіндегі Әлихан Бөкейхан бастаған азаттық қозғалыстарды ұлттық мемлекеттік тәуелсіздік үшін күрес тұрғысынан баяндаған бір емес, бірнеше монографиялық жұмыстар, кеңестік ұжымдастыру және оған қарсылық, 1931-1933 жылдардағы аштық жөніндегі зерттеулер, саяси қуғын-сүргін құрбаны болған тарихи тұлғалар туралы диссертациялық еңбектер өмірге келді. Ғылымдағы бұл тың ізденістердің нәтижелері белгілі дәрежеде жарық көрген академиялық үш томдыққа да енді. Жалпы тарихи ойдағы бетбұрыс қоғамдық дамудағы өзгерістердің жиынтық көрінісі. Батыстық тарихшылардың пікірінше «бүлікшіл жүзжылдық» (1830-1930 жылдар арасы) артта қалды. Азамзаттың шиеленіскен әлеуметтік мәселелерді революциялық әдіс-құралдармен шешуге ден қойған мезгілі де өте шыққандай әсер қалдырады. Егер бір ғасыр «революция ғасыры» атануға лайық деп табылса, ол XX ғасыр болмақ. Сондай-ақ «революция» деген ұғым азаптан құтылу сәті емес, керісінше «бақытсыздық» деген ұғымның баламасындай ұғылатын болды. XX ғасырдың әлемдік тарих ғылымында әлеуметтік-экономикалық процестерді зерттеуге, таптар күресіне, жұмысшылар қозғалысына, тарихи кезеңнің ортақ заңдылықтарын анықтау ісіне басымдылық берілді. Тарих ғылымында бұл сюжеттердің басымдылық алуына белгілі дәрежеде маркстік теорияның айтарлықтай ықпал жасағандығы анық. Соңғы кезде тарих ғылымы өзінің гуманистік міндеттерін азаматтық құндылықтар тарихына жете көңіл аудару арқылы орындай алады деген ұғым орынға түсуде. Яғни, тарихшылар жыл өткен сайын адамныың түрлі тарихи дәуірлердегі күнделікті өмір тіршілігін зерттеуге басымдылық танытуда. Жеке тұлғаның отбасы және қоғамға, қоршаған ортаға қатынасы, қоғамда кең тараған әлеуметтік деректер тарихы тарихнаманың арнайы талдау нысанасына айналып отыр. Қазіргі кезде Батыста әлеуметтік тарих – іс жүзінде қоғамның әлеуметтік құрылым тарихы. Әсіресе, қоғамның әлеуметтік құрылымының тұрақтылығына пәрменді ықпал жасап отырған тұлғалар мен топтардың рөліне тарихшылардың жетік көңіл аудара түскендігі байкалады. Басқаша айтқанда, қоғамның түрлі сұраныстарына байланысты әлеуметтік бейімделу (социальная мобильность) мүмкіндігін қамтамасыз ете алатын факторларды зерттеуге жете көңіл бөлінуде. Енді осы контекстте отандық тарихтағы мазмұндық және тақырыптық өзгерістерге тоқталып көрейік. Тарих ғылымындағы методологиялық және теориялық өзгерістердің бірден-бір көрсеткіші әрине, диссертациялық зерттеулер. Диссертациялық зерттеулер тарихнамадағы өзгерістердің барлық қырын қамти алмайды. Дегенмен, олардың тақырыптық ауқымы ғылыми ойдағы ізденістердің бағыт-бағдарын байқауға мүмкіндік туғызары хақ. Қазақстанда соңғы 11-12 жыл көлемінде, тарихи зерттеудің жаңа кезеңінде де басымдылық сол бұрынғыдай әлеуметтік-экономикалық тарихқа беріліп отыр. Бұл салада осы мезгілде 24 докторлық, 111 кандидаттық диссертация (жалпы тарих ғылымы бойынша 90 докторлық, 473 кандидаттық) қорғалған. Сонымен бірге осы мезгілде ұлт-азаттық және қоғамдық – саяси қозғалыстар, қазақ диаспорасы тарихына, және тұлғалар өмірі мен қызметін зерттеуге қызығулылықтың күрт арта түскенін байқаймыз. Тарихтану ғылымының даму тенденцияларын саралау нәтижесі елімізде теориялық – методологиялық тұрғыдан кең тыныс, жаңа кезеңнің әлі де болса терең тамыр жая қоймағандығын көрсетеді. Оған, мәселен, тарихи зерттеулердің методологиясы мен теориясы бойынша арнайы бірде–бірде диссертациялық зерттеудің жазылатындығын атап айтсақста жеткілікті. Тарих методологиясындағы өзгеріс, жаңа тарихи санасының қалыптасуына ықпал жасайтын фактор. Ал, біздің қоғамға, алдымен тарихшылар әулетіне жаңа тарихи сана біріншіден, Қазақстандық әлемдік қауымдастықтағы өз орнын анықтау үшін, екіншіден, қоғамдық санамыздағы процептикалық психологияны жеңу үшін қажет.

– Ал осы тарих ғылымындағы өзгерістер, жаңа зерттеулер мен тұжырымдар түрлі аңыздық деңгейдегі жана – жансар кітаптар тасқынына тосқауыл бола алады деп ойлайсыз ба? Қалтасында қаржысы бар немесе артында қалталы демеушісі бар «зерттеушілер» кәсіби тарихшылардың қолы жетпеген деректік құжаттарды тауып, оларды өз мүддесіне бейімдеп кітаптар шығарып жатса оған не шара?

– Қалың көпшіліктің тарихты тануға ұмтылысы бұл сөзсіз, жағымды құбылыс. Тарих – халықтікі. Ал, тарихты бұрмалап жазу (бұл құбылыс «фольк - хистори» немесе балама тарих – авт.) ыдырауға ұшыраған бұрынғы одақтық кеңістікте де кеңбілекке алынды. Одан біз де шектері қалған жоқпыз. Сондай-ақ, бізде тарихты аңызбен қабыстыру, үйлестірудің өз ерекшеліктері байқалады. Мәселен, тарихты баяндауда мұндай әдісті ұстанушылардың назары әдетте көне заманға немесе орта ғасырларға көбірек ауады. Әуесқой тарихшы ғұн, сақ, үйсін сияқты ертеңгі аты әлемге мәшһүр халықтардың ерлік ойын бүгінгі отандастарына үлгі ретінде ұсына отырып, өкінішке қарай, ол халықтардың тарихтағы ізін жеке ру немесе белгілі бір тайпаның тағдырымен байланыстырды. Ал сол ғұн, сақ немесе үйсіндердің кейінгі замандарда талай тарлық оқиғалар мен тарихи кезеңдерді бастарынан кешіріп, ең соңында орталық Азиядағы, қала берді одан да тыс жерлердегі ұлттардың құрамына сіңіп, мүлдем жаңа сапаға өткендігі есепке алына бермейді.

Бір-екі мысал келтірейік. Инженер-механик бауырымыз Ш.Қуанғанов «Ғұн немесе арғұн тарихы туралы» (1997) атты еңбегінде «Шығыстағы Тынық мұқитының жанындағы Арғұн, Өрғұн (Орхон) өзендерінен бастап батыстағы Атыант мұхитының қасындағы Арогон өзені мен Арагон жазығы, Арагон қыратымен Арагон тоғайына дейінгі екі аралықты» кеңістіктен «арғын» этнонимине жақын, ұқсас жер-су аттарын теріп, сондай-ақ, оларға сүйене отырып халқымыздың тарихына қатысты үзілді-кесілді тұжырымдар жасайды. Әрине, семантикалық талдау тарихи зерттеулерде қолданылатын әдістердің бірі екені рас. Дегенмен, Егер түрлі континентердегі жер, су атауларынан қазақ құрамына енгендер, тайпа аттары арасындағы ұқсастықты қуар болсақ, онда тым алысқа кетеріміз хақ. Онда, мәселен, немістерді «найманнан», конголықтарды «қоңқадан», баржығындарды «бөрі жегенен», америкалықтарды «һәммә еркіндерден» тарады деген қорытындыға да барып қалуымыз ықтимал. Осы мазмұнға жақын мысалды Қ.Данияровтың «История гунов» (X., 2002) атты еңбегінен де кездестіреміз «В современном казахском языке слово «Құн» обозначает «стоимость». Слова «құн» широко используется в официальных документах, законах, научной летературе, как-то: құн заңы – «закон стоимости», тенгенің құны – «курс тенге», қосымша құн заңы – «закон прибавочной стоимости». Автор «ғұн» этнонимінің шығу тегін осылайша қысқа негіздей келіп, мынадай қорытынды жасайды: «Таким образом, бесспорным является казахскими (тюркскими) названиями одного, и того же народа» (Аталған еңбек, 170 – б.). Осы келтірілген мысалдардан-ақ әуесқой тарихшылардың арнайы даярлықты талап ететін күрделі ғылыми мәселелерге білек түріп, жеп-жеңіл араласып кететіндігін аңғаруға болады. Тарихтың күрделі тақырыптарына бару үшін өз Отаныңды сүю, ұлтыңа деген шынайы жанашырлық сезімде болу (мұны ғылымда ішкі «тарихилық» дейді), әрине, маңызды-ақ, бірақ ол жетімсіз. Бұл істі қолға алған кісінің ең кем дегенде тарихи зерттеу әдістері мен мәселеге қатысты деректерді талдау мәдениеті (жалпы теориялық, методологиялық әзірлігі т.б.с.с.) , яғни арнайы кәсіби даярлығы болуы шарт. Орыс ойшылы П.Чаадаевтың мынандай сөзі бар: «Отанға деген махаббат – ғажап нәрсе, бірақ одан кем емес ғажап нәрсе бар – ол ақиқатқа деген құштарлық».

– Отан тарихының соңғы, яғни қазіргі кезеңін қай мезгілден бастаған жөн? Оның негізгі ерекшеліктерін атап өтсеңіз? Жаңа тарихымызда 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінің алатын орны қандай?

– Бұл арада «тарихи кезең», «қазіргі заман» сияқты ғылыми категориялардың мазмұнына тереңдеп барудың қажеттілігі бола қоймас. Егер қысқаша айтсақ, бір мәселенің басы ашық қой деп ойлаймын. XX ғасырдың соңы, анығырық айтқанда 1991 жылы әлем тарихындағы ірі империялардың бірі – КСРО-ның ыдырау жылы болды. Яғни, бұл мезгіл ыдырауға ұшыраған одақ кеңістігіндегі өздерінің саяси мемлекеттік тәуелсіздігін алған елдер үшін, әрине, жаңа тарихи кезеңнің басталғандығын айғақтайды.

Мемлекет басшылығы Н.Ә. Назарбаевтың, оның соңына ерген саяси басқарушы топтың жаңа сападағы мемлекет құру қызметі қазақ тарихының бұдан бұрынғы кезеңдерінің ешқайсысымен де салыстыруға келмейді. Өйткені, Жәнібек пен Керей сұлтандардың (XV ғ.), Қасым хан (XVІ ғ.) мен Тәуке ханның (XVІІ – XVІІІ ғғ.), Абылай ханның (XVІІІ ғ.) тұрысындағы хандық мемлекеттік құрылымдардың қазақ ұлты мен оның жер аумағының мәдениеті мен ұлттық санасының қалыптасу процесінде үлкен рөл атқарғандығын айта отырып, онымен бірге ол билік жүйелерінің қазақ қоғамының үдемелі экономикалық даму, аумақтық тұтастығы мен саяси тәуелсіздігін қамтамасыз ете алмағандығын, соның нәтижесінде Қазақстанның екі жарым ғасырдан артық мерзім орталық кіріптарлыққа ұшырағандығын мойындауға тура келеді. Сондай-ақ, хандық билік мемлекеттіліктің негізгі көріністері болып табылатын басқару апаратын, оның шенеуніктерін, ұлттық әсер және басқа элементтерін қалыптастыру ісінде де әлжуаздық танытқандығы мәлім. XVІІІ-XX ғасырларда қазақ халқы мемлекеттік билікке жатсына, жатырқай қарады. Өйткені мемлекеттік билік өзгенікі еді. Орыс мемлекеттік жүйесі қазақ халқының түпкілікті мүдделерімен санаспады, қазаққа бұратана, жат жұрт есебінде қарады. Кеңестік билік өзін халық билігі деп жариялап, мемлекет пен халық арасындағы бұрынғы алшақтықты жоюға тырысқанымен, көптеген мәселелерде (мәселен, өнеркәсіпті дамыту, кадр даярлау, дін, ұлттық салт-дәстүр, тіл, т.б.) ол ұлы державалық ұстанымнан кете алмады. Міне осы тарихи контексте Н.Ә. Назарбаев бастаған ұлттық саяси элитаның бүгінгі мемлекеттік құру қызыметі, салыстырмалы түрде алғанда, тегіс жерлерде ірге тасынан бастап, шатырына дейін жаңадан үй салумен теңестіруге болады. Он жылдан сәл ғана артық мезгілде: 1. Тәуелсіз, әлемдік қауымдастық ресми түрде мойындаған Қазақ мемлекеттігі өмірге келді. 2. Оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін құрылған Қарулы күштері, ұлттық валютасы мен ұлттық банкі бар. 3. Елдің нарықтық қатынастарға негізделген, жылына 9-12 пайыз өсу жолында тұрған, тұрақтанған экономикасы бар. 4. Қазақ жерінде демократиялық принциптерге сүйенген мемлекеттік басқару жүйесі қалыптасып келді. Қабылданған Конституция (1995 ж.) азаматтардың негізгі құқықтарын қамтамасыз етеді. 5. Қазақстан көрші елдерімен шекаралық қатынасын анықтап, өз ішіндегі түлі ұлт өкілдері арасында өзара түсіністік пен ынтымақтастыққа қол жеткізген ел. Өтпелі тарихи кезеңдердегі қоғам өміріндегі өзгерістер билік басындағы жеке тұлғалардың қызметімен тығыз байланыста қаралатындығы белгілі. Осы тұрғыдан алғанда Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ұлт тарихының аса жауапты да шешуші кезеңінде саяси билікпен бірге саяси жауапкершілікті де өз мойнына алып, асқан жауапкершілікпен қолындағы саяси билікті негізгі мақсатқа, яғни, мемлекет құру ісіне жұмсай білді. Саяси лидер ретінде оның қызметіне баға берілгенде осы негізгі өлшем есепке алынатын болады. Қорыта айтқанда, қазақ жерінде ұлттық мемлекет құру ісі тұңғыш рет өз шешімін тапты деп айтуға толық негіз бар. Отан тарихында қазіргі заман талабы, бүгінгі тарихи кезеңнің ең басты ерекшелігі міне осы. Жоғарыда өзіңіз айтқан 1986 жылдың желтоқсанында болып өткен тарихи оқиғалар кеңестік биліктің терең дағдарысқа ұшырағандығын айғақтайтын құбылыстар, яғни империялық кезеңнің соңғы сәті.

– Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының таяу жылдардағы жұмыс жоспарлары жөнінде айтып өтсеңіз?

– Біз үшін ең маңызды шаруа – «Қазақстан тарихының» 4 және 5 томдарын баспаға даярлау жұмысын аяқтау. Институт ғалымдары «Мәдени мұра» бағдарламасын іске асыруға белсенді түрде ат салысатын болады. Отан тарихының күрделі мәселелеріне арналған 3-4 монографиялық зерттеулеріміз баспаларда жатыр, жарық көріп қалады ма деген үмітіміз бар. Қазақстанның Ресейдегі жылына байланысты даярланған «Кенесары Қасымов» және «Орыс зиялыларының Қазақстандағы қызметі: XІX – XX ғғ.» атты кітаптар осы жылдың басына Мәскеуде (орыс тілінде) баспадан шықпақ. Тарих ғылымындағы түбегейлі өзгерістер арасында жазылмақ «Қазақстан тарихы» оқулығы да мойнымызда. Жаңа басталған 2014 жылы «Алаш» қозғалысына арналған 3 томдық құжаттар жинағы жарық көрмек. Басқа да жоспарланған істер баршылық.

Институт ұжымы биылғы жылы Ресей Федерациясы Ғылым Академиясының Сібір бөлімшесі және Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтымен бірлікте этноархеологиясының өзекті мәселелеріне, сондай – ақ «Тарих және аңыз тарих» тағы да басқа тақырыптарға халықаралық және республикалық ғылыми конференциялар өткізбек. Бұл айтылғандардан, әрине, аса қажетті тарихи мұраларды зерттеу ісі біржола еңсерілді және еңсеріледі деген ой тумаса керек. Ұлы дала мен ұлы қайраткерлеріміздің тарихына, қызметі мен идеяларына қатысты зерттеу жұмыстарын жүргізу және құжаттық материалдарды жариялау біздің институт, басқа ғылыми отарлық, зерттеушілер тарапынан әлі де жүргізілетін болады. Қазақ тарихын тиянақты түгендеп, зерттеу жолындағы атқаратын жұмыстарымыз түйіндеп айтқанда, әлі қыруар. Қандай да бір ақ ниет қоғамға пайдалы болса, тарихшылардың да үнсіз қалуы айып. Сондықтан қарыз бен парызды өтеу міндеті әрдайым өміршең бола береді.

– Әңгімеңізге рахмет!

//Егемен Қазақстан 2004ж, 27 қаңтар

Әңгімелескен: Мейрамбек Төлепбергенов

«ДУГИН МЫРЗА, СІЗ НЕГЕ «РЕСЕЙ» ЖӘНЕ «ЕУРАЗИЯ» ДЕГЕН ҰҒЫМДАРДЫ СИНОНИМ РЕТІНДЕ ҚОЛДАНАСЫЗ?»

Өткен аптаның аяғында Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Еуразиялық Одақ құру туралы идеясына он жыл толуына орай, «Еуразияшылдық: идеядан – нақтылыққа» атты халықаралық ғылыми-тәжірбиелік конференция өтті. Осы конференцияда Мәжіліс депутаты Амангелді Айталы Халықаралық Еуразиялық қозғалыстың жетекшісі Александр Дугинге «Дугин мырза, сіз неге «Ресей» және «Еуразия» деген ұғымдарды синоним ретінде қолданасыз?..» деген сауал тастады. Бұл сұрақ неге қойылды? Жалпы, конференция қалай өтті? Қандай деңгейде өтті? Біз осы конференцияға қатысып, арнайы сөз сөйлеген профессор, тарих ғылымдарының докторы, Тарих және этнология институтының директоры Мәмбет Қойгелдиевті әңгімеге тарттық.

– Жоғарыдағы сұрақ орынды қойылды деп ойлайсыз ба?

– Өте орынды қойылды деп ойлаймын. Бәлкім, өзің де оқыған шығарсың, осы таяуда ғана Халықаралық Еуразиялық қозғалыстың жетекшісі Александр Дугиннің «Литературная газетада» көлемді сұхбаты жарық көрді. Осы сұхбатта А.Дугин мынадай ойлар айтады: Бірінші Петрдің жасаған реформасы орыс қоғамын Батысқа бет бұрғызды, Батысқа мықтап байлап берді. Осының кесірінен орыс мемлекетінің өзіндік ерекшеліктері әлсіреді. Бірінші Петр орыс қоғамын роман- герман халқының ықпалына тәуелді етті.

Бұл жерде А. Дугин «орыс мемлекетінің өзіндік ерекшелігі» деп нені айтып отыр? Славяндық-православиялық ерекшелікті. Дугиннің ойынша, осы ерекшелікті айрықша сақтап қалған – мәскеулік Русь. Роман-герман мәдениетінің ықпалында болған Санкт -Петербордай емес, мәскеулік Русь ежелден азиялықтармен аралас-құралас. Ресей Орталық Азиямен алдағы уақытта да аралыс-құралас болуы керек. Осыны айтып отырған Дугиннің сөзінің арғы астарында үңілсеңіз, оның «еуразиялық идея» дегенді «славяндық – православиялық құндылық» деп түсінетінін байқаймыз. Сондықтан, жоғарыдағы А. Айталының сұрағы өте орынды қойылды ғой деп ойлаймын.

–Демек, Айталы баршаңыздың ойыңызда жүрген күмәнді айтқан екен ғой...

– Иә. Сонымен бірге, Амангелді Айталы тағы да мынадай сауал тастады:

«Еуразиялық Одақ – жаңа ғана Президентіміз Н.Назарбаев айтып кеткендей, тең мемлекеттердің тең дәрежедегі қарым-қатынасы, тең диалогы. Бізбен тең сөйлесуге, тең дәрежеде қарым-қатынас жасауға Ресей қоғамы даяр ма?». Бұл сауалдың да жаны бар. Соңғы кездері Ресейдің саяси элитасының кейбір өкілдері «империя» деген сөзге үйірсектеу болып жүр. Мәселен, А. Чубайс «либералдық империя құруға неге болмасын?!» деген пікір айтты. Ал, Дугин «жаңа демократиялық империя – Еуразиялық одақты құруға әбден болады!» дегенді айтты. Мейлі «империяның» алдына қандай жақсы, жағымды сөз жалғанбасын, империяның аты империя. Біз империяның не екенін жақсы білеміз. Қазақ халқы екі империялық езгіні бастан кешірді: Патшалық Ресейдің және Кеңестік империяның. Қазақ халқы осы империялардың қол астында жүріп, ғаламат сұмдық құрбандықтарға ұшырады. Шындап келсеңіз, бұл – жай құрбандық емес, әлемдік масштабтағы трагедия еді. Осыны Ресей саясаткерлері ескере бермейтін сияқты. Уақытша үкімет те, Кеңестік империя да кезінде «демократиялық идеяны» жамылғы еткенді. Біз мұны неге ұмытайық?

– Еуразиялық Одақ қандай болуы керек сонда?

– Дәл осы сұраққа жоғарыдағы конференцияда Президент Н.Назарбаев өте орынды, нақты жауап берді.

Кез келген идея өмірдің сұранысына сай келуі керек. Өмірдің сұранысы кез келген мықты идеяға өзгеріс енгізіп отырады. Демек, идея өмірдің сұранысына тәуелді. Өмірдің сұранысынан тумаған идея – өлі идея. Ешуақытта өміршең бола алмайды. Идеяны дамытатын – өмірдің талабы. Осы тұрғыдан келгенде, Президент Н.Ә.Назарбаевтың қазіргі халықаралық тәжірбиелерге сүйене отырып айтқан ой-пікірлері, ұстанымдары дәл бүгінгі өмір сұранысынан туындап жатты. «Еуразиялық идея», «Еуразиялық Одақ» дегенді дұрыс түсінуіміз үшін де алдағы уақытта осы ұстанымды ұдайы басшылыққа алып отыруымыз қажет. Президенттің айтуынша, біріншіден, Еуразиялық одақ экономикалық қажеттілікке негізделуі керек. Екіншіден, бұл одаққа кіретін мемлекеттердің экономикалық даму деңгейлері мен қарқынын есепке алмаса болмайды. Үшіншіден, Еуразиялық кеңестіктегі елдердің қауіпсіздігі ортақ мәселеге айналып отыр. Демек, қауіпсіздік мәселесін шешу барысында күш біріктіру жағын қарастыруымыз керек. Төртіншіден, Еуразиялық Одаққа кіретін мемелекет өз еркімен енуі керек. Ең бастысы, Президент ең негізгі құндылық – мемлекеттік тәуелсіздігіміз, бұған асқан жауапкершілікпен, аса жоғары деңгейде қарауымыз керектігін еске салды: «Әр халық үшін формасы емес, мәні бойынша ұлттық тәуелсіздік абсолютті басымдық болып табылатын қарапайым қағиданы түсіне білуміз керек». Осы қағиданы темірқазық етсек, біз ешуақытта ұтылмаймыз.

//Жас Алаш 2004 ж, 6 сәуір № 4 (147679)

Әмірхан МЕҢДЕКЕ

РЕПРЕССИЯ ҚҰРБАНЫ — «ҚАЗАҚ ҰЛТШЫЛДЫҒЫ»

Қазақ ұлт болып қалыптасқан ғасырлар бедерінде талай зобалаңды басынан кешті. Арғы тарихтың да, бергі тарихтың да қалың қатпарларында қаншама ащы тер жатыр. Бағзы замандарды былай қойғанда, өткен жүз жылдықта ше. Ел болып еңсемізді көтердік десек те, жүрекке беріш болып қатқан кезеңдері аз болған жоқ. Бүгінде жұрт аузында көбірек айтылып, шежіреге жазылып жүрген 1937 жылдың ақтаңдақтарына да міне 70 жыл толғалы отыр. Соған дейін де халқымыз қаншама репрессияның тар жол, тайғақ кешулі нәубеттерінен өтті. Ресейдегі патша ағзам қорғанышың боламын деп қорлады. Кеңес өкіметі өзгелермен тең ұстаймын деп өзіне тәуелді етті. Ұлтымыздың зиялы қауымын және көш бастаған ауқаттылары мен хақ тағала жолындағы діндарларын баудай жапырған репрессия зұлматтарының әлі де айтылмай жатқан көлеңкелі беттері аз емес. Көкейге «Саяси репрессиялардың шығу себептері неде?» деген сұрақ оралады. Осы сұрақ тарих ғылымдарының докторы, профессор Мәмбет Қойгелдиевпен болған сұхбатымыздың арқауына айналды.

– Мәке, жуырда саяси репрессия тақырыбында әңгіме өткізсек деп ұсыныс жасаған едіңіз. Соның сәті бүгін түсіп отыр. Жалпы бұл мәңгілік тақырыптардың бірі болғандықтан көзі қарақты кісіні бейжай қалдырмасы анық. Оның үстіне осы мәселе төңірегінде жүйелі қалам тартып жүрген маған да алыс емес. Олай болса екеуара әңгімені неден бастағанды жөн көресіз?

– Биыл 1937-1938 жылдары Кеңес үкіметі жүргізген жаппай репрессия саясатына 70 жыл толмақ. Бұл кезең ұлттық тарихымыздың ең қаралы, ең қасіретті беттері қатарынан орын алады. Оны жадымызда шығару мүмкін емес. Тарихшы ретінде, қала берді саяси репрессия тарихын зерттеу ісімен біраз жылдардан бері айналысып келе жатқан маман ретінде, бұл мәселенің қырық қатпар астарына қоғамның көңілін аударуды өзімнің азаматтық міндетім деп санаймын.

– «Репрессия» сөзінің қазақша баламасын «қуғын-сүргін» деп жүр. Сіздіңше бұл аударма оның дәл мағынасын бере ала ма? Қарапайым оқырмандарға осы екі сөздің мәнін түсіндіре кетсеңіз.

– Меніңше, қазақ тіліндегі аудармасы негізгі ойды дәл бере алмайды. Латын тіліндегі «репрессия» сөзі – басып-жаншу, аяусыз жазалау деген ұғымға саяды және халықаралық дәрежеде қабылданған термин. Алайда мен «қуғын-сүргін» сөзі пайдаланылмасын дегеннен аулақпын. Тіл ғылымдарының мамандары оның дәл баламасын тапқанша, екеуінің де қолданыста жүргені жөн болар.

Осыған орай айта кететін бір жай «репрессия» сөзімен қатар ғылыми айналымға кең көлемде түскен «геноцид» деген тағы бір атау бар. Грек және латын тілдерінің түбірлерінен құралған бұл сөздің мәні белгілі бір ұлысты, халықты нәсілдік немесе діни ұстанымына байланысты жою. Яғни жер бетінен жоқ ету. «Геноцидтің» синонимі түрінде мазмұндық тұрғыдан одан сәл тарлау «этноцид» деген сөз де айналымда көп кездеседі.

– Қазақстан тарихында осы саяси үш терминнің көріністері қалай орын алды?

– Өткен ХХ ғасыр бедерінде қазақ халқы кеңестік жүйенің солақай саясатының арқасында осы «репрессия», «геноцид» және «этноцидті» түгелдей дерлік басынан кешірді. Бұған елде ұр да жық тәсілімен жүргізілген тәркілеу, ешқандай даярлықсыз және еріксіз ұжымдастыру, жартылай көшпелі қожалықтарды жаппай отырықшы тұрмысқа көшіру, сондай-ақ зорлау және күш қолдану арқылы іске асырылған астық және ет дайындау науқаны дәлел. Бұл шаралар 1931-1933 жылдардағы сұрапыл аштыққа ұласып, солардың салдарынан 2,2 миллионнан астам адам қырғынға ұшырады.

– Кейбір деректерде аштық құрбандарының саны бұдан әлдеқайда көп көрінеді.

– Оның нақты есебі әлі шығарылған жоқ. Жобалауымызша бұдан көп болмаса аз емес. Сол жылдары 1 миллион адам атамекендерін тастап, жат жерлерге қарай босып жан сауғалады. Жолай өлім-жітімге ұшырағандары қаншама. Сондай-ақ, 100 мыңнан астам адам (бір деректерде бұл сан 105 мың деп көрсетілген) саяси репрессияға тартылып, соның 25 мыңнан астамы атылған.

Репрессияға тартылғандардың басым бөлігі қоғамдық өсіп-өркендеудің бағыт-бағдарын айқындайтын биліктегі және шығармашылықтағы сондай-ақ күнделікті еңбектегі, белсенді топ болғандығы мәлім. Сандық тұрғыдан аса үлкен емес халқымыз үшін бұл орасан гуманитарлық апаттың нағыз өзі-тін. Тіптен осы сандық фактілер алып айсбергтік үстіңгі қабаты ғана. Оның халықтың мінез-құлқына, рухани болмысына тигізген залалын айтып жеткізудің өзі мүмкін емес. Кезінде Әлихан Бөкейханов, құрметті Әлекең халқына «жетекшілсің, ергішсің, өз бетіңше жол табуға, лайықты өмір сүруге жоқсың» деп қатты налығаны бар. Ол ХХ ғасырдың басында осылай деп күйінген екен. Ұлтын жан-тәнімен сүйген жанның жүрегі әлденендей қауіп-қатерді сезінгендей бекер налымапты. Алда ашаршылық, талайлардың басын жұтқан саяси репрессия, мал біткеннен жұрдай еткен тәркілеу, ата салт-дәстүрді ескінің сарқыншағы деп жоққа шығарған мәдени революция, екі-үш буынның өмірін құшағына алған идеологиялық прессинг күтіп тұр еді. Жоғарыда келтірілген фактілерге, айтылған тұжырымдарға қарап, өткен ғасырдағы репрессия саясатының қазақ тарихында қандай трагедиялық терең із қалдырғанын байқауға болады.

– Мәке, кеңестік ғылымда сол репрессиялар тарихы қалай зерттелген? Қалың елге қалай баяндалды? Олар қандай ұстанымдарды негізге алды?

– Саяси репрессияларға байланысты кеңестік тарихнаманың қысқаша тұжырымы мынаған саяды. Қазақ елі өз «ұлтшылдарынан», «байшылдарынан» құлан таза құтылып, большевиктердің қызыл туы астында интернационалистік жолға түсті. Яғни кеңестік тарихнама үзіліссіз жүргізілген репрессияларды қажеттіліктен туған шара ретінде қарастырды.

Ресми тарихнаманың басқаша ұстанымда болуы да мүмкін емес-тін. Өйткені оның өзі, проф. Ю.Афанасьев айтқандай, кеңестік режимге енген, анығырақ айтқанда репрессияланған ғылым болатын. Бұл арада сөз С.Асфендияров, М.Тынышбаев, Е.Бекмаханов, Б.Сүлейменов сияқты тарихшылардың қудаланып, тұтқынға алығандығы немесе атылғандығы жөнінде ғана болып отырған жоқ. Сөз тарихшы аталған әулеттің түгелдей өз ұстанымын, тіптен мінезін, әдетғұрпын билік пен ресми идеология талаптарына ылғи да бейімдеп отыруға мәжбүр болғандығы жөнінде болып отыр. Соның нәтижесінде оның өзі репрессия құралына айналды. Ұлттық тарихтың өзекті мәселелері шынайы зерттеу обьекті болудан қалды. Отан тарихы міндетті түрде еуропалық, орыстық және кеңестік өлшемдер тұрғысынан, олардың әдіс-құралдары негізінде жазылуға тиіс болды. Ұлттық тарихнама өз бетін іздеу және табу мүмкіндігінен айрылды. Зерттеу жұмыстарын орыс тілінде жүргізу, орыстық және батыстық құндылықтарды дәріптеу және насихаттау, керісінше өз өткеніңді қомсыну, місе тұтпау қалыпты жағдайға айнала бастады. Тарихнама шын мәнінде саясатқа кіріспе міндетін атқарды. Сөйтіп өз беделінен айрылды. Бүгін біз тарихнама іргелі ғылым саласына айналуы үшін ең алдымен саясаттан өз іргесін бөлек салуы қажет дегенде осы жағдайды айтамыз. Тарих саясаттану емес. Ол барлық ғылым салалары сияқты өз зерттеу әдіс-құралдары бар, шынайы тарихи процесті баяндауды ғана мұрат тұтқан іргелі ғылым саласы болуға тиіс. Ал саясаттану бұл қолданбалы ғылым. Бұл екі ұғымды шатыстыру қателікке ұрындырады.

– Ал бүгінгі ғылымдағы жағдай қандай?

– Ұлттық тарихнама, оның методологиялық құралдары өзгеру жолында тұр. Қайсыбір тарихшысымақтар отандық тарихнама дағдарыста деп біраз даурықты. Осы айқайға басатындар қазір де табылады. Бүгін біз нақты істің заманында өмір сүрудеміз. Олай болса өзің не тындырдың? Мұндай сауалға жауап беруге келгенде іркіліп қалатындығымыз тағы бар.

Кемшіліктер де жеткілікті. Мәселен, жаңа зерттеу құралдарын, ұстанымдарды игеру ісінде баяумыз, құлықсызбыз. Отандық тарихты зерттеуде жаңа әдістер мен ұстанымдарға көшпей тұщымды нәтижелерге жету мүмкін емес. Сондай-ақ, мәселен ұлттық болмыс пен оның психологиясын зерттеуде де атқарылмай жатқан істер шаш-етектен. Бұл тақырыпты игеруді тарихшы мамандардың бастағаны дұрыс болар еді. Сол сияқты қазақ топырағындағы ақыл-ой тарихын, интеллектуалды тарихты жаңа сапаға көтеруде кешеуілдеп жатырмыз, т.с.с. Интеллектуалдық тарих дегеннен шығады, бізде бүгін халық алаш зиялыларымен әрқашанда, барлық мәселеде бір болды деген пікір бар. Бұл негізінен дұрыс айтылған ой. Негізгі мәселелерде (мемлекет, жер, білім ж.б.) бір болғаны рас. Сонымен бірге халықтың Ахаң, Ахмет Байтұрсынұлы, айтқандай «өзді-өзіне мықты», «өзге десе көнгіштігін», «бір күндік», «бүгіншілік» мінезін есепке ала бермейміз...

– Әлекең мен Ахаңдар бастаған Алаш зиялылары өз міндетін тиесілі дәрежеде орындай алды ма?

– ХХ ғасырдың басында қазақ зиялыларының ой-өрісі, білім-біліктілігінің дәрежесі өзі тақылеттес елдердегі әріптестерімен салыстырғанда ешқайсысынан кем болған жоқ. Тіптен халықаралық, әлемдік деңгейде болды десем асылық етпес. Дәлел ретінде мынандай фактіні келтірсем деймін.

Өткен ғасырдың басында қазақ зиялылары ұлттық идеологияны қалыптастыруды қолға алды. Өйткені ұлттық идеясыз бар қазақты жұмылған жұдырықтай күшке айналдыру мүмкін емес еді. Ұлттық идея деген не өзі? Бұл белгілі бір тарихи кезеңде ұлт алдында тұрған міндеттер. Соларды белгілеу зиялылар міндеті. Қандай өзекті мәселелер шұғыл шешуге мұқтаж, соларды іріктеп, қорытып қоғам алдына, билік алдына қою зиялылар үлесінде. Өткен ғасыр басындағы зиялыларымыз бұл ретте өз міндеттерін орындай алды. Олар әбден негізді «қазақ ұлтшылдығы» идеясын қалыптастыра алды.

– ХХ ғасырдың сол кезеңінде мұндай құбылыс әлемнің бірқатар елдерінде орын алды емес пе?

– Ұлттық идеология дүние жүзінің отарлық езгідегі көптеген елдерінде қалыптасты. Солардың біразын мысалға алар болсақ Түркияда «Жас түрікшілдер» шықты. Үндістанда Ганди бастаған ұлт патриоттары Үнді ұлттық конгресін құрып, ұлт-азаттық қозғалыс теориясы мен практикасын қалыптастарды. Мынау іргеміздегі Қытайдың өзінде ше. Сун Ят Сен бастаған ұлттық жаңғыру қозғалысы шамамен осы уақытта жүрді емес пе? Осы және басқа да елдердегі ұлт зиялылары отарлық және феодалдық мешеуліктен арылмай, өз халықтарының тұрмысын жаңа сапаға көтеру мүмкін еместігін анық сезінді. Осындай әлемдік үрдістер біздің елде, қазақ топырағында да жүрді. Осы негізде концептуалдық тұрғыдан «қазақ ұлтшылдығы» өмірге келді.

– Сонымен «қазақ ұлтшылдығының» түп тамыры ХХ ғасырдың басында болды ғой.

– Қазақ ұлтшылдығы – санадағы патология емес. Өмірлік негіздері айқын құбылыс. Француз социологтары осыдан біраз бұрын-ақ мынаған көз жеткізген: егер елге келген келімсек мигранттардың үлес салмағы жергілікті халықтың 17% асып түссе, сондай-ақ олардың сыртқы түрі, тұрмыс-салты, ділі мен діні жергілікті жұрттан тым өзгеше болса, онда соңғылары өздерін оккупация жағдайындағыдай сезінбек. Патшалық переселен саясатының нәтижесінде қазақ жеріне ішкі ресейлік губерниялардан көшіп келгендердің үлес салмағы 1914 жылы 35% жеткен (қараңыз: Н.В.Алексеенко. А.Н.Алексеенко. Население Казахстана за 100 лет. 1897-1997 г.г. Усть-Каменогорск, 1999, с.26). Өткен ғасырдың 20-30-шы жылдарындағы қазақ басына түскен қырғындардан соң бұл көрсеткіш 47,7% көтерілді. Сондай-ақ бұл жай сандық басымдылық қана емес-тін. Қазақ жерінің табиғи байлықтарын емін-еркін иемдену, ал халықтың өзін орыстандыру процесі жүріп жатты. Осының бәрін көріп және түсіне отырып қазақ саяси тобы үнін шығармауға тиіс болды. Ал егер қарсылық танытса «ұлтшыл», ретроград атанып, репрессияға алынуы қалыпты құбылысқа айналды. Сөйтіп әрбір Азамат отанына, әділдікке араша түсу құқынан айрылды. Қазақ ұлтшылдығының түп-тамырын міне осы ахуалдан іздеген жөн. Басын ашып айтатын бір жәйт «қазақ ұлтшылдығы» кейіндеу большевиктер әлемге жар салғандай агрессияшыл, өзгеге көз алартқан құбылыс емес-тін. Ұлтшылдықтың екі түрі бар. Олар халықаралық деңгейде, ғылыми әдебиетте айтылып та жүр.

Біріншісі – агрессияшыл ұлтшылдық. Оның анықтамасы басқаның жерін тартып алу, табиғи байлығын иемдену, шағын ұлттар мен ұлыстарды ассимиляциялау арқылы өздеріне сіңіріп, ерекшеліктерін жою. Ал «қазақ ұлтшылдығы» жоғарыда айтқанымыздай бұл топқа жатпайды. Оның өзекті жібі, діңгекті ойы, «менің ұлтым өзгеден ерекше артық» деген оғаш пікірге саймайды. Мағжан ақынның «Ұлт үшін жаным садаға» дегеніндей, елім деген азаматтардың өркениетке ұмтылған жұртын, өзгелермен тең ету жолындағы жанкешті қызметке әзірлігін білдіретін ұстаным болатын. Яғни ұлтшылдықтың екінші түрі, аяқ астынан сусып кетіп бара жатқан жерін қорғау, ұлттық мемлекеттігін қалпына келтіру үшін күрес деген мағынаны береді. Егер мемлекеттігің болмаса, сен ештеңеге де ие бола алмайсың. Жерің де, салт-дәстүрің де, жалпы ұлттық құндылықтарыңның бәрі де адыра қалады. Қысқасы, өзің кіріптар болған мемлекеттің құрамына сіңіп, ұлттық болмыс-сипатыңнан мүлдем айырыларың хақ. Сондықтан «қазақ ұлтшылдығы» бұл – қорғаныстық сипаттағы ұлтшылдық. Әлемдік азаттық қозғалыс арнасында өмірге келген «қазақ ұлтшылдығының» концептуалды деңгейдегі гуманистік мазмұн сипатта қалыптасып, ұлт зиялыларының сеніміне ие болып, олардың күрес қаруына айналуында Әлихан Бөкейханов бастаған озық ойлы қайраткерлердің қызметі зор. Сонымен, қорыта айтқанда, ұлтшылдық бұл қазақ қоғамы жағдайында Ресей тарапынан төнген отаршылдық саясатқа жауап реакция. Соған жауап ретінде қалыптасқан концептуалды ұстаным. Сол тұстағы ұлттық идея.

– Мәке, «қазақ ұлтшылдығының» шығуы мен қалыптасуынан біраз сөз қозғадыңыз. Бұдан газет орқырмандары толық мағлұмат алары кәміл. Енді әңгіме арнасын репрессия тақырыбына қарай бұрсақ. Репрессия мен ұлтшылдықтың ара байланысы, арақатынасы қандай?

– Орыс философы Н.Бердяев кезінде «Ресей неге революциялық жолға түсті?», «Орыс социализмі қайдан шықты?» сияқты сауалдар тастап, оған өзі жауап іздеген. Ұлы философ Ресейде революция идеясының үстемдік алуын бұл мемлекеттің тарихи даму жолымен, ерекшеліктерімен байланыстырады. Яғни Ресей еуропалық басқа елдермен салыстырғанда ортағасырлық крепостниктік қатынастар жолында тым ұзақ мерзім болған ел. Еуропалық елдер капиталистік даму жолына ХVІ-ХVІІ ғасырларда-ақ түсіп кеткенде, Ресей крепостниктік тәртіп шырмауында 20 ғасырға дейін қалып қойды. Крепостниктік тәртіп мемлекеттік қатыгез билікті талап етті. Ресейде мемлекеттік биліктің қатыгез түрі үстемдік құрды. Көп пікірлікке, түрлі ұстанымдарға орын қалған жоқ. Міне осындай жағдайда Ресей интеллигенциясы мен большевизм сияқты саяси күштер революцияны қоғамдық мәселені шешудің негізгі құралы, жалқы тәсілі ретінде таңдады. Басқаша айтқанда дүлей мемлекеттік тәртіп өзіне лайық күрес тәсілдерін өмірге әкелді. Кейін интеллигенция тарапынан көрінген революциялық радикализмнен большевизм пайда болды. Айналып келгенде большевизм Ресейдегі крепостниктік билікке, крепостниктік тәртіптке жауап реакция ретінде өмірге келді. Егер біз империя құрамындағы қазақ халқының жағдайын осы контексте алып қарасақ, онда сол репрессиялық шаралар мен науқандардың болмай қалмайтындығын байқаймыз. Қазақстан Ресей құрамына XVІІІ ғасырда бодан ретінде қосыла бастады. Бұл процес ХІХ ғасырдың 60 жылдарында аяқталды. Патша үкіметі де, Кеңес үкіметі де Қазақстанда өз билігін жүргізу ісінде репрессиялық шараларды билеп-төстеудің негізгі әдіс құралы ретінде таңдап алғанын көреміз. Бұл олар үшін ең тиімді тәсіл еді. Қарсылық көрсетуші күштер болмаса – түрлі мәселерде жоқ.

Сонау ХVІІІ ғасырдың соңындағы патшалық билікке қарсы Сырым Датұлының, ХІХ ғасыр Исатай Тайманұлы, Жанқожа Нұрмұхамедұлы, Кенесары Қасымұлы бастаған көтерілістер бірінен соң бірі бұрқ ете қалды. Бұл шын мәнінде патшаның үстемдігіне қарсы халықтық сипат алған қарсылықтар еді. Сол қозғалыстардың шығу себептерін Кенесары Қасымұлының патша ағзамға арнайы жазған хатынан да анық байқауға болады. Ашынған Кенесары хан патшалық биліктің ел ішіне орнығып алған әскери күштері жиі-жиі ауылдарын шауып, адамдарын, туыстарын қанға бөктіріп, зорлықпен малдарын тартып алып, тыныш жатқан елінің бей-берекетін қашырып, дүрліктіріп жібергенін жазып, тыйым салуды ескертті. Бірақ оған құлақ асқан патша болмады. «Зорлығыма көнесің, ал көнбесең солай күшке саламын» дегеннің керін келтіріп, қырын қарап жатып алды. Шыдамның да шегі бар. Оның қорлығына құлақ кесті құлындай көне беретін жан ба. Бес қаруын сайланып, атқа қонды. Қара құрым халқы қолдап соңынан ерді. Олар елдің азаттығы үшін көтерілді. Патшалық билік сол Сырым Датұлы, Жанқожа Нұрмұхамедұлы, Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық қозғалыстарды басу үшін репрессиялық шараларды, репрессиялық актілерді, қитұрқы тәсілдерді құрал ретінде пайдаланды. Кейін осы саясатқа Кеңес өкіметі де көшті. Жалпы ХІХ ғасырдың өн бойында, Қазақстанда болған басқа да көптеген ұлт-азаттық қозғалыстарға қарсы, патша үкіметі осындай репрессиялық шараларды тұрақты түрде ауық-ауық жүргізіп отырды. Өкінішке орай күні бүгінге дейін патша үкіметінің тұрақты түрде жүргізген сол репрессиялық саясатына, қолданған жазалау шараларына біз әлі де саяси тұрғыдан заңдық дәрежедегі баға беру актілері арқылы жауап берген жоқпыз. Ал бұл баға берілуге тиіс деп ойлаймын. Осы мәселеге байланысты 1997-1998 жылдары Республика Парламентінің Сабыр Қасымов басқарған комиссиясы жұмыс істеді. Сол жылдары орталық жүргізген репрессиялық саясатқа байланысты көптеген материалдар жиналды. Бірақ бәрі де аяқсыз қалды. Комиссияның патшалық және кеңестік жүйелердің репрессиялық шараларына берген бағасы түсініксіз себептерге байланысты қолдау таппады. Ұлттың бас көтерер жетекші саяси топтарына қарсы ауық-ауық репрессиялық науқандарды жүргізіп отыру патшалық және кеңестік жүйелердің қалыптасып қалған үйреншікті шараларының бірі болатын. Тек ХХ ғасырдың өзінде ғана биліктің репрессиялық актілері 1907-1911, 1916-1922, 1925-1926, 1927-1932, 1933, 1937-1938, 1951-1954 жылдары іске асырылды. Яғни репрессия перманентті түрде, бірде жабық-жасырын, бірде ашық,бірақ үзіліссіз жүргізіліп отырды. Тарихи фактілер соған меңзейді.

– Конституциясында барлық ұлттар тең, ерікті елдер Одағы деп дәріптелген кеңестік жүйе жағдайында саяси репрессиялар не үшін жүргізілді? Билік жасаған соншалық көп қуғын-сүргіннің қандай мақсаты бар еді?

– Сол саяси репрессиялардың негізгі себептері мынада. Кеңестік билік өзге елдермен қатар Қазақстанда да экономикалық реформаларды үсті-үстіне жеделдете жүргізді. Әсіресе бұл Кеңес өкіметінің алғашқы 20-30-шы жылдар шежіресінен анық байқалады. Большевиктік партияның саяси күш ретіндегі ерекшелігі ылғи да орындалуы қиын глобалды мәселелерді қоғамға жүктеп отыруында еді. Ал қоғам соған дайын ба? Дайын емес пе? Үлкен істерді жүзеге асыруға күші жете ме, жетпей ме? Ұрандатқыш, ұр да жық, кеудемсоқ партия көп жағдайда мұндайды пайымдап, ескере бермеді. Қалың қауымға «Индустриализация!», «Коллективизация!», «Мәдени революция!» деген ұрандар тастап, көзсіз атойлады. Қоғамды әлеуметтік-экономикалық жағынан көтеру мақұлдарлық іс. Алайда соларды қоғамға тиімді, тыңғылықты даярлықпен, онсыз да жүдеп-жадаған халыққа ауыртпалығын түсірмей өз жөнімен, ыңғайлы ретімен жүргізсе қанеки. Ұлт зиялылары соның жөнін айтып, большевиктердің жолдарына кесе көлденең тұрды.

Пролетариат диктатурасы жөніндегі лениндік теория билік алдында шексіз үстемдікке, яғни зорлық пен қиянатқа жол ашты. Билік басындағы В.И.Ленин, кейіннен И.В.Сталин жасаған тұжырымдарға қарсы уәж айту немесе оларды қазақ шындығына байланысты сынға алу тіптен де мүмкін емес саналды. Сондағы лениншілдердің тезисі «большевиктер мәдениет әкелуші, жарылқаушы, ағартушылар, бір сөзбен айтқанда құрып, жойылып кетуден құтқарушылар. Ал олардың пікіріне күмән келтірушілер – тез арада жойылуға тиіс халық жаулары». Бұл өзге еркін ойды, дәлелді пікірді репрессиялауға жол ашқан саяси мемлекеттік ұстаным еді. Ал оған қарсы тұрған тұлғалар міндетті түрде қуғын-сүргінге ұшырап отырды. Бұл ретте, мәселен, М.Сұлтанғалиев, Т.Рысқұлов, С.Қожанов, С.Сәдуақасов, Ы.Мұстамбаев, Ж.Мыңбаев, Н.Нұрмақов сияқты тұлғалардың тағдырын еске алу жеткілікті. Оппозициядағы Алаш зиялыларының өмір жолы жөнінде айтпай-ақ қояйын. Кеңестік репрессия саясатының тағы бір ерекшелігіне еріксіз назар аударуға тура келеді. Ол кезінде Т.Седельников сияқты орыс зиялысы айтқан ұлыдержавалық большевиктік «бонапартизм». Жаңа империяшылдар қазақ сияқты жұрттың табиғи-тарихи ерекшеліктері мен соған лайық өз даму жолы болатындығын қаперіне де алғысы келмеді. Қазақ қоғамын қайта жаңғырту ісін (модернизация) олар ультиматумдық астарда қойып, жүргізді. Басқаша айтқанда, модернизация орыстану жолын қабылдау арқылы жүруге тиіс болды.

«TURKESTAN»,

2004ж. мамыр.

ТАРИХ — РУЛЫҚ, ЖҮЗДІК МҮДДЕЛЕР ТОҒЫСАТЬН АЛАҢ ЕМЕС

– Тәуелсіздік алғанымызға біршама уақыт болды. 14-15 жыл көп те емес шығар, бірак аз деп те айта алмаймыз. Осы аралықта тарихымызды каншалықты түгендей алдық?

– Мұндай сұрақты қою жеңіл, ал оған жауап беру әсіресе, тарих ғылымының ішкі өмірін білетін маманға оңай емес. Ғылымның бар-жоқ мәселелерін түгендеп алу үшін, ең болмаса оның ішкі өмірінен хабардар болған жөн. 14-15 жыл ішінде халқымыздың кем дегеңде 3-4 мың жылдық жүріп өткен жолының барлық шешімін таппаған мәселелерін орнына қоямын деу, әрине, асығыстық болар еді. Сондай-ақ бұл арада мынаны ескерген жөн. Кеңестік кезеңде қазақ тарихын зерттеу ісін де, оны бір жүйеге түсіру бағытында біраз жұмыстар атқарылды. Мұны ешкім де жоққа шығара алмайды. Тарих – дербес ғылым саласы ретінде осы кезеңде біржола қалыптасты. Бүгінгі күнде белсенді кызметте жүрген тарихшы-мамаңдар да сол қоғамның «өнімі». Бұл - тарихи факт. Өткен ғасырдың 70-80 жылдары Қазақстан тарихының көп томдығы жарық көрді. Бұл шаруа кұрылғанына 60 жыл толып отырған Ш. Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтыңда атқарылды. Яғни қазақ тарихының академиялық басылымы осы институт қабырғасында жазылды деген сөз. Академиялық тарих ғылымы саласының аяқтануына М.Әуезов, Е. Бекмаханов, П. Вяткин, Ә. Марғұлан сияқты ірі талант иелері ат салысты.

Сонымен бірге кеңестік дәуірде жазылған тарих лениндік, кеңестік методология тұрғысынан жазылған тарих еді. Олай болса, кеңестік кезең тұсында жазылған тарихтың біраз беттерін қайтадан карауға, қорытуға тура келеді. Сондай-ақ тәуелсіздікке дейін өткен тарихымызда қарауға тыйым салынып келген, түрлі себептерге байланысты қалтарыста қалып койған тақырыптар, оқиғалар, жеке тұлғалар да бар. Біз бүгін міне, осы мәселемен айналысудамыз. Қазір бізге объективті ғылыми әдісті негізге алып жазылған, өткенді білуге деген құштарлық туғыза алатын, әсірелеусіз шындықты айтуға ұмытылған, тартымды жазылған еңбектер қажет. Бұл өмірдің сұранысы. Бірақ жаңа тарих, жаңа методологиялык әдіс, бірден туа қалмайды. Ол үшін не керек? Ең алдымен уақыт, сол уақытта қабілетті зерттеушілерге алаңсыз еңбек жаза алатындай жағдай туғызуымыз қажет. Біз, яғни билікте, тарихшы ғалымдар да төл тарихын білгісі келіп отырған қоғамымыздың тілегін орындағанымыз жөн дер едім. Осымен бірге, тарихшы мамандардың жаңа буынын калыптастыру камын да қолға алған дұрыс.

– Сонда ата-бабаларының тарихын білуге ынтызар болып отырған бүгінгі ұрпақ мұны әлі қанша жыл күтуі тиіс? Сіз «керек» деп отырган жаңа тарихшылардың жас буыны қалыптасты ма?

– Өте дұрыс айтасыз. Осы 10-20 жылдағы жұртымыздың тарихка деген ынтасы зор. Бұл ненің көрінісі? Халық өзінің өткенін білгісі келеді. Жай білу ғана емес, оны қорыту арқылы жаңа рухани сапаға өтуден үмітті. Өз басым оны «Жаңа Рухани Күй» (ЖРК) санаған болар едім. Сондай-ақ бұл ынта ылғи да осы күйде түра бермейтіні түсінікті. Ынта да шаршайды. Соңдықтан осы серпілісті негізге алып, дарынды жастарымызды қолдап, қаржылай демеу көрсететін уақыт келді. Мұны неге айтып отырмын? Себебі қазір бізге жас ғалымдардың жаңа буынын калыптастыру оңайға түсіп отырған жоқ. Талантты жастар ғылыми жұмысқа келмейді. Өйткені айлық аз. Олар жалақысы мардымды басқа салаларға кетіп жатыр. Мұны бір десек, екіншіден, жас тарихшыларға тіл үйрету міндеті тұр. Шығыс тілдерін, Еуропа тілдерін меңгермей, жоғары методологиямен жазылған батыстық әдебиетті оқымай бүгінгі сұранысқа лайық дүниелерді жасай алмаймыз. Мәселен, мен француз ғалымдарының методологиялық, теориялық жұмыстарына асқан ырзашылықпен караймын. Олардың тарих жазу дәстүрі өзгеше. Әрі олар түрлі әдістермен зерттеуді одан ары қаулап, дамытып отырған ел. Міне, осындай батыс елдеріне талантты жастарымызды жіберіп, оқытып алуды мен тарихшы ретіңде армандаймын. «Болашақ» бағдарламасы бойынша мыңдаған жастар шетелге барып, білім алуда. Мен солардың қатарынан кем дегенде қазақтың дарынды, қабілетті 4-5 тарихшы баласын көргім келеді. Сондай жоғары деңгейдегі ғылыми орталықтардың тәжірибесін меңгерген жастарымыз болса, біздегі тарих ғылымы сөзсіз жаңа сатыға көтерілер еді. Өкінішке қарай, бұл мен үшін әлі күнге дейін тек арман күйінде калып келеді. Тарих ғылымындағы тағы бір проблема – ғылым мен білім арасындағы байланыс әлсіз. Мен «Ғылыммен оқу процесі өзара қабысуға тиіс» деген Елбасының ұстанымын қолдаймын. Шынын айтқанда, күні бүгінге дейін ғылыми-зерттеу институттарының университеттермен өзара үйлесімді жұмыс істеу механизмін жолға қоя алған жоқпыз. Бұл талантты жастарды ғылымға тартудың ең тиімді жолы еді.

– «Жас ғалымдарды қызықтыратындай жалақы болмай тұр» дедіңіз, «оларды шетелде оқыта алмай жатырмыз» дедіңіз, сонда тарих ғылымына мемлекет тарапынан дұрыс көңіл бөлінбей жатыр ғой? Осылай түсінеміз бе?

– Көңіл бөлінбей жатыр деп айта алмаймын. Өйткені ауыр замандар өтті. Бізде тарих ғылымын мемлекет қаржыландырып отыр. Және қаржыландыру ісі жыл өткен сайын артып келеді. Мәселен, өткен жылы біздің институттың бюджеті 36 миллион теңгеден («Мәдени мұра» бағдарламасын коса алғанда) астам болса, биылғы жылы бұл сан шамамен 46 миллионға жетпек. «Қытай дерек көздеріндегі қазақ тарихына қатысты құжаттар мен материалдар» деген көп томдықты дайындау үстіндеміз. Бұған Елбасының өзі араласып, тікелей тапсырма берген. Ендеше, мемлекет көңіл бөлмейді деп айту қате болады. Бірақ бір нәрсенің басы ашық. Кез-келген ғылымның нәтижелі дамуы үшін ақша қажет. Ғьлыми ізденістерге мемлекет тарапынан колдау болмаса, оның жемісті болуы қиын. Барлық ғылым саласы өсімдік секілді, үнемі камқорлыққа мұқтаж. Мысал келтірейін: әлемдік тәжірибені алсақ, іргелі тарихи еңбектер тек мемлекеттің қамқорлығы арқасында жазылған. Мәселен, сонау орта ғасырдағы ең алғашқы «Жәмиғат-тауарих», яғни «Жалпы тарих» парсы тарихшысы Рашид әд-дин Фазуллахтың қаламынан туды. Ол кім? Ол – сарай тарихшысы. Әрине, қасында бір топ көмекшілері болды. Міне, солар әлемнің алғашқы жалпы тарихын жазуға құлаш ұрды. Түркі халықтарының, оның ішінде ортағасырдағы қазақ халқының да тарихы соның ішінде жүр. Немесе Ресей тарихын алыңыз. Сонау Татищевтен бастап, Карамзин, Соловьев және басқалар жалпы орыстың белгілі тарихшыларының бәрі мемлекеттің қамқорлығымен жұмыс істеген. Үнемі қолдау алып отырған. Мұндай мысалды көптеп келтіруге болады. Ал Қазақстанда тарих ғылымы XX ғасырда өмірге келді. Кеңестік дәуірде де қамқорлық жасалды. Бірақ мемлекет тарапынан қандай тапсырыс болса, тарих та солай жазылды. Айталық, Ә.Марғұлан қазақ халқының рухани тарихын сонау сақ, ғұн, үйсін тайпаларымен байланыстыра қарайтын. Кеңестік саясат Әлкей ағамыздың бұл концепциясына қырын қарады. Көп жағдайда елемегендей, көрмегендей сыңай танытып отырды. Мұхаммед Хайдар Дулати мен Қадырғали би Қосымұлын қазақтың тарихшылары деп танығаны үшін «ұлтшыл» атанды. Ал Кенесарының көтерілісін «ұлт-азаттық көтерілісі» деп бағалаған Е. Бекмаханов қудалауға ұшырап, сотталды. Осылайша белгілі күштер, идеологиялық орталықтар қазақ тарихын басқа мағынада, бұрмалап үзік-үзік көрсетуге мүдделі болды. Ол не үшін, неге керек еді? Өйткені орыс тарихының өзі ІX ғасырдан басталады. Ал қазақ тарихын үйсін дәуірінен тарқатқанда, ол тарих орыс тарихынан да көне болып шығатын еді.

– Халқымыздың тарихын қазір қай дәуірден таратып жатырсыздар?

– Біздің институт қабырғасында жұмыс істеп жатқан ғалымдардың пайымдауынша, казақ ұлтының калыптасуы біздің заманымызға дейінгі соңғы мыңжылдықта өмір сүрген сақ, үйсін, ғұн, каңлы тайпаларынан бастау алады. Осыған орай, соңғы жылдары содан бергі халықтар арасындағы сабақ тастығы зерделеуге көп күш жұмсалынып жатыр.

– Сақ, үйсін демекші, соңғы уақытта Есіктен табылған Алтын адамды үйсін бекзадасы дейтін бір пікір айтылып жүр. Мұны сіз де қоштайтын көрінесіз...

– Жуырда ғана өткен жылы Қытайда жарық көрген «Ежелгі үйсін елі» дейтін кітаптын тұсаукесері өтті. Бұл кітап еліміздің Қытайдағы елшілігінің ғылыми тапсырысы бойынша жарық көрген екен. Ал мұнда не айтылады? Шығыс Түркістандағы Тәңіртаудан басталып, Балқаштың кұмына сіңетін Іле өзенін білесіз. Іленің төмеңгі ағысы мен Құлжаға дейінгі аралығы шамамен 700-800 шақырым десек, осы өзеннің арғы беттегі екі жағасында 10мыңнан астам үйсін обалары тіркелген. Және бұл Қытай жеріндегі тіркелгені ғана. Кейбіреуінің диаметрі 120метрге дейін, биіктігі 10-15метрге дейін жетеді. Египет пирамидаларынан еш кем емес. Осы қорғандарды зерттеген қытай тарихшы, археолог ғалымдары «бұл корғандар – үйсіндердікі» деген тоқтамда. Олай болса, Есіктен қазып алынған Алтын адамды да үйсін бекзадасы деген тұжырымға қосылуға тура келеді.

– Енді қытай ғалымдары солай айтты екен деп, оған қосыла кету қаншалықты орынды болады? Әсіресе, сіз секілді тарих ғылымының басында отырған адамға. Кезінде кемеңгер Кемал Ақышев ағамыз Алтын адамды сақтан қалған мұра деп танымап па еді?

– Мен Кемал ағамызды түсінемін. Ғылымның сол тұстағы жетістігі, түрлі идеологиялық ұстанымдар да осындай тұжырымға итермеледі. Кеңес кезінде қазақ тарихын жазуда басымдылық грек, рим, қала берді иран дерек көздеріне берілді. Сол сақтар кімдер еді деген сауал туғанда Ресей ға лымдары оларды «ирантілдес халық, үңдіеуропалык нәсіл» еді деп айтуға бейім тұрды. Сондықтан 1969-70 жылдары табылған Алтын адамды үйсін емес сақ деп айту белгілі дәрежеде тиімді болатын. Бірақ мұндағы үйсін қазіргі ұлы жүздің құрамындағы үйсін емес. Үйсін – тайпалық конфедерация. Қазір енді «үйсін бекзадасы» десең, бәз біреулер сол баяғы рулық, жүздік санамен саған кырын қарайды. Бұл – тарихтан мақұрымдық, надандық, тарихқа рушылдық, жүзшілдік санамен қарау. Қазақстан жерін алып қарасаңыз, ортағасырлардағы түрлі тайпалық одақтар тарихы көз тартады. Бұл және үздіксіз жүріп отырған процесс. Сондықтан одан үркудің қажеті жоқ.

Ал Қытай деректеріне келейік. б.з.д. 3-2 ғасырлардағы тарихи кезеңнен мағлұмат беруде Қытай жылнамаларымен иық тіресетін дерек көзі еш елде жоқ. Бүкіл әлемнен таба алмайсыз. Сіз маған «Іле өзенінің бойында сақ мемлекеті болды» деген деректі грек, рим, иран жылнамашыларынан тауып беріңізші. Таба алмайсыз. Өйткені ондай дерек жоқ. Кешіріңіз, тарих – фактіні жақсы көретін ғылым. Сондықтан Алтын адамды үйсін бекзадасы дегеніміз әлдеқайда орынды болады. Бұған қосымша мынадай да дәйек келтірген жөн: мұндай қорғандардың өмірге келуі мемлекеттік құрылымға, оның экономикалық қуатына, қоғамның мәдени дәреже-деңгейіне тәуелді. Ендеше, Жетісу жерінде б.з.д 3-2-ғасырларда осындай куатты мемлекетті қандай ел құра алды? Қолдағы деректер мұндай деңгейге жете алған ірі тайпалық, ұлыстық бірлік тек үйсіндер екенін көрсетіп отыр.

– Сонда сақтар Жетісуда болмаған ба? Жалпы, сақтар мен үйсіндердің өмір сүрген кезеңдерінің арасы канша уақыт?

– Негізінен, сақтар қою орналасқан аймақ ол – Сырдың бойы, Аралдың маңы. Осы төңіректегі сақтар парсы, грек, Кир, Дарий, Македонский әскерлеріне көрсеткен тегеурінді қарсылығымен тарихта қалды. Сол себептен сақтардың тарихын көп жағдайда осы аймақтармен байланыстырамыз. Бірақ сақтардың мәдениеті Жетісуға дейін жеткен, сонау Алтайға дейін тараган. Дегенмен «сақтардың Іле бойында күшті мемлекеті болды» деген факті еш жерде жоқ. Керісінше, «үйсіндердің куатты мемлекеті болды» деген деректер бар. Ал өмір сүрген кезеңдеріне келсек, белгілі дәрежеде сақтар бұрынырақ. Ал Жетісудағы үйсіндер сақтардың өкшесін баса келген деп айтуымызға болады. Әйтсе де бұл жерде кесіп-пішіп айту өте қиын. Өйткені бұл кезеңдерге тән деректер өте аз, өте жұпыны. Ең көп деректер қытай жылнамаларында сақталынған деп жоғарыда айттым ғой. Соның өзі бізге сақ пен үйсін арақатынасына қатысты деректерді өте аз береді. Тек үйсіндер Жетісуға орын тепкенде сақтардың қалдығы олардың арасында сіңіп кетті дейді.

– Іле бойындағы үйсін қорғандарын Қытай ғалымдарының зерттегенін айттыңыз. Қалай ойлайсыз, жердің астындағыны білетін көршілеріміз ол қорғандардың қазатынын қазып, алатынын алып, боп қалған жоқ па?

– Бұл қорғандарды Қытай ғалымдары XX ғасырдың басында зерттей бастаған. Бірақ тікелей қазба жұмыстарының қолға алынуы XX ғасырдың екінші жартысынан бастау алады. Тіркеуге алынған 10 мың қорғанның нешесінің қазылғанын біз білмейміз. Бірақ бір нәрсені айтуға болады - кытай ғалымдары әсіресе, Қытай ғылым Академиясының Үрімжі филиалы үйсін қорғандарына бірнеше мәрте экспедициялар ұйымдастырған. Әйтсе де сол экспедициялардың барлық материалдары әлі күнге жарияланған жоқ.

– Мұның саяси астары болуы мүмкін бе?

– Оны айта алмаймын.

– Енді берілесек, казақ мемлекеттігінің қалыптасуына қатысатын мәліметтер бар ма?

– Бар. Біз бұрын қазақ мемлекеттігінің тарихын Жәнібек пен Керейдің Әбілхайыр ұлысынан бөлінуімен (XV) байланыстырып келдік. Ал соңғы деректер бұл тұжырымға сыни көзбен карауға мәжбүр етуде. Соңғы зерттеулерге қарасақ, қазақ мемлекеттігінің тарихы XV ғасырдағы қазақ хандығынан бұрын басталғанын көреміз. Қазақ хандарының басы – Ұрыс хан. Ұрыс ханның қазақ хандары әулетінің негізін қалаушы болғанын орыс зерттеушілері де, қазақ тарихшылары да мойындаған. Ал оның Ақ орда тағына отырған жылы – 1368 жыл. Қадырғали би Қосымұлы деген тарихшымыз болған. Қадырғали осы кезеңді жақсы білген. Ол айтады: «Жәнібек пен Керей атасының ұлысын басқаруға келді» дейді. Атасының ұлысы деп отырғаны - Ақ орда. Сондықтан қазақ мемлекеттігінің тарихын 1368 жылдан тарқатып, Жәнібек пен Керейдің ұлысын қазақ мемлекеттігінің жалғасы деп қабылдағанымыз жөн болар.

– Дәл қазір институт атқарып жатқан ең сүбелі жұмыс деп нені айтар едіңіз?

– Қазақстан тарихының көп томдығы біздің институт арқылы шығып жатыр. Бірақ соның төртінші томын біраз кешеуілдетіп алдық. Оның себебі бұл том кеңестік кезеңді қамтиды. Алғашқы орыс тілінде жазылған нұсқасы ілгеріде-ақ даяр болған. Бірақ оны тоқтатып тастадық. Өйткені бұл өте күрделі кезең. Мұнда көптеген мәселелер бар. Демек, халық оған асқан ыждаһаттықпен қарайтын болады. Алдағы уақытта баспаға берілгелі отырған дүниенің кешігу себебі осында. Есесіне біз оған Отан тарихында қаралмаған тың дүниелерді де енгіздік. Алаш қозғалысын бөлек тарауда, кеңестік реформаға қарсы элитаның қарсылығын бөлек тарауда, кеңестік реформаға қарсы халықтың наразылығын бөлек тарауда, сол секілді тың игеруді, экологиялық апатты бөлек-бөлек тарауда карадық.

– Жазушылар арасында кейбір ірі тарихи тұлғаларымызға қатысты талас-тартыстар жүріп жатады. Осыған төрелік айтуға тарихшы ғалымдарымыз неге дәрменсіз? Тарихшыларға бағытталған сыни пікірлердің негізін осыдан іздеуге бола ма?

– Қазір газет-журналдарды ашып қарасаңыз, тарихшыларға қарата атылған оқ пен лақтырылған тасты жиі көресіз. Сондай авторлар бар бізде, сондай газеттер бар. Жоқ жерден жала жауып, каралауға әуес. Олардың пейілі жаман, ниеті теріс. Керек болатын болса, олар жөнінде бөлек әңгіме жасауға болады. Тарих ғылымының проблемалары шаш-етектен. Әлі толық зерттелмей жатқан түрлі деңгейдегі тұлғаларымыз бар. Оның бәрінің орнын анықтау үшін уақыт керек. Мүмкіндік керек. «Анау неге былай болды, мынау неге олай болмай жатыр?» деу қаншалықты орынды? Әрине, ондай-ондай түйткілдердің бәрін жіпке тізіп алып, каралай беруге, сынай беруге болады. Ол үшін білім мен біліктің қажеті жоқ. Тек ниетіңіз теріс болса, жетеді. Ал бірақ онымен тарихтың проблемалары шешіле ме? Жоқ, шешілмейді. Одан түк те шықпайды.

– Қоғамда сапасыз оқулықтар жөнінде де аз айтылып жүрген жоқ. Мектеп қабырғасында оқытылатын ең басты пәндердің бірі болғандықтан «Қазақстан тарихының» орны бөлек. Бұл жөнінде не айтасыз?

– Оқулық дайындау ісіне біздің қызметкерлеріміз де араласып келе жатыр. Өткен жылы ғана Мәжитов Саттар, Жәкішева Сәуле деген қызметкерлеріміз оқулықтарды сараптау жұмысына тікелей қатысып, өздерінің қорытындыларын министрлікке табыс етті. Бірақ оқулық әзірлеу ісі түрлі қиындықтардан арыла алмай келеді. Мұны мен бұған дейін де бірнеше мәрте айтқанмын. Көп жағдайда оқулық жазу ісі жұмысқа қолы байлаулы адамдарға жүктеледі. Сондықтан олар оқулық жазуды екінші орынға ысырып, қосымша жұмыс ретінде қарайды. Сапасыз окулықтардың пайда болуы осыдан келіп шығады. Сондықтан олардың қолын босатуымыз керек, тіпті шығармашылық демалысқа жіберуіміз керек. Сосын олардың жазған дүниесін тәуелсіз комиссия арқылы қабылдап алсақ, оқулықтардың сапасына сын айтылмас еді.

– Тарих ғылмынынң соңғы зерттеулері бойынша сол оқулықтарға кірмей қалған тарихи тұлғаларымыз немесе тарихта оқиғалары бар ма?

– Бұл өте орынды сауал. Мәселен, осы Алматының тарихын алайық. 1850 жылы Алматы бекінісін салу үшін Сібірден капитан Гутковский басқарған қазақ-орыс отряды келді. Сонда туған жерін қорғап, Алматыны Гутковскийге бермей жіберген Тойшыбек батыр деген болған. Тойшыбек бастаған жергілікті тұрғындардың қоршауына түскен Гутковский еріксіз қашуға мәжбүр болды. Ал 1851 жылы подполковник Карбышев үлкен дайындықпен келді де Алматыны алды. Тойшыбек пен оның екі ұлы Жанғараш пен Бәйсейіт қатты қарсылық танытқан. 1860 жылы олар Ұзынағаш шайқасында Колпаковскийге қарсы Қоқан қолы жағында тұрды. Бішкекке ығысып, Бішкекті корғауға катысты. «Кейін ол осы Бішкекте таршылық пен жоқшылықта кайтыс болды», – дейді Аристов Тойшыбек батыр туралы.

Сонда не Тойшыбек тұлға емес пе? Оны неге батыр деп танымаймыз? Өз елі, жері үшін орыс әскеріне қарсы соғысқан Тойшыбекті біз жылы жауып қоя салдық. Оның атына неге Алматыда көше берілмейді? Оған неге ескерткіш орнатылмайды? Ол неге оқулыққа енбейді?

– Енді мұны сіздер айтпасаңыздар, сіздер көтермесеңіздер, өзгелер қайдан біледі?

– Жуырда ғана «Алматы ақшамы» газетіне Тойшыбек батыр туралы бір бет сұхбат бердім. Қала әкімшілігінің ономастика комиссиясына ұсыныстар жасадым. Тарихқа енбей жатқан бір Тойшыбек батыр ғана емес. Мысалы, Алматыда Бутаковка деген жылға бар. Оның байырғы аты басқа. Өзінің аты бар. Тіпті іздеушісі де бар. Кезінде Бутаковканың атын өзгертейік дегенде Храпунов мырза қарсы болған. Неге? Өйткені оның пиғылы басқа. Мұндай жәйттарды Қазақстанның әр аймағынан да кездестіруге болады. Осы орайда мәселенің мынадай бір қырына көңіл аударайын. Қиын қыстау замандарда біздің мүддемізді В.Томсен, Г.Потанин, В.Бартольд сияқты ғалымдар да қорғаған, Олар да құрмет көрсетуге лайық тұлғалар. Міне, тарих дегеніңіз көпқырлы құбылыс. Оның қордаланып қалған мәселелерін бір күнде шеше салу мүмкін емес. Ол үшін шыдамдылық керек, ең негізгісі тарих туралы әңгімеге, диалогқа жеке бастың, ру мен жүздің мүддесін араластырмайық. Араластырып алсақ бітпейтін дауға қаларымыз хақ.

— Әңгімеңізге рахмет!

//Айқын №22 (474) 8 ақпан 2006

Сұхбаттасқан Сансызбай ӨКЕНҰЛЫ

«АУДАРМА МӘДЕНИЕТІ МЕН ДӘСТҮРІН ҚАЛЫПТАСТЫРУ ҚАЖЕТ!!!»

«Мәдени мұра» Бағдарламасы тарих көшпелі өркениетіміздің ұрпақтан ұрпаққа мұрты бұзылмай жеткен руханиятымызды қайта жаңғырған ғұмырлық мәні терең, баға жетпес құндылықтармен төл мәдениетімізге зор үлес қосқанда еш дау жоқ. Осыған орай, халқымыздың мәдени-рухани өмірі үшін баянды болған бағдарламаның бүгінгі нәтижесі мен кейінгі кезеңнің келешегі жөнінде белгілі тарихшы ғалым Мәмбет Қойгелді ағамызды әңгімеге тартқан едік.

– Мәдени мұра» бағдарламасы қазақ халқы үшін қаншалықты тиімді?

– «Мәдени мұра» бағдарламасының алғашқы кезеңі аяқталып, екінші кезеңі басталды. Бағдарламаның өзі өте ауқымды. Президент Н.Назарбаев: «Бұдан бұрын экономикалық даму, саяси ахуал деп жүрдік. Мәдениет саласында шешімін таба алмай жүрген көптеген мәселелер жатыр. Бұларды жіберіп алмауымыз керек. Қазіргі уақытта мәдениет саласын жеке тұлғаға айналдыруға, қолға алу мүмкіндігіне енді ғана жетіп отырмыз. Мәдениет саласын дамытып, қоғамның рухани өмірінің баюына қарқын беруіміз керек», – деп пікір айтты. Мәселе тектен-тек қойылған жоқ. Өткен ХХ ғасырдағы Кеңестік кезеңге үңілер болсақ, қазақ халқының рухани-мәдени дамуында шешімін таппаған мәселелер аз болған жоқ. Алайда Кеңес мәдениетінің қазақ халқы мәдениетіне жағымды ықпалы болғаны жасырын емес. Сауатсыздықты жою, тегін білім беру сияқты мәселелер көтеріліп, шешімін тапты. Сонымен қатар кәсіби маман даярлау. Тек техникалық шаруашылық салада ғана емес, мәдени-рухани салаларда кәсіби маман даярлау мәселесіне назар аударылды. Сондай-ақ, бұл салада да өз шешімін таппаған мәселелер жеткілікті болатын. Сөз алған білімнің мазмұны жөнінде Кеңестік мәдениеттің ең үлкен кемшілігі – мәдениеттің ұлттық мазмұнына мән бермегендігі. Әсіресе, ұлттың өз-өзінің тануына, ұлттық сананың жетілуіне және ұлттық танымдылықтың белең алуына көңіл аударылмады, тіпті, мұндай сұрақтар күн тәртібінен тыс қалып, шегерілді. Осы тұрғыдан келгенде «Мәдени мұра» бағдарламасының ұлттық мәдениет үшін берері мол. Бұрынғы одақ бойынша, тіпті, бүкіл әлемдік кеңістікті алғанда, «Мәдени мұра» бағдарламасына иықтас жобаны атап айту қиын.

– Бағдарлама аясында атқарылған іс аз емес, дегенмен басы қайырылмаған мәселелер бар шығар?

– Бұл ойды, мәселен тарих саласына қатысты айтуға болады. Тарихшылардың арасында: «Қазақ тарихына қатысты дерек көздері шығыста жатыр, батыста жатыр. Соған қолымыз жетпеді. Ешқандай қолдау демеу көрсетілмеді» – деген қаңқу сөздер бар-тын. Бұған «Мәдени мұра» бағдарламасы жауап береді. Мемлекеттік бағдарлама аясында тарихымызға қатысты дерек көздерін тауып, олардың көшірмесін елге алдыруға арнайы қаржы бөлінді. Мысалы, қашан біздің тарихшылар Ватикан, Қытай кітапханаларына немесе мұрағаттарында жұмыс істеп қайтқан еді? Қазақстан тарихы бойынша мұндай ауқымды шара алғаш рет осы бағдарлама аясында жүзеге асты. Тіптен «Мәдени мұра» бағдарламасының көрші елдегі әріптестерімізге де ықпалы болды.

2005 жылы «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша Үрімші ғалымдары және жалпы Қытай археологтары мен тарихшыларының қатысуымен «Ежелгі Үйсін Елі» атты көлемді кітап жарық көрді. Бірінші тарауы Қытай ғалымдарының Қазақстан тарихына, дәлірек айтқанда, Іле өркениетіне және мәдениетіне байланысты ғажап зерттеу еңбектерін қамтыған. Міне, сол Іле өзені Қытайдан бастау алып, Балқаш көлі мен құмына келіп сіңеді. Мың шақырымға жуық кеңістікте, Іле өзенінің екі жағында «Сақ қорғаны» деп аталған қорғандар бар. Кебір ғалымдар «Сақ патша қорғандары» деп те атап жүр. Қорғандардың жасы шамамен 2500 жыл. Қазірдің өзінде олардың қайсы біреуінің биіктігі 15-20 метр, диаметрі 100-105 метрге жетеді. Қытай археологтары Іле бойындағы қорғандарды есепке алған. Шығыс Түркістанда 10 мыңға жуық қорғандар тіркелген. Ал, өз территориямыздағы қорғандардың саны әлі есепке алынған жоқ. Әлемдік мәдениетте Іле қорғандары сияқты құбылыс жоққа тән. Қазіргі уақытта осы қорғандар «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында зерттелу жолында. Бағдарлама аясында «әттең-ай!» дегізетін істер жоқ емес. Әуелі, бағдарламаның екінші кезеңінде оған өмірлік қажеттіліктер мен сұраныстарға тікелей жауап беретіндей «мақсаттылық пен тиімділік сипат» беруіміз керек. Алғашқы кезде біздер атқарылмақ істің ауқымдылығына басымдылық бердік. Мұрағаттарымыз деректік материалдармен, кітапханалара әртүрлі әдебиеттермен байи түсті. Осы уақытқа дейін көзіміз көрмеген материалдарға жолықтық, ғажап дүниелер ашылды. Ендігі жерде бағдарламаның тиімділік сипаты мен мақсаттылығына жете назар аударғанымыз жөн. Тарихшыларымыз шетел мұрағаттарында зерттеу жүргізетін болса, белгілі бір тақырыптарды бағдарға алып, көкейкесті мәселелер бойынша жұмыс істегені абзал дер едім. Екіншіден, бағдарламаны іске асыруда ә дегеннен ұтылып қалғанымыз – аударма мәселесі. Сөз жай ғана аударма жөнінде ғана емес. Өзге мәдениеттермен өзара байланыста алтын көпірге айналатын аударманы айтып отырмын. Бүгінгі қазақ мәдениеті үшін аударма жұмыстары ерекше орны бар іс. Кезінде мәселен, орыс мәдениетін бүгінгі дәрежеге жеткізген үлкен арналардың бірі – осы аударма ісі еді. Ресейде аударма ісі баяғыда қалыптасып, аудармашылардың әлденеше буыны қалыптасқан. Сондай-ақ, ол тек көркем әдебиетті ғана емес, барлық ғылым салаларын қамтыды. Қазіргі уақытта қазақ мәдениеті жаңғырту жолында тұр. Олай болса, қазақ мәдениетін қайтадан түлетудің бірден-бір жолы – аударма ісі. Мысалы, кезінде арабтар, грек және латын тілдерінде жазылған құнды дүниелерді өз тілдеріне аударды. Аударма мәдениеті арқылы қыруар жұмыс жасалды. Орта ғасырларда (халифат кезеңінде) араб тілі халықаралық дәрежеге көтерілді. Сондай-ақ, грек және латын тілдерінен аударылған дүниелер енді араб тілі арқылы Еуропаға қайтадан жетті. Халықаралық аренаға шығудың қысқа да нұсқа жолдарының бірі осы. Қазіргі француз, ағылшын, неміс тілдері XVІІ-XVІІІ ғасырларда дербес өркен жайды. Жеке дербес тіл ретінде қалыптасу барысында оларға қандай мәелелерді шешуге тура келді? Осы тақырыптың өзін неге зерттемеске? Неге сол тәжірибені алмасқа?

– Тіліміз, тіліміз... деп айғай-сүрең салып жатырмыз. Осы тұрғыда нақты жұмыс жасау керек емес пе?

– Аударма дәстүрі қалыптасу барысында біз тілімізге күш береміз, жаңа тыныс береміз. Өздігінен ешнәрсе пайда болмайды. Әрекет жасалғанда ғана нәтиже туады. «Мәдени мұра» бағдарламасын орындаудың бастапқы кезеңінде аудармашыларға қолдау көрсетілді. Бірақ, кейін қолдау тоқтап қалды. Неге?! Сонымен қатар, бұдан бұрын айтылып жүрген тағы бір мәселе: аудармашылар қауымдастығын немесе институтын құру. Оған әлі де болса кеш емес. Бүгінгі іс пен ертеңгі істі ажырата алмау, стратегиялық мәселелерді бүгін шешпей, ертеңге қалдыру сияқты жағымсыз мінезімізді жеңгеніміз жөн.

Табылып жатқан ескерткіштер, ашылып жатқан туындылар ғалымдардың біртұтас пәтуасымен табылып-ашылып жатыр ма? Ұлттық мінезімізде бір үлкен кемшілік бар: бастаған ісімізді соңына дейін жеткізбей, екінші іске кірісіп кететін... «Есік қорғанында табылған алтын киімді бекзада қай мәдениетке тән?» деген сауал бар. Археолог ғалымдар оны сақ мәдениетіне жатқызады. «Ал сақтар кім?» деп сауал тастасақ, оған кейбір ғалымдардан: «Сақтар үнді-еуропалық нәсілге тән жұрт» – деген жауап аламыз. Соңғы жылдары сақтар жөнінде жаңа тұжырымдар айтыла бастады. Мәселен, «үлкен кеңістікті алып жатқан бұл сақ аталған жұрттың үлкен бөлігі бүгінгі түрік этосының арғы тегі» деген пікір күш алып келеді. Мұндай тұжырымға негіз де жеткілікті. 2005 жылы жарыққа шыққан «Ежелгі Үйсін Елі» атты еңбекте Жетісу өңірінде өмір сүрген сақтар біздің заманымызға дейін ІІІ-ІІ ғасырларда үйсін елімен сіңісіп кетті деген пікір айтылған. Нақты фактілерге негізделген Қытай археолог ғалымдарының тұжырымы осы. Ал, біздің ғалымдар бұл пікірге құлақ аспайтын сыңай танытуда. Қазақ тарихының мәселелерін анықтауда Қытай дерек көздерімен теңесіп, иықтаса алатын деректер жоқ. Ғылымдағы «консерватизм» дегеніміз осы. Қажет болса, Іле өркениетіне байланысты Қытай ғалымдарын шақырып, конференция да өткізуге болады ғой. Бұл мәселе «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында өз шешімін табуы әбден мүмкін.

– Объективті түрде бағалау саясатқа қарсылық па?

– Тарих ғылымы саясатпен ежелден араласып келе жатқан ғылым саласы. Кеңестік дәуірде саясаттың бұл ғылымға ықпалы өте жоғары болды. Соның нәтижесінде біздің тарих ғылымы белгілі дәрежеде ақсады. Мүмкін болғанша саясаттан іргесін бөлек салғаны дұрыс. Сол кезде ғана ол ғылым дәрежесіне көтеріледі.

– Қазіргі жазылып жатқан тарихымызда Желтоқсан қозғалысы қандай баға алып, қалай зерттеліп жатыр?

– Желтоқсан қозғалысы зерттеусіз қалған жоқ. Берік Әбдіғали, Талғат Айтбай сынды азаматтар бірнеше томдық кітаптар шығарды. Біз кейде асығыс жасаймыз. Бәрі де тез арада неге бола калмады деп. Бұл тақырыпты арнайы зерттеу керек. Тіпті, бұл тақырыпты социологтар, философтар, саясаттанушылар неге зерттемейді? Осы жерде мен мәселен, социологтарға сын айтқан болар едім. Социология ғылымының өз зерттеу әдістері бар емес пе?

– Алашорданың 90 жылдығы неге атаусыз қалды? Әлде, «Мәдени мұра» бағдарламасына енбей қалды ма?

– Тарихта кез келген ұлттың мақтанышына айналатындай тарихи кезеңдер мен оқиғалар болды. Қазақ тарихында Алаш қозғалысы ерекше құрметке лайық құбылыс. Алаш тәжірибесінде және мысалында ғана ұлттың жаңа буынын қалыптастыруға болады. Арнайы үкімет қаулысы қабылданбаса, оған ренжудің қажеті жоқ. Ұлттың зиялылары, еліміздің шығармашылық тобы қайда? Алашорда үкіметінің 90 жылдығына байланысты біраз іс-шаралар атқарылды. Мәселен, Астана қалалық Тіл департаментінің бастығы Оразкүл Асанғазиева ханым арнайы бағдарлама жасап, әртүрлі жазушылар, ғалымдар, өнер адамдары, мәдениет қайраткерлері және шығармашылық топтардың белсене қатысуымен үлкен іс-шара ұйымдастырылды. Алаш қозғалысымен айналысатын маман ретінде байқағаным: бұл тарихи құбылысты еркін әрі терең зерттейтін мезгіл енді туып келеді. Мысалы, жуырда жарыққа шыққан Д.Қыдыралиевтің Мұстафа Шоқай туралы жазған зерттеу кітабы осы сұраныстың жарқын көрінісі деуімізге әбден болады. Егер Алашқа байланысты арнайы оқу бағдарламалары жасалып, арнайы курстар ашылатын болса, Д.Қыдыралиев сынды азаматтардың еңбектері осы тізімге кіруі керек.

– Мәдени мұраның қазіргі буынға әсері зор. Ал, қазіргі жағдайымыз ұрпаққа не береді?

– Әр заманның өз сұранысы бар. Мәселен, Өзбекстанда «Өзбек менталитетін қалыптастыру» бағдарламасы қолға алынды. Бұл жобаны өзбек ағайындар балабақшадан бастап жүзеге асырғалы отыр. Жаһандану жағдайында ұлттық болымысты сақтап қалудың сенімді жолдарының бірі ұлттық тәлім-тәрбиеге басымдылық беру.

– Жаһандану үрдісінде өз ұлттық мәденетімізді, мінезімізді қалай сақтап қаламыз?

– Бұл сұрақ – ұлт алдындағы көкейкесті мәселе. Шетелге іссапарларға көп барам, сонда бір байқағаным, Иранда, Түркияда, Қытайда мұндай қауіп байқалмайды. Ұлт мәдениеті, тілі мен діні өз арнасына түскен, қалыпты жағдайда. Бізде жағдай басқаша, көршілеріміз алпауыт елдер. Біздің жерімізге, табиғи байлығымызға көз салатын елдер аз емес. Батыста, мәселен, жеке елдердің табиғи ресурстарын адамзаттың ортақ игілігі ретінде пайдалану жөнінде әңгіме айтыла бастады. Осы мәселеге байланысты біз де ойлануымыз қажет. Жер асты және жер үсті байлығымызды бүкіл адамзат болып игереміз бе, әлде, ата-бабасының төл мұрагері қазақ халқы болып игереміз бе? Міне, мәселе қайда жатыр?!

Қытайдың ұлы тас қорғаны өз функцясын атқаратын ұлттық иммунитет қазіргі уақытта аса қажет. Бұл дегеніміз, ұлттық бет-бейне мен болмысымызды ажарлаудың негізгі әрекеті. Сонымен қатар, біз ұлттық мәдениетімізді, тілімізді, дінімізді сақтай отырып, жаһанданудың жаңа талаптарына бейімделуіміз керек.

– ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуіміз қоғамға және біртұтас елімізге не береді?

– Бұл үлкен жетістік. Халықаралық кеңістікте мемлекет беделін арттыру үшін де, сондай-ақ, ішкі саяси мәдениетіміздің жаңа сатыларға көтерілуі үшін де қажет шара.

– Әңгімеңізге рахмет!

«Мәдени мұра ұлт мұраты» 2007 №11

Сұхбаттасқан: Мәлік Отарбаев

АЛТЫ АЛАШТЫҢ АҢСАРЫ БОЛҒАН ОРДА

1. Алаш Орда тарихы қазақ тарихына толығымен енгізілді ме? Неге бұл тарих мектеп оқулықтарында жоқ? Оған не қолбайлау болып отыр?

2. Алаш Орда қозғалысы жөнінде қалың ел әлі құлағдар бола алмай отырған сияқты. Оның себебі неде деп ойлайсыз?

3. Алаш қозғалысының 90 жылдығына орай аранулы жинақтар, деректі фильмдер жасауға не кедергі болды деп санайсыз?

4. Жалпы, Алаштың 90 жылдығын атап өту туралы Үкімет қаулысы бар ма?

1. – Біріншіден, Алаш Орда тарихы белгілі дәрежеде зерттелген тарих, зерттелген сюжет, тақырып. Ал енді оны барлық буындағы оқулықтарға енгізуге ешқандай кедергі жоқ. Бірақ, сол оқулықтарды кім жазып отыр? Мәселе соған байланысты. Мен гуманитарлық профильдегі орта мектепке оқулық жазуға қатыстым. Сол оқулықтарда Алаш Орда туралы айтылады. Бірақ Алаш Орда туралы жоғары және арнайы орта оқу орындарына даярланған оқулықтарға өз дәрежесінде тиесілі мәлімет берілген жоқ деп айтуға болады. Бұл мәселені біз жыл өткен сайын, уақыт жылжыған сайын ұштап, толықтырып тереңдетіп бере беруіміз керек қой деп ойлаймын. Оқушыларға, жаңа буынның санасына Алаш идеясы терең деп ену керек, тамыр жаю керек. Ол біз үшін аса қажет. 2. – Меніңше, құлағдар бола алмай отыр деп айтуға болмайды. Бұл оймен мен келісе алмаймын. Қарапайым халық Алаш қозғалысы туралы жақсы хабардар. Алаш зиялылыларын халық бұрын да білген. Тіпті, кеңестік дәуірде де білген. Әрине, қазіргі дәрежедей емес, бірақ Алаш зиялылары мен қайраткерлерін халық бұрын да білген. Ал қазіргі уақытта Алаш қозғалысын зерттеген монографиялық еңбектер жарық көрді. Менің Алаш қозғалысы туралы өз еңбегім бар, Кеңес Нұрпейісовтың «Алаш хәм Алашорда» деген еңбегі, сондай-ақ Дина Аманжолованың еңбегі сияқты бір қатар зерттеулер жарияланды. Алаш қозғалысы зерттелмей қалды деп айтуға болмайды, белгілі дәрежеде зерттелді. Екіншіден, Алаш қайраткерлерінің еңбектері жарық көрді. Ә. Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Х. Досмұхамедов, басқа да Алаш қайраткерлерінің көп томдық еңбектері, жеке томдықтары жарық көрді. Қазір ол кітаптарды оқытып жатыр, көпшілік танысты. Сондықтан халық құлағдар болмады деп айтуға болмайды, бірақ мәселе еңбекте емес, алаш қайраткерлерінің идеясында. Ал сол Алаш идеясын насихаттауға келген уақытта кемшіліктердің бар екені рас. Халыққа сол идеяны жеткізуде әлі кемшін түсіп жатырмыз. Мысалға, осы уақытқа дейін Алаш қайраткерлерінің бастауыш тобы, Алаш қозғалысының бастамашыл тобы ақталды. Ал енді оның жергілікті жерлердегі белсенділері, қазақ комитетінің мүшелері («Қазақ комитеті» деген облыстарда өзде де органдар болған) әрине өз дәрежесінде айтылмай жатыр. Алаш қозғалысы тек қана оның көсемдерінен тұрмайды. Ол бүкіл халықты қамтыған қозғалыс. Қоғамды қамтыған, бұқаралық сипат алған идея болатын. Жергілікті жерлердегі белсенділерін, адамдарын насихаттау, олардың атын атау, оларға көше аттарын беру, өздеріне тиесілі құрмет көрсету мәселелері шешілмей жатқаны рас. Осы тұрғыдан істейтін жұмыстар жеткілікті. 3. – Бұл дұрыс қойылмаған сауал. Біз кейде өзіміз жасап отырған жұмысты байқамаймыз. Соны бағалауға келген уақытта бізде көп нәрсе жетпей қалады. Менің жобам бойынша қазір «алаш қозғалысы» деген төрт том кітап шықты. Құжаттар жинағы жарық көрді, Жобаның авторы да, бас редакторы да өзіммін. Президенттік мұрағатпен бірге жасадық. Негізгі күш жұмсап отырған солар. Енді бесінші кітабы да даяр болып тұр, оның кіріспесін жазып жатырмын. Құжаттар жинағының енді екі томы жария болуы керек. Тағы бір айтатын мәселе, Алаш қозғалысының лидерлерін 1930-32 жылдары соттау процесі болған. Сол сот материалдары да жарық көрген жоқ. Ол рас. Сонан кейін облыстық архивтерде жатқан алаш қозғалысының облыстық белсенділеріне байланысты материалдар бар. Бұл материалдардың да жарық көрмегені рас. Бұл мұрағаттардың жарық көруі үшін осы мақсатта арнайы жоба әзірлеу керек. Сол бойынша белгілі бір топ жұмыс істеуі керек. Бұл тұрғыдан алғанда тарихшыларымыздың мемлекеттік қолдау ала алмай жатқаны рас. Егер мемлекеттік қолдау болса, жобаны іске асыруға болады деп ойлаймын. Оған ешқандай кедергі жоқ. Менің алаш қозғалысына байланысты монографиям жарық көрді, енді екінші томын даярлап отырмын. Алла қаласа, бұл да жарық көреді деген ойдамын. Енді осы бағытта басқа да зерттеушілер жұмыс істеуі керек. Жұмыс көп, бәрімізге да жетеді. 4. – Мен сондай бір қаулы шықты дегенді естігем. Астанада жақында ғана Алаш қозғалысының 90 жылдығына арналған шара өтті. Бірінші, үлкен конференция белгіленді. Конференцияның секциялық отырыстары үш университетте өтті: Еуразия университетінде, Аграрлық университетте және Заң университетінде. Конференцияның тақырыбы «Алаш және Әуезов». Конференция алдында отыз минуттық театрлық қойылым болды. Қойылым Астана әкімдігі Тіл департаментінің директоры Оразгүл Асанғалиеваның басшылығымен өтті. Конференцияның екінші күнінде Күләш Байсейітова атындағы опера және балет театрында пленарлық отырыс болды. Сол отырыстың алдында да жаңағы қойылым көрсетілді. Алаш қозғалысы туралы қойылымның соңында Жүсіпбек Аймауытовтың, Сұлтанмахмұт Торайғыровтың Алаш гимні, Мағжан Жұмабаевтың өлеңдері оқылды. Есте қалатын ғажап көрініс болды. Пленарлық отырыста бірнеше адам баяндама жасады. Негізгі баяндаманы мен жасадым. «Алаш идеясының ұлт тағдырындағы орны» деген отыз минуттық баяндама. Сол екі күндік шара тамаша өтті, Астана тұрғындары жақсы қабылдады. Шара туралы БАҚ хабарлады. Мен сол шара барысында Үкімет осындай қаулы қабылдапты деп естідім. Бірақ ол қаулыны мен өзім естіген жоқпын. Қаулының мазмұнымен таныс емеспін. Сондықтан үкімет қабылдады ма, қабылдамады ма, анық айта алмаймын. Бірақ мен өз баяндамамда айтып өттім: Алаш идеясы мемлекеттік дамуымыздың бірден-бір идеологиялық бұлақ көздерінің бірі болуға тиіс деп ойлаймын. Соған байланысты нақты іс шаралар қолға алынуы керек. Сол шаралар мемлекеттік қаулының негізінде іске асырылса, әрине ол жақсы болар еді. Халық та жақсы қабылдаған болар еді. Алаш қозғалысына байланысты атқарылатын жұмыстар көп. Ең алдымен ғалымдарымыздың атқаратын жұмыстары көп. Алаш қозғалысын ғылыми тұжырымдау, ғылым тұрғысынан қорыту іске асырылу керек. Қорытылған тарих қана бізге қызмет ете алады. Қорыту жағынан алғанда ғалымдарға мемлекеттік қолдау қажет-ақ.

//Алматы ақшамы – Алматы 2007,

15 қараша, №138 (3920)

Сауалнама жүргізген Думан Анаш

ҰЛТҚА ҚЫСЫМ ЖАСАУДЫҢ АҚЫРЫ ҚАСІРЕТКЕ ҰЛАСАДЫ

– Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Алаш қозғалысы жөнінде әңгіме қозғасақ деп едік. Жалпы, Алаш қайраткерлері қандай сипаттағы тәуелсіздікті армандап еді? Біз соған қол жеткізе алып отырмыз ба?

– Жалпы, бізде Алаш қозғалысы деген тар түсінік қалыптасып қалған. Көп жағдайда сауаты бар, тіпті сауаты жоқ кісілер Алаш қозғалысы десе бір топ зиялылардың әрекеті ретінде бағалайтын секілді. Шың мәнінде бұл ұлт-азаттық қозғалыс деген ұғымды білдіреді. Ал зиялылар шоғырын сол ұлттың мүддесін білдіруші, бастаушы топ ретінде қабылдаған жөн.

Олардың алдына қойған мақсаттары болашақ ұрпақ үшін қазақ жерінің байлығын сақтау болатын. Ал оны сақтау үшін жерді сақтау, жерді сақтау үшін ұлттық мемлекет құру керек болды. Осы тұрғыдан алғанда, соңғы 19 жылдың ішінде біздің мемлекеттілік қалыптасты деп айта аламыз. Бұл – біздің қол жеткізген жетістігіміз. Кезінде Мұрат ақын айтқан еді: «Мемлекеттілігі жоқ халықтың ұлдары іштей шіріп өледі» деп. Абайша айтқанда: «Өздеріңді ел болар дей алмаймын, өз қолыңнан кеткен соң енді өз ырқың». ХІХ-ХХ ғасырда қазақ ұлтының басына төнген ең үлкен қауіп -мемлекетіміздің жоқтығына төнген еді. Соған байланысты Алаш қайраткерлері мемлекеттілікті қалыптастыруды армандаған-ды. Бүгін біз сол мемлекеттікті қалыптастырдық. Қазір оны қорғайтын әскеріміз бар, мемлекеттік аппаратымыз бар, ұлттық банкіміз бар. Кеше елордада өткен саммиттің өзі - бүкіләлемдік деңгейде Қазақ мемлекетін мойындаудың бір көрінісі.

– Алашорда үкіметінің бағдарламасындағы ұлт мүддесіне қажет қандай мәселелерді қазіргі үкімет қажетқе жаратқанын дұрыс деп ойлайсыз?

– Алаш қозғалысының бағдарламасындағы ең негізгі мәселе, мемлекеттік билік пен халықтың арасындағы үйлесімдік мәселесі-тұғын. Билік пен халықтың арасындағы үйлесім болмай ілгері жылжу мүмкін емес. Кезінде большивиктер алашордашыларды «бұлар өз халқын езу үшін, өз елін қанау үшін билікке ұмтылып жатыр» – деп айтады. Кеңестік идеология тарапынан шындық осылайша бұрмаланды. Шындығында алаш қайраткерлерінің ұлттық мемлекет құрудағы басты мақсаты – қазақ ұлтының қалыптасу процесін аяқтауға бағытталған еді. Қазақ ұлтының қалыптасу процесі соған дейін жүріп жатты. Бірақ тым созылып кетті. Оған себеп, мемлекеттілігінің жоқтығы болды. Мемлекеттілігі жоқ ұлттың бір қасіреті – ұлттың қалыптасу процесі кенжелеп қалады.

Бүгінде мемлекет болып қалыптастық. Ендігі кезеңде бәсеңдеп қалған, аяқталмай қалған ұлттың қалыптасу процесін аяқтап, жаңа сападағы мемлекеттілігі бар, мемлекетті құрылыммен біріккен, өз мақсаты айқын, өз мүддесін қорғай алатын ұлт болуға ұмтылғанымыз абзал. Менің ойымша, қазіргі үкімет осы қазақ ұлтының қалыптасу процесін аяқтағаны жөн. Осыған мақсатты түрде жұмыс жасалуы тиіс. Бұл мәдениетке де, білім жүйесіне де және тағы басқа салаларға да тиесілі. Алайда ең алдымен экономикаға тәуелді. Бізде экономикамыздың барлық саласында өзіміздің ең мықты ұлттық кадрларымызды көбейтіп, жер байлығын өзі игере алатындай халге жетуіміз қажет. Мемлекетке бұған деген бет бұрыс бар, дегенмен де жоспарлы түрде, мақсатты түрде жұмыстар атқарылғаны дұрыс.

– Жерге қауымдық меншік болуы да Алашорда үкіметінің ең басты принциптерінің бірі емес пе еді?

– Ол кез ХХ ғасырдың басы еді ғой. Алаш қайраткері Әлихан Бөкейханов «жерге жекеменшік болмасын. Жерге қауымдық меншік қалсын» – деді. Ал, одан бері бір ғасырдай уақыт өтті. Біз бүгін сол кездегі Алаш бағдарламасын сол күйінде қабылдау мүмкін емес. Себебі, заман да, уақыт та, ұлттың, мемлекеттің алдында тұрған мақсат та басқа. Соған байланысты Алаш бағдарламасында белгіленген бағыттарды жаңа заман, жаңа көзқарас тұрғысынан қарап, оны дамытып, бүгінгі заман сұранысына бейімдеуіміз керек.

– Енді Алашорда үкіметінің тілге, ділге және дінге деген ұстанымдарына қарай ойыссақ?

– Бір ғана мысал: алаш бағдарламасының тоғызыншы тарауында төмендегіше айтылады: «Оқу орындарының есігі кімге болса ашық һәм ақшасыз болу. Жұртқа жалпы оқу жайылу. Бастауыш мектептерде ана тілінде оқу. Қазақ өз тілінде орта мектеп, университет ашу. Оқу жолы өз алдында автономия түрінде болу. Үкімет оқу ісіне кіріспеу. Мұғалімдер, профессорлар өзара сайлаумен қойылу. Ел ішінде кітапханалар ашу».

– Яғни ағартушылыққа баса назар аударылды ғой?

– Иә, біз қазақ ағартушылығы ХІХ-ХХ ғасырда пайда болды дейміз де, оны Шоқан Уәлиханов, Ыбырай Алтынсарин, Абай Құнанбаевпен байланыстырамыз. Рас, бұлар да ағартушылық қызмет атқарды. Бірақ қоғамдық өмірдегі ағым ретінде ағартушылықтың толық көрінісі ХХ ғасырдың басында Алаш қайраткерлерінің қызметі арқылы көрініс тапты ғой. Мысалы, газет, журнал, кітап шығару арқылы ұлт алдында тұрған міндеттерді анықтау, соған халықты жұмылдыру, ой-пікірлерін білдіріп халықты ағарту.

Содан кейін олар қазақ тілінде оқулықтар жазу жүйесін қалыптастыруға ерекше көңіл бөлді. Білімнің барлық саласында оқулық жазуға кірісті. Ахмет Байтұрсынов бастаған арнайы комиссия жүйелі түрде жұмыс жасады. Ағартушылық жағынан алғанда бүгінгі таңда кемшілігіміз өте көп. Қазірге дейін Білім және ғылым министрлігі қазақ тіліндегі оқулықтарын жазуды қалыптастыра алмай келеді. Бұл қате ұятты мәселе. Өткен ғасырдың 20-жылдарымен салыстырғанда бүгінгі жағдайымыз көш ілгері, мүмкіндігіміз зор. Солай бола тұра соған лайық оқулық жазуға, білім жүйесін қазақ тіліне көшіру мәселесін шеше алмай отырмыз. Бұл ең алдымен Білім және ғылым министірлігінің әлсіздігі, кемшілігі деп білемін. Ал дін туралы көзқарастарына келсек, Алаш бағдарламасында «дін мемлекеттен бөлек болсын» делінген. Бірақ, бұл Алашорда үкіметі дінге немқұрайлы қарады деген сөз емес, әрине. Дін – қоғамының рухани деңгейін көрсететін көрсеткіштерінің бірі. Сондықтан Алаш зиялылары бұған өте үлкен жауапкершілікпен қараған. Әйтсе де, дін саясатын толық жетілдіріп, белгілі бір дәрежеге жеткізуге уақыттары да, мүмкіншіліктері де болған жоқ.

– Ұлттық сипаттағы автономия құруға қазақ қайраткерлері арасындағы көзқарас қайшылығы кедергі болған жоқ па? Бұл қандай мәселелер төңірегінде өрбіді?

– Ұлттық автономияны жариялау барысында пікір қайшылықтары болды. Осы тұста ұлт зиялылары екіге бөлінді. Әлихан Бөкейханов «Біз Алаш автономиясын бірден жарияламайық. Алдымен даярлық жасайық. Автономия ретінде қазір жариялап жіберсек, қазақ халқының қолында қару жоқ, автономияны қорғау мүмкіндігі жоқ. Егер қолында қаруы бар көршіміз қазақ ауылына қарсылық көрсетсе не істейміз? Сондықтан автономияны жариялауға асықпайық. Біз Қазақстандағы басқа аз ұлттарға «біз автономия құрайын деп жатырмыз. Сіздер бізді қолдаңыздар. Бірігіп экономикамызды көтерейік. Бір болайық. Билік құрамына сіздер де кіріңіздер. Осы елде тату өмір сүрейік, – деп айтайық. Осылайша жергілікті халықтың келісімін алғаннан кейін ғана жариялайық» – деген пікір білдірді. Ал Халел Досмахаммедов бастаған екінші топ «Ұлттық автономияны қазір жариялайық. Халық білсін, бізді қолдасын. Мүмкін күш алып кетерміз. Қорқатын ештеңесі жоқ. Бізге көмек беретін күштер ішімізден де, сыртымыз дан да табылады», – деді.

Меніңше, өміршең бағыт Әлихан Бөкейхановтың бағыты болды. 1991 жылғы алған тәуелсіздігімізде де, одан бергі уақытта да Әлихан Бөкейханов бастаған топтың бағытымен келе жатырмыз деп ойлаймын.

– Тарихты тұлғалар жасайтыны сөзсіз. Осы тұста Бөкейханов сияқты ұлы тұлғаның қайраткерлік феномені жөнінде не айтасыз?

– ХХ ғасырдың басын қазақ ұлтының жаңғыру кезеңі деп айтуға болады. Ол білім, ғылым, өнер, саясат т.б. салаларда көрінді. Өкінішке қарай сол кездегі процесіміз империялық күш тарапынан тежеп тасталынды. Егер сол қалыппен жүре бергенімізде біраз жерге барып қалар едік. Ұлт жаңғыру жолына түскен уақытта билік тарапынан қолдау болуы өте маңызды. Сонда ғана үлкен дүниелерді жүзеге асыруға болады. Ал даму жолына түскен ұлтты билік басып тастаса, оның ақыры қайғыға ұласады. Қазақ халқы ХХ ғасырдың басында осы күйді басынан кешірді.

Сол жаңғыру кезеңіне тән қоғамның қай саласында болсын, бізде мықты тұлғалар болды. Бір өкінетіні, осы уақытқа дейін сол тұлғаларды насихаттау жағы бәсең. Ұлттық жаңғыру кезеңі болғаны, оның империя тарапынан тоқырауға ұшырағаны әлі күнге өз деңгейінде айтылмай жүр. Соның салдарынан Ә.Бөкейханов секілді тұлғаларымыз лайықты бағасын ала алмай келеді. Мәселен, Ә.Бөкейхановты «Алаш қозғалысының көсемі, қайраткері еді» деп қояды. Ал шын мәнінде ол – ұлттық мемлекеттілік үшін күресті бастаушы, ұлт-азаттық қозғалыстың лидері, оның идеологиясын негіздеуші, қазақ мемлекетін жаңғыртушы, күрескер. Бірақ Бөкейхановты көшбасшы деңгейіне көтере алмай жүрміз. Бұл өте өкінішті жағдай. Тұлғалар туралы айтқандай Жүсіпбек Аймауытов пен Мағжан Жұмабаев та еске түседі, бұлар да керемет жазушы еді, тұнып тұрған талант иесі, керемет ақын еді дейміз. Бірақ, бұлар да кеңестік классиктердің көлеңкесінде қалып қойды. Мен Мұхтар Әуезовты айтып отырған жоқпын. Бізде анау да жақсы, мынау да мықты деген жалпақшешейлік басым. Осы кезге дейін Мағжанның, Жүсіпбектін идеясын тұншықтырған, құрдымға кетірген классиктеріміз бұларға әлі де көлегейлеп тұр. Шын тұлғалары жас буынға танытуда өкінішке қарай біздің өнеріміз де, ғылымымыз да әлсіздік танытып келе жатыр. Мысалға, неге театрларда Мағжан, Жүсіпбек туралы қойылымдар жоқ. Кезінде «Ақ білекті» Өскеменнің бір театры сахналады. Ол да ұзаққа бармай тоқтатылды. Бұл барлық театрларда сахналануы тиіс еді.

– Алашордашылардың шетелге кетіп қалуға мүмкіндігі болды емес пе? Егер олар осы мүмкіндікті пайдаланғанда қазақ елінің бүгінгі болмысы басқаша болуы мүмкін еді ғой… Мұстафа Шоқайдан басқаларының эммиграцияға кетпеуіне не себеп болды?

– Бұл өте қиын мәселе. Мұстафа Шоқай осындағы Алаш зиялыларына цифрлап хат жазып, байланыс жасауға тырысқан. Басқалар да эммиграцияға кетіп қалғанда, біздің жағдай өзгеретін еді деп айта алмаймын. Ол – даулы мәселе.

– Азаттық жолында өз өмірлерін өлімге байлаған Алаш арыстарына лайықты құрмет көрсетіліп отыр деп ойлайсыз ба?

– Өкінішке қарай,1917 жылы желтоқсан айында ІІ жалпы қазақ съезі өткендігі, сол съезде Алашорда үкіметінің құрылғандығы, Алашорда үкіметі өз ретінде Алаш автономиясын жариялауға даярланғандығы, бұл ұлттық мемлекет құруға ұмтылыстың көрінісі екендігі өз деңгейінде айтылмай келеді. Бүгінгі Тәуелсіздік алған тұста «бұл мемлекеттілігіміздің бастауы сонау Алаштан, оның арғы жағынан бастау алады. Сол қозғалыстардың арасында сабақтастық бар» деген ойды жас ұрпақтың санасына әбден сіңіру керек. Егер жыл сайын Алашорда үкіметінің құрылған күнін, Алаш автономиясын жариялауға жасалған әрекеттерін атап өтіп отырсақ, Алаш зиялыларының тарихи орнын да анықтаған болар едік.

Қазір алаш қозғалысы туралы мектеп оқулықтарына енгізіп жатырмыз. Гуманитарлық мектептердің 10-11сынып оқушыларына арналған оқулықтарына мүмкін болғанша Алаш туралы көбірек, кеңірек айтуға тырыстық. Алаш қайраткерлерінің насихаттаудың ең қарапайым тәсілі- портреттерін жасап, оқу орындарына ілу. Сосын Алаш қайраткелеріне көше аттары мен ескерткіштер кою Астана, Алматы қалаларымен шектелмеген жөн. Олардың туып-өскен жерлеріне ескерткіш қою мәселесі де шешілмеген. Мен Алашорда үкіметінің 90 жылдығына орай Батыс Қазақстанның Жымпиты деген жерінде ұйымдастырылған конференцияға барғанда облыс әкіміне «Әлмұхаммед Оспанов деген Алаш офицері болған. Кейін репрессияға ұшырап, лагерьде қайтыс болған. Сол кісінің көшеге атын беріңіздер» – деген ұсыныс айттым. Сол мәселе әлі шешілген жоқ. Биыл маусым айында Солтүстік Қазақстанда «Қазақстан тарихшылар қауымдастығының» ұсынысы бойынша Алаш қайраткерлерінің қызметіне арналған конференция өтті. Сол кезде де «Солтүстік Қазақстан өңірінде өмір сүрген ағартушы, күрескер Ахмет Жанталинге бір мектептің атын, басқа да сол өңірдегі қайраткерлерге көше аттарын беріңіздер», дегендей өтініш айттық. Ол да сол күйінде қалды. Балқаш қаласында да Алашорда үкіметінің 90 жылдығына орай өткізілген конференцияда баяндама жасадым. Қаланың жанында тоқырауын деген өзен бар. Сол Тоқырауынның бойында Әлихан Бөкейханов туып-өскен. Ал Балқаш қаласында Бөкейханов атындағы көше түгілі Әлиханның бір суретін де таба алмайсың. Негізі биліктен бұйрық күтпей-ақ, жергілікті билік пен мемлекеттік емес мекемелер осы шараларды орындай беруіне болады ғой. Біз де ел емеспіз бе? Өкінішке қарай, мұндай мәселелер өте көп.

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен Олжас СӘНДІБЕКҰЛЫ

//Нұр Астана, 15 желтоқсан, 2010 жыл

Мәмбет ҚОЙГЕЛДІ, тарих ғылымдарының докторы, профессор: «БІЗГЕ АБАЙ ТҮСІНІГІНДЕГІ «НӨЛДЕР» АУЫЗБІРЛІГІНІҢ КЕРЕГІ ЖОҚ»

–Мәке, жалпы, репрессия саясаты дегеніміз не? Және оның ақыры қайда апарып соғады? Мұны сұрап отырғандығымыз, репрессия КСРО мемлекеттері арасында Қазақстанға да оңай соқпағаны анық емес пе?

– Өзге мемлекеттерге қарағанда Қазақстандағы репрессияның ерекшелігі – үзіліссіз жүріп жатуында еді. Яғни, 1932 жылдан бастап тәуелсіздік алған 1991 жылға дейінгі уақытта репрессия саясаты үзіліссіз жүріп жатты дегенге толық негіз бар. Өйткені, ЧЕКА, сосын ГПУ, УГПУ, НКВД, КГБ деген сияқты репрессия апаратының аттары кешеге дейін өмір сүріп келді. Ал, «репрессияның қандай себептері болды?» дегенде, оған кінәлі, алдымен, Кеңестік одақ, ал, негізгі түп-тамыры – Марксистік теорияда жатыр. Маркстің «Франциядағы азамат соғысы» еңбегінде «Любая революция чего-либо стоит, если она умеет защищаться» деген ойлар келтіріледі. Яғни, Марксизм үшін революция – барлық қоғамдық проблемаларды шешудегі әмбебап құрал. Ең алдымен, аталған тұжырымның дұрыстығын дәлелдеген Кеңестік одақ. Ол 70 жылдан астам уақыт бойы революциялық әдістерді қорғап, «осы жолмен жүре тұрайық» деген принципті уағыздаумен келді. Баршамызға мәлім, ең бастысы Кеңестік жүйе экономикалық, ұлтаралық, әлеуметтік, басқа да проблемаларды шешудің орнына, керісінше, оны тереңдетіп, күрделендіріп жіберді. Ал, Швеция, Норвегия сияқты басқа да Скандинавия елдері тәжірибесі қоғамдық мәселелерді революциялық емес, эволюциялық жолмен шешуге болатынын нақты көрсетіп берді.

Революция туралы қазақ зиялылары да өз пікірлерін аз айтқан жоқ. Соның бірі Шоқан, ол: «Егер де қоғамдық, экономикалық, әлеуметтік мәселелер бейбіт жолмен, бейбіт әдіс-құралдармен шешілмесе, онда халық көшеге шығады» дейді. Жалпы, қоғамдағы күрделі мәселелерді бейбіт жолмен шешу дегеніміз – сол қоғамның интеллектуалды деңгейінің көрінісі болып табылады. Ал, Кеңес одағына келсек, маркстік қағиданы басшылыққа алған – Ленин, Сталин сияқты мемлекет басшылары кез келген мәселені шешуде революциялық құралдарға басымдық берді. Бұған мысал ретінде, Лениннің 17-18 жылдардағы түрлі өкімдерін, қол қойған құжаттарын келтіруге болады. Кейін, Лениннің орнына келген Иосиф Сталин болса, бұл қағиданы абсолютті дәрежеге жеткізді. Мұны айғақтайтын оның «Біз социалистік мақсатқа, социализмге жақындаған сайын, оның жауларының қарсылығы да күшейе түседі. Ал, біз сол қарсылықты қалайда басып-жаншып отыруымыз керек» деген сөзі бар.

– Сонда, соның бір көрінісі репрессия демексіз ғой?

– Ия, оның негізгі жолы – репрессия болды. Сталин бастаған Кеңестік билік репрессия саясатына қажет болса да, болмаса да жиі барып отырды.

– Мұның себебі неде?

– Себеп – Қазақстан жерінің кеңдігі, байлығы. Үлкен, қуатты держава құру үшін Қазақстан сияқты жері үлкен, табиғи ресурстарға бай, мүмкіндігі жоғары республиканы мықтап ұстап тұру аса қажет еді.

– Репрессияға себеп болған – Қазақстанның территориялық жағдайы, байлығы ғана емес, сонымен қатар, зиялыларымыздың адами-саяси қайраткерлік үлестерінің мықтылығынан да шығар, бәлкім?

– Голощекиннің кезі репрессиялық саясаттың, саяси дау-дамайлар мен талас-тартыстардың әбден қызған шағы, ал, Мирзоян кезінде ол сәл-пәл саябыр тауып, басылғандай сыңай танытқан секілді емес пе, осы? Осы аралықта қазақ зиялылары өздерін қалай ұстады?

Осы тұста, басын ашып алатұғын бір жағдай, Голощекин Қазақстанға Сталиннің тапсырмасымен келгені даусыз. Ол басшылыққа 1925 жылы тамыз айында келеді. Ал, 1927 жылы Алматыға келген Троцкий Голощекинге: «Ну, что, царек, царствуешь?» депті деген сөз бар. Ия, шынында да, ол Қазақстанда өзін тым еркін ұстады, яғни Троцкий айтқандай, шын мағынасында «пат-шалық» жасады. Ал, біздің озық ойлы зиялыларымыздың бірі Мұстамбаевтың сол кездегі бақылау комиссиясының төрағасы Морозовқа тергеу барысында: «Голощекин – диктатор. Қазақстанда ол диктатура орнатып отыр» дегені бар көрінеді. Міне, осыдан-ақ, Голощекиннің қазаққа қаншалықты қысастық жасағанын байқауға болады емес пе?! Ал, енді тоқталатын бір мәселе, «Сталиннің Голощекинге берген тапсырмасы қандай еді?» дегенге келсек, Қазақстан – Одақ кеңістігіндегі майлы сүбе. Оны мықтап ұстау керек. Сталин жоғарыдағы айтылғанмен бірге Қазақстанда орталыққа қарсылық көрсете алатын мықты әрі саяси сауатты күштің бар екенін де жақсы білген. Сондықтан да, ол сол зиялы топты шектеп қана емес, ауыздықтап, керек болса, жазалап ұстау керек деген принципті барынша ұстанған. Себебі, Қазақстанда Сталин, Голощекинге қарсылық басқа республикалардағыға қарағанда өте тегеурінді болды. Кезінде Одақ көлемінде Сталинге қарсылықты ұйымдастыруды Троцкий өз қолына алды. Жер-жерлерде оның ұстанымын ашық болмаса да қолдап отырғандар өте көп еді. Сол «троцкийшілер» Қазақстандағы өкілдері арқылы Голощекин билігіне қарсы зиялы топпен, яғни Смағұл Сәдуақасовпен, сол кездегі жер мәселесі бойынша комиссар – Жағыпар Сұлтанбековпен, Ырыс Мұстамбаевпен, осы сияқты бірнеше адамдармен жақындасып, олармен одақ құруға тырысқан. Қазақстандағы «троцкистер одақтастары» кейіннен «қазақ троцкистері» деп аталып кетті. Олардың араларында бірнеше келіссөздер болған еді. Сонда, қазақ зиялылары «Біз троцкистерді қолдаймыз, егер де бір өтінішіміз қабыл алынса» деген ұстанымды алға тартады. «Ол қандай өтініш?» дегенде зиялыларымыз: «Голощекин Мәскеуге қайтарылсын! Әйтпесе, ол Қазақстанды апатқа апарады» дейді. Бұл жерде қазақ зиялылары Голощекиннің «Кіші октябрь» идеясын айтып отыр. Сонда троцкистер: «Мәселе Голощекинде емес, Голощекин – орындаушы «винтик» қана. Мәселе – Сталиннің өзінде» дейді. Міне, осы тұста, қазақ оппозиционерлері мен ресейлік троцкистердің мүдделері тоғыспай, бірін-бірімен ұғыспай кетеді.

– Бірақ, соған қарамай, «қазақ троцкистері» деген принциппен талай саясаткер-зиялыларымыз ұсталып кетті емес пе?

Ия, солай. Солардың бірі – Смағұл Сәдуақасов. Ол Мәскеудегі Теміржол көлігі институтын бітіргеннен кейін Бас теміржол құрылысына қызметке жіберіледі. Сонда жүріп уланып, Мәскеудегі Кремль ауруханасына түседі. Сонда, 30 жасында 1933 жылы қайтыс болды. Смағұл Садуақасов Қазақстандағы оппозицияның басында тұрған кісі еді, өте талантты, өте белсендітін. Бір қызығы, Сәдуақасов өлгеннен кейін, яғни, 37-ші жылы оның сотталғаны туралы шешім шығарылған. Сонда, кейбір сот орындары тапсырма бойынша С.Сәдуақасовты соттағанын білмейді екен. Ал, Досым Рыстамбаевты 33 жылы ұстады, осы жылы Сұлтанбековті де, Нұрғали Кодаренконы ұстады, бұларды «троцкистер» деп, қудалады. Сөйтіп, 37-ші жылы атылып кетті. Себебі, сталиндік орта Троцкийден өте қатты қорықты. Сондықтан, олар бүкіл республикалардағы троцкистермен өте белсенді күрес жүргізді.

– Мәке, сол жылдары репрессиямен бірге елді ашаршылыққа ұрындыру саясаты да қатар жүргізілген жоқ па, осы?

– Жалпы, ашаршылық пен репрессия саясаты, шын мәнінде, бір-ақ жүйенің, бір-ақ биліктің іске асырған, сондай-ақ, екеуі бір мезгілде жүргізілген іс-шаралары еді. Сондықтан, олардың қатар аталуы тектен-тек емес. Репрессия дегеніміз – белгілі бір саяси тұлғаларға, әлеуметтік топтарға биліктің қарсы бағытталған шарасы. Ол белгілі бір топтарды жазалау, шектеу мақсатында жүргізіледі. Ал, аштық – бүкіл халыққа, қоғамға қарсы бағытталған іс-әрекеттер. Бұл жерде аштық пен репрессияның аражігін егжей-тегжейлі ашудың өзі қиын.

– Жалпы, аштық ненің нәтижесінде, қалай болды?

– Қазақстандағы аштықтың бірнеше салдары бар: ол, ең алдымен, байлардың меншігін тәркілеуден басталды. Ал, қазақ байларының негізгі меншігі, әрине, мал. Ал, тәркілеу кезінде тек байлар ғана емес, олардың арасында орта шаруалардың да, сосын, кезінде Кеңес үкіметіне қарсы шыққан алаш адамдарының да малы кетті. Мысалы, соншалықты малы көп болмаса да Тұрар Құнанбаев тәркіге ұшырады. «Неге?» дегенде олар кезінде Кеңес үкіметіне саяси қарсылық көрсеткен, Алаш қозғалысына тартылған.

«Тәркілеу болады» деген уақытта бір қызық оқиға орын алған көрінеді. Оның ұзын-ырғасы, тәркілеуге Қазақстан бойынша меншігі тартылатын адамдардың тізімі жасалып, ол сол кездегі биліктің үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісінің қалт етіп, сыртқа шыққан бір тұсында үстелінің үстінен жоғалып, сол құпия тізім іле-шала бүкіл Қазақстанға тарап кетіптіге саяды. Содан соң-ақ ел-жұрт өздерінің жиған-терген дүние-мүліктерімен бірге малдарын алды – шетелге асырып, соңы – олардың барының көзін әртүрлі жолдармен құртады. Бұл – бір. Екіншіден, 20 жылдардың соңында, бүкіл Одақ көлемінде индустриялық саясат жүргізіледі. Сөйтіп, ірі-ірі зауыттар салынып, каналдар қазылды. Оған көп қаражат керек емес пе? Сондықтан да, билік қарапайым халыққа салық салудың әртүрлі жолдарын ойлап тапты. Соның бірі – астық, сондай-ақ ет салығы. Ал, егін екпейтін ел астықты қайдан тапсын. Амалсыз, малдарын сатып, барынша кедейленіп қалады емес пе? Міне, соның ақыры халықты ашаршылыққа ұрындырды. Аштық пен репрессия қатар жүргізілді деген осы. Жақында Еуропарламент Украинаның өтініші бойынша Украинадағы аштықтың мәселесін қарады. Онда Кеңестік үкіметтің 30 жылдардағы жүргізген саясаты «халыққа қарсы жүргізілген саясат» ретінде айыпталды. Бір елеп-ескерерлігі, Еуропарламенттің сол шешімінде «ең үлкен адам шығыны – Қазақстанда болды» делінген.

– Осы сөзіңізге орай, Жовтис мырзаның «Қазақстандағы ашаршылық геноцидке жатпайды» дей келіп, оның себебін әлемдік геноцидке тән қалыптан көретіндігін айтқаны есімізге түсіп отыр.

– Еуропарламенттің осы тұстағы тағы бір айтқаны: «Кеңес үкіметінің сол кездегі шаралары жеке ұлтқа қарсы бағытталған жоқ. Бұл бүкіл Одақ көлемінде жүргізілген шаралар. Сондықтан, ол жеке ұлттарға ауыр тигенімен, бірақ, жеке ұлттарды құртуға бағытталған шара емес» дегенге саятын әңгіме. Бұл пікір меніңше, шындықтан алыс емес.

1990 жылдары Жоғарғы кеңес комиссия құрып, ол 20-жылдардың соңы мен 30-жылдардың басындағы Қазақстандағы атқарылған шараларға байланысты баға берді. Сол берілген баға бойынша бұл «геноцид-этноцид» деп аталды. Осы кезде қазақтардың өлгені, басқа елге көшіп кеткені бар, барлығы 48 пайызын жоғалтыпты. Бұл ұлттың жартысы жоғалды деген сөз. Егер, қазақтардың саны Қазан төңкерісіне дейін 5,5-6 млн. болса, қазіргі саны 10 млн.-ның төңірегінде. Ал, өзбектер Қазан төңкерісінің қарсаңында қазақтардан анағұрлым аз, 3,5 млн. еді. Бүгінде өзбектердің саны – 27-28 млн.-ға жетті. Бұл – демографиялық апат. Жалпы, оны айтасыз, қазақтың сапа жағынан кемуі, сан жағынан кемуден де жаман болды. Репрессия – ұлттың сапалық құрамына өте зиянды әрекет, ол ұлттың ең қабілетті бөлігін жойды.

– Колчак айтты деген бір сөзді оқығанымыз бар еді, ол «қазақты басқару оңай, оның оқыған 500 азаматының басын алып тастасаңыз болдыға» саяды...

– Бұл империялық, державалық сипат сапындағы адамдардың пікірі. Бүгінде қазақ халқының репрессия саясаты салқынына ұрынуына байланысты шығын төңірегінде әртүрлі сандар айтылып жүр. Қазақстан бойынша 115 мың адам репрессия құрбаны болып, репрессиялық шараларға ұшырап, оның 25 мыңы атылып кетті деген де сөз бар. Меніңше, бұл әлі де болса анықтала, толықтырыла түсетін фактілер. Өйткені, аштық болсын, репрессия саясаты болсын, арнайы әлі зерттелген жоқ.

Жалпы, Еуропарламент жоғарыдағы біз тілге тиек еткен жиынында екі мәселе көтерді. Оның біріншісі, «Кеңес одағы құрамында болған республикалар аштық құрбандарын еске алуға арналған бір күнді белгілесін» деу болса, екіншісі, «үлкен шығынға ұшыраған республикалар аштықтың себеп-салдарын арнайы зерттеу тақырыбына айналдырсын» деу еді. Еуропарламенттің бұл екі ұсынысы да көңіл аударып, елеуге тұрарлық мәселелер. Біз оларды іске асыруымыз керек. Жалпы, ашаршылық пен репрессияның сандық құрамына қаншалықты тоқталсақ, енді сапалық құрамына да соншалықты тоқталып өтуіміз керек. Репрессия кезеңінде қазақ қоғамының әлеуметтік құрылымы бұрын болмаған терең өзгеріске ұшырады. Бұл кезде біріншіден, жеке әлеуметтік таптарды, топтарды жоғалттық. Мәселен, тап ретінде қазақ байлары жойылды, олар да қоғам мүшесі, олар да адамның баласы, олардың да жер үстінде өмір сүруге қақысы бар. Оларға не себептен Кеңес үкіметі соншалықты тағылықпен шабуыл жасады. Бұл ешқандай ақтауға жатпайтын шара. Біз үшін қазір «меншік» қасиетті ұғым деп жүрміз. Ал, Кеңес үкіметі неге олардың еркімен, ұстанымымен есептеспей, олардың меншігін тартып алды. Екіншіден, дін адамдары, яғни сауатты, халыққа білім таратушы топқа жататын Ишан, Имам, молдаларды жойды. Бұл дін адамдарына жасалған репрессия. Ал, олардың қоғамда атқаратын өз қызметтері бар емес пе? Үшіншіден, қазақ зиялыларының бір емес, бірнеше буыны түгелдей репрессия құрбаны болды. Жалпы, зиялылардың өмірге келу, қалыптасу процесі – өте күрделі, баяу жүреді. Ал, сол бетке ұстар ұлт қаймақтары түгел репрессияға ұшырады. Белсенді, рухани топты репрессиялау деген сөз – халықтың сағын сындыру деген сөз. Бұл халықтың пікірімен, ұстанымымен санаспау дегенді білдіреді. Одан да тереңірек айтсақ, аталған іс-әрекеттер ұлтты, халықты қарабайыр тобырға айналдыру.

– Осындай респрессиядан, аштықтан кейін мемлекетті нығайту жолында біз не істеуіміз керек? Қандай бағыт-бағдар, ұстанымды қолға алуымыз қажет деп ойлайсыз?

– Ең алдымен, мемлекет жеке адамдарға адамдық тұлғалық сипатын қайтару керек. Тұлғасыз тобыр кімге қажет? Тұлғасыз тобырдың қолынан не келеді? Сондай-ақ, репрессия кезінде азаматтар өздерінің пікірлерінен, ұстанымдарынан айрылды. Олар өз пікірлерін жасырын ұстап, ел-жұрт арасында екіжүзділік пайда болды. Білім берудің барлық сатысында тұлғалық сипат басты мақсат-мүддеге айналуы тиіс. Онсыз болмайды. Демократия – жай, абстрактылы ұғым емес, демократия дегеніміз – түрлі тұлғалардың, олардың бір-біріне ұқсамайтын, бір-бірін қайталамайтын тұстарының болуы. Бұл ұлт құрамын күшейтпесе, әлсіретпейді. Осы арқылы қоғам тығырықтан, дағдарыстан шығады. Еркін пікір алмасу, алысу, сондай-ақ, өз ұстанымы, сол ұстаным үшін күресу арқылы қоғам тығырықтан шыға алады. Меніңше, адамда екі нәрсе болуы тиіс: ол – білім, сосын азаматтық ұстаным. Білімді іске асыруға, оны басты құндылыққа айналдыруға қажетті факті – сол ұстанымның болуы. Ұстанымдар бірлігі, ұстанымдар үйлесімділігі болған тұстан, қоғам мен мемлекет күшейеді. Ауызбірлік деген жақсы, бірақ, бізге қандай ауызбірлік керек? Абай түсінігіндегі «нөлдердің» ауызбірлігі ме, жоқ, әлде, сана-сезімдері ұлттық тұрғыдан қалыптасқан озық ойлы тұлғалар ауызбірлігі керек пе? Әрине, тұлғалар ауызбірлігі, ұстанымдар ауызбірлігі керек. Соған жетуіміз қажет. Яғни, біздің идеалымыз осы болуы тиіс.

– Әңгімеңізге рахмет!

// Заң газеті, 2010, 28 мамыр №76.

Аманхан Әлімұлы

Айман Сейілбекқызы

ЖАЛПЫХАЛЫҚТЫҚ ҚАСІРЕТТІ ЕСТЕН ШЫҒАРУ ҚОҒАМНЫҢ ӨЗІ ҮШІН ДЕ ҚАУІПТІ

– Мемлекет басшысының 1997 жылғы 5 сәуірдегі Жарлығымен «31 мамыр – Саяси репрессия құрбандарын еске алу күні» болып белгіленгені мәлім. Елімізде саяси репрессия және ашаршылық құрбандарына тағзым етіп, атап өту дәстүрге айналды. Бұқаралық ақпарат құралдарында, тарихшы ғалымдардың ғылыми еңбектерінде кезінде сталиндік билік тарапынан қазақ қоғамына жасалынған адам айтқысыз қиянат, зорлық жөнінде жантүршігерлік мәліметтер аз жазылып жүрген жоқ. Дегенмен бұл күрделі тақырып түбегейлі зерттелді деу қиын. Саяси репрессия тақырыбын көп жылдан бері зерттеуші ғалым ретінде осындай жалпыхалықтық қасіретке алып келген себептер жөнінде не айтқан болар едіңіз?

– Қоғамды мұндай терең қасіретке алып келген жағдайлар жөнінде аз жазылған жоқ. Әлі де көп жазылатын болады. Өйткені халықтың өткен XX ғасырдағы сталиндік билік тұсында басынан өткізген трагедиясы әлі есінде және оны ұмытпақ емес. Ондай жалпыхалықтық қасіретті естен шығару қоғамның өзі үшін де қауіпті болар еді. Ұмытылған тәжірибенің қайталануы әбден мүмкін ғой. Сондықтан да болар, мәселен, Ресей және Украина сияқты бұрынғы кеңестік, қазіргі дербес мемлекеттерде саяси қуғын-сүргін тарихы ең өзекті ғылыми-зерттеу тақырыптары санатында. Бұл мәселені арнайы мемлекеттік тапсырыс арқылы зерттеу дәстүрге айналған. Осы мақсатта Ресейдің өзінде, Украинада, Балтық жағалауы сияқты елдерде ғылыми орталықтар құрылған, олардың зерттеу жұмысына батыстық ғалымдар белсенді түрде атсалысуда.

Тақырыпты зерттеуге, әсіресе, батыстық ғалымдардың тартылуы пайдалы әрі нәтижелі болды. Батыстық зерттеушілер бұл мәселені талдау ісіне, біріншіден, тың да жаңа көзқарас, жаңаша зерттеу әдіс-құралдарын ала келді, екіншіден олардың жұмысы зерттеу ісіне тиесілі екпін, қарқын берді. Кеңестер Одағындағы саяси репрессияның себептері жөнінде де аз айтылған жоқ. Кеңестік ұстанымдағы зерттеушілер кезінде, мәселен, алғашқы социалистік мемлекеттің капиталистік қоршауда қалғандығына, жаңа қоғамдық құрылысқа, ішкі және сыртқы жаулардың қарсылығына баса назар аударды. Бұл ұстанымдағылар қоғам неғұрлым социалистік қатынастардың жеңісіне жақындай түскен сайын, тап жауларының қарсылығы да соған сәйкес күшейе түспек деген сталиндік тұжырымға сүйенді. Яғни мәселені тым саясаттандыруға, идеологияландыруға басымдылық берілді. Мұндай тұжырым билік тарапынан алып империяда жүргізілген саяси репрессияларға теориялық негіз болды. Қазіргі зерттеулерден ғалымдардың біршама тарихи шындыққа жақындай түскенін аңғару қиынға түспейді. Жаңадан ашылған тарихи құжаттар Кеңестер Одағында 1920-50-ші жылдардағы саяси репрессиялардың басында Сталин құрған пирамидалық биліктің мақсатты түрде жүргізген саяси курсы екендігін, оның алдымен сталиндік басшылықтың ұстанымымен келіспеген елдің саяси басқарушы тобына (элитаға), содан соң экономикалық тұрғыдан үстемдік құрып келген әлеуметтік (буржуазия, бай, кулак, ж.б.) күштерге және патриоттық ұстанымдағы ұлттың белсенді тұлғаларына қарсы бағытталған заңдық негізі күмәнді, шектен асқан зорлық пен қиянатқа толы шаралар болғандығын айғақтап отыр. Билікті сталиндік басқарушы топтың курсымен келіспеген саяси «элементтерден» (сталиндік емес) «тазарту» шаралары оларды басқа ұстанымдағы, яғни жастау, білімдірек, саяси және идеологиялық тұрғыдан айтқанға көнгіш элитамен ауыстырумен аяқталды. «Әлеуметтік тұрғыдан зиянды» бай-кулактарды жою шаралары қоғамды экономикалық және кәсіпкерлік белсенділігі жоғары тұлғалардан айырды, ал үзіліссіз жүргізілген «ұлтшылдармен» күрес науқандары ұлтсыздануға, ұлттық нигилизмге жол ашты.

– Қазіргі кезде күрделі тақырып – саяси репрессия мәселесін жүйелі зерттеуге мемлекет тарапынан ынта-ықылас, қолдау бар ма? Қазақстан ауқымындағы жалпы саяси репрессия тарихын қандай кезеңдерге бөлуге болар еді?

– Қазақстанда жүргізілген саяси репрессия саясатын арнайы жан-жақты әрі терең зерттеу ісі әлі қолға алынған жоқ. Бұл үшін жабулы жатқан мұрағаттық қорларды зерттеуші ғалымдардың қолына беру қажет. Сонда ғана, мәселен, ресейлік деңгейдегі зерттеу жұмыстарына қол жеткізе аламыз. Ресейде бұл тақырыпты арнайы мемлекеттік тапсырыстар беру арқылы талдауға алу жолға қойылған. Мақсатты және бағдарламалық негізге қойылған бұл шаруа өз нәтижесін беруде. Бізде әлі «әліптің артын бағу» ұстанымы басымдылық алып келе жатқан сияқты. Дегенмен қолда бар азын-аулақ құжаттық материалдарға сүйене отырып, елімізде жүрген репрессияның мынадай кезеңдерін бағамдауға болады.

Бірінші кезең (1918-1920 ж.ж.) шамамен революция және азамат соғысы жылдарын қамтиды. Репрессиялық шаралар большевиктер партиясы орнатқан саяси жүйеге қарсы шыққан экономикалық тұрғыдан үстем таптарға, сондай-ақ кеңестік емес, ұлттық негіздегі мемлекеттік құрылымды талап етуші азаттық ұстанымдағы күштерге бағытталды. Екінші кезең шамамен 1923 жылдан, яғни И.Сталиннің жоғары билікке келген мезгілінен басталып, 1932 жылмен аяқталады. Бұл кезеңде бұдан бұрын да жүргізілген репрессиялық шаралар өз жалғасын тапты. Дегенмен бұл кезеңнің мынадай ерекшеліктері байқалды. Мәселен, бай-кулактарды тап ретінде жою билік тарапынан мақсатты түрде жүргізілген шаралар арқылы осы мезгілде біржола аяқталды. Қазақстанда басталып, Мәскеуде аяқталған екі бірдей сот процестері нәтижесінде сталиндік басшылықтың Қазақ ұлт-азаттық қозғалысының басшылары және белсенділерімен «есеп айырысу» ісі аяқталды. Осы жылдары мемлекеттік аппаратта, партия қатарында жүргізілген кадрлық «тазартулар» басқарушы элитаның «жаңа генерациясының» билікке келуін қамтамасыз етті. 1920-шы жылдардың соңы және 1930-шы жылдардың басында жүргізілген сот процестерінде тергеушілер ұлттық саяси элитаның шетелдік эмиграцияға кеткен М.Шоқай және З.У. Тоған сияқты саяси тұлғалармен, басмашылар қозғалысымен өзара байланысын анықтауға көп күш жұмсады. Бұл фактілер империялық орталықтың өзінің ұлт істерінде жүргізіп отырған саясатының әділетсіз екендігін іштей сезінуінің бір көрінісі еді. Үшінші кезең шамамен 1933 жылдан басталып, 1937-1938 жылдары өзінің шарықтау шегіне жетті. Құжаттық мәліметтер ОГПУ орындарының 1933 жылы Қазақстанда оннан астам «контрреволюциялық ұлттық ұйымдарды» әшкерелеп, жойғандығы жөнінде мәлімет береді. Олардың арасында, мәселен, Алматы және басқа қалалардағы Ы.Мұстамбаев басқарған «Түріктердің халық партиясы» (бұл іс бойынша 12 адам сотталған), Оңтүстік Қазақстан облысы Қармақшы ауданындағы (қазіргі Қызылорда облысындағы) «Қызыл кедей» ауылында 53 адамнан тұрған (бұл іс бойынша бес адам атылып, 48-і сотталған), «Қарағандыкөмір» тресіндегі 12 адамнан тұрған Н.Кодаленко бастаған (бәрі де сотталған), Оңтүстік Қазақстан облысы Әулие Ата ауданында 21 адамнан тұрған (бәрі де түрлі мерзімге сотталған) және басқа халық шаруашылығына «қаскүнемдік» жасаушы топтар бар-тын. Зерттеу жұмыстары көрсеткендей, бұл «контрреволюциялық» ұлттық ұйымдар есебінде «әшкереленген» топтардың қалыптасу барысын, бағыт-бағдарын (жарғы, бағдарлама), нақты қызметін айғақтайтын құжаттық материалдар, әрине, мүлдем жоқ-тын. Тергеу ісінде қатталған материалдар, негізінен, тұтқынға алу ордерлерінен, тергеу хаттамаларынан, айыптау қорытындыларынан, сондай-ақ тұтқындардың арыз-тілектерінен құралған. Басқаша айтқанда, тергеу істерінде саяси тұтқындарды айыптауға негіз боларлық «дәлел материалдар» тергеу барысында оларға жасалған адам жаны төзгісіз түрлі қиянаттардан соң алынған «көрсетулер» ғана еді. Сондай-ақ бұл «көрсетулер» алғашқы тергеуде емес, тұтқындардың абақты камерасында айлап-жылдап көрген түрлі зорлық-зомбылығынан соң алынған «фактісымақтар» болатын. Сонымен бірге үшінші кезеңге тән мынадай бір ерекшелікті айта кеткен жөн. Егер екінші кезеңде тергеушілер қоғамнан социалистік құрылысқа қарсы зиянкестік әрекеттерді жүргізуші «элементтерді» неғұрлым көбірек тауып, өздеріне жүктелген жоспарды асыра орындауға тырысса, ендігі уақытта тұтқындардың арасынан шетелдік, негізінен, Германия мен Жапония сияқты мемлекеттердің кеңестік қоғамдағы «агенттерін» көбірек табуға күш салды. Өйткені Екінші дүниежүзілік соғыс жақындап келе жатты. Кеңестік бақылау орындары қазақ сияқты ұлттарға капиталистік мемлекеттердің «агенттер» жасақтайтын базасы есебінде қарады. Бұл да метрополиялық орталықтарға тән мінез-тін. Аз халықтарға жасаған қиянаты оларға еш уақытта ішкі тыныштық пен сенімділік берген емес. Төртінші кезең соғыстан кейінгі мезгілге, яғни 1940-шы жылдардың соңы, 1950-ші жылдардың басына тән. Бұл жылдары саяси репрессия құрбаны болған саяси элита немесе халық шаруашылығына зиянкестік пиғылдағы «элементтер» емес, соғыс жылдары белсенді шығармашылық қызметі арқылы патриоттық ұстанымын ашық білдірген ғалымдар мен ақын-жазушылар еді (Е. Бекмаханов, Б.Сүлейменов, Е.Исмайылов, Ш.Әбенов ж.б.). Кеңестік билік жүргізген саяси репрессиялар барысында қиянатты тек жеке тұлғалар ғана көрген жоқ, сонымен бірге әділетсіздік оғы ресми идеология ұстанымына қайшы келетін идеяларға да жұмсалды. 1943 жылы мәскеулік және жергілікті ғалымдар мен жазушылардың ортақ еңбегі «История Казахской ССР с древнейших времен до наших дней» атты кітабы жарық көрді. Кітапта патшалық биліктің Қазақстанды отарлау және қазақ қоғамын орыстандыру саясаты тиянақты түрде талдауға алынып, бұл әрекетке жауап ретінде көрінген қазақ халқының өз тәуелсіздігі үшін күресіне, түрлі аймақтарда жүрген азаматтық қарсылыққа жеке тараулар арналды. Ұлттық қоғамдық ойдағы «Зар заман» ағымына тиесілі көңіл аударылды. Осының бәрі Мәскеудегі ұлыдержавалық ұстанымдағы ортада «бұл қазақ деген қандай «таңдаулы халық» (избранный богом народ) еді» деген пікір тудырды. Кітап тез арада айналымнан алынып тасталынды. Саяси репрессияның кезеңдері жөнінде айтқанда, әрине, оның 1985-1991 ж.ж. жүргізілген соңғы кезеңін атамау әділетсіздік болар еді. Бұл кезеңде орталық билік өзінің бастапқы жолына қайта оралды, яғни 1980-ші жылдары бой көтерген қазақ «ұлтшылдығы» үшін кінәні тағы да Д.А. Қонаев басында тұрған саяси басқарушы топқа артуға даяр екендігін көрсетті. «Қазақ ісі» («Казахское дело») деген атпен жүрген сот процестері соның көрінісі еді. Нағыз репрессиялық шаралар 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісіне қатынасқан қазақ жастарына да байланысты жүргізілді. Желтоқсан көтерілісі кеңестік биліктің терең жүйелік дағдарыста екендігін анық көрсетумен бірге, перманентті репрессиялық шараларсыз бұл биліктің өмір сүре алмайтындығын да байқатты.Тарихи шындық жеке тұлғаны, қоғамды, билікті тәрбиелейді

– Өзге мемлекеттер саяси қуғын-сүргін мен аштық құрбандарын егжей-тегжейлі зерттеп, том-том еңбектер жариялап үлгерді. Ресейдің өзінде қуғын-сүргін тарихын зерттеу ісі 20-30 жылдан бері іргелі де мақсатты зерттеу обьектісіне айналған. «РОССПЭН» және «Алгоритм» сияқты баспа орындары том-томдап кітаптар шығарудан танбай келеді. Репрессия тарихына қатысты әртүрлі ұстанымдағы пікірлерге толық мүмкіндік беріліп қана қоймай, көп елдер батыл түрде мемлекеттік ұстанымын білдіріп, саяси баға беріп, айыптап жатыр. Бізде репрессия мәселесін жүйелі түрде зерттеу үшін не істеу керек?

– Өте орынды сұрақ. Тарихи шындық жеке тұлғаны, қоғамды, билікті тәрбиелейді. Шындық айтылмаса, түрлі әділетсіздіктерге жол ашылады. Ресей қоғамы осы ойды түсінгендіктен репрессия туралы шындықтың айтылғанын қалап отыр. Біздің де осы ұстанымда болғанымыз жөн.

Репрессия туралы шындық, біріншіден, қоғамдық және ұлттық сананы бүгінгі мемлекеттік дербес өркендеуімізге сәйкестендіру үшін (модернизация) қажет. Қоғам, әсіресе, жас ұрпақ біздің қандай терең рухани дағдарыс және құлдыраудан шығу жолында тұрғанымызды дұрыс түсінуге тиіс. ХХ ғасырдың басында жаңғыру, өсіп-өну жолына түскен қазақ ұлты қандай себептерге байланысты жантүршігерлік трагедияларды басынан кешірді. Алғашқы және екінші буын ұлттық басқарушы топтың және шығармашылықтағы зиялылардың түгелдей дерлік репрессия құрбаны болғаны, солармен бірге ұлттық идеяның да қуғын-сүргінге ұшырап, жеңіліс табуы, бұл – жеңіл-желпі нәрсе емес. Меніңше, ХХ ғасырдағы қуғын-сүргін, аштық және басқа жалпыұлттық трагедияны айғақтайтын тақырыптар арнайы мемлекеттік тапсырыс негізінде іргелі зерттеу объектісіне айналуға тиіс. Мемлекеттік-қоғамдық бағдарлама негізінде жұмыс жасайтын арнайы орталық немесе ғылыми топ құрылып, ол топ Парламент алдында есеп берсе, біраз шаруа атқарылған болар еді. Ондай күнді өз басым армандаймын. Осы деңгейде жүргізілген жұмыс өткен аға ұрпақтар алдында берген есебіміз де болар еді. Ал әзірге осы мазмұнда жасалған әрекеттерден көңілге қонымды нәтиже шықпай тұр.

– Жалпы, тарих ғылымында осы күрделі тақырыпты зерттеуде қандай да бір кедергілер бар ма? ҰҚК мұрағаттарындағы шаң басқан құпия құжаттарға қол жеткізу қиындық туғызып отырған жоқ па?

– Мен Қазақстан тарихшылары қауымдастығы атынан, міне, бірнеше жылдан бері еліміздің Ұлттық қауіпсіздік комитеті басшылығының атына хат жазып, Алаш қозғалысы қайраткерлері мен белсенділері үстінен жүргізілген сот процестері материалдарын көптомдық түрінде даярлау үшін осы мекеменің мұрағат қорларындағы құжаттық материалдардың көшірмесін алуға рұқсат сұрап келемін. Шынын айту керек, комитет басшылығы мұрағат материалдарымен жұмыс істеуге рұқсат берді. Ол үшін рахмет! Дегенмен көптомдыққа енуге тиіс материалдардың бәрін қолмен көшіріп отыруға біраз уақыт және күш керек. Бір-екі адам ол шаруаны атқара алмайды. Ал мұрағат қызметкерлері жоғарғы басшылықтан рұқсаттың жоқтығын айтып, құжаттардың көшірмесін бермейді.

Осы ретте мынадай жағдайды айтуға тиістімін. Біз сұрап отырған мазмұндағы материалдарды Ресей зерттеушілері баяғыда-ақ жариялап қойған. Толық заңдық негізде. Ондай заңдық актілер біздің елде де қабылданған. Мәселен, Закон Республики Казахстан «О государственных секретах». Алматы, 2009. 24 с. Өкінішке қарай, Ұлттық қауіпсіздік комитетіндегі мұрағат қорларына жауапты басшылар қабылданған заңдық актілерге назар аударатын емес. «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы бойынша Үкіметтің 2009 жылғы 16 ақпанда (№ 158 қаулысымен) бекіткен іс-шаралар жоспарында «Алаш қозғалысы: алаштықтарға жасалған сот процестерінің материалдар жинағы» (3-том) және «Қазақстандағы 1920–1950 жылдардағы саяси репрессиялар» (3-том) атты көптомдықты даярлап, баспадан шығару белгіленген. Осы көптомдық екінші жылы тендерге шығарылып келеді. Бір қызығы сол, бұл кітаптарды баспадан шығаруға қаржы бөлінеді де, ал оларды мұрағаттан тауып, ғылыми басылым ретінде даярлау (табылған құжаттарды оқу және сұрыптаудан өткізу, компьютерлік мәтінін даярлау, ғылыми-анықтамалық аппаратын жазу, т.б.) ісіне жұмсалатын қаржы қарастырылмайды. Япыр-ау, әуелде кітаптарды даярлап алу, яғни ғалымдардың жұмысын қаржыландыру қажет емес пе? Өткен жылы Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік мұрағатында республикалық «Әділет тарихи-ағарту қоғамының» және «Қазақстан тарихшылары қауымдастығының» ұйымдастыруымен «Қазақстандағы сталинизм» тақырыбында ғылыми конференция болып өтті. Осы сияқты бірлі-жарым ғылыми жиындар өткізу арқылы мұндай ауқымды мәселені еңсеру, әрине, мүмкін емес. Міне, осы келтірілген фактілер біздің саяси репрессия тарихына қатысты көптомдық құжаттық материалдар даярлаудан, сондай-ақ іргелі ғылыми-зерттеулер жүргізу ісінен алыс тұрғандығымызды байқатса керек.

АЛАШҚА АЙТАР ДАТЫМ...

Біз бір нәрсені анық түсінгеніміз жөн. Саяси репрессия тарихы – бұл жас ұрпақты отансүйгіштік, мемлекетшілдік рухта тәрбиелеуге тікелей қатысы бар тақырып. Кезінде, яғни 1941 жылы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінде «История Казахской ССР» кітабының мазмұнын талқылауға түскенде мәжіліске қатысқан ағаларымыздың бірі «Кенесары хан бастаған ұлт-азаттық қозғалыс» тақырыбын енгізбеу туралы ұсыныс айтты, сонда М.Әуезов «егер бұл кітапқа Кене хан көтерілісі енбейтін болса, ондай тарихтың кімге керегі бар?» деп қарсы сұрау қойып, бұл тақырыпты қорғап қалған екен. Сол сияқты Алаш туралы тарихи шындықты халыққа бермесек, енді қашан бермекпіз, оны қазіргі буын тарихшылары біз айтпасақ, кім айтады? Әрбір буынның өзінің айтар сөзі, көтеретін жүгі болмақ. Өзіміз бүгін орындайтын міндетті ертеңге қалдырмайық. Мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мұрағатқа жауапты азаматтарын осы жағдайға бет бұруға шақырамын. Ұлы Абайдың: «Бір жанға екі өлмек әділет пе?» деген сөзі бар.

http://alashaіnasy.kz/person/jalpyіhalyіktyіk-23410/

// Алаш айнасы №91(544) 31.05.2011

БӨКЕЙХАНОВ — ГАНДИМЕН ТЕҢДЕС ТҰЛҒА

Биыл Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханның туғанына 145 жыл толады. 13 қыркүйекте Астанада Л.Н. Гумилев атындағы университетте ұлы қайраткердің өмірі мен қызметіне арналған халықаралық ғылыми конференция өтпекші. Осы оқиғаға орай тарихшы Мәмбет Қойгелдиевпен сұхбаттасқан едік. Оқырман назарына сол сұхбатты ұсынып отырмыз.

– Өткен ғасырдың 1980-90 жылдары аралығында билік тарапынан арнайы құрылған комиссия А.Байтұрсынов, Ш.Құдайбердиев, М.Дулатов және басқа да «Алаш» қозғалысы қайраткерлеріне байланысты арнайы ресми ақтау құжаттарын даярлап, олар баспасөзде жарияланды. Ал Әлихан Бөкейхановтың қызметіне қатысты мұндай құжат қабылданып, жарық көрген жоқ. Ә. Бөкейханов «Алаш» қозғалысының басшысы, лидері емес пе еді?

– Мұндай сауалды кезінде осы Ақтау комиссиясын басқарған немесе оның жұмысына тікелей ат салысқан кісілерге қойған жөн болар. Ал мен осы тақырыпқа тікелей қатысы бар бір-екі фактіге ғана тоқталайын.

1990 жылы «Егемен Қазақстан» газетінің қаңтардағы үш санында менің Ә.Бөкейхановтың қызметі және көзқарастық ұстанымына арналған «Қуандым түнде жүріп күн шығар деп…» аталатын мақалам жарық көрді. Сол кездегі өзім қызмет жасайтын партия тарихы институты басшылығының келісімінсіз материалды жариялаған үшін менің ісім бөлім қызметкерлерінің талқысына түсіп, ескерту алдым. Сонда оппоненттерімнің мақалаға қарсы айтқан уәжі: Бөкейханов – коммунистік идеологияны қабылдамаған, кеңестік билікке қарсы қазақ ұлтшылдарының, «Алаш» қозғалысының көсемі. Яғни «Алаш» қозғалысы және қазақ ұлтшылдығы бұл ұлт мүддесіне қайшы құбылыстар екен. Менің ұстанымымды сынға алған институт қызметкерлерінің бәрі дерлік талқыға түскен мақаланы оқыған жоқ-тын. Өйткені, олар қазақ тіліннен мақұрым басқа ұлттың өкілдері, сондай-ақ өз ана тілінде жазып, оқи алмайтын қазақтар еді.

– Алайда, «таяқ жеген» тақырыбыңызға кейін қайта оралып, түбегейлі зерттеуге кірістіңіз ғой…

– Қайта сол талқылау менің көңілімде сенім отын жақты. Партияның Орталық Комитетінің қарауына ұсыну үшін Ә.Бөкейхановтың өмірі мен қызметі жөнінде анықтама даярладым. Ұмытпасам, комиссия төрағасы Ақмола облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Андрей Георгиевич Браун еді. Комиссия отырысына кейде партия тарихы институтынан түрлі анықтамалар даярлаған ғылыми қызметкерлер де шақырылатын. Бұл жолы сондай қызметкердің санатында мәжіліске қатысуыма тура келді. Отырыстың соңын ала Әлихан Бөкейхановты ақтау жөнінде анықтама авторы ретінде маған сөз берілді. Мен алты беттік құжаттың мазмұнын қысқа баяндап шықтым. Ә.Бөкейхановты ақтаудың ерте екендігін айтып, комиссия құрамындағы екі академик ағайым (бірі философ, бірі тарихшы) сөйледі. Менің ұсынысым орынды екендігін жақтаған жалғыз А.Г.Браун болды. Сөйтіп, менің ұсынысым өтпей қалды. Бұл 1990 жылдың сәуірі еді.

Сондағы қарсы пікір білдірген кісілердің уәжі: «Алаш» қозғалысының тарихы әлі толық зерттеуге алынған жоқ. Алаш қайраткерлері коммунистік партияға, Кеңес үкіметіне қарсы лагерьде болды. Ал Ә.Бөкейханов «Алаш» қозғалысының көсемі, қазақ ұлтшылдығының негізін қалаушы, бас теоретигі. «Алаш» тұлғаларының қызметін қайта қарау барысында негізге алынған өлшемін, біріншіден, олардың кеңестік билікке, коммунистік идеяға қатынасы, екіншіден, тұлғаның ұлт мәселесіндегі ұстанымы еді. Ол кезде коммунистік идеяға қарсылық және қазақ ұлтшылдығы – еш ақтап алуға жатпайтындардың қатарында. Бұл мезгілде А.Байтұрсынов, М.Дулатов және басқа Алаш қайраткерлерін ақтау жөнінде қаулылар қабылданып қойған. Ал «Алаш» қозғалысының, яғни жаңа сападағы ұлт-азаттық күрестің негізін қалаушылар ретінде мойындалған осы үш тұлға – Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов және М.Дулатов емес пе еді?! Соған байланысты Әлекеңнің неге ақталмай қалғаны сауалдың туындауы заңдылық деп қабылдауға болады.

– Кеңестік билік, коммунистік партия әлі бар кезде мұндай ақтау құжаттарын қабылдау қиын болса керек. Ал тәуелсіздік алғаннан кейін мұндай құжат жөнінде айтудың өзі орынсыз емес пе?

– Бұл ретте, мәселен, тәуелсіз мемлекетіміздің ұлттық тарихты жаңғыртуға, қоғамда жаңа тарихи сананы қалыптастыруға байланысты қабылдаған шешімдері мен атқарған істері, сөзсіз, ауқымды. Елбасының «Алаш» қозғалысының 90 жылдығын атап ету жөніндегі қаулысының өзі біраз нәрсені аңғартса керек.

Дегенмен, Ә.Бөкейхановтың өмірі мен қызметіне байланысты билік тарапынан арнайы құжат қабылдау әлі де болса өз өзектілігін жоғалтқан жоқ. Неге? Қысқа ғана айтып өтейін. Біріншіден, Ә.Бөкейханов жай қатардағы ұлт-азаттық қозғалысының белсенді тұлғасы емес. Ол жаңа мазмұн, сипаттағы қазақ азаттық қозғалысының негізін қалаушы көш бастаушысы, лидері. Оның азаттық қозғалысын жаңа интеллектуалдық деңгейге көтеру ісіндегі еңбегін кезінде бүкіл ел-жұрты, патшалық және кеңестік биліктер мойындаған. Өткен ғасырда үнді халқы үшін Махатма Ганди, қытай халқы үшін Сун Ят Син қандай маңызды қызмет атқарса, қазақ халқы үшін Әлихан Бөкейхан да сондай мазмұн және бағытта қызмет жасады. Бұл ретте, әрине, қазақ азаттық қозғалысының тек өзіне ғана тиесілі қайталанбас тарихи жағдайда жүргендігін ескергеніміз жөн. Екіншіден, Әлихан Нұрмұхамедұлы жаңа тарихи жағдайда (XX ғ. басы) қазақ ұлттық мемлекеттігін жаңғырту ісін теориялық және практикалық тұрғыдан қолға алып, заман сұранысына лайық өлшеусіз көп жұмыс атқарған тұлға. Оның белсенді де мақсатты қызметінің нәтижесінде қазақ елінің жер мәселесі Ресей Думасының мінберінен үздіксіз қойылып, демократиялық қүштердің назарына ілікті, империялық орталық қазақ азаттық қозғалысының талап-тілектерімен есептесуге мәжбүр болды. Әлихан Нұрмұхамедұлының қажырлы еңбегінің арқасында қазақ азаттық қозғалысы заман сұранысына лайық деңгейге көтерілді. Ұлт тарихындағы бағдарламалық мақсатты көздеген тұңғыш саяси партия – «Алаш» өмірге келді, ұлттық мемлекеттік идеясын іске асыруды көздеген Алашорда үкіметі құрылды. Кейінгі тарих көрсетіп бергендей, Ә.Бөкейханов басшылық жасаған бұл екі құрылым қазақ ұлт-азаттық қозғалысының дұрыс жолда тұрғандығының және билік өрісінің нақты айғағы болатын. Бүгінгі ұлттық тарихнама бір ауыздан бұл тарихи құбылыстарды осы ұстаным тұрғысынан бағалайды. Яғни патшалық және кеңестік биліктер жағдайында саяси қызметі үшін ұдайы қуғын-сүргін жағдайында өмір сүруге мәжбүр болған, ең соңында атылған (1937) Әлихан Бөкейхановтың өмір жолы жөнінде арнайы ресми құжат қабылдау, бұл жеке тарихи тұлғаның ұлт алдында сіңірген өлшеусіз зор еңбегін мойындау ғана емес, сонымен бірге Алаш қозғалысының ел тарихындағы өзіне тиесілі табиғи да заңды орнын мойындау дегенді білдіреді. Басқаша айтқанда, мұндай мәртебелі құжатты қабылдап, жария ету, кеш болса да, тарихи әділеттіліктің салтанат құруы, сондай-ақ кейінгі ұрпақтың аға буын алдындағы өз парызын орындауы екендігін білдірсе керек. Сонымен бірге мұндай қадам негізгі мәселеде ұрпақтар арасындағы өзара сабақтастықтың үзілмегендігінің де айғағы болмақ. Бұл менің көп жылдан бері «Алаш» қозғалысы тарихын зерттеуші ретінде пікірім, оның басқа біреулердің ұстанымдарына сәйкес келмеуі де мүмкін. Үшіншіден, империялық күштермен идеологиялық күресте жеңіліс тапқан елміз. Оны мойындамай, өз мүддеміз үшін күреске жете аламыз ба?

– Кезінде кеңестік идеология Ә.Бөкейханов бастаған Алаш зиялыларына қазақ ұлтшылдары ретінде айып тақты. Бүгінгі қоғамда тек Бөкейхановты ғана емес, сол сияқты Мұстафа Шоқайды, Ахмет Байтұрсыновты, басқа да Алаш азаматтарын ұлтшылдар ретінде қабылдайтындар аз емес. «Центральная газета» деген Қарағандыда шығатын басылым (18.11.2006 Ә.Бөкейханов туралы), сондай-ақ (04.08.2011) өскемендік бір басылым М.Шоқайға байланысты С.Макеев дегеннің «Как черное становится белым» атты мақаласын басты. «Черное» деп отырғаны кім екендігі, әрине, түсінікті. Маған түсініксіз нәрсе, осындай көңіл күйін білдіретіндердің айтпағы не?

– Мұндай ұстанымдағылар уақыт көшінен қалып қойған жандарды еске салады. Олар – КСРО-ның ыдырауы, бұл – тарих үкімі екендігін, сондықтан да оны кейін қайтару мүмкін емес дегенді түсіне алмай, күні өткен жалған құндылықтарға үміт артып шаршап жүргендер.

Енді Қарағанды газетіндегі «жанжал» жөнінде. Мен журналист Мезенцеваның мақаласына байланысты «Жас қазақ» газетінің тілшісі Еренғайып Қуатайұлына сұхбат бердім (№48, 8.12.2006). Онда Қарағандыдағы Ленин атындағы көшені Ә.Бөкейханов атына ауыстыру жөнінде ұсыныстың орынды екенін айттым. Осы басылымның 2006 жылғы 22 желтоқсанындағы санында қарағандылық 48 азаматтың қолдау хаты жарияланды. Осы жағдайдың артын ала Қазақстан тарихшылары қауымдастығынан сол кездегі облыс әкімінің атына Ә.Бөкейхановтың 140 жылдығына байланысты Е.Бөкетов атындағы университетте ғылыми конференция өткізіп, жергілікті жұртпен тарихи тұлғаның өмірі мен қызметі жөнінде әңгіме өткізуді ұсындым. Облыс әкімінен жауап болмады, ал университет проректорынан мұндай шара өткізу мүмкін еместігі туралы хат келді. Сөйтіп, Қарағандыда Ә.Бөкейханов атына көшеге беру әрекеті нәтижесіз аяқталды. 2007 жылы Балқаш қаласындағы үкіметтік емес ұйымдардың бастамасымен «Алаш» қозғалысының 90 жылдығы аталып өтті. Арнайы шақырылған қонақ ретінде конференцияда баяндама жасадым. Өз сөзімде Балқаш қаласынан қырық шақырым жерде – Балқаш көліне келіп құятын Тоқырауын өзенінің бойында Бөкейхановтар әулетінің зираты бар екендігін, сонда Әлекеңе де арналып қойылған құлпытас бар екендігін, ал қайраткердің атажұртындағы қалада осындай ұлы тұлғаны еске саларлықтай ешқандай да белгінің жоқ екендігін айттым. Қала әкімі айтылған пікірді тыңдап отырды. Өкінішке қарай, міне, содан бері 4-5 жылда Қарағанды облысы мен Балқаш қаласында Әлекеңе арналып мынадай-мынадай шаралар іске асыпты деген сөзді естігенім жоқ. Міне, бұл баяндалған жағдай бізде ұлт пен оның төл тарихы, ұлт пен мемлекет арасында ортақтектілеу (идентичность) процесінің баяу, әлсіз жүріп жатқандығының көрінісі.

– Кейбіреулер Алаш қайраткерлері туралы әңгіме қозғағанда, қазақты ұлтшыл етіп көрсетуге ұмтылатын сияқты. Қазақ өзі ұлтшыл халық па? Бұл туралы не айтасыз?

– Заман өзгерсе де, осы ХХ ғасырдың алғашқы жартысында қазақ ұлтшылдығына байланысты негізсіз, жаңсақ пікірлер естіліп қалады. Мәселен, Ә.Бөкейханов бастаған «Алаш» басшылары «бір ғана ұлттан тұратын мемлекет құруды көздеді немесе олардың қызметінде ұлттық емес рулық-жүздік мүдделер басым түсіп жатты», т.с.с.

Осы ретте мынадай жағдайларды ескергеніміз жөн. Біздің тарихымызда, иншалла, жағымсыз, агрессивтік мазмұндағы ұлтшылдық көрініс алған емес. Ондай фактіні ешкім де келтіре алмайды. Ал қазақ зиялылары тарапынан байқалған-мыс «буржуазиялық ұлтшылдық» кеңестік идеология қолдан жасаған аңыз (миф). 1986 жылғы желтоқсандағы ұлт-азаттық қозғалысына байланысты КПСС Орталық комитеті шығарған «қазақ ұлтшылдығы» да осы қатардағы нәрсе. Ал ХХ ғасырдың алғашқы ширегінде көрініс тапқан қазақ ұлтшылдығына келсек, бұл әлемдік контексте алғанда толық табиғи құбылыс болатын. Сондықтан да Дж.Неру ұлтшылдық бұл мезгілде «бүкіл Азия елдерінде үстем құрған прогресшіл күш болды» деп атап көрсетті (Неру Дж. Открытие Индии. Книга 2-ая М., 1989, С.111). ХХ ғасыр басындағы қазақ қоғамы жағдайында білімді және саналы азаматқа ұлтшылдық ұстанымында болмау мүмкін де емес-тін. Міржақып Дулатұлы айтқандай, сол тарихи жағдайда қазақ қоғамында «шын ұлтшылдың өзі аз еді, ұлтшыл еместердің көбі өзімшіл, дәрежеқұмар, зорлықшыл еді». Бұл мезгілдегі қазақ ұлтшылдығының өзі ағартушылық сипат алды. Бұл тұрғыдан алғанда, Абай мектебінен алғанда ұлтшылдық, яғни өз ұлты – қазақ елінің кемшілігін ашық сынға алып, онымен ымырасыз күреске шыққан сыншыл әрі қорғаныс ұлтшылдық болатын. Азия елдеріне дейін ХІХ ғасырда қоғамдық ойдағы ұлтшылдық ағымы Еуропада да көрініс тапты. Міне, осы өз табиғи қалыптасу және даму жолынан өткен батыс және шығыс елдеріндегі ұлтшылдық ағым ұлттық мемлекеттердің (нация-государство) өмірге келуімен аяқталды. Ал оны құру үшін күрес жүргізген саяси топ жаппай қуғын-сүргін құрбаны болған жоқ. Біздегі жағдай мүлдем басқаша қалыптасты. Қазақ ұлтшылдығы идеясын негіздеп, оны іске асыруды қолға алған Әлихан Бөкейханов бастаған саяси топ екі билік тұсында да қуғын-сүргін жағдайында өмір сүріп, соңғы кеңестік билік оларды түгелдей дерлік жойып жіберді. Қуғын-сүргін құрбаны болған ұлт зиялыларымен бірге ұлттық мемлекеттік идеясы да, ұлт өмірі де дағдарысқа ұшырады. Әлихан Бөкейхановқа, Алаш идеясына байланыста қоғамда байқалатын самарқаулық, міне, осы дағдарыстың салдары. «Алаш» қозғалысы тарихын білім жүйесінде оқыту, Алаш қайраткерлерінің мұрасы мен қызметін кең насихаттау ісін бүгінгі сұранысқа лайық деңгейге көтеру қажет. Бұл – біздің міндетіміз.

Әңгімелескен Ғабидолла Жәдігер

// Нұр Астана 12.09.2011

ИНТЕРНЕТ-КОНФЕРЕНЦИЯ: Мәмбет Қойгелдиев

28.09.2011

Thenews.kz

1.

Конференциямыздың кезекті қонағы Мәмбет Құлжайбайұлы оқырмандар тарапынан келіп түскен сауалдардың алғашқы легіне жауап беріп отыр. Тарихшы оқырманмен сұхбаты барысында: «Ия, рас, бізге бүгін мемлекетшілдік, отаншылдық, халықшылдық ұстанымындағы билік қажет» дей келіп, Алаш зиялылары мен бүгінгі қазақ зиялыларын тарихи дерек арқылы салыстырып, ой түюді оқырманға қалдырады.«Абай-ақпарат» Ассалаумағалейкум, құрметті сұхбатқа шыққан бауырым! Сенімен ана тіліміз – қазақ тілінде ұлт тарихы, оның Алаш қозғалысы сияқты тақырыбы бойынша пікір алысу мен үшін біріншіден, өте жоғары мәртебе, екіншіден, үлкен ләззат әкелетін іс. Маған жолдаған сауалдарыңыз үшін үлкен рахмет! Енді сұхбат тақырыбына көшейік.

– Алаш идеясын қалай жүзеге асыруға болады? — дейді Асқарәлі бауырым.

– Менің түсінігімше, Алаш идеясының іске асқанын қалайтын әрбір азамат оны өзінен бастағаны жөн.

Студент болсақ, жақсы да сапалы білім алуға, жұмысшы болсақ, сұранысқа лайық өнім өндіруге, қызметкер болсақ, жүктелген міндетті таза да уақтылы атқаруға ұмтылып, бәріміз де мемлекетіміздің іргетасын нығайта түсуге, оның халықшыл ұстанымда болуына өз үлесімізді қосқанымыз жөн. Бұл, әрине, біреулерге тым ескі де қияли түсінік болып көрінуі әбден мүмкін. Ал шындығында, бүгінгі дамыған елдердің бәрі де осы жолдан өткен. Сырттай қарапайым болып көрінгенімен, бұл жолдан абыроймен өту жеңілге түспей тұр. Бұл – біріншіден. Екіншіден, Алаш идеясы – ұлттық, қазақ идеясы, яғни, ұлтты жалпы адамзат көшінен қалдырмау, оның өмірін бүгінгі күрделі сұраныстарға бейімдеу. Бұрын біз империя құрамында едік. Түрлі қоғамдық мәселелеріміздің тізгінінің ұшы сонау алыста болатын. «Қап, әттеген-ай, енді қайттік» деп өкінетінбіз, іштей кіжінетінбіз. Енді билік тетігі өзіміздің қолымызда. Билік жүйесінің біз қалағандай бағыт және мазмұнда жұмыс жасауы қоғамның белсенділігіне, оның жалпы мәдени, интеллектуалдық денгейіне тәуелділігі байқалады. Біреулер айтуы мүмкін: «ертегіңді қоя ғой, халыққа ондай белсенділік танытуға мүмкіндік берілген жоқ» деп. Ия, рас, бізге бүгін мемлекетшілдік, отаншылдық, халықшылдық ұстанымындағы билік қажет. Өйткені халқымыз кеңестік кезеңдегі жетекшілдік психологиядан арыла алмай келеді. Сондықтан да қазақтың осы күйіне жанашырлықпен қарап, оның жаңа сапаға өтуіне көмектесе алатын, кәсіби деңгейі жоғары басқару жүйесі қажет-ақ. Ондай жүйе ғайыптан пайда болмайды. Революциялық әдіс-құралдар да бұл мәселені шеше алмайды. Мұндай мұратқа қоғаммен оны сыйлайтын биліктің өзара шыдамды көп жылдық мақсатты еңбегінің нәтижесінде қол жеткізуге болады. Әлемдік соның ішінде батыстық елдердің тәжірибесі осыны көрсетіп отыр. Отандық білім жүйесі кейінге қалдырмай бүгіннен, дәл қазіргіден бастап қоғам мен билікті осындай ортақ мақсатқа бастайтын тұлғалы азаматтарды ондап, жүздеп, мыңдап даярлауға міндетті. Яғни, білім жүйесі таза технократтық сипатта емес, белгілі дәрежеде, рухани мазмұнда болғаны жөн. Рухани мазмұнсыз материалдық өндіріс қоғамды тұйыққа апарып тірейді. Оның кейбір белгі, көріністерін байқапта, көріпте жүрміз. Яғни, тұлғалы азамат дегеніміз ұлттық компонентті қоғамдық өсіп-өркендеудің құрамды бөлігі ретінде мойындайтын белгілі бір кәсіп иесі.

Ақорда мен Алашорданы салыстыра қарау жөнінде.

– Бұл әркімнің өз шаруасы. Мен оларды тек қарсы қою тұрғысынан қарастыру дұрыс еместігін айттым.

Келесі сауал. Социализм-капитализм жөнінде.

«Изм» дегенде еріксіз революциялық өзгерістер еске түседі. Ешқандай да «измдерсіз» өсіп, өркендеп отырған қоғамдар аз емес. Астанадан біреуге: өз бесігін сыйламаған апаларымызды «жалмауыз» десеңіз де, «мыстан» десеңіз де жарасады. Тегінде халқымыз ертегілерде мұндай кейіпкерлерді бекерден-бекер сомдамаған-ау! Бұл ретте ұлттық кино өнеріміз кенже қалып қойғаны даусыз.

Орыс немесе татар қызына үйленген алаш зиялылары жөнінде.

Жапон халқының тамаша мақалы бар: «Бұрынғылардың жүрген ізімен жүрме, ал бірақ олардың іздегенін ізде» деген. М.Шоқай отанын жоғалтпау үшін шарасыздан батысқа барды. Осы жолда, күресте мерт болды. Оның осы күресінде сенімді серігі адал жары – орыс қызы Мәрия Горина-Шоқай болғандығын қайтіп ұмытамыз. Ол дағы бір қайталанбас заман ғой! Ал мындай жайбарақат заманда өз ұрпағына ие бола алмай отырған замандасымызға не айтуға болады?

– Армысыз інім! Менің түсінігімше, рулық — жүздік сана ұлттық, мемлекетшілдік санаға отын бола алмайды. Біз бүгін басымдылықты саналы түрде мемлекетшілдік санаға бергеніміз жөн. Жерімізді, елдігімізді сақтаудың басқа жолы жоқ.

– 1917 жылдың соңында Бүкіл ресейлік Құрылтайға қазақтан өкіл сайлау науқаны басталып кеткенде, Алаш атынан өкілдікке түскен Міржақып Дулатұлы кенеттен Құрылтайға депутат болып сайланудан бас тартатындығын мәлімдеді. Шамамен келтірген уәжі: «депутаттыққа түсіп жатқандардың басым бөлігі арғындар екен деген күңкіл сөз шықты. Мен арғын үшін ғана емес, қазақ елі үшін деп «қазақ» сияқты газет шығаруға, басқа да қам-қарекетке атсалысып жүрген жанмын. Мені тек арғынға телу қорлаумен тең. Сондықтан да, депутаттар бір арғынға кем болсын деп кандидатурамды кейін қайтарып аламын». Міне биік азаматтық ұстанымның үлгісі. Өкінішке қарай, бүгінгі зиялыларымыздың арасынан Сіз айтқандай көңіл-күйді байқағанда «Япыр-ай, бір ғасыр уақыт өтсе де сол алаштық буын алған рухани биіктікке жете алмағанымыз ба?!» деген өкініш көңілді тырнайды.

2.

Thenews.kz

Интернет-конференция: Мәмбет Қойгелдиев

30.09.2011

Интернет-конференциямыздың құрметті қонағы, білгір тарихшы Мәмбет мырзамен Abaі.kz ақпараттық порталының оқырмандары арасындағы сұхбат жалғасын тауып отыр. Оқырман қауымға интернет-конференцияның бастапқы жарияланымдарын мұрағаттар қорынан тауып алуға болатынын ескертеміз.** «Абай-ақпарат» **

– Ассаламағалейкум, Мәмбет аға! Михаил Фриновский деген кім? 37 жылдардағы қанды террордың белді тұлғасы екені рас па?

– Фриновский М.П. (1898-1940) 1936-1938 жж. КСРО ішкі істер халкомның орынбасары қызметін атқарған. Ал оның бастығы Н.И.Ежов. Бұл, әрине, қанды қырғын-саяси репрессия жылдары. М.П.Фриновскидің Қазақстанда жүргізілген репрессияға байланысты көптеген құжаттарға қойған қолдары бар. Өзінің қатыгез істерімен көзге түскен қызметкер. Түрік тілдес халықтардың бірлігі жөнінде жоғарыда аз да болса айтылды. Аян бауырым! Қытай дерек көздеріндегі қазақ тарихына қатысты материалдарды кезінде келісім шарт бойынша Жақып Мырзаханұлы бастаған мамандар сұрыптап қазақ тіліне аударып даярлаған. Олардың алғашқы екі томы «Өнер» баспасынан 2006 жылы жарық көрді. Бұл жарық көрген еңбектердің аударма сапасы жоғары. Ұлттық тарихымыздың көне кезеңіне қатысты мәселелерді зерттеу ісінде бұл еңбектердің мәні зор. Абай атындағы ұлттық педагогикалық университетінің магистратура және докторантура институтында отан тарихынан өткізілетін практикалық сабақтарда бұл кітаптар кең қолданысқа түсті, сондай-ақ магистранттар үшін өте пайдалы болды.

Сіз атаған бес-алты томдық аударма кітаптармен таныса алған жоқпын. Аз тиражбен шыққан сияқты, қолыма түспеді, сондықтан да салыстыра қарауға мүмкіндігім болған жоқ. Ол үшін кешірім өтінемін.

P.S. Шыңжаң қоғамдық ғылымдар академиясы, мүмкін, аталған дерек аудару жұмысына одан ары жалғастырып, кітап түрінде шығарар, сонда балама еңбек есебінде өз бағасын алатындығы күмән тудырмаса керек.

– Құрметті Маңғыстаулық Марат бауырым! Бұл екеуін қарсы қоюға қарсымын. Тарихтың жалқы қайталанбайтын беттері. Амангелді мен Алаш қозғалысы ұлттың, елдің болашағы үшін күрестің түрлі деңгейлері мен жолдары «Болмайтын елдің ұлдары бітпейтін дауды қуады» деген мақал тура айтылған.

Т.Рысқұлов пен Алаш зиялыларының ара қатынасына байланысты да осы ойды айтқан болар едім. Өткен уақыт, ауысқан замандармен бірге бізде есейіп, кемелденуге ұмтылайық. Аласапыран кезеңдегі тарихи оқиғалар мен тарихи тұлғаларды, олардың қызметін уақыт биігінен әділ бағалуға ұмтылыс жасау бұл да кемелдіктің нышаны.

Құлжа баласына. Алаш тақырыбында жүрген зерттеуші ретінде айтарым: халық алаш қозғалысының мақсат-мүддесін жалпы алғанда түсінді, басқаша айтсақ, халық алаш идеясымен тағы бір қауышты, оны өзінің төл мүлкі, болмысы есебінде қабыл алды. Бұл тұжырым бәрі бітті деген сөз емес. Әлі атқаратын іс шаш-етектен. Маған жұмыс енді басталғандай көрінеді.

Жанашырға! Сәкен Сейфуллин баяндаған тарихи мезгілде халқымыздың, оның жақсыларының әрекетінен алыс пен жақынды, өткінші және мәңгі құндылықтарды ажырата алмай абыржу байқалады. Мұны мойындауымыз қажет. Ол халқымыздың саяси күрес ісінде кенже қалғандығының көрінісі еді. Біз ұлт ретінде болашақ үшін, оның түрлі варианттың жолдары үшін ішкі күрес кезеңдерінен өтпеген елміз. Ондай күрделі процестермен енді ғана бетпе-бет келіп отырмыз. Қыр баласының немересі. Қазақстан тарихы бойынша оқулықтарда «Ақтабан-шұбырынды, алқакөл сұлама», «алаш қозғалысы», «1986 жылғы Желтоқсан» сияқты тақырыптар өз дәрежесінде ашылмай келеді. Мұндай сынды ең алдымен жоғары білім бағдарламаларына байланысты да айтқан жөн. Бұл мәселе білім министірлігінің ұйымдастырумен өтеттін оқулық авторларының арнайы шақырылған отырыстарында қаралғаны жөн болар еді.

Жалпы Қазақстан тарихынан оқулықтардың сапасы мәселесін біз (Қазақстан тарихшыларының қауымдастығы) тарихшылар конгресінде арнайы сөз етуді жоспарлап, бірнеше баяндамаларды тыңдап белгілі бір тұжырымдарға келуді қарастырған едік. Өкінішке орай, ондай мазмұндағы жиынға қол жеткізе алмадық! Ал сіз айтқан, Алаш қозғалысы туралы танымдық оқу құралдарын шығару, алаштануға байланысты арнайы бағдарлама (білім жүйесі үшін) даярлау таяу арада атқарылуға тиіс істер. Сондай-ақ бұл кешенді жұмысты санаулы ғана алаштанушылардың мойнына арта салу дұрыс болмайды. Мұндай ұсынысты Білім министрлігінің алдына да қойған жөн.

Құлжа баласының сұрауына. КГБ-ның мұрағаттық құжаттары түгелдей біздің елде емес. Қазақстанға қатысты оның біраз құжаттық материалдары Ресейдің ведомствалық мұрағаттарында. Ол құжаттық материалдардың бізге, яғни зерттеушілердің қолдарына түсер-түспесі белгісіз. Үміт аз, тіптен жоқтың қасында десе де болады. Ал біздің ҰҚК-нің мұрағат қорларында сақтаулы тұрған құжаттық материалдардың өзі-ақ біраз нәрсені ашып көрсетуге жарап қалар еді. Әзірге ол материалдармен мүмкін болғанша тереңірек танысып шығуға мүмкіндік жоқ.

Осы мұрағаттағы материалдармен біраз жылдан бері жұмыс жасаған зерттеуші ретінде айтарым: өткен ғасырдағы саяси репрессия материалдарын айналымға тартпай еліміздің 20 ғасырдағы саяси тарихын жазу мүмкін емес. Сондықтан тарихшылар қауымдастығы болып осы мақсатта біраз жұмыс істеуіміз қажет-ақ.

«ов» жалғауы жөнінде. Кезінде Түркияда «Сақал реформасы», «Киім реформасы», «Фамилия реформасы» т.б. о. с. Реформалар жүргізілген. Кемал Ататүрктің билігі тұсында. Бұл реформалар ортағасырлық османдық Түркиядан жаңа сұраныстарға жауап бере алатын республикалық Түркия жасау әрекетінің көрінісі ғой. Бізге осы сияқты басқа елдердегі өзгерістерді сол күйінде көшіріп алудың қажеті бола қоймас.

Заман басқа. Қоғам да басқа. Осы жағдайды ескере отырып қажет деген шараларды сауатты түрде іске асыру, менімше артық болмас еді. Сіз айтқан Латвияға қатысты мысал сондай шараның көрінісі. Қазақстан тарихшыларының қауымдастығы. Қауымдастық 2004 жылы тіркелген. 2007 жылы Пекин қаласында өткен Тарих ғылымының халықаралық комитетінің Бас Ассамблеясында осы ұйымға мүшелікке қабылданған.

3. ТІЛ – ҰЛТТЫҢ ЖАНЫ

Thenews.kz

Интернет-конференция: Мәмбет Қойгелдиев

27.10.2011ж.

«Қазақстан тарихшылар қауымдастығының» президенті, тарихшы, профессор Мәмбет Құлжабайұлы басталған интернет-конференцияның соңғы сауалдарына жауап қатып, конференцияны аяқтап отыр. Мәмбет Қойгелдиев мырза қызметтік сапарда болғандықтан, жауаптарының сәл кешігіп жарық көруіне байланысты оқырмандардан кешірім сұраймыз.

«Абай-ақпарат»

«Қазақтың өзін қор, орысты зор санау психологиясы» жөнінде. Отарлық кезеңнің санада қалған қалдықтары. Өз тәжірибемнен айтсам, орыс мектебін бітірген, орыс тілді мамандардың артықшылықтарын байқамаппын. Ал тілді меңгеру, яғни ақпарат, мәлімет алуға болатын тілдерді игеру адамға артықшылық беретіні рас. Тарих ғылымына байланысты айтсақ, мынадай жағдай байқалады. Қазақ тілін терең меңгермей азаттық қозғалысы тарихына қатысты зерттеу еңбегін жазу өте қиын. Жазуға болатын шығар, бірақ ол жүрекке жететін нанымды дүние болып шықпайды. Тіл - ұлттың жаны. Мәселен, Мағжанның шығармаларын терең түсінбей, қалайша Алаш қозғалысы жөнінде еңбек жазуға болады? Маған бұл мүмкін еместей көрінеді. Алаш қозғалысы тарихына қалам тартып жүрген орыс тілді әріптестерім бар. Олардың еңбектерін оқығанда бір нәрсенің жетіңкіремей тұрғанын байқаймын. Сол сияқты Алаш қозғалысы тарихына қатысты басқа тілдерде жарық көрген еңбектерді білу, сіздің жазған жұмысыңыздың бай, тартымды, тереңірек болып шығарына септігі тиері хақ.

Алаш тарихы мен әдебиетін зерттеу ісінде жүрген Тұрсын Жұртбай мен Дихан Қамзабекұлының еңбектерін үлкен қызығушылықпен оқимын. Олар мәселеге жазушылық немесе әдебиеттану ғылымы тұрғысынан келгенімен, көп жағдайда мен айтпаған мәселелерді айтып, мен көрмеген нәрселерді байқап, көріп жатады. Бұл ғылымды байыта түсетін жағдай. Аталған азаматтар алаштану саласында білек түріп, нәтижелі еңбек жасап жүрген ғалымдар. Алаштану бәрімізге жететін тақырып.

«Қазақ тілін ит сияқты түсінетін ұрпаққа» байланысты. Иншалла, балаларымның үшеуі де қазақ мектебінде білім алған. Немереміз де қазақ мектебін де оқып жүр. Ағылшын тілін меңгеруде. Орыс тілінде жақсы сөйлейді. Байқауымша, ана тілін сыйлайтын, ана тілін құрметтеу зиялылықтың ең басты көрінісі деп білетін буын қалыптасып келеді. Балаларыма әдеби ана тілінде сөйлеу кісіліктің белгісі екендігін ылғи да айтып отырамын. Оларда бұл ұстанымды қабылдаған сияқты.

Осы ретте мынадай пікір білдірсем деймін. Біз қазір өсу жолында тұрған мемлекеттік ұлтпыз. Сондықтан ана тілін сыйлайтын әрбір азаматқа ішкі сенімділік, күнделікті жүріс-тұрыста ана тіліне, ұлттық мәдениетке сүйенген биік парасат қалыптастыру қамында болғанымыз қажет-ақ, жарасады. Осындай сенімділікті ұл-қыздарымыздың бойына сіңірейік. Олар ана тілінің күш-қуатына сенетін, оны әдеби тіл ретінде меңгерген ұрпақ болып өссін. Абайды, Махамбетті, Мағжанды, Мұқағалиды үлкен ләззатпен жатқа айтатын азаматтар болып өссін. Бүгінгі біздің негізгі міндеттеріміздің бірі - осы болса керек. Басқаша айтқанда, кезінде жеңіліс тапқан, дағдарысқа ұшыраған ұлттық мәдениетіміз бен құндылықтарымызға жаңа серпін беру қамында болайық. Егер біз осы міндетті тиесілі дәрежеде орындай алсақ, онда өлмейміз, өскен елдердің қатарында боламыз. Осы ретте қолымызға тиген мемлекеттігімізді дұрыс пайдалана білейік. Мемлекеттік тәуелсіздігін игере алмаған, оны дер кезінде пайдалана алмаған халықтың тағдырын құшпайық.

«Алашордалықтарды айыптау ісіне қатысты материалдарды жарыққа шығару » жөнінде. Бір-екі шәкірттеріммен бірлікте осы істің соңында жүрмін. Нәтиже шығып қалар деген үміттемін.

«Мағжан ақынның өмірінің соңғы жылдары» жөнінде. Маған таныс құжаттар бойынша Мағжан ақын 1938 жылы,11 ақпанда ішкі істер Халкомы Комиссиясының шешімімең ату жазасына кесілген. Кесімнің орындалғаны жөнінде анықтама да тіркелген. Басқа версияға жол беру үшін нақты дәлелдер қажет. Ондай дәлелдер әзірге байқалмайды.

«Ғылыми тарихқа негізделген танымдық телехабар жасау» жөнінде. Пікіріңіз жақсы екен. Ондай бағдарлама қажет-ақ. Өкінішке орай, мұндай жауапты істі бастап, жүргізуге тура қазір уақытым жоқ. Бастаған істі аяқтау керек.

Көшпелілік жөнінде. Қазақ даласындай табиғи ортаға бейімделген, сіз бен біз білетін көшпелі өмір енді қайтып оралмайды. Әр нәрсенің өз уақыты бар, әр нәрсе өз уақытында қастерлі. Мал шаруашылығының бүгінгі заман мен жағдайға лайық бейімделген түрін дамыту - бұл басқа мәселе.

Дін туралы заңға байланысты. Мұндай заңның негізінде халықтың дәстүрлі діни сенімдеріне деген құрметтің жатқаны дұрыс. Ол халыққа деген құрметтің көрінісі. Біздің елде мұсылмандық парызды өтеуге қажет алғышарттарды қалыптастыруға болады. Ал тура қазіргі саяси жағдайдан хабарым шамалы.

Құл-Керім Елемес бауырым! Өзіңнің биязы қалпыңды, ақындық талантыңды жоғары бағалайтын бауырларыңның бірімін. Ал сіздің атсалысуңызбен жарық көрген Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының «Шипагерлік баяны» (Алматы, «Жалын», 1996, 464 б.) арнайы ғылыми талдауға мұқтаж еңбек. Тарих, филологиялық және дәрігерлік тұрғыдан зерттеуге алынса құба-құп болар еді. Мүмкін пәнаралық тұрғыдан осы мұраны талдауға арналған конференция немесе дөңгелек үстел өткізу қажет шығар? Қалай болғанда да оны «жабулы қазан» күйінде қалдыруға болмайды.

Желтоқсан-86 оқиға ма, ереуіл ме, көтеріліс пе? 86-ның желтоқсан қазақ тарихындағы ұлт-азаттық көтерілістерінің жалғасы, кеңестік кезеңдегі көрінісі. Ол жөнінде мен 11 сыныпқа арналған «Қазақстан тарихы» оқулығында жаздым. (Қараңыз:

«Қазақстан тарихы» 2011 жылы «Мектеп» баспасынан шыққан, 65-70 беттер) Оқулықтың 67 бетінде Қ.Рысқұлбековтың суреті өмірбаянымен берілген. Сол сияқты «Орал-91 қыркүйек оқиғасы» да болашақта Қазақстан тарихынан өз орнын алатындығына сенемін. Ең соңында айтарым, пікір алысу барысында оқырмандар тарапынан қойылған кейбір сауалдарға жауап бере алмадым. Қойылған барлық сауалдарға жауап беру үшін көп уақыт қажет. Жұмыс басты пендеміз ғой! Компьютерлік тексте түрлі себептерге байланысты граматикалық қателіктер кетіп жатты. Ол үшін кешірім өтінемін.

ТАРИХТЫ ТҰЛҒАЛАР ЖАСАЙДЫ

– Биыл ел Тәуелсіздігінің 20 жылдық мерекесі кең ауқымда тойланғалы отыр. Бұл аралық тарих үшін қас-қағым сәт болғанымен, түйін жасайтын, ой қорытатын мәселелер аз емес. Сол себепті әңгімеміздің әлқиссасын тәуелсіздіктің билік пен халық арасындағы көрінісінен бастасақ деймін.

– Дұрыс-ақ, тәуелсіздіктің тар жол, тайғақ кешуі жетіп артылады ғой. Ол көзі қырақты жанның бәріне мағлұм. Тәуелсіздікті ресми түрде жариялау бар да, мемлекеттіліктің іргесін нығайту бар. Бұл біраз уақытты талап етеді. Мемлекеттілігіміз уақыт өткен сайын қалыптасып келе жатыр. Оның қалыптасу барысында өзіндік кемшіліктері болуы мүмкін, алайда өз бағытымен келеді. Біздің үлкен жетістігіміз осы. Шынымен, мемлекеттілігі жоқ халық - жетім халық. Бұл 1917 жылғы қазан революциясына дейінгі қазақ елінің жүріп өткен жолын негізге алып Әлекеңнің (Әлихан Бөкейхановтың) жасаған тұжырымы. Кеңестік кезеңдегі жетпіс жылдық тарихымыз Әлекеңнің бұл жасаған тұжырымының толық негізі екендігін көрсетіп берді. Мәселен, 1917 жылдың қарсаңында қазақ халқының саны 5,5 миллионнан асып түскен. 1921-1922 ж.ж. және 1931-1933 ж.ж. аштық нәтижесінде халық жартысынан астамын жоғалтты. 1959 ж. халық санағы бойынша Қазақстандағы қазақтардың саны 2,7 млн.-ға түсті. Бұл сандық фактілер кеңестік биліктің өзінің алғашқы жиырма жылдығында қазақ халқының өміріне қаншалықты «жағымды» ықпалы болғандығын көрсетіп-ақ тұр. Бұл цифрлік фактілерге түсінік берудің өзі артық. Жан-Жак Руссоның: «Халықты сандық тұрғыдан азайтып, азып-тоздырған билік ең нашар билік» деген сөзі бар.

– Санның сапаға әсер ететіні тағы белгілі емес пе?

– Ал мәселенің сапалық жағын алсаңыз, ұлт өмірінің қаншалықты терең дағдарысқа ұшырағандығына көзіңіз жете түседі. Халық өзінің белсенді басқарушы тобының (саяси элита) екі бірдей буынын жоғалтты. Олар мақсатты түрде жүргізілген саяси репрессияның құрбаны болды. Бұл екі бірдей буын ғасыр басындағы ұлттық сілкіністің, жаңғырудың нәтижесі еді. Олармен бірге ғасыр басындағы зиялылардың азапты рухани ізденісінің өтемі ретінде өмірге келген ұлттық идея да тұншықтырылды, күнделікті қолданыстан шығып қалды. Міне, осындай қоғам басына түскен ауыртпалықтың адамдардың жеке тұлғалық болмысына тигізген жағымсыз әсерін ешкім де арнайы ғылыми талдауға алған емес. Алдындағы екі бірдей жігерлі де шыншыл буынды баудай түсірген саяси жүйенің беталысын байқаған кейінгі буын енді билікке ұнау, оның талап деңгейінен шығу жолына түсті.

– Тәуелсіздік туралы әңгімеге қайта оралсақ. Халық пен биліктің арақатынасы қазір қай деңгейде?

– Соңғы жиырма жылдықта қазақ мемлекеттілігі жақсылы-жаманды қалыптасу үстінде. Оны мойындауымыз керек. Бірақ оған қандай мазмұн береміз? Әңгіменің төркіні осында. Оны немен толтырамыз? Біз үшін ол басты мәселе. Сондай-ақ бұл екі жаққа бірдей артылған жүк, яғни қоғамға да және билікке де. Үйлесімді әрекет жасау -екі жаққа бірдей артылған міндет. Мазмұн толтыру мәселесі. Мәселен, ұлтта: «мына мемлекет менің мемлекетім, мына билік менің билігім. Бұл билік менің мүддеме сай қызмет атқарады. Сондықтан оны мен қолдаймын, қорғаймын» деген сана қалыптасқаны абзал. Өйткені патша өкіметі, кеңес өкіметі тұсында халық пен биліктің бір-бірінен алшақтау процесі жүрді. Бір-біріне сенімдері болмады. Патшалық билік те, кеңестік билік те қазақ халқына сенген жоқ. Асқар Сүлейменовтің «Бесін» атты повесінде осыған қатысты мындай түйін бар: «Халық пен биліктің арасынан қара мысық өткен бе?» Сәруардың әкесінің айтқан сөзі. Түсініспеушілік негізінде алшақтық пайда болу деген сөз бұл. Өзара жатсынудың салдары. Қысқасы, қоғам мен билік өзара үйлесім тапқанда ғана мемлекеттің асығы алшысынан түседі.

– Жоғарыда сіз айтқан азаматтардың бойына «менің мемлекетім», «менің билігім» деген ұғымды ұялату үшін қандай шаралар атқарылуы керек?

– Ең басты мәселе, халық пен билік арасындағы алшақтыққа жол берілмеуі қажет. Ол үшін билік халыққа риясыз қызмет жасайды. Халықтың мүддесін қорғау, әлеуметтік жағдайын көтеруге мақсатты бағдарламалық шараларды іске асыру... Сонда халықтың санасында «менің мемлекетім», «менің өзімдікі» деген жауапкершілік оянады. Осы процесс жүруі қажет. Екі жақты бірдей. Әсіресе, билік жақтан белсенділік мейлінше жоғары деңгейде болғаны дұрыс-ақ. Мақсатты мемлекеттік билік – ұлтты қалыптастырушы фактор. Өйткені, ол ұлттың тұлғалық сипатына ықпал жасай алатын күш. Бұл ретте мемлекет – ұлт өмірінің локомотиві. Сол сияқты жауап сезім, жауап қадам, әрекет ұлт жағынан да болады. «Менікі» деген ұғым. Біз осы мазмұндағы жұмысқа пәрменділік беруге міндеттіміз.

– Большевиктер билік басына келісімен өз «геройларын» асқақтату үшін мемлекеттік мәшиненің бүкіл тетігін іске қосты емес пе? Санаға сіңіп кеткені соншалық, «батпандап кірген дүниені мысқалдап шығарып» біте алмай жатырмыз әлі...

– Оныңыз рас. Тарихшы ретінде есімнен кетпейді. Кеңес өкіметі большевиктер билікке келе салысымен-ақ халықтың санасында коммунистік құндылықтарды қалыптастыруды қолға алды. Мысалы, кеңес өкіметі орнай салысымен көше аттарын өздерін қолдаған революционер тұлғаларға берді. Соларға арнап самсатып ескерткіштер қойды. Соларға арналып шығармалар жазылып, фильмдер түсірілді. Спектакльдер дүниеге келді. Мұның бәрі ненің көрінісі? Кеңестік биліктің, компартияның өз құндылықтарын орнықтыру әрекеті. Бұрынғы құндылықтарды ығыстырып, жаңа құндылықтарды қалыптастыру әрекеті. Бұл - мемлекеттік биліктің ең жоғарғы деңгейде жүргізілген идеологиялық саясаты. Осы мазмұндағы әрекет біздің билік тарапынан да байқалғаны жөн. Өкінішке қарай, жаңа биліктің осы бағыттағы саясаты әлсіздеу.

– Жаңа биліктің идеологиялық саясаты әлсіз деп қалдыңыз. Ол қай тұстан көбірек көрінеді?

– Айтайын. Тарихшы болғандықтан өткен кезеңдердің куәліктерімен көбірек жұмыс жасауға тура келеді. Біздің тәуелсіз мемлекеттігімізге дейінгі жолда елдік үшін, ұлт мүддесі мен құндылықтары үшін халқымыздың ұлдары мен қыздарының санғасырлық күресі жатыр. Қазақ мемлекеттілігі мен тәуелсіздігі үшін күрескен біз бірінші буын емеспіз. Бізден бұрын да талай буын өз заманына лайық күрес жолымен жүріп өткен. Сол алдыңғы аға буындардың қызметін, еңбегін, әрине, ұмыта алмаймыз. Бұл мемлекеттілігіміздің негізі болуы тиіс. Рухани, идеологиялық негізі. Бұл бағытта да істеліп жатқан жұмыстар бар. Мақсатты бола түссін деген тілек қой.

– Сонда қай тұлғаларымыз өз деңгейінде бағаланудан қағажу көріп отыр?

– Осыдан бір-екі жыл бұрын Алаш қозғалысына байланысты Балқаш қаласында конференция өтті. Сонда шақырылып, Балқаш қаласының орталық мәдениет сарайында баяндама жасадым. Сонда бір байқалған жағдай. Сол Балқаш қаласынан 40 шақырым жерде Тоқырауын өзені бар. Ә.Бөкейхановтың туған жері сонда. Балқаштан қырық-ақ шақырым жердегі Тоқырауынның бойында. Ал Балқаш қаласында Әлихан Бөкейхановты еске салатын ештеме жоқ. Большевиктердің, коммунистердің атындағы көшелер қаз қалпында тұр.

Сол жерде Балқаш қаласының әкімінен сұрадым: «Әлихан осы жердің тумасы. Мына мәдениет сарайында неге бірде-бір портреті жоқ. Неге ұлт қайраткерінің атында көше жоқ? Неге ол атаусыз қалады? Бөкейханов – қазақ мемлекетілігін жаңғырту үшін басын қатерге тіккен, қазақ халқының тәуелсіздігі үшін күрескен тұлға. Ұлт-азаттық қозғалысының көсемі, Қазақ мемлекеттілігінің теориялық негізін қалаушы, қазақ азаттық қозғалысының көшбасшысы. «Алаш» партиясынының негізін қалаушы. Алашорда үкіметін құрушы, төрағасы. Мемлекеттік тәуелсіздігімізге дейінгі кезеңде Бөкейхановтың ізі жатыр. Тәуелсіздік үшін күрес Әлекең бастаған буынның әрекетінен бастау алады ғой...» Бұл сөзім әлгі әкімге онша ұнай қоймады-ау деймін, селсоқ қабылдады. Одан бұрын Қарағандыда мынадай бір жағдай болды. Қарағандылық бір топ азамат қаланың қақ ортасындағы көшенің біріне Әлихан Бөкейханов есімін беруді ұсынады. Осы әңгіме шыққаннан кейін жергілікті орыстілді газеттің бір журналисі мақала жазыпты. «Бөкейханов - террорист» деген. Солай. Біздің төрімізде отырып осындай сөзге ерік береді. Осыдан кейін сол кездегі Қарағанды облысының әкіміне хат жаздым. «Әлихан Қарағанды өңірінің тумасы. Әлихан Бөкейхановтың 140 жылдығына байланысты ғылыми конференция өткізейік, қайраткердің қызметі туралы жұртқа айтайық. Сіз Қарағанды мемлекеттік университетінің ректоратына тапсырма берсеңіз» деп. Оған облыс әкімшілігінен тікелей жауап болған жоқ. Жауап Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің проректорынан келді. Онда «университеттің ғылыми конференциялар бойынша жасалған жоспарында Бөкейхановқа арналған конференция өткізу қарастырылмаған, жоспарланбаған» депті. Міне, бұған не дерсіз?!

– Ұлт тарихындағы дара тұлға Әлихан Бөкейхановты ардақтау барысындағы әрекетіміз осындай болса, алаштың басқа қайраткерлері туралы әңгіме қозғау артық болар?! Әйтпесе, тәуелсіздік үшін басын тіккен өткен ғасырдың өзінде қаншама тұлғалар бар? Керісінше, елге беймәлім, кеңестік идеологияның сойылын соққандар тұғырдан әлі түсе қойған жоқ...

– Алматыда әл-Фараби даңғылынан жоғары Бағанашыл деген шағынаудан бар. Сол Бағанашылға апаратын көшеге кезінде Ф.Голощекиннің зорлықшыл саясатына ашық қолдау көрсеткен, Смағұл Сәдуақасовтың тобымен «аянбай» күрес жүргізген Н.Сырғабековтың аты берілген. Ол РСФСР Жоғарғы Соты Қазақ бөлімінің төрағасы қызметінде болған. С.Сәдуақасов, Ы.Мұстамбаев, Ж.Сұлтанбеков сияқты тұлғаларды қудалауға алған қызметін айғақтайтын құжаттар мұрағаттарда сақтаулы.

Солардың бірінде Н.Сырғабеков Голощекинге жолдаған ұсынысында «Бұдан былай Мұстамбаев біздің қатарымызда болуға тиіс емес..., сол сияқты оның идеологы Сәдуақасов та партия мүшесі деген атақты заңсыз иемденіп жүр, ал шын мәнінде бізден (яғни коммунистерден – авт.) кеткен». Осы мазмұндағы басқа да құжаттар баршылық. Өкінішке қарай, бүгінге дейін Ы.Мұстамбаев сияқты күрескер тұлғалардың есімі көлеңкеде қалып келеді.

– Қазақ ұлтының өзіне ғана тән шектен тыс кешірімшілдігі, «өткен өтті» деген болмысы тарихты таразылауда да зиянын тигізіп отырған тәрізді...

– Бұл ретте мынадай бір жағдайға көңіл аударуға тура келеді. Біздің халық ХVІІІ ғасырдан бері Ресей империясының құрамында болды. Қазақ қоғамына бұл мемлекеттен біраз нәрсе өтті. Қайсыбірін өзіміз қабыл алдық, қайсыбірін бізге күшпен қабылдатты... Міне, сол орыс қоғамынан үйренген бір әдетіміз – ол барлық қоғамдық мәселелердің шешімін тек биліктен күту. Бәрін билік шешуге тиіс, ал қоғам билік рұқсат берген нәрсені ғана орындай алады. Мұндай әдет халықтың шығармашылық, жасампаздық қабілетін әлсіретпек, одан жетекшіл тобырды қалыптастырмақ.

Тарихи әділеттілікті қалпына келтіру ісінде қоғамның белсенділігі қажет-ақ. Ол белсенділік, әрине, қоғамдық ұйымдардың қызметі арқылы көрінеді. Қазір қоғамда үкіметтік емес ұйымдарды қолдау үрдісі бар. Бұл халықтың шығармашылық әрекетіне қолдау көрсету. Ресми орындар көше аттарын белгілеуде, жалпы тарихи мәселелерде ресми емес қоғамдық ұйымдармен кеңесіп, олардың пікірін ескеріп отыруға міндетті. Әкімдіктердің құрамында ондай қоғамдық комиссиялар жұмыс істейді, ұйымдастырылған. Бірақ оларға белсенділік жетпей жататыны бар. Қызметіне өмірлік ұстанымы бар тұлғалы азаматтарды тарту кемшін түсіп жатады.

– Әлихан, Әлімхан және тағы басқа да алаш қайраткерлерін насихаттауды кейбіреулер бүгінгі биліктегілерге көлеңке түсіреді деп ойламай ма?

– Мен олай ойламаймын. Бәлкім, ондай ұстанымдағы кісілер де бар шығар?! Бірақ, менің түсінігімде бұл жете түсінбеуден туып отырған жағдай. Бұл тұрғыдан алғанда, ғалымдар тарапынан, зиялылар тарапынан белсенділік жоқ деп айта алмаймын. Белсенділік бар. Жазушыларымыз да, ғалымдарымыз да айтып, жазып келе жатыр. Әйтсе де, ол билікке бірде жетсе, бірде жетпейді-ау. Өткен жылы Петропавл қаласында Солтүстік Қазақстан облысы әкімі Серік Біләловтың қолдауымен Қызылжар өңіріндегі тарихи тұлғалардың өмір жолы мен қызметіне арналған ғылыми-практикалық конференция болып өтті. Алматыдан, Астанадан және басқа қалалардан келіп біраз ғалымдар қатынасты. Сонда, мәселен, кезінде өз еліне білек сыбанып қызмет жасаған Ахмет Жанталин, Жұмағали Тілеулин, Есім Байғаскин, Абдолла Байтасов және басқа осы өңірде туып өскен азаматтар жөнінде баяндамалар жасалып, олардың есімін ел есінде сақтауға байланысты біраз ұсыныстар жасалды. Сол айтылған ұсыныстар жергілікті билік және қоғамдық ұйымдар тарапынан пәрменді қолдау тапса жақсы болар еді.

Біздің қоғамда өз дәрежесінде қойылып, шешімін таппай келе жатқан бір мәселе бар. Ол жергілікті жерлердегі өлкетану ісі. «Сен, өз өлкеңді, өз ауылыңды, өз қалаңды білесің бе?» сияқты мазмұндағы аудандық, облыстық, республикалық деңгейдегі конкурстар өткізілгені абзал. Патриоттық, отаншылық сана әрбір тұлғаның өз ауылын, елді мекенін, қоршаған ортасын танудан басталады ғой. Бұл ретте бастама жергілікті әкімшілік орындарында, мектеп және басқа оқу орындары ұжымдарының қолында болғаны жөн. Жергілікті билік орындары аздаған қаржы көздерін тауып бұл шаруаға жергілікті мектеп оқытушыларын тарта алса дұрыс болар еді. Мектептегі тарих пәнінің мұғалімі сол елді мекеннің тарихына, оның жеке тұлғаларының өмір жолына қатысты материалдар жинап, ал биолог маман сол өңірдің өсімдіктер әлемі жөнінде бай материалдар жинастырып, мектеп жанынан қызғылықты да тартымды мұражай ашуға болады ғой, әрине, болады. Осы бағыттағы белсенділік жетпей жатыр.

– Қалай дегенде де, «алмас кездік қын түбінде жатпас» дегендей, ақиқат түптің түбінде өз тұғырына қонып, ұлт қайраткерлері туралы әділдік салтанат құратыны анық қой...

– Ол сөзсіз. Мысалы, Смағұл Сәдуақасов сияқты тарихи тұлға жөнінде бір ауыз сөз. Кезінде 1989 жылы партия тарихын зерттеу институтына қабылдандым. Сонда партия мұрағатында Казкрайком бюросының материалдарымен жұмыс істеуге тура келді. Өткен ғасырдың 20-жылдарындағы Голощекин басқарған тұста Сәдуақасовтың ізі сайрап жатыр. Арыстанның ізіндей жүріп өткен. Мен тарихшы ретінде көп нәрсені тура түсінбейтіндігіме көзім жетті. Мұрағат құжаттары арқылы Смағұл Сәдуақасовтың тұлғасымен кезіктім. Сөйтіп, ол туралы мақалалар жаза бастадым. 1990 жылы «Егемен Қазақстан» газетінің бірнеше нөмірінде жарық көрді. Қарасаңыз, сол кездің өзі де қарапайым кезең емес-тін. Партиялық идеологияның құрсауында, соның арнасынан шыға алмай, әрі-сәрі болып жүрген кезіміз. Содан бері 20 жыл өтті. Қазір халық Смағұл Сәдуақасовты сол кездегіден мүлдем басқаша қабылдайды. Халықтың тарихи санасы да өзгеріске ұшырады. Қоғамдық құндылықтар да өзгерді. Тарихты басқаша түсінетін, басқаша қабылдайтын жаңа буын, ұрпақ қалыптасып келеді.

Ал 1990 жылы Смағұл Сәдуақасов туралы алғаш жазғанымда қоғамның реакциясы басқа-тын. Халықтың кейбір бөлігі оған ұлтшыл ретінде, белгілі дәрежеде солшыл тұлға ретінде қарайтын. Ал қазір Смағұлды қоғам отаншыл, жаңаотаршыл кеңестік билік жүйесіне тайсалмай қарсы шыққан, саяси ұстанымы негізді, ұлт тағдырына байланысты тура бағыт ұстанған тұлға ретінде қабылдайды. Ұлттық құндылықтар үшін күрескер тұлғаға айналды. Қазіргі қоғамға Смағұл сонысымен бағалы. Сондықтан тарих ілгері жылжыған сайын ұлт қайраткерлерінің қызметі өз орнын тауып қана қоймайды, олардың қызметінің маңызы барған сайын айшықтана түспек.

– Тарихшылар әр кезеңнің, заманның оқиғалармен өрілген деректерін зерделеп, ел тарихын бүкпесіз баяндайтыны хақ. Ел тарихының әр кезеңінде кейінгіге қызметі үлгі болар тұлғалар да аз емес. Ендеше, сол тұлғалардың ұлттық құндылықтарды қалыптастырудағы рөлі қандай?

– Сіз әбден орынды сұрақ қойып отырсыз. Біздің елімізде қазіргі уақытта «Мәдени мұра» бағдарламасы жүргізілуде. Бұл біздің тәуелсіз мемлекетіміздің мәдениет саласында атқарып отырған зор кешенді қызметі. Отан, ел тарихына қатысты біраз жұмыстар атқарылды. Ендігі уақытта осы бағдарлама аясында ХХ ғасырдағы саяси репрессиялар құрбаны болған тарихи тұлғаларға арнайы назар аударылып, түрлі ғылыми жобалар іске асырылса әбден орынды және өз уақытында атқарылған жұмыс болар еді. Мен бұл ұсынысты репрессияға қатысты мұрағат құжаттарымен жақсы таныс маман ретінде жасап отырмын. Егер қоғамдық ұйымдар тарапынан осындай ұсыныстар түсіп, оны үкімет қолдап жатса, қане.

Осы ретте біздің қоғамның рухани тазалығы үшін қажет аса маңызды бір мәселе ұмытылып қалмағаны жөн. Ол өткен замандарда билік алдында қазақ елінің жоғын жоқтап, сөзін сөйлеген орыс және басқа ұлттардың азаматтары болған. Мәселен, Ресей Мемлекеттік Думасының депутаттары Николай Лукич Скалозубов, Тимофей Седельников, мемлекет қайраткері Орест Авеньярович Шкапский сияқты тұлғалардың есімі ел есінде сақталуға әбден лайық. Олар жөнінде кітаптар даярланып, оқулықтар мен оқу құралдарында айтылғаны орынды болмақ. Н.Л.Скалозубов өмірден қайтқанда көңіл айту жазған Әлекең (Әлихан Бөкейханов) «Бірігіп іс қылған есіл ер Николай Лукич кезегің мезгілсіз жетіп, кеткенің де! Сен кеткен соң қазақ ісінің көбі жетімсірер!» деп жазғаны бар. Өткен ғасырдағы біздің қоғам жеке талантты тұлғаларға бай болған. Олардың өз ортасына ықпалы да зор еді. Сондай-ақ, біздің қоғамда жеке талантты тұлғаға деген сұраныс та, құрмет те жоғары болатын. Өкінішке қарай, маған осы дәстүр сәл әлсіреп қалғандай көрінеді. Өзін-өзі, өз құндылықтары мен қасиеттерін бағалай алмаған ел, табиғатына жайт басқаның қадір-қасиетіне еліктегіш келеді. Алла мұндай жолдан сақтасын.

– Тәуелсіздік алғанымызға 20 жыл болса да, осы уақыт ішінде мемлекеттіліктің іргесін нығайтуға үлес қосқан тұлғаларымыз да болды ғой. Бүгінгі ұрпақ солардың есімдерін де жадына тоқып өсуі тиіс қой?..

– Задында, кез келген мемлекет өз тұлғаларын құрметтеу арқылы өзінің идеологиялық ұстанымын бекіте түседі. Тарихты халық, оның тұлғалы азаматтары жасайды. Өткен тарих тағы жақсы істер бүгінге жалғасып, біз кешеден келген ұлттық игі құндылықтарымызды жас ұрпаққа бере алсақ, өмір сабақтастығы осы да.

Әңгіме тәуелсіздік мерейтойының төңірегінде өрбіп отырғандықтан, бүгінгі заман тұлғаларының да еңбегін лайықты бағалаған абзал. Тәуелсіздік туралы заңның қабылдануы сәтінде арыстандай арпалысқан Салық Зиманов, Шерхан Мұртаза, Манаш Қозыбаев сияқты тұлғалардың рөлі зор болды. Екінші дүниежүзілік соғыста қаһармандық көрсеткен Сағадат Нұрмағамбетов қазақ армиясын қалыптастырудың да ұйытқысына айналды. Айтпақшы, ұлты бөлек болса да, қазақ тілінің ұпайын түгендеуге жанын салған Жоғарғы Кеңестің сол кездегі депутаты болған Александр Княгининге қазақ жұрты қашан да разы. Ел тәуелсіздігін нығайтуға өзіндік үлес қосқан саясаткер, мемлекетшіл тұлға Алтынбек Сәрсенбайұлының орны ойсырап тұр бүгінде. Тоқетері, қазақ халқы қашанда тұлғаларға кенде болмаған. Бүгінгі біздің басты міндетіміз – соларды өз деңгейінде бағалай білу. Тарихи тұлғаларын дәріптеген халықтың алар асуы да асқақ, тәуелсіздігі де баянды болмақшы.

– Әңгімеңізге рахмет. Ұлт үшін атқарып жүрген еңбегіңіз жемісті де жеңісті болсын.

Әңгімелескен Ғабит МҮСІРЕП

«qogam.kz» cайт 2011 ж

ОЛ АҚЫРҒЫ ДЕМІНЕ ДЕЙІН АДАЛ БОЛДЫ

Қазақстан тарихшылар қауымдастығының төрағасы Мәмбет Қойгелдиевпен сұхбат.

– Мәмбет аға, Әлиханды діттеп зерттеген ғалым ретінде бүгінгі оқырманға «Алаш» тақырыбын біраз түсіндіріп өтіңізші.

– Ол үшін, алдымен, Әлекең сияқты кісілер қайдан келді, «Алаш» қозғалысы қайдан шықты, ерекшелігі қандай деген мәселе туады. Бұл өзі өмірлік қажеттіліктен туған нәрсе. Әлекеңнің өзі де, тұлға ретінде ол бастаған «Алаш» қозғалысы да тарихи қажеттіліктен туған. «Алаш» қозғалысы – ұлт интеллектуалдарының қозғалысы. Сол арқылы қазақ қоғамына жаңа әлеуметтік күш, жаңа әлеуметтік топ келді. Олар, айталық, бұрынғы Исатай Тайманов та, немесе Кенесары Қасымов та емес. Олардан мүлдем бөлек мазмұндағы саяси-әлеуметтік күш.

Исатай да, Кенесары да – қазақтың атақты күрескерлері, оған дау жоқ. Олар да өз дәрежесінде, өз заманына лайық күресті. Ол заманның күресі жаңа заманға жарамайды, келмейді. Рас, екеуі де өз заманының сұранысынан туған ғажап тұлғалар болатын. Олардың іс-әрекеті, әдіс-құралдары өз заманына лайық. Одан басқа еш нәрсе емес. Ал мына Әлекең басқарған буын – мүлде басқа сапамазмұндағы буын. Әлекең бастаған топтың ерекшелігі сонда – олар бір нәрсені өте жақсы түсінді. Қазақ халқын жаңа сапаға көтеріп, азат ету үшін, ел қатарына қосу үшін мүлдем жаңа күрес құралдары керек деп түсінді. Әлекеңнің алдында да зиялылар өтті. Мысалы, Шоқан, Абайлар да жалғыз күреседі. Ал Әлекеңдер, бұлар басқа әлеуметтік топ, зиялылар тобы еді. Олар шетінен ғылыми талдауға сүйенді, ғылымның күшіне, сөздің, білімнің күшіне сенді. Ерекшеліктері де сонда. Тағы бір айтатын нәрсе, бұлардың кереметтігі сол – өз заманына лайық жаңа технологияларды, жаңа әдіс-құралдарды өздерімен бірге ала келді. Мысалға, «Қазақ» деген ұлттық газет шығарды, «Айқап» журналын, баспа басылымдарын, мыңдаған тиражбен кітаптар шығарды. Сол арқылы олар халықты оятамыз, ағартамыз, сөйтіп, халыққа өзінің жағдайын түсіндіреміз, содан кейін алдына міндет-мақсаттар қоямыз деді. Мысалы, «қазақ халқының алдында мынадай-мынадай міндеттер тұр, соған сен барып күш-жігеріңді салуың керек, әйтпесе көштен қалып қоясың» деді. Осы тұрғыдан алғанда, олар – ағартушылар. Қазақ топырағына шын мәніндегі толыққанды ағартушылықты ала келген осы, Әлекең бастаған топ. Одан бұрынғы ағартушылар – мысалы Шоқан, Абайлар, олар жеке, ағартушылықтың алғашқы қадамы деп айтуға болады. Ал шын мәнінде еуропалық дәрежедегі ағартушылықты алып келген Әлекең бастаған топ еді. Бұл – өте маңызды нәрсе.

– Бұл туралы өте жақсы пікір қозғадыңыз, Мәке. Әңгіменің бір ағысын қазақ ұлтшылдығы туралы арнаға бұрып көріңізші...

– Мына қызыққа қарасаңыз, біздің қазақ ұлтшылдығының негізін қалыптастырған тағы да – Әлекең. Қазақ ағартушылығымен бірге, қазақ ұлтшылдығы да өмірге келді. Бұл да қажеттіліктен туған нәрсе болатын. Мысалы, кез келген ұлттың ағартушылық кезеңінде ұлтшылдық ағымы қалыптасады. Қазақ ұлтшылдығының қалыптасуы да – ХХ ғасырдың басында қазақ ұлтының дұрыс даму жолына түскендігінің көрінісі. Ал Ресейдің патша өкіметі мен одан кейінгі Кеңес өкіметінің идеологиялық орындары өз құралдары арқылы бас көтерген ұлтшылдыққа мүлдем басқаша мазмұн-сипат беруге тырысты.

Патшалық Ресей мұны пантүркизм, панисламизм десе, Кеңес өкіметі буржуазиялық ұлтшылдық, «Қазақстан қазақтардікі деген ұлтшылдық» деп өре түрегеліп, мүлде негізсіз айыптаулар тақты. Кеңес өкіметі орнай салысымен қазақ ұлтшылдығымен күресті. Патша өкіметі жүргізген істі одан әрі жалғастырды. Патша өкіметі бұларды ұлтшыл-сепаратистер деп айыптаған. Сепаратист деген сөз – өз мемлекетін құрып, бөлініп кеткісі келеді деген мағынада. Сөйтіп, Әлихан Бөкейхановты 1908 жылдан бастап Ресейдің ішкі губерниясы Самара өлкесіне жер аударды. Ол 1917 жылға дейін еліне келу құқығынан айырылды. Кейін Кеңес өкіметі 1922 жылы Әлекеңді ұстап алды да, коммуналкадан бір бөлмелі пәтер беріп, 1937 жылға дейін Мәскеуде ұстады. Ол өз Отанына келе алмады. Бұл халықты саяси жетекшісінен, лидерінен айыру еді. Жалпы, әрбір халықтың ұлтшылдық үрдісі бүкіл Еуропада, Азия елдерінде немен аяқталды десек, әрине, ұлттық мемлекеттіліктің қалыптасуымен аяқталған. Бұл Еуропада да, Азияда да сондай. Қытай, үнді, түрікте, бәрінде сондай. Жаңа сапа, жаңа мазмұндағы мемлекеттіліктің қалыптасуымен аяқталды. Ал біздегі қазақ ұлтшылдығы репрессиямен аяқталды. Сонымен бірге ұлттық идея да репрессияға ұшырады. Негізгі үрдісте қазақ ағартушылығы, қазақ ұлтшылдығы дұрыс басталған, бірақ амал қанша, Ресей империясы, кейін оның Кеңес өкіметі бұл екі үдерісті де үзіп тастады. Екеуіне де табиғи жолмен аяқталуына мүмкіндік бермеді. Біз мұны осы уақытқа дейін белгілі дәрежеде түсіндіре алмай жүрміз.

– Партия ретінде «Алаш» қандай бағыт ұстанып еді?

– «Алаш» дегеніміз – ұлт-азаттық қозғалысы. Оны коммунистік партия шектеп, тар қалыпқа салып, «Алаш» қозғалысы деп атады, ұлт-азаттық деген атаудан қашты. Қозғалыс кейін, әрине, саяси партияға ұласты. Қазақ тарихындағы тұңғыш демократиялық, ұлттық ұстанымдағы партия осы «Алаш» партиясы болатын. Бұдан бұрын да, бұдан кейін де осы дәреже, деңгейде Әлекеңдер құрған ұлттық «Алаш» партиясындай партия бізде болған емес.

Саяси партия не үшін құрылады? Әрине, ұлтты біріктіріп, ұлттық мүдде-мақсаттарды анықтап, соған ұлттың күш-жігерін жұмылдыру үшін құрылады. Кезінде Міржақып Дулатовтың 1917 жылы жазған бір мақаласы бар, «Қазақ» газетінде жарияланған, сонда «Ресейде саяси партиялар көп, бірақ олардың біреуінің бағдарламасы біздің халқымыздың мүддесіне сай келмейді. Бізге тура қазіргі тарихи кезеңдегі негізгі мүддемізді, қазақшылығымызды білдіретін, соны қорғай алатын саяси партия керек, оның негізінде ұлт өмірі жатуы керек» дейді. Міне, «Алаш» осындай негізде, осындай мақсатта құрылған саяси ұйым болатын. Ал енді «Алаш» партиясының қызметі сол кезде қандай нәтиже берді десек, мәселен, алдымен ұлт-азаттық қозғалысы, кейін партия түрінде саяси күшке айналған бұл ұйым 1917 жылдың өзінде ғана қыруар жұмыс істеген. Бір жылда «Алаш» қозғалысы көсемдерінің күшіменен барлық облыстарды, аудандарды қамтыған 80-ге жуық қазақ съезі болды. Сол съездердің бәрінде қазақ қоғамының ең өзекті деген жер, білім, әлеуметтік теңдік, соның ішінде әйел теңдігі мәселесі сөз болды. Осы тұста ерекше айтуымыз керек, бұл 80-нен астам съезд облыстық, болыстық, уездік қазақ комитеттерін өмірге әкелді. Қазақ комитеттері дегеніміз, әрине, қазақ мемлекеттігі деген сөз. Осы кезеңде қазақ мемлекетінің қалыптасу үдерісі жүріп, қазақ комитеттері арқылы оның негізі қаланды. Ол немен аяқталды десек, 1917 жылы желтоқсанда Орынборда өткен ІІ жалпықазақ съезі қарар қабылдап, Алашорда өкіметін құрды. Үкімет қазақ елі мен жерін Алаш автономиясы етіп жариялауға даярлады. Енді бір айта кететін нәрсе, Әлекеңдердің ерекше көрегендігі сол – олар «Қазақ автономиясы таза бір ұлттық автономия болмайды, қазақ жерінде тұрып жатқан басқа ұлттар мен халықтарды да біріктіреміз» деді. «Біз оларға мынау сенің де елің, мемлекетің, автономияң, жер бәрімізге жетеді, осы елдің, жердің берекесін келтірейік, осы елді дұрыс жолға салайық» дейміз деді Әлекеңдер. Сайлауға түскен үш адамның – Айдархан Тұрлыбаев, Халел Досмұхамбетовтердің арасынан басым дауыспен Әлихан Бөкейханов төраға болып сайланды. Он бес адамнан тұратын үкімет құрамы реттелді. Иә, Әлекең бұл дәрежеге төре баласы екендігінен емес, ерекше білімі, тұлғасы, еңбегі мойындалып лайықталды. Ол шын мәнінде барлық сыннан өткен нағыз саяси лидер болатын. Алашорда өкіметінің 15 мүшесі де интеллектуалдық деңгейі биік, бәріжоғары білімді азаматтар болатын. Ол кезде құрамы мен сапасы жағынан Кеңес өкіметі де бұларға тең келе алмайтын. Бір ғана адам, Отыншы Әлжановтың ғана орта білімі бар еді. Оның өзі мұғалімдер семинариясын бітірген еді. Ал енді мына қызыққа қараңыз, «Алаш» қозғалысының негізін қалап, ыстық-суығына күйген Міржақып Дулатов пен Ахмет Байтұрсыновтар үкімет мүшелігіне кірмей қалады. Өйткені үкіметті сайлауда оның кәсіби деңгейі бірінші кезекте тұрған. Соған байланысты тек жоғары интеллектуалдардың алға шыққанын көреміз. Әрине, Ахмет пен Міржақыптар далада қалған жоқ, білім комиссиясы құрылып, оны Байтұрсынов басқарды. Кейіннен Ахаң ең алғашқы оқу-білім министрі болды.

«Жұлдыздар отбасы АҢЫЗ АДАМ»

№20(32) 2011 жыл

ОНЫҢ ӨНЕГЕСІ ҰЛТ ӨМІРІ ҮШІН ӨЗЕКТІ БОЛЫП ҚАЛА БЕРЕДІ

(Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханның 145 жылдығына орай)

Биылғы жылы Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханның туғанына 145 жыл толады. 13 қыркүйекте Астанада Л.Н. Гумилев атындағы университетте ұлы қайраткердің өмірі қызметіне арналған халықаралық ғылыми конференция өтпек. Осы оқиғаға орай Ғабит Мүсірептің тарихшы М.Қойгедиевпен сұхбатын ұсынамыз.

Ғ.Мүсіреп: Мәке, өткен ғасырдың 80-90 жылдары аралығында билік тарапынан арнайы құрылған комиссия А.Байтұрсынов, Ш.Құдайбердиев, М.Дулатов және басқа Алаш қозғалысы қайраткерлеріне байланысты арнайы ресми ақтау құжаттарын даярлап, олар ақпарат құралдары арқылы жарияланды. Ал, Әлихан Бөкейхановтың қызметіне қатысты мұндай құжат қабылданып, жарық көрген жоқ. Осы жағдайға байланысты кісілердің көңілінде дудамал екі ұшты сауалдардың туындағанын жасырудың қажеті бола қоймас. Ә. Бөкейханов Алаш қозғалысының басшысы, лидері емес пе еді?

М.Қойгелдиев: Мұндай сауалды кезінде осы Ақтау комиссиясын басқарған немесе оның жұмысына тікелей ат салысқан кісілерге қойған жөн болар. Ал мен осы тақырыпқа тікелей қатысы бар бір-екі фактіге ғана тоқталайын.

1990 жылы «Егемен Қазақстан» газетінің қаңтардағы үш санында менің Ә.Бөкейхановтың қызметі және көз қарастық ұстанымына арналған «Қуандым түнде жүріп күн шығар деп»... аталатын мақалам жарық көрді. Сол кездегі қызмет жасайтын партия тарихы* институтының басшылығының келісімінсіз бұл материалды жариялаған үшін менің ісім бөлім қызметкерлерінің талқысына түсіп ескерту алдым. Сонда менің оппаненттерімінің мақалаға қарсы айтқан уәжі: Бөкейханов Коммунистік идеологияны қабылдамаған, Кеңестік билікке қарсы қазақ ұлтшылдарының, Алаш қозғалысының көсемі. Яғни Алаш қозғалысы және қазақ ұлтшылдығы бұл ұлт мүддесіне қайшы құбылыстар екен. Менің ұстанымымды сынға алған институт қызметкерлерінің дерлік бәріде талқыға түскен мақаланы оқыған жоқ-тын. Өйткені, олар қазақ тілінінен мақұрым басқа ұлттың өкілдері, сондай-ақ өз ана тілінде жазып, оқи алмайтын қазақтар еді.* Бұл талқылау менің көңілімде сенім отын жақты. Партияның Орталық Комитетінің қарауына ұсыну үшін Ә.Бөкейхановтың өмірі мен қызметі жөнінде анықтама даярладым. Ұмытпасам комиссия төрағасы Ақмола облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Андрей Георгиевич Браун еді. Коммиссия отырысына кейде партия тарихы институтынан түрлі анықтамалар даярлаған ғылыми қызметкерлер де шақыралатын. Бұл жолы солай болып мәжіліске қатысуыма тура келді. Отырыстың соңын ала Әлихан Бөкейхановты ақтау жөнінде анықтама авторы ретінде маған сөз берілді. Мен алты беттік құжаттың мазмұнын қысқа баяндап шықтым. Ә.Бөкейхановты ақтаудың ерте екендігін айтып комиссия құрамындағы екі академик ағайым (бірі философ, бірі тарихшы) сөйледі. Менің ұсынысым орынды екендігін жақтаған жалғыз А.Г. Браун болды. Сөйтіп, менің ұсынысым өтпей қалды. Бұл 1990 жылдың сәуірі еді. Сондағы қарсы пікір білдірген кісілердің уәжі: Алаш қозғалысының тарихы әлі толық зерттеуге алынған жоқ. Алаш қайраткелері коммунистік партияға,Кеңес үкіметіне қарсы лагерде болды. Ал Ә. Бөкейханов Алаш қозғалысының көсемі қазақ ұлтшылдығының негізін қалаушы, бас теоретигі. Алаштық тұлғалардың қызметін қайта қарау барысында негізге алынған өлешемін, біріншіден, олардың Кеңестік билікке, коммунистік идеяға қатынасы, екіншіден, тұлғаның ұлт мәселесіндегі ұстанымы еді. Ол кезде коммунистік идеяға қарсылық және қазақ ұлтшылдығы – бұл еш ақтай алуға жатпайтын кінәлар қатарында. Бұл мезгілде А.Байтұрсынов, М. Дулатов және басқа Алаш қайраткерлерін ақтау жөнінде қаулылар қабылданып қойған. Ал Алша қозғалысының, яғни жаңа сападағы ұлт азаттық күрестің негізін қалаушылар ретінде мойындалған осы үш тұлға

– Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов және М.Дулатов емес пе еді! Соған байланысты Әлекеңнінң неге ақтамай қалғаны жөнінде сауал туындамай ма?

Ғ.М.: Ия, рас өткен ғасырдың 1980-1990-шы жж. мұндай ақтау құжаттарын қабылдау өзекті болса керек. Өйткені кеңестік билік, коммунистік партия әлі бар, ықпалды... XXІ ғасырдың екінші он жылдығында өмір сүріп жатқан қоғам үшін мұндай құжат жөнінде айтудың өзі орынсыз көрінбей ме?

Алаш қайраткерлерінің еңбектері көптомдық түрінде жарық көруде, қызметі жан-жақты зертеуге алынуда, мерейторлары аталып өтілуде...

М.Қ: Пікіріңіз әбден орынды. Бұл ретте, мәселен, тәуелсіз мемлекетіміздің ұлттық тарихты жаңғыртуға, қоғамда жаңа тарихи сана қалыптастыруға байланысты қабылдаған шешімдері мен атқарған істері сөзсіз ауқымды. Елбасының Алаш қозғалысының 90 жылдығын атап ету жөніндегі қаулысының өзі біраз нәрсені аңғартса керек.

Дегенмен, Ә.Бөкейхановтың өмірі мен қызметіне байланысты билік тарапынан арнайы құжат қабылдау әлі де болса өз өзектілігін жоғалтпаған мәселе. Неге? Қысқа ғана айтып өтейін. Біріншіден, Ә.Бөкейханов жай қатардағы ұлт-азаттық қозғалысының белсенді тұлғасы емес. Ол жаңа мазмұн, сипаттағы қазақ азаттық қозғалысының негізін қалаушы көш бастаушысы, лидері. Оның азаттық қозғалысын жаңа интеллектуалдық деңгейге көтеру ісіндегі еңбегін кезінде бүкіл ел-жұрты, патшалық және кеңестік биліктер мойындаған. Өткен ғасырда үнді халқы үшін Махатма Ганди, қытай халқы үшін Сун Ят Сен қандай маңызды қызмет атқарса, қазақ халқы үшін Әлихан Бөкейханда сондай мазмұн және бағытта қызмет жасады. Бұл ретте, әрине, қазақ азаттық қозғалысының тек өзіне ғана тиесілі қайталанбас тарихи жағдайда жүргендігін ескергеніміз жөн. Екіншіден, Әлихан Нұрмұхамедұлы жаңа тарихи жағдайда (XX ғ. басы) қазақ ұлттық мемлекеттігін жаңғырту ісін теориялық және практикалық тұрғыдан қолға алып, заман сұранысына лайық өлшеусіз көп жұмыс атқарған тұлға. Оның белсенді де мақсатты қызметінің нәтижесінде қазақ елінің жер мәселесі Ресей Мемлекеттік Думасының мінберінен үздіксіз қойылып, демократиялық қүштердің назарына ілікті, империялық орталық қазақ азаттық қозғалысының талап-тілектерімен есептесуге мәжбүр болды. Әлихан Нұрмұхамедұлының қажырлы еңбегінің арқасында қазақ азаттық қозғалысы заман сұранысына лайық деңгейге көтерілді. Ұлт тарихындағы бағдарламалық мақсатты көздеген тұңғыш саяси партия «Алаш» өмірге келді, ұлттық мемлекеттік идеясын іске асыруды көздеген Алашорда үкіметі құрылды. Кейінгі тарих көрсетіп бергендей Ә.Бөкейханов басшылық жасаған бұл екі құрылым қазақ ұлт-азаттық қозғалысының дұрыс жолда тұрғандығының және билік өрісінің нақты айғағы болатын. Бүгінгі ұлттық тарихнама бір ауыздан бұл тарихи құбылыстарды осы ұстаным тұрғысынан бағалайды. Яғни, патшалық және кеңестік биліктер жағдайында саяси қызметі үшін ұдайы құғын-сүргін жағдайында өмір сүруге мәжбүр болған, ең соңында атылған (1937) Әлихан Бөкейхановтың өмір жолы жөнінде арнайы ресми құжат қабылдау, бұл жеке тарихи тұлғаның ұлт алдында сіңірген өлшеусіз зор еңбегін мойындау ғана емес, сонымен бірге Алаш қозғалысының ел тарихындағы өзіне тиесілі табиғи да заңды орынын мойындау дегенді білдіреді. Басқаша айтқанда, мұндай Мәртебелі құжатты қабылдап, жария ету кеш болса да тарихи әділеттіліктің салтанат құруы, сондай-ақ кейінгі ұрпақтың аға буын алдындағы өз парызын орындауы екендігін білдірсе керек. Сонымен бірге мұндай қадам негізгі мәселеде ұрпақтар арасындағы өзара сабақтастықтың үзілмегендігінің де айғағы болмақ. Бұл менің көп жылдан бері алаш қозғалысы тарихын зерттеуші ретінде пікірім, оның басқа біреулердің ұстанымдарына сәйкес келмеуі де мүмкін. Үшіншіден, империялық күшетермен идеологиялық күресте жеңіліс тапқан елміз. Оның мойындамай өз мүддеміз үшін кереске дете аламыз ба?

Ғ.М.: Сіздің бұл жасаған тұжырымыңызды қолдайтын кісілер бар және олар аз емес деп ойлаймын. Дегенмен, осы арада мынадай бір сауалдың реті келіп-ақ тұр. Кезінде Кеңестік идеология Ә.Бөкейханов бастаған Алаш зиялыларына қазақ ұлтшылдары ретінде айып тақты. Бүгінгі біздің қоғамда тек Бөкейхановты ғана емес, сол сияқты Мұстафа Шоқайды, Ахмет Байтұрсыновты басқа Алаш азаматттарын тап ұлтшылдар ретінде қабылдайтындар аз емес. Есімде «Центральная газета» деген Қарағандыда шығатын басылым (18.11.2006 Ә.Бөкейхановты жариялаған). Жақында ғана (04.08.2011) Өскемендік бір басылым М.Шоқайға байланысты С.Макеев дегеннің «Как черное становится белым» атты мақаласын басты. «Черное» деп отырғаны кім екендігі, әрине түсінікті.

Ә.Бөкейхановтың және Шоқайдың өмір жолдары мен қызметі ғылыми сараптаудан өткен. Халық оларды өзінің ұлы тарихи ұлы тұлғалары ретінде қабылдайды, артында қалған мұралары жарық көрген. Маған түсініксіз нарсе, осындай көңіл күйін білдіретіндердің айтпағы не?

М.Қ.: Мұндай ұстанымдағылар уақыт көшінен қалып қойған жандарды еске салады. Олар КСРО-ның ыдырауы бұл тарих үкімі екендігін, сондықтан да оны кейін қайтару мүмкін емес дегенді түсіне алмай, күні өткен жалған құндылықтарға үміт артып шаршап жүргендер. Кеңестік империя ыдырағалы бері 20 жыл өтті. Яғни мүлдем жаңа түсінік көзқарастағы жаңа ұрпақ қалыптасып келеді. Бұл үлкен күш, елдің болашағын енді осы буын анықтайтын болады. Бізге бүгін кейде «күшті болсаң жердей бол, бәрін шыдап көтерген» деген мақалдағы ұстанымда болған да жөн шығар.

Енді жоғарыда өзіңіз еске алған Қарағанды газетіндегі «жанжал» жөнінде. Мен журналист Мезенцеваның мақаласына байланысты «Жас қазақ» газетінің тілшісі Еренғайып Қуатайұлына сұқбат бердім (№48, 8.12.2006) Онда Қарағандыдағы Ленин атындағы көшені Ә.Бөкейханов атына ауыстыру жөнінде ұсыныстың орынды екенін айттым. Осы басылымның 2006 жылғы 22 желтоқсанындағы санында қарағанды қаласының 48 азаматының қолдау хаты жарияланды. Осы жағдайдың артын ала Қазақстан тарихшылары қауымдастығынан сол кездегі облыс әкімінің атына Ә.Бөкейхановтың 140 жылдығына байланысты Е.А. Букетов атындағы университетте ғылыми конференция өткізіп жергілікті жұртпен тарихы тұлғаның өмірі мен қызметі жөнінде әңгіме өткізуді ұсындым. Облыс әкімінен жауап болмады, ал университет проректорынан мұндай шара өткізу мүмкін еместігі туралы хат келді. Сөйтіп, Қарағандыда Ә.Бөкейханов атын көшеге беру әрекеті нәтижесіз аяқталды. 2007 жылы Балқаш қаласындағы үкіметтік емес ұйымдардың (НПО) ьастамасымен Алаш қозғалысының 90 жылдығы аталып өтті. Арнайы шақырылған қонақ ретінде конференцияда баяндама жасадым. Өз сөзімде Балқаш қаласынан қырық шақырым жерде Балқан көліне келіп құятын Тоқырауын өзенінің бойында Бөкейхановтар әулетінің зираты бар екендігін, сонда Әлекене де арналып қойылған құлпы тас бар екендігін, ал қайраткердің ата-жұртындағы қалада осындай ұлы тұлғаны еске саларлықтай ешқандай да белгінің жоқ екендігін айттым. Қала әкімі айтылған пікірді тыңдап отырды. Өкінішке орай, міне одан бері 4-5 жылда Қарағанды Облысы мен Балқаш қаласында Әлкеңе арналып мынадай – мынадай шаралар іске асыпты деген сөзді естігенім жоқ. Осы пікірімді кейін теледидар арқылы айттым, газеттерге де жарияладым, бірақ «осындай орынды ұсыныс бар екен» деген жауап ишара байқалмады. Мен бұл баяндалған жағдай бізде ұлт пен оның төл тарихы, ұлт пен мемлекет арасында ортақтектілеу (идентичность) процессінің баяу, әлсіз жүріп жатқандығының көрінісі. Сіздің сауалыңызға орай «қазақ ұлтшылдығы» деген тақырыпқа қысқаша тоқталып өтейін. Заман өзгерсе де осы ХХ ғасырдың алғашқы жартысында қазақ ұлтшылдығына байланысты негіссіз, жаңсақ пікірлер естіліп қалады. Мәселен, Ә.Бөкейханов бастаған Алаш басшылары «бір ғана ұлттан тұратын мемлекет құруды көздеді немесе олардың қызметінде ұлттық емес рулық- жүздік мүдделер басым түсіп жатты», т.б.с.с. Осы ретте мынадай жағдайларды ескергеніміз жөн. Біздің таримызда Иншалла, жағымсыз, агрессивтік мазмұндағы ұлтшылдық көрініс алған емес. Ондай фактіні ешкім де келтіре алмайды. Ал қазақ зиялалары тарапынан байқалғанмыш «буржуазиялық ұлтшылдық» бұл кеңестік идеология қолдан жасалған аңыз (миф) 1986 жылғы желтоқсан ұлт-азаттық қозғалысына байланысты КПСС-тің ОК-і шығарған «қазақ ұлтшылдығы» осы қатардағы нәрсе. Ал ХХ ғасырдың алғашқы ширегінде көрініс тапқан қазақ ұлтшылдығына келсек бұл әлемдік контексте алғанда толық табиғи құбылыс болатын. Сондықтан да Дж.Неру ұлтшылдық бұл мезгілде «бүкіл Азия елдерінде үстем құрған прогресшіл күш болды» – деп көрсетті (Неру Дж. Открытие Индии. Книга 2-ая М., 1989, С.111). Жиырмасыншы ғасыр басындағы қазақ қоғамы жағдайында білімді және саналы азаматқа ұлтшылдық ұстанымында болмау мүмкін де емес-тін. М.Дулатұлы айтқандай сол тарихи жағдайда қазақ қоғамында «шын ұлтшылдың өзі аз еді, ұлтшыл еместердің көбі өзімшіл, дәрежеқұмар, зорлықшыл еді». Бұл мезгілдегі қазақ ұлтшылдығының өзі ағартушылық сипат алды. Бұл тұрғыдан алғанда Абай мектебінен алғанда ұлтшылдық, яғни өз ұлты – қазақ елінің кемшілігін ашық сынға алып, онымен ымырасыз күреске шыққан сыншыл әрі қорғаныс ұлтшылдық болатын. Азия елдеріне дейін ХІХ ғасырда қоғамдық ойдағы ұлтшылдық ағымы Еуропада да көрініс тапты. Міне осы өз табиғи қалыптасу және даму жолынан өткен батыс және шығас елдеріндегі ұлтшылдық ағым ұлттық мемелкеттердің (нация-государство) өмірге келуімен аяқталды. Ал оны құру үшін күрес жүргізген саяси топ жаппай репрессия құрбаны болған жоқ. Біздегі жағдай мүлдем басқаша қалыптасты. Қазақ ұлтшылдығы идеясын негіздеп оны іске асыруды қолға алған Әлихан Бөкейханов бастаған саяси топ екі билік тұсында да құғын-сүргін жағдайында өмір сүріп, соңғы Кеңестік билік оларды түгелдей дерлік жойып жіберді. Репрессия құрбаны болған ұлт зиялыларымен бірге ұлттық мемлекеттік идеясы да, ұлт өмірі де дағдарысқа ұшырады. Әлихан Бөкейхановқа, Алаш идеясына байланыста қоғамда байқалатын самарқаулық міне осы дағдарыстың салдары. Алаш қозғалысы тарихын білім жүйесінде оқыту Алаш қайраткерлерін мұрасымен қызметін кең насихаттау ісін бүгінгі сұранысқа лайық деңгейге көтеру қажет. Бұл біздің міндетіміз.

АЛАШТЫҢ АМАНАТЫН ОРЫНДАУ ҮШІН АЛАШ ҚОЗҒАЛЫСЫНА ТИІСТІ ОРНЫН БЕРУІМІЗ КЕРЕК

Мәмбет Қойгелдиев, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Қазақстан тарихы мен мәдениеті кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымының докторы, профессор: Алаштың аманатын орындау үшін Алаш қозғалысына тиісті орын беруіміз керек.

– Мәмбет аға, Қазақ мемлекетінің 20 жылын тарихпен сабақтасаңыз. Тарихшы ғалымдарымыз осы уақыт аралығында қазақ тарихын бір ізге түсіре алды ма? Тарихшылар 20 жылда не берді?

– Өткен ХХ ғасырда тарих ғылымы, тарихшылар даярлайтын білім жүйесі қалыптасты. Педагогикалық институттар мамандар шығара бастады. Оны ұмыта алмаймыз. Тарихи шындық солай. Ұлттық Ғылым академиясының жанынан ғылыми-зерттеу орны – тарих институты ашылды. Тарихи зерттеулердің нәтижесін жариялайтын басылымдар өмірге келді. Бүтін бір инфрақұрылым қалыптасты. Белгілі бір бағыт-бағдарда тарихи сананың қалыптасуына қоғамда жағдай жасалды. Бес томдық Қазақстан тарихы жарық көрді. Оны жазған ғалымдар Мемлекет сыйлығын алды. Сол 5 томдықтың негізінде оқулықтар жазылды. Мектепте, орта білім, жоғары білім жүйесінде оқу құралдары қалыптасты. Оқыту әдістемесі өмірге келді. Мұның бәрі белгілі бір дәрежеде жетістік болғанымен, бүгінгі сұранысты қанағаттандыра алмайтын қайшылықты жақтары тағы бар. Өмірмен бірге ғылым да өзгеріп отырады. Олай болмаса, даму жоқ.

Ал кеңестік билік ыдыраған соң, кеңестік империя құлағаннан кейін, өмір бізге жаңа талаптар қойды. Бұрынғы идеологиялық негіздегі көптомдық тарихымыз, оқулықтарымыз бізді қанағаттандырмайтын болды. Ол да – табиғи нәрсе. Кеңестік тарих, империялық орталық – Мәскеудің идеологиялық орындарының айтуы бойынша, солардың берген бағытымен жазылған, әдістемелік тұрғыдан шектеулі тарих болатын. Ол тарихтың ішінде ұлтқа қатысты мәселелер, көптеген тақырып қамтылмады, айтылмады, тарихи тұлғалар сызылып тасталды. Үлкен оқиғалар қозғаусыз қалды. Сондықтан тарихты қайта жазу мәселесі туындады. 1991 жылдан, бәлкім, одан да сәл ертерек, «қайта құру» кезеңінде ме екен, ұлттық тарихты қайта қорыту процесі басталды. Бұл процесс әлі де жүріп жатыр, аяқталған жоқ. Біз мынаны түсінуіміз керек – ғылым үшін, әсіресе тарих саласына, 20 жыл көп уақыт емес. Дүниетанымдық көзқарастағы ғылымдардың қайта жазылуы, толыққанды айналымға түсуі үшін, біріншіден, уақыт керек, екіншіден, бүгінге дейін айналымнан шығып қалған немесе айналымға тартылмаған тарихи деректер, мәліметтер, құжаттар бар, тарихшы ғалымдар соларды айналымға түсіруіміз керек. Жоқ болса, табуға тиіспіз. Үшіншіден, дүниетанымдық көзқарастағы тарихты түзу үшін кәсіби деңгейі жоғары жаңа буын, жаңа ұрпақ керек. Бірақ ол – бір-екі, тіпті он жылда бола қоятын нәрсе емес. Бұрынғы коммунистік идеологияға байланбаған, шырмалмаған, одан тәуелсіз, еркін ойлайтын, азат көзқарастағы, батыл жазатын, әлемдік тарихнаманың жетістіктерін игерген, бірнеше тіл білетін жаңа буын қалыптасуы керек. Мәселен, дамыған, өркениетті елдерде тарих ғылымы қалай жазылып жатыр? Оны анықтау үшін тіл білуіміз керек. Көп жағдайда айтады: «Бізде тарих ғылымы жоқ! Қазақ тарихы жазылмай жатыр» деп. Бәлкім, бұл пікірлер дұрыс та шығар. Бірақ кәсіби тарихшы ретінде айтарым: Нәрестенің өмірге келуі үшін Алланың белгілеген тоғыз ай, тоғыз күн уақыты бар. Осы уақыттан кейін ғана нәресте толыққанды өмірге келеді. Нәрестені күту керек, баптау керек. Денсаулығын қадағалап, білім беру керек деген сияқты жауапты жұмысты, үлкен ыждаһатты талап ететін нәрсе ғой.

– Тарихтың бағытын анықтауда толғақтың уақыты толған сияқты.

– «Енді қанша уақыт керек?» дейсіз ғой. Иә, айтайық, соған келе жатырмын. Халықтың тарихы бір, он, жүз жыл емес, мың жылдап саналады. Біздің ұлттық тарихымыздың қалыптасуы өткен кезеңдері мен бүгінгі күнге дейін, кемі, 2,5-3 мың жылды қамтиды. Тарих ғылымында осы 20 жыл ішінде біраз жұмыс атқарылды. Мәселен, қазақ халқының кеңестік жүйе жағдайында империялық билікке қарсы ұлт-азаттық қозғалысы. Бұл ХVІІІ, ХІХ, ХХ ғасырларды қамтыды. Үш ғасыр! Осы уақыттағы қазақ халқының мемлекеттік Тәуелсіздігі үшін күрестер көп болған. Мәселен, Кенесары Қасымовтың тарихына қатысты бұрын және жаңадан жазылған еңбектер дүниеге келді. Кенесары туралы бірнеше зерттеу еңбек, құжаттар жинағы жарияланды. Бұлар – осы уақытқа дейін оқырмандардың қолына тимеген дүниелер. Қазір еркін оқи алады. Тақырып ретінде мектеп оқулықтарына енді. Сол сияқты Алаш қозғалысы. Бұл да – ұлт-азаттық жолында іргелі мәселе. Бірнеше зерттеулер, монографиялар жазылды. Академик Нұрпейісовтің еңбегі, Аманжолованың зерттеулері, оның ішінде менің де монографияларым бар. Алаш қозғалысына байланысты менің редакторлығыммен бес кітап болып «Құжаттар жинағы» шыққан, қазір де оның жалғасын даярлап жатырмыз. Міне, осы сияқты тақырыптар игерілу үстінде. Ұлттық тарих қашан бүтінделеді? Оның үлкен, іргелі мәселелері бойынша зерттеу жұмыстары, монографиялық еңбектер өмірге келгеннен кейін барып соның негізінде ұлт тарихы түгенделеді. Ұлт тарихын бірден жаза салу мүмкін емес. Бірақ сол процесс жүріп жатыр. Мәселен, мемлекетіміз 2006 жылы «Мәдени мұра» бағдарламасын қабылдады. Бұл бағдарламаны Елбасының өзі тікелей қамқорлығына алды. Бағдарлама негізінде ондаған томдар өмірге келді: «Қазақстан тарихы Батыс Еуропалық тарихнамада», «Қазақстан тарихы Шығыс тарихнамасында», «Қазақстан тарихы орыс деректер көзінде». Бұлардың әрқайсысы он томдықтан. «Мәдени мұра» бағдарламасының аясында біздің зерттеушілеріміз Ватикан, Александрия кітапханаларында жұмыс жасады. Әлемде қандай ірі құжаттық деректер орталығы, мұрағаттық мекемелер, ірі кітапханалар болса, ғалымдарымыз сол жерлерде болды. Көптеген жаңа материал алып келді, олар том-том болып шығып жатыр. Мұндай жағдай қашан болып еді? Қазақстан тарихына қатысы бар көптомдық еңбектер, батыстық, шығыстық зерттеу монографиялары, жарық көрген құжаттық материалдар – осының бәрін ұлттық тарихымызды қорытуға жасалған алғышарт, қажет жағдай деп қарауымыз керек. Бұл аз жұмыс емес. Көп жағдайда журналист ағайындар тарихшыларды сынағанды жақсы көреді. «Анау жазылмай жатыр, мынау жазылмай жатыр» деп. Кейде «сол журналистер тарихшылардың жазған еңбектерін оқыды ма екен?» деп ойлаймын. Ең бірінші оқу керек. Ең болмаса танысу керек қой. Сосын барып сынау керек. Рас, біздің қоғамда тарихи еңбекке, тарихи шындыққа деген сұраныс өте үлкен. Ол – табиғи заңды нәрсе. Неге? Өйткені біздің қоғамның тарихи танымы мен қоғамдық санасы түбегейлі өзгеріс кезеңінде, өзгеріс жолында тұр. Біз, оның үстіне, мемлекет құрушы халықпыз. Ал мемлекеттің іргетасы шынайы тарихпен қалануы керек. Мықты тарихи танымы, тарихи санасы, шынайы тарихы бар қоғам ғана іргелі мемлекет құра алады. Халқымыз кеңестік жүйе жағдайында жасалған түрлі жалған аңыздарға, мифтерге сенбейді. Қазақ қоғамында бағзыдан келе жатқан «шежіре айту, шежіре жинау» деген дәстүр бар. Халық сонымен біраз айналысты. Соның нәтижесінде шежірелер өмірге келді.

Әрине, шежіренің ішінде қате нәрселер, аңыздар көп болуы мүмкін. Алайда шежіре – халықтың тарихи танымының бір көрінісі ғой. Оны қайтіп жоққа шығарасыз?! Мағжанның «Батыр Баян» поэмасы мынадай сөздермен басталады: «Қазақтың даласында батырлардың сүйегі шашылып жатыр, тұрған жел батырларының атын атап, зарлайды. Қоғам ұмытса да, жел ұмытқан жоқ». Сол кездегі рухани қайғылы жағдайды Мағжан осылай береді. Сол «Батыр Баянда» армандаған заман келді ғой. Аймақтарда қазақ батырларының зәулім ескерткіші тұр. Бұл – халықтың ұлттық танымының, тарихи санасының өзгергендігінің көрінісі. Ғажап көрінісі! Батырлар халықтың санасына қайта оралып жатыр. Мен кеңес заманында өмір сүрдім. Сол кезде «батырын ұмытқан халық болдық-ау » деп іштей қатты қиналатынмын.

– Рас, Тәуелсіздіктен кейін әртүрлі шежірелер жазыла бастады, көптеген ескерткіш қойылды. Осы жерде «шежіре иесі ата-бабасын көтермеледі, тарихи шындықтан ажырағандар болды» деген сөз бар. Бұл пікірді тарихшылар да айтады.

– Ол да бар. Оны жоққа шығармау керек. 1990-жылдардың аяғы, 2000-жылдардың бас кезінде тарихи қоғамдық сананың өзгеруі таудан құлаған топан су секілді болды. Көптен бері өткенін ұмытқан халық белгілі дәрежеде абдырап, сасып қалды. Біз бұл процесті қоғам болып, зиялы қауым, әсіресе тарихшылар бірігіп, жақсы жолға салуымыз керек. Бұл жерде ғылымның рөлі алға шығады, оны қаржыландыру мәселесі...

Тарих ғылымның үлкен салалаларына мемлекеттік тапысырыс болуы керек. Мақсатты ізденіс, зерттеулер жүруі керек. Сонда біртіндеп бәрі өз орнына келеді.

– Тапсырыс жоқ па? Мәселен, министрлік тарапынан...

– Министрліктің міндеті – ұйымдастыру, тарих ғылымындағы іргелі тақырыптарды қаржыландыру. Ал тарих ғылымының бағыттарын, өзекті тақырыптарды анықтау – ғылыми-зерттеу институттарының жұмысы, «Қазақстан тарихы» кафедраларының міндеті. Бұл тұрғыдан алғанда, өкінішті нәрселер, атқарылмай жатқан жұмыстар бар. Министрлік пен ғылыми-зерттеу мекемелері арасында кафедралармен өзара үйлесімді байланыс болу керек. Міне, осы байланысқа келгенде ақсап жатқан жайттар кездесіп қалады. Ғылымның салалары көп. Бірақ тарих ғылымы – қоғамдық ғылымдардың ішіндегі алда тұрған сала. Буырқанып, өзгерістерді басынан кешіріп жатқан ғылым саласы. Мәселен, министрлік тарихшылардың басын қосып, дөңгелек үстел өткізіп: «Ау, ағайындар, қоғамымызда тарих ғылымына, тарихи зерттеулерге сұраныс үлкен. Осыны бір ізге, түзу жолға салайық. Келіңдер, бірігіп, үйлесімді, бағдарлы жұмыс жасайық!» деген әңгіме, өкінішке қарай, осы уақытқа дейін болған жоқ. Бірақ ол болуға тиіс еді. Біз осы жылдың басында Қазақстан тарихшылары қауымдастығының төрағасы ретінде бастама көтердік: Қазақстан тарихшылары конгресін өткізу туралы. Бағдарламасын жасадық. Алдымен бізді министрлік, басқа да лауазымды ұйымдар қолдады. Өткізетін күнін белгіледік. Өкінішке қарай, жеме-жемге келгенде біз қолдаусыз қалдық. Тарихшылар конгресін өткізу жақсы шаруа еді. Бірақ оны сол кезде тоқтатып тастады да, қазір министрлік өздері өткізбек... Осы конгресте Отан тарихына байланысты іргелі, әсіресе даулы мәселелер сөз болуы тиіс еді. Тарихшылардың қоғамды қанағаттандыра алмай келе жатқандығына орай жақсы шешімдер қабылданғаны жөн еді. Бұл жерде жеке зерттеушілердің белсенділігі керек-ақ.

– Ұлттық мәселеге байланысты бастамалар, қазаққа қатысты игі шарулардың аяқсыз қалуы немесе толық орындалмауына не себеп?

– Кейде табиғи арнасын шегеріп, тоқтатып, жасанды арнаға салып жіберетін де шешімдер болады. Бұл шенеуніктердің мемлекетшілдік, патриоттық санасына байланысты. Мәселен, Қазақстан тарихшылары қауымдастығы құрылған кезде жас ұрпақты тарихпен тәрбиелеу ісін дұрыс арнаға қоюға байланысты жоба жасадық. Ол жобада біз «Тарихпен тәрбиелеу ауылдан басталсын!» дедік. Мәселен, тарихшы сол ауылдың тарихына қатысты деректер жинасын: Ауыл қашан пайда болды? Оған кімдер тер төгіп, еңбек сіңірді? Солардың өміріне, қызметіне байланысты материалдар, суреттер табу. Содан кейін әр ауылдың өзіне тән әңгімесі, түрлі аңыздары, шешені мен көсемі болады. Бұлармен қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушылары айналысса, ал биолог «сол ауылдың төңірегінде қандай пайдалы өсімдіктер, дәрілік шөптер бар, биологиялық байлығы қандай?» дегенге ізденсе, географтар өзен-су, тау-тасын зерттесе, осының негізінде мектептерде музей қалыптасқан болар еді. Демек, мектептегі сабақ ауылдың тарихымен, табиғи ортасымен байланыста жүретін еді. Мұғалімдердің жұмысын бағалап, оларға қаржы тауып, «Өз өлкеңді білесің бе?» деген конкурс өткізгенімізде, төрт-бес жылдың ішінде сол аудандағы ауылдардың тарихы, өткен жолы, өмірі мен ортасына байланысты материал жиналар еді. Осындай конкурсты облыс көлемінде республикалық деңгейде жүргізгенде, ауылдардың тарихы мен құндылықтары екшеліп қалар еді. Мен осы жобаны насихаттау үшін Оңтүстік Қазақстан облысына барып, әкімшілікпен, білім басқармаларымен бірігіп, 112 тарихшы ғалым қатысқан облыс бойынша кеңес өткіздік. Өкінішке қарай, бұл жобамыз іске аспай қалды, қолдау тапқан жоқ. Сонда менің байқағаным, кеңеске небір білімді, талантты мұғалімдер келді және бос келген жоқ. Бірден кітап етіп бастыруға лайық, ғажап материалдармен келді. Белсенді мұғалімдер көп екен. Осындай талантты, белсенді мұғалімдер қаншама?! Бірақ олардың белсенділігі қолдаусыз, таланттар пайдаланылмай, қаншама мұғалім босқа жүр. Кез келген ғылым-білім, өндіріс саласына қатысты шалғайда жүрген таланттар, тұлғалар болады. Солардың бастамасына қолдау көрсетіп, назардан тыс қалдырмай, дұрыс бағыт беріп, түзу арнаға салған жағдайда қоғам ретінде дамимыз. Тағы бір айтарым, тарихи шындықты, Қазақстан мемлекеттігін мойындағысы келмейтіндерді аяймын, жаным ашиды. Олар – тарих көшінен артта қалып қойғандар. Бұл тұрғыдан келгенде қазаққа және Қазақ мемлекетіне қатысты елімізде түрлі шетелдік пікір бар. Бірақ не болса соған шамданбай, ұстамды, сабырлы болмағымыз абзал. «Керуен көшеді, ит үреді». Біз жасампаз жұмыспен айналысуымыз керек. Қырғыз халқы «Күшті болсаң – жердей бол бәрі шыдап көтерген. Таза болсаң – судай бол бәрін шайып кетірген» дейді. Осы ұстаным дұрыс. Негізгі мақсат – мемлекеттігіміздің іргетасын нығайту. Мұндай бақыт қайтып келмейді. Сондықтан осы мезгілді пайдаланып, мемлекеттігімізді күшейтіп, ауызбірлікті бірінші орынға шығарып, қоғам ішіндегі күштерге өзара түсіністік керек. Әрине, әртүрлі айтыс-тартыстар болуы мүмкін. Бірақ мемлекеттілік пен Тәуелсіздікке келгенде ешқандай айтыс-тартысты болдырмау керек. Ұлттың бар күші осы құндылықтарды қорғауға жұмылуы тиіс. Жас ұрпақтың санасын жаңа тарихи танымда тәрбиелеу ісімен мұқият, сауатты, жоғары деңгейде айналысуымыз керек.

– «Қазір тарихшылардың көпшілігі мемлекеттік саяси тарих жазумен айналысып кетті. Бірінші кезекте халықтың, оның ішінде рулардың тарихы зерттелуі тиіс еді» деген пікір бар. Сіздің көзқарасыңыз...

– Кеңестік кезеңде макротарихпен, яғни мемлекет, ұлт, саяси партиялар т.с.с. таптар тарихымен айналыстық. Уақыт талабына байланысты осындай үлкен тақырыптар қамтылатын еді. Бұл тек қазақ тарихына ғана тән емес, әлемдік тарихқа қатысты құбылыс болатын. Өткен ғасырдың 70-80-жылдарынан бастап микротарихпен айналысу процесі басталды Германия, Франция секілді елдердің тарихшылары, тарих ғылымы осыны қолға алды. Микротарих дегеніміз не? Біз ұлттың, халықтың тарихына әуестеніп кеттік те, жеке тұлғаның өмір тарихы назардан тыс қалып қойды. Мәселен, «Жеке адамның өмірі ХVІІІ, ХІХ, ХХ ғасырларда қандай жолдардан өтті? Түрлі мемлекеттік саяси, экономикалық жүйелердің ықпалы қандай болды?» деген суалдарға жауап берілмей қалды. Соған байланысты микротарихқа ауысу белең алды. Қазір әлемдік тарихнамадағы дамыған жол, кең етек алып келе жатқан бағыт, бұл – күнделікті өмір тарихы. Әсіресе әлеуметтік топтардың өміріне қандай ықпалы болды, қандай өзгерістерге ұшырады, міне, осыларға жауап беру. Сонымен қатар әлеуметтік тарих – осы микротарихтың бір саласы. Бұл сала бүгінгі таңда Еуропада, батыста қатты етек алды. Ал Қазақстан тарихы осы бағытты іздеуде сәл кешеуілдеп жатыр. Мысалы, Абай атындағы Педагогикалық университеттің Магистратура және докторантура деген институты бар. Мен сол жерде Қазақстан тарихы мен мәдениеті кафедрасын басқарамын. Міне, екі жыл болды, магистранттардың диссертациялық тақырыбын күнделікті және әлеуметтік тарих бойынша беріп келеміз. Демек, екі-үш жылда микротарих бойынша ондаған диссертациялар қорғалады. Шамамыз келгенше осы тарихқа бет бұрдық. Өйткені әлемдік тарихтың даму үрдісі осындай. Бұл – ұлттың, мемлекеттің тарихы назардан тыс қалады деген сөз емес. Мүмкіндігінше тарих әр бағытта дамып, қоғамның түрлі қырлары қамтылуы керек.

– Мәмбет аға, айналып қайтадан Алашқа келейік. Әрине, бірінші, идея туады, кейін ол бағдарламаға айналады ғой. Кешегі Алаштың бағдарламасы мен Тәуелсіз 20 жылдағы ұқсастықтар, сәйкестіктер мен сабақтастықтарға тоқталуға бола ма?

– Мұныңызды дұрыс сауал деп есептеймін. Әңгіме барысында ұлт тарихы – ұзын сонарлы, түрлі кезеңдерден, жолдардан өткен, қилы-қилы замандарды бастан кешкен тарих екенін айттым. Ал Алаш тарихы, Алаш қозғалысы, бұл – ұлт тарихының тамаша кезеңі. Олардың бірінші қойған мәселесі – ұлтты сақтау. Ал ұлтты сақтау үшін оның жерін сақтау керек. Жерсіз ұлт та, қоғам да болмайды. Алаш қозғалысы қазақ жерін сақтаудан бастау алады. Өйткені ХХ ғасырдың басында Ресей империясы тарапынан қазақ жерін отарлау процесі жүріп жатты. «Переселение» саясаты жүріп, ең құнарлы жерлер соларға кетті. Міне, осыған қарсы бас көтерген қозғалыс болатын. Алаштықтардың көтерген ең басты мәселесі – мемлекеттілікті қалпына келтіру. Демек, жерді сақтау үшін халықтың мемлекеттілігі және оның жүйесі, күші болуы керек. Бұлар болмаған жағдайда, жер «тістегеннің аузында, ұстағанның қолында» кетеді. Мемлекеттілік дегеніміз – жер үшін, оның асты-үстіндегі байлығын болашақ ұрпаққа қалдыру үшін күрес. Және жерді сақтау үшін қазақтың мәдениеті, қазақтың тілі керек. Біз қазақ болып қана осы жерді сақтай аламыз. Басқа жол жоқ. Басқа жолды Алла біздің тағдырымызға жазбаған. Осыны анық түсінуіміз керек. Байтақ жерімізді ағылшын, қытай немесе орыс тілінде сөйлеп сақтай алмаймыз. Бабаларымыздан қалған негізгі байлығымыз, берекеміз, мұрамыз – атамекеніміз. Атамекенімізді қазақ болып қана сақтай аламыз. Бұл – басы ашық нәрсе. Қазір елімізде ұсақ-түйек емес, іргелі мәселе – елдік үшін күрес жүріп жатыр. Тіл, ауызбірлік, тарихты білу – түптеп келгенде елдік үшін, болашақ үшін күрес. Мыңдаған жылдар қордаланып қалған, өзінің шешімін таба алмай отырған мәселелер – осылар.

– ХХ ғасырдың бас кезінде еліміздің зиялылары, ұлттың қаймақтары екіге жарылды. Бірі – алашордалықтар, екіншісі – большевиктер. Жалпы, сол кездегі интеллигенция саясатты түсінді, заман ағымын сезінді ғой. Бірақ неге бір идеяны ұстанбады екен? Осыны қарапайым халыққа түсінікті тілмен жеткізіп беріңізші...

– Алаш қозғалысы – қазақ зиялыларының ұлт-азаттық күресі. Соны бастаушыларды біз алаштықтар дейміз. Бұлар жақсы мағынадағы ұлтшылдық ұстанымда болды. ХХ ғасырдағы ұлтшылдық ұстанымы тек қазаққа тән емес, әлемдік құбылыс болатын. Ұлтшылдық ұстаным Қытайда да көрінді. Оның басында Цунь Яцин деген қайраткер тұрды. Ағылшын отарлауына қарсы үнділерде де болды. Оның басында Махатма Ганди, Жаһрулана Неру тұрды. Сол сияқты түріктердің мемлекеттік дербестігі жолындағы күреске Ататүрік шықты. Бұл еуропалық отарлауға қарсы азиялық, шығыстық құбылыс болатын. Әлихан Бөкейханов бастаған қазақ ұлтшылдарының күресі – әлемдік даму үрдісі арнасында болғандығының көрінісі. Біз сол арнадан шығып қалған жоқпыз. Бөкейханов бастаған топ қазақ зиялыларының саяси тәуелсіздігі үшін дұрыс жолда тұрғандығын көрсетті. Ал большевиктер бізді мүлде басқа тұрпатта сипаттады. Ұлтшылдар, буржуазия дегендері большевиктік екіжүзділік болатын. Большевиктердің ең үлкен кемшілігі, ең үлкен қиянаты – ұлттық мүддені мойындамау, ұлттық қозғалыстарды тұншықтыру, басу, оларға басқа мазмұн, астар беру еді. Большевиктер «қазақ, орыс, грузин үшін бірақ жол бар. Ол – социалистік даму жолы. Басқа балама жол жоқ» дейді. Бірақ ол жалған тұжырым еді. Қазақ та, грузин де, басқа ұлттар да большевиктерге ұлттық балама жолдарды ұсынған еді. Біздің ішкі сұранысымызға лайық, дербес ұлт және халық ретінде дамуға қақымыз бар еді. Экономикалық, әлеуметтік мәселелерімізді өз қалауымызша, әлемдік тәжірибелерге сүйене отырып шешуге мүмкіндігіміз де, қақымыз да бар болатын. Бірақ кеңестік жүйе ондай ерік пен ырық берген жоқ.

– Бізге ырық берген жоқ, ырық бермегенімен қоймай, кәдімгі қолдан жасалған геноцидке әкелді. Кешегі ашаршылық, репрессия… Халықтың үштен бірі құрбан болды. Оның шығу жолдарын, саясатын айтып жатырмыз. Енді осының өтеуіне кім жауапты?

– Мен сізге бір мысал айтайын. Осы өткен жылы Қазақстанға Еуропалық одақтың Парламенттік ассамблеясы төрағасының орынбасары келді. Жанында ресейлік ғалымдар бар. Шағын ғана топтың жиынын өткізді. Соған мен де қатыстым. Ғылым академиясының тарихын ұсынды. Сонда Украинаның Парламенттік ассамблеяға қойған мәселесі қозғалды. 1931-1933 жылдары Украинада болған ашаршылық жылдарды «геноцид» деп бағалау ұсынылды. Осы жылдары қырғынға түскен үш ірі мемлекет бар. Олар: Ресей, Украина және Қазақстан. Ал Украина «геноцид» деп бағалауға қарсы болды. Олар өз тарапынан геноцид болған жоқ, ол саясаттағы қателік деді. Соған орай, Еуропадағы Парламенттік ассамблеяның өкілі Қазақстанға келіп, біздің елдің пікірін білгісі келді. Сол шағын жиналыста мен мынадай мәселе айттым: біздің Қазақстанда 1989-91 жылдары Жоғары Кеңестің жанынан комиссия құрылды. Оның міндеті – 1920-30 жылдар басында Қазақстанда Кеңес өкіметі жүргізген реформалық шараларға баға беру. Ол комиссияның құрамында мен де болған едім. Комиссияның тұжырымы «Казахстанская правда», «Егемен Қазақстан» газеттерінде жарияланды. Осы екі газеттің 1992 жылғы сандарынан осы мәселені табуға болады. Сонда 1931-1933 жылдардағы қырғын нәтижесінде қазақ халқының 49 пайызы қырғынға ұшырағаны айтылған. Оның ішінде ауру-сырқаудан өлгені де бар. Бұл – тарихи шындық. Соған байланысты Еуропалық Парламенттің өкіліне сол газеттердегі мәліметтермен танысуды ұсындым. Мәселе Ресей өкіметінде немесе орыс халқында емес. Біз кейде орыс халқы мен билікті шатастырып аламыз. Қазақстандағы, Украинадағы, жаңа айтылғандай, әлгіндей сорақылыққа орыс халқының еш кінәсі жоқ. Оған ол саясатты жүргізген билік кінәлі. Билік қазақ халқының экономикалық, әлеуметтік, қоғамдық, мәдени даму ерекшелігін мойындаған жоқ. Соған лайық саясат жүргізе алған жоқ. Олай болса, ол кімнің кінәсі? Әрине, большевиктік саясаттың кінәсі. Егер қазақ халқы жартысына жуығынан айырылмаса, қазір сан жағынан да, сапа жағынан да мүлдем бөлек болар ма еді. Біз 1920-30-жылдардағы реформаларды, оның артындағы мақсатты түрде жүргізілген репрессияларды неге кінәлаймыз?! Неге үлкен ренішпен еске аламыз?! Мәселе, халықтың сан жағынан азайып кеткендігінен емес, халқымыз сапалық жағынан рухани дағдарысқа ұшырауынан. Оның тұлғалық сипаты, кісілігі төмендеп кетті. Біздің халқымыз XІX-XX ғасырларда империялық жүйе жағдайында бір емес, бірнеше идеологиялық жеңіліске ұшырадық. Алдымызға қойған мақсаттарымызды анықтау үшін біз қандай дағдарыстан шығып келе жатқанымызды түсіну керекпіз.

– Алаш идеясы мен бүгінгі Тәуелсіздігімізді нығайту мәселесі сабақтастықта, біз одан ажырай алмаймыз. Біз кешегі Алаштың айтып кеткен аманатын орындай алып отырмыз ба?

– Біз Алаштың аманатын орындау үшін, ең алдымен, Алаш қозғалысына тиісті орын беруіміз керек. Осы күнге дейін тарихшы ретінде мұндай мәселені айтып келе жатырмын. Бірақ нәтижеге жете алған жоқпын. Алаш қозғалысы, Алашорда өкіметі, оның лидері – туғанына 145 жыл болған Әлихан Бөкейханов туралы біздің билік арнайы қаулы болмаса құжат қабылдаса, орынды болар еді. Неге? Өйткені Алаш қозғалысы біздің тарихымызда қатардағы ғана оқиға емес, бұл – мемлекеттігімізді жаңғыртқан, ұлттық негіздегі қозғалыс. Әлемдегі азаттық, ұлттық қозғалыстардың бәрі мемлекет құрумен аяқталды. Мәселен, Англия, Франция, Германия, Жапония, Қытай, Үндістан. Ал біздің қозғалысымыз репрессиямен аяқталды. Ұлттық азаттығымыз үшін күрескен барша зиялыларымыз түгелдей репрессияға ұшырады. Бұл дегеніміз – қазақ халқы үлкен апатқа ұшырағандығының көрінісі. Сол қайталанбас үшін мемлекеттік деңгейде құжат, арнаулы қаулы қабылдап, сол құжатты ұрпақтың санасына жеткізіп, осы негізде ұрпақтың жаңа тарихи санасын қалыптастырсақ, сол іргелі, пайдалы жұмыс болмай ма?!

ХХ ғасырдың басында неге зиялы азаматтарымыз құрбанға ұшырады? Міне, сондай Алаш азаматтарын қадірлеп, бағалай білейік. Жас ұрпақтың санасына соны дұрыс жеткізейік, сол бағытта бәріміз бірге жұмыла жұмыс жасайық. Биліктегі іскер азаматтар да, тарихшылар да, қарапайым журналистер де біріксек, пайдалы іс жасар едік. Меніңше, сонда халықтың санасында дұрыс саяси сана қалыптасады.

– Сұхбатыңызға рахмет!

http://alashaіnasy.kz/person/27409/

Автор: Еділ АНЫҚБАЙ

АЛАШҚА ҚАТЫСТЫ МАТЕРИАЛДАРДЫ ІЗДЕП ТАБУ ҮШІН «ЖЕР ШАРЫН АРАЛАУДЫҢ ҚАЖЕТІ ЖОҚ!

Бір қызығы, Мәмбет Қойгелді сияқты тарихшыларымызбен үстел басына жиналамыз да, бір-бірімізге Алаш туралы әңгіме айтамыз. Мұның қажеті аз. Алаш қозғалысына қатысты мәселелердің барлығы кең ауқымда, қарапайым халық арасында насихатталуға тиіс. Жуырда «Түркістан» газеті (№ 47, 22 қараша, 2012 ж.) «Алашорда» фотоальбомының жарық көруіне байланысты «Қазақылықты сақтау – Алаштың асыл арманы» атты тақырыпта «Нұр Отан» ХДП хатшысы Ерлан Қарин мен саясаттанушы Айдос Сарымның осы басылымға берген сұхбатын жариялады. Болат Мүрсәлімнің ұсынысы және даярлауымен шыққан бұл фотоальбомға менің де қатысым бартын (бас редакторы). Автордың келісімімен кітапқа Алаш қозғалысының қырғыз қанаты және алаш әскерінің офицерлері жөнінде материалдар бердім. Сондай-ақ фотоальбомға ҰҚК мұрағат қорының қызметкерлерінің көмегімен алынған алаш қайраткерлерінің абақты қабырғасында түсірілген суреттері де осы кітапқа енді. Берген сұхбатында Е.Қарин мырза Алаш қозғалысына арналған шаралардың «қасаң» сипатта екендігіне тоқталады. Дұрыс-ақ! Қозғалыс тарихы мен идеясы кең ауқымда насихатталуға тиіс. Дегенмен, осы ғылыми мәселемен біраз уақыттан бері саяси конъюнктура, пиар үшін емес, тұрақты түрде айналысып келе жатқан зерттеуші ретінде менің атыма айтылған бұл пікірмен келісе алмайтындығымды білдіруді өзіме парыз санадым. Айта кетейін, есеп беруден қиын көп нәрсе жоқ, берейін деген ықыласта да емеспін. Алаш қозғалысына таяу жылдарда жүз жыл толады, осы ретте «Алаш идеясын насихаттау жолы мен әдісін менен артық білетін кімің бар?» деп шіренудің қажеті бар ма? Одан іске пайда жоқ қой! Осы тақырыпқа қатысты мәселе әуесқойлық, конъюнтуралық деңгейде емес, шынайы жанашырлық деңгейде көтеруге ынталы саясаткерлерге беретін бір-ақ кеңесім бар. Егер сіздер бұл мәселені қолға алуға ықыласты болсаңыздар, онда алаш қайраткерлеріне байланысты 1927-1932 жылдар аралығында жүрген сот істерінің материалдарын жарыққа шығаруға көмектесіңіздер. Ол материалдарды іздеп табу үшін, Е.Қарин айтқандай, «жер шарының түпкір-түпкірін» аралаудың қажеті жоқ, олар өзіміздің ҰҚК-нің мұрағат қорларында жатыр. Бұл іс биліктегі партияның қолынан келмесе, онда жеке зерттеушілер жөнінде не айтуға болады? Е.Қарин мырза М.Қойгелдінің атқарып жүрген жұмысының «қажеті аз» десе де айтайын, тек биыл, яғни 2012 жылы ғана Алаш ісіне қатысты ықпалды-ау деген парламент мүшелеріне тарихшылар қауымдастығы атынан үш хат жолдадым. «Алаш ісіне» қатысты құжаттың материалдарын жарыққа шығару жөнінде. Бұл хаттар ҰҚК-нің және басқа құзырлы мекемелердің атына бұрыннан бері жолданып келе жатқан өтініш-хаттарымның жалғасы ғана. Қанағаттанарлық жауап ала алмағаныма, әрине, өкінемін. Рас, «Алаш ісіне» қатысты деген материалдардың біраз бөлігін үш томдық түрінде белгілі ғалым әрі жазушы Тұрсын Жұртбай баспадан шығарды. Атқарылған жұмысты сыйлау парыз, бұл сөзсіз елеулі жұмыс. Дегенмен, біздің пікірімізше, «Алаш ісі» материалдары тұтас түрінде, түпнұсқа тілінде және ғылыми аппаратпен жарық көргенде ғана талғамды оқырман сұранысын қанағаттандыра алады. Ондай басылымды даярлауға отан тарихшыларының деңгейі жетеді. Осы реттегі «Алаш ісіне» байланысты Парламент депутаттарына жолдаған хаттарымнан үзінді беруді жөн көрдім. Зерттеуші ғалымның әрекетінен оқырман да хабардар бола жүрсін. «Қазақстан Республикасы Парламенті мәжілісінің депутаты, халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі... Елімізде жылда аталып өтілетін жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні (31 мамыр) қарсаңында Сізге, сіз арқылы Мәжіліс депутаттарына тиесілі дәрежеде шешімін таба алмай келе жатқан қоғамдық мәселеге қатысты пікірімді білдіруді өзіме міндет санадым. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тікелей қолдауымен және басшылығымен еліміздің өткен тарихында орын алған саяси репрессия құрбандарын жадта сақтау, сондай-ақ бұл жалпыхалықтық қасіреттен тиесілі тұжырымдар жасап, ол жөнінде қоғамдық санада негізді пікір қалыптастыру ісінде біраз жұмыстар атқарылды. Соның нәтижесінде қоғамның санасында түбегейлі өзгерістер болып өтті. Сонымен бірге саяси репрессия тақырыбына байланысты атқарылуға тиісті істер әлі де аз емес. Қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні қарсаңында мынадай мазмұндағы ұсыныстарға көңіл аударуыңызды өтінемін: 1. Елімізде қабылданған «Ұлттық мұрағат қоры және мұрағаттар туралы» (1998, 22 желтоқсан) және «Мемлекеттік құпиялар туралы» (1999, 15 қаңтар) ҚР Заңдық актілері бойынша «саяси, әлеуметтік және басқа себептермен жаппай қуғын-сүргін құрбандарына» қатысты материалдар зерттеушілерге берілуге тиіс. Өйткені «Мемлекеттік құпиялар туралы» заңның 17-бабының 7-тармағы бойынша жаппай қуғын-сүргін құрбандарына қатысты материалдар құпияға жатпайды. (Қараңыз: Закон РК «О государственных секретах» - Алматы, 2009. С.14,15) 2. Өткен ХХ ғасырдың алғашқы ширегіндегі қазақ тарихында терең із қалдырған оқиға – бұл, әрине, Алаш қозғалысы. Алаш қозғалысы – қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалысы. Сондықтан да оған қатысты 1927-1932 жылдарда жүргізілген «Алаш ісі» сот процестері құжаттық материалдарының көп томдық (3-4 том) түрінде жарық көретін уақыты жетті (кезінде бұл көптомдықты әзірлеп баспадан шығару ісі мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасында белгіленген. Қараңыз: «Мәдени мұра» стратегиялық ұлттық жобасының 2009-2011 ж.ж. арналған тұжырымдамасы. - Астана, 2009, 50 б.) 3. Біраз жылдан бері бұл тақырыпты зерттеумен айналысып келе жатқан мүдделі зерттеуші ретінде Алаш зиялылары сотына қатысты бұл ғылыми көптомдық басылымның қоғам тарапынан зор қолдау табатындығына сенімдімін және ол сауапты іс болмақ. Ал мұрағат қорларынан кітапқа енетін материалдарды сұрыптап алу осы мазмұндағы құжаттармен жұмыс істеп жүрген зерттеуші мамандар үшін соншалықты қиындық туғызатын нәрсе емес. Тек оларға сеніммен қарау қажет. Өз тарапымыздан құжаттарды баспаға даярлау ісін ғылыми және кәсіби деңгейі жеткілікті әріптестеріммен (тарих ғылымдарының кандидаттары Ш.Тілеубаев және З.Мырзатаева) бірлікте өз міндетімізге алуға әзір екендігімізді білдіремін. 4. Біз өз тәжірибемізден жақсы білеміз, ол құжаттық материалдарды қолмен көшіріп отыру өте қиын. Өйткені, ескірмейтін нәрсе жоқ. Өткен ғасырдың 20-50 жылдары жүргізілген тергеу материалдары хатталған қағаздар әбден ескірген, енді бір 5-10 жылда олар тозып, жыртылып бітеді. Сондықтан да оларды тарихи құндылық ретінде фото көшірмесін алып, бүгінгі компьютерлік технология арқылы өңдеу жұмыстарын жүргізіп, келесі ұрпаққа жеткізу біздің азаматтық борышымыз. Бұл жағдайды ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мұрағат қызметкерлері ескереді деп ойлаймыз. Бұған қосымша мынадай фактілерді қоса тіркеуді жөн көріп отырмын. Қоғамдық әділеттілік ұғымы барлық халықтарға ортақ құндылық. Ресей Федерациясында саяси репрессия тақырыбында кең ауқымды зерттеу жұмыстары жүргізіліп, халыққа тарихи шындықты жеткізу мақсатында орасан ағартушылық мазмұндағы жұмыстар атқарылды. Бұл бізге үлгі аларлық іс. Мәселен, Ресей ғалымдары батыстық зерттеушілермен шығармашылық бірлікте КСРО-ның сталиндік кезеңіне байланысты 100 томдық зерттеу еңбектерінен тұратын ғылыми жобаны іске асырды. Көптомдықтың үлкен бөлігі сталиндік жүйенің репрессиялық саясатына арналған (Қараңыз: Научно-издательский проект Фонда первого президента России Б.Н. Ельцина и издательства «Российская политическая энциклопедия» (РОССПЭН) – «История сталинизма» // http://www.rosspen.su/). Бұл көпбағытта және түрлі көзқарастық ұстанымда мақсатты түрде жүргізіліп жатқан іргелі зерттеу жұмыстарының бір бағыты ғана. Басқаша айтқанда, бүгінгі Ресей мемлекеті өзінің кеңестік кезеңдегі қайшылықты жүріп, өткен жолы бойынша теориялық тұжырымдар жасау ісін белсенді әрі қарқынды жүргізуде. Бұл қандай тұрғыдан болмасын тура шешім. Өйткені әрбір елдің өткен тарихы алдымен оның өзіне қажет, өз құндылығы, яғни кеңестік кезеңдегі еліміздің тарихы отандық тарихшы-ғалымдардың күшімен қорытылғаны жөн. Ондай болмаған күнде, ХХ ғасырдағы қазақ тарихына байланысты ресейлік көзқарасты қабылдауымызға тура келеді. Ал мұндай жолға түсу, елдің ертеңіне байланысты алаңдаушылық туғызбай қоймайды. Ұлы Абайдан қалған сөз бар: бір жанға екі күймек әділет пе? ХХ ғасыр басындағы ұлттық басқарушы топ саяси әділетсіздіктің құрбаны болды. Өткенге салауат делік. Бірақ біз бүгін сол аға буын ұрпаққа байланысты екінші әділетсіздікке жол бермейік. Отаншыл тегеурінді басқарушы топтың кейінгі жас ұрпаққа қалдырған азаматтық ұстанымы мен арман-тілегін мұрағаттық қорларда қаттаулы күйінде шірітпей, заңды иесіне – халыққа беріп, жарыққа шығуына жол ашайық. Сөйтіп, азаматтық міндетімізді орындайық! Тарихшы маман ретінде мәселені бұлай қоюға толық хақым бар деп білемін. Өйткені мен Республика Парламентінің жанынан құрылған екі бірдей комиссияның (1990 және 1997) мүшесі ретінде ұзақ мезгіл ОГПУ-НКВД-МГБ мұрағаттық материалдарымен жұмыс жасадым, өткен ғасырдағы қазақ басқарушы тобы мен шығармашылықтағы зиялыларының тергеу істерімен айтарлықтай терең таныстым. Соның нәтижесінде «Алаш қозғалысы» (1995,1 кітап), «Ұлттық саяси элита» (2004), «Сталинизм и репрессии в Казахстане 1920-1940 годов» (2009) сияқты монографиялық зерттеу еңбектерін жаздым және көптомдық құжаттық жинақтарды даярлау ісіне басшылық жасадым («Алаш қозғалысы. Движение Алаш. /Құжаттар мен материалдар жинағы. 1-4 т.т М.Қ.Қойгелдиевтің редакциялық басқаруымен/ Алматы, – 2004-2008.; «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында жарық көрген 12 томдық «Қазақ ұлт-азаттық қозғалысы». М.Қ.Қойгелдиевтің редакциялық басқаруымен Астана, – 2007-2008 ж.б. Парасатты да байсалды саясаткер ретінде өзіңіздің тікелей араласуыңызбен еліміздің ұлттық қауіпсіздігі мен руханият ісіне қатысы бар. Бұл өзекті мәселе өзінің дұрыс шешімін табады деген үміттемін». Әрине, Алаш қозғалысына қатысты күнделікті ағымда атқарылатын жұмыстар да аз емес. 2008 жылы Батыс Қазақстан облысы Жымпиты қаласында болып өткен конференцияда сол өңірдің азаматы, алаш офицері Әлмұхамед Оспановтың есімін оның тұрған көшесіне беру жөнінде ұсыныс айтқан едім, жақында естідім ол іс орындалыпты. 2009 жылы «Сталинизм и репрессии в Казахстане 1920-1940-х годов» атты монографиялық еңбегім жарық көрді. Кітапта Алаш қозғалысына және 1921 жылғы Батыс-Сібір шаруалар қозғалысына іш тартып, қолдау жасаған Есіл бойындағы қазақ байлары мен ауқаттыларының сот ісіне байланысты тараулар берілген. Көңіл аударарлық нәрсе, сол дүрбелең кезінде еш кінәсіз айыпталып, сотталған адамдардың біразы әлі де ақталмаған. Яғни олардың көзі тірі туыстарының көңілдері әлі де күпті деген сөз. Міне, осы күдікті сейілту үшін репрессия құрбандарының ісін қарауды аяғына дейін жеткізген жөн. Осы кітапта аталатын Байқазы Ахметовтың («Тауқымет пен тағзым» кітабынан) ісін кітап шыққан соң, Солтүстік Қазақстан облыстық прокуратурасы қайта қарап, жағымды шешім қабылдағанын естідім. Прокуратура қайырымды іс атқарған! Осындай мазмұнды бағыттағы істер жалғасын тапса, кешігіп жетсе де, әділеттің жеңгені емес пе?! Яғни көпшілік болып жұмылып жасайтын істер жеткілікті, көңіл, ниет дұрыс болса болғаны. «Менің атқарып жүрген жұмысым маңыздырақ» деген күңкіл басқа тақырыпқа жүрсе де, бұл тақырыпқа жүрмейтіндігін ұмытпағанымыз жөн!

BAQ. KZ

«Руханият қайнары» 1 Желтоқсан 2012

ШЫҢҒЫС ХАНДЫ ТҮРІК, БОЛМАСА, ҚАЗАҚ ДЕП ТАНУ — ҰЯТ

Стендаль: «Біздің ғасырда тарихты қолдан жасайтын тарихшылар көбейді», – деп күңіреніпті. Осылай ой түйген Стендаль туралы Стефан Цвейг: «Ол өзі де тарих туралы өтірік жазды, өтірік әңгіме айтты. Бірақ оның «өтірігі» көп «шындықтан» әдемі еді», – дейді. Маған қазір тарих тақырыбында «белсенді» көрініп жүрген жазушылар секілді көрінеді. Бірақ менің бұл пікіріммен тарихшы Мәмбет Қойгелді мүлдем келіспейді...

Жас қазақ: Мәмбет аға, жетпіс жыл кеңес империясының құрамында болдық. Айтыңызшы, Ресейге бодан болған кездегі қазақтың тағдыры, тарихы шынайы жазылып жатыр ма?

Мәмбет Қойгелді: Бір ғұламаның айтқаны бар: «Жеңілген халықтың соры қалың. Өйткені, тарихты жазуға тапсырыс беретін жеңген халық». Кеңес кезеңінде біз қазақ тарихын орыстың көзімен жаздық. Бізге тарихты зерттеуді, жазуды орыстар үйретті. Ұстазымыз орыстар болды. Мен сізге бір мысал айтайын. Мен қазір жиыннан шықтым. Жиынға Білім және ғылым министрлігінің өкілі қатысты. Ол: «Қазақстанның бір беделді жоғары оқу орны қазақ тарихын жазу үшін, Американың беделді университетімен келісім-шарт жасасып жатыр», – деді. «Бір ұлттың тарихын екінші елдің ғалымы жаза алмайды. Қазақтың тарихын жазу үшін, сенің терің Кенесарының терісіндей болуы керек. Әйтпесе, Махамбеттің, Байтұрсыновтың, Бөкейхановтың терісіндей болуы керек. Қазақтың тарихын қазақтан асырып, өзге ұлт тарихшысы жаза алмайды. Ол талантты, білімді тарихшы шығар, бәрібір жаза алмайды», – дедім. Орыстың ұлы тарихшысы Василий Осипович Ключевский: «Ресейде болған шетелдіктердің жазбалары бар. Олар Ресейдің ішкі өміріне тереңдеп кіре алмаған және ешқашан кіре алмайды. Шетелдік ғалымдар Ресейдің «сыртқы тіршілігін» ғана қамтиды. Ал «ішкі өмірін» тек қана орыс тарихшысы, орыс жазушысы түсінеді», – дейді. Сол секілді, қазақтың «ішкі өмірін» қазақ тарихшысынан артық ешкім түсінбейді.

Гоголь көз жұмғанда Тургенев Мопассанға хат жазыпты. «Гоголь өлді. Гогольдің кім екенін, қандай адамның өлгенін түсіну үшін, орыс болуың керек» дейді хатында. Орыс әдебиеті мен мәдениеті үшін, жалпы орыс қоғамы үшін, кімнің өлгенін Тургенев жанымен сезінген. Бұл әңгімені не үшін айтып отырмын? Қазақтың тағдырын, тарихын түсінуің үшін, қазақ болуың керек. Менің тамырымда қазақтың қаны ағып жатыр. Бес-он ғасыр бұрын өмір сүрген ата-бабамның рухымен сөйлесе аламын. Он ғасыр бұрын өмір сүрген ата-бабамның не үшін, қандай мақсатта күрескенін түсінем. Мына ағашты басқа жаққа отырғызсаң, тамыр жаймайды. (Қолымен терезе алдында тұрған қара ағашты көрсетті, – ред.) Адам да сол секілді. Бұл топырақты басқа ұлттың адамы мен секілді жақсы көрмейді.

Жас қазақ: Мәмбет аға, біреулер Шыңғыс ханды «қазақ» деп кітап жазып жатыр. Енді біреулер Атилланы да қазақпен байланыстырады. Олар шынымен біздің ата-бабамыз ба?

Мәмбет Қойгелді: Бұл жерде жазушылардың фантазиясы басымдық алып отыр. Олар қазіргі дүниетанымдық өлшеммен тарихқа баға береді. Шыңғыс хан – XІІІ ғасырдың тұлғасы, біз XXІ ғасырда өмір сүріп жатырмыз. Меніңше, Шыңғыс ханды түрік, болмаса, қазақ деп тану – ұят. Шыңғыс хан түрік те, қазақ та емес, моңғол. Рас, Шыңғыс ханды әлемдік кеңістікке алып шыққан түріктер. Шыңғыс ханның негізгі қарсыласы татарлар болды.

Жас қазақ: Әкесі татардың қолынан қаза тапты емес пе?

Мәмбет Қойгелді: Дұрыс айтасыз. Оның айналасында моңғолдарға қарағанда, түркі тайпасы басым еді. Оны қоршаған орта: найман, қоңырат, керейлер еді. Ал анасы мен бәйбішесі қоңыраттың қызы. Ол кезде түркілердің мәдениеті моңғол тайпаларының мәдениетінен әлдеқайда жоғары болған.

Жас қазақ: Мысалы, орыстар да Александр Дюманы «орыс» деп, зерттеулер жасап жатыр. Олардың пайымдауынша, «Пушкин өлген жоқ, патшаның тапсырмасымен Францияға кеткен»...

Мәмбет Қойгелді: Дюманы «орыс» деп жүрген де жазушылар ғой. Тарихшылар нақты деректерге сүйенеді. Ал жазушылар көбіне қиялға ерік береді.

Жас қазақ: Қалай десеңіз де, қазір тарихқа қатысты көптеген мәселелерді көтеріп жүрген жазушылар ғой...

Мәмбет Қойгелді: Сіздің бұл пікіріңізбен келіспеймін. Жазушылар тарихшылардың жазған ғылыми еңбектерін оқымайды. Шыңғыс хан дәуіріне, моңғол және түркі қоғамына қатысты көптеген ғылыми еңбектер бар. Соларды оқу керек.

Жас қазақ: Шыңғыс ханға қатысты Мұхтар Мағауин мен Мұхтар Шаханов айтысып, тартысып жатқанда тарихшылар үнсіз қалды. Неге?

Мәмбет Қойгелді: Тарихшылар араша түссе, олар бәтуаға келетін еді дейсіз бе? Егер мен Шахановты жақтасам, Шыңғыс ханды «жауыз» деуім керек. Ал оның қарсыласы Мұхтар Мағауинді жақтасам, «Шыңғыс хан бізге көп жақсылық жасаған тұлға, өзіміздің қандасымыз» деуім керек. Қай жағына шықсам да, біреуі айыптауға даяр тұр. Оларға бір мақала жазып, жауап бере алмайсың. Шыңғыс ханға қатысты іргелі зерттеу еңбектер жазылуы керек. Екеуінің айтысынан кейін зерттеу еңбектер жазыла бастады. Мысалы, тарихшы Зардыхан Қинаят кесек дүние жазды. «Шыңғыс ханды түрік, қазақ дегеніміз ұят болады, ол – моңғол халқының тарихи тұлғасы» деп нақты деректерге сүйеніп, жазды. Кейіннен Храпуновтың қайынатасы Шыңғыс хан туралы бір кітап шығарды. Кітабында Зардыхан Қинаят екеумізді «Бұлар сауатсыз ғалымдар. Шыңғыс ханды түрік етуге, қазақ етуге қарсы», – деп кінәлады. Сонда біз ғалымдар «Шыңғыс хан қазақ» деп шулауымыз керек пе? Қайбір жылы біздің елге Моңғолияның Ғылым академиясының президенті келді. Сол кісі: «Қазақтар, сендерге не болды? Шыңғыс ханды жауызға теңеп, ол туралы жаңсақ пікір айттыңдар. Тіпті ондай сөзді орыс ғалымдары айтқан жоқ», – деп ренішін білдірді. «Бұл пікірталасты бастаған тарихшылар емес, жазушылар. Біз сіздермен Шыңғыс ханға қатысты ғылыми байланыс жасауға дайынбыз», – деп шай беріп, иығына шапан жауып, құтылдық.

Жас қазақ: Шыңғыс хан түркі жұртына жақсылық жасаған тұлға ма?

Мәмбет Қойгелді: Шыңғыс ханның шабуылынан кейін Орталық Азияда күрделі процестер жүрді. Бұрынғы құрылымдар ыдырады. Шыңғыс ханның шабуылы болмаса, біздің Қазақстан жерінде басқа этнос, басқа мәдениет өркен жаюы мүмкін еді. Ол моңғол мемлекетінің негізін қалады. Белгілі бір дәрежеде түркі халықтарының әлем сахнасына шығуына себепші болды. Түркі халықтарының көтерілуіне ықпал етті. Оны ешкім жоққа шығара алмайды. Тарих – күрделі процесс. Оны бір қырынан ғана қарауға болмайды.

Жас қазақ: Зиялылар арасындағы алауыздық қай қоғамда да бар секілді. Мысалы, Әлихан Бөкейханов пен Мұстафа Шоқайдың, Қожанов пен Рысқұловтың арасындағы қырғиқабақтық әр жерде айтылып қалады...

Мәмбет Қойгелді: Алаштықтарды зерттеп жүрген тарихшымын. Алашордашыларға келсек, олардың бір-бірінің үстінен арыз жазып, бірін-бірі сатқаны туралы материал жоқ. Әр адамның көзқарасы, ұстанымы болады. Бұл – табиғи нәрсе. Алаш қозғалысы – ұлт-азаттық қозғалыс. Біз мұны тар мағынада «Алаш қозғалысы» деп жүрміз. Өкінішке қарай, қозғалыс жасаушылардың тағдыры трагедиямен аяқталды. Оларды орыс империясы зорлықпен басып тастады. Алдымен патша өкіметі, сосын большевиктер басып-жаншыды.

Иә, мемлекеттік құрылымға қатысты Бөкейханов пен Шоқайдың көзқарасы екі түрлі еді. Бөкейханов «ұлттық мемлекет құрамыз» деді, ал Шоқай болса, Орта Азиядағы түркі халықтарының басын біріктіруді армандады. Бірақ екеуінің мүддесі бір еді. Ұлтты көтеру еді. Түркия, Қытай, Индияны алыңыз. Бұл мемлекеттерде ұлт-азаттық қозғалыстар барлық даму сатысынан өтті. Қозғалыстың басында тұрған тұлғаларды атып тастаған жоқ. Бір буынның идеясын екінші, үшінші буын жалғастырды. Ал бізде ше? Бір буын бас көтеріп еді, бәрін атып тастады. Алашордалықтарды Мағжан Жұмабаев «Алтын айға қол созғандар» дейді. Олар он бес жылдың ішінде ұйықтап жатқан халқын оятты. Қазақтың рухани әлеміне сілкініс жасады. Зиялының негізгі қызметі – ұлтына өзін-өзі танытуды үйрету. Ұлттың алдында тұрған міндеттерді айқындап беру. Алаштықтар өз міндетін орындады. Патша өкіметінің большевиктерге қарағанда, мәдениеті жоғары екен. Патша өкіметі зиялыларымызды қудалады, бірақ бәрін атып тастаған жоқ қой. Ал большевиктердің интеллектуалды деңгейі төмен еді. Қазақтың ұлт-азаттық қозғалысын бастаған зиялыларындай тұлғалар өзбекте де, қырғызда да болған жоқ. Қазаққа қандай билік бақыт әкеледі? Қазақ неге мұқтаж? Қазаққа не керегін билік білуге тиіс. Кеңес өкіметі қазақтың психологиясын, табиғатын ескерген жоқ.

Жас қазақ: Мәмбет аға, үйір-үйір жылқы айдап, саба-саба қымыз ішкен қазақ аштыққа қалай ұрынды?

Мәмбет Қойгелді: Қазақ мәселесін шешуге байланысты кеңес өкіметінің бағдарламасы болған жоқ. Ұлт – күрделі организм. Большевиктер қазақтың психологиясын, өмір сүру салтын зерттеген жоқ. Большевиктер билік басына келген соң, Қазақстанды орыс пен еврей, армян мен грузин басқарды. Бұл туралы Байтұрсынов ашынып, Ленинге хат жазды. «Халқының бақыты үшін, өлімге басын тіккен қазақтың зиялылар бар. Олар орыстың абақтысын көрген, орыс тілін біледі. Қазақты солар арқылы басқарыңыз» деп тілек айтты. Ленинді «данышпан» дейміз. Сол «данышпан» «қазаққа не керек?» деп басын да қатырған жоқ. Қысқасы, қазақтың зиялылары мен кеңес өкіметінің басшылары арасында диалог болған жоқ. Ақыры не болды? Қазақстанда 2 млн 300 мыңға жуық адам аштан қырылды. Халықтың жартысы, дәлірегі 49 пайызы аштан өлді. Аштықтың сценарийін жазған, «режиссері» де өзі болған Голощекин кетіп, орнына Мирзоян келді. Мирзоян келгенде «әңгіме біткен болатын». Қазақтың жартысы қырылып қалған. Ал Мирзоян репрессияны бастап берді. Қазақтар болса, оны «Мырзажан» деп құрметтейді. Оның тұсында қазақтың зиялыларын қудалау процесі жүріп жатты. Өкінішке қарай, біз тарихи деректерді білмей жатып, тарихқа, тұлғаларға баға беріп жатамыз.

Жас қазақ: Қазақты аштан құтқаруда Тұрар Рысқұлов аз еңбек сіңірген жоқ. Қожанов пен Рысқұловтың арасындағы тартыс мансапқа таласудан басталды ма?

Мәмбет Қойгелді: Тұлғаларда «мен елді басқарсам, елдік мәселені былай шешер едім» деген түсініктің болуы табиғи нәрсе. Тұлғада мінез болады, амбиция болады. Біреулер Тұрар Рысқұловты «Ол алаштықтарды сатты, олардың үстінен арыз жазды», – деп қаралап жатыр. Бұл – тарихи деректерді үстірт білетін кісілердің әңгімесі. Мұндай адамдардың көксегені не? Олардың пиғылында рулық мүдде жатыр. Шын мәнінде, Қожанов та, Рысқұлов та – ұлттық деңгейде ойлайтын адамдар. Екі тұлғаның арасынан рулық қақтығыс іздеп жүрген тарихшылардың әрекеті – бейшаралық. Тарих туралы әңгіме айту үшін, алдымен сананы тазарту керек.

Жас қазақ: Тарихи тұлғаларымыз туралы бірен-саран көркем фильм түсірдік. Өкінішке қарай, Абылай ханның рөлін Голливуд актері, ал Мұстафа Шоқайдың рөлін қырғыз актері ойнады. Осы жаныңызға батпай ма?

Мәмбет Қойгелді: Өкінішті, әрине. Әрине, қапаландым. Тарихты халыққа ғылым тілімен ғана емес, көркем әдебиет пен кино арқылы түсіндіруге болады. Алашордалықтардың тағдыры, өскен ортасы, шығармашылығы туралы қаншама зерттеулер бар. Олар туралы ұлтын жан-тәнімен сүйетін режиссер ғана кино түсіре алады. Өз басым, олар туралы көркем фильм түсіре алатын режиссерді көріп тұрғаным жоқ. «Көшпенділер» фильміне қатысы бар бір жігіт фильмнің сценарийін әкеліп, кеңесші болуымды өтінді. Түнімен сценарийді оқыдым. Қарным ашты. Ертесіне «Қазақфильмге» бардым. Талғат Теменовке жолықтым. Сценарий туралы ойымды айттым. «Қазақты қорлап кино түсіруге болмайды.

Мынау кино түсіретін сценарий емес. Кеңесші болмаймын. Мені Рустам Ибрагимбековке жолықтыршы», – дедім. Содан не керек, сол күні Р.Ибрагимбековке жолыға алмадым. «Көшпенділердің» сценарийі туралы рецензия жазып, «Жас Алашқа» апарып бердім. Газеттің ертеңгі нөміріне мақалам басылды. Маған сценарийді әкеліп берген байғұс жігітті жұмыстан шығарып жіберіпті. «Көшпенділерге» қыруар қаржы бөлінді. «Көшпенділерді» түсірушілерге бәрінен сол ақша маңызды еді. ...Бір күні маған «Қазақфильмнің» сол кездегі басшысы Сергей Әзімов хабарласты. Ол кезде Тарих институтының директорымын. «Ертең Мәдениет министрі Е.Ертісбаев келеді. Сол жиынға сіз де қатысып, Мұстафа Шоқай туралы фильм түсірудің маңыздылығын баса айтсаңыз», – деп тілек білдірді. Мұстафа Шоқайды зерттеген тарихшымын. Шоқайдың әруағы үшін бардым, тұлғалар туралы кино түсірудің маңыздылығы туралы әңгіме айттым. Бұл фильмді тарихшы ретінде, көрермен ретінде қабылдай алмадым. Мұстафа Шоқайдың бейнесі дараланбаған. Мұстафаның образы ашылмаған.

Жас қазақ: Сізді Тарих институтынан кетірді. Сонда әріптестеріңізден қолдау таптыңыз ба?

Мәмбет Қойгелді: Жоқ, қолдауды сезінбедім. Бабырдың «Көңілімнен жақын дос таппадым, жанымнан жақын жар таппадым» дейтін өлең жолдары бар. Қандай сөз десеңші! Бабырдың өлеңін сол кезде түсіндім.

Мені қызметтен шеттеткенде сенсеңіз, сонша қайғырғаным жоқ. Мен қазақ тарихын қазақ жазса екен, шындықты жазсақ екен дедім. Қайталап айтам, қазақ тарихын тек қана қазақ жазуы керек.

Сұхбаттасқан Аягүл МАНТАЕВА

//Жас қазақ №15 20 Апрель, 2012

МЕМЛЕКЕТТІЛІГІН ҚҰРЫП ЖАТҚАН ҰЛТТЫҢ ТАРИХШЫСЫ КҮРЕСКЕР БОЛУЫ КЕРЕК!

Мәмбет ҚОЙГЕЛДІ, тарих ғылымының докторы, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті жанындағы магистратура және докторантура институтының Қазақстан тарихы мен мәдениеті кафедрасының меңгерушісі, профессор.

– Отандық тарихшылардың күні кеше ғана Астанада өткен үлкен жиынында төл тарихымызды жаңаша жазуға байланысты келелі мәселелер көтерілгенінен жұртшылық біршама хабардар. Мемлекеттік деңгейде ұйымдастырылған осынау жиынға өзіңіз қатысып қайттыңыз. Айтыңызшы, жиын барысында тарихшыларымыздың алдына нақты қандай іргелі мақсат-міндеттер қойылды?

– Еліміз егемендігін алғалы бергі уақытта отандық тарих ғылымы үлкен өзгерістерге ұшырады деп айтуға болады. Методологиялық, теориялық, тіпті деректік негізі тұрғыдан алғанда да, тәуелсіздік жылдары тарих ғылымы гуманитарлық ғылымдар жүйесінде алдыңғы орынға шықты. Өйткені өзгеріс арнасына түскен қоғамдық өмір басқа да гуманитарлық ғылымдар сияқты тарих ғылымы алдына да үлкен міндеттер қойды. «Біз қандай қоғамнан шықтық, қазір қандай жағдайды бастан кешудеміз, қайда бет алдық?» деген сұрақтар туындағанда халық, ең алдымен, тарих ғылымынан жауап күтті, яғни бұл ретте ең ауыр жүк тарих ғылымына түсті деп айтуға болады. Негізінде, өмірдің өзі сабақтастықтан тұрады. Бүгінгі қоғамның басында тұрған проблемалардың көпшілігінің түп-тамыры өткен тарихта жатыр. Сондықтан адамдардың бүгінгі қоғамдық өмірдің алдында тұрған сұрауларға жауапты ең әуелде тарих ғылымынан іздеуі – табиғи нәрсе. Бұл – жалпы, біздің қоғамның ғана емес, бүкіл әлемнің басында болған жағдай. Бір анық жәйт, Елбасымыз тарихқа осы уақытқа дейін айтарлықтай көңіл аударып келе жатыр. Мәселен, өткен ғасырдың соңында, 1998 жыл «Халық бірлігі мен ұлттық тарих жылы», ал 1997 жыл «Қуғын сүргіндерді еске алу жылы» деп аталды. Мұның сыртында Президентіміз тарихи сананы, халықтың тарихи жадын жаңғыртуға қоғамның көңілін үнемі аударып келеді. Дегенмен, тарихшылардың басын қосып, тарих ғылымының осы уақытқа дейін жүріп өткен жолына қорытынды жасайтын осындай бір жиын керек еді.

Астанада күні кеше өткен келелі жиын Қазақстан Республикасының ұлттық тарихын зерделеуге байланысты өзекті мәселелерді қозғады. Бұл жиында негізгі баяндаманы Мемлекеттік хатшы Марат Тәжин жасады. Сонымен қатар Мемлекет тарихы институтының директоры Бүркітбай Аяған, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры Хангелді Әбжанов, Ә.Марғұлан атындағы Археология институтының директоры Бауыржан Байтанаев та өз ойларымен бөлісті. Осы жиында маған ерекше әсер еткені – Мемлекеттік хатшының баяндамасы болды. Теориялық тұрғыда құрылған бұл баяндамада мемлекет және ұлт тарихына қатысты маңызды мәселелерге талдау жасалынды. Жалпы, біздің тарих ғылымының жүріп өткен жолына, болашағына байланысты терең талдауға негізделген бұл баяндама ғылыми тұрғыдан тереңдігімен, ұстамдылығымен, негізгі мәселелерді кең қамтуымен көпшілікке қатты әсер етті.

– Жалпы, біздің тарих ғылымы осы уақытқа дейінгі жүріп өткен жолында не нәрсені ескерді? Не нәрсені назардан тыс қалдырды?

– Маған қатты әсер еткені Мемлекеттік хатшының: «Тарихи жадты сақтау – қазіргі уақытта ұлт үшін өзін-өзі сақтаумен тең», – деген орынды айтқан тұжырымы болды. Шынымен де, ұлттың өзін-өзі сақтауы оның тарихи жадына тікелей тәуелді. «Олай болса, ұлт тарихы жаңа заман сұранысына лайық деңгейде зерттеліп, оқытылғаны жөн» деген әңгіме айтылды.

Мемлекеттік хатшы «Бүгінгі заман сұранысына бейімделу дегеніміз – тарихтың методологиялық зерттеу аппаратын қазіргі заман талабына сәйкестендіру » деген ойға баса назар аударды. Бұл орайда, тіпті тарих ғылымының тілі де өзгеріске ұшырауы керек. Мемлекеттік хатшының баяндамасында толғағы жеткен біраз мәселелер қойылды. Мен соның бірнешеуіне ғана тоқталайын. Мәселен, біздің Отан тарихы осы уақытқа дейін бұрынғы, күні өткен методологиялық ұстанымдарға тәуелді болып келді. Өткен ХХ ғасырда біздің ұлттық тарихымызды қорытуда еуроцентристік методологиялық ұстанымдар басымдық алды. Бұдан бөлек, біз тарихты зерттеуде көп жағдайда сырттан таңылған идеологиялық ұстанымдарға иек арттық. Бізде өзіміздің төл тарихымызды аша алатындай методологиялық ұстаным болуы тиіс. Методологиялық құралдар, методологиялық әдістер сол біздің өзіміздің ұлттық тарихымыздан, оның ерекшеліктерінен, оның төлтума құндылықтарынан бастау алуы тиіс. Сонда ғана ол төл тарихымызды, халқымыз жүріп өткен қайталанбас жолды түсіндіре алады. Ал біз көп жағдайда сырттан таңылған қондырғы ұстанымдарды басшылыққа аламыз. Ондай ұстанымдар біздің төл тарихымызды ашуға көмектесе алмайды. Сырттан таңылған методологиялық ұстанымдар арқылы ұлт тарихын зерттеу қазіргі уақытта өзін-өзі ақтай алмайды. Ал бізге кәдімгі, өзіміздің төл тарихымыздан туындайтын методологиялық әдістер, құралдар қажет.

– Ал осы методологиялық құралдар мен әдіс-тәсілдердің өзін қалай қалыптастырамыз? Оның өзіміздікі, не өзгенікі екенін қалай анықтаймыз? Осының критерийлері қандай?

– Мысалы, Орта Азияда өмірге келген көшпенділер қоғамын алайық. Мұндай қоғам басқа елде, басқа жерде жоқ. Бұл тек біздің осы ортаазиялық кеңістікте өмірге келген. Біз зерттеу жұмыстарын соның ерекшеліктерін негізге ала отырып жүргізуіміз қажет. Осыған байланысты Мемлекеттік хатшының айтқан ойы: «Біз мемлекетіміздің, ұлтымыздың пайда болуын, өмірге келуін соңғы бес ғасырмен ғана шектеп келе жатырмыз, бұл дұрыс ұстаным емес» дегенге саяды. Ал тарихи деректер, ескерткіштер біздің тарихымыздың одан да арыда, тереңде жатқандығын көрсетеді. Осыған орай Мемлекеттік хатшы: «Ұлтымыздың, мемлекеттілігіміздің даму тарихын біздің эрамыздың алғашқы мыңжылдығынан бастау керек» деген ойды айтты. Әрине, егер біз жалпытүркілік тарих тұрғысынан келсек біздің тарихымыз одан да тереңде жатыр. Мәселен, біздің эрамызға дейінгі ІІІ-ІІ ғасырда өмір сүрген сақтар, олардың ізін ала келген Үйсін, Қаңлы мемлекеттері – қазақ халқының этногенезі, біздің этникалық негізіміз сонда жатыр. Сол ғасырларға тән ескерткіштер ұлттық тарихымыздың сол кезеңнен бері үзіліссіз жүріп келе жатқанын көрсетеді. Көп жағдайда зерттеушілер біздің эрамызға дейінгі мыңжылдықтың ІІІ-ІІ ғасырларындағы этникалық құрылымдарға қатысты «олар басқа жаққа кетіп қалды немесе біздің қазіргі қазақ халқына олардың ешқандай қатысы жоқ» деген ойлар айтады. Бұл дұрыс емес. Біздің тарихымыздың негізі сол қоғамдарда, сол этникалық құрылымдарда жатыр. Сондықтан біз тарихымызды солардан бастап таратуымыз керек. Мәселен, Есік қорғанынан табылған алтын киімді бекзада, осы уақытқа дейін табылған одан басқа да ескерткіштер, олардан табылған жәдігерлер, материалдар сол көне қоғамдармен біздің қоғамымыздың арасында тікелей сабақтастық байланыс бар екенін көрсетеді. Яғни біз төл мәдениетіміздің сол заманнан бастап, бүгінге дейін үзіліссіз жүргендігін көреміз. Осы ретте Мемлекеттік хатшы: «Сол ескерткіштерді өзіміздің тарихымызбен байланыста қарастыруымыз және осы тұрғыдан оқытуымыз қажет», – деді. Былайша айтқанда, тарихымыз үзік-үзік болмауы тиіс. Тарихымызды тұтас күйінде, сабақтастық негізде зерттеуіміз, баяндауымыз, оқытуымыз қажет.

Тағы да бір айтылған іргелі ой – «Біздің жеріміздің иесі де, киесі де – қазақ халқы» деді. Меніңше, бұл – өте орынды айтылған тұжырым.

– Негізі, бұл тарихи дәлелденген нәрсе емес пе? Бүгінгі күні басқаша пікірлердің орын алуына не себеп?

– Тарихта әртүрлі пікірлер болады. Мәселен, біздің осы жеріміздегі, яғни «қазақ жеріндегі ең алғашқы мәдени қыртыс кімдікі?» дегенде, әртүрлі көзқарастар орын алды. Айталық: «Біздің жеріміздегі ең алғашқы мәдени қыртысты салған – үндіеуропалық нәсілдер, оларды кейін шығыстан келген түркілер басып алып, түркілендіріп жіберген» деген ұғым бар. Меніңше, ғылым қазір бұл ұстанымнан бас тартты. Біздің жеріміздегі ең алғашқы мәдени қыртысты жасаушы – біздің арғы ататегіміз. Ешкім сырттан келіп, бізге оны жасап берген жоқ. Сондықтан біз – осы жеріміздегі ең алғашқы мәдени қыртысты жасаған этникалық құрылымдардың бүгінгі заңды жалғасымыз. Ешқайда ауып кеткен жоқпыз, осы жердің тұрғылықты халқымыз. Қазір бүкіл қоғамға осы ұстанымды орнықтырғанымыз орынды болмақ. Ол үшін жәдігерлерімізге жаңа методологиялық тұрғыдан талдау жасап, жаңа көзқарасты қалыптастыруға тиіспіз. Іргелі еңбектерімізде осыны баяндап, дұрыс көрсетуіміз керек.

– Сондай-ақ ол тек айтылып, жазылып қана қоймай, ғылыми түрде негізделуі тиіс...

– Иә, ғылыми түрде негізделуі керек. Енді бергі жаңа тарихымызға келсек, Мемлекеттік хатшы бір сөзінде: «ХХ ғасырда біздің елімізде ұлттық негіз бен тоталитарлық ұстанымдағы жүйенің арасында егес жүрді, осындай жағдайда өмір сүрдік» деген орынды ой айтты. Құдай сақтап, біз сол қақтығыстан аман қалдық, ұлттық негізімізді, қалай болғанда да сақтап қалдық. Мен ХХ ғасырдағы ең үлкен жеңісіміз, мүмкін, осы шығар деп ойлаймын. Жалпы, ХІХ-ХХ ғасырдағы тарихымызға байланысты тағы мына бір жәйтке тоқтала кеткім келеді: біз белгілі бір дәрежеде жеңіліс тапқан халықпыз. Исатай Тайманов, Кенесары бастаған қозғалыстардың, 1916 жылғы көтерілістің, одан кейінгі Алаш қозғалысының жеңіліс табуы... осының бәрі – біздің ХІХ-ХХ ғасырларда аса қауіпті сыннан өткеніміздің дәлелі. Оны мойындаудан ұтылмаймыз. Жаңа ұрпақ тарихи шындықты біліп өскені жөн.

Әсіресе мен Алаш қозғалысының маманы ретінде мынаны айтқан болар едім, Алаш қозғалысы – біздің ХХ ғасырдың басында ұлттық жаңғыру жолына түскендігіміздің көрінісі. Алаш тастаған ұран – «Оян, қазақ!» болды. «Оян, етекжеңіңді жи, өркениет жолына түс, өз-өзіңді сақта, болашағың, өзіңнің жерің, ұлттық тұтастығың, өзіңнің ұлттық мемлекеттілігің үшін күрес!». Алаш қозғалысының қайраткерлері, міне, осы ойды қазақ ұлтының санасына сіңіруге тырысты. Алаш қозғалысының қандай қозғалыс екенін патшалық билік те, кеңестік билік те жақсы түсінді. Сондықтан да олар бұл ұранды шамасы келгенше дер кезінде тұншықтыруға тырысты. Біз мұны Алаш қозғалысын бастаған алғашқы буынның түгелдей репрессияға ұшырағанынан көреміз. Тіпті кеңестік жүйені, идеологияны қабылдаған екінші буын зиялыларымыз да түгелдей репрессия құрбаны болды. Яғни империялық орталық біздің халықтың, ұлттың өзінің табиғи, тарихи даму, жаңғыру жолына түскенін қаламады. Бірінші және екінші буын ұлт зиялыларының репрессия отында өртеніп кетуі содан. Империялық жүйе қай заманда, қай елде, қай континентте болмасын кіші ұлттардың жаңғыру процесін мүмкін болғанша уақытында сөндіруге тырысады. Біз осы жағдайды бастан кешірдік. Қазақ «ауруын жасырған өледі» дейді. Демек, біз мұны жасырмауға тиістіміз. Қайта ұлтымыздың қандай ауыр жағдайдан өткенін және қандай тереңнен шығып келе жатқанын ұрпаққа түсіндіруіміз керек. Қоғамдық мәдени өміріміздің осындай терең дағдарыстан шығып келе жатқандығын сезінуіміз қажет. Астанада өткен кешегі жиында Мемлекеттік хатшы: «Егер біз өзіміздің ұлттық тарихымызды бұрынғы дәреже, деңгейде, бұрынғы әдіс-құралдармен жаза беретін болсақ, онда ол тарих біздің шекарамыздан бір шақырым асқаннан кейін керексіз болып қалуы мүмкін», – деген ойды айтты. Меніңше, өте дұрыс айтты. Яғни біз төл тарихымызды түсіндіруде жаңа теориялық-методологиялық әдіс-құралдарды игеруіміз қажет.

– Сол жаңа әдістер мен құралдарды нақты қалай сипаттауға болады? Ол не нәрсеге сүйенуі керек?

– Бұл ретте тарих ғылымы пәнаралық әдістерді басшылыққа алуы тиіс. Мысалы, Отан тарихын география, социология, әдебиет, тіл, философия деген сияқты өзіне жақын пәндермен бірлікте зерттеуден ұтарымыз хақ. Еуропалық ғылым бұл әдіске баяғыда-ақ көшіп кеткен. Біз осы тұрғыдан алғанда кешеуілдеп жатырмыз. Енді жаңа сапаға көтеріліп, жаңа сатыға шығуымыз қажет. Яғни, пәнаралық зерттеу әдістерін игеруге міндеттіміз. Ұлттық тарихымызды зерттеуге көмектесетін әдіс-құралдарын басқа елдерден алғанның айыбы жоқ. Бұл – табиғи нәрсе. Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Қасиетті ғылымда шекара жоқ» деген сөзі бар. Өте дұрыс жасалған тұжырым. Тарих ғылымын жаңа сапаға көтереміз десек, шетелдік тарихшылардың озық әдіс-құралдарын игеруден ұтылмаймыз. Бірақ, игеру деген - солардың жетегінде кету, соларды көшіріп алу деген сөз емес. Сол әдіс, тәсілдер біздің тарихи шындығымызды ашуға қаншалықты қолайлы, біз мәселеге осы тұрғыдан келгеніміз жөн. Абайдың «Сөз түзелді, тыңдаушы сен де түзел» деген сөзі бар. Мемлекеттік хатшының баяндамасы бізді осындай тұжырымға жетелейді. Тарихшыларға мемлекет қолдау жасап отыр. Мен кешегі кеңесті осы тұрғыдан қабылдаймын. Олай болса, біз, тарихшылар, көтерілген мәселеге тиесілі дәрежеде жауап бере аламыз ба? Әрине, бұл бір баяндамамен немесе бір жиналыспен біте қоятын шаруа емес. Болып өткен жиылыс – бастауы ғана. Меніңше, мемлекет тарапынан да, тарихшылар тарапынан да басталған істің жалғасы болуы тиіс.

ХХ ғасыр – өте күрделі кезең, күрделі тарих. Әсіресе кеңестік реформалар кезеңі 20, 30, 40 жылдардағы елдің тарихы – әлі де толық ашылмаған тарих. Оның құпиясы әлі де болса ішінде. Сол шындықты ашу, баяндау үшін бізге жаңа тәуелсіздік философиясын меңгеру қажет. Ескі методологияның шырмауында қалып қоюдан пайда жоқ. Тағы бір айтқым келетін нәрсе, кеңестік тарихқа байланысты зерттеу жұмысына қазіргі уақытта Ресей тарихшылары ғана емес, батыс тарихшылары да белсене кірісіп кетті. Олар өздерінің зерттеу әдістерін бізге таңғысы келеді. Біз оған мойынсұнып көне береміз бе? Әрине, жоқ. Бұл орайда ресейлік тарихшылардың жолымен жүре алмаймыз. Бұл – басы ашық нәрсе. Сол сияқты, батыс тарихшыларының да зерттеу әдіс, құралдарын сол күйінде қабылдай алмаймыз. Егер де соларды қабылдап, соларды басшылыққа алсақ, онда тағы ұтыламыз. Сол себепті де, әсіресе ХХ ғасырдағы тарихымызға жаңа көзқарас қалыптастыру аса маңызды. Оны кім жасайды? Әрине, отандық тарихшы ғалымдар. Әсіресе қазақ тілді тарихшы ғалымдар. Сондықтан бұл жерде біз үлкен жауапкершілікті мойнымызға алуға тиіспіз. Міне, осы тұрғыдан алғанда мемлекеттік қолдауға мұқтажбыз. Ботаника ғылымында дегрессивті қатар деген ұғым бар. Экожүйенің бүлінуінің бес-алты кезеңі болады. Сол бүлінуге тоқтау болмаса, экожүйе біржола құриды, азып-тозады. Ал соның, айталық, үшінші, әрі кеткенде, төртінші кезеңінде азып-тозуға шек қойылса, қайта жандану процесі жүреді, яғни ботаникалық құбылыс өлмейді. Тарих та сол сияқты. Кезінде біздің ұлттық тарих ғылымына үлкен шабуылдар жасалған. Біздің ұлттық тарих ғылымы – үлкен сыннан өткен ғылым. Мен сізге бірақ мысал келтірейін: Қазақстанның ұлттық тарихнамасы өткен ХХ ғасырда төрт рет Мәскеуде талқылаудан өтті. Бұл деген сөз – империялық орталық қазақ тарихын зерттеуде өз ұстанымын орнықтыруға, өзінің әдіс-құралдарын бізге таңуға, мойындатуға тырысты деген сөз. Бұл, әрине, тарих ғылымына әсер етпей қоймады. Соның салдарынан бір емес, бірнеше буын тарихшылар қудалауға ұшырады. Ермұхан Бекмаханов, Бекежан Сүлейменов сынды тарихшылар кезінде 25 жылға сотталды, жер аударылды. Не үшін? Қазақ тарихын тәуелсіз методологиялық әдіс-құралдар арқылы зерттеуге тырысқаны, жазылған тарихтың ішкі энергиясын сақтауға күш салғаны, халықтың санасына әсер ететін тарихты беруге тырысқаны үшін... Біз мұны ұмыта алмаймыз. Дегрессивті қатар деген осыдан шығады. Кезінде шабуыл жасалған сол тарих ғылымының бойына қайтадан қан жүгіртуіміз керек. Осы процеске билік те, қоғам да атсалысқандары жөн.

– Қай тұрғыда? Немесе тарихшыларға билік тарапынан нақты қандай ықпал, әрекет қажет?

– Мысалы, ХХ ғасырдың толыққанды тарихын жазу үшін билік осы уақытқа дейін жабық болып келген мұрағат қорларын ашып, тарихшылардың қолына бергені дұрыс болар еді. Әсіресе репрессия саясатына байланысты құжаттық материалдарды. Бұл – бір. Екіншіден, біздің Білім және ғылым министрлігі кезінде тыйым салынған тақырыптар бойынша тарихшыларға мемлекеттік тапсырыс бергені дұрыс болмақ. Айталық, Алаш қозғалысы осы уақытқа дейін мемлекеттік тапсырыс бойынша зерттелген емес. Ол тарихшылардың жеке энтузиазмы, белсенділігі арқылы ғана зерттеліп келеді. Сол сияқты репрессия тарихына байланысты зерттеулерге де мемлекеттік тапсырыс болған емес. Міне, осы тұрғыдан билік пен тарихшылар арасында өзара түсіністік, үйлесімділік орнағаны жөн. Сол арқылы біз ұлттық тарихқа жаңа мазмұн, жаңа серпіліс бере аламыз. Сондықтан да біз, тарихшылар, кешегі кеңеске үлкен үмітпен бардық. Өз басым жиынның бірден-бір нәтижесі осы болады ғой деп ойлаймын.

– Бізде, негізі, осындай сұранысқа жауап бере алатындай ғылыми потенциал бар ма?

– Әрине, нәтиженің тезірек болғаны жақсы. Бірақ бұл ғылым ғой. Менің түсінігімше, ондай үмітті ақтай алатын тарихшылар бар. Тек оларға мемлекеттік қолдау қажет. Батыста бұрыннан қалыптасып қалған ондай әдіс бар. Сол сияқты бізде де гранттық негіздегі мемлекеттік тапсырыс адресті тұрғыдан, «осының мүмкіндігі бар» деген тарихшыларға берілуі тиіс. Ал қазір Білім және ғылым министрлігі мұны ескеріп отырған жоқ. Өкінішке қарай, ондай тапсырыстар, гранттар көбінесе соны атқара алмайтын адамдарға беріледі. Ал, осы тақырып бүгінгі сұранысқа лайық деп ұсынсаң, көбіне ол ескерусіз қалады. Мысалы, біз осы жылдың басында конкурсқа «Еліміздегі мемлекеттік бірегейліктің (идентичность) қалыптасуы» деген тақырып бердік. Қоғамның санасында мемлекеттік бірегейлік қандай бағытта қалыптасып келе жатыр, қазіргі құрып жатқан мемлекетімізді қазақ халқының өзі, сол сияқты басқа ұлттар қалай қабылдап жатыр, соған жауап берейік дедік. Бұл, мейлінше, қолдауға лайық идея болатын. Бірақ грантқа өтпей қалды. Яғни менің түсінігім бойынша, бүгінгі Білім және ғылым министрлігінің грантты беру технологиясы дұрыс емес, тіпті әділ емес. Яғни жұмысты дұрыс жүргізу үшін, ең алдымен, Білім министрлігі өзінің тарих ғылымына деген қатынасын түбегейлі өзгертуі керек. Мемлекеттік мүдделілік тұрғысынан. Біздегі тарих ғылымы Білім министрлігі мен тарихшы қауымның арасында өзара түсіністік болғанда ғана жанданады. Тарихшы ғалымдарға қолдау көрсету, талантты жастарды іріктеп алып, оларды баулу, қалыптастыру жұмысын министрлік өте сауатты түрде жүргізгені жөн. Сонда ғана нәтиже болады.

– Сосын тарихшылардың өзін осы бағытта жүйелі жұмыс істететін бір жүйе, механизм болуы керек сияқты...

– Әрине, қазіргі заман сұранысына лайық жұмыс істейтін жүйе, технология, мәдениет қалыптассын. Біз Тәуелсіз мемлекетпіз. Халықаралық қатынасқа түстік. Жаһандану процесі жүріп жатыр. Басқа елдермен қарым-қатынасымыз тереңдей түседі. Осындай жағдайда «біз қайткенде өзіміздің ұлттық болмысымызды, ұлттық бет-бейнемізді сақтап қаламыз?» деген үлкен мәселе алдымыздан шығады. Ал ұлттық болмысымызды, бет-бейнемізді сақтауға көмектесетін бірден-бір құрал ол – тарихи таным, тарихи сана. Қоғам өзінің ел, жұрт, мемлекет екендігін осы тарих арқылы түсіне алады, қорыта алады. Сондықтан бұл мәселеге мемлекетіміз өте дұрыс көңіл аударып отыр. Тек нәтижесі дұрыс болсын деп тілейміз

– Жалпы, өзіңіз бүгінгі тарих ғылымына қатысты «жасық көзқарастар, жасық пікірлер көп» деген пікір айтып жүрсіз. Осы жасықтық қай тұрғыда көрініп отыр?

– Мысалы, біздің тарихымызда ашылмай келе жатқан түрлі ащы шындықтар бар. Айталық, Ресейдің отарлау саясатын терең, ғылыми негізде ашуға империялық орталық кезінде көптеген кедергілер жасады, аштырмауға тырысты, мұрағат қорларын жауып қойды, құжаттық материалдарды бермеді, зерттеушілердің түрлі тақырыптарға баруына тыйым салды. Тап осы мәселеде біздің зерттеушілеріміз ылғи да Мәскеуге, идеологиялық аппаратқа қарап жалтақтап отырды, шындықтан алыстады, оны айтуға бата алмады.

Мен жасықтық деп осыны айтамын. Ал қазір біз – Тәуелсіз мемлекеттің тарихшыларымыз. Кезінде тыйым салынған кез келген тақырыпқа еркін баруымыз керек. Тың тұжырымдар жасауымыз керек. Сонда ғана шындық ашылады. Мен әсіресе репрессия саясатына байланысты осыны айтар едім. Кезінде Алаш қозғалысының көсемі Әлихан Бөкейхановты Мәскеуге апарып, бір бөлмелі пәтерге отырғызып қойды, Қазақстанмен байланысын үзді. Өйткені қазақ еліндегі азаттық қозғалысын көсемінен айыруды көздеді. Кейін атып тастады. Бұл – Ресейдің тәжірибесінде бірінші рет емес, одан бұрын да болған жағдай. XІХ ғасырда тура осындай саясатты кіші жүздің ханы Абылғазы сұлтанға қатысты да жасаған. Петербургке шақырып алған да Калугаға апарып, үй қамауында ұстаған. Тіпті өлгеннен кейін де сүйегін артындағы жесіріне бермей қойған, «бір жерленген адам екінші қайтара жерленбейді» деген. Кейіннен Сталин Алаш қайраткерлерінің бәрін репрессияға ұшыратып, атып тастады. «Мемлекеттік, еркіндік туралы енді айтпайтын болсын» деді. Осындай Тәуелсіздік мәселесін көтерген Т.Рысқұлов, С.Сәдуақасов бастаған топты да атып тастады. Біз соны бүгін өз дәрежесінде неге айтпаймыз, неге лайықты бағаламаймыз? Бұл жасықтық емей, немене? Біздің қайраткерлеріміздің не себепті репрессияға ұшырағандығын, оның ар жағында қандай саяси астар жатқандығын тарихи шындық тұрғысынан ашып айтуымыз қажеттілік болғалы қашан. «Шын мәнісінде Кеңес өкіметі ұлт-азаттық қозғалыс пен күресті, соның лидерлерін қуғындады» деп неге айтпаймыз? Міне, осы сияқты жасық тұжырымдар, көзқарастар бізде өріп жүр.

– Ал методология түзеліп, бәрі дұрыс зерттелген, ашық айтылған жағдайда бұ ған саясат тарапынан ешқандай кедергі болмай ма?

– Бәрі ғылыми тұрғыдан жазылған, дәлелденген жағдайда ешқандай кедергі болмайды деп ойлаймын. Бұл – бір. Екіншіден, бір нәрсені түсіну керек. Өмір деген – күрес. Ал ол күрестен тарихшылар кете ала ма? Кете алмайды. Тарихшы күрескер болуы керек. Әсіресе, біздің жағдайымызда. Біз – жаңа тұрпаттағы мемлекеттілік құрып жатқан халықпыз. Олай болса, жаңа тұрпаттағы мемлекеттілік құрып жатқан ұлттың тарихшылары белсенді, күрескер болуы керек! Онсыз болмайды, бұл – өмірдің талабы. Мен әріптестерімді осыған шақырамын...

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Роза РАҚЫМҚЫЗЫ

//Алаш Айнасы №95 (1006)7.06.2013

Мәмбет ҚОЙГЕЛДІ, тарих ғылымының докторы, профессор: ҰЛТТЫҚ ТАРИХТА БОЛҒАН АГРЕССИЯЛЫҚ САЯСАТТЫ КӨРСЕТУ ҰЛТШЫЛДЫҚҚА ЖАТПАЙДЫ

– Мәмбет аға, ұлт азаттығы мен Тәуелсіздігі үшін күресте қазақта қаншама ұлы оқиға болды. Бүгінде кейбіреулер елдегі 100-ден астам ұлыстың мүддесіне сызат түсірмес үшін мектеп бағдарламасынан кейбір тарихи оқиғаларды (Алтын Ордадағы Тоқтамыстың Мәскеуді шабуы, Қоқан хандығының Сыр бойындағы қазақтарды басып алып, құлдықта ұстауы) алып тастау туралы ұсыныстар айтуда. Сонда біз ұлттар ынтымағын сақтаймыз деп тарихи шындықты жоққа шығаруымыз керек пе?

- Кез келген елдің тарихында әртүрлі оқиғалар болған және алдағы уақыттарда да бола бермек. Сол оқиғаларды дұрыс баяндау үшін, әрине, кәсіби деңгей қажет. Баяндау нақты фактілерге сүйенуі керек. Сонда ғана шынайы ұстаным қалыптасады.Ресейден бөлек Қоқан хандығы біздің оңтүстік-шығыс өңірімізді өзіне қосып алуға тырысты. Өзбекстанда жарық көрген оқулықтардың бірінде мынадай пікір айтылады: «Қазақстанның оңтүстік-шығысы кезінде Қоқан хандығының құрамында болды. Ал кейіннен Ресей қарулы күшке сүйеніп, бұл өңірді қоқандықтардан тартып алды. Сол күресте қазақ байлары Ресей өкіметі жағында болды». Бұл, әрине, өзбек тарихшыларының ұстанымы. Бірақ олар мынаны айтқан жоқ: шындығына келгенде, Қоқан хандығының үстемдігі қазақ халқына ауыр тиді. Олардың Қазақ еліне жасаған қиянаты белгілі. Сондықтан Қоқан хандығына қарсы күрес аз болған жоқ. Оңтүстіктің өзінен Сұраншы, Саурық, Жанқожа сияқты батырлар өмірін ат үстінде өткізді. Бұл – тарихи дерек. Ал оны неге жоққа шығарамыз? Халық өз мекенінің тұтастығы, тәуелсіздігі үшін өз еркімен ешкімнің көмегінсіз күреске шықты. Сондықтан біз оны шынайы тұрғыдан көрсетуіміз қажет. Әйтпесе тарих бұрмалауға ұшырайды. Мысалы, орыс басқыншылығы, әлде Қоқан, Қытай басқыншылығы бола ма – біз оны ашық айтуымыз керек. Байқап отырғанымыздай, ұлттық тарихта болған агрессиялық саясатты көрсету ұлтшылдыққа жатпайды. Қайта тарихи шындық арқылы халықтың тарихи санасын, танымын қалыптастыру мүмкіндігіне ие боламыз. Мәселе, өзіміздің кереметтігімізді, ерекше ұлт әрі халық екендігімізді көрсету емес. Олай түсіну – жаңсақтық. Тарихи тұрғыдан алғанда, біз қорғаныста болған ұлтпыз. Себебі біздің территориямыз ұлан-байтақ болатын. Оның асты-үсті толған байлық дегендей... Сондықтан атамыз қазақтың бар мақсаты өз жерінің берекесін болашақ ұрпаққа қалдыру, бақытты өмірін қамтамасыз ету болды. Тарихты осы тұрғыдан түсіну керек деп ойлаймын.

– Әр заманда қоғамды алға сүйрейтін бір жетекші топтың өмір сүретіні белгілі. Оған ұлт азаттығы, мемлекеттігі жолындағы күрестер дәлел. Сондай алға басар топтан жасақталған қазақ ұлттық саяси элитасының қалыптасу үрдісі қалай жүрді?

– Элитаның түр-түрі бар. Соның ішінде елді басқарушы топ саяси элита болып есептеледі. Ол – мыңдаған жыл бойы қалыптасатын өте нәзік дүние. Олардың өзіндік ұстанымы, мәдениеті болады. Әрі бірнеше буынның алмасуы нәтижесінде толысып, кемеліне келеді. Ұлттық күрес нәтижесінде толығады. Мысалы, Францияны алайық. «Франциясыз Еуропа жоқ» деген ұғым бар. Бұл – тегін айтылған пікір емес. Сондай мықты ел дәрежесіне жетуінің сыры неде? Әрине, бұл процестің басында ұлттың мықты басқарушы тобы мен шығырмашылықтағы элитасы тұр. Тағы бір нәрсені айта кеткен жөн, кезінде патшалық Ресей Думасының төрт шақырылымы болып, соның екеуінде қазақ депутаттары оған мүше болып сайланды. Ал солар Ресей парламентінде сөйлеген шақта парламент үйінің қабырғасын қақыратып жібере жаздаған. Бірінші және екінші Мемлекеттік Думаға сайланған қазақ депутаттары жер мәселесін қозғады. Ішкі Ресейден қазақ жеріне переселендер көшін тоқтатуды талап етті. Бұл жағдай нені көрсетеді? Өздерінен неше есе күшті Ресей Думасында отырса да, басыбайлы елдің өкілдері бола тұрса да, шындықты тайсалмай айтатын қазақ депутаттарының күшті екендігінің айғағы.

Кезінде Әлихан Бөкейхан орыстың атақты мемлекет қайраткері Керенскимен жақсы қатынаста болған. Ресей Кадеттер партиясы орталық комитетінің ең беделді мүшелері қатарында жүрді. 1916 жылы Орталық Азияда болып өткен ұлт-азаттық көтеріліске байланысты А.Ф. Керенскиге хат жазып:« Орталық Азиядағы көтеріліс туралы шынайы зерттеу жұмысын жүргізіп Мемлекеттік Кеңеске шындықты, әділеттілікті жеткізсеңіз жақсы болар еді» деген өтініш айтады. Сонда Финляндияда бір бүйрегіне ота жасатып, емделіп жатқан Керенский Әлиханның өтінішін жерде қалдырмай Ташкентке келіп, Орталық Азияны аралап, үлкен баяндама жасап, парламентке хабарлап, өтінішінің орындалғандығы туралы Әлиханға жеделхат арқылы сәлем жолдайды. Міне, Алаштың шын қамын жеген асыл азамат Ә.Бөкейхан осындай тегеурінді қайраткер болған. Өкінішке қарай, Сталин одақ құрамындағы ұлттардың зиялыларының ұстанымдарынан жақсы хабардар болған. Билікке келе салысымен оның қырына бірінші іліккен Алаш зиялылары болды. 1923 жылы татар ұлтшылы Мірсайт Сұлтанғалиевтың ісі қаралады. Сонда Тұрар Рысқұлов сөйлейді, сонда Сталин оған ескерту жасаймын деп Т.Рысқұлов тарапынан тойтарысқа ұшырайды. Міне, қазақтың сол кездегі саяси элитасының тегеуріні осындай деңгейде еді. Бірақ сол бірінші және екінші буын зиялылар түгелдей дерлік репрессия құрбаны болды. Кеңес үкіметі қазақ басқарушы тобының арасында дәстүр қалыптасуына кедергі жасады. Олардың еркін сөйлеуіне, ойлауына жол бермей, қудалауға ұшыратты.Оларға таққан кінәсі біреу-ақ — «қазақ ұлтшылдығы». Сонау патша өкіметі тұсынан басталған бұл «көшпелі» жала кешегі Дінмұхамед Қонаевқа дейін ұлтымыздың соңынан еріп келді.

– Зиялылар арасындағы пікір қайшылығы қай қоғамда да бар секілді. Әлихан Бөкейхан мен Мұстафа Шоқайдың, Сұлтанбек Қожанов пен Тұрар Рысқұловтың ұстаным айырмашылығы кей тұстарда түрліше айтылып қалады. Бұл туралы ашық ойыңызды білсек...

– Әлихан Бөкейхан мен Мұстафа Шоқайдың арасында қайшылық болған емес. Біреулер «Мұстафа – Түркістан автономиясын, Әлихан қазақ мемлекеттілігін құру үшін аласұрды» деген пікірді білдірді. Әрине, екеуінің ұстанымында айырмашылық бар екені рас. Ә. Бөкейханның ұстанымы — ұлттық мемлекет құру болғандығы рас. Ол «Біз осы жол арқылы ғана өзіміздің жоғымызды түгендей аламыз» деген ұстанымды болды. М.Шоқайдың идеясының негізінде Түркістан халықтарының күшін біріктіру, ортақ экономикалық қуатын қалыптастыру арқылы олардың өзара дін, діл, тіл жақындығын дұрыс пайдаланып, Орталық Түркістан өңірінде мықты, қуатты мемлекет құруға болады деп түсінді. ХХ ғасырдың басында «Қазақтар өзінің ұлттық мемлекетін құрмаса, қазақ жерін сақтай алмайды» деген Әлихан Бөкейхан бағыты белгілі дәрежеде өзін-өзі ақтайтын ұстаным болды. Біз олардың пікірін бір-біріне қарсы қоймай, айырмашылықтарын салыстыра отырып, ортақ мүдде үшін күрес жүргізгендіктері жөнінде айтқанымыз дұрыс болмақ. Мұстафа Шоқай кезінде Алашорда өкіметінің де мүшесі болды. Түркістан автономиясын да басқарды. Бұлардың әрекеттері халықтың азаттығын, тұтастығын сақтау, халыққа жағымды даму бағыты мен ұстанымдарды анықтау бағытында жүрді. Сол бір тарихи кезеңде саясат құбылмалы күй кешті. Олар күрделі заманның күрделі тұлғалары еді. Оларды тек бір қалыпқа салып түсінуге тырысу қателікке ұрындырады. Яғни олардың ұстанымын өзгерісте, динамикада қарастырған жөн.

Сұлтанбек Қожанов пен Тұрар Рысқұловтың арасында бітіспес жаулық бар деп ойламаймын. Екеуі де ірі мемлекет қайраткері дәрежесіне көтерілген тұлғалар. Яғни олардың ұлт мүддесінен алшақ кетуі мүмкін емес жағдай ғой. Ал бірақ олар да пенде ғой, соған байланысты пенделік кемшіліктерін заман контексінде қарап, сол тұрғыдан түсінуге тырысқанымыз жөн. Әрине, империя құрамында болған ұлттардың өмірі жеңіл-желпі нәрсе емес. Сұлтанбек Қожановтың мынадай сөзі бар: «Біздің желкемізде «дамоклов айбалтасы» төніп тұрды» деген. Ұлт қайраткерлерінің күрделі жағдайда жұмыс істеуіне, заман ағымына бейімделуіне тура келді. Империялық үкіметтің саясатымен есептесуге мәжбүр болды. Түрлі мәселелерге байланысты екеуінің арасында келіспеушіліктің орын алғаны рас. Ал бүгін сол бір тарихи кезеңде орын алған өзара келісе алмаушылықтарды үлкейтіп көрсетуге қандай қажеттілік бар? Мен ондай қажеттілікті көріп тұрғаным жоқ. Кейбір зиялы қауым арасында сөз болып жүрген Тұрар Рысқұлов Сталинге жазған хаты арқылы алашордашыларға опасыздық жасады деген пікірге – ешқандай негізі жоқ. Мәселе мынада – Алаш қозғалысына, Алаш қайраткерлеріне 1923-1924 жылдардан бұрын, 1917 жылға дейін-ақ патшалық билік сеператистер ретінде қарады. Советтік билік жағдайында Сталин де осындай ұстанымда болды. Қазақ зиялыларына ұлтшылдар ретінде, ұлттық мемлекет құрушылар ретінде қарады. Алаш зиялыларын Қазан төңкерісінен бұрын патша үкіметі, одан кейін кеңес үкіметі қудалады.Азаттық қозғалыс басшысы Әлихан Бөкейхановты 1908 жылы Самараға жер аударып, 1917 жылға дейін елге келуіне шектеу жасады. 1922 жылы Семейде тұтқынға алып, Мәскеуде бір бөлмелі пәтер беріп, сонда ұстады. 1937 жылға дейін Қазақстанға келуге құқығы болмады. Сталин 1917 жылдан бастап Алаш зиялыларын шеттетіп, билікке жібермеді. 1918-1919 жылдардан бастап Сталин қазақ қоғамын басқару ісіне кімдерді тартты? Ұлт-азаттық қозғалысына қарсы ұстанымдығы адамдарды. Мұнда алдымен көзге түскені — Әліби Жангелдин. 1917 жылға дейін қазақ қоғамында белгілі бір қызметімен танылмаған, беймәлім адам болатын. Ол туралы «Қазақ» газетінде мақала жарияланған. Онда Ә.Бөкейхан Петроград жұмысшы және солдат депутаттары советінің жіберуімен Бүкілресейлік құрылтай жиналысына депутаттыққа тек социал-демократтардың өкілдерін ғана сайлауға үгіттеуге Торғай уезіне «миссионер» Әліби Жангелдиннің келгенін, бірақ оның бұл әрекетінен ештеңе шықпағандығын айтып, сайлау нәтижесінде Торғай уезі бойынша Алаш партиясы – 54978 дауыс, ал социал-демократтардың бар-жоғы 41 дауысқа ғана ие болғандығын жазады. Өз ретінде Ә.Жангелдин де айналасына ұлтқа жаны ашымайтындарды тартты. Соның бірі Мұхамедияр Тұнғачин еді. Ол 1917 жылғы төңкеріске дейін ұзақ мерзім Орынборда татар және қазақ басылымдарының цензоры болып, ұлт-азаттық ұстанымындағы қазақ зиялыларына қарсы патшалық билікке қызмет жасаған адам еді. Ал Тұрар Рысқұлов Алашқа қарсы саяси жазалауды бастап берді деу – ешқандай негізі жоқ жала. Кеңес үкіметі Т.Рысқұловтың хатынан бұрын- ақ Алашордаға қарсы ұстанымда болған. Ол жөнінде тарихи фактілер жетерлік, бұл арада оларға сілтеме жасап жатудың қажеті жоқ деп білімін.Біз тарихи тұлғаларды жөнсіз бір-біріне қарсы қоюды доғарғанымыз жөн. Олардың өмір сүрген заманынан бір ғасырға жуық уақыт өтті. Ал біз болсақ, онлардың арасында орын алған ұсақ-түйек келіспеушілікті дабырайтып көрсетіп, бітпейтін дауды қуып, әуре-сарсанға түсіп жүрміз.

– Қазақ мемлекеттілігін қалпына кеалтіру ісін қолға алған ұлт зиялыларының ерлігі – таусылмас хикая. Біз бүгін сол Алаш қайраткерлерінің еңбегін қандай дәрежеде қоғамға жеткізіп жүрміз?

– «Алаш туы астында күн сөнгенше сөнбейміз, енді Алашты ешкімнің қорлығына бермейміз» деп ұрандаған Алаш ардақтыларының асыл мұраты орындалды. Әлихан Бөкейхан «Мемлекеттігі жоқ халық – жетім әрі жетекшіл халық» деп айтқан еді. Мен соңғы кездері көпшілік ортада Алашорда қозғалысын кейбіреулердің әншейін бір топ зиялылардың қызметі, солардың қозғалысы деп ойлайтындығына куә болдым. Шын мәнінде, «Алаш» деген сөз – қазақтың бір аты. XІV-XVІ ғасырларда қазақтың өз ішіндегі атауы Алаш болған.

Кеңес идеологиясы Алаш қозғалысын халықтан бөліп тастауға тырысқан. Халықты алаш зиялыларына қарсы қойған. Оларға буржуазиялық қоғамдық қатынастар үшін күрескен қазақ ұлтшылдары ретінде қараған. Ал шын мәнінде Алаш қозғалысы қазақ ұлт азаттығы қозғалысы дегенді білдіреді. Біз солай қабылдауымыз керек. Егер Алаш қозғалысы болмаса, біз кім болар едік? Сахарада қой соңында жүрген тобыр ретінде қалар едік. Олар өз бағдарламасымен, іс-әрекетімен бізді ұлт деңгейіне көтерді. 1917 жылы жазылған Алаш партиясының бағдарламасын кез келген еуропалық партиялардың бағдарламасымен салыстырып, қатар қойып, қабылдауға болады. Алаш партиясының өмірге келуі қазақ елінің ортаазиялық кеңістікте алда тұрғандығының көрінісі.Иә, рас, 1917 жылы Қоқанда Түркістан автономиясы өмірге келді. Дегенмен ол үкіметті құрғандарың басында Мұстафа Шоқай, Мұхамеджан Тынышпаев және Серікбай Ақаев сияқты алаштың азаматтары жүрді. Алаштық азаматтардың деңгейінің қаншалықты жоғары болғандығын осы фактіден байқауға болады. Тағы бір мәселе – егер Алаш қозғалысының бағдарламасы іске асқан жағдайда біз кім болатын едік? Егер орындалғанда біз мүлдем басқа сападағы, басқа деңгейдегі ұлтқа айналатын едік. Мысалы, 1917 жылы өзбек ағайындардың саны – 3,5 миллион, қазақтардың саны 5,5-6 миллион еді. Бүгінде өзбек ағайындардың саны 30 миллионға жетіп қалды. Ал қазақтар 10 миллионнан енді асып үлгерді. Неге олай болды? Себебі біз кеңестік реформаның даму вариантымен жүруге мәжбүр болдық. Француздың ұлы ойшылы Жан Жак Руссо «Кез келген биліктің қызметін бағалаудың негізгі өлшемі сол мемлекеттегі халықтың сан жағынан өсуінен немесе кеміп кетуінен байқауға болады» деген пікір айтқан.1931-1933жылдардағы аштық тұсында қазақ халқы жартысына жуығынан айырылды. Алаштың жеңілуі – ұлттың жеңілуі, осы фактіні мойындағанымыз жөн. Әлихан Бөкейхановқа атылған оқ ұлттық идеяға атылған оқ еді. Ал біз бүгін сол жоғалтқанымызбен табысып жатырмыз. Жақында Қарағанды қаласында алашордашылардың қызметіне арналған ғылыми конференция болып өтті. Сонда бір профессордың айтқандары есіме түсіп отыр. Әлімхан Ермеков (алашордашылардың ең соңында өмірден қайтқан тұлға еді) 1960 жылдары айтқан екен: «Азаттық қозғалысы әлемнің барлық елдерінде болған. Олардың тұлғалары да империялық күштер тарапынан қудалауға ұшырады. Бірақ олар дәл қазақ қайраткерлері сияқты баудай оталған жоқ еді». Оны жасаған кім? Кеңес үкіметі. Ондағы ойы қазақ халқын тәуелді, ассимиляцияға ұшыраған халыққа, ұлт мәдениетін көшірме мәдениетке айналдыру еді. Құдайға шүкір, бүгін біз қазақ мемлекеттілігін қайта жаңғырту мүмкіндігіне ие болдық. Әлем елдерімен еркін қарым-қатынас жасай алатын жағдайға жеттік. Жүріп жатқан бәсекелестікке шыдау үшін бізде ұлттық рух, жоғары мәдениет, сапалы білім болуы керек.

– Төл тарихымыздың жазылуына бұл күнде тарихшылардан гөрі әдебиетшілер көптеп атсалысып жүрген сыңайлы. Оның дәлелі – біздегі тарихи романдар, қол бастаған батырлар туралы өмірбаяндық романдар көп, ондағы деректерде бірізділік бар ма?

– Еліміздің тарихын жазуда жазушылар басымдық танытып жүр дегенге келіспеймін. Жалпы, тарихты қашанда тарихшылар жазады. Тарих ғылымында тарихи жад, ғылыми тарих деген екі түрлі ұғым бар. Елдің, ұлттың тарихы ғылыми негізде жазылғаны жөн. Сонда ғана ол негізді, дәлелді болып шығады. Сол арқылы ұлттың тарихи танымын қалыптастыруға болады. Роман жазушылар көбінесе тарихи фактілерге қарағанда халықтың жадындағы деректерге сүйеніп, көркемдік бояу, әдеби образдармен жазады. Халыққа түсінікті тілмен баяндайды. Мұның өзі – әдебиеттің, көркем шығарманың ерекшелігі. Қазіргі кезде ғылыми тарих қазақ тарихының ең күрделі мәселелерін игеру жолында тұр. Антрополог – ғалым Оразақ Смағұлов ағамыз бүгінгі қазақтардың қанында ерте замандарда біздің жерімізде өмір сүріп мемлекет құрған, мәдениет қалыптастырған сақ, үйсін сияқты халықтардың қаны бар, солармен арамызда тікелей гендік (генетикалық) байланыс бар дейді. Бұл ұзақ жылдар бойы жүргізілген зерттеу нәтижесінде жасалынған тұжырым. Құдайға шүкір, тарихшылар қазақ мемлекеттілігінің, ұлтының қалыптасуына байланысты іргелі еңбектерді тәуелсіздік жылдары еркін жаза бастады. Бірақ бұдан да қарқындырақ, жемістірек болғаны жақсы болар еді. Қалай болғанда да тарихты қорыту процесі кәсіби тарихшылар тарапынан жүріп жатыр. Әрі солай болып қала беруі тиіс. Оны жоққа шығаруға болмайды. Ал енді жазушылар көркем шығармаларында ғылыми еңбектерге сүйенгені дұрыс болмақ. Сонда ғана ғылым мен көркем шығарманың арасындағы табиғи байланыс, үйлесім табылмақ. Ал бізде қазір етек алып бара жатқаны – региондық масштабтағы батырлар туралы көркем шығармалар көптеп жазылуда. Мүмкін,тарихты қорыту ісінде бұл да керек шығар.

Тарихтан шерткен, тағылымы терең сыр-сұхбатыңызға рахмет.

//Алаш Айнасы №52 (963) 2.04.2013

http://alashaіnasy.kz/person/-41543/

Мәмбет Қойгелді, тарих ғылымдарының докторы, профессор: ДӘСТҮРЛІ ҚАЗАҚ ҚОҒАМЫНДА ӘДІЛ БИЛІК ӨТЕ ЖОҒАРЫ БАҒАЛАНҒАН

– Мәмбет Құлжабайұлы, қазақтың данагөй абызы Төле бидің қоғамдық-саяси қызметі жөнінде жазба деректер көп емес. Дегенмен, ерлігі де, өрлігі де, төрелігі де ұрпақтан-ұрпаққа өнеге болып жалғасқан бабамыздың еңбегі бізге қалай жетті.

– Төле бидің қайраткерлік қызметі мен шешендік өнері туралы Алексей Левшиннің еңбектерінде бірнеше жолдар, сондай-ақ, Ресей мұражайларында сақталған құжаттық материалдар бар. Бұл деректердің маңызын мойындай отырып, би қызметі туралы ең негізгі және көлемді материалдың халық жадында сақталғандығын айтқым келеді. Халық жады бізге Төле бидің өмірі мен сіңірген еңбегі туралы толық мәлімет бермесе де біршама жүйелі, дәлелді түсінік жеткізді. Осы ел арасында сақталып келген деректердің негізінде «Төле бидің тарихы» сияқты ғылыми тұрғыдан құнды тарихи жырды кейінгі ұрпаққа жеткізген Қазанғап Байболұлы-сияқты жыраудың еңбегін айта кету керек. Қазанғап жырау би тарихын баяндау барысында үлкен іззет танытып, өзінен бұрынғы Әбдірайым, Жақырбек, Әлімқұл, Әлдеке, Астай, Шалабек, Арғынбай, Мәуітбек, Тоспанар, Ботпай, Торта, Естай, Бекасыл, Қарамолда, Хасан, Ергөбек, Айқымбай, Жетібай, Батырбек, Әмір Сәмбет, Байтоқ, Ақмырза сияқты шежіре – тарих айтқан кәріқұлақ кісілердіңкөрсетулерін тиесілі жерінде жібермей айтқан. Ал, ол шежіре – тарихтардың біразы жыраудың айтуынша халық арасында жазба түрінде тараған.

– Енді айтыңызшы, Төле бидің дүниеге келген жылы мен туған жері жайындағы тарихи деректердің шындығы қайсы?

– Халық арасында кең тараған аңыз-әңгімелердің көрсетуі бойынша, Төле би 1663 жылы Шу өзенінің бойы Жайсан жайлауында Әлібек бидің үйінде дүниеге келеді. Көп тыңдап аз сөйлеген, бірақ бұрмай тұрасын айтқаны үшін ол кісіні ортасы би ретінде мойындаған екен. Төленің арғы атасы Құдайберді Есім хан заманында төбе би есебінде хан сыртта жүргенде ел басқарған көрінеді. Құдайбердіден соң Әлібек елінің қалауы бойынша би болады да, оның үйі күнделікті ел арасында туып отырған дау – жанжалдың, зорлық пен панасыздықтың шешімін күткен жерге айналады. Зерделі бала кәмелетке толмай жатып-ақ ауыл ақсақалдарының сөзін аңдып, атасының соңына еріп қаршадайынан билік естіп, сөз астарын қуып есейген. Сөздің бағасын ерте таныған, сөзге тоқтаудың не екенін білген. Бала Төле жәбірлінің аққан көз жасын,шерлінің айтқан мұңы мен зарын естіп, малшылармен бірге мал бағып, бейнеттің не екенін көріп өседі. әр кәсіпті терең игеру табиғи қабілеттілікті талап етеді ғой мұндай бейімділікті Төле өте ерте танытып, жастайынан билікке араласып, «қойшы би», «бала би» атанады.

– Қазақ даласына қазіргі сот жүйесі келмей тұрып та шешімін тауып отырған қылмыстық, даулы істердің басы-қасында болған билердің қалыптасу кезеңі қай тұс еді?

– 18 ғасырдың басы қазақ қоғамында билердің әлеуметтік-құқықтық салмағы арта түскен кезең болды. Оған негіз болған биліктің, хандық институтының дағдарысқа ұшырауы еді. 1723 жылғы жоңғар шабуылы бұл үрдісті біржола күшейтіп жіберді. Жалпы билердің қоғамдық әлеуметтік рөлінің бұрын болмаған дәрежеге көтерілуі Тәуке хан заманына тұспа-тұс келеді. Билер феодалдық қызметтің құқықтық қатынасын бір жүйеге келтіруге тікелей ат салысып, ірі сұлтандар мен бай-шонжарлардың саяси бытыраңқылық әрекеттеріне аз уақыт болса да шек қоя білді. Соған байланысты қазақ қоғамында Тәуке хан билік құрған 1680-1718 жылдар халық жадына үш би, яғни, Төле, Қазыбек және Әйтеке мен бір хан басқарған тарихи кезең болып енді. Бұл билер қиын-қыстау заманда ұлт ретінде жойылып кету қаупі төнгенде бар билік қуаты мен талантын ел бірлігі мен тәуелсіздігіне сарқа жұмсағаны үшін халықтың есінде қалды. Дәстүрлі қазақ қоғамында әділ билік өте жоғары бағаланған.

– Ұлт азаттығы мен тәуелсіздігі үшін күресте қазақта қаншама ұлы оқиғалар болды. Соның бірі «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» кезеңіне қатысты тарихтың ашылмаған парақтары көптігі алға тартылып жүр. Осы сәтте елдің басына түскен ауыртпалықты көтерген ел ақсақалдары, билері, батырлары емес пе?

– «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» тарихының әлі ашылмаған беттері көп екені рас. Егер оларды халық жадымен сақталып келген фактілік материалдар арқылы жүйелі түрде ақтара түссек, халықтың, оның әр түрлі әлеуметтік топтарының болашақ үшін азапты күресін көрсететін, бүгінгі және келер ұрпақтың назарына лайық көптеген жайларды кезіктіруге болады. Мысалы, «Ақтабан шұбырындының» алқашқы жылдары ел билеуші сұлтандардың өз жерінен басқа жұртқа ауа көшкен елдің тұрмыс-тіршілігін, бақыншыларға қарсы күресін ұйымдастыруда дәрменсіздік танытуына байланысты, бұл жұмыстар түгелімен халықтың қалың ортасынан шыққан, басқа түскен ауыртпалықты терең түсініп елді басқару және оны сақтау жауапкершілігін өз мойнына алған ел ақсақалдары мен билердің, батырлардың үлесіне тиген. Олардың сол жылдары рухани күйзеліске ұшыраған халыққа бағыт беру мақсатында елге жолдаған үндеулері кең тарап, бұқара арасынан қолдау тауып отырған. Осы «Ақтабан шұбырынды» кезеңінде қазақ халқының дағдарысқа ұшыраған шаруашылығын, тұрмыс-тіршілігін, жоңғар басқыншыларына қарсы күресін ұйымдастыруда, жаңа көршілермен қарым-қатынасын қалыптастыруда Төле би өзінің қайраткерлік қабілетімен ерекше көге түседі. Жаңа қоныс, ел арасында күнделікті туып отырған мәселелерді шешіп отыруы үшін халықтың өз ортасынан шығарған басшыларының кеңесі өткізіліп отырған. Ол туралы тарихи жырда « содан үш жүз болып жиылып, күнде кеңес құрылып» делінген деректер бар. Қазанғап жыраудың аталған еңбегінде сол кеңестерге сөйлеген Төле ойлары мен ұсыныстарының негізгі желісі берілген. Төле би өз сөздерінде ата жұрттан ауа көшкен елін түркімен, қарақалпақ, өзбек сияқты туыс халықтармен бейбіт, жылы қатынаста болуға, кешірімділік пен кеңдікке шақырады. Төле бидің, мәселен, қырғыз және қазақтардың өзара достық қатынаста болуына да қосқан елеулі үлесі бар.

– Сол кездері үлкен өріс ала бастаған орыс-қазақ қатынасының да басында тұрған саяси тұлға болды дейді...

– Бұл да рас. Төле би жоңғар басқыншыларымен күресте Ресей сияқты қуатты мемлекетпен одақ құру қажеттігін тура түсінген қайраткерлердің қатарында болды. Шығыстан төнген қауіп жағдайында өз халқының болашағы үшін Ресеймен достық қатынастың маңызын өте жақсы түсінген ол өмірінің соңына дейін Орынбордағы жергілікті орыс әкімшілігімен байланысын үзбеген. Ол туралы Сенат архивінен мынадай фактіні оқуға болады. 1740 жылы 29 шілде күні Орынбор комиссиясының сол кездегі бастығы генерал-лейтенант князь Урусов Сенат отырысында жасаған баяндамасында былай деп хабарлайды: « ... из Ташкента от Толебия прислан некоторый ташкенец, называемый Катай, с письмами к Барак Салтану, а Барак Салтан послал его к Джанебек батырю с письмом, акибь под Ташкент прикочевали от Галдан Чирина два Зайсанга калмыцкие и слышно де, что оные Зайсанга имеют намерение на них Барак Салтана и на Джаныбека-батыря, и на других со своими людьми нападете чинить, и ежели то правда, то какие ему в том меры принять, требуете указа». Одан ары сенат хатшысы А.Красовскийге осы мағынадағы хабардың үкіметтік кабинетке түскен немесе түспегендігін анықтауды және ондай хабар түскен күнде оны князь Урусовтың мәліметімен бірге кабинет министрліктің қарауына жеткізуді тапсырады. Бұл деректен Төле бидің орыс әкімшілігімен тұрақты байланыста болып, оған өлкедегі саяси жағдайды баяндап және ойрат басқыншылықтарына қарсы әскери көмек сұрап отырғандығын байқауға болады. Осы ретте ескерте кететін жағдай, Орынбордағы орыс әкімшілігімен хат алысу арқылы тұрақты байланысты Қаз дауысты Қазыбек би де орнатқан еді.

1741 жылы сұлтан Абылай Галдан-Цереннің арнайы жіберген адамдарының қолына түседі де, екі жылға жуық мерзім ойрат ханының қолында тұтқында болады. Сол кездегі ойрат басқыншыларына қарсы күрестің ең белсенді ұйымдастырушыларының біріне айналған Абылайдың жау қолына түсуі қазақ басқарушы топтары арасында үлкен абыржу туғызады. Міне, осы тұста Төле би мен Әбілқайыр ханның өтініші бойынша орынбор әкімшілігі Абылайды босатып алу мақсатында Жоңғар хандығына орыс-қазақ елшілігін ұйымдастырады. Бұл келтірген фактілер бидің орыс-қазақ қатынасының басында тұрған саяси тұлғалардың бірі екендігін көрсетеді.

– «Ынтымағы, бірлігі мықты елді жау да, дау да, ала алмайды» деген бидің билік туралы пікіріне қысқаша тоқталыңызшы.

– «Ежелден елдің бетін бір кісі билеуге ауыр, екі кісі билеуге аз.дау-таластың себебі осыдан туындайды...» деген Төле бидің билік туралы ойы, өкінішке қарай, бізге толық күйінде жетпеген. Тәуке ханның төбе биі болған Төленің ойы бойынша саяси биліктің ең жетілген түрі сұлтандардың емес, билердің кеңесіне сүйенген хандық билік. Дамыған феодалдық қатынастар жағдайында және сырттан төнген қауіп алдында барлық тайпа, жүздердің саяси бірлігін қамтамасыз ете алатын хандық билік қоғамдық қажеттілік, ал ол билік дербестікке ұмтылған сұлтандарға немесе өз малы мен жайылымынан басқаны азырақ ойлайтын шонжарларға емес, өзінің қоғамда алатын объектівті орнына байланысты халыққа қабырғадан қар жауса атан менен нарға күш, ел шетіне жау келсе, батырлар мен биге күш» дейді Төле. Шын мәнінде сырттан қауіп төнгенде, елді жауға қарсы шақыра алатын билер институты еді. Билер жүз, тайпа аралық жер мен мал дауларын өздері шешіп отырды. Бидің тұжырымында «бастаушысы болмаса жалпақ жатқан ел ғаріп, тыңдаушысы болмаса ел ішінде ер ғаріп» болды. Тағы бірде ол «арамның берекесі таудай, түбі қылдай, адалдың берекесі тарыдай, түбі таудай» деп әділін ақтарылып айтады, ал әлеуметтік қайшылыққа келгенде «ата бабамызға момындық жаққан, момынның нәсібі артық, құдың құйрығы тұтам, ата жолмен жүрсендер азбайсындар» – дейді.

Төлеге халық сүйіспеншілігін негізгі сыры оның ел еңсесін басқан қиын-қыстау заманда сол қоғамдық қатынастар шеңберінде әділ билік үлгісін көрсетіп, халық жанына әділдік пен адалдықтың дәнін еге алуында еді. Халық әр уақытта, әсіресе сын кезеңдерде өз ортасынан ізгі мақсат-мүддесін, болашаққа деген ұмтылысын ерлік еңбегімен, күресімен білдіре алған перзенттерін шығарып отырған. Бұл тұрғыдан келгенде Төле би өзінен бұрынғы тарихи кезеңдерде өмір сүріп, халықтың рухани өсуіне үлкен ықпалын тигізген Майқы би, Асан қайғы,Жиренше шешен сияқты ойшылдардың заңды жалғасы, негізін солар қалаған гуманистік дәстүрді жаңа тарихи жағдайда одан ары дамытушы. Төле би қызметінен біз Майқы бидің қара қылды қақ жарған әділдігін, Асан қайғының ел берекесін ойлаған қамқорлығын, Жиреншенің қарапайым бейнет адамдарының мүддесін қорғауды ұмытпауға шақырған шешендік өнерін көргендей боламыз. Сондықтан да Төле би тұлғасы біздер үшін айқын, оның әділдік пен адалдыққа, адамгершілік пен ізгілікке үндеген ойлары халықтың рухани қазынасына еніп, талай ұрпақтың әділеттілік, отаншылдық сияқты қасиетті ұғым-түсініктерінің қалыптасуына қызмет етіп келеді. «Өз пайдасынәркім өзі ойлайды, ел пайдасын ер ойлайды»,- деген Төле бидің өзі де қиын-қыстау тарихи кезеңде халқының болашағы үшін белсене еңбек еткен ұлы тұлға.

//Ақ жол 24 қазан, 2013 жыл

АЛАШ ӨТКЕН ЖОЛ

(тарих ғылымдарының докторы, профессор Мәмбет Қойгелдиевпен сұхбат)

– Мәмбет аға, Алаш орда тарихын жетік білетін адамсыз. Қабырғалы қазақтың жартысынан астамы опат болған өткен ғасырдың 1921 және 32 жылдары аралығында болған аштық, одан кейін иісі қазақтың қаймағын сыпырып кеткен 37 жылғы қуғын-сүргін кезеңі сізге таныс. Қуғын-сүргін дегенде біз көбіне саяси көзқарасы қызыл империяға қайшы келген зиялыларымыздың жапа шеккенін еске аламыз. Ол кезде қызылдардың қырына тек билік тұтқасын ұстағандар ғана емес, ағартушылық жолда жүрген ғалымдар да ұшырады емес пе?

– Иә, оның рас. Жалпы, репрессия тарихы – ауқымды тақырып. Оның түрлі бағыттары, салалары бар. Біз соны салалап зерттегеніміз жөн. Мәселен, репрессияның ашылмай жүрген бір бағыты - биліктің ғалымдарды қудалауы. Бұл ретте ауызға алдымен ХХ ғасырдағы ұлттық ғылым бағыттарының негізін қалаушы Алаш зиялылары оралады. Кеңестік билік оларға байланысты репрессия жүргізген уақытында зиялыларды ғалым ретінде емес, саяси көзқарастары үшін қудалады. 30-жылдары жаңадан қалыптасып келе жатқан ұлт зиялыларының қызметі мен міндеті принциптік өзгерістерге ұшырады. Қазақ қоғамының қандай бағытта дамуы мен мазмұнын анықтау кеңестік биліктің қолына көшті. Қазақ зиялылары ХХ ғасырдың басында осы міндеттерді өздері атқаруға тырысты, бірақ бұл міндеттен олар біржола ығыстырылды. Реформалау және оның мазмұнын белгілеуде билікке тартылған қазақ азаматтарына тек орындаушылық міндет жүктелді. Осыны түсінген Алаш зиялылары ендігі жерде тек ағартушылықпен айналысуға, ғылымға ден қоюға мәжбүр болып, өздерін осы салада танытуға тырысты. Өйткені оларға мемлекеттік басқару ісінде өз қабілеттерін танытуға біржола шек қойылды. Патшалық билік секілді кеңестік билікте де зиялылардың көзқарастарын сепаратистік деп бағалады. 1917 жылы желтоқсанда өткен ІІ жалпықазақ съезі оқу ағарту комиссиясын құрды. Төрағасы болып А.Байтұрсынұлы бекітілді, оның құрамына М.Дулатов, М.Жұмабаев, Т.Шонанов сынды тұлғалар кірді. Сонда қабылданған бағдарлама бойынша ендігі жерде оқулық жазу мәселесі күн тәртібінде тұрды және жазды да. Ағартушылықтың негізгі қызметі ұлттық дүниетанымды, сананы, бірегейлікті қалыптастыру. Ұлт зиялылары жазған оқулықтары арқылы ұлтты оятуға, көкейіне ой салуға, түрткі жасауға ұмтылды. Репрессия Қазақстанға ғана емес, жалпы, Одаққа тән құбылыс. Мәселен, Ресейдің өзінде ғалымдарды қудалау 20-жылдары басталды. Осы жылдары Ленинградта бір топ орыс ғалымы ұсталды. Бұл – Ресейдегі «академиялық істің» бастамасы. Сол репрессияның құрбандары академик С.Платонов, Е.Тарле, Н. Лихачев, М. Любавский сияқты көрнекті ғалымдар еді. Реп-рессия Ленинградта 1929 жылы басталып, «академиялық іс» бойынша 100-ден астам адам абақтыға жабылды. Бір айта кетерлігі – Ресейдегі репрессияның өз бағыты, мазмұны болды. Мысалы, С.Ф. Платоновқа: «Қазан революциясын, социалистік идеяны қабылдамадың, патшалық монархиялық құрылысты жақтайсың» деген айып тағылды. Яғни ғалымдар болшевиктік ұстанымды қабылдауы керек болды. Бейтарап қалған ғалымдарды билік өзіне қарсы күш деп таныды. Осылайша репрессия Ресейде тікелей партиялық таптық көзқарас тұрғысынан жүрді.

– Ал бізде қалай болды?

– Қазақстанда қудалау басқаша сипатта жүргізілді. Қазақ ғалымдарынан да большевиктік көзқарасты қабылдау талап етілді, сонымен қоса «буржуазиялық ұлтшылдық көзқарастасың деп, сондай-ақ қазақ ұлтшылдары» деп айыптады. 30-жылдары репрессия құрбандары болған ғалымдардың бірі һәм бірегейі – филолог ғалым Құдайберген Қуанұлы Жұбанов. Ғалымды Б.Қаратаевтың ізбасары, інісі деп атауға болады.Қ.Жұбановтың қатарластары 20-жылдардың аяғына таман ел ісіне араласа бастайды. Бұл буын алдыңғы буын ағалардың ықпалында қалыптасты. Қ.Жұбанов қатарластары сол кезде жарық көрген қазақ газеттерін оқып өсті. Әсіресе, оларға «Қазақ» газетінің әсері үлкен болды. Ғалым «Көсем» газеті мен «Тез» деген қолжазба журналын шығарды. Тергеу материалдарында Қ.Жұбановтың шығарған газеттерін ұлтшылдық сипатта, жастарға буржуазиялық көзқарасты насихаттады деп айып тағылған. 1930 жылдары Қ.Жұбановтың Ұлттық тілді жаңа сапаға көтеру, әкімшілік және ғылыми тілге айналдыру арқылы жалпыұлттық мүддеге қызмет етуге деген ұмтылысы байқалады. Ғалым саяси қызметпен айналыспағанына қарамастан 1937 жылы 19 қарашада қамауға алынады. НКВД офицерінің дайындаған қаулысында «Қ.Жұбановтың белгілі дәрежеде құнды болып табылатын жеке кітапханасы бар. Сондықтан оған тән кітаптардың бәрі де сот шешіміне дейін НКВД-ның комендатурасына тапсырылсын» делінген. Мұнымен қатар тінту кезінде 12 жазу дәптері мен бір бума түрлі қолжазба алынған.

– Тек Жұбанов қана емес, өзгеде «елім, жерім» деген ғалымдар түрлі себептермен қудаланды, абақтыға қамалды емес пе?

– 110/20 тергеу ісі бойынша «қазақ ұлтшылдары» деген желеумен Ж. Сұлтанбеков, Т.Шонанов, Т.Жүргенов сынды ұлт қайраткерлері жауапқа тартылды. Телжан Шонановты Мирзоянға қазақ тілін оқытатын оқытушы етіп бекітіп, Мирзоянды өлтіруді ойлаған деген айып тағылған. Мұны жасаған контрреволюциялық ұстанымдағы қазақ зиялылары. Яғни Шонанов өз әйелі Қазақ мемлекеттік университетінің студенті Шахзада Шонанованы пайдаланып, университетте өрт ұйымдастырды деген. Шахзада Шонанова Бақытжан Қаратаевтың інісі Асқар Қаратаевтың қызы. Алғашқы жолдасы Ыдырыс Мұстамбаев болған. Университет лабораториясын өртемек болдың деген айыппен сотталған. Өрт 1935 жылы 20-21 қазанда болған. Тергеу құжаттарында өртті ұйымдастыруға Қ. Жұбанов та қатынасты делінеді. Ақиқатын айтар болсақ, Қ. Жұбанов сияқты ғалымдардың жауапқа тартылуы логикалық тұрғыдан негізсіз, қылмысын дәлелдейтін бірде-бір дерек жоқ. Соған байланысты 1957 жылы 8 ақпанда Кеңестер Одағы Жоғарғы сотының әскери коллегиясы ғалымның ісін қарап, оған тағылған айыпты жала деп таниды. 30-жылдары ағартушылық, елдік ұстанымдағы ғалымдарға жасалған шабуылдың бұл бір ғана көрінісі. Қазақстандағы репрессияның бір ерекшелігі – қудалау перманентті, яғни үзіліссіз жүрді. Бірде ашық, бірде жабық күйінде үздіксіз жалғасқан қудалау 1920 жылдары басталып, 1990 жылға дейін созылды. Осы аралықта талай қазақтың арда азаматтары жазықсыз жапа шекті. Қамалды, атылды, ит жеккенге айдалды. Негізсіз жала жабылып ұсталғандардың бірі - тікелей Голощекиннің тапсырмасы бойынша 1933 жылы Мәскеуге командировка барысында ұсталған қазақ қайраткері Ыдырыс Мұстамбаев еді. Алматыға алып келгеннен кейін тергеу жұмысы басталады. Оған «Түрік халық партиясын құрдың» деген айып тағылады. Партияның мақсаты – тәуелсіз Тұран мемлекетін құру деп көрсетіледі.Тағы бір қудаланған адам – Есмағамбет Исмаилов әдебиеттанушы ғалым ретінде танымал. Қазіргі М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында ғылыми қызметкер болған. Е.Исмаиловтың алғаш тұтқындалған жыл – 1933. «Түрік халық партиясын» құруға қатысты деген айып тағылғанымен, ол дәлелденбегендіктен қайтадан босатылады. 1933 жылы ұсталған зиялыларға олар істемеген істі мойындату үшін ОГПУ тергеушілері түрлі жауыз әдістер қолданған. Ол туралы Иса Тоқтыбаев жазған. Оның өзі де 1933 жылы Мәскеуде әскери академияда мұғалімдік қызмет атқарып жүріп «ұсталғандардың» бірі. Осы жылы неге белсенді қайраткерлер ұсталды дегенге келсек, бұл Голощекиннің әдейі жасаған ісі еді. Өйткені 1931-33 жылдардағы Голощекин өз қателігінен болған аштықтың себебін қазақ зиялыларына жаба салуды көздеді. Иса Тоқтыбаев 1933-54 жылдар аралығында үздіксіз қудалауда жүрді. Атылмады, аман қалды, бірақ өмірінің көп бөлігі қуғында өтті. Кейін Сталин қайтыс болғаннан кейін ОГПУ тергеушілерінің тұтқынға алынған жазықсыздарды қалай қудалағаны жөнінде жазды. «Осы ретте ОГПУ тергеушілерінің жасаған мынадай бір жағдайды ескертуге тиістімін. Сол тұстағы бұл мекеме тергеушілері «адам болса болғаны, ал оған таңылатын іс табылады» деген ұстанымды басшылыққа алды. Репрессия құрбандары мұны жақсы біледі. Қазақстан ОГПУ-НКВД тергеулері ұйымдастырған 1933-1954 жылдары басынан-аяғына дейін жүріп өткен тұлғалардың бірі осы – Иса Тоқтыбаев. Ол Ф.Голощекин ұстанымдарына ашық қарсылық көрсеткен. Оны тұтқындау туралы ОГПУ орындарына тапсырыс берген Голощекин болатын. Республикада қате жүргізілген саясаттың кесірінен аштыққа ұшыратқан өз кінәсін оппозициялық күштерге аударып салуды көздеді. Ал Иса Тоқтыбаевтың тікелей өзіне «басқа көрші елдерге ауа көшкен қазақтардың көшін ұйымдастырдың» деген айып таңылды. Бұл жөнінде И.Тоқтыбаев 1956 жылы Кеңестер Одағы коммунистік партиясының ХХ съезінің президиумына жолдаған шағымында: «Кәрі мылжың, мақтаншақ Ф.Голощекиннің айтуы бойынша тергеушілердің маған таққан айыбы бүтіндей жала болатын. Қазақтардың Қазақстаннан тыс елдерге көшуін ұйымдастырдың деген кінә ойдан шығарылған. Мен ешқашан да және ешқандай жерде Қазақстаннан басқа өңірлерге қазақтардың көшіп кетуін ұйымдастырған емеспін. Мен бұл істі қалай атқармақпын, егер қазақтардың басқа елдерге ауа көшуі кезінде Ленинград қаласында тұрып, Қазақстан территориясына аяқ баспаған болсам?», – дейді. ОГПУ тергеушілерінің жоқ жерден «қамауға алындың ба кінәлісің, кінәлі болмасаң боласың» деп қоқан-лоқы жасап отырған.

– «Болмағанды болды» деп үркіте отырып қол қойдырып алу, қызыл империяның кәнігі әдісі емес пе?

– 1950 жылдары жүргізілген қудалау саясаты тарихшыларды да айналып өтпеді. Е.Бекмаханов, Б.Сүлейменов сынды қайраткерлер қазақтан шыққан тұңғыш кәсіби тарихшылар болатын. Алғашқы буын тарихшылардың бойынан ұлт тарихын жазуға деген құлшынысты анық байқайсың. Олар қазақ тарихын объективті, ғылыми тұрғыдан қорытуға тырысты. Бірақ ол кездегі билік олардың бұл қызметін ұлтшылдық деп бағалады. Б.Сүлейменов Е.Бекмахановтан 48 күн бұрын ұсталған, бұл – тарихшылардан Бекмаханов қана қуғынға ұшыраған деген жаңсақ пікірді жоққа шығарады. Тергеу материалдарынан байқалатыны – осы екі тарихшының тегіне қатты «үңілетіндіктері». Е.Бекмахановты ханның тұқымы десе, Б.Сүлейменовті байдың баласы деп көрсетеді. Тарихи деректер Б.Сүлейменовтің әкесі 5 жасында сүзектен, анасын 8 жасында белгісіз біреулер өлтіріп (әкесі өлген соң жастай қалған шешесін әмеңгерлік салты бойынша өзгеге қоспақ болады, бұған келіспеген анасын аттың құйрығына байлап өлтірген) қайтыс болады. Осы тарихшыларға байланысты тергеу жұмыстарының әділдік іздеу емес, қайткен күнде де кінә тағу мақсатымен жүргізілген. Б.Сүлейменов қайсар, өжет азамат еді. Ашуы келген тұста тергеушіні астындағы орындықпен ұрған. Ол екінің бірінің қолынан келе бермес нәрсе. Сотта өз кінәсінің жоқтығын ашық айтады. Әрине, біз тілге тиек еткен бір-екілі ғана ғалым адамдар. Тізе берсек көп қой. Сол қызыл империяның қырына ілігіп, қуғын-сүргіннің құрбаны болған, жазықсыз жапа шеккен арыстарымызды ардақтап, халықтың есіне салып, дәріптеп отыру – біздің һәм келер ұрпақтың парызы.

//Айқын № 95 (2250)

31 мамыр, 2013

МҰХАММЕД ХАЙДАР ҚАЗАҚ ТАРИХЫН АЛҒАШ ЖАЗҒАН ТАРИХШЫЛАРДЫҢ БІРІ

– Мәмбет мырза, Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарих-и Рашиди» еңбегі қай жылы жазылған еді? Жалпы ғұламаның қазақ халқына қандай жақындығы бар?

– Мұсылман жыл санауы бойынша 952 жылы «зен-әл-ха-же», яғни қазіргі біз қабылдаған жыл санауы бойынша 1546 жылы 3 наурыз күні аяқталған, басқаша айтқанда, осыдан төрт жарым ғасырдан астам уақыт бұрын жазылған Мұхаммед Хайдар ибн Хұсейін «Тарих-и Рашиди» атты еңбегінің біздің санамызға тигізер ықпалы неге әлсіремей, өз сөзімен айтқанда, бүгінгі зерттеушілердің «дарындылығы мен намысқойлығынан» ба, жоқ әлде асылдан басқаны жуып-шайып өте шығатын өмірдің өзінен туындаған табиғи қоғамдық рухани сұраныс па?

Біздің түсінігімізше, бұл арада осы айтылған екі себеп те бар және олардың болуы – толық табиғи құбылыс. Мырза Мұхаммед Хайдарды бізден, яғни халқымыздың рухани мәдениетінен алыстатуға ешқандай да қисын жоқ. Біріншіден, Мырза Мұхаммед Хайдар – біздің отандасымыз. Ол өмір сүрген XVІ ғасырда, ұлы ғалымның өзінің сөзімен айтқанда, «Қытай шебі мен Ферғана өңірі» арасында тіршілік құрып, түрлі ірі тайпалық одақтардан тұрған түркі халқы бүтін бір ортағасырлық этнос болатын. Олардың арасында кейінгі ғасырларда пайда болған шекара, тілдік, психологиялық және басқа алшақтықтар тым әлсіз еді. Бұған қосымша XV ғасырда өмірге келген Қазақ хандығының бесігі Жетісу Мырза Мұхаммед Хайдар жанымен сүйген отаны – Моғолстанның құрамды бөлігі болатын. Ұлы ғалым Жетісуға, Дешті-Қыпшаққа, елінің салт-дәстүріне, Қасым хан сияқты кемеңгер билеушілеріне аса үлкен ілтипатпен қарады. Өз шығармасында моғол билеушілерінің қазақ хандарымен болған өзара жылы қатынасын үлкен ықыласпен баяндап, кейінгі ұрпаққа қалдырды. Екіншіден, Мырза Мұхаммед Хайдар Оңтүстік Қазақстан мен Шығыс Түркістан көне замандардан бері өзіне құтты мекен етіп келе жатқан дулат тайпасынан. Ал дулат тайпасы Жетісу жерінде өмірге келген Қазақ хандығының ірге тасын құрған қабырғалы жұртының бірі болғандығы даусыз шындық. Бізге мәлім деректердің куәлігі бойынша, Жетісу өңірінің көне замандардан негізгі тұрғындары болған үйсін-дулат жұртына мұндай еншіні қимау, әрине, ғылыми логикаға қарсы шығумен бірдей болар еді. Н.А. Аристовтың көрсетуінде қазақ елінің құрамындағы дулат тайпасының саны XІX ғасырдың соңына қарай қырық мың шаңыраққа жеткен. Дулат жұртының моғолдар мемлекетінің саяси өміріне белсенді түрде араласып, хандық билікке үлкен ықпал жасауы XІV ғасырдың екінші жартысына тұс келеді. Шығыс Түркістандағы моғолдар династиясының негізін қалаушы Тоғылық Темір ханның билігі тұсында соңынан басқа әмірлерді ертіп ислам дінін бірінші болып қабылдаған әмір Төлек осы дулат тайпасынан. Ол жөнінде Мұхаммед Хайдар: «Сарайдағы әмірлерді біртіндеп шақырып мұсылман дініне кіруге ұсынды. Бірінші болып шақырылған әмір Төлек еді, ол менің нағашы атам болады, ол хан сөзін тыңдап болған соң көзіне жас алып: «Мен осыдан үш жыл бұрын Қашқарда мұсылмандықты қабылдаған едім. Тек сізден именіп, ағымнан жарыла алмай жүрмін. Енді маған бұдан артық бақыт жоқ» , – дейді. Мырза Мұхаммед Хайдардың баяндауынша моғол мемлекеттігінің, қоғамның өркениеттік негізі – дін. Тоғылық Темір хан моғолдар мемлекетінде, ислам дінін жаюшы Қожа Шейх Жамаладдинге: «Адамды иттен артық етіп тұрған не?» – деген сауалмен қайырады. Сонда Қожа ойланбастан: «Иман», – деп жауап береді. Ал осы моғолдар мемлекетінде алғашқылардың бірі болып Меккеге барып құлшылық жасап, Мәдинада көз жұмған Құдайдат әмір де дулат тайпасынан. Ел арасындағы деректерге қарағанда Құдайдат алты ханды моғол тағына отырғызған аса беделді адам болған. Бұл кісі Мұхаммед Хайдардың тікелей арғы тегінен еді, діни қызметінде Самарқанның билеушісі Ұлықбектің қолдауына сүйенген.

– Мұхаммед Хайдардың «Тарих-и Рашиди» еңбегі бүгінгі таңда өз тарихымызды танып білуде баға жетпес шығарма болып отыр. Ал енді осы еңбектің қазақ халқының тарихын зерттеу мәселесіндегі ғылыми айналымға қосқан үлесінің үлес салмағын ажыратып, өз деңгейіндегі бағасын бере кетсеңіз?

– Бұл арада мәселенің мынадай қырына көңіл аударуға тура келеді. Ұлы тарихшы-ғалым өз еңбегінде моғолдар мемлекетінің, оның билеушілерінің өмір жолын баяндап қана қойған жоқ. Сонымен бірге, Орта Азиялық кеңістікте кезінде еркін бой көтеріп, дүниеге өзін танытып, соңын ала ел билеушілерінің тынымсыз өзара қырқысу нәтижесінде құлдырап жойылу жолына түскен ортағасырлық феодалдық мемлекеттің қайғылы тарихын жазып, кейінгі ұрпақтарға қалдырды.

Ұлы тарихшының пікірінше «тарихшылардың борышы – ұрпақтардың шежіресін қандай болмасын сол қалпында баяндап беру. Біз патшалардың тек жақсы мінезін ғана жазып, бөтен қылығын жасырып қала алмаймыз, барлық болған оқиғаны түгел баяндап, әлем жұртына танымал етіп, тарихта қалдырамыз. Кейінгі ұрпақ өз ата-бабасының тегін ғана біліп қоймай, сондай-ақ жағымды мінезбен бірге ұнамсыз қылықтардың да қандай пайда-зиян әкелерін бағамдап, келешектегі өмірінде қандай нәтиже берерін де болжап отыруға тиіс». Осы айтылған пікірге өзектес мынадай мәселеге тоқталып өту де артық емес сияқты. Мырза Мұхаммед Хайдар тарихының географиялық ауқымы үлкен. Одан маман тарихшылар Қытай, Үнді, Ауғанстан, Пәкістан және Ирак сияқты мемлекеттердің тарихына байланысты көптеген фактілік материалдарды кездестіре алады. Дегенмен, «Тарих-и Рашиди» – ең алдымен ортазиялық кеңістікті мекендеген түркі халықтар XІV-XVІ ғасырлардағы жүріп өткен жолының шежіресі. Олай болса, ірге тасын Бумын, Істеми, Елтеріс қағандар қалаған түркі өркениеті бұл тарихи кезеңде қандай үдерістерді бастан кешіруде еді.

–Мұхаммед Хайдар түркі халықтарына ортақ тарихтың авторларының бірі. Аты аңызға айналған тұлғаның сол замандағы түркі дүниесіне тиесілі қандай тарихи оқиғаларды өз қаламына арқау еткендігі жөнінде, әрі Шыңғыс хан әулетінің Қазақ даласында жасап келген үстемдігін өз еңбегінде қалай көрсетіп кеткендігіне нендей баға бере аласыз?

– Еңбекте сіз атап өтіп отырған дүниелер кеңінен қамтылған. Орта ғасырлар тарихының «Тарих-и Рашидиде» көрініс табуы сол дәуірдің тарихының жазылуына зор үлесін қосқан. Бұл бұлтартпас негізгі айғақтар, қолымызда бар бағалы фактілер. Және біз осы арада автордың қажымас еңбегі міндетті түрде атап өтуіміз керек. Ал, шын мәнісінде Дулати бар болғаны екі ғасыр ішінде, яғни XІІІ-XІV ғасырларда Орталық Азияны мекендеген түркі халықтары екі бірдей империяның (Алтын Орданың және Әмір Темір) пайда болып, күйреуінің куәсі болды. Қанды қақтығыстарға толы бұл тарихи кезеңнің аяқталуы жеке аймақтарда пәрменді түрде ұлттық құрылымдардың қалыптасуына ұласты. «Тарих-и Рашиди» авторының өзбек, өзбек-қазақ және өзбек-қырғыз терминдерінен қатар түркімен, дулат, қаңлы, жалайыр, барлас сияқты тайпалық атауларды тең қолдануы осы тарихи үдерістің айқын көрінісі болатын.

Бірақ, өкінішке орай, бұл жеке ұлттық құрылымдардың да қалыптасу үдерісі сәтті, жеке халықтардың табиғи мүддесіне сай қарқында және бағытта жүрді деп айтуға негіз жоқ. Түркі халықтарының, оларды билеуші Шыңғыс тұқымдарының өзара қанды қақтығысулардан, саяси билік үшін тынымсыз күрестен әбден шаршап-шалдыққандығы соншалық, олар енді қайтып Алтын Орда немесе Әмір Темір империясы сияқты қуатты мемлекеттік жүйені құруға шамасы келген жоқ. Кезінде әлемдік дамуға қуатты ықпал болған Түркістанның ендігі уақытта тәуелсіз өркендеу мүмкіндігінен айрылып Шығыс (қытайлық) және Батыс (орыстық) болып бөліне бастауы, сондай құлдыраудың айғағы болса керек. Мұхаммед Хайдар айтқандай «Әйгілі гүлденген дәурен тек ауыздан ауызға айтылып келе жатқан тарихи әңгімелерде ғана қалды» Мырза Мұхаммед Хайдар еңбегінде Моғолстан хандары мен сұлтандарының билік үшін тынымсыз таласын баяндап қана қойған жоқ. Сонымен бірге ол барлық ұлы ғалымдар сияқты өзі зерттеген тақырып үлгісінде жақсылық пен жамандықтың, білім мен надандықтың өзара мәңгі үзілмес егесін де баяндады. Тарихшы өз зерттеуінде: «Парасатты ақыл нағыз ерліктің жол сілтеушісі. Ақылдылық пен парасаттылықтың пайдасы оқ пен семсерден артық. Жебе қаншалықты айбатты болғанымен, нағыз жеңіске тек ақыл ғана жетелейді» – деп жазған гуманист ғалымның өзі баяндаған тарихи кезеңде Түркістан өлкесін билеушілердің арасында жалпы түркі жұртының болашағын ойлаған Бабыр мен Ұлықбек сияқты кемеңгер патшалардың кем болғандығына өкініш білдіріп отырғандығын аңғару, әрине, қиын емес.

– Мұхаммед Хайдар «Тарих-и Рашидиді» жазғанда сол замандағы ғұламалардың еңбегіне қарап немесе қандай да бір еңбектерді дерек көзі ретінде пайдаланды?

– Мырза Мұхаммед Хайдардың «Тарих-и Рашиди» еңбегі Рашид ад-дин Фазуллахтың «Жами ат-тауарихынан» бастау алатын шығыс классикалық тарихнамасы үлгісінде жазылған жұмыс. Автордың өз еңбегін жазуға үлкен даярлықпен келгенін байқау қиынға түспейді. Мұхаммед Хайдар ол жөнінде: «Мен шарасыз және әлсіз қалімді түсіне тұрып, өзімнің білімге жұтаң қаламымды бай мұраға бұрып, бұл еңбекті жазуыма мынадай қажеттілік негіз болды. Егер мен естіген тарихи фактілер мен өзім зерттеп білген мұсылман моғол заңдары жөнінде жазу ісін белсенділік танытып, қолыма қалам алмасам, кейінгі ұрпақ бұл тарихтан мақрұм қалатын түрі бар. Ал егер бұл істі білімді бір топқа жүктесем, олар үлкен қиындыққа тап болар еді. Өйткені олар хандардың ахуалы мен жағдайын анық біле бермейтін. Ал мендей пенденің көп уақыты оған қатысты жағдайда өткен… Сондықтан да бар мүмкіндігінше осы оқиғаларды шарасыз беттерге, қуатсыз қаламыммен түсірдім».

Мырза Мұхаммед Хайдар өз еңбегіне дерек көзі ретінде ғылыми ортада мәлім болған еңбектерді түгелдей пайдаланбаса да, олардың негізгілерін тартқандығы анық. Автордың өзі олардың ішінен Қожа Рашид ад-дин Фазуллахтың «Жами ат-тауарихын», Қожа Хамидолла Мұстауфидің «Тарих-и гу-зидасын», «Маулана Шәрафаддин Әли Нәзидің «Зафарнамасын», Маулана Абдол Рәзақтың «Тарих-и Мәнсумын» және Мырза Ұлықбектің «Төрт ұлысын» бөліп айтады. Бұдан басқа Мырза Хайдар Турган өзінің тарихи еңбегін жазу жолында «Алланың кішкентай құлы ретінде жастайымнан ата-бабалардың өткен өмірін білу үшін моғол елінің әмірлері мен ақсүйектерінен сұрастырдым», – деген ойды айтып, олардың көбінің жасы жүзді алқымдап қалған қариялар болғандығын білдіреді. Ғалым өткен тарихты баяндаушылардың арасынан өз әкесін бөліп айтады. «Менің әкем (оған Алланың нұры жаусын!) және оның бауырлары – менің ағаларым (оларды Алланың өзі жарылқасын) хандар жайында секілді рауаяттарды айтып беретін еді. Одан бері талай уақыт өтіп, олардан ешкім өмірде қалған жоқ», – дейді. Міне, бұл айтылғандар Мырза М. Хайдардың «Тарих-и Рашидиді» жазуға үлкен арнайы даярлықпен келгендігінен, сондай-ақ, еңбектің деректік негізін сенімді көздерден алғандығынан біраз хабар берсе керек. Мәселен, автор еңбегінде Қасым хан тұсындағы Қазақ хандығы жөніндегі деректік материалдарды Қазақ хандығында 24 күн бойы қонақтап қайтқан Сұлтан Сәйід ханның өзінің аузынан бір емес, бірнеше рет өз құлағымен естігендігін білдіріп: «Сәйід хан Қасым ханмен болған соншалықты әсем жүздесуін өмірінің соңғы сәтіне шейін ұмытпай еске алып отыратын еді», – дейді.

– Тарихта да, осы күні қазақ қоғамында да «қазақ» сөзінің алғаш қолданысқа енуі әбден талқыға түсіп, талайы тартысқа түскені белгілі. Ғұламаның бұл еңбегінде «қазақ» сөзіне қатысты қандай деректер кездеседі?

– «Тарих-и Рашидиде» жете көңіл аударуға лайық термин ол «қазақ» немесе «қазақлық. Мұхаммед Хайдар бұл сөзді жұмысында бір емес, бірнеше рет пайдаланады. Алғаш рет ол бұл терминді Уайс хан өмірінің бастапқы кезеңінде арналған 1-кітаптың 29 тарауында Уайс сұлтанның ағасы Шармұхаммед ханның «Қазақы салт-дәстүрді ұстанғанына қарсы болғандығын жазады. Екінші рет Сұлтан Сәйід ханға арналған 67 тарауда Сұлтан Сәйід хан Мансұр ханнан жеңіліс тапқан соң «Моғолстан да қазақы жүріс-тұрысқа көшті», – дейді. Ал осы «қазақы жүріс-тұрыс» 2-кітаптың 33-тарауында мынадай түсінік береді. «Әбілқайыр хан опат болған соң өзбек ұлысында өзара қауіпсіз һәм дұрыс өмір іздеп Керей хан мен Жәнібек ханды паналады. Олар осылай күш жинады. Басында қашып жүрген ел өсе келе көпке айналғандықтан және жырылып қалып, біраз уақыт сұлтансыз әрі сергелдеңде жүргендіктен, оларды «қазақ» деп атады. Бұл лақап есім біртіндеп оларға бекіді», – дейді.

Міне, бұл берілген түсініктен аңғарылатыны, біріншіден, «қазақ» аталған жұрттың әуелде Әбілқайыр ұлысынан жарыла көшкендігі және екіншіден, біраз уақыт билеуші сұлтандар емін-еркін, өз бетінше көшіп-қонып жүргендігі. Мұхаммед Хайдардың айтуына қарағанда, «қазақы өмір саясаты» сол тарихи кезеңдегі өзбек және моғол ұлыстарын-дағы өмір салтынан өзгешелігі бар. Бұл өмір сүру жүйесінің негізінде біздің түсінігімізше, көшпелі мал шаруашылығымен ғасырлар бойы айналысып келген халықтың қалыптасып қалған өзіндік тұрмыс құру логикасы жатыр.

– Сонда Сәйід ханның Қасым ханмен байланысы қандай болған?

– Сәйід хан Қасым ханға қонаққа келгенде Қасым хан былайша түсіндіреді: «Біз даланың еліміз, бұл жерде бұйымдардың түрі не астық ауыртпалығы жоқ. Ең қымбат бұйым - жылқы малы және оның етінен дайындалған дәмді тағамдар, ал оның сүті – біздің ең сүйкімді сусынымыз.

Біздің өлкеде өсімдіктер бағы мен ғимарат жоқ. Жазында серуен құрар жеріміз – кең мол жайлауы. Арғымақтарды қызықтаймыз. Жүріңіз, бірге барып соларды тамашалайық, нағыз демалысты сонда ғана сезінесіз. Менің екі тұлпарым бар. Екеуі қалған бүкіл үйірге татиды», – дейді. Одан ары Қасым хан: «Еліміз жылқының қуатына сай тіршілік құрады. Менде осы екі арғымақтан басқа лайық санайтын ат жоқ. Сондықтан да екеуін бірдей сізге тарту етуді жағдайым көтермейді. Қадірменді қонағымсыз, екеуінің бірін таңдап, қабыл алыңыз», – деп хан екі арғымақтың әрқайсысының жеке сипатын бергенін айтады. Сәйід хан екі арғымақтың біреуін таңдап алғанын, оны аты «Оғылан тұрық» екені, мұндай көркем де сүйкімді жануарды өмірінде бұрын-соңды кездестірмегендігін сүйсіне баяндайды. Бұдан соң Қасым хан қонағына қымыз толы шыныны ұсына отырып: «Біздің қонақ сыйлауымыз осылай, егер осы кеседегі қымызды ішсеңіз, бізді қатты қуантасыз», – дейді. Сәйід хан бұдан біраз уақыт бұрын бір оқиғаға байланысты ішімдікті біржола қойып кеткендігін, «сертті бұзу қиын болатындығын» айтады. Оған Қасым хан: «Жаңа әлгіде айтқанымдай, біздің ең ғажап сусынымыз – қымыз, жылқының сүті. Егер бұл тілегімізді орындамасаңыз, қазақ күтуден үлкен олқылық кеткен болады. Сіз біздің аса құрметті қонағымызсыз. Сізге қандай қызмет көрсетіп, көңіліңізден шығу керек екендігін біле алмай отырмын… Бұл арманды қалай орындап алар екенмін!» – деп басын төмен ұстап жүзінен мұңайған нышан көрінеді. Өз ретінде Сәйід хан ашылып Қасым ханға: «Енді амал жоқ, сертті бұзамыз да қымыз ішеміз!» – деп жауап береді. Қонағының бұл ісіне Қасым хан шексіз қуанады. Сөйтіп қызу әңгімемен, Сәйід хан «Жиырма төрт күн қатарынан қымыз ішімдігінің кесесінен сусын ішіп жүрді», з деп жазады Мұхаммед Хайдар Дулати. Әрине, бұл айтылғандардан Қасым хан билеген қазақ жұрты тек мал мен жайлаудан басқа құндылықтарды білмеді деген тұжырым тумаса керек. Мырза Мұхаммед Хайдар, Қасым ханның, Сырдария бойындағы қалалар - Сайрам, Иәнги (Тараз), Ташкент үшін үлкен күрес жүргізгендігін жазады. Бұл әрекеттен қазақ билеушілерінің бұл аймақтық стратегиялық мәнін, сондай-ақ, отырықшы тұрмысқа тән құндылықтарды да жоғары бағалағандығын аңғару, әрине, қиын емес.

– Мырза Мұхаммед Хайдар Дулатидің Қазақ хандығының қалыптасу кезеңін алғаш болып қағаз бетіне түсіргені мәлім. «Тарих-и Рашидиде» қазақ халқының негізін қалаған халық жайында қандай құнды ақпараттар бар?

– Мырза Мұхаммед Хайдар қазақ халқы мен оның билеушілерінің жетістігіне қуанып, сәтсіздіктеріне күйінетіндігін жасыра алмайды. Мәселен, ол Қасым хан жөнінде:

«Қасым хан Дешті Қыпшақты түгелдей өз билігіне алғаны соншалық, Жошы ханнан соң ешкім де ол сияқты жоғарғы билікке қол жеткізе алған жоқ», – дейді. Бұл арада тарихшының миллион деп, әрине, жалпы қазақ жұртының санын айтып отырғандығы түсінікті болса керек. Қасым хан өмірден өткен соң, Мұхаммед Хайдардың айтуына қарағанда, қазақ хандығында берекесіздік басталады. Ол жөнінде тарихшы: «Қасым хан 924 жылы яғни (1516) жылы қайтыс болды. Қазақ сұлтандарының арасында өзара қақтығыстар басталып кетті. Қасым ханнан соң оның ұлы Мамаш хандық таққа отырды. Ол шайқастардың бірінде буындырылып өлтірілді. Одан соң Адик сұлтанның ұлы Тайыр хан таққа отырды. Ол мейірімсіздігі шектен шыққан дөрекі адам болғандықтан, саны төрт жүз мың шамасындағы елі тез арада одан теріс айналып, шілдей бытырап кетті. Ал ханның жалғыз өзі қырғыз арасында қалды. Сөйтіп, бақытсыз азапты күйде қаза тапты. Бұдан соң тағы да отыз мыңға жуық адам Моғолстанда жиналды. Тайыр ханның бауыры Бұйдаш хан таққа отырды», – деп налиды. Мұхаммед Хайдардың тарих философиясы бойынша мемлекеттік биліксіз халықтың даму, өркендеу жолына түсуі мүмкін емес. «Егер ел билеушісіз қалса бақытсыздыққа ұшырайды, ал халқы жау опасыздығынан күйреп жойылады». Билеушісіз жаһан, бассыз тәнмен тең. Бассыз тән, жолда жатқан ұлтанмен тең, яғни патша мемлекеттің, елдің жаны басы. Бұл арада мынадай анықтау енгізуіміз қажет. Мұхаммед Хайдар мырзаның түсінігі бойынша, кез-келген патша елдің құты бола алмайды. Ғалым: «Алла тағала әлемді жаратты және жаһанда тәртіп орнату үшін соған лайық биік тұлғалы патшалардың дәнекер болуын жөн көрді. Сонда ғана адамзат зұлымдық пен зорлықтан аман-есен болып, тіршілігін жасайтын болады. Бұл Құдайдың хикметі», — дейді. Басқаша айтқанда елдің басы мен құты жалпы жұрттың болашағы мен берекесін ойлаған білімді кәсіби билік. Моғолдар хандардың шежіресін жазған ғалым үшін халыққа әділдік, дін және бейбітшілік әкелген патша ғана ең жоғарғы құрметке лайық.

Сұхбаттасқан Руслан БАҚЫТЖАН

http://kultobe.kz/ 14.03.2013

МҰСТАФА ШОҚАЙ ЕШКІМНІҢ АЛДЫНДА КІНӘЛІ ЕМЕС

XX ғасыр басында қазақ ұлтының зиялылары қарудың күшіне қаламның ұшымен жауап қатуға болатындығын дәлелдеп кетті. Ондай тұлғаларымыздың қатарында Мұстафа Шоқай есімін ерекше атауға болады. Тұтас Түркістан халықтарының азаттық идеясын насихаттау «Жас Түркістан» журналының басты бағыты болды. Осыған байланысты М.Шоқайдың тұлғалық болмысын дәріптеуге белсенді қызмет атқарып жүрген тарихшы, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, профессор Мәмбет Қойгелдімен сұхбаттасуды жөн көрдік.

– Мәмбет аға, әңгімеміздің кіріспесін Мұстафа Шоқайдың тұтас Түркістан идеясынан бастасақ. Сіз өзіңіздің «Тұтас Түркістан идеясы және Мұстафа Шоқайұлы» атты еңбегіңізде татар зиялысы «Мирсаид Сұлтанғалиев Т.Рысқұлов сияқты М.Шоқай да кеңес үкіметінің Түркістан халықтарын жеке республикаларға жіктеу саясатын құптай алмады » деген болатынсыз. Осыған қарап, М.Шоқайдың тұтас Түркістан идеясы кейіннен (кеңес билігі орнаған соң) қалыптасты ма деген сұрақ туындайды.

– Тұтас Түркістан идеясы – ерте кезеңдерден үзілмей, жалғасып келе жатқан идея. Мұстафа Шоқай бұл идеяның жаңа замандағы сұраныстарға байланысты ары қарай дамытушы міндетін атқарды. Ұлт-азаттық қозғалысы қайраткерлерінде мемлекеттілікке байланысты екі ұстаным болды. Әлихан Бөкейханов бастаған топ ұлттық мемлекет құруды мақсат тұтты. Ресей федерациясының құрамында «Алаш автономиясын» құруды қарастырды. Бұл ұлттық мемлекеттілікті құру дегенді білдіреді. Ал екінші ұстаным – бұл Мұстафа Шоқай бастаған топтың ұстанымы. Бұл топ Түркістан халықтарының ортақ мемлекеттілігін құру ұстанымында болды. Конфедерация немесе федерация түрінде болсын Түркістан халықтарының мемлекеттігін құруды көздеді. Өкінішке қарай, 1917-1918 жылдары бұл екі бағыттың да өмірлік шыңдыққа айналуына жағдай болған жоқ. Мұстафа Шоқай өзінің естеліктерінде неліктен мемлекеттік тәуелсіздікке қол жеткізе алмағандығын жазады. Мысалға, 1917 жылы «Түркістан мұхтарияты» үкіметі құрылды. Оның төрағасы, алдымен Мұхамеджан Тынышпаев, кейіннен Мұстафа Шоқай болды. Оны кеңес үкіметі 1918 жылдың басында жойды. Қарулы күшпен Қоқанда «Түркістан автономиясы үкметін» таратып жіберді. Оның кейбір басшыларын тұтқынға алды. 1917 жылы Орынбор қаласында өткен ІІ Жалпықазақ съезінде қазақ зиялылары Алаш автономиясын құру туралы шешім қабылдады. Оның «Алашорда» аталған үкіметін құрды. Ал 1918 жылы Алаш автономиясын жою туралы алдымен Колчак өкіметі (Сібір үкіметі), одан кейін кеңес үкіметі шешім қабылдады. Яғни қазақ және түркістандық зиялылар күш салған екі үкімет те жойылды. Қоқанда құрылған Түркістан автономиясы үкіметі де, Орынборда құрылған Алаш автономиясы үкіметі де жойылды. Соған байланысты Мұстафа Шоқай естеліктерінде өкінішін айтады. «Біріншіден, орыс демократиясы бізге мемлекеттік еркіндік, мемлекеттік теңдік береді деп сеніп қалдық. Ал шын мәнінде орыс демократиясы бізге мемлекеттік еркіндік те, теңдік те беруге даяр болмай шықты, біз алданып қалдық», – дейді. Осыдан кейін Мұстафа Шоқай орыс демократиясына сенуге болмайды деген қорытынды тұжырым жасайды. Екіншіден, неге жеңілдік дегенге келсек, біз әлсіз едік дейді. Қолымызда өзіміздің экономикалық күш-қуатымыз, әскери күшіміз болған жоқ. Сондықтан біз жеңе алмадық. Өзіміздің дегенімізге жете алмайтын едік деген тұжырым жасайды. Ал кейін, 1924-1925 жылдары Орта Азия республикаларының межелеу шарасы іске асырылды. Яғни Орталық Азияда 5 советтік республикалар өмірге келді. Олар: Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстан, Тәжікстан. Мұстафа Шоқай бұл шараны Түркістан елдерін әлсірету, олардың бірлігіне сына қағу әрекеті ретінде қабылдады.

– Сіз жоғарыда аталған еңбегіңізде елдегі ұлт-азаттық қозғалысының екі кезеңін көрсетесіз. Біріншісі – 1905-1917 жылдар аралығы болса, екінші кезеңі советтік кезең, яғни 20-30 жылдар. Мұстафа Шоқай ұлт-азаттық қозғалысының осы екі кезеңінде де жетекшілікке лайық қызмет атқарды деген болатынсыз. «Алашорда» үкметімен де тығыз қарым-қатынаста болды. Дегенмен эмиграцияға нақты не себептен кетті деп ойлайсыз?

– Түркістандағы ұлт-азаттық қозғалысы өкілдерінің басым бөлігі елде қалды. Ал шағын бөлігі, мысалы, Татарстанда Юсуф Акчура, Садри Максуди, Гаяз Исхаки сияқты қайраткерлер, Башқұртстанда Заки-Уалиди Тоған, бізде Мұстафа Шоқай сияқты қайраткерлер шетелге эммиграцияға кетті. Мұстафа Шоқай өз естеліктерінде, біз түркістандық мұғажырлар, Еуропада жүрген уақытта, Кеңес үкметі ұзаққа бармайды деген ойда болдық дейді. Ал кейіннен оның ұзаққа созылатын түрі бар екендігін мойындайды.оның ойы елдегі қалыптасқан жағдайды, яғни бұрынғы патшалдық империяны кеңестік империя ауыстырғанын, Түркістан халықтарының тәуелсіздік ала алмғандығын Еуропа халқына жеткізу болды. Еуропаға Түркістандағы шындықты қалыптасқан жағдайды жеткізіп отыру мақсатын көздеді. Меніңше, бұл жерде Мұстафа Шоқай Еуропада «Жаңа Түркістан», «Жас Түркістан» басылымдарын шығара отырып, соның бетінде Түркістандағы шындық жөнінде жазды.

– Исмаил Гаспралының «Тәржіман» газеті, Фатих Каримовтың «Уақыт» газеттерімен «Жас Түркістан» журналының сабақтастық байланысы жөнінде айтып өтсеңіз.

– «Тәржіман» газетін Бақшасарайда Исмаил Гаспралы шығарған. «Уақыт» газетін Орынборда Фатих Каримов шығарды, ал бұл екеуі де кеңес заманына дейін шыққан газеттер. Кеңестік билік бұлардың екеуін де жауып тастады. «Тәржіман» газеті де, «Уақыт» газеті де Ресей империясында жалпы түркі халықтарының мүддесін қорғаған. «Жас Түркістан» журналы түркі халықтарының мүддесін қалыптасқан жаңа жағдайда қорғады. Ал бірақ «Жас Түркістанның» функциясы бөлек. «Тәржіман» мен «Уақыт» газеті Ресей империясы жағдайында өмір сүрді. Ал «Жас Түркістан» Еуропада шыққан журнал. Бұлардың мақсаты бөлек. «Тәржіман» мен «Уақыт» газеті түркі халықтарының мүддесін Ресей империясының алдында қорғап, түркі халықтарын ағарту міндетін атқарды. Ал енді «Жас Түркістан» журналының мақсаты, біріншіден, Түркістан өңірінде, Кеңес үкіметінің құрамындағы түркі халықтарының өмірінде болып жатқан өзгерістерді Еуропаға жеткізу болды. Екінші жағынан, сонымен бірге түркі халықтарының өзіне де жеткізу болды. Жол жабық болды, шекара жабық болды, бірақ оның кейбір сандары осында жетіп жатқан. Осы жерде тағы бір айтатын нәрсе, «Жас Түркістан» Еуропада эммиграцияда жүрген түркі зиялыларының басылымы. «Жас Түркістан» журналы Польша үкметінің қаржысына шықты. Маршал Пильсудскийдің қолдауымен. Бір сөзбен айтсақ, 1929-1939 жылдар аралығында, он жыл бойы «Жас Түркістан» журналы Польша үкметі, соның ішінде Иозеф Пильсудскийдің қолдауымен қаржыландырылып отырды.

– Ресей хатшысы Виталий Хлюпин тарапынан Мұстафа Шоқайды Польша үкіметінің тыңшысы болған деген тұжырымдар айтылды. Сіз бұған не дейсіз?

– Хлюпин тарихи шындықты бұрмалаушы. Хлюпиннің іздегені бәле. Ол бұрынғы Түркістан халықтары, Орта Азия елдерінің мемлекеттік тәуелсіздік алып, күшті ел болып дамығындығын қаламайды. Хлюпин сияқтыларға «ит үреді, керуен көшеді» деген тұрғыдан қараған жөн. Шоқай ешқандай тыңшы болған жоқ. Шоқай өзінің Отанына қызмет жасады, Түркістанға, Түркістанның болашағына қызмет жасады. Шоқай ешкімнің алдында кінәлі емес, ешкімнің алдында! Шоқайдың жаулары осы уақытқа дейін Хлюпин секілді жаңсақ сөздер айтады, оның рөлін төмендетіп, бұрмалап көрсеткісі келеді. Хлюпиндер аз болған жоқ, болашақта да бола береді. Сондықтан оларға «аяушылықпен» қараған жөн.

– «Жас Түркістан» журналы 1929-1939 жылдар аралығында Парижде даярланып, Германияда шығып тұрды. Негізінен оның дерек көзі 1920-1926 жылдары Ташкент, Шымкент қалаларында шыққан, алғашқы редакторы Сұлтанбек Қожанов болған «Ақ жол» газеті болды деп айтылып жүр. Дегенмен «Ақ жол» газеті Сталиннің қатаң сынына ілігіп, 1925-1926 жылдардан бастап шығуын тоқтатты. Ал Мұстафа Шоқайдың «Жас Түркістан» журналында жарияланған мақалаларын оқи отырып, оның дәл сол кезеңдегі, яғни 1929-1939 жылдар аралығындағы Түркістан халықтарның саяси-экономикалық өмірінен жақсы хабардар болғандығын аңғарамыз. Осы орайда «Жас Түркістан» журналының «Ақ жол» газетінен басқа да дерек көздері болуы мүмкін бе?

– Мұстафа Шоқай жалпы Орталық Азия елдерінде, бұрыңғы Түркістан өңірінде шығатын басылымдарды алып, олармен танысып отырған. Соның ішінде «Ақ жол» газетімен де танысып отырды. Оған қол ұшын берген адамдар да болған. Ол кезде қиын болса да, сол адамдармен хат алысып тұрды. Мәселен, Сұлтанбек Қожановқа бірнеше хат жазған және оның хаттары Сұлтанбек Қожановқа жеткен. М.Шоқайдың негізінен пайдаланған фактілері Қазақстан, Орталық Азия елдеріндегі басылымнан алынған фактілер. Алынған фактілерді талдап, солар бойынша тұжырымдар жасап отыру үшін газет-журналдарда жарияланған материалдардың өзі де оған жеткілікіті еді. Оның бір кереметтігі, данышпандығы сол, фактілерге керемет дәл талдау жасай алған, сол фактілердің астарын жақсы түсінген. Терең жасаған тұжырымдары, кейін тарих көрсеткендей, дұрыс болып шықты. М.Шоқайдың «Жас Түркістан» арқылы сіңірген еңбегі, ең алдымен, бұрыңғы Түркістан, Орта Азия республикаларында болып жатқан экономикалық реформаларды терең талдау болды. Ол экономикалық реформалардың жергілікті халыққа зиянды жақтарына көңіл аударды. Бұл өте қажет еді. Қазіргі уақытта, сол кеңестік республикаларда орын алған экономикалық реформаларды түсіну үшін біз М.Шоқайдың еңбегіне жүгінуге мәжбүрміз.

Сол кездегі Өзбекстан, Қазақстан республикалардың экономикасының бір жақты дамығандығын Мұстафа Шоқай жақсы жазды. Қазақстан мен Өзбекстанның шикізат көзіне айналғандығын сол кезде көре білді және дәл бағасын берді. Қазіргі шындық М.Шоқай тұжырымдарының дұрыс екендігін көрсетіп отыр ғой.

– Ал қазіргі күнмен салыстырсақ, мәселен М.Шоқайдың мақаласына арқау болған кейбір экономикалық түйткілдердің әлі де шешімі кешеуілдеп жатуының себебі неде деп ойлайсыз?

– Бұл жағдай, белгілі дәрежеде кеңестік кезеңнен қалған, яғни соның сарқыты деп қарауға болады. Жақында президент Ұлытауда сөйлеген сөзінде Жезқазған, Байқоңыр туралы айтты. Жезқазған мен Байқоңырдың мысы 1920-1930 жылдарда Кеңестер Одағындағы ең үлкен мыс қоры болатын. Кеңестер Одағының экономикасының өсуіне өнеркәсіптің дамуына жұмыс жасады. Кеңес үкіметі оны толық пайдаланды. Ал енді біз тәуелсіздік алған уақытта нені байқаймыз? Қазір Жезқазғанның мыс қоры жоқ, таусылған. Халқына жұмыс жоқ, экономикалық тұйыққа келіп тірелген. Президент біз осы мәселені шешуіміз керек деді. Ал бұл бізге кеңес үкіметінен қалған мәселе. Мәселен, Қазақстанның темір жол желісі елдегі шикізатты Ресейге тасу үшін бейімделген. Қазақстанның теміржолы оның түрлі аймақтарын өзара қосу, біріктіру мақсатында емес, Қазақстанның байлығын сыртқа алып кету үшін жасалаған теміржол құрылысы. Біз қазір теміржолды басқа принцип бойынша, Қазақстанның ішкі өңірін, түрлі аймақтарын байланыстыру үшін қайта құрып жатырмыз. Мәселен, Жезқазған-Бейнеу, содан кейін Арқалық-Шұбаркөл теміржолдары, ұзындығы 1200 км. Ол үлкен, алып теміржол болады. Ол не үшін жасалды? Қазақстанның ішкі аймақтарын байланыстыру үшін. Кеңес үкіметі, М.Шоқай айтқандай, Өзбекстан, Қазақстанның экономикасының біржақты болғандығына мүдделі болды. Олардың экономикалық тұрғыдан орталықтың өнеркәсіп орындарына тәуелді болғанын қалады. Бүтін экономикалық комплекс деп жариялады. Бүтін экономикалық коплекс Ресейдің өнеркәсіп орындары үшін пайдалы еді. Ал ол біз үшін зянды еді. Қазіргі уақыт бізге соны көрсетіп отыр.

– Әңгімеміздің негізгі өзегіне оралсақ. Шоқайтанушы Әбдуақап Қара мырза «Алаш қозғалысының соңғы түйіні – Мұстафа Шоқай» атты мақаласында Шоқайдың тұтас Түркістан идеясын «Алаш қозғалысының» жалғасы дейді. 1913-1918 жылдарда щыққан Алаш қозғалысының бастапқы баспасөз органы «Қазақ» газеті болса, одан кейінгі екінші баспасөз органы 1929-1939 жылдары Еуропада шыққан «Жас Түркістан» журналы болып көрсетеді. Мұстафа Шоқай идеясын «Алаш қозғалысының» мұрагері деп айта аламыз ба?

– Әрине, «Алаш қозғалысы» деген сөздің өзі бұл ұлт-азаттық қозғалыс деген сөз. Ал Мұстафа Шоқай 1917-1919 жылдары Алаш қозғалысы жеңіліс тапқаннан кейін сол азаттық қозғалысын шетелде жалғастырды. «Жас Түркістан» журналы, әрине, шетелдегі ұлт-азаттық қозғалыстың үні, күрес құралы болатын. Сондықтан «Қазақ» газеті мен «Жас Түркістан» журналының арасында тікелей сабақтастық байланыс бар. Себебі, екеуінің де мақсаты ұлт-азаттық қозғалысқа қызмет ету болды.

– Тарихшы Көшім Есмағамбетов «Жас Түркістан» журналы сол кезеңде Еуропада маңызды дереккөзі ретінде пайдаланылғанын айтады. Журнал Еуропаның салиқалы газеттерінің сеніміне ие болып, оған Германияның «Ost Europa» журналы сілтеме жасады деп көрсетеді. Өткенге үңілсек, бүгінімізді бағамдаймыз. Қазіргі тәуелсіз Қазақстанда шығатын басылымдардың бұл деңгейден көріне алмауына не себеп деп ойлайсыз?

– Оның себептері бар, әрине. Мен сілтеме мәселесімен айналысқан емеспін. Бірақ бір нәрсені айтқым келеді. Ол кездегі шетелдік басылымдар, әрине «Жас Түркістанға» сілтеме жасады. Өйткені Кеңестер Одағы жабық болатын. Оның ішкі өмірі жабық болды да, іштегі ақпаратты сыртқа бермеуге тырысты. Соған байланысты «Жас Түркістанда» жарияланған материалдар, сол арқылы Шоқайдың жасаған тұжырымдары тарихи шындыққа жақын еді. «Жас Түркістан» журналы сол кездегі Түркістанның шындығы туралы бірден-бір ақиқатты жариялаушы басылым болатын. Сол себепті К.Есмағамбетов айтқандай, ол сілтеме жасауға толық лайықты еді. Ал бірақ ол кездегі тарихи жағдай мен қазіргі тарихи жағдайды салыстыруға болмайды ғой. Ол кезде әлемде басқа жағдай болды, қазіргі жағдай басқа. Қазақстандағы шындықты білу үшін, меніңше, қазіргі басылымдарды оқу арқылы Қазақстанның ішкі шындығынан көп хабар алуға болады. Қазақ басылымдары қазірде болып жатқан көп жағдайды жазбайды деп айта аласыз ба? Сондықтан қазіргі жағдай мен сол кездегі жағдайды салыстыруға болмайды.

– Әңгімеңізге рахмет! Қазақ тарихын жазуға әлі де қосар үлесіңіз мол болсын!

– Өзіңіз сияқты жас журналистердің Мұстафа Шоқай қызметі мен шығармашылығына үңіле қарағаны маған ұнайды. Бұл тарихи шындықты, өмір шындығын білуге ұмтылыстың көрінісі. Жас буында мұндай тілектің болғаны жақсы. Рахмет!

Сұхбаттасқан Нұрайлым Батыр,

ҚазҰУ-дың 3 курс студенті

//Түркістан, 25 желтоқсан, бейсенбі, 2014 жыл.

АППАҚ ИШАН

Иманды қоғамның ертеңі бар

Оңтүстік Қазақстан облысының Бәйдібек ауданы шежіреге бай. Тарих қойнауына ой жүгіртсек, дүйім елдің алдында сөз бастаған билері, ақтабан шұбырындыда жаудан жерін, халқын қорғаған батырлары, қалың елді Ислам діні арқылы имандылыққа ұйытқан ишан, молда, имамдары еске оралады. Билер мен батырлар туралы сөз басқа. Сондай халықтық тұлғалардың бірі – аудан орталығы Шаяннан мешіт-медресе ашып, жұртты имандылыққа ұйытып, сауапты іспен айналысқан Аппақ ишанның жөні бөлек. Міне, биыл сол ишанның туғанына 150 жыл толып отыр. 1845 жылы Түркістан қаласынан ағайынды ишандар Қосым мен Құлатай Шаянға қоныс аударып, көпшіліктің қолдауымен мешіт-медресенің іргесін қам кесектен қалаған. Жылдар өте бұл дін орталығы жан-жақтан ағылған талапкерлерге тарлық еткен соң Қосымның ұлы Сейдахмет ишан патша ағзамның шенеуніктеріне қайта-қайта жүгініп, ақша бөлдіреді. 150 мың рубль! Сол ақшаға күйген қызыл кірпіш сатып алып, мешіт-медресенің құрылысын қайта бастайды. Аумағы біраз жерді алып жатқан құрылыс ондаған жылдарға созылса керек. Алғашқы жобасында 40 құжыра салу көрсетілген екен. Бірақ қаржының жетіспеуіне байланысты 29 құжыра ғана салынып, құрылысты Қосымның немересі Аппақ ишан аяқтайды. Аппақ ишан деп халық атаған. Әкесі Сейдахметтің ұлына әу баста азан шақырып қойған есімі – Мақсұм. Ел құрметіне бөленген дін қайраткерінің өмірі мен тағдырын мұрағат материалдары арқылы кеңінен зерттеген белгілі ғалым, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, профессор Мәмбет Қойгелдиевпен әңгіме өрбіткен болатынбыз.

– Мәке, көзіқарақты азаматтар сіздің Алаш арыстарының тағдыр-талайын терең зерттеп, бірнеше ғылыми еңбектер жазғаныңызды жақсы біледі. Ал енді дін қайраткерлеріне, оның бірегейі Ақ ишанды зерттеуге не себеп болды?

– Осыдан біраз жыл бұрын репрессияға ұшыраған ұлт зиялылары туралы дерек көздерінің соңына түсіп жүріп, Қазақстанның бірқатар облыстарындағы Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің мұрағаттарындағы материалдармен танысқан едім. Сонда Кеңес өкіметі тек зиялыларды ғана қуғын-сүргінге ұшыратып қоймаған, елдегі дін қызметіндегі тұлғаларды да жаңа өкіметке жат әлеуметтік топтар қатарына жатқызып, жазалау шараларын жүргізгенін көрсететін 1929 – 1930 жылдар құжаттарымен де танысуыма тура келді. Петропавловскі, Павлодар, Ақтөбе Оңтүстік Қазақстан облыстарындағы дін қызметкерлерін, әсіресе ишандар әулетін соттау жиі орын алған екен. Неге? Өйткені Қазақстандағы Кеңес өкіметінің түрлі реформалық және салық саясатына қарсы халықтың наразылық көтерілістері сол жылдары барынша өріс алды. Қазіргі тарих ғылымы 80 мыңдай адам қатысқан көтерілістердің санын 372-ге жеткізді. Ашып айта кететін бір жайт сол көтерілістердің біразы мешіттерден, сондағы имамдар мен ишандар басқарған жиындардан басталған. Кеңес өкіметінің шектен шыққан астық және ет салықтары халықтың шымбайына әбден батты. Мысалы, Ақмырза ишан басқарған Қазалы көтерілісі, Мұқатай Саматовтың мешітінен өрбіген Ырғыз көтерілісі, Сұлтанбек Шолақов бастаған Созақ көтерілісі, және т.б. ишан, имам, молдалардың ықпалы мен рөлі күшті болғаны мәлім. Сол кезде Шаян өңірінде астық шаруашылығымен айналысқан қожалықтар көп емес-тін. Көпшілік қолындағы азғана малымен күнелткені белгілі. Ал Кеңес өкіметі соған қарамай оларға астық салығын барынша көп салған. Халық қолындағы азын-аулақ астығын беріп, өздері саусағын сорып, тақыр жерге қарап қалған кез. Имам, ишандардың да жағдайлары сондай. Оларға өкіметтің шолақ белсенділері: «Астық табыңдар!», – деп қоқан-лоққы жасайды. Ал олар: «Қолымыздағының бәрін бердік, енді жоғын қайдан табамыз», – десе, аналар төбелерінен қамшы үйіргендей өктемдік танытып: «Табасыңдар! Болмаса жазаға тартыласыңдар!», – деп зіркілдеумен болған. Олардың көбінің тағдыр тәлкегімен жан сауғалап, елден шеттеп кеткендері сондықтан. Біздің қоғамда халықты имандылыққа тәрбиелеп, дін мәдениетін басты құндылықтардың бірі ретінде санаға сіңіруде имам, ишандардың ролі зор. Тарихымыздан алар орны да ерекше. Жалпы, атеистік бағытты ұстанған Кеңес өкіметінің олар үшін азық-түлік салығын салуы сылтау ғана. Негізінен большевиктік саясатын тездетіп іс-жүзеге асыру үшін жолындағы үш кедергінің бірі – дін басыларын жою керек болды. Сондықтан да аталмыш мұрағаттардағы діндарлар жөніндегі материалдарға да баса назар аударуыма тура келді.

–Мәке, жұрт молда, имамды жақсы біледі. Ал ишандар кімдер?

– Ишан – Исламның сопылық ағымындағы Ақиқатты танып-білу жолында білімімен жоғары дәрежеге жеткен ұстаз. Орта Азия елдерінде «ишан» атағын басым түрде тегі қожа дінбасылары иемденген. Қосым қожа әулеті түгелімен ишандар. Солардың ішінен біз әңгімеге арқау қылып отырған Аппақ ишан ел құрметіне бөленген ерекше жан. Аппақ ишан ақиқат жолындағы мәртебелі тұлға деген ойды да білдірсе керек. ХХ ғасыр басында Оңтүстік Қазақстанда осы аттас ишан екеу болған. Бірі Өзбекстанның Қоқан қаласында туған, ұлты өзбек. Ол жиырма бір жыл Сауд Арабиясында тұрып, 1922 – 1929 жылдар аралығында Түркістан қаласындағы медреседе ұстаздық еткен. 1928 жылдан басталған ел ішіндегі саяси жағдайдың қысымынан келер жылы 70 жасында Сауд Арабиясына қайта қоныс аударады да, сонда қалып қояды.

Аппақ ишан 1864 жылы Шаян ауданындағы №1 ауылда туған. Ұзын бойлы, арықша келген, келбеті келіскен кісі екен. Үнемі үстінен ақ киімі түспеген тақуа адам болған. Мүмкін оны жұрт сол үшін де Ақ ишан деп атаған шығар. Ол жеті ағайынды. Солардың бізге аты белгілі болғандары Мәди, Рахматулла, Асадулла, Ыдырыс, Сабыр. Аппақ ишанның екі әйелінен бес баласы бар. Олар: Бахабулла, Алауатдин, Сағадулла, Сүнатулла да, бесінші баланың аты ОГПУ-дің тергеу құжаттарында көрсетілмепті. Аппақ ишан көшеге жөн-жосықсыз шығып, жұрттың көзіне түсе бермеген. Ол көбіне күні бойы мешітте Жаратушы иемізге құлшылық етіп, медреседе шәкірттеріне дәріс оқып, кітапханада ұзақ кітап ақтарумен өткізген. Оның шәкірттері арасынан елге танылған білімді молдалар мен имамдар көп шыққанын бүгінде жетпіс, сексендегі ақсақалдар жақсы біледі. Аппақ ишанның сондай ел таныған шәкірттерінің бірі Шәді Жәңгіров. Созақ ауданындағы қарапайым отбасында 1855 жылы дүниеге келген. Әкесі Жәңгір Абылай ханның шөбересі. Кезінде Кенесары ханның жорықтарына қатысып, ұлт тәуелсіздігі үшін күрескен. Шәді бала кезінде осы Шаян мешітінде оқып, діни сауатын ашқан. Кейін Шымкенттегі Абдолла Шәріп деген имамнан дәріс алып, Бұхарадағы «Мир-араб» медресінде білімін ұштап, араб, парсы тілдерін меңгеріп, атақты шығыс шайырларының шығармаларымен танысады. Өзі де дінді уағыздайтын ақындық жолға түседі де «Алты бармақ» пен «Назым Сияр Шәриф» жыр ғақлият дастандарын жазып, Аппақ ишанның құрметіне бөленген. Содан халық оны Шәді төре деп атап кетіпті. Бұл кітаптар Түркістан өңірінде Қожа Ахмет Яссауидің «Диуани хикметінен», сопы Аллаярдың «Сәбәтул әжизинінен» кейін көп оқылатын шығармаға айналса керек. Шайырдың «Хайбар» дастаны Құран мен Мұхаммед пайғамбар хадисінің желісімен жазылған. Жазушы-ғалымдар Ө.Қоңыратбаев пен Н. Келімбетовтің зерттеулеріне зер салсақ, Шәді төре кейін тарих тақырыбына да қалам тартыпты. Оның «Хазірет Ескендір», ал «Тарихнама» дастаны тікелей қазақ тарихына арналған. Дастан екі бөлімнен тұрады. Біріншісі «Шыңғыс ханның тарихы» да, екіншісі «Абылай хан тарихы». Оның және басқа да шығармалары Алматыдағы Ғылымдар академиясының Орталық кітапханасы мен М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қолжазба қорында сақталған. 1930 жылы Кеңес өкіметі оны «ханның тұқымы», «Ислам дінін насихаттаушы молда» деп қудалаған соң, Өзбекстанға барып жан сауғалаған.1932 жылы 12 қыркүйекте сол жақта дүниеден озыпты. Аппақ ишанның тағы бір шәкірті Сүлеймен Сегізбаев деген кісі болды. Ол Шаяннан ары жиырма шақырым жердегі Жүзімдік ауылының тумасы. Ес біліп қалған бала кезімде көріп тұрушы едім. Бойы ортадан биік, ақшыл сары өңді ақсақалдың басындағы ақ сәлдесі, үстіндегі етегі тізеден төмен түскен аппақ жейдесі мен кең ақ дамбалы, омырауын жапқан ұзын ақ сақалы, қолындағы аса таяғы әлі күнге көз алдымда. Оны тас лақтырым жерден көрген ауыл адамдары жол жүріп бара жатса да кідіріп, тізіліп барып, «Тақсыр, ассалаумағалейкум!» деп сәлем беретін. Әсіресе ақ жаулықты аналар мен кимешек киген әжелер Сүлеймен молданы алыстан көрсе де жолын кеспей күтіп тұратын. Ол кісі алдарынан өтіп кеткен соң ғана орындарынан жылжитын еді. Ауылдағы телі мен тентек те оның айтқанына тақ тұратын. Сегізбаевтар әулетінің бәрі молда, имандылықтың ұйтқысы болды. «Құран Кәрімді» жатқа оқушы еді. Ауылдағылар оларға құрметпен қарады. Ораза күндері жұрт қарияларды кезектесіп ауызашарға үйлеріне шақыратын. Сонда төрде отырған Сүлеймен имамға ақсақалдар дін жөнінде сұрақтарын қоятын. Сонда Сүлеймен ұзын сақалын саусақтарымен салалай тарап отырып: «Ұстазым Аппақ ишан былай деуші еді...», – деп бастап, дін хикаяттарынан қызықты әрі құлаққа сіңімді әңгіме айтатын. Сол Сүлеймен бастаған қарттар ұлттық әдет-ғұрып, салт-дәстүрді берік ұстанды. Бертінде Мырзахан деген қариядан естідім. Шаян мен Түркістанның арасы төтелетіп жүргенге шамамен 130 шақырымдай. Жаздың кейбір күндері Аппақ ишан бейсенбінің елең-алаңында таң намазын оқып, қасына имамдарын ертіп, түйелерге мініп, Түркістанды бетке алады екен. Біздің Жүзімдік сол төте жолдың бойында, Арыстанды өзенінің жанынан орын тепкен. Сәскеде өзен жағасына жетіп, түйесін шөгеріп, бұлақтан шай қайнатып ішіп отырып, тоғайдың сулы-нулы көк майса жеріне қызыға қарап: «Мына жерге жүзім ексе болғандай екен-ау», – деген. Содан ары жол жүріп, түнделетіп Түркістанға жетеді. Ертеңіне жұма намазды Қожа Ахмет Яссауи кесенесінде жамиғатпен бірге оқыған. Шаянға қайтып келген соң ауылдың болысына шәкірттерінің бірін жіберіп, жүзім егетін жер сұратады. Ишанды пір тұтқан болыс сұраған жерін беріпті. Аппақ ишан келесі жылдың көктемінде Ташкенттен жүзім көшетін алдырып, шәкірттеріне отырғызған. Екі, үш жылдан соң жүзімнен мол өнім жинап, медресенің көкөніс мәселесін солай шешіпті. Содан бастап біздің ауыл Жүзімдік аталып кеткен.

– Коммунистер бұрын мал жайымен көшіп-қонып жүрген қазақты колхоз, совхоздарға тартып, отырықшы ауыл жасады. Көненің көзіндей әлгі ақсақалдар әр ауылда болды. Атеистік көзқарастағы коммунистер дінге қанша қысым жасаса да, діні берік жандар бес уақыт намазын қаза қылмады. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарына дейін тұрмыс-салттағы ұлттық құндылықтарымызды сақтап келді. Олар өмірден өткенде ХХ ғасырда қалыптасқан классикалық қазақ ауылы да солармен бірге кетті.

– Шаяндағы мешіт-медресеге Қазақстаннан тысқары жерден де келіп, діни білім алғандар бар дегенді естиміз. Сол қаншалықты шындыққа жақын?

– ОГПУ деректеріне қарағанда, мешіттің жанынан ашылған жүз орындық медресе мүридтер, яғни шәкірттер тәрбиелеген. 1927 жылға дейін мұнда Арқадағы Қарқаралыдан, Атбасардан, Жетісудағы Шу, Іле, сондай-ақ Талас, Сарысу өңірінен, Сыр бойынан, тіптен қырғыздың Ош аймағынан талапкерлер келіп, шәкірт атанған. Осы географиялық ауқымға қарап-ақ бұл мешіт-медресенің сол кезде бүкіл Қазақстан көлемінде ислам мәдениетін қалыптастыру және діни білім тарату ісінде үлкен орталық болғаны байқалады. Ишан әулетінің халыққа дін жолындағы қызметі қоғам тарапынан толық мойындалып, олардың есімдері кеңінен танылды. Қосым және Сейдахмет ишан ұрпақтарының ислам діні жолындағы қызметі классикалық ислам мәдениеті мен іліміне сүйенген. Аппақ ишанның ұлы Алауатдин сауатын Шаяндағы мешіт-медреседен ашып, он бес жыл бойына мұсылман елдеріндегі атақты медреселерде оқып барып, ишан лауазымына ие болады. 1905 – 1910 жылдар аралығында Түркістандағы «Сүлке қари», Тәшкенттегі «Абылқасым ишан», Бұхарадағы «Сағидолла қари» және «Қатта қорған» медресесінде оқып, Құранды жатқа оқитын «қари» атанады. Алайда Алауатдин осы алған білімдерімен шектеліп қалған жоқ. 1910 – 1912 жылдарда Үргеніштегі «Айтмұхамед ишан», Уфадағы «Ғалия», Орынбордағы «Хусайня» медреселерінде білім-біліктілігін барынша көтереді. Бұл діни оқу орындары ХХ ғасыр басында жаңа әдісті білім беру жүйесіне көшкен. Соңғы үш медреседен кейін ғана Алауат-дин өзінің жан-жақты білім алғанын айтып жүрген. Аппақ ишанның тағы бір ұлы Сағидолла да осындай жолдан өтіп, «ишан» деп жазылған «шатырхат» алды. Аппақ ишан Бұқарада өзі ашқан медресені басқаруды осы Сағидолла ишанға сеніп тапсырған. Бұқара әмірлігі кез келген дін өкіліне мешіт ашқыза бермеген. Соған қарап Аппақ ишанның дін өкілдері арасында қандай мәртебелі болғанын бағамдай беріңіз.

– Дін адамдарының қызметін әлеуметтік тарихи шындықтан бөліп алып қарау, ескерусіз қалдыру тарих үшін қиянат емес пе?

– Әрине, қиянат. Қоғамдық өмірдің барлық саласына араласып, бақылау орнатуға тырысқан кеңестік жүйенің діни қызметті назардан тыс қалдыруы тіптен де мүмкін емес еді. Адамдардың санасын коммунистік моралға бұруға бет алған Кеңес өкіметі үшін дін басты қарсыласы болды. Осылайша қазақ топырағында жаңа маркстік (оның большевиктік түрі) көзқарас пен дәстүрлі исламдық (оның сопылық ағымы) көзқарас тарих сахнасында бетпе-бет келді.

– Осыған орай әлгінде өзіңіз айтқан үш кедергіге нақты тоқталсаңыз.

– Мұрағат материалдарынан Қазақстанда Кеңес өкіметін толық орнату шабуылы үш бағытта жүргізілгені байқалады. Бірінші – байларды үстем тап ретінде жою. Екінші – қоғамды алға жетелейтін интеллигенцияны қуғын-сүргінге ұшырату. Үшінші – ел ішінен дін иелерін аластату. Осы кедергілерді жолдан тайдырмаса, Кеңес өкіметі өздерінің атеистік саясатын жүргізе алмасы кәміл еді. Тағы айта кететін бір жайт, байларды Кеңес өкіметі ғана емес патшалық өкімет те жек көрген. Тіптен оларды қудалау сол кезден басталды. Мұрағаттарда мұны дәлелдейтін құжаттар жеткілікті. Дәлел ретінде мысал да келтіре кетейін. Николай ІІ патша граф Паленге: «Түркістан уалаятында біздің биліктің орнағанына біраз жыл болды. Қандай экономикалық және саяси-әлеуметтік нәтижелерге қол жеткіздік? Ондағы кедергілер қандай? Осы мәселелерді анықтап, менің өзіме ғана есеп бересің», – деп түрлі билік буындарына тәуелсіз комиссия құрғызып аттандырады. Сол граф Пален Түркістан генерал-губернаторлығына қарасты Сырдария мен Жетісу жерлерін аралап, жергілікті халықтың экономикалық, саяси-әлеуметтік жағдайларымен танысады. Петербургке барған соң патша ағзамға ол: «Қазақ қоғамында біздің биліктің толық жүзеге асуына кедергі жағдайлар бар. Солардың бірі – байлар тобы. Оны жергілікті тұрғындар «игі жақсылар» деп атайды екен. Олар қоғамды өздерінің ықпалында ұстап отыр. Ең басты кедергінің бірі солар», – дейді. Пален басқарған комиссияның жинаған материалдары кейін көп томдық кітап түрінде бастырылған. Кеңес өкіметі де байларға сондай көзқараста болды. Өйткені байлар экономикалық тұрғыдан билікке тәуелсіз болғандықтан халық арасында өз саясатын жүргізді. Сондықтан Кеңес өкіметі байларды үстем тап ретінде жоюға тырысты.

Кеңес өкіметінің алдында көлденең тұрған ықпалды күштің бірі, әрине, ұлт зиялысы. Олардың шығарған газеттері, журналдары, кітаптары халықтың саяси өмірге көзін ашуда ықпалы зор еді. Олардың сол басылымдар арқылы қоғамға жеткен ойлы сөзі ХХ ғасыр басында қазақ қоғамын өзгертті. Жаңа өкімет осы ұлтшыл ұстанымдағы зиялы қауымды құртпай өз биліктерін толық жүзеге асыра алмасын жақсы білді. Ал Ислам дінінің ролі сол кезде ел ішінде өте күшті еді. Қарапайым халықтың дін адамдарына көзқарасы ерекше болды. Өйткені дін адамның жан дүниесімен біте қайнасқан. Адам өмірге келгенде және өмірден озғанда діни жоралғылар жасалынады. Адам бақилыққа аттанғанда жаназасын имам, ишандар шығарады. Сондай-ақ, сол кезде ел ішіндегі небір күрделі мәселелер шариғат заңымен шешіліп жатты. Кеңес өкіметінің басындағылар Ресей тарихын жақсы білді. Кавказдағы Имам Шәміл көтерілісі оларға көп ой салған. Дін иелері халықты соңынан ерте алды. 1929 – 1930 жылғы халық көтерілістерінде имамдар, ишандар, молдалардың белсенділік танытуы соған дәлел. Кеңес өкіметі солардан құтылмай өз саясатын жүзеге асыра алмайтын еді. Осы үш кедергіні жойса, хадық тобырға айналады. Олар үшін тобырды басқару әлдеқайда оңай.

– Кеңес өкіметінің азық-түлік салығына байланысты саясаты дін өкілдеріне де ауыр соққы болды. Аппақ ишан қалай қудаланды? Салықтан бас тартқаны үшін бе?

– 1929 жылы желтоқсан айының соңғы күндері орталық Мемлекеттік саяси басқармасының Сырдария облыстық бөліміндегі Шығыс бөлімінің бастықтары қол қойып бекіткен Ташкент қаласындағы ОГПУ-дің Орта Азия бойынша бөліміне жолдаған хатында былай деген. «Сырдария округі, Шаян ауданындағы астық даярлау ісіне байланысты Өзбекстанға Аппақ ишан (светлейший) бастаған, қазақ жұрты арасында аса зор беделді, соңғы мезгілге дейін Шаян мешітінде медресе ұстаған бір топ қазақ ишандары қашып барды. Ол ишандар: 1) Сайд-Ахметов Рахматулла – Аппақ ишанның бауыры; 2) Сагабулла және Алауатдин Аппақовтар – Аппақ ишанның ұлдары; 3) Сапир Саид-Ахметов; 4) Мадиев Баки-булла; 5) Мадиев Сағидулла; 6) Асқаров Махмұт; 7) Сатен Тоққожаев. Бұлардың бәрі де Шаян ауданындағы №1 ауылдың тұрғындары, осы жылдың желтоқсан айының орта тұсында жасырын кетіп қалған.

Біздегі бар мәлімет бойынша, Аппақ ишан Сейдахметов Ташкент округінің Жоғарғы Шыршық ауданындағы Сексен Ата деген елді мекенде тұрып жатыр, ал қалғандарының тұрған жері әзірге мәлім емес. Аппақ ишан Сейдахметов пен оның ұлы Алауатдин Аппақовты тез арада тұтқынға алып, бізге жіберулеріңізді өтінеміз, ал қалғандарының үстінен бақылау орнатыңыздар. Сонымен қатар, осы жылдың қарашасында Ташкент қаласына қашып барған Сайрам ишаны Хансейд-Қожаев Сыдық қожаны тауып, тұтқынға алуларыңызды өтінеміз». Ташкен қаласындағы ОГПУ қызметкерлері оларды іздестіруге кірісіп, 1930 жылдың сәуір айының соңғы күндері Аппақ ишан Сейдахметовті, Бахабулла Аппақишановты (жоғарыдағы құжатта «Мадиев» деп көрсетілген) және Сабыр Сейдахметовті тұтқынға алып, № 2690 тергеу ісін жүргізеді. Ал сол жылдың 20 маусымында ОГПУ-дің Сырдария облыстық бөлімінің бастығы Журавлевтің бекітуімен қабылданған қаулыда «тұтқындалған ишандардың бостандықта жүруі тергеу ісіне әсері болуы ықтимал» деген негіздемемен қылмыстық-процессуалдық кодекстің 143-бабына сәйкес, оларды абақтыда ұстау қажеттілігі айтылған. Осы жылға 29 сәуірде ОГПУ (БМСБ) тергеушісі жүргізген тергеу хаттамасында мынандай мәліметтер берілген. Сейдахметов Аппақ-Мақсұм, қазақ, 66 жаста, екі әйелі, бес баласы бар, сауатты, өз ауылында білім алған, өзі 1926 жылға дейін имам қызметін атқарған. Дауыс беру құқы жоқ. Қора-қопсысымен 2 үйі, 3 түйесі, 4 өгізі, 5 сауын сиыры, 9 жылқысы, 40 бас қойы, 14 десятина жері және түрлі үй заттары болған. Сотталмаған. Орыс-жапон соғысы тұсында қажылыққа барып, сонда 4 ай тұрған. Революцияға дейін 60 бас қойы, 6 бас сиыры, 10 жылқысы, 3 түйесі, 5 өгізі болған. Аппақ ишан тергеуші сұрағына: «Әкем 20-30 жыл бойына ишан атанды. 600-800 мүриттері болған, осыдан 35 жыл бұрын өмірден өтті. Өлер алдында мүриттерін балалары алдында бөліп, маған 60-ы тиесілі болған. Олар Шаян, Сасық, Бөген ауылдарында тұрады. Жылдық табысым 300-400 рубль көлемінде. Бірақ, сол мүриттерді көрмегеніме міне, үш жыл болғанын мәлімдеймін», – деп көрсеткен. Аппақ ишанның мүриттерін үш жылдан бері көрмегеніне қарағанда, Оңтүстік Қазақстанда бұл институт ұстаз бен шәкірттің ара байланысы дәрежесінен асып, ықпалды құбылысқа айнала қоймағаны байқалады. Мүриттерге байланысты хаттамадағы сауалға оралсақ, онда тергеуші Аппақ ишанның медресе ұстағанын негізге ала отырып, оның қанша шәкірті бар екенін білгісі келгенін аңғару қиын емес. Ресми орындар кезінде Имам Шәміл тұсында Кавказда орыстарға қарсы көрініс тапқан мүриттер қозғалысының жаңа жағдайда Орталық Азия аймағына ауысуынан қауіптенген болса керек. Аппақ ишанның үлкен ұлы Бахабулла тергеу материалдарында мынандай мәліметтер берген. «Мен, Аппақ ишанның ұлы, Бахабулла мәлімдеймін: менің әкемді ел арасында «Ақ ишан» деп атайды. Мен әкем екеуміз салынған салықты өтеуге күшіміз жетпегендіктен өзіміз тұрып жатқан қышлақтан кетіп, жасырынуға мәжбүр болдық. Маған 150 пұт бидай, әкеме 1400 пұттан астам астық салығы салынған еді. Әкем өтеді, менің өтеуге мүмкіндігім болған жоқ. Сондықтан да жасырынуға тура келді». Бахабулла ишанның астық салығын төлей алмағаны жөніндегі мәліметін 1930 жылы 30 сәуір күнгі тергеу хаттамасынан көруге болады. «Мен Аппақишанов Бахабулла, жасым 30-да, Қазақстанның Сырдария округіне қарасты Шаян ауданы, №1 ауылында туып, өскенмін. Әкем дін қызметкері, имам-ишан, ақпан революциясына дейін өте көп мүриттері болған, қазақ. Соңғы 4 айда Тайтөбедегі «Ысты» ауылында тұрдым. Диқандық шаруашылығым бар, сондай-ақ малшылықпен де айналысамын. Үйленгенмін. Әйелім мен балаларым 2 жыл бұрын қаза болған. 1918 жылы Ташкенттегі қазақ мұғалімдер курсына түсіп, 8 ай оқығанмын. Қазір әкемнің үйінде тұрып жатырмын. 1 атым, 2 түйем бар. Салынған 30 рубль ауыл шаруашылық салығын төледім. Салынған 150 пұт бидайдың 15 пұтын ғана өтей алдым...». Ол сол хаттамада қазақтар арасында көре алмаушылықтың салдарынан ишанның баласы ретінде көз алартып қарайтындардың кесірінен 150 пұт астық салығы салынғанын, сондай жағдайда өздерімен бірге Сүннатулла бауырының да қашып, Ташкенттің ескі бөлігінде тұрып жатқанын айта келіп: «Рахматулла мен Сабыр Сейдахметовтер менің әкемнің туған бауырлары. Рахматулла шаруашылықпен айналыспайды, Шаян мешітінің сопысы. Сабыр болса, ескі Ташкент қаласында «Падахан» махалласында тұрады, ал ағам Сүннатулланың кімнің үйінде тұрып жатқанынан хабарсызбын. Ауылдан безіп кетуімізге себепші болған жайт – біз көтере алмаған астық салығы. Біздің ауылдан біреулердің басмашыларға, Насырхан төреге кеткені жөнінде ештеңе білмеймін, естіген жоқпын», – деп көрсеткен. Бұдан Аппақ ишан мен оның бауырлары мен балаларының басмашыларға қатысы болмағандығы байқалады. Сонымен, Аппақ ишанды және оның бауырлары мен ұлдарын өз ауылдарынан кетуге мәжбүр еткен отбасына түскен ауыр астық салығы. Бір қарағанға солай сияқты. Алайда, Аппақ ишанға туған жерін тастап, басқа өлкеге кетуге итермелеген жағдай бұл ғана емес-тін. Ол жөнінде ишанның тергеушіге берген алғашқы жауабында: «Мені ишан болғаным үшін тұтқындады», – деген сөзінің астарында Кеңес өкіметінің түпкі мақсаты жатқанын аңғарамыз. Расында, Кеңестік билік үшін Аппақ ишан мен оның ұлдарының астық салығын өтей алмағаны жай сылтау ғана еді. Билік үшін негізгі мақсат қоғам алдында дін басшыларының, солар арқылы Ислам дінінің беделін түсіру болатын. Ал мұндай үлкен масштабты мақсатқа жетер алдында Аппақ ишан секілді ірі тұлғаны қоғам санасындағы биіктен құлату, сондай-ақ бұл биліктің құдіретін танытуға тиіс болған таптырмайтын факті еді. Кеңес өкіметі дінге, имандылыққа, салт-дәстүрге қарсы жолға түсіп, өзінің болашағын кесіп тастады.

– Мешіт-медреседе жүргенде жұрт көзіне сирек түсетін Аппақ ишанның тағдыр басына салған ауыр күндері мүриттері мен ағайындарын сағалап, күн кешуі неткен аянышты.

– Қазақ «Басқа түссе баспақшыл» демей ме. Тергеушінің сұрағы бойынша, Аппақ ишан өз ауылынан кеткен соң қашан және кімнің үйінде қанша күн болғанын жасырмай айтуға тиіс болды. Өзіне жабылатын жаладан қорғану үшін ол қай күні, кімнің үйінде қанша күн болғанын есебінен жаңылмай нақты айтып береді. Ишанның бұл көрсетулерінен бүгін біз саяси қуғынға ұшыраған оның ауыр жағдайын анық аңғарғандай боламыз. Екінші жағынан оны құрметті қонағындай күткен халықтың дін басына деген ықыласын да байқаймыз.

Өз ретінде ишан ел арасында имандылықты дәріптей жүріп, емшілік міндеттерін де жүргізген.

– Көпшілік болған соң оның ішінде жаманы мен жақсылары болады. Аппақ ишанды тергеу кезінде отқа май құйған куәгерлер болған ба?

– Тергеу барысында Шаяндағы ауыл тұрғындарынан да куәгер ретінде жауап алынғандарын көрсететін материалдар бар. Олар екеу. Түсінікті себептерге байланысты олардың аты-жөндерін атамай-ақ, шартты түрде «А» және «Ш» деп алайық. Куәлік берген «А» деген азаматтың көрсетуінде, Аппақ ишанның «бүкіл Қазақстан көлемінде аса ірі және ықпалды ишан болғандығы, оның Шаян ауданында №1 ауылында мешіт-медресе ұстап, өзінің имамдық және ишандық қызмет атқарғаны, Әулиеата, Меркі, Пішпек, Ақмоланың, Атбасар және Қарқаралы уездерінде 2-3 мың төңірегінде мүриттері болғанын айта келіп: «Біздің қазақтар Аппақ ишанның айтқан сөзін заң дәрежесінде қабылдайды» деген. Куәлік берген кісілер тергеушілердің ыңғайына бейімделіп, біраз жайды саналы түрде асыра көрсеткені де байқалады. ОГПУ тергеушілерінің тәжірибесінде бұл кең қолданылған әдіс-тәсіл еді. Мәселен, жоғарыдағы «А» есімді азамат 1921 жылдан бері партия мүшесі, сауатты, жасы 42-де. Ол: «Аппақ ишанның шаруашылығы кедейлердің еңбегін қанау арқылы жүргізілді», «менің өзім, қай жылы екені есімде жоқ, пітір-садақа қарызымды өтеу үшін бір жыл бойы ишанның шаруашылығында тегін жұмыс істедім», «әрбір жылы оның шаруашылығындағы мен сияқты батырақтардың саны он бес адамға шейін жететін», «ал ишан жыл сайын мүриттерін аралап, пітір-садақа жинағанда бір ғана рулы елден алған малы 500 бас қой және мүйізді ірі қараға, 2-3 мың пұт астыққа жететін еді» деген «жалған» деректер келтіреді. Осыған қарап-ақ тергеу процесі біржақты, Аппақ ишанды тек айыптау тұрғысынан жүргізілгенін біле бересіз. Дегенмен, айыптау орындары үшін керегі – ишан мен оның серіктерінің кеңестік билікке қарсы ел арасында жүргізген үгіт-насихат жұмысы жөніндегі мәлімет еді. Мақсатты жүргізілген тергеу барысында ондай куәліктер де алынды. Үштіктің айыптау үкімі кезінде жоғарыдағы «А» деген куәгердің өз көрсетуінде астық даярлау науқаны тұсында Аппақ ишан бұл шараға қарсы екенін ашық айтып, тұрғындар арасында үгіт жұмысын жүргізді дей келіп, ишанның сөзінен мысал келтірген. «Кеңестік билік тонаушылардан құралған, Ислам дінін жоюда, байларды тәркіледі, біздің бар мүлкімізді алды, енді міне, астық салығы арқылы сендерді де тонауда. Астықтарыңды тапсырмаңдар, аштан қырыласыңдар!» деген мазмұндағы пікір таратқаны жөнінде мәлімет берген.

Тергеу хаттамасындағы осындай мазмұндағы куәлікті Шаянның тағы бір тұрғыны «Ш» берген көрсетуден оқыдық. Мұнда ескеретін бір жағдай, бұл екі куәлік берушінің көрсетулерінде де Аппақ ишанның қызметі ауылдағы кеңестік билікпен қатар балама билік жүргізу әрекеті ретінде бағаланды. Мәселен, Аппақ ишан төңірегі сайлау нәтижесінде ауылсовет төрағасы қызметіне партия мүшесі Ноғаев Жүністі өткізіп, ал ол өз ретінде «ишан мен оның жақтастарының, барлық молдалардың мүддесін қорғайтын болады». Тергеу ісі барысында Аппақ ишан мен оның бауырлары мен ұлдарының кінәлары дәлелденбесе де, 1930 жылы 11 шілдеде ОГПУ-дің Сырдария облыстық бөлім бастығы бекіткен қаулыда тұтқындағы ишандардың заң алдында кінәлі екендері толық дәлелденбегендеріне қарамастан, мынадай тұжырым жасаған: «Жоғарыда аталғандар ауыл мен қышлақтағы бай-ишандық элементтің жоғарғы бөлігінің өкілдері екені жеткілікті деңгейде әшкереленді. Өздерінің бұқараға ықпалын пайдалана отырып, олар ауылдағы саяси шаруашылықтық шараларды үзіп тастауға бағытталған антисоветтік насихатты жүйелі түрде жүргізіп отырған. Сейдахметов Аппақ ишан өзінің беделін тұрғындардың санасы төмен бөлігін қорқытып пайда табуға жұмсаған. Бұлар жергілікті кеңестік аппаратқа айтарлықтай ықпал жасап, оны өздерінің мақсаттарына пайдаланған». ОГПУ тергеушілері осыны негізге ала отырып, Аппақ Сейдахметов бастаған ишандарды 1927 жылы қолданысқа енген Қылмыстық кодекстің 58-10 және 59-7 баптары бойынша айыпқа тарту жөнінде шешім қабылдайды. Қаулы жазылған парақтың төменгі жағына үш ишан да «өзімді кінәлі ретінде мойындамаймын» деп көрсетіп, қолдарын қойған. «Айыптау қортындысында» да ишандарға негізінен жоғарыда баяндалған кінәлар тағылған. «Іс бойынша жауапқа тартылған Сейдахметов Аппақ-Мақсұм (яғни Аппақ ишан), Аппақишанов Бахабулла және Сейдахметов Сабыр өздерінің кінәсін мойындаған жоқ» деп көрсетілді. «Айыптау қортындысында» олардың кінәлі екенін куәлардың көрсетулері және басқа істегі құжаттар ақылы жеткілікті дәрежеде анықталды, соған байланысты бұл аталғандардың советтік қоғам тарапынан жеккөрінішті екенін, сондай-ақ бұл жағдайды ауылдық советтің анықтамасы мен батырақтардың көрсетулерінің қоштайтынын, Сейдахметовтер мен Аппақишановтың нағыз антисоветтік элемент екенін ескере отырып... бұл аталған азаматтардың ісі 58/10 және 59/7 баптарға сәйкес «ҚКСР бойынша ОГПУ-дің өкілетті өкілі жанындағы үштіктің соттан тыс қарауына жіберілсін» делінген. Үштіктің 1930 жылғы 18 тамыздағы қаулысында Ресей Федерациясы «Қылмыс Кодексінің 58-7-10-бабына сәйкес Сейдахметов Аппақ-Мақсұм антисоветтік насихат жұмысы және астық даярлау шарасын үзгені үшін округтен тыс аймаққа 3 жылға жер аударылсын» деп үкім шығарды. Осы қаулыда Сейдахметов Сабыр және Аппақишанов Бахабулла «Қылмыс Кодексінің 58-7-10 баптарына сәйкес антисоветтік насихат жұмысы және колхоздарды ұйымдастыру ісіне қарсылығы үшін 3 жыл еңбекпен түзету лагеріне (ИТЛ) жіберілсін» деп көрсетілген. Үштіктің үкімі шыққан соң Аппақ ишанды Шаянға алып келіп, алаңға халықты жинаған. «Міне, сендерді дінмен алдап жүрген адам. Пітір-садақаны желеулетіп еңбектеріңді қанаған. Енді жүзіне түкірулеріңе болады», – дейді шенді бірі екілене сөйлеп. Сонда олар Аппақ ишанның алдынан бастарын төмен салып, үн-түнсіз өтіпті.

– Бұл халықтың оған көрсеткен ең соңғы құрметі екен де. Аппақ ишан 1931 жылы Ташкент түрмесінен Шымкенттегі абақтыға жеткізілді. Содан кейін Павлодар облысындағы түрмелердің біріне ауыстырылды да, сол жылы 67 жасында бақилық болды.

Түрме түнегінде жарық дүниеден өткен Аппақ ишанмен бірге халықтың рухани шежіресінің тағы бір маңызды парағы жабылғанын оның замандастарының бірлі-жарымы сезсе де, басым бөлігі, әрине, пайымдай қойған жоқ. Кеңестік билікке керегі дін ықпалынан ада, илеуге көнетін «жаңа кеңестік» адам еді. Солай Қазақстандағы ең ірі, беделді әрі белгілі мешіттердің бірі – Шаян мешіті өз жұмысын тоқтатты. Мешітпен бірге оның жанындағы медресе де жабылды.

– Әңгімеңізге рахмет! Аппақ ишан мешіт-медресесі мемлекет және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтің тікелей қолдауымен қайта қалыбына келтірілді.

Сұхбаттасқан, К.Адырбекұлы.

// Түркістан 14 тамыз 2014ж.

ӨМІРДЕ ӨЗ ЖОЛЫҢДЫ ІЗДЕУ — АДАМҒА ТӘН МІНЕЗ!

– Тарихшы ғалым ағамыздың балалық бал дәурен шағы қай өлкеде және қалай өтті?

– Мен 1946 жылы Жамбыл облысы, Шу ауданы, Масақ-Ақтөбе ауылында дүниеге келдім. Біздің ауыл егістікке де, мал шаруашылығына да қолайлы, арғы беті қалың сексеуіл елді мекен болатын. Бала кезімізде сол сексеуілдің арасы бізге өзінше бір әлем сияқты көрінетін. Арасы мал отына бай, сондықтан да малшылардың қыстауы қалың сексеуілдің арасында болады. Ал онда қасқыр, қарсақ, түлкі, мәлін, қоян, т.б. осы секілді аңдар жыртылып айырылатын. Біздің балалық шағымыз міне осындай табиғаттың бай кезеңіне тұс келді. Бала кезімізде сол жерде мал бағып, сексеуіл жинап өстік. Трактор, машинаның тапшы кезі, сондықтан да отынды арбамен таситын едік. Әке-шешеміз «жас, көк сексеуілге тимеңдер» дейтін. Әбден піскен, көктемейтін томарды үйімізге алып қайтатынбыз. Менің бір байқағаным, сол кездегі қазақ ауылы табиғатпен үйлесімді өмір сүре білді. Әке-шешем мал баққан кісілер болғандықтан, қай мезгілде қандай шөп өсетінін жақсы білетін. Малды қай уақытта қай жерге жаюға болатынын бізге ылғи айтып отыратын. Сол кезде бүкіл ауыл мал өсірді, егін екті. Совхоз малы 40 мыңның үстінде болатын. Әкем сушы да болды, егіншілікпен де айналысты, мал да бақты. Бірақ, сол кезеңдерде бұл кісілердің еңбегінің өтеуі неге өз дәрежесінде болмады екен деп әлі күнге дейін ойланамын. Олар сенбі, жексенбі, демалыс дегенді білмей, күндіз-түні еңбектенетін. Бір отарда 700-800 қой болса, соны 1 малшы жалғыз өзі бағатын. Отағасы күндіз қой бағады, зайыбы түнде оны күзетеді. Көктемде мал төлдегенде, отбасы түгел малдың соңында жүреді. Бірақ, еңбектерінің өтеуі өз деңгейінде болмағаны қынжылтады. Сондай бір соғыстан кейінгі қиын-қыстау заман болды. Әрине, малшылардың арасында бірен-саран адамдарға сый көрсетілетін. Кейбіреуіне Социалистік Ері атағын, Ленин орденін беріп жататын. Бірақ, барлығына бірдей емес. Әсіресе, үлкендер жағы балаларын қыркүйекте мектепке апаратын кезде қиналатын еді. Есімде, бірде әкем «балам сендер оқуға барасыңдар ғой, киім-кешек керек» деп, бухгалтерияға бірге барғанымызда, есепші кісі әкеме «өкіметке қарызсыз» деп қайтарғаны. Әкем «жыл бойы мал соңында жүріп, қалай қарыз боламын» деп қынжылды. Тіпті, сол малшылар жыл бойы мал соңында жүріп, ауылда дұрыстап бала-шағасына үй салып беруге де қаржысы жетпейтін.

Бірақ, кеңес өкіметі кезеңінің бір жақсы тұсы малшылардың балаларын оқытатыны еді. Ол кезде ауылда 7 жылдық мектеп қана болатын. Ары қарай орта білім алу үшін 8-9-10 сыныптарды оқу керек. Сонда аудан орталығына бет бұратынбыз. Төле би ауылында мектеп-интернат және интернат-пансион болды. Интернат-пансион қарауындағы балаларға киімін кигізіп, тамағын беріп, балалардың бүкіл қажеттілігін өз мойнына алатын, яғни тегін оқытатын. Бұл Кеңес өкіметінің бізге жасаған қамқорлығы еді. Әлі күнге дейін интернат-пансионның нанының дәмі аузымда. Ол жақсылықты ешқашан ұмытпаймын. Мен мектеп бітіргенде әкем 58 жасында қайтыс болды. Ағамды 3 жылға әскерге алып кетті де, оқуды жалғастыруға мүмкіндігім болған жоқ. Ауылда 2 жыл еңбек еттім. Алдымен тіркеуші болдым, кейіннен трактор айдадым. Ол кезде трактор айдау – үлкен бір мектеппен тең. Тракторшы болып жүріп өмірден алғашқы сабақтарымды ала бастадым. 2 жылдан соң Фрунзе қаласындағы Қырғыз мемлекеттік университетінің тарих факультетіне оқуға түстім.

– Тарих саласын таңдауыңызға не себеп болды?

– Мен гуманитарлық пәндерге бейім болдым. Шындығын айтсам, не журналист, не тарихшы болғым келді. Бірақ ол кезде журналистика факультеті өте аз, конкурс үлкен. Осы екі мамандықтың біреуін таңдауға тура келді. Мен тарихты таңдадым. Оның үстіне, мектепте тарих сабағын жақсы көретінмін. Мектепте Алматаева деген тарих пәнінен сабақ берген ұстазым болды. Тарихқа деген қызығушылығымды тудырған осы кісі деп айтсам болатын шығар. Тарих факультетінде орыс тілінде білім алдым. Ауылдың баласы болғандықтан, орыс тіліне шорқақтау едім. Бар ынтамды салып, орысшаны игердім. Қажеттілік болған соң, үйренеді екенсің.

Жалпы, ауылда өскен балалар арманшыл келеді ғой. Сол арманшыл баланың бірі мен едім. Университетте жүргенде «ғылым» әлемі ең қасиетті әлем болып көрінетін. Ғылым мені өзіне қатты тартты, ғалым болуды армандадым. Шамам келгенше, тарих ғылымын игеруге тырыстым. Университет марксистік-лениндік философияны кеңінен оқыта отырып, шәкірттерге іргелі білім беруге жол ашты. Өйткені, марксистік-лениндік философияны меңгеру үшін неміс классикалық философиясын оқу қажет. Университеттік оқу бағдарламасы кең, ауқымды келетін. Сонымен қатар, мен классикалық орыс әдебиетін жақсы көрдім. Орыс тіліне аударылған еуропа классиктерінің шығармаларын оқыдым. Осы философия мен әдебиет тарих ғылымы жолына түсуіме септігін тигізді. Қазіргі уақытқа дейін мен әдеби шығармаларды оқығанды жақсы көремін. Әдебиет пен философия тарихты түсінуге көмектеседі. Тек қана архивте отырып, тарихи фактілерді жинап тарихшы болу мүмкін емес. Тарихшы болу үшін көп нәрсе білу керек. Жан-жақты білімдар болу қажет. Соның ішінде, философияның маңызы зор. Толыққанды тарихшы әлемдік тарихи процестерден де хабардар болғаны жөн. Қазақ қоғамының жағдайы мен басқа елдердің тарихын салыстыра отырып, ара-байланысын іздеу керек. Тек қазақ тарихымен ғана шектеліп қалмай, қазақ тарихын кең контексте, кең арнада карауға тиіспіз. Тарихшы ретінде менің алдымда осындай міндеттер тұрды. Қазақ халқының тарихына, жүріп өткен жолына ұқсас елдердің тарихынан көбірек мәлімет алуға тырысамын. Мәселен, қазақ тарихының қырғыз және өзбек халықтарының тарихымен ортақ тақырыптары бар. Мен жақында ғана «қазақ ағартушылығы» мәселесін қарастырып, мақала жаздым. Қазақ ағартушылығын терең де тура түсіну үшін, мәселен қырғыз, өзбек ағартушылығына көңіл аударған жөн. Олар қандай ағартушылық жолдан өтті, олардың ағартушыларының тағдыры қалай қалыптасты, осының барлығына назар аударуға тура келді. Яғни, біз өзімізбен ғана шектеліп қалмай, тарихты кең ауқымда қарастырғанымыз жөн. Әйтпесе, біз жаңа нәтижелерге жете алмаймыз. Содан, ауылда мектепте жұмыс істеп жүргенде, маған ғылым саласында өсу үшін ары қарай оқу керек болды. Осылайша, сол кездегі Жамбыл, қазіргі Тараз қаласына бардым. Ол жерде біраз жұмыс таба алмай жүргенімде, Әлдихан Қалдыбаев деген жазушы ағам қол ұшын берді. Ол кісі мені облыстық мұрағатқа кіші ғылыми қызметкер ретінде жұмысқа орналастырды. Сол жерде жұмыс істеп жүріп, Жамбыл технология институтына мұғалімдік қызметке тұрдым. Кейінен әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетіне аспирантураға оқуға түстім. Аспирантураға түсуіме себепші болған ағам, СССР тарихы кафедрасының меңгерушісі профессор Дауылбаев Нәби Нұғманұлы болды. Әркімнің өмір жолында қол ұшын созатын адамдар болады. Ол кісілерді ұмытуға біздің қақымыз жоқ. Сондай-ақ, Қырғыз университетінде оқып жүрген кезімде Қырғызстан Ғылым Академиясының корреспондент мүшесі, ғалым Хасанов Әнуарбек Хасанұлы есімді қазақ кісі маған үлкен қолдау жасады. Жамбылда жұмыс істеп жүрген кезімде Алматыға қызметке шақырған профессор Серік Құрманғалиұлы Жақыпбеков деген ағам болды. Осындай ғажап кісілердің арқасында мен өз арманымның орындалуына бір табан жақындадым. Өмір деген сабақтастықтан тұрады. Біз де осылай кейінгі жастарға көмектесуіміз керек. Үлкен буын өзінен кейінгі буынға қамқорлық жасауға тиісті. Жас таланттарды іздеп тауып, қол ұшын созып, олардың өсуіне жағдай туғызу керек. Әйтпесе, қоғамда даму болмайды. Бізден бұрынғы буындар осы сабақтастық принципіне мықты еді. Біз оны ары қарай жалғастыруымыз қажет. Ғылымға таланттыларды тарту керек.

– Сіздің Алаш қозғалысы тарихы бойынша маман екеніңізді білеміз. Дәл осы «Алаш ісін» зерттеуіңіздің сыры неде?

–Университет бітірген соң туған ауылыма мұғалім болып бардым. Сегіз жылдық мектепте екі жыл орыс тілі мен әдебиетінен сабақ бердім. Осы жұмысым орыс тілін игеруге біраз септігін тигізді. Кезінде Қазақстан Коммунистік партиясы орталық комитетінің жанында Партия тарихы деген институт болған. Сол институтта ғылыми қызметкер болып жұмыс істедім. 2 жыл бойы мұрағаттағы «Қазақ» газетінен, «Айқап» журналының тігіндісін парақтап оқып шықтым. Мен көркем шығарманы құр жібермейтін едім, осы басылымдардағы көркем шығармаларды оқыдым. Өйткені, көркем шығарма – қоғамның көркем шежіресі, сол кездегі қоғамның рухани дүниесіне, ішкі әлеміне апаратын жол. Қазақ қыздарының, қазақ әйелдерінің мәселелері жөнінде «Айқап» журналы көп жазған. Сол қыздардың хаттарын оқымай тұрып, қалай қазақ қоғамының мәселесін, ішкі күйзелісін түсіне аламыз. Жалпы, қазақ халқы ішкі әлемін өлең арқылы шебер жеткізе білген. Кез-келген тарихшы қазақ халқының ішкі сезімін, жан-дүниесін түсінуі керек. Тарихи фактілерді солар арқылы түсіндіре алуы керек. Қазақ халқының жан-дүниесін жақсы түсіну үшін көркем шығармаларды көп оқу керек. Егер Алаштың ардақтылары: М. Дулатов, А. Байтұрсынов өлеңдерін, публицистикасын Ж. Аймауытов, М. Жұмабаев шығармаларын оқымасам Алаш қозғалысын игере алмас едім. Маған Алаш қозғалысының ішкі динамикасын, ішкі ерекшеліктерін түсінуге көмектескен Алаш жазушыларының, Алаш ақындарының шығармалары еді.

1980-ші жылдардың екінші жартысынды көңілім қалаған тақырыппен айналысуды армандап жүрдім. Ол кезде Алаш қайраткерлерін ақтау процесі басталып кеткен еді. Содан, Алаш қозғалысын зерттеуге мүмкіндік туды. Содан, жолым болып, партияның Орталық Комитеті жанындағы партия тарихы институтының директоры Б.А.Төлепбаев пен бөлім меңгерушісі А.Ғ.Сармурзин «кел, қалаған тақырыбыңмен айналыс» деп мені жұмысқа шақырды. Алдымда қажетті заттардың барлығы болды. Мәскеуге, Орынборға іссапарға жіберді. Орынбор мұрағатында алғаш рет жандармерия қоры ашылды. Соны алғаш парақтағанның бірі мен болдым. Алаш тарихымен айналыстым. Мен үшін көптеген мәселелерді дұрыстап, қайта қарауға мүмкіндік туды.

–Жеке өміріңіз жайында кеңінен айтып өтсеңіз... Отбасыңызда тарих саласында ізіңізді жалғастырушы ұрпағыңыз бар ма?

– Сәуле есімді жолдасым, үш ұлым, немерелерім бар. Жолдасым, мені әрдайым түсініп, қолдап отырады, мамандығы-химик-технолог. Отбасылық өмірім, құдайға шүкір, жалпы сәтті қалыптасты. Балаларымның әке-шешесімен, өзара жарасымды қарым-қатынасы бар. Немерелерім өсіп келеді. Ұлдарым жоғары білімді. Жүрген ортасында қадірлі. Ең негізгісі отанын, елін сүйеді.

Бүгінгі заман – мүмкіндігі мол заман. Кейбір сыншыларымыз өміріміздің жақсы жақтарын көргісі келмейді. Алайда, жағымды өзгерістер де бар ғой. Әсіресе, жастар үшін жаңа мүмкіндіктер ашылуда. А. Байтұрсыновтың «Мәдениетті, білімді ел ғана тәуелсіз бола алады» деген сөзі бар. Сондықтан, біз мәдениетті, білімді ел болуға тиіспіз. Білім арқылы ғана біз тәуелсіздігіміздің туын ұстап қала аламыз. Ұлттық негізіміз мықты болу үшін, кәсіби деңгейі жоғары, мәдениетті әрі білімді жастарды тәрбиелеуіміз керек. Ұлттық бет-бейнесі жоқ халықтың болашағы да жоқ. Біз қазір өзгеріс заманында өмір сүрудеміз. Тарих ғылымы да түбегейлі өзгерістер кезеңінде тұр. Мемлекет құрып жатқан халық болғандықтан, әр адам мемлекетіміздің ірге тасының нығаюына атсалысуға міндетті. Әркім «еліме, халқыма не берем?» деген оймен қызмет істеп, өмір сүруі керек деп ойлаймын.

– Бос уақытыңыз бола қалса, қалай демалғанды құп көресіз?

– Жазғы демалысты мүмкіндігіме қарай Алакөлде, Ыстық-көлде өткізгенді жақсы көремін. Өзіміздің асқар Алатауымыздың өзі неге тұрады! Сенбі, жексенбі күндері Алатау баурайына шығып демалғанға не жетсін, шіркін?! «Жетісу – жердің жәннаты» демекші, қай елден мұндай әдемі табиғатты кездестіре аласыз? Өзіміздің табиғаты тамаша жерлерімізді аралауды жаным сүйеді. Содан соң, дала арқылы жол жүру мен үшін рахат. Қазақ даласымен жүріп өтсеңіз, бар шаршағаныңызды ұмытасыз. Торғайдың салған әнін тыңдап, көктемгі далада жүрген күндерімді сағынамын. Өкінішке орай, далаға шығуға уақыт тапшы болып жатады. Одан өзге, үйде бос уақытым болса кітап оқығанды ұнатамын.

– Мінезіңіз қандай?

– Мүмкіндігінше жұмыста да, үйде де жайлы болғанды жөн санаймын. «Аяғыңа киген етігің тар болса, дүниенің кеңдігінен не пайда» демекші, кең дүниені тарылтудың қажеті жоқ деп санаймын. Әр адам осы қағиданы ұстанатын болса, дүниеде барлығы да жақсы болады. Адамдармен, қоршаған ортамен, табиғатпен үйлесімділікке ұмтылуымыз керек. Жан-жағымыздағы адамдармен сыйласқанға не жетсін. Мен шамам келгенше әріптестеріме құрметпен қарауға тырысамын.

– Сіздің геноцид жайында айтып жүргеніңізді білеміз...

– 20 ғасыр тарихы – қазақ қоғамы үшін ең ауыр кезең. Менің бір арманым бар! Ол осы тарихи кезеңдегі қазақ өмірінің драмалық беттерін мүмкін болғанша терең де шынайы түрінде көрсету. Мұрағатта 20 ғасыр тарихын түсінуге көмектесетін мәліметтер бар. Сол материалдар жарыққа шығып, соның негізінде мықты еңбектер жазылса деп ойлаймын. Мұрағаттағы мәліметтерді тарихшылар елеп-екшеп халыққа жария етсе, халқымыз өзінің жүріп өткен жолын, тарихын тереңірек түсінсе жақсы болар еді.

– Ал оқулықтардағы жартылай жалған жазылған тарих неге әлі өз шешімін таппай келеді?

– Мен 10-сыныптың «Қазақстан тарихы» оқулығының авторының бірімін, ал 11-сынып оқулығы авторларының жетекшісімін. Мәселе мынада: Қазақстан тарихы -өзгерістер арнасында тұрған тарих. Біз көптеген мәселелерді қайта қарастыруымыз керек. Кейбір мәселелерге қатысты анықтық жетпей жатыр. Жалпы, біз әлі оқулық жазу технологиясын игермеген сияқтымыз. Алдымен соны игеруіміз қажет. Әлемдік тәжірибеге сүйене отырып, орта білім аясында ең қажетті саналатын фактілер мен тұжырымдарды ғана бе-руіміз керек. Алдағы уақытта бұл мәселені мамандармен бірлікте шешуге болады. Шешілмейтін нәрсе емес.

– Мәнді де мағыналы сұхбатыңызға рахмет!

АЙТЫЛҒАН ТАРИХ

– «Ауызша айтылған тарих» немесе «ауызша тарих» атты жобаңызбен еліміздің біраз өңірлерін аралап қайтқаныңызды білеміз. Әуелі бұл жоба неден басталды, идея қайдан туды, соны әңгімелесеңіз.

– Ұлт тарихы, соның ішінде кеңестік кезеңде жазылған тарих түбегейлі өзгерістерге бет бұрды. Басқаша болуы да мүмкін емес. Өйткені кез-келген білім және ақыл-ой саласы дамылсыз өзгерістегі өмір арнасында және сол өмірмен бірге түлеп, жетіле отырып қана өзіне деген сұраныс пен қажеттілікті сақтап, қоғамға қызмет жасай алады. «Біз қандай қоғамнан шықтық? Қайда бет алдық?» деген сауал қоғам алдына бұрын да қойылған, қазір де тұр, бола бермек. Ал осы сауалға барлық ғылым салалары жауап іздейді. Дегенмен, оған іргелі жауапты ең алдымен тарих ғылымы беруге тиіс. Өйткені қоғамның өткен өмірін арнайы, ғылыми әдіс-құралдар арқылы талдауға алу осы ғылым саласының үлесінде. Бұл сауалға жауапты отандық тарих ғылымы өткен ғасырда негізге алған әдіс-құралдары арқылы жауап бере алмайды. Өйткені кеңестік тарихнамада (марксистік-лениндік теория) қазақ тарихының барлық мәселелерін түсіндіруде жалғыз универсалды құрал есебінде алынды. Тіптен сол социалистік қоғамды зерттеп, түсіну үшін де жаңа теориялық, методологиялық құралдар керек. Бұл жағдайдан шығатын жол қандай? Әлемде біз жалғыз ел емеспіз. Әлемдік тарихнамада, әсіресе батыстық тарихнаманың арсеналында методологиялық әдіс-құралдар аз емес. Мәселен, батыстық тарихнамада соңғы мезгілде ауызша материалдары белсенді түрде пайдаланымға тартылуда. Бұл арада тарих айту дәстүрінің екі түрін ажыратып алған жөн. Бірі мәселен, өткен өмірдегі адамдар мен оқиғалар жөнінде ұрпақтан-ұрпаққа ауызша айту арқылы келе жатқан тарих айту дәстүрі. Екіншісі, маман тарихшының алған сұхбаты (интервью) барысында жеке адамдардың баяндаған естелігі. Тарих айту дәстүрінің алғашқы түрі біздің халқымызда ерте замандардан келе жатқандығын айта кеткен жөн. Қазақ – өте бай тарих айту және оны сақтау дәстүрі мен мәдениеті бар ел. Көшпелі өмір салты басымдық алған қоғамда ауызша тарих айту дәстүрі белгілі дәрежеде отырықшы өркениеттегі мұрағат пен кітапхана міндетін атқарды. Халықтың рухани құндылықтары ұрпақтан-ұрпаққа осы негізде және арнада жетіп, ұласып отырды. Бұл дәстүр кеңестік кезеңде біршама кідіріске ұшырады. Жазба дәстүр келген соң ол өзінің бұрынғы бай мүмкіндіктерінен айрыла бастады.

Тарих айту дәстүрінің екінші түрі (интервью алу арқылы) батыстық тарихнамада өткен ғасырдың екінші жартысында қолданысқа түсе бастады. Біздің бүгінгі әңгімеміз міне осы екінші дәстүр жөнінде. Сонымен бірге тарихты баяндаудың екі деңгейіне көңіл аударған емес. Олар макротарих және микротарих аталады. Соңғы мезгілге дейін ғылымда мемлекет, саяси партиялар, ұлт тарихы сияқты үлкен құрылымдарды зерттеуге басымдылық берілді. Ғылымның ішкі дамуы, жетілуі барысында мұндай кезеңнің де өз орны болғандығын мойындаған жөн шығар. Ал қазіргі уақытта әлемдік тарих ғылымында жаңа бір үрдіс – микродеңгейге ұмтылу үрдісі байқалады. Макротарихтың бір кемшілігі – жеке адам, жұмыр басты пенде назардан тыс қалып қояды. Қоғам, партия, ұлт, мемлекет өмірінде қандай өзгерістер болды деп, тарихшы соған жауап іздейді де, ал жеке адамның өмірінде қандай өзгерістер болды – ол ұмыт қала береді. Жеке адам қоғамдағы үлкен құбылыстарды, өзгерістерді қалай қарсы алды? Тарих арнасында қандай жағдайларды бастан кешірді? Осы сауалдардың жауабын табу үшін қазіргі уақытта микротарихқа ерекше назар аударылуда. Яғни ол қоғамдық өзгерістерге жеке адамның өмірі арқылы үңіледі. Мұны жалпы тарихты танудың, қоғамды танудың бір әдісі, тиімді жолы ретінде қабылдауға болады. Макротарихта қоғамдық байлықты жасаушы халықтың үні тарихтан – ол жұмысшы бола ма, шаруа бола ма, мейлі – көп естіле бермейді. Ол үнсіз, тобыр ретінде қалып қойяды. Біз көп жағдайда қолбасшылардың, ірі тұлғалардың көзқарасы, ұстанымы арқылы тұжырым, талдау жасаймыз. Ал сол тарихи уақиғаға, тарихи процестерге қарапайым адамның, жұмыр басты пенденің көзқарасы қандай? Оған жауап бере алмаймыз. Сондықтан тарих ғылымындағы жаңа үрдіс, жаңа бағыт – микротарих әдісі етек алуда. Қоғамдағы кішқандай адамның көзқарасы тұрғысынан, кішкентай адамның өмірі тұрғысынан бағамдау.

– Жер бетінде алты миллиардтан аса халық бар. Олардың көзқарасы әртүрлі. Осы тұрғыдан алғанда микротарих әділетті бола алады деп ойлайсыз ба?

– Сіз дұрыс айтасыз. Микротарих қаншалықты әділетті? Бұл арада жеке тұлғаның, пенденің орны мен пікірін әрине, абсолюттендіруге ұрынуға болмайды, абсолюттендірмейміз. Ғалым тарихи процесте барлық факторды, сол сияқты жеке адамның да, мемлекеттік тұлғаның да рөлі мен ұстанымын есепке алуы тиіс. Сол арқылы тарихи шындыққа жақындай түсеміз. Микротарих бізге тарихтағы балансты тепе-теңдікті орнына келтіру үшін керек. Біз бұл әдісті тарихи шындыққа жетудің бір құралы есебінде. Әлемдік тарих ғылымындағы жаңа үрдісті бізге неге болуы керек? Сол үшін біз осы «Айтылған тарих» әдісіне бардық. Сөзімнің басында айттым, бұл марксистік- лениндік аталған методологияны жалқы зерттеу әдісі ретінде қарастырудан шегініс жасаудың көрінісі болса керек. Жалпы ғылымда бір ғана методологиялық ұстаным басымдылық алмағаны жөн. Социалистік қоғамдық қатынастар тарих қойнауына кетті. Ал социалистік қоғам, ол қоғамда өмір сүрген, еңбек еткен адамдар әлі тірі ғой. Кеңестік империяның құлағанына жиырма жылдан аса уақыт өткенін есепке алсақ, ол империяның тірі куәгерлерінің де онша жас емес екенін бағамдауға балады. Сол адамдардың қазіргі жаңа жағдайда жасаған тұжырымдары, көзқарас ұстанымы біз үшін маңызды. Сондай-ақ олардың бәрі бірдей көрген-білгенін жазып қалдыра алмайды ғой. Әсіресе қарапайым еңбек адамында ондай мүмкіндік бола бермейді. Көп жағдайда ол ішкі сырын сыртқа шығаруға сараңдау келеді. Ретіне қарай, сәті түссе ішіндегі ойымен бөлісуге кет әрі емес. Тарихшы-ғалымның міндеті міне осындай тұлғалардың ғылым үшін бағалы ой-пікірін сұхбат арқылы жазып алу. Ал, жеке тұлғалардан алынған сұхбат (аудио және видео түрінде) төлқұжаты жасалынып мемлекеттік мұрағатқа өткізіледі. ҚР Орталық Мемлекеттік мұрағатпен келісім-шартымыз бар. Төлқұжатта «Осы айтқандарымды мұрағатқа беруге келісемін, кейін оны тарихшылар пайдалануына болады» деген келісімі алынады. «Айтылған тарихқа» барғандағы мақсатымыз кешегі кеңестік қоғамды біржақты емес, объективті тұрғыдан түсіну әрекеті. Қазір, жасыратыны жоқ, тарих ғылымында кейде социалистік заманды біржақты сипаттау да бар. Ал енді біз, тарихшылар, мүмкін болғанша обективті болуымыз, тарихи шындықты анықтауымыз қажет. Қалай болғанда да ол қоғамда біздің әке-шешелеріміз, өзіміз өмір сүріп еңбек еттік қой. Сол қоғамға екі-үш буын терін төкті, тіптен олар жаңа, таза, гуманды, дұрыс қоғамда өмір сүріп жатырмыз деген сенімде болды. Сондықтан да ата-бабамыз, әке-шешеміз өмір сүрген қоғамның жақсы, жаман жақтарын қатар көре білуіміз керек. Бүтін бір өткен кезеңді тарихтан біржолата сызып тастауға болмайды.

2005 жылы Тарих институтында жұмыс істеп жүрген кезімде экспедиция ұйымдастырып, Оңтүстік Қазақстан облысындағы Қошқар ата деген ауылға бардық. Тарих институтының ғалымдары, Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің ғалымдары бірігіп Бәйдібек ауданындағы Қошқар атада ауылында үлкен ғылыми-практикалық конференция өткіздік. Румынияның Елшісі Василе Соаре мырзаны өзімізбен ала барғанбыз. Баяндама жасаған Елші Еуропада ауызша тарихтың қанат жайғанына біраз уақыт болғанын айтты. Еуропалық елдердің мұрағаттарында ауызша тарих қоры ашылғанына біраз болыпты. Менен: «Сіздерде сондай қор бар ма?», – деп сұрады. Жоқ екенін айттым. «Сіздер сәл кешеуілдеп қалыпсыздар ғой», – дегені бар. Содан бері осы тақырып үнемі есімде жүретін. Өткен жылы Абай атындағы ҚазҰПУ-дің ректоры Серік Пірәлиевке өтініш айттым. Ректор ұсынысымды қабыл алып, «Ауызша тарих» деген орталық ашып берді. «Ауызша тарих» атауы қайдан шыққан. Кезінде Африканың тарихын жазуға байланысты ғалымдар елдің жадында сақталған фактілерді молынан пайдаланған. «Ауызша тарих» атауы осыдан шыққан. Ал бізге, «Айтылған тарих» деген атау келіңкірейтін сияқты. Жадта сақталып, ауызша айтылған тарих.

– «Айтылған тарих» аясында қарапайым халық арасында сауалнама, сұхбаттар жүргіздіңіздер. Сол сұхбаттарда қамтылған жайларды тарқатып айтсақ.

– Орталық іс жүзінде биыл ашылғанымен, жұмысымызды ілгері бастап кеткенбіз. Былтыр наурыз айында Алматы облысының Көксу және Ескелді аудандарына, сәуір айында Панфилов аудандарына экспедициямен шықтық. Биыл Ескелді ауданына қайта бардық. Алғашында арнайы тақырыптар төңірегінде сұхбат жүргізбегендіктен, осы жолы нақты бір тақырып төңірегінде әңгіме өрбітсек деген ой туды. Ескелді ауданында Нұрмолда Алдабергенов атындағы ауыл бар. Екі мәрте Социалистік Еңбек Ері атағын алған Нұрмолда Алдабергенов білікті басшы ретінде аты аңызға айналған адам. Сол кісі басқарған колхозда Қазақстанда бірінші рет Халық театры ашылған. Колхоздың төңірегіндегі малшылардың балалары үшін интернат іске қосылған. Бір ғажабы, сол колхозда 21 адам Социалистік Еңбек Ері атағын алған. Басым бөлігі жұмыс адамдары, малшылар, сауыншылар, қызылшашылар... Мұның ар жағында не жатыр? Билік, партия тарапынан арнайы жасалған қолдау, қолпаштау ма, әлде қарапайым жұмыс адамының тарапынан көрсетілген шынайы ерлік пе? Осыны білгіміз келді. Осы үшін 15-16 адамнан сұхбат алдық. Өкінішке орай, Еңбек Ері атағын алған адамдардан тірі жүргендері жоқ екен, есесіне, көзкөргендер, ұрпақтары бар. Сұхбат алу барысында түрлі көзқарастар қақтығысы барын байқадық. Сол кездегі социалистік еңбекке байланысты түрлі ұстанымдар, көзқарастар жеткілікті екен. Ол заңды да. Біз әңгіменің бәрін жазып алдық, оны қорытып, жүйеге түсіріп, мұрағатқа өткіземіз. Сұхбат алу барысында сол заманға тән, сол замандағы адамдардың өмірін көрсететін әңгімелер молынан айтылды.

– Мысалы…

– Мәселен, сол Нұрмолда Албдабергенов қызмет жасаған колхозда, соғыстан бір аяғынан айрылып қайтқан Шахан деген кісі болған екен. Нұрмолда Алдабергенов қызметінен кеткен соң оның орнынан жаңа бастық келеді. Жаңа басшының қызметі жауынгерге ұнамайды: «Мынауың қалай, бұлай жұмыс істеуге болмайды. Бұрынғы деңгейден айрыламыз, колхоздың күш-қуаты әлсірейді», – деген сын айтады. Арада келіспеушілік, түсініспеушілік орнайды. Арада біраз уақыт өтіп жаңадан келген колхоз бастығының баласы қайтыс болады да, басына құлпытас қояды. Құлпытастың бетін алтынмен жалатса керек. Содан біреулер құлпытасқа жалатқан алтынды қырып алып кеткен екен. Сонда колхоздың бастығы оны Шахаңнан көреді. «Осыны істеген сен», – деп, соңынан түсіп, абақтыға отырғызады. Шахаңның төрт-бес жыл өмірі соттасумен өтеді. Партиядан шыққан, абақтысынан бір шығып, қайта отырған... Әлгі басшы Шахаңның соңына түсіп алғаны соншалықты, тіпті басар тау қалдырмаса керек. Соңында шыдамы таусылған Шахан Алматыға келіп, жолын тауып Қонаевқа кірген. Дінмұхамед Ахметұлының қабылдауына кіре салып жылаған ғой. «Көрген қиянатымды айтайын десем, айта алмаймын, кемсеңдеп жылап, ұзақ отырып қалдым», – депті. Ашу, ыза, кек тұнып қалған ғой. Сонда Қонаев қағазын жазып, көзінің астымен қарап отырды дейді. Біраз уақыт өткеннен кейін: «Ақсақал, енді қалай, сөйлей аласыз ба?», – деп сұрапты. Содан Шахаңның өзінің айтуынша бір сағаттай жылап алған соң, өзін тоқтатып, қиыншылығының бәрін айтыпты. Қонаев Шахаңның сөзін түгел тыңдапты. Көмекшісін шақырып: «Тез арада Республиканың Бас прокурорымен жалғастырыңыз, мына кісінің сот ісін алып келсін», – депті. Біраздан соң Шахаңның сот ісін құшақтап прокурар да келеді. Д. Қонаев көп томдық сот ісімен өзі танысады. Соттың қорытынды құжатын сол жерде Бас прокурор екеуі талқылап, ортақ шешімге келеді. Сонда айтқаны: «Мына кісіге қиянат жасалғаны көрер көзге көрініп тұр, қызметін түгел қалпына келтіріңіз. Осы соттасқан жылдарына байланысты айлығы да қайтарылсын», – дейді. Димекең обкомның бірінші хатшысын таба алмайды да облыстық атқару комитетінің басшысы Балапановқа Шахаңа бұрынғы қызметін қайтарып беруді тапсырады. Әңгіменің барысында: «Ақсақал, қанша балаңыз бар?», – деп сұрапты. Шахаң алты баласының барын айтады. «Жағдайымды сұрадаңыз, шүкі, ел қатарлы». Ал шындығында бес-алты жыл соттасып жүрген кісіде қандай жағдай болсын? Қонаев тағы да көмекшісін шақырып алады да: «Орталық Комитеттің қорынан төрт мың сом ақша берілсін», – депті. Шахаң шошып кетіп: «Мен мұндай көп ақша ұстап көрген емеспін, мынау тым көп болады», – деп азар да безер болғанына қарамай: «Ақсақал, бала-шағаңыз бар, соған жаратыңыз, қиналып жүр екенсіз, сізге берген көмегіміз болсын», – деп, төрт мың сомды қалтасына салғызып беріпті.

– Қазір ол кісі тірі ме екен?

– Қайтыс болып кеткен. Бұл әңгіменің жалғасы бар. Ол кітапта айтылады. Міне, осындай әңгімелер ел арасында көп. Біздің ел аузынан мұндай әңгімелерді жинаудағы мақсатымыз – магистрлерге, докторнаттарға, жас мамандарға зерттеу технологиясын үйрету. Біз ғылымды халыққа жақындатуымыз керек. Өткен тарихқа байланысты халықтың көзқарасын, ұстанымын анықтауымыз керек. Бұл тарих ғылымы үшін пайдалы. Германияда мұндай тарихты «Халық-тарихы» деп атайды.

– Ал Шаңырақты зерттеудегі мақсаттарыңыз не еді? Жалпы тәуелсіздіктен кейінгі уақытта қазақтың қалаға келуі, қалаға орнығуы қандай тарихи-әлеуметтік жағдайда жүзеге асып жатыр?

– Алматының іргесінде бой түзеген «Шаңырақ» және басқа ықшамаудандар тәуелсіздік алған жылдарға тән, яғни 1991 жылдан кейінгі құбылыс. Шаңырақтың негізгі халқы – ауылдан жұмыс, жағдай іздеп келген қарапайым халық. Тәуелсіздіктің бір көрінісі ғой деп Шаңыраққа бардық. Менің өзімнің немере бауырым ауылдан көшіп келді. Бес-алты сотық жер сатып алып, бала-шағасын осында алып келіп, әйтеуір үй салып алды. Өзі қайтыс болып бала-шағасы қазір «Әйгерім» ықшамауданында тұрып жатыр. Немере бауырымның басынан кешкен қиыншылықтарын көзіммен көрдім. Ал мұндай мысалдар жетіп артылады ғой.

Ауылдан келген халық қала өміріне қалай бейімделіп жатыр? Қандай жағдайды басынан кешірді? Ол да тарих. Біз осы сұрақтарға жауап іздедік. Аудан әкімі бізді қолдады. Сөйтіп, Шаңырақта бірнеше кездесу өткіздік. Ауылды жерден келіп, қалалы жерге орналасу, кірігу оңай емес. Алғашқы кезде Шаңырақтың жерлерінің басым бөлігі заңдастырылмаған екен. Адамдардың материалдық жағдайлары да әртүрлі ғой. Халықтың мекен еткен тұрағын қалаға қосуда өкімет қандай игілікті іс атқарды, мемлекет тарапынан берілген көмек қандай? Шаңырақтықтар (мұны тәуелсіздіктен кейінгі жылдары қалалық болған қазақтар деп те түсініңіз) ішкі өмірін қалай ұйымдастырды? Осының бәрі де қызықты, маңызы бар мәселе. Біз осы бағытта сұрау, зерттеу жұмыстарын жүргіздік. Саясатпен жұмысымыз жоқ, Шаңырақтағы жағдайды тарихи құбылыс ретінде зерттейміз. Қазақстанның түрлі облыс, түрлі аудандарынан келген адамдар қазір ел болып бірігіп, ел болып өзінің тіршілігін жасап жатыр. Өзінің жаңа қалалық өмірін бастап кетті. Дәстүрді, т.б. насихаттайтын түрлі ұйымдар құрылған, олардың барлығы ерікті түрде өз жұмыстарын атқарып жатыр. Яғни, қазақ өз еркімен қала өміріне дендеп еніп кетті. Бір-екі фактілер келтіре кетейін. Осы жылдары «Шаңырақ» сияқты 18 ықшамаудандарда 4 523 отбасы бастапқы кезде заңсыз жер телімдерін алған. Алатау ауданы әкімдінің көмегімен міне осы жер телімдері түгелдей дерлік заңдастырылған. Жаңа құрылған осы ауылдардың қажетіне мемлекет тарапынан соңғы төрт-бес жылда ғана 76 миллиард теңге жұмсалған. Олардың ішінде соңғы жылда ғана берілген бес мектеп, төрт бала бақша бар.

– Бүгінгі қазақ, бүгінгі елдің тарихы туралы оқулық жазар болсаңыз, тарихшы ретінде ең әуелі тарихи, әлеуметтік, саяси қандай мәселелерге мән берер едіңіз?

– Егер оқулық жазсам, қарапайым адамның күнделікті өміріне көп көңіл аударған болар едім. Өйткені тарихи уақиғалар, қоғами өзгерістер, әралуан құбылыстар жеке, қарапайым адамның өмірінде өте маңызды рөл атқарады. Мысалға, ХХ ғасырдағы Қазан төңкерісі дейміз. Сол төңкерістің нәтижесінде орнаған кеңестік биліктің қарапайым адамның өміріне қандай әсері болды. Біз осыған көңіл аудара бермейміз. Қарапайым шаруаның ғалым болғаны туралы, білім алғаны жайлы айтылды, жазылды. Бірақ бұл идеологиялық тұрғыдан жазылды. Тарихи шынайылық тұрғысынан келгенде ол заман қарапайым адамның өмірін қалай өзгертті? Біз осыны әлі зерттеген жоқпыз.

Тағы бір тәжірибе, қазақтың шалғайдағы, түкпірдегі бір ауылын алайықшы. Бәріміз де ауылдың баласымыз. Сол ауылдың шынайы тарихы микротарих тұрғысынан жазылса. Ол ауыл қашан пайда болды? Қанша буын сол ауылда өсіп-өнді? Ауылдың шаруашылығы, оның экономикалық, тарихи ортасы қандай өзгерістерге ұшырады? Бізде осындай зерттеулер жоқ. Егер осындай зерттеулер болса, біз өз тарихымызды, өткен өмірімізді тереңірек білген болар едік.

– Микротарих деп отырсыз ғой, осы мәселемен айналысқанда жергілікті өлкетанушылардың пікірлері ескеріле ме?

– Біздің респонденттеріміз әртүрлі әлеуметтік топтардың өкілі. Оның ішінде шаруа да, басшылар да, жұмысшы да, зиялылар да, сіз айтып отырған өлкетанушылар да бар. Панфилов ауданына барғанымызда әкімшілікке біраз ақсақал жиналыпты. Жергілікті өлкетанушылардың жергілікті жер-су, ауыл аттарына байланысты айтары өті қызық әрі маңызды екен. Осындай зерттеу жұмысы, меңінше, еліміздің барлық өңірде жүргізілсе, құба-құп. Әр өңірде жеке-жеке тақырыптық зерттеу жүргізу керек деп отырғаным, сондықтан. Жер-су аттарына байланысты зерттеу жүргізілсе, тіптен ғажап болар еді. Тарих ғылымының функционалдық міндеті осындай бағыттарды зерттеуі алу арқылы байи түспек, пайдалы болмақ.

– Сіздер жинаған деректер тарихшы мамандардың арнайы сараптауынан өтіп, дәл осы уақыттағы қазақтың өмірі, тарихы туралы іргелі бір еңбек боларына сенеміз. Жаңа нұсқадағы бұл еңбекті біз қашан қолға түсіре аламыз?

– «Қазақстан қоғамының әлеуметтік тарихы (ХХ ғ)» атты қолыңыздағы кітап – алғашқы шығарылым. Мұндағы сұхбаттарды жүргізген адамдардың басым бөлігі – өзіміздің магистранттар мен докторанаттар. Біз оларды халық тарихына бет бұрғызып жатырмыз. Бұл кітап бірінші шығарылым, оның жалғасы болады. Орталық мемлекеттік мұрағатпен келісім-шартымыз бар. Жинаған материалдардың барлығын сонда өткіземіз. Біздің кафедра мен Орталық Мемлекеттік мұрағаттың базалық ұжымы болып табылады.

//Қазақ әдебиеті, 2013 №20 (3340)

АЛАШ — ҚАЗАҚТЫҢ БІР АТЫ

Біз кезекті сұхбатқа Мәмбет Қойгелдіні шақырдық. Басқаның бәрін жиып қойғанның өзінде, алда Алаш қозғалысының 100 жылдығы келе жатыр. Өткенімізге есеп беріп, кем-кетігімізді түзейтін кез. ХХ ғасырдың өн бойындағы бірнеше ірі тарихи оқиғаның шындығы да күні бүгінге дейін бүркемеленіп келеді. Оның да жай-жапсарын сұрадық. Көп мәселенің түйіні өз-өзінен шешілгендей әсер алдық. Сіз де өз төрелігіңізді айтыңыз, қадірлі оқырман!

– Мәмбет аға, өзіңіз зерттеп жүрген «Алаш» қозғалысы өзінен бұрынғыға да, кейінгіге де ұқсамайтын үлкен саяси күш болғаны белгілі. Қазақ интеллигенциясының тұтас бір шоғыры десек те болады. Қазақ ұлтын азат етуді арман еткен, мұрат тұтқан шоғыр. Тәуелсіздік алып, олардың арман-мұратына қол жеткіздік десек те, көкейде бір күмән тұрады. Осы біз Алаш Арыстары армандаған азат қоғамның мазмұнын жоғалтып алған жоқпыз ба? Әсіресе, оқу-білім, ағарту саласында алаштықтар армандаған мақсат-мұраттардан ауытқып кеткен жоқпыз ба?

– Алаш қозғалысына бір ғасырдай уақыт толып отыр. Яғни, кем дегенде төрт буын ауысты деген сөз. Ал бұл аз нәрсе емес. Алдымен қозғалыс неліктен «Алаш» атанғанына тоқталсақ. Өйткені, мұның қойылған сауалға тікелей қатысы бар. «Алаш» деген сөз «ұлт, қазақ ұлты» деген ұғымды береді. Енді ғана ұлт ретінде қалыптаса бастаған ел өзін Алаш атаған. Мұндай жағдай басқа елдердің де тарихында кездеседі. Мәселен, немістер өздерін «дойче» дейді. Ал көрші славян халықтары оларды немістер дейді. Сол сияқты қазақ халқының да екі аты болған. Бастапқы аты – Алаш. Көршілері қазақ деп атаған. Мұхаммед Хайдар Дулати өзінің «Тарих-и-рашиди» еңбегінде осы жағдайға тоқталған. «Қазақ деген халықты Жәнібек пен Керей Әбілқайырдың ұлысынан бөліп алып, Шудың бойына келген уақытта сол жерде біраз өз бетінше еркін жүрген. Сол уақытта көрші халықтар оларды қазақ деп атаған» деп жазады. «Қазақ» деген сөздің өзінің ұғымы – еркін, еркіндік. Соған байланысты «қазақылық» деген ұғым пайда болған. Бұл термин туралы да Мұхаммед Хайдар Дулати жазған. Қазақылықтың түп мәні «еркін, басы бос қоғам» дегенге келеді. Кейін бұл сөзді «қазақ» деген ұғым ығыстырғанын байқаймыз.

XVІ ғасырдың соңы – XVІІ ғасырдың басында Қадырғали бей Қосымұлы өзінің еңбегінде қазақ атауын пайдаланбайды. Ол кісі Алаш атауын пайдаланады. Яғни, қазақтың өзінің ішінде қабылданған атауды пайдаланады. Ал Мұхаммед Хайдар Дулати, керісінше, қазақ ұғымына тоқтайды, соны қолданады. Қазақ хандығы, қазақ қоғамы деп жазады. Тарихта осындай да қызықты жайттар бар. 1917 жылы Әлихан Бөкейханов «Алаш» партиясын құрар алдында «Қазақ» газетіне мақала жазады. «Алаш сөзі қандай ұғым-түсінікті береді, осыған жауап бере алатын азамат бар ма екен?» деп сауал тастайды. Көп ұзамай, Халел Досмұхамедұлы ол сауалға жауап берген. Халекең Алаш атауын бізге қатысты көрші халықтар, соның ішінде қалмақтар пайдаланған дегенге келтіреді. Жоңғар қалмақтарының тілінде Алаш ұғымы «қанішер, қатыгез» деген мағынаны береді деп көрсеткен. Егер қазақ жұрты ол тарихи кезеңде қалмақтар үшін негізгі қарсылас болғандығын ескерсек, онда Алаш жұртын неге «қатігез, қанішер» деп атағанын түсінуге болады. 1917 жылдың шілдесінде Орынборда өткен І жалпықазақ съезінде Әлихан Бөкейханов баяндама жасап, «Алаш» партиясын құру туралы ұсынысын айтқан. Жалпыұлттық саяси партия уақыттың сұранысы дей келіп, партияның қажеттігіне негіздеме берген. Қазақты ортақ идеяның төңірегіне жинап, ортақ мақсатқа жұмылдыру үшін саяси партия керек деп түйіндеген. Қазіргі қалыптасқан жағдайда партиясыз тығырықтан шыға алмаймыз дегенге келтірген. Бірақ, ол съезде партияның аты қойылмаған. Күзге қарай бүкілресейлік құрылтай жиналысына сайлау науқаны жақындап қалған уақытта тез арада партияны құрып, депутаттықтан үміткерлерді ұсыну қажет болды. Соған байланысты күзге қарай партияны тез арада ұйымдық тұрғыдан құру жұмысы басталып кетеді де, Бөкейханов партияның атын «Алаш» деп атауды ұсынады. Бір ғажабы, ешкім қарсы болмайды. Сол заманның зиялылары «Алаш» атауын бірауыздан қабылдап, «орынды, сәтті атау» деп бағалайды. Біздің қоғамда бір қызық жағдай бар. Советтік билік тұсында біз орысша ойлайтын болдық. Өзіміздің тарихымызға да орыстың көзқарасымен қарайтын болдық. Өз өміріміздегі ірі тарихи құбылыстарға орыстың ұстанымы тұрғысынан баға беретін әдет пайда болды. Бұл – тоталитарлық жүйенің, коммунистік идеологияның соншалық терең із қалдырғанының көрінісі. Халықты рухани жойылуға жақын қалдырған сол процестен әлі шыға алмай отырмыз. Ол «Алаш» партиясына деген көзқарастың әлі де болса терең орныға қоймағандығынан да көрініп қалады. Мұны, әсіресе, басқарушы элитаға қаратып айтқан болар едім. Басқарушы элита Алаш идеясын толық қабылдады деп айта алмаймын. «Алаш» идеясын қабылдау үшін оны алдымен түсіну керек. Бойға сіңіру керек. Ұлтыңның болмысы ретінде ұғынып, сол ұлтыңа қажет идея ретінде қабылдауың керек. Қабылдау деген – соның кейбір озық ұстанымдарын басшылыққа алу деген сөз. Мен осы ұстанымды басқарушы элитаның әрекетінен байқамаймын. Байқалмайды. Бұл – біздің осы уақытқа дейін орыстық ойлаудан арыла алмай келе жатқанымызды көрсетеді. Әрине, тәуелсіздік алғаннан бері мемлекет құру, оны баянды ету тұрғысында жасалған жұмыстарды мойындаймын. Бірақ, олардың негізінде ұлттық мүддеге, оның өркен жаюына, тарихи шындыққа айналуына қажет жұмыстар атқарылды деп айту қиын. Алайда, ол атқарылуы тиіс. Онсыз тәуелсіз ел ретінде болашағымыз болмайды. Ұлттық бірегейлік деген ұғым бар. Міне, осы ұлттық бірегейлік болмаса, мұратқа жету қиын. Осы арада бір мысал келтірелік. Атақты Кир патша – Иран патшасы бүкіл Азияны бағындырған. Сол Кир бәрін жеңіп, еліне оралған уақытта ақсақалдар қарсы алыпты. Арқа-жарқа әңгімеден кейін ақсақалдардан бұйымтай сұрайды. Сонда үлкендер жағы өтініш айтады. «Үлкен жеңістерге жеттің, парсылардың атағын шығардың. Мәртебесін ұлықтадың. Біз оған ризамыз. Бірақ, біздің өтінішіміз бар. Біздің жеріміздің біраз бөлігі құм, тас. Егіншілікке, шаруашылыққа онша қолайлы емес. Бізге өмір сүру жеңілге соғып тұрған жоқ. Нанымызды тауып жеу үшін көп еңбектенуіміз керек. Осыншама жерді, елді алдың. Енді бізді, парсыларды бір дұрыстау өлкеге көшіріп апарсайшы. Біз де берекелі өмір сүрейік», – дейді. Сонда Кир ойланып отырып қалған екен. Біраздан кейін ғана жауап беріпті: «Мүмкін сендердің өтініштерің дұрыс та шығар. Бірақ, оны орындау мүмкін емес. Өйткені, туған жерді адамға Алла береді. Осы жерде туып, өніп-өскен халық туған жеріне тартып өседі. Мінезі, табиғаты, болмысы туған жеріне ұқсап кетеді, туған жері мен халық бірігіп кетеді. Бір жерде тамыр жайған ағаштың екінші жерде тамыр жаюы қиындау ғой. Халық та сол сияқты. Сендер, парсылар, осы жерде өндіңдер, өстіңдер. Басқа жерде өмір сүре алмайсыңдар. Басқа керемет жерге көшіріп апарсам, сендер ел ретінде, халық ретінде, мәдениет ретінде жойылып кетулерің мүмкін. Сондықтан, тілектеріңді орындай алмаймын», – деп жауап береді. Мұның астарында терең ой жатыр. Біздің қазақ қоғамы да сол сияқты. Ұлттық бірегейлігімізді әйтеуір осы күнге дейін сақтап, жеткіздік. Патшалық билік те, советтік билік те біздің бірегейлігімізге үлкен шабуылдар жасады. Бірегейлікті ыдыратуға, жоюға көп әрекет етті. Одан айырылған халық ұлт болудан қалады. Басқа ұлттың құрамына араласып, сіңіп кетеді. «Берегейлігі, ұлттық намысы жоқ халық көң сияқты» деген бір философтың сөзі бар. Дұрыс айтады. Яғни, ондай халық топырақты тыңайтқан секілді басқа ұлттардың өсіп-дамуына қызмет жасауы мүмкін, ал өзіне қызмет жасай алмайды дегенге келтіреді. Бұл сөз қазір де өзекті.

– Сіздің басқарушы элита туралы пікіріңізден бір сұрақ туып отыр. Алашорда үкіметінің мүшелері шетінен білімді, кәсіби деңгейлері де жоғары, зиялы болғаны белгілі. Бүгінгідей барлық жағдай жасалып отырған елдегі тәуелсіз Қазақ Үкіметі мен Алашорда үкіметін салыстыратын болсақ, қандай байланыс табуға болады? Қандай айырмашылықтар бар?

– Қазір қалыптасып, аяққа тұрып келе жатқан мемлекеттігіміз бен Алаш зиялылары құрған үкіметтің арасында байланыс жоқ деп айта алмаймыз. Байланыс бар. Құдайға шүкір, сабақтастық та бар. Өйткені, қазақ деген ел бар. Оның рухани әлемі бар. Қазақтар билікте де отыр. Қазақтың әнін сүйетін, әдебиетін қастерлейтін, тарихын қадірлейтін бірлі-жарым болсын азаматтар билікте бар. Яғни, сабақтастық жоқ дей алмаймыз. Бар екені сөзсіз. Соңғы жиырма жыл ішінде Алаш зиялыларының еңбектері түгелдей дерлік жарық көрді.

Бөкейхановтың, Байтұрсыновтың, Дулатовтың, Шоқайдың көптомдығыХалел Досмұхамедовтің еңбектері жарық көрді. Құдайға шүкір, олардың мұрасымен халық таныс. Әсіресе, «Мәдени мұра» аясында біраз шаруа атқарылды. Бұның барлығы басқарушы элитаның осы процесті қолдайтынын көрсетеді. Бірақ, атқаратын жұмыс әлі көп. Алаш идеясы әлі де болса кең таралып отырған жоқ. Алаштық азаматтардың ұлтқа, мемлекеттілікке, экономикаға, рухани әлемге қатысты кейбір ұстанымдарын тереңдеп оқыту жағы әлі де болса кемшін. Оқу процесіне енгізу, тәрбие жұмысында пайдалану жағынан олқы түсіп жатырмыз. Мұны ғалымдардың да кінәсі деп түсінген жөн. Асылы, Алаш идеясын насихаттап, халыққа жеткізуде билік пен ғылымның арасында өзара үйлесімділік болуы керек. Ғалымдар, зиялы қауым түрлі ғылыми жобалар жасап, соларды билікке ұсынып, өткізіп, орындауда әлі де болса табандылық көрсете алмай отыр ғой деп ойлаймын.

– Сіз тарих туралы сөз болғанда, ең алдымен, ұлт-азаттық қозғалыс, Алаш қозғалысы және Тәуелсіздік үшін күрес сөз болуы керек екенін айтасыз. Әрісін айтпағанда, 1932-33 жылдардағы аштық, 1937-38 жылдардағы репрессия, 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі туралы тарихи шындықты толық ашу үшін не керек? Не кедергі?

– Соңғы жылдары «Мәдени мұра» деген бағдарлама жүзеге асты. Оған қомақты қаржы жұмсалды. Түркияның жергілікті ғалымдарымен кездескенімде осы бағдарламаға мемлекет тарапынан 6 миллиард теңгеге жуық қаражат бөлінгенін айтып едім, бәрі қайран қалды. Расында да, өте тамаша шара. Әсіресе, тарих үшін, ғылымның басқа да гуманитарлық салалары үшін өте пайдалы шара болды. Ал бағдарлама аясында атқарылған жұмыстың нәтижелерін халыққа, қоғамға жеткізу ісіне келгенде ұтқанымыз атқарылған жұмысқа сәйкес емес. Қаржы жақсы бөлінді. Бірақ, сол қаржыны бөлу, ұтымды жұмсау жағына келгенде кемшіліктер жіберілді ғой деп ойлаймын. Нақты тарихқа қатысты айтар болсақ, көне тарихқа, көне кезеңге көп қаржы кетті. Ежелгі және ортағасырлық кезеңдегі тарихи ескерткіштерді қалпына келтіру – өте жақсы жұмыс. Археологиялық қазба жұмыстарын жүргізу, тарихи құжаттарды елге жеткізу сияқты жұмыстар жақсы атқарылды. Совет заманында осы жұмыстар жасалынбай келген еді. Сол шаруа атқарылды. Бірақ, сонымен бірге, ағаттықтар да болды. Мәселен, кеше өзіміз өмір сүрген ХХ ғасырдың тарихы, сол уақытта ұлтымыздың басынан кешкен трагедиясы «Мәдени мұра» аясында жаңа ұстаным, жаңа көзқарас тұрғысынан зерттелуі керек еді. Соған қаржы бөлінуі керек еді. Өкінішке қарай, осы мүмкіндікті жіберіп алдық. Ұтылып қалдық деп ойлаймын. ХХ ғасырға қатысты мұрағат құжаттарының негізгі маңызды бөлігі әлі жарық көрген жоқ. Мәселен, ашаршылық, Совет өкіметінің Қазақстанда жүргізген реформалары, отырықшыландыру, тың және тыңайған жерлерді игеру, конфискация, жиырмасыншы, отызыншы жылдардан басталып, елуінші жылдарға дейін бірде ашық, бірде жасырын, бірақ үзіліссіз жүрген репрессия саясаты осы уақытқа дейін толық ашылған жоқ. Саяси репрессия материалдарының қайда, қай жерде жатқанын жақсы білемін. Жиырма жылға жуық уақыт бойы қорлармен жұмыс жасадым. Әсіресе, Ұлттық Қауіпсіздік комитетінің мұрағатында көп отырдым. Кейбір басшылардың берген мүмкіндігінің арқасында еркін жұмыс істедім. Ал кейін, неге екенін білмеймін, сол мұрағат қорлары жабылып қалды.

– Осы жерде бір қызық сұрақ бар. Сіз де, басқа тарихшылар да осы репрессия, Алаш қозғалысына қатысты құжаттардың әлі де болса ашыла алмай жатқанын айтасыздар. Бірақ, өзіңіз де байқап жүрген боларсыз, Т.Жұртбай «Ұраным – Алаш» деген атпен біраз мәліметтерді жариялады. Яғни, Тұрсын ағамыздың жариялағаны басқа мәліметтер де, сіздердің айтып жүргендеріңіз мүлдем басқа деректер деп түсінуіміз керек пе?

– Үштомдықпен де, «Ұраным – Алаш» атты еңбекпен де таныспын. Әсіресе, үш томнан тұратын еңбекті мұқият қарадым. Тұрсын Жұртбай талантты жазушы, талантты зерттеуші. Ұстанымы ашық азамат. Бұл тұрғыдан ол кісіге мін таға алмаймыз. Алаш идеясына қызмет ету бағытындағы жұмысын пайдалы, нәтижелі болды деп есептеймін, қолдаймын да. Бірақ, осы үштомдық құжаттар жинағы мен мен айтып жүрген құжаттардың арасында айтарлықтай айырмашылық бар. Тұрсекең ренжімесін, бірақ, ол кісінің басшылығымен шыққан үш томдық асығыс шығарылды. Ол академиялық тұрғыдан дайындалған жинақ емес. Академиялық тұрғыдан дайындалған жинақ бөлек болады. Мысалы, Алаш ісі бойынша сот процестері бірнеше кезеңнен тұрған. 1925-26 жылдары жүргізілген Жүсіпбек Аймауытовтың соты, 1927-30 жылдар аралығындағы Алаш зиялыларына байланысты алғашқы толқын сот процесі, 1930-32 жылдары жүрген екінші толқын, 1933 жылы, 1937, 1938 жылдары жүрген сот процестерінің материалдары үлкен ыждағаттылықпен, сондай материалдарды дайындауға қажетті мәдениетпен, академиялық ұстаныммен шығарылуы керек. Ресейде бұл тұрғыда үлкен шаруа атқарылды, ендігі бір арнаға түсті. Советтік билік тұсында Ресейде жүрген сот процестерінің материалдары көптомдық басылым ретінде жарық көрді. Тұрсекеңнің шығарған дүниесінде біраз кемшілік бар. Атқарылған жұмысы жаман емес. Пайдалы жұмыс. Бірақ, ағартушылық деңгейде ғана. Ғылыми деңгейде емес. Кемшіліктерін санамалап айтар болсақ, біріншіден, үш томнан тұратын материалдар мен құжаттар жинағында тікелей Алаш ісіне қатысты материалдар жүйесіз, шашыранды берілген. Материалдардан Алаш ісі туралы жүйелі, толыққанды мәлімет алу мүмкін емес. Қазіргі уақытта саяси репрессияға қатысты мұрағаттық материалдарды баспадан шығару мәдениеті белгілі бір дәрежеге түсіп, оқырман қауым тарапынан қабылдау мәдениеті қалыптасқан. Біз әңгіме етіп отырған жинақта бұл тәртіп, өкінішке қарай, сақталмаған. Жинақтағы материалдар ғылыми негіздеусіз берілген. Ғылымның өзінің тәртібі, қалыптасқан мәдениеті бар. Сондықтан да жинақтағы материалдар арқылы ұлт тарихынан үлкен орын алған қоғамдық қозғалыстың шынайы тарихына көз жеткізу кейде қиынға соғады. Ғылыми этика бойынша, мұрағат қорларынан алынған материалдардың дерек көздері міндетті түрде көрсетілуге тиіс. Біз айтып отырған құжаттарда бұл талап мүлдем орындалмаған. Қайдан алынды? Қандай папкіден алынды? Ол көрсетілмеген. 428 беттен тұратын 1-томның 270 беттен астам материалының Алаш ісі бойынша жүрген сот процесіне тікелей қатысы жоқ. 3-томда берілген материалдардың репрессия тарихына қатынасы болғанымен, Алаш ісі сотына қатынасы жоқ. Үш-томдықтың екінші және үшінші томдарындағы көптеген маңызды құжаттар оларды даярлаған кісілердің еркін аудармасы түрінде берілген. Оқырманға ұсынылған құжаттар оқырманға түпнұсқа тілінде берілгені жөн еді. Әрине, сот процесінің материалдарын қазақ тілінде шығару қажет-ақ. Бірақ, бұл жұмыс тиесілі ғылыми деңгейде және үлкен жауапкершілікпен атқарылғанда ғана көздеген межеден шыға алады. Алаш туралы әйтеуір бір түсінік беретіні рас, сол тұрғыдан бұл еңбекті қолдаймын да. Бірақ, болашақта бұл еңбекті академиялық тұрғыдан шығаруымыз керек.

Өткен жылы «Халық тарих толқынында» деген бағдарлама қолға алынды. Марат Тәжин басқарды. Сол уақытта Мемлекеттік хатшы қызметін атқарған Тәжин ұлттық бірегейлік мемлекеттік тарихтың өзегі болуы керек дегенді айтты. Бұл – өте дұрыс пікір. Ұлттық бірегейлікке қатысты іргелі зерттеу керектігін баса ескертті. Ал Алаш қозғалысына жасалған қиянат – ұлттық бірегейлікке жасалған үлкен шабуыл. Мақсатты, бағдарламалық тұрғыдан жасалған шабуыл. Алаш қозғалысы – ұлт тарихында ерекше орны бар қозғалыс. Мұндай қозғалыс біздің тарихымызда одан бұрын да, одан кейін де болған жоқ. Ол кәдімгі өркениетті, Еуропалық деңгейдегі, бағдарламалық негізі бар, интеллектуалдар басқарған саяси қозғалыс болатын. Оның мақсаты – ұлтты, қазақ этносын сақтау болды. Оның жерін сақтауды, мемлекеттілігін қалпына келтіруді көздеді. Одан үлкен қандай мақсат болуы мүмкін?! Ал осы Алаш қозғалысына қатысты халыққа іргелі, негізді түсінік береміз десек, онда Алаш ісі бойынша жүрген сот процестерін бөліп-жармай, біртұтас күйінде жария етуіміз керек. Ғылыми негізбен беруіміз керек. Ондай жұмысты атқаруға қазақ тарихшыларының күш-қуаты да, кәсіби даярлығы да жетеді. Мен өзімді мемлекетшіл адамдардың қатарына жатқызамын. Осы мемлекеттің нығаюына тілектес, сол үшін жұмыс істеуге даяр адаммын. Ол – менің балаларымның болашағы ғой, бәріміздің болашағымыз. Ал Алаш зиялылары осы мемлекет үшін, осындай болашақ үшін күрескен жоқ па?! Олардың жұмысын неге жасыруымыз керек? Ресейде тарихшылар мен зерттеушілер арасында соңғы жылдары үлкен қозғалыс басталды. Олар «Ресейдің кейбір билеуші топтары Ресейдің бұрынғы қылмысын жасырғысы келеді» деді. Совет өкіметінің, патша өкіметінің халыққа, халықтың мүддесіне қарсы жасалған қылмысын жасырғысы келетінін айтты. Мұрағаттағы құжаттарды бермеуге ықыласты екенін сынға алды. Ресейдің қазіргі билеуші тобындағы кейбіреулердің осы ұстанымды бұрынғы одақтың құрамында болған елдерге қолданып отырғанын ашып айтты. Санкт-Петерборда өткен үлкен бір жиында билеуші топ өкілдері тарихшылар мен зерттеушілер Ресей өкіметіне қатысты деректерді жарияламас бұрын ақылдасып алуы керек деген де ой айтты. Егер біз Алаш қозғалысын зерттемесек, тарихи шындықты ашпасақ, оған қатысты өзіміздің көзқарасымызды білдірмесек, онда ресейлік ғалымдардың жасаған тұжырымын қабылдауымызға тура келеді. Орыстық көзқарас деп осыны айтамын. Соңғы кезде одақтық республикалардың тарихын сол елдің адамдары жаза бастады. Қазақтың тарихын қазақтар, қырғыздың тарихын қырғыздар жаза бастады. Ал бұл жағдай Ресейдің ұлыдержавалық ұстанымдағы ғалымдарына ұнамайды. Олар қазір біздің Отанымызда жүріп жатқан тарихты қорыту процесіне ықпал жасағысы келеді. Олар ескі әдетпен соны басқарғысы келеді. Тіпті, орталықазиялық елдердің президенттерін сынауды әдетке айналдырып алған данышпансымақ тарихшылар бар. Бірде мен оған қатысты ұстанымымды ашық білдірдім де. Оқулықтарға талдау жасаған Шустов деген және бір тарихшысы менің атыма біраз сын айтты. 11-сынып оқулығына автор едім, сондағы менің көзқарасым қолайына жақпай қалыпты. Оларға салсақ, біз тарихымызды солардың рұқсатымен жазуымыз керек екен. «Отаршылдық деген болған жоқ, сондықтан ХХ ғасырда қазақтарда ұлт-азаттық қозғалыс болған жоқ. Ал Қойгелдиев ондай қозғалыс болған дейді», – деді. Егер ондай болмаса, 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысты қайда қоямыз? Қазақ жерінде болған 370-тен астам ұлт-азаттық бас көтеруді қайда қоямыз? Міне, орыс ғалымдары арасында осындай да көзқарас-ұстаным бар. Бірақ, Ресейде ұлыдержавалық ұстанымдағы тарихшылардан бөлек, демократиялық бағыттағы тарихшылар да бар. Дегенмен, Қазақстан, Армения, Украина сияқты елдердегі тарихи шындықтың ашылуына, мұрағат құжаттарының жариялануына кедергі келтіргісі келетін топтар жеткілікті. Олар кейбір құпиялардың, соның ішінде Қауіпсіздік Комитетінің мұрағатындағы құжаттардың ашылып қалуынан қорқады. Егер Мәскеудің ұстанымына бас шұлғып отыра беретін болсақ, жағдайымыз қиындайды. Біз, Талас Омарбеков екеуміз осы мәселеге үн қатып, республикалық «Айқын» газетінде арнайы хат жарияладық. Үкіметті мұндай келісімге қол қоюдан бас тартуға шақырдық. Бірақ, өкінішке қарай, онымызға ешқандай да реакция болған жоқ. Бізде ылғи солай. Соңғы 4-5 жылда Парламентке де бірнеше рет хат жолдадым. Реакция жоқ. Бір рет қана жауап алдым, оның өзі мардымсыз. Сосын «Ақ жол» партиясына хат жаздым. Бұл партия ғалымның ұстанымы деп айтпастан, депутаттық сауал жолдады. Одан да ештеңе өзгермеді. 2017 жылы Алаш партиясының құрылғанына 100 жыл болады. Төбесі көрініп тұр. Соған дейін біраз шаруа қолға алынса, оң болар еді.

– Аға, іс басында жүрген азаматтар болғаннан кейін, Алаш қозғалысының ішінде де азғантай келіспеушіліктер болғаны белгілі. Осындай кішігірім кикілжіңдердің өзін үлкен алауыздық етіп көрсетіп, бірін қаралап, екіншісін ақтау байқалып қалады. Мұстафа Шоқай мен Әлихан Бөкейхановтың қарым-қатынасы, Рысқұлов пен Қожановтың арасындағы әңгіме үнемі айтыла береді. Осыған бір нүкте қоюға бола ма? Қалай қоюға болады?

– Оған нүкте қойылған. Бірақ, бізде сөзге тоқтамайтын адамдар бар. Сөзге тоқтай алмайтын жалған ғалымдар бар. Жалған патриоттар бар. Алаш партиясы мен оның қайраткерлерінде ұлттық ұстаным өте жоғары болған. Өкінішке қарай, біз сол ұстаным деңгейінен төмен түсіп кеттік қой деп қорқамын. Алаш деген жалпыұлттық деңгейдегі саяси құрылым. Ал бүгінгі күннің жалған патриоттары Алашқа өздерінің рулық, жүздік ұстанымын таңғысы келеді. Бұл – өте кір, лас нәрсе. Өкініштісі, одан арыла алмай келе жатқандар арамызда бар. Әрине, Алаш зиялылары арасында кейбір мәселелер бойынша түрлі ұстанымдар болған. Олар дискуссияға да түскен. Бұл енді табиғи заңдылық емес пе?! Бірақ, олар негізгі мәселеде, жалпыұлттық мүддеде бірауызды болды. Оны бөлшектеймін деу – абыройсыз тірлік. «Батыс Алашорда» бөлек құрылым болды деп жүрген «мықтылар» бар. Ал Халел Досмұхамедовтер өздері айтып кетті, ешқандай да Батыс Алашорда болған жоқ. Алаш қозғалысы жалпыұлттық біртұтас қозғалыс болды. Осы процесте Алаш зиялыларының әрқайсының өзінің орны бар. Ал бізде соны бұзғысы келетіндер бар. Мұндайды мен шала ғалымдық деп есептеймін. Бұқаралық ақпарат құралдары да мұқият болуы тиіс. Мәселен, жуырда ғана «Түркістан» газетінде бір автор Алаш ісі туралы материал жариялады. Бірде-бір сілтемесі жоқ, ғылыми негізі жоқ материал. Осыны баспасөз неге жариялайды? Әркім жауапкершілікті өзінен бастағаны дұрыс.

– Сіз бір сөзіңізді ХХ ғасырда кәсіби тарих ғылымы да, кәсіби тарихшылар да қалыптасқанын айтқан едіңіз. Алайда, бүгінгі күні сол кәсіби тарихшылар бірауызды, бірсөзді ме? Әуесқой тарихшыларды былай қойғанда, кәсіби тарихшылар арасындағы кейбір түсініспеушіліктер, бұрмалаушылықтар туралы не дейсіз?

– Кезінде Рысқұловтың Сталинге жазған хаты бар. Оны баяғыда оқығанмын. Біздің кейбір кәсіби тарихшылардың өзі соны бертінде тауып алып, біраз жалаулатты. Контекстен бөліп алып, өздеріне керегін жариялап, «Рысқұлов бүйткен екен, сүйткен екен» деп шықты. Тарихи фактіні айналасындағы оқиғалардан бөлек қарастыруға болмайды. Ал контекстен жұлып алғаннан кейін, әлбетте, мазмұны өзгеріп кетеді. Ондай мазмұндағы хатты Сейфуллин де жазған. Қайталанбас тұлғамыз Смағұл Сәдуақасов та жазған. Сейітқали Меңдешов те жазған. Олардың өсу жолында өз басына тән кемшіліктері болған. Оны контекстен бөліп алып, өз мүддеңе пайдаланудың не керегі бар? Пендешілігіңді басқа жерде жаса, тарихи процесте пендешілікке жол жоқ. Тарих рулық мүдденің алаңы емес. Сондықтан, әріптестерімді ғылыми мәдениетті сақтауға шақырғым келеді.

– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен Жұлдыз Әбділда Сейсенбі,

11 Қараша 2014 //kіtap.kz/

3-тарау. ОТАН ТАРИХЫНЫҢ МӘСЕЛЕЛЕРІНЕ БАЙЛАНЫСТЫ ЖАЗЫЛҒАН ХАТТАР

Қазақстан Республикасы

Парламентінің сенаты

Халықаралық қатынастар,

қорғаныс және қауіпсіздік

комитетінің төрағасы

Қ.С.Сұлтановқа

Шығыс № 208

19.10.2011.

Қымбатты Қуаныш Сұлтанұлы!

Бұл хатты өзіңізге жолдаудың мынадай себептері бар. Осыдан 22-23 жыл бұрын, яғни ол кезде Сіз партияның Орталық Комитетінде, ал біз (әріптесім Талас Омарбековпен бірге) ОК-тің жанындағы партия тарихы институтында қызметте жүріп өткен ғасырдың 20-30-шы жылдарындағы саяси репрессия құрбандарын ақтау ісіне қатысты кездесіп, сіз берген тапсырмаларды орындап жүрдік. Бүгінгі күннен көз салғанда ол дағы бір ғажап мезгіл екен. Өйткені, өткен ғасырдың алғашқы жартысындағы тарихымызда пайда болған тоң, сол жылдары еру кезеңіне өтіп, көңілде көктемнің күрек желі соққандай әсер қалыптасқан еді. 1991 жылғы түбегейлі өзгерістерден соң шынымен де солай болып шықты да. Қоғамның тарихи танымындағы өзгерістер таудан төмен құлай аққан селді еске салатын. Сол өзгерістердің нәтижесін бүгін анық байқауға, байқай отырып шүкіршілік айтуға тиіспіз, сондай-ақ оған негіз де жеткілікті. Ал менің хатым өзіңізге таныс мынадай мәселе жөнінде. Өткен XX ғасыр ұлт тарихының ең бір күрделі кезеңі. Бұл мезгілде ел өмірінде түбегейлі өзгерістер, ілгері өсу орын алды. Халқымыз сапалы өзгерістерді басынан кешірді. Дені сау, жаппай сауатты халыққа айналды. Қоғамды, мемлекетті басқару ісіне тартылды. Ғылым мен техникалық прогреске араласа бастады. Бұл тарихи шындықты ешкім де жоққа шығара қоймас. Сонымен бір мезгілде оның ішкі өмірінде түсініксіз дағдарыстық жағдайлар байқалды. Салт-дәстүр, ұлттық құндылықтар өз құнын жоғалта бастады. «Қағынан жеріген құлан» кейпін киіп ана тілін, ата тарихын мансұқ ету жолына түсті. Қазіргі уақытта осы үрдістерге шектеу қою әрекеті жүріп жатыр. Осы ретте мынадай жағдайға көңіл аударайықшы. Дерттен айықтырудың бірден-бір жолы оған дұрыс диагноз қою болса керек. Яғни, біздің еліміз жоғарыда айтылған қауіпті жолға қашан, неге байланысты түсті? Тарихтың тамырына құлақ салар болсақ ол дерт біздің қоғамның өміріне өткен ғасырдың 20-30 –шы жылдары ене бастады. Ал оған жол ашқан саяси репрессия саясаты болатын. Ұлттың рухани көшбастаушысы, «қараулы» – ұлт зиялылары жаппай репрессия саясатының құрбаны болды. Ал халық серкесі жоқ тобыр сияқты жат пиғылдағы күштердің жетегінде кетті. Оның рухани болмысы, мәдениеті илеуге түсті. Біздің бүгінгі портретіміздің авторы советтік шындық, коммунистік партия. Кеңестік кезеңдегі өміріміздің бағыт-бағдарын анықтаушы, серкеміз, ал бүгінгі күні бізді өзді-өзімізбен арпалыстырып, жаға жыртыстырып қойған солар болатын. Енді қайттік? Мұндай күрделі сауалдың жауабын айту маған жеңілге түспесін білемін. Мәселенің тек өзіме қатысты қырына байланысты пікірімді айтумен шектелейін. Ал оның қысқаша мазмұны мынаған саяды. Жиырмасыншы ғасырдағы кеңестік билік жүргізген репрессия саясатының жай-жапсары қалтқысыз, түгелдей ашылуға тиісті. Осы уақытқа дейін жарық көрген көптомдық академиялық тарихымызда саяси репрессия тақырыбы ашылмаған күйінде қалып келеді. Ал кеңестік қоғамның тарихы сәл «сыни» тұрғыдан жазылғаны болмаса, түбегейлі қайта талдаудан өте қойған жоқ. Ал бұл кезеңге деген қатынасымызды түбегейлі қайта қарамасақ, жиырмасыншы ғасырдағы ел тарихы бұлыңғыр, түсініксіз күйінде кейінгі ұрпаққа жетпек. Ал бұлыңғыр, күмәнді тарихтың кімге керегі бар? Біз, яғни бүгінгі аға буын кейінгі ұрпағымызға неге берер сабағы екіұшты, күмәнді тарихты қалдыруға тиіспіз? Олай ету тарих алдындағы жауапсыздық болар еді. Тарихшы маман ретінде мәселені бұлай қоюға толық хақым бар деп білемін. Өйткені мен Республика Парламентінің жанынан құрылған екі бірдей комиссияның (1990 және 1997) мүшесі ретінде ұзақ мезгіл ОГПУ-НКВД-МГБ мұрағаттық материалдарымен жұмыс жасадым, өткен ғасырдағы қазақ басқарушы тобы мен шығармашылықтағы зиялыларының тергеу істерімен таныстым. Соның нәтижесінде «Алаш қозғалысы» (1995,1 кітап), «Ұлттық саяси элита» (2004), «Сталинизм и репрессии в Казахстане 1920-1940 годов» (2009) сияқты зерттеу еңбектерін жаздым. Осы баяндаған ойларды тұжырымдай отырып мынадай ұсыныстар айтпақпын. Біріншіден, елімізде қабылданған «Ұлттық мұрағат қоры және мұрағаттар туралы» (1998, 22 желтоқсан) және «Мемлекеттік құпиялар туралы» (1999, 15 қаңтар) ҚР Заңдық актілері бойынша «саяси, әлеуметтік және басқа себептермен жаппай қуғын-сүргін құрбандарына» қатысты материалдар зерттеушілерге берілуі тиіс. «Мемлекеттік құпиялар туралы» заңның 17 бабының 7 тармағы бойынша жаппай қуғын-сүргін құрбандарына қатысты материалдар құпияға жатпайды. Соған қарамастан, менің ҚР ҰҚК-нің басшылығына жолдаған өтініш-хаттарым тиесілі нәтиже бермей отыр. ҰҚК-нің қызметкерлері (әсіресе Бахмутов мырза) түрлі желеулермен саяси репрессия материалдарын зерттеушілердің қолына тигізетін түрі жоқ. Мәселен мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында Алаш қозғалысына қатысты сот процестерінің құжаттық материалдарын үш томдық түрінде жариялау жоспарланған. Бірақ ол құжаттардың ең қажет дегендерінің көшірмесі оларды баспаға даярлайтын мамандар ретінде біздің қолымызға берілмеді. Ол құжаттармен мен жақсы таныспын. Кітапқа енетін материалдарды сұрыптап алу соншалықты қиындық туғызады деп ойлау қателік болар еді. Бұл жағдайды мұрағат қызметкерлері де жақсы түсінеді. Олардың бізге айтатын бір-ақ уәжі бар. Яғни ол материалдары жариялау нәтижесінде репрессия құрбандары мен кезінде «көрсетушілер» міндетін атқарған кісілердің бүгінгі көзі тірі ұрпақтары өзара жауласып кетуі мүмкін деген. Бұл жай сөз. Біріншіден «көрсетушілердің» куәлігі бөлек папкада сақталады. Екіншіден, тергеу материалдарында кездесетін «кейбір» фамилиялар мен фактілерді оп-оңай ажыратып, алып тастауға болады. Басқаша айтқанда, бұл уәж соншалықты дәлелді әрі нанымды уәж емес. ҰҚК-нің мұрағат қызметкерлері мынадай бір қарапайым шындықты есепке алғылары келмейді. Кезінде алаш қайраткерлеріне байланысты кеңестік билік әділетсіздік жасады. Оларды репрессияға алып, жоқ етті. Енді міне бүгін, мұрағат қорларында қаттаулы жатқан олардың идеяларын, пікірлерін халыққа жеткізуге түрлі кедергілер жасау қаншалықты орынды болмақ? Осы ретте Абайдың «бір жанға екі өлмек әділет пе?» деген сөзі еске оралады. Ұлт-азаттық қозғалыс басшыларының тергеу барысында айтқан ой-пікірлерін кейінгі ұрпақтың білуге толық хақысы бар. Өткен ғасырдың 20-50-ші жылдарындағы репрессия саясатын іргелі зерттеуге алуға байланысты арнайы мемлекеттік тапсырыс жасалатын уақыт жетті. Бұл өзекті ғылыми мәселені мемлекеттік тапсырыс арқылы жан-жақты іргелі зерттеуге алу жас ұрпақты тарихи шындық арқылы тәрбиелеу ісіне қызмет жасамақ. Бұған қосымша мынадай фактілерді қоса тіркеуді жөн көріп отырмын. Қоғамдық әділеттілік ұғымы барлық халықтарға ортақ құндылық. Бұл пікірге байланысты мынадай фактілер келтіруге мәжбүрмін. Бұрынғы Кеңестер Одағы құрамындағы Ресей Федерациясында саяси репрессия тақырыбында кең ауқымды зерттеу жұмыстары жүргізіліп, халыққа тарихи шындықты жеткізу мақсатында түрлі ағартушылық мазмұндағы еңбектер жарық көруде. Ондай кең ауқымдағы жұмыстың біздің елде ұшқыны да жоқ. Мәселен, Ресейде «Академическое дело, сфабрикованного ОГПУ. С-Петербург, Т.1,2.» атты кітап 1993 жылы-ақ жарық көрген. Оны даярлаған сол елдің тарихшы мамандары. Бұл аз десеңіз тура осы тақырыпқа тарихшы Виктор Брачевтың «Травля русских историков» (М., Алгоритм, – 2006. – С. 320.) атты монографиялық еңбегі жарияланды. Зерттеу жұмысында тағы да сол ОГПУ-НКВД мұрағаттарының материалдарына негізделген. 2000-2005 жылдары Москвада Ресей, Франция, Швеция ғалымдарының, Ресей Федерациясы Федералдық Қауіпсіздік Қызметінің Орталық мұрағатының қатынасуымен «Советская деревня глазами ВЧК-ОГПУ-НКВД. 1918-1939. Документы и материалы в 4-томах. Под редакцией А. Берловича (Франция), В. Данилова (Россия)» атты құжаттар мен материалдар жинағы жарық көрді. Мұндай еңбектер тізімін ондап-жүздеп келтіруге болады. Сонда қалай, Ресей халқына айтылған тарихи шындықтың Қазақстан халқы түсіне алмайтындай соншалықты күрделі болғандығы ма? Біздің де сұрау салып отырған құжаттарымыз өткен ғасырда-ақ ақталған Алаш қозғалысы қайраткерлері мен 1940-50-ші жылдары қуғын-сүргінге ұшыраған қазақ ғалымдарының ісіне қатысты материалдар. Біз тәжірибелі зерттеуші ретінде қандай мазмұндағы ақпаратты жария етуге болмайтындығын жақсы білеміз. Бұл ретте бізге сенімсіздікпен қарауға ешқандай да негіз жоқ. Тіптен қажет болса бұл құжаттық материалдарды Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің мұрағаты қызметкерлерінің қатысуымен даярлап, жарыққа шығаруға қарсы емеспіз. Осы жағдайды баяндай отырып сізден мынадай екі мәселенің жағымды шешімін табуына ықпал жасауыңызды өтінемін: 1) бекітілген заңдық актілерге сәйкес Алаш (ұлт-азаттық) қозғалысына қатысты 1930-1950 жж. аралығында болып өткен сот процестерінің тергеу материалдарын көптомдық кітап түрінде шығару үшін ҚР ҰҚК мұрағаттарындағы құжаттық материалдарды алуға осы тақырыпты көптен бері зерттеп келе жатқан ғалымдар проф. М.Қ. Қойгелдиев пен т.ғ.к., Ш.Б. Тілеубаевқа рұқсат әперуге атсалысуыңызды; 2) Қазақстандағы саяси репрессиялар тарихын іргелі зерттеуге алу үшін ҚР Білім және ғылым министрлігі тарапынан «Қазақстан тарихшылары қауымдастығына» арнайы мақсатты гранттық қаржы бөлдіру жөнінде депутаттық сұрау салуыңызды. Жалпы сталиндік кезеңге қатысты ҚР ҰҚК-дегі мұрағаттық құжаттарды мемлекеттік мұрағаттарға беріп, оларды зерттеушілердің қолына жеткізетіндей жағдай туғызу ғылым үшін өзекті мәселе. Егер Парламент бұл мәселеге қатысты тыңдау өткізу жөнінде шешім қабылдаса Қауымдастық атынан баяндама жасауға әзір екендігімді білдіремін

Құрметті Қуаныш Сұлтанұлы!

Парасатты да байсалды саясаткер ретінде өзіңіздің тікелей араласуыңызбен еліміздің руханият ісіне қатысы бар бұл өзекті мәселе өзінің дұрыс шешімін табады деген сенімдемін.

Өзіңізге зор құрметпен,

Қазақстан тарихшылары қауымдастығының

төрағасы, профессор М. Қойгелдиев

Председателю Жогорку Кенеша

Кыргызской Республики

А. Ш. Жээнбекову

от Президента ассоциации

историков Казахстана

профессора Койгелдиева М.К.

Шығыс: № 209

19.10.2011.

Глубокоуважаемый Асылбек Шарипович!

Как историк исследователь я достаточно длительный период занимаюсь изучением истории казахско-кыргызских взаимоотношении. В 2009 году были опубликованы книги «Жетысу-Иссыккульская трагедия. 1916-1920гг.» (Изд. АО «Астана-полиграфия», «Ел шежіре», 22,0 печ. листов) и «Байзак Мамбетулы и его современники» (Изд. «Ел шежіре», 5,0 печ. л.), подготовленные мною совместно с моими коллегами-историками. Презентация этих книг прошли в КНУ им. Баласагына в том же году. (См. газ. «Кыргыз туусу» 2009, 5,9,13 июнь, № 41,42,43). Еще в 1990 году в газете «Кыргызстан маданияты» (1990, 22 март, №12) мною была опубликована статья «Замана санжырасы». В ней речь шла о взаимодействии казахских и кыргызских интеллектуалов по организации помощи голодающему населению прииссыккуля в трудном 1917 году. В этом добровольном и поистине героическом деле с кыргызской стороны самое активное участие принимали Ишеналы Арабаев, Касымбай Тельтаев и Максут Солтоев – кыргызские интеллигенты, позже репрессированные органами ОГПУ- НКВД за сотрудничество с казахскими алашордынцами. В настоящее время я и мои коллеги готовим новую книгу об исторических событиях 1916-1917 гг., где получит отражение и деятельность вышеназванных кыргызских деятелей. В этой связи приходится констатировать, что освещение их деятельности было бы односторонним и неполным без вовлечения материалов следственных дел, содержащихся в архиве Государственного Комитета Национальной Безопасности Кыргызской Республики. В этой связи я обращаюсь к Вам с просьбой разрешить нам (мне и кандидату исторических наук Тлеубаеву Шамек Баяновичу, доценту кафедры «Истории и культуры Казахстана» Института магистратуры и PhD докторантуры Казахского национального педагогического университета им. Абая) ознакомиться с материалами следственных дел Ишеналы Арабаева (репрессирован в 1933 г.), Жусупа Абдрахманова (репрессирован в 1937 г.), Касыма Тыныстанова (репрессирован в 1937 г.), Аджимана Шабданова (репрессирован в 1932 г.), Касымбая Тельтаева (репрессирован в 1933 г.) и Максута Солтоева. Все эти выдающиеся деятели кыргызской культуры в свое время были обвинены по известной 58 статье УК РСФСР (1926 г.) в контрреволюционной деятельности, национализме, в сотрудничестве руководящими националистически настроенными (впоследствии посмертно реабилитрованными) руководящими работниками республик Средней Азии и Казахстана. Доводим до Вашего сведения, что наше первое обращение было адресовано председателю ГКНБ КР генерал-лейтенанту К.А. Душебаеву, ответом чему был отказ. Вполне обоснованно возникает вопрос: в условиях советского тоталитарного режима по известным идеологическим соображениям на эту тему было наложено табу, тогда, что же мешает нам разрабатывать этот вопрос обьективно, без предвзятости в условиях свободного развития наших государств? Почему эту работу мы должны возлагать на плечи будущих поколении? О себе: доктор исторических наук, профессор, с 1999 года работаю документальными материалами архивных фондов КНБ РК. Выявленные документы использованы в моих монографических исследованиях «Движение Алаш» (1995, 2008, 1 книга), «Сталинизм и репрессии в Казахстане 1920-1940-х годов» (2009), «Национальная политическая элита» (2004) и др. Надеюсь на плодотворное творческое сотрудничество в деле создания объективной научной истории наших народов (XX веке). Заранее благодарю Вас за оказание столь нужного содействия в изучении исторических фактов нашей обшей истории.

С уважением,

президент Ассоциации историков

Казахстана, заведующий кафедрой

«Истории и культуры Казахстана»

Казахского национального

педагогического университета им. Абая,

профессор М. Койгелдиев

ҚҰПИЯ ТАРИХТЫ АЛУ ҚИЫНҒА АЙНАЛУЫ МҮМКІН

Біздің еліміз, Қазақстан Республикасы, тәуелсіз мемлекет, «өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады» (ҚР Конституциясы, 1 бап). Сондықтан да ол кезінде өз халқына қарсы жаппай репрессиялау саясатын жүргізген Кеңестік биліктің мұрагері бола алмайды. Соған қарамастан, өкінішке орай, Кеңестік тоталитарлық жүйенің елімізде жүргізген қылмысты саясаты ғылыми негізде әрі тиесілі дәрежеде зерттеуге алынып, көпшілік қауымның назарына ұсынылмай келеді. Оның басты себептерінің бірі бұл мәселені зерттеуге мүмкіндік беретін мұрағат қорларының, әсіресе, КСРО Мемлекеттік Қауіпсіздік Комитеті мұрағат қорларында сақтаулы құжаттық материалдардың, зерттеушілер үшін әлі де болса жабық күйінде қалуы. Иә, рас, бұл ретте ҚР ҰҚҚ-інің Мұрағат басқармасы көпшіліктің тілегін қанағаттандыру мақсатында шектеулі дәрежеде болса да, зерттеушілерге өз есігін ашқанын жоққа шығару әділетсіздік болар еді. Дегенмен мұндай мүмкіндіктің соңғы жылдары мүлдем тарыла түскеніне назар аудармасқа лажымыз жоқ. Ендігі уақытта «құпия қорларға» байланысты жағдайдың күрделене түсетін түрі бар. Мәселен, мынада. Өткен 2011 жылдың қазан айында Санкт-Петербург қаласында болып өткен ТМД елдері саммитінен соң КСРО кезеңінде құпия деп танылған құжаттық материалдардың құпиялық дәрежесін келісімшартқа Ресейден басқа Беларусь, Армения, Тәжікстан және Өзбекстан мемлекеттерінің қосылғандығы мәлім болып отыр. (Спецслужбы РФ пытаются воспрепятствовать ресскречиванию архивов других стран? hro.org, 11/11/11.) Бұл келісімшартқа Ресейдің ұсынысы бойынша басқа да ТМД елдерінің, мәселен, Қазақстанның қосылуы әбден мүмкін. Егер бұл жағдай шындыққа ұласса, онда таяу арада еліміздің кеңестік кезеңдегі қайғылы тарихын жазу қиялға айналмақ. Ресей тарихшылары (мәселен, Никита Петров «Мемориал» қоғамынан) жоғарыда аталған құпия мұрағат қорларына қатысты келісім шартты «Мәскеудің советтік мұрағаттарға байланысты өз ұстанымын басқа да ТМД елдеріне тану» әрекеті ретінде бағалауда. Бұл әбден орынды берілген баға. Мәскеу, белгілі себептерге байланысты, Кеңестік режимнің өз халқына, қазақ сияқты ұлттарға, миллиондаған кінәсіз жеке тұлғаларға жасаған шексіз көп қиянатын жария етуден жалтаратындығын байқатуда. Кеңестік биліктің репрессия саясатына байланысты мұндай жабық ұстаным қоғамымыздың бүгінгі жағдайымен мүлдем үйлеспек емес. Бүгінгі қоғам өзінің өткен тарихына қатысты ащы шындықты үлкен парасат және сабырмен қабылдауға әзір, сондай-ақ оны білуге құқылы. Бұл ретте ол өзінің кемелдігін соңғы жиырма жылда әбден танытты да. Ал дәлелді де байсалды айтылған шындық халықты өсіреді, тәрбиелейді, оның патриоттық сезімін қалыптастырады. Міне, осы айтылған тұжырымдарға сүйене отырып біз: -Республикалық билік орындарын жоғарыда аталған ТМД көлеміндегі «мұрағаттық» келісімшартқа қосылмауға шақырамыз, өйткені Ресей тарапынан советтік мұрағат қорларына байланысты ұсынылып отырған «ортақ ұстаным» («единый подход») біржақты күні өткен империялық мүддеге ғана тиімді, ал біз үшін өткен тарихымызды, яғни кеңестік кезеңге тән тарихи шындықты мансұқ етумен тең; -Елімізде қабылдаған «Ұлттық мұрағат қоры және мұрағаттар туралы» (1998, 22 желтоқсан) және «Мемлекеттік құпиялар туралы» (1999, 15 қаңтар) ҚР Заңдық актілері бойынша «саяси, әлеуметтік және басқа себептермен жаппай қуғын-сүргін құрбандарына» қатысты материалдар зерттеушілерге берілуге тиіс. «Мемлекеттік құпиялар туралы» заңның 17- бабының 7 тарауы бойынша жаппай қуғын – сүргін құрбандарына қатысты материалдар құпияға жатпайды. Сондай-ақ біздің ҚР «Мемлекеттік құпия туралы» Заңының 20-бабының 3-тармағында мерзімі өткен құжаттарды құпиясыздандыру туралы ұстанымының орындалуын талап етуге толық құқымыз бар; -сондай-ақ советтік биліктің 1917-1918 жылдардан бергі кезеңдеріне қатысты мұрағаттық құжаттар сақтаулы Ішкі Істер Министрлігінің, Бас Прокуратураның және басқа мемлекеттік мекемелердің ведомоствалық мұрағат қорларына зерттеушілер еліміздің мемлекеттік мұрағат қорларында орнатылған тәртіпті негізге ала отырып жұмыс істеуге құқылы екендігі заңдастырылуға тиісті; -біз ғылым және мәдениет қайраткерлерін, бұқаралық ақпарат құралдарын діни конфессия қызметкерлерін мұрағат қорларында жабулы жатқан коммунистік кезеңнің құпияларымен қоғамды кеңірек таныстыру, мұрағаттардың жабық қорларын құпиясыздандыру, сондай-ақ отандық тарихнаманың советтік кезеңін объективті зерттеуге қажет жағдай туғызу ісіне мүмкін болғанша белсенді атсалысуға шақырамыз.

«Айқын» 2012 ж, 27 қаңтар, №17 (1928)

(Хат Т.О. Омарбековпен бірлікте даярланған)

Қазақстан Республикасы

Парламентінің Мәжілісі

Әлеуметтік-мәдени

даму комитетінің Төрайымы,

ҚР Тұңғыш Президенті қорының

директоры Д.Н. НАЗАРБАЕВАҒА

Шығыс: № 215

15.02.2012

Құрметті Дариға Нұрсұлтанқызы!

Еліміздің мәртебелі билік орны – Қазақстан Республикасы Мәжілісінің депутаты, сондай-ақ Мәжілістің әлеуметтік-мәдени даму комитетінің Төрайымы болып сайлануыңызбен шын жүректен құттықтауға рұқсат етіңіз! Сіздің базалық білім тұрғысынан тарихшы-маман (тарих ғылымдарының кандидаты) екендігіңізден мәліметім болғандықтан да осы хатты өзіңізге әріптес (коллега) әрі Комитеттің төрайымы ретінде жолдап отырмын. Өзіңізге мәлім Қазақстанда тарихнама дербес ғылым және білім саласы ретінде өткен ғасырда кеңестік билік жағдайында өмірге келді. Дегенмен, белгілі себептерге байланысты еліміздің шынайы тарихын, әсіресе оның ХХ ғасырда жүріп өткен жолын, ғылыми тұрғыдан қорыту жеңілге түскен жоқ. Көптеген тақырыптарды зерттеуге тиым салынуы, зерттеуге алынғандарының бұрмалауға ұшырауы, ал 50-шы жылдары Ермұхан Бекмаханов және Бекежан Сүлейменов сияқты алғашқы буын тарихшы-мамандардың жиырма бес жылдық мерзімге кесілуі соның айғағы. Кеңестік идеологияның тарих ғылымына араласуы осындай нәтижелермен аяқталды. Мемлекеттік тәуелсіздік жағдайында отан тарихын жаңа көзқарас тұрғысынан қорытуға мүмкіндік туды. Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаевтың ұсынысы және қолдауымен «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы (2004-2011 ж.ж.) және басқа көптеген шаралар іске асырылды. Бұл атқарылған жұмыстардың толыққанды отан тарихын жасау ісіндегі маңызды қадам болғандығы хақ. Сонымен бірге кеңестік идеологиялық шектеуліктер жағдайында ғылым ретінде мүмкіндігін толық аша алмаған отандық тарихнаманың әлі де өз кезегін күтіп жатқан мәселелері аз емес. Солардың бірі Орталық биліктің ХХ ғасырдың 20-50 ж.ж. Қазақстанда жүргізген саяси репрессиялық шараларының тарихы. Қазақстан тарихында ұлттық саяси басқарушы топқа (элита) және шығармашылықтағы зиялыларға байланысты жүргізілген жаппай репрессиялау шараларының себеп-салдары іргелі зерттеу тұрғысынан әлі де болса жан-жақты толық ашылмаған күйінде қалып келеді. Бүтіндей алғанда кеңестік қоғамның тарихы сәл «сыни» тұрғыдан баяндалғаны болмаса, түбегейлі қайта талдаудан өте қойған жоқ. Бүгінгі мемлекеттік тәуелсіздік жағдайында кеңестік кезеңге деген қатынасымызды объективті ғылыми негізге қоя алмасақ жиырмасыншы ғасырдағы тарихымыз бұлыңғыр, түсініксіз күйінде кейінгі ұрпаққа жетпек. Бұл алаңдаушылық туғызатын жағдай. Мәселе мынада. Көрші Ресей мемлекетінің тарихшы ғалымдары батыстық зерттеушілермен шығармашылық бірлікте КСРО-ның сталиндік кезеңіне байланысты 100 томдық зерттеу еңбектерінен тұратын ғылыми жобаны іске асырды. (Қараңыз: Научно-издательский проект Фонда первого президента России Б.Н. Ельцина и издательства «Российская политическая энциклопедия» (РОССПЭН)

– «История сталинизма» // http://www.rosspen.su/).

Бұл көпбағытта және түрлі көзқарастық ұстанымда мақсатты түрде жүргізіліп жатқан іргелі зерттеу жұмыстарының бір ғана тарауы. Яғни бүгінгі Ресей мемлекеті өзінің кеңестік кезеңдегі қайшылықты жүріп өткен жолы бойынша теориялық тұжырымдар жасау ісін өзге елдердің зерттеушілеріне аударып салмай, өз күшімен жүргізуде. Бұл қандай тұрғыда болмасын тура шешім. Өйткені әрбір елдің өткен тарихы алдымен оның өзіне қажет, яғни әркімнің төл тарихы өз құндылығы. Сол сияқты кеңестік кезеңдегі еліміздің тарихы отандық тарихшы-ғалымдардың күшімен қорытылғаны дұрыс. Ондай болмаған күнде ХХ ғасырдағы қазақ тарихына байланысты Ресейлік көзқарасты қабылдауымызға тура келеді. Мұндай жолға түсу, әрине, келесі жеңіліске бет алумен тең. Өзіңізге мәлім, өткен ғасырдың 20-50 жылдары кеңестік билік тарапынан жүргізілген репрессиялық шаралар Алаш қозғалысы қайраткерлерін қуғындау және жазалау ісінен басталды. «Алаш ісі» бойынша жүргізілген сот процестері (1928-1930, 1930-1932) Қазақстанда басталып Мәскеуде аяқталды. Мемлекеттік тәуелсіздік жылдары Республикалық заң орындары «Алаш ісіне» қатысты құжаттармен мұқият танысып, бұл іске тартылған азаматтарды түгелдей дерлік ақтады. Логикалық қисынға сүйенсек, ендігі уақытта Алаш қозғалысына қатысты тарихи ақиқатты ешқандай да бүкпесіз толық түрде қазақ елі білуге хақылы. Тура осындай тарихи шындық Т. Рысқұлов, С. Меңдешов, Н. Нұрмақов және басқа Кеңестік билікті оның бірінші күнінен бастап-ақ мойындап, оған адал қызмет жасаған келесі буын қазақ саяси басқарушы тобына да байланысты айтылуға тиіс. Ал тарихи шындыққа көз жеткізудің ең дұрыс жолы мәселеге қатысты деректік құжаттық материалдарды жариялау.

Құрметті Дариға Нұрсұлтанқызы!

Парламенттік Комитеттің Төрайымы және білікті де тәжірибелі саясаткер ретінде осы іске өз үлесіңізді қосып, мынадай мазмұндағы мәселелерді шешуге атсалысуыңызды өтінемін: 1. Өткен ХХ ғасырдың алғашқы ширегіндегі қазақ тарихында терең із қалдырған оқиға – бұл әрине, Алаш қозғалысы. Алаш қозғалысы – қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалысы. Сондықтан да оған қатысты 1928-1932 жылдарда жүргізілген «Алаш ісі» сот процестері құжаттық материалдарының көп томдық (3-4 том) түрінде жарық көретін уақыты жетті. Еліміздің Парламенті тарапынан оның Комитетінің Төрайымы ретінде бұл істі өз қамқорлығыңызға алып, редакторлық жетекшілігіңізбен бұл ғылыми жобаны іске асырғанымыз орынды болар еді. «Алаш ісі» сияқты ғылыми жоба бойынша көптомдық еңбектің жарық көруі, әрине, Тұңғыш президент қоры үшінде, сондай-ақ еліміздің тарих ғылымы үшін де абыройлы іс болатындығына сенуіңізге болады. Біраз жылдан бері бұл тақырыпты зерттеумен айналысып келе жатқан мүдделі зерттеуші-ғалым ретінде «Алаш ісіне» қатысты құжаттық материалдарды баспаға даярлау ісін өз міндетіме алуға әзір екендігімді білдіремін. 2. «Алаш ісі» материалдарын жарыққа шығару үшін ең алдымен шешімін табуға тиіс мәселе, ол ҚР Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің мұрағаттарында сақтаулы құжаттық материалдармен жұмыс істеуге рұқсат алу. Ал мұрағат қорларынан кітапқа енетін материалдарды сұрыптап алу осы мазмұндағы құжаттармен жұмыс істеп жүрген зерттеуші мамандар үшін соншалықты қиындық туғызатын нәрсе емес. Тек оларға сеніммен қарау қажет. 3. Біз өз тәжірибемізден жақсы білеміз, ол құжаттық материалдарды қолмен көшіріп отыру өте қиын. Өйткені ескірмейтін нәрсе жоқ. Өткен ғасырдың 20-50 жылдары жүргізілген тергеу материалдары хатталған қағаздар әбден ескірген, енді бір 5-10 жылда олар тозып, жыртылып бітеді. Сондықтан да олардың тарихи құндылық ретінде фото көшірмесін алып, бүгінгі компьютерлік технология арқылы өңдеу жұмыстарын жүргізіп, келесі ұрпаққа жеткізу біздің тарихшы ретінде кәсіби борышымыз. Бұл жағдайды ҚР Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің мұрағат қызметкерлері ескергені жөн. 4. Жоғарыда баяндалған жұмыстарды атқару үшін осы тақырып бойынша көптен бері зерттеу жұмыстарын жүргізіп келе жатқан профессор М. Қ. Қойгелдиев пен тарих ғылымдарының кандидаты Ш.Б. Тілеубаевқа ҚР Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің мұрағаттары қорындағы құжаттық материалдармен жұмыс істеуге рұқсат алып беруге көмектесуіңізді өтінемін. Бұл кісілер бұдан бұрын да арнайы рұқсатпен ҰҚК қорларында жұмыс жасаған зерттеушілер.

Өзім туралы мәлімет:

1990 және 1997 жылдары Республика Парламентінің жанынан құрылған Комиссиялардың мүшесі ретінде ұзақ мезгіл ОГПУ-НКВД-МГБ мұрағаттық материалдарымен жұмыс жасап, өткен ғасырдағы қазақ басқарушы тобы (элита) мен шығармашылықтағы зиялыларының тергеу істерімен таныстым. Соның нәтижесінде «Алаш қозғалысы» /1 кітап/ (1995), «Ұлттық саяси элита» (2004), «Сталинизм и репрессии в Казахстане 1920-1940 годов» (2009) сияқты зерттеу еңбектерін жаздым, «Алаш қозғалас(ы. Движение Алаш. /Сборник документов и материалов». Под редакцией М.К. Койгелдиева. В 4-х томах/, – Алматы, 2004-2008; «Красный террор: Политическая история Казахстана. /Сборник документальных материалов. Под редакцией М.К. Койгелдиева/, – Алматы, 2008; «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында жарық көрген 12 томдық «Қазақ ұлт-азаттық қозғалысы» (М.Қ. Қойгелдиевтің жетекшілігімен), – Астана, 2007-2008 сияқты көптомдық құжаттық жинақтарды даярлауға басшылық жасадым.

Өзіңізге зор құрметпен,

Қазақстан тарихшылары

қауымдастығының төрағасы,

профессор М. Қойгелдиев

P.S.

Құрметті Дариға Нұрсұлтанқызы!

Хатта көтерілген мәселелерге байланысты түсінік беруді қажет деп тапсаңыз Сіздің қабылдауыңызға арнайы баруға әзір екендігімді білдіремін. Менің жұмыс орным: Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті Магистратура және PhD докторантура институтының «Қазақстан тарихы мен мәдениеті» кафедрасының меңгерушісі.

Байланыс телефондарым: 8 (727) 291-40-71, 291-46-72, 8 701 252 57 46.

Қазақстан Республикасы Парламенті

Мәжілісінің депутаты,

Халықаралық істер, қорғаныс

және қауіпсіздік комитетінің мүшесі

Асанғазы Оразгүл Асанғазықызына

Қымбатты Оразгүл Асанғазықызы!

Елімізде жылда аталып өтілетін жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні (31 мамыр) қарсаңында Сізге, сіз арқылы Мәжіліс депутаттарына тиесілі дәрежеде шешімін таба алмай келе жатқан қоғамдық мәселеге қатысты пікірімді білдіруді өзіме міндет санадым. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тікелей қолдауымен және басшылығымен еліміздің өткен тарихында орын алған саяси репрессия құрбандарын жадта сақтау, сондай-ақ бұл жалпыхалықтық қасіреттен тиесілі тұжырымдар жасап, ол жөнінде қоғамдық санада негізді пікір қалыптастыру ісінде біраз жұмыстар атқарылды. Соның нәтижесінде қоғамның санасында түбегейлі өзгерістер болып өтті. Сонымен бірге саяси репрессия тақырыбына байланысты атқарылуда тиісті істер әлі де аз емес. Қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні қарсаңында мынадай мазмұндағы ұсыныстарға көңіл аударуыңызды өтінемін: 1. Елімізде қабылданған «Ұлттық мұрағат қоры және мұрағаттар туралы» (1998, 22 желтоқсан) және «Мемлекеттік құпиялар туралы» (1999, 15 қаңтар) ҚР Заңдық актілері бойынша «саяси, әлеуметтік және басқа себептермен жаппай қуғын – сүргін құрбандарына» қатысты материалдар зерттеушілерге берілуге тиіс. «Мемлекеттік құпиялар туралы» заңның 17 бабының 7 тармағы бойынша жаппай қуғын – сүргін құрбандарына қатысты материалдар құпияға жатпайды. (Қараңыз: Закон РК «О государственных секретах» - Алматы, 2009. С.14,15) 2. Өткен ХХ ғасырдың алғашқы ширегіндегі қазақ тарихында терең із қалдырған оқиға – бұл, әрине, Алаш қозғалысы. Алаш қозғалысы – қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалысы. Сондықтан да оған қатысты 1928-1932 жылдарда жүргізілген «Алаш ісі» сот процестері құжаттық материалдарының көп томдық (3-4 том) түрінде жарық көретін уақыты жетті (кезінде бұл көптомдықты әзірлеп баспадан шығару ісі мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасында белгіленген. (Қараңыз: «Мәдени мұра» стратегиялық ұлттық жобасының 2009-2011 ж.ж. арналған тұжырымдамасы. - Астана, 2009, 50 б.) 3. Біраз жылдан бері бұл тақырыпты зерттеумен айналысып келе жатқан мүдделі зерттеуші ретінде Алаш зиялылары сотына қатысты бұл ғылыми көптомдық басылымның қоғам тарапынан зор қолдау табатындығына сенімдімін және ол сауапты іс болмақ. Ал мұрағат қорларынан кітапқа енетін материалдарды сұрыптап алу осы мазмұндағы құжаттармен жұмыс істеп жүрген зерттеуші мамандар үшін соншалықты қиындық туғызатын нәрсе емес. Тек оларға сеніммен қарау қажет. Өз тарапымыздан құжаттарды баспаға даярлау ісін ғылыми және кәсіби деңгейі жеткілікті әріптестеріммен (тарих ғылымдарының кандидаттары Ш.Тілеубаев және З.Мырзатаева) бірлікте өз міндетімізге алуға әзір екендігімізді білдіремін. 4. Біз өз тәжірибемізден жақсы білеміз, ол құжаттық материалдарды қолмен көшіріп отыру өте қиын. Өйткені, ескірмейтін нәрсе жоқ. Өткен ғасырдың 20-50 жылдары жүргізілген тергеу материалдары хатталған қағаздар әбден ескірген, енді бір 5-10 жылда олар тозып, жыртылып бітеді. Сондықтан да оларды тарихи құндылық ретінде фото көшірмесін алып, бүгінгі компьютерлік технология арқылы өңдеу жұмыстарын жүргізіп, келесі ұрпаққа жеткізу біздің азаматтық борышымыз. Бұл жағдайды ҚР Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің мұрағат қызметкерлері ескереді деп ойлаймыз. Бұған қосымша мынадай фактілерді қоса тіркеуді жөн көріп отырмын. Қоғамдық әділеттілік ұғымы барлық халықтарға ортақ құндылық. Ресей Федерациясында саяси репрессия тақырыбында кең ауқымды зерттеу жұмыстары жүргізіліп, халыққа тарихи шындықты жеткізу мақсатында орасан ағартушылық мазмұндағы жұмыстар атқарылды. Бұл бізге үлгі аларлық іс. Мәселен, Ресей ғалымдары батыстық зерттеушілермен шығармашылық бірлікте КСРО-ның сталиндік кезеңіне байланысты 100 томдық зерттеу еңбектерінен тұратын ғылыми жобаны іске асырды. Көптомдықтың үлкен бөлігі сталиндік жүйенің репрессия саясатына арналған (Қараңыз: Научно-издательский проект Фонда первого президента России Б.Н. Ельцина и издательства «Российская политическая энциклопедия» (РОССПЭН) – «История сталинизма» // http://www.rosspen.su/). Бұл көпбағытта және түрлі көзқарастық ұстанымда мақсатты түрде жүргізіліп жатқан іргелі зерттеу жұмыстарының бір бағыты ғана. Басқаша айтқанда, бүгінгі Ресей мемлекеті өзінің кеңестік кезеңдегі қайшылықты жүріп өткен жолы бойынша теориялық тұжырымдар жасау ісін белсенді әрі қарқынды жүргізуде. Бұл қандай тұрғыдан болмасын тура шешім. Өйткені әрбір елдің өткен тарихы алдымен оның өзіне қажет, өз құндылығы, яғни, кеңестік кезеңдегі еліміздің тарихы отандық тарихшы-ғалымдардың күшімен қорытылғаны жөн. Ондай болмаған күнде, ХХ ғасырдағы қазақ тарихына байланысты Ресейлік көзқарасты қабылдауымызға тура келеді. Ал мұндай жолға түсу, елдің ертеңіне байланысты алаңдаушылық туғызбай қоймайды. Ұлы Абайдан қалған сөз бар: бір жанға екі күймек әділет пе? ХХ ғасыр басындағы ұлттық басқарушы топ саяси әділетсіздіктің құрбаны болды. Өткенге салауат делік. Бірақ, біз бүгін сол аға буын ұрпаққа байланысты екінші әділетсіздікке жол бермейік. Отаншыл тегеурінді басқарушы топтың кейінгі жас ұрпаққа қалдырған азаматтық ұстанымы мен арман-тілегін мұрағаттық қорларда қаттаулы күйінде шірітпей, заңды иесіне – халыққа беріп, жарыққа шығуына жол ашайық. Сөйтіп, азаматтық міндетімізді орындайық! Тарихшы маман ретінде мәселені бұлай қоюға толық хақым бар деп білемін. Өйткені мен Республика Парламентінің жанынан құрылған екі бірдей комиссияның (1990 және 1997) мүшесі ретінде ұзақ мезгіл ОГПУ-НКВД-МГБ мұрағаттық материалдарымен жұмыс жасадым, өткен ғасырдағы қазақ басқарушы тобы мен шығармашылықтағы зиялыларының тергеу істерімен айтарлықтай терең таныстым. Соның нәтижесінде «Алаш қозғалысы» (1995,1 кітап), «Ұлттық саяси элита» (2004), «Сталинизм и репрессии в Казахстане 1920-1940 годов» (2009) сияқты монографиялық зерттеу еңбектерін жаздым және көптомдық құжаттық жинақтарды даярлау ісіне басшылық жасадым («Алаш қозғалысы. Движение Алаш. /Құжаттар мен материалдар жинағы. 1-4 т.т М.Қ. Қойгелдиевтің редакциялық басқаруымен/ Алматы, – 2004-2008.; «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында жарық көрген 12 томдық «Қазақ ұлт-азаттық қозғалысы». М.Қ. Қойгелдиевтің редакциялық басқаруымен Астана, – 2007-2008 ж.б.).

Құрметті Оразгүл Асанғазықызы!

Парасатты да байсалды саясаткер ретінде өзіңіздің тікелей араласуыңызбен еліміздің ұлттық қауіпсіздігі мен руханият ісіне қатысы бар бұл өзекті мәселе өзінің дұрыс шешімін табады деген үміттемін.

Зор құрметпен, алаштанушы,

Абай атындағы ҚазҰПУ-ің

кафедра меңгерушісі,

т.ғ.д., профессор М. Қойгелдиев

Р.S. Осы тақырыпқа қатысы бар мынадай жағдайды ескертуге міндеттімін. Таяуда, яғни, 2011 жылдың соңында «Движение Алаш. Сборник материалов судебных процессов над алашевцами» атпен 3 томдық жинақ жарық көрді. Жазушы-ғалым Т.К. Жұртбаев пен «Ел шежіре» баспасының директоры Д.Әшімханұлының алаш тарихын көпшілік қауымға жеткізуге байланысты ынтасын жоққа шығармаймыз. Бірақ, бұл басылым сапалық тұрғыдан сын көтере алмайды. Неге?

1. Үш томдықтан тұратын құжаттар мен материалдар жинағында тікелей «Алаш ісіне» қатысты материалдар жүйесіз, шашыранды берілген. Берілген материалдардан Алаш қозғалысы туралы жүйелі де түсінікті мәлімет алу мүмкін емес. 2. Қазіргі уақытта саяси репрессияға қатысты мұрағаттық материалдарды баспадан шығару мәдениеті белгілі бір жүйеге түсіп, ол оқырман қауым тарапынан қабылданған. Біз әңгіме етіп отырған жинақта бұл тәртіп сақталмаған. Жинақтағы құжаттық материалдар ғылыми аппаратсыз берілген. Сондықтан да жинақтағы материалдар арқылы ұлт тарихынан үлкен орын алған қоғамдық қозғалыстың шынайы тарихына көз жеткізу қиын. Мәселен, ғылыми этика бойынша мұрағат қорларынан алынған материалдардың дереккөздері міндетті түрде көрсетілуге тиісті. Ал бұл кітаптарда бұл талап мүлдем орындалмаған. 3. 428 беттік 1 томның 279 беттен тұратын құжаттары «Алаш ісі» сот процесі материалдарына тікелей қатысы жоқ. Үшінші томда берілген материалдардың репрессия тарихына қатынасы болғанымен, «Алаш ісі» сотына қатысы жоқ. Үш томдықтың 2-ші және 3-ші кітаптарында көптеген маңызды құжаттар оларды даярлаған кісілердің еркін аудармасы түрінде берілген. Осы ретте мынаны айтқан жөн. Оқырманға ұсынылған құжаттар бұл басылымда түпнұсқа тілінде берілгені жөн еді. Әрине, сот процесінің материалдарын қазақ тілінде шығару қажет-ақ, бірақ бұл жұмыс тиесілі ғылыми деңгейде және үлкен жауапкершілікпен атқарылғанда ғана межеден шықпақ. Ондай болмаған күнде жақсы идея аяқ асты болады. Қорыта айтқанда, өзекті де күрделі қоғамдық мәселеге қатынас тиянақтылық пен байсалдылықты талап етеді. Ал іргелі ғылыми мәселеге аталған үш томдық авторлары көрсеткен жолмен келу ғылымға абырой әпермейді.

Орындаушы: Ш.Тілеубаев

тел: 8 (727) 291-46-72

ҚР Президенті

Кеңсесінің Бастығы,

саясаттану ғылымдарының

докторы, профессор Қасымбеков

Махмұд Базарқұлұлына

Мемлекеттік тәуелсіздік жылдары қоғамның тарихи танымына жаңа мазмұн және серпін беру ісінде ұлт өмірінде бұрын болмаған істер атқарылды. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың жарлығымен 1997 жыл – «Қоғамдық келісім және саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу» жылы, 1998 жыл - «Халық бірлігі мен ұлттық тарих» жылы, ал 1999 жыл – «Ұрпақтар бірлігі мен сабақтастығы» жылы болып жарияланды. 2004 жылдан бастап мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы іске аса бастады. Әлемдік ірі мұрағат және кітапхана орталықтарынан қазақ тарихына қатысы бар маңызды деректік және фактілік материалдар елге жеткізілді. Елдегі тозығы жеткен тарихи ескерткіштер қайта өңдеуден өтті. Тарихи жадты жаңғыртуға байланысты қоғамның тереңінде үлкен сілкініс байқалды. Еліміздің түкпір-түкпірінде тарихи тұлғаларға арналған ескерткіштер бой көтерді. Олардың үлкен бөлігі демеушілердің қаржысына салынды. Осы бағдарлама аясында басталған жұмыстар бүгін де өз жалғасын табуда. Қорыта айтқанда, тәуелсіздік жылдары тарих саласында мемлекеттік деңгейде атқарылған кешенді де ауқымды шаралар арқылы қоғам мүлдем жаңа жағдайда өмір сүре бастағанын анық сезінді. Сонымен бірге, түрлі себептерге байланысты еліміздің көп ғасырлық шынайы тарихын, тіптен мерзімдік тұрғыдан жақын деген ХХ ғасырда жүріп өткен жолын ғылыми негізде және заман сұранысына лайық дәрежеде қорыту ісі жеңілге түскен жоқ. Оның бірден бір себебі өткен ғасырдағы қоғам тарихына қатысты мұрағат қорларының зерттеушілер үшін жабық болуына байланысты еді. Бұл мәселе бүгін толық өз шешімін тапты деп айтуға әлі де болса ерте. Бұл өтініш – хатымызда еліміздегі мұрағат қорларына байланысты қордаланып қалған мәселелерге назарыңызды аудара отырып ғылым және қоғамның тарихи санасы үшін аса маңызды осы мәселелерді шешуге атсалуыңызды өтінеміз. Бұл ретте ең алдымен ауызға оралатын мәселе, әрине, «Алаш ісі» аталған сот процесінің құжаттық материалдары. Бүгін біз өткен ғасырдың басында (1917) Қазақ мемлекеттігін жаңғырту ісін қолға алған Алаш партиясы мен Алаш орда үкіметінің өмірге келуін қазақ елінің тарихи жеңісі ретінде бағаласақ, онда Алаш қозғалысы аталған бұл ұлт-азаттық қозғалысының жеңілісін (1918-1919) қазақ елінің жеңілісі болғандығын мойындағанымыз жөн. Өкінішке орай, өмір тек жеңістерден тұрмайды ғой! Ал бүгін біз үшін ең маңызды нәрсе ол ел тәуелсіздігі жолында арпалысқан Алаш зиялыларының жүріп өткен тарихи жолы мен тарихи тәжірибесінен сабақ алу болса керек. Жеңіліске ұшыраған Алаш зиялылары үстінен екі дүркін сот процесі болып өтті (1928-1930, 1930-1932 ж.ж.). Бұл сот процесстері Қызыл Орда және Алматы қалаларында басталып, екеуі де Мәскеудегі Бутырка түрмесінде аяқталды. Қазіргі уақытта бұл сот процестері бойынша түрлі мерзімге кесілген, сондай-ақ атылып кеткен Алаш азаматтары еліміздің заң орындары тарапынан түгелдей ақталған. Ал Алаш қозғалысы бойынша ұйымдастырылған сот процестерінің заңдық негізі жоқ болғандығы, оларды ұйымдастырушы биліктің тек саяси мақсаттарды көздегені жөнінде арнайы құрылған Қазақстан Республикасы Жоғары Кеңесінің Төралқасы Комиссиясының қорытындылары мен ұсыныстарында айтылды. («Егеменді Қазақстан» газеті, 22 желтоқсан 1992 ж., № 292). Бұл сот процестеріне қатысты тергеу материалдары ҚР ҰҚК-нің мұрағаты қорларында сақтаулы және олар құжат ретінде құқықтық тұрғыдан өздерінің күшін баяғыда-ақ жойған. Қазіргі уақытта олар тек дерек көзі ретінде ғана зерттеу жұмыстарына тартылып, кәдеге аспақ. Сондықтан да ҚР ҰҚК-нің мұрағаты қорында (№ 6 – фонд «Прекращенных уголовных дел и реабилитированных») сақталған «Алаш ісіне» қатысты материалдарды зерттеушілерге танысу үшін беретін уақыт жетті. ҚР ҰҚК-нің мұрағаты қорларында (№6 аталған қор) өз кезегін күтіп жатқан материалдар бұл, әрине, елемізде өткен ғасырдың 20-50-ші жылдары жүргізілген саяси репрессия материалдары (12 мыңнан аса тергеу ісі). Бұл тек тергеу істері бойынша (1926 ж. РСФСР Қылмыстық кодексінің атақты 58 бабы) сотталған азаматтар тәуелсіздік алған жылдары «істерінде қылмыс құрамы» болмағандықтан ақталған. Бүгінгі күнде Қазақстан бойынша репрессия жылдары (1920-1950) 103 мың адам қуғын-сүргінге ұшырап, оның 25-ы атылды деген пікір айтылап жүр. Бұл көрсетілген сан әліде болса анықтай түсуді қажет етеді. 1999 жылы 15 наурызда (№ 349-1) қабылданған «Мемлекеттік құпиялар туралы» ҚР заңының 17 бабының 7 тармағында «саяси әлеуметтік және басқа себептерге байланысты жаппай құғын – сүргінге ұшырағандарға» қатысты мәліметтер құпия ұстауға жатпайды деп көрсетілген (Қараңыз: Закон РК «О государственных секретах» А., 2009, с.14). 1929-1932 ж.ж. Қазақстанда биліктің күштеу және зорлау әдіс құралдары арқылы жүргізілген реформалық шараларына көрсетілген халық қарсылылығы ретінде 372 қарулы көтерілістер мен толқулар болып өтті. Тек ОГПУ органдарының өздері ғана осы бас көтерулерге қатысқан 5551 адамды соттап, оның 883-ін атып жіберді. Міне осы көтерілістерге байланысты құжаттық материалдар қазіргі уақытта ҚР Бас Прокуратурасының және оның облыстық мекемелерінің «Құқықтық статистика және арнайы тіркеу Комитетіне» қарайтын мұрағат қорларында сақтаулы (Комитет по прававой статистике и спецучетам. Қысқаша: ЦПСиИ). Осы қорда Карлаг материалдары, сотталғандардың жеке іс қағаздары да сақтаулы. Өкінішке орай, бұл материалдар да осы уақытқа дейін зерттеушілердің қолына тимей келеді. 1993 жылы 14 сәуірде ҚР Президенті «О реабилитации жертв массовых политических репрессии» деп аталатын ҚР Заңына қол қойды. Саяси репрессия процесін зерттеп тану ісінде үлкен пайдасын тигізген бұл заңның 2, 6, 14 және 16 бабын тура түсіне алмаған ҚР ҰҚК мұрағатының қызметкерлері зерттеушілерге құжаттық материалдарды бермеу үшін түрлі кедергілер қоюда. Ал бұл жағдай өз ретінде Қазақстан көлемінде 1920– 1950-ші жылдары орын алған тарихи процесстерді тура түсініп қорытуға кері әсерін тигізіп отыр. Отан тарихын жаңа сапа және мазмұнда қорыту ісіне пайдасын тигізе алатын материалдарының үлкен бөлігі ҚР Орталық Мемлекеттік мұрағатында. Аталған мұрағаттағы жүз он қордың материалдарына «құпия» грифі қойылған. Олардың он жетісі Патшалық Ресей кезеңіне, ал қалғаны Кеңестік билік кезеңіне тән. Бұл қорлардың біразындағы «құпия» деген грифті сақтау мерзімінің өтуіне байланысты алып тастап, зерттеушілердің қолына беруге болатындығы жөнінде ҚР ОММ қызметкерлері тарапынан 2008 жылдан бері бірнеше мәрте ұсыныстар жасалынған. (Олардың тізімі хатқа қосымша ретінде тіркелген). Өкінішке орай, бұл ұсыныстарды қарастыру өте баяу жүруде. Ғылым үшін маңызды, бірақ «құпия» грифімен сақталған құжаттық материалдар бұрынғы партия мұрағаты (Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық Комитеті жанындағы партия мұрағаты), қазіргі ҚР Президенті мұрағатында да бар. Олардың қатарына, мәселен, 1) Партия мүшелерінің іс қағаздары; 2) Партиялық тергеу істері; 3) Ерекше папкалар ж.б. жатқызуға болады.

Құрметті Махмұд Базарқұлұлы!

Осы мәселені мүмкін ведомствоаралық комиссияның талқысына шығарып (мүмкін басқа жолдар арқылы, ол жағын өзіңіз білесіз!) шешкен орынды болар еді. Егер бұл мәселе бойынша комиссия құрыла қалған күнде оның құрамына мына ғалымдарды қосуды өтінемін: 1.Қойгелдиев Мәмбет Құлжабайұлы – тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА-ның корреспондент-мүшесі, Абай атындағы ҚазҰПУ-дың кафедра меңгерушісі; 2.Тілеубаев Шәмек Баянұлы – тарих ғылымдарының кандидаты, Абай атындағы ҚазҰПУ-дың доценті; 3.Қалыбекова Манара Чәлтенқызы – тарих ғылымдарының кандидаты, Абай атындағы ҚазҰПУ-дың доценті.

Құрметпен,

Ұлттық тарихты зерделеу мәселелері

жөніндегі ведомствоаралық

жұмыс тобының мүшесі,

профессор Қойгелдиев М.Қ.

Қазақстан Республикасы

Білім және ғылым министрі

А.Б. Сәрінжіповқа

Құрметті Аслан Бәкенұлы!

Басшы ретінде, әрине шаруаңыз көп екенін жақсы түсінемін. Сол кең ауқымды шаруаларыңыздың бірі руханият саласы болғандықтан төменде баяндалған пікірге уақыт бөлуіңізді өтінген болар едім. Қазіргі уақытта халқымыздың төл мемлекеттігіне деген сенімі мен құрметін нағыз бағбанға тән іскерлікпен қалыптастыру – бұл басқарушы аппарат пен мемлекетшіл зиялылардың ортақ ісі әрі міндеті. Сондай-ақ бұл аса маңызды іс кейінге ысырылмай, тура бүгін өз ретімен белсенді түрде жүргізілгені жөн. Қоғамда, әсіресе жастарда жаңа отаншылдық, мемлекетшілдік сана қалыптастыру бұл кезек күттірмейтін шаруа. Бізді қоршаған әлемде болып жатқан оқиғалар ағымы осы ойға жетелейді. Тәжірибелі басшы ретінде Сіз бұл мәселені өте жақсы білесіз. Осы ортақ іске байланысты басқарушы аппарат пен зиялылар арасында іскерлік байланыс орнап, мақсатты пікір алысулар жүріп, оларда белгіленген шаралардың іске асып отырғаны, әрине, пайдалы болмақ. Жамбыл облысы мен оның орталығы Тараз қаласының тарихы тереңде жатқаны елімізден тыс өркениеттерге мәлім. Мәселен, Қарахандар мемлекеті (840-1212 ж.ж) тұсында Жетісу-Шу-Талас өңірі бұл алып империяның аса маңызды аймағына айналды. Шу бойында орналасқан Баласағұн қаласы Қашқар қаласымен бірге мемлекеттің саяси-экономикалық және мәдени орталығы міндетін атқарды. Ислам дінін қабылдап, араб халифаты мәдениетінің орбитасына тартылған Қарахандар мемлекеті тұсында Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік», Махмұд Қашқаридың «Түрік сөздігі», Қожа Ахмет Ясауидің «Даналық кітабы», Әбунасыр Фараби және басқа ғұлама шығармашылық иелерінің еңбектері арқылы түрік халықтарының мәдениеті әлемдік кеңістікке шықты. Бүгін біз, яғни қазақ және басқа түрік халықтары осы Қарахан дәуіріндегі мәдени-рухани негіздерімізді қазіргі заман сұраныстарына лайық деңгейде қайта жаңғырту арқылы қоғамдық өмірімізді жаңа сапаға көтере аламыз. Ол үшін, Жүсіп Баласағұн, Махмұд Қашқари, Әбунасыр Фараби, Ибн-Сина, Қожа Ахмет Ясауи және басқа ұлы ғұламалар буыны негізін қалаған мәдениетті жай құрмет тұтумен шектелмей, бұл мәдениет пен әдебиеттегі іргелі құндылықтарды жаңа сапада қорытып, бойға сіңіруге (әсіресе жастардың) жағдай туғызуымыз қажет. Өйткені бойға сіңірілген (ассимилированная) құндылықтар ғана жемісті нәтиже бере алады. Осы ретте мемлекетіміздің басшысы Н.Ә. Назарбаевтың аталған еңбектерге байланысты «Бұлар – ұлағатты үлкен мәдениеттің, терең тарихи танымының мектебі. Халқымыздың рухани жаңғыруы осындай ғылыми, көркем ой-санамыздың шығу тегін танудан басталуы тиіс» (Махмұд Қашқари Түрік сөздігі. Үш томдық. 1 том. А, 1997, 6 б.) деген тұжырымын басшылыққа алғанымыз жөн. Өйткені тарихи сабақтастық болған жерде ғана мәдениет жемісті дамып, жаңа нәтижелерге қол жеткізе алады. Бұл ретте біз антикалық грек және Рим дәуірінен бастау алатын еуропалық өркениеттен үйренуіміз қажет. Өкінішке орай, бүгінгі орта мектепті бітіретін біздің жас өркендеріміз Жүсіп Баласағұн мен Махмұт Қашқаридың еңбектеріндегі құндылықтарды түсініп, бойына терең сіңірмей жатып-ақ өмір жолына аттанатын болып алды. Бұл бетімізде біздің қоғамды тамырын тереңге жая алмаған тал сияқты кез-келген дауылдың жұлып алып кетуі әбден ықтимал. Жүсіп Хас Қажыб Баласағұнды оқи отырып, атамекен жеріміз бен еліміздің қасиеті мен құдіретіне бүгінгі өмір биігінен қарағандай боласың. Алланың адамзатқа жіберген ақыл-ойының біздің де топырамызға тамыр жайып, жемісін бергеніне, Түркістан өңірін иемденген түркі жұртының бүгінгі мәдениетінің өзегін қондырғы, сырттан келген элементтер емес, бірыңғай төлтума құндылықтар құрайтындығына, олардың жалпыадамзаттық құндылықтармен үйлесіп, жалғасып жатқанына көзің жете түседі. Білім жүйесінде, жалпы қоғам өмірінде Жүсіп Баласағұн, Махмұт Қашқари және басқа түркістандық ойшылдардың еңбектерін негізге ала отырып, тарихи сабақтастық мәселесіне тиесілі дәрежеде назар аударылса аса пайдалы іс болар еді. Осы ретте тарихшы маман ретінде мынадай мазмұндағы ұсынысты өзіңіздің назарыңызға жеткізуді жөн көріп отырмын. Жүсіп Баласағұнның туып-өскен және еңбек еткен жері Шу бойында орналасқан Баласағұн (Құзорда) қаласы. Осы жағдайды ескере отырып 2014 жылы Тараз қаласында Жүсіп Баласағұн мен Махмұт Қашқаридың шығармашылық мұраларына арналған халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткізілсе бұл ғұлама ойшылдардың еңбектерін оқыту және насихаттау ісін жаңа сапаға көтеруге жасалған маңызды қадам болар еді. Соған байланысты Білім және ғылым министрлігінің 2014 жылға арналған Халықаралық ғылыми конференциялар жоспарында «Жүсіп Баласағұн мен Махмұд Қашқари мұралары және бүгінгі түрік өркениеті» атты Халықаралық ғылыми конференция өткізу белгіленсе дұрыс болар еді.

Құрметпен,

Қазақстан тарихшылары

қауымдастығының төрағасы,

Ұлттық тарихты зерделеу

бойынша ведомствоаралық

жұмыс тобының мүшесі,

профессор Қойгелдиев М.Қ.

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙