Киіз кітап
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Авторы: Ұлықбек Есдәулет
Ұлықбек Есдәулет
КИІЗ КІТАП
Ұлықбек Есдәулет
КИІЗ КІТАП
Ел мен жер жырлары «Елорда» баспасы Астана 2000
ББК 84 (5 ҚАЗ)
Е 78
Алғысөзін жазған Қазақстанның халық жазушысы Әбіш Кекілбаев Есдәулет Ұ. Е 78 «Киіз кітап». Өлеңдер. Астана. «Елорда», 2000. 182 бет
ISBN 9965-06-030-4
Қазақтың белгілі ақыны, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Ұлықбек Есдәулеттің бұл жаңа кітабына 1988-2000 жылдары жазылған ел мен жер , заман мен қоғам, табиғат пен махаббат туралы лирикалық, әлеуметтік-философиялық жыр толғамдары енгізілді. Ақын тың ізденістерге барып, өлең өнерінің соны қырларын аша түскен. Кітапта оқырманның ойы мен сезіміне қозғау салар әсерлі, өзекті өлеңдер жеткілікті.
4712250202-053 Е---------------------- 00 450`05~-00
АЛҒЫСӨЗ
ӨРКЕНІ ӨСЕР ӨНЕР, ӨРІСІ ШАЛҚАР ӨЛЕҢ
«Ақынды шындап түсінгің келсе, туған жерін барып көр», — деген қағиданың орындылығына қай бір жылғы сапарымда көзім анық жетті. Шілде ішін тартса да, күз қайратына міне қоймаған кез еді. Алтай өңірі ала шабыртып тұрды. Әсіресе, Мәрмәр таудан әрі асып, Марқакөлге бет түзер тұста ақ қайыңды алаңқайлар көп екен. Мектеп бітіру кешіндегі ақ көйлекті бүлдіршін қыздардай қыпша бел қайыңдар қаралай билеп тұрғандай. Көз алдың ала шұбарланып, басың айналып бара жатқандай сезінесің. Бірте-бірте қарағай жиілейді. Әлдеқайдан бұтақтар сықырлап, бұлақтар сылдырлайды. Ақ желеңді сауыншылар қалайы күбілерін тақ толтырып алып, мәймеңдей басады. Қалихан Ысқақовтың тісі кетік жылдарында тілін жылтыңдатып, майын тамызып айтатын майда қоңыр әңгімелері еске түседі. Ұрынқай кентінің ыс басқан бөренеден қаланған қара барқын баспаналарындағы қаракөлеңке кешкі дастарқан басындағы қаба сақал қожайындардың ауызымызға тосқан ашытқылары мен басытқылары да сол көп естіген хикаяларымыздағыдай. «Қалиханның әлемі» Мәрмәр таудың қасқа құлауындағы алдыңнан андыздап қоя беретін қызыл шағылдарды көргенде көзіңнен бір-бір ұшады екен де, атымен басқа дүние басталады екен. Шаңылтақсып қоя берген кеңістікте қоңылтақсып қоя берген қажыңқы көңіл Жеменей бойына жақындай бере қайтадан сергиді. Көкжиектің нілі көбейіп, төңірегіңнің өңі кіріп келе жатқандай. Зайсанды бірінші рет емес, бірнеше рет көргендеймін. Тәпене үйлер. Жіңішке көшелер. Талдырмаш талдар. Қара сирақ балалар. Тарамыс шалдар. Бала дегеннен шығады, шал дегеннен шығады... Ертесіне сәске шамасында қаланың күнгей батыс тұсындағы қоңырқай тауларға бет алдық. Жота-жотаның арасына кірген соң жіңішке жол бұралаңға басты. Сондай бұлтарыстардың бірінде керенау ілбіген керқұла тұғыр жеккен арбалы жолықты. Жұпар аңқытып пішен үйіп алыпты. Тау арасының жаңа орылған балаусасынан әлі шық иісі шығып тұрғандай. Құйқа иек сары тіс шал күн жақ қапталынан киліге өтіп бара жатқан біздерге кілгіре қарайды. Пішен үстінде торы ала көйлек киген талдырмаш бала жігіт балағын тізеден асырған жалаңаш сирақтарын салбырата созып жіберіпті. Жеңін шынтағынан асыра түріп тастаған білектерін тап көк желкесіне айқастырып, жастанып апты. Сол арада тап осы бір шиқылдақ арба мен оның үстіндегі екеуді де бір жерде көргендей шырамыттым. Тіпті күнде көріп жүрген көз таныс жандарым секілді. «Қайда көруім мүмкін?..» Күйген бауырдай құж-құж жоталарға өрмелеген сайын алдымыздан бір майса леп күшейе түскендей. Кенет көкпеңбек көл жарқ ете қалды. Күнге тотыққан бүлдіршін қыздың мойынына тағылған меруерт алқадай. Кемеріне дейін шып-шып толып, шырпына бұлқынып жатыр. Көз жасындай мөлдірей тұнып тұр. Түбінде жатқан малта тастарын бір-бірлеп санап шығуға болатындай. Мұншама мөлдірлік пен мұншама тұнықтыққа тамсанып тұрып қаппын. Бұл көлді де бір жерде көрген сияқтымын. Аты да қызық. Үйдене... Кейін іркілген су қоймасы. Бірақ, дүние жаратылып, су аққалы бар табиғи көл сияқты. Мынау өңір бір кезде бұндай көлді білген жоқ десе, адам сенбестей. Манағы бұралаң жолдармен Зайсанға қарай қайта бет түзедік. Қалаға жақындағанда жазыққа түскен манағы арбаны қуып жеттік. Шөп үстінде шалжиып жатқан жігіт басын көтеріпті. Шынтақтап жатыр. Тісі ақсиып біз жаққа қарап күлімсірегендей болды. Талдырмаш жігіт. Аққұба болса керек. Күн жегендіктен бе — маңдай тұсы қызарытып, алаулап көрінді. Апырай, ә... Күнге тотыққан Ұлықбек Есдәулетке ұқсайды. Талдырмаштығы да, ақсия күлгені де... Тіпті, оның тап осындай өлеңі де бар екен.
«Намаздыгерде қолатта ырдуан арба ырғалып, қопаңдап қойып қорапта ылдимен үйге құлдадық. Екеуміз: атам және мен, елеусіз ғана келеміз. Ен дала төсі — қара өлең, елтиді желге денеміз. Қыр үстін өртеп отымен, қырмызы жүзбен күн батты. Қызыға қарап отыр ем, қайырылып атам тіл қатты: «Батысқа, балам, қызықпа, батқан күн — біздің күніміз, көкжиек деген сызыққа сіңгенше ғана тіріміз. Уақыт зулап улы оқтай, уатып өтер төзімді. Сондықтан, балам, күн батпай, айтып қал айтар сөзіңді.»
Сонда аңғардым, Зайсанға келгелі бәрінің көзіме оттай басылып жүргені де сол Ұлықбектің өлеңдерінен екен... Сүйтсем, мынау өлке жаңағы Үйдененің мөп-мөлдір суындай мөлтеңдей ақтарылған дарынды ақынның шынайы жырларына ілесіп, әр бір сөз танитын қазақтың көкірегіне әлдеқашан көшіп қоныпты. Сондықтан да, мұндағының бәрі күнде көріп жүргендей көзіңе оттай басылады екен. Талант дегеніміз де адамды өзі жүрген ортадан ажыратпай, жатырқатпай, қайта табыстыра, туыстыра түсетін сиқыр қасиет болса керек. Ол кезде Ұлықбек — тұма бұлақтай тұнып аққан тұмса ақын еді. Одан бері қанша кітап шығарды. Әр кітабы шыққан сайын айдындана түсті. Әуелі тау арасындағы Үйденедей жып-жинақы, моп-момақан көрінді. Кейін бір алқапты бір өзі толтырған Зайсандай шалқи да, толқи да бастады. Ал мынау кітабы — Ертістің құяр сағасындағы мұхит айдынындай айбарланып, ақжалданып көрінеді. Оның толқындары қанша өршіп, өркештене түскенімен тұмса бұлақ тұсындағы бірден таңдайыңа татып, аңсарыңды басатын шынайылығынан, тұнықтығы мен мөлдірлігінен айырылмапты. Әр өлеңі — зәмзәм суы құйылған құтыдай, өртенген жаныңның бір дертіне дәру боп дарып жатқандай. Киіз кітап. Аты да қызық. Ешқашан сырын түгел ақтарып бітпейтін дүниенің дәл өзі сияқты тылсым ұғым. Тау мен жазықтың, қала мен ауылдың, байырғы қыр тұрмысы мен осы заманғы үрдістің, бодандық пен бостандықтың бел ортасында туып, ер жетіп, жігіттіктен жігіт ағасы жасына қарай жақындап келе жатқан естияр ақынның ет жүрегін мына дүние мен мына тірліктің қай қылығы алаңдатпайды дейсіз, қай сырына қанығып, қамырықпайды дейсіз... Ұлықбек Есдәулеттің «Киіз кітабы» ескі ауылдың төсек қабы сияқты. Іздеген нәрсеңнің бәрін табуға болады. Бәрінен де жиырма ғасыр бойы талай қапысы кетіп, жиырма бірінші ғасырдың өзіне қапияда тап болып отырған қазақ тұрмысы мен қазақ жан дүниесінің талай табын таба аласыз, талай қатпарына үңіліп, ой жүгірте аласыз. Мына далада, бір қарасаң, соншама таңдай қата боп таңғалатын да ештеңе жоқ сияқты. Осы күнге дейін көп өңірі осыдан мың жылдар бұрын қандай қалыпта тұрса, әлі күнге дейін дәл сондай қалыпта тұрғандай. Бәлкім, сол даланы жайлап-қыстап жатқан түздіктер де бәлкім дәл сол мың жыл бұрынғы бабаларынан көп ұзап кете қоймаған шығар. Дәл солар секілді омырауларын өкпек желге ауық-ауық аймалатып алмаса, қаралай пысынап, қапаланып кеткендей болады. Тұмсықтарына жусан иісі бармаса, тұншығып бара жатқандай сезінеді. Дастарқанның басында бөгде біреу отырмаса, қалған дүниеден бір жола қол үзіп, айдалада адасып қалғандай алабұртып бітеді. Әлі күнге сол бәз-баяғы қалыптарынан ауытқи қоймағанына еш таңғалмайды, қайта оқтатекте тосын бір өзгеріс төбе көрсетсе, соған таңдайларын қағып, бастарын шайқайды. Сүйтіп
отырып, бағзыдағы бабаларынша қиқу сағынып, дүбір естілер ме екен деп қаралай елеңдеп отырады. Ал, басқа бір қырынан қарасаң, мына далаға таңғалмауың тіпті мүмкін емес сияқты. Дүниенің бәрі өзгеріп кеткенде ол неге өзгермеген? Басқалардың бәрі басқа кейіпке көшкенде, жапан түзді жайлағандар қалайша, бәз-баяғы жайбарақат қалып қойған? Космодромның тап іргесінде құм арасындағы жер төледен өріп жатқан жалба тымақ түйешінің езуіндегі мыж-мыж сигареттен басқа не өзгере қойған? Көрші ауылдан трактормен қыз алып қашып келе жатқан далаңбай бозбаланың бойында баяғыдағы Қозы Көрпештен не қалып, не қойған? Кеше ғана өзі қой жайып жүрген кең жазықта қанат жайған жаңа зауыттың түтіні будақтаған мұржасына алыстан айран-асыр болып тұрған бүгінгі далалықтың баяғыда бөтен қалаға басып кіріп, зәулім үйлері мен ығы-жығы көшелеріне қарап бас шайқаған адуын бабаларынан айырмасы қанша? Белден түскен бес қаруы ма?! Бір қарасаң, бәз-бәз баяғы қалпында тұрғандығымен көзіңе оттай басылып, көңіліңді елжіретеді. Бір қарасаң, бәз-баяғы қалпында тұрғандығымен көңіліңді құлазытып, көзіңе жас мөлдіретеді. Күлеріңді де, жыларыңды да білмейтін көріністер. Күлеріңді де, жыларыңды да білмейтін қылықтар мен құлықтар. Күлеріңді де, жыларыңды да білмейтін кептер мен гәптер... Күлеріңді де, жыларыңды да білмей, күйзеле кешіп келе жатқан күйікті тіршілік. Күлеріңді де, жыларыңды да білмей, күйіне де, күйзеле де оқитын киіз кітап... Киіз сияқты біржолата тозып бітпей, ілініп-салынып жүретін де қоятын елбе-селбе тіршілік... Киіз сияқты біржолата жанып кетпей, ұзақ бықсып, ұзақ түтіндейтін де тұратын күйінішті ахуал... «Киіз кітабында» ақын сондай күйзеле пайымдайтын құбылыстар хақында күйіне сыр толғайды. Жазған сайын жабырқай түседі. Айтқан сайын апши түседі. Сөйлеген сайын сөгіле түседі.
«Өмір, саған келдім-кеттім, сонда нені тындырдым? зерін теріп зеңгір көктің, ботананы тұндырдым. Өмір, саған бардым-қайттым, таңғы шықты мекендеп, құдайыма қайғыңды айттым, құлақ түрер ме екен деп. Шыққыр көзді аштым-жұмдым, шолдым биік, төменді, тілін жұтқан тас тұнжырмын, сөйлетпеңдер мені енді!»...
Бірақ, сөйлемей отыра алмайды. Өйткені, көріп жүргені, естіп жүргені, біліп жүргені күндіз күйзелтпей, түнде «дөңбекшітпей» қоймайтын жәйіттер... Оның айтқанының бәріне бас иземеуің мүмкін, бірақ, күйзелгеніне күйзеліп, дөңбекшігеніне дөңбекшімеуің мүмкін емес. Ажары тайған жер, базары тараған ел, бағы қайтқан ер, жұлдызы жанбаған тіл, бабы табылмаған қауым... Ал, күйзелмей, күңіренбей көр? Бірақ, неге бұлай? Сенделген сезім мен сандалған сана оқта-текте оның жауабын тапқандай болады. Бірақ, күдігіңе күдік, уайымыңа уайым жамамаса, көңіл тұманын сейілте алмайтын жауап. Маңайдың бәрін сағым торлап тұрғандай. Көз шоласындағы сағым көңіл қоймасындағы сағыныштан өрбіп жатқандай. Сонда нені аңсап, нені сағынамыз? Сағым зорайтса, кешегі көзіміз көре қалған күйелеш күрке көк күмбез боп елестеп, кешегі шалшық шалқар болып шалқуы да мүмкін ғой... Сағым зорайтса, әлі күнге көзің көрмеген бейтаныс құбылыс беті әрмен құбыжыққа айналып, қаралай қорқытып бітуі де ғажап емес. Мезгіл бесінге аунаған бейуақта сағым арылғанмен маңайдағының бәрі зорайып көрінеді. Көлеңкелер ұзарып, қаралай көз алданады. Кешкі ымырт қайтадан бәрін буалдырландырып, бірте-
бірте көмескілендіріп, тіпті бір жолата ғайып қылады. Адам өз көзіне өзі алданып, өз көңіліне өзі арбалып қалмау үшін сара жауапты хақтан күтеді. Хақ білетін ақиқаттан ара-тұра хабардар жүру үшін ақынға құлақ тосады. Ақын Ұлықбек Есдәулетов ақиқаттың обалын көтермеу үшін өзі тапқан ақиқатпен қоса, өзін сандалтқан күдік-күмәнді де ортаға салады. Сүйтіп, бүгінгі бәріміз бастан кешіріп жүрген ішкі рухани сенделісті қазқалпында көз алдымызға қайта тосады. Расында да, өлең деген, өнер деген айдын көл сияқты. Түгел таусып кете алмайсың. Шетінен ауыз тиіп, шөліңді қандырасың, шындықтың дәмін татып көресің. Айдынына жүзіңді тосып, бет-бейнеңді көресің. Ерсің болса түзейсің. Бірақ, ондай шарапатқа тек кәусар тұнық көл ғана ие. Ұлықбек жырлары сол мөлдірлігі мен тұнықтығынан, кәусар дәмінен айнымаған. Нені көзі көріп тұрса, соны суреттейді. Неге көңілі алаң боп тұрса, соған тебіренеді. Қандай дәл суреттесе, сондай шынайы толғанады. Сондықтанда бұл кітабында уайым басым, мұң басым. Қара басының емес, халқының уайымы. Баяғыдай ай астындағы өрістен тоқты-торымның аузына тиіп, жұмырына жұғым болғанның шетінен ырзық айырып қалған жұрттың әлі күнге жылқы теуіп жер бетіне шығара алмайтын, түйе тіліне орап, күйсей алмайтын, терең көміліп, кемел қордаланған өз ырзығын әлі өзі алып жей алмай, есесін жіберіп отырса, қалай мұңайып, қалай уайымға батпассың? Қолыңдағы қазынаңа ие бола алмай отырсаң, баяғыны аңсаған базынаңды кім тыңдамақ? Әуелі қайда жүреріңді біл... Ол үшін неден күдер үзеріңді біл... Ит көйлегімен жауға шапқан батырды кім көрген? Емізігін сорып отырып, кесік айтқан кемеңгерді кім көрген?! Қуыршағын құндақтап отырып бала емізген бәйбішені кім көрген? Кейде бұйырмастай көрінгенді бұйырту үшін қимастай көрінгенді қиып кетуге тура келетін шығар. Өйткені, болашақ деген бәрбәр уақытта болып-қойғандардың заңды жалғасы емес қой. Келешек деген кеп-кешегі көп аңсаған арманың боп кезіге бермесі хақ. Бұл дүниедегі көп нәрсе тым тосын сыңайлы. Бақ та тосын, сор да тосын тәрізді. Тосыннан тосылып қалмау үшін, әрдайым өзіңе өзің бекем болуың керек секілді. Әйтпесе,
«Уақытты кім жаратты екен өтпес қып?.. Сағыныштың сары өзенін көп кештік, күтуменен өтті біздің бар өмір, шыдамның да шегіменен беттестік, тұлпарлардың тұяқтарын талдырып, ғашықтарды бір-біріне жетпес қып... Біз — уақытты, уақыт бізді аямай, бір-біріміз етімізден ет кестік: уақытты кім жаратты екен мұндай ғып?.. ешкімге де енші болмас бұл байлық, уақыт деген кімге — бақыт, кімге — сор, кімге — ғарыш, кімге — намыс, кімге — айлық, уақыт мені төске салып илесе, мен уақытты тартып жүрмін сырнай ғып, одан өтер екі жүзді көрмедім, қалыбынан кете берер күнде айнып...» —
— деп шағынғанымызбен, уақыттың ештеңесі мұқала қояр түрі көрінбейді. Сондықтан да: «Кешірем бәрін, иттікке етім үйренген, найзағайлар мен найза біткенге түйрелгем, бас білмес аттың құйрығына да сүйрелгем, бәрі бір менің қабырғам аман күйреуден... Кешірем тіпті айырылған жанды есінен, айныған Күнді, айырылған Жерді осінен, аяйтын болса ақымақ болған пендесін тәпсірі күшті Тәңірдің өзін кешірем. Кешірем бүгін мазмұнның өзін шешінген, кешірем өртті, топан суды да есірген. Сені де кешем, жолынан тайған періште, бәрін де кешем, өзімді ғана кешірмен!!»,
— деп ширыққан жөн сияқты. Өйткені, серпілмей, сергімей тұрып, жаңа көңіл күйіне көше алмайсыз. Көңіл өзгермей тұрып, пейіл өзгермейді. Пейіл өзгермей тұрып, пікір өзгермейді. Пікір өзгермей тұрып, әрекет өзгермейді. Әрекет өзгермей тұрып, ештеңе өзгермейді. Кекшілдік — кешегінің тұтқынында қалу. Кешірім — жаңаға бой ұсыну. Бірақ, өзіңді өзің кешірмеуің қалай? Түсінбейтін ештеңе жоқ. Кешегі кесепаттан ең алдымен өзгелердің арылып біткенін күтсең, өзің сол кесір қалпыңда дүниеден өткенің. Ал, кешегі кесепат үшін ең алдымен өзіңді жазғырып, одан ең болмаса, өзің арылуға тырыссаң, кесір атаулының кететіндігіне жұрттың көзі жететіндей көрінеді де тұрады. Дәл бүгін ешқайсымыздың кешегінің тұтқынында қалуға қақымыз жоқ. Еліміз үшін, жеріміз үшін шындап күйзелетініміз рас болса, алдымен өзімізді өзіміз қолға алып, ақыл мен сезімді өкпе мен бопсаға қор қылмай, үміт пен тәуекелге билетпегіміз абзал. Ет жүректің ең елгезек лүпілімен үндес естілетін:
«Қазақиям — азат ұям, қоңыр жұртым, ұлы елім, қаңқылдаған қаз атынан сөз саптаған сүлейім; — қанға — қан! — деп, — жанға — жан! — деп, атам қазақ үйреткен, өтті ғасыр сандаған көп, ақ сойылын сүйреткен; шыңбысың сен — Хан-тәңірім, әлде Бетпақ — шөлмісің? қаңсыса да қан тамырың, қыңқ етпейтін көнбісім; тасыдың да жуасыдың, түпсіз арнаң толсашы, дүниенің күнәсінің жуылатын моншасы; аялаған азаттығым бұл-бұл ұшса басымнан, кімге керек қазақтығым мақтан еткен жасымнан? Төбеңдегі Айды мына тұмарыңдай көремін, қапалы да, қайғылы да қызыр елім, өр елім; топырақтың табын сездім, жүгірдім де жығылдым, Отан деген назым сөздің мәнін сенен ұғындым;
Аспандай кең атамекен, иі қанбас көн дала, сені сүю қате ме екен? Сүйіп өтем сонда да!»
— деген жолдар имандай ұйытар мінәжат сөзіндей, кәлима қып қайырар дұғалық сөзіндей. Тағдыры тарихтың талма тұсына тіреліп тұрған ұлттың ұяты бар ділмары онсыз да өртеніп тұрған кезеңде өз жұртын өзі шаптан түртіп шамырықтырып, қаралай отқа итермей, базына емес, басу айтып сөйлесе лазым-ды. Ұлықбек таланты — сондай ұлағатты талант. Ондай талант жан ашуын емес, жан сырын ғана ортаға салады. Бүгінгідей күндері ортамызда ондай пәтуалы ауыздардың жүргенінің өзі қандай ғанибет. Мынау кітап тартып отырған талай тауқыметіміздің басын шалса да, кеудеңе үміт гүлін егіп, жігеріңе жігер қосатын, тәуекелге мінгізіп, тәубәңе келтіретін парасатты жырларға толы. Ұлықбек сөздері жер жаралып, су аққалы бардай соншама етене естіледі. Мына дүние тұрғанша тұратындай өміршең де өршіл ұғылады. Өркені өсер өнер, өрісі шалқар өлең осындай болса керек-ті.
Әбіш Кекілбайұлы, Қазақстанның халық жазушысы
БОСАҒА
АНТИЖАРНАМА. ҚАЛЫ КІЛЕМ
Жоқ, бұл кілем сатылмайды, сатылмайды, оқырман, жұтқан кезде ақын қайғы, көз жасынан тоқылған. Тағдыр менің сезімімді ақ сабаумен сабаған, жүндей түтіп төзімімді қылшықтаған сан адам. Қан шұбырған тамырымнан шуда есіп көп білек, санам менен сабырымнан киіз басқан тепкілеп! Жүйкемнің бар талшықтарын, суыртпақтап суырып, ашудасқа малшып бәрін, арқау еткен иіріп. Кемпірқосақ — түрлі реңде, көзді жаулап құбылар, көре білсең бұл кілемде жүрегімнің түгі бар. Әр өрмегі сезімменен, сағынышыммен боялған, бұл кілемді көзім дер ем, көрмеге оны қоя алман!..
ҚАРА ШАҢЫРАҚ
«ИМАННҰР» топтамасы
ЕДІГЕ ТАУЫ
...Сақ етер тиді саныма, Сақсырым толды қаныма... Доспамбет Найзағаймен тілгіленген тастарың, Жұлдыздармен шегеленген аспаның, О, Ұлытау, Ұлар үнді дастаным, Маған қабақ ашпадың. Жартастарың жарақатты жүректей, Зымыраған ғасырлар-ай қас-қағым! ...Тамған қаннан тас өртеніп барады! Таңатұғын кім бар мынау жараны? Талқан болды тоғыз көзді кіреуке, Тарс айрылып дүниенің талағы, Қарс жабылды қаралы аспан қабағы.
...Шүу, жануар, Қу жаны бар иеңнің, Мен үзілсем үзеңгіңді сүйер кім? Сөзі емес бұл көзге шыққан сүйелдің, Мен сертім мен сар сүңгіме сүйендім. Күнім туса — Ескі кегім оянып, Керіскедей көк көбені киермін, Тексіз жауға темірендей1 тиермін. 1 Темірен — көне түрікше — жебенің ұшы Еңлікгүлдер Едігені емдесін, Саралжындар Сәйгүлікті жемдесін, Сөнгім келмес Сарайшықтың сыртында, Сарыазбанға Сүйегімді теңдесін, Ұлар құстың Ұясында өлейін, Ұлытаудың Ұшпасына жерлесін. Мен жатайын бұлт қонақтап төсіме, Өр кеудеме шығармайын өңгесін!
Сахарада Сербет ішіп сағымнан, Сарсадақтан сая таппай сабылман, Сауырлы атты бұтқа тартып мінбен-ді, Сарапшаңды сұлуларды Сағынбан, Бұғалықсыз буырлыштан асау ем, Қапияда қирады ғой қабырғам. Аса кәпір, Кісәпір жау күрік бас, Қанжығасы қанға қалай құнықпас? Қарша борар қасиетсіз дұшпанға, Қабірімнен тас-талқан боп құлыптас. Ұрпақтарым ұмытса егер ұмытсын, Қаным тамған Ұлытауым ұмытпас!
САРАЙШЫҚ. ҚЫЛҚАЛАМ
Жайық бойы — Жарлауыт, Жар басына жолай шық. Ақ толқынға арбалып, Мызғып жатыр Сарайшық. Толқын орған топырақ, Торлама қыш, зер-айшық... Тарихыңды оқып ап, Толқып тұрмын, Сарайшық. О, армысың, Астанам, Аруағыңа берем дем, Жайық құсап жасқана Құшағыңа енем мен. Көне сурет көлбеңдеп, Көрсеткендей киесін, Күн астынан керуен кеп, Шөгергендей түйесін. Пайда болып ғайыптан, — Ару қыз бен жас сарбаз, Ат суарды Жайықтан... Айтайыншы ақсарбас. О, Сарайшық! Расында Сиқырыңа шөлдегем, Тусам сол бір ғасырда Өлер едім сенде мен!
ҚЫШ ҚҰМЫРА. ХІІІ-ҒАСЫР
Замандардан Заман өткен зымыран, Қырсыққанда Қырық іріген қымыран... Жар астынан, Жағасынан Жайықтың Жарқ етті ғой қазып алған құмыраң! Сарайшықта Сақталғандай ұлы күш, Сайын ханның көзі емес пе бұл ыдыс? Сайрандар мен Ойрандардан сау жеткен, Құмыраның кейпіндегі құбылыс. Жайық жатыр жұртын құшып қаланың... Жаға кезген жалаңаяқ бала кім? Сыры кетіп, Сыны қалған, Сар көзе, Сарғайған бір суретіндей сананың. О, Сарайшық, Тоғыз жолдың торабы, Саған сіңген сартап сүрлеу сорабы. Ыдыс деген Ырымы ғой ырыстың, Қазағымның құты қашқан жоқ әлі!
БАЛБАЛ ЖЫРЫ
Өмір, саған келдім — кеттім, сонда нені тындырдым? — зерін теріп зеңгір көктің, ботананы тұндырдым. Өмір, саған бардым — қайттым, таңғы шықты мекендеп, құдайыма қайғыңды айттым, құлақ түрер ме екен деп. Шыққыр көзді аштым — жұмдым, шолдым биік, төменді, тілін жұтқан тас тұнжырмын, сөйлетпеңдер, мені енді!
АҚТАБАН ШҰБЫРЫНДЫ
Бақ дегенім сорға айналды, тақ дегенім көрге айналды, көкірегіме шер байланды, толайым... Жер дегенім кебенек пе, ел дегенім ебелек пе, ер дегенім көбелек пе, ағайын?! Атамекен — алып тозақ, мойыныңды қамыт қажап, мойыдың-ау, ғарып қазақ, аһ ұрып. Найзағайлы намыс қайда, қайта бізбен табыспай ма, ата жаумен алыспай ма, ақырып?!!
КҮРШІМ. ЖАРАЛЫ БАРАҚ БАТЫР
Кеудеме менің күйдіріп киіз басыңдар, бұл жара сонда асқынбас, туырлықты түріп, түндікті түре ашыңдар, тамағыма да тас тұрмас. Жарылған басқа қарама, мойында қалса болғаны, тұсап жіберші далаға жорықтан келген жорғаны. Беу, аспанның асты кең дейді, бесікке сыйып, есікке сыймай жүрсек те, беймезгіл ажал келмейді жабысқанымен тірсекке. Маңдайға берген қарағайдайын мүйізді қалаған шақта өзі қағады жаратқан, баса түсіңдер, аяймысыңдар киізді, аяймысыңдар Барақтан?! Жасыл ту тұрса жоғары жығасы оңай жығыла қояр мен бе екем? Айдаһар салған жараны айдаһардың өз уыменен емдетем!
Сұм жалған деген осы ма-ай? Оған да тәуба етерсің, әй, балам, әкелші бері насыбай, иіскетпей ертең кетерсің... Жүрегіме күйдіріп киіз басыңдар!..
ҚОБДА. ИСАТАЙ ҚАБІРІ БАСЫНДА
(РЕКВИЕМ-ҚОСАЛҚА)
Қаталап өлген Қара жер, Қанымды іш те, Қана бер... Құралайдың күнінде Қырқарлансам — Қаһарыма Қормал болмас түбінде, Қорқып жатпай інінде Қарсы келсе хан егер! Құдіреті күшті құдайым, Қызыл қарын сары бала, Қайғы жұтқан кейуана, Қаңғып қалған пәруана мынау жұртымды Қан аңсаған қылыштан аман қаға гөр! Қайыңның түбі — қызыл қан, Қорлықтан қолқа қызынған, Қабылан жүрек қайран ерлерден айрылып, Құлазып өңір, Қамығып көңіл бұзылған. Жанымыз ұшты ғайыпқа, Қанымыз құйды Жайыққа, Қапыда кеттік қор болып, Қаймығып қалған қайран ел, Бұйыра көрме айыпқа. Қамалаған қалың дұшпанның Қарбыздай басын қағып ап, Толтырсам деп ем Жайықта жүзген қайыққа!..
Терлігім терге шіріді, Теңіздей қолым іріді, Тұмсықтан тізген тіріні — Атаңа нәлет дұшпанға Жер басып жүру лайық па? Ақбұлақтың жағасында Құжынаған қабірлер... Қаптап жатқан қалың қабір... Құдай, өзің сабыр бер. Аспан асты, жер үстінде бір белгі жоқ басында, Осы жерде зәу-затымен көмілгендей тәңірлер. Қарақұрым қабірлерден , Қайысады қабырғаң, О, Қара Жер! Қаным менің қашып кетті тамырдан... Сырдың суы сирағынан келмей жүрген сырдаң ер, Аяқ-асты айырылдым сарқылмайтын сабырдан.
Қай кезде де қазақ қаны құнды болды-ау тым аса, Қойша қырып баққан екен, Қырған екен қынаша. Қалың тоғай түбіріндей қанша қабір қаптаған... «Исатайдың орманы» деп айтар едім сұраса. ...Қара Қобда қан сасыды, Көбік шашып қан ақты, Қан кірпігін әрең ашып, Қанды көзбен таң атты. Қапияда қырғын тапқан қабыландар жанарын, Қарға шұқып, Қорқаулар мен қара шыбын талапты. Жайық үшін жан бергендер, Еділ үшін егесіп, Қиғаш үшін қырылғандар — Қазір бір-бір төбешік... Басын иіп өтуі керек Уақыт өзі бұл жерден, Тағзым етіп тұруы керек келген қоғам төресіп.
Көзін тігіп қасиетті қырларыма шұрайлы, Кейбір шіркін «Шекараңды шегерші» деп «сұрайды», ...«Өлігімнен аттап өт!» деп Жауларының жолына Өркөкірек біздің шалдар жатып алған сыңайлы!.. Жыртқанымен, Құртқанымен, «Тың игеру! Егіс!» деп, Ата-баба қабірлерін бітіре алмас тегістеп. Уақыт өзі аттай алмас аруақтардың үстінен, Арманда өткен арыс үшін Бұдан асар жеңіс жоқ!
ҰЛЫТАУ. ҚҰРБАНДЫҚ. ҚОБЫЗ ҮНІ.
Қабырғам қақырайды қасіреттен... қан жұтып, қайғы жұтып ғасыр өткен. құдай-ау, қай дәуірде, қай заманда қазақтың көздерінің жасы кепкен? Қыр бар ма қазақ тәні көмілмеген, ой бар ма қазақ қаны төгілмеген? қашаннан құрбандыққа қайыл халық қайғысыз қара суға семірмеген. Қырылса қара орманым қынадайын, қалайша жоқтамайын, сұрамайын? құрыған аштықтан да, қастықтан да, қайда сол қыршындардың құны, ағайын? Тереңге тамырларын жайған шынар, балтадан көз ашпаса қайдан шыдар? қара жер қанша жебір болса дағы, қазақтың сүйегіне тойған шығар?!.
АҚТӨБЕ. ҚАЗАНҚАП ҚАБІРІ. «КӨКІЛ» КҮЙІ
Домбырадан күй жұпары аңқыды... діріл қағып шертілгендей жан қылы, жүрегімде — қазбауыр бұлт қаңқылы, жанарымда — жаралы кеш жалқыны... Неткен үндес мына бір күй Құранмен! Аллау Акбар! аруақтанып тұрам мен! мұңлы мазар бесігіндей пейіштің... киесіне көңіл ұйып, тынар дем. Уақыт — ісмер Жер жыртығын жамаған, қыртысында қыршын кеткен сан адам... бүгін міне, қайта туып құдірет, о дүние аспанынан қараған. Күй дегенің аумайды ғой Құраннан, жарық нұрдан, сәулелерден құралған, кел, зиратшым, күй тыңда да, қолың жай, шын құтылғың келген болса күнәңнан!
ҚАРОЙ. МАХАМБЕТ
Бұл жерде Бас ақынның басы алынған, бұл жерде басты қылмыс жасалынған... Бұл жерге шыбық шаншып жатқанымда булығып жанарымнан жас ағылған... Жолдарың жондарыңды шимайлаған, мүлгіген мимырт мінез мидай далам, алдымнан жұмақ күтіп жатса дағы, қан жылап мен өзіңді қимай барам. Тұрса да күн көзіне тығылып қар, бұл жерде таң қаларлық жылылық бар. Бұлттардың ар жағынан Бас қарап тұр, Дегендей: «Тағдыр тілін ұғынып қал». Әлемді әумесер ой құлданғанда, пәк сезім пешенеден құр қалған ба? Боларын бассыз Ақын бақыттырақ еш жендет ескермепті бұл жалғанда!..
СОЛОВКИ-ТОРҒАЙ. МІРЖАҚЫП ДУЛАТОВ
Шәкірттері іздеп, шақыра барды, туған жеріне Ақын оралды: алдымен жетті киелі сөзі, соңынан келді... сүйегі — өзі. Ашылды кітап кірпігі баяу... аталы сөздің сиқыры бар-ау, оята алмай арманда кеткен ұрпағы әлі ұйқылы-ояу...
АЛМАТЫ. ЖЕЛТОҚСАН
Адамзаттың аяқ қолы бұғаудан босайтұғын күн қайда?» деп сұраудан мен жалықпан, айыққанша бар әлем итжанды бір «үрей» деген тымаудан. Көгершіндей көтере ұшқан тұзағын, пенделіктен арқан бойы ұзадың, қанатыңды жаздыра ма бойдағы ауыр күнә, батпан-батпан ыза-мұң. Жер тарылды, кеңімеді аспан да, тіл бітпеді соқыр, мылқау тастарға, тәңір өзі кірер тесік таппады үмбетінің қаһарынан қашқанда. Қанай-қанай қаны біткен жүректің қанаттарын тісі қиып күректің, арманның да аяқ-қолы байланды, көк аспанда тұрмақ енді тіреп кім?
Адам деген алдануға үйренсе, үнсіз-түнсіз шыңғыратын күйге енсе, ажалды да айналдырар ойыншыққа, тағдырынан тажал-тоқпақ тигенше. Уақытта да жан жүректің бары шын, ол жоқтайды сұлатып сап арысын, шоқуға да арланбайды ол бірақ, биліктінің пісіп қалған тарысын. Тағдыр таптап, қу теперіш көрген қыз, уақыт сені емдер ме екен ем-домсыз? Ал, бірақ та жүректегі қайғыны көру үшін рентген де дәрменсіз!
АҚЫННЫҢ СӨЗІ
Арамза сөзбен алдағандықтан, Аярға беріп мұрсат-ай, Ақынның тілін алмағандықтан Арманда кеткен Исатай... Ақынның сөзі — Тірліктің дәні, Табанда қалар басылып, Танымай жүрген құрлықтың бәрі Табынар түбі бас ұрып. Қаншама ақын болды да ғаріп, Найзаның кетті ұшында, Абайдың тілін алды ма халық, Көзінің тірі тұсында? Бұқардың тілін Абылай алып, Мағжанның тілін кім алған? Тарихқа өзі Мәңгі айналып Ақынның сөзі сұралған. Соқырша ерген кей көсемдерге, Саңырау, Мылқау ғасырлар, Ақынға билік бермесеңдер де, Сөзіне кұлақ асыңдар!
БЕЙНЕУ. ҰЛУТАСҚА ЕЛІКТЕУ
Өзімнен өмір зор келіп, Өзімді өзім қор көріп, Бейуақыт Бордай үгіліп, Болдым да қалдым боркемік... Айпері аспан — сұлушаш, Айқұлақтанбай жылу шаш! Дәл мендей бордан жаралған Маңғыстаудағы ұлутас. Уақыттың өзін құндақтап, Дәуірлерменен бірге аттап, Осалдан шыққан мықты ғой Қайтейін тасты құр мақтап. Маңдайдан жаңбыр өткенде, Таңдайдан тағдыр өпкенде, Сол тастан ғана именем Менен де мықты жоқ деуге!
ШЫҢҒЫСТАЙ. КӨШЕДЕГІ БҰЛТТАР
Бөкей, Әшімхан, Асылбай ақсақалдарға Бұл ауылда бұлт кешіп бала өседі, бұлтты болар сондықтан келешегі, балқарағай сарсүйек болған кезде, бүршіктерін қытықтап жел еседі. Бұл ауылдың болғасын құты басым, тұтқынына түбі кеп тұтыласың. Шыңғысханның сүйегін қымтап алып, киелі тау ашпайды құпиясын. Бұйыртпаса, Алтайдың бар қонағы, бір көруге Мұзтауды зар болады. Арқарлардай ауылға ауып келген ақша бұлттар аралар әр қораны. Мызғып жатыр маңғаз тау мұз бөктерген, мәңгі осылай — ісі жоқ күз, көктеммен. Мұзтау сынды мұнартқан қарттарымның мәрт тұлғасын мөлтілдеп іздеп келгем.
Қайран қарттар тас қашап, кетпен шапқан, қарағайдай қасқайып кеткен саптан, күркірейді күн болып енді бүгін, келер шақ пен осы шақ, өткен шақтан. Ай астында кісінеп күміс табын, ат жалынан алтын шық уыстадым. Жалғызаяқ жолға сап, жөн сілтеді жалғызаяқ самырсын туысқаным.
АЛМАТЫ. ӨРТЕНГЕН АЭРОПОРТ
Өртеніп жатыр әуежай!.. Жалынның тілі жалақтап, Үрейің ұшар қарадай Үңілсең көктен қарақтап. Зеңбірек оты зақымдап Зобалаң тиген қамалдай, Аэропорт жатыр лапылдап, Аспанда жүрміз қона алмай. Қорығы қозға шарпылып, Қанаты күйген құр құсап, Қорегі жұтап, сарқылып, Қона алмай көкте жүрді ұшақ. Барар жер, Басар тау қалмай, Басылып небір өр кеуде, Шаңырағы шомнан ауғандай, Шарасыз болдық шерменде... Тасөкпе жылың санаулы, Таспихтың тасы тәрізді, Талқыға ап тағдыр қарайды, Табаның басқан әр ізді. Тобасыз тірлік тапсынып, Торыққан тағдыр — кәрі ана, Қолымнан енді қапсырып Құрдымға сүйреп бара ма?
Өртеніп жатыр әуежай Аспанда жүрміз қона алмай, Қимайтын сонша алаңдай, Нем қалып еді, ой, алла-ай?!.
МАҢҒЫСТАУ. ЗАМАНДАС
Әбіш Кекілбаев! — деген бұл есім, алты Алашқа аса қымбат — білесің, жұтқан ауаң, ішкен суың — біреу-ақ, жер шарында қатар өмір сүресің. Замандас боп жүргеніңмен мың жерден, оған ерек дуалы ой мен тіл берген. тауларда да болады екен туған күн, ол да алпысқа өзгелермен бір келген. Бір ғасырға бұрын туса — қайтер ек, бір ғасырға кейін туса — қайтер ек, адамзатты жапырағымен желпіп тұр, Маңғыстауда тамыр тартқан бәйтерек. Күйіп-піскен беу, қоғам мен үкімет, сол үшін де Аллаға мың шүкір ет. Кең сахара көпсіне ме суларын дәл осындай бір дарияны күтіп ек.
Мұндай тұлға туа алмасақ — кім болдық, туғаннан соң қуанбасақ — кім болдық? Абай атам арманындай Әбіш бұл, Әуезовтың жалғасындай ұл көрдік. Қазағымның елдігінің өлшемі, Сарыарқадай кеңдігінің мөлшері, Атыраудай пейіліне берген жан Алатау мен Алтайымдай еңселі. Атынан-ақ асқақтайды әр төбем, биіктейді парасатым, мәртебем. Тереңдегі шыңыраудың суынан шөліркесе сусындайды жарты әлем. Шөлін басқан президенттер мен абыздар, бар бұқара бүткіл оған қарыздар. барымызды бағалауды білмесек бұл жалғанға келіп-кетіп неміз бар!
— Әбіш Кекілбаев! — деген ұлы есім, әулиедей жан екенін білесің, әнбиеден медет күткен жарандар басып кеткен ізіне кеп түнесін!..
АРАЛ. КЕРТОЛҒАУ
Тілім-тілім тілім кетті жарылып, күлім-күлім көзім қалды қарығып, жырым-жырым жағалаудай ерінім, бұлым-бұлым толқындарды сағынып... Жүрегімді кім бар екен жебейтін, тілегімді кім бар екен елейтін, қапелімде қарап қалып айнаға өзімді емес, көрдім Арал шөлейтін. Мен — кемемін қаңсып қалған жапанда, мен — керегім жоқ жиһазбын Отанға, мен — денемін Құс жолында адасқан, мен — келемін індет болып жаһанға! Енді енемін түстеріңе тажал боп, тербелемін сағым басқан мазар боп, жерлегенің Арал ма, әлде Адам ба, кім болса да өлген жанға ажал жоқ!
Ізде мені бұйрат құмның буынан, ізде мені әбжыланның уынан, мен — Аралмын, һәм Ажалмын, біліңдер, білмегеннің кеңірдегін суырам!
ТАҒЗЫМ
Ардақтаған асылымдай Түркістан, алтын ине жасуындай Түркістан. Мекке менен Мәдиненің мұңдасы, мұсылманның ғашығындай Түркістан. Бүкіл әлем бас иетін Түркістан, қадірменім, қасиетім, Түркістан, өзің айтшы, ақтадым ба ақ сүттей Иассауидің өсиетін, Түркістан? — Түркістан! — деп, талай ұрпақ қырқысқан, тәбәріксің тиген маған жыртыстан, көктің жүзін көктей өткен түріктің қайта оралған қазығысың, Түркістан, маңдайдағы жазуысың, Түркістан! Бар шаһарға аға болған Түркістан, Бар қасиет дара қонған Түркістан. Құдай өзі оң көзімен қараған, Бар піріме пана болған Түркістан!
Алтын ердің қасы болған Түркістан, қара көздің жасы болған Түркістан, қанға біткен қызғалдақтай қызырым, ата-бабам басы қалған Түркістан!
ҚАРАӨТКЕЛ. ӘКБАР РЫСҚҰЛОВ
Әнші жоқ Қараөткелде менен асқан... Ғазиз ақын Анадан ақын туған Әкбар досым, Тізгіндес, үзеңгілес, көкпарласым, Тұғырда қыраныңды түлетесің Топқа сап жүргенде жұрт көк қарғасын. Қолдағы қырандай ғой Елші деген, Сарабдал саясатты еншілеген. Айта алмай, ақтара алмай аһ ұрасың «Көңілде сырың болса көншімеген. Сонау жыл кездестік те сағынысып, Елімді көрсетіп ем алып-ұшып. Зайсанның тауларында толғанып ек Бұғының мүйізінің қанын ішіп. Есте ме, Татып алып шарап дәмін, Қоймап ек Қара Ертістің шабақтарын. Туған жер бұрымына қайшы тиіп, Келіп жүр бұл жалғанды адақтағым.
Көйлегі ақын жанның көктемдей көк, Қар жауса көкорайға неткен бейнет? Есімде Ыстықкөл деп қайғырғаның, Ішіңе у құйылып кеткендей боп. Ақынның әр сөзінің атасы бар, Елшілер — сынық салар оташылар. Екі елдің бел баласы, тел ақыны, Қазақтың үш биінің батасын ал.
ТҮРКІСТАН
Көргенмін сені Ғасырлар терезесінен, Тағлымыңды танып, Тарихтың ережесінен. Көгілдір күмбездерің бой таластырғандай Кеудесі көк тіреген хандардың дәрежесімен. Көкірегіне сыр түйіп байтақ армандай, Ғұлама жылдар бастарын шайқар ормандай. Қасиетті Тайқазан қайта келген соң, Қазағымның құты да қайта оралғандай. Сұм заман есте өрт лаулап, оқ ұшып жатқан, Сан мәрте сені қорғадық соғысып жаттан. Он сегіз мың ғаламның күллі ғылымы Құтханаларыңда Сол кезде-ақ тоғысып жатқан. Бесігіңнен жолбарыс жүрек балалар күлген, Есігіңнен арыстан жалды бабалар кірген, Беу, Түркістан, Қыдыр да қаңғып кетпей, Сенің босағаңды сағалап жүрген.
Сен асау арғымақтайсың Ғасырлар үйрете алмаған, Қабырғасын Уақыттың катапульттері күйрете алмаған. Жас Қожа Ахмет тұрғанда тізесін бүгіп, Көздерін келешектің суреті арбаған. Салауат айтып өткенге «шүкір» дедің бе, Өшіп көрген жоқ ошағың, түтіндерің де! Найзағай осып, Айбалта айырып кеткен, Жараларыңдай жыртығың бүтінделуде. Қойныңда қыруар хикмет білімі жатыр, Мүсілімдердің мархабат ілімі жатыр. Қасиетің мен киеңді мойындады әлем, Алдыңа келіп, бас иіп, жүгініп ақыр. Ынтығып неге ұмтылар саған мұнша адам, Қаншама ақын жыр арнап, қалам жұмсаған? «Ұлылық деген не?» десе, көрсетем сені, «Қасиет деген не?» десе қараймын саған!
БІЗ — ТҮРКІЛЕРМІЗ
Біз — түркілерміз... Біз — түркілерміз! Көк аспандай жарқылдап, күркірерміз, Көк аспанның бұлтындай сілкінерміз, Көкбөріден туғанымыз рас болса, Көк Тәңірден қуат ап, бір түлерміз. Кеудемізді билеген асқақ арман, Тарихымыз дастан боп таста қалған, Тірсегіміз тілінген кездерде де Жан жүректі жерім жоқ жасқа малған. Жұтып қойған ғасырлар өктем үнін, Айға қарап ұлыған көк бөрімін. Атқа мінсем кетемін аруақтанып, Арасында желік бар ет-терінің. Атқа мінсем кетемін айбаттанып, Қылыш көрсем кетемін қайраттанып. Ғасырлардың бетіне қалқып шыққан, Біздің халық — бұ да бір қаймақ халық!
Намысымдай ешкімге таптатпаған, Түркістанның күмбезі асқақтаған. Бабаларым жатыр ғой бата беріп, Аруақтар аманатын ақтап бағам. Көк Тәңірден көңілге нұр тілерміз, Көк аспандай әлі де күркірерміз. Көкбөрілі көк байрақ көкке шықса, Қай дұшпанның алдында іркілерміз? Біз — түркілерміз! Біз — түркілерміз!! Біз — түркілерміз!!!
ҚАСҚЫРДЫ ҚОРҒАУ
Адам — адамға қасқыр. Томас Гоббс Көп жайлаған Көкжалдай тау етегін, Көк сеңгірді Көксеймін, тәу етемін. Қас қылмайды қасқыр да жолдасына, Қаскөйлікке жете ме тәуекелің? Жамандықтан жақсылық дәнін іздеп, Жұртта қалдық, Жортатын халіміз жоқ. Жалбарынған жарыққа жақсы үмітім Отыр әлі оң жақта кәрі қыз боп. — Білемісің бөрінің жау екенін? — Дейді маған Бір білгіш нәуетегім... Қасқырлығын адамның көре тұра, Адамшылық қасқырдан дәметемін. Талай-талай таланып қара басқам... Жақын тартқам бәрібір қарамастан. Жасуындай иненің жақсылыққа Құмар қылған құдай-ай бала жастан?!.
Десе десін қасқырды қорғау — бекер, Адам аңға айналса — аңнан бетер! Көкбөріден бөлтірік туған емес Көкжалдығын көрсетпей арманда өтер.
ЖАҢАҚОРҒАН. ШИПАЖАЙ. ҚАРА БАЛШЫҚ
Қара балшық? Қандай бұл қара балшық, Құлан-таза дертіңнен алар аршып? Балшық деген баттасқан кір еді ғой, Ол да жатыр кәдеге жарағансып. «Қардың басын қар алар» — Қандай шындық! «Ханның басын хан алар» — Сондай сұмдық! Тебістіріп қойғаны-ай тектестерді, Бірін-бірі түбінде жалмайтын ғып. Қатыгез-ау, Қатал-ау өмір заңы, Өзегіңді өртейді небір зары. Қара балшық жаққанға кетер ме екен, Көңіліме жұғыпты көмір дағы? Балықтай боп сең соққан сенделейін, Мұз шайнаған жалғыз-ақ мен бе дейін, Қайғы жұтып, құсаға түсіп ем ғой, Қайғыменен ендеше емделейін.
ТҮЛКІБАСТАҒЫ ТОЙ
Шаң ілеспес шалқұйрығың әлі тың, шалқы, шайыр, ширықсын бір шабытың! шоққа лақтыр шабан тірлік қамытын, шабылған жоқ әлі ағаш ат — табытың... Жаяу жырау жыр төгіп те жарытпас, жортып жет те, іл көкпарды! алып қаш! қаның ойнап, қазақтығың оянсын, асау желмен аймаласып, мауық бас! Қаз мойынды ән ғой мынау — ат емес, күй десең де, би десең де қате емес, жел жетпейтін жүйріктігін айтсаңшы, найзағаймен, нұрмен ғана тетелес! Ойын-тойға, қыз қууға қырат кең, ойхой, досым, ойқастап бір шық атпен, құрттай қыздың қылымсуын қарашы, қылмыңдатпай ұрып жықшы тымақпен!..
ЖАҢҒЫЗТӨБЕ. РОЗА РЫМБАЕВА
Жусаны жұпар шашқан Жаңғызтөбем, Жоныңнан жалаңаяқ Жалбыз терем. Жанымның жапырағын жамыратып, Жарысып жібек желмен жалғыз келем. Алдымнан адырларың андыздаған, Ауылсың қасиетті, Жаңғыз, маған. Аулақта ата-анамды аңсағанда Ақ жауын алқымымды айғыздаған. Атыңнан айналайын «Жаңғыз» деген, Төркіні текті өнердің әнді үзбеген. Жаһанның Жерұйығы сен едің ғой, Атамыз Асанқайғы мәңгі іздеген. Жер бар ма бұл жалғанда Жаңғызымдай, Жеткізген бұлаңдатып хан қызындай. Тілеймін болсыншы деп елім аман Ешқашан жарылыстан қан бұзылмай.
ЗАЙСАН. ЗІЛЗАЛА
Тегеранға аттанамын мен қазір, алып ұшақ арқырайды жолға әзір. «Жер тағы да сілкінді, деп Зайсанда», сөз қылды жұрт., әзіл емес, қайда әзіл? Ішім іріп, бөлінді ғой ой санға, жан-жүрегім жөнеп кетті Зайсанға. «Жағадан ап сілкілердей жерімді, не жаздық?» деп, хаққа сұрақ қойсам ба? Амал бар ма ағайыннан хал сұрар, хал сұрамай қалай ғана жан шыдар? қанша жерден тасбауыр боп кетсе де Тәңірдің де туған жері бар шығар? Ет-жүрегім түскен сынды пышаққа, мен отырмын, неге отырмын ұшақта? Ақша бұлттар сырғып жатыр әйнектен, сәл ұмсынсам толатындай құшаққа.
Мен отырмын көк аспандай жыртылып, жанарыма жас кеп қалды іркіліп, сонау-сонау... ақша бұлттар астында жатыр менің туған жерім сілкініп...
ҚАРА ЕРТІС
Қара Ертіс, саған қайранмын: қайрылып артқа қарамай, қақтығып келіп қарадай, қаймығу білмес баладай, қойып бір кеттің Зайсанға қоңырқай тартқан қоладай. Қойып бір кетіп жайландың, қоғаға келіп байландың, қобалжып барып ойландың, қаһарың қашып, қайғы алдың, Қара Ертіс, саған қайранмын! Қарғын боп кейде тасасың, қабақтан қарғып асасың, қанаңа сыймай қашасың, қан менен суды қосасың, құтырып кеткен бақсыдай құдайдың ұстап асасын! Қара Ертіс, менің қақпамсың, құтпан боп құйып жатқансың, көз жасы боп та аққансың, қайғы боп қыста қатқансың, қамкөңіл, қамсау қазақты қапысыз қалай тапқансың?
Қара Ертіс, маған ай-күнсің, қарқара толқын айбынсың, қазаққа қызыр айдынсың, қай күні бізден айнырсың, қай күні теріс ағар деп, қан жұтқан менің қайғымсың?!. Қара Ертіс — қара қайғымсың!..
ҚАРЫНДАСЫМ ҚАЙДА, ҚАРА ЕРТІС?
(Экспромт) Қанатым қабат қайрылып, Қасірет-қайғы төнер тұс, Қапыда қалдым айрылып, Қарындасым қайда, Қара Ертіс? Балапандарын шайқаған Қайрылып ұшып келер құс. Келер ме бірақ қайтадан, Қарындасым менің, Қара Ертіс? Түсіме ол ылғи кіретін, Анамыз да әлі көрер түс. Жағаңда сенің жүретін, Қарындасым қайда, Қара Ертіс? Толқынға кетті-ау айналып, Түскенде басқа нелер күш, Келесің кімге қайғы алып, Қарындасым қайда, Қара Ертіс? Жылдарға немді айтармын, Жаз да өтіп, әлі келер қыс... Жанын ап, тәнін қайтардың, Қаршадай қыздың, Қара Ертіс. Қай тұсқа барып тоқталдың, Кеудеден ұшқан өлең-құс? Қарындасымды енді жоқтармын, Өзіңді көрсем, Қара Ертіс?
Соңында қалды үш бұтақ, Сол ғана бойға берер күш, Өтті ғой өң мен түс құсап, Қарындасым менің, Қара Ертіс?
ЗАЙСАН КӨЛІ. ЖАҒАЛАУ
Қанатында қалқи беріп дүрмектің, Көптен бері жалаңаяқ жүрмеппін, Көптен бері жерге тимей табаным, Көптен бері жаяу өмір сүрмеппін. Жағалаудан желге ілескен шаңдаймын, Самғаймын да жер мен көкті жалғаймын. Аш адамға берсем — берем үзім нан, Бақытсызға бақыт бере алмаймын. Қолы жоққа созсам дағы қолымды, Тауып бере алам ба мен жоғыңды. Дәрі де емес тамызатын науқасқа, Менің жырым жеңе алмайды өлімді. Тұрмын бүгін жаға — жардың үстінде, Құдай білер құдірет пен күш кімде. Пақыр болдым түк келмейтін қолынан, Жерге кірдім жер бетіне түстім де.
Желкендіге жерде жүру обал-ау, Алдың-артың: айтыс, айтақ, абалау... Түйір шаңың қайта келіп қонғанын Сездің бе сен, Алтын құмды жағалау?
ҮЛКЕН ҚАРАТАЛ
Ауыл осы өзім талай жыр еткен, анау үйде қоңыраудай шыр еткем, анау қырда көкейімді ой тесіп, арманымның маңдайынан күн өткен, мұнда тұңғыш табын сезіп қайғының, тұңғыш рет танысқанмын түнекпен, айтылған серт, алысқан қол ада боп, аққан жұлдыз тура тиген жүректен. Сонау тауда бұлақ болып басталдым, мынау жонда мен өзімнен қашқанмын, ат іздеуге алыс шығып, адасып, құс жолына түсіп кеткем аспанның, анау бақта, аясында жас талдың, махаббаттың әліппесін ашқанмын, тұңғыш рет тәуекел деп тас жұлып, тұңғыш рет тауым қайтып, жасқандым.
Мынау мектеп түйген маған қабағын, оқытқан сол алғаш үміт сабағын, айлы түнде тұңғыш рет жыр жазып, шабыт керген көкірегімнің шанағын, у да емесін, бал да емесін байқадым, ішіп көріп өкініштің шарабын, жан-жүрегім тігісінен сөгіліп, оңашада ай нұрымен жамадым. Ауыл осы, ұям осы мен ұшқан, артық маған жердегі бар қоныстан, менің ізім бар әлемді шарлап кеп, ауылымның көшесімен тоғысқан, келіп тұрмын тыртық-тыртық жүрекпен, келгендей боп көрінбейтін соғыстан... апам қайда, атам қайда, қайда әкем, шағымды бұл көрмей ме екен толысқан?
НҰРҒИСАНЫҢ АҚҚУЛАРЫ
Қағылез, қара бала қалқан құлақ, Солақай домбыраны тартар бұрап. Кеудесі күмбірлеген күміс әуен, Шабыты шалқып-тасқан шалқар бұлақ. Ал тартты! Домбыраны тарт дегесін, Арманның алға бұрып мәрт кемесін. Сұм жалған, Сөнген жұлдыз сәулесіндей, Қолыңды созып тұрып жалт бересің! Беу, мынау саусақ емес сиқыр шығар, Жаныңды ән әлдилеп, күй шымшылар. Шанағын домбыраның жарып шықпай Қашанғы көкейіңде мұң тұншығар. Қазақтың қайғы-мұңы таусыла ма, Төбеңнен күй нөсері жаусын, аға! Жан салдың қатып қалған қара тасқа, Үн бердің жапырақ пен тамшыға да.
Тәңірдің нұрындай бір құя салған, Шыққандай періште күй киесі алдан. Самғаған жер жүзінде бүкіл аққу Домбыра шанағына ұя салған. Зарлаған сыңары үшін азаппенен, Аққудың ақ сенімін ғажап көрем. Құстарда ұлт болмайды-ау, Ұлты болса Аққуды құс ішінде қазақ дер ем! Сұрланып, бірде күліп, шырайланып, Сұм жалған бір жылайды, бір ойланып. Сұңқылдап Нұрағамның аққулары Қона алмай көк аспанды жүр айналып.
АЛМАТЫ. АҚПАН
Терезені ашып ем қар ұшып кірді, Бөлмені басқан буменен жарысып кірді, Мұнарлы түнде қан-сөлсіз қылаңытқан Ай, Ат жүйріктей боп аспанға жабысып тұрды. Тұншығып қалған бір әлем — құпия бәрі, Жұмбағын шешіп кім оны түсіне алады? Түрікпендердің төңкерген қауға бөркіндей Қарауытады бұтақта құс ұялары. Бетіме қонған мамық қар еріп барады, Жербауырлаған аппақ бу тобық қағады. Жұмыртқа басқан сиқырлы самұрықтай боп, Тыныштық жатыр түбіті көміп қаланы. ...Зілзала өтіп, Зайсанда ақсарбас сойып, Қауқылдап ауыл жатыр-ау бас, жамбас қойып. ...Қар жауған түнгі қаланың көшесіне ұқсар, Көңілім менің тапталар-тапталмас болып.
ЕСКІ ҚАЛАМЕН ҚОШТАСУ
С.Бәйтерековке Бақытты сәттей боп қас-қағым, Алматым, сенде өтті жас шағым. Ұмытпас мені де Медеуім, Тастағым. Арманға құшақты ашып көп, Өртенгем мен дағы ғашық боп, Жұлдыздан шашуын Тұратын шашып көк. Қимастан нөсерлі Көшеңді, Алматым, аттандым, Хош енді. Ғажаптар таласқан көкпенен, Алматым, өзіңе жетпеген. Мен саған оралам, Алатау, Көктөбем. Самалы желпіген саялы, Күндерді аңсаймын баяғы. Басқа әлем алдымнан Құшағын жаяды. Қимастан нөсерлі Көшеңді, Алматым, аттандым, Хош енді.
АРҚА ҚЫСЫ
Самаржақ жел зарлауық, қымтатқызып тұс-тұсты, бір-ақ түнде қар жауып, бір-ақ күнде қыс түсті. Ақ сәукеле киініп, аппақ үкі тақты бау, ақ қайың тұр бұйығып, алқымында ақ қырау. Сынатұғын түрі жоқ, сүйреп келген қылышы, қасат қары сүрі боп, қыстың мынау тұрысы. Шана теуіп бала мәз, оң мен солың омбы қар. Сүлік ерін сары аяз, сүйген жері домбығар. Жүрегімді у жеді, жан түбінде жатыр мұң. Мынау әлем — музейі менің махаббатымның.
АСТАНА. ҚЫРАУ
Астанада түн ауды, ақ түтек қар шұбаулы, үрлеп тұрмын деміммен, әйнектегі қырауды. Ақ құйынның ұршығы, көше айналып тыншыды, қыз ұзатып жатқандай қарлы боран сыңсуы. Ұзатылып кеткен кім? ұзын сонар өткен күн, ерігені қыраудың нышаны ма көктемнің? Жаның күйіп-жанса да, жосықсызды аңсама, еріместен жүректе қайғы жатыр қаншама?
АСТАНА ТУРАЛЫ ӘН
Ақша бұлттар, Аспаныңда Ақ ботадай ойнақтаған, жас қала. Жүз түрленіп қас-қағымда, Жан сырына бойлатпаған, Астана. Көшелері күнге ғашық, Әрбір тасы ән салатын, Астана. Жырын толғап, биге басып, Жер-жаһанды қарсы алатын, жас қала. Аппақ түнде арайыңды Аңсап тұрып жұтып бағам, Астана. Жусан иісі танауыңды Жұпарымен қытықтаған, жас қала. Еркелеген Есіл ару, Бұрымдары жарқылдаған, жас қала. Таңы — сұлу, кеші — дәру, Ақ самалы аңқылдаған, Астана.
АСТАНАЛАР
Қайдасыңдар, Қайран менің астаналарым, Сендерді ойлап жанымды жасқа маламын. Өзегімде өртеніп Отырар жатар Кезіп жүргенде әлемнің тас қалаларын. Сәулеті асқан Сауран мен Сығанақтарым, Құмның астында қалдыңдар сығалап бәрің. Катапульттердің күрзісі күйретіп кеткен Түсіме менің кіреді бұла бақтарың. Астаналарым, Армандай Сарайшықтарым, Жермен жексен боп жоғалды-ау зер-айшықтарың. Ұмыттым ба әлде, Жаулардың сұқтанып саған Жарқабағына Жайықтың қалай шыққанын. Табылды десе қалдығы Баласағұнның Шапаттап санды шаттанам балаша бүгін. Мәскеуден басқа шаһарды шенейлетпеген Тарих дегенің неткен бұл «тамаша» ғылым!
Орынборды да жайым жоқ тосырқағандай, Көп қала көзден ұшты ғой асыл қамардай. Пұшайман болам киелі Түркістанды ойлап, Тойлайық десек біз жүрміз жасын таба алмай. Туған жылы жоқ тарихым тереңде менің, Күмбезім күлге көміліп көнерген едім. Көне шаһарлар аруағы жебесін сені, Көсегесі де көк тудай көгерген елім. Дәуірлер бар ма Қазақты бастан ұрмаған, Патшалар бар ма Алашты босқа қырмаған? Ата-бабалар аруағы қолдасын сені, Аяулы менің Астанам — жас, сәби қалам. Бір тоқпақтан соң ұшырап бір тоқпағына, Төтеп бердік қой замандар сырқаттарына. Астана жұртын айналған Асанқайғы ата, Маяңнан түсіп, Бата бер ұрпақтарыңа!
ҚАЗАҚСТАН
Арыстандай айбаттым, Жолбарыстай қайраттым, Аспандаған байрақтым, Қанша жұлдыз жайнаттың, Қанша бұлбұл сайраттың, Қазақстан, ардақтым! Тұлпарыңның шабысын, Домбыраңның қағысын, Күңіренткен тау ішін, Дарияңның ағысын «Сүйем!» десем — бәрі шын, Қазақстан — намысым! Әрбір тасы — киелім, Әр уығы — жүйелім, Ән кернеген жүрегін, Күй кернеген тиегін, Сары алтыннан сүйегің, Қазақстан — жыр елім! Шаңырағың — шырағым, Топырағың — тұмарым, Ғаламда жоқ сыңарың, Ғажайыбым, жұмағым, Басы таза бұлағым, Басылмайтын құмарым, Қазақстан — қыраным!
Айың тусын оңыңнан, Күнің тусын солыңнан, Жұлдыз жансын жолыңнан, Басыңа бақ орнасын, Қыдыр болсын жолдасың, Құдай сені қолдасын, Қазақстан — көз жасым!..
1995-2000 КЕРЕГЕ
«ҚАНАТНАМЕ» топтамасы
ҚҰСПЕН ТУЫСТЫҚ
Білмеймін қандай туыстығым бар құспенен, Бұл дүниеде ешкім жоқ маған ұш деген. Бірақ та дәйім түсімде ұшып жүрем мен, Бір қанат қақсам — қалықтап жерге түспегем. «Құс мінез» дейді, мінездің шығар лезі, Қай шайырдың да қызбалау шығар мінезі. «Құс ұйқы» дейді, бұл дағы маған ұнайды, Қай жақтан келген ұқсастық сонда бұл өзі? Қанатымен ұшып, құйрығыменен қонатын, Құс көрсем болды, көңілім көкті шолатын. Қонаққа барсам «құс сүтін» қояр алдыма, Кіндік әкемнің ныспысы Құсбек болатын. Қарап қаламын қара түндерде мақпалдай, Құс жолы менің кеудемнен тарап жатқандай. Қайран да менің көңілім сонда көкбараз, Құс қанаты боп қылаулап тұрған ақ қардай.
Өзімде кейде қомдана қалған құстаймын, Шабытқа мінсем бақыттың құсын ұстаймын, Туыс боп құспен жаратылған соң тумыстан, ұшармын мен де! Апыр-ау, неге ұшпаймын?..
ЖЫЛ ҚҰСЫ
Ұясынан ұшқанда Қайта оралмас құс бар ма? Әттең, дәурен — құс емес, Тамсандырған түс-елес, Қайта оралтар күш қайда? Тасып өзен тіл қатар, Тас лақтырсаң шым батар. Тасқын су ғой — бұл өмір, Батпас үшін жүзе біл, — Тірлік заңы тым қатал. Құтылмайсың қашып түк, Құшағыңды ашып, күт: Қайта көрген түстей боп, Қайта келген құстай боп, Қайта оралар ғашықтық!..
ҚАУЫРСЫН
Тағдырдың жеңілдетер ауыр сынын жыр жаз! — деп, бердің аққу қауырсынын, төңірегім түгел самғап бара жатты ашқандай маған бір сәт тәңір сырын. Аққу сыр, қауырсын наз, қанатты өлең, армандай тағдырыма балап келем, құдай-ау, құс мінезді ақындарды қалайша қанатсыз ғып жаратқан ең? Тірсегін қара жерде тілер қайғы, тізерлеп ақын өмір сүре алмайды, қайыл боп қарауылға ілігуге қайырсыз қазасына жыр арнайды. Бұл өмір болса-дағы ғажап тіпті, армандап өтеді ақын азаттықты, ішіне құдайды әрең сығалатар, ілер ме көзге ешкімді қазақ мықты?!
Ойымнан түскендей боп ауыр шынжыр, бойыма қанат берді қауырсын бұл, құс текті қаламменен жазылған соң құрсаған бұғауынан арылсын жыр!
БОЗТОРҒАЙ
Жиі ашынам! ен далада миы ашыған мен ғана ма? Сойылғанда қазанаттар, қойылғанда азаматтар, кәрғыз толы кең далада, жалғыз бөрі — мен ғана ма? қарақтылар оқ құшқанда, қанаттылар көкке ұшқанда, сауыры түтін шер далада, бауыры бүтін сен ғана ма? Көкек келіп, ұясы лаң, зекет теріп, жуасыған бозторғайдай жиі ашынам, жиі ашынам!..
ПҰШАЙМАН
Бітіпті деймін түсімде қос қанат маған, Қос топшым бар да қолым жоқ, Қостан аттанам... Қатар да қатар қаптаған қауырсынымды Керегедей ғып жаям да досқа мақтанам. Үзіліп біреу қарайды, Сүзіліп біреу, Қызғанып біреу қарайды, қызығып біреу. Аспандап ұшып, биіктен құйылып түсіп, Жарқылдап өткен жасыннан қыз үміттілеу. Қара Ертіс дедік, Сарысу, Ақжайық дедік, Қалықтап ұшып, әлемді қақ жарып келіп, Қиядан шалып, қарағым, қатарлас қондым, Қиюы келді дүние жап-жарық болып. Бастағы бағың көрсетсе тұрлаусыз қалып, Ойнайды-ау тағдыр жараңа ыңғай тұз жағып. Қолдарым қайда өзіңді қапсыра құшар?! Қор болдым қанаттарымнан ыңғайсызданып!
Жап-жарық залда Жаппай би, тынбай қызған ән, Билейікші деп, бұрылып ымдайсың маған. Құшақтап сені билер ем, Құшар ем тас қып, Атаңа нәлет қанаттан ыңғайсызданам!
МАС ШАҒАЛАЛАР
Сылқылдап қана арбап күліп, тұрмайды теңіз төсектен, араққа малып нан лақтырып, шағалаларды мас еткен, жағалаудағы жігіттер... Машақты көктен қағып алып, мәңгірген аппақ шағала, құмдаққа құлап жаны қалып, қалбаңдап жатыр жағада, жігітгер оған мәз-мәйрам. Ұшуға біткен қанаттардың топшысы түгел қираған, құдіреті қайда жаратқанның, аспанға құсты сыйлаған? Жігіттер солай мәз-мәйрам... Аспан тұр бәрін тұспалдап ап, күнаһарлардың сорына: «Шыбын жандарың ұшқанда, қап, түсерсіңдер, деп, қолыма!» жігіттер әлі мәз-мәйрам...
АҚЫНҒА ҚАНАТ БЕР, ҚҰДАЙ!
Ақынға қанат бер, құдай: ақшуақ таңдардың арайын шарлау үшін, ақшулан таулардың аспанын самғау үшін; тарпейіл күншілдің табасы болмау үшін, тап басар қу-сұмның табанында қалмау үшін; Ақынға қанат керек: арына шаң қонбас үшін, арамды аңғармас үшін, алданып, ақымақ болып, артынан таң қалмас үшін; аяулы арманы күйреп, арланбас, зарланбас үшін, жанына жарақат түсіп, шарт сына шамданбас үшін; Ақынға қанат керек: күйкі мен күйбеңнен, жоғары жүру үшін, сумаң мен сүйреңнен ада өмір сүру үшін; өрт пенен өмірден өзегі өртенбес үшін, дерт пенен өлімнен дем жетіп, жеркенбес үшін;
Ақынға қанат бере гөр: пысқырмай жауыздыққа биікте болу үшін, бағынбай ауыздыққа, бас имей өлу үшін — Ақынға қанат керек!
ҚАРЛЫҒАШТАР
Қарлығаштар, құйылып құбыладан, келіңдерші көктемде тірі маған, мен сендермен о баста бірге туып, өздеріңмен өрбігем бір ұядан. Дүниенің болса да сырына алаң, құс сырына бойлап па ғұмыры адам? сендер ұшып кеткенде, қарлығаштар, жерде қалған жалғыз мен бір ұядан. Орамадан соғылған сылақ үйде, қала бергем қайрансыз құба күйде, қайырымды құдайдан қанат сұрап, келер дегем самғайтын күн, әрине. Күн туғанда шалқыма, шаттығы көп, қанат қағам тұңғыш та ақтық рет, кетем ұшып мен дағы бұл әлемнен, көк аспанның маған да жаттығы жоқ!..
ТОТЫҚҰС
Алтынмен торың апталған, Өзегің толы өкініш. Қиыр шет, алыс жақтардан, Тарту боп келген тотықұс.
Кейуақта болдың сырласым, Тотым-ау, менің тотым-ау. Бейуақта болдың мұңдасым, Біздің де көңіл жетім-ау.
Сайрасаң — сазың ғаламат, Тұрпатың титтей, қос уыс. Әуенің бойды аралап, Егілтер мені, тотықұс.
Сайрайсың нені ән қылып, Тотым-ау, менің тотым-ау, Сағынтып өтер мәңгілік, Тіршілік деген осы ма-ау?!
Сағынып туған жеріңді, Шерлендің бе әлде, тотықұс. Аңсаймын мен де елімді, Ұшпаймыз неге, не тұрыс?
Ұшырсам сені көгіңе, Тотым-ау, менің тотым-ау, Сәлем айт туған еліме, Олар да аңсап отыр-ау.
- Тегеран
ҚҰС ЖОЛЫ
Құс жолына жеткенше сенделемін, Жеткен күні басылар шөлдегенім, Тоқтата алмай түнеріп тынарсыңдар, Тауға тартқан табыттың дөңгелегін.
Құлағына Қорқыттың күйі сіңбей, Қоғам қалар Бетпақтың бүйісіндей, Жырларымның жұпарын жұтарсыңдар, Жұлып алған жусанның иісіндей.
Жұлдыз да емен, Ай да емен, Күн де емеспін, Періштеге теңемес мүлдем ешкім, Мен кетермін өзімнің Құс жолыммен Найзағайдың тағдырын күндемеспін.
Қаршадайдан құс сүтін ішкеніммен, Құс ұйқы боп, Қыспаққа түскеніммен, Құс қанаты жауса да, Жыл құсындай Оралмаспын мен, бірақ Құс жолыммен!..
- *
Шырылдаса бозторғайлар, Оянбайды бәз тойғандар. Сайраса да жезтаңдайлар,
Селт етпеуге қол қойғандар. Қағылса да қоңыраулар, Естімейді саңыраулар. Қайдасыңдар, сөз ұғарлар, Қайдасыңдар көзі барлар? «ТОЗҒАН ПЕЙІШ» топтамасы
«ДАЛАМ!» — ДЕСЕМ
— Далам! — десем: құлындағы дауысым құраққа шығып, жаңғырығып жатады жыраққа сіңіп, көгенкөз бұлақ кенеттен күлкісін тиып, іргеме келіп аунайды жылап басылып. — Далам! — десем: құшақтасып тауменен тау көріседі, суыт аттанған сұр бұлттар сау желіседі. қанжығасынан қан аққан қасіретім мен атпал үмітім жан алып жан беріседі. — Далам! — десем: жарасы батып жүрегім жан ұшырады, жанарымның жасы таусылып, қаны шығады, арыстарымды ойлаймын арланар ма деп, кеудеде шыбын жаны мен намысы бары.
— Далам! — десем: еділбайларым күйсеген қала-көгенде бұршағын үзіп шығар ма ала көбеңде? Кебінді тастап, кебенек кисем бе деймін, дүмбілез күйден арылып, — Дала!!! — дегенде!..
КЕНТАВР ХИРОН
Түсіме енеді Жылқының кісінегені... Кеңдікке құштар сәйгүлік жанымды менің жылқы мінезді адамдар түсінер еді. Арғымақ қайда? Мінер ем қарғып-ақ тойда Сыртымнан біреу мырс етіп сөйлесін мейлі: «Атқа мінбей-ақ ақындар жанды бақпай ма?» Мазақтаса да жанымды азаптаса да Жылқы дегенде шыдаман! Бәйге деп өлген шабандоз көрсең егер де — қазаққа сана! Түсіме енеді Жылқының кісінегені... Цирктің атын көргенде жүрегім жылап, Абайша айтсам «сыртым сау, ішім өледі». Қала тарылды!.. Аңсаймын Қараталымды, қамшының табы, жылқының тер иісі сіңген (балконда отырып) иіскеймін алақанымды.
Тарылды дала!.. Мүжиді жанымды жара, ипподромда ит болған жүйрікке қарап, кеңдікті іздеп соғамын санымды ғана. Торыған аңша Түскендер соңыма қанша, Шабандоз қазақ деп білсін ғасырда алғы Кентавр Хирон көлденең жолыға қалса!..
БАЯНӨЛГЕЙ
Алтайдың келіп саласына мен, керуен де керуен сөз артып, Баянөлгейдің ауасыменен қолқамды тұрмын тазартып. Тілі де таза, ділі де даңғыл, діні де әлі дуалы, ағада — бата, ініде — ән-жыр, думанға толы дуаны. Ибалы жүз бен иманды көңіл иіліп жастық болғандай, қонақкәдеден қиналды небір өнерсіз мендей сормаңдай. Өрістен есен сарлығы қайтып, табаққа салып тәуірін, «Мұңлығы менен Зарлығын» айтып мұңайған менің бауырым. Сыбызғыларын суарып алып, күй шалып тұз бен шекерлі, «қонақ келді!» деп қуанып анық, аңсайды ата мекенді. «Көшеміз, дейді, Қазақстанға!..» — жігіттер жанып көздері. Баянда, бірақ базары ұшқанға ұқсамай тұр-ау өздері!
ТҰСКИІЗ
Баянөлгейде қалған апамыз Қатипа Байторықызына Кеденде тұрған кесір шал теңселе басқан, теңімді қиып, жүгімді өршелене ашқан. «Тұсыңа іл» деп Сіз берген тұскиізді алып, — Өткізбеймін! — деп құшақтап кеңсеге қашқан. Қызара бөртіп, қырсық шал қызған-ақ екен, — Сыйы еді бұл, деп, апамның! - шыжбалақ етем. архиға тойып алғанмен өзі де қазақ, қазақтың сыйын қазақтан қызғана ма екен?.. «Бүтін жаралған бауырды екіге бөлген, шекара деген осы-ау» деп өкіне бергем. Мас пенде емес сол жерде сау тәңір тұрса: — Ұлтымның басын қосшы!.. - деп өтінер ем мен!..
МАҢЫРАҚ
Даланы көр де бізді көр — телқоңырдаймыз, ешқашан біздер тұмсықты желге бұрмаймыз. Бетеге, жусан — жауығып, тиісер еліміз, бағымыз біздің — жусаған, күйсегеніміз. Қасқыр тоқ болса — біз де аман, тамаша нағыз, еркек тоқтыны құрбанға шала саламыз. Шопан атаға — шаруам жоқ — есем кете ме, біздерді сеніп тапсырса көсемтекеге! Құлқын бар жерде біздердің нарқымыз биік, терімізді де жүрсіздер жалпыңыз киіп. Атаусыз арам қатқаннан жұтап, қырылып, бізге өлу — арман ақ адал пышаққа ілініп. Өліара өтіп, жасарса жадырап дала, ақырын әнге саламыз маңырап қана. Жапанда бізге кім бар-ау пар келетұғын, тұяқ та серппей, тіс жармай жан беретұғын!
ҚАЗАҚ ТІЛІ
Ғұндарға дағы, сақтарға дағы, ақ сүтін берген арман тіл, атқанда дағы, шапқанда дағы қансырап аман қалған тіл. Жоңғардың сұсы, шүршіттің мысы еңсесін баса алмаған, жүрегін шоқып қырсықтың құсы соңынан қалмай сарнаған. Өрт шалған тудай жаралы тілім, желбіреп желмен шалқыдың, қақ жарып шығып даланың түнін, жусан мен қымыз аңқыдың. Фарабилер мен Бейбарыстардың өсиеті де өзіңде, Махамбет сынды жолбарыстардың қасиеті бар сөзіңде. Бабалар өзі байытқан тілім: «шұбарладың деп сен мені», бұйырар болдың айыпқа бүгін, парықсыз біздей пендені. Қайғыға қалай бауыр баспайын, ертерек туып, кеш қалсам күлкімді мұңға айырбастаймын,
Ана тілімді еске алсам. «Құрыған тіл!» — деп табандағанның, деймісің кетпес түгі де, тілімді сонша жамандағанның шоқ түсер әлі тіліне. Қалайша қынға көмейін сені қылшылдап тұрған қылышым, құдайдың тілі демейін тегі табиғаттың өз тілісің!
ГОЛИАФТЫҢ АУЫЛЫ
Түршігесің қарадай, қара да тұр, бұл өңірге келген бе заманақыр? — жон үстінде жосылған жолдың бәрі, жолдың бәрі... зиратқа бара жатыр! Шатастырдым көз жасын бұршақпенен, бұл әлемде қалып па ынсап деген? бұзылмаған ниеті біреу бар ма?.. — пәк көңілге іңкәр боп сусап келем. Есіл күші секілді Голиафтың, керегі жоқ ешкімге ар-ұяттың. Кеш батқасын көзіңе шұқиды кеп, шамсыз, айсыз, жұлдызсыз қаңырап түн. Қаңырайды дәл солай өз кеудең де... бәрі — бәрі бір күнде өзгерген бе? адамы да, заманы, қоғамы да, сәлеміңді алмайды кез келгенде.
Ауыл деген бұл емес мен білетін! бұрар-бұрмас кейінге енді бетін... Жүрегімнің түбінде жанып тұрған кез келді ме шырақты сөндіретін?
ТАҒЫ ДА ТУҒАН ТІЛІМЕ
Етектегі тасыңды өрге апарсам деп едім, есіктегі басыңды төрге апарсам деп едім, өз елінде өгейлі, кісі үйіне кегейлі, кенезелі күйіңе көл қотарсам деп едім. Бұлт басқан көгіңді нұр жайнатсам деп едім, тереңдегі кеніңді күнге ойнатсам деп едім, кеуіп қалған көніңді қымыз құйып жібітіп, құлақ құрышын қандырып, сырнайлатсам деп едім. Көгендегі қозыңды жамыратсам деп едім, ошақтағы қозыңды тағы жақсам деп едім, қорамсаққа қол салып, қозыжауырын жебеңді теміренін тебірентіп, жауыңа атсам деп едім, терезеңді теңелтіп, керегеңді кеңейтіп, қабағыңды қайтадан жадыратсам деп едім, қайран, Ана тілім! «ТЕРІСҚАҚПАЙ» топтамасы
(Ирониялық өлеңдер)
ЕМЕННІҢ ҚИСЫҚ БҰТАҒЫ
Қояйын-ақ дегенмін, баспасөзге беруді бұтағындай еменнің қисық өлеңдерімді. Уды балап шекерге, сор жинағам тұз егіп, балталаса — кетер ме, қисық бұтақ түзеліп? — Жетер, бекер қысылған, дейді маған, — өлең бер, «кәрі орыстан — мұсылман» шығарамын дегендер.
ОТАНЫМ
Қашқандар мен босқандардың панасысың, Отаным, асқандар мен тасқандардың табасысың, Отаным, жанарымның ағы менен қарасысың, Отаным, Жазылмайтын жүрегімнің жарасысың, Отаным. Арал болып, Семей болып, қансыраған, Отаным, көздің жасы өгейленіп, тамшылаған, Отаным, малы азайып, жаны азайып, қаны азайып, Отаным, біткен кезде кедейленіп хал сұраған, Отаным. Ақыныңды өлгесін тек аялайсың, Отаным, әкіміңнен өңгесін көп аямайсың, Отаным, мешітке де, түрмеге де, зиратқа ұқсайтын біздің ұрпақ салып бітпес саяжайсың, Отаным!..
ДАРВИНИЗМ
Өмір қойған сұрақтарға өлім жауап береді, тағдырыңа жылап барма, ол да өзектен тебеді. Тірі адамның тіршілігін уақыт өзі екшемек, құр жасықтық — күрсінуің, жасуға да жоқ себеп! Табаныңның тайғақтығын жалтыр мұзға жаппағын, — заман өзі сайлап бүгін, құрып отыр қақпанын. Өзге біреу қайғырсын, қой, жүре бергін еркелеп, сен — кешегі маймылсың ғой, кісімсуің ертерек...
БІР АҒАНЫҢ АҚЫЛЫ
Өренім, өкпең өшкенше өкшелей қума шындықты, бұралар бір күн мойының, болсаң да асқақ тым мықты, шырылдап шыққан шуақты шыңғыртып талай түн жұтты, мүләйім әлем мүлгіді сезбегендей боп сұмдықты. Шындық пен жалған — қос безбен өмірдің құрған өлшемін, тәңірден туған тірліктің тәрк етпе ешбір бөлшегін, өтірікті естіп тұрсаң да бойыңда болсын мол сенім, шындықтың жетсең түбіне — түбіңе жетер ол сенің!
ҚАЗАҚТАР
Т.Жаманқұловқа Қазақ деген бір ел бар атқа мінген, жұлдыздар мен жел тілін жатқа білген, құтылмаған күнаһар, күпірліктен, айыра алмай Алланы көк тәңірден. Қазақ деген бір ел бар «құдай атқан», күн оятпай жүрегін, түн оятқан, саптаяқтың сабына зар болғанда, қарауылдап қарайтын шынаяқтан. Қазақ деген бір ел бар жатып ішер, біреу атқа мінді деп тақымы ісер, басқа халық бар ма екен дүниеде батыры қан жұтатын, ақыны — шер? Қазақ деген бір ел бар теріс туған, өнер қуып болған соң керіс қуған, қызғаныштан жем болып қызыл итке дайын тұрар болуға тегіс құрбан.
Қазақ деген бір ел бар маң далада, жемтік болған қаймана қандалаға, қонағының қотырын қаситұғын өзіндегі қарамай сан жараға. Қазақ деген бір ел бар, қызу халық, қисық жолмен қайтатын түзу барып, сойыл беріп қолына «аттан!» десең, ұжмаққа да кіретін бұзып-жарып. «Қазақ деген қай ел?» деп сұрамалық, қылжақтайтын әдеті жылап алып, Сол қазақтың ішінде мен де бармын, ал, түсе бер соңыма шырақ алып!..
БАҚЫТ ҚАЙДА?
Достиг я высшей власти; Шестой уж год я царствую спокойно. Но счастья нет моей душе. А.С.Пушкин. «Борис Годунов». Тағдыр сыйын татып көп, патша болдым. бақыт жоқ... халқым ол да — бақытсыз, қара көже — қатықсыз, қайғы ойлаймын жатып кеп. Бақытты ма бір адам? байдан тіпті сұраман — күні өтеді күлкісіз, түні өтеді ұйқысыз, байлықты ойлап жылаған... — Бақыт бар ма? Сатып кет! — Бұйырмасын, бақыт жоқ... ... Іздей берсем табар ма ем, бақытты да болар ма ем, әттең, соған уақыт жоқ...
ҚАЗАҚСТАН, СЕН ӨЛСЕҢ...
Қазақстан, сен өлсең, жалқаулықтан өлерсің, аласармай өр еңсең, аңқаулықтан өлерсің, анталаған өздері, қанталаған көздері қорқаулықтан өлерсің. Қазақстан, сен өлсең, байлығыңнан өлерсің, қылқындырып қол өңшең шайлығудан өлерсің. Салт-сана жоқ, дәстүр жоқ, қамаудағы қасқыр боп, қайғы-мұңнан өлерсің. Қазақстан, бүгін сен, Тарихыңа үңілсең: бабаң берген біліммен, тіліңменен, дініңмен тірілерсің — тірілсең!..
ТЕРІСҚАҚПАЙ
Өмір өтер «ерте ме, кеш пе» деме, жабысқанның сыйы сол қос кемеге, адамдардың зердесін шаң басады, артымызда қалмайды ештеңе де. Көз жұма сап боламыз кенет ұмыт, жоқтамайды көк пенен жер өкіріп, өз қайғысы өзінде келер ұрпақ, — «ұмытпаймыз!» дегеннің бәрі өтірік. Қара жердің қойнында сыналанып, баяғыдай жатады бұлақ ағып, ұрпақтардың мойнына кигізілер, мойнымыздан шешіліп мына, қамыт. Қожайыны сен болсаң кең даланың, қамытыңды ала қой, кел, қарағым, жал-құйрығын жел сүзіп, желіп кетер, уақыт деген ғайыбың мен боламын!..
БАҚЫТТЫ ХАЛЫҚ
Осы біз неткен бақытты халық едік: орайын десе — егіні жоқ, себейін десе — көңілі жоқ, өлейін десе кебіні жоқ, жел сөзі менен желігі көп, өз үйінде өзінің орыны жоқ. Осы біз неткен бақытты халық едік: біреуге иек артпаса жүре алмайтын, өз үйін өз қолымен құра алмайтын, өмірді өз бетімен сүре алмайтын, белі тақым сағынып бұраңдайтын, қит етсе қырамын деп ұрандайтын, өзінен басқа ешкімді ұра алмайтын. Неткен бақытты халық едік: Табыла алмай ту қасынан, елеуішпен су тасыған, алтын шықса құм-тасынан, оның өзі у сасыған.
Неткен бақытты халық едік: Құйрық-жалы күдіре боп, жүгіретін сүріне кеп, үй дейтұғын үйі де жоқ, күй дейтұғын күйі де жоқ, шығатұғын үні де жоқ, бостандықтан басқа түгі де жоқ, Неткен бақытты халық едік!
ЖИДЕБАЙДА
Абай ата, келе алман күнде саған, Саған шақпай мұңымды кімге шағам? Көресісін түгелдей көріп болмай Күтіп тұрған көрге де кірмес адам. Жерден сырлас таппадым сөз ұғарға, Көкте жүрген күштінің көзі бар ма? Тіршіліктен түңілген тамам үміт Өзін асып жатыр ғой өзі дарға! Ақзу тілім ақ сор боп шұбарланып, Қыжылымды айтпадым құмар қанып. Гәкку әнім гөй-гөйге көп ұласты, Сұңқылдаған аққудай сыңар қалып. Туған жерді тозаққа айналдырып, Амалсыздан аһ ұрам айлам құрып. Жайылымсыз өмірім қайырымсыз Өрісімді алыппын ойран қылып.
Жау жықпаған қазақты арақ жығып, Қайта басты даламды қараңғылық. «Қартта мейір, балада бейіл қалмай» Әлекедей жалаңдар арам қылық. Намыс емес көбіміз табыс қуып, Өгей өстік өрліктен алыс туып. Тәуап еткен тасбұтым тәлкек қылды, Өзімді әкеп өзіммен шағыстырып. Ала жіптен аттамай ас баспады, Бүйрек пенен жүректі тас қаптады. Жылан жылтып жүрген соң қойнымызға Жанымыздан жылу да қашқақтады. Ар-намыстың жоғалып айылбасы Ұмытылды ұлы әннің қайырмасы. Сүтте қаймақ қалмады, қызда оймақ, Су мен удың жоғалды айырмасы. Жидебайда жарылса талай атом,
Жырлап жүрген біз соны — сарай ақын. Ұрпағыңа «Тоқтат!» — деп тоқтам айтшы, Бар еді ғой аруақты Абай атың!!
ҚАРА БАЗАР. ДОМБЫРА САТУШЫНЫҢ ЖЫРЫ
Өткен шығар, кеткен шығар заманым, біткен шығар ақылым мен амалым, тағдыр, «мені қай тұйыққа қамадың, қай қияда, қай қиырда қаламын? Меңіреу жұрт... о мәссаған, безгелдек! «әр Мұсаға бір перғауын кез келмек»... көңілдердің таразысын тот басты, күндіз-түні арамдықты безбендеп. «Ым менен жым жең ұшынан жалғасқан, сұм дүние бір-бірімен арбасқан, көсемдердің қабақтарын қар басқан, шешендердің шудаларын шаң басқан, құсы құлап, қаңырап бір қалды аспан! Ақындардың жүрегінен қан қашқан, пақырлардың қалтыраған қолдары, Жаратқанның жағасына жармасқан.
Біреуді бай, біреулерді кедей қып, шекесінен шертіп отыр шенеунік, көз жасымен асырайды бір бірін егіз туған жетімдік пен өгейлік. Пенде біткен күнәсынан арылмай бұл дүние кеңейе ме тарылмай? ...Дәтің неткен берік еді, Домбыра, мұнша зардан қалай қалдың жарылмай?!.
ТАП ПЕН ТЕК
«Арыстан — мысық тұқымдасқа жатады» Қазақ Ұлттық энциклопедиясынан «Біздің елде тап жоқ» депті тарихым, жүрек содан жақсылыққа жаритын, сол тарихты жатқа білер бір сабаз асырап жүр күншілдіктің қара итін. Жар құлағы жастық көрмей иті үшін, түнде бұзар талайлардың ұйқысын, пысықтардың піскен дәнін көре алмай өбектейді өзіндегі шикісін. Тап керек пе? Іздеме оны алыстан: тұғыр озар тұлпарлармен жарысқан, бұл заманда итке керуен үреді, ешбір еркек өлер емес намыстан. Тек керек пе? Іздеме оны алыстан: Тас кене мен аш кенелер табысқан. Бір қанденге сәлем беріп шықсам деп кезек күтіп отыр міне, арыстан...
ЖАРИЯЛЫЛЫҚ ЖЫРЛАРЫ
(1988-1990)
САУАЛ
Күнге түскен кратерлердей Кеше жүрекке түскен жарамыз — Жанымызға бүгін нұр әкелгендей, Жырғап қалдық қой, қараңыз... Баяғы сөнген жұлдыздардың, Өлі сәулесін сүйдік алданып, Есімізді біздің жиғызған кім? Қараймыз енді таң қалып... Жүрекке түскен жарамыз көп, Әттең, жазылғаннан соң санадық... Біреуміз жүрдік «баламыз» деп, Басқамыз қайда қарадық?..
ҚАЙТА ҚҰРУ
Өзгеше өмір сүре алмаймын, Ағайын, Өзге өмірді қайдан іздеп табайын? Жаңа жүрек жасап берер кім маған, Ескісінің жыртықтарын жамайын. Жүрегім бар қобызындай Қорқыттың, Сәл тынысқа тебіренер толқып тым. «Аспандағы айды әперем» дегенге Қолдағымды келмес бірақ қор тұтқым. Басқа адамға айнала алман енді мен, «Айналам» деп жұртты қалай сендірем? Көкпар көріп кергіленген жүрекпен өмір сүрем шыққанынша соңғы дем. Жақсылықпен болып қалам жүректес, Бәрі өтсе де рахымның күні өтпес. Жер астында сынамайды жүректі Жер үстінде жарылса да ол — Түк етпес!..
БІЗДІҢ АҚЫНДАР
Бір ақын революцияны мақтаймын деп атылды, Бір ақын Сталинді даттаймын деп атылды. Бір ақын ұлтымды сақтаймын деп атылды, Бір ақын ұлтсыздықты жақтаймын деп атылды. Бір ақын туған жерді қорғаймын деп атылды, Бір ақын жалғандыққа бармаймын деп атылды. Бір ақын коммунизмді армандаумен өліп кетті, Бір ақын кеңестік қаламын бізге беріп кетті. Ал біздер болсақ амалдап, Өткенді жүрміз жамандап, Ақиқатты айтар ақын жоқ, Еліміз қайдан оңалмақ? — Бостандық жоқ! — деп нар кеуде, Күркіреп қояр әр-кейде. Азаттық үшін, апырмау, Атылып кетсек арман не?!.
КЕҢЕСТІК СӨЗ
Төңкеріс. Қоғам жаңаша. Жеңдік біз ақты, фашисті. Кеңестік өмір тамаша, Картошка, талон, сосискі... Күн нұры шалқып жүзімде, Волидол ішем төсекте, Барамын коммунизмге, Міне сап сосын есекке. Жатақта өсіп, жетсем де, Әкемді көрсем танимын, Шоқынып тіпті кетсем де, Мен оған әлі сәбимін. Қанжоса қырып дұшманды, Жасын боп көктен түстім мен. Қайтпайтын қайсар, ұстамды Өйткені коммуниспін мен. Сталин деген жауызды, Шатастырмаймын басқамен, Халықтың жауы тәрізді Жолықса атып тастар ем. Тоқыратты ғой бір қақпас, Оны да сөзбен ұрамын, Күрескермін мен мізбақпас, Қоғамды қайта құрамын.
Несіне оған ойланам, Депутатыңа айналам, Сайласаң дағы сайланам, Сайламасаң да сайланам. Себемін сосын халқыма Советтік сөздің ұрығын: — Жасасын демократия! — Жасасын қайта құруың!..
МАЙШЕЛПЕК ТУРАЛЫ ДИАЛОГ-ЕРТЕГІ
— Жерұйық пенен Жиделібайсын... жетті ғой бізге қанша ертек, пешенеңе оның тигені қайсы? — Тигені жалғыз майшелпек!
— Жемейсің бе енді, шелпегің қайда, нәр сызбай неге ойландың? — Жомартпын өзім, ертегім бай да, қонаққа сақтап қойғанмын.
— Қорлықты дәйім аштықтан көрдің,
өзің-ақ жесең нетеді? — Үш жүз жыл бойы достыққа үйрендім, сарқытын жесем жетеді...
онсыз да маған «әй, тентек» деуде, желтоқсан-жыным қысқанда. Келіңдер, достар, майшелпек жеуге, майшелпек Қазақстанға!..
- *
Жүрегімді тырнап жатыр біреулер, Көкірегімді қырнап жатыр біреулер. Бауырымды, бүйрегімді суырып, Ұрлап жатыр, жырғап жатыр біреулер.
Алақанға қарап енді бал ашпан, Алтын тұяқ қалды ма деп алаштан? Ақ ниетім қызыл қанға боялып, Бүгін міне, зеңгір көкпен таласқан. Кеңдігінен қорлық көрген пейілім, Ғажайыптан күтемісің мейірім? Екі аяқты бір етікке тықса да, Сол кеңдікті сақтап қалшы, ей, ұлым! Ақ бесігін тастаса да қырқысқа, Атымтай боп көрінуге жұрт ұста. Бабалардың қаны сіңген байрақ-жер, Айналып бір кетпесе екен жыртысқа?
КОРРИДА
Үргедек ой үрейленді, Үрікті, Өткен шақтың бәрі бейне күдікті? Шындық үшін шайқастарға шыққанда Өтірік те бірге «уралап» жүріпті... Сенеміз бе? Сенбейміз бе? Қайтеміз? Бүгін алшы кеше түскен тәйкеміз. — Аралым! — деп айғайлап кеп, күні ертең деп жүрмейік «Арал деген қай теңіз?» Өткен шақты өлгенінше сынайық, Өзімізге қандай баға ылайық? Қызыл мата көрсеткендей бұқаға Келешектің қарсы алдынан шығайық!
ТӨҢКЕРІС
Жаман атқа жал бітіп, Жақсы құлға төр тиіп, Ақымаққа әл бітіп, Аты жоққа мөр тиіп; Жүргендерді жан күтіп, Тәубасына келтіріп, Байбатшаны қаңғытып, Хан, патшаны өлтіріп, Шаш ал десе бас алды, Құртпақ болып құдайды... Құдай, бірақ қашанғы Тәлкегіңе шыдайды?
КҮПІР ӨЛЕҢ
Азаттықты айта алмадық Ақ найзаның ұшымен. — Азатпыз! — деп айқайладық, Абақтының ішінен. Жалықтырды соқыртеке, Ойынымыз осылып... Іш арақты, өкірт, әке, Мен де ішейін қосылып... «Құдай жоқ» деп ұстаздарым Қаратпады-ау құранға, Қайран менің қыс-жаздарым, Қор боп өткен ұранға. Мас боп жатыр шәкірт жолда, Хақтың жолы тосылып, Іш арақты, өкірт молда, Мен де ішейін қосылып... Шерменде боп имам өлді, Құрттық та оны — «көгердік». Тобырда жоқ иман енді, Қасиетке сенерлік. Қала бердік соқыр тамда, Ақты қара өшіріп. Іш арақты, өкірт молла, Мен де ішейін қосылып... Сұбыханалла...
Астапыралла... Асылық қой, не дейін? Биыл мүшел жасқа шығам ба? Тәубама онда келейін.
Ер — намысын, Әйел — ғұрпын Көркі етелік тойлардың. Таста ішуді, Қой, ел-жұртым, Ал мен болсам — қойғанмын!.
- *
Есуас заман, Папуас тағдыр, Есалаң болған есті өмір, Ешкімге жаны ашымастан бір, Кемеңгер күйде кеще жүр.
Іріңдеп кеткен жарамыз мынау, Ыңырана білмес нар едік, Жармасқан қолда жағамыз жүр-ау, Жыртысқа жарап әредік.
Есіктен кіріп, Төріме шығып, Төккені аздай асымды, Туын да туған жеріме тігіп, Алшаңдап тіпті басынды...
«Тайбуырылмыз» деп тапырақтадық, «Шүу!» десе шаптық шын қызып. Арқасы жауыр шоқырақ халық, Кім болса соны мінгізіп...
- *
Ботасы өлген ғасыр інген, боздағанын көп көрдік, күнәмізді жасырумен, күнімізді өткердік;
бетегеден биікпіз деп, күпілдеп жүр жұрт әлі, жоғалған Жерұйықты іздеп шықпады Асан ұрпағы;
қасарсам-ақ халым — мүшкіл, қайғы көзді қарайтты,
жаным — тәтті, қаным — қышқыл, сорған маса соны айтты.
өзіме өзім өгей болып, аспанды жалт қараттым, мырзасынып, әуейіленіп, жатқа шүлен тараттым.
Туған далам құнарлы еді, қаны кеуіп сорлады, жөн болар ма бұдан гөрі өз қанымды сорғаны...
МӘҢГҮРТТІҢ СӨЗІ
Ақын Павел Васильевке Парасат, білім жағынан толысқандаймын, Павел, мен бүгін өзіңдей орысқа айналдым. Көгілдір көзді қыздарға қырғидай тиіп, «Ой, морозды» айттым төрінде қоныс тойлардың. Темекі тарттым сен құсап, Арақ та іштім, Айықтыратын ақ төсек абаққа түстім. Төбелес десе дәл сендей делебем қозып, Біреудің жағын бұзғанша тағат тауыстым. Көкнәрді алсам ширатып зәуіде қолға, Жындының қалар ере алмай бәрі де жолда. Орыстан да озып кеткенмін бұзықтық десе Жарысамын деп менімен әуре болма.
Бұл қазақ деген ұлт емес дүрмек пе дедім, Тілі мен салтын несіне құрметтеп едің? Малғұн ғой бәрі малменен мал болып кеткен, Сорлы боп сондай ұрпағым жүрмек пе менің? «Қазақсың!» десе біреулер, Намыстанамын, Аз ұлтқа мол жер не керек? Қалыс қаламын... Мәдениетсіз, миғұла мешеулерді сен Мадақтап сонша дедің бе табыс табамын? Өздерін тіпті өздері басқара да алмай, Моңғолдан қойған хандарын! Масқара қандай!? Кеңестің ғана тұсында көздерін ашып, Верныйға келіп жармасқан астана болмай. Бақырған ән мен домбыра, еңіреген күй, Тыңдасаң ашып кетпей ме оныменен ми? Қазақтан шыққан жалғыз-ақ Данышпан бопты, Наркоман бопты өзімдей, «современный».
Қазақтың бәрі шетінен орысқа айналса, Қырылмас еді аштық пен соғыстан да онша. Павел, мен саған берер ем «Ой, морозды» айтып, Сен туған сонау Зайсанда қоныс той болса...
ДҮЛЕЙ ҒАСЫР
Дүлей ғасырмен сүрген ғұмырым ертектей, долы қатынмен отасып келген еркектей, етекте жүрдім етімді итке жұлғызып, басқалар тауға шығып жатқанда тер төкпей. Құдықта тұрып таңдайы кепкен Танталмын, иесі едім ғой илеуде қалған қаңқамның, тербелген менмін мойныммен теуіп әткеншек, күретамырға батқанын сезбей арқанның. Ажалдың өзін қақпайлап жегіп қамытқа, даламды түгел айналдырғанмын табытқа, ақырзаманға әкетпейін деп өзіммен, бар қазынамды таратқам ерте жарықта. Шетсіз де шексіз жеріме сыймай қаңғырдым, аямай қарғап Алланы да естен тандырдым, еркіндік іздеп еркіме кетпес үшін мен, мешітті бұзып, өзіме түрме салдырдым.
Көбейіп кетсем тиер деп жұртқа кесірім, отын ғып жақтым болашағымның бесігін, өз бетімді өзім шиедей тырнап қанатып, өкінген болдым өзгеден сұрап кешірім. Өзім отырған бұтақты шапқан өз қолым, бір бірін шұқып, ноғала түскен көздерім, жүгірмегі боп жыртысын жыртып өзгенің, дәстүр мен дінім жоғалғанын да сезбедім. Күн туса басқа жәрдемі болар жым-жылас, көлеңкелермен достығым менің бұлжымас, сан озып шықтым мәңгүрттер түскен сайыста, жеті ата білмес жетесіз десе, бұл да рас. Ұрпағыма енші мендегі барлық сорлылық, Семейім — анау, әлі де мың сан бомбылық, айналар еді Аралдан үлкен теңізге, ағарып кеткен қанымды құйса көл қылып.
Жаяумын демен жарысам десе бәске кім, Байқоңырымнан бәйгеге шабар мәстегім, Кедеймін демен, қайғыға баймын қашан да, жұмыссыздардан құрылған қалың әскерім. Барсакелместен бабамның таппай дерегін, Аралда емес арақта жүзген кемемін, болашақ ұрпақ түкірді менің бетіме, сүртетін соны орамал іздеп келемін... Жаралы жүрек, жартыкеш тесік өкпемен, жасыған көңіл, ашыған миға от берем, дүлей ғасырды, үрей ғасырды талақ қып, сүлей ғасырмен салтанат құрсам деп келем!.. «МҮШЕЛ ЖАС» топтамасы (1991)
ЖЕЛҚАЙЫҚ
Ертеңім не сыйлайды? Мен білмеймін... Әйтеуір келсе игі еді төндірмей мұң. Мүшелге мәймөңке сөз айта ма деп, Аузына балгердің де телмірмеймін. Көрермін не көрсем де пешенемнен, Ағамнан артықпын ба кешегі өлген? Ғұмырын ақындардың кім ұзартар Шылымдай шырпы жоқта өше берген. Аһ ұрып, қайғырдың не, Қамықтың не? Тіршілік ұмтылмай ма жарық күнге? Жатқандай желқайықта тербелемін Түсіме кірген кезде табыт түнде. Бұл күнде өмір арзан, Көңіл қымбат, Шарқатып шаттық кетті жеңіл бұлғап. Алар ма енді мені құшағына Қыз ерін, Қолаң шашты көгілдір бақ?
Қиялға қайран жүрек тояттасын, Өмірім өз өлеңін аяқтасын. Тербеліп желқайықта жатқанымда Теңіздің толқындары оятпасын!..
- *
Келсе де тағдырыммен ерегескім, Толғатқан бұл жырларды мен емеспін! Отыр ғой ой-жүйемді Біреу билеп, Дегендей: «Өз жолыңды неге кестің?»
Тұрса да алдан торып қауіп-қатер, Жүйрігім мойнын бұрмай шауып кетер. Жұрт айтар: «Өзі жұтты өз басын, деп, Мезгілсіз шақырғандай тауық бекер».
Заманның ағымына қарсыластым, Аямай қайратыма қамшы бастым. Ешкімнің алдында мен ақталам деп, Жанымды жұмыртқадай аршымаспын.
- *
Ұлымын деп астананың Айтуға мен жасқанамын. Ауылымды Алла атындай Аузымнан бір тастамадым.
Айды көрсем — амандастым, Құшағымды самалға аштым, Қалаға кеп құласам да, Қалалық боп қала алмаспын.
Ақыны боп астананың, Кердеңдесем кеш, Қарағым. Ауылыма келген кезде Мен де өзіңдей жас баламын.
Қала кейде күндей мекен, Кейде бірақ түндей бөтен. Асфальтқа түскен тамшы Көкке ұшпаса сіңбейді екен.
Айтып мен де аспан әнін, Көкке ұшамын, Қош, қарағым. Ылайланып бітер болдым, Көріп бәрін масқараның.
Жасармадым, Көгермедім, Қоштасуға келер ме едің? Туған жерім — ауыл болса, Қала болды өлер жерім... Күлбілтелеп неғыламын, Екеуін де сағынамын. Өмірім мен ажалымның Арасында сабыламын...
- *
Ақыл тісі шықса да ақыл кірмей, Ақылдыларға жақын жүрмей, Бір дұшпанының атын білмей, Ақымақ болған қайран басым, Мүшел жасқа кеп ойланғасын — Не сорым?
Ой бағып, қой мен қозы бақпай, Құлағы барға сөзі жақпай, Ақ пен қараны ажыратпай, Адасып баққан соқыр басым, Мүшел жасқа кеп опынғасын — Не сорым?
Жалғанды жалпағынан басып та өткен, Қызуының қайнарын шашып-төккен, Қызықтың да қақпасын ашып кеткен, Кісіні менсінбес құмай басым, Мүшел жасқа кеп мұңайғасын — Не сорым?
- *
Қалада жауған қардың қара болатынын, көргенде кеудемде жара қалатынын, сен түсінесің бе, бауырым? — сондықтан менің күйіктен жанымды алдарқатар шарап алатыным...
Ауылға барсам жолатпай құлын тебетінін, Жүрегімс сонда алма бақ гүлін себетінін, Сен түсінбейсің ғой, бауырым! — Сондықтан менің үздіксіз Удай ащы шылым шегетінім...
- *
Өмірді дұрыс сүрмей келіппін, Жетекке түзу жүрмей келіппін, Біріне жолай мінбей көліктің, Өз желкенімді өзім үрлей беріппін, — Өкінбен!
Біреуге бола ау құра алмаспын, Жазықсыз жанды жау қыла алмаспын, Ешкіммен келмес тағдыр алмасқым, Өмірдің өзі баулыған жаспын, — Өкінбен!
Өзімше сүрген олақ өмірім, Шикі де шала, шолақ өмірім, Алтын мен күміс, қола, көмірін Оң-солды шашқан шора көңілім, Өкінбен!
Бұл өмір деген өнеге ме өзі? Өртеңнің өнер келе ме кезі? Құдайдың мұны көре ме көзі? Өкініш деген немене өзі? Өкінбен!
- *
Сенісер дос қайда бар, Сергелдеңде ойға алар? Айтылған сөз — атқан оқ, Басың оққа байланар.
Құбылма дос кімде жоқ, Тұтататын тілмен от? Құю үшін көзіңе Қос уыс-ақ құм керек.
Қайғы кімде, той кімде? Өкіндің не, қойдың не? Жалғыз атым — сенімім, Жығылған соң сойдым де...
МЕДЕУ
Медеуге күніге баршы, Айдынға үңіле қалшы: Жұрт түгел сырғанайды онда, Сағаттың тіліне қарсы.
Байқашы жан сырын ұғып,
Көзінде таң шығы күліп, Осы жұрт жынданған жоқ па Уақытқа қарсы жүгіріп?
Парызды ойланар күн кеп, Бұл да бір қолға алар міндет: Сағаттың тіліне қарсы Кағбаны айналар үмбет.
Жұмбақ-ау, Тегі, бұл жалған, Бәрінің өңі нұрланған. Тапты екен қандай қанағат, Уақытты кері бұрғаннан?
Ағарған самайымды Елге Көрсетпей жабайын демде... Сағаттың тіліне қарсы Жүгіріп бағайын мен де!..
- *
Бүгін менің сарайым босап қалды, Омбылап ем Медеуде қасат қарды. Соқты менде тап-таза жүрек қана, Сол жүрекке тағдырым қосақталды.
Өмір тағы өзіне ғашық етті, Күн нұрынан көзімнің жасы кепті, Филиппиндік емшідей Алатауым Сылып алды сарғайған қасіретті. Айналғандай болдым ғой жас балаға, Қайран ғұмыр қайтадан бастала ма? Енді менің қырсықтан арқам босап, Ашар ма екем сырымды досқа ғана? Қасат қарды омбылап жүгіргенде, Арылдым ба мінімнен, кірімнен де? Табиғаттай тап-таза тамшы көрдім Жүрегіме өзімнің үңілгенде. Періште ойлар қақсыншы ақ қанатын, Тазардым деп ал енді мақтан, ақын. Қайғы да жоқ, Өкініш, ыза да жоқ, Нең қалды екен жұртыңа ақтаратын?
Қабағынан заманның көңіл суып, Қол жетпеске қажып ем көп ұмсынып, Уақыт енді мен үшін өмір сүрсін, Уақыт үшін тойдым мен өмір сүріп.
- *
Бүгінгі күнім мәңгі өлді! Беу, бұған кімің мән берді? Қағазға төнген шағымда Қаламұшына қан келді.
Өң бе, әлде, түс пе бұл ғұмыр? Қансырап жатып күлді жыр. «Ақылдылардың ішінде Ақын дейтұғын жынды жүр...»
Қаламнан аққан тамшы қан Жанымды талай жаншыған. Қағазға төгіп тынбасам Қайғымнан қалай аршылам?
Тірлігі құрсын тірінің — Үземін деп-ақ құрыдым Құдайдай көрген өздерін Құдайсыздардың құрығын.
- *
Өртеніп кейде орасан Өткен өмірді ойлайсың. Өз кеудеңе қарасаң — Төбелес шыққан тойдайсың.
Өзегіңді күйдіріп Өте шығар от құйын. Алуан арман, қилы үміт Құны бүгін — көк тиын.
Қан жылаған жүректің Қамыққаны кем бе еді? Жігеріңді құм еттің — Сепкен дәнің өнбеді.
Сатып алған дау қымбат, Қай күйігін тартарсың? Дос — табансыз, жау — жұмбақ, Кімге үміт артарсың?
- *
Қайғысыз болсаң — тұщынып, Қара су іш те қана бер. Қанатсыз көкке ұшырып, Қайтарып алар қара жер.
Сыңсып бір қалған еліңді, Сыңсып бір тұрған орман де. Тереңнен қазып көріңді, Тепкілеп көмсе — арман не?
Көрешек болса — көрерміз, Тілекті тәңір бермес пе? Бәлкім біз қайтып келерміз, Кетсек те Барсакелмеске?!
КҮШІК
Адам боп оңай туғанмен... Адам боп қалу осы қиын!... Қ. Мырзалиев. Кішіде қандай баға бар? — Қаукелек қақсам кішік боп, Арлан боп алған ағалар, Әзілдер маған «күшік» деп... Әлемнің бүкіл иттері Жабылып үріп жатқанда, Қосыла қойман — өйткені Жоқпын ғой үрген, қапқанға. «Қабаған бол!» — деп шулайды ел, Үрмесең — құның көк тиын. Күшік боп оңай туғанмен, Күшік боп қалу көп қиын!
«ЖЕТІМ БҰРЫШ»
Қорлықты мына кім көрген: Алматы толы — үйсіздер. Үйсіз де күйсіз жүргенмен Ұрпақтың қамын үнсіз жер.
Кіргені — кісі есігі, Соған да көңіл жайланар. Сәбидің сәмбі бесігі Тербелер бұрыш қайда бар?
Ол үшін кім бар қайғырған, Алматы толы — жетімдер. Малдасын құрған маймылжан, Торыңның маған шетін бер!
- *
Қара жер хабар берсінші Тартатын болса қойнына. Жыланнан арқан өрсінші Оралып қалсын мойныма.
Айналды орман көмірге, Айналды күлге қайыңдар. Алаң бар ауыр көңілде, Жүректе удай уайым бар.
Бұлбұлдар бүгін көбейді Орманның айтқан тілегін. Мен жайлы олар не дейді? Дейтіндей, бірақ кім едім?
— Қиыннан қашып кетті, — деп, Түскенде ауыр елге сын, — Төбемді жатса тепкілеп, Қара жер хабар бермесін!
ӨТКЕН КҮНДЕ БЕЛГІ БАР
Өткен күнде белгі бар: шапқан жерін ор қылар, таңдайыңды сор қылар, самайыңды бор қылар, маңдайыңа тор құрар; Өткен күнде белгі бар: жүрегіңді тоңдырар, сабағыңды солдырар, жігеріңді құм қылар, қайратыңды қор қылар; Өткен күнде белгі бар: ойлай берсең тер жуар, жігіт болсаң жөнің жоқ көз жасыңды көл қылар; Өткен күнде белгі бар, келді кезің бел буар...
АҚЫННАН САҒАТ СҰРАМА
Ақыннан сағат сұрама, Өлшеулі ғұмыр кешпейді ол, Құдай да болсаң сынама, Күнәсін оның кешпей гөр. Ақылсыз жүрек, дана ой, Менсінбес байлық, бақытты, Тірілтер ақын ғана ғой, Сендер өлтірген уақытты. Өмірі — өрт-ау, сірә да, Өтеді ол таңды таңға ұрып, Ақыннан сағат сұрама, Уақыты оның мәңгілік... «ӨЛІАРА» топтамасы (1992)
ҚЫЛКӨПІР
Қоңыр күз келді, ұмытқан шығар шынымен өмір біздерді, кеудемде менің ұйтқиды қара суық жел, құлазып қала қарадай көңілсізденді. Ұмытқан шығар... Кеудеме қысып талайдан жылытқан шұбар жыланым келіп, өзімді шағардай болды, ол дағы өзім көрсеткен қылықтан шығар? Ұмытқан шығар... Бетімді осып өтеді суық тамшылар, тұрлаусыз жаздың соңынан тұнжырап қапты, отасып опа таппасын түбі ұққан шынар. Кіріп хал сұрар бір пенде жоқ-ау, бәрі де ұмытқан шығар, ұйыққа батар жол көп қой тірлікте мына, жол бар ма екен тал қармап тұйықтан шығар?
Жасыра алмаймын, тағдырдан тауым шағылып жасығандаймын, көтере алмаса қылкөпір үзіліп кетсін, өз жүгімді алып бақиға асығардаймын!
- *
Сыздайды да мұздайды сұм жүрегім, Қаңылтырдай тот басқан тұнжыр өңім. Тебінгідей шіріген төзімім-ай, Тепсе үзілмес сен де бір шынжыр едің.
Қыста оянған аюдай халім мынау, Сең соққандай сенделдім,
сабылдым-ау. Көкірегім көк сүңгі,
жаным қырау Сандалтардай тағдырға нағылдым-ау,
Жасырамын жанымның ауруын, Запыранын сапырар зары, мұңым. Ертегіден ұшып кеп, әкеп мені, Қауырсынын күн шалған самұрығым.
Түрі өзгерді тірліктің мүлде, кенет, Тығылғандай халдемін түрмеге кеп. Жүрегімді қараймын қолыма алып, Дімкәс жүрек дерт буған Кімге керек?..
- *
Сезім өлді,
бойымда бір от сөніп, Ешкім көңіл айтпады тірек болып. Таба алмадым тал түсте жарық күнді Іші-сыртым қараңғы,
түнек толып.
Сенім өлді,
айырылдым бар асылдан, Табылмады тағы да жанашыр жан. Жарау аттай едім ғой таң асырған, Түрім құрсын белдеуде аласұрған...
Көңіліне қобалжу,
күдік еніп, Бара жатыр зымырап ғұмыр-елік. Елмен емес,
сырласам желмен ғана, Қылы үзілген қобыздай күңіреніп.
АУКЦИОНДАҒЫ ҚАЛАМ
Бір мырза сатып алды хан қаламын... ...Мен қазір жыр жазбаймын, жан бағамын, Музаны тоқалындай жұмсайтұғын Мандытқыш кей ақынға таңқаламын. Өліара — заманы екен өлерменнің. Қаздым да жүрегімді, Өлең көмдім, Жамырап болған болса жарымес қиял, Қайырып қозы-лақтай көгендермін. Сұрайды ел: «Жазбайсың деп өлең неге?» Жырлауға ит-тірлікті көнер деме. Қонбай ұш қара жерге, қайран муза, Қанатың кірлеп қалар — төмендеме. Шайырмын, Дала — мұңым, Отан — қайғым, Шындықтың шөлейтіне сапарлаймын, Ешқашан өлең жазбай кетсем дағы Ешкімге қаламымды сата алмаймын. Кешсем де күндерімді қапалықпен, Өшсем де өз ойыма маталып мен, Шалшыққа қона көрме,
аққу-муза, Батпағын жырлай берсін бақа біткен.
ӨРМЕКШІ
Күндер еді бұл неткен әрі-сәрі?.. Жапырақтың жердегі бәрі сары. Сынбаған ба ақынның әлі сағы — Қалам қысқан саусағы қарысады. Мылқау көктің көркі ме соқыр Ай, Күн? Өрмекші де өрмегін тоқымай тым Өлімсіреп тұрғанда туған өлең Кімге керек? Ешкім де оқымайтын. Түсінетін пенде жоқ сөз бағасын, Көзін емес шел басқан көзқарасын. Өлеңіңді ішіңде өлтір, Ақын, Кей өрмекші жейді екен өз баласын...
ШҮЛЕН
Сыбағам қайда, сыбағам? Тарас Шабыт-жыным Бумай бойды, Өлең шіркін тумай қойды, Сақал-шашым қудай болды ой мүжіп... Тұрмыс қолды байлап алды, Түн меңдеді айналамды, Қай ауылда, Қайда қалды, той — қызық? Жанды шаққан бүйі — сезім, Қайдан маған туыс едің? Тағы да енді у ішемін жетілеп... Қалпыменен құба қоңыр Сырғып жатыр сынап — өмір, Дүниенің сірә, кеңір беті жоқ... Бар күдерін бұл жалғаннан қойды үзіп, Бар шүленнен құр қалған жан — жетімек...
ИЕРОГЛИФТЕР
Сүйегің асыл ма еді, Шірік пе еді, Тіршілік шығарады сілікпені. Маңдайға жазылады әжім болып, Уақыттың жұмбақ иероглифтері.
Жай осы! Жыл артынан жыл көшеді, Жаныңмен жапырақтар тілдеседі. Жарандар Жүрегіңде жатқан шерді Жүзіңнен оқымаса білмес еді.
- *
Халықты ойлап, қамықпай-ақ титтей біз, қараң қалғыр қара басты күйттейміз, қалмаған соң қабатұғын бір пенде, өз құйрығын өзі қапқан иттейміз.
Жаратқаннан жасырамыз немізді, есіл сезім еш болды ғой ең ізгі... «өмір» деген өз анамыз суалып, «өлім» деген өгей шеше емізді.
АЛДАНҒАН ҰРПАҚ
О, мен нені өмірде ұрлатпадым: Жүрегімнің жоғалттым нұрлы оттарын, Жастығымның жоғалттым гүл бақтарын, Шаттығымның жоғалттым ырғақтарын. Махаббаттың тұтатар шоғын үрлеп, Көкіректе желбуаз көрігім жоқ. Кітап біткен ұрлады көз нұрымды, Алдап жүріп айнымас серігім боп. О, мен кімнен өмірде алданбадым: Алдамшы боп шықты ғой армандарым, Қарамасқа айналды қорғандарым, Дар ағашқа айналды ормандарым. Үміт қайда, Білмеймін мақсат қайда, Жағымпаз боп жүгінбей жақсы ат қайда? Барды сатып, Бүгінде арды сатып, Болар еді түбінде тапсақ пайда... 1992 ЖЫЛҒЫ 28-ҚАЗАН. АҚЫРЗАМАНДЫ КҮТУ немесе НОСТРАДАМУСҚА МҰҢ ШАҒУ
Өкініштен отырмын бармақ тістеп, өкінішсіз күндерім қалмақ түс боп, ыңыршағы айналған көкірегіме ұя салмай кетті ғой самғап құс кеп. Өкінемін... несіне өкінемін? жылай берді жүрегім — жетімегім, кейде осылай ойран боп көкірегім кетілмейтін тұстарда кетілемін. Кімнен көрем? білмеймін кімнен көрем, махаббат құс безді ме мүлдем менен? Ала киімін мұңымның киіп алып, жапа шегем өзімнің түрмемде мен. Тағы кірді түсіме боз ат бүгін, осы ма еді аңсаған азаттығым? Өкініштің жетер ме өтеуіне саусақпенен санарлық аз-ақ күнім?
Кірледі ме көңілім — «кәпірзадам»? мен шығармын кеш туған ақырғы адам? Құшағым мен төрімнің қайсысы ашық, келсең келші, қиямет — ақырзаман!
АҚ ПЕРІШТЕ
Өлеңім, өзің менің ақ періштем, өмірде тек өзіңмен тақ бөліскем, сен барда әбілхаят суы екен ғой ит ішпес атау керем жатпен ішкен. Сыланған сұлу емес сырға тағар, сындарлы сесім едің сынға толар, сен жоқта құлап талай құдыққа да, секірді құлағымда құрбақалар. Сен барда жай ойнатып, күн жайлаттым, аспанның астын түгел сырнайлаттым, сен жоқта бір жартастан сынып түскен, қоңырқай күйін кештім құм қайрақтың. Жатса да көз боялып, сөз боялмас ешқашан туыспайды жез бен алмас, заманның зілзаласы сан өтсе де Сен барда, сірә мені қозғай алмас.
НАСЫБАЙ ШАҚША
Сыбырды құдай естір деп, Сабыр қып жүр ем жақ ашпай, Сөзімді тыңдар ешкім жоқ, Сауын айтсам да алашқа-ай! Құлы боп бәрі ақшаның, Түрі жоқ түкті ұтатын, Түбінде жүрек — шақшаның, Ар-ұят қалды бір атым. Тондыға жауып кіл жала, Тобықтан қағып тастадық, Іргеде болса зілзала Ырықпен аяқ баспадық. Қайырым деген қазына Түгесілгенде шым-шымдап, Құдайға өкпе-базына Айтамыз тіпті былшылдап, Қашан біз халық боламыз, Адамы азған ғасыр-ай? Шақшаның түбін қағамыз Бір атым іздеп насыбай...
АКВАРИУМ ТУРАЛЫ АЛЛЕГОРИЯ
Жұлдыз көкті жамайды, Түн көзінде — жарық бар. Маған аяп қарайды Аквариумда — балықтар. Дүниенің даңынан Мылқаулығы мың артық, Балықтарға табынам, Көз жасына құмартып. Қайта-қайта айналып Келе берем қасына. Әй, балық-ау, Әй, балық, Байқас болшы басыңа!.. Байқас болшы, — Кеңесім, Сенің басың — ерек бас, Саған ғана емес ол Бәрімізге керек бас!
БАЛҒА
Көкірегімде дүрсілдеген Балғамды Аллатағаладан алғам-ды, қара төске қарсы салғам-ды, жалпағынан жаншып жалғанды. Талпынып жүріп арманға, темір етіктен — түймедей, темір таяқтан — тебен инедей қалғанда сынасы ұшып, сыр берді менің Балғам да. Қара темірден қан шығып, қамырдай өзі жаншылып, қайдағыны сезінетін, қайғыратын, езілетін болды бұл Балғам. Тізеліні бүгілтіп, мойындыны иілтіп, маған да жеттің сұм жалған!
ҮШ АПЕЛЬСИН
Бір соқыр айтқан екен «көрерміз» деп, бастап ем бағбандық бір өнерді іздеп, мен еккен үш апельсин үсіп кетті... жемісін жей алмадық келер күз кеп. Жанымның жапырағы сырласы боп, жайқалған желекті ұрды бір қасірет. Қуана көрсетуші ем қонақтарға қалжыңдап: «қайта құру құрдасы», — деп. Қайтерсің, тәңір солай түшкірген соң, көрге де үйренесің үш күннен соң. Үшеуін көзім қиып бермес едім, жауса да жерден теңге, үстімнен — сом. «Бидайдың барар жері — диірмен», — деп, жүрмін-ау тағдырға сәл иілген боп. Шынымен ішім менің өлген екен, — үш күн де үшеуіне күйінгем жоқ.
Ұлықбек-ау, тағдыр тағы теріс келді, сөз қылма көз алдаған жеңістерді. Еңбегің еш болмаған жерің бар ма, Қанеки, қай тірлігің жеміс берді?..
АЙВАЗОВСКИЙ. ТОҒЫЗЫНШЫ ВАЛ
Ей, Айвазовскийдің теңізі! Жуастан шыққан жуансың-ау, негізі? Қаныңды сенің қайнатқан анау, аспанның болар лебізі? Екіленген елірген, екі иығын кемірген, ерейменге айналдың ерегесіп тәңірмен. Көкке шапшып кектенген, көкдүлей боп кеткенмен, еркіндігің сенің де жағалаумен шектелген. Араныңды ашқанмен, ақ көбігің шашқанмен, азаттығың ешқашан астаспайды аспанмен! Ей, Айвазовскийдің теңізі!..
АЯМЕЙІЗ
Аямейіз — алты күн, алағаншыққа айналды. Қыстың тулақ — тамтығын қанжығасына байланды. Құс қанаты сызылып, қысастық қылды кісәпір, бет-моншағы үзіліп, болады-ау ертең мүсәпір. Теріс таққан тебінгі, бұлқан да талқан бораны... көңілдегі кеміңді толтыра алса жарады.
УЫҚ
Жан едім салмақты айналдым қырсыққа, сан рет бармақты шайнадым қыршып та, сонда да келмеді тағдырдың ермегі — айналғым ұршыққа. Морға еріп, тез көріп майысқан уықпын, қиямет кез келіп, қайысқан құлыппын, тартқан соң қысымды, талаймен түсімді шайысқан жігітпін. Келместен көңілдің қызуын іріккім, мен бүгін өмірдің қызығын ұмыттым, жарандар, айтыңдар, таңдайтын қайсың бар, түзуін уықтың?!.
ҚАР
Күнәсіз жерді таптап жүр күнаһар адам ой салар ма екен қылаудай мына қар оған, ақсүйек болсам дейді ол бұратанадан. сарайға барсам дейді ол сыраханадан. Аспанның астын аптап кеп жауады ақ қар, аққудың аппақ мамығы ауаны қаптар, мақамға мүлгіп, мұңды ойға шомады бақтар, арамза іс пен арам ой — аллауа-акпар. Үрметке киер үлдесін жамылды мекен, сұқтанып бейуаз пәктікке, сабырлық етем, қылшықсыз майдай ериді кіршіксіз әлем, — балалық шағын Құдай да сағынды ма екен?!!
АҚЫН ДЕГЕН БІР ҰЛТ БАР
Есенғали Раушановқа Азап шекті-ау Ақын деген бір ұлт-ай, Аттан салып, Ашайықшы құрылтай. Басында жүр бозторғайлар баз кешіп, Тұсында отыр темір тұяқ тұрымтай. Тайталасып Тағдыр деген тақсырмен, Тартысам деп Тарих деген тәпсірмен, Жүрсіңдер ме жазаланып жазықсыз, Бәрін жеңіп, Жеңіліп тек нәпсіңнен... Аттанғанды Ақын деген бұл елден Ажалменен арпалысқа жіберген. Құс қанатты Парнас таудың Пырағын Байлаған кім жер бетіне шідермен? Адамзаттың арман-сөзін жаздым дер, Ақын ұлты! Азаптан бір жазғын бел. Қайдасыңдар, Абайлар мен Хайямдар, Үн қатыңдар, Махамбет пен Мәжнүндер!
Ақын ұлты! Алу үшін дербестік, Тартыспасақ тағдыр бізге бермес түк. Қай патшадан, Қай тәңірден қорқамыз, Жаратқан соң данышпан һәм жарымес қып!..
БІЗ ӨТКЕНДЕ...
Біз өткенде жылама да жоқтама, «Ақын еді!» — десең, — жетер жоқ баға. Күнәмізді құдай өзі кешірер, Кешпей жатса ара түсіп, ақтама. Бөлеу артық үлде менен бүлдеге, Керегі жоқ көміп аза гүлге де. «Ақын еді!» — дей сал, айтсаң бірдеңе, Одан жылы сөз таппассың — үндеме. Кетері бар Келді деме несіне, Көк аспаннан көп іздеме тесіле. Жылама да, жоқтама да, ойлама... Өзіміз-ақ түсерміз біз есіңе. Зар емеспіз заңғар биік мүсінге, Жыр оқысақ жарар кейде түсіңде. Жылау, жоқтау, еске алу да, бәрі бар «Ақын еді!» — деген сөздің ішінде.
ЖАНАРТАУ
Не қажет қара басыма? түкірдім-дағы түңілдім! бір қарап шаранасына дүниеге келген жырымның, барамын дар ағашына, осыны бүгін ұғындым.
Мен дағы асық иіргенмін, бала болғанмын икемді, айналып тасы диірменнің ұнтады жүрек-жүйкемді, тағдырға басым иілген күн — ішімде қасқыр ит өлді.
Кеудеме қонар шау қарға, көзімді шұқыр отырып, от ойнап самарқау қанда
тұрармын сонда секіріп! — сенбеңдер жанартауларға сөндім дегені — өтірік!..
- *
Өлім деген іс болды үйреншікті: бүгін де бір жас қыршын үйден шықты, жыламсырап тірлік тұр жасты көзбен ішкен сәби секілді күйген сүтті.
Танымаққа талпынып өмір сырын, қадағанын сезбейсің өлім сұғын, қу жапырақ, әлде жас топырақ па, қонар жерін талғамас көңіл-шыбын. Қамаласың көз жұмып тас қапасқа, қашалады есімің қасқа тасқа, талақ етіп түбінде тастап кетер, ғашық болып өмірмен босқа отаспа. Жалғыз өзің жатасың лақатта, байыз тауып батасың рақатқа, терең қазып тепкілеп көмгендердің бәрі өзіңдей болады, кінә тақпа...
ШҮКІМАЙТ
Кімге кең едің, кімге тар едің, Өмір-ау, нені үйреттің? Жыр жазып бұрын түн қатар едім, Оны да бүгін сиреттім. Тіршілік деген, жыр емес екен, Түсіне кірер жыраудың, Тек беті ғана күлегеш екен, Өзегі — өксік, жылау, мұң... Диірменнің тасы жаншып өткенде, Бидайым, қанша төзесің? Жүрегің кейде шаншып кеткенде, Тірі екеніңді сезесің. Түсер ме енді алшы шамалы, Еліктен қалған шүкімайт. Жүрегің бар ғой шаншыса дағы, Шаншыса дағы шүкір айт...
ЖАНАЗА
Балалық өлді, білдің бе?.. Абай Әділдік өлді, көндің бе? өз қолыңмен көмдің бе? өлгенмен бірге өлмек боп, қабіріне төндің бе? Өлімнің өңі жасарды, шаш алу үшін бас алды, тағдырдың қолы шығайбай қалтасын қақсын қашанғы? Қайғының жүзі жылыды, күлкінің иті ұлыды, қыраудан туған өрнектей қиянаттың қылығы. Тас пен тас жатыр соғысып, тау мен тау отыр табысып, итжығыс — іштің толқыны бірімен бірі алысып. Қаталдық деген қарағай тізеге басты қарамай, ернін тістеп ұят тұр, тіс жаруға жарамай. Үміттің талы майысып, қайғымен қалды қауышып, жүректегі оның тамырын шалатын бірақ қай үсік?
ПӘТШАҒАР
Елеуішке су құямын — толмайды, көңіл түбі — шұрық тесік, сор қайғы, мен не болсам ол болайын, пәтшағар, жырым, сенің жасың ұзақ болғай-ды. Терезеңді тырсылдатса торғай кеп, мың күн сынбай, бір күн сынар сорлы әйнек, мен күл болсам күл болайын, пәтшағар, жырым, сенің жасың ұзақ болғай деп. Далада — қар, ақ парақтай ақ сонар, сайланып ап саятта жүр патшалар, алтайыдан дәмесі бар бәрінің, жасың ұзақ болғай сенің, пәтшағар...
БҰЗЫЛҒАН УАҚЫТ
Сүйіктіммен кездесуге кешіктім, өкпесін де, өзгесін де есіттім, «Сағат бұзық, бұзық сағат...» — дей бердім, тұтқасынан қолымды алмай есіктің. Жетіп келсем алқын-жұлқын жұмысқа, Бастық сөкті: «Кешіккенің дұрыс па?» «Сағат бұзық, бұзық сағат!...» — дей бердім, сағатыма ұрыссыншы деп ұрысса. Құрлықтар мен құрлықтардың арасын Жалғаған жол, Қайда заулап барасың? Жыланның да тілін тапқан заманда, Тек уақытпен таба алмадық жарасым... Уақытқа да бас иместей Шіренген, Кейпімде бір ғажап ғұмыр сүрер ме ем?! — Сағатыма қарамаймын, өйткені Жүрегімнің уақытымен жүрем мен.
ЖАРАТҚАН
О, жаратқан, сен ақынсың мен білсем, бар әлемді ұйқастырып бердің сен, шүкір Алла, таң келеді сібірлеп, қайтер едік мәңгі түнді төндірсең?!. Тіршілікті бар әлемге таратқан, ең ұлы ақын сен боларсың, жаратқан, жұлдыз толы жырларыңды жаттаймын Ғалам деген, Ғарыш деген парақтан. Бар әлемді үйлестірген бір өзің, күн кештірген, тілдестірген бір өзің, ұйқаспаса жақсылық пен жамандық ол да сенің ақынға тән мінезің! Өмір деген тұнып тұрған заңдылық, бәрі орнында: жер-көк, адам, мал-мүлік, ғашықтығың көрініп тұр, жаратқан, сүю деген шын ақынға тән ғұрып.
Баққа бұрған бар тірліктің күймесін, балталасаң бұзылмайтын үйлесім, өзің берген өмірге біз өкпе артпай, өзің құсап сүйсек етті сүйгесін...
АҚЫНДАР МЕН ӘКІМДЕР
Ақындар құмар бақшаға, әкімдер құмар ақшаға, біреуі жақын құдайға, біреуі жақын патшаға. Ақындар, ойхой, оңбайды, әкімге тиісіп сорлайды, басынан бірі айрылар, бірінде бас та болмайды! Ақындар асық ажалға, әкімдер ғашық ғазалға, екеуін мақшар теңгеріп, жатады қатар мазарда. Ақындар ішер жатып ап, әкімдер жүрер қатын ап, қайсысы мұның ақылды, қайсысы мұның ақымақ?
ЗІЛСАНДЫҚ
Бөлмемде бар бір сейф, Кілтін ешкім таба алмай, Көп кісілер жүр кейіп, Керек затын ала алмай. Әрбір адам — бір құлып, Кілті жатқан аспанда. Бір бірінен сыр бүгіп, Құпиясын ашқан ба? Әрбір адам — бір жұмбақ, Шыңырауда шешімі. Ашылмаған сыр — қымбат, Құлыптаулы есігі. Жан — құпия... Оны кім Аша алады, досым-ай, Кілт іздеумен өмірің Өте шығар осылай...
ҚАҚПА
Бас сұғып біреу жүрегімдегі қақпама, сыдырта қарап сақтана, ұқсамаған соң мақтаға, ұқсатар қара тақтаға. «Өлеңнен болып өлесі, өмірем қауып дәмесі, кетіпті суға кемесі, несі бар дейсің бересі?» — деп біреу долбар айтады, қарағандай боп қайтады, қаңырап қалған шахтаға. Мың жырлап мұңлық-зарлықты, шанағым, мүмкін, қарлықты? тағдырдан көріп тарлықты шабытым, бәлкім, шалдықты? ойымда орман орам бар, жанымда жартас жарам бар, тұңғиық түпсіз тобам бар, оны да келіп тонаңдар, қазынамды алып, қойныма көмгісі келген жарандар, ядролық қалдықты! Бұра алмай мойнын көлге бір, аққуым неге шөлде жүр? ергенек болып елге жыр пұшайман жеген пенде бұл.
Құдайдың көңілін қалдырмас, қурайдың мейірін қандырмас, құмайға қылау шалдырмас, былайға сырын алдырмас, Күн, Аймен ғана тағдырлас мен де бір — Қара Жер де бір! Есебіңді айыр енді, Өмір!..
ТАҒДЫР
Қандай қыстың боларын алаш қайдан біледі? қандай құстың қонарын ағаш қайдан біледі? Көзді ашып-жұмғанша, өте шығар жыл қанша, басыларсың бұрқылдап, мосыдағы құмғанша. Тіріге жоқ тыныштық, өмір бірақ тым ыстық, кеудең шерге толмайды жаратқан соң қуыс қып. Түс көресің, демалып, тістенесің оянып, бұлдырайды дүние, көз жасыңа боялып. Шимайланып қағазы, тірлік саған наразы, сенің кінәң емес қой қисық болса таразы.
НАЗЫМҒА
Жаным менің, қозым менің, Назымым, жолсыз түнде жанған темірқазығым, жас басымнан жын жетелеп, жыр қудым, жұрт алдында жоқ та шығар жазығым, жан әкеңнің жанын ұқшы жабыққан, жөн көрмейтін жазмыштың жазуын. Өңімде әркім өзегімді пышақтап, түсімде жүр аруақтар құшақтап, жүрегім бар жартас сынды жай түскен, жаншылсам да кеткенім жоқ ұсақтап, мұңсыз, мылқау, меңіреу бір мергендер көңілімнің көлінен кеп құс атпақ... Қызым менің, ізім менің, Назымым, қарлығашым, талдырмашым, нәзігім, қол сұқпайын құзырына құдайдың өзі білер — күнәһар кім, қазы кім? Өмір — бір күй: өзегі — өрт,
сазы — мұң, әкең — мәңгі мәңгірген бір мәжнүн... қаға алмастан қатал тағдыр азуын, қажыдым мен, қажыдым мен, қажыдым... Қайда, қызым, жан сергітер әзілің?!!
ЖАЛҒЫЗДЫҚ
Жалғыздық, маған сен аштың, құдайға барар қақпаны, өзіңмен ғана санастым, ес біліп, етек жапқалы. Жалғыздық, сенің барыңда, жалғыздығымды сезбедім, қалмағанда ешкім жанымда, сен ғана менен безбедің. Ел-жұртпыз деген адамдар, жалғызсырап жүр бәрі де, шаншыса жүрек не амал бар, жарайтын сенсің дәріге. Құшағыңа кеп құладым қашқанда жауыз жалғаннан, құтқар деп сенен сұрадым, мақтамен бауыздалғаннан. Төбемнен міне тау құлап, тас түнек басты әлемді, қарақат көзің жаудырап, Жалғыздық, жалғыз қал енді!..
ПАТША КӨҢІЛ. АМНИСТИЯ
Кешірем бәрін, иттікке етім үйренген, найзағайлар мен найза біткенге түйрелгем, бас білмес аттың құйрығына да сүйрелгем, бәрібір менің қабырғам аман күйреуден. Кешірем сені, екі айыр екіжүзділік — жыланның тілі: жауыздық пенен ізгілік, бауырыма басып жылытам дағы жібітем жүрек біткенді жіберсе дағы мұз қылып. Кешірем тіпті, айырылған жанды есінен, айныған Күнді, айрылған Жерді осінен, аяйтын болса ақымақ болған пендесін тәпсірі күшті тәңірдің өзін кешірем. Кешірем бүгін, мазмұнның өзін шешінген, кешірем өртті, топан суды да есірген. Сені де кешем, жолынан тайған періште, бәрін де кешем, өзімді ғана кешірмен!
9-МАМЫР
Көше бойлап, көктеммен тыныстаған, зағип кемпір келеді гүл ұстаған, көзіндегі қап-қара әйнегіне шағылысып қояды күміс ғалам. Жол үстінде сүйіскен тоқтай қалып, екі жасқа соқтықпай, өтті айналып, сапер сынды келеді алдын барлап, таяқ етіп ұп-ұзын оқтауды алып. Періштелер ұшатын қараңғыға, жан-тәнімен көндіккен адам мына, қызғанышпен тіпті де қарамайды, көрсеқызар келетін жанарлыға. Өмір сүріп келеді ол көкірекпен, өкіл болып көрген жоқ өкіметтен, соғыстарға бергісіз сьездерде бар халықты жағалай соқыр еткен. Жарық жалған бермесін төрін, мейлі, жаны жасып, тірліктен жерінбейді, көңілінде соқырдың жанған сәуле, көзі барға ешқашан көрінбейді.
— Көрсоқыр! — деп біреуді қажап, сөгіп, көзге шұқып жатады-ау, мазақ көріп, адам түгіл тағдырдың өзі дағы басырлықтан жүргенде азап шегіп...
ШАРАЙНА
Шытынап сынған айнаға қарап, шыт-шыты шыққан өзімді көрдім, мен емес, өзге қаймана қазақ қарап тұрғандай сезілді кей күн; сындырған жанды төзімді дер кім, шыт-шыты шыққан өзімді көрдім, жүрегім — парша, санамда — сызат, бұл күйде қайтіп көзімді ілермін? Жарыма жаңа айна әкелдім де, абайлауға енді сөзімді бердім. Жаңа айна үйге ала келгенмен, быт-шыт боп, бірақ қала бергем мен: өзім де сынық, сөзім де сынық, шатынап кеткен көзім де сынық, жарықшақ, жаркеш, жарадар, жадау, әзіл де сынық, сезім де сынық. Қайғы мен шерге шыдайтын байғұс, күлпарша болып құлайтындай-мыс... Анадан енді қайта тумасам қайтадан мені құрайтын қай күш?..
ҚЫСҚА ЖІП
Мен сендерге бола алмадым сүйеніш, сорым — ұзақ, қолым — қысқа, күйеді іш... құдды мендей ұялатын тәрізді, құмға басын тығып тұрған түйеқұс. Тоқта тұрған жүрегім бар тыз еткіш, табаным бар, қабағым бар сыз өткіш, достарым бар дымым шықса түзеткіш, аспаным бар адымымды күзеткіш. Дөңайбат қып, дүрдигенмен құр кеуде, қысқа жібім келмей қойды-ау күрмеуге. Болар да еді бәрін қайта бастауға, бұл өмірді болар да еді сүрмеуге...
БІЗ ТУРАЛЫ ӨСЕКТЕР
«Ақын деген шетінен жүргіш халық, қос қатынды тастайды бір қыста алып. Берекесіз тұрмысы, тірлігі де, қаңғып жүрер штаттан кіл қысқарып. Қалтасында қашанда көк тиын жоқ, өзгелердің күнелтер тек миын жеп. Ақындардың бәрі де ақымақ қой, көбелектей күйетін отқа үйір боп. Осы ақынның бәрі де арамтамақ, ел адақтап жүгірер жалаң қабат, ішіп алса ісінер көкті тіреп», — дейді біреу біздерге жаман қарап. «Қарсы шығып қоғамға қай-қашан да, дұшпан іздеп жүреді тайласарға. отқа тартсаң шетінен боққа қашып, отырмайды бір жерде байласаң да.
Елдің ішін бүлдіріп ала тайдай, абиырдан айрылар алақандай. Ақындарға, айтшы осы, не жетпейді, сорлап жүріп кітабын тарата алмай? Килігеді сөзге де, басқаға да, әумесер ғой ұқсаған жас балаға., қасапқа кеп қырылар қойдай болып топырлайды барлығы астанаға...», — дейді біреу біздерден қауіптенген, оташыдай ішіңді жарып көрген, ал дәл соның жоғалтқан ар-намысын Ақын емей кім екен тауып берген?!.
АЛШАҒЫР
Қырыққа келдім!.. ырыққа көнгем жоқ, бірақ!.. толқыным жатыр жартастарымды соққылап. Шетсіз де шексіз, астан да кестең көк дүлей жаға барына көзі енді жетті көп құлап. Қырыққа келдім!.. «Құрыққа ендім демеспін», өткендерменен, кеткендерменен теңестім. Қызыл да жасыл құлпырған бояу — көбі өшкін, жоғалды көбі жайнаған ерке елестің. Қырыққа келдім. Тұлыпқа енді мөңіреп, тұлан тұтардай тұмандар ма екен төңірек? Шоқ шайнап сүйген, от бүркіп күйген бұл ауыз мұз жесе де енді үрлейтін шығар көбірек?
Қырыққа толдым... ғұрыпқа қондым қоңсы боп, ғұмырмен бүгін арада жүрген елші көп. Құрдымы тылсым, тұңғиық, түпсіз Дүние жұмбағын жаңа ашқандай маған «көрші» деп. Қырықтан астым! құрықтан қаштым сонша жыл, олай да шапты, былай да шапты Алшағыр. Алшағыр атқа тимесе дағы қамшы ауыр, жыртық жүрекке кірпіктен аққан тамшы ауыр!..
ЖЕНДЕТ
Ажал төкті аузынан суық темір... астар болды аспанға сұлық көңіл. Пушкин ақын пейішке барды ма екен? Дантес... ұзақ, бақытты сүріпті өмір!.. Қаһарына құдайдың ұшырамай, қалады аман қан төккен кісі қалай? қай тәңірге сүйеніп мың жасайсың, өлексемен күнелткен күшіген-ай? Өзінде жоқ шындықты көктен іздеп, таба ма адам? келген із, кеткен із көп... өз жендетін кешірген Абайдайын біздің-дағы ешкімге өкпеміз жоқ!..
БАЛА ДОСТАР
Сілкіндіргесін Семейдің жасыны жерді, Құпия, жұмбақ өлімдер ғасыры келді. Ауылда менің бірге өскен достарым аз, Алтауы бірдей асылып өлді. Оларсыз ауыл маған да бола ма мекен? Ойран боп ойым, құлазып қалаға кетем. Ізіміз қалған Жасаң мен Шидіарық жақты Қиялмен жалаңаяқ бір аралап өтем. Астархан қайда белсенер төбелес десе, Иегі қышып тұратын ерегеспесе? Жайырбек, Көке, Бақан мен Исатай да жоқ... Терең су көрсе сүңгитін келе бәстесе. Бұзықтығымыз кететін ұлғайып кей күн, Баудан бау қоймай жемісін ыңғай үптейтін — Батыкен қайда: «Балалар, пісіп қалыпты, Біздің бақшаның қарбызын ұрлайық!» дейтін.
Достарым қайда? Кеудемнен бұрқылдап бір ән, Қиырда жүріп ауылдан сыр тыңдап тұрам. Сахалин жақтан хат жазып сұрапты Зәки: «Түрмеге түскені рас па, жылқы ұрлап Құман?» Жылдар да заулап өтті ғой небір нөпірлеп, Зіл салмағынан қайыстым темір көпір боп. Айқай салғым да келеді: «Достардың орны Түрмеде де емес Жүректің төрінде тұр!» деп.
БӘЙТЕРЕК
Жұматай Жақыпбаевқа Бұлықсыған бәйтерек-ау, бәйтерек, жапырағымызды жел жалмаса қайтер ек? Өңі сыздап бірауық, бара жатыр күн ауып, өз көзімді қайтейін, бұлт та бүгін жылауық, айтар кім бар «күйрек болма, байқа» деп? Биікпіз деп аспаннан, асқақпыз деп асқаннан не шықты екен, қарашы — жанар мынау жас толған... Анталаған ашкөз күннен не қалды, қант сеуіп қайғы берсе бас салған?.. Өмір барда — қабір бар... Тәңір барда — сабыр бар. Бәйтерек-ау, тіршілікке арна ашып, тамырыңмен жатса деймін жалғасып, менің мынау өн-бойымды қуалаған тамырлар.
Талай әлі жел есер, сырлас болар, кеңесер, жаз өткенде махаббаты суынып, апшымызды қуырып, жылап-сықтап, төгіп зар, жапырағымызды жел ұрлар. Өзің құсап асқақтай, тәуекелден бас тартпай, қас тапса да дос таппай өткен дейді небір нар!..
ЕКІ МЕРЗІМ
Екі мерзім — туғаның мен өлгенің... екі дүние — көргенің мен көрмегің. өмірге өзің тырнап ашқан көзіңді жабатұғын шақ келеді әлдекім. Ғұмыр озар көзіңді ашып-жұмғанша, қас-қағымда ғайып болар жыл қанша. Екі дата — екі бөлек ғасырлар, арасында бір сызықша тұрғанша. Екі мерзім — бірі алтынға бергісіз, екіншісі... екіншісі — белгісіз... Бар ғұмырың, бар болмысың бір ғана сызықшаға сиятыны сенгісіз! Сол сызықша — шлагбаум жол жапқан, ешбір адам қайта келмес ол жақтан, оралмаса оралмасын басқалар, мен оралам оралғандай солдаттан... Мен оралам, есімімді бөтен ел,
қараменен қоршап қойып мәпелер... Сол қоршауды бұзып шығам түбі мен жау қоршауын бұзғанындай әкелер... ҮСТЕЛ Жазушылар Одағында бір айна бар, Алдында қыздар келіп шыр айналар... Сырбай Бір үстел бар Жазушылар Одағында, қойылмайды қағазың, қаламың да, жайылмайды дастарқан, тағамың да, отырмайды қалаулы қонағың да. Ерте солған бәйшешек ерте көктеп, өзегіңді қашан да өртеп өтпек, сол үстелге сұлайды шалқасынан қаламдоздар еліне еркелеп кеп, гүлге оранып жатады шалқасынан, Алатаудың аумай бір жартасынан, оқырманмен қоштасар орыны сол қаламдастың кеткенде ортасынан.
Бұ жалғанды жалғаған болашаққа, сол бір үстел ұқсайды ағаш атқа, қорамсақтан шыққандай әрбір ақын аттанады ақырет-ғарасатқа. Өмір деген сынаптай сырғанайды, екі шоқып тағдырың бір қарайды, қимасың мен сыйласың кетіп жатыр сол үстелдің үсті бір құрғамайды. Келер емес күндерім оралымға, сол үстел тұр тоғыз жол торабында. Бұлтарсаң да қай жаққа бір барасың сол жозыға Жазушылар Одағында...
ҚАНДЫКӨЙЛЕК
Имашқа Сезімтал, Сергек, Сері, Серке жігіт, Сең бұздың сере мұзға ерте кіріп, Жауға атқан Махамбеттің жебесісің, Жорықта домбырасын шерте жүріп! Мөп-мөлдір көңіліңнің тұнықтығын, Бұл әлем болмады ма ұғып бүгін? Сездірмес сенің ыстық жүрегің бар Тағдырдың тоң мінезді суықтығын. Қырық жас бізден кейін қалды ғой деп, Қамықпа, Қайран досым — қандыкөйлек. Қызығы тарқамайтын бұл дәуренді Ойлайық бастан өтпес мәңгі ғой деп!
АНАМА. БІРІНШІ ЖЫР
Ана деген атыңды, ардақтауға жарап біз, қарлығаштай хатыңды бойтұмарға балаппыз. Сүттей аппақ пейілің, ала жіптен аттатпай, бойға сіңіп мейірім, көрмей өстік шетқақпай. Шартарапқа шарқ ұрып, ұшқан балапандарың, әрбір тұстан алқынып, аңсап жетсін ардағын. Алпыс деген көп жас па, бата тілеп, қол жайып, шалайық та бозқасқа, ел-жұрт болып тойлайық. Ұрпағыңның жүрегі жүрегіңе тіл қатсын, немерелер тілегі, көздің жасын құрғатсын!
АНАМА. ЕКІНШІ ЖЫР
Тағдырдан жапа шеккенде, мұң шағып саған келмедім, салым бір суға кеткенде мейіріміңе шөлдедім. Бағаңды жүрмін сезініп, Күн-Анам менің, Ай-Анам, өзіңді ойлап көз іліп, өзіңді көріп оянам. Тағы да міне күз келді, отырсың ба, Анам, күрсініп, алыстатты ғой біздерді, күйбеңі бітпес тіршілік. Құс болып ұшып келмедім, шыға алмай қапас қаладан, шөлдедім қатты, шөлдедім, мейіріміңе, жан Анам. Сағындым, төзім таусылды, бұлаңдап өскен балаң ем, «Құлыным» деген даусыңды, қайталаса екен бар әлем.
ӘКЕММЕН СОҢҒЫ КЕЗДЕСУ
Өмір өтті зымырап, Қоштасуға шақырдың, Бұл кездесу — түрі жат, Әлсіз дауыс, ақырғы үн... Кірпікті әнтек көтердің, Көзің қайда өміршең? «Міне, балам, әкеңнің Шаруасы бітті...» — дедің сен. Жасқа толы қарашық... Қорқып болған батырсың, Ашылмайды парашют... Құлап келе жатырсың. Дәрмені жоқ ұлың — зар, Асқар тауым, кеше гөр. Сенбес едім бұрындар: «Тау өледі» десе егер.
ӘКЕ
«Жақсы өлім» деп жатыр ел, Өлім жақсы бола ма? Алтын төлеп, ақы бер, Кім жүгірер молаға? Әке, сені ойласам, Жас толады көзіме. Өкінемін қай-қашан, Ет-жүрегім езіле. Еске түсе бересің, Қадіріңді сездіріп, Көз алдымда — елесің, Кеткендейсің көз қылып. Қыстығам да, булығып, Құс төсекке құлаймын. Жастығымды су қылып, Жалғыз жатып жылаймын. «Арманы жоқ» десіп ел, Ардақ тұтып жатса да, Көңіл қалай көсілер, Арманда өтер патша да. Жетім қалып бір жаста, Жалғыздықты көп көрдің, Жетерліктей бір басқа Жаһаннамды өткердің. Қаршадайдан қан кештің, От пен суды ес қылып, Көрмедің-ау, жанкештім, Бұл жалғаннан еш қызық.
Көп керек пе қазаққа, Оң болса деп сұраймын, Тым болмаса о жақта Көзі саған Құдайдың!..
ШЫМЫЛДЫҚ
СЕНІ ҒАНА СҮЙЕМІН
Сені ғана сүйемін, бір өзіңді, қылығыңды сүйемін, мінезіңді, сағыныштың сан батпан салмағынан, жүз шаншылып жүрегім, мың езілді. Есіміңді еске алып күбірлесем, таңғы түстей тәтті бір ғұмыр кешем, сезінбес те ем тамшының тереңдігін сезіміңе мен сенің үңілмесем. Қиылып бір қарасаң үндеместен, сұм дүние шығады мүлдем естен, тақта отырған тәкаппар тағдырымды қияр едім жолыңа дым деместен. Алыстасаң — аңсаймын, аласұрам, тағат тасып, шығады сабасынан, жүрегімді тек сенің сөзің ғана жазар еді сыздаған жарасынан.
Сені ғана сүйемін! Бірақ, жаным, сүйіктің боп мәңгі өмір сүре алмадым, қараңғыда тауып ап тұтатарсың, түнде сөнген жүректің шырағданын...
МӘЖНҮН
«Ғашық боп қалма, Ақын» деп, Айтқандар маған ақыл көп, Ауысар еді есінен Көрсе егср сені жақын кеп. Оларға сонда таң ба әлі, Жанымның күйіп-жанғаны? Өзіңнен өзге жұлдызға Аспанымда орын қалмады. Жылатып тұрып, күлгіздің, Шалықпен өмір сүргіздің. Бәрінің атын ұмыттым Өзіңнен өзге жұлдыздың. «Махаббат деген — соқпа дерт, Айтпашы, есің жоқ па» деп. Мәңгірген мендей Мәжнүнге Тек өзің ашар сот керек! Ай кезбе десең көктегі Аспанға жерлеп кет мені. Ақындар ғашық болмаса — Ақырзаманның жеткені. Жо-жо-жоқ! Маған жолама, Ақынға жолап бола ма? Есі бар жұлдыз Ессіздің Қолына келіп қона ма?
КӘУСАР
Мен өзіңді мың жыл бойы сағындым, Мың жыл бойы жұтып келді жаным мұң. Құс жолынан жарқ еткесін жанарың Жұлдыздардың арасында сабылдым. Сағынысып, Алып-ұшып кездестік. Іңкәр сезім толқындарын тез кештік. Суынар ма бауыр басқан жүректер Бір-бірінен ыстық-ыстық сөзді естіп. Сыңар аққу іздеп тапты егізін, Сенсің менің еркелеген теңізім. Жағадағы жартас тектес жанымды Жібітеді сенің ғана лебізің. Сенсің менің шөлім қанбас кәусарым, Көрген сайын, сүйген сайын аңсадым. Неткен сиқыр менің қара шашымды Салалап бір сипап өткен саусағың!
Алып-ұшып, өліп-өшіп, ғажап тым, Көрген түстей өте шықты-ау аз-ақ күн... Махаббатты күйіп-жанып жырлаған Соңғы ақыны мен шығармын қазақтың.
Жаралғандай жұпар иісті жалбыздан, Сен ерексің әлемдегі бар қыздан. Қас қаққанша өте шығар өмірде Жарқ еткен бір сәуле сынды жалғыз жан.
Бақытыңды жасыр мейлі, жасырма, Қалай іңкәр болмассың сен асылға? Маған душар еткені үшін өзіңді Ризамын жиырмасыншы ғасырға!
- *
Ақынды түсінерсіңдер, Гүл теру үшін Айға ұшса... Қияли кісі дерсіңдер, Қалықтап жүрген байқұсқа.
Тұрса да ол заманақырда, Жұлдызбен жаны тілдесер, Болғанша бодан ақылға, Ақын боп азат күн кешер.
Қарсы сап желдің өтіне Құтыртып жүрген қандай күш? Қонар ма жердің бетіне Қанаты сынбай ондай құс?!
- *
Сырымды кімге ашпадым? — Тыңдады тамшы, шық бәрі. Бірі де сенен басқаның Жанымды бірақ ұқпады.
Махаббат миын жаулаған Жан екем аңқау, ақымақ. Жалынның сырын лаулаған Түсінсін қайдан жапырақ?
Осылай жұмбақ күн кешіп, Өмірге жүр ем өкпелеп. Өзіңмен бүгін тілдесіп, Жүздесіп қалдық Шоқ пен от.
Деміміз біздің жиі ысып, Сәулелі сырлар шерткенбіз. Жалын мен алау сүйісіп Айналып кеттік өртке біз.
БІЗДЕР ДЕ ҒАШЫҚ БОЛҒАНБЫЗ
Сызданба, тағдыр сызданба, Бұйырған бақты қызғанба. Еліктей ерке қыздарға Біздер де ғашық болғанбыз!
Лапылдап жүрек ұмтылып. Көңілге мөлдір мұң тұнып, Іңкәр боп ыстық ынтығып, Біздер де ғашық болғанбыз.
Елітіп әсем еркелік, Шырындай тәтті шер төгіп, Өле де жаздап өртеніп, Біздер де ғашық болғанбыз.
От сезім бойды мас қылып, Кей уақта басты тасқа ұрып, Бейуақта көзге жас тұнып, Біздер де ғашық болғанбыз.
Бір ауыз сөзден суынған, Бір ауыз сөзден жылынған Күйіп те жанып шыбын жан Біздер де ғашық болғанбыз.
Аспанда маздап, лайым, Алмасып жатса күн, айым, Бұйыртар болса құдайым, Әлі де ғашық болармыз!..
- *
Көкте жұлдыз жымыңдасып, көзін ашса, жас ақын сүйгенімен сыбырласып, сезім сырын ашатын. Кеуде тосып түнгі ызғарға жүрек кенін қазатын, қарай-қарай жұлдыздарға ғазалдарын жазатын. Малынса да сақал аққа, түсінбеймін ал, бүгін: жұлдыздардың махаббатқа не қатысы барлығын?..
ЖАУҚАЗЫН
Мен сені ұмытқым келді! Өзіңмен кешкен тұнық күндерді, аспаны шайдай тымық түндерді, ұмытқым келді, ұмытқым келді. Тағдырым маған сынық гүл берді, қабағы қатып, қырық түрленді, жанымды менің ұғып, кім көрді? Бәрін де бәрін ұмытқым келді, ұмытқым келді! Жаурады сенім, үміт, арманым, сезімнің нәзік гүлі тоңғанын сезіне тұрып жылыта алмадым, қадалған маған жауқазын жанар, өзіңді, бірақ ұмыта алмадым, ұмыта алмадым... Қылтиған қардан жауқазын ғұмыр қытымыр қыстан тірі қалғанын, қауызына оның қыраулы шықтай қаңтардың демі — уы тамғанын, сен үшін енді тірліктің мынау соқыр тиындай құны қалғанын, сезініп тұрып ұмытам қалай,
ұмыта алмадым... ұмыта алмадым...
ӨРТ
Өршіген өртті сөндірем деген, қарлығаш құстың ниетін, көңілде көлім мөлдіреуменен, жан едім жастан сүйетін.
Көрдім де сені, қарындас, түстім, өршіген өшпес бір отқа, ешбірі маған қарлығаш құстың сеппеді су кеп, бірақ та.
Беретін емес көкірегім бой, өртендім, жандым, өзгердім, сен жоқта, жаным, соқыр едім ғой, бекер-ақ маған көз бердің.
- *
3аңғар, заңғар Зайсанның тауларына, жауды ма екен бұл жауын, жаумады ма, қызғалдағы қыр қуып қаулады ма, қыза шығып самалдың саумалына?
Қыз біткенге қызғалдақ үлестіріп, Жеменейдің жатқанда үні естіліп, зеңгір-зеңгір Зайсанның шыңдарына кетсем бе екен мен сені ілестіріп?
Кербез таудың керіліп ақ маралы, көкейімде өзіңдей сақталады, көп бояуға көзіңді тұндырар ең айыра алмай жүргенде ақ-қараны.
Ұлар құстың ұясын көріп келіп, бұлақтардың бұрымын өріп беріп, тастан тасқа еркелеп секірер ең елеңдеген елікке серік болып.
Жауған қарды көргенде тәңір шыңға, пайғамбардай қарарсың самырсынға, такаппарлық төнгенде тұс-тұсыңнан өр мінезді мендегі танырсың да,
шатқалдағы мөп-мөлдір шар айнадан, өз жүзіңді көргенде арайлаған, бүлдіргенге боялған ерініңді тосқаныңды білмессің қалай маған!
- *
Алтыннан аттап жолдағы, болғанмын талай періште, бір кісі құсап мен дағы, пенделік қылсам теріс пе?
Күнәмді жіпке тізгенде, таспихтың тасы жетер ме? Буыршын бұйда үзген бе, бекерден тіпті бекерге? Жанымды кейде жейді шын, дуылдап өткен думан кез, бұлтарта қояр деймісің, аспаннан қарап тұрған көз. Шыбын жан ұшып бодауға, қаққанда көктің қақпасын, күнәмді менің санауға құдайым уақыт таппасын!
ЖАРЛЫ ТІЛ
Как беден наш язык! А.Фет Көркіңді сенің ашуға тілім жетпейді, Өртіңді сенің басуға білім жетпейді. Қоңырауыңды қағуға қолым бармайды, Омырауыңды ойнатып дірілдет, мейлі. Қиылып маған қарадың бүйірдегі оттай, Бұйығып барам, қарағым, сүюге батпай. Тайқарға мінген құрдасым үйінде жатпай, «Байталда нең бар, деп жүрер, үйірдегі аттай». Ақ мәрмар қыздың балтыры қарды күреді, Алдаспан көздің жарқылы жанды тіледі. Көзел қыз көзін сүзгенде қырқылып қалар Біздің тіл өзі не қылған жарлы тіл еді!?.
САРҚЫРАМА
Сарқырап аққан сарқырамадай бұл сезім, қалмақшы тіпті сарқыла қалай, білші өзің? Арқырап келіп аққанда, арандай терең шатқалға, қаныңа қаным құйылды деп біл, тәніңе тәнім бұйырды деп біл, көбігін шашып көкірегің шулап жатқанда.
Астаң да кестең ақтүтек судың бораны, азан да қазан арнаңа сенің соғады, аймалай соны қарсы алып, ақберен денең ән салып, ләззаттан қаның құтырған сайын, қайғыдан жаның құтылған сайын, құмарың қанбай жұтынған сайын мен сені, сәулем, сүйе түсемін соншалық.
- *
Сен мені іңкәр еттің, ақ қанат гәккуімдей, мендегі сұңқар екпін, тынар ма аққу ілмей?
Күй толы ішектердей көгілдір көкжиектен, сусылдап құс өткендей, тұсыңнан мен жиі өткем.
Көліңнің толқындарын, көк дауыл шайқағанда, сен мені, бәлкім, жаным, боларсың байқаған да.
Уілдеп үпілмәлік, әніңе ән қосқанда, жүрегің лүпіл қағып, самғарсың сен де аспанға.
Алқынып қусам — қашып, келе алмай жарасымға, жүрер ек душарласып, ақ бұлттың арасында.
Мен шырқар зеңгірлерге бір шықсаң — қайтпас едің, төркінің — мөлдір көлге сәлем де айтпас едің!
- *
Айлы түнде ұрылар мен қарылар, Аттай алмай бір-біріне зарығар. Неткен жарық, Неткен нұрлы мына түн, Тек ғашықтар серуендеуге шығатын.
Сен келесің самаланы қақ жарып, үнің неткен жап-жарық! әрбір сөзің күңгірт тартқан кеудеме жатқандайын шам жағып.
Мына түн де сен секілді бейкүнә, Ай үңілер ажарына ой тұна. Ғашықтарға қызыға да қызғана қарау деген тән мінез ғой жалқыға.
Құшақтардың құйынынан буын мас, сол бір сезім мәңгілікке суынбас, Ерімей ме деп қорқамын бірақ та, кірпігіңнен сыңғыр еткен түйір жас.
- *
Жырақта ирек салып от қамшылар, сызады түннің бетін ақ тамшылар, біз ертең кездесетін жұпар гүлзар жауыннан малмандай боп жатқан шығар?
«Сүйем» деп ернің айтып тұрса дағы, көңілді соқыр тұман тұмшалады, сезімге сана би боп алғаннан соң, жүрегім сағат құсап құр соғады. Неліктен билік берді Басқа — Жүрек? Ақылдың жүре берсе шашбауы боп — ақын да асыранды аққу да бір, сағынса самғап алар аспаны жоқ...
ДӘЛІЗ ЖУҒАН КЕЛІНШЕК
Сен жуып кеткен Баспалдақ, жылап жатыр жанарынан жас парлап, бәлкім, сенің саусағыңды сағынды, мен табаныммен басқанда-ақ.
Анау жоғары шыққан сал бөксе, мынау төмен түскен нәлді өкше —
келмеске кеткен: оның құм кезін, сенің қыз кезіңді, мүмкін, салды еске?.
Мен тұрмын әлі үйге енбей, телегейге көзім үйренбей: құмның алқымын, қыздың балтырын шөпілдетіп толқын сүйгендей!..
- *
Шыбынымды шырқыратып сен кеттің, шылымымды бұрқыратып мен қалдым, шәрбатыңа шөлдеттің, шөлдетердей неңді алдым?
Қоңырауың тыншымды алып барасың, омырауым шым-шым етті оқ теспей, көз қиығын саласың, өз күйігім жетпестей.
Қара көзді төңкердің де наздандың, бала кезгі үркектігің аз мүлде, өртенуге аз қалдым, өртейтіндей жаздым не?
ЕМДЕШІ МЕНІ, ЕРКЕ ҚЫЗ
Жүрегім менің қырық жамау... Абай Адамдар тайған серттерден өзекті буып өрт төнген, кекті сөз, оқты көздерден жүрегім дал-дал, дерттенген; толқыны тулап, басылды, өрекпіп баққан өр теңіз, сүйеген менің басымды. сездің бе соны, ерке қыз, дауылдың көріп әлегін, долданып барып ойландым, ақша бұлт тектес жан едім, қап-қара бұлтқа айналдым. Менің де жаным жамаулы, келдің бе соны емдеуге, соғары бар деп санаулы келдің бе әлде жерлеуге? Емдеуге келсең — еңкейем, өзектен өшір у дағын. жартыкеш жан ем, селкеу ем, жегі сезімді қу, жаным. Еркімді менің кел, биле, көрбілте көңіл қунасын, ақсамал болып әлдиле, қарайған қаным туласын.
Емдеші нұр боп таралып, Шуақсыз жүрек шаршайды, Қабағы қату қара бұлт, Ақша бұлт шағын аңсайды.
БЕЙСЕНГҮЛГЕ
Өзіңсіз өмір мәнсіз екенін, Өзіңсіз жүрек жансыз екенін Түсіндім. Түсіндім, жаным, әлсіз екенмін Өзіңсіз. Бәдәуиіндей Мысырдың Безіп жүргенде, Кезіп жүргенде әлемді, Сүзіп жүргенде бар елді Іздеген бақыт құсымның, Өзің екенін түсіндім.
- *
Бүршіктері буазып тұр бәйтерек, бұлт — елгезек, бұтақ біткен — қаукелек, шүкір, шүкір, көктем шығып келеді, осы көктем келмей қойса қайтер ек?
Махаббаттың балдай тәтті ерінін, көксеп жүрген көні кепкен пері кім? құштарлықтың оттай ыстық құшағын, бір көргеннен сары майдай ерідің.
Махаббаттың батпан жүгін артарсың... улы балын қас-қағымда сарқарсың, содан кейін сағыныштың зардабын, ғұмыр бойы, бақи бойы тартарсың... Махаббаттан мән іздеген Мәжүнін, Ешкім сені түсінбейді — жазығың. Жастық дәурен арғымақ ат болғанмен, Қайта айналып таба бермес қазығын... ҚЫРҒЫЗДАР немесе ЖОМАРТ БӨКЕНБАЕВ ТОЙЫНДА Бәйге бітті. Арамтер боп шаршаған бір бозбасты сөзге жығып барша адам, «Байкем тойы жақты ма?» деп аңқылдап, алма-кезек қағып мені арқадан, боз үйлердің белдеуіне ат байлап, боза сілтеп, нарын жеуге тарқаған.
Жал-құйрығын желбіретіп күз желі, Жортып өтті сәйгүліктер тізбегі, «Қазағыма мінгізейін бір ат» — деп, Марқабай дос ең жүйрігін іздеді, менің көзім аққу мойын атта емес, атқа мінген аққу мойын қызда еді...
Жомарт халық көрмедім мен қырғыздай, мәпелейді-ау мойыныңды бұрғызбай. Ат мінгізіп, қалпақ тартып жатса да, мақсым сілтеп отырмын мен дым қызбай. Түн түнегін тіліп түскен жұлдыздай, өзегімді өртеп кеткен қу қызды-ай!
Бозадан соң бал-бұл жанып, нұрланып, тек қазақша ырдайды екен бұл халық, қонақкәде қайтарар ем қырғызша тіл байланған, отырғам жоқ бұлданып: «Айылдың арғы жағынан...» аттан түсіп жолығар ма ем ұрланып!..
- *
Сол бір әнді сен маған жырламашы, Жатыр онда махаббат мұң-наласы. Сыздамалы сезімдер қайта оралса Айқаспайды кірпігім түн баласы. Сол бір әнді сен маған жырламашы, Жатыр онда жастықтың жылнамасы. Сөніп қалған жанартау қайта оянар, Қайта ашылар жүректің бір жарасы. Жырламашы сен маған сол бір әнді, Өзге әуенге бұрашы домбыраңды. Өткен дәурен — ұшпа бұлт, келді, кетті, Өткен дәурен — қызған шоқ, сөнді, қалды. Жырламашы сен маған сол бір әнді, Ерітпеші санамнан тоң, қырауды. Есіме алғым келмейді ескі мұңды, Есуас боп кетсем де енді мәңгі!..
ҚЫЗ ҚУУ
Махаббат, сен асықпа, сәл аялда, барар жерің қашық па? Үзілген гүл ғұмырындай мұрсат бер, өліп-өшкен ғашыққа.
Сағынышымды сарғайған ақтарайын, қыл суырып сар майдан. Ақырзаман өтіп кетті мен үшін, қарсы алдымда қан майдан...
Тағдырменен ерегес — қан майданнан кем емес, күйіп-жанып күлге айналған көңілім, тұтанды екен неге кеш?
Аламанға тап келіп, атым болды ақ көбік... анау қыздың қанжығасына байлашы сен, махаббат, менің мынау жүрегімді қақ бөліп!..
- *
Жадыраған жаз жөнеліп, күз келді, Жапырақты жел жұлып жүр мұз демді. Жастық шақты қоямыз ба іздеуді, Жақсы күндер оралар ма бізге енді?
Енді бізді шақырар ма бақшалар, Тулай ма енді жүрек дейтін пәтшағар? Сүйемін деп сыбырлар ма жапырақ, Күйемін деп күбірлер ме ақ самал? Алыстады қызыл-жасыл көш-керуен, Қалыспады хош деуменен жас дәурен, Тәттіге бір тоймай қалған баладай Әлі, бірақ махаббатқа аш кеудем. Ғайып болды жүректегі нұрлы жыр, Ғайып болды шұғылалы, гүлді қыр. Дүниеге қос қайтара келмесе Ғашық жанға жетпейді екен бір ғұмыр. Күстаналап, кінәламан ешкімді, көнбіс жүрек өз кінәсін кеш білді. көз алдыңа келтіргенмен жер-көкті, көңіл сырын көрсете алмас еш дүрбі. Балалықта татып қалған балдай дәм, бұл-бұл ұшып ғайып болды таңдайдан. құдайда да қол бар шығар,
бұйыртса... тым болмаса бір сипайтын маңдайдан?.
МҰҢЛЫ ӨЛЕҢ
Мәлім маған мынау жақ: мынау көше, мынау бақ, мен сырғанақ тебетін мұрша тапқан мұзойнақ, мұнарланған ескерткіш — мүлгіп кеткен қыраулап, мысқыл күлкі тұрғандай миығында жын ойнап, май тоңғысыз айлы түн, мысықтайын мияулап, майы азайған майшамдай мөлиген ай тым аулақ, марғау аспан мызғиды малма тымақ мұң орнап, мәжнүн талдар майысып, мәлкілдейді тұмаурап, монтансыған әлемнен мен де тұрмын сыр аңдап — мамыражай мезетте мазасы жоқ тірі аруақ, майқан-майқан көңілім мыжығандай піл аунап, мертікті ме білмеймін мінген атым лаулап, мойынсұнбас жүрегім мұз үстінде жүр аунап, марту басқан секілді мысты құртып бұғаулап, маңып жатыр миымнан мың-мың сұрақ тыраулап, мал қайырған малайдай мағынасыз құраулап, мұң меңдейді бойымды, миымда сан сұрау қап: — Мәні қайда өмірдің? мұны табар кім ойлап? мезгіл өте бере ме мөлдірімді лайлап?.. ... мыңқ етпейді мына әлем, мынау көше, мынау бақ...
СУЫСУ
Қоңыр күз келіп, қара ағаш налып, жапырағы жұтап, жалаңаштанып, будақ та будақ бұрқырап бұлттар, жаңбыр мен қары аралас тамып, үйелеп өлген жабағы тайдай, жұрқаны жатыр қала жастанып, шықарға шыға бүрсеңдеп, босқан, біріне бірі қарамас халық, қанша күн болды, қаншама ғасыр аспан да, мен де қабақ ашпадық? Көк пенен жердей, есік пен төрдей, біздер де бөтен бола бастадық, сезімді қадір тұтпайтын дәуір келе жатқандай жаңа басталып!
УАҚЫТТЫ КІМ ЖАРАТТЫ
Уақытты кім жаратты екен жылдам ғып?.. бала кезде бұлықсыдық, бұлдандық, жігіт шақта қызық қуып, қыз қуып, шатақ қуып, шалқып-тасып, жындандық, тайталаста түсіп талай итжығыс, уақыт — бізді, біз — уақытты құлдандық, қолдағының бәрі сусып уыстан, ақырында айдалада құр қалдық. Уақытты кім жаратты екен өтпес қып?.. сағыныштың сары өзенін көп кештік, күтуменен өтті біздің бар өмір, шыдамның да шегіменен беттестік, тұлпарлардың тұяқтарын талдырып, ғашықтарды бір-біріне жетпес қып... біз — уақытты, уақыт бізді аямай, бір-біріміз етімізден ет кестік. Уақытты кім жаратты екен
мұндай ғып?.. ешкімге де енші болмас бұл байлық, уақыт деген кімге — бақыт, кімге — сор, кімге — ғарыш, кімге — намыс, кімге — айлық, уақыт мені төске салып илесе, мен уақытты тартып жүрмін сырнай ғып, одан өтер екі жүзді көрмедім қалыбынан кете берер күнде айнып...
ҚОЗҒАМА
Өткен күндердің елесін індетіп қайдан келесің? Құдіретің бар ма бүгінде теңіздің жатқан түбінде көтерер жастық кемесін? Өткен күндердің сәулесін қуалап неге әуресің? Көзіңді қарықтырмаса, өзіңді ғаріп қылмаса айтарсың сосын тәубесін. Қайтесің қозғап ескіні, қалмаған тіпті еш құны? Жайлы да тимес бұл аса, төбеңнен келіп құласа естеліктердің көшкіні.
ЕСКЕРТКІШТЕРГЕ ЭПИТАФИЯ
Ескерткіштер құлап жатыр бұрынғы, табындырған таспұттан жұрт түңілді? Батырмысың, бақсымысың, бәрі бір, қара базар қағып алар жыныңды.
Біреулердің жан-жүрегін жылатып, бар тіршілік тұрған сынды гүл атып, өмір-бақи тағзым етіп келгендер, сол мүсінді жатыр енді құлатып...
Ескерткіштер орны қалды ойсырап, қимаң оған қыншымасын, қой, шырақ, кімге орнатсаң — соған ертең табынар, тұлға керек жүрген жұртқа тойсырап.
Ескерткіштер ескі болса — құласын, орнына оның, бәлкім, өзің тұрасың? Жас ағашты отырғызу үшін де кәрілерін қырқасың да, жұласың...
- *
Күн өртеніп марқұм болды, аспан Айдан мақұрым қап, сүмбілемен салқын келді, су суыды ақырындап.
Желден жусан ырғалады, жұпарына ақын ғашық, қоштасарда Күн қарады, үнсіз ғана бақұлдасып. Ескен кезде таң самалы, дала бөгіп нұрға мұңлы, сенің қолқаң аңсар әлі менің жусан жырларымды.
ҚАНСОНАР
Құба жонды Қымтап қапты қар бүгін, Қырға шығып, Қарды кешіп қаңғыдым. Қансонарда шұбырта әкеп шашқан кім, Қарақұрым құстың ізін, аң жымын? Ұясынан ұзап ұшқан ұзақтай Ұмытсам деп дүниенің тарлығын, Апанынан алыс жортқан арландай Қай қияда кездесер деп қанды күн? Аң болсаң да, құс болсаң да арқала, Пешенеңе жазған болса нар жүгін. Тіршіліктің шимайының белінен Екі-ақ сызған ізі мынау шаңғының. Әріптері сайрап жатқан ақ кітап, Әліпбиге алар ма еді әрбірін? Әлде, осылай аң мен құстың тілінде Нұқ пайғамбар жазды ма екен жарлығын? Қар бетіне көшсе дедім, шіркін-ай, Құс ізіндей менің дағы бар жырым. Қадалған көз қапы қалмай оқысын, Қарда қалған бір жүректің зар-мұңын. Қар ерісе — бірге ерісін қарғын боп, Берсе — берсін қар суының тағдырын!..
АНТОНИМ
Назым бірде отыр екен алаңдай, «дос» сөзінің антонимін таба алмай. дұшпаны жоқ, қайран балғын балалық, ертегіде кездесетін аралдай. «Өш» дегенді, «қас» дегенді білместен, өзім дағы өзгеше бір күн кешкем, келе-келе таралғыма жармасып, көрінбейтін бір көлеңке мінгескен. Алды-артымнан айналдырып ұршықтай, сол көлеңке қалар емес қырсықтай, несібемнен сан айырып, сандалтып, сыбағамнан сан қағып жүр күн шықпай. Кімдер екен қауызына тарының дәнін ұрлап, құйып кеткен зәр-уын? «Дос» сөзінің антонимі қандай деп, сен сұрама, мен айтпайын, жарығым!?. ЖАС АҚЫН Маралтайға
Ақын болса — несі мін, албырт өмір сүретін, әкімдердің есігін, теуіп ашып кіретін? Албасты емес қабаққа қарап аяқ басатын... енгізіңдер санатқа ең ұлы ақын — жас ақын! Тұтылмас торға тұтылып, Қарадай қаны құтырып, Тағдырдан жүрген ұтылып, Көрмеген жанын күтініп, Ақын боп туса — амал не? Көңілі — түпсіз көнек те, Мінезі — құйын, жел өкпе, Түсер де қалар әлекке, Сен одан сабыр дәметпе, Соғып бір өткен самал де! Шаттығын беріп, қайғы алмай, Бәлеге басы байланбай, Жүрмесе Ақын сайрандай, Әлемнің қаны айналмай, Айналмай қаны қалар де!
ТІРШІЛІК
Шаттанасың, шарпысасың, Сан қызыққа батасың, Айтысасың, тартысасың, Ит татпасты татасың;
Шыға қалса кім айдынға, Көзбен, сөзбен атасың. Тағдырдың да, құдайдың да Шығарасың «қатасын»;
Масайрайсың, мастанасың, Бір-біріңді сатасың, Жар құшағын жастанасың, Көрердей боп опасын,
Заман мынау — кәпір түрі, Төккен жәбір-жапасын. Айналып кеп ақыр түбі Тар қуыста жатасың.
- *
Мен бақытты адамға қызықпаймын, Жұлдызымды жатса да үзіп қайғым. Өміріме қарасам — өгізі мен соқасына сенетін мұжықтаймын.
Қызғанбаймын басқаның бақытын мен, өңмендеумен өтуге уақытым кем. Тіршіліктің тамырын түптесем де, Телмірмеймін алам деп ақы кімнен.
Өмірімнің өткізіп қанша көшін, Заманымның көргенде әуселесін, Балға — басты Ұрғанмен тау мен тасқа Түзетермін қисайған қай шегесін? Арбағанмен көзімді басқа қала, Ауылымды аңсаймын астанада. Цирктегі Жолбарыс секілденіп Ораламын кейде мен баспанама. Бақыттылар өмірде табылады, Сол қиялды қумасам неғылады? Күшті қолда көк шыбық жарқ еткенде, Найзағайды Жолбарыс сағынады...
365 КҮН МЕН ТҮН
«Егер мені жыл он екі ай жазып жыр, арқасы ұстап, жүдеп-жадап, азып жүр», — десе — сенбе, әзіл бұл. 365 күн бойы мен ақын бола алмаспын, талады ғой қанатым, пана болмай Парнас таудың аспаны шың іздермін қонатын. 365 түн бойы мен ақын бола алмаспын, байырқаса қара түн жарқыратар шырақ та емен, жұлдыз да 365 түн бойы жанатын. Солай, шырақ, Сиқырым жоқ ешқандай, қос мүйізім жоқ және де қошқардай, бар болғаны ескен желдей еркінмін, ағын судай ақтарылам жасқанбай. Солай, солай, теңемеңдер жұлдызға, жалау да емен қадалатын шың-құзға, бәлкім, анау бұлтқа ұқсас шығармын, ақ жаңбырын арнап жүрген бір қызға.
ЖҰМАҚ ПЕН ТОЗАҚ
Қандым дағы «сен іш пенен мен ішке», тойдым дағы мақтау, даттау, кейіске, бір түкіріп жеңіліс пен жеңіске бір күні мен бармақ болдым пейішке. Мүңкір-Нәңкір салды дағы сынаққа, жолды жауып, жолатпады жұмаққа, мен өзімді періштемін деуші едім, күнәһар боп шыға келдім, бірақ та. Ойым толы, бойым толы күнә екен, жаным толы, тәнім толы күнә екен, сөзім, көзім күліп тұрған күнә екен, сақал-шашым тұнып тұрған жын екен! «Жұмақ — жабық ақындықты қоймасаң, аруларға жақындықты қоймасаң!» бұл өмірдің мәні бар ма әйелсіз, жырсыз тағдыр кімге қажет, ойласаң?
Мендей адам баспайды екен о жаққа, мұндай тірлік тірлік пе өзі, мазақ па? барсам енді барайын да тозаққа, басқа жерде орын болмас қазаққа. ЗИЯН Алдымен бұл шіркінді бастау қиын... Халық өлеңінен Арман қуып, Атылып жиі ағынға, Ақын болсам дедім мен қиялымда. Алас ұрып ақыры Ақын болдым, Айырмай-ақ пайдасы, зиянын да. Пенде болсаң жағарсың көпке қалай, Бірде маған бұрқ етті өкпелі ағай: «Жақсы балуан өзіңнен шығар еді, Өлең қуып кеткенің, Әттеген-ай!..» «Бірінші боп біз туған атыраптан, Сен чемпион болар ең шахматтан, Патшалардың ойынын тәрк еткен соң Түңілдім, деп, Өзіңдей ақымақтан!.. —
Түкіреді бір ағам жерге міне, — Еріккеннің ердің деп ермегіне...» Әкем марқұм жалғыз-ақ мақтанатын: «Құдайымның, шүкір, деп бергеніне». Енді бірде жарқылдап жас кеудемде от, Жұмыс таппай жүрдім мен әскерден кеп. «Ақындармен қиын ғой істес болу...» — деген сөзді естідім — ескергем жоқ. Ғашық болдым бір қызға өліп-талып, Жүрегімді ұсындым желіп барып. «Егер ақын болмасаң... сүйер едім...» деді ол маған, жырымды көріп қалып. Тағы бірде лапылдап жас кеудемде от, Атақ қуып алқындым Мәскеуден кеп. «Әттең, ақын екенсің, әйтпегенде...» деген сөзге сонда да дес бергем жоқ.
Тартыспай-ақ біреуді аттан жығып, Адам болдым араннан аттап жүріп. «Білімі бар, ойы бар, білігі бар, Ақын... — дейді, — әйтпесе, жақсы-ақ жігіт». Қайтіп мынау құлықты байыпты етем? Ақын болу соншама айып па екен? Азабынан өзім де азар болдым, Асықпаңдар, жақында қойып кетем.
ГРАММАТИКА
Бұл бір сөйлем сонау жылы басталған, басталған да тасталған: майлы саусақ таңбасы бар шетінде, бір шетіне жас тамған... о баста бұл сөйлем еді лепті, дір еткізер жүректі, пайда болып нүктелер мен үтірлер, сарсылумен, күрсінумен күні өтті... содан бері шұбырған із — көп нүкте, (көп нүктесін көрдік те) кейбіреуі тесік болып түседі, жыл жылжыса жуандаған белдікке... кей тұсында шиырланған үтірлер — көр түземес бүкір бел, шүкіршілік, — күпіршілік болмапты, жанықтырып: «желге қарсы түкір!» дер... сол сөйлемге сырын ашып жырақтар, құйып жатар бұлақтар, жолын оның кес-кестейді мәңгілік сарқылмайтын сұрақ... сұрақ... сұрақтар.
ДОСТЫ САТУ
Достықтан достық туар деп, қайырсыз істен қалыс қап, жақсылық — жаттар дұғаң боп, жамандық сезсең — алыстап; рақымның атын суарып, күншілдік сезсең осқырып, кім келсе — соған қуанып, дүниенің бәрін дос қылып; әркімге жайып жаныңды, шатыр боп, кейде қалқан боп, ұмытып ұя, қамыңды, өзге үшін санаң талқан боп; сандалып тапқан сол досың сатып бір кетсе сыртыңнан... сұрарлық қандай хал болсын, — сенімің көктей қырқылған?.. аз ба еді көрген құқайың, тірліктің түбі неткен бос? түгендеп алар ұпайын, сыртыңнан сатып кеткен дос. «Дос сату» деген — осындай сауданың шықса жаңасы, байитын болдық, досым-ай, — удай ғой достық бағасы.
«МОРГ»
Есте ме, ей, Қонысбай, мына қала, есте ме «Морг» дейтін сырахана моргтың іргесінде? Сусап келіп, сыраны сіміруші ек тұра қала. Сыраны сіміруші ек шөлдей барып, сапырған сезіміміз көлге айналып, сілкінтіп дүниені жыр оқушы ек, сирақтан Сырдың суы келмей қалып. Еспелеу жас ақын ек біз бәріміз, есте жоқ: есеңгіреп қызғанымыз, — ар жағы тас дуалдың — мәйітхана, аруақтар тыныштығын бұзғанымыз. Мәйіттер ар жағында қабырғаның, сездіріп жатыпты ғой өмір мәнін, — тіріге, өліге де тиесілі түбінде тоғысатын қабір барын. Тірліктің қашып жүрген түрмесінен өлгенін, тірілгенін білмес ұл ем, сол кезде сезбеппін-ау тұрғанымды өлімнің өлең оқып іргесінен.
Тағдырдың тұтқынынан
азап көріп, шықсам мен түбінде бір азат болып, жігіттер, іргеме кеп жыр оқыңдар, тыңдайын бара жатып тозаққа еніп.
- *
Беу, досым, көңіліңе келмесін, тірі кезде алған атақ — атақ па, шын бағаңды береді елің өлгесін.
Нар тұлға, кескен терек қайда бармақ, алқынба? Алла берген ақ өлімің — аз әлі, шын өлесің түк қалмаса артыңда.
ҚАЗАҚЫ ҰРЛЫҚ
Тыщу лет не удивляет никого — Так уже сделан человек. Ныне, присно и вовек Царствует над миром воровство. Редьярд Киплинг. «Общий итог». Мынау өмір қалған бізге мұраға, барымта мен қарымтадан тұра ма? Үйдегі қой, мидағы ой ұрланып, көмілгендей көз көрмейтін ұраға. Табыныңды қасқыр алды қоруға, дарыныңды дәлдүріштер торуда, дорбалаған, арбалаған қу құлқын, жерді тесіп, елді теспей соруда. Мұнайыңды жұтқызады қалтаға, құдайыңды ұтқызады картаға, теміріңді, көміріңді аз десең, өміріңді қоса жұтар, қорқа ма? Бар әлемге болғаннан соң ақша би, қалды ма екен қанда — намыс, баста — ми? жөргегінен алдануға үйреніп, құр еміздік сорып жатыр жас сәби.
Аяқтарын баса алмайды барлықтан, қорқар кім бар бұйрық пенен жарлықтан? Қазақ озды, қазақ озды, адамзат, тым болмаса ұрлық пенен қарлықтан. Даңқтырақ дәніккеннен құныққан, кім құтылар құлқын деген құрықтан, бар ұрының аузын бір-ақ ұратын, Ажал деген ұры барын ұмытқан.
ЖАЗМЫШ. ҚОСТАҒАН
Қарағым, аспандағы Күн, Айға да Қарасаң — көзіңді ашып, Сынай қара. Қашан да қақтың суы тұнық келер, Ағады асау бұлақ ылайлана. Тағдырдың шеңберінен шыға алмайсың Қаншама жүгірсең де шыр-айнала. Біреулер қара терге малшынғанда, Рахатын басқа көрер шырайлана, Су аяғы құрдымды сезе тұрып, Түбіне жете алмайсың мың ойлана. Ғұмыры адамзаттың екі түрлі, Себебі екі көз бар Құдайда да. «О, Тәңірім, оң көзіңмен қарай гөр!» — деп, Сиынып сәбиі үшін құлайды Ана. Күтіп тұр сол сәбиді қандай тағдыр? — Біз үшін шешілмес бұл сұрау ғана. Өше ме, Өсіп-өніп, Өркендей ме? — Аян ол әлемде тек бір Аллаға.
Адамзат баққа, Таққа ұмтылады, Көлденең жолына оның кім тұрады? Қолдағы қазынасын құрбан қылар Біреудің қызықтырып жылтырағы. Кемшін мен кембағалды көзіне ілмей, Шен-дәулет, Сән-сәулетті жыр қылады. Даңқ қуып, Дақпырт тауып, атақ іздеп, Құл болып қу құлқынға қылқынады. Жасаған оң көзімен қарамаса Бәрібір бар жігерін құм қылады. Көрместен өз көзінің алалығын, Құдайды ұялтпақ боп жұлқынады. Қан төгіп, Қаһарланып, заһар шашып, Соғысып, бірін-бірі құр қырады. Жаратқан қарар ма еді оң көзімен Жарасса адамзаттың ынтымағы? Бек те өтер, Байбатша да, Байғұс та өтер, Басылмай бұл жалғаннан бір құмары!..
САУДА
Қаламын тастап, Ұлы ақын кірген саудаға, нанбассыз, мүмкін, нанарсыз, батам деп барып пайдаға, Қара құрлықта1 ғайып боп кеткен хабарсыз... Өз ұлылығын білместен қойды-ау өлеңді, қоймас па еді білсе егер? «Құл сатқан» дейді, сенбеймін соған мен енді, өсекке мұндай кім сенер? Беу, Артюр Рембо, — жас пері және Ұлы ақын, шайырлық шағың — төбелес, дырду, әрі мұң... бас пайдаңды емес, тәуекел тілеп тұратын құртты ғой сені дарының. Бүгін де кімнің барғысы келмес саудаға, бүгін де кімнің батқысы келмес пайдаға, қаңғырған басың қауғадай болар сауғада, желікпе, деймін, қой, бала!
Осылай, бауыр, Саудаға — қыр жоқ, Билік — кеш... (Төбелес пенен өлеңді қойғам жоқ әлі), Көз сатуға да, сөз сатуға да илікпес, Ақынның басы жүруі керек жоғары!
АҚШАМ. ШӨКІМ БҰЛТ
Жондағы жолда бір шаң бар, жатқандай мая түтіндеп. Мал қарап дөңде тұр шалдар, насыбай атып, шүкірлеп. Топ бала жайдақ жарысып, тұяқтар өтті шаң түткен, қарадан қарап, қаны ысып, қауқылдап қалды шал біткен. Күн батты — Қызғылт айшықты Уақыттың дөңгелегіндей, Бір тілім болып ай шықты Аспанның әңгелегіндей. Шудасы бұлттың қан-қызыл, қызарып қомы желгендей, хабарсыз кеткен жалғыз ұл қаңғырып қайта келгендей. Ақшам. Ай. Ақ шаң. Қанды бұлт... арқамнан біреу қаққандай... миымда менің мәңгілік, ат шауып бара жатқандай.
ЖҰЛДЫЗДАРҒА ІҢКӘРЛІК
Аспаннан көре алмасам жұлдыздарды, Тірліктің түсі тартар мүлде ызғарлы. Жабығып жан-жүрегім жадаурайды, Көңілім кешкендей боп кіл мұз-қарды. Болса да жылуы жоқ Жылтырақ құр, Жанарым неге іздейді шырқырап бір? Білмеймін бұл не жұмбақ? — Сол жұлдызда Жүректің ашылмаған құлпы қап тұр. Құштармын жұлдыздарға қаршадайдан, Аумайды аспан маған жан сарайдан. Жұлдызсыз түнді көрсем Жаным — соқыр, Тұншығып бұршақтайды тер самайдан. Жұлдызсыз аспан маған — Гүлсіз бақтай, Шоламын түн құрғатпай Үнсіз жатпай. Бір жұлдыз байқап қалсам Қуанамын Құдайдан келе жатқан тілсіз хаттай...
ТЕНТЕК АҚЫН
Келе алмай дүниемен келісімге, Бір тентек жүрмей ме екен ел ішінде? Қоғамның қиратпас ол қабырғасын, Төренің тәж бен тағын бөлісуге. Қақ жарар қара қылды қайырымды Қазы іздеп, Қасқа жолы айырылды. Қасарып ары кетсе желіні үзер, Қысырдың бір арда емген тайы құрлы. Үрікпесін бойындағы асқақ үміт, Үйірден қумаңдаршы бастан ұрып. Қашанғы қойға салып қоясыңдар, Қақпалап, жон терісін таспа қылып? Намыстың нардай нарқы түскенінде, Жұртына жарайды ақын күш беруге. Ары бар, арқасы бар жалғыз шуақ Арқырап жүрсе қайтер іштеріңде?
Өсектен, Өтіріктен қар боратып, Өлердей жан-жүрегін қан жалатып. Қашанғы қақпақылдап қоясыңдар «Тентек» деп ту сыртынан таңбалатып. Ақынның әр сөзінде шойын жатар, Аяңдар, Арқасына сойыл батар. Біз құлақ аспасақ та жырына оның Түбінде уақыт өзі мойындатар.
ҚОЛАЙНА
Адам үшін ең ауыры жазаның — Тарту болар жалғыздықтың азабын. Қолайнаға қолы жетпей жүр дейді, Темір торға тұтылған бір қазағым. Қайран өмір — Қаймана үшін жыр бесік, Қапастағы тұтқын үшін — құр кесік. Жалғыздықтан жан сақтайды ол жабықса, Айнадағы бейнесімен тілдесіп. Жабыққан жан, Торыққанда түрмеде, Қолайнамен тілдеседі түнде де. О, тіршілік тұтқыныңмын мен сенің, Түн ұйқыдан текке безіп жүр деме. Сырласпаймын сусылдаған жұртпенен, Сырласамын жұлдыздармен, бұлтпенен. Тілдесердей жапырақпен, жаңбырмен, Түнде мені қандай түлен түрткен ең?
Қараңғыда қарсы қарап айнаға, Жалғыздықтан жан сақтаған қай бала? Түнгі тылсым табиғат па панасы? Тірлік бөтен, ажал да оған қаймана...
Қандай ыстық қара түннің құшағы, Бауырына босатпастан қысады. Сұм жалғанның соры менен азабы, Тәтті елестей көзден бұл-бұл ұшады.
Жалғыздыққа құрбан болған есіл жан, Айнасынан айырылып тосылған. Арпа ішінде бір бидайды кім ұғар, Әлде күрмек көп күрішке қосылған?..
- *
Өмір-өзен дейді осы халық неден? Мың құбылған тірлікті дәріптеген? Қанша жүзсең — Қалмайды ізің суда, Қайық тұрмақ болса да алып кемең!
Шырқ үйірген әлемді өмір-құйын, Шатырлаған аспандай көңіл күйің. Өмір — құйын дегенім өтірік пе, Билетпей ме біздерге небір биін? Жөні бар ма тірліктің тамсанғандай, Жынданасың жеңілген маршалдардай, Меңіреулердің ішінде мақам оқып, Саңыраулардың ішінде ән салғандай...
ҮШТАҒАН
1.АРМЫСЫҢ, АМЕРИКА
Армысың, Америка, Арман әлем, Алыстан атағыңмен арбаған ең. Аңсаған адамзаттың азаттығы, Ақындар ардақтаған арнап өлең. Деуші едім «тірі болсам бір барамын», Алдымнан андыздаған нұр жанарың, «Эмпайр Билдингтің» заңғарынан, Әлемнің төбесінен күн қарадым. Ерекше астамдық бар тұрпатыңда, Есінеп, ерінесің тіл қатуға. Есенин Есігіңді теуіп қайтқан, Ерігіп, Еріп барып бір қатынға. Алтайдың самғап жеткен мұзбалағы Қарайды, қызығады, қызғанады. Еске сап Алматымды Вашингтон Бүлк етіп жүрегімнің сыздағаны.
2.БРОДВЕЙ. ҮНДІС КӨСЕМІ
Жүргендей нағашылап, қайыншылап, Жүйріктер барған ел ғой бағын сынап. Үйектей үй түбінде Үнсіз ғана Үндістің көсемі отыр қайыр сұрап. Жаулайды Бродвей Жарқылы алдан, Жаһанның бүкіл нұрын тартып алған. Үндістің көсемі отыр Өр кеуделі, Түрінде тәкаппарлық парқы қалған. Басына қауырсыннан мұрақ киіп, Бағына Бір бұрыштан тұрақ тиіп, Шаһардың Шулы-шуан тірлігіне Шыққандай еркіндігін бір-ақ қиып. Отыр ол басы биік, Паң қалпында Ұқсайды қарлы-мұзды заңғар шыңға. Мен мынау азаттыққа таң ғап тұрмын, Ақынға Америка таң қалсын ба?
Аумайтын күміс шашы аппақ қардан, Келбетін қарт үндістің жаттап та алғам. Ел-жұртын, Бар байлығын жоғалтса да, Ардагер асқақтығын сақтап қалған. Ақынның азын-аулақ долларын ап, Қарт көсем қала берді толғанып-ақ. Бір бата бұл жақтан да арқаладым, Мен білсем, Енді жолым оңғарылмақ...
3.БҰЛБҰЛСЫЗ ӨЛКЕ
Америкада бұлбұл жоқ дейді! Бұлбұл-жыр... Жер таңдайды екен, Ел таңдайды екен бұл құрғыр!.. Бұлбұлсыз ел де болады екен деп аядым, Бұлбұлға толы Зайсанымды ойлап тұрдым бір. Байласаң бұлбұл тұрмайтын өлке! Қиын, ә! Қалайша? Неге? Қонбай-ақ қойды миыма. Барлығын берсе, Біреуін іркіп қалатын — Құдайдың бұл да бұлдап бір тартар сыйы ма? Айдыны асқан, Байлығы тасқан менмен ел, Билігіне де, Бишігіне де сенген ел. Төрт құбыласы сай, Жағасы жайлау болса да, Бір бұлбұл жетпей тұр екен, шіркін, сән берер...
Үлгілі ел деп, Үйірсек тартсам — жоқ тұрыс, Үн қосар үрікпей Үндістен де өзге көп туыс. Құпияңды ашшы, Бұл әлем әлі жат маған, Сескендің неден, О, бұлбүл, бұлбұл — текті құс!?
КҮЗГІ ДЕВАЛЬВАЦИЯ
Ала жаз өте шықты сайран қуып, Алқынып қала бердім айлам құрып. Алдыма алып келді Алхимик — күз Алтынға жапырақты айналдырып.
Күзгі бақ құшағына жиі енемін, Күрсініп, Күрең күнге сүйенемін. Күлімдеп келе қалса қайран көктем, Күйдіріп ерінінен сүйер едім.
Көзімнен бұл-бұл ұшты-ау мұңсыз жалған, Күмбезі күлгінденіп, Күн сызданған. Аспаннан алтын шашып ағаштар тұр, Асылдың заманы ғой құнсызданған...
- *
Ақ балтырлар ән салып, Көзбен тыңдап көктем жүр. Көкше бұлттан тамшы ағып, Көктің жүзі көктеңбіл.
Желмен жүре сөйлесіп, Тұман тарқап барады. Көңіл осы: Кейде өсіп, Кейде өксіп қалады.
Қақ суы анау телегей, Түпсіз терең тәрізді. Өмір осы: Теңеген Терең менен тайызды.
- *
Өздері өткен көпірлерін Өртеп кеткен ағалар-ай. Өткел таппай өкінгенім, Өзен бойын жағалап-ай...
Өте қояр қайық та жоқ, Өткел табар байып та жоқ, Өр кеудемен қойып кеттім, Өлерменге айып та көп.
Тартып келем барым салып, Тырмысамын, Талғандаймын. Тау толқыннан қарым талып, Тауым қайтып, Тал қармаймын.
Алда
көзді бақырайтып, Ағалар тұр ақыл айтып: «Алай жүзбе, былай жүз! — деп. Арыныңды сынаймыз...» — деп. Асау толқын арасынан Мен келемін Құдайды іздеп!
СӨЗ
Сөзбен жүздестім. Сөзбен таныстым. Сөзге ғашық боп, жата-жабыстым. Сөздің сиқыры билеп бойымды, Сөзбен уланып, сөзден бал іштім. Сөзден от жақтым, ошақ лаулаттым. Сөзден оқ жонып, жебе заулаттым. Аңғырт азуды айға біледім, Албырт көңілді қарға аунаттым. Сөзге сендім мен. Сөзге теліндім. Жаным-тәніммен сөзге берілдім. Сөзден оқ тиді, сөзден жығылдым, Сөзден қуат ап, сөзге жегілдім. Сөзбен алыстым. Сөзді кемірдім. Сөзден шаршадым. Сөзден жеңілдім. Еттен өттің ғой, сүйекке жеттің ғой, Сөзеке, сонша саған не ғылдым?..
КҮМІС ӨЛЕҢ
Мынау неткен күміс түн! Күміс күлкі! Ай астында ақ боз үй — күміс тұрқы. Түндігінен шыққанмен күміс түтін, Шынашақтай есікте күміс құлпы. Күміс әлем! Аспанда күміс жүген, Көз суарып көру де дұрыс білем. Ай астында жондары жылт-жылт етіп, Табын жортып барады қыр үстімен. Құлағымды қытықтап күміс дүбір, Әлдеқайдан иттер де үрісті бір. Өңім бе осы? Мен сүріп жүргендеймін, Алтын да емес, жез де емес, күміс ғұмыр. Көкжиектен жарқ етіп күміс қамшың, Жұлдыздардан үзілді күміс тамшым. Күміс түннің қойнында адасып жүр, Күміс сезім бауырмал, Туысқаншыл...
БАС ПАЙДА
Ақыл кірді аздаған, Ақындықты қойғам жоқ. Қаңқылдайды қаз — заман: — Қанатыңды байлан, — деп. Ал, байландым! Ал, ұштым! Болмаған соң кеу-кеулеп. Заманыммен жарыстым Қанатымды жел кеулеп. Атым шықты аздаған, Ақындықты қойғам жоқ. Тақылдайды таз — заман: — Бас пайдаңды ойлан, — деп. Ал, ойладым бас пайда, — Аллалы құл арымас. Көлік қайда, көш қайда? Қарын тойса, көңіл — аш! Жан-жағыма қарасам, Жан сауғалар айла жоқ. Жердің беті — ала шаң: — Пайда! Пайда! Пайда! — деп. Мен де ойласам бас пайда, Сен де ойласаң бас пайда, Ол да ойласа бас пайда, Бәрі ойласа бас пайда... Бақай есеп, бықсық ой Бар әлемді баспай ма?!.
БАЯҒЫ ӘНДЕР
Баяғы әндер, Білмеймін басқа ма еді? Тыңдай қалсам көзіме жас келеді. Өмірімнің өткендей Өскемені, Жастығымның қалғандай Қаскелеңі. Ескі әндерді Естісем — жасарамын, Еримін де бұлақтай бас аламын. Қайта ашады көзімді жасағаным, Қайта алдымнан қашады қашағаным. Ескі әндерден жаңа мұң естілгендей, Есіп жүріп боласың ес кіргендей. Теріс аққан өзендей тентек жүрек, Кешкіргенде Кінәсін кеш білгендей. Ескі әндерден жаралған жаңа ойлардың Кісі бар ма кіндігін кестіргендей!?.
МИСТИКАЛЫҚ ЖЫРЛАР
ФАТАЛИЗМ
Келмеді қайырылғым, жер-көктен айырылдым, қылыштай қайырылдым, мырыштай майырылдым, ескегі суға кетті қайығымның. Аспанмен астаспаймын, жермен де достаспаймын, жел беріп жел мінезге, тізгінді бос тастаймын, ешқашан ешкіммен де қоштаспаймын! Торына өрмекшінің тұтылып көрмекшімін, ешкімге естіртпейді шыбын жан енді өксігін, несіне ашты маған жер-көк сырын?.. ...Postskrіptum. Түніменен дөңбекшідім...
ЖАНТӘСІЛІМ
Ролланға
Құм басып даланы із біткен жымдасып барады, опасыз мынау жалғанға кім ғашық болады?
Сәл тоқталыңдаршы, көзім түк көрмей қалды, аңғалағына қадалған оқты алыңдаршы, еңсемді көтерейін, ей, аспан, төбемнен тоқпағыңды алшы, дүние неге қараңғы, от жағыңдаршы?!.
Бұл жақта ебелектер көп, сайтан көбелектер жоқ, мені тірідей көмген бе, немене,
барамын керемет терлеп?..
Сыр сақта, ұлым, (бір сәт таныдым), айырмашылығын мен айтсам ене мен жердің құрсақтарының, мына жел қайдан әкелді, иісін гүл шоқтарының?
Суырыңдаршы оқты, ажыратыңдаршы токты...
- *
Өшіріңдер жұлдыздарды, Сөндіріңдер күн, айды, Жылытыңдар түнгі ызғарды, Жұбатыңдар құдайды. Жылатпаңдар бұлттарды да, Күрсінтпеңдер теңізді. Айтатұғын жұрт қалды ма Асыл сөзін ең ізгі? Қалса — айтсын, Сыр ақтарсын, Тыңдайын да соңғы рет, Көз жасы боп бұлақтардың Көкке ұшайын мөлдіреп...
ЖАРҒАНАТ ЖЫРЫ
Түн егер Қара жеңсе оңалады, Сонда араға түн түнеп қона алады. Ақ тұрғанда Қараның соры қайнап, Түн сонда біржолата жоғалады. Шәкәрім Кел, кел, түнек! Кел, түнек! Өлер болдым тентіреп, өлер болдым өртеніп, өшір мені, бол тірек! Қап-қара түн, түнек түн! Құрсағыңнан шыр еттім, құшағыңда ержетіп, құндағыңда түлеппін. Түннен туған халықпын, түн қойнында жаныппын, қара көзім қарығып, жарық күннен жалықтым. Кел, кел, түнек! Кел, түнек! О, жаратқан, бер тілек, жол үстінде жортайын желкендіге жел тілеп. Кел, кел түнек! Көз ілме, Тас тұғыр бол төзімге, жердегі бар жарықтың түп-төркіні өзіңде! Кел, кел түнек! Кел түнек!
ҚАНДАУЫР
Тамырын қиып ваннада, Кеше бір көршім көз жұмды, Таңдайын қағып таңдана, Қоңсылар түгел сөз қылды. Сөз деген не ол? Сөз деген — Тірінің қалды ісі боп. Баурады ма оны өзге әлем, — Бағамдап жатқан кісі жоқ. Қасында қанды ваннаның Қандауыр қалды қылпыған... Қылғаны шығар Алланың, Келтірер оған кім күмән? Өлді де қалды пенде бір, Тынды да қалды алған дем. Қоштаса салар жеп-жеңіл, Өмір-ау, сонша арзан ба ең? Менің де жолым болмады, ә?! Тағдырдың басты-ау мысы, әттең... Жатырмын ойнап ваннада, Қандауыр қара пышақпен...
ЖЫЛАН
Жатқан жылан құйрығын өзім бастым, Қайырылып шаққанда көзімді аштым. Сатып алған сау басқа сақинадан Жазылармын, кім білер, жазылмаспын?! Удың аты у екен — әлсіретті, Өртте қалған торғайдай жан шыр етті. «Ақ құймадың басына жыланның!» — деп, Жуалдыз ой жүректі шаншып өтті. Шағатынын шіркіннің біле тұрып, Шамдантқан соң — не пайда құр өкініп? Тісін мақтап, құбылған түсін мақтап, Жолдас болар жыланмен кім өтірік? Қарашы әнеу құйтымтай қандаланы, Шағамын деп ол-дағы шамданады. «У біткеннің бәрі де пайдалы» деп, Медицина — мен білсем — сандалады!
Шағып болып, шуақта қыздырынып Жатыр жылан терісі жүз құбылып. Құйрығымен құшақтап ала ма деп, Жон арқамда барады мұз жүгіріп. Шырылдаймын: «Кешірші, аға, аға!» — деп, Көп кешірім сұрау да жаман әдет. Мен сыйлаймын жыланды бұдан былай, Қорыққанымнан сыйлаймын шаға ма деп!
АҚЫРЕТТЕ ЖАЗЫЛҒАН ЖЫР
Мен өлгенде ешкім айып тақпады, көп күнәмді жіпке тізіп жатпады, азаматтар ағыл-тегіл қаптады, талай ару аза тұтып жоқтады, ақ балшыққа бет-бейнемді түсіріп, дос мүсінші өз парызын ақтады, дос дәрігер жүрегімді мәпелеп, сылып алып, спиртке сап сақтады... Шыны ыдыста, мөлдір зәһар ішінде, жүрегім тұр өзгертпестен түсін де, — батып кеткен тереңіне теңіздің сүңгуір бір қайық тектес пішінде, ұйықтап жатып туған жердің қойнында жүрегімді көремін мен түсімде, бір жас ақын басыма кеп дұға оқып, гүлін қойды жүрегі жоқ мүсінге. Қайран жүрек, мен өзіңсіз пақырмын, қара жерде қор боп босқа жатырмын,
еріккен жұрт ентелейді ыдысқа «көреміз, деп, от жүрегін ақынның», (көрсін, білсін — ұқсас па екен, жоқ па екен, жүректері мұсылман мен кәпірдің?) өлгенде сен суарылсаң спиртке, мен тіріңде ащы мұңға батырдым. Көрдің, жүрек, көкірегімнің түрмесін, аттандырдың талай-талай жыр көшін, тіл менен діл жарылған соң екіге жыр да сенен аулақ салды іргесін, айтар ауыз, тыңдар құлақ болғанмен сенсіз жерде сусылдаймын құр несін? ...Жүрек, сені тіске басып біреулер, спиртіңді сілтей салып жүрмесін?!.
ЖҰМБАҚ ХАЛ
Көп күнім күйбеңменен өлді менің, Бұлт шалды таңғы аспандай зеңгір едім. Қорқамын тұна алмастай кетем бе деп, Қаншама келгенімен мөлдірегім. Өлеңнің өлер болдым өртінен мен, Шіркін-ай, мынау халден серпілер ме ем. Түн түсе ішім түтін күй кешердей Басыма қай бақсының дерті келген? Сыр бермей сызданғанмен бір қарарға, Жақындап жүрген жай бар жынданарға. Бойымды буып болған тақсыр-сезім Білмеймін құртар ма, әлде, құлданар ма? Шаппай бер шандоздық бар ту ұстаған, Шөкімдей несібесін уыстаған, Пайдасыз пақыр пенде болдым ба деп Қарадай қай бір күні қуыстанам.
Шалықтап өң мен түстің арасында, Шошынып малшынамын қара суға, Шалғайда шаңға көміп жаным мені, Шығандап шыққандайын дара шыңға... Бойымды буып жүрген «жыным» ба бұл, Әлде, арқам қозғандағы жырым ба бір. Жүрегім, өзің шешші жұмбағыңды, Жалғанда жамандыққа бұрылмағыр...
ЖҰЛЫН
Нұртасқа Сен, Тағдыр, Ақ періштенің мүбәрак қолы едің, Қара шайтанның қармағына айналдың, Қу жұлынға қол салғанға қайранмын. Мен — биіктіктің бұлбұлы ем, Тереңдікте енді сайрармын. Бостандық деген бекер сөз, — Қан тамырларың бұғауың! Шекер сөз еріп кетер тез, Тиылмас бірақ жылауың. Оқ тиген аққу секілді Мамығы сөздің бұрқырап, Осады-ау жасым бетімді, Сайрармын сонда шырқырап! Дүние көзі бұлдырап, Сабақтай алмай инесін, Бір күліп, Сосын бір жылап, Тағар да жұлар түймесін. Не шығар асып-сасқаннан? Сезім де сөнді, ой да өлді... Айнасы сынған аспаннан Іздерсің менің бейнемді...
АЖАЛМЕН ТІЛДЕСУ
Беу, менің беті қайтпас тілемсегім, Бәз күні келеріңді білем сенің, қашаннан әдетің ғой жүрер сенің, көкжалдың қимақ болып тілерсегін. Өзіңмен сан аңдыстым, сан арбастым, тұңғиық тағдыр деген ғаламды аштым. Орын жоқ саған ешбір мен бар жерде, мен дағы сен бар жерде қала алмаспын. Үндемей қабатұғын үндемесім, Аян ғой есік ашып, кір демесім. Тағдырдың садағынан, мен туғанда Сен маған қарсы атылған сұр жебесің, Заулаған маған қарай теміренім, Қадалған жүрегіме шөгір едің. Мен сені елеместен өтсем деуші-ем, Ежелден егіз екен өмір — өлім.
ЕСКЕРТКІШ
Жетелеп тіршіліктің соқпақтары, Бейуақыт байыздатып тоқтатпады. Кезбенің үмітіндей күндер өтті, Жағалай қағып жүрген көп қақпаны. Тас сана. Темір жүрек. Жабық бәрі. Жаныңның кімге дәрі жабыққаны? Биік тұр тағдырыңның шамдары да, Түспестен өз түбіне жарықтары. Тұр әне тас та өніп, Темір де өсіп, Келемін арасында өмір кешіп. Құндақтап неге мені тербетпейді, Жер деген жемсауы кең жебір бесік? Қаптаған қапталымда сұр мүсіндер, «Әлі де тасқа айналмай жүрмісің?» дер. «Сен неге мен сияқты жалғызсың?» деп, Аспанның үңірейткен ұңғысын көр...
Мұншама ауыр жүкті көтеруге, Шамам жоқ, досым да жоқ, нөкерім де. Тұлғам — тас, жүрегім — мұз, миым — темір, Тот басып, терлеп барам қапелімде...
ПІСІМІЛЛӘ
Пісіміллә... Қайдан жүр кісі мұнда?.. Жын бар ма екен көздердің қысығында, Кім қалды екен сөздердің ұшығында, Пісіміллә, пісіміллә... Пісіміллә, Перизат, перілердің Көрпесінде күйеудей керілермін, «Пісіміллә» деуге де ерінермін, сынығындай сонау бір серілердің. Пісіміллә, пейіштің пендесіндей, Пәнилікке кетермін жерге сіңбей, Баспалдақтар барады сүріндіріп, Сағақтағы сырғақтың пернесіндей. Пісіміллә, періңді шақыр маған, Мені көрсе көк аспан шатырлаған, «Пісіміллә» демеске шарам қайсы, Жүрегінен аспанның от ұрлағам!
ПЕРІШТЕМЕН ТІЛДЕСУ
Мен дағы сендей түнекте көргем күн кешіп, құшағына алып тербеген талай түн бесік, кіршіксіз сенің канаттарыңды шеш демес, мен аяқ шешіп кіретін құтты бұл мешіт. Шайтаннан қашсаң — жарыққа тығыл, жарқыным, шуаққа шомыл, сәуленің сімір сарқынын, сарайың менен сезімің нұрға шүпілдеп, серік бол отқа, жолдас тұт күннің жарқылын. Тұрмаса көз бен санаңнан сәуле шашырап, қайырымсыз түннің қай шоққа жаны ашымақ? — жаһаннам түнек жұтар да қояр нұрыңды, жан бағам деме жыланды балмен асырап. Жарғанат та емес, жапалақ та емес, пері де, періште болсаң — жарық пен нұрдан жеріме. Сенем мен, сенем, қайтадан қызыр қонады қадірі қашқан қасиетті қазақ жеріне!
АРУАҚТАР
Қоныс болмай ешкімге Құлазыған ескі үйде, Құшақтасып отырмын, Аруақтармен дос күйде. Көздерінде өшкен от, Бұлар кімдер? Есте жоқ. Кім болса да бәрібір Енді маған дос керек. Бұлдыр-бұлдыр өздері, Былдыр-былдыр сөздері, Қайдан қолға түсірген Мен сияқты кезбені? Тастап жатқан әр жаққа Қолдары өзі қармақ па? Аруақты ақын едім ғой, Айналғам ба аруаққа?
СІЗ
(Жынмен тілдесу) Құлыпсыз есік. Түрмесіз дала. Сиқырлы жүзбен, кіргесіз мана, екі көзіміз төрт болып тостық, әуресін артқан бізге — Сіз ғана! өз қырсығымыз — өз дәруіміз, — көзді алуымыз, сөз бағуымыз, Сіздің қырсықты сыйғыза алмадық, — қозған жыныңыз, созған уыңыз. Есікте — құлып. Далада — түрме. Ағайын — араз, араға кірме! Іштегі құрттың шығатын кезі, Құритын кезі келе жатыр де!
«Сіз» деумен келіп, «Сізбенен» кетпей, аюды жарып іздеген өттей, ішімді түгел сүліктей шарлап, жүрекке қонып жүз көбелектей, қаптай бересіз, таптай бересіз, бәйгеден дәйім шаппай келесіз, алдайсыз көзді, арбайсыз бойды, бейітте жанған оттай неге, Сіз??! МҮҢКІР-НӘҢКІР немесе МАҚШАРДАҒЫ ДИАЛОГ «Ұлтына ұлтан болған байқұс, сорлы Ұлықбек Есдәулетов қайтыс болды... Ұжымақ па, тозақта ма орыны?» деп, Ұшпақта әжептәуір айтыс болды: — Пенде еді пайымдатар Періштені... Пәниден барар орны — пейіш тегі... — Перідей пәтуасыз бір пәтшағар, Парықсыз, тілінің бар теріскені...
— Шаруақор, Шұғылданған адал іспен, Шайқасқан шалдықпастан қара күшпен... — Шайқақтап, Шатып-бұтып, Шатақ қуып, Шайқы еді шайырмын деп шарап ішкен! — Жан еді тәңір өзі ақын еткен, Жаннат қой алар орны ақыреттен! — Күнаһар, Күпірі көп, кірпі мінез, Кісәпір, қандай одан кәпір өткен? Жүрген жан жолдас болып ібіліспен, Жүзімнің жалап-жұқтап суын ішкен. Жұмақты бүлдірмей ме ол ылаң салып, Жаппасақ жаһаннамға мұны күшпен. «Қарық деп қағанағы» қайтамысың, «Сарық деп сағанағын» айтамысың? Жығылған сәждеге емес, Жыр жолына, Жын қуып, Жандандырған сайтан ісін.
Жаны тұр жаһаннамға ылайық боп, Жазасын жаратқаннан сұрайық, — деп, Жалаңдап Мүңкір-Нәңкір жеткен кезде, Жатқанмын жер бетінен тырайып кеп...
БҰРҒЫ
Бүгінгі түн Бір кісі Қолында бар бұрғысы келді үйге кіргісі.
Есік тесіп, зыр еткен, Дрелінен дір еткем. Ұшып тұрдым төсектен, шұрық тесік жүрекпен.
«АУДАРМАЛАР» топтамасы
Орыс поэзиясынан
Михаил Лермонтов
- *
Қош бол, Ресей, кірлеген, Байдың елі, құл менен. Қош бол, көкшіл шендер де, Шенқұмар жұрт, сендер де!
Кавказ асып, жырақ мен, Қашам қаңқу сөздерден, Бәрін естір құлақ пен Бәрін көрер көздерден.
ЖҰЛДЫЗ
Көкте жалғыз, Жанған жұлдыз, Назарымды Көп бөледі, Арманыма От береді, Шақырады Көкке мені, Сол жұлдыздай Жанар болған, Соған жаным Алаң болған. Азап көрсе ол Төзе алмаған, Сол жұлдыздай Көз арбаған. Кірпік қақпай Қарай берем, Үмітсіз көз Қадай берем.
ЖАСЫН
Күркіреп жасын, бұрқырап бұлт, Тұңғиық теңіз сұрланды. Сіркіреп көбік, дүркіреп ұрып, Тебісіп толқын тұлданды.
Жартасты осты қамшыдай отты, Найзағай жылан сермеліп. Талқандап көкті, көп бүлік кетті, Жағада тұрмын мен көріп.
- *
Дидарластық, Душарластық кез келіп, Діңкелеппіз екеуміз де өзгеріп. Дүрмек жылдар керуені кідірмей Ғайып бопты үлгергенше көз көріп.
Жанарыңа жалын іздеп үңілем, Толқын тулап өз көңілім түбінен... Зақымдапты-ау сені дағы, мені де, Зұлмат тұрмыс зілмауырлы жүгімен...
Александр Блок
- *
Баттым мен теңізіне жоңышқаның, Байқадым ертек айтып ара ұшқанын. Түстіктен Толғай ескен торғын желге Тынымсыз жүрегімді табыстадым.
Шайқасқа шақырды жел Лебімен, Аспанның күресуге түнегімен. Көрсетті қаңыраған қасқа жолды, Жүретін қара орманның жүрегімен.
Аралап сай-саланы, даланы көп, Арманның мен көрмеген алабы жоқ. Алдымда құлдыраңдап бара жатыр, Ақжарма мендік сәби бала жүрек.
Мейлі де, Ұйқым менің кем болғай-ды,
Бәрібір сезіміме шаң қонбайды. Гүл менен бал арасы — екі ғашық, Айтты ғой ертек емес, болған жайды. *
Аппақ самал өшті енді, Сұрғылт өңді кеш келді. Құзғын алды бір тыным, Қылын қозғап ұйқының.
Қараңғы, жат жақта сен, Еске мені алдың ба? Түсіңде көріп, әйтпесе, Берілдің бе сәл мұңға? Өзгерсең де ендігі, Мүмкін емес кемуі — Сендей жастың өрлігі, Мендей қыздың сенімі. Өзіңді аңсап, іздеген, Қума елесті жыраққа, Жаным, басқа қызбенен Жетер болсаң мұратқа... Ал, тәуекел! Кеш түсті, Қарлығаштар төске ұшты. Жайдың бұлты тарайды, Көзіңе түн қарайды.
КҮЗДІГҮНІ
Асықпастан аңыздарды кезумен, Келеміз біз, сырбаз досым, өзіңмен. Ағыл-тегіл ақтарылса көңілім, Дәл шіркеуге кіргендейін сезінгем. Бір пұшпақта кәрі кемпір жөтеліп, Күздің күні биікте тұр от өріп, Шақырады жолдастарын жемтіктес, Қарға ғана тарғыл даусын көтеріп. Дән дегдітер қырдың қызыл қырманын, Көрдік біздер түтін басып тұрғанын, қарап қалдық соңдарынан сүзіліп, тырау-тырау самғап ұшқан тырнаның. Самғай-самғай үшкіл бұрыш құрайды, Көсем тырна тыраулап кеп жылайды... Тыраулап ол нені, нені сұрайды? Күзде неге көздің жасын бұлайды?
Қайыршылау қыстақтарды төменгі Қолдан келсе көзбен санап көр енді. Күңгірт тартқан күн астында жанады, Алыс алау жарқыратып белеңді.
Елім менің, бейне қайыршыдайсың, Жүрегіме неге бірақ ұнайсың? Уа, менің соры қайнаған қосағым, Неменеге өксіп-өксіп жылайсың?
- *
Қыс бойына қарлы құйын сарнаған, қалшыл қағып ұйқымыз да қанбаған. қатып жатқан тоң алқапты түренмен қақыратар қауқар бізде қалмаған!
Шып-шып терлеп, Шыққа дала бөкті енді, Шығамыз біз шарлау үшін көк белді. Шыңылдаған шалғылармен шабамыз, Шұрайы мол, шүйгін, шалғын шөптерді.
Ашық қалсын ауыр-ауыр қақпалар! Терезеден жел жұпарын ақтарар! Шырқамаппыз көптен бері біздер де Мұндай әнді көңіліміз шаттанар! Дмитрий Кедрин
ЖҮРЕК
(Кезбе аңыз) Казак қызға үздігеді бақшада: «Қашан мендік боласың сен, Оксана? Ақ семсердің жүзіменен сен үшін, Байлық табам, берсең болды келісім!» Шашын өріп, қыз сөйлейді ал кеуде: «Мен орманда бал ашқызғам балгерге. Балгер айтқан: болады деп сүйерің Кім әкелсе анасының жүрегін! Мен өзіңмен бақытты өмір сүрейін, Әкел маған кәрі анаңның жүрегін. Жүректі өртеп, күлін ішсем ерітіп, Саған ғашық болар едім елітіп!» Дел-сал болып казак жүрді қайғырып, Күндіз күлкі, түнде ұйқыдан айрылып. Өз анасын жарды бір күн зорланып, Жолға шықты қыз қалауын қолға алып. Жан-жүректі жүндес қолмен жасырып, Қызға әкеле жатты жігіт асығып.
Тәтті үмітпен жанталаса жүгіріп, Мұрттай ұшты босағада сүрініп. Айтты жүрек жерге түскен дірілдеп: «Бір жеріңді ауыртарсың ұлым!..» деп... Николай Рубцов
ОРЫС ОТЫ
Сары аяз тісі сақылдап, Сүрленіп жатты тұмса қар. Сүріктей аспан жақындап, Сіресіп қапты шыршалар. Жансыз бұл өлі аймақта, Жалғыз мен ғана тірі жан! Жылындым кенет, аулақта Жылт еткен оттың нұрынан. Қар-адам құсап бейне мен Кіргенде қатып есіктен: — Пеш міне, Жылын, кел... — деген Жып-жылы дауыс есіткем. Мейір бар кемпір даусында, Көзінің нұры сөнгендей, Отырды оттың басында Ұйқыға бейне енгендей... Сары сурет көп-ау Ресейде, Біріне соның жолыққам. Жұпыны сурет десем де, Жетімдік мәнін мол ұққам: Тұнып тұр отқа Жер-ана, Сәулесі өшпес көңілден. — Шырағым, соғыс бола ма? — Болмайтын шығар, — дедім мен.
— Құдай-ау, тәубә, өмірде, Тартыстан ешкім оңбайды, Болмайды соғыс, дедің бе? — Болмайды-ау, деймін, болмайды. — Тәубә, — деп маған тағы ол, Мылқау бір түрмен үңілді, Көтермей басын ағы мол, Жанында оттың бүгілді. Кірді екен нелер түсіне? Әлем бе? Сәт пе қас-қағым? Мен енді разы пішінде Қалтамды қармай бастадым. — Бар болғыр! Ақша алмаймыз! — Ал, жақсы онда, не дейміз! Мейірімге мейірім арнаймыз, Қайырымға қайырым төлейміз!.. Рақмет, Оты орыстың, Жанғаның үшін түндерде, Қойнында жолсыз қоныстың Достардан шалғай жүргенде, Арқалап сенім салмағын, Мазасыз әлем ішінде, Жанғаның үшін, жанғаның Қайырымды, нұрлы пішінде...
ЖАЙДАРЫ ФИЛЯ
Сол қыстау қалды жадымда Ортасындағы орманның, Қалғыған қамсыз, Маңында Шұбырып жымы аңдардың... Бір дөңбек үйде, Болмастан Жеңілдік, шағым, сұрағы, Ваннасыз, газсыз, әу бастан Мейірбан Филя тұрады. Сүйеді Филя хайуанды, Тамаққа сылқа тойғанды, Сүйеді Филя сайранды, Ысқырып әнге салғанды! Бұл әлем сондай нұрлы, әсем, Түгі жоқ тіпті жазғырар... — Үнсізсің неге, Филя, сен? — Е, не бар сонша сөз қылар?
НЕ ҮШІН?
Ол әлі сәби баладай — Дауысы нәзік, Көзі отты. Балалығына қарамай, Әзіл мен назға өзі епті. — Орманға түнде барайық! Аңдиық бұлбұл, кел бүгін! Тұр ма екен жолда, қарайық Сүйікті менің орындығым? — Қанеки, кеттік далаға! — Қанеки, таңды көрелік! Бағынбай оған бола ма? Еріксіз жүрем мен еріп. Көрдім ғой көпті жалғанда, Ол болса мүлдем жас әлі. Онымен жеке қалғанда, Жалғыздық мені басады. Мұңайып тұр ол, Мінеки, Мінеки, тағы кездестік. Алай да дүлей мына күй Басады мені енді өстіп. Не үшін бардық орманға? Бұлбұлды неге торыдық? Не үшін тұрды сол маңда, Сонау бір жалғыз орындық?
ҚАРЛЫҒАШ
Қарлығаш ұшты шырылдап, Балапаны құлап ұядан. Балалар көріп шуылдап, Қоршады құсты құлаған. Құм қаздым үңгіп, құнысып, Құлаған құсты жерлеуге. Қарлығаш шыр-пыр жүр ұшып Қазаға әлі сенбей ме? Шырлайды ана аяулы, Қонақтау қайда тыныстап? Қарлығашым-ау, Балаңды Бақпағаның не дұрыстап?.. Александр Твардовский
АНАМА
Жапырақтың Желмен салғаны ойнақ, Жап-жасыл із шықта қалғаны сайрап, Жағалаудан Жеткен сабаудың дыбысы, Жалбыздың Жарған танауды иісі, Әйелдердің кешке Әнге басқаны, Көктемнің Көкшіл, зеңгір аспаны Есіме сені түсіреді ылғи...
СМОЛЕНЩИНА
Аштықты және тоқтықты Басқа да жермен көрер тең. Атағың неден көп шықты, Смоленщинам — көне өлкем? Құнарсыз, шырсыз жеріңмен, Жүргізбес батпақ жолыңмен, Сүліктер сорған еліңмен, Боларсың даңққа көмілген... Есімде, Тихон қарт көптен Қамығып, қайғы жанын жеп, Түнеріп тұрып, шарт кеткен: — Ағызса суға... бәрін!... — деп. Жер де емес еді-ау жер дейтін, Қанша ексең түк те өнбейтін... Бөленіп мүкке бұйықты Тереңі тұнған нелер кен. Сайтан алғыр-ай, сүйікті, Смоленщинам — көне өлкем!.. Жер едің мешеу, қапалы, Түрлендің енді көптен-көп. Төңкерістердің атағы Өзіңді аттап кеткен жоқ.
Жар етіп жарқын өмірді, Жаһанның жайды бәрі өркен, Міне, енді бай да көңілді,
Смоленщинам — жаңа өлкем.
Тоқшылық туын көтеріп, Қырларың сенің сый көрді — Түстіктен тұқым әкеліп, Егуді мұжық үйренді.
Қашықтық деген күрт кеміп, Шалғай жер енді қалмаған, Дуаннан шыққан жүк-көлік Жаңа көпірмен заулаған.
Жайылды жақсы атағың, Жағалай — жаңа мекендер. Смоленщинам — Отаным, Бар ма екен саған жетер жер?
Түтініңді аңсап өтемін... Қанша күн өтті? Қанша жыл... Армысың, туған мекенім! Бар ма екен Тихон шал қазір?!
- *
Жас едік ол кез ақылсыз, Белді де буып жүргеміз, Сүргенше ғұмыр татымсыз Айырылыспаққа мүлде біз.
Жүгіңе бола келіп ең, Абыржи бердің кеш қалып, Қоштасарыңда менімен, Кетпекші болдың пеш жағып. Отынды жалын аймалап, Жанғанын оттың көз көрді. Сонда сен маған жай ғана Айттың бір сырлы сөздерді. Бізде енді тірлік басқаша, Махаббатқа жоқ еш қауіп, Бірдеңе бола бастаса Аламыз ылғи пеш жағып. Михаил Дудин
ҚҰЛЫН
Жүрегімнің Ауылда кілті қалды, Қандырушы ем ойнақ сап кіл құмарды. Бәрінен де өстім мен бұл өмірде, Жақсы көріп жанымдай жылқыларды. Сұм дүние сұсымен сескендірген, Шықсын қалай бала кез естен бірден? Етегіне шешемнің жабыспай-ақ, Жетім болып тұлдырсыз өскенмін мен. Бар дүние Қаңтарда нұрын бұрған, Атын маған ажалдың ұғындырған. Жылқы мінез жайдары жайсаң жандар, Құшағына ап жауратпай жылындырған. Өлгенімше оларға қарыздармын, Саясында солардың қауыз жардым. Буын бекіп, Қабырғам қатқан шақта, Аттанам деп әскерге арыздандым.
Жаралғандай жылқымен бейне бірге, Атты әскер боп қарадым енді өмірге. Бөлімдегі салт атты байланысшы, Арғымақпен танысқан жөргегінде. Жылқы — от қой! Сондықтан күйемін мен, Бұл махаббат сіңіскен сүйегіммен. Қыдыртқанда Құлпырды қалыңдықтай Дульцинея дейтұғын бие мүлдем. Шекеріммен, наныммен жемдеп жүргем, Ол да маған жылқы еді сенген мүлдем. Командирдің өзі де аузын ашып, Сымбатына сұқтанып көрген бірден. — Соғыс! — деген сұмдық бір дауыс таңда, Естілді де, ойнады намыс қанда. Терістікті бетке алып, кетті аттанып, Жау-жарақты қосындар алыс жолға.
Ал ол жақта ақ боран буып кәрлі, Сақылдаған сары аяз сұрықты алды. Ал, мәссаған! Бір күні Дульцинея, Ақ қырауда толғатып туып қалды. Зіркілдеген зеңбірек, зауалды күн, Кісінеді әлсіреп жағал құлын. «Құлын жанын қинама!» — деді маған, Төмен қарап, Тұқшиып командирім. Құлынды мен жетелеп қашық бардым, Қалқасында есігі ашық тамның, Бір бума оқты түгелдей оқтадым да, Өз жанымды атқандай атып салдым. Тісім тимей тісіме сақылдады, Арқам терлеп, аяныш тақымдады. Алғашқы ұрыс. Алғашқы қатігездік. Көрдей көңіл. Соғыстың соқыр мәні.
Өкініштен өзекте торланды мұң, Көз алдымда қалған да қойған бүгін: Аяз. Орман. Ернімен түртінектеп, Саусағымды емшектей сорған құлын. Борис Слуцкий
АЛЬПІДЕГІ ТҮЙЕЛЕР
Таң қалдырып Грацтың жаранын, Төрт түйе жүр көшесінде қаланың! Атамекен Алматыдан — Альпіге Қалай жеткен тоздырмастан табанын! Сабылды екен қанша жолда қаншама ай, Осы өлкеге жету үшін шаршамай? Батыс Еуропа адамының көзінше Төрт түйе жүр маңғаз басып өзінше. Өр тұлғалы тәкаппар бір хайуандар, Сәл сезілер арықтығы — сезілсе. Мен сенбеймін хайуан десе түйені, Жануардың бәрінен де ол киелі. Дивизияны тіркемеге алды олар: Сүйрегені — зеңбіректер, арбалар. Қос өркешті, момын, жуас, сырмінез, Өр де сергек, күй талғамас шаруалар.
О баста олар әлде екі жүз төрт пе еді, Әлде үш жүз төрт, әлде одан да көп пе еді? Тажал соғыс тегіс жалмап, төртеуі-ақ, Тау қаласы Грацқа жеткені. Адам үшін бәрін тартып азаптың, Сан жақсылық жасады олар ғажап тым. Ешқашан да, еш уақытта біз енді, Ұмытпаймыз түйелерін қазақтың! Бойында ұлы қасиет бар сияқты, Ойында ірі қасірет бар сияқты. Келе жатыр тылсым сырлы түйелер, Шулы қала көшесінде шуақты. Қос өркештің арасынан Альпі жақ, Мұз өркештей көрінеді жарқырап. Көп трамвай арба артынан ереді, Темір жолын түйе керуен тартып ап.
Трамвайға түйе көңіл бөлмейді, Ал трамвай үркіткісі келмейді. Жайбасардың жай жүрісін кешіріп, Саңғырлатып қоңырау да бермейді. Топ трамвай жол кезегін тосқаннан, Қарағұрым. Нән түйелер басқан маң. Жол жөнекей жеп жүр олар жапырақ, Теміржолдың бойындағы каштаннан. Батыс Еуропа адамының көзінше Төрт түйе жүр маңғаз басып өзінше...
ҮНДІ ПОЭЗИЯСЫНАН
Әли Сардар Жафри
МОЙЫНДАУ
Махаббатыма нарық жетпейді, Тарту да сонсоң дәметпен, Күндерім кетсін тәрік боп мейлі, Күйіне қойман ерек мен. Ғашықтық дертпен дуаланыппын, Жүрегім күйіп жануда, Бір өзің үшін туа қалыппын, Тәңір деп сені тануға. Ес-түссіз саған берілгендігім, Жебеді мені бәрібір: Жанымнан менің өрілген жырым, Сырымды шертіп әлі жүр. Мәңгі мұздарды соншалық қалың Ерітіп өтсем дедім мен, Өлі тасқа да жан салып, жаным, Тірілткім келер деміммен. Бірақ та біреу табыла қалса, Орныма құштар соншама, Кешіре алмаймын, Жаныма қанша Жақын бір досым болса да. Масқаралар ем, Қарамас едім, Жұлар ем оны жүректен, Бір сөз айтуға жарамас едім, Өзің, тақсыр, бірақ мен!
Өзің деп ән сап өтемін әман, Қолымда ситар сынғанша, Сен аман болшы, Жетеді маған, Сағыныш қалса, мұң қалса. Қаптаған қырсық, басып та көміп, Жатса да мені жерлеп тым, Бақытты болып, Ғашық та болып, Бәрібір қала бермекпін! Амрита Притам
ӨСЕКШІЛЕР
Сөзшеңдер неменеге сүйреңдейді, Жүгіріп, асып-сасып, Күйбеңдейді? Шамасы көрші жігіт, Көрші қызға, Қырындап жүрген шығар үйленгелі. Сығалап ана жерден, Мына жерден, Екі жас кездескенде сірә, көрген? Ұмытып өздерінің от-ошағын, Бәрі де тыңшы болып шыға келген. Игі іс боп, Қасиетті рухтағы, Көрінер өздеріне қылықтары. Тамызып сөздің майын кезек-кезек, Тұрады ду-ду етіп құдық маңы. Көпіртіп көргені мен білгендерін, Тізеді кімге, Қашан, Кім келгенін, Қай қуыс, Қай қалтарыс, Қай тесіктен Ұқпайсың қалай көріп үлгергенін. Бейшара балалар-ай, Қасиетті От сезім бір біріне ғашық етті, Тұп-тұнық, биязы, пәк сол сезімді, Өсектің өкшелері басып өтті.
Тілдесе қалсаңдар-ақ қара баспақ, Гу етіп ұзынқұлақ ала қашпақ. Ұрланған Ұятсыз көз екеуіңді Сол сәтте-ақ жібереді жалаңаштап. Құлақтар түріледі, Езу күліп, Еріндер сылпылдайды төзім құрып, Телеграф сымымен тарағандай, Сөз шарлар шартарапты кезіп жүріп. Өсекші шіркіндер-ай, Теріп-бағып, Кімдердің қамын жеп жүр Өліп-талып? Көрші ұл Көрші қызбен тілдескенін Шамасы, айтты-ау біреу көріп қалып! Субхас Мукерджи
КҮН БАТҚАНДА
Құбыланың қабырғасын қақырата сөгіп, Қанды Ганганы қалаға шашырата төгіп, Қоламтасынан соңғы рет жасын ата сөніп, Күн ұйқыға құлады. Жұрт аяғы көшеде жаңа басылғасын, Тағы бір оқиғаның парағы ашылғасын, Полицияның міне сап қара машинасын, Кеш дыбыссыз түсті. Бөлмелерді жүрді аралап дамыл алмай, Шамды жаққанда қара ала қабыландай, Ашық терезеден далаға жаны қалмай, Қараңғылық секіріп кетті. Терезеге келдім де, пердені ысырдым, Шарпыды ып-ыстық дем мені, Қысылдым, Еліктей еркелеп келгенін түсіндім Үргедек қоңыр кеш. Сервеншар Даял Саксен
МАХАББАТ — ҚОЛШАТЫР
Қара жауын құйғанда сорғалап-ақ, Қолшатырын ашып ел қорғаламақ. Жауын тоқтап, Жаһанға болса тыным, Жұрт та жинап қояды қолшатырын. Түгесіліп тынымсыз тамшылары, Аспан түгел айығып, Аршылады. Махаббат — сол қолшатыр! Жұртты қорғап, Малмандай боп суға өзі малшынады! Харривншрай Баччан
ӨМІР
Өмір деген мәңгі жол, Қайтпас қайсар қозғалыс, Қиян асу, қарлы бел, Қиынына төз, Қарыс. Сойдақ тісті аңғарда, Су гүрілдеп жар салар, Шаршап-талып барғанда, Азан-қазан қарсы алар. Маза бермес, Білемін, Тынымға өзі зар мекен, Қозғалыссыз бір орын, Бұл әлемде бар ма екен? Өмір — майдан мәңгілік, Келіс, мейлі, келіспе, Не тартады тағдырың, Жеңіліс пе, Жеңіс пе? Жүзінен қан тамшылап, Қанжар қалса шарт сынып, Қасарыста қансырап, Құлап түссе мәрт жігіт. Бас амандық — Тілегін Тосады оған қай мекен? Қантөгіссіз бір орын Бұл әлемде бар ма екен? Өмір — ән ғой мәңгілік, Тебіренте шырқалар. Шабыт оты жандырып, Көкірекке нұр толар.
Кейде ішектен үн шығар, Қайғы-мұңнан өрілген, Шаршар сонда жыршы да Күйіп-жана беруден. Жан тыныштық — Тілегін Тосады оған қай мекен? Қайғы-мұңсыз бір орын, Қозғалыссыз бір орын, Қантөгіссіз бір орын Бұл әлемде бар ма екен?!.
НАН МЕН ЖЫР
Нан тапқам жоқ ешқашан өлеңіммен, Аш қалмай-ақ сонда да келемін мен, Поэзияның арқасында. Саған да жыр нан болмас, Ақталмағын, Сәл жұмсарар, бірақ та қатқан наның Поэзияның арқасында.
БАЙДЫҢ ҚАҚПАСЫ
Атам өтсе бұл қақпаның қасынан, Қорқып-сасып, Өзді-өзінен жасыған. Бұл қақпаны әкем өтіп айналып: «Бағы бар!...» — деп күрсініпті ойланып. Жасқанбай-ақ, Күрсінбей-ақ мен де өткем, Неден қорқам, Мұндай қақпа көрмеп пе ем? Балам болса, Дүңкілдетіп қақпаны: «Боққарын бай жойылсын!» деп жатқаны...
ТҮРІК НАЗЫМДАРЫНАН
Мелих Жевдет
ИТТІҢ БАЛАСЫ
— Әй, иттің баласы, жексұрын, Күресіңнен не іздеп жүрсің кешқұрым? — Ине іздеп жүрмін... — Инені қайтпексің? — Әмиян тігемін. — Әмиянды қайтесің? — Ақша саламын. — Дәмесінің зорын қарашы! Кет, жоғал, иттің баласы!
ЫСҚЫРУ
Балыққа теңіз керек, Ғашыққа лебіз керек. Қам-мұңсыз ұйықтау үшін Ақша керек, ақша! Ал, жай ғана ысқыру үшін Түктің де керегі жоқ, Жақсы! Ә! Октай Рифат
ОРАЗА
Ораза келді, жарыдым, Босап қалды қарыным. Он жыл бойы ұстадым, Жүз жыл бойы ұстадым. Оразам менің, оразам, Өзіңмен өтті қыс-жазым! Орхан УӘЛИ
ТЕСІК ӨЛЕҢ
Жыртық пешпет, тесік жең, Жыртық жаға, тесік тон, Шұрық-шұрық жауырын, Елеуішпісің, бауырым? Осман Түркай
АҚЫН БАЛАНЫҢ ТАҢҒЫ ДҰҒАСЫ
Тәңірім, Қамсыз болып балалық шақ, Тек қана жақсылықтан хабар ұқсақ. Тауынан Бесбармақтың Аттаған күн Үйіме кіріп келсе анама ұқсап. Әжелер ашып тастап есіктерін, Жүн иірсе шөкімдеп несіптерін. Емізіп сәбилерін ана біткен, Тербетсе қарлығаштар бесіктерін. Тәңірім, Қайтер еді, жас балаша, Таспенен бұралқы итті жасқамаса. Сабақты судай білсем, Ал, ұстазым, Дәрісті дүрелеумен бастамаса. Тәңірім, Қайтер еді сәл шамалы, Адамның арман болса аңсағаны, Ататүрік қабағын түйе бермей, Сәл жымиса суреттен болса дағы. Қасіреттің ұмытса Отан бәрін, Шалқытып бір шырқаса шопандарым, Лақ билеп, қозылар сырнай тартып, Ойнақтаса осылай отар қалың.
Есек пен ат есінен танып күлсе, Қырда сиыр, теңізде балық күлсе. Енесін емген қодық ерінінен, Қарқылдаған күлкісі тамып күлсе. Лала гүлдер ашылса баудан бауға, Көбелектер шашылса таудан тауға. Сағат санап шақырған тауық Алдан Қақпаны ашса болар-ау таңданбауға. Көңілдене гуілдеп көгершіндер, Инеліктің ұшқанын көрерсіңдер. Сауысқандар саңқылдап өлең айтса, Қол соғуға жиналып келерсіңдер. Тәңірім, Тілегім сол — өрт шықпаса, Үзілмес үміт бізді қолтықтаса. Туннельден шыға келген пойызбенен Інінен шыққан жылан қорқытпаса.
ЕРТЕГІНІҢ ІЗІМЕН
Күн нұры топырақпен біріккеннен, Бір Адам Дүниеге кіріп келген. «Кім менің ата-анам?» деп ойға түсіп, Өзіне пәлсапаны жуық көрген. — Топырақ пен дән неге құдіретті? Күн мен жұлдыз, ай неге құдіретті? Тұман мен жел, су неге құдіретті? Жапырақ, гүл, ну неге құдіретті? Құдіреті неде екен миуаның? Балауыздың кім білген сыры, мәнін? Қаймақ пен сүт, қамырдың, саз балшықтың. Құдіреті неде екен құмыраның? Тәңірім-ау, мынау қол, мынау кеуде, Бұл бас пен көз, бұл құлақ тынам дей ме? Мынау сіңір, мынау қан, ет пен сүйек, Тіршілік пен тылсымға құмар кейде.
Жалбарынып, табынып, ойланыпты, Өзіне өзі бір досты зорға алыпты. Ауа, судан сыр тартып, дүние жасап, Пайғамбарға сол Адам айналыпты. — Гүл иісінен іш неге өртенбейді, Құс үнінен неліктен дерт енбейді? Мен сау болсам олар мас, неге бұлай, Олар бейқам, мен үркек, тең келмейді. Бір шөл өртеп жүрегін тарылыпты, Кеудесіне күн кіріп, жанығыпты. Басын иіп сезімге ақыр соңы, Қу нәпсіге сайтандай салыныпты. Құмарлықпен күндерін өткеріпті, Піскен алма-миуаны жеп көріпті. Қарауытып көздері, басы айналып, Махаббаттан өзегі өрт болыпты.
Жанартаулар жанында жанып, сөніп, Адам сонда өсіпті алып болып. Димиаттан1 сол баба ұрпағына, Шөкім күріш кетіпті тауып беріп.
Біздің үйден жедің ғой талқан, жаным, Сол талқанның түсінші, қалқам, мәнін!
- *
Ғұмыр сүрмек бір басқа, Көрмек, білмек бір басқа. Сенесің де ойлайсың, Ал ащыны танығанша қоймайсың.
Мына жердің бейтаныс, жат нышаны, От лаулаған темір көше құшағы. Айқыш-ұйқыш құрыш болат құбырлар, Тарсыл-гүрсіл қарсы алдыңнан ұшады.
Сап-сары бұлт сан құбылған пішіні, Қара түтін көрінбейтін ұшығы. Отты діңгек, өркеш-өркеш елестер,
Көк жүзіне шөккен үрей белестер.
Бүкіл әлем лаулап жанған ту бейне, Шөлден қорқып, ерні кеуіп «су» дей ме? Құмға сіңген қаны жылы магниттей, Ұлы шаһар тартып мені тұр кейде. Тыңдау керек қай хабаршы хабарын? Белгісіз ғой қайдан медет табарың. Бәлки Мұса тауында тұр бейне антен, Ракеталар көкке тігіп жанарын. Араб пенен Израиль ұрпағы Суық сөзді сандырақтап тұр тағы. Бүкіл әлем жатқан кезде көз іліп, Шулы шаһар, кеңістіктен безініп, Өлген адам, Барам саған іздеп мен, Ғұмыр сүру үшін саған кезігіп!
ҚЫРҒЫЗ ЫРЛАРЫНАН
Әкбар Рысқұлов
ҚАРАҚАТТАЙ КӨЗДЕРІҢ
Қарақаттай сенің мөлдір көздерің, Қайтіп қана жары болдың өзгенің? Өзің, бәлкім, алдасаң да өзіңді, Көзің мені алдамасын сезбедің? Қарақаттай сенің мөлдір көздерің... Қайтіп біздің сырды ұмытып тастадың, Қайтіп қана жары болдың басқаның? Қандай қиын қапылыста кездессек, Қарақаттай көзіңді ала қашқаның! Бәлкім, кезің қунақ өмір сүретін, Бәлкім, кезің күліп-жайнап жүретін. Қарақаттай көзіңді мен аяймын, Жанарыңда қалған еді суретім! Қарашықта өшпей қалған суретім! Мен өзімнің айыбымды санаймын, Көңілімде саған бақыт қалаймын. Қалаймын да, Қайтті екен деп көздерің, Қарақаттай көздеріңді аяймын! Күнәсі жоқ көздеріңді аяймын!
АҚЫН БОЛСАҚ ДЕУШІ ЕДІК
Әкім Ә.Еркебаевқа Аттандасып, айғай салып, қуаттап, Әдебиет босағасын бір аттап, Атақ емес, Ата-жұртым үшін деп, Ат салысқан құрбыларға мың рахмат! Аттандасып, Ақ пейілден, жүректен, Ақ қағазда күрескен де тірескен. Мен сондағы балаларды аңсаймын, Әдебиет айдынында бір өскен! Аалыеке мен Алықұлдай ел сеніп, Айтматовтай, Асқаровтай белсеніп, Алатаудан Парнас тауға жол салып, Ақын болсақ деуші едік! Біздің мақсат Биік еді, көп еді, Беттегеннен қайта қайту жоқ еді. Көр тірліктің қинаса да гөй-гөйі, Көңіл құсы Көкте жүрген өр еді.
Жүрек емес, Ақыл бізді басқарып, Жүре-жүре әкім бола бастадық. Әттеген-ай, жол ортада қалар ма, Ақын деген арзу тілек тас қауып? Жо-жоқ, артық Ондай сұрақ қойғаным, Қу бас емес, Халық қамын ойлағын. Көбейтелік қызылшаны, мақтаны, Көбейтелік қырғызымның қойларын, Қамын ойлап, Қарап тұру рахат, Қарапайым халық қарны тойғанын! Ел-жұртының керегіне жараған, Ер азамат арамыздан тараған, Қызмет қылмай қарап қалмас халқына Қымбат кезде ақ қағаздан Қара нан! Шүкіршілік, Жандарыңда жүремін, Ақыншалыс, Әкімшалыс біреумін. Тағдырыма өкпем де жоқ, Ал бірақ, Анда-санда шаншулайды жүрегім. Тұрмыс өзі тура жолға еңсеріп,
Табыстырар деп жүруші ем мен сеніп.. Ай-хай, шіркін, Аттандасқан құрбылар, Әкім емес, Ақын болсақ деуші едік!
АҢҚАУЛАР, ЖАЛҚАУЛАР ЖӘНЕ АҚЫНДАР
«Аңқаулар мен жалқаулар ғана ұрламайды...» Экс-премьердің сөзі «Бәрекелді, бәлі!» деумен мақталып, Бала кезден жыр әлемін аттадық... Өмір сүріп Александр Пушкинше, Александр-падишаға жақпадық. Қиялымда Пушкинменен бірдеймін, Пушкин сынды өлең отын үрлеймін. Падишаға мен жақпасам мейлі ғой, Пушкин неге жақпағанын білмеймін. Ақындарың әр заманда жырғамас, Ақындардың аққан жасы құрғамас. Аңқау емес, жалқау емес, Ақындар, Ата-жұрттың қазынасын ұрламас!
ШИЫР ЖОЛ
Жығылған күйден тұра алмай, Жиырылып бойын жия алмай, Жылғадан жылға өрлеген, Шиыр жол — иір жыландай. Шиыр жол... Шерлі, қилы күн... Сұрланып бүккен сұмдығын. Шиырыла түсіп шағардай, Жыланның бассаң құйрығын.
АБХАЗ ПОЭЗИЯСЫНАН
Баграт Шинкуба
ШӨЛІРКЕУ
Қыз отыр терезеден баққа қарап, Аулада ала төбет жатты абалап. Жас жігіт желе жортып жақындады, Астында аласатып ақтабан ат. Қыз шығып қуған шақта қабағанды, Қақпаға қызыл әтеш қона қалды. Көңілі раушандай гүл-гүл жайнап, Қуаныш қыз жүрегін орап алды. Шөл қысып жас жігіт тұр көні кепкен, Ақкөбік аты да асау, тағы неткен. Жігітке құмырамен су апарып, Қыз келіп анасына мәлім еткен: — Апатай, құлағыңды түрші маған, Салт жігіт сырттан келіп су сұраған. Сұп-суық бұлақ суын беріп едім, Ішпеді, Бұл не қылған қырсық адам?
— Қақпаңа қаңсып келген қонақ үшін Құмыра қолтықтайтын баламысың? Суыңды өліп кетсе ішпейді ол, Сен оған мүйіз толы шарап ұсын, —
Анасы ақыл айтып, сәл жекінді, Ал қызы қобалжыған халде тұрды: — Күн сайын кеп жүр ғой ол қақпамызға Айтамын әкем көрсе қай бетімді?
— Қырындап маған бір кез сән құраған, Қартайып қазір әкең қалжыраған. Өзінің қалай-қалай шөлдегенін Ол бірақ ұмытардай алжымаған.
Қақпама баяғыда ол да келіп, Қаталап тұратұғын шөлден өліп. Шіркін-ай, сол шөл неткен тамаша еді?! Эх, біз де, Біз де жас боп көрген едік!
- *
Мен үшін ішіп жатыр ел! Көп сөзге елти қоймадым. Ұмытып тойды атымен, Көктемгі орманды ойладым.
Көгілжім көктем келгенде, Көк терек — орман алыбы, Жуандап діңін кергенде, Қаудырап түсер қабығы. Сол қабыққа ұқсап, Еліме Тарлығым менің сезілсе, Лақтырып тастап мені де, Өссін ол, өссін өзінше. Топырағына енем де, Тамырына нәр боп көшемін. Өсуіне оның төбемде Өлсем де көмектесемін.
УКРАИН ПОЭЗИЯСЫНАН
Павло Мовчан
ТҰМАНДАҒЫ ЖЫЛҚЫЛАР
Қолатты тұман тұмшалап алды, Аспан да мұнар құрсана қалды. Жөңкіле шапқан үйірге қарай Жусанның иісі бусана барды. Көз енді көрсе елесті көрді, Сана да кенет көмескіленді. Тұманда дүние адасқандай боп, Жасырды мұнар белесті, белді. Түскендей зердең қиын қақпанға, Осылай кейде миың қатқанда, Жалына аттың жабыса кетіп, Не жетсін желмен құйындатқанға! Көзіңнің жасы тиылмай парлап, Елес боп маңды шиырлай шарлап, Сәулелі жаққа кетсең-ау сіңіп, Ізің де жерге бұйырмай самғап. Сұп-суық ауа сібірлеп сәтте, Сұп-суық тамшы дірілдеп бетте, Шығыстан біреу қарсы ұшты маған, От ұстап қолға, күлімдеп көкте.
«Сенбісің?» — дедім тұманнан сұрап, «Жарық қыл» — деді үн алдан бірақ. Қарғыды атым, айрылдым жалдан, Шыңғырдым сонда тұра алмай құлап.
ПАБЛО НЕРУДАНЫҢ СӨЗІ
Өткеніңе ырзамын, өмір, сенің, Тірі қалды өзіңде небір сөзім. Әр тозаңда сен енді жарқырайсың, шуағымен шырқаудан төгілсе күн. Сенің мәнің мәңгілік жаңғыруда, Құрт-құмырсқа, қар мен мұз — барлығында. Күн жебесі күйдірген қолдар бүгін Тереңдерден сөз қазып қалдыруда. Махаббатта — бірлік бар, Жерде — рақым, Құйып өткен жаңбырдан ән қалатын. Мендік мақсат — Тоқмейіл тіршілікті Өткір жырмен өртеуге арналатын. Аспанды да, құсты да, тамшыны да, Айналдырам өлеңнің жан сырына. Мен әр сөзді құямын оқ құйғандай Сусындатып құрышты таң шығына.
Өмір, сенде өлімнің таңбасы бар, отты сөздер лапылдап алға асығар. өлеңді әлі тазарта түсу керек, тұтып қалған тозаңы бар да шығар. Бақ пен сорды кім екен ашып қарар, Шындыққа кім жалғанды қосып бағар? Тәттіге — тұз, тазаға — тозаң шашып, Тасырлыққа кім екен машықтанар? Тұтатқан кім сұмдықтың тамыздығын, Іске асырып өзінің жауыздығын? Жұртты азаптар сол оттың жарығында Сезінетін жан бар ма парыз жүгін? Әлде, бәрі бекер ме? Асылы, әлі Ақ көбігі шаттықтың шашылады. Уақыт шіркін майшамдай таусылса да, Балауызы Сөз — мөр боп басылады...
ХАЙУАНАТТАР ДҮКЕНІНДЕ
Құс сойып, Тұлып жасау шеберісің, Өзіңше өжектейсің өнер үшін. Шыбықпен қанаттарын кергеніңде, Сол құстың самғарына сенемісің? Қауқиып, Қатып қалған құсқа қарап, Тұрмын мен қылығыңды күстаналап. Селт етпес сенің сілті сезіміңдей, Серпіліп сермелер ме қысқа қанат? Аққулар, үйрек, шымшық, қарғалардан Қаңырап аспан бос қап, Сорлады орман. Денеден қанатты жан жұлынған соң, Пыр етіп мазмұн ұшып, форма қалған. Атымен заты олардың табыспайды, Сызылып көмекейден ән ұшпайды. Кетті ғой аспан суып өлген құсқа — Талайдан бұл да бізге таныс қайғы.
Көзіне шыны орнаттың ойып алып, Енді олар нені көрмек — өлі, ғаріп? Көк аспан, кең жаһанның орынына Бұйырды тар дәліздің төрі нағып? Еркіндік — Еркін құсқа тиесілі, Шеберім, көкейіңе түй осыны. Самғауға, қалықтауға жаралғанның, Қашанда соғып кетер киесі ұлы. Ноқаттай құстар көкте пайда болар, Нүкте боп өлген соң да қалмақ олар. Тамшы — оқ, Ноқат бейне бытыра ғой, Секілді алтын тозаң жан жоғалар. Қастасқан қанаттымен, қысқасы, кіл, Тұлыптың табылмайтын ұстасы бұл. Қолында мезгілді де ұстамақ боп, Өзімен табиғаттың ұстасып жүр.
Бекерге ұстасады ол, Тұлыптардан, Бұрқырар ажал иісі сіңіп қалған. Ол кейде өз кәсібін қарғағанда, Құлайды өлі құстар сырықтардан, Ұшады қауырсындар, Терезе ашық, Үрейлі үкі күлер жуық маңнан...
КЕШКІ КӨРІНІС
Дымқыл шөпті таптап өтті өкшелер, Күл ішінде күні бітіп, шоқ сөнер. Суық сүйер айдын бетін айнадай, Қараңғылық бет-жүзіңді өпсе егер. Шырт еткенде құрғақ отын шаласы, Шашырайды жарқ етіп шоқ, қарашы. Аяқ құрғыр мұнарды илеп тізеден, Қараңғылық отты үрлеп тұр шамасы. Ғасыр бойы кімді кімдер иледі? Біз жерді, әлде, жер біздерді биледі? Өмір-бақи шөлі қанбас көмейге Бір-ақ уыс топырақ па тигені? Жанарыңнан жарық сәуле сұйылар, Қара түнек көзіңе кеп құйылар. Түн ішінде жалын ғана әндетіп, Самайыңа күміс қырау жиылар.
Түн күрсінді. Су бетінде сарқынды — От сәулесі шағылыса шарпылды. Қызыл көзі қайта ашылған көмірден Күлгін түтін қайта туып шарқ ұрды. Жүзімізде үрей табы жарқырар, Ерніміздің желімденген қалпы бар. Үйеңкінің жапырағы шырқырап, От ішінен таңға қарай талпынар...
БОЗТОРҒАЙ
Дүниені әнімен дірілдеткен, Бозторғайды іздедім бүгін көктен. Өзі көзге көрінер-көрінбес боп, Кең даланы көтеріп шырыл кеткен. Бозторғайым, шоқтайсың уыстағы, Көмейдегі тілімнің туысқаны. Өзегімді әніңмен өртей түсші, Көңілімнің жазылсын құрысқаны. Менің денем биікке самғап алар, Көлеңкесі құрттай боп жерде қалар. Көкке өрлесем — өзіме бойлағаным, Кеудемде де бозторғай пайда болар. Таңдайымда ериді дауыс қардай, Мұздай түсті алтын шоқ қалыс қалмай. Мөлдіредің, бозторғай, көкке сіңіп, Неге сонша өрледің алыс, талмай?
Көңілдерді шырмаған шырмауықты, Тарқатпақ боп шырқауың тым қауіпті. Әнің сенің ақ бұлттан әрі асқанда, Кеудесінде кімдердің кір қалыпты?
ӘЗІРБАЙЖАН ШЕРЛЕРІНЕН
Мәмед Исмайыл
ӘКЕ
Әкесін жұрт ұмытпайды Ешқашан, Тебіренем әкемді ойлай бастасам. Өмірі мен сөзін жатқа білмеймін, Жадымдағы ақ кітапты ашпасам. Жанымда жүр Оның өшкен жан нұры, Тағдырымда жүр оның да тағдыры. Оған деген сағынышпен өтті ғой, Қанша күнім, Қанша жылым, Барлығы. Сүйелденді алақаны Анамның, Көзінде оның — Үміт, бейнет, алаң, мұң Екеуміз де мұрагерміз тағдырға, Ол тағдырды, қайдан іздеп табармын? Алдап жүр ме зерде деген зер-сезім, Өзің жайлы тыңдап едім ел сөзін, Өзгеше етіп суреттейді бейнеңді, Әкежаным, Өтінемін, Келші өзің.
Зираттарда, Айтар болсаң ашығын, Байтақ әлем жатыр бізден жасырын. Соның сырын берер маған кім ашып, Тірлігімде, Озбай тұрып ғасырым? Соғыс бітті, Жылдар зулап өтті енді, Сені күтіп сарайыма от толды. Шындық қайда? Жалған қайда екенін Өзің келіп түсіндірер шақ болды. Тұмасы сен мен боп аққан бұлақтың, Аш-жалаңаш жетілдім де, Гүл аттым. Сен — Сөйлемсің соғыс өзі өшірген, Соңыңда мен — Нүкте емеспін, Сұрақпын??!
ҰМТЫЛЫС
От пенен от, Су менен су бірігіп, Бар болмысқа кеткен болар кірігіп? Арман қуып, қуанышты сағалар, Әй, кішкентай балалар-ай, балалар. Жаңбыр жауып, Биікті бұлт басқанда, Өкшелерін көтерісіп аспанға — Арманына ұмтылатын сан ғасыр, Беу, бұтақтар, бұтақтар-ай жап жасыл. Өздерінің сырқаттарын ұмытып, Бір-біріне жәрдемдесіп, жылытып, Қол ұштарын бермек болып елпілдер, О, кейуана, кемпірлер-ай, кемпірлер. Қайғы менен қасіретті өткеріп, Азапты да, тозақты да көп көріп, Бар әлемге жауапкер де, Балғадай Қайран біздің ақсақалдар, шалдар-ай.
Жер тағдыры жағамыздан алғанда, Шарасыздан жақ аша алмай қалғанда, Сыңғырынан жан сарайың шуақтар, Бірге туған бұлақтар-ай, бұлақтар. Беу, кішкентай балалар-ай, балалар, Бұтақтар-ай, жас жігерге барабар. Кемпірлер-ай, кемпірлер-ай кейуана, Қайран қарттар, қайыспаған қайда да. Бұлақтар-ай, шапқылаған айнала... Қай белеске шақырады дауыстап, Қай қиырға бара жатыр алыстап?
КӨГЕРШІН
Көгершін, Қалай мұнда тап келгенің? Мен дағы сен сияқты жат жердемін. Дән бе әлде, Тыныштық па, ап келгенің, Қол созым отырсаң да шап бермедім. Аспанын дүниенің көктеп, құсым, Тұқымын тыныштықтың сеппекпісің? Жападан жалғыз өзің Мен сияқты, Өмірдің құпиясына жетпекпісің? Бір шөкім шүйке бұлттай періштем-ау, Анамның демі болып өппекпісің? Жүректің лүпіліндей елгезегім, Мазасыз мен де сендей жер кеземін. Сен білсең, Бұл дүние құс секілді, Айтпастан ұшып кетер елге жөнін.
БАЙКАЛ
Тайга — бұғы Тізесін бүгіп алып, Су ішеді жылтылдап түгі жанып. Қайта-қайта шақырып Байкал мені, Қоздырды ҒОЙ қанымды бүгін анық. Жолығуды Байкалмен аңсап едім, Туыстығым сезілді сонша менің, Мен толқимын жүрегім дүрсіл қағып, Ол толқиды тереңнен алса демін. Қарашы оған, Көзіңді айырмашы, Байланысты байырғы пайымдашы. Көкірегінде ол қандай сыр сақтап жүр, Көкірегімнен бар ма екен айырмасы? Көлге айналшы, Қыс келіп орап алсын, Көлге айналшы, Көктемде оянарсың. Қарашы әне, табиғат тына қалды, Сұлулыққа сұқтанып қарағансын.
Тайга айнала — Көгілдір қиял мекен, Кеңістігі көзіңе сияр ма екен? Ғарыш көктің көзіне Жер шары да, Көгілдір боп көрінген сыңайлы екен. Байкал жатыр Төсінде күні көлкіп, Бекіредей жондарын күдірейтіп. Байкал қалды Сібірде, Көшті мұхит Әкете алмай өзімен мұны да ертіп. Алқынады ол өзімен өзі болып, Сәл тына қап, Тулайды жөгіленіп, Саздақта емес, тауда емес, Тайгада ол, Қалған сынды мұхиттың көзі болып. Ата жұртым, Сен болып бар арманым, Біле тұрып бір келмей қала алмадым. Мен шыр етіп туғанда-ақ, Шақырып сен Қанымда ойнап, барыңды хабарладың. Осы өлкенің өзімнен алыстағы Же САХА ПОЭЗИЯСЫНАН Платон Ойунский
«НҰРГҮН БАТЫР ЗЫМЫРАН» қаһармандық дастанынан
АЙЫЫ УМСУУРДЫҢ СӨЗІ
Жарандар-ау, жарандар, Құлақ салып, қараңдар. Баран атын айдаған, Бұлттың астын жайлаған, Балғын Нұргүн батырдың, Білектерін байлаған, Дуалы жіпті шешіңдер, Кісендерін кесіңдер! Босатыңдар бұғаудан! Бұл күйінде жіберме, Бұл күйінде жіберсек, Көк аспанның әлемін, Көк тебендей көктейді ол, Жер астының әлемін, Қопармаса кетпейді ол. Тоғыз қабат аспанға Топан судай тер төгер, Жаһаннамдай жер астын Тегенедей төңкерер. Қырық пышақ жер үсті, Қырғын болып өртенер. Тас-талқан боп төңірек, Таусылмайтын сор төнер. Менің Нұргүн бауырым, Дүниеге келгенде, Көктің жүзі гүрілдеп, Жердің асты дүрілдеп, Қақ айырылып қара жер, Қорыққан еді дірілдеп.
Бойына оның күш кірсе, Бұлшық еті бұлтылдап, Буындары сыртылдап, Асып-тасып қайраты, Басынғанды бұқтырар, Арыстандай айбаты Аспан астын ықтырар. Албастының ауылын, Ақырып бір шаппаса, Аспан астын адақтап, Өзіне тең таппаса, Күші сыймай бойына, Келгенін жасап ойына, Бірдеңені бүлдірер, Бүлдіргені бәле боп, Соңынан ақтап кім жүрер?
НҰРГҮН БАТЫРДЫҢ СӨЗІ
Ай, жарандар, жарандар, Тыңдаңдар да қараңдар. Күн сәулетті ұлысым, Айыыны қорғар не амал бар? Ақырғы сәтім таянды, Жауыздар білмес аяуды. Қайғыға жүзім боялды, Жерімді жаулап жау алды. Түбінен сынды тірегім, Адыра қалды тілегім, Салдырып бітті білегім, Қалтырап кетті жүрегім, Таусылды-ау дәмім, білемін! Қанішер залым басынды, Қулығын менен асырды, Апанға алдап түсіріп, Жұтатын болды басымды. Тебінгім текке шіріді, «Темірдей күнім құрыды, Тұйыққа тығып қармады-ау, Құтқармай жаудың құрығы. Көңілді жайлап уайым тұр, Дұшпанның көрі дайын тұр, Құтқаршы мына пәледен, Апатайым, Айыы Умсуур!
Бір әкеден тумап па ек, Бір шешеден тумап па ек, Есіңе алшы сен мені, Бір арманды қумап па ек! Бейқамдықтан сорладым, Бұлқынамын, Тордамын. Басыма күн туды ғой, Болшы, апатай, қорғаным! Наталья Харлампьева
АСЫҒЫСПЫЗ
Сәуірде сулар сәл неге Сықырлап, сеңі бөлінсе, Айтпақшы болып әлде не, Тырысқаны ғой өзінше, Айта алмай, бірақ тынғаны-ай, Кеттік-ау біз де тыңдамай, — Асығыспыз! Қауызын жарған қызғалдақ, Шуаққа шомып түрлене, Сыбырлап қана бізге арнап, Айтпақшы болар бірдеңе, Алайда сасып, тызақтап, Кетеміз гүлден біз аттап, — Асығыспыз! Өзіміз алған жоғалтып, Ескі дос келіп тағы да, Ескі достыққа қол артып, Жасаса жаңа базына, Тыңдамаймыз біз оны да, Құлақ аспаймыз назына, — Асығыспыз!
Аңсаған асыл арманға, Қолымыз жетпей қалғанда, Құса боп оған не етеміз, Ұмытып тез-ақ кетеміз, Уақыттың өзі «сөйт» деді, Асығыспыз ғой өйткені, Асығыспыз, Асығыспыз, Асығыспыз!
ТҮС
Бұл өзі неткен күй еді? Көремін ылғи түсімде, Құлынын ерткен биені Жайқалған шалғын ішінде. Кісінеп бие жай ғана, Құлынға қарай ойысар. Шапқылап құлын айнала, Желінге келе жабысар. Оянып сосын жүремін, Қызғаныш бойға толғандай, Өзімнен басқа біреудің Бағына куә болғандай.
РОМАНСҚА ЕЛІКТЕУ
Терезеңді аш. Арайлап, Таң атты міне кәдімгі. Күлімдеп көзі бар аймақ, Қараңғылықтан арылды. Үлгірмей жатып сырласып, Барлығы бірден өзгермес, Қамыға берме құр жасып, Сандалтпай қыздар сөз бермес. Қолымнан келсе көрмек ем, Сыр тартып сенен оңаша. Үлкенсің біраз сен менен, Ойнайын десем балаша. Терезеңді аш. Таң атты. Шырақты таста өшіріп, Жаңғыртып бүкіл алапты, Күлейік енді қосылып.
ҚАЗЫҚ
ҒАСЫР БІТТІ
Ғасыр бітті... уақыт бізге көрсетті басымдықты, жеңе алмадық, біз бірақ айуандықты, жеңе алмадық надандық, басырлықты, масылдықты жеңе алмай ғасыр бітті! Аяқталды... талай арман жазықсыз таяқталды, ұрандар мен бұйрықтар билік құрып, қорлап бақты сүре мен аяттарды, имансыздық ғасыры аяқталды... Аяқталды? Жоқ әлде басталды ма? Шындық бұл-бұл ұшты ма бастан мына? Ақиқат пен құдайға астам қарап, Шошындырдық жерді де аспанды да. Табалдырық!.. «Жіберді еңбек маймылды адам қылып», десе — сендік, бірақ та сол адамнан арылмады бәрібір арам қылық, тамам былық аттаған табалдырық.
Ғасыр өтті! Шындық өзі шау тартып, жасы жетті. Қауқар, қуат қалған жоқ адамзатта талақ етіп тастардай қасіретті, көз жасына көміліп ғасыр өтті... Тәмамдалды!.. заман зарлы болғанда, адам жарлы, бұл адамзат атындай астындағы ауыстырып мінгенде қоғамдарды, қасиет пен өсиет қараң қалды, бір ғасырлық масқара тәмамдалды... Келер ғасыр! кердең басып саған да енер масыл, нелер тарпаң табандар таптар ма екен, ақ ниет деп аталған өнерді асыл, не дайындап келесің, келер ғасыр?..
ҚАЗАҚИЯ
Қазақиям — азат ұям, қоңыр жұртым, ұлы елім, қаңқылдаған қаз атынан сөз саптаған сүлейім. — Қанға — қан! — деп, — Жанға жан! — деп, атам қазақ үйреткен, өтті ғасыр сандаған көп, ақ сойылын сүйреткен. Шыңбысың сен — Хан-тәңірім, әлде Бетпақ — шөлмісің, қаңсыса да қан тамырың, қыңқ етпейтін көнбісім. Тасыдың да жаусыдың, түпсіз арнаң толсашы, дүниенің күнәсінің жуылатын моншасы. Аялаған азаттығым бұл-бұл ұшса басымнан, — кімге керек қазақтығым мақтан еткен жасымнан? Төбеңдегі Айды мына тұмарыңдай көремін, қапалы да, қайғылы да қоңыр елім, өр елім. Топырақтың табын сездім, жүгірдім де жығылдым, Отан деген назым сөздің мәнін сенен ұғындым.
Аспандай кең атамекен, иі қанбас көн дала, сені сүю — қате ме екен? Сүйіп өтем сонда да!
МАЗМҰНЫ
Алғысөз Әбіш Кекілбайұлы. Өркені өсер өнер, өрісі шалқар өлең БОСАҒА Антижарнама. Қалы кілем
ҚАРА ШАҢЫРАҚ
«ИМАННҰР» топтамасы
Едіге тауы Сарайшық. Қылқалам Қыш құмыра. ХІV ғасыр Жезқазған. Балбал жыры Ақтабан шұбырынды Қожаберген жырау Күршім. Жаралы Барақ батыр Қобда. Исатай қабірі басында Ұлытау. Құрбандық. Қобыз үні Ақтөбе. Қазанқап қабірі. «Көкіл» күйі Қарой. Махамбет Соловки-Торғай Міржақып Дулатов Алматы. Желтоқсан Ақынның сөзі Бейнеу. Ұлутасқа еліктеу Шыңғыстай. Көшедегі бұлттар Алматы. Өртенген аэропорт Маңғыстау. Замандас Арал. Кертолғау Тағзым Қараөткел. Әкбар Рысқұлов Түркістан Біз —Түркілерміз Қасқырды қорғау Жаңақорған. Шипажай. Қара балшық Түлкібастағы той Жаңғызтөбе. Роза Рымбаева Зайсан. Зілзала Қара Ертіс Қарындасым қайда, қара Ертіс? Зайсан көлі. Жағалау Алматы. Ақпан Үлкен Қаратал Нұрғисаның аққулары Ескі қаламен қоштасу Арқа қысы Астана. Қырау Астана туралы ән Астаналар Қазақстан
КЕРЕГЕ
«ҚАНАТНАМЕ» топтамасы Құспен туыстық Жыл құсы Қауырсын Бозторғай Пұшайман Мас шағалалар Ақынға қанат бер, Құдай! Қарлығаштар Тотықұс Құс жолы «Шырылдаса боторғайлар...» «ТОЗҒАН ПЕЙІШ» топтамасы «Далам!» — десем Тұскиіз Кентавр хирон Баянөлгей Маңырақ Қазақ тілі Голиафтың ауылы Тағы да туған тіліме «ТЕРІСҚАҚПАЙ» топтамасы Еменнің қисық бұтағы Отаным Дарвинизм Бір ағаның ақылы Қазақтар Бақыт қайда? Қазақстан, сен өлсең Терісқақпай Бақытты халық Жидебайда Қара базар. Домбыра сатушының жыры Тап
ЖАРИЯЛЫЛЫҚ ЖЫРЛАРЫ
Сауал Қайта құру Біздің ақындар Кеңестік сөз Майшелпек туралы диалог-ертегі «Жүрегімді тырнап жатыр біреулер...» Коррида Төңкеріс Күпір өлең «Есуас заман...» «Ботасы өлген ғасыр інген...» Мәңгүрт Дүлей ғасыр «МҮШЕЛ ЖАС» топтамасы Желқайық «Келсе де тағдырыммен ерегескім...» «Ұлымын деп астананың...» «Ақыл тісі шықса да ақыл кірмей...» «Қалада жауған қардың қара болатынын...» «Өмірді дұрыс сүрмей келіппін...» «Сенісер дос қайда бар...» Медеу «Бүгін менің сарайым босап қалды...» «Бүгінгі күнім мәңгі өлді...» «Өртеніп кейде орасан...» «Қайғысыз болсаң — тұщынып...» Күшік «Жетім бұрыш»
«Қара жер хабар берсінші...» Өткен күнде белгі бар Ақыннан сағат сұрама «ӨЛІАРА» топтамасы Қылкөпір «Сыздайды да мұздайды сұм жүрегім...» «Сезім өлді, бойымда бір от сөніп...» Аукциондағы қалам Өрмекші Шүлен Иероглифтер «Халықты ойлап...» Алданған ұрпақ 1992 жылғы 28-қазан. Ақырзаманды күту немесе Нострадамусқа мұң шағу Ақ періште Насыбай шақша Аквариум туралы аллегория
УЫҚ
Балға Үш апельсин Айвазовский. Тоғызыншы вал Аямейіз Уық Қар Ақын деген бір ұлт бар Біз өткенде Жанартау «Өлім деген іс болды үйреншікті...» Шүкімайт Жаназа Пәтшағар Бұзылған уақыт Жаратқан Ақындар мен әкімдер Зілсандық Қақпа Тағдыр Назымға Жалғыздық Патша көңіл. Амнистия 9-мамыр Шарайна Қысқа жіп Біз туралы өсектер Алшағыр Жендет Бала достар Бәйтерек Екі мерзім Үстел Қандыкөйлек Әкеммен соңғы кездесу Анама. Бірінші жыр Анама. Екінші жыр Әке
ШЫМЫЛДЫҚ
Сені ғана сүйемін Мәжнүн Кәусар «Ақынды түсінерсіңдер...» «Сырымды кімге ашпадым...» Біздер де ғашық болғанбыз «Көкте жұлдыз жымыңдасып...» Жауқазын Өрт «Заңғар, заңғар Зайсанның тауларына...» «Алтыннан аттап жолдағы...» Жарлы тіл Сарқырама «Сен мені іңкәр еттің...» «Айлы түнде ұрылар мен қарылар...» «Жырақта ирек салып от қамшылар...» Дәліз жуған келіншек «Шыбынымды шырқыратып сен кеттің...» Емдеші мені, ерке қыз Бейсенгүлге «Бүршіктері буазып тұр бәйтерек...» Қырғыздар немесе Жомарт Бөкенбаев тойында «Сол бір әнді сен маған жырламашы...» Қыз қуу «Жадыраған жаз жөнеліп, күз келді...»
ОШАҚ Мұңлы өлең Суысу Уақытты кім жаратты Қозғама Ескерткіштерге эпитафия «Күн өртеніп марқұм болды...» Қансонар Антоним Жас ақын Тіршілік «Мен бақытты адамға қызықпаймын...» 365 күн мен түн Жұмақ пен тозақ Зиян Грамматика Досты сату «Морг» «Беу, досым...» Қазақы ұрлық Жазмыш. Қостаған Сауда Ақшам. Шөкім бұлт Жұлдыздарға іңкәрлік Тентек ақын Қолайна «Өмір-өзен дейді осы халық неден...? ҮШТАҒАН 1.Армысың, Америка 2.Бродвей. Үндіс көсемі 3.Бұлбұлсыз өлке Күзгі девальвация «Ақ балтырлар ән салып...» «Өздері өткен көпірлерін...» Сөз Күміс өлең Бас пайда Баяғы әндер
ТҮНДІК
МИСТИКАЛЫҚ жырлар Фатализм Жантәсілім «Өшіріңдер жұлдыздарды...» Жарғанат жыры Қандауыр Жылан Ақыретте жазылған жыр Жұмбақ хал Жұлын Ажалмен тілдесу Ескерткіш Пісіміллә Періштемен тілдесу Аруақтар Сіз Мүңкір-нәңкір немесе мақшардағы диалог Бұрғы
ҚОНАҚКӘДЕ
«АУДАРМАЛАР» топтамасы ОРЫС поэзиясынан Михаил Лермонтов «Қош бол, Ресей, кірлеген...» Жұлдыз Жасын «Дидарластық...» Александр Блок «Баттым мен теңізіне жоңышқаның...» «Аппақ самал өшті енді...» Күздігүні «Қыс бойына қарлы құйын сарнаған...» Дмитирий Кедрин Жүрек Николай Рубцов Орыс оты Жайдары Филя Не үшін? Қарлығаш Александр Твардовский Анама Смоленщина «Жас едік ол кез ақылсыз...» Михаил Дудин Құлын Борис Слуцкий Альпідегі түйелер ҮНДІ поэзиясынан Әли Сардар Жафри Мойындау Амрита Притам Өсекшілер Субхас Мукерджи Күн батқанда Сервеншар Даял Саксен Махаббат — Қолшатыр Харривншрай Баччан Өмір Нан мен жыр Байдың қақпасы
ТҮРІК назымдарынан Мелих Жевдет Иттің баласы Ысқыру Октай Рифат Ораза Орхан Уәли Тесік өлең Осман Түркай Ақын баланың таңғы дұғасы Етегінің ізімен «Ғұмыр сүрмек бір басқа...» ҚЫРҒЫЗ ырларынан Әкбар Рысқұлов Қарақаттай көздерің Ақын болсақ деуші едік Аңқаулар, жалқаулар және ақындар Шиыр жол АБХАЗ поэзиясынан Баграт Шинкуба Шөліркеу «Мен үшін ішіп жатыр ел...» УКРАИН поэзиясынан Павло Мовчан Тұмандағы жылқылар Пабло Неруданың сөзі Хайуанаттар дүкенінде Кешкі көрініс Бозторғай ӘЗІРБАЙЖАН шерлерінен Мәмед Исмайыл Әке Ұмтылыс Көгершін Байкал САХА поэзиясынан Платон Ойунский «НҰРГҮН БАТЫР ЗЫМЫРАН» қаһармандық дастанынан
Айыы умсуурдың сөзі Нұргүн батырдың сөзі Наталья Харлампьева Асығыспыз Түс Романсқа еліктеу ҚАЗЫҚ Ғасыр бітті Қазақия
ҰЛЫҚБЕК ЕСДӘУЛЕТ
«КИІЗ КІТАП»
Ел мен жер жырлары Редакторы Бақыт Беделхан Суретшісі Е.Сүлейменов Техникалық редакторы С.Бейсенова Корректоры Корректор Т.Хасенова Теруге 7.09.2000 ж. жіберілді. Басуға 25.12. 2000 ж. қол қойылды. Қалыбы 60х90 1 32. Офсеттік басылым. Қаріп түрі Таймс. Шартты баспа табағы 24. Есепті баспа табағы 23,85 . Таралымы 2000 дана. Тапсырыс 4197 ҚР Мәдениет,ақпара және келісім министрлігі «Елорда» баспасы. Астана қаласы, Бейбітшілік көшесі, 25. «Ақмола полиграфия» ЖАҚ 473000, Астана қаласы, Бейбітшілік көшесі, 25.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру