(Көзжендет)
Бұла тірлік атаулыға баз кешірген бұлаң құйрық сауысқан екен...
Бұл болса – сол сауысқан сана билік еткен пенде екен. Қу құлқынның құлы боп, қу нәпсінің тұтқыны боп күн кешіп келіпті. Сауысқан саңғыған саңғырық сезім салғыртсып, сауысқан сорған саңғырық сана кеуіп қалғандай.
Ал ала мойнақ, құба құйрық сауысқан өлі-тіріге саят құрғалы қай заман?! Өлі өлексені де, тірі тірсектіні де жұмырына жұқ құрлы көрген емес.
Дәп бүгін де ауладағы молақ шөрке бетінде сыңар сауысқан шықылықтап отыр. Бөтегесі бос. Молақ бетін амалсыз тұғыр еткен түз құсы секең-секең жортақтап, қысқа мойнын соза жұтынып, ұзын құйрығы шоқаң-шоқаң қағады. Үй іргесінде көлеңкелей отырған иесі қара шалға қос жанары қанжардай қадалулы.
Ақиқатында, қалбиған қара шалға емес, иесінің алдында жатқан қақпыш бастарға көзін сатқан. Бірақ сырғақ сауысқанның қу бас атаулының қабағынан қарауыл қарағалы, көзұясынан жылы-жұмсақ қарбытқалы да көп болды... Балапан кезінен баулынған беймаза құс қой.
- *
Күн қақтаған қара шалдың қатулы қабағының астында жатқан екі бас та ессіз. Екеуі де шикі, қанды бас. Бірі – арбиған орақ мүйіз арқардікі. Енді бірі – құлағы едірейген көк бөрінікі. Сойылмаған. Бітеу күйі. Көк желкелерінен балтамен шабылғаны көрініп тұр. Бөрінің қасқа маңдайынан қаракөк қылшық пышақтың қырындай көтеріле келіп, шабылған көк желкесінен шорт кесілген.
Екі бас та қаңсып, тістенген қасқа тістері ақсиып, құйқа терілері тұз сіңгеннен қақпыштана кеуіп қалыпты. Жанарлары жоқ. Арқардың жазықсыз жәудірі, бөрінің көк жалыны ғайып болып, орындарында үңірейген қос үңгір қарауытады. Ет жүректі селт еткізер сесті бастар жанары көңілге үрей көлеңкесін түсіреді. Оған бірақ қара шал қыңқ етер емес, еті өліп кеткен сияқты.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру