Ақ түтекте
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
"Ақ түтекте" атты шағын кітапшаға Совет Аққошқаровтың төрт әңгімесі енгізіліп отыр. Бұл әңгімелердің бәрінде де ауыл балаларының өмірі суреттеледі.
Бірінші класта оқитын Тойшының ұшқыш ағасы бар. Тойшының әкесі:
— Жанмұрат ағаңның самолеті он екі адамдық. Ол ауданның жолаушылары мен почта жүктерін тасып тұрады. Мектепке барғанда, сол ағаңның үйінде жатып оқисың, — деп қызықтыратын.
Міне, Тойшы каникулға шығып, сол Жанмұрат ағасының самолетімен Бөктерлі тауы етегіндегі қыстаудағы үйіне ұшып келеді. Әкесі Асылбек — әйгілі шопан.
Бүгін Тойшының қуанышында шек жоқ. Бірінші тоқсанды түгел беспен бітірді. Сол хабарды әкесіне жеткізуге асық.
Бірақ орта жолға жете бере, ауа райы бұзылып кетті. Ұшқыш алған бетінен қайтқысы келмеді. Қонатын алаңға дейін әлі біраз жер бар.
— Мынау көз ұшында қараңдаған не? — деді Жанмұрат бір кезде төмен үңіліп.
— Сірә, бұл Асекең болар. «Қар жұқа, жер қара» деп отарын ыңғай өріске айдап кететін. Жалғыз екен өзі. Қойы ықтап, қайыру бермей жүрген сияқты, — деді ауданнан келе жатқан ауыл адамы.
— Әкемнің отары ығып кетуі мүмкін бе? — деді ұшқыш.
— Жедел көмек болмаса, әрине, ығып кетеді.
Әкесінің халін ойлап, Тойшының да зәресі ұшты.
— Самолетке мінгізіп ала кетейік? — деді ол.
— Ал бір отар қойды қайтеміз? — деді ұшқыш ағасы. — Қарабастың қамын ойлап, боранға қалдырып кетеміз бе? Қасқыр жеп қойса, қайтеміз?
Тойшы ағат сөйлегеніне ұялып, төмен қарады. Сөйткенше болған жоқ, самолет отардың үстінен екі рет айналды. Сосын салт атты адам жақтағы кең жазықты қуалап, төмен қарай құлдилай жөнелді. Самолет жерге қонысымен, салт атты желе жортып, қастарына жетіп келді. Асылбек екен. Тойшы қуанып, жүгіріп барды.
— Әке, біз сені құтқаруға келдік! — деді ол.
Асылбек аттан жылдам түсе қалып, кіші баласын көтеріп алды.
— О, ақылыңнан айналдым сол! Мінекей, жігіт болды деген осы! Маған көмекке келіпті! — деп күлді шопан.
— Өзің мына бораннан қорықпай мәз боп жүрсің ғой! — деді Тойшы таңырқап. Оның бұл сөзіне тұрғандардың бәрі ду күлісіп алды. Ал Тойшы одан бетер таңырқады.
Жолаушылар қандай көмек керегін сұрап, шопанмен біраз ақылдасты.
— Мен шамам келгенше, отарды қыстауға қарай қайырайын. Ал ауыл адамдары атқа қонып, алдымыздан шықсын. Бағытымды айтарсыңдар. Оңтүстік беткейді бейімдей жүрсін. Сосын, Жанмұрат, төбеден ұшып жүріп маған да, көмекке келе жатқандарға да хабар беріп, байланыстырып тұрасың ғой, — деді шопан.
… Жанмұрат самолетін қыстау түбіндегі алаңға қондырған кезде, ауыл да жолға шығуға қамданып жатыр еді. Олар ұшқыштан Асылбек шопанның амандығын естіп, қуанысып қалды.
— Тойшы, неғып тұрсың, үйге бармай? Тоңып қаласың ғой, — деді ұшқыш ағасы.
— Аға, мен қорқақ емеспін. Әкеме көмекке мен де барайыншы. Қойын қайырысайын, — деп жалынды Тойшы.
— Сенсіз де жетерлікпіз. Онан да сен әкем келгенше, апаңа көмектес. Қораны тазаласып, шөбін жинас, жарай ма?
— Құп болады, жолдас ұшқыш! — деп, Тойшы солдатша жауап берді.
Жанмұраттың самолеті аспанға бірден шырқай көтерілді. Ол әкесінің отарын бетке ұстап ұшты. Ақ түтек арасына сүңгіп көрінбей кеткенше, Тойшы самолеттен көз алмай қарап тұрды.
КІШКЕНТАЙ КОНСТРУКТОР
Талмас бір тыным таппайды: сурет салады, ағаш не пластилиннен мүсіндеп ойыншық жасайды. Ал оның салған суреті, жасаған мүсіні өте әдемі болып шығады. Балалар оған қызыға қарайды. Тәрбиеші Ақжарқын апай да Талмасты мақтап отырады.
Міне, Талмастың балалар бақшасымен қоштасатын уақыты жақын қалды. Биыл ол мектепке бармақ. Тәрбиеші Ақжарқын апай:
— Талмас, мектепке барғанда да осы өнерді тастама, — деді.
Талмас Ақжарқын апайдың әлгі қошамет сөзіне езу тартып жымиды. Сосын мөп-мөлдір қара көзі күлімдеп:
— Ақжарқын тәте, мектепте жүрсем де балалар бақшасына келемін. Кішкентай балаларға ойыншық жасап беріп тұрамын, — деді.
Сол күні Талмас: «Балалар бақшасымен қоштасарда бір ескерткіш қалдыруым керек!» — деп ойлады.
Талмас кинодан советтік ұшқыштың ержүрек істерін көріп, қатты сүйсінді. Ұшқыш жау самолетіне бетпе-бет қарсы ұшты. Дұшпанның дәті жетпеді. Жалт беріп қаша жөнелді. Сол кезде совет ұшқышы фашист қарақшыларын қалт жібермей атып түсіріп, жалын құштырды. Не керек, мұның бәрі айтып болмас ғажап ерлік еді. «Мен дәл осындай самолет жасаймын», - деді Талмас қуанып.
Талмас ағаштан жонып самолет жасай бастады. Онысы атақты «ЯК» самолетіне ұқсас болып шықты. Оны қалайы түстес бояумен сырлап, аппақ қып жалтыратып қойды. Сосын тағы да бір самолет жасады.
Талмас алғашқы самолетке қызыл жұлдыздың суретін, екіншісіне крест белгісін салды.
Енді ол жасаған самолеттерін ойыншық қалпында қалдырғысы келмеді. Оны «ұрыс алаңына» шығаруға әрекеттенді. Ол үшін не істеу керек? Осы бір ой Талмасты күндіз-түні мазалаумен болды… Ақыры жолын тапты. Талмас самолеттің қанатына ілгішек жасады. Сосын үйдің қабырғасына еңіс етіп сым керіп, сол сымға самолетті бекітті. Ал жоғарыдан жіпті тартып қалғанда, самолет зу етіп еденге шаншыла құлайды. Бұған Талмас қатты қуанды. Сөйтіп, екі самолетті бір-біріне қарсы бағыттап орнатты. Бір мезетте оның тиегін көтеріп қалғанда, самолеттер төмен қарай шүйліге зуылдап тұмсықтарымен кеп соғылды да, екеуі де ұмар-жұмар құлады. Талмас мұны қызықтап, бірнеше рет қайталап шықты. Бірақ жау самолетімен бірге қызыл жұлдызды самолеттің де құлап түсуі оған ұнамады. Қызыл сұңқардың қанаты қайрылмай аспанда самғап ұша беруін тіледі. Талмас тағы тұйыққа тірелді.
Бірде Талмас қызыл жұлдызды самолеттің сымын сәл жоғары тартып, ұшын жерге жеткізбей, көтеріңкіреп иді. Ал крест белгісі бар самолеттің сымын босаңдау тартты. Мұнысы тамаша болып шықты. Екі самолет шүйіліп кеп соғысқанда, «дұшпан қарақшысы» төмен қарай құлдилай жөнелді де, қызыл жұлдызды самолет тіп-тік зу етіп өте шықты…
Содан кейін Талмас тағы да тапқырлық жасады. Ол шайдың қорғасын қағазына сіріңкенің күкіртін үгетіп салып, екі самолеттің тұмсығын желімдеп жапсырды. Өйткені самолеттер соғысқанда жарылыс пайда болуы керек қой.
Үйде Талмастың әкесі мен шешесі қаннен-қаперсіз отырған. Бір кезде мылтық атылғандай гүрс ете қалды. Әкесі мен шешесі үрейленіп атып тұрды орындарынан.
— Не болды? Амансың ба әйтеуір? — деді екеуі бірдей.
— Ура! Біздің самолет жау самолетін атып түсірді.
Істің мәнісіне жаңа түсінген әкесі:
— Самолетіңде жарылған ненің дәрісі? — деді.
— Сіріңкенің күкірті.
— Сен оған әуестенбе! Қапелімде өрт шығарып аларсың! — деді әкесі.
— Ал сонда жау самолеті қалай жарылады? — деді Талмас.
— Дүкеннен арнайы қағаз пистон әкеп беремін.
— Рас па, папа?! — деді Талмас қуанып.
— Рас.
Айтқанындай әкесі дүкеннен қағаз пистон әкеп берді. Бұл сіріңке күкіртінен әлдеқайда жақсы болды.
Талмас балабақшамен қоштасар күні өзі жасаған ойыншық самолеттерін тәрбиеші апасының қолына берді. Олардың қалай ұшып, қалай «соғысатынын» көрсетті. Бұған тәрбиеші апай да, балалар да риза болды. Ақжарқын апайы: «Яковлев, Туполевтей конструктор болып шық!» — деп, оның маңдайынан сүйді.
АЛА МЫСЫҚТЫҢ АЙҚАСЫ
Әбентай ақ мысықпен ойнап отыр. Тіпті ол ойын қызығымен есік алдында тұрған Бейсенді де көрмеді. Бейсен Әбентайдың қасына келді.
— Мысықты қайдан алдың?
— Папам әкеп берді, — деді Әбентай мақтанып.
— Ақ мысығыңды менің ала мысығыма айырбастайсың ба? — деді Бейсен.
— Жоқ! — деді Әбентай.
Бейсен ойынға араласа алмады. Көңілсізденіп далаға шықты. Не істерін білмеді. Жан-жаққа көз салды. Бір топ бала өзенге беттеп барады. Бейсен де солай қарай жүгіре жөнелді.
Артынан ере шыққан ала мысыққа ол қатты ызаланды. Теуіп жібермекші болып, аяғын сілтеп қалды. Бірақ бір аяғы бір аяғына шалынып, қалпақтай ұшты Бейсен.
Ала мысық атылып кеп, өткір тырнағымен жыланның бел ортасынан салып өтті. Жылан кейін қарай ыршып түсті де, қиралаң етті. Ала мысық жыланды икемге келтіріп үлгертпеді,.
Бейсен басын көтеріп еді, қарсы алдында сұр жылан жатыр екен. Ол да басын тіп-тік көтеріп, айбат шегіп тұр. Тілін сумаңдатып, ыс-ыс етеді. Бейсен қорыққанынан бақырып жіберді. Орнынан тұрып қаша жөнелуге де мұршасы жетпеді. Тұла бойы шымырлап, мұп-мұздай болып қалтырап кетті. Сол кезде тұп-тура алдынан бұрқ еткен шаң шықты.
атылып кеп тағы да өткір тырнағымен осып-осып жіберді. Жылан ширатылып, шиыршық атты. Ала мысық әрі-бері зу-зу етіп өте шықты.
Бейсен түрегелді. Балалар жиналып қалыпты. Қолдарында бір-бір тас. Бірақ олар мысық пен жыланның айқасын көріп, тастарын ұстаған күйінде қатып қалыпты.
Айқас бірсыпыраға созылды. Уақыт өткен сайын мысықтың күші басым бола бастады. Оның өткір тырнағы тиген сайын жыланның денесінен жосадай болып қан шықты. Жылан енді шиыршық атып, қарсылық көрсетпек түгілі, басын да көтере алмады.
Ала мысық оң аяғымен жыланның басына көз ілеспес шапшаңдықпен сарт еткізіп шауып жіберді. Сол-ақ екен, сұр жылан бүктетіліп, жан сауғалап жанталасты. Ала мысық енді сол аяғымен жыланның басынан ұрды. Жылан бұл жолы да әлгіндей бүктетіле түсті. Соның артынша-ақ сұр жылан тарқатылған жіптей боп-бос болып қимылсыз жатты. Өйткені ала мысық оның екі көзін бірдей ағызып жіберген еді.
Балалар мысықтың жыланды жеңгенін тамашалап болып, өзенге беттеді. Олардың соңынан ала мысығын ертіп Бейсен де кетті. Ал Әбентай кішкене ақ мысығын алып үйіне қайтты.
ӨКІНІШ
Құсайын мен Қанат аң аулаймыз деп, Бөктерлі тауында жүр. Екеуара бір мылтық. Арада біраз уақыт өтті. Кезіккен ештеңе жоқ. Жолдары болмаған соң түңіліп, қайтуға бет алды. Таудан ылдилап түсіп келеді. «Жолы болмағандарға не жолаушы еді!» — деп, екеуі қаннен-қаперсіз келе жатқан. Бір кезде Қанат:
— Әне, әне, қоянды қара, қашып барады! — деді жолдасын жұлқылап қалып.
Бірақ қоян әдеттегідей алды-артына қарамай зыта жөнелмеді. «Не істей қоярсың маған» дегендей, бір үйінді тастың түбіне барып, селтиіп тұр.
— Мынау бір батыр қоян ғой! — деп, Қанат шынымен таңданды. — Әкел бермен!
Кідірмей мылтық шүріппесін тартып қалды. Қоян қалпақтай ұшты. Қуанған екеуі жүгіріп барды. Серкедей екен, серейіп жатыр. Қоянды жерден көтере бергенде екеуінің көзі аяқ астында бұғып жатқан екі көжекке түсті. Көздері жаутаң-жаутаң қағып, дір-дір етеді. Қорқуды білсе де, қашуды білмейді.Екеуі көжектерді аяп кетті. Қанат қоянды жерге сылқ еткізіп қалай тастап жібергенін сезген де жоқ.
— Қап, әттегене-ай! Обалын-ай! — деп, Қанаттың жүрегі елжіреп, көзіне жас үйірілді.
Әдепкіде Құсайын да не істерін білмей тұрып қалды. Сосын ол кәдімгі аңшыдай Қанатқа басу айта бастады.
— Енді ренжігеннен не пайда. Көжектерді қарақұсқа жем етіп тастамайық. — Ол көжектерді тез бешпетіне орап алды. — Көнсе, бағамыз.
Қанат та, Құсайын да енді аңға шыққанда далақтап, көзге көрінгенді ата бермейтін болды. Әсіресе, қоянды көрсе, «обал» деп тимейді.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру