Мазмұнға өту
Home

Маңғыстау ақын-жазушыларының кітапханасы 16 том

Оңайгүл Тұржан

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Маңғыстау ақын-жазушыларының кітапханасы 16 том

Авторы: Оңайгүл Тұржан

Маңғыстау ақын-жазушыларының кітапханасы

ОҢАЙГҮЛ ТҰРЖАН

РЕДАКЦИЯ АЛҚАСЫ: Айдарбаев Алик Серікұлы – алқа төрағасы, Маңғыстау облысының әкімі. Әріп Ғалым Бисембіұлы – алқа төрағасының орынбасары, Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының директоры АЛҚА МҮШЕЛЕРІ: Тұрғараев Бекет Тұрғараұлы– облыс әкімінің кеңесшісі, заң ғылымының докторы, Өтегенов Айтуар Оспанұлы (кітапты құрастырушы, жауапты шығарушы-редактор), Қосбармақ Рахат Құсайынұлы (жауапты редактор), Мыңжас Темір Мыңжасұлы (ақын)

Өлке қаламгерлерінің шығармаларынан мағұлымат беретін «Маңғыстау ақын-жазушыларының кітапханасы» сериясының 50 томдығы Маңғыстау облысының құрылғанына - 40, Ақтау қаласына 50 жыл толуына арналып шығарылып отыр. Бұл томға белгілі қаламгер, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Оңайгүл Тұржанның өлеңдері, поэмалары мен толғаулары енгізілді.

ЖАҺАНДАНУ

Жаhандану ақылды да, жүйрiк те, Қаша алмадық,көнбiс ойды кидiк те. Өлеңдегi әрiптерiм таңқалды, Цифрлардың қолындағы билiкке. Сапырылысты үмiт, күдiк оттары, Кейбiреулер жалқау күнiн жоқтады. Теңiз отыр басқа жаққа көшем деп, Кейбiр өзен демалам деп тоқтады. Жаhандану бiреулерге ұнап тұр, Қандай өзi, қай жақта деп сұрап тұр. Жаhандана алмайтұғын сағыныш, Сөйлемдердiң көшесiнде жылап тұр. Жаhандану, сұсты сенiң есiмiң, Сен боп сөйлер қала, сана, бесiк үн. Көшелер де жасыл шаммен жол бердi, Таулар ғана тарс жапты есiгiн.

Таулар ғана өзгерiссiз қалып тұр, Жаhандану Менi, Сенi бағып тұр. Кеше олар көршiлерге келген-дi, Бүгiн менiң есiгiмдi қағып тұр. Қаға берер, түнiменен өшпейдi үн, Қолында оның – шексiз Аспан, төскей Күн. Ашайын десем, жұтылам ба деп қорқам, Ашпайын десем, тау емеспiн. Не iстеймiн?

КАСПИЙ КҮНГЕ ҚЫЗДЫРЫНЫП ЖАТАДЫ...

Каспий күнге қыздырынып жатады, Тоңып қалған екен ғой деп ойлайсың. Каспий кейде қозғалмастан жатады, Өліп қалған екен ғой деп ойлайсың. Кеме көрсе, қуып бара жатады, Кеме мініп кетіп қалсам дей ме екен? Көз жасымен жуып бара жатады, Көкбөрі елге жетіп қалсам дей ме екен? Сағыныштан сапырылысып өрт үні, Кейде даусы ентігеді желем деп. Кейде оның қарғиды асау толқыны, Алыстағы Алатауым көрем деп. Қарап жатып шағалалар көшіне, Тұтқиылдан тап беруін қоймайды. Бала кезі түсіп кетсе есіне, Толқындары Айды доп қып ойнайды.

Жата қалып жұлдыздарды санайды, Көк Тәңірді жорамалдап табарға. Толқын сосын жүз бұрылып қарайды, Жағадағы жалғыз тұрған саған да. Сосын сен де сол толқынға жанисың, Теңіздейін өрілетін сөзіңді. Сонда ғана, сонда ғана танисың, Көкбөрі-оймен толқып тұрған өзіңді.

ҚАРА ТАСТАР – ДАЛАДАҒЫ ТАС-ҚОНАҚ...

Бозторғайдың әуенінен аспан ап, Жусан жатыр қырды жасыл шашқа орап. Бір келген соң кетпейтұғын ешқашан, Қара тастар – даладағы тас-қонақ. Тас-қонақтар ұйықтап жатыр оянбай, Өздерінің тау-мінезін баяндай. Біз де – қонақ бұл өмірге келетін, сосын бірақ кетер аз-маз аялдай. Иә, біз де – қонақ, бірақ жолды іркіп, Қала алмаймыз. Рух жолын салдыртып, аттанамыз көз ұшында баратқан, бабалардан қалған ізді жаңғыртып. Кие – солар, замандарға төзген мың, Иесі олар сөнбес рух-көздердің. Иесі олар сөйлемдердің бойымен, қашықтыққа жүгіретін сөздердің.

Мың ғасырлық қашықтық ол, жебе – мың, Толқынымен жарға ұрса да кеме-күн, Көз жазбауға, адаспауға сол ізден, Ақ қағазда суыт жүріп келемін. Аңдарды адам қылам деп… “Цирк артисiн өзi үйреткен алып пiл көрермендердiң көз алдында тапап өлтiрдi.” Телехабардан Құмар ғып көлiң, шөлiң де тiптен, Табындық құлан, қыран деп. Цирктер басын өлiмге тiккен, Аңдарды адам қылам деп. Мың тiрiлiп, сосын... мың өлерi шын, Өр сезiм қайда қамалмас. Адамға керек ұлы өнер үшiн, Ұлы аңдар бодан бола алмас. Аз емес менiң күйiнiшiм де – Өмір де – цирк алаңы. Адамдар киген киiм iшiнде, Аңдар да кетiп барады.

БАЛБАЛ ТАСТАР

Балбал тастар, кәрісің бе, жассың ба? Жаңалыққа доссың ба, әлде, қассың ба? Тасқа айналған адамсың ба сен, әлде, Адам болып келе жатқан тассың ба? Көрер күнің көп пе, әлде, аз-ақ па? Өңіңдегі шаттық па, әлде, азап па? Жусандардың ұлты – қазақ, білемін, Ал сенің ше? Сенің де ұлтың қазақ па? Қазақсың ғой, танып тұрмын сөзіңнен, Тас кеудеңе ұлы тарих көз ілген. Өзің тұрған мына аңыз далаға, Қарайсың сен ғажап қазақ-сезіммен. Балбал тастар мәнімізге мән қоса, Мейіріммен тербетесің жанды аса. Өңіңдегі нұр-күлкіңнің қалдығын, Жел ұшырып кеткендігі болмаса.

Сені, тіпті, көме алмады құм-тағы, Қайта сені ол аялады, қымтады. Балбал тастар, сен меніңше кешегі, Білге қаған, Күлтегіннің ұрпағы.

Біз де соның ұрпағымыз қуатты, Жаралғанбыз өжет болып тұяқты. Шыңғыс ханның мүрдесі де жасырынып, Бізден әлі қашып жүрген сияқты.

  • *

Сары құмдар, көрсетесiң бөлек бой, Сенi де әлде мазалай ма деректi ой? Тау бола алмай олай-бұлай көшесiң, Тау болуға тұрақтылық керек қой.

Бойың әрең жетiп түр ғой дөңеске, Даусыңдағы мұң ба, әлде, егес пе? Ел болсам деп армандайсың iшiңнен, Ел болуға бiрлiк керек емес пе?

Үмiт үзiп өлiп жатсың, тұрсаңшы, -Жылап көрсең қайтед?- дейдi бұлт-әншi. Ол үшiн де көздiң жасы керек қой, Ең болмаса бiр тамшы. Оны саған кiм бередi. Жазегес. Көл боп алдап кетер сағым-сан елес. Налыма ендi, бар көз жасын тауысып, жылауынан тыйылғандар аз емес. Өмiр өзi құм деп, тас деп жұптайды, Жұптап қойған алып пенен құйттайды. Сарғайғандар теңейдi өзiн тек саған, Құйындар да саған келiп ұйықтайды. Құм-дауылдың Үкiметi – сен ғана, Салмағыңды көтередi кең дала. Үнсiздiктiң үстелiнде жатқан ой, Ол зiл-ойды көтеретiн Мен ғана.

ШИНЕЛІН ОҚПЕН КӨКТЕП АП...

Ен-таңба салмай күндерге, Өтетiн уақыт өктем-ақ. Соғыстар жүрген бұл жерде, Шинелiн оқпен көктеп ап. Маңдайдан ащы ағып тер, Ұмыт та қалып аялы үн. Бұл жерде жазған танктер, Соғыстың өмiрбаянын. Қабырғасы елдiң кетiле, Оққа ұшып жатса арыстар, Таласып газет бетiне, Суретке түстi соғыстар. Көк майса шөбiн отап бар, Жаншылып жатты өлiп қыр. Бос қалған сорлы окоптар, Солдатын өзi көмiп бiр. Оқтары шашып өлi дем, Тапап бiр суыт жүрiспен, Даланың бейбiт көлiнен, Соғыстар келiп су iшкен. Шошына көре жұртыңды әр, Жазылған үкiм-кесiмдей. Бомбадан қалған шұңқырлар, Соғыстың көп нүктесiндей.

Шырқалар Жеңiс жыры әлi, Жүрекке ғажап күй тұна. Бiр отар танк тұр әнi, Танктер қалың ұйқыда. Шуағын жайып жеңiс күн, Жетсе де бiзге көктем боп. Сұрапыл сол бiр соғыстың, Сиясы әлi кепкен жоқ.

ТҮК БIТIРМЕЙ ҚАРАЙДЫ УАҚЫТ МАҒАН

Жартастар тұр жастығы ортайған бiр, тастығына мақтанып шалқайған кiл. Терезеден қарайды сол тастарға, құмыраның iшiнде қартайған гүл. Қартыққа да көндiккен гүл-көңiлi, көнбiстiк те – тағдырдың бiр керiмi. Ұқсата алмай бiз жүрмiз барымызды, Таусылуда ғасырдың күнделiгi. Маған әсте жақпады ән, жақпады маң, мазам кеттi күндердiң шатпағынан. Жалпылдайды iлiнiп бiр шегеге, қоғамның қаңқасына қаққан ұран. Бүл көңiл бұл күндi де аңсар ма екен? қаланың жартысы базар, . . . барсам ба екен? Көк Каспий, мен де сенi сүртiп тастап, орныңа базар салып алсам ба екен?

Базар - қоғам, сонда жүр жақұт санам. Түк бiтiрмей қарайды уақыт маған. Тоқтата алмай, әуре боп алтын шақты, сағаттың сыртылына батып барам.

ҚАРА ТҮН

Ай қарайды тау жақтан қимасымдай, Ол енді шұғыласын жинасын жай. Жетелеп, Кетіп бара жатыр түнді, Қара жол Қара түннің бұйдасындай. Қара түн – жыр, Ақ таң - ән. Дауыс қандай! Қара өлең Ақ өлеңге ауысқандай. Қара нар желідегі түрегелді, Қара түнді өзі ішіп тауысқандай. Тауысты. Таң келді енді таусылуға, Уақыт солай есігін қаусыруда. Түс болды. Кеш те келді апыл-ғұпыл. Түн шашына көмілді тау-сұлу да. Уақыт-ай, қуар едім, жоқ қанатым, Таңды ұрлап әкелер ме шапқан атым. Осы болды-ау «дүние – кезек» деген, Қара нарды жұтты енді қап-қара түн.

МАҢҒЫСТАУҒА ШАҚЫРУ

Түйе қармайтұғын жапырағы да дәрі, Түйе аунайтұғын топырағы да дәрі. Сүгір Маңғыстауда маңып жүр кереметтер, Бір-бір мазар көтерген төбе-бөктер. Кемер құмның көзінде кеңеседі, Сары далаға үй тіккен ебелектер. Қара жердің жонында қамқа тұнып, Қарсы алар «Қаламқастай» қалқа тұрып. Бел-белестен келеді бұрым-құмдар, Шерқаланың шеріндей тарқатылып. Шыңыраулар. Мәрт қой ол – көне көзім, Қара жерге қадалған жебе де өзің. Иен далада иесіз қалғаннан соң, Ішке құлап шыңырау көмеді өзін. Тереңіне қауғалар құлап барып, Су емес-ау, Шығатын күй ақтарып. Кеуіп қалған түн-түбің шықты алдымнан, Қайғының қара көзі сияқтанып. Тағдыр-ай!

Тағдырымыз тарғыл мынау. Жыртық шекпен тарих бұл сан мың құрау. Маңғыстаудың бүгіні бақыттырақ, Өткені сізден гөрі сәл мұңдылау. Тебіреніп, Көркем көңілі даланы ұғып, Ел кешкен ескі нала сананы үгіп, Көк теңіз Көк туымдай толқып алып, Көк бөрінің даусына салады ұлып. Жел бізді өзге жерге мақтап барған, Ол жырды бала кезде жаттап та алғам. Ғасырдан ғасыр аттап қой тастар тұр, Маңырап бара жатып тоқтап қалған. Келіңіз! Сіз де шабыт аласыңыз. Сол жердің шөлін ішкен баласы – біз. Сескенбеңіз ақ құмның ажарынан, Бұлтты кешіп жүргендей боласыңыз.

МЕН

Жаз ортасында жауды қар, Шілде тұр тоңып, қалтырап. Түймедей көңіл – тау құмар, Шақырды мені жарты бақ. - Жарты емес, бер, - деп – бүтінін, Ерегес салып мен тұрдым. - Түзу ұшпастай түтінім, немене… кімнен кем тұрмын? Қиналды мына жан-тұмар, Сонда да сормен егестім: - Қар жауды екен деп қалтырар, Мен саған шілде емеспін. Маңдайдың сорын сылып ап, өкініп тұрмай өткенге, жұбаныш айттым шығып ап, өксіп бір жатқан көктемге. - Шерімді қалай жат тыңдар, мені де жұбат, - деп қалмай, соңымнан жал-жал ақ құмдар, шұбырып келе жатқандай. Қурап бір құм боп тусаңдар, Турап бір тастар тұғыр күн. Бір нәрсе деді жусандар, Естімесем де ұғындым.

Бір бақыт алда бары анық, Қасқайып соны күткеймін. Бір шаршы түнге оранып, Ойымды қырық бүктеймін. Ой деген – жегі, Тау-шыңдай, Шығам деп ауа қармадым. Таусайын десем, таусылмай, Толтырам десем, толмадың. Ой деген – терең, шыңырау, Түбіне тоқсан түскенмін. Бір ұрттам ғана ғұмыр-ау, Осылай сенде түстендім. Шаңқай түс, саған қарадым, Аңғал ем, кеттің есті ғып. Түстеніп кетіп барамын, Алда тұр енді кешкілік.

ЖАЗ

Аптапқа шашым шарпылып, Тарады желдің тарағы. Бұталар құмға малтығып, Қараңдап кетіп барады. Солардың мен де бірі боп, Кешемін ойдың ақ құмын Тұрды да тауда дірілдеп, Мұңыма келіп батты күн. Мың сауал қойдым. Ұлық күн бір жауап айтар түрі жоқ. Қолыма қысқан үміттің, Сабағы қалды гүлі жоқ. Көлік қып жолға алғаным, Көңілдің сынық күймесі. Ағытылады алда мың, Жейделі күннің түймесі. Жанды да сөнді сәуле бір, Айналды сосын сағымға. әлекке түскен әуре-Өмір, өлеңге ен де, дамылда.

ҚҰЙЫНДАР ЖАЛТ ҚАРАДЫ ТОҚТАЙ ҚАЛЫП…

Құйынға билік айтты дала шаңы, Қамыс соны талқылып, таласады. Илеу-қала салуда құмырсқалар, Күн сайын өсіп жатыр «қала» саны. Көктем жүр шуағымен үңгіп маңды, Сұлулықтан шошынып сұмдық қалды. Тұнып тұрды жып-жылы самал даусы, Көк құрақ - Орманбыз!- деп мүлгіп қалды. Құмырсқа аралап жүр сол орманды, Іздейтін секілді ол да жоқ арманды. Көбелек – сабағы жоқ гүл секілді, Бал ара сол жайында хабарды алды. Қара жол ақ бұлақты аттай барып, Сонау тауға беттеді бақты айналып. Қара жермен жарысқан киіктерге, Құйындар жалт қарады тоқтай қалып.

Тас жатыр бойын жуып бұлақ асты, Ақ бұлақ көл іздеумен мың адасты. Тымық дала… Гүрс етті мылтық даусы, Зәресі ұшып құйындар тұра қашты. Сұрақ даусы барады иіп талды, Мылтық даусы!... Орнында киік қалды. Таңданатын несі бар, Тарих куә, Жүйріктерге талай жол тұйықталды. Төрт тұяқты өмірің дамылдапты, Топырақты қып-қызыл жалын жапты. Кең далада бірге өскен бауырына, Құйындар кеп топырақ салып жатты.

ЖЕЛТОҚСАН-1986

Желтоқсанның шарасында, Тұнып тұрды қара шық. Адамдардың арасында, Көшелер жүрді адасып. Үмітімді таңдарым да, Тастағанмен аз-ақ қып. Бағдаршамның бағдарында, Жанып тұрды Азаттық. Талайларды құлы қылып, Талайларды торға алған, Балғасымен ұрып-ұрып, Орағымен орып алған, Қызыл жалау қыдырыстап, жүретұғын Алаңда, Ұлы арманын ығына ұстап, Дауыл жүрді соғарға. Соқты дауыл. Дүбір кетті. Ұран болып ұшқан үн. Желтоқсанды дірілдетті, «Менің Қазақстаным»! Жер-дүние – қалш-қалш, келе жатты жан үптер, қара түнді қарш-қарш шайнап жеген танктер. Келе жатты екінді еніп: шыға келді көміп тер, қызыл жалау секілденіп, өрт сөндіргіш көліктер.

Жігер едік лапылдаған, жан-жағына шоқ тарап. Сөндірмекке атылды оған, Қара судан оқ борап. Шынында да өрт едік біз, Жалындаған от-кегі. Бабалардың серті едік біз, Серті едік біз өйткені. Оқ тиіп, қан жосылған соң, Қала алмады ой қалғып. Өрт пенен су қосылған соң, Цунамиге айналдық. Бар жігерін құйды уысына, Қайрат, Ләззат – балаң ер – Антиқазақ вирусына, Қарсы шапқан қарагер. Қуат беріп жан арманым, Алаңға үміт жүз келді. Қара халық – қара орманым, Қолдап тұрды біздерді. Әнімізді жалғап кекті, Қосылды енді басқа да үн. Екпініміз шарлап кетті, Күллі Кеңес аспанын.

Келіп тұрды баптауына, Ұлы күрес жалаулай. Балтық пенен Қап тауы да, Атқа қонды алаулай. Қуатты енді содан күттім, Көрсетіп жол жүлгесін. Жетпіс жылдық бодандықтың, Шайқап бердік іргесін. Білмей келген жасқанбақты, Бодандықтың сұр әні. Жұлдызы еді – бес тармақты, Бес жылдан соң құлады. Жиырма жылда тұнып шықты ән, Кетті елім көшелі. Біздің ұрпақ бұзып шыққан, Ұлы қамал осы еді.

АЗАТТЫҚ

Үміт артып үміттерге Айдан ақ, Үсіп кеткен ымырттарға тайғанап, Желтоқсанның үстіменен жүгіріп, Азаттықты жеңіп алдық Ай-Қанат. Жеңдік! Бірақ... секілденіп төр өгей, шаттық бізге келе қалмай телегей. Қара жерім жансауғалап баратты, Елім жатты төңкерілген кемедей. Азаттығын танымаған қоғамдай, Тұрдым, бәлкім, бостандыққа сене алмай. Даламызға келгенменен жүріпті ол, Санамыздың есігінен ене алмай. Азаттығың жеткен кезде үдеріп, Бәрі бірдей келмейді екен гүл өріп. Жұдырықтар аңдиды екен алыстан, Көрінбейтін саусақтарын жіберіп.

Бақталастар аз емес-ті іргемде, Шындық жатты бұғып көңіл-түрмемде. Өзге дін кеп алып кетті талайды, Өз дініме тілім келмей жүргенде. Азаттығым, сенің таңың атқанда, Енді оларды сөз таба алман ақтарға. Өзге тілге өріс болып кетті олар, Қазағыма қазақ жетпей жатқанда. Жамауымен алдарқатып шоқпыт-күн, Тоқшылықтың келер сәтін көп күттім. Кете жаздап, кете жаздап құрдымға, Құлай жаздап қабіріне жоқтықтың. Құлай жаздап... бірақ сенім қаны аунап, әр қадамды, әр ізімді санауға ап, тоз-тоз болған көйлегімнің ішінде, Азаттығым келе жатты алаулап.

Көк Бөрімен кеткен көңіл тірі екен, Мыңжылдықтар іздеп мені жүр екен. Қалт-құлт етіп түрегеліп қарасам, Бейбарыстың тұлғасында тұр екем. Көз алдымда айқындалып ақ-қара, Жұмбақ әлем жұдырығынан сақтана, Мазарлардың мазасынан оянды, Томирис қыз сақтап қалған Сақ-дала. Бара жаттым күллі әлемдік төрге өрлей, Күліп тұрдым өзіме жан теңгермей. Жылап тұрдым Күлтегіннің алдында, Қарсы алдымнан Қағба шыға келгендей. Ұлы бабам – ұланғайыр киелі, Қара жерде қалған ізі жүйелі. Олар жазып кеткен ойдың салмағын, Зорға ұстап тұр әріптердің сүйегі.

Ұлы бабам сөзін айтам бекемдей, Сезімінің нәрі – бал мен шекердей. Олар айтқан терең ойдың екпіні, Жердің шарын домалатып кетердей. Күлтегіндік ойдың шың-құз қиясы – Тас-кітаптың кепкен жоқ тас-сиясы. Тілім, ділім – солар жазып қалдырған, Рухымның Консти-ту-циясы. Тас-бабалар тас-көйлегі желбіреп, Азаттыққа бір керемет берді леп. Қуаныштың моншақ жасы қарап тұр, Көкбөрінің көздерінен мөлдіреп. Ғұламасыз жаһан да тұл, тал да тұл, Ұлы Абайдың ғаламына кел батыл. Ойларында орман жатыр Абайдың, Сөз бен сөздің арасында ел жатыр. Бізді іздейтін дос көбейді жүздеп кеп,

Көңіл бірақ жүз қуарды, жүз көктеп. Түсімізге енді Сәкен, Мағжандар, Өздерінің бейіттерін іздеп кеп. Іздеп кеттім, жылдар алдан ашылып, Ғасырларды шарлап жүрді жас үміт. Талайларды сақтап кепті бұл күнге, Жусандарым жүрегіне жасырып. Бұлт ішінен шыққан біз бір – Бала-Шың, Бала-Шыңды қорғай көрші, Алаш-үн. Астананы Бәйтерекпен бойлатып, Сарыарқаның хан көтердік даласын. КарЛаг жақтан қасіреттің иті ұлып, Көктемдері мәні кетіп, күй тынып, өр қазақты қан қақсатқан кеше бұл – үрейлердің қонған жері үй тігіп.

Сол үрейдің орнын бүгін гүл еттім, Құрбан болған боздақтарды жыр еттім. Құлдық ойдан қашып шыққан санамды, Қобыланды жырына әкеп түнеттім. Сарыарқаның сал желген бұл даласы – Бүгінгі күн бара қазақтың Анасы. Қандай алыс Ақмола мен кешегі, дәл бүгінгі Астананың арасы. Жамбыл-жырдың өрлігімен алап-қыр, Бозоқтардың мыңжылдығын санап тұр. Зәулім үйлер заңғар-заңғар ойлармен, Жер шарының төбесінен қарап тұр. Сенің еншің мына тау мен мына жер, Еншісімен шыңдалар деп қыран ер, бапталсын деп бұл Қазағым бәйгеде, әлі шауып бара жатыр Құлагер.

Жастар өсті арманының түсі аппақ, Кете алмастай оны ешкімнің мысы аттап. Келбетінде жалындап тұр жас жігер, Махамбеттің жырларына ұсап қап. Қыздарым бар қара шашты, ақмаңдай, Жанарынан жаныңа нұр шашқандай. Сұлулығы Қыз Жібек пен Баянның сұлулығын қосқандай. Азаттықтың мұхит-мұхит аумағы, Қазақ деген елмен қайта лаулады. Жер шарының ендігінен енді де ол, Бойлығының тауларын да баурады. Құлдық ойды талқан етіп үміт-ой, Теңдік келді сәні бөлек, үні – той. Сөйлемдердің көшесінде Азаттық, Санамдағы сахнада ұлы той.

Астанадан дүнияға тарап таң, Ұлы армандар, сен де енді қанаттан. Уысымыздан шығармаспыз енді біз, Азаттықтан енді айырма, Жаратқан!

ЖОҒАЛҒАН АСПАН ӨЛЕҢ ІШІНЕН ТАБЫЛДЫ...

Кенеттен бәрі астаң да кестең сабылды, Ой-орман шулап, түтiп тастады бабымды. Сөйлем жүр анау үтiрiн iздеп, адасып, Жоғалған аспан өлең iшiнен табылды. Дауыл тұрғандай мидағы тыныш гүл-бақта, Үрке бiр қарап үстi-үстi келген ырғаққа, Шимай да шимай қағазға түскен хаостан, Дәптердiң бетi көшiп жатқандай бiр жаққа. Асығыс бәрi – ұйқас та, ой да асығыс, Ақ қалам қазiр – әулие сынды жасын-ұш. Ішкі дауылмен жапырып келе жататын, Шабыт шіркіннің арты – жаз, Бірақ…басы – қыс. Жетiп бiр келiп қияды-ау бәрiн таң-қайшы, Моншақ та моншақ тер үзiп жатқан маңдай шы? Сан ғасыр өттi, отырмын әлi үстелде, ұмыттым мүлдем – қағазы қайсы, мен қайсы?

Шумақтар! Шумақ! Кідірме тағы алға атта!

Біріңді бірің жетелей жүгір! Ал, қапта! Әні, ана-а-ау буын заулап барады, өзі өзін, Ұйқастың соңғы ырғағына әкеп жармаққа.

Заулап барады…соңғы дем, бәлкім, ақырғы үн, Дәл осы сәтте бәрінен-дағы батылмын. Ақ түтек шабыт ішінде, Өртеніп келе жатырмын.

Жыр туды міне!!! Табаным жерге тиді енді, Көңілім көктен оралып, шаршап, үйге енді. Шабыттың ғажап астаң-кестеңі тиылып, Шертіп отырмын «пенделік» деген күйді енді.

  • *

Атқа мiнген жаманға, Алтын басты игiздiк. Сүйегi сынық қоғамға, Бүтiн көйлек кигiздiк.

Дiнiң кеттi дегенше, Дiңiң кеттi десеңшi. Шеттiң тiлiн шайнап жегенше, Қу даладан көсiк терiп жесемшi. Сары құмнан сауыт киген далама, орман ексе – бола ма? Сары сауытын шешiп ап, торқа жапса – тоңа ма? Күмiлжiдi қырсыздық, Айқай салды үнсiздiк. Бостандыққа барар жол – мың түзеттiк, мың сыздық. Бекем бел буған түздердiң, үмiтi талай жоғалған. Бақыттан дәме үзген кiм? Шашыңды жина, қара орман! Жанған отты жалғастыр, Надандықты жайпап түсер өртiңдей. Тiрiл қайта, алмас тiл, сексеуiлдiң сертiндей. Көңiл дейтiн асылға, Күш берер ем таба алмай, Жиырма бiрiншi ғасырға, Кешiгiп қалған адамдай.

Асығып келе жатырмыз, Ындыны кепкен ымыртта. Қырық сынық тақыр – бiз, Сағың неден сынғанын ұмытпа. Бостандық деген боз үй түр, Қырықтан қыдыр құрар деп. тiлiң мен дiнiң – мойныңа таққан тұмар деп. Сол екеуi сау болса, Сынықтан бүтiн өсiп шығар деп.

АЙНАШҚА ЖӘНЕ БАЗАРДА ЖҮРГЕН БАРЛЫҚ ӘЙЕЛГЕ

Қашықтықтар жылдамдықпен арбасып, Темiржолдың құрыш даусын шаң басып. Стансалар шығады алдан у-шу боп, Пойыздардың бұйдасына жармасып. Терезеден өтiп жатыр замандар, Таусылмайды жанды асырар амалдар. Қапшықтарды үмiтiндей сүйреген, Әйелдердi әлдилейдi вагондар. Бiр жолменен әрi-берi жүз өтiп, Сүйреп жүрген үмiтiне сыз өтiп. Тауарларын сәбиiндей аялап, Қапшықтарды бесiгiндей күзетiп. Жiгерлерiн тоздырмашы, түндiк-мұң, Артына бiр қарамады бұрылып күн. Шабан аттай жүрiсiнен шаршады ол, Табанына тiкен кiрген тiрлiктiң. Көктемдердi мәжiлiске жиып ап,

ұрыссам ба тас-жiгердi түйiп ап? Жолыңа әкеп жарық қылып iлсем бе, Аспандағы жұлдыздарды қиып ап?!

Қашықтықты түйелерге артып ап, Болашаққа барсақ, шiркiн, жарқырап. Маңдайыңа қадап қойғым келедi, Әлемдегi бар бақытты қалқып ап.

Гүл-заманға жетемiз бiз таңдар ап, Бар жақсылық жүрген шығар жол қарап. Қазақ елi деген ұлы Отанға, сен бақытты тасып жүрсiң дорбалап.

Мұндай ерлiк жасады әйел қай елде? Молшылық кеп, бақыт қанат жаяр де. Зор ескерткiш қояр сонда балалар, қапшық сүйреп келе жатқан әйелге!

  • *

Үмiттенем, мың сан рет түңiлем, өтiрiк пен жалғандыққа iлiгем. Қашықтыққа жүгiретiн жүйрiктей, таңнан тұрып, кешкiлiкке жүгiрем.

Жүгiремiн, жалпылдайды жантымақ. Дүбiрлерден жердiң шары қалтырап. ұмтыламыз аласұрып, анды үгiп, тәуекелдi бiреулерден тартып ап. Асығыс жұрт. Уақыт бiздi үптедi, Шатасады айқай-шудың жiптерi. Аптығады сөздер сөзден озам деп, Сөйлем кеттi теуiп өтiп нүктенi. Кешкiлiкке жетем ақыр ентiгiп, әлiм құрып, ақыл-есiм мертiгiп. Сағыныштың сау-тамтығы қалмайды, Сезiмдерiм отырады көн тiгiп. Сонда-дағы қайтпақ емес меселiң, Ұйықта, әлем, шексiз әлi кешерiң. Оятады бiздi тағы таң атпай, Мәшинелер тәнiн жуып көшенiң. Өмiр солай! Ұнат мейлiң, ұнатпа. Оны ешкiм жатқан жоқ қой сұрап та. Жыла! Шыда! Адам деген ұлы есiм, ұлы есiмнiң тiршiлiгiн құлатпа!

ҚАЛЫҢ ОЙДЫ ҚАЛЫҢ ШАШТАЙ ТАРАЙМЫН

Қалың ойды қалың шаштай тараймын, күдiктердi қара түнге қамаймын. Санадағы жалғыз түйiр үмiттi, қайта-қайта санаймын. Таң атады күлiмдей, Күн батады бiлiнбей. Шимай-шимай қағаздарды лақтырдым, Жанып-жанып бiткен ойдың күлiндей. Жанып бiткен. Қалар емес сонда да. Ақ қаламым жүгiретiн қолбала. Қара түндi қағаздайын умаждап, Отыратын мен ғана.

АҚ ҚАЛАМНЫҢ ҰШЫНДА ҚАШҚАН КИІК...

Жан біткеннің жүрегін аралай кеп, Түн-шабытым ақырын қағады әйнек. Жүрегімде ақ таң бар, ал кигенім – Қара түннен тігілген қара көйлек. Кірпігіне мұз қатты қарашаның Бәйге-күнмен жарысып, таласамын. Түнгі аспанның жұлдызын жетегіме ап, Ақ дәптердің бетінде адасамын. Арман шығады алдымнан асқар биік, Таулар шығады алдымнан аспан киіп. Ақ дәптердің бетінде жазық дала, Ақ қаламның ұшында – қашқан киік. Қашқан киік! Жоқ оның тоқтамағы, Сөз-орманға енеді. Жоқ болады. Топ қарлығаш ойымнан пыр-пыр ұшқан, Өлеңнің жолдарына кеп қонады.

Түн осы – сан әуенді. Боямалы. Дөңгеленіп ақ таңға таянады. Түніменен тербеліп, таң атқанда, Ақ қағазда қара өлең оянады.

АКВАРИУМДАР ТАЛАСЫП ТЕҢІЗДІККЕ

Ұлы армандар көз iлмей негiздiкте Жалғыздықтар құмартар егiздiкке. Балықтарын баптайды күндiз-түнi, Аквариумдар таласып теңiздiкке. Ал . . . теңiз ше? Шағала үнi қарып, Керi қашар толқыны күлiп алып. Отырады жағада ерiккен жұрт, Теңiздi қармақпенен iлiп алып. Құм жатар мiне шабар құр атыңдай, iштен тынған iшқұса сұрапылдай. Жата-жата жалыққан көк теңiз де, Орнынан қазiр атып тұратындай. Атып тұрып, сөйлердей тасқынменен: - Толқынымды үркiттi қашқын кемең. Қасарысқан қағида қайдан шықты, Теңiздер бiр орнында жатсын деген, -

деп тулап. . . ортамызға кiретiндей, адами тiрлiк кешiп жүретiндей. Бiр өкiнiш iшiнде жатса-дағы, Сырт көзге сырын бермей, күлетiндей. Жүргенмен адам-тiрлiк ұнайтындай, Бiр күнi. . . өксi-i-iп, өксi-i-iп жылайтындай. Толқып жатқан күндерiн аңсап барып, Арнасына қайтадан құлайтындай. Иығымыздан түспейдi шекпен –егес, Мұны көзбен көрген жан – тек мен емес. Адамдардың бейнетiн арқалауға, Ешкiмнiң де батылы жеткен емес.

ҮСТIРТТЕ

Үстiрт едi. Жеткiзбеген кешкiлiк. Жел де соқты күнге күйiп, ескiрiп. Аптап желдiң алақаны ып-ыстық, Ақ гүлдер де қалған екен ес бiлiп. Таудан түсiп келе жатты түн-отау, Жартастардың қылығы сан. Мың атау. Анау тауды жаншып кеткен өкiнiш, Әлдеқайда асығып тұр мына тау. Желдiң сөзiн жүре тыңдап сары құм, ұсынады сағыныштың сарынын. Бесоқтының шыңырауынан су iшiп, өшiп барып, тiрi қалдың, жалыным. Сол бiр күндер! Жаныма нұр жауғандай, Көңiлiме көшiрiп ем аудармай. Сағынышқа ғана сенер пенде едiм, Тасқа ғана сенетұғын таулардай.

Менi ұмытпа, Үстiрттегi мың сан жал, Тағы келсем. . . Аң-таң болып тұрса аңдар. Желбiреп бiр шықса тағы алдымнан, үмiтiне қыстап шыққан жусандар. Жаз да бiттi. Қайдасың сол мауыт қыр? Жандүние, өзiңдi әнмен сауықтыр. Жаз бен қыстың арасы бiр елсiздiк, Елсiздiкке сары жапырақ жауып тұр.

ҚОС ЖҰЛДЫЗ

Ай-қабақ түннің әніне салғанда дала, Аң шыңға барып түн бұлты қонғанда жаңа. Дөңгелеп тұрған дүние дүрсілін тыңдап, Екеуміз ғана қалып ек жалғанда дара. Әмірші уақыт еркіне көндіре келіп, Түн көшіп еді жұлдызын сөндіре беріп. Қоштасқан сәттен болсын деп мәңгілік белгі, Аспаннан біздер қос жұлдыз белгілеп едік. Куә даланың қап-қара шашымдай түнін, Кезіп бір келмей сағыныш басылмайтұғын. Дүнией-ай, біздер сол кезде неге ойламадық, Ол жұлдыздардың ешқашан қосылмайтынын.

ЕР-ТҰРМАНЫ ЖОҚ ПЫРАҚ КҮН

Ей, Ер-тұрманы жоқ пырақ күн, Аялдай тұршы басында, Тіршілік атты суаттың. Таң атқанда қара түн, қазанда ұйып қалатын. Шешем ошақ басында, Үміт отын жағатын. Момын ауыл жүдейтін, Төзім-бақан тірейтін. Таудан түскен жалғыз жол, Аулымызға түнейтін. Сол жолменен көз көрген, Аулымыз да өзгерген. Бақыт, Шаттық келетін, Кетед және сол жолмен. Я, ақ сүйек қара өлең, Сонда арман боп қарап ең. Жаттап алып бала қыз – Қара шашым тарап ем. Сары күзге өкпелеп, Сағыныш боп кеткен ек. өткен күндер ішінен, сыңсиды бір ақ терек. Көңілде жүр күрең күн, Күрең ойға тірелдім. Күрең тай мен сені іздеп, Сары күзге кірем мың.

ШЕТПЕДЕГІ ҚАРАТАУ

Бір кездері ауылдың қозы-лағы баурайына жайылатын Қаратаудың қойнықонышын бұл күндері тас шайнайтын алып тракторлар жайлаған. Олар «шебін» өндіріп жатыр. Әрине, ол да керек. Дегенмен тау да керек еді. Шетпедегі Қаратау – арты қылаң, Қорғап тұрар солтүстік салқынынан. Биіктетіп тау дейді ел Биіктігің – Алатаудың келеді балтырынан. Сай-сала, тоқсан бұрым, мың бір тарам, Бұл күнде мың бір нала-үңгір табам. Тауларым – қара жердің қабырғасы, Қабырғаңды тіледі шынжыр табан. Бақ еді – бұлт ішінде сөнсең қалқып, Балдай бір сезімдерге өлсең балқып. Тас қып тиеп алды да, кетті адамдар, Көлігіне құлаған еңсеңді артып.

Бұлағыңды ішті де қала сарқып, Енді сенен төбенің бағасы артық. Жел үрлесе, ұшардай үгітілдің, енді сені құм дейді ел аласартып. Қирап жатып, қарайсың маң далаңа, Маң далаң – түк түсінбей қалған ана. Амалсыздан өз әнін үзіп тастап, Басқа ән айтып жүргендер сен ғана ма. Барсың ба, жоқсың ба – кім бағамдайды, Үмітің көз ұшында тағы алдайды. Құмның әнін айтасың енді сен де, Бірақ ол құмның да әні бола алмайды. Қаратау – қара тамыр, арналасым, Қалған өмір, мысалы – қалған асың. Дала тауын кім аяр, өздерінің, жүрегінде таулары болмағасын.

Келбетіңе үлде мен бүлде берген, Қаратау – күрең көшім күнде көрген. Сен де бір күн жым-жылас боламысың, Елдердей тау боп туып, құм боп өлген.

БАЛА КЕЗДЕГІ СУРЕТІМ

Алдымнан сан жол ашылды, Уақыттың білдік құдыретін. Көзіме оттай басылды, Бала кездегі суретім. Асаудай алға асыға, өтеді жылдар. Өтер күн. Жауқазын гүлдей ашыла, Жәудіреп отыр екенмін. Балалық күнім. Мерекем! Төккендей бейне кестеге. Жүзімде менің жоқ екен, Бақыттан өзге ештеңе. Шаттықтан сұлу шық тұнып, Ертеңге деген сенім тұр. Көзімде менің тұп-тұнық, Мөлдірлік деген өмір тұр. Пәктігіменен жасқап қап, Тірлікке терең бойламай, Бір арман тұрды асқақтап, Құлармын деп те ойламай. Ойпыр-ай, мұнша тұнық па ең, Көңілде мүлдем жоқ қылау. Балалық ерке қылықпен, Жылаудың өзі шаттық-ау.

Тұлымы толқи жүгіріп, Самалмен ойнап, жүйіткіп. Көрінген затқа сүрініп, Құлаудың өзі биіктік. Балалық күнім – Базарым! Алаңсыз, ессіз жүгіретін. Мөлдіретіп жанарын, Алдыма тосты суретін. Тірліктің парқын білген кім, Атыңды бір сәт кері бұр. Жоғалып қалған күндердің, Көшірмесі еді бұл. Қалдық біз солай кезігіп, Бүлдіршін және мұңлық қыз. Сағыныштан жүрек езіліп, Қоштаса алмай тұрдық біз.

АҚТАУ

Мәрмәрдей әппақ қала, шөлдi мекен, Түнiң де мойылдайын мөлдiр екен. Алматыны мақтайды жұрттың бәрi, Солар осы Ақтауды көрдi ме екен? Бұрынғы дала емес бұл қурай басқан, Iргесiнде теңiз боп тулайды аспан. Асфальт жол түйелерден үркiп кетiп, үй-үйдiң арасымен зулай қашқан. Өр толқынға құмарта қарағам мен, Бабалар рухына балағам мен. Бiреулердiң тiлi өтiп кете ме деп, Теңiзiңдi бүркеймiн орамалмен. Ал теңiз шапшаңдықты құптайтындай, Толқындары жүгiрер құйттай тынбай. Мұнда ғажап жайдары сергектiкпен, Қара түн түрегелiп ұйықтайтындай.

Алыстан қарап тұрар таулар күндiз, Көшеде самсай өскен баулар құндыз. Бағандардың басына қалған iлiнiп, Авторы жоқ аспаннан жауған жұлдыз. Тұрғындары - ғажайып кеншi халық, Алматыға елiктер өршiл алып. Ақтауың да ержеттi. Келер жазда, Алатау-ай, Ақтауды көршi барып.

ЕРТЕҢ. . .

Сахна ғой ұлы өмiр, Ұлы өмiрде әртiс болып жүре бiл. Көз жасыңа таңқалмайды ешкiмде, Сондықтан да Сахнаға күле кiр. Күншiлдiк жүр – Бақа көздi, қарға тiл, оған көнiп әлсiз де отыр, зор да отыр. Сахнада – саясаттың майданы, ал опера залда отыр. Оны өткiзбес шымылдықтың жартасы, Ұлы оркестр – музыканың қаңқасы. Сахнада өмiр кетiп барады, ұшқын атып айтыс-тартыс, жаңқасы. Бүгiн . . .мейлi, құл бол, күл бол, шығындал, Ертеңгi өмiр, ертең ғажап күнiм бар. бүгiн өмiр сүрiп көрген жоқпыз бiз, Ертеңiң бар! Бүгiн төзе тұрыңдар!

Ертең деумен ғасыр бiттi, қиын-ақ, жалаңаяқ үмiттен нұр құып ап, Сахнада боран кешiп жүрмiз бiз, Етiк жайлы ертегiнi киiп ап. Ертең мен де етiк кием, шыдап тұр, Сахнада – тек саясат, құлақ түр. Ертең күлем деген ұлы сенiммен, Босағада комедия жылап тұр.

ӘЙЕЛДІҢ ӨЛЕҢ ЖАЗҒАН ТҮРІ ҚҰРСЫН...

Егіз шумақ елсізге қонып қалып, Ұйқастарым күбірлеп, сөніп қалып. Айтам деген ойым да ойға қашып, Шабытымды ұйқы-түн көміп қалып. Құр аты да қиялдың баспай қойып, Көңіл-аспан, ажарын ашпай қойып, Алақайлап асүйге жүгіреді, Саусақтарым қаламын тастай қойып. Арқамызда, өлеңнің жүгі, жүрсің, жұрт оны бірі білмей, бірі білсін. Ас үйде шәй-қазанмен бірге қайнап, әйелдің өлең жазған түрі құрсын.

ҚЫРЫҚҚА КЕЛУ

Шыңырау түбін ұсынып, Сансыз ой қамайды мені. Тағдырым жүгін ұсынып, Көкегі санайды нені? Құмырсқа әлін ұсынды. Алмаймын десем де болмай. Жоқшылық Жоғын ұсынды, Қал енді десем де қалмай. Ақ қысқа таяды күн, Ағаштар жалаңаштанды тағы да. Батырларындай баяғының, Жалаңаш шабатын жауына. Шабайын десем – жауым да жоқ, Қиратып тастар едім бір. Даулайын десем – дауым да жоқ, беймәлім жасқа келдім бір. Көңілім көлмен көрші еді, Бір сәтке тынып та көрмеді. Құдай-ай, қандай ерсі еді, әйелдің қырыққа келгені.

ТАРИХҚА ЖАЯУ КЕТКЕНДЕЙ...

Көңілде бітпес құса қап, Жеңіліс тауып, кек керней. Жорықтар аттан түсе қап, Тарихқа жаяу кеткендей. Жолдар да мұнда тоғысты әр, Замандар кетті жал асып. Тарихта өлді соғыстар, Мылтығы оққа таласып. Кім білсін – нені іздеді, әлемді кезіп, шұбыра. Жаяудың жатыр іздері, Оранып қырдың құмына. Қыш құмыраның ішінде, Сақталып қалған Сақ-қала. Тұрысың – дана пішінде, Жетпей тұрғаны – Бақ қана. Мың белгі тұрды мүрдеңде, Аң-таң боп бізге қарасып. Патшалар өлді бұл жерде, Бақ емес... Таққа таласып. Өткеннен өшпес қалды сыз, Жұлысып жетті тақытқа. Жеңістер болды нанғысыз, Жеңістің бәрі бақыт па?!

Бақ жайлы жақ ашпады олар, Таластыратын – сор еді. Бақ үшін таласпады олар, өйткені БАҚЫТ жоқ еді.

СҮЙЕКТІМ! АЛТЫН ТИЕКТІМ.

Қой тастар – таудың елшісі, Ұсақтап кеткен демеңіз. Надандық – жаудың елшісі, Қайраңға тартар кемеңіз. Барыңды бордай ұсатпақ, Көбелек-ойды қуғандар. Жалаңаш сөзді құшақтап, Шешінген газет-журналдар. Заман тұр әрі-сәріде, Надандық, міне, түсті алға. Ет өліп кетті бәріне, Тірілтіп алар күш бар ма? Шөпшек пе екен, Шөп пе екен, Тани алмадым түріңді. Тартқыламақ-а көп бөтен, Көкпар ғып қазақ тілімді. «Біз – қазақ!» деге ұлыны, Тау қылып қайта құрарға, Махамбеттердің сынығы, Екшеліп құмнан шығар ма?! Екшеліп. Құмнан оянып, Тасқа бір жанып мәрт тілін. Ақырып! Белді таянып! Сұрайық біз де бақ құнын.

Көкте жүр анау шыңдарым, Хабар айт барып, құба жел. Бұғынып жатқан, мұңдарым, Ерлікке айналып шыға кел! Сағыныштарым, сарғайған, Сен де бір жатқан түмен ел. Көк көйлек киіп шалғайдан, Көк туым болып түрегел. Ән-жырым – Біржан-тұлғалым, Төлеген-күйлер жақұт кіл. Қақсыған адай-құмдарым, Ұрандап қырдан атып тұр! Құбылған заман құзына, Жел болған кімдер өбектеп? Мазмұнындағы мұзына Шілде тасиық шелектеп. Ал, Тілім! Сынба! Алғызба! Сүйектім! Алтын тиектім! Шыңдаған өзің қар-мұзға, Қазақты өзің ірі еттің. Сенікі жеңіс түбінде, Жаныңда жүрсе табанды ұл. Жауың көп сенің бүгінде, Мықтылығың болар бұл!

ЖҰБАТШЫ, АЛ, МЫҚТЫ БОЛСАҢЫЗ

Өткерер бастан не күйді, Сөнгенше ғұмыр жалыны. Тепкіні көріп бекиді, Тастардың қара тамыры. Ей, тағдыр! Дүлей толқының, Ой-кеме сенде адасты. Сәнімді мұзбен шарпыдың, Есікті мұң да сан ашты. Сен емес бізді кемітер, Жүзіңді көрдік жүз үнді. Бір тамшы бақыт ерітер, Шеңгелдеп берген мұзыңды. Талайлар өтті тау сынды, Қасқайып шыдап кәріңе. Батырдым кермек даусыңды, Гүлдердің қызғылт дәміне. Ақ сәуле іздеп түнектен, Сандалып ойым сан барды. Нәзіктігі жоқ жүректен, Мықтылық іздеп нем барды. Рас, Сен ійдің менменді, Мұң жайлы қалды қанша аңыз. Жылаттың қанша пендеңді, Жұбатшы ал мықты болсаңыз.

ТОЛҚЫНДАР ТҮНДЕ ҰРЛАНДЫ

Көк теңіз жатты жалқын көк, Шулап бір толқын тұрған-ды. Таңертең тұрса, Толқын жоқ, Толқындар түнде ұрланды. - Кім алып кетті? Кім көрді? Айқай сап теңіз сұрады. Жартастар айтты: - Түн көрді! Көк теңіз жасын бұлады. Ал түннің жайы белгілі – Тірі жанға айтпас көргенін. (тек... дұрыс түсін сен мұны), Айта алмас жұлдыз өлгенін. Талқан ғып таңды жеңсе де ол, Ештеңе айтпас далаға. Көргенін айта берсе ол, Онда ол өр түн бола ма? Айтпайды түн боп келген соң, Тек өзі азап шекпек ол. Көргенін жұта берген соң, Қап-қара болып кеткен ол.

СТАЛИНГРАД

Ізтұрған Тұржанұлына Сталинград. Жер үсті шұбарланды. Оқ борап тұр талқандап тұман-маңды. - Біздің жерде осылай қар бораушы ед… Сталинград. Қылдай боп шыдам қалды. Қан майдан. Алыс-жұлыс, талас мына, Түнді жалмап, сан рет таң асты да. Ысқырынған алапат өрт әлемнен, Қара жер қашып кірді қар астына. Оқ борайды. Қосылып қар борайды, Ақ боран жау деп, дос деп таңдамайды. Біліп болмас – оқ қайсы, қары қайсы, Ажал боп ойрандап жүр бар маңайды. Он сегіз оқ тиіпті – жайдың сырды, Ол енді, әке, сендегі айбын сынды, Жан шыдамас жарамен түрегепсің, Ажалды жұтпақ болған айдын сынды.

Үміт етіп құрайды ер құрамасты, Тәуекелі жетелер құламасты. Пулеметке қайтадан жармасқанда, Ажал да дәл жаныңнан тұра қашты. Бір қолың қалды жауды бүріп ұстап, Бір қолың келді Жеңіс Гүлін ұстап. Тағдырды, әке, көтердің бір қолменен, Бізді өсірдің тірліктің ығына ұстап. Суретің төр бөлмеде отыр, әні, өмірдің соған көшіп оты, мәні. өзің кеттің алдыңнан бұйырды да, Қамысбай әулиенің топырағы. …Өтті-кетті адамға қас замандар, …қаладан пәтер алдық. Дос-жаран бар… - Көршілерің қазақ па? - деді шешем, - Қазақ емес, немістер. Жақсы адамдар.

Мөлт еткізіп көздегі жасты неге, Шаршау жүзін бір үрей басты неге? Сәлден соң шешем баяу күбірледі: - А-ай, шырағым… , немісті жақсы деме! Соғыс даусы санада жаңғырады, Өшпейді жамандықтың тарғыл әні. Өзінің кім екенін, тарих, саған, Әр халық өзі жазып қалдырады.

ТҰЛПАРЛАР

Соғыс жылдарында Қарағанды шахталарында адам мен техника күші жетіспей, жер астында арбамен көмір тасуға аттарды да түсірген. Сол аттарды тек бірнеше жылдан соң ғана жер үстіне шығарған кезде, көздері сол сәтте соқыр болып қалған деседі. Жүрмін көңіл сандығын жиі ақтарып, Кетем сол бір жылдарға жиі аттанып. Жаралы өмір ілбиді көз алдымда, Сықырлаған ескі арба сияқтанып. Табалайды жауының мазағы оны, Тарих қалам ала сап жазады оны. Тұлпарлардың тұяғы дүбірледі, Батыс жақтан үргенде ажал оғы. Парақ-жылды өмірден жыртамыз кеп, Тауысуға жүргендей сылтау іздеп. Саусақтары қалтырап Қарағанды, Көмір қазған... өмірді жылтамыз деп.

Ол күндердің есесі ақталар ма, Кісінесе күңіренер шахталар да, Қайраңдаған кемедей үміттерді, Тұлпарлар ғой талмастан тартқан алға. Құрбандықсыз тіршілік жасара ма? Кербез Уақыт, Сен оны тасалама. Тамыры соғу үшін шахталардың, Жанын берген талайлар осы арада. Тұлпарлар ше, тұлпарлар! Табынарым! Көздеріңде алаулап лағыл әнің, Жеңіс деген сөзді естіп келе жаттың, Төрт жыл жарық көрмеген, жануарым! Отырамыз кей кезде, өшіп үндер, сол бір шақты ойлаймыз осы күндер. Сол жылдары адамдар тарапынан, Қаталдық болған еді, ...Кешіріңдер!

Соңыңнан қалың жұртың шулай ерген, Шаттықтың тайған шағы ол туған елден. Батыстан анталаған қалың жауға, Қатал жауап айтуға тура келген. Ұқтым сонда сен үшін зейнет жоғын, Тілің де жоқ, кетер ең сөйлеп, торым! Құлын даусың тек қана шырқырады, О, менің көнбіс көлік, бейнетқорым. Жер үстіне шыққанда, бақ-қанатым, Алдыңнан шыға келді қап-қара түн. Қап-қара түнге қарап тұрып қалдың, Бізде, сірә, дәрмен жоқ ақталатын. Соның бәрі, бәрі де адам үшін, Жануарым! Жүйрігім! Дала мүсін! Сенің құйған құрыштай төзімің мен, Керек болды адамға қара күшің.

Үмітіміз сендер-ді, Сенеріміз, Белгілі болған жауды жеңеріміз. Тайғанаған тағдырда сүрінбеген, Солар еді қас тұлпар дегеніңіз. Жануарым! Жүйрігім! Дала-маңдай! Жанарыңнан күн нұры тарағандай. Тұяққа көмір тиіп от ұшқанда, Төрт тұяққа төрт жұлдыз қадағандай. Құйрық-жалы – Қара зер төгілгендей, Қасқа маңдай ерекше бөлінгендей. Алакеуім шахтада маңдайыңнан, Таң шапағы арайлап көрінгендей. Өмір атты бәйгеде бұрын шаптың, Ойнақтап өтті-кетті құлыншақ-күн. Бір ескерткіш қоюға жарамадық, Кешіріңдер, адамдар ұмытшақ тым. Бізді бүгін құшақтап бақ келеді, өмір-мұхит жылжиды ақ кемелі. Қырық бірдің қайғылы қырқасынан, Соқыр ат жетектеген қарт келеді.

Жол беріңдер, көзі бар адамдарым, Көреді деп ойлаймыз жанар бәрін. Тұлпарларың жаныңда жүргеніңде, Жеңісің бар, адамдар, жоқ арманың. Аспанымда – көгімнің сұңқарлары, Аңыз оның ерлігі, бұрқанғаны. ...тіршіліктің көзіне үңіледі, Қырық бірдің жанарсыз тұлпарлары.

АЛАТАУДЫҢ АҚ ШЫҢЫ

Биiктiктi сақтау да бiр күш еңбек, Сол еңбекпен қайнап, бiз де пiсер ме ек?! Алатаудың ақ шыңы тұр айқайлап, - Жалықтым мен, ендi жерге түсем, - деп. Сағынышы ыстығымен өпкендей, Ол ыстыққа Мұзды мұхит кепкендей. Жанарында мөлдiрейдi бiр тамшы, Ол тамшысы - Балқашты әкеп төккендей. Сағынасың. Мұңыңды айттың тасқа да, Шырша-шырша кiрпiгiңнен жас тама. Махамбеттер құмы үшiн жан қиған, Сен де шыда! Биiгiңдi тастама. Түсiп кетсең, бұлақ шабар қапталдап, Найзағайлар iздер сенi оттарды ап. Ал бұлттарың кезер жердiң асты-үстiн, - Алатауды жоғалттық! - деп аттандап.

Сұрауың - бар. Ол да бақыт қылаусыз. Асқақ өмiр орнатам деп бұғаусыз, Қара жерде жүрген талай ерлердің, кезiнде арты қалған жоқ па сұраусыз. Гүлдерiң бар жанарынан жаз тамар, Биiгiң бар қарай-қарай көз талар. Түссең, ешкiм өзi түстi демейдi, «Оны Аспан лақтырған!» деп сөз тарар. «Лақтырған!» - деп сөзден сөзге өседi, Ғасырлардан ғасыр аттап көшедi. Сөйтiп тауды жер қылып бiр тынады, Бiзде таудың аздығы да осы едi.

ӨЛЕ-ӨЛЕ ТIРIЛЕРСIҢ, САҒЫНЫШ

Аяз киiп келе жатты алдан қар, Жылы жаққа ұшып кеттi тоңғандар. Ызғар желдiң соққандығын сылтау ғып, Жапырағын қуып шықты ормандар. Наурыз келер жасыңызға жас қосып. Асау өзен таудан құлар тасты осып, Дауыл соғар көтерiлiске шыққандай, Барлық құйын бас қосып. Жаңбыр келер, мiнiп алып ашуға, Құйындардың көтерiлiсiн басуға. Шабыт келер шаттыққа орап менi де, Өлең тұрар ернеуiнен тасуға. Қыс та бiтер, қарды қармен жамаған, Мiнезiне мiнез қосар заманам. Өле-өле тiрiлерсiң, сағыныш, Сені күндер сүрте алмайды санадан.

СВИНКСТІҢ ТАС БЕТІН ОЯТЫП АП…

Ерегесiп өлең де жатып алар, Аң емес оғың болса, атып алар. Шақырсаң да кей кезде келмей қойып, Күн сияқты кетедi батып олар. Абыр-сабыр жүгiрер қала-тұрақ. Шам жанады түнге нұр таратып-ақ. Өлең оқып отырам түсiмде ылғи, Свинкстiң тас бетiн оятып ап. Тастық сертiн сақтап ол түк ұқпайды, Бiз құсап тiршiлiкке құнықпайды. Бiр жылатып, Сонан соң бiр жұбатар, Күлкiлi оған бiздегi үмiт, қайғы. Бiздегi көңiл-дағы кiршең едi, Қирайсың. Жұбанасың - кiм сенедi? Жүрмiн әлi үмiттiң шамын ұстап, Ол шамым бiр жанады, бiр сөнедi. Сағындырды ауылдың алтын әнi, Жүректе соған тартар жол тұрады. Адам жаны жамалар сағынышпен, Тауларды да тас қана толтырады.

АРХЕОЛОГ

“Ұлтымыздың рухани қазынасы тағы бiр құндылықтармен толықты. Мемлекеттiк Хатшы Иманғали Тасмағамбетов өзiнiң тамаша ұлтжандылығымен танылып отыр. Ол адам қимайтын екi-екi жарым мың жыл бұрынғы сақ-скиф дәуiрiнiң жәдiгерлерiн өз жеке коллекциясынан Президенттiк мәдени орталық мұражайына тапсырды. Соның бiрi 25 ғасырлық тарихы бар шырағдан.” “Егемен Қазақстан” газетi. 10 желтоқсан 2003 ж. Қолында оның жүйрiктiк бар озатын, Таң оянып, тiрiледi қаза-түн. Археолог – төзiмдiлiк Құдайы, Жер қойнауын инеменен қазатын.

Ине-адыммен ұмтылғанда сыр-құтқа, Мұз дәуiрлер қалқып шығар құрлыққа. Кейде әлем мұқтаж болып тұрады, Сол ине-адым жерде жатқан шындыққа. Ол шындықты археолог табады, қара жерiм – шексiз жұмбақ қамалы. Алып кiтап секiлдi ол. Оны тек, археолог қана оқи алады. Небiр ғасыр – өзiн ғана ойлаған, жанып өткен, тайқазанда қайнаған, небiр дәуiр – мұхиттарды азғырып, теңiздердi бiр шыбықпен айдаған, небiр уақыт – тас дәуiр боп түнерген, небiр заман – топан суға тiрелген, Азияны баласындай арқалап, Африканы қап-қара ғып жiберген.

Мiне, солар көзге үйiрiп тамшы мұң, көне затқа айналып кеп баршын-үн, жылап тұрып археологқа баяндар, жанға айтпаған түнектегi жан сырын. Толқыған соң, көңiл солай толқысын, Археологқа көрсетедi ол өрт-iшiн. Ескi жылдар шешiп берер шашына, төгiлдiре таққан күмiс шолпысын. Күмiс шолпы сыңғырлайды мың тiлдi, қара шашым қарайды оған түн-тiндi. Қазағымның көп төгiлдi көз жасы, Күмiс шолпы, қорға күмiс күлкiмдi. Жылдар сосын ап шығады қазанын, қазанында толып тұрар қазақ-үн. Алтын сапты қылыш та өзiн ұсынар, Жүзiнде оның – қазалым мен жазалым.

Құт-қазаным, өр салтыңды ұмытпа, ал... дәм татқан-ау сенен талай ұлықтар. Менiң қайсар қазағымның ендi сен, қолындағы молшылық боп тұнып қал! Алмас қылыш – жарасқансың даңқыма, Бейбiт күнге келдiң. Бiрақ…балқыма! Аңдып жүрген жау әлi де аз емес, Сес көрсетер айбатым боп жарқыра! Ал, шырағдан! Қасиеттiм! Киелiм! Маң-маң басып ғалам шардың жиегiн, жүгiн артып жиы-р-ма бес ғасырдың, келе жатқан керуен – он түйелiм! Шырағданым – қолымдағы байрағым! Сан ғасырды жарық қылған, қайраным, “Тарихың жоқ!” дейтiндердiң алдында, Көрсететiн сен – тағы бір айғағым.

Шырағданым, қондың, мiне, тұғырға, Ақиқаттың көзi ескiде, шынында. Ұлы өзгерiс әкеледi ол кейде, күллi ғалам ұстанатын ұғымға. Шырағданым – алтын түйе мүсiндiм! Ақтара алар ақиқаттың iшiн кiм? Археолог шындық iздеп шарқ ұрар, сәулеңдi сен сол шындыққа түсiргiн. Қалай шықтың? Қалай ғана табылдың? Сенi көрiп, қарай қалды лағыл-күн. Шырағданым, ендi қазақ халқының, маңдайына шырақ болып жағылғын! Шырағданым – он түйелiм, ұлық-тек, орыныңнан бiр сiлкiнiп тұрып-бек, қазағымның ұлы көшiн баста да, мың ғасырға тағы iлгерi жүрiп кет!

Ел рухы өткенімен бекір-ді, Сен – тарихтың шырағданы жеке үнді. Сендей дерек тауып, сақтап жүрген Ер – Қазағымның шырағданы секілді!

  • *

Таң атады қызыққа тоймағандай, Кешке қайта батады ойлана алмай. Қаптаған материктер арасында, Алып Күн жасырынбақ ойнағандай.

Алып Күн. Өзi өзiне арбалады, өз сәулесiн қызықтап, толғанады. Аз ба өмiрде өзi өзiн жасағандар, Әлiппе ұлы томға таңқалады.

Екi тау тұр, бiр ойға беттегендей, Ортада – көл, берерiм көп дегендей. Шөлдеп келiп сол көлден су iшкенде, Екi тау бiр табақтан ет жегендей.

Ақ сәулесiн тұрады ай таратып, Көк құрақ шаш тарайды шалқалатып. Жаңғырық та сөнбеуге жаттығады, Тауларға ол да өзiн қайталатып. Дала жатыр көркемдеп гүл-етегiн, Сағынышты мен де өрт боп жыр етемiн. Жансақ деймiз от болып бәрiмiз де, Бiле тұра от соңы күл екенiн.

ТҮСІНІП КӨР МЕНІ ДЕ

Уақыт жүйрiк. Не iстейтұғын мұршаң бар, Күн мен түндi есептейдi кiл сандар. Құйындарға аң-таң болып қарайды, Қыдыруға қолы тимей жусандар. Жусандардың iшкi iсiне кiрiспей, Құм жатады шаршап, тынған ұлы iстей. Бейнетқор да, адал құмырсқалардың, Iзi жатыр құмға түскен тiгiстей. Кейде нөсер жауады бiр төпеп кеп, Таңдамайды – тау үстi деп, етек деп. Шырмауықтар шырматылып тағдырға, Өзендер жүр бiрiн-бiрi жетектеп. Қара жолдар елсiздiкке айдалып, қаңбақтары жүгiруден бәйге алып. Шөл даланың ыстығына кепкендей, Күлкiлерi мумиеге айналып.

Соның бәрiн. . . көңiлiммен шарлаймын, өмiр көшер шаттығына жалғай мұң. Өлеңiмнен көмек сұрай келедi, Теңiзге өзiн түсiндiре алмай құм. Сары құм-ай, қинайды өмiр сенi де, Не айта алам сенiң бұйрат белiңе? Адамдар да түсiнбейдi бiр-бiрiн, Мықты болсаң, түсiнiп көр менi де.

НАРЫН ҚҰМ

Нарын құм бұрқырап, Дүниенi үптердей, Өзiн өзi жүн етiп түткендей. Кейде құйын боп түрегеледi, Махамбеттен бiр хабар күткендей. Тарамыс бұталарының, Саусақтары сақ-сақ күлгендей. Сол күлкiсiмен жiгерсiздiктi бүргендей. Осы құмды бiр-бiрiне қосып, көбейтiп, Кейде желге ұшырып, азайтып, Дала есеп шығарып жүргендей. Дала ненi есептейдi? Оны ешкiмге айтқан емес. Ал құмдары айтқанынан қайтқан емес. Көшем десе, көшедi, Таудай боп өсем десе, өседi. Жарты әлемдi ап жатам десе, жатады. Кейде таулардан зор, Бұл құмдардың атағы. Құм арқалаған ана қыр, Қазаққа пана-дүр. Бабаның батихасымен, Құмдардың математикасымен, Өрiлген дала бұл.

Мәрттiктiң ұясы, Аптапқа да кеппей жатқан қанды жорықтың сиясы. Бұл дала – қуаныш пен қайғының Географиясы. Тарихымның қапиясын, Көзiмен көрген от-ұясын. Ауыр денемен жеп-жеңiл көшiп жүретiн, Түсiнбейдi ешкiм бұл құмның философиясын.

ҚЫС

Ішімде де ақ боран, Сыртымда да ақ боран. Көңіл-бұлақ ақ табан, Ол да қатып тоқтаған. Үсіп өлді үмітім, бір жаз бойы сақтаған. Қарға батып дәрменім, Мұзға қатып дәуренім, Кәрі қысты тұр-тұрлап, Оята алмай әуремін, Шаңқай жаздан адасып, Жүрген жалғыз сәуле едім. Қыс пен жазды жалға тіл, Көктеміңе бар батыл. Жасыл-желек қай жақта? Мұнда тау да, тал да тұл, Өлеңдерде ақ қырау, Ой ұшында қар жатыр.

ҚАЙ ӘРПІҢДІ ТҮЗЕТЕЙІН, ҚАТЕЛІК?

Талайлардың заты да өлдi, аты өлiп, Бiз де сонау заманаға жат едiк. Ғасырлардың бетi толған адасу, Қай әрпiңдi түзетейiн, қателiк? Кеткен аз ба бiрi-бiрiмен қауыша алмай, Ендi өзi-өзiн түгендеуде бар шалғай. Ұлы Қытай қорғаны отыр миы ашып, өз кiрпiшiн өзi санап тауыса алмай. Мұң да бiттi көңiлiңдi жайлайтын. Асығыстық - ендi мида қайнайтын. Дауылдар да ендi ойланып қалғандай, Мұхиттарды шашып-төгiп ойнайтын. Шашып-төккен тiрлiктi кiм құрайды, Уақыт, шiркiн, босқа өткен сыңайлы. Жапырақта жалғыз тамшы дiрiлдеп, -Мен де мұхит болғанмын, - деп жылайды.

Талайлардың сандығында жатты бақ, Талайлар жүр өзiн өзi шақ құрап. Құйындар жүр өз тарихын бiлмейтiн, -Кiм бiлед? – деп көрiнгенге шапқылап.

Тұрды кейде ертеңiмнен шошып ой, Тарих деген – iз кескеннiң досы ғой. -Мен кiммiн? – деп бiз ешкiмге бармаймыз, бiздiң ұлы бақытымыз – осы ғой.

Оқпен атып, шапқанда да насырға, Бой бермеген жылдарға да, ғасырға. Кiм болғаның, кiм екенiң жазылған, Күлтегiннiң ғажайып көк тасында.

Өсем десең – өткен шаққа ие бол, Келешектiң сынбас, асыл сүйегi ол.

Өткен шаққа оқ атқызба, себебi, Болашаққа барып тиедi ол!

  • *

Замана көз алдыңда барады ағып, Шаттыққа өкiнiштi орап алып. Мәз боласың кетiлген көңiлiңе, бiреудiң жылы сөзiн жамап алып. Жылдамдықтың баяуда өшi қалып, Қысқа күннiң батады кешi налып. Жалғайсың Шаттық атты көйлегiңе, Уақытыңның етегiн кесiп алып. Сөйтiп, оны ұзартып алған болып, Құлын көңiл ұшады тарлан болып. Тағы сенi таң атпай оятады, Шабытына мiнiп ап қалған жорық.

ӨС, АСТАНАМ!

Жалқаулықты жер қылар қарсы ағыстай, Шеберлер шықты қайла, балтаны ұстай. Күн емес, сағат санап өс, Астана, Алты айда атқа мінген Алпамыстай. Әспетте Астанаңды тосылма, жыр, Заулаған көп көліктен шошынба, қыр. Көшеңнің шаңын басып беремін деп, Алатаудың бұлты да осында жүр. Қазақ тіл! Шаттанды алда бағы бардай, Алтын тақтан сөйлеп бір ағылар ма-ай?! Қуаныштың көз жасын сүртіп тастап, Сарыарқа жүр жүрегі жарылардай. Сарыарқа әз қалаға сүйінуде, Жел келді жүрдектікті үйіруге. Ескі Ақмола Ескі ойын шешіп тастап, Жағалы жаңа арман киінуде. Тоқтатқанмен соғуын сағаттары,

Отыз жеті ...өшкен жоқ санатта әлі. Қайтты, міне, ауылға сол жылдары, Тұтқында қалған қазақ жер аттары. Ертеңгі кереметке асықшы, үміт, Жалқаулық жиналыстан қашып шығып, Қазақтың даласынан қашқан жаудай, Жұтаңдықтар көшеңнен босып шығып. Сәт туды өскеніңді санап тұрар, Өс, Астана, сүйінтіп алапты бар. Хас сұлу бол Париждер мойнын созып, Лондон кеп таңдай қағып қарап тұрар!

АУЫЛ

Момын ауыл, Сағым ауыл керемет, Әр таңына сенiм нәрiн себелеп. Ескi көркiн ұзартады ескi ауыл, Көшелерiн бiр-бiрiне шегелеп. Сағынышпен күтiп сенi жанары, ғажап сұлу бiр әнiне салады. Бiздер жүрген көшелерiн бүтiндеп, қағып-сiлкiп, қайта төсеп алады. Ауыл менен қазақ деген – бiр ұғым, түсiнер кiм қандайлығын құнының? Қайран ауыл, бiр өзiңнен басталған, өлең жайлы менiң тұңғыш ұғымым. Мен ғана емес, күллi ақын ауылдан, қас дарындар күмбiр күймен “ауырған”. Әншi, ғалым, қас батырлар мейiрiмдi, жарты нанын аямайтын бауырдан.

Ауыл менен дарын деген бiр есiм, солар барда шаттанасың, күлесiң. Қайғы шегiп, мұң арқалап, баз кешiп, Түңiлгендер ауылға кеп түнесiн.

Ие алмаған қиындық пен азап бiр, ниеттерi, жүректерi азат кiл. Паналайды сол бiр дархан ауылды,

қалаға кеп сағы сынған Қазақ тiл.

  • *

Киіз тірліктің, Мүйіз дауында, Сыбырға айналды айқайым. Шағылған тауыңды, Қымызды ауылға, Арқалап енді қайт, айым.

Сарғайған ойдың, желіне күйіп, жұлдызын түннің теремін. өлеңнің жолын келіге түйіп, кереге-күнмен еледім.

Арманға ертең жетейін деп ем, Жүз сұрақ мида жарысқан. Көтеріп бәрін кетейін деп ем, Күшіңді берші, арыстан.

Ұйқыға кетіп барады қала, Көшенің шамы есінеп. Көз ілмес жырдың жанары ғана, Көңілім, түнді кешіп өт. Талайға сенің пейілің күлген, Ей, бақыт, маған көш енді. Бір ұрттам сұрап мейіріміңнен, Тосамын мен де кесемді.

ОЙ-ЖАПАНДА ЖАЛҒЫЗБЫН

Ой-жапанда жалғызбын. Өшкен ымырт түнгi аспанын ұсынар кестелi ғып. Түсiнгенмен бола ма пана маған, Басқаның бақшасында өскен үмiт?! Шеген-ой шемiршек боп басталатын, Шабысыңды үдетшi, қосқан атым. Маңғазданып қарайды мәнсiздiктер, Бұлттар да жүр жамылып аспан атын. Толқын өлер жартасқа құлашты ұрып, Төбе едi, ендi тауға ұласты үмiт. Бiлмейдi-ау бүтiн болып жарытпасын, Жел әуре жал құмдарды құрастырып. Серпiл, көңiл, өлеңге шерiң айтып, Жан тазарар сағыныш әнiн айтып. Ұлы арманға төте жол салынғандай, қашықтықтар кеткендей керi қайтып.

Ой жетпеске жетудi ойлағанбыз, Аязда да өртенiп қайнаған – бiз! Қашықтыққа айқай сап, тоқта деумен, көз жетпес бiз де алысқа айналармыз.

ҚҰМДА ӨСКЕН ТЕРЕК

Анау терекке қарашы, Құмға сiңгендей бағасы. Нәр бере алмадың бiзге деп, Жапырақтары тастай қашқан-ау шамасы. Шөл қысқан терек - Құм-адам, Бұтағын созып, ажалын көктен сұраған. Өле алмай тұр ол. Сергелдең жанға ұқсайды, О дүниесiн ұрлатып алып жылаған. Жылама, терек, басса да сенi құм-аршын, Асқан ерлiктiң белгiсi сынды тұрарсың. Құмда өсiп нең бар дей алман, Орман етсем деп тәуекел қылған шығарсың. “Ел қондырсам” деп Махамбет, Азаттық өмiр сүруi керек жаhан деп, Тап осы жерде олар да жүрген түн қатып, Бостандық таңы атар деп.

Сен шығар, бәлкiм, сол ерлiктердiң жалғасы. Көктем келiп тұр. Көктем дегенiң жол басы. Батырлар басын кессе де тастап кетпеген екен бұл жердi, Сен де ендi, терек, Орманға кетiп қалмашы.

  • *

Қала мынау ерке күлкi, сан қылық, көлiктердiң айқай-шуын ән қылып, ию-қию жүгiредi көшелер, ақыл-ойын үйде ұмыт қалдырып.

Көңiл-дөнен көрiктi ойдан жұтап бар, өлеңiмнен орын iздеп бұтақтар. Дүкендегi сөрелерден қарайды, Тұра-тұра iшi пысқан кiтаптар.

Iшi пысқан кiтаптар тұр нешеме, Кейiпкерi кетiп қалған көшеге. Көлiктерге қол көтерiп тұр, әне, Жаяу қалған маңдайдағы пешене.

Шыңдар анау ақша қармен ұшталып, Тiрлiк мынау жоқшылыққа ұсталып, Сонда да. . . жол жұбанышпен қысқарып, Өмiр-кiтап үмiтiммен тысталып. Керуендей кетiп жатыр мақпал күн, Баласы - бiз түсiнiксiз шақтардың. Қанағаттың көрпесiнен үй тiгiп, Жылынамыз аязына ақпанның.

КӨКТЕМ МЕН КҮЗ

Өмірін жалғыздықпен өткерген түз, Біз оған таңданумен шектелгенбіз. Бұл адам табиғатты қалай ұқсын, Бір-бірін түсінбейді көктем мен күз.

Көктем тұрып: «Мен – өмір сәні» дейді, Күз: «Кәрілік – өмірдің мәні» дейді. «Жапырақ жасыл түсті» дейді көктем, Күз айтады: «Жапырақ – сары» дейді.

Үзілмесе екен деп тоқтық әні, Бейбіт таңым, тағы да аттың әні. Көктем мен күз айтысып келеді әлі, Қыс келіп екеуін де жоқ қылады.

Талайларды мәрттікпен ойландырдық, Аңғалдықпен талайды қайран қылдық. Талайлардың күзі жоқ, Көктемі де, Талайға арман болды қайран Бірлік.

  • *

Жапырақтар сұп-сұр күзгi бағында, шашылыпты. Жатыр оңың, солыңда. Жел ұйытқыса шыр көбелек ұшады, Айналыпты түк ұқпайтын тобырға. Құстар даусы қыстан қашып құтылды, Көлеңкем де сұп-сұр бұлтқа жұтылды. Сұлу едi таудың бұлты. Ал бүгiн, Алатаудың алжапқышы сықылды. Түн тұратын иығына шам асып, Шамға құмар шiркейлердiң бағы асып. Күзден басқа жан жоқ ендi көшеде, Аялдама адам iздеп адасып. Қазiр бәрi керiсiнше болғандай, Бақытыңды менсiнбейдi сормаңдай. Бүгiнгi адам кешегiден өзгеше, мiнездерiн терiс киiп алғандай.

Бәрi өзгердi. Жап-жарық қып түн өзiн. Ана тiлiң танымай қап тұр өзiн. Бәрi өзгердi – күлкi, өлең, көлiк те, Тек зұлымдық өзгертпедi мiнезiн.

  • *

Алыста қалды анау қала, бақ, Мен жүрмін қалың ой қамалап. Көктемнің соғады самалы, Таулардың тағдырын аралап.

Таулар ма ? Тау деген – тас айдын. Тастардан төзімді жасаймын.

Шашылған тірлікті теріп ап, өмірдің мүсінін қашаймын.

Ақыл-ой! Кел отыр қасыма. Ақ кіріп қалыпты шашыңа. Қытайдың қорғаны сияқты, Шаттықты жасайық асыға.

Қиратып надандық түрмесін, Жасайық ұлылық іргесін. Келешек күндердің баласы, Бізді де кінәлап жүрмесін.

Бабамның ақылы қандай деп, Кетіпті сара жол салмай деп. Өмірдің сықпыты мынау ма, Ал сонда өлімі қандай деп. Осынша даланы шырайлы, Мыңдаған бөлшектер құрайды. Даланың қиыршық тастары – Олар да тау сынды жылайды. Себебі – олар да тау болған, Ол таудан аса алмай жау қалған. Қартайды. Бала-тау өсірді, Өзгенің назарын аударған. Өсіңдер, тауларым, бата алып, Қалмасын тірліктің аты арып. Адам боп, Тау-тас боп – бәріміз, Жатамыз Жер-Ана атанып.

ҚАЙ ЖАҚТАН КІСІНЕДІҢ, ҚҰЛЫН ӨЛЕҢ?

Қай жақтан кісінедің, құлын өлең? Шылбырды ала жүгірдім құрығымен. Алтын дәмін ұсынып сағыныштың, Келіп тұрған сенбісің шыныменен?! Қалай таптың адасып кеткен мені, Күзден сұрап жеттің бе бөктердегі? Саған барып бір хабар айтты ма, әлде, Хат боп ұшып сезімнің кептерлері? Налыдым. Сенсіз өтті жаз да күліп, Бір кезде жанғаны – ұмыт, озғаны – ұмыт. Кетті түсіп көңілдің қайығынан, Иығымда жүріп-жүріп тозған үміт. Құлдыраңдап жүгірмей сезім-бала, Мұңайдым кешікті-ау деп төзім –дана. Үміт түсіп кеткен соң, жалғыз қалып, қайығымда отыр ем өзім ғана.

Құлын-өлең, қай жақтан келіп қалдың?! Сен жоқта пенде болып өліп қалдым. Құрық ұстап жүргендер көп еді ғой, Сен мені қалай ғана танып қалдың?! Құлын-өлең, Кел кенді адаспайық! Адастырар күндерді аластайық. Мен сені күтіп-бағып тұлпар етем, Ал менің тұлпарыма жол аш, қайық!

ЖЕҢІЛІС

Құба жон кең даланың шетін өрген, Тәуекелім, келдің бе бекіп елден. Найзағайлар жоқ болды жалт етті де, Дауысы сонау қырға кетіп өлген. Үйректердің соңында тізбек қалып, Гүлдер де қашты қырдан күз кеп қалып. Ақша бұлттар, оралмай кетті олар да, Қырда өлген найзағайды іздеп барып. Қараша айы! Басылды дала шаңы. Тау кетті аттап өтіп аласаны. Ақ қырау ойға жылжып жетті міне, Бір қырға тұсап тастап қарашаны. Қараша айы! Сол қырда тұсалып тұр, «Кетер ме ем,- дейді ол да – күш алып бір!» «Күш алдым енді, міне!» - дей бергенде, Кетеді екен билікті қыс алып бір.

Күз желі қыс желінің теңі ме еді, Теңі емес, сондығынан шегінеді. Аязды жегіп алып келді боран, Ол да ертең көктемінен жеңіледі. Бір құдырет барына сеніп іштен, Ырза бол шаттығыңа тегін ішкен. Жеңіс үшін келген ек бәріміз де, Ұлы өмір тарқайды екен жеңіліспен.

АҒАШЫ ЖОҚ ОРМАН

Құлқыныңды қамай тұр, Жеп тауысты тағатты ол. Ел шетінде тоғай тұр, Ақсақ аяқ, шолақ қол.

Заман-адам – алдаушы, Келді, міне, ортаға. Жапырақтың жан даусы, Ұмтылады балтаға.

Тегін отын. Кенелді. Сайлап келіп көлігін, Тиеп алып жөнелді, Ағаштардың өлігін.

Көк терегім құсалы, Лайланды күй тынық. Көк түтін боп ұшады, Шыбын жаның үйтіліп.

Мұңын айтса тақыр, құм, Жылатады жалғанды. Кезіп келе жатырмын, Ағашы жоқ орманды.

Жусап қалған елдердей, Жапырақ-жұрт жатты өліп. Соғыстан соң келгендей, Тұрмын! Әлем – қақ бөлік!

Жан жоқ! Тірлік безгендей! Үнсіз үрей қамады. Шошындым мен – кезгендей, Адамы жоқ қаланы.

  • *

Ақ қарды араладым сағынардай, Жел тұрса, әлем тағы қағынардай. Қорқа ма менен қалып қоямын деп, Іздерім ілеседі жаны қалмай. Сағыныш, сары аяз боп өшесің бе? Қырық байлам күдікті шешесің бе? Ой-санамды сабалап үрлейді қар, Ауылдың жыртық етік көшесінде. Ақпанның аң-таң болып тірлігіне, Жынды жел үңіледі түндігіне. Бірі – қар, Бірі – аяз – Қос Үкімет, Ауылдың таласады билігіне. Ауылымның көңілі – көктемінде, Көктем кеп, көңілге нұр төккенінде. Қызыл гүлді оятып қыр самалы, Ақ қардың қырдан қашып кеткенінде.

Қаптаса бәйшешектер – қолғанаттар, Көбелек – қызыл қанат, сары қанаттар. Тау басынан көктемге қараса үркіп, Ақпанынан адасып қалған ақ қар!

ӨЗ СУЫН ӨЗІ ІШІП ТАУЫСҚАН КӨЛ

Зыр жүгіріп, құм қуып сауысқан-жел, Суыл үні шағала-дауыстан да өр. Келіп менің кесеме үңіледі, Өз суын өзі ішіп тауысқан көл. Тауысқан көл келбеті күмістей-ді, Күміс кетіп, Мұңыңа мұң үстейді. Құйындарға бәрі бір – шөл ме, көл ме, Құйындар су ішпейді. Ақ гүлін шөлдің демі талап алған, Қаңбақ қана семіріп, домаланған. Шөл даланың сағымы – теңіз сынды, Өзі өліп, толқындары ғана қалған. Толқындары шөл құмын тарамдар-ды, Сол құммен жау ала алмас қамалды алды. Тура жолдан басқа жол білмейтін құм, Кешіп өте шығады адамдарды.

Өте шығар үйірін санауменен, Өте шығар өрт демді алауменен. Бақыттың тура жолын таба алмайтын, Адамдарға аң-таң боп қарауменен.

МАҢҒЫСТАУЫМ

Әр қыстауын Тарих қып жаратқаным, Маңғыстауым – Күллi әлемдi өзiне қаратқаным. Аңызы бар iшiнде қауғаның да, Түйелердiң iзiнде маң-маң қылық. Қайсар гүлдер өседi тауларында, Тастарды таңқалдырып. Ебелектiң етегi бүгiледi, Жиналсақ, Бiз де орман құраймыз деп. Тоқтамастан құйындар жүгiредi, Тоқтасақ құлаймыз деп. Тағдырына шынығып мұз қарыған, Жұлқылап оятады тектi желi. Маната тау өзiнiң құздарынан, Пойыздарды арқалап өткiзедi. Ал халқы ше? Өзiнен қонағы көп, Салтын бұзбай келедi аялы елiм. Қазақ деген осындай болады деп, Көрмелерге апарып қояр едiм.

Апарып қояр едiм, Көрмелерге сөйлейтiн өңге тiлде. Тұрар едiң нұр ойнап келбетiңде. Әттең, Сен сиятын көрме жоқ жер бетiнде.

  • *

Бәйшешектер жиырма күн ғана өмiр сүредi дейдi.

Қыс таусылды. Қалды алыс сары жiбек күз. Ертең-ақ құлпырады үлбiреп түз. Келiп қалған көктемнен зәресi ұшып, Шатырдан құлап өлдi су жүрек мұз.

Шуағына тәнті боп өрт аспанның, Ақ бұлақ таңдай қағып қолпаштар мың. Маужырап күн шуаққа жонын тосар, қартайған қу сүйегi жартастардың.

Көктем келдi көгiлдiр. Жылыды бақ. Тiршiлiкке жүгiрдi тiрi бұлақ. Кемiредi ақ күшiк жоқшылықты, қоғамның бiр бұрышына тығылып ап.

Өттi-ау өмiр! Тоқтамас ағыс мүлде, қысқа ғұмыр қарайды алыс күнге. Күлiп тұрып және де жылап тұрып, Бәйшешектер билейдi қар үстiнде. *

Үзіледі шарасынан, Уыс-уыс түндерім. Саусақтардың арасынан, Сауылдайды күндерім.

Бұлт құшақтап бозаң айды, Тарқатты наз-өрімін. Күздің даусын аралайды,

Жаңбыр-жаңбыр көңілім.

Сен де кеттің сары шілде, Құс даусы да азайдың. Келе жатып таң ішінде, Жапырақтан жаз ойдым.

Қос жағаны мекендеген, Жасыл құрақ, қайдасың? Жасыл күн де кетер менен, Ұрлап жастық айнасын.

Айналды қос жаға мұзға, Арасында сал қайық. Екеуміздің арамызда, Сағыныш жүр сарғайып.

КӨК ТЕҢІЗ ЖАТЫР БАЛЫҚТАЙ ТУЛАП...

Көк теңіз жатыр балықтай тулап, Толқынды сүйреп шағала. Ереуілге шыққан халықтай шулап, Қамыстар қалды жағада. Қал мейлі. Сені аялар ақ таң, Көлін іздейін мен шабыттың. Күлкім бар шаттық. Мұңым бар – батпан, Мен өзім де бір халықпын. Ғасыр боп бүгін қарайды маған, Кешегі кеткен бұлақ-күн. Алдымды кесіп, орайды далам, Шапанын сүйреп сұрақтың. Сұрақтан қаштым, ән-жырға балқып, ағыттым сезім тиегін. Шілдеден шаршы орамал тартып, Жаңбырдан көйлек киемін. Сылтаудың бәрін тағдырға сілтеп, Көңілім көнген сыңайлы. Әттең-ай, бала-армандарым тек, Өлең ішінде жылайды.

ТҮН

Кереге күндер керіліп, Жинала қалар кешкісін. Тоқтатам деген мені ұғып, Даусымды қайдан естісін.

Ақ дәптерде – түн қазір, Шаммен бірге сөнемін. Сен ояттың, жыр-мәзір, Батқан күндей жоқ едім.

Көше даусы ырылдап, Қара түнді талайды. Алатауды сығымдап, Ақ қар, көк мұз қарайды.

Түн барады таңға ауып, Мұң қарайды кеседен. Көңіліме қар жауып, Мұз бола ма көсегем.

Ұзақ түнім шынында, Таңға айналып барады. Кеседегі мұңым да, Қарға айналып барады.

  • *

Жетегінде сері күннің, Ұмыттық сан бейнені. Желбірейді көңілімнің, Киілмеген көйлегі.

Күз де келді сырға көрік. Қыс пен жазға араша. Қонып жатыр қырға келіп, Қырау-қырау қараша.

Армандарым жанды қанша, Алыс-алыс күндерде. Көңілдерден көрдім арша,

Жұлдыз-жұлдыз түндерде.

өтті, кетті сағым айым, заман ойды сілкілер. Моншақ қылып тағынайын, Жалғыз тамшы күлкі бер.

Баяғыдай шақыршы, үмті, Шықты тағы шатыр-күн. Нала-мұңға батып-шығып, Мен де келе жатырмын.

  • *

Қалтасы қалың күледі нарық, Сөнердей болды жыр-ошақ. Өлеңім тауға түнеді барып, Түсіне ұлар ұя сап.

Сүйендім түннің босағасына, Өлеңім күзге ат байлап. Өлген сезімнің Қособасына, Келе беремін жоқты ойлап.

Төгеді жапырақ жасылын жерге, Сал күзге есік ашып бақ. Ақ ала таңға тасыдым мен де, Қап-қара түнді қасықтап.

Жаз ғұмырға да келеді бесін, өкініштерім, қал жұртта. Кетіп барады келелі көшім, Сағыныш артып сандыққа. Ертеңін болжап қылықты өмірдің, Жоқ іздеп қысты жол еттім. Жетім түйесін сынық көңілдің, Көктемге айдап әлекпін.

ОТЫН ІЗДЕГЕН ОРМАНДАР

Мiнезi қыстың от-қызба, Әлемдi өзi жаулардай. Төбелер жатыр көк мұзға, Тайып жығылған таулардай. Жұлдыздай жерде жыпырлап, Сәулесi қардың күледi. Сары аяз сықыр-сықырлап, қыс бойы жаяу жүредi. Ақ боран асып-тасады, Аязға бөктi түз демi. Жапанның қарын басады, Аңдардың мұңлы iздерi. Алты ай қыс. Мұзы алты қат, Жапырақтайын тоңды аңдар. Алдымнан шықты қалтырап, Отын iздеген ормандар. От жағып қолын жылытпақ, Көктемi сұлу келгенше. Ақ қысты тағы ұмытпақ, Жап-жасыл жаны сөнгенше. Сұлу жаз, келгiн, түрленгiн, Жастықтың сен бiр бөлшегi ең. Кекiлiн сипап гүлдердiң, Құйынның бойын өлшеген.

Жылуын жаздың саялап, Тiрлiкке шаттық әкелсем. Аңдардың мұңын аялап, Орманға отын әперсем. Жеткiзер емес iзгi арман, Аяңмен жүрiс өнбедi, Алдымнан соққан ызғардан, Жеңiлмеу – мақсат мендегi. Тiрлiкке ауыр жаншыла, Жыр өрдiм сегiз өрiммен. Тарыдай ғана тамшы да, Өлсем дер теңiз өлiммен.

СЕНIМ

Ұлы сенiм!

Қонады ол таңдай елiн, Сонымен өмiр сүрер талмай ерiң. Қоймаңдағы сақтаулы байлығыңдай, Сенiм деген, шiркiн-ай, қандай едiң?

Сол байлықты ұрлатып алмасам деп, Ұрлатып ап. . . кедей боп қалмасам деп, Үмiт пенен шаттықтан күзет қойып, Көмектес деп өлеңге жармасам кеп.

Сенгiм келед тауға да, белеңге де, Тайызға да, тұңғиық тереңге де. Кәдiмгiдей. . . Шынымен сенгiм келед, Осы өмiрдiң мәнi бар дегенге де.

  • *

Көнбiстiктi қадап алдық түйме етiп, Көшпелi күн Бердi бәрiн үйретiп. Тоқырау жыл, Ол да кеттi өкiне, Ұрандардың өлiктерiн сүйретiп.

Өкiнiшiн алып кетшi шулатпай, Кербез уақыт көз алдайды бұлғақтай. Берерi жоқ күндердi де, Амал не, Жұта бердiм құрғақтай. Қайшылықтар – Жылқы дауыс, түйе бет, Күншiлдiктiң күлiнде отыр үйелеп. Надандықпен айқасам деп жүргенде, Жылдарымды тауысады-ау күйе жеп. Өлеңiм-ай! Ол да өкпелi сыңайлы, Күрсiнедi. Түнде оянып жылайды. Ақтық демiн алақанға салып ап, Келедi үнсiз, Менен өмiр сұрайды. Ал мен деген – Тiршiлiктiң құрбаны, Уысымда қалған өмiр жұрнағы. Сол өмiрдiң шаңын сүртiп әуремiн, Тереземде - қайтып жатқан тырна әнi.

Белгiсiздiк араласып тағдырға, Сұрақтардың сары даласы – алдымда. қақсып келiп сағыныштың шөлiнен, өзiмдi өзiм жасырамын жаңбырға.

Шырмауынан шыға да алмай ас үйдiң, Жандүние түкпiрiнде жасиды үн. Сонда-дағы мың түсiп мен мың шығып, Үмiтiмдi тау басына тасимын

  • *

Жаңа қоғам. Су жаңа Мұң. Таң алды. Айна алдында Асығыстық таранды. Жетiмдердiң үйiне әкеп өткiздiк, Тiсi түсiп, шашы ағарған моральдi.

Аштық отыр тоқтықтан өш алғалы, Шегелер жүр өлтiрем деп балғаны. Қара бояу қашып шықты қарғадан, Бар бояуға патша болу арманы.

Құмырсқалар кешiккендей ұлы iстен, жүгiредi. Жаңғырықтың шуы үстем. Жасандылық жарқ-жұрқ етiп ұшады, Күлкiлерге тағып қойған күмiстен.

Маңғаз қарап бағасы асқақ Бұйымдар, Адам - оның жанындағы үйiндi әр. Қағып-соғып, көмiп өте шығады, Сырты тiрi, iшi өлi құйындар.

Сан пiкiрдi тапап өтiп сан талас, Бiр үзiм күн, сенiң шуың тарқамас. Өмiр деген бақыт та емес, сор да емес, Өмiр деген - үстемдiкке жанталас.

  • *

Тепкенде темiр талқандап, Шапқанда өрттей шапшыған. Бақытты төрге арқандап, Қоятын қайда қас қыран?

Тектiлiк, сенi қорғалап, Тас шайнап туса керек-тi. Жаңбырдың бетi сорғалап, Көңiлдiң iшiн көл еттi.

Ортадан өмiр ауғанда, Уыста тұрмас қашқан күн. Таусылады екен таулар да, Тұсауын кесiп тастардың. Ауыздығымен алысқан, Тоқтамай кеттiң, алау шақ. Жүгiрем ендi намыстан, Жалқаулықтарға жамау сап. Тас дәуiрдегi тасыңды, Қайрат қып кекке жанып ап, Оятсам ба екен ғасырды, Сона-а-ау Мұз дәуiрiне малып ап. Үйретсiн саған мұздықты, Есiнеп мәжiлiс құрмасқа. Сорыңнан алам тұздықты, Соңыра жидiп тұрмасқа.

ПЕЛЕНIҢ ДОБЫ

Таңқалам жанкүйерлер төзiсiне, Футболшы да адал, мәрт өз iсiне. Көз iшiне сыйатын футбол ойынын, сыйғыза алмай әлекпiн сөз iшiне. Талай ақын – қаламның күшi дардай, Кеткен шығар ештеңе түсiне алмай. Құдыретiн футболдың дәл жеткiзер, Ұлы сөздi қақпаға түсiре алмай. Бiреудi ғылым бақ боп тосты алдынан, Бiреулер жазып кеттi аспанға ұран. Бiреуге өлең бақыт, Ал... Пеленiң, Бақыты теңбiл доп боп қашты алдынан. Талай шаршы алаңда iзi кеткен, Пеле жүрсе, футболдың күзi – көктем. Африкада тұрып-ақ тепкен добы, Жарты әлемнiң қақпасын бұзып өткен.

Доппен бiрге көкке өрлеп туың кетер, Хас шеберлiк жоқты да туынды етер. Қазағымның жерiнен тебiлген доп, Пеленiң добын қашан қуып жетер. Доп боп қашқан аңсатты бақ талайды, Пеле добы жеткiзбей от қамайды. Кiдiрте тұрар едiм өлеңменен, Теңбiл доп, Әттең. . . Сөзге тоқтамайды. Қазақтың маңдайынан жел есiле, Сол допты қуып жетсе келесiде. Алтын допты көтерiп тұрса қазақ, Жер шарын көтергендей төбесiне.

ЖУСАН

Боз жусан деген жұрағат, Шөлдегі жалғыз құдайсың. Алдымнан менің шыға қап, Бір тамшы сусын сұрайсы. Боз ғұмыр қонған шашыңа, Сусыны қанып көрмеген. Адыраспандай досыңа, Шеріңді айттың желменен. Бір арман, білем, жүр сенде, Кермекті таттың уыз деп. Жоқ екендігін білсең де, Суы жоқ жерден су іздеп. Нәр іздеп жүрсің таңдардан, Көрініп сағым... көлдей боп. Мұңы көп мына жалғаннан, Бақыт іздеген мендей боп. Ақ құмды құшып құлайсың, Көңілің бір ой түзуде... Бір тамшы бер деп сұрайсың, ...Көз жасы етіп үзуге.

ТЕҢІЗ ӨЗІ ЕШКІМДІ ІЗДЕП КЕЛМЕЙДІ

Көше кеттi жарнамасы бұлғаңдай, Одан өзге айтатұғын сыр қалмай. Тұрақсыздық басып озған заманда, Мән мен сән де ажырасып тынғандай. Шабыт қашты өз бағасын бiлгендей, Ана тiлiм, сен тұра тұр күрмелмей. Айтқан ойым әрпiл-тәрпiл шығады, Сөз iшiнде жабайы әрiп жүргендей. Дабыл қағып, аттан салып бар санға, Жақсылықты көбейт деп жар салсам ба? Қаңбақтарға құмнан салмақ әперiп, Құйындарды қолға үйретiп алсам ба? «Күңiренбе!» деп күлге де бiр ұрысайын, Өлең оқып берейiн оған күн сайын. Намыстары өлiп қалған жандарға, Таулардағы биiктiктi жұмсайын.

Бұлақ, сiрә, өтiрiкке ермейдi, Жалқаулықты шабыт қана тербейдi. Өзiм барып келем тағы теңізге, теңiз өзi ешкiмдi iздеп келмейдi. Тау мен теңiз, Тал, ГүлДүйiм ел едiң, Бас қосайық, әрлеп бiрлiк кемерiн. Бiр түйiнге айналып ап қуатты, Мән мен Сәндi қайта қоссақ деп едiм.

ҚОРҚЫТАДЫ ӨЛЕМ ДЕП …

Көңiлдерде сансыз күдiк тудыртып, Мына бiздiң үмiт кейде тұрды үркiп. Күн мен түндi әрең-әрең жалғадық, Құрғақ сөзге су бүркiп. Қаңбақ ой шаңбақ сөзге шатылып, жағы талмай сайрайды кеп жат үгiт. Газет бетiн у-шу қылар күнi-түн, Адамдарды бөлiп ап сан тақырып. Келiмсек ой аңғалдықты шандыған, Басқа жата бақыт мол деп салды ұран. Барар жерi жоқ даланың таулары, Тапжылмады орнынан. Түп тамыры мұнда еместер елеңдеп, Тайып тұрды, талайы жүр “көрем” деп. Теңiздер де тас байлап ап мойнына, Қорқытады өлем деп. Ел iшiнен елеңдеген сырды аңдай, Қайсы бiрi. . . басқаша амал құрғандай. Жылы-жылы сөздерiнiң артынан, Түлкi қарап тұрғандай.

Түлкiсiнiң түрi сұлу көрiнiп, Күлкiсi тұр моншақтай боп өрiлiп. Түсiп қалма солар құрған қақпанға, Мына бiздiң мiнездегi бөрiлiк.

ЖЫНДЫ ӘУЕН

Өткiр сәуле қара түндi пышақтап, Жынды әуеннiң ыржақтайды тiсi аппақ. Өз сүйегiн өзi шашып ойнаған, Жын-шайтанның моласына ұсап қап. Жынды әуен Басын ала қашқанда, Есiрген би оған дүрсiл қосқанда. Жер үстiнде қаза тауып өзге үн, Төбемiзден безiп шығар аспан да. Сол дүрсiлден тұнып түннiң құлағы, Ұйқылардың быт-шыт болып шыдамы. Гүлзардағы гүлдiң миы шайқалып, Өлеңiмнiң күл-талқаны шығады. Жапырағын ұйықтата алмай дархан бақ, Есер әуен ақыл-ойды талқандап. Тыныштықты жыртып-жыртып лақтырып, Қара түндi сабағандай арқанды ап.

Қара түннен кiмдер көшiп кете алар, Өмiр қайда, өлең қайда бет алар? Қара түннiң қожайыны бiз дейдi, Түнгi клуб, есер дискотекалар. Таң сыз бере басылады солып паң, Қала тұрар шыққандай боп тамұқтан. Көшелерiм мең-зең, дел-сал. Есер үн тына қалар, Жасқайды оны Жарық Таң. Тыныштық-ай, пiспей қалып тұр мәуең, Бұл сұмдыққа тапсам деймiн бiр дау-ем. Ендi Жарық күндi жайлар деп қорқам, Түндi бiзден тартып алған жынды әуен.

КЕҢ ДАЛА

Дала, сенiң кеңдiк деген сыйың бар, Мiнезiңде мәрттiк деген түйiн бар. Ой-қырыңды жол қылады шапқылап, Көршiсi жоқ құйындар. Балбал тастар отыр сенi тақ қылып, Самал желiң айтады оны аптығып. Көбелектер гүл-теңiздi iшедi, Тастарыңды асырайды қаттылық. Дала деген – тыңдай бiлсең – күй кенi, Сыңғыры бар, күмбiрi бар күймелi. Балапанын тербетедi ұялар – Бозторғайдың шаңырақсыз үйлерi. Аптабының өзi де бiр тектiлiк, Бұлттар жүрер өзiн күнге кептiрiп. Шегiрткелер шiлде жайлы ән айтып, Бұлақ өзiн сақтай алар бек-күлiп. Шөлде туған бұлақты жел өбектер, Аялайды оны жасыл теректер. Жинала қап сол бұлақтың басында, Сырласады үйiр-үйiр теректер.

Шөлге бiткен кiшкене бақ - Ән-астар, Кең даласын жамандықтан аластар. Жапырақтар сыбдыр-сыбдыр етедi, Жорнал көрiп отырғандай ағаштар.

Шапшаңдықты шашпай-төкпей ұстайтын Қара жолдар – сол далада қыстайтын. Таулар мұнда биiк емес, бiрақ. . . мәрт, Жартастарын қынаменен тыстайтын.

Қайран дала, сағынарым, құдайым! Табынарым, сен аман бол ылайым. Көркiңдi айтып тауыса алатын емеспiн, Бұл өлеңге үтiр қоя тұрайын,

  • *

Шырт ұйқыда жатыр ару Астанам, Мына бiздей ақындарын тоспаған. Ақ қалам да ұйқылы-ояу қалғиды, Сөйлемдердi сүйреп әкеп тастаған.

Көшеде қыс. Ақ шабытын жүз бұрап, Ақындарға елiктейдi мызғып ап. Жан түсiнбес жазуларын жазады, Сауатсыз мұз тереземдi сызғылап. Қалар артта көсегесi көк түндер, Қалады ғой бар болса да жоқ күндер. Көше бойлай, бүршiк жарып, мәз болар, Саясаттан түк хабары жоқ гүлдер. Сол гүлдерден басқа жанды менсiнбей, Тiршiлiкпен арадағы елшiмдей, Тiл ұшына қайта-қайта оралар, Өлеңдерiм қағаз бетiн жерсiнбей. Көктем келер, ақ бұлттарын басқарып, Қуаныштан көздерiнен жас тамып. Шөл даланың келер сұлу көктемi, Құйындардың шеруiмен басталып.

Өлең келер, өзiн-өзi қамшылап, Одан сұлу жаздың дәмi тамшылап, Желбiреп бiр шығар жердiң бетiне, Жусандар да өзiн құмнан аршып ап.

Сол жусанға қызығамын, сенемiн, Сары даладан тапқан барлық керегiн. Тiршiлiктiң мына бiтпес құмынан, Мен өзiмдi арши алмай келемiн.

  • *

Тентек жел Шашын жұлып шаптыққанда, Қаңбақ ұшар iлесiп дақпырттарға. Ала жаздай бiр тамшы жаңбыры жоқ, Құр қол келiп кетедi ақ бұлттар да.

Алатаудың жетер ем бұлтын ала, Көнбейдi ол сөзiңе де, ырқыңа да. Далада сап-сары боп күйiп кеткен, Сағыныштың қалыпты сырты ғана.

Бұл дала небiр мiнез жасайды анық. Уақыттың да жүйткидi тасы айналып. Сахнадан адасқан билер сынды, Далада өлер құйындар басы айналып. Кеудесiндей киiктiң дала жоны, Үн-түнсiз қалады сол, Қалады оңы. Елсiзде келе жатсаң, Қарсы алдыңнан, Жүгiрiп өте шығар қара жолы. Қара жол. Кiмдi iздейдi? Қай таңбасын? Бiледi ол жанға мұңын айта алмасын. -Қай жаққа барасың?- деп. сұрашы одан, -Еш жаққа бармаймын,- деп шайқар басын. Жаз кетер. Күз де кетер жүз белгi сап, Жел де кетер жұтып ап iздердi ұсақ. Тек қара жол кетпейдi бұл даладан, Қалаға көшiп алған бiздер құсап.

Құм оны көмбесе екен бұйраланып, Үзiлiп, сөнбесе екен қидаланып. Бiр күнi ол да кетiп қалмаса екен, Өзiн мына даладан жинап алып.

  • *

Өкiнемiз iшкен асты қоя сап, Қарманамыз ақыл-ойды жая сап. “Бол, бол!” деумен қаратпады тарихқа, Сағатына қарап тұрған саясат.

Бiз тапқанша азат күндi, жарықты, Сыпырғанша бойдан құлдық-қамытты, жылнамамның беттерi өлiп, кей тұста, әрiптердiң жұрты ғана қалыпты.

Тiрi жанға тiл қатпайды құба бел, Балбал тас боп тұрп қалған қыран ел. Көп бедерiн сүрте-сүрте таусыпты, Жер шарына сыймай жүрген мына жел.

Талайларда түп-тамыр жоқ, мұра жоқ, Талайларға от кiнәлi, кiнәлi оқ. Теңiздер бар бiр тамшысы қалмаған, Аңқау желдiң түпнұсқасы, сiрә, жоқ. Желдiң жасы неше де екен, кiм бiлген? Әлде сол ма. . . тас-тарихты бүлдiрген. Жел боп соққан қызғаныштар қаншама, Өткен күндi қарауылға iлдiрген. Күлтегiннiң көк тасына қарашы, Неше жерден оқ тигенiн санашы. Ендi қашан жазылады тарихтың, Денесiнде жатқан осы жарасы? Тарих деген қазынаңды танытқыз, Бiз – ескiден жеткен сәуле, жарықпыз. Алтын адам, халқым, сенiң түпнұсқаң, Бiздер алтын өмiр сүрген халықпыз.

Сан белесте бiр жүрiп, бiр тоқтала, Бостандыққа ендi жеттiк сақтана. Азаттықтың жолы, әрине, қым-қиғаш, Түзу жолмен ұшатын тек оқ қана.

КӨЛ ЖАЙЛЫ ӨЛЕҢ

Толқыны жататын ән толғай қалып, Шағаласы ұшты ендi қонбай налып. Көз жасы көл болып бiр жылайды адам, Ал көл жылар қақсыған шөлге айналып. Шөлге айналса – ол көлдiң жылағаны, Зеңгiр көктен бiр тамшы сұрағаны. Жылағаны, тыңдап бiр жұбанатын, Қайда кетiп қалған деп бұлақ әнi. Қамысы өлдi, тұратын көктемге ұнап, Қурап қалды жап-жасыл шекпендi бақ. Кеттi ақыры хабарсыз сол көл үшiн, Теңiздерден су сұрай кеткен бұлақ. Кiм бiледi теңiзге жеттi ме екен? Әлде. . . Ол да тақыр боп кептi ме екен? Сол көлден менiң жаным артық па деп, Өзiн өзi бiр шөлге төктi ме екен?

Көл жатыр қақсып сол бiр даласында, Қурап бiткен қамыстың арасында. Көл дейдi екен оны жұрт әлi күнге, Шөлдi нұсқап, «Көл» дейдi ел, нансың ба?! Дала-мiнез, қатал-ау, тасыр қандай, Бiр-бiрiнен қаталдық асырғандай. Қамыстары құлапты көл үстiне, Айдынының өлiгiн жасырғандай. Аптап желi ұрлады үлдесiн бек, Жалқын өңi қып-қызыл күнге сiңбек. Қамыс байғұс айдынын жасырады, Бiреулер кеп табалап жүрмесiн деп. Көгiлдiр көл аймақты тұрған алып, Толқындары жүйіткитiн бұрмаланып. Бiр-ақ түнде жер ауып кеткен сынды, Сары даладан көл өзiн ұрлап алып.

Жағасында жайқалған көгi бар-ды, Көгi кеттi, орнында шөлi қалды. Жал-жал құмға қараймын, Сары дала Жетелеп жүрген сынды өлi нарды. Жетелер олай барып, бұлай барып, Өi нар жүре берер шыр айналып. Боз дауыспен боздап бiр салады әнге, Тiрi шағын сағынған сыңайланып. Шөлде өстiм, таныс оның бұла түнi, Жырларымнан естiлер қырат үнi. Ұлы шөлдi түсiнем, содан менiң, Өлеңiмнен шөл есiп тұратыны. Аққу кеттi қонатын төр қайғы боп, Шөл мұңы ауыр, Толғаймын сол жайды көп. Соны ойлаймын, амал не,шықты, мiне, Көл жайлы өлең Тағы да шөл жайлы боп.

БОСТАНДЫҚ

Азаттық кеп, ақыл-ойды тездеттi, Қала, дала киiмiн де өзгерттi. Мен өзiм де жеке өмiр сүрем деп, Музыкадан қашып шығып сөз кеттi. Еркiндiкте бұрын жүрiп көрмеген, Құлап та алдық,жылап та алдық елменен. «Азаттықтың жолы азапты» екенiн, Түсiндiк те, бiз де көндiк, Көндi өлең. Ұйықтап кеткен ұлы арманды шайқаған, Талайларды шошытты да байтақ ән. Бостандықтан зәресi ұшып талайлар, Түрмелерге қашып кiрдi қайтадан. Қазiр бiзге әрбiр күнiң жылға азық, Бiрақ. . . Жүрер жолың әлi тым нәзiк. Қырық бөліп тастағысы келедi, Әлдеқандай идеялар iн қазып.

Дес берме оған. Жол көп алда тiк құлар, Заман туды күшқайратты ұқтырар. Белгiлi ғой, бостандықта қашаннан, Өмiр сүре алады тек мықтылар. Быт-шыт болды бодандықтың түрпiсi, Қандай сұлу азаттықтың гүл-түсi. Сәби болып жүгiредi далада, Бостандықтың ғажап күмiс күлкiсi. Тiрiлдi ендi өлдi деген бар тұлға, Гүлдене бер осы сұлу қалпыңда. Азаттығым, жетелеймiз бiз сенi, Күмiс күлкiң айналғанша алтынға.

ЕСЕПТЕГI ТӨРТ АМАЛ

Ұлы өмiрдi ұлы етедi құйлыстар, Көбейту мен бөлу де бiр күйдi ұстар. Қосулар жүр бiрiн-бiрi молайтып, Өзiн өзi толтыра алмай минустар. Есептегi төрт амалдың сан әнi, Тiршiлiктi құлатпаудың қамалы. Алып, Қосып, Кейде бөлiп, Кбейтiп, Төрт амал тұр ойлап тауып жаңаны. Төрт амалдан дүниеге күш тарап, Қызыл гүлдер көк мұзға кеп қыстамақ. Жүз қабатты зәулiм үйлер түрегелдi, төрт амалдың төрт жағынан ұстап ап. Сол төртеуi – тiршiлiктi арқалар, солар ғана небiр сырды шерте алар. Көз iлеспес шапшаңдықты оятып, Ұшақтарды ап жүгiредi төрт амал.

Төрт амалым – Бау-бақшаның миясы, байлық пенен молшылықтың ұясы. Төрт амалға өзiн малып алады, Өлең жазар қаламымның сиясы. Төрт амалым – төрт құбылам деген бар, Сен өлшейтiн ұзындық бар, көлем бар. Адамдардың жан байлығын өлшейтiн, Бесiншi амал етiп ендi Өлеңдi ал!

СУЫҚ КҮНДІ СУЫҚ СУДАЙ ЖҰТАСЫҢ...

Мұзға жанып өткiрлеп ап төзiмдi, Аямай-ақ қамшылайсың өзiңдi. Суық күндi суық судай жұтасың, Жақша iшiне қамап тастап сезiмдi. Асығады қуаныш та, қынжылыс, Асығам деп талай тағдыр – жым-жылыс. Апыл-ғұпыл қара түнге сүрiнiп, Ұшып түсiп, быт-шыт болды бiр дыбыс. Қайтсiн ол да айналсам деп дауысқа, Асығады жазды тастап қауысқа. Құмырсқам-ай, адам сынды асығыс, Сен де ешқашан үмiтiңдi тауыспа. Тез-тез күлiп, тез-тез жылап аламыз, Ақпаратты тез-тез оқып санамыз. Екпiндеумен, екi иiнiнен дем алып, артымызда ентiгумен қалады iз.

Ән мен күй де жылдамдығын үдетiп, Асығыстық мәнсiздiктi түлетiп. Заман ұшып бара жатыр тоқтамай, Адамдарды уақытқа құл етiп. Дөңгелек күн! Сан батып, сан атып та, Билiк етер бақытқа да, тақытқа. Бостандыққа жетiп едiк, Әттең-ай, Ол да, мiне, байлаулы екен уақытқа. Көнедi оған алып қала, дала кең, Көнедi оған көк теңiз де, бар әлем! Бабыменен, сәнiменен туатын, Бұл заңға тек бағынбайды өр өлең!

ӨЗ СУЫН ӨЗІ ІШІП ТАУЫСҚАН КӨЛ

Зыр жүгіріп, құм қуып сауысқан-жел, Суыл үні шағала-дауыстан да өр. Келіп менің кесеме үңіледі, Өз суын өзі ішіп тауысқан көл. Тауысқан көл келбеті күмістей-ді, Күміс кетіп, Мұңыңа мұң үстейді. Құйындарға бәрі бір – шөл ме, көл ме, Құйындар су ішпейді. Ақ гүлін шөлдің демі талап алған, Қаңбақ қана семіріп, домаланған. Шөл даланың сағымы – теңіз сынды, Өзі өліп, толқындары ғана қалған. Толқындары шөл құмын тарамдар-ды, Сол құммен жау ала алмас қамалды алды. Тура жолдан басқа жол білмейтін құм, Кешіп өте шығады адамдарды. Өте шығар үйірін санауменен,

Өте шығар өрт демді алауменен. Бақыттың тура жолын таба алмайтын, Адамдарға аң-таң боп қарауменен.

САҒЫНЫШПЕН САЯСАТ ЖАСАЛМАЙДЫ

Көше шамы жанады жалынсыз-ақ, Көбелектер қонады бағын сынап. Тал-терекпен таласып сол көшеде, Бағаналар өсiп тұр тамырсыз-ақ. Тамыр тартып кетермiн, бәлкiм, дейдi, Үмiтпен өмiр сүрген әркiм дейдi. Жапырақ жайсам дейдi ол жазған да, Сабырдың түбi сары алтын дейдi. Қала бұл – шапшаңдықтар бекетiндей, Оған тек қыстың сөзi өтетiндей. Өлең жайлы жұқалап айтайын десем, Жұп-жұқа сөз сетiнеп кететiндей. Мәшинелер ұйықтайды өз тұрағында, Осында жүр жауабың, сұрағың да. Бәрi бар, Тек сағыныш жоқ секiлдi, Қоғамның химиялық құрамында.

Түсiнем. Қоғамыма мойыма деп, Айтамын, айта берем қайыра кеп. Сағынышпен саясат жасалмайды, Жасалса, шекаралар жойылар ед.

Жойылар ед жаралы майдан ана, Түсiндi дейсiң оны қай замана. Ал әзiрге күзетiп сағынышты, Шекаралар шөлдейдi айдалада.

  • * Тәуелсіз Қазақстанның көк байрағында

қыранның бейнесі бар.

Ой, заман, Талай заман өтті нелік,

Тегіңді Ата жұрттан кетті бөліп. Көк бөрі Көк туымнан қарғып түсіп, Түркінің тегін іздеп кетті делік.

Іздейді ол Ұлы ойлардың орманынан, Іздейді ұлы Қытай қорғанынан. Каспийден аттап өтіп бір із кетті, Дунайға қарай тартты жолда бір ән.

Бүгін менің түсіме теңіз кірді, Қатар еміп тұр екен сегіз күнді. Ер Түркінің тұқымы, сен не дейсің Жүрегіңде жұлдыз тұр сегіз қырлы. Сегіз қырлы бір жұлдыз, Төрге ілемін, «Сегіз қырлы, бір сырлы бол» дегенің. Сегіз өрім қамшы өріп қолға ұстаттың, «Біріксең күшің қандай, көр!» дегенің. Сегіз қырым, Бір сырға айналалық, Ер Түркі бақ табады қайда барып?! Жарты Ай кетіп барады көк жүзінде, Көк туға қонсам-ау деп ойға қалып. Көк бөрі көрінді аңыз алабынан, Көзінен жас емес-ау тамады қан. Көк тудың күн көтерген айдынынан, Көрінді Күн көтерген ана қыран.

Кел, Қыран! Жанды бағы үні бардың, Маңдайында жап-жарық күні бардың. Күнге лайық елміз біз, Бөріліктің, Арқасында өлмедім, Тірі қалдым. Қыран қанат ел болдық, Бөктері кең, Күннен ұшып жаныма от келіп ең. Тілек тілеп жұртына дала жатыр, - Көз жазып қалмаңдар тек көк бөріден.

ТЕҢІЗДЕР ДЕ ШӨЛДЕЙДІ

Теңiздер де шөлдейдi, Шаршатты оны күнгей леп. Жартасқа да сенбейдi, Арғы тегiң құм ғой деп.

Өкiнiшi тулайды, Толқын болып адасып. Шағалалар шулайды, Көк теңiзге таласып.

Жаға. Жартас. Түйiн ғып, жұрты жатыр көп iздiң. Қалған сулар иiрiлiп, Сынықтары теңiздiң.

Жүзiн желге жаниды, Маза бермей мың арман. Тағдырына налиды, Су мен шудан құралған.

Меңiрейген дала, бел, Қысты бердi күзiңдi ап. Сөз бiлмейтiн қара жел, Миды ашытты ызыңдап.

Көк теңiзiм, налыма, Сыздап көңiл жарасы, Балықтардың бағына, Қорған болдың, қарашы.

Сен екеуiң – егiздер, Қорға оны жалықпай. Балығы жоқ теңiздер – Баласы жоқ халықтай. *

Қалалардан қашып шықты құла дүз, Сөзшең қоғам ортасында – мына бiз. Атқан таң мен батқан күннiң арасын, Апыл-ғұпыл, тапап өте шығамыз. Кешегi күн – көшiп кеткен көршiмдей, Бүгiнгi күн кешегiнi теңсiнбей. Күнтiзбенiң бетiнде де тай-талас, Мереке күн жай күндердi менсiнбей. Көңiл-дөнен. Басын жұла қашқанда, Аспаныңыз жарамайды астарға. Сәл нәрсеге мұңдануды қойғанбыз, Төзiмiмiз көшiп алған тастарға. Көшiп алдық, қалды еркелiк назәнi, Тас та бiздi жатсынбады ғажабы, Себеп: мына бiздердегi қаттылық, Кейде. . . тастың өзiнен де озады.

Соңындамыз арман, құлқын, тiлектiң, Сен аман бол, бейбiт заман, жiбек күн. Бiздi қойшы. Бiз уақытша пендемiз, Қолындағы уақыт атты күректiң.

ҮМІТТІ ЖАЛҒАП СЫРЫҚҚА

Ақылым құлап құдыққа, Шығыр тартқандай айналдым. Үмітті жалғап сырыққа, Шықпаққа белді байландым. Аспанда жүзген ай-табақ, Жетелейді ойлы жанарды. Мұңымды менің қайталап, Ғасырдың шашы ағарды. Бар-жоқтан сенім құрап ап, Жолына түстім үркердің. Теңізден тамшы сұрап ап, Шілденің бетін сүртем мың. Өртеніп желдің көйлегі, Аралай қашты аптапты. Тұлпар-жыр аңсап бәйгені, Өртенуге ол да шақ қапты. Шабыттан шырқап жеткенде от, Аламын жырдан таң құрап. Бір жылда екі көктем жоқ, Бір қасық үміт бар бірақ. Қуалап сұр жел өміріңді, Сары құм, қырда жасисың. Баяғыда өлген көңіліңді, Ары-бері сен де тасисың.

ЖОҒАЛТЫП АЛМА МЕНІ

Бұл нәзік жүрегіммен, Сыр ұққам сал қайыңнан. Бәсең бір үн едім мен, Бәсеңдеу саз қайырған. Өзіңді аңсап арман, Жүректе жатты мына. Орман ем ойға шомған, Оралдым шаттығыма. Біздерге жарасып ән, Тұрдым мен шаттанып-ақ. Көзімнің шарасынан, Сезімді ақтарып ап. Ақ айдын-арманымның, Сен болып көгілдірі. Жазира таңдарымның, Жібектей төгілді үні. Бір әнді ағытқанбыз, Сыр айтып көкте күнге. Осылай жолыққанбыз, Жастықтың көктемінде. Сондағы әніменен, Желпитін саз боп келіп. Сол көктем нәріменен, Жүрміз біз жазды өткеріп. Сол әнді өшірме тек, Алыс қой арман елі. Өмірдің көшінде тек, жоғалтып алма мені.

Жоғалтсаң, қамықтырар, өтсек те көп күздерді. Қайтадан жолықтырар, Жастық шақ... жоқ бізге енді.

КЕШҚҰРЫМ БҰЛ

Кешқұрым бұл... Тұнық кештен мұңлы әуен естідім бір. Көкірегімді сол әуен кесті мың бір. Жалғыздардың жүрегін жабықтырған, Кешқұрым бұл. Жұбанышым, өлеңім, ақыл-арым, Көңіліме көктемнің шақыр әнін. Батқан күнге қарап бір отырам да, Қаламымды сияға батырамын. Көкірегін кернеген наланы айтып, Сыңар аққау барады дара қайтып. Жүрегімді жайлаған, қайран өлең, Мен отырмын мұңымды саған айтып. Қайран өлең, киелі, алып тұлға, Алып тұлға, сағындыр, зарықтыр да. Тереңдіктен суырған ойларымды, Кереңдікке апарып жолықтырма.

Күңгірт кеште күңгірттеу бөлме мынау, әлсіз жарық, жанымды тербедің-ау. Үміттерім секілді үзілмеген, Әлсіреп тұрдың, бірақ, сөнбедің-ау. Із-түзсіз жоғалады үйде кей күн, Сол күндер жанымды көп түйрелейді. Әлсіз сәуле астымен ойларымды, Жарыққа сүйрелеймін. Түн төнеді. Тып-тыныш. Үнсіз ғана. Мен отырмын мұңды да. Мұңсыз ғана. Ақ дәптердің бетінде тыныстайды, Жырға айналып баратқан тылсым дала. Көрік берген, Сән берген жырларыма, Із қалдырып менің де дидарыма, Біреуі озып, Біреуі кейін қалып, Ойлар жатыр шашылып мида мына.

Осы ойлар мені жырмен жарастырған, Түн ұйқымды төрт бөліп, Таң астырған. Кең дүниеге бәрі де шықсам дейді, Жарық күн-ай, талайды таластырған!

АРМАН

Атса да күнде жаңғыра, Арманда шығар таң мына. Арманда қалған шығар-ау, Кешегі сынған домбыра. Қиялай өтіп құздардан, Қорғаған елін ызғардан. Арманда кеткен Махамбет, Ерлігің енді бізге арман. Арман да арман, Сан арман, Сан арман құмда жоғалған. Сахара кешіп, саз кешіп, Сан арман құмда тоналған. Құлататын да сол арман, Жылататын да сол арман. Жұбататын да сол арман, Сол арман барда, жоғалман! АУЫЛДЫ САҒЫНУ Кіші Шетпе – Біз барып қой тоғытқан, Түбіңе қарап тұрып ой тоғытқам. Сен де өзіңше теңіздей толқитынсың Сенен су ішіп тұратын жайқалып маң.

Біз барып алма ұрлайтын бақша мынау, Көмбесейші ол бақты, қасқа құм-ау! Әнестей қарауылшық кеткеннен соң, Бұл бақша да қартая бастады ма-ау?! Ақсырға анам Нан көмсе от басында, Темір қалақ жалықпас шоқ тасуға. Орысбайдың «КрАЗ» - ын ойыншық қылып, Бала-шаға – ойнаушы ек қақпасында. Кетті алыс балалыққа еретін күн, «А», «Б», «С» Деп класқа бөлетін күн. Есепті Сәрсенбайға шығартып ап, Ертеңіне «бес» алып келетін күн. Сол күндер де кетті алыс келмесіне, Өкпе жоқ тағдырыңның бермесіне. Тек... Сол бір момын шақты сағынмазы, Білмейтін теңгесі не, өңгесі не.

Көңіл бүгін басылды тасып аққан, Қара жерін жүр әлі асырап таң. «Ағасы» жоқ есебін шығарып берер, Тіршілік тұр «нарықтан» басы қатқан.

  • *

Биіктен төмен қарай қашқан еңіс, Қаптаған қызғалдаққа ашқан өріс. Мәңгілік бостандықтан басы айналып, Қаңғып жүрген бұлттарға аспан – өріс.

Сары құм Жел бастаған айтаққа еріп, Ұйытқи соғар өз күшін байқап көріп. Бір-ақ рет берілген бұл өмірді,

Теңіз тұр «үріп ішіп, шайқап төгіп».

Теңіздің толқын үні күліп жатқан, Құмға кеп су шашады ізің батқан. Бесік боп балықтарын тербетеді, Ащы суда Тәтті өмір сүріп жатқан.

  • *

Бақыттың таба алмадым кілтін ақыр, Табам деген үмітім, бұлқына тұр. Айналып жүріп-жүріп көшіп кеткен, Санамда жүз арманның жұрты жатыр. Жұртыңды көрсетемін кімге барып, Арманнан кешіктім-ау түнге қалып. Орамал байлап алып қызыл-жасыл, Қасымнан кетіп жатыр гүлдер ағып. Өзіңмен ала кетші, гүлдер, мені, қуантады бояудың түрленгені. Ең болмаса бояуды тамашалап, Жүрейін, алып кетші түннен мені. Үмітім, үй тігесің тағы қайда? Батып-шығып мен жүрмін сағым ойға. Үйіңді тіккеніңнен жыққаның көп, Тағып қойған көп перне сазы қайда?

Ақ бұлттар жегіп алып жел-кемені, Жаумай-ақ жан баққанды жөн көреді. Қаңғыбас ой – қаңғыбас бұлттар сынды, Өлең болып кете алмай сенделеді.

  • *

Ана тілдің көшесіне гүл егіп, Сағаныштың самалына түнедік. Ауыздықпен су ішкен бұл қоғамға, Қол бала боп, жүгіріп-ақ жүр едік.

Жүгіреміз! Бабалар да жүгірген. Бәлкім, күліп, бәлкім кеде түңілген?

Аыңыраулар қазып қойып оған да, Болашаққа үңілгендей үңілген.

Оған күліп қарап еді заман қай? Кеткен шығар түйір бақыт таба алмай. Балбал тастар меңірейіп тұрады, Өзін өзі тастап кеткен адамдай.

Өлген күндер өмір болып құралғай, Келер күндер тағып жүрсін тұмардай. Балбал тастар – халқы сынды тарихтың, Мына біз ғой жүрген оны ұға алмай. Балбал тастар тас ойыңды жібітіп, Тас көңілді жаңа күнге жылытып, Бізбен бірге жүрші мына заманда, Тілсіз қалған күндеріңді ұмытып. Сақ даласы сан ғасырға мекен ғой, Түпсіз ғалам, Ойлағанмен жетер ме ой. Өзі кетіп, Тас мүсінін қалдырып, Тарих бізден озып кеткен екен ғой.

ҚАЛА

Күнге еркелеп сылқ-сылқ күлетін, Ақ бұлақ жоқ сыйпай ағар түн етін. Оқиғалар келе жатыр көшеде, Кітаптарға кіріп-шығып жүретін. Күнде көшіп жатқан сынды тамам ел, Көңіл – бәрін көтеретін қарагер. Көп ішінде жылғыздықтар адасып, Көліктерге сүрінеді қара жер. Қалада жүр алмас тілім мұқалған, Сонда да өлмей тек жақсылық күте алған. Тайыздықты татып-татып дәм сезбей, Жұтаңдықты жұта-жұта жұқарған. Мына заман сәл нәрсеге елеңдеп, Үркек атқа мінгендейін келем-бек. Жылнамалар тұру керек жерлерде, Жарнамалар жөн бермейді көлеңдеп.

Жарнамалар танымадым түріңді, Ұсынасың қолдан жасап гүліңді. Мен де оларға айтпақ боп ем бір нәрсе, У-шу болып түсінбеді тілімді.

ҚОЛЫМДАҒЫ – САРЫ ЖАПЫРАҚ КҮЗ БЕРГЕН

Қолымдағы сары жапырақ күз берген, Cағынышты айта-айта үзген дем. Мәні бардай өмірбаян шықпады, Ескі күнді жүз қайтара тізгеннен. Қолымдағы сары күзге қарадым, Қарағаным – Күзге айналып барамын. Көкейіме маза бермей қойдыңдар, Әлі күнге бұл әлемде жоқ әнім. Қара жел кеп дәптеріме сіңеді, Тереземде саря аяздың сілемі. Бұтақтардан айрылмайды тырмысып, Жапырақтың талықсыған білегі. Көше кездім, Көрінбеді көктемдер, «Кімді іздедің?» - деп сұрады өткендер. Қар бетінде қалып қойған іздерден, Өлең оқып жүрген сынды кептерлер.

Қар жауды ертең. Ізді жұтты көк пен жер. Нені ұғады бәрін көміп өткен жел. Менде де із жоқ – Сөкпес оны ешкім де, Кептерлермен бірге ұшып кеткен дер.

ОТ ПЕН КӨБЕЛЕК

Төбесіне іліп айды аппақ, Жаныма келді түн-пері, Ошақтың оты ойнақтап, Алқызыл шашын сілкеді. Шапшиды түнге есіріп, Мақтанып анау бұлаққа. Қара түн үркіп, Тесіліп, Шегініп қарап тұр отқа. Ұшады жынды көбелек, Лаулаған отқа қонбаққа. Таңдантып түнді керемет, Лаулап бір ол да жанбаққа. Ұшады-ай келіп қалбақтай, Көрмейді-ау, сірә, жанар түк. Шарқы ұрып жүрген қаңбақтай, Жан дүниесін жоғалтып. Тірлік қой ол да түймедей, өмірге үнсіз келеді. От көрсе, қалар үймелей, өртеніп сосын өледі.

ТЫНЫС БЕЛГІЛЕР

Түк естіртпей долы жел аптығады, Сөзімді қиып-қиып лақтырады. Әріптері шашылып бытырадай, Көп нүктемен бітеді ақтық демі. Көп нүктенің соңынан кетіп барам, Сұрақ белгі, тұсыңнан өтіп барам. Маңдайыма жазылып тұрған болса, Леп белгі, саған да жетіп барам. Мені де жалпақ әлем ұға ма екен, Кімге енші болады мына мекен? Баршаны күтіп тұрған қайран Нүкте, Қай белесте алдымнан шығар екен?

ТАҒЫ ДА КАСПИЙ

Көкжиекке көгілдір шолпыңды іліп, Сен қашасың денеңді толқын қылып. Кемелер тұр кеңесіп айлағыңда, Самал жел жүр жағада салқын күліп. Шағала – судағы құс төресі де, Шомылады теңіздің денесіне. Қайықтар жүр толқында шатқаяқтап, Қатыса алмай кемелер кеңесіне. Көк теңіз кемелерден сыр тыңдайды, Кемелер кеңеседі құлқын жайлы. Өзі жайлы айтпаққа ол да ұмтылды, теңіздің су-су сөзін кім тыңдайды. Су бетіне кешкі күн тұра қалар, Сәулесі быт-шыт болып сына қалар. Кетті алыстап теңізден мұнай іздеп, Етігімен су кешкен мұнаралар.

Көк Каспий – түк түсінбес ақымағым, Тереңіңе батам да отырамын. Балықтарың қарайды пана тұтып, бір қармаққа мен-дағы шатыламын.

Қармақты қақ бөлемін жұлып алып, Дауыл кетер аулаққа ұлып алып. Қырылса да өлмеген қазақ сынды, Балықтар да, ойпыр-ай – Ұлы халық!

  • *

Таулар тұр тоңып өзінің қарына, Тіршілік деген – ерегес. өкпелімісің тау болғаныңа, сені ойлап тапқан мен емес.

Төменде көктем, Көсіле түсіп, Оянды оның бақ-таңы. Ескерткіштер тұр есіне түсіп, Баяғы тірі шақтары.

Көктем білмейді – көктем екенін,

Өұра да бермес тұмар күн. Өкініштің де өтпелі екенін, Есіңе ал да жұбанғын.

ТЕҢІЗ. БАЛБАЛ ТАС.

Қарт Каспий. Жартас қалғиды. Кемелер тоқтар шаршап кеп. Толқындар көкке қарғиды, Тау болып тұрып қалсақ деп. Туған жер – мәрмәр кемесің, Алдың – құм, Артың – көк теңіз. Сүйрейді тарих-кемесін, Өзіңнен бізге жеткен із. Қыратта тұрған тас-ұлда, Қорғайтын сені айбын бар. Бір тамшы ыстық жасында, Кеме жүзер қайғың бар. Серіксіз боп ол көрген жоқ, Серігі – мәңгі жалғыздық. - «Кеудеңе барып сөнгенде оқ, біз ұрпақты қорып жанды үздік». Дейді ол қайғы қамалап, Төзімі құмдай еріп бір. Жас болып көзден домалап, Тас болып енді келіп тұр. Тас болып содан әлі тұр, Атайды ел оны балбал деп. Құлағың түрсең зары тұр: «Тірілмек қайта – арман» деп.

Қалған жоқ ойың қамаулы, Болған жоқ, Елім, басың құл. Бабамның жаны жалаулы, Ал сүйегі асыл тұр. Әкетті ерді толқын күн, Тауларды жұтқан сағымдай. Сол ерлер өскен алтын құм – Халықтың алтын тағындай. Сенің де еншің – тақ осы, Тақытты қорғау – шарты ұлдың. Білесің бе оны, Ей, бота-тірсек баласы, Атан-жілік халқымның?

ЖАҢА АСТАНА

Анау жақтан мойнын созып Көкше шың, Санап тұрар әрбiр үйдiң текшесiн. Әр күн сайын бара жатыр ұзарып, Көшелерiң тық-тық басып өкшесiн. Самал желi бұйра талды тарайды-ай. Түнгi шамдар - ұжмақтағы арайдай. Түнгi Астана сұлулығын қызықтап, Оңға, Солға шығып көрiп қарайды Ай. Көк құрақтар Есiл суын көмкерiп, Бойжеткен үй суға көзiн төңкерiп. Көшелерден түрегелген фонтандар, Қызғалдақтың күлкiсiне өртенiп. Көрiктiден көркi артса неше есе, Сөнiп қалған оттарымды көсесе. Шiркiн, деймiн, мына жерге әкелiп, Есiм ханның ескi жолын төсесе.

Есiлiмнiң көше сынды айдыны-ай! Сол көшеге төгiлетiн ай нұры-ай! Қасым ханның қасқа жолы бiр көше, ол да жатса туралықтан айнымай. Ұлы елiң сенiм артқан гүл-өңiр, Сол жолменен сен де тура жүре бiл. Дiлi менен тiлiн сақтап бабаның, Тура жолмен келе жатсын ұлы өмiр!

ҚЫРАН ТIЛI

Жазмыштың соққысынан ұсатылмай, Озмыштың өркешiнен құшатындай. Қанатын қомданады бала қыран, Сәлден соң тауды бүрiп ұшатындай. Сыйпайды жел қыранды сан қылықпен, Жарасы бар жүректе жанды үгiткен. Тасты тiле саңқ еткен қыран даусы, тауларды жуып өттi жаңғырықпен. Жуып өттi. Өрлiк бар боз тiлiнде, Әлем жатыр қыранның көз түбiнде. Даусынан-ақ таниды таулар оны, қырандар тек сөйлейдi өз тiлiнде. Тау бiздi де тыңдайды ұғам ба деп, тiл армандар «салтанат құрам ба» деп. «Сөйлейтұғын тек қана өз тiлiнде, менiң халқым айналса қыранға» деп.

Қазақ тiлiм кетсе деп тiзгiндi алып, жүрсем де, кейде үмiттi үздiм налып. Бiр-бiрiн танымайтын екi ел сынды, Екi тiлде сөйлейдi бiздiң халық. Екеуде айырма бар. . . сыртың ба екен? әлде. . . ғажап қазақы күлкiм бе екен? Бiр халық екi тiлде сөйлеген соң, рухы бiр болуы мүмкiн бе екен? Басқа тiлдi көшiрiп көшiргiшпен, өз тiлiңдi өшiрiп өшiргiшпен. Бөгетсiз, шекарасыз, кеденсiз-ақ, өзге тiлдiң мерейi көсiлдi үстем. Мақтаныштың кенелiп қызығына, Билiк айтып үзiк пен бұзығыңа. Бөтен тiл шаттанып кеп жатып алды, Саясаттың енi мен ұзынына.

Басқа тiлдер салады көлгiртiп ән, санаңды бүркегендей селдiр тұман. Бiр мүмкiндiк сұрап тұр қазақ тiлiм, -Бiр демеп жiбершi, - деп ел жұртынан. Жiбер оны дауылға жетелетiп, Тасқын болып бөгеттен кетедi өтiп. Бiр мүмкiндiк бер оған, құдыреттi ол, құздарды аттап жөнелер төтелетiп. Бабалардың көтерсiн тiлегi бой, Бұл тiлiм Бiлге ханды бiледi ғой. Мүмкiндiк бер, Жолын аш мәрт тiлiңнiң, Күлтегiндер сөйлеген тiл едi ғой. Қуат сұрап бабадан, Пiрiмiзден, жетелейiк әнiмiз, жырымызбен. Таулар сынды танитын қыран даусын, Әлем бiздi танысын тiлiмiзден.

ЖЕЛ

Жел, Кімді көріп тоқтадың? Тына қалдың. Орнай қалды бақта мұң. Үп етуге жоқ қалің. Әлде сенің өлген күнің осы ма? Жұрттан өлі денеңді де жасыра, Туған күні жоқ таулардың, Мұң шағасың тасына. Қайдан ұқсын тас сені, Жаңбыр десем, көзіңдегі жас па еді?! Көрсетпеші! Күлмей ме екен қас пері. Жүр, Екеуміз ақ бұлаққа баралық. Мөлдір шықтан гүлге монша тағалық. Ақ бұлақпен жарысып, Сонау көлге, одан да әрі баралық. Сен де еркеле, Жапырақтар сыбдырына асылып, өкінішің ақ бұлаққа шомылсын. Алдымызда күліп тұрсын дос-үміт, Келер күні жақындады қардың да, Сағынышқа бетін бояп тал мұнда, Бір үмітті асырап ап, Ол да күліп тұр ғой, әне, алдыңда.

Жел, Кімді көріп тоқтадың? Менің-дағы қозғалуға жоқ халім. Жұбаттым ғой мен сені, Енді мені сен жұбатшы, өліп қалар шақтамын.

СҮГІР-ЖЫР

Сол күндер қайда кетті думан-арман, Құм кешкен. «Апажарға» суға барған. Маңғыстаудан Сүгір-жыр естілгенде, Бала күнім шығады шулап алдан. Тағдырдың жеддісі мен қауысында, Мәрттік бар жыр-нөсердің жауысында. Қара нар секілденіп тік келді, Сүгір-жыр Амандықтың дауысында. Сүгір-жыр көрер көздің жауын алып, Сынық көңіл, сол жырмен сауығалық. Отырам шулы әлемнің ортасында, Сағынып, Сүгір сазын тауып алып. Сүгір-жыр күрке тіккен тар қыстауда, Шерің бар жүк болғандай алпыс тауға. Көшеді сағынышың Шағадамнан, Шұбыра көшкен елдей Маңғыстауға. Ата жұртқа көшуде батыр елің,

Көшті жұрт арғымақтай заты керім. Бір тоқтаса, жаумастың даласында, Бір жауса, тоқтамастың ақыны едің.

Ал, Сүгір! – Шөлге біткен дара даңғыл! Тағы да түрегелші даладан бір. Шөліркеп жатқан мына ел мен жерге, Құйсын бір ақ жаңбыр мен аламан-жыр.

  • *

Қолға тұрмай сусылдаған шағыл күн, Бірде күліп, Бірде өксіп ағылдың. Төңкерілген төбелер-ай, сағындым. Жетегінде – жирен аты сағымның.

Көңіл де бір аққу сынды сыңар-ау, Өрт болсам деп баптанады бір алау. Мен келер деп күте-күте ауылда, Сары жаздың жібі тозған шығар-ау.

Әйлеңкес жел құмды оятып қырдағы, Жеткен шығар елге күздің сырлы әні. Жүрмін аңсап жусан бойлы даламды, Сағыныш тұр зереңінде тұнғалы. Сабырлы ойды сабалақ жел жұлмалап, Аппақ айға телміріп тұр түнгі алап. Қызыл-жасыл өңі қашты даланың Күзге сіңген ерніндегі гүл-далап. Ақ қағазда қалайын деп, пырақ-күн, Қыс ішінде өлең болып гүл аттың. Кемем қалды толқынында сұрақтың, Ақ шаш болып аялдады бұлақ-күн. Көктем келіп қала ма деп сазын ап, Қыс та кетті қарлы әнімді жазып ап. Ойда жоқта келе қалған, ей, бақыт, Ең болмаса сен тұра тұр азырақ.

ҚАР ЖАУДЫ

Қар жауды тағы. Қар жауды қырға. Жып-жылы жазды ойға алдық. Дала да, қыр да, Өлең де, мұң да – Бәріміз қарға айналдық. Желтоқсан деген жағалы қыстың, Үскірік дауыс – зіл батпан. Қар басқан қайың қағады үстін Көктемді күтіп қыр жақтан. Қаңтар-ау, Еріп кетуге тұр шақ, Ақ қарың – аппақ жүрегің. Меңсіз далада аяз тұр жусап, Ұстатпай жанға жүгенін. Қараша ауыл, Ақ қарды кешіп, Шыға алмай қыстан шақ тұрдың. Қолдағы күрек, Ақпанды көсіп, Ауладан әрмен лақтырдың. Боран боп қайнап, бүлкілдеп жатқан, Қазаны қыстың, ортайдың. Кеп-кеше ғана үлпілдеп жатқан, Ақша қар, бүгін қартайдың.

Ақ аяз деген арланды баптап, Қартайды ақ қыс төрде ана. Ақша қар сынды армандар әппақ, Қартаймайтұғын сен ғана.

  • *

Қараша тауысты күзді ұрттап, Жапырақ-көйлегін шешті емен. Қар басқан сезімдей күңгірт бақ, Күбірлеп, Сырласып кешпенен.

Күздегі жазылған өлеңнен, Ұшады тырналар тізіліп. Күдіктің тауынан келем мен, Алдымнан шықсаңшы, жүз үміт.

Шықсаңшы қолыңа шам алып, Сезімнің ұршығы айналсын. Керенау күндерім таранып, Сұлулық тойында бәйге алсын.

Мені де шақырар жол аз ба? Қайтайын сүт-түнге жолығып. Мұңымды жазған ем қағазға, Өлең ғып оқып жүр оны жұрт.

Күзгі аспан тұр тағы қамығып, Алматы оянды жаңбырдан. Сап-сары жапырақ жамылып, Өкініш өтеді алдымнан.

  • *

Сай-сала бір-біріне гүл берісіп, Жусанға жұтылады түндегі шық. Өмірден оның да аузы күйген білем, Жел отыр шалшық суды үрлеп ішіп.

Ол енді жылжытам дер бөктер, шыңды, Бұлт кетті қалқып жыртық шекпен сынды. Сабағынан үзіліп өкпек желмен, Тыныштық құздан құлап кеткен сынды.

Әлімжеттік жасар жел қасқа құмға, Апарып тастап келер басқа қырға. Осынша долылығын мазақ қылып, Ыржыңдап күлген сында тас қабырға.

Көктем бұл – Келіп жеткен шашуын ап, Титтей бұлақ ағады тасынып-ақ. Қаланы аралайды қырдың желі, Адамдар тобырына қосылып ап.

Аралап көреді ол әр қаланы, Көліктің көптігіне таң қалады. Тек қана Алматыға келе алмайды, Алатау қызғанады ол қаланы.

ТЕҢІЗДЕР МЕН АДАМДАР

Қараңғыдан жартастар елегізіп, Аппақ ай сәулесінен береді үзіп. Түнгі елестей ақырын келеді әні, Теңіздің ұйқысында кеме жүзіп. Ал ертең... Ертең «сұмдық» басталады, Шулатып теңіз деген астананы, Мүлгіген тыныштықтан билікті алып, Теңізді долы жел кеп басқарады. Қалтырап сағыныштың тоңады әні, Теңіз өксіп жағаға оралады. Толқындар қармақ қылып саусақтарын, Қарғиды ұстамақ боп шағаланы. Долы жел ала қашып алапты бар, үрей кеп көңіліңді қамап тұрар. Ноқтасын жұлып кеткен толқындарға - Сұмдық-ай!- деп жартастар қарап тұрар.

Анау кеме – Сөйлер ед берсе тілді, Ығып кеткен бір үзім жер секілді. Жұлысуда толқындар бір-бірімен, Теңіз үсті – бүлінген ел секілді. Арашашы аспанның сөзі – құрбан, Жынды толқын жағаны мезі қылған, Лақтырады жағаға балықтарды, Патшалықтай өз елін өзі қырған. Ал бүгін... Дауыл тынды... Күш қашқандай, Толқындар сырласады тұстастардай. Өкініш қана отыр жағалауда, ...Теңіздер мен адамдар ұқсас қандай?!

КИІКТЕР

Бойына қара зер түн киіп, Ақ нөсер...ақ нөсер құйып тұр! Далаға сыймаған мың киік, Бір ауыз өлеңге сыйып тұр.

Көңілде қалатын жатталып, Киіктер сезімнен аумайды. Сәлден соң даланы бетке алып, өлеңнен шашыла заулайды.

Мерген жоқ сұқ көзі қадалар, Шұбалған ақ шаңы – би сынды. Домбыра шанағын паналар, Тұяқтар дүбірі – күй сынды.

Зауласын! Желпісін самал леп! Шарласын туған жер айлағын. Киіктер сүрініп қалар деп, Өлеңге нүкте де қоймадым

  • *

Көл қайда ақша бұлттың табы түскен, Ауыл қайда ошақта наны піскен? Ел қалған ебелек шаш даланы ойлап, Сағынышым көрші отыр сары түспен.

Көктем келді кілемін жаба қырға, Гүлдер тұрды ойланып сабағында. Жаз да келді – жүзім көз, жауқазын-тіл, Шегіртке жүр шілденің балағында.

Маңырар қозы-лағы көгендегі – Сағындарды ауылдың кезең, белі. Сары алтынан қарайды сабырлылық, Жалғыз өткел секілді өзендегі.

Көрйнбейді көңілдер құрақ ұшқан, Жастық шақ, Даусың кеп тұр тым алыстан. Ақ қағаз, Саған тақтым ой-түймемді,

Өкінішке тон көктеп жұбаныштан.

  • *

Бұлттары – Шыңдарынан қашқан елес, Шыңды бұлттан өзге жан басқан емес. Алатаудың ақ қары – Ақ түндігі, Ақ түндігін ешқашан ашқан емес.

Жанымды сен жұбатшы, өлең, енді, Таң атты. Түнгі жұлдыз сөне берді. Көңілімнің түндігін мен де ашпадым, Сағынышым, Жидың ба керегеңді? Сағыныштың айдыны тынған ба екен? Көңіл-қайық, Ескегің сынған ба екен? Есігімді қағып тұр бөтен жылдар, Ашпай қойсам, Ашарды ұрлар ма екен?

АЙРАҚТЫ ТАУ ШЫҢЫНА АРҚАР ҚАДАП...

Шілдеге шомылады айбар әнің, Далаңда шегіртке боп қайнаған үн. Алматыда апталап жауса жаңбыр, Шөл қысқан Маңғыстауды ойға аламын. Қара жол мойнын бұрып қапталдардан, Жатады ақ сандығын ақтарған маң. Жоқтан, Бардан нәр алар шөлдің гүлі, Үмітімдей құраған жоқтан-бардан. Кірпігіне жабысып дала шаңы, Әредікте ақ гүлдер адасады. Сирек жауар жаңбырдан қалған суға, Ақ тақыр мен боз жусан таласады. Адыраспан аптаптың үні сіңіп, Құмның төсін қақ жарып, гүлі шығып. Бір нөсер келер ме деп жол қарайды, Бірі түсіп, төбеге бірі шығып.

Қою бұлтты қояр ем арқандап-ақ, Ол да бір сирек келер дархан қонақ. Сол қонақты күтумен телміреді, Айрақты тау шыңына арқар қадап. Отпан тау деген ана керегем бар, Жетегімде – жыр деген тебеген нар. Біз күтіп жүрміз әлі бір нөсерді, Адыраспан, жусан бар және мен бар.

САРЫ БЕЛДЕ САҒЫНЫШ КЕШКІРЕТІН

Жыршы Амандық Көмековке Тау мен тасқа жасырып сақтағаның, Жазасынан аман қап ақ-қараның, Туған ел, Амандығың жырлағанда, Сүгірдің өзі екен деп жалт қарадың. Түсіңе тізбектелген көш кіретін, Сары белде сағыныш кешкіретін. Мезі күннің түндігін сілкіп тастап, Сұңқардың даусы осылай естілетін. Ескі күннің ескі үнін үзбейтін жер, Түйелерін қос-қостан тіздейтін жер. Бір қазынаң – Амандық! Біле ме оны, Маңғыстаудан тек мұнай іздейтіндер. Аққулар жүр жағада ақ қар сынды, Сұлу жыр шайып-төгіп жақпар шыңды, Кешегі өтіп кеткен ақындарың, Теңіз боп, толқын болып жатқан сынды.

Ақ арман, тоқтап қалмай желе тұршы, Сәрсенбі күн, сәтіңді бере тұршы. Қайтадан тірілгендей Сүгір-әлем, Күдіктер, күңіренбей сөне тұршы.

Жыр сандықты ақтаршы, жыршы, кәні, Даусыңда түн оянып, Күн шығады. Тас болып, Тау боп тіп-тік тұрамын деп, Өлі құм да өмірге құлшынады.

Өмірге құлышанды дала мына, Келдік біз хас бәсеке заманына. Жыр байрағын жықпаған өнерімді, Баптап, Сақтап жүре алсақ жарады да.

  • *

Мезгілден ерте келсейші, көктем, Көңілге құйып тоқшылық. Ал бүгін маза бермей тұр, әттең, Ауладан үрген жоқшылық.

Қалдырып ошақ-көгенін сенде, Қалаға көшті шартарап. Ауылдан қайтып келемін мен де, Көңілім кетпен арқалап.

Қызылды-жасыл төгіле демі, Көрген ол кімді жатсынып. Қарсы алар қала Сені де, Мені, Бетіне күлкі жапсырып. Көлденең келіп жайлығуға да, Ешкімге дайын тахыт жоқ. Қуануға да, Қайғыруға да, Қалада, сірә, уақыт жоқ. Көктемім, Маған жолыңды берші, Шөл даланы да бау етер, Алдымнан шығып қолыңды берші, Тар жолда тұрған, тәуекел.

НҰРА МА ЕДІҢ?

Ойпыр-о-ой, Нұра ма едің, Нұра ма едің? Сен жайлы талайлардан сұрап едім. Сен құшақтай ағасың, кәусарым-ау, Арқаның құба белін. Солтүстіктің самалын маңдайға алып, Толқындарың барады таңдай қағып. Сағынышқа айналған сезімдердей, Ағып барып жатырсың, Көлге айналып. Саған дала сән бере көсілген кең, Жағалауың жас құрақ кекілденген. Ерке өзенім, Жатырсың көлге айналып, Туған жердің жанары секілденген. Сен сүрінсең, мен-дағы сүрінермін, Ақындары арқалар жүгін елдің. Байлық іздеп үңілем жүректерге, Ал менің жүрегіме үңілер кім?

Кейде мына өр көңіл тұнжырайды, Жүрегіме таң емес, түн құлайды. Астаң-кестең боламын аяқ асты, Толқындарым жағаны ұрғылайды. Демде шарлап шыңдардың шынар-төсін, Найзағайдай шарт та шұрт сынам тосын. Көлге айналған өзіңдей, Мен де өлеңге, Мен де өлеңге айналып... Тынам сосын.

САҒЫНЫШЫММЕН

От болып лаулап керемет жану үшін мен, Ақ махаббатым, Жебеші ақ ырысыңмен. Суық бөлмеде отырып хат жазайын бір, Саусақтарымды жылытып сағынышыммен. Заңғар аспаннан жаныма жасын алайын, Тау өзеніндей биіктен тасып ағайын. Өктем боп келген өкпелі ағайындарды, Көктем боп қарсы ап, өлеңге қосып алайын. Өткен күндерде Менің де есем бар кеткен, Менен де мынау ғажайып көшер ме көктем. Сағыныш деген – Бұл да бір көктемгі жаңбыр, Сатұр да сұтыр Төбемнен нөсерлеп өткен. Тербеші мені, Тербеші байтақ әніңмен, Атыңды атап Күн сайын қайталайын мен. Маған кеп соққан салқынның барлығын-дағы, Сағынышыммен Жылытып қайтарайын мен.

БАУЫРЛАРЫМА

Балдай бір бала тілмен, Сағыныштың бір әнін салатын ең. Сол әніңнің әуені жетер ме екен, Құстардың қанатымен? Сағынышың сарғайтқан қалпың ұнап, Жетермін мен сендерге алқынып-ақ. Бір анадан туған біз алтау едік, Бір өзектен басталған алты бұлақ. Әр біріңді ұқсатам толған айға, өмірді өмір осылай жалғамай ма. Бұлақтардың тағы да жалғасы бар, Тек теңіздер суалып қалмағай да. Қарсы жүріп соққан жел. самалдарға, Туған жерден ұшамын сан арманға. Сендер барда хақым жоқ ез болуға, Күрсінуден сақтасын анам барда. ҚАТОН-ҚАРАҒАЙ Көктем де жетті Қатон-Қарағайға,

Мұндай жерді жәннатқа баламай ма? Үй басына бұлақ бар екен мұнда, Сонша бұлақ... Жұрт оны санамай ма?! Санамайды маралды дара мекен, Сұлулықты санауға бола ма екен?! Маңғыстаудың шөлінен үркіп келіп, Қарағайлар тауға өрлеп барады екен. Қайың жүр, Теректер жүр, Тал да мұнда, Көп ұлтты халық сынды – аңдадың ба?! Адасып бара жатты қып-қызыл күн, Маралдар мүйізінің орманында. Жер қайысып қазақтың маралынан, Дүсірлеп, Дөңгеленіп барады маң. Адасып кеткен анау қып-қызыл күн, Тауға жетіп үзілер сабағынан. Маралдар, Сені қорғап дала да әлек, Су ішіп тұрсың мына заманға кеп. ...Тағы да барып қайтам осы жазда, Маралдар, қара орманың аман ба деп.

СЕН МЕНІ ТҮСІН, ЕСІЛ КҮЗ

Сен мені түсін, есіл күз, Қимасым! Естен кетпесім! Шықты да сенен кесілді із, Арманға білді ол жетпесін.

Қос жанар – Ол бір егіз көл, Жеткізе алмай қиналам. Арманым көр де – Теңіз көр, Толқыны суға сыймаған.

Үүндерін санап қауыстың Ақ қағазға айттым сырымды. Сия ғып түнді тауыстым, Оқыды ол талай жырымды.

Дәптерде жатты күллі аспан, Жұлдызы түгел көшті еріп. Жұлдыз боп біз ғой сырласқан, Таң атқанда да өшпедік.

Өшпейтін әнді толға, күн, Жүз келіп көктем, Жүз кетті. Сағыныштардың салмағын, Сары күз ғана білмекті.

  • *

Жел келеді жібек түнді кимелей, Ай – аспанға таққан алтын түймедей. Жылт-жылт етіп жылға ағып барады, Ертегіден түсіп қалған инедей.

Бар әлемнің бар қызығы тең келмес, Жастық шағың – Бір қонуға келген көш. Жастық кетті. Кетті міне тағы да, Бір күнімді бөліп ішіп таң мен кеш.

Сары дала құс даусымен түрленіп, Тәтті өлеңдер жанға қонып, Тілде еріп, Сенім, шіркін, Сексеуілдей қатайып, Қара тастар ойлануды үйреніп.

Елді оятып жүрсе дедім тұмса леп, Шартараптың бар назарын бұрса бек. Шыбық ектім тақыр жерді оятып, Ақыл-ойда орман шулап тұрса деп. *

Өңі негі бұзылады аспанның,

Көкжиекке қойып кетті қашқан күн. Шаңы шыққан жұтаң ойдың бетіне, Қара түннен жұлдыз-жұлдыз жас тамдың. Аспан, сені түсінемін, Көрікті ер, Еш нәрсеге селт етпейтін кейіпте ел. Мен де – Қызыл, сылдыр сөзден мезі боп, Романнан қашып шыққан кейіпкер. Қиял ғой жәй «қашып шықтым» дегенім, өмір – автор, не десе де көнемін. Орта көңіл одан әрмен ортайып, Толмайды бір түбі тесік шелегің. Өмір – автор, Қырнамайтын, жонбайтын. Қысқартпайтын, Керек жерін созбайтын. Тағдырымды тасып бердім қолына, Тараулар тұр өзгертуге болмайтын.

Мен – кейіпкер, «Тұр!» деген соң тұрамын, «Жүр!» деген соң, жүріп келем, ...құладым. Тіпті ештеңе қосуға да болмайды, Қандай қатал автор еді бұларың. Жыртып-жыртып бойкүйездік қоғамын, Сағынштан алтын сарай соғамын. Мың жылдан соң қайта өмірге келгенде, Сөз жоқ сонда дұрыс автор табамын.

СҰЛУ КАСПИЙ

Көзді алатын көркемдік саған біткен, Басқаларға қараушы ең балаңдықпен. Іші-сырты келіскен сен бір сұлу, Сұлулыққа қызығар адам біткен. Қара мұнай – Байлықтың төс-бедері – Саған қара қайғы боп көшкен еді. Сол қайғыңа таласып жатыр адам, Шаттығың жоқ. Ол болса не істер еді!? Толқынға толқып келген күндер есте, Оның бәрі айналды мұңды елеске. Қызыл балық Қып-қызыл күнге айналып, Адамдардан қашады күнде кешке. Ойланып жағада анау құм-зиялы, Сені қорғап шулайды ну-қияғы. Еділ өзен тамшысын үзіп беріп, Жаық келіп шелектеп су құяды.

Шағала жүр толқыннан қалмаймын деп, Жартас тұр бұдан әрі бармаймын деп. Балығыңды аулайды ел, Мен әуремін, Сенің пәстеу көңіліңді аулаймын деп.

ТАҒЫ БІР ЖЕЛ

Сай-сала Бір-біріне гүл берісіпі, Жусанға жұтылады түндегі шық. Өмірден оның да аузы күйген білем, Жел отыр шалшық суды үрлеп ішіп. Ол енді жылжытам дер бөктер шыңды, Бұлт кетті қалқып, жыртық шекпен сынды. Сабағынан үзіліп өкпек желмен, Тыныштық құздан құлап кеткен сынды. Әлімжеттік жасап жел қасқа құмға, Апарып тастап келер басқа қырға. Қурайларға сыңсытып ән салдырған, Желге жонын төсейді тас қабырға. Көктем бұл – Келіп жеткен шашуын ап, Бұлақ желмен ағады тасынып-ақ. Жел сосын қаланы да аралайды, Адамдар тобырына қосылып ап.

Аралап көреді ол әр қаланы, Көліктің көптігіне таң қалады. Тек қана Алматыға келе алмайды, Алатау қызғанады ол қаланы.

КЕҢІСТІК

Қаңыраған кеңістікке тіл қаттым, Қаңғыр етіп жауап қатты ол маған. Көз жасыңды көлге беріп құрғаттың, Саусақтарың жаңғырықты қармаған.

Кеңістіксің. Керегең жоқ, уық та. Босағаң жоқ, төрің – анау төбе ме? Шаңырағың көрінбейді жуықта, Әлде, бұлт боп анда-санда келе ме?

Кеңістіксің – қиял сынды жасалған, Тағдырың бар, кім не айтса көнеді. Өмірің бар жаңғырықтан қашалған, Ол өмірің қайта-қайта өледі.

...Айтамыз да... Тіл берген соң айтсын деп, Ал сен үнсіз, Қарайсың тек іздерге. «Өмір сүрген түрлерін-ай, ...қайтсін!» деп, Бәлкім, сен де күліп тұрсың біздерге.

  • *

Көше шамы жанады жалынсыз-ақ, Көбелектер қонады бағын сынап. Тал-терекпен таласып сол көшеде, Бағаналар өсiп тұр тамырсыз-ақ. Тамыр тартып кетермiн, бәлкiм, дейдi, Үмiтпен өмiр сүрген әркiм дейдi. Жапырақ жайсам дейдi ол байғұс та, Сабырдың түбi сары алтын дейдi. Қала бұл – жылдамдықтар бекетiндей, Оған тек қыстың сөзi өтетiндей. Өлең жайлы жұқалап айтайын десем, Жұп-жұқа сөз сетiнеп кететiндей. Мәшинелер ұйықтайды өз тұрағында, Қалада жүр жауабың, сұрағың да. Бәрi бар, тек сағыныш жоқ секiлдi, Қоғамның химиялық құрамында.

Түсiнем. Қоғамыма мойыма деп, айтамын, айта берем қайыра кеп. Сағынышпен саясат жасалмайды, Жасалса, шекаралар жойылар ед. Жойылып, гүлденер-дi бай замана, Жойылар ед жаралы майдан ана. Ал әзiрге күзетiп сағынышты, Шекаралар шөлдейдi айдалада.

ЖАҢБЫР

Қарқ болды жаңбырға кепкен бұлақ, Найзағайдың дауысы өктем бiрақ. Өлiммен тең басқаға құлау деген, Ал жаңбыр өмiр сүрер көктен құлап.

Найзағай Аспандағы тарлан сынды, Қорған қып жасырнады талдар шыңды. Сай-саладан қара жол өте алмай жүр, Шөл өзiн көлге малып алған сынды.

Бойымда сағыныштың өртi бар деп, құйды бiр, қорықпастан сарқылам деп. Аянбай күндiз-түнi құйды жаңбыр, түбi тесiк заманды толтырам деп.

Жаңбыр суы бұлақ боп таңдай қағып, Барады ағып, даланы маңдайға алып. Нөсер даусын тыңдап бiр мен отырмын, Сол нөсерден шабыт-шам жанбай қалып.

  • *

Сабылып кiмнiң жиынында жүрдiк, етегiңдi қиып, өзiне жең еттi. Қиғаш заманның қиығында жүрдiк, иығында жүру керек-тi. Жиналыстары асып-төгiлiп, өзi-өзiн мақтап замана. Бостандық елi қашық көрiнiп, қайғы-шер жүрдi далада. Халықтық арман жоғары тұрды, Көз жасын жұтып жылаған. Қызыл заманның қоғамы тұрды, Құрақ көрпедей құраған. Тiзiлiп сапта тұрады егес, Егеспен қоғам тола ма? Жалғыз-ақ күнде құлады Кеңес, Құрақта тұрақ бола ма? Жүзi қайтса да жебелерiнiң, Аңсап жүр Кеңес желегiн, Сөгiлiп кеткен көбелерiнiң, Шегеден сұрап себебiн.

Ұлы арман деген ескек-күштерге, Қуат бердi екен қай-қай шақ? Ереуiлге шығып ескерткiштер де, Бостандық сұрады айқай сап. Аршылып көңiл жала-құмдардан, Бостандық билеп сананы әр. Балбал тас болып дала қырлардан, қарап та тұрды бабалар. Көлеңкеде қап, күйiндi iшiң де, тарихым, сен де тарықтың. Көк теңiздердiң үйiндiсiнде, Көз жасы жатыр халықтың. Сексен алтының желтоқсанында, Алаңда сол бiр қалдық бiз. Тағдырым қатал жел тосқанында, Азаттық жеңiп алдық бiз. Қырғынмен келген бостандығыңа, бөтеннiң тiлiн кигiзбе. Көңiлiңдегi аспандығыңа, жапырақ екен деп, топырақ үйгiзбе.

ОЙЫНШЫҚ ПЕН БАЛА

Аңқаулыққа басыңызды игiзiп, Нүрлы күнге алма бетiн сүйгiзiп. Қүйттай қыздар көйлек тiгер жалықпай, қуыршаққа жандүние кигiзiп. Бiз де тiктiк қолға талай иненi ап, Бұрандалы ойыншық жүрер билеп-ақ. Тiрiледi шыбын жанын қуыршақ, кеудесiне түйреуiшпен түйреп ап. Бiр-бiрiмен жетектесiп барады, Жан ұқпайды олардағы сананы. Сәбилердi түсiнбейдi үлкендер, Тек ойыншықтар түсiнедi баланы. Бiр-бiрiмен сәби шақты тойлайды, Аңқаулықтың тереңiне бойлайды. Сен де ойнап көр. . . жалығасың, себебi, Ойыншықтар да тек баламен ойнайды. Бiр-бiрiне көңiлдерi даладай, Ойыншық үшiн

сәби – ұлы данадай. Шiркiн, деймiн, үлкендер де бiр-бiрiн, Түсiнсе ғой ойыншық пен баладай.

ҚЫР АСТЫНДА ҚҰЙЫНДАР ҮСІП ӨЛДІ

Таң атар тағы да бiр күндi үйiрiп, Ал кешке ай туады түнге иiлiп қыс пен жаз кезегiмен алмасады, Табиғат бiр шешiнiп, бiр киiнiп. Бере алмай көңiлге нұр, жанға шабыт, Күз жүргенде күрсiнiп. . . далбаса қып. Аппақ қыс қыркүйекте жетiп келдi, Үйiр-үйiр боранын алға салып. Кеше ғана жаз едi мүсiнi өңдi, Қыс келдi де, қыр аппақ түсiне ендi. бiр-бiрiне қаңбақтар тығылысып, Қыр астында құйындар үсiп өлдi. Өткiр аяз жаныңды жарақаттай, Қар жауады өзi өзiн мараппаттай. Жалғыз терек жапанда елеңдейдi, iлесе жөнелуге қара таппай.

Тайыз көл Мұзға айналды жадағай қап, Мұхиты жоқ отырған ”келе ғойлап”, Ал қыстың уақыты жоқ отыратын, Тайыздықтар жайында терең ойлап. Түнгi ай тұр сәулесiмен төккен жарық, Көңiл тұр қара зiлдей кетпен шалып. Ақ қаламға аман-сау оралса деп, Ақ боранда адасып кеткен шабыт.

ШАЙТАН КӨЛ

Шайтан көл, рас па осы шайтандығың? Нақтылы дәлелiмен айта алды кiм? Бiр күнi - сағынышты тербетесiң, бiр күнi - көркiң көңiл шайқар мұңын. Қарашы тұнып тұрған таңға мына, Бұл да, әлде, шайтандардың арманы ма? Саған қалай шайтан деп ат қойды екен, Шайтандар сонда сұлу болғаны ма? Саған кiм шайтандықты тiледi екен, Қандай ат қойғандығын бiле ме екен? Жалғыз аяқ жол жатыр саған келген, Шайтандар да iз тастап жүре ме екен? Құшақтайды сенi алап мұңсыз ғана, Сенi аңсайды қаншама гүлсiз дала. Шайтандар шықылықтап күлед деушi ед, Сенiң күлкiң – әдемi, үнсiз ғана.

Самалыңды жұтқанда жан тыншығар, жалқынданды келбетiң – өртiң шығар. Сұлулығың ойнайды сыйқыр түспен, Шайтан деп жүргендерi – көркiң шығар.

СЕЛ

Сел келеді есесi бiр қайтардай, екiленiп, бiзге бiр сөз айтардай. -Сабыр ет,- деп, -тоқта, - демен биiкте, шыршалардың жағы талды айқайлай.

Әрнәрсеге жори берем өзiмше, Шыдамның да көбесi бар сөгiлсе. Таудағы көл – Ол таулардың көз жасы, қауiптi ғой тау көз жасы төгiлсе.

-Дегенмен, - деп тағы ойлаймын өзiмше, -қала мынау, жерi де тар шегiнсе. қара тасын селге ертiп жiберген, бұл – таулардың қателiгi менiңше.

Сел келедi,

Ол бiр ойға бекiндi, Түсiнбедiм. . . қайда бұрдың бетiңдi? Сел келедi, Домалатып тастарды, . . .таулар бiзге тас лақтырған секiлдi.

  • *

Ей, Нарыным, Құм-қобыз боп тарихты қазған, Кеудең толы сазды ән, Махамбеттiң даусын саласың, Мұхит боп ойлап, өзен боп жазған. Уа, Нарыным! Шөл иесi – сары құм. сен жалқын нұрсың, әлде сарғайған мұңсың, әлде, шыныңды айтшы, кiмнiң көзiне құйылған құмсың? Әлде сен – жүректi баурар, жырмысың ақ қағазға саулар? Әлде сен – елеспiсiң құйын боп заулар? Жоқ! Жыр да емес бұл, елес те емес заулар. Махамбеттiң басын кескен жаулар, Тоқтатпаса арам шөптей қаулар. Бұл – соларды тұрмастай етiп көмем деп, Құм болуға дейiн шегiнiс жасаған Таулар!

АҚЫННЫҢ АҚТЫҚ КЕШI

Қауiп те, қатер де көп төте жолда, Зұлымдықтар! Алдымнан өтедi ол да. Тарихтың шымылдығын ашып қалсам, Махамбет бассыз отыр екен онда. Бодандықта тегiң де, кегiң де дау, Қабырғаң да сол үшiн сөгiлген-ау. Өзi бассыз болған соң ол заманға, Басы барлар үрейлi көрiнген-ау. “... ақынды /Махамбеттi / далаға әкетiп, төбенiң басында ымырт үйiрiлгенше тұрады. Түн болып, қас қарайғаннан кейiн кетедi. Үлкендер қарайып бiр нәрсе қалғанға барса...” “Ана тiлi” газетi, 3 сәуiр, 2003 жыл. Дүние секем алып тына қалды, Бозғылт ай шошып басын бұра қалды. Демiн тарта Тарих та тоқтай қалып, Бiр зұлмат күтiп жатты мына маңды.

Кешкi Күн сезiктене қыраң асты, Құлатуын бiлгендей құламасты. Уа, сұмдық!!! Жалт еттi зұлым қылыш! Солқ еттi Күн! Шайқалып Түн адасты. Жер астында өлiлер тұра қашты! Тұра қашты Тыныштық «өлдiм-ау!» деп, Оттар қалды ошақта «сөндiк-ау!» деп. Ал Зұлымдық атына мiне шапты, - Менiкi ендi замани төр мынау! - деп. Күңгiрт бояу жамылды бар алау да, Сұм хабар - ол да шапты. Табалау ма? - Ойпыр-ай, не болды? - деп ентiге бiр, қарт Каспий жүгiрiп шықты жағалауға. Өлеңiмен тiрлiктi жуғызам деп, Өрлiгiмен ездiктi қуғызам деп, Ғасырлар ұза-а-ақ уақыт дайындап ед, Махамбеттей дауылды туғызам деп.

Дайындалып, Кеңесiп, жеке леппен, Оны Батыр-Ақын ғып бекем еткен. Сосын оны бар Ғасыр зор сенiммен, Он тоғызыншы ғасырға жетелеткен. Жетелеткен едi зор махаббатпен, Ал мына сұмдықты естiп, қаталап дем, Сол Ғасырлар ыза боп, бұл Ғасырды, Тартып кеп жiбергендей шапалақпен. Айналып батыр жатқан ана белдi, Тұлпары шырқырады қара меңдi. Махамбеттiң денесiн қоршай жылап, Аттан түсiп көтерiлiс қала бердi. Ерлiктiң де тамыры жұлынды деп, Бодандықтың дәуiрi құбылды-бек. - Батырдың өр Денесiн тастай қашып, алдыма кеп Басы өзi жығылды, - деп.

Кетпей қойған сан заман келбетiнен, Бодандық-ай, талайды шерлi етiп ең. Өзiңдi өзiң алдадың, жұбаттың кеп, Махамбеттi жойдым деп жер бетiнен. Бостандықтың жолы, рас, күрмектi екен, Күрмектi деп ел ез боп жүрмек пе екен? Ал ақынның сол халқын бастауы үшiн, Жер үстiнде жүруi мiндет пе екен?! Тар заман-ай, артың - жар, сағым - алдың. Ендi саған соны айтар табылар кiм? Махамбеттiң өр басын сандыққа сап, Кiлттеп, кiлтiн қалтаңа салып алдың. Елiң алға, сен қашып шегiнiске, Отырдың небiр сойқан көнiп iске. Қоғамды да iшiнен кiлттеп алып, Бостандықты кiргiзбейiм дедiң iшке.

Ұлы ерлiктер теңдiктi мүсiндедi, Бiрақ оны тар заман түсiнбедi. Ал Бостандық қоғамның сыртында емес, Махамбет жырларының iшiнде едi.

Өрт болам деп шалқыды iргеңдегi от, Оның бәрiн қамайтын түрмең де жоқ. Әр жүректе азат күн лаулап жатты, Ал бодандық бұл жайлы бiлген де жоқ.

Бар бiлгенi - сұп-сұр боп таң атқаны, Көңiлiне бiр үрей қаматқаны. Бар көргенi - ақынды көтерiп ап, Нарын құмның боздап бiр баратқаны.

  • *

Жердiң үстi түгел сөз, жыпырлаған, Содан, сiрә, шаршаған мұқым ғалам, Содан, сiрә, азайды сезiмi де, Қан майданда жүрiп те ұтылмаған.

Жетегiме таулардан бұлақ алып, Бiр-бiрiне бұлттарды құрап алып, Сезiмiне ғаламның дем саламын, Химиядан оттегi сұрап алып. Өрт болмаса, ол сезiм от алар ма? “Жанам” дейдi ол кейде қыс қақағанда. Аттанамын ондайда дауылдардың, Даусындағы үскiрiк ноталарға. Ал кейде, Сәт берсе деп самала таң, Оятса деп сезiмдi дара да паң, Махамбеттiк жырлардың iшiнде мен, Қара нарды жетелеп бара жатам. Мен шыныққам сүйреп сөз-кемелердi, қайта қосып, келтiрiп керегемдi. Ерлік атты рухқа жетсе Әлем деп, Екi өкпемдi ап, жүгiрiп келем ендi.

ҚАҢБАҚ

Ей, қаңбағым, өз-өзiңе орана, Кiмдi iздедiң Махамбеттiк-далада? Жандүнием жоғалды, ендi өлем деп, Сайға барып жылағанмен бола ма? Мәнсiз зат жоқ бұл далада, ...көшiң бар, Кеудеңдегi өкiнiштi өшiр бар. Тамырыңнан сенi жұлып ап қашқан, Анау желдi қуып жет те, өшiңдi ал. Ол да сосын сенi қуа жөнелер, Қашқан, Қуған тiршiлiкке көне бер. Биiгiне сенi де алып шығады, Сол далаға сән боп жатқан төбелер. Аптап мынау төзiмiңдi шын сынар, Сен шыдарсың оған, сосын құм шыдар. құмға иiлiп бiр тал гүл тұр, тиме оған, Махамбеттiң үнiне өскен гүл шығар.

Кезiгедi ұшыратын түйiрдi әр, шарлайтұғын Махамбеттiк-қиырды әр, тұрақтылық жайлы таулар шығарған, үкiмдерден үркiп кеткен құйындар. Түйелер де қала берер түк демей, Ей, қаңбағым, барар жерiң бiтпегей. Кеуiп жатқан құдықтар да кездесер, Далаға кеп өлiп қалған нүктедей. Жүгiр-жүгiр дем бер оған гөзалдан, Тiршiлiктi сен де қорға тазарған. Махамбеттер өлеңiмен жан берiп, Талайларды алып қашқан ажалдан. Бұл далада мәнсiз зат жоқ, құт – кешiм, Сен де ұғындыр көңiлiңнiң бүкпесiн. Бәлкiм, сен де бiр өмiрдiң соңына, Қойылудан қашып жүрген нүктесiң?

ДАУЫЛ

Сұр дауылға шулай қашар көл ұнап, Таулар қалды өзiн бұлтпен көмiп ап. Ызың-ызың әнге салып қурайлар, Тiрiлердi мазақтайды өлiп ап. Құтырынып, шыдамыңды жүз үгiп, Жанды әлем жансыздарға сүрiнiп. Ашуланып шағала-үн шарт сынса, Тасбақалар тасын ала жүгiрiп. Ұлы дауыл мең-зеңдiктi қамшылап, Көңiлдердi құл-мiнезден аршып ап. Махамбеттей бiр ғасырды шайқаған, Екпiнiмен жалтақтықты жаншымақ. Қара бұлтты шапшаңдыққа боятып, Жалқаулыққа қалмағандай сая түк. Мен де айналдым астаң-кестең дауылға, Сөйлемдердi айқай салып оятып.

Қара дауыл, Менi де сен жат көрме, Отырамын қиялдағы қақ төрде. Дауыл-өлең жазсам-ау деп армандап, Тыныштықтан мезi болған дәптерге.

Мен де сендей, өзi өзiме күн бермей, Анаған да, мынаған да үлгермей. Күллi әлемнен өзiмдi iздеп әуремiн, Әлем де өзiн менен iздеп жүргендей.

  • *

Қиялда өлең жатыр құла қасқа, Құла қасқа таптырмас бiр адасса. Көңiлдi тiк көтерiп жүрген шабыт, Уәдеңдi берiп кет құламасқа.

Құла қасқа өлеңдi тап бассам деп, Тауларға қыран даусын жаттассам деп. Қайран жазым, ол да өтiп кетiптi ғой,

Мен жүргенде жаңбырға жақтассам деп.

Өлеңменен өмiрдi танып келем, Құмырсқа iзiнен де шабыт көрем. Өлең болып өссем деп армандайды, Тақпақ та өзiн жаттап ап әлiппеден. Ертеңiңдi армансыз пайымдар ма ең, болдыра алмай арманды уайымдар ма ең? Бойын өлшеп көредi көк құрақ та, Қатарласып тұра қап қайыңдармен. Армандауды өмiр ғой ала келген, Сол үшiн де бәрiне сана берген. Пендешiлiк тiрлiктен озам ба деп, Толқындар да жарысар қара желмен. Сәттiлiктер, кел ендi жолық маған, Күндерiме қуат бер солықтаған. Қара тасты қақ жарып гүлдер де өстi, Қыс келсе өлем-ау деп қорықпаған.

Күш аламын сол гүлге қарап мен де, Тiл табысам, сөйлесем алаппен де. Бiр күш келiп қиялды кернеп тұрад, Ұша алатын қанатсыз, қанатпен де.

Кезем сосын шабыттың маң даласын, Маң даламды көрген жан, таңқаласың. Бәрi өтпелi жалғанның, қайран өлең, Менiменен қалатын сен ғанасың.

  • *

Төбелерiм, бересiң тек төрiңдi, Жусандар-ай, ұсынасың жолыңды. Әттең, мынау бiздiң митың тiршiлiк, Мәнсiздiкпен байлар менiң қолымды.

Бiрақ көңiл шаршамауға бекiндi, Сәске келер, келер сосын екiндi. Тiрлiктегi барлық терең мәндiлiк, Мәнсiздiктен басталатын секiлдi.

Күштiлердiң бағалайды күшiн кiм, Жанымыздан өтiп жатар мүсiн мың. Мән бермеушi ек, ендi мәннiң құнын да, Мәнсiздiктер арқылы мен түсiндiм. Жолдар жатыр қиғаш-қиғаш, көлденең, Көңiл, сiрә, жеткiзбейтiн көк дөнен. Түпсiз жатқан ғажап тереңдiктi де, Тайыздықты кешiп барып көрген ем. Келер күндер үздiк үмiт жастанып, Әр сәтiңдi сенiм ғана басқарып. Жартылардан бүтiн өмiр құралып, Қадамың да сүрiнуден басталып. Қара түнiң аппақ таңға ұласып, Тiкенектен қып-қызыл гүл бүр ашып. Келе жатыр қуаныш пен шаттық та, Сәтсiздiктiң бәрiнен жөн сұрасып.

Шыбын-шiркей шағар, оған қайрылма, Шығып ал да төзiм деген айдынға, Сексеуiлдей балталаса сынбайтын, Сенiм деген құдыреттен айрылма. Үмiтiңе жармас қолға iлiккен, Сәл бақытқа мәз бол, қарсы ал күлiп кең. Өмiрге сен! Сенбесең ол саған да, қарайды екен одан да зор күдiкпен.

МҰХИТТАҒЫ ДАУЫЛ

Мына дауыл. . . мұхитты сiлiкпек пе, ей? Құс жолы қалай жатыр сынып кетпей? Жұлдыздар тұр көздерi жыпылықтап, Ай қалай тұр домалап, ығып кетпей. Құпиясы көп қой бұл желдi күннiң, Сыры да көп мұхиттық, көлдiгiңнiң. Дауылдар да соқпайды ерiккеннен, мен де оны . . . ендi ұғып, ендi бiлдiм. . . Дауыл тұрады осылай соғып әлi, Таудай болып толқынның шоғыр әнi. Ендi бiлдiм. . . жамылып қара түндi, Мұхитқа кеп Жер шары шомылады. Кеудесiне кеткенде азап толып, Көз жасы мен қайғыдан азат болып, Көк мұхитқа шомылып, тазарып ап, Ақ таңды қарсы алады ғажап болып.

Бұрылмай әңгiмешiл қауымыңа, бұрылмай ойыныңа, сауығыңа, өлең де қара түнде туылады, шомылып жандүние дауылына. Дауылмен туады өлең дауыстасып, Арманың қайта оянар алыс-қашық. Ал таңертең қарсы алады адамзатты, қара жер мен қара өлең қол ұстасып.

ӘЛIППЕ

Түспалдап ұқтырады түзiң ненi? Жаз ненi айтты, бiлмеймiн күзiң ненi? Түсiнгенiм – жасыл жаз теректерден, сап-сары жапырақ боп үзiлгенi. Бiздi әлпештеп күзгi бiр самал жүрдiң, Алғашқы әрiп, алғашқы баға алдырдың. Парталарға аң-таң боп қарай-қарай, аттадық бiз де мектеп табалдырғын. Бiртiндеп даусы алыстап аптаптардың, өмiр көштi қолына аппақ қардың. Осылайша көштi өмiр. Балалық шақ, iшiнде қыстап қалды тақпақтардың. Бала тiлдi тақпағы әлiппенiң, Бар ғылымға тастабан – әрiптерiң. Сенi ежiктеп оқудан бастау алып, Менi асырап келедi дәрiптерiң.

Әлiппе, әлi оқимын қайталап мен, Түн маған таңқалады ай-табақпен. Сен үйреттiң ғаламның құпиясын, Әлiппе деген мынау байтақ атпен. Ежiктеп әлiппе өзiн ұқтырады, Шаттанып әрiптердiң түпкi мәнi. Суреттерi у-шу боп, бала тiлмен, мен-мен дейдi, көзiңе шық тұнады. Әрiптердiң әрбiрi – дара таңба, Даралыққа үйреткен жаңа таң да. Әлiппе – ұлы Отаны балалықтың, Жиi-жиi оралам сол Отанға.

АЛТЫН АДАМ

Ғажапқа мына қарашы, Жамылып қара мауытты, сақтардың алтын мұрасы, адам тұр алтын сауытты.

Саулаған алтын моншақтар, Денеңдi жуған жас па екен? Сыпырылып түстi мансаптар, алтын мен күмiс тас па екен?

Бақыты шатыр жайса да, Жалғаннан ол да өтiптi. Алтынға тығып қойса да, Ажал кеп алып кетiптi.

Амалың бар ма ажалға, құдыретке бұл жетер ме ой? алтыны емес,

оған да , адамы керек екен ғой.

Оқиды сенi ғалымдар, әлiппе ашқан баладай. Сен тұрған мына шағын зал, қырғындар өткен даладай.

Заман тұр жетпей ақылы, Сауыт тұр алтын, берiспей. қырғында өлiп батыры, жетiм бiр қалған жеңiстей.

  • *

Жетегiне алып күндердi, Тiл қатпай таңба өшедi. Көне көз елiм Бүл жердi, Теңiздiң асты деседi.

Орман боп, кейiн қураған, Жердiң де асты алты қат. үн-түнсiз отыр бұл далам, Теңiздiң орнын тартып ап.

Оқ-дәрi сынды түздар да, Таңбасы сынды көп iздiң. Белгiсi жатыр құздарға, Асылып өлген теңiздiң.

Мұңыңмен мен де егiзбiн, айта да бермей қоштас, күй. Сол заманда өлген теңiздiң, Көз жасы Анау көк Каспий.

Тулайды кекке батып ол, Жасанып жауға барсам деп. Телмiрiп көкке жатыр ол, Аспанды тартып алсам деп.

Жылайды шағала құсқа да, Арманын айтып көкпең көк. Достықтың ғұмыры қысқа да, өлмейдi екен кеткен кек.

  • *

Бұлттары тауды жаншыған, Жауды бiр жаңбыр тоқтамай. Секiрген мың сан тамшыдан, Жер бетi қайнап жатқандай. Найзағай көкте жарқ етiп, Бiр сәтке түндi жоқ еттiң. Балтыры сынды жалт етiп, құмырсқа белдi балеттiң. Дауылдан дiңi бүгiлiп, Ағаштар салды байбалам. Шатұр да шұтыр жүгiрiп, Аспан ғой отпен ойнаған. қай жаққа барып құлады, найзағайлардың қамшысы? Бетiне түннiң құлады, Жаңбырдың соңғы тамшысы. Содан соң Түннiң қонағы, Аппақ ай қалды аршылып, Топырлай, Тоңып барады, Толқындар түнге малшынып.

ҚАРА ЖОЛ

Қара жолкең далаға жарасқаным, еңку-еңку жерлерден әрi асқаным. Ойда жоқта қалаға кiрiп кетiп, қайта шығар есiктен адасқаным.

Шыр айналдың үйлердi Тiзбелеген,

қайта шығар есiктi iздеген ең. Бұлақ па деп келгенiң арық екен, Сап-сары жарнама екен. . . күз бе деп ең.

Алдыңнан шығады екен тиын күлiп, Көлiктер ағылады құйын қылық. Бағаналар түр екен жарнама ұстап, Бос сөздi қызыл-жасыл киiндiрiп.

Шығар есiк iздедiң мұң-наладан, Менен келiп сұрадың жыр қамаған. Мен оны қайдан бiлейiн, қара жол-ау, бiлсем, мен де кетер ем бұл қаладан.

  • *

Тойлы ауыл. Киiз үйлер. Дархан халық. Әлем тұр пейiлiне арқандалып. Киiз үйдi көруге жиналғандай, Шетелдiк көлiктер тұр аң-таң қалып. Көңiлдi бiр биiкке шығарғандай, Тойға деп шашылатын жыр-ән қандай. Бәйге аттары келедi желдей ұшып, Қоғамнан қашып шыққан ұрандардай. Той да тарқар Iлесiп бұлт көшiне, Уақыт қоя ма оның бiтпесiне. Бәге аттары жақындап келiп қалды, Жиырмасыншы ғасырдың нүктесiне. Жылнамамды таптым да ғажап үндi. Көк ту етiп көтердiм ажарымды, Жиырмасыншы ғасырдың мәресiнде, Батыраштан сақта ендi қазағымды!

ЗАЙСАН КӨЛI

Көл жатыр жарқыраған шарайнадай, Аққу оны сындырды абайламай. Сәнiң бөлек, Зайсан көл, әнiң бөлек, Келбетiң құлпырады қалай-қалай. Көк майсасы – ғажайып гүлдi кiлем, Ақша бұлттар, Зайсанның түндiгi ме ең? Бiрiн-бiр айқай-шу естiмеушi ед, мұнда үнсiздiк сөйлесер бiр-бiрiмен. Тып-тыныш, Көлдiң маңы абат қандай, Тұнықтыққа арнайы жаратқандай. Сұлулықтың ғажайып иран-бағы, Жаныңа жұмақтан нұр таратқандай. Көл жағалай жүгiрген тастар қандай, Қара тастан өрiлген дастандардай. Әуелде әлемдегi бар сұлулық, тап осы ғажап жерден басталғандай.

Көлге кеп аунап жатқан аспан қандай, Көзiңдi сұлулыққа ашқан қандай. Толқыны саған келiп сәлем берiп, Қайтадан айдынына қашқан қандай!

  • *

Ақпан-ау, сен жүретiн алап қандай, Келбетiне ақ күмiс жалатқандай. Үдей түсер елсiзде аппақ боран, Мың бiр жылан жүгiрiп баратқандай.

Ақ қарың – ұшып жүрген ақ қанатың, адасып кеткенiне мақтанатын. Әлемдi шарлай-шарлай жерге қонып, Ақыры тiршiлiкке тапталатын.

Қайда кетiп барады ақ бораның? Дауыл боп қара түндi ақтарады үн. Ысқырынып, құтырып,

өршеленiп, Айдаланы шарлап бiр жоқ қарадың.

Ақша қар, зеңгiр көктен құлайсың бiр, Өмiрiңдi ұлпадан құрайсың бiр. Қыс бойы сайран салып, көктем келсе, Көз жасыңды көл қылып жылайсың бiр.

Жылайсың бiр, қимайсың бұл өмiрдi, Үзгiң келмей мұздықтан күдерiңдi. Көз жасы етiп ақыры тауысасың, Көл қылып анау қар-қар жүрегiңдi.

Мұңайма. Қалар артта талай күндер, Пәктiк тұр сенi өзiме балаймын дер. Сенiң қар-қар жүрегiң жатқан жерге, Күнi ертең қаптай өседi арай гүлдер.

  • *

Бос сөздер босағадан кiрiп алып, Ақпараттар жетедi құрық алып. Дауылына ықтырып әкетедi, Уақыт менi өзiмнен жұлып алып.

Уақыт сенiң үнiңмен санасқан ба, Дал боласың құлқынның бағы асқанда. Шұбырынды тобырға айналасың, Жандүниең өзiңнен адасқанда. Аса алмай тадырдағы бұраң өрден, Жолдар аз ба құдыққа құлап өлген. Дәл солай құлай жаздап. . . құлай жаздап, аман қалам жер көрiп құлан өрген. Сол сәтте бар күшiмдi жиямын да, Тарының қауызына сиямын да, Ұшып бара жатамын, елдi тастап, Елсiздiң шабыт деген қиянында. Сан-сапат жолдан өтем, Ордан өтем, Жолыма керiлген сан тордан өтем. Шөл кезiп, таудан асып, теңiз кешiп, Өзiмнiң жандүниеме зорға жетем.

Зорға жетем, Таңды ұрттап қазыналы, Сағынышым – жаныма азық әлi. Зорға жетем, жанкештi қияметпен, Қайран өлең тек сонда жазылады.

ЕЛСІЗДІКТЕР КЕЛЕ ЖАТЫР ЕҢБЕКТЕП

Дала жатыр өзiн өзi өрнектеп, Орамалым сабалайды желдi өкпек. Құпиясын iшке бүгiп алдымда, Елсiздiктер келе жатыр еңбектеп. Құйындары бой жеттi де, пiстi де, гүлдерi өстi қызыл-жасыл түстi iле. Жусандар да жүргiсi кеп жолменен, өсiп апты қара жолдың үстiне. Шыршалар да қолын бұлғап достарға, табан тiреп дiнi берiк тастарға, өрмелеп бiр шың басына шығады, Шығады да шашын жуады аспанға. Бал аралар бал iздеп ән толғайды, Өрмекшiлер әсем өрмек торлайды. Торғайды да күтiп тұр ғой сан жұмыс, Табиғатта жұмыссыздық болмайды. Тiршiлiктiң тiнiн ғалам үзбейдi, Көктем келдi.

Көңiл қайық жүзгейдi. Өлiп қалған илеулер де, қайтсiн-ай, мойнын созып құмырсқасын iздейдi.

Отырады дала ненi ойға алып? Қарлығаштар ұшар сенi айналып. Көз ала алмай, Аң-таң болып тұрасың, Мынау тылсым сұлулыққа байланып.

Бұл ғажапты сөз таба алмай айтарға, Санам жетпей құпиясын байқарға, Мен де дала болып кеткiм келедi, Өмiрiмдi иiрiп тастап ойпаңға.

  • *

Фариза Оңғарсыноваға

Сары құмында Нарынның шашылады iз, Талай қыс кеп, жаз да өттi, асыға күз. Алтын құмнан алтын жыр ойған ақын, Бұл күнде шашы да аңыз, аты да аңыз.

Бұла қызға қонғанда жыр құсы кеп, Заман жоқ-ты – тамақ тоқ, тұрмысы көк. Арқаға сыз боп батар ол заманның, Бұра тартар сөздердей бұрылысы көп. Бұл өңiрде жалқау – бұлт, Жалқау – аспан, шiлде шөлден өледi, ақпан аштан. Сары құмға ұрынып қалам ба деп, Бұлақтар да аяғын қорқа басқан. Құйындары – даланың қашқындары, Ұстамақ боп талайлар тостың-дағы. Қулығы жоқ дала бұл, сұмдығы жоқ, Жусандарын суарар тастың нәрi. Көк майсада өскендер тосыла да, Бұл даладан қашады шошына да. Тас шайнатып шыңдайтын, құммен желпiп, Фариза ақын ұстазы – осы дала.

Қаталдықты бұл дала қағида еткен, Ол жайлы Асан-қайғы жори кеткен. Жанкештi адыраспан мұнда өседi, Құм iшiнде гүлдеудi сол үйреткен. Өр жыры кiмдi де жалт қарататын, Жаныңның жазып берер жарақатын. Өйткенi толқынға өсiп өлең-жүрек, Жұтып өскен аптаптың алапатын. Тыңдасаңыз бiр өзi – бiр ғалам-дүр, Сала алмайтын суреттеп қыл қалам бiр. Фариза-ақын егiз ғой табиғатпен, Бiрде дауыл мiнезi, бiрде жаңбыр. Ақындыққа қарайды ойланып шың, Бәрi бiрдей ақынды қайдан ұқсын. Жер бетiнде сан түрлi халықтар бар, Ал, ақындық, сен осы қай халықсың?

Тiлiң басқа сөйлейтiн, дiлiң басқа, Сағынып, табынатын пiрiң басқа. Байқаған жан бiледi – түрiң басқа, Сырың басқа айтатын ғұмырласқа. Басқа түстiң, ақындық, затыңды ұқтым, мәрт мiнезi – қылығы батылдықтың. Осы мiнез өлеңдi жарататын, Бұл – мiнезi ғаламат ақындықтың. Ғашық сыры көзiңе жас алдырып, Өр дауыспен жырларын жасандырып. Тұлпарлықта жоқ, сiрә, өтiрiк күлкi, Сондықтан да жоқ онда жасандылық. Бекет ата қолдаған перизатын, Ақындығы асырып ғазиз атын. Қым-қиғаш күн iшiнде бәйтеректей, жыры – мiр, өзi – жұмбақ Фариза ақын.

Ақындық-ай, өлшеммен саналмаған, Арал сынды ол көпшiлiк бара алмаған. Ұлы ақындық деген де ұлы жұмбақ, Ешкiм әлi шешуiн таба алмаған.

  • *

Жетегiне алып күндердi, Тiл қатпай таңба өшедi. Көне көз елiм - Маңғыстау, Теңiздiң асты деседi.

Орман боп, кейiн қураған, Жердiң де асты алты қат. үн-түнсiз отыр бұл далам, Теңiздiң орнын тартып ап.

Оқ-дәрi сынды түздар да, Таңбасы сынды көп iздiң. Белгiсi жатыр құздарға, Асылып өлген теңiздiң.

Асылып өлген құздарға, Теңiздер не еткен өр едi. Тағдыр дейтұғын ызғарда, Мұхиттар сөндi кемелi.

Мұңыңмен мен де егiзбiн, айта да бермей қоштас, күй. Сол заманда өлген теңiздiң, Көз жасы - анау көк Каспий.

Тулайды кекке батып ол, Жасанып жауға барсам деп. Телмiрiп көкке жатыр ол, Аспанды тартып алсам деп.

Жылайды шағала құсқа да,

Арманын айтып көкпең көк. Достықтың ғұмыры қысқа да, өлмейдi екен кеткен кек.

  • *

Баяғы арман көз iлдi, Адасып кетiп, айнадан таптым өзiмдi. Көктемге орап жылытам, Сан рет жуып, ескiрген мына төзiмдi.

Күндер-ай, тағы төске оздың, шуағына мәзбiз қос көздiң. Мұңаюды емес, Күлудi-дағы үйрендiк, тұрып-тұрып босағасында бос сөздiң.

Ақыл-ой шаршар жол соғып, Дiнiмiз – нарық, құбыла өлдi шаң сорып. Қалтырауықтар Жалтырауықты мақтайды, Жарнама даусы ұлы Көбiкке қол соғып.

Мына заманда құйынға құйын үйiршең, Тұз ұсынады күйiнсең. Төрге де шықпай, босаға жақта асығып, күндерiм отыр киiмшең. Қоғам дегенiң көнбiстi зат қой, көне бет, Бәрi де одан орын iздейдi керемет. Өлеңге орын таба алмай қалсам не iстеймiн? Жер шары, сенiң қабырғаңа кетем шегелеп.

МҰРАЖАЙДА

Балбал болып қатып қалған тас-үмiт, Тас екенiн тұрған да жоқ жасырып. Мұражайда көне күннiң белгiсi, өзi жайлы айта бастар асығып. Айтады олар тозбағанын сертiнiң, Тасқа жазып оқытады көн тiлiн. Сағы сынып, санын соғып тоқтаған, Соғыс отыр зорға басып ентiгiн. Жылнаманың бетi бейне күлгiн жер, Күлгiн жерде кiмдер өмiр сүрдiңдер? Садақ отыр атқан оғын таба алмай, Қисық қылыш түзу жолда жүрдiм дер. Жылнама боп iлбидi арман көзi мұң. Естiртпейдi бiзге жылдар сөз-үнiң. Телмiредi отызыншы жылдардан, Аштан өлген төзiмiм.

Керуен күн, бiлiнбестен ақтың жай, Бүл күндер де кетер ме екен таптырмай. Қыз Жiбектiң ақ көйлегi тұр әне, Қауырсыны ғана қалған аққудай. Тарих болып сөйлер сыр да, сымбат та, Мүңды қобыз қостайды оны ырғақта. Ескiлiктен қашып шығам деуменен, Сансыз ою сабылып жүр сырмақта. Сабыласың, Көп секiлдi армандар, Кетем дейсiң шақырды деп ормандар. Ойландырған жоқ па сенi ешқашан, Отанына орала алмай қалғандар?

ҚАР ЖАУМАДЫ

Еңкейiп жерге жете алмай, Сүңгi мұз ықта қалғитын. Ақ қыстан аттап өте алмай, Қоянның iзi қарғитын.

Ақша қар бейне ақ өлең, Сәулесi қыстың күлетiн. Ақ боран аршын даламен, Шылбырын сүйреп жүретiн.

Ал биыл қар жоқ, О несi?

Қара суықпен шулар күн. Мұз болып сынған денесi, Аштықтан өлген сулардың.

Қар жаумай қойды Үстiртке, Сүр қыстың қырым етi жоқ. Бұлттары қашты түстiкке, Жерге қарайтын бетi жоқ.

Бұлттарға кiнә арттым-ау, Өзiм ше? Өзiм қандаймын? Күндiз де түнi шапқылау, Шаттықтан қашқан жандаймын.

Қу құлқын мынау - тас iшкiр, Менi де көмдi нөпiр боп. Базарда жүрмiн - шатыс тiл, Өлеңге қарар бетiм жоқ.

  • *

Мұнай дала, кiмге кiнә артасың? ұзын, ұзын тұрбалар боп жортасың. Бiздiң құлқын тояр емес сонда да, Ақтарамыз қара жердiң қалтасын. Маяктар түр көк теңiзден жоқ қарап, Түйелер жүр су көрмеген апталап. Бас изейдi мұнай iшкiш түрбалар, Күлкiлерiн көк темiрмен қаптап ап. Жерге еңкейген бабаларым болатын, Тақырды да орман жасап алатын. Өзiн-өзi төгiп шашқан қара май - топыраққа жұғып қалған қара түн. Шөл болса да, Сор болса да сүйедi ел, Түмса шағың ел түсiне жиi енер. - Қара жердiң қара майын iшетiн, бiз емес, - деп ақталады түйелер. Мен де ақталам құшып тұрп төскейiн,

Вагондар тұр аттанатын көштейiн. Жер-ананы еметiн бiз – баласы, Өмiр сүру амалым сол, не iстейiн!

  • *

Нәр iздеп кеудедегi жан отауға, Жаз-жапырақ ұшады қапаланып. Қара түстен шаршаған Қаратау да, Ақ қыраумен алғандай опаланып.

Шығыршықты қауғаға байлап ана, Шыңыраудан су тартар күн, аңсаттың. Желмен ұшып жөнелдi айдалаға, Сай-салаға тығылған ұялшақ құм.

Кеттi бәрi. Ақ бұлақ күлушi едi. Алма бақ саудагермен келiсе алмай, Қырқада қызыл гүлдер жүрушi едi, Олар да атақ-даңқты бөлiсе алмай.

Ай, ақпан! Сен де өтерсiң – дiнi мықты, Көк мұз жатар ыстығы көтерiлiп. Ақ қардан аршып алып жылылықты, қолына ақ гүл ұстап жетер үмiт.

Сары күз жапырақтан құралатын, Жәй сөз боп қалар көңiл сандығында. Көктем жайлы жыр оқып тұрар ақын, Газеттiң сөйлем-сөйлем айдынында.

  • *

Жаңбыр! Жаңбыр! Жуық түн. Түседi ертең боз қырау. Сабағында суықтың, Пiспей қалған жаз мынау.

Сарыатаннан түсе алмай,

Тау басында күзiң тұр. Жазды сарқып iше алмай, Жүзi сынық жүзiм тұр.

Мұзды бастым. Күрмелдiм. қардың түсiн саялап. Iшi кеуек күндердiң, Сыртын сырмен бояп ап.

Киiп алып арайды, Көңiлге нұр құялық. Жалаңаш тау қарайды, киiм киюге ұялып.

Шаршау ойды iшем кеп, жауап жазып тағдырға. Қандай көйлек пiшем деп, мүсiнi жоқ жаңбырға.

Қиялда да мүсiн жоқ, Соған мұңым шертемiн. Сыртым - бүтiн, Iшiмде - от! Кемiредi келте күн.

  • *

Есік алды сары ала күз, Маңдайында – суық тер. Көлге айналып қамамаңыз, тамшылаған күдіктер.

Түз жаңбыры басыла қап, Қайта төкті-ау үдетіп. Бір топ торғай шашыла қап, Ұшты қайта дүр етіп.

Тау да бұлттан бұға қалып, Аласарып көрінді. Қурай кетті жылап алып, Апыл-ғұпыл жел келді.

Өтпелі жел бүгін қырдан, толқи соқты өзендей –

өтіп болмай ығыр қылған, мына өтпелі кезеңдей.

ТЕҢІЗ БЕТІ – ОЛ ДА БІР ЕЛСІЗ ДАЛА

Теңіз беті – ол да бір елсіз дала, Елсіздік ере түсті желсіз ғана. Шағал кеп шаттығын сыйға тартты, Қалды,әне, жағалауда менсіз нала. Көк теңіздің бетінде із кесемін, Алтын шәйін ішіп ап күз-кесенің. Шаттықтың да аулына тұрақтамай, жүз қонып, жүз көшемін. Теңізде толқын шырқар саз ғана бар, Қарға жоқ. Үйрегі бар. Қаз ғана бар. Көліктер жоқ оранған көк түтінге, Көк тиынға бас ұрған мәз қалалар. Теңіздің тұрғындары – балықтары, Тереңдікті сүйеді ол халық-дағы. Толқындары секіріп биіктікке, Жарысып бір ойнайды шабыттары.

Мен де бір ... Теңіз-өмір кешсем бе екен, Пенделіктен ат-тонын кессем бе екен?! Иран, Қытай асып кеткен қазақтардай, Жерді тастап, Теңізге көшсем бе екен? Мен тұрмын екі ойды ұстап, сөзім-егес, Биіктік пен тереңдік – егіз едес. Жел келді де: - Қайт! – деді, - қара жерге, Пенделердің мекені теңіз емес. - Теңіз емес, мұныңыз далбасалық! Ақылымды берді жел алға салып. - Иран, Қытай қазаққа жер болмады, Теңіз де саған туыс болмасы анық. Өмір солай! Ұршықша айналулы. Тәтті арман, тірлік сені қайда қуды? Қара жердің бағамын қас-қабағын, Теңіз жайлы қойдым мен ойлануды.

Жұтуға келді, міне, көктем қарды, Көңілім де қолына кетпенді алды. Бұла желдің сол сөзі шын ба деймін, Естігем жоқ теңіз боп кеткен жанды.

Әне! ... Толқын ... Құлады оңға толқып, Енді, міне, барады солға жортып. Жағалауға кеп қалып... тұра қашты, Адам болып кетуден ол да қорқып.

  • *

Тұрдың-дағы қойнынан атыраптың, Бір түні, тағы кеттің ақыраптың. Жел жақта қалтыраған үмітіме, Шырмауықтай жармасқан жапырақпын.

Меңіреу түн, телмірме маған дарақ, Мен деген бір – сезімге сараң қарақ. Жан дүнием - өрт түгел, Бірақ одан, Бір ұшқын да ұшпайды саған қарап.

Күндер өтер жылдарды ұмыттырып, Жолым кетті бағытын қырық бұрып. Сары күздің сап-сары айдынында, Сағынышымы тарқады тұрып-тұрып. Көктем! Жаз! Бәрін тастап кетемін бе? Сары күз – Сары мұхит мекенім бе? Тұрып-тұрып тарқаған сағынышқа, Енді өкініп қуғанмен, жетемін бе?

БОЗ ЖУСАН БАСЫ ДУДЫРАП

Күз желі келді қиырдан, өңмендеп қара суығы. Көңіл-кесеге құйылған, Сағынышым да суыды. Тентек жел беттен ұрғылап, Сұр аспан сұр ән тапты бір. Боз жусан басы дудырап, Желге ұшып бара жатты қыр. Аспанның бұлтын үзіп ап, Аң шыңға сән ғып таққан күн, Үйрегін көлдің тізіп ап, Белгісіз жаққа аттандың. Сабағы гүлдің қаусады, Сәнденген күндер жоқ енді, Сөгеді желдің саусағы, Көңілім, сенің көбеңді. Сары жапырағы иіліп, Тоғай да үнсіз тұратын. Алтын жапырақ киініп, Алтыным бар деп тұратын. Желге ұшты алтын тұмары, Қараушы ек біз де: -Керім! – деп. Ал тоғай жаурап жылады: - Жаз бойы жиған едім, - деп.

Жылама, тоғай, қайғылым, Жазғырма оған желді де. Жазмышың берген байлығын, әкетті өзі келді де. Тағдырдың күзі көрінді, Көп еді әлі айтар ән. Қанша жыл жиған өмірді, Мен енді қалай қайтарам?

ӨТПЕЛІ ЕКЕН ҒОЙ

Ібжан атамыз сексеннен асып, Санайтын іштей күз бен көктемін. Аяйтын сосын түздің кептерін. Отырушы еді: - Кетем мен де, - деп - - Мың жасайтұғын құзғын деп пе едің? Әйкіш кемпірі – атышулы еді, Сексенге келсе де жігері мық-тын. Отырушы еді ескі радиодан, Баяндамасын тыңдап Брежневтің. Екеуі де енді жатыр бүгінде, Қара Нұраның оң жағасында. Әуес келіні – ол да қасында. Өмір дегенің өтпелі екен ғой, өтпелі екенін аңғарасың ба? Сұрадым барып құба жалдан да, әкемді әкеткен сұр ажалдан да. өтіп баратқан адамдар ғана, келеді екен ғой мына жалғанға.

Күн мен Айдан ғалам даласын, Қоя салыпсың. Ғажаптарын-ай! Мұң мен Ойдан адам баласын, Оя салыпсың, Жаратқаным-ай!

  • *

Бұталар, Жолаушыға жол қарадың, Қайсар ері осылар шөл даланың. Соққан желмен қосылып, Бабалардың, Айқайлап айтады есте қалған әнін.

Ескі жыр тұрады алда көне ішікті, Кербез таудан кер бұлақ ере шықты.

Кәрі таулар айтады биіктігін, Біздің жақта тау дейді төбешікті.

Тіршіліктің жеңем деп жалғандығын, Үйіліп, Төбе болып қалған мұңың. Тау дейміз біздер оны биіктетіп, Бұтаның да жыр етіп ормандығын.

Бұл дала – ешкімнің де таласы емес, Аласаны қамайтын қорасы емес. Төбе бол, тау бол баба даласында, Ешкім де ешкімдерден аласа емес.

ШІЛДЕ

Шыжыған шілде-ай, көлеңкеге кел, Желпиін көңіл желімен. Жол қарап бізге сонау төбе,бел, Сағымға батып еріген.

Аязды қыс боп жолықты күндер, Сағыныш сонда құтқарған. Алыста қалған көрікті күндер, Көйлегін киіп шықты алдан.

Деміңде сенің өсіп едім мен, Қарсы алды сен боп шаттығым. Жалаңаяқ аптап кешіп едім мен, Құмыңа сіңіп кетті мұң.

Ей, шілде, Ыстық самалыңды іштім, Жамылайын аптап-торғынды. ...жалғандық атты жабағы-қыстың, Долы күлкісі тоңдырды.

  • *

Арманға жетіп жансақ бір дедік, өлеңге шерттік сыр іштен. Шағыл даладай шаршап бір келіп, Айдын көлінен су ішкен.

Алдағы күнде мұрат тұрды ізгі,

Қағып бір сезім әйнегін, Мына заман тұр сынап бір бізді, өзгертіп күнде көйлегін. Асқақ әуенді төгеміз әлі, Шуағын шөлдің жұтып ек. Қолымызға ұстап келеміз әлі, Үмітімізді үкілеп. Үмітсіз қалсам – жоғалған көлі, даладай, қақсып төңірек. Келе жатамын адамнан гөрі, Көлеңкеге ұқсап көбірек.

ӨРМЕК

Өрмек жатыр жиегі кекілденген, өнердің өлмес жолы секілденген. Адарғыны ары-бері қозғап қойып, Оюдан ою тауып отыр жеңгем. Жүз бояу жетелейді мың елеске, Ілессең, Ілесіп көр мына көшке. Одырайып қарайды «қошқар мүйіз», Аяңдап келеді оған «сыңар өкше». Халқымның өнер деген салты-ау ерек, Түр салған «теру ағаш» жалқау ерек. «Мен болмасам тоз-тоз боп кетесің» деп, Ары-бері секіріп арқау әлек. Өнер бұл ардақтаған үкілі елім, Қызыл түске бояуда сүт реңін. - Өрмектің жүзі қайтты, - дейді жеңгем, Демек енді аз күнде бітіремін.

- Өрмегің сөйлеп тұрған өлең екен, - дедім мен, - шеберлігің ерек екен. ...өрмектей өрнегі көп өлшеулі өмір, сенің жүзің қайтқанда, ...не дер екем?

НҮКТЕ

Мен өзіңсіз қарсы алдым, көктемдерді, күздерді, Дос жүректер бір кезде, бір айдында жүзген-ді. Жағалаудан жыраққа ала қашқан кемедей, Уақыт деген бір жүйрік, алыстатқан біздерді. Сыбағамыз бар еді алдан атар таңдарда. Сенішуі едік қалтқысыз бізді аңсатқан арманған. Жылдар салып араға, жетіп едім өзіңе, Достық деген ақ отау, ұйқың ғана қалған ба?! Тау болмады төбең деп, кінәлау да бекер ғой, Өмір мынау қым-қиғаш, оған, сірә, жетер ме ой. Келіп едім айдын көл, теңіз болған шығар деп, Айдын көлдің орнында, шалшық қалған екен ғой. Сағынғанда жүректің осы ма еді күткені, Сеніңше әлде достықтың

жеңіл ме еді жүктері. Жанарымнан бір тамшы тамып кетті алдыма, Біздердегі достыққа қойылған бұл нүкте еді.

САҒАН АЙТАМ

Аққуы жоқ көлдердің мұңы басым,. Мұңы басым ақынның жыры басым. Менің мынау нәзіктеу жырларымды, Жүрегіңмен ұқсаң тек сен ұғасың. Айтам саған бір асыл сырым барын, сырым барын, өзіндік үнім барын. Кішірейгім келсе егер жүрегіммен, Пәстігі деп сен мұны ұғынбағын. Нәзік сезім нәзіктеу ашып бүрін, Нұрға толды жүрегім тасып бүгін. Сүю жайлы бір ауыз айта алмасам – Ол саған ғашықтығым. Осыны айтып мен саған еркелейін, Еркелейін, мен тіпті мақтанайын, Соққан самал секілді тоқтамайын. Саған қарай жүгірген толқын едім, саған барып соғылып, жоқ болайын!

ШЕРҚАЛА

Қойныңа батырлар көмілген, Мәрмәрдей сүлдерің тұр әлі. Шерқала, шер жұтып өліп ең, Сен жайлы көп аңыз тірі әлі. Жүз келем сезімнің күйі еніп, Тастарды жаратқан мұңсыз ғып. Сол мұңсыз тастарға сүйеніп, Алдымда тұрады үнсіздік. Тұрсаң да тіл қатпай, Шерқала, Керексің тірі мен өлі үшін. Аңыз ғып айтады ел ғана, Бір қырғын болғанын сен үшін. Жартасқа байғыздар қонады, Етекте бейіт тұр күз рең. Әйлеңкес жел ғана соғады, Төзімнің сүйегін мүжіген. Жұмбақсың мұңдана қараған, әзірге жоқ ешбір дерегі. Батырлар өлген сол даладан, Қара түн қызғалдақ тереді.

НАҒАШЫ АТАМ НӘСІРҚҰЛ

Нағашы атам қырымқұл Нәсірқұл деген кісі жаны нәзік, мінезі – жасын, сөзі – мір адам еді. Арабша хат таныған, бір сандық діни кітаптары бар болатын. Біз оның бәрін құран дейтінбіз. Атам таң сәріден тұрып ылғи құран оқып отыратын. Сол нағашы атамның Ақсырға, Дәмет, Ақсындар деген үш қызы бірінен соң бірі бойжетіп, Ақсырға руы – Адайдың ішінде Бектеміс Ізтұрған деген жігітке күйеуге шығады. Арада біраз жыл өткен соң екінші қызы Дәмет те руы Адайдың ішінде Бектеміс Ізтұрған деген жігітке күйеуге шығыпты. Арада тағы бірнеше жыл өтеді. Бір күні бойжетіп отырған кіші қызы Ақсындарға көрші ауылдан біреулер құда түсе келіпті. Құда түсушілер келген шаруларын айтып болып, жауабын күтіп кешке дейін отырады. Оларға «жоқ!» деп те айта алмай, «иә!» деген жауабын да бере алмай Нәсірқұл атам үйге бір кіріп, бір шығып жүреді де ақыры үйге кіріп, босағада тұрып: -Өздерің де біліп отырсыңдар, Ақсындардан үлкен екі қызымның екеуі де күйеуде, екі күйеу баламның екеуінің де аты – Ізтұрған, екеуінің де руы Бектеміс. Егер сенің де балаңның аты – Ізтұрған, руы – Бектеміс болса, бұл қызды да алып жүре беріңдер, - деген екен.

Талай сөзің ел ішінде, Айтылады әлі күн. Асыл сөзің мен үшін де, әрі қызық, әрі мұң. Қазір сол бір кезің елес, Сөзбен елді бұратын. өзгелерді өзің емес, мысың басып тұратын. Сол күндерден бастау алған, Келіп-кетті отыз күз, өзің жүріп тас қалаған, сол жұртыңда отырмыз. Жалау қылып көтергенің – Шаттық. Ол да сынды мың. Бір Ізтұрған - әкем менің, Ол да жапты түндігін. Қабір деген тар мекенді Көрпе қылған сан кие, Саясына алды әкемді, Анау Қамысбай әулие. Жетелейді төзім де алға, Ой деген бір жегі ғой. Ақсындар да өзің барда, Тұрмыс құрған еді ғой. Елге сыйлы жездеміз бар, Аты – Сәбит бірақ та. Бала-шаға, өзгеміз бар, Өтіп жатыр күн-апта.

Сәбит жездем – ел билеген, Жүрегі күй-домбыра. Асыл сезім әлдилеген, Бағы апамның жанды да. Кетті талай көктем, күз кеп, Бейнең естен кетпей жүр. Ал Сәбитке: - Атыңды өзгерт! – деуге батыл жетпей жүр.

АТАМЕКЕН

Құла дала, Құлазымай жөнге кел, Бір өзіңсің шабытыма дем берер. Жер жәннаты емессің сен, білемін, Бірақ саған жер көрмедім тең келер. Сенсіз менің арманым да арман ба, Сол арманды жетел сен таңдарға. Сен – мұхитсың, Ал біз – сенің шағалаң, Шағаласыз мұхиттарда сән бар ма? Биік таулы, ойлы, қырлы, төбелі. Саған көңілім аспан болып төнеді. Балаң болып өсіп едім өзіңде, Панаң болып өмір сүргім келеді.

ІІ.

Бейшараның ұстатпас бағы сынды, Жарты көңілім қақырап тағы сынды. Ұғасың ба, туған жер, мына менің, Намыссыздық оятты намысымды. Аспаныңнан құлайын тамшы болып, Мендегі махаббатты алшы көріп. Саған тиген бір соққы мені тауып, Осқылайды жанымды қамшы болып. Гүлің болып егілем белеңіңе, Жапырақ боп көктеймін терегіңе. Мұңайсам, кінәлама мұңдысың деп, мұңыммен де жараймын керегіңе. Махаббатым өзіңе байландырған, Алыс кетсем, қол бұлғар ойдан, қырдан. Мұңды жүрек емес-ау мына мені, Мағынасыз күлкілер ойландырған.

Топырағыңнан өніп ем екпе гүлше, Нұрың төктің табиғат көктемінше. Сенің, Сенің намысың қорғайтыным, Топырағыңа қайта еніп кеткенімше.

ІІІ.

Қасиеттім! Тасыңда ізі жатыр қасіреттің. Сен қаталсың сонда да иойымаған, Жасық жүректерді де жасын еттің. Адастырмас сен менің белгім едің, Тұяқ сынса, тоқтамас ерлік едің. Ерліктер мекенінде ез болмайық, Серттесейік осыған, кел, жүрегім! Мен – өзіңмін, туған жер, өзге емеспін, не кешсем де, әйтеуір, сенде кештім. Мықтылардың батасын алған едім, Мен де ендеше осал сөз сөйлемеспін. Нәр берген туған жердің өзегіне, Жалғасамын мен сенің өзеніңе. Табанымнан таусылып оқим сені, Өзімді де оқытам мен өзіңе. Туған анам – сағымды дала мына, Дала, сенің қараймын қабағыңа. Жалаңаяқ жүгірсем төсіңменен, Тікенегің кірмес-ау табаныма.

Паң даланың сарғайып таңы атады, Керемет бұл, Керемет дала таңы! Бір сезімді бір сезім тұншықтырып, Бір сезімді бір сезім оятады.

Жыр боп мені тербейді тұнық түнің, Сен – маған, Мен - өзіңе сүйіктімін. Үнсіз ғана жатырсың, тұйық дала, Тұйықтығың, бәлкім, ол биіктігің.

Жүрегім өзіндік бір табар әнін, өзі емдер өзі салған жараларын. Мен де өзіңе тартқан бір тұйық қызың, Тұйық суға алайда баламағын.

Талайларды құмына көмген мекен, Желмаямен бабалар желген мекен.

Мені де шөл далаңда жаратып ең, Содан ба, Саған ылғи шөлдеп жетем.

  • *

Ақ торғай сарша құмға жуынып кеп, Төбелер отыр еді жүгініп бек. Алдына тоқтай қалды тауға жауған, Ақ нөсер, Ақ бұлақ боп жүгіріп кеп. Ажырық келді жайып гүл-етегін, Жантақ тұр желге сүртіп бұла тері. Жаңа туған бұлақ та танымады, Мына тұрған тікеннің кім екенін. Адыраспан жүретін шуаққа еріп, Тұрғаны осы оынң да бұлақ көріп. Боз түйенің даусына өскен жусан, «Сен кімсің?» дер бұлаққа сұрақ беріп. «Бұлақпын!» деп ақ бұлақ өкпеледі, Бұлақты ерке өсірген көктем еді. Аралап, Жүрді біраз аң-таң болып, - Осы ма сонда әлгі шөп дегені?

Кетті содан нөсердің ақ бұлағы, Сағыныш әнін айтып шапқылады. Шөл мен көл бірін бірі танымаған, Сырыңның да осында жатты мәні. Тақыр жайлы айтып ем орманыма, Сенбеді: - Тал да өспей ме сонда мына? Шөл де сенбес өмірде көл бар десем, Көл сенбейді әлемде шөл барына. Тағдырым, Жарау аттай желгейсің-ау, Жалғанды кезіп сен де желдейсің-ау. Сөзге сенбес шөл мен көл секілденіп, - Бақыт бар! – десем, сен де сенбейсің-ау?!

БАЛА КҮНІМ

Қара шашың – қара түнге малғандай, Көйлегің көк – көк теңізден алғандай. Бала күнім, жүгіресің соңымнан, Бақытыңнан сен де адасып қалғандай.

Жетелеген арман қайда көк қасқа? Тірлік мынау – анда-мында ап қашпа. Бала күнім, маған жақын келе алмай, отырасың көк таста.

Өмір деген – Ескегі жоқ желқайық, Арамызды сағынышпен жалғайық. Кете бардым мен баламды жетелеп, Ал сен қалдың суретте сарғайып.

  • *

Маусымның күні-ай кешегі, Ақ нөсер құйды шелектеп. Шөліркеп тұрған көшені, Тамшылар сүйді өбектеп.

Жуынсын бір сәт сүйікті ел, Жуынсын қала – аяулы. Заманды мына жуып бер, Қап-қалың беті бояулы.

Көшеңде бұлақ жарысты, Қолшатыры жоқ қалам-ау.

Денеме көйлек жабысты, Малшынып мен де барам-ау.

Ақ нөсер құйдың тосыннан, Тамшылар ашты майданды. Ары да бері ағылған, Көліктер көлге айналды.

Жан-жақтан тамшы-ән қамап, Көңілім бұлай өсер ме! Шашымнан жаңбыр сорғалап, Айналдым мен де нөсерге.

Басылды жаңбыр бір демде, Бұлт қашты тастап аспанды. Азат күн қайта күлгенде, Тіршілік қайта басталды.

  • *

Бұл дала сексеуілді сәні қылған, Қаңбақтар үзіле сап тамырынан, Итжеккенге айдалған қазақтардай, Жел айдап жөңкіледі сары қырдан.

Күз келіп, қона кетті көне жерге, Қар ма, жел ме – бәрібір төбелерге. Түйелер ыққа қарап жатып қалған, Ұқсайды сынып тұрған кемелерге.

Ой-сандықты өлең кеп ақтарады, өзіне ұнағанын ап қалады. Мен туған дәлу айы – ол да жетті, Күнтізбеден лап қойып ақ бораны. Қалың қар естен кетпес, дала – күртік, Аспан да тұрар өңі алабұртып. Әкеміз аң аулайтын Уәліде, Қасында – қара ауыз ит, қара мылтық. Уәлі бұл, жоқ мұнда тоғай, тал да. Тек тарих бар кететін талай таңға. Қалмырза інім – бір төмпек. Құлпы таста әлі тұр әкем салған адай-таңба. Сау-саламат тұрмысың хан мазары, өмірдің тез тарқар деп қан-базары. Енді, міне, біз жүрміз сол базарда, Бізге ауған тіршіліктің бар назары.

Бұл жердің қысы ерекше қатал еді, Аң таң да тоңып зорға атар еді. Аппақ қыс, Қара мая, Қос метеймен, Шешеміз су әкеле жатар еді.

Туған жер тау-тасымен кетер демеп, Ұлы өмір, өкінесің өтем бе деп. өкпем өшіп ілгері жүгіремін, артта қалған күндерге жетем бе деп.

  • *

Желбіреп тағы шықты шаттана күн, Ақ құм оған төсейді ақ тамағын. Көңілдің көз тоқтамас шөлінен мен, Күні бойы шиырлап жоқ қарадым.

Арман деген кеп-кеше теңіздей-ді, Бүгін көңіл сол жерден көл іздейді. Сары құмды сапырып олай-бұлай, Жел осы құм ішінен нені іздейді?

Ол білмейді нені іздеп жүргендігін, Мен де ештеңе таппадым түзден бүгін. Сай-сала неге жым-жырт қалып жатыр, Неліктен қуанбайды гүлдер бүгін?

Күн ысып, тұр тағы да қайнағалы, қыр жаққа сары сағым байланады. Жүндей боп түтілсең де жүнжіме деп, қолда ұршық жіп ширатып айналады.

  • *

Көкте жүзге жалқын айды кешемін, Ернеуінде қалқып тұрды ол көшенің, Жұлдыз көкте жарқырайды-ай, Білмейді-ау, Жанып-жанып таң атқанда өшерін.

Көше кетіп бара жатыр жарқылдап, Сен де өтерсің ой-санада даусың қап. Қалғып кетті күні бойы ермек қып, Кептерлерді жүз санайтын салқын бақ.

Жұлдызды аспан! Жұлдыз қандай көп еді! Қап-қара түн қызыл гүлге төнеді. Ойда-жоқта табылатын шумақтай,

Трамвайлар түннен шыға келеді.

Шумақ іздеп шыққан жоқ ем көшеге, Бүгін бір сөз айтпақ едім кешеге. Айтпақ едім... Ешнәрсе де айта алмай, Келем тағы, Жылдар өтті нешеме.

Жылдар жылжып солай кете бермек пе? өткенін тек жұлдызды түн көрмек пе? Бір сөз айтсам деген едім... әттең, ол жатыр әлі тербетіліп жөргекте.

  • *

Күндерім мынау – көшпелі, Тарихтың желі соқ алдан. Шындықтың жаяу әскері, Лап қойды жылнамалардан

Керенау жылдар үзіліп, Жаңа заманым Тартып бір мінді ат жалын. Тарихтың том-том кітабы шықты тізіліп, Сарбаздарындай Томирис сынды патшаның. Тарихтың тасын ойған кім, Маңғыстауда Адайлар шыңырау қазғандай? Шабылған басыңды Орнына қайта қойған кім? Дүние қарай қалды ғой қозғалмай. Күш қайда енді бөгейтін, Томиристен Кир патша да жеңілген. Сақтардың рухы жебейтін, Қазақтың тілі, Түрегел енді кегімнен. Есіңде бар ма талқан-ой, Тарыдай қашпай тұра тұр. Адыра қалып арқа-бой, Көміліп қалған мына тіл. Шайнап та тастап бодандық атты бұйданы, ырзығы болып жиғаны, сенің де бодан-заманға, қойың сиғанмен, ойың симады.

Сақ деген атын сақтаған, Әділдік іздеп ақтаба, Дунай мен Қаптың тауына Жетіп бір әрең тоқтаған.

Сол заман бүгін тірі әлі, Сандықтан шықты жыр-әні. Жарты әлемді алып тұрғанын, Дәлелдейді бұл Тіл әлі.

  • *

Найзағай жүр аспанды сызып көріп, Аспан тұр тырналарды тізіп көріп. Құйын жүр құйындығын қызық көріп, Көңіл тұр өзін өзі бұзып көріп.

Көңілім – қырық құрақ құралғандай, Құралады... тірлікке құмар қандай! Ақ күшік алысады ойын құмар, өзінің иттігіне қуанғандай.

Жылдардың иығындағы жадағай-күн, Түймең боп тағылуға жарамаймын. Бүгін – Соны ұғынған күнім менің, Шақырмай-ақ қой мені, самал-айдын.

Жүгі ауыр боп тоқтаған көш те емеспін, Таң да емеспін, Түс те емес, Кеш те емеспін. Айналып ұшпа мені, ақ шағала, Дос та емеспін ешкімге, өш те емеспін.

Кетші деймін, шағала, сезімді ілме, Мен, немене, сендерге теңізбін бе? Теңіздікті берген жоқ маған құдай, өзім жүк боп келемін өгіз-күнге.

Мұңды өлең! Оның жұртқа керегі не? Тыныштық бер жапырақ, терегіңе. Тірлік қуып шаршаған бүкіл әлем, Жұбанып тұрса деп ем өлеңіме.

  • *

Он көшіп, он қонады аспан-құда, Шақырды таулар желді бастаңғыға. әр дыбысқа елеңдеп нені іздейді, даланы аралаған тастар мына?

Көбелектер гүл деген шоқты айналып, Ақ бұлақтар өз өзін сақтайды ағып. Қара жол неге кері қайтпай қалды, Топ қамысқа өзі өзін мақтай барып? Өзін өзі мақтауға жарады ма? Еш дерек айтпады қыр самалы да. Орыс болсам деп жүрген қазақтардай, Қамыс болып кетуді қалады ма? Қамыс оны ала ма қатарына, Қамыстың табанында жатады да. Қамыс емес, қара жолдың жолдығы керек еді, Бізге тек осынысы батады да.

БАЛАЛЫҚ

Келді тағы күзің, міне, Келін болдың. Шәй құйдың. Өзге әнің үзілді де, Сазын салдың әлдидің. Жастық дәурен тосты бәрін, Арман деген кемеде ек. Жылдар бізден достық әнін, Ала қашар демеп ек. Ауылыма талай келдім, Сарқып салқын төзімді. Топ қыздарға қарай бердім, Іздеп сені. Өзімді. Топ балаға мекен болған, Біз ойнаған қырат, қыр. Балалық тез кетер қолдан, Оған бір сәт құлақ түр: Кездеспеген күндеріміз – үнсіз. Мұңлы сұрақ бұл. Кездеспеген жылдарымыз, Теріс қарап жылап тұр.

ПОЭМАЛАР МЕН ТОЛҒАУЛАР

ТОҚАБАЙ ҚҰРМАШ

«Адай көтерілісінен бұрын да Маңғыстауда Қощанов Құрмаш (Тоқабай)», Оразбаев Естұрған, Өмірбаев Айзақ Ұйымдастырған қарулы топ 1922 жылдан бері Кеңес Үкіметін орнықтыруға орасан зор кедергі келтірді». «А қ и қ ат» журналы, 1993 ж. «Бұл Кеңесің әділ үкімет болса, біздің есемізді түгендер берсін. Онсыз менің Кеңес Үкіметімен келісімге келуім қиын. Бастығыңа сәлем айт. Еруліге қарулы іздемесін». Тоқабай Құрмаштың 1929 жылы Кеңес Үкіметінің атынан келген елшіге айтқан жауабынан. Ә.Спанов. «Тоқабай Құрмаш», 1994. Талқаны шыққыр тас түнді, Жарық күн, кел де пәршала! Өштескен қанша қашқынды, Өлтірдің, Кеңес, ал, сана!

Біз еідк қалған солардан, Бітіспес оймен – түбі игі. Солаврдан қалған құба арлан, Иесін жоқтап ұлиды. Дабыраң қайда? Кеудесі керік ту қайда – қып-қызыл сөзбен желбеңдер? Түсіңде сені Ұрандап тұра қумай ма, Тоқабай Құрмаш өлген жер? Қанша арыс кетті ақтаңгер, Айтшы бір жауап, қайғыдан беті қатқан жер. Қызыл әскерге таба қылман деп, Қаңғабай Құрмаштай досын өз қолыменен атқан жер. Өз қолыменен... ...Құрмаштың өзі бұйырды, Қызыл әскерің таң қалып, шошына тілден тиылды. Қара жерге де, саф ауаға да сіңе алмай, сол оқтың даусы, кезіп жүр әлі қиырды.

Кезіп жүр әлі. Қабылдамады дала, бел, Тауға да барып жалынып көрді: - Ала гөр! Жетпіс жыл өтті, Маңғыстау деген далада, доп қылып енді, теуіп жүр оны бала-жел. Мәрттігіңді сол айқай сап тұрып айтуға, жүріп кете алмай тас жатыр, кеуіп кете алмай жас та тұр, қаһарлы Кеңес заңына, қырық кісімен қарсы да шапқан хас батыр! Ез емес еді ол, Үрке қашатын үргелек, Соны айтамын деп, жығылып-тұрып, жете алмай жүрген бір дерек, жеттің-ау ақыр, шылбырыңды ұстап қолыңа, мына заманға, отырған қасын сүрмелеп. Шылбырыңды ұстап.. Жирен ат қайда қалды екен? Құшақтап оны жылар ед мына зар мекен. «Шұқыр ойдағы» Құрмаштың қара бейіті, қалқайтып қана,

қандай арыстар салды екен? Желмая болып желген күн, Есіктен кіріп, тағы да, міне, төрге ендің. Құрмаш батырың – құба арлан ерткен ері еді нағыз ерлердің. Жеткен күн бүгін таң болып атып түн соңы, Ояныңдаршы, ұйықтап бір кеткен үн соны. ...Баяғы оқ даусы, Қаңғып жүр әлі өле алмай, Мәрттікке қарап оқ атпас болар, Біл соны!

ҚҰЛБАРАҚ БАТЫР

«…Беріште Құлбарақ өлді нанғысыздай» А б ы л Көршілікпен сан барып, Көлікті сүйреп жол жатыр. Елдіктің жібін жалғадық, Түйін боп бірақ қалды ақыр. Батыр Құлбарақтың бассыз денесі, Жөн сұрап әлі жолда тұр. Жөн сұрап, түкке түсінбей, басы бар мына ғаламнан. өткен ғасырда көрген түсіндей, қасына келді шабарман: - Я, Құлбарақ батырым! Оятып көңіл наласын, Басың жоқ – қайда барасың? Шындық дегенде… күрмеліп қалды тіл кейде, Рас, көн тарих шықты күнгейге. Дегенмен мына… Танымай қалып балалар: - Бұл не деген бассыздық? – деп, Тап беріп саған жүрмей ме?

- Әй, шабарман, Рас, сенің заманың жаңарған! «Маң» деген біздің әкеміз, «Қыстау» деген шешеміз. Осылай деп қорғадық, Маңғыстауды кеше біз. Кімдерді қызықтырмады, Анау, Үстірттен түсіп жатқан көшеміз. Жолында – мұзарт, төсі –қар, тарихтың жете алмай жүрген көші бар. Ал… … «бассыздығым» жайлы сұраса, батырға біткен төсі – нар, қазақтың жерін қан қылған, басы жоқ сонау заманға, сыйладым дермін, несі бар? Қымбат боп қырат, дала, түз, «Әруақ!» деп шапқан дара – біз! Қырдық біз жаудың қатарын, Жыртылды және жағамыз. Сол қырғында басымды, Айрыбас еттім баба жеріне. Сенбесең, өшкен жоқ сол бір жаралы із, анау Хиуада жатқан, көрімді ашып қараңыз.

Ал мына денем, өзім қорғаған жерімде, Сүйінқараның қылышымен қайтты кегім де. Айладыр жақты күзетіп жүрміз әлі біз, аңыздың айтар сөзінде. «Кіші қырғынға» кіргенбіз, «Ұлы қырғында» жүргенбіз. Ата жұрт үшін – қасық қан, Қадірін сонда білгенбіз. Ол кезде – сағым, айдала, Бүгінде – дүниені қызықтырған бай дала. Сол үшін кеше өлген біз едік, Атанып қазақ-қаймана. Осының бірін білмейтін, Сенің айтып тұрғаның қай бала? Бостандық отын жаға алған, Біз тұрған мына заманнан, Осының бірін білмейтін, Қай бала екенін сұрауға, Шауып келеді шабарман. Сұраңдар көршілеріңнен, Сұраңдар елшілеріңнен, Сендер де сұрау салыңдар Шеті жоқ қырлар, керілген.

Жолыңда жатса тұман ар, Серігің етіп шыдамды ал, Тау асып, Жал-жал құм асып, Осының бірін білмейтін, Қай бала екенін сұраңдар. - Тұлпар атанар тайында, Ұрпағым бар ма бойыңда? Бөтен кеп, менің жерім деп, Дауласса, сөзі дайын ба? Құлбарақ батыр бабамыз, Сұрап тұр осы жайында

ЕРКЕ ӨЗЕН

Жүрсін деп қылығымен шаттандырып, Тұма көз тұнығыңды мақтан қылып Тау-анаң қалды бұлттың арасында, Ерке өзен, сені көлге аттандырып. «Бұл – таудың баласы!» - деп, көлдей өорып, төбелер жол төседі көлбей қонып. Сен, бірақ... ағып барып... екі айрылдың, Ерке өзен, екі айрылған елдей болып. Шөлден қорғау үшін де отан-жанын, Жусан ішед даланың қатал заңын. Сені аңсап жатқан шөл қол бұлғады, Бірақ, оған баруға бата алмадың. Өйткені, екі айрылдың қақ төріңнен, тілің де, ақылың да қақ бөлінген. Қақ бөлінген тілің мен ақылыңа, Туған жердің шөлі де жат көрінген.

Ойыңда өкініштер өріле ме, Су-тағдыр, сынып-сынып сөгіле ме? Бөлінудің заңы сол – жылға болып, жете алмадың, әрине, көліңе де. Түсіңе кеп түнейді күміс белгің, Жиылып кеп құрақтар су ішкен күн. «Келер деген бір өзен кешікті» деп, Сені іздеуде ақ бұлты пүліш көлдің. Көлге жете алмадың бұлбұл үнді, Тамшы күлкің шашылып, Күлге ұрынды. Күл, бірақ, «күлкіңді іштім» деген де жоқ, Айтты тек сенің де енді күлдігіңді. ...Тау-анаң жылады естіп бұл хабарды: - Айтып ем ғой сақта деп Бірлігіңді!

ЕРЛIК

Мұндай тойлар шабытқа от бередi, Қолда барын бар қазақ төккен едi. Ұлы Абайдың жүз елу жылдығына, Арналып керемет той өткен едi. Бүл қазағым той десе – күш бiрледi, Әр жүректi шарпыды ұшқын лебi. Қанша киiз үй тiктi, мен бiлмедiм, рас болса, жұрт айтты. . . үш мың дедi. Ұлы iс тындырады ел талаптанса, сонша үй тiгiлгенде, қонақ қанша. . . ? Сол тойды сәнге ораған өнерпаз ше? үш күн ән - күй тынбаған. . . , таң атқанша! Талай бiр зобалаңды шеккен мекен, Осындай бостандыққа жеткен мекен. Тұлпарлары аламан бәйгенi ашты, қазақта бәйгесiз той өткен бе екен!

Бәйге аттары жүз бе екен, жүз елу ме? әйтеуiр, iркес-тiркес түзелуде. Осы тойды аңсаумен таң атырған, Талайдың көңiлiнiң мұзы еруде. Кеттi, мiне, аттар да аламанға, Бәрiнде үмiт: бас бәйге ала алам ба? Бұл жерде қаралық жоқ, даналық бар, бас бәйге тиедi шын жарағанға. Аламан бойдан сабыр, ерiктi алды, Ұлы шаң бұйраланған көрiктi алды. Соңғы айналым. . . ал, мiне, . . . мәре жақын, тұлпарлардың дүбiрi келiп қалды. Жаныңды құдыреттi көктем өбiп, Жан-жүйеңдi барады отпен өрiп. Төрт тұяқтың қуаты лақтырардай, Төрт құбыла әлемдi төртке бөлiп.

Қоздырып, қиқулатып талайларды, аттардың екпiнiмен дала айналды. Жан берiп, жан алысқан тұлпарларға, көкте бұлттар тоқтай қап қарай қалды. Үмiт! Күдiк! Ойыңа қамалатып, қас жүйрiктер келедi даралатып. Аласұрған екпiнi дауыл болып, Әкетердей жер шарын домалатып. Шабандоздар жiбердi ат басын-бек, Тежеп қалды деп елi айтпасын деп. Аттар да ұшты жанкештi алапатпен, Адамдардың меселi қайтпасын деп. Сонау қыр да бәйгеге жатты елеңдеп, Қалып бара жатқандар: - Әттеген! – деп. Жанталасып, сан тұлпар келiп қалды, Адамдарға бiр Жеңiс ап берем деп.

От жiгерлер қайнаумен пiсiптi iшкi, От тұяқтар заулады құшып күштi. Жүз қадамдай мәреге қалған кезде, Әттеген-ай. . . ! Бiр тұлпар ұшып түстi. Қапыда ақылынан танбас дана, Мұндайда жарқ ететiн алмас қана. Қас тұлпардың үстiнен мұрттай ұшқан, атып тұрды шабандоз – жап-жас бала. Атып тұрып, алдында айғақтардың, Титтей ұл, жолбарыстай айбатты алдың. Жанталаса шешiп ап ат жүгенiн, Жаяу ұштың соңынан бәйге аттардың. Үмiтiң жүз болған да, талап та мың, О, керемет! Көрдi жұрт, жаратқаным, Жап-жас бала тұлпарлар арасында, Мәреге жаяу ұшып баратқанын.

Мәреге жүз қадамдай ғана қапты, әр қадам тағдырыңды санамақ-ты. Опыр-топыр тұлпарлар арасында, құстай ұшып титтей ұл бара жатты. Қара жер көтерiп басын қарағандай, жанталаса қадамын санағандай. Қапыда жол тапқан сол титтей бала, Ұлы бiр ерлiктерге жарағандай. Титтей ұлға сәтсiздiк күйiгi өттi, Тек самал жел маңдайын сүйiп-өптi. Жанұшырған сол бала сол мәренi, тұлпарлармен жарыса қиып өттi. Талайдың заты да озды, аты да озды, Бiреудiң жақыны озды, батылы озды. Қапыда көп iшiнде сүрiнгенде, Осы бiр кiшкене ұлдың ақылы озды.

Талай тойды өткiздi арай таң-ел, Сан жарыста озды да талай төбел. Сонда кiм бас бәйге алды. . . ? ұмытты жұрт, Ақылы озған әлгi ұлды әлi айтады ел. Ұлы Абай – даналық қой, дара алып та, Ондай дана қазақта жаралып па! Бұл тойдың мақсаты да бас ию-тiн, Ақыл мен озып туған даналыққа. Тағзым еткен қосылып бар ғаламым, Сол тойға әлi күнге таңқаламын. Атаусыз қалғандығы болмаса тек, Қапыда ақылы озған сол баланың. Көңiл көлi сүйсiнiп қозғалады, Танылса деп жастықтың озған әнi. Адамнан ақылы асқан Абайды да, Атаусыз қалдырған-ды өз заманы.

Тұлпар өлдi, шырқырап жаны кеттi, бұл ерлiк сәтсiздiктi жарып өттi. Титтей бала сүрiнген тұлпарының, өр рухын мәреден алып өттi. Бiреудiң аты оза алмай кегi кеттi, Бiреулер көңiлiне сенiм ектi. Титтей бала жасаған титтей ерлiк, Сол жолы күллi адамды тебiренттi. Көңiлдi жыр кернедi төкпектердей, Көк мұзға гүл-үмiттi көктеткендей. Ертегiден жүгiрiп шыға келiп, Сол бала тұлпарыңмын деп кеткендей. Әттең. . . , оның тұлпары өлiп кеттi, жас бала сонда-дағы берiк кеттi. Көз жасы моншақтай кеп, мәре қиып, ертегiге қайтадан енiп кеттi.

Жастық пен ерлiк деген - қос қанатың, Қос қанат шығарады аспан атын. Әлемге әйгiленген ұлы ерлiктер, Осындай титтейлерден басталатын. Сол ер лік аңыз болып жыр тапты ерек, Жас баланың есiмiн шырқатты ерек. Сүрiнiп кете қалсаң, осы ұл сынды iсiңдi ала жүгiрер ұрпақ керек. Ерлiктер өшпей есте қалады ерек, Уақыт өзi аршып бiр алады елеп. Халық талай ерлiктi туғызады, Тек соны бағалайтын Дана керек!

МАҢҒЫСТАУ ТУРАЛЫ ТОЛҒАУ

Ән жоқ едi ол кезде жер бетiнде, әнсiз тiрлiк әзiр-дi керi кетуге. Бiрақ бiр күнi бiр үмiт оянды, Бүкiл Еуразияны құшақтап, миллион жыл ғұмыр кешкен баянды, Ұлы Татис мұхиты: - Өлер күнiм таянды, осы күннiң келерi өзiме де аян-ды. Қойнымдағы байлығымды, ендi қайда қоям-ды? - деп жылағанда, Тәңiрден дәрмен сұрағанда, Тәңiрi қара жердi саусағымен шұқып қап, осы жерден шұңқыр жасап бергендей. Сосын оны ақар-шақар тауларменен өргендей. Маңғыстау мен Қарақия ойпаты өмiрге осылай келгендей.

Ұлы Уақыт мұхитты бөлген кезде сан аралмен, келер шаққа деген жорамалмен, бұл жерде өмiр өз әнiн бастады. Ол әннiң аспаны шәйдай ашық та болған жоқ, Өмiр мен өлiмнiң арасы қашық та болған жоқ. Өмiр мен өлiмнiң арасы алыстасын деп шарықтап, бойына Тәңiрден сұрап шабытты ап, Татис толқындарының үнiн әнге айналдырып алып қап, қорған сап, арманынан орман сап, Ұлы Татис мұхиты кепкен кезде, оның бүкiл байлығы Маңғыстаудың ойына шөккен кезде, Сол ойпаңға барып ата-бабамыз орын тепкен кезге алғыс айтам мың да бiр. Сол Татистiң мол байлығын топыраққа тоқтатып, ұлы мұхитты сарнай ескен сардар желге жоқтатып,

Мұз тауларын тас таулар ғып сақтатып, Бұлақтарын таудан тауға аттатып, Адыраспанның орманын, адыр-адырға қаптатып жiберген. Содан берi нелер замандар көштi түнерген. Үн-түнсiз жатып, жылдардың тұңғиығына батып, хабарсыз жоғалып кеткен ғасырлар көп қой. Солай ма, айтшы, Уақыт? Мына аптап желге қанша ғасырдың көйлегi кептi екен? Тағы да кiмдер арманда кеттi екен? Татис сынды ұлылар көп пе екен? Тарихтың көзiне көрсетпей өзiнiң шексiздiгiн олар қайда апарып төктi екен?

Жер шарында дау шығып, ұлы мұхиттай шексiз ұлттар да таусылып, Одан су жаңа ұлттар өсiп, олай да былай көшiп, қалатындай жетiм, қайтадан пiшiп картаның бетiн, таласты кеп, жер шарына көйлек тiккендей, сол алып көйлектiң етегi, бiздi орап барып бiткендей. Сол таласта бiр ел жеңсiз қалды, Бiр ел белсiз қалды. Бiреу төрсiз, Бiреу көрсiз қалды. Бiреу жансыз, Бiреу арсыз қалды. Ал бiзге астында байлық, Қашықтығы атпен жүргенге, бәленбай айлық, өр құйынды жер бұйырды. Одан кейiн де өттi заман не түрлi, қазақтың да сыбағасы талай рет кетiлдi. Соның бәрiн бастан кешкен Маңғыстау көп сөйлеудi ұнатпайтын ғұлама адам секiлдi.

Ата-баба рухы тiстiмен тiстесiп, бiлектiмен алысып, жүректiмен табысып, осы жердi уысында ұстап қалған, оны бет қаратпас аптаппен тыстап та алған. Шикiлiктiң бәрiн сол аптапқа пiсiрiп, Жеңiлтектiктi айқай желiне ұшырып, салмағы барды сақтап, арманы барды баптап, жiгерсiздi құмына таптап мықтыларына ғана бата берген. Содан берi қазақтың таңы бұл жерде де арайлап ата берген. Небiр сұмдық көшкiндердiң азасы, тереңдiк пен санасы, қасиет пен киесi үркiп келiп, “Мен – қазақпын!” дегеннiң жүрегiнен тұрақ тапқан шамасы.

Көкiрегiнде ескi мұң, Ескiлiгiмен оқытып ғаламат ойдың кескiнiн. Көне кiтаптай сарғайып, Құмын сенiң мұңыңмен араластырып, өзiңдi сарнаған желмен жағаластырып, Сосын тып-тымық түннiң көзi саған қадалып, ойға шомдырып, Сап-салқын жұлдызымен тоңдырып, Құйындардағы аңғал қылық, Иесiздiгiмен таңқалдырып, Бас бiлмейтiн осы далада сынды бар мәндiлiк. Баяғының адамы осы жерге өзiнiң табан iзiн, сарғайған жүзiн, иесiз түзiн, күлкiсiнiң сыңғырын, домбыраның күмбiрiн, ақшыл құмын мың бұрым, төзiмiнiң тасын, көз жасын қалдырып, өздерi жаңа ғана бiр жаққа шығып кеткендей, кеткенiне сүт пiсiрiм уақыт қана өткендей.

Ескi таулардың бұғылы әнi, көзге бiрден ұрынады. Жұрт жаңалыққа құнығады, Бiрақ... көненi сағынып жүргенiн, осы далаға келгенде ұғынады. Аңыздың кейiпкерлерi, Осы далада әлi де тiрi жүргендей. Қазақтың табанының тағы бiр бүрi жүргендей. Сағыныш деген сезiм осында жаратылғандай, Сөйтiп жер шарына таратылғандай. Келiңiз, боласыз бұл дүниеге жаңа туғандай. Бұл далада ешкiм ешқашан өлмегендей Уақыттың желi ешкiмдi де көмбегендей. Миллион жылдан берi iздеп жүрген киең сияқты, мәнiң мен жүйең сияқты. сен оның иесi емес, ол сенiң иең сияқты.

Бiз де сарғайып, жапырақтай күйемiз. Адамбыз ғой - бүгiн бар да ертең жоқ, әлемдiк айналыста жүрген жүйемiз. Бiз өмiрге келiп, кетiп жүре берейiк, Тiршiлiк, БІЗГЕ арқа сүйеңiз! Тек аман болса екен, Туған жер деген Иемiз!

АЗАТТЫҚ АСТАНАСЫ

(поэма)/ Шарт жүгiнiп даламда, отыршы қыр, Соны жырлап, сен-дағы бекiншi жыр, 97 метрлiк Бәйтерек боп, Тарихта қалды 97-шi жыл. Өзi сенiп өзiне бекiне дем, Күдiктiң бұлты да ақыр сетiнеген. Қазаққа қуат берген қашаннан да, Екi сан – 9 және 7 деген. Киелi сан – киелi биiктiгiм, Бәйтерек боп естiлсiн сүйiктi үнiң. Осы сөзбен әлемге тамырлансын, Бойына бәйтерек-күш жиып Тiлiм. Асыққанда замана кемелерi, Уақыт тек тереңдiкке сенер едi. Сонау көне Түркiден басталатын, “Бәйтерек” деген ұғым терең едi. Аңыздар өзi айтсын төрелiгiн, Тереңнен тамыр тартқан көнелiгiн. Бәйтерек – киесi асқан жерде тұрар, “Күллi ғалам кiндiгi” деген ұғым.

Өмiрге көрiк берер табылып түс, Тамырында қан ойнап, ағылып күш, Ғаламдық Бәйтерекке ұя салған, тiрлiктi жалғамақ боп Самұрық құс. Тiршiлiк келе жатты сақтай атын, Кез емес-тi қыраннан бақ таятын. Әттең, Самұрық жем iздеп кеткен кезде, Балапанын айдаhар жеп қоятын. Жыл сайын жеп қоятын, озбайтын үн, Самұрық мұңымен жер қозғайтұғын. Жылағанда – көз жасы-қара нөсер, Бәйтеректi құлата жаздайтұғын. Дала едi, жолаушысы аз ат-көлiктi, Бәйтерегi сор көрiп, бақ көрiптi, ...Айдаhар тағы ұяға таянғанда, Ойда-жоқта… бiр Адам тап келiптi.

Тап келген Адам-батыр бекем дейдi, Бекемдiкпен арманы өтелгей-дi. Айдаhармен алысып… жалғыз өзi, Ақыры… оны өлтiрген екен дейдi. Осылайша мұң көшiп ғалам-жерден, Бейбiт күндi балапан-балаң көрген. Ғаламдық Бәйтеректi орап алған, Зұлымдықты осылай Адам жеңген. Көкке ұш, байлықты да өңгер мейлi, Бейбiт күнге ештеңе тең келмейдi. Балапанын құтқарған Адамзатқа, Самұрық бұл өмiрдi берген дейдi. Аңыз соны айтады заманға кеп, Самұрық құс от берген жанарға деп. Ғаламдық Бәйтеректiң саясында, Өтетiн өмiр берген адамға деп.

Бәйтеректi айналып желедi күн, Бәйтерек – мәнi көңiл тереңiнiң, Ғалымдарға айтқызсаң: “алғашқы өмiр”, және “өмiр берушi” деген ұғым. Сол Бәйтерек – жайқалтып таң аттырған, Саясында Қыран-Ел абат тұрған. Сол Бәйтерек – аңыздан түсе қалып, Елiмнiң қақ төрiнен қарап тұрған. Сыртымнан сүйер Сары-Арқам едi, Даласында жабайы аң жортар едi. Соры қалың болған-ды маңдайының, сондықтан топырағы сортаң едi, Сортаң жерге өр қала салмақ тұрмақ, Талайлар жай келуге қорқар едi. Ойлап кетсе - күдiк те ормандай-ды, Ал Хас Батыр күдiктi малданбайды. Қала сап, сортаң жерiн құрғатқаны, Маңдайдың сорын сылып алғандай-ды.

Қала салу – бәлкiм, бұл Хақтан келдi, Қазаққа мiнгiзгендей ақтаңгердi. Ғажайып қала салу дегенiмiз – Хан көтеру қаңырап жатқан жердi. Астанам, кеттiң, мiне, өрлеп бiрден, Гүл егiп, тал жайқалтып, сор кептiрген. Ұлы Зодчий: - Кiм де кiм қала салса, ақиқаттың адамы – сол! – деп бiлген. Азаттыққа жұмылса бар жiгерi, Батылдыққа ерiп тек бақ жүредi. Қай ұғым, қай өлшеммен қарасаң да, Арқа жерi – қазақтың қақ жүрегi. Тарихты көзбен бүгiн шолу да – ерек, Ертеңгiнi тап басып жору да – ерек. Төрт құбылаң көрiнiп тұру үшiн, Азаттық сол жүрекпен соғу керек.

Батыл бастау өрлікпен жасқап беттi, Ел даусы жер шарына асқақ кеттi. Желтоқсанның ақ қарын ақ жол етiп, Елбасы ұлы көштi бастап кеттi. Көзсiз ерлiк! Ұнатпас жасық түстi. Ал сонда: “Қолда халқым, тасыт күштi! - дегенде, қолдап кеткен күллi елiмнiң, Ерлiгi Елбасынан асып түстi. Асып түстi, өйтпесе ел бола ма, Ел болып, өзгелермен тең бола ма?! Ауызбiрлiк деген де – шексiз байлық, Ол болмаса, симас-ты ен далаға. Ойпыр-ай, ұлы халқым батыл қандай, Батылдыққа бастаған ақыл қандай. Елбасына деген бұл ұлы сенiм, Түн iшiнен ақ таңды атырғандай.

Үмiт деген сенiмнiң қорғаны, рас, ол барда батырға ерген ел де арымас. Күдiгi басым түсiп, орта жолдан, қайтып кеткен жандар да болғаны рас. Қайтып кеттi, жеткiзбей жер алабы, Басым түстi күдiктiң кер аралы. Олар да кiнәлi емес, шындығында, Батырға да тек батыр ере алады. Қашан да бастау қиын. Бастама – сын! Үмiт, күдiк отына тасталасың. Ұлы Петр – ол-дағы сын естiген, Мәскеуден көшiргенде астанасын. Сонда Пушкин /Петрды тiлдей алмас, Алайда бiр күдiгi бүрлей алғаш/: - Екi жүрек болмайды бiр денеде, бiр елде екi астана гүлдей алмас,1 -

деп жазған күдiкпенен ақын-дара, Ол күдiктi жеңдi ақыр батыл дала. Бүгiнде екi астана – Мәскеу қандай, қандай бүгiн ғажайып Петр-қала. Ұлы Пушкин – өлеңнiң қарагерi, дәл бүгiн ерлiктен нәр алар едi. Көз ала алмай көркiнен Алматының, Астанаға аң-таң боп қарар едi. Бұл дала – кең жазира төрiмдей-дi, Шындық боп азап шеккен сөзiмдей-дi. Кеше бұл – халық аштан қырылған жер, Ал қазiр… ақ бидайдан көрiнбейдi. Шындықтан от өредi көрiк-кеуде, Жас терек Бәйтерекке елiктеуде. Жусандар таңқалады Астананың көшесiмен заулаған көлiктерге.

Күн батса көкжиекке құлап барып, Ай туады ымыртта қияқтанып. Туады ай жұлдыз-жұлдыз түн сөйлемнiң, Iшiнде метафора сияқтанып. 1 А.С.Пушкин. Полное собр. сочинений. т.7., изд. АН СССР, 1949 г. стр. 275. Бақыт жоқ алға озып дараланбай, Жаңарып, жасардың ғой, дала-маңдай. Ер Қабанбай – анау бiр қырда жатқан саған басын көтерiп қарағандай. Қалайша қарайды адам қайран қалмай, Бұл жерде салтым кеше тойдан қалды-ай. Қазақтың тiлi түнеп вокзалдарға, Бөтеннiң тiл жүрдi пайғамбардай. Арқаның шөл көңiлiн көрiктi еткен – “Думаным-Океанариум” елiктеткен. Бұл – Атлант мұхиттың бiр үзiмi, Өзi кеп көрiмдiкке берiп кеткен.

Тек ерлiктер қалауда бұл қаланы, Көшелер қуып жеттi қыр-даланы. Сонау жақтан қол бұлғап қызғалдақтар, Ендi маған жетшi деп ырғалады. Көшелерiм – кекiлiн қайтарған жел. Бұл дала – шындықты ашып айта алған жер. Бұл өзi – көне қыпшақ мекен етiп, Бұзоқ деген қаласы жайқалған жер. Көшелерiм, бас алға, арманға алып, Отыратын күн емес тал қарманып. Бас алға! Көне қыпшақ даңқы болған, Бұзоқтың көшесiне жалған барып. Бұзоқтың көшелерi жалғаса кеп, көз тартады сендiк күш қолдаса тек. Көз тартады, мың жылдық қалың шаңға, Көмiлiп қалғандығы болмаса тек.

Алдымда Бұзоқ қала жатыр қандай? Ақ шаңға тұтқын болған ақылмандай. Ол шаңнан археологтар азат етер, Жаулардан азат еткен батырлардай. Көшеттердiң орманы-ай, өрлеген кiл, Жас қаланы құшаққа ап дөңгелен бiр. Аң-таң болып қарайды саған анау, өмiрi орман-тоғай көрмеген қыр. Жайқалып өс ұлылық сазын алып, Қалың бол қалың ойдан азық алып. Қаптай өс – кеп жатқандай Сiбiрдегi, Ну орман өзiн жерден қазып алып. Беки бергiн жерiңе қорған бола, Саған келiп жылынсын тоңған дала. Қыр желi – ол да сөзге тоқтамайды, тоқтатар оны да сен – орман-бала.

Тарихтың бетi тарғыл сан дақтардан, Жау да келген оң қаптал, сол қапталдан. Қазiр сен тамыр жайып жатқан жердi Қара орман халқым сонда қорғап қалған. Қара орман ел – болған-ды қорғандайын, Кенет нәубет жыл келдi аш арландайын. Келдi де сол елiмдi орып түстi, Орманнан ағаш шауып алғандайын. Аш-Ажал жүрдi ауылда жандаралдай, Жан-шыбын кетiп жатты қорғана алмай. Есiгiн сан мың Жан кеп қаққан кезде, Өлiмнiң де зәресi қалмағандай. Даланың талқан болды арман-әнi, Азаттықтың алды-артын ор қамады. “Алжирде” әйелдердi азапқа сап, әлi есте бұрым кесiп қорлағаны.

Қырда жүр ағараңдап құйындары, Бәлкiм, ол – өтсе де күн бұрындағы, “Алжирден” шошып әлi қашып жүрген, Арулардың ағарған бұрымдары.

Тоқыраудың тоңынан жылап ұшқан, үмiт үзген ұлы елiм жылы ағыстан. Жеке басқа табынған заманға тек, Газеттiң құр сүлдерi құрақ ұшқан.

Құрақ ұшқан газеттер ғапыл өңдi, ендi өзiн намыс-оқпен атып өлдi. Беттерiн қалың шаңмен бүркеп алып, архивтерде тығылып жатыр ендi.

  • **

Тарихта кiм қалады тұлғалы боп, Өртке оранды Кербала құмдары көп. Бес мың жылдық Вавилон кете барды,

Бес күндiк тай-таластың құрбаны боп.

Халқы қашты бетке алып кең ғаламды. Шұбырынды ел талайға жем болар-ды. Көп босқыннан Цифрлар үрке қашып, Санаудан да бас тартты ендi оларды. Жаңалықты өзгемен тең естiдiм, Әлемдiк жиындарда кеңестi үнiм. Сонда ұқтық - Жаhандану дегенiмiз, Тек қана бейбiтшiлiк еместiгiн. Жаhандану жоқ қылып самарқауды, Өшiрердей ұлт тiлдi-жанартауды. Қуып тастап мұхитты глобусқа, Теуiп жiбермек алысқа анау тауды. Алайда қара Жермiз төскейдi ашқан, Тағдырын бiр-бiрiне жастай қосқан. Содан ба жаhандану келдi екен деп, Ешбiр ел жоқ заманды тастай қашқан.

Бiз де одан қаша алмадық тау-қамалды, Жаhандану ауылға, бауға барды, Есiгiмнен мен оны кiргiзбес ем, Ол менiң тiрлiгiмдi жаулап алды. Жаhандану әлi алыс аспан емес, Оны ешкiм жау да демес, дос та демес, Жаhандану iргеден қаптай кiрдi, Өзi келдi, оны ешкiм тосқан емес. Жаhандану бiреуге жаққан едi, Бiреуге үмiт кеш боп батқан едi. Бұрынғының кейінге айтып кеткен, Сөзiнде терең ойлар жатқан едi: «- Аспаннан бақ жауар деп жатпағайсың, Өз-өзiңдi бiлiммен баптағайсың! Ұлттық дiлден көз жазып қалма, халқым, Бiрлiгiңдi сол үшiн сақтағайсың!

Жаңарып, жасарса да көне түрiң, Бақ пен сор – адамзатты бөлетұғын. Есiңде ұста, әлемде ең ұлы iстер, Ең қиын шақта өмiрге келетiнiн. Тер сiңбесе, шынықпас көйлек-денең, Бейнет жоқ та шаттық кеп, той да өтпеген. Жұмақты да орната аламыз тек, Тамұқ кешiп өткендей бейнетпенен. Сән де келер, мән жайлы құтты болса ән. Заман қатал, оны әлi ұқтырар сан. Iлби бермей Уақыттың соңынан құр, Сен оның алдына түс мықты болсаң! Тегеурiнi темiрдей күштi бiзден, Әлемде талайлар бар тiстi бiзден. Рухты тасқа салып шынықпасақ, Олар тапап өтедi үстiмiзден.

Жұта салады иiлгiш басы болса, Жайлап алады иесiз қосы болса. Халқым-ау, қалай оны жасыра алам, Жаhандық ұлы ақиқат осы болса. Бiр-бiрiмен күллi әлем қырбай қабақ, Бiзде уақыт жоқ жүретiн мұңды аймалап. Әр қиынды жеңдiрiп, шынықтырып, Сенi Мен қайрамасам, кiм қайрамақ!? Уақыт жоқ! Жаңа кiрдiк есiктен бiз, Онсыз да бес жүз жылға кешiккенбiз. Әлемдiк төрге жүгiр, ұлы халқым, Жаhандану тым қатал! Есiткенбiз! Жастарым, алмастай бол осы күннен! Қалма! Заула! Таң қалдыр шешiмiңмен! Ертегінің Ер Төстік батырындай, Шылбыр ұста шыға сап бесiгiңнен.

Жасықтарды қашан да жасқайды алып, Дұшпан күлер мұндайда, дос – қайралып. Егер жеңiс оп-оңай келе қалса, Тұрмас едi Хан Кене тасқа айналып. Азаттық оңай берсе несiбеңдi, Отан-Ана туғызар несiне ердi. Егер жеңiс оп-оңай келе қалса, Райымбек батырың не үшiн өлдi? Бiреуге көл, бiреуге жерi ұнады. Рас, жау қатал болса, ел ығады. Сол елдi ықтырмасқа қан кешкенiн, Күлтегiн тасқа қашап не қылады. Жаттың қолы алаған! Ал береген бе? Тұра ма күтiп уақыт-кемелер де? Шеттен келiп бiреу бақ орнатады, Дегенге, алтын халқым, сене гөрме!

Еркiн сөздiң желеу ғып ұшқан нарқын Әр сөзiңнiң бағады дұшпан да артын. Сөз-бостандық қолыңда, тек оны сен, Бiрлiктi сақтау үшiн ұстан, халқым! Бұл – көзге көрiнбейтiн шындық, жұртым, Жаhанның сен де бүгiн бiлдiң кiлтiн. Сөз-бостандық маған да, саған керек, Жолда керек ол әлi мың бiр дүркiн. Азат-Сөз бостандықты алып келген, Оны сен де бiлесiң қамыт көрген. Сөз-бостандық - менiң де сүйетiнiм, Адасқанға ақ ниет бағыт берген. Сөз деген – бiлiм күшi, бақ аралы, Ел-елге достық жолын сала алады. Бiрақ ол қас дұшпанның қолындағы, қырып-жояр қару да бола алады.

Сөздер бар сүрiнiп кетсең iле қалар, Сыртыңнан зұлым оймен күле қарар. Сөз деген – құдырет ол, тұтас елдi, құм етiп шашып-шашып жiбере алар, -

деп бабалар бастайды алға тағы, Күн де батар, тағы арай таң да атады. Адамзат көшкiнiнiң елшiсi – бiз, Жас ұрпақ, сөздi танып, ал батаны!

  • **

Азат едiк! Жүрек те тұр дүрсiлдей, Жылжыды күн қуантып, түн күрсiнбей. Азаттықпен тәй-тәйлап қадам бастық, Бiр жығылып, бiр тұрған бүлдiршiндей.

Өтпелi кез дейтұғын белеңдегi, ауыр жол сан күдiкке елеңдедi. О бастан тұрмысы ауыр әйел жайы, сол кезде одан сайын тереңдедi.

Сол кезде елес болып келешегi, Базарда қапшық сүйреп көрешегi, Қиындыққа әйелдер қарсы шапты, Бiрақ, бұл – мықтылықтан емес едi. Көшiп кеткен қоғамның жұртындағы, Бұл мықтылық емес-тi ұлтымдағы. Бұл – әйелдiң шошына, жандәрменмен, Қиынды аластауға ұмтылғаны. Ұмтылғаны – аштықты жолатпауға, Жоқшылықты есiктен қаратпауға. Таршылық дауылы кеп соқпасын деп, Отан деген ғажайып абат-бауға. Бейнеттi келтiрмеуге даламызға, Әйелдер қарсы ұмтылды қара мұзға! Ал мұны басқалардан бiрiншi боп, Көре бiлген жандар бар арамызда. Көре бiлген және де бағалаған, Сол бағамен жаңарды санадағы ән. Әйел-ана қолымен қоғам гүлдеп, Көркiне көрiк қосты жаңа заман.

Ұғына алу – ортаға тасталғанда ой, Ақылдағы адами астардан ғой. Әйелге теңдiк берген ғажап ерлiк, Мұхаммбет пайғамбардан басталған ғой. Кей әйел тағдырында жатыр ақпан, Мәрттiкпен қара, қоғам! Ақыл – ақ таң! Әйелге басын иген Мұхаммед пен, әулие емес ешкiм де Сократтан. Ойды тазарт ғаламзат бiлiмiмен, Тазала тоғышар ой бүлiгiнен. Әйелге “жарым ес” деп қарайтұғын Ницшелердiң әдепсiз iлiмiнен. Әйел мұңды болса, ел қайраңдайды, Қоғамым осыны да ойға алғай-ды. Заманның әйелдерi сорлы болса, Ерлер де дара шауып бәйге алмайды.

Әйелдер – ауыр өмiр кешедi олар, Табиғат жазған оған пешене бар. Әйелдiң сол бейнетiн ұққан ердiң, қай-қайсысын да пайғамбар десе болар.

  • **

Бұл жерде жүрген талай “елтұтқалар”, Тыңдасаң, сыр сандықты шертiп те алар. Бүгiнде Арқа төсi қалың егiн, Барсаңыз алтын бидай толқып қарар.

Ерлiктерге адамды жаниды iшкi үн, Қыр қазағы мәнiсiн таниды iстiң. Алтын бидай – бейне алтын орамалы, Баяғы Сақ патшасы Томиристiң.

Елдi асырар ұлы арман асқаралы, Ел патшасы – елiнiң қас-қабағы. Патшалары бiз бiлген Түркi-Сақтың, сол даңқты Томиристен басталады.

Ал Спаргап – ұлы оның. Өнiп кектен, Азаттық майданында өлiп кеткен, Томиристiң сонда алтын орамалы, Қайғы-шерден қап-қара болып кеткен. Ана үшiн бала орны толмайды ғой, Iшкi зар “кек қайтар!” деп толғайды да ой. Қайғы жұтты, алайда жыламады, Патшаларға жылауға болмайды ғой. Көңiлде жатқан қайғы жан шыдатса, Шыдай ма ер Намыс! деген қамшы батса. Ұлын жойып, ендi мәрт Сақтың халқын, Жоймаққа келе жатты Парсы патша. Жүгiрiп жер үстiмен өттi жалын, Өлiнi де оятты кектi ұраным. Парсының да қырылды сан әскерi, Сақтың да сан боздағы төктi қанын.

Ұран салды шексiз қол құрыш атты, Жазды тарих осы бiр ұлы шақты. Сол қырғында қан қылып Кир патшаны, Сақтап қалды Томирис ұлы Сақты. Өтсе де патшалықпен жылдары көп, Азаттық басса да алға тұлғалы боп, Ұмыта алмай өттi Ана жалғыз ұлы, Кеткенiн азаттықтың құрбаны боп. Талай патша, талай хан өттiң батыл, Қан төгiсте жолдас боп өрт тiлдi ақыл. Томирис пен бүгіннің арасында, Екi мың бес жүз жиырма төрт жыл жатыр. Азаттығым сан тәсiл салып келген, Одан соң да қан төгiп, сан үптелген. Бiздiң дәуiр келгенде біздің ерлер, Азаттықты қан төкпей алып берген.

Кезiп кеттi әлемдi шайқап үнi. Азатпын! Күн мойындап, Ай таныды, Қан төгiлмей келген бұл азаттығым, Томирис көз жасының қайтарымы. Қайтарымы кегiмнiң айбыны асқан, Көк Бөрiнiң үнi бұл айға ұласқан. Кешегi зар заманның қайтарымы, Асан абыз атына «Қайғы» қосқан, Естеми, Бумын, Бiлге – затында мұң, Азаттық, Абылаймен жақындадың. Қайтарымы бұл кеше соғыста өлген, Белгiлi де, белгiсiз батырлардың. Қайтарымы! Жүремiн айта мұны! Бұл – Қарасай ерiмнiң байтақ үнi. Махамбет, Кенесары, Құлбарақтың, Басы кеткен қырғынның қайтарымы.

Азаттық қатып жатқан сеңдi iледi. Тарихтың туы да асқақ желбiредi. Бұдан екi мың бес жүз жыл бұрынғы, Шырағдан табылғанын ел бiледi. Сол шырағдан ғажайып жамал-үнiм, Шындықтың жарып тұр ғой қара қылын. Қайраткер Иманғали табыс еткен, көзi емес пе ол Томирис заманының? Көзi ғой – тарихымды аршып алған, Алтын құйып, күй төккен, ән шығарған. Екi жарым мың жылдық тарихыма, Сәуле берiп тұр ендi сол шырағдан. Түркiге мұхит-өмiр салты ұнаған, Мимырт күн батпағына малтымаған. Алтын өмiр сүрген бiз халық едiк, Куәсi – мұражайда Алтын Адам.

Небiр заман жүрген-дi көшiп-қонып, Табылып жатыр байлық, несiп толып. Орхонның тас кiтабы ашылды алдан, Кең тарихқа кiретiн есiк болып. Ел даусымен жаз орнап, салқындар түн, Дауға салса сүрiнбес парқың бар-тын. Қазбек би, Әйтеке би, Төле бидi – Төбе билер деп бiлген алтын халқым. Ел тозады ой өлсе, талғам қалып, Мәрт сөйле сын тезiне салғанда анық. Тарихта алтын сөзбен әспеттелдi, Абылайды хан сайлап алған халық. Ал, халқым, бекем ұста бар тұтқаңды, Жаулар бар аңдып жүрген малтыққанды. Бекер айтып кеткен жоқ ұлы аңыздар, Сужұқпас, Судыр Ахмет, Жантықтарды. Ендi адаспа!

Алдыңда сан iз барда, Салып сөйле қашан да абызды алға. Бәрiмiзге әйгiлi Қожанасыр, Ол да бекер жүрген жоқ аңыздарда.

Тағдыр – жол, түзуi бар, бұруы да, Бақыттың қиын баста тұруы да. Аңызда ерiккеннен жүр деймiсiң, Жиреншенiң Қарашаш сұлуы да.

Бiр ысып, бiр суиды нарық пешi, Тоңбай, күймей өтсе екен халық көшi. Өмiрде бағдар шамдай аңыздарым – Халықтың өмiр сүру әлiппесi.

  • **

Мұнай – байлық қашаннан дау-дамайлы, Ол – қазақ, ағылшын деп таңдамайды. Тек сол байлық достықтың басы болса, Елiң де шат, ататын таң да арайлы.

Достық жайлы бiреулер жақ та ашпайды, Барыңды айтпас, жоғыңды жоқтаспайды. Дау-қазанды тасытсам деп бiреулер, қайта-қайта астына от тастайды. Дау-қазанды тасытып алмау да ерек, Тасытпаудың амалын барлау да ерек. Даудан шындық туады, сондықтан да, Ол мүлдем басылып та қалмау керек. Сондай алтын аралық ұстанған ел – бiздiң ел. Сарқылмас бiр күштi алған ел. Бiлгенге мұндай елдiң iшi алтын, ал сырты ақ күмiспен тысталған ел. Сенiм деген көңiлге дара жолдас. Ұзақ жолда қайсың бар ара қонбас. Бар шығар кемшiлiк те, болады ғой, Кемшiлiк тек Жұмақта ғана болмас. Бұл далада жүрмеген көктем ғана, Аштықтың да азабын шеккен баба.

Бұл – қаhарлы сан атом бомбалардың, 40 жылдық сынағы өткен дала. Сынағы өткен. Кiм қандай қам ойласты? Минуттар әр қадамын санай басты. Бомба-атом жарылғанда зәресi ұшып, Жусан-дала ауылға қарай қашты. Сипаты оның – көктi де тiрегендей. Атом бомба тек өлiм тiлегендей. Қуаты – Қара жердi уыстап ап, Жыртып-жыртып лақтырып жiберердей. Екпiнi ме? Мөлшерi бар ма санда? Жететiндей Күндi өртеп, Таңды асарға. Жер асты дүмпуiндей – Алатауды, қозғап-қозғап көретiн анда-санда. Аспан барып тығылып анау Айға, Шыр айналды түк ұқпай құралай да. Бауырына даласын жасырмақ боп, орнынан қозғалғандай ұлы Абай да.

Атом бомба! Сұр ажал – жауыны оның, өлi дүние – қоршаған қауымы оның. Абыралы тауларын алға салып, Айдап кете алардай дауылы оның. Азаттық кеп, бергенде сөзге асылды. Сөндi бомба шошытқан сан ғасырды. Арқаға қайт, жер асқан киiктерiм, Ұлы Семей, сен де сүрт көз жасыңды. Дүбiрден үркiп қалған алаң дала, Сенiммен қара ендi заманға да. Күн сайын көркеюде Жетiсуым, Пушкиннiң iзiн сақтап Орал қала. Қалалар бiр-бiрiнен озатындай. Қазақтың мол тарихын қазатындай.

Құмдарды олай тасып, бұлай тасып, Қара жел де күнделiк жазатындай. Өткендi жазып сақтар қағаз ғана, Есте ұстап қалғаны – ол аз ғана. Сонда-дағы екi мың жыл тарихын, Сөйлетiп тұрған кенiш – Тараз қала. Отырар – дарындарын қолтыққа ала, Фарабидi туғызған барқыт-қала. Өмiр мәнiн сөйлеткен қыл қобызда, Сырдың бойын жағалап Қорқыт баба. Домбырасы бауырын жазса күйдiң, Толқытар уiлiндей жас сәбидiң, Түркiнiң түп қазығы – Түркiстаным, Хикметiн сөйлеткен Яссауйдiң. Ұлттық өнер тiлiмен кетiп қырға ән, Қазағымның қазығы бекiп тұрған. Тарбағатай тауынан ән салғанда, Жаңғырығып Жайыққа жетiп тұрған.

Сұлу көлге шомылған балқаймақ-таң, Зайсан анау – көмейде ән қайнатқан, Орыстың саяхатшы ғалымдары, Ноғайбай әншiсiне таңдай қаққан. Жайықтың жағалауын сүйiктi еткен, Құрманғазы-құдырет – биiк не еткен! Қазақтың жерi екенiн жұрт бiлсiн деп, Пернеге “Сарыарқаны” құйып кеткен. “Өнердi сақтайтын тек от ой!” дестi, Өнермен парыздарын өтей көштi. Жүректi жұлып ала жаздар едi, Тәттiмбет шерткен ғажап “Көкейкестi”. Атырауда жер де асыл, аспан да асыл. Сөйлесе, ақтарады дастанға сыр. Осы жерден табылды байлық болып, Теңiздiң астыменен қашқан ғасыр.

Маңғыстау мұнайы көз байлағандай, Құмдары да көшуге тоймағандай. Таулары бөлшек-бөлшек. Осы жерде, Тас ғасыр тау лақтырып ойнағандай. Әуенiн әлi айтатын құдырет-дем, Заманда да табанның бүрi кеткен, Иран мен Түркіменде жер ауып жүрiп, Маңғыстауды жырлаған Сүгiр өткен. Жаз жайлауға, көшетiн қыстап қырдан, қазағым талай жауға күш қаптырған. Менiңше, бұл далада ел бiрлiгiн, қазағым ән-күйiмен ұстап тұрған. Әлi де асқақ сол әнiм, сол тiлiммен, өлi күнде алдыңнан жол тiрiлген. Бос кеңiстiк қалдырма жат жұрттыққа, өз жерiңдi рухпен, толтыр үнмен.

Сендiк үн – жарық қылып дала түнiн, Әлемдiк қара қылды жаратын үн. Басқа тiл – тiлдесуге ғана керек, Елдiгiңдi сақтайтын – Ана тiлiң.

  • **

Жер-Ана! Адамзатты еншiледiң, Ай, Марс, Сатурндар – өршiл ерiң, Қызыға түнiменен қарап саған, Таң ата тарап кетер көршiлерiң.

Жер-Ана, биiктеттiң аласаны, Жүрегiң бiздi тербеп таң асады. Бiз үшiн бейнет кештiң, омырауыңа,

Қандай орден тақса да жарасады.

Алып Күн қабағыңды баққан күндiз, Жер-Анам, шiлдең – мәрт қой, ақпан құндыз. Астана деген қала – өр кеудеңе, Қазақстан әкелiп таққан жұлдыз.

Сол жұлдызға жалғар жол жетiлген кең, Сан түрлi ел қол бередi өкiлдермен. Қол бұлғайды мың арал – Филиппин де, Мұхиттың көп нүктесi секiлденген. Елеңдеп әлем бiздiң сөзiмiзге, Қызыға бiр қарайды төрiмiзге. Бiздiң әр қадамымыз ойландырған, Жаhандық құрлықтардың көзi бiзде. Көзi бiзде тұрғанда бақ-бәйге өрлеп, Кейбiр ел жеңiсiмдi шаппай бермек. Ал бiз iштей сыйынып, күбiрлеймiз, Тiл мен көзден елiмдi сақтай гөр деп!

МАЗМҰНЫ

Жаһандану Каспий күнге қыздырынып жатады... Қара тастар – даладағы тас-қонақ... Аңдарды адам қылам деп… Балбал тастар Шинелін оқпен көктеп ап... Түк бiтiрмей қарайды Уақыт маған Қара түн Маңғыстауға шақыру Мен Жаз Құйындар жалт қарады тоқтай қалып… Желтоқсан-1986 Азаттық Жоғалған аспан өлең ішінен табылды... Айнашқа Және базарда жүрген барлық әйелге Қалың ойды Қалың шаштай тараймын Ақ қаламның ұшында қашқан киік... Аквариумдар таласып теңіздікке Үстiртте Қос жұлдыз Ер-тұрманы жоқ пырақ күн Шетпедегі қаратау Бала кездегі суретім Ақтау Ертең. . . Әйелдің өлең жазған түрі құрсын... Қырыққа келу Тарихқа жаяу кеткендей... Сүйектім! Алтын тиектім. Жұбатшы, ал, мықты болсаңыз Толқындар түнде ұрланды Сталинград Тұлпарлар Алатаудың ақ шыңы Өле-өле тiрiлерсiң, сағыныш Свинкстің тас бетін оятып ап… Археолог

Түсініп көр мені де Нарын құм Қыс Қай әрпіңді түзетейін, қателік? Ес, астанам! Ауыл Ой-жапанда жалғызбын Құмда өскен терек Көктем мен күз Қай жақтан кісінедің, Құлын өлең? Жеңіліс Ағашы жоқ орман Өз суын өзі ішіп тауысқан көл Маңғыстауым Көк теңіз жатыр балықтай тулап... Отын іздеген ормандар Сенiм Пеленiң добы Жусан Теңіз өзі ешкімді іздеп келмейді Қорқытады өлем деп … Жынды әуен Кең дала Көл жайлы өлең Бостандық Есептегi төрт амал Суық күнді суық судай жұтасың... Өз суын өзі ішіп тауысқан көл Сағынышпен саясат жасалмайды Теңіздер де шөлдейді Үмітті жалғап сырыққа Жоғалтып алма мені Кешқұрым бұл Қала Қолымдағы – сары жапырақ күз берген От пен көбелек Тыныс белгілер Тағы да каспий теңіз Балбал тас Жаңа астана Жел Сүгір-жыр Қар жауды Теңіздер мен адамдар

Киіктер Айрақты тау шыңына Арқар қадап... Сары белде Сағыныш кешкіретін Нұра ма едің? Сағынышыммен Бауырларыма Қатон-қарағай Сен мені түсін, Есіл күз Сұлу каспий Тағы бір жел Кеңістік Жаңбыр Ойыншық пен бала Қыр астында Құйындар үсіп өлді Шайтан көл Сел Ақынның ақтық кешi Қаңбақ Дауыл Мұхиттағы дауыл Әлiппе Алтын адам Қара жол Зайсан көлi Елсіздіктер келе жатыр еңбектеп Мұражайда Қар жаумады Теңіз беті – Ол да бір елсіз дала Боз жусан басы дудырап Өтпелі екен ғой Шілде Өрмек Нүкте Саған айтам Шерқала Нағашы атам нәсірқұл Атамекен Поэмалар мен толғаулар Тоқабай құрмаш Құлбарақ батыр Ерке өзен Ерлiк Маңғыстау туралы толғау азаттық астанасы

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙