Мазмұнға өту
Home

Отпанның Нұны

Отыншы Көшбайұлы

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Отпанның Нұны

Отыншы Көшбайұлы — «Отпанның Нұны». АЛҒЫ СӨЗ ОРНЫНА!

/uploads/ba1dfa88-658a-5b17-991d-ddff4f463d6e/cover.png

АЛҒЫ СӨЗ ОРНЫНА!

Отпан, Отпан. Отпан тау!

Отпан таудың басында,

Дегелек деген бір құс бар.

Аспанға шырқап, ысқырса

Бір орда жылан басылған.

Отпан тауда туғандар
Маңдайлары ашылған
Өліде де, тірі де

Ел күзетіп тұрады.

Әруақтары өлмейді,
Салтанатын құрады
Соларменен жағылар

Адай ата ұраны.

(Халық жырынан)
***
Отпан тауы – «От адамның» мекені,

Әлімсақта болған екен деседі.

Ғұламалар табиғатпен тілдескен,

Дана адамдар өтіп кеткен кешегі!

Отпан тауы тіршіліктің басы екен,

Тым тереңнен жердей шыққан тас екен.

Даналықтан аласарып дейді екен,
«Хан тәңірді бар биікке бас етем...»
Жер жүрегі, от боп бір кез атылған,

Қызыл шоқтар ана тас боп жатырған.

Заңғарлығын ғасыр ұрлап Отпанның,

Ал уақыт жымқырады ғасырдан...

Сайын Назарбекұлы – ақын-жазушы
***
Отпан тауым – жазылмаған дастан жер,

Тылсым сырлы құпиясын ашқан жер.

Қиялай кеп талай ғасыр өзінің,

Қасиетіне табынумен басқан жер.

Отпан тауым – ұран отын жаққан жер,

Баба арманын арқалаумен жатқан жер.

Көк найзалы Ер Төлептей қас батыр,

Арғымағын ойнақтатқан ақтаңгер.

Отпан тауым – жер биігі жалау жер,

Шамшырағы шалқып тұрған алау жер.

Ғалым балаң Нұн да бір кез қанат қаққан өзіңнен

Халқы үшін аруақты қалаулы ер.

Отпан тауым, сен сөйлейсің әріден,

Мен сөйлесем болар бәлкім мәні кем.

Гималай тұр төсін қағып аулақта,

Ал мен үшін биіксің бәрінен.

Әзірбайжан Қопарбаев – ақын-жазушы

8 желтоқсан 2006 жыл

ҚАРАТАУ МЕН АЛАТАУҒА ОРТАҚ ҰЛ...

Техника ғылымының докторы, механик-ғалым
Нұн Жұбайұлының дүниеден өткенін естігенде
Отпан тауда бұйра-бұйра бұлт көшіп,

Шың басында ақ желектер шықты өсіп.

Бауырайдың бұлақтары күрсінген

Құпиялау тіл қатысты тылсыммен.

Шатқалдардан жамырады жасыл үн,

«Қайран менің қайда кеттің, асылым?».

Дәл осы сәт тұспал етті ойлыға,

Кемел ұлын Кеңсай алды қойнына.

Ақ бұлт жапқан тау егіліп жылады,

Туған ұлы қыршынынан құлады.

Алатауға басу айтты Қаратау,

Ішін тартты сарқылғандай бұлағы.

...Отпан тауда өсіп-өнген Күн едің,

Ғылым үшін соғып еді жүрегің.

Қаратау мен Алатауға ортақ ұл,

Ұмытпайды есіміңді ұлы елің!

Бірғали Байекеев, суретші-ақын

МАҢҒЫСТАУ ТҮБЕГІНІҢ ПЕРЗЕНТІ, ТЕХНИКА ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ НҰН ЖҰБАЕВТЫҢ МЕРЕЙТОЙЫНДА ОРЫНДАЛҒАН ШЕШІМДЕР МЕН ДОСТАР ЛЕБІЗДЕРІ.

ПРОТОКОЛ

заседания Бюро отделения наук о Земле HAH РК № Ю/34 21 сентября 1995 г.

ПРЕДСЕДАТЕЛЬСТВУЕТ:

академик-секретарь

Отделения академик HAH РК С.М. Кожахметов.

ПРИСУТСТВУЮТ ЧЛЕНЫ БЮРО:

зам. академика-секретаря, д.г.-м.н.

К.А. Абдрахманов, член-корр. НАН РК А.К. Джакелов,

А.К. Курскеев, Е.И.Рогов, И.В.Северский.

Учёный секретарь отделения к.х.н. С.Х.Алдамжарова.

ПОВЕСТКА ДНЯ:

34. О международной конференции по проблемам механики сплошных сред, математическому моделированию, геофизики, нефтехимии и экологии, посвящённой 60-летию Жубаева Нуна Жубаевича (бывшего директора Института сейсмологии НАН РК).

(Докладчик – академик НАН РК С.М. Кожахметов)

Обсудив ходатайство ректора Актауского политехнического института им. академика Ш.Е.Есенова о проведении научной международной конференции по проблемам механики сплошных сред, математическому моделированию, геофизики, нефтехимии и экологии, посвящённой 60-летию Жубаева Нуна Жубаевича со дня рождения, Бюро отделения наук о Земле.

ПОСТАНОВЛЯЕТ :

1. Просить Президиум НАН РК дополнительно включить в план проведения научных и научно-технических совещаний, конференций и т.д. на 1996 г. международную конференцию по проблемам механики сплошных сред, математическому моделированию, геофизики, нефтехимии и экологии, посвящённую 60-летию Жубаева Нуна Жубаевича .

2. Институту сейсмологии (директор член-корр. НАН РК А.К. Курскеев) создать рабочую группу по проведению данной конференции и представить материалы в отделение наук о Земле в декабре 1995 г.

Академик-секретарь отделения,

академик НАН РК С.М.Кожахметов.

Учёный секретарь отделения,

к.х..н. С.Х.Алдамжарова.

3-07-47

19.01.96.

17-43/420 от 11/1-96 г.

ЗАВ. ОТДЕЛОМ СОЦИАЛЬНО-КУЛЬТУРНОГО РАЗВИТИЯ АППАРАТА ПРАВИТЕЛЬСТВА РЕСПУБЛИКИ КАЗАХСТАН МУХАМЕДЖАНОВУ КОПИЯ:

АКИМУ МАНГИСТАУСКОЙ ОБЛАСТИ

В. ЛЕВИТИНУ, ДИРЕКТОРУ ИНСТИТУТА СЕЙСМОЛОГИИ НАН РК, ЧЛЕНУ-КОРРЕСПОНДЕНТУ HAH РК А.К. КУРСКЕЕВУ.

Национальная академия наук РК поддерживает проведение Международной конференции по проблемам механики сплошных сред, математического моделирования, геофизики, нефтехимии и экологии, посвящённой 60-летию со дня рождения Н.Е. Жубаева – бывшего директора Института сейсмологии при условии её финансирования за счёт средств спонсоров и других внебюджетных источников.

Порядок организации и проведения данной конференции рассмотрен и утверждён отделением наук о Земле НАН РК, создана рабочая группа при Институте сейсмологии НАН РК, Президиум НАН РК поручил члену-корреспонденту НАН РК, директору Института сейсмологии А.К. Курскееву лично возглавить эту группу и быть ответственным лицом от НАН РК за проведение вышеупомянутой конференции.

Основание: - ходатайство ректора Актауского политехнического института им. Ш.Е.Есенова Божанова ЕТ. от 21.08.95 г.

 ходатайство акима Мангистауской области В. Левитина от 22.12.95 г.

Президент К.Сагадиев

АКИМ МАНГИСТАУСКОЙ ОБЛАСТИ

22 ДЕКАБРЯ 1995 г.

Заместителю премьер-министра РК Тасмаганбетову И.И.

Уважаемый Имангали Нургалиевич!

Как Вам известно, в 1996 году исполняется 60 лет Жуба еву Н.Ж., крупному учёному в области геологических наук и механики сплошных сред, первому директору института сейсмологии НАН РК, доктору технических наук, профессору, нашему земляку.

В мае месяце 1996 года в г. Актау планируется проведение Международной научно-технической конференции, посвящённой его юбилею.

В связи с этим просим Вас оказать содействие в организации и проведении данной конференции, принять Постановление правительства. Все расходы, связанные с проведением конференции и выпуском научного сборника института, Мангистауская областная администрация полностью берет на себя.

С уважением,
аким Мангистауской области В.Левитин
РАСПОРЯЖЕНИЕ ЗАМЕСТИТЕЛЯ ПРЕМЬЕР-МИНИСТРА РК
26 ЯНВАРЯ 1996 ГОДА

№17-43/5

О проведении Международной научно-технической конференции, посвящённой 60-летию профессора Нуна Жубаева.

1. Поддержать предложение акима Мангистауской области и коллектива Актауского политехнического института о проведении 12-24 мая 1996 года в г. Актау Международной научно-технической конференции «Проблемы и перспективы развития науки и техники в области механики, геофизики, нефти, газа, энергетики и химии Казахстана», посвящённой 60-летию доктора технических наук, профессора Нуна Жубаева.

2. Организовать организационный комитет по подготовке и проведению конференции (состав прилагается).

3. Руководителю пресс-службы Правительства обеспечить освещение в средствах массовой информации хода, подготовки и проведения конференции.

Заместитель премьер-министра
Республики Казахстан И. Тасмаганбетов
31 июля 1990 г. №207

О присвоении средней школе №4 пос. Шетпе Мангистауского района имени профессора Н. Жубаева.

Рассмотрев решение исполкома Мангистауского районного Совета народных депутатов №143 от 22.05.1990 г., ходатайство руководства института сейсмологии Академии наук Казахской ССР, на основании Положения о порядке решения вопросов административно-территориального устройства Казахской ССР исполком областного Совета народных депутатов.

РЕШИЛ:

Ходатайствовать перед Советом Министров Казахской ССР о присвоении средней школе №4 пос. Шетпе Мангистауского района Гурьевской области имени профессора Нуна Жубаева.

Председатель исполкома Ф.А.Новиков
Секретарь исполкома Д.Б.Урымбаева
Верно: Зав. протокольной частью: А.И. Калягина
НҰН ЕСІМІ МӘҢГІЛІК

Осынау білім ұясы,

Кеудесін жазып тұр бүгін.

Шапағатты шақтың куәсі,

Ұмытар осы жылды кім.

Осынау мектеп еңселі,

Арналған Нұндай ағама.

Құрметтің шексіз өлшемі,

Өтсе де жылдар арада.

Ұрпақтар үні жалғасты,

Өркенін жайып барады.

Осында өтті алғашқы,

Жұбаевтану сабағы.

Мәңгіліктердің кепілі,

Жақсының қалар атағы.

Көңілдің жоқ-ақ кетігі,

Беріп тұр өзі батаны.

Ардақтысын сыйлаған,

Халқым да менің ардақты.

Ғасырдың жүгін жинаған,

Салтым да менің ардақты.

Алдағы күнге жол шегер,

Жұбаев шыңы жоғары.

Маңғыстау аман болса егер,

Нұн аға аман болады.

Сілкінді Маңғыстаудың кең алабы,

Сөз нұры тіл ұшына оралады.

Бүгін жұрт Нұн аға боп сөз айтады,

Жұбаев ауасымен дем алады.

Алпыста Маңғыстаудың саңлағы,

Бүгін жұрт Нұн ағаны сағынады.

Ол бүгін ортамызда болмаса да,

Тірі желеп-жебеп әруағы.

Маздады Нұн ағаның күні бүгін,

Күмбірлеп қоңырау шалды үні бүгін.

Жан-жақтан ұрпақтары жиналып кеп,

Көрсетті Нұн ағаның ірілігін.

Нұн аға ұлылармен иықтасым,

Біледі ел туған елдің ұмытпасын.

Қалың елің қазағың бүгін сені

Құрметпен еске алып тұр, иіп басын.

Әзірбайжан Қонарбаев 25 желтоқсан 1995 жыл.

ЕР МЕРЕЙІ – ЕЛ МЕРЕЙІ

Қазақстан Республикасының үкіметі үстіміздегі жылы Маңғыстау облысы әкімі мен Ақтау политехникалық институты ұжымының ұсыныстарын қолдай отырып, 1996 жылғы мамырдың 22-24 аралығында техника ғылымдарының докторы, профессор, республика Ғылым академиясы сейсмология институтының тұңғыш директоры Нұн Жұбайұлы Жұбаевтың туғанына 60 жыл толуына арналған «Қазақстанда механика, геофизика, мұнай, газ, энергетика, химия салаларындағы ғылым мен техниканы дамытудың проблемалары мен болашағы» деген тақырыпта Ақтау қаласында халықаралық ғылыми-техникалық конференция өткізу жөнінде өкім шығарған еді. Қазір облысымызда аса ірі мәнді шараны ұйымдастырып, өткізуге байланысты әзірлік жұмыстары аяқталып келеді.

Біздің тілшіміз Ақтау политехникалық институтының ректоры, профессор, Қазақстан жоғарғы мектептер, Ғылым академиясының мүше-корреспонденті Есберген Тоқшылықұлы Божановпен кездесіп, жұмыстың қазіргі барысы туралы әңгімелеп беруді сұраған еді.

— Есберген Тоқшылықұлы, «екі той бір келді» дегендей, Маңғыстаудан шыққан алғашқы техникалық ғылымдар докторы Нұн ағамыздың 60 жылдық мерейтойына арналған халықаралық сипаттағы мәртебелі шара өзіңіз басқарып отырған түбектегі алғашқы жоғарғы оқу орнының ірге көтергеніне 20 жыл толуымен ұштасып отыр екен. Тойларыңыз құтты болсын.

— Рахмет, сау болыңыз. Атағы біздікі болғанымен, тойдың қуанышы баршамызға ортақ. Институтымыздың 20 жылдығы өз алдына әңгіме, оған кейін бөлек орала жатармыз. Мен сөзімді еліміздің, оның ішінде алдымен түбегіміздің мерейін көтеріп, мәртебесін өсіретін Нұн ағамыздың халықаралық сипатта өткелі отырған тойынан бастайын.

— Ерік өзіңізде.

— Ежелгі Маңғыстау – аруағымен еліне пана болған пір Бекеттің, қайратымен халқына пана болған талай батырлардың, аузымен құс тістеген шешендердің, ақиық ақындардың, дүлділ күйшілердің, жағы талмас жыршылардың кіндік қаны тамған киелі жер. Нұн Жұбаев та дарынымен дара шыққан осы киелі жердің сондай санаулы перзенттерінің бірі. Ол 1935 жылы желтоқсанның 25-де Маңғыстау ауданының Тұщыбек ауылында Жұбай ұстаның отбасында дүниеге келді. Шахта орта мектебінің түлегі, өзінің еңбек жолын жұмысшылықтан бастады. 1959 жылы Қазақ Мемлекеттік университетінің физика-математика факультетін бітіргеннен кейін біржолата ғылымға ден қойған ол, ғылым әлемінде өзінің лайықты орнын алды. Ол замандастарын геология және механика ғылымдары саласында өзін аса көрнекті ғалым ретінде мойындатқан және өзінің ғылыми мұрасымен кейінгілерді де мойындатып келе жатқан адам. Ғалымның еңбегі мен өмірі жөнінде айтылар әңгіме әлі де кезегін күтіп жатыр және ол айтылады деп ойлаймын.

Мен білетін бір ақиқат нәрсе, дарынымен дара шыққан ғалым Нұн Жұбаевтың есімі өзін марапаттау мен мадақтауды қажет етпейді, қайта басқалардың алдында оның есімімен біз мақтана аламыз және солай болуға тиісті.

Сондықтан тағы да қайталап айтамын, ұлағатты жерлесіміздің рухына көрсетілгелі отырған құрмет еліміздің мерейін көтеріп, мәртебесін өсірер шара. Ер мерейі – ел мерейі дегеніміз осы болса керек.

— Енді әңгіме басын осы мәртебелі шараның қашан, қайда, қалай өтетіндігіне тіресек.

— Мұндай халықаралық сипаттағы көлемді шара бізде бұрын-соңды өткізілген емес. Ғылыми конференцияның ұйымдастыру комитетіне Премьер-министрдің орынбасары Иманғали Нұрғалиұлы Тасмағанбетовтың төрағалық етуі бұған қаншалықты көңіл бөлініп, маңыз беріліп отырғандығын аңғартса керек.

Ал ауқымдылығы жағына келсек, конференцияға ТМД елдерімен бірге, алыс шет елдерден де, атап айтқанда, АҚШ-тан, Жапониядан, Түркиядан, Израильден өкілдер қатысады деп күтілуде.

Біздің жіберген шақыруымызға байланысты, қазірдің өзінде Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстан, Түркия, Израиль ғалымдарынан баяндамалардың желісі келіп түсті. Енді АҚШ және Жапония ғалымдарынан осындай желілер күтіп отырмыз.

Түскен желілер мамырдың 22-23-не дейін жинақ болып шығарылады.

— Сонда таяу және алыс шет елдерден келетін қонақтар саны қанша болғаны?

— Шамасы қонақтар саны – 50-80. Оған республикамыздың әр түрлі аймақтарының келетін 120 адамды қосыңыз.

— Мұншама адамды орналастырып, күтіп қызмет көрсету оңай емес екен.

— Қонақжай халық деген атағымыз бар емес пе. Ол жағы ойластырылған. Әкімшілік тарапынан облыстың іргелі кәсіпорындары мен ұйымдарына арнайы тапсырма берілді.

— Иә, ауыл болсаң, қауым бол! Жүкті жұмыла көтергенге не жетсін.

— Өзі де солай. Осы орайда облыс әкімі Вячеслав Леонидович Левитиннің өзі бас болып, осы игі іске ұйтқы болып отырғанын айту керек. Біз бәрімізге де біраз жауапкершілік жүктейтін бұл шараға белсене атсалысып жүрген «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамының президенті Меңдеш Халелұлы Салықовтың, «Өзенмұнайгаз» өндірістік бірлестігінің бас директоры Жақсылық Смағұлұлы Жанғазиевтің, әсіресе директорлар кеңесінің төрағасы Тарас Мәжитұлы Қасымовтың қолдау, көмектеріне шексіз ризамыз. Маңғыстау ауданының әкімі Аманжол Жұнекешұлы Қартбаев жөнінде де осыны айтар едік.

— Келесі сұрақ. Конференция жұмысы қалай басталып, қалай аяқталады?

— Ол шығарылып жатқан бағдарламада көрініс тапқан. Мамырдың 22-сі күні «Денсаулық» акционерлік қоғамында конференция секцияларының пленарлық мәжілісімен ашылып, түс қайта әр секция жеке-жеке жұмыс істейді. Секциялар саны сегіз. Оларды түгендеп, уақыт алмай-ақ қоялық. Ал, жетекшілеріне келсек, олар: академик Ж.С. Ержанов, академик Ш.С.Смағұлов, Түрікменстан Ғылым академиясының академигі Қ.Н.Аманниязов, академик Г.Д.Закимбаева, Ресей Ғылым академиясының мүше-корреспонденті В.Н.Монахов, профессор К.С.Бәйішов, академик Н.К.Мамыров, профессор Ю.А.Казанский.

Секциялар жұмысы Нұн Жұбаев туралы деректермен қорытындыланып отырылады.

Мамырдың 23-і күні мерекелік шара ғалымның туған жері – Маңғыстау ауданында жалғасады. Қонақтар ол оқыған мектепте болады, оның өскен ортасы – ауыл адамдарымен дидарласады. Соңында Нұн ағамыздың інісі Сұлтан Жұбаев, туған тумаластары, жалпы жұртшылық қауымдасып, ғалымның рухына бағыштап, еске алу рәсімін ұйымдастыруды ұйғарып отыр.

Конференция мамырдың 24-і күні аяқталады. Қорытындысы бойынша Қазақстан республикасында ғылым мен техниканы дамыту туралы шешімдер мен ұсыныстар қабылданады.

Конференцияға қатысушылар Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметіне арнап, Үндеу қабылдайды.

Сарапшылар ұсынысымен конференцияда жасалған баяндамалардың іріктеліп алынғандары республика Білім министрлігінің «ізденіс» атты ғылыми журналында жарық көреді, кейбіреулерін шетелдік журналдарда басып шығару көзделуде. Мерекелік шара бойынша қазіргі жоспарланып отырған бағдарламамыз әзірге осындай. Конференция жұмысы барысында бұл жоспарымызға түзету енгізілуі де ықтимал.

— Есберген Тоқшылықұлы, конференцияның практикалық нәтижесі жөніндегі пікіріңіз.

— Пікірім... Пікір мынадай; бірден айта кетейін, мұндай халықаралық сипаттағы салиқалы шара арқылы біз өз атағымызды шығарудан аулақпыз. Жалпыға мәлім, ғылым шекара дегенді білмейді және өзара тығыз байланыссыз әркім өз-өзімен тұйықталып, өмір сүре алмайды. Әр түрлі елдердің ғалымдарымен байланысты одан әрі нығайту, бір-бірімізден өзара үйрену ғана белгілі бір нәтижеге жеткізе алады. Өткізгелі отырған шараның мән-мазмұны да міне, осында. Алдағы ғылыми конференцияның осы мақсатқа қызмет ететіндігіге сенеміз.

Мәселенің практикалық тұрғысынан өз өмірімізге қатысты бір мысал келтірейін. Осы конференцияға Түрікменстан Ғылым академиясының академигі Қ.Н.Аманниязов және өзіміз (В.Левитин, Е.Божанов, Е.Мохмотов) болып, «Маңғыстау облысының табиғи ресустарын игеру және экологиялық жағдайды сауықтыру проблемалары» деген мәселе ұсынып отырмыз. Мақсатымыз – табиғаттың жаратылысы бөлек Каспий теңізінің, аймағымыздың қазіргі экологиялық жағдайына халықаралық ұйымдардың назарын аудару, пікір қалыптастыру. Бұл әзірге ниет қана. Ал ойымыз тек әңгіме күйінде қалмай, болашақта нақты іске айналса деген арман бар. Олай болып, жатса Нұн ағамыздың аруағы риза, біз де ризамыз. Жалпы одан үміттіміз.

— Әңгімеңізге рахмет. Тілегіңіз лайымда оңынан оралсын.

Сұхбатты жүргізген А.Сүйеров «Маңғыстау» газеті. 23 сәуір. 1996 жыл.

ҒЫЛЫМДА ШЕКАРА БОЛМАҚ ЕМЕС

Ақтау қаласында механика, геофизика, мұнай, газ, энергетика және химия салаларындағы Қазақстан ғылымы мен техникасын дамытудың проблемалары мен келешегі мәселелеріне арналған халықаралық ғылыми-техникалық конференция өз жұмысын аяқтады. Ол біздің ғалым жерлесіміз Нұн Жұбайұлы Жұбаевқа арналған болатын.

Нұн Жұбаевтың өзі қазір біздің арамызда болмаса да, ғылыми баяндамасы жасалды ғалымдардың бұл форумының пленарлық мәжілісінде оның. Оны жақсы білмейтіндердің ғалымның өмірбаяны мен ҚР Министрлер кабинеті, Маңғыстау облыстық әкімшілігі мен Ш.Е.Есенов атындағы Ақтау политехникалық институтының арнайы шығарған, бұрын жарық көрмеген еңбектерімен, фотостенділермен танысуларына мүмкіндік туды.

Бір атап айтарлығы, конференцияның мемлекеттің егемендігі және озық ой-пікір, идея, жоспарларды ашық айтуға кеңінен жол ашылып отырған жағдайында ғылымды дамытудағы жаңа кезеңге Президент пен Үкіметтің айрықша мән беріп отырған мезгілімен тұспа-тұс келуі.

Москвада М.Ломоносов атындағы ММУ-нің ғылыми кеңесінің кеңейтілген мәжілісінде сөз сөйлегенінде Н.Назарбаев былай деген еді: «Мен үшін саясат пен күнделікті өмірде ғылыми этностың жоғары принциптерін неғұрлым кеңінен тартудың принципті маңызы бар».

Ғылымның маңыздылығында сөз жоқ. Алайда, ол үкімет іргелі мәселелерді шешу үшін ғалымдарға назар ұстанғанында мүлде ерекше роль атқара түседі. Осындай мәселелер қатарына Жер экологиясы, энергетика, Каспий проблемаларын қосуға болады. Айтқандайын. осылардың соңғысы әртүрлі елдердің ғалымдарының басын талай жерде тоғыстырып та жүр. Ғалымдар бұл тақырыпты біз сөз етіп отырған конференцияда да айналып өткен жоқ. Әрине, мұнда көтерілген мәселелердің жалпы ауқымы әлдеқайда кеңірек. Конференция күндерінде ғылымның түрлі бағыттарындағы сегіз секция жұмыс жасады. Бұл секциялардың атауларын атап өтудің өзі көп мәселені аша түседі, әріптестердің талқылауына ұсынылған ғылыми идеялардың сан қырлылығы туралы түсінік береді: геофизика және сейсмология, механика және қолданбалы математика, геология және мұнай-газ кен орындарын барлау, химия және мұнай мен газдың химиялық технологиясы, мұнай-газ кен орындарын ашу және скважиналарды бұрғылау, экология және қоршаған ортаны қорғау, отын-энергетика кешені экономикасы, атом энергетикасы – осы секциялардың кез келгені арнаулы институттарды құруға лайық.

Конференция ғылыми жұмыстардан басқа үлкен мәдени бағдарламаға толы болғанын ескергенде, олардың бәрі-бәріне бірдей үлгеруге мүмкіндік табылмайтындай көрінер еді. Алайда республика вице-премьері И.Н.Тасмағанбетов төрағасы болған ұйымдастыру комитеті ғылымның бағалы айсбергтерінің, яғни сөйлеушілер сөздерінің (олардың негізін алдын-ала жіберілген 500-ден астам баяндама құрайды) сақталып, кәдеге жаратылуын алдын-ала ойластырған еді. Мұның куәсі – аталғандай көлемді баяндамалардың басты-басты тезистерінен тұратын 359 беттік, жақсы безендірілген кітап. Сол арқылы кез келген ғалым немесе маман өздерін қызықтыратын ғылым мен салалар бойынша әріптестерінің зерттеулерімен таныса алады. Ғалымдардың ең назар аударарлық құнды еңбектерін жеке жинақ етіп шығару, алыс, жақын шет елдердің түрлі басылымдары беттерінде жариялау көзделуде.

Салыстырмалы түрде қарағанда, біздің жас облысымыз үшін мұндай конференцияның өтуі – үлкен әрі айта қаларлықтай оқиға. Оны өткізуге қатысты барлық мәселелерді облыс әкімшілігі үйлестіріп отырды. Ортақ істі әзірлеу мен өткізуге «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ-ның президенті М.Салықов, «Өзенмұнайгаз» өндірістік бірлестігінің бас директоры Ж.Жанғазиев, директорлар кеңесінің төрағасы Т.Қасымов үлкен үлес қосты. Нұн Жұбаевтың туған өңірі Маңғыстау ауданында кең көлемді бағдарлама бойынша шаралар өткізіп, қонақтарды қарсы алуда да әкімшілік, ел азаматтары, ғалымның туған-туысқандары аз еңбек сіңірген жоқ.

Ғылыми-техникалық конференциядан тез арада практикалық нәтижелер, немесе дайын техникалық шешімдер күту әу бастан-ақ межеленбеген болатын. Әйткенмен, конференция мезгіл қойып отырған басты міндеттердің бірінің талабынан шықты деуге болады. Бұл шара ең бастысы ойдағыдай өтті, әрі ғылыми ізденістегі заңды интеграциялық процеске қолдау білдірді. Тіпті бұл тақырыпты атап айтпай-ақ, өзінің жұмысы барысында бір кезде ғылымды бөлшектеуге дейін жеткізген тарихи қателерге түзетулер енгізді. Нағыз ғылым мемлекеттік немесе адамдарды алалайтындай басқа да шекараларды білмейтінін іс жүзінде көрсетті. Керісінше ғылым өзінің прогрессивтік роліне сай, өзгеше ойлай алатын, қоғамды жасандырушы ғалымдардың басын біріктіріп, қызмет етуге тиіс.

Конференция өз жұмысын аяқтады деп айтуға болады. Әйткенмен, жан-жаққа аттанып кеткен ғалымдар, қонақтар осында бастау алған тың жұмыстарды одан әрі жалғастыратыны күмән туғызбайды. Сөз жоқ, олардың ақыл-ойларының қайнарлары шекара шекке қарамастан барша адам баласының игілігі үшін қызмет ете беретін болады.

Ю.Кононенко, Ғ.Әріпов

«Маңғыстау» газеті. 28.05.1996 жыл.

ҒЫЛЫМИ ОРТАЛЫҚ ҚҰРЫЛСА

Тұщыбек – әңгімеге арқау болғалы отырған, кеше ғана ажал арамыздан алып кеткен, жасынан зерек, туысынан зейінді, кейін өзінің еңбегімен зиялы қауымның ортасынан өз орынын тауып, әлемдік ғылымның танымал маманы атанған ғалым, күрделі де қиын ғылым саласында еңбек етіп, табысқа жеткен, жер асты қопарылыстарының себептері мен жер сілкіністерінің сырын ашып, осы ғылымды дамытуға үлес қосқан өлкеміздің жарық жұлдызы Нұн Жұбайұлының өмірге келіп, балалық шағын өткізген жері.

Әкесі Жұбай қоңыр дауысты, жылы үнмен өмірдің өткендерін әңгіме етуге жетік кісі болатын. Өз басын дәріптеуді көздемейтін. Өмір бойы шаруамен қоса темірмен айналысқан құрыш денелі ұста болатын.

Нұн өз анасымен ерте қоштасып, тек әке тәрбиесінде өсті. Демек, әкенің көргені мен естігенінен, оның еңбегінің қыры мен сырынан толық хабардар болатын. Ендеше ол өскен ауылдың табиғаты сияқты әкенің де, оның замандастарының да ғылым жолындағы еңбегін ұштауға ықпалы болғандығы түсінікті. Аты мен еңбегі мақтаныш болған осындай асыл жан туралы әңгімелеу бүгіндері керек-ақ сияқты. Тағдыр тап қылып Нұн Жұбайұлымен кездесудің бұйырғаны да көңілге жылылық әкеледі. 1951-1952 оқу жылында Жыңғылдыда орта мектептің ашылғанына екінші жылға аяқ басқанда менің сонда мұғалімдік қызмет атқаруыма тура келді. Онда тоғызыншы класта 3 қыз, 11 ұл оқиды екен. Артынан олардың 8-і облысқа танымал ұстаз болды. Біреуінен басқасы әртүрлі мамандық иесі атанды. Нұн өмірін ғылым жолына бағыштады. Сол кездің өзінде ақ көңіл, бауырмалдығымен қоса, оқу, еңбекке ұмтылысының басымдылығы танылатын. Ісіне жауаптылығын білетінмін. Ол кезде мектептерде математика пәні осы атаудан өзге, бірнеше пән болып аталатын. 1-5-сыныптарда арифметика, 6-сыныптан бастап алгебра, геометрия, 9-сыныпта тригонометрия пәнімен толықтырылатын. Маған осы 9-сыныпта алгебра, геометрия, тригонометрия, физика пәндерін жүргізу міндеті жүктелген еді. Міне, осы тұстарда Нұнның қандай қабілетінің бар екендігі айқындала түсті.

Менің өзімнің математиканы оқытқан ұстазым Төрай Шоңқалұлы мен Нұнға географиядан сабақ берген ұстазы Қайырғали Кенжалыұлының талапкерлігі қатты ұнайтын. Сол Қайырекем географиядан аймақтардың карталарын дәптерге өзгертілген өлшемдермен орындауды тұрақты тапсыратын. Осы жұмысты орындау кезінде Нұнның өзінен кішілерге көмектесетін екі ісіне назар аударған едім. Оның бірі – карталардағы темір жолдарды ең соңынан орындауды ұсынып, қарындаштың ұшын баптап, қос айрық етіп алып сызып көрсетіп отырғаны еді. Екіншісі, әлгі ұштағанда түскен үгінділерді сәл ылғалданған қағазға жұқтырып алып, картадағы кескіндерді салудың, оның қоюлануы мен жұқалануын түсіндірген кездерін білетінмін. Ал математикалық өрнектерді түрлендіру. теңдеулер мен теңсіздіктерді шешудегі құмарлығы қызықтауға тұратын. Бірде күрделі бір теңдеуді теңдік белгісінің екі жағындағы бөліктерінің орындарын ауыстырып жазып, жаңа теңдіктің мағынасында қандай өзгеріс болды екен деп ой қозғап отыр екен. Мені көргенде күлімсіреп, ыңғайсызданғандай болды. Мен оның ыңғайсыздануының себебін басқаша емес, «сіздің келгеніңізді байқамай қалыппын» дегендей сезіндім. Нұн сабаққа қатысты материалдарды баялдап не түсіндірген кезде, сондай-ақ, жалпы әңгімелесу кезінде өз ойын бүкпесіз, ашық жеткізетін. Оның ақылды да, адал, ақ көңілділігі осылай қалыптасқан болар. Осы оқу жылынан соң Нұнмен университеттің бірінші және екінші курстарын бітіріп келгенде кездесіп, сөйлесіп, оның қалай өсіп, жетіліп келе жатқанын білдім. Әкесі Жұбай ақсақалмен ауылдас болдым, онымен де әңгімелесіп тұруыма себепші болды. Екінші курсты бітіріп келгенде өкпе ауруына шалдығып, оқуда үзіліс болатындай назырқады. Көпті көрген әкесінің кеңестері мен оның жағдай жасап емдегені айтарлықтай нәтиже берді. Қымыз, Тұщыбектің таңғы және бесіндегі ауасы мен күн көзінің қызуы, екі айдан астам уақыт күтім, әкенің ниеті мүлдем сауықтырып жіберді оны. Нұнның бұл сауығып кеткенінен соң көп ұзамай атақты ғалым Қаныш Имантайұлымен кездесіп, оқып жүріп, осындай дертке шалдығып, арқаның күні мен қымызынан құлан-таза жазылдым дегенін өз аузынан естіген едім. Бұдан соң ол аспирантурада оқып жүргенде Атырау қаласында курста жүріп кездестім. Менімен амандасу үшін іздеп келген екен. Біраз отырып әңгімелестік. Денсаулығының біз білетін дертінен құтылыпты. Орта көріп, ғылым жолындағы еңбегінің нәтижесін күткендей. Кандидаттық еңбектің дайындығын айта отырып, назар аударған бір әңгімесі әлі есімде. Ол оқу орнын бітіргендердің ғылыми қызметке қатысуы керектігіне көңіл бөлуді қолайлап отырды. Ойын сараптап жеткізді. Болашаққа деген көзқарасы толысып, тереңдей түскен. Саясат құмарлықтан, гөрі ғылымға бағыт алған қадамын көргендей болдым.

Арада біршама уақыт өтіп, докторлық еңбегін қорғады. Сол күндері Алматыда болуыма байланысты, кездесудің сәті түскенін айтам-ау. Баяғы көңілмен құшақтасып, көрістік. Әбден мәз болды. Балаларының атын атап, таныстырып жатты. Сөз арасында жазған еңбегін қолыма ұстатты. Алматының «Қазақстан» қонақ үйіндегі орныма келе, Нұнның докторлық еңбегін қайта-қайта оқимын. Дұрыс оқып шыққаным өзіме аян. Бірақ түсінетіндей қабылдағаным жоқ. Ойлаймын: «Сонда қалай? Кешегі ұстаз бүгінгі шәкіртінің еңбегін ең болмағанда оқып, түсіне алмаса, оның несі ұстаз? Ұстаздан шәкірт озады дейді екен аталарымыз». Өзімше математиканы терең болмаса да, арифметикасын меңгергендей шамадамын ғой деп жүргенде, Нұнның қиянға самғауы қанағаттандырғандай болды мені. Маңғыстаудың мақтанышы атанған, үлкен ғылымның ортасынан сенімді орын алған Нұн еңбегінің адамзат үшін атқарар қызметінің жемісін бүгінгі және келешек ұрпақ қызықтайтыны анық. Ол еңбек – мәңгілік. Жалғасын тауып жасай берері де шындық.

Мұндай азды-көпті есте қалғандарды жазуға себеп – ғалым Нұн Жұбайұлының ғылыми еңбегінің негізінде осында ғылыми-практикалық семинар болады деген хабар. Ғылыми конференция да, ғылыми семинар да өтер, өтуі де дұрыс және керек те шығар. Нұн еңбегінің бағасы да берілер. Ал Нұнның қысқа болса да өмір жолы, еңбек жолы, ғылым төрінен алған орыны, еңбегінің келешегі, мұрасы, оның туған топырағының тарихын, елінің қадірін, өскен ортасын танытатын екінші бір тың тақырып туралы еңбек жазылса, ол бір жағы ғылым саласына қосылатын туынды болады демекпіз. Тамаша ғалымның мұрасы байытылып, өз жерлестеріне танымал етілуі ойлануға тұрады. Біздіңше, ғылыми семинар өткізіп, ғылыми тұжырымдар, бағыттар белгілеумен бірге, оның одан кейінгі дамуын, оған жастардың қатысуын қарастыру керек секілді. Ол үшін негіз боларлық жол белгілене ме? Ғалымның өз басының танымалдылығы мен өз орнын айқындайтын тұжырымдар, бағыттар қандай? Осы бір үлкен бас қосудан соң қолдау тапқан қорытындылар қағазға түсіп, ізі қалмайтындай болса... Азды-көпті салтанат шеруімен көңіл, толғанды қанағат етумен шектелмесек. Есте қалдыру үшін бір мектеп, не ауылды ғалым атымен атуға шешім алынса. Өлкеміздің экономикасының қазіргісі, келешегі негізделген бе? Өткен жолдарымыз талдаулы ма? Облыста кеңес одағы кезінде тұрғын үй салынғанда тұрғындар үшін жарамсыз жобаларды амалсыздықтан пайдаланғанымызды білеміз. Мәдени әлеуметтік, тұрмыстық құрылыстарды салғандағы жобаларды іздесең таба алмайсың. Энергияларды пайдаланудың жобалары да таптырмайды. Өткенімізден деректер алатын жинақтар жоқ. Мұндай жағдайлар облыстық ғылыми орталық деп аталатын мекеменің болуын қажет етеді. Оны ғылыми институт, ғылыми академия деп атамай-ақ қоялық. Бірақ осындай орталық керек. Міне, осы орталық Нұн Жұбайұлының атымен аталуына тұрады. Және өткізгелі отырған ғылыми форумның ұсынуына, оның шешімін табуына зиялы қауымның, іс басындағы жауапты жұмыс адамдарының назар аударуы керек-ақ. Ал ол орталықтың құрамына кіретін мекемелер, кәсіпорындағы бөлімдер аз болмаса керек. Толып жатқан салалық жобалау және есептеу бөлімдері, жобалау институттары, олардың архив бөлімдері, архив, кітапхана, күш біріктіріп, жұмыс жасауға ден қойып, ықылас танытса, жақсы. Мұндай орталықта ғалымдарымыз Нұн Жұбайұлының, Естөре Оразақұлының, Мекерия Әйтімұлының, Берекет Жұмалыұлының, Оразмағанбет Тұрмағанбетұлының еңбектерін сақтауға болар еді. Одан өзіміздегі, алыс-жақын шет елдердегі ғылыми еңбектердің өз орнын алары да анық.

Біздіңше мұндай орталықты ұйымдастыру көп мөлшерде қаржы жұмсауды қажет етпейді. Облыстың ішкі мүмкіндіктерін шеберлікпен ұйымдастырып, күш біріктіру қажет. Орталық облыс экономикасын көтеруге көмектесетін болады.

Сисен Боқыбайұлы «Маңғыстау» газеті. 21 мамыр, 1996 жыл.

ЕСІМІ ЕСТЕН КЕТПЕЙДІ

Биылғы оқу жылынан бастап, ауданымыздағы бұрынғы №4 орта мектеп Нұн Жұбаев атындағы орта мектеп болып қайта аталды. Бұл өте құптарлық іс болды. Сонда да кейбіреулердің «Осы мектепке атын берерліктей Жұбаевтың қандай еңбегі болып еді?» деген негізсіз айтылған сөздерін естігенде, ойға қаласың. Егер білмесеңіз, сұрап алғанның айыбы жоқ қой. Ал мен Нұн туралы өзім білетін қысқаша естелігімді айтып берейін.

Мен Жұбаев Нұнды 1950 жылдан бастап жақсы білемін. Оған үш жыл бойы (8, 9, 10-сыныптарда) математикадан сабақ бердім. Нұн барлық пәнді де, оның ішінде математиканы ерекше жақсы оқитын. Соның нәтижесінде математикадағы оның жылдық бағасы «өте жақсы» болатын. Сол білімнің арқасында ол ҚазМУ-дің физика-математика факультетін үздік дипломмен бітіріп шықты.

Нұн одан әрі білімін жетілдіріп, ғылым жолына тереңдей берді. Осындай зор еңбектің нәтижесінде ол техника ғылымының докторы атағына ие болды. Профессор, Қазақстан Ғылым академиясы сейсмология институтының директоры болып істеді. Нұн бала күнінен зерек болумен қатар, өте кішіпейіл еді. Ол 10-шы сыныпты үздік оқып жүрсе де, бастауыш сыныпта сабақ беретін мұғалімдердің алдынан кесе көлденең өтпейтін. Үлкенге де, кішіге де қолынан келген жақсылығын аямаушы еді. Сөзім құрғақ болмауы үшін, мына бір жайды айта кеткім келеді.

Ол менің ініммен бірге оқыды. Сол інім аяғы ауырып, бір-екі ай үйде жатты. Бір күні інімді арқалап, киноға апарып, қайтадан үйге әкеліпті. Сырқат жолдасына бұдан артық қандай қайрымдылық керек еді. Інім (осы кезде Жетібай кентінде тұрады) сол жақсылығын осы кезге дейін аузынан тастамай айтып отырады. Мен Нұнды туған інімнен кем көрмейтін едім. Бір жылғы жазғы демалысымда (ол кезде ауылым Индер ауданында еді) ауылға жүрерде жаңа костюмімді Нұнға сыйладым. Бұл жерде бергенімді айтып мақтанайын деп отырғаным жоқ. Менің өзін жақсы көретіндіктен сыйлап отырғанымды түсініп, оның қабылдауы үлкен адамгершілігі деп есептеймін.

Нұн Жұбаев ҚазМУ-ге түскеннен кейін маған хат жазып тұрды. Онда жазылған жан тебірентерлік сөздері әлі есімде. Докторлық диссертация қорғағаннан кейін өзі жазған бір кітабын маған сыйлады. Ол кітабы осы уақытқа дейін менде сақтаулы. Демалыстарында елге келген сайын маған арнайы келіп, амандасып тұратын. Соңғы келуінде мен ауылда жоқ болып, кездесе алмадым. Әттең дүние-ай, сонда оны енді қайта көре алмайтынымды білсемші. Осындай еңбегімен елге танылған азамат небары елу үш жыл ғана ғұмыр кешті. Қандай аянышты еді. Оның өзі өлсе де, ғылым саласында мәңгі өшпестей із қалдырды. Шәкірті өзінен озған ұстаз бақытты деген сөз бар ғой. Осыларды айта келіп, қазіргі жастардың Нұнның өмірінен үлгі алып, сол ағаларындай үлкен азамат болуларын шын жүректен қалар едім. Осындай түбегіміздің аяулы азаматтарын қадір тұту, олардың ұлағатты есімдерін кейінгі ұрпақтарға үлгі ету – бүгінгі күні назарға алынып отыр. Осындай ата дәстүріміз лайым жалғасын таба берсін!

Хисметолла Рахимов «Маңғыстау» газеті. 27 қазан. 1990 жыл.

БАРШАМЫЗДЫҢ МАҚТАНЫШЫМЫЗ

Әр тұлғаға құрмет пен ниет, бүкілхалықтық қызмет оның өз өріс өнегесіне орай өлшенері елге аян. Міне, бүгінгі Нұнға деген құрмет мемлекеттік деңгейде, тіпті, халықаралық симпозиумдық өреде аталып өтілетіндігі бүкіл ел-жұртты, әсіресе оның құрбы-тұрғыластарын ең алдымен қуантты.

Мен аса қадірлі Нұн Жұбайұлының 1946 жылдан 1953 жылға дейін қазіргі Есір Айшуақұлы атындағы және Шахта орта мектептерінде, орта мектеп бітіргенге дейін жұп жазбастан бірге оқыған парталасымын. Одан кейінгі оған қамшының сабындай қысқа да, мәнді ғұмыры сыйлаған жетістіктеріне қуана қол соққан қара ормандай қалың достарының бірімін. Онымен балалық шақтың нендей қызығын да бірге кештік. Біздер – тағдырлары тас маңдай ұрпақтармыз: тағдыр бізге, біз тұрғыластарға тек қиындығын ғана сыйлады. Жадау көңіл ұландар жалаң аяқ қар кештік, қалт-құлт күн кештік. Талғажау да таппадық. Тағдыр бізден өшпестей өш алды, аяусыз тезіне салды. Өмірді өксумен ғана өткіздік.

Нұн анадан ертерек айрылды, ал оның тумаластары – Қараша мен Сұлтан аналарынан тым қаршадайларынан қалды. Содан да шешесінен айрылған шер көңіл ұлан – Нұн әсіресе соңғы үш-төрт жыл жабырқаулау болғаны анық. Алғашқы үш-төрт сыныбынан басқа жылдарының бәрінде дерлік ол Жыңғылдының интернатында жатып оқыды. «Оқыды» демекші, ол өзін әр жылдары оқытқан мұғалімдері жайлы айтқанда, Тұщыбек орталау мектебінде сол жылдары бастауыш сыныптарда дәріс берген ұстаздары: мектеп директоры – Сәду Нұрниязұлы, Мәзілхан Сақиқызы, Ақжігіт Қожамбетұлы, Нұрғайын Ақмолдин және басқаларын аузынан еш тастамайтын. Оларға ылғи алғыс айтатын.

Біз білетін Есендәулет әулеті, әсіресе Жұбекеңнің өз ұрпақтары шеттерінен өте қарапайым да тұщылықты пір тұтқандар, олардың нағыз «дуадақ қонған боз төбе» екендіктеріне өзімнің алдымен Нұнмен мектептегі достастығымнан басталған және Тұщыбекте ұстаздық етіп, олармен жақын аралас болған жылдарым арқылы да және одан бұрынғы да кейінгі тілеулес те, таныс-білістігім арқылы да көзім жетті дей аламын.

Нұн біз бірге оқыған жылдардың бәрінде де үздіктіктен бір сәт те танбады. Қоғамдық істердің ұйытқысы, ұйымдастырушысы болды. Оқушылар арасындағы рөлі ұстаздарымыз тұрғысында бола алды. Мектептегі құрмет тақтасынан түскен жоқ. Ол мектеп пен интернат өмірінде кездесетін нендей шаруашылық және оңдау, қалпына келтіру жұмыстарында қорсынбай атқарып тастайтын.

Ол үздік оқып, мектеп өміріне барынша белсене араласып, ұстаздардың күнде дерлік алғысқа толы ілтипатына кенеліп жүргенімен, өзеуреген өктем де кеудемсоқ өзімшіл де емес-ті. Сапырған сөзуарлықты тіпті ұнатпайтын да, өте тығыз достарына ғана сыршыл еді. Не айтса да, тап басып, тауып айтып, жолдастарын да, ұстаздарын да мәз етіп, күлкіге кенелтетін. Оған осы айтылғандардың баршасына осы сыр сабаққа қатысып отырған, немесе бірге оқыған: Өтесін, Шырдабай, Сұлтанбек, Қолғанат, Қабыл, Мысабай, Көңіл, Жеткізген, Күләш сияқты сырлас дос, құрбы-тұстастарымыз да, біздерге соңғы жылдарымызда дәріс берген, қазір көненің көзі, алтынның сынығы, «тістің суындай» арамызда жүрген Хисметолла аға, Нұралы аға мен Сисен Боқыбайұлындай аса қадірлі ұстаздарымыз куә.

Көп жылдар онымен дос бола жүріп байқағаным, өз ойыма орнағаны Нұнды сәл еліктегіш деп ойлайтынмын да, бірақ онысын өмір талабынан қалғысы келмейтіндігі мен аса сезімтал да сергектігіне сайғаратынмын. Содан да өз басым ешқашан онысын мін көрген емеспін. Шынында да ол аса сергек те, сезімтал еді. Оған өзім білетін, көңіліме өшпестей орнаған мың сан дерек-дәйектер ішінен тек бір мысал ғана келтірейін: X сынып физика курсы «Аэродинамика» тарауындағы «Отандық авиация, оның атасы Н.Е.Жуковскийдің ғылыми табыстары» тақырыбында Хисекең, осы өзіміздің Хисметолла ағай дәріс беріп тұр. Ұйып та, құныға тыңдап біз отырмыз. Мұғалім түсіндірмесі бойынша менің есімде қалғаны самолеттер жасалғанымен, ол теңдессіз де баға жеткісіз ғылыми өнер тақырыбы болғанымен, алғашында олар жерге дүрс етіп құлай қонатын болған, ұшарда да қауіп қатері аз болмаған. Отандық авиацияның атасы – Николай Егорович Жуковский сан жылдар сарыла іздене жүріп, оларды ұшардағы жайсыздықтардан да, қауіп-қатерден де, әсіресе жерге төсін соға, құлай қонудан да түбірімен құтқаратын қалықтатқыш жаңа тетік – еспевинттер жүйесін ойлап тапқан. Соңынан ол винттер оны ойлап тапқан ғалым-конструктор есімімен қысқартылып «НЕЖ», яғни Николай Егорович Жуковский винттері деп аталынған деген бойда-ақ парталас отырған мені Нұн түртіп қалды да: Базархан, бұл «НЕЖ» Николай Егорович Жуковский деп айтылып жатқанымен, ол шындығында Нұн Есендәулетович Жұбаев деген сөз деп естірте айтып, қасындағы мені де, бірге отырған жолдастарын да күлдіргені бар. (Оқушылық жылдарында ол өзін дәл осылай атағанды қатты ұнататын). Осының өзінен-ақ оның сергектігі мен зеректігіне Сіз де ден қоясыз.

Бір қызығы, Нұн екеуміздің 1952 жылы ортақ пайдаланған сол физика оқулығының 1987 жылдың ақпанында менің қолыма ойда жоқта тап болғаны. Сол жылдары аудан орталығындағы кәсіптік-техникалық училищеде оқып жүрген менің балам Мақсатқа сол оқу орнында физика пәнінен сабақ беріп жүрген Сатамбаева Ақтөре Қайысбайқызы сабағына пайдаланып жүрген қосымша әдебиеттер ішінен ескі физика оқулығын ашып, парақтап, курсант шәкірттеріне көрсетіп: «Мынау мына Мақсат інімнің папасы Базархан ағамыздың бұдан отыз бес жыл бұрынғы, тоғызыншы сыныпта оқып жүргендегі оқулығы, ішіндегі жазбасына қарағанда ол кісі атақты Жұбаев Нұнмен бір сыныпта оқыған», – дегенді айтып, ұстаз қарындасымыз өзінің Нұн жөніндегі әңгімесіне кеңінен тоқталған.

Мақсат қайтып әкелетініне уәде беріп, оны апайынан сұрап алған. Оқулық екі-үш күн менің қолымда болды. Өзі тып-тың. Көзіме оттай басылды. Мұқабасы мен фарзаңында: «Физика. Орта мектептің X класына арналған оқу құралы. КазГИЗ. 1951 жыл» деп жазылған. Мұқабаның ішкі бетінде әрқайсымыздың өз қолымызбен жарыстыра жазған аты-жөндеріміз. Оқулықты ой тоқтата отырып, бастан-аяқ парақтап шығуым сол кездердің көмескілене бастаған кей жайларын көңілге қайта жаңғыртты. Оқулықтың 17-ші бетінің жоғарғы ақ жеріне Нұн өз қолымен екеуміздің аттарымызды тағы да бірінің астына бірін тұтастыра орналастырып, тұсына «екеуі дос» деп жазыпты. Оқулық Ақтөре қарындасқа курсант балам арқылы сол күндердің бірінде қайтарылды. Сұрастыра келгенде, бұл оқулық Қайысекеңнің сол елуінші жылдары Гурьевтің Сарайшығындағы есеп қызметкерлерін дайындайтын арнаулы орта білім беретін жүйдірмелетілген курста оқуының кезіндегі менен де оқулықтар алып, сол оқулықтар қорын мұқияттап жинақтауынан бері қарай сақталған болып шықты.

Ол университетті зәру мамандықтардың бірі – қолданбалы да механика-математика мамандығы бойынша үздік бітіріп шықты. Одақ астанасындағы аспирантураға баруы қаланылды. Әлі есімде, артынша 1961-1962 жылдардың бірінде «Білім және еңбек» (қазіргі «Зерде») журналында: «Олар Москвада, аспирантурада» деген жалпы тақырыппен көлемді материал басылып, онда әңгімеленген 6-7 аспиранттың фотосурет қиықтары қиюластырылған топтамасы берілген еді. Онда Нұннан басқа, қазіргі белгілі ғалым, химия ғылымдарының докторы Немеребай Нұрахметов пен алдымен математика ғылымдарының кандидаты, қазір педагогика ұстаздық ғылымдары докторы, фарабитанушы Ауданбек Көбесовтердің бар екендігі жадымда қалыпты. Кезінде оны тек өзіміз оқып қана қоймай, оқушы шәкірттерімізге Нұнды сырттай танытып, осы материалға сүйеніп, оны үлгі-өнегенің негізі еткеніміз бар.

Кезінде біз оның кандидаттық, докторлық диссертация тақырыптарын ғана атқарып жүрген қызметтерінің аттарын ғана біле алдық. Ол айтқанымен, біз жете ұға алмадық. Содан да болса керек, оның алдында өзіміздің өремізді тым шарғалау санайтынбыз. Бір жақсысы ол бәрін ұқтырамын деп, біз сияқтыларды да, өзін де мазаламайтын.

Халық даналығы «Күн – ортақ, ай – ортақ, жақсы – ортақ» деп айтады. Нұн – өз топырағымызда өнген сараланған санаулы жақсыларымыздың бірегейі. Ол менікі де, сенікі де, оныкі де емес. Нұн – біздің бәріміздікі. Ол – баршамыздың бақ жұлдызымызға баланар ортақ мақтанышымыз. Содан да ауылымыздың бір туарлары жайында жазылған «Жыңғылдының жұлдыздарындағы»:

Ауылымның Нұн сияқты ғалымы бар,

Өнерпаз, өрен жүйрік Алымы бар.

Меңдалыұлы Алшын да көпке ортақ,

Тақуа, тарихшы, сөзге ділмар.

Мектепке Есір, Сәду, Алшын, Нұн атын беріп,

Іс қылды ел, қуанышты, өрі тәлімі бар... –

деген айшықты жолдар қазір біздің ауылдастарымыздың жадында жатталғандай.

Базархан Сүйеуұлы «Жаңа өмір» 3 сәуір. 1996 жыл.

ӘРБІР ИГІ ІСТЕРІҢ – ЖАННЫҢ ДӘРУ ДАУАСЫ
Көншімей оңғақтық пен өтпеліге,
Зер салғың келсе қазіргі, өткеніңе
Ауданның орталығы Шетпедегі

Кіре ғой, Нұн Жұбаев мектебіне,
Байыпты басшылықтың арқасында
Көп жайтқа дәлізден-ақ көз тояды

Ұжым бұл қол жеткізген көктегіге.

Сол бойда-ақ бір шәкірті жолбасшың боп

Белгілі мұражайға беттеріңе.

Мұнда да талап, талғам, өрелілік –

Игі істің жеге алмайсың шет-шегіне.

Алғаусыз алғысыңды жаудырасың

Ұжымның Нұн Жұбаев атындағы

Жұмыла осынша еңбек еткеніне.

Мұражай Нұнға арналған игі іс бопты –

Үлгі етіп ұсынардай көпке міне!

(Сіздерден өзге тоқпейіл, тоғышарлар

Өздері аласарып қалмау үшін,

Санап жүр өз Нұндарын шеткеріге).

Бір көріп өткеніңде-ақ ұғынасың –

Ұжымның жеткені не, жетпегі не?!

Ізгі іске риза боп, деп ойлайсың

«Нұн өзі осының бәрін жасап кеткені ме?!

Жасаған Алдаберген, Асылбектер
Ырыскүл – зерлі зерде, сөзді тектер
Бәріне тұщынғаннан деп тілейміз
Ұжымның ұстазын да, ұланын да

«Тәңірім, аман сақтап, Өзің жеткер!»
Нұн – менің сыныптас дос, парталасым,

Меңгерген қиын ғылым әр саласын.

Ол – сейсмолог, механик, математик –

Әйтеуір, ту ұстарлық Тұлға еді.

Ол Ғылымдағы нар жүгін тарта алатын,

Ол доктор, профессор, академик –

Кәнеки, қайсысына бар таласың?!

Өкініш – өндір шақта жастай кетті,
Қалайша ол сарылудан шаршамасын,
Шүкірлік, туыс ұрпақ, атында мектебі бар –

Дамылдап алмақ шығар шаршағасын.

Парасаттылықты ұстанған жастан жаны,
Еңбегі – өрге өрлеткен баспалдағы,
Тұлға еді ол – барша елдің мақтанышы,

Менің де Ол – Бақ жұлдызым аспандағы.

Еселі еңбегіне бек түсіне
Сан-сала шара өтпекші Жетпісіне,
Жетпіс емес, мың жылдар жасаса да,

Мұндай іс бұйырмайды тек кісіге.

(Тіпті де ол тиісті емес батпансынған
Малдардай пұл тартарлық шеккісіне)
«Тектіден текті туады» – мұндай құрмет
Тиісті Есендәулет Жұбайұлы

Нұн сияқты тектінің де тектісіне!

Дәл солай, Нұн сыныптас, парталасым,

Болғанмен сіздердің де бар таласың.

Ағаның ордаңызға атын беріп,

Асқақтатып келесіз салтанатын.

Зор міндет – жетпіс жылдық еске алудың

Дәл осында өткізбек бар шарасын....

Ұстаздық та ағалық тілегім сол –

«Әр игі ісің – жанның дару дауасы» – деп,

Тұщынтар тойларыңыз тарқамасын!

Жетпіс жас – арайлысы барша таңның,

Содан да сөздің тінін тарқата алдым.

Мен мұны айтарым да, жазарым да
Ежелгі Греция мифіндегі
Жеріне сүйенгенде ғана жеңіс табар

Антейше мен Сіздерге арқа таңдым!

Базархан Сүйеуұлы, Қазақстан Республикасы халық ағарту ісінің үздігі, Аға мұғалім, Маңғыстау ауданының Құрметті азаматы Жыңғылды аулы, 13 наурыз, 2006 жыл.

ӨЗГЕНІ ӨЗІНЕ ЫНТЫҚ ЕТКЕН

Айрықша жан жайында айту кім-кімге де оңай болмасы анық. Мен сонау 1950-51 оқу жылында аудан орталығы Таушық кентіндегі бір ғана орта мектептің 7-ші сыныбында оқыдым. Қай сыныпта да үздіктер қатарында болған мен, озаттардың мектепаралық слетіне қатынасатындардың құрамында Жыңғылда ауылындағы Куйбышев атындағы мектепке келдім. Сол кездің дәстүр-дағдысы бойынша, мұнда тек үздіктер ғана келіп қойғанымыз жоқ, шағын пьесада ойнаушылар, әнші-бишілер, домбырашылар да келіп, өнер сайысына түседі. Міне, осы сапарда мен Нұн Жұбаев деген оқушыны кездестірдім.

Бала көңілі аңғарғыш, не нәрсені болса да тез қабылдағыш келетін әдеті ғой. Сары шашты, бетінде шұбар дағы бар, ақсары өңді сымбатты жасөспірім сөйлегенде тым қызынып, екпіндеп кетеді екен. Сөздері барынша қысқа қайырымды, ойы ашық, пікірі түйінді. Мектеп жанындағы интернат кеңесінің төрағасы болып қоғамдық қызмет атқарады екен. Оқу үздігі көрінеді. Оқу озаттарының слетінде сөйлеген сөзі өзгелердің назарын өзіне аудартқаны анық еді.

Келесі оқу жылында 9-шы сыныпта Нұн Жұбаев Шахта орта мектебіне оқуға келді. «Мектепте Нұн деген жаңадан келген оқушы оқуға тым зерек екен, мұғалім есептің берілісін жазып болғанда, Нұн есепті шығарып та үлгереді екен» деген сөз гу-гу айтылып жатты. Оқушы біткенде таңдай қағыс, таңданыс. Ондайда оқушы бола ма екен!

Нұн бізден бір сынып жоғары оқыды. Онымен бірге оқудың реті соқпады, әрине. Бірақ қоғамдық жұмыста қатар жүрдік. Мектеп комсомол ұйымының құрамы 9 адамнан бюросы құрылып, соның мүшелігіне сайландық. Осында Нұн да бар еді. Нұн Жұбаевқа интернаттың жұмысына басшылық ету тапсырылды. Ол интернат кеңесінің төрағасы да еді.

Нұн Жұбаевтың ерекшелігі – барынша қысқа, тұжырымды пікір айтып сөйлейтін. Сабағына айтар ештеңе болмайтын, барлық пәндерден үздік оқыды, мақтауы жетіп, артылып жататын.

Алматыға жоғарғы оқу орнына барып түсу бір кезеңде орайласты. Ол физикадан емтихан тапсырғанда, ойын орыс тілінде айтып жеткізу мүмкін болмаған. Емтихан билетіндегі сұраққа байланысты, Нұн самолеттің көтерілу күшінің чертежін қағазға сызып, формуласын кескіндей, мұғалімге меңзеп түсіндірген ғой. Емтихан қабылдаған мұғалім абитуриенттің қабілетіне қатты риза болып, жоғары баға қойып беріпті.

Нұн университетке еш іркіліссіз түсіп оқыды. Алматыдағы жерлес студенттер аракідік бас қосып тұратын дағдымыз бар. Сондай бір ыңғайда «Оқу оңай болмайды. А.С.Пушкин атындағы кітапханадан шықпастан кітаптар оқып, білім толықтырдым, тіл үйрендім, үшінші курста жоғары стипендия алуға мүмкіндік туды» дегенін естігенім бар.

Нұн кітапты көп оқитын, талмай ізденетін, қиялы кең, тым байсалды жігіт еді. Таза, соңғы модамен киінетін, вальсті тамаша билейтін еді. Өлең айтқанын көргенім жоқ.

Біз институтты бітіріп, ауылға қайтатын болдық. Нұн сонда университеттің соңғы курсында еді. «Ауылға оралу ойымда жоқ. Осы оқуымды одан әрі жалғастырсам, ғылым жолына түссем деймін» дегені күні бүгінге дейін сол қалпында естіліп тұрғандай...

Нұн ғылыми жұмыспен бірегей айналысқанын естіп білдік. Ғылым кандидаты, докторы болғанынан да хабарлымыз. Бірақ кездесудің ыңғайы соқпады, сыртынан тілеулес болып, жетістігіне қуанып жүрдік. Қызығына ештеңе шақ келмейтін студенттік жылдарды ел астанасында бірге өткізген біздер Нұнның тым жас шағында о дүниеге аттанғанына қатты толқыдық, жасарға амал жоқ. Биыл Нұн Жұбаевтың ерен еңбегіне арналып, халықаралық көлемде ғылыми конференция өтетінін естіп білу көңілге ерекше бір жылылық ұялатады. Өмірден тым жас аттанған жанның артына қалдырып кеткен мұрасы айрықша, қалдырған ізі мәңгілік екен.

Биыл 60-қа шығатын Нұн Жұбаев біздің жайсаң жолдасымыз еді. Ол өзгені өзіне ынтық еткен, таланты телегей ғалым болатын. Халықаралық ғылыми конференция қарсаңында Нұн жайындағы шағын естелігімді ұсынуды жөн көрдім.

Күләш Әбілхапова «Жаңа өмір» 24 сәуір. 1996 жыл.

БІЗ БІРГЕ ОҚЫҒАН ЕДІК

Мамыр айының жиырмаларында Ақтау политехникалық институтында техника ғылымдарының докторы жерлесіміз, марқұм Жұбаев Нұнға арналған ғылыми конференция өтпекші. Осыған орай, жерлестігімді пайдаланып, әрі бастауыш сыныптарда бірге оқығанымды ескеріп, Нұнның балалық шағын еске алып, бір-екі ауыз сөз естелік жазуды өзімнің парызым деп санаймын.

1942 жылғы 7 қараша күні түс қайта дағы сағат екілердің шамасында немістер Таушыққа бомба тастады. Мен 7-ші шахтадағы бастауыш мектептің екінші сыныбында оқып жүр едім. Осыған дейін көмір шахталары жабылып, төсеніш темір жолдар жиналып, майдан керегіне жіберіліп жатырған. Әкеміздің армияға шақырылуына байланысты, біз өзіміздің туып-өскен колхозымыз Қызыл таңға көшіп келдік. Елде менімен қатар балалардың барлығы да оқымайды екен. Мен де солардың қатарына қосылып жүре бердім.

Келесі оқу жылында қайтадан екінші сыныпқа оқу үшін Тұщыбекке көшіп бардық. Ол кезде Тұщыбек, Қызыл таң екі колхоз, бір ауылдық кеңеске қарайтын. Жеті жылдық мектеп Тұщыбекте. Мектеп сол жылы қолдан басқан балшық кірпіштен салынған, жергілікті жердің тасынан белағаш жасап, төбесін қамыспен жапқан. 1-3 сыныптар бір, 2-4 сыныптар бір мезгілде бір бөлмеде, бір мұғалімнен дәріс алады. Мектеп директоры Нұрниязов Сәду, оқу ісінің меңгерушісі Қазақбаев Нұралы, біздің мұғаліміміз Дінбаева Қалдыкеш, кейіннен Себепбаева Күпал болды. Екінші сыныпта бас-аяғы 7-8 бала бөлменің бір жағында отырамыз. Менің қасыма секпіл бет, жасы менен кішілеу сары бала отырды. Бұл болашақ ғалым Нұн Жұбаев болып шықты. Біз Қызыл таң балалары киіз үйде қыстап, 6-7 шақырымдай жерден жаяу қатынап тұрамыз. Тұщыбек балалары жаман да болса тастан салған үйлері бар, жақын жерден оқиды, олар бізге астананың балаларындай көрінеді.

Нұнның әкесі Есендәулетұлы Жұбай өмір бойы колхоздың ұстасы болды, жуас, қарапайым жан еді. Шешесі Қағаз Нұн мектеп бітірмей тұрғанда дүние салды. Жұбекеңде Нұннан басқа, қызы Қарашаш, кіші ұлы Сұлтан жастай қалды. Мұны айтып отырған себебім, осындай жағдайсыз жанұядан шығып, университет, одан кейін Москвадан аспирантура бітіру және сол мерзімді уақытында кандидаттық қорғау үлкен ерлік емес пе?

Нұн бастауыш сыныптардан бастап жақсы оқыды. Сыныптан-сыныпқа мақтау грамотасымен көшіп отырды. Ол басқа балалардай көп ойнамайтын, сотқарлық мінезі жоқ, жуас бала еді.

Өмір оның алдына екі кедергі қойды, бірақ оған мойымай ғылым докторына дейін жетті. Бірінші кедергі – бізге төртінші сыныпта орыс тілінен марқұм Сәдуақасов Жолдекеш сабақ берді. Бірақ, сол жылы орыс тілінен сын болмады да, келесі оқу жылында 4-7 сынып оқушылары қайтадан сол сыныптарында оқитын болды.

Міне сол кездегі солақай саясаттың салдары. Мен Таушыққа қашып кетіп, 5-ші сыныпқа кеттім де, Нұнмен көп жылдарға дейін өмір жолымыз алшақтап кетті. Екінші кедергі, 1953 жылы 10-шы сынып орыс тілінен сын тапсырғанда бір мұғалімнің қарындасы сыннан құлап, ол Гурьевке орыс тілінің сыны дұрыс өтпеді деп, жеделхат жолдайды. Осыған байланысты, орыс тілінен сын қайта жүргізілді. Бір айта кетегін жай, орыс тілінен диктант немесе мазмұндама емес, кәдімгідей шығарма (сочинение) жазылады. Бұл, әрине, Маңғыстау балалары үшін өте қиын. Сын қорытындысында күндізгі мектептен болашақ ғылым кандидаты Жұмалиев Берекет, кешкі мектептен Жаңбыршин Алым оқу орнына түсті. Сол уақыттардағы тағы бір ерекшелік күндізгі мектеп оқушыларына қойылатын талап кешкі мектеп оқушыларына да қойылады, сын бірге жүргізіледі. Сонымен Нұн күзгі сынды тапсырғасын, орыс тілін үйрену үшін және оқуға түсуге қаражат жинау мақсатымен Сартаған экспедициясына жұмысқа жүрді. Келесі жылы барып, Алматы университетіне түсіп, оны жақсы бітіруіне байланысты, Москваға аспирантураға жіберіледі. Оны да ойдағыдай бітіргенін жоғарыда айттық.

Мен Астрахань медицина институтында оқуыма байланысты, Нұнмен кездесе алмадым. 1962 жылы Алматыға көшіп бардым. Міне осы кезден бастап, Маңғыстау жігіттерімен, атап айтқанда Әбіш Кекілбаевпен, Әбдіхалықов Маршалмен, Атымов Мекериямен, Қалиев Ауғанбаймен, Жұмалиев Берекетпен, Қайпиев Нығыметпен той-томалақтарда жиі кездесіп, өмірдің он шақты жылын бірге өткіздік. Нұн бұл кезде ұзын бойлы, ақыл-парасаты толысқан, кемеліне келген кезі еді. Институтта дәріс береді. Кейіннен мен елге оралғаннан кейін Нұнның Новосибирскіден докторлық қорғағанын естідім. Қай жылы екенін білмеймін, үйімізде бір рет қонақ болып кетті.

Нұн Жұбаев және филология ғылымдарының докторы Атымов Мекерия, доцент Жұмалиев Берекеттер болашағынан зор үміт күттіретін, ғылымның әлде де талай шыңдарына шығатын азаматтар еді. Бірақ сұм ажал үшеуін де өмірден ерте алып кетті.

Топырақтарың торқа болсын дейміз дағы. Енді бір айтайын дегенім, бізге бастауыш сыныптарда сабақ берген мұғалімдердің педагогикадан хабары жоқ, тек 7-ші сынып бітірген жандар еді. Бірақ, соған қарамастан, оқудың керек екенін ұқтырып, «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарнын тіленбей» деген қағиданы бойымызға сіңіре білді.

Ал математика жолын қуған азаматтарға марқұм Шоңқалов Торғайдың сіңірген еңбегі ұшан-теңіз, ол өз алдына бір тарих.

Мұханбет Шахатбаев «Маңғыстау» газеті. 30 сәуір. 1996 жыл.

БІЗ ТӨКЕҢНЕН БІЛІМ АЛҒАНДАРМЫЗ

Кезінде өз тұстастары арасында «диктатор мұғалім Төкең» атанған Торғай Шоңқалов туралы аға буын ұрпақтардың білмейтіндері кемде-кем болар. Әрине, талай-талай мұғалімдер өтті. Бірақ енді солардың бәрі бірдей есте қала бермейді. Ал Төкеңнің орны бөлек еді. Ол 1945-1965 жылдар аралығында, негізінен Шахта орта мектебінде математика пәнінен сабақ берді. Торғай Шоңқалов 1921 жылы туып, 70 жасында өмірден өтті. Тағдырдың жазуымен он жасында Алматыға барып, төртінші сыныптан бастап сонда оқиды. Жеті жылдық мектептен соң математикалық арнаулы мектепте, одан әрі университеттің механика-математика бөлімінде оқып, ғылыми қызметкер болуды мақсат еткен екен. Алайда Қазақстандағы отызыншы жылдардағы саяси науқан кесірінен ол көздеген мақсатына жете алмайды.

Төкең 1937 жылы арнаулы мектептің оныншы сыныбынан, ал 1940 жылы университеттен шығарылып, Жамбыл облысы, Қордай ауданының №2 мектебіне мұғалімдік жұмысқа жіберіледі. Содан алғашқылардың бірі болып майданға алынады. 1943 жылы ауыр жараланып, елге, туған жері Маңғыстауға келеді. Ол бұдан соң ұстаз бола жүріп, біраз жылдар мектеп директоры да болады.

Төкең өте ұстамды, өз мамандығын сол кезеңдердің талабына сай меңгерген-ді. Сондықтан да болар, Алматыға барған физика-математика пәніне түсушілер туралы «Шоңқаловта оқыдым десең, онда институтқа түстім дей бер» дейді екен. Әрине, бұл сөздің соңында айдай айқын шындық жатыр. Төкеңді халыққа, ата-аналар мен шәкірттеріне танымал еткен және құрметке бөлеген ұлағатты ұстаздық қызметі еді.

Ол класқа енгеннен кейін отырғандарды көзбен бір шолып шыққанда-ақ, сілтідей тынған тыныштық орнайтын. Бөгде дыбыс болмайды. Я мұғалімнің, болмаса жауап берген оқушының ғана даусы естіледі. Оның оқушыларға талабы өте қатты болды. Сабақ білмейтін, оқымайтындарды жер-жебіріне жетіп, «сойып» салатын. Әрине ар-намысына тимей-ақ, мақтамен бауыздауға шебер болды. Содан соң балалар басқа сабақты оқымаса да, Төкеңнің сабағын жатпай-тұрмай оқитын.

Кейбір есепті шығара алмағандар өзгеден көшіріп алады. Бірақ Төкең мұны да біле қоятын-ды. «Сен ғой бұл есептің жағдайынан түк білмей отырсың, ал кімнен, қалай көшіріп алғаныңды айтшы» дейтін. Бала қипақтап қысылады. Бірақ Төкең дәптерінен көшірткен оқушыны да бет құбылысына қарап дәл табатын. Сосын көшірген оқушы да, көшірткен оқушы да «екілік» алып шығатын-ды.

Төкеңнің алдынан дәріс алған маңғыстаулық шәкірттер жақсы математик болды. Әрине, Төкең математикадан жоғары білімді еді деуге болмайтын. Бірақ өзі оқытқан пәнін жетік меңгерді. Талабы күшті болды. Ол кісі алдындағы есептің шығарылуын емес, берілісін жатқа айтуды талап ететін. Жатқа айтпасаң, әрі қарай есепті шығартпайды. «Есептің берілісін білмейсің, сонда сен не айтқалы тұрсың» деп, «екілік» қоя салады. Бірақ ол кімнің қандай екенін іші сезіп білетін және қателеспейтін.

Кей ретте қол көтеріп отырсаң да «екілік» қоятыны бар еді. Тіпті ештеңе білмейтін оқушыңа тақтаның алдына шығарып, көптің көзінше қатты шенеп, ұялтатын. Мына бір жағдай күні бүгінгідей менің көз алдымда. Б.К. дейтін оқушы тоғызыншы сыныпта оқып жүріп, «сектор ауданының формуласын табамын» деді. Бірақ ол оқушы таяздық көрсетті. Төкең оны өзінің жақын інісі бола тұра, сол сыныбынан көшірмей тастады. Ол шынайы, білімді оқушыларды құрметтей де білді. Бірақ жеңілдік жасамайтын.

1954 жылы Төкең оқытқан тоғыз оқушы Алматыдағы Қазақтың мемлекеттік университетіне оқуға түсуге бардық. Бір орынға 12-13 адамға конкурс болды. Математикадан жазбаша емтихан тапсырды. Мен және Нұн Жұбаев мыңға жуық абитуриенттің ішінен бірінші болып, ал біздермен ілесе барған маңғыстаулықтар бас аяғы сағат жарым уақытта жұмысты орындап шықтық. Өзге облыстан келгендер бірнеше сағаттар бойы сарылып отырды. Сөйтіп маңғыстаулықтар үлкен беделге ие болды. Алайда біздің көбіміздің басқа пәндерден жолымыз болыңқырамады. Кейіннен біразымыз Гурьев педагогикалық институтына оқуға түстік.

Төкеңнен дәріс алған Н.Жұбаев, Б.Жұмалиев, С.Боқыбаев, С.Әнесов, Ә.Жаманбаев, К.Ерманов, Т.Озғанов, К.Әбілханова, М.Махуова және басқалары физика-математика пәндерінің жетік мамандары, алды елге мәлім ғалымдар болып шықты. Ал Төкеннің есімін Гурьев педагогикалық институтының мұғалімдері сырттай жақсы білетін. Өйткені, ол оқытқан шәкірттерді көріп жүрді ғой.

Төкеңнің адам жанын тани білетін шеберлігі, жауапкершілікті шыңдай білуі, өзіне де, өзгеге де талапшылдығы айрықша болатын. Өзі жүргізетін пәндерге арналған оқулықтар мен есептер жинағындағы ереже, формула, есептердің берілген мазмұнын, оның түйіні мен жауабын, тіпті қай бетте жазылғандығын жадында сақтайтын ерекшелігі оның білім сенімділігін дәлелдейтін әдісінің бір қырын танытатын.

Оқушының білім сапасын, жұмыс адамының іс қабілетін, жеке адамдардың мінез-құлқын алғашқы кездесуінің өзінен анықтай алатын дара қабілеттілігі оның талап қоюдағы және әдіскерлік шеберлігін айқын аңғартатын. Төкеңнің жалпы орта білімді сапалы меңгергені, жұмыс міндетін өз деңгейінде атқаруы, білім беру ісіндегі сенімді әдістемелері Шахта орта мектебін сол кезеңдерде бітірген шәкірттері үшін өмірлік үлгі мен өнеге болып, санада берік орын алды.

Торғай Шоңқалов ел танып, көпшілік мойындаған үлкен ұстаз болды. Сондықтан да оған «Республика халық ағарту ісінің үздігі» деген құрметті атақ берілді. Оның үнсіз ғана сыныпқа кіріп келе жатқаны, балалардың жүзіне жаңа көргендей тесіле қарап отырғаны, сабақты бақайшағына дейін талдап түсіндіретіні, кей ретте жай ғана езу тартып күлімсірейтіні – бәрі-бәрі көз алдымызда...

Төкеңнің кейінгі отбасы мен оның ұрпақтары жапырағы жайылып дегендей, қазір Ақтау қаласында тұрып жатыр.

Б.Қуатбаев

«Жаңа өмір» 9 мамыр. 1998 жыл.

ӨРКЕНДЕУ ҮСТІНДЕ

Өзімнің жерлесім, әріптесім, қазақ елінің біртуар азаматы Нұн Жұбайұлы туралы жазуға отырғанымда, Әбіш Кекілбайұлының «Арыс» баспасынан шыққан 1994 жылы жарық көрген «Бекет ата» деген кітабының алғы сөзіндегі терең философтық ойлары есіме түсті. «...Өткенде Жақсылардың болғанына сенетін адам, бүгінде Жақсылардың барына сенеді. Ал Жақсылардың барына сенетін адам, өзі де Жақсы болуға тырысады. Ал Жақсы болудың Жақсылық жасаудан басқа жолы жоқ», – деген еді.

Нұн осындай Жақсы адамның бірі еді. «Жақсының жақсылығын айт, нұры жансын» демей ме. Өзі болмаса да, үрім-бұтағына айтсақ, жастарымыздың одан үйренетін жақсылықтары аз емес. Ол техника саласының маманы болғандықтан, өзін өзі де, өзге де оны арнайы дәріптеген жоқ. Бұл техникалық интелегенцияға тән нәрсе. Және де беретінінен берері көп, елу жастан аз ғана асқанда қыршын кетті ғой. Менің естелігім Нұнның жақсылық қырларының бірерін ашса да риза болар едім.

Ұлы Отан соғысынан кейінгі жылдар халық шаруашылығын көтерумен қатар, білім мен мәдениетке, соның ішінде жастардың жоғарғы оқу орындарына түсу ынтасын арттырды. Талантты: қастардың әрдайым астанаға ұмтылатыны анық қой. Солардың бірі біздер болатынбыз. Тұрғылықты жерлердегі педагогикалық институттарды менсінбей, сол кездегі астанамыз Алматыдағы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетіне аттандық. Өз мектебінің математика және физика пәндерінің алды болған сұңғыла балалар, университеттің ең қиын саналатын физика-математика факультетіне түстік.

Дәріс алған оқытушыларымыз академик профессор Персидский Константин Петрович, доценттер Ибрашев Хасан Ибрашевич, Закарин Асқар Закаринович, Молюков Иван Дмитриевич, Сапа Василий Антонович, Харасахал Вадим Христофорович, аға оқытушылар Сағитов Маруан Надирханович, Ятаев Мубарак Ятаевич және т.б. Оқыған жеріміз Совет және Красин (қазіргі Қазбек би мен Уәлиханов) көшелерінің қиылысқан жеріндегі ескі болса дағы физиктер мен механиктерге арнайы салынғандай (Фуко маятнигі тұратындай – қазір ол бүкіл Қазақстанда жоқ) ғимарат еді. Факультетіміз, оқитын, жататын жеріміз бір, оқытушыларымыз бір, туған жеріміз бір (мен Оралдан, ол Маңғыстаудан, көп кейін білдік мен тана, ол адай болып «он екі ата байұлына» кіреді екенбіз) болғанмен, университет қабырғасында біз бір-бірімізді үстірт қана танитынбыз. Негізгі себебі –біздердің әр курста оқығанымыз шығар деп ойлаймын. Ол менен екі жыл кейін оқыды ғой.

Біздің бір-бірімізді жақсы білуіміз, одан кейін ұзақ жылдар бір ұжымда қатар отырып, ғылыммен шұғылдануымыз аспиранттық кезден басталды. Оған ұйытқы болған – Қазақ ССР Ғылым академиясының математика және механика секторы. Нұн 1959-1963 жылдары Москвада аспирантурада оқып жүргенде, Алматыда секторды институтқа айналдыру қозғалысы басталды. Институттың ашылуы ғылыми кадрлармен қамтамасыз етсе ғана іске асады. Республикада ғылыми дәрежесі бар мамандар аз болатын, болса да көпшілігі жоғарғы оқу орындарында істеп, жылы орындарын суытқысы келмейтін және де ғылым жаңалықтарымен күнде тұрақты танысып отырмағандықтан, қарайып та қалғандары болатын. Әсіресе жағдай механиктерге аса қиын соқты. Ал математиктер қашан да сан жағынан да, сапа жағынан да басымдау келетін.

Математика және механика секторының механика саласына жауапты бөлім меңгерушісі, жас ғылым докторы Ержанов Жақан Сүлейменұлы ғылым жағынан да, ұйымдастыру жағынан да екпінді еңбегін бастады. Ол Украинада он жыл қызмет істеп, Қазақ Ғылым академиясының президенті Қаныш Имантайұлының арнай шақыруымен 1960 жылы елге оралған болатын. Академияда механиканы дамытып, жер ғылымдары геологияға, тау-кен ісіне, сейсмологияға математикалық зерттеу әдістерін кіргізіп, академияның Жер және Әлем бөлімшесін физика-математика бөлімшесімен тығыз байланыстыру жүктелді, ол үшін жас ғалымдарды қамту тапсырылды. Бүкіл академия бойынша ойластырылған үлкен іс сектор көлеміндегі шағын іспен қауысты, екпінділікпен қатар еркіндік құқы берілді. Сектордағы қызметкерлер мен аспиранттарға өзі тың тақырыптар қойып, тәжірибе жасайтын техникалық база жасап, шахталар және рудниктермен байланысқан кең көлемді теоретикалық және қолданбалы зерттеулерге қоса, Жақан Сүлейменұлы Кеңес Одағының ірі ғылыми орталықтарында аспирантурада және тәжірибеден өтіп жатқан механик мамандарды реттей бастады. Солардың ішінде Нұн да болатын.

Секторда Нұнға дайындалған ғылыми бағыттау жыныстары және топырақтың (грунттың) динамикалық есептері еді. Бұған дейін статикалық және реологиялық (уақыт бойынша өзгерудің) есептердің кейбір шешімдері алынып, олардың ауыз толтырып айтатын нәтижелерін бір шама жұрт біліп үлгерген. Ал динамикалық зерттеулердің алғашқы қадамдары қиын болды, мамандардың жоқшылығы білінді. Украинадан шақырылған лабораториялық тәжірибе қоя білетін техника ғылымдарының кандидаты Ю.Гаек басқарған бір топ динамик мамандар техникалық база жасау да, үй алуда ұзаңқырап кететін болған соң, еліне қайтіп кетті. Медеу бағытындағы жоғарғы шатқалда орналасқан Тұйықсу мұздығында толқындардың тарау заңдылығын көзбе көз көріп, жылдамдық және басқа параметрлерін техникалық құралдармен өлшейтін динамикалық тәжірибе жүргізілді. Оған уақытша келіп, кеңес беріп, жетекшілік жасаған техника ғылымдарының докторы, жас та болса, қатты денелер динамикасының Одақ таныған ірі маманы Шемякин Евгений Иванович еді. (Кейін КСРО Ғылым академиясының академигі, Сібір бөлімшесінің тау-кен ісі институтының директоры, Жоғарғы аттестациялық комитеттің төрағасы болды. Қазір М.В.Ломоносов атындағы Москва мемлекеттік университетінің газ және толқындар динамикасы кафедрасының меңгерушісі). Қандай таңқаларлық нәрсе – бұл кафедраны кезінде Нұнның кандидаттық диссертациясының жетекшісі Рахматуллин Халел Ахметович басқарған, ал Нұн осы кафедрада аспирантурадан өткен. Осы кезден бастап, Алматы және Новосибирск арасында ғылыми нығыз байланыс орнады. Алайда, келіп-кетіп жасаған жұмыс жетекшісі қаншама мықты болса да, тұрақты болмайды. Сондықтан Нұнның алдына сектордағы (болашақ институттағы) динамикалық зерттеулерді жүргізу мақсаты қойылды.

Бірінші қадамының өзі сәтті басталды. Секторға орналасып, Москвадан негізін жасап алып келген жұмысқа қосымша зерттеулер жүргізіп, 1965 жылдың қазан айында Ташкент қаласында Өзбек ССР Ғылым академиясының физика-математика ғалымдары бөлімшесінің біріккен оқымыстылар кеңесінде «Көлемдік және жанастыру деформациялары бар орталықтарда пластикалық толқындардың таралуының кейбір жағдайларын зерттеу» атты физика-математика ғылымдарының кандидаты дәрежесін алу үшін диссертация қорғады (ол кезде мамандықтың шифры көрсетілмейтін, авторефератта ресми оппоненттер де, сыртқы оппонент ұжым да жазылмайтын). Диссертацияда үш жаңа есеп қойылған: 1) бетінде қысу-жанастыру күштері әсер еткен грунттан тұратын біркелкі жарты кеңістіктің қозғалысы; 2) өзара қабырғамен бөлінген бастапқыда екі әр түрлі күйде тыныш тұрған жазық құбырдағы грунттың бір өлшемдік қозғалысы; 3) тұтас ортамен толтырылған жарты кеңістікке тұрақты жылдамдықпен кіретін доғал клиннің қозғалысы (мұндағы арнайы қойылған шарт – клин мен ортаның жалғасу шетінің жарты кеңістіктің бос бетінде орын алмастыру жылдамдығы ортадағы дыбыс жылдамдығынан артық болуы керек). Бұл есептердің Нұн тапқан шешімдері жарты кеңістіктің серпімді материалдан тұрғандағы шешімдерінен артып түсті. Көңіл қоятын тағы бір нәрсе жапон ғалымы Н.Кусукованың серпімді ортада дыбыстан жоғары жылдамдықпен ағып өтетін өте жұқа клинді зерттегенде кеткен қателерін жөндеді. (Қазір біз шетел зерттеушілерінің айтқаны мен жазғандарының бәрін сын көзімен қарамай, «уралап» қолдай береміз).

Нұнның жұмысы табыспен әрі қарай жалғаса берді. 1969 жылы әр бағытта жасалып жатқан механикалық ізденістердің бастапқы қорытындыларын қосып, «Тау жыныстары механикасының аналитикалық мәселелері» деген коллективтік монография жазғанда, авторларының ішінде біз де болдық. Қарап отырсам, онымен қоса жазған тағы бір кітабым бар екен. Ол 1984 жылы жарық көрген неміс мамандарымен бірігіп жазған «Реология және тау жыныстар массивінің сейсмомеханикасы». Бұл «Қазақстан ғылымының халықаралық байланыстары» атты сериясының монографиялық басылымы. Тағы бір жәйт, мен Нұнның Ж.С.Ержановпен, С.К.Тілеукеновпен бірге жазған «Біркелкі емес ортадағы сейсмикалық толқындар» (1985) атты монографиясының бас редакторы болдым. Жақсы шығарма еді, соның негізінде Садретин Қабдығалиұлы зерттеулерін тереңдетіп, он жылдан кейін докторлық диссертация қорғады.

Қазақстан механикасының жетекшісі, академик Ж.С.Ержанов Нұн Жұбаевтың зерттеу өрісін кеңейте түсті. Оған арнайы «Толқындар динамикасы» атты лаборатория ашып бермекші болды. Академия Президиумының шешімін өзі сол Президиумның мүшесі, оның академик-хатшысы болғандықтан тез алғанмен, Президиумнан төменгі сатыда кедергіге кездесті. Сол бұйрықты қалай күштеп алғаны есімде. Академия үйінің екінші қабатындағы коридорда қарсылық көрсетіп жүрген бастықты ұстап алып, өз қаламсабын ұсынып, дайын тұрған бұйрық қағазына қол қойғызды. Өте қызық көрініс еді. Әлгі кісі кетейін десе, есік жақта Жақан Сүлейменұлы тұр, ал коридор бойын біз Нұн екеуміз жауып тұрмыз. Қазір уақыт өтті, мен де жоғарғы орындарда болдым, жақсы-жаманды көрдім. Сол жайлар есіме түссе, күлкім келеді, адам тағдырын осылай шешетін кездер де болады екен.

Лабораторияның жақсылығы жалғыз өзің ғана емес, бүкіл ұжым болып бір мәселені жан-жақты да, тым терең де зерттеуге мүмкіншілік туғызады. Басқа ұжымдармен жарыса жұмыс жасады. Әсіресе, өз ұясы Москва университетімен, ұстазы Рахматуллин Халел Ахметович басқарған кафедрамен қарым-қатынасын күшейте түсті. Бұл жалпы Қазақстан механикасын дамытуға әсерін тигізді.

Рахматуллин Халел Ахметович дүние жүзіне танымал механика саласының көрнекті ғалымы болды. Өзбек Ғылым академиясының академигі, Мемлекеттің сыйлықтардың иегері, Социалистік Еңбек Ері. Қырғызстанда дүниеге келген, Өзбекстанда білім алған. Москвада жоғарғы оқу орнын бітірген. Жабық ғылыми-зерттеу институттарында, пошталық ящиктерде парашют жасау мәселелерін, оның космостан түсер аппараттарына қолдануын ойдағыдай шешкен. Ал Москва университетіндегі газ және толқындар динамикасы кафедрасында Одақтағы Шығыс республикаларынан көптеген аспиранттар алып, ғылым кандидаттары мен докторларын дайындауды жолға қойған. Кеңестің шығыс ғылымдағы жарық жұлдызы еді. Міне осы ғалымның бағыты Нұнның еңбегімен, Ж.С.Ержановтың қолдауымен Қазақстанда өрлей бастады. 1972 жылы Қазақстан мен Қырғызстанда серпімді және серпімді-пластикалық толқындардың таралуының Бүкілодақтық V симпозиумы өтті, оның 368 беттік еңбектері Алматыда басылды. Қырғызстанда Халел Ахметовичтің оқушысы, Нұнның інідей жақын көріп кеткен әріптесі Ормонбеков Тынымбек ғылымда көріне бастады. (Қазір ол Қырғыз республикасы Ұлттық Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, толық академиялық мүшесіне ұсынылып отыр. Қырғызстан Президентінің ғылым және жаңа технологиялар бойынша кеңесшісі).

Халел Ахметовичтің еңбектерінің аса құндылығын көрсететін тағы бір мысал бар. Менің талантты шәкірттерімнің бірі, Москва университетінің түлегі, физика-математика ғылымдарының кандидаты, ғылым докторы болайын деп тұрған Каринский Юрий Сергеевич кезінде Израильге өтіп кеткен. Қазір Хайфа қаласы технионының Ұлттық құрылыстар зерттеу институтында жетекші маман. Соңғы 2005 жылдың күзінде Математика институтының 40 жылдығына арналған конференцияға келгенде, «Біздің бұрынғы кеңес оқымыстыларының қандай жұмыстарын Израильде қолданады» деп сұрап едім, ол ең сұрамы көбі Х.А.Рахматуллин мен Ю.А.Демьяновтың «Прочность при интенсивных кратковременных нагрузках» (Москва, 1961, 400 страниц) атта кітабы деген еді.

Нұн Жұбайұлының ең табысты еңбек кезеңі Сейсмология институтында болды деп есептеймін. Бұл институттың ашылуының өзі Ж.С.Ержанов бастаған механиктердің қарқынды дамуына байланысты. Қазақ Ғылым академиясының Президиумы математика және механика институтының құрамындағы үш лабораторияны (тау жыныстары механикасы, меңгерушісі –академик Ж.С.Ержанов; жер асты құрылыстар теориясы, меңгерушісі –техника ғылымдарының докторы Ш.М.Айталиев; толқындар динамикасы, меңгерушісі – физика-математика ғылымдарының кандидаты – Н.Ж.Жұбаев), геология ғылымдары институтының құрамындағы сейсмология бөлімін (меңгерушісі – геология-минералогия ғылымдарының докторы Б.М.Уразаев) қосып, 1976 жылы Сейсмология институтын ашты. Оның бірінші директоры қылып, академик Ж.С.Ержановты тағайындады.

Жаңа институтта Жақан Сүлейменұлы мен маған ғылыми зерттеу бағытын біршама өзгертуге тура келді. Менің лабораториям жерасты құрылыстарының сейсмоберіктілігінің теориясы деп аталып, жерсілкінісінің әсерін зерттеуге тура келді. Ал Нұн болса, оның әуелден шұғылданып келген динамикалық есептерін сейсмологияға, геофизикаға тікелей қолдану мүмкіншілігі артты. Бас-аяғы үш-төрт жылдың ішінде (1980) ол КСРО Ғылым академиясының Сібір бөлімшесінде «Кернеу толқындары таралуының бір өлшемді және екі өлшемді есептері және олардың топырақ пен тау жыныстары механикасында қолдану» атты докторлық диссертация қорғады. Алдыңғы жылы «Күрделі күштегендегі бір өлшемді серпімді-пластикалық толқындар» (1979) деген монографиясы жарық көрген-ді. Институт директоры, әрі ғылыми кеңесшісі Ж.С.Ержановтың бұл диссертацияға мән бергені соншалық, жол сапарға шықпайтын әдетін бұзып, Новосибирск қаласына қорғауға барып келді.

Осы жылдардан бастап, Нұн Жұбайұлының аспиранттары да кандидаттық диссертацияларын қорғай бастады: Тілеукенов С.К. (1981), Қожабеков Ж.Т. (1981), Қарымсақов Қ.У (1983), Сәрсенов Б.Ш, Кальц А.Л, Ким В.Т., Нұржанова Ш.Ж., Үсенбаев С.Р.(1986). Жұмыстардың барлығы да қозғалыс тақырыбында болғандықтан, сейсмологияның керегіне жарады.

Аса басып атап өтетін Нұн Жұбайұлының соңғы еңбегі – «Екі өлшемді кернеу толқындарын зерттейтін сандық әдістер» (1988, 216 беттік) коллективтік монография. Авторлар құрамына жоғарыда атап өткен оқушыларының С.К.Тілеукенов иен С.Р.Үсенбаевтан басқаның бәрі және де А.Я.Синяев, А.Н.Төреқұловалар кіреді. Қарастырылған есептерінің түрі көп. Екі параметрлік жүктелгендегі серпімді-тұтқырлы-пластикалық орталардағы бір өлшемді толқындардың тарауы, серпімді-тұтқырлы-пластикалық жарты кеңістіктің бос бетіне қималау бұрышымен құлаған жазық толқынның шағылысуы және қиысып өтуі, цилиндрлік қуыстың ішінен стационарлық қозғалыстағы күштің әсеріндегі серпімді-тұтқырлы-пластикалық ортаның кернеу күйі, серпімділік теориясының стационарлық емес есептерін шешуге кеңістік характеристикалары әдісін қолдану, жұмсақ топырақ грунттегі камуфлеттік жарылыстың әсерін сандық зерттеу, бір өлшемді стержендегі серпімді-пластикалық толқындардың тарауын санды зерттеу, сығу-жылжыту күштері әсер еткендегі бір өлшемді серпімді-пластикалық толқындардың таралуы туралы есептерді шешу, серпімді және серпімді-тұтқырлы-пластикалық орталықтардағы екі өлшемді толқынды қозғалыстары. Әрбір есептің сандық шешімі табылып, оны терең талдап қорытып, график түрде заңдылықтарын анық көрсетіп, инженерлердің түсінігіне барынша жақындатылған. Сандық әдістердің өте күрделі қасиеттері бар серпімді-тұтқырлы-пластикалық толқындарды зерттеудегі мәні ерекше екендігі анықталған. Сол есептер мен әдістердің негізінде әлі де ізденістер жүріп жатыр. Нұн Жұбайұлының кейбір оқушылары мен ізбасарлары кандидаттық диссертациялық жұмыстарын қорғап жатса (жақында Ақтау мемлекеттік университетінің аға оқытушысы, кезінде Нұн Жұбайұлынан бағыт алған Өтебаев М.Н. сандық әдіспен созып және дөңгелек штамптардың қыртысты жарты кеңістікке динамикалық түрде еткен әсерін анықтап, табысты қорытынды шығарды), кейбіреулері докторлық диссертацияларын ойластырып жүр. Садредин Қабдығалиұлы Тілеукенов болса, ол Павлодар мемлекеттік университетінің басшыларының бірі, физика-математика бағытында білім беру ісін қадағалайды. Физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Қамалқан Уәлиұлы Қарымсақов – Алматы технологиялық институтының механика кафедрасының меңгерушісі, Жаңабай Тойғанбайұлы Қожабеков – Қазақ көлік және коммуникациялар академиясының белді доценті. Басқа оқушылары да өмірде өздерінің абыройлы орындарын тапқан.

Нұн жасынан сергек, ойы жүйрік, оқығанын, көргенін тез түйіп алатын. Жаратылыс берген өткір тілі бар. Қазір әзір әр нәрсенің тегін ашып, теңін тауып бере салатын. Ретін келтіріп қалжыңдап күлдіретін де, ренжісе, жанын шығарып түйрейтін де. Оны аңқылдақ деп айтуға болмайтын. Алғаш танысқан адамға да, қатар жүрген әріптесіне де іс тұрғысынан іштей сын көзімен қарайтын. Өзінің тұрмыстағы көзқарасын, жұмыстағы саясатын нық ұстайтын. Ой десең ойы, бой десең бойы бар еді. Дәуір талабына сай ержігіттің барлық қылық дәстүрін жасайтын.

Жалпы айтқанда Нұнның табиғат берген жақсы қасиеттеріне өмір көрсеткен жақсы тәжірибесі қосылып, тұлға ретінде қалыптасуында үш зиялы адамның айрықша әсері бар деп ойлаймын. Олар: бірінші – ғылым жетекшісі ұстазы, академик Рахматуллин Халел Ахметович, екіншісі – көп жылдар қолында ұстап, басшылық тәрбиесін көрсеткен, басшы болуды үйреткен академик Ержанов Жақан Сүлейменұлы, үшінші – тұрмыстағы ақылшысы, ұлтымыздың аса өткір ұлдарының бірі, елбасшыларымен үзеңгілес болған, ел басқарған Бутин Мәжекен Есенович.

Әрине, Мәжекеннің әсері қызы Роза арқылы білінеді ғой. Нұн мен Розаның бас қосуы символды түрде сипаттағанда, Дала мен Қаланың, Су мен Оттың қосылғанындай. Даланың дара жігітінің қала мәдениетін бойына терең сіңірген, еркіндігі мен еркелігі біліміне сай қызбен қол ұстасуы жоғарғы теңеуді нығыздай түседі. Нұн Бутиндер отбасының жай күйеу баласы ғана емес, осы үйдің өз баласындай болып кетті. Жоғарғы қоғам саналатын жанұядан қилы тәлім-тәрбие алды, керегін бойына сіңірді, қызметтегі өсу жолына жаратты. Соның бір-екі мысалын келтіре кетейін.

Ілгеріде атап өткенмін, Математика және механика институтын ұйымдастыруда Москва, Ленинград, Новосибирск және тағы басқа ірі қалалардан аспирантура бітіріп келген жас мамандарға да арқа тұтылды. Алайда олардың арасында жергілікті мамандарды менсінбеу, өз білімдерін олардан жоғары санау, істеліп жатқан жұмысқа қарсы хат жазу, шама келсе, кедергі жасайтындар да табылды. Олардың бірде-біріне Нұн қосылған жоқ. Келген бойда жергілікті әріптестерімен қоян-қолтық жұмысқа кірісіп кетті. Асылы өмірдің талай тар жол, тайғағынан өткен, көреген атасы Мәжекең Есенович Қазақстан механикасының Ж.С.Ержанов басқарған бағытының келешегі зор екенін маман болмаса да байқап, күйеу баласына «осы топтан айрылма, қапы қалмайсың» деген болуы керек. Нұн уақытын бос өткізбей, пәрменді жұмыс жасап, мәртебесі жан-жақты өсе бастады.

Екінші мысал – Роза мен Нұнның тұрмыста әріптестерімен араласуы. Жоғарғы қоғамдықтамыз деп керілмей, шақырсаң келіп, ал өздері қонақты аса жоғары қабылдайтын. Жақын-жаранның келіп-кетіп жататын қонағы белгілі ғой. Менің айтып отырғанымның халықаралық мәні бар еді. Себебі біздің ұжым 1974-1986 жылдарда Герман Демократиялық Республикасы Лейпциг қаласында орналасқан тау-кен жұмыстарының қауіпсіздігін зерттейтін институтпен тығыз байланыс орнатқан еді. Бізде теоретикалық әдістер бар, оларда тәжірибе өткізуге болатын мықты құрал-саймандар бар. Бір жылы біздер барамыз, келесі жылы олар келеді. Валюта алмастырмай, төрт маманнан тұратын делегацияны қабылдау керек. Ғылым бойынша жұмыстан басқа да мәдени-тұрмыстық танысу болады емес пе. Немістер өз елінің кез келген жерін көрсете алады. ГДР-дің барлық түкпірін аралатты. Ал Алматыда шетелдіктерге (тіпті өзіміз саналатын социалистік лагерьдің адамдарына да) көп жерге баруға тыйым салынған. Медеуге болмайды, Ядролық институт тұрған Алатау поселкесіне болмайды, «Орбита» станциясы орналасқан қазіргі «Орбита» шағын ауданының жоғарғы жағына болмайды. Ресторанда да көрінген дұрыстыққа жатпайды. Өзіңнен өзің жасырынған заман да болды ғой. Араласуға қалған бір мүмкіншілік – үйге қонаққа шақыру. Бұл жерде енді басқа проблема туады. Көпшілігімізде дұрыс пәтер де жоқ, пәтер болса да ондай қонақтарды қабылдайтын күй жоқ. Арамызда шетелдіктерді халықаралық дәрежеде қонақ қыла алатын тек Нұн мен Розаның отбасы.

Осыған байланысты, есіме бір күлкілі жай түсіп отыр. Бір жолы олар неміс мамандарын М.Горький-Мир (қазіргі Жібек жолы - Желтоқсан) көшелерінің бұрышында тұратын үйіне шақырды. Тек осы үйде бөлме аралық есік әйнектен жасалған еді. Ол кезде сирек кездесетін, отбасы дәулетінің жоғарылығының көрсеткіші болатын. Шарапқа тойып алған неміс әріптестеріміздің топ басшысы, институттың ғылым бойынша директоры доктор Клаус Тома жабық тұрған әйнек есікті байқамай, баспен сүзіп жарып шыға келгені. Құдай сақтады, егер ол жаралы болып, дәрігер шақырсақ бұл үлкен ЧП болып кетуі мүмкін еді. Мас адамды ит қаппайды деген бар емес пе. Әлгінің маңдайына кішігірім ісік қана пайда болды. Сасып та қалдық, тұла-бойының сауын көріп қуанып жатырмыз, күліп те жатырмыз.

1996 жылы Ақтау қаласында үлкен ғылыми конференция өтті. Көп салалы тақырып болғанмен, негізгі келгендер механиктер болатын. Себебі ол Нұн Жұбаевтың 60 жылдығына орай ұйымдастырылған еді. Ол кезде еліміз экономикалық қиыншылықтан әлі шығып үлгермесе де, Розаның үйдегі түздегі көрегендігі, ел басшыларымен сөйлесу ептілігі арқасында азаматының беделін тағы бір көтеріп тастады. Бұл да әкесі Мәжекеңнің тәрбиесінің бір нышаны деп білемін.

Қазақ ССР Ғылым академиясының Президиумы 1986 жылы Сейсмология институтының құрылғанына 10 жыл болып, толық белін көтергеніне, оның құрамында механик мамандарының басым болып бара жатқанына байланысты, механиктерді кейін Математика және механика институтына қайтару туралы, алайда ғылыми тақырыбы бойынша әлде де үлкен қажетті толқындар динамикасы лабораториясын Сейсмология институтында қалдырылсын деп қаулы шығарды. Институттың директоры қылып, осы лабораторияның меңгерушісі, техника ғылымының докторы Нұн Жұбайұлы Жұбаевты тағайындады. Ірі маманға ірі ұжымды басқарып, өзінің ғылымын қалай терең зерттесе, соншалық іскерлікпен ғылым ордасының тізгінін ұстайтын күн туды.

Өкінішке орай, үлкен ғалымның өмірі өркендеу үстінде морт үзілді. Бұл жалғыз отбасының, институт ұжымының күйініші емес. Бүкіл Қазақстан механикасының зор жоғалтысы болды. Сейсмология институтынан механиктердің кетуі, механик-директордың көп тұрмай қайтыс болуы сейсмология ғылымында нақты да дәл физика-математикалық әдістерді қолдануды саябырлатты. Жер сілкінудің негізгі себебі – жер қыртысының қирауы, яғни механикалық құбылыс. Сондықтан жер сілкіну процестерінде механика заңдылықтарын әлде де терең зерттемей, сейсмология толық нәтиже бере алмайды. Осындай үрдісті бастаған Нұн Жұбайұлы Жұбаев сияқты директордың мүсіні Сейсмология институтының қабырғасында тұрса, дұрыс болар еді.

Қасиетті Маңғыстау өңірінен ұлтымыздың мақтанышы болып шыққан азаматтар аз емес. Дәл ғылымдар математика, механика, физика және техника саласында Нұн Жұбайұлы Жұбаев жерлестерінің ішінде тең келері жоқ алып тұлға. Болашақ жастардың одан үлгі алар жақсы қасиеттері көп-ақ.

КРАТКИЙ ОЧЕРК НАУЧНОЙ И ПЕДАГОГИЧЕСКОЙ ДЕЯТЕЛЬНОСТ Н.ЖУБАЕВА.

Жубаев Нун – доктор технических наук, профессор, директор Института сейсмологии АН КазССР, заведующий лабораторией волновой динамики в данном научном учреждении.

Он родился 25 декабря 1935 года в селе Тущибек Мангистауского района Гурьевской области в семье крестьянина. После окончания Шахтинской средней школы начал свою трудовую деятельность рабочим Мангышлакского филиала Уфимской геологоразведочной экспедиции. В 1954 году Нун Жубаев поступил в Казахский государственный университет на физико-математический факультет. После окончания университета в 1959 году поступает в аспирантуру Института проблем механики АН СССР (г. Москва) по специальности «Теория упругости и пластичности».

В этот период Н.Жубаев занимается исследованием задач о распространении волн в грунте при наличии необратимых объёмных и сдвиговых деформаций. В работе использовалась модель Х.А.Рахматулина, являющаяся обобщением одномерной теории и сводящая задачу в общем случае к вычислению простых квадратур.

В 1965 г. Жубаев Нун завершил свои исследования в этой области защитой диссертации на степень кандидата физико-математических наук на тему: «Исследование некоторых случаев распространения пластических волн в среде при наличии необратимых объёмных и сдвиговых деформаций». Работа была выполнена под руководством академика АН Узбекской ССР, заслуженного деятеля науки и техники РСФСР, лауреата Государственных премий СССР, Героя Социалистического Труда, доктора физико-математических наук, профессора, заведующего кафедрой газовой и волновой динамики механико-математического факультета МГУ Рахматулина Халила Ахмедовича.

По возвращении в Казахстан научная деятельность Н.Ж.Жубаева была связана с исследованием проблем волновой динамики, а именно с теорией распространения упруго-пластических волн сложного нагружения и взрывных волн в грунте, массиве горных пород.

С целью дальнейшего развития данного научного направления в 1969 году по инициативе Президиума АН Казахской ССР была организована лаборатория волновой динамики. С этого времени Н.Жубаев заведует указанной лабораторией, которая занимается исследованиями поведения твёрдых деформируемых тел при воздействии кратковременных динамических нагрузок. В 1976 году лаборатория волновой динамики в составе отдела механики постановлением Президиума АН Каз. ССР вошла во вновь организованный Институт сейсмологии АН Казахской ССР.

В 1980 году Нун Жубаевич на специализированном совете Института горного дела СО АН СССР защищает докторскую диссертацию на тему: «Одномерные и двумерные задачи распространения волн напряжений и их приложение в механике грунтов и горных пород».

Работая в Академии наук Казахской ССР, он создал школу механиков - «волновиков». Лаборатория волновой динамики, которую он создал и руководил в течение двадцати лет, занималась фундаментальными исследованиями теории распространения волн в твёрдых деформируемых средах при сложных динамических нагрузках. Эта уникальная проблема механики, имеющая большое теоретическое и практическое значение в сейсмологии и сейсмостойком строительстве.

В последние годы жизни Жубаев Н. возглавлял Институт сейсмологии АН Каз. ССР. По рекомендации головного института – Института физики Земли АН СССР им. О.Ю.Шмидта и Межведомственного совета по сейсмологии и сейсмостойкому строительству при Президиуме АН СССР была утверждена новая структура института из 9 лабораторий и 1 тематической группы для обеспечения оптимального соотношения в экспериментальной и теоретической сейсмологии:

Изучение вариации геофизических полей (Курскев А.К.); Физика очага землетрясений (Гарагаш И.А.); Волновая динамика (Жубаев Н.Ж.); Изучение коры и сейсмической опасности (Шацилов В.И.); Изучение сейсмического режима (Садыков А.С.); Инженерная сейсмология (Михайлова Н.Н.); Автоматизированная система прогнозирования (Устинов ВА.); Геодинамический прогноз землетрясений (Алдамжаров К.Б.); Региональная сейсмичность (Нурмагамбетов А.Н.); Группа сейсмотектоники (Тимуш А.В.).

Была проведена реорганизация структуры сейсмологической опытно-методической экспедиции института, направленная на повышение эффективности её работы, обеспечивающей оперативность прогнозной информации.

В области прикладной сейсмологии проводились исследования, предусматривающие повышение качества и информативности сейсмологических геофизических, гидрогеохимических, геодезических и наклонно-деформационных предвестниковых параметров землетрясений, автоматизированную систему сбора, передачи, обработки и анализа данных, а также исследования по созданию более надёжных методов оценки сейсмической опасности путём усовершенствования существующих методик составления карт ОСР (общего сейсмического районирования) и СМР (сейсмического микрорайонирования).

Институт с 1987 года расширил работы по сейсмическому микрорайонированию населённых пунктов на всей сейсмоопасной территории республики. В содружестве с Институтом Госстроя Казахской ССР проводилось микро-районирование городов Чимкент, Джамбул, Панфилов и других населённых пунктов.

Определены приоритетные направления исследований в институте. К двум существующим до 1987 года направлениям (прогноз землетрясений и оценка сейсмической опасности) было добавлено новое – прогноз ущерба от землетрясений и его уменьшение.

Следует отметить, что развитие данного направления предусматривало комплексное исследование, включающее как достижения современной инженерной сейсмологии, так и достижения сейсмостойкого строительства. Оно связано с многоплановыми мероприятиями экономического, социального и политического аспектов.

Институтом проводилась большая научно-координационная работа по его основным научным направлениям. С декабря 1986 г. по апрель 1987 г. в институте были проведены 4 совещания рабочих групп МСССС при Президиуме АН СССР, посвящённые: 1) разработке алгоритмов долгосрочного прогноза для составления схемы распределения зон повышенной вероятности землетрясения с мах для территории Средней Азии и Кавказа, 2) сейсмическому микрорайонированию, 3) банкам данных, 4) сейсмотектонике. В результате проведённых всесоюзных совещаний в институте освоен ряд новых методик по указанным направлениям. Они показали что в ряде направлений институт имеет своё научное лицо – определённое достижение на союзном уровне. К ним относятся разработка методики определения динамических характеристик колебаний грунтов с учётом пластических и остаточных деформаций при сильных сейсмических воздействиях, а также разработка системы интерактивных программных комплексов для информационного наполнения и эксплуатации баз данных, созданных в ИС АН Каз. ССР, которая рекомендована для внедрения в других родственных научных организациях.

Осуществлялась целенаправленная эффективная работа по комплексированию научных результатов путём проведения совместных работ по договорам о содружестве, рассчитанных на длительное время: с НИИ АН СССР, Академией наук союзных республик, научно-производственными учреждениями МинГео СССР, МинГео КазССР и Госстроя Казахской ССР и т.д., а именно с:

— Институтом земной коры СО АН СССР, Джамбульским гидромелиоративно-строительным институтом по изучению нелинейных процессов в грунтах для целей СМР;

— Институтом геофизики и инженерной сейсмологии АН АрмССР и Киевским ордена Ленина и ордена Октябрьской Революции государственным университетом им. ТГ. Шевченко по изучению динамических параметров грунтов и системы «грунт-сооружение» при сильных сейсмических воздействиях;

— Институтом физики Земли АН СССР и Институтом сейсмологии АН Кирг. ССР в целях повышения эффективности работ в области автоматизации сбора и обработки сейсмической информации, использования в сейсмологии новейших математических методов на базе данных ЭВМ и по методике составления карт ОСР и ДСР;

— специальной региональной геофизической экспедицией НПО «Нефтегеофизика» МинГео СССР и трестом «Сибнефтегеофизика» по исследованию скоростных характеристик земной коры региона и спектральных свойств не-фтегазоносных структур;

— ИЗМИР АН СССР и Институтом ионосферы АН Каз. ССР по изучению взаимодействия литосферы с ионосферой Земли с целью прогноза землетрясений.

Занимаясь проблемами сейсмологии и сейсмического строительства в республике, он одновременно координировал исследования региона Средней Азии и Казахстана в области волновой динамики, являясь активным членом Междуведомственных советов при Президиуме АН СССР по сейсмологии и сейсмостойкому строительству, прочности и пластичности.

Жубаев Н. успешно совмещал научную, организационную и педагогическую деятельность. Под его руководством защищено свыше пятнадцати кандидатских диссертаций. Одновременно он уделял большое внимание подготовке высококвалифицированных специалистов для народного хозяйства республики.

С 1981 года Н.Жубаев был профессором кафедры теоретической механики Алма-Атинского института железо-дорожного транспорта, где читал курсы по теоретической механике и по теории сопротивления материалов. Н.Жубаев также руководил производственной практикой выпускников-механиков, курсовыми и дипломными работами студентов Казахского государственного университета.

Начиная с основания лаборатории волновой динамики в 1969 году, Н.Жубаев руководит научно-исследовательскими семинарами, тематика которых охватывает все разделы механики сплошной среды. К участию в семинарах широко привлекаются работники различных отраслей народного хозяйства. Вся научная деятельность Н.Ж.Жубаева отмечена стремлением создать научный коллектив для разработки той или иной проблемы. Им создана научная школа по проблеме волновой динамики.

Основные научные направления, разработанные им:

1. Теория распространения упруго-пластических и взрывных волн в грунте и массиве горных пород.

Исследуется движение однородного полупространства, заполненного грунтом при действии сжимающе-сдвигаю щей нагрузки на границе. В этом случае в полупространстве распространяются две ударные волны, одна из которых вызывает чистое сжатие, а другая осуществляет сжатие-сдвиг. При этом движение среды будет одномерным и его параметры являются функцией только одной пространственной координаты и времени.

Изучено движение среды, когда сообщаемая скорость V частицам свободной поверхности полупространства остаётся постоянной во времени. Выведены формулы и получены соотношения для определения скоростей этих волн и других параметров движения при аппроксимации экспериментальных функций, описывающих поведение грунтов.

Движение среды в области чистого сжатия и сжатия-сдвига описывается системой двух нелинейных уравнений второго порядка, для решений которых был использован метод характеристик и найдены значения скоростей ударных волн, деформаций и скорости частиц в малой окрестности начала координат в x,t.

2. Теория распространения упруго-пластических волн в твёрдых телах и элементах конструкций.

Выполнены работы по исследованию волн напряжений в полупространстве, пластине и полубесконечном тонкостенном трубчатом образце их физически нелинейно-упругого материала при совместном действии мгновенно приложенных ступенчатых нормального и касательного усилий.

Н.Жубаевым и его учениками решён целый ряд задач по распространению упруго-пластических волн, где в качестве определяющих соотношений использовались связи теории малых упруго-пластических деформаций Генки-Ильюшина. Особо следует отметить задачу о распространении волны разгрузки, которая в мировой литературе называется волной Рахматулина.

Получили дальнейшее развитие работы по распространению центрированных упруго-пластических волн и материалах, обладающих эффектом запаздывания текучести. Данный эффект описывался моделью, предложенной Ю.Н. Работновым.

Н.Жубаев и его учениками выполнены работы но комбинированным упруго-пластическим волнам в конструкциях, для описания механических свойств которых использованы соотношения между напряжениями и деформациями дня траектории деформации в виде двухзвенной ломаной, вытекающие из общей теории пластичности А.А.Ильюшииа.

3. Изучение влияния сейсмотектонических структур и физико-механических свойств грунтов на характер проявления землетрясений на поверхности в целях совершенствования методов сейсмомикрорайонирования.

При разработке научно обоснованных методов сейсмического микрорайонирования, пригодных при сильных землетресениях, большое значение имеет исследование физико-механических свойств мягких грунтов за пределом упругости при действии динамических нагрузок.

Используя определяющие соотношения «деформационной» модели грунта Х.А.Рахматулина, решены задачи распространения одномерных плоских продольных и сдвиговых волн и волн сжатия-сдвига при заданных законах изменения напряжений на границе. Определены скорости распространения упруго-пластических «продольных» и «поперечных» волн в мягких грунтах в зависимости от уровня реализуемых неупругих деформаций.

Исследован широкий круг проблем по волновым процессам в упруго-вязко-пластическом полупространстве и слое на разновидности модели Пэжины-Влодарчика для грунтов. На основе данных теоретических исследований с применением различных численных методов разработана методика расчёта колебаний дневной поверхности для задач микросейсморайонирования.

4. Теория сейсмических волн в зонах тектонических разломов и её приложение для детального микросейсморайонирования.

При исследовании строения Земли, определения воздействия сейсмических возмущений на различные искусственные объекты, а также при решении многих других задач, большую роль играют поверхностные и каналовые (волноводные распространения) волны.

Условия существования таких волн существенным образом зависят от неоднородности среды. В этом направлении получены наиболее общие условия существования волн Лява в произвольно неоднородном приповерхностном слое и стационарных (каналовых) SH волн в зонах тектонических разломов, моделируемых низкоскоростными неоднородными слоями. Разработаны методы исследования сейсмических волн в неоднородной среде.

Н.Ж.Жубаевым опубликовано более 100 научных работ, в том числе следующие монографии:

Проблемы механики горных пород: Изд. «Наука», г. Алма-Ата 1969 г. /в соавторстве/.

Аналитические вопросы механики горных пород: Изд. «Наука», г. Алма-Ата 1969 г. /в соавторстве/.

Одномерные упруго-пластические волны сложного нагружения: Изд. «Наука», г. Алма-Ата, 1979 г.

Распространение волн деформаций: Изд. «Илим», г. Фрунзе, /в соавторстве/, 1985 г.

Сейсмические волны в неоднородной среде: Изд. «Наука», г. Алма-Ата 1985 г.

Развитие и совершенствование методов сейсмического микрорайонирования: г. Иркутск, Институт земной коры СО АН СССР, / в соавторстве/, 1985 г.

Численные методы исследований двухмерных волн напряжений: Изд. «Наука», г. Алма-Ата, 1988 г.

Деформационные свойства мягких грунтов при динамических воздействиях: Изд.«Ғылым», г. Алма-Ата, 1990 г.

Н.Ж.Жубаев – постоянный участник Всесоюзного симпозиума по распространению волн в сплошных средах, который действовал в течение 30 лет, был одним из организаторов всесоюзного съезда по распространению волн в сплошных средах в г. Алма-Ате.

Результаты научных исследований докладывались на республиканских научных конференциях по механике, горному делу и сейсмологии, а также на союзных и международных конференциях, съездах и симпозиумах.

1964 год. II Всесоюзный симпозиум по упругим и упруго-пластическим волнам, г. Баку.

1964 год. II Всесоюзный съезд по теоретической и прикладной механике, г. Москва.

1965 год. Всесоюзная конференция по механике горных пород, г. Алма-Ата.

1968 год. III Всесоюзный съезд по теоретической и прикладной механике, г. Москва.

1968 год IV Всесоюзный симпозиум по распространению упругих и упруго-пластических волн, г. Кишинев.

1968 год. II Всесоюзная конференция по механике горных пород, г. Новосибирск.

1971 год. Организатор V-гo Всесоюзного симпозиума по распространению упругих и упруго-пластических волн, г. Алма-Ата.

1972 год. XIII Международный конгресс по теоретической и прикладной механике, г. Москва.

1976 год. IV Всесоюзный съезд по теоретической и прикладной механике, г. Киев.

1978 год. Всесоюзная конференция «Традиционные и новые вопросы сейсмологии и сейсмостойкого строительства», г. Душанбе.

1978 год. VI Всесоюзная конференция по прочности и пластичности, г. Горький.

1979 год. VII Всесоюзная конференция по механике сплошных сред, г. Ташкент.

1980 год. Всесоюзное совещание по прогнозам землетрясений, г. Алма-Ата.

1981 год. Всесоюзная сессия Междуведомственного Совета по сейсмологии и сейсмостойкому строительству (МСССС) при Президиуме АН СССР, г. Фрунзе.

1981 год. Международный симпозиум «Физические и геодинамические процессы в локальных зонах землетрясений», г. Потсдам, Германия.

1981 год. Всесоюзное совещание по физическим свойствам горных пород при высоких давлениях и температурах для задач сейсмологии, г. Ташкент.

1983 год. Всесоюзная конференция по распространению упругих и упругопластических волн, г. Фрунзе.

1986 год. Международный семинар «Прогноз землетрясений и планирование мероприятий по уменьшению ущерба от них» г. Душанбе.

1986 год. VI Всесоюзный съезд по теоретической и прикладной механике, г. Ташкент.

1987 год. Всесоюзное совещание (выездная сессия АН ССР) по сейсмичности, инженерной геологии и гидрогеологии зоны БАМ, г. Иркутск.

Жубаев Н. был членом Проблемного совета «Механика твёрдого тела» при Президиуме АН Каз. ССР, членом специализированного Учёного совета по присуждению учёных степеней по специальности 01.02.04. «Механика деформируемого твёрдого тела» при Институте сейсмологии АН КазССР, членом комиссии по координации сейсмологических исследований в Казахстане при Президиуме АН КазССР, а также членом рабочей группы по применению методов механики в тектонических и сейсмических процессах Междуведомственного совета по сейсмологии и сейсмостойкому строительству при Президиуме АН СССР. Он осуществлял совместную работу с иностранными учёными, проводимую Институтом сейсмологии АН КазССР.

В 1987 году Н.Жубаев был избран членом International Society for Rock Mechaics (Международного Общества по механике горных пород) и членом Mining Sciences.

Заслуги Н.Ж.Жубаева отмечены медалью «За трудовую доблесть» и многими наградами Академии наук СССР и Казахской ССР.

11 декабря 1988 г. Жубаев Н. безвременно ушёл из жизни, полный творческих сил и несвершившихся планов.

В 1989 году для увековечения памяти своего земляка имя Нуна Жубаева, внёсшего большой вклад в становление и развитие фундаментальных наук, в создание казахстанской школы механиков «волновиков» и получившего признание в научном мире, выходца одного из самых отдалённых и отсталых регионов республики в прошлом, а ныне одного из наиболее перспективных и развивающихся регионов республики Казахстан, первого профессора, доктора технических наук из Мангистау было присвоено Шетпинской средней школе Мангистауского района и улице в городе Новый Узень.

В 1996 году для увековечения памяти ученого распоряжением премьер-министра Республики Казахстан №17-43/5 от 26.01.2006 года в г. Актау была проведена Международная научно-техническая конференция «Проблемы и перспективы развития науки и техники в области механики, геофизики, нефти, газа, энергетики и химии Казахстана», посвящённая 60-летию доктора технических наук, директора Института сейсмологии Жубаева Нуна Жубаевича.

УНИВЕРСИТЕТТЕ БІРГЕ ОҚЫҒАН ДОСЫМ НҰННЫҢ 70 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАУ.

Толқын шегі көкжиекпен ұласқан,

Асау толқын құз жағамен таласқан.

Кәрі Каспий Маңғыстаудың өңірі,

Байлығы мол, сәні-салты жарасқан.

Киелі қазақ жері,

Өр мінез Адай елі.

Мұнай-газ, уран күші болашағы,

Мұхитқа шығар жолдың шамшырағы.

Балықтан көп мұнай шықты теңізден,

Атада жоқ мамандықты енгізген.

Таяқ емес, найза емес құралы,

Білім нәрі – университет емізген.

Ақтаудың студенті,

Ғылыммен еңбектенді.

Өндіріп қара алтынды өзі өңдеген,

Асырар пайда-құнын ел көздеген.

Туған жағым қандай ыстық дауылың,

Жанға жайлы себелеген жауының.

Досымыздың қилы өмірін еске алған,

Мадақтаймыз Нұн ауылының қауымын.

Шетте емес Шетпе ауылы,

Дәуірге сай дамуы.

Риза боп бақилылар, жастар өссін,

Молайтып мағынасын өмір көштің.

Айталиев Шмидт Мұсаұлы

Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының толық мүшесі,.

техника ғылымдарының докторы, профессор,
Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым мен техника қайраткері
ЖАРҚЫЛДАП ӨТКЕН БІР ЖАЙСАҢ

Ол кезде мен небары жиырма екі жаста едім. Москва университетінің бесінші курсында оқып жүрген кезім. 1960 жылдың қыркүйек айы. Әр сәрсенбіде өтіп жататын кафедра семинарының үстінде ұзын бойлы, кең иықты, өткір көздеріне бір жасырын жылылық ұялаған, жасы менен бірер жас үлкендеу, әдемі ақсары жігіт көзіме оттай басылған. Үзіліс кезінде амандастық.

— Бауырым, оқып жүрген оқуың құтты болсын, – деді салғаннан мені бұрыннан білетін адамдай жылы шыраймен. – Мен Нұн Жұбаев деген тілектес ағаң боламын. Биыл КСРО Ғылым академиясының Механика институтына, аспирантураға түстім. Ғылыми жетекшім Халел Ахмедович Рахматуллин, – деді.

— Мен сізді білемін, сыртыңыздан естігенмін, мен де алдағы жылы осы кісіге аспирантураға түсуге дайындалып жүрмін, – дедім, өзімді таныстырып. Ол қасымыздан өткен талай адамдарды сырттай таныстырып жатты. Байқаймын, тілі өткір, айтқан қалжыңы жарасып-ақ тұр. Менде оның бірі жоқ. Мен университеттің «Б» зонасынан 6-шы қабаттың 26-бөлмесінде (Б-1626) тұрамын. Оны сол бойда жазып алды. Нүкең Дмитрий Ульянов көшесіндегі академияның аспиранттар жатақханасында екен. Оның бір дархан, жайдары, өне бойында жақсылық мейлінше толыққан жан екеніне шүбәм болмады. Кейінгі өмірде сыйласа жүріп, сол алғашқы сезімімнің шындыққа айналғанына, расталғанына қуандым. Сондай адаммен достық, бауырмалдық қарым-қатынаста болғанымды әрқашан ерекше бір қазына, байлығым деп санаймын.

Нүкең академияның аспиранты болғанымен, күнде таңертеңнен кешке дейін МГУ-де жүретін. Өйткені, дүние жүзіне әйгілі академиктердің: Х.А.Рахматуллин, А.А.Ильюшин, Л.И.Сетов, М.В.Келдыш, А.Ю.Ишлинский, Ю.Н.Работнов, А.Н.Колмогорев, И.Т.Петровский, тағы басқалардың лекцияларын тыңдап, семинарларына қатынасатынбыз. Үнемі 14-қабаттағы МГУ-дің кітапханасында дайындалатынбыз. Кеңестер Одағында математика мен механика салаларында қандай да болсын бір үлкен жаңалық болса, ол МГУ-дің 16-қабаттың (аудитория 1610) талқыланатын. Ғылыми советте қаралатын кандидаттық, докторлық диссертацияларды жібермейтінбіз. Ғылымның қандай саласын алсаң да, оның локомотивтерін МГУ-ден табасың. Ондай кісілердің талайын көріп, танитынбыз. Тіпті атақтары аңызға айналған белгілі физик-теоретиктер, Нобель сыйлығының лауреаттары П.Л.Капица мен Л.Д.Ландауды көреміз. Физфакқа солардың семинарына баратынбыз.

1962 жылдың май айы, өте бір жылы күн еді. МГУ-ге (әрине атақты Ландау мен Капицаға) атақты Нильс Бор баласымен (Ore Бор) келіпті. Кездесу далада, физфактың алдында болды. Ығы-жығы мыңдаған адам, үлкен алаңға сыймай кетті. Ұлы адамдардың қарапайымдылығына қайран қаласың. Сонда Бор, Ландау, Капица бәрі де физфактың даладағы кіреберісіндегі баспалдақтың үстіне астына қағаз төсеп, жерде отырды. Нүкең Борды көргенде: «Мынаның басы қауғадай, денесінен үлкен екен, шамасы іші толған ми шығар» деп қойды әзіл қалжыңымен. Ол Бор ғой, ол – қазіргі физиканың негізін қалаушылардың бірі. Планетарлық атомның кванттық теориясын жасағаны үшін 1922 жылы Нобель сыйлығын алған. Баласы Oгe Бор Москваға келгенде 40 жаста екен. Кейін 1975 жылы ол да Нобель сыйлығын алды. Сол 1962 жылдың қараша айының 13 күні 77 жасында Бор қайтыс болды.

Нүкең екеуміздің Борды көруіміз өміріміздегі үлкен оқиға десек, артық емес. Халықта көп жасағаннан сұрама, көпті көргеннен сұра деген бар.

1967 жылдың 15-ші ақпаны. МГУ-дің актовый залы. «Галилео Галилей - 400 жыл» деген тақырыппен академик А.Ю.Ишлинский баяндама жасап тұр. Нүкең екеуміздің алдымызда Асқар Закарин отыр екен. Сол кезде ол кісі КазГУ-дің ректоры. Бірден таныдық. Үзіліс. Асекең бұрылып артына қарағанда, бас изесіп амандастық. Ол кісі:

— Жігіттер, қазақсыңдар ма? Мен Асқар Закарин деген ағаларың боламын, – деді. Содан кейін өзінің қасына шақырды. Таныстық. Үзіліс аяқталғанша біраз әңгімелесіп те қалдық. Екеумізді КазГу-ге жұмысқа шақырды.

Галилей туралы әңгіме қозғалғанда Асекең:

— Физика ғылым ретінде басын Галилейден алады, механикадағы екі принципі үшін адамзат оның алдында қарыздар. Біріншісі бірқалыпты түзу сызықты қозғалыс салыстырмалы(относительно), бұл Ньютонды инерциялық санақ жүйесіне ұғымына әкелді, екіншісі дененің еркін түсуіндегі үдеудің тұрақтылығы Ньютонға инерттік және ауыр масса ұғымдарын туғызды. Ал Эйнштейн болса, Галилейдің механикадағы салыстырмалық принциптерін бүкіл физикалық процестерге пайдалануды ұсынды, оның ішінде жарық жылдамдығына, кеңістік пен уақытқа Галилейдің түрлендіруін Лоренц түрлендіруімен байланыстырды. Сөйтіп, Эйнштейн өзінің салыстырмалық теориясын ашып, әлемге әйгілі болды, – деді.

Асекеңді 111-маршруттағы (МГУ мен Қызыл алаңның арасында жүретін) автобусқа отырғызып, шығарып салдық. «Москва» қонақ үйіне тоқтаған екен. Келесі күні екеумізді «міндетті түрде келіңдер, күтемін» деп, қонаққа шақырды. Айтқан уақытында келсек, ағамыз шынында да күтіп отыр екен.

Үйге кіргесін, Нүкең:

— Ағай, біздер қаңғырып жүрген балалар, жүре береміз ғой, шақырды екен деп жетіп келгеніміз ұят болған жоқ па? – деді.

— Жоқ, келгендерің өте дұрыс болды. Бұл өзімнің басымнан өткен жай. Баяғыда оқып жүргенімде Москваға Сембаев келгенде, тамақ алып бер деп соңынан қалмайтынмын. Онда осы МГУ-де оқитынмын, – деді. Көптен білетін жақын адам сияқтымыз. Кешегідей емес. Ағамыздың тоқтаған 7-этаждағы бөлмесі «люкс» екен. Кнопканы басып, тамақты бөлмеге алдыртты. Тоңазытқыш толған арақ-шарап. Асекеңнің көрген білгені көп, талай әңгіме айтылды. Бізді бала деген жоқ. Нүкең өзінің өткір тілдерімен, әзіл-қалжыңымен күлдіріп қояды. Көп отырды. Арақ-шарап аз ішілмеген сияқты. Бір кезде Нүкең:

— Мына Ұғыбай Торғайдан, Аманкелді ауданынан, – деді. Асекең жұлып алғандай: – Ойбай-ау, менің бауырым болды ғой, – деп, қуанып жатыр. Нүкең:

— Көрдің ғой, Ұғыбай, енді маған қарыздарсың. Ағаңмен таныстырдым. Ұмытып кетіп жүр ме, – деп әзілдеп жатыр. Десе дегендей, осы таныстықтың арқасында 1968 жылы Алматыға келгесін, КазГУ-дің ректорына емін-еркін кіріп жүретін болдым.

Нұн екеуміздің Москвада оқыған кездерімізде өміріміз бірге өтті. Күнде таңертең менің бөлмеме келеді. Асханадан тамақты бірге ішеміз. Лекцияларға, семинарларға бірге барамыз. Талай қызық әңгімелер айтылды. Әзіл-қалжыңымыз жарасып тұратын. Ол ұнамаған адамының сыртынан әңгіме айтпайтын, тек «соны қойшы» дейтін. Өз басым дәл Нұндай әділ адамды сирек ұшыраттым. Онымен қатар оқып, көп бірге жүрген құрбы-құрдастарының сөзінде Нүкең көбіне әзіл-қалжыңы аралас күлдіргі адам секілді көрінеді. Ал мен басқа жағын көбірек білдім. Екеуміз оңаша қалған кездерде айтатын әңгімеміз оқыған кітаптарымыз, әдебиет, өнер туралы, өмір тұрмыс жайлы, айналысып жүрген ғылыми жұмыстарымыз төңірегінде өрбитін. Маған зейін қойып тыңдап, барлай қарап отыратын. Марқұм ренжігенін де, риза болғанын да айқара ашып көрсете салатын. Мінезімізде, өмірде, адамгершілік қарым-қатынастарда ұстанатын принциптерімізде, көзқарасымызда көптеген үйлесімділік, үндестік болды. Соның нәтижесінде көп жағдайда сырлас болдық, жарасқан ағайындас дос болдық. Ол кісінің жұбайы Роза Мәжікенқызы Бутина, әкесінің есімі елге белгілі, жақсы тәрбиеден шыққан, көргені көп, білімді, аса сезімтал адам болатын. Нүкеңнің мінезін түсініп, бабын таба алатын, ер қадірін білетін, сөзге құлақ салатын, сөз қадірін білетін ақылды адам.

Нүкеңнін дүниеден озғанына биыл он сегіз жыл болды. Күні осы уақытқа дейін Роза жыл сайын дастархан жайып, туыс-туғандарын, жолдас достарын жиып, Нұнның жарқын бейнесін еске түсіріп, рухына тағзым етеді. Розаның інісі Ерік Бутин аяулы азамат еді. Нүкеңді өте жақсы көретін. Ерік екеуміз біраз жылдар бірге жүрген дос болдық. Ол да Нұнмен бірге сол жылы өмірден озды жүрек ауруынан. Бақилық болған досымның жарқын бейнесіне басымды иіп, тағзым етемін. Арты қайырлы болсын. Бәрі де күні кеше сияқты еді.

Нұн өмірде өте сергек, ширақ болды. Қалғып, мүлгіп жүргенді ұнатпайтын. Не нәрсені айтса да, ұшын күлтелендірмей анық етіп, турасын айтатын. Турашыл болатын. Сөзі де, мінезі де өткір еді. Әрине, көп жағдайда оның осындай тым тәуелсіз, еркін мінезі кейбіреулерге жақпай да жататын.

Қатар жүрген жолдас жігіттерді күлдірту үшін біреуін «клеткадағы арыстан сияқты» десе, екіншісін «еркек мысық» дейтін. Ешкімді ренжітпеуге тырысатын. Қалжыңы ылғи да еркелетіп айтатын келісті сөздер болатын. Қатар құрбы-құрдастарының көңілін жықпай, астына көпшік қойып сөйлейтін. Бас қосып қалған кездерімізде уақыттың қалай өтіп кеткенін байқамай да қалатынбыз.

Көп адамдарға, әсіресе өсіп келе жатқан болашағынан үміт күтетін жастарға мейлінше қамқорлық жасауға талпынып жүретін. Оның осы қасиеті көп адамға үлгі боларлық еді.

1979 жылы май айында маған «Ғылыми жетекшім істеген жұмыстарың докторлық диссертацияға артығымен жетеді, енді бастырып түпте, қорғай беруіңе болады» деген. Мұны Нұн досым да білетін. Ол әрқашанда менің жұмыстарымның маңыздылығын, теориялық жағын, негізінен аналитикалық шешімдер алынғанын, Америкада, Канадада ағылшын тіліне аударылғанын, одан шақыру келгенін әр жерде айтып отыратын. Нүкең талай рет:

— Енді созба, жылдамдат, мен өзіңмен бірге жүрем, Молдавиядан, Әзербайжаннан, Киевтен, Новосибирскіден отзывтар аламыз, ал Москвада академик С.С.Григорян бар, ол өзіңді жақсы көреді. Тез бітір, қорға, – дейтін маған үнемі. Сонда дәл бір інісіне қамқорлық жасап тұрған ағасындай көрінетін менің көзіме. Бірақ сол жұмыстар күні осы уақытқа дейін қозғалмай қалды, енді керегі де жоқ. Елімізде ғылымның қадірі кетіп, ғылымға нағыз ғылымнан сауаты жоқ тоғышарлар келіп, солар елдің «ғылымын» басқарып жүргенін көргенде көңілің құлазиды: Тіпті кейбір ғалымдарымыз радиодан «Бізге, Қазақстанға, фундаменталды ғылымның керегі жоқ, көрпеңе қарай аяғыңды соз деген, сондықтанда ондай сөзді қою керек», – деп те жүр. Егер келешек өмір бар десек, онда мұндай сөздер елдің келешегіне пайда емес қой.

Қазір білімді адамдар көп, ал білім жоқ. Нағыз ғылымды жасауға үлкен үлес қосқан, әлемдік жаңалықтар ашқан ғалымдар туралы әңгімелерді Нұн шабыттана айтып, толқып отыратын. Сондай ғалымдардың бірі, механика саласында дүние жүзіне белгілі адам, екеуміздің ғылыми жетекшіміз, академик Халел Ахмедович Рахматуллин. Ол кісі 1945 жылы серпімді-пластикалық ортада толқынның таралуы туралы зерттеуінде Рахматуллин толқынын (Волна Рахматуллина) ашып 1-ші дәрежелі Сталиндік сыйлық алған. 4 рет Мемлекеттік сыйлықтың, 5 рет Ленин орденін алған, басқа да талай ордендер мен медалдар, сонымен қатар көптеген ғылыми атақтары бар, Социалистік Еңбек Ері, «орыс авиациясының атасы» Н.Е.Жуковскийден кейін соның лабораториясын басқарған адам. Москва университеті оған «Газовая и вольновая динамика» деген кафедра ашқан, өмірінің соңғы күніне дейін осы кафедраны басқарған адам еді.

60-шы жылдардың басында механика ғылымы саласы бойынша Америкада өткен Дүниежүзілік конгресте Рахматуллин болған. Конгресті басқарушы Американың атақты ғалымы В.Прагер салтанатты жиналыста «осы залда, біздің қатарымызда Халил Рахматуллин отыр» дегенде, бүкіл зал орнынан тұрыпты. Біздің еліміздегі коммунистік тобыр секілді емес, олар жапырлап, орнынан ұшып тұруға әдеттенбеген маңғаздар ғой.

Осы бір сәтті Нүкең айтқанда көңілі босап, көзінде іркіліп жас тұратын. Маңайындағылар да үндемей, іштей олар да босап, ұлы ғалымның мәртебесіне басын иетін. Нүкеңнің осындай бір кездерін басқа уақытта да кездестірдім. Марқұмның жаны нәзік еді. Біреуге көңілі түссе, жақсы сөздерін аямай ақтарып төге салатын.

Халел Ахмедович Нұн екеумізге тек ұстазымыз ғана емес, туған әкеміз сияқты болды. Менің алғашқы әйелім орыс қызы Нина Васильевна МГУ-де оқитын, қызымыз Гүлнар 1966 жылы университеттің жатақханасында туды. Оны білетін ұстазым маған:

— Сен Москвада қалатын болсаң, ол оңай, – деп мені кіші ғылыми қызметкер қылып МГУ-дің «механика институтына» жұмысқа орналастырды. Сонда айтқан сөзі: – Бірақ сенің өсуіңе өз елің дұрыс болады. Ұстазымның айтқан осы бір сөздері есіме жиі оралады.

Нүкең туралы осы естелікті жазып отырғанымда, алдымда ағылшын ғалымы Дж. Тейлордың «Волны напряжений в твердых телах» деген кітабы жатыр. Кітаптың бұрышында «Дорогому Угубаю в день твоего зачисления в аспирантуру МГУ. Н.Жубаев» деп жазылыпты. Айы, күні жазылмаған екен.

...Содан не керек, Нүкең аспирантурасын бітіріп, Алматыға кетті. Қазақ ССР Ғылым академиясының Математика және механика институтында қызмет етті, кандидаттық, одан көп ұзамай докторлық диссертацияларын қорғады. Содан соң осы Академияның Сейсмология институтын басқарды. Өмірдің қай кезеңінде де Нұн кішіпейіл, қарапайым азамат болды. Өмірге жарқылдап келіп, жарқылдап өтті. Жарқылдап өткен бір жайсаң болып, менің есімде мәңгілік қалды.

Амал нешік, ардақты Нұн досым қайраткерлігі толысқан, кемел шағында тағдырдың жазуымен 53 жасында дүниеден озды. Артында азаматтың жақсы аты, қайраткерлік ісі, отбасы – жары Роза, балалары Әнел, Айжан, кішкентай немерелері қалды. Осыған тәубә, шүкіршілік дейік.

Ажалды сырқаттың тырнағына ілінгенде де таусылмады, сарқылмады. Қабырғасы қайысып, іштей аласапыран күйзеліске ұшырап жатса да, қабағын шытып, қажығанын білдірмеді. Өмір үшін күресті, өмірден үмітін үзбеді. Жан-жағын күңірентпей, көңіл сұрай келген дос-жаранға жарқын мінез, жайсаң көңілін білдіруден жалықпады. Оны өзім көрдім.

Нүке, жаның жәннатта, топырағың торқа болсын, фәни жалғаннан мәңгілік бақиға кетсең де, сенің артыңда сенің кім екеніңді айтып жүретін достарың жетерлік.

Міне, арада біраз жылдар өтті. Өмірге басқа ұрпақ, басқа адамдар келді. Қар жауып, із басылады дегендей, олардың өз түсінігі, өз танымы бар. Алайда Нұнның ғылымдағы еңбегі, оның биік адамгершілік қасиеті ұмытылмақ емес.

Күйікті жаспен жуайық,

Адал, тату тұрайық.

Өлгенді жоқтау лайық,

Тіріге рахым қылайық.

Ақылға көңіл бұрайық,

Береке, бірлік құрайық.

Жастардан үміт қылайық,

Жастарға өмір сұрайық.

...Баяғыда әр қалада механикадан Бүкілодақтық съездер, конференциялар, симпозиумдар өтетін. Ылғи бірге жүреміз. Әрбір екі-үш жылда өткізілетін Х.А.Рахматуллиннің Бүкілодақтық симпозиумы болатын: «Симпозиум по распространению упруго-пластических волн в сплошных средах» (Москва 1962, Баку 1963, Ташкент 1966, Кишинев 1968, Алматы 1971). 1963 жылдың күзінде осы симпозиумға Москвадан Бакуге бардық. Екеуміздің де баяндамамыз бар. Бір күні ақшамыз бітіп қалды. Сонда Нүкең:

— Ұғыжан, қалған екі күнге тамақ ішпейміз, қайтарға самолетке билетіміз бар, – деп, бәрімізді де күлдіргені бар.

...Кейін Алматыдағы өміріміз де талай қызықпен өтті. Көрген сайын қуанып, кездескенде жасымыздың есейгеніне қарамастан, бала секілді болып кететінбіз.

Сол күндер есіме жиі түседі Нүкең көз алдыма елестейді. Қандай жақсы адаммен жолдас болғанмын деп, өзіме-өзім риза болатын жайым бар. Әрине жасы келген адамның өткен күндерін, өз замандасын сағынып, елегізе іздейтіні сірә белгілі ғой.

Ұғыбай Бектұрсынов,
Қазақстан Республикасы Ғылым академиясының
математика және механика институтының
аға ғылыми қызметкері, физика-математика

ғылымдарының кандидаты

Алматы. 15 мамыр 2006 жыл.

ВОСПОМИНАНИЯ ОБ УЧИТЕЛЕ

В мае 1971 года я поступил на работу в лабораторию волновой динамики Института математики и механики АН Каз. ССР, где заведующим лабораторией был Нун Жубаевич Жубаев. То, что я поступил на работу в Академию наук, а в особенности к Нуну Жубаевичу, я считаю большим благословением для себя.

Для меня он был и есть всегда образец интеллигентного человека. Ведь интеллигентность – это не сумма знаний, а состояние сердца. Сердца, которое сострадает, сердца, боящегося обидеть кого-то, сердца совестливого. Помню, однажды он отругал нас за дисциплину (у «академиков» особое расписание – поздно приходить на работу и рано уходить в библиотеку, на машину – ЭЦВМ и т.д), а потом ушёл в свой маленький кабинет и целый день не выходил оттуда. Он переживал, что повысил голос на нас, что отругал. Утром мы нашли пепельницу, полную, с горку, окурков.

Нун Жубаевич любил и ценил шутки. Когда я поступил на работу в его лабораторию, то, по своей старой привычке (учился в интернате, учился и жил в России), порой подшучивал над ним. Сотрудники, которые поступили на работу раньше меня, переглядывались между собою с опаскою. Позже я понял, что нельзя шутить над начальником (восток – дело тонкое). Даже такой факт, что Нун Жубаевич позволял шутки над собою, говорит о том, что он был незаурядным человеком. Для себя я нашёл оправдание – казахскую поговорку; «Если ты умеешь шутить, то можешь пошутить и над отцом», где-то так.

Однажды утром Нун Жубаевич пришёл на работу и не видит ни одного сотрудника, кроме меня (я отводил сына в детский сад, поэтому приходил к началу рабочего дня). Смотрю и вижу, что сегодня попадёт моим коллегам – давно о дисциплине не говорили. Тогда я говорю ему: «Нун Жубаевич, зачем Вы так рано приходите на работу? Вы себе настроение портите с утра и сотрудникам испортите сегодня!» Тогда он только рассмеялся – такой хороший начальник!

Как учёный, он был тоже необыкновенным человеком. Я всегда поражался его трудоспособности. Он сидел ночами и решал задачи, которые нам ставил. Он всегда перепроверял нас. Он высоко ценил честь и имя учёного. Я как-то пошутил: «Нун Жубаевич, вы как русский человек – умеете быть долготерпеливым». Ведь мы, азиаты, неусидчивы в большинстве своём, согласитесь.

Когда Нун Жубаевич представил свои работы к защите докторской диссертации, многие учёные с «центра» были поражены, что такие работы, столь актуальные для нашего времени – динамические задачи сложного нагружения, решены учёным с периферии! И тот факт, что его работами заинтересовались учёные США, говорит о том, что его труды действительно нужны для науки и техники современности. Жаль, что такие работы в настоящее время не ведутся у нас в Казахстане.

У Нуна Жубаевича был свой великий учитель – это академик Халил Ахмедович Рахматуллин. Рассказывали, что на его работе один человек-начальник 1-го отдела режимного предприятия все время всячески мешал Халилу Ахметовичу. Но он никогда не мстил ему за это. Когда тот человек ушёл на пенсию (военные рано уходят на пенсию) стал искать себе работу, но не смог нигде найти её. Тогда тот человек пришёл к Халилу Ахметовичу и он дал ему работу! Вот закон: «не воздавай» злом за зло» в действии. А Халил Ахметович впоследствии был благословенен – стал Героем Социалистического Труда, благодаря усилиям того покаявшегося человека.

Так вот, у Нуна Жубаевича тоже была однажды ситуация, похожая на эту. И мой учитель поступил также, как академик Рахматуллин. И я сказал ему тогда: «Ну, с Вами все ясно!»

Как руководитель, Нун Жубаевич всегда стоял горою за своих, даже недисциплинированных, сотрудников. Однажды в очередной раз Нун Жубаевич заступился за меня. В силу своего непокорного характера я попадал в такие ситуации, что кто-то настаивал уволить меня (не за научную деятельность). На этот раз поступило распоряжение с Президиума АН разобраться с Кимом В.Т. Нун Жубаевич спрашивает меня: «Было ли такое, о чем говорится в письме?». Конечно, такого не было, просто один мой оппонент решил таким способом уволить меня.

Но распоряжение надо исполнять. Нуна Жубаевича вызывает директор Института и приказывает написать рапорт о моем увольнении. Мой учитель и директор долго говорили на повышенных тонах. В заключении Нун Жубаевич говорит: «Увольняйте и меня с ним!». Дело закончилось тем, что я написал заявление перевести меня с должности м.н.с. на должность старшего инженера. Ну, где найдёшь другого такого начальника? Мужественного и честного.

Нун Жубаевич часто повторял шутку: « Маленький начальник – маленький подлец». Когда его назначили директором Института сейсмологии, мы все радовались, что динамические задачи будут развиваться и в Казахстане. Радовались за него, ибо он достоин был быть большим руководителем. У Нуна Жубаевича были и широта, и глубина мышления, и великое трудолюбие. Я как-то говорю ему: «Ну кто-то должен же работать в лаборатории!».

Но наш дорогой учитель недолго пробыл на этой должности. Может быть, из-за того, что он никогда не мог быть большим начальником. Один Бог знает. Я всегда буду помнить его как своего учителя, друга, гражданина и патриота. И да будут благословленны его жена, дети и внуки!

Валерии Тимофеевич Ким, Доктор физико-математических наук

18 Мая 2006 г. Алматы.

ЖАНЫ ЖАЙСАҢ ЖАН ЕДІ

1954 жыл. Бүкіл Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген кіл өрімдей жастар КазГУ-ге оқуға түсуге жиналдық. Қазіргі Достық және Бөгенбай батыр көшелерінің қиылысқан жеріндегі екі қабат үй – болашақ оқу орнымыз. Бізге алдымен университет ректорының атына арыз жазасыңдар, ол міндетті түрде орысша болуы керек деді. Бұл әрине ауылдан келген, орыстармен аралас-құралас болып тіліміз сынбаған біздерге қиын болды. Қалай жазарымызды білмей, жан-жағымызға қараймыз. Көптің іші ғой, бірі болмаса, бірі ақылын айтар, жөнін көрсетер деп, өткен-кеткенге жалтақтап қарап тұрмыз. Осы кезде біздерге қарата келе жатқан орта жастардағы бір қазаққа «Ағай, мына арызды қалай жазатынын көрсетіп жіберіңізші» дедік. Бірақ әлгі ағайымыз «Говорите по-русски» деп, өзінің түсінбегенін айтты. Артынан барып білдік қой, ол ұлты корей Ни Валентин Хахсунович екен. Көптің аты көп емес пе. Бірімізден сұрап, екіншімізден көшіріп дегендей, арызды да жаздық. Енді емтиханды тапсыруымыз ғана қалды. Оқуға келген қай-қайсымыздың да талабымыз таудай болатын. Түсу емтихандарының санының көп екендігіне қарамастан (сегіз сабақтан болған еді), көбіміз студент атандық. Тек бәрімізді де қинаған орыс тілі болатын. Мен де, Нұн да қиян бір шеттегі ауылдан келгенбіз. Бірақ ауылдағы ұстаздарымыздың орыс тілінен жаттауды көп беретіні кәдемізге жарады. Түсініп жарытпасақ та, икемге келіп айта алатын жайымыз бар. Содан не керек, орыс тілінен төмендеу баға алсақ та, көбіміз оқуға түсіп кеттік.

Көп ұзатпады, оқуға түскендерді жұмысқа жіберді. Алматы облысының Шелек ауданында Қарабалтабай деген ауыл бар. Сол жерге қызанақ, картоп, қияр жинауға бардық. Бір-бірімізді жете білуімізге, жақсы танысуымызға мүмкіндік туды.

Нұн сол кездің өзінде-ақ басқалардан ерекшелігімен көзге түсе бастады. Ешкімді ренжітпейтін әдемі әзілі бар, сұңғақ бойлы, көргенін тез сипаттап, суреттей алатын, тапқыр жігіт екен. Басқалардай емес, көп білетіні, көп нәрсені көкейіне түйгені байқалады. Алдымызға келген бір бөлке нанды бөле жеп, құшақтаса қатар жатып білісіп кеткеннен кейін ғана, Нұнның өмірдің көп тауқыметін көргенін, ерте есейгенін ұқтық.

Көзді ашып-жұмғанша практика да бітті. Алматыға қайтып оралып, оқуға кірістік. Ол кезде кез келген студенттің комсомол мүшесі болатыны белгілі. Университеттегі қоғамдық жұмыстардан ешкім де тыс қалмайды. Керек десе, әрбір студенттің оқуы, тәртіп мәселесі де сол комсомол жиналысында қаралып, тентектерге шара қолданатын. Ағат кеткен жерің болса бірге жүрген достарыңның сілікпесіне, сынына түсесің. Қарсы сөйлеп, ештеңе бітіре алмасың белгілі. Ол кезде кешегі достығың, қатар жатқаның есепке алынбай қалады. Осы күні ойлап отырсақ, сол кездің жастарының бойында бір-біріне деген қамқорлық, қиын жағдайдан қорғап қалар, жөнге салар адамгершілік мол екен ғой. Кезекті бір жиналысымызда университеттің комсомол хатшысын сайлайтын болдық. Бұл енді оңай шаруа емес. Оған қай жағынан да лайықты адамды табу керек. Айтқан ұсынысың өтпей де қалуы мүмкін. Кімді ұсынамыз? Кім пікір айтады дегенде, алда отырған Мамаев Лес деген (дүниеден озып кетті) қолын көтеріп, ортаға шықты. Ол сөзін әріден бастап, өзінің жан-жақты бағасын беріп, хатшылыққа Жұбаев Нұнның лайық екенін айтты. Өте дұрыс болды. Бәріміздің де көкейімізде тұрған осы Нұн болатын. Бірақ дауысқа салар кезде Елшанина деген қыз қарсы болды.

— Жұбаев Қарабалтада жүргенімде маған арбаға ат жегуге көмектеспеген. Сондықтан оны сайлауға қарсымын, – деп тұрып алды.

Осы кезде Нұн орнынан тұрып, оның айтып тұрғанының рас екенін, сондықтан комсомол жетекшілігіне Мамаев Лесті ұсынатынын айтты.

Нұн тауып кеткен еді. Жиналысты у-дуға салдырмай, өз ұсынысын тез өткізді.

Ауылдан келген балалардың бәрі де жатақханадан орын алды. Біз бір бөлмеде Бимаханов Қуанышбай, Әбдилдин Мейірхан, Қадіров Нығметжан, Омаров Окөй, мен және Нұн болып жаттық. Студенттік жылдардың талай-талай қызықты кезеңдері өтті. Қарынымыз тойыңқырамай жүрсе де оқуға деген ынтамыз жоғары болатын.

Біз Мақтааралға екі рет мақта жинауға бардық. Ортамызда қашан да көңілді жүретін Нұн еді. Бірақ ілгеріде айтқандай, әзілі жарасымды, біреуді ренжітпеуге, қатар жүрген достары арасына сызат түсірмеуге тырысатын. Керек жерінде өзін де, жолдасын да қорғайтын. Ер жігіттің намысын жоғары қоятын. Қасымызда Ливеров Владимир деген болды. Ол тамақ ішкенде алдымызда тұрған секерді ботқасына араластырып жейтін. Басқа адамның жайымен көп санаса бермейтін-ді. Бір күні ол қасық алуға орнынан тұрып кеткенде, Нұн оның ботқасына бір уыс тұзды салды да жіберді. Орнына келіп отырған Владимир бұрынғы әдетімен алдындағы тамағынан қомағайлана асады. Іле жан-жағына алара қарап отырып, «это ты, Нун» деп, оған былапыт сөзді ақтарды да салды. Нұн ашудан бетіне күреңітіп қан жүгіргенмен, сабыр сақтады. Оған артынан сөйлесетінін айтты. Бұл кешкі тамақтың кезі еді. Біз олар шынымен төбелесіп қала ма деп, орнымыздан бірге тұрдық. Бірақ Нұн бізді қалдырып, екеуі оңаша кетті. Көп ұзамай артына жалтақтай қарап, жатақхана жаққа жүгіріп бара жатқан Владимир көрінді. Оның артынан күлімсіреп ештеңе болмағандай, Нұн келе жатты. Қасымызға келіп болған оқиғаны айтты. Бәрімізде қыран-топан күлкіге баттық. Сөйтсек, Нұн асханадан шығарда өзі мен бірге кәдімгі ботқа ішетін қалайы қасықты ала кетеді. Ағаштың тасасына барып білегін түріп, төбелеске дайындалған Владимирдің қасына барады да қасықты жарқ еткізіп қалтасынан суырып алады. Пышақ екен деп ойлаған «батыр» қарсы тұруға тайсақтап, қаша жөнеліпті. Содан кейін-ақ бұрынғы әдетін қойды, көппен санасатын болды.

Мақта теру оңай жұмыс емес. Таңның атысынан, күннің батысына дейін тыным таппайсың. Шаршағанымызға қарамайтынбыз. Ол кезде біздердің ортамызда шекесі шылқып жүрген адам шамалы еді. Осы кезді пайдаланып, шама келсе ақшаны молырақ табуға тырысатынбыз. Ішіміздегі жағдайы жақсылау Әбділдин Мейірхан еді. Әкесі дәулетті адам екен. Онысын білдіріп те қоятын. Жастықтың әсері шығар, сол Мейірхан асханадан тамақ ішкенде, көбіне манты алады. Біздің көзімізше оның етін жеп, қамырын шығарып тастайтын. Бұл әрине қай-қайсымызға да ұнамайтын. Оны да жөнге салып, бұл әдетін қойдырған Нұн еді'. Бір күні тағы да мантының қамырын шығара бергенде:

— Әй, Мейірхан, тамақтың қасиеті, обалы деген болады. Сен нағыз жегің келмесе, қамырды стол үстіне тастамай, біздің ыдысымызға салып отыр. Бір кездері Мейірханның сарқытын іштік деп айтып жүреміз ғой, – деді. Қып-қызыл болған Мейірхан содан кейін ол әдетін тастады. Жастықтың желігі ғой, әйтпесе адамшылығы мол азамат болатын. Қазір Мейірхан үлкен ғалым, академия мүшесі, физик-теоретик.

Мейірхан аласа бойлы еді. Ішіміздегі мақтаны тез теретін де сол болатын. Шамасы, бойы аласа болғандықтан, белі талмайды-ау деп ойлаймын. Тез қозғалып жүретін, ширақ еді. Бір құны осы Мейірхан Солтүстік Қазақстаннан келген курстасымыз Қуанышбай Бимаханов екеуі бір нәрсеге кіжілдесті де қалды. Қуанышбайдың сәл тұттығып сөйлейтіні бар. Өзі әнші болатын. Бірақ ән айтқанда ол міні байқалмайды. Ренжігенде ғана көбірек тұттығады. Бірі ұзын, бірі қысқа екеуі жағаласа кетті. Мейірхан ширақтығына басып ішіне кіріп кетті де, оны төсекке алып ұрды. Айырып жібердік. Екі бұрышта отырып, бір-біріне тап-тап береді. Сонда Нұн бәрімізге қарап тұрып:

— Апырай, мына Мейірханда аюдың күші бар-ау деймін. Мынаны шыбын құрлы көрмей алып ұрды. Ал Қуекеңнің жауырыны қақпақтай болғанына мен оны мығым жігіт шығар деп ойлаушы едім. Бірақ Мейірханға қарсы тұра алмады. Моторы әлсіз екен, – дегенде олар да, біз де күлкіге қарқ болдық. Достар қайтадан қауышты. Нұн қашанда екі ортаға дәнекер болушы еді. Әзілдесе де сөзі орнықты, ретімен айтатын.

Берекет Жұмалиев марқұм кезек бермей сөйлегенді жақсы көретін. «Қазақтың тілін мен бір адамдай білемін, сосын Нұн» деуші еді ол.

Ойыма кейде күлкілі жайлар да оралады. Бәрімізде ауылдан келгенбіз ғой. Қаланың тұрмысы, оның асханаларындағы тамақтың түр-түрі де бізге бейтаныс. Нұн басқаларымыздай емес, қай нәрсені болса да білуге деген ұмтылысы күшті еді.

Бірде асханаға барғанында тамақ беруші қыз: «Что вы будете заказывать?» – деп сұрайды. Сонда Нұн: «На первое суп, на второе борщ» – депті. Әрине, орыстың қызы күлкіден жарыла жаздаса да ізеттілік сақтап, олар туралы түсінік береді. Өмірде қай нәрсенің де қажет екенін білетін Нұн бұл асханада дайындалатын тамақ түрін, олардың неден жасалатынын да бәрімізден бұрын біліп үлгерді. Әлі есімде, бірде маған асханаға барғанда «не жейсің» деп сұрады. Мен алдымдағы қағазға қарап отырып «ром-штекс» дедім.

— Мен «тефтели» жеймін, – деп сұраныс берді. Асханадан шыққасын: – Қалай, «ромштекс» тәтті ме екен? – деп сұрады.

Мен әрине тамақтың өте дәмді пісірілгенін айттым. Нұн ішін басып күліп жатыр. Ештеңеге түсінбей, аң-таң болып мен тұрмын. Бақсам, Нұн маған «тефтелиді» беріпті де, өзі «ром-штексті» жепті. Осындай әдемі қалжыңы болушы еді. Бірақ сол қалжыңының өзі бізді білуге ұмтылдыратын.

— Ауылдан келгеніміз рас қой, – дейтін артынан сабырлы қалпына түсіп. Енді қаланың өмірінен, оның тыныс-тіршілігінен тыс қалмауымыз керек. Өзіміздің өзгелерден кем емес екенімізді, тіпті кей тұстарда артық екенімізді жадымызда ұстауымыз керек, – дейтін.

Оның білсем деген ұмтылысының күштілігі сол бізбен бірге оқитын ұлты шешен балалары болушы еді. Солармен аралас-құралас жүріп, ол тілді де түсінетін, сөйлесе алатын дәрежеге жетті. Оның осыншама ұмтылысына таң қалушы едік. Өзімізбен қатар болса да, ол көп жасаған, көп көрген сұңғыладай көрінетін.

Нұнның жұбайы Розаның көргені, өмірден түйгені көп еді. Әке-шешенің ықпалы да болған шығар, азаматқа тән жігерлі болатын. Нүкеңнің өзі болмаса да, оның туған күнін еске алып, жақын туыстарының, жолдастарының басын қосып, атап өтіп отырады. Жарының жоқтығын білдірмей, екі баласын азамат қатарына қосты, жоғары білім алуына жағдай жасады. Екі немересі бар. Анелясы әкесі сияқты ақ көңіл, Розаның қасында Алматыда, Айжан Вашингтонда отбасымен тұрады. Нұн өмірден өткенде, Роза әлдебіреулердей өз-өзінен бордай үгіліп қажымады, қайта тағдыр талқысына қарсы тұра білді.

Нүкең менің зайыбым Нағиманы қатты сыйлайтын. Үйімізге келгенде, еркін сөйлеп, еркін отыратын. Нүкең менің ең жақын, сыйлас досым еді. Амал не, тағдыр оған көп ғұмыр бермеді. Әркімнің маңдайына жазылғаны, сызығы болады дейді ғой. Одан асып ешкім де кете алмайды. Ол туралы, оның биік адамгершілігі, үлкен ғалымдығы туралы қалың кітап жазса да, артық емес. Оған тұра жоқ адам. Ол өзінің зор қабілетімен, терең білімімен арамызда өшпестей із қалдырды.

Жастар жанып тұрған от, кәрілер – сөнбейтін шоқ демей ме қазақ. Нүкеңнен төлім алып, оның ағалық қамқорлығын көрген ұрпақтар оттай болып жана берсін деген тілектеміз. Ал Нұн есімі, оның өшпес бейнесі онымен қатар жүріп, қызметтес болған достарының жүрегінде қып-қызыл шоқ болып қала беретіні даусыз.

Құрмет Қабдықайырұлы,
Физика-математика ғылымдарының кандидаты,
педагогика ғылымдарының докторы, академик,
Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық

университетінің құрметті кафедра меңгерушісі.

Алматы. 4 мамыр. 2006 жыл.

ТЕХНИКА ҒЫЛЫМЫНЫҢ ДОКТОРЫ, ПРОФЕССОР НҰН ЖҰБАЕВТЫҢ 70 ЖЫЛДЫҒЫНА.

Қадірлі жерлестер, әріптестер, қонақтар! Жерлесіміз, техника ғылымының докторы, профессор, Қаз.ССР Ғылым Академиясы Сейсмология институтының директоры болып жұмыс жасаған марқұм Нұн Жұбаевтың 70 жылдығына арналған салтанатты жиынға қош келдіңіздер!

1935 жылы 25 желтоқсанда Маңғыстау ауданының Тұщыбек елді мекенінде шаруа жанұясында дүниеге келген Нұн Жұбаев Шахта орта мектебін бітіргеннен кейін 1953-1954 жылдары Маңғыстау геологиялық барлау экспедициясында жұмысшы болып жасайды. 1954 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің механика-математика факультетіне оқуға түскен Нұн Жұбаев 1959 жылы университетті бітіріп, Москвадағы Кеңестер Одағы Ғылым академиясының механика проблемалары Институтының аспирантурасына түседі. Осы кезеңде ол толқынды динамика саласындағы зерттеулермен айналысып, 1965 жылы осы зерттеулерінің қорытындысымен физика-математика ғылымының кандидаты дәрежесіне диссертация қорғайды. Нұн Жұбаевтың 1962 жылы Қазақстанға оралғаннан кейінгі ғылыми қызметі толқынды динамика проблемалары саласындағы зерттеулермен байланысты болды. Осы ғылыми бағытты жетілдіру мақсатында 1969 жылы Қазақстан Республикасы Ғылым академиясының қолдауымен толқынды динамика лабораториясы ұйымдастырылады. Осы уақыттан бастап, Нұн Жұбаев лаборатория меңгерушісі болып қызмет етті. 1976 жылы аталған лаборатория жаңадан ұйымдастырылған Сейсмология институтына беріледі. Оның құрған және жиырма жыл басқарған толқынды динамика лабораториясы сейсмологияда, сейсмикалық шыдамдылығы жоғары құрылыс салуда теоретикалық, практикалық үлкен маңызы бар зерттеулермен айналысты. 1980 жылы Нұн Жұбаев Новосибирскіде докторлық диссертация қорғайды. Өмірінің соңғы жылдары Нұн Жұбаев ҚазССР ғылым Академиясының сейсмология институтын басқарады. 1986 жылы Нұн Жұбаевқа профессор атағы беріледі. Жұбаев 100-ден астам ғылыми еңбектердің авторы. Жерасты тітіркеніс-сілкіністері, толқынды механикасы хақындағы жеті монографиясы жарық көрген. Н.Жұбаев ғылыми, ұйымдастырушылық және ұстаздық қызметтерді өте сәтті ұштастыра білді. Осы адамның жетекшілігімен 15-тен астам аспирант ғылым кандидаттығын қорғаған. Сонымен бірге ол халық шаруашылығы саласында жоғары білімді мамандар даярлауға қатты көңіл бөлді.

1981 жылы Нұн Жұбаев Алматы теміржол институтының «теоретикалық механика» кафедрасында лекциялар оқыды, Қазақ мемлекеттік университетін аяқтаушы механиктердің өндірістік тәжірибесін, курстық дипломдық жұмыстарын басқарды.

Ол Кеңестер Одағы Ғылым академиясы Президиумының сейсмологиялық және жер сілкінісіне шыдамды құрылыстардың мекемеаралық кеңесінің мүшесі, республика академиясының механика жөніндегі проблемалық кеңесінің және Қазақ университеті мен политехника институты жанындағы ғылыми кеңестердің мүшесі болған. 1987 жылы Нұн Жұбаев жақпарлы жыныстар механикасы жөніндегі халықаралық қоғамның редакциялық коллегиясының мүшесі болып сайланды.

Н.Жұбаевтың еңбегі «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен, Кеңестер Одағы және Қаз. ССР Ғылым Академиясының көптеген белгілерімен, Құрмет грамоталарымен бағаланған. 1989 жылы республикамыздың бұрынғы шалғай жатқан, кейін қалған аймақтарының бірі, бүгінде қарқынды дамып, болашағынан үлкен үміт күттірген Маңғыстау жеріне осы топырақтан шыққан алғашқы ғалым, техника ғылымының докторы Нұн Жұбаев ағамыздың есімін мәңгілік қалдыру мақсатында ауданымыздың орталығы Шетпе селосындағы бір орта мектепке және Жаңаөзен қаласындағы бір көшеге ғалым ағамыздың аты берілді.

Құрметті жерлестер, қонақтар! Ғылым әлемінде өзін кеңінен танытып, еліміздің көптеген шаруашылық салаларының өркендеуіне өзінің баға жетпес үлесін қосқан, Қазақстан сейсмологиясының негізін салған, аға ұрпақтың мақтанышы, жас ұрпаққа өнеге болған біртуар ағамыз Нұн Жұбаевтың есімі жадымызда жарқырай береді. Ғалымның туған-туыстарына, әріптестеріне, достарына және жерлестеріне дендеріне саулық, отбастарына амандық, еңбектеріне табыс тілей отырып, өткенімізді құрметтейік, «өлі жебемей, тірі байымайды» тумысынан дара, асыл ағамыздың 100 жылдығында жолығайық деген тілек айтамын.

Қ.Боқанов, Маңғыстау ауданы әкімінің орынбасары, Шетпе кенті.

ҒАЛЫМНЫҢ АТЫ ДА, ХАТЫ ДА ӨЛМЕЙДІ

Ш.Есенов атындағы Ақтау мемлекеттік университетінің 30 жылдығына орай, 15-16 қыркүйек күндері Ақтау қаласында Каспий теңізі жағалауы университеттері ассоциациясы мүшелерінің қатысуымен халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткізілгені белгілі. «Маңғыстау өлкесінің экологиялық проблемалары және оларды шешудің жолдары» деген жалпы бағдарлама аясындағы маңызды шараның «Сейсмикалық тұрақсыздық (аумалылық) жағдайындағы экологиялық мониторинг проблемалары» тақырыбындағы секция мәжілісінің жұмысы Маңғыстау өлкесінен шыққан ғалым-сейсмолог, академик Нұн Жұбаевтың 70 жасқа толу мерейтойына арналды.

Белгілі ғалым, профессор Е.Т.Божанов төрағалық еткен бөлім жұмысына қатысушылар «толқыншы» механиктердің Қазақстандағы мектебін құрған, толқынды динамика зертханасын басқарған Нұн Жұбаевтың теңдесі жоқ түбегейлі зерттеулері жөнінде жан-жақты айтып берді. Талқылау барысында теориялық, тәжірибелік және қолданбалы сейсмология саласындағы сан алуан жәйттарды қамтыған елеулі еңбектері алға тартылды. Өзара пікір алысушылар сейсмикалық тұрақсыздық жағдайындағы экологиялық мониторинг проблемалары төңірегіндегі түйінді мәселелерді қозғап, пайдалы ұсыныстар жасаған Ш.М.Айталиев, Ж.Г.Қожабеков, С.Ж.Махимова, М.Н.Өтебаев, Е.Т.Божанов, О.С.Сатыбалдиев, А.М.Ыбырайымқұлов, Б.С.Тұрысбекова, Ж.О.Отарбаев, Б.М.Хайруллин, А.В.Скакова, Р.Ж.Жұмақанова, Р.Нүсіпов, А.Б.Оспанов, А.В.Гимуш, В.И.Шадилов, М.И.Рахымбаев, А.Сыдықов, А.Б.Садықова, В.В.Казаков және басқа механик ғалымдардың зерттеу еңбектеріне жоғары баға берді.

Халықаралық ғылыми-техникалық конференция аясында өткізілген мәжілістің соңы аудандық мәдениет үйінде ұйымдастырылған техника ғылымының докторы Нұн Жұбайұлы Жұбаевтың 70 жасқа толуына арналған салтанатты жиынға ұласты.

Аталмыш салтанатта аудан әкімінің орынбасары Қ.Боқанов ғалымның өмірі мен ғылыми қызметі жөнінде қысқаша баяндама жасады.

Бұдан кейін осы тойға арнайы келген академик, Қазақстанның ғылымы мен техникасына еңбек сіңірген қайраткер Шмидт Мұсаұлы Айталиев өз әріптесі Нұн туралы тебірене сөйледі:

...Толқынды динамика мәселелері бойынша ғылыми мектеп құрған Нұн Жұбаев шын мәнінде дүниежүзілік ғылымға сүбелі үлесін қосқан сұңғыла. Оның бақыты – механика ғылымында «Шығыс жұлдызы» атанған КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегері, Социалистік еңбек Ері, ММУ-нің кафедра меңгерушісі Халил Ахмедұлы Рахматуллинге ізденуші шәкірт-аспирант болуы, дарынды ғалым, академик Жақан Сүлейменұлы Ержановтың жанында зертхана меңгеруі, механиканың аса күрделі жәйттарына қанығуы, кезінде министр болған туған қайын атасы Ә.Е.Бутиннен тұрмыс дағдыларын үйренуі. Ал ең басты бақыты – Тәңір берген табиғи талантының болуы.

Өзінің туған жерінде дәріптеліп жатқан дара дарынның атағын асқақтату, есімін мәңгі есте қалдыру енді Алматыда қолға алынса, кәне. Ең алдымен, Нұн Жұбаевтың өзі басқарған Қазақ Ғылым академиясының Сейсмология институты мен өзі тұрған пәтері қабырғасына мемориалдық мәрмәр тақта орнатылса, қазақ ғылымына жасалған құрметтің бір көрінісі болар еді. Бұл ұсынысты сіздер, ел басшылары толық қолдайды, жоғарыға өтініш жасайды деп сенеміз.

Сөз реті келгенде, айта кетейік. Қолы қалт еткенде өлең өрнектеп, жанынан ән мен күй шығаратын әмбебап академик әріптесі Нұн Жұбаевқа арналған жыр жолдарын оқып, «Өркендеу үстінде» деген естелік кітабындағы оған арналған тұстарды айтып берді.

Үлкен ғалыммен бірге ұйымдастырушылық және ұстаздық қызметтерді қатар алып жүрген белгілі ғалымдар Ж.К.Масанов, Е.Божанов, Ж.Сүгіров, ардагер ақсақалдар М.Шахатбаев, Ж.Құрмашев, облыстық жер ресустары департаментінің бастығы К.Сейілханов естеліктер айтып, бүгінгі жас ұрпақтың ғылымдағы болашақтарына сәттіліктер тіледі.

Ардагер ұстаздар С.Боқыбаев пен Қ.Өсербаевтың бірі шәкірті Нұнның кандидаттық диссертациясының авторефераты мен бұрын жарияланбаған ғылыми еңбектерінің тізімін ғалымның інісі Сұлтанға табыстаса, екіншісі сыныптасы Нұнның бұдан 45 жыл бұрын түскен фотосуретін отбасы альбомына ұсынды.

Осынау көрініс және Н.Жұбаев атындағы орта мектеп оқушыларының әдеби-музыкалық монтажы, хормен орындаудағы «Нұн ата» әні, ғалымның жиеншары А.Оңайбаевтың орындаған жыр-термесі, салтанаттың бастан-аяқ ән-күймен әдіптеліп отырылуы, құттықтау жедел хаттардың таныстырылуы жиналғандарға айрықша әсер етті.

Салтанат үстінде ғалым Нұн Жұбаевтың інісі Сұлтан шығып сөйлеп, осынау шараны ұйымдастырып, өткізуге ат салысқан, үлестерін қосқандардың баршасына алғысын айтып, ризашылығын жеткізді. Оңтүстік астанадан арнайы келген академик-ғалым, геомеханика саласының саңлағы, Қазақ көлік және коммуникация академиясының профессоры Шмидт Мұсаұлы Айталиевке ат мінгізіп, үстіне ішік, басына құндыз бөрік кигізді. Басқа да ғалымдарға сый-сияпат жасады.

Сөйтіп, Ш.Есенов атындағы Ақтау мемлекеттік университетінің 30 жылдығы тойы аясында өткен ғұлама ғалым Н.Жұбаевтың 70 жылдығына арналған салтанатты жиын сәтімен өтті.

Бірғали Байекеев «Маңғыстау» газеті. 19.09.2006 жыл.

ЖҰЛДЫЗДЫ ҒҰМЫР СӨНБЕЙДІ

Маңғыстау түбегінен шыққан тұңғыш техника ғылымдарының докторы, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым Академиясы сейсмология институтының директоры, профессор марқұм Нұн Жұбайұлының туғанына 70 жыл толуына арналған еске алу рәсімі таяуда аудан орталығында салтанатты жағдайда аталып өтті. Салтанатты жиынды аудан әкімінің орынбасары Ж.Айтуаров мырза ашты. Бұдан кейін аудан әкімінің орынбасары Қ.Боқанов мырза сөз алып, Н.Жұбаевтың өмір жолы, сейсмология ғылымын дамытудағы оның ұланғайыр еңбегі туралы қысқаша айтып өтті.

Еске алу рәсіміне келген Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым Академиясының академигі, көрнекті ғалым ұстаз, Н.Жұбаевпен бірге қызмет атқарған әріптесі Ш.М.Айталиев сөз сөйлеп, қызықты да, мазмұнды естеліктер айтты. Ол Нұн Жұбаевтың ғылыми еңбектері туралы қысқаша талдау жасап, түсінік беріп өтті. Сондай-ақ ол, Алматыдағы ғылым Академиясы ғимаратына Н.Жұбаевқа арналып, ескерткіш тақта орнату жөніндегі өз ұсынысын да білдірді.

Алматыдан келген Ұлттық ғылым академиясының академигі, ғылым докторы Ж.К.Масанов сөйлеп, бұрынғы Одақ бойынша танылған сейсмология ғылымының білікті маманы, шебер ұйымдастырушыларының бірі Н.Жұбаев болғандығы туралы, оны тек Одақ көлемінде ғана емес, шетелдерде де мойындағаны туралы нақты мысалдар келтіре сөйлеп, ғалымның негізгі еңбектері туралы толғана сөз етті. Бұдан кейін Ақтау университетінің бұрынғы ректоры, профессор Е.Т.Божанов сөйлеп, Н.Жұбаевтың артында қалған ғылыми еңбектері жеке томдық кітап болып шығатындығы туралы хабарлап, оның өзіне ақылшы ұстаз болғандығы жөнінде естелік айтып берді.

Н.Жұбаевтың тұстасы, республикамызға еңбегі сіңген дәрігер, еңбек ардагері М.Шахатбаев Н.Жұбаевпен Тұщыбек ауылында бірге өткізген балалық, жастық шақтары туралы тартымды естелік айтты. Жиында Ақтау мемлекеттік университетінің Құрылыс кафедрасының меңгерушісі, техника ғылымының докторы, профессор Ж.О.Сүгіров, сондай-ақ Н.Жұбаевпен бірге болып, көзі көрген М.Өтебаев, Ж.Құрмашев, Қ. Сейілханов, Нұн Жұбаевтың мұғалімі болған С.Боқыбаев және басқалары сөйлеп, ғалымды құрметпен еске алды.

Жиын үстінде Астана, Алматы және тағы да басқа ірі ғылыми орталықтардан келіп түскен жедел хаттар оқылды.

Жиын соңында Нұн Жұбаевтың туған інісі Сұлтан Жұбаев сөйлеп, алыс-жақын қонақтарға алғыс айтты. Ол ағасы туралы естелік кітап таяу арада жарық көретіндігі туралы хабарлады.

Салтанатты жиын үстінде аудан көркемөнерпаздары өнер гүлін шашу етті. Соңынан рәсім бойынша қонақасы берілді.

Әзірбайжан Қонарбаев «Жаңа өмір» газеті. 27.09.2006 жыл.

НҰН АТА

Бұл ән 1996 жылы Нұн Жұбаевтың 60 жылдығына орай дүниеге келген. Арада он жыл өткен соң атақты ғалымның 70 жылдығына арналған «XXI ғасыр көшбасшысы» интеллектуалдық сайысы тәрбиелік шарасында бұл ән алғаш рет орындалды.

Алпысқа шыққан асқарым,

Тойланып жатыр мерекең.

Топырағында Маңғыстаудың

Шежіре ғалым гүл еккен.

Асыл да тұлға
Биіксің шыңнан
Нұн ата. Нұн ата, Нұн ата
Тойыңа сенің шашу қып

Ән саламыз шырқата.

Атында сенің мектебім,
Жайнаған жасыл көктемім,
Шығарған атын даламның

Есімің сенің – ертеңім.

Жанбозова Сәнжан Әлиманқызы, 18.05.2006 жыл.

ҰСТАНЫҢ ҰЛЫ (НҰН ЖҰБАЕВТЫҢ ӨМІРІ ЖАЙЛЫ САХНАЛЫҚ КӨРІНІС)

Бұл сахналық көріністі жазу барысында Нұн Жұбаевтың туыстары Қараша мен Сұлтан ағаның естеліктері мен Отыншы Көшбайұлы, Бірғали Бәйекеев, Терекбай Жаңбыршин, Базархан Сүйеуұлы секілді ел ағаларының мақалалары басшылыққа алынды.

Кейіпкерлер:

1. Нұн
2.Жұбай ақсақал – Нұнның әкесі
3.Қараша – Нұнның қарындасы
4.Сұлтан – Нұнның інісі

5.Хисмет – физика пәнінің мұғалімі
6.Базархан – Нұнның парталасы
7.Шырдабай, Қолғанат – Нұнның құрдастары
8.Шпак – Сартаған экспедициясының бастығы

9.Бригадир
10.Жұмысшылар
11.Қарашаның құрбылары
12.Балабілек – Нұнның ауылдас жеңгесі

13.Халил Ахмедұлы Рахматулин – Нұнның ғылыми жетекшісі
14.Жақан Сүлейменұлы Ержанов – Нұнның ғылыми ұстазы
15.Тынымбек Ормонбеков – Нұнның қырғыз досы
16.Ғылыми отырысқа қатысушылар

1-көрініс

Автор: Күн ұясына батып келе жатқанда, Тұщыбек даласы өзгеше бір сұлулыққа енетін. Сылдырлаған бұлақ бойына ұйыса өскен нарпоздың танауды қытықтар ашқылтым ісі Отпаннан соққан кешкі самалға қосылып, ауыл үстін желпіп өтеді. Өрістен кекірелей тойған түйелердің бырт-бырт күйсегені, жас балалардың ойын-күлкісі, ауыл иттерінің арпылдап үргені – осының бәрі күнделікті ауыл өмірінің үйреншікті тірлігі еді. Ауыл шетіндегі Жұбай ақсақалдың ұста үйінен шыққан балға даусы да ауыл өмірінің күнделікті тіршілігімен үндескендей.

(Ұстаханада Жұбай ақсақал көрікпен қақпан соғып отырғанда есік ашылады)

Жұбай : Е, балам, Нұн сенбісің?

Нұн : Иә, әке мен ғой. Көрігіңізді қыздыратын көмір қазып әкеліп жатқаным ғой.

Жұбай : Байқап кір, абайла, сүрініп қалма. Қарағым-ау, көмірді шама шарқынша әкелсең қайтеді, шойырыласың, өзім де ертең әкелетін едім ғой.

Нұн : Ештеңе етпес, әке. Жігіт атыма бір қап көмірді көтере алмасам алмасам ұят емес пе? (Нұн үстін қағып сол маңдағы тасқа отырады).

Жұбай: Нұн-ау, өткендегі мен қазып көрсеткен жерден алдың ба?

Нұн: Иә, әке сол жерден алдым.

Жұбай : Ендігәрі өзім әкелемін балам. Сен одан да сабағыңды оқы. Есептеріңді шығар, маған қарайлама.

Нұн: Қам жемеңіз, бәріне үлгеремін..

(Осы кезде әкесі дайын болған қақпанды құрып көреді)

Нұн : Мына қақпан Ескелді Айдарбай ағаныкі ме?

Жұбай : Иә.. Сол ағаңдікі.

Нұн: Міне керемет! Қарапайым серіппенің күшін қара! Шіркін, оқуға түссем, осы серіппенің қызметін атқаратын бір нәрсені болашақта ойлап шығарар едім.

(Осы кезде ұста үйінің есігі ашылады)

Қараша: Әке, Нұн аға, кешкі асты ішейікші. Сағат 9-дан кетіп қалды. Пісірген тамағым суып қалуға айналды.

Жұбай: Ә, Қараша, қалқам барамыз, барамыз. Міне тұрдық. Нұн сен ана дайын болған қырықтық, соқа, тырна, қақпандарды бір шетке жинақтап қойшы.

Қолымызды жуайық, асымызды ішейік.

(Екеуі қол жуып дастархан басына келеді)

Жұбай: Қызым орамалың қайда еді?

Қараша: Мінекиіңіз, әке . (Дастарханын реттеп тамақтарын құйып береді)

Жұбай: Бізді осы уақытқа дейін күткендерің не? Сұлтан екеуің іше бермедіңдер ме?

Қараша: Онсыз да басымыз көп емес қой, әке. Бәріміз бірігіп ішсек, тамақ та тәтті болады ғой.

Жұбай: Е, бәлкім оның дұрыс та шығар.

Нұн: Қараша, қарындасым, тамағың тәтті болыпты, сау бол, рахмет.

Жұбай: Қызым, сау бол, асың көп болсын.

Қараша: Айтпақшы, Нұн аға, мен саған көйлек тігіп қойдым. Міне киіп қарашы. Келесі жолы Сұлтанға да тігіп беремін.

Сұлтан: Қашан, қашан тігіп бересің?

Қараша: Ертең сабақтан келгесін, тігіп беремін.

Нұн : Маған құйып қойғандай екен. Рахмет, қарындасым. Алып қойшы. Оқуға кетерде киермін.

Қараша: Жақсы, алып қояйын.

Қараша: Әке, мен сізден көптен бері бір нәрсені сұрайын деп жүр едім.

Жұбай : Сұрай ғой, қалқам, сұрай ғой.

Қараша : Ағамның атын неге Нұн деп қойғансыз?

Жұбай: Ә... Қалқам-ау, Нұн деп атын бекер қойған жоқпын. Сұрауың да орынды. Осыдан ертеректе ауылға жаман індет келді. Содан бас аяғы екі-үш күнде алты перзентімізден айрылып, аңырап қалдық. Ұлғайған шағымызда анаң Қағаз екеумізге Құдайдың мейірімі түскен болуы керек, дүниеге тағы бір сәби келді. Есіміз шығып қуандық. Атын қоярда алдыңғы балалардың атына ұйқастырғымыз келмеді. Содан Қаратау, Отпанның төңірегінде дүниеге туылды ғой деп, баламның атын солай да қойғым келді. Бірақ ертең өскесін қатарлары келемештеп жүргізбес деп, тағы бір ойландым да, неде болса, қасиетті құраннан қарадым. Содан құраннан «Нұн» деген судың астында жүретін қасиетті балық бар екенін біліп, «Нұн» деп қойдым.

Қараша: Бәсе, солай екен ғой, бұрын соңды қазақ тілінде Нұн деген сөзді естімегенім бар еді-ау.

Нұн: Әке, демек менің атымды Нұн деп бекер қоймаған екенсіз ғой!

Жүбай: Иә, қарағым, бекер қойған жоқпын. Қасыма жақындашы, әңгімелесейік. Өзің де біліп жүрген шығарсың, мектеп бітіруіңе бір аптадай уақытың қалды. Сенің үлкен үмітті ақтайтыныңа сенемін. Бірақ үй жағдайын көріп отырсың... Анаңның қайтыс болғанына да біраз уақыт болды. Менің тапқан тиын-тебенім дым болатын емес. Сұлтан болса, жас. Қарашаға үй тірлігі де жетіп жатыр. Оқуға баруды биыл қоя тұрсаң қайтеді? Өзіміздің осы Тұщыбек маңында Сартағанда бір экспедиция жұмыс жасап жатқанға ұқсайды. Соған жұмысшы керек деп естідім. Сол жерге орналасып, жұмыс жасасаң, келер жылы оқуға барғанға дейін азын-аулақ ақша жинап алар едің-ау.

Нұн: Ойыңызды түсініп отырмын, әке. Оқуға барында қаржының керек екенін де біліп жүрмін. Өзімде бір жұмыс жасап, азғантай ақша жинап алсам деп жүр едім. Онда ертең сабақтан келгеннен кейін сол жерге барып жолығайын, жұмыс сұрайын.

Сұлтан: Ұйықтамаймыз ба, Нұн? Ертең сабақтан кеш қалып, ұйықтап қаламыз ғой. Сағат 11-ден кетіп барады.

Жұбай: Сұлтанжан дұрыс айтады. Жүрің, демалайық. Таңертең бәріміз де ерте тұруымыз керек. Жүрің, жүрің. (Төртеуі шығып кетеді)

ІІ көрініс

Автор: Физика сабағы. Хисмет ағай жаңа сабақ түсіндіруде.

Хисмет ағай: Қане, балалар, бәріміз ұйып бері қарайықшы. Бүгін біз сендермен бірге «аэродинамика» тарауы бойынша «Отандық авиация, оның атасы Н.Е.Жуковскийдің ғылыми табыстары» деген керемет жаңа тақырып өткелі отырмыз. Иә, балалар, самолеттердің жасалуы сәл ертерек басталады. Ал самолетті жасау оңай нәрсе емес, ол теңдессіз, баға жеткісіз ғылыми өнер. Кез келген адамның қолынан келе бермейтін үлкен іс. Сол самолеттер алғашқы шыққан кездерінде жерге дүрс етіп құлай қонатын болған. Ұшарда да қауіп-қатері аз болмаған. Осындай жайсыздықтарды жоятын бір нәрсе ойлап табу керек болды. Осы барыста Отандық авиацияның атасы Николай Егорович Жуковский сан жылдар сарыла ізденіп жүріп, оларды ұшардағы жайсыздықтардан да, қауіп-қатерден де, әсіресе, жерге төсін соға құлай қонудан да түбірімен құтқаратын қалықтатқыш жаңа тетік-еспевинттер жүйесін ойлап тапқан. Соңынан ол винттерді ойлап тапқан ғалым конструктордың есімі қысқартылып «НЕЖ», яғни «Николай Егорович Жуковский» винттері деп аталынған. (Сол кезде бірінші қатардағы Нұн қасындағы Базарханды түртіп қалады)

Нұн: Базархан, бұл «НЕЖ» Николай Егорович Жуковский деп айтылып жатқанымен, ол шындығында Нұн Есендәулетович Жұбаев деген сөз.

Базархан: Қалай, қалай дейсің?

Нұн: Ағай «НЕЖ» деп тұрған жоқ па, демек Н – Нұн, Е – Есендәулетович, Ж – Жұбаев деген сөз.

Базархан: ..А..а.. Дұрыс айтасың-ай! ..Ойпырым-ай.. сенің де ойлап таппайтының жоқ-ау, Нұн!

Хисмет ағай : Пай, шіркін, Нұн-ау! Маған да сенің осы алғырлығың ұнайды. Түбінде сенен бір ғұлама шығады-ау осы, шығады деймін.

Шырдабай: Иә, ағай, дұрыс айтасыз. Бізді қойшы, «Ер қарада – жер қараның» біріміз. Ал Нұнның жөні басқа.

Қолғанат : Оның рас, Шырдабай (Үзіліс болады)

Хисмет ағай: Үзіліс те болып қалған екен. Жақсы балалар, тақырып түсінікті болды ғой. Демек Н.Е.Жуковскийдің аэродинамика саласында «Авиация атасы» атануы бекер емес екен. Оның қалықтатқыш еспевинттер жүйесі ғылымның үлкен бір табысы болып есептелетінін естен шығармаңдар.

Ал, оқушылар, жүріңдер, сыртқа шығып, таза ауа жұтың, демалың.

Әрі бөлменің ауасы тазарсын.

(Сыртқа бәрі шығып кетеді)

ІІІ көрініс

Автор: 1953 жылы Сартаған атағы Маңғыстаудың қай бұрышы болса да, дүңкілдеп естіліп жатушы еді. Әсіресе Қаратаудың бойын сағалай орналасқан Шетпе, Тұщыбек, Жыңғылдының колхоз құрығынан мойны босаған еті тірілері ебін тауып, сонда орналасуға тырысатын. Негізінен экспедициядан гөрі, оның бастығы Шпактың есімі дым әсіре естілетін. Жұмыс сұрап барғандармен сөйлесіп отырып-ақ, оның не нәрсеге ыңғайы барын бірден сезетін басшы алдында отырған адамның ойынан дөп шығып риза ететін. Шпак Нұнды жеке қабылдады.

(Шпактың кабинеті)

Нұн: Рұқсат па екен? Сәлематсыз ба?

Шпак: Рұқсат. Кір, сәлемат бол, қарағым. Не шаруамен келіп едің?

Нұн: Жұмыс іздеп келіп едім...

Шпак: Ее., солай де, ендеше отыр әңгімелесейік. Өзің жап-жассың ғой, қарағым. Мектепті бітіріп пе едің?

Нұн: Иә, аға бітірдім. Күні кеше мектепте экзамендерімді тапсырып, аттестатымды алдым.

Шпак: Олай болса, сөз басқаша... Есімің кім, қарағым? Қолыңнан не келеді?

Нұн: Аға, қолымнан келмегенді келтіруге тырысамын. Бәрін де істеймін. Не істе десеңіз де тырысып бағамын. Әсіресе есеп шығарғанды жақсы көремін. (Дорбасынан жалма-жан математика оқулығын шығарады)

Шпак: Кәне қайсы, анауың не оқулық?

Нұн: Мәңіз.. мынау күрделі есептер жинағы.

(Шпак кітапты асықпай қарайды)

Шпак: Е... Так... Есеп шығаруды ұнатамын де. Ендеше мына бір есептің шешуі қалай болады? Шығарып қарашы.

Нұн: (Дорбасынан қаламын алып сәл ойланады)

Шешуі мынадай болады.

Шпак: Өте дұрыс. Ал енді мына бір есепті шығарып қарашы.

Нұн: Ой, ағай, бұл мен үшін өте оңай сұрақ қой. Қағазға жазбай-ақ айтайын. Өрнегінің мәнін табу емес пе, жауабы 60.

Шпак: Міне керемет. Өзің болайын деп тұрған бала екенсің. Есепке құдірет екеніңді көрсеттің. Қайсы, қолыңда құжаттарың бар ма?

Нұн: Иә, иә, бәрі бар. Қазір.. мәңіз.

Шпак: (қарап жіберіп) Охо, жарайсың, аттестатың кіл бес қой. Үздік бітірген екенсің мектебіңді. Ендеше биыл оқуға неге бармағансың, жұмысты кейін де жасауға болады ғой.

Нұн: Биыл оқуға баруға жағдайым келмеді. Әкем қарапайым ұста. Қарындасым, кішкене бауырым мектепте оқиды. Анам қайтыс болған. Сосын келер жылға дейін жұмыс жасап, ақша жинақтап алып, барғым келеді.

Шпак: Е, солай де. Жағдайың болмаған екен. Ендеше көп сөз не керек. Жұмысқа қабылдаймын. Құжаттарыңды менде қалдыра тұр. Есепке өте жақсы екенсің, жұмысқа да сол екпінмен кіріссең, тәуір азамат болайын деп тұр екенсің.

Ендеше құдықтың басында қолдан кірпіш соғып жатқан құрылысшылар бар. Қазірден бастап сол жұмысқа кірісіп кетесің. Жүр, жұмыс орныңмен таныстырайын, уақытты босқа өткізбейік.

Нұн: Рахмет ағай, жұмыс талғамаймын, бірден кірісіп кетемін.

(Шпак Нұнды құдықтың басындағы құрылысшыларға әкеліп қосады)

Шпак: Қарағым Нұн, жұмыс орның осы. Мына электр двигателімен жұмыс жасайсың. Топырағын, суын, цементін құйып, двигательді қосасың.

Бұл двигательдің бізде артық дәмесі жоқ. Екі күннің бірінде сонау Фортқа да бара алмаймыз. Өткенде Гурьевтен келген құралдардың ішінде жоқ болып шықты. Абайлағайсың. Түсінбеген жерің болса, бригадир ағайыңнан сұрарсың. Ал кірісе бер, іске сәт.

Нұн: Жақсы, аға, түсіндім.

Бригадир: Ә, сен Нұнбысың... Бастық та айтқан шығар мына қондырғымен жұмыс жасайтыныңды. Мына тетікпен қосып, балшық дайын болған соң, мына тетікпен айырасың. Түсіндің бе?

Нұн: Иә, иә, түсіндім . (Жұмысшылармен амандасып іске кірісіп кетеді)

Авто р: Содан Нұн аянбай еңбек етті. Күн артынан апта, апта артынан айлар өтіп жатты. Жұмыс арасында, қолы босаған сәттерде, жұмыстан кейін түн ортасына дейін есептер шығарумен болды. Бір күні түнімен арпалысып шешуін таба алмаған есебі ойынан шықпай қойды. Балшық араластырғышқа суын құйып, цементін салып қосты да, түнімен мазалаған есебін шығаруға кірісті. Нұн қойнынан математика кітабы мен дәптерін алып, есеп шығарып, көпке дейін отырып қалды. Бірақ шешуін тапқан кезде двигатель қызып, тарс етіп өртеніп кетті.

Бригадир: Әй, Нұн, байқамайсың ба? Қолыңдағы не, тағы да математика кітабы ма? Есеп шығарып, отырып алғансың ғой, шамасы. Болды, саған жетті енді. Қаншама ескерттім. Бұл ісіңе енді өзің жауап бересің. Мен бастықты шақырамын. Кеттім..

Жұмысшылар: Ой, Нұн қарағым, болмаған екен. Масқара болдық. Двигатель күйіп кетіпті. Енді қайтеміз?

(Осы кезде бригадир Шпакты ертіп келеді)

Бригадир: Қараңыз, бастық, мына Нұн есеп шығарып отырып, двигательді күйдіріп жіберіпті. Талай рет ескерттім. Айтқан ем, болмады өзіне. (Шпак алдымен Нұнның қолындағы кітап пен дәптерді алып, мұқият қарап шықты да, бригадирге):

Шпак: Сен өзің мына кітаптың қандай кітап екенін білесің бе? Жоқ, білмейсің. Бұл – ең күрделі математика! Арыз айтып, бастықтарға шағынғанша, мынадай жігіт үшін мақтану керек. Жарайсың, Нұн! Мына қиын есепті де шығарған екенсің . (Содан соң жұмысшыларға қарап): Қайтесіңдер, жаңадан двигатель келгенше қолмен илейсіңдер. Ал сен қорықпа, жұмысыңды жалғастыра бер. (Қолын Нұнның иығына салып) Маған сенің осы бір ғылымның соңына түскенің ұнайды.

Осыныңнан қайтпа. Анау сияқтылар (кетіп бара жатқан бригадирді нұсқап) орталарында болашақ зор ғалымның бар екенін сезбейтін де болар. Ал менің саған сенімім зор. Жарайсың! Ал енді двигатель келгенше, қолмен істеуге тура келеді.

Автор: Нұнның бір жыл бойы сарылып күткен уақыты жақындаған сайын бойын неше түрлі қиял сезімдері билейді. Оның арманы – Алматыдағы Қазақ мемлекеттік университетінің механика-математика факультетіне түсу. Кететін күні жақындаған сайын кішкентай бауыры Сұлтан мен Қарашаны ойлағанда жүрек бауыры елжірей түседі.

Шпак: Амансың ба, қарағым. Жұмысың қалай? Двигательдерің гүрілдеп, істеп тұр ма?

Нұн: Сәлематсыз ба, ағай. Жақсы, бәрі де жақсы.

Шпак: Оқуға қашан жүретін едің?

Нұн: Бұйыртса, үш күннен кейін жүрем деп отырмын.

Шпак : Е, оның дұрыс болған екен (Қойнынан куәлікті алып) Қарағым, Нұн, мынау еңбек кітапшаң, осында жүріп тәжірибең өсті. Жұмысты жасадың. Мынау еңбекақың. Ал мынау – біздің көмегіміз, қосымша ақша.

Нұн: Жо-жоқ, ол не дегеніңіз, тек еңбек ақымды берсеңіз болғаны.

Шпак: Сөзді қой! Ұста, ал. Бұл ақшаны сен біліміңмен бізге мың есе қылып қайтаратыныңа сенімдімін. Ендеше көп сөзді доғар да, ал. Үйге барып, қалған күніңде жақсылап демал. Әкеңді қуант. Кетіп жатсаң, жолың болсын. Бәлкім, талай кездесерміз. Оқуыңа түсіп кетуіңе тілектеспін.

Нұн : Рахмет, ағай. Жақсылығыңызды ұмытпаймын. Міндетті түрде түсемін (Екеуі бірігіп шығып кетеді).

IV көрініс

Автор: Қараша ескі чемоданды алып, ішіне Нұнның керек жарақтарын салып, көзіне лықсып келген жасын жасыра алмай:

Қараша : Сұлтан екеуміз сағынамыз ғой, аға. Орның үңірейіп қалады ғой. Бірақ әйтеуір оқуға түсіп кетсең болғаны.

Нұн: Қорықпаңдар. Міндетті түрде оқуға түсемін. Барған бойда хабарласуды да ұмытпаймын. Айтпақшы, Қараша өзің тігіп берген көйлегіңді салуды ұмытқан жоқсың ба?

Қараша: Иә, салдым, аға, ұмытқан жоқпын.

Сұлтан: Аға, маған оқудан келгенде не әкеліп бересің?

Нұн: Тәттілердің бәрін әкелемін. Сені бір тойдырамын.

Жұбай: Қарағым Нұн, жаныма жақын келші. Сөзіме құлақ тұр. Біздің тұқымнан қол бастаған батыр да, қара қылды қақ жарған би де шығыпты. Ел намысын қорғап, кеудесін оққа тосқан батырдың да, дүйім елдің алдында пәтуалы сөзін айтып, көп құрметіне бөленген әділ бидің де бағасы бірдей. Осындай перзенті жоқ ел – құнарсыз топырақ.

Шүкір, бұл ауылда ол жағынан ұялмастаймыз. Ал сенің болашақта нан тауып жер, кәсіп қылар ілім-біліміңнің қандай екенін мен білмеймін. Оған ойым да, өрем де жетпейді. Әйтеуір мұғалімдерің «сенің балан есеп-қисап жағына келгенде, алдына жан салмайды» дейді. Өткенде әлгі Боқыбайдың Сисені келіп, «балаңның бағын байлама, болайын деп тұрған баланың бірі» деп айтып кетті. Ал неде болса, қалаған оқуыңа түс. Ата-баба жар болсын.

(Осы кезде үйге Қарашаның екі құрбысы келеді)

1-ші құрбысы: Қараша, біз саған келе жатырмыз. Жүрсейші бізбен бірге, бұлақ суына шомылайық.

2-ші құрбысы: Сосын мондалақ, жуа терейік.

Қараша: Шақырғандарыңа ризамын. Бірақ бара алмаймын. Қолым тимейді. Жамайтын көйлек, шұлықтарым бар. Бүгін Нұн ағамда оқуға кеткелі жатыр. Әкемнің әкеліп берген жүгерісін қуырып, ағама жолға дайындап беруім керек. Әлі чемоданына заттарын да салып болған жоқпын. Маған қарамаң, өздерің кете берің.

1-ші құрбысы: Онда біз кеттік.

Қараша: Жақсы, жақсы . (Қараша өз жұмысымен бола бергенде, үйге Нұнның достары Шырдабай мен Қолғанат келеді)

Қолғанат: Салаумағалейкум, Жұбеке.

Шырдабай: Сәлем, ата. Біз ғой. Нұнға жол болсын айтып, шығарып салайық деп келдік.

Жұбай: Ә... Амансыңдар ма... дұрыс қой, қарақтарым, оларың дұрыс. Ал өздерің оқуға бармадыңдар ма?

Шырдабай: Ой, ата неде болса ойдан қырға, қырдан ойға құлап, тыным таппайтын шопырдың тірлігінен артық кәсіп жоқ-ау маған. Арасында жол жиегінде майысып қол көтеріп тұрған бойжеткендерді кабинаға мінгізіп, селкілдек жолдармен соқтырмай айдап, қылықты қыздардың рахметін естіп жүргеннің өзі бір дүние емес пе..

Нұн: Ай, Шырдабай-ай, сенің әзілің таусылмайды-ау.

Шырдабай : Әзіл емес, шыным.

Жұбай: Шырдабайдікі де дұрыс. Ал Қолғанат қарағым, сен ше?

Қолғанат: (жымиып) Әкеміз өмір бойы жылқы баққан адам ғой. «Ат тұяғын тай басар» демекші, мен де сол әке кәсібін жалғастырғанды жөн көрдім. Қазір де жылқы бағып жүрмін. Жылқышымын.

Жұбай: Әке құрығын қолыңа алсаң, қор болмайсың, балам. Әйтеуір ақ адал еңбегің ғой. Оның жөнді болған екен. (Осы кезде үйге Хисмет ағай кіріп келді. Оқушылары орнынан тұрып, ізет көрсетіп жатыр)

Хисмет : Ассалаумағалейкум, Жұбеке.

Жұбай: Амансың ба, қарағым Хисмет. Төрге шық. Мал-жандарың аман ба?

Хисмет : Осы жерде жарайды, ақсақал. Денсаулығыңыз жақсы ма?

Жұбай: Шүкір, қарағым, шүкір.

Хисмет: Нұнның оқуға жүргелі жатқанын естіп, бәріміз де қуанып жатырмыз. Мынау таза костюмім еді. Нұнға шақ болар, үстіне кигізіп жібергелі келдім. Бұл тасып байығандықтан емес. Болмаса, киімі жоқ деп мүсіркегендіктен де емес. Өзіне зор сенім артып, оқуына түсіп кетуіңе тілектестігімді білдіргендіктің белгісі. Келешекте үмітімізді ақтайтынына сенімім мол. Ендеше білім жолында алға тарт! Тек биіктен көріне бер! Айтар тілегім осы. Ал құдай жолыңды оңғарсын!

Жолың болсын!

Қараша: Жүретін уақыт жақындап қалды, аға. Кеш қалып қоярсың. Мен бәрін дайындап қойдым.

Жұбай: Қараша дұрыс айтады.Тездетейік. Ал, балам, алыс жолға аттанғалы отырсың. Баяғыда анаң екеуміздің пеш түбінде отырып, армандайтын күніміз еді бұл. Ерте кетпегенде, бұл қуанышқа ол да ортақтасатын еді. Ал Қағаз аяғын үзенгіге салғалы отырған үлкеніңді де, артта қалған кейінгілерін де желеп-жебеп жата бер.

Иә, ата-бабалар, Маңғыстаудың үш жүз алпыс екі әулие-әмбиелері жолға шыққан баламның сапарын сәтті қыла көрің. Шаршаса, қолтығынан демең. Әумин!

(Бәрі де әумин деп, беттерін сипады. Сыртқа шықты. Анадай жерде жеңгесі Бала білек асығып келе жатыр екен. Жұбайға иіліп сәлем етті).

Балабілек: Қайнаға, кішкене сарша қайнымның оқуға кеткелі жатырғанын естіп, бәріміз де қуанып жатырмыз. Сіздер жолға шығып кеткен жоқ па деп, асығып келе жатқаным. Үлкен жолға бара жатырсың. Ақтан ауыз тиіп кет, қайным . (Ол кесе толы шұбатты ұсынды) Ал, қайнаға, балаңыздың жолы болсын. Алыс жолға аттанғалы тұрған адамның ақтан ауыз тигені ырымға да жақсы. Ағайын-туманың сіздерге деген ақ пейілі деп түсінің.

Жұбай: Сау бол, қарағым. Ниетіңе рахмет.

Балабілек: Ішің, ішің. Қалалық жерде шұбатты аңсайтын күнің алдыңда ғой.

Нұн: Рахмет, жеңеше, рахмет.

Жұбай: Ал , жүрелік, кеш қалармыз, қозғалайық.

Нұн: Ал, бауырларым, достарым, Хисмет ағай! Мені аттандырып салуға келгендеріңе, жарылған жүгерідей аппақ көңілдеріңе рахмет. Сендердің сенімдеріңді ақтауға тырысармын. Мен үшін мақтанатын, марқаятын күндерің алда, аман болыңыздар.

Хисмет : Жолың болсын, Нұн. Сенің тек біздің ғана емес, ел мақтанышы болатыныңа мен иманымдай сенем. Тек сол күннің қуанышын бірге көрейік.

(Барлығы Нұнды шығарып салады)

Автор: Нұн 1954 жылы Алматыдағы Қазақ Мемлекеттік университетіне түсіп, 1959 жылы оны үздік бітірді. 1959-62 жылдары Москвадағы Кеңестер Одағы ҒА-ның Механика проблемалары институтының аспиранты, 1962- 1969 жылдары Қазақстан Республикасы ҒА-ның Математика-механика институтының кіші, аға ғылыми қызметкері, 1969-1976 жылдары аталған институттың толқындар динамикасы лабораториясының меңгерушісі, 1976 жылдардан бастап, Сейсмология институтының толқындар динамикасы лабораториясының меңгерушісі қызметтерін атқарды.

V көрініс

Автор: 1980 жыл. Нұн Жұбаевтың Новосибирск қаласына докторлық диссертация қорғауға келген кезі. Ғылыми отырыс.

Жүргізуші: Қадірлі қауым. Бүгінгі ғылыми отырыс Нұн Жұбаевтың техника ғылымының докторы атағын алуына байланысты болып отыр. Ал алғашқы сөз Нұн Жұбаевтың ғылыми жетекшісі, КСРО, Өзбекстан Мемлекеттік сыйлықтарының иегері, Социалистік Еңбек Ері, академик Халил Ахмедұлы Рахматулинге беріледі.

Рахматулин: Аса құрметті әріптестер. Бүгін Одақтың маңдайалды ғалымдары бас қосқан Нұн Жұбаевтын докторлық диссертациясы туралы айтқым келіп тұр. Нұн Жұбаевтың жер және тау жынысы мамандығы бойынша жазылған, бір өлшемді және екі өлшемді кернеу толқындарының таралуы туралы 100 бетке жуық еңбегін техника ғылымының докторы, профессор И.И.Сляпин, физика-математика ғылымдарының докторлары Л.В.Никитин мен В.С.Никифоровский болып, бір ауыздан аса жоғары баға бергенбіз. Бәрінен бұрын, мен шәкіртім Нұн Жұбаевтың ғылыми жетекшісі ретінде оның тау жыныстары механикасы мен техникалық процестердің математикалық теориясымен айналысатындарға механика ғылыми мектебінің сирек кездесетін озық өкілдерінің бірі екендігін мақтанышпен айтамын.

(Қол соғылады)

Жүргізуші: Келесі сөз кезегін Қазақстандағы ғылыми мектептің іргетасын қалаған академик, республика ғылымына еңбек сіңірген қайраткер, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, техника ғылымының докторы, профессор Жақан Сүлейменұлы Ержановқа береміз.

Ержанов: Қадірлі ғылым саласына еңбек сіңірген қайраткерлер! Қазақстандағы ғылыми мектептің іргетасын қалағандардың бірі ретінде менің қамқорлығымда болған Нұн Жұбаев туралы айтарым көп. Оның ғылым саласына қосқан үлесі де теңдессіз. Осы барыста Нұн Жұбаевтың түрлі басылымдарда жүздеген ғылыми мақалалары жарияланды. Оның көпшілігі математикалық физика тапсырмаларын шешудің аналитикалық, сандық әдістеріне, ортадағы күштің таралуына, толқындар теориясына арналған. Қатты деформацияланған ортадағы сызықты, серпінді тұтқыр, жабысқақ серпінді және серпінді пластикалық толқындар таралуы теориясының негізгі мәселелері құндылығымен, тұжырымды концепциясымен жоғары бағаға, үлкен сұранысқа ие болып отыр.

Ендеше бұл Нұн Жұбаевтың ғылымға қосқан үлкен жетістігі демекпін. Бірнеше жылдан кейін дәл осы қарқынмен еңбектенсе, профессор атағына ие болатынына сенім мол.

(Қол соғылады)

Жүргізуші: Сөз Қырғызстан Республикасы ғылым және жаңа технология мемлекеттік комитетінің төрағасы Тынымбек Ормонбековке беріледі.

Ормонбеков: Құрметті әріптестер! Мен Нұн Жұбаевпен 1974 жылдан бастап, қызметтес, пікірлес болып келемін. Екеуміздің де ғылым жолындағы ұстазымыз Халил Ахмедұлы Рахматулин. Ұстаз өнегесімен өрелі өрге шыққан Нұнның техника ғылымының докторы атағын алуы барлығымызды еріксіз қуантады. Нұн Жұбаевтың қай салаға, қаншалықты үлес қосқандығы жайында жаңа ғана Халил, Жақан секілді академик ағаларымыз айтып өтті. Ендеше Нұнның, қарапайым ұстаның ұлынан техника ғылымының докторы дәрежесіне көтерілуі – оның алғырлығы мен біліктілігінің, тапқырлығы мен ізденімпаздығының белгісі деп білемін. Нұн сияқты ұлы адам өсіріп шығарған қазақ халқының келешегі кең болсын, сол келешектің тізгінін ұстап, ұстаз, ғылым жолын қуар білікті, саналы шәкірттердің қатары көбейе берсін демекпін.

(Қол соғылады)

Жүргізуші: Сөз Нұн Жұбаевқа беріледі.

Нұн: Құрметті әріптестер! Ілтипат, алғыстарыңызға шын ниетіммен рахметімді айтуға рұқсат етіңіздер. Иә, рас, бұл дәреже – талап пен еңбектің жемісі. Әйткенменде бұл жетістік баршамызға ортақ. Өйткені осында отырған Халил, Жақан секілді академиктердің жөн сілтеуімен, ғылым жолында сапарлас болған қызметтес достарымның пейілімен, осыдан 26 жыл бұрын асқақ арманын арқалатқан әке, бауыр, жақын жуықтардың, мектеп қабырғасындағы ұстаздардың үміт, сенімдерінің арқасында жеттім десем қателескенім емес. Болашақта да ғылым асуына тамшыдай үлесім тиіп тұрса, мен үшін зор бақыт.

(Қол соғылады. Сахна жабылады)

Автор: Нұн Жұбаев 1986-1988 жылдары институт директоры болады. 1986 жылы оған профессор атағы беріледі. Ол 100-ден аса ғылыми еңбектің, 7 монографияның авторы. Халық даналығында: «Күн – ортақ, ай – ортақ, жақсы – ортақ» деген бар. Нұн өз топырағымыздан өскен, санаулы жақсыларымыздың бірегейі. Ол біздікі де, сіздердікі де, олардікі де емес. Нұн – біздің бәріміздікі. Ол – баршамыздың бақ жұлдызымызға баланар ортақ мақтанышымыз. (Соңы)

Тұмар Базарбаева, Нұн Жұбаев атындағы орта мектеп оқытушысы.

Кітап авторы

1949 жылы туған. Маңғыстау облыстық тарихи өлкетану мұражайында бөлім меңгерушісі болып жұмыс жасайды. Қазақстан Республикасы оқу-ағарту ісінің үздігі. 2002 жылы «Қайран менің жеңешем», 2004 жылы белгілі геолог Әділ Нұрмановпен бірігіп жазған «Бозашы – маңғыстаудың екінші тынысы», 2005 жылы «Жұмбақ жайлап, аңыз өрген Маңғыстау» және «Маңғыстау ғашықтары» атты кітаптары жарық көрген.

Сұлтан Жұбаев

Нұн Жұбайұлының інісі. 1943 жылы туған. Ұзақ жылдар ауданда қаржы саласында басшылық қызметтерде болған. Қазір аудандық ауыл шаруашылығы басқарма бастығы.

ҒАЛЫМНЫҢ ЖАСТЫҚ ШАҒЫ

ЖҰБАЙ ШАЛДЫҢ ӘҢГІМЕСІ

Жұбай ақсақал түнімен дөңбекшіп, таңды көзімен атқызды. Жасы келген адамның құс ұйқысы болатыны да, шегі жоқ, шеті жоқ ойдың қаумалап өтіп кеткен, артта қалған кезеңдердің көз алдыңа елестеп, тізбектеле өтіп жататыны да белгілі. Қасындағы баласы Нұн әр нәрсені сұрап жатқанымен, көп ұзамады, ұйқыға кетті. Ұйықтап жатқан баласының басынан күс-күс болған алақанымен сипады. Төлінің алды да, өзіне қолғабысын тигізіп, қолтығынан сүйеушісі де осы баласы болатын. Қалған екеуі, Сұлтан мен Қарашаш, әлі жас. Соған бола ма, әйтеуір көзіне ши қадап қойғандай, таң атқанша бақырайды да жатты. Осы баласы ауыл шетіндегі ұстаның жапырайған күркесінің ішінде кішкене кезінен бастап-ақ әкесіне көмекші болған-ды. Жаратылысынан көп сөзге жоқ бала төске тиіп, шыңылдап жатқан балға даусынан озып әкесіне не десін. Айтқанын екі етпей көңілінен шығуға тырысатын. Бір-бірін ыммен түсінеді. Біресе көрігін үрлеп, біресе балға астынан жаншылып шыққан қып-қызыл темірлерді шыжылдата суғарып жатқаны. Әке қасындағы жұмыстан сәл қолы босаса болды, бұрышта жиналып жатқан өзіне тиесілі көрші-көлемнің жамап-жасқайтын құманын, шелегін, самарын қолына алып, тықылдатып жатқаны. Ондайда көлеңкеде демалып отырған әкесі де үндемейді. Өзімен-өзі. Ауыл алдындағы төбені өрлеп, бытырай жайылып бара жатқан малдарға қарап отырғаны. Біраздан соң қолына шелегін ұстаған баласы келеді. Өткенде Көрпе Шошайдың кемпірінің әкеліп тастаған түбі түскен шелегі. Басқа қаңылтырдан әдемілеп қиып, жігін білдірмей жымдастырыпты. Әкесі шелек түбін дөңгелете қарап шығып, бұрышқа қоя салады. Бұл риза болғандығының белгісі. Әу бастан құдай тағала солай жаратты ма, әлде ана бір жылдары бірінен соң бірі кеткен алты баласынан көзі қорқып қалған ба, әйтеуір соңғы көрген үш баласының қай-қайсысына да мейірленіп маңдайынан иіскеп көрген емес. Кім біледі, іштей жақсы көретін шығар. Бірақ сыртына шығарып, айналып толғанып жатқанын өзге түгілі, балалары да білмейді. Әке көңілін көзінен ұғады. Осы баласының «әр нәрсені білсем-ау» деген ойының зерек екенін білетін Жұбай шал, оның сұрақтарына қашанда байыппен жауап береді. Жұмыс арасы сирен, қолдарының босаңсыған уақыттарында көліктерін ерттеп, тау жағалап кететін-ді. Құрып кеткен қақпандары бар. Осы Тұщыбектің алдындағы Шұқырой, оған жалғасып жатқан Кеңсай, Мылтық үйдің маңы, мына беттегі Битонтоғайдың күншығыс құбыласы – аңның нағыз шұбыратын жолы. Сол жерлерге құрылған қақпан әйтеуір құр тұрмайды. Күнде болмаса да, екі-үш күнде бірлі, екілі қарақұйрық түседі. Қайта-қайта бара беруге мұның қолы қайдан тисін. Есегіне мінгізіп, Нұнды жібереді. Қасында өмірі айрылмайтын Шырдабайы бар; күрең есекке мінгесіп, екеуі кете барады. Күн ауа қапталдарына өңгерген қарақұйрықтарын есік алдына түсіріп жатқандары. Аң жарықтықтың бала түгілі үлкенге де жел беретіні бар емес пе. Қанжығасы майланып, көңілді келген екі бала жарыса сөйлеп, қақпанды сүйретіп кеткен ешкінің тау қуысынан табылғанын, тастақ жерге қармақтың ізі түспей, көп әуреге түскендерін, әйтеуір әбиүір болғанда сай бойындағы, қарағанға ілініп жатқан жерден тапқандарын айтып мәре-сәре болады. Сол сайдың қарсы бетінде көлеңкелеп жататын болса керек, құмалақтап тастапты дейді. Аң сүйретіп жүргенде түсіп қалған қақпанның тиегін Шырдабай жасап, Нұн әкесінің үйретуі бойынша сүрлеу бойына қайтадан құрып кетіпті.

Ал кейде: «Бой жазып қайтайын, болмаса, көптен бері аң түспей жүрген қақпанды басқа жерге аударып құрайын» – деп өзінің де шығатыны бар. Құлақтарында қала берсін дейтін болуы керек, бір-бірінің белінен тас қылып құшақтап, қапталында есекпен тыпытып келе жатқан екі балаға өткен-кеткен әңгімесін айтады. Әшейінде сөзге жоқ адам көрінгенмен, Жұбай шалдың әріден қозғаған әңгімесін тыңдап келе жатқан балалар оның тегін еместігін білгендей, үн-түнсіз тыңдайды. Бәлкім бір кездердегі ата-бабасының тері сіңіп, табан ізі қалған жер көзіне оттай басылып. қай-қайдағыны қозғай ма, әйтеуір үндемес шал осы уақытта бұлар естімеген көп әңгіменің тиегін ағытады.

— Жарықтық бұл Қаратаудың бойы бүкіл Адайдың бетке ұстар батыры Төлеп атамыздан бері қарата құтты қоныс болып келеді ғой, – дейді атын сипалай қамшылап. Не өтпеді дейсің бұл елдің басынан. Әлгі ертегілерде айтылатындай, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған кезеңде тұтқиылдан тап берген дұшпанмен арпалысып, ұлтарақтай жер үшін кеудесіне қадалар мың сан найзадан тайсалмай, үнемі ат үстінде жүретін күндер де өтіпті. Бізге жеткен әңгімелерде аталарымыздың қой күзеткеннен жау қайтарғаны, кетпен ұстағанынан қару асынғаны көп болыпты ғой. Соның басында Төлеп ағаларың жүрген. Найзаның ұшын, садақтың оғын қайтаратын қасиеті бар ма, әлде қарсы келген қай жауы болса да сұсынан сескене ме, әйтеуір атамыз сексен үш жас жасап, құдайдың жіберген өз ажалынан өліпті. Он бес жасынан бастап бұл елдің басына түскен сын сағаттарды жасақтың алдында қол бастап, досына да, жауына да айбарлы Төлеп батыр атанған. Сол батыр бабаларымыздың арқасы ғой тайраңдап жүргеніміз. Онан басқа кімнің қамшысының астында, малының соңында жүретінімізді бір құдайдың өзі білсін. Бірі ойда, бірі қырда, бірі түстігінде жан-жақтан келер жаудың жолында жүріпті ғой. Анау – күнде көріп жүрген Отпан тауларың. Қиын кезеңде батырларымыздың арқа сүйеген, бойына күш қуат алған қасиетті биік ол. Соның басында талай-талай ұран оты жағылып, атқа қонған батырлар ел мен жердің тағдыры шешілер сәттерде бір-бірінің қасынан табылыпты. Дүние малды алдына салып, оң жақта үкілеп өсіріп отырған аруды өңгеріп бара жатқан өктемсінген талай жауға ерліктің не екенін, елдіктің қандай болатынын көрсетіп, тәубесіне келтірген көрінеді. Құдайтағала жан-жақтан тартқылаған жауы көп сол заманда, Адайдың бағына шығар, сен тұр, мен атайын деген талай батырды беріпті.

Кенет әңгімешіл шал сол батырлардың ортасында өзі жүргендей, қарсы алдында елді шулатып бара жатқан жаудың шаңын көргендей, атына тіктеліп отырады. Қызды-қыздымен жадында жатталып қалған жыр жолдарын екілене оқиды.

...Сен Адайдың кімісің?

Айтулы ердің бірісің,

Маңдайыңа қарасам,

Қайтпас ерге меңзейсің.

Ауызыңа қарасам,

Аш бөріге меңзейсің.

Келбетіңе қарасам,

Келісті ерге меңзейсің.

Қабағыңа қарасам,

Қас батырға меңзейсің.

Елібіңе қарасам,

Ер Төлепке меңзейсің...

Ойхой дүние-ай, Қалнияз ақын бұдан артық не десін енді. Қолтықтаса жүрген Төлеп пен Бегей барда, аралары ажырамаған Кедей мен Жанақ барда, ер жастанып ұйықтамаса көңілі көншімейтін Қонай мен Шабай барда бұл жерге жүрегі дауалап қызылбас та, қалмақ та, анау Хиуа мен Бұқараның жәуміттері де, өрістегі түйенің бұйдасын қиып, алдына салып кетуге әуес түрікменнің де аяғын баса алмасы белгілі. Қай кезде де елі үшін бастарын бәйгеге тіккен. Жау қолынан шейіт кеткенді өздеріне бақ санаған, құдайдан соны тілеген. Төлеп атамыз елге келген жауды 80 рет жеңіп, жесір айырған, 50 рет жекпе-жекте, 7 рет жалғыз өзі саны көп жауды жеңген. Оның бір ерекшелігі – қолына қару ұстап, тақымын атқа салған жылдарында бірде-бір шапқыншылық соғысқа араласпапты. Қазір Сейсем ата да жатыр, жарықтық. Қасиеттен де құр еместігі шығар, қоңыр күзде атасы Әнет аян беріпті. Содан екі ай бойы ағайын-туғандармен, жақын жуықпен қоштасып өзі айтқан күні өмірден өтіпті ғой.

Содан бері Тұщыбек бұлағы, оның қасындағы Қайнар мен Қарақошқар көзі, одан күн батысқа қарай орналасқан Аман бұлақ, Сүгір бұлақ, Әліп бұлақ, Кәдірбай бұлақ және Сулы Қапы, әрі қарата Қарашымыраудың күншығыс жағындағы Қос бұлақ пен Бес бұлақ Тәлегі атаның балалары – Мәмбеттұрлы мен Бәйіштің, Қырымқұл атаның бір баласы – Бөрінің құт мекендері. Төлеп атаның немерелері Есендәулет пен Сүгір, Аман және Қырымқұл атаның немерелері Уәзір, Қол, Дінбай, Кәдірбай, Әбір, Дихан, Еңсегендер болып, осы сылдырлап ағып жатқан бұлақтар бойында егін егіп, бұйырған несібесін қанағат тұтқан, қақ-соқпен ісі жоқ, тату-тәтті тірлік етіп келе жатқан ел болатын. Бірінде жоғын бірі тауып, қажыса қолтығынан сүйеп, тағдырдың маңдайға салған қуаныш, қайғысын бірге көтерген, ошақ берекесі кетпеген ағайындардың жұмылған жұдырықтай бірлігіне жақын түгілі, жат қызығатын-ды.

Қара тасты жарып, бүлкілдей қайнап шығып жатқан суды да дұрыс пайдалана білмесең болмайды, шырақтарым. Алдымыздағы өткен шалдар сол судың бір тамшысын да далаға бос жібермей пайдалануды үйретіп кетті біздерге. Анау Қаратаудың етегінен сонау Серікбайдың сартас үйіне дейін, Сулы Қапының бергі босағасына дейінгі жерлерге жүгері, бидай егілетін, әлі егіледі. Сол егістікке дейін су жиналатын бес-алты аудан бар. Олардың Бас аудан, Кебір аудан, Тас аудан, Нарпозды аудан, Орта аудан, Аяқ аудан аталатынын өздерің білесіңдер. Бір-біріне жылға арқылы жалғасып жатыр. Күн ыссыда сендер сол ауданға барып, шомыласыңдар. Судан шыққанда аяқтарыңа жабысып шығатын саз балшықтар қайдан келді деп ойлайсыңдар? Ол салмамен ағып келіп, ауданға құйылған судың қайырға сіңіп кетпеуі үшін әдейі төселген. Бірі толғаннан кейін өзінен төмендеу орналасқан екінші ауданға алып қашпа деп аталатын жылға арқылы құйылады. Осылай Бас ауданнан сонау Аяқ ауданға дейін су жиналып, егістікке пайдаланылады.

Сулы Қапының аты айтып тұрғандай, мол сулы екені белгілі. Бірақ оның төменгі жағындағы кеңістіктің тасы көп болғандықтан, егін егу қиындық туғызады. Сондықтан мол суды далаға жібермей, Қапының арғы бетіндегі егінге пайдалану керек. Бірақ екі ортадағы екі-үш метрдей биіктен суды қалай шығарады? Қапы сайының ортасымен жүргізуге болмайды. Өйткені жаңбырлы кезеңдері оның бойымен қарғын жүреді. Сондықтан құз жартастың қапталынан бес жүз қадамдай тасты қолмен ойып, салма жасап, оны тікбұрыш ирек қылып, арғы бетіне шығаратынбыз. Қазір айтсаң, нанғысыз. Бірақ шындығы осы. Ой, қарақтарым-ай, қазіргі көздерің көріп жүрген жаман шалдар Аман, Уәзір, Қашым, мына мен, Баулы, тағы кім еді, иә, ана Кәдірбай, Жазбай, Дінбай, Көлдер ол уақытта тепсе темір үзетін жас жігіттер едік. Шаршау дегенді білмейтінсің. Бәрі де тірлік қамы үшін дағы, суды осылай пайдаланатынбыз.

Ел іші ғой небір жайсаңдар болды емес пе. Айтқандары айнымай келетін Төлеп атамыздың немересі Қостың Сүйінқара мен Ботақара дейтін балалары болды. Ауа райының қандай болатынын көзбен көргендей, алдыңа жайып салатын. Қателескенін көргенім жоқ. Солармен ақылдасып, ойлау жерге қырық күндік тары егіп, ырғап-жырғап қалатын кездеріміз де болушы еді.

Осы Қаратаудың бойы – сендердің туған жерлерің. Бірі болмаса бірі естеріңде қалсын деп әдейі айтып келемін. Жеті атасын білмеген – жетесіз, – дейді ғой қазақ. Біле білсеңдер, жеті атасын білу сонау ұлы атаңа дейін саусақпен санамалап шығу деген сөз емес. Ол өткен істерді ұғыну, өз ошақ басыңдағы, ауылыңдағы, аумағыңдағы белгілі адамдарды білу. Олар істеген жақсы істерден тәлім алу, жаманынан бойыңды аулақ салу. Өзіңе, қала берді кейінгі ұрпағыңа өсиет қылып жеткізу. Басыңа түскен өмірдің ащы, тұщысын санаңа ұстап, не үшін өмір сүріп жүргеніңді сезіну. Біздей емес, сендердің замандарың бөлек, құлаштарың кеңге баратын шығар. Сондай уақыттарда туған жерлеріңді, өздерің топырағынан жаратылған ата қоныстарыңды ұмытпау – перзенттік парыздарың. Шамаларың келсе, көргендеріңді көкіректеріңе түйіп жүрсеңдер, қор болмайсыңдар. Мен білсем, білім дегенің алдыңдағы қағазды қаралап, кітап бетін ақтару емес. Тірлікке ұмтылу, қиындықпен тайсалмай күресіп, жеңіп шығу да білімділікке, біліктілікке жатады. Өзіміз келе жатқан қақпанға да кез келген аң аяғын өзі келіп сұға салмайды. Ол да құдайдың жаратқан мақұлығы. Сезімі сенен күшті болмаса, осал емес. Ізіңді білдірмей, темірдің иісін шығармай, айлаңды асырып, оның жүрер жолына құра білгенде ғана дегенің болады.

Ертеде осы ауылда Қырымқұл атамыздан тарайтын Уәзір, Шабай дейтін әкелеріміз ауыл балаларының тілін сындыртып әліпбиді оқытатын. Соның өзіне көзі ашылғандай көретінбіз. Ал сендердің мектептеріңде, байқаймын, әр саланы бөлек-бөлек оқытатын сияқты. Алымы бар бала болса, сол ылымның біреуін меңгерсе де, қор болмайтыны анық. Тек биылғы оқығанын келесі жылы ұмытпай, жадында тоқи білсе болғаны.

Ұмытпай дегеннен шығады. Жаңа өкімет орнамастан бұрын осында отырған ауылда көштен озған дәулетті адамдар бола қойған жоқ. Әрбір үйдің 40-50-дей ешкі-лағы, кезегімен туатын төрт-бес мойнағы, асып кетсе, оншақты жылқылары болатын. Ол кезде Қаратаудың үсті мен Қараманатаның дөңінде қарақұйрық дегенің жыртылып-айрылып жатушы еді жарықтық. Түз тағысы болғанмен, бұйырғанға ол да несібе. Есік алдындағы аз ғана төлге пышағын алып, қайта-қайта қайдан жүгірсін. Кездейсоқ келетін қонағына, кенеттен тап болар шаруасына, болмаса алда келер қысына сақтайды. Әсіресе қызылсыраған жаздың күндері оларды көп өгейсітпейтін де әлгі аңдар ғой. Бізден бұрынғылар арнайы дайындалып барып, терең қылып қазылған аранға құлатып алады екен. Тіпті қыстық соғымын да солай жиып алатын болса керек. Осындай арандардың орны Қаратаудың бойында, Үстірт үстінде әлі бар. Бірақ біз онымен аң аулағанды көрген жоқпыз. Көргеніміз қолынан іс келетін ұсталарға соқтырып алған қақпан ғана. Ел сонымен де сорпа, суын айырып отырушы еді.

Сөйтіп жүргенде, жаңа өкімет орнады. Ее, ол да бір аласапыран заман болды ғой. Біреуі қызылмын деді, екіншілері ақпыз деді, әйтеуір саясаттан көп хабары жоқ өздерінің мәпехана тірлігімен ғана күнелтіп отырған алақандай ауыл үсті дүрбелеңге толды да кетті. Естіп жатамыз, дәулеті барлар жаңа үкіметтің ызғарынан ығысып, бір түнде өкшесін көтеріп кете барады. Көп хабар Кетік жақтан келеді. Бірде жаңа үкімет орнады деп жатса, келесіде ұзамай ол құлатылды, бұрынғылары билік басына қайтадан келіпті, алдыңғыларды қудалап, түрмеге қамап жатқан көрінеді деген хабарды тағы айтады. Қорқыныш та жоқ емес. Біреуі қызылсың деп, біреуі байдың құйыршығысың деп бірін-бірі оққа байлап жатқандар да бар; Қиын заман болды ғой, шырақтарым. 1919 жылдың қысында сонау Қаратүйе, Манатадан құлап, азып-тозған көп әскер шұбырып Кетік жаққа өтті. Осындағы жаңа үкіметтің әскерлерімен қақтығысты, болмаса аштан өлді, әйтеуір көп қырғынға ұшырады бейшаралар. Ел сол жылдарды «орыс босқан», «орыс қырылған» деп атап кетті. Артынан естідік қой, генерал Толстов дейтіннің әскері көрінеді. Қызылдардан жеңіліп, қыстың кезі Гурьевтен бірі Үстірт арқылы Хиуаға кетсе, бірі Кетікке жетіп, Шағадамға баруды мақсат етіпті. Одан әрі түстіктегі елдің біріне аспақ ойлары бар екен. Бірақ дегеніне жетпей, Кетікте бәрі де қызылдарға беріліпті. Ауылымыздың үстімен азып-тозып бара жатқандар қолындағы мылтықтарын байтал түгілі, бас қайғы дегендей, жұтқын тамаққа айырбастаған кездері де болды. Мылтықты болғандар енді аңға шыққанда баяғы қақпан дегенді ұмытты. Аңның суатқа келер, сүйіп жейтін шөбі бар жерлерге барып, көп қиналмастан-ақ атып ала беретін болды. Оңай олжа сияқты көрінгенмен, бір кездегі босқан орыстан алып қалған бір-екі қалта оқ қашанғы шыдасын. Оғы таусылды, оның үстіне күшіне енген үкіметтің адамдары қаруды жинады. Біреулері қит етсе, сылтау іздеп жүрген қызылкөздердің бәлесіне қалмайық, ішкен қара суым бойыма дұрыс дарысын деген болуы керек, әлгі мылтықтарының өздері көзін жоғалтты. Айналып келгенде, баяғы ата-бабадан қалған қақпаннан артық болмады. Бұл қақпан дейтінді кімнің қашан ойлап тапқанын бір құдайдың өзі білсін, әйтеуір атам заманнан бері оны қолдана білген адамға ырыс болып келе жатыр ғой. Оны өздерің де көріп жүрсіңдер. Мұның иесі мен болғанмен, түскен аңды осындағы үйлерге кезек-кезек таратып береміз. Бұл менің асып-тасып бара жатқандығым емес. Бұлы қазанның қасиеті болады. Сол үйге береке шақырады. Бүлкілдеп қайнап жатқан қазанды қоршай отырып, өткен-кеткен әңгімесін айтады, бір-біріне мұңын айтып, керек жерінде ақылын айтады. Осы шағын ауылдың адамдарында бір-бірінен жасырып артына сақтаған сыры жоқ. Күн аралата әр үйдің дастарханында бас қосқандағы мақсатымыз – бірлігімізден айрылмау, жыртық көңілімізді бүтіндей ғой, қарақтарым. Жалғыз шауып, бәйге де алмайсың, жеке жүріп, дауылға да қарсы тұра алмайсың. Көппен бірге көрген қиындықтың салмағы зіл батпан емес. Тұщыбек ауылының бұл ағам заманнан бері берік ұстанған қағидасы. Аз ғана түтін әр рудан жиналса да, бір-біріне деген ағайыншылығынан, ыстық ықыласынан айрылып көрген жоқ. Торғайдай басын қай бұтаға апарып паналатарын білмей, санасы абдыраған ана бір жылдардағы қуғын-сүргін жылдарында да осы пейілінен танған жоқ бұл ауылдың адамдары. Бұл ауылдан ешкім шиге шаншылып көрсетілмеді, халық жауы, әлгі бір жапонның, ағылшынның тыңшысы, алашордашыл деген атақ ешкімге тағылмады. О бастағы уыздай бірлігінен құдай айырып көрген жоқ. Топырағының қасиеті осында жатыр. Осы естеріңде болсын, шырақтарым.

Маңғыстауды мекендеген халықтардың бір тіні Бесқаламен тікелей байланыста болды. Үстірт үстін қоныстанғандар Арқаға, Көкжар базарына баратын болса, ойдағылар жыл сайын итініп, тартынып, сонау Қоңырат, Хожелі, Нүкіс, Шымбай, Шоманай қалаларына бет түзейтін. Алдындағы азын-аулақ малынан түскен жүндерін, ешкінің түбіттерін, тіпті күз бойы арнайы басылған киіздерін алып кететін. Біздің ауылдың адамдары үшін, сонымен қатар Қаратаудың сай-саласында қалың өсетін шилер де ол жақта сұранысқа ие болатын. Қыз-келіншектер, қажарлы жігіттер алдымен оны тартып дайындап алатын да, қабығын аршып тазалағаннан кейін тоқуға отыратын. Не керек, күзде қырау түсе ұры-қарыдан аман болса, базаршылар елге оралады. Келер жылға дейінгі тірлігіне қажетті киім-кешектік маталарын, ұнын, шәй-секерін, алдағы көктемге деп тұқымдық жүгері, тарысына дейін алып келетін.

Осылай біреуден ілгері, біреуден кейін, әйтеуір көштен қалмай жаңа үкіметтің бағытында тірлік қылып жатқанда тағы да бір қиындық келді. Ол 1928 жылы елдегі малды жұтатып, халықтың жан-жаққа босуына себепші болған атақты «Ақ қоянның» жұты еді. Сол жылы алда бір үлкен қатердің барын білдіргендей, күн ерте суытты. Одан басқа біздің жақта сонау «текенің мойын жуар, бел басарына» дейін жылы болмайтын ба еді. Қараша айынан бастап-ақ ақтүтек боран болып, қар қалың түсті. Азын-аулақ мал қолға қарап қалды. Жоғарғы жақтың еліңдей пішен дайындап, қора-қопсысын ертеден дайындау біздің жақта пәлендей үрдіс болып енбеген нәрсе. Сайдың ішінде, төбенің күнгей беттерінде ықтап шығатын ел сонау наурызға дейін табандап тұрып, алған ақшұнақ аязға, қарлы боранға қайтіп шыдасын. Алдағы барынан айрылып, таяғын ұстады да қалды. Күйзелген халық өлместің қамын ойлап, жан-жаққа босып кетті. Жұт әсіресе Бозашы бетте қатты болыпты. Өзен жағалағанның өзегі талмас деген бар. Аштан өлмес үшін, адамдар Кетікке қарай шұбырды. Талай адамның сүйегі жол ортада шашылып қалды ғой ол жылдары. Жаңа үкімет қолынан келгенше көмек ұйымдастырып, шара қолданғанмен, бәріне бірдей шарғасы жетпеді. Жарығы таусылмаған пенденің басынан бұл өмірде талай қиындық та, қорлық та өтеді. Соның ішіндегі ең жаманы – аштық. Аштық жеңген, көзі қарайған адам өзіне-өзі тежеу бере алмайды. Құдай басқа бермесін, қарақтарым, естісең, төбе құйқаң шымырлайтын, көз көріп, құлақ естімеген не бір сұмдықтар өтті ғой. Құдайдың қолдағаны ма, әлде тағдырдың осы ауылға деген ерекше бір мейірімі болды ма, әйтеуір қанша қиындық көрсек те, жеткізбестей болған көктемді де көрдік. Енді тірлік қылсақ, өлмесіміз, далада қалмасымыз белгілі болды. Содан ақылдаса келе, жол жүруге жарайтын, қолынан іс келетін Қырымқұл үйлерінен төрт жігіт, Төлен үйлерінен бес жігіт жаяу-жалпылап Бекдашы, Небидтау арқылы Байрамалы Тәженге барып, қызылбас сарттарға жалданып егін ектік, қолымыздан келген басқа да жұмыстарын жасадық. Қай жерде де адамшылығын жоғалтпаған, құдайын ұмытпаған адамдар болады емес пе. Біздің бағымызға шығар, сондай мейірімді адамға тап болдық. Ақжолтай екенбіз. Егін бітік шықты. Қожамыз да мәз, біз сірә оның аржағында. Еңбегімізді жемеді, мың болғыр. Көтергенімізше астығымызды да, киім-кешектік матасын да берді. Қалғанын ақшалай қалтамызға салып, өзі барып сөйлесіп елге бет алған керуенге ілестіріп жіберді. Сіңірі созылып, қалт-құлт күн кешкен, жолға қарай екі көздері төрт болған ауылға да жеттік қой. Табыссыз болмаған екенбіз. Ауысқанын Кетіктің базарына апарып, алдымызға бес-он жандық айдап қайтқанбыз. «Апырмай» – дейтінім бар кейде. Сол жылы нар тәуекелге барып, Бесқала барғанымыз үміттің үзілмеуіне, көбіміздің дәміміздің таусылмауына себепші болды-ау. Елдігімізден айрылып, жан-жаққа бытырап кетпедік. Одан басқа осы күндері ет жақын тумаласынан бауыр еті баласынан айрылып, қайда екенін білмей, жүректерін шер қаптаған қаншама адамдар жүр. Бір күн аш болғаннан, қырық күн ақыл сұрама деген сөздің жаны бар. Өзіміздің алдымыздағы үлкендерден Маңғыстау жерінде өткен бұдан бұрынғы жұт жөнінде де талай естіген едік. Бірақ көзіміз көрген бұл жұттың да қасіреті аз болған жоқ.

Ее, қарақтарым-ай, пенденің басына түсер жақсылық, жамандық та бір Алланың қолындағы нәрсе ғой. Оған қарсы келер қайрат адам баласына берілмеген. Тағдыр менің маңдайыма тауқыметін аямай-ақ жазған екен. Басымды көтертпей бір соққысынан соң екіншісін жіберді де жатты. Қабырғам қайысты, жүйкем жұқарды. Өлмеген жан бәрін де көреді екен, көтереді екен. Үгітілген шығармын, бірақ езіліп кетпедім. Тарықтым, бірақ торықпадым. Өмірдегі ең қиын нәрсе ошағыңның берекесі болған, шаңырағыңның базары болған балаларыңнан айрылу ғой. Қиналып арпалысып жатқан, әлі бұл өмірдің ащы-тұщысын сезініп үлгермеген бейкүнә сәбиіңе қолын салған ажалға араша түсе алмағаннан артық сорлылық болар ма? Күні кеше ғана үйіңнің сәнін келтіріп, жұмыстан қайтқаныңда алдыңнан жапырласа жүгіріп шығып бірі мойныңа, бірі аяғыңа оратылып жататын балаларыңның баудай түсіп жатқанынан артық қандай қасірет болар.

Баяғы есеңгіретіп кеткен жұттан кейін ел бірте-бірте еңсесін көтеріп келе жатыр еді. Үкімет әркімнің алдындағы аз ғана малды біріктіріп, әлгі жерді бірлесіп өңдейтін қауымдастық құра бастады. ТОЗ деді, ТОЖ деді, әйтеуір елдің басын біріктіру бағытындағы жұмыс болды бұл. Жаңадан құрылған ұйым бірден қайдан бағыт алып кете қойсын. Талай-талай қиындық өтті. Бұл топырақты мекендегендер тарпаң өскен ел ғой, жаңа үкіметке бірден айтқаныңа құлдық деп басын изей салмағандар да болды. Бозашы беті, Үстірт үсті, Қаратау беті өз алдына бөлек-бөлек хан сайлап, тағы да ереуілдеп атқа қонды. Бірақ құрығы күшті үкімет қойсын ба, ақыры бұл аласапыранды да басты. Шекара асып кеткендер болмаса, көбі қайтарылды. Арнайы заң шығарып, елді отырықшыландыру басталған-ды. 1933 жылы біздер мына іргелес Жыңғылдыда отырғанбыз. Ел іші тынышталып, жаңадан құрылып жатқан артельге де үйрене бастағанбыз. Сол жылы баяғы жұт, ашаршылық, қиындықтан көз ашпаған халыққа құдайдың рақымы түсті ме, әйтеуір жаз жаңбырлы болып, осы тау бойын жағалай орналасқан елде егін бітік шықты. Баланың қарны тойып, дастарханға береке келді. Өткен өреует, қалған салауат деген баяғы шалдардың сөзін жадымызға тоқып, ендігі күннен жақсылық тілеумен болғанбыз.

Бірақ тағдыр бізге қырын қарауын әлі қоймаған екен. Басқасы аз болғандай, ел ішін енді үңірек, оба дейтін ауру қаптады. Ой, шырақтарым-ай, құдай басқа бермесін елді ұмыттырып анда-санда айналып соғатын бұл ауру да – жұттың бір ағайыны. Қай кезде де оңай соқпаған бұл індет Басы қайдан шықты, неден болды, оны біліп жатқан біз жоқ. Әйтеуір қолды-аяққа тұрмай, асыр салып ойнап жүрген балалар бірінен соң бірі құлады. Бұрын естігеніміз болмаса, ол аурудың белгілерін қайдан білейік. Қолтығым ауырады, шабым ауырады деп қыңқылдаған баланың сөзін әлдеқалай шығар дегенбіз. Жоқ, әлдеқалай болмады ол. Бірте-бірте әлгі шаптағы, қолтықтағы бездер шодырайып, ісе бастады. Беттері қызыл алап болып қызулап, сандырақтау күшейді. Қызудың күштілігі шығар, қайта-қайта су сұрайды. Жөтел пайда болып, қан түкіре бастады. Сонда барып, мына пәленің ешкімге әл бермесін, түбі жақсылыққа апармасын білдік. Ол күнде сонау Кетіктен келер дәрігерлік көмек те шамалы. Бар қолымыздан келгені көктегі құдайға жалынып, әркімнен естіген емдерді пайдалану. Бірақ жалынып, жалбарынғанымызды, көз жасымызды көрген ешкім болмады. Аз ғана ауылдың адамдарының алдының өлгенін білдірген сай-сүйегіңді сырқыратқан жоқтау біресе аннан, біресе мыннан естіле бастады. Адамдар шамасы келсе, ауру шыққан үйге жоламауға тырысты. Маңдайшасына жұқпалы ауру бар екенін білдіретін ақ жалау қадалған үйлердің саны да бірте-бірте көбейді.

Ең қиыны осы екен, шырақтарым. Күні кеше ғана аралас-құралас жүрген адамдардың ең болмаса басына іс түсіп, қара жамылып отырғанда бір-біріне көңіл айта алмауы, бірге барып, бір уыс топырақ сала алмауынан артық не дәрменсіздік болсын. Көңілің жылап, көзіңмен шығарып салып тұрғаның. Тойымсыз ажалдың қанды тырнағының өз шаңырағыңа да жақындап келе жатқанын сезесің. Кейде жарығы таусылмаған, беті бері қараған біреулер тәлтіректеп есік алдына шығады. Ондайда көңіліңе үміт ұялап, сандырақтап жатқан балаларыңа қарайсың. Пенде шіркіннің есі ауған шақта ойламайтыны, айтпайтыны болмайды екен. «А, құдай, мына жайрап жатқан балаларымның ішінен керегіңді ал, бірақ мені де дымсыз қалдыра көрме. Адам баласына қылдай да қиянат жасап көрген жоқ едік қой. Мұншама қаһарыңды төгетіндей кінәміз қайсы», – деп балаларының қасында есеңгіреп отырған Қағаздың қасына барып, басу айтқан болам. Жамандық шақыра көрмеші, әлі тірі ғой, беттері бері қарайтын шығар деймін. Бірақ болмады ол тілегіміз. Арасына күн салып, екі күн салып бірінен соң бірін бес баламды жерледім. Ең кішісі, жалғыз қызым қалды. Үш жасқа енді аяқ басқан еді бейшара. Шыдамды ма, әлде ауруы қатты ма, басқа балалардай емес, көп даусын шығармай, сұлқ жатты да қойды. Мөлдіреген көзі-ақ әдемі еді. Қасында отыруға шыдай алмай, сыртқа шығып кетем. Көп ұзамай үйге қайта кірем. Келсем, Қағаздың тізесіне басын қойыпты. Шешесі жалбыраған шашын қолымен тарақтап, бесік тербеткендей ыңылдап, тізесін қозғап отыр екен. Қызым қасына келген маған тесіле қарады. Жанары жасқа толып сыбырлап, «басым ауырып жатыр» деді. Өрт болып, күйіп-жанып жатқан қол-аяғын сипап, «жақсы болып кетерсің, құлыным» деймін. Бірақ үміттен қорқыныш күшті. Әйтеуір балаға бірдеңе деу керек қой. Бір сәт басын көтеріп, жан-жағына қарады. Кешегі өзімен қатарлас жатқан тумаластарын іздеген сияқты. Періште көңілі бір нәрсені сезді ме, қайдам сүйенісіп қатар отырған екеумізге қатар қолын созды. Көзінен жасы парлап: «Ей, қос мұңлық, құшақтарыңа алың мені, мауқыңды басың. Соңғы тіректерің едім, бірақ үміттеріңді ақтамай кетіп барам, әулиенің басындағы ағаштай жалғыз қалатын болдыңдар-ау» дегендей, екеуміздің мойнымызды тас қылып құшақтаған қалпы кете барды. Бірте-бірте суып бара жатқан бір жапырақ қызымызды бауырымызға қысқан күйімізде еңіреп қала бердік. Қанша отырдық, нені айттық өзіміз де білмейміз. Сол құшағымды жазбаған күйі ауыл алдындағы төбеге беттедім. Әлі ылғалы арылмаған бес төмпешіктің қасына жаным жылап отырып, алтыншы қылып, соңғы үмітімді де жер қойнына табыстадым. Орнымнан тұра алмадым. Қатар жатқан төмпешіктерді аймалап, сұңқылдап жылап жатқан Қағазға да басу айта алмадым.

Адам өлмегесін, жүре береді екен. Көп ұзамаспыз, балалардың артынан баратын шығармыз деп ойлайтын едім. Әсіресе күйік шалған Қағазға қиын болды. Кейде өз-өзінен отыра қалып, тағдырына налып, тәңірге зарын айтады. Кейде тіл аузы байланғандай, бір нүктеге қарап, тым-тырыс отырады. Бойы сергісін, көңілін аулайын деп әңгімеге тартам. Жауап қатпайды. Кешегі балалар у-ду болып, бір-бірімен жағаласып, асыр салып ойнап жататын үйде шошайып екеуміз ғана отырамыз. Тамағымыздан ештеңе өтпейтін сияқты. Шоқ үстіндегі ызыңдай әндеткен қара шәйнек те көп орнынан көтеріле бермейді. Қашанғы қайнасын, бірте-бірте әлсіреп барып басылады. Қағаз кейде құйып отырған шәйін ұмытып, орнынан тұрады да әулиеге беттейді. Ондайда соңынан ермей, үйде қаламын. Шерін тарқатсын, жоқ екеніне көзі жетсін деп ойлаймын. Бірте-бірте өзіне өзі келе бастады. Анда-санда көкірегі қарс айрыла күрсініп отырып, хабар сұрайтын болды. Шүкіршілік етемін. Енді бала сүйіп, ерініміз жібімесе де, жаман күркеден сүйенісіп, кіріп-шығып жүргенді олжа көремін.

Сөйтіп жүргенде Тұщыбектегі ағайындар шақырды. Сөзге келмей, бірден келістім. Күн сайын кірген шыққанда балалары жатқан төбе көз алдынан кетсе, еңсесін тіктеп кетер, қоныс аударғанның бөтендігі болмас деп шештім. Бұрынғы өзіміз тұрған, ата-бабамыздың құт мекені болса да, бастапқы әзірде үйренісе алмадық. Бір-бірімізге айтпасақ та, көңіліміздің бір түкпірінде балаларымыз қатарласа жатқан төбені елегізе іздейтін едік. Ол да адамға медет екен ғой. Әлдеқашан қара жер қойнына берсек те, оларды айдалаға иесіз тастап кеткендей, өзімізді солардың алдында кінәлі жандай сезінеміз. Бірақ уақыттан озған емші бар ма. Өз жарамызды өзіміз жалап жүріп, тірлік үшін тырбаңдаумен болдық. Қайғы-қасірет көңілден кетпесе де, бірте-бірте салмағы артта қала бастағандай. Бұрынғыдай емес, ел ішіндегі болып жатқан қуанышқа көңіл жадырайтын болды. Сөніп қалды-ау дейтін үміт оты қайтадан тұтана бастаған сияқты.

Бір күні сонау Ақмыштан арнайы ат сабылтып, атақты емші Құнанорыс Қожық келді. Қасында осы тау бойына шеберлігімен аты шыққан ерші Құдайберген бар. Уақыт сәуір айының ортасы болатын. Ел жаз жайлауға шыға бастаған кез. Тірі адамның шаруасы бітіп бола ма, оның соңын қуып жүргенде, кісілігімізден айрылармыз. Жұбекеңе барып, қол ұшымызды берейік деп шыққан беттері екен. Көптен бері қоңылтақсып жүрген біздер сыйлы адамдар келгенге көтеріліп қалдық. Қағаз да ағынан жарыла қуанып, қонақтарға арналып сойылған серкенің етін сыпырып-сиырып қазанға салды. Шақырып келтіре алмайтын адамдармен амандасуға Уәзір, Шабай, Әбір, Амандар да келді. Содан өткен-кеткен әңгіме айтылып, үйімізге бір береке келгендей, түннің біраз уақытына дейін отырдық. Ертесіне ауылдың адамдары кебеже түбінде сақтағандарын шығарып, оларды кезектесе шақырды. Мен болсам, арасында бұйымтайлары қақпан, қырықтықтарын соғып, аттарын тағаладым.

Қайтатын күні таңғы шәй үстінде Қожық сөз бастады.

— Жұбеке, – деді, шоқ үстіндегі хош ісі бұрқырап ернегінен аса төгілген ақ құманға қарап отырып. Құдай көпсінбесін, үйіңнің ажары кіре бастаған екен. Дастарханыңа береке кіріпті. Көптен бері біресе ананы, біресе мынаны сылтауратып өзіңе келе алмадық. Оның да бір себебі бар еді. Мұрнымыздан шаншылып жатқаннан, я аяғымызды артатын көлік таба алмағаннан еді. Басыңа түскен қиындықты сезіп жатырмыз. Қайғыңды жанымызбен ұққанмен, қолдан келер не шара бар. Өзің ештеңе емес, өмірдің талай тауқыметін, ащы-тұщысын мыңқ етпей көтеретінің белгілі. Қағаз жеңгемізге қатты соққы болғанын білеміз. Араға кішкене уақыт түссінші, бірте-бірте қайғысы ұмытылсыншы деп кідіргенбіз. Аллатағаланың ісіне шара бар ма. Бұл өмірде тірі жанға титтей де қиянатың жоқ екенін ел біледі. Бірақ құдіреті күшті жасаған өзі береді, керек болса өзі алады. Кейде ойыма қайдағы, жайдағының түсетіні бар. Дәуіт пайғамбар намазға жығылғанда, артында отырған отыз ұлын көріп, пендешілікпен масаттанғанын Аллатағала құп көрмей, бір күнде бәрін бірдей қара жер қойнына алған жоқ па еді. Қара темірді қамырша илеп дегенін жасау Дәуіт пайғамбардың да бір өнері көрінеді. Сені сол Дәуітпен қатарластырып, күнәға батпай-ақ қоялық. Дегенменде, сол өнерден сенде құр емессің. Маңғыстаудың тауын мекендеп, құмын жағалаған кез келгеннің алдыңа келіп, өтінішін орындатып кететіні де рас. Басқасын былай қойғанда, қолына балға ұстап шебермін деп жүргендердің өзі Жұбайдың қолының сиқыры бар деп, соққан темірін саған келіп суартып алмайтын ба еді. Сенің алты бірдей балаңа асып-таспағаныңды, құдай берген өнеріңді кез келгенге бұлдамайтының сірә белгілі. Тек тағдыр ұқсастығын айтып жатқаным ғой. Құдіреті күшті жасаған Дәуіттің отыз ұлын алса да, орнына жер бетіндегі тірлік атаулының тілін біліп, дегенін орындатар Сүлейменді берген еді. Көңілім бір нәрсені сезеді. Жеңгей екеуің еңселеріңді көтерің. Алыстан бір шырақ көрінеді. Көп ұзамас, төрінде жанатын шығар. Қақ-сұқпен ісің жоқ адам едің. Өзіңді өзгеге танытуға ниетің де, ықыласың да жоқ екені бізге аян. Бірақ жеңгейдің құрсағына біткен осы бала өзіңді де, еліңді де өзгеге танытар азамат болар. Әзірге асылық айтпай-ақ қоялық. Уақыт кімнің қандай екенін кезінде өзі-ақ көрсетеді. Өткенде осы ойымды мына Құдайбергенге айтқан едім. Сонда бұл:

— Апыр-ай, Қожеке, екеуміздің ойымыздың бір жерден шыққанын көрмейсің бе. Ағам бойын жазып, далаға шыққанда, пайдасына жарасыншы, ертең көрісе барғанда, апарып берейінші деп бір ер шапқанмын. Неге екенін білмеймін, әшейінде көздегенімді дәл шабатын қолым осы жолы шатасумен болды. Қаратаудың бойындағы жиде ағаштарын таңдап, үш рет барып, үш рет шаптым. Қанша тыраштансам да, ағама лайық ерді шығара алмадым. Шапашотым үнемі қиыс кетіп, алдымдағы ағашым үнемі кішіреюмен болды. Ақыры бұл да бір құдіретті жасағанның бұйрығы болар, жеңгем бір құрсақ көтеретіннің белгісі болар деп ойладым. Бір балаға арналған ерім дайын. Бірге барып, ырым қылып сыйлайық, – дегесін, алаңдамай ат 6aсын осында бұрғанбыз. Негізгі келген шаруамыз осы еді. Ал, Құдайберген, әлгі балаға арналған еріңді жеңгейдің қолына өзін тапсыр, – деді.

Құдайберген өзінің бар шеберлігін салып, оймыштап жасаған ерін Қағазға ұсынды. Көз жасы моншақтап отырған Қағаз орнынан екі ұмтылып барып тұрды. Қолына ер емес нәресте ұстағандай, баладан көптен бері қолы шығып кеткен адамша Құдайбергеннің қолынан дір-дір етіп зорға алды. Өзін-өзі қанша тежеймін десе де «Аһ» ұрған даусы шықты.

— А, құдай, – деді екі иығы селкілдеп, жылап, ерді қанжығасынан керегеге іліп жатып. Әулие емес едім, бірақ жыртық көңілімнің бір бүтінделерін, бір күні болмаса бір күні осы шаңыраққа деген көңілі адал адамдардың тілек айтатынын біліп едім. Тұла бойымды жарып шыққан алты бірдей баламды тойымсыз қара жердің қойнына тапсырып, осында көшіп келгенімізден кейін көп ұзамай батыр атам түсіме кіріп еді. Өз қолымен алдындағы табағын ұсынды. Иіліп, сәлем еттім. «Өркенің жайылсын, қарағым» деді. Сонда мен сорлы «Әтеке-ау, іргеңде тұрған найзаңды қолыңа алшы. Сен атқа мінгенде, туралап келе жатқан ажалдың өзі теріс айналады деуші еді ғой. Білмейтін бе едің, Жұбай екеуміздің бәрінен айрылып шошайып қалған жайымыз бар. Үмітсіз шайтан демейтін бе еді. Кім біледі...» деп келе жатқанымда:

— Әй, қарағым, – деді даусы гүрілдеп. Бұл өмірдің ащысы мен тұщысы қатар жүреді. Арқаларыңа тағдырдың таяғы көбірек тиген шығар. Оның несіне налисыңдар. Менен тараған ұрпақ сөйтуші ме еді. Қолтығымнан демеген, тізе соғыстыра бірге жүрген жолдастарымнан айрылғанда да, қаптап келе жатқан жаудан қашпай, көп екен деп сескенбей қарсы шаптым. Бірақ онда ана жайрап жатқандардан жаным артық емес, менде майдан төрінде қаза табайын деп шапқаным жоқ. Кегімді қайтарайын, ертеңгі ұрпақтарым үшін күресейін, сол үшін тірі қалайын деп соғыстым. Налыма. Бәрі де болар, бір шараналы да боларсың. Бірақ ол найза ұстамас. Мен жүрген сүрлеуге түспес. Ай, бұл ұрпағым бөлекше болар, қарағым, – деп еді. Қорқып қалған көңіл ғой. Жұбайға ештеңе демегенмін. Бірақ сендердің бүгінгі пейілдерің бізді қуантты. Айтқандарың періштенің құлағына шалынсын. Тәубә, жасаған тәубә деген еді.

«Ей, қасиетіңнен айналайын ата-бабалар», – дегенмін, сонда тау асып кетіп бара жатқандардың артынан қарап тұрып. Басымдағы қайғыны түсініп, үзілген үмітімді жалғастыруға демеуші болып жүр екенсіңдер ғой. Кім болса ол болсын, әйтеуір осы шаңырақтың астынан тағы да іңгәлаған баланың даусы шықса екен. Аяғын әр жерден басып, алдыңнан шығар балаңды көргенде, қажыған көңілің көктен барып бір-ақ шықпай ма. Мен үшін қазір одан артық не керек еді. Жүріп келе жатқан соқпағымды жоғалтып алатындай көруші едім. Шүкіршілік етейін. Періштенің құлағы қырық күннің бірінде ғана ашық болады деуші еді. Ақ көңілімен келген замандастарымның бүгінгі тілегі сол құдай берер, тілегіңнің қабыл болар күніне тап болғай.

Қонақтарымды шығарып салып, үйге қайттым. Жақындай бергенімде өз-өзінен ыңылдап өлең айтып отырған Қағаздың даусы естілді. Аяғымды қара жерге әлдебір құдірет желімдеп тастағандай, бір орнымда қаттым да қалдым. Құдай-ау, осы бір әуенді, бесікке сүйеніп отырып айтатын ана шаттығының даусын естімегелі көп болып еді ғой. Алпыс екі тамырын балқытып, емшегін сорған бала бақытын сезінген ана ғана осылай әндетпейтін бе еді. Есікті жайлап ашып үйге кірсем, Қағаз манағы босағаға ілінген кішкене ерді қасына алыпты. Сандық түбіндегі маталарын шығарып, алдындағы ерге лайықтап көпшік жасау үстінде екен. Бар ойы, ниетімен берілсе керек, маған мән бермей жұмысымен бола берді. Қайтадан кейін шықтым. Неге екенін білмедім, қаралай алақаным қышып, ұста үйіне беттедім. Содан гүрілдете көрік басып, қас қарайғанша жұмыс жасадым. Қып-қызыл болған темірлерді құшырлана ұрып, жатсам да, ойым ертеңгі күннің жетегінде еді.

Келесі жылы өмірге бала келді. Алдымызда өткен шалдар кей уақыттарда сәбиге ат қойғанда, құран сөзін алып жататыны бар еді. Қасиетті кітап сөзі ғой көз тимесін, болмаса бойына содан бірдеңе дарысын дейтін үмітте болатын шығар.

Құдайдан бір, адамнан екі сұрап тілеп алған баламыз ғой, мен де тіл-көзден сақтай көр деп, өзім білетін құран әрпін пайдаланып, атын Нұн қойдым.

Иә, сөйтіп тағдыр маған кеңшілік жасады. Қажып едім, қолтығымнан сүйеді. Түпсіз шымырауға құлап кетпедім, қайрымы мол жасаған астыма алақанын төседі. Ертеңге деген үмітім жалғанды. Нұннан кейін өмірге Қарашаш пен Сұлтан келді. Шаңырағымыздың сәні кіріп, кішкене қараша үйіміз базарға айнала бастады. Енді осылардың қызығын көрсете көр жасаған, өткен қиындық өзімен кетсін деп тілегенбіз. Бірақ сендердің маңдайларыңның соры бес елі екен, шырақтарым. Ел еңсесін көтеріп, жыртығы бүтінделіп, халық басынан өткен талай-талай қиындықтың жарасы қара қотырланып енді жазыла бергенде, жер жиһан соғысы басталды ғой. Бала болсаңдар да оның қиындығын, ауыртпалығын көппен бірге көтердіңдер. Оның несін айтайын. Қай-қайсымыздың да жанымыз сірі екен. Бозторғай шырылынан бұрын тұрып сүріне-қабына егіс даласына кетіп бара жатқан сені Шырдабай, ана Қолғанат, Мысабайларды көргенде «Апыр-ау, осыларда азамат болып өсер ме екен, мына соғысы құрғырдың нар көтере алмас ауыртпалығы жүнжітіп тастамас па екен» деп ойлаушы едім. Шөп буыны қатқанда туып, уызға жарымай, балаусаға отықпай өскен арамза, көпей төлдей болмас па екен деп қорқушы едік. Жоқ, олай болмады. Сендер дауылға қасқая қарсы тұрып өстіңдер. Бұтақтарың иілгенмен сынбады, тамырларың мықты болып шықты. Қызыл тобықтарыңмен қар кешіп жүрсеңдер де, сыр бермедіңдер, белдеріңді қайыстырған қиындықтың, жоқшылықтың, жетімдіктің зарын ешкімге көрсетпедіңдер. Анау ауыл алдындағы қотыр тастардың арасына барып, ешкімге көрсетпей көз жастарыңа ерік беретінсіңдер. Сағыныш мұңдарыңды, мына өмірдің тым қатыгездігін, көрген қорлықтарыңды сол тастарға барып шағынатынсыңдар. Әбден шерлерің тарқағанда, барып қайтушы едіңдер ғой. Әсіресе әкелері сонау қызыл қырғынның ортасына кеткендерге тіпті қиын болды. Бәрін де сезетінбіз, көздерің қызарып келе жатқан сендерді көріп, жүрегіміз парша-парша болушы еді. Бірақ құдай бар екен. Сарғайтып, қалжыратып барып бітті ғой бұл соғыс. Бәлкім, сол соғыстың тезірек бітуіне, жеңіске жетуімізге сендердің төзімділіктерің де көп көмегін тигізген шығар. Енді көрсете көрмесін ондай сұмдықты.

Иә, қарақтарым, манадан бері біраз әңгіменің басын шалыппыз. Басымыздан өткен күндерді еске алудың өзі қасірет болды ғой. Ол күндер оңайлықпен ұмытылмас.

Кенет Жұбай шал:

— Мынаны байқадыңдар ма, – деп ат үстінен еңкейіп, алдына қарады. Шынжырдың ізінен байқап тұрмын. Қақпанға ірі теке түсіпті. Ешкі, лақ болса, бұл қақпанды көп сүйрей алмайды. Ауыр, мықты темірден соғылған еді. Бірақ көп ұзамайтын болар. Бұл жердің шөбі қалың, сүйекті ғой. Әрі кетсе ана төбенің етегінде шығар. Арғы жағы құлама жыра болып келетін еді. Оған жақындап қалған болса, айрылып қалмау үшін оқ шығаруға тура келеді. Ұста иығындағы мылтығын алып оқтады. Құдай бұйыртса, күнсіреп жүрген ауылдың адамдарына сорпа болатын болды, – деп атын тебініп, ілгері озды. Екі бала да бар қызықтан қалып қоятын адамша, есектеріне қамшы басты.

2. ОТҚА ШАРПЫЛҒАН БАЛАЛЫҚ

Кішкене ғана қараша үйдің сыртындағы ағаш төсеніштің үстінде жатқан Нұн шыңылдай соққан балғаның дауысынан оянып кетті. Орнынан тұрды. Әлі қара көлеңке. Бірақ әкесінің ауыл шетіндегі жатаған ұста үйінен көмірді қыздыра үрлеген көріктің дауысы шығады. Көрші үйлерден күбірлей сөйлескен адамдар да тұрып, әкесіне қарай беттеп барады. Олар Жұбай шалдың түн ортасы ауа орнынан тұрып, ұста үйінің қапталына қатарластыра дайындап қойған құрал-саймандарын алады. Күндегі дағды осы. Тау етегіндегі бұлақ бойын сағалап, азғана егін еккендер, енді соның өнімін жинап алғанша тыным таппайды. Таң атқаннан сонау қара көлеңке үйірілгенше бәрінің тырбаңдап тыным таппай жүргендері. Шыбыртқыға ілінген бала-шаға да соның басында. Биыл соғыстың басталғанына үшінші жыл. Еркек біткен майданға аттанып, кішкене ауылдың қорғанышынан айрылып, селдіреп қалғаны кім-кімнің де қабырғасына батып тұр. Әсіресе балаларға қиын болды. Еркелікті, еріншектікті ұмытқалы қай заман. Баяғыдай ауыл алдындағы тақырға асықтарын тігіп, у-ду болып жататын бал дәурен көзден бұл-бұл ұшты. Оқудан қолдары босаса болды, үлкендермен қатарласа тұрып, егіс ішіндегі әр жерде қолмен қалап берген үйінді тастың үстіне шығып, күн көтеріле егіске қарай ұшқан құстарға қарсы сақман атумен болады. Баданадай-баданадай болып, толыса піскен арпа, жүгерінің шама келсе бір түйірінің де төгілмей қап түбіне түскенін қалайды. Еріншектігің ұстаса, болмаса бірте-бірте шекеңді қыздыра бастаған күнге шыдамай, қаралай маужырап, көлеңке сағалағаныңды олар да біле қояды. Бұлтша үйіріліп, төбеңде жүрген, я әрірекке барып, қонақтаған құстар сақманшы балалардың әлсіз сәтін пайдаланып, қалғысы келгендей егінге шүйіледі. Тәтті ұйқының құшағына енді ене берген балалар тобырымен ұшып келе жатқан құстардың қанаттарынан шыққан сусылдаған дыбысты ести сала, орнынан атып тұрып сақманына жармасады. Енді болмаса, басын зорға көтеріп тұрған масаққа қонуға бет алған топ құсқа толғап-толғап тұрып сақман тасын лақтырады. Дөп тиген жұдырықтай тастан бірнешеуі қатар құлап, қалғандары кейін қарата лықсып, әуеге көтеріледі. Дағды алып қалған құстар шама келсе, бірден егіс шетіне қарай қиыстайды. Өйтпесе, әр жерде үйік үстінде тұрған балалар бірінен соң бірі жеделдете атып, біраз шығынға ұшыратады. Көзі қырағылары неше құсты құлатқанын айтып, бір-біріне айқайлап тұрғандары. Манағы көзіңді еріксіз жұмылтып, соңына ерткен сиқыр ұйқы да шайдай ашылады. Содан кейін егін жиналып болғасын, шешелерінің базаршылап қайтатынын, әзірге ертең оқуға барғанда киетін сәрбөзден жаңа көйлек тігіп қойғандарын әңгіме қылып отырғандары. Оқу кезіндегі бастарынан кешкендерін айтып, әңгімеге беріліп, у-ду бола бастаған балалардың қызығын қайтадан келіп, қалған құстар бұзады. Бірі сақманына бірі сартылдағына жармасады.

Тас үстінде сақман атып, құс үркітетін бала отыр демесең, бұл да біле білгенге үлкен ғылым. Құс екеш құс та, қолын ербеңдеткен кез келгеннен ыға қоймайды. Өздеріне қауіп келтіретінін білгенде ғана көздің құртыңдай жайқалып тұрған егінге жолай алмайды. Қауызына дән бітіп, бітік шығып келе жатқан көк егінге құстың шабуылы күшейгенде, алты-жеті жастан бастап кәдеге жарайтын балаларды таңғы ұйқысынан сүйрелеп, егіс алқабына жібереді. Сақманшының нағыз керегі осы кез. Уақытында үркітіп тұрмасаң, олар дәннің пісіп жетілуіне мүмкіндік бермейді. Көк уақытында қаптап келе жатқан құсқа атылған тас төмен түсіп масаққа тигенімен оның басы үгітілмейді. Ал сарғайып пісіп, оратын уақыт болғанда сақманға рұқсат етілмейді. Мұндайда уақытты созбай, тез орып алу жұмысы қолға алынады.

Сақман дегеніміз ортасына жұдырықтай тас салатын жері бар, қуыстау қылып жүннен тоқылған қалта. Әлгі қалтаның екі жағында да бір метрден астам бауы болады. Сақманшы бала өзінің қасына жинап әкеліп қойған кішкене домалақ тастарын әлгі қалтаға салып, екі бауды бірлестіре ұстайды. Егіске бағыттап келе жатқан құсқа қарата басынан айналдырып-айналдырып әкеліп, бір бауды қоя береді. Сонда екпінмен ұшқан тас 100-150 метрдей жердегі көздегеніңе тиеді. Әрине бұған оны лақтырушы баланың қол қайраты да, дөпшілдігі де әсер етеді. Сонымен қатар жылдамдық та қажет. Тастың әріге ұшуы оның қалтадан серпіліп шығар екпініне де байланысты. Сонымен қатар, оны тоқушының шеберлері де болады. Қалтасын тереңдей қылып тоқыса, атқан тасы шықпай, әуре-сарсаңға салып, тіпті өзіне тиіп, бір жерін ауыртуы да мүмкін. Жұбай шалға арнайы келіп, қақпан соқтырып алатын, болмаса өзінің соққанын осы кісіге келіп суғартып алатын адамша, кейбір балалардың осындағы қолы жылдам, шебер Шәй кемпірге барып, сақман тоқытып алатыны бар. Ол кісіге өткенде Нұн мен Шырдабай да барған. Адам баласының бетінен қағып, қарсы сөйлеп, мәселесін қайтарып көрмеген Шәй кемпір оларды бала демеді. Төріне отырғызып, шәйнегін қара мосыға іліп, әп-сәтте тыз еткізді. Кебеже түбіндегі тақта шәйінен уысын толтырып, ақ құманға салды. Он шақты ешкінің лағынан ауысқан бір желінін тартып басқан ірімшік, прензесін қоюды да ұмытпады. Алыстан сыйлы қонақ күткен адамдай, бипаздап отырып шәйін құйды. Үйде оның өзі. Төрт баласы бірдей алдыңғы саппен майданға аттанған.

— Жақсы келдіңдер, – дейді төрде отырған екі балаға. Кешеден бері мектепке барып жүрген бала кездесе ме деп далаға шығам, ешкімді көре алмаймын. «Мен де алжыдым ба, әлде анау қан майданға аттанған төрт баламды сарыла күте-күте қажыдым ба, мұным не құдай-ау», – деймін ішімнен артынан. Кім қазір үйінде болушы еді. Елдің бәрі еңбектеген бала, еңкейген көріге дейін егіс алқабында жүрген жоқ па. Содан үйге кіріп, оны-мұны істеген болам. Ее, қарақтарым-ай, көзің жолда, ойың далада жүрсе, не оңған жұмыс болушы еді. Көп болды, ағаларыңнан хабар жоқ. Бұрын кезектесіп келіп тұратын үш бұрышты хаттары тыйылды да қалды. Ең болмаса, бірінен келіп тұрса, көңілім бұлай қобалжымас еді ғой. Таушық жақтан келер жолға үміттене қараймын, қорқынышым да жоқ емес. Бірақ ана пошташы шал біздің үйге бұрылмайды. Құдайдан жасырмағанды, адамнан жасырып қайтейін. Кейде тіпті соның бұрылмай кете бергенін қалаймын. Аман жүрген шығар бір жерде. Арпалыспен жүрген адамның менің амандығымды, ағайын-туманың тірлігін сұрап жатуға мұршасы келеді дейсің бе. Аштан өліп, көштен қалып жатқан біз жоқ. Кебін киген келмейді, кебенек киген келеді демейтін бе еді. 'Гірі жүрсе, бір хабары шығар деймін. Бірақ өзімді өзім қанша тежесем де, жүрегімді сағыныш кернеп шыдай алмаймын. Сосын ғой хат танитын бала іздеп жүргенім. Бұрынғы келген хаттары ана жастығымның астында. Бәрін де жинақтан, орамалға түйіп қойғанмын. Құдай-ау, сол жастығымның астындағы хаттардың да демеушілігі болады екен. Көзім ұйқыға кеткенше сыртынан сипалап жатам. Олардың үнін естігендей болам, баяғы колхоз жұмысынан шаршап келгендегі тер исін сезгендей болам. Кейде сол хаттарды алдыма жайып салып отыратыным да бар. Сонда әрқайсысының үні, мінезі келеді көз алдыма. Маған сол хаттарды кезектесіп, қайтадан оқып беріңдерші. Әуелі шәйларыңды ішіп алың, – деді.

— Биыл құдай берейін деп тұр ғой, – дейді екі баламен шүңкілдесіп шәй ішіп, бойы жіпсіген Шәй кемпір сақмандыққа деген жіптерін іргеден алып жатып. – Жердің шөбі де іріп тұр жарықтық. Уақ малдар да семіздіктен шаялап қалғандай, жүре алар емес. Бөтекесі бітеу бәрінің де. Егін де биыл ерекше дейді ана Аман шал. Болсын жарықтық. Осындағы елдің, сендердің ырыстарың ғой. Соғыстың алдында да дәл осындай болып еді. Сол жылы ғой, ел арасында Шәй кемпірдің екі баласы бірдей үйленеді екен деген әңгіме тарады. Қуанғанымнан не істерімді білмей абдырағанмын. Бір жағынан қысылам. Үйдің ішінде не оңған дүние бар еді. Ел жаңа-жаңа еңсесін көтеріп келе жатқан. Өзімше көрпе жастығымды бүтіндеген болам. Мына шоқ салғышты сенің әкең ұста қайнағаға сонда жасатып алып едім. Сандық түбінде баяғы енемізден қалған, түбі түскен аққұманым да бар еді. Кезінде Бесқаладан әкелінді деп отырушы еді, енем марқұм. Сонымды да әдемілетіп шаңдытып алғанмын. Қолы алтын ғой қайнағаның. Бір тамшы да тамбайды. Ертең қос келін түскен үйдің дастарханы жиылушы ма еді. Бірі кетіп жатса, бірі құтты болсынын айтып келіп жатпай ма. Сондайда түсірлей қайнап, көбігі атып тұратын үлкен құманға не жетсін дегенмін. Бірақ ол болды ма. Қызығымды көп көрді ғой мына Гитлер ит. Балаларым аттанған күні әлгі аққұманды орап, қайтадан сандық түбіне салдым. Соғыс та аяқталар, омыраулары жарқырап ағаларың да келер. Мені қашанғы жүргізеді енді. Көп ұзамай сызыла басып, бірінен соң бірі келіндер де аттар осы босағаны. Сонда шығарам әлгі құманды. Атам шәйін ішкен, енем қолымен ұстаған құт нәрсе емес пе. Сөйтіп дастархан ырысы жалғасып кете бармай ма. Тек сол күнге жеткізсін жасаған, – дейді.

Шәй кемпір екі баланы жібермей, біразға дейін отырды. Келген хаттарды қайта-қайта оқытты. Дәптердің бір бетіне сия қарындашпен жазылған он шақты ғана хат. Балалар хаттың асығыс жазылғанын бірде қою, бірде солғын түскен әріптерінен байқап отыр. Кейуана әр бетте жазылған сөздерді шындығында да жаттап алыпты. Хатты оқыған балалармен бірге қосыла айтып отырды. Әсіресе ең кішісінен келген жалғыз хатты оқығанда шыдай алмады. «Құлыным-ай» дейді сөзін естіп отырғандай. «Ұйқышыл да едің. Таңғы тамағыңды екі-үш қайтара ысытып, басыңнан сипалап, мәпелеп отырып оятушы едім. Окопта отырмыз дейді. Орыстың жері суық болады деуші еді осындағы ол жаққа барып келген ақсақ-тоқсақтар. Салқын тигізіп алмасаң болды». Сөйтіп отырып, арасында еңкілдеп жылап та алады.

«Қой, мұным не» – дейді артынан өзін-өзі тежеп. Қарап отырмай бырпылдап, онсыз да қырық жамау көңілдеріңе қаяу түсірдім бе. Жамандық шақырғаным емес, сағыныш жасы ғой, шырақтарым. Елмен бірге көрген ұлы той. Өзгелерден жаным да, жайым да артық емес қой. Басыңа түссе, неге көнбейсің. Осы азғана ауылда түндігі ашусыз, есігі түрусіз қалған шаңырақтар да бар. Артының қайырын берсін. Аманшылық болса, көп ұзамас бұл соғыс та. Кейін қарата түре қуып бара жатырмыз дейді ғой. Ал мыналарың дайын болды. Игіліктеріңе пайдаланың. Құдай дегенге жеткізсе, биылғы қырманға түсер тарыны түйіп, бидайын тартып, күні-түні тәңірден сұрап жүрген жеңіс күнгі тойда қоямыз ғой. Айтпақшы, Нұн-ау, сіздің үйдегі қайнымды тылдағы жұмысқа шақырды дей ме. Онысы несі екен, бұл үкіметтің Қаратаудың терістік беті, күнгей беті бар, құм жағалап отырғаны бар, ат сабылтып келетіні осы кісі емес пе еді. Әсіресе ер азамат азайған тұста оның орны бөлек еді ғой. Жоғарыда отырғандар осы арасын ажырата алмайды ма екен. Ол қайным ана жылғы «Көп армияшының» кетерінде біреулер сияқты қашып-пыспай, Кетікке елмен бірге барған жоқ па. Кетіп бара жатқан арыстарды шығарып салайын, мүмкін көп қағаздың ішінен маған деген шақыруын жоғалтып алған болар. Көздеріне көрінейін. Шынымен солай болса, жұртпен бірге кете берейін дегенін өз құлағыммен естігенмін сонда.

Ойхой, дүние-ай, сол 1942 жылы осы Маңғыстаудан әскерге көп адам алынды ғой. Қараша айының басы болатын. Жығылғанға жұдырық дегендей, күн де қатты суытып, қаһарына мінді. Кішкене ауылдың көңіл күйі де жабырқаңқы, жүдеу. Алғашқы қара қағаздар келіп, қызыл тобық жетімдерін бауырына қысып, төбе құйқаңды шымырлатып, жоқтау айтқан жесірлердің зары естілген үйлердің де қатары көбейе бастаған. Ер азаматтардың орнын әлі бұғанасы қатпаған бала, қатын-қалаштар басты. Бұрын бірлі-жарлы әскерге алынып бара жатқандарды ел болып, ауылдың сыртынан шығарып салушы едік. Аузымыздан жырып, кебеже түбінде қалғанды жол дорбасына салатынбыз. Бірақ сол жылғы қарашада ауылдағы бар қиындықты көтеріп жүрген көп жігітті бірден әскер қатарына шақырды. ІІІетпе, Жыңғылды, Таушық бетте де солай екен. Біздің үйдегі төрт бірдей ағаларыңа шақыру сонда бір күнде келді. Содан не керек, сол арыстардың қапталдарына жармасып, Кетікке дейін барғанбыз. Қаланың басы соғысқа аттанып бара жатқандардан жер қайысады. Бәрін тоғытып бір үлкен кемеге тиеді. Жағада у-шу болып, орамалын бұлғап, көз жастарына ерік берген бала-шаға, әйелдер. Әскерге шақырылғандарды сапқа тұрғызды. Кіл өрімдей жас. Көргенінен көрмегені көп, он екі де бір гүлі ашылмаған, бар қызығы алдағы қып-қызыл жігіттер. Бір топ әскери адам қолдарындағы қағазға қарап, қатарласа тұрғандардың аты-жөндерін оқып тұр. Өздеріне тиесілі адам шыққаннан кейін, үлкен баспалдақпен кемеге көтеріліп барады. Осы жерден бөліп алатын сияқты. «А, құдай, – деймін ішімнен. – Әлі өз алдына түтін түтетпеген, бір шаңырақ астында бір көрпені жамылып өскен қарақтарымның құшағын айыра көрмеші. Бір-біріне деген ықылас пейілдері ерекше еді. Қысылғанда қолтығынан сүйеп, қамқор болатын жұбын жаза көрмеші». Кезек менің балаларыма да келді. Төлебаев Қали, Төлебаев Мақы... Қайыржан... Сейтжан дегендерін естідім. Әне, олар да көтеріліп барады. Жаным ышқынып кетті. Үлкен екеуі інілеріне салмақ салмайық деген адамша, Қайыржан мен Сейтжанның қапшықтарын өз иықтарына асып алыпты. Кеме үстіне көтерілгеннен кейін, бәрі де мыңдаған адам ішінен мені іздегенін байқадым. Әсіресе кішісі Сейтжанымның топ ішінен мені көре алмай жан-жағына қарап, «Апа» деген үні әлі құлағымда. «Құлыным, мен мұндамын» деймін, даусым қарлыға айқайлап. Өрістен қайтқан көп малдың ішінен өз енесін айнытпай таныған қозыша Сейтжаным жаулығым желбіреп, көз жасым парлап тұрған мені бірден тапты. Қасындағы ағаларына көрсетті. Бір-бірінің бауырына жабыса, құшақтасып тұрған төрт балам күлімсірей қарап, маған қолын бұлғайды. Бірдеңе дейтін сияқты. Бірақ қайдан естілсін. Осы кезде менің балаларыммен қатарласа тұрған Жоламанның Сәлімі мен Өрбісіннің Реушені қалың елге қарап тұрып, әнге басты. Ауылымыздың, осы Қаратау бойын мекендеген елдің сәні еді екеуі. Той-жиындарда Сәлім мен Реушеннің әні айтылмаса, қызығы болмайтындай көрінетін. Кеме жақтауына сүйеніп тұрып, адайдың ескі әні «Алқызылға» салды дейсің.

Алқызылдың басында ала ноқта,

Айналайын қарағым, еркем, тоқта, Жамал-ай.

Бірге отырған ауылың көшіп барад,

Әнеугі айтқан уәдең бар ма, жоқ па, Жамал-ай.

Ән бірте-бірте әуеге көтеріліп барады. Кеме үстінде бірін-бірі қолтықтап тұрған майдангерлер де, төменде тұрған, шығарып салушы ығы-жығы халықтар да қос әншінің көмейінен қалықтап шыққан, жандарына бала кезден таныс әуенге қосылып кетті. Бір-біріне деген ақ тілек те, күні ертең-ақ көкіректері қарс айрыла іздейтін сағыныш та, мына қасіреттен құтылып, жеңіске де жетерміз үміт те осы әннің ішінде еді.

Қою түтінін шұбата ұзақ боздап, халықпен қоштасқан пароход бірте-бірте алыстап барады. Қарашаның терістіктен құтырына соққан бет қаратпас аязды желінен көтерілген жал-жал толқындар жағадағы жартастарға өршелене соғып жатты. Көп ұзамай кеме көз ұшынан көрінбей кетті. Қап-қара боп түнерген теңіз жағасында тұрғандар бір орнында қозғалмай әлі тұр. Ертеңгі көрер-көрмесі белгісіз арыстардың қосыла айтқан ән әуені алыстан талып естілгендей. Іштерінде бырт-бырт етіп үзілген толғаныстары сәл босаңсыса болды, ернегінен асып төгілгелі тұрғанын білген олар бір-біріне ақ жол тілеп, арттарына жалтақтай қарап тарасты.

Қашанғы тұрамыз, бізде қозғалдық. Жұбай қайным сонда арнайы бұрылып, әлгі әскерге адам алатын жерге соққан. Көп ұзамай қайта шықты. «Ағасы, қайта беріңіз» депті ондағылар. Керек кезінде өзіміз шақыртамыз.

Қиын уақытта қозғамаған үкімет енде неге шақыртып жатыр екен оны? Ауылда басына бөрік киген адам да қалып жарымады ғой. Оның үстіне қазір елдегі бар тірлік соған қарап қалған жоқ па. Қу соғыстың зардабынан колхоздың қырық жамау болған шаруасы да, әр шаңырақтың тынысы да соның қолына қарап отыр ғой. Ее, көреміз-дағы құдайдың маңдайға жазғанын. Тек тезірек бітсе екен, мына соғысы құрғыр. Сендер аман болың, – деп, әр нәрсенің басын шағып отырған Шәй кемпір балаларды сыртқа шығарып салды.

Екі бала Шәй кемпірдің үйінен ұзай бере, сақмандарын атып құлаш жарыстырумен болды. Аманшылық болса, ертең егін өсе келе, талай құсты үркітетіндеріне сенімді.

— Енді сартылдақты да дайындауымыз керек, – дейді Нұн.

Сартылдақ та сақман сияқты құсты үркітуге арналған, ұзындығы үш құлаштай өрілген қамшы сияқты арқан. Сол үш құлаштай арқанның бас жағы баланың білегіндей болып өріледі де, аяқталғанша жіңішкере береді. Торғайдың қай жерге келгенін көру үшін соғылған үйіктің үстіндегі балалар әлгі арқанның жуан жағынан ұстап, басынан айналдырып жіберіп, жіңішке басын төмен қарата кілт тұқырта қояды. Дыбыстың көкесі сонда шығады. Сарт ете түскен дыбыстың қаттылығы сонша, абайламай бейқам отырған адамдардың өзі шошып кетеді. Ондай дыбысқа қанша үйренсе де, құс шыдамайды, дүр етіп аспанға көтеріледі. Сартылдақтың нағыз шебері Қолғанат пен Мысабай, сосын Нұн. Әсіресе Нұн басқалардай емес, әлжуаздау болғанымен, осы сартылдаққа шебер. Жұрт сияқты қатты күш те жұмсамайды. Қасындағыларға қайткенде дыбыстың қатты шығатынын түсіндіріп көрсетеді. Оның айтуы бойынша, оны бастан айналдырып әкелу мен төмен тұқыртуда бір заңдылық бар сияқты. Екеуі саптасып барып, қатты дыбыс шығарады екен.

Айтқанын тыңдасаң, құр сөз емес, бәрі шын. Бірге жүрген жолдастары қасынан шықпайды. Әсіресе жиын-теріннен қолы босаған уақыттарда, мектептен қайтып келе жатқандарында одан әр нәрсені сұрайтындары бар. Не сұраса да, білмеймін демейді. Кекілін бір жағына қайырып қойып, бұлар естіп білмеген небір әңгімелерді айтады.

Сонау ертеде өтіп кеткен батырлар жайлы да, өз руларынан шыққан белгілі адамдар жөнінде де, кезінде бірге жүріп, бірге тұрғандай қылып сайрағанда көзіңді жұмып, таңданбасқа шараң жоқ. Басқасын былай қойғанда, мына үй іргесінде түксиіп тұрған таулардың, тегістіктегі қолмен қойғандай дара тұрған төрткүлдің, аңғарларды қуалап барып сонау ой да көз шағылыстырып жатқан сортаң жерлердің, түстіктегі кәрі адамның тісіндей әр жердегі ақ бор таулардың жаратылысы туралы да айтады. Бұлар оның біріне түсінсе, бірін қабылдауға өрелері жетпейді. Кімнен, қайдан естігенін білмейсің. Қарсы келіп, дау айтуға шамалары тағы жоқ. Өйткені, оның естігенін ұмытпай жадында тоқи алатынын, қолына түскеннің бәрін де оқитынын біледі. Әсіресе кім әкеліп бергенін, қайдан тапқанын бір құдайдың өзі білсін, жоғары сыныптарға арналған, адамның тісі батпас есеп кітаптарынан бас алмайды. Соларды ақтарып отырып, мұғалімдермен терезесі тең адамша сөйлеседі. Бұлар мұғалімнің қарасы көрінсе үй артында тығылып жүрсе, Нұнды мұғалімдер көптен бері көрмеген танысын жолықтырғандай, жылы шыраймен қарсы алады. Бұған дегенде әшейінде қабағынан қар жауып жүретіндер де жібіп сала беретін көрінеді. Бәрінің де аузына құдай түкіріп қойғандай, Жұбай ұстаның осы бір секпіл бет баласынан көр де тұр, түбінде бір үлкен ғұлама шығады дейтін көрінеді.

«Болар бала боғынан» дейтін ауылдың ақсақалдары да. Жұбайдың осы сары баласы өзінің қатар-құрбылары сияқты асықтың соңында, ойынның төрінде жүрмейді. Әлі жасы онға да тола қойған жоқ. Бірақ үлкендердің әңгімесін естуге әуес. Қолы қалт еткенде, әкесінің қасынан табылады. Қып-қызыл болып балқыған темірлерді төске салып, қамырша илеп жатпаса да, түбі түскен шелекті бүтіндеп әкесіне қолынан келер көмегін аямайды. Өмірдің тауқыметін көп көрген Жұбекеңе бұл да құдайдың берген несібесінің бірі шығар. Арғы жағы құр емес қой. Түбі асылдың сынығы емес пе. Есендәулеттен тараған ұрпақтың атын бір шығаратын осы бала болатын шығар. Баяғының сөз бұйдасын ұстаған билері, сұңғыла шешендері көпті көрген ділмарлардың қасына еріп, солардың тәжірибесін бойына жинақтап, содан кейін барып, бірте-бірте ел алдына шығатын. Ал бұл баланың болашақта құшағын қайда сермейтінін бір құдайдың өзі білсін, әзірге Қаратаудың етегіндегі Тұщыбек пен Жыңғылдыдан әрі асып көрген жоқ. Бірақ білігі көп дейді ел. Шамасы Жұбекеңнен жұққан құймақұлақтығы бір болса, тасқа басылып кітап бетіне түскенді көңіліне тоқи білетіні екінші бір қыры болар. Топырақтан тысқары болсақ, көрерміз. Бірақ мына Жұбайды шақырып жатқаны қай-қайсымызға да қиын болатын реті бар. Сәл нәрсеге бола сол Жұбайға жүгірмейтін бе едік. Өзі де темірден жаратылғандай. Пенде болып, қабақ шытуды, барған шаруаңды кідіртіп ертеңге қалдыруды білмейді. Соның тіпті қай уақытта ас-су ішетінін де адам байқамайды. Соғыс басталғалы сол ұста үйінде қонып, сол күркеден өріп жүргендей, қашан көрсең де темірмен жағаласып жатқаны. Әй, бірақ ана жақта отырғандар да көр соқыр емес шығар. Тылдағы жұмысына Жұбайдан да басқа қолына балға ұстап, темір балқытатын адам табылмас дейсің бе.

Тек заман тыныш болсын деп Нұн жайында, Жұбай жайында әңгіме қозғап, төбе басында отырған шалдар қыза-қыза басқа арнаға түсіп кеткендерін байқамай да қалады. Анда-санда Қожа Серікбай мен Кенже Айдарбайдың, Ескелді Айдарбайдың, Көрпе Шошай мен Шоңай Кеңестің, Өтеғұл Аманияздардың бас қосатыны бар. Баяғыдай өткен-кеткенді айтып, бірін-бірі қажап, қарқылдап күлісіп отыратын күн қайда. Нағашы-жиенді әзіл де ұмытылған. Бәрінің де айтатыны соғыс, мына елдегі еңсені түсірген қиындық.

Осылардың ішінде басқалардай емес Қожа Серікбайдың жолы түскенде, аудан орталығы Таушыққа, Кетікке барып келетіні бар. Ауыл ауылға келіп соғыс туралы, ел арасында болып жатқан жаңалықтар жөнінде айтатын үгітшілер әңгімесін де көп тыңдап, көкейінде сақтайтын да сол.

— Аққа құдай жақ деген рас қой, – дейді Серікбай, отырғандарды өзіне қаратып алғаннан кейін. – Өткенде Таушыққа барып келгенімді білесіңдер. Төрт жерге биік ағаштың басына радио іліп қойыпты. Сол күндіз-түні бірдей соғыстағы жайларды үзбей айтып тұрады екен. Біздің әскерлер осы 1943 жылдың шілдесінде Курск дейтін қалада немістердің енесін ұрып, тәубесіне келтіріпті. Тәубесіне келмей қайтеді, осы соғыс басталғалы жолында кідіріп көрмеген немістер пәленбай мың адамынан, айырплан, шынжыр табан мәшинасынан айрылыпты. Сол жеңістің құрметіне Мәскеу от шашу беріпті дейді. Осыдан кейін-ақ біздің әскерлер тоқтамай, Украинаның Днепр деген өзенінен өтіп, дем алдырмастан қызыл өкпе қылып, өкшелеп қуып бара жатқан көрінеді. Бұл Гитлер дейтін итке біздің шал баяғыда айтыпты ғой, – дейді қызып алған Серікбай екі ортада өзі болған адамша. – Осы Гитлер үкімет басына келіп, бүкіл дүниені жаулап аламын, бәрін аяғыма таптаймын деп, жар салғаны белгілі. Ол кезде өртенбейтін, оқ өтпейтін шынжыр табанды машинасы да, шегірткеше қаптаған әскері де көп болған. Бастапқы әзірде алдынан пәлендей қарсылық көрмей, жолындағы елдің бірінен соң бірін ала берді емес не. Кім кіндік қаны тамып, ата-бабасының сүйегі қалған, малына өрісі болған туған жерін «Ее, келген екенсің ала ғой» десін. Арпалысып, бағыпты ғой. Бірақ бірін өлтірсе, бірі шығып, тауыстырмайтын орда жыландай көпке не істесін. Талай ерлер құрбан болды ғой. Сол кезде-ақ біздің көсеміміз сол елдегі елшісін әлгі әумесерге жіберіп: «Әй, қарағым, жайыңа жүр, елдің тыныштығын бұзба. Ешкімнің жеріне көз алартпай, несібесіне ортақтаспай құдайдың бергеніне шүкір қылып отырмыз ғой. Тыныш жүргенімізден ырысымыз кеміп, қазанымыз ортайған жоқ. Сен де сөйт, жарқыным. Елдің бәрі сенің дегеніңе көніп, айдағаныңа жүре береді деп ойлайсың ба? Өзіңнен зор шықса, екі көзің сонда шығар. Көршілік қақым ғой деп айтып отырмын, тыңдамасаң, өз обалың өзіңе. Болмаса, тұрысатын жеріңді айт», – депті. Күштінің аты күшті емес пе. Содан әлгі ақылына келгендей болып, «Ойбай, Стеке, сөзіңнің садағасы, сіздің елде шаруам жоқ. Мынау антым, мынау қолым» деп пәленбай жыл бір-бірімізге тиіспейміз деген хаттамаға қол қойыпты. Солайын солай дегенмен, оны күніге көріп, сыралғы болған елшіміз біздің шалға «Әй, сол кәпірдің бір орнында тұрақтамайтын көзінен, құрттаған шыбыш құсап дызақтаған жүрісінен қорқам. Сақ болайық, шама келсе, әскерімізді осы батыс жақтағы шекараға шоғырландырайық» депті. Бірақ батыр аңғал деген осы ғой. Көсеміміз оған мән бере қоймапты. Баяғы айтқан сөзіне, бармағын басып, қолын қойған қағазына сеніпті. Елшінің айтқаны айнымай келді емес пе. Қапыда бас салды ғой. Бірақ құдайға шүкір, жеңістің біздің жақ болатыны белгілі бола бастады. Аманшылық болса, көп ұзамай, сол итті өз ордасында өкіртіп тұрып бауыздайтын шығар. Қанша әскер төксе де, жол ортаға қаншама тосқауыл қойса да, біздің әскер шыдататын емес дейді. Жарты жолдан асып, бұрынғы шекарамызға жақындап қалған көрінеді. Арқасына қамшы батып, бір көзі қорқып қалған адамда қарсы келер не қайрат қалады дейсің. Құйрығын бұтына қысумен болады ғой. Әсіресе жаңағы айтқан адамынан темірі көп, кіл шынжыр табандар шайнасқан Курск түбіндегі соғыстан кейін-ақ күдерін үзген білем.

Жұбай мен Нұн ұста үйінде оңаша отыр. Қолына шақыру алған әкесі ертең аттанбақ. Өзгелер сияқты аудан орталығына баратын көлік те даярлаған жоқ. Талай жүрген жерлерім ғой, таң сызат бере қозғалып кетсем, түскі шәйді ағайындардың үйінен ішем ғой дейді. Үйдегі ендігі бас көтерері Нұнға бала да болса, тапсырмаларын беруде.

— Қарағым, Нұн, – деді жан-жағына қарап. Мынау әкеңнің жұмыс орны. Күнделікті тірлікке қажетті құрал-сайманның бәрі осында. Үйге ештеңе ұстамайтынымды өзің білесің. Колхозшылардың жүзі қайтқан орақ шалғысын да, әркімнің қолына ұстап келген шылапшын, құманын да осы бір құт жаппаның ішінде жасап беретінімді білесің. Ауылдың бар тірлігі осы үймен байланысты еді. Енді көп адамға қиындау да болатын шығар. Құдайтағала ұсталық өнерді кез келгенге ұстата салмапты. Әріден келе жатқан кәсіп қой. Маған да өз әкемнен қалған мұра осы қара төс пен балға еді. Оны арнайы барып оқығаным, я болмаса өзге біреудің қасына еріп жүріп үйренгенім жоқ. Әкем тірлік үшін ауыл шетіне жаман жаппасын тігіп, көптің тапсырмасын орындайтын. Соның қасында жүріп, қолым жатықты, артынан басқа кәсіптен гөрі осы жаныма жақын болды. Адамы көп қалаларда ұстаның әрбір жасаған бұйымына қоятын бағасы болады дейді. Бізде ондай қайдан болсын. Еңбегіңе деп елдің әкелін бергеніне риза боласың. Көштен қалмадық дегеніміз болмаса, көптің алдына шығып көргеніміз жоқ. Ұстаға ең керектісі – елдің сұранысын орындайтын темір, сосын оны балқытатын көмір. Ерте кезде оның қай-қайсысы да, бұл жерде тапшы болды. Бұрындары ұстаға келіп, керек нәрсесін жасатып алатын адам темірін өзі әкелетін деп айтып отырушы еді әкем марқұм. Болмаса, Кетіктегі орыстардан сұрап, сатып алатын болған. Әсіресе сом темірден жасалған сүймендерді балқытып біраз пайдасына асырып отырыпты. Көші қон уақытында Үстірт үстіне шыққанда, арнайы түйемен барып, сексеуілді артып келетінбіз дейтін-ді. Сексеуіл көмірді жоқтатпайды, қызуы күшті ғой. Ал ойға құлаған уақыттарда көмірді Таушықтан таситын болған. Көмірдің бар екені бұл жердің тұрғындарына баяғыдан белгілі. Кейде тіпті сонау Таушыққа бармай-ақ, осы Қаратаудың бойындағы өзіміз білетін жерлерден алатынбыз. Көрікке салып, қыздырып алған темірден кез келген бұйымды жасау да оңай емес. Оның құрамын біліп, айыру керек. Әсіресе екі темірді байланыстыру үшін ертедегі шалдардың өзіндік тәсілі болған. Олар алдындағы көмірге салған темірді балқу дәрежесіне келгенше қыздыратын-ды. Енді-енді еруге бағыт алғанда, үстіне құм себетін де, оған екінші темірді жабыстыра салып, балғамен таптайтын. Сонда арасына жік түспей бірігіп кетегін. Шығыршық осылай жасалатын. Оған қаншама күш түссе де, арасы ашылмайды. Заман өзгерді, адамның ілім-білімдері жетісті. Осы күндері темірлерді басқаша пісіріп, жабыстырып жатады ғой. Білгеніңнің артықтығы болмас деп айтып отырмын. Сенің қолыңнан өзің жасап жүрген жеңіл-желпі заттар болмаса, басқасына әзір шамаң жетпес. Бірақ бір нәрсе есіңде болсын. Ұстаның күркесіне еріккен адам бас сұқпайды. Бір нәрсеге қардер болған, жұмысы тоқтап қалған адам ғана туралап келеді. Шамаң келсе, мәселесін кейін қайтарма. Қолыңнан келгенінше көмегіңді көрсет, болмаса, жылы сөзіңді аяма. Адам көңілі сәл нәрседен марқайып, сәл нәрседен қалады. Көрші үйлерге бір шәйлық сүт сұрап, талай бардың емес пе. Кішкене ыдысыңа біреу орталап құйса, біреу түбінен болса да тамызып, беріп жатады, Соның бәрі барлықтан, өздерінен асып артылғандықтан емес. Келген баланың тауы қайтпасын, келесіде бетіне шіркеу болмасын, еркін келсін дегендіктен солай істейді. Біздің халықтың қай уақытта да есігі ашық, шығам дегенге төрі дайын. Ұста жұмысы да сондай, қарағым. Кейде алыстан ат сабылтып келетіндер де болады. Үміттеніп келгенінде сәл нәрсесін бұлдап кергіп тұрса, кімге оңай болады дейсің.

Аядай ғана ауыл ғой, ешкімді бөле жармай, қашан да қол көмегіңді көрсет. Ел басындағы қиындықты көппен бірге көтеріп жүрсің. Оңай емес. Бірақ біреуді көріп, шүкір ет, біреуді көріп, пікір ет деген бар. Бұл ауылдың адамдары соғыс қасіретін тартып, арыстарынан айрылып, қан жұтып жүрсе де, мына жер асып, жан-жақтан ағылып келіп жатқан босқындарға қарағанда, шүкіршілік етуге болады. Ее, қарағым-ай, бұл халықтың басынан не өтпеді дейсің. Бізден бұрын да талай-талай аласапыран өткенін ілгерідегі шалдар айтып отырушы еді. Міне сондай қиындық бізге де тап болды. Бұл халық қай уақытта да, қандай алмағайып кезеңде де басына күн туған адамдарды бауырына тартудан жаңылған жоқ. Қазір де солай, оны өзіңнің көзің көріп, құлағың естіп жүр ғой. «Арқада қыс қатты болмаса, арқар ауып несі бар» демекші, өзінің кіндік қаны тамып, өсіп өркендеген жерінен кім кете қойғысы келеді дейсің. Қорғанышсыз, жау қолында қалған елдерден босқындар азып-тозып, осында келіп жатыр. Біреу әкесінен, біреу анасынан айрылған. Тіпті, әлі оң-солын айырмаған тұлдыр жетімдер де бар. Оларды осы Қаратаудың бойындағы елдерге бөліп-бөліп орналастырғанын білесің. Қанша бауырына тартты, төріне шығарып жарты сындырық нанды бөле жеді дегенмен, кім олардың туған әке-шешесіндей болсын. Әкенің маңдайдан бір сипағанына, шешенің мейірлене бір иіскегеніне жетер не бар бұл дүниеде. Ауылға келіп үгіт жүргізіп жүргендер біздің Маңғыстауға 600-ден астам жанұя, ер азаматтары майданда қаза тапқан мың қаралды адамдар келді дейді. Соның бәрін орналастырып, ауруын емдеп, қолына күрек ұстай алатындарын ана Таушықтағы көмір шахталарына жұмысшы қылып алыпты. Үлкен өндірісі жоқ Маңғыстауға ол да қосымша салмақ. Сонда да ел елдігін көрсетіп, қолынан келгенін жасап жатыр. Олардың да, біздің де тілейтініміз – осы соғыстың тез аяқталуы. Жерде жетім жыласа, аспанда періште қолдайды деген бар. Тілегімізді бермес дейсің бе.

Ал енді үйден бас көтерері сенсің. Інің жас. Шешеңнің аурулы екенін білесің. Қандай жұмыс болса да, шаршағанын, қабағын шытқанын көрген жоқ едім. Бірақ сендердің алдарыңдағы алты бірдей баланың қатар келген қазасы оны тұралатып кетті. Жүйкесі әлсіздеу. Кейде өзін-өзі ұстай алмай, ұзақ сөйлеп кететінін білесің. Менің де кетіп бара жатқаным оған оңай тимес. Білдірмеген болады, бірақ өмір бойы сүйенісіп қатар келе жатқан маған оның күйзелісі белгілі. Қамқор бол.

Тағы да бір айтатыным, көп ұзамай оқуың басталады ғой. Соныңды құнтта. Балалыққа салынып, босаңсытып алма. Менің ауылдағы молданың алдын көріп, әптиекті оқығаным болмаса, бұл заманның ілім-білімінен хабарым жоқ. Бірақ оқығанның қор болмайтынын, оның алар асуының биік екенін сеземін. Сен туралы, сенің болашағың туралы бір тәтті үміт үнемі ілгері жетелейді де жүреді. Шығар биігіңді көрмесем де, адастырмас сүрлеуге түскеніңді біліп кетсем деймін. Осы бағытыңнан таймасаң, бір жерден шығарсың ақыры. Ауылдағы адамдар сені оқытатын мұғалімдеріңнен, болмаса, бір-бірінен еститіні болар, осында келіп отырғанда сен туралы жақсы әңгімелерін айтады. Соны естігенде, қуанып тұрам, сол жақсы әңгіме дем бергендей алдымдағы темірді құшырлана соғам. Аллатағаланың бізге деген шапағаты мол болса, Есендәулеттен тараған бір ұрпақтың биікке көтерілгені маған мәртебе, көпке мақтаныш болса екен деп тілеймін. Жер басып, тірі жүрсем, көштен қалдырмаспын. Осыны жадыңда мықты ұста.

Қазір ел басындағы ауыртпалық қатын-балаға түсті ғой. Қай жерге көзің түссе де, орамалын шарт түйіп, белін тұсаумен буып жүрген қыз-қырқын, әйелдер. Сонда да қажыдым, шаршадым деген адамды көрмейсің. Бәрі де жұмылған жұдырықтай болып, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарғандай ұйымшыл. Бейбіт кездердегі бір-біріне деген назын, еркелігін ұмытқан. Әрқайсысы екі-үш адамның жұмысын атқарады. Тіпті кешегі ауданнан келген уәкіл мына Алғабас, «Жаңа жол», «Ақырап», «Тұщыбек», «Жаңақорған» колхоздары соғыс басталған жылдармен салыстырғанда, жылқыны – 37, түйені – 9, қой мен ешкіні 59 процентке дейін өсірді деп, біраз мақтау айтқан жоқ па. Сол аталып жатқан мақтау, мадақтаудың ішінде сен де, Шырдабай мен Мысабай да, Қолғанат пен Өтесін де, Көңіл мен Ізбас та, ана Қаныкеш те бар.

Бізді тылдағы жұмысқа шақырып жатыр. Өйтпесе бола ма, қарағым-ау. Жау бұл елдің жеріне тек келіп, тек кеткен жоқ. Жүрген жерін қара күйеше өртеп, бүлдіріп кетті. Оны кім қалпына келтіреді енді. Ел аралап жүрген уәкілі бар, үгітшісі бар бөрінің де айтатыны, қазір майданда да, тылда да түбегейлі бетбұрыс болып жатыр дейді ғой. Немістер біздің жерден тұрақ таппасын анық сезіпті. Енді шама келсе, анау орыс жерімен көршілес жатқан елге барып, табан тірегісі келеді, білем. Бірақ біздің әскерлер оларды өз жеріне дейін қумақ көрінеді. Шамасы, адамзат баласына өшпестей қасірет әкелген сұрқияларды ордасында тұншықтырмашы, білем. Сонда әлгі немістер бүлдіріп кеткен жерді біз жөндемей, кім жөндейді. Қан майданның ортасында жүрген азаматтарға қаратып қоймаймыз ғой. Тіпті өткен жылы Сталинград қаласын қалпына келтіруге, сонымен қатар соғыс кезінде қолға алына бастаған Аштархан мен Үйшік арасындағы темір жолды салуға осы Маңғыстаудан көптеген қыз-келіншектер кетті емес пе. Әкеңнің бара жатқаны да сондай жұмыстың бірі болар. Көп ұзамаспыз. Елдегі жайды ондағылар да түсінетін шығар.

— Ал енді қайтайық қарағым, – деді Жұбай, баласының иығына қолын салып. Шешең де күтіп отырған шығар. Есіктің сыртқы күршегін іле сал, мал кіріп кетер. Жұмысыңды аяқтап, үйге қайтарында, қанша шаршап тұрсаң да, құрал-саймандарыңды жинастырып кетуді ұмытпа. Рет-ретімен тұрған жинақы құрал жаңа жұмысқа деген ынтаңды арттырады.

Жұбай ертесіне жолға шықты. Шығыс жақ енді-енді бозамықтана бастаған. Өзімен бірге ерте тұрған Нұн да қасында. Әкесін біраз жерге дейін шығарып салмақ. Баласының өзімен бірге тұрып, дастархан басына қатар отырғанына әке жүрегі жылып қоя берді, Ендігі салмақтың өздеріне түсетінін, қолынан келгенінше шешесіне сүйеніш болып, көштен қалмай, тірлік ету керектігін ұғынған баласына мейірлене қарайды. Түнімен әр нәрсені сұрап, қасында жатқан. Содан ұйқысы шала болды ма, көзі қызарып кетіпті. Әке жүрегі шаншу қадалғандай шым ете түсті. Сезімтал баласының түнімен дөңбекшіп ой жетегінде ұйықтамай шыққанын білді. Қаратаудан аққан бұлақ бойын сағалап, әр төбенің астында бұйыға орналасқан кішкене ауылдың өзіне біраз қара қағаз келген. Әсіресе соңғы кезде жиілеп кеткен тәрізді. Ана жақта жан беріп, жан алысқан соғыстың оңай болып жатпағаны осыдан-ақ белгілі болғандай. Өз жерімізді жаудан босатып, бірте-бірте ығыстырып бара жатырмыз дегенмен, әр сүйем жер үшін талай боздақтың өмірінің үзілгені, жат жердің топырағында мәңгілік қалғаны анық.

— Әке, – деп еді баласы, қасында жатып. Жағдай тым қиындап бара жатса, сендерді жұмыстан алып, майданға жіберіп қоймас па екен?

— Әй, балам-ай, – деді Жұбай баласының басынан сипап. Менің әлі қайратымның қайта қоймағанын білесің. Қолыма қару берсе, жауға қарсы ата білетінім, оған жүрегімнің шайлықпасы анық. Сенің ұлы атаң Төлеп қартайғанша қолынан қаруы түспей, ер жастанып өтіпті. Қай уақытта да жауының жолына кесе-көлденең тұра білген. Арманым кескіленген шайқас үстінде, жауымның жағасына жармасып жүріп, қаза таппағаным деген де сол ғой. Сол атамыз айтқандай, ел басына құн туған заманда ер азаматтың алғы шептен табылып, күркіреген даусының сол жерден естілгеніне не жетсін. Біздер үкіметтің қарауындағы, есептеп адамбыз. Қайда жұмсайды, сол жерге баруға міндеттіміз. Ал сен айтқандай, майданға баруға тура келсе, қашқақтамайтыным анық. Сол жақта жүрген, сол жақта мәңгілік көз жұмғандардан артық емеспін ғой. Қырық жыл қырғын болса да, ажалды өледі деген бар. Маңдайыңа бұйырғаны болады, тағдырдың жазғанынан ешкім де қашып құтылмайды. Өзің бастап сұрап қалдың ғой, бір нәрсені айтайын. Бұл әкеңнің таза тиындығы. Осы бір қиын кезеңде көптен жырылып бұғып қалайын, жанымның амандығын ойлайын деп көргенім жоқ. Кейде тіпті қара қағаз келген қаралы үйдің адамдарын көргенде, қаралай қысылатыным бар. Тірі жанға титтей де зиян тигізіп көрмесем де, көзге шыққан сүйелдей болатынмын. Пенде біткеннің бәрі бірдей емес, шырағым. Соғыс басталған бойда-ақ қашып-пысып, тау-тасты, сай-саланы сағалап жүргендер де бар. Осы ауыл да құр емес одан. Кім екенін білмей-ақ қой олардың. Қажеті де жоқ. Үлгі алатындай, болашақта өнеге тұтатындай емес қой. «Апыр-ау, дейтінім бар соларды ойлағанда. Сөйткен жаны құрғырды қашанғы сақтайды. Соғыс та аяқталар. Дәмі таусылмағандар елге келер. Сонда қайтеді әлгілер. Ел бетіне, анау қызыл оттың ішінен қан жұтып келгендерге қайтіп көрінеді. Қазіргі пыш-пыштаған әңгіме ол уақытта ашық айтылып, өзіне шіркеу болмай ма. Адамның ұрпағы үшін өмір сүретіні анық болса, олардың бұл істері сол ұрпағының бетіне жағылар күйе емес пе. Оны кетіргенше, көп жадынан ұмыттырғанша, қанша заман өтпек».

Бірақ сонда да бұл ел оларды көзге шұқып, торға қамап, үкіметке ұстап беріп жатқан жоқ. Біле білсең, шырағым, бұл да елдіктің белгісі. Қарақан басының ғана қамын ойлап жүрген әлгі бейшараларға көмегі. Ертеңгі қара тастан да ауыр ұятты өзі көтерсін, көп алдында күлкі болып жүрер жан қиналысын кезінде өзі сезінсін дегендік. Жаңа солар жөнінде білмей-ақ қой дедім ғой. Тіпті соны білуге әуестенбе. Алда-жалда құлағыңа тиіп жатса да, өзіңмен бірге жүрген олардың балаларына ойнап та болса, бір ауыз сөз айта көрме, балам. Жазылмастай жараның негізін сен салғандай боласың. Уақыт дейтін бір құдірет бар ғой. Кезінде кім-кімнің де әділ бағасын сол береді.

Ал мен ата-бабамның аруағына сенем. Қай кезеңде де қолтығымнан сүйеп, дем беретіні анық. Мынау іргеңдегі Отпан тау – қасиетті биік. Соның басында сенің атаң Төлеп те, басқалар да, тіпті одан бұрынғылар да талай-талай елін жаудан қорғау үшін, елдікті сақтап қалу үшін ұран отын жаққан. Сол биікте олардың табандарының ізі, ана тастарда қолтаңбалары әлі сақталған. Мына ауада олардың рухтары жүр. Менің кейде қажыған, шаршаған кезеңдерімде оның басына шығатыным бар. Сол кезде қолтығымнан әлдебір құдірет дем бергендей. бір аялы алақан маңдайымнан сипағандай, мәртебем өсіп қоя береді. Ұстахананың кішкене терезесінен үнемі көрініп тұрады. Арқа сүйер қорғаным биік екен-ау деп ойлаймын сонда. Қайда жүрсең де, құлашыңды алысқа сермеп шығандап кетсең де, осы биікті, осы топырақты жадыңнан шығаруға тиіс емессің. Туған жер өзінен жаратылған ұрпағын қашанда демеп, қорғап жүреді. Осы есіңде болсын, – деген, әлде ұйықтағаны, әлде ояу екені белгісіз үн-түнсіз жатқан баласына.

— Әкеңді ана Қарашымырауға дейін ұзатып сал. Түнімен ұйықтамай да шықтың. Жолда балаларға қосылып, ойнап қалып жүрме, – деді Қағаз, баласына шәйін ұсынып жатып.

Осы кезде дабырлай сөйлесіп келе жатқан адамдардың даусы естілді. Біреуі әйел адам секілді. Есік ашылып үйге қожа Серікбай, көрпе Шошай мен Шәй кемпір кірді.

— Бұл елге бір еңбегі сіңген адам сендей-ақ болар, қайным, – деді Шәй кемпір, дастархан шетіне отырып жатып. – Қазіргі қиын уақытта ыңғыршағы айналған колхоздың да, сәл нәрседен қаріп болып, қолы кесіліп қалатын қатын-баланың да тұралап саған келетіні бар еді. Жыртығымызды бүтіндейтін сен едің. Тау асып, құм жағалап келіп жатқандарды көргенде, біз шүкір екенбіз ғой деп ойлайтынмын. Саған баратынбыз да, бір нәрсемізді өткізіп қойғандай бұлдана сөйлеп, керегімізді жасатып алатынбыз. Бетімізге қарсы келген жерің жоқ. Енді міне, соны көп көргендей, сені де басқа жақтың жұмысына алып барады. Керек болғасын сөйтетін шығар. Әйтпесе, қара толтырайын деп шақырып жатпаған болар. Жолың болсын. Аман барып, сау қайт. Өзің келгенше, жамау үстіне жамау қосып болса да, бірдеңе қылармыз. Мына екі шалдың бағытының осы үй екенін біліп, қосыла ердім. Қашанда жөнін айтып, кім-кімге де адастырмас дұрыс бағытын сілтейтін қайным еді Қағаз келіннің таңғы асынан дәм татып отырып, ақ жол тілейін деп келдім. Мынау жеңгеңнің кебеже түбінде қалған дәмі еді. Қапшығыңа сал. Атысып-шабысып жатпаса да, ол жақта қай бір күйің болар дейсің. Анда-санда түйірлеп салып, аузыңның дәмін аларсың, – деп, кішкене түйіншекті дастархан үстіне қойды.

Жұбай Шәй кемпірге риза көңілмен қарады. Бір сындырық қара нанды бөліп жемесе, бір аяқ қара суды көршісімен шүңкілдесіп отырып ішпесе, бойына сіңбейтін Шәй кемпірдің қазіргі күйін ойлап аяп та кетті. Аяп отырып басына түскен қиындыққа мойымай, дауылға қарсы жүзген, аққудай болған оның өрлігіне таң қалып та отыр. Төрт бірдей арысынан әлі хабар жоқ. Өлі, тірісі белгісіз. Бірақ отырып қалмады. Тек мұңға толы жанары ғана алысқа қарап, хабар күткен ананың сарғайған сағынышын білдіргендей. Өзге біреулер сияқты өз басындағы мұңын айтқан жоқ. Қасындағы шалдардың бағытымен отыр.

Оны-мұны айтып отырған ақсақалдар Жұбайды жолдан қалдырмайық деп, дастарханның шегін қайырды. Шошай шал батасын жасап, бәрі де орнынан тұрды. Қағаз есік ашып, қонақтарын жолға салды. Бірте-бірте ауылдан ұзап бара жатқан әкелі-балалы екеуінің артынан қарап әлі тұр.

Тау бойының таңғы ауасы көкіректі аша түскендей. Бір-біріне жалғасып, сылдырап ағып жатқан, бұлақ бойы қалың ну. Ұйыса өскен, қалың нарпоздың ісі төңірекке түгел тарағандай, хош ісі жол бойында келе жатқан әке мен балаға да жетті. Әне-міне дегенше, олар Қарашымырауға да келді. Төбе басына көтерілген Жұбай бұрылып, жолдан онша қашық емес ескілікті әулиенің қасына келіп тізесін бүкті. Күбірлеп отырып, әйетін оқыды. Орнынан тұрып, жерден бір уыс топырақ алып, қабір үстіне тастады.

— Ал, қарағым, – деді, баласына қарап тұрып. Сен енді кейін қайта бер. Мен де күн көтерілгенше біраз жерге барып қалайын. Азамат болдың ғой. Мен келгенше, салмақ саған түседі. Шешеңе көмекші бол. Сауатымның шамалы екенін білесің. Хат, хабар кешігіп жатса, уайымға салынба.

Баласының артынан қарап әрі-бері тұрды да, өзінің бағытына түсті. Көп ұзамай Жыңғылдыға да жақындады. Екі ауылдың арасы тиіп тұрса да көп жолы түсе бермейді. Таң атқаннан күн батқанға дейін темірмен жағаласып жатқан адамның қолы қайдан тисін. Бұл ауылда да басын иіп, босағасынан аттайтын, арнайы келіп сәлем беруге тиісті үлкендер де бар еді. Оған мына болып жатқан соғыс мүмкіндік берді ме. Бірақ біле білгенге қазір өкпе артатын заман емес қой. Бір-біріне сыртынан болса да тілекші болып жүргеннің өзі медет емес пе еді. Ауыл іргесіндегі Сартөбенің басындағы Құнан әулиеге бұрылды. Көңілі босағандай болды. Бұл жерде оның алғашқы қызықтары, бір кездегі шаңырағының думаны болған балалары жатыр. Құшақтаса жатқан олардың сыртын аласа ғана қотыр тастармен қоршай салған еді. Одан артыққа күйі келген жоқ. Жаңбыр шайып. жел үрлеген төмпешіктердің үстіне шөп өсіпті. Бәріне бағыштап құран оқыды. Әлі оң-солын айырмай, балапан қауырсындары жетілмей тұрып, көкке ұшқан періштелері, жан-жағынан қоршап дуылдап жүргендей, көңілі бей-жай болып, әрі-бері отырды. Тағдырдың қатты соққысынан сүрініп, барып қайта тұрған әкелерінің соңынан ерген қара домалақтарды мына жатқан періштелерінің қашан да демеп жүретінін, рухтарының болашақтағы үкілі үмітіне, арман мүддесіне өзімен бірге қосыла жүретінін анық сезінді.

Жолай кездескен көзтаныс адамдармен амандық-саулық алысып, Таушыққа апарар сара жолға түсті. Ұланақтың желкесіндегі тақырға келіп, тізесін бүкті. Сәл демалып алмақ. Түстіктегі төбеге жүзін қаратып отырып, бар білген әйетін оқыды. Осы төбенің астында Ұланақ, оның қасында Бекбауыл әулие бар. Жолы түсіп, арлы-берлі талай өткен жері. Бұл да бір сулы жер. Сартастарды жарып шығып, бүлкілдей қайнап, бұлақтар ағады. Бастауын қашан, қай кезде алғанын кім білсін, әйтеуір таңдайыңа бассаң, еріп жөнелетін тұт көп өседі. Қызыл тұт, ақ тұт, қара тұт болып, әр жерде шоғырланған ағаштар. Кейбіреулеріне кәрілік келгендей, өнімдерін сирете бастаған. Әріден әңгіме қозғап отыратын бір шалдар осыдан пәленбай жүз жыл бұрын арғы жағы анау көз көріп, табандары тимеген Қытай елінен батысқа қарата жібек тасылғанын айтады. Сол күре жолдың бір тармағы осы Ұланақтың үстімен өткен екен. Тұт ағаштарын сол кезде егіпті, жібек құртының бірден-бір қорегі осы ағаштың жапырағы екен дейді Оны тыңдап отырған екіншілері: «Жоқ, олай емес, бұл жерде кешегі біздің аталарымыз келіп қоныстанғанда, түрікменнің егдір, шәудірінің ханы Ұланақ отырыпты. Хан ордасының иранбаққа оранып жататыны белгілі. Бұл тұт ағаштар солардан қалған жұрнақтар ғой деп, қарсы дау айтады. Сөзім одан әрі нақтылана түссін дегендей, Шотан батыр бастаған адайлардың түрікмендерді Маңғыстаудың ойынан ығыстыруы осы жердегі бір тойдан басталыпты» деп, екінші бір әңгіменің ұшығын шығарады. Қалай болғанда да, сүйектері арса-арса болған ескілікті тұт ағаштары Ұланақ басында жетерлік.

Атақты Бекбауыл ата осы жерде мәңгілік тыныс тапқан. Ерекше қадір-қасиет қонған Бекбауыл ата басына талай адамның барып түнеп, құлан таза айығып кеткенін талай естіген. Әсіресе оның сынықшылығына тең келер адам сирек болыпты. Өзі атақты Бекет атамен замандас екен. Бір-бірінің әруағын сынағаны туралы да халық арасында көп аңыз айтылады.

Осыларды ой елегінен өткізіп, біраз отырған Жұбай орнынан қозғалды. Аяқ киімін шешіп, бір-біріне байластырып иығына ілді. Анау Аралтөбеге жеткенше созылып жатқан айнадай тақыр үстінде жалаң аяқ жүргісі келді. Осы кезде артынан келе жатқан машина көрінді. Көп ұзамай-ақ қасынан өтіп бара жатып тоқтады. Шопыр жігіт еңкейіп, қапталындағы есікті ашып:

— Ағасы, келіңіз, – деп, өзіне шақырды.

Қолын көтеріп тоқтатпаса да жолаушының жайын түсініп, ізет көрсеткен шопырға риза болған Жұбай «Мынау бір құдай деген жан екен» деді ішінен, машинаға бағыттап келе жатып.

— Рахмет, інім, – деді кабинаға отырған Жұбай, бәтеңкесін киіп жатып. Жүзі біртүрлі таныс сияқты. Бірақ есіне түсіре алмады.

— Ойбай-ау, сіз мына Тұщыбектегі ұста ағай екенсіз ғой. Міне керемет. Жол үсті келе жатқан жолаушы ғой, күн де ысып барады. Оның үстіне жалғыз өзім, кім болса да, ала кетейін деп тоқтағанмын. Ассалаумағалейкүм, – деп қалбалақтаған қара жігіт қолын ұсынды.Жұбай сонда барып бұл жігіттің аудан басшысының шопыры екенін есіне түсірді. Қашан еді, өткен жылы ма, иә, иә, өткен жылы шаруашылық аралап жүрген бұлардың машинасы бұзылып, мұның алдына келгені бар-ды.

Қазан айының ортасы болатын. Бірнеше күн қатарынан сылбыр жауын жауды да тұрды. Адамға да, азын-аулақ малға да қиын бола бастады. Бірақ әйтеуір арты қайыр, күн суытып кеткен жоқ. Сай-сала, тақыр біткен суға толып, жер езіліп кетті. Тұщыбектің кебірлі жерінен адамдардың бір-біріне қатынасуының өзі қиындады. Аттасаң болды, табаныңа тас байлағандай аяғыңа жабысқан балшықтан зорға жүресің. Ауылда қай бір оңған үй бар еді. Төбеден су тамшылап, әр жерге самар, шелегін қойып әуреге түскен бір адам. Отын тезекке дейін су болып, бір шәйнек қара суды қайнатып ішудің өзі мұң болды.

Жұбай сол күні де ұстахананың ішінде еді. Бұрышта жатқан, бір-екі күннен бері қозғалмаған жұмыс жетерлік. Соларды істеп тастауға ыңғайланып, есік алдындағы кішкене күркешеден беті жабулы көмірін әкеліп, іске кіріскен бойы болатын. Осы кезде даладан шу-шулеген адамдардың, бақырған түйенің даусы естілді. Сығырайған кішкене терезеден сыртқа көз тастады. Екі түйеге жегіп, бір машинаны сүйретіп келеді. Артында үш-төрт адам қосымша көмек болсын дегендей, итеруде. Бірақ жас баланың еңбегіңдей былқылдап жатқан жерде не көмек болып жарытсын. Тілерсектері дір-дір етіп, кері кетуде. Есік атып, сыртқа шықты. Сорғалаған маңдай терін жеңімен сүртіп, алқынып тұрған қара жігіт, шамасы шопыры болар:

— Ассалаумағалейкум, Жұбеке. Мынау райкомның хатшысы Бақыраевтың машинасы еді. Күн болса мынау. Шаруашылық аралаймыз деп бұрнағы күні шыққан едік. Таныс емес жердің ой-шұқыры көп қой. Осы ауылға жақындай бергенде, бір жыраға қатты соққанымыз. Содан рессор дейтін серіппелі теміріміз қақ бөлінді. Өзі бірінің үстіне бірін қатарластыра салынған бірнеше темір болады. Бұрыннан да пайдаға аспай тұрғандары бар болатын ілекерлеп аудан орталығына жетсек деп, келе жатырғанбыз. Дегеніміз болмады. Бәрі де ортасынан қақ бөлініп, енді міне, балдағы жоқ молтақ адамша бір жағына қисайды да қалды. Бұл темір болмаса, дөңгелек мынаған тиіп жүргізбейді. Ол машинаның алдыңғы жақтауын көрсетті. Хатшы екеуміз жаяу жалпылап, зорға жеттік. Содан осында ұста ағаң бар, бір көмек етсе, соның қолынан келеді деп, сізге жіберді, – деп, бар хабарын ақтарды да салды.

Жұбай шопыр жігіттің көрсеткен теміріне қарап, әрі-бері отырды. Қолындағы балғасымен тықытып ұрып қарады. Орнынан тұрып:

— Інішек, сен мыналарды түсіріп, ұста үйіне әкел. Қатты темірдің реті сияқты ғой. Үстіне жүк түскен сайын жазылып, қайтадан орнына келе ме қалай өзі. Қарап көрейік. Сәл ойланып тұрды да:

— Ана бастығыңа айтарсың. Кешке дейін мұрсат берсін. Оған дейін екеулеп қимылдап көрейік. Мен құрал-саймандарымды дайындап, өзімдегі жарайды-ау деген темірлерді қарайын. Болмай жатса, өзінікінен бірдеңе қылармыз. Сен тез барып, осы үйлердің бірінен бір-екі аяқ ыссы суыңды ұрттап ал. Жылынып, үстіңді құрғатып алмасаң, күздің жаңбыры өкпеңді қағып түсер.

Шопыр жігіт нағыз айналайынның өзі болды. Қолды-аяққа тұрмай жүгіріп жүріп, сынған темірін ұстаның алдына әкелді. Сөйтіп жүріп, әңгімеге де қарқ қылды. Елдегі жаңалық, соғыстағы біздің әскерлердің жеңісі, тіпті бастығының кейбір белі бос, ісінен сөзі көптеу адамдарды қуырып алатын іскерлігін де сөз қылды. Арасында ұста ағасының айтқанын жерге тастамай, көрші үйге барып, бір-екі тас аяқ шәйін ішіп, кептірініп те алуға уақыт тапты. Содан мұның қасында. Қолы ұсынақты, бір нәрсеге икемі бар адамды қойсаңшы. Әп-сәтте көрікті қалай басатынын, өзі қысқашпен ұстап тұрған темірді ұста құлаштай ұрғанда, қолын ауыртпай оның ыңғайына қарап қозғап тұруды да меңгеріп алды. Көмір арасынан суырып алған қып-қызыл болған темір Жұбайдың дәлдеп ұрған салмақты балғасынан тапталып, бұларға керекті қалпына айналып келеді. Төс қасындағы сынған темірге аз-кем қарап тұрады да, қайтадан шыңылдатып соққылай бастайды. «Өлшеп алмай ма екен» деп ойлайды қасында тұрған жігіт, бірте-бірте айнымай жасалып келе жатқан болашақ рессорға қарап тұрып. Бірақ оның ойын ұғынып, ақылдасқан ұста жоқ. Өзімен-өзі. Маңдайынан сорғалаған терін алжапқышымен сүртіп тастайды да, ісіне кіріседі. Міне, алды дайын болды. Шопыр жігіт манадан бері өзім білмейтін іске мұрын сұқпайын деп қаншама сабыр сақтағанымен, осы жолы шыдай алмады. Сынған рессорды алып, ұстаның қолынан шыққан бұйыммен салыстырып қарады. Артық кемі жоқ, қалыңдығы да, ұзындық, ені де бірдей болып шығыпты. Таңданысын жасыра алмай басын шайқады. Бас бармағын шошайтып көрсетті. Бұл риза болғандығының белгісі.

— Ал болдық-ау деймін, қарағым. Машинаңа салып көр. Бір қараға жеткізетін шығар. Көлігіңе жан бітіріп домалатып қойған зауыттағы шеберлеріңмен теңдесе алмаспыз. Бірақ қой көрмесек те, қи көрдік дегендей, бұл темірге жаттығымыз жоқ, баяғыдан бері қолымыздан өтіп жүр ғой. Абайламасаң, опық жегізетін жердің ұрысынан сақтанып жүрсең, еншалла, далада қалмассың, – деді.

Осы кезде қасына ауылдағы бір жар белсенділері бар хатшы да келді. Шопыр жігіт бұл уақытта ұстаның қолынан шыққан «су жаңа» рессорды бекітіп жатқан. Көзі қырағы басшы алдындағы ұстаның тегін емес екенін бірден білді. Жан-жақты жағдайы жасалып, керекті құрал-саймандары қолында түгел болса, қара темірге жан бітіріп, түйін түйетін шеберге риза болған хатшы:

— Апыр-ай, ағасы, темірге жан бітірген, ағаштан түйін түйген деп дәл өзіңдей адамды айтатын шығар. Осы ауылда белгілі ұста бар, бір көмектессе, соның ғана қолынан келер дегенге қуанып қалып едім. Бірақ имандай шыным, құрсау салып, жамап-жасқап болса да бірдеңе қылып берсе, сөйтіп тезірек аудан орталығына жетсек болды деп ойлағанмын. Қолыңыз алтын екен. Азаматтың бәрі сонау қызыл оттың ортасында. Ауылда қалған қызыл өкпе бала мен көз жасын көлдетіп мал соңында жүрген жесірлер осы бір қиындықты көтерер ме екен, бұлар да қатарға қосылар ма екен деп қинала ойлаушы едім. Шүкіршілік екен. Соларға дем беріп, зіл батпан салмақтың ең ауырын өзіңдей ағалар арқалап жүр екен ғой. Рахмет. Үлкен қала емес, алақандай ауыл ішінде өзіңдей қолы берекелі адамдар тұрғанда, тығырықтан алып шығар қамқоршысы бар ел қандай қиындық болса да, жеңіп шығатыны анық. Көп ұзамай жеңіске де жетерміз. Бірақ негізгі жұмыс алда. Енді кетеуі кеткен шаруаны түзеуіміз керек. Үстемелеп жүк артатын колхоздың қара нарындай тағы да салмақ салатынымыз сендер болмақ. Белді жазып, емін-еркін демалуға әлі ерте. Жоғалтқан арыстарымызды іздеп, бір қапталымыз үңірейіп, талай мұңға да берілерміз, наламызды да айтармыз.

Хатшы әкесінің қасында тұрған, бет-аузына, қолына күйе жұғып, қарала-қарала болған Нұнға, тоңазыған қызыл тобық аяқтарын кезектестіре бірінің үстіне бірін қойып тұрған Шырдабай мен Қолғанатқа ойлана қарады.

— Балалықтың қызығын ұмытқан, тағдыр тауқыметін көп көрген мыналарды шама келсе қатарынан қалдырмауымыз керек. Ертеңгі биікке жетелейтін бұлардың армандарының орындалуына жағдай жасап, ерте қырқылған қанаттарын баптап, жетілдіру біздің әкелік те, адами да міндетіміз. Көріңіз де тұрыңыз, соғыс қасіретін сезінген, айдар шашы желкілдеп жүрген осылар бір кезде біздің, бүкіл елдің мәртебесін көтеретін болады. Бұлар өмірдің ащысын ерте көрді, ауырлық қамытын мойнына ерте ілді, қадірін ерте ұқты. Қолына анда-санда түскен бір собалақ нанның дәмін жетімдіктің кермек жасымен қоса жұтып жүр. Сондықтан да бұлар ертең азамат болғанда, тағдырдың өздеріне келгенде, тарылып, қызғаныш жасап, ойын соңында, білім соңында зая кеткен уақыттарын шама келсе толтыруға тырысады. Өмірден өз орнын алуға деген мақсаттарына жігерлене ұмтылады. Қайғымызды да, шаршап-шалдыққанымызды да ұмыттыратын, ертеңгі үкілі үмітке жетелейтін де осылар. Ендігі тілегіміз осы ұрпақтар. Көп-көп рахмет. Амандық тілеймін. Дәм жазып жатса, әлі кездесерміз, – деп, балалардың басынан еркелете сипап, жиналып тұрғандармен қол алысып қоштасып, жүріп кетті.

Сондағы шопыр жігіт осы еді. Жұбайды жазбай таныды. Ақкөңіл жігіт баяғы мұның жасаған жақсылығын әлі ұмытпапты.

— Сіздің қолыңыздан шыққан сол рессор әлі тұр, аға. Нағыз шебердің өзі екенсіз. Қанша дегенмен, қолдан жасалған нәрсе ғой, көп ұзамай жазылып кететін шығар деп ойлағанмын. Бірақ мықты болып шықты. Кей кезде Әбекеңнің де сізді еске алып отыратыны бар. Ал, жол болсын, Таушыққа жай бара жатырсыз ба, – деп жөн сұрады.

Жұбай военкоматтың шақырғанын айтты. Аңқылдаған шопыр жігіт тағы да әңгімеге қарқ қылып, ұстаны өзінің, айтқан үйінің есігінің алдына түсіріп кетті.

Түскі шәйін ішкен Жұбай военкоматқа келді. Өзі қатарлы шақырылған адамдар баршылық екен. Араларында жас келіншек, қыздар да бар. Көзтаныс адамдармен амандасып, кезегін күтіп отырды. Бір есіктен шығып, екіншісіне кіріп жатқандарға қарап отырып, «маған кезек келгенше, әлі біраз уақыт өтетін шығар» деп шамалады. Осы кезде төрдегі есік ашылып, қолындағы қағазына үңілген жұдырықтай қара қыз:

— Есендәулетов Жұбай, – деп дауыстады.

Қате естідім ғой деп ойлаған Жұбай, жан-жағына қарады. Орнынан тұрған ешкім болған жоқ. Әлгі қыз мұның фамилиясын қайтадан атады. Орнынан тұрған Жұбайға:

— Сізді военком шақырады. Кіріңіз, – деп есікті ашты.

Төрде отырған еңгезердей орыс ішке кірген мұның бас-аяғына барлай қарады. Көзі өткір екен. Алдындағы столға жағалай қойылған орындықтарды нұсқады. Шет жақтағы біреуіне келіп, тізесін бүкті. Бастық мұны ұмытып кеткендей, алдындағы қопыраған қағазымен бола берді. «Өзі қай жақтан келген адам екен, деп ойлады Жұбай. Неде болса, жасында шынығып, еңбекке пісіп өскен адам ғой. Пай, пай шіркін, қызыл жалын оттың ортасында қолына бір пұттық балға беріп, темір соқтырып қояр ма еді. Болмаса айырын ұстатып, пішенге салса жұмысы құрғыр дөңгеленіп жүре бермес пе. Қазір қай жерде осындай құрыш қолды азаматтарды өгейлеп жүр ғой. Қатын-қалаш қаншама тырбанып жүрсе де, еркектей қайдан болсын».

— Ағасы, – деді бір уақытта бастық Жұбайдың ойлап отырғанын құлағына құдай сыбырлағандай болып. Біз екеуміздің орнымыз қайнаған еңбек ортасы болатын. Егін егіп жер жырту, темір соғып, мал бағуды құдайтағала әу бастан ер адамның еншісіне берген кәсіп болатын. Қолын да, қайратын да соған бейім қылып жаратқан. Бірақ мына соғыс өз кәсібімізбен айналысуға мұрша беріп тұр ма? Ең қиыны сонау жақта болып жатыр ғой. Ол иегімен батысты нұсқады.

— Маған жаңа райкомның хатшысы Бақыраев телефон соқты. Сізді кейін қайтаруға тапсырма берді. Осындағы жұмысқа керек адам екенсіз. Ұста дейтін халық қай уақытта да, қай кезеңде де көптің сүйеніші. Әсіресе қазір тіпті керек. Ауылыңызға қайта беріңіз. Сіз кеткен бір күннің ішінде өзіңізді күтіп, қыруар жұмыс жатқан шығар. Әттең шіркін, мына соғысы болмағанда, қасыңызға еріп, мен де кетер едім. Даланы сағындым. Қара топырақты қақ айыра тіліп келе жатқан түренді аңсаймын. Күні бойғы тынымсыз жұмыстан шаршап, буыныңнан әл кетіп құлай кеткеніңде, қара жердің өзі мамық төсектей болмайтын ба еді. Соқа соңында бұйра-бұйра болып аударылып, ісі бұрқырап жатушы еді ғой жарықтықтың. Топырақ астынан шыққан құрттарды шоқып жеген қарғалар жан-жағыңнан қуана қарқылдап, ұшып-қонып жүрмеуші ме еді. Несін айтасың. бейбіт күннің әрбір таңы әуенге толы еді ғой.

Әскери комиссардың жүзінде баяғы сұстылықтың ізі де қалмағандай. Кішкене терезенің арғы жағынан созылып жатқан егіс алқабын көргендей, елжірей қарайды. Ойына бірдеңе түскендей, терең күрсінді.

— Соғыс аяқталсын, – деді даладан көзін алмаған күйі. Сол күні-ақ арызымды жазып әскерден кетем. Шен-шекпеннің де, атақтың да мен үшін құны қара бақырдай. Менің бар өмірім, тыныс-тіршілігім жермен байланысты ғой. Үстіме әскери киім кием, біреуге бұйрық берем деп кім ойлаған. Біздің деревня Еділ бойында темір жолға жақын орналасқан еді. Дегенім болып елге, барсам, поездан түскен бойда ешқайда бұрылмастан, тура егіс алқабына тартам. Сол жерде шоқ-шоқ болып өскен қарағайлар болушы еді. Немістердің бомбасынан аман болса, әлі тұрған шығар. Егіс басына жұмысқа келгендер түстік тамағын соның көлеңкесіне тастай салатын. Біреу сүтін, біреу нанын, біреу отқа пісірген картобын әкеледі. Менікі, сенікі жоқ, тамақ ішерде бәрі де ортақ дастархан үстіне төгіледі. Сол жерге барам. Жұрт жұмыста болса, алдарынан бәрін дайындап күтіп, отырамын. Олар мені көріп, өз көздеріне өздері сенбей, бір-біріне қарайды. Содан кейін барып жамырай жүгірісіп, бірі бетімнен сүйіп, бірі мойнымнан құшақтап, мәре-сәре болады ғой. Ал мен болсам, ауыл пешінде піскен қара нанды қомағайлана шайнап майданда, болғанымды, одан кейін тағдыр айдап, қазақ жерінде, Маңғыстауда болғанымды айтамын. Қиян шеттегі бұл жаққа да эвакуациямен келген адамдардың ішінен жерлестерімді іздегенімді де сөз қыламын.

Комиссар үнсіз тұрып қалды. Артына бұрылып, Жұбайға қарады. Жүзінде мұң бар сияқты.

— Кейде осындай ойға беріліп отырып, сол туған ауылда көз таныс адам қалды ма екен деп те қорқамын. Соғыс. Бәрін де күтуге болады ғой. Немістер Москваға өршелене ұмтылғанда да, маңдайын тасқа ұрғандай болып, кейін шегінгенде де сол аядай ауыл үстімен әрлі-берлі өтті ғой. Ештеңе қалып та жарымаған шығар, кім білсін. Ал, ағасы, сау болыңыз. Мынау қағазыңыз. Тағдыр деген қызық. Көп сөзге жоқтау адам едім. Өзіңізбен баяғыдан бері сырлас адамша біраз шерімді тарқаттым-ау деймін. Жолыңыз болсын, – деп, есікке дейін шығарып салды.

— Сіз де аман болыңыз. Тілегіміз тәңірдің құлағын шалынсын, – деп, қол алысып қоштасқан Жұбай ауылға бет алды.

Содан бері де бірталай уақыт өтті. Құмсағаттай жылжыған уақыт бір орнында тұра ма. Күн артынан күн өтті. Қысты жаз ауыстырды. Кішкентай ауылдың тұрғындары сүрінгенін сүйеп, шаршағаны болса, қолтығынан демеп, ертеңгі күнге ұмтылумен болды. Адам жаны осыншама мықты болады деп кім ойлаған. Осы Тұщыбектің басы, ана Сартаған, мына үй іргесіндегі Қара еспеде отыратын бұлардың аулынан қаншама боздақ оралмады. Қайда барсаң да, алдыңнан шығатыны қатын-бала, сүйегі сылдырлап зорға жүрген кемпір-шал. Бірақ сонда да олар осы күндері ұйқысының қанбағанын, жұмыстан шаршағанын әңгіме де қылмайды. Талқысыз құла суды бөле ішкеніне мәз, жылы сөзін аямай, бір-бірінің қабағындағы кірбіңді жазғанына риза. Бірақ шаңырақтың тірегі болған азаматының оралмай, орнының үңірейіп тұрғаны кімнің жанына батпайды дейсің. Елмен бірге көрген ұлы той деп, көп алдында қайғысын білдірмей еңсесін көтергенмен жеке қалғанда көз жастарына ерік береді.

Қызығына қанбай жатып, ерте түрілген шымылдық астындағы жас келіншектер арсыз тағдырдың өздеріне қиналмай-ақ бере салған мырзалығына – тұл сыйына ерегескендей таң бозара тұрады. Сүйгенінің кеудесіне басын қойып, еркелей жататын өткен күндерді шама келсе, есіне түсіргісі келмейді. Тамағына тіреліп тұрған өксікті сыртқа шығармауға тырысып, Жұбай ұстаның қолынан шыққан шалғы орағын тістене сермейді. Кенет төбе басынан атты көрінеді. Іздегені, сарыла күткендері келе жатқандай келіншектер бір сәт жұмыстарын доғарып, әлгі жаққа селтиіп қарап тұрғандары. Таң атпай жатып ысыған күннің бұлдыраған сағымы ішінен әлгі қарайған өзінің жары сияқты болып көрінеді. Аталақтай соққан жүректерін басып тұрып «Құдай-ау, шынымен сол ма » деп ойлайды. Алдамшы болмаса екен деп тілейді. Бірақ бірте-бірте жақындап келе жатқан адам олар күткен майдангер болып шықпайды. Шолақ аяғының балағын қайырып, беліне қыстырған бригадир екен.

— Манадан бері көзіміз төрт болып, сарыла күткеніміз шолақ қайнаға екен ғой. Әдірем қалсын, – деп күлген келіншектер жұмысына қайта кіріседі.

Бірақ бұл келіншекке ғана жарасар әдемі сыңғырлаған күлкі емес еді.

Бұл өздерін күн сайын алдап келе жатқан тағдырға налыған қасіретті жандардың күлкісі еді.

Маңдайларына бақтан гөрі сорды көп берген өткен күндерге деген ашынғандықтың алды беймәлім сан тарау жолдарға деген сенімсіздіктің күлкісі еді.

Бұл күйеуінен айнымай қалған жалғыз ұлының болашақ тағдырына деген уайымның күлкісі еді.

Бұл қызғыштай қорыған арын аяқ асты қылғысы келген ел арасындағы кейбір пасық кеуделерге деген жиіркеніштің күлкісі еді.

Бұл жарының денесін құшақтап отырып, жоқтау айтып, ақтық сапарға өз шаңырағы астынан шығарып сала алмаған, орны толмас өкініштің күлкісі еді.

Соғыстың адам баласына түсер бар ауыртпалығын арқалап, көз айым күнге, Жеңіске де жеткен. Бәрі де бала болып кеткендей. Бірін-бірі құшақтап, мәре-сәре болған ел. Сол күні ешкімнің тапсырма, нұсқауынсыз-ақ қолындағы барын ортақ дастархан үстіне бастарын қосты. Ауылдың ақсақалдары Серікбай, Айдарбай, Аман, Шошай, Аманияздар бір-біріне тізесін соғыстыра, төрден орын алды. Жұбай да ағаларының қасында. Дастарханды жағалай отырғандарға көзі түсті. Жаулығы желбіреген кемпірлер, келіншектер, бала-шаға. Жүрегі шаншып кетті. Баяғы той жиынның сәні болып, бірден ортаны үйіріп ала жөнелетін жігіттер жоқ. Көз алдына ана жылғы қалың елмен боздай қоштасып жал-жал толқындардың ортасында бірте-бірте ұзап бара жатқан пароход елестеді. «Алқызыл» әнінің әуені келгендей болды. Кеме жақтауына сүйенген Реушен, Сүлейменнің Демегені, Сүйеуханы, Ержанның Өтеп, Төребегі, Шәй кемпірдің төрт бірдей баласын сол қалпында көргендей. Кенет қасында отырған ағасы Аман:

— Селдіреп қалыппыз-ау. Бәрі орнына келгенше, талай уақыт өтетін шығар. Апыр-ай, төрт жыл қырғынға, екінің бірі көтере алмас ауырлыққа бұл жұрт қалай шыдап келді. Әне, Шәй кемпір де келе жатыр. Аяғын зорға басады, бейшара. Осы келе жатқанда, еңсесін басқан қайғымен арпалысып келеді. Төрт бірдей арысынан айрылу кімге оңай дейсің. Балалар ана Шәйді жоғары, төрге шығарың, – деді.

Ақсақалдардың қасына тізесін бүккен Шәй кемпір жан-жағына барлай қарап отырып:

— Ал, ағайын, тойларың құтты болсын. Ақ түйенің қарны жарылған күн деп осыны айтатын шығар. Құдай көз жасымызды көріп, тілегімізді берді. Мына отырған шалдар, мен сияқты алжудың, жынданудың алдында тұрғандар бұл күнге қалталақтап зорға жеттік. Көбіңнің жүзіңде қуаныш тұрғанымен, арғы жақтарыңда қасірет жатқаны белгілі. Төрт жыл бойы бастарыңа түскен қиындықпен өжеттене арпалысып келіп, енді бүгін босай көрмеңдерші. Соғыс басталғалы көрген алғашқы тойымыз осы ғой. Ер азамат – елдің қорғаны. Жорыққа аттанған жасақтың төрт көзінің түгел оралмайтыны белгілі. Көбі елі үшін, артында қалған қатын-баласының болашағы үшін шейіткетеді. Біле білсеңдер,бұл да мақтаныш. Мен солай ойлаймын. Төрт бірдей арысымды тоғыз ай, тоғыз күн бекер көтермеппін. Бойыма біткен алғашқы күннен бастап, мен олардың қанына туған жерінің қасиетін, аталарының ешкімге бас имес өрлігін дарытыппын ғой. Мен жалғыз қалдым, бірақ бұл елдің шаңырағы құламады, іргесі сөгілмеді. Алапат дауылдан бәріміз жабылып жүріп, сақтап қалмадық па. Қаза болғандар жалқы болса да, егіз болса да әр шаңырақтың тірегі еді. Амалымыз қанша. Енді еңсемізді көтерейік. Бақытты күнімізді, қызықты дәуренімізді осы күннен басталды делік. Бұл ел қашанда елдігін істейді. Олар ұмыт болмайды. Қай жерде қалғанын білмедік, басына белгі қойылмады демен. Олардың әруақтарының жоқтаушысы бар. Көрің де тұрың. Әрқайсысының басына бір-бір ақ боз үй тігіледі. Оны мына шалдар істемес, қолдарынан келмес. Ана отырғандар істейді.

Шәй кемпір дастарханның төменгі жағында отырған көп баланы көрсетті.

— Бұлар кешегі көзі көрген ағаларын, мойнына мінгізіп сағына күткен әкелерін нанға тойғасын ұмытып кетеді деп ойлайсыңдар ма? Жоқ. Осы күнге аман жеткізген арыстардың алдындағы перзенттік парыздарын олар тіпті де ұмытпайды. Сәл еңсесін көтерсін, буыны қатсын. Сонда көрерсіңдер. Тойдың сәні ән еді ғой. Ән бастайық, – деп өзінің жарықшақ даусымен бастай жөнелді.

Алқызылдың басында ала ноқта,

Айналайын қарағым, еркем, тоқта

Жамал-ай...

Әр жерден шашырай шыққан дауыстар бірте-бірте ұлғая берді. Бірінің иығына бірі басын қойған келіншектер Үшкіл Мұқанбетін, Дәржан Қолғанатын, Күжім Көңілін, Ақдилан Жеткізгенін, Ақбибі Сұлтанын, Күлсін Қанекешін, Үзілдік Бектұрбайын, Төлеш Сатыбалдысын, Балбөпе Санақбайын тас қылып құшақтап, көпке қосылды. Ендігі қалған өмірде өзіне қамқор болатын, шаңырағын ұстап қалатын осы жалғыздан айрылып қалмайын деген адамдай. Көз шарасын толтырып төмен сорғалаған жастарын да жасырмады.

Батыстан жел соқты. Әр жердегі селдір бұлттар жиналып келіп, Отпан таудың басына ілінді. Сіркіреп жып-жылы жаңбыр жауды. Көп ұзамады келіншектердің бетін жуған, өткінші ақ жаңбыр бірте-бірте алыстап бара жатты. Шайдай ашылған көк жүзінде сымдай тізіліп тырналар ұшып барады. Бұларға беймәлім алыс жақтан сағыныш әні жеткендей.

Жеңістен кейін екі қыс артта қалды. Бірте-бірте колхоздың жағдайы жақсарып көтеріліп келеді. Майданнан оралған ақсақ-тоқсағы бар, жігіт болып қалған баласы бар, әйтеуір бұрынғыдай емес, әр шаруаның құлағын ұстайтын иесі болғанның өзі бөлек екен. Оқудан қолы босаған сәттерде бала біткен шешелеріне көмекші болып қастарынан табылады.

Нұн бұл уақытта ауылдағы бастауыш мектепті бітіріп, Жыңғылдыда интернатта оқып жатыр. Ауыл арасы жақын. Үнемі болмағанмен, демалысында мұғалімдерінен сұрап, келіп тұрады. Шешесі аурушаң, інісі Сұлтан мен қарындасы Қараша әлі қолғанат болып кете қойған жоқ. Бір күн болса да әкесіне көмектеседі, болмаса, колхоздың қай уақытта да сіңбіруге мұршасы келмей мұрнынан шаншылып жататын жұмысына араласады.

Қай уақытта да өзінің ұста үйінен шықпайтын әкесі баласының сабағынан қалмауын үнемі айтумен болады. Осы күндері Маңғыстаудың адамдары оқудың дәмін біле бастаған сияқты. Күйі келгендер он жылдықты бітірген балаларын жан-жаққа оқуға жіберіп жүр. Құдайдың көзі түзу болса, баласының көп ұзамай-ақ мектепті бітіретінін ойлайды. Шамасы келсе, қатарынан қалмағанын тілейді.

Бірақ тағдыр бұл шаңыраққа қырын қарауын қоймады. Аяқ астынан тағы да қиындық келді. Түбі қайыр әйтеуір. Ағасы Совет болмағанда, айдалада ит жеместен қалағын еді. Соның арқасында ғана аман қалды. Әйтпегенде кім біледі, не боларын. Жұбайдың жұмыстан сәл қолы босаған уақыттарында қақпанын арқалап, аңға шығатыны әу бастағы әдеті болатын. Осы күндері жүргінші көбейді ме, әлде жарықтық аң азайды ма, кім білсін, бұрынғыдай емес, олардың жайылымы да ауылдан ұзап бара жатыр. Тау маңайында биыл қарақұйрық көрінбейді. Оны-мұнысын жасатып, қасына келіп отыратындар Қараман атаның жазықтығында көп екенін айтады. Жаз жаңбырлы. Әлі күн айтарлықтай ыси қойған жоқ. Оның үстіне қай кезде де аң сүйіп жейтін нәрлі шөптер көп өсетін Қараман атаның дөңі биыл іріп тұр дейді. «Өткенде жоқ қарап мына жағы Есен атаның құлауына, одан Құйылысқа дейін шарлағанмын. Бұта сайын кездеседі деп құдайға күпір болмайын, бірақ баршылық. Жұбекеңе айтайыншы, қақпан мылтығы бар. Жұмыстан қолы босап бір келіп кетсе, қанжығасы бос қайтпас. Тапқан таянғанын бауырына баспайтын, көппен бөлісетін адам ғой. Қақпанының қанды ауызына бір туша түссе де ауылдағы ортақ дастарханға келетін еді. Қарны жалтырап, қызылсырап жүрген балалардың бір тойғаны – шала байығаны ғой, деп ойлағанмын», – деген әлгі қасында сұңқылдап әңгіме айтып отырған.

Көп сөзге жоқ Жұбай оның айтқанына бірден жалп ете түскен жоқ. Құдайдың бір сәтін салған күні шығармын деген де қойған. Содан оны-мұны бітіріп тастайыншы деп жүргенде, арада он шақты күн өтті. Көптен бері қозғалмай жатқан қақпандарын реттеді, мылтығын қарады. Алдағы демалыс күнін күтті. Нұн келе қойса ертіп, кетпек. Осы баланы аң қызықтыра ма, әлде даланың тау тасы қызықтыра ма білмейді, әйтеуір кеңге шыққанды жақсы көреді. Ондай уақыттарда сай-саланы кезіп кетеді. Аяқ астында жатқан тастарды салмақтап қарайды. Арасында алтын жатқандай бір-біріне ұрып сындырып жүргені. Кейбіреулерін ауырлығына қарамай, қалтасына салып алады. Баласының әр ісін зердесінен тыс қалдырмайтын Жұбайдың ойына соғыс алдында осы жаққа келіп, тау-тасты кезіп жүретін орыстар түседі. Брезенттен жасалған күркелерін тау көлеңкесіне тігіп, өздері күні бойы Қаратаудың сай-саласына сіңіп кететін. Әр жердің топырағын қазып қарайды, тасын тереді. Аптап ыстықтарда күнге күйіп, қып-қызыл болған, сақал-мұрттары өскен олармен анда-санда қожа Серікбай ғана тілдеседі. Ана бір жылдары осындай кезбе орыстарға екі-үш ай жалданып жолбасшы болғаны бар. Сонда үйренгені шығар, бұл ауылға орыс келсе, алдынан шығып жөн сұрасатын осы. Өзіне айттырсаң, орыстармен тілдескенде мүдірмеймін дейді. Бірақ бір жар рет қасында болған Жұбай «Әй, Сәке-ай, мен білсем, есіл сөздің басын жарып, көзін шығарып тұрсың-ау» деп ойлаған. Бұлардың іздеп жүргені мұнай екен, темірдің біз естімеген ерекше бір түрі екен дегенді сол Серікбай айтады. Арада сірә соғыс өтті. Ол жылдары жер астындағы байлықты іздеген адам бола қойған жоқ. Қайдан іздесін. Кім-кімнің де ойы сол соғысты жеңіспен аяқтау болған жоқ па.

Осы соңғы кездері ғана қайтадан көріне бастады. Өткен жылы ана Қарашымыраудың қасында сондай палаткадан тігілген үйлердің он шақты күн тұрғаны бар. Нұн тыным таппай соларға көп барғыштаған. Нені түсініп, нені көкейіне тоқығанын бір құдайдың өзі білсін, әйтеуір осы жерастының бір қабатында мұнайдың белгісі бар, темірдің қоры бар деп, екі көзінен ұшқын ата сөйлеп отырғаны. Адамдарымен достасып кеттім, бастығы да мені жақсы көреді. Жер қыртысын оқытатын оқу жөнінде көп әңгіме айтты дейді. Бір-екі рет танысқан достарының бірі шығар жиырманың үстіндегі жап-жас орыс жігітін ертіп келді. Топшасы кеткен темір сандығын оңдатты, қайтадан біраз қазықтар соқтырып алды. Жас жігіт ұстаның қолынан шыққан бұйымдарға ризашылығын білдірді. Нұнның иығына қолын салып тұрып, біраз әңгіме айтты. Бұл бәрін қайдан ұға қойсын. Әйтеуір баласы туралы жақсы пікірде екенін білді. Бірақ олар көп ұзамады. Бозашы жаққа көшіп кетті. Жаңадан танысқан достарының кеткеніне баласының өгейлеп қалғаны белгілі еді. Өзіне салса, еріп кетіп, сонау оқу басталатын күзге дейін жүре бергісі бар. Әке мен бала бір-бірін іштей түсінсе де, ештеңе айтпады. Ақылды бала от басындағы негізгі салмақтың әкесінен кейін өзіне түсетінін, ауру шешесіне қай уақытта да қол ұшын беру керек екендігін жадынан шығармады. Әкесі болса, жерастының бүлкілін тыңдап, қағаз бетіне түсіріп жүрген зерттеушілердің баласының жүрегіне өшпестей шырақ жағып кеткенін, енді оны ол бағыттан өзгерту мүмкін еместігін ұқты. Өзінің армандайтын дәрігер болса, бала оқытса деген ойын зорлап, таңа алмасын білді.

Кейде екеуі оңаша отырғанда, өткендегі дос орыс жігітінің тастап кеткен кітабындағы суреттерді әкесіне көрсетеді. Мынау жердің қабаты дейді қатарластыра сызылған көп шимайдың ішінен топырақты, сазды, қайырды бөлек-бөлек көрсетіп. Солардың астыңғы жағындағы өздерінің егіске су жинайтын ауданы сияқты жерде мұнай болады дейді.

Кітаптағы суретке зер салып қарап отырған Жұбай сенер-сенбесін білмей, басын шайқайды. «Бұл ілім деген құдірет қой дейді ішінен. Біздің ата-бабаларымыз шауып кеткенде жер астын үңгіп қырық құлаш шымырау қазды. Ал бұлар болса, пәленбай жүз метр тереңдіктегі оның қатпар, қыртысын анықтап, қағаз бетіне қалай түсірді екен».

Өзінің ақылы жетпесе де, баласының ұмтылысына риза. Аман болсын, заман осылардікі ғой. Кім болса да, қатарынан қалмай жүрсе болды емес пе. Кейде өз-өзінен көңілінің таситыны бар. «Әнеттен тараған ұрпақтың әлсізі болды ма. Батыр десең батыр, би десең би шықты. Әр заманның өзіне лайық тұлғасы болмай ма. Оқу-білімге сүйенген уақытта да біздің әулеттің мәртебесін көтерер біреу шығатын шығар. Сөйтіп жатса, тап бізді ешкім олқысынбас», – дейтін. іле артынан пендешілікке салынып, алдын-ала кесіп-пішіп жатқаны тәңірдің назарына ілігетіндей тіфалап, тәубесіне келетін.

Кішкентайынан қасында болып көмектесіп жүргендіктен шығар, бір жаққа шықса, баласын өзімен бірге ілестіре кететін. Осы аңға шығарда Нұнның ауылға келетін күнін күткені де сондықтан еді. Құрал-сайманы да, ат-көлігі де дайын. Баласы келсе болды, ертелетіп шығып кетеді. Бірақ ол күні Аманбұлақтан бері қарата асып жататын жолдан ешкім көрінбеді.

«Өмір тауқыметінен қажып шаршадым ба, әлде үлкейдім бе, – деп ойлады, ұйқыға кетіп бара жатып. Бұрын жеңілі бар, ауыры бар қақпандарды иығыма асып алып, қай жер болса да, жаяулатып кете беретін едім. Жолыма кедергі болады деп көп адамды ертуге әуестігім де жоқ еді. Осы күндері қасымда біреудің болғанын тілейтін болдым. Әсіресе Нұнды. Баланың алды болғасын шығар. Келгенде жақсы болатын еді. Құдай сәтін салып, барған еңбегіңе бос қайтпай қанжығаң майланғанға не жетсін. Осындағы кез келген адамның қызылсырап жүргендері рас. Алдындағы төрт-бес жандықтың төлдеріне пышағын алып қайдан жүгірсін. Өзі жемесе де, алыстан сыйлы қонақ келсе, жерге қарап қалмайын деп артына сақтайды. Үйіне келген қонағын төріне шығарып, алдына сыбағалы жілігін қоя алмаса, қазақ үшін одан өткен сорлылық бар ма. Аң деген де құдайдың несібесі. Мылтығын шошайтып, соңынан ерген кез келгенге бұйыра бермейді. Жолын тауып, жөнін білмесең, салпақтап кейін қайтасың».

— Бірақ бос қайтқан кезім болмапты, – деп ойлады Жұбай аунап түсіп жатып. – Бәрі де бала-шағаның несібесі ғой. Бұйырғанын сыпырып-сиырып қазанға саламыз, болмаса әр үйге таратып береміз. Одан басқа аң етінен қор жинайын, кебежемді толтырайын деп жүрген мен жоқ. Апырмай, – дейді тағы да. Нұн келмеді, мұғалімдері жібермей қалды-ау. Өткенде жан-жақтан балалар келеді, есеп шығарып жарысамыз деп еді. Неге екені білмеді, дәл осы жолы баласының болғанын тілеген Жұбай тықыр еткенге оянып әрі-бері жатты. Ақыры талықсып барып, көзі ілініп кетті.

Баласын ойлап ұйқысы келмеген Жұбай ерте аттанып кетті. Күн ысымай-ақ Қараман атаның дөңіне ілікті. Айтса айтқандай екен. Ұстаның қырағы көзі ат үстінде келе жатып-ақ аңдардың шұбырынды іздерінен олардың жаңа ғана өткенін білді. Мына бір жер түнемелік орындары болған сияқты. Құмалақтап тастапты. Әзір күн ыси қойған жоқ. Суатқа баруға ерге. Атынан түсіп қақпандарын алды. Бір-екеуін осы жерге құрып кетпек. Өзі ілгері кетіп Құйылысқа барса, құр қайтпайтыны белгілі. Ағыстың бойында жылымшылап жататын суы бар. Сай-саласында шоқтанып өскен жыңғылдары да көп. Сонда көлеңкелеп жататыны анық. «Көңілім алдамаса, құр қайтпайтын шығармын» деп ойлаған Жұбай уақыт оздырмауға тырысып, екі қақпанын сол жерге құрды да әрі кетті.

Бұл жаққа ат ізін салмағалы да біраз болыпты. Жан-жақтан келіп тоғысатын сай-саланың бәрі бітік өскен жыңғыл. Атты адам көрінбейтіндей. Бұрын көздің жасындай болып, жылымшылап ағып жататын судың да арнасы үлкейгендей. Жаңбырдың көп жауғанынан көзі ашылған сияқты. Жақындай бере, салқын леп соқты. «Жарықтық-ай деп ойлады аңшы. Аллатағала құдірет қой. Нағыз шөл даланың ағашы. Суарудың, баптаудың қажеті жоқ. Қаталап келген адам көлеңкелеп жатып та шөлін басатындай». Атынан түсіп, айналасына барлай қарады. іздегені осы жерде құр емес сияқты. Түз аралас топыраққа түскен іздерінен-ақ белгілі. Жағалап жүріп, тағы да екі-үш қақпанын құрды. Қайтып келіп, көлеңкесі молдау жыңғылдың түбіне қисайды. Мылтығын қасына алып, қалтасынан шүберекке түюлі оқтарын алды.

Жан-жағына қарап, әрі-бері отырды. Әудем жердегі жыңғыл түбінде жайылып тұрған ешкіні көрді. Бейтаныс иісті, бөтен жүрісті байқағандай, қайта-қайта басын көтеріп, бұл отырған жаққа секемдене қарайды. Жалма-жан мылтығын оқтады. Жыңғыл тасалап орнынан көгеріле бере, қайта отырды. «Күн қызбай жатып, мылтық атып үркітпейін. Оқ та шамалы. Су ішуге келмес дейсің бе. Шұбырған аңның сүрлеуінен көзім шатаспаса, мылтығымның қанды ауызына бірдеңе ілігетін шығар. Қайтар жолға керек болар» деп өзін-өзі тоқтатты. Бешпетін жайып, көлеңкеге қайта қисайды. Жыңғылдың, сазды жердің ісі көкірегін аша түскендей бей-жай күйге түсті. Құлағына сай бойында өскен қамыстың бір-бірін қытықтай сыбырлаған даусы ғана келеді. «Нұн келді ме екен. Бірге жүргенде жақсы болатын еді. Өзінің аңға дегенде икемі бар. Соның қыр-сырын үйретіп жатқан біз жоқ. Бірақ көргенін көңіліне тоқып алады. Тіфә, тіфә, қызығын көрсек, болды емес пе. Соңыра үш-төрт қарақұйрықты көріп, қуанатын шығар. Ат қанжығасынан аңды шешіп жатып әкесіне қарайтын. Бұл кімнің үйіне апарып тастайын дегені. Жұбай аттарын атайды. Нұн әлгі үйге беттейді. Көп ұзамай қайта оралған баласының жүзінен мәртебесінің өсіп келгенін байқайтын. Көптің алғысын алғанына, қазан-ошағы бөлінбеген көршілерінің ризашылығына қуанады. Қиын кезеңдерде қара суды бөле ішкен ұядай ауылдың тірлігі барын ортаға салуды үйретті. Бала-шағасының аузынан жырып, ауылда жоқ көршісінің сыбағасын сақтайтын. Сол үрдіс әлі жалғасып келе жатыр».

Әр нәрсені ойлап жатқан Жұбай бір қапталына аунады. Кенет қиыстап жайылып бара жатқан қарақұйрықтарды көрді. Бұлардың әлгі құрған қақпан жаққа бармайтыны белгілі болды. Алдындағы қылыш мүйізді теке бірдеңені сезгендей жан-жағына қарайды. Осылай жата берсе, сай бойын қуалап барып, дөңге шығып кететін реті бар. Кетіп бара жатқан аңдардан айрылмауды ойлаған Жұбай олардан көз алмаған күйі аяқ жағында жатқан мылтығына қолын созды. Оқтаулы дайын тұрғаны мұндай жақсы болар ма. Ең болмаса, біреуін алып қалады ғой. Қалғанын көре жатар. Мылтығының ұңғысынан ұстаған ол өзіне тартты. Бір нәрсеге ілінгендей болды. Қайыс бауы шөпке ілініп қалды-ау деп ойлаған Жұбай, қаттырақ сілке тартты. Осы кезде сай бойын жаңғырықтыра тарс еткен мылтық даусы естілді. Сан етін күйдіріп бара жатқан қорғасынның қызуын байқағандай болды. Қолқасын атқан түтін иісі келді. Дәрісін көбірек салып оқтағаны есіне түсті. Бірте-бірте сейілген түтін ішінен таңдары жарқырап, төбе асып бара жатқан қарақұйрықтарды көрді. Басы айналғандай болды. Бар күшін салып, жан-жағына қарады. Жылға бойын қуалап өскен өлең шөпке жайылған аты да ұзап кетіпті. Оған жете алмасы белгілі. Әттеген-ай, шалап сусыны да соның қапталындағы қоржында еді. Жаңа мылтығын, қақпанын алғанда оларды ұмытыпты ғой. Енді қайтті. Шөл қысып бара жатқандай, тамағы құрғағандай қайта-қайта жұтынды. Қансырап қалмасам болар еді, – деп ойлады. Күн көзіне қалмауға тырысып, аяғының жанын шығара ауырғанына қарамастан еңбектеп, жыңғыл түбіне ауысты.

О, құдіреті күшті жасаған-ай. Қуансам да, қорықсам да жалынатыным, медет сұрайтыным өзің едің ғой. Бауырымнан өнген алты бірдей баламды арасына күн салып қатар алғаныңда да саған тілім тиген жоқ еді. Жаны күйген адам тәңірін қарғайды. Бірақ қаншама қайғыңды көтерсем де, шаңырағыма келген ауырлықтың артында жақсылықтың болатынына иманымдай сенуші едім. Тек бұл әулеттің ғана емес, бүкіл елдің басынан қайғы арылып еңсесі көтеріліп келе жатқан жоқ па еді. Енді тағы да бір салмағыңды салып, мені өзіңнің тезіңе салайын дедің бе? Аз тауқымет көрген жоқ едік қой. Аңға кеткен Жұбайға міне үш күн болды. Өлі, тірісі белгісіз. Аттан құлады ма, әлде дәмі таусылды ма, оны бір құдайдың өзі білсін. Кеше артынан кеткен інісі де жоқ. Айдалада ит-құсқа жем болмаса, неғылсын. Мұның аздай, мына балалардың аяғына қара сүйел деген пәле шықты. Мен осыдан қорқам. Бұл жақсылықтың нышаны емес. Саған керегі адам болса, мені ал, ешқайда бұрылма жасаған. Бір кәдеңе жарайтын шығармын. Бірақ мына желбіреп өсіп келе жатқан құлыншақтарыма тие көрмеші. Үш жерінен буып, босағадан өлік шығарар қасіретіңді енді маған көрсете көрмеші. Осы әулетке түсер бар ауыртпалығыңды маған арт. Белім шыдаса, көтерейін, күшім келмесе, өзіммен бірге ала кетейін. Көз жасымды, шын тілегімді бере көр, жасаған.

Өз-өзінен күңірене сөйлеп отырған Қағаз күйіп-жанып жатқан Сұлтан мен Қарашаның қасында отыр. Аяқтарын сипап, қап-қара болған сүйелдерге үрейлене қарайды. Алғашында баланың бетіне түскен секпілдей болған кішкене қара дақтар бірте-бірте көлемін ұлғайтып келеді. Қолынан келер ештеңе жоқ. Тұзды сумен жуады. іріңін тартып алар ма екен, жарылар ма екен деп, сор мақта тартқан болады. Бірақ оған тоқтар емес. Күні кеше ойнап жүрген балалар қағынды тигендей, бір күнде ауырды да қалды. Жығылғанға жұдырық дегендей, аңға кеткен әкелері тағы жоқ. Совет інісі кеше түйеге мініп, іздеп кеткен. Есік алдына шығып, далаға көз салғанымен, ештеңе көрінбейді. Көңіліне қорқыныш ұялаған Қағаздың құдайына жалбарынып, зарын шаққаннан басқа қолынан ештеңе келер емес.

Күйікке ұшырағандай зарлай сөйлеп бір кіріп, бір шығып жүрген Қағазға ешкім қой дей алмады. Жалғыз ол ғана емес, ауылдың үлкен кішісі де кешегі Совет кеткен Қараман ата жаққа елегізе қараумен болды. Көңілдеріне қорқыныш кіргендей. Өйтпегенде қайтушы еді. Жұбайдың аңға шыққаны бүгін емес. Жастайынан темірге қоса арқалап келе жатқан кәсібі. Аң қызығына беріліп, албырттыққа салынатын кезеңнен өткен. Неде болса, бір қателік болғаны анық. Түбі қайырлы болсын, әйтеуір. Бір-бірімен күбірлесе сөйлесіп, көздері жасаурап, жол жаққа тесіле қарағандардың айтары осы. Бірақ сағыздай созылған уақыт өтіп барады. Үшінші күннің де түсі ауды. Әлі хабар жоқ. Ыстық та күшейгендей.

Cay адамның өзін шыдатпай барады. Алла тағаланың бір шапағаты тимесе, далада қалған адамның аман қалуы екіталай. Мына ыстықта дәмі таусылса, әлдеқашан ағып та кеткен болар. Құдай сондайдан сақтасын. Анау бір жылдардағы аумалы-төкпелі уақыттың ашаршылығында кім екені белгісіз, далада сүйегі қалғандарды көргендері де, естігендері де бар еді. Бірақ бәрі де ондайды бастарынан кешпеген. Қолынан келген кәдесін жасап, ауыл іргесіндегі топырақ қойнына тапсыратын. Даланың тағысына жем болмай өлі болса да, тірі болса да табылса екен, деп тілейді кішкене ауылдың адамдары.

Күн бата түйе жетектеп келе жатқан адам көрінді. Бәрі есік алдына шықты. Бірден таныды Совет екен. Ауыл алдындағы төбеден құлап келе жатып, түйе үстіне жалтақтай қарайды. Ойға қарата желіп кетпесін дегендей, бұйдасынан тарта кідіртіп, жайлап түсіп келе жатыр. Үстіне көлденең артқан адамы бар. Жұбай екені белгілі. Жаралы ма, өлі ме ол жағы белгісіз.

Осы кезде төбе құйқаңды шымырлата сөйлеген Қағаздың даусы шықты.

— Құдай бар екен ғой. Көмусіз қалады ма деп едім. Өлі болса да, босағама келді. Бұған да шүкіршілік. Өмір бойы осы сөзді қайталаумен келем. Басыңа түскен қандай қиындық болса да, қажығаныңды сыртыңа шығармай үнсіз көтеретін едің. Тағдырдың соңғы соққысында сол қалпыңда алдың ба. Бірақ мені күйік отына тастап бара жатқаныңды білесің бе, Жұбай-ау. Мұның не? Мына тесік өкпелерді қолдарынан жетектеп ұлы көшке ілестіріп жіберу сенің міндетің, әкелік парызың емес пе еді. Не істесең де ақылға салып, сабырға жеңдіретін сенің осы жолы мұншама асыққаның қалай?

Совет есік алдына келіп түйесін шөгерді. Түйе тізесін бүккенде, ілгері лықсыған Жұбай тірі екенін білдіргендей ауырсына ыңыранды.

— Қой, жеңеше, жамандық шақырма, – деді Совет, ағасын шешіп алып жатып. Татар дәмі таусылмаған екен. Абайламай өзін-өзі атып алыпты. Қан көп кетсе керек. Елге аман жеткізсем деп едім. Құдай көмектесіп, періште қолдап, жеттім әйтеуір. Ертеңге дейін ілекерлесек, Таушыққа, дәрігерге апару керек. Көрмейсің бе, аяқ-қолы күп болып ісіп, көгеріп кетіпті. Қағынып кетпесе болғаны. Ата-баба, аруақ қолдар. Көрген құқайы, қиындығы осы дейсің бе. Қаралай зарлама. Балаларыңды адам да қылады, қатарға да қосады. Көресің әлі.

— Айтқаның келсін. Қойдым, қарағым, қойдым. Нұн-ау, қарағым-ау, неғып тұрсың. Әкеңді төсекке жатқызсаңшы. Ана шәйнекті мосыға іле сал. Ағаңның да құр сүлдері келген шығар. Демін бассын, – деді, етегіне сүріне төсегін салып жатып.

Содан бәрі жабылып жүріп төсегіне жатқызды. Оқ тиіп қан көп кеткен, оның үстіне шөлде қалған адамда қандай күш қалсын. Күп болып ісіп, сандырақтап жатыр. Ауыл адамдары да жиналды. Әркім білгенін айтып, көмегін көрсетіп жатыр. Кезеріп, жарылып кеткен ерініне Шошай шал мақтамен су тамызып отыр. Біраздан соң басын сүйемелдеп көтеріп, бір-екі жұтым су ішкізді. Маңдайына сулап, шүберек басты. Өзіне-өзі келгендей болып, көзін ашты. Жан-жағынан қоршап отырған адамдардың ішінен Нұнды тапты. Келген екенсің ғой, балам, дегендей ерінін жыбырлатты. Шөлін басты ма, әлде елге келгеніне көзі жетті ме, көп ұзамай қалғып кетті. Ұста шалдың орталарына аман келгеніне риза болған ауыл адамдары әр нәрсені тілге тиек етіп, түн ортасына дейін отырды. Ертеңгі жүріске көлік дайындауды тапсырып, біразы үйлеріне тарады. Сәл нәрседен қорқып қалған үрегей көңілдері бұл жолы азғана түтіннің іргесі сөгілмей қалғанына шүкіршілік етіп барады.

Жұбайды Таушыққа жеткізер машина табылмады. Кездейсоқ өтіп бара жатқан да ештеңе жоқ. Бұлай жата берсе, жағдайының төмендей беретін реті бар. Көріп тұрып, қолдан беруге болмас. Екі орта біраз жер болса да, енді істейтін басқа амал жоқ, тағы да түйеге ауыт салып, апаруға тура келді.

Қасына Нұнды ертіп, Қағаздың өзі баратын болды.

Өрістен қызыл маяны алдыртты. Басқа түйелердей емес, жүрісі жайлы еді жарықтықтың. Сұлтан мен Қарашаны көршіге тапсырды. Уақыт оздырмауға тырысып, балалы екеуі жүріп кетті.

Дәрігерлер Жұбайды айналдырып ұзақ қарады. Бір-бірімен ақылдасып шешкені болар, аяқ-қолды кеспесе, болмайды деді. Әйтпесе әл бермейтінін, өміріне қауіпті екенін айтты.

— Жоқ, қарағым, – деді Жұбай ыңқылдап отырып. Менің бар күнелтісім – осы аяқ пен қол. Оны сенің айтқаныңа көніп, шолтитып кестіре салсам, ертеңгі күнелтісім не болмақ. Келіспеймін. Оқудың түбін құтарып келгендегі ауруға жасайтын жәрдемің осы ма? Дәріңді жақ, инеңді сал, бірақ кеседі дегенді айта көрме.

— Ойбай-ау, ағасы, – деп шырылдады дәрігер. Сіз далада қансырап көп жатып қалғансыз. Көрмейсіз бе, мына көгеріп, қарайған ісік бірте-бірте жоғары өрлеп бара жатыр. Медицинада оны тоқтатудың бірден-бір жолы кесу. Басқа амалы жоқ. Тірі қаласыз ғой. Сіздің бұл қарсыласыңыз ақылға сыймайтын іс. Өзіңізді өзіңіз ажал аузына сүйреп апару біле білсеңіз. Мұны мен тектен-тек айтып тұрған жоқпын.

— Болмайды, қарағым, келіспеймін. Ажал келіп тұрса, одан ешкім қашып құтылмайды. Қолыңнан келген көмегіңді жаса. Баяғының шалдарының істейтін бір емі болушы еді осындайда. Мен соны істеп көрейін. Оған қарсы болма. Оның көмегі тимей жатса, саған өкпем жоқ. Сырттағы кемпірім мен баламды шақыр, – деді.

Ұста шалды көндіре алмасын білген дәрігер амалсыз айтқанын істеді.

— Мына баланың айтқанымен келіспей отырмын, – деді Жұбай ішке кірген Қағазға. Тез ауылға қайтың. Отпан тауда жарқабақ тастың қуысынан көздің жасы сияқтанып тұратын мертіктас деген болады. Пышақпен қырып аласыңдар. Білмесеңдер, ана ауылдағы шалдардан сұраң. Соны әкеліп көріңдерші, бір септігі тиер. Сендерге үнемі машина қайдан тап болсын. Осы қызыл маядан айрылма. Жүрісі жайлы, әрі алымды. Мен көтеріліп кеткенше, Нұн оқуды қоя тұрсын.

Мұғалімдері түсінеді ғой. Балаларыңа қара. Берігі жіберген нәрселеріңді Нұн әкеліп тұрады ғой.

Әке тапсырмасын алған Нұн мен Қағаз ауылға қайтты. Қызыл мая жайлы бүлкілімен көп ұзатпай Тұщыбекке де жеткізді. Содан араға күн салып, шеше мен бала кезектесіп, екі ортаға қатынады да тұрды. Мертіктас пен ағарған құйған жұмырын қапталына байлап таң қылаң бере Таушыққа бет алады. Сеп болғаны шығар, ісік тоқтады. Бірте-бірте бұрынғы көгеріп, қарайған жерлері де қайта бастады. Дәрігер жігіт айтқанымды тыңдамады демеді, қолынан келгенін жасады. Жарты айдан кейін ұста шал орнынан көтерілді. Аяғымен тұрып, өзіне келді. Тек сол қолының екі саусағы ғана жазылмай бүгілген күйінде қалды. Бастан құлақ садақа. Оған Жұбайдың жаны көп ауырған жоқ. Ең бастысы – бала-шағасының ортасына оралды. Бұл кезде ауруларынан айыққан Сұлтан мен Қараша құрбыларымен бірге шауып жүрген. Бірақ Жұбай өзін қарсы алған Қағаздың уайым-қайғыдан қажығанын, бұл күнге сүйегін сүйретіп зорға жеткенін білді. Жүрегі шаншып кетті. Жанары қайтып, солғын тарта бастапты. Бірінен соң бірі, кезек күттірмей қабаттаса келген қиындықтан күйікке ұрынғанын, сол дерттің оны көп ұзатпасын сезді.

Отағасы қайтадан бұрынғы тірлігіне кірісті. Бірақ Қағаз қалған жерде оған жолдас бола алмады. Біржолата төсек тартып жатып қалды. 1951 жылдың наурыз айында өмірден өтті. Ауыл іргесіндегі қабір басында қайраты қайтпаса да шаршап, шалдыққан Жұбай тұрды. Қасында балалары. Нұн бұл уақытта жігіт болып қалған. Қос бауырын қолтығына алып, бұлардың қызығын көре алмай, ерте кеткен анасының топырағы кеппеген қабірін аялай сипайды. Құлап бара жатса, астына қанатын төсеген, тапқанын бұлардың аузына тосқан, ауырса, бастарынан айналып, бар қиындықты өзіне тілеген анасы бір уыс топырақ астында мәңгілік жай тапты. Көзі жасаурап орнынан тұрды. Жан-жағына қарады. Іргедегі тас арасынан әлі ызғары қайта қоймаған күнге таласа өсіп келе жатқан бәйшешек дір-дір етеді...

3. АРМАН САУЫНЫҢ АСҚАРЫНА

Аппақ сүттей ай шуағына малынған түнгі Тұщыбек жым-жырт, алаңсыз ұйқы құшағына көмілген. Анда-санда анау қотыр тастардың арасында сылдырап, ағып жатқан бұлақтың бойынан құрбақаның құрылы естіледі. Бұлақ бойына ұйыса өскен нарпоздың танауды қытықтар ашқылтым иісі Отпаннан соққан түнгі самалға қосылып, ауыл үстін желпіп өтеді. Өрістен кекірелей тойған түйелердің бырт-бырт күйсегені, секеңдеп жүріп адасып қалған ерке лақтың маңырап, мекірене қасына келген енесінің емшегін борпылдата сорғаны, манағы салынған сүйек-саяғын тықырлатып, әлі кеміріп жатқан кәрі төбеттің ұмытып бара жатқан міндеті есіне түскендей маңқылдай үргені, түн ортасын білдіргендей тау етегінде жайылып жүрген Өтесіннің есегінің ақырғаны – осының бәрі де күнделікті ауыл өмірінің тіршілігі, ертеңгі ұзақ жол алдында өзін-өзі зорласа да, көзі ілінбей жатқан Нұнға бүгін ерекше ыстық көрінді. Әсіресе, үш-төрт күннен бері жол қамына дайындалып, артында қалып бара жатқан тұлымшағы желбіреген қарындасының жайын ойлағанда жүрегі езіліп кеткендей болады. Таңның атысынан, күннің батысына дейін басқа нәрсенің бәрін ұмытып, ұста үйінен шықпайтын әкесі мен кішкентай Сұлтанның шәй суы мен жуа-жуа әлдеқашан өңі ауып ылжырап кеткен көйлек-көншектерінің жыртылған жерлерін қолы майысып, жамап отырғаны. Қатар құрбылары күн ыси бере таудан ағып жатқан бұлақ суына шомылып, кешке өрістен қайтқан малға қозы-лағын қайта қосып, қашан іңір қараңғысы түскенше, мондалақ жуасын теріп, бірін-бірі қуалаған дауыстары бала біткеннің делебесін қоздырып, өзіне шақырса да, мұның еншісі есік алдындағы жайдақ пештің қасы. Сырты күйе-күйе қара шәугімнің біріне шәйін қайнатып, біріне ол-пұлын жасатып алған адамдардың әкеліп берген жүгерісінен көже жасап, тыным таппайды. Бүгін де ағасының шетеннен жасалған ескі чемоданына заттарын салып отырып, білдіргісі келмесе де, көкірегі айрыла күрсінген. Көзіне лықсып келген жасын да жасыра алмады.

— Сұлтан екеуміз сағынамыз ғой, аға, – деген мұның кешегі ұстазының үстінен шешіп берген кәстөмін орап жатып. – Әкеме де оңай болмас. Орның үңірейіп қалады ғой. Бірақ әйтеуір оқуға түсіп кетсең болғаны.

— Қорықпаңдар. Міндетті түрде түсем. Барған бойда хабарласуды да ұмытпаймын. Нұн қарындасының маңдайынан сүйді. Күн ісі аңқыған қарындасының басынан сипап отырып, өмірден ерте кеткен шешесінің орны толмас қазасын, қоңылтақсып қалған, өмірдің бұларға сыйлаған қара дүлей дауылында уық-керегесі сықырласа да, әйтеуір әупірімдеп аман қалған ескі шаңырақтың бар ауыртпалығы қылдай мойнына түскен Қарашаны, балаға тән еркін ойын-күлкіден гөрі мұңдылығы басым Сұлтанды, қуаныш-ренішін де сыртына көп шығара бермейтін, бірте-бірте шашы ағарып, еңкіш тарта бастаған әкесін ойлағанда, оқуға барам деген ойынан айнығысы да келген. Бірақ сонау жүрек түкпірінде қоламтадай қоздап, бірте-бірте жалыны күшейіп келе жатқан, ойынан бір сәтте шығып көрмеген, түн қараңғысында жол сілтер Темірқазықтай адаспас бағыты болған білімге деген құштарлығы қайтадан ілгері жетелеген. Оның үстіне біреулерге Жұбайдың темір илегеннен басқа өнері жоқ болып көрінгенмен, былтыр бұл оныншы сыныпты бітірер жылы:

— Әй, шырағым, біздің тұқымнан қол бастаған батыр да, қара қылды қақ жарған би де шығыпты. Ел намысын қорғап, кеудесін оққа тосқан батырдың да, дүйім елдің алдында пәтуалы сөзін айтып, көп құрметіне бөленген әділ бидің де бағасы бірдей. Осындай перзенті жоқ ел құнарсыз топырақпен бірдей. Шүкір, бұл ауылда ол жағынан ұялмастаймыз. Сенің қазіргі оқып жүрген, болашақ нан тауып жер, кәсіп қылар ілім-біліміңнің қандай екенін мен білмеймін. Тек әйтеуір мұғалімдерің сенің балаң есеп-қисап жағына келгенде, алдына жан салмайды дейді. Өткенде Боқыбайдың Сисені келіп, сен туралы әңгімелескен. Қайдан білейін, ол да бір қадір-қасиет ұялаған елден ғой. Сол бала сенің болашағың жайлы көріпкелдей болып, көп әңгіме айтқан.

— Жұбеке, ел ішіндесің балаңның бағын байлама деген еді айналайын. Қайдан білсін, – ұста шал кеңкілдеп күліп алды, – темірден басқа ештеңені білмейтін Жұбай баласына көрік бастырып, әркімнің әкеліп берген бір уыс әшмөшке шайына бола құман жаматып қояды деп ойлады ма? Жоқ, қарағым, тірі болсам, қатарыңнан қалдырмаспын. Шешең марқұм екеуміз пеш түбінде сүйенісіп отырып, сенің оқу бітіріп ауылға келіп, атқа мінгеніңді қалаушы едік. Байқаймын, кешегі Сисеннің айтуына қарағанда, сенің жолың басқаша сияқты. Әйтеуір қайда жүрсең де, аман бол, – деп түрпідей қатты күс-күс алақанымен маңдайынан сипаған.

Артын ойлап, екі ойлы болып жүрген балаң жігіт әкесіне мейірлене қарап, күні бойы көрік басып, қып-қызыл болған темірлерді өз илеуіне көндіріп, шыпылдата суарып тыным таппайтын әкесінің қызарған көзіне, тереңдеп бара жатқан әжімдеріне қарап, аяп та кеткен. Әшейінде көп сөйлемес әкесінің жұрт, айтқандай, қара жаяу емес екендігіне ризашылығын да жасырмаған.

Бірақ сол жылы оқуға бара алмады. Бір-бірімен келіспей, пендешілікке салынған мұғалімдер арасындағы кереғар пікірлер ақыры ушығып, сонау Алматыдан келер комиссияға қарап, солардың төрелігінен кейін куәлік алам дегенше, барлық жердегі қабылдау емтихандары өтіп те кетті.

Сол жылы Тұщыбектің қасындағы Сартағанның атағы Маңғыстаудың қай бұрышы болса да, дүңкілдеп естіліп жатушы еді. Әсіресе Қаратаудың бойын сағалай орналасқан Шетпе, Тұщыбек, Жыңғылдының колхоз құрығынан мойны босаған еті тірілері ебін тауып, сонда орналасуға тырысатын. Бірақ атағы жер жарған экспедициядан көрі, оның бастығы Шпактың есімі дым әсіре естілетін. Еңгезердей, екі иығына екі адам мінгендей зор бастық қарауындағыларға өзінің көп білетін білімімен ғана емес, керек жерінде алапат мол қайратымен де белгілі еді. Аузына ащы су тисе, алақаны қышып, өзгелерге күш көрсетуге бейім тұратын талай-талай мықтысыған немелерді әп-сәтте өзінен зор бар екендігіне көзін жеткізіп, мұрнын тескен тайлақтай жөнге салу ол үшін шайдың батасындай еді. Май толы бөшкені сырғанатпа тақтай арқылы машинаға тией алмай, ыңқылдап жатқан екі жігітті, қыңсылаған күшіктей бір жаққа, сырғанатпа тақтайды бір жаққа лақтырып, жаңағы бөшкені қаңғалақша әуелетіп, астаудың үстіне бір-ақ лақтырғаны жұрт арасында аңыздай айтылатын. Содан да болса керек, адамшылығы мен қайраты тең түскен Кирилл Игнатьевичтің алдына өсек-аяңмен, қулық-сұмдықпен баратындардың жолы бола бермейтін. Құдай ұрып, ондай пиғылың біліне қалса өңменіңнен өтердей өткір көздердің нысанасына ілігіп, өзіңнің екі жүзділігіңе сай еститін сөзіңнен басқа, бастықтың темір жұдырығынан кейін есің ауып, қайта шығар есіктен тоңқаңдап шығуыңда ғажап емес. Жұмыс сұрап барғандармен сөйлесіп отырып-ақ, не нәрсеге ыңғайы барын бірден білетін сезімтал басшы алдында отырған адамның ойынан дөп шығып, риза қылып жіберетін.

Азын-аулақ киімдерімен, қолына түскен математикалық оқулықтарын салған дорбасын арқалап барған Нұнды да жеке қабылдады. Екі сөздің басын құрай алмай, орыс тілінің басын жарып, көзін шығарып отырған сары өңді балаң жігіт бастықтың алдына алып, парақтап отырған математика кітабының кез келген жерден қойған сұрағына мүдірместен жауап беріп, тілі жетпеген жерінде қаламына жүгіріп, дәлме-дәл жауап беруінен-ақ Кирилл Игнатьевич білімге деген зор құштарлығы бар жасты жазбай-ақ таныған еді. Жанұясындағы жағдайына, уақытында оқуға бара алмауына, қазекеңнің бірін-бірі аяқтан шалуға шебер опа таптырмайтын қадірі жоқ арзан өнеріне ренішін де жасырмаған. Еңбектің де, білімнің де бейнетінен қорықпау керек екендігін баса айтып, Сартағанның жеті құдығының басында қолдан кірпіш басып жатқан құрылысшыларға қосты да жіберді. Содан жыл бойы аянбай еңбек етті. Жұмыс арасында, қолы босаған сәттерде, жұмыстан кейін түн ортасына дейін сықырлағандай өзіне тартатын кітаптарымен ғана болатын.

Ай, бір күні өлердей қорыққаны-ай. Түнімен арпалысып, шешуін таба алмаған есебінің ойынан шықпай-ақ қойғаны. Балшық араластырғышқа суын құйып, цементін салып, қосты да, таң атқалы ойынан шықпай жүрген есебін қайта қарамақ болып, қасындағы үюлі топыраққа қисая кеткені. Түнімен шеше алмай діңкелеткен есептің оп-оңай шыға келгені.

Көктемнің толық күшіне еніп, уыз ісі аңқыған шөптері мен адамды маужыратар шуағының әсері ме, әлде түндегі шала ұйқы ма, әйтеуір көзі ілініп кетіпті. Кенет у-шудан шошып оянды. Бірден балшық араластырғышқа қарады. Әлдеқашан тоқтаған. Соны айналдырып тұрған электр двигателі қасақана, мұның ұйқысын күткендей, күйіп кетіпті. Бықсып шығып жатқан түтіннен күлімсі иісі шығады. Жалма-жан жатқан орнындағы кітабына қарады. Көрінбейді. Қолтығының астындағы кітап сиятындай етіп тігілген қалтасына қолын салды. Пері көтеріп кеткендей онда да жоқ. Кітап оқып отырып, ұйықтап кетіппін дегеннен гөрі, басқа сылтау айтпақшы. Сасқан үйрек құйрығымен сүңгидінің кері. Әйтпесе өмірі өтірік айтып көрмеген адам оны айта ала ма? Айтса да тігісін білдірмей жеткізе ала ма? Оны ойлауға мұршасы жоқ. Өткенде осы жұмысқа қосарда Кирилл Игнатьевичтің өзі шегелеп, электр двигателін қолымен шұқып тұрып: «Мынаның бізде артық дәнеңесі жоқ. Екі күннің бірінде сонау Фортқа да бара алмаймыз. Өткенде бір барғанда Гурьевтен келген құралдардың ішінде жоқ болып шықты. Арнайы сұратып тапсырма берсем де салмай жіберіпті. Абайлағайсың» деп еді. Енді мынау. Масқара-ай. Сөйткенше болмай, бастық шақырып жатыр деген хабаршы да келді. Мойны салбырап, кеңсеге жақындағанда, алдынан өзі шықты. Қасында кірпіш басушылар бригадирі. Жүрегі тулап, бастықтың қаһарлы даусын күтіп тұрған бұған назарын салмастан, қолындағы кітабын бригадирдің мұрнына тақап:

— Ты разбираешь, что за книга. Эта высшая математика. За такого парня можно гордиться, а не бегать по начальникам. Молодец, Нун,– деп кітапты жаңа шығарған есебімен қолына ұстатты. Ұрлық үстінде ұсталғандай, бригадирдің кітапты ала жүгіргенін сонда ғана білді. Қырағылығына қолпаштау күтіп барғанында өзіне бәле тілеп алған, не істерін білмей тұрған бригадирге:

— Қайтесің, жаңадан электр двигателі келгенше, қолмен илейсіңдер. Бара бер – деді. Ал мұның иығына зілдей қолын салып тұрып:

— Маған сенің осы бір ғылымның соңына тынбай түскенің ұнайды. Осыныңнан қайтпа. Анау құсағандар, – ол кетіп бара жатқан бригадирді иегімен нұсқап, – орталарында болашақ зор ғалымның бар екенін сезбейтін де шығар. Ал менің саған деген сенімім зор. Тірлік болса, бір жерден шығатының анық. Мүмкін бір кезде сенімен мақтануымызға тура келетін болар. Молодец, – деп тағы да күректей алақанымен өкпесін түсірердей арқасынан қаққан.

Бүкіл Маңғыстауға дүрілдеп аты шыққан экспедиция бастығының сырттай да болса тілеулестігіне риза болған Нұн қашан кеткенінше өзін де, оны да ұятқа қалдырмауға тырысты. Өткенде оқуға жүрер алдында есептесе барған жігітке тағы да ақ жол тілеп, ағалық ақылын айтып, шығарып салған. Өзіне тиесілі еңбек ысынан басқа, мынау саған біздің көмегіміз деп қалтасына қосымша үш мың сом салды. Бір жыл болса да, еңбек етіп ысылған, арман жетегінде кетіп бара жатқан жігіт Сартағанның өз қолтаңбасы қалған жерлерімен, сонадайдан мен мұндалап көз тартатын Кирилл Игнатьевичтің бастамасымен салынған төбе басындағы ақ шағаладай су айдайтын биік мұнарамен, тілеулес жандармен қимай қоштасқан еді.

Орыс бастықтың көмегіне әкесі жүрегі жарылардай қуанды. Қайта-қайта кеңкілдеп күліп, әшейінде көп сөйлемес сабырлылығынан айрылғандай, шай үстінде сөйлеп отырды. Содан екі-үш күн бойы Жұбай шалдың ұста үйінен жөнді түтін де шығып жарытпады. Төске тиіп, шыңылдап естілетін балғаның да даусы сирек естілетін болды. Қайта-қайта үйге кіріп, керек нәрселерін ұмытпауын тапсырады. Бүгін бәрін ертіп, шешелері жатқан әулиенің басына апарды. Күбірлеп әйетін оқып, бір уыс топырағын тастады.

— Балаңды алыс жолға аттандырғалы тұрмын, Қағаз. Баяғы екеуміздің пеш түбінде сүйенісіп отырып, көп айтатын арманымыз еді ғой. Ерте кетпегенің де, бұл қуанышқа сен де ортақтасатын едің. Аяғын үзеңгіге салғалы отырған үлкеніңді де, артта қалған кейінгілерді де желеп-жебеп жатасыңдағы енді, – деп тізесін қағып орнынан тұрған.

— Ал, жүрелік, шешелерің де орнынан бір аунап түскен шығар, – деп алға түсіп, ауылға беттеген еді. Онсыз да қызыл тамырланып тұратын көздері қызарыңқырап кетіпті. Үйге келгесін, көлеңкеде жатқан бес-алты қозы лақтың қасында мыңғырған отардан жоқ іздегендей әрі-бері жүріп, қыста туған қызыл марқаны пышаққа іліндірген. Бәрін сыпырып-сиырып қазанға салдыртып, ауылдың үлкендерін шақырып, жол жүрер баласына деген батасын алған. Жол болсын айтып тарасқан көршілерінен кейін Шырдабай, Өтесін, Қолғанат төртеуі түннің бір уағына дейін отырды. Бірін-бірі қимайтындай. Осыларға үйірсектеп қастарынан қалмай, анда-санда бір сөйлеп, маңқиып отыратын кішкентай Қуантқанды орталарына алып, бала кездеріндегі күлкілі қызықтарын естеріне алған. Қолғанат пен Шырдабай оқуға бара алмайтын болды. Әуелден темір-терсекке үйірсектеп, ауылға анда-санда келер машинаны төңіректеп жүретін Шырдабай неде болса шопыр болып ойдан қырға, қырдан ойға құлап тыным таппайтын осы бір тірлікті қалапты. Арасында жол жиегінде майысып қол көтеріп тұрған бойжеткенді кабинаға мінгізіп, селкілдек жолдармен соқтырмай айдап, рахметін айтып, қылымси түскен қылықты қыздың жанарына ілінуді де жек көрмейтін сияқты.

Қолғанат болса, бұрынғы үндемейтін әдетіне басып, жымия күліп, әке құрығын қолына алып, жым-жырт тыныштық басқан айлы түндерде жылқы күзетіп, үйір шетіне келген аш құрсақ, азулы көкжалды дүсірлете қуып, өмірі арпалыспен өтегін жылқышы кәсібіне араласып та кеткен. Бүгін бала кезден бірге өскен, қимас досымен қоштасып қалуға әдейі келген. Бұлардың сөзіне кейде түсініп, кейде түсінбей әркімнің бетіне бір қарап, қашанда ілгегі салынбай қарны жалтырап маңқиып отыратын кішкентай Қуантқан кенет есіне бірдеңе түскендей дүңк етіп:

— Өтесін-ай, широканы айтшы, – дегені.

— Не дейді, широкасы несі, – деп қашанда асығып, дабырлап сөйлейтін Өтесін абдырап қалды.

Нұн Қуантқанды бауырына тарта қарқылдап күлді. Іле Шырдабайға басын изеп, сол жылдардың жастарының әнұранына айналғандай болған өлеңді қоңыр даусымен жайлап өзі бастады.

...Широка страна моя родная...

Ай нұрының аппақ сәулесіне бөленген, жым-жырт ауыл үстінде жайлап қалықтап ән көтерілді. Қаратаудың басында өмірге келіп, бұлағына шомылған, тізесін жарып, табанын тілдірген достардың туған жерге деген ыстық ықыласы да, ертең бірін-бірі іздеп орны өгейсіп тұратын сағыныштары да ән әуеніне қосылғандай. Мұрнын тартып, аузы жыбырлап отырған Қуантқан да әнші санын көбейткендей. Түнімен сырласып, бір-біріне жол болсын айтқан достар таң ата тарасты.

Ақыры ұйқысы келмеген Нұн орнынан тұрды. Анау Отпанның ар жағынан жан-жағына алтын сәулесін шашыратып күн көтеріліп келеді. Шағын ауыл үйреншікті күйбеңіне кіріскен. Әр үйдің алдындағы жайдақ пештерден тып-тынық таңғы таза ауада аспанға шаншылып, түтіндер көтеріле бастады. Пеш, үстіне тасып төгілген сүт иісі, көкірегіңді ашар жусан иісі келеді. Жаңа шығып келе жатқан күн көзіне қарай алмай, әлі ұйқысын аша қоймаған кішкентай Қуантқан шешесінің сәрбөзден тігіп берген шалбарын тізесіне дейін түсіріп, өз өнеріне өзі қызыққандай, әуелете шаптырып тұр.

Таңғы астарынан кейін тумаластарымен қоштасып, Таушыққа баратын жол бойына бағыттаған әкелі-балалы екеуін қолына кесе ұстаған Балабілек жеңгесі тоқтатты. Анадай жерде қолына түйіншек ұстаған, бір қолына кішкентайын жетелеп Қымбат жеңгесі де келеді. Балабілек Жұбай шалға иіліп сәлем етті де:

— Қайнаға, алыс жолға аттанып бара жатқан балаңның жолы болсын. Ақтан ауыз тиіп кетіңдер, – деп кесе толы быжылдап тұрған, хош иісті шұбатты ұсынды.

Нұн толқып кетті. Осы бір Қаратаудың бойына бұйыға орналасқан шағын ауылдың бір-біріне деген ыстық ықыласы, жарылған жүгерідей аппақ кіршіксіз көңілдері, ниеті түзу пейілдері қолтығынан демеп биікке бір-ақ шығарғандай. Қақпанға түскен жалғыз қарақұйрықтың етін де бөле жеген, отыз жетінші жылдардың зобалаңында да жұмылған жұдырықтай бірін-бірі сақтап қалған ауыз бірліктері бүтін туған ауылы бұрынғыдан да ыстық көрінді. Қайда жүрсе де, қаншама биік асуларға тап болса да қолтығынан сүйеп, ілгері жетелейтін де осы жердің құдіреті екендігіне риясыз сенді. Алда қиындығы мен қызығы мол, ұзақ ізденістерге толы асулар жатыр еді.

...Өмір Нұнды ғылым асуына шығарды. Ол техника ғылымының докторы дәрежесін қорғады. Тағдыры пешенесіне қысқа ғұмыр жазғаны өкінішті-ақ.

Елі дарынды да талантты дара перзентіне деген ықылас-ниетін аяған емес. Еш уақытта ұмытпайды да.

Асу алдындағы толғаныс асқаралы биіктерге жалғасып барып тоқтады. Өмір деген осы ғой, шіркін!

4. ТҮБЕКТЕН ШЫҚҚАН ТҰҢҒЫШ

Терістік шығысқа қарай созылған Қаратау сілемі, оңтүстік құбыла – Ақтау оралымы. Жер бетінің екі түсті әшекей жамылғысы іспетті таудың аралық арнасы – Тұщыбек. Кетіктен басталып, Үстірт қарнауына тартатын ұлы жолдың бойындағы аядай ауыл адамдары азғантай шаруасының етек-жеңін мықтап қымтап, қыс өлмес қамын жасаған. Қора-қопсысын бүтіндеп, азын-аулақ малын арытпаған жатақтың ішінде алақаны күстеніп, саусақтары шорланған шебер Жұбайдың да шаңырағы бар. Қақта-соқтықты қасиетіне жұқтырмаған, бос әңгімеге басы ауыратын, нәті момын жанның таң атқаннан күн батқанға дейінгі уақыт өткізер жері жалын үрген көрік пен мың батпан соққыға мыңқ етпейтін төстің жаны. Қолынан қысқашы мен темірі түспейтін Жұбайдың қақаған суықта маңдай тері тамшылап, үстінен буы бұрқырап тұрғаны.

Көпті қуантып жүрген шебер құрметке кенде болмаса да, көңіліне тікендей қадалған кірбеңнен арыла алмай-ақ қойды. Өзегін өртеген өкініш көріктің көмейіндегі оттан да ыстық. Күрсінгенде көкірегі қарс айрылады. Пендеде не дәрмен, құдайдың басқа салғанына көнеді, қайғының салмағын көтереді. Төтеннен киліккен індет бас-аяғы екі-үш күннің ішінде алты бірдей баласына ажал құштырып, аңыратып кетті. Зайыбы Қағаздың құр сүлдері. Сабын қайнатқан сүйектей күннен-күнге қуқыл тартып барады. Жұбай жолдасын аяды, денсаулығынан айрыла ма деп қауіптеніп, демеумен болды. Екеуі бірдей егіліп, бордай үгілсе, тірлікте мән қала ма?!

Арада жылдар алға озды. Сұрықсыз, сүреңсіз суреттер сейіліп, зіл батпан қайғы сейіле бастағандай. Жабыраңқылық жадыраңқылыққа ауысқандай. Өксікті ерте көктемнің өкпек желі ұшырып, іштегі шерді жауын жуып кеткендей.

Ерлі-зайыптыларға құдай сездірген де. Мезгіл желтоқсан желінің таусылар шенінде шаңырақ астын қызыл шақа шарананың шар еткен дауысы шаттыққа орандырды. Құстың сары үрпек балапанындай, қарын шашы алтын түстес үлбіреген сәби үй ішін нұрға бөлеп, қос жүректі жырға бөлеп, ащы күйіктің бетін біржола қайтарды. Қырық жастың қырқасына көтерілгенде көрген перзентінің ғұмырлы болуын тілеген Жұбай ұлы ақын Абайдың «Әлиф би» өлеңіндегі «Нұн-Нала қып, қайғыңмен күйдірдің көп» деген жолды есіне түсірді. «Жақсылығыңнан енді жаңылдырма» деп тәңіріне табынды. Ырым етіп, арабтың «Нұн» әрпін бала есіміне таңдады. Оның таңбалануы мәңгі солмайтын, өсіп-өркендейтін дән-тұқымына қатты ұқсайтын. «Нұн» сөзі азан шақырылып, ауылдың батагөй қарты аузымен құндақтаулы нәрестенің құлақ қалқанында үш рет қайталанды.

Сағындырған сүйікті ұл әбден ержеткенше сұқ көзден сыртқары ұсталды. Бұдан соң анасының анарын иітіп, әкесінің жанарын қуантқан Қараша мен Сұлтан бұл кезде бірі апыл-тапыл басып, бірі бесікте уілдеп жатқан болатын. Үйелмелі-сүйелмелі балалардың тәтті қылығы мен шатты қызығы Жұбай мен Қағазды ел қатарлы ертеңгі күннің шұғылалы келешегіне жетеледі.

Жұбай баларының ішінде (тіпті бүкіл ауылда) Нұнның бітімі бөлек, жаратылысы ерек болды. Біртоға бұйығылау өсті. Айтқанға елгезек ұлан тыңдағанды тез ұғып алатын, ойыннан тез зерігетін. Өзімен-өзі тау-тасты, сай-саланы кезіп кететін. Үйдің азғантай малын жайылысқа шығарып, оңашалықта, биіктеу төбенің үстінде төңірегін алыстан шолып отырғанды ұнататын. Тым тамақсау емес-ті. Сотқарлық, беймазалық сезілмейтін. (Биязы мінез Қараша мен Сұлтанда да қалыптасқан).

Оқта-текте ауылға әлдеқайдан келетін қонақтардың есті сөзін ескеретін есті баланың бірі Нұн еді. Сондай бір ретте бес жасар балғынның құлағында қалғанын былай деп қайталап, тыңдағанды таңырқатқаны бар:

Әнеттің ұлы ер Төлеп,

Астындағы құламен

Алмастайын жайнайды.

Қарсы келген жауларын

Алдына салып айдайды.

Батыр Төлеп келеді
Сұр бұлттай сынысып,
Жон арқасы құрысып,
Езуінде егіз оқ,

Қорамсақта сегіз оқ...

Қарттар аузымен жеткен «Төлеп батыр» дастанынан үзінді жаттаған жас жыршы әйгілі Ер Төлептің алтыншы ұрпағы екенін әкесінен естіген.

Ұғымтал бала есейген сайын, есі кірген сайын мағыналы, мазмұнды әрекет етуге тырысты. Әуелгіде әдемі суреттерді көзін алмай қызықтайтын балдырған Тұщыбектегі мектеп табалдырығын аттап, оқи алатын дәрежеге жетісімен, кітапқа ынталығы артты. Сезімтал бала ұстаханадағы әкесінің қарекеттеріне, жасаған дүниелеріне қарап жүріп, өмірдегінің бәрі өлшемдерден, мөлшерлерден тұратындығын тұңғыш рет түйсінді. Қолөнердің кейбір тәсілдерін үйренуге, ұсталық шеберлікті меңгеруге тырысты.

Зерек бала барлық пәндерден үздік оқи тұра, бастауыш сыныптың өзінде есеп шығаруға көбірек назар аударды. Ғылымның даму тарихына зер салып, зейін қойды. Алгебраның өзбек математигі әл-Хорезмидің «Әл-жабр уа әл-мұқабала» деген еңбегінің «әл-жабр» сөзінен алынғанын білді. Әл-Фараби, Омар һайям есімдерін алғаш рет ұшырастырды.

Кейін Евклид, Архимед әлемі арбап, Вивт, Кеплер, Паскаль, Валлис, Декарт, Ньютон, Ковальери, Лейбниц, Эйлер, Крамер, Гаусс, Монж және басқа көптеген әйгілі адамдар мен олардың тамаша өмірі, еңбектері қызықтырды. Шамалар, элементтер, жоғары математика, математикалық анализ, аналитикалық геометрия, математиканың негізгі мәселелерін жалпы қарастыру арылмас әдетіне айналды.

Нұнға жасынан дарындылық дарығанын мектептегі математика ұстазы Хисметолла Рахимов, бірге оқыған құрдастары Өтесін, Шырдабай, Сұлтанбек, Күләш, Көңіл, Мысабай, Жеткізген, Қолғанат, Қабилар тамсана, нанымды жеткізеді.

«Елуінші жылдары аудан орталығында оқыған шәкірттердің ішінде, әсіресе, Нұнның математикадан алабөтен алғырлығы ауыздан ауызға ілтипатпен айтылып жүрді», дейді Терекбай Жаңбыршин.

Тұрмыстың төмендігі қашан да тұсау емес пе, ұстаның ұғымды ұлы Нұн орта мектепті үздік бітіргенмен жоғарғы оқу орнына баруға қаржы таба алмады. Ауылына жақын Сартаған экспедициясына қатардағы жұмысшы болып орналасты. Тек бір жылдан соң, яғни 1954 жылы, маңдай тер, табан ақысымен тапқан ақшасымен алыстағы астанаға аттанды.

Таудай талап арқалап жеткен Қаратаудың қабілетті ұлы Қазақ мемлекеттік университетіне еш мүдіріссіз қабылданды. Студент атанғаннан топтан озып, дара шықты, қоғамдық өмірге құлшына араласып, бедел иеленді. Ақсары өңі үнемі күліп тұратын ұзын бойлы көркем жігіт сыпайылығымен,жүріс-тұрыс мәдениетімен, киім киінісімен, талғампаздығымен көп сүйіктісіне айналды. Студенттік ортаның дүлділі мен гүлділі болған Нұнға ұстаздары таудай үміт артты.

1959 жылы ҚазМУ-дың математика-механика факультетін үздік тәмамдаған Нұн Жұбаев о бастан аңсаған ғылым жолын таңдады. КСРО Ғылым академиясының механика проблемалары институтының аспирантурасында оқыды. Іркіліссіз ізденісінің арқасында 1965 жылы физика-математика ғылымдарының кандидаты атанды.

Әркімнің қолы көтерер шоқпары бар емес пе, Нұн механика бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын түпкілікті қалап алды. Механиканың жаңа саласы – тау жыныстарының механикасымен айналысу – тау-кен өндірісі жоғары дәрежеде дамыған Қазақстанда қыруар пайда әкелер еді.

Нұнның тәуекелі тектен-тек емес-ті. Тау бойында туып, әр сайы мен қатпар-қатпар жотасынан, биік-биік белесінен бәймәлім сыр аңғаруға құмартып өскен ол тау жыныстары туралы ғылым негіздеріне бала кезінен құмартатын. Өмір сүріп отырған орта, тіршілікті тербеткен бесік жайлы оқығандарын тұрғыластарына тынбай жеткізетін. Тау жоталарының бағыттары мен биіктіктері, ойпаңдардың орналасуы тектоникалық, эрозиялық, денудациялық процестер нәтижесінде қалыптасатынын, рельефтің дамуы, мүжілген гау жұрнақтарының, төрткүлдердің пайда болуын нақпа-нақтап сұраған сыныптастарына асықпай түсіндіретін.

Нұнның бұл жолғы бет алысы білгенін баяндаумен шектелетін бала кездегіден мүлдем басқа. Теориялық меңгерулер өз алдына, тау жынысы механикасында зерттеудің аналитикалық, лабораториялық және табиғи тәсілдері қатар жүргізіледі. Осынау ғылыми мектептің Қазақстанда іргетасын қалаған Жақан Сүлейменұлы Ержанов – академик, республика ғылымына еңбек сіңірген қайраткер, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, техника ғылымының докторы, профессор. Нұн Жақан ағасы секілді біртуар, математика, механика майталманының қамқорлығына іліккеніне қатты қуанды. А.Машанов, Ш.Айталиев, Ю.Векслер, Ж.Қаңлыбаева сынды тау жыныстарының механикасы және геология мәселелерімен түбегейлі шұғылданған ғалымдар отауына бас сұғып, ибамен аттағанын айрықша бақытына бағалады. Қарап отырсақ, тау жынысы механикасы саласында Қазақстандағы геомеханика мектебін қалыптастырған алғашқы қарлығаштар осылар. Тау жыныстарының қозғалыстары мен тектоникалық процестердің теориясын талқылауда, зерттеулер нәтижесін іс жүзінде пайдалануда аталмыш ғалымдар айтарлықтай табыстарға жеткен. Тау-кен өндірісін жоғары дәрежеде дамытуға ұланғайыр үлестерін қосқан. Жақан Ержанов сынды ғұламаның ғибраты мен ұлағатын ұстанып, өнегесінен үйрену үрдісі мол үлгі-ау.

Деформацияланатын орта механикасы, геология, тау-кен ісі, құрылыс механикасы жетістіктеріне сүйенетін салада сарыла ізденіп, жатпай-тұрмай еңбектену Нұнның бой жүйесін билеп алғандығы соншалықты, басқа дүниені мүлдем ұмытты. Толқынды құбылыстардың физикалық процестерін ашып көрсету, деформацияланатын қатты денелер қасиеттерінің құпиясын ашу, орта моделіне арналған толқынды процестердің маңызды мәселелері, тау қысымы және қазбалардың орнықтылығын анықтау, тау-кен соққысын талдау т. б. қысқасы, тау жынысы массивтерінің механикалық қасиеттерін зерттеу басты тақырыпқа айналды.

Түрлі басылымдарда жүздеген ғылыми мақалалар жазылды. Оның көпшілігі математикалық физика тапсырмаларын шешудің аналитикалық сандық әдістеріне, ортадағы күштің таралуына, толқындар теориясына арналған. Қатты деформацияланған ортадағы сызықты, серпінді, тұтқыр, жабысқақ серпінді және серпінді пластикалық толқындар таралуы теориясының негізгі мәселелері жайлы Нұн Жұбаев жазған кітаптар ғылыми құндылығымен, тұжырымды концепциясымен жоғары бағаға, үлкен сұранысқа ие болды.

Ғылымда әркімнің жеке дара беті болғанымен, ынтымақсыз, бірліксіз ойдағыдай нәтижеге жету – бос қиял. Нұн Жұбайұлының тілеулестері ортақ мақсат үшін барын аямады. Білгендерін бүкпесіз баяндап, қолғабысын тигізді. Күрделі сұрақтар, күмәнді түйткілдер бойынша кеңесіп, ақылдасты. Оның көпшілігі қағаздар бетінде көрініс тапты. Нұнның тау жынысындағы серпінді-пластикалық, қысыңқы жылжымалы, соқпалы толқындар таралуы төңірегіндегі Х.А.Рахматуллин, Ж.С.Ержанов, Ш.М.Айталиев, С.Ю.Каринский, А.Я.Синяев, Қ.У.Қарымсақов, В.С.Серго, В.Т.Ким, Ж.Т.Қожабеков, Т.Орманбеков, К.Жүнісов, Т.Байгелдиев, М.Мардонов, Т.Д.Кәрімбаев, Н.О.Құдышев және басқалармен бірліктегі жарияланымдары оның ғылым даңғылына шығар жолының кең өрісін танытты.

Нұн Жұбаев ізденістерінің нәтижесі мен дәлелдері жер асты құрылыстарын жобалауда, пайдалы қазындыларды өндіруде, геологиялық-сейсмикалық болжау жасауда және басқада көптеген мақсаттарда кеңінен қолданылып, үлкен табыстарға жеткізді. Оның теориялық зерттеулері сейсмология институтында түрлі эксперимент жасауда, күшті жер сілкінісі әсерін модельдеуге сәтті пайдаланылды. Көбіктелген полистиролды «көпшікпен» жасалған ұңғы зарядтарының есеп нәтижелері мен оның тиімділік параметрін анықтаудағы Нұн Жұбаевтың әдісі Қ.И.Сәтбаев атындағы Жезқазған тау-кен комбинатының рудниктерінде тау жыныстары массивін қопаруда қолданылды. Мамандар тарапынан толықтай мойындалды, өндіріске енгізу мақұлданды.

Өзін ғылымның басы мұзарт қиясында қиындықта сынап, жан-жақты дайындықтардан өткізген ғалым 1980 жылдың 30-ыншы қазан күні Ресейдің Новосібір қаласында техника ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін алу үшін диссертация қорғады. Жер және тау жынысы мамандығы бойынша жазылған, бір өлшемді және екі өлшемді кернеу толқындарының таралуы туралы төрт жүз бетке жуық еңбекке ресми оппоненттері – техника ғылымының докторы, профессор Л.И.Слепян, физика-математика ғылымдарының докторлары Л.В.Никитин мен В.С.Никифоровский бір ауыздан аса жоғары баға берді. Бәрінен бұрын ғылыми жетекшісі, КСРО, Өзбекстан мемлекеттік сыйлықтарының иегері, Социалистік Еңбек Ері, академик Халил Ахметұлы Рахматулиннің шәкіртіне ризашылығы соншалықты, маңдайалды ғалымдар бас қосқан жүздесуде ішіндегісін ірікпей, пікірін жұрт алдында былай деп ашық жайып салыпты: «Нұн Жұбайұлы Жұбаев – тау жыныстары механикасы және тектоникалық процестердің математикалық теориясымен айналысатындардың, механика ғылыми мектебінің сирек кездесетін озық өкілдерінің бірі».

1981 жылы Қазақстан Ғылым академиясы сейсмология институты лабораториясының меңгерушісі болып тұрғанда Нұн Жұбаевты сол кездегі КСРО Ғылым академиясының президенті, академик А.П.Александров пен КСРО Ғылым академиясы Президиумының бас ғылыми хатшысы Г.К.Скрябиннің «Аса құрметті Нұн!» деп бастап, мемлекеттік наградамен арнайы құттықтауы, жеке таныстықта, достық байланыста болуы көп жайды аңғартады.

Қазақстан Ғылым академиясының кіші ғылыми қызметкерлігі мен сейсмология институтының директорлығына дейінгі қызмет жолынан өтіп, негізінен бар ғұмырын мақсатты іске сарп еткен кең пішімді, жомарт жүректі Нұн Жұбаев нағыз кемеліне келген шағында, елу үш жасында қауымдастарын қаймықтырып, ауылдастарын жабықтырып, тілеулестерін өкінтіп, ағайын-туыстарына айықпас қайғы-қасірет кештіріп кете барды. Жұбайы Розаның, қыздары Әнел, Айжанның көз жастары көл болды. Кішкентай ұлы Ринад еш нәрсені ұғынып үлгермеді.

Қазақстан ғылымы шеккен аза академия шаңырағын бірнеше күн бойы күңірентті. Орны толмас ауыр қазаға арналған қаралы жиынға қатысушылар Нұнның асыл да жарқын бейнесі мен есімінің мәңгі жүректе сақталатындығын, еш уақытта ұмытылмайтындығын айтып, оны қимай-қимай соңғы сапарға шығарып салды.

Алаш атаулы тағы бір аяулы арысынан айрылды. Алатаудың қабағына қар қатты. Тау өзені сылдырын, ну орманы сыбдырын тыйды. Алып тұлғалы азамат Кеңсай зиратының кең құшағына енгеннен кейін, екіленіп жел соқты. Табиғат тұнжырап, теңселіп кеткендей болды.

Шығыстан көш тартып келіп жеткен керуен бұлттар Қаратаудың доғал бастарында ұйысып, шудаланды. Отпан шоқысының үстіндегі шоғыр бұлттың қабағы сұсты. Алатау беттен асып, үдере жөңкіген үкі бұлттар үйірілген бетте ғалым балалығының куәсі – Тұщыбектегі ескі жұрттың орнына сағыныш жасындай мөлдір тамшыларын бүркіп тұр. Алып Алатаудың баурайындағы Кеңсайды мәңгі бақилық мекен етіп, жер бесікке бөленген ел перзентінің рухы бұлт болып желге айналып, жаңбыр боп төгіліп, білімге құштар бүгінгі жас құрақтарды, тәлім дарытар тұрақтарды желеп-жебеп жүргендей.

Бірғали Бәйекеев «Маңғыстау» газеті. 14 мамыр. 1996 жыл.

ҰСТАНЫҢ ҰЛЫ

Маңғыстау ауданында Нұн Жұбаевтың 60 жылдығында жасалған беташар сөз.

Қадірлі қауым! Бүгін Маңғыстау топырағының даңқты перзенттерінің бірі, техника ғылымдарының докторы, профессор Нұн Жұбайұлының туғанына 60 жыл толып отыр. Оның өмірінің барлық белестерінде бірге болған замандастары қазір ауданымызда жоқ. Мүмкін содан болар, бір класта болмағанмен бір мектепте бір кезеңде оқыған, бір факультетте болмағанмен, бір университетте қатар дәріс алған, бір мекемеде жұмыс істемегенмен, кезінде бір даңғылда (Абай) жақын тұрған екі ғимаратқа кіріп-шығып жүздесіп жүрген маған қазір алғы сөз айту жолдығы тиіп тұр.

Желтоқсан айының 25 жұлдызында осыдан 60 жыл бұрын Тұщыбектегі «Қызыл таң» колхозының ұстасы Жұбайдың отбасында ер бала дүниеге келді. Қырықтың ортасына келіп қалған Жұбайдың қуанышында шек жоқ еді. Өйтпегенде ше? Бас-аяғы екі-үш күнде алты бірдей баласы індеттен ажал құшып, аңырап қалған Жұбай мен Қағаз жас ұлғайып келгенде енді сәбилі болып, ұрпақ жалғасады деп ойлады дейсің бе?

Мырза құдай берейін десе кең ғой: отыз ұлын Дәуіттің бір сәтте алып, он сегіз мың ғаламның падишасы болған Сүлейменді берген Аллаға не айтарсың. Жұбай осылайша ойға қалып, мырза құдайға риза еді. Өмір бойы ұсталық құрып, темір соғып, етікшілік жасап, аң аулап, ауылдастарына қолдан келгенін, барын аямаған, алғысын алған жанды Алла ескерген екен. Құдайға шүкіршілік етті ата-анасы.

Жана туған нәрестеге ат таба алмай сан ойланды әкесі. Бұрын шейіт болған балаларының аттарына ұйқастырып қойғысы келмеді. Кезінде молдадан аздап сауат ашқан Жұбекең, кітап ашып сәбиіне, «Нұн» деп әліпбиден ат Қойды. Есі шығып қуанған әке сол жылдардағы «молданы құрт, байды құрт» деп жатқан жойқынды да еске алған жоқ. Бәйімбет, Ер Төлептің алтыншы ұрпағының бірі дүниеге келіп, өз әулетінің жалғасатын болғанынан басқаны ойлаған да жоқ. Кейін ұрпағы қызы – Қараша, ұлы – Сұлтанмен өрбіді.

Соғыс басталғанда елуге толған Жұбай қара жұмысқа шақыртылып, сай себептермен алынбай, балалары қасында қалды. Оның да себебі – ұсталығы. Сол кездегі аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Әмір Бақыраевтың мінген автомашинасы Тұщыбекке келген соң бұзылып, шебер ұста соған қосалқы бөлшек жасап беріп, автокөлік жүріп кетті. Хатшы мұндай шебердің тылға да керектігін айтып, шақырту алса, әскери комиссарға хатшы өз тапсырмасын айт деулі. Бас сауғалап, елде қалуды ар санаған Жұбекең шақыру алған соң, Тұщыбектен Таушыққа жаяулап жүре берулі. Жолай хатшы автокөлігі ұшырасып, шофері ұстаны танып, хатшыға жайды айтулы. Таушыққа әскери комиссариат адамына келсе: «Бақыраев айтты, сіз ауылыңызға қайта беріңіз, әскерге алынбайсыз» деген. Сөйтіп, Жұбекең соғыс жылдарында елдегі еңбекте, балалары қасында қалған. Өмір бойы ұсталық құрған, құрыш білекті қартты 1955 жылы Тұщыбектегі колхоз клубын салған әкем Жаңбыршыға көмектесіп жүріп, өзім де көрдім. Жақсы адам еді, марқұм.

Қарапайым ұста баласы Нұнды 1943 жылы алғаш рет Тұщыбектегі бастауыш мектепке оқуға апарғанда осы бір сары үрпек ұлының болашақ елге әйгілі ғалым боларын болжаған да жоқ шығар? Сауатын ашсын, кім де болса, әйтеуір тірі болсын деген ниетте болғаны сөзсіз. Бастауыш класта зерек болған Нұн оқуын ауданда сол кездегі жалғыз орта мектеп – Шахта орта мектебінде жалғастырды. Сол 50-ші жылдары Шахта орта мектебінде оқыған біздердің есімізде басқа да бірен-саран есімі ерекше аталған шәкірттермен бірге Нұн Жұбаев аты сақтаулы. Әсіресе, Нұнның математиктік ерекше қабілеті ауыздан-ауызға айтылып жүретін.

Математика дегенде Шахта орта мектебінде қалыптасқан осы үрдісті айта кетейін. Шахта орта мектебінің математик оқушылары туралы сол кезде 40-шы жылдың аяғы мен 50-ші жылдары астана Алматыға кеңінен мәлім болды. Мектептің алдыңғы буын шәкірттері – Бектұрған Жұмағазин, Ауғанбай Қалиев, Нығымет Қайпин, осылармен тете Дүйсенбі Әріпов, Сисенбай Алдабергенов, тағы басқалары астана жоғарғы оқу орындарында үздік математик студенттер болды.

Осы жылдарда Шахта орта мектебінде математика пәнінің білгір ұстаздары, азамат ағалар Ысқақ Шәкіратов, Торғай Шоңқалов, Хисмет Рахимов, Кетебай Қиынов сияқты жайсаң жандар дәріс берді. Бүгін сол ұстаздардың өзінен асқан шәкірттерінің бірін еске ала отырып, олардың тірісінің мерейі, өлісінің рухы алдында бас иеміз. Ұстаз есімі – мәңгілік деген осындайдан қалған болар деп ойлаймын.

Замандас ағам Нұн туралы пікір дайындай отырып, аудандық газеттің сарғайған тігіндісін тағы бір сараптап өттім. Міне «Сталин жолы» газетінің 5 желтоқсан 1952 жылғы 70-ші нөмірі. Мұнда «Аталық қамқорлық» деген шағын мақала бар. Онда мынадай жолдар бар: «Біз қазір Шахта орта мектебінің Х-шы класында оқимыз. Биылғы оқу жылы орта мектепті «жақсы», «өте жақсы» деген бағамен бітіріп, жоғарғы оқу орнына түсуге талпынудамыз. Оған бізде барлық жағдай жасалған. Бұл тілегіміздің орындалатынына сенеміз». Газеттің Конституция мерекесі күнгі берген осы шағын мақаласының авторлары болып Б.Жұмалиев, Н.Жұбаев ныспылары жазылыпты.

Жаңа 1953 жылда орта мектепті бітіргеннен кейін Берекет Жұмалиев ҚазГУ-дің физмат факультетіне барып, оқуға түсті. Колхоздың қарапайым ұстасының баласы Нұн ол жылы оқуға баратын мүмкіндік таба алмай, Тұщыбекке жақын жерден ашылған Сартаған экспедициясына жұмысқа жүрді. Кейін университетте оқып жүрген кезімізде, сол уақытты еске алып, Нәкең мынадай әңгіме айтатын:

Он жеті - он сегіздегі жас жігітпін, экспедицияда бетон араластырғышта жұмысшы болып жасаймын. Аппаратқа топырақ, цемент салып, суын құйып қосқаннан кейін қолдан тастамайтын математика кітабын алып, есеп шығарып отыра беріппін. Есептің қызығымен бетон араласып біткен соң, аппаратты тоқтатуды ұмытып кетіппін. Аппарат қызып кетіп, ақаулы болды. Мұны жұмысты аралап жүрген экспедиция бастығы Шпак көріп қойды. Жұмыстан шығарады екен деп, зәре жоқ.

Қолымда кітабым: «есеп шығарып отырып, ұмытып кетіппін» деймін. «Оқуға неге бармадың?» дейді бастық. Тұрмыстық жағдайымды, ақша жинағасын оқуға барғым келетінімді түсіндірген болып жатырмын. Бастық үндемей кетіп қалды, қорқып жүрмін. Сөйтсем, бастық разрядімді көтеріпті; жазда оқуға кетерде айлығым бар, көмек деп 4-5 мың сом ақшаны қолыма берді. Осы ақшамен 1954 жылы Нұн Алматыға оқуға аттанды. Кейін, 1956 жылы, өзім бір мың соммен Алматыға оқуға кеткенімді ескерсем, бұл көп ақша сол кезде. Ол уақытта университетте стипендия 180 сом (кейін 18 сом) болатын. Сонымен оқыдық, іштік, ойын-сауыққа бардық, тіпті киім алдық.

Киім дегеннен шығады. Жалпы 50-ші жылдары елдегі жағдай шамалы. Нәкең оқуға аттанарда, ұстазы Хисмет Рахимов жаңа костюм-шалбарын үздік шәкірті Нұн Жұбаевқа кигізіп жіберіпті, өзі де не барлықтан беріп тұр дейсің, қандай кісілік. Шәкіртін құлай сүйген, болашағынан зор үміт күткен.

ҚазГУ-дің сол жылдары Калинин мен Виноградов көшелеріне қарап тұрған екі жатақханасы болды. Үлкен жерден шалғай жатқан, байланысы жоқ Маңғыстау ол кезде Алматы үшін Австралиядан жақын емес-ті. Содан болар, Маңғыстаудан келген студенттерге қай вузда балмасына жатақхана беретін. Университетте оқитын жоғарғы курс студенттері, ағаларымыз – Алым Жаңбыршин, Нұн Жұбаев, Берекет Жұмалиев, тағы басқалармен жатақханада бірге жаттық.

Нәкең университетте үздік оқыды, қоғамдық өмірге белсене араласты, ауызға ілінді. Сонымен бірге Алым сияқты аздаған ағаларының қолқанаты, біздер сияқты көптеген інілерінің өзіне қарап өсер, үлгі алар қамқор ағасы болды. Көптеген деуім, 1956 жылы Алматының жоғарғы оқу орнына біздің ауданнан 16 қыз-жігіт оқуға түсті.

Студент Нәкең – ұзын бойлы, ақсары өңі күлімдеп тұратын, шашын бір жағына қайырған, сыпайы сөйлейтін, бар киімін ұқыптап таза киетін (сол кездегіше айтқанда 100 (стиляға) әдемі жігіт ретінде біздің көз алдымызда тұрады. Университетте оқу, әсіресе алғашқы семестрлерде, орысша білмейтін Маңғыстау жастарына оңай тиген жоқ. Сол шақта физмат факультетінің студенттері Шүкірбай Асанов, Болат Қонысбаев, Ораз Телемгенов, Сүлеймен Құсайынов, тағы басқалары Нәкеңе жүгіретін, сұрайтын, сабақтарына түсінік алатын. Ал Әбіш Кекілбаев, Сержан Шәкіратов, мен сияқты филфак студенттері Нәкеңдей әріптесі бар оларға қызыға қарайтын едік.

Нәкең 1959 жылы ҚазГУ-ді үздік (қызыл дипломмен) бітіріп шықты. Болашағы зор үміт күттіретін жасқа университет әрі қарай ғылым саласында еңбек етуді ұсынды. Нәкең үйіне хабарласып, ауылға қайтып жұмыс істеу ме, әлде оқуын жалғастыру ма, шешіп беруді сұрады. «Биыл мектеп бітіріп тұрған Сұлтан оқуға баруды қоя тұрар, оқуын жалғастыра берсін» деген тоқтам айтты қарт ұста, қызы Қарашаның ағасының ауылға келгенін қалағанына қарамай. Бұл кезде Нәкеңнің анасына уақыт болған. Дегенмен Жұбай қарт ұлының ғылым соңына дұрыстап түскенін сезді, бетінен қақпады, ақ батасын берді. Сөйтіп Нәкең Мәскеуге аттанып, үш жыл КСРО Ғылым академиясының механика проблемалары институтының аспирантурасында оқыды. Міне, енді Нұн Жұбаев бүкіл өмірін ғылым жолына арнады. Иә, бүкіл өмірін!

Ғалымдар туралы анекдоттар көп. Архимед, Галилейден бастап, Ньютон, Эйнштейнге дейін қаншасы айтылады. Ғылымның жолына шын түскен жанның одан басқа досы болмайды. «Малға достың досы жоқ, малдан басқа» деп, ұлы Абай айтқандай. Адамның аңсары неге ауса, соған.

Пайғамбардың хадисінде: «Бір әріптен тұратын білім болса да, мың рет қайталауды талап етеді (20 хадис)» делінген. Ал ғылымда соны жол іздеу, жаңалық ашу күнделікті адами тірлікті жиып қойып, соған бар болмысымен берілуді қажет етеді. Бір қарағанда, ғылым соңына шын берілген жан дені дұрыс емес адам сияқты болып, бізге қарапайым адамға көрінетіні де содан шығар. Ғылым дәмін шын тартқан, үлкен ғалым Нәкең де көбіне адами тірліктің түйткілдерін қоя тұрып, өмірін, болмысын тұтастай ғылым жолына арнады. Оның бұл күйін түсіне алмағандарымыз да болған шығар. Кейде осынымыз талантты түсінбеген пендешілік болар-ау деп те ойлап қоямын.

Нұн Жұбаевтың 1962 жылы аспирантура бітіріп келгеннен кейінгі ғалым ретінде еңбегі мен тыныс тіршілігі Қазақстанның Ғылым академиясының механика-математика институтында өтті. Осында ол кіші ғылыми қызметкерден бастап, лаборатория меңгерушілігіне дейін өсті, ал 1986 жылдан өмірінің соңына дейін Сейсмология институтының директоры болды.

Ғылым жолында бар өмірін аямай жұмсаған Нұн Жұбаев 1965 жылы кандидаттық, 1980 жылы докторлық диссертация қорғады. Біріншісін Москвада, екіншісін Новосибирск қаласында атқарды. Оны ғалым ретінде Одақтың талай академиктері мойындады. Оның ғылыми жетекшісі КСРО мен Өзбекстан ғылым академияларының академигі, РСФСР-дің ғылымына еңбегі сіңген қайраткер, КСРО мемлекеттік сыйлығының иегері, Социалистік Еңбек Ері Хамел Ахмедұлы Рахматуллин болды. Шәкірт даңқы ұстазына, ұстазы талантты шәкіртіне риза болып өтті.

Мен, әрине Нәкең еңбек еткен саланың маманы болмағандықтан, оның ғылыми еңбектерінің мән-мағынасын талдап айта алмаймын. Естуімше, Ақтау политехникалық институтының ректоры Нәкеңнің серіктес інілерінің бірі Есберген Тоқшылықұлы Божановтың бастамасымен алдағы жазға салым ғылыми-теориялық конференция өтетін сияқты. Амандық болса, Нәкеңнің ғылымдағы ерен ерлігін солар ашар деген ойдамын. Жақында аудандық Мәслихат депутаттарымен кездесуінде Есберген 70-ші жылдардың басында өзінің ауырып жүргенінде Нұн ағасы: «Есберген-жан, біздің ауылға барып, бір-екі жыл шұбат ішсең, жазылып кетерсің» деген. Содан Маңғыстауға келген жас ғалым екі-үш жыл емес, жиырма бес жыл Маңғыстауды мекендеп қалғанын, түбек туған мекеніндей болып кеткенін айтты. Бүгінде еліміздің белгілі ғалымдарының бірі, профессор Е.Божанов қазақты кей біреулердей ру, жікке бөле бермейтін азамат ағасы туралы осы бір үзік сырды айтқан еді. Мұның өзі де аңдап қарасақ, абзал ағаның үлкен түсінігі мен кісілігін тағы бір қырынан аша түсетін сияқты.

Менің естіп білуімше, Нәкең өзі айналысқан ғылым саласында бұрынғы одақ қана емес, шетел ғалымдары да мойындаған үлкен беделді ғалым болғанға саяды. Ол басқарып тұрған Қазақстан ғылым академиясының Сейсмология институты базасында Одақтық Ғылым академиясы осы сала ғалымдарының халықаралық басқосуларын өткізуі тегіннен-тегін болмаса керек.

Бұл ғалым Нұн Жұбаевтың биік өресіне, ол басқарған институт ұжымының осы саладағы үздік жетістігіне берілген орынды баға болған. Ғылым докторы, профессор Н.Жұбаевтың Қазақ Ғылым академиясы академиктері қатарына барар орыны да белгіленген бағытта екен.

Амал қанша, сұм ажал Нәкеңе өз еңбегімен жеткен ғылымдағы лайықты орынын иеленуіне мүмкіндік бермеді. Елу үш жасында, нағыз кемел шағында арадан алып кетті. Қазақстан ғылыми ортасы, талантты перзентін азалай шығарып салды. Кеңсай зиратындағы қазақ топырағы даңқты ұлын қойынына алды. Қаратаудан шығып, Алатауды мекендеген, көшесінде емес, көкесінде тұрған тағы бір Маңғыстау перзенті дүниеден өтті. Батырлығы мен байлығында кемі жоқ, ғылым мен ғалымға кенде Адайдың маңдайына біткен бір жарық жұлдызы сөнді. Алатаудағы ағайынның қалт еткенде уақыт тауып, қуанышы мен ренішін бөлісер бір азаматы арадан кетті.

Қазақтың бүгінде әлемге әйгілі перзенті Әбіш жақындағы депутаттық сапарында бірге жүргенімде: Алматыдағы Есекең (Естөре Оразақов), Шәкең (Шайқы Еркеғұлов) сияқты үлкен ағаларды былай қойғанда, Мекерия, Берекет, Нұн секілді замандас ағалар жоқ бүгінде, көңіл қоңылтақсиды, жалғыз қалғандай сезінемін деп мұңайды. Нәкең есімі Әбіш аузынан бекер шығып тұрған жоқ-ау. Дарынды дарын түсінеді, Нәкеңнің уақыт таппай, ағайынның арасында жиі болмайтын жайын Әбіш жақсы түсінеді екен ғой, деп ұқтым. Әбіш кезінде түсінгенді, біз, пенделер, кеш түсінсек те, жақсы-ау. Ұлыларды түсінбей, жетесіз боп өтпейік деп ойладым.

Бүгін Нұн Жұбаевтың алпыс жылдығын атап өте отырып, оны дүниеге әкелген әкесі Жұбай мен анасы Қағаз рухына бас иеміз. Нәкеңнің тіршіліктегі бар шаруасын атқарысқан, о дүниелік болған соң есімін мәңгі қалдыруға мұрындық болған інісі Сұлтанға, балаларының анасы, отын өшірмей отырған қосағы Роза жеңгейге рахмет айтамыз. Мектеп ұжымының бүгінгі шарасына ризамыз. Бүгінгі шара Нұн Жұбайұлы есімін қастерлеудің басы да, аяғы да болмасын. Жақсы ұлдарымыздың атын шығара берейік, оған іштарлық етпейік. Нәкең жөнінде солай болсын.

Осы орайда бір-жар пікір. Мектеп алдына Нұн Жұбаевтың үлкен ескерткішін жасатып қойса, артық болмас еді. Сондай-ақ мектепте Н.Жұбаевтың музей бөлмесін ашып, оған Нәкеңнің шыққан ортасы, сол кездегі колхоз, аудан өміріне байланысты деректер, өзінің бүкіл өмір жолынан жиналған жәдігерлер, ата-анасы, өз отбасында бар материалдық дүниелер, естеліктер, тағы басқа да мұрағаттар жинақталса, дұрыс болар еді. Қазір олар отбасында, дос-жарандарында молынан бар. Кейін уақыт өте таптырмай кетуі мүмкін. Тағы бір айтайын дегенім, Нұн Жұбаев атындағы жарысты осы мектепте өткізіп, жеңімпаздарды көтермелеп отырса, дұрыс болар еді деп ойлаймын.

Қадірлі қауым! Пайғамбарымыздың хадисінде: «Адам өледі, ал ғалым мәңгі тірі» (8-ші хадис) делінген. Сол айтқандай, ғалым Нұн Жұбайұлы мәңгі тірі.

Терекбай Жаңбыршин

«Жаңа өмір» 17 қаңтар. 1996 жыл.

ТҰҒЫРЛЫ ТҰЛҒА ЕДІ

(Төлеп бабаның алтыншы ұрпағы, ғұлама ғалым Нұн Жұбаев туралы сыр)

Қазақ атам баласы малы мен жанының санын түгендеуді онша қалай бермейді. Тіл көздің сұғынан сақтанғанынан бұрын онысын сүйегіне сіңісті тәубашылдығы, шүкіршілдігі, кішіктігі деп жатсақ, ауа жаңылмаспыз. Қалай болғанда да бұл – қазақтың халықтық болмысының қыры. Соны біздің де аттап өткіміз жоқ. Бірақ айтпай тағы кете алмай отырғанымызды қараңыз. Амал жоқ, тіфа, тіл аузым тасқа деп тастап, бір сөздің желісін тастап келіп жіберейік. Өйтпесек, әңгімеміздің иі қанбайтын, сөз сыралғысын ұстай алмай қалатын жайымыз бар.

Құдай көпсінбесін, Төлеп батыр ұрпағы баршылық. Бұл адай ішіндегі ең бір өскен ұрпақ. Тіпті таңқаларлық. Батырдың задасынан өрбіген ұрпағының 8-10 буынға жеткенде, Нысанбайдың немересі Сайын пайғамбар жасын енді ғана артқа салды. Батырдың он үш баласынан өрбіген шаңырақ саны қазір жүзден асып кетті. Бұл біздің білетініміз ғана. Ал шетте саяқ жүргендері қанша!? Тағы бір таң қалып кетсек, күпірлік бола қоймас, сандық құрамы солай, Төлен ұрпағының сапалық құрамына тіпті сын жоқ. Он қолынан өнері төгілген шебер, көрігін көлік қылған ұста, тақтақ жыршы, топ жарған шешен, туғаны жоқ тура би, хаты өлмес ғалым, аты өлмейтін ұлағат иесі ұстаз – бір сөзбен айтқанда бұл әулеттен осылардың бәрі шыққан. Солардың бірегейі – Жұбай шаңырағына тоқталып өтудің сәті енді келді.

Жұбекең – батырдың Тұщыбекті мекендеп қалған бесінші ұрпағы. Ұсталық – Алланың адам баласына Дәуіт пайғамбар арқылы сыйлаған ең ежелгі кәсібі дейді ғой құран кәрімде. Алла, әрине, оны тегіннен тегін жібермейді. Тірі пенденің қажеті мен қардері болған соң жіберген, Жұбекең осы кәсіптің басын ұстады жасынан. Көппен бірге Тұщыбекте де әуелі артель, мойынсерік ұйымдасты. Артынан «Қызыл таң» дейтін колхоз болды. Орталығы Сартаған. Жұбекең соның ұстасы. Зайыбы Қағаз да шаруаның қызы. Жомарт құдай отбасын базарлы етіп, алты перзент берген. Бірақ баянсыз болды ол бақ. Төтеннен келген індет айналасы үш күн ішінде алтауын бірдей алды да кетті. Жер ортасы жасқа келген ата мен ана аңырап қала берді арттарында. Енді еріндері жібіместей көрінген. Бірақ құдайдың шапағаты кең екен. Әруақ желеп-жебеп, Бекет ата қолдап, Төлеп аталарының рухы жар болып, дүниеге тағы бір қызыл шақа шарана келді. Қойынға сыймайды дейтін қуаныш болса, осындай-ақ болар.

Жұбекең жасында молда алдын көрген. Балаға ат қоюға келгенде, көңілі Нұн деген есімді қалады. Қасиетті Құран кәрім жазуындағы әріптің бірінің аты ғана.

Нұнның артынан қарындасы Қарашаш пен інісі Сұлтан келді. Сөйтіп, бұл үйдің кемдігі де толды. Біреуден кем, біреуден артық тұрмыс. Қолы шебер Жұбекең отбасын ашқұрсақ еткен жоқ. Ауылдың салпы етек шаруа адамы мақтаннан ада даңқ, дақпыртта тіпті шаруасы жоқ болып келеді ғой. Шаруасы көтерем колхоздың ергіз де екі болуы қиын оны-мұнысын жамап-жасқап, жоқтан бар етем деумен мігірі жоқ Жұбайдың ұста дүкенінен ұзауы сирек. Ана бір жылдары арагідікте Таушыққа қатынап көмір әкелетіні бар еді. Келе-келе ол шаруаны колхоз өзі үйлестіретін болған. Енді тіпті сыртқа баруы сирек. Бұл қол қайрымы көп кісі еді. Колхоз жұмысынан қолы қалт еткенде қоңсының, көрші-қолаңның өтінішін орындауға уақыт табады. Қыр еліне қат нәрсе қақпан. Ит-құс көп. Аулаушысы болмаған соң, аң да көбейіп кеткен. Аңшы мылтығы ілуде біреуде ғана бар. Сол бардың өзінің оқ-дәрісі жоқ. Содан жұрттың күні қақпанға қарап қалған. Оны ат аяғы жететін жерде соғатын ұста Жұбай. Мұның бір кереметі болар тегі, соққан қақпанының серіппесінің суын алдыруға басқа жақтан келеді кей ұста атанып жүргендер. Осылайша Жұбай аты шығып-ақ тұрған. Бірақ одан мақтау иесінің өзі бейхабар. Соғып берген қақпанының құр жатпай, қандыауызы қанданған хабарын естігенге мәз. Бірде ұста атын шығарыңқырап кеткен бір жағдай болды.

Ауданның бірінші хатшысы Әмір Бақыраевтың машинасының бір тетігі жолшыбай сынып қалыпты. Оның қосалқысы аудан түгілі, облыс орталығы Гурьевтің өзінен табылуы екіталай. Ілдалап болса да Таушыққа жетіп қалуға септігі тие ме деп, колхоздың ұста дүкеніне әкелген. Темірдің тілін білетін Жұбекең қарап көріп еді, қарлы Қаратау қылатын ештеңе жоқтай. Тәйірі бір адамның қолынан шыққанды екінші адам жамап-жасқай алмайды деген не? Құралы жетіссе, жасауға да болады тіпті.

— Сіздер алаңсыз шайланып келіңіздер. – Жолаушыларына осылай деп, ұста іске кірісті. Машина тетігі қақпанның бақалағы емес қой, қорасына отырғызып, қандыауыздың екі басын үстінен үбістіре қоятын. Біраз уақытын алды. Жан терін шығармағанмен, едәуір бусануға тура келді. Сонда таң қалғаны, мынаның суарылуы бөлек. «Өнері асқан, білігі озған жұртты қойсаңшы-ау» деп қояды іштей, жердің бір түкпіріндегі бейтаныс әріптестерінің мінсіз жұмысына риза болып. Сөйткенде Жұбекең мұның шоққа ұсталып. мұздай суға салынып суарылатын кәдуілгі қара темір емес, бұлар қара далап деп атайтын ғылымдағы аты марганец – тау беткейіндегі қоңыр топырақтан қорытылып алынған кен, қосылып балқытылған құрыш екендігінен, сірә, бейхабар.

Тетік заводтан шыққандағыдай қалпына келіп жалғанғанын көргенде, шопыр жігіттің таң қалғанынан аузы ашылып кетті. Бірінші хатшы күліп, келіп ұстаның күйелеш қолын құшырлана қысты.

— Ақсақал, орныңыз завод екен. Сіздей қолы алтын ұстасы бар елдің ырысы сірә да ортаймас, – деп те жіберді және.

Тұтқиылдан басталған соғыс қапелімде бұл ауылды да есеңгіретіп кеткендей болды. Көп ұзамай әскерге жарамды ер азамат майданға алынды. Жасы сапқа тұрудан асып кеткен Жұбекеңе майданның қара жұмысына шақырған қағаз келген.

— Әлі де тұғырымнан түскенім жоқ. Қара жұмысы несі. Танымайды ғой жоғарыдағылар. Соғысының өзіне жіберетін шығар. Төлеп батырдың баласының орны қан майдан ғой, – деп көңілін тоғайтып шықты үйінен болашақ сарбаз. Көлік жоқ. Жаяу. Арқасында бір жуылған көйлек-көншегі мен бір қарын қуырдақ, бір таба нан, азық салулы дорбасы.

Ұланақтың тақырын орталай бере арттан бір машина жетіп тоқтай қалды. Тани кетті. Бірінші хатшының машинасы.

Ішінде шофері жалғыз. Анада тетік соқтырып алған бала. Ол да танып, жалпақтап жатыр. Солай жолы болып, Таушыққа жетіп, одан Кетікке әскери комиссариатқа келген. Өзі құралыптас танысы бар, бейтанысы бар бір топ аулада тұрған. Есіктен нәубетші шығып, мұның аты-жөнін алабөтен атады. Комиссар Мироновтың өзі шақырып жатыр.

— Әй, әруағыңнан айналып кетейін бабам-ай. Тағы да табылды-ау қасымнан. Менің батыр ұрпағы екенімді білген ғой. Сосын болар шақырып жатқаны. Жобам жоба. Төкеңнің бұл тұқымын қара жұмысқа салпаңдатып қойғанымыз атымызға сын болар. Саптың сарбазы қылып, қатардан қалдырмайық деп жатырған болды бұлар. Иә, сәт! Жаяудың ісі өнбейді, темірге мінін соғысуға қатып кеттім. Атты әскеріне сұранайын. Ерге бір қонып, бес қару қолыма тисін. Сосын көріп алдым, сен Гитлер иттің әуселесін.

Өзін алабөтен елеп-ескеріп бөлек шақырғанына төбесі көкке сәл-ақ тимей қалған Жұбекең аршындай басып кіріп келген. Миронов деген көк көз, шикіл сары орыс екен. Шала қазақшасымен әуелі мұның аты-жөнін ықтияттап алды.

— Әмір Бақыраев сендей ұста тылға да керек деп қолқа салып отыр. Мұндағы шаруаның жайын да ойламасақ болмайды. Сені армияға алмайтын болдық. Қайта бер. Жо-жоқ, бұл жерде бөтен сөзге орын жоқ. Айтылған әмір орындалады. Бара бер.

Содан Жұбекең ауылға оралды. Күйелеш дүкеніне оралып, көрігіне жан берді. Содан әбден балға ұстауға жарамай қалғанша, ұстаханасымен әуре болумен өтті. Айтпақшы, қажетінде құрылысшы да бола кететін ұсынақтылығы сеп болып, ауылдағы мектеп құрылысына қатысқаны бар.

Соғыс аяқталып, ел еңсесі көтеріле бастады. Балалар өсіп келеді. Баласы көп шетінеп аузы күйген ата-ананың әуелгі тілегі зарығып көрген перзенттің амандығы ғой. Шүкір, үш қарғалары үйелменді-сүйелменді болып, көз қуанышына айналды. Амандықтан соңғы тілек - баланың қатарынан кем болмай өсіп қарақанат болуы. Тіпті көңілдің көк дөнені алға шығып, озып, жұрттың алды бола кеткенін де теріс көрмейді. Шүкір! Тәуба! Нұны тіл аузым тасқа дегізіп, өсіп келеді. Алғыр. Барлық сабақтан жүйрік. Тіпті қамшы салдырар емес. Ауылдағы мектепті үздік бітірді. Одан арғы оқу, орта мектеп Таушықта.

Шахта орта мектебі деп аталатын бұл оқу орны – құтты ұя. Осы Маңғыстаудың орта білім беретін қара шаңырағы деуге лайық. Онда оқығандар жан-жақты білім алудан кенжелік те, кенделік те көрген жоқ. Мектептің әсіресе математиканы оқытудағы атағы жер жарды. Сол пәннің мұғалімі марқұм Торғай Шоңқалов есімі сол уақыттың өзінде аңызға айналды.

Біздер гуманитар мамандық өкілдері қадіріне жете алмасақ та шамалаймыз, тарих барлық ғылымның атасы болғанда, математика енесі деуге келеді. Әлемде себепсіз ештеңе жоқ, есепке шағылмайтын да ештеңе жоқ. Жұмыр дүние, оның бүкіл болмысы жұптан тұратын болса, ол екеу дегеніміз. Біреу тек қана жаратушының өзі. Содан кейінгілерінің бәрі екеуден тұрады. От пен су, жер мен көк, еркек пен ұрғашы, жаман мен жақсы, оң мен теріс – солай кете береді. Солай басталған математика ілімінің шегіне әлі ешкім жете алған жоқ. Жетпегені ғой математикадағы Герон есебі әлі құпия болумен келеді. Оны шығару бұл ілімнің небір ғұлама білімпаздарының арманы болумен келеді. Білімпаздар математиканы поэзияға теңеп жатады. Бұл оның тылсымдығына ден қойғаны.

Міне Шахта орта мектебі шәкірттеріне сол күрделі пәнді дұрыс, өз дәрежесінде оқыта алды. Әсіресе, өте-мөте көзге түскен математиктер Нұн Жұбаев пен Берекет Жұмалиевтің атақтары оқушы күнінде-ақ жер жарды. Бұл екеуінің артынан жоғарғы оқу орындарына түсу емтиханын тапсыруы да аңыз.

Бірінші сабақ математикадан жазбаша. Конверт ашылып, емтихан алушы есептің берілісін тақтаға жазып, аз-мұз түсінік сөзін айтып бола бере, бір бала орнынан тұрып, бері беттеп келеді. Сөйтсе, ол барлық есепті шығарып үлгерген. Таң қалған, әрі сүйсінген емтихан алушы баланы сол бойда комиссия төрағасына, ол ректорға апарады. Қосымша сұрақ қойып байқаса, бала шашасына шаң жұқтырар емес. Мектеп программасы былай тұрсын, жоғарғы математика дәрежесінде біледі бұл пәнді. Вундеркинд. Бұл жайға емтиханнан хабар жазуға келген «Вечерная Алма-ата» газетінің тілшісі куә болып, газетінің сол күнгі санында талантты абитуриентті мақтап жазады.

Өкінішке орай, мен мұның Нұн әлде Берекет екенін дөп басып айта алмай отырмын. Себебі, газет қолымда жоқ. Ал айтушылар әңгімесі екі ұдай. Бірақ бір нәрсенің басы ашық.

— Шахта орта мектебінің түлегінің сол жылы көпті таң қалдырғаны шындық.

Нұн Жұбаев мектеп бітірген 1953 жылы жоғарғы оқу орнына бара алмайды. Бүгінде әр түрлі себептер айтылады. Сірә, соның негізгісі – қаражаттың жоқтығы болуы.

Сол жылдары Сартағанға экспедиция келіп жатқан. Тау бойынан кен іздейді. Кирилл Игнатьевич Шпак деген кісі. Түбі Донның казак-орысы, мамандығы, сірә, инженер-геолог. Көргендер екі иығына екі кісі мінгендей дерлік еңгезердей, аса қайратты, шаруаның қыбын білетін, әр нәрсеге өте-мөте әуесқойлығы. Мысалы, скрипкада жақсы ойнайды. Үйіне жылан, тышқан, кірпі, кесіртке тағысын асырайды. Ертеңгі тамағын асыранды жәндіктерінің ортасында отырып ішкенді ұнатады. Шөптерден гербарий, тастардан коллекция жинайды. Бірдеңе біледі-ау деген адамнан қайдағы бір ойға келмейтін жайттарды сұрағыш.

Енді білсек, ол экспедиция бір жағынан әскери мақсатқа қажет сирек кездесетін элементтерді де іздестіреді екен. Сартаған маңынан фосфор кенінің қорын тауыпты. Ал ол болса, уранды жыныс қалдығын өңдеуге таптырмайтын шикізат. Шақырғанға таяу стронций, марганец кен қорын есептепті.

Экспедицияға жергілікті жерлерден де біраз адам жұмысқа орналасқан. Көбі армия қатарынан оралған, ата-мекенге басқа жақта болып келген жастар. Колхозшылар емес. Ол кездің заңы бойынша, колхоз мүшесі басқа жаққа кете алмайды. Паспорты жоқ. Паспорт тек жоғарғы не арнаулы оқу орнына баратындарға беріледі. Берген ғұрлы машақаты жетіп, артылады. Қысқасы колхоз-советтік крепостнойлықтың жетілген жаңа түрі.

Нұн мектеп бітірген соң оқуға кететін болып, паспорт алып қалған. Олай қарай жол түспеген соң ауылға келіп, экспедицияға жұмысқа орналасты. Қызметі, бүгінгі тілмен айтқанда, ерітінді илейтін агрегаттың операторы. Экспедиция геологиялық мақсатта болған соң, жұмысының негізі – бұрғылау. Тайыз тереңдікте ұңғылар қазылып, кентау жынысы алынады. Қазіргідей аспа жалап қондырғылар жоқ. Көбі колонкалы бұрғылау. Ұшында алмазы бар іші қуыс долото рогормен айналдырылады. Долото қызып кетпей ұзаққа шыдау үшін, ішіне цемент ерітінді тоқтаусыз айдалып отырады. Агрегаттың өзге жұмысы да жетіп артылады. Сартаған басында құрылыс қарқынды жүріп жатыр. Соған балшық иленеді. Пешке қажет кірпіш лайы тағы бар. Қысқасы, өте жауапты жұмыс – жалғыз агрегаттың операторлығы.

Бір күні есеп шығару қызығымен отырған операторымыз агрегат жұмысын қадағалауды ұмытып кетіпті. Қараусыз қалған техниканың әлдебір тетігі өртенген де кеткен. Содан бригадир шашын жұлып, ойбайын салсын. Өйтпей де қайтсін-ау, әлгі тетігі түскір қат. Жақын қала тетік түгілі, Гурьевтің өзінен таптырмайды. Экспедиция бастығының өзі осыны екі етек болып жүріп бір жақтан әзер тауып әкеліп, бригадирдің жеке жауапкершілігіне мұқияттап тұрып тапсырған. Енді мына жүгермектің істегенін қара. Нұнның қолы қалт еткенде кітапқа үңіліп, есеп шығарумен болатыны бригадирге аян. Бұл жолы да сөйткен ғой. Солай екен, бозбаланың қойнына қолын салып қалып еді, қалың кітабы шыға келсін. Шат-шәлекей болған бригадир айғақты нәрсе ретінде кітапты қолға ұстап, бастыққа тартты.

Біраздан соң бастықтың шақыртқан хабаршысы келді. Мойнынан су кетіп барды. Ұрсар, әкемді танытар деп күткен. Жоқ, бастық Кирилл Игнатьевич жайбарақат, тіпті жүзінен әлденеге риза болғандай кейіп аңғарылып отыр. Нұнға жылы ұшырай қарады.

— Жарайсың, Нұн. Сенің мұндай талабыңның бар екенін білмедім ғой мен. – Анада жұмысқа қабылдағаннан, содан кейін жұмыс басында жүз көріскеннен басқа таныстығы жоқ-ты. Сірә, атымды бригадирден сұрап алған ғой деп ойлап тұр Нұн. Онда Шпактың бір көргенін тіпті де ұмытпайтын ғажап қабілет иесі екенін экспедицияда көп адам білмейтін. Бастық солай деп, әдемі жымиып алды да, қасындағы отырғандарға қарады.

— Мынау жоғары математиканың есептері. Белгі салған беттеріне қарағанда, көбі шығарылыпты. Солай ма, Нұн?

Бұл мақұлдап, тағы да басын изеді.

— Тағы да жарайсың, бауырым. Экспедициямда сендей талап иесінің болғаны мақтаныш. Осы жолыңнан тайма. Оқы. Ізден. Ал әлгі электродвигательді ұмыт. Жаңасы табылғанша, лаждай тұрарсыңдар.

Экспедиция басшысы мен жас жұмысшының арасындағы достық осылай басталды. Қолы ұзын Шпак артынан көп ұзамай, бір таныстары арқылы сәлемдемемен бірнеше математикалық кітаптар алдырып берді. Нұн баланың сол жолғы қуанғаны-ай!

Қыс өтті. Көктемнің де аяғы көрінді. Бір жылға жуық жұмыс жасап, өзінше иінін бүтіндеп, аздап қаражат та жинаған Нұн, Алматыға оқуға баруға жиналды. Шпак сәт сапар тілеп, қатырып мінездеме жазып берді. Жақсылығы онымен де тынған жоқ. Бас есепшіні шақырып алып, тиесілі ақшасын тез есептетіп берді. Экспедиция атынан үш мың сом көмек және берді. Бұл ол уақытта көп қаржы. Және ақша құнды болатын онда.

Қағаз ана бұл кезде бақилық болған. Қарашаш пен Сұлтан әлі жас. Былайша айтқанда, отбасы жағдайы онша емес. Ауылдың көп шалының бірі болса, баласына келін алып кел деп, қиғылықты салар еді. Бірақ Жұбекең олай еткен жоқ. Баласына ақ батасын беріп, шығарып салды Талап иесіне ақ жол тілеген тағы бір батагөй ағаның атын атамай кетуге болмайды. Ол ұстазы Хисмет Рахимов еді. Шәкіртінің сапарына оң болсын айтып, иығына жаңа костюм-шалбарын кигізді. Барлықтан емес, нарлықтан. Ол жылдары тұрмысты деген мұғалімнің өзінің күйі қоңыртөбелден аспайтын.

Гурьевке келіп, одан Қандыағашқа жетіп, әзер дегенде поездың жайдақ вагонына отырып Алматыға келген Нұн Жұбаев ҚазМУ-дың физика-математика факультетіне құжатын тапсырды. Емтиханды үздік тапсырып, студент атанды.

Сол уақытта Алматының жоғарғы оқу орындарында 30-ға жуық маңғыстаулық жастар оқитын. Үлкен топ. Бәрі тату. Той, мерекесі бірге. Бәрінің ортақ штабы – Жаманқара Ордаш Отарбаевтын үйі. Ордекеңде түбі маңғыстаулық. Соғыс жылдарында осында болған әскери заводта жұмыс жасап, сол заводпен кейін Алматыға барып тұрақтап, орнығып қалған. Жұбайы Ер Төлеп қызы Балым апай екеуі көпшіл, бауырмал жандар. Самиғұлла Андарбаев, Естөре Оразақов, Мұрат Өскінбаев ағалары орталарында. Иә, ол бір қимас шақ еді.

— Студент Нәкең ұзын бойлы, ақсары өңі күлімдеп тұратын, шашын бір жағына қайырған, сыпайы сөйлейтін, бар киімін ұқыптап таза киетін (сол кездегіше айтқанда «стиляға») әдемі жігіт ретінде біздің көз алдымызда тұрады, – деп еске алады сол жылдары ҚазМУ-дың журналистикасында оқыған Терекбай Жаңбыршин.

Маңғыстаудан оқуға барғандардың басты проблемасы – орыс тілі. Бәрі шорқақ. Балалық шағы Сартаған мен Таушықта өткен Нұн Жұбаев та солай. Экспедицияның жұмысшыларының көбі қазақ болғандықтан, орысша үйренгені шамалы. Оның ғажап қабілеті студент жылдары тіл үйренуден көрінді. Орысша өте тез үйренеді. Үшінші курста таза сөйлейтін жағдайға жетеді.

Жоғарғы оқу орнының программасы студентке бәр-бәрін білгізе алмайды. Барлық кезде, барлық жерде солай болған, солай бола бермек те. Оқу бағдарламасын құбыланама еткен талапкер нағыз білімді зейінімен, еңбегімен алады. Ғылымның инемен құдық қазғандай болатыны осыдан. Нұкеңнің бар жігерін салып оқығаны белгілі. Соның нәтижесі 1959 жылы университетті қызыл дипломмен бітірді. Алда сан тарау жол тұрды. Соның ішінен таңдау ғылымға түсті. Ғылым академиясының механика проблемалары институтының аспирантурасына түсті. Тағы да оқу. Айырмасы – бұл оқу күрделі, жауапты, ғылыммен ұштасқан ізденіс. Механика – математиканың бел баласы, физиканың егізі дерлік ілім. Галактикадағы қозғалыстан бастап, ең азы тігін машинасының тегершіктерінің айналысына дейінгі барлық қимылдық жүйе механика заңдылықтарына бағынады. Дүниеде есепсіз, есепке қатыссыз ештеңе жоқ болса, механикалық ырғақ, үйлесімсіз де ештеңе болмайды.

Жалпақ ұғымда тиянағы тұрақты кәдімгі қара жер сияқты ғой. Жоқ дейді ғылым оған. Бұл да жаратылыстың еркінен шыға алмайды екен. Тұщыбекте туып-өскен Нұкеңе елде жүргенде Қаратаудан асқан тау, Отпаннан асқан биік жоқтай көрінетін. Онысының дұрысы да, бұрысы да бар болып шықты. Дұрысы – Қаратау жер біткеннің ежелгісі. Уақыт көші толассыз мүжіп, осылай еңсесін пәс, арық жарбайдың өркешіндей етіп тастаған. Бұрысы Қаратау өзге таулармен салыстырғанда төбешік, қырат, жалас қана болып шықты. Осы қалпына қарай, ол бұйығы, тыныш, момақан. Баяғы жанартауын аспанға атып бұлқынатын, сілкінетін буыршын шағын әлдеқашан келместің кемесіне мінгізіп жіберген. Енді ол анау астынан бүлініп мөңкіп, сілкініп жатқан Алатау, Тянь-Шань, Тибет сияқты әріптестерінің қимылын үнсіз бақылаушы іспетті.

Бала жасынан өзіне етене, ыстық Қаратауына қарап, биіктік атаулыны, тек биіктік емес айналадағы болмыс атаулының көп бөлігін сонымен пішуге бейім Нұкең ғылым жолына түскенде де сол үрдісінен табылған ба дерсің. Жас ғалымның зерттеу аясы тау жыныстарының механикасы болды. Бұл ол кезде механиканың кенжелеп қалған жаңа саласы болып есептелетін.

Қазақстан кенге бай дейміз. Неге олай дегенге, тиянақты жауап бере алмаймыз. Бүгінгі саясаткерлерге айтқызсаңыз әрине қазақтың маңдайына біткен ризық несібесі деп, пәлсапа соға жөнеледі. Философқа сөз берсеңіз, кездейсоқтық дей салады, хақ бас ауыртпастан. Ал нақты ғылым кездейсоқтықты мойындамайды. Мұнда да заңдылық жатыр.

Қазақтың көп жері миллиондаған жылдар су астында болды ғой. Жердің ең соңғы телегей мұхиты арнасын Тұран ойпатынан әрі әкеткен. Және әлгі мұхиттың ең шұңғыл бөліп сол Тұранда, терең қазан шұңқыры – Қарақия ойы. Содан теңіз суы құрамындағы бар элемент сол маңайға шөгіп тұрған. Бізді қарық қылып жатқан қазына көзі – сол шөгінділер. Ал бұл механика әсерінен болған құбылыс па? Болғанда қандай!

Жердің өзге бір жерлерінде жаңадан тау пайда болып көтерілмесе, мұхит өздігінен басқа жаққа қотарыла ма? Қайдан! Сайып келгенде, бұл да механика заңдылығымен қабыспай ма? Әрине! Теория бойынша солай. Енді соны аналитикалық, лабораториялық, табиғи тәсілдермен сараптаудан өткізіп, дәлелдеу керек. Нұн Жұбаев осы бір қиын да, күрделі міндетті мойнына алды.

Алғашқы қадам нәтижелі. 1965 жылы физика-математика ғылымдарының кандидаты атағын осы жолдағы ізденісі бойынша сәтті қорғады. Жас ғалымның бұл табысында ұстазы академик, республика ғылымына еңбегі сіңген қайраткер, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, техника ғылымының докторы, профессор Жақан Ержанов ағасының да үлесі бар еді.

Бір жоқты бір жоқ табады демекші, бір ізге түсе бастаған жаңа сала – тау жыныстарының механикасы өзіне тете тағы бір жаңа сала – геомеханикаға жол ашты. Саланың А.Машанов, Ш.Айталиев, Ю.Векслер, Ж.Қаңлыбаева сынды белгілі ғалымдары өздерінің тобына жаңа өкіл Нұн Жұбаевтың келгеніне, жаңаның басы болып қосылғанына қатты қуанды.

Нұн Жұбаев әуелі теоретик ғалым ретінде қалыптасты. Ғылымды, оның жеңісін ортақ игілік деп түсінетін ол, әр ізденіс нәтижесін салалық басылымдарда жариялап, жеке жинақ ретінде бастырып отырды. Ғалым бұл орайда өте белсенді болды. Сондықтан ғой, елуге толмай жатып, жүздеген ғылыми жарияланым авторы ретінде танылды.

Ғалымның практик ретіндегі алғашқы қадамы қазақ жерінде, атап айтқанда Жезқазғандағы Қ.Сәтбаев атындағы кен комбинатында жасалды. Н.Жұбаев ұсынысымен жасалған кенді жыныстарды қопарып өндіру әдісі өндіріске енді.

Соңғы жылдары кеңес ғалымдары сейсмология саласында біршама табыстарға жеткені шындық. Түрікменстандық академик О.Оденов Иранда болғалы жатқан жер сілкінісін алдын ала болжап хабарлап, даңққа бөленді. Әлбетте ол өздігінен келе қалған табыс емес. Н.Жұбаев сынды ғалымдардың ізденісінің, зерттеуінің де нәтижесі жатыр онда.

Сейсмология саласының сөз болатыны – Нұкең Алматыдағы сейсмологиялық институттың директоры болды соңғы қызметінде. Ол шын мәнісінде әмбебап ғалым болатын. Тау жыныстарында кернеу толқындарының таралу механикасын зерттеу ғалымды әуелі сейсмик, геофизик ғалымдармен етене етіп, артынша осы қызметке әкелген. Бұл соңғы зерттеуінің нәтижесімен Н.Жұбаев Новосибирскідегі Ресей Ғылым академиясының филиалында техника ғылымдарының докторы атағын өте жақсы қорғап шықты. Сондағы ғылыми жетекшісі одақ, Өзбекстан Мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты, Социалистік Еңбек Ері Х.А.Рахматуллиннің: «Нұн Жұбаев тау жыныстары механикасы және тектоникалық процестердің математикалық теориясымен айналысатындардың, механика ғылыми мектебінің сирек кездесетін дербес өкілдерінің бірегейі» деген бағасы шын мәнісінде өскен, өркендеген қазақ ғылымына берілген баға еді.

Ғалымның ғылымдағы орнын Одақ Ғылым академиясының президенті А.П.Александров, академияның бас ғылыми хатшысы Г.К.Скрябинд де мойындап, бағалады, қадір тұтты, бүкіл әлем алдында мақтаныш тұтты.

Н.Жұбаев әлемдік, одақтық дәрежедегі әлденеше ондаған ғылыми басқосуларға қатысып, көбінде баяндама жасады.

«Тау тауға кездеспейді, адам адамға кездеседі» дейді орыстың бір мақалы. Солай болды бірде. Кавказда кезекті симпозиум өтіп жатқан. Төрдегі стол басында отырған Нұнның көзіне залдың алдыңғы қатарындағы денелі келген үлкен кісі оттай басылды. Дәл өзі. Кирилл Игнатьевич Шпак! Ол да мұны біртүрлі шырамытқандай қарай береді. Содан Нұн үзіліс болуын асыға күтті. Жұрт орнынан көтеріле, ентелей басып, жанына барғанда ол да таныды. Құшақтасып көрісті екеуі.

Нұн оқуға кеткен соң көп ұзамай экспедиция мұндағы жұмысын аяқтап кетіп қалған. Шпакты баяғы сәт сапар тілеп шығарып салғаннан соң көріп, кездестіріп тұрғаны осы. Біраз өзгеріпті.

— Міне, Нұным менің. Ара-тұра есіме алып қоятынмын. Аман жүрсе әйтеуір бір жерден шығады деп сенетінмін. Сенімім алдамапты. Қуаныштымын, – деп шал қалбалақтап жатыр. Нұн да мәз-майрам. Екеуі сол күннің кешін бірге өткізді.

Шпак мені де бей-жай қалдырған жоқ. Бертін кезде білдім. Зейнетке шыққан соң Гурьевке келіп тұрыпты. Сонда әлде бір балық түрін Жайық, Каспийге жерсіндірумен шұғылданыпты. Ұзақ өмір сүрген. Кездесіп сөйлесуге іздеп көріп едім ана жылы. Кеш қалыппын. Ол бақилық болып кеткен екен. Ал Шпак басқарған экспедиция архиві Санкт-Петербургта, сирек кездесетін қазба байлықтар геологиясы институтында сақтаулы. Барып танысып көргенге не жетсін. Бірақ мүмкіндігі түскір шектеулі.

Нұн Жұбаев ғылымдағы жаңа саланың өкілі дедік қой. Ол сонымен бірге көп зерттеуі жариялылықты қаламайтын да сала. Себебі...

Әлем атом бомбасының сынағын ауада, суда өткізуге мароторий жариялаған соң кеңес одағының оны жер астында жаруға көшкенін білеміз. Семей полигоны сол сынақ алаңы. Бір жылдары Маңғыстауда да үш бомбаның жарылғанын білеміз. Ең негізгі жарылыс алаңы Солтүстік мұзды мұхиттағы аралдарда. Атом бомбасын жарудың жер қыртысына әсері Н.Жұбаевтың ғылыми зерттеу ауқымы. Жарылыс нәтижесі әрине жан-жақты зерттеледі. Оған қару-жарақ жасаушы ведомство қаншалықты мүдделі болса, бейбіт ғылым да соншалықты мүдделі. Зерттеу қауіпті дегенмен өте-мөте қажет іс. Тіпті оның кейбір біз білмейтін құйтұрқыларына ғалымдардың құпия түрде зорлықпен қатыстырылуы да әбден мүмкін нәрсе. Атомның адам ағзасына зияндылығын білеміз...

Нұн Жұбаев кезекті бір сапарынан сырқаттанып қайтқан. Ол созыла келе ем қонбайтындай дәрежеге жеткен. Ақыры сол есіл ердің ажалымен аяқталды. Қыршын кетті арыс!

Нүкеңнің зайыбы Роза Бутина. Көп жылдар министр болған Мәжікен Бутиннің қызы. Қазақтың ол да біртуар белгілі азаматы. Екеуі Әнел, Айжан атты екі қыз, Ринад атты ұл сүйген. Ринад Төлеп бабаның бұл әулеттен өрбіген жетінші ұрпағы әкеден тым жас қалды. Нүкең марқұмның отбасы қазір Алматыда тұрады.

Ғалымның хаты өлмейді. Хаты өлмеген шынайы нағыз ғалымның аты да өміршең.

Н.Жұбаевтың 60 жылдық мерейтойын Қазақстан ғылымы лайықты атап өтті. Алматыда, Ұлттық Ғылым академиясында, Алатаудың баурайындағы сейсмология институтында басталған той ғалымның туған жерінде, Қаратау бөктерінде ұласты. Ақтаудағы Ш.Есенов атындағы университетте Н.Жұбаевқа арналған халықаралық ғылыми техникалық конференция өтті. Оған жер-жерден ғалымдар, қоғам қайраткерлері келді. Нүкеңнің көп шәкірттері сыр сандығын ашты. Сол шәкірттердің бірі университеттің сол кездегі ректоры Есберген Тоқшылықұлы Божанов еді.

...Төлеп бабасының атын оздырған, атаға тартып туған ұл, Тұщыбекте туып қазақтың тұғырлы біртуар перзенті атанған ғұлама Нұн Жұбаев туралы бір үзік сыр осы.

Әбілқайыр Спан

ТҰЩЫБЕК АУЫЛЫНДА ҰЛЫ ОТАН СОҒЫСЫНАН ҚАЙТЫП ОРАЛМАҒАНДАРҒА АРНАЛҒАН ЕСКЕРТКІШ-ОБЕЛИСКІНІҢ АШЫЛУ САЛТАНАТЫНА ЖӘНЕ АС БЕРУ РӘСІМІНЕ ОРАЙ ЖАСАЛҒАН БАЯНДАМА.

Қадірлі халайық!

Құрметті қонақтар! Тұщыбек топырағының түлеп ұшқан азаматтары!

Соңғы жылдары еліміз егемендігін алып, тәуелсіздігіміз бен бостандығымыздың аспан түстес көгілдір туы әлемге аян болып, тік көтерілді. Өшкеніміз жанып, өлгеніміз тіріліп, ата-баба әруақтары желеп-жебеп жатыр. Соның бір айғағы – бүгінгі осынау алқалы жиын құрып, бас қосуымыз. Өмір ағыны мен замана желіне орай, бұрынғы тұщыбектіктер де түбегіміздің әр қиырына қоныс аударып кетті. Осыдан отыз жылдан астам уақыт бұрын Қызыл таң колхозы ажырап, Жаңа жол колхозына бірікті. Қазір Тұщыбек елді мекені Куйбышев атындағы кеңшар территориясында. Жыңғылды селолық әкімшілігіне қарайды.

Ас беру туралы бастаманы әр тараптағы тұщыбектік азаматтар бір ауыздан қолдады. Расында да Ұлы Отан соғысы кезінде оның ауыр зұлматын тұтпаған отбасы, сірә, бізде бола қойды ма екен. Сондықтан да Ұлы Отан соғысында шейіт болған, туған жерге қайтып оралмаған асыл арыстандарымызды бүгін бір минут үнсіз тұрып еске алайық, халайық!

Бүкіл еліміздегі сияқты, біздің ауылдан майданға аттанып, елге оралмай қалған боздақтар мәңгі бізбен бірге. Олар шын мәнісінде қай жерде, қай қалада қалғаны белгісіз. Бірақ олардың рухы мәңгі жасайды. Ал тірілердің парызы соларды құрметтеп, еске алып отыру, рухына бас ию. Бүгінгі көрнекті ескерткіш-обелискінің орнатылуы, олардың құрметіне ас беру рәсімі соның бір айқын көрінісі болмақ.

Бәрімізге ортақ, қасиетті Тұщыбек мекені – өзіндік елеулі орны бар тарихи жер. Өткенге көз жіберіп, ойға оралтар болсақ, бұл жерді жерім деп тебіренген, елім деп еңіреген азаматтары да соған лайықты.

Алғашқы колхоздастыру кезінде серіктестіктен бастаған ауыл еңбеккерлері көкөніс, дәнді дақыл, мал шаруашылығымен айналысқан. Шаруаның қай түрі болмасын, ерлік еңбектің алдыңғы шебінен көрініп, уақытында еліне, үкіметке адал қызмет еткен, өз тұсының сауаты болмаса да, көзі ашық, ақылды, алғыр азаматтары Тұщыбек, Қызыл таң колхоздарын соғысқа дейін Есжанов Кірбас, Есіркепов Жиенбай басқарып, ауылдық кеңестің төрағалары болып, Тынымбаев Алмажан, Сәрсенбаев Мұхамедилер қызмет атқарған.

Ел басына ауыртпалық түсіп, соғыс басталғаннан кейін бұл азаматтардың барлығы да Отан қорғауға аттанып, колхозды Смайылов Кеңес, Уәзиров Шабай, селолық кеңесті Көшмағанбетов Аманияз басқарды. Бұлардың барлығы да елдің бірлігін, қиыншылық кезде қоғамдасып күнелтудің үлгісін көрсеткен, сауаттары жоқ болса да, озық ойлы, ақылды азаматтар еді. Қай кезде де бірін-бірі ғайбаттауды, бірін-бірі көре алмаушылықты, бір-бірінің үстінен арыз жазуды білмеген ел еді. Бұған дәлел – осы ауылдан 1932-1937 жылдары және одан кейінгі нәубетті уақыттарда да бірде-бір адам сотталмаған, бірде-бір адам айдалмаған еді.

Елдің бетке ұстар ерлері соғысқа аттанғаннан кейін, ауылда қалған ақсақал қарттар мен әйелдер, қыз-келіншектер азаматтардың орнын жоқтатпай, ауыл экономикасын нығайтып, бір жанұя мүшелеріндей татулық пен достықтың нағыз үлгісін көрсетті. Ат жалына мініп, ферма меңгерушілері болып, жасы асқан ақсақалдар мен қыз-келіншектер Құткелдиев Маңғыт, Таңбаев Еңсеген, Қанатбаев Молдаш, Өмірбеков Еңсеп, Бекенаева Бал, Серікбаева Ақілгек, Әнесова Айбілек, мал бақташылары және басқа колхоз жұмыстарын Аймағанбетова Тәрбие, Шошаева Талжан, Аманова Қанзылда, Сатыбалдиева Мәрия, Сатыбалдиева Ақбибі, Шыманова Тиін, Тұрымбетова Үшкіл, Айтжанова Ақдилан, Жұбаева Күлсін, Уазирова Қанбөпе, Дариева Үзілдік, Рахметов Аман, Есендәулетов Жұбай, Тоқсабаев Дабыс, Сақалов Есет, Пыштанбаев Қойтан, Ерманов Серікбай, Серікбаев Құрақбай, Бисембаев Ержан, Кедеев Үркімбай, Қанатбаев Молдаш, Тоғызбаев Ересен, Ниязов Аққұл, Сисенов Айдарбай, Қосқараев Айдарбай, Жолова Ақылен, Әнесова Балбөпе, Нұрғараев Қыстаубай ел бірлігін ойлап, бір тостаған көжесін бөліп ішіп, артта қалған бала-шағаларын аш-жалаңаш қылмай ер, азаматтарды жоқтатқан жоқ.

Ауыл басшылары Уәзиров Шабай, Смайлов Кеңес, Көшмағанбетов Аманияз қыс қатты болып, егін шықпай, ашаршылық болған жылдары Жылмой мен Жем бойына қоспен егіншілер жіберіп, тарыдан мың пұттай өнім алып, соны түйемен елге жеткізіп, бір ашаршылықтан елді аман алып қала білген.

Ұлы Отан соғысында қаза тапқандарға туған жердің топырағы бұйырған жоқ. Тірліктің жөнді қызығын көрген жоқ. Ақ жуылып, аруланып, қара жердің қойнына берілген жоқ. Тиісті садақалары жасалып, тие берсіні айтылған жоқ. Тіпті кейбіреулері «хабарсыз», «қаза тапты» деген қара қағазсыз кетті. Біздің қазіргі қолда бар деректер бойынша, жаңа ғана айтып өткенімдей, тұщыбектік 78 адам майдан төрінде қаза тапты. Бұл дегеніңіз – 78 боздақ, бұл дегеніңіз – 78 азамат, бұл дегеніңіз – 78 отбасының иесі, бұл дегеніңіз – 78 әйелдің жары, бұл дегеніңіз – 78 ананың баласы. Сол қайғы жамылып, қан жұтқан заманда тіпті түндігі ашусыз, есігі түрусіз үйлер, орнымен жоғалып, ұрпақ жалғаспай қалған шаңырақтар да бар.

Уақыт көшінің алға қарай жүйтки беретіні белгілі, олар келмесе де, тірілер оларды ұмытқан жоқ. Сол боздақтар кімдер еді дейсіздер ғой. Олар –Айтжанов Көшмағанбет, Айтмағанбетов Саламат, Аманқалиев Сақтаған, Ағатаев Әзербек, Ағатаев Нәдірбек, Әнесов Сисенбай, Әлменбетов Есенияз, Балов Дәуіт, Боқанов Балапаш, Бекенаев Әбдіхамит, Бекенаев Нәмілше, Есіркепов Жиенбай, Ешанов Кірбас, Елеусінов Көрпебай, Елеусінов Мизанбай, Ержанов Өтеп, Ержанов Төребек, Жанболатов Атапкел, Жоламанов Сәлім, Дариев Түйебай, Қошымов Күбір, Құлбарақов Ізғали, Құсайынов Рахмет, Қорбақов Кенған, Қорбақов Шәукенбай, Қорбақов Жапаш, Қосмағанбетов Шағыр, Көлдешов Тәжедин, Махмутов Қамет, Мәуледиев Шайхы, Мәуледиев Кітабай, Мырзағалиев Дүйсеғали, Ниязов Қиялбай, Нұрғараев Сәрсенбай, Өрбісінов Реушен, Өмірзақов Ізтұрған, Оңайбаев Жәнебай, Сансызбаев Ақжігіт, Сатыбалдиев Әлібек, Сақтағанов Әбише, Сәрсембаев Мұхамеди, Сисенбаев Әбу, Сүгіров Балғазы, Сүлейменов Демеген, Сүлейменов Сүйеухан, Тасымбаев Майлыбай, Тәукенов Жұлдыз, Төлебаев Қали, Төлебаев Мақы, Төлебаев Хайырхан, Төлебаев Сейтжан, Тоқсанбаев Жантақбай, Тұрымбетов Шахатбай, Тұрниязов Әбдіразақ, Үрпеков Пәуедин, Шошанов Есет, Шыбықбаев Аманқос сияқты қыршындар еді.

Бұлардың бірі ел басшылары, бірі малшы бақташылар, қарапайым еңбек адамдары болатын. Ал Сәттіғұл ақынның інісі Тұрниязов Әбдіразақ Маңғыстауда алғашқы болып ашылған жеті жылдық мектептің директоры болса, жоғары жақтан келіп, оқу ісі жөніндегі орынбасары болып істеп жатқан жиырмадағы жас жігіт Шыбықбаев Аманқос та Маңғыстау жігіттерімен бірге ел қорғауға аттанған. Бұлардың көпшілігі ел аузында «көп армияшылар кеткен жыл» деп аталған 1942 жылдың төртінші ақпаны күні Форт-Шевченко қаласынан жүздеген адам болып, мұзжарғыш пароходпен аттанды. Сонда түбектен Отан қорғауға аттанғандарды шығарып салушылар жер қайысып кеткендей көп болған.

Иә, ол ауыр сәттер еді ғой. Пароход үстінде майданға аттанушылар келер күнге зор үмітпен, жеңіске деген мұқалмас сеніммен бара жатты. Мұның дәлелі, пароход үстінде әнші-жыршылар өнер көрсетті. Сонда тұщыбектік Сәлім Жоламанов, Реушен Өрбісінов деген ауылдастарымыздың қазақтың әні мен жырын аспанға көтеріп, әсіресе, «Алқызыл» деген Адайдың ескілікті әнін шырқағаны туралы сонда бірге болған азаматтар жыр қылып айтады.

Талай адамның көңілі босап, алдын да, артын да ойлап, ертеңгі жеңіске деген үмітпен жасымай, қайыспас батырлықпен аттанған болатын. Бәріміз білетін, қатты сыйлайтын Шай кемпір шешеміздің төрт бірдей арысы майданнан оралмай қалды. Сонда ол өзінің қараша күркесінде күңірене отырып, баларының артынан келген қара қағазын шүберекке орап, басының астына салып жатады екен. Балаларының аттанып кеткен жолына қарап, үнсіз, сағаттар бойы отырып, орнынан тұра алмай қалады екен. Бірақ қайратқа мініп, күңіреніп, әндетіп отыратыны да бар екен.

«Гитлер-ay, Гитлер,

Тебе шашың үйтілер.

Төрт боздағым орныңа,

Алты қанат үй тігер», – дейтін көрінеді.

Сол кісінің айтқаны келіп, гитлершілдерді қарғыс атты да, Отанын қорғап, опат болғандар мәңгі есте қалды, есімдері ай мен күндей жарқырап тұр. Сол шешеміздің айтқаны келіп, бүгін сол боздақтарға артындағы туғандары, елі алты қанат ақбоз үй тігіп отыр.

Бәрімізге ортақ осы Тұщыбек жерін аузымызға алғанда, «аттың аунаған жерінде түгі қалады» дегендей, осы боздақтардың артында қалған ұрпағы кемелді, қалған ұрпағы өрелі де өрісті болды. Ұлы Отан соғысын жеңіспен аяқтап, колхоз жұмысына араласқан Айдарбаев Қалышбек, Серікбаев Рахман, Шошаев Көшім, Шошаев Оңайбай, ШошаевТөребай, Елеусінов Сүлеймен, Жамболдиев Шамырхан, Құлыбеков Кәдірбай, Нұрниязов Әнес, Сатыбалдиев Ұлтан, Қорбақов Таушанбай, тағы басқалар халық шаруашылығын қалпына келтіруге ат салысты.

Тұщыбек топырағында туған соңғы, кейінгі толқын азаматтар да өз өңіріне лайықты ағалар салған соқпақпен халқына қалаулы, еліне елеулі болып, көптің көңілінен шыққан азаматтармен толығып келеді.

Соғыстан кейінгі жылдары ел басқарып, аудан шаруашылығын дамытуға ат салысқан жерлес ағаларымыз Рахман мен Таушанбайды, Ұлтанды, Ізімтайды мақтан етеміз. Майталман малшыларымыз Асқанбай, Өтесбай, Темірхан Жүнбасов, Меңдеш, Тұрар, Қами, Қаби, Бише, Қолғанат, Табанбай, Шоқат, механизаторларымыз Мақаш, Құндақбай, Әнебай, Берікбай, Есқали, Жеткізген, Сатыбалды және тағы басқалар, партия, кеңес шаруашылығының қызметкерлері, өндіріс басшылары Шақырған, Әмірхан, Еркебай, Қуаныш, Қожахмет, Бақыт, Қасыбай, Қыдырбақыт, Кемелхан, Сұлтанғали, Қолғанат, Ұзақ, ішкі істер қызметінің белгілі мамандары Дүйсен, Жәукен – міне бұлардың қай-қайсысы да ауылымыздың бір-бір мақтандары.

Ал түбектен шыққан алғашқы дәрігеріміз Мұхамбет пен одан кейін ел денсаулығын сақтаушылар қатарына қосылған хирург Алдаберген, дәрігерлер Байбүркіт, Рейм сияқты інілеріміз бар.

Ауылымыздың атын аспанға шығарған музыканттарымыз Орын мен Тайман, олардың балалары Роза мен Света.

Сондай-ақ ауылымыздың бедерінде Қазақстан ғылымына еңбегі сіңген қайраткер, Ғылым академиясының президиум мүшесі, техника ғылымының докторы, профессор, республика Ғылым академиясының тектоника және сейсмология ғылыми-зерттеу институтының тұңғыш директоры болған Жұбай ұстаның баласы Нұнды кім білмейді.

Бұлар – біздің ауылдың, осы қасиетті Тұщыбек топырағының перзенттері, мақтаныштарымыз. «Өз жақсыларымызды өзіміз ұлықтамасақ, өз жайсаңдарымызды өзіміз қызықтамасақ, ол өз ырысымызды өзіміз тепкендік қана емес, өз тілеуімізді өзіміз кескендік болар еді» деген сөз атақты жазушы Әбіш ағамыздың аузынан бекерден-бекерге шықпаса керек.

Азаматтардың ел қорғауға аттанған жері осы Тұщыбек – бұл күнде тоғыз жолдың торабы, қасында бүкіл республикамызға белгілі өкпе ауруларын шұбатпен емдейтін санаториясы бар түбектегі көрікті жерлердің бірі. Осы боздақтарымызға ескерткіш-обелиск орнату туралы бастама көтеріп, көпшілік қауымға ұсынған қадірменді ақсақалдарымыз Айдарбаев Қалышбек, Шошаев Төребай, Сарғожаев Нұрсұлтан, Серікбаев Рахман, ал олардың артына ерген ізбасар інілері Үркімбаев Өтесіннің, Ерғазиев Шақырғанның, Көшімов Әмірханның, Сүлейменов Қуаныш пен Уәзиров Қожахметтердің үлкен бастамалары себеп болды.

Міне, осы бастама жиі-жиі әңгіме болып, ақыры нақты іске айналды. Көпшілік халық қолдап кетті. Осы Тұщыбек жерінде туып өскен, қазір облысымыздың әр қиырында өндіріс орындарын басқарып отырған Уәзиров Қожахмет, Сүлейменов Қуаныш, Құлсариев Қолғанат, Айдарбаев Сұлтанғали, Қатарбаев Кемелхан, Сейілханов Қыдырбақыт қолдан келген көмегін аяған жоқ. Бұған Маңғыстау облысы бойынша теміржол бөлімшелері басшылары Қалағанов Қадыр, Әміров Тұрғанбай, Салиев Бекен, Бексұлтанов Меліс мырзалар қаржылай демеушілік жасады. Жекелеген азаматтарымыз да қолынан келген көмегін аяған жоқ.

Ескерткішті орнатушы шеберіміз Есқуатов Тұрлан бастаған мырзаларға бүгінгі күні айтар алғысымыз шексіз.

Біз бүгінгі күні осы бір Отан үшін қан кешіп, қыршын кеткен арыстарымызды бас иіп тұрып, еске аламыз. Оларға топырақтарың торқа болып, жаныңыз мәңгі жәннаттан орын алсын деген тілек тілейміз.

Ал енді бүгінгі ас беру рәсімі ата-баба салтының, осы топырақтан жаратылған азаматтардың өзі өлсе де, мәңгі тірі рухын қастерлеудің, ісі жеке шауып, бәйге алудың ғана көрінісі емес, халықты бірлікке шақырудың, ата дәстүрін жалғастырудың көрінісі. Бұл күні біздің үніміз Отан үшін шейіт болған бауырларымыздың ғана емес, ұлы аталарымыз, өзімізді желеп-жебеуші Бекет ата, Бекбауыл ата, Құлбарақ ата сияқты әулиелеріміздің де құлағына шалынып жатқаны хақ. Ас беру рәсімі асып-тасқандықтан, не бәсеке, бәйге үшін емес, өлгендерді құрметтеу парызын өтеу үшін ұйымдастырылып отыр. Өйткені өлі жебемей, тірі байымайды.

Сұрапыл жылдар жесірдің маңдайында, батырдың тыртығында, ананың жүрегінде қалды. Уақыт толқыны сонда да ілгерілеп барады. Сол қыршын кеткендердің артында қалған ұрпақтары да өз қолы өзіне жетіп дегендей, өсіп жетілді. Қазақшалап айтқанда, тұлпардан тұяқ қалды. Орны бар оңалып кетті. Бүгін біздің арамызда Отан үшін опат болғандардың балалары, туған-туыстары, үрім-бұтақтары көптеп жиналды. Біздер оларға әкелер аманатын ақтаңыздар деген ақ тілек арнаймыз.

Елімізде қазір өздеріңізге белгілі уақытша қиындықтар бар. Біз жаңа өз тізгінімізді өзіміз ұстап, өз алдымызға ел болып жатырмыз. Бодандық бұғауын сыпырып тастадық. Алдымыздан Алла жарылқайды деп отырмыз. Күдіктен үміт басым, ертеңге деген сенім мол. Бұл үшін әрине еңбек етіп, ізденіп, өз күнімізді өзіміз көру үшін жұмылуымыз керек. Сары уайымға салынып, қымбатшылық қамытын үнсіз көтере беруге болмас. Бірлік болмай, тірлік болмайды. Олай болса бір жеңнен қол шығарып, қазіргі өзіміз ұстанып отырған нарық бағытын ілгері қарай тапжылмас табандылықпен дамыта түскеніміз жөн.

Ал, халайық, ниеттеріңіз қабыл болсын, тағы да қош келдіңіздер демекпін!

Тұщыбек ауылы. 7 мамыр 1994 жыл.

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙