TELEGEI

Home

Тұрмыс толқынында

Сәкен Сейфуллин

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Тұрмыс толқынында

Сәкен Сейфуллин – жаңа кезеңді жырлаған жаңашыл ақын. Ол қазақ әдебиетін тың мазмұнмен байытып, әдеби-мәдени тарихына ерекше із қалдырды. 1914 жылы «Өткен күндер» атты тұңғыш өлеңдер жинағын жариялайды. Сәкен Сейфуллин өмірде де, әдебиетте де белсенді күрескер ақын ретінде танылды. Оның «Асау тұл...

(1928)

ГҮЛБАҺРАМҒА

(Совпарттағы қарындасыма)
Елден келдің қалаға
Оқу іздеп, шырағым!
Жүрмегейсің ұмытып

Ауылдың алыс — жырағын.
Надандықпен шіріген
Қалды алыста ауылың.
Сенен дерек күтеді

Елдегі көп бауырың.
«Тасын кемір білімнің»
Білім үйрен ерінбе!
Болып жүрме әуейі,

Ойынға артық берілме!
Ел қызының келеді
Сенен дерек білгісі.
Елге білім апарып,

Солардың бол үлгісі.
Алыстағы, ұмытпа,
Нашар, надан, жұртыңды.
Бояу қуған қыздарға

Еліктетпе сыртыңды.
Қаланың сылқым қызының
Құр сыртына еліктеп,
Шылым тістеп аузыңа

Оқымай жатып желікпе.
Кеуде ыстаған сән емес,
Әуес қылма шылымды.
Үйренбесті үйреніп,

Шылым деме — білімді.
Кейбіреулер санасыз,
Сыртын ғана түзейді.
Өнер кебі солдай-ақ,

Құр, тек шашын күзейді.
Білім емес мақсаты, —
Сондайлар көп емес пе?
Сөйтіп жүрсең сен-дағы

«Мәнсіз адам» демес пе?
Ішкі қалпың өзгермей
Сыртың ғана өзгерсе,
Өйткеніңді ауылда

Өңкей сыншы көз көрсе,
«Не оқыған өзі?» — деп,
Таба қылып күлмес пе?
«Сыртын ғана бояпты» —

Деп өсекке ілмес пе?

— «Ішкі қалпы мәнсіз» деп

Мазақ қылып жүрмес пе?
Өзгерген тек формыңа
Иттер шулап үрмес пе?
Жаңармасын демеймін

Сыртқы көрнек түріңді.
Жаңарт, бірақ бірдей қыл
Сырт пен ішкі сырыңды.
Өзің бисің, әрине,

Өз басыңның еркіне.
Ішің лайық болсын тек
Сырты өзгерген көркіңе.
Сырты сырлы адамның

Болса ішінің мәні жоқ.
Ұқсамай ма жеміске,
Сырты әдемі, дәні жоқ?
Хат жазбасқа болмады

Ойыма осы сөз келіп.
Жүрмесін деп айтамын
Сыртың ғана өзгеріп.
Жаздым ірікпей ойымды,

Жат емеспін іркетін.
Үлгі күткен аулыңды
Қылма өзіңнен үркетін.
Сен де қырықсаң, мәселен,

Ұзын өрген шашыңды.
Шаш оқуға бөгет пе,
Күтіп жүрсең басыңды?
Ақ құтанның қадірі

Сапарының көрнегі.
Қырғауылды көркейткен
Батсайы жүн өрнегі.
Көркейтпей ме сені де

Жібек шашың оралған.
Түскен асып тоқпақтай,
Аш беліңнен бұралған.
Шаш биттерлік күн туса,

Шашты сонда аларсың.
Ауырсаң — түтін ем десе,
Аузына шылым саларсың.
«Бұл не деген сөзі» деп,

Ренжіме ауырлап.
Сақтандырып айтамын.
Ағалықпен, бауырлас.
Тез даярлан совпарттан,

Білім жинап қайтуға.
Елдегі көп сіңліңе
Ақыл, нұсқа айтуға.
Елден келдің білімге,

Маржан алқа теруге.
Міндеттісің оныңнан
Елге апарып беруге.
Тоқып үйрен, жалықпа,

Өнер-білім өрмегін.
Шеберлей бер жібекпен
Сол өрмектің өрнегін.
Тіге берсең жібекпен,

Көркем өрмек кестесін,
Көрсетерсің ауылға,
Кесте өрнектің дестесін.
Апам ақыл берер ед, —

Қасында емес, — елде алыс.
Ақылдасып жүруге
Жырақ кеттім мен де алыс.
Сүйгенімнен айтамын

Бұл ақылды, шырағым!
Есіңнен бір тастама
Елдің алыс — жырағын!
1926жыл.

АУЫЛ БАЙҒҰС МІНЕКИ

Бір аз ғана жыл өтті
Мен қалада жүргелі.
Елді көріп кетемін
Екі жылда бір келіп.

Ауыл байғұс мінеки,
Бала жастан көз көрген!
Аз ғана жыл ішінде
Едәуір-ақ өзгерген...

Бастық шалдар азайған
Орын басып жас ие,
Қоңыр ауыл құп ал енді,
Сәлем берем, бас ием!

Тіршілік те өзгеріп,
Өзгермек қой жұртшылық.
Кешегі жас балалар
Жігіт бопты мұрт шығып.

Көзіме ыстық төтенше
Уыз емген бесігім.
Алтын болсын жаңарып
Киіз жыртық есігің!

Бұрынғыдай жылқы жоқ
Тапал байдың аулында.
Жататұғын шаңдатып,
«Қос шоқының» баурында.

Mырза менен қажының
Аулының да мәні жоқ.
Бұрынғыдай мыңғырған
Оннан бір де малы жоқ.

Кәріп пенен Әбжекең
Қойлары өсіп байыпты.
Қотандары қомақты,
Қойын бөлек жайыпты.

Біздің ауыл мінеки!
Көз жіберіп қараймын,
Әрбіреуін ауылдың
Іздеп, қарап санаймын.

Баласы өскен хатшы боп,
Молдекеңнің өзі жоқ.
Шал болыпты Әлекең,
Сатайдың бір кезі жоқ.

Хатшы бопты советке,
Молдекеңнің Әлісі...
Кеткені ғой елде әбден
Молдалықтың мәнісі.

Сақалы ақ боп Дәукеңнің
Таусылыпты бар тісі.
Жоғалыпты Әрештін
Мұрнының жартысы.

Ызымханның қатыны
«Жел аурудан» қақсайды.
Етікші, шал Қадекең
Бүкір бопты, ақсайды.

Биязы мен Бөлекең
Айрылыпты құлақтан,
Кемпір бопты байғұстар,
Көрмейтін боп жырақтан.

Бүкірейіп белдері
Бопты баяу еріншек.
Биліктерін алыпты
Өңкей семіз келіншек.

Қалада еді оқуда
Биязекең баласы.
Бір қайтып ед менімен
Міне, енді шат анасы.

Жамал-екем екеуі
Қуанғаннан жылайды.
«Бізді ойладыңдар ма?» — деп
Бейшаралар сұрайды...

Әркімнің-ақ елдегі
Оқу бопты санасы —
Қалаларда оқиды
Талай ауыл баласы.

Жөндеп жатыр Әлиман
Сынық ердің желдігін.
Сатай өңдеп шабады
Ағаш арба белдігін.

Кәдіш қайтып ауылға
Бір ауылдан келеді.
Кер дөнені қойқаңдап
Бүлік-бүлік етіп желеді.

Міне, ауылда жусайды,
Ауылдың бар сиыры.
Беткейде әне, жайылад
Бар жылқынын үйірі.

Құба жон мен қара ойға
Жаюшы ед ел жылқысын.
Ол жерлерге егін сап,
Тіліпті енді қыртысын.

Тезекші анау,—арбасы
Сыңсып жылайд, шыңқылдап.
Жеккен қоңыр өгізі
Өңкеңдейді ыңқылдап.

Қара қоңыр өгізге
Ағаш арба жеккені.
Аш етіне кигені
Жыртық шомыт шекпені.

Көп кедейдің әлі де
Қырық жамаулы сырты көң,
Қашан қараң өшеді
Бит быжынаған жыртық тон!..

Ән шырқасып келеді
Бір топ бала өрістен,
Қап арқалап дедектеп,
Бірге тезек теріскен.

Өзгерістің өлеңі,—
Айтқандары шырқасып.
Дауыстары жаңғыртад
Қара өзектің қырқасын.

Кеше Әбжәтті1 әндеткен
Балалар ғой бәрі де.
Әбжәт қалып, өзгерген
Балалардың әні де...

Сиыр, бопты Сатайдың
Шұбар ала тайыншасы,
Қатын бопты соқтадай
Нұрекеңнің Айшасы.

Бір-ақ құлаш әлі де
Әтекеңнің көгені.
Әлі де үйі жамаулы
Болмаған-ау дегені.

Оншақты-ақ-ау әлі де
Мал ғып баққан ешкісі.
Құлаш көген, бес бұршақ —
Келмеген ғой өскісі.

Мен әперген машина
«Сепатырды»2 кәсіп қып,
Сүтін тартып ауылдың
Май шығарып, несіп қып.

Алған майын Әтекең
Қарынға сап жиыпты.
«Қапаратқа» май сатып,
Шапан алып киіпті.

Сепаратор келген соң
Майға әркім-ақ бай бопты.
Әрбір үйде-ақ діңкиген
Қарын-қарын май бопты.

Әтекеңнің үйінің
Жанында әне, үймелеп,
Қыз-келіншек күлісед
Ынталасып, кимелеп.

Ортасында ыңылдап
Сепаратор жырлайды.
Көркем күйді әндеткен
Қыз-келіншек тыңдайды.

Бір келіншек тұтқасын
Айналдырып қозғайды.
Сепаратор әдемі
Әндетеді, боздайды.

Мен де құлақ саламын
Сепаратор әніне.
Сүйінемін, қараймын
Ауылдың бұл сәніне.

Мен де ыңылдап жырлаймын
Қарап тұрып сүйініп.
Жыр қосамын балаша
Сепаратор күйіне.

Ауыл байғұс мінеки!
Бала жастан көз көрген.
Аз ғана жыл ішінде
Едәуір-ақ өзгерген...

1926 жыл, тамыз, Ел.

ҚАРЛЫ АЯЗДА

Жерді басқан аппақ қар...
Соғад аяз, ызғырып —
Қызыл шұнақ, жалмаңдап,
Билеп күлед сызғырып.

Ұшан теңіз қалың қар
Жерді басып жабады.
Шұнақ аяз жалаңаш
Екі санын сабады.

Мұздай демі бет қарып
Аяз аузын ашады.
Құлақтанып қызыл күн
Жасыл ұшқын шашады.

Қызыл аяз демімен
Бет қарылып күйеді.
Қанын беттің шығарып
Аяз тістеп сүйеді.

Күйдіргені — үсітіп
Демі бетке тигені.
Қанын сорып аппақ қып
Тістегені — сүйгені.

Шұнақ аяз аямас,
Тоңып үсіп қатсаң да.
Сызғырады, күледі,
Үсіп өліп жатсаң да.

1926жыл.

ЫЗҒЫРЫҚ АЯЗДА КЕДЕЙ АУЛЫ

Қар үстінен шаңытып
Құйқылжиды борасын.
Даладағы ауылдың
Басып көмед қорасын.

Далада... ауыл бүрісіп
Қар астына көмілген.
Қармен әбден алысып
Әлі құрып жеңілген.

Асы — көже қатықсыз,
Бұл ауыл бір жарлы еді.
Тәуір қыстау жері жоқ,
Даладағы зарлы еді.

Мойындары пештердің
Қараяды қылтиып.
Қар астынан аршылған
Терезелер жылтиып.

Кей қылтиған мойыннан
Түтін будақ шығады.
Үскірікке беттемей
Ыққа заулап ығады.

Түтін көлбей ұшады
Бүйірін қуып өзектің.
«Мұнда ауыл» деп шақырып
Түтін иісі тезектің.

Үркердей мал өзекте
Бүрсеңдейді тебінде.
Аз ғана мал, өзі арық
Шомыт жабу көбінде.

Малға соғып аққала,
Төрт-бес кісі малда жүр.
Екі бала, үш жігіт,
Тағы да бір шал да жүр.

Құржаңдайды бәрі де
Шөп аршысып күрекпен.
Жан қорғамақ болады
Тырбаңдасып білекпен.

Шөп іздейді қар қазып,
Малдың тебін тепкені.
Бар киімі Жұматтың
Жыртық тон мен шекпені.

Омырауын шаңдынып
Қар ояды сіресіп.
Кешке шейін алыспақ
Аязбенен күресіп.

Келіншегі ауылда
Жас баласын бағады.
Бар күн көргіш үш сиыр,
Жұмат соны қағады.

Бар малына ауылдың
Бірге күрек аршысып.
Қырауытып Жұмат жүр
Бейне көптің жалшысы.

ЫЗҒЫРЫҚ АЯЗДА ЖҰМАТ ҮЙІНДЕ

Баспанасы Жұматтың
Ауылдың бір шетінде.
Өзге үйлерден оқшаулау
Қысқы желдің өтінде.

Шикі балшық, жер іншік,
Мыжырайған аласа.
Еңкейесің еріксіз,
Ішіне еніп қарасаң.

Және өзі тар, асты жер,
Шыққан борсып жер иісі.
Қоқырсыған бұрыштан
Кеудені атад тер иісі.

Сығырайған терезе
Керген қарын «әйнегі».
Кемерінде тәутиед
Жамаулы тас шәйнегі.

Үй ішінде айтарлық
Іліп алар бұйым жоқ.
Сілкіп салар төсеніш,
Бүтін жаға киім жоқ.

Аяз демі улейді
Терезе мен есіктен.
Қырауланад ызғар мұз
Әрбір сызат тесіктен.

Пештің мойны ызыңдап
Жылағандай сыңсиды.
Ықтап үйді, бұралып,
Ала төбет қыңсиды.

Пештің мойны төбетпен
Қыңсыласып жылайды.
Әлдекімге жоқтығын
Шағып көмек сұрайды.

Бар кемдікті термей-ақ
Сөздің ақыр қысқасы:
Жер үйшіктің бола ма
«Оннан бір де нұсқасы?»

Жұмат байғұс үйінің —
Міне, осындай мәні жоқ!
Қысқы шұнақ аязға
Тым-ақ, сәйкес — сәні жоқ!

Қылған емес жарлылық
Ешкімді де, жеріншек.
Сасық іншік түбінде
Отыр жалғыз келіншек.

Алдында бір бесік тұр,
Әйел байғұс ырғайды.
Ырғайды да құшақтап
Жасын іркіп жылайды.

Жаңа туған жас пенде
Бесігінде жылайды.
Туғаннан-ақ шырылдап
Тәнге жайлық сұрайды.

Ақ бесігін тербетіп
Жас келіншек сарнайды.
Пештің мойны желменен
Ызыңдайды — зарлайды.

KEЛІHШЕКТІҢ БЕСІК ЖЫРЫ

Әлди-әлди, ақ бөпем,
Ақ бесікке жат бөпем!
Жылама бөпем, жылама,
Жілік шағып берейін,

Көк ала иттің құйрығын
Жіпке тағып берейін!
Әлди-әлди, жанашым!
Алдыма алып шабайын,

Тойға кеткен әкеңді
Қайдан іздеп табайын.
Әлди-әлди, аппағым!
Жылама, менің жүрегім,

Әкең малда тұр шығар
Таяныш қып күрегін.
Әлди, менің бөбегім,
Әкең жүр ғой малменен!

Жүрген шығар алысып
Шұнақ аяз қарменен.
Қартайғанда күтетін
Әкесі мен шешесін,

Қандай жігіт ескенде
Болар екен бөпешім?
Өңкей біздей зарлыға,
Кемдіктегі жарлыға,

Жаным менің ер жетіп
Көсем болар ма екенсің?
Тақылдаған таңдайы,
Кере қарыс маңдайы.

Алмас тілді немесе,
Шешен болар ма екенсің?
Бұлбұлдай боп тілінен
Тәтті айтқанда бал тамған,

Ащы айтқанда қан тамған
Ақын болар ма екенсің?
Не болмаса жүректі,
Күш-қайратты, білекті,

Кемшілікке көнбейтін
Батыр болар ма екенсің?
Омырауы есіктей,
Ақ балтыры бесіктей,

Егінші боп, өзгеге
Нұсқа болар ма екенсің?
Отқа темір қайнатқан,
Пұт балғаны ойнатқан,

Нанша илейтін темірді
Ұста болар ма екенсің?
Не болмаса жұмыскер,
Не өнерлі мініскер,

Саусақтары сүйріктей
Зергер болар ма екенсің?
Не қасқа атты Қамбардай,
Аш қылмайтын аң барда,

Құралайды көзге атар
Мерген болар ма екенсің?
Жақсы болып ер жетсе
Балапаны бөбесі,

Бағы ашылып, анасы
Көкке тиер төбесі.
Бақытсыз боп ер жетсе
Бар үміті — қарағы,

Мехнат шеккен сорлы ана
Ашпағаны қабағын.
Әлди-әлди, балашым!
Ұйықтатайын тербетіп...

Тілегім сен, құлыным,
Үміт ақта ер жетіп!..
1926жыл.

КЕЛІНШЕК ОЙЫ

Шатынайды тыста аяз,
Қызыл шұнақ үскірік.
Қылшылдайды жалаңдап,
Зәрлі деммен ысқырып.

Ұшан теңіз қалың қар —
Жерді басып жабады,
Шұнақ аяз жалаңдап
Екі санын сабады.

Мұздай демі бет қарып,
Аяз аузын ашады.
Құлақтанып қызыл Күн
Жасыл ұшқын шашады.

Қар үстінен шаңғытып
Бұрқырайды борасын.
Көрінбейді далада
Жанның қимыл қарасы.

Бейне мола, — аңырайды,
Лыпасы жоқ жарлы үйі.
Қысқы аязда төтенше
Жарлы тартад зар күйін.

Пештің мойны сыңсиды
Үнін қосып желменен.
Кедейлікті шаққандай
Жыр ғып айтып шерменен.

Ызыңдауын шаңғытып
Шұнақ аяз қоймайды.
Іншік үйде бүрісіп,
Байғұс әйел ойлайды.

Уайым қып жас әйел
Көріп үйдің қырауын,
Баласына қарайды,
Жатқан қойып жылауын.

«Жары болдым әкеңнің,
Таңдап мені сүйгенсін.
Өкінбеймін, бөбегім,
Өзім қалап тигенсін!

«Қалыңмал» бар заманда
Әйел сорлы күң еді.
Кедейліктен батымды
Бас билігі мұң еді.

Еркі болды әйелдің
Патша түсіп қалғалы.
Ендігі мұң кедейлік
Бас билігін алғалы.

Бұрын жалпы әйелдің,
Көкірегі шер еді.
«Сүйгеніне тигеннің
Арманы жоқ» дер еді.

Өзге қыздың ішінен
Жұмат мені ұнатты.
Жары болдым еркіммен
Мен де сүйіп Жұматты.

Сүйгеніме жар болып,
Алсам да үлес теңдіктен.
Зарланамын, жылаймын,
Кедейліктен — кемдіктен»...

Пештің мойны желменен
Ызыңдайды сарнайды,
Балақанын тербетіп
Жас келіншек зарлайды.

Тыста түтеп, шатынап
Қызыл шұнақ үскірік,
Қылшылдайды, жалаңдап,
Зәрлі демін ысқырып.

Ұшан теңіз аппақ қар
Жерді басып, жабады.
Шұнақ аяз жалаңаш
Екі санын сабады.

1926жыл. 17-желтоқсан.

ОТ АРБА ТЕРЕЗЕСІНЕН

(САРАҒА)

1927—жаңа жылды құттықтап отарбада кетіп
бара жатып жазған хат.
Шайқайды ырғап сүйреп алға,
Жүйрік поезд арбасы.

Жұрт далаға қарасады,
Терезеден жармасып.
Мен де тұрмын көз жіберіп,
Қиырменен арбасып,

Аппақ дала... мұхит, теңіз
Жатыр қалың қар басып...
Қатқан қурай, селдір бұта
Қартайғандай бүкшиіп.

Бастары аппақ, тоқырайып,
Қырау басқан түксиіп.
Мұзды қырау, аппақ қарлы
Қыстың суық қабағы —

Аппақ қарттай, басы түкті,
Қыс қабағын жабады.
Қыстың қырау суық беті
Өткен жазды ойлатты...

Қыс мысал боп кәрілікке
Ой түбіне бойлатты...
Жансыз дала ұқсағандай
Ақ кебінді өлікке.

Қиял ұқсас, ұзақ шарлап
Бетпақ кезген елікке...
Сен сөйлеп ең бір уайым
Сол кеп түсті есіме.

Қарағым-ай, сол қайғыны
Айтып едің несіне?..
«...Жаз өткендей, жастық өтіп,
Қыс келгендей, кәрілік

Келеді! — ғой лезде жетіп...»
Деп едің бір тарығып.
«Өлім шіркін күнін санап,
Келеді-ау — деп тақалып»

Күрсініп ең төмен қарап,
Басып қайғы қапалық.
Айтып ең бір сондай қайғы:
«Қанша енді деп жүрерміз?..

Суық қойнын мәңгі жай ғып
Қара жерге кірерміз...»
Айтқан осы уайымың
Түсті келіп есіме.

Неге сонша мұңайып ең,
Қайғы сөйлеп несіне?..
Күні ілгері суық қыстың,
Әлі тіпті күз емес.

Жүрек әлі оттай ыстық,
Суынған жоқ, мұз емес.
Қыс келіп-ақ, қара шашты
Аппақ қырау басса да,

Әжім қатып ақсақал қарт
Маңдайға айғыз жазса да.
«Өмір шіркін осы-ақ па?» — деп
Керек емес уайым?

Уақытымен болмақ әрне,
Күрсінбе ауыр мұңайып!
Адам керуен, өмірі жол,—
Ешкімге жат із емес.

Жолмен көшкен керуеннің
Алды, арты да біз емес.
Дүние ешкіммен жасалмаған,
Қараң қалмас ешкіммен.

Жалт етед те мәңгі сөнед,
Өмір бірдей ұшқынмен.
Сан керуен қонып өткен
Бір жұрттағы жолдаспыз.

Көшкен, — қайта қонған емес,
Біз де қайта қонбаспыз...
Талай жаннан қалған емес
Жұртта жақсы белгісі;

Солардың да келген шығар
Жұртқа қайта келгісі.
Жұртқа қайта келмесек те
Бізде жақсы белгі бар,—

Біз істедік, біз істейміз,—
Оған жалпы ел куә.
Негізін сап, қызыл сарай
Жүрміз міне қаласып;

Ауыр тасын, әлі талай
Қойысармыз таласып.
Бізден қалар белгі толық
Кейінгілер көрерлік.

Апасы мен ағасының
Ісіне құн берерлік.
Біз қаладық, қиындықпен
Кең сарайға іргені,

Біздің тілек: сол сарайға
Кейінгілер кіргені.
«Қаластық» деп отырмаспыз
Бұл іргені әзіргі.

Қаласармыз әлі талай
Жастарменен қазіргі.
Керуен көшер, керуен қонар
Үйреншікті әңгіме,

Бізден қалар талай белгі
Кейінгіге, мәңгіге.
Біздің шілде әлі өткен жоқ,
Қыс түгіл, сұр күз де емес,

Оттай ыстық жүрек әлі
Суынған жоқ, мұз да емес.
Қыс келіп-ақ, қара шашты
Аппақ қырау басса да,

Әжім қатып, ақсақал қарт
Маңдайға айғыз жазса да:
«Өмір шіркін осы ма?» — деп
Керек емес уайым.

Уақытымен болмақәрне,
Күрсінбе ауыр мұңайып!
1927 жыл, 1-қаңтар.

БАСПАХАНА

Он жыл болды баспахана
Иесінің қолында.
Содан бері басқа сана
Таратудың жолында.

Баспахана дүрсілдейді,
Аласұрып бұлқынып,
Демі қайнап гүрсілдейді,
Ентігеді жұлқынып.

Паровоздың қарқынындай
Дүрсіл екпін дүбірі.
Тасқын судың сарқырындай
У-шу дыбыс сыбыры.

Күш, құлашын шойын алып
Екіленіп сермейді.
«Шаршаймын» деп ойына алып,
Күшін іркіп желмейді.

Анда-санда арқырайды,
Қара айғырдай ақырып.
Тыныс беріп іскерлерге
Тағы өнерге шақырып.

Соққан жүрек — қуат жаны —
Тынбай мотор тулайды.
Күймен билеп салған әні
Мыңдыбыспен шулайды.

Аяқтар — көп, дөңгелегі —
Жүгіреді зырылдап.
Кеудеден күш дем келеді,
Кернеген күш қырылдап.

Таспа қайыс сүйреңдейді,
Жүгіреді бұраңдай,
Шырқ айналып иреңдейді
Сумаң қара жыландай.

Қос тартпалар сымпылдасып,
Айқыш-ұйқыш шабысад.
Сумаңдайды жымпылдасып,
Тегерішке жабысад.

Тегершіктер — құрыш желдік,—
Зырылдайды айналып.
Зырлайды да шойын белдік —
Қап-қара күл майланып.

Құлаш соққан мотор жыры
Өнер күйін күйлейді,
Бірі шапшаң, баппен бірі ,—
Барлық дене билейді.

Дөңгелектер — тіс табаны
Бір-біріне жабысып,
Бірін-бірі тістеп алып
Итереді қабысып.

Жүгіреді темір төсек
Ілгерінді, кейінді.
Қимылы — өлшеу, мүлтсіз есеп,
Сағат ырғақ бейімді.

Сол төсекте текшеленген
Тізген әріп, қорғасын,
Шебер ою, кестеленген,
Тізген өрмек формасын.

Жұмыскердің нәзік бізбен
Салған көркем өрнегі.
Бар білімді жинап тізген
Көк қорғасын ермегі.

Ақ қағазға сол өрмектен
Сансыз өрнек басылад.
Ілім-құран — емес көктен,
Сол баспадан шашылад...

Құлаштайды шомбал ырғақ,
Зырылдайды дөңгелек.
Билейді әрбір мүше жырлап,
Бір-бірінен өңгерек.

Түрлі ырғақпен билесе де
Барлық бидің әні бір.
Сан дыбыспен күйлесе де
Барлық күйдің жаны бір.

Болашақтың жыры естілед
Машинаның шуынан.
Алдағы шат сыр естілед
Гүрсілдеген буынан.

Шат тұрмыстың үні естілед
Машинаның әнінен.
Сол шат тұрмыс елестенед
Бақытты жұрт сәнімен.

Мотор үдеп соққан сайын
Еңбек көркем билемек.
Бізді ілгері мол тұрмысқа
Жылдамырақ сүйремек.

Машинаның жан денесі
Мотор соғып жұлқынад.
Қимылдайды бар денесі
Бұлтылдайды, бұлқынад.

Бұлтылдаған әр темірдің
Қастарында жұмыскер.
Иесі сол барлық сырдың
Жасаған сол мініскер.

Үсті-басы майлы күйе,
Денелері шойындай.
Машинаға сол ғана ие
Тағдыры оның мойнында.

Тулап жатқан көп темірдің
Арасында жыбырлап,
Иелері көк темірдің
Жасайды өнер қыбырлап.

Міне, солар — тас кемірген
Машинаны күйлеткен.
Гауһар жасап тас көмірден
Темірлерді билеткен.

Баспахана дүрсілдейді.
Аласұрып бұлқынып,
Демі қайнап гүрсілдейді
Ентігеді жұлқынып.

Тасқын судың сарқырындай
Ың-шың дыбыс шуменен.
Паровоздың қарқынындай
Дүрсілдейді буменен.

Күш, құлашын шойын-алып
Екіленіп сермейді.
Шаршармын деп ойына алып
Күшін іркіп желмейді.

Соққан жүрек қуат жаны,
Тынбай мотор тулайды.
Күймен билеп салған әні
Мың дыбыспен шулайды.

Баспахана дүрсілдейді
Жанды сөзді жаратып,
Демі қайнап гүрсілдейді
Әлемге өрнек таратып.

Он жыл болды баспахана
Иесінің қолында.
Содан бері түзу сана
Таратудың жолында.

1927 жыл.

ТІЗУШІЛЕР

Гүрсілдейді баспахана,
Ұйықтатпайды түсірі.
Жасанды азық, басқа сана,
Қызықты өрнек түсіріп.

Сансыз өрнек сол өрмектен
Жалпы әлемге шашады.
Білім — құрал — емес көктен,
Баспахана басады.

Қорғасыннан өрнек тізген
Тәні құрыш жұмыскер.
Тасты ерітіп жан кіргізген
Жұмыскерден кім іскер?

Тізген әрпі он жыл тынбай,
Алтын қақпа тарихқа.
Түзу тартқан алтын сымдай
Жаңа тұрмыс жарыққа.

Он жыл бейнет тізген өрмек
Білім, сана халыққа.
Тізгендерің алтын өрнек,
Істе, жолдас, жалықпа!

Тоқып жатыр өрмектерін
Қап-қара көк қорғасын.
Тізбектейді ернектерін
Үйлестіріп формасын.

Шапандары қап-қара көк, —
Арнап киген жұмысқа.
Қыбырласад қап-қара боп,
Бейне қалың құмырысқа.

Алдарында көк қорғасын
Жыпырлаған ұясы.
Күйелеген қолы-басын
Қара бояу сиясы.

Жыпырлаған ұяларда
Толған текше қорғасын,
Үй құжынаған ұялы орда, —
Қорғасынның ордасы.

Жүйрік қолдар сумаңдасып,
Қорғасынды тіздейді!
Ұядан бір ұяға асып,
Керек әрпін іздейді.

Жыпырлайды сәкілерде
Тізімдердің дестесі,
Тізушілер қолмен терген
Өнер-білім кестесі.

Сол қорғасын кестедегі
Білімнің сан сырлары.
Қатар-қатар текшедегі
Тіршіліктің жырлары.

Толған ұя жыбырлайды, —
Әріптердің ордасы.
Тізушілер қыбырлайды, —
Жазушының жолдасы.

Шапандары қап-қара көк, —
Арнап киген жұмысқа,
Қыбырласып қап-қара боп,
Құжынаған құмырысқа.

Қорғасыннан өрнек тізген
Шойын дене жұмыскер.
Тасты ерітіп жан кіргізген
Жұмыскерден кім іскер?

Міне, жолдас, солар бізбен,
Тас еріткен жұмыскер!
Тіршіліктің сырын тізген
Солар ғана мініскер...

Тізген әрпі он жыл тынбай
Алтын қақпа тарихқа.
Түзу тартқан алтын сымдай,
Жаңа тұрмыс — жарыққа.

Он жыл бейнет тізген өрмек
Білім, сана халыққа.
Тізгендерін алтын өрнек, —
Істе, жолдас, жалықпа!

1927 жыл.

ЖЫЛ БАСЫ – ҚАРЛЫҒАШ

Өліп жатқан жер жүзіне
Жаз келген соң жан кірді.
Ойда, қырда жап-жасыл боп,
Жасарып жер жаңғырды.

Жасыл жерге гүлден өрнек
Неше түрлі сән кірді.
Торғын көктен көк ала бұлт
Төкті гауһар жаңбырды.

Сұлап жатқан үнсіз жерге
Тіршілік, «шу», даң кірді.
Тау мен орман, шалқар көлге
Шаттық күй мем ән кірді...

Күн күлімдеп жылы деммен
Ұлы ананы бұлайды.
Жұпар бүркіп, жібек желмен
Кең денесін сылайды.

Жан-жануар ұлы анасы —
Төсі сүтті қара жер,
Жас босанып бұланады
Төсін ашып ағып тер.

Жер — ұлы ана, буы — демі,
Жадырайды көсіле.
Еңбекші жан уыз еміп
Өрмелейді төсіне.

Жан иесі тірілісті
Шат боп еңбек тұрмысқа.
Жандандырды қылған істі
Қалың ісші құмырсқа.

Міне, шат боп сымпылдасып
Қарлығаштар зырлайды.
Ойды кезіп, қырдан асып,
Жаздың жырын жырлайды.

Көркем тұрмыс жылдың құсы
Ер, екпінді қарлығаш,
Болсын күйлі қылған ісі,
Жырла жазды жарлыға!

1927 жыл.

(Замандасқа)
Тасып аққан Жайықты
Кейде ұқсатам тұрмысқа,—
Әркім есіп қайықты

Ағып, қалқып тырмысқан.
Әуелі дария,— жырадан
Жылап аққан жылым кез.
Біртіндеп дамып, құраған,

Тамшыға тамшы болып кез.
Жыраға жыра қосылып,
Молайып, өзен, көл болған.
Кеңейіп арна, жосылып,

Дария, теңіз — сел болған...
Қарқындап ағын, шымырлап,
Шапшиды, толқып ағады.
Сансыз қайық қыбырлап,

Бір-бірін түзеп қағады.
Толқын қуып, қайықтар
Бұраңдап, жүзіп қалқиды.
Тағдыры тасқын — ғайыпқа,

Еріксіз алға малтиды.
Соқтығып қайық қайыққа
Кеңшілікке таласад.
Толқын айдап Жайыққа,

Қайыққа қайық жанасад...
Қайықтар қалт-құлт қағысып,
Ысқырған дауыл — желменен,
Соқтығысад алысып,

Толқынды қарқын селменен.
Мен де малтып қайықта,
Толқынды шалып кесемін.
Алдағы тыныштық-айыққа

Ұмтылып, толғап есемін.
Толқындар долы, туласып,
Қайықты допша лақтырад.
Көбігін шашып ұласып

Біріне-бірі қақтығад.
Тұңғиық толқын шымырлап,
Сансыз қайық, ерік жоқ,
Сырғиды тұтас қыбырлап,

Бірінде мәңгі серік жоқ.
Қайығымды қаңбақша
Толқынға толқын лақтырып,
Қайықтарға, жан-жаққа,

Түйісемін қақтығып.
Қайықты толқын біресе
Аспанға атад ырғытып,
Толқынға толқын ілесе,

Ойнайды қағып сырғытып.
Біресе толқын жоғалад
Қайықты төмен сүңгітіп,
Біресе және оңалад

Көбікке көміп күмпітіп.
Барлық әлем қақтығып
Толқынға ойын топ болад.
Қалтылдап, малтып, аптығып,

Біртіндеп батып жоқ болад.
Адамды қаңбақ — шөп қылып,
Толқынға ағын қуғызад.
Жұғады — бір-аз топ қылып,

Біреуді тағы туғызад.
Толқынды тасқын ақыры
Құяды түпсіз теңізге.
Сол теңіз алға шақырып

«Жетсем соған» дегізед.
Толқынды шалып теңселіп,
Сол Жайықта кездесті,
Лақтырып толқын, еңсеріп,

Қайығымыз кездесті.
Бұл тұрмыс — толқын ағында
Әркіммен-әркім түйіспек.
Түйіскен сол шағында —

Жауласпақ, не сүйіспек.
Бұл тұрмыс — толқын ағында
Талаймен мен де түйістім.
Айрылысып тағы да

Жол кесісіп қиыстым.
Тулаған толқын екпіні
Лақтырып терең ағынға.
Талаймен мен де жауластым,

Талаймен дос боп сүйістім.
Талаймен көңіл ауластым,
Талаймен бірге күйістім.
Рақымсыз толқын ағыны

Бір қалыпта қоя ма?
Тырбанып, малтып, қағынып,
Ағудан ешкім тоя ма?..
Сенімен, міне, түйістік...

Күй толды кернеп сағыма.
Сәлеммен басты иістік,
Сілкінді көңіл тағы да.
Әркімді де сүйдіред

Қасиет болса мінезде.
Еріксіз басты идіред,
Бағындырып лезде.
Қасиетті сұлу мінезің

Қозғады менің сағымды.
Жарқыным, тек біл өзің,
Мінезіңе бағындым...
Толқыннан көріп тепкіні

Әркім-ақ лажсыз бағынған.
Әуре ғып талай мазақтап,
Допша толқын қуалар.
Салып жанды азапқа,

Ысқырып, шулап қуанар.
Әбден қанып ойыны,
Жұтқанынша тұңғиық.
Түпсіз терең қойыны

Көзге тола құм құйып.
Тұңғиықтан сән іздеп,
Толқын жұтып өлгенше,
Өмірден бір мән іздеп,

Тұншықтырып көмгенше.
Теңізге түпсіз алдағы
Қалқақтаймыз малтығып,
Пенде — қайық салдағы

Қалт-қалт етед талпынып...
1927 жыл.

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙