Ақылды Ақым
Бабалар сөзі
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
"Бабалар сөзі" сериясының 24-томына "Сұлтан патша", "Ақылды Ақым", "Ақбазарған", "Дастарқан", "Данияр", "Естігүл", "Жетім бала", "Қыз кереметі", "Шаймұза", "Төрт ғадыл", "Жасартқыш бұлақ", "Маймыл келіншек" атты хикаялық дастандар енді.
«БАБАЛАР СӨЗІ» СЕРИЯСЫНАН
ХИКАЯЛЫҚ ДАСТАН
Оқиға сан ғасырдың алдарында,
Айдын көл, асқар таудың заңғарында.
Айтайын бір әңгіме ескектетіп
Алтайдың осынау болған аңғарында.
Хан болған алты арыста Азатбақыт,
Талай жыл сонан бері өтті уақыт.
Азат хан Азияда үкім сүріп,
Билеген неше ықылым құрып тахыт.
Азаттың өз кіндігі хан Бақтияр, 10. Патшаның мұрагері сірге жияр.
Болыпты Бақтиярдан екі бала,
Атақты Алтай батыр, Аушадияр.
Бермеген елін Алтай сыртқы жауға,
Бақтияр шүкірлік деп, етті тәуба.
Қол бастап ел қорғаған ерлігі үшін,
Алтай деп ат қойыпты осы тауға.
Ащылы ханның орда салған жері,
Көл жайлау, томарлы сай қоңыр белі.
Қорымдық Борандық пен екі үлкен тау, 20. Құйқалы қалың орман жер бедері.
Алтайдан Қобда бойлап жол асыртқан,
Шадияр ақылы асқан кемеңгері.
Атанған Әбіл, Ғалам екі уәзір,
Орданың бас ақылгөй шешендері.
Бай, жарлы, мүсәпірді бірдей көріп,
Халқына қадірлі екен көсемдері.
Жүз шумақ Шадиярға өлең айтқан,
Атақты ақын екен Есенгелді.
Алғашқы өлең айтқан қадамымда 30. Дерексіз жалған істі жазамын ба?!
Болыпты ақылды Ақым деген адам,
Сол өткен Шадиярдың заманында.
Осыдан екі мың жыл өткен бұрын,
Жасапты екі тайпа – ырым, сылым.
Қысқарта айтайыншы мұны бірақ,
Түгетем алты арыстың қайсыбірін?!
Қолбасы Алтай батыр аты шығып,
Сол кезде мекен қылған таудың қырын.
Өткенгі іс уақыт озса естен кетпек, 40. Тарихтың кім біледі айтпай сырын.
Өмір – бір соққан боран, жауған жаңбыр,
Із-тозын басып кеткен бұрынғының.
Тағы бар сақтоғалақ тайпалары,
Бағынған бас ордаға баршалары.
Халқы өсіп, бақыт кешіп толықсыған,
Қадірлі ғадыл екен патшалары.
Алтайдың үлкен ұлы Сауыр екен,
Туысқан Тарбағатай бауыры екен.
Қорғаған әскер бастап елдің шетін, 50. Қолбасы, ерен батыр тәуірі екен.
Салдырған хан ордасын тас болаттан,
Көркемдеп алуан түспен бояулатқан.
Жасатқан алтын тахыт әсемдетіп,
Орнатқан қақпаларын зүбәржаттан.
Тең дамып мал мен егін, алуан кәсіп,
Ел болды бақыт қонып шалқып жатқан.
Сол өткен Шадияр ханның заманында,
Қашанда жарлы байдың табанында.
Қоңырға Ақым жалға тұрса дағы, 60. Қасірет арылмаған қабағында.
Қоңырдың сегіз жылдай қойын жайып,
Сан алуан еңбек етті таңғажайып.
Жарымай киер киім, ішер асқа,
Күндіз-түн бір дем алмай жүр мұңайып.
Борандық төр жайлауы Қоңыр байдың,
Бір шеті Олша, Мұңал, Қоңырқайың,
Қой жайып Ақым шықса тау басында,
Көрінді үлкен теңіз – жатқан айдын.
Ақымның сол теңізге көзі түсті, 70. Айтайын енді Ақымнан қызық істі.
Қоралап байдың қойын келгеннен соң
Бір шара бай үйінен сусын ішті.
Сол көлге барайын деп ойлады Ақым,
Бет алған бағытынан таймады Ақым.
Биеге қоңыр бедеу ерін салып,
Беліне селебесін байлады Ақым.
Бет алды көлге қарай түнделетіп,
Таң ата осы көлге келді жетіп.
Мөлдір су, көк шалғын – бейне жәннат, 80. Құстар жүр аясында әуендетіп.
Балығын шоршып шыққан су бетіне,
Аң мен құс жеп жатыпты кәсіп етіп.
Ақым да бірнешеуін таңдап алды,
Тәңірім бергеннен соң нәсіп етіп.
Семізін балықтардың таңдап алды,
Қақтауға ақылды Ақым отқа салды.
Алыстан арып-шаршап келген адам,
Жеген соң майлы тағам тойып қалды.
Бұл көлден Ақым қайтты кешке таяу, 90. Көңілден қайғы-қасірет кетіп қаяу.
Жол басып түнделетіп қайтып барса,
Әйелі жатыр екен ұйқылы-ояу.
Әйелі мұны көріп түрегелді,
Алыпсоқ байтөбеті үре келді.
Қой бақпай Ақым қайда кетіп ед? – деп,
Қоңыр бай ашуланып неше келді.
– Бұл жерден, – Ақым айтты, – кетелік біз,
Бақытты ұлы аңғарға жетелік біз.
Кәсіп қып май балығын тегін жатқан,
100. Өмірден рахатпен өтелік біз.
Жықты да қатқуырын жүгін артты,
Жетелеп сиырларын жолмен тартты.
Дамылдап жол бойына үдірген ол,
Теңізін ұлы аңғардың келіп тапты.
Күн бата келіп түсті шірік тастан
Тарығып қалып еді ішер астан.
Байлығын осы көлдің айта берсек,
Бұл өзі болар еді талай дастан.
Балықтан Ақым барып алып келді, 110. Қабына көтергенше салып келді.
Тойғызып балаларын көп балыққа,
Пісіріп жұмыртқасын жарып берді.
Берген соң маңдайына нәсіп қылып,
Балық пен жұмыртқасын кәсіп қылып.
Құс ұстап, балық аулап, серуен құрып,
Ақым жүр саяхатпен машық қылып.
Шығыпты көл жағалап Ақым ұзап,
Құс аңдып, қармақ салып, құрып тұзақ.
Мезгілде қас қарайған келе жатса, 120. Бір топ мал жайылып жүр сиырға ұқсап.
Қасына жануардың келді таяу,
Бұғынып, бой жасырып, Ақым жаяу.
Садағын адырналап қолына алып,
Анықтап көз жіберіп тұрды баяу.
Ақымды су сиырдың көзі шалды,
Аузына бірден гауһар тістеп алды.
Жарқырап қараңғы кеш күндізгідей,
Дүркіреп көлге қарай тура салды.
Кетіпті қашқан беті көлге кіріп, 130. Қайтыпты бұл жағдайды Ақым біліп,
Аузына гауһарларын тістеп шығып,
Су сиыр жайылады жарық қылып.
Жүріпті неше күндей Ақым байқап,
Сиыр жүр гауһар тістеп, шалғын жайпап,
Тап беріп талай жерден талпынса да,
Тастамай гауһарларын кетті тайқап.
Топтасып түнде шығып жайылысқа,
Ешбірі бөлінбейді шетке сойқап.
Ор қазып, шөп жамылып араласса, 140. Бұқасы алдырмайды мүйіз шайқап.
Ала алмай тарыққан соң ойға кетті,
Алуан ой, әр түрлі әдіс тауып кепті.
Бәрінен Сана деген артық шығып,
Алуға оңай амал таптым депті.
– Жүретін су сиырдың жолдарына,
Тезекті көбірек қып төксек, – депті.
Тезекті жайылысқа жаппай төксек,
Өрт қойып жалпы беттік күлін сепсек.
Гауһарды ол қалың күлге тастай берсе,
150. Теріп ап, мақсатқа біз солай жетсек.
Сананың бұл ақылын мақұлдапты,
Сана артық бәрінен де ақыл тапты,
Отырып тәуекелдің кемесіне,
Қолына қоңыр шекпен қап алыпты.
Неше күн Ақым тынбай терді тезек,
Дем алмай зайыбымен кезек-кезек.
Тезегін шамалары келіп терген,
Толтырды жолдарына бір-екі өзек.
От қойып тезектерін күл қылыпты, 160. Шығатын екі жолын толтырыпты.
Аңның да сезгірлігі оңай емес,
Шығуға басқа өзекті жол қылыпты.
Ала алмай тағы да Ақым ойланыпты,
Неше күн амал істеп айланыпты,
“Алдына Шадиярдың барайын” деп,
Ат ерттеп, киім киіп сайланыпты.
Шаһарға бет алған соң Ақым барды,
Ордаға патша тұрған жақын барды.
Көшенің бір шетіне отырды да, 170. Былай деп Ақым сонда айғай салды:
– Көптігі ақылымның тоғай депті,
Ақшаның, әттең, қолда жоғы-ай депті.
Қолыма мың ділдалық түссе сома,
Гауһарды қаптап алу оңай депті.
Шаһарда серуендеп жүрген халық:
– Апырау, мынау ғажап қалай, – депті.
Жеткізіп естігендер тіл ұшында
Бұл хабар падишаға барып жетті.
Айғайлап ертелі-кеш отырды Ақым,
180. Айғайға шаһар ішін толтырды Ақым.
Құпия жұрт аралап көретұғын,
Падиша бастайды екен сол күн салтын.
Баласы Бақтиярдың хан Шадияр,
Болмай ма тарыққанға Тәңірім жар.
Падиша мүсәпірше киім киіп,
Көретін жұрттың жайын әдеті бар.
Шадияр шықты үйінен қоржын салып,
Қолына мүсәпір боп таяқ алып,
Жүрген соң жырым-жыртық киім киіп, 190. Патшасын танымайды жүрген халық.
Көшенің пұшпағында бір адам тұр,
Озаңды пәрменімен айқай салып.
Падиша өз көзімен көргеннен соң,
Қасына тоқтады оның әтей барып.
Қасына сол адамның барады енді,
Назарын дабысына салады енді.
Қарадай зарлап тұрған қалай жан деп,
Бетіне таяу барып қарады енді
Сөйлесіп еш біреумен тіл қатпайды, 200. Айғайлап, үзіп демін алады енді.
Назары ауып тұрған Шадиярдың,
Құлағы мына сөзді шалады енді.
Айғайшы: – Ақылымның көбі-ай – дейді,
Ақшаның әттең қолда жоғы-ай – дейді.
Қолыма бір мың ділда түссе сома,
Алуым гауһарларды оңай – дейді.
Падиша мына сөзге құлақ тікті,
Мақсатын назар салып әбден ұқты.
Анадан асып туған Аушадияр, 210. Көтерген халық үшін ауыр жүкті.
Шадияр қайтып барды ордасына,
Жетерлік қазына-мүлкі бар басына.
Бар еді ақылшы уәзір Әділ дейтін,
Шақырып баян қылды жолдасына.
– Ғаріп боп шаһар кезіп жүрдім, – деді,
Хал-жайын ел-жұртымның білдім, – деді.
Бір адам ақша жоқ деп айғайлайды,
Көзіммен әтей барып көрдім, – деді.
Талай пұл талай жерде қалар бекер
220. Осыған мың ділда пұл берсең нетер.
Дағарлап гауһар тапса үлкен бақыл,
Болмаса мың ділда пұл зая кетер.
Уәзір патша сөзін мақұл депті,
Жарандар, тыңдасаңыз мына кепті.
Қолына әлгі адамның пұл бермекке,
Шақырып әкелуге адам кетті.
Шақырып іздеушілер алып келді,
Санаттар ордадағы мұны көрді.
Алдына алтын тақтың отырғызып, 230. Қолына уәзір санап ақша берді.
Айғайшы мың ділданы алды санап,
Көрген жан қайран болып тұрды қарап.
“Жындыға жем боп кеткен қайран пұл” деп,
Жақтырмай санаттар тұр тамашалап.
Алды да мың ділданы жүріп кетті,
Көліне ұлы аңғардың барып жетті.
Бір ділдаға он қап тезек аламын деп,
Айғайшы халайыққа хабар етті.
Ақша алды жанның бәрі тезек сатып, 240. Ақшаға тезек терген қалды батып.
“Алтынды қу тезекке сатыпты” деп,
Патшаға әркім барды хабар айтып.
Тезекті неше мың қап алғызды Ақым,
Дарияның жағасына жиғызды Ақым.
Бір үркін терісінен соққан күні,
От қойып бір шетіне жанғызды Ақым.
Бұрқырап қу тезектер жанып жатты,
Көрген жан бұл қалай деп таңырқапты –
Ақшаңды ақымағың өртепті деп, 250. Ордаға жат хабарлар барып жатты.
Дұшпаны Шадиярдың күлкі қылды,
Дос тұтып тауыпты деп ақымақты.
Түңіліп падиша да үмітінен,
Көңілі енді қалып жабырқапты.
Аяғы мехнаттың оңға айналып,
Кім сезбек алда болар сор мен бақты.
Санамен ой қорытқан ақылды Ақым,
Сол ғана межелеп тұр болашақты.
Тезектер жанып болды күлге айланып, 260. Күн батты қоңыр жиек түнге айланып.
Шығыпты су сиырлар гауһар тістеп,
Болған соң кеш қараңғы ыңғайланып.
Әкеліп гауһарларды күлге қойды,
Ортасын төккен күлдің гауһар ойды.
Түскен соң күл астына терең батып,
Жарқырап тұра тұғын түрін жойды.
Тағы да гауһар әкеп тастай берді,
Жұмсақ күл арасына баттай берді.
Әкелді таң атқанша талай гауһар, 270. Аңдыған таң атқан соң Ақым келді.
Су сиыр қашып кірді көлге барып,
Панарын Ақым да жүр қолына алып.
Гауһардың күлге түскен ізіменен,
Бір-бірлеп Ақым терді қапқа салып.
Күн шығып таң атқан соң жарық болды,
Гауһарды теріп бұлар қарық болды.
Екеуі ерлі-зайып еңбек етіп,
Қалдырмай кеш батқанша алып болды.
Қара бұлт кешке таяу шықты аспанға, 280. Айналды дауыл соғып жер-көк шаңға.
Бір демде қалың күлді үрлеп кетті,
Қалдырмай айландырып шаң-тозаңға.
Гауһардан екі орта қап алды теріп,
Арманы іске асты Тәңірі беріп.
Ойлаған мақсатына жеткеннен соң,
Дем алды күркесіне Ақым келіп.
Гауһарды екі бөліп артып алды,
Арқанын кер өгіздің тартып алды.
Патшаның қарызынан құтылмаққа, 290. Ордасына күн-түн қатып алып барды.
Патшаға келген жөнін хабарлады,
Орда да естіп отыр болған халды.
Қарсы алып Әбіл уәзір өзі шығып,
Алдына Шадиярдың алып барды.
– Таң қалған ақылына бүкіл әлем,
Болса да басың кіші, бердім сәлем.
Алып ем ана жолы мың ділда пұл,
Өтеуге сол қарызды іздеп кеп ем.
Хан өткен Азатбақыт қарт бабаңыз,
300. Ғадыл ед хан Бақтияр өз атаңыз.
Жалғызың Иасукейге ғұмыр берсін,
Деп тілеп сахарада біз жатамыз.
Қарызды уағында қайтармаған,
Бар еді тақсыр сізге көп қатамыз.
Жомартсың мың ділданы берген маған,
Қарызды өтей алмай болдым алаң.
Алдыңа бір қап гауһар алып келдім,
Алыңыз бәрін санап, патша ғалам.
– Патша едім бақыт қонған Аушадияр,
310. Қызыққан жан емеспін дүние құмар.
Бір дана гауһарыңның бағасына,
Келеді артық емес, мың ділда дәл.
Жетпейді қазына малым біреуіне,
Гауһарды тапқан өзің қайтарып ал.
Патша тек бір гауһарға көзін сүртіп,
Ақымға қайта берді, “қабыңа сал”.
– Бабаңның алып келдім ордасына,
Тапсырып өткізбекпін қазынасына.
Әй, тақсыр, бұл гауһар тұрса менде
320. Болады үлкен қауіп бір басыма.
Ғаріптің тағдырына көңіл бөлсең,
Тапсырып өткізіп бер қор басыңа.
Сұм нәпсі бір қызыл құрт елірмей ме?
Ойлаған мақсатына келтірмей ме?!
Бұл гауһар менде тұрса, патша ғалым,
Дұшпандар алу үшін өлтірмей ме?!
Патша айтты: – Артық екен ақылыңыз,
Ол шындық – кейін қалар қапылыңыз.
Сақтайын аманат қып қазынама, 330. Ақылдым, керегінше ақша алыңыз.
Өткізіп қазынашыға берді санап,
Ақымның ақылына тамашалап.
Берілген сый-құрметі түгеген соң,
Алдына Шадиярдың барды жанап.
Патшадан әлде нені күтпекші деп,
Жиналды талай халық тамашалап.
Арманы іске асқан соң орындалып,
Тымағын ақ төбелі қолына алып.
Рұқсат падишадан сұрады Ақым, 340. Бел буып аттануға порымдалып.
Барлығы мұны көрген қайран қалды,
Алдырды мың ділдалық алты жамбы.
“Алып қайт сауғалыққа, ақылдым” деп,
Шақырды өз алдына Ақымжанды.
Алмады жамбыларын ханның берген,
Ел-жұрты ғажаптанды мұны көрген.
Қажетсіз алтын, жамбы маған, – деді ол,
Денсаулық үлкен бақыт Тәңірім берген.
Хан деді: – Ақылың бар жұрттан асқан, 350. Қаласаң дос болайық Тәңір қосқан.
Тахытқа падишалық отырыңыз,
Сертім шын айнымайтын әуел бастан.
– Патшалық, – Ақым деді, – нәсіп емес,
Нәсілім дәл өзіңдей асыл емес.
Тілеймін ел-жұртымның амандығын,
Айтарым ақтық сізге осы кеңес.
– Ақылдым, айтқаныңа нанам, – деді,
Байқасам менен артық санаң, – деді.
Дос болып қияметте бірге өтелік,
360. Дананы сендей қайдан табам, – деді.
Мейман боп өз үйіме бір қонбасаң,
Көңілімнен түгемейді алаң деді.
Тағдырдан тілегенім сендей білгіш,
Ақылың жұрттан асқан данам, – деді.
Сыртыңнан қастық хабар жеткізгендер –
Ақылсыз көре алмайтын надан, – деді.
Тағдырдың рыздығын жолдан тосқан,
Әзәзіл, азғын болар жаман, – деді.
Көрсеткен құрметіме разы бол, 370. Қадари осы болды шамам, – деді.
Осылай ағылан шашып жариялаймын,
Туысқан Ақым менің ағам, – деді.
Өзіңе ақыл қоспай іс қылмаймын,
Барлығын алдыңызға салам, – деді.
Патшаның бұл сөзіне болды мақұл,
Бұрыннан ел аузында болған нақыл.
Басына бақыт құсы қонған шақта,
Бәрінен асырыпты Ақым ақыл.
Осымен бұл әңгіме болды қысқа,
Жүріңдер бұл істерден алып нұсқа.
Барлық іс ақылдыға тоқтайды ақыр,
382. Кезікпек осындайлар әрбір тұста.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру