TELEGEI

Home

Әжімсіз жүрек

Ербол Бейілхан

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Әжімсіз жүрек

Ербол БЕЙІЛХАННЫҢ жырлары сағыныштың сары дірілінен үзіліп, сонау тұнығы шайқалмаған, құрағын тұяқ таптамаған, жасыл майсасына дақ түспеген, Сіз бен Бізді қазақы болмысымызға жетелеп алып кететін сиқыры бар. Оның жырлары өркениеттің «тұншықтырғыш» тұзағынан аман қалған санадағы қазақтың бейнесін, танымын суреттейді. Оның жырлары өзін ғана емес, біздің де тарих- тан жүріп өткен жолдарымызды дәріпте

Ербол Бейілхан
Әжімсіз
жүрек...
Астана - 2012

УДК 821.512.122

Б 38

Ербол Бейілхан
Б 38 «Әжімсіз жүрек...» Өлеңдер жинағы.
Астана: Профи Медиа, 2012. - 160 бет

ІSBN 978-601-80208-9-6

Ербол БЕЙІЛХАННЫҢ жырлары сағыныштың сары
дірілінен үзіліп, сонау тұнығы шайқалмаған, құрағын тұяқ
таптамаған, жасыл майсасына дақ түспеген, Сіз бен Бізді
қазақы болмысымызға жетелеп алып кететін сиқыры бар.

Оның жырлары өркениеттің «тұншықтырғыш» тұзағынан
аман қалған санадағы қазақтың бейнесін, танымын
суреттейді. Оның жырлары өзін ғана емес, біздің де тарих-
тан жүріп өткен жолдарымызды дәріптейді.

Жинақ жырсүйер оқырманға арналған.

УДК 821.512.122

Б 38

© Бейілхан Е., 2012

ІSBN 978-601-80208-9-6

© Профи Медиа, 2012

І бөлім
Ой – теңіз ,
сөз – қылыш, алдаспан

Іңір
Түбіт-ойдың қылшықтарын жұлмалап,
Көз шырымын Күн ілді.
Көлеңкелер тау етегін қумалап,

Сайға кіріп сүрінді.
Қанаттының айтылатын бар мұңы,
Дауысында байғыздың.
Шың басында маужырады қар гүлі,

Иісінен жалбыздың.
Жарық сәуле тұншықты да іңірге,
Барқыт түске боялды.
Айна көлдің беті толып күбірге,

Жарқанат құс оянды.
Ай сәулесі шаңырақтан төгіліп,
Отау жапты түндігін.
Сыр мекені – түн келді де емініп,

Іңір қысты құйрығын...
30.07.2011 ж.
Астана

Күз-көңіл
Тамыз тозып, естіледі күз үні,
Жоннан үрікті, жаз жайлаудың қызығы.
Тозған сайын әжем жамап қоятын,

Көңіл де бір киіз үйдің үзігі.
Пұшпақ киіп, үкі тақтым үмітке,
Маған сенсең, бой алдырма күдікке!
Кеше кеткен уақытты қуамын,

Мініп алып, өлең атты Күлікке!
Боз даланың өңі қашып, шаң басты,
Заман ұлып, боталы інген боздасты.
Тырналардың соңындағы қобыз мұң,

Домбыраның шанағына алмасты.
Күн мейірлі. Қара тастан май ақты,
Бейпіл сөзден қауырсын мұң қанатты.
Оқ маздатқан сақ пен ғұнның ізімін,

Қаламұшпен атып алдым манатты...

Таудан жиі көретінмін мүсінді,
(Садағы бар бейне адам пішінді.)
Етегі жоқ заманға айтып қайтемін,
Қу түлкінің боғы сынды түсімді.

...Алтын күздің көзі тиіп, жаз өлді,
Қамыс толқып, қияқ көкке саз өрді.
Көшкен ауыл жұртын сипап қалғандай,
Жамау көңіл, сағыныштан наз емді...

Тамыз тозып, естіледі күз үні,
Жоннан үрікті, жаз жайлаудың қызығы.
Тозған сайын әжем жамап қоятын,
Көңіл де бір киіз үйдің үзігі...

29.07.2011 ж.
Астана

Күзгі қолтаңба
Жабағы өмір арқан түсіп, күзелді,
Ақ жусанға қырау қонып, сыз өрді.
Жыл ұлдары бақталасып қалды да,

Қайтқан құстың қанатында күз өлді.
Күзді көміп... жыл құстарын ұзатып,
Шөпті сүйіп, жерге сіңді бұла шық.
Керуендей қаздар қайтып барады,

Қанатынан сары сағыныш құлатып.
Уақыт-ай, сарғайтатын гүліңді,
Менің Гүлім болса екен ғұмырлы.
Тізбектелген тырналардың үнінен,

Жанымның бір жапырағы үзілді...
Құс келетін сағынамын көктемді,
Өмір – cұрақ, леп, үтір, көп белгі...
Оқыған жан қолтаңбамнан танитын,

Мен өлеңге қоям дара нүктемді.

Әжімсіз жүрек
Құлыпқа салған ескі мұңымды қозғама,
Ол қозғалса бозылдайды боз дала.
Ақынның тілі кестелей алмас сезімді,

Жеткізеді көз ғана.
Көнерген жанмын, өтіп бір кеткен
шақтардай,
Қиялым таудай, арманым зеңгір аспандай.

Оқылмайды ойларым ауыр батпандай,
Сарғайып тозған хаттардай.
Сағыныш меңдеп, күрсінеді айналам,
Өлең боп ұшты, бұлбұл құсым сайраған.

Шуағын төккен Күн күлімдеп, сырласып,
Хат жазады Ай маған.
Аспанда емес, жер үсті менің тұрағым,
Тот баспас асыл, көнеден қалған мұрамын.

Сағыныш толған, шерлі кеудеден төгілер,
Қобыз сарынды бір әнім.
Дариға-ай, қимас, қаларсың бір күн, бұла күн,
Көк дөнен – көңіл несіне төмен құладың?

Уақыт салған шимайды беттен көрдің де,
Әжімсіз жүрек, жыладың.

Рухы арып көрмеген
Атың жалындағы ғұмырым,
Атанның жүгін көтерген.
Ардың жолындағы өмірім,

Иманға ұйып төселген.
Батырларым да дүр жасын,
Сөзге тоқтап тыйылған.
Жауға иілмес өр басым,

Сәждеге келіп жығылған.
Асқарда еді мекенім,
Естімей өскен сұйық ән.
Қалдырмай сүннет өтеуін,

Намазға келіп ұйыған.
Рухы арып көрмеген,
Тағдыры қатал сынаған.
Шайтани сөзге ермеген,

Аллаға сеніп жылаған.
Бабаларының мұрасы,
Балбал тастарға қашалған.
Баһадүр еді тумасы,

Қару сайлап, жасанған.

Далалық заңға бағынып,
Қаңғымаған жесірі.
Көзін сатып сабылып,
Жыламаған жетімі.

Жел сипаған кекілін,
Дұшпан сөз бастан аспаған.
Кесіп айтар бітімін,
Әділдіктен қашпаған.

Аллаһқа ерен құрметі,
Маһшарда туар жарық күн.
Мұхаммедтің үмбеті –
Қазақ деген халықпын!

Мен Ұл едім мен баталы, Сөз тыңдаған аталы. Шақшадай шар басыма, Атан шөгіп жатады. Күзгі ағаштай тоналып, Тозып. Көктеп. Жаңарып. Ақылменен кеңесіп, Ойда отырам, омалып. Шыңға қиял қондырам, Қалықтайды ән-қыран. Ақсұңқардай ұшам да, Қазанаттай болдырам. Көпті білер көнедей, Жел тербеген кемедей. Қылыш сөзді ойнатам, Жауға атылар жебедей.

Асаулығым құландай,
Алғырлығым қырандай.
Серт беріскен досыма,
Адалдығым – Құрандай!

Шамырқансам, жасынмын,
Ұғар болсаң, ақылмын.
Сырласы аз, сыры көп,
Ербол деген ақынмын.

Мода қуып көрген жоқ,
Көпке еліктеп өлеңім.
Арам сөзге ергем жоқ,
Адал жүріп келемін!

Ұршық-дүние...
Сауын малдың сүтіндей ақты уақыт,
Ұршық-дүние тізесінде әжемнің.
Періштелер биіктен бақ құлатып,

Кінәсын да жазып жатыр әлемнің.
Мейірімді жанарындай анамның,
Бір шұғыла сауылдайды Ай жақтан.
Пенделерін алдандырып ғаламның,

Бақ пен қайғы жарысады алмасқан.
Жеңге-өмір айран беріп аяқпен,
Жезде-күндер арманымды ұрлаған.
Баба-ғұмыр жол сілтейді таяқпен,

Балаң-сезім ойынын жүр қимаған.
...Дүние-базар... Мезгіл-бояу, түрленген,
Жапырақты жел жұлады парақтап...
Ажал-мерген ұрламақ боп күндерден,

Бұталарға бұғып отыр қонақтап...
Арман аты жалт береді осқырып,
Гүл ғұмырдың жасқа толы жанары.
Ойландырып, «ойдың бұлтын сөктіріп»,

Ойын-өмір, дөңгеленіп барады...

Сөз Қашаған сөзді арқандап, Күмістен жүген кигіздім. Қамаулы ойды талқандап, Дүлдүл көңілге мінгіздім. Найзағай сөзді ойнатып, Суретін салдым қыр гүлдің. Ал қызыл тілді сайратып, Үнін тыңдаттым бұлбұлдың. Асыл сөзді әспеттеп, Қармақты бізбен тоқыттым. Арманда жата ой көктеп, Қиялды шыңға жосыттым. Мақамды сөзді мәнімен, Мұзбалақ құстай түлеттім. «Әгугай» салар әнім ең, Қалауын табар жүректің.

Жорға сөзді тайпалтып,
Алты қырдан асырдым.
Теңіздің өзін шайқалтып,
Тулатып барып басылдым.

Тобықтай сөзді сүйемін,
Асыл мұраға – ҚҰРМЕТ!
Анамның тілі, киелім,
Қазақтың сөзі – Құдірет!

Парыз
Аллаһқа тағзым, иланбақ,
Мұсылманмын, Ла иләһә иләллаһ.
Бес уақыт намазбен,

Пенде жаны нұрланбақ.
Жаратқанның арқасы –
Маңдайыма қонған бақ.
Бисмиллаһ-рахман-рахим,

Құлың болу – мұратым.
Фарыз бенен сүннеттен,
Ұятымыз тұратын.
Жар бол десең Жаппарға,

Айың оңнан туатын.
Әғузу биллаһ, ұққаным,
Адал жолды нұсқадың.
Таң намазға ұласып,

Қаза болма Құтпаным.
Алтын тәжде жатсаң да,
Есебің бар, ұмытпағын!

Жамандық әсте көздеме,
Зорлық етпе өзгеге,
Тоғыз күнә тіліңнен,
Тыйым бейпіл сөзге де.

Сүбханака рабиал ағла,
Басыңды іи Сәждеге.
Аллаһ – нұрлы ғаламат,
Пайғамбарға салауат!

Келтірсең иман Иеңе,
Нұры бойға тарамақ.
Тапсырасың бір күні,
Жанның өзі – аманат.

Өлу үшін жаратты,
Ғаламды «жан» қаратты.
Көктен Құран түсіріп,
Сүйікті құлы таратты.

Әлхамдуллилаһ, пендеңе,
Нәсіп ет, Аллаһ, жаннатты!

Ой – теңіз, сөз – қылыш, алдаспан
Ой – теңіз, сөз – қылыш, алдаспан,
Қызыл тіл – қылпылдақ ұстара.
Алтынның сынығы ем, жалғасқан,

Ей, өмір, жағамнан ұстама!
Ой зерек, сөз жібек, түрленген,
Таспалап қара өлең өргем-ді.
Ми қайнап, санада бүрленген,

Дүлдүл жыр жұлқиды кермемді.
Жұпарлы сөз сауған шайырың,
Ақ өлең... Көк үйрек дүр етті.
Құйысқан қара өлең қайымың,

Күмәнсіз жаулайды жүректі.
Көк тіліп, қыран-ой қалқыған,
Сүйсініп, ақ жаулық бұлт құшты.
Сырлы сөз, әсем ән шалқыған,

Тыңдаушым, қауышар күн шықты.

Жыр тіктім, құрақтай құрамай,
Өзендей тасыған ағам-ды.
Сөз – жебе, оқ тимес құралай,
Тарих, өзің бер бағамды.

Қырандай түлеген дүр етіп,
Көсемсөз, асыл тіл түрленді.
Жырыммен ғаламды гүл етіп,
Мен келдім, күмістеп күймемді.

Бәрі де алдамшы
Бәрі де алдамшы: мына күз, мына бақ,
Жанды да алады, Жаратқан сынап ап.
Жалғанда жандының өмірі өлшеулі,

Уақыт қадасын қағады сыналап.
Пендеде дәрмен жоқ, қайтеміз кінәлап,
Қимасты көмеміз, сықсиып жылап ап.
Жалғанның жарығы бітерін білсе де,

Адамдар жылтырға әуес қой, құмар-ақ!
Көк бөрі тірлік-ай, жалаған жарасын,
Көк аспан жоқтайды, жоғалтып баласын.
Жер-Ана, сен неге өгейсіп барасың?

Өтпелі өмір бұл, бәрінен қалатын.
Құстарды аяймын, қанат бар ұшпайтын,
Сұлуды аяймын, ер келіп құшпайтын.
Күз көңіл ерісе, мөп-мөлдір шық қалсын,

Арғымақ аунаса, артында түк қалсын.

Дүние-ай, қайтейін, сырың көп жасырған,
Мұң жамап өсіп ем, балдырған жасымнан.
Қалған бір мұрамын, бабалық ғасырдан,
Қасымнан қорықпаймын, қорқамын

досымнан.
Бәрі де алдамшы, мына өмір, уақыт,
Жыл керуен көшеді, айларын шұбатып.
Ай-асау мөңкиді, күндерді құлатып,

Мен келем, арманды уатып, жұбатып...

Бір күнім өтті
Төбемнен ауып барады тағы бұла күн,
Бұла күнге еріп, ақ арман, сені қуамын.
Көңілдің көркі, несіне төмен құладың,

Бір күнім өтті, жыладым…
Бір күнім өтті, бір сәттік ғана сағымдай,
Келер күн келер асығып басып, адымдай.
Ай мен жыл өтер уақытынан жаңылмай,

Шыдаймын қалай сағынбай?
Зуылдар уақыт, тізбекке алып жетегін,
Ертеңім бұлдыр, сағыныш болды
кешегім.

Аманат жанға қара жер екен, мекенім,
Бір күні мәңгі кетемін.

Біз туған ақпан

Досым Наурызхан Ғазизұлына
Қаншама Күн батты, оқылмай Ақшам,
Көздегі нұр тайды оқылған хаттан.
Бояулы сәуле емес, боранын алып,

Келдің бе, біз туған боранды ақпан?
Ақпаным, ақ жорға, ақ боз атымдай,
Қысқы түн бітпейді оқылған хатымдай.
Күндерім сағымдай зуылдап барады,

Ұйқысыз таңдарым атпайды ғасырдай.
Бүркеніп ақ қарға, ақ қоян жон-жоталар,
Жетім жел, боздайды жетімек боталар.
Кінәдан қара жер айрылып кетер ед.

Ұстап тұр оқылған сүре мен баталар.
Ақпан бұл тұратын ақ жорға жорғалап,
Ақ жаулық анашым, күттің бе жол қарап?
Ауылдық ақкөңіл ағайын өкпелер,

«Келмей ме, қалада жүр ме – деп.

– Ай қарап»

Көрмейсің қаладан ақ таңның атқанын,
Білмейсің қалада, күн қалай батқанын.
Тым зәулім үйлерді көрсетіп, мақтаймыз,
Ішінде өз бөлмең, қуықтай, шап-шағын.

Ақпаным дауылды, сүйемін ақ қарды,
Шыңынан қар кетпес, сағынам асқарды.
Ақпандай қайсарлы, тамыздай тамырлы,
Сағынам уақыт ұрлаған достарды.

Жазамын боямай, өмірдің наласын,
Асығып жастығым, ей, қайда барасың?
Мен – таулық, түн жортқан бөрінің
тұқымы,

Сыр бермей жазатын жүректің жарасын.
Уақыт аңшысы, құрғанмен қақпанын,
Қақпанды баспаймын, жетелеп басқа мұң.
Қош келдің, ақ ақпан, өлеңнің әлемі,

Ақша бұлт кезеді шайырлар аспанын.

Айнала аппақ нұр, ақынның арындай,
Шұғыла саулайды ақ маржан лағылдай.
Ақынның мінезі ақпаннан аумайды,
Көңілі аппақ қар, өлеңі дауылдай.

Ақ өлең, ақша қыз, жалт етіп қарады,
Ақ аспан. Ай үнсіз. Жұлдыздар жанады.
Ақ түнде ақбоз ат мініп ап, арманға,
Ақындар тау жақты бетке алып барады...

Ереймен
Ермен тауда, ермен иісі аңқыған,
Бозға оранған, боз жусанды боз дала.
Сегіз қыздың қойнын ашып шалқыған,

Иманжүсіп Құтпанұлы, Сіз ғана!..
Ас болған ба Сағынайдың асындай?
Нұрмағанбет соңы, бәлкім, паңдықтың.
Ат болмаған Ақан сері атындай,

Батыраштың балтасынан қан жұттың?!
Аққу ұшқан көлі қайда Қусақтың?
Отаршылдық, лағынет мәңгіге...
Арыласың ұлттан қашан, құрсақ мұң,

Айтыласың қашан ойлы әңгіме?..
Суы бүгін азайыпты Шорманның,
Жағалауын мекен етіп Олжабай.
Әнін салып Жаяу Мұса Байжанның,

Маңыраймын жалғыз қалған құлжадай.
Ерейменнен мұзбалақ жыр ұшырдым,
Атыңды айтып Күнге, Айға, Гүлге де.
Өлең атты аласармас құсыңмын,

Сартап болған, сағыныштан шілдеде...

Жазира ойлы, назира жырлы, ұланым!

Мен өлмеймін, менікі де өлмейді...
Мағжан Жұмабай.
Мағжанға!
Жаны сұлуым, ары сұлуым, арысым.

Тәкәппарым-ау, талғампазым-ау, барысым!
Айтарын айтқан, азуы алты қарысым,
Арыстан жүрек, жолбарыс қайрат, намысым!
Қырғидай жылдам, тотыдай сылаң, қырағым,

Тұйғындай түйін, сұңқардай батыл қыраным!
Үкідей үлпек, ұлардай үркек сезімді,
Жазира ойлы, назира жырлы, ұланым!
Даладай дархан, алқамда-салқам кеңдігім,

Азат ойлым-ау, азап жолдым-ау, теңдігім.
Қияға шапқан, Алашын баққан, ұлтшылым,
Әділін айтқан, Үмітін жаққан, өрлігім!

Мылтықтай берен, теңіздей түпсіз, тереңім,
Ғаламды шарлап, қалықтап кетті өлеңің.
Басын бұлт шалған бәйтерек сынды терегім,
Ақылман ойлы, абыз ауызды кемелім.

Бәйге бермеген, Айға өрлеген, тұлпарым,
Бұлбұл дауысты, бөкен тынысты шырқарым!
Арманға айналған, көрген байланған, іңкәрім,
Қиядан шалған, қиырдан алған, сұңқарым!

Өкпесі қозбас, тұяғы тозбас, жүйрігім,
Құлжадай басы, ормандай қасы, тұйғыным!
Сезім арбаған, сері көңілдің сертімен,
Сүйетін едің туған еліңді, қыр гүлін.

Ителгі құстай иілмей кеткен, батырым,
Алмастай өткір, гауһардай жақұт, асылым.
Ғажап теңеулі, сыршыл өлеңді ақыным,
Жоқтап тұр Сізді, Қазағың – елің, ғасырың!..

Қайыртпай кеткен қыран ең...

Мен, қайыртпай кеткен қыранмын...
Қашаған Күржіманұлы.
Маңғыстау – көне шежіренің сүрлеуі,
Аңызға толы: теңізі, тауы, күнгейі.

Әуелі Алла! Пір соңы – Бекет сыйындым,
Бисмиллаһ, тілімнің шешіл күрмеуі.
Бір Алла, Өзі, жоқсыздан барды жасаған,
Бермесе Ием, өлең туа ма тасадан?

Жаратқан Алла, Қыдырға бата бергізіп,
Сөз дарып бойға, ақын атанды – Қашаған.
Сөз деген мұра, сөз деген асыл киелі,
«Қайыртпай кеткен қыран ең» сөзі жүйелі.

«Топан» деп жырлап, Алаштың мұңын
жоқтаған,
«Көбік шашқан» жалғасын тапқан күй еді...

Тұлпар ең озған, сұңқар ең ғажап ұшқаны,
«Абайсыз өскен алшаң ең» бөлек ұстамы.
«Сұраған жұртқа» беріп ең сөздің жауһарын,
Әніңе салды Каспийдің әнші құстары.

Дүние – базар, алмасқан алшы, тәйкісі,
Рухын сыйлар, азат ойыңның тамшысы.
Жеті жұлдыздай сәулелі жырын төгіп тұр,
Аңызға айналып «Адайдың жеті қайқысы».

Жырыңа бөлеп – Еділ, Жайық, Електі,
Бұлбұл үніңе Көкжардың жұрты шу етті.
Дауысыңды естіп, ордалы жылан шошыған,
Ақиық ақын, дегелек құстай жүректі.

Алмастай өткір, тәксіз өскен тарпаңым,
Құлнияз бенен Нұрымның көрген айқайын.
Маңғыстау сынды мәндала шапан жарасқан,
Сарыарқа сынды жазира ойлы байтағым.

Жыраудың ізі, құс тістеген шешені,
Батысым байлық, ән менен жырдың мекені.
Ойларым асқақ теңіз тауларда тербеліп,
Көңіл дөненім, Ақтауға қарап өседі.

Маңғыстау тағы, қоштасып жатыр күзімен,
Каспийдің құсы сағынышыңды түзіп ең...
Қашаған ақын, Құлатты кеттің құлдилап,
Желмая мінген, Асан қайғының ізімен...

Тектілік
Қажығұмар Шабданұлының
рухына арнаймын
Құлжабас, шоқпардай мүйізді,

Кең тыныс, бөкендей танаулы.
Қырандай шолатын қиырды,
Барыстай текті едің санаулы.
Іліп ап, сұңқардай жем шашсаң,

Тоймаған құмайдай оқырман.
Қарғалар етекке жармасқан,
Арыстан дауысыңнан шошыған.
Шайыр тіл, тұйғындай түйіліп,

Лағыл маржандай сөз ілген.
Көмейге асыл сөз құйылып,
Тыңдаушың егіліп, емінген.

Жараған бурадай кеуделі,
Төзімі қайыспас нар сынды.
Арлан көз, буыршын шекелі,
Теңіздей телегей, тамшы үнді.

Шиебөрі талауға қаптаған,
Соңы едің тектісі тарғылдың,
Дұшпанның қылышы батпаған,
Алашым, арыстан айрылдың...

Қобыз дүние
Көне соқпақты, көне етігіммен жаяулап,
Жылдар кісінеп, күндер құлдырап, ай аунап.
Өмір-өзеннен несібе-балық аңдимын,

Қармақты салып, отырам жарда Ой аулап...
Сағынышым-ай, сарыала қаздай сары, таңдай,
Терлетіп келіп, атымды кеттім қаңтармай.
Өрмесі ғажап, қамшыдай қысқа дүние,

Ұстатпайсың-ау, жылп етіп қолға шортандай.
Дүние-қобыз, ән салсам ба екен бұратып,
Жасымды қайтем, жалбаңдап кеткен
қыр асып.

Аппақ дүние, аймалап сені үлгермей,
Ақжал толқынға кетерсің бір күн құлатып.
Заманды аңсаймын ағаның ымын іні ұққан,
Абызың қайда, Алты алаш жұртты ұйытқан.

Көлгірси берме, көнесі тозған дүние,
Шаршадым мен де, шаршады әлем –
сұйықтан...

Аруана
Қом тиеп, Ата тарих арқалаған,
Шом артып, кең далаға аңсары ауған.
Ежелден еркін елдің ұрпағымыз,

Асау мініп, қолына арқан алған.
Күңірентіп, қобыз тартып, созған әнін,
Көлімнен аққу ұшпай, қаз қамалдың.
Арыстарым апайтөс оққа ұшқанда,

Көргенбіз, Аруана елдің боздағанын.
... Бөлтірік, абадан болған жотасынан,
Дүлдүлдің шаң жұға ма шашасынан.
Бесік жыры сәбиін құндақтаумен,

Аруана айырылмасын ботасынан.
Еркін ел, шаттығың бар, мұң басылды-ай,
Өшкенім қайта жанды, күн жасырмай.
Діл мен дін, тарихымыз қайта оралды,

Ақ шашты Аруана жұрттың сырласындай!

Бір дүнием бар
Бір ғанибет дүнием бар – өлең деген,
Жасымнан сырлас едім өнерменен.
Қазағым, қазынаңды қасықтап ем,

Қазан толса, шөміштеп берем дегем.
Бір ғажап дүнием бар – сенім деген,
Болмайды бөтен сөзге еру деген.
Ақыл-қайрақ, намысты қылыш етем,

Дүние өзгере ме, езілгеннен?
Бір асқақ дүнием бар – арман деген,
Түсімде Айға шапқан арлан көрем.
Бабалар арман еткен ұрпағымын,

Үзбестен дәстүріңді жалғай берем!
Бір сырлы дүнием бар – сезім деген,
Сезімнің аппақ құсы – өзің дер ем!
Мың тыртық, жараланған жүрек батыр,

Күресіп жатыр білем сезімдермен.
Бір алдар дүнием бар – өмір деген,
Асылдар қайда кетті көзін көрген?
Бәріміз жер бетінің – қонағымыз,

Раббым өлу үшін өмір берген.

Күншілдік
Жардың шетін құлатады су іліп,
Көл бетінде қаршыға ойнар қу іліп.
Қазанатты табалайды есектер,

Анда-санда шалыс басса сүрініп.
Шөлге жаумай бара жатыр, бұлт өтіп,
Төңірекке түн келеді ұйқы ертіп.
Азаматты көре алмайды жаман дос,

Қалыс басса, миығынан мырс етіп.
Жыртқыштығы қызықтырмас тұйғынның,
Ұзақ жасы кімге керек құзғынның.
Орман толған күншілдердің мекені,

Әсем даусын қызғанады бұлбұлдың.
Кешкі іңір, шайтан күлер шарқылдап,
Жырларымды тұрады ылғи Ай тыңдап.
Көк патшасы қыран қонса төбеге,

Жердің сұмы қарға күлер қарқылдап.

Құлыншағын көргенім жоқ бұланның,
Аяқтарын көргенім бар жыланның.
Диірмендей дүниеден бақ тайса,
Құлағында құрбақа ойнар құланның.

Алшысынан иіргенмен асықты,
Кім тоқтатар зымыраған уақытты.
Жаралған соң табиғаты дара боп,
Биігінде өлген қыран бақытты.

Ана Мейірімің шексіз ана, дидарың да Ай сынды, Ерте оттыққан қоңыр қозың сағынады дауысыңды. Сегізімде арман-атқа үкі тағып мінген ем, Күте-күте білем, ана, төзімің де таусылды. Балалық-ай, тұратұғын әр нәрсеге құмартып, Қалған едің, ақ жаулығың көз ұшында мұнартып. Көктем сайын келген құспен бір келер деп күттің бе, Күрең күздер, кеткен шығар сағынышты ұзартып? Қандай, ана, шуақты еді, мейірлене қарасың, Шексіз дархан, түпсіз терең, сүттей аппақ данасың. Сенің тәтті, сенің іңкәр, сенің ұлы сағынышың жалғайды, Атқан таң мен батқан күннің арасын.

Менің де, ана, төлге толы тілеуіңмен көгенім,
Әкемін ғой, соларды ойлап езіледі өзегім.
Қоңыр күзде құс қайтқанда жалғыз
өзім кетіп ем,

Биыл көктем, сыңарыммен шұбатылып
келемін.
Дайын ба, апа, сүрің менен құрт, ірімшік,
айраның?

Орындалар бізді көріп, сан жыл күткен
арманың.
Көңіл көншіп, күрең шайды, күліп ұзақ
сораптап,

Немереңді иіскеп, ана, жібір кепкен
таңдайың...

Қазақ қызы
Көзі танадай,
Сөзі көнедей,
Ақылы телегей,

Майлығы өредей.
Мінезі даладай,
Қылығы баладай,
Ойы данадай,

Сабыры анадай.
Ажары Айдай,
Дидары Күндей,
Көңілі күнгей,

Нәзік гүлдей.
Серті аққудай,
Әні гәккудей,
Қиялы аспандай,

Арманы асқардай.

Қардай аппақ,
Жаздай аптап.
Таңдай сұлу,
Мұраты асқақ.

Сүйері – жері,
Сүйеуі – елі.
Талдырып көзін,
Күтері – ері.

Менің жырымдай,
Денесі құлындай.
Аруды таппассың.
Қазақтың қызындай!

Қараша
Қарашадан қар жауып тұр паң күліп,
Бал аша алман, даусым бітіп қарлығып.
Өткен ай, жыл бәрі-дағы өкініш,

Келер күннің барлығының алды үміт.
Қарашадан жел еседі ызғырық,
Қара суық табанымды сыз қылып.
Өткенімнің тиіп басқа қамшысы,

Келер күннен күтіп жүрмін ізгілік.
Қарашадан бақыт күтем көптеген,
Айлар, жылдар өте бермес өкпемен.
“Қараш-қараш” оқиғасын оқумен,

Қараша үйден болашаққа беттегем.
Қарашада түссе жерге қар қалың,
Аппақ қарлар, аппақ менің арманым.
Сол арманға қарашада аттанғам,

Жеткен жоқпын, бірақ қазір жолдамын.

Жүлде алғым кеп, өмірдің бәйгесінен
Сұр аты бар еді ағам Тоқтағанның,
Тіл-көзі тасқа тисін мақтағанның.
Бәйгеде алдына ат салмаушы еді,

Кім білсін, ат шабарын, бап шабарын.
Тұрқы да сұлу-ақ еді, мақтағандай,
Көркіне көз тоймайтын баптағанда-ай!
Жарыста жеке дара көсілетін,

Төрт аяқты тең тастап, ақтабандай!
Ойғырдың ат шабушы ек, арнасымен,
Ата салт үзілместен жалғасып ең.
Баласы біздің жақтың ерте есейер,

Төрт жаста-ақ ат жалына жармасумен.
Ой жарыс жасау қиын далалықпен,
Даланың тумалары дана біткен.
Аламанның ортасын ерте көріп,

Қоштастық біз ертерек балалықпен.

Ел едік, жаз жайлауда жырды үзбеген,
Бозбалаға жаман ат мінгізбеген.
Ат үстінде ғаламдық кітап оқып,
Ер үстінде сырласқан жұлдызбенен.

Үстінде қанат бітер сұр атымның.
Шабандоз бала болдым, мұратым мың.
Жүйріктің жүйріктігін сағынумен,
Қаншама арман күнді қыр асырдым.

Ер атын мінер болар тағалатып,
Кигізер күміс жүген бағалатып.
Құранды ер, әбзелімен – аттың көркі,
Ат тұрса ауыздықпен жағаласып.

Күміс ерге жарасар өмілдірік,
Құйрық-жалын мінуші ек төгілдіріп.
Таң асырған тарланмен жортушы едік,
Қара терге малшынтып, шомылдырып.

Жүйрік міну, бұл күнде арман әнім,
Бота тірсек, сұр жүйрік қайда қалдың?

Тақымымды бұл қала аштырмайды,
Астымдағы «LEXUS» айдағаным.
Қырда туып, осылай ойда өсіп ем,
Тарпаң басып, мендағы жалды есіп ем.

Топты көрсем, сұр аттай елеңдеймін,
Жүлде алғым кеп өмірдің бәйгесінен...

Көңіл иірімі
Ай нұрланды, қарады,
Жұлдыз шоқтай жанады.
Күн қызарды, ұялды,

Мінгестіріп қиялды...
Періштедей ақ қанат,
Армандар ұшып барады...
Жүрек көзі жарқ етті,

Төбет-ойым манқ етті.
Қыран көкте санқ етті,
Қарға жерде қарқ етті...
Оқ атылып тасадан,

Аққу-сезім жалп етті...
Түлкі-өмір қашады,
Бөрі-ғұмыр басады,
Торғай қуып масаны,

Маса таппай тасаны,
Ажал-мерген қолында,
Мылтық алып тосады...

Күн өтіп, айлар ауысар
Күн өтіп, айлар ауысар,
Жырлар мен жылдар қауышар.
Дүние-түлкі түрленген,

Қызығын кімдер тауысар?
Өмірде мән жоқ өтпелі,
Жалғанға жанды өкпелі.
Арманы таудай талай жан,

Құбыла жаққа беттеді.
Сезімдер жанған күндерден,
Ләззат тамған түндерден.
У ішіп, ерте өлер ем,

Нәр алып жүрмін гүлдерден.
Көкірек көрік күрсінді,
Ұрлатып алдым ұйқымды.
Тірліктің тәтті-ащысын,

Көтеріп келем піл сынды.
Жұлдызды аспан жымиды,
Жақсылық тілеп бір игі.
Шайтаннан қашқан шыбын-жан,

Аспанға қарап ұлиды...

Теңізді аңсау...
Тірлік-ау, сенің шықсам деп едім,
күрмеуіңнен!
Ару дүние! Қаларсың бір күн сүйгенмен...

Бұйра бұлттардың шудасын тарап келдім де,
Ұшақтан түсе, теңізге тарттым бірден мен.
Көзіммен көрдім, іңір мен құтпан таласын,
Түбіт-түн келді, аспаннан жұлдыз таматын.

Сағынып жеткен жанымды толқын тербетіп,
Жағалап жүрмін, Каспийдің ерке жағасын.
Көк теңіз жатыр, аруанадай иісінген,
Айналдым сенің толқынмен жеткен иісіңнен.

Теңіз тербеген әсем Ақтауға қараймын,
Тау мінез ұлмын, сұлулығыңа сүйсінген.
Теңіз көмкерген аспан да бүгін аласа,
Көкке шабады көңіл-арғымақ тамаша!

Құстары шулап, балығы тулап қаптырмай,
Асау толқындар жар соғып жатыр таласа.
Сырластым теңіз-жұлдызы куә Ай баққан,
Жұлдыз бен Айы сәулелі сезім ойнатқан.

Каспийге аққу қыста келеді деуші еді,
Адасып жүрген мына бір аққу қай жақтан?!.

ІІ бөлім

СЫР-САНДЫҚ

*** Жанымның таба алмас емін, Ғашықтық ұрттаған құсам. Мен сені сүйе алмас едім, Сен жұртқа ұқсаған болсаң. Жан едің, жамалың бөлек, Шуағын төкті... қаладым. Жаралған ақылың ерек, Ешкімге ұқсата алмадым. Жүректің көзі жарқ етіп, Сыр-сандық ашылды қоймам. Бойыңда бір мін жоқ етіп, Жаратты шебер қол – Аллам! Кербезім, нұр алау, керім, Сағынып, құс болып ұшам. Сен мені сүйе алар ма едің, Мен жұртқа ұқсаған болсам?

Сағыныш
Қаздар қайтып, қанатында қалды мұң,
Қайда тастап барады екен айдынын!?
Бір келер деп шаңыт жолға қараумен,

Өтіп жатыр, ай, күнім!
Теңбіл Айдың секпіліне көп күлдім,
Өлең-сөзде алмас сынды өткірмін.
Жұлдыз болып, ағып түсіп аспаннан,

Құшағыңа кеп тұрмын.
Бура күндер, үзді тағы бұйдасын,
Бұлттар көшті, сүйретіп ап шудасын.
Теңіз-сезім, толқығанда байызсыз,

Өлең болды мұңдасым!
Кеше толған, бүгін кетік, Ай сынды,
Құстар сенің сала алмайды даусыңды.
Кекіліктей айта-айта атыңды,

Қайрақ төзім таусылды...
07.07.2011 ж. Астана

*** Ойда жоқта, кездестің де, ойға салдың ағаңды, Бағам жоқта, арттырдың-ау бағамды?! Ойда жоқта ғайып болсаң бір күні, Іздеп қайдан табам-ды? Алтайды емген, Арқа өсірген бір ағаң ем саналы, Білесің бе? Саналының бәрі түгел жаралы... Кербұғыдай керім сезім селт етті, Кездесті де Қарқаралы маралы. Тау еркесі тауға қарар, тауға көңіл алаң-ды, Тау бұлағы емдер бәлкім жарамды. Кермиықтай қылығыңмен қиылып, Жаулап алдың санамды. Хат жазамын сағынышқа тоғытып ап қаламды. Сезімімдей ақ қар басты қаламды. Мына әлем өзіңменен көрікті, Сен деп сүйем ғаламды!

Көгершіннің хат жаздым қанатына
Терістіктен қоймады жел есуді,
Жел де маған жеткізді елесіңді.
Жадыраған жазымды күз көмкеріп,

Шық сарғайтқан көңілім неге сынды?!
Бұлттар қонды көңілдің күнгейіне,
Бұлттан есіп, хат жаздым сүйгеніме.
Сатып алып... өмірдің базарынан,

Қарасаңшы, көңілге түйгеніме...
Маған біреу өкпелі, наза қылды,
Бірақ, ол да үзе алмас наз әнімді.
Құспен бірге аспандап кеткен сезім,

Елемейді жердегі мазағыңды...
Көгершіннің хат жаздым қанатына,
Жүрек атты гүл ектім дара шыңға!
Бүлк-бүлк еткен тамырдың соғысындай,

Қарап қоям қолдағы сағатыма...

Сенің демің...

Жұпар аңқып айналам,
Көкке ұшты, сетерлі ой.
Қазығына байлаған,
Сенің ауаң екен ғой!

Қуанышым көздегі,
Сағынышым мұңдағы...
Тіл жетпесім сөздегі,
Ашылмасым сырдағы...

Көңіл аппақ шағала,
Аспан түпсіз жеткен бе?
Жете алмасам бағаңа,
Жетім көңіл кектен бе?!

Өрнек салған ой шебер,
...Алдамшы бұл бақыт та.
Секундтармен өлшенер,
Бағынайық уақытқа!

Нәрестедей жүрегім,
Тәтті сезім аршыған.
Мына әлемді сүйемін,
Сенің демің аңқыған.

Қар жауып тұр
Не деген керемет күн, қар жауып тұр,
Ақ мамық шұғылаға айналып қыр.
Баяғы балалықты еске алып,

Кел, қалқам, қар атысып ойналық бір.
Мойныңа ақ сезімдей қар тығайын,
Қар тыққан боп, байқамай қол сұғайын.
Түлкідей сен айлаңды асырғанмен,

Олжамды олжалаймын, аңшыдайын.
Көбік қарға қауышып, көмілейік,
Мұңнан бір қар атысып, сейілейік.
Қан айналып, жүректер дүрсіл қағып,

Бал-бұл жанып, сезімге берілейік.
Санамды салмақты ойлар жүр асынып,
Көзіңе сен де жүрсің мұң жасырып.
Ақ ұлпа қар атысып ойнаған боп,

Мәңгілік әкетейін қыр асырып...

Түнгі өлең...
Түнгі өлеңім ақырғы дем секілді,
Тілдеседі тылсыммен.
Терезеден Ай қарайды кекілді,

Жанарына нұр сіңген.
Түн дегенім – түнек емес, жұлдызды,
Жамырайды самала.
Күтті жүрек! Жұлдыз сынды бір қызды,

Жетер ме ол бағама?!
Бақтың іші «Мың бір түнгі» ертегі,
Көлеңкелер тілдескен.
Тау-жоталар ертегіге елтеді,

Жайдақ атқа мінгескен.
Күздің түні – күрең құлын төбелі,
Құлдыраңдап барады.
Түсі ауған, күрең сайға көделі,

Шөптің жасы тамады.
Түн-кәделі, сөз-несібе, олжамды,
Қанжығаға байландым.
Қараңғыда ұстаймын деп «арманды»,

Тағы бір түн алдандым...
22.09.2011 ж.

*** Сағыныштан еріп жатыр жүрегім, Ал күйіктен күйіп бітті етім де. Мың шақырым жерден сені сүйемін, Сен отырсың, мынау жердің бетін де. Жаңа жауған аппақ қардай тілегім, Жанның жалғыз жапырағы өзіңсің! Алып-ұшып сені аңсайды жүрегім, Зәмзәм сынды сарқылмайтын сезімсің! Бақыттымын деп айтам да, күлемін, Аз болғандай көрген, көрер азабым. Мен, Шуағым, көрмесем де білемін, Сенен асқан арулар жоқ, ғажабым! Тірлігіме дем беретін тілегім, Жүрегіме қалай тұрам иланбай? Тұңғиық көз, жусан иіс, гүл ерін, Қарашы, әне, нұрланды Ай!..

Аспанда – Ай дара
Мұраты өзіңсің деп арманымның,
Бір талын ұсынып ем Айға гүлдің.
Мұрнына апарды да Ай иіскеді,

«Иісі сіңген гүл – деп, – ардағымның».
Елітіп отырушы ең, жұпарыңмен,
Ауадай қажетсініп, жұтарым ең.
Сұрықсыз жалған тірлік тоңдырған да,

Аймалап жылтушы едің құшағыңмен.
Көгілдір, шуақ шашар көктемдейін,
Бусанып, алып жатыр көк бел демін.
Сағынышты сабылтып, жетекке алып,

Артынан жалбаңдайсың көш-керуеннің.
Өкінесің, зырлауық күнге қарап,
(Көбелек шілде айында гүлге қонақ...)
Жердің үсті бүгінде толған жұлдыз,

Мен сені отырамын Айға балап.
Гүл-ғұмырың қалмасын жараланып,
Көп жұлдыздың біреуі барады ағып.
Айнымайтын сертіңнен сен секілді,

Ай аспанда тұр әне, дараланып.

Құс жылаған...
Кекілін кескен, кер атым-ай,
Кішкентайдан бірге өскен бекзатым-ай!
Жанымда жүрген бір, жайдарлым-ай,

Жаутаңдаған көзіңнен айналдым-ай!
Халық әні «Қос күрең»
Түн асты – кербесті жыр,
Жалына жұлдыз түнеп.

Тоқиды өрмекші құр,
Ажалға басын сүйеп...
«Қос күрең» әнім едің,
Жетпеген бекзатыма...

Жастарың әлі менің,
Тамбаған көз жасымда...
Тұнжырап мұнарлы аспан,
Тырналар мұң шағады.

Жотадан құлан қашқан,
Бөрі ұлып сыр тарады.

Желбеңдеп бұлт өтеді,
Етегі сүйретіліп.
Түз қыран шанқ етеді,
Тұмсығын Күнге тығып.

Бесік бел тербетіліп,
Бөлейді құндағындай.
Тамшы-өмір жерге сіңіп,
Жоғалғалы тұрғанын-ай!

Күз тағы... Қоңыр әуен,
Суық жел ұсқыны ауған.
Зулайды сағым әлем,
Аспанда құс жылаған...

23.09.2011 ж. Астана.

Кәрі қыздар
Кәрі қыздар, кәрі қыздар... Тағдырлар.
Бәлкім, мүмкін, қалап алған пешене?..
Терезеге жылап тиген жаңбырлар,

Нақақ жастар мөлт-мөлт тамған кесеге.
Кәрі күздер... Кәрі емендер тамырлы,
Кешікпеген уақыттың көшінен.
Жапырағын бүрлендірген сабырлы,

Кәрі әжелер бақытты екен шетінен.
Жалғыз қайың жаһандағы саясыз,
Гүлге оранып көрінгенмен әдемі.
Жалғыздықтан жалығасыз, тоңасыз,

Құлазытар тіршіліктің әлегі.
Кәрі қыздың көңілінде күмән бар,
Күн, ай сайын ұрланады жастығы.
Кәрі күздің жанарында тұман бар,

Түн келгенде суланады жастығы.

Көрінеді уақыт салған әжімдер,
Бет, келбетті бүркегенмен опамен.
Арсыз тағдыр сынға салар, әзілдер,
Түлкі тірлік, қашып барад тасамен...

Ұмыт қалып, мұсылманның парызы,
Кәрі-кәрі, дана қыздар көбейді.
Алла алдында өтелмеген қарызы,
Кәрі қыздар, не дейді?!.

Ойланыңдар, ерлер және арулар,
Рас болса, Тәтімовтің дерегі.
Үйір қуып, ат біткенді сауырлар,
Еркек емес, айғыр болғың келеді...

Кейіпкер
Ах-оу, Гүлдер айым, Күн мен Айым,
Ұшарға қанатым жоқ, неғылайын...
Халық әні

Қалықтап «Гүлдариға»,
Үстінде қия белдің...
Өмірге сыйғаныңда,
Өлеңге сияр едің...

Сағыныш еселенді,
Салмағын жүрек білер...
Сары күз төсенеді,
Жапырақ... жүдеп күлер.

Бұлт көшті бұлаң қағып,
Құс қайтты келмейсің бе?
Бұралып, сылаңданып,
Жыр оқып бермейсің бе?!

Кісінер кербесті-өмір,
Жауапсыз сұрағыма.
Алданыш сері-көңіл,
Дауысың құлағымда...

Мұң бүрлеп алақанда,
Маңырап елік-сезім.
Хат жаздым ала таңға,
Оқышы кейіпкерім..

Мені ойла
Торғын кеш торығып батқанда,
Барқыт түн шымылдық жапқанда.
Бозторғай ілініп аспанға,

Бозарып ақ боз таң атқанда.
Ұршық-Күн төбеге ауғанда,
Жер-Ана кілемін жайғанда.
Қара бұлт бурадай бұрқанып,

Аспаннан ақ нөсер жауғанда,
Көлеңке ұзарған тауларда,
Екінті ақшамға ауғанда.
Беймезгіл бейуақ үйіріліп,

Ұрланып түскенде сайларға,
Мені ойла!
Тастарға қашалған дерегім,
Сұрама, кешіксем, себебін.

Сағыныш сазына шомылып,
Бір күні күт сәулем, келемін.

Жассыз жылау
Өр едің, ішінде жататын бөрі ұлып,
Асыл ең, жататын көрінбей көміліп.
Сол кеште сен ұзақ жыладың егіліп,

Жұбатпай, мен үнсіз отырдым езіліп...
Сырт көзге тәкаппар, иілмес жасын қыз,
Өтінем, жылама, кірпіктен жасыңды үз.
Тек жүрек дір етіп, мұң бағып отырмыз,

Адамдар, адамға неге осы тосынбыз?
Тағы да таң қылдың, татқандай таңқурай,
Ішіңнен тұрса да, сүйгенді жан қимай.
Ерніңді тістеумен, шарпыңды алдың да,

«Қош дедің» қайтадан артыңа
қайырылмай.
... Содан мен көп күттім, бір күні
келер деп,

Сен жоқта, сырласым боп кетті өлең тек.
Білемін, сен-дағы сағынған шығарсың,
Жасыңды шығармай көзіңе көгендеп.
Қайтеміз, өмір бұл – күзі көп қыраулы,

Кешір сен, ұмытсам қалыңды сұрауды.
Ең соңғы жасыңды сол кеште мен көрдім,
Сосын сен үйрендің, тек жассыз жылауды.

Ғаламдағы жалғыз ару өзіңдей

Бақыт бар ма, мөлдір тұнық сезімдей,
Түні бойы сені ойлаймын, көз ілмей.
Ғаламтордан қиыласың әдейі,
Ғаламдағы жалғыз ару өзіңдей...

Онлайн боп отырамын ойланып,
Бұл ғаламтор бара жатыр қайда алып?
Монитордан көрген кезде көркіңді,
Жүрек толқып, қалады тіл байланып.

Нұр шашасың, кезім болса жабыққан,
Есім шығып, бас айналар шабыттан.
Мен отырсам ғаламтордың төрінде,
Бал-бұл жанып, сен қарайсың жабықтан.

Агент деген – сырласудың әлемі,
Ойың тапқыр, ал дидарың әдемі!
Шуақ шашып, сен отырсаң сол жерде,
Біреулердің қызықтырмайды «Сәлемі».

Жан табам ба, ет жүрегі сендей ақ,
От сезімге жүрген едім көнбей-ақ.
О, махаббат, құдіретіңе таң қалам,
Ғашық болып қалған екем, көрмей-ақ!

Көңіл көркі енді сені аңсаған,
Өзің болдың сезімімді шайқаған.
Ғаламторға үңілемін үнемі,
Дидарыңды көру үшін қайтадан.

Бақыт бар ма, мөлдір тұнық сезімдей,
Түні бойы сені ойлаймын, көз ілмей.
Ғаламтордан қиыласың әдейі,
Ғаламдағы жалғыз ару өзіңдей...

Сені ғана сүюменен
Мойныңдағы алқаң болсам,
Сағынатын қалқам болсаң деп едім.
Мен де сені аңсауменен,

Өзіңді іздеп, шарлауменен келемін.
Күлімдесе Ай-қабағың,
Айтылады арман әнім, бір саған.
Кел, ендеше, күлімдейін,

Айым дейін, күнім дейін аңсаған.
Кел, екеуміз ән салайық қосылып,
Сезімдерді болмайды екен жасырып.
Ары таза адам егер, шын сүйсе,

Махаббатта шек бола ма, осыны ұқ?!
Көңілімнің көркі ме едің,
Өмірімнің серті дейін айнымас,
Орманымдай саялайтын,

Аққуым деп, аялайтын табылмас.
Арманымның жолы анық,
Серік етіп, сені алып, жетермін.
Сені ғана сүюменен,

Бақытым деп, күлімдеумен өтермін.

Сезім кілті
Ай-сырғаң дірілдейді
Жанарың күлімдейді.
Қастарың – қарындаштай,

Жұбымыз жазылмастай.
Жібектей ұғын мені.
Өмірім жырсыз ба еді,
Тірлігім құнсыз ба еді?

Кетпеген жамалымыз,
Арменен бағалымыз.
Төлеген, түсін, мені.
Сөздерің шәрбәт сынды,

Көздерің арбап тұрды.
Еріндер дірілдеген,
Жарасты құлын денең.
Баяндай бағым дейін.

Рас, бұл сезім бе еді?
Баураған көзің мені.
Жолымды бастағайсың,

Қасыңнан тастамассың,
Қозыдай сағын дейін.
Қалдырма жолда мені,
Ендеше қолда мені.

Күн мен Ай табысқандай,
Жұбымыз жарасқандай,
Жарасып, қыр асайық.

*** Ғажабым болдың – сен, Жазарым болдың – сен, Наз әнім болдың – сен, Азабым болдың – сен. Шуағым болдың – сен, Құмарым болдың – сен, Күн, Айым болдың – сен, Сұрағым болдың – сен.

Жаралған жан едім,
Қиырлау жолдары.
Беретін жан емін,
Сен болсаң, болғаны.

Сені іздедім
Өмірімнің мәнін саған арнадым,
Тағдырымның әнін саған арнадым.
Тірліктегі мен меңгерген биікке,

Сен көтердің шабыт беріп, арманым.
Сені аңсап, ойға баттым таңдарда,
Баққа бардым сені іздеп жаздарда.
Келе ме деп хабар күттім жолдардан,

Сәлем айттым тізбектелген қаздарға.
Жылдар өтіп, мезгілімен күз келді,
Сені құшқан ақ қайыңға жүз келдім.
Аққу сынды сыңарынан айрылған,

Тыным таппай күнде сені іздеймін.
Сезімімді бәрі тежей алмады,
Жүрек, шіркін, өзіңді аңсап болмады.
Екеумізді екі жаққа айырды,

Тарам-тарам мына өмірдің жолдары.
Маңдайдағы пешенеге бағынып,
Жылдар барады, бізді бөліп ағылып.
Бұл жалғанның күйбеңінен қорқамын,

Сені көрмей өтем бе деп сағынып.

*** Сыр ашады жанарларын қадап Ай, Жұлдыз-ғұмыр күлімдеп. Сарғайтады сағыныштың азабы-ай, Жүрегімді тілімдеп. Жанды қинар сезім оты сергелдең, Жан қалауы – шапағат. Ыстық жүрек ынтық етер көргеннен, Ұлы сезім – Махаббат. Қоштаса алмай, қоңыр кештер батырған, Таусылмайтын сырларым. Айналайын, айтылмайтын атыңнан, Сені қалқам, қимаймын...

Ұлы сезім
Махаббаттың басы бал да, соңы мұң,
Бал сезімнің ғажабы-ай!
Түсінеді, о басында, оны кім?

Тәтті мұңның азабы-ай!
Жолы ауыр шын сүйетін ғашықтың,
Тартар жеке азабы.
Мезгіл сынды сезім атты уақыттың,

Тарқар бірде базары.
Қайран, дариға, көкте жүрген көңілің,
Жер басады бір күні.
Сонан кейін, аянышты өмірің,

Мысқыл толы күлкілі.
Сүйген жүрек бір-біріне қосылмай,
Ет жүрегің жанады.
Ұлы сезім сағыныш боп таусылмай,

Тәтті мұң боп қалады...

Не дер екенсің, қарағым!
Не дер екенсің мұныма тағы, қарағым,
Теңізге келіп, көз сүріндіріп қарадым.
Қарашық қадап, көре алмай қалқа, көркіңді,

Мұнайлы өлкеден мұңайып кетіп барамын.
Дидарлы аспан, төгіліп жатыр теңізге,
«Теңіз-анам-ау», бөтенге емшек емізбе?!
Іздерім қалды сабылып жүрген жағада,

Көгілдірім-ау, Каспийге келсең, мені ізде?!
Ақжал толқындар, еркелеп келіп, асылған,
Құпиям едің, теңіздей терең жасырған.
Тербетіп толқын, ескегің болып есіліп,

Тебіреніп тұрып иіскейтін едім шашыңнан.
Шағала-көңіл, шарқ ұрып жүрді жағада,
Тулайды теңіз, еседі ескек самала.
Кемеге мініп, әсем Ақтауға тамсанып,

«Қараңыз, дер ең, қараңыз, дер ең, Жан аға!»

Не дер екенсің, мұныма тағы, қарағым,
Мұң бізге ортақ, мұңайып қалма, жамалым.
Қоңыраулатып, күз әнін шертіп, құс қайтты,
Құс жолыменен сапарлап мен де барамын...

Не дер екенсің, қарағым?!

Бисмиллаһ, Аллаһ сөзі ұнатқан
Аллаһ сені жаратыпты сынды ғып,
Жүзіңе нұр, жанарыңды мұңды ғып.
Ай бетіне атыңды айтып хат жаздым,

Бура бұлтқа мінгізіп...

Бұлттар, бұлттар сәлемімді апарар,
Сағыныштан жанарлары жас алар.
Мұзбалақ жыр асқарларда қалықтап,
Сағынады мен боп сені жоталар.

Сағынады жасыл желек қыраттар,
Сағынады сылдыр күлкі бұлақтар.
Аппақ қанат періштедей қалпыңмен,
Пенделіктен жырақ қал!

Бисмиллаһ, Аллаһ сөзі ұнатқан,
Әлһамдуллаһ, мен де сені ұнатқам.
Тағдыры бір, жанары мұң сәулемді,
Ла иләһа, бақытты ет, Жаратқан!

Әмин!

Назым-ау!
Назым-ау, пернеге сыймайтын сазым-ау,
Жазым-ау, қаңқылы ерекше қазым-ау.
Теңізге телміртіп кеттің бе,

Маңдайға сыймаған бағым-ау?..
Гүлім-ау, шуағын себетін күнім-ау,
Сырым-ау, тербеткен тәп-тәтті мұңым-ау!
Аққулар жұптасып барады,

Ал бізде қол жетпес шыңырау?!
Бұлағым, бұлдырап барады бұла күн,
Шырағым, басылмай барады құмарым.
Тырналар тізбегі аспанға елеңдеп,

Түріліп тұрады құлағым...
Мөлдірім, жанымды емдейді енді кім,
Өрлігім, биіктеп барасың сен бүгін.
Көркіңді көкжиек жасырды,

Шеңберге сыймайтын кеңдігім.

Құлазып отырмын, жүректен сыр ағып,
Бұла ғып сезіммен, барады жыр ағып.
Сағынып, сарылып шөлдесең,
Жырымды іше ғой, тұма ғып...

Елігім, көрдім де деміңе ерідім,
Сенімім, қырандай көк тілді көңілім.
Болаттай балқиық оттағы
Қыздырып сезімнің көрігін...

18.09.2011 ж.

*** Бұршақсыз көңіл көгені, Мінезге кетті нұр тарап. Елеңдеп, «келем» дегелі, Баладай жүрсің, күн санап. Көгершін-сезім таранып, Қауырсын-хаттар ұшырған. Қаңқылдап қаздар, ән алып, Тырналар өтті тұсымнан. Сонда мен сені ойладым. Аққуым мұңлы, ақ мамық. Сағындың сен де ардағым, Сары жапырақ жастанып. Қарашық талды қараумен, Қазанның соңы қараша!.. Саусақты бүгіп санаумен, Күтеміз, енді балаша...

Сен түннің сырласы едің, Күнді іздеген,
Мұңлықсың ой бөліскен жұлдызбенен.
Сері-уақыт, біз барында көзіне ілмей,
Парақтар жыртылады күнтізбеден.

Күн де, Ай да қашып барады тізбектеліп,
Жазымды бара жатыр күз бөктеріп.
Көрсетпей ұры-мезгіл жасырғанмен,
Мен сені қуантайын іздеп келіп.

Мінгізіп арғымаққа, жосылайын,
Өтейін жатса-дағы тасып айдын.
Басыңа жастық етіп ақша бұлтты,
Күн болып, саған қарап отырайын.

Байқайын не сыр барын жүрегіңде,
Жырлайын дидарыңды жыр елінде.
Ұйқысыз түннен сені құтқарайын,
Түн деген атымен жоқ, Күн елінде...

Алғашқы қар. Қансонар. Түлкі дейсің!
Бурабай-сұлу, сыңғыр күлкідейсің.
Жұмбақтасты тербеткен жұмақ айдын,
Самалыңмен жанымды сілкілейсің.

Көкше шың, қыран түлеп, бұлт қонады,
Шуда бұлт – Қазақ атты ұлт қонағы.
(Қарға аунаған түлкідей бұлаңдайсың,)
Тас тескен таудың суын ұрттағалы.

Аппақ айдын, ақ қайың, қарағайлы,
Аппақ түн, ұқсатамын саған Айды.
Арман қуып, шығып ек шың басына,
Жапырақ-сары сағыныш домалайды...

Сағыныш... айтпайықшы мұңдар жайлы,
Айтайық асу белдер, шыңдар жайлы.
Үмітіміз үзілмес деп тіледік,
Үзіліп құлағыңнан, сырғаң қалды...

Сырғаң қалды, орманның сыңғырындай,
Таң бозарды, түргілеп түндігін жай.
Армансыз ару күндер өтті білем,
Аңызсыз, Оқжетпестің шындығындай.

Қараша. Алғашқы қар. Құлады Күз.
Ертең – қыс кебін киіп, солады түз...
Бұйығып Бурабаймен қоштасарда,
Тығылып, ағыл-тегіл жылады қыз...

ІІІ бөлім
Мен де бір аңшымын,
сөз қуған...

Мен де бір аңшымын, сөз қуған...
Үр жалған, түлкінің ізіндей шиырлы,
Абадан-жүрегім, қайтпаған.
Жазбаған жырларым шимайлап миымды,

Ойлардан шаршадым, қаптаған.
Саумал-жыр сарқылмас көнегім,
Аяқтап ішем де, толтырам.
Дәл тиіп, ой-аңға сөз деген беренім,

Қанжығам майланып отырам.
Қолымда ақиық қыраным, томаға сыпырдым,
Қағушы шулайды ой-қырдан.
Баптаған құсымды ақ ауыз арланға түсірдім,

Мен де бір аңшымын, сөз қуған...
14.08.2011 ж.
Астана

Құрық тиді, күз деген күреңіме...
Қаздардың қаңқылында ұйыды айран,
Айға қарап ұлыды сынық арман.
Сардалаға шегіртке шерін шертіп,

Түңілді тындырымсыз сиығынан.
Күн-мейір, таратады ізгілік ән,
Уақыт жетектеді шылбырымнан.
Құм-өмір кесірткені домалатып,

Күз үрікті қамыс-қоға сыбдырынан.
Тобылғы қырындайды ырғайына,
Қырман бітті, қарғалар құндағында...
Қыс қамымен малшының басы ауырып,

Ала қыран сенеді тырнағына.
Күреңітіп, шетен күз ән салады,
Ақселеудің кекілін жел тарады.
Тыраулаған тырнаның жолы ауыр,

Тырна мінген бөдене тамсанады.

Құрық тиді күз деген күреңіме,
Ызғары бар сұр аспанның сүреңінде.
Қоштасудан жанары жасқа толған,
Қайтқан құстың қосылдым тілеуіне.

Қарқаралы. Көз қыстағы,
06.09.2011 ж

Күн өледі... қызыл бояу жағып ап...
Таң бозарды жұлдыз үркіп, Ай сіңген,
Күн шапағы еркелейді тау сүйген.
Боз даланы бозторғай құс оятып,

Марқа-көңіл маңырайды Ой сіңген.
Шұғыла есті, шығыс жақтан дүр етіп,
Көлеңке өлді... Күннің өткір нұры өтіп.
Қараңғының шаранасын сыпырып,

Бір күн туды, сәбидейін шыр етіп.
Жер емініп, аймалайды құндағын,
Бұлақ күлді, сылдырындай сырғаның.
Сәби-Күнді сәттер сайын есейтіп,

Алыстайды тырау үні тырнаның...
Жарық осы – Жаратқаннан сұраған,
Таңсәріден несібелер құлаған.
Өткен күнге қуанамыз біз неге?!

Бұрынғылар бір күн өтсе жылаған.

Құбылаға Күн еңкейді құлдилап,
Күрең күнді шақырамын құр-құрлап!
Арманды ұрлап, асығады – Уақыт,
Дәрменім жоқ, қоймақ едім

шынжырлап.
Арқар-қиял, құзда қалды аңырап,
Күн өледі... қызыл бояу жағып ап.
Өлген күннің жоқтаушысы –Тіршілік,

Құбылаға бара жатыр жамырап...
28.09.2011 ж.
Астана

Қойшының әңгімесі
Күйек алып, қошқар қостым атарға,
Күз түсті де мал айдадым отарға.
Күн нұрынан тоят алған күрең кеш,

Өріс малдай жамырады қотанға.
Ай мүйізді арқар шықты қыраттан,
Сала мүйіз бұғы ішті суаттан.
Мөлдірлік пен тазалықты үйренем,

Құбылаға аққан мұздай бұлақтан.
Жол бойында топты шіл жүр пырылдап,
Бұта қонды қоңыр торғай шырылдап.
Тал ішінен талмаусырап құр ұшып,

Торғайды аңдып, күйкентай тұр дамылдап.
Орман – сауық, ойын керек тиінге,
Жем арқалап бет түзеді бүйі інге.
Тазы көрген шақырады саршұнақ,

Кеуде керген әркім батыр үйінде...

Түйілді де, сұңқар соқты қоянды,
Бүркіт көрген жылан қашты аярлы.
Сілеусін тұр ешкі көрген сілкініп,
Ақауызды арлан қуды бұланды.

Бұлбұл сайрар таңдайынан бал тамып,
Кірпі жатыр ән тыңдаған шалқайып.
Жаратқанның таңғажайып сырына,
Таутеке тұр шың басында тамсанып.

Қайрақ тасқа аю қайрап тырнағын,
Қаңқылымен қаз шертеді сырлы әнін.
Жер осінде дөңгеленіп дүние,
Мезгіл ұшты қанатында тырнаның.

22.08.2011 ж. Қарқаралы,
Көз қыстағы.

Сөйткен менің Еділім,
Мен салмадым, сен салдың.
Қайырлы болсын сіздерге,
Бізден де қалған Еділ жұрт...

Қазтуған жырау
Сіздерге болсын қайырлы
Мен туған тауды көрсең-ау, шіркін, құз еді,
Бесбоғданың етек басы мұз еді.

Тоғыз көлдің қаздары қайтқан қаңқылдап,
Біз кеткенде күз еді...
Ортасай жайлау... апам жаяр өресін,
Қозы көгендеп, желі бауын керетін.

Қаракөл беті аққу-қаздардың әні боп,
Таңменен түлік өретін.
Қаракөк едім, тұлпар кетпеген тақымнан,
Қара өлең едім, бақыт ұшпаған басымнан.

Қазақтың салты балалығымнан бойымда,
Қаныма сіңген жасымнан.

Шың етегінде Шаңбақкөл жатыр, әсем-ді,
Ақсайдың сайы көгорай шалғын, әсерлі.
Ақсайда жатқан Сарыкөл, сені, жек көрем,
Жұтқансың есіл әкемді.

Жаматы, Усай дүбірлі, думан болған жер,
Сәйліктің басы атамыз таңдап, қонған жер.
Көлденеңдеп, көз алдымнан кетпейсің,
Анамның жасы тамған жер.

Арқар мен құлжа, тауешкі толған құз далаң,
Шыңдарың қандай! Тәкаппар қыздай
сызданған.
Бабадан қалған қазақы дәстүр бір сенде,

Заманның сеңі бұзбаған.
Сағыныш кернеп, жүректі талай айырды,
Үш Ойғыр, өзің туғансың мендей шайырды.
Төрт ұрпақ түлеп, біздерден қалған Бесбоғда,

Сіздерге болсын қайырлы!
Сіздерге болсын қайырлы!

Көңіл-тазы қуады жүйрігімен
Төбемнен қоймады Ай сырғанауын,
Бірде мен ернін сүйдім туған Айдың...
Сезімді ақша бұлтқа қонақтатып,

Дауысынан хат оқимын тырналардың.
Көгімнен төңкеріліп күн төнеді,
Күн ұялды. Қара бұлт бүркеп еді.
Көлеңке таудың басын жетекке алып,

Қарашыққа қаптаған ұйқы енеді.
Барады көкті тіліп, қыран ұшып,
Қыс-жігіт көктем-қызбен тұр алысып.
Су жұқпас кейбір беттің жылтырын-ай,

Таяз өзен барады құрақ ұшып...
Тұнықтың бойламайсың тереңіне,
Талдың басы жетпейді терегіңе.
Жаралы діл мен рух шырылдайды,

Қаралы бодандықтың көгенінде...
Өмір-түлкі қашады құйрығымен,
Көңіл-тазы қуады жүйрігімен.
Өсек-итке қаптырмай балағымнан,

Шауып өттім, қарамай тұйғыныммен.
05.05.2011 ж. Астана.

Жалғыз арша
Жалғыз арша, өсетұғын күнгейде,
Көрік беріп маңайына сәнімен.
Тасты бұлақ сылдырлайтын іргемде,

Күміс күлкі, көтеріңкі әнімен.
Жалғыз арша. Жалғыз ізді соқпақты,
Дәурені өткен бабалардан қалған із.
Біздің ауыл мәпелейтін жақсы атты,

Жүйрік жайлы айтады олар, Айға аңыз!
Жалғыз арша. Жалбызды сай исінген,
Шың басында балапан құс шаңқылы.
Асқар таулар төбелерін күн сүйген,

Көлді сайда, қоңыр қаздар қаңқылы.
Жалғыз арша. Жалғыз арман ойдағы,
Жалқы ойыма серігімдей сыңарсың.
Жалғыз ән ең, айтылатын тойдағы,

Жалғыздыққа сен де, бәлкім, құмарсың.

Жалғыз арша. Тобылғы сай бөктердей,
Кепеш төбе... Шақырады кекілік.
Сағынасың сен де мендей көктемді,
Көк көйлекті көктем қалар кешігіп...

Жалғыз арша. Жұпар иіс аңқыма,
Жалғыз Құдай жар болады жарлыға!
Жолаушымын қарайлаған артыма,
Жар бол, Аллаһ, алдыма...

Қарқаралы, Көз жайлауы,
04.09.2011 ж.

Қылмыскер...
Күндерім-ай, беу, алаңсыз қырдағы,
Жусан иіскеп, қи жаққан.
Ағаш мінген іздерім-ай құмдағы,

Бөрі ұлып, қар жапқан.
Біздің ғұмыр қар гүліндей төзімді,
Суық сөзге солмаған.
Жалғандықтар алдайды ылғи көзімді,

Бет пердесін торлаған.
Көрсет тірлік, әзілдемей бетіңді,
Шығарсың сен, ажарсыз!..
Шайтан-жалған, жұлып алсам өтіңді,

Қалам бәлкім, ажалсыз!..
...Аллам – мейір! Жарық күнін сыйлады,
Өстім, қайтпас ұрыскер.
Өмір барлық байлығымды ұрлады,

Ал уақыт – қылмыскер!..

Бір күн
Бозторғай шырылынан,
Боз дала оянады.
Жер беті ұлы думан,

Бастайды баяғы әнді.
Құмырсқа шығып үйден,
Құм тірлік басталады.
Тағы сол күнде күйбең,

Жанардан жас тамады.
Қарғаның даусын естіп,
Бұлбұл құс ұялады.
Сауысқан сақ басқаннан,

Бүркіттен «сый» алады.
Сұңқардың бағын сынап,
Бақалар бақырады.
Өсекші қалың құлақ,

Құтыңды қашырады.

Осының бәрін көріп,
Ұялып күн батады.
Тұнжырап ойға төніп,
Мазасыз түн жатады.

Басқаша жол салатын,
Қолданар бар ма күш, ем?
Сауапты іс мол болатын,
Шуақты таңды күтем.

Құлын – жастық
Ермен аңқып, іргесінен хош кірген,
Жотасы жон, асқар тауы көк тілген.
Шаңырақтан жұлдыздармен сырласып,

Ай жастанып, киіз үйде өстім мен.
Мамық бұлттан жабушы едім көрпемді,
Асу белге тірейтінмін желкемді.
Көкбөрі ұлып, Шолпан туа көз ілсем,

Құстар дауысы оятатын ертеңгі.
Рауанды таңмен талас тұрасың,
Бабалардың жалғастырып мұрасын.
Үйір жылқы, шұрқыраған жас құлын,

Қанаттанып, бие бауға қуасың.
Тарихымды оқитынмын тасымнан,
Түндерім-ай, Ай-бұтаққа асылған.
Әжелерім өре толы құрт жайып,

Саба-саба сары қымыз сапырған.

Қартқа сақтап қазы-қарта, жаясын,
Ашамайға мінгізетін баласын.
Сол ауылды, ерке өмірді сағынам,
Қозы бағып, қой қосақтап сауатын.

Қайтқан құстың қанатында жыл шұбап,
Құйын-дүние, барасың ба бұрқырап.
Құса болып, там үйлерден оянам,
Құлын – жастық, желі бауда шұрқырап...

02.08.2011 ж.

*** Азаяды-ау жас ұлғайып, мәз күнім, Бір иығын күзге аударды жаз бүгін. Тамыршыдай, таразы уақыт өлшеді, Адамдар көп, адал достың аздығын. Аспан мынау шәйі көрпе бүркенген, Ақбас шыңға ақбура бұлт сүйкенген. Түн етегін қымтап алып қашқанда, Қол бұлғаған сені көрем үркерден. Самал желге тербеледі тобылғы, Таң асырдым көңіл деген торымды. Аллам көкте, сен асқақтау болған соң, Аспан жаққа созып тұрмын қолымды... 22.07.2011ж. Астана

Әже Автобуста келе жатып кеше мен, Кимешекті әже көрдім көшеден. Өткен күннің сағынышы кернеді, Менің әжем құрт беруші еді кесемен. Ақ шылауыш, ақ әжемнен аумаған, Немереге әжелердей қайда адам. Бақилыққа аттанған ақ әжемді, Сағынышпен осы күнде ойға алам. Еркелеуші ем кимешекке кіріп ап, Жарма құртын бөлісуші ем, жұлып ап. Батырсынып, боқтайтынмын барлығын, Ақ әжемнің қасына кеп, тұрып ап. Қандай еді сен айтатын ертегің, Бұл өмірге әжем бар да ерке едім. Меніменен жаны бірге әжемді, Алып кеткен өмір, неткен келте едің?

Ұлар-өлең
Болғанда ойым – теңіз, жырым – кеме,
Жүзіп келем, болашақ, саған сене.
Қазақтың қара өлеңін өрнектеген,

Топ жарған шайырлардың соңына ере.
Мендегі сөз – арғымақ, өлең – дүлдүл,
Түсімде асқар тауды көрем ылғи.
Шыңдардың биігінен самал жұтып,

Бұлттарға өлең оқыр көмей бұлбұл.
Отырам шыңға шығып, мұз жастанып,
Аспанның жанарынан тұр жас тамып.
Таутеке маңырайды таста тұрып,

Табиғат жайлы маған сырды ақтарып.
Тірліктің болса-дағы күйі бөтен,
Тәңірдің жерге берген сыйы екем.
Тарғылдай тауда туып өссем-дағы,

Тауықтай жерде жүрген қиын екен.

Жалғанның жанға ырыс қып бақыт нұрын,
Жаныма серік еттім жақұт жырын.
«Аққудың қанатына ән қондырған»
Мүмкін мен, сол қалпыммен бақыттымын.

Бәйгеден келмесем де тұяғы ысып,
Құрдасымдай тұрасың, сыр алысып.
Жаныма жай таптырмай аласұрған,
Барады өлең атты ҰЛАР ұшып.

Дөнгелек дүние
Таң сәріде, татымды өлең келді,
Сәби күн, туды тағы «өлем» дейді...
Диірмендей дүние дөңгеленіп,

Жел құлағы желбеңдеп елеңдейді.
Жер айналып барады осіменен,
Күн, ай, жыл тізбектеліп көшіменен.
Талай ғұмыр белгісіз қартаяды-ау,

Таутекедей тау жаққа есінеумен.
Жалған тірлік, жалт етер жүні сынбай,
Таратады өлімнің иісін жай...
Жан біткенді жалмайтын ит өмірдің,

Кербұғыдай керілген тұрысын-ай!...

Ата, сені сағындым
Ата сен, даналықтың тұлғасындай,
Рухың демеп, мені жүр қасымда-ай.
Күн сайын алдыңа кеп еркелейтін,

Сағынышым барады бір басылмай.
Мінгізіп жіберуші ең боз қасқаңды,
Аралап кезуші едім ой, тастарды.
Жетелеп, мектепке өзің апарған соң,

Бітпейтін болашаққа жол басталды.
Сағындым мейіріңді нұр таматын,
Есейіп, көңілімді мұң шаласың.
Қалдырып интернаттың бөлмесінде,

«Адам бол», – деп, кекілімнен сипағансың.
Мектептен ауылға ылғи асығушы ем,
Туған жер, хош иісті, жасыл пішен.
Тоқсан сайын, ата, сені сағынып кеп,

Тер сіңген төсіңді иіскеп, басылушы ем.

Атама серік болған жорғасы бар,
Мінгізіп сол жорғаға тауға шығар.
Келмеске атамменен бірге кеткен,
Баяғы бал күндерім, қайдасыңдар?

Айырып ажал оғы қимасымнан,
Атамды сағынғанда, тауға асығам.
“Ұлым-ау, адам бол”, – деп жел сыбырлап,
Рухың сыр шертеді, тау басынан.

Алтай
Кербұғыдай керілемін есінеп,
Шығысымды бетке алып...
Біз Алтайда бұлаң қағып өсіп ек,

Жанартаудай жүректерде от жанып.
Алтай асқақ!
Бұйра-бұйра бұлт көшкен,
Атан таулар теңселеді теңімен.

Ақтабанда қоштаса алмай ел көшкен,
Асқар белдер, алтын аймақ, сенімен.
Тағдырың бар, қыраттардай қатпарлы,
Әр тасыңда сыр тұнған.

Ақ бас Алтай әкемдейсің асқарлы,
Анамдайсың жанарыңда мұң тұнған.
...Ата қоныс, бақ таймаған киелі,
«Ағажайлап» ән салған.

Ұлт ұлының саған іңкәр жүрегі,
Өрлігің мен келбетіңе тамсанған.

Сауыр менен Тарбағатай қонақтап,
Зайсан көлге шомылдырдым арманды.
Мұзбалақ жыр қауырсынын тарақтап,
Сенде үйрендім, ақиықтай самғауды.

...Тарихымның қайта оралды өткені,
Сұлу Алтай, таң қалдырды ғаламды.
Сөзбен міне, сурет салдым кестелі,
Марқакөлге малып қойып қаламды...

*** Уақыт – алтын есіл, Түлкі құйрық алдап. Сен де мені кешір, Кетсем көкке самғап. Тұрлауы жоқ жалған, Ұшып-қонған бақыт. Қол бұлғаған арман, Бұлтты кетті асып. ... Ақырзаман жасы, Тоқтамайды сөзге! Өсек болып досы, Жалтақ болар сөзге!.. Кімге керек өкпем, Тірліктің көп өрі. Ғайып болып кетсем, Іздемеңдер мені...

Нұрасылға!
Жанымның жарты бөлшегі,
Қылығың балдай сүйкімді.
Сен болсаң маңым ертегі,

Сағынтып бұздың ұйқымды.
Тараған қаннан бөлшегім,
Бәйтерек болсам тамырлы.
Сендерсің күнім ертеңім,

Жалғайтын мына, әнімді.
Түсіме кірдің тағы сен,
Әкелеп бойға асылып.
Әкеңнің бары, бағы сен,

Сағынып келем тасынып.
Сағындым, ұлым, күлкіңді,
Аймалап қанбай сүйер ем!
Бұзбауың үшін ұйқыңды,

Бейбіт күн қана тілер ем.

Ақ бұлттан кеттім биікке,
Арманға толы құшағым.
Тамыр байлап ем үмітке,
Биіктеп кетті ұшағым.

Жаратқан жаннан тіледім,
Сендерге аппақ, нұрлы жол!
Ла әмин, қабыл тілегім,
Бақытты, бақты, сырлы бол!

Сағындым еркем өзіңді,
Аспандап кетті өлеңім.
Сағындым былдыр сөзіңді,
Құс болып ұшып келемін...

Франкфурт – Астана бағыты,
көк аспанда жазылды. 23-сәуір

Бір түн
Ақ қанат арманға мініп,
Айқайлап, Айға тіл қаттым.
Өлеңді өмірдей сүйіп,

Күлімкөз жұлдызға тыңдаттым.
Ақ мамық бұлтқа жастанып,
Ақ торғын сезімдер жатыр.
Бір сұлу, жанары жастанып,

Ұзақ түн көз ілмей жатыр.
Қиялдар қырға шығып ап,
Қырмызы гүлге сыр айтты.
Түн ғашық тілекті құп алып,

Жағалап барады бұлақты.
Тобылғы желге тербеліп,
Таңшолпан жерге телмірді.
Батырдай ұйқыдан оянған,

Шыңдардың сілемі көрінді.

Көкжиек көз ұшындағы,
Шымылдық айқара ашылды.
Ал үкі ұйқыға құшынып,
Байғыздың даусы басылды.

Шығыстан күн қызарады,
Ай ғашық ұялып қашқан.
Адамдар өз сыйын алады,
Әр таңнан нұрланып атқан.

Сарыжайлау
Сарыжайлау, сағынышым мәңгілік!...
Жүк артушы ек, сарыатанға қом қылып.
Бозторғай-таң шырылдамай аттанып,

Сары жонға көш жетуші еді болдырып.
Сары атандар көрсететін паң қылық.
Сары жайлауда бала өсер ой қуып...
Атан жілік көкпар тартып ағалар,

Бозбалалар ойнаушы еді қыз қуып.
Саба-саба қымыз пісіп жеңгелер,
Жүздерінен тарататын ізгілік.
Бабалардың қоныстары құлазып,

Сары жонда кейде жатар қайғы ұлып...
Асқарларды мекен еткен құлжалар,
Сайысушы ед, көрген жанды таң қылып.
Шыңның басы суретке ұқсас текелер,

Аңшы әкелер кетуші еді жол қуып...
Шағаладай аппақ шаңқан үйлерге,
Күн түстеніп кетуші еді, Ай қонып.
Шаңырақтан жұлдыздарға сыр ашып,

Армандарды ақша бұлтқа қондырып.

Түнгі аспан қиялымды қымталап,
Шолпан туып, көрсететін қыз қылық.
Жеті жұлдыз жер-анаға жерік боп,
Күн-Анамыз таратушы ед, ізгілік.

Ақсақалдар ауыл санап түстеніп,
Бозбалалар ойнаушы еді қыз қуып.
Ауыл сайын, сайран-сауық, биебау
Алтыбақан, атушы еді түн күліп.

Өтпелі өмір өкпелейтін бір демде,
Сырға толы сарыжайлаудың шаттығын,
Бұзушы еді, сарыала алтын күз келіп...
Өркеш-өркеш жоталармен қоштасып,

Ел қайтатын сарыжайлаудан мұңға еріп...

Үміттердің үкілетіп кекілін

Өмір бізді сан тарапқа таратты,
Қайдасыңдар, арман толы алау жас?
Аралаушы ек қызғалдақты алапты,
Қайран күндер, енді қайта оралмас.

Үміттердің үкілетіп кекілін,
Ат қосып ек өмір атты жарысқа.
Бұл тағдырда болмайды екен кешірім,
Шын жүйріктер шабады екен алысқа.

Алау жанған, қайран, біздің от кеуде,
Аңқылдақ ой, айға шабар көңілім...
Тәуба деумен өткен менен кеткенге,
Зымырайсың қанағатшыл өмірім...

Дәурен өтіп барады
Жанары әлсіз Ай сығалап қарады,
Тамшы біткен жылап жерге тамады.
Қызыл-жасыл алдандырып дүние,

Дәурен өтіп барады...
Жұлдыз-ғұмыр, бір күн ол да ағады,
Өмір деген – гүл секілді тозады.
Жанды біткен арпалысып, алысқан,

Жалған өтіп барады...
Жадыраған жаздың қайтар жамалы,
Арыстандай ердің қайтар қамалы.
Маң-маң басып, сары атандай керіліп,

Мезгіл өтіп барады...
Естелік боп өткен дәурен кешегі,
Бүгінгі тал бәйтерек боп өседі.
Диірмендей шыр айналған дүние,

Кезегімен көшеді...

Көңілімнің тарқаған жоқ құмары
Сағыныштың күні мүлдем ұзарды...
Алтай таудан көрмегелі ұларды.
Тағы міне, Ай ғашығын күтумен,

Батыстағы күннің жүзі қызарды.
Ойғырымның атқызбайтын ұлары,
Ұлар құсым, таудың кие тұмары.
Астанада бұлаң қағып жүргенмен,

Көңілімнің тарқаған жоқ құмары...
Қашан айтам, айтылмаған әнімді,
Кім ұғады сырға толы жанымды?
Өмір деген – саңғырығы қарғаның,

Қалай кетем, кір шалдырмай арымды?
Арда көңілім, жиі жүрсің құлазып,
Асау басқа кейде тиіп бұғалық.
Бұл жалғаннан сырласатын дос таппай,

Бақи жаққа кетесің-ау, сыр алып...
Тіршіліктің күйбеңінен шыға алмай,
Үйірінен адасқан сұр құландай.
Жерде жүріп, сағынамын аспанды,

Қапас болып қолға түскен қырандай...

Күз көңіл...
Сарғайған жапырақ сағынышымды,
Сары күз неге ұзарттың?
Жүрегім құстай алып ұшулы,

Тағы да неге құмарттың?!
Мазасыз мына күз көңілдегі,
Ойлардың бұлты көшпелі.
Арғымық мінез іздедің нені,

Арманға ғұмыр жетпейді?!
Ғаламды шарлап дүлдүл қиялым,
Қара жер, саған келемін.
Жаза бер енді жырды миялы,

Қаламұштағы өлеңім...

Бонн түні
Бонның түні, неткен тыныш мүлгіген,
Ай аспанда тербетеді қаланы.
Рейне ағар арнасымен кілкіген,

Гейне жатыр жырға бөлеп даланы.
Жамылып ап түнгі қала желекті,
Жасырады сыр алдырмай өсегін.
Неміс халқы тым еңбекқор бөлек-ті,

Альфа тауда жырын оқыр Гетенің.
Тереземнен гүлдің иісі аңқыған,
Гүл жырыма не дер екен ынтық ел.
Еврей мен орыстарды шарпыған,

Мен өзіңді жек көре алман, Гитлер.
Европа! Тым жайдары, аждаһа,
Арман болған пенделерге ғарыштай.
Алаш пенен Түркістанды ойлаумен,

Бұл жерлерде Мұстафа өткен арыстай.

Бонның түні, жел еседі самалды,
Саф ауаңа кеуде керіп қанбаймын.
Сарыарқама жылқы-көңіл алаңды,
Сағынышпен құстар үнін тыңдаймын.

Германия, Бонн қаласы.
18 cәуір.

Кельн кеші
Кельн кеші, салқын тартты қоңыржай,
Бетховеннің сазды әуені қоңырлай.
Көктем айы белгісі жоқ сәуірдің,

Шілде айындай иісін-ай, жауынның.
Лорелай қыз айналғандай аңызға,
Ертең сәуір айналмай ма тамызға?
Европа ғашық бәлкім Шиллерге,

Менің жаным құмар жастан күйлерге.
Көне қала. Кельн неткен ғұмырлы,
Біздің тамыр отарлаудан жұлынды.
Майн, сенің ұрттасам да суыңды,

Жуа алмаймын батпан-батпан мұңымды.
Қайыршы қыз тартып отыр гитара,
Шерлі әуен, шер боп тиді құйқама.
Негр жігіт өріп апты тұлымын,

Күллі ұрғашы сорып отыр шылымын.

Байлық көрсе, иіс сезер алыстан,
Европа, киімі жұтаң данышпан.
Жақтырмаймын жайсаң жандай күлкіңді,
Ей, Азия, азайтсаңшы ұйқыңды.

Европа-ай, евродай өмірлі,
Алдау қиын, біздің жершіл көңілді.
Кеші думан қимасам да Кельнді,
Желге қарап, аңсап тұрмын белімді.

Германия,
Кельн қаласы, 19-сәуір.

Бетте әжім жоқ, жүрек неге қартайдың?..
Төбесінде хан сарайы күнгейдің,
Ортасында парон жүзген Рейннің.
Ит тұмсығы кірмес орман тау қаптап,

Өмір сырғып бара жатыр тайғақтап.
Тау етегі толған тәтті жүзімге,
Қайран өмір, келер сары күзің де.
Неміс қызы ақшыл сары реңді,

Табиғатты-ай түрлі-түсті кілемді.
Кәрі түрік сатып отыр кофесін,
Кофе ішкен поляк сүртті шекесін.
Қазақ мынау: өңі бар да, қаны жоқ,

Былдырлаған сөзі бар да, әні жоқ.
Көңіл сынды сәулесіндей жарты Айдың,
Бетте әжім жоқ, жүрек неге қартайдың?
Шайырлығым ұстады да шалқайдым,

Арландары-ай, қыңсыламас Алтайдың.

Гүлді-ай, көркем, жақұт алқа тағынған,
Кейбір қазақ рухы өліп шағылған.
Тағдыр-қайық бұра алмас желкенін,
Кельнде жүр бір аруы Меркенің...

Жазыла ма уақыттың жарасы?
Қазақ қызы, көзін сатқан даяшы.
Өзге тілді тез меңгерген қаракөз,
Ана тілін ұмытыпты, қарашы.

Өкініштен өртенеді өзегім.
Бар еді ғой туын тіккен өз елім.
Бақыт деген – қазақ құрған Отаным,
Соны сүйем, сұрамаңдар себебін.

Жүрегімді торлаған-ай, ерте мұң,
Үмітімді тастай алмай ертемін.
Жеті тауға қараймын да жетілген,
Монтабаурда домбырамды шертемін.

Германия. Монтабаур қаласы,
20-сәуір.

Ларь таңы
Тау ұлымын, етін жеген ұлардың,
Жапырағы көгеріпті шынардың.
Белін буып белден асты сыңар күн,

Өлді бір күн, өкініштен жылармын.
Қоңыр кеште, түнге аударды иығын,
Екінті өтті. Ақшам келді ұйыдым.
Лайланса, не істеймін тұнығым,

Аласарса не қылмақпын биігім?!
Жер бауырлап, қараңғылық жүгірді,
Тау құшынып, үкі оянып үңілді.
Гүл тоңады ұяң тартып тым үнсіз,

Тек жарғанат суылдайды тынымсыз.
Өмір-өзен, ажал салған қармағын,
Бір шыбықтың мерт қылған-ай арманын.
Жанарына жас алған-ау, Ай-дағы,

Біздің ұлттың қырылғанда қаймағы.

Кәрі еменнің дірілдейді жүрегі,
Иманы ұшып, ажал барын біледі.
Неміс жері, жасыл орман ішінен,
Сыбырлайды аруақтар сүйегі.

Соғыс дерті кетпесе де жүректен,
Қанға бөккен сол далаға гүл еккен.
Осынау бір қайсар ұлтты сыйлаймын,
Өр рухын баса алмаған қандай мұң?

Мұрын жарған, иісін-ай, сиреньнің,
Сөзге келсем, түзу атқан беренмін.
Түн тыңдады көзі соқыр жырымды,
Таң бозарды, қараңғылық түрілді.

Барыс едім, тағысындай даланың,
Құл екенмін, құбылаға қарадым.
Әсем үнін мен сағындым ұлардың,
Тағы міне, бір таңы атты Ларьдың.

Германия, Ларь қаласы,
22-сәуір

Ильдің бойын жағалап...
Германия – Франция арасын,
Бөлесің де Рейне өзен ағасың.
Немістер мен француздың қабағын,

Сыр білдірмей бағасың.
Көрдім міне, француздың қаласын,
Жалт-жұлт етіп, көздің жауын аласың.
Сұңғақ бойлы француздың «мадамы»,

Аяғыңды әзер басып барасың.
Ильдің бойы саяхатшы қаптаған,
Штрасбург, қалам едің баспаған.
Тарихыңды білу үшін тамырлы,

Кеме мініп, Иль бойымен аттанам.
Анау үйлер, король салған сарайы,
Гүл жиектеп, бауға оранған маңайы.
Сумка асынып, сауда сатқан негрдің,

Неге-неге, мұңға толы жанары?

Қоңырауы соғылады шіркеудің,
(Бісміллаһ, шіркеу көрсем үркермін.)
Саяхаттап келген шығар көп қазақ,
Ең алғашқы ақын мен боп тіркелдім.

Моцарт сазы ауада тұр тербеліп,
Грек отыр, кофе сатып сенделіп.
Бабам сенің мақалыңнан айналдым,
«Атың барда, жүр деген ең ел көріп».

Штрасбург. Көрдім көркем кешіңді,
Европа, кере берме төсіңді.
Кеме мініп, Ильдің бойын жағалап,
Ойлап тұрмын, ерке өзен Есілді.

Франция, Страсбург қаласы.
22-сәуір.

Қоштасу
Неміс жігіті
Александер Болерге
Неміс достар, сыйып кетті құшаққа,

Рахмет! Бізді сондай сыйладың!
Қош болыңдар, біз мінейік ұшаққа,
Қазақпын ғой, мен құшаққа сыймадым.
Бауыр басып қалып едік, бауырдай,

Тілсіз, үнсіз ыммен ғана ұғысып.
Қимастықтың аспаны тұр ауырлай,
Франкфуртте бүгін тіптен күн ыстық.
Жасыл орман, неміс жері көгорай,

Әсем екен қаласы да сындарлы.
Құс сайраумен атады екен таңы ұдай,
Сенде туған түйдек-түйдек жыр қалды.
Жау деп сені, айтар едім неліктен,

Бір-біріне атам мылтық атысқан.
Неміс жері қан сасыса өліктен,
Ата тарих саясаттан шатысқан.
Неткен ғажап, жүрек жарып ән ұшқан,

Шақырады туған өлке алабы.
Алма-кезек дүние бұл ауысқан,
Бізді бөліп жер дөңгелеп барады...

Жалғыздық немесе Аллаһты іздеу
Жалғызсың ба?!
Мен де ойда жалқымын.
Мұңым да көп, сырым бөлек жартымын.

Жалғыз-жалғыз келіп едік жалғанға,
Жалғыз-жалғыз аттанармыз арманда,
Жалғызсырап отырамын қара түн,
Төңірекке қара тілін салғанда.

Маңайымда адамдар жүр қаптаған,
Олардан да сырлас біреу таппағам.
Жалғыздықтың жаяу кешіп аралын,
Тағы міне, жалғыз кетіп барамын.

Бала күннен түскем жалғыз соқпаққа,
Ей, жолаушым, енді мені тоқтатпа!
Осы жолда тоқтағанша жүрегім,
Ең ақырғы сәтке дейін жүремін...

Бір анадан қатар өсіп туғанмен,
Кіндігіңді егіз етіп буғанмен,
Барлығымыз қатарласып жүргенмен,
Бір шаңырақ астына кеп тұрғанмен,

Ғашық болып, өліп-өшіп сүйгенмен,
Оттай лаулап, шоқтай болып жанғанмен,
Айырылмастай дүние-мал жиғанмен,
Тату-тәтті бір төсекке сыйғанмен,

Бір нанды бөліп-жарып жегенмен,
Бір анаға жамырасып көгеннен...
...Жалқы-жалқы ой жүреді жетектеп,
Ана жаққа жалғыз дара кетед деп.

Атағымыз көкті тіреп тұрғанмен,
Беттеріміз жабылады құмдармен.
Білесің бе?
Жалғыздықтан жалықтым!

Жол таба алмай, жөн таба алмай
қамықтым?!
Кімге керек малым-мүлкім, жиғаным,
Керек екен адалдығым, иманым.

Жалғыз-жалғыз аттанамыз бақиға,
Ажал деген қарамайды жақынға!
Өлім деген бір Алланың қақпаны,
Құтқара алмас, ағайын да, досың да!

Бұл фәниде сүрсең де өмір ғаламат,
Шыбын жаның бір Аллаға аманат.
Өлгеннен соң азық болар сауап жый,
Құран оқы, намазға ұйы жамағат!

...Іздеп-іздеп таптым оның дерегін,
Құранда екен менің барлық керегім.
Жалғыздықтан құтқаратын ҚҰДІРЕТ –
Алланы іздеп келемін!

Қазақстан – қыран ұшып барады...
Әлімсақтан айналғансың аңызға,
Тарихың бар таңбаланған тастарға.
Далаң толы әулие мен абызға,

Арғы тегім ғұндар менен сақтарда.
Мекен еткен Азияның кіндігін,
Қолымызда дүниенің тұтқасы.
Түркілермен тамырымның бірлігін,

Әйгілеп тұр Күлтегіннің көк тасы.
Қайсарлық бар Заринаның назында,
Ер Атилла, қанша жауды үркіттің?
Шежірем бар Фарабидің сазында,

Қобызында тағдырым бар Қорқыттың.
Ойран болған Отырарым орнында,
Ар садағам, малым түгел жиғаным.
Алла аузында, Мұхаммедтің жолында,

Яссауи мұсылмандық иманым.

Бабамыздың бәрі шешен, көсемнен,
Ерін салған жүйрік пенен жорғаға.
Керей менен Жәнібектің көтерген,
Ақ боз үйі айналды Ақ Ордаға.

Қобыз ұстап, Қотан жырау ән салған,
Баба салтын, бал қымызын үзбеген.
Асан Қайғы желмаяда тамсанған,
Жерұйық жер осы міне, іздеген.

Қарға бойлы Қазтуған мен Марғасқа,
От жырымен қылыш ұстап, қан төккен.
Қасым ханның қасқа жолы жалғасса,
Шалкиіз бен Ақтанберді ән төккен.

Тәуке хандар бағындырған даланы,
«Жеті жарғы» киіз кітап заңыма.
Бабаларым һәм сауатты, саналы,
Арулардың дақ түспеген арына.

Біздің халық-бәйтеректей мәуелі,
Үш биім бар – ынтымақтың тұтқасы.

Болмағанмын әуелден-ақ дау елі,
Аталы сөз айтылады қысқасы.
Жығылмаған Абылайдың ақ туы,
Баһадүрлер найзасымен көк тілген.

Бұқарлардың күмбірлеген жақсы үні,
Бірлігіммен босағама бақ кірген.
Махамбет пен Кенесары ер еді,
Бодандықтың құрығына көнбеген.

Гауһар қыз бен Бопай ару өр еді,
Ел қамы үшін ат үстінде ерлеген.
Ел ұмыта ма, Исатай мен Сырымды?
Ізбасары – Амангелді, Бекболат.

Елдік үшін қаншама ер қырылды,
Намысы алмас, үзеңгісі бес қабат.
Кеңестердің келемежін тоқтатқан,
Ойлы, оқыған арыстары Алаштың.

Түк қалады аунағанда жақсы аттан,
Өтетінін білгенсіңдер «қараш күн».

Қайсар ұл-қыз азаттықты аңсаған,
Ызғарлы қыс, ерлікпенен тұншықты.
Еркіндік деп барша әлемге жар салған,
Желтоқсанда қар астынан гүл шықты.

Ойланамыз ғасырларға көз салып,
Тарихым бар, толқымалы тағдырлы.
Қазақстан жылдан-жылға нұрланып,
Атағымыз ғаламшарға жаңғырды.

Бүгін міне, тәу етеміз тәубеге,
Еңселенді, еркіндікте ұлысым.
Жазылады жараланған сау дене,
Жоғалмасын бірлігім мен ырысым.

Қарағанда келбетіне таң қалып,
Күміс көлге Ай сәулесі тамады.
Қанатына алтын Күнді қондырып,
Қазақстан – қыран ұшып барады...

Бүгінгі поэзия Қолымда ақиық қыраным, томаға сыпырдым, Қағушы шулайды ой-қырдан. Баптаған құсымды ақ ауыз арланға түсірдім, Мен де бір аңшымын, сөз қуған... Жазу өнерінде сөзді қуып жүргендер көп. Бірі ақын, бірі жазушы, бірі публицист, бірі зерттеуші ғалым дегендей. Ендеше бұл сөз қуған аңшы кім болды екен? Және ол өнерде қандай мерген? Ол жалғанды – үрге, жастықты – құлынға, ғұмырды – жұлдызға, дүниені – қобызға, уақытты – серіге теңеген жан екен. Қара жерге біткен жанды нәрсенің бәрінде кие мен қадір бар. Жердің өзі тірі. Оған шуағын төгіп тұрған Күн де тірі. Қара топыраққа біткен жасыл желек, тал-ағаш, өсімдік, аңжануар, адам, су, қыбыр еткеннің бәрі тірі ағза. Күн энергиясынан жылу алып, өмірін жалғастыратын материя атаулының бәрі де Алланың мүлкі. Өр Алтайдың Хобдасынан шыққан салиқалы сағыныштың үні талмай тарихи атамекенге жетті. Дүниенің қай бұрышында жарық әлемнің есігін ашсаң, саған сол жердің суы мен нуы қымбат. Өзегіңді

өртейтіні, алыста жүрсең де сол топырақтан
нәр алғандықтан тартып тұрады. Демек,
қара жер өзінен ұзап кеткен бел баласын
қимай ма, әлде адам сол топырақтан күш-

қуат алып тұра ма?
Мен туған тауды көрсең-ау, шіркін, құз еді!
Бесбоғданың етегі-басы мұз еді.
Тоғыз көлдің қаздары қайтқан қаңқылдап,

Біз кеткенде күз еді...
Ортасай жайлау... апам жаяр өресін,
Қозы көгендеп, желі бауын керетін.
Қаракөл беті аққу-қаздардың әні боп,

Таңменен түлік өретін.
Қаракөк едім, жүйрік кетпеген тақымнан,
Қара өлең едім, бақыт ұшпаған басымнан.
Қазақтың салты балалығымнан бойымда,

Қаныма сіңген жасымнан.
Шың етегінде Шаңбақкөл жатыр, әсемді,
Ақсайдың сайы көкорай шалғын әсерлі.
Ақсайда жатқан, Сарыкөл, сені жек көрем,

Жұтқансың есіл әкемді...
Арқар мен құлжа, тауешкі толған құз-далаң,
Шыңдарың қандай, тәкаппар қыздай сызданған.
Бабадан қалған қазақы дәстүр бір сенде,

Заманның сеңі бұзбаған.

Сағыныш кернеп жүректі талай айырды,
Үш Ойғыр, өзің туғансың мендей шайырды.
Төрт ұрпақ түлеп, біздерден қалған Бесбоғда,
Сіздерге болсын қайырлы...

Сіздерге болсын қайырлы...
Иә, ә дегеннен кімді сөз еткім келгенін
біле қойдыңыз. Ол өзі айтқандай, Ойғырдың
сырбаз шайыры – Ербол Бейілхан.

Шайыр болғанда да сағыныштың сар
дірілінен үзіліп түскен жырларымен со-
нау тұнығы шайқалмаған, құрағын тұяқ
таптамаған, жасыл майсасына дақ түспеген,

сіз бен бізді қазақы болмысымызға жетелеп
алып кететін сиқыры бар. Оның жырлары
өркениеттің «тұншықтырғыш» тұзағынан
аман қалған санадағы қазақтың бейнесін,

танымын суреттейді. Оның жырлары өзін
ғана емес, біздің де тарихтан жүріп өткен
жолдарымызды дәріптейді. Көненің жаңа
дәуірге қадам басқан кездегі көңіл-күйдің

дағдарғанын,
ішкі
болмыстың
қазақи

қалпын темір-техниканың талабына қалай
орайластырамын деген алаң көңілдің еліктей
үркектегенін
сезінесіз.

Неге?
Өйткені,
Ақынның жырларынан қанымыздағы Жа-
ратушы

сыйлаған
ұлттық
ерекшелікті
жоғалтып алмау керектігін ұғынасың. Ар-

хаикадан бүгінгі күнге ұласқан тіршіліктің толғауын, қазақ деген ұлттың ескі мен жаңаға алмасу кезеңіндегі психологиялық құбылысын қараңыз. Жүйрік міну, бұл күнде арман әнім, Бота тірсек, сұр жүйрік қайда қалдың? Тақымымды бұл қала аштырмайды, Астымдағы «Lexus» айдағаным. Немесе: Көрмейсің қаладан ақ таңның атқанын, Білмейсің қалада күн қалай батқанын. Тым зәулім үйлерді көрсетіп мақтаймыз, Ішінде өз бөлмең, қуықтай шап-шағын. – дейді. Беу, дүниенің тарлығы-ай! Табиғаты сұлу өлкенің төсінде өcкен адам ғұмырының жеке-даралығы, оқшаулығы, еркіндігі мен асаулығы құжынаған мекендеушілері көп ортаға түскен кезде не болмақ? Арман арқалап қана емес, жан тазалығымен келген тағдыр иесінің алдында үлкен үкім күтіп тұр. Ол үкім – Алла мен Өмірдің сынағы. Неге екеуі екі бөлек сынақ дейсіз ғой. Меніңше, адам баласына күн сайын Жаратқанның тарапынан сынақтар жіберіле бермейді. Ол ұрымтал тұсты іздеп, сізге тұтқиылдан келеді. Сондықтан, дайын

болуыңыз керек. Ал, Өмір деген ұғымның
аясында өтіп жатқан әрбір секунд-ажалыңыз
сізге зымырап келеді. Сол өмірді саналы
да сапалы ету сіздің құзырыңызда. Демек,

көптің ортасына келдіңіз. Жан, Ар, Діл, Рух,
Болмыс сияқты ірі-ірі ұғымдарды таразыға
саласыз. Жанды – тәннің қызығына, Арды

– ақшаға, Ділді – немқұрайдылыққа, Рух-

ты – опасыздыққа, Болмысты – тексіздіктің
тегершігіне теңгеріп бере салмай, ақын
айтпақшы:
Жұлдыз ғұмыр, бір күн ол да ағады,

Өмір деген гүл секілді тозады.
Жанды біткен арпалысып алысқан,
Жалған өтіп барады...»

– дегеніндей, сынақтардан өтуің тиіс.

Талқыға түскен ақын болмысы тіршіліктің
сүзгісінен
сүрінбей,
көлеңкелі

сәттің
көсемшісі болмай, сәулелі шақтардың
шырақшысына айналуы шарт. Өйткені,
өмір

сауда
емес.
Рас,
мегаполистің

қатал заңдылығының бірі – өмір сүруге
қажеттінің бәрін алуға күш-қуатың мен
қабілетің толық жетуі тиіс. Бірақ, осының
бәрі не үшін деген сауалмен жан ауыртып,

тылсымның тамырына ой жүгіртпесек, кім

болғанымыз? Дүниеге келерде сұрау белгісі болып, ал кетерде өлі нүкте болып бітсек, басты мақсат осы ғана болғаны ма? Алып шаһар қашанда жүректерді шайлықтырады. Демек, ақынның көңіл-көзіне, жүрегіне Өмір қалай ізін қалдырыпты? Не сезініпті? Қашан айтам, айтылмаған әнімді, Кім ұғады сырға толы жанымды?! Өмір деген – саңғырығы қарғаның, Қалай кетем, кір шалдырмай арымды?! – деп ағынан жарылады. Бірде даланың тағысы, бірде осы заманның «Асанқайғысынша» аһ ұрады. Ой мен көкейдегі беренін Жыр атты әлемге кезеп жүргенін бәлкім өзі де аңдамаған болар. «Тоныкөк, Білге, Күлтегін бабалардың ұрпағымын, ғасырға кеткен есем бар» деп күңіренеді. Сонау Түркілер заманындағы тектіліктің будандыққа ұшырамай, асылдан қалған ұлдың сөзіне құлақ түріп көрейікші бір сәт. Көмейден шыққан жырда Сіз бен Біздің көктүркілік рухымыз атойлайды. Ғажап! Үр жалған, түлкінің ізіндей шиырлы, Абадан жүрегім қайтпаған.

Жазбаған жырларым шимайлап миымды,
Ойлардан шаршадым қаптаған.
Саумал-жыр сарқылмас көнегім,
Аяқтап, ішем де толтырам.

Дәл тиіп, ой-аңға сөз деген беренім,
Қанжығам майланып отырам.
Ерболдың жырындағы ерекшелік неде?
Қолтаңбасы қандай? Жырында жанның

шөлін тарқататын шипасы бар ма? Сіздегі
дертті дөп басып, шер атты кермиық
нәпсіңізге басуын айта ала ма? Өлең атты
тәкаппар өнердің өрнегіне не ою қосыпты?

Оған Ойғырдың өз перзентін сөйлетіп
көрейік.
Құс келетін сағынамын көктемді,
Өмір – cұрақ, леп, үтір, көп белгі...

Оқыған жан қолтаңбамнан танитын,
Мен өлеңге қоям дара нүктемді,
немесе,
Жазамын боямай, өмірдің наласын,

Асығып жастығым, ей, қайда барасың?!
Мен-таулық, түн жортқан бөрінің
тұқымы,
Сыр бермей жазатын жүректің жарасын,

– деп сабырға бекінеді.

Поэзияның кеңістігінде көркемдіктің көркін ашуда өзінше тың сүрлеумен келушілерге қашанда сұраныс бар. Оның орны толастамақ емес. Себебі, нәрлі жыр – жан азығы. Төбемнен ауып барады тағы бұла күн, Бұла күнге еріп, ақ арман, сені қуамын. Көңілдің көркі несіне төмен құладың, Бір күнім өтті, жыладым. Қараңызшы, көңіл қарашығындағы үзіліп түскен шықтай, мөлтілдеген жыр. Әдемі. Өлеңге таласы барлар кейде сөзді дәріптеймін деп дәмін қашырып алады. Көпірме, лепірме, күшейтпелі теңеулерге жармасып, сұлулықтан жұрдай болып шыға келеді. Әлем-жәлем киінген сылқымның сәні кеткен кездегі сиқындай жырлары, көп өтпей-ақ өзінен бұрын «қайтыс» боп кетіп жатса, өзінен көрсін демеске лажың жоқ. Күні кешеге дейін шындықты сол шындықты сүйгіш жандар ғана көтере алады деп ойлайтынмын. Жоқ, сөйтсем сол шындық пақырыңды бетке айтқан кезде ренжіп, ашуланып қалса да уақыт өте келе сабасына түсіп, өзінің қате кеткенін мойындайтын адамдардың ғана сүйетінін түсіндім. Ал сол

күйі айтылған шындыққа өкпелеп кеткендер –
өз арының алдындағы шындығын мойындау-
дан қорқатын әлсіздердің ісі екен. Ақын бұл
тұрғыда қандай шындықты жайып салады?

Және болмысы күншілдік пен күңкілге үйір
жандардың осыны мойындауға дәті жете ме?
Жардың шетін құлатады су іліп,
Көл бетінде қаршыға ойнар қу іліп.

Қазанатты табалайды есектер,
Анда-санда шалыс басса сүрініп.
Шөлге жаумай бара жатыр бұлт өтіп,
Төңірекке түн келеді ұйқы ертіп.

Азаматты көре алмайды жаман дос,
Қалыс басса, миығынан мырс етіп.
Жыртқыштығы қызықтырмас тұйғынның,
Ұзақ жасы кімге керек құзғынның.

Орман толған күншілдердің мекені,
Әсем даусын қызғанады бұлбұлдың.
Кешкі іңір, шайтан күлер шарқылдап,
Жырларымды, тұрады ылғи Ай тыңдап.

Көк патшасы қыран қонса төбеге,
Жердің сұмы, қарға күлер қарқылдап.

Құлыншағын көргенім жоқ бұланның,
Аяқтарын көргенім бар жыланның.
Диірмендей дүниеде бақ тайса,
Құлағында құрбақа ойнар құланның.

Алшысынан иіргенмен асықты,
Кім тоқтатар зымыраған уақытты.
Жаралған соң табиғаты дара боп,
Биігінде өлген қыран бақытты!..

– дейді. Бәрекелді!

Өнерді қанша жерден құдіретті деп
өбектесек те, оның да күннің көзінен қуат
алатын өзге жаратылыстар сияқты, ақша
деген «зарядкадан» қорек алып отыратыны

бар. Өнер ақшаның үстінде жалпайып отыр.
Бірақ, сол ақша болмаса өнерің де ешкім бол-
май қалады. Яғни, өнердің өлшемі шынайы
бағасын ала алмайды. (Ең қымбат картина,

ең қымбат гонорар төленетін актер-актриса,
кассасына миллиардтаған қаржы түсіретін
фильмнің режиссері, кітабы пәленбай ти-
ражбен шығатын ақын-жазушы, тағысын

тағы дегендей). Демек, жырдың да бағасын
беретін өткір өлшем бар – ол оқырман.
Ал жырдың өміршең болуын ақынның өзі
айтпақшы сері-уақыт «талғампаз» атты

диірменіне аяусыз лақтырып жібереді. Су-
рет өнерінде натюрморт деген жанр поэзия
тілінде де оқырманның жадынан кетпес
картина сала алады. Нанбасаңыз, қараңыз.

Жүрек көзі... жарқ етті,
Төбет ойым манқ етті.
Қыран көкте санқ етті,
Қарға жерде қарқ етті...

Оқ атылып тасадан,
Аққу сезім жалп етті...
Түлкі-өмір қашады,
Бөрі-ғұмыр босады.

Торғай қуып масаны,
Маса таппай тасаны.
Ажал-мерген қолына,
Мылтық алып тосады...

Ақын шаттанса айнала аппақ нұрға
бөленеді, қапаланса түсі суық сұрқай
жел мен ызғардың лебін сезеді. Қуанса
қызыл-жасыл

әлемнің
жымыңдаған
«кемпірқосағын» көреді. Көңілі тасыса
шарықтап көк аспанға кетіп қалады. Ал

мұңайса жерге оралып сары күз мезгілге
наз айтады. Құс-көңіл ақынның мезгіл
мен сезім бояуларын анық та қанық көруі
заңдылық. Олар оны сезінбесе, мына

жалғанның сұрқай келбетінің мәнісін кім
безендірмек?

Ақын мен күз. Осы сары мезгілді жыры-
на жыр етіп қоспаған ақынды ақын емес
десек, ешкімнің өті жарылып кете қоймас.
Әдетте «пәленше тамыздың тозғанын

көріп, күздің үнін естіпті. Жаз жайлаудың
қызығы бітіп, жоннан үркіпті» деген
метафоралық теңеуін жай сөзбен жеткізіп
көрсінші, қалай қабылдар екен? Демек,

табиғатты поэзиямен әсірелеу, сағыныш
пен күзді ажырамас бойтұмардай етіп
жырға қосу ақынның ғана қолынан келеді.
Жыл ұлдары бақталасып қалды да,

Қайтқан құстың қанатында күз өлді.
Күзді көміп... жыл құстарын ұзатып,
Шөпті сүйіп, жерге сіңді бұла шық.
Керуендей қаздар қайтып барады,

Қанатынан сары сағыныш құлатып.
Ерболдың жырында қазақтың тұрмыс-
тіршілігіндегі ежелгі сөздерді «ақпанның ақ
өлеңімен» ортамызға әкелу, оны бүгінгінің

ғаламторымен оқырманға қауыштырудағы
үлесі мол. Тұтастай ата дәстүрден коллек-
ция жасаған суреткер дерсің. Бабалар мен
ұрпақтар арасына алтын көпір іспетті бай-

ланыс орната алған. Айталық, ұлар құс,
бұлаң қағу, сұр құлан, бұғалық, арғымақ

мінез, дүлдүл қиял, бура бұлт, мұзбалақ жыр,
баһадүр, ақсұңқар, қазанат, жорға сөз, күміс
күйме, құлжабас, қыран, барыс, арыстан, ар-
лан көз, торғын кеш, барқыт түн т.б. теңеулер

– Ербол поэзиясының негізгі ұстыны. Бұған

қоса, ақын сезім тақырыбын да майса
желдің мамығындай әуелете қалықтатқан.
«Ай бетіне атыңды айтып хат жаздым, Бура
бұлтқа мінгізіп...» немесе:

Бақыт бар ма мөлдір тұнық сезімдей,
Түні бойы сені ойлаймын көз ілмей.
Ғаламтордан қиыласың әдейі,
Ғаламдағы жалғыз ару өзіңдей...

– деп, бүгінгі күннің жетістігі мен ғылым-

білімнің
қарыштағанын
айғақтайтын
Ғаламтордың да сезімге кедергі бола алма-

сын жырына арқау еткен. Қайта Ғаламторды
игілікке пайдаланса, оның өзін Поэзия
«ХХІ ғасырдың аса бір пайдалы құралы»
болғанын келешекке айтып қалдырады емес

пе?! Кезінде сарайдағылар байланыс пен хат
тасымалына көгершін құстарын пайдалан-
са, біздің заманда Ербол айтпақшы «агент»
деген ауыл бар. Интернет, ұялы телефон

сынды технологияның өзін Жыр елі тарих
көмбесіне тоғытып жіберсе, оның еш айыбы
жоқ.

Ақын сүтті жырларының қаймақты шағына
жетті. Айтары таусылмақ емес. Ол енді
қаймақтай дәмді жырларын қазақ поэзия-
сына әкеліп қосуы тиіс. Жырға адалдығын

жоғалтпай кемелді келешектің көкжиегінен
ақ өлеңдерімен шұғыласын шашса, Уақыт-
аңшының батасын алғаны болмақ.
Уақыт аңшысы, құрғанмен қақпанын,

Қақпанды баспаймын жетелеп басқа мұң!
Қош келдің, ақ ақпан, өлеңнің әлемі,
Ақша бұлт кезеді шайырлар аспанын.

Айнала аппақ нұр, ақынның арындай,
Шұғыла саулайды ақ маржан лағылдай.
Ақынның мінезі ақпаннан аумайды,
Көңілі аппақ қар, өлеңі дауылдай.

Ақ өлең, ақша қыз, жалт етіп қарады,
Ақ аспан Ай үнсіз, жұлдыздар жанады.
Ақ түнде ақбоз ат мініп ап, арманға,
Ақындар тау жақты бетке алып барады...

Жансая СЫДЫҚБАЙ,
Астана қаласы. 19.11. 2011 жыл.

МАЗМҰНЫ І Бөлім Ой – теңіз, сөз – қылыш, алдаспан Іңір Күз-көңіл Күзгі қолтаңба Әжімсіз жүрек Рухы арып көрмеген Мен Ұршық-дүние... Сөз Парыз Ой – теңіз, сөз – қылыш, алдаспан Бәрі де алдамшы Бір күнім өтті Біз туған ақпан Ереймен Жазира ойлы, назира жырлы, ұланым! Қайыртпай кеткен қыран ең... Тектілік Қобыз дүние Аруана Бір дүнием бар Күншілдік Ана Қазақ қызы Қараша Жүлде алғым кеп, өмірдің бәйгесінен Көңіл иірімі Күн өтіп, айлар ауысар Теңізді аңсау... ІІ бөлім Сыр сандық «Жанымның таба алмас емін...» Сағыныш «Ойда жоқта, кездестің де, ойға салдың ағаңды»

Көгершіннің хат жаздым қанатына
Сенің демің...
Қар жауып тұр
Түнгі өлең...

«Сағыныштан еріп жатыр жүрегім»
Аспанда Ай дара
Құс жылаған...
Кәрі қыздар

Кейіпкер
Мені ойла
Жассыз жылау
Ғаламдағы жалғыз ару өзіңдей

Сені ғана сүюменен
Сезім кілті
«Ғажабым болдың – сен»
Сені іздедім

«Сыр ашады жанарларын қадап Ай»
Ұлы сезім
Не дер екенсің, қарағым!
Бисмилла, Аллаһ сөзі ұнатқан

Назым-ау!
«Бұршақсыз көңіл көгені»
«Сен түннің сырласы едің, күнді іздеген»
«Алғашқы қар. Қансонар. Түлкі дейсің!»

ІІІ бөлім
Мен де бір аңшымын, сөз қуған...
Мен де бір аңшымын, сөз қуған...
Құрық тиді, күз деген күреңіме...

Күн өледі... қызыл бояу жағып ап...
Қойшының әңгімесі
Сіздерге болсын қайырлы
Көңіл-тазы қуады жүйрігімен

Жалғыз арша
Қылмыскер...
Бір күн
Құлын – жастық

«Азаяды-ау, жас ұлғайып, мәз күнім»

Әже Ұлар-өлең Дөнгелек дүние Ата, сені, сағындым Алтай «Уақыт – алтын есіл» Нұрасылға! Бір түн Сарыжайлау Үміттердің үкілетіп кекілін Дәурен өтіп барады Көңілімнің тарқаған жоқ құмары Күз көңіл... Бонн түні Кельн кеші Бетте әжім жоқ, жүрек неге қартайдың... Ларь таңы Ильдің бойын жағалап... Қоштасу Жалғыздық немесе Аллаһты іздеу Қазақстан – қыран ұшып барады... Бүгінгі поэзия

Ербол Бейілхан Әжімсіз жүрек... Редакторы: Б.Исаева Техникалық редакторы: Е. Жаубай Беттеуші-дизайнер: М. Тоқжұманов Суретшісі: Е.Өксікбаев ▪ Басуға 03.05.2012 қол қойылды. Пішімі 70×100 1 ∕32. Қаріп түрі Таймс. Қағазы офсеттік. Сандық трафареттік басылыс. Көлемі 10 баспа табақ. Таралымы 1000 дана. №001 тапсырыс. Бағасы келісімді. «Профи Медиа» баспасында беттеліп басылды. Мекен-жайы: Қазақстан Республикасы, 010000, Астана қаласы, Есенберлин көшесі,13-үй Тел.: (7172) 57-30-78, факс: 38-32-60 ________

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙