TELEGEI

Home

Америка әсерлері

Мұхтар Әуезов

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Америка әсерлері

Қазақтың заңғар жазушысы, қоғам қайраткері Мұхтар Әуезовтің шығармашылығы XX ғасырдың қайталанбас құбылысына айналды. М.Әуезов шығармаларында халықтың тыныс-тіршілігін, арман-мақсатын, тарихи болмысы мен бүгінгі келбетін көрсетіп берді. Алғашқы жылдары жазылған көркем туындыларында елдің тұрмыс-т...

Жолжазбалар мен очерктер

ЖОЛЖАЗБА ОЧЕРКІ

Биылғы жылы февраль ортасынан марттың ортасына дейін мен Америка сапарында болып қайттым. Айға жуық аралаған Америкадай мемлекет жөнінде көрген мен білгенді, аңдаған мен алған әсерді, жалпы басқа келген кейбір ауық-ауық ойларды да өзіміздің оқушыға өзімше айтып беруді міндет санаймын. Тек осы жайға кірісуден бұрын үш түрлі жайдан өзіміздің ардақты оқушылар алдынан өтініп алу мақұл деп білдім. Мен өзім жазатын сөздерімде өзіміздің оқушының білгендеріне, сезіп-танып жүргендеріне аз да болса қосымша боларлық жөн-жосықтар баяндай түспекпін. Америкаға барып-көріп білген оқушы сол өз көргеніне менің көрген-сезгендерімді қоса түссін. Америка жайын оқып білген кей достар оқыған мен танығанына менің де тоқып-танығанымды жалғай түссін, Американы ғылымдық жолмен зерттеп біліп жүрген кейбір мемлекеттік, қоғамдық, шаруашылық жайларды, өнер, мәдениет күйлерін ғылым жолымен зерттеп біліп жүрсе, біздің кейбір көзбен көрген, құлақпен естіген күйлерімізді, көріністерімізді өз деректеріне тіркей түссін. Міне, Америка әсерлерін жазудағы ең бірінші еске салар, оқушыдан өтініп өтер жайымның бірі осы. Екінші жай: менің бұл жазатыным тек көргеннен, көзбен көргеннен алған тікелей әсерлер ғана. Ең әуелі мен саяхатшы емеспін. Жазатыным саяхатнама да емес. Ол аса жауапты талаптар қоятын жайлар болар еді. Себебі саяхатшы (путешественник) деп аталатын қауым бір өлке, не бір мемлекет, не бір халық ішіне ұзақ заманға барып, жан-жақты барлық болмыс жайларды сан саладан көп ғылымдар құралымен, баппен ізерлеп танып шығушылар болар еді. Олар жазатын еңбек те саяхатнама болғанда, оқушының білімін байытатын көп сала ғылымдардан көп тың жаңа табыстар тауып, жалпы мәдениет тарихын кеңейте, байыта түсетін еңбек болар еді. Саяхат деп сондай жүрісті, саяхатнама деп сондай жүрістен туған еңбекті айтса керек еді. Ал менің жазарым ол емес деп оқушыдан өтінетін үшінші тағы бір себебім бар: ол — Америка Құрама Штаттарының өз ерекшелігінен туатын жай. Ең әуелі бұл аса зор ұлы мемлекет. Оның мәдениеті кем қойғанда, тек бергі америкалық дәуірін санағанда, екі жүз жылдан астам тарихы бар мәдениет. Ондағы тарихтық, мемлекеттік, қоғамдық аса шебер техникалық өндірісті мәдениет, ғылым, көркемөнер -бәр-бәрінің ұзақ өскелең алуан-алуан ерекшеліктері, қайшылықтары, даму-өрлеу заңдары қым-қуыт қиын дүниелер. Американың қалалары мен көп штат өлкелерінің бүгінгі құрылыс барыс-қалыптарының өзін алғанда да аз аралаған жолаушыға оңай таныла қоймайтын қат-қабаттар, қатпар-қатпар бар. Сол себепті жиыны бір ай ғана жүріп, біраз ғана көріп өткен күрделі, көбеген дүниені білгір кісі болып сөйлемек те емеспін. Бұл жөнінде қысқа айтатын зерттеуші ғалым боп та, Америка тіршілігінің белгілі саласының маманы боп та жазбаймын. Қолдан келгенше соның бәрінің орнына көзбен көргенді, құлақпен естігенді, тікелей сезіп, төтелей ойлаған ойларды (көргеннен, естігеннен туған, төтелей туған ойларды) жай жанды, жұпыны ғана әңгіме етіп бермекпін. Бұл әңгімелерден оқушы нақтылы дерекпен мен сезгендей сезім, әсер аларлық дәрежеде жаза алсам, әзірге мақсат та сол дер ем. Енді осымен, құрметті оқушы, қадамымызды Америка жағасына қарай басайық.

Вашингтон Атлантика мұхитынан ұшып өтіп, Америка жағасына жеткен соң біздің ең алғаш қонған жеріміз Нью-Йорктің халықаралық қатынастар аэропорты Айдл-Уайл болды. Нью-Йорк қаласынан бір сағаттық жолда жырақтау орналасқан аэропорт бар мемлекеттердегі аэропорттардан көп өзгешелігі бар өзінше бөлек, ерек бір көрініс аңғартты. Америка Құрама Штаттарын еске алып, ондағы Нью-Йорк қаласын атағанда, жырақтан көп жайы оқшау, өзгеше сезілетін кесек бір келісім осы аэропорттың өзінен аңғарылғандай. Шын-ақ Нью-Йорктің халықаралық қатынастай мекен-жайының өзі дерлік. Мұнда бір емес, жиырмаға жуық аэропорттар бар. Әрқайсысы әрбір үлкен компанияға тиісті. Сол көп компанияның бірі — бізді Америкаға апарған Скандинавия компаниясы — "САС" компаниясы. Сол сияқты Француз компаниясы, Голландия, тағы басқалардың халықаралық қатынастар түзеген әуе жолдарының ірі компаниялары осы Айдл-Уайлда өз аэропорттарын салған. Американың өз ішіндегі әлденеше компанияларының аэропорттары, әрине, және осында. Сөйтіп, әр бөлек қоғамдар салдырған көп аэропорттар кең-байтақ бір өлкеге орналасқанда жалпысына ортақ өзінше архитектуралық бірыңғайлау дерлік ұқсастық бар. Әр аэропортта екі-үш этаждың бәрінің қатарында автомобильдер жүріп жатады. Әрқайсысында шынылы, жарығы мол ұзын-ұзын залдар, холлдар, әр тарапта, көп мүйістерде мол-мол магазиндер, көп кісілік ресторандар және әсем, көркем жиналған кабинеттер көп. Автомобиль жолдары терезелер алдынан, бірінші этаждағы тәрізді, екінші-үшінші этаждағы залдардың терезелері алдынан да жүйткіп өтіп, жосып жүр. Кейін осы аэропорттан Калифорнияға қарай ұшқанымызда байқаған тағы бір өзгеше жайды атай кетейін. Бізді шығарып салған жұртпен жақсы сәнді бір кабинетте ұшар мезгілді тосып отырғанымызда, бізге келіп, енді жүруге болады деген хабар айтысты. Біз отырған кабинеттің едені қызғылт түсті кілемдер еді. Сол кілемдерді басқан бойда ауыз бөлмеге шығып, сондай кілемдер үстімен коридормен жүре беріп, енді бір сәтте бізді Калифорнияға алып ұшатын лайнердің ішіне кіріп, соның кілемін басып келе жатқанымызды бір-ақ аңдадық. Оны да алдымызда киімдерімізді алғалы тұрған екі стюардесса қыздың үстіндегі формасына қарап қана таныдық. Байқасақ, кейбір қымбат самолеттерге мінетін пассажирлерді аяғын жерге тигізбей, далаға шығармай, көркем зал, кабинеттерден самолет орнына бір-ақ апарып кіргізетін жағдайлар болады екен. Оны осы Айдл-Уайлдың екінші бір аэропортынан көрген едік. Біз, тегі, бұл жолы Нью-Йоркке соқпақ емеспіз, тек құр ғана самолет ауыстырып, Вашингтоннан шықпақпызды. Сондықтан сол аэропорттың өзінде екінші бір компанияның аэропортына бардық та, Вашингтонға баратын самолетке міндік. Осы самолеттің ұшуға әзірленген, ұшып көтерілген шағына шейін Айдл-Уайлдың жалпы кең қондыру, ұшыру майданын көрдік. Байқасақ, сан самолеттер келіп қонып жатып, сол минуттардың, секундтардың ішінде әлденеше самолеттер көтеріліп ұшып жатады екен. Тек бізбен бірге сол біз ғана ұшатын аэропорттың өзінің алаңдарында он шақты самолет іркес-тіркес ұшып жатты. Самолеттердің бірі үлкен, бірі кіші. Араларында жетпістен аса адам алып ұшатын біздің ТУ, ИЛ-18 тәрізді лайнердің өзі аз емес. Самолеттер ұшатын жолдарымен біреуі баяулап, біреуі ағызып жүріп жатады. Кейбіреулер қалықтап, жаяулап барып-барып біраз шаққа қалтиып, қозғалыссыз тұрып қалады. Содан кейін ағыза-зырлай, оқтай зулай жөнеледі. Бейне бір үлкен теңіз түбіндегі әр алуан, әр атаның ұлы балықтар, жайындар теңіз түбінің өзгеше айуанаттары тәрізді. Біріне-бірі жылжи тақай келіп тұрысып, бір кішілеуі жүйткіп өтіп, кейбір үлкендері қалғығандай мелшиіп, бір сәт тұрып қалып, енді бірде үнсіз ағыза жөнелетін тәрізді, сондайлық теңіз жүзіндей, не теңіз түбіндей ұшып-қонысқан, сүңгіп шүйген мол әлемнің көп өзгеше жәндігі өз қимыл-қозғалысын, барлық болмысын аңдатады. Осындай ұшу-қонулар жоғары атаған бір Айдл-Уайлдың жиырма шамалы аэропортының бәр-бәрінің тұстарында айқыш-ұйқыш, ерсілі-қарсылы өтіп жатыр. Айдл-Уайлдың аты да қазақ құлағына өзінше ойда жоқта қызық естіледі. Сөз мәнісі үйлеспесе де, сыртқы дыбыс бойынша естілу қалпында Айдл-Уайл — айдын ауыл тәрізді естіледі. Ал сөздің мәніне қарағанда, бұл бір есіз алаң деген ғана жер аты екен. Ал халықаралық қатынастың үлкен елінің бірі Америка Құрама Штаты болып, оның ең үлкен қаласы, әлем жүзіндегі ең үлкен қала — атырабымен санағанда 14 миллион халқы бар Нью-Йорк болғанда, солардың осы жағаға жаңа келген, өзге материктерден келетін жолаушы атаулыны алғаш қабылдайтын бір майданы — Айдл-Уайл болғанда, "айтарлықтай", "өзгеше дерліктей" мынау Америка атына лайық қатынас жайы екен демеске болмайды. XX ғасыр ортасындағы өнерленген адамзаттың машиналы-техникалы цивилизациясы осындайды жасаған десе дерліктей. Айдл-Уайлдан ұшқан соң келесі сағатта біз Вашингтонға жеттік. Вашингтонның алғашқы кештері мен ең алғашқы бірлі-жарым күні ресми ұшырасулармен өтті. Алғашқы кеште біз өзімізден бұрын Американы аралап, енді қайтуға айналған жолдас Полянский бастаған советтік үкімет өкілдерін шақырған қонақта бірге болыстық. Ол (қонақ қабылдаған үй. — ред.) Вашингтонның жұртшылығына мәлім ескі едәуір естегілермен байланысты қадірлі үй саналады екен. Оның үстіне, біздің делегацияның бастығы Одақ көлеміндегі атақты ақынымыз Степан Петрович Щипачев — сезімді сыршыл ақын, осы кештен, осы үйден өзіне бөлек қымбат бір жайды әсіресе біліп бағалап шықты. Америка ақындарының ішінде Щипачевтің ең қадірлеп сүйетіні ұлы ақын Уолт Уитмен болатын. Сол Уитмен жас шағында осы үйде санитар боп қызмет істеген шақтары болған екен. Сөйтіп кеп, қонақтар арасында біз жүрген бөлмелер, залдар, неше алуан кіріс-шығыс жолдар — бәрі де бүгінгі қонақ ақынға бұрын болып өткен ұлы ұстаз ақынның жылы ізін сездіргендей болды. Келер күні біздің Вашингтондағы елшілік Америка қонақтарын сол елшілік сарайында қабылдап, жолдас Полянский тобы енді Америка қонақтарын өздері қабылдап қарсы алысты. Америка адамдарымен біздің алғашқы ұшырасуымыз осы кештерден басталғанды. Күндіз біз өз еркімізге тиген бір айды қай қалаларда, қандай кездесу, танысу, арнаулы ұшырасулар түрінде өткізбекпіз, соның дағдылы календары, сапар кезеңі нақтылы анықталып, бекілетін болды. Бізді жазушылар делегациясы етіп шақырған америкалық ағарту советі қоғамы болатын. Ол қоғам өзінің барлық істерін Госдепартамент басшылығымен келісіп, сүйенісіп істейді екен. Төрт жазушы біздің өз аударушымыз болса да, ағарту советі бізге үш адам қосып беретін болды. Бұлардың бәрі де орысша білетін, Совет Одағы жөнінде жалпы мәліметтері мол адамдар еді. Бір ай бойында біз аралайтын қалалар мен штаттар жөнінде біз едәуір ойланып, ақылдаса отырып талғау-таңдау жасадық. Бізге ұсынған жол жоспарында, Чикаго қаласына бару сияқты, кейбір үлкен өндіріс орындарын аралау межесі бар екен. Біз ақылдасқанда Чикаго, Детройт сияқты үлкен, атақты зәулім өндірістер орталығын араламасақ та болар дестік. Ондағы бір ой — тілсіз цехтар, станоктар, агрегаттар жанындағы үнсіз жұмыскерлерді құр көзбен қарап, көріп өткен болмаса, олармен сөйлесу, мәмілеге келісу мүмкін болмайды. Одан да әрбір кездесу үстінде әңгімелесуге, ерсілі-қарсылы ой-пікір алмасуға, таныс-біліс аңдасуға боларлық қоғамдар, шаруалар, орталар атаулыны аралай түсейік дедік. Және Құрама Штаттың Нью-Йорк, Вашингтон, Бостон сияқты қалаларын, өлкелерін тану-білуден басқа, жағрафиялық көлемі кең мемлекеттің екінші бір жырақ жағалауы — Тынық мұхит жағасы, Калифорния өлкесі сияқты бір шетін көрсек дестік. Содан кейін бұрын шөлістан болып саналған штаттардың бірі және өзінде Американың баяғы, байырғы тұрғындары — индеецтердің резервация аталатын байлаулы мекен-жайлары болғандықтан, соларды да көрейік дестік. Осымен біздің ай бойында көргендерімізді қала, өлке бойында санасақ, Вашингтон (мұнда екі рет болдық), Нью-Йорк (онда да жиыны тоғыз күндей, екі рет болдық), содан кейін Калифорнияда, Лос-Анджелес және сол штатта Фреско графство, одан әрі кезегімен штат Аризона, оның орталығы Феникс қаласы. Осыдан қайта оралғанда Вашингтонға кеп, содан Бостан шаһарында бірнеше күн болып, аяғы қайтысқа бет алғанда Нью-Йоркке келіп, тағы күн тұрып, жаңағы аталған Айдл-Уайлдың аэропортынан Америка жағасын артта қалдырып, Европа жағасына қарай қайта сапар тарттық. Әзірше мен қайда болғанды ғана қысқа желі тартып, үстірт атап өттім. Ал енді қайда, не көрдік, неге, кімге кездестік, нелер есіттік, нелер айтыстық және сол көрген, естіген, айтысқан жайлардан не аңғарып, не түйдік, соның жайын баяндауға әуелі Вашингтонда көргеннің, естігеннің, сезгеннің өзінен бастауға ауысайық.

1/VІІ - 1960 ж.

Вашингтондағы арнаулы ұшырасудың бір түрі дағдылы пресс-конференциядан басталды. Бізбен сөйлескелі Вашингтон газеттерінен он бес шамалы журналист келген еді. Кейін газетте басылған хабар қорытындыларына қарағанда және жалпы сұрақ-жауаптар мән-мазмұндарын еске алғанда, бұл пресс-конференция әдебиеттік күрделі, не кең, не терең жайларға соққан жоқ. Сонымен қатар сұрақтарда кейбір ерекше, жекеше мәселе болмаса, совет әдебиеті өкілдеріне арналған қырыс-теріс қабақты қас-қияс көңіл де біліне қойған жоқ деуге болады. Мұндағы совет әдебиеті ретінен Америка жұртшылығы соңғы жылдары ауызға көп алып жүрген бірер адамның ғана жай-жөнін сұрасты. Біздің делегацияда бас-аяғы төрт жазушы болғанымызда, соның екеуі орыс совет әдебиетінің ірі өкілдері Леонид Леонов және өзі ақын, өзі делегация басшысы Степан Щипачев болатын. Делегацияның ендігі бір мүшесі Украина жазушылар ұйымының бастығы, белгілі роман жазушы Олесь Гончар және мен болатынмын. Әдебиет жөніндегі нақтылы сұрақ орыс совет әдебиетінің фактілері туралы болғандықтан, жауапты Леонов пен Щипачев берісті. Осы ұшырасуда американ жазушыларының қайсылары Совет Одағында көбірек оқылып, көбірек мәлім екенін сұрасқан еді. Оған біздің тараптан айтар, келтірер дәл деректер мол еді. Бір ғана орыс тілі емес, Одақтағы көп туысқан елдеріміздің көптен көбінің тілдеріне Американың Марк Твендер бастаған классиктерінен бері қарай бүгінгі Хемингуэй, Митчел Уилсон, бүгінгі қарт ақындар Роберт Форст, Карл Сэндберг, негр ақын Ленгстон Хьюз, бүгінгі Америка драматургтері Лилиан Хельман, Артур Миллер сияқты көп адамдарды советтің елдері, оқушылары бір орыс тілі емес, өздерінің ана тілдерінде де оқи білетіндері айтылды. Бізбен әңгімелескен бүгінгі журналистер аңғартқан бір жай болды. Ол — Америка оқушы көпшілігі совет әдебиеті дейтін көп ұлтты, көп тілді туыстас әдебиеттер қатары мол екенін біле қоймайтын тәрізді. Сонымен қатар және орыс совет әдебиетінің де бірен-саран өкілі болмаса, көпшілік жазушыны, көп ірі шығармаларды білмейтіні байқалды. Біз оның себебін де кейін көре-жүре, кездесе, кеңесе жүре анықтап білгендей болдық. Кейбір журналистер біздің әдебиеттің тарихындағы ең соңғы жылдарда болған бірлі-жарым жеке жазушы жөніндегі оқшау, оқыс күй болса, сол жөніндегі сұрақты қайталап тықпалай береді. Осы бір жай бүгін кездескен журналистер ғана сұрауы емес, өзге алдағы талай әңгіме, кездесу, ұшырасу, дискуссиялар тұстарында да қайталай берген еді. Бұл жөнінде жолдас Полянскийдің бір топ американ адамдарына берген бір жауабында әр кезде көңіл ашар, тапқыр жайлар еске түсе жүрді. Оның тобына, өзіне де Америкада жүргенде Венгрия мәселесін, оқиғасын қайта-қайта атап, тың сұрау етіп алдарына көлденең тарта беріпті. Соған бірнеше жауап бере жүріп, ақыры бір кезекте жолдас Полянский:

— Сіздер Венгрия оқиғасы турасындағы сұрақты біздің Отаннан келген адамдарға жылдар бойында қайта-қайта бере бересіздер. Кімдерден неше рет сұрамадыңыздар осыны? Ал енді осы сұрақтың тозатын кезі жетпеді ме? Жоқ әлде бұл сіздердің шайнап жүретін резинка сағыздарыңыз ба? Шайнай-шайнай жүргенде не жұтып та қоймайсыздар, не түкіріп тастауға мұршаларыңыз болмайды. Венгрия мәселесі де сіздер үшін соған айналған деп білемін, — деген екен.

Біздің жоғарыда атаған әдебиеттік бірер фактіміз жөнінде соны айтуға мейлінше боларлық. Бұл конференция соңынан Американың үлкен газеттерінің бірі "Вашингтон пост" ұстамды, қысқалау ғана тұжырымды ақпар берді. Осыдан соң Вашингтонда біз көбінше астана қаланың өзгеше орындарын аралаумен болдық. Сол қатарда Америка Құрама Штаттарының үкімет үйі Капитолийде болдық. Мұнда Американың конгресі — сенаты мекен етеді. Сенаттың мәжіліс залында болған шағымызда Құрама Штаттардың оңтүстік штаттары атынан бір сенатор сөйлеп тұр екен. Соңғы кезде терістік штаттар мен үкімет басшылығы оңтүстік штаттары негрлердің праволарын кеңейтуді мақұлдайтын жаңа заң жобасын — "Билль" енгізген. Негрлердің теңсіздігі әлі де орасан күйде Құрама Штаттардың оңтүстік штаттарында мол орын алады. Сол заңға сөйлеп тұрған сенатор оңтүстік штаттары атынан қарсы сөйлеп тұр. Мәселеде, тартыста сырт көзге елеулі, оқшау көрінгенмен, залда отырған сенаторлар қатары өте сирек. Спикер (бастық) болса іші пысып, қажыған адам қалпында зорға төзіп отырғандай. Бірақ тыңдаушы ажарына қарап тұрған сенатор жоқ, ол өзінің қарсы пікір жобасын мол қағазға жазып алған қалпында саспай, баппен баяулап оқып, мәлімдеп тұр. Сенат залының қонақтар отыратын жоғарғы орындарында әр тұста, әр топ адам байқалады. Ол — жай халық. Бұлардың арасында негрлер, индеецтер бары байқалады. Солармен қатар католик дінінің ресми қара киімдерін, ақ астарлы қара жаулықтарын жамылған екі сопы әйел де отыр. Капитолийдің ішінде конгресс залын да көрдік. Ол алдыңғы сенат залынан сонағұрлым көркем дерлік. Жалпы Капитолий сұлу үйдің бірі деуге болады. Қазір оның төбесіне жаңғырта түзету әрекеті істеліп жатыр екен. Бір кезек біз Вашингтон қаласын араладық. Вашингтонда толып жатқан министрліктер үйлері бірінен-бірі басымдай түскен әр алуан архитектурамен жасалған. Бір көшелер тегіс, тұтас шетелдер елшіліктерінің ғана көшесі. Америка президенті тұратын "Ақ үй" айналасындағы паркімен оқшауланып тұр. Бұл үй-ымараттардың бәрінен биік шаншыла біткен ақ обелиск — президент, ертеде болған, осы астана соның атымен аталған. Американың атақты президенті Вашингтонға арналған ескерткіш. Вашингтонда үйлер көбінше төрт-бес этаждан артық емес. Үйлер арасында дуал, бөлік, жік жоқ. Бір үйге бір үй өзіне бөлек қайталамайтын қызық іздену бойынша қалыптасқан стилі, архитектура өрнегімен қатарласа, жалғаса тұра беріседі. Вашингтонда ағаш та, көк те мол. Ағашының дені зәулім биік, мол бұтақты, тармақты, алып платан ағаштары тәрізді. Сырт шолып, қаланы аралап танысуда біз Вашингтон Нью-Йорктен мүлде бөлек екенін аңғардық. Бұл және өзінше өте сұлу қаланың бірі. Ал Нью-Йорк екеуін ешбір жағынан салғастырып, қатарластыруға келмейді. Және екеуі де мүлде екі бөлек-бөлек, басқаша мемлекеттердің бірінен-бірі аулақ, алабөтен екі астанасы тәрізді. Вашингтонда мұсылман елдерінің елшіліктері көп болғандықтан, мұсылман мешіті де бар екен. Жұма намазына 17-18 мемлекет елшілері, елшілік қызметкерлері осы мешітке келеді екен. Вашингтонның өзінде де шамасы 500-дей ұдайы тұрғын мұсылмандар бар десті. Мешіттің имамы Мысырдың арабы екен. Мен мұнаралы мешіт болғандықтан, мұның мәзіні азанды қалай шақырады екен деп сұрағанымда, мешіт адамы күлді де: ол жөнінде қазіргі радио-техниканы пайдаланамыз, — деді. Азанды запасқа шақыртып, пластинкаға түсіріп алады екен де, бес уақыт намаздың азанын Вашингтон мешітінің мұнарасынан радиорепродуктор арқылы қышқыртып шақыртып алады екен. Вашингтонды аралау үстінде мұндағы мәдениет ескерткішінің ең зоры дерлік екі жайда болдық. Біреуі — Конгресс кітапханасы, екіншісі — Шекспир кітапханасы. Конгресс кітапханасының аты болмаса, іс-заты жағынан Америка конгресіне байланысы жоқ кәдімгі мемлекеттік кітапхана. Бірақ дүниедегі ең бай кітапхананың бірі деседі. Мұнда он бір миллион кітап бар екен. Ішінде 21 оқу залы бар. Жалпы құрылыс жағынан Англиядағы атақты Британский музей үлгісінше қалыптасқан. Сұраған кітапты ең ұзағанда 20 минут ішінде әзір етеді. Мұнда славян бөлімі деген бөлім бар. Ол өзіне бөлек мол ымарат. Кітапхананың үлкен үйінен славян бөліміне жер асты көркем туннельмен қатысады. Бұл бөлімдегі орысша кітаптың саны екі жүз мың десті. Осы күндерде жылына сегіз мыңдай кітапты Совет Одағынан алдырып тұрады екен. Сол қатарда Украинадан жылына бес жүздей, Қазақстаннан, қазақ кітабынан жылына елу шамасын алдырып тұрады екен. Кезектескен кітап ауысу әрекетінде Тбилисимен байланысымыз айрықша мол деседі. Осы кітапхана ішінде төрт жазушы біздің төртеумізге де өз кітаптарымыздың Конгресс кітапханасындағы бар тізімнен каталог жинап берісті. Менің кітабым орыс, ағылшын тілінде болумен қатар, сол менің еңбегім туралы жазылған Кедрина, Айқын Нұрқатов еңбектері де бар. Вашингтондағы екінші бір ерекше мәдениет орны дегеніміз — Шекспир кітапханасы, Шекспир заманы мен еңбектеріне арналған кітапханалар ішіндегі дүниежүзіндегі ең бай кітапхана осы десті. Бұған дүниежүзінің шартарабынан Шекспирді зерттеушілер көп келеді екен. Көбінше сол келгендердің жол қаражаттарын да бұл кітапхана өзі төлейтін дәстүр бар екен. Мұнда жалпы Британия тарихының XVІ—XVІІ ғасырларынан да көп деректер бар. Кітапхананың ішінде тап ортада атақты Шекспир театрының өзін де қаз-қалпында орнатып, музей етіп қойған. Бұл театрда сахна екі этажды. Шымылдығы да екеу. Әрине, мұндағы айырмасы - Шекспирдің өз театрында төбесі ашық, шатыр болмаған болса, мұнда төбесі жабық, шатырлы. Осы кітапхана мен театр да түгел бір ғана адамның — Фоулджер деген кісінің жеке бас өз қаражатына салынған. Қазіргі салт дәстүрі бойынша Шекспир кітапханасы баяғы ІІІекспирдің өзі заманынан бастап бүгінге дейін қай жерде Шекспир спектакльдері қойылса, қай тілге аударылып, қай мемлекетте ойналса, соның бәрінен суреттер, документтер, деректер жинап отыруға құмар екен. Мен "Асауға тұсауды" қазақ сахнасында қою үстінде Шәкен Аймановтай СССР халық артисінің, Хадиша Бөкеевадай Қазақ ССР халық артисткасының үлкен даңққа не болғанын айтып ем, кітапхана директоры "Асауға тұсау" туралы менің көп мәлімет суреттер жіберуімді талап етіп қалды. Бұл кітапханада Шекспирдің өз мұраларынан басқа Шекспир заманында белгілі болған атақты жазушы, ғалымдар еңбектері мол. Шекспир оқыған кітаптар тобы бір бөлек болса, оның оқуына мүмкін деген кітаптар да бөлек жиналған. Және Шекспир трагедияларына, комедияларына себеп, сілтеу саналатын тарихтық, архивтік, әдебиеттік көптен-көп деректері мол жиналған. Сол қатарда Англияның Елизавета королевасының, король Яковтың дәуір документтері, Мария Стюарт уақытының документтері, философ Бэконның еңбектері, Макиавелли аудармасы немесе 1616 жылғы карталар бар. Тағы бір ерекше жай — Шекспир театрында болған суфлер пайдаланған пьесалар нұсқалары және де көп жиналған. Вашингтондағы мақтаулы өнер орны — ұлттық галерея. Біз онда тек жаңа сурет-живопись бөлімін толық қараған едік. Америка мүмкіншілігі бұл галерея қолына ескінің де, жаңаның да көп қызықты, елеулі үлгілерін мол жиған. Сондықтан жаңа сурет өнерінің шеберлері деп саналатын Сезанн, Ренуар, Моне, Яманэ, Поль Гоген бәрі бар. Мұнда өзгеше бір үлгіні танытады деп санашылдық жолдағы Мексиканың күшті шебер суретшісі Сальвадор Дали салған "Тайная вечеря" діншілдік нанымның бір сәтін баяндайды. Мұнда Ғайсаның екінші тірілуінің символы буалдыр-бұлдыр қалыпта бейнеленген, Америка буржуаздық эстетикасы ұнататын суреттің тағы бір алуаны осындай мистикалық ізденгіштік болса керек. Бай галереяда, әрине, Пикассо да бар. Атақты француз шебері Жан Люрса кездеседі. Сол қатарда Матисс, Маркс, Андре Дерен тәрізді көп, бір арадан қатарымен сирек ұшырайтын көп суретшілер еңбектерін көрдік. Вашингтонда кешкі бір шақта үлкен орталық көшесінің біріндегі киноға барып ек, онда "Джек-Потрошитель" — "Қырғын Жак" суретін көрдік. Қырғын десе дегендей, бұл тек қана қантөгістің сұмдық бір сорақы қылықтары. Бір адам бір әйелден соң бір әйелді пышақтап өлтіреді. Әрқайсысын бейуақ шақтарда қараңғы, қалтарыс, адам жоқ шолақ орамдарда кездестіреді. Әр құрбандығын белгілі бір пышақпен жүрекке сұққан жалғыз жарамен құртып, жойып отырады. Суретте терең, қиын оқиға, өзгеше мән-мағына да жоқ. Бірақ барлық "қызығы" дерлігі қанжар, қан, өлтіру, жою, өлу-өшу жөнінде болуында. Америка өнері дейтін өнердің қалың ел, мол қауымға, кәрі-жасқа түгел тарайтын бір саласы кино мен телевизор болғанда, олардың ең мол ақша табар тартымды үлгілері осындай қантөгіс сұмдықтарға толы оқиғаларда, суреттерде, кино әңгімелерде болады екен. Соның басын осы суретпен бастап, біз Вашингтонның орталық көшесіндегі жақсы жайғасқан кинотеатрының біреуінен көре бастадық. Мұндай көркемөнер, болмыстар — бүгінгі Американың әрі шындығы, әрі соры. Мол соры, сұмдығы. Бұл жайларды келесі қалаларда және де еске ала отырармыз. Вашингтонда көрген, естіген, түйген жайларды әзірше осымен аяқтай отырып, енді Нью-Йоркке аттанайық.

Нью-Йорк Нью-Йоркке біз поезбен келдік. Бұдан соң да бірнеше қалалар арасында Америка Құрама Штаттарының әр жолдағы поездары мен әр алуан вагондарына мініп жүрген кездеріміз болды. Сондықтан жалпы поезбен жүретін жүрістер туралы кейінірек қорыта сөйлерміз. Әзір біз Нью-Йорк қаласында сегізінші авенюдегі үлкен гостиницаның бірі — "Барбизон плаза" отельге кеп түстік. Нью-Йорк, көпшіліктің естуіндей, дүниежүзінің бар қаласынан бар үлгісі бөлек қала. Бұл көлемі тарлау тас арал Манхэттенге орналасқан, көп заманнан бері қала өсіп, халық көбейіп, аралдың жері таршылық ететін себепті, бірінің үстіне бірі салынатын көп қабат тас үйлер мезгілден-мезгіл өткен сайын биіктей берген. Сонымен, біздің ғасырдың алғашқы он жылдардың шамасында Нью-Йоркте жиырма этажды үй бар деген ертегідей көрінген шақ болып еді. Одан бертінде отыз этажды үй, кейін қырық этажды үй де зәулім ғаламаттар саналды. Одан бері келе елу этажды үй ең биік үй саналды. Тағы бір кезекте жетпіс этажды үй тұрыпты деген аңыздай анықтан туған лақап кетті. Ал міне, біздің ғасырдың қазіргі орта шенінде Нью-Йоркте жүз екі этажды Эмпайер Стэйт Билдинг әлемге әйгілі ең зор небоскребтың өзі боп тұр. Нью-Йоркте, дәл саны есімде болмаса да, сегіз миллион халық бар дегелі коп болды. Ал мұның айналасына топталған әлденеше қала және бар. Осылардың тобын алғанда 14 миллион халқы бар деп саналады екен. Американың, тегінде, мәдениетті үлкен қаласының көбінің айналасында әлденеше топ-топ кіші қалалар қоршап, тұтасып кетеді екен. Мысалы, кейін біз барған Массачусетс штатының үлкен қаласы Бостонда сегіз жүз мың тұрғын бар. Ал айналасындағы қырық қаланы қосып санағанда, екі жарым миллионнан артық тұрғын жұрты бар боп шығады. Ал әлемдегі ең үлкен қала саналатын Нью-Йорктің көше пландауы өте ұқыпты, бір есеппен тұрғын, келгін адамға оңай ұтылып аңғарылатын қалыпта жасалған. Мысалы, терістіктен оңтүстікке қарай қаланың ұзақ бойында он екі ғана авеню бар да, көлденең шығыстан батысқа қарай жүз елу алты стрит аталатын көшелер бар. Барлығы номермен аталатын болғандықтан, есте қалу да оңай және қаланы білмеген адамның адаспай жүруі де өте оңай. Соған қарап Маяковский Ныо-Йорктің планына сүйсіне тамашалағандықтан: "Тулада адасу оңай болса да, Нью-Йорк көшелерінен адасу мүмкін емес", — деген. Қаланың ортасында аса үлкен парк бар. Содан басқа, өзге көрікті үлкен қалалардай, Американың өзінің де өзге қалаларындай емес, Нью-Йорктің көшелерінде көк жоқ. Жалпы Нью-Йорк жайлы ойлағанда, озғын адамзат цивилизациясы жиырмасыншы ғасырдың орта кезінде осылайша қалыптап келген анық мәдениеті зор, анық зәулім алып қала осы дейсің. Мұндағы бір көпір - аспалы Бруклин көпірі жөнінде Маяковский айтқан еді: "Бруклинский мост? Да, это вещь!" — деген. Ол дүниежүзіндегі төменгі тірексіз істелген аспалы көпірлердің ең үлкенінің бірі екен. Он екі авенюдің біреуі атақты Бродвей, оның қала бойындағы ұзындығы отыз үш-отыз төрт километрдей саналады. Жүз елу алты стриттің біреуі атақты Уоллстрит — Нью-Йорк биржаларының, банктерінің тар ұясы. Жүз екі этажды Эмпайер Стэйт Билдингті алғашқы салдырған иесі бір жылдың ішінде жиырма алты миллион долларға түсірген екен. Қазіргі екінші иесі елу миллион долларға сатып алыпты. Біз осының басына шыққанда сексен бес этажға бір жарым минутта көтерілдік. Қалған он бес этажына да сондайлық шапшаңдықпен көтереді. Зәулім биік мұнарасынан бар айнала атырапты толық көрсетеді екен. Ең жоғарғы екі этажда Нью-Йорктегі телевизиялық он компания өздерінің теле биіктерін орнатыпты. Түнгі Нью-Йорк әсіресе толып жатқан мол бояулы өте жарық сансыз көп машиналарға толық қайнаған қызу тіршілік белгісін білдіреді. Жүз бояу десе болғандай, реклама, вывеска, жаңалық хабарлар, кинолар мен театрлардың, ресторандардың үлкен жарықтары, магазиндердің әр бояулы жарықпен бұлаңдап шақырып тұрған витриналары, көп қабатты үйлердің терезелерден төгілген жарықтары, көшелерде жүрген машиналардың фарлары, әртүрлі сигналдар — бәр-бәрі қосылғанда, мың бояудың той-тоғысы дерсің. Бродвейдің отыз километрден асқан ұзын бойы дәл осындай қайнай жайнаған қан базар, бояулы жарықтар атойларын салады. Осындай Нью-Йоркті бүгінгі бар байлық, барлық ірілік-молдығымен еске алумен бірге, көңілге қатар өзге де заңды ой келеді. Рас, капиталистік мәдениет жиырмасыншы ғасыр ортасында бүгінгі ең бай мемлекет, ұлы мемлекет Америка Құрама Штаттарында өзіне осындай ескерткіш тұрғызған екен. Жә, бұл Американың мұндай мәдениет жасауындағы жағдайы қандай еді десек, ол екі жүз жыл бойында өз жөніндегі соғыс атаулыны көрмеген екен. Баяғы шақта Терістік пен Түстік соғысы, азаттық үшін соғыс дегендердің бәрі шын мәніндегі үлкен соғыс боп көрген емес. Сөткесіне жүздеп қана саналатын винтовка оғын шығарған соғыс бүгінгі адамға қандайлық баланың аударысындай болымсыз әлек. Және сол екі жүз жылдан бұрынғы Америка мәдениетіне ірге негіз болған мәдениеттерді еске алсақ, ол да бір алуан нық ойландыратын жай. Ол замандағы мәдениетті Европаның ең алдыңғы қатар өнері бар англо-саксон, роман, герман және басқа да солар шендес елдердің өз заманындағы білімі, техникасы, мәдениеті, қару-құралы — бәр-бәрі де Америкаға әр саладан өз сайының өнер суларын құйған. Америкаға мұхитты басып озып баруға жараған кеме қандай мығым еді. Барған соң кемінде жүз жыл бойы соғыса жүріп, тұқымын құртқан, Америка байырғы жұрттары индеецтерді қырып-жойған отты-оқты соғыс құралдары қандай тигіш, қандай қырғын, өртегіш еді. Жердің тереңін қазса, түбіне дейін бойлай алатын, бетін жыртса, нелер дәмді өсімдіктер шығара алатын, дәрмені мен пәрмені бірдей, ықпалы қатал көбеген мәдениеті өзі барып сол екі жүз жыл бұрын-ақ көптен орнаған өлке кейін осы бүгінгі Нью-Йорктей мәдениет ескерткішін туғызатын тарихтың төркіні зор мәдениет болатын. Осыны ойлап, Нью-Йоркке барған әрбір біздің Отан адамындай, мен өзім де өзіміздің системаның бүгінгі капиталистік мәдениетпен бүгіннің өзінде-ақ жарысқа салар, жарқырап шығар талай жайларын ойға алдым. Ең әуелі Ұлы Октябрь туғаннан бері биыл қырық үшінші-ақ жыл. Жалғыз адамның толық өмір жолы да емес болғанда, әуелі біз үш үлкен соғыс бейнетін көріппіз. Үш соғыстың жарасын, жарақатын көтере жүре, сонда біз бүгіннің өзінде-ақ нелер істеп үлгіргеміз деп ойласам, көз алдымнан біздің Ұлы Отан тудырған, жаңа жасаған тың теңіздер шалқиды. Батпақты сор өлкелерді ырысы мол өлке ету, сан шөлстанды нелер мырзастан етуде, сахараларды дәндендіру, үлкен аймақ өлкелерді қайта жарату (өзгерту), жүздеген халықтар тағдыры мен тарихын бақытты етіп жаңғырту — осылардай кереметтерді тудыра білген құдіретті күш тек спутниктер ғана жасап отыр ма, тек баллистикалық ракеталар беріп қана қоймақ па екен, — деп салғастыра ойлай бастасаң, өз ішінде өзгелердің де кейбір жақсылығын, жалпы адамзат қорына олжа боп қосыларлық техникалық цивилизациялық табыс жаңалықтарын кең көңілмен де әділ сынап алуға, талғап-таңдауға боларлықтай. Қазіргі әлемде дүниежүзілік екі ұлы мемлекет бетпе-бет тұрған шақта, сол бәсекедегі мемлекетке барғаныңда іліп алары немене екен? Біздің кезінде керегімізге жаратарлықтай, жалпы адам баласының күнделік тірлігіне жарарлық жаңалықтар бар ма екен, қандай екен деген тұрғыдан қарау біздің де Нью-Йорктегі жүргендегі мақсатымыз болды. Әрине, бұлай толғап қарағанда Нью-Йорктегі бардың бәрі ауыздың суын құртып тамсандыра берген жоқ. Жоғарыда біз атаған бізден бұрынғыны да, біздің замандастарды да сүйсіндіретін кейбір ірі жайлармен катар, Нью-Йоркте капиталистік системаның нелер өрескел сорақысы, ойсырап жатқан олқылық аз емес. Американың бізге дос бейілі бар орта адамы көпшілігі десек, сонымен қатар Америкада ірі капиталистер, неше алуан империалист, милитаристер жайлаған дүние мол. Сондықтан өз еңбегімен күн көретін Америка адамын орталық американец, анық халық өкілі дейтін орташа көпшілік солар дедік. Біз осылардың көбімен ұшырасу, кездесу қалпында істес болдық. Бірақ осы топтың өзі де тіпті бізге деген көңіл, бейілдің өзінде де бірқалыпты емес, капиталистерге қызмет етіп жүрген, өз еңбегімен күн көретін орта буын адамдардың ішінде де доспен қатар біздің Отанымызға қастық ойлары жойылмаған жандар да көп. Бізге көп ұшыраған орта буын американец дегендер кім десек, олар — журналистер, жазушылар, оқымыстылар және әр алуан мамандықтағы дәрігер, оқытушы, университет профессорлары және сол университеттердегі қалың қауым, жас қауым — американ студенттері. Нью-Йорк — бар Америкадан іздейтін адамдардың, әр алуан ерсілі-қарсылы жайлардың, ерекшелік болмыстардың бар қайшылықпен қиын-қияс және оқшау, өзгеше қызық, тамаша жайлардың да тоғысқан ордасы. Сондықтан да біз Нью-Йоркте өзге қалалардың барлығынан көбірек болдық. Америка жаңалығы дейтін жайлардың бірталайымен осында молырақ таныстық деуге болады. Әуелі Нью-Йоркте көргендерді санап өтсек, ең басы біз жазушы болғандықтан, жазушы, журналистер топтарына, жеке жандарына көп ұшырастық. Бірнеше ірі жазушы, ірі журналистердің немесе сыншылардың өз тұрғын үйлерінде қонақта да болдық. Сол қатарда былтыр біздің Одаққа келіп қайтқан Альфред Кейзн сыншының үйінде қалада болдық және Америкадағы ең бір мол тарайтын даңқты журнал "Сатердэй-Ивнинг" журналының редакторы, біздің Отанға достық бейілі бар Норман Казинс шақыруы бойынша Нью-Йорктен алпыс миль жердегі тоғайдағы үйіне қонаққа барып, көп басқа шақырылған әдебиет, мәдениет қайраткерлерімен бірге тұтас бір күнді сонда өткіздік. Бірнеше белгілі романы бар, өзі халықаралық жазушылар ұйымы мен клуб мүшесі миссис Женуэй үйінде қонақта болдық. Мұнда да едәуір мол жазушылар, сыншылар, журналистер болды. Пен-клуб жазушыларының қоғамына да қонаққа бардық. Америка жазушыларының лигасы аталатын жазушылардың авторлық правосын қорғайтын қоғамда болдық. Сонымен қатар Американың кітап баспасы орындарының иелері — жиырма шамалы капиталист кітап басушылармен ұшырастық. Атақты жиырма бірінші клуб дейтін клубта Нью-Йорктің кейбір жазушылары мен журналистері шақырған арнаулы мәжіліс кеште болдық. Нью-Йорктегі осы сапарда бізге бұрын келіп қайтқан қадірлі қарт ақын Карл Сэндбергпен жеке арнай ұшырасып, аса бір бағалы сәттер өткіздік. Дәл осы күндердің кештерінде мен Бродвейдегі белгілі екі театрдың биылғы сезонда аса өнімді, даңқты боп тұрған екі спектаклін көрдім. Тобымызбен жүріп, Вашингтонда бастағандай, тек Американың өзінде ғана көруге болатын, өткен жолда біз атаған Американың кейбір сорақы суреттерін де көре жүрдік. Номеріміздегі телевизор арқылы әрбір демалыс сәтінде жұртшылыққа Америка телевизиясы не беріп жататынын көріп, танумен болдық. Келелі бір әңгімені "Сатердэй-Ивнинг" журналының редакциясында көлемді бір дискуссия ретінде өткізістік. Осы күндерде біз ООН-ның мекен-жайын түгел аралап, бір түскі асты соның ресторанында іштік. Ал Нью-Йорктің өзінің ішінен аралап көрген ірі жайларды атасақ, Метрополитен музейі аталатын Құрама Штаттардың ұлы музейінің бірінде болдық. Осындағы аса даңқты университет — Колумбийский университеті аталады. Оның славян филологиясы бөлімінде украин мәдениетінен басқа біздің Одақтың бірнеше елдерінің де тілдері оқылады екен. Сол қатарда өзбек, азербайжан, армян тілдері оқылатынын білдік. Колумбийский университетте жақын заманда "Қазақтың батыр жырлары және оның өзге эпостармен жалғасы" деген тақырыпта магистрлік диссертация қорғалыпты. Және сол бөлімде өзбек эпосы туралы да арнаулы докторлық диссертация қорғалған екен. Осы күндерде біз атақты Нью-Йорк биржасында да болдық. Нью-Йорктің кешкі қызық сауық орындарының бірі саналатын Мюзикхоллды да көрдік, онда "таңдамалы шолу" ретінде әр алуан өнер көрсетілді. Жиыны екі жарым сағаттық уақытта мұнда әр елдің билері де, цирк ойындарының үлгілері де, ковбойлар биі де, симфония оркестріне жалғас киносурет те — бәрі де Мюзик-холл атына сыя беретін аламыш қоспалар көрінді. Мен бұл шаққа шейін мол Нью-Йоркте бірнеше күн көргендердің аттарын атап өттім. Енді осы көру, кездесу, кейбір кеңесулердің ішінен ерекше боп ойда қалған біздің оқушыға керек боларлық кейбір жайларға қайта оралайық. Рас, бұл қалада көргеніміз көп болғандықтан, аз да болса рет қатары кезектессін деп бірнеше топ тақырып атайық. Соның бірі — Нью-Йорктегі көркемөнер орындары, екінші — ғылым, тәрбие орындары. Үшіншісі — жазушылар ортасы, төртінші — журналистер топтары болсын. Көркемөнер, сурет өнерінен зор, мол қазынасы жиылған Американың атақты Метрополитен-музей, Нью-Йорк театрлары, Нью-Йорктегі кино, телевизор өнерлерінің бізге көрінген көріністерін еске алайық. Ең алдымен көркем сурет, живописьтің мол ортасы — Метрополитен-музейде біз тек қана жаңа суретшілер үлгілерін, туындыларын ғана көруге бекіндік. Ескі классикалық сурет, скульптура қазыналарының нелер сирек, бай үлгілері бұл музейде мол екені күмәнсіз. Себебі ол бұл дүниежүзіндегі ең бай музейдің бірі. Ал жаңа сурет өнері десек, оның да бар дүниедегі нелер ірі суретшілері өздерінің неше алуан жаңа туындыларымен, әрқилы ізденулермен сол музейдің жаңа бөлімінде мол көрсетіледі. Біз мұнда, мысалы, Роденнің көп еңбектерін-эскиздерін көрдік. XX ғасырдағы Американың реалистік мектебі дейтін топқа қосылатын Реджинальд, Гирш, Марш сияқты суретшілер еңбектерін көрдік. Сол қатарда Ричард Липпольд жасаған "Күн" аталған бір жаңа еңбек көрдік. Ол алтын өрмектен жөне жалпақ жалтыраған алтын табақшаның өзінен бояусыз жасалған бір өрнек (конструкция). Бұл әдеттегі суреттер сияқты жақшаға бөленген емес, қабырғаға да ілінбеген. Аспаннан төмен қарай асулы тұр. Өзінде өрмекші өрмегіндей, әлде жұлдыздай ма, әйтеуір тірі жәндік қозғалыс бар сияқты. Бұл жаңа суретшілік ішінде конструкциоиизм үлгісінің бір алуаны. Осы суреттер қатарында Джим Эрнстің "Тыныштық" деген бір суреті бар. Бұл да өзінше бір алуан ізденуді аңғартады. Сенімді батыл бояумен қап-қара көк түн ажары берілген. Соның атын "Тыныштық" қойған. Сол қатарда өздерінің әртүрлі даулы ізденулерімен көңілге қонымсыз, кескін-кейіп тұрпаттарды аламыштай араластыратын жаңа бір суретшілер тобы — сюрреалист аталатын суретшілердің де еңбектері бар. Осы жаңалықтар арасында Иван Лелорен Олбрайт салған бір алуан жұмбақ сурет бар. Ғаламат жүзді бір қарт отырады. Қолындағы қолғабына қарағанда жүк тиеуші тәрізді. Қарттың жүзі көп ой салатын мағыналы жүз. Осы суреттің аты — "Өткінші заман, мені қартаю үстінде сақтағайсың" делінеді екен. Әрине, бұл бөлімде Пикассоның бірнеше көрнекті туындылары бар. Ван Гог, Моне, Гоген көп суреттерімен осында тоғысқан екен. Ван Гогтың "Кипарис" және "Күнбағыс" аталатын суреттері анық қызық ескерткіштей. Жалпы алғанда, Метрополитен-музейіндегі жаңа суреттердің көпшілігін көргенде түсінейін десең — дауласасың, сүйсінейін десең — әсірелеген жасандылығын ойлап ызаланасың. Жоғарыда біз атаған бірнеше көз тоқтатар нәрселер — ол көп ішіндегі төбелдей, көл ішіндегі ұсақ-ұсақ аралдай ғана көз тартып, көңіл тоқтатар сәл-сәл жайлар ғана. Ныо-Йорктің көркемөнер қатарының бірі, тағы бір молы театрлары. Әдетте кино көбейгелі театр азая түсті дейтін жалпы бір сөздер қай жақта болса да естіле жүретіні мәлім. Ал Америкада осы күнде киноның өзіне де зәулі шыққан, ол — телевизор. Бірақ осыларды айтумен катар, Нью-Йоркте театрлар аз емес екенін арнай, атай кету керек. Бір күнгі кешкі газеттегі жарнамаларға қарағанда, Нью-Йорктегі жалпы театр саны отыздың ішіне жететінін оқыдым. Ал Бродвейдің бір өзінің бойында талай белгілі театр бар көрінді. Жазушылар мен сыншыларға сұрақ беріп байқағанда, биылғы жыл репертуарында талантты, көркемдік қасиетімен тартымды жаңа пьесалар жоққа тән дескен еді. Сонда да Бродвейдегі театрлардың ішінде биыл халық әсіресе көп баратын екі спектакльді екі театрдан өзім көрдім. Біреуі былтыр Совет Одағына келіп қайтқан Америка сценарист-драматургі Пади Чаевский жазған "Оныншы адам" атты пьеса. Екінші — "Ғажайып жасаушы" деп аталатын Гипсонның пьесасы. Осы екі спектакльге де халық аса мол барады екен. Бродвейдегі өзі атақты театрлар болса да, мұнда театр үйлері үлкен емес. Залдары драма театрларының ықшам залдары. Сыртқы киімді көпшілік қолдарына ұстаған бойда орындарына ала отырысады. Бірінші спектакль күлдіргі болғанмен, жазушылық соншалық терең табыстай боп танылмады. Күлкісі жеңіл, адам басындағы күй жайы, тартысы үстірт, жеңіл. Мұнда бір жас қызға жын қонады. Соның жынын қуып жою үшін еврейдің намаз жайы — синагогасында арнаулы намаз-дұға оқылып аластау керек. Ал синагогада намаз, қауым боп оқылу үшін, ең кемі он кісі сапта тұруды шарт етеді. Мұнда әңгіме сол оныншы кісі турасында, өзге тоғызы бар, бірақ оныншы жоқ. Сол оныншы кісіні синагогаға телефонмен алдаумен, айламен, әр алуан күлкі себеппен шақыру болады. Ақыры қыз дін адамдарының намазынан жазылмайды. Дінге нанбайтын көлденең бір жігіттің көлденең әсерімен жынынан жазылып шығады. Күлкінің көбі ерсі, қайшы жайларды оқыстан тоғыстыру себебінен туады. Мысалы, діндік ескі шарт, қағида қатарына бүгінгі Нью-Йорктің дәл қазіргі болмысы, фактісі оқыс қосылып кетіп отырып, ойда жоқ болымсыздан да күлкі тудырады. Бірақ шынға келіп, ойға салғанда бұл спектакльдің күлкісі де, тартысы, бар болмысы да адамдық көркем келісті шындықтан туған күлкі емес, көпшілікті зорлап, қытықтап күлдіргендей. Әр алуан ерсілікпен күлдіруге арналған. Мен көрген екінші спектакль бұдан әлдеқайда мәнді, келісті де. Онда Америкада тірлік еткен Хеллен Келлер дейтін өзгеше бір әйелдің кішкене қыз, балалық шағы суреттеледі. Хеллен Келлер, тегінде, туғанда соқыр, саңырау, мылқау болып туған. Он екі жасына дейін ол сол меңіреу, есалаң қыз бала боп өседі. Мынау пьесада үш акт бойынша сондай жарым ес, мүгедек әйел баланың ең алғаш есін кіргізіп, мылқаулар ымымен сөйлетуге үйрете бастаған мықты тәрбиеші әйелдің тартысы, еңбегі, табысы танытылады. Осы спектакльде он екі жасар Хелленді ойнаған кішкентай қыз артистка және оның тәрбиешісі өзі де, кезінде жас күнінде кем-кетік боп өскен тәрбиеші әйел рольдері аса шебер орындалды. Сол тәрбиеші болған артистка шын ғажайып жасаушы жанның бейнесін ішкі-тысқы құбылыстарымен, мың сан әрекетімен көңілге аса қонымды етіп бейнеледі. Біз Америкада жүргенде осы әйел актрисаның суреті сан газет-журналдарда, киножурналда, телевизор экрандарында аса көп көрсетіліп, алғыспен аталып жүрді. Оның күйініш, үміт, іздену, қиналу, күлу, жылау, оңаша күңірену, қайнай жігерлену, ғаріп жан үшін тұтанып жану сияқты ішкі көңіл күйлері қырлаған алмас құбылыстарындай көңілге оттай басылды. Мен өз байқауымша, Американың сахнасы мен экрандарында бұл жолы да осы актрисадай үлкен шебер өнері артқан суретші қуатын көрмесем керек. Нью-Йорктегі көркемөнерден енді бір мол көргеніміз, әрине, кино мен телевизор экрандары. Америка киносында, әрине, "Жағада" атты дүниежүзілік бейбітшілік үшін күресудің жолында туған атақты зор жаңа фильм бар. Осындай бірен-саран өзге де халықтар достығына демократиялық сарындағы өз идеясы әсерлерін қосатын аздаған санаулы суреттер жоқ емес. Сонымен қатар ескі дінге байланысты, әсіресе христиан дінінің аңыздарынан, яһуди дінінің аңыздарынан алып жасалған мол-мол суреттер бар. Біз көре алғанымыз жоқ, бірақ естуімізше, "Сүлеймен пайғамбар мен патша қыз Савская" жайындағы сурет мол болып жасалған деседі. Ал біз көрген сондай суреттің бірі — "Бенгур" Римнің Палестинаны өзіне бағындырған отаршылдық, басқыншылдық дәуір тартысын көрсетеді. Бұл суретте Ғайсаның пайғамбарлығы, кейін көрген ғажаптары, жарымжандарды жазған Мұғжидалары және өзінің дарға асылуы да баяндалады. Сурет үш жарым сағат жүреді. Мұнда ескі Рим әдеті бойынша қос дөңгелекті Рим күймесіне төрт-төрттен жегілген бәйге аттардың Рим циркінің аренасында көп қатарлармен жұмыла жарысқан өте қызық бәйгесі көрсетіледі. Жиырма минуттай созылатын осы жегулі бәйге аттар жарысының үстінде кейбіреулер күйме астына түсіп, күйрей құлап қан болып жатса, суреттің бас геройлары қатты жаулық бәсекеге түсіп, жарыс үстінде қан төгіседі. Сөйтіп, діншіл тақырып діндар көңілмен жасалған қалпында, кейбір бүгінгі заманның отаншылдық, отаршылдық сияқты бүгінгі адамға түсінікті әсерлі қалыптарында да уақиға арқауына араласады. Суреттің аса мол шығын шығарылып, қымбатқа түскен сурет екені байқалады. Осындай ескі тақырыпта діншілдік қалыпта жасалған суреттер Американың қай зор қаласының болса да үлкен экрандарын, үлкен залды кинотеатрларын ұзақ мекендейтін көрінеді. Сонымен қатар енді, әсіресе мол және өте бір залалды ықпалы көп, Америкадағы жас буын атаулыны анық, айқын жаман аздыратын мол бір суреттер тағы бар. Олар бұзықтыққа, қан төгуге, адамды адам иттей талауға арналған және сол жайлар өзінше көрер көзге қызық, қыздырмалы оқиға болып қалыптанатынын көресіз. Бұлар нағыз Американың көп айтылатын "Комиксы" дейтін кино суреттерінің, телефильмдерінің (телевизор) мол-мол тобына жатады. Ол суреттердің кейбірі Америка емес, европалық басқа елдердің ескі әдебиетінен, көне хроникаларынан, аңыздарынан алынған сұмдық мазмұнды қантөгіс әңгімелері болады. Ал көпшілігі Американың өз болмысынан алынып қойылып жататын сансыз көп бұзықтық жайындағы суреттер. Мысалы, сондай суреттің бірі — біз өз көзімізбен көрген "Бір шелек қан" атаулы сурет. Онда бір жолы болмай жүрген скульптор-мүсінші әуелі аңдаусызда қанжар сілтеп бір мысықты өлтіреді. Кейін сол мысықты қанжармен қоса гипспен сылап, мүсін етіп қалыптайды. Өзінің басбұзарлау, іркіштеу тобына көрсеткенде, олар бұл мүсінді табыс деп таниды, Содан кейін жаңағы мүсінші өзіне келген бір адамды ұрып өлтіріп, соның өлген қалпында өне бойын, басы-жүзін түгел гипспен сылап-сылап, тағы үлкен мүсін жасайды. Онысы жолдастарына және де ұнайды. Кейін бұған келген бір жас әйелді мойнындағы шарпысымен буындырып өлтіріп, одан тағы да жаңағыдай мүсін жасайды. Содан кейінгі бір мүсінді өзі алысып өлтірген негрдің басынан жасайды. Негрді өлтіріп, оның басын айналма араның астына төсеп кесіп алып, шелекке салып алады да, үйіне әкеп, жаңағы өлі бастың мүсінін қалыптайды. Осыдан кейін жолдастары оған жасаған өнерінің көрмесін ұйыстыр дейді. Көрмеге мұны тәуір көретін және бұған тигелі жүрген бір жас қыз да келеді. Ал көркемөнердің сыншылары болса, мына мүсіндерді көріп, жаңа бір шыншыл өнердің жолы басталды десіп зор баға беріседі. Бірақ көрмеге келген қалындық қыз суретші өлтірген әйелдің бір тырнағы гипспен сыланбай қалғанын байқайды. Ол тірі адамның тырнағы екенін түсінеді. Сөйте тұрып жаңағы әйелді де таниды. Шошыған, түршіккен жүрекпен айғайлап, мүсінші суретшіге: "Сіз қанішер, кісі өлтіруші!" — дейді. Суретші бұған ұмтылады, қыз одан қашады. Жетсе — өлтірмек. Бірнеше қысталаң-қиын сәттер өтеді. Қызды өлтірмек боп қуып жүрген суретшінің соңынан өзге адамдар жүгіреді. Соларды андаған суретші өзінің енді әшкереленгенін біліп, өзі үйіне қашып келеді де, дереу асылып өліп қалады. Осы суретті біз жұма күні — мектеп балалары сабақтан ерте шығатын күні көп балалармен бірге көрдік. Сахнада бір сұмдық болып жатса, залда отырған балалар мінездері мен қылықтары одан да өткен сұмдық тәрізденді. Бұл балалар толған зал әрбір өлім тұсында шулап, мәз бола күлісіп, қол соғып, аяқтарымен тақтай тепкілеп, өлтірушінің ісіне қызығып, кәдімгі қоянға тазы итін қосып айтақтатқан аңшылардай болысты. Барлық өлім оларға кино суреттің тапқызбас қызығындай қызу әсер етті. Ірку, іркілу, қорқу-жирену жоқ, қызығу да қызықтау — жас балаларға бүгінгі Американың көп кино суреттерінің беріп жатқан жан жемі осындай болды да, оны қабылдау да жаңағыдай. Және балаларға сол кинодағы жаңағы суретке билет арзандаған бағамен сатылады. Бұл көргеніміз, мұндағы еріксіз сезгеніміз бүгінгі Американың бүгінгі бар мәдениетінің сыртқы көркі, техникасы, барлығы, байлығы қатарында мынадай жас буынды жабайылық, қанқорлық, жыртқыштық бағытта баулығандай сұмдық аңғарылады. Солай болмасқа, ойламасқа шара да жоқ. Өйткені бұл біздің көргеніміз бір суреттің тұсында, бірер кинотеатрда ғана емес, ол Нью-Йорк, Вашингтон, Лос-Анджелес, Бостон сияқты үлкенді-кішілі қалалардың бәрінде, барлық кино мен телеэкранның бәр-бәрінде жүріп жатқан күндегі көптен-көп шығармалар. Оларды жасаушылар арасында үлкен конкуренция — бәсеке де бар. Сондай суреттерді туғызумен үлкен капиталдар құрап жатқан компаниялар да бар. Олар Америкада не жазса да болады, не туғызса да болады, қандай кино жасаса да бөгет жоқ, цензура жоқ деген сымақтарды сылтау, арқа тіреу етеді. Сөйтіп, жас буынды жаман, сұмдық, бұзықтық, жыртқыштыққа көзін үйретіп, көңілін көндіріп, әдейілеп бастай баулиды. Міне, Америка көркемөнері аталатын әлемнің ішінен осындай да өнер болмыстың пішінін көрдік. Ғылым-тәрбие орындарының Нью-Йорктегі тобынан біздің ерекше көңіл бөлгеніміз, арнай танысқанымыз Колумбийский университет болды. Бұл — Американың ең даңқты үлкен ғылым ордасының бірі. Бүл университет 1754 жылы Екінші король Георг заманында әуелінде колледж болып құрылған. Алғашқы ашылған жылында сегіз студент оқыған екен. Бүгінде отыз жеті мың студент бар деп саналады. Мұның негізгі тұрақты тобы жиырма мың студент көрінеді. Америкада студенттердің бір қаладан бір қалаға ауыса жүріп оқитын дағдысы бар екен. Ол студенттердің өз бетімен жеке тұрар тұрмысқа дағдылануы үшін кірген әдет көрінеді. Жалпы студенттер бұл университетте жылына оқудың өзіне 500 доллар төлейді. Жатақханаға 475 доллар төлейді екен. Бұл үлкен университет, тегінде, мемлекеттік емес, жай адамдар меншігіндегі университет саналады. Студенттердің біраз тобы ерекше жақсы оқыған үздік бағаларына қарай стипендия алатыны да бар. Университеттің кітапханасында үш миллион кітап бар деп саналады. Мұнда әр ғылым саласына арналған факультет саны мол. Әр факультеттің үй-жайлары бөлек-бөлек болғанда, Колумбийский университет қаланың көп аумағын алады екен. Мұндағы ғылым дәрежесі — бакалавр, магистр, доктор. Профессорлық өзі үш саты. Толық профессор кітаптар, еңбектер шығарған соң берілетін атақ көрінеді. Тегінде, профессорлық үш саты дәреженің әрбір төрт жылда ауысып отыратын өзгерістері бар. Филология тарауын алғанда көп тілдер оқылатын көрінеді. Сонда славян бөлімінде орыс, украин тілінен басқа да біздің Одақ елдерінің бір топ тілдері оқылады. Өзбек, азербайжан, армян тілінің курстары оқылады екен. Бұл университетте моңғол тілінің, жалпы түркологияның, арабистиканың, угро-фин тілдерінің белгілі мамандары бар. Орыс әдебиеті үш сала курстарға бөлінеді. Олар екі семестр бойында XІX ғасыр әдебиеті, содан кейін XX ғасыр әдебиеті және өзіне бөлек совет әдебиеті оқылады екен. Осы бөлімді басқаратын профессор Стильман славян тілдері мен әдебиеттерінің тобын басқарады. Ол бізге осы бөлім студенттері сіздермен ұшырасуға аса құмар, кездестір деп маза бермей жүр десе де, кейін дәл студенттермен кездесетін сағатта сол студенттер жиылмады, біздің байқауымызша, бұл бөлімдер студенттерінің біздермен ұшырасуын факультет басшылығы онша тілемеген сияқты. Ал кездескен аз ғана топ ішіндегі студенттері қияс сұрақ болмаса, совет әдебиетінің бүгінгі шындық табыс, өріс өсуін біле қойғысы келген жастарға ұқсамайды. Жалпы, университеттен, әсіресе славян факультетінен алған аз әсерлерге қарағанда, Одақтың бүгінгі әдебиет табыстарын, түрлерін арнаулы славян бөлімдерінің өзінде де ойдағыдай деуге болмайды. Оқушылары орыс тілін жақсы білетін тәрізді. Әсіресе өткен дәуірлер әдебиеттерін және тыңғылықты танып білетіндей. Ал совет әдебиетін бірен-сарандаған адамдар жайлы болмаса, көпшілік шындықты біле қоймайды. Бұған екі түрлі себеп бар сияқты: ең әуелі Америка жоғары оқу орындарында славян мәдениетін, соның ішінде бүгінгі Одақ мәдениетін, әдебиетін оқытатындар көбінше ертелі-кеш мезгілдерде Россиядан ауып кеткен ауғын-көшкін адамдар көрінеді. Олардың көбі ерте кеткені, кейін кеткені бар - бәрі де біздің Отан жаңалықтарына, әсіресе социалистік әдебиет, мәдениет табыстарына қиғаш қарайтын адамдар. Олардың аузымен айтылған социалистік совет әдебиеттері жөніндегі шындықтар Америка студенттеріне оншалық қызықты, тартымды, қымбат дүние боп аталмайтын болу керек. Сондықтан бір Колумбийский университет емес, кейін біз ұшырасқан Лос-Анджелес университеті, Бостон университеті (Гарвард университеті), Фреснодағы колледж — бәр-бәрінде де, тіпті славян бөлімінде оқып жүрген американ студенттерінің де көптен-көбі білсе орыстың ескі әдебиетін біледі, ал совет әдебиетінен, совет жазушыларынан білетіндері өте аз аңғарылды. Оларға совет жазушыларының шығармалары ұдайы біріне-бірі ұқсас және тек соғыс пен колхозды ғана айтатын сұрқай, бірыңғай іш пыстырар әдебиет деп танылатын көрінеді. Әрине, бұл жаулық тілмен баяндалатын өте қияс, теріс мінездемелер біздің әдебиет өрнектерін танытуға көмекші емес, кедергі. Кепіл емес, кесір, совет әдебиетінің Америка оқушысына жету жолындағы кедергі, кесірдің бір үлкені. Сондай негізгі қаскөй көзқарас бір бұл жер емес, идеология жағын билейтін баспа, ғылым, зерттеу орындарының көбіне тараған әдіс-тәсіл болғандықтан, совет жазушыларының шығармалары Америка тіліне аударылып, басылып та шыға бермейді. Бұл — екінші кедергінің бір түрі. Әрі кітаптың өзі жетпейді, әрі оның жөніндегі дұрыс әділ таныту, талдау білімі жетпейді. Сондықтан Американың бүгінгі студент жастары ғана емес, көптен-көп оқушы қауымы да совет әдебиетінің табыстарын, түрлерін, жазушыларын танымайды екен. Біздің көп атақты жазушыларымыздың аттарын алғаш қана естіген құлақпен одырая, жатырқай қарасады. Ал сонымен қатар бұрынғы әдебиеттерімізді, өткен дәуірлер жазушыларын едәуір жақсы біледі деуге болады. Сондықтан да өзге-өзге емес, сол Колумбийский университеттің өзінде, жоғарыда біз атап өткендей, өзбек әдебиеті мен қазақ әдебиетінің ауызша үлгілері, ескі эпостары туралы екі американ жастары ғылым дәрежесін ала диссертация қорғасыпты. Бұл жай бір ғана осы әдебиеттер емес, туысқан азербайжан, армян, грузин әдебиеттері туралы да болатыны күмәнсіз. Сөйтіп, халыққа, көпшілікке біздің мәдениеттерімізді білдіру, таныту жолдарын қысаң, тараң ұстаумен қатар, халықтың сыртында арнаулы арналар мен арнаулы, бізге қастан адамдар арқылы одақтас елдеріміздің бұрынғы мәдениеттерінің жайын сырттай шолып, ақпар жасап біліп отыру, арнаулы керектері үшін біліп отыру олқы емес, бар көрінеді. Ол жағынан қарағанда, Американың үгіт-насихаты үшін, мемлекеттік департамент керегі үшін немесе Американың барлаушы орындарының барлаушылық деректері, әр алуан керектері үшін әр жайдан хабарланып отыру мол тәрізді. Студенттерге кездестік те, университеттің бірнеше көрнекті жайларын көп араладық. Сол қатарда оқытушы, профессорлар демалатын клубтары бір алуан көрінді. Сонда ас ішетін залдары, демалыс жайлары көп екен. Профессорлар кей орындарда бильярд, тағы бір жерінде шахмат, енді бір бөлмелерінде карта мен бридж ойнайды екен. Ол ауыр, қиын ойынның бірі саналады. Ермек үшін аз-аздап ақша салысып та ойнайды екен. Ендігі бір айтатын дәл деректі әңгімелеріміз Америка Құрама Штаттарының бірнеше жоғары оқу орындарында болатын кейбір қолайсыз, ерсі мінездер жайынан білгеніміз жөнінде болсын. "Нью-Йорк таймс" газетінің 26 февральда шыққан санында Солсбери Харисон жазған жоғары оқу орындары жөніндегі бір мол мақала шықты. Мақаланың аты — "Жасырын жазушылар әшкереленуі". Мұнда Солсбери бір аудандық прокурор Френк Хоган өзі әшкерелеп тапқан бір топ жұмыстар жайын баяндайды, прокурордың анықтауы бойынша, жоғары оқу орындарында студенттер үшін емтихан беріп, жас ғалымдар үшін диссертация жазып қорғайтын бірнеше топтар болады. Олар өзі төрт агентствоға бөлінеді. Магистрлік диссертация үшін үш мың доллар алып жазатын болады. Студент үшін емтихан тапсырған ақысына елу доллардан бес жүз долларға дейін алатын болады. Кейбір сондай жалдамалар емтиханды студенттер үшін бір емес, бірнеше университеттерде беріп жүреді. Сол қатарда Колумбийский университетте, оқытушылар колледжінде емтихан табыс еткен жалдама адамдар жайы аталады. Бір газет тілшісі, прокурор Хоганның рұқсаты бойынша, өзі қырық долларға келісіп, студент үшін емтихан өткізіп, кейін сол ақшаны прокурор Хоганның конторына қайырады. Солсберидің жазуында оқытушылар колледжінің президенті доктор Кэсуэлдің бұл жөнде көп қынжылып сөйлегенін келтіреді. Сандары көп болмаса да, бұндайлардың оқытушының құлық-тәрбиеге, адамгершілікке жат мінез екенін айта кеп, өз колледжіңде мұндай мінездерді жоюға серт бергенін айтады. Сонымен қатар Чепмэн дейтін Нью-Йорк университетінің профессоры ғылым дәрежесін қорғау тұсында мұндай жалдама адамдардың болуы сенімсіз, өйткені бірнеше рет консультация болады, зерттеу материалдарын қайта жазғызу, талқылау болады, сондықтан біреудің орнына біреу жалданып өту оңай болмас дегенді айтқан еді. Бұған қарсы студенттер газетінің директоры Тони Пинта сондай жалдама жазушылардың проценті өте жоғары екенін айтқан. Психология жөнінен үш жүз елу долларға Иешив университетінің жас ғалымына диссертация жазып бергенін Бенсон өзі мойындайды. Түстік батыс университеттерінің біреуінің профессоры докторлық диссертацияны қайта жазып берген адамға қорғаушы бір мың екі жүз доллар төлеп және сол адамға кейін алғыс айтып хат жазғанын да келтіреді. Колумбийский университетте Елизавета дәуіріндегі драма жайлы диссертация жазып, екі мың долларға жалданып, сол ақшаның жарымын алып, кейін қашып кеткен бір жасырын жазушыны еске алады. Иешив университетінің профессоры доктор Самуэл Белкин сол университетке докторлық диссертацияны жалданып жазып берген адам жайын айтады. Бірақ диссертацияның қорғалған, қорғалмағанын атап айтпайды деп, осындай дәл айқын, анық өрескел фактілер жайын Американың ең мол тарайтын газеті "Нью-Йорк таймстың" бетінде сол газеттің жауапты қызметкері Солсбери жазды. Әрине, бар университет тәрбиесі бұл емес те, барлық ғылым дәрежесін қорғаушылар бұл аталғандар емес, бірақ сонымен қатар Америка жоғары дәрежелі оқу орындары мен ғылым ордаларында кейде осындай да сорақы мінездер сойдия, жарыққа шыға жүретіні бар көрінеді. Нью-Йорктегі ұшырасулардың бірқатары жазушылармен кездесу түрінде болды. Мол бір кездесу пен-клуб одағының мол тобы — көп жазушылар жиылған бір жайда болған еді. Онда жеке-жеке әрқайсымызбен топ-топ жазушылар әр жайларды сұрастыра әңгімелесті. Мұндайда біз әрқайсымыз өзді-өз әдебиетіміздің, республикамыздың табыстарын, жазушыларын, шығармаларын айтуға арнаймыз. Пенклубтың қатарында әр алуан, әр жасты және әр ұлтты жазушылар бар көрінеді. Сол қатарда біздің досымыз негр ақыны Ленгстон Хьюз да болды. Мұнда үлкен газеттердің сын бөлімдерінен кейбір бастықтары ұшырасты. Сол күні кешке белгілі жазушы әйел, бірнеше романы бар Женуэй дейтін жазушы әйелдің үйінде қонақта болдық. Мұнда күндізгі жазушылардан, журналистерден, сыншылардан көп адам жиналды. Жиыны үш жарым сағаттай отырысқан ұшырасуларда көп әңгімелер сөйленді. Кейбір сұрақтарда сырты аңқаулау көрінгенмен, іштей дау, сын — бізге арналған сын — аңғары да танылмай қалған жоқ. Мысалы, "тақырып бәріңе ортақ болғандықтан, барлық әдебиеттеріңіз біріне-бірі ұқсас емес пе?" — деген тәрізді дау сұрақ болды. Оның ар жағында "барлық советтік туысқан ұлттар әдебиеті бір ғана озғын әдебиетке еліктеуші емес пе?" — деген де дау, күдік сезілуші еді. "Сіздің әдебиетіңізде психология бола ма, терең бе?" — деген сұрақ та болды. "Журналдарыңыздың бәрі бір-ақ орталықтар тілі емес пе?" — дейтін де сұрақ болған еді. Осы мәжілісте өзі драматург және драма сыншысы, сонымен қатар пен-клуб одағының Ныо-Йорк бөлімінде бастық орынбасары боп істейтін Райс болған еді. Ол 1957 жылы Токиода болған пен-клуб одағының жиналысы жайын баяндады. Сонда жалпы Шығыс елдері жазушыларының Европа, Америка әдебиетшілеріне қойған талаптарын айтты. Токиодағы халықаралық жазушылар жиюшысы тек аударма мәселесін сөз етіпті. Сонда Шығыс әдебиет үлгілерінің Европа тілдеріне аз аударылып, Европа жазушыларының, Америка жазушыларының шығармалары Шығыс тілдеріне әлдеқайда көп аударылатыны айтылыпты да, сол жөніндегі теңесу шарттары сөйленіпті. Жалпы, пен-клуб одағына дүниежүзілік елу-алпыс мемлекет жазушыларының әр алуан топтары қатысады екен. Сол жайын баяндаған еді. Нью-Йорктегі журналистер, жазушылар топтарымен ұшырасудың молырақ бір кездері "Сатердэй-Ивнинг" журналының басқарушысы — редакторы Норман Казинс ұйыстырған шақтарда болды. Жексенбі күні біз қала сыртында алпыс миль жердегі Норман Казинстің өз үйінде қонақта болдық. Тоғай ішіндегі үлкен оңаша үйге жиылған қонақ көп екен. Бұлардың арасында журналдың жауапты қызметкерлері және көркемөнер қайраткерлері, әр сала мамандық адамдары, осы үйдің көршілері, достары да жиылған екен. Мұнда күні бойы болған шақта көп жайлардан алма-кезек сұрасу, білісу мол болды. Осы ұшырасуда да біздің әрқайсымыз әр бөлек топ американ адамдарының ортасында болып, өзді-өзі тұсымызда әр алуан әңгімелер жүргізген едік. Мен өзіміздің республиканың ғылымдағы, мәдениеттегі, әдебиеттегі, жалпы социалистік дәуірдегі табыстары жайын баян еткен едім. Кейін үй иесі мен қонақтардың өтініші бойынша, көпшіліктің бірігіп отырып әңгімелескен кең мәжілісі болды. Онда жалпы совет әдебиетінің кейбір жаңалықтары туралы берілген сұрақтары болды да, соған берген жауаптарымыз қатарында Американың Хемингуэй, Митчел Уилсон сияқты жазушыларының Совет Одағында даңқты болуының себептері сұралған еді. Бұл жөнінде біраз жауаптарды мен айтқан едім. Кейін "Сатердэй-Ивнингтің" біздің келуімізге арналған жалпы мақаласында сол менің берген жауаптарым жазылған еді. Осы Норман Казинстің шақыруы бойынша келер күндердің бірінде Нью-Йорктің өзінде, сол "Сатердэй-Ивнинг" журналының басқармасында едәуір елеулі екі жақты танысу әңгімелері болды. Бұл жиында Щипачев келелі көп әңгіме сөйледі. Ол совет әдебиетінің барлық үлкен тобы атынан сол әдебиеттің жауапты өкілі ретінде сөйлей білді. Жалғыз орыс әдебиеті емес, жалпы туысқан одақтас әдебиеттердің бәрінің көрнекті үлкен үлгілерінен мысалдар келтіре, келелі мәжіліс бастаған еді. Сол қатарда, біз — толған мол әдебиеті бар Отанбыз. Біздің жазушылар, одақтарымыз да коп. Талантты жазушыларымыз да, әлем жұрты білерлік әр алуан зор шығармаларымен атақты болған адамдарымыз да көп. Бірақ аңдауымызша, американ жұртшылығы сондай әдебиеттен хабарсыз. Оның орнына бір ғана оқшау мінез, еңбекпен, шығармамен өз Отанында сынға ұшыраған мінді еңбек жазған бірлі-жарым жазушы болса, соларды ерекше білмекке тырысу, даңқтандыру Америкадағы бірталай топтардың әрекетіне айналған. Көп әдебиет туралы бұл әділетсіз мінез. Бар совет әдебиетіне деген баспа әрекеті, қаржы-қаражаты болса, соны бір-ақ адамның еңбегіне арнау тәрізді нәрселер қандай сыңаржақ, әділетсіз, теріс мінез болар еді деген сынды да орынды етіп айтты. Норман Казинс, тегінде, біздің Отанда бұрын болып кайтқан адам. Өзі бірнеше негізгі ойлары, ізденулері, еңбектері жөнінде біздің салт-санамыздан, философиямыздан шет шалғай ойлайтын адам болса да, екі ұлы мемлекет арасындағы қарым-қатынас татулық шеңберінің ішінде қалыптасса екен деп шын тілейтін, едәуір әрекет ететін де адам көрінеді. Ол өзінің серіктері атынан сөйлеген жауап сөзінде едәуір дұрыс пікірлер таратты. Бүгінгі күн мен болашақ туралы да біздің бәріміздің екі жақты жауаптылығымыз мол екенін, татулық үшін әрекет ету бар әрекеттің зоры екенін кең таратып айтты. Өзінің үйінде болған мәжілісте Леонов пен менің айтқан кейбір пікірлерімді де еске алды. Жалпы "Сатердэй-Ивнинг" журналының осы екі ұшырасуда болған адамдарының аңғарында біздің екі мемлекеттің арақатынасына татулықты өткел ету мақсатын көбірек ойлайтын адамдар тәрізденді. Осы күндерде біз және американ жазушыларының лигасы дейтін бір топ жазушылардан құралған жиынның ортасында болдық. Ac үстіндегі әңгімені кешелер Норман Казинстің үйінде бізбен ұшырасқан жазушы Рекс басқарған еді. Ол қазіргі Америкада детектив роман (қызық, шытырман оқиғалы роман) жазушы қалам қайраткерінің бірі екен. Оның түсіндіруі бойынша, бұл лига жазушы атаулының бәрін де өз қатарына талғамай ала береді. Бұлардың тобында республикашыл, демократ жазушылармен қатар анархист, консерватор, саясатсыз коммунист жазушылар да бола алады дейді. Бір шақта біздің ортамызда фашист жазушы да болды деді. Кімнің нені, қалай жазғанына біз үкімші-сот емеспіз. Бәрі де өз білгенінше, өз еркінше жазсын дейміз деген еді. Бұл жиында біздің тобымыздан Олесь Гончар жақсы сөйледі. Ол:

— Мен өзім соғыста болдым. Жүзбе-жүз жаумен ұшырастым. Сол жауым фашист еді. Ол майданда, қылыш жүзіндей өткір, ыстық майданда жазушы-фашист ұшырасса да, біз оны жыраққа жіберер едік. Осы жай саясат болса, біз шынымызды жасырмаймыз. Ол — біздің шындығымыз, — деп баяндады.

Ныо-Йорктегі күндерде біз әрбір күндізгі сағатты, кешкі шақты не қылса да үлкен Нью-Йорктің мол жаңалықтарының, оқшау өзгешеліктерінің әр бөлігімен танысуға арнаған едік. Сол қатарда Нью-Йорктің атақты Уоллстрит көшесіндегі құмырсқадай қайнап жатқан бәсеке, жанталас, әр алуан тайталас үстіндегі доллар табу қызу базары аталатын "Нью-Йорк" биржасында да болдық. Енді бір кезде Нью-Йорктің кітап баспасын басқаратын жиырма шақты капиталист байлардың тобында да болдық. Олармен өткізген жеке мәжіліс екі жаққа да ырза қыларлық жаңалық қосқан жоқ. Совет әдебиетін социалистік мәдениет үгітшісі деп біледі де, олар өздерінің таптық қаскөй салт-санасы бойынша, біздің кітапты американ тіліне аударып, өз пұлдарымен бастырып, халыққа таратуды оғаштық санар еді. Сондықтан жалған, жасанды дәлелді айтқан боп, сылтаулар санайды. Американ оқушысы совет әдебиетінің ірі шығармаларын оқудан қажиды. Себебі ол әдебиетте колхоз өмірі мен соғыс жайы ұдайы бірыңғай ғана жазылады-мыс, — дейді. Бұл жөнінде олар, әрине, жалған айтады. Өз бастары шындықты бұрмалаудың үстіне, Американың көпшілік оқушысы туралы да жалған айтады. Себебі біздің салт-сананы үгіттейтін көркем шығарманың ол оқушыларға жетуіне қазан аузында отырған бұл капиталистердің, әрине, бейілі жоқ. Ал, дәлін айтқанда, жақында Америкада Шолоховтың екі романы - "Тынық Дон", "Көтерілген тың" - аударылып басылғалы жатыр. Американың көпшілік оқушысы бұл кітаптарды оқымақ түгіл, ынтық бола, сүйсіне, барынша биік бағалай қарсы қабыл алатынына күмәніміз жоқ. Өйткені олар американ оқушыларының көпшілігіне біздің дәуір шындығын кең көлемде көркем де, терең де бейнелейтін шығармалар. Адамзат көркемөнер қазынасына қымбат қасиет қоса алатын шығармаларды Американың орта көпшілігі, халқы сүйсініп оқымасқа шарасы жоқ. Ал Шолоховтың сол аталып отырған екі кітабының біреуі соғыс жайында болғанда, екіншісі колхоз турасында. Мен 1957 жылы Жапонияда болғанымда, Осако қаласында жапон жұртшылығының бір үлкен тобымен ұшырасып, совет әдебиеті туралы әңгіме жүргізген шағымда бір энергетик-инженер жапон айтып еді: "Мен бұрын роман деген әдебиет түрін ұнатпаушы ем. Өздерін аз оқитынмын. Тек бір шақта қолыма Шолоховтың "Тынық Дон" атты романы түсіп, соны оқып алғаннан кейін романның қадірін ұғындым. Енді романды көп оқимын. Әдебиеттің бұл түрін маған сүйгізген совет жазушысы Шолоховтың романы болды", -деген еді. Ныо-Йорктегі тағы бір еске алатын ұшырасу "Жиырма бірінші клуб" аталатын Нью-Йорк адамдарына аса мәлім қонақжай бір клубта болған еді. Онда жоғарыда аталған "Сатердэй-Ивнинг" журналының бас қызметкерлері, атақты "Нью-Йорк таймс" газетінің Солсбери сияқты ірі журналистер!, әлгіде аталған пен-клуб мүшелері, жазушылардың америкалық лигасының мүшелері тәрізді көп адам жиылған еді. Сонда бір кезек Совет Одағынан келген жазушы қонақтардың сөйлеуін талап етісті. Біздің Америкадан алған әсерімізді сұрасқан еді. Мен өз кезегімде Нью-Йорк қаласы турасындағы ойға келген бір теңеуді таратып айтып шықтым. Мұны түсінікті ету үшін алдын ала бір-екі деректерді айта кетейін. Ең әуелі Нью-Йорк қаласының Манхэттен дейтін аралда тұрғандығы есте болсын. Екінші — бүгінгі американ поэзиясындағы өлең жолы бір алуан, бір жолы ұзын, бір жолы қысқа келеді. Ол ұйқас қуаламайды, ырғақ ыңғайымен жазылады. Мен Нью-Йорк қаласын Маяковскийдің кейбір бағаларын еске ала отырып, өзімше бір, ақынша, ақын болмасам да, метафора, теңеу айтайын дедім. Сондағы айтқаным: менің көзіме тастан салынған небоскребтардан құралған қала сипаты бейне бір Манхэттен аралының аспанына таспен жазылған поэма боп көрінеді. Ол поэманың әрбір жолы — әрбір небоскреб (зәулім тас үй). Сонда американ өлеңі бір жолы ұзын, бір жолы қысқа болғанындай, небоскребтардың да біреуі ұзын, біреуі қысқа. Және сол жолдардың ішіндегі ең ұзын, ең мазмұнды жол — жүз екі этажды Эмпайер Стэйт Билдинг. Ол поэманың бұл жолын дүниежүзі халқының бәрі білді, бәрінің де жадында деген едім. Мәжілістің бастығы доктор Хитсиг маған әзілмен құрмет көрсетіп, алпысыншы жылы жазда болатын осы клубтың юбилейіне екі шақыру билет сыйламақ болды да, әйеліммен екеуміздің келер жолымызды Норман Казинс қамтамасыз етсін деп бұйырды. Кейін өз жолдастарымыздың арасында осы жай сөз болғанда, қадірлі дос Степан Петрович Щипачев маған бір достық серт айтты. Ол "Нью-Йорк" деген өлең жазып, сонысын маған арнамақ болды. Мұндай уәделердің өзінің ыстық шағында дегендей орындалуы қандай қымбат. Сол Нью-Йоркте жүрген күндерде жаңағы тақырыпқа жазған өлеңін, Щипачев біз Америкадан қайтқан соң "Правда" газетінің бетінде маган арнап жазғанын атап, "Нью-Йорк" деген өлеңін жариялады. Оның көп теңеулерінің қатарында Нью-Йорктің небоскребтары тасқа айналған өлеңнің жолдары деп бейнеленген еді. Бұл жөнде менің көңілімде Маяковскийдің Нью-Йорктегі бір көпір, үлкен аспалы көпір — Бруклин көпірі туралы және Бродвей көшесі туралы өзінше бір алуан ақынша тамашалай айтқан сөздері болған еді. Оның үстіне, қазіргі әлем жүзіндегі екі зор мемлекет — біздің Отан мен Америка Құрама Штаттары болса, екі елдің де қарапайым адамы бейбітшілікті тілеген көңілмен қатар, бір-біріндегі зор мәдениет, ғылым, техника табыстарына сүйсіне де біліседі. Өзінде бар ұлы табыс, ескерткіш, қасиеттерін бағалай отыра, өзгедегі XX ғасыр ортасындағы өнерлі адамзат жасаған цивилизацияның жазықсыз көрнекті үлгілеріне әділ бағасын беріседі. Бұл жөнінде біз революцияның ұлы ақыны Маяковскийше қарау, тану бүгінгі совет халқының қалың көпшілігінің күй-көңіліне лайықты, заңды жай деп білдік. Сонымен, әрине, Американың екі жүз жылдық тыныштықта өткен мәдениеті бүгінгі шақта Нью-Йорктей үлкен өнерлі зор ескерткіш тудырса, біз өз Отанымыздың азғана жас тарихының ішінде нелер ғажайып ғаламаттар түріндегі ғылымдық, техникалық, шаруашылық, қоғамдық, тарихтық ескерткіштер тудырғанын еске алмай отыра алмаймыз. Бүгінде әлем таныған неше алуан континентаралық ракеталарымыз, әр алуан Жердің жасанды серігі, Айдың жасанды серігі тәрізді бар өнерлі адамзаттың алдына ұзап озып түскен дәуірлік табыстарымызды атау ғана жетпейді, соларға барабар Ұлы Отанымызда құрғақ дала, шөлстандарға біздің Отан тудырған теңіздер, батпақ-сорды құрғатып, көгерту, ұлан-ұзақ шөлдерді иелену, ұшы-қиыры жоқ дала-сахараларды дәндендіру, ұлы өлкелерді өзгерту, жүздеген халықтар тарихтарын, тағдырларын қайта жаңғыртып, жасарту — осының бәрі сан Нью-Йорктей ұлан-ғайыр, әрқайсысы әрбір заманның ұлы ескерткішіндей ғаламаттар. Нью-Йорктей қаланы сыпаттағанда, біз өзіміздегі осындай сыпаттарымыздың да баршасын еске ала, бұлар да XX ғасыр ортасындағы адамзат цивилизациясының сан алуан сеңгірлері деп танимыз. Нью-Йорктегі ұшырасулардың тағы бір өзгеше есте қалған сәті Американың атақты қарт ақыны Карл Сэндбергке ұшырасу болды. Жасы сексен екіге келген, әлі қапсағай бойы тік, сергек келген қызыл жүз, ақ шаш, ақ мұртты қарт сырт пішіні жағынан өз Отанымызда ұшырасатын кейбір әдебиет, ғылым адамдарына ұқсайды. Бұл кісі өткен жылы біздің Отанымызға келіп қайтқан. Москвада болған, Ауыл шаруашылық көрмесінен қазақ, өзбек павильондарын жақсылап аралағандарын да айтады. Бұған Щипачев орыс тіліне аударылып, басылып шыққан қарт ақынның кітабын бәріміздің атымыздан тарту етті. Аға ақын үлкен ырзалықпен қабыл алған еді. Ол өзіне сүйікті кейбір өлендерін орыс тілінде сыртқы дыбыс жағынан қалай шығатынын аңдамақ боп, Щипачевқа әдейілеп оқып беруді тапсырған еді. Щипачев оқып шыққан соң, ол орыстың тілінің естілуі үнге сұлу тіл боп шығатынын айтты. Дыбыс үйлестері күйлі тілдің бірі, өзім мағынасын білмесем де, орысша сөйлеген сөздерді үйлесімді дыбыстар келісіміндей тыңдаймын дей отырып, Москвадағы бір сәл жайды еске алды. "Мен "Москва" гостиницасында этаждағы кезекші әйелдің қасына кеп отырғанда, кейбір қызметкер күтуші әйелдер соның қасына кеп сөйлеседі. Сонда бір жиі естілетін "ага-ага-ага" дейтін демеу, леп дыбыстарының өзі де сол әйелдер сөздерін әнге айналдырғандай болады", — деді... Өз өмірбаянын айтқанда ауыл шаруасының ортасынан шыққан балалық, жастық, тіпті жігіттік күндерінің көпшілігі жоқшылықта, қиыншылық кезбе жайда өткенін айтады. Темір жолдарда билетсіз жүру, аштық күндерін кешу, еңбек етер, күшін сатар орын таппай, мұқтаждық, күйзеулікте көп айлар кешу — бәрі де өз басынан атқарып өткен ауыр өмір естегілері екен. Соның бәрі қазіргі қарт көңілінде тасқа басқан бедердей көз алдында айқын тұрғанын аңғартты. Барлық әңгіме үстінде бұл дос қарттың пішінінде мен көз алдымда осындай кәрілікке жеткен, жас шағында, осы кісі айтқандай, ауыр өмір, у зәрін ішіп-кешіп өткен Америка жазушысы, біздің халықтарға аса мәлім Джек Лондонды көріп отырғандай болдым. Ол кісі Джек Лондонды еске ала кеп, оның қырық екі жаста өлгенін, көп жасағысы келмей, ішкілікке жеңгізіп, кейінгі өмірін уланып өткізгенін айтты. Біздің Отанымыздың американ халқы арасындағы тұрақты, сенімді досы қарт ақын Карл Сэндбергтің қасында болып, дос-жар ұзақ әңгімелерін тыңдап өту бізге Америкадағы ұшырасулардың ішіндегі ең бір қымбат сағаттардың бірі болды. Осындай танысу, кездесу, білісу, ұшырасулар үстінде біз Нью-Йоркті бір жұмадай аралаған едік. Ендігі біздің сапарымыз Құрама Штаттың екінші шет жақ шегі — Тынық мұхит жағасына қарай беттейтін болды. Біз қарлы, жауын-шашынды, әлі қысы аяқталмаған Вашингтон, Нью-Йорк тұрған Атлантик теңізі жағасынан бұл мемлекеттің маужыраған жылы жағы - Тынық мұхит жағасындағы Калифорния штатына ұшуға беттедік. Алдымыздағы ендігі біздің көңіл қиялымызды тартқан үлкен қала — Лос-Анджелес.

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙