TELEGEI

Home

Өлеңдер жинағы 3

Светқали Нұржан

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Өлеңдер жинағы 3

Светқали Нұржан - «Өлеңдер жинағы 3» шығармасы.

ТАҢ ҚАУЫЗЫН ЖАРҒАНДА

ҚАРАПАЙЫМ ЖЫР

Біле алмадым — тірліктің шарты қандай?
Алды мұндай болғанда — арты қандай?..
Хақ сыйлаған қып-қысқа ғұмырымды
Жүрсе болды бәз - біреу тартып алмай.

Күй кешемін кей-кейде — мұң кешемін,
Жапа-жалғыз мұхитта малтығандай.
Неге зармын — білмеймін, кімге шөлмін?
Жүрегімде жүргені бір кеселдің.

Атын қойдым дертімнің — мұң-мешелмін.
Табиғатпен бір көктеп, бірге солдым.
Бақ жимадым, бал жыйдым — Ділге сордым.
Көктем құйып ұсынған өз қолымен

Сарқып іштім шарабын гүл-кесемнің.
...Әзірейіл келген күн өкінбей - ақ
Ағаш атқа еркіммен мінгесермін.
Қысқа жібін тірліктің күрмесермін.

Мейлі, ішіне тартса да жақынсырап,
Мейлі, орына жықса да ғафыл сынап —
Ебін білген, тірліктің бөзін бүрген
Шартықтарға бармаппын ақыл сұрап.

Көксіл көктем, ақшыл қыс, сар тамызда
Елдің артқан азабын тартамыз да!
Аллаға алғыс! —
Пұл қимай қалтамызға,

Жанарға — Мұң,
Нұр құйған Аңқамызға...
Ардың аппақ гүлі өсіп тұрары анық
Мың жыл кейін табылған қаңқамызда.

Жастық - көктем! —
Түзеген көшін қазым,
Рәсуә қылдық па есіл назын?..
Албырттықпен аңдамай айтқан сөзді —

Кеш, көктем, күз, кешір, қыс, кешір, жазым!
Кеш, жұлдызым, кеш, күнім, кеш, қылаң Ай,-
Салып кеткен, Айдыным — төсіңде әжім...
Көгертем деп төгемін алапқа тер,

Құрбанымын — жатса елді қамап қатер.
Ақ құсыңмын! —
Қия алмай соңғы сәтте
Қанатымен айдынын сабап кетер!..

ДАЛА. ТҮН

Алған шақта ұлы қыр жаңа тыным,
Аңсап жеттім алыстан дала түнін.
Шарбы бұлттың етегін шалды шапақ,
Шалғысындай ұлардың қанатының.

Дала — бесік әлдилеп тербеп мені,
Бір кенелтті бақытқа ержеткелі.
Шегіртке мен шілделік шыр-шырына
Мәз боламын сәбидей жөргектегі.

Айықтырып көп ойдан жынды қылған,
Жұмақ лебі еседі түнгі қырдан.
Самал демді маң қиян тыныстайды,
Құлындардың үніне құлдық ұрған.

Мұндай сәттен тірлік те, ой - садаға,
Түнге басын сүйейді майса дала.
Мұхит - көкте — Аулаған жұлдыз - шабақ,
Баяу қанат қағады ай - шағала.

Сезім сеуіп ай жанға небір нәзік,
Жұлдыздан нұр тамсаймын — көңілге азық.
Жетелейді қиялды қай-қайдағы,
Қызды ауылдың отындай Темірқазық...

Жазғы қырдың тыңдаймын күйін балдай,
Жер құнарын жұтады миым қанбай.
Бұл жұмақты қалдырып, тозаққа ертең
Кету деген еркіңмен...

Қиын қандай!..

КҮЗГІ АЛТЫН

Ай сәулесі шықты жағып шөптегі,
Айналаға алтын зерін төккені.
Ойнақ салып жүрген сынды көп пері,
Жарқылдайды алтын шағыл бөктері.

Түйекеш - түн алтын түйме шекпені,
Алтын шуда бура - тау түр шөккелі.
Ай астында алтын жалды көк бөрі,
Аңдып отыр шыққандарды шеткері.

Алтын жұлдыз Құс жолы — аспан өткелі,
Алтын құйрық құлын шауып өткені.
Әр дыбысын алтындап күй шерткені —
Сексеуіл — қол,

Жол — домбыра шектері.
Зергер-Айдың ісін қара көктегі —
Шәйі бұлтқа алтын шұғыла шеккені.
Алтын үнді құстар ұшып кеткені —

Артында жаз,
Алыс алда көктемі.
Алтын дауыс құстар ұшса қырымнан,
Кірпігіме алтын шықтар тығылған.

Әр жолында - сиқыр сәуле құбылған,
Құстың даусы естіледі жырымнан.
Сағынышпен астасады күзгі арман,
Жанарымнан жас қашады - сыздар жан.

Аңсатқанда алтын бұрым — қыз - жалған,
Көкіректе құс даусынан із қалған.
Кірпігіме қонақтаған алтын шық
Енді маза берер ме екен,

Жан тыншып.
Кеудеге ұя салып алған сар шымшық
Ән салады,
Жүрегімді сәл шымшып.

Сағыныштан жыр сарғайды.
Сарғайтқан
Күзгі алтынның буы болар әлгі айтқан.
Жыр сарғайса — мәуесі әбден төгілсін,

Көп ұзамай күзгі егіндей орылсын.
Шекеге алтын телпек киіп қоңыр шың,
Күзгі жырды күңірентсін,
Қол ұрсын!

Айтсын желге қанша екенін нарқымның,
Саусағымнан сауылдаған алтын құм.
...Бүгін суға қармақ салсаң — Мен кепіл,
Алтын балық ілігеді. Көр де тұр!

ҚЫЗДЫ АУЫЛДАҒЫ ТҮН

Ұйқыға бас қойды жұрт бірі қалмай...
Жатырмын тынши алмай, шырым алмай.
Бозбала — өзі ғашық, өзі жасық,
Ал сонда қызды ауылдың түні қандай!..

Кенеттен сықыр етті сықырлауық,
Жанарды бұрды жүрек лүпіл қағып —
Мен жатқан ақбоз үйге алты қанат
Сен кіріп келетіндей құтымды алып...

Білгенмін кетеріңді сенің кірмей,
Жайымды өтеріңді менің білмей...
Дариға - ай, жаттың ба екен, ақтың ба екен,
Ақ төсек — айдыныңда көгілдірдей?!

Білсем де келмесіңді — қатты күттім,
Түтеді төзімімді ақ түбіт түн.
Жабықтан бұлт бүркенген ай көрінді,
Сөнбеген шоғы сынды тәтті үміттің.

"Япырмай, суықтау ед жеңгелері", —
Деген ой санамды сан бөлген еді.
Сия алмай сегіз қанат салқар үйге,
Күтумен жаттың ба екен — сен де мені?..

... Жастық шақ, қалдырмаған кімді арманда?!
Еске алам сол түнді — қыр бүр жарғанда.
Өзіңнен көз жазғанмен кетпейді естен,
Тәтті түс өңде көрген — бұл жалғанда.

Өкпелеп кім жастыққа кінә артады!..
Есіліп кетті қанша жыл арқаны...
Көңілімнің жайлауына көшіп алған
Боз ауыл сол күйде әлі... мұнартады...

* * *
"Теңізге түскен ақ жұлдыз,
Кигені — тұман шілтері;
Судағы мынау жалғыз қыз:

Қыз емес — көктің Үркері! —
"Үркердің Сұлусарысын"
"Жетіқарақшыға" бермеймін.
Мәңгілік жастық әнісің,

Әнімді жырмен зерлеймін..." —
Деп едім толқып сонда мен, —
"Сен, - дегем, - көктің жұлдызы'
Осылай өлең арнап ем,

Жарқ ете түсіп үр жүзі;
Тұманның селдір көйлегін
Сыпырып тастап етінен —
Ақ жұлдыз меңзес бейнелім

Жөнелді теңіз бетімен.
Жаралған ару әуре үшін,
Серпіліп құстай қанатты —
Жол қылып айдың сәулесін

Биікке шығып баратты.
Дәметкем қайта қонар деп,
Болмады бірақ ол тыңдар.
Жете алмай қалдым оған мен

Кеудемнен тіреп толқындар ...
Көрем мен оның тұлғасын
Жалғыз тұр аспан шетінде.
... Әйелді жұлдыз қылғасын

Қала ма жердің бетінде?!..
1988ж.

Махаббатқа арнап едім бір жырды,
Ай сырғасын мылқау бұлт та шыңға ілді ...
Домбырамның қытықтап ем бауырын,
Сылқым қызды әрең ғана күлдірді.

Бәз даладан қаңғып келген қалпыммен,
Сырымды айттым сол сылқымға салқын дем.
Керең бикеш естімеді мұңымды,
Құлақтарын құлыптап ап алтынмен.

Естімеді ... Жастан да ауыр мұңымды,
"Ертегі айтпа" деп тоқтатты жырымды ...
Керең қыздың құлыпталған құлағын
"Металл — кілтпен" ашып жатты жырынды.

Көрдім мен де ашылғанын құлпының,
Танып қойып құпиясын — құлқынын
Жанып кеттім! — Ар жағында түк те жоқ! —
Отқа оранып шыға келді кірпігім.

Менің отым сол жанғаннан мол жанды,
Жабылғандай махаббатқа жол мәңгі.
Есіл өлең — есі жоққа арналған,
Жапырағын күйік шалып ол қалды.

Тек сыр бермей Баба таудың боз басы,
Домбыра - орман — ол да өртеніп боздасын!..
Сөндірді әрең лапылдаған өртімді,
Ай - сырғалы мылқау бұлттың көз жасы ...

1988ж.
* * *
Сен сұлусың — теппе төс, құмыра бел,
Саған аузы сілекей шұбырады ел...

Қаншық құсап аспанға ұлыр жерде,
Неңе мәз боп күлесің?!
Күмірә бол!
Көзіңнен — жас, көңілден шер кепкесін,

Жатпай ма ертең болашақ тергеп сосын. —
Уақыт желі етегін түріп кеткен
Мыж-мыж қырдың теңкиген көр бөксесін ...
Құм жиылып тас болған — тауға қара,

Жармасады желге еріп жау жағаңа.
Дауыл соқса үй кетер —
Түндігің жап —
Етегіңді құйынға саудалама ...

Ойсыздықтан тауып ед қай қазақ — бақ?!
Бос күлкіден гөрі сен ойлы азап тап. ...
Мыж-мыж болып теңкиіп жатсаң ертең,
Күн кекетіп тұрмай ма,

Ай мазақтап?!..
... Мұндас аға бар ма екен, сырлас іні? —
Дін — қарындас! —
Дәуірдің бұл да сыны.

Аруларды — Арым деп ұққан халық,
Кеше алмайды желетек ұрғашыны.
Күзетем деп Арымды серт еткенмін. —
Қылығыңды, Замандас, әнтек көрдім ...

Жарасады қазақтың қыздарына:
Сыңқ еткен үн, содан соң ... мөлт еткен мұң ...
1988ж.

Біз екеуміз жандармыз мәңгі бөлек,
Аңыз қылып қайтеміз, әңгімелеп.
Мәңгіліктің бұлқынған құрсауында
Жалғыз сәттен іздейміз жанды дерек.

Ол жалғыз сәт — екеуміз қауышқан сәт,
Шөл шілденің ақырап, қауысты аңсап.
Жалғыз сәттен шарана тірлік іздеп,
Шырыныңды, сөлімді тауысқан шақ.

Ол жалғыз сәт ...
Ұрынған шақ сезімнің сойылына,
Жығылған шақ қол асып мойыныма.
Ай - азуы ақсиған тажал - түннен

Тығылған шақ қашып кеп қойыныма.
Сол бір сәтте дүние өзге реңге енбек,
Ғұмыр сыйы өн бойға кірер меңдеп. ...
Шөл шілде мен ақырап қауышқанда

Ақ қайыңның көк беті күреңденбек.
...Өткізсек те әр бөлек күн мен айды,
Құзыры биік құштарлық тыңдамайды.
Мәңгі бөлек тірлікті тәрк қылып,

Жалғыз сәттің Жаршысы іңгәлайды...

ҚАРА АҒАШ

Мынау — бала шағым өткен тау еді,
Тау әуені қылды тағы шала мас.
Жан сырласым тірі екен ғой! — әуелі
Қара ағашқа сәлем бермеу жарамас.

Айналайын, табыстырған тағдырдан,
Сол күйінде тұр табиғат мұрасы.
Талай менің мейірімді қандырған,
Тартылған тек түбіндегі тұмасы...

Мауық басып зауықтасып алайын,
Аласұрмай сәл сабыр ет, тұз желі.
Қара ағаштың айғыздапты-ау самайын —
Ақпандар мен Шілделердің іздері...

Қара ағаштың құс таңдайлы парағы
Ғұмырымның қойыпты әнін өрнектеп.
Сезімімнің Нұрдан да Өткір Жанары
Жапырақтан Жазуларды терді ептеп.

Оқып едім әлгі Тылсым Жазуды —
Тасты жарған талайымды таныдым.
Сипап көрсем дініндегі әжімді,
Бұлқынды-ай кеп тереңдегі тамырым.

Қадалып кеп тұрдым біраз бадалып,
Парақтардан көп елесті аршып ап.
Қара ағаштың бұтағынан — қарамық
Қара тасқа жатты тырс-тырс тамшылап...

ТОРҒАЙ – ЖЫР

Бейшара, шырылдайсың жерге қонбай...

Ақан сері.

Құдай-ай, менен тағы кетті тыным,
Тесілдім түнегіне тек құтының.
Жүрекке тырнақ салып қыли дауыс,
Өкпемді үңгиді кеп көк түтін үн.

Мыстан - түн сыңар азу күлді ырсиып,
Алдында жалқы шыбық тұр бүрсиіп.
Кеміріп тамырымды, қанды турап,
Батырды сілекейіне сылдыр-сұйық.

Ғаламнан таппадың деп бір мағына,
Мыстан түн ілді мені тырнағына.
Жабыстым жан ұшырып, тұншыққанда
Жұлынған жапырағымның жұрнағына.

Шыбықтың жиі сынып көк бұтағы,
Тұр енді пана тұтып көп бұтаны.
Қорғалап торғай - жырым келіп еді,
Қона алмай шырылдаумен кетті тағы.

Жеп жатыр жауыз дауыс айналаны,
Тығылар саф әуеннің қайда амалы?..
Зарлаған таң алдында қара торғай —
Кешкісін бозторғайға айналады.

Бейшара — ес көріп жүр сірә, мені,
Тылсымнан дәрменім жоқ шығар елі.
Торғайдың таңдайынан тамған тамшы
Нұр болып маңдайымды шылар еді...

Сөкпегей, бұл не сөз — деп, мені ағайын,
Ессіз дәт, есірік ой, жоғал уайым!
Тұрмыстың сюрреальді тұманынан
Байырғы құжырама оралайын.

Мейлі түн күле берсін мыстандайын,
Не қам бар? — Қағаз, қалам, үстел дайын.
...Бозторғай бұтаққа енді қонған кезде,
Шиқ етті сұр телефон тышқандайын!..

ҚЫРТ ҚЫРЫҚҚА ТОЛҒАНДА

ТОСТ-ТІЛЕК

1-тост

Той жасау — зор міндет,
Той қылу - бұл да індет. –
Отызда ордым деп,
Қырқымда қырдым деп.

Шығып тұр атың шын,
Жерің жоқ шегінген.
Той жасап жатырсың
Өзіңнің теңіңмен.

Біздерге жол бар ма?
Болармыз елге өсек?!—
Қырыққа толғанда
Тойыңа келмесек.

Жақпайды жаныңа еш –
Қабағы қату ән.
Жырларың — жарымес,
Әндерің - нәтуән.

Жүрер ем жаратып,
Тілегің тілер ем —
Кеудеңді қанатып
Жазғанда бір өлең.

Қайтейін, қырсығып
Жазбадың жарты өлең.
Ей, бейбақ, жыршылық,
Қор болған мәртебең...

Жамағат қамалап,
Жоқ-барды қармадың.
Домбыра сабалап
Топта әлгі сарнадың.

Сарнадың топта сан,
Таппадым бір тамшы үн:
Отызда оттасаң,
Қырқыңда қыртарсың.

Жүйке көп шұқитын,
Өт жүзіп — қол ұзын:
Мылжыңдық мұхитын,
Езбелік теңізін.

Қондырған қолыңа
Құсың да үйлескен.
Халқының сорына
Туылған ми-кешем.

Көрінген көзіме
Сен деп пе ең бір түйір? —
Қашанда өзіңе
Қырт пенен шырт үйір.

Қайнаған қайда қан?
Бас па өзі осы — бас?
Қарашы айнадан
Түріңе, есуас.

Жыбырлап таңдайың,
Ерінің қайқиып;
Екі елі маңдайың
Тұрады тайқиып.

Жатпаймын мазалап,
Өзімді тергеймін.
Ақылды азалап,
Мұңымды жерлеймін.

Бұйырмай баталы ас,
Қарайды кім аяй...
Сенімен аталас
Қып қойған, құдай-ай...

Тексіздік — негізі,
Бетсіздік — ұраны.
Есектің — егізі,
Сиырдың — сыңары.

Сендеймен мен, сірә,
Сүйектес болмаспын.
Көрші емес, қоңсы да
Қонбаспын —

Мен қаштым!
Тоқталсын әңгіме,
Айтайын — дұрысын:
Сенімен — Мәңгіге

Миғұрттық Құрысын!..

2-тост

Жә, кешір, сен мені —
Көн бетпен жендет тең.
Пендені елдегі
Жөндейтін мен деп пе ең?!

Құлақтың құрышын
Қандырмай бола ма? —
У толы ыдысың
Жүгірткен молаға.

Өлетін баладай
Молаға жүгірдім —
Шамама қарамай
Шампаннан сімірдім.

Кеше гөр, кеш ұқтым,
Сөз көп ед ұққанға.
Кетсем мен бөсіп тым —
Өзіңнен жұққан да.

Жалғанда өзіңдей
Бар ма екен қыртуар?
Көненің көзіндей —
Тек сенсің біртуар.

Қаптаған бетті көн,
Хақ берген сый мына —
Болған жоқ деп білем,
Тап сендей миғұла.

Миың жоқ мұны ұғар —
Қон боққа, тыш таққа —
Өзіндей ұлы бар
Халықтар — ұшпақта...

Біртуар туынды,
Сөз — беріш, жыр — шемен.
Қолдағы туыңды
Алады кім сенен?!

Қалсын деп ел ұйып,
Тұрсың-ау жыр аңсап;
Көздерің мөлиіп,
Сөздерің — сұрамсақ.

Ал, тыңда, алқынба,
Қатып қал қалпыңда.
Өзіңше аңқылдар
Халқың бар артында.

Қауым тұр құптайтын?
Бұл сөзге тасасың:
Ештеңе ұқпайтын —
Миғұрттар жасасын!

АННА. ТОҒЖАН. ЖҮРЕК. ТАС

Я помню чудное мгновенье...

А.С.Пушкин.

А.С.Пушкин музейінде Анна Керннің

сүрініп кеткен тасы сақталған.

Кеудеде тулап өр жырлар,
Көңілім самғап аспанға,
"Махаббат, қызық мол жылдар...
"Өтті ғой біздің бастан да.

Жастықтың желі басылмай,
Таба алмай жаным бір тұрақ,
Пушкиннің бұйра шашындай
Самайым жүрді бұрқырап.

Сия алмай жалпақ ғаламға,
Пушкинше шалқып бетке ұрдық.
"Мұның не?" - деген адамға,
"Дініміз бір ғой" — деп күлдік.

"Жүре алман кейбір пендеше,
Жырыма қолын соғар көп.
Ақын боп тудым, ендеше,
Ақынша ғашық болам", — деп,

Қиялға ғажап берілдім,
Сан ойлар симай басыма.
Тәу еттім — Анна Керннің
Сүрініп кеткен тасына.

Бәңгіше сонда еліттім,
Есімді алды — ғажап сәт.
"Тәңіріндей әзіз көріктің" —
Тәтті бір тамұқ, азап шақ.

Көзіме қонған моншақ не?
Жанымды бір мұң биледі-ай.
Есіме түсті сол сәтте —
Абай мен Тоғжан. Жидебай.

Шыңғыстау жаққа жол алдым,
Көзімнен жасым мөлдіреп.
Айта алман, сірә, олардың
Жолдары тассыз болды деп.

Қарап ап оң мен солына,
Түзеген шақта сайға бет,
Тоғжанның жатып жолына
Сүрінткен тастар қайда? — деп,

Сұрадым қыраң, қыраттан,
Ғасырдан жатқан сыр аңдап.
Сұрадым бұраң бұлақтан
Алдымнан аққан бұлаңдап.

Бірі де сырын ашпады,
Шарладым сансыз бөктерді.
Ол басқан жердің тастары
Сүйкімді болып кетті енді.

Сол тасты іздеп жүргенде,
Жан қалқа, маған көріндің, —
Тоғжан боп кеттің бір демде,
Бірде өзі болып Керннің.

Бәңгіше сонда еліттім,
Есімді алды ғажап сәт.
"Тәңіріндей әзіз көріктің" —
Тәтті бір тамұқ. Азап шақ.

Сені алғаш, қалқам, көргенде,
"Саусағын жайды жас жүрек".
Ұмтыла маған бергенде
Сүрініп кеттің, тас тіреп.

Сүрініп кеттің, қалқам-ай,
Үмітім мәңгі қаусады.
Бұлт — өре, ал ай — малтадай,
Жетпеді жүрек саусағы.

Қарасам жоқсың. Ғайыпсың, —
Жалт беріп ай да қырқа асты.
Жүрегім саусақ жайып шын,
Сипалап қалды сұр тасты.

Сол тасты жанға енші еттім,
Көз жасым мұз ба, сіреу ме? —
Көзімді сүртіп көрсеттім,
Кезіккен алғаш біреуге.

"Сөзіме, бауырым, құлақ ас,
Тілекші маған бол, жаным! —
Тегін тас емес мына тас,
Сүрінген менің Тоғжаным", —

дегенмін...
Әлгі тасты алып,
Хабардар болды мән-жайдан.
"Тас болса, мә!" — деп бас салып,

Ұрды кеп мені маңдайдан.
"Саған сый осы бұйырған!" —
Күлді кеп байтақ тау іші.
Жарқ етіп өтті миымнан

Абайдың ащы Дауысы...
Кейін де талай Залыммен
Кезіктім — иттен дүреген.
Сондағы аққан қаныммен

Жазылып еді бұл өлең.
Қалмады жанда тілек түк,
Тарқады қызық, той мүлдем.
Тек сол бір тасты — жүрек қып

Кеудеме тығып қойдым мен...
Ашылмап еді мына сыр, —
Бөліспек болсаң — тілегім:
Зарымды менің ұғасың,

Тыңдасаң тастың жүрегін...
Айтады ол әлі жеткенше,
Жатып ап тасқа тығылып...
Тағы бір Ару — Кеткенше

Сол Тасқа тағы сүрініп...

ЖҮРЕГІМНІҢ ЖАЗУЫ

Үңілсем терең жаныма,
Ұрады көзге бір елес.
Түспесе таңба арыңа,
Елесті іздеу мін емес.

Ондайда тәрк жыр жазу,
Жанса да шабыт шырағы.
Жүректе қалған бір жазу
Оқытпай әуре қылады.

Оқуға соны үңіліп,
Бұлт құсап төндім жауатын.
Қаншама мәрте... мүдіріп,
Жетпей-ақ қойды сауатым.

Қиялға таппай талғажу,
Үңілем күдер тағы үзбей.
Жүрегім — балбал, ал жазу
Балбалға сызған бәдіздей.

Жүзінде жүрек — көненің
Жатады тылсым сыр ұйып.
Жіберген жойып дерегін —
Жымысқы жылдар жымиып.

Бойымда күшім азайып,
Көңіл де кейде қажулы.
Шығар ма ед жыр боп ғажайып —
Оқысам сол бір жазуды?

Көңіл көзіне: Көне ізді
Бәдізді қойдым андытып. —
Толқындарындай теңіздің
Кетеді кейде жан бітіп.

Содан соң келмей сырды үзгім,
Мұңдастым теңіз — құрдыммен.
Жағалауында Құлзымның
Толқынға қарап тұрдым мен...

Шағала шаттық шу келіп
Қиялды сүйреп аулаққа —
Тулаған теңіз бу болып
Ұшуда Алатау жаққа.

Бу ұшқан сайын жоғары
Жөнелді дерсің дүркіреп.
Боз бота бұлтым жаңағы —
Кер үлек болып күркіреп.

Жастықтың есіп наз үні
Көңілімді сол сәт тез бұрды.
Құпия жүрек жазуы
Алатау жақтан көзге ұрды.

Қолына орман - кесте алып,
Алатау — қыз боп ақ маңдай;
Баяғы шақты еске алып,
Орамал бұлғап жатқандай.

Ашылды жанның бір сыры,
Айтарым тез — дүр ендігі.
Құпия жазу тылсымы
Белгілі болды, белгілі.

Көңілім үзбей күдерін,
Білмеппін жіпке тізгенін.
Көшіре берген — жүрегім
Жазу ғып жастық іздерін.

Сол жазу енді тозбасын,
Еске сап жастық пәк кешін. —
Теңіздің бұлт боп — Көз жасы
Жуғанда таудың ақ төсін...

БАСТАН ӨТКЕН БІР БАЯН

Жүр едім жасып,
жүрегім — шемен,
Шырайың сенің кірді аз ғана күн.
Қандыра көр деп тіледім сенен,

Ылайым шөлін сырбаз баланың.
Сен құлпырғанмен бүр жара алмадым,
Гүлсім-құрлықтың желін де өпкенмен.
Сөлімді сығып жырлар арнадым,

Тылсым нұр жұттым көнім кепкеннен.
Тек өзіңе аштым қабағымды әмән —
Жасанды жаның, жамалың жайнап.
Есірік күйде қарадың маған,

Жасанды жалын жанарында ойнап.
Көзіңде сенің,
Құлғана қатын,
Бәле тұр екен — қуатымды алды.

Шырмауық құсап шырмап алатын
Әдетің екен гүл-ақындарды.
Солдырды бір дерт мендей сананы,
Масаң қылықтан ұрланды ар-гүлім.

Кешірер ме екен мен бейшараны —
Жасандылыққа күл болған жырым?..
Осылай болды —
Келіспе, келіс —

Жүректе батпан зілдің бары шын.
...Есітер әлем еміс те еміс,
Түнекте жатқан гүлдің дауысын.
Көкке жебе боп ай кеткен ұшып,

Құл қылмау үшін жауызға атылған.
Тойлайды жерде
Ләйлектер ішіп,
Гүлдің дауысын қауызға тұнған...

18.03.1987ж.

БОЗБАЛАҢ ШАҚТАН БІР ЕЛЕС

...Есімде сол күн — айрылған қыздан ай мүсін,
"Кірлеген жүрек — көз жасыменен шайды ішін"
Мектепте жүріп жүдеген мынау — "байғұсың".
Хат алып қыздан — ауырлап алғаш қайғысын.

"...Сүймеймін!..." — депті, көрдім мен қатал құдайдан,
Жүрекке қылар болмады сонда түк айлам.
Жақпаған шығар жын қуып жүрген күләйлан! —
Жүрегім тастай — Тамшы боп тамып мұң ойған.

Қара бір толқын үміт қайығын ғарық қып,
Көрінбей қалды алдымнан менің жарық түк.
Отқа лақтырып отын тәнімді тамұқтық,
Кеткім де келген тірліктің бәрін тәрк қып.

Алқалы жерде алқынып жүрген аңқыма,
Барып па, сірә, тірліктің түпсіз парқына?
Кете алмай қалды, қарайлап тұрып артына,
Бұлдары бардай, берері бардай халқына.

...Өмір-ау бәрі, ол да бір
Сәби - өмір-ау,
Одан да кейін боялды қанша омырау.
...Жырақтан маған естіліп тұрған не мынау? —

Сияқты сонау күлкісі тәтті қоңырау.
Сабылдым қанша,
даламның шартарабында,
Самғадым қанша,

от тұтап арқалы арында.
Кезіп бір жүрді Отанның карталарында,
Бүр жарған арман — мектептің парталарында.
"Сүймеймін!" — деген қыздардың хатын мақпалға

Тұмар ғып тіккен —
ғажап күн қапты қапталда.
Оралып тұрам тұтанған сәтте от қанда,
Көз жасы — ащы,

күлкісі тәтті шақтарға.
Ашқанда көзін жадымда бұққан мың бұлақ,
Елес боп көшіп жетеді жылдар тым жырақ —
Көзімнің алды қоя береді бұлдырап,

Қоя береді жүрек-қоңырау сыңғырлап...

МАХАББАТ

Түнгі аспандай жанарың жаудыраған
Қалай ғана, қарағым, ауды маған.
Мен одан бір ғаламат сезім көргем —
Мұхит көшіп, құрдымға тау құлаған!..

Бойда дәрмен қалмады, әлде — дерек,
Бір сұрапыл басталды жанда әлемет.
Жанарында — тау тулап, мұхит көшкен
Ойнап бара жатырдым қанкөбелек.

Сесім қашып кеткені, сұсым жасып,
Қабағымның жанарың мысын басып.
Жүзіне жел тимеген насырыма
Тұрып алды талайлар тісін қасып.

Тумай жатып жыр деген гүл кешіп ем,
Гүлді - сүрей айрылды мүлде есінен.
Жанарыңның тұтқын боп құрдымына,
Бір-ақ шықтым жаныңның түрмесінен...

Осындай бір басымнан қиял өтті,
Залал қылды демеймін,
Зиян етті.
Зынданында жаныңның кешіп көрген

Айтпай-ақ та қояйын қияметті...
Есім жисам — басынған солығым да,
Күрең гүлді жатырдым — торы құмда.
Ептеп қана дүниенің түсі өзгерген,

Тау да, көк те, мұхит та — орынында.
Сен де тұрсың — бор тасты таяныш қып,
Белге тұтып алыпсың баялышты.
Қос тамшы жас көзіңде мөлдірейді...

...Түрің қандай, қарғам-ай, аянышты...

ҚОШТАСУ

"Қоштасам, - депсің, - сені шын ұққаннан,
Қайтеміз сезімді алдап - үмітті алдап.
Күйзелме. Ұмыт жылдам. Күдеріңді үз. —
Жетелер үміт көп қой жігітті алдан..." —

Осындай кесімі бар сұрыпталған
Хат келді — қара мөрмен құлыпталған.
...Жан едің жүрегіме жұғып қалған,
кеудемнен кеттің қалай шығып, қарғам?!

Бейнеңді сөзбен соғып түніменен,
Жанымда жатушы еді тұнып өлең...
Жырларым саған жазған жанқалтамда,
Жат болып кеткенің бе — шыныменен?

Тіке кеп шарпысқандай бетің отпен,
Тағдырдың қатал еді соты, неткен!
Сен шығып кеткеніңмен өз еркіңмен,
Мен қалай қуам сені көкіректен?!

Жүрсем де мұң арқалап — қырға шықтым,
Жауһарды кірпік жиған — жырға сықтым.
Жанымның тұмасынан табам сені,
Мұңы да мөлдір болад - шын ғашықтың!

Кеудемнің мұң шылаған қара тасын
Тікенді кірпігіңмен қанатасың.
Түс болып миға түнде енесің де,
Елес боп таңда шығып баратасың.

Жалатып көзге — күміс, жанарға - алтын,
Із салып баратасың сонарға әр күн. —
Елесің ұзай — ұзай Бір күндері,
Кім білсін, оралмай да қалар, бәлкім...

ЖАЙЛАУДА - ЖАЗҒЫ ҚҰТПАНДА

Жайлауда –
Жазғы құтпанда
Уызын ішем іңірдің.
Көкжиек толғап жұтқанда

Өткен-ді зорға сіңір - күн...
Уыздай іңір тұр кілкіп,
Меймілдеп астау ойларға.
Ашқарақ көңіл түнге ынтық –

Жұтудан, сірә, тойған ба?!
Көзімнен жұлдыз шұбырып,
Жайлайды бойды құмар — у.
Тылсымнан — Шашқа тығылып

Тұрғандай қарап бір ару.
Жібек құм қолдан сусыды,
Құс жолы — ізі қара аттың...
Жеткендей талып сусылы

Аққулар қаққан қанаттың.
Көк пенен Жерге тең сеуіп
Ай — нұрдан перде құруда.
Таразы қалған теңселіп,

Сүқтанып Сүмбіл сұлуға.
Жетпекке батыс — тұраққа,
Шыққаны шығыс — жер түбі
Естілетіндей құлаққа

Есекқырғанның ентігі...
Өмір заядан айрылып
Тартқандай Түннің түрі өзге —
Көкжиек Айды май қылып

Жіберді жұтып лезде.
Үмітін Үркер талмайды,
Ұмтылып көкке біртіндеп —
"Қарақшылардан" қалмайды

Алайда қызы — Үлпілдек...
Бағалап бақты қолдағы,
Тыншығар сәтті аңсар тән.
Ұйқыға кетем мен-дағы

Туғанда барып Таң — Шолпан.
Бақыттан бойым бусанды,
Жалғанда жанмын — өзі бай!
Жастанып бір түп жусанды

Жатамын тойған қозыдай...
Түсіме кіріп үр қыздар,
Тоямын уыз — нұр сүтке.
Түнімен аққан жұлдыздар

Қалады тұнып кірпікке...

ҚАЛАДАН КӨШУ. 1987 ЖЫЛ

Жерідім бұл даң-дұңнан — қырға барам,
Өзекті өшер емес — тырнаған ән.
Ғафу ет, құрбы — аламан, құрмалаған,
Тыраулап шақыруда тырна далам!

Мың алғыс, кеңесі көп ғұламаға,
Маған тар — дегенменен мына қала.
Түс көрсем қаңғып бара жатам ылғи,
Бет алдым — шаңды қиян, құла дала!

Бұл қала үркітіп тұр кеселі мың,
Көзімді теседі түн, кеседі мұң.
Жатырқап тұрам бәрін,
Қолға түскен

Ұлындай — үндістердің көсемінің.
Шырмама шайтан құрған тор боп мені,
Айналар енді қайтып жол жоқ кері.
Кеткені жақсы қырда жел жеп мені,

Жегенше тас қаланың жендеттері.
Өлеңін сал-сал желдің гүл жаттаған,
Далама кетпей болмас күн қақтаған.
Зәмзәм, деп у — заһарын бұлдап маған,

Жұтардай қу шаһарың жын қаптаған.

Көңілді көншітпейді өлі кеңес,
Жә! Енді жолға тұрма, Жөніңе көш!
Араннан талай алып қашқан мені,
Үркуі жүрегімнің тегін емес.

Мен үшін қырға шығу — ұлы мансап,
Тұратын таңым жырлап, түнім ән сап.
Кеңсайда мүсін болып мүлгіп қалған
Көп ақын мұңайып тұр — қырын аңсап...

Кідіртпе, ең ақырғы көшпендіні,
Байлама шер-шаһарға — өшкен нұры.
Барады қырдағы "өлі қаласына" —
Көшпенді дүниеден көшкен күні!..

КҮЗГІ БАҚ

(Әні бар)

Келіп ем күзгі баққа мен,
Нуларымды іздеп шулаған.
Оқымақ болып жатқа өлең —
Шумағымды іздеп тумаған.

Жадырап қабақ ашпады,
Тарқапты бақтың базары.
Көз жасын сілкіп тастады,
Шыбықтың сынып назары.

Қарсы алды терек аһылап —
Жігіт пе дерсің сөзге азған.
Жел жұлған көгіс жапырақ —
Үміт-көгершін көз жазған.

Мәжнүн тал тұр жүз жылап,
Ызғырық соқса тастарға.
Қанатын жайып күзгі бақ,
Кетердей ұшып аспанға.

Абыржып тұрған жайым бар _
Таптырмай ізін ән шағым.
Мұңайып қалды қайындар —
Сипап ем салқын саусағын.

Жөнелген іздеп көктемді —
Бұлбұлдар салған қыршын ән.
Еске сап өткен-кеткенді
Шығады үн қайдан сыңсыған?

Жаз өтті.
Мен де бастықтым.
Табатын байыз соқты сәт —
Жапырақ жатыр,

Жастықтың
Өртінен қалған шоқ құсап...

АУЫЛДАН АТТАНҒАНДА

Киіз үйден — бабамның Ордасынан
Сәру салып мен, міне, жолға шығам.
Қоңырсыған қордалы ауылымның
Қимай кетіп барамын мен қасынан.

Шомылдырып ақ нұрға бел-жотаны,
Дала таңы ерініп зорға атады.
Тура тартқан сызықтай Ертеңіме —
Маңдайымда керіліп жол жатады.

Дидарына арзу боп атпақ таңның,
Түйіндерін тарқатам соқпақтардың.
Алда төмпек үстінде әлдене деп,
Бүлкілдейді көмейі бат-баттардың...

Әйнек көкті кесті күн сызат нұры,
Тасбақаны алысқа ұзатты ізі.
Ойлап қоям: "Тым баяу қозғалғасын
Содан шығар — ғұмыры ұзақтығы?.."

Жүгіреді ылдиға тума бұлақ,
Жатыр көкке шөптерден бу жамырап.
Аруаналар өріске барады ұзап,
Қарагөктің үйірі суға құлап...

Сәлден кейін толады шуға қырат.

Сәулесімен тілгілеп таң жыраны,
Тау етегін бұлақтар қан қылады.
Түнгі жырын тауыса алмай бозторғайлар,
Құлағымның құрышын қандырады.

"Туған елдің тұрғай деп, тұғыры аман" -
Күбірлеймін...
Мөп-мөлдір шыны ғалам.
Жол шетінде тұнжырап қалды мазар —

"Бір соғарсың, дегендей, түбі маған:.."
Жол барады алдымда зымыраған.
Естілгендей құлаққа мазардағы үн,
Салады еске алдымда ажал барын.

Мен Ажалдың енгенше қақпасына,
Жолдан алған Әсердің жазам бәрін —
Әдіптейді құлпымды ғазалдарым...
Сылдырлайды самалмен меңдуана,

Адыраспан собығы толды жаңа.
"Е, мен қанша жол жүрем кешке дейін,
Таңым атып келеді енді ғана?!."
Уайымды осылай қуады ішкі үн,

Үрей ізін жуады шуақ-ұшқын.
Қарсы алардай алдымнан ақ қалалар —
Шаһары боп Шаттықтың, Қуаныштың...
Сарқып беріп барымды қазағыма,

Қош айтысып тарқаған базарыма —
Кешке қарай қайтармын осы жолмен,
Ауылыма, әйтпесе, Мазарыма...
...Жол барады алдымда Зымыраған...

Емхана жанында салқын бақ,
Аппақ қар жер бетін жасырды.
Топ қарға тұсымнан қарқылдап,
Түнімен ұйқымды қашырды.

Құмырлар жетсе деп тезірек,
Қайыңдар төзімін құртардай. —
Қарғаның үнінен мезі боп,
Қыраулы шаштарын сілке алмай.

Иілмес еменді ажалсыз
Күйретпек боп аяз тұр көкбет.
Қарғаның "әніне" амалсыз
Бала тал билейді дірдектеп.

Көріп қап ұйқысыз мені бұл,
Жүрегін сыққандай мұң бүріп —
Жыртқылап ақ қырау — кебінін,
Тал маған қол созды шыңғырып ...

14.01.1989ж.

ШАМЫҒҰЛДЫҢ ШАҒЫНУЫ

Кезінде "Халық жауы" атанып көп қуғын көрген Маңғыстаулық Шамығұл күйшінің ақырғы демі, көргендердің айтуынша, Есбайдың үш күйін: "Әләйім — Мейрам", "Өттің өмірі "мен "Әләйім жалғанын" тартып жатып үзілген...

Домбырам менің, боздашы ең ақырғы рет,
Меңіреу мынау дүниеге білдірт дауысыңды.
Торғай ұшса да төбеден тоңатын жүрек
Сөніп барады... білтесі жым-жырт таусылды.

Оралар ма екен жапаннан нарларым боздап,
Ыңыранып бір ілінші саусақтарыма. —
Сүйегі қураған шалдардың әруағын қозғап,
Қаңырап қалған кеудені қаусат та мына.

Соранды шалып шілденің өрті көктеткен,
Етпеттей шөккен, домбырам, аруанамысың...
Оралар ма екен әруақтар тентіреп кеткен,
Есіткен кезде шанақтың арда дауысын.

Замана желі итеріп көкірегімнен,
Шекемді шақты анау күн сазарған бетбақ.
Машырық пенен Мағұрып көпірі едім мен,
Қайыстырды ғой белімді Тажалдар қаптап.

Жинадым бәрін тал бойға — көпке нұсқаның,
Бейдауа дертке дәру қондырамын.
Ауыртып алмай еппен ұстадым,
Ақ білегінен ару домбыраның.

Сұм Заман қолға кигізді кісенін Жаттың,
Жұдырық білеп қобызға Сойыл - Мұндарың.
Жұмақтан келген қойдың мен ішегін тақтым,
Естіші, Тәңір, момынның — қойыңның Зарын...

Құрдай жорғалап алдында Топас Тақыттың,
Маусымдық Құлдар, сен қанша Даңғылымды аттың!
Халқымның шер мен наласын қапасқа тықтың,
Сол қапасқа күйімді шам қылып жақтым.

Нұр мүсін емес, күл пішін ордама кіред,
Сақалымды сатпан дүниенің қуыс құнына.
Домбырам ғана егіліп қорланады кеп,
Топас балтаның сабымен туыстығына.

Мұп-мұздай үрей миымда топырақ сабап,
Көкірегіме кірді бір ойранды құйын.
Шектерім бырт-бырт үзілді,
шатынап шанақ,

Домбыра ма бұл — мен бе әлде?
Қайда әлгі күйім?..
Күйлерім қайда,
Кеудемде отын жақтырған?

Қара бұлт төнді, жанардан арайымды алған.
...Нажағайлы аспан жалт етті шатырлап тынған:
"Әләйім — мейрам!.." "Өтті... өмір..." "Әләйім — жалған...

СЫРЫМ БАБА ТОЙЫНДА ОҚЫЛМАЙ ҚАЛҒАН ӨЛЕҢ

Сырым бабам-ай, Аршыландарға
есе бермей кеткен Қабылан,
Сені көргенде қайырсыз хандар
түңілген табыт — тағынан.

Наркескенің қапты ілулі көкте,
Жарқылдап жүзі жарты Ай боп
Шарық-Аспанға жаныған.
Жау кірген шақта жұлдыз елімді

тауыспақ болып аңша аулап,
Жарағыңа сенің жабысқан сонда
жұртымның Жары — қанша әруақ.
Сілкілеп көріп, күркіреп келіп,

қаңсылап қашқан қара бұлт —
Қабырғаларынан қан саулап.
Безбелді қара бүркіттей бейне
көкжал бөріге кәрленген. —

Жүрегіңді тесіп, тілегіңді тосып,
Білегіңді қосып арлы ермен,
Сұрамай сауға тиіпсің жауға —
Балдағы дандан болатым,

Қайғылы жанын қан жеңген!
Дулығаң гүлдеп, дұдығаң гулеп,
бастасаң қолды, шынды ұрып,
Жүргендей бопсың өзен-бұйдамен

тауды жетектеп, шың мініп.
Шекесі шоқты, ауызы түкті
желкеңе мінбек көп төмпек
Табанында қапты шыңғырып!

Сол бетіңменен кетіпсің ұзап,
айтпайды жөнін сары дала.
Сары құмырсқалы алда төмпектер
қарайды бүгін паңдана.

Баптаған іріткі қаптаған қыртты,
ақтабан жұртты қалдырып
Кетіп ең қайда, жан Баба!?
Пірлі өлкең — мекен, ашығып келіп,

басынып кеткен түрлі ұлтқа,
Кімдер жүргенін білер ме рухың,
сен тастап көшкен тұл жұртта? —
Сенің нәсілің көзіне түссе,

Түндігін қымтап, шықпайды
Тығылып алып күн бұлтқа.
Жанымды менің тоңдырып — жалын,
күйдіріп — ызғар, өртеп — сыз Қарып барады;

алып барады елімді қайда ен тексіз?
Желкелемек түгіл жерге тықса да
бөксемен көкке мөр басқан
Ел — бексіз бүгін, ер — кексіз!..

Сүйегім бастан бөлініп қалды —
Жұлынымды мүжіп жегі құрт,
Иегім жақтан сөгіліп қалды,
тілімді кесіп жөгі жұрт.

"Күніне жүзден жеңіліп кетсең"
бақытты екенсің, біз жүрміз
Күніне мың сан көміліп...
Жұртында тағы төбелер қапты —

ордалар қонған, ту тұрған,
Төрелер қапты тынысын тапқан
шекпен мен шеннен, құлқыннан.
Ұлысың Хақтан жерініп,

Ырысың Жатқа телініп,
Қылышың көкте ілініп,
ол-дағы, бұлтқа көміліп,
Ыдысың қапты — у тұнған!..

Ұл болып тусаң, — дедім де кеше, —
Запыран ішіп, қан түкір! —
Сен жүрген жолмен сапарға
аттанғам беймезгіл шақта — арты түн.

Алдымнан шығып
әлдекім сусын ұсына берді. —
Жан Баба-ай! —
Ащы екен сенің Сарқытың!..

ЖЫЛҚЫ ҚЫРҒЫНЫ

30-жылдар қазақ даласындағы
жылқыға да нәубет болып төнді.

Баспасөзден.

Ат — ер қанаты

Халық даналығы.

...Үрейден үркіп тантырап,
Жатырды далам қалтырап.
Азаматтары жаяу қап,
Қазанаттар кетті арқырап.

Бұғып кеп тексіз — татылар,
Жеткізбей ереуіл атына;
Ағаларымның қанатын
Қиды да кетті қапыда.

Жұртына жарқын жол қарар
Адыра қалды ордалар.
...Қанаты қиылған сұңқарды
Кезі келсе жапалақпен қара құзғын олжалар!..

Тұяқтарында ай жанып,
Кешегі жүрген бәйгі алып —
Сыдыру арқа, сылу төс
Шарагөз алмауыттарым

Айдалып жатты, айдалып.
Жал-құйрықтары сүзіліп,
Жанары көкке үзіліп —
Қасапханаларға жосылды

Қанаты қанды аққулар сынды тізіліп.
Шайқалды көлдің тұнығы,
Бұзылды елдің шырығы.
Айқара алдан ашылды

Қанды қақпанның құлыбы.
Жұлынды жаны — жұлыны,
Үзілді тамыр, сіңірі,
Қидасын кәрі жілігі.

Түсті де Зауал құрығы,
Құландар құсап құрыды —
Бабамның мінген күлігі,
Қамбар Атаның түлігі,

Су тағы — суынның құлыны.
Қыланды қосып баранға,
Айдады қасап — қамалға.
...Жошыдан шошып кер құлан

Төгілді барып аранға.
Қаптаған кілең күлтекі
Ұмытып обал-сауапты,
Қарамай адал-арамға

Айналып кетті бәрі аңға.
Бүркетін қаны — ұртында
Құл болды далам құлқынға.
Қорқаулар жортты — Жерімнен

Құлан шатыс буданның
Тұқымын тұздай құртуға.
Құлаған құздан тарпандай,
Секірген шыңнан арқардай

Күйшілер кетті зар — таңдай,
Құдай-Пенденің алдында
"Ақсақ құланды" тарта алмай.
Қолында балға, келдектер,

Құдайы қанға шөлдеткен —
Қасапханадан қарсы алды
Жеңдерін түрген жендеттер!
...Маңдайына мола жазбаған

Пырақтарын жүректеріне жерлепті ел...
Артық-ты бұдан қан майдан,
Шығушы ед барып жан қайдан?!—
Тигенде шойын нән балға

Жұлдыз — төбел, ай — маңдайдан.
Құзғындар даусы ұласа,
Масайрады күлік біткен қорланғаннан жыласа.
Тұлпарлар сәл-пәл теңселіп,

Шырқырап барып құласа.
Қан исі шыққан асхана,
Қан исі жұққан баспана,
Қан исі бұққан астана. —

Мұндай да болды масқара.
Безеріп жатты тас қана.
Тарлық етті ғой туған жер
Жендеттерінен басқаға.

Ит болып өңшең қабаған,
Адамдық өшті санадан;
Жендеттің көзіне шапшыды —
Жанары күнге қараған,

"Құлағын біздей қадаған,
Кекілін қыздай тараған"
Қайран қаз мойындарымның
Сағағынан атқақтаған қара қан!

Тап келді сондай жұтты жыл,
Жүйрікті көрге тықты зіл.
Абайла, жұртым, жалдаптан,
Қабағын қара қан жапқан

Жендеттің көзі қып-қызыл!
Ерігенменен қалың қар,
Ішілмей қалған қағым бар;
Пісілмей қалған сабам бар,

Кінәсі кімде? —
Табыңдар!
Қапастарыңды аршып ал,
Әлі де мүмкін бар шығар

Заманын күткен залымдар?!
Шабылмай қалған сайлысы,
Алынбай қалған бәйгісі —
Құлагерлерін жоқтаған

Жаңғыра бере ме қырымда,
Ақан Серінің қайғысы?!
Қол салып құтсыз қонақтар,
Асылын жатқа тонатқан —

Құланға қазған арандай
Арса-арса болған алап бар.
...Иегін артып биеме,
Үйіріме тағы тие ме —

Томар бас торы шолақтар!?
Уақыт, маған есеп бер! —
Тұлпардың бағына кес еткен,
Далама тұлға болар ма,

Томар бас тұғырдан туған есектер?!.
Тұқымыңды құрту жау ісі,
Тектіңді тыну тауысып.
...Естіледі әлі Даламнан —

Шыңғырған шерлі Құлынның
Еміс те еміс Дауысы...
23.12.1989ж

ЕЛ БОСҚАН

Айтты ақыры...
Айтты шындық...
Соңырақ —
Шайқалғанын бізде сансыз шаңырақ.

Қолдарынан мал кеткесін маңырап,
Соңдарынан ел кеткесін аңырап —
Баба мекен қалады екен қаңырап.
Жүректен — қан,

көзден жасын тия алмай,
Босты дейді елім есін жия алмай.
Әруақ қапты жандатпаға тығылып,
Балбал қапты әруақтарды қия алмай. —

Көзесінен таңдайға нәр құя алмай.
Күн қарапты қанды көзбен қастанып,
Қашқан сонда шұбырынды аш халық.
Соңдарында — ажал құсқан көп мылтық,

Алдарында — қазған аран — тас табыт.
Сәби қалса қара тасты жастанып,
Көк шыбындар той жасапты мастанып.
Ата жұрттан жеті жұт кеп қашырып,

Семген көзді құмның қолы жасырып,
Ана қалған сүйектері шашылып,
Дана қалған иектері ашылып.
Жатты сонда жер әжімін жиырып,

Ақты сорға көздің жасы құйылып.
Әжетіне пайдаланған Құранды ап,
Белсенгендер шауып жүрді ұрандап,
Ел сенгендер мас боп жатты тыраңдап. —

Халқын қырған Қасапшыға сиынып.
"Мынау нәубет қайдан келді, қалай бұл!?'
Деген басты домалатқан маңай бұл.
Өсіп-өнген Белсендінің Ұрпағы

Билік айтып жүрді кейін талай жыл.
Жерімізде мола көп-ті сондықтан,
Дөңімізде оба көп-ті сондықтан.
Аузы қисық алқамызда сөз айтқан,

Төрімізде шора көп-ті сондықтан.
Көппен Аздың ойнайтыны сондықтан.
Ындын-құрдым тоймайтыны сондықтан.
Тән тоқтығы жан аштығын сездірмей,

Өкпе-назды қоймайтыны сондықтан,
Тек қарынды ойлайтыны сондықтан.
Қыран өлсе — һарам құстар құйылып,
Ұлан өлсе жан алғыштар жиылып

Жиі-жиі тойлайтыны сондықтан.
Жадыларды,
дуагерді енді ұққам,
Жаны зарлы куәгерді жер жұтқан.

...Балбалдардың көздерінен аққан жас
Көзелерін жуады енді қорлықтан.
Төрге шықты —
Жығылғанда би аттан —

Миғұлалар — мұрынынан миы аққан.
Зымиянға тәж ұсынды Мият — Таң,
Дәурен көшті Зиялыдан,
Зияттан.

...Күннен-күнге таулар шөгіп баратыр,
Тас тұнжырлар алдындағы ұяттан...
Сұлтаның кеп қуса жаттың ұлтанын,
Ата жұртым! —

Атар еді-ау нұр-таңың...
...Мисыз төбе сәл тосырқап таниды,
Босып кетіп қайтқан елдің ұрпағын...
19.01.1989ж.

ҚАШАҒАН АҚЫННЫҢ «ТАМ БАЙҒАЗЫ» ТОЙЫНДА

Көктем де келді далама мынау,
ызғары қыстың күрт кеміп,
Бір жасап қалды Тәңірдің шашқан
ризығынан жұрт теріп.

Қызғалдақтардан шашу шашқанда
Кемпірқосақ – бұрым, Қыз - Өңір,
Қашаған жыры көшеді көкте
шумақ та шумақ бұлт болып.

Рахман нұрды сіміріп жатыр,
Сіңіріп жатыр қыр қанбай,
Жерім мен елім екі дүниеде
еншісі бөлінбес бір жандай.

Марғасқа аспан алады кейде
күркіреп жасын лақтырып,
Қашаған ақын толғауын айтып
түгесіле алмай тұрғандай.

Даламда бүгін сөгілмей көбе,
бұзылмай елдің іргесі,
Тірі Абыздарын (сұраңыз бәрін)
күтеді тойдың мінбесі.

Керуен-керуен сонау бұлттарға
ілесе көшкен бу едік,
Шашылып жүрген шақырды бізді
Қашекемді ерткен Жыр көші.

...Бармақтай Бақ боп
Маңдайға Мөрдей басылар,
Қасқа айғырдан қалған
төбел құнанның жүлдесі.

Қара жартастың күрең тамырын
қақ жарып аққан жыр көзі
Алтындай анық! —
Сарқылмай ағып

сыр айтып жатыр күнге өзі.
Ақындық мәңгі жасай берерін
тағы бір мәрте ұқтырып,
Көтерді басын өлеңнің асқақ

ақ шаңқан мәрмәр Күмбезі.
Кешеден жетіп, бүгіннен өтіп,
Ертеңге кетер — Жәдігер!
Жүрегің — жұқа,

Сүйегің — темір,
Бедерің — нәзік,
Тәнің — өр...
Ескі әдетімен ұлы ақындарын

өлтіріп алып байқамай,
Қайта тірілтіп, қайта таңырқап
той тойлап жатыр Тәңір-Ел!
Жыр менен Пірге азаттық беріп,

таныған қайта Атасын,
Тәңір Еліңе табынбай қалай
үйіңде тыныш жатасың.
Жақсыға жорып, жырдың тіліне

көшіріп алып барамын,
Қара тастардан құмалақ салған
Қария Таулар батасын!..
31.05.1991ж.

ТҮРМЕ ТУРАЛЫ ТҮС

Түсімде түрмеде жатыр екенмін. Кешегі Зауал Ордасы орнатқан "жасанды тамұқтардың" барлық қақпасын ашып көрген, 30-50 жылдардың күллі азабы мен мазағын арқалаумен кеткен Маңғыстаулық ақын Түмен Балтабасұлы жаныма келіп маған жыр арнап тұр. Шошып ояндым. Түгел есімде қалмапты. Жосағы төмендегі:

"Болса да әлі үнің шағын,
Жыр арнайды бүгін шалың.
Түрме төрін көрдің сен де
Тумай жатып, құлыншағым.

Жерің — абат,
Елің — азат,
Бұл не қылған тегін азап? —
Түрмесі нес? —

Ақ Ордада
Сыйламас па сені қазақ?!
Берік қағып ар қазығын,
Лайық қыл нарға жүгін.

Біл қадірін бостандықтың,
Дегенің бе - бар Жазығың?
Қорықпайтын бір құдайдан,
Құтылмаған құлдық ойдан,

Қашырмасын Берекеңді
Қаптап жүрген кіл Күләйлан!
Аршылан ғып өсір ұлды,
Келісті қыл қосыныңды.

Есігіңді жаба алмайсың,
Бітеп алмай тесігіңді.
Кетті қыршын талай ұлың,
Ұлды сақта, халайығым.

Қызды жатқа төсек қылма,
Дегенің бе — бар Айыбың!?
Текті тумас саппас көптен,
Кілең саппас жақтас неткен?!

Кеше - сатқан,
Бүгін — жапқан,
Ертең сені атпас деп ең?!
Құпияңды ұққан мыстан —

Қапияға бұққан күшті Аң.
Қай кезде де қауіпті ғой,
Өз ішіңнен шыққан Дұшпан.
Соны ойласам қарғып тұрам,

Кетпегей-ді қалғып Күмән.
Жаның ояу болсын, Халқым,
Дегенің бе - барлық Күнәң?!
Қырқа көрме өскен Басты,

Өскенді де кешкен жақсы.
Абайға да әл бермеп ең,
Айыра алмай Дос пен Қасты.
Сөзін тыңдап өзге жұрттың,

Сазын тыңдап кезбе қырттың,
Арасында жүрсің қаңғып —
Шешендік пен Езбеліктің.
Жинап жаттың һәр жындысын,

Ер орнына Малғұнды ұсын! —
Осы ма, елім, жеткен жерің?! —
Дегенің бе — бар Қылмысың?!.
Әлдіге бас өткен шұлғып,

Мүжәлсізін тепкен Сұм Жұрт —
Қамын жеген Жанашырын
Түрмеге айдау — неткен Сұмдық?!
Ту сыртыңнан тіл де безеп,

Залым оғын жүр ме кезеп?
Құлыншағым! — Сендерге де
Жеткені ғой — Түрме - кезек.
Жаусынғандар кекшіл неден?

Өзегімде өксуде өлең.
Бәле-жала, түрме, қаза
Меніменен кетсін деп ем.
Қор-Зынданды талмай қазып,

Жырдан Ажал талмай ма азық?
Тілеуімді бермейтіндей Менде,
Тәңірім, қандай жазық!?
Алса-дағы ел бостандық,

Азаймапты-ау арбасқан қырт.
Ақындардың миын ояр
Албасты Аңдық — қалмас паңдық.
Қауымды ерткен өлең көші

Сен болар ең ел еркесі —
Сақта, өзіңді, Айналайын,
Түрме — көрдің көлеңкесі.
Егеменшіл ой-қырыңда

Орын жоқ па ойлы жырға.
Тірі ақынды түрмеге сап,
Өлісіне той қылуда.
Кесілсе егер жыр өлімге,

Тек жатпаспын түнегімде.
Білегіңде - шынжыр үні,
Жыр сыңғыры — Жүрегіңде.
Достан бұқпа,

қастан да ықпа,
Жүрек қаны — жастан жұтпа.
Үз шынжырды Білектегі,
Шығар жырды Бостандыққа! –

Міне, саған Өлең — Батам!" —
Тап осылай дегенде Атам,
Орынымнан қарғып тұрдым –
Бар екен ғой көрерге Таң.

Қарғып тұрдым — Қауышудан
Көкірегіме ауысып ән.
Шар-шар еткен Бесіктегі
Құлыншақтың дауысынан.

Бұл несі деп Құт-Бабамның? —
Алғаш түк те ұқпағанмын.
Қақ төрінде жатыр екем,
Түрмеде емес! —

Құтханамның?..
Келген, Баба, қақ төріме,
Тілей берші бақты еліңе.
Жырыңда айтқан

Қойдым қамап —
Тор көзі бар дәптеріме...
1993 ж.

ТАСТАҒЫ ТАҢБА

Түмен Балтабасұлының рухына

"Маңғыстау — машайықтың басқан жері" —
Осы жыр баурап еді жастан мені.
Қиялды ертіп ала жөнелетін,
Құбылып құбылаға қашқан желі.

"Маңғыстау - майлы қиян"... деген өлең,
Самал боп есуші еді керегеден.
"Маңғыстау — пір Бекеттің туған жері",
Сол жерді көкірекке бөлеген ем...

"Маңғыстау — жер науаны"...
Марғасқа әлем —
Кеудемде жерім жайлы арбасты өлең.
Шалдарым тастап кеткен жыр — керуен,

Ізімен керуеннің жалғасқан ем.
Әуенін келтірем деп кілең салдың,
Шектерін домбырамның бірер шалдым.
Саусаққа ботасы өлген бір боз мая —

Оралды шерлі жыры Түмен шалдың.
Түмен-жыр — абақтыдан шыққан өлең,
Желімен Замананың ыққан өлең.
"Қан кешіп қабырғадан,

тойын тойлап!" —
Өксігін өзегіне тыққан өлең.

Баса ма көң көмсе де тат асылды —
Әр жолы ұлағатты бата сынды.
Сия алмай тар кеудеден тілге көшіп —
Түрмеңді бұзып шыққан,

қапасынды.
Сіңірген теңіз шуын, жел екпінін,
Сіміргем Пірлі өлеңнің ерек мұңын.
Сол бір жыр кетті үйретіп, Туған жерді

Еңіреп, жылап сүю керектігін.
Қаз басып жырдың дәмін сезгенімнен,
Өлеңнің кенін таптым өз жерімнен.
Қашалған Ел Жүрегі Құлпытас қой —

Сол тастан оқып едім Сөздерін мен.
Қылғанмын шалдар жырын жастан азық,
Жоқ шығар менде бұдан басқа жазық.
...Дүниеден көшіп жүре берген кезде —

Кетерміз біз де бір сөз Тасқа Жазып!..
1994 ж.

АБЫЗ – АТА

Алшын Меңдалыұлына

(Жыраулар сарынымен)

Басынан қанша бұлт ауған,
Төсінен сонша жұрт ауған —
Жасырар сырым жоқ менің
"Қаратаумын!" — деп керіліп жатқан бұл таудан.

Маңғыстау жатты ғалам боп,
Тоздырып жүзін заман жеп.
Төсінде туған төлінің
Тағдырларына алаң боп.

Нешелер жүмілә жұрт көшті
Тарихтың керуен жолымен —
Каспий, сақ, оғыз, алан боп.
"Шерғала таудың бөркі еді-ау,

Айрақты таудың көркі еді-ау.
Ана бір тұрған жалғанды,
Жалғаннан көңілім қалған-ды.
Артымнан боздап ата жұрт

Өзекті, дүние-ай, өртеді-ау!.." -
Осылай зарын шығарып,
Көздері қанмен шыланып,
Айладыр кетті соңынан —

Соңынан шаңы шұбалып.

Бозойнақ тұлпар баптаған,
Ағинақ қылыш саптаған —
Күндердің күні болғанда,
Бабамыз кепті бұл тауға —

Бабаларының іздерін
Құранша оқып жаттаған.
Даланың жонын иен жайлап,
Маңғыстап малын кеңге айдап,

"Мұрттары көкке шаншылған"
Есіл де менің шалдарым —
Жатса бір керек елді ойлап.
Қапыңды таппай қалмас жау,

Тамырды тажал дәл басты-ау.
Тамырда қаның байланса
Мүмкін бе өзі,
ағинағыңды шаң баспау?!

Осының бәрін жырлайды,
Талайды көрген шалбас тау.
Шалбас таудың жұлынынан
Ұлып бір аққан Қан-Бастау.

Заманнан Заман озғанда,
Дүн-дүние кұрты қозғанда,
Арудың алтын бергегі —
Әркімнің болып ермегі

Бедері көшіп тозғанда;
Өрісімді жорта шегеріп,
Керуенімді жолға шөгеріп —
Анталап жүрген көп дұшпан

Бұйдама қолын созғанда;
Ібіліс кіріп түсіме,
Әзәзіл еніп ішіме,
Ие боп мәңгүрт ісіме,

Ұялап қанғұрт тісіме;
"Сақ етер тиіп саныма,
Сақсырым толып қаныма,
Саздауға біткен құба тал

Сая да болмай жаныма";
Басымнан иек бөлініп,
Сіңірден сүйек сөгіліп —
Теңімді қына, мүк басып,

Дүмімнен құмға көміліп;
Дегенін дұшпан жасатып,
"Жаралы құсқа тас атып,
Жаралы ерге оқ атып", —

Сигектеп жатқан қанымды
Құмға илеп өзіме асатып;
Үйірде айғыр үркініп,
Саяқ пен сәурік сілкініп;

Келеде жүрген бурама
Көйіншік көрттер жұлқынып;
Құладын қуға ұмтылып,
Періште төрін жын тіліп,

Алмауыт кірер албарда
Ылғи бір доңыз тімтініп;
Сыртымнан жауым мошқасып,
Жүз көрсе жалған достасып;

Қазынам қажет болғанда
Арқамнан қағып, төсті ашып;
Атан да жілік ерлерді
Нәгумән билеп ешкі асық;

Тұмарлы дүлдүл — үйірде,
Тұлымды ұлан — үйімде
Күнеске шықпай бос жасып;
"Кер құланның қос құлағын тұндырған,

Серіпсе сегізкөздігін сындырған"
Безбелді қара бүркіттерімнен сес қашып;
Қордамды кілең жын басып,
Ордамды өңшең құл басып.

Құлым мен күңім жымдасып,
Мезгілсіз көшіп кір басып;
"Жұпары қардай бораған,
Үлдемен басын ораған"

Ару деп алған алғыншың
Жаттекі сұммен ымдасып;
Айналып санам сағымға,
Жүзе алмай қарсы ағынға —

Қыстағы туған күшіктей
Кеудемді күдік шымшылап —
Үмітім ұлып қыңсылап —
Шекемді шеге шаққандай

Шыңғырып жатқан шағымда! —
Ерлерім келді ептесіп,
Қолдарын берді серттесіп.
Қан болып көкке шапшыды

Шыққан бір Гүлім Кекке Өсіп.
Гүлімді аман шықты алып,
Аталар қанша от кешіп.
Сол қаннан өстім қазақ боп,

Сөндірді отын тозақ бет.
Етегім жауып, ес жиып
Отырмын, міне, Азат боп.
Ерлердің тұқым — жұрнағы,

Қыранның тұтым — тырнағы —
Өрлікпен яки Ерліктің
Тербеліп өскен құндағы —
Уа, Абызым менің,

Аңызым менің — Алшекем,
Өздеріңе арналған жыр ед бұл-дағы.
Уа, Абызым менің — Алшекем! —
Құлағыңа даусым барса екен.

...Тамырым толқын тулатып,
Солқылдап кетті қан-шекем.
Жүрегімнен аққан жыр-жұлдыз
Қабіріңе нұр боп тамса екен.

...Ерлердің мәңгі басында
Гүл болып өсіп қалса екен!..

ТӘУЕЛСІЗДІК ТОЛҒАУЫ

Ереуіл күнді еске алдық,
Қоңыр да салқын төске алдық.
Көз жазып қалды көшімнен —
Кезеңнен мені тосқан жұт.

Күнеске қосын қондырды,
Беймезгіл шошып босқан жұрт.
Жеті қат тоңды жібіткен,
Жеті тоғыс боп деміккен —

Аңсатып жеттің, Бостандық!
Шаршатып жеттің, Бостандық!
Арылып жаным зар-мұңнан,
Тазарып тәнім зәр-жыннан,

Қайтардым есе, ес жиып
Қапымды тапқыш Малғұннан.
Сарсаң боп санам, санды ұрған
Көзіме тұман таңдырған,

Бергімнен белгі біле алмай,
Ала алмай дерек арғымнан —
Кезімде танды таңға ұрған —
Қарғып бір өтіп қарғыннан,

Алаулап асып жал-қырдан,
Ақ таңның қызыл қаны боп,
Азаттық! —
Шықтың алдымнан! —

...Сайлардан сүйрік суырып,
Көлдеуден тарттым балдырған.
Алдыңнан шықтым той тойлап,
Алақайладым айқайлап.

Реңі қашқан түр-өңім —
Түледі, қаны қайта ойнап.
Аттандық Ұлық Сапарға
Өзіңе жолды бастатып,

Бастырып қаз-қаз, тәй-тәйлап.
Аңдап бас әрбір қадамды,
Қыр — құрғақ болса,
ой — тайғақ.

Көтеріп алып басты асқақ,
Жөнелдің өзің көш бастап.
Сүріндірмек те болады —
Кейбіреу көзі қан сасып,

Тісінен улы Зәр шашып,
Жолыңа сенің тас тастап.
Жат қабақ тұрса түйіліп,
Кетеді жүрек жиі ұрып.

Қояр ма жанды шоршытпай,
Нұр жүзді, шекең торсықтай
Күндейді Дұшпан күйініп...
Тамырым кеуіп талығып,

Созылып сіңір салығып,
Зарығып көрген, Жарығым! –
Қыршыннан кетпе қиылып.
Тілеуің тілеп жатамын —

Пірлерге бағзы сиынып.
Жүзіңе тұрған нұры аңқып,
Қараймын қанбай құмартып.
Көзіңнен көшіп жатады

Жырақтағы Арман Мұнартып.
Қайыстырдық па беліңді —
Қабырғаң қатпай зіл артып? —
Шындықтың шырқау шыңына

Жұртыңның жүгін шық артып.
Көтерілгесін еңсе тік,
Жол шетін қиялға өлшетіп;
Болашақ деген өлкеге

Барамыз сені елші етіп.
Жолыңды кеткен Бабалар
Қанымен сызып көрсетіп.
Наласын, мұңын, қайғысын,

Байрағын, жырын, бәйгісін —
Тастапты саған енші етіп!
Толғатып таптық мың жылда,
Көгімнен енді жыр жырла. —

Бәйтерек - елдің бұтағын
Қыламыз ұя бұлбұлға.
Құрықсыз құлан үйретіп,
Тарпанды тағы — құр-құрла!

"Күнінен безген құлғанақ,
Айынан безген айғанақ" —
Құлыбын салсын Ындынға.
Азаттық жолы тайғанақ,

Кетпегін құлап құрдымға!
Көктем боп келсең бұлтың бер,
Жаз болсаң жайнап нұр түндер...
Күз болсаң егер қоныс бер,

Жеміс бер менің жұртым жер.
Қыс болсаң, кәне, сілкін кел!
Түрленсін, айна - көлдерім
Тозаңын қармен сүртінген.

Тон киген тоңның түнегін
Бәйшешек жатыр түртінген.
...Сабылып тапқан Қонысты,
Талығып татқан Жемісті,

Сағынып көрген Жеңісті
Кетпесін жалмап Құлқын-Көр!
Тамырдан ақсын от қайнап,
Болмасын төсек жатқа аймақ.

Құсжолыменен жүйткісін,
Астыңа мінген Көкмойнақ.
Шашылып түссін жұлдыз - тер,
Жалына қызыл шоқ байлап.

...Аспанмен кеткей астасып —
Қолыңа алған Көк Байрақ!..
Желтоқсан, 1991 ж.

«ҚЫРШЫНЫНАН ҚИЫЛҒАН...» ЖЫР-ШОҒЫРЫНАН

Төлегеннің тамында

Кезек күтіп тұрғандай сезіне біл,
Алдыңдағы апанның басына кеп...

"Төлегенге" М.Мақатаев.

Жер бетінен отыз жыл - сен кеткелі,
Сен кеткенде Сәби ек жөргектегі;
Біз де кеппіз отызға... ержеткелі.
Отыз көктем парағын аударыпты,

Көрінбейтін жай көзге өрнектері —
Өрнектегі мағына — ол да өтпелі...
Өлең-орман сиреді жел беттегі,
Жеп бітірді жемісін жендет-жегі.

Отауындай тұл жырдың көне молаң —
Уық сынған, шаңырақсыз, кереге қан...
Кебін-кимешегіне сені ораған
Кейуана-Ажал бесігін тербеткелі —

Отыз жаздың аптабы шөлдеткені,
Отыз қыстың ақпаны желдеткені.
Сенен соң да ұрлады ол ойлы ұлдарды,
Жаналғыш қып зырлаған ай-жылдарды.

Маңдайымда — шырмаған қайғым қалды,
Таңдайымда — құрғаған айдын қалды.
Мұқағали, Жұмекен.., Сағи кетті,
Асқар аға, Жұматай зар илетті.

Мендекеш пен Зейнолла, Тоқаш, Шәмші
Бақиға өтті — талақ қып фәни бетті.
Кейуана-Ажал құшуға әрине, епті,
Жұртта қалып жоқтауды сан үйретті.

Сен кеткенде қауызын жаңа жарған
Артығали, Бауыржан — сәбиді өпті,
Көз жастары жүректі қари кетті.
Сен көргеннен: бес балаң, жарың қалды,

Әбділда атаң... Әбудей кәрің бар-ды...
Екі отызды толтырып Қадыр қалды.
Қуан ағаң.., кемсеңдеп.., Тұман ағам —
Жоқтайды да жүреді нар ұлдарды.

Ажал-әжем құшаққа бәрін де алды,
Қанша жұтса қанбайтын қабір қалды...
"Енді кімнің кезегі?" — Аспан үнін
Тағы естідім, (қақпанды ашпа, күнім)

Жоқтап ұлын Өтежан, Иранбектер,
Жалғыздардың құшақтап жас қабірін,
Шағады кеп без қара тасқа мұңын.
Қарсы алдымнан кетердей көр ашылып

Зәрем ұшты, қыршынның моласы ұлып.
Не қызық бар ол жақта, айтсаңшы, аға,
Кетіп жатыр Дүрлерім неге асығып!?
Құлап жатыр пырақтар көрге ұмтыла,

Жасырады іздерін жел жұлқына.
Көнердеймін сол желдің мен де ырқына.
Алса халқы азаттық — Ақындардың
Қажеттері жоқ па, әлде, ел-жұртына!?

"Енді кімнің кезегі?.." —
Атылғалы
тұрған жандай өзегім лапылдады.
Төлеш аға! — Рухыңмен мағұлым қыл:

Қайда кетті Алаштың ақындары?
Қайда кетті Қазақтың Зат ұлдары?..
Маған да енді бір тықыр жақындады. —
Қандай кеңес бересің, шерлі ініңе,

Кезексіз-ақ кеткендер сапындағы?!.

Марат мазарында

Бастады мені жол алуан,
Тағдырмын ерте жоғалған...

М. Отаралиев.

Сыпырғандай иықтан зілді затты,
Сытылғандай лақтырып қыл дұзақты,
Қара айдынның төсінде аққу самғап,
Қара аспанды қақ тіліп жұлдыз ақты.

Есігінен сығалап абақтымның,
Аққандарды ақырын санап тұрмын.
...Галактика құйыны жұлып кеткен
Жапырағы — ол жұлдыз Дарақ-түннің.

Жапырақты жұлғанмен бір сұрапыл,
Орынына тағы да бүр шығатын.
Жұлдыз - жапырақтарын құйын үзген
Сонда есіме сен түстің,

қыршын ақын!
Қыршын ақын! -
Сен түстің сонда есіме,
Енді қайтіп мен кепіл келмесіңе.

...Жапырағымды менің де жұлмақ болып,
Көкірегімді тырнайды жел де есіре.
Деп қалғандай бір ызың:
"Марат, кәні?" -

Көзім көктен сені іздеп алақтады.
Тұңғиыққа жұлдыз боп жоғалардай,
Сытырлады жыр дәптер парақтары.
Қабағына таңба боп ай басылып,

Түнгі аспан тұр құпия ой жасырып.
Жөніңді айтпай, жырынды аяқтамай,
Кетіп қалдың ей, Мәке, қайда асығып!?
Шақырды ма Жәннат Бақ сені де әлгі?

Ал біз үшін жабық па жолы мәңгі?.. —
Сені іздеген алақтап көздерімде,
Ай Таңбалы Аспанның Мөрі қалды.
...Айтшы, көні, ей, Мәке, көкем менің,

Ақындардың, — деп едім, — жетер жерін. —
Құбылнама тіліндей жапырақ-жұлдыз
Қыршындардың нұсқады Мекендерін...

Мұқағали моласында

Басына барып кайтам мен Мұқағалидың...

Жас кездегі өлеңнен.

Күлі қалғанда Өртенген Жасыл Әлемнің,
Қасыма келгін,
Мұңайма,
Жасыма! — дер кім?.

Қауырсын-ұшақ аспанда жолымды сызып,
Қыршын ақынның тағы да басына келдім.
Ұқсайды Кеңсай жатырған түйеге шөгіп,
Керуен жолды көрсетті күйелеш өрік.

Ардақ ақынның Арының түсіндей еді —
Бейітінде өскен қалыпты шие де солып.
Жауғандай бейне нәсілсіз,
бибақыт көктен,

Көрбағы заманға кез кеппіз Зират үптеткен.
Аза-жыр жазған мәрмәрді (о, тоба, тағы!),
Бейнұсқа біреу талқандап қиратып кеткен...
Қыршыннан қиып тынатын Арысын жырдың

Құбыжықтармен мен де әлі алысып жүрмін...
Құрып бітпеп пе ед Зәузәті,
Шоқан құлпытасын
Қолдиірмен қылған көзі аққыр,

Қары сыңғырдың?!.
Шошындым,
бір үн шығардай көрден ақырған,
Көтердім мәрмәр сынығын жерде жатырған.

Тіріде төрге сиғызбай,
Өліде — көрге,
Жүр ме әлде біреу өш алып
Өлген Ақыннан!?

Мұңдассам деген ақынмен ақталмады арман,
Шыға берді ғой моламды атқандар алдан.
Кеңсайдан қоныс бұйырған —
Қасқа мен Жайсаң

Қайғы мен Кектен Мүсін боп қатқан да қалған.
Жапырағы ұшты дауылдан Өлең-Дарақтың,
Кеп кетті кенет менің де тереңге батқым...
Бауыржан батыр аспанды шаншыла шолып,

Жұмекен ақын тұнжырап төмен қарап тұр...
Кім бар деп едім,
Жанымның азабын ұғар? —
Болмай шықты оған бұл маңның қазағы құмар.

Көзімнен Мәрмәр Тамшылар шашылып кетті,
Әр тамшысында Ақынның Аза-жыры бар...
Айналғандай құмға — су,
Толқын-құмда

Тербеледі ақырын табыт-кеме.
Шыжғырады тандырдай кеші, таңы.
Табыт-кеме —
Көрерің осы тағы.

Ақын тәнін аулаққа апарып сап,
Қайта келіп тұрғандай шошытады.
Тірі — халін, өлінің жайын сұрап
Жатқан жан жоқ.

Сусиды қайыр-сынап.
Тек Ақынның Күмбезі күңгірлейді,
Арнап барғам, —
Жүргенде қайыншылап.

Шағынғандай өксіді Арал-ана,
Теңіз үнін жөнелді самал ала.
...Жыр-күмбездің есігі ашық қапты,
Ақын шығып кеткендей жаңа ғана.

Тұр Әзірге ақынның тұрағы аман,
Айтатын бір сыры бар сірә, маған?..
...Кеткен бе ағам өлген соң көбелек боп,
Тірісінде тұрмаған, тұралаған.

"Сен қайдасың?" — деп едім,
ашты сырын —
Бір үн шықты — жазардай мас кісіні.
Жалғыз шумақ өлеңді еріне оқып,

Қырдың жолын меңзеді Тас Мүсіні.
Түсіп алып сол жолға бір қыр астым,
Ақын ізі — арнасы мұңды жастың.
Сәлден кейін — жолды, ізді, көздің жасын

Жұтып қойды жымиған жым-жылас құм...

Зейнолла зиратында

...Тағдырым менің, мың алғыс саған — төтеннен
Тас бұғау салып, төсекке таңдың тұрғызбай,
Мен байғұс, бәлкім, көбелек болып кетер ме ем ?!

З.Шүкіров зиратындағы аза-жыр-эпитафия.

Арал жатыр жалығып даңғазадан,
Дерті тәнді кеміріп,
Жан қажаған.
Жағасында ақынның Зираты тұр —

Батыр еді ол бата алған Жанғожадан.
Ажал-Мерген аспаннан — мұзды әйнектен
Сығаласа — жүрегің сыздайды еппен...
Кезелгенде Мәлікүл-Мәуіт оғы —

Жыр-намазын ер еді ол бұзбай кеткен!
Жанғожадан бата алған батыр ақын
Қорғай алмай Аралын аһ ұратын.
Шақыратын содан соң Әруағын,

Жыр-Теңіздің толқынын сапыратын...
Толқын да жоқ,
Жыр да жоқ. —
Сұлық теңіз,

Жағасында қалмапты үміттен із.
Жеткен сынды Мөңке айтқан ақырзаман —
Артылады бейпарық жігітке қыз.
Онысына апшитын халық деме,

Шуласады келгендей балық бөле.
Айналғандай құмға — су,
Толқын-құмда
Тербеледі ақырын табыт-кеме.

Шыжғырады тандырдай кеші, таңы.
Табыт-кеме —
Көрерің осы тағы.
Ақын тәнін аулаққа апарып сап,

Қайта келіп тұрғандай шошытады.
Тірі — халін, өлінің жайын сұрап
Жатқан жан жоқ.
Сусиды қайыр-сынап.

Тек Ақынның Күмбезі күңгірлейді,
Арнап барғам, —
Жүргенде қайыншылап.
Шағынғандай өксіді Арал-ана,

Теңіз үнін жөнелді самал ала.
...Жыр-күмбездің есігі ашық қапты,
Ақын шығып кеткендей жаңа ғана.
Түр Әзірге ақынның тұрағы аман,

Айтатын бір сыры бар сірә, маған?..
...Кеткен бе ағам өлген соң көбелек боп,
Тірісінде тұрмаған, тұралаған.
Сен қайдасың?" — деп едім,

ашты сырын —
Бір үн шықты — жазардай мас кісіні.
Жалғыз шумақ өлеңді еріне оқып,
Қырдың жолын меңзеді Тас Мүсіні.

Түсіп алып сол жолға бір қыр астым,
Ақын ізі — арнасы мұңды жастың.
Сәлден кейін — жолды, ізді, көздің жасын
Жұтып қойды жымиған жым-жылас құм...

Әруақ кешер! —
Аралап қорымдарын
Жыр-қыршындарды іздеудің жолыңдамын.
Мәңгі мекендеріне бас сұқсам да,

Сипап қалам амал не орындарын.
Күмбезінен күрсінген күй таралса,
Ақындарға керек пе сый тап онша?!
...Біз де құмға жазармыз жыр тағдырын,

Ізімізді інілер сипағанша...

Жұмекенді жерлегенде

Ақын өлді, тағы да, тағы да бір,
Өледі ақын көргенде жаны жәбір.
Тағы да бір құшағын жайды ақынға,
Талайларды қарсы алған Кәрі Қабір.

Ал, аңыра бабаурап, аңыра жыр!
Қайран ақын — тым жұмбақ түр-өңімен,
Сездіретін бір шындық реңінен.
Жүрегінен дәл көздеп,

Ажал қолы
Жанығады көмбек боп күрегімен.
Тіл қатады ол бір күні түнегінен...
Сапарына ұзаттық елді жиып,

Ел сөзіне (шын болса) қалдым ұйып.
Жайбарақат жерге еніп бара жатты ол,
Жылап жатқан жұртына сәл жымиып...
Жасын жұтқан күрсінді қарлы биік.

Ауыр қаза бола ма қазақ үшін? —
Біле алмадым! —
Басылды азалы шу.
...Қыландардың жазылған маңдайына

Тарлан ашқан шағында қаза құшу.
Ауыр қаза болды бұл — Азалы үшін.
Деп: — елесі көңілден жоғалмайды, —
Неге өздерін тірілер көп алдайды?!

Жыр-аққуы құс қайтқан күзде қайтты,
Құспен бірге бірақ ол оралмайды.
Тек күз сайын оралып соғар қайғы.
Жо-жоқ! - Өлді. Көрге енді ақын, әне! -

Ұқпағандар жоқтамас — хақылары.
Қазақ жыры ақынын шақырады,
Шақырады...
Іздейді...

Аһ ұрады!..
Шашылады талдардың жапырағы.
Аһ, ұрғанмен қаша алар кім шындықтан?!
Таппайды ол да ақынды — тылсым жұтқан

Мұхит - өлең тек қана жатады үнсіз,
Құпиясын қымтанып мың сыр бұққан.
Сығалайды мұң тамып — күн сұр бұлттан.
Құпиясын ұға алмай ел шеттетсе,

Ерте өлуді ақындар енші етпек пе?!.
Жырын тастап,
Кетті ағам Тәңіріге —
Ит талаған жүрегін көрсетпекке...

Тағдыр осы...
Ерікті берсек көпке.
Ұлы ақыннан ой ұрлап, ұйқасын ап,
Қоңыз-қырттар інге енді қи тасымақ.

...Тағы да бір Ақынды талатпаққа,
Қала жатыр қаптаған ит асырап...
...Иттерге інім барып жүр шишасын ап...
26.11.1983ж.

Жұматай жайлы Жаназа-жыр

Кемпірқосақ тұрған тұсты нұсқадым,
Анау тұрған әпкесі деп Ләйләнің.

Жұмағұл-Шора Сағадиұлы Жақыпбаев.

Мына жалғаннан Жұмағұл-Шора да өтті деп,
Жартастар қалды көз жасы сора бетті іреп.
Сора бетті іреп көз жасы
Жартастар қалды,

Көз жасқа қарық қылады қарт аспан мәңгі.
Бауырын жоқтар ақынмен астасар әнім,
Өтежан құсап қайғымды тасқа шағамын.
Айтпай да кеттің, Жұмаға, қайда беттедің? —

Тойға кеткенің беймәлім, қойға кеткенің.
Қыршаңқылардан бизар боп қасынып тепкен,
Асықпай жүріп, сен болдың, асығып кеткен.
Иектемекші болған бір ерді ұрып жаққа,

Қой бағып, әлде, кеттің бе Белқұдық жаққа?..
Інілерді ертіп өзіңнен өлең үйренген,
Аламандарда жүрсің бе Кенежиренмен?..
Жидебайдағы тойшымен кеңесе жүріп,

Бозжігітінен үзді ме жеңешең үміт?..
Жердегі безіп қаптаған өлермендерден,
Кеткендей айға қыз - Ләйлә — өлеңнен келген;
Елесіңді, аға, сағынып айдан іздегем,

Отыр ма екен деп сырласып Ләйлә қызбенен.
Аспанға ұмтылған мен болдым жердегі бұзық, —
Кемпірқосақтың алдым мен өрмегін үзіп.
Ұрса ма деп ем, көзіне мұң ұйып түрлі

Ләйләнің ару әпкесі жымиып күлді.
Ол-дағы көрдім демеді, жан аға, сені, —
Қайта қарасам аспан да жалаңаш еді...
Жалбыздың жұпар исіне құнығып барып,

Алқара шашты көктемге тығылып қалып
Шықпай қойдың ба? —
Мың сайрам молаңа түстенді,
Таңқурай ағып, тағы да долана пісті енді...

"Қаламгерге" кіріп келмейсің балпаң да басып,
Біздерге сарқыт бермейсің шампаннан ашып.
Есенин құсап — жыр жазған парсыға бармай,
Үндістан жайлы толғап ең Ән шығарардай.

Сүймейміз енді сені, аға, борықтай беттен,
Шаганэ тап боп,
Чагинің жолықпай кеткен...
Миыма кейде аласың елес боп еніп,

Елестің сөзін жүрмін мен кеңеске жорып:
"Ақын көрдім елден бөлек нұсқасы,
Бірдей келген ұзыны мен қысқасы.
Семсері бар жылына бір қайралар,

Сомдап соққан Исфаһанның ұстасы..." —
Деп едім бірде, — "осылай өлең құрайым",
"Екінші жолын өзгертші, енеңді ұрайын..."
Сол жолды өзгерт.

Қалғаны "шикарно", — деп,
Боз қасқа жырдың Маңдайын сипады Жүрек.
Қарасақ та енді қай жаққа көреміз жоқтық, —
Естімей кетті көп болды — енеміз боқтық.

Орнатпаса да өзіңе қазағың мүсін,
Зайда-жар жазды Жоқтаудың ғажап үлгісін.
Топанша ағып барады тоқтаусыз жалған,
Ақындар неткен бақытсыз — жоқтаусыз қалған.

Топан ішінен көрем де елесіңді, аға,
Ене алмай қалған жетімдей ересидаға;
Қоңыр ымыртта оралып көмескі үн — сезім,
Жүрегімменен тыңдаймын Елестің сөзін:

"Қойнына мәңгі мені де шақырды далам,
Мен болам, бала, — далаңда Ақырғы Қаған.
Тәңір-Құтқа "Зам" ғып түбінде қоям бәріңді —
Елхан мен Гоуан, Саид пен Нояндарымды.

Бассыздық түбі, нанбасаң, сұраңыз — құрдым,
Біз — неоимпериясын құрамыз жырдың.
Ақындар ғана ойлайды халқының қамын,
Ойлаған татпақ, әрине, әркімнің дәмін.

Сен де тат дәмін шамаңша,
Бірақ біл әлді,
Әлін білмеген ақыры сұлап тынар-ды.
Ашының өзін ей, ноян, мұңыңа шақтап жұт,

Жүргендер барда — ақындар жығылар шақты аңдып.
Аранды ашсаң — сына боп жақындар жатың,
Мейірім төкпей болмайды ақындарға ақын.
Алгеуде болу біз үшін фәни заңы деп,

Назырқата да бермендер Фаризаны көп.
Күйсіз қыранды тар жерде қинар бөктергі,
Салбурынға алып шығар ма ед Иранбектерді.
Маңғыстау барсаң — тудырған талай хас өлең,

Темірхан атты айтарсың — "адайға" сәлем.
Кейде ерік беріп алған жөн жырау-шабытқа,
Құлағың тігіп жүргейсің Раушановқа.
Ақындарды ақын, демесін, дұрыс күтпепті,

Ашықбаев пен сыйлай гөр Тыныштықбекті.
Өлеңмен ғана әр ақын тапсын Тәңірін,
Шәкизада мен, қайда жүр, Ақсұңқар шұлым?.."
Осыны айтып Жұмағам көшені бойлап,

Жыргүлікке арнар Ертеңнің кешенін ойлап
Баратқан сынды болады. —
Үміт пе, тегі,
Содан соң мұлғын тұманға сіңіп кетеді.

Жүректің қылын жұлдырып қара дауылға,
Мен қалам жалғыз
Құлзымның жағалауында.
Аққуға мекен боларда — жағалау күз кеп,

Тұрамын тағы жан-жақтан жан ағамды іздеп.
Кетіпті жұртын қалдырып шерулер көшіп,
Таппадым Онон жағалап,
Керулен кешіп.

Қарағорымнан сұраймын — Шыңғысхан жатқан,
Шах Жаһан жатқан іздеймін Үндістан жақтан.
Ганг мен Жамна бойынан іздеткенімде,
Жолықтым қайтқын құстардың тізбектеріне.

Құс жолы жатты шаңытып — Тәңірдің жолы,
Жолдағы құстар бейне бір Бабырдың қолы.
Ұстатқанымен қолыма Бабамның мөрін,
Олар да маған айтпады ағамның жөнін.

Құлағын түріп жүректің тыңдатқанымда —
Рубабтар үнсіз Ташкеннің гүлбақтарында.
Самархан шәрде шығармай тәмәм үй үнін,
Кернейлер — келді демеді Сағадиұлын.

Мешіттер мүлгіп, меһраб, алаң бос қалған,
Күрсінеді тек мұнара Жалаңтөс салған.
Ағамды жоқтап, жайымды бәріне айтамын,
Таба алмай тағы, далама кері қайтамын.

Кәрі байтағым күтеді.
Күмбірлеп маған
Күмбездер көңіл айтады,
Жүр-жүрлеп далам.

Табамын деген боп шығып —
ұлы үміт жалған,
Мен кетердегі төрімде ілініп қалған —
Нала мен мұңды шанаққа егіз қондыра,

Қосылып жоқтау айтады қобыз, домбыра. —
Содан соң мен де торығып, ауыр сын жаншып,
Зіл-батпан зарды отырам қауырсынға артып.
Зіл-батпан Зардан қауырсын тайып кеткенде —

Жыр-құсым ұшты қанатын жайып дәптерге.
Алғай да қарғам — таңдайға нәр шылап қаннан —
Қауырсынымның түбінен тамшылап қалған...

Асқар ағаны азалау

Мен — кентаврмын...

А. Сүлейменов.

Ол — кентавр!
Тәні — жылқы, басы — адам,
Жылқыдай — Зат және қазақ — Есі Алаң.
Европаның соқыр көзін ақитқан

Скифтердің елесінен қашаған —
Ол — кентавр!
Тәні — жылқы, басы — адам.
Құлақ қанып жарған күйге қанасын,

Тұяқ танып тау мен тасын, даласын;
Толық құқы бар еді оның кетуге
Еркін жайлап Евразия арасын.
Қорқыттардың қобызынан қыл үзіп

Жеті сазға жалғап еді — үні жік.
Әуеніне тырнақ салып шыңғыртты
Мешін түкті, доңыз текті құбыжық.
Құбыжықтан құтылмады қашқанмен,

Десе-дағы:
Мен —кентавр!
Асқар — мен!
Сондай кезде қойды жерге жоламай,

Араздасып кетті кейде Аспанмен.
Аспаннан да ая таппай, жерден де,
Адамдықтан жылқы кейіпке енгенде —
Тамырында қан кісінеп шабатын,

Көргенде ылғи шартықтарды шерменде.
Мен кімнен кем?! —
Астымда — жер, үстім— көк, —
Деп тұмсығын боққа қайрап үшкірлеп,

Жылқызада жүрегінің Жауырын
Қанатқанға —
Құзғын жүр-ау "ұштым", — деп,
Сауысқан да күлген шығар "құспын", — деп...

Жанарында аунап түсіп жатты аспан,
Арабы торы — алп, алп басқан, алп басқан —
Бола алмады қарғалармен тамырлас,
Бауыры — бұлбұл, қарындасы — қарлығаш. —

Хас өнермен Арын байлап анттасқан.
Жабыстырмай жал-құйрыққа жүн-жыбыр,
Алыс, қырбай қонған одан зыр-зыбыл.
Жерден, көктен мәшһураттас таба алмай,

Өте шықты жұлын-жұмбақ бір ғұмыр.
Бұлттың көзін қанатқанда ай ұшы,
Қан құйылған қаламсабы қайысып –
Жұлынан шығатын-ды

Дырау - сөз,
Өрімі еді Құнан Білдің қайысы.
Дырау сөзі сананы іреп, бет тіліп,
Тарпаң басып кете барды Тектілік.

"Доңыздардың тұмсығының қасында,
Есектердің құлағы адал!.." — деп күліп.
Нұр құям деп көзі ағарған қазаққа,
Үн құям деп көні кепкен Азатқа —

Көр-тозаққа шыжғырылып тірілей,
Жетпей кетті "жұмаққа" һәм Созаққа.
"Бұл қазаққа біз де, міне, жоқпыз", — деп,
Шер-наласын болып, бәлкім, жеткізбек:

Омар, Оспан, Шайхы Бұзырық, Ысқақ Бап
Бабаларын ағам елде кетті іздеп...
... Жатыр үнсіз, шың өркешті нар далам.
Бағзы сенім! —

Тағы да бір нан маған! —
Асқар ағам кеп қалардай алданам,
Ізгі хабар алып "Расул — Алладан!"...

Бауыржанмен бақұлдасу

Б.Үсеновтің рухына

...Ай-ірімшік тістеген қарға түн-ді...
Жұлдыз-көзді түлкі әлем — салдақы үнді,
Қыңсылап ап сәл ғана ол да тынды...
Дүрліктірмей Жамбылың, Алматыңды,

Қарға түннің тығылып қанатына,
Қара өзенді жағалап қалың тобыр,
Табытқа әкеп тағы бір салды ақынды.
Қара өзеннің бетінде — аппақ табыт. —

Қауырсыннан жіберген қақпақ қағып.
Ақ қорғасын асыққа құйылғандай,
Табыт деген ақынға шап-шақ — қалып...
Құйылған соң қалыпқа сен де, тегі,

Қара өзенге ағызып ел кетеді.
Түріліп қап түлкі-әлем желге етегі,
Өп-өтірік көз жасын көлдетеді.
Тамған жастан жанданған қара өзеннің

Толқындары табытты тербетеді.
Ұрттам демің тар жерде тұншығады,
Аппақ табыт жөнейді ыршып әлі.
Қауырсынды — қапасты жарып сосын

Қоңыраулы құпия үн шығады.
Ол үн сенің Ақтық дем — жан дауысың,
Жан дауысың тұншығып қалмау үшін
Қауырсыннан жіберген қақпақ қағып —

Қоңырау үн аспанда самғау үшін.
Қоңырау үн жеткенде жыраққа ұлып,
Ажал қапы қалғанын бір-ақ біліп;
Дауылды ертіп,

Долырып ұмтылады,
Тастамақ боп жағаға лақтырып.
Елірер кеп, ол билеп-төстеп күліп,
Ойнақ салар, жатқандай кеспекті ұрып.

Сонда рухың табытты сақтап қалар,
Қауырсынды жұлып ап ескек қылып...
Жұлдыз шаншып, ай қадап аспан әлі
Ашпаса да өзіңе қас-қабағын —

Қара өлең деп аталар Қара өзенде,
Сенің мәңгі сапарың басталады.
Бозара бөртіп сәлден соң таң атады,
Күн ерінін тау жырып қанатады.

...Ақ өзеннің бетінде — қара қайық
Ақ желкені желбіреп баратады...
..Ақ қауырсын... ақ желкен ... аппақ табыт.

Мұнарбекке мұңаза

— Маңғыстаудың 362 әулиесін аралап тәу етіп,

"жалғызыма жар бола гөр!.. " — деп сиынып едім.
Қайтейін...

Иранбектің әңгімесінен.

Маңғыстауға неге келдің, бөрі аға?
Ұлып қашып нең бар еді молаға?!
Маң далада кілең бейіт тұр мүлгіп,
Жан біткенді қамамақ боп қораға.

Маңғыстауда молалар тұр мүлгіген,
Көрінеді қарамай-ақ дүрбімен.
Шеттерінен шынжыр балақ, шұбар төс,
Шайқы, пірлер, есіл ерлер —

Дүр кілең!
Талай нәһан жатыр жерге шақ сыйып,
Бастарына ай қадаған жақша иіп.
Күн шапағы жұққан қан-қан күмбездер —

Кәрі Ажалдың азуындай ақсиып.
Анау жатқан Күй-Аңыз бен Жыр-Абыз,
Біз де жиі хабарласып тұрамыз.
(Домбыраның құлағын сәл бұраңыз) –

Жолап кетсең — тоқсан толғау шер-нала
Ақтарады,
Нанбасаңыз сұраңыз.
Ақтарады,

Жадқа алады өткенді,
Ердің соңы... Пірдің соңы - Бектерді.
"Қоңыр салқын үні шығып бейістің",
Кеулейді кеп өзегің мен өкпеңді.

Күздің желі сарнағандай орманда,
Зар естисің жақындасаң сол маңға.
Мың сан найза қадалады кеудеңе —
Қарқалләзи шақ бұл жерде болған ба?!

Мұң мен Зарға талғақ болған мекенім,
Шың мен Жарға әруақ қонған мекенім...
Сол әруақтар айтып тынар ақыры —
Қияғы жоқ.., тұяғы жоқ екенін.

Қашаған боп күңіреніп бір шатқал,
Аралбай боп еміреніп бір шатқал,
Ыңыранып Сәттіғұл мен Түмен-шер —
Тұрып алып көзден жасы бұршақтар.

Нұрым шығар көкірегі желденіп,
Мұрын шығар екі көзі шелденіп.
Теріс бұрап домбыраның құлағын,
Беріш Мұрат Еділ жақтан еңменіп...

Кіл тұяқсыз...
Бұ не қылған қасірет?..
Шайырлардың құлай берген қосы көп.
...Көсе құмның кемсеңдейді иегі:

"Тақтақ түбі — тақ-тұқ!" деген осы деп..!
(Құмның бетін, жасынды бұлт, осып өт!)...
Құмға айналып біткені ме жігердің? —
Жігерімді түткені ме шідердің?

Әруақтардан тұяқ қалса егер де,
Тұқайымен таптар ма еді кілең жын?!
Сұңқарлардан қияқ қалса төбемде,
Тұлпарлардан тұяқ қалса төменде —

Мүйізінен бұрап тұрып шыңғыртып,
Кілең жынды матамас па ем —
Көгенге?!
Баба жолын керек еді мәңгі ұстау,

Тұяқсыз ғап кілең жынмен аңдысты-ау —
"Сонадайдан тозаңытқан Маңғыстау...
Жүрегіңді қобалжытқан Маңғыстау..."
...Маңғыстауға неге келдің, Жыр-аға?

Шақырды ма мұнар, мұнар... Мұнара? —
Хас жетім ғып кетіпті Ажал — тас метім,
Ол неліктен Ақындарға құмар, ә?..
Неге жұлды бүршік жарған мәуені?

Сенен бұрын неге оны алды әуелі? —
Себебі ме? —
Ақын Зары Ажалдың
Мәңгі-бақи сүйіп тыңдар Әуені...

Көктей солып бүршік-арман, бүр-арман,
Шын сүйе алмай,
Бір шыға алмай құмардан,
Мұнарыңды іздеп жүрсің мұнардан.

...Ызыңдай ма Зариғауып тұл орман,
Моладағы сайғақ құсап қуарған?
...Бөлтірігін қапияда алдырған
Айдан енді не іздейсің,

Құба Арлан?! —
Ей, Құба Арлан! —
Сен де әруақсың! —
Алғызба! —

Андызға бас бауырыңды,
Жалбызға.
... "Сақтай гөр!.." - деп күбірлеймін мен де енді,
Қарап қойып бесіктегі Жалғызға...

Қаратаулық қыршынның қазасында

Маңғыстаудың жыршы ұлы, Қаратаудың
қыршыны Қыдырбай Тұрмағанбетұлының
әруағына бағыштадым.

Автор.

Күздің түні.
Сөнген күнді бұлт үрлеп
Қайта жақпақ;
Мен қараймын күлкім кеп.

Алқа-салқа омырауынан Аспанның
Жұлдыз-түйме үзіледі біртіндеп.
Бір түймеге мен де кенет бас салдым,
Жұлдыз емес, мөлт-мөлт еткен жас тамды,

Жас тамды да жанып кетті күл-күл боп.
Мырс-мырс еткен күлкі естілді сыртымнан,
Жалт қарасам, шығып кетіп ырқымнан —
Қаратау тұр езулерін жиыра —

Әр әжімде бір үрейлі сыр тұнған.
Күбірледім әруақтарға сиына —
Жегі-жел кеп еніп еді миыма,
Ұры-самал үркіп шықты ұртымнан.

Сол самалдың ызғары өтті киімнен,
Алқымда тұр кеудемдегі түйір дем.
Құрғап қалған құм таңдайды шөл қапты.
Қаратауым еріндерін шүйірген,

Суытып ап қошқыл өңін жел қақты,
Сұқ саусақпен көрсетті де мен жақты,
Қара Аспанды түртіп қалды бүйірден.
Сол-ақ екен келді Аспанның қытығы,

Киіп алып түймесі жоқ күпіні.
Күлді дейсің аспан сонда селкілдеп,
Күмірә боп өлетіндей бітімі.
Бәрі сенен! — деп Самалды Жел тілдеп,

Самал қашты сай-салаға желпілдеп,
Бүгін түнде құритындай тұқымы.
Көкжиектің кірпігіне қан жағып
Ай да шыққан — көз бұлауға қамданып.

Шыға сала — қолды болды Ай бейбақ,
Ең болмаса үлгере алмай таңданып.
Бабаураған дауыс жетті:
"Бәй-бәйлап!.." —

Қара Аспанның шықты өңіне қайғы ойнап –
Бір күрсінді өзек-тінін Зар жарып.
Күрсінді Аспан,
Демін алып кеңірек —

Кенет мүлде кетті өзгеріп төңірек.
Құлап түстім тас кеуектің астына,
Жасын-саусақ бір шерткенде мені кеп.
Мойынынан құшақтап ап тас қыла,

Қаратауды бауырына басты да,
Жылап қоя берді-ау Аспан еңіреп...
Жөнелді бұлт тартқылап Ай-көкпарды...
Тас кеуекте мен отырмын жоқ-барды.

Көк өксігін жуыр маңда басар ма? —
Жаңғырығып Дауыс тағы кетті әлгі:
"Саған не бар!? —
Жанарыңа жас алма,

Ештеңе айтпа. —
Шын перзентін қашанда
Туған жердің жоқтайды өзі!" — деп қалды...

ЕСІКТІ АШШЫ...

..."Есікті ашшы,
Қапасыма жел кірсін", — дей бергенде —
бүккен дүние көлгір сыр,
Қайда барсам өре тұрды алдымнан

Сауал болып:
"Сен кімсің, - деп, — сен кімсің?..."
"Сен кімсің?"- деп жаңғырығып шартарап,
Жыртқыш Сауал шайыры ағып Зәнталақ,

Қай үңгірге тығылсам да
жан-жақтан
Шыға келед екі көзі қанталап.
Осы болды тағдырымның талқысы,

"Кімсің?" — дейді жер шарының бар тұсы.
Уақытты кертіп жеуден мүжілген
Қарт Сауалдың әжімінің әр тісі.
Уа, мен кіммін? — Ахура-Мазда, айта гөр!

Заратуштра, зарықтырмай қайта кел!
"Кімсің?" — деген "Тексіз" деген секілді,
Ол қорлыққа қалай көнбек Байтақ Ел?!
Қасиетті Құтхана жер — Бесігім,

Шетке шыққан мен болдым ба кесірің?..
Сакья-Муни, сенен де осы сұрарым,
Тілге тұтын Тәңірінің есімін.
О, киелі тұрағым һәм Тұраным! —

Шешпес пе екен перзентінің сұрағын?..
Көкке қарап көк бөріше ұлимын,
Ұстап тұрып Мұһаммедтің Құранын.
"Кімсің?" - дейді қай-қайдағы әулекі үн,

Қайда менің тоз-тоз болған Дәулетім? —
Шыңғыс ханның Зәйзатына бас ұрам,
Іздей жүріп Ашинаның әулетін.
Геродот-шал! —

Бағзы Бабам тұстасы,
Сен де маған бір шығар жол нұсқашы.
Карамзин, Бичурин — қайдасың? —
Өз тектерін өзгертудің ұстасы!

Ей, Гумилев, бөтенсіме, айт маған,
Жан қысылса жалына ма жатқа адам?! —
"Кімсің?!" — дейді кеше маған бір Малғұн,
Қылыш қайрап,

Абыройын жаппаған...
Күн ыстығы — күміс нұры қақтаған,
Азияның алтын айы аптаған —
Жатыр менің үнсіз-түнсіз Ақ Далам,

Берместен-ақ досқа — пейіл, жатқа — мән...
Үндемейді Аспан, Жердің арасы,
Талай сұмның қанды-ау әбден табасы.
Не ғып жатыр — бауырына жөн айтпай,

Кекілбай мен Төреқұлдың баласы?..

Үндемейді —
Тылсым әлем тымырсық,
Кемеріне сыймай жатыр түн ыршып.
Көшпелінің қосын артып жеткізген

Сары атаным желі жақта ыңырсып.
Ортасынан орын сайлап қиылып,
Тас төбемде жұлдыз қапты жиылып.
"Кел", — дегендей қойнын ашты көк Аспан,

Жетіқарақшы — Сұрау белгісі иіліп.
...Аспан маған қойнын ашқан іңірде,
Құлақ салдым жырақтағы бір үнге:
"Тегіңді ізде — тану үшін Өзгені", —

Деді Самал Көктің көне тілінде...
1993 ж.

ТЕКТІЛІК ТУРАЛЫ ЖЫР

Бұл — періште, — деп жүрген
Ей, бейшара Тектілік,
Көрем бүгін мен саған жын соққандай соқтығып.
Мен сенің де, себебі, Сайтан көрдім көзіңнен,

Сайтан көрсем болғаны айрыламын төзімнен.
Көзіңдегі сол сайтан бұтын былғап Пиғылдың,
Сені-дағы иықтап, "қалайсың?.." — деп ой қылды.
Құйынша ұйытқып кеудеңде —

Көреді де қытықтап,
Сен Сорлыңа жоқ төзім қас-қағымда бітіп қап;
Көрсете алмай содан да Арлы Ертеңге бір нұсқа,
Қосылып ап кетесің Бар ғаламдық қылмысқа.

Қосылмас ең қылмысқа —
Сиқыр Қайғы — сый Қайғы
Сенің Нәһән нәпсіңнің құрсағына сыймайды.
Айқай салар сол кезде тамырдағы қан байғұс,

Шырылдайды ұяттың жүрегінде Шамдай Құс.
Шамдай Құстың шырылы
құлағыңды қан-қан ғып,
Ит-нәпсінің ырылына жабысып ап Жалғандық

Айрылғысы келмейді;
Көмек сұрап Малғұннан,
Несібе алып қалмақ ол
Бар ғаламдық қан-жыннан.

Қақаған қыс айналаң —
Түкірігі түрпідей,
Тоңған жанға барлығы тиеді екен Кірпідей.
Жүндібарақ Аспанның боз қылшығы бет тіліп,

Сүйек тұтқын жұлынын Аяз буған, Тектілік! —
Шыңғырасың сосын кеп, Сауға сұрап әлемнен,
Әруақтарға сиынып — Тоңып, үсіп бәрі өлген.
Бар ғаламдық Қылмыстың

Күнәһары — Тектілік!
Сенің арсыз дүниеде Даусың қалар көкке ұлып.
Ұлығанмен Аспанға —
ажырамас қарысып,

Ит-нәпсінің Ырылы
Алқымыңнан жабысып!..
1992 ж.

БІР АҒАМЕН ӘҢГІМЕ

— Е, бауырым, жырлағын,

Шығып жүр ғой қызба атың.
Желігінде жиырманың
Болған едік біз де ақын...
Сөйледі ағам жалданып,

Кезін айтып аһ ұрған.
Қалдым мен де таңданып,
Ақын тауып жақыннан...

— Қыздың бәрін жыр етем,

Самауырмын шоқ тыққан.
Ақындық бір жын екен
Көрінгенге соқтыққан.
Қағып-сілкіп киіз ғып,

Ат құйрығын үзісіп;
Ағалармен мүйізді
Көргім келед сүзісіп.
Басып-басып гөй-гөйге,

Арқа-басым құрыстап;
Дүниені кей-кейде
Алмақ болам дұрыстап.
Безіп қыстың кәрінен

Көктем келсе тыраулап,
Маңайымның бәрінен
Жүрем ылғи жыр аулап.
Жарардай боп қанасын,

Талантыма сендіріп;
Ет пен тері арасын
Алды кеулеп жел кіріп.
Сол жел буып бойымды,

Мидың көзін шел қаптап;
Билей алмай бойымды
Кезіп кеттім елді ақтап...
Аспан жаққа қарадым,

Бостан баққа қарадым.
Мақтай ма деп жырымды
Достар жаққа қарадым.
Жапалақтап қар жауды,

Жауған қарға қарадым.
Ындын көңілі Зәрге ауды,
...Битін сықты талағым.
Қызуымен сол Зәрдің

Жүргенімде желігіп,
Тарнауында жолдардың
Ағай қалды жолығып.
"Таппас сенен бақ тұрақ!

Тұқым текке тартпаған
Талапсыз!" — деп Қаттырақ
Маңдайымнан шертті ағам...
"Бар ма, — деп ем, — шарабың?"

Шөліркеп бір іңірде. —
Кіржитті кеп қабағын
Інге кіргір інім де.
"Кірісің жоқ Шығысың..."

Кеңес берді ол ептеп:
"Жыр мен жының құрысын,
Тірлік қылу керек?" — деп...
Ол кезде жай белгілі —

Шөл бар тері кептірген.
"Жырдан бұрын сен құры!" –
деп айта алмай кеттім мен.
...Шаптығып бір жауды күн,

Зәремді алды сигілеп.
Көк бет таулар жаулығын
Тартып, қабақ түйді кеп.
Арбакештей тоналған

Үйге кештеу оралғам.
Шыға келді жар алдан —
Басқа қара оранған.
Сәуле салды санаға

Қызыл ұят бет тілген.
"Жүріп қаппын далада
Шындық іздеп," — деппін мен.
"Қайда жүрсің қаңғырып,

Кепкір ғана ындының?!
Күйретейін жарға ұрып
Шөлмек болса шындығың!.."
Содан бері ымыртта

Сыртқа шықпас боп алдым.
Жүні күйген жұмыртқа
Қырықтырмай жоғалды.
Жырымды ұстап қалғалы —

Түрленгенде төңірек,
Тағы ұмсынғам алғалы —
Тасбақа екен шөбі жоқ...
Содан кейін біз-дағы

Үйрендік қой жетекке.
Гүлге ұмтылмай құздағы,
Көзді салдық етекке.
Сөйтіп біздей ақын да,

Тәмәт. Тамам...
Көт қысты...
Ал, кел, інім, жақында,
Тамақ түсті, ет пісті.

Бір сәт кебін доғарып,
Сұр қазыдан кертіп жеп: -
Солай, бауырым, — деп алып,
Күлді ағамыз кеңкілдеп...

Замананың Серісі
Сыр айтады қиялай.
Ішігі — ит терісі,
Бит терісі — биялай...

- Бұрынғыдай ақынды

Сыйламайды ел...
Ал, бала-ай!..
Бір шығардың атынды,
Қумай-ақ қой ар қарай.

Көзге ілмейтін жанды өзге
Індет қой ол елде бар.
Мендей ағаң бар кезде
Жағдайыңды жөндеп ал...

...Ағам жайы болды айқын.
Әлі де үміт үзбей ме? —
Бұл да кеңес! —
Қонбайтын

Мың айтқанмен Біздейге...
1991 ж., Құрық.

АҚИҚАТ АЛДАСПАНЫ

Бауыржан Момышұлына

Халқы азаттық алғанын
Қыран ерім
көрмеді-ау деп,
ішінен тынады елім.

Жүрегімнің тұратын қақ төрінде
Бауыржаным бар бірақ — мына менің.
Ес білгелі ол менің жүрегімде,
Дінім менен ділімде,

Тілегімде.
...Жұлдыздардың шекесін шаққан жасын
Жендет-бұлттар ойнаған түн-өмірде. —
Ескерткішке айналып тұр елінде.

Табылады ол қашанда тап қасымнан,
Отанымнан, ошағым — от басымнан.
Жағып өткен жаныңа жанарларын,
Жамандықты өртейтін шоқ шашылған.

Өзі де отқа еңкеймей кірген Бәукем,
Алқымнан ап Ажалды күлген Бәукем.
Мағжандардың маржанын теріп алып,
Қасымдардың қасында жүрген Бәукем.

Адамзаттың жауы боп жандасқаны,
Оқ түтеген түнекте жол бастады.
Ақ пен Қара арасын сара тілген —
Ақиқаттың ағинақ алдаспаны.

Дәріптемен дана деп, данышпан деп,
Жауыздықпен тек қана алысты
Ар боп. Ел-жұртына нұр-жарық әпермекке –
Айға атылды сан мәрте арыстан боп...

Көргеніме тәубе етем арманды ерді,
Бата берген, баспа деп жалған жолды.
Мен ешқашан ласқа былғай алман,
Созғанымда Бәукендер алған қолды.

Жауын жерлеп,
Дәуірдің құнын алған
Құлағымда саңқылдап үні қалған.
Ұрпағыма үйретіп өтермін мен,

Ұлағатты —
Сіңірген ұлылардан!..
Аман өтіп кілең өрт, кіл дауылдан,
Аямады ол иығын күллі ауырдан...

Әр қазақтың төрінде Жүрегінің —
Намысы қалғып баратқанда,
Арысы қаңғып баратқанда;
Арғымақтардың басынан

Жабысы қарғып баратқанда —
Айқай салып тұрсын да бір Бауыржан!..
1992 ж., Құрық.

ҚАЙ. ТОҒЫЗЫНШЫ ВАЛ

"Енді төзер жайым жоқ!" –
деді Теңіз тұлданып.
Жатыр еді байыл боп,
Кетті кенет жын қағып.

Өңі өрттей қабарып
Қалай ғана безбесін? —
Өз нәсілі — қара бұлт
Өз еңсесін езгесін.

Мінез қалды ақ тымық.
Қалай, сірә, күймесін?!—
Өз нәсілі шаптығып,
Өз бетіне сигесін.

Төбесінде төс ұрып,
Қыннан алып алмасын;
Ұры желмен қосылып
Төрінде ойнақ салғасын.

Ыза,
Нала,
Мұң,
Иман —

Күйінген-ді қабат кеп.
Кешегі езу жымиған
Түйілді енді қабақ боп.
Теңіз көзі қанталай

Ілді бәрін қармаққа.
Ақ кемелер жаңқадай
Ұшып кетті жан-жаққа.

Мұны немен өлшеме! —
демен. —
Теңін табасың. —
Айвазян көрсе де

Ұстар еді жағасын.
Әсіре айтты демегін,
Рас,
Аспан көшкен жоқ.

Бірақ бей-жай Әлемің
Кетті астаң-кестең боп.
Шоқтың күлге көмілген
беті демде ашылып. —

Шағалалар
Жел үрген
Ұшқын құсап шашылып.
Әр толқынның жалында

Қазір мың-сан пері жүр.
Қой, көңілім, қағынба,
Қайығыңды кері бұр!..
Жақпар-жақпар тастар да

Шыдады әзер тістеніп.
Балық біткен аспанға
Ұшып шықты құс болып.
Кәрлі теңіз мінезі

Шығарды үнді үнге ұрып.
Мылқау балықтың өзі
Жібергені-ай шыңғырып!
Көз жарқ етіп,

кетіп өң,
Жетті даусы жалғанға. —
Бетпақ таудың бетінен
Салып келіп қалғанда.

Сарыны естен тандырып,
Баса алмады арынын.
Қара бұлттың қан қылып
Қарнап алды қарынын.

Қабырғасын күйретіп,
Болды әлемет күрт тіптен.
Ішектерін сүйретіп
Безіп берді бұлт біткен...

Өз ырқына көндірмек
Болудағы мақсат не? —
Аласуан жел жым боп
Тынши қойды әп-сәтте.

Түбі қайыр, — демеп пе ем, —
Секілденіп қос ғашық;
Теңіз бен көк кенеттен
Шыға келді астасып.

Қайранмын бұл мінезге,
Өтпегендей түк те ұрыс;
Дүн-дүние лезде
Бола қалды тып-тыныш.

Көк жүзінде қайтадан
дірілдейді ұяң ай.
...Балапанын шайқаған
Теңіз енді ұядай.

Қысылғандай демігіп
Қылығына жаңағы,
Толқындардың еріні
Өбеді еппен жағаны.

Жұлдыз — ине жасуы,
Салды нұрмен кестені...
...Тереңдіктің ашуы
Сыртқа шықса өстеді!..

«КӨҢІЛІНЕ КЕЛІП ҚАЛАР...»

...Біздің Дала көнбістіктен көнге айналған тәрізді.
Өз ұлдары өгей шығып жүректен қан ағызды.
Парыз қайда алдындағы ертең келер ұрпақтың?
Қайда асырдық әруақтарға төленбеген қарызды?!. —

Деп ем, кенет бұғып жатқан шығып кетті тастан үн:
"Ойбай, тыныш! Көңіліне келіп қалар басқаның..."
Ал көнейік.
Сонда біздің кім қарайды көңілге?

Есектен де ессізденіп митыңдау да өмір ме?!
Қанмен жиған қазынамды тегін беріп тексізге,
Құл мен Құтан билік айтты Абыз сөйлер төрімде...
Әлгі Дауыс Мидың көзін жарқ еткізді қас-қағым:

"Ойбай тыныш! Көңіліне келіп қалар басқаның..."
Біздей самас еренсізді есі дұрыс кекетті ел —
Сәл Саңылау қалса Баста сол мазаққа төтеп бер.
Отан жайлы ұғымыңа ұрып қолын қояды —

Қотанына қасқырлармен бірге шапқан көпектер.
Тағы да әлгі үн естілді:
"Жақ жаппауын қасқаның! —
Ойбай, тыныш! Көңіліне келіп қалар басқаның..."

Бостандықтың бозасына тойып алып оталап,
Сөйлесе Ерлер — жұрт қарайды жанарлары боталап.
Елдің қамын жегенсініп, Жердің Қанын жұтуда —
Қызғылт құлқын, сұрғылт тәбет,

бозғылт ындын — махаббат.
Тап жаңағы Үн:
"Қозғау мүмкін емес Сордың тас-тағын,
Ойбай, тыныш! Көңіліне келіп қалар басқаның..."

Бұл неғылған топас — түйсік, кердең — ұғым, кер — сана?..
Сүйегімде Тірі ет қалса жұл да, отыңа боршала.
Ұлы Төзім ұйықтап жатыр біздің мең-зең
Далада Селт етпейтін — көзін ойып, тілін кесіп алса да.

Тастың даусы тұр естіліп:
"Жағынды енді ашпағын,
Ойбай, тыныш! Көңіліне келіп қалар басқаның..."
Менің жерім қаза-қаза көрге айналған сықылды,

Жиған ырзық-несібесі көңге айналған сықылды.
Өлікті де ұйқысынан шошытардай кешегі
Көрген Түсім шыныменен Өңге айналған сықылды.
Тастың Даусы қатты шықты:

"Ойлау керек бас қамын,
Ойбай, тыныш! Көңіліне келіп қалар басқаның..."
Зорға жеткен Азаттығым ғасыр жалғап ғасырға,
Бұлың етіп жоғалардай үрейленем расында...

Бабалардың Сүйектерін сатып байып алғандар
Той тойлауда — Болашақтың Моласының басында!..
Боздап қоя берді кенет менің Басыр Аспаным:
"Тыныш, ойбай! Көңіліне келіп қалар Басқаның..."

КӨКТЕМГІ ЕЛЕС ТУРАЛЫ ӘН

Көбелектің қанатынан гүлдегі
Көйлек киіп өттің алдымнан.
Сенің Нұрың нәзік үн боп күлгелі
Серпілгендей көк тұман қырдан.

Сенің Нұрың нәзік үн боп күлгелі,
Шәлісін бұлт ілді құздарға.
Басу айтты кәрі ағаштың бүрлері
Таңдай қата сүңгі мұздарға.

Басу айтты кәрі ағаштың бүрлері,
Дауысы оның өлеңде қалды:
"Оттай жылы,
оқтай өткір үндері –

Көксіл Елес, сен өлме мәңгі..."
Оттай жылы, оқтай өткір үндері —
Елес нұры тылсымнан құйып —
Тірілтеді көктем сайын Нұр мені,

Көктем сайын қыршыннан қиып.
Тірілтеді көктем сайын Нұр мені,
Кеткенше ертіп моладан жол кеп.
Тілек айтам жұлдыз аққыш түндері:

"Көкшіл Ажал! — Сен аман бол!.." — деп...

КӨП ХАҚЫНДА МЫСҚАЛ СӨЗ

"Көмусіз қалар көпті қарғаған", —
дегеннің қандай бар мәні? —
Көздерін сатып боқты қарғаға
Құлшылық қылу арманы.

Заман отына — азалы өртенбек,
Күл болып барам мың өрттен.
Көрімді солар қазады ертең деп,
Құл болып Кепке күнелтпен.

Тігемін мүлде қосымды бөлек" —
Дегенмін бірде серт етіп...
Ойыным неге осылды кенет,
Кезімнің жасы мөлт етіп?

Осыным, тегі, болды-ау асылық? —
Кәріне ұшырап Иенің;
Жіберді мені мәрғау асырып,
Шашылып қалды сүйегім.

Бұтақ, діңімнен жапырақ қашып,
Сояу боп тынды тамырым.
Нем бар ед Көпке топырақ шашып,
Тыңдай да бермей әмірін?!

Демеспін енді: "Көптен ажыра". —
Қырына ілінген оңбайды.
Жүрмейді Көпке — өкпе, базына,
Қалжыңдауға да болмайды.

Білем: Мекен ғып қорым-орпаны,
Аяқталғанда сапарың —
Жабыла көміп, соңынан тағы
Көп болып жоқтап жатарын.

Дұға бағыштап күнде бір ерге,
Шығарады-ай Көп — сұмдық үн.
Иреңдеп келіп, інге кірерде
Түзелген жылан сындымын...

Кірген соң інге —
қасымнан ағып Ішіне сіңер тұманның.
Шырақ боп қалар басымда жанып:
Көз жасым — уы жыланның!..

«ӨЛІАРАДАҒЫ ӨЛЕҢДЕР» ЖЫР-ШОҒЫРЫНАН

Оятты мені азаны құстың,
Азаны кұстың — өлеңі.
Құс көңілдердің наз әнін ішкім,
Базарына ұшқым кеп еді.

Далаға шығып көкке аунай кеттім,
Миымды осып отты өрме.
Топ тырна маған тоқталмай өтті,
Ене түспек боп көктемге.

Табиғат барлық құпияларын
Ашардай маған тек бүгін.
Көрер ем барып құт ұяларын —
Қанаттың, әттең, жоқтығын!..

Жастық қып басқа жастанған далам
Ыңырсып қойды атандай.
Әлдекім қазір аспаннан маған
Құпия бір тіл қатардай...

Сәлден соң аспан тас-талқан болып,
Найзағай бұзды кескінін.
Тәңірдің даусын асқар тау бөліп,
Еміс те еміс естідім.

Ұқтырмас сырын жасыл ғалам кең,
Құдайша ұқпай сырларын. —
Жатырмын оқып жасын қаламмен
Тәңірдің жазған жырларын...

1983 - сәуір.
* * *
Жел соққанда толқыны жарға атылып,
Тұнығы шайқатылып;

Кіреуке мұз қысқанда қайта тынып,
Жаға жатыр тағы бір таңды атырып...
Бұрымы тарқатылып,
Тұр ағаштар күп-күрең қан қақырып.

Сұп-сұр танау тастар да тұмауратқан.
Жамалы Ана-күннің
Көрінбейді — кірпігін қырау қапқан.
Төбелерді жасырып мынау жатқан,

Даланы қара мұлғын
Тұман жапқан —
Сол тұман зіл-ау батпан?..
Күз тоқырап — түстікте құстың көбі...

Қырым бар - мұз етегі.
Шешкізердей лыпамды үстімдегі,
Көктен түскен күйдірді ұшқын мені.
Миымнан сыз өтеді —

Неткен ыстық, япырмай, қыстың демі?!.
Ойланамын өткенде өрт мені жанай,
Жалаңаш қырым жайлы.
Болды-ау бұл ай біз үшін ең ұзақ ай.

Қыстың демі шығады кек, ызадай.
Қарағаш сыбырлайды:
"Өлара шақ өтеді көп ұзамай..."
Өліара өтсе қалады кім қасымда? —

Тарар күз дүрмекті алып.
Сырласым да сол болып, мұңдасым да,
Қыстың тең боп бір түні бір ғасырға
Қалармыз дірдек қағып —

Қарағаш пен екеуміз қыр басында...
* * *
Жаздың жеттім түбіне — жазды жедім,
Мен жебірдің жемесі аз білемін.

Кеше туған азулы ай бұлт кеміріп,
О да ертерек өзінің қазды көрін.
Мен де жедім,
Уақыт мені жеді,

Желігеді дүниенің жегілері.
Кемік сүйек, сасық ет —
Қам міскіннің
Тік тұрғызып Түйсігін — жел үреді.

Абалайды мігірсіз күздің желі,
Қағып алды тісімді — Түздің Демі.
Күркілдеген төбемде қара бұлттар —
Қанаттары түндіктей құзғын ба еді!?

Жел даусынан жүрегім қатты ыршыды,
Тіске тұрған дыбысы — тап бір шыны.
Ақ азуы сақылдап қасқыр қыстың,
Түлерін де білемін ақ қылшығы.

...Жем боларға қапысыз көзі жеткен,
Мен болар ем тірлігін сезік еткен? —
Кіл қорқаудың тісінен аман шығып,
Жатпаса егер маңырап қозы-көктем!..

* * *
Қабағынан қар көрдім кәрі еменнің,
Жанарынан зар көрдім қара өлеңнің.
Қара жердің бүгінде сыз құшағы,

Мұз қысады тамырын бар әлемнің.
Мезгіл-ақын өзгертпей тақырыбын,
Әлсін-әлсін, қарашы, аһ ұруын.
Түкіреді кәрі қыс, күрк-күрк етіп,

Таңдайына жабысқан қақырығын.
Жел — боранға айналып таласа үріп,
Жармасады шалғайға қара суық.
Жыртқыштардың тісіне қаны жұғып,

Жалғыз Сәуле қашып жүр аласұрып.
Сол Сәуленің қайғысын ойша шектім,
Сыбыры кеп құлаққа майса шөптің. —
Бір тал Сәуле сөйлейді —

Тіліменен
Тоңды жарған нәп-нәзік бәйшешектің.
Кәрленеді долы қыс шыны шағып,
Қиятындай желкесін қылыш алып.

Шырқыраған сол Сәуле кете алмай жүр,
Жеті тоғыс Демінен тыныс алып.
Тыныс алса, ғаламның сызы қашып,
Кәрлі қыстың көзінің мұзы жасып —

Нәзік Нұрдың шырылы жырға айналып,
Топас Тонды шығар ед бұзып ашып.
Жетер еді қаймықпай Қырау Беттен,
Босағадан төрге озып жырау-көктем.

Жатар еді жалт ойнап жанарында,
Құлағанда жүрекке тырау көктен.
Ал, әзірше, көктемің келетінге
Ұқсамайды.

Тығылып көне түнге,
Жалғыз Сәуле қашып жүр дірдек қағып,
Шырылдайды Дауысы жел өтінде.
Гүлге бөлеп даланың сері қырын,

Тонды жейді деп сенем жегі-нұрым.
Топас Тоңды тесе алмай аласұрған
Сол Нұр — менің үнім ед,
Менің — үнім...

"Сәуір — тәуір", — дейтін осы Сәуір ме?
Неткен ызың?
Жерді жарған Әуір ме?
Күні-түні сарнайды да тұрады,

Сәуірің де сай туыпты-ау Дәуірге.
"Кім сүймейді?.." — дейтін әлгі Көкек пе!
Бұл көкекті қамаған жөн кетекке.
Бәйшешектің тумай семді қызылы,

Арсыз жел кеп қол салған соң етекке.
Несі тәуір?
Қалай сүйем мен мұны? —
Қызғалдақтар құрып бітті ендігі.

Күллі өскіннің түбін қазып, ұятын
Ашып тынбай басылмас дүр Жел жыны.
Бұл сәуірің — сәуір екен жыры өзге,
Тап келгенбіз қандай ғана мінезге?..

Мәз боп тілі шыға берген шыбықтың
Бүршіктері без боп қалды лезде.
Отап тынбай тоқтау бермес мына жын...
Күшіне енді көзге шапшып құла құм.

Құртқашашты шаштан сүйреп,
Жусанның
Қан-қан қылып жұлып алды құлағын.
Сәуіріңнен — Жанарынан Зәр атқан,

Артық екен деп қалдым мен сор — ақпан.
Келін күткен күйде отыр ек күбініп,
Көк айыл ғой мынау барын тонатқан.
Сәуір келед, деп отырсақ, сый күреп,

Қай Құдайдың бұл тағы да бұйрығы ед?
Келін емес, кесір келді бет тиген,
Жаңбыр емес — топырақпен сигілеп...
"Қарағым-ай, шүкір ет!" —

Деп қариям желге қарап түкіред.
"Алды қату — арты тату болушы ед". —
Осыны айтып бетін сүртті ол "үфілеп".
Көктемені көреміз ғой қыз қылық, —

деп жүргенде, — салғаны нес-с түз бүлік?!
Зәрін шашып шықпасын де тағы алдан:
Шыжың шілде, тандыр тамыз шыжғырып.
Шашын сипап, сұрағанға жорта хал,

Жел алдыңда тәлімсіп тұр ерке тал.
...Баспағай тек бетпақ келін орынын:
Шағыр көзді, шандыр бетті кер тоқал!..
* * *

Тырнақ жазды жатқан қыс жұртты бүріп,
Шағыр күннің көзіне жылт жүгіріп,
Киізіне мүйізі өрнек салып
Тұрысын-ай, мезгілдің күрт құбылып.

Күрт құбылды.
Әлі сан құбылады,
Шапақ қанжар ірейді құбыланы.
Тіспен тартып тоң-тұтқын әр тал шөпті,

Әкеледі жарыққа түлік әні.
Қалған көктем тіріліп ит өлгенде,
Жеті жарып жалқы үнді күй тергенде —
Жұлдызды үнмен бота-бұлт боздайды әлі

Іргеме кеп түйе-түн сүйкенгенде.
Жұлдызды үннен от тамып сезіміме,
Тағы үреді-ау ит-көңіл — көзі, міне!..
Түйе-түннің тау-үрпін бота түртіп,

Ай уызы жұғады езуіме.
Құс жолымен ботамды ноқталатқан
Жетеді ертең көктемім — жалт қаратқан.
Сәмбі талдың бүрінде тыныстайды,

Өңшең ғашық - көздерін от қанатқан.
Болады ғой ертең-ақ керемет бір! —
Құрт жайылып төсіне өре-көктің.
Қауырсынға тырнаның үнін құйып,

Қанатына жыр жазам көбелектің.
Басылады көңілдің күйкі алаңы,
Қыз-дүние сыланып, сипанады.
Жетер тағы шоқ шашып тұяғынан —

Ән таңбалы Дәуренім, күй тағалы.
Мынау әлем әзірге құбылып тұр,
Айта алмауда шын сөзін құмығып қыр.
Жүрегімде қоздайды жыр-қоламта

Жұлдыздардың деміне жылынып бір.
Міне, осылай бағамын күн райын,
Шытынауда тағы аспан шыныдайын.
Мұз тұмсығын тығады Жылы Үмітке,

Тырнағына қан жұққан Ұры Уайым.
Күнді ай қуып, айды —жыл,
Ізді басқан,
Қыстың жазсыз кезі көп күзге ұласқан.

...Бұлт ысқылап тазартқан аппақ Нұрды
Жол қылмасақ — ашылмас біздің Аспан...

Көктем күні даланы тұр өрнектеп,
Салыстыра аласың кілем деп тек...
Зорға шыққан төбеге гүл еңбектеп,
Тас қарсы алды алдынан кілең көкбет.

Көктеменің қонғанда гүлі сыбай,
Танытпады сабаздар жылы шырай.
Гүл өлтірген секілді жеті атасын
Бедірейіп бетпақтар — тұрысын-ай!..

Әр дыбысы әуен боп таза қанды,
Жапыраққа мас торғай жазады әнді.
"Бес-ақ күндік ғұмырда кімге ғана
Тап болдым?" - деп гүл бейбақ назаланды.

"Ей, бал ара, көбелек! — Тояттап кет! —
Сен де тасқа нұрың төк — айы аппақ көк!"
Осылай деп гүл бірде жыр шығарды,
Кілең көкбет тастарды оятпақ боп.

Өмір қысқа.
Өлмейді ол жазды өткеріп,
Жылап кетер гүл-ғұмыр мәз боп келіп.
Сылқым жырды сыбырлап айтқанменен –

Селт етпеді көк тастар саз беттеніп.
Тас билеген төбесін — ояң далам...
Бір тыңдасаң гүл жырын тояр ма жан...
Дүниеден гүл де озды, аяй қарап

Сұр тастарға — ұйқыдан оянбаған.
Азат ауа, азат көк, азат таңда Ғұмырлар-ай —
басылған мазақ таңба.
Бес күн жасап,

Жүз жылдық Басырларға
Аяй қарап өтуден азап бар ма?!.
Түлегенде қайтадан қыр жаңбырмен,
Сырласамын қырқада тұрған гүлмен.

Таңдайымды шылаймын шөлдегенде —
Қауызында гүлдердің тұнған жырмен...

"Ай көрдім — аман көрдім..."

Наным.

Беу, менің жігіт шағым — үміт шалық —
Қамадым түрмеге оны құлып салып.
Құрт түскен өзегіне тумай жатып —
Барамын тамыры ауру шыбықша арып.

Тұрғызбай табыт-тірлік, төсек-кебін,
Білемін көп өмірдің бос өткенін.
Бос күндер жыртығынан жел кіргенде,
Не көріп, не қойдым? - деп, есептедім...

Қыс көрдім алағайлы, бұлағайлы,
Ешкімге тие қоймас сірә жайлы.
Бүр болып шыңғырсаң да тамырдағы —
Қыс көкең хал-жайыңды сұрамайды.

Содан соң тамшы көрдім қауыздағы,
Қауызды бір Азу тіс бауыздады.
Қылт етсең қыршыныңнан қиып кетер,
Жиылып жер бетінің жауыздары.

Ай көрдім — одан кейін тамыздағы,
Мойында түсті есіме қарыз бары.
"Жаңа айым, жарылқай гөр!.." — деген тілек,
Ол да бір айтып кеткен аңыз-дағы.

Соңынан Зариғапқан күзді көрдім,
Көңілдің мизам жібін үзді жел мың.
Күз деген — Уақыттың қасапшысы,
Бар дейсің, аман өткен сүзгіден кім?..

...Маңырап көкіректе жетім Дауыс,
Жүректі сынық мүйіз Сүзгілер Мұң.
Қаншама төл болсаң да өлеңді емген,
Ұры-Ажал лағысың сен өңгерген.

Жатарсың не болмаса қарс айрылып,
Қауындай бір бұтаға көгенделген.
Білмеймін — қала панам, мола ма ығым?
Көмейден шықса болды тоңады үнім.

Салмағын сезе түсем келер күннің,
Жедінің санап тұрып жек адымын.
Тағы да бір қиғылық істегелі,
Ақ азу қыс келеді тістегелі.

Үмітті құс денелі — үсік ұрып,
Бәйшешек мұз астында түс көреді.

Тигенде қайла-мүйіз тасқа даусым,
Қабағын шытып қойды қасқарау шың.
Қыстың да аржағынан Ашады Аран,
Атасын мен танымас — Басқа Маусым.

Бой — байсал, басым — аман, бауыр — бүтін.
Ай кесті сәулесімен дауылға үкім.
Нәр сауған метім тастың үрпінін де,
Басымнан өтті-кетті — Сәуірлі түн.

Толтырдым көз ұяма құмды құйып,
Өлтірдім тар кеудеге жынды жиып.
"Біз мұңдық — қурай мұңдық" — деп қояды,
Жасылын жел жеп кеткен тұл — Жырұйық.

Е, біздің басымыздан не көшпеді?
Бұлт көшті — тозған іркіт тегештегі.
Үзілген үміт жібін жалғатпайды,
Мидағы Сынық Ине елестері.

Сананы сыздатады Сынық Ине —
Жазылмас жара құсап өңештегі...
Уақыт жүзімізге тап сала ма?
Жүректі үсік ұрып, тат шалады, ә?! —

Кеудеме мөрін басты күз кеп менің,
Жұлып ап жапырағын сап-сары ала.
Төсінде ай-жапырақ — күзгі теңіз
Мұңданса — ол мұңменен түздікі егіз...

Тілеумен бала талға бүр шыққанын,
Көктемді алда қанша біз күтеміз?!.
Күтеміз!
Бұған дейін қанша күттім,

Қадірін Дәуренімнің аңсап ұқтым...
Қайтадан Жыр ұйығым тіріледі,
Қуат ап тамырынан қан-шабыттың.
Құлайды топас-қаңтар, мәңгүрт-ақпан. —

Түспейді ақын барда Ән-Жыр тақтан.
Ақ түннен нұр суырып отырармын,
Айдыннан бала қаздай балдыр тартқан...
Уа, дариһ!

Сол шақ үшін бақ садаға,
Бас имей кетер едім патшаңа да —
Бас бармақ құлпытасын көрсеткенше
Қырдағы жұдырықтай ақ сағана...

ҚЫЗЫР-ҒАЙЫП

Қызыр болып жарылқайтын ғайыптан
Мейірімі шығар бәлкім халықтың?!

Жұмекен.

Ескілікті қай сөзге де иланам,
Темір ғасыр! —
Сол сенімді қи маған.
Біздің шалдар —

Қызыр келіп қалар деп,
Ешуақытта дастарханын жимаған.
Аңғал бабам,
Көрмесем де жүзіңді

Құм астынан қанша аршыдым ізіңді.
Жүргендейсің қыр астында,
күтумен
Әлі күнге бір соқпаған Қызырды.

Ай, шалдарым, жайсаңдарым, ізгі ойлы,
Өзі тірі жүріп — Өзін іздейді.
Өтеріңде кеттің бе екен өкпелеп:
"Қызыр, тәйір, қайтушы ед деп,

Біз дейді!!!
Үндемейді Қызыр жортқан көп төбе,
Үндемейді Ілияс жүзген көк кеме.
Қызыр ішкен Әбілһаят суынан

Татуға, әлде, барсам ба екен Меккеге?

Қалта жұқа — қалай бірақ барайын,
Жылу берер жоқ қой, менде ағайын.
Көріп жүрміз, тазы болған Заманға,
Қажы болған көкелердің талайын.

Сыр бермейді маған ондай мәрт аға,
Жүре сөйлеп, қағып қояр арқаға.
Олар-дағы Қызыр көрдік демейді,
Жымияды: "Қызыр деген — қалтада".

Келеді ол деп,
Құс жолымен кешіп түн
Жүргенімде,
Шошытқанын кеш ұқтым —

Тоқ имамның кекірігі мүңкіген
"Қадір түнгі" мұржалары мешіттің.
Десе де әркім: "көнені құр көксеме".
Осыны ойлап жатам кешке, от сөне.

Дастарқаны жиылмапты Бабамның,
Адал дәмін ит-құс жалап кетсе де.
Елек-Аспан! —
Құм-жұлдызды екшеме,

Үміт көзін бітеуді тек көксеме...
Күткен бабам,
"Қызырмын" деп талай қу
Тонын киіп, атын мініп кетсе де.

"Бір көрінбей әуре қылған кісіні,
Қызекемнің қандай екен пішіні?" —
Мұқатса да үлкен аға, кіші іні,
Сол ұғымның менде қапты ұшығы...

Көк шолақпен тепеңдеп,
Талмай шауып, қалмай қуып жетем кеп.
Қу даладан қара көрсем қаңғыған,
"Қызыр емес пе екен?" — деп...

Бүгін де сол...
Тізе қағып өлең шөп,
Шауып жетсем:
"Кеткен жан, — деп, — неден шет?.."

Мұрыны — біздей, көзі — тұздай, жүн бетті
Жүрген біреу болып шықты жер өлшеп.
Көмей құрғақ,
Көмейдегі үн құрғақ.

Құрғақ үнге шығардым мен құм былғап.
"Шылым бар ма?" — деп сұрадым сасқаннан,
"Мен емес!.." — деп қоя берді ол былдырлап.
Бұл емесін қарап білдім жүзіне,

Жүдеп назар салдым құла Дүзіме.
Қалың құмды қолмен аршып жіберіп,
Қайта үңілдім Бабалардың ізіне.
Сыр ашпады бабам ізі мөрі өшкен,

Тілдескім кеп жанықсам да Елеспен.
"Еліңді тап!" —
Сыбырлады жел ескен, —
"Айырылмай тұрғанында, — деді, — естен."

"Бүгін кешке жете алам ба үйге, Алла-ай?!" —
Осы сөзді қайталадым имандай.
...Құжырама кімдер келіп кетті екен,
Дастарханым қалып еді жиналмай!?

БАҒЗЫ БАЛЛАДА

...Ел ішіне тағы да бір дау кірді,
Қара тазы төбеге үрді, тауға үрді.
Түндіктерін ерте жауып бүгін ел,
Күндегіден малын ерте саудырды.

Көрсете алмай жүрген жігіт ерлігін,
"Берді құдай, — деді, — міне, келді күн.
Томарбастар — туған кеше тоқалдан,
Көрдіңдер ме қылған мынау қорлығын?!"

Қылыш қайрап, найза саптап, жең түріп,
Жігіт-желең шыға келді желпініп.
"Құдай өзі сәтін салып тұрғанда
Қойған дұрыс тәубесіне келтіріп?

Есені алып, қайту керек кек бүгін,
Кегімді алмай маған енді жоқ тыным.
Көпек итше күшіктеген нәлеттер,
Арқа таңып жүр мал-басы көптігін.

Қажет емес бітуәжәң, бітімің,
Осы болмақ бүгін менің үкімім"...
Пәтуасын бекітті ауыл ағасы:
"Тұздай құртпай тоқтамаңдар тұқымын!..

Қара бұлтқа от тастап қап жалт қашты...
Тақым қысып сабау қамшы, салт басты —
Бұрымдысын күң қылмаққа есікте,
Бас ұстасып, бата жасап, анттасты...

Басталды анық бітіп болмас бір бүлік.
Бишікеш шал мақалдады қылғынып.
Құлын қанын қосып ішіп қымызға,
Қарсы жақ та жатты осылай дүрлігіп.

Сол-ақ екен, кетті әлемет басталып.
Шыққан өртті жел алысқа қашты алып.
Талай сәби әкесінен жас қалып,
Талай боздақ қу толағай бастанып.

"Шақыраймай баршы, енеңді ұрайын!.." –
Қамшы білеп бұлтқа тықты ел Күн, Айын.
Біздің ауыл — қымыз ішіп, ат мінсе
Тарс ұмытып қалушы еді Құдайын...

Елдің үстін майдан қылды күллі есер,
Ойбай, озан — күнде жылау, күнде — шер.
Әр ауылда көбейді енді сәт санап,
Басы жарық, қолы сынық — кіл мешел.

Батыр шықты қолды бастап ақырып,
Қатын бұқты елді ластап аһ ұрып.
Түбіжіктеп жаза алмаспын, —
бұл өзі Маған дейін сан қаузалған тақырып...

Қалды ұйысып қан баттасқан кілем-қыр...
Шідерінен босағандай түлен-жын,
Бір-біріне ат қойғанда ұрандап;
Әруағын шақырысты бір Ердің.

Ал ол болса — Атасы еді бәрінің,
Атағы өшпей келе жатқан әлі күн.
Атын оның дәл сол күнге өлтірмей
Әкеліп ед Әруақ күткіш кәрі ұғым.

Шыдамады азғанына тегінің,
Шыдамады тозғанына елінің. —
Көрден ытқып шықты дейді сонда әлгі ер
Шала қымтап жидіп кеткен кебінін.

Көргенде оны — шөкті ұяттан тау-қырат,
Ай да бұлттан сығалады жаудырап.
Бір-біріне әрең тұрды ілініп,
Ақ сөңке боп қалған сүйек саудырап.

Үрей буған тосылды кіл есірік,
Дау түйіні жүре берді шешіліп. —
Бар болғаны:
Бір ауылдың қозысы

Біреуіне кетсе керек қосылып...
Бәрінің де жүректерін зіл қапты.
Міскіндерге әруақ жайы жұмбақ-ты.
Ала арқанды шорт кесті де мүрде-әруақ,

Үрпиіскен ұрпағына тіл қатты...
Көз орнында қос уыстай құм жатты.
"Ел қылмаққа ыққан жұртты малымен,
Мен өзімді құрбандыққа шалып ем.

Әттеген-ай! —
Дүр етем деп Сендерді
Неге ғана екі қатын алып ем!?
Енді амал жоқ!

Ей, ұрпағым, Зәузатым! —
Үйір болып кетіпсіңдер дауға тым.
Бір-біріңе итше ырылдап жүргенде,
Қанынды ертең ұрттап ішер жау жақын.

Ерің қорқау болса әрине, ел — жемтік.
Неге келдім кебінімді жел желпіп?! —
Жер бетіне сиыса алмай жүрсеңдер,
Бәріңді де әкетейін көрге ертіп!..." —

Ел шу етті,
Бір би шықты безілдеп:
"Әруақты ата! —
Сөзің бар да, көзің жоқ.

"Бір күн тірлік артық — мың күн жұмақтан",
Кетер болсаң ол жағыңа өзің кет!.."
"Олай болса, бастап оңбас ырымға,
Қыз — Қырымға,

ұл қашпасын — Ұрымға.
Болса үмітің ұрпақ өсер ертеңнен —
От басында, боқ қасында қырылма.
Дұшпаның көп тар қиядан тосатын,

Ендігәрі естілмесін өш атың.
Ар уызын сүйегіне сіңірген
Көсем ізде — бастарыңды қосатын.
Бірігіңдер, кірігіңдер қамал боп,

Қамал болсаң жауға алдырмас амал көп.
Қайта-қайта көрден шыға беруге,
Түсініңдер, менің де енді шамам жоқ.
Таға берме жақынға өкпе, жатқа мін,

Малың емес, арың үшін атқа мін.
Көрсем болды — екі ауылдың баласы
Бір тақырда асық ойнап жатқанын..."
Соны айтты да кетті көрге Ер кіріп,

Ер соңынан қара тазы ерді ұлып.
Татулыққа бата жасап жатты жұрт,
Мал сойдырып, ата асасын төрге іліп.
"Осынымыз болған екен ерсілік." —

Дүрлігіскен қалды дейді ел сұлық.
Кейбіреулер:
"Сонша жерден келгенде
Бар айтқаны осы-ақ па?.." — деп қомсынып.

Бір-біріне тіл қатқанда жұрт жібіп,
Қара тазы атып шықты сыртқа үріп.
Ауыл жаққа келе жатты "аттандап!" —
Бір жетпегір асықтарын ұттырып...

Р.S.

...Оқымайтын бүгінгінің қазағы
Ескі кептің несін езіп жазады? —
деп сөкпеңіз. —
Ойда жүрген талайдан

әңгіме еді —
бүгін жетті ажалы...

ЭКСПРОМТ

(Күйші Роза мен әнші Нұрияшқа)

Аққайыңның жөні бөлек жай талдан,
Періште-өнер сыбаға алмас сайтаннан.
Маңғыстаудың мақтаны хас майталман!
Тартам деген тереңінде тарта алған,

Айтам деген биігінде айта алған.
Күйінен — күн, әуезінен ай тамған —
Сендерді олқы дей алады қай талғам!
Тас төбеңнен мың шағала шулатқан,

Дауыл күнгі телегейдей сайқалған.
Басқа әлемнен мың бұлбұлы үн қатқан,
Сәуір мұңды жазғы бақтай шайқалған!
Қиырыңа көз тігем деп ой талған,

Талған ойды зорықтырмай қайтарман.
Тау көзінен тамбай қалған сәуледей
Сендердегі үн — түн тылсымнан байқалған!
Сендер деймін — сипаса жел арқамнан,

Шырқаса көл —
көмейінен бал тамған...
Тұнық үнге қала берем тұншығып,
Жұлдыздарды санап жатып шалқамнан.

Аспанымда, асқарымда басылып
Қалғай мәңгі күй-мөрлерің, ән-таңбаң.

Анталаса қаума, құрма, алқа алдан,
Пірлі өнерге бас игізіп ант алған —
Айрылма, елім, осылардай қалқаңнан
Антына адал, сертіне сай жұрт болса

Қаратаудың қатпарынан күй қашып,
Манатаудың жақпарынан тарқар ма ән?!
Ұшанына жетемін деп жел талған,
Айналайын, абыз дала — дарханнан...

Қаратаудың халал болса құралы,
Манатауым аман болса мұралы,
Күй күңірсіп, ән ыңырсып тұрады:
Кебіндері жидіп кеткен қаңқамнан,

Кеуіп қалған Кенеземнен, Аңқамнан.

ЖЫРШЫ АҒАНЫҢ ТОЙЫНДАҒЫ «ТОП ТАРҚАТАР ЖЫР»

Жатқанда таңғы ұйқыда талаурап қыр,
Талықсып жасын сықты алаурап гүл...
Менің де алай-дүлей көкірегімде
Сен айтқан ән-жыр кетті бабаурап бір.

Ақбоз үй сәуле сауып белестегі,
Балқиды сары майдай тегештегі.
Жатады көшіп менің көз алдымнан,
Өткеннің енді оралмас Елестері.

Жыр-күйді сен отырсаң қатар өріп,
Марқаяр оқ жонтан ұл ата көріп.
Аралбай, Абыш, Ақтан, қарт Қашаған
Тұрғандай Сәттіғұлға бата беріп.

Тарихта мен ашпаған парақ бардай,
Кеудеңді құмар қанбас сан ақтармай. –
Қайыптар Ақбөбекке қолын бұлғап,
Қалнияз Ауған ауып баратқандай.

Бекеттің бел жайлауын ел жайларда,
Сап салып көңілдегі көп жайларға,
Қаланың қапасынан —
Әніңе еріп,

Кетеді көшкім келіп Қолғайнарға.
Ән тынбас аспаным бар — ел есенде,
Сарқылмас дастаным бар — Сен есенде...
"Тоя алмай Қыземшектің қызығына,

Қайтсақ қой қайта барып Көгесемге..."
Кербез күй, сырбаз әуен, өлеңі асқақ —
Үркітер көп қайықты кеме жасқап.
Көзіме көрінесің кейде менің,

Ақбас нар келатқандай келе бастап...
Алты Алаш, Әлім, Табын, салқам Адай —
Жиылсын — жайсаң іні, дархан ағай.
Мұралық беріп сенің, аға, бүгін,

Құралың қарағұрым тарқамағай!..
Алаштан озбасақ та би атанып,
Сыр айттық ақ қағазға — сия тамып.
...Өткен шақ — мен көрмеген Ертегі еді,

Жүре бер Ертегіме жиі апарып...

ӘН - АҚҚАН...

Жабалға

Талай кешке дауысың төкті жарық,
Сол бір жарық кенеттен көкті қарып —
Бір әдемі әуенге ілестің де,
Қара түнде жұлдыз боп кеттің ағып.

Кеттің ағып,
Қайта кеп көріспедің.
Елдің шашу-шуағын көп ішкенің...
Сәуле сеуіп тұрушы ең маңайыңа,

Пейіштегі кейпінде періштенің.
Күн де ұзарып, жатқанда гүл қызарып,
Өте шықтың жарқ етіп түнді жарып.
Отырғанын көп көрдім, сені жоқтап

Түн көзінен талайдың жұлдызы ағып.
Әннен бөтен білмедің арманды өзге,
Алтын тердің. —
Алданбай жалған жезге...

Сенің даусың аспаннан естілердей,
Әр кеш сайын жұлдыздар жанған кезде.

ӘН-ТӘБӘРІК

АСТАНА ТУРАЛЫ ӘН

(Еленаның әні)

Нәр алып ұлпа қардан,
Гүл өрді қырқалардан.
Сарыарқам — сағынышсың,
Көзімді қымтап алған.

Шырқаудан шырқаларда ән,
Көркіңе мін таға алман.
Ақ Есіл — ақ білектей,
Ай — тарақ,

Түн таранған.

Қайырмасы:

Астанам, Ордасы бол,
Татулық, тыныштықтың.
Пәк сапар — жол басы бол,
Таусылмас ырыс-құттың.

Алам деп өмірге азық,
Айналам Астанамнан.
Сен боп қал Темірқазық —
Болашақ бастау алған.

Өтсек те мың сындардан,
Ассақ та кіл шындардан;
Үкілеп Үмітімді —
Тау талып, күрсінді орман.

Күн бұлтқа тығылардай
Көркіңнен қымсынғаннан.
Астанам — Құбыламдай,
Кеудемнен бүршік жарған!..

Қайырмасы.

Ақ Үміт! —
Әр жүрекке,
Жет — мұңнан айықтырып.
"Өткізем арғы бетке

Сырғамды қайық қылып".
Сүйемін Жан-Елімді,
Атқанша Тылсым Ақ Таң —
Жеткізер сәлемімді

Жұлдыз ән сыңсып аққан!..

Қайырмасы.

МАҢҒЫСТАУ

Ақиқаттың сыңарындай
Шежіресін тұмарындай сақтаған.
Абыл-жырды ұранындай,
Құлшар-күйді Құранындай жаттаған.

Қайырмасы:

Теңіз боп толқыған,
Шалқыған — Маңғыстау!
Айнымас антынан,
Салтынан — Маңғыстау!

Сапырған самал көлін,
Дауылпаз далам, менің! —
Беу, менің киелім,
Мен сені сүйемін,

Маңғыстау!
Сені аңсап шарқ ұрам,
Маңғыстау!
Кешегі өткен Абыздардан

Көнермейтін аңыз қалған мұра боп.
Жігер қайнап ұлдарында,
Жанады әлі шындарында –
"Ұран от".

Қайырмасы.

Шындықты айтып бір кездегі,
Күмбірлейді күмбездері данадай.
Пір Бекетке қоныс болған,
Қазаққа — аңыз,

Орысқа — арман,
Далам-ай!..

Қайырмасы.

КӨКТЕМГІ ӘН

Сол бір көктем - ең қымбат,
Жатқан еді көл жырлап.
Гүлді ырғап қарсы алған, көктемім,
Кетпедің, тым құрса, қол бұлғап.

Қайырмасы:

Көзімде жылдар жылап, күлді сағым,
Көгімде бабаурайды мұңды сарын.
Қайда?
Аямай ма?

Діл құсамын! —
Жаяды Айға Түн құшағын...
Бұл — жаңасы қай айдың? —
Шекке ақырғы таяймын.

Жоғалған пәк арман, әй-әй мұң,
Мен сені сағынам, аяймын.

Қайырмасы.

Сөнбей көзде соңғы үміт,
Тұрам қырда телміріп. —
Көкжиек — көгілдір орамал,
Кеткенше қолымнан жел жұлып!.

Қайырмасы.

КӨКТЕМДЕГІ ТҮНГІ ЕЛЕС

Түн — тылсым бақтан тіл қатты,
Мұң — бүршік жапқан гүлге ақты.
Бұл терезесін жанымның
Кім — тырсылдатқан тым қатты?

Қайырмасы:

Қайран, қаққанда таңдайын кең далам,
Қонғай ақ қанат аққулар көлге аман.
Гүл майысқанда —
Бал құмар көңіл

Тынбай ұшқанда
Кел, маған!
Мен — жимай жүрмін мүлдем ес,
Сан алдым, бірақ, гүлден өш.

Тұр бейнең әлі көзімде —
Сол көктемдегі — Түнгі Елес.

Қайырмасы.

Бақ құшаққа алған жерімнен
Мен сонда неге шегінгем?
Жел боздайды Ерте Көктемде,
Беу, терезесіз көңілден!..

ЖАСТЫҚТЫҢ ЖАЗҒЫ БАҒЫ

Есенбайдың әні

Ақ самал жеткен күліп
Алдымнан есіп қашқан.
Жас дәурен — көктемгі бұлт,
Барады көшіп бастан.

Қайырмасы:

Аңсарым арылмады
Айтсам да мың әуенмен.
Жастықтың бағындағы
Жасай бер, бұла Дәурен!

Бозторғай шырлай ұшып,
Билейді нұр шайған гүл.
Қайыңдар тұр майысып
Әнінен мың сайрамның.

Қайырмасы.

Бесігі қанша арманның —
Келемін іздеп елес. —
Бұл бақта ән салғанның
Соңғысы біздер емес!..

Қайырмасы.

ҒАЙЫП – ҒАШЫҚ

Нұр болып енесің,
Көрінсе Елесің —
Түсемін патшалық тағымнан.
Жүректі оқ табар,

Жаныма от тамар —
Көзінде мөлт еткен Лағылдан.
Алыстап арамыз,
Қол бұлғап қаламыз. —

Жанбысың жаралған Сағымнан?..
Жапанда жалғыз тал
Бұлбұлға салғызды Ән. —
Ол — менмін өзіңді сағынған.

Қайырмасы:

Шақтарда наладан айыққан,
Сен пайда боласың ғайыптан.
Тәтті Елесің —
Тербейді Арманның Ақ Кемесін!

Басылмай Аңсарым,
Төгіліп моншағым—
Араны әніммен жалғаймын.
Бұйырмас бақытым,

Шыға алмас Тақытым! —
Сыйладың сен маған Балдай Мұң.
Қарсы алып тандарды,
Арқалап арманды

Ақ балғын білегі талды Айдың.
Көзімнен ағатын,
Таңдайға таматын
Жұлдызды ғана мен талмаймын...

Қайырмасы.

ТАЛҒА ТҮНЕГЕН АЙ

Талдың басына
Ұясын салған Ай. —
бардым қасына —
Тіл қатты, жалған-ай!

"Сүйемін" деді, -
Ай баяу күбірлеп.
Жиегіндегі
Мөлт тамшы дірілдеп.

Қайырмасы:

Ай тербеп терегім
Айтады өлеңін.
Ай айтқан сол сөзді
Әлдилеп келемін.

Сүйіп өтем ғой –
Әніммен тербеп мен.
Күйік екен ғой,
Қол жетпей — дем жеткен!

Сақта қайынды,
Дауылды Уақыт!
Аппақ Айымды
Алмаңдар құлатып!

Қайырмасы.

Менің енші еткен
Серігім - Жалғанда,
Сені көрсеткен
Мың алғыс Арманға!

"Шіркінді өпсем!" - деп,
Арман да айтылар.
Қыршын кетсем де
Төбемде Ай тұрар!..

Қайырмасы.

КҮЗГІ ЖОЛ

Күзгі жел жүр қойында,
Шаңытады түзгі жол.
Түзгі жолдың бойында
Тұнжырайды біздің ел.

Жастары көп жын қуған,
Ал, қарттары аз көшелі.
Қызығы бар дыр-думан,
Соры, бірақ, бес елі...

Мұңмен ғана отасты ой,
Шығып едім таң ата.
Торлайды алдан топас той,
Сарнап сасық садақа.

Зар әкеліп моладан
Уілдейді жел үні.
Қырылғандай обадан
Үйінен көп — қорымы.

Ел бір жылап, жел — екі,
О, құдайдың атқаны...
Жасанды арақ, темекі
Кемпірлердің сатқаны.

Былғанған соң қыз аты —
Әйел қайда ауы — күт?!.
Жезөкше мен бұзақы
Көшелерде мауығып.

Жапырақсыз тал ынжық,
Ол да бір саз тауып ап —
Жаман жарбай аңылжып,
Оқыранад жауыр ат.

Жанды сол үн қаси ма,
Жүрек қылын бұрап кіл?..
Кеңсіріксіз машина,
Сынық жанбас трактор.

Қырдың шөбін құм жабар,
Татырмайды жауын нәр.
Түтіні жоқ — мұржалар,
Күтімі жоқ — ауылдар.

Еңселі ер кім, ел сенер? —
Тұр қаңырап есік, төр.
Мейманы жоқ — кеңселер,
Имамы жоқ — мешіттер...

Біздің елдің төр басы
Әлжуаздай себебі.
Біздің елдің молдасы
Желбуаздай келеді...

Мешіттерге мас ұлан
Тұр етегін... сілкілеп.
Ел ырзығын тасыған
Жат жерлікке күлкі боп.

Құл жүргізер Елге әмір,
Жендет мінсе Таққа егер.
Ер еншісі – көр қабір,
Қызығыңды жат көрер.

Замананың Таскөті
Жүрекке артты жүкті зіл.
Байыған кіл мәстекі
Қандаладай қып-қызыл.

Шаруасы жоқ Елінде,
Жатырса да жау шауып.
Дұшпан отыр төрінде:
Жерін еміп, Тау сауып.

Көз түсе ме нашарға,
Толы болса қарын жақ?! —
Мәстекілер қашанда
Жаттекіге жағынбақ...

Жолға шыққам азанда,
Ілінгені назарға:
Жанның көбі — мазарда,
Малдың көбі — базарда.

Күзгі жел жүр қойында,
Түзгі жолда сенделгем.
Түзгі жолдың бойында
Елің осы — мен көрген.

Желдің тыңдап Зар-мұңын
Әлі қанша шыдайын?..
Көргенімнің барлығын
"Түс қыла гөр, Құдайым!.."

Құлазиды жал-қырат,
Шөбі — тозған ескі шыт.
Қабақтары салбырап
Келе жатыр кеш түсіп.

Табалайды күзгі жел —
Табам қайдан пананы?..
Түзгі жолмен Біздің Ел
Түнге кіріп барады...

ЖЕДІДЕГІ ЖАЛҒЫЗ ТАЛ

Жедінің желі тұр тағы ызғырып таңнан,
Жапырақтарын ең соңғы үздіріп талдан.
Бұтақ-қолдарын ұсынды
Жалғыз тал маған,

Сақина болып саусағын мұз бүріп қалған.
Жезден де жүдеу кешегі Алтын Атырап,
Алтынның нұрын кетіпті сарқып Ақырап...
Тұл ағаш құсап тұрмын мен

Өтінде желдің,
Жұлына жаздап Жүрегім — жалқы жапырақ.
Жетім қозының даусы кеп қырдан адасқан,
Бөрі Азу Қысты Естідім ұрлана басқан...

Біздік аспаннан өзіне барақат таппай,
Жөңкіліп бұлттар жыраққа жындана қашқан!.
Е, қашсын, мейлі!
Жоғалсын!

Қарасы батсын!
Жалғыз Тал! —
Қашан,
Сен Кімнен пана сұрапсың?!

Үзіліп кеткен қан күрең Жапырағына
Күшік құйындар жөнелед таласып ап шын.
Қорқытпақ болып,
алқымға аяр үн қамап,

Бұл қыс та жетті-ау көк тоңға таяғын қадап.
Жалғыз Тал тағы жапырақ ұшыра ма деп,
Күшік құйындар жатады аяғын жалап...
Жалқы Жапырақ - Жүрекпен тұрар ек қырда,

Топырағымнан айырған мына көп құлды, ә!..
Жалғыз Тал басын шайқайды
Мен жаққа қарап,
Не дейді ол маған?..

Құдай-ау,
"Шыда!.." — деп тұр ма?..

ЗАМАН

"Пайда - күн — ем, дүние — қоң, ыз етсең,
Есті жумай, есек артын күзетсең". —
дейсің, Заман, менің сара жолымды
Қисық тезбен кеткің келіп түзеп сен.

"Күн — бейілді, жер - мейірлі, ер — әлді.
Суы - нәрлі, нуы — әрлі, елі — арлы
Заман бопты; арыстан жал даланың
Тісі — Зәрлі, қысы — қарлы, сонарлы!" —

Десем Бүгін кім сенеді,
Кім сенбек? —
Бұлтты көрсе талмайды кеп күн шөлдеп.
Менің жібек самал сынды үмітім

Шілделерден пана іздеп жүр бүрсеңдеп.
Әлем - суық,
Мұз шашады шығыр - күн,
Сол шығырға жегіп қойған тұғырмын.

Сыртқа шықсам қырау қатып езуге,
Өз ішіме кіріп, үн сап жылындым.
Түнек көрді жылытқанда үн барып,
Жер бетіне шыға келіп ырғалып;

Кебінінің жыртығынан сығалап —
Әйнек - көзде аяз гүлі бүр жарып ...
Күлді - мүрде ...
Тірлігімде кие жоқ,

Басы алтынға өкшесі жез ие боп. —
Болды зайғы әздек тұтқан Сенімім,
Қалды қайғы қабағымда үйелеп.
Әй, Заман - ай!

Заманам - ай!!
Заман - ай!!!
Нұрды ұрттап ап татырмайды сараң ай.
Қайық - жүрек қаңсып жатыр кеудемде,

Кеудем менің қаны кепкен жағадай.
Әй, Заман - ай, Заманым - ай! —
Сен неттің? —
Бесігімді тербетеді көн бет кіл.

Аранынан қалай он ап қалам
Тісі ақсиған айбалтаның — жендеттің?!
Жұлдыздарын жатар шақта төлдеп түн
Зар Заманның шайырынша шерлі еттің.

Бұқар, Дулат, Шортанбай мен Мұраттың
Ызыңына ілесіп ап мен де өттім.
Сұлтансынып жүрек, бассыз, күл Заман,
Тұлпарсынып құйрық - жалсыз, тұл Заман,

Қабыртқамды омыртқамнан бездіріп,
Қан қашырдың тамырымнан құрғаған.
... Тағы отыр ем: "Заман, сенсің қайғым", — деп,
"Енді мәңгі сен тағыңнан тайдың, кет!

Заман — Мен!" — деп жетіп келді
Әлдекім:
Түлкі құйрық, есек құлақ, маймыл бет!..

ТІРЛІК

Алдында мынау фәни — тыр жалаңаш,
Шығарып тілін маған сиқын ашты.

Мұқағали

Мен деген кім? —
Жүрген сүлде кескінмін,
Хайуан текті кейіпке енген қан ысып.
Тіршілікке келгенімді кеш білдім,

Ит - нәпсінің сілекейіне жабысып.
Білгенімде не істер едім? —
Ештеңе! —
Жын — ұрықтың талайы өткен шұбырып.

Аман - есен қаламын деу — бос дәме,
Тіміскі түн назарынан тығылып.
Ит - нәпсіден жаралғанмен,
ит құсап

Үре алмаймын,
Сүрем! — дедім адамша.
Көзімді ашсам:
аяр күлкі, құйт-құшақ

Жетіп кепті Тірлік атты Бадамша.
Көзімді ашып алғандағы Бейненің
Алапатын айта алмай Жан,
күйрер жыр.

Тыр жалаңаш,
Шешіп тастап көйлегін
Ұятыма тілін тығып билеп жүр.
Жанарымды жұма қойдым жалма - жан,

Кет, пәлекет!
Аулақ! — деуге үлгермей.
Медет, шафқат тілемек ем Алладан —
Кәлимаға қойғаны ғой тіл келмей.

Елес болып есімді алған Көлгір Өң
Қиял отын тұншықтырды бықсық қып.
Әуен едім Әйнек сынды,
Мөлдір ем,

Долы Тірлік даусы кетті быт-шыт қып.
Нәзіктіктің жанарына күл шашып,
Шұлғау қылып Сұлулықтың лыпасын;
Көзімді ашпай қойсам да Әлем кір сасып,

Құлағымды бұрғылайды топас үн.
Қорықпадым, ал тап соның кәрінен!
Көп болса әлгі ...
Сұқ саусағын шошайтар! —

деп шыдамай көзімді ашып алып ем:
Шешінгелі жатыр тағы,
О, Сайқал!..

АҚЫН АҒАҒА ЖАУАП-ЖЫР

Елге кетем, өлгенше ел деп өтем!

Исраил.

Елге кетем, — дедің бе, — елде не бар? —
Толып жатыр ел жайлы менде де Зар.
Қасіреттен елге кеп құтылмақсың,
Таба алмайсың ей, аға, емге де нәр.

Елде не бар? —
Ел бұл емес ойыңа өрнек алар.
Есігінен біз дейді енгізбейді,
Кеңге жайған қанатын теңге-базар.

Елде не бар? —
Лыпамыз жоқ ыпынды желде жабар.
"Айналайын", — деп алдан шығатұғын
Ағада ақыл қалмады, жеңгеде хал.

Мен де кеткем еліме, шөлдеп кеткем,
Ауырсынып жарамды жендет тепкен.
Ақын көрсе "алқаш" деп ұғынатын,
Құтылмадым мұнда да шөлмек - беттен.

Шыбық шаншар пенде жоқ тұл далаға,
Құл болған жұрт — миғұрт пен құлғанаға.
Елің сені ұмытқан ба — я — ғыда,
Өзің көрген ел емес мұндағы, аға.

Жақпасты айтып, жақтырар, мезі етсе кім?
Қалды елінде қи - сезім, тезек - сенім.
Қара бақыр құны жоқ өлеңіңнен
Қымбат көрер қыңсылын Жезөкшенің.

Әруақ қашып ақында, мыс басылып,
Әкімдік тұр Араны түс қашырып.
Залымдықты астана заңдастырып,
Жеделдете жатыр ел іске асырып.

Елің Сені тұрған ел ұтқысы кеп,
Жұһа құсап жұтынып, жұтқысы кеп;
Тектілікті тірілей көрге көміп,
Тесік көрсе тұмсығын тыққысы кеп.

Болармысың, ағам - ай, мұнша Зият,
Зияттықты кешпейді ынсаният.
Жасамақ боп жоқтан боқ, аласұрып
Есек артын жуып жүр ынсап-ұят.

Елде не бар? —
У құйылды ақылға,
Зердеге — Зәр.
Қалтасында көк мидың жүр кісінеп,

Көк алалы күлігің көлге жабар.
Елде не бар? —
Тегін ермек табылды пендеге азар.
Жақындасаң жанына қан жылайды,

Қабырғасы ырсиып дөңде мазар ...
Бұл жыр елге жіберген елшіңіз бе? —
Қона алмайды Астана қоңсы Дүзге.
Еншімізге қол сұқпа ей, ағатай,

Сорымызды толайым берші бізге.
Елде не бар, ағасы, елде не бар? —
Ерге жағар болмай тұр менде хабар.
Боздай берсең,

Шерінді қозғай келсең,
Түрме де емес, ел сені көрге қамар!..
Елде не бар?!..

ӨМІРЗАЯ

Жетіқарақшы — жеті жұлдыз,
Ақбоз, Көкбоз — екі жұлдыз,
Өмірзая жеке жұлдыз —
Жеті қайырып айтқан сауапты.

Біздің наным.

Қарақшылар жетеу екен санасам,
Ақбоз, Көкбоз айналасы ала шаң ...
Ілесем деп аққан жұлдыз ізіне
Ылғи — осы,

Жоқ іздесем адасам.
Секілденбей аласуан — арабшы,
Аяр жұлдыз, менен аулақ, әрі ақшы!
Ұрлап алған үлпілдегін Үркердің

Көз қысады маған Қыран қарақшы.
Жуықтатпай жолдас пенен жораға,
Мені қайда бастамады Жер — Ана.
Жұлдыз - сүрлеу алып келді қонаға,

Жапандағы жапа - жалғыз молаға.
Күзгі мезгіл.
Күн райы желкемді,
Мола ішінен шолдым көкті — өлкемді.

Тас төбемде қылыш құсап жарты ай тұр,
Аттап шықсам қиятындай желкемді.
Ғаршағланы мекендеген Құдайша,
Қайтеді ақын, жалғыздықтан мұңайса?..

Сол мәурітте Өмірзая көрініп
Сырын маған айтты байғұс былайша:
"... Көп жұлдызбен иық теңеу не теңім? –
Туа сала қайта батып кетемін.

Өмір - Зая, Зая - Өмір, өйткені
Мың сан жұлдыз ішіндегі — Жекемін ..." —
Осыны айтып шықты даусы тасадан
Мола мынау — түндей тастан қашаған.

Көкірегімнен күбір шықты еріксіз:
"Жалғыздарға жар бола гөр, Жасаған!.."
Бұл тілекке үнін қосты қырдағы
Күз желінің уілдеген мұңды әні.

Бетін бұлтпен баса қалды сонда Аспан —
Осып кетіп нажағайдың тырнағы.
Аспан қаны миға тамып кірді есім ...
Қоңсы қылып өлілердің мүрдесін,

Өшіре алмай тас молада мен қалдым —
Көзге сіңген Жеке Жұлдыз Сүлдесін ...
1987ж. Құрық кенті.

ТОЙ

Есігі есінеген тұр жер үйім,
Іште жоқ үлде менен бүлде бұйым...
Көп болды, той боп жатыр қыр астында,
Қазақ боп тойдан қалу мүлде қиын. —

Басында Мәртөбенің мәжіліс көп,
Қасында Күлтөбенің күнде жиын.
Сол жиын күні-түні ду-ду еткен,
Жаңғырып құлағымда шуды үдеткен.

Іргемде өтіп жатқан тойға бармай,
Немене, мен тоқалдан туды деп пе ең?! —
...Дөңбекшіп бұлт төсекте жатқанымда
Көп жұлдыз жалғыз айды қуды көктен.

Мен қалай тең құрбымнан кем қалармын,
Ерінге тиері хақ — елде бардың.
Шыдамай киіп жыртық шапанымды,
Сол тойға қолау таймен мен де бардым...

Түскенін байқамаппын ымырт қалай,
Тойлы ауыл сілекейді шұбыртқаны-ай.
Түндігі боз үйлердің түсіп қапты,
Балапан жарып шыққан жұмыртқадай.

Ал, енді қызықталық, асықпалық. —
Бұл неткен той тойлауға машық халық?!
Шошынып шонжарлардан шықтым қайта,
Есігін бір орданың ашып қалып.

...Бір шетте қыз бен жігіт айтысуда,
Бауырын домбыраның қасып қағып.
Мініп ап көңіл атты көк дөненге,
Қосылып кетсем керек мен де өлеңге.

Көп халық мені нұсқап мәре-сәре,
"Көсеу таң, — деген, осы-ау, — көрмегенге".
Жарылып мені мошқап күлді халық,
Қалдым сәл көңіліме кірбің алып...

Қаумалап жұрт ұсынған гүлді жарып,
Ал әлгі бозбала мен бәлекей қыз
Бәйгігер — "темір атқа" мінді барып.
...Нұр — қаймақ, Айың бейне кетік қасық.

Кіл бәйгі ат ай астында шекіп басып.
Ішінде "сайтан сайдың" бұқпақтап жүр,
Тойып ап "шайтан шайға" екі-үш ғашық..
Көзінен көп адамның күнә көрдім,

Күнәсін тергейтіндей, сірә, мен кім?!
...Бидай боп диірмен тойға түсіп едім,
Ұн болып ұзамай-ақ шыға келдім.
Құйынға үйіріліп кете бардым,

Айырмай күн мен түнін тұл әлемнің.
Бір жерде кілең Дүрлер белдесуде,
Бір жерде билік қаққан ер бөсуде.
Аты озған, палуаны жығылғандар

Бір жерде жұдырықты сермесуде.
Екі-үш шал бірін-бірі сақалдан ап,
Баяғы бабаларын тергесуде.
Білмеймін не жеп, нені ішкенімді,

Біреу тұр санап беріп тістерімді.
Тай қазан төңкеріліп күл үстіне,
Үш бұты қара ошақтың үш бөлінді.
Желінбей сары табақта сыйлы ас қалды,

Шықтым мен шала тыңдап күй-дастанды.
Дүйім жұрт Тойбасыны ортаға алып,
Сәлден соң бір алапат би басталды.
Қимылы билігіне көне ме деп,

Ойлап ем, обалдары неге керек,
Танытып сала берді мың сан қырын —
Қаптаған тегене көт, бөдене бет.
Байқадым кенет бойдың дір еткенін,

Шыңғырып жібергені-ай жүректегі үн.
Топас той топанында жүзіп жүріп
Ай көшіп, сезбей қаппын жыл өткенін...
Иә, Тәңір, жықпылы мол жолдан сақта! –

Қайдағы пәле үйір ғой қорғаншаққа.
Шоқытып ауылыма қайтып келем,
Қолау тай тісеу құнан болған шақта.
Қарайтын шағым келді-ау шамама ақыр,

Жеткендей шалдар айтқан Заманақыр. —
Солқылы Өкшелер мен Бөкселердің
Теңселтіп жер дүниені бара жатыр.
Шығармас тұтқынынан түрмеге тең

Бұл тойға бекер ғана кірген екем.
Киелі, Мәртөбем мен Күлтөбем-ай,
Болғансың кімге мекен, кімге бөтен?!.
Жібермей қалатындай түрме тергеп,

Тебіндім бірде тоңып, бірде терлеп.
Қайырып кәлимамды күбірлеймін:
"Жер үйім орнында тұр ма екен?" — деп..

МАДАҚ – ЖЫР

Бала кезің ұлағат, дана кезің,
Тырнап ашқан сен едің Сана көзін.
Кәрі дала сан ғасыр толғатқанда,
Тек Маңғыстау туа алған — Дарабозым!..

Әбіш Кекілбайұлына арналған ауызекі өлеңнен.

"Оян!" — деп таңда үн қатты Заңғардан құсым,
Оятуға ойды жетер ме қалған бар күшім? —
Өзіңізге, аға, арнаған бір жырым бар-ды,
Тұрғызбасам да мәңгілік мәрмәрдан мүсін.

Шырлаған таңда нұр сіңді үнім боп менің,
Айналып ұшып жүр қазір жырым кептерім.
Аққулар кепті, қарызға қауырсын алып,
Дәптерге төніп отырмын дірілдеп демім.

Әуезем еді айтар бұл аспанға шығып,
Қанатым болмай тұрмын мен тастарға асылып.
Достан жасырып сырымды, қастан қашырып
Жүргенде — кетіп қаларсың дастанға сіңіп.

Санаусыз нұрды сүртіп ап келбетіндегі,
Шыра ғып жақсам деп едім елге түндегі.
Жер бетіндегі кәрі тау — Қаратау-анаң:
"Өзінде қалсын — нұры жоқ ер жетім", — деді.

Ананың сөзі Заң маған — өзінде қалсын,
Тек оның ұшқын-сәулесі көзімде жансын.
Көзімде жанған шырақты өшіріп алсам,
Төстабанға сап даяр тұр — езуге нар-шың...

Адастым талай түнекте сансырап, талып,
Берген-ді сонда сен жаққан шамшырақ бағыт.
Қалтырап барып сан рет көздегі сәуле
Қайтадан жанды, білтесін қан шылап қалып.

Шынарды шыңда тұрса аспан бұлты қапсырып,
Етекте қалған қол созар шырқырап шыбық. —
Зардоштың сіңген қанына топырақ исі
Өзіңнен, аға, кеткенде бұрқырап шығып...

Мәртөбе сынды мәртебең жарасады елге,
Биіктегі жұрт қия ма аласаны ерге!?
Елінде өрлік қала ма, жеріңде — кендік,
Мұхитта жүзер кемесін қамаса көлге?!

"Оңбайды халық, деуменен, бірлігі кеткен," —
Бабаларыңның ізінде дүрлігіп өткен,
Шыңыраудағы шындықты шыңға шығарып,
Тамыздың таңдай шөлдерге ындыны кепкен.

Жұтар деп Заман құлқыны Арандай Малғұн,
Шығар жол іздеп жұртыңа — ғаламды айналдың.
Әулие күйде келіп қап мына жалғанға,
Пенде болудың амалын таба алмай қалдың.

Астында кімдер жатқанын оба, мазардың
Айтып ап, сендей ертеңге оза қарар кім? —
Шайқалып бара жатасың, мың жарым үй тіккен
Асынан жаңа шыққандай Қожаназардың

Абыздар ділін тірілтіп нелер аталы
Сен сөйлеп кетсең, көрсетіп көне жотаны. —
Тоғанақтарын теңдеп ап, керуен жолмен
Ғасырлар көші біз жаққа келе жатады.

Сол керуеннен өткеннің мұрасын көріп,
Таңдай қата боп: "Осы ғой шын асыл," — дедік.
Қарақшы-Уақыт тонаған бар қазынаны
Үркердей елге қайтадан тұрасың беріп.

Елең-алаңда қылғай да Үркеріңді аман,
Үркеріңе әзір ұсынып тұр төрін ғалам. —
Тоныкөк бабаң тәубә айтып тірлігімізге,
"Түрік бұдұн тоқ", — дейтіндей Күлтегін қаған.

Миына мысқал сендегі сезімді берсе,
Пітінә жұртың ұғар ед сөзіңді де елше.
Жүрегін ұстап сан ғасыр мелшиіп тұрған
Балбалдар сөйлеп кетеді — өзіңді көрсе!..

Жалпыға жүрсе Жалқының азабы жұқпай,
Топанда қалған тұрасың азалы Нұқтай.
Басарға тауым қалмайды — жатқанда кейде
Қара тас ұққан жаныңды қазағың ұқпай.

Көз жасын бекер ішіне жұтпайды шері,
Күлесің сыртқа — жоқ жандай түк қайғы-шері...
Боқ кеуделері бір жерде шіріп қалғанша
Шіренген тәңірсымақтар — ұқпайды сені!..

Хош! Тәмәт. Тәмәм. — Осы жыр құпталса бір күн,
Түзелер түбі Абай мен Мұхтарша күлкің.
Ордамның төрін толтырып отыра берші,
Сен кетсең — жетім қаларын ұққанша жұртың...

ҚАЛАҒА ҚАЙТА ОРАЛУ

1-өлең

Баққа бола, жоқ әлде, сорға бола
Қайта айналып келдім мен. —
Ар ма, Қала?!
Сары далаға сия алмай бейбақ басым,

Өз еркіммен қамалдым тар молаға...
Сірә, мені орта жоқ шеттетпеген,
Жұртқа жағу — ісім бұл көктетпеген.
Астанамнан безініп — тас ғаламнан,

"Бабалы көрсін жүзіңді!.." — деп кеткен ем.
Болмаса да баяғы жат астана,
Тағы шықты алдымнан топас қала.
Улы сусын ұсынып Жан шөліне,

Қасіретімді қарсы алды қапас пана.
Тіршіліктің құл қылғыш Заңы жегіп,
Тәнім тірі болғанмен, жаным өлік;
Қайта қақтым қаңғыған қайыршыдай,

Қапасымның қақпасын тағы келіп.
"Жолың дұрыс еді ғой бөлек кеткен." —
Басын шайқап қояды терек те еппен.
...Сұрғылт топан тәрізді ағады адам. —

Кім-ей, мұнша бұларды дедектеткен?..
Сұр топанға барады жұртым еріп,
Жүрек көзін дүниенің құрты көміп.
...Ақындықтың еңсесін езіп-жаншып,

Әкімдіктің кеңсесі тұр түнеріп.
Мұлғын ымырт теңізге жайлап шөгіп,
Қала оттары толқында ойнап сөніп;
Ұлым менің балконнан қышқырады,

Иттеріне қаланың айбат шегіп.
Алғаннан соң төріңе көшіп кіріп,
Көрсетерін кім білген нешік қылық?
Қой, қой, ұлым, сабыр ет, пәлелерді

Неғыласың өзіңе өшіктіріп?!
Жапшы есікті!
Ит даусын тыңдатпа, ұлым,
Ит — иттіктен көрсетіп жүр жаттығын...

Ұғармысың, мынадай мың қаладан
Маған титтей ауылымның қымбаттығын!?.
Ми қаңсытып сыбдыры тозған бақтың,
Аярсиды шуымен көзді арбап түн.

Автолардың ажалы ұйықтатпайды,
Жаршысындай басымнан безген Бақтың.
Ести алмай Әуенін Әлди-түннің,
Тозағына қаланың мәңгі үйтілдім.

"Қош аман бол!
Көргенше кім бар, кім жоқ?" —
Жалқы Мұңды тербетіп қалғитын Күн...

2-өлең

Қалалықпын. Ақтаудың тұрғынымын,
Үзетіндей тірлігім жыр жұлынын.
Тас қамалдың ішінде өтіп жатыр —
Есалаң күн, ауан ай, жынды жылым.

Запыран ой көңілді күпті қылған.
Көзім гүлдей қауызына шық тығылған.
Төбе шашы қурады үрейімнің,
Қала! —

Сенің шығам деп тұтқыныңнан.
Жетпейді осы өзіме неге күшім? —
Бір мандымай әлі күн келеді ісім.
Жанашырлар миымды жеп барады:

"Тыныш жүрсең жұрт құрлы — өлемісің?!'
...Өлең үшін кетіп ем Алматыға,
Ақтауға да оралдым өлең үшін.
Үйренбейтін құлағы шуға мына,

Қарғыс айттым бәңгі боп туғаныма.
Күн — орнында, әнеки, ай — қорымда,
Не жетпейді, ал сонда қу жаныма?..
Шақырғандай болғанға тағы далам

Барсам, жылу алмаққа жаныма одан. —
Көне қойтас,
Көк бөрі,
Көк мойнақ ат —

Қарайтындай жатырқап бәрі маған.
Қаққан миға шегесін ой ма батпан? —
Қалай ғана құтқарам бойды азаптан?
Қалаға да сиғызбай, далаға да

Қойғаның не өгей ғып ей, Жаратқан!?
Зіл езеді иықтан күн-түні ауыр,
Басты еңсеме аспанның бұлты бауыр.
Ана-а ойпаттың ар жағы —

Шың басында
Менің туған ауылым бар — жылқылы ауыл.
Қоныс қылып сол қыстау, сол ауылды,
Қоссам ба әлде бәйгіге жарауымды!?.

Қарыс ұзап қаладан шыға қалсам
Қытықтайды түтіні танауымды.
Өргізгендей мың жынын көне Қойқап,
Еліктіре береді неге Байтақ?..

Арамызда алайда апан жатыр,
Апан жатыр — Ең бағзы терең ойпат...

3-өлең

Қала. Түн. Боз құнан.

Түнгі теңізге телміріп балконда отыр едім. Радиодан Жаппас Қаламбаевтың орындауындағы қобыз күйлері беріліп жатты. Тереземнің тұсынан жалғыз жылқының кісінегені естілді.

Күзгі жел сапырғанда теңізді өктеп,
Жатырған жан жыртығын қобыз көктеп.
Тұсынан тереземнің бір боз кұнан
Тұрғандай кісінеді мені іздеп кеп.

Қапылдым боз құнаным күтпейтіндей,
Әлдекім қазынамды үптейтіндей.
Жануар терезенің алдында тұр:
"Жүр, кәне, ер соңымнан, шық!" — дейтіндей.

Қайтейін, өтті Дәурен, озды бағым,
Несіне келместі аңсап сөз қыламын?!
Япырмай, қайдан ғана тапты мені,
Адасқан үйірінен боз құнаным!?.

Жанары қарағымның өткір қандай?!
Ыстық дем танауынан бетке ұрғандай.
Балконнан жанталасып қолым создым,
Жебеуші — ақ періштем кеп тұрғандай...

Аспанның азулы шәр бұлтын жеген —
Жекірді мен түсінбес бір тілменен.
...Бауыздардай алқымымнан ай ақшиды,
Қанжардай әлі қаны сүртілмеген.

...Жә, қош бол!
Жолың болсын, жануарым,
Мен шыға алмайды екем бұл түрмеден.
Мөрі бар Аңсарымның жанарыңда,

Қаланың қалмашы енді аранында.
Жабылып көп бұралқы жемей тұрып
Жете гөр, жайлауыңа аманыңда. —
Тапталма темір-тажал табанында...

Сөзімді менің айтқан бек түсініп,
Күл қылып үмітімді көкке ұшырып,
Жанары шам нұрына шағылысып
Боз құнан қара түнге кетті сіңіп.

Кеткені дұрыс болды құса қылмай.
Біздің жай — боз құнанның мысалындай.
...Қызғылт ай бозғылт бұлтты іреп жатыр,
Қан жұққан қасапшының пышағындай...

4-өлең

Мынау қала, жасаған-ау, қай қала?! —
Сұрғылт үйлер, сұрғылт жүздер айнала.
Сұрқы қашқан көз жауы мен санаға
Әр беретін тек кешкілік Ай ғана.

Бір жағында көкжал теңіз арсылдап,
Бір жағында дала жатыр қалшылдап.
Кәрі қатын жаққан опа сықылды
Жидіп жауған қардан кейін сән-сымбат.

Құдайым-ау, мынау сонда Ақтау ма!? —
Өлең таппай қалушы ек қой мақтауға.
Тырбық талдың айтатыны бір-ақ ән —
Мұңның әні — басқа жыр жоқ жаттауға.

Тырбық талды ұстаз тұтқан шыбықтар
Таңнан тұрып мұңның әнін ұлытты, ал.
Терезеден мүсіркейді халықты
Төрге шығып төресінген мырықтар...

Қашағанның ескерткіші бұйығы
Мұңаяды, салбыраңқы иығы.
Бізге не сын — ет-сүйектен жаралған,
Қола ақынның түсіп кетсе иіні?!

Желтоқсанның естіледі ызыңы.
Ештеңенің қалмағандай қызығы.
Жүздер сұп-сұр, тек көздерге жұғыпты
Кешкі нұр мен ақшалардың қызылы...

Ай-ұстара көктің шашын күзесе,
Жұлдыз-жара ушығады жүз есе.
Сол жарадан тамған қанға ұқсайды
Көктегі ұшақ қонуға бет түзесе.

Бұл қаланың бір қалыпты әр түні,
Тек теңіздің көпіршиді алқымы.
...Желпілдейді төбесінде Ақ үйдің,
Жел жеп қойған Көк байрақтың тамтығы...

ТАҒЫ ДА ТҰЛПАР ТУРАЛЫ

Пай, пай, мынау тұлпардың тұрпатын - ай,
Көрген қызық осыған жүр татымай.
"Ыза қылған қолыма бір тигізбей",
Менің де бар Абайлық сырқатым - ай.

Майда сүйек емес.
Бұл — қайла сүйек,
Табылады бойынан қай қасиет ...
Тұяқтарын без қара тасқа малып,

Тұрысын-ай, иегін айға сүйеп.
Суын шатыс тұқымы, құлан шатыс,
Тарпаң шатыс, тұтымы — қыран шатыс.
Бұлан шатыс десең де жарасады,

Қарақашақ, сарыүйек — жылан шатыс.
Дей алмаймын, мүсінін аттан көрдім,
Байшұбардың сойы емес, ақтаңгердің.
Қақпан белдің кірмейді қорасына,

Жан көрмеген өзі бұл — сақпан белдің.
Сипамаған әлі де құрық үстін,
Шашырап тұр көзінен сынып ұшқын.
Қөбекеңнің Құртқасы баптаса да,

Кемдік болад жүйрікте — «қырық үш күн»
Бұл тұрғанда — Текенің арғымағын
Неғылайын, осы еді — бар мұралым.
Өзін өзі жаратқан туа дегдар,

Кемдігі жоқ мысқалдай ал мынаның.
Тәуір тәуіп көрсе егер үшкірердей,
Тақым артсаң гулер ед үсті желдей.
Пайғамбарым Пырағын түсіп беріп,

Әзірет Әлі Дүлдүлін піштірердей.
Жанарынан оқимын жанды жазу,
Тамырында мысалы — қан қызар у.
Мың дәлдүріш ішінде — Нағыз Ақын,

Кіл қатынның ішіңде — Жалғыз Ару.
Ақын мінсе құйылып бойға шабыт,
Қалар еді - ау, шіркін - ай, ой жасарып. ...
Тұқшыңдаған иесінің тұрқы жаман,

Тұралатпай тынбас-ты, қойға салып!..
1993 ж.

БӨЛТІРІК ЖЫРЫ

Ананың айдаһары бар,
Мынаның самұрығы бар,
Менің кімім бар ?

Есенғали.

Сен бөрісің, ағасы,
Мен — бөлтірік,
Тісім шықпай ішімнен келгем тынып.
Апанымнан бір күні сығаласам,

Дуылдасып жүр екен ел жең түріп.
Кетіп қапты замана көші ілгері,
Ере алмасам, атанам не үшін бөрі?..
Жанықтым мен содан соң,

Азу үнін
Көк түріктің тіліне көшіргелі.
Дырдуға алаң болмай-ақ, әзілге алаң,
Жаза басып, деместен жазым болам —

Бір сөз айтқым кеп еді адамдарға —
Құранның да өзіңде жазылмаған.
Сол-ақ екен, сойылдап ел желкеден,
Қуалады ит қосып өрден төмен.

Кердең, керең зарымды ұқпағасын,
Ырыл шықты кеудемнен — көрден терең.
Мынау елдің ашылып кекті араны,
Шырақ алып ізіме коп қарады.

Жанарлары қан-талақ — Зәнталақтың
Дыбыстары миымды жеп барады.
Ғайса, Мұса, Буддасы, ал бірінің
Алласы бар — басатын жан дірілін.

Ешкімі жоқ мен бейбақ көкке қарап,
Қара аспанның жалаймын қанды іріңін.
Ортасынан қуғасын жұрт жабылып,
Күніменен ел көшкен жұрттан ұлып;

Сыртқа жүнім қомпайтып, шарасыздан
Кірем кешкі Шаһарға бұлт жамылып.
Жаным жүдеп қараймын, көз боталай,
Біз бас сұғар қуыстар аз ба, қалай?..

Иріледі алдымнан түнгі қала —
Қабыршағы жылтылдап аждаһадай.
Жүрегімді жыртқанда ұран-түрен,
Түрткісі кеп тағы да тұрар түлен.

Апанымда жарамды жалап жатам,
Ұғыса алмай қаптаған бұралқымен.
Ит даусынан жасырып тұрағымды,
Жалтақтаймын жан таппай қылар үлгі.

...Бәз даладан көне бір апан көрсең
Ей, Бөрі аға! — Түре жүр құлағыңды...

ТҮНГІ ЖЫР

Жұлынымды жұлқылаған,
Сіңірімді сілкілеген,
Сүйегімнен шыра жаққан — Дәуренім! —
Ерніңе жұққан нұрын жұттым мұздай сәуленің.

От қойғым бар шаштарыңның әр талының ұшына,
Шеті-шегі болар ма екен біздің осы Әуренің.
Арнағым кеп өліп барам есті аударар жарты өлең,
Мықын құмар жыршылардың алды да емен, арты емен.

Сезім — көздің орбитасы (Жеткен жерін қарашы!) —
Өкшеңізден жоғарырақ,
Бөксеңізден сәл төмен...
Еншімізге беріліпті шашыңыздай түн тегін,

Қою шашпен ай ернінің сілекейін сүртемін.
Тамырымның құйындары бұрғылайды жүректі,
Есіл-дертін у жайлаған,
Құрып біткен Діңкемін.

Сендің маған неге, қалқам, ердің маған не біліп?
Адалдықтың ақ шырағы сөніп қалды жел үріп.
Үстіңдегі жібек көйлек сыбырлайды сиқырлап,
Жібектің де о басында емес пе еді тегі — құрт?!

Ұшқындарын көздеріңнің шам нұрына шағылған,
Күннен де үлкен көлемі бар,
Артық көрдім — Лағылдан.
Күллі әлемі сұлулыққа төнетіндей бір қатер:

Жұлдыз аққан жұлынымнан,
Жалт ойнаған қанымнан...

Мұздан — мөлдір, оқтан — суық "ағалаған" ғафыл үн
Жеткен кезде — шекарадан өткем мың сан шақырым.
Өтіп алып жұлдыздардан шекілдеуік шақтым мен,
Тыңдап жатып күйік қанат көбелектің ақылын.

Деген ойға жете бере: "болды-ау мұным мүлде ағат", -
Көкті нұсқап күлдің кенет — өңің өзге, үн де жат.
Қара аспаннан біздің жаққа миллиард көз тұр қарап,
Қырау басқан терезесін деміменен үрлеп ап.

Есті кенет жиып алып, құрт-нәпсінің шарабын
Ақтардым да, саған бір сәт ауа жұтпай қарадым.
Кірпігіңнен күн тамшылап, үн тамшылап деміңнен,
Мұң сенделіп жанарында жатыр екен, қарағым!

Базынасын кешіре гөр, мендей ессіз ағаның!..
Бұл кешірім бітей алмас түннің арсыз аранын.
Енді шырқау мүмкін емес, біздерге аппақ Ар әнін.
Шаққан шағын еске алып қой,

Жеткен кезде ызыңы —
Гүл-бұлттардан бал жинаған Құмыр Жұлдыз-Араның.
Құмыр —жұлдыз.
Құмыр — ара.

Құмыр — ақын.
Кіл — құмыр.
Арсыз аңсар, нәрсіз нәпсі құндағы екен бұл ғұмыр.
Көзі ағарған Ақылыңды адастырса

Жеткейсің —
Гүл-бұлттардың қауызынан тамшылаған түнгі нұр...

КӨКТЕМДІ АҢСАУ

(әні бар)

Сайранды өткен менің
Қайран көктемдерім! –
Көзімнен мәңгі
Бұл-бұл ұшпаңдар.

Жетесің өлеңмен,
Өтесің төбемнен,
Сәлеміңді айтып
Мұңды кұстардан.

Барасың қашықтап,
Арасын ашып қап
Жел-саусағыңмен
Ғұмыр-парақтың.

Жалқы түндерімнің,
Талқы күндерімнің
Қауырсын мұңды
Үнін тараттым.

Саңқ етер назды әнім,
Қаңқ етер қаздағы үн –
Түскенде жасын
Сөгіліп көктен.

Оятар бүрлерді,
Боятар гүлдерді —
Жанардан жасым
Төгіліп кеткен.

Араны жалғап кіл,
Барады самғап бір –
Ән-құсым сонау
Жыраққа ұшырған.

Сиқырлап төкші жыр,
Қиқулап өтші бір,
Тағы да менің
Жүрек тұсымнан...

ЖАСТЫҚТЫҢ ЖАЗҒЫ ЖҰРТЫНДА – 1

(Қаз МУ-де)

Кетіпті-ау қанша жыл өтіп...
КазГу-дің қалашығында —
Тұрушы ек біздер жыр оқып,
Қыздардың қарашығында.

Жататын өртеп, күйдіріп,
Қарашықтағы маржандар.
Қол соғушы еді дүрлігіп,
Аққулар қонған ақ залдар.

Мінбеде — Зәулім сарайда
Оқыдық өлең маздап кіл —
Екілік қойғыш ағайға
Жекіріп қала жаздап бір.

Соңынан сөзбен желпір дос –
Ниет те таза, пәк сана.
Ешкімге зиян келтірмес
Айналдық өңшең патшаға.

Бәріміз бір-бір ұлы ақын —
Ұрмайтын сөзін ағзамның.
Төс қалтамызда тұратын
Суреттері Мағжанның.

Тудырушы еді көп өлең,
Соғылған шыңға жасындар —
Мұқағали мен Төлеген,
Жұмекен менен Қасымдар.

Кеудеге кептер қонақтап,
Сол жерде ғажап нұр бардай —
Енуші ек біздер Одаққа
Мешітке кірген діндардай.

Абыздар бата берген соң,
Жұмақ боп қала баққа бай —
Думанды "Қаламгерден" соң
Дуылдап қайтқан шақтар-ай!..

Қаңтарлар тамызға айналып,
Жаятын өркен дастандар.
Сан қилы аңызға айналып
Өтежандар мен Асқарлар.

Төбеден таулар төнетін,
Айқасын қағып найза-шың.
Жұматай ағам келетін
Қасына ертіп Зайдасын.

Желпіндік не бір Дүрге еріп,
Баптады сырға бай ұлдар.
Жыр менен әнді бірге өріп —
Иранбек, Исраилдар.

Ешен Пір ылғи, көріпкел,
Жүрмейміз және аһ ұрмай.
Соғатын Шәки, Серіктер
Айдаудан қашқан батырдай.

Балқып бір шыққан шабыттан
Жететін жырлар көп оймен —
Жизақта — Раушановтан,
Тыныштықбегі бар Семейден.

Болатын жұрттың бәрі аң-таң
Сақалды кілең сәбиге:
Ұлықбек пенен Аманхан,
Байбота менен Мәдиге.

Таңдарды талмай атырдым,
Тыңдадым талай — бәрі шын:
Өлеңін — Әбубәкірдің,
Ақдәулетовтің "дәрісін".

Кездерде қырдан гүлді үзген
Шашушы ек барды аянбай.
Табысып түнгі жұлдызбен,
Қағысып шарап — һайямдай.

Емендей кейде теңселдім,
Күш жетпей бойды тыюға...
Айналдық сосын өңшең жын —
Құтыдан шыққан диюға.

Жүргенде арбап тәтті улар,
Сарғайды бақтар көгалды.
Дүр етіп қонған аққулар,
Дір етіп ұшып жоғалды.

Жан-жаққа жолдар қашқалы
Жалау боп қалды хатымыз.
Тағымыз күйрей бастады,
Сирей бастады сапымыз.

Бастады маңнан топ тарқай —
Саусаққа салдық сақина.
Ақтөбе жаққа кетті Ертай,
Бауыржан болса... бақиға...

Жөңкіді жылдар қаңбақтай,
Дауылын мезгіл сапырған —
Майданнан қашқан солдаттай
Қарамды мен де батырғам...

Көнбеді сезім ырқыма,
Жегідей жанды жеп бір мұң —
Жастықтың Жазғы Жұртына
Он жылдан кейін кеп тұрмын.

Баяғы Пірлі босаға
Тағардай маған өкпе, айып...
Қос досым қапты — қос "аға":
Жақыпов пенен Көпбаев...

Қайран ғап мендік мінезге,
Қарайды бәрі тосырқап —
Реңі басқа, тілі өзге,
Тілегі бөлек жас ұрпақ.

Қалыпты қалашықта Арман...
Қайтқым бар сол бір кезіме —
Тұтылып — қарашықтарға,
Құтылып елдің сөзінен.

Аңсатты қайран Гүл — мекен...
Моншақтар көзге жарасып,
Сол шақтар әлі жүр ме екен,
Қарашықтарда адасып?..

ЖАСТЫҚТЫҢ ЖАЗҒЫ ЖҰРТЫНДА – 2

Ізіне қарап кей-кейде жасармай ма адам? —
Алматы барсам —
Арзу боп Алашұлына —
Жастық шағыма сатқындық жасардай болам,

Бір соқпай кетсем КАЗГУ - дің қалашығына.
Үлкеннің сөзін ұлықтап тыңдайтын ұл ем,
Ұстазды көрдік — жаттаған жөргекте есімін ...
Сан рет қалдық сабақтан,

Тынбай түнімен
Ұлтымыз жайлы Арманның тербеп бесігін.
Шәйір атанып,
Шығардай жырыңды ап құзға,

Бебеулететін безгектей бойымызды — арман.
Мына жерде алғаш сыр айттық сыбырлап қызға,
Ал мына жерде — үйлену тойымыз болған.
Қалпында сол бір әлі де қарагөз-көрік,

Қара бұрымды бұлақтар бас алып көктен,
Жыл өткен сайын қалашық барады өзгеріп,
Алатау — жастық әнінен жасарып кеткен.
Ізіңді басып қаптаған қарағай - ұлдар,

Әнімді жазып қалыпты парақтай — жалған.
Саусағын сипап өсірген бала қайындар,
Мықыны жуан — қол жетпес дараққа айналған
Күнекей - шыңның нұрына тұр тойып көктем,

Мен еккен талдар қарайды түсініп маған.
Титтей боп келіп бір кезде — үлкейіп кеткем,
Үлкен боп келіп ал, қазір — кішіріп қалам.
Уылжиды алма —

Тентектер үзгеннен қалған,
Өкшелеп қуған толқындар — бәйге ғой бұл бір.
Үйретіп жатыр әндерді біздерден қалған —
Баяғы бұтағындағы ай көмей бұлбұл.

Сезімді жүрме шық тамған теріске жорып,
Жастықтың кешкем бұл жерде жылап тұнығын.
Тазарып тұрмын қайтадан періште болып,
Елес боп ұрып —

Жердегі жұмақ - ғұмырым.
... Қала — кеш кіріп,
Тау жақтан жанады ескі үміт,
Жарқ етті жатақханалар — аруға түрме.

Жәутеңдеп тұрмын...
Шулы әндер қалады естіліп,
Біздерге, бірақ, болмайды қалуға түнде ...

ЖАСТЫҚТЫҢ ЖАЗҒЫ ЖҰРТЫНДА – 3

Күндер қайда, түндер қайда ? —
Біздер шығар мінбер қайда?..
Жан қытығын келтіретін
Құпиялы үндер майда.

Кірпіктерге тұнып қалған
Моншақтарда — үміт жанған.
Сырды сақтап жүр ме ол әлі
Сырғасымен құлыпталған?

Бозарады
Ай түн асқан,
Құлыптаулы жайқын — аспан.
Қандай күйге түсер екем,

Сол құлыпты қайтып ашсам?
Өзім еккен терегіме —
Сырымды айтып керегі не?
Қайта оралу береді не,

Жиырма жылғы өлеңіме?
Теңіз бастан бұлғана ма?
Терек түптен ырғала ма?
Мұңым бар-ды...

Кімім қалды —
Мен қимайтын бұл қалада?!
Жанға жара, жырға нала
Жамап мезгіл зыр қаға ма?

Ізсіз, тозсыз жыл жоғала,
Біздің Жастық тұл қала ма?
Қолын созған гүлдер де айға,
Түсіреді кімдерді ойға.

Жан қуысын үндер майда
Қытықтаған Түндер қайда?
Тауың — жарқыл, сайың — қаңқыл! —
Келген көктем жайында аңқыр.

Біздің сырды ұрлап алған,
Сырғаланған қайындар тұр.
Бұл жерде өткен мың түн де ойда,
Ал, киелі — бір Түн қайда?

Сол бір түннің құлпын ашар
Іліп кеткем Кілтімді айға.
Шөлім басып түн - тұмадан,
Жарама бұлт жыртып алам ...

Шың басында даусым қалды
Айға жетпей шырқыраған ...

АҒАҒА ЖАЗҒАН ХАТТАРДАН

Тыныштыбек Әбдікәкімге

Қара Ертіс қара өлеңнің арнасындай,
Шыңғыстау — поэзия Парнасындай.
Пірлі Абай мөр ғып өзі басып кеткен —
Судағы Ай Пегасыңның таңбасындай.

Қиялмен сол өлкенің ішіне енем,
Кіреді өзің болып түсіме өлең.
Құс жолын ақ жұлдыз боп кесіп өтіп,
Жыр-даусың миға ұрады кісінеген.

Қайран дос, қайран ақын, қайран бауыр! —
Құйындап өткені ме сайран дәуір?..
Мен жүрмін "екі тепкі, бір қамшымен",
Арқасы жыр-тұғырдың ойдан жауыр.

Қонысым Маңғыстау ма — мың қыстау ма?
Өрісім жетер ме екен Шыңғыстауға...
Маған да керек еді бір көк мойнақ,
Шығынған шығандағы үнді ұстауға.

Жайылар саған қашан дос құшағым? —
Көлкілдеп көз алдымнан көшті сағым...
Күмбезін шал Абайдың көрген кезде,
Тасынан бала адайдың естіші Әнін...

Тағы да мамыр маздап, түрленді шық,
Шыққа ұя салды жұлдыз түннен түсіп...
Қиян шет — Маңғыстау мен Шыңғыстауды
Жататын күн туар ма жырмен құшып?!

...Көктемнің бүрлерге ұшып көк жалыны,
Көбелек үрлейді шоқ гүлдерге ұшып.
Аялап жел саусағы шыбықты өскен,
Сәуле боп тоң мен мұзды үміт тескен.

Кетеді табысатын күнді аңсатып —
Бөрі бұлт тас төбемнен ұлып көшкен.
Қалса да жырақта үнім естімес сен,
Шығарар мен емеспін ескіні естен.

Қара бұлт табысқанда,
Шатыр етіп
Жасындар бұлт ішінде кескілескен. —
Сезімдей қауыштырған досты доспен...

Аспанға көз сүзген мен — кедей ғашық —
Еңсемді езген кезде көп ой басып,
Санамды шұрайласа өгей кәсіп, —
Есенин емексіген Персиядай,

Келеді кеткім кейде Семейге асып.
Көз алдым көшкен сағым — дәйім ісік. —
Қанатын қаздар кетті жайып ұшып.
...Аға-дос, шөл басатын хат жаза сал,

Алған соң Шағаныңның шәйін ішіп!..

2-өлең

Тамырдан тамшылаған жырдың сөлі—
Туыспыз біз екеуміз — білдім соны.
Жыртылған жырым-жырым кітабың бар,
Басыма жастап оқып жүрмін сені.

Ақ қағаз — дақ түспеген сонарға әркім
Із салды —
Сенін де ертең қалар даңқың.
Сәл ғана айырмамыз екеуміздің —

Жырымның аңқаулығы болар, бәлкім...
Еркелеп ай білегі шыңға асылса,
Жолықтық Абдолла мен дүр Қасымша.
Өлеңнің майданында өртке орандық,

Кім аршыр жүзімізді күл жасырса?!
Өмірдің өртену ме — басты мәні? —
Көмейге өртсіз уақыт тас тығады.
Жастықтың бояуының сиқыры өшіп,

Албырт жыр,
Асау арын бастығады.
"Көңілде көл жасамай тамшыменен",
Бітелген жырдың көзін аршып өлем —

Жоқтасын күлге айналған тағдырларды,
Өртеңге өніп шыққан алшын-өлең!...
1994 ж.

ДОСҚА ЖАЗҒАН ХАТТАРДАН

Сабыр Адайға

1-хат

"...Қош айтам саған. Бақұл бол! —
Мен өлем, досым! —
Көр бар дейді ғой далада өлікке тегін.
Мұқағали мен Жұмекен, Төлеген қосын

Құлатқан желге мен де ертең еріп кетемін.
Қайырсыз бұлттар көгімде барады адасып,
Ашылды тажал-мезгілдің шыбыққа Араны.
Бұтақ, діңімді сындыра далаға қашып

Жапырақтарым тамырды жұлып тарады.
Айтшы өзің, досым, күнелтем қайтіп тамырсыз?
Нәр емес Зәр боп құйылған — сезім-боза ма ед?
Таққа қонып ап боқ жеген тәйтік "тәңірсіз",

Кетсем ғой, шіркін, өзіме өзім қожа боп.
Қашанғы иемін басымды Тағы-Құлыққа,
Мен деген жұрттың жанары талмаған Жаспын.
Еліммен бірге жетем деп Әлібұлыққа,

Елменен бірге мен енді алдана алмаспын.
Есі жоқ көптің ерінін уға малдырып,
Ойпаздың емес — тойпаздың дәурені жүріп;
Онсыз да соқыр миымды су қараңғы ғып,

Бір Түнек жатыр нәп-нәзік Сәулені бүріп...
Жататын жай жоқ меңдеген у-зәріңді емдеп,
Үпілмәлік - Жырдың қалыпты жәннәті қаңсып.
Асылды кеше мойныма:

"Музамын мен!", — деп,
Кілең көпекті үргізген салдақы қаншық.
Шаршатты өңшең Сымақтар сақалын сатқан,
Құрысын бәрі, қажыдым, өлемін!.." — дейсің..

Сол өлең оған ат беріп, шапанын жапқан,
Сен өледі, деп, қырт қайдан өлеңін қойсын?!.
Сен өлме, досым! —
Қайта енді тіріліп көрші,

Онсыз да өлік қаптап жүр мына ғаламда.
Уақ пен түйек —
Көретін ірілікті ерсі —
Сен өлді екен деп басыңа шыра жағар ма?..

Өлемін десең Сұм Ажал жылытар өңін,
Ұсынып тағы у қосқан аталаны азық.
Көп уақыт өтпей біржола ұмытар елің —
Өкінішке орап бір-екі мақала жазып.

Мір оғы атсын арсызды сыңары — мансап —
Ерте өтуі шарт па өмірден мықтының бәрі?!.
Өлместен бұрын, арман не, шығарып алсақ,
Нәзік Сәулені — Түнектің тұтқынындағы!..

Сөзіңнен сенің айналып кетті ғой басым,
Сол Сәулеменен сүртсін де көзің мұң-шерді.
"Өлеңім менің — бөбегім" депті ғой Қасым,
Бөбегіңді жетім қалдырсаң, өзің білші енді...

Алайда қонбас өзіңді жерлеп бақ маған,
Не табам, түнге қайғы айтып, жылап азанда.
Қан сасып кеткен көздері жендет қаптаған —
Жетімнің күйі не болмақ — мына Заманда?..

2-хат

Ауырмашы, жан Досым, жан Бауырым! —
Құрғамағай қан жүрек, қан бауырың.
Қаламыңнан қан сиіп туған жырға
Салмағанмен құлағын — Зар қауымың.

Туған ұл ең, толғатып Өлең-Ана,
Өлең-Ана аһ ұрмақ неге ғана?..
Дерт меңдеген қауымды емдеу үшін,
Жырдың Аман болуы керек, Аға!

Хайуана - көп —
Оларда күйіс бөлек,
Күйістерін бұзуың тиіс, демек.
Азар болса кетер жұрт, жырларыңды

Жарамайды жеуге деп, иіскелеп.
Жә, жә, бұл ел бізсіз де күнін көрер,
Бірін жеңер, бірін жеп, бірін көмер;
Арқа сүйер Андызым — Аға ауырса,

Артыңа ерген Жалбызың —
Інің не дер?!
Тобыр бізбен десек те есептеспес,
Тұлпар тепкі тегіңді есек кешпес. —

"Ақындар ғой ажалын сатып алған", —
деген қалып жүрмейік өсекке өшпес.
Дертің емес мына дерт — сенің ғана,
Өзегімде өріп жүр өрім жара.

Сол жағымнан Жүрегім,
Оң жағымнан
Бауырым бүлік салуда менің де, аға.
Көміп кетпе ініңді қайғы-мұңға,

Пері қаққан мені де айлы қырда.
...Ілсін шаттық-шабағын шағала-қас —
Жүзші арудың айнамгөз айдынында.
Ару сүйер жүзіңе кесел ілме,

Ауруыңды жазым қыл, кес өлімге!..
Ақындарға басқан кім, дертті мөр ғып,
Аласұртып емхана төсегінде?..
Ақ отауы Арманның күлге оранса,

Кәлима-жыр жарар ед тілге оралса...
Барлық қызы қазақтың жоқтаса да
Ғайып ақын таптырмас бір жоғалса...
Ата-анаң, бауырың, қарындасың,

Ағызбасын, жар-балаң — лағыл жасын.
Сенің мамық жаныңа батқан Бүлік —
Менің тастай тәнімде дамылдасын.
Дастарханды қайғы емес, тойға жайып,

Есінді жи!
Сен енді ойдан айық.
Айдан айып сұрамай, күннен — сауға
Екі дертті — Бір сауға айналайық.

Жырымызда бұлт көшсін жасын атып,
Түнді ұнтасын Сұсымыз, тас уатып.
Жігімізді таба алмай кетсін Ажал:
"Қандай жаратылыс?" — деп басы қатып.

3-хат

Сәке, тағы түн жамылдым, тарықтым,
Түн салмағы жаныштаған ғаріппін.
Жүрегімнің санаймын кеп дүрсілін,
Жақтауынан ұстап төсек-табыттың.

Менің үйім тар дүниенің қуысы,
Менің жаным елестердің туысы.
Бұрайды кеп жүрегімнің құлағын,
Жезтырнақты тажал-түннің уысы.

Құл қыламын!
Сені жүндей түтем! — деп,
Үрей-Елес тағы келді дікеңдеп.
Көздегі ұшқын қанша мәрте қадалды,

Жаналғыштың жанарына тікен боп.
Жылан-жалған дойыр басын қақшитты,
Жүрегімнен осты менің...
Тап сүйтті.

Дарақ-Аспан тамырынан қан саулап,
Маңдайымның Азу тісін ақситты.
Сол Азу Тіс жүйке-ағашты кемірді,
Ой жеймін деп ми тамырым семірді.

Сыбырлайды Мәлікүл-Мәуіт — Жебеушім,
Менен алдап алмақ болып өмірді.
О, ұғамын, мен өзіңді ұғам, деп,
Әзірейіл арбап жатыр тұлан бет...

Шыдай алмай шығып кетіп Далаға,
Маңдайымды Құбылаға бұрам кеп.
Мүлгіді үйлер, түнге жағып түтінді,
Ал, молалар, кел, кәне, деп, жұтынды.

Құлпытастар құран оқып күбірлеп,
Жаназамды шығаратын сықылды.
Көмекейге Жүрек келді тақалып,
Ыңырсыған даусы естілді ап-анық...

Запыранын тастай алмай тұр әлем,
Өңеш-жиек қара бұлтқа қақалып.
Бұлт ішіңде дірілдейді ай ап-арық.
Басып жатқан қараңғылық Ғаламды,

Ауыртады менің жанды жарамды.
Жуар ма екен жұлдыз жасы Тәңірдің,
Көлеңкеден кірлеп кеткен Даламды?..
Күдік — мұңға, мұң қайғыға айналып,

Қайғы — шерге, шер шеменге байланып,
Тілегімді Жеткізе алмай Тәңірге —
Жаттым тағы жанарымды ай қарып.
Жаттым, Сәке, тұрғызатын тап қамшы —

Түн-ғаламның білсең сырын ақтаршы.
...Қара аспаннан сорғалайды Ақ Жұлдыз,
Қара тастан сырғанайды Ақ тамшы.
Сол қос тамшы ағып келіп қиялап,

Жанға — маза, бермейді ойға — тиянақ.
Даланы емес, жанымызды жуады
Неге біздің кеудемізге ұялап?..
Көрінеді бізге қашан Құбыла?

Кім жетеді қыршын Арман құнына?
...Қос тамшыны тербете бер кеудеңде,
Даламызға шашылғанша Шұғыла...
1991-93 ж.ж.

КЕҢСЕДЕГІ КЕСІР ЖЫР

Мынау кеңсе қай кеңсе —мәрмәр кеңсе,
Енгізбейтін есігі аңғалды өлсе.
Кеңселердің желкесі күжіреймек —
Кер Заман мен шерлі адам кермар келсе.

Жорға ғой деп жүргенім — китің шығып,
Қорамда үрген көпек көп итімсініп.
Қор боласың бұл жерде итің шығып,
Сілеңіне батырса қу тіршілік.

Ел-жұртымның ауғасын құт басынан,
Құтыла алмай Заманның жұтпасынан
Мен де кірем кеңсеге, ағам бар деп,
Ұстап тұрған Дәуреннің тұтқасынан.

Тар санасын жау менен жат тұсаған,
Теуіп тыққан қалпы бар қап құсаған.
Тура барсам танымай дүрдиеді,
Той-топырда арқамнан қаққыш ағам.

Қамдайтыны қашанда құт қара бас,
Қарын болып бойына жұқты арам ас.
Құны қымбат жиһаздың тасасынан
Қандасына күледі ол тұт жалаңаш.

Күлмей енді өле ме қандасына,
Қазына бар қымтаған қамбасына.
Бөлтеберден сиқында айырма жоқ,
Байлық басып жататын жанбасына.

Қаһарланса — жын шашқан кәрі бура,
Жалынуға қорқасың, жағынуға.
Ел мен Жердің ырзығын жатқа сатып,
Енді аз жүрсе дайын тұр жарылуға.

Шаруасы жоқ — кетсе де ұлтың құрып,
Тұрқын танып тынасың, құлқын біліп.
Мен де амалсыз шылымын тұтатамын,
Ішім жылап тұрса да, сыртым күліп.

Екі етпейсің — бұйырса бұл ағаңыз,
Шойын езу, гүрзі қол, міне, нағыз.
Мұндай аға менде де, сенде де бар,
Мекен-жайын, ат-жөнін сұрамаңыз.

Бір тамырдан озалда дүрегенмен
Бөлек көм, деп, тәңірден тілер ем мен.
(Хал мүшкіл-ау, қапыда көзін салып,
Өзін танып қойса олар бұл өлеңнен.)

Хал-жайы осы ел сенген ұлығыңның,
Қамытына жегілген күл ұғымның.
Қиналасың әлде бір обыр келіп,
Майын сорып жатқандай жілігіңнің...

Жоғарыдан кәр төксе қыли жендет,
Жорғаламақ алдында құл имеңдеп.
Қыли жендет желкесін қырыққанша,
Үстелдерде бықсиды кіл үйген боқ.

...Есігімде шиқылдап топса шыдам,
Ұңғыдағы кей-кейде оқша ашынам.
Бұзып, мола салғым кеп кетеді-ай бір,
Кеңсе көрсем ақ мәрмәр — боқ сасыған!.

ТАҢ ҚАУЫЗЫН ЖАРҒАНДА...

Көз көгермей жүрсем де, сөзге де ермей,
Сүре алмадым ғұмырды өзгелердей.
Айды арылтып тастаппын, жыл жеңілтіп,
Тейім жұмсақ болса да тезге көнбей.

Отыздың да орманын отап келем,
Адастырып жастықты кезбе желдей.
Бір Мұратқа жеткізбей мақсатым мың,
Бос қапылдым, болмасқа бас қатырдым.

Ұқпайсың деп сөзімді тасқа ақырдым,
Ал тас, жырын мақтады басқа ақынның.
...Төлегеннің ғұмырын жұтып алып,
Абай өлең бастаған жаста тұрмын...

Мойыныма артқанда түн білегін,
Жұлдыз саулап жүзімнен бүлдіремін...
Қауызында жүректің мұң қалады,
Шымшық көзді мұзындай сүмбіленің.

Өте шықты жүдеп жаз, сыңсып көктем,
Орман — тұттай, кеп-кеше бүршік төккен.
Арманымның сағымын сипап қалдым,
Ұстай бере қолымнан сусып кеткен.

Тыншытты еппен әуенін елжірек тал,
Тек жүрек бар кеудемді ыршып тепкен.
Итсигектер шеккенде изенге айбат
Солды қурай — үрейден бизар бейбақ.

Сусиды кұм, сыңсиды қоян сүйек,
Ал нарпоздар кірпікке мизам байлап.
Мизам-сезім шырмаған тағдырларға
Қарап тұрып қамығам үй-жанды ойлап.

Күн саусағы берсе сан бояуды аршып,
Түн қашады — төбеңді ояр жаншып.
Күллі Аспанды қамайды Кірпігіне,
Таң қауызын жарғанда оянған шық.

Қазынамды әлдері жеткенше алып,
Бағымды отап жүрген кім кетпен салып?..
Шық-тағдырлар күнәсіз мөлтеңдейді,
Жапырақтың жүзінен кеткенше ағып.

...Жылан бұққан бұтаның төбесінде
Бозторғай тұр шырлаған - неткен шабыт?!.
Мына тамшы - үн құлай ма, құламай ма?
Жұтар ма екен мұны да жылан-айла?

Таң қауызын жарғанда оянған шық,
Дірілдейді таба алмай қылар айла.
...Төлегенді оқысам түңілемін,
Үңілемін содан соң ұлы Абайға...

МАЙХАНАДА

Хунгария — Кечкеметтің шарабын
Мақтап маған ұсынасың, қарағым.
Тамыр үшін; мың жыл бұрын үзілген
Тап осыны тауысатын бар әлім.

Тамырымда тулап бағзы ақса қан,
Қан көзіне түспесе егер шөп-шалам —
Петефилер мұртын малған шараптан
Бүгін менің тартынатын жоқ шамам.

Мұны ішкесін он бойымда жын ойнап,
Рюмканы сындырам да гүл-оймақ —
Жыр семсерді — қалған кеше Шандордан
Суырып ап жауға ұрынам "құдайлап".

Бұлт - қара құс қанаттарын жазды өктем —
Осыны айтып жылап өтті қаз көктен...
...Қарындасым, неге күлдің сөзіме,
Петефиден менің жауым аз деп пе ең?!.

Хунгария — Кечкеметтің шарабын
Тағы да бір құйып жібер, қарағым!
Шараппенен біте мұңның аранын,
Біздің бастан өткен талай қара күн.

Ай көзеден нұр төгілсе жұтты іңір,
Сол бір нұрдан жанданады түкті қыр.
Түкті қырдың аспандатқан атағын —
Аз халықтың ақындары мықты кіл.

Ақындардың айтқан сөзін ел ұйып
Тыңдар болса — жасар ек-ау Жерұйық...
Әне, мені атарына оғы жоқ
Басқыншылар қаптап отыр мөлиіп.

Қарындасым! —
"Байқа, ағасы," — деймісің?
Айналайын көздеріңнен ойлы шын.
Өзің барсың жарақатым таңатын, —

Ту сыртымнан қанжар ұрсын, мейлі, сұм.
Тамырласым!
Тағы шарап құй маған!
Болмай-ақ қой мендегі осы күйге алаң.

Басқыншылар ұрпағы отыр төріңде —
Пақырларға даласын да қимаған!
Ақындарға моласын да қимаған!
Көк ұлдары — перзенттері Ұмайдың

Кәріне ылғи тап болыпты құдайдың.
Кеткен кеше Шандор құсап моласыз
Қыршындардың құнын кімнен сұраймын?..
"Қызыңқырап қалдыңыз-ау, аға сіз...

Және жалғыз жүрсіз, — дейсің, — жорасыз"
Ғазилардан әулие емен, көп болса
Қалам мен де, бәлкім, бассыз, моласыз.
Өлекселер өріп жүрген тұл қала...

Өзегімді кетеді өртеп мұң-нала —
Сол ерлердің арттарынан ақырып
Тендік сұрар, тумады деп бір бала!..

Көз ашпаған дүре мен оқ, тепкіден,
Елім үшін мен басымды көп тігем.
Кекке малып жыр тудыра алмасам —
Кетпен алып кеткенім жөн деп білем!..

Қош, қарындас! —
Ой түйгенді көз көрсін,
Әлі талай мылтығымен көздер сұм.
Оңашада ойланарсың, болмаса

Қызып айтқан нәйеті бір сөз дерсің.
"Қош, ағатай! —
Ел-жұртыңның ары үшін, — дедің қалқам, —
аман жүргін, арысым!.."

...Мен маскүнем боп кетер ме ем,
Күнде өстіп
Оята алсам бір қыпшақтың намысын?!.

СЫЙЛЫҚ ТУРАЛЫ ХИКАЯ

Күні кеше гулеп кетті астана —
Өсек десе жан кіреді, ә, тасқа да...
"Үлкен кісі сыйлық беріп шақырса,
Анау ақын бармай қапты,

Масқара!"
"Шыныменен бармай қап па?..
Құрысын! —
Туған адам емес қой ол жыр үшін.

Маскүнем-тын, құшақтап ап ыдысын,
Бермеуші еді сырахана бұрышын!.."
Осыны айтқан қасқаның —
Әбден жақсы білуші едім жас шағын.

Қайран, менің өсек шалық достарым! —
Кезіп жүріп "Қазақфильм", Тастағын,
Талай жазып беріп едім бастарын...
"Сыйлай білмес үлкен жерді, хан басын,

Мұндайларды жазаламау — заңға сын!..
Шоршып түспей қайтушы еді, құдая,
Иттің басын сар табаққа салғасын?!.
Бұл Алматы ақындарға бай қала,

Солар жайлы толғанбай ма ойлы аға?!
Олжаңды ұрлап кете берсе не болмақ,
Қу Далада қаңғып жүрген қаймана?!.
Жазғандары өлең емес — қайталау.

Сыйлық алып бұл талауы — қай талау?!
Сондайларды әлдеқандай қып жүрген
Кіл милақы ағаларын айтам-ау!.."
Өмірінде оқымаған бір өлең —

Мұны айтыпты тау жақтағы ірі емен.
Алатауды жаңғыртып кеп күлер ем,
Мұз жатыр ғой басын бұлтқа тіреген...
Кешегі бір күндерде —

Лебізім дүйім жұртқа жақса да,
Сөз патшасы арқамнан сан қақса да —
Ақ Залдарды жырмен қырған шағымда
Бір ауыз тіл қатпап еді Жақсы аға —

Жер бетіне жақын жан ед тамыры,
Е, қайтесің?! —
Бұл да Алланың әмірі!
Ойсыратып ой түйіпті сол ағам:

"Оңай қонған бақтың жоқ, — деп, — қадірі"...
Таланттарды көрмедік деп әспеттеп,
Керек пе өзі кейін жалған жас төкпек?..
Біреу күлген:

"Сыйлықтың ол қадірін?!
Қайдан білсін?! —
Бес жыл оқып КазГУ-де,
Дипломын алмай кеткен қасқа ед?!" — деп...

...Ұйқысынан оянған тау қан кірпік,
Әлденені айтпақшы боп қалды іркіп...
Тар көшеде әрі өткен мен бері өткен
Кетер болды құлағымды жаңғыртып.

Бір қолайсыз сезім кірді жанға үркіп,
Кезбе ойларды қу соқпақта қаңғыртып...
Шындығында — сөздері көп бәлелі —
Бұл сыйлықтың қандай боп ед әлегі? —

Талай рет барар жерден қалдырған
Менде де, рас, дәруіштік бар еді...
Досым кез кеп тұрып қаппын кідіріп,
Қай-қайдағы өлген елес тіріліп. ,

(...Маңғыстаудан мен келмесем, Алматы
Өсек таппай қалады екен қырылып...)
Тұрып қаппыз —
Көңіл босап, көз жібіп,

Еске түсіп талай ерсі, ез қылық.
Сыйлық түгіл, жылы лебіз естімей
Өте шыққан қыршындарды сөз қылып...
Табыспай ма бөрілерше дос ұлып?

Көңіл сонда кетпеуші ме ед жоқ ұрып?!.
Үлкен жердің шерттеулі екен секөнті —
Мезгілімнен барыппын сәл кешігіп...
Кешір бізді Кіді Уақыт, Қатал Шақ!..

Жалқаулықтан шаталармыз — шаталсақ,
Аңқаулықтан маталармыз — маталсақ.
Қанда қалған қыр мінездің қырсығы —
Ашық күнде "абыройсыз" атансақ. —

Асқарларды аузымызға түкіртіп,
Өлеміз бе, Өтежаннан бата алсақ?!
...Туар ма екен, Хафиз құсап — шарапты
Темірландар қолдарынан татар сәт?!.

Өтті-ау ғұмыр — шын болмыстан жат, алшақ,
Тастан — уыз, қара мұздан от аңсап...

Бары — осы, Хикаямның ең жаңа. —
Ауыз былғар әңгіме емес өр қала.
Есім барда жетіп алсам еліме —
Ендігәрі маған сыйлық берме, Аға!

Толқын құсап жаға менен жиекке өш —
Бір желпіндік! —
Бұдан сірә сый өтпес.
"Ой, өпенді-ай, жүрмейсің ғой бүлдірмей!" —

Күліп жатыр ниеттес пен сүйектес.
Жылқы көрсе ақырмайды текке есек. —
Қуандым мен болғаныма көпке өсек.
...Жаппар Ие шақырғанда бармай қап,

Жарады ғой абыройды төкпесек!..

ЕКІ ОТАН

немесе замана зауалгерлеріне хат
Сізден маған еш пайда жоқ ей, аға!
Аспаным бар — зәру емен саяңа.
Жылап келдім, жылап өтем өмірден —

Ақсын қаным! Шықсын жаным! Аяма!
Аямайсың, Аямасын білгенмін,
Сен Есікті теуіп ашып кірген күн.
Тесігінен кіжінгенмен Түрмемнің,

Жортқан Баққа ере алмайды Үрген Мұң.
Кәр қылар деп мен де ыға алман ай, Тақсыр!
Енді менде жай қалған жоқ тайқақсыр.
Атақтарын арт жалаумен шығарған,

Көп Жәреуке жасай берсін айтақшыл!
Қызармауға үйренгесін бет ептеп,
Ер басына шатыр болған етек көп.
Еңбегіңіз өте сіңген, жүре бер

Текесінген ақ шыбышты жетектеп.
Әншің — әрлі. Заңшың — зәрлі. Ақын — шат.
Ай-һай, Заман! — тұрсыз Таққа тақым сап.
Сіз ұрсасыз — күңіренсек, аһ ұрсақ,

Біз сияқты болмайсың, — деп — сатымсақ.
Тек сіздікі — ордамыз бен қордамыз.
Тек сіздікі — дорбамыз бен жорғамыз.
Сізбен бірге шыға алмаймыз жолға біз. —

Елің — еру! Алаңдаушы болмаңыз.
Би орнына кіл желғауыз болды Абыз. —
Жүрегімде — өрт, көзімде — күл, қолда — мұз.
("Жүрек" деген бозторғайды қорғаңыз —

"Ізгі қала" жайындағы, Сорлы Аңыз!..)
Өріп шыққан Құбыжық пен Жалмауыз
Ар – Аманат - Қазынама салды ауыз.
Дегенменен абайлаңыз, армаңыз,

Қанды ауызда Сіз де кетіп қалмаңыз!
Төріңізді толтырғасын кіл кезбе,
Білінуші ед, ілінуші ед кім көзге!
Отан жайлы тебірене көрме тек. —

Біздің Отан сіздікінен мүлде өзге.
Біздің Отан — өртке үйтілу, шарпылу,
Сіздің отан — басы — гу-гу, арты — ду.
Біздің Отан — өксу менен өкіру,

Сіздің отан — ыңырсу мен алқыну.
Біздің Отан — әруақ қонған бейітте,
Сіздің отан — жармақ толған сейфте.
Біздің Отан — арман бүрген Жүректе,

Сіздің отан — жалған күлген кейіпте.
Бірде — орыс, бірде — шүршіт, штатқа
Бірдей бұлғап, құйрығыңды ұстатпа!
Сіздің отан — қолдан соққан ұшпақта,

Біздің Отан — сордан соққан қыстақта.
Тулақ болған бұралқы мен өгейге,
Ертең: — "мынау кімнің жері?" — демей ме.
Сіздің отан — Астана мен Алматы,

Біздің Отан — Арал менен Семейде.
Зәузатымның Есесінен төленген,
Сіздің отан — жасалған шарт көп елмен.
Біздің Отан — Ұлытау мен Байқоңыр,

Су орнына у жауатын төбеңнен!
Сіздің отан — алғыс, қаума.., көк орман,
Біздің Отан қарғыс, дауда жоғалған.
Сіздің отан — шет елдердің банкінде,

Біздің Отан — Маңғыстауда тоналған!
Хабарың кем — біздің Отан жұтай ма?..
Сіздің отан ұттырмайтын ұпайда.
Біздің Отан — қора, мола адыра

Қалған жерде — кеткен кеше Қытайға!
Біздің Отан — қысқы қырда тұл қалған,
Сіздің отан — күшті жырда жүлде алған.
Біздің Отан — Арын Сатқан Нан Таппай

Арулардың Ышқырында Былғанған!
Сіздің отан — атқалы тұр жел берсе,
Біздің Отан — қорғайды елін өлгенше!
Біздің Отан — мұхит асып жоғалған

Тумай туа шөккен бақсыз — көрдемше!..
Біздің Отан — "дана түрде" шешілген
Милау Заңның моншасында шешінген.
Сіздің отан — қара түрме халыққа,

Біздің Отан — Ана тілде — кесілген!
Сіздің отан — мәрмәр үйлер қоздаған,
Біздің Отан — Боз Торғайлы Боз Далам
Сіздің отан — Ібілістер әнінде,

Біздің Отан — Қыл қобызда боздаған.
Біздің Отан — бершімек зар тумаған,
Сіздің отан — Шәддад-бақтай шулаған.
Біздің Отан — Қазақстан - бекіре,

Құлқын атты Қызғылт Ауда тулаған...

Жә!

Күйзелме, күңіренбе, сарқылма! —
Мола бағып отырған жоқ Нар Тұлға.
Қолданбаған Ақыл қалды қартымда,
Жолданбаған Хатым қалды артымда.

Сарқылмайтын жымысқы арбап, жау ішсін,
Несібем бар — күнім бұлтқа қауыссын!
Мен шыдаймын. —
Тырымды ұрлап тауыссын,

Сіздің отан жырын жырлап тауыссын!
Сәби Халқым!
Жәутеңдеген құлдықта,
Мың Жұт көрдің —

Шыдашы енді Сын — Жұтқа.
Біздің Отан жеткізеді хабарын,
Ертең деген — Өртенбеген Шындыққа!
Қашып жатыр — алдап-арбап туды алған

Зыр-Зыбылдар. —
Ақша-масы туғаннан.
Біздің Отан алады Ертең Азаттық. —
Тәуелсіздік Түрмесінде уланған.

Далам менің!
Орда тіккен мың атам,
Көк Байрақтай аспаныңды ұнатам.
...Ешқашанда Отан екеу болмайды:

Қалады әлі Жалғыз Отан —
Шын Отан!
Ұлы Отан!..

МЕШІННІҢ ҚЫСЫ

немесе тағы да көне қыстау
хақындағы хикая
Ат байлаған не бір сой, не бір төре
Қазығым бұл...

Өмір — жас.
Көңіл — көне.
Сияқты еді тым асқақ...
Төлежіпті

Ескі қыстау панасы — қоңыр төбе.
Шорт үзіліп қалғанша жол — жан-демім,
Жетем бұған бар болса әл-дәрменім.
Қара ошақтың баяны — көне қыстау,

Болашақтың маяғы — Қағбам менің.
Осы арадан Сапарым басталады,
Босағадан Соқпағым қашқан, әні.
Ала шапқын Уақыт харап қылған

Бала шақтың, беу, мұңды — тас қамалы!..
Кәне сәл-сәл, жігіттер, кідірейік...
Күйдіріп тұр жүректі мұңым ойып. —
Мені талай телмірткен терезелер,

Көздеріндей Мүрденің үңірейіп...
"Тентек Дәлу" есімде — Мешін жылы,
Дауыл үні сияқты ед бесік жыры.
Қаңтарлардың қарына өсіп шыққан,

Мен де сол бір кезеңнің өсімдігі.
Бұлт қылшығы азаймай Ай түткенмен,
Қыс хабарын талайлар айтып берген.
...Бауыр басқан нағашым қаза болып,

Өз жұртыма сол жылы қайтып келгем.
Соны еске алсам кірпікті шық басады,
Сәби едім көп нәрсе ұқпас әлі.
Әжеміздің енесі күбірлейтін,

"Құран Карим" алдында, "Мұқтасары"...
Қаратауды жүргендей бұлт айналып,
Сол кемпірден шыққаймыз шырқ айналып.
Біреу келсе түреді кимешегін,

Көрпесімен кітабын қымтай қалып...
Жібере ме білмеймін мәпелеп көп,
Бала кезгі енді ұғам қатені ептеп.
Алдайды әжем:

"Ертең-ақ нағашыңды
Шалқар молда тірілтіп әкелед..." — деп.
Алты жасар мен сонда би едім ғой,
"Ат", — деп жылап жататын, түйе мінбей.

...Қой қораның тастары сөңке бопты-ау,
Сол Мешінгі малдардың сүйегіндей.
Қаһарлы үнмен Ұт келген — қатал мүлдем,
Төрт түлік те кеткен-ді қатар мүрдем.

Атам жүрген қой шулап шанасында,
Ат жүре алмас күртікте атан мінген.
Сол кездегі көз жасым — киелі шық,
Шық тиген жер әлі күн күйеді ысып.

...Бір-бірінің жүнін жеп, түйе құсып,
Қатып қалған жылқылар сүйенсіп.
Қақпан болып сирақтан қапқан қар бар,
Түн баласы айға үріп Ақпан зарлар.

Азу басып алқымға аяз-бөрі,
Тұрмай қалды шөкелеп жатқан нарлар.
Сілекейлеп сәулесін қасқыр-арман,
Ай ұлитын — кірпігі жас шыланған.

Өркешіне бас сүйеп өлген мая —
Күлде қалған аумайтын тас құманнан.
Аяз-сурет салады миға ұғымдар,
Би билейтін түнімен қилы жын бар.

Түтіні өшкен мұржаны қобыз қылып
Бабаулайтын — шөрәлі, шимұрындар.
Кетті қайда сырыма куә түндер? —
Сезімдердің сондағы суатын бер! ...

"Неге өлтірдің малды?!" — деп әкемізге
Қыспен бірге қақайтын Уәкілдер.
Үгітілген үлкеннің түрін көріп,
Жатырасың бұрышта жының келіп.

Өксігіңді жұтасың өзегіңе,
Кіжінулі деміңді діріл жеңіп.
Сұқ саусағы Заманның кезелуде...
Мен, әрине, ол кезде сеземін бе? —

Мұз боп қатқан Өксіктің —
От боп тамып,
Өмір бойы өшпесін өзегінде...
Кеңестердің керелеп Мақтаншағы,

Боз даланың бұзылып мақпал сәні,
Фонтандары мұнайдың — бөріктерін
Атып болмай аспанға жатқан шағы.

Мал қалмады қорада жазға апарар,
Ағай қашты қалаға — аз ба хабар?!
Күні-түні миымды бұрғылайтын,
Қыс қаһарын қыстырмас Аждаһалар.

"Жатқа қимас жер ед, — деп, — әр тұтамы!'
Көкем кейде өзді-өзін қор тұтады.
Шектен шыға бастасақ, шешеміз де:
"Орыс келіп қалды!" — деп қорқытады.

Қанып өскен үлкеннен сан аңызға,
Үргедектеу ұл едік — алағызба.
Әлгі сөзден үрейді үсік ұрып,
Суық соғып өтетін санамызда...

Содан бері озыпты талай Дәурен,
Шыдар екен Өксікке қалай кеудем?
Көне қыстау тұсынан өткен сайын,
Арт жағыма кетемін қарайлаумен.

Кәне, Көңіл Дүрбісі, теріс бұрыл!
Сәби - Елес!
Бері қарай тегіс жүгір!..
...Қанды бұзып жолықты — сан құбыжық,

Қол байырғы орыс пен неміс түгіл.
Өтті жылдар балшықтай илеп мені,
Көп болыпты — басқа арман билеп, тегі —
Қаңтарлардың Мүрдесін аршып алып,

Ақпандардың Сүлдесін сүйреткелі.
Көне қыстау тұсынан дүрмек кеткен —
Жібереді бір ілеп үрлеп беттен...
Мешін жылы сүйекке сіңген суық,

Желтоқсанда сан рет дірдектеткен.

Көңілімнің босатсам шегелерін,
Жел сарнайды кеудемнен неге менің?..
Жылыұшырап қарайды жер түбінен,
Қимастарым жатырған көне қорым.

Сол қорымға мен түбі жетіп өлем,
Көкейімді кеулейді — Жетім Өлең.
Көне қорым шетінде төмпешік бар,
Сыңарым ол — Мешінде шетінеген...

Балалықтың өлтірмей көзде елесін,
Үш мүшелдің ертіппін кезбе көшін...
Азған, малсыз даланы Мешін желі
Қосады Әнге — бірақ бұл өзге Мешін.

Ғұмырымның төленген жарты құны,
Місе тұтпас Заманның нарқы мұны.
Бұл Мешіннен өте алсақ есен-аман,
Болғалы тұр жан олжа — мал түгілі.

Пірәдардай қол берген Піріне кеп,
Мұнда келсем — көзімде тіріледі от...
Түрі бөлек Мұндар көп, мұңы бөлек,
Маған жақын жандардың бірі де жоқ.

Бұтағымда без болып бүршік мұңым,
Көмейіме көмілген тұншықты үнім.
Азаттықтың алғаулы аталасын
Енді маған ұсынбақ — шүршіт-шүрім.

Тереңінде жанымның көл тұндырдым,
Сонау Сәби-Арманды ертіп жүрмін.
Қыстауымды жоқтаймын,
Білмесем де — Кентім кімнің қолында,

Еркім кімнің...
Қолбасшыдай қираған астанасы,
Шелді көздің тамады тасқа жасы.
...Осы жерде жазыла бастап еді-ау,

Біздік Ғұмырбаянның бастамасы.
Мына төрде жатушы ем жаттап дастан.
Елестерге жолығам аттап бассам.
Менен қалған Үміттің Үзігіндей,

Төбе жаққа тырмысып соқпақ қашқан.
Бұйда сымы үзіліп шулап баған,
Құстар мұңын іргеде су жаттаған.
Ұршық-мұржа сыныпты опырылып,

Бір кездері түтінін шумақтаған.
Сақта! —
Қымбат — Ескінің көзі, — дер ек,
Жатқан кім бар Естінің сөзін елеп.

Нелер келіп, бұл жерден кім өткенін
Кәрі байғыз айтар тек шежірелеп.
Айыққанша көзімнен мына тұман,
Тасқа айналып мен де сәл тұра тұрам.

Бірақ біздей мұңдықты кім түсінер? —
Қораға кеп күбірлеп дұға оқыған,
Молаға кеп дірілдеп жыр оқыған...

БІЗ

1-өлең

Не көрдім бұл өмірден? —
Қызық кештім ғайып сән.
Мені көрдім жеңілген
Ертесіне айықсам.

Сұлу сүйдім ұрланып,
Өтті бастан төсек-сын.
Білді оны да бұл халық —
Жеткізіп жел-өсекшім.

Тудым тозақ түнінде,
Түрмесінде Қонақтың.
Тұрлауы жоқ ілімге
Тағдырымды тонаттым.

Қан түленіп өзара
Қырқыспасам озар ем...
...Бостандықтың бозала
Таңын жудым бозамен.

Бақыт бізден тұр тайып. —
Тағы да отыр төрімде —
Ақшамасы сұмпайы,
Егеменшіл елірме.

Қаптесерлер шыртиған
Мінбелерде шатпалап;
Миғұрт мүфти, қырт имам
Құдай сөзін жаттап ап.

Жегі Діңді кеміріп,
Жапырақтан тұл — Дарақ.
Жер бетінің Жебірі
Жұлынымды жұлмалап.

Ер — Сертінен танып тұр,
Кесесіне кекіріп.
Есі кеткен халықтың
Есесіне жекіріп.

Барады дерт асқынып,
Санада ылғи жаңғырық.
Жүрек — лоблып, бас — сынып,
Мен отырмын мәңгіріп.

Қыр ғып тарғыл тасыма
Ақ мәрмәрдан үй сапсыз ...
Көшпенділер Қосына
Өшпенділер қисапсыз.

Тал бесікте тербеліп,
Өскен ел ек — Ордамда.
Көшкен күні ер болып,
Қор болатын қонғанда.

Жыбырлап жүр жұрт әрең,
Олар Зар баспанаға.
Көшпендінің ұрпағы ем,
Тап болдым тас молаға.

Шырмалулы шынжырмен
Шыңдығыма күлді Алла.
...Шығып едім Үңгірден,
Шіріп барам Зынданда.

Түстім тірлік — диірменге,
Тықты уақыт желкелеп.
Күн аярсып күлгенге
Қимылдаппын ертерек.

Қабырғамды күйретті,
Барады ызғар жеп мені. —
Бауыр менен Бүйректі,
Жүрек пенен Өкпені.

Жетті жылдар жөңкіліп,
Құр мәз боппыз ішкенге.
Күресетін жең түріп,
Қалмай тұр ғой күш менде.

Үнсіз — ақын қаламы,
Тұншығады тылсым жыр.
Шыңғыртады Сананы
Көрінбейтін қыл шылбыр.

Іс — киесіз, сөз тұрмақ.
Әруақ міскін — тар үйлі.
Жезөкше мен Жезтырнақ
Қабіріме сариды.

Орныққандар тағына
Түспейді енді — бәс тігем!
...Не деп кетті-ей, тағы да
Мінбедегі Маскүнем.

Тост көтеріп тұр мылжың. —
Ит сайраса — құс үрмек:
Шылбыр менен Шынжырдың
Үзілмеуі үшін! — деп...

Бақыт көріп Азабын,
Құрсағында Қи тулап —
Рай қаққан қазағым
Қол соғады қиқулап...

Түсіп жендет тезіне —
Танушы ма ед Алласын?! –
Ажалды әкеп, өзіңе
Қол қойдырып алғасын?..

2-өлең

Ең алдымен ай көргем,
Қалды есімде... түн ояу.
Бұл сапарды қай жерден
Бастап едім, Құдай-ау?..

Жұтқанымда нұрды ептеп
Бесік болды — тұл табыт.
Жанарыма дірдектеп
Тұрған еді түн тамып.

Сол тамшыдан тірілгем,
Езу тартқам пәктікпен.
Тұра сала жүгіргем,
Ақ таяғы ат қып мен.

Жұлдыз ақса аядым,
Өзекте өртеп өксікті.
Мініп жүрген таяғым
Жыр Пырағы боп шықты.

Сөзін ұғып естінің,
Желік көзін ой шалған.
Талай алқау естідім,
Жақсы менен Жайсаңнан.

Аз ба тартқан күйігім? —
Түсіндірші, беу, Дана! —
Барлық жеткен биігім:
"Бәрі — жалған!.." — деу ғана.

Ой — ашытқы, сөз — шарап;
Ішіп едім не біліп?..
"Боқ дүние Боз шолақ" —
Дүмі қалды көрініп.

Енемін деп Болмысқа
Қона алмадым Тұғырға...
Ойлы адамға — жол қысқа,
Бәлкім, қысқа — ғұмыр да.

Бізге берген енші өзге —
Келте пішкен шапандай.
"Атасы арзан жел сөзге"
Кетіп барам ақы алмай.

Таба алмадым ояу жан,
Басырлықтан — бар өлім.
Жұрдай болды бояудан
Менің Ғажап Әлемім.

Кетті айналып тасқа анық
Қауырсындай Әр Дыбыс. –
Айтады ақыл бас салып
Мұс сайра шіл дәлдүріш.

Жетер жерім белгілі. —
Ай қылығы — бұлтқа аңыз.
...Ақыл артық ендігі,
Ми сасытып қыртпаңыз!

Сілекей — көз,
Сора — тіл
Шешенсиді Кәрідей.
Етеді әсер — ол ақыл

Мерзімі өткен дәрідей...
Қажет емес Қиқым-Бақ,
Мүлдем басқа — Біздік Мұң.
Санамды алған сиқырлап

Қылшықтары Қызғылт Түн...
Қу даладан із көрсем
Түп атасын тергедім.
Түнде тудым, түзде өлсем

Арманым бар дер ме едім.
Төнгенде Көк төсі түк,
Сауға сұрап құзғыннан —
Жұлдыздарды шошытып

Шырқырайды — біздің жан.
Нұрды жатыр қалғып түн,
Жырды жұтпа, өтінем...
Ағып барам тірліктің

Үсік ұрған бетінен.
Менің Зарым Ертек пе, ей!..
Сенді Ертекке Ғасырлар.
Жатыр ұйқтап селт етпей

Жан дауысыма басырлар.
Ағып барам...
Оян...
Сен...

Кірпігімнен мұңды үз кеп.
...Мен Жұлдызды аяушы ем,
Мені аяйтын Жұлдыз жоқ...
Аямасаң — аяма,

Жалбарынбан жан сақтап.
Тығыларсың саяма
Жанарларың моншақтап.
Жұлдызбенен озалдан

Бөлінбеген іргеміз.
Жаратылдық Тозаңнан —
Жоғаламыз бірге - біз.
Дүниенің бірақ та

Тоқтамайды көкпары.
Баста мені Жұмаққа –
Жұлдыздардың Соқпағы!..

3-өлең

Мен түсімде ұшып жүрем құс болып,
Оянғанда құжырамда жатамын.
Қанатымды сермеймін де тістеніп,
Басталады тағы азапты Сапарым.

Жек көремін мынау сұр бет қаланы.
Күн төбеде...
Маңай, бірақ, қараңғы.
Қайдан табам түсте көрген манағы,

Әр Бояуы Жұпар Шашқан Ғаламды?
Қайтем бәрі мезі етсе? —
Азаптайды қанды байлап күлімсі у.
Сұлу ғой деп сұқтанғаным — Жезөкше,

Білетіні: қылымсу мен ыңырсу.

Безіп шығып көргенімнен күндіз бар,
Қашам келіп Қара Түнге — Аулаққа
Қанатымды қияды аққан Жұлдыздар,
Қауырсыным жатады ұшып жан-жаққа.

Кісен-түйсік кетті үзіліп... Шүкір де...
Ізгі, сұлу Мекен табу — бар қайғым. Аспан!
Менің арманыма түкірме,
Мен өзіңді Мәңгі-бақи шарлаймын.

Көздеріме ұя салған Мәңгі Ұтым —
Біле алмадым —
Сұлу Ғалам жоқ-барын.
Қаңғып өлген Бабалардың Даңғылын

Жалғады әрең соқпағым.
Күңіреніп күн түбіне жортқанда
О, Сұлулық! —
Таптырмаған Қайғым ең.

Өкініш боп тулағанда өрт қаңда —
Жұлып алғам Айды мен!
Ай сыңғырлап құлап түсті Құлпыма. —
Қатып қалды Бәдіз боп...

Оясыз ел қыстырмайды қыртына,
Ойлайды жай аңыз деп...
Дұға оқимын...
Түн төнеді жұтардай. —

Құл тірлікте енді қандай маңыз бар?!
...Атар Таңның Жанарында Тұтанғай,
Құлпытаста Қатып Қалған Аңыздар...

4-өлең

Ғаламның көрдім жамалын,
Келген соң кетпеу — лайық па?!
Ғұмырдың жауып парағын
Мен де ертең сіңем Ғайыпқа.

Жырға артып өсиетімді
Қоштасам фәни — жарықпен.
Бірақ, бар Қасиетімді
Кетпеймін бірге алып мен.

Баратындай-ақ шет елге,
Керек қой артқа қол бұлғау.
Бесігім болған Мекенге
Ұятты түк те қалдырмау.

Өшіріп бұлбұл үнімді,
Бақытым бастан ауа ма?
Нәп-нәзік, сұлу Мұңымды
Сіңіріп кетем Ауаға.

Өтіл — сөзімді мықты ғып
Салады Тәңір ауызыма.
Сырымды мөлдір шық қылып
Бөлеймін Гүлдің Қауызына.

Ұран боп — жүрген ойымда
Жаңғырам абат аспанда.
Қаттылық болса бойымда
Қалдырам Қара Тастарға.

Қайтадан атар таңыма
Бастар ма айдау — кіре жол!
Өтіл — сөз — өлердегі кешу сөз.
Жабысқан жардың жалына Жантақтар —

Мендік Мінез ол.
Асқақтығымды өлшеп Өр,
Әйгілеп көкке тұрар Шың.
Мықтылығым қажет болса егер

Сексеуілдерден сұрарсың...
Қазір-ақ "Сірге жиямын". —
Бұйырса мендік Тәңір-Ар.
Ақ сағым — Шексіз Қиялым. —

Көкжиектерден шалынар.
Жырымды баптап балапан,
Аулағам сырды әр түннен.
Жұлдызға Алтын Жалатам —

Көздегі Жұмбақ Жарқылмен.
Естілер мендік үн асқақ,
Айтқанда асау Ақпан Ән.
Береді бәрін растап: Әуелі — Алла,

Хақ — Кәлам.
Жүрекке титтей кір қонса
Мертігер Арман — Ақ ботам.
Тереңнен шыққан Жыр болса,

Ақ бұлақтарға жаттатам.
Сөнгенде көзден Өлең-Шам,
Кеткенде тастап тәнді жан —
Баба мекеннен нені алсам,

Өзіне бәрін қалдырам.
Тұтқындап тәнді тас қамау,
Тұрғанда Баста Атанақ. —
Өзіммен өлсе масқара-ау,

Мендегі Тылсым Махаббат!
Өкпе артып қайтем жалпыға —
Тұмамды талай ластаған.
Бойымда бардан Артыма

Қайғымды ғана тастаман!..
Қауызға бөлеп Өлеңін,
Жолында тау мен көл көктеп —
Мен кеткен жақтан келеді,

Бір Сәби Ертең еңбектеп.
Оның да ізгі ұраны —
Бабалар жүрген Сара Жол;
Біздерден қалған Мұраны

Бойына жиып алады ол.
Менің де болған Негізім —
Қасиет Қанға Әл берсе —
Даласын, тауын, теңізін Сүйеді

Ол бәрін — дәл менше.
Қайыл ғып барлық қазақты,
Парызын пәктеп өтесе —
Мен үлгермеген ғажапты

Әрлейді күшпен екі есе!
Шығарар Гүлі Тәтті Леп,
Жыр тұма көзі бітелмей.
Кейде өзі Тастай Қатты боп,

Кей сөзі шағып Тікендей.
Жел талап итше шалғайын,
Жылжиды Ол алға қарыса. —
Шілделер қақтап таңдайын,

Қаңтарлар қары қарыса.
Қырандар ұшқан қияны
Жырлайды Демі Жеткенше.
Оның да сағым қиялы

Соқтырып санын кеткенше.
Қарыса жүріп қансырар,
Жанардан ағып жай... әттең!
Табылмай пенде хал сұрар,

Таптар-ау талай аяқпен.
Жатар-ау батып Арманға
Жыр жайлап Жанын. Елді ойлап. —
Ғайыптан тап боп Жалғанға,

Жапанда қалған Ол Бейбақ...
Сия алмай Байтақ Далаға,
Өзегін өрт боп Кек шалып —
Сонда орнар Қайым-Замана Барын

Ол — Көрге кетсе алып...

БАБАТҮКТІ БОЗ ДАЛА

Бабатүкті боз дала,
көгесем қыр,
Былтырғыдан жусаның неге селдір?..
Өзің жайлы мұңым көп көкіректе,

Жеңілдер ме біреуі телесем жыр?
Көк бұталар көктемде шулап шығып,
Жаз өтпей-ақ құрыды қурап шыбық.
Шыт-шыт болып сортаң жер жарылады,

Күнде қалған, мәселен, тулақ сынып.
Қыр еріні кезеріп шаңы шығып,
Қол созады қурайлар жан ұшырып.
Күлтілдейді көк сағым көкжиекте —

Сол баяғы жеткізбес алыс үміт...
Бабатүкті боз дала,
көгесем қыр,
Можап қапты жел мүжіп көне сеңгір.

Тапқан шақта бабамыз жаудан жазым –
Көзде кеткен ең соңғы елес ең бір.
Кемиек құм шығарса кемсиген үн,
Замананың болжаймын керсигенін.

Келген сайын қия алмай жылап кетем,
Мен де сені бабамнан кем сүймедім.
Сексеуілдер сөккенде көбе-күйді,
Күйді тыңдап қабағын төбе түйді.

Күйреп қалған қырдағы күмбездерге
Елден бұрын аятты жел оқиды...
Бабатүкті боз дала-ай,
көгесем қыр,

Көгіндегі қайда әлгі ересен нұр?..
Ағам байғұс кіш-кіштеп бес ешкісін,
Тезек таппай даладан жеңешем жүр.
Қалар ма екен шынымен қыр оянбай?

Саған қызмет қылады кім аянбай?...
Топырақты жын қағып кетті дейді,
Құйын болып — қорлыққа шыдай алмай...
Рухыңды қай Зауал құртқан езіп? —

Отырамын соны ойлап, жұртта мезіп.
Мерез басқан тәніңді көрген кезде,
Аспандағы кетеді бұлт та безіп.
Бабатүкті боз дала-ай,

көгесем қыр,
Перзентің боп қолтықтан демесем бір.
Сені ойласам —
Жау да жоқ жарғыласар. —

Ылғи сұлба елеспен егесем кіл.
Кім тілектес, білерміз кім білектес,
Бұл түрінді көрсе тек жын дір етпес.
Сосын — сенің қанынды ұрттап ішкен

Миғұрттардың мыңғыры дыңғыр етпес...
Кентке қашқан боз үйлер дөдегелі,
Малдан ада — қырпуы, төбелері...
Сені сұмдық аяймын, жазған далам,

Одан басқа қолымнан не келеді?!.
Бабатүкті боз далам,
көгесем қыр,
Жұбатармын жүректі не десем бұл?..

Біз де Заман тұтқыны. — Жапандағы
Жалғыз бостан — ақ киік, сен есен жүр!..
Көз жазып қап жөңкілген көп еліктен,
Ақ сағымның соңынан неге еліккем?..

Қалғып кетем түрмемде... Түсімде ылғи
Көшіп бара жатады төбе біткен...
Өң менен Түс — ойнатып санамда жай,
Құбылады, құдай-ай, Заман қалай! —

Көшіп кеткен көп төбе — Тауларды ертіп
Қашып келе жатады маған қарай!..
Бабатүкті боз дала-ай...

ДАЛА. ТҮН. ТЫЛСЫМ. ДҮНИЕТАНЫМ

Қоп-қою ғып бояп әрбір Дауысты
Түн мен Тылсым, құмырай қауып қауышты.
Сүт-айдынның қаймақ-бұлтын ай-тілмен
Мысық-аспан жалап-жалап тауысты.

Аққан жұлдыз үні үзілген шектердей
Немесе әлгі бауырға тұз сепкендей.
Қанатының лебі ұрады бетіңе,
Сәл қомданса қара көк түн кептердей.

Әудем жерден күрсінгенде жетім жын
Үн шығармай,
Абайды оқып бекіндім.
Жым-жырт дала тұншығардай дел-сал боп

Жатырса да —
Тыншыға алмай отырмын.
Айдалаға шақырғандай ымдап кім,
Жын қақтым ба, өзіме өзім тіл қаттым: "

Кімге ғана Дәуренімді ұрлаттым,
Арасынан жұлдыз терген түн-бақтың?.."
Осы сауал ертіп шықты Аспанға,
Мұндай сезім тән еді аңыз-дастанға.

Жұлдыздарын үзіп жердей
Жабыстым
Дарақ-көктің бұтағына сасқанда.
"Жеті жұлдыз" — шатынаған шанағы

Қобызды еске салады ма ол әлі?..
Меңзегендей беймағұлым мекенге
"Құс жолының" бұлдырайды сорабы.
Шектеріне тиіп кетсең қобыздың,

Оянады қыпшақ-қайғы, оғыз-мұң...
Қобызымның сарынына билейді,
Жетім жыңды келеке ғып семіз жын...
Бар маңайды алғасын түн қаусырып,

Дала жым-жырт,
Жатып қалды тау сұлық.
Шың ұшынан Нұр саулатқан ай да өлді,
Балауыздың Сілемейі таусылып...

Қиялға еріп кетсем керек өрмелеп,
Есті жыйдым,
Жерге түстім мен кенет...
Көкке қарап жалбарынам содан соң:

"Көгершін-түн,
Бастан ұша көрме!.." — деп...

МАҢҒЫСТАУ

Отман таудың басында
Дегелек деген бір құс бар –
Аспанда жүріп ысқырса
Мың орда жылан басылған.

Қашаған.

Е, Маңғыстау, солай ма? —
Тек мен ғана деуші ем сені ұғатын.
Қасіретіңді, қасиетіңді, Әрәйна —
Мәңгі жырлап тауыса алмайды мың ақын.

Ерлерің жоқ алайда —
Кеудеге іліп шарайна;
Есесі елдің кетті деп,
Көк мойнағын тепкілеп,

"Тебінгінің астынан ала балта суырысып
Тепсінісіп шығатын".
Көзіме бір көрсетпей-ақ өлтірдің ғой жауды,
Алла Деп те кейде ашынам.

Шұбатылған жез бауырдақ дойырдай
Қалмақы ердің қасынан —
Қара шұбар жылан қаптап кетіпті ғой тауларға —
Олжа іздеген шыңның тарғыл тасынан.

... Дегелек құс шыныменен ауған ба
Отман таудың басынан.
Бай — керенау,
Әкім — өгей,

Кедей — кер,
Ел боламын мен қашан?
Ындын — аран,
Пиғыл - һарам,

Көмей - көр,
Мен Бақытқа жетер екем енді қанша сорласам?
Көр астында қалай тыныш жатырсыңдар, демей ме ел,
Қайдасыңдар, ей, Ер Шабай, Ер Досан!?.

Үш жүз алпыс әулием-ау, қолтығымнан демей гөр,
"Бәрін шайтан болмасаң!.."
Тойдым әбден билігіне елді илегіш бектердің,
Қарт жыраудың естілмейді ізгі үні.

Ұрпағымның несібесін жеп болдым,
Өз қолымда тұрмағасын мынау көштің тізгіні.
Қанына арзу қазақ деген кептердің,
Тас төбемде қанаттары түндіктей боп көптен жүр,

Жер бетінің құзғыны.
...Қалшылдайды азуында түрен менен кетпеннің,
Қауызында шық шайқаған түз гүлі.
Е, Маңғыстау, не көрмеген қасқамыз. —

Қуатым жоқ гүлдерің мен құстарыңды қорғайтын.
Жүрегіме түсті менің у жағылған тастағы із,
Екеуміз ғой түптің түбі сорлайтын.
...Бақыт жайлы сыбырлайды құлағыма

Ескі Аңыз, Біздің басқа қонбайтын.
Боз төбені — Ұшқан кеше дуадақ
Илеп жатыр темір тажал ышқынған.
О, Маңғыстау, сені жоқтап,

Аңыздарың дуалап
Тағы қанша болар екен Құс құрбан?..
...Көзім жұмсам, үрейімнің көлеңкесін қуалап
Жүреді ылғи Қызыл Елес қышқырған.

Үрейімді қуады Елес — жолы қан,
Елес даусын естімейді ойсыз ұрпақ — мұңы кем.
Сары орыстың ойранынан,
Қара қытай қорғанынан,

Жөйіт, жөгі шарғысынан,
Бейіттегі бабалардың қарғысынан
Аман болғай кілең қыршын — оғылан! —
деп сиынып ішім іріп бүгілем.

Құстарымды сақтай гөр деп Жәһілдердің оғынан, -
Тәңіріге жалбарынам түнімен.
...Жеті жұрттың жоғалатын соңынан
Сегізінші ұлт мен болам ба шынымен?..

Жарар еді Жаппар Ием түс қылса! —
Естілмейді гүлдер жайлы мөлдір ән.
Шың басында мен тұрамын мүсіндей.
Еркімнен тыс Үрей тісті тіске ұрса,

Ыңыранса менің мылқау Домбырам,
Қағып алып кетеді жел түсірмей.
...Отман таудың басындағы
Дегелек құс ысқырса,

Тарғыл тасқа оратылған
Тегі басқа көп жылан
Танданады тіліне оның түсінбей...

КӨНЕ ҚЫСТАУДА

Ізбасар Шыртановқа

Көне қыстау.
Тұр таудың төбесі ұлып...
Шәуілдейді ақ күшік, енесі үріп.
Елесі ұрып кетті ме бала шақтың,

Қалдың, аға, сол жерде неге сұлық?..
Жалғыз кемпір. Жалғыз шал.
Тамыр басып сәл тұрдық та,
Ішке ендік дабырласып.

Жер май иісі. Сыз исі. Қоржын үйдің
Қотыр тастан қаланған қабырғасы.
Кеткен ұл-қыз қайрылмай, туысы да,
Түспепті әзір ажалдың уысына.

Уақыттан жырылып, көне қыстау
Мүжік таудың тығылған қуысына.
Қос қария — жан екен ниеті түзік,
Әңгіме айтты біздерге екі-үш үзік.

Бұрышта ескі патефон, транзистор
Және төрт-бес күйтабақ беті сызық.
Ақ көпшікті бастым да құс төсіме,
Қойыртпақтан болмады ішпесіме.

Кеңсірігім жыбырлап, санам сыздап
Сонау сәби шақтарым түсті есіме.
Көкірегім езіліп барады ашып,
Сыр білдіріп алмасам қара басып.

...Ақ әжеме таласып мына төрде
Жатушы ек-ау, кіл тентек жағаласып.
Кете барды, ә, қоштаспай, беу, балалық! –
Аңсар мен Мұң жанымды жеуде жарып.

Қапияда ұрынып Елесіне,
Ыстық жасы барады кеуде қарып.
Мен де осындай үйлерде ер жетіп ем,
Тал бесігін арманның тербетіп ем.

...Менің сәби шағымның құжырасы
Көп ұзамай құриды-ау жер бетінен...
Сәлден кейін қамдандық жол жүргелі,
Күздің желі күбірмен көмді іргені.

Көздерінен жас көрдім сонда ағамның —
...Сенің де, аға, Мұңдарың мөлдір ме еді?.
Шаңытып жүр айнала — күз ақ балақ.
Алқымынан ой - нала тұзақтап ап,

Жетім ағам, әкесін соғыс жұтқан,
Қос мұңдыққа баратты ұзақ қарап...
Тыңдап алып өксіген қырат үнін
Саз қосты ағам — жүректі жұлатұғын.

Сезіндім мен сол жерде — ән-жырынан
Мұңның исі неге көп шығатынын.
Ағам жолда сөз айтты жүйесі бар:
"Бала, — деді, — өткенді жиі есіңе ал.

Ескі қыстау — ел құты. Жырыңа қос —
Көне жұртты ұмытпа — киесі ұрар!

Аттансаң да қандай бір бақ сапарға,
Кір жұқтырма пәк шағың — ақша қарға.
Алыстағы ақ көйлек балалықты
Адастырып кетпегін ақ шаһарда!.."

Аумай-тұғын шашы бар ұнтақ қардан,
Жүзін маған бұрған-ды мұң тап салған.
...Бүл жыр, аға, сондағы көз жасым ед,
Кірпігімнің түбіне қымтап қалған...

БҮГІНГІНІҢ АҢЫЗЫ

Темірханға

Әлқисса, аңыз айтады: сонау бір алыс бағзы заманда, мұсылман шеміндегі екінші Пір — Қожа Ахмет Иассауи жатқан Түркістан топырағынан жердің жұмағын іздеп, сол жерге ілім-білімнің шырағын жақпаққа 360 ғұлама сапарға шығыпты-мыс. "Темір етік теңгедей..." болған шақта фәни жалғанның қызық-шыжығын тәрк еткен Абыздар Маңғыстауға жетіп, бақилық мекен-тұрағын тауыпты...

Жыр жайында қозғалса сөз тиегі,
Әңгімеге арқау ақын сүйегі...
Жер толғатып,
Кіндігіңді нұр кесіп

Туған сені Түркістаның киелі.
Топырақты түрленткенде тер сіңіп,
"Қақ қанатты, қонған шаңды кел, сілік!"
деп бір күні Әзірет Сұлтан өзіңді

Аттандырған Маңғыстауға елші ғып. —
"Тауларынан соқпақ болып түс, ақын,
Әрбір тасын құсы құсап күш, ақын!
Маңғыстау деп аталатын мекен бар,

Бұтасынан бір-бір аңыз ұшатын!
Жаурап жатсаң ізде сол бір таудан ық,
Досына құт бол қашанда, жауға — жұт.
Шайқы, пірлер айтқан маған сәлемді

Жіберіп тұр жыр тіліне аударып...
Мөр боп түссін әр тасына басқан із,
Басқа Заман үшін керек — басқа аңыз!
Қырық шілтен шылауыңа оралып,

Бата берсін Баба түкті Шашты Әзіз!.." —
депті Пірің,
Қадыр Түні түске еніп. —
Бағзы таудың шындарына түстеніп,

Ұшып кеттің, Пір асасы нұсқаған
Жаққа қарай - көктемдегі құсқа еріп.
Сол мекенге талып жеттің, нар аға!
Сегіз жүз жыл салып жеттің араға.

Сәлем бердің қуысында әр таудың
Күңіренген - кіл Әулие Бабаңа...
Өлең — сенің бар дәулетің - жиғаның,
Өлең — сенің өлерде оқыр Иманың.

Қара Түнде, Жел өтінде шам қылып
Ұстай келдің Иассауидің "Диуанын"...
Артына — аңыз, алдағыға ісі үлгі —
Маңғыстаудан көрдің ғажап Мүсінді.

Шыңырауынан — қайта тумас Марғасқа
Әбілһаят суын саған ұсынды. —
"Мынау ғалам бос метейдей тұр қаңсып,
Керек, деді ол, таңғы шөпке тұнған шық." —

Арман Ару кірпігіне қамалған
Алдың сосын жанға дәру нұрды аршып.
Құмыр бұлбұл жырлап бақша, бауы үшін,
Кезді нұрың бәз даланы, тау ішін.

Ғұмыр атты - Жалғыз Сәттік Сәуледен
Шығардың сен Ұрттам Демнің Дауысын.
Шығып Түнде Зау Заңғарға ай күлген,
Кей Заңдарға өз қолымды қойдым мен. —

"Лә илла-һу иль-Алланың..." жалғасы:
"Шайыр — расул пайғамбарға!" — деймін мен.
Деген едің:
"Әз інілер шамды алса..." —

Оны алатын бойда мысқал әл болса,
Сол бір Нұрды біз де өтерміз серт ұстап,
Бір қуыста күңіреніп қалғанша!..

СОЛ... БІР ӘН

Қызыл-жасыл лаулаған тоты қырда
Ізі қалған жастықтың.
Оты — Жырда.
Сонда аспанға Жұлдызбен ән жазып ем,

Жаз түнінде сен соны оқыдың ба?
Жел ыңырсып кейде бір кеш тілінде,
Мендік мұңға дауысын қосты іңірде.
Жалғыз Аққу сол әнді жаттап кеткен,

Күз түнінде сен соны естідің бе?
Тұтана ма шоқ жүрек енді үрлесем? —
Мұзға айналды —
Жас толы мөлдір кесем.

Қарға оранып сыңсыған Ақ Қайыңды
Қысқы Орманның ішінен көрдің бе — Сен?
Көшті мезгіл...
Сені іздеп аласұрам,

Қаздар жүзген талды көл жағасынан.
Таппай әлде Сол Әнді жүр ме екенсің,
Көктемдегі көп әннің арасынан...

КҮЙШІ

Сержан Шәкіратқа

Маңғыстау, баласы — абыз, даласы — аңыз,
Аңыздар арасында адасамыз.
Көшірген күй тіліне Тәңір үнін
Қаншама Дүрлер өтті санасаңыз...

Дүрлердің сен де бірі — көне мұңы,
Көбені Баба-шердің сөгеді үні.
Қолыңа домбыра алсаң,
Сол Даланың

Сөйлейді төр түгілі — Көроғылы.
Күй саусақ мені бүріп, пері қылық,
Мың мақам тірілтеді теріп, іліп.
Ай нұры әжім жағып езуіне,

Күледі көкбет теңіз шегі құрып.
Сағаны сарнатқанда ілме қағыс,
Көбелек қонып қалды гүлден алыс.
Санаға сәуле сепсе сиқыр саздар —

Байисың берердей-ақ Пірге дәріс.
Өзекті өртегенде демің ішкі,
Аққулар аулақтағы көліне ұшты.
Көргенде тап осынау көріністі,

Аруана ақ тұмадан жеріп ішті.
Отырсаң күймен арбап сәнді іңірді,
Аспанда аққан жұлдыз сәл кідірді.
Он тоғыз пернедегі қатып қалған

Тамшы үннің тамырына қан жүгірді.
Ұғылып Мұсылманға, кәуірге ойың,
Қашады өнеріңнен жауың кейін.
Күй демі тоң көңілді жібітеді

Он тоғыз Тоғыстағы Әуірдейін...
Бәз дала кеше саздан жұтап қалып,
Даңғаза тамыр жайды бұтақтанып.
Домбыра —

Қу қарағай күрсінгенде,
Сексеуіл — сөнген шырпы тұтап барып...
Естілмес өзің барда күй өлімі,
Өзіңді сүйеді аға, сүйеді іні.

Жалаңбұт өнербикеш жалт береді,
Көненің күңіренсе киелі үні.
Соңынан жел түгілі дем жетпеген
Жүйріксің - тоқымынан тер кеппеген.

Ағасы, қабылдай сал Өлеңімді,
Күйіңнің ырғағымен өрнектеген!..

АЙГЕЗБЕНІҢ ӨЛЕҢІ

А, мына көлденең жатқан қара шың,
Бір беті биік Боз Сеңгір.
Сол екеуінің арасын
Боз атпен түнде кезсең бір...

Боз атқа міндім теңселіп,
Айшалық қылдың,
Құдай-ай.
Сондағы маған Жолсерік —

Түлкі көз Жұлдыз,
Құмай-Ай.
Түнекке талмай сүзілем,
Аяқты тұсап шөп қалың.

Құмай — Айымның ізімен
Бабамның табам Соқпағын.
Тұсынан мүлгіп өтпейік,
Салғанда сырлы соқпақ ән —

Шығады алдан көп Бейіт,
Тасында Бәдіз қаптаған.
Бу көшіп жүлге-жүлгемен,
Қыңсылайды Ай да шекелей...

Бейітке келсем түнде мен
Сұңғыла болып кетем-ей!..
Қалам ғып Нұрды — мен енді
Түсемін ақ тер, көк терге. —

Қашалған Тасқа Өлеңді
Көшіріп Жүрек — Дәптерге.
Арман мен Қайғы жоқ басқа,
Тұрамын ұзақ қозғалмай. —

Көне жазулы көк таста
Мен түсінбейтін сөз қалмай.
Қанымда сол сәт күй тулап
Осып өтеді миымнан. —

Бағзының көші қиқулап
Көшіп өтеді қиырдан.
Тау ашып көзін ұйқылы,
Шалғайын жияд сақтанып.

Бейіттің сыбыр-сиқыры
Санама сіңед жатталып.
Шашылып тасы құз күлсе,
Өзгерер қырдың өң-сұсы...

Шайыр деген де біздіңше:
Екі дүниенің елшісі!
Төнсем де, қалып көз ақым,
Қымтар сыр кенет оба бар.

Боз ала таң кеп, боз атым
Тұманға сіңіп жоғалар.
Енсем де түнде не түрге,
Таба алмай таңда желікті түк,

Көк таспа жолдың шетінде
Тұрамын жалғыз көлік күтіп.
Жай осы. Құным төлеулі. —
Ерем де кетем шеруге. —

Молада жазған Өлеңді
Қалаға оқып беруге...

ДАУЫЛДАҒЫ ЖАЛҒЫЗ ҚЫРАН

(Оқтың төрткүлінде)

Ел құлап жатыр Үстірттен жаңа бауырға,
Мезгіл ғой мынау — өзіңді таппай қалатын.
"Қазанның тары талқаны" — қара дауылда
Шаншылып көкте қыран тұр қақпай қанатын.

"Жердегі тірліктеріңді... өздерің ойла..." —
Дейтіндей Қыран...
Ызғырық өкпені бүрген.
Құнжың да құңжың көп пенде,

Көздері — қойда,
Шаруасы қанша Бүркітте көктегі жүрген...
Шошытты ма, әлде, шіркіндер, боранына еріп,
Шалынды екен, а, қандайлық қыран күйікке?

Шаңытып жатқан шалғайды шолады келіп,
Шығынып шығып алған соң шыған биікке!..
Жасындай соғар шақ өтіп қыр киігіне,
Зар болып, бәлкім, қалды ма — бұлдырық,

Соңғы рет, әлде, шығып ап шын Биігіне,
Жердегі қыбыр-жыбырға қыр қылып тұр ма?
Шоламын көкті мен тағы көз қиығымен,
Тыңдағым келіп ынтығам Биіктің Әнін.

Білемін:
Қыран түскенде Өз Биігінен,
Көкірегімен көк тасты түйіп құларын!..
Атамыз — құс деп,

Берген боп бір қатар ақпар,
Құладын қалды қолатта керенау - ғаріп.
...Өлген қыранның Өлеңін Сұр жапалақтар
Өз тілімен бізге енді береді аударып...

ТҮНГІ ТҮҢІЛУ

Шаруаның бәрі — шартарап,
Күледі Ай маған шалқалап.
Көшеде көшіп келемін,
Уайым, қайғы арқалап.

Қанталап көзі күн кетті,
Жұтты оны бұлттар күл бетті.
Ерте туғандар қашанда,
Ерте кетуге міндетті.

Жер — лақат,
теңіз — жандатпа,
Дұғасын желдің, ал, жатта!..
Сайтанның сыңар мүйізі

Шөп-бұлтты шашты жан-жаққа
Құдай-ау, қашам қай жаққа?! —
Кетсем бе сонау айлаққа?
Сілейген теле-мұнара —

Шаншылған шәрге сайғақ па?
Тілеуге тілек құдайдан Қорқамын. —
Мен бір күләйлән.
Қисайған басты түзеуге

Қалмай тұр енді түк айлам.
Қағындым.
Қаштым.
Қырсықтым.

Түңілдім.
Талдым —
Тұншықтым —
Періште болып туғанмен

Әзәзілге еріп қыршыппын.
Көзінің алдын түн байлап,
Жүретін жолын жын жайлап;
Жүрекке шайтан шалжитып,

Алжасқан мен бір — тұл бейбақ.
Мен былғамаған төсек жоқ,
Мен тыңдамаған өсек жоқ.
Обалым бар ма — бір мысқал,

Қалсам да басыр, мешел боп?!
Сақтамас тәңір қаһардан —
Қалған бір астай атамнан,
Кеселеп ішсем арман не,

Еселеп жұттым заһардан.
Қауырсыны ұшқан алма бақ —
Жанығып қақты ол қанат.
Сырыма сарып жоғалды

Серігім — түнгі жарғанат.
Сарнайды мұңды ғазалдар –
Алдымда қандай ажал бар?
Сүзгілеп мені өтеді

Тұсымнан түнгі тажалдар.
Ыңырсып шыққан күйді ынжық,
Тыңдайды кіл сұр үй мүлгіп.
Қала тұр түнгі. — Мауыққан

Мысықтар даусын Гимн ғып.
Күрсінді қосып күрсінге,
Дүрсілде, жүрек, дүрсілде.
Көшеде қаңғып барамын,

Көлеңкесі ерткен Құр Сүлде...
Қырда өскен мен ем өсімдік,
Айдады тағдыр кесім ғып.
Дала үшін туған мұңдықты

Қалаға қамау — не сұмдық?!
Армандар,
достар жоғалды,
Айтпаймын енді мен әнді.

Тас табыт мына қалада
Мен бітіретін не қалды?!
Батқан соң боққа белшемнен,
Батпан сор езді еңсемнен.

Өлшенген демім жетер ме?
Далама барып өлсем мен.
...Табанда тайып жер сенген,
Шайқайды теңіз теңселген.

Діні жоқ жанның құны жоқ. —
Құбыжық болдым көрсең — мен...
Жинайтын есті жоқ ақыл,
Көлеңкем ұзап баратыр.

...Қисая салсам қайтеді,
Қарсымда — "Орыс мола" тұр?..

ІНІГЕ

Түзу өлең күтпе, інім, мына менен,
Мендегінің барлығы тұман-өлең.
Ұшырамау тұманға мүмкін емес,
Көзімдегі қап-қара Күнәменен.

Ол бір Күнә —
тирақтар жаққан Күнә,
Шаққан мына ми жақтан —
Сақпан Күнә.

Батпан Күнә —
қиратқан мөлдірімді,
Қапқан Күнә Сирақтан —
Қақпан Күнә.

Қалған жұғып көздегі Күйеменен,
Қалай ғана жазармын жүйелі Өлең.
Көңілім менің тұл үйдің туырлығы —
Құйын түткен, біте мен күйе жеген.

Сәулесіне зар қылып аппақ Әлем,
Содан бері жазамын қап-қара өлең.
Сол тұманнан жол тауып келер болсаң,
Сақтаулы түр досқа — сый,

жатқа — жебем.
Толды уға ақыл,
тән — дертке, жан — жараға,
Жан жарамды жазам деп қан жалама.

Тұманыма тұншығып,
қапы басып
Сұр жебеге ұрынып қалма, бала!
Ағаң жырын сол күйі жазар тағы,

Адырнадай мөңірер сөз арқауы.
Ақыр түбі мен жазған Қап-қара Өлең,
Аппақ қылып Арымды тазартады.
Мен де Алланың тірідей жазған құлы,

Боқ дүниеге қитығып — қозған жыны.
...Көгім Кірден тазарар — Басымдағы
Қара Тасқа Ақ Өлең жазған күні

КӘЛИМА ҚАЙЫРУ

Бейбақ Ақын тар үйінде жатып ап,
Тәңіріге жалбарынды.
(Ақымақ):
"Жерім менен Елімді аман қыла гөр,

Тегім менен Ерімді адал қыла гөр.
Аққуымды атқыза көрме,
Ақ туымды жаққыза көрме,
Сойды тақсырға жыққыза берме,

Қойды қасқырға ұтқыза берме!" —
Деді осылай бейуақ-талант аһылап —
Дір-дір етті кеудесінде жапырақ.
... Кәртаң Күннің сирек тісі сықылды

Қабырғасы ырсаң қақты қақырап.
"Кеңге жайып қанатын бұлт,
Жер-Отауға қара түндік
Жаба көрме,

Тәңірім!
Бал мен уға кезек сенер
Сыпсыңдаса жезөкше жел,
Оған құлақ сала берме,

Тәңірім!
Маңдайда — сор,
Таңдайда — Зар,
Естілер деп қандай хабар? —

Арты — тұман,
Алды — күмән
Ес Алаң.
Босағада ар қалғанша,

Қособада жанды алғанша
Мен өзіңе жақындаймын,
Жасаған!
Замананың қыли көзі

Маған да сәл жымиды өзі,
Соған тауфық тапқыза гөр,
Тәңірім!
Жапырағы тозған жұтап,

Көкке қолын созған бұтақ —
Түбірінен жұла көрме,
Тоң құрсаумен сыға берме тамырын.
Сұйық ми мен сөз көбіктен,

Шел-желіктен көзге біткен Оңып,
Өңін алдырды ғой жарығым.
Асық-басқа күй қорғасын,
Ауыр болсын ми болғасын —

Оған сенің жүреді ғой Әмірің...
Қымтап жауып қақпаларды,
Мына мендік аппақ арды
Былғады ғой қаптап әлгі —

Кір сүйек.
Ақиқаттың арқалы ұлы,
Бүлк-бүлк еткен қан тамыры
Тас мандайын аран сымға тұр сүйеп.

Тұншықтырып қара қанға,
Қасқыр өмір талағанда
Қалды менің бар қабырғам ырсиып.
Дәрі қылып кермек терді,

Сол жарамды емдеп берді:
Шайтан — шерттеп,
Ібіліс — жалап,
Жын — сүйіп.

Түкіргенде түлкі түсіп,
Қақырғанда қарсақ құсып;
Жанды зәрдей күлкі қысып,
Сезім ойдан алшақ түсіп —

Содан бері әйлеңкес боп кеттім мен.
Ойым — талқан,
Бойым —қан-қан —
Қасірет қамап,

Қайғы қажап,
Кек тілген.
Күлемін кеп күмірә болып,
"Ауысқан" деп жүмілә жорып —

Оқып жатыр ұмыт қалған дұғасын.
Ығыр қылған Жан — Дертімнің,
Құмыр қылған қанды өртімнің
О, Тәңірім! —

Өзің тапшы сыласын..." —
Деген-ді Ақын,
батып-шығып мың ойға,
Ақыретке бет түзеген сыңайда.

Бірақ үйдің бетон қабырғалары
Оның Даусын естірткен жоқ Құдайға...
1990 ж., Құрық.

АДАЙ СҮЙІНҒАРАНЫҢ ТАЗ ТӨРЕМҰРАТҚА МОЛА САЛДЫРҒАНЫ ЖАЙЛЫ ХИКАЯ

... Ұшаны көз суырған қиыр дала,
Қожасы сол даланың құйын ғана.
Алдында айғыр топтың жалғыз желген
Сарғасқа тұлпар мінген — Сүйінғара!

Сары атқа сахараның желі жетпей,
Өскен ер — тірі жанға кегі кетпей.
Айғыр топ — арқар десең — ата құлжа,
Келелі түйе десең — кер үлектей.

Сексеннен асқан шағы — бұ бабаңыз,
Серуен, сергелдеңін сұрамаңыз!..
Айғыр топ:
Қарыс жерде бара жатқан

Сыртынан Сүйекенді қылады аңыз...
Көрмепті қанды асудан пәті қайтып,
Жатпайды "қайтеміз", деп ақыл айтып.
Кетеді нені айтса да кесіп - турап,

Көзіңнің тар шеңберін бақырайтып.
Күпір боп хақтың жолын кеспесе де,
Ісі айқын —
қас десе де,

дос десе де.
Санаңның сахарасын құйын болып
Өтеді дүрліктіріп, не істесе де.
Күй туған — тигізгенде қылды қылға,

Би туған — күйдіргенде түрлі құрма.
Әлі есте қан - қамауда айтқан сөзі,
Баяғы Аллақұлдың қырғынында.
(Сарқылмас сол сөздерден суат көрем,

Астарын аларсыңдар сұрап менен.)
"Мен өлсем — алты Алаштың белі сынар,
Сен өлсең — бір қатын ұл туад!" — деген.
Деген де қосшысының атын мініп,

Жөнелген жауға жүзін ғафыл бұрып —
Жегдедей дар - дар жыртып дұшпан шебін,
Сасқанды сүңгісімен сақындырып,
Қашқанды ұңғысымен атып жығып —

Бостырған жауды қанға батып жүріп.
... Қазаққа байламады қатал боп кек...
Арқада бір дау болды: шаһар боп — көп.
Табыннан — Омар, Оспан,

Әлім - Достан,
Жайықтан — Исатай мен Махамбет" кеп!
"Тұрғанда тұтаса алмай Түркістаның,
Қажет - дүр:

туыс - таным,
ұлт - ұстаным.
Жатқанда Орыс орып,
Хиуа қиып

Жарай ма, өзді - өзіңмен қырқысқаның?!"
Бетіне жан келтірмес қатал, қиқар,
Көрт пенен буыршынды атанша ұйпар ...
Баласын Үш Ананың бітістірген:

"Болсын, — деп, — даудың аты — сақал сипар!.."
Мәз болып Әлім кетті,
Адай қалды,
Салды алға Тама, Табын талай малды.

(Ол дауда мен, әрине, болғаным жоқ,
Қасында Мәмбетнияз, Шабай бар-ды...)
Күткенде қыр-тарлауыт,
халық — көмек,

Көрінген қырқарланып анық — бөлек.
Ұрымнан кіре тартқан керуендер
Өтеді Сүйекеңе салық төлеп.
Әр сөзін аңыз қылып, ертегі — ісін,

Құлжа бас, бұқа мойын, серке мүсін —
Тізеге салғаны рас талайларды:
Хақ — мұрат,
Ел - жұртының ертеңі үшін!

Халықты сымдай тартар қалың сын бар,
Жігіттің ел талқысы сағын шындар...
Тексізді төріне шын шығармады —
Көзге іліп көйіншікті нағылсын нар?!.

Батырдан бас саусағын әзер алған,
Шекспир, Аббот" деген ағылшындар.
Тағады "паң", "тәкәппар" деген атақ, —
Келеге келе алмаған залым, сұмдар.

Кіре алмай құрмасына Орман жұрты —
Тазыдай босағада жағын тырнар.
Артпай - ақ көпке — сілет,
хаққа — міндет,

Ақырып алда қанша атқа мінбек!
Қарт батыр бұл күндері күйзеліп жүр:
"Жасымда жаудан жазым таппадым!" — деп.
Кеудесін осы өкініш тепкілеген,

Кірпігі көздерінен от күреген.
Кешегі бір жиында депті берен:
"Артымда ұрпаққа үлгі сөз қалар ед, —
Бір бала туып еді өткір, өрен —

Жете алмай арманына кетті!.. — деген".
... Қымтайды кірпіктері жасын терең,
Деп пе еді ол жас шығарып — насыр төгем?!
"Өлем бе, — дейді, — омалып от басында,

Шағымда кәрі қойдан бәсім төмен?!"
Көк қырқа — басы бұйра, етегі — гүл,
Ерлердің "ел" деп өткен мекені бұл
... "Кәпірге торайымды шалдырман! — деп,

Аздардың жатқа жерін алдырман!" — деп,
Таздардың Нарынбай мен Өтені жүр.
... Сол елдің Ер Сүйінді мейман қылып,
Ұзатып сала шыққан беті еді бұл.

Қайран ел, бізге жеткен даңқың қызық,
Алсақ та ізді өшіріп, артынды үзіп ...
...Сүйекең сейсенбіде келіп түскен —
Таздардың күн тергейтін салтын бұзып

... Күн киіп саусағына — алтын жүзік,
Жатты ауыл жақсылыққа малтып, жүзіп.
Көрсетер жүміләға өнері көп,
Мейманның қылығына көнеді көп.

Сейсенбі сәрсенбіге ауған шақта,
Сан түрлі жақсы хабар келеді үдеп.
Мына бір сөзін сонда айтты батыр,
Мысалы, жарап алған келеде үлек:

"Әй, бәсе, Құдекең мен Сүйекеңнің
Арасы — қарыс - сүйем жер еді!.." — деп.
Бұл, мейлі, нәндік болсын, пандық болсын,
Астары әзіл сөздің тереңірек.

Қан - жыны ағайынның аралас қой,
Қалжыңы бізге, әрине, керегірек!..
... Бет сипап Пір Бекеттің мешітіне,
Күйкенді" маңдайға алып желеді көп.

Ер Сүйін —
Кіл шұбардың ортасында
Суындай" меңсіз қара, төбелі жоқ.
Бұлт жалғап Манатамен" шүйке алысқан

Кемпірдей шекелейді Күйкен ұшқан.
Жұрт еді, алтынды орда қонған кеше,
Ел — еру, ері — шеру, би тоғысқан.
... Бұлт көшіп бара жатыр —

Дәурен сынды
Күйкеннің кимешегін сүйкеп ұшқан.
Мекені көп қорымның көне қырат
Мүлгиді — Сармолданың" өлеңі ұнап

... Бір кезде Ноғайлының қонысы еді —
Ашпайды құпиясын төбе, бірақ.
Көтеріп алды басын Сүйінғара:
"Кәнеки, қайда жатыр Төремұрат?!"

Қалың Таз — Жастабаны, Шарғасы бар,
Бұл да бір тарам тамыр қарға шығар —
Көрсетті шетте жатқан бір төмпекті,
Жігітке сын болды бұл — арға шығар.

Жер шұқып ақсақалы, көк сақалы
Отырды —
Ер алдында таңбасы бар.
Ел үшін Төремұрат төккен тері —

Шашылған тастай болды бөктердегі.
Желкесін Қарғысшының сұғы қиып,
Осы екен қыршын ердің жеткен жері.
Моласы жер төмпекке айналыпты —

Басына адам келмей көптен бері.
Арыстың сыбағасы осы бопты —
Ерлігі жерге симай өткендегі!
Ер ісі — ел, ішінде безбенделген,

Мен мұны естігем жоқ кезген желден.
Араша тұра алмапты ағайыны,
Ер Төре сүйгенімен безгенде елден.
Бұларды біздерге айтқан бала Құрман" —

"Қырғынын Қызданайдың" көзбен көрген!
Сыр айтты бізге жеткен хат осындай,
Жәбір мен түгендерсің жапасын қай!..
Қорымның ортасында тұр шіреніп —

Тас күмбез — көп асықтың сақасындай.
Көзінде Ер Сүйіннің жанды шырақ —
Өмірі батырлардың мәңгі сынақ.
"Бұл адам тірлігінде не тындырған?..

Бұл — кімнің моласы?.." — деп қалды сұрап.
Сүйекең сауалынан қайта алмай тұр,
Алмаса дұрыс жауап — жайпардай тіл.
"Бай болған..." — деген сөзден басқа ештеңе

Мандытып жамиғы жұрт айта алмай тұр.
Бұзылды батыр жүзі неден кенет?
Саңқ етті:
"Керек қандай менен көмек?..

Тірлікте еліне еңбек етпеген жан —
Өлгенде жарытпайды желеп - жебеп.
"Жұртым!" — деп ұрып өткен құзға басын,
Ұлыңнан көк тасты да қызғанасың!..

Моланы салу керек — Ер Төреге,
Ер Төре — жатпау керек жертөледе!
Кәнеки, мына байдың бұз моласын!.."
(Соққандай күн ашықта долы боран,

Тіріліп сала берді өлі қалаң...)
"Аллаға барып берем жауабымды,
Пендеден келген керді көріп алам!
Берсе Алла жүрекке әмір — сақтанбап ем,

Мәнді бір ісім болсын атқарған ең —
Жұмысты тәмәмдандар кешке дейін,
Жұмырмен су тасыңдар,
Ат дорбамен!"

Шаншылып көкті ұрғандай құйын дара —
Осылай әмір берді Сүйінғара ...
Тастады тамды бұзып, мола салып —
Ерлердің ерлерге еткен сиын қара! ...

Ұлдарын еркелетіп, желкелетіп
Жатырды шетсіз - шексіз қиыр дала.
Жөңкіліп керуен - сағым көшті қырдан;
Батырдың жүзі болып кеш құбылған.

Қош айтып,
Аттанды алыс сапарына,
Маңдайы — Елегәжі, Ешкіқырған...
Содан соң көргенім жоқ қырдан оны —

Бақилық қонысына көшті бұрған...
"Сисемде — қалды жатып Аютөсте" —
Естуім Абыл айтқан ескі жырдан.
... Сол мола әлі де тұр төбені емген,

Көремін қарасам - ақ керегемнен.
Үзілмей Күйкен жақтың желі болып —
Жеткен бір әңгіме еді көнелерден.
"Ер ісі Хақ жолына қайшы - дүр", — деп, -

Мені де, қожа - молда, сөге көрмең ...
Не тапты — тез талқыға көне берген?! —
Ерлерді өлмей тұрып жебеген жөн.
Құптасам батыр ісін мен өлеңмен,

Болған да — қанға жұққан өнегемнен!..
Мәрмәр үй,
Мәрмәр мола салып жатқан
Үндемей қалды неге көп өлермен?..

... Молаңыз басыңдағы тұрғай аман,
Мәңгілік тұрағың ғой - не дегенмен!..
29.09.2001 ж. Шынжыр қыстағы.

МІНӘЖАТ

(Мұстафа Шоқайдың аруағына бағыштадым)

Түйе қомын бесік қылып өсіп едім ат жалында,
Маң даланың кәрлі қара тауларының шатқалында.
Ырылдадым бөлтіріктей талай қыстың қақпанында,
Қызыл аяқ қарды кештім Мешіндердің Ақпанында.

Мезгіл желі жасырам деп, орғыл құмды жүз күреген —
Арт жағыма бұрылсам - ақ қардағы қан ізді көрем.
Шілде көрем сан қуырған тәнімізді табаға сап,
Сол шілдеде шаққан бізді Сарыүйек пен Қарағашақ.

Тамырымды кептіргенде тандыр аптап қанды қақтап,
Жататын-ды сандырақтап шымшық үнді тал жылап қап.
Көктем менің жадымда жоқ.
Есте Қыс пен Шілде қапты.

Мезгіл желі соғушы еді бірде баяу, бірде қатты.
Жел сарнайтын: дүмше молда оқып тұрған қате аяттай,
Бұлт желетін иесі жоқ Алтын Ерлі ақай аттай.
Өткенім мен кеткенімді, десем - дағы қарғай алман,

Қалай бүгіп қалмақпын мен жұлындағы зарды оянған.
Айтарымды айтып өлем, деп серт бергем, әсте бүкпей,
Тынши алман жанарымның түбіндегі тасты ерітпей.
Сәби кезгі суреттер көзден жатыр өтіп айқын,

Мен алғашқы көрген шаһар шандақ шашқан Жетібай - тын.
Тауда жүріп, таста өскені — бойындағы бар айыбы,
Сәл жатырқап қарсы алғанды біз сықылды жабайыны.
Жүрегіңді жыртып жеген — құлағыңның құртын жеген

Аждаһа - көз мұнарасы күні - түні зіркілдеген.
Сатылатын құл баладай ішіндегі жат қорғанның,
Атасы өзге көп міллеттің мекеніне тап болғанмын.
Сол шаһардың отырғанмын мектебінің партасында,

Ол күндері Қазақстан СССР - дің картасында.
"Күн сәулелі болашақ" бар — мақсатымыз біздің айқын,
Жыр жаттаймыз "Одақ жайлы — мәңгілікке мызғымайтын".
Үміт таңын көрсетпекке күн шашатын күліп қанын,

Мың ұққанмын:
"Құрыштардың қалай, қайтіп шыныққанын".
Тиісті пән мұғалімі тұрар еді түбіжіктеп,
"Алашорда" сөз боп қалса:

"Шеттерінен құбыжық!" — деп.
"Ылғи залым!
Оқымаңдар! —
"Зар заманның ақындарын!" —

Келешектің келбетінен
Зәресі ұшып аһ ұрғанын!.."
Кейін ұқтым күнде әжемнің айтып жүрген нақылдарын,—
"Халқында күн қалмайтынын,

болмаған күн ақында — мұң!"
"Құрбақа ойнар құлағында, құдығына құлан құлап" , -
Осыны айтып гөй-гөйлеген әжем байғұс тынар жылап.
"Бола алмайтын ергіз де — екі, Тегінде екі теке атпаған"

Айналамды — әжем айтқан ескі сөзбен Кекеп бағам!

Сол нақылға, сол жырға да жаудай тиді - ау қырсау надан,
Жыртық күрке көкірегіме сол жырлардан нұр саулаған.
О Заманда Дулат, Мұрат — Тарихтың күнәлі ұлы,
Ой - санамның қожайыны — орта мектеп мұғалімі.

"Байтұрсынов?.. Шоқаев па?! Атай көрме атайыны!" —
Мен сені алғаш сонда естігем О, Мұстафа Шоқайұлы!
Қарғауға бар болғанменен, заң жоқ еді боқтай - тұғын,
Ұстаз ақыр "Күн көсемге" теңеу таппай тоқтай - тұғын.

Өшкен қазір ел есінен — "Коммунизм елесімен"
Көз - санасы тұманданып шығаратын өлесі дем ...
Кірпігіне жас қонақтап — тұрған талдай тұт ұялап,
Тек "пленде" болған шалдар сені айтатын құпиялап ...

Көре - көре көп нәрсені бой мұздады, қан суынып,
Өтті жылдар тұсымыздан ай тұяғы шаң суырып.
КазГУ бардық, кездік сосын өзің көрген Алматыны,
Біз де атандық Алматының пәтері — күл жарлы ақыны.

Сәуір желі қызғалдақты шығаратын үрлеп қырдан,
Онда Алматы Ташкент құсап Астана боп гүрлеп тұрған.
Салтанатты сәттер өтті. Қайда ондайда өлең жазу?! —
"Қазақстан — Ресейге өз еркімен!.." — деген жазу,

Алатаудың бауырына ақ мәрмәрмен әдіптелген.
Жыр селдеді: "... алып берген, Октябрь деп жарық берген ...
Құбақан мен ептіге айтпай, барлық сырын тектіге айтып,
Әлі есімде, Момышұлы дәл сол күні кетті қайтып.

Кім біледі — қайда көзі? Ыржаңшыл жұрт ойға мезі,
Мәре - сәре болып жатты өз құлдығын тойлап өзі.
Бақыт масы — талибтерміз, аудитория — сахнамыз,
Бал жинаған аралардай білім жинап жатырамыз.

Бұл КазГУ - де сан Абыз бар.
Профессор ағамыз бар. —
Көңілдерге аламыз нәр,
Еріндерге жағамыз бал.

Шанқан шаттық шалығымен
Баратындай жұрт — қайынға,
Сұрақ қойып құртпайын ба —
"ұлтшылдар" мен ұлт жайында ...

Жасын түсті құрт қайыңға ...
Сонда ағамыз түтеп кетті.
Алды кенет қара түндік күліп тұрған бітеп көкті.
Күркіреді жазғытұрғы шығарғандай бұлт сойқан үн,

Талай таяқ жегізді ғой тыныш жатпай "тұрт, сайтаным!.."
"Қайдан алдың айтшы, кәне, сен олардың деректерін!?
Кім әңгіме қылып жүрген — "Алашорда төбеттерін?!"
Қоламтаны қаузамаңдар мәңгі - бақи өшкен үннен,

"Саясаттың сілімтігін" шығарыңдар естеріңнен!
Аймауытов, Жұмабаев?! — Өшір, ойбай, өшір атын!
Қажет емес бізге ешқандай кер жазушы, кесір ақын!
Батсын күні Шәкәрімнің, Міржақып пен Халел, Жанша?! —

Өрте, құрт, жырт, көзге түскен арттарында өлең қалса!
Құдіретті атаң - анаң — партияның арқасында,
Отырғаның шықты ма естен — университет партасында?!
Олай болса - енді ешқашан ұмытпастай үйретеміз,

Жұлынын үзіп ұғымыңның, қабырғасын күйретеміз.
Бөкейханов, Шоқаев па?! — Шеннен шыққан қате, айыбы!"
Сені сонда тағы естігем О, Мұстафа Шоқайұлы!..
Алғандай-ақ жанымызды жын иектеп, малғұн тырнап,

Біздің курс төбесінде ұзақ тұрған шаң бұрқылдап ...
Сезе - сезе көп нәрсені ой мұздады, жан суынып,
Өтті жылдар тұсымыздан күн - қияғы қар суырып ...
Күзгі көлдің қамысындай суылдайтын Мезгіл Лебі,

Бұл күндері ер боп кетті сол кездегі ездің көбі.
Кетті деп пе ең әлгі ағамыз СССР - мен қатар өліп?
Тәуелсіздік таңы атқалы болып алды Академик.
Сол баяғы кербез кейіп: Төре-тыртаң, қожа-сылаң,

Тартып қойып жүріп жатыр Бостандықтың бозасынан.
Ұстаздардың бәрі сондай болса өмірде қала ма мән?!
Екі - үш ағай бар-ды тағы. — Мен оларды қараламан.

Деп: "мына бір қазақтардың бәрі — керең, бәрі — соқыр," –
Кіл күмәнді, кіл тұманды жерде ғана дәріс оқыр.
Әжептарқы бет - ауызы, қашан көрсең ісіп - кепкен,
Желтоқсанның ызғарына тоңбай тұрып үсіп кеткен.

"Зачетымды" қойып беріп қара тұман қабақтарда,
Сен жайында талай айтқан. — Тыңдамауға тағат бар ма?
Міллет үшін жанын қиған — жиылсын деп жат айылы,
Мен сені алғаш сонда құқанмын О, Кемеңгер Шоқайұлы!

"Ел аумасын қонысынан, тек көгімде тырна көшсін,
Мың сайрамдар өз аспанын өзі ғана жырға қоссын!"
Осы ой сені жатқызбапты. — Зар бар баста көген жайлы:
"Өз төрінде өзі қожа болсын халқым" деген қайғы.

Жерімді аман ап шығам деп,
Ібілістің ойнағынан,
Елімді аман ап шығам деп,
Әзәзілдің ойранынан,

Кірпік қақпай алысыпсың:
"Міне, иманым! Қайда - Құран?!
Енді мәңгі тоқтасын, —
деп, — қырда — қырғын, ойдағы лаң!"

Өлмеп еді айға атылып —
қай арыстан, қай қабылан?! –
Сен болыпсың о, Мұстафа, қанат ұрған айға қыран.
Таңдай бар-ды тындағанның қабырғасын қақыратқан,

Маңдай бар-ды жырта қарыс — еншіге алған Сократтан.
Азу бар-ды сол маңдайда — Кіргізетін Ұлт Ақылын,
Азу бар-ды Піл Терілі Түйсікті де жыртатұғын.
Сонау жұлдыз арманыңа тор-тұманын құрды Арапшы,

Отаның мен Қотаныңа иелік қып Құл — Қарақшы.
Басын езіп өзектерді кеулеп жатқан жұлын - құрттың,
Орыстың да, немістің де "бас жендетін" ұрып жықтың!
"Қарақшыға" естіле ме тозаңытқан Үркер үні,

Көзге ұрынбай тұрушы ме ед Аз халықтың Үлкен ұлы!
Сені кеше, Үркер ұлы, "Қарақшыға" кім теліді? —
Нысанаға ап құртып тынды замананың Құлтемірі.
"Ұлтым" депсің, "Түркім" депсің. —

Ұлтың сені қарғады кеп,
Бұл да еншісі Ұлылардың — бақыты кем, Арманы көп!
Естіледі әлі күнге кәрі айтағы пінә-қырттың,
Қазір енді сен жайында бәрі айтады мына жұрттың.

Мезгіл желі әлі ызғарлы.
Жалбарынам Жаратқанға...
Өзің жайлы Аңыз қалды сол тұманды қабақтарда...
Шері — шексіз, ойы — түпсіз,

Ұқтырмайтын ғұлама сыр,
Ұлан - асыр жұмбағы бар ғасыр болды - ау — мына ғасыр ...
Сенің Қара Түндеріңнің
Ізі жатыр Дәптерінде —

Туған Жерді әлдилепсің
Жүрегіңмен Жат Төрінде.
Білінген соң сенің кірпік ілмейтінің
Елің үшін,

Жауларыңа керек бопты мәңгі тыныш
Өлі Мүсін ...
Жүрегінің орнында Гүрзісі бар
Өктем Мұжық —

Мүсініңнен үрейі ұшып, молаңды да кеткен бұзып...
"Азаттық бер Еліме!" — деп күні-түні Мінәжат қып,
Сенің Ұлы Тілегіңмен жетіп еді бұл Азаттық!
Бірақ Тақ пен Атқа мінген —

Туған "ерлер" "октябрьден" —
Өз Ұлты мен Өз Ғұрпына жаман тиді жат жебірден.
Құран емес, қыли заңға қолын ұрған
Антын сатып, Ата-баба Даңқын сатып,

өзін туған Халқын сатып —
Бір халықты мың жалмаған,
Өткенінен үлгі алмаған
Билікті алды тағы тартып өңкей миғұрт — құлдар надан.

Әлде тағы шықты ма алдан
Сендер кешкен Мұндар заман?
Қаңғырап жүр күллі арлы адам. —
Ертеңімді кім барлаған?

Өркенімді қылам күмән — тұншықтырды тұманды маң,
Тап-тап берді — шақпақ па енді
"Іштен шыққан шұбар жылан?.."
Ел мен Жерді аманаттап Әулие мен Машайыққа,

Әлде біз де саған ұқсап жат өлкеге қашайық па?..
Сен де кеше ойын Құлдың оқыдың да мойын бұрдың.
Ең соңғы рет Маңғыстаудан аттаныпсың –
Кейін білдім.

"Үш жүз алпыс әулие" мен Пір Бекетке сиындың да,
Қаңбақ болып еріп кеттің аспанды ұрған құйын құмға.

Сен немесе баяғыдай қанатыңмен көкті құшып,
Мәңгі Жұмақ Мекеніңе періште боп кеттің ұшып ...
Мен білемін, Алашұлы, Сен де мұны теріс деме! —
Ұлтжанды адам өлгеннен соң айналарын Періштеге!.

Ерлер өтті — Жүрегін — кек,
Қарықтырып шырайын — от ...
Ұлтсыздар жүр кеудесінде
Ар Бейнелі Құдайы жоқ.

Ерлер өтті ...
Аққу — пиғыл, бұлбұл үнді, арыстан — бас...
Ұлттық Намыс оянбаса —
Адами да Намыс болмас! ..

Мен де жүріп келатырмын
Жерлеріңмен аялдаған,
Жанға тұрақ таптырмайды —
Өлі Дала — Оянбаған!..

Бұлбұлдардың көмейіне
Зар боп тамып Дарақтағы үн,
Елестейді бәз Даланды қимай жылап баратқаның.
Мұздай мөлдір, тұздай ауыр —

Мына таудың тасы бөтен. —
Әлде сенің Жанарыңның тамып қалған Жасы ма екен?!
Шөбі күрең, суы қызғылт —
Мына маңның сәні бөтен. —

Әлде менің Жүрегімнің ағып тұрған
Қаны ма екен?..
21.09.1999ж. Ақтау қаласы

ТҮРКМЕН ШАЙЫРЫ СЕЙИДИДІҢ АҚ АРУАНАСЫ ЖАЙЛЫ ХИКАЯ

Поэма

І бөлім

... Торғай - таң атпайтын шық тыныш сайрап —
Бір шері, бір аждаһа тігісті айбат —
Зіркілдеп зеңбірек боп Орыс келді,
Бір жақта Хиуа тұр қылыш қайрап.

Қос мықты бірін бірі қажап түрткен,
Әлсізге әр қылығы азап тіптен.
Шері мен аждаһа кеп шарпысқанда
Көжектей қалтырайды қазақ, түркпен.

Үреді Хан-Хиуа — "Түлкі пұшпақ",
Патша-Орыс кетеді артын күрт ұшықтап
Ошағы ойран болып жатырса да ел,
Күйдіред — өзді өзімен қырқысып қап.

Кіргенде түн қойнына іздер сүңгіп,
Сұп - суық жел есетін түзден сұрғылт.
Қайраны жатқа қылар болмаса да,
Ерміз ғой — Өзімізге біздер, сұмдық!..

... Жүгіре жаздап қалып бақан ала,
Теткіді Дүйімғара, Атағара.
Теректің Байбоз — Жамбоз құнын төлеп,
Ат жүре бастаған шақ екі арада.

Қойғандар қысылысып — көп тас атып,
Тұлдаған — белдеулерді ат босатып ...
"Елімді қорлатпан!" — деп арлылар жүр,
Арсыздар — құпиясын жатқа сатып.

Тыншыды Әлім әзер, зорға Табын,
Адай тұр:
Ұлымын, — деп — Мөрлі Атаның!..
Елеуреп Егдір, Жәуміт, Теке тағы

Сүйрейді әрқайсысы төрге тағын.
... Орыс пен Хиуаға бірдей жағып,
Жамылған тыңшылар жүр молда атағын.
Келеді бірі ханның хатшысы боп,

Келеді бірі байдың атшысы боп,
Келеді бірі "қара бақсысы" боп —
Солар жүр елдің қазір "жақсысы" боп.
Аңқау ел, күзеті жоқ көңілінің,

Аузының, сормаңдай жұрт, сақшысы жоқ.
Бар сырын алдырған соң, бар киесін,
Бола ма бақ — бәтуа, мәнді кесім.
Орыс пен Хиуа қазір естіп отыр,

Бұлардың күбірлескен әңгімесін ...
Бұл елдің жасы жүдеу, қарты сұлық,
Әркімге телім боп жүр жартысы іріп ...
Ойларын талай рет ойран қылды,

Үстінен жау әскерін дәл түсіріп.
... ретін осылардың айтсаң ептеп,
Шатынап шығары бар, шарт ісініп!..
Үш түбек — кең Маңғыстау — құла майдан,

Көз ашқан бір күні жоқ бұлағайдан.
... Сейиди осыларды отырды ойлап,
Тортының' ойын шолып қырағайдан.
Сейиди — жанарынан жыр моншақтап,

Даңғылға айналады ол жүрген соқпақ.
Тоқтайды —
Адай, Түркпен байламына,
Алқаға Абылменен кірген шақта - ақ.

Айтқанын екі етпейді қандас елі,
Тар жерде тиген талай жанға себі.
Анттасқан — Қан құйысқан кездерінде,
Абылдың жан қиысқан Андасы еді.

Еншілес Иманы мен Ары бар-ды,
Қос ақын табысқанды жаны зарлы.
Тоқтатқан екі шайыр толғау айтып,
"Нармын!" — деп күркіреген Жарыларды."

Қос қылаң хат ұшырып алыс жерден,
Алғаусыз ілім шашып табысты елмен.
Өришан, Бектұрлы ишан, Дәулетияр,
Пір Бекет — ұстаздары дәріс берген!

"Нағыз ер, Абыз Пір, — деп, — нағыз ақын!.."
Қылады тірісінде ел аңыз атын.
Зайырын шайырының көргендер бар,
Қаласа суды теріс ағызатын!

Болмаса түс түйсіксіз, хаса надан,
Тас атқан тірі жан жоқ тасада оған.
Өтер-ді қудай жүзіп шөпті жықпай,
Қатерді құмырсқаға жасамаған.

Ылыммен шөпті аңқытып, тас балқытып,
Кете алар құдіреті бар — асқан Құтып.
Қайтқанын көргендер көп тәжім қылып —
Құтырып келген құйын аспан түтіп!..

... Сейиди көзін ашты ой қамалған,
Қашады сағым болып, қайран арман!
Ішінде қалың шәкірт зікір айтқан,
Мешіт тұр шекесіне ай қадалған.

Бір шетте Отман жатыр мұнарланып,
Қарап қал, Дөніспанға құмар қанып.
Күркіреп теңіз жатыр құбылада,
Жонындай жолбарыстың шұбарланып.

Балқиды сал сағымнан манар дала,
Қашады қияндарға жанарды ала.
... Күндегі мезгілінен сәл кешеулеп
Барады өріске өріп Ақ Аруана.

Шайырда Ақ Аруана — мал дегенде,
Хайуанның патшасы еді — хан деген не!..
Бауыры — Итолының бұлағындай,
Арғымақ шендеспейді сар желерде.

Сияқты Шерғаладан ұшқан айрақ,
Екпіні — жібергендей құсқа байлап.
Ертесін желісінен табылады,
Кетсе де өрісінен дұшпан айдап.

Жуас құм, қоныс қылып шақар шынды,
Қайнардың тек көзінен татар суды. —
Жануар — жаннан зият, өред дара,
Мысалы, қу сұлтаны — саһар сынды.

Кеткендей ақша бұлтты түтіп жарық,
Боз Сәуле — боз мұнарға жұтылды анық.
Сұңқылдап жатты артында ақ ботасы,
Аққудың көгілдірі сықылданып.

ІІ бөлім

... Басында ұралы сай отыр Көбес,
Қажытып безеу бет қыр, қотыр белес.
Ауылдан "аң атам" деп кетіп еді,
Мезі етіп кесір — билік, соқыр — кеңес.

Көбесте бір ыза бар соқпа дерттей,
Қау шөпке сайдан шығып шапқан өрттей ..
"Шәйір" деп Әз - Әулие қылады елі,
Шақша бас бір түркпенді қатпа көрттей.

Ал, не тұр? —
Шайыр болса шайыр шығар!..
Шайырдың не күн туды жайын сұрар.
Тортыдан түріп айдап шығар едім,

Табар ед, сонда жөнін қайыршылар!
Ол қоныс — сауырысы еді жайған малдың,
Пәлеге Мешіт деген қайдан қалдым?!.
Сыйлайды ел — өзі түгіл түйесін де,

Нақа бір, киесіндей Пайғамбардың!
Осы елдің ағалары саудан ада,
Болмайтын тулап жүріп дауға бола —
Шәйірге шәкірт қылды ұл-қыздарын,

Өсер ел — оқыта ма жауға бала?!
Осы ісін таба алмайды ақтар жүйе,
Осы шал біздегі бар ақпарға ие.
Сөзіңді сөйлете ме ертең сенің —

Сүйекке сіңіп қалса жат тәрбие?!
Байқайды, мұның арғы аужайы арам,
Сол десе, бордай болад таудай ағам.
Кешегі қан шашысқан дұшпан еді,

Жаралы, — ертелі - кеш, — жауды аяған!..
... Көбестің ұйтқып отыр басындағы ой,
Кенеттен ... (Қайдан шықтың, асыл мал - ой!..)
Жарқ етіп шыға келді Ақ Аруана,

Жазымы Жасағанның қасында ғой!
Келеді ... көк толқында қудай жүзіп,
Көп торғай нені күтіп шулайды үзіп?
Боларын бір сұмдықтың білген сынды,

Батбаттар балтиып тұр қумай қызық.
Көбестің тұрған жері — ұралы сай,
Аруана сайға қарай құлады жай.
Алдында қара мерген жатты күтіп,

Қолында күлдір мамай — құралы сай.
Аруана қалды төніп ақ бұлт құсап,
Біресе, ниеті бөлек жат жұрт құсап.
Дейтұғын: "Ақ түйенің киесі бар" —

Қолдарын қалды сәл сол дақпырт тұсап.
Түркпеннің еске түсіп бар ылаңы,
Көбестің қозды кенет әруағы.
"Мал түгіл, жанда қазір кие бар ма?! —

Қанша ошақ жау қолынан қаңырады?
Киесі болса неге атпай жатыр,
Бабамның шатырлаған шаңырағы?!
"Таутайлақ деп қалыппын" дей салармын,

Ал, тіпті, шайыр маған не ғылады?!."
Сәл тұрды не боларға жетпей көзі,
Сой еді — іс қылатын етпей мезі! —
"Айырсам — Ақ Аруана — киесінен,

Тортыдан тоз-тоз болып кетпей ме өзі?!"
Төселді майса құмға көне шекпен,
Көзінен өткен күннің елесі өткен ...
Шынында таутайлақ боп елестеді ол,

Баяғы арпалысқан Ер Есекпен!
... Күрсініп қалды кенет — Күлдір мамай,
Неліктен тартып кетті бұлдыр маңай?
Таутайлақ — Сейидидің өзі болып

Құбылып бара жатыр, құрғыр, қалай?..
Бар деуші ед, ақ түйенің әруағы,
Мылтықтың кетпеуі нес — с, сарыны әлі?
Аруана — көздерінен жыр бұршақтап,

Күле ме?
Сөйлей ме өзі?..
Неғылады?
"Япырмай, неғып тұрмын құтым қашып?

Емес ед біздің, сірә, тұқым жасық.
Шомылған боз мұнарға манар дала —
Өрт шалып баратыр ғой түтін басып.
Мен осы неге тұрмын өкпені үзіп,

Көруге келіп пе едім текке қызық?.."
Аруана — жел бұйданы кеткен үзіп,
Жөнелді ақ бұлт болып көкте жүзіп.
Түйе емес, болып шықты атқаны — аққу,

Аққудай қақты қанат ақ тамақ бу.
Қан емес, көздерінен сүт шұбырып,
Алдында сұңқылдайды қап - қара аққу ...
Сөйлеп тұр аққу болып шалдың өзі,

Осындай Шайырлардың бар мінезі.
Аспанға қолын жайып тұрып қалған —
Соңғы рет Ақ Кебінді шалды көзі.
"Бәй, бәй, бәй!

Бекер болды - ау!
Бекер мұның! —
Ертеңге ерте үзілді-ау жетер жырың.
Жазықсыз қанға батқан жануардың

Ер болсаң — мойыныңмен көтер құнын!
Түп түркі — баласы едік бір атаның,
Қиылды-ау, қан шашырап күретамыр
... Қазықта шыр айналған жетім бота —

Мен енді оны қалай жұбатамын?
Төрінде текке отырмай көк орданың,
Арқалап алғаның-ай обал — қанын.
Хайуанның — Ақ Аруана Аққуы еді,

Қарағым, Аққуды атып не болғаның?!
Анаңның Аққу деген Кимешегі,
Киелі болмаса оны кимес еді!
Япырмай, аруанаға атқан оғың

Өзіңнің Зәузатыңа тимесе еді!.."
Осындай дауыс жетті көкті бұзып,
Барады сүйекті жеп, етті мүжіп.
Аңырап адырнадан көкке жебе,

"Зың!" — етіп оқпен бірге кетті үзіліп...
Санаға сіңіре алмай елесті әлгі,
Көр соқыр, тас саңырау Көбес қалды.
Мерт болды жұлдыз шыға ...

Кетті қыршын —
"Тиді, — деп, — қарғыс оғы," - ел еске алды.

ІІІ бөлім

Өшкен күн сөнді артында күйесі қап,
Кей-кейде тұнжырайды қыр есіне ап.
... Өріске барады, әне, түйе шұбап,
Жетектеп Ақ Аруана — Иесі жат ...

Ақынды ағайынға жат деп ойлау,
Соқтырды неге әкеліп, міне, шырақ!
Шайыр да аққу құс қой! —
Тиеді оған,

Сен, мейлі, түйесін ат, киесін ат.
Қайтесің, қанжарыңа айқай жанып,
Ақынға айтарыңды айт, ойланып!
Бәрі де, барлығы да кеш болады,

Өз оғың тисе өзіңе қайта айналып.
Пенде ісін жөндегей де бір Тәңірім,
Әйтпесе, жыр желкесін қырқады мұң.
"... Бәй, бәй — лап!" — шырқыраған шайыр шалдың

Әлі күн естіп қалам қырқада үнін.
Қаншама қыршындарды қымтады құм? —
Мінеки, көзім көрген бір тағылым! —
... Көбестің шертті жасын жасай беріп,

Ғұмыры үзіліп жүр ұрпағының!
Күнәмді жуды жылдар, ғасыр өтеп,
Мешіттің көз жасынды тасына төк...
Көбестің құрбан болған қыршындарын

Жерлейді ел — Сейидидің қасына әкеп.
Сен де кеш, пірлі яшұлы, арлы оғлан,
Аман жүр — көлденеңнің қанды оғынан.
Түн болса — жүреді ұшып жалғыз аққу,

Шәйірдің кешу сұрап әруағынан.
Тортының Ай сыңсыған төңірегі
Шақырып алды талай мені кері.
... Көбестің бөбектері келеді өсіп,

Боздаған боз ботадай желідегі!
Астына Аңыз бұққан көне дөңім
Сан рет тәмсілдеді — елемедім:
Киеге — Сұлулыққа атқан оқтың

Өтеуі — Ұрпағыңмен Төленерін!
Бұл өзі Аңыз емес — Мөрлі Шын-ды,
Мөрлі Шын мекендейді қарлы шыңды.
"Қиянат қияметке кетпегей!" — деп,

Ұшырам қарлы шыңға Ар — кұсымды.
Қадалып көкірегіме қанды сүңгі,
Келемін кешіп өтіп мәңгі сынды. —
Басында Сейидидің жыр оқимын:

"Шайыр шал!
Қайтып ал, — деп, — Қарғысыңды!.."
Рамазан айының 25-ші жұлдызы,
2001 — жылан жылы. Шынжыр қыстағы

САПАРБАЯН

Бұл туындының алғашқы сұлбасы, жиырма жылдың ар жағында, 1980-нің жазында қағазға түсіп еді. Уақыт парақтарының арасында ұмыт қалып қойыпты. Жақында тауып алып, қайта жазып шықтым.

Автор.

Кеше ғана ауылдан кетіп едім аттанып,
Ақ қаламсап - самолет дәптер - көкке хат жазып.
Жетіп едім жыраққа арман баурап, жыр құрсап,
Ақша бұлттар әлпештеп — алақаны жұп-жұмсақ.

Өзім титтей болғанмен
Талап — таудай, қиял — нән,
Алматыны алмақпын — шығып шаңды қияннан.
Танытпақпын өзімді, тыңдатпақпын сөзімді,

Көрсетпекпін қазаққа Жүректегі Көзімді.
"Хан жайлаған Қаратау, би жайлаған Алатау", —
Сол тауларға тікпекпін Өлең деген Ақ Отау ...
Алматыдан қарсы алды кербез жігіт, керім қыз,

Он жетінің бағына енді кірген өрімбіз.
Тырысқанмен қаншама көрінбеуге досқа осал,
Мен шынында білмеп ем өз ауылымнан басқа шәр.
Қанша жазып жүргенмен көп шумақты өлеңді,

Алматыдан көрдім мен көп қабатты үй дегенді.
Көк көбікке үйлерді – малып - малып көп талы,
Қара күйе құсады Зауыттардың оқпаны.
Тым ақылгөй адамы, көрінді алғаш абыздай,

Күй шалған-ды көшелер — қырық қыртыс қобыздай.
Тау басында қар жатыр, ақ жабудан аумайтын,
Кейде қыстың өзінде біздің жаққа жаумайтын.
Жатады екен Алматы жастанып тау - көпшікті,

"КазГУград - тың" өзі кенттен үлкен боп шықты.
Қай бұрыш та сөйлейді ұлы тілде — түп - нұсқа,
Қазақ аттас көшедей — қазақ тілі қып - қысқа!..
Олжас ақын біз үшін көзі тірі құдайдай,

Қадыр менен Тұманбай — сол құдаймен сыбайдай.
Ғабит, Хамит, Әбділдә — пайғамбарлар елесі,
Шахановтар шырқап тұр биікті алып келесі.
Тоқаш тірі, кетіпті Мұқағали шетінеп,

Жұмекен мен Сағидың аралары сетінеп.
Шың сияқты Ай түнеп, бұлт ықтаған басына,
Бара алмаймыз қорынып Әбіш ағам қасына.
Өтежан мен Асқардың — дабысы бар, даңқы жоқ,

Шықпас мадақ мақала олар жайлы жарты бет.
Ақын үшін елде де орын жоқ боп қалған кез —
Жұматай мен Иранбек енді көшіп барған кез.
Беймәлімдеу есімі қазақ түгіл жырға әзір —

Тыныштықбек қырда жүр, Есенғали Сырда жүр ...
Қабақтары жар-жақпар, көз алдары сан қатпар,
Мінбелердің иесі — әл - жаппарлар һәм жаппар.
Алатауда — қарлы ақпар, Ақ Отауда - Кәрлі Ақпар,

Тілін тістеп тұрған шақ Жаратушы Хақ Жаппар ...
У-ду болып ай жаттық — кіл бүлдіршін "данышпан",
Тарнау-тарнау жолмен кеп, Алматыда табысқан.
Үкілеген үмітін балапанбыз жаңа ұшқан,

Арман атты Мұнартау бұлт бұлғайды алыстан ...
Бұтағына Түйсіктің жатырған шақ бүр шығып,
Танытардай шын кейпін құбақан өң Тіршілік.
Қыласың деп құлшылық, бұтағына қырсығып

Тас тістеген тамырлар күні жетіп тұр шіріп.
Аспан ашық болса да — ауа жетпей тұншығып,
Буатындай алқымнан көрінбейтін бір Сүлік.
Кейде бұлтын ауырлап жатады тау күрсініп,

Сол бұлттардан көңілдің көйлегіне кір сіңіп.
Дем боп еніп кеудеге — сол күрсініс шың кезген,
Қарар болдық маңайға бүршік жарған сын көзбен.
Алматыны жұмақ деп, ойлаушы едім бұрын мен,

Ұқтым жұмақ емесін — Тереңдегі Дірілмен!..
Сезім сіңіп Санаға, Сәуле сынып Ақылда,
Сонда ойландық біз алғаш — Тәуелсіздік Хақында.
Сөз қозғалса ұлт жайлы болды көзде от ойнар,

Өзгертті енді ауқымын Отан жайлы қате ойлар.
Тілге көше бастады ұшқын болып жат айбар —
Көне жырлар ішінде жасырынған — Атойлар!
Ұлы Азаттық айналды — жан шөліне басты іңкәр! —

Аңыздарды естиміз — жайында әлгі "Жас Тұлпар".
Сол Аңыздар сөнбейтін өртке айналды бықсып кеп,
Мектептегі ұғымдар қирап жатты быт-шыт боп.
Алатаудың Қарында Тепсе Жұлдыз Сырғанақ,

Біздік Жұлдыз-Арманға таңдай қағып тұрды Алап ...
Ру, жүзге бөлінбес қауым жұртпыз — талапкер,
Әр кәлләда — мың қиял, мықты болсаң санап көр!..
Алматының шаһары ... ұстап кенет қаһары,

Сынақ сайын сиреді "біздің жұрттың қатары.
Шаңқан шаттық шытынап, жайрап жасыл жарастық,
Жамырасып қауышып, маңырасып тарастық.
Ару қайтты аулына жанарлары боталап,

Мәңгілікке мертікті мендік Мылқау Махаббат.
Сезіп тұрдым мен іштей — жол бұрымды өргесін,
Ол бұрынғы қалпында Алматыға келмесін.
Сыңси жүзген Ай, Жұлдыз — салып кетті Айдынға із,

Жапырақ боп Сол Ізге қатып жатты қайғым — Мұз.
Мұңды көңіл бар сырын Жұлдыз Акқан кешке айтты,
"Енді Әскерге кетем", — деп жолы ауырлау дос қайтты
Таланттылар сүрінсе болды жанды дерт меңдер,

Қарап жүрді шекелеп, "көкелері" ерткендер ...

Мұнартаудың басына қалғанымда бір аттам,
Маған да кеп оқ тиді. — "Ұштым" соңғы сынақтан.
"Сенсіз де көп — Әйлеңкес, өріп жүр кіл — Күләйлан,
Өрекпіме! — Жаймен қош! Болған шығар құдайдан.

Аузындағы желіңді Алматыға бұлдамай,
Ауылыңа қайта ғой!" — осылай деп күлді Ағай ...
Шулап еді маңайым: "Бұл қалай?" — деп, — "бұл қалай?" –
Жамбасымды бір сипап тұрып кеттім тыңдамай.

Обалым жоқ, кінәм бар — сүйегімді қаритын:
"Оқымаппын дұрыстап Сы-Сы-С-ы-Р-дың тарихын".
Сиғанменен Кеңсайға — жүз жазушы, мың ақын,
Жер жоқ екен шәрде де біздер тұмсық сұғатын.

Би орнына күл сөйлеп, ми орнына пұл сөйлеп,
Көксіл көзді Көк сұр Жүз — "Кілең бұздай кілшеймек".
Өліп қалған Отта Тіл ... Елмен ойнап қақпақыл,
Ділсіз, Тінсіз көп кәпір сыналасып сапта тұр.

Алатауды жын жайлап, Қаратауды күл жайлап
Алған екен — мәңгілік жайлы орынды ыңғайлап.
Қадамымнан әр басқан іздеуші едім ылғи мән.
Мәнім қашты зорлықтан көмейіме кұм құйған.

Жанарына зіл жиған, жүрегіне кір жиған,
Құрсағына пұл құйған болмайды екен сұмда иман.
Қорғалайды бұтаға қашқан торғай қырғидан,
Биігіңді жау алса — пана іздерсің ылдидан.

"Есім барда еліме жетейін, — деп, — қой, ізбен," —
Самолетпен келгенмен, қайттым кейін пойызбен.
Қиял өлген шағында басады екен қайғы-мұң,
Керуені қайғының — "Жүйткі, қара айғырым!"

Қамшы - жасын бір тартты қара айғырды борбайға,
Жолсыз жанға қашаңда ой үйірлеу болмай ма!
Басқан ізім кер кетіп, қалғандаймын ер жетіп,
Пойыз - бесік келеді қиялымды тербетіп.

"Қош Алатау!" - дедім мен, "Қош Алматы!" - дедім мен, -
Көңілімнің көбесін шегеледім сөгілген.
"Алатауды алмалы" қалдырып жол тартты алға,
"Қаратауым таңбалы" ерді біраз қапталда.

"Таусылма, — деп, — мұншама бақайдан тас қаққанға" —
Тау өзені сақылдап күліп жатты шатқалда.
Бұлт байлаған басына бұлыңдайды ала шың,
Түстік пенен Батыстың жалғап келем арасын.

Көкіректе — көне мұң, тілде жаңа өлеңім,
Баба Дала көлемін көктей шолып келемін.
Тұңғыш рет Қазақтың көз түнеттім Жұртына,
Сезім симай тұрқыма, сөзім симай ұртыма —

Көнбей отыр ырқыма.
Кілт тығылып Құлпыма,
Көздерімнің түбінде бүлкілдейді бір Тұма.
"Бұл ғажапты көрсін," — деп, мені саптан шығарғыш —

Кешегі атып құлатқан Мергендерге мың алғыс!
Сезім көзін кетті аршып Қысастықтың Қайласы,
Бола берсін Қысастық — тисе осылай пайдасы!..
Туған жерге махаббат оянады-ау қабындап,

Тағдырыңнан кішкене таяқ жеген шағында - ақ.
Қалмай шауып кер қырат, қылаң қыр мен торы дөң,
Келем —
Ауған Алтайдан Аталардың жолымен.

Құлап қалған оқудан біз сықылды тірі өлік —
Жалғыз мен деп ойлама! — Әр вагонда жүр өріп.
Тірі өліктер тиелген көк вагондар — көп табыт,
Моғолстан - нан шықты Ноғайлы елін бетке алып.

Қара тулы пойызбен қайттым майдан — шебімнен,
Тас-талқан боп жеңілген әскер құсап шегінген ...
Қырын қашқан қиялы — жол нұсқамай Хақ Тәңір,
Күйзелемін күймемде сияқтанып Шах Бабыр.

Құрар барып Қағанат — Үндістан жоқ тек алда,
Ар таңбалы Аманат! — Жүректен, Сен, жоғалма!
Құра алмасам Қағанат — мектебім бар ашатын,
Сол Мектепте, иншалла, жыр оқыр кіл хас Ақын.

Шах Бабырдан үлгі алам — болмасам да дүр Қаған,
Жоқ Жарағын іздейді жырларымды тыңдаған.
Тәңірі жоқ — тұл ғалам, әмірі жоқ — күл қалам! —
Аш есігін Мектептің — назарыңды бүр маған!

Жетер алғы жылға аман — берер әлгі Жырға мән,
Бостандықтың Боз Таңы — бозторғайы шырлаған.

Дәл әзірге ... Ертеңге пойыз келед зырлаған,
Маңдайымды сүйейді Ақ Қауырсын — бір қалам ...
Енді ешқашан жадымнан ұмытылмас бұл сапар,
Қалып жатыр қапталда көне, жаңа — кіл шаһар.

Сол шаһар, сол жолдардан бойға дарып бір қуат,
Пойыз келед Жүректің қос ішегін ұрғылап.
Тараз бенен Исфиджаб, Баласағұн, Шу қалды,
Дала сосын қолына Сырдария — туды алды.

Ыңыранып Иассауи, күңіренді Зау қорған,
Таба алам ба Жұртымды — "Үш айналсам Саураннан?!
Соқпағы көп болғанмен, оттары жоқ сол қала,
Шежіресін жырлайды бебеулеген жел ғана.

Желмен бірге күрсініп — табыт - Қала тұр сұлық,
Көкке жетпей ауызы жатқан нардай жыл шығып.
Көзге Елес боп жұтылды — Ордабасы, Күлтөбе,
От тұтатар сықылды жүректегі Білтеге ...

Қалып жатыр бәрі де, кейін қарай жылжып паң,
Ақша бұлт қып бұлғайды орамалын Мұң жұққан.
Көкжиегі Даланың — оба, жалын қылғытқан,
Көшті қанша қазағым — қалаларын құм жұтқан.

Кетті қанша заманым — жара Жанын шыңғыртқан,
Төкті қанша Қаралы үн — обал - Әнім Құл — Жұрттан.
Обал - Әнін шыңғыртқан — өшкен орда, тұл жұрттан
Көп кент өсіп шығыпты — молаларын мыңғыртқан ...

Дертіп теңіз, Сыр жатыр дымқылданып жанары.
Қорқыт — Қобыз қырда тұр ыңқыл қағып шанағы.

Молаға ұқсап кетеді кейде түнгі Айлы Өңір,
Сол моладан диюдай от шашады Байқоңыр.
Елес кешіп келемін Құба дала төсінен,
Түсіріп көз суретке — жүрекке оны көшірем.

Дала жатыр құшағын келімсек пен жатқа ашқан,
Достыққа тұр шақырып темір ұран тат басқан.
"Халық пенен партия — бөлінбейтін біртұтас!" —
Деген ұран Уақытқа қойған бейне құлпытас ...

Қой үйездеп, түйесі жаққа маңып басы ауған,
Жусап жатыр жылқысы — туламайды асау қан.
Басын қырқып алғанша — бәлденеді күріші,
Ақша бұлт боп Ақ мақта — көшеді елдің ырысы.

Арал жиып шалғайын — құлазиды құт белдер,
"Мұңал — Жары" мұнартад — атам Орда тіккен жер.
Ойсыратып кетпей ме аз Халықты Әр Қаза! —
Бұзбай Өлген Намазын жатыр, әне, Жанғожа!..

"Аузы түкті кәпірден тіс жемесін Келешек,
Тіреп жатам өкшеммен!" — деп кетіпті ер Есет.
Ер Есеттің Бесігін тербейді Елек — елтінжал,
Қалды ма екен біздерде сол шалдардың Серті — ылғал.

Ылғал Сертті Қандағы — тауысқандай жау жұтып,
Талтаңдайды төрімде — шоқты шеке, аузы түк.
Дәрғайына — ұл кіріп, борбайына — қыз кіріп,
Міндетсиді біздерге, үйреткенсіп ізгілік.

Сөз өлшеп ап ұртыма, бөз өлшеп ап тұрқыма,
Біздер айтқан Аңызды қыстырмайды қыртына!
Ескі Сөзді естуге танытады кім ыңғай? —
Еленбесе Есті Сөз — есалаңның жырындай ...

Көздің жасы — көк Ойыл, сөздің басы — Сағызым,
Бүгін бізге қалғаны суың емес — Аңызың.
Қалып жатыр бір Аңыз — әр бұтада боздаған,
Тілін оның ұқпайды — жат түгілі, өз балаң!

Қарақамыс, Көкжардың барады, әне, жұрты қап,
Шаң ұшады бұрқырап, зар ұшады шырқырап.
Жәрмеңкемнің жұртына — тарқап көшкен базары,
Аңызағы Тамыздың күй ойнайды азалы.

Ел де бүгін ел емес, — бейне Өткеннің Қаңқасы,
Жем де бүгін Жем емес — дарияның жаңқасы.
Жаңқалайды әлі де — Уақыттың Балтасы,
Құм көшеді арнада, мінгеседі жартасы.

Көшіп барад тек сағым — сол баяғы салқар көш,
Сағым қуған Атамның Арманы енді тарқар ма еш!
Ізі де жоқ атамның — тас молалар мүлгиді,
"Бәрі дұрыс!" — дегендей селеулер бас шұлғиды.

Шөп — жағымпаз, жон — жасық,
дөң — момақан, қыр —бұйық,
Ағаштар да аласа — жатып алған тырбиып.
Ай — именшек, бұлт — қысыр,

тау — бүгежек, тастар — сақ.
Бір дүлей күш барлығын қылып қойған жасқаншақ.

Бұл далада арқайын күлу — арман сияқты,
Сөніп барлық Ұран От — күлі қалған сияқты.
Уысына бір Тырнақ бүріп алған сияқты,
Дәрменсізін Даланың біліп алған сияқты.

Ашып - жұмып көздерін мәңгіреді көл анау,
Жұлқынбайды өзені — қимылдайды керенау.
Тау мүжілген сүйектей ...
Сіңір сынды күлтілдек —

Сағым да ақпай ұйып тұр.
Жел, құйында үн-түн жоқ.
Дала тілін Әлдекім тұтықтырған тәрізді,
Кеудедегі Жан - Демін жұтып тынған тәрізді.

Желігі өлген желі бар.
Сағымында жоқ қой із,
Тек қалшылдап қояды Қара Тулы Көк Пойыз.
Қабаржиды көңілім, ажарымды бояп мұң,

Атой салып Даламды кеп кетеді оятқым ...
Көріп тұрып жете алмау, сол емес пе бас күйік! —
Сақар — Сеңгір қасына шақырады қасқиып.
Шалқарларды шарладым, кездім таудың ар жағын —

Қиялымның Көзімен қол жетпесті қармадым.
Жұмбас болдым көзімді, — жұмылсын Күн кірпігі,
Шақпақ - көкке бір тартып жағам жұлдыз - шырпыны.
Шыра қылам шындарға сөніп қалған нұр жағып,

Мұра қылам мұндарға өліп қалған жырды алып!

Болмау керек деп түйдім, даламда бұл — құт ұя,
Мен шешіп, мен таппаған Зәредей де құпия ...
Түйсіксізде таным жоқ — айта алмассыз бұған дау,
Жаман нәрсе жалғанда: Көріп тұрып — Ұға алмау!

Ұқтым жаңа, — даласын өліп сүйген Бабамды.
Құлап қалып оқудан, оқып келем Даламды.
Жалғаған соң арасын Бойлық пенен Ендіктің,
Даламды оқып енді ұқтым, ұққаннан соң көндіктім.

Кәр ұрғандар неліктен жататынын Молаға,
Шәр ұрғандар неліктен қашатынын Далаға ...
Тұла бойға жайылып жүректегі қанша у — зәр,
Түспей отыр кешегі оқ — бүйірімде шаншу бар.

Көз жиегін шылайды — "қоғалы көл, қом сулар",
Көкжиегім сұлайды — молалы бел, өр шыңдар.
Жиырады Мандайын жырақтағы тазша құм,
Сол құмдардан жетеді бабаураған бәз сарын ...

Алатауға соғып ап қанатқасын маңдайды,
Бабалардың өлеңі жібіткендей таңдайды.
Тауларынан түңіліп, тереңіне үңіліп,
Қиыр шарлап қыдырып көшкен Жұртым шұбырып —

Төзімдегі — сірілік, сезімдегі — жылылық,
Дарып жатыр бойыма — өзіңдегі Ұлылық!
Жырақтағы Шырақтар жүрекке ұшқын от берсе,
Ұлы Жырау боп шығам, Маңғыстауға жеткенше.

Таптым ұлы Дастанды ең, алмаспайтын басқа Әнмен,
Қайтып келем Жерменен — барып едім Аспанмен!
Қарсы ап салқам қатарым,
Самсап шаңқан шаһарым,

Ұлы Дала төсінде басталды
Ұлық Сапарым!
Билет сұрап миымды қатырмас кіл милақы,
Енді тоқтар Бекетім — Әруақтардың Зираты.

Мен Бабамды оқимын! — Әлдилеймін арманын,
Сол арманға арнаймын ғұмырымның қалғанын!
Мен Даламды оқимын, — бүккен егер сыр болса,
Бір төбенің басында Бекет болып тынғанша!

Сүре берсін Күндікші Күлін тасып жат үйдің,
Жалғап өтем арасын Фәни менен Бақидың!
Күндіз болып Күнге еріп, жұлдыз болып Түнге өріп,
Ой суарып бәріне — қану керек үлгеріп ...

Не боларын білмеймін келер тағдыр, ендігі ой, —
Пойыз — Өмір қайрылмай Заулап кете берді ғой!..
04 - 06.01.2001ж. Ақтау қаласы.

ҚАРАҒАН БОСАҒА ҚЫРҒЫНЫ

дастан

Баяуанияз мырзаңыз
Ежелден құдай қалаған.
Аш-арыққа қараған.
Сырлы аяқтың түбінен

Бал сыпырып жалаған.

Қалнияз Шопықұлы.

Әл-Қисса

"Біссіміллә!" — деп бастайық гәптің басын,
Ер назарын қайтармай, аттың басын!
Ала майдан алғида жолықтырмай,
Ақ қағаздың бетінде тап қылғасын!

Айтарымыз Маңғыстау — сол баяғы,
Ескі шежіре.
Көне дәп.
Ел баяны.

Дала дәптер бетіне "мен — куә!" — деп,
Көп құлпытас иректеп қол қояды.
"Сен айт!" — дейді шындығын іште жанған,
Шаңырағы ортаға түскен Ордам.

Құп" - көзімен ымдайды сеңірек шың —
Құм - ерінін тас-тіспен тістеп алған.
Тас - тісімен қымтаған құм - ерінін
Қария - таудың көзінде — күдері - мұң.

Сейілер ме сол бір Мұң, тартсақ ұшын
Шежіренің шынжырлы шідерінің.
Нұр - шындықпен бауыздап түн тамағын,
Қауырсынмен қазайық қымтағанын.

Аудара алсақ, арман не, қазағыңның
Тарихының тат басқан бір парағын?!.
Қарпі қанды үңілсін тат — параққа ел,
Жат дерекпен қымталған қап - қара, әттең!.

Жан Сәулесін түсірсең тарихыңа —
Маңғыстаудан болмайды аттап өткен!..
Сол баяғы Маңғыстау — қанды қиян.
Біреуге кең, біреуге тар құмиян...

Темір тырнақ тажал тұр Патша деген,
Ырситады сар тісін — Хан Зымиян.
Патша жатыр жанығып қамал салып,
Хан кетеді Шері боп соған сарып.

Арыстан мен Жолбарыс ортасында
Арлан отыр — аяғын аран шалып.
Арлан отыр — аяқта қанды қақпан,
Қақпаны оның ата жұрт — мәңгі мақтан.

Екеуіне қояды айбат шегіп...
Ұлиды айға! —
Тағдыр ол — зар жылатқан.
Айы — тағдыр, арланның жаны сонда,

Табан тіреп дәрмен жоқ алысарға.
Әруақ көмек бермей тұр бер жақтағы,
Ал Алласы ар жақта! —
Алыс ол да!..

Ханға сүйеп арқасын — мәлін делік,
Көп түркпен жүр...
Ай отыр бәрін көріп...
Арыстан мен барыстың қайсысының

Жем қылары қалған шақ — мәлім болып...
Келеді орыс облығып, ғаламды алып,
Жолына оның тұрғандар қараң қалып...
Хиуаға жел беріп, қару беріп,

Ағылшын тұр бір шетте жалаң қағып.
Жалаң қылыш, жалғыз ат — қара қайрат,
От түкірген мылтыққа жарамай қап...
Хиуа отыр — мылтығын ұстатып ап,

Түркпендерін қазаққа салады айдап.
Әруақ қашса — желкеңе малғұн мінбек,
Малғұн болып төнеді әрбір дүрмек.
Хан кіжінед: "Төлемей салығыңды,

Жеріңе орыс қамалын салдырдың!" — деп.
Ал орысың — алдырмас айлалы аң сұм,
Сырын оқып қазақтың — ойға қансын...
"Хиуадан таяқты оңбай жесе,

Орысқа кеп тығылмай, қайда барсын!.."
... Осындай - тын жағдай, жалпы алғанда,
Сөз сүресін аңдамай — аң - таң қалма!
Арландарға құрылып — қанды қақпан,

Ор қазылып жатыр ед — тарпандарға!..

Көне Үргеніш шәрі.

Тұрманбет. 1856 жыл

Тұрманбет кетті, базарға
Базардан хабар аларға ...

Қалнияз.

Көне Үргеніш аспаны — ніл қара көк,
Құдай өзі шашқандай нұрды ала кеп...
Ерулі аты үш бірдей жетегінде,
Гүжімге атын байлады Зіл қара кеп.

Садақаға жатқандар қамданысып,
Әулиенің қашардай Әруағы ұшып —
Жалпағынан жалғанды басқан нәнге,
Қарап қапты көп мүрит таңданысып.

Кеудесі — кер, сом білек, арба — сүйек,
Жұрттың көңіл күйінде шаруасы жоқ —
Көлеңкесін гүжімнің жалғыз билеп,
Жорға аятын оқиды — шалмасы көп.

"Жорғалығын" Зілғара байқатқасын,
Өзіңнің де белгілі жай таппасың.
"360 әулие" көрген гүжім
Мына "аятқа" қояды шайқап басын.

Әке үйреткен таусылды шала сабақ...
"Жол бермейді ыржаңдап бала - шаға - ақ!.."
Күліп қоя жаздап тұр жас мүриттер,
Қазан басты қазақты тамашалап.

"Шейх-Күбірә" маңайы қалың қорым,
Қалмағандай енді бір қабірге орын...
Базар жаққа Зілғара жүріп кетті,
"Аманаттап барлығын тәңірге оның".

Күн тап салған жүзіне мөрлі қырат,
Қалды алыста...
Шаһарда ендігі бақ.
Мұнар киіп тұр, әне, "Дүбірә - Ханым",

" Тағы бір күн иыққа қондырып ап...
Жапырағын жамылып жазғы үн талдың,
Серпіп ашты пердесін бозғыл таңның...
Ақсияды бас сүйек қыш дуалда

Ажарына арзу боп "Мәздімханның".
Жапырағын шапаққа ағаш қайрап,
Мың сайрам мен құмыр тұр талас сайрап.
Есек арқа тоқал там — тар көшеге

Төрт ат мінген нән қазақ жараспайды - ақ...
"Нән бас қазақ", "Зілғара" — Тұрманбет бұл,
Базаршылап қайтуға қырдан кеп тұр.
Жолдастары — базарда,

Мазардағы іс —
Әруақ сыйлар бағытпен қылған кеп бір.
Көйлек - көншек, көр - жер ап пұлына кіл,
Хан - Базарға келеді жылына бір...

Және аулайды аужайын Хиуаның,
Қанып алған жаудың да сырына бұл...
Көне Үргеніш базары тұр "ұшынып",
Сорып ала қояды тірі сүлік.

Таңнан кеткен күбініп жолдастары —
Жүні шығып, қалғандай қыры сынып.
Қан базар бұл — жан беріп, жан алатын,
Жойып алған пендесі қанағатын.

Тат жалаған шаһардың сарттарына
Сада қазақ, жер ғой бұл, тоналатын.
Түйе әкеліп базарға айыр, қоспақ,
Шыт-шыпырға мәз болып кейін қашпақ.

... Орыстардан түсірген аз қаруын
Жүр бір қазақ астыққа айырбастап.
... Не көрінді, ей, сорлы ел, көздеріңе? —
Қарамайсың заманның безбеніне!

Сата көрме, дұшпанға қаруыңды,
Ертең қайта атады ол — өздеріңе!
Тыңдамады, салып ап қалтаға ұнды,
Бір жеткендей арманға — арқаға ұрды.

... Талқаныңды ұстатып бір күн жейтін,
Жолдан тосып таусады-ау "талқаныңды!"
Тыңдамады, ұқпайды ол — о, қасқа жұрт!
Жетеді оған, бір тойса самастанып...

Айта берсең — өкпелеп жалғыз қайтад:
"Қазаныма жүр ме ең, — деп, — сен ас салып!!"
Көрігіңді тұр қазір сәйкес үрлеп,
Қаруыңды алған жат қайта есірмек...

Жаның қалса, сен де ертең жетерсің - ау:
"Сорлап қалдым!
Батыр - ау, қайтесің?.." — деп.
"Сата ма екен қаруын жауға да адам?!" —

Тұрманбеттің күні жоқ даудан аман.
... Шөгермелі бір түркпен өжеңдеп тұр,
Бір қазақтың қырлысын* саудалаған.
Қара қазақ тағы бір қуға алданып,

Қарағашақ — түркпен тұр сумаң қағып.
Қағып - қағып қояды арқасынан,
Тіліндегі тәп - тәтті удан жағып.
"Бұл кім еді, құдай - ау, құс іспетті?.."

Көрген сынды бір жерден үсік бетті.
... Сом тұмсықтың тығылған тасасына
Қос жылан көз — бұл жаққа түсіп кетті.

— О, ғызыңды... ғазақтың, ендігі ері!..

Мен — Ажалмын!
Бар менде белгілері!..
Ақырғы рет қасымнан бір қарап қал,
Көре алмассың жақыннан енді мені!..

Соны айтты да жылан көз серт бұрылып,
Қалың топтың ішіне кетті кіріп.
Жауаптасып үлгермей ер Тұрманбет,
Тұрып қалды көзіне кек тығылып.

"Жерде болмай қалғанын — созар білек!.."
Қан шулығып, көз тұтап, бозарды бет...
Әлгі қазақ мақтанды:

- Мылтығымды

Бақы Қара батырдың өзі алды! - деп.
"Жетістірдің!
Түрін - ай мақтаныштың!"
Ұшатындай жанардан қаптап ұшқын.

Қаптап ұшып, өртке орап Хан - Базарды,
Кететіндей Шаһардың таптап үстін.
"Сап, сап, батыр!
Сабыр ет, қызбаланба! —

Жығып кетер қызбалық мұзды аранға..." —
Батыр таппай жүр ме едің? —
Тұрған жоқ па!..
Болдыңыз-ау мұсалдат, сіз, де адамға!..

... Ду - ду дауыс тұр бөліп батыр ойын.
"Бақы Қара!..
Зәрлі екен, кәпір, ойың!.."
"Не дегені, құдай - ау, жаңағысы?.."

Шығарды тіл сыртына:
"Апыр - ойын!..".
Қандыбалақ, деуші еді,
Қара Бақы,

Шығып жүрген әр жерде жаманаты.
Не де болса, жүрісі тегін емес,
Сақ болған жөн!
Бар шығар ғаламаты?!.

Бөрі, Бақы — құрып ап сәнді жасақ,
Жүр дейтін-ді ел малын алдына сап.
Жұмсап келген, Мұхамед Әмин" хан –
Ең бір қиын жерлерге — қанды қасап.

Қорғансыз бен Момынның соры — міне,
Түтін үрді, от тығып көрігіне.
Хан сайланған кеп - кеше Сейіт — Мұхаммед" –
Алған болды енгізіп — сеніміне!..

... Әлденеден жүрегі желкек қағып,
Кетті батыр шаһардан ерте аттанып.
Айбұғырдың"" тығылып түлейіне,
Түнді күтіп отырды — төрт ат бағып.

... Таң алдында ұйқыдан кетті оянып,
Өң мен түстің парқына жетпей анық.
Жау жарағы сатырлап, шөгермелі
Өте шықты көп түркпен оқтай ағып.

Ұзын саны үш жүздей — байқағаны,
Ізін санап алыпты сай табаны.
... Маңғыстаудың ойында қалған елді
Бара жатыр армансыз сойқағалы!

Көп күдіктің қамалы қаусап демде,
Арқаланып, тигізді саусақты ерге.
Қалды ақырып, әдеті ед досын іздер: —
Балуанияз!

Не жатыс? —
Жау шапты елге!..
"Иә, Бекет! –
Қолдай гөр әруағыңмен!

Батырларға жетейін Самда жүрген!.."
... Бір жаманы — қалады түске жетпей,
Тұрманбеттің тұлпары таңда мінген.
Бірақ, мынау төрт ат та — жұпы қылаң,

Жер құтылып көрмеген тұтымынан.
Қалған сонау Саназар бабасынан,
Суын шатыс — көкмойнақ тұқымынан!

Самдағы ел. Балуанияз

Адайдың алпыс жігіт — аламаны,
"Болар, — деп, — бір Алланың қалағаны!" —
Келетін арттағы елге қарамады.

Түмен Балтабасұлы.

... Самның құмы ағала — шағала құм,
Сағым түртіп оятты дала жағын.
Дүниеге қарап тұр аң - таң қалып —
Қағанағын жарып ап — шарана - күн.

Адай, Табын қонып ап іргелесіп,
Сәбилері қазып жүр бірге көсік.
Тек Үлкендер беріп қап қамшыға ерік,
Кетпек болып жатады күнде көшіп.

Күнде көшіп кетпейді олар, бірақ,
Той жасаумен тынады жоралғылап.
Егіз елді жалына жабыстырып,
Ағып бара жатады жол-арғымақ.

... Бүгін де сол — тентек ұл іштен ытып,
"Атойлап!" — жүр, қыстырып тіске қытық.
Тентек ұлдың даусына делбе қозып,
Балуанияз үйде отыр түс жорытып.

— ... Түйіліп кеп қара бұлт тарап кетті,

Бұлттан біреу мен жаққа қарап кекті —
"Қой мойынды құла ат" жүр бұлт ішінде,
Жалында оның жарқылдап жарақ кетті.
Қара бұлт боп төбемнен ұрғанда екпін,

Құлап түстім!
Қайтадан тұрған жоқпын...
Дауысынан оянып кеттім, содан,
Атымды айтып ақырған Тұрманбеттің!

... Асар Сұпы сиынып көп әруаққа,
Бағыштайды батасын ер — ардаққа.
Жақсылыққа барлығын жорып отыр:
Шығар — атақ, төбеден қонар баққа!..

Майлы сағым кілкітіп құрымдай Сам,
Жел сипап тұр Құла аттың қылын майсаң...
Іргеліктен батырдың жанарына
Көз ұшынан шалынды жұлындай шаң.

— Иә, Әруақ!

Әй, бәсе!.. — Тұрды қарғып. —
Шаңырақты төбесі сындырарлық.

— Отыр еді қол қышып, қарым ұйып. —

Даярла, — деп, — қаруды! — қылды жарлық.
Жұлындай шаң құлады жалдан бері.
Салқып шауып келеді ат талған белі.
Екі аяғы салақтап көзге ұрынды. —

— Тұрманбет қой!

Астында — Тарланкөгі!
...Ұлы бесін.
Жалдары желбіреп құм,
Ер сөзіне қосып тұр жел бір екпін...

— Айбұғырдан шығып ем таң бозында,

Өздеріңе еңменіп енді жеттім.

— Шыққаныңды қай жерден айтпа маған!

Қалай қарай беттеді?
Қайтті аламан?..
Алмайсың ба, жау шапса —
Сүйіншіңді! —

Бұйымшыңды, кәнеки, айт, қалаған!
Құлағымнан қайдағы сарын өріп,
Жұлынымнан құтырып қары желік —
Құдай берді десейші! —

Биылдыққа
Жау жолықпай, жүр едім жабы болып!
Өкпесі жоқ, Тұрманбет, елдің саған,
Сен Еліңнің Құлысың — көп жұмсаған!

Көзің түсіп жүр еді!..
Сүйіншіге
Қой мойынды Құла атты бердім саған!..
Аттанамыз алдағы таңымызда, ал,

Қару ұстар қайсыңның халыңыз бар!?
Нышан — төбе басына түніменен
"Ұран Отты" лаулатып жағыңыздар!..
... Құм көгіне "Ұран От" тарап барша,

Ұшып жатты жалыны парақтарша...
Бес қаруын белге алған, жарау атты
Алпыс жігіт жиылды таң атқанша.
Бөрі алатын ақ иық - күйіне еніп,

Қалнияз тұр өлеңмен құйын өріп.
Әрқайсының бабасын мақтағанда
Кете жаздап қаласың иіп өліп!
Амантұрлы, Қожалақ, Арыстанбай, Әбілғазы,

Кенжебек — қарыс маңдай.
Ат көтермес алыпты. —
Қара атанмен
Палуан Балта жетіпті қалыс қалмай.

Сақау менен Қара тұр — төс керісіп,
Есен, Сүгір — Шабайдың қос бөрісі!
Осы қазір көзіне жау көрсетсең,
Бердалының келмей тұр не істегісі!..

Балуанияз тұр бәрін көзбен шолып,
Барлығы да талай қыр кезген серік.
От басында сомдаған ойларының
Мүсіндерін жөнелді сөзбен соғып.

— Ай, жігіттер!

Туды елге тағы да күн,
Тағы түспек ортаңа шаңырағың.
Маңғыстауды майқандап жатыр дұшпан —
Тебірентіп Бекеттің Әруағын!

Ойдағы елді жау алса,
Өрдегі Адай! —
Түйіседі бастарың төрде қалай?
Аруыңды теңселтіп жауың кетсе,

Өтпейсің бе өмірден жерге қарай!
Хиуаның нешеме жылдан бері
Өтпеді ме азары, қылған кері?!.
Қанша Зауал шапса да, атамыздың

Ат мандайын бар ма еді бұрған жері!
Қырықмылтық' шабылды — Қармыс өлді,
Сүйінғара сабылды — сан кісі өлді.
Қырық жігіт айырды Бәйімбетті,

" Кешіп жүріп кеудеден қанды селді.
Ақ қайыңның тозынан салған ері —
Алты Алаштың Ер Шабай — ардагері,
Үш жүз аулы Әлімнің таланғанда,

Шабай барып айырып қалған еді!
Өмір, Темір жау қуды желкелеп кіл,
Дәуімшар мен Құдабай, келте кеттің!
Құлбарақ пен Мырзатай кімнен кем ед,

Өмірі өтті жау бетте — Ер Төлептің!.
Ат бұланды, ер өлді жанпелімде,
Арың кетіп баратыр жан — теріңде.
Алды өмірде тірліктің, арты — өлімде,

Табысайық, иллаһи, Ар төрінде!
Кімнен, сірә, көшпеген қапы — жалған,
Мүлкің емес, құдайдан сатып алған.
Арман бар ма жігітте — жаудан өліп,

Ұран болып ауызда аты қалған!
Бізге осы жау, жігіттер, түс — сыбаға!
Үш жүз жауды алпыс ер — қыстыра ма?!
Қарға, құзғын қанаты далпылдаған

Көп болғанмен сұңқарға күш қыла ма!
Дауамдадым айтатын сөзімді ақыр,
Мына қырда, Ер Бабам, көзің жатыр! —
Баба көзі жұмылмай жаудан қашсаң:

Қатының — талақ!
Тұқымың — тұл!
Өзің — кәпір!
"Ұлым!" — деген еліңнен атты аламыз,

Не болмаса біржола жат боламыз.
Қарындасың еңіреп баратқанда,
Тұрып болмас мөңіреп! —
Аттанамыз!..

Балуанияз сөйлеп кеп барын сала,
Дауылпазбен жөнелді сарын шала...
Ертпей кетті атадан жалғыздарды,
"Ағажан!" — дап артынан жалынса да!

Көк темірдей кілең бір кескіні ердің,
Көлеңке боп үстінен көшті дөңнің...
Жау алдынан жампоздар жосылғанда,
Бәрі ерді, деп айта алман — Естігеннің!

Су жүректі су жыра қымтап қалып,
Күн батқанша тығылды - ай шынтақ талып.
Ермей қалды біреуі "аты ақсаған",
Келмей қалды біреуі "сырқаттанып".

"Біреу үшін қайтеміз жаралы боп,
Күн көрейік одан да шамалы", — деп,
Өкпеледі біреулер: "Су басында
Балуанияз бір кезде сабады!" — деп...

"Қалса - ай түгел қырылып кіл надан!" — деп,
Қарғыс айтып тұрды іштей бір жаман боқ...
От басында бықсыған көп мартуды,
Пенде түгіл пері де тыңдаған жоқ.

Шайқас

Келген жау кері қайтар екі жол бар.
Екі сай — Ебелектің ең терісі,
Болмаса Босағаның Қарағаны.

Түмен.

... Сауыттарын шешкен жоқ Самда киген,
Бес малтадан басқа нәр алмады үйден.
Қайтар жауды баспалап баққан жері —
"Қарауылға қара оба қалмақ үйген".

Оты қанық аттары тасада ақыр,
Жастарына үлкендер қосады ақыл...
Сол қанатта — "Ебелек — елу аңғар",
Ту сыртында - "Қараған Босаға" тұр.

Бір шекеде қыры үшкір ақ алмас шың,
Бір бетіңде көк кебір — бара алмас шым.
Кезі келіп дұшпанмен қандасарда,
Ыңғайлы жер дәл мұндай таба алмассың!

Дулығалы құба нар — шалғы аяқ дөң,
Кеудеде - шер,
Бойда жел қалмай, әттең! —
Іздеген жау жасанып келе жатса,

Бұл құдайға бар енді, қандай өкпең?!

— Түсір, кәне, Қалнияз, бұрауыңды!

Ер қайрағы!
Жарқырат — бұ қауымды!..
... Домбырасын ер жырау төкпектетіп,
Бұрынғы өткен ерлерді қылады үлгі:

- "... Кешегі өткен Ер Төлеп,

Жауды қуды ентелеп...
... Астындағы құла аттың
Танаулары талыстай,
Құлақтары қамыстай. ...

Омырауына қарасаң —
оралып жатқан түбектей,
« Ерініне қарасаң –
қақтап шапқан күректей.

... Бауырлары аралдай,
қабыртқасы шеңбердей,
Омыртқасы отаудай,
шоқтықтары шоңқалдай,

Сауырына қарасаң —
Сыпыра халық орнайтын жонсаудай..."
"Егеудей тісі жанылған,
Ебейдей төсі салынған,

Еңіреудей көзі үңілген..."
... Жолбарыстай жарқылдап — балақ қанды,
Аттан өтіп Қалнияз әрі аққанды...
Тұрманбетке сыйлаған нар Құлаға

Балуанияз байқамай қарап қалды.
Тұрманбет те қырағы ед көзбен ілген,
Байқап қалды дос өңін өзгерілген...

— Мен — егізің,

Құла атың қанатың ед,
Қанатынды қимайын өз қолыммен!
Жаудағы елдің қайтарсаң көшін кері,
Тай табылар — даланың төсіндегі.

Пейіліңнен айналдым!
Ал бүгінше,
Қанатынды еркін қақ, досым! — деді...
Қос құрдастың қылығын бақылаған,

Домбыраға қол созды ақын ағам ...
Осында бар ерлердің алдына кеп,
Тұрып алды домбыра "аһылаған".

— "... Астыңа мінген атың шұбарлы,

Құйрығы жауды көрсе шұбалады.
"Бекет!" — деп ту түбінде Асар тұрса,
Қолыңнан байрағыңды кім алады?!"
"...Бердалы, Байтуғаным, Кенжебегім,

Қандыршы айызымды сен де менің...
Артыңда ел тұрғанда, кеудеңде — жан
Еш жерде дұшпанға Арды бермеп едің!"
"... Көк жұлын Есен де тұр Сүгірменен,

Жүйрігім жауға шауып мүдірмеген.
Әруағың ақ бұлттай күнге өрлеген,
Ежелгі ер емес пе ең дүбірлеген!
Кешегі Шабай еді - ау Әкелерің —

Осындай ерегесте кідірмеген!.."

— "... Амантұрлы, Қожалақ! —

Ей, Халқымның қорғаны,
Жау үстінен ар алған,
Ел үстінен баға алған.
Сорлы ма еді қайратың,

Кешегі өткен Есеттен —
Қалмақты қуған Шағаннан!
Айбарың артық арыстан,
Жүрегің берік құрыштан...

Ерліктерің кем бе еді
Кешегі Төлеп, Қармыстан?
Ағаларың бұрынғы Есенғұлдың
Есегі Таутайлақпен алысқан,

Жезтырнаққа жабысқан,
Сармыс, Шотан, Ер Жанақ,
Қалмаққа қарсы қарысқан.
Атағозы, Ер Лабақ

Дұшпанды қуған қоныстан.
Дәуімшар, Мыңбай, Құдабай
Орысқа қарсы ұрысқан.
Аржағың Алаш құралды,

Бер жағың Адай ұранды,
Сен — соларға туысқан.
Егесті жерге келгенде
Ер өлмейтін бе еді намыстан?!

Ылайқат емес ерлерге —
Дұшпанын көріп ығысқан.
... Әруаққа сиынып
Ұрандап жауға ат қойсаң.

Келінберді, Құдайке —
Ізіңе ертіп лап қойсаң —
Әруағың аспай ма?!
Дұшпаның қорқып қашпай ма?!

Ертең елге барғанда,
Ерлігің хабар болғанда —
Қалың елің жиналып,
Алдыңнан шашу шашпай ма?!"

... Осы жерге келгенде: -
Аттан! — деген,
Дауыс шықты атқандай сақпанменен.
Көзапара дүрлігіп қоя берді,

Сағымымен бұрлығып жатқан белең.
Қара шаңға қақалтып кәрі белді
Жау келеді! —
Жігіттің бәрі көрді.

Есебі жоқ айдалған төрт түліктің,
Аяусыз - ақ тонапты қалың елді.
Хиуаның жетпеген өлсе қолы,
Ұшан байлық ырықсыз жол шегеді.

Түбіршік жал көп жылқы толқынданып,
Қырғауылдай қызыл нар теңселеді.
Көп бұйымға толғанмен қойындары,
"Олжа бала" құлдану ойында әрі —

Арқасында солардың келеді ойнап,
Көк алақан бұзау тіс дойырлары.

"Олжа бала" - жүрегін қанға қарып,
Өлгендер бар өз басын жарға жарып!..
Тарту етпек серті бар ханға барып,
Он баланы ішінен таңдап алып.

"Жанарлары Үркердей жұпыланған",
Қыздар бөлек — дұшпан ит құтын алған.
Құтылардан үміт жоқ — қараса артқа,
Көкжиегін ала шаң тұтып алған.

Алда сағым — жеткізбес алыс арман,
Бұйқыт жатып қырылды — алысар жан.
Дауыс салып келеді көп келіншек —
Торға түскен бұлбұлдай бағы солған.

Жел кетеді ақ шаңнан түбіт ескен,
Сол түбітті қыздардың үні тескен.
Шағбан айда шаттанып жүрген мұңдық,
Шолады алдын көзімен — үміті өшкен.

Тұтқындардың көбесін сөккен шемен,
Желмен жетіп ерлерді тепті еңседен.
Лақтырардай қара тас мүгін жыртып,
Арулардың даусынан көк теңселген!

"...Жұмалап кеттім ылдиға —
Енді бізге өр қайда?
Ағып барам дарияға —
Сүйенетін тең қайда?

Айдындықтай көл қайда?
Жағалай қонар ел қайда?
Маңғыстаудай жер қайда?
Алпыс басты ақ орда —

Айбарағын асырып
Төскейге тігер күн қайда?
Алтын шашпау тағынып
Құлпырып шығар күн қайда?

Алтын сандық, алпыс тең —
Төрге жинар күн қайда?..
Қара күн туды басыма —
Таралып өсер бой қайда?

Бұрынғыдай сой қайда?..
... Аспанымды бұлт басты —
Суыққа неғып шыдармын?
Ыссыға қалай күйермін?

Көк арбаға қайтіп мінермін?
Көн шарықты шұнақ күл —
Ер деп қалай сүйермін!
Жау қолында, жат жерде

қалай дәурен сүрермін?
Патша құдай, кең құдай,
Үш жүз алпыс әулие!
Оғландыда ер Бекет!

Айдауға кетті балдарың,
Талауға түсті мал — жаның.
Қазағым қара жер болды,
Қырылды ауыл - аймағым.

Қара бұлттай қаптаған
Найзалы жендет жан - жағым.
Былдырлаған ит жауға
Күң болып барад ардағың!

Ерлерге хабар сала алмай,
Шайнауда кетті бармағым!.."
... Сәл сабыр ет!
Зарлайсың неге, бейбақ?! —

Пірлер сені жібермес елемей қап.
... Қыздар жаққа —
Инелі келес" құсап Құрайышты
Құрбашы шегеді айбат!

... Сүрт көзіңді!
Сәл кідір!
Тұлан ашу!
Кек қамшысы — көз жасы!

Құрабасы — у.
Ер қайратын танырсың осы жолы —
Құлама су!
Алмас шың!

Ұлан асу!
Тербеп тұрса туған жер тас құрсаққа ап,
Не болғаны жанардан жас бұршақтап!
Сен де таны тұяғын хас тұлпардың —

Тусыраған тарғыл жон!
Қасқыр - соқпақ!
... Балуанияз, Тұрманбет —
Қосқан аңға

Қос сырттандай көздерін тосқан алға.
Балта палуан нар сынды, аунағанда
Төрт аяғы тимейтін төс табанға!
Кірпігімен дұшпанын бытыратып,

Қожалақ тұр жау шебін түтіп, атып.
Ер Шабайдың Сүгірі шыдамай тұр,
Дулығасын шекесі шытынатып.

— Ауызданған ел едік бастан қанға! –

Жерде — Бекет, жар болсын, аспанда — Алла! —
Асар сұпы берді ақыр батихасын,
Табанында тұлпардың тас талғанда.
"Көкте — Құдай, ендеше, жерде — мен!"

Келе жатыр көп дұшпан төрден өрлеп.
Қаражардың озғанда қапталынан,
Алпыс жігіт шықты алдан көлденеңдеп.
Қарсылықсыз қайтқан жау бастан аттап,

Әлпайымда қалғандай сасқалақтап...
Аз екенін білген соң тосқандардың,
Тұра шапты тұра алмай бас сағаттап.
Назар тігіп шұбар шың, мұнар қырат,

"Не болды - лап?" — ішінен тынар, бірақ..
Қиғаш сілтеп қылышын — келеді ағып,
Қиғаш канат аққудай — кіл арғымақ.
Қазақ қанын келген жау қана татып,

Қиқулайды аспанға қанат атып...
Жиырма мерген ортасын ойып түсті —
Шақпақты мен қырлыны қабат атып.
Жөнелді жау ізіне шырқ айналып,

Қайта шапты шыдамай шырқай барып...
Шөгермелі түркпендей қалың қурай
Жер тістеген жетеуін қымтай қалып.
Қара обаның шаң болды қапталы кең,

Үш жүз түркпен бұл жерден таппады жөн.
Жолатпады қылтадан қиып атып,
Үшінші рет — шашырап шапқанымен.
Қатарына қарайған зақым келіп,

Тоқайрап тұр шаба алмай тақым керіп...
Сүйреп әкеп өртеді Сүгір сонда,
Бір дұшпанды — жығылған жақын келіп.
Өртенгенін көрген соң, жан ұшырып,

Шыдай алмай лап берді бәрі суыт.
Отыз мылтық бұл жолы қатар ұрып,
Түркпен тағы шегінді қаны суып.
Түкірігі мылтықтың текке кетпед...

Шайқасар шақ жеткендей бетпе-бет кеп,
Кенет біреу майданға шықты ойнақтап:

- Балуанияз!

Бармысың?
Жекпе - жек! — деп.

- Қолбасшының өзі ғой! —

Бөрі батыр!
Тап қылды ма, құдайым сені де ақыр!..
... "Аяғыңды аңдап бас, құлыным - дап!" –
Маңғыстаудың боз бұйра белі жатыр.

- Өзің едің құдайдан сұрағаным,

Тиюін - ай, молынан сыбағаның!..
Сан қазақтың кәпір ед қанын ішкен,
Мен ішермін, бұйырса, сірә, қанын!..
Наркескен мен найзасы — ала мойнақ,

Балуанияз ұмтылды:
"Бабам - ай - лап!".
Қызыл - сары жалындай — астындағы
Талау тигір Нар құла ат барады ойнап.

Қара обадан ағыза құлап түсіп,
Арғымаққа жеткенде құла ат та ұшып, —
Бөрі батыр жатты аунап топырақта,
Қалған сынды, мысалы, тұмақ түсіп!

Қақақулай бергенде көп қызынып,
Ала мойнақ көбені өтті бұзып.
Ақ алмастың ақсиған аранынан:
"Ұрдың, қазақ!" — деген сөз кетті үзіліп.

Жалбарынған Адайлар: "Аллам - ау!" - деп,
Қынжылысты: "құмарым қанбады - ау!" — деп.
"Ала қырды шулатқан Арлан Бөрі,
Тарпуынан Шерінің қалмады - ау!" — деп...

Балуанияз ақырды көкті кенеп,
Қара обадан бір дауыл соқты, демек.
Бір - біріне лап қойып екі толқын,
Аласапыран басталып кетті кенет!

Алпыс ердің — жанарын қан қаптаған
Қоя берді аузынан сарнап боран. —
Қыз - келіншек дауысы жеткен шақта: —
Қыр дұшпанды! Иә, Бекет! Әруақ - таған!

Палуан Балта ақыртып жалды атанды,
Жетті келіп майданға ол да қанды.
Тиген жерін тезекше үгітіп жүр,
Сермегенде шыбықша нән бақанды!

Қан түкіріп қылыштан — қысқан қайрат,
Қол оқ — нардай бақырад ұшқан бойда - ақ.
Қожалақтың алдына апарып жүр,
Амантұрлы ажалды дұшпанды айдап!

Кеткен кезде көп үннен тыраулап маң,
Нарбас шыңдар шабынып тұр аулақтан.
Есен, Сүгір емінед екпіні ерен,
Ер Шабайды орнында мың аунатқан!

Қойған қару жоқ, сірә, қында қалып,
Ақ алмастар — алғандай шыңға жанып.
Кетті талай шақша бас шоқпар тиіп,
Шөгерменнің ішінде - ақ мылжаланып.

Күрсіл қайдан демеңіз, ыңқыл қайдан,
Бір дәурен бұл — жүзіңнен күлкің тайған.
Аша беріп ауызын үнсіз өлед,
Ұрған кезде ақ сүңгі шұрқылтайдан!

"Жау қайда - лап!" — жеткен ер шерге меңдеп,
Сірә, қапы қаруын сермеген жоқ.
Көзге кірген бір найза суырылмай қап,
Жауын алып құлады жерге көлбеп.

Тау қарайды қырғынға ел - сел болып,
Безіп кетті жыраққа жел сенделіп.
Жерге түскен Айладыр рухындай,
Тұяқтарда тапталған сеңсең бөрік.

Гүлді бояп күрең қан жаңа тамған,
Қан шеңгелдеп құлады сан атарман.
Олжалады сәтімен бес түркпенді —
Белдеріне қос - қостан бала таңған!

Барлық пенде шайқастың көнді ырқына,
Жеңіс қана қайтармақ ел - жұртына.
Иесін тастап талай ат босап шығып,
Ағып барып қосылды көп жылқыға.

Қалың жылқы, қой, түйе желдей өріп,
Аз түркпенге қайырған бермей ерік —
Бірте - бірте жұтылып сіңіп барад,
"Елу аңғар" бойына дендей еніп.

Қарағұстан қақ сойыл күйрете ұрып,
Тағы біреу көк тасты сүйді өкіріп.
Үзеңгіден аяғы шықпай қалып,
Бара жатыр бір бейбақ сүйретіліп.

Қасық қанын кеудеден сығып алмай,
Кідіретін бұлардың жыны бар ма - ай!
Тоқтамасқа бекінген екі жақ та,
Мына қырда — бірі өліп, бірі — қалмай!

Ақал, Теке, Жәуміт те — қасқыр еді!
Адайдың да тырнағы тас тіледі.
Тандап алып тоғысқан жолдары — осы,
Осы жолға, қайтсе де, бас тігеді!

... Қан сидіре шекеден құлата ұрып,
Сан жау қалды сыртында бұратылып.

— Бақы Қара!

Ер болсаң бермен кел! — деп,
Ер Тұрманбет атандай жүр ақырып.
Бақы Қара — жетті ол да ысқырынып,
Долы ашуы қақаған қысқа ұрынып,

Қағып ұрып қылышын, жағадан ап,
Жалғыз ырғап Тұрманбет түсті жұлып.
Тұрманбет пе ед! —
Төбеден ұрған көк пе ед?..

Білді Бақы!
Білсе де бұрған жоқ бет.

— Қалай, батыр!

Қасыңа келе алдым ба? —
Басты аяқпен кеудесін Тұрманбет кеп.

— Неге асылық сөйлейсің?

Келмек түгіл
Таптап тұрмын кеудеңді — жер боп құның!
"Мен — Ажалмын!" — деп едің, мыра көкең
Өз қолымен ажалды көмбек бүгін!

Бақы Қара батыр ед "әттеңі" жоқ,
Құсып қалды айтарын сәт — кезі кеп: —
Не істесең де өзің біл,
Армансызбын! —

Апандікі баяғы — тәтті еді!.. — деп.
Жаудың сөзі жүрегін жарғанда оқ боп,
Тұрып қалды Тұрманбет — жанған жоқ тек!.
... Сылып алып ұмасын тықты ұртына: —

Тәтті болса, мәңгілік талмап жат!.. — деп.
... Бозойнақпен содан соң желіп кіріп,
Жауды қуып жөнелді бөріктіріп.
Тағы тоғыз дұшпанды жер қаптырды,

Ұрған кезде құлашын керіп тұрып!
Жаудың ақыр бұзды ерлер қысқан сеңін,
Бойларында сең бұзар күш бар — сенім!
Дар - дар жыртып шіріген шүберектей,

Ыдыратып кетті енді дұшпан шебін.
Ер найзасы жауының жарды таңын,
Шөпке келіп тигендей шалғы — қалың.
... Тігісінен сөгілген қара шапан

Қалып жатты басында әр бұтаның.
Қайтқандай бір қарымы кекті азаптың,
Түр кісінеп Ұраннан — көк боз ат - шың.
Көп дұшпанның қарамы шөкімдей боп,

Безектеп жүр алдында топ қазақтың.
Шөгермелер шашылып тезек құсап,
Жау адымын ат пен оқ кезек тұсап,
Қаржалыңқы арғымақ Жүр бұраңдап,

Көкмойнақтың алдында көжек құсап.
Көкмойнақтың шабысы - ай, душар еткен!
Талай әнсар алыстан сусап өткен.
Таңнан шапса — құтырып кешке қарай,

Қашып көрсе — құтылып, қуса — жеткен!..
... Иығына шошайған мылтық іліп,
Шыға қашар жол іздеп — зынты құрып,
Мал мен жанды тастай сап, бес - алты жау

Бір қырпудың астында тұр тығылып.
Балуанияз — қыран көз байқап қалды,
Жарқылдайды орғанын жайпап шалғы.
"Қуып жетіп найзалап тастайын!" — деп,

Қой мойынды құла атпен шайқап салды!
Жауды жеңіп болғанда, тәмамдап бұл —
Қалмаса еді есіл ер арандап бір...
Сұр қарлығаш сияқты түйіп ұшқан,

Шабысын - ай құла аттың,
Жамалдатқыр!
Қаққан сайын қанатын екпін алып,
Бір ақ жұлдыз, мысалы, кетті ме ағып!

Шыға шаппа — шығынған арғымаққа
Ұзатпай - ақ нар құла ат жетті барып.
Алты түркпен безектеп қалмай жаны,
Елін ойлап баратыр шалғайдағы...

Ағып жетіп артынан Балуанияз
Енді шанша бергенде ... ақ найзаны...
Алып кетті тау ішін "шаңқ" еткен үн,
"Шаңқ" еткен үн, осынша, әнтек пе едің?.

Аттың жалын қан жуып қоя берді,
Ғұмыр бойы аз ба еді - ай, қан төккенің!
Ақ найзасын қайран ер тынды ұсынбай,
Қақ жүректен оқ келіп ұрды сұмырай.

Көзден көшіп дүние жүре берді,
Дөңгеленіп — диірменнің ұңғысындай!
Айырмады әлпайым бағыт — бетті,
Қол басындай қу темір жарық төкті...

Жаңа ғана кекілі көзін сүрткен
Құла жұлдыз тақымнан ағып кетті.
Құла жұлдыз - құлпырған құралай ма ед?
Жау ішінде жоғалды сынадай боп.

Жан ұшырып қорғаған ата - жұртқа,
Арыстай боп шалқадан сұлады - ай кеп!
Арқар құсап қиядан атырынған
Болмаса игі, құдай - ай, аты құрбан! —

Жарлық келсе - құлпырған құла дүние,
Шығып кетеді екен ғой тақымыңнан!
Сол жұлдыздың көзінде ұшқыны қап,
Қанаттарын бір бұлғап ұшты қырат.

Жау қолынан зәредей жасын түсіп,
Нән бәйтерек ұзыннан түсті құлап.
... Шүріппесі саусаққа ілгіштенген,
Ұңғысы бар титімдей ұңғыс келген. —

Мына қырда — ағылшын тапаншасын Балуанияз —
адам ед тұңғыш көрген...
Бетін басты бұлаққа жалбыз жылап,
Етегіне сүрінді андыз құлап.

Ілдіріп ап дұшпанға шылбырынан,
Жау ішінде жоғалды жалғыз құла ат...

- Күні бойы жүрмеп пе ең көркің қан боп,

Түгел қыру дұшпанды — сертің бар ма ед?!
Жалғыз қуып жауынды нең бар ед? — деп,
Досын құшып өкірді ер Тұрманбет.

— Қарғысы ма Бақының — қанды қақпан? —

Бірге шығып кетуші ек сан дұзақтан,
Қан кешуден бір сызат түспей келіп,
Мерт таптың - ау, қой боғы — жалғыз оқтан!

— Атқа түскен көзіңді көрдім неге?

Жел - көңілдің ырқына көндім неге?
Өз қолыммен қидым - ау сені ажалға,
Талау тигір құла атты бердім неге!
Зәрлі құрсау халқыңды шын қысқан күн,

Орыныңа мен енді кімді ұстармын?!
Сенің жалғыз күлкіңе татыр ма екен,
Қанын ішсем бауыздап — мың дұшпанның!..

—Ай, Тұрманбет!

Ер ісі — сабыр етпек,
қаза келсе жас — өлмек, кәрі — кетпек.
Қанша боздақ, әнеки, жайрап жатыр,
Кімді аяған бұл Ажал — Әбілет! — деп, —

Басу айтты Асекең — Хақ — ғұлама,
Бозселеу боп бас изеп жатты дала...

— Елді айырып дұшпаннан шейіт кету—

Мұндай қаза жігітке таптыра ма?!
... "Қанжыға қаю"' — жадағай астарында —
Түкті бұлт бар —Қаражар аспанында.
Дауыс сап жүр қаптаған қыз-келіншек

"Ақына Шейіт"" ерлердің бастарында.
Құран оқып Шейітке дара - дара,
Туын шаншып Асар тұр — Самалаға."
Қанын жумай,

Киімін кебін қылып
Барлығын да жерледі — Қара обаға.
"Ел жолына ер болса — тіксін басын!" —
Тік шың басын көтеріп, сықсын жасын.

Жұрын - оба қымтайды омырауын,
Шейіттердің шығармай "шып - шырғасын'
Зиярат қып Ерлерге ел жүрелеп,
Аттаныпты жан - жаққа — соңғы дерек...

"Жау да болса, нәсілі — мұсылман," — деп,
Көп түркпенді етекке көмді бөлек.
Бұл далада осындай өтті де ойын,
Баурап жүрді көп жылдар көптің ойын.

"Қалмақ үйген қара оба" — бір кездегі
"Балуанияз" аталып кетті кейін.
Жеткен дұшпан жаныңды аларман боп,
Ерлер құрған өтпеді араннан көп.

Алпыс сегіз жыл бойы — Осыдан соң
Маңғыстауға Айладыр шаба алған жоқ!
Тау айтады қырғынын сонда көрген. —
Бір ұл шығып қозғар деп — ордалы елден...

Төршіл Төре — бабасын кетті ұмытып,
Босағасын дұшпаннан қорғап өлген.
Сол қырғынды еске алып анда - санда,
Желпіп біздің сөйлейтін шал да сонда.

"...Сол Бөрінің қылышы ақырында
Бұйырыпты, — деуші еді, — Ер Досанға"!.."

"Құла ат басы"

Алаштың Балуанияз — ақпарлы ері! —
Құла атты қой мойынды Құдай үшін
"Жолына Ер Бекеттің садақа " деп,
Тұмарды төрт бұрыштап таққан жері.

Түмен.

"... Бұлбұл ұшты Маңғыстау қол ұшыңнан,
Басқан екен албасты сені шыннан..."
"Сегіз арыс Сейілхан" сенделіп жүр,
"Адайлардан жеңіліп — белі сынған!.."

Сариғауып кеудеде азалы арман,
Ел шабам! — деп жазылмас жазаны алған —
Екі жаққа теңселіп бақшы біткен,
Жоқтайды - ай кеп, ерлерін қаза болған.

Өришанның" таусылып тірі Пірі,
Өшкен сынды түркпеннің үміт үні ...
"Көпейоғлы!
Құрттың, — деп, — тұқымымды!" —

Хиуа Ханын қарғайды күні - түні.
Жүруші еді жасанып жолы боп кіл,
Бөрі жоқ - дір! —
Қалды де төңірек тұл!

Үш жүз ерден айрылып кіл әруақты,
Жалғыз құла ат жетектеп — оны кеп тұр!.
Бөрі батыр — осы істің артын андап,
Аман қайтса —

Орысқа шарқы" жалғап,
Болып еді - ау есіл ер — Маңғыстауды
Біржолата Адайдан тартып алмақ!
Ол арманды енді кім іске асырсын?!

Түнде жүріп кім, сірә, түс қашырсын?!
Елде қалған, көп бейбақ, еркексінсең –
Етегіне қатынның тіс қасырсың!
Сөйтер, елдің таярда бастан бағы,

Жауда қалды мүрде боп — басты арманы.
"Адыра қалған Айладыр!" — Енді саған
Маңғыстаудан — ай жуық аспандағы!..
Теріскенді боз дөңнен — төбесі орғыл

Енді жүріп жол таппас көп есер күл! —
Тандыр - құмда тамшысын талмай алмай —
"Ойда — Талақ, қырдағы Көгесемнің!.."
Қанды шеңбер — көк найза — қамалды ерден

Оразмеңді, Ақмәмбет — аман келген.
Осы екеуі, алдымен есін жиып
Артта қалған қырғыннан хабар берген.
Еске алғысы келмейді, ал қалғаны,

Жаман түстей — көрген бір жалғандағы.
Аман келген онның да екеуі өлді,
Қабырғадан таусылмай тамған қаны.
... Оразмеңді — кеудеден жалын атып,

Ұйықтамайды сұрапыл сарын атып.
Қан құйысқан дұшпанның құла атына
Бір міне алмай ит боп жүр, қаны қатып.
"Мінетін ат — жылына төрт тағалап!" —

Солай десті сан сейіс қарт бағалап.
Қолдыраған танауы шелектей боп,
Кісінейд те тұрады артқа қарап.
Алдап көрген жем беріп, шекер беріп,

Шықты барлық айласы бекер болып.
Адам көрсе су ішіп, шөп жемейді,
Сыбыр еткен нәрседен секемденіп.
Барлық шарқы бұл атқа ем болмастай,

Оразмеңді — сан тұлпар көрген жастай –
Тақым салса атына қас жауының,
Қатынына шапқаннан кем болмастай!
Бүл нағылған мал емес — шайтан ат ед!

Сені бұған тап қылған қай пәлекет!
Тұқым алмақ болып ед, айғыр ғой деп,
Пысқырмады — қойса да байтал әкеп.
Жүретін - ақ ат еді құмайша ағып,

Тап қылып ед, қолына Құдай салып.
Салдырмайды ер арқаға! — Санына — арқан,
Шыңғыртса да ерінге шұрай салып!
Мысқал дегбір қалмады батырыңда,

Енін сылып тастады ақырында! —
"О, қан жауғыр!
Бақыдан Әулие ме ең,
Қалған кеше қан саулап тақымында!.."

Сонда да атқа жұқпады ем түкірік боп,
Тұрса да ісіп талтаңдап бұты құп боп.
Екі көзін ағызып жіберді ақыр,
Оразмеңді бір күні құтырып кеп!..

Жетпеді шын бұл құла тажалға әлі...
Жемейтін ел жылқы етін — озалдағы...
Сатпақ болып шешті атты Оразмеңді,
Жылқы жегіш біреуге базардағы.

... Сол күн тұңғыш шықты алып тал шарбақтан,
Барлық жігіт — тұл қырсық шаршаулы аттан.
Бейбақ құла дұшпанын көрмей қалды,
Көзден — сора, бұтынан қан саулатқан.

Бұл маңайдың қалғандай желі де өліп,
Тік тартылған жол да жоқ желі болып.
Ең жаманы — Иесі келмей қойды,
Иегінен сипайтын еміреніп!

Ығыр болды мігірсіз қан — жосадан,
Бизар болды қарғаған қарбашадан. ...
Тарпып үзіп жөнелді кенет құла ат,
Шағында бір дұшпан — қол сәл босаған!..

Қызғыш жебе кірістен кетті атылып! —
Қуып берді қиқулап көп қапылып.
"Жібермеңдер тірі!" — деп Оразмеңді,
Тапаншасы қолыңда — от қақырып.

Бұлай қумас, қолынан Пірі кетсе!
Келеді ағып көп түркпен түріп өкше.
"Қазақтардың ат деген — Әруағы еді,
Біздің қолдан болмайды ол — тірі кетсе!..

Тастап шықты Нар Құла ат қан - дұшпанды
Жел де ұмытып қалғандай жалды ұстауды.
Қанды бұлттан бөлінген құла жасын —
Аумай тапты маңдайы — Маңғыстауды!

Маңғыстауды маңдайлап ағар жасын,
Қамбар Атаң құла атқа тағар ма сын?!
Бола ала ма су мен шөл оған бөгет —
Судан шыққан Суыннан жаралғасын!

Тұяғына даланың соқпағы анық,
Түнек ғалам кенеттен кетті ағарып.
Шуылдасқан үні өшті көп түркпеннің,
Ат түгілі,

Қойды енді оқ та қалып!
Ат түгілі, қойды, рас, оқ та қалып,
Қайран тұлпар,
Үстірттен от боп ағып,

Ертесіне Қараған Босағаға —
Балуанияз басына жеткені анық!
Күмәнданар тірі жан жоқ па маған?
Бар болса егер, ақиқат — сотқа барам!

"Соқыр құла ат батырдың басына кеп
Үш күн тұрды!" — депті бір жоқ қараған!..
Үш күн тұрды азынап сорлы құла ат.
Батыр жатқан — соқыр көз — көрді бұлап.

Иегінен сипалап еміренер,
Тұрғыза алмай кетті ақыр ерді, бірақ...
Қанатында лыпылдап ғафыл-жалған,
Қай жер еді тапанша атылған маң? —

Ақырғы рет кісінеп құлап түсті ат,
Белге барып белінен батыр қалған!
"Мүмкін емес!" — деп, досым, бақайды іліп,
Топас мінез танытпа,

Топай — қылық...
Батыр өлген, ат өлген сол төбені:
"Құла ат басы" — деп әлі атайды жұрт.
Бейітке әкеп Тұрманбет тұрғыласы,

Сықылданып батырдың бір мұрасы —
(Көргендерден естуім) — Көпке дейін
Жел мүжіген тұлпардың тұрды басы!
Қос көзіңмен ештеңе көрмегесін,

Белгілі ғой сенің де тергемесің...
Қалай тапты соқыр ат —
Ерін, Жерін? —
Мен — білмеймін!

Сұрай жүр Сен де, досым!..

Сол - Қисса немесе Тұрманбеттің қазасы.

1915 жыл.

Бойын түзеп даланың құр атындай,
Балуанияз керіліп тұратындай...

Есенғали РАУШАНҰЛЫ.

Жел де тынды — бір-екі жұлқынған боп,
Ел де тынды — қайыра ұмтылған жоқ... –
Балуанияз!
Не жатыс?

Мен келдім! — деп,
Жан досының басында тұр Тұрманбет.
Сол баяғы Босаға жалы жатыр,
Бітіргендей күзгі жел жағына тіл.

Көшін бүгін қондырды осы араға
Тоқсан жеті жастағы кәрі батыр...
Өткен күндер жанына жалын үрлей,
Жеткізердей жырақтың сарынын кей.

Тас молаға сүйеніп теңселеді,
Буынынан әл қашқан Кәрі Білдей.
Жеңді...
Бәлкім, жеңбеді көп дұшпанын,

Кешіп өтті тозақтың шет-пұшпағын.
Оқ түкірген тапанша ештеңе емес,
Көрді талай орыстың "от құсқанын".
"... Хабар сұрар жөнің бар түрегеліп,

Отырмын ғой қасыңда, міне, келіп...
Сен өлгелі алпыс жыл, Балуанияз,
Алпыс батыр таусылды түгел өліп.
Көңіл — талық.

Көз — жабық.
Сезім — жарық.
Саған жетті сол жарық төзімді алып.
Жылы орының суытпа, жан досым - ай,

Сол хабарды айтайын өзім барып.
Жағаластан қаусады ақыл, қайрат,
Бүгін мені алып қал, батыр, байлап!
Біздің қару өтпейтін шапқанменен,

Келе жатыр даланды кәпір жайлап.
Көрдім, ұқтым — заманның ғаламатын,
Тажал шықты танымас адам атын.
Бүгін мені қал, батыр, қасыңа алып,

Балалардың көрсетпей жаманатын!..
Біле алмайсың төре кім, көрдемше кім?
Босағадан ант кетті!
Төрден — сенім!..

Арманың да жоқ екен, Балуанияз,
Өзіңдеймен алысып өлген сенің!
Көкірегіңе баяғы өрлеген оқ –
Сан боздақты жоқ қылды жерге бөлеп.

Менің халім қалмады елді қорғар,
Әруақ болып жатпасам — көрде жебеп.
Көз жабылып, көңілің ластанса —
Сорлы жүрек береді шыдас қанша?

Бүгін мені жібермей бірге алып қал,
Балуанияз екенің рас болса!..
Қарайтындай елесің қас кейіпте. —
Тіл қатпайсың —

Тығылып тас бейітке.
Соз қолыңды! —
Қолыңды мен едім ғой,
Елден бұрын жеткізген — "Ақ шейітке"..."

... Кәрі батыр сөйлеп тұр қатты налып,
Қара көздің түбінен ақ тұма ағып...
... Жұлдыз шыға үзілді
... Ертесіне

Жан досының жанына жатты барып.
Шыны осы ма?
Жанынан қосты ма елім? —
"Орындапты Өлі Әруақ — дос тілегін!"

Қатар тербеп жырлайды Әже-Төбе,
Еңіреген "Елім!" - деп қос Түлегін!
Қара обаның басынан шырқ айнала —
Бір бұлт, бір құс жүреді — шымқай қара...

Жатады үнсіз — елі бар ерлігі жоқ,
Желігі жоқ желі бар — сұрқай дала.
Есігінен енбейтін жарыместің,
Өткен күннен — үзілмес сарын естім.

... Содан кейін, өлді деп естімедім,
Балуанияз басына барып ешкім...
2001 — жылан жылы. Желтоқсанның
23-25 жұлдызы. Шынжыр қыстағы

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙