Мазмұнға өту
Home

Қашаған – сөздің дүлдүлі

Бақтыбай Жайлау

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Қашаған – сөздің дүлдүлі

Авторы: Бақтыбай Жайлау

ҚАШАҒАН – СӨЗДІҢ ДҮЛДҮЛІ (ғылыми мақалалар мен арнау өлеңдер және айтыс мәтіні) Алматы “Жазушы”

Қашаған – сөздің дүлдүлі (ғылыми мақалалар мен арнау өлеңдер және айтыс мәтіні)/ Құрас. Жайловов Б.С. – Алма­ты: «Жазу­шы», 2013.– 320 бет. ISBN 978-601-200-439-7 Қолыңыздағы кітапқа «Жаһандану жағдайындағы ұлттық құндылықтардың орны және Қашаған жырау мұрасы» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция мақалалары мен «Сұрағандарың сөз болса...» атты республикалық ақындар мү­шәйрасында оқылған өлеңдер және Қашаған Күржіманұлы атындағы аймақтық ақындар айтысының жазбаша нұсқасы топтастырылған. Жинақ ғылыми қызметкерлерге, ұстаздар мен оқушыларға, студенттер мен магистранттарға, барша әдебиет сүйер оқыр­ мандарға арналған. ISBN 978-601-200-439-7 УДК 821.512.122 ББК 84 Қаз 7-44 Қ 52 Қ 52 © «Жазушы» баспасы, 2013 УДК 821.512.122 ББК 84 Қаз 7-44 Құрастырған Жайлау Бақтыбай Сәрсенбайұлы Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі Ақпарат және мұрағат комитеті “Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару” бағдарламасы бойынша шығарылды

Қазақстан Республикасының Президенті НҰРСҰЛТАН ӘБІШҰЛЫ НАЗАРБАЕВТЫҢ Қашаған Күржіманұлының 170 жылдық мерейтойына қатысушыларды ҚҰТТЫҚТАУЫ Барша қазақ халқына танымал дүлдүл ақын Қашаған Күржіманұлының 170 жылдық мерейтойы құтты болсын! Қашаған Күржіманұлы – ғибратты ғұмыр кешіп, өткір тіл, парасат және қара домбыра қару болған рух майданында жоғары адамгершілік құндылықтарды ту етіп көтеріп, халқымыздың орынды мақтанышына айналған ерекше тұлға. Күллі мәдени мұраларымызды, оның ішінде рухани құн­ дылықтарымызды жинақтау, зерттеу мен зерделеу – уақыт талабы. Ұлылардың мұрасы да, мұраты да, атақ-даңқы да, мерейтойы да – кейінгіге үлгі. Ал үлгіге қарап ұрпақ өседі десек, Қашаған ақынның мерейтойын Тәуелсіз еліміздің болашағы үшін баршамызға ізгілікті іс тындыруды мін­ деттейтін, ұрпаққа ұлағатты үлгі алуды аманаттайтын мерейтой деп білгеніміз жөн. Ұлттың рухани келбетін, халықтың мінезін айшықтай­ тын киелі сөз иесі Қашаған Күржіманұлының шығар­ма­шы­ лық мұралары әрдайым қазақ халқының рухани қажетіне жарай берсін! Астана, Ақорда. 25 тамыз, 2011 жыл

І бөлім. ЖАҺАНДАНУ ЖАҒДАЙЫНДАҒЫ ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАРДЫҢ ОРНЫ ЖӘНЕ ҚАШАҒАН ЖЫРАУ МҰРАСЫ (республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция мақалалары) Қырымбек КӨШЕРБАЕВ, Маңғыстау облысының 2006-2011 жж. әкімі

АДАМЗАТ ПОЭЗИЯСЫНЫҢ АЛТЫН ҚОРЫНА ҚОСЫЛҒАН АСЫЛ ҚАЗЫНА Біздің бәріміз балалық шағымызда алдымен анамыздың әлдиін, одан соң сол ғазиз жандардан естіген халық ер­ тегілері мен аңыздарын, өсе келе «Батырлар жырын» тыңдау арқылы тәрбиелендік, сол арқылы Отанды сүюді, елін қорғауды, халқымыздың шежірелі тарихын қастерлеуді үйрендік, санамыз сәулеленіп, парасат-пайымымыз өсті. Бүгінгідей том-томдаған кітаптар, тұтас бір елдің кі­тап­ ханасы сиып кететін жадысы бар компьютерлер тұр­ғанда, Википедия тәрізді сұраған ақпаратыңа лезде жауап беретін интернет-энциклопедияны қолтығыңа қы­сып жүріп пайдалана алатындай мүмкіндік барда, ата-бабаларымыздың сан ғасырлық тарихымыз бен мә­дениетімізді ұрпақтан-ұрпаққа зерделі ұланы арқылы ауызекі түрде жеткізіп келгеніне қайран қаласың, асыл рухани байлығымызды осы күндерге жеткізе білген да­нышпандығына тәнті болып, алғысыңды айтасың. Бұл ретте әсіресе, ақын-жыраулардың еңбегі ерекше. Жырау – тек төгілтіп өлең жолдарын айтатын жыршы ғана емес, ол – домбыра құлағында ойнайтын домбырашы,

жырмен қоса әлқиссасын баяндайтын шежіреші, дауысын домбыраның әуенімен әуелетіп, әртүрлі мақаммен әуезді жыр төгетін – әнші, жырда баяндалатын оқиғаға сай түрлі мимика-қи­мыл­дар көрсетіп, образға берілетін – актер, халқының қо­шеметіне бөленген сал-сері, қысқасы бір өзі – бір театр, рухани байлық көзі. Сондай жыраулардың сүлейі, Сыпыра жыраудан бастап тек аса зерделілері жадына тоқи алған, көлемі қырғыздың «Манасынан» да асып түсетін «Қырымның қырық батыры» ерлік дастандарын атақты Мұрын жырауға үйреткен ұлы жырау – Қашаған Күржіманұлы. Қашаған зерделі жырау ғана емес, атағы алты алашқа мәшһүр болған арқалы ақын. «Менің атым – Қашаған, Тәңірім артық жасаған. Адай түгіл алшынның, Алшын түгіл алаштың Айтқышы едім қашаннан», – деген сөздері бір естігенде гиперболалық сарында айтылған ақын сөзіндей болып қабылданса да оған берілген атақты шайырлардың бағасын естіп, арқалы ақынның бұл адуынды жолдарын еріксіз мойындайсың. Ел ішіне тараған жырлары арқылы Қашаған атына жас­ тайынан қанық болған жыр алыбы Жамбыл Жабаев: Сүйінбай мен Қашаған, Қара өлеңді матаған. Атын жаттап балалар, Әлі күнге атаған, – деп Қашаған ақынды өзі пір санайтын Сүйінбаймен қатар қойып, оның жырларының өскелең жастар үшін тәрбиелік маңызы зор екенін айтады. Қашаған ақын бабалардың шежірелі тарихын жырлап, халқымыздың сан ғасырлық азаттық үшін күресін, бастан кешкен қилы кезеңдерін, батырлардың ерлік істерін жырлау арқылы болашақ жас ұрпақты елін, жерін сүюге шақырып, отанының патриот ұлы мен қызы болуды ғибрат етеді. Дүлдүл ақынның тарихи тағылымға толы «Атамекен»,

«Адай тегі», т.б. толғаулары тарихи шежіреге толы ұлттық әдебиетіміздің асыл мұралары болып табылады. Ақын өзінің айтыстарында да жалаң даттау мен үстірт пайымдаулардан аулақ, ол елдікті, ерлікті, адамгершілікті, абзал қасиеттерді, халық мүддесін көздеп, соған сүйенеді. Өткір тіл, ұшқыр ой, адуынды ұйқастармен қоса, мұнда асқақ рух, терең білім мен биік парасат әрдайым салтанат құрып отырады. Қашағанның тарихтан да, жаратылыстанудан да, фи­ лософиялық ой-пікірлерден де білімі терең екендігі оның жас кезіндегі Нұрым ақынмен кездесіп, одан бата сұ­ра­ ғандағы Нұрым ақынның оның ой-пікір, парасат деңгейін білмек болып сұрақтар қойған кездегі толымды жауаптарынан көрінеді. Қашаған ақынның тіршілік пен адамзат баласы, он сегіз мың ғаламның жаратылысы жөніндегі түсінігі қазіргі ғылымдағы Альберт Эйнштейннің атақты «Салыстырмалылық теориясынан» бастау алатын «ірі жарылыс» теориясымен үндес, сондай-ақ ол ақынның ежелгі Грекия мен көне Рим ойшылдарының қағидаттарынан, мифологиядан да терең білімі бар екенін көрсетеді. Бұл ауыз әдебиеті өкілдерінде көп кездесе бермейтін интел­ лектуалдық әлеует, биік парасат. «Топан» атты философиялық дастанда Қашаған дара­ қылық пен парықсыздықты, мастық пен желікті, тойымсыз құлқын мен тар пейілді дүниедегі бар кеселдің басы деп санап: Етпеді ешкім қанағат, Тап болмай қайтсін ғаламат. Көп болды мұнда тасқандар, Әлдерін білмей асқандар, Пиғылынан солардың Қабыса жаздады аспан, жер! – дейді. Адамдардағы ынсапсыздық пен сараңдық, иман­ сыздық пен менмендік табиғат ананың өзін де ашындырып, алтын көрсе тура жолдан таятын күнәһар пендесін тосын мінез көрсету арқылы тәубасына түсіретінін тағы да бір есіне салады:

Бәлеге қашан ұрынған, Барын жоқ деп құрынған. Мың асқанға – бір тосқан, Демеуші ме еді бұрыннан. Абыз ақынның бұл түйіні – қай кезеңде де көкейкесті­лі­ гін жоймайтын, өскелең ұрпақ үшін ұлағаты мол, ғибратқа толы өнегелі пайым. Каспий теңізінің дүлей тасқынынан халық басына төнген нәубетті әлеуметтік мәселелермен байланыстыра да білген ақын өмірдің еңбекпен көгеретінін, тұрмыстың талаппен жаңаратынын еске сала отырып, дастанын дана халқының келешегінің кемел болатынына сенетін оптимистік рухта аяқтайды: Кейінгі бозбалалар, Налымаңыз, шырағым, Күндердің күні болғанда, Көк дария көл болса, Бай мен жарлы тең болса, Суда – балық, қырда – егін, Диқаншылық көп болса, Бәле-бәтер жоқ болса, Талаптың күші сел болып, Кетерсіз дағы ел болып, – дейді. Құдайға шүкір, бүгін міне сол абыз ақын күйзеле жыр­ лаған зар заман да, сор заманда өтіп, ата-бабамыз сан ға­ сырлар жан аямай күресе жүріп армандаған Тәуелсіздіктің бақ құсын да қолымызға қондырдық. «Бағалай білмегенге бақ тұрмайды», – дейді дана халқымыз. Ендігі мақсат – жеңді түріп, белді буып, Тәуелсіздік бақытын баянды ету жолында жан аямай еңбек ету. Бұл биік мақсатқа ел мүд­десін өз мүддесінен жоғары қоятын, білімді де білікті, қажырлы да табанды азат елдің азаматтарының табысты еңбегі арқылы ғана қол жеткізеріміз анық. Елбасымыздың сарабдал саясатының арқасында Тәуел­ сіз еліміз тарих үшін қас қағымдай 20 жыл ішінде әлеумет­ тік-экономикалық дамудың таңғажайып жетістіктеріне жетті. Әлем қауымдастығы мойындаған өркениетті ел

қатарына қосылдық, алдағы мұратымыз – бәсекеге қабілетті елу елдің санатына қосылу, өркениет көшін бастау. Бұл жолда біздің Маңғыстауымыз тәуелсіз еліміздің қарқынды дамуына сенімді тірек болуда. Әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны бойынша облысымыз алғашқы орында. Ел болашағы білімді жастар десек, мектеп бітіруші түлектері­ міз екінші жыл қатарынан білім сапасы бойынша алдарына жан салмай, бірінші орында келеді. Мұндайда қазақ: «Ылдидағы тасы өрге домалады, қосқан аты бәйгеден келді», – деп қуанатын болса, біздің Адай тұқымды сәй­ гүліктеріміз де халықаралық бәйгелерден бірінші ке­ліп, еліміздің мерейін тасытты. Әрине, бұл жетістіктерге тоқ­мейілсуге болмайды. Тәуелсіз еліміздің, оның ішінде өлке­міздің алар асулары, шығар биіктері әлі алда. Оған сүрінбей жету үшін кемел білім, биік парасат, терең ақыл, өз мүддесін ойлайтын рухани пасықтық пен жоқтан өзгеге күйгелектенетін рухани жасықтықты жеңетін қажымас қайрат, мұқалмас жігер, отаншыл биік рух керек. Бұл жолда Қашағандай парасат пен ұлағат абыздарының намыс пен жігерге толы жырлары рухани медет бола білері даусыз. Ұлы ақын Қашаған туралы мақаласында заманымыздың заңғар жазушысы, Қазақстан Республикасының Еңбек Ері Әбіш аға Кекілбаев: «Дария десе дария екен ғой Қашекең. Нағыз жырдария, мұңдария, шердария, сырдария екен ғой. Оның ағыл-тегіл жойқынының қаншасы тұрымтай тұсына, балапан басына заманда құмға сіңіп жоғалды. Қаншасы құнтсыз елдің қоржыны мен сандығына қолжазба боп түсуге үлгере алмай, күннен-күнге көзі азайып бара жатқан құйма құлақ қариялармен бірге әлдеқашан дүние ауып, үйме топырақ астына кетті. Қалғанына тәуба! Қашағандай жырдарияның дүниеде болғанына тәуба», – деген еді. Облыс әкімдігі осыдан үш жыл бұрын жырдария Қа­ шағанның асқақ рухты бейнесін шынайы бейнелейтін әсем қола ескерткішін құтты тұғырына қондырып, облыс жұртшылығын қуантса, мереке қарсаңында зерделі ағамыз Жетібай Жылқышыұлы және ақынның дарынды ұрпақтары Есенғали Раушанов, Светқали Нұржан, Сабыр

Адай, Әнуар Бимағанбеттердің жинақтауымен топталған «Қайыртпай кеткен Қашаған» атты жыр жинағының «Жазушы» баспасынан жарық көруіне, ақын жырларын талантты ізбасарларының орындауындағы «Айтамын хабар қиырдан» атты CD-дискідегі жыр-толғауларының шығуына мұрындық болды. Дарынды бабамыздың жыр жинақтары құтты болсын, ағайын! Жаңа жинақтар арқылы жыр атасы Қашаған ақынның ­рухани мұралары берісі қазақ еліне, әрісі бүкіл түркі әле­мі­не жол тартып, адамзат поэзиясының алтын қорына қосылған асыл қазына болары даусыз. Біз таяу күндері сондай-ақ, көзі тірісінде қатар жүріп, Қаратаудың қос бұлағындай елін руханият нәрімен қосыла сусындатқан екі тума талантты кейінгі ұрпағы бірге ұлық­ тап жүруі үшін әсем Ақтау қаласының орталығындағы «Ынтымақ» алаңында күй атасы Құрманғазы бабамызға арналған ескерткіш ашамыз. Осылайша, артына баға жетпес рухани қазына қалдырып, қазақ елін әлемге танытқан қос таланттың тағылымды тағдырлары мен ғибратты ғұ­мырлары өшпес өнеге ретінде ұрпақтан ұрпаққа жете бермек. Тағы да Әбіш аға сөзімен айтқанда: «Қашекең Қы­рық­ кездегі ақшаңқан кесененің астында жатпаған сияқты. Желмая мініп, жерұйық іздеп кеткен Асан бабасының артынан сары атанын сар желдіртіп, елге ынтымақ, ерге ынсап, жалқыға парық, жалпыға пәтуа іздеп жүрген сияқты». Абыз ақынның арманы орындалғай, іздегені келгей, елі­ мізде бақ, береке, тұрлаулы ырыс болғай!

Әбіш КЕКІЛБАЙҰЛЫ, Қазақстанның Халық жазушысы, Мемлекет және қоғам қайраткері, Еңбек Ері

ЖЫРДАРИЯ САРҚЫЛМАЙДЫ Маңғыстау, шіркін, жұмбақ өлке. Қай жағынан да қазынаға бай. Ең алғаш итті, малды қолға үйретіп, балшық илеп, баспана тұрғызып, құмыра жасап, от жаққан, дән сеуіп, балық аулай бастаған ежелгі натуфийлік үрдістерді орнықтырған мекендерімізге Каспий теңізінің қазіргі Иран территориясындағы ең күнгей аралдарының кеуек үңгілері де кіреді екен. Содан бері теңіздің батыс, шығыс жағалауын бойлап, терістікке қарай тырмысқан тіршілік шеруінің жолында Маңқыстау, Үстірт қиырлары да жатыр. Ежелгі сақ, массагет, даһ, кейінгі алан, ас, иозы, қаңғылы, үйсін, түрік, оғыз, қыпшақ, қарлық, қалаш, маңғол, алтын орда, маңғыт, ноғай, қалмақ, қазақ археологиялық және ономастикалық жәдігерліктерінен аяқ алып жүре алмайсыз. Қай төмпегін түртіп қалсаңыз да, бағзы политеизм, заростризм, буддизм, христиан және ислам исі аңқып қоя береді. Содан да болар, бұл араның бала екеш баласы да әң­ гімені әріден қозғағанды жақсы көреді. Дүние жаралып, су аққанынан, Адам Атамыз бен Хауа анамыздың қалай табысқанынан бастамаса, бастары ауырады. Есте ұстайтын жады мен әңгіме айтатын жағын жаттықтырады.

Бұндай тарихи зеректік әзелде оларға жөргектен жұқ­ қан. Әу бастан дүние ауып кеткен «Қырымның қырық батырының» мұнда түгел жатталып қалып жүргендігі де сондықтан. Бұл феноменнің мұншалықты бекемдігінің сыры бұл араның әдеби дәстүрлерінде. Ақындары мен жырау­ла­ рында. Олардың тумыстарынан айырықша ерек жара­ тылғандарында. Әрі де емес, бері де емес, аға да емес, іні де емес, жуан ор­тасынан біреуін тыңдап көрелікші. Қалағандарың сөз болса, Мен жырлауға құмармын, Шұбалаң құйрық шұбармын. Шапқан аттай саулаймын, Жанған оттай қаулаймын, Не қылғанмен дер күнім, Бұлдыраған таудаймын. Екі атысқан жау болса, Арасына панамын. Мен – ақ бауыр кер жорға, Әдемі басқан аяғын. Қарасаң көзің жеткісіз Жылмиып жатқан даламын, Жортар атқа жеткісіз Ұзын бауыр саламын. Жоғарыдан аққан Жайықпын, Теңізге құйған аяғын, Күншығыстың күшті желімен Ылайлатып ағамын. Сөйлемеймін мен неге? Қашаннан да мен өзім Заржақ туған баламын. Сөйлесем сөзді табамын. Сөйлей-сөйлей аламын. Көпшілік сөйле дегенде, Кідірмеймін жел сөзге, Кеудедегі білгенді Алдыңа төгіп саламын.

...Сөз дегенің бұйым ба, Сөйлегенім қиын ба?! Талай-талай сөйледім Сатырлаған жиында. Бұл – әр сөзі қорғасын құйған сақадай алшысынан түскен, аузынан айналайын кенже Ақтан ғой. Пай-пай, жүрісінен су төгілмес тарпаңдай басқан кер жорға десе, кер жорға ғой. Келістіріп айтады-ау! Қашаған жыраудың: «Көзім көрген адамда Абыл мен Нұрым, Ақтаным, Осылар еді тақтағым, Осылай деп айтатын Тарихтың көне ақпарын», – деп айтуы да тегіннен-тегін емес қой. Ақтандай інісі осындай болғанда, оның Абылдай ағасы қандай еді? Бірде Кете Жарылғастың үйіне келген Махамбет түстеніп, атына мініп қайтқалы жатқанда, Шернияз деген ел үстінде жүрген ақын баласы: Көп үйрек көлде жатқан көсіліпті, Ғалымдар шариғаттан сөз біліпті. Баласы Өтемістің ер Махамбет, Бізге айтар не сөзің бар ескілікті?» – деп сұрапты. Сонда Махамбет: Әліп, ләм, һаймен тұрады алқам басы, Мүйімнің бимен тұрады бисмилләсі, Мүйімнің құйрығы имек, ортасы ақ, Білсең айт, осы ненің нышанасы? Он бүркіт, отыз аққу көлде жатқан, Лашын қақпай қанат дәмін татқан, Арқадан қайта айналып келгенімше, Шернияз шеше алмасаң, өзің сақтан», – депті де жүріп кетіпті.

Шернияз бұл жұмбақтың шешуін Тигеннің «Дағдушы» суының қасында отырған Абылдан ат шаптырып сұрапты. Сонда Абыл: «Әліп деген бір Алланың аты еді, ләм деген періштенің аты еді, һай деген ақ пайғамбардың аты еді. «Мүйімнің құйрығы имек, ортасы ақ» дегені пайғамбардың үмбетінің икемдігі, жүрегінің ақтығы еді. «Он бүркіт» дегені Мұхамбет пайғамбарымның кеңесшілері еді. Отыз аққу дегені Дәуіттің өлген отыз ұлы еді. «Лашын қақпай қанат дәмін татқан» дегені сәждеден басыңды көтеруге мұрша бермей жаныңды алатын жаналғыш әзірейілдің аты еді. Махамбет оң көзім болғанда, Шернияз сол көзім еді. Екі көзімді таластырмас үшін ортасына мұрын қойыпты ғой. Бұл екеуін бітістірейін. Шерниязға айта бар, ауызына абай болсын, жараның аузын тырнай бермесін», – депті. Кейін Махамбеттің өліміне байланысты Шернияздың Баймағанбет сұлтанға қияс сөйлегені осыдан екен дейді. Ардақтаған ағалары Абыл мұндай болғанда, ел мақ­ тайтын Өгізбай мен Қалниязы қандай екен?! Ылғи ел арасы ала шабуылдың ортасында жүретін Қалнияз деген күреңіңнің күнде бастан кешіп жүргенінің өзі тірі тарих болып шығады. Жау жағадан алған соң, Жапалақ қонған жапанда Қармыс жалғыз қалған соң Омыртқадан он жота, Сансыз найза салған соң, Қабырғадан қырық жота Шалажансар болған соң, Ертеңгі сәске кезінде Басшысы Төлеп жүз кісі Соңынан іздеп келеді, Келе сөйлей береді: – Қуғыншының ішінде, Әнеттің ұлы Төлеп бар, Белгілі ерден Бегей бар, Бексауытты Жанақ бар, Қойсарыдан Қонай бар.

Он бес жасар Шабай бар, Шабай түгіл талай бар. Өле кетсең, Саты бар, Ту ұстаған Адайда Белгілі ердің бәрі бар. Балықшыдан Балуанияз батыр бар, Қайсы бірін айтайын Бірі айыр, бірі нар, Бірі жая, бірі жал, Бірі шекер, бірі бал, Бірі қайың, бірі тал. Айналайын, ағеке, Сенің көрген жауыңды Бір көруге ынтазар, – дейді. «Қыземшектегі» қырғынның тірі протоколы түгел тұр. Ал Жаманадай Нұрым Шыршығұлұлы жүрген бір энциклопедия ғой. «Әуелі тәңірім жаратқан он сегіз мың ғаламды, бұлардан соң жаратқан лауқы мен мақфоз, кәламды, атамыз Сафи адамды, тоқсан құрсақ көтерген жаратқан Хауа-анаңды... Сіздер түгіл өткізген Мұхаммед досы жаранды», – деп бастайтын Нұрекең жер бетінде кісі тастамай түгел жырлайды. «Әуелі бастан айтайын, атамыз Әнес Жабалдан, құлақ қойып тыңдасаң, қандырайын хабардан», – демекші, Жабалдан Ноғай, Естек, Микорай тарайды. Микорайдан Зағипыран, одан Саһис, одан Ақшолпан мен Қурай, Қурайдан Аламан, Аламаннан Сегіз арыс Сейілхан өреді. Ақшолпаннан Майқы, Жаһан, Жайылқан дүрейді. Майқыдан Өзбек, Жаһаннан Қарақалпақ, Жайылқаннан Қазақ, Қазақтан Қырғыз, Алау өрбиді. Алаудан Алаш, Маңғыбай туады. «Маңғыбайдан дүрейді Алаштың алты баласы, қатар екен көгені, мал мен басы тең өскен, бір Алла берген ел еді, үш шешеден туған соң, үш жүз болған себебі. Ақарыстың баласы – Үйсін, Найман ұлы жүз, Бекарыстың баласы – Арғын, Қыпшақ орта жүз, Жанарыстың баласы – Алшын, Кеншін кіші жүз», – деп толғайды. «Алшынға бақыт орнаған, інісі Кеншін ер екен халқын жаудан қор­

ғаған». Алшыннан Әлімқожа, Байқожа, Қыдырқожа өрбиді. Жиырма бес ата ел тарайды. Бәрін сұңғыла Нұрым қойдай өргізіп, қозыдай көгендейді. Адамдарды бұлайша өрбіткен даңғұла перілер мен періштелерді де көзінен тізеді. Ол заманда не көп, той көп. Қай заманда да солай. Біреуінің үстінде өзінен бата сұрай кірген Қашағанға қиқар ақын құрулы қақпандай шап береді. Шариғаттан алдына жан салмайтын Нұрым балтырына енді мінген бәтшаһарды қалың сұрақтың астына алады. Сонда ел алдында енді танылып келе жатқан Қашаған айтулы ағасынан еш саспайды. «Бала, білсең хабар бер, үдірегелі Хауа анадан қанша заман өтті арада? Дүниенің басы неден жаралған? Жер мен аспан бұл не зат? Мақұлық қалай таралған?» деген сұраққа Қашаған: Дүниенің басы әуелі Меруерт тастан жаралған, Меруерт тас еріп су болған, Судан түтін бу болған. Аспан, жер содан жаралған Адам, лаухы, ғалам, абзал баршасы Сол заттан дейді озалдан. Он сегіз мың ғалам болғанда Үш бөлім болып тараған Алтауы болар жәмәдат, Алтауы болар нәмәдат, Алтауы болар хайуанат, Үш алтыны қоса ғой, Он сегіз мың жан болад, Білмеген адам таң болад... Нұреке, енді тілің тарт, Көп ішінде көлденең Туысына ұрынған Дүниедегі жаман зат, – дейді. «Қашаған саған бір сұрақ, Екеу жансыз, екі арам Бейішке кім ед баратын?», –

деп Нұрекең де қасарған жеріне қадала түседі. Қашаған да шамалыда сыр бере қойса, Қашаған бола ма? Нұреке, сенің «қаңқуың» Қапталымнан жабысқан Жақтырмайтын шаншуым. Ұраным Қосай болғасын Бүйірімнің тартуын. Бүйірім әттең, бұрып тұр, Амалы түскір құрып тұр, Басқа біреу болғанда Маған қиын емес ед Табаныммен тарпуым, Азуыммен қарпуым. Өзім әзер жүргенде Қай-қайдағы пәлелерді артуын?! Білсең қылма келемеш, Келемешің жөн емес. Сол дүниені жаратып жатқанда Қасында тұрған мен емес. Бірінші айтқан жұмбағың – Әзіреті Мұса пайғамбар Арша ағланы кезгенде Екі арамы дегенің Еріп барған қасына Қытымыр деген қызыл ит Жеті қазынаның бірі еді. Екіншісін айтайын Астына мінген есегі. Дүниенің бәрін сұрайсың Бар деп пе ең менде есебі? Екі жансыз дегенің Біреуі Айсаның аса таяғы Біреуі Ідірістің киген кебісі Естуіміз шын болса Сол төртеуі Нұреке Тергеусіз барады дейді бейішке. Сүйтіп қытымыр ағаның қыспағынан қысылмай өткен Қашаған сұраған батасын алады.

Содан қуғанға қайыртпаған Қашаған аты шығады. Қайда барса да, барса келместің шөліне тап болатын талайсыз жұртының өткеніне қайғырады. «Адай тегі» дастанында ел қорғаған ерлік жолында қаза тапқан Елтай батырдың іште қалған бершімегінің қиямет-қайым тағдыры сөз бо­ лады. Бір жағынан ел басына түскен ауыр күндерден, екін­ ші жағынан жұрт аузындағы сімсік сөздерден қиналып, анасы ерте шетінейді. Кішкентайынан өжет өскен жетімек Қыдырқожаның сүйікті перзентіне айналады. Одан туған­ дар бір тайпа ел болады. Алғи судың бойында Қытайменен жау болып, бөліне көшеді. Барған жерінде отырықшы жұрт мінген аттарын есек деп, өздері жайлы өсектеп, тағы да ит қосып мазақтайды. Намысқа шыдамаған сабаздар алысқанмен алыса, жұлысқанмен жұлыса жүріп, Маңғыс­ тау мен Үстіртті қайта иемденеді. Қашаған өзге ақындардай өткенді боямалап көрсетпейді. Барды бар қалпында, жоқты жоқ қалпында суреттей отырып, туған жұртының ерлік тарихын сөз етеді. Оны өз тұсының ащы шындығынан бөле-жара қарамайды. Заман азып, заң тозып бара жатқанына күйінеді. Өзі куә болған зобалаңдардың неден өрбіп, неден туындап жатқанына зер салады. Бұл әсіресе оның «Топан» атты философиялық дастанында көрініс табады. Құтырған құртты қағып жеген бозторғай ісініп, бүркітке шабады, бозторғайды қағып жеген бүркіт құтырып, теңіздегі дәу балыққа шүйлігеді, оны жұтып салған нән балық құтырады. Содан теңіз тасып, жағадағы елді топан қаптайды. Жайбарақат жатқан ел зұлматқа тап болады. Қашаған бүгінгі адамзат қатты толғанып отырған, адамдар ашқарақтана иемденіп жатқан табиғи ортада күнненкүнге өршіп келе жатқан үлкен қауіпті бұдан бір ғасыр бұрын аңғарған. Үлкен экологиялық проблема негізінде терең философиялық астар өрбіткен. Бұл арқылы ол адамдарды әділдікке, бір-біріне, мейірімділікке, табиғатқа зор­ лық жасамай, онымен тіл табыса білуге шақырады. Көпшілік жұрттың кәсібі – Пітнеден болды нәсібі, Білмеймін заман нешігін?

Бүгінгі адам намысы Лек-лек құсқа ұқсайды, Байланбағай еді, жарандар, Тәубе мен ынсап есігі! – деп күйзеледі. Кейінгі Қашағанның өлеңі күңірену мен күйзелуден тұрады. Ойда оталып, қырда қырқылып жатқан қазақ тұрмысын көреді. Елдің ең жақсылары бір кемеге мінгізіліп, Атырау түрмесінен бір-ақ шыққан соң, үміті тіптен үзіледі. Көзінің алдын кіреуке басып, үйден ұзап шыға алмайды. 1929 жылы 25 тамызда 88 жасында Қаратаудың желкесіндегі Құлат мекенінде дүние салады. Қырықкезде жерленеді. Ел іші азып-тозады. Еті пысығы Бесқала, Хиуа, Түрік­ пен, Ауған, Иран асып, дәтіне берігі жұтаған қара жұр­ тында отыра береді. Қашағанды көргендерден адам қалмай барады. Ат көтере алмайтын болғасын қара бурасына мініп, қаракөлден жасаған тығырық бөркін едірейте киіп, ел аралап жүретін қара шал еді деседі. Қасына Аралбай, Сәттіғұл, Мұрын, Түмен, Сүгір, Шамығұлдар еретін көрінеді. Қа­ шаған өлгесін ол салтанат та көзден бір-бір ұшты. Бала кезімізде еміс-еміс көре қалдық. Түмен – үйіне кіріп ап, қағаз ақтарып отыратын түртіншек шал еді. Сәттіғұл Ата­ лық ағайдың үйіне келіп төрге шықпай орындық қойғызып, оң жақта өз-өзінен бірдеңелерді күбірлеп күңіреніп отыратын. Шамығұлмен Гурьевке талай бірге бардық. Ең соңғы рет Жыңғылдының бұлағының басында Шоқайдың әкесі жасаған жеті қанат күмбіреген үйдің төрінде ақ көйлек, ақ дамбалмен есіп сөйлеп отырғанын көрдім. Ауық-ауық былқытып домбыра шалып қояды. Біз көрген жерде бәрі де бәріміз білетін жерден қайта­ тын. Арғыға жоламайтын. Талайының білгені ішінде кетті. Қашағанның да аңыз болып аты ғана жүретін. «Есқали сұпыға айтқанынан» басқасын естіп жарымайтынбыз. Университетте Қажығали Мұқанбетқалиевтің Қашағанның жырларын іздеп келіп кеткенін білеміз. Қазіргі қолда бар Қашаған негізінен марқұм Қабиболла Сыдиықов ағамыз­

дың еңбегі. Оған Мұрын, Жанжігіт, Шамығұл, Шәдіман, Құмар, Назарбек, Әлқуат, Қобылаш, Сұлтандардың Қашағаннан айтқан жырларының қаншалықты толық екендігін ешкім білмейді. Біздіңше, талай өлеңінің тек сұлбасы ғана жүрген сияқты. Талайларын іште бүгіп қалған сияқты. Қашаған жырлаған жырлар да толық сақталмаған. Қашаған ақын тіріліп кетсе, өзінен қалған асыл мұ­ раларды ұрпағына жеткізген Қабиболла Сыдиықовтай асыл ағамызға әбден риза болар еді. Сонымен қоса ұмыт қалған, еске түспеген, қысқарып кеткен талай тұстарды еске салар еді деп ойлаймыз. Менің есіме 1989 жылдың жазы түседі. Бұрынғы мұнайшылардың теңіз жағасындағы мейманханасының алдында Тұрсынғали ағамыз кездесе кетті. Бүйрегімнің тасы қозғалып, кіржиіп келе жатыр ем. Ағамыз ағайындар болып күш қосысып жатқандарын айтты. «Ертең ел алдында ұялып қалып жүрмейміз бе?»– деп сұрады. Сонда мен: «Оқсата алмай, өзіміз ұятты болып жүрмесек, Қашаған атамыз қай тойыңызға да әбден лайық», – деп едім. Сол жылы күзде Орталық Комитетке бөлім бастығы болып бардым. Гурьев обкомынан ұсыныс түсті. Насихат бөлімінің бастығы Мырзатай Жолдасбеков екеуміз мәселені бюро мәжілісіне әзірледік. Қазақстанға басшы болып тағайындалған Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қашағанды мерекелеу туралы шешімге қол қойды. Сол күннен бастап, жүз елу жыл бойына қалтарыс қалған Қашаған ұлттық руханиятымыздың құндылығына айналды. Енді, міне, 170 жылдығы аталып отыр. Халқымен бірге тәуелсіздік алған Қашаған халқымен бірге жасай береді. Алғашқы тойының үстінде мен Қашағанды «Жырдария» деп атағанмын. Жырдария сарқылмайды. Тасқындай түседі.

Фариза ОҢҒАРСЫНОВА, ақын, Қазақстанның Халық жазушысы

ҚАШАҒАН – СӨЗДІҢ ДҮЛДҮЛІ Қашаған бабамыз – өз заманында өткір сөзді сүйетін­ дерге өзін сағындырған, менменсіген талай майқарын ақынсымақтарды ә дегеннен жырынан жаңылдырған өлең сөздің дүлдүлі болғанын оның артындағы бізге жеткен азын-аулақ жырлары мен айтыстарынан ғана білеміз. Бабамыз өмір сүрген дәуірде жаппай жазу-сызу немесе бүгінгі өркениет заманында адамзаттың қолы жеткен радио, теледидар, компьютер, интернет деген ғаламаттар болмағандықтан, ол кісінің қай жерде не айтқанын қағазға түсіретін мүмкіндік болмағаны белгілі. Бірақ халықтың жады – сыры кетпейтін айна, сол айнаға түсіп қалған қазынаны пұшпақтап жиып-теріп жүрген жайымыз бар. Әлі күнге дейін республика жұртшылығы Қашағанның әр жерде атын естігені болмаса, шығармашылығын біл­ мейді. Марқұм Қабиболла Сыдиықов ағамыздың тірнектеп жинаған еңбектерін жалғастырып толықтыру – осы отырған зерделі ғалымдардың, бабалар сөзін мұра етуге талпынған жастардың борышы. Мен Астанадағы академиялық ұлттық кітапханадан Қашаған шығармасын таба алмадым. Екі күн іздеп, әрең дегенде осы Ақтауда тоқсаныншы жылдары компьютер

шықпай тұрған кезде баяғы типографияда Қабиболла ағаның шағын ғана алғы сөзімен басылған он бес-жиырма өлеңін тауып алдым. Маңғыстауда мүмкіндік бар – университеттің жанынан Қашағанның ғана емес, осы өлкеден шыққан ұлы перзенттерінің шығармаларын басатын баспа ашқан дұрыс болар еді. Маңғыстаудың жер-су тарихын, атақты әншікүйшілерін, табиғатын Қазақ елі білмейді. Әйтеуір Пір Бекет пен Әбіш Кекілбаевтың осы аймақтан шыққанын біледі, оған да Құдайға шүкір дейміз. Тіпті Досат, Тастемірді, Жылгелді, Қойбасты былай қойғанда, Қайыптың әндерін де Арқа, оңтүстік, шығыстағы бауырларымыз біле бермейді. Қырымбек Елеуұлы Маңғыстау өлкесін өркендету, шаруашылығын дамыту жолында көп еңбек сіңіріп жүр­ генін Қазақстан халқы жақсы біледі, біз жүрген ортада ол туралы зиялы жұрт сүйсініп сөз айтып жүреді. Біз оған мақтанамыз, марқаямыз. Ал, әкімнің орынбасарлары, мәдениет, білім басқар­ малары да бүгін әр жерде концерт қойып немесе мектептерде біркелкі сабақ жүргізуден аспайтын істермен айналыспай, ертеңгі ұрпақтарға қалатын жан-жақты шаруалар істегендерін тілеймін. Маңғыстаудың ғажайып табиғатын көрсететін суретшілер керек. Елде Бірғали Байекеевтен өзге суретші болмаса, басқа жақтардан таланттарды шақырған абзал және олар жасаған Маңғыстау жайлы туындыларды бүкіл ел көлеміне таратып көрсетсе деймін. Маңғыстаудың әні де, сәні де, күйі де бөлек, табиғаты да өзгеше. Маңғыстау туралы республикалық деңгейде жыр бәй­ гесін неге жарияламасқа? Бұл да елді, жерді таныту, насихаттаудың бір жолы деп ойлаймын. «Соңымда бір тұяқ қалмады» деп күңіреніп өткен Қашаған бабамыздың туғанына 170 жыл толғанын атап өту үшін осы жиынға атсалысып, жергілікті жерде болса да тойлап жатқандарыңызға алғыс айтамын. Қашекең о дүниеде бір аунап түсіп, тұяқтарым, ұрпақтарым бар екен ғой деп риза болып жатқан шығар.

Ұраным Қосай болғасын, Бүйірім әттең бұрып тұр, Амалы түскір құрып тұр, – деп Қашекеңнің өз сөзімен айтсам, менің де бүйрегім маңғыстаулықтарға бұрады да тұрады. Мен сонау жылы Маңғыстау облысы жабылып, кейін қайта облыс ашылғанда «Шашу» деген өлең жазып едім. Онда мынандай жолдар болатын: Қашаған – сөздің дүлдүлі, Сәттіғұл – жырдың шынжыры, Қос тұлпар мініп жатқандай. Оғыланды жақтан нұр – шапақ Даламды түгел жапқандай. Абыл мен Есір дәл бүгін Төгеді күйдің жаңбырын Оркестрлерден жасқанбай. Ақбөбек мінген ақбоз ат Алшаңдап аяқ басқандай. Елдік пен кеңдік – ұраны, Шаттанып тәуба қылады Кәрісі қалмай, жас қалмай, Жаңа бір күнге бастардай! Мақтануға тұратын ата-бабаларымызды мақтан ете білейік!

Жұмат ТІЛЕПОВ, филология ғылымдарының докторы, профессор, Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі ДАУЫЛДЫ ДӘУІРДІҢ ДАУЫЛПАЗ ЖЫРШЫСЫ Биылғы жыл – еліміз өмірінде өткен көптеген елеулі оқиғалардың мерекелі жылы. Солардың басы – еліміз тәуелсіздік алғандығының жиырма жылдығы. Сонан кейін поэзия ақтангерлері Қасым Аманжоловтың ғасырлық, Мұқағали Мақатаевтың 80 жылдық мерекесі өтіп жатқан жыл. Ал, бүгін – қазақ жұртының елдік шаңырағын кө­ терісуге ерекше қайрат еткен жыр дүлдүлі Қашаған Күр­ жіманұлының 170 жылдық мерекесінің шымылдығы ашылып, байрақты туы көтерілген күн! Ел деп соққан жүрек иесінің еңбегі қаншалықты өміршең болса, еңсесі де соғұрлым жоғары, есімі де соншалықты ардақты. Адамзат баласының арғы-бергі дәуіріне көз салғанда осыдан үш мың жыл бұрын өмір сүрген Сүлеймен Дәуітұлынан басталатын небір даңқ иелерінің ғибратты тірлігі осындай ойға жетелейді. Ел сөзін сөйлейтін өлең-жырдың тау тұлғалы азаматтарына да адамзат қоғамы ерекше құрметпен қараған. Ежелгі гректердің өздерінің жадын тірілтуші деп білетін, жартылай аңыз адамы соқыр жыршы (аэд) Гомерді, әлемдегі алғашқы эпикалық жырлар – «Иллиада» мен «Одиссеяны» өмірге келтіруші деп, пайғамбардан әрмен әз тұтуы болсын, парсы жұртының осыдан дәл 1001 жыл бұрын соңғы редакциясы бітіп, ақи-тақи соңғы нүктесі қойылған «Шах-намесінің» авторы Абулхасым Фирдоусиін бір ғасырдағы емес, бар ғасырдағы парсы ұлтының рухани көсемі деп білетіні де, сондай-ақ, ХIV ғасырдың даңқты жиһанкезі Ибн-Батуды Берке сарайынан кезіктірдім дейтін Сыпыра жыраудың аты аталып жатқан тұста қай қазақтың да елегізіп елеңдесіп қалатындығы да содан.

Ақындық өнердің ақ дариясы сынды Қашаған Күр­ жіманұлы осыдан 170 жыл бұрын өмірге келді. Оның соңын алып, араға төрт жыл салып ұлтымыздың ұлы перзенттері Абай, бес жыл өткізіп Жамбыл, екі жыл өткізіп Ақансері мен Мұрат Мөңкеұлы дүние есігін ашты. 1841 жылы кейін «Зар заман» дейтін кітабы шығып, Ресей отарлаушыларының озбырлық қылығын әшкерелегендерді «Зар заман ақындары» дейтін атқа меншіктетіп кеткен Шортанбай Қанайұлы сол жылы 33 жаста, Шортанбай тобына қосақтатыла айтылатын екінші бір дара тұлға Дулат Бабатайұлы 39-да, азаттық күрестің алдаспаны Махамбет Өтемісұлы 38-де, ал, Біржан сал Қожағұлұлы сегіз-ақ жаста болатын. Дәл, сол жылы Абай аса қатты бағалаған дейтін, 1862 жылы ол жырлаған «Ер Тарғын» эпосын белгілі ғалым Н.И.Ильминский кітап етіп бастыртып шығаратын Марабай Құлжабайұлы мен Ыбырай Алтынсарин бір-біріне жалғас өмірге келіп жатты. Бұл тұс, осы аты аталған сөз зергерлері өмірге келген кезең, сондай-ақ, жалпы, осы адамдардың қай-қайсысының да өмір кешкен дәуірі қазақ жұрты үшін тұтастай өте-мөте қасіретке толы ауыр уақыт болатын. ХIХ ғасырдағы қазақ елі – өткен замандардағы бірде жоңғармен, бірде Хиуа, Қоқан хандықтарымен, біресе батыстағы алып жұрт орыстармен ұстаса жүріп күн кешкен әлеуетінен біржола айырылды. Бұл 1870 жылдары Ресейдің бүкіл Орта Азия республикаларын Қазақстанмен қосып өзіне қаратқан отарлаушылық мақсаты жүзеге асқан кез еді. Сол тұсты, сол оқиғаны көре жүріп, біле тұрып, хал­ қының мұнан кейінгі қасіретті күйіне қарлығаштың қа­ натымен су тасығаны сияқты жан ұшыра еңбек қылмаған ақын, жырау болған жоқ. Сондағы ең басты мақсат – қалың қауымның елдік еңсесін түсірмеу болатын. Бірақ, тайталасқа толы, адамзаттың қолын ғана емес, пейілін байлап тұрған қара ниетті қасіреттің тасы өрге домалап тұрғанда, озбырлық біткеннің жолын кесіп, қанағатсыздық пен мейірімсіздіктің туын жығу оңай емес-ті. Бұған адам жанын, заман халін, көкірек көзімен қапысыз танитын асқан білімпаз дегдарлыққа қоса ел тарихының, ата-баба өмірінің үлгілі тұстарын – ұрпағын рухтандырар дәстүр жайын жеткізер Қашаған сынды дауылпаздарға ар науасынан ақтарылған асау жырды төгілдіруге тура келген.

Қашаған – эпик ақын. Қазақ поэзиясының асқар шың­ дарының бірі Ілияс Жансүгіров «Қашаған – жүйрік жырау, елдің тілі» деп бекер айтпаған. Ол – жырау, ол – жыршы және жырау болғанда да Алтын Орда заманының, ноғайлы дәуірінінің небір алып жұрттармен алысқан айбынды ба­ һадүрлері туралы ерлік жырларын тереңдей зерттеген академик В.М.Жирмунский айтатын, сонау Тоқтамыс ханның ақылшысы болған абыз жырау Сыпырадан басталып, Абылға келіп тірелетін көлемі жағынан әлемде қырғыздың «Манасынан» кейінгі, бүгінде «Қырымның қырық батыры» аталатын ел тарихын әуенді саз-өлеңмен сөйлететін жыр мұхитының қарқуары еді. Ол М.Әуезов, Қ.Жұмалиев, Е.Ысмайлов, Қ.Сыдиықовтар зерделеген Қазақстанның батыс аймағындағы болмысы ерек жыраулар мектебінің талантты өкілі еді. Ол қолына домбыра алып, алқалы топтың құрмасына кірген заманында Абыл мен Есет, Қалнияз бен Нұрым, Ақтан мен Аралбай сынды ақындық өнердің ақиықтарының төрт көзі түгел еді. Қашаған сол ортаға еніп, ақындық өнерін ұштады, білімін толықтырды. Өнегеүлгісін алып, елінің тарихына қанықты. Оны ол өзінің «Қазақ деген ел едік, қайырлы халық атанған. Үш қожаның тұқымы – өсіп-өнген қатардан: Үйсін, Арғын, Алшын деп, Үш жүз болып атанған. Әзіреттің кең ойы, ­Алты судың өн бойы – Атамыз қонған жер екен» деп, елінің өткені туралы келелі жайларды төкпектетіп келетін «Атамекен» толғауында «Көзім көрген адамда Абыл, Нұрым, Ақтаным, осылар еді тақтағым. Осылай деп маған үйреткен, тарихтың ескі ақпарын» деп, ақын ретінде сол ортаға өзінің шәкірт болып келгендігінен хабар береді. Кейін дауылды, дауы көп заманда өмір кешкен дауылпаз жыршы өзінен үлкен Абыл мен Нұрымға, өзімен қатар Ақтанға қандай ілтипат көрсетсе, өзі де сондай құрметке ие, сол даңқты мектептің басты тұлғасына айналды. Өзі шәкірттер тәрбиелеген ұлық ұстаздыққа жетті. Қазақ поэзиясының арғы-бергі дәуірін біраз зерделеген ғұлама ғалым Е.Ысмайыловтың «Мұрынға да, Құмарға да, Нұрпейіске де ұстаз болған Қашаған ақын» дейтіні де сондықтан. Осы тұста жалпы біздің қазақтың ұлт ретінде табиғат берген қабілеті жағынан соншалықты нәрегей қауымның тегінен емес екендігімізді дәлелдейтін

Қашекеңдер жырлаған «Қырымның қырық батыры» туралы бір ауыз сөз айтуға тура келеді. Дүние жүзінде санымен де, атқарған ісімен де күллі жаһанға мәлім небір ересек халықтар бар. Бірақ, солардың бүгінгі таңда адамның зердесі мен жады тұрғысынан кел­ генде біздің Мұрын жырау сынды сексеннің сеңгіріне шыққанда соншалықты телегей теңіз жырды айлап айтып сарқа алмаған жыршысы жоқ. Бұл біздің ұлт ретіндегі зер­ де-зейін жағынан кім-кімнен де болса кем емес екендігі­ мізге куәлік беретін нақтылы факті. Ал, сол Мұрын жырау Қашаған Күржіманұлы, Мұрат Мөңкеұлы секілді ұстаздары болмаса, әлемдік деңгейдегі жыршылықтың топ жарғаны бола алар ма еді? Ал, Қашаған мен Мұраттың ұстаз ретін­ дегі бақыттылығы сонда, табиғатта ілуде бір кездесетін сон­шама құймақұлақ Мұрын сынды шәкірттері болуында. Қашағанның кең құлашты эпик жырау екендігіне бү­ гінгілердің көзін жеткізетін шығармаларының бірі – «Қа­ расай-Қази» дастаны. Бұл бірегей туынды. Мұнда, Едіге, Тоқтамыс, Асанқайғы, Телағыс, Орақ, Мамай, Қазтуған, Шәлгез, Смайыл, Ер Қосай, Ер Тарғын, Ақжүніс, Шора батыр, оның әкесі Нәрік, Қобылан, Тама, Әділ, Әділдің қарындасы Лия, Қарасайдың қарындасы Қибат, інісі Қази және анасы, т.б. көптеген кейіпкерлер – тарихи тұлғалар бар. Және құнарлы тілді, ашық бояулы осы туындыны оқып отырғанда, әрідегі жырауларды айтпағанда, Махамбет ақын да, Сәттіғұл мен Ығылман ақындарда кездесетін, өзгертілмей пайдаланылатын клишелік қалыптағы тұрақты сөз тіркестері ара-тұра кездесіп отырады. Мәселен: «Атам тірі тұрғанда қай қазақтан кем едім? Жамандарға көп едім, Жақсыларға еп едім». «Аламаны қойдай дуылдап, Көп әскері артынан маңыраған қойдай шуылдап» деп келетін жолдардағы жекелеген тіркестер «Мен Махамбет аузымен де айтылған сөзбін» деп тұрғандай. Түптеп келгенде, мұның өзі, біздің жыраулық мұра­ ларымызға үлес қосқан жандардың түбі бір мектептің тү­ лектері екендіктеріне куәлік беретін сүйінішті жай. Жырау-жыраулық өнер дегенде жұртымыз ілгеріде Асан мен Бұқарды жиірек айтыңқырайтын. Асанқайғыны аса ақылгөй абызымыз деп, Бұқарды Абылайға да ескерту

жасаған еріміз деп, ал кешегі кеңес елі саясаты салтанат құрып тұрған заманда, бұл да Абылайды қымтаған екен деп, бұған да біраз үрке қараушылар болыңқырады. Онан берідегі Байтоқ пен Жанұзақ жыраулар лебізін «Ай­наласы айшылық, көлденеңі күншілік» деп Жәңгір хан сарайын мадақтаған «сарай ақыны еді» деп, ел сөз та­ниды деген азаматтарымыздың өзі амалсыздан ғайбат лебіз білдіріп жүрді. Осы Маңғыстауда өмір кешті дейтін баба жырау Сыпыраны – ол Мәскеудің күл-талқанын шығарып шапқан Тоқтамыс ханның ақылшысы болды, Едіге мен Тоқтамыстың бәтуасы келіспей жауыққан кезде Тоқтамысқа Едігені «алдап-сулап қасыңа ал, қасыңа ал да басын ал» деп ақыл айтқан, атын ататпайтын замандар болды. Сонда ол күндердің күнінде Алтын орданың құлауына өзі мен ұрпақтарының көп сіңірген еңбегі бар еді ғой деп Едігеге іштарта ма десеңіз, Едігеге деген жаулық ниеттегі Тоқтамысқа деген өшпенділіктен де кем болмай шықты. Өйткені, Ресейдің ілгергі империясының билік басындағыларына да, кейінгі социализм дәуірі тұсындағы аты өзгергенмен ниеті жақсылыққа қарай аяқ баспаған ақылмандарына да мұндай мәселелерді жыр еткендер ұнамады. Ұнамағаны сол – бұл қауым «сарай ақындары» деген терминді ойлап тапты. Ойлап тапты да Сыпыра сынды еліне қамқор, аққаптал саясаткер, көріпкелдей данагөйлердің қасиетін терістеуге кеңінен жол ашты. Бұл тұрғыдан келгенде Қашекеңе хан сарайында болған жоқ, хан тұқымдарына жолығып қалғанда жылы ұшырап, нақысын келтіріп жыр толғаған емес, оның алды әманда ашық болған шығар деп ойлауға болар еді. Бірақ, олай болмай шықты. Өйткені, Қашекең елінің, қазақ деген жұрттың іргелі ел, құлқы бүлінбеген бәтуалы, бір-біріне қа­йырымды, мейірімді болуын жырлап өтіпті. Ал, мұндай жырауды, мұндай ақынның патшалық өкіметке де, кеңестік билікке де жақпайтыны айқын еді. Оның үстіне ол бір кездегі Адольф Янушкевич таңдана-тамсана жазатын Құнанбайдың мұсылман біліміне аса тереңдігі секілді, бұл да ислам дінінің арғы-бергі тарихи қағидалары, арғы-бергі тарихы дегенде қамшы салдырмайтын жүйрігі еді. Оның үстіне, ол – айтқан сөзі жүректі барып баурайтын ақын. Ата-

баба, ежелгі еңселі ел тарихының білгірі. Сондықтан, оның жыр науасынан сусындағын адамдар қауіпті. Қауіптілігі сондай, баяғы мифтік аңыздағы мәңгілік тірліктің қайнары Әбілхаят суын ішіп мәңгілік тірлікке Қызыр-Ілия сияқты болып шыға келеріндей көріп қауіптенді. Сондықтан да оны баяғы Зевстің отын елге алып беремін деп жүріп өлімнің ауыр түріне кесілген Прометейдің жазасы сияқты жазаға кесті. Ал, шығармашылық тұлға үшін айтқан лебізін еліне жеткіздіртпей, туындыларын тұншықтыртудан, есімін ел жадынан өшіртуден артық жаза болған ба? Ежелгі аңызға, Прометейге кесілген Зевс үкімін, сол Зевстің баласы араласып, Прометейді құтқарған болса, ізгі жүректі, алапат рухани қайрат-күш иесі Қашағанға осынымыз әділетсіздік еді-ау деген, тиымшыл билік тарапынан мейірім болған жоқ. Бұл және тек бір ғана Қашағанның басындағы жай емес еді. Біздің халқымыздың қай салада да оза шауып бәйге алатын жүйріктерінің ұлтына адал қызмет етіп өткен сұңқарлар мен тұлпарларының көрген күні осы еді. Қашаған айтыскер ақын. Айтыскер болғанда да ел даңқынан айбынып жүретін аса білімпаздығына қоса төгіле жөнелетін жыр нөсері. Оның дәлелі – 1891 жылы өткен деп шамаланатын Ізім шайырмен айтысы. Ел Қашағанның айтыстан жеңілген, өзіне тиесілі сөзден сүрінген жері жоқ деп есептейді. Оған бір мысал, айтыста өзгеге жүлде бермеген Мөңкеұлы Мұратты ел айтыстырмақ болғанда Мұрекеңнің Қашекеңнің жолын сыйлап айтыспауы. Бірақ, бертінірек келгенде Ізбас дейтін жас ақын ағасымен сөзбен қағысады. Және бұл баяғы бала Қашағанды сынайтын Нұрым ағасының сөзі сияқты емес. Сонда айбынды жырау «Ардақты атам – Ер Қосай, Өзімнің атым – Қашаған, Ғұмырым сексен жасаған, Адай түгіл Алшынға, Жүйрік едім қашаннан, Мен сені артық көрмеймін, шыбын мен шіркей, масадан. Маған тиген, Ізбас-ау, көлдей болар шырағым, көздей тесік жыртығың. Біздердей ақын-жыршының соңынан қалмай сөз айту, арылмай жүрген қырсығың. Жұрт күлсін деп айтамын, одан басқа сендейге, болады сөзім құр шығын. Мен қайыртпай кеткен ақынмын. Таз Қашқынбай, Тама Ізімге. Ұлық болар

Ізбас-ау таласқан бізбен білімге», – деп келіп, Ізбасты біраз сөз тоқпағының астына алады. Ал, Қашағанның сол кездегі елдегі беделі сондай – тыңдаған жұрт Ізбасты пірге келіп тиіскендей көріп қабылдаған. Әлі солай қабылдауда. Қашағанның қай туындысы да өршілдігімен өміршең. Оның Бекеске, Сақыпқа, Берекет ақынға, Есқали сұпыға айтқан, Аралбайды жұбатқан сөздері жыр сүйер елдің жатқа айтатын әруақты шығармасы. Елдің тентегі мен телісін жалғыз адамның жөнге салуы қиын жай. Бірақ, Қашекеңдер аузымен айтылып, елге тарайтын, дүниедегі саналыларға сапар шегетін сөздердің әлеуеттілігі ерекше. Жырау мұрасы біраз жылдардан бермен қарай жоғары оқу орындарында оқытылып келеді. Жыраудың барша мұрасының басын жинақтауда жүйелі түрде зерттеуде ғұлама оқымысты Қабиболла Сыдиықов ағамыздың еңбегі зор. Қазақтың, соның ішінде әсіресе, батыс айма­ғының ­ақын-жырауларының еңбегін жинастырып зерттеп, үлкен ғы­лыми сараптаудан, текстологиялық яки мә­тіндік түзілісін тәртіпке салып түгендеудегі оның еңбегі халқы­ мыздың бұрынғы өткен небір тарихи тұлғаларының, сөз зергерлерінің еңбегін өмірбойы жинақтап өткен Мәш­һүр Жүсіп Көпеев еңбегіне ұқсас. Ал, жалпы ақын шығар­ма­ шылығына Қ.Жұмалиев, А.Жұбанов, Қ.Сыдиықов, бү­гінгі арамызда отырған ұлт мақтанышы, ой мұхитының иесі Әбіш Кекілбаевтың берген бағаларын таразыға тар­тылған әділ баға деп есептесек, көп қателеспейтін болармыз. Сон­дай-ақ, Мұрын Сеңгірбеков, Көшен Өсербаев, Сүгір Бегендікұлы, Сәттіғұл Жанғабылов, Ығылман Шө­ре­ ков, Құмар Жүсіпов, Шамғұл Ыбырайымов, Шәдіман Үсенбаев, Жанжігіт Қосназаров, Назарбек Раев, Қажы­ ғали Мұқамбетқалиев, Сапарғали Омарбеков, Жетібай Жылқышыұлы, Сайын Назарбеков, Бектұр Төлеуғалиев сынды ақын жанашырларының жинаушы, айтушы, жариялатып насихаттаушы еңбектері зор. Сол еңбеккерлерге, бүгінгі зерттеуші, ақынның мерекесін өзіне лайықты дә­ режеде өткізуші қауымға Қашекең рухы, оның алдында, кейін өткен күллі ақын-жыраулар риза болғай. Ақын даңқы аспандай бергей, ақынды өмірге келтірген елдің абыройы, қадір-құрметі арта бергей!

Серік НЕГИМОВ, филология ғылымдарының докторы, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ «Қа­зақ әдебиеті» кафедрасының профессоры ҚАШАҒАН ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫ: ТАРИХИЛЫҚ. ДЕРЕКТІЛІК. КӨРКЕМДІК Даланың жыры, дананың сыры, сөздің сиқыры болмысына дарыған, халықтың жан-жүрегін, арман-тілегін құмарпаздықпен, керемет өнерпаздықпен толқындата толғаған, «өнерден дәулет жинаған» азу тісі балғадай, тілі мірдің оғындай айтқыштардың айтулысы, «арлан бөрісі» Қашаған жырау еді. Суырып салма өнердің дүлдүл көгі Қашаған Ізбаспен айтысында: Топты аузына қаратқан Жасымнан жүйрік тілдімін. Адай түгіл, Алшынға Хан, хакімдей бұлдымын, – дегенінде ақындық жойқын шабытының, телегей сырлы әлемінің шынайы көрінісі жарқын түрде сипатталған. Тіл – халық рухының басты сыпаты, мәдениет энциклопедиясы десек, онда Қашағанның сап таза жыр-толғаулары, дастандары, айтыстары – ұлттық-мәдени және тарихи ақпараттар көзі деуге лайық. Ежелден Маңғыстау аймағында жыршылық-жыраулық дәстүр кең қанат жайған. Ақындықтың ұлы мектебі қа­ лыптасып, қарыштап гүлдеген. Қашаған ақын Абыл, Ақтан, Махамбет, Мұрат, Нұрым, Қалнияз, Марабай, Шернияз сынды сұңқар дауысты саңлақтардың үздік дәстүрлерін мықтап көкірегіне тоқып, жетілдіре, көркейте сабақтастырған. «Адайдың жеті қайқысы», сондай-ақ Бала-

ораз, Қоспақ, Қашқынбай, Ізім шайыр, Мұрын, Нұрпейіс, Өмір, Ығылмандармен өнер көгінде, елдің төрінде жар­ қырап салтанатты жиын-мәслихаттарда, қызықтарда жыр дүкенін қыздырған. Маңғыстау, Хорезм аймағындағы, Еділ-Жайық, Қобда, Жем, Сағыз, Ойыл, Қиыл өзендерінің бойындағы арғы-бергі ғасырларда өмір сүрген жыршыжыраулардың шығармашылығын жан-жақты талдап тексерген оқымысты Қабиболла Сыдықов: «Қашағанның ақындық, жыршылық өнерін Өскінбай мен Аралбай, Ығылман мен Нұрпейіс, Мұрын мен Өмір Көкшекбайұлы, Сүгір Бегендікұлы мен Сәттіғұл, Шәдіман мен Шамғұл, Көшен мен Құмар сияқты ақын-жыршылар өнеге тұтқан», – деп жазады. Тегінде, Мұрын жырау мен ақын Сәттіғұл Жанғабылұлының дерегіне жүгінсек, «Қырымның қырық батырын» көркемдіктің үлдесі мен бүлдесіне бөлеп, оқиғалық желісін қызықтыра түрлендіріп жайнатып жет­ кізген. Бұл орайда сөз байлығы ақыл байлығына ұласқан Қашаған қазақ халқының эпикалық бай мұрасын барынша терең, жетік игерген. «Түбіріне қарай бұтағы, тегіне қарай ұрпағы» деп Әйтеке би тұжырымдағандай, Қашаған құбылысы – оның ақындық-жыраулық мектебін, өнерлі ортасын, эпикалық дәстүр қуатын, халықтың көркемдікфилософиялық дүниетанымын мәлімдейді. Қашаған жырау түзулікті, турашылдықты, дұрыстықты қолдап-қорғаған қырғи тілді тапқыр, ұшқыр болған. Оның «Кедей жігітке айтқан ақылы», «Оразалы байға айтқаны», «Есқали сұпыға айтқаны» дейтін сықақтарында от мінезділік, орып түсетін ересен өткірлік бар. Аралбай ақынның жалғыз перзенті Берекет мезгілсіз дүниеден озғанда, бұл жайдан бейхабар Қашаған келеді. Ол Аралбайдың лебізін сағынғанын айтады. Сонда Аралбай: Мен – ботасы өлген боз мая, Тұлыбына келіп аңыраған. Мен бір жүрген ақ киік, Лағын түзде алдырып, Орнына келіп маңыраған. Мен – қартайған арыстан, Елсізде қалып ыңыранған.

Мен – жапанға біткен бәйтерек Жапырағы жерге төгілген. Мен бір тұрған ақ сауыт, Адыра қалып сөгілген, – деп, көкірегі қарс айрылғанда, сол бір мезетте Қашаған: Ашу деген – көк бөрі, Ақылың – қорған тал болар, Тәуекел – қайық, сал болар, – деп, шарболаттай ғибратты ойын айтады. Қашаған ақынның жыр-толғауларында адамның тір­ шілігіне, іс-әрекеттеріне, рухани болмысының кәміл же­ тілуіне қатысты тағдыр анықтағыштық ой-тұжырымдар жеткілікті. «Бұл өмірдің мысалы» деген лебізінде «әділ­ діктің белгісі – расын сөйлеу», «пітне көңіл белгісі – құпия сөйлеп ыржию» екендігінен бастап: Өпірем болу не керек, Бақ-базарың ауған соң. Бәсеке ету не керек, Бастан билік кеткен соң. Бұлаң-сұлаң не керек, Ақ бетіңнен нұр тайып, Жер ортадан асқан соң. Елең-селең не керек, Жас елуден кеткен соң. Жалтаң-жұлтаң не керек, Жігіттік бастан өткен соң, – дейді. Адам баласы өзінің жас ерекшелігіне орай жүрістұрысын, қимыл-әрекетін, киім киісін, ойлау, сөйлеу дағдымашықтарын лайықты табиғи дәрежеде ұстау, көрсету – са­лиқалылықтың, ішкі мәдениетінің, әдептіліктің белгісі деген ойды поэзиялық қасиеттермен сөйлетеді. Отаршылдықтың қамытын киген ноқталы қазақ – нешеме асылдарынан, ардақты жөн-жосықтарынан, үлгіөнегелерінен амалсыздан ажырап қалғаны мәлім. Бұл ретте миы толық сезімтал Қашаған «қаңбақтай қара жер зыңырап, ауып» кетпегей деп тілейді. Ақынның қайғылы ой сарындары былайша өріледі:

...Тілінде бар жақсының Діні кеткенге ұқсайды. Өтірік сөздер көбейіп, Шыны кеткенге ұқсайды. Әкімнен кетіп әділдік, Бай қайырсыз секілді, Бай бермеске бекінді. Қатындардың ұятын, Қыз, жігіттің ибасын Шайтан алған секілді. («Замана халі», 1912 жыл). Албастылардың, көргенсіздердің, «күзен тісті, қисық көз сотанақтардың» теріс қылықтарына көкірегі қарс айрылатын «ағыны тасты аударған» Қашаған алмас тілімен түйрейді. Өлең сөздің қас жүйрігі, майталман білгір шебері Қашаған жыраудың шығармашылық өмірбаянында әсем жүйелі кесек-кесек, түйдек-түйдек мағыналы ойтолғаныстар мейлінше мол. Оның «Ұзатылып бара жатқан қызға берген батасында» оюлы да ойлы орамдар көңіл сарайын тағылымдық, тәлімдік дәрістермен байытып сұлуландырады. Мәселен: Ұзартып жүрме тіліңді, Ұстатып жүрме мініңді. Ақыл ойлап пікір ет, Құдайыңа шүкір ет. Бәйбіше болсаң балқыған, Қас-қабағың шалқыған. Келін менен баланың Билігіне таласпа, Ақылыңнан адаспа. Қашаған жырау поэзиясының көркемдік әлеміндегі лағыл ойлар, айшықты теңемелер сана-зердеге сәуле шашады, жаныңды, рухыңды, сезіміңді сергітеді. Айталық, «Қонақкәде жырына» үңілсек, қыз сұлулығын сипаттағанда «алтыннан құйған асықтай», «күмістен құйған қасықтай», «құбылған беті мақпалдай», «солқылдаған жас талдай», «тауға ойнаған бұлбұлдай», «қастары қама құндыздай»,

«көздері шолпан жұлдыздай» дейтін жіпке тізген меруерттей сөз асылдарын қисынды қолданған. Қашағанның Нұрым, Ізбас сияқты «дүбірлі дүлдүл шайыр­лармен» сайысында оның ақындық-азаматтық тұлғасы, діни-мұсылмандық дүниетаным тереңдігі, жаратылыс құ­пиясына зеректігі жарқын көрініс тапқан. Қашаған ақынның: Көп болды сондай тасқандар, Әлдерін білмей асқандар. Пиғылынан солардың, Қабыса жазды аспан, жер Әйтпесе: Етпеді шүкір қанағат, Тап болмай қайтсін ғаламат, – дейтін баяндауынан халықтың басына зұлмат төніп келе жатқанын сезінесің. Ұлт тарихындағы аңыз-шежірелерге жетіктігіне «Адай тегі» аңыз-хикаясы айғақ. Жыршы тыңдармандарын қы­ зықтыру мақсатында композициялық, сюжеттік құры­ лымын, архитектоникасын ұсталықпен өріп тоқыған. Әр кейіпкердің өзіне тән дербес сөйлеу мәнерін, ой толғауын, шынайы көзқарасын көрсете білген. «Атамекен», «Топан» атты дастандарына тарихилық пен деректілік тән. Қазақ халқының жоңғар басқыншылығына қарсы күресі және ХІХ ғасырдың 90-жылдарында Каспий теңізінің ғаламат тасқынына душар болған елдің трагедия­сы тегеуірінді жырланған. Эпикалық құлашы кең, көркемдікті сезіну қабілеті кемел «Топан» дастанында ақын дамытудың озық үлгісіне сүйенген. Үш қиянның қайырлы, құтты қоныс, дария дәулеттің, шалқыған сәулеттің ордалы мекені («Баққан қойы бүркіттей, Дулығасы үйген іскірт­ тей») екендігін, сонау бір Орманбет ханның уақтысында арша ағашына бозторғай қонып, «құтырған құртты қағып жеп» бүркітке сес көрсетеді. Содан торғайды қылғытқан бүркіт Еділдің жайын балығына қанды шеңгелін салады. Сөйтіп, Балық құтырады. Балықты жеген ел дүрлігеді. Содан құтырынған қара құйынның кесепатынан сұрапылдың желі зулап, теңіз тулап, мөңкіп, ел екпіндеп соққан мұз­ дардың соққысына ұшырайды...

Қашаған Күржіманұлы ақпа-төкпе жыршылық өнер­дің алтын тамыры іспеттес, Сыпыра жырау дәстүрін жал­ ғас­тырушылардың бірегейі, әсіресе, жыршылық өнердің туын жоғары ұстаған гулеген ақындықтың телегейі. Шабыты шалқыған Абыл, Нұрым, Ақтандардың тәлімгерлігін көрген, «тарихтың ескі ақпарын» («Атамекен» дастанынан) ақтарған, «қағида болып қалынған, шежіре болып жазыл­ ған» («Адай тегі» аңыз-хикаясынан) көне эпикалық дастандарды туындатқан. Атап айтқанда, «Топан», «Қарасай, Қази», «Адай тегі», «Атамекен» атты дастандарында ел мен жер тағдыры, «қанжығасы қан заман, таралғысы тар заманның» қилы-қилы суреттері, ата-баба шежіресі, «дабылы күшті», «қайраты қалың», «күндік жерге оқ атқан» ерлердің ерлік-қаһармандық қимылдары суреттеледі. Бұл жырлардың тарихилық-көркемдік және аңыздық қырлары айрықша. Телағыс, Орақ, Мамай, Ер Қосай, Ер Тарғын, Асан қайғы, Қазтуған, Едіге сынды тұлғалар бейнесі қылаң береді. Сонымен қатар байтақ даласы бар қазақтың қаласы, астанасы барын, жазу өнері, әскери өнері, дамығанын, ұлттық тәрбие-тәлімі берік сақталғанын, иіні келгенде, ойына оралып отырады. Қашағанның тарихи зердесі, дүние тану даралығы, замана құбылыстарын көркемдік қабылдау қабілеті, ассоциациялық ойлау жүйесі, суреткерлік қолтаңбасы шығармаларының сөздік-лұғаттық, мазмұндық байлығын, бейнелілік, әуезділік табиғатын айқындайды. Сондықтан да ақын шығармаларында рух, сезім, тіл байлығы ересен. Қашаған жырау шашақты қара домбыраның үнімен, дауылпаздың дабылындай дауысымен құйқылжыта шырқап-толғағанда сырлы сөздері одан сайын түрленіп құлпырады екен. Поэзиялық ой-суреттеулерін музыкалық күй тербелістеріне айналдырған. Қазақ әдебиетінің классигі Ілияс Жансүрігов «Көбік шашқан» поэмасында: Қашаған, Құрманғазы қосылғанда, Адайлар төңкерілген жыр мен күйге; Я болмаса: Қашаған қамшысына бүйірін таяп, Шер толғап әлсін-әлсін жыр толғайды, –

деуінде аталы, баталы, өнерлі жұрттың абыз жырауы екендігін ерекше серпінмен елеп ескертеді. Ақын сонша­ лықты жасампаздықпен қолданған сөз-ұғым, сөз-образ, сөз-символдар я болмаса сөз тіркестері, сөйлемдері жаңа энергиямен, рухпен қуаттанып, қанаттанып, алуан түрлі буырқанған бояуларға, реңктерге иеленіп отырады. Ақын, жыршы, импровизатор Қашаған Адай елінің тарпаң мінезді марқасқа ерлерінің болмысын былайша келісті өрнектейді: Ебейдей төсі салынған, Егеудей тісі жанылған, Шеңбердей белі бүгілген, Еңіреудей көзі үңілген, Қоғадай жалын төгілтіп, Шортандай баурын жаратып, Жорықпен тойда жасанып. Немесе Қашаған жырлауындағы «Қарасай, Қази» нұс­ қасында Қарасайдың қарындасы Қибат сұлудың «айдан ару шынардай» келбетін, жауқазындай балғын болмысын: Маңдайым күндей балқыған, Ажарым нұрдай шалқыған, Қастарым қама құндыздай, Көздерім Шолпан жұлдыздай, – деп әсерлеп-мәнерлеп келісті жеткізеді. Қашаған ақын Қарасайдың батырлық құдіретті кейпін: Мен – бір қайнаған қара бұлтпын... Мен – бір жез бұйдалы нар тайлақ... Және Мен – жез шынжырлы құнан піл, – дейтін мөлдір мағыналы ой-толғаныстармен сәулеттен­ діреді. Туған жердің топырағын тұмар еткен, туған жұртын шалқыған жырымен құмар еткен Қашаған Күржіманұлы жыраулық, жыршылық, ақындық өнер тарихында алға­ басымпаз, өркендемпаз, жасампаз дәстүрлерімен жайнап жасай бермекші.

Темірхан ТЕБЕГЕНОВ, филология ғылымдарының докторы, профессор, Абай атындағы ҚазҰПУ «Қазақ әдебиеті» кафед­ ра­сының меңгерушісі, Жамбыл атын­дағы халықаралық сыйлықтың лауреаты АҚЫН ҚАШАҒАН КҮРЖІМАНҰЛЫНЫҢ ШЫҒАРМАЛАРЫ – ТӘУЕЛСІЗ ҚАЗАҚСТАННЫҢ РУХАНИ ҚҰНДЫЛЫҚ МҰРАСЫ Қазақ әдебиеті тарихындағы дәстүрлі ақындар поэзиясы – ұлттық сөз өнері дамуындағы негізгі әдеби үдеріс желісін құрайтын ұлттық рухани құндылық. Халықтың қалыптасуы өсіп-өркендеуі жолындағы тарихи кезеңдердің ежелгі дәуірлерден бастап қазіргі заманымызға дейінгі көркемдік дәстүр жалғастығы жүйесінде ауызша авторлы әдебиет өкілдері сөз өнерінің халықтың сипатын танытумен келеді. Байырғы түркі өркениеті (V–VIII ғғ.) жазба жәдігерліктерінің мәтіндері де, Ислам діні тарала бастаған алғашқы кезең (ІХ–ХІ ғғ.), Алтын Орда (ХІІ–XIV ғғ.), Қазақ хандығы (XV–XVIII ғғ.), ХІХ–ХХ ғғ. дәуірлері әдеби үдерісінде ауызша авторлы поэзияның ықпалы қоғамдықәлеуметтік ортаның тұрмыстық хал-ахуалымен тығыз бірлікте жырлануымен ерекшеленді. Хакім Абайдың адамзат ұрпақтарының фәни мен бақи аралығындағы тіршілік кезеңіндегі поэзияның маңызды қызметі туралы тарихифилософиялық ойлары да өмір шындығын дәйектейді: Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы, Қиыннан қиыстырар ер данасы. Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп, Теп-тегіс жұмыр келсін айналасы. ...Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы. Сонда да солардың бар таңдамасы.

Іші алтын, сырты күміс сөз жақсысын Қазақтың келістірер қай баласы? [1, 63]. Хакім Абайдың сыншыл бағалауына лайықты «Іші алтын, сырты күміс сөз жақсысын» поэзиялық туындылары арқылы дәлелдеген, шығармалары халықтық қабылдау ықыласына ие болғандар ғана ұлттық әдебиетіміздің тарихын құрағаны мәлім. Бұл әлем халықтары әдебиеттеріне ортақ сипат. Шығармалары халық көңілінен берік орын алған, өлең-толғаулары, айтыстары, дастандары жыршы орындаушылардың өнерімен аймақтарға, атыраптарға мол таралған осындай көрнекті ақын – Қашаған Күржіманұлы (1841–1929). Қашағанның бірқатар туындылары алғаш рет «Әдебиет майданы» (1935), одан кейін «Ертедегі әдебиет нұсқалары» (1967), «Ақберен» (1972), «ХІХ ғасырдағы қазақ поэзиясы» (1985), «Бес ғасыр жырлайды» (1984, 1-том; 1989, 2-том); «Топан» (1991), «Алқаласа әлеумет» (1991), «Жыр – дария» (1995) жинақ кітаптарда жарияланды. Ақын шығармаларының халық арасына кеңінен таралуында халық мұрасын насихаттаған жыршылардың, термешіәншілердің еңбектерін, Қашағанның әдеби мұрасының оқытылуы мен зерттелуі тарихында бірқатар көрнекті ғалым-ұстаздарымыздың еңбектерін атаймыз. Академик Қ.Жұмалиевтің, профессор Х.Сүйіншәлиевтің «XVIII– ХІХ ғасырлардағы қазақ әдебиетінің бағдарламасында» (1939–1987 жж.), академик А.Жұбановтың «Струны столетий» (1958), «Құрманғазы» (1960), «Қазақтың халық композиторлары» (1962), Е.Исмайыловтың «Ақындар» (1956), Х.Сүйіншәлиевтің «Қазақ әдебиетінің қалыптасу кезеңдері» (1967), «Қазақ әдебиеті. XVIII–ХІХ ғғ.» (1981), «Қазақ әдебиетінің тарихы» (2006), Қ.Сыдиқовтың «Ақын, жыраулар» (1974), т.б. кітаптарда ақын шығармашылығы аталған. Қашаған Күржіманұлының дарыны негізінде туындаған ақындық өнері жастайынан байқалған. Ақын мұрасын жинап, құрастырып, баспаға дайындап, алғы сөзін, түсінікте­ рін жазып, «Топан» атауымен жеке кітап етіп жариялаған көрнекті әдебиеттанушы ғалым Қабиболла Сыдиқов әке­

сінен жастай жетім қалған Қашағанның табиғи дарынымен ел назарына ілінгенін, «Ел әңгімелеріне қарағанда, Қашағанды жастай жиын-тойға апарып, ақындық өнерге баулыған Қалнияз ақын» [2, 4] екендігін атап көрсетеді. Қалнияз Шопықұлы (1816–1902) – дәстүрлі ақындар поэ­ зиясының көрнекті тұлғаларының бірі. Қалнияз Шопықұлы – Хиуа хандығының басқын­ шылығына қарсы күрескер халық батырларымен (Балуанияз, Қармыс, Төлеп, Амантұрлы, Қожалақ, Қарағұл, Сүгір, Тұрмамбет, Балта, Дәуіт, т.б.) бірге бостандық, азаттық жолындағы күрестерге қатысқан жырау. Оның туған жер­ ден еріксіз басқа елдерде (Хорезм, Тәжікстан, Ауғанстан, т.б.) ағайындарымен туған жері-атамекенді қорғау, са­ ғынуы туралы арнау-толғау өлеңдері, әншілігі, күй­шілігі, Қырымның қырық батырын жатқа жырлаған эпик жыр­ шылығы [3, 505-506] жаңа буын ақын-жырауларға өнеге мектебі болған. Қашағанның табиғи дарынды болмысын Қалнияздың танығаны, өзінің және атыраптағы ақындықжыраулық дәстүр өкілдері ұлағатымен таныстырғаны анық. Қазақтың авторлы поэзиясын халыққа жаттап тара­ ту­шылардың қызметтері айрықша маңызды. Дәстүрлі ақын-жыраулардың өмірдеректері мен әдеби мұраларына ар­налған анықтамалықта: «Өлең-жырлары ел арасына кең таралған... Ақын шығармалары кезінде жиналған. Оны жаттап таратушы шәкірттері Шадыман Үсембаев (1900–1962), Көшен Өсербаев (1901–1958) болды» [4, 85], – деп атап көрсетілген. Ал, ғалым Қабиболла Сыдиқов Қашаған мұрасын насихаттаушылар қатарында біраз ақын-жырауларды, жыршыларды атайды: «...ақын шығармаларын ауызша таратушылар – Қашағанмен жолдас болып, оның өнегесін үйренген Мұрын Сеңгірбекұлы, Сүгір Бегендіқұлы, Бақтыбай Тайшанұлы, Сәттіғұл Жанғабылов, Ығылман Шөреков, Ыбыр Досалиев, Құмар Жүсіпов, Сұраубай Үттібаев, Өмір Көшекбайұлы, Шамғұл Ибрагимов, Шадыман Үсембаев, Көшен Өсербаев, Жанжігіт Қосназаров, Назарбек Раев сияқты ақын, жыршылар» [4, 205]. Дәстүрлі ақындар поэзиясының қалыптасуы мен да­муы кезеңдерінде табиғи дарын, талант сипатынын, шығар­

машылық өнер дәстүрімен, көрнекті ақын-жыраулар ықпалымен дамитын заңдылығы бар. Ежелгі сақ, ғұн, түркі өркениеті дәуірлерінде негізі қаланған шығармашылық мектептегі көркемдік дәстүр жолын жалғастыратын мұ­ рагерлік мектеп қазақ сөз өнерінің көркемдік ойлау биік­ тігіндегі тағылымын танытумен келеді. Көрнекті ұстазғалым Е.Исмайыловтың «Ақындар» атты еңбегіндегі «Ақын­дық орта, дәстүр мәселесіне арналған ғылыми жү­йелеуі де Қашаған шығармашылығының поэтикалық та­биғатын түсінуге бағдарлайды: «Сыншылдық, шешендік, тапқырлық өнер, лирикалы, эпикалы жырларды, мақал-мәтелдерді, аңыз-ертегілер­ді, халықтық сатираларды әрі шығарып, әрі орындап, дамы­­ тып отырып, кейінгі ұрпаққа аса қызықты поэзиялық қа­зына етіп жеткізетін творчестволық тәжірибе, үлгі – қазақтың ақын, жыршы, жырау, әнші, өлеңшілерінің дәс­ түріндегі негізгі ерекшелік. Сүйінбай, Шөже, Шернияз, Абыл, Жанақ, Түбек сияқты асқан жүйрік импровизатор ақындардың, Біржан, Ақан, Жаяу Мұса, Естай, Шашубай сияқты әнші ­ақын­дардың, Марабай Мұрын, Нұрпейіс сияқ­ ты атақ­ты эпик жыраулардың творчестволық дәстүрлері өз заманындағы ақын-жыршыларды үнемі қызықтырып отыр­ ған» [6, 88]. Бұл – Қашаған шығармашылығының негізгі сипатын аңғартатын ғылыми-методологиялық мәнді пікір. Қашағанның азаматтық-отаншылдық сарынды лири­ калық өлеңдері ақынның дәстүрлі ақын-жыраулар поэзия­ сындағы көркемдік-эстетикалық көзқарас ұстанымы та­ ғылымын танытады. Ақынның осы сарынды өлеңдерінде («Жұттан кейін», «Замана халі», т.б.) халық тұрмысындағы әлеуметтік шындық қайшылықтары салыстыру-шен­ дес­тіру жағдайымен жырланған. Қазақ халқының ға­ сыр­лар белестерінде өсіп-өркендеу жолымен жалғасқан материалдық және рухани мәдениеттері байлығы тұтасқан байырғы сән-салтанаты қазіргі және болашақ ұрпақтарға өнеге ұлағаты сипатымен жырланған. Қазақ тұрмысының негізгі сәні ауылды-аймақты, сол арқылы байтақ дала кеңістігіндегі ұлттық тұтастық дәнекері нағыз байлар және ауылдар екендігі даралана бейнеленген:

...Қыс күнде байдың сәні екен, Үлекке салған келесі. Жаз күнде байдың сәні екен Тас астау салған дересі. Ауылдың о да сәні екен Қасында тұрса қара төбесі. Жиылар еді төбеге Ақсақал, бидің кеңесі [2, 57]. Ақынның азаматтық, ұлттық-этнографиялық сарын­ ды жырының нысанындағы аса көркем көрініс – қазақ ауылының келбеті. Бұл – біздің мыңжылдықтар белестерін­ де қалыптасып, қазіргі заманымызға жеткен, енді тәуелсіз Қазақстанның мәңгі дамудағы жаңа тарихында жаңғыра назарға алынып отырылатын ұлттық көркемдік ойлау көрсеткіші: ...Жағалай теңіз кепірен, Қисапсыз түйе мал еді. Қабырғасы кемедей, Дулығасы биік төбедей Төрт аяғы дередей, Кірпіктері жебедей Түйесінің көркі нар еді. Құмырсқадай қой, жылқы, Кең бауыр жатқан сала еді. Кең кереге, сырлы уық, Келіншек пен қыз тіккен Мырзалардың сәнді үйі Ақтөбедей бар еді [2, 57-58]. Қазақ ауылы – жер бетіндегі адамзат ұрпақтары ара­ сында қонақжайлылық, қайырымдылық, жомарттық, мыр­ залық, кішіпейілділік, т.б. жалпы адамгершілік-имандылық қасиеттер кешенді тұтасқан айрықша дара мекен. Ақын қазақ ауылының осы ғажайып келбетін көркем кестелі жыр өрнектері өрілген ұлттық мақтаныш сезімімен жырлаған: Есігі көше, төрі базардай, Сәнді ауылдың сыртынан Молдалар айтқан азандай. Үстіне қонған қонаққа

Сырбаз сойып, май берген, Басытқысына қызыл күрең шай берген. Арасында сабадан Ақ шұбат, қымыз жай берген. Шұрқыратып жылқы айдап, Өбістіріп құлын, тай байлап, Жақсының түсіп жолына, Ізгіліктің еріп соңына, Ғарапа барып қажы еткен, Бас парызын ада еткен Ғаниларым бар еді [2, 58]. «Жұттан кейін» деп аталатын осы өлеңде қазақ тұр­ мысының аталған сән-салтанатының «Бай – бір жұттық» деп аталатын апатты жағдайға айналғаны, соның салдары дәулеттілердің мүшкіл хал-ахуалы («Кешегі байдың бірі жоқ, толқыған дәулет малы жоқ, бай баласы тіленші, аш кісінің ары жоқ»), дәстүрлі байлығынан айрылған халық­тың кәсібінің («Көбісі жұрттың кәсібі – пітнеден болған нәсібі») де, адамгершілік-қасиеттердің әлсіреуі («Бүгінгі адам намысы лек-лек құсқа ұқсайды, байланбағай еді, жарандар, тәубе мен ынсап есігі») де зар замандық мұңды-шерлі күйзеліспен жырланған. Қашаған – қазақ тағдырын ұлттық-азаматтық берік ұстанымды көңіл-күймен жырлаған ақын. «Замана халі» өлеңіндегі идеялық-композициялық желіде оның сыншыл ойлары қазақ сөз өнері тарихындағы әртүрлі ауызша авторлы поэзиядағы Асан Қайғы, Бұқар, Махамбет, жазба реалистік әдебиеттегі хакім Абай, Ыбырай, Шәкәрім, Тұрмағамбет, т.б. көрнекті ақындар сарындарымен үндес. Өлеңде дәстүрлі қоғамдық-әлеуметтік ықпалдардың әсерінен қазақтың ұлттық асыл қасиеттерінің әлсіреген, ұрпақтардың азып-тоза бастаған жағдайына алаңдаған қайраткер-қамқор тұлғаның жан ділі, күйзелісі жырланған. Ағасын сыйламаған іні, қонақжайлылықтанмеймандостықтан айрыла бастаған («Сусын, тағам сұраса, бар болса да «жоқ» десе») қазақ отбасылары, қайырсыз байлар пиғылдары, алдаушылық, екіжүзділік етек алған қарым-қатынас, т.б. – бәрі де зар заман поэзиясындағы

сыншыл, эллегиялық-психологиялық сарындар үндестігін байқатады: ...Тілінде бар жақсының Діні кеткенге ұқсайды. Өтірік сөздер көбейіп, Шыны кеткен секілді. Әкімнен кетіп әділдік, Бай қайырсыз секілді. Бай бермеске бекінді. Қатындардың ұятын Қыз, жігіттің ибасын Шайтан алған секілді Байлар жұтқа жолықса Пақырды қуып қорлаған, Зілден тапқан секілді. Батыр оққа жолықса, Әруағы кеткен секілді. ...Ай менен Күн қауысып, Күн орнынан ауысып, Қаңбақтай қара жер зыңырап, Болмағай-дағы еді бір қауіп [2, 61-62]. Ақын – халық тағдырының қамқоры, тұрмыстық қарымқатынастар мәдениеті дәстүрлерін сақтауды қадағалаушы. Ақынның сыншыл ойлы, азаматтық сарынды сатиралық сипатты арнау өлеңдерінде сараң байларды («Оразалы байға айтқаны», «Байларға», «Томпы байды тілдеуі», «Көбентайдың Мұрынқұл», «Бекес байға», «Көптілеу байға айтқаны», «Қара шұбар ала ешкі», «Сақыпқа айтқаны», т.б.), жалған діндар, сараң, қайырымсыз сұпыларды («Есқали сұпыға айтқаны», «Сараң сұпыға», т.б.) өмір шындығы аясында бейнелеген. Қазақ халқының ғасырлар бойы сақталған ұлттық жан ділі болмысын бұза бастаған зар замандық зардаптар сипаты ақынның шыншыл, сын­ шыл тілімен жырланған. Ақынның философиялық өлеңдерінде («Бұл өмірдің мысалы», «Бұл дүниеде не жетім?», т.б.) тіршілік қоз­ ғалысындағы кезеңдер ауысымы, құбылыстар, өзгерістер заңдылығы, қоршаған тұрмыстық-әлеуметтік ортаның

қайшылықты, қақтығысты сипаты, т.б. кең қамтыла жыр­ ланған. Философиялық-дидактикалық өлеңдер – қазақтың дәстүрлі ақын-жыраулары поэзиясында негізі қаланған, одан кейінгі жаңа жазба әдебиет үдерісіне жалғасқан шығармашылық үлгілер. Бұл – қазақ өлеңінің ойшылдық дүниетаным тереңдіктерінің көрсеткіші. Ха­лықтың қанатты сөздеріндегі, мақал-мәтелдеріндегі, би-шешендердің толғаныс сөздеріндегі философиялық-пси­хологиялық мағыналы ойлармен үндес көркем кестелі тір­кестер мен сөздер тұтасқан ақын-жыраулардың нақыл өлеңдері, терметолғаулары ұлттық сөз өнерінің халықтық-эстетикалық көркемдік ойлау болмысын танытады. Қашағанның «Бұл өмірдің мысалы» нақыл өлеңінде адамдардың қарым-қатынастарындағы, тұрмыс, тіршілік қозғалысындағы шындық пен жалғандық, уақыт өзгерісте­ рін мойындау тағылымы, философиялық тұжырымды тіркестермен («Өпірем болу не керек, бақ-базарың ауған соң, бәсеке ету не керек, бастан билік кеткен соң», т.б.) бейнелейді, уақыт шындығын дәлелдей жырлайды: Әділдіктің белгісі – Расын айтып сардиған. Пітне көңіл белгісі – Құпия сөйлеп ыржиған. ...Бұл өмірдің мысалы: Кешегі көрген бүгін жоқ, Ұшып кеткен көбелек [2, 72]. «Бұл дүниеде не жетім?» философиялық өлеңінде тір­ шіліктегі жетім ұғымының сан алуан мағыналық сипаттары сараланған. Тіршілікке қажетсіз болып қалудың, ащы суын ешкім ішпейтін көлдің, қартайғанда балалары, келіндері, халқы құрметтемеген ердің, тақтан түскен ханның, басшысыз қалған шаһардың, отбасылық басшылығынан айрылған шал мен кемпірдің – бәрінің жетім тағдырдың қатал шын­ дығы екендігі жүйеленеді. Ақын тіршілік ағысындағы ұр­пақтардың бұрынғы-соңғы назарына халықтың, ата­ мекендердің, байтақ туған Отанның, ел абыздары бишешендердің, қазақ отбасыларының, құлдыққа түскен адамның, отарлық бұғауға түскен елдің, т.б. әлеуметтік-

азаматтық өзекті мәселелердің жетім ұғымын туындататын шындығын түсіндіреді. Сол арқылы Отанын, туған жерін, отбасыларды, жеке адамдарды жетімдік қасіретіне ұшыратпау ұлағатын түсінуге үндейді: ...Хакім әділ болмаса, Бұқара байтақ ел жетім. Қаптап елі қонбаса, Жайылған малы болмаса, Көкорай шыққан балқашы Жеусіз тұрып сорласа, Ел қонбаған жер жетім. ...Қартайса бәсі қайтады, Қоспақтың жүгін тарта алмас, Асыл туған нар жетім. ...Бақыты тайған би жетім, Қатынсыз қалған үй жетім. Сатып алған құл жетім, Құлдықта жүрген ел жетім. Азамат ерлер қайғы етер. От басында жыласа Жас төгіп сәби бір жетім. Ақырында тәрік етуге жарамас, Ерлердің еткен құрметін [2, 74]. Ақынның бірқатар өлеңдері («Аралбайды жұбатуы», «Тойбастар», «Қонақкәде жыры», «Ұзатылып бара жатқан қызға берген батасы», т.б.) қазақтың ұлттық салт-дәстүр­лері негізіндегі этнопедагогикалық-этнопсихологиялық сипатты болып жырланған. Қазақтың ата-бабалық салт-дәстүрлерін, әдет-ғұрыптарын ардақтауды, шығармалардың нысанына алып жырлау арқылы сөз өнері мұраларының халықтық көркемдік ойлау ұлағаты айқындалады. Ақын өлеңдеріндегі лирикалық қаһарманның қайғылы адамдарды жұбату, жігерлендіру, өмір сүруге құштарландыру мұратындағы оптимистік-романтикалық өршіл рухты көңіл-күй әуендері адамдардың өмір сүруге құштарлығын күшейтетіндей әсерлі поэтикалық мағыналылықпен жырланған. Жалғыз ұлы «өліп қамығып отырған ақынға арналған «Аралбайды жұбатуы» да екі көрнекті шығармашылық тұлғалардың

көркем ойлы дүниетаным әлемін байқатады. Аралбайдың Қашағанға ағытқан мұңы да қайғылы, қасіретті адамдарға ортақ шерлі ой сипатын айқын елестетеді: ...Қатепті қара нар едім, Артуын таппай мертіліп, Мен базардан қалғанмын. Тіккен туым жығылған, Көкірегім қайғы, арман, мұң. Тұяғы сынған тұлпармын, Қанаты сынған сұңқармын. ...Мен қанаты сынған қаршыға. Қанатынан айрылса, Қаршыға түсер шаршыға. ...Мен ботасы өлген боз мая, Тұлыбына келіп аңыраған. Мен бір жүрген ақ киік, Лағын түзде алдырып, Орнына келіп маңыраған. Мен қартайған арыстан, Елсізде қалып ыңыранған. Мен – жапанға біткен бәйтерек. Жапырағы жерге төгілген. Мен бір тұрған ақ сауыт Адыра қалып сөгілген. Қияға біткен терегім Уақыты жетпей бүгілген [2, 43-44]. Қашағанның көңіл айту – жұбату жырында тектес көңілкүйдегі тілеулес дос, ақын адамға арналған жігерлендіру, жұбату әуенді жыр өрнектері бейнелі, баламалы мағыналы сөздер мен сөз тіркестер қолданыстарымен жырланған. Бейнелі мағыналы сөздер мен сөз тіркестері «Қуатты ойдан бас құрап, еркеленіп, шығар сөз» (хакім Абай) құдіретін дәлелдеген ықпалдылығымен байқалады: ...Замандасым Аралбай, Тұяғы бүтін тұлпар жоқ. Қанаты бүтін сұңқар жоқ. ...Ашу деген – көк бөрі, Ақылың – қорған тал болар.

Тәуекел – қайық, сал болар, Ойлап кетсең, жеткізбес, Түсіп кетсең, бойлатпас. Уәйім деген жар болар. ...Ақыл деген – қой болса, Ашу деген көк бөрі. Бөрі қойға жолықса, Дүние қиғаш шаң болар. Сабыр етші, Аралбай, Айы біткен айда өлер. Күні біткен күнде өлер. Жанына ажал келген күн Таңға жетпей түнде өлер. ...Орынды жерде сөйлесем Қызыл тілім дөңгелер... [2, 44-45]. Ақынның «Қонақкәде жыры» да қазақ ауылдарындағы арулар («Алтыннан құйған асықтай», «Күмістен құйған қасықтай», «Құбылған беті мақпалдай», «Солқылдаған жас талдай», «Қастары қама құндыздай», «Көздері шолпан жұлдыздай»), еланалары-отаналары («Ер де туды қатын­ нан, пір де туды қатыннан, әулие мен әнбие, небір тақтақ, бай, мырза, батыр да туған қатыннан, жадыратып қабақты, жарқылдат сырға, сабақты»), тұлғаларын даралай мадақтап, қонақкәде жырын айтушының – қонақтың, халыққа арнаған дәстүрлі қызметін де бағалайды: ...Жиналып отыр бұл жерге. Бәйгеден келген керлерім. Аямадым сендерден Маңдайдан аққан терлерін. Ұйқы – жанның тынышы, Сөз – құлақтың құрышы Қанша айтқанмен таусылмас. Терме жырдың бұрышы [3, 54]. «Тойбастар» өлеңі де қазақтың ұлттық салт-дәстүріндегі әртүрлі мазмұнды тойларды мадақтайтын мағыналы ар­ нау-құттықтау сарындылығымен ерекшеленеді. Өлеңнің құрылысында қазақ тойының сипаты («Халыққа хабар таратқан, ат жүйрігін жаратқан, әшекейлеп жасантып, отау

тігіп от жаққан, байрақты тігіп ат шапқан, жыршысы болса жырлатып, аламан басын құрлатып, жақсыларға тыңдатқан, тартысы болса тартысып, өлеңі болса айтысып...») көшпелілер мәдениетінің көркем қазынасы тұрғысында баяндалған. Өлеңде ұзатылып келген қыздың ата-анасын («Ата-ананың хақы бар дейді сүт ақы мен ілуде», «Риза бол анаңа, мехнат етіп сақтаған, тоғыз ай, он күн ішінде дүниеге сені шығарды», «Аман қосып жұбыңа жеткізді сені мұратқа»), еркек пен әйел жұптасуының адамзаттың алғашқы тұлғаларын («Адам Ата жұптанып, Хауа ананы алғанда Исраил, Михаил некесін қиған екен екі періште»), Ислам дінін жер бетіне таратушы Мұхаммед пайғамбарды (с.ғ.с.) («Расулы пайғамбар Хадишаны алғанда ақ некесін қисын деп Жәбірейілге Алла бұйырған»), той өткізу дәс­ түрінің қалыптасу жолын («Жұрт жинап, қызық той еткен, Атымтай Жомарт салған жол, бақыт пен дәулет қонған жол»), келін боп тұрған арудың тұлғасын, жаңа қадамын («Арғымақ аттай әнденген, сөйлесе сөзің пәмденген, тоты құстай таранып бойыңды түзеп сәнденген, өтейін деп отырсың балдырлы Балқаш көлдерден») – бәрін де бейнелі көркем кестелі өрілімдермен өрнектеген. Жұптасу-үйлену тойында халыққа, келінге ата-бабалық дәстүр жолындағы ұлағатты мадақтаушы ақынның өзіндік шығармашылықәлеуметтік тұлғасы да дараланған: ...Шын шабытым келгенде Ағыным тасты аударған Мен бір қайнарлы өзен, бұлағың. ...Бұл жерлерде сөйлейтін Біз секілді кемел бар. ...Риза бол, жарқыным, Жырым еді сақтаған, Арқасы құрғыр қозғанда Жауар бұлттай қаптаған. Ойқастап барып тоқтайын, Қатты кетсем қайырылмас Мен – басы қатты ақтабан [2, 49-50]. «Ұзатылып бара жатқан қызға берген батасы» да қазақ сөз өнеріндегі этнопедагогикалық мұралар қатарындағы

шығарма. Өлеңнің тақырып арқауындағы оң жақтан кетіп бара жатқан ару қыздың кескін-келбетін («Қырмызыдай кейпің құбылған, көрікті, көркем бала едің, базарың баста құрылған») мадақтай отырып, мәңгілікке бара жатқан еліндегі мінез-құлық мәдениетінің де қандай болуы ке­ ректігіне насихат-нұсқау сөзін арнайды: ...Қайын жұртқа барғанда, Ұзартып жүрме тіліңді, Ұстатып жүрме мініңді. Жақсы адамдар онда бар, Ақылы алуан білімді. «Жақсының алды көше» деп, Қайнағаң мен атаңның Алдынан жүрме кеселеп. Үйіңе келген қонаққа Шытылмасын қабағың Толы келсін табағың. Ауыл үй түгіл, ел мақтар, Сыртыңнан естіп қазағың [2, 78]. Бата-тілек өлеңінің құрылысында ұзатылып бара жатқан қыздың сол елдегі әуелде келіндік өмір жолындағы қырық, елу, алпыс, жетпіс, сексен жас кезеңдерінің бәрінде де адамгершілік-имандылық жолын ұстанып өтуі насихатталады. Әулетінің ақылшы анасы болып, келіні мен баласымен, ауыл үй адамдарының ауызбіршілігіне ұйытқы, мырза көңілді ел анасы бәйбіше («Бәйбіше болсаң балқы­ ған, қас-қабағың шалқыған, қолыңда болса, шырағым, қос бауырдақты қос жүзік») болуына, кәріліктің келгенін байыпты, байсалды қарсы алуды өмір шындығының бейнелі суретімен елестетеді: Жасың барса сексенге, Сексеннен артық жасама. Айып етіп сөксең де, Сол сексеннің өзі де Төс сүйегіңді тыржитып, Кеңірдегіңді қыржиып, Жауырыныңды күржитіп, Семдіріп кетер бөксеңді [2, 79].

Қашаған ақынның айтыстары («Нұрым мен Қашаған», «Қашаған мен Ізбас») – дәстүрлі өнердің өзіндік мәнерлі үлгілері. Ауызша авторлық поэзиядағы шығармашылық психологиясының кесек бітімді болмысын танытатын ақындар айтыстарында халықтың көркемдік ойлау кеңістігі, материалдық және рухани мәдениет тарихын жан-жақты қамтитын білімділік деңгейлері айқындалған. Нұрым мен Қашаған айтысында екі ақынның да қазақ­ тың халық даналығын, ойшылдығын, тапқырлығын танытатын көркемдік-эстетикалық дүниетаным тағылымын байқаймыз. Айтыстың тақырыптық арқауы – адамзат тарихының пайда болуы, қалыптасуы, дамуы туралы білімділік пікір сайысы. Аға ақын Нұрым өзінен бата алғалы арнайы келіп отырған Қашағанды осындай өнер сынағына ұсынады. Жас ақын Қашаған да «Мүйіз шықса басыңа сен талай түстің алқаға, тілің шешен, ернің еп», «Көл едің айдын жаппалы, сен қазақтың тақтағы» атты бейнелі бағалауларымен көтермелей жырлап, тарихнамалық білім сынағының сұрағын қояды: ...Бала, білсең хабар бер, Үдерегелі Хауа Анадан, Қанша заман өтті арадан? Дүниенің басы неден жаралған? Жер мен аспан – бұ не зат? Мақұлық қалай тараған? Адам, Лаухы, Ғалам – баршасы Неден жаралған? Өлгенге мансұқ, неше аят Анау отыз парадан? [2, 82-83]. Екі ақын да жер-жаһанның, ғарыш әлемінің, адамзат ұрпақтарының пайда болуындағы, өсіп-өркендеуіндегі жетекші ықпалды орын алатын Ислам тарихын, Жаратушы Алланың құдіретін, Құран Кәрімнің шындығын, Мұхаммед пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) елшілік-тәрбиешілік қызметін – бәрін де білім сынағы – жұмбақ айтысында тақырып арқауында жырлаған. Қашаған жырлауында да сыншылдықпен («Құс қарайтын еді қырымға, ит қарайтын еді жырымға»), Ислам дінін ұлықтаумен («Иманнан жарық

болмайды, таспихқа айтып санаған, жұмаққа барад дейді тергеусіз Алласы анық қалаған») назарға ала жырлап, аталған сұрақтарға тарихи-мәдени білім тұрғысынан жауап берілген: Дүниенің басы әуелі, Меруерт тастан жаралған. Меруерт тас еріп су болған, Судан түтін бу болған. Аспан, Жер содан жаралған. «Адам, Лаухы, Ғалам, абзал – баршасы Сол заттан – дейді – жаралған». Он сегіз мың ғалам болғанда Үш бөлім болып тараған. Алтауы болар жәмәдат, Алтауы болар нәбәдәт Алтауы болар хайуанат Үш алтыны қоса ғой Он сегіз мың жан болад. Білмеген адам таң болад. Шариғат жолы бойынша Өлгенге – намаз, ысхат шарт [2, 83-84]. Қарсылас ақынның пікір сайысқа ықыласын күшейту үшін тілеулес ұстаз ақындар қолданатын психологиялық тәсіл әріптесін көтермелей, мадақтай отырып, сыншыл тілмен қамшылау – дәстүрлі ерекшелік. Нұрым да осы әдіспен Қашағанды көтермелей («Шамданба, шайыр данамыз», «Сен бір – қойма, дүкенсің, ұрулы тұрған құлыбың, ашарман келіп ашпасақ, ішіндегі тауарды бүгін қалай аламыз?») отырып, тағы да жұмбақ сипатты сұрағын ұсынады: Екеуі жансыз, екі арам, Бейішке кім ед баратын? Дүлдүлді мініп парлатқан Кәпірдің шәрін қандатқан Шәһимәрден Ғалиға Жебірейіл келгенде, Келіп хабар бергенде, Неше қылыш келген екен жәннаттан?

Ніл дарияның көпірі Болған екен не заттан? Көлде жүрген күмпілдек, Судан даусы шыққан әупілдек, Бұл болған екен қай жақтан? Суда жүрген итбалық, Неден азған екен бұл халық? [2, 84-85]. Қашаған ақынның Ислам діні тарихы аясындағы адамзат жолын білетін білімділігі қайтарған жауаптарынан көрінеді. «Екі арамы дегенің: қытымыр деген қызыл ит, ... астына мінген есегі; екі жансыз дегенің: біреуі Айсаның аса таяғы, біреуі – Ідірістің киген кебісі». «Хамхам менен Самсамдай, Зұлпұқар мен Зұлқажжа – жәннеттен келген төрт қылыш»; «Перғауын мен Мұсаның көп соғысы болғанда, Ніл дарияға ұрғанда көпір болған деседі Мұсаның аса таяғы» жауаптарын айта келе жақ­ сы­лықпен жағаласқандардың жазалану тарихын да тү­ сіндірген: ...«Көлде жүрген күмпілдек, Суда жүрген әупілдек. Қарсы болған бұйрыққа Перғауынның – дейді – өзі». Асасын тартып алғанда, Перғауынның әскері Суға болды бұ қарық. «Мұса қолын сілтепті, Кетсін – деп – көрмей ол жарық!» Суда жүрген итбалық, Перғауынның әскері Қарғаған соң Құдайым, «Осылай азған – дейді – бұ халық» [2, 87]. Ақындар – адамзат ұрпақтарының асыл сапалы қа­си­ еттермен өмір сүруіне тілеулес тәрбиеші-ұстаз тұғырын­­ дағы тұлғалар. Сондықтан, олар шығармаларында жақсы­ лық пен жамандық егізделген тіршілік қозғалысындағы адамгершілік қасиеттерді саралап бағалауды үнемі басты назарда ұстайды.

Нұрым мен Қашағанның тарихнамалық білім мен адамгершілік қасиеттер туралы сұхбат, жұмбақ тұтас­ты­ ғындағы пікір сайысынан олардың ұстаздық-тәлімгерліктәрбиешілік тұлғалары айқындалады. Нұрым ақынның кезекті сұрағына («Пайғамбардың кезінде қанша қауым өтіпті өз пиғылынан өзі ауып?») да Қашағанның қайтарған жауабы адамзат ұрпақтарын адалдық, жақсылық, ізгілік жолына үгіттеумен өткен пайғамбарлар (Хазіреті Нұх, Лұд, Аухад) ұлағатын және олардың айтқанын істемегендердің топан суға кеткенін, жер жұтқанын айта келе, адамдардың іс-әрекеттеріне, мінез-құлық психологиясына баламалап бірнеше мысалдамалар да келтірген. Табиғаттағы жа­ нуарлардың, хайуанаттардың (нар түйенің аунауынан аяғы тиген інінің бота, тайлақты бақыртатынын, қарақұстың тырнағының әлсіздігі, бүркіттің жемін ұшқыр қырғи құстың қағып кететіні, шағала мен шақшақайдың судағы шабақ пен шаянды бергісі келмейтіні, байғыздың торғайды жейтіні, жапалақтың тәкаппарлығы, қара қарға қалбағайдың жемін ала алмай босқа ұшатыны, менменсіген, күші мығым шымшықтың қыран жемсауына түсіп мыш болатыны, т.б.) іс-әрекеттерін пернелей бейнелеп, адамдар ортасының тұрмыстық-әлеуметтік қарым-қатынастар сырларын саралай бағалайды. Қашаған адамгершілік-имандылық жолын берік ұстанған өздеріндей қайраткер-қамқор тұлғалар тағылымын дәріптей, ұрпаққа ұсынылар үздік өнеге екендігін атап көрсетеді, сөз өнері жүйріктерінің шынайы бағасын айтады: ...Қапталдағы көп жаман Сені мен маған ұрысса, Түсіп кете жаздайды Түбі жоқ терең айлаққа. Қанатты тұлпар сен едің, Қосылып жүрген байраққа. Дүбірлі дүлдүл шайырсың, Кіші жүз бенен Орта жүз Атағың кеткен аймаққа. ...Сені мен менен озғанша Жыл айналып қыс болар [2, 88-89].

«Қашан мен Ізбас» айтысы – ақындық шығармашылық өнер иесі тұлғасын халықтың қайраткер перзенті, тарихи дара тұлға тұғырындағы тұтастықпен бейнелеуге арналған туынды. Ақындардың әдеби көркем бейнесі әуелде олардың өздерінің туындыларында сомдалатыны мәлім. Әсіресе, лирикалық шығармалардағы лирикалық қаһарман, лирикалық кейіпкер сымбатымен сомдалғандар авторлардың өзіндік тұлғалық бейнеленуін байқатады. Ақындар айтыстарының лирикалық толғаныстар тұтастығы басым туындылар екендігі мәлім. Әрине, кейбір сүре айтысында эпикалық көлемді сюжеттік-композициялық желілер де болады. Ал, «Қашаған мен Ізбас» айтысында ұстаз ақындарды (Сәттіғұл, Қашаған, т.б.) менсінбеген, шатты-бұтты өлеңсымақтарын құрап-сұрап, өзін көрнекті ақындар қатарында танытқысы келіп жүрген ұсақ пиғылды, қабілетсіз, дарынсыз Ізбастың «... қарт ақын Қашағанның мұрагерсіз, кедейлігін айтып мұқатуды...» [2, 91] ойлап, «Оңтайлы жігіт, жүйрік ат қашқанмен сені қоя ма?»– деп өзін зорсындырғанына сыншыл ойларымен тойтарыс береді. Сексен жастағы ұзақ ғұмырында ардақты атасы Ер Қосайдың, Жанғабылұлы Сәттіғұлдың («Жүйрік еді қашаннан, келе жатқан баға алып, үстіне халық қамалған») және т.б. ел асылдарының дәстүрін жалғастырған ізгілік жолын дәріптейді. Айтыстағы ақындық сыншылдық ой ағынында Ізбас тектес өзін-өзі зорсынған ұсақ пиғыл­ дылардың сықпытын да салыстырмалы бейнелі өрілімді тіркестермен дәйектейді: ...Сен бір жүрген зияндас, Айналдырған жындысың. ... Озған өрен жүйрікпін, Қосылдым талай дүбірге. ...Мен мұхит жатқан тереңмін, Шамшырақ жанған түбінде. Сен бір – жабы, мен – тұлпар, Сен – қарға да, мен – сұңқар. ...Түкірігім сөндірер Сенің жаққан отыңды. Жүйрік едім қашаннан, Ақ бөкендей орытқан,

Талай келдім бәйгіден. Жоқ еді жерім зорыққан [2, 92-93]. Ізбастың елдегі дәулеттілердің (Жалмұрза, Жантен, т.б.) сойылын соққан қолшоқпар – жағымпаз, ауылдарға кесірі тиіп тозғындатқан («Сүйінді Көктен айырып Базар деген ауылдың») бүлдіргіш, ақындыққа үш қайнаса сорпасы қосылмайтын далбаса екендігін («Сен – бір қара маңдайсың», «Сен өзекті жыртық қайықсың», «Аузың қартаң байталдай, сен шайтаннан туған малғұн, малғұннан туған албасты») бейнелейді. Халыққа танымал болған қасиетті өнер иелерін сыйламаған надандардың бәріне ортақ қасиеттер сипатын ақын аллегориялық (пернелеулік)– мысалдамалық баламалаулармен анықтап дәлелдейді, ұрпақтардың адамтану арнасындағы көркемдік-эстетика­ лық көзқарастарына бағыт береді: ...Күйкентай деген құс болар, Далада жүріп мақтанса, Қайраты бұтпен бұт болар. Қарға деген азғын құс, Қасиеті оның жоқ болар. Құс жаманы жапалақ, «Кесіртке, тышқан жедім!» – деп, Қырғидың күшін көрмесе, О да жүрер есіріп. Шөже деген бір торғай, Ұясында жатқанда «Көкті тіреп жатсын!» деп, Аяғын жатар көсіліп. Қырғи құсқа жолықса, Төрт бөлініп төс еті, Қанаты қалар кесіліп. Ойлап тұрсам, көпшілік, Ізбас сондай есірік. Өзінен зорға жолығып, Тілегі қалар кесіліп [2, 95]. Қашағанның айтыстары – қазақтың дәстүрлі ақындар поэзиясының ұлттық сөз өнері үдерісіндегі ықпалды көр­ кемдік ықпалының үлгілері. Ауызша авторлық поэзияның

халық ықыласына ие болған беделін қалыптастырған ақындар айтыстары – әдеби үдеріс дамуындағы көркемдік бағытын үздіксіз жалғастырумен келеді. Қашағанның дастандары да авторлы ауызша поэзия­ мыздағы эпикалық дәстүр қорының көрнекті үлгілері қатарында бағаланады. Қазақ сөз өнеріндегі тарихи және көркем шындық тұтастығымен жырланған эпикалық жырлар да халықтық көркемдік ойлаудың көрсеткіштері қатарын құрайды. Көркем тарихнамалық лирикалықэпикалық тұтастықпен жырланған шығармалар Қашаған ақынның дастандарында халық тарихын құрайтын аңыздық сюжеттер де, кезеңдердердің нақты деректері де, белгілі тұлғалар есімдері де, атамекендердің географиялықтопономикалық атаулары да және т.б. мол дерекнамалық құрылым жүйесі қамтылады. Өлеңмен жырланған шежірелік шығармалар қазақ поэзиясындағы халық тарихының көп ғасырлық қалыптасу, даму кезеңдерін дәйектейді. Қашағанның «Адай тегі» шежірлелік дастанының сюжеттік-композициялық құры­ лысы мынадай бөліктерден құралған: біріншісі – қазақ тарихының Байұлы тармағынан тарайтын әулет ұрпақтарын (Қыдырқожа, Есентемір, т.б.), олардың әйелдерін (Жанби, Тотан, т.б.) жүйелеп атау; екіншісі – Қыдырқожа байдың қызы Қанбибінің бұлақты жеңгесімен бірге (Нұрбұлақ, Қарашандақ, Шадыра, Түркістан, Алғи-Нұр), жемісті бақта (Әзірет Алатауы) қыдырып жүріп, ұйықтап жатып маңайда қыдырып жүрген Хазірет Қыдыр пайғамбардан хамила (жүкті) болғандығы; үшіншісі – Қанбибінің әуелде бойына бала біткен жердегі Нұрбұлақтың басында босанғаны, баланы тазалап жібек, мақпалға орап, сол жерге тастап кеткені; төртіншісі – Қыдырқожа бай мен төренің далада қалған ұл баланы тауып алғаны, шежіреші Әспембет қарттың уәжді ақылымен баланы Қыдырқожаның өзіне перзент етіп жа­риялап, той жасап Адай деп есімін қойғаны, баласы Тазбен егіз болатынын жариялауы. Дастанның тарихи аңыздық желісі қазақтың ататек-әулет негіздерінің Ислам діні тарихымен сабақтастығына құрылғандығы айқынырақ байқалады.

Дастанның басты кейіпкерлеріне қатысты негізгі сю­­ жеттік желіні дәйектеп тұрған тарихи негізі – түркі-мон­ ғол, Ислам тарихындағы Құран Кәрім, әулие әнбиелер, пайғамбарлар (Хазіреті Қызыр, Сапи, Салолла, Хазіреті Шейіш, Хазіреті Айса және оның анасы Мариям, Дүйім Баянхан, Шыңғыс хан, т.б.) – бәрі де эпикалық шығарма құрылысын дәйектеу қызметін атқарып тұр. Дастанның ауызша жырлануы сипатынан лиро-эпостық жырлармен үндес поэтикалық көріктеулер де байқалады. Дастанның басты кейіпкерлері – халық өкілдері. Жеке кейіпкерлер де халық ұғымының аясында алынған: Бұл жиналған көптің ішінде, Нелер бар да, нелер жоқ; Билігі көпке би де бар, Қайраты қалың ер де бар. Елеуреп тұрған жас та бар. Халық, қалағаның сөз болса, Шеберің сөзді астарлар [2, 97]. «Атамекен» – тарихи дастан. Тақырыбы – XVIII ға­сыр­ дың бірінші жартысындағы Жоңғария, қалмақтарының басқыншылық соғысы, идеясы – босқыншылыққа ұшы­­ ра­ған халықтың қасіретті тағдырын және жаумен жаға­ла­­ сып шайқасқан қазақ батырларының ерліктерін та­ныту. Дастанның құрылысында ақынның лирикалық толға­ныс­ тары аясында бірнеше бөліктер байқалады: бірінші­сі – қазақ халқының ататек-әулет жүйесінің (Үйсін, Дулат – Ұлы жүз; Арғын, Қыпшақ, Жаппас, т.б.) аталуы; екіншісі – қазақ ұрпақтары мекендері байтақ дала атыраптарының, жер-су атауларының айталуы; үшіншісі – қазақтың Адай ататекәулет жүйесіндегі халыққа жоңғар басқыншыларының шабуылы, Ақпан батыр бастаған қазақ сарбаздарының жаумен бетпе-бет шайқастарын суреттеу. Дастанның көркемдік түйіні – қазақтың атамекендерін және соны қорғаған батыр ата-бабалар қайсарлығын, ерлік өнегесін ұрпақтарға ұғындыру. Ақын байырғы қазақ атамекендерін тарихи дерек аясын­ дағы эпикалық баяндаумен жырлаған:

...Үйсін, Дулат – Ұлы жүз, Мұнарланған тау бойы Қаптата малын салған жер. Арғын, Қыпшақ, Жаппастар, Орта жерде Сыр бойы «Өзінің қалап қалған жер. Саланың бойы салқын», – деп, «Күнелтсін ұрпақ, халқым!» – деп, Арқаның кең даласын Жайлады қазақ баласы Сырдан төмен салада, Еділ, Жайық, Жем, Сағыз, Елек, Қобда саласын Мекенденіп кетіпті Кіші жүздің баласы [2, 108-109]. Атамекендердің географиялық атаулары, халықты бас­ қарған хандар, сұлтандар, төрелер, ақсақал, би-шешендер – бәрі де ел тарихының ұмытылмас шежіресі тұрғысында жүйелене жырланған: ...Темірдің басы құба бел, Сол жақта қалды бөлініп, Әлім аға бөлек ел. Еділдің басы – Мыңтөбе, Жайықтың басы – Орал тау, Електің басы – Есенбай, Қобданың басы – Шоңмұрын, Жемнің басы – Мұңалжар. Қонысқа солай тараған. Елдің көбі қалды бер жақта, Азы өтті ар жаққа – Нарынның анау бойына Ішкі Ордаға – хан жаққа. Бұл қонысқа келгелі, Билердің жиып құралын, Әбілқайыр, Нұралы, Бөкей мен Жәңгір хан болған, Халықтың басы даң болған. Бер жағында кешегі Баймағамбет, Әлен мен

Төресінген Төлендер. Біріне-бірі жармасты, Айдаһардай алжасты, Әл-қуатты барласты. Арандай ашып ауызын Бірін-бірі жалмасты. Біріккен бидің кеңесі Ақсақал биі, төресі Халықты алдап, қамдамай, Көрінді жұртқа албасты [2, 113]. Дастанда қазақ халқының үнемі жатжерліктердің бас­ қыншылығына, шапқыншылығына, отарлық езгісіне тү­ суіне себепкер билеуші топ адамдарының нашарлығы, со­нымен бірге көршілес Қоқан, Хиуа хандықтарының (Хорезм бектерінің) жоңғарлармен, орыстармен қатарлас дұшпандық, жауыздық пиғылда болып келгенін әшекерелей жырлаған. Мысалы, басқыншы жоңғардан ығысып бар­ ған халықты қорлаған көрші ел дұшпандығы тарихи шындықпен берілген: Хорезмнің бектері: «Шашырай бізге, шеткері Қазақ деген қашқын келді, – деп, – Тілекті Алла берді», – деп, – Ауылды тонап, малды алып, Күң мен құл ғып жанды алып, Тұтқынды қорлап кесектеп, Қазақты көрсе жабысып, Қуалады «Есек!»– деп [2, 111]. Дастанның негізгі көркемдік түйіні – ежелгі замандардан қазіргі кезеңге дейін кең-байтақ даламызды жаулардан тазартып, қорғап, сақтап келген халық қаһармандығын, батырлар ұлағатын дәріптеу. Эпикалық шығарманың идея­лық-композициялық желісінде ақынның лирикалық тол­ғаныстарымен ататек-әулетке тән қаһармандық-жауын­ герлік, асқақ рух айбыны дәріптеледі: Адай деген ел едік, Абайсыз өскен алшаңым,

Тәксіз өскен тарпаңым, Ерлерім өрдей қасарып, Жаратып сұлу ат мінген, Ебейдей төсі салынған. Егеудей тісі жанылған, Шеңбердей белі бүгілген, Еңіреудей көзі үңілген, Қоғадай жалын төгілтіп, Шортандай баурын жаратып, Жорық пен тойда жасанып [2, 110]. Дастан сюжетінің шарықтау шегінде Ақпан батыр бастаған қазақ әскерінің жоңғар басқыншыларымен ұрысқа дайындалғаны, қанды майдан шайқасында қаһармандықпен айқасқаны – өмір шындығымен суреттелген. Атамекен Отан мен халық тағдыры үшін болған ел тарихындағы шайқастарды осы дастандағы жаумен қолма-қол, бетпе-бет болған қиян-кескі қанды оқиға суретінен айқын елестетеміз: ...Екі жақ та айқасып, Ұрыстың болды ұлысы. Қатар-қатар тұрысып, Саржаның тартты кірісін. Бөріктер ұшып тарсылдап, Біреулер қалды қорсылдап. Қай жақтан да ер өлді. Аз өлмеді, көп өлді, Күннің көзі тұлданып, Батысы мен Шығысы. Басылып ұрыс көнерді. Шоқысында Қарақұс, Шығанақ теңіз тұсында, Жағалай жатқан көп оба Солардан қалған жер еді [2, 113-114]. «Топан» дастаны да Қазақ тарихының Алтын орда, Ноғайлы дәуіріндегі тарихи шындық деректері негізінде жырланған эпикалық туынды. Дастанның тақырыбы – Атырау (Каспий) теңізінің тасқынынан апатты жағдайға тап болған халық қасіреті, идеясы – фәнидің барлық кезеңдерінде де барды қанағат ету мен болашақтың бақы­

тынан, тіршіліктің жалғасуынан үміт үзбеуді уағыздау. Шығарманың құрылысындағы бірнеше бөліктер саралана байқалады: біріншісі – қазақтың байырғы атақонысатамекендерінің (Үшқиян атырабындағы Еділ, Жайық, Маңғыстау, Жем, Наршы, Ырғыз, Торғай, Қара өзен, Сары өзен, Сарытау, Самар, Қазан өңірлері) берекелі сипатын тарихи шындықпен баяндау; екіншісі – атамекендерді мекендеген Қазақ-Ноғайлы халқын, оның би-шешендерін, батырларын, хандарын (Асан Қайғы, Едіге, Тоқтамыс, Телағыс, Орақ, Мамай, Алшы, Смайыл, Қалусары, Тайшық, Ормамбет) даралап атап таныстыру; үшіншісі – халықтың азаюына себепкер болған, құтыру ауруының жұғуынан жәндіктер, құстар, балықтар, адамдар (құрттан торғайға, бүркітке, балыққа, адамға) улануының, пиғылдары бұ­ зылған асқандар мен тасқандардың салдарынан теңіздің күрт көтеріліп адамдар мекендерінің бәрін ғаламат топан судың басқындығы. Дастаның көркемдік түйіні – ха­лық­ тың құтты қоныстарын, ел тарихын, тұлғалар өнегесін құр­меттеу, Жаратушының жарылқаған игілігіне қанағат ету, пендешілікпен асып-таспау. Шығарма желісіндегі құтыру ауруы мен топан су апатының болуы себебі қанағатсыздықтан, ашкөздіктен, барды бағаламай асыптасудан екендігі ақынның поэтикалық-психологиялық ойларымен мегзеледі. Дастанның алдыңғы бөліктерінде Алтын Орда, Ноғайлы дәуіріндегі Қазақ тұрмысының елдік пен ерлік тұтасқан берекелі сипатын ақын көркем кестелі тіл өрнектерімен (теңеу, айқындау, құбылту, айшықтау, психологиялық егіздеу, т.б.) бейнелей суреттеген: ...Құтты екен бұл қоныс, Баққан қойы бүркіттей, Дулығасы үйген іскірттей, Кәрі биесі жал алған, Нарлары семіз қом алған, Кәрі саулығы шайлаған, Еркек қой мен тоқтысын Шаруасы ерте байлаған. Ерлері бар еді егескен,

Дұшпаны мен шенескен. Абыройы асқардай, Не жақсымен теңескен. Құбарлан (құмай тазы) ертіп, құс салған, Лашын, сұңқар ұстаған. Елеуретіп екі жүйрік жетектеп, Сулығын алтын бедерменен кердірткен, Жалын сабаутіс пен тердірткен. Мынау Еділ мен Жайық, Жем екен, Бұл жетімдерге жем екен, Шөбі малға май болар, Аш-арыққа жай болар, Қашаннан да бұл қоныс Құтты болған жер екен. Өзегі де қайырлы, Аш-арығы сүйреп жейді екен. Бекіре менен жайынды. Балқашын орып мал жеген, Аралас үйрек-қаз жеген, Малының жақын өрісі, Құлынның ұзын желісі Еділ мен Жайық, Нарынның Осылай екен келісі [2, 115-116]. Ақынның эпикалық дастанының сюжеттік-шиеленіс себептері – дүние-мүлік пен ақшасының молдығына мастанғандардың, асып-тасқандардың іс-әрекеттерін сатиралық-сыншыл тіл өрнектерімен баяндай-бейнелей әшкерелеген. Сарайларына мол қазына жинап алғандардың сахарадағы мал баққан халықты, дәулеті кем кісілерді менсінбей («Қой баққанды қорлық!» деп, «Наданның сөзі зорлық!» деп, «Сиырдан жақсы есек!» деп, «Қабаннан жаман Қарынбай»), базардан тек ғана қымбат киім алып, киелі малдардан («Кәрі қоспақты мал демей, түзеді нармен қатарды») безініп, қарапайым ата-бабалық тағамдардан жиреніп, қорлап асып-тасқандар шығарманың көркемдік түйінін дәйектей түседі: ...Тәкәппарлар көп еді, Төгілуге сірә, дөп еді.

Бұл арада мал тапқан Бір шүкірлік қылмады. ...Сорпаны төкті майменен, Сусыны қанып шайменен. Қалаға келген билері Арақ ішіп елірді Кеудесі бұған семірді, Папиросы шегулі, Тиіссіз жерге дәулет төгулі. Етпеді шүкір қанағат, Тап болмай қайтсін ғаламат. Қайыры жоқ кілең қаста бай, Айдаған малға қуанып, Қой, қозыға жұбанып, Қалалы жерде мырзасы Қос арғымақ пар жегіп, Тарантас арба туарып, Кәршөндікке қамалып, Шалқыды талай мас болып, Нәпсісін шайға суарып. Нешелер дариямын дегеннің Талайы қалды енді суалып [2, 120-121]. Халықтың қарапайым тұрмыс мазмұнының қалыпты ыр­ ғағынан айрылуындағы осы келеңсіздік, рухани азғындау («Етпеді ешкім қанағат, тап болмай қайтсін ғаламат, көп болды мұндай тасқандар, әлдерін білмей асқандар», «пиғылынан солардың қабыса жаздады аспан, жер») салдарынан топан тасқынының болу заңдылығы да дәлелденеді. Осы орайда, адамзат тарихында тұтас планетамызды топан су басқан, одан адамзат пен басқа тіршілік иелері тұқымдарын кемесімен сақтаған Нұх пайғамбар дәуірі де есімізге түседі. Жаратушы Алланың ғана құдіретін мойындамай, бұтқа табынып, жоғары мен төмен, мәртебелі мен мәртебесіз, билеуші мен биленуші ... бірдей болатын дінге» [7, 14] кіргісі келмегендерге, дүни-мүлкіне, ақшасына, билігіне мастанғандарға, асып-тасқандарға, Нұх пайғамбардың Алла жолына түсуге үгіттеуіне көнбеген жалпы адамзат ұрпақтарына келген топан су апаты көз алдымызға елестейді:

«Аспандағы су тиегі ағытылып, жердегі бастаулардан бұрқылдап су атылады да, топан су қаптап биік жерлерге дейін басады. Нұх Алланың ал деген адамдарын және жануарлар мен өсімдіктерді кемеге шығарады. Алланың панашылығында кеме кейде желдің ығымен, кейде ағынға қарсы жүзіп отырады. Өркеш-өркеш толқын азғындарды тереңге батырады. Толқын су олардың көріне, көбіктер олардың кебініне айналды. Олар ажалға қарсы арпалысқандарымен де ажал қоймады. Толқындарға қарсы жанталасқандарымен де оларды толқын жалмады» [7, 16]. Қашаған ақынның «Топан» дастанында да кенеттен болған апаттың («Құтырынған бір құйын», «Қара дауыл соқты да», «Таудан биік сеңдерді, бұлтпен бірге көшірді», «Терезеден су құйды, биіктен келіп сең үйді», «Қызылды-жасылды су жүрді, сұрапылдың желі зулады», т.б.) қозғалыстары сұрапылының жалпы халыққа ортақ қасіретті, қайғылы жағдайы («Кейбіреу жетім жас қалды, біреулер қалды атасыз, біреулер қалды анасыз, біреулер қалды баласыз, біреулер қалды жалғыз қарасыз», «Аюдан мықты білекті, қабыландай батыр жүректі», «Кесті – деп – Алла – тілекті!», «Ел айрылды ерінен, сөзіменен дем берген, адасқанға жөн берген, Ақылгөй абзал көлінен») да оқиға­ ның болған қалпын реалистік өмір шындығымен бейнелеген. Ақынның эпикалық шығармасы – философиялық ойлы байыптауларымен ерекшеленеді. Атырау (Каспий) теңізі арнасынан асып маңайындағы атырапты басқанын, халықтың қасіретке, шығынға ұшырағанын жырлау арқылы фәнидегі жүрген тіршілік сипатының өткіншілігін ұғындынуды мұрат еткен. Алланың ұйғаруындағы тіршілік қозғалысы Жаратушы­ ға мінәжәттан жаңылмау, барға қанағат, жоққа шүкірлік қылу, менменсімеу, тәкаппарланбау, мастанбау және т.б. тіршілік қозғалысындағы үйлесімді сақтау ұлықталады. Бар ету де, жоқ ету де Жаратушы Алланың құдіреті екен­дігі кенеттен соққан дауылдың, топан судың зардаптары («Біреулердің белі сынып майрылды, біреулердің қанаты сынып қайрылды», «Бәйтеректер жығылды, төгілді суға жапырақ, аяулы талай жандардың ит пенен

қасқыр жеп кеуделері қызарды», «Алтындар азып мыс болды», «Әлпештеген арудың кеудесіне қара құс қонды», «Көз көрмейтін буалдыр қараңғы тұман түн болды») арқылы дәлелденген. Әсіресе, дастандағы негізгі идеялық желі бойынша дүние қорлық пен асып-тасқандардың, асқақтағандардың пиғылдарының салдарынан апаттың болғандығы адамзат тарихындағы Нұх пайғамбар кезіндегі топан су тасқыны мен үндес жағдай тұрғысында мегзеледі: ...Екпінмен мұздар соққанда, Кәршөндіктегі мастардың Кеудесі кетіп бас қалды. Түкірігі жерге түспеген Тәкаппарлар мұзды жастанды. ...Кербездер кетті керілген, Бір басуға ерінген. ...Таспағанға тасқанның Бұ да тиген әсері. Қырғауылдай қызыл нар Алашаңдаған асаулар Азбарда тұрып жем жеген, Аяғын әсем сермеген Кербездер мінген ат кетті. Байлардың жиған тырнақтап, Сарала деңмент қылып бау, Мұра деп салған зат кетті... Әкімдер кетті мөр алған, Бақытпен байтақ ел алған. ...Орыстың баржа кемесі, Мықтап қаққан шегесі. Бір соққанда дауыл күл болды. Су тасқыны тау болды, Таудай толқын жау болды. ...Малынан пайда көрмеген Қанағатсыз Қарынбай, Барын жоқ деп құрынған. Жұлдызды жатқа санасақ, Қисап етіп қарасақ, «Мың асқанға – бір тосқын». Бар емес пе еді бұрыннан?! [2, 123-124].

Дастанның идеялық-композициялық желісіндегі ли­ ри­­калық қаһарманның-автордың атынан айтылатын адамгершілік ұстанымына бағдарлайтын насихат толғаныс­ тары ұрпақтарды сенімді үмітке, игілік салтанат құратын жарқын болашаққа үндейді. Дастан соңындағы автордың оқырмандарына адресаттық арнауымен («Кейіндегі бозбалалар, налымаңыз, шырағым!») де бүгінгі және болашақ ұрпақтардың адал еңбекпен, ізгі талаппен берекелі ел болып кете алатынына сенім білдіріледі: ...Күндердің күні болғанда, Көк дария көл болса, Бай мен жарлы тең болса, Суда – балық, қырда – егін, Бәле-бәтер жоқ болса, Диқаншылық көп болса, Талаптың күші сел болып Кетерсіз-дағы ел болып [2, 125]. Қашаған ақынның эпик жыршы-ақындық шығарма­ шылығының көрнекті көрсеткіштерінің бірі – «Қарасай, Қази» дастаны. Ақын мұрасын жинап жариялаған зерттеуші Қ.Сыдиқов; «Қашағанның немере інісі, Маңғыстаулық жыршы Шадыман Үсембаев айтуынан 1964 жылы хатқа түскен. Осы жырдың бір жазбасы Қазақ ССР Ғылым ака­демиясының Орталық кітапханасында сақтаулы (398-папка). Шадыман «Қарасай–Қазида» ақынның өз ай­ туы­мен үйренген. Ел арасында бұл жырдың Қашағаннан үйреніп, Мұса, Мұрын жыраулар айтқан басқа да нұс­ қалары кездеседі» [2, 175], – дейді. Қазақ әдебиеті тари­ хындағы көрнекті ақындарымыз Мұрат Мөңкеұлының (1843–1906), Нұртуған Кенжеғұлұлының (1887–1930) да осы тақырыптағы «Қарасай–Қази» атты дастандары бар. Бұл ортақ сюжетті өзіндік нұсқаларымен жырлайтын жыршы-ақындар өнеріндегі дәстүрлі ерекшелік. Сөз өнері тарихындағы нәзирагөйлік шығармашылық үрдіс аясындағы Қашаған жырлаған бұл нұсқада да Алтын ОрдаНоғайлы дәуіріндегі батыр сұлтандар Орақ пен Мамайдың балалары Қарасай мен Қазидың батырлық, елге басшылық қызметтері жырланған. Дастанның сюжеттік байланысы

он екі баулы қазақ-ноғайды басқаратын Қондыкер ханның қалмақтың зорлық, басқыншылық билігіне көнгісі келмей, Қырымның қырық батырына жолдаған хатынан басталады. Хатта есімдері аталған Қырымның қырық батырлары қатарында Сүйінішұлы батыр Қазтуған, Көгістің ұлы ер Тама, Қарсының ұлы ер Тарғын, Нәріктің ұлы ер Шора, қарт Нәрік батыр, Қыдырбайдың ұлы ер Қобылан, Бүркіттің ұлы ер Әділ, Орақтың аяғы ақсақ, оң қолы бүкір, бір көзі соқыр әйелінен туған батыр ұлдары Қарасай, Қази аталады. Дастан сюжеттің дамуында Қырымның қырық батырлары бас қосқан аттанысына қарындасы Қибаттың, інісі Қазидың көмегімен, қолдауымен, тұлпарының шабысымен Қарасай қолбасшылық жасайды. Қалмақ қамалын жолдан тас белгі астына жазылып сақталған Мұсаұлы Орақтың хатындағы айтылған нұсқаубағдар бойынша табады. Батырлар қорғаныстағы қалмақ қамалын қанша шабуылдаса да басып ала алмайды, бі­ рақ Қондыкер ханға аттанғалы жатқан жорық сапарын тоқтатады. Өкініштісі – Бүркіттің ұлы ер Әділді шайқас кезінде жоғалтып алады, оның Ақтабан тұлпарын жетектеп қайтады. Қарасай мен Қазидың соқыр, ақсақ, қолы бүкіс шешесі және Әділдің қарындасы Лия – көрген түстері бойынша оның өлмегенін болжайды. Дастанның сюжеттік шиеленіс сәті – қалмақтың Күзбан ханы басқаратын қала-қамалға Қарасай мен Қазы екеуінің барып шабуыл жасағандары. Қамалдан Күзбан хан бастаған қалмақ әскері шығып, Әшке есімді батыры екі балаға да өзі қарсы шығып өзінің айбанын асқақтата бейнелейді («Менің кеудем – темір, басым – тас», «Мен қалмақтан шыққан ер едім», т.б.). Қалмақты Қарасайдың атқан оғы өлтіреді, екеуі қалмақ әскерімен соғысады. Ақырында қалмақ арасында қалған бір әйелден Әділге көмегі тиетін дәріні алып, жеті қабат темір үйдегі қамауда, аяқ-қолы кісендеулі Әділ батырды құтқарады. Дастанның сюжеттік шешімінде Қосай батырдың батасымен, бағалауымен тұтқыннан оралған Әділ батыр мен Қибат арудың қосылу-некелесу тойы болады.

Дастанның көркемдік түйіні – асыл текті аналар мен әкелерден туған азамат ұрпақтардың туған жерді, халықты, Отанды қорғап сақтайтын ұлағат жолының мәңгілігін дәлелдеу. Қашаған ақынның әдеби мұрасы – халқымыздың көр­ кемдік-эстетикалық дүниетанымына негізделген рухани құндылықтарымыздың бірі. Бұл ақынның мұрасындағы ұлттық және көркемдік сипатты құрайтын басты ерек­ ше­лік. Қазақтың атақоныстарын, салт-дәстүрлерін, меймандос, жомарт көңіл байлығын мадақтап, сараңдарды, қайырымсыздарды сынап жырлағаны оның ұлттық діл болмысын даралайды. Атамекендерді, батырларды, әділ хандарды, би-шешендерді ардақтап, заман қай­ шы­лықтарын, болашақ бақытын саралап жырлағаны – ақын шығармаларындағы көркемдік сипатты құрайды. Ақын­ның лирикалық өлеңдеріндегі, айтыстарындағы, дас­тандарындағы көркем кестелі сөздер мен тіркестер поэ­ти­калық-эстетикалық таным тағылымын аңғартады. Әсіресе, ақынның өзіндік шығармашылық тұлғасын да­ ралай бейнелеулері шығармашылық өнер иелерінің көр­ кем жинақталған романтикалық тұлғалануын танытады: «Шапқанда жүйрік едім суырылған», «Тұлпардай шығып жүрген дабылымнан», «Бәйгі алдым талай жерді шабыспенен, қашаннан күнім кешті жарыспенен» [2,34-36] («Есқали сұпыға айтқаны» өлеңінен), «Шын шабытым келгенде ағыным тасты аударған, мен бір қайнарлы өзен, бұлағың», «Қатты кетсем қайрылмас, мен – басы қатты ақтабан» («Тойбастар» өлеңінен), «Түбі жоқ терең айлаққа, қанатты тұлпар сен едің, қосылып жүрген байраққа дүбірлі дүлдүл шайырсың» («Нұрым мен Қашаған» айтысынан), «Адай түгіл, Алшынға жүйрік едім қашаннан», «Менің сөзім – сары алтын, сенің сөзің – қола, мыс», «Сен бір – есек, мен – тұлпар», «Топты аузына қаратқан жасымнан жүйрік тілдімін, Адай түгіл Алшынға хан, хакімдей бұлдымын», «Озған өрен жүйрікпін қосылдым талай дүбірге», «Мен қайыртпай кеткен ақынмын», «Сен бір жабы, мен – тұлпар, сен – қарға да, мен – сұңқар», «Сен – өзекте жүрген бөлдір­ ке, мен – теңіздегі кемемін», «Мен бір жатқан мұхитпын»,

«Түкірігім сөндірер сенің жаққан отыңды», «Жүйрік едім қашаннан ақбөкендей орытқан, талай келдім бәйгіден», «Мен – жоғарыда жүрген кемемін, сен – өзектегі жыртық қайықсың» [2, 91-95] («Қашаған мен Ізбас» айтысынан). Қорыта айтқанда, Қашаған ақын Күржіманұлының әдеби мұрасы – қазақ сөз өнерінің халықтық-эстетикалық дүниетаным тереңдіктерінің көрнекті көрсеткіші. Тәуелсіз Қазақстанның қазіргі және болашақтағы жаңа тарихын жасаушы ұрпақтарымен бірге ақынның да мұрасы мәңгі ұмытылмайды, ұлттық рухани құндылықтар қатарында оқыту мен зерттеу жұмыстары арқылы рухани мәдениет қазыналарымен бірге жаңаша бағалана береді. ӘДЕБИЕТТЕР 1. Абай (Ибраһим Құнанбаев). Екі томдық шығармалар жи­ нағы. – Алматы: Жазушы, 1986. – Т. 1: Өлеңдер мен поэмалар. – 304 б. 2. Күржіманұлы Қашаған. Топан: Шығармалары. – Алматы: Жалын, 1991. – 176 б. 3. Қазақстан: Ұлттық энциклопедия / Бас ред. Б.Аяған. Ал­маты: «Қазақ энциклопедиясының» Бас редакциясы, 2003. – 5-т. – 720 б. 4. Ақын-жыраулар: Қысқаша өмірбаяндық мәліметтер мен библиографиялық деректер. – Алматы: Ғылым, 1979. – 184 б. 5. ХІХ ғасырдағы қазақ ақындары. – Алматы: Ғылым, 1988. – 352 б. 6. Исмайылов Е. Ақындар: Жамбыл және халық ақындары­ ның творчествосы туралы монография. – Алматы: ҚМКӘБ, 1956. – 340 б. 7. Құран хикаялары. – Алматы: Жалын, 1991. – 224 б.

Ислам ЖЕМЕНЕЙ, шығыстанушы, филология ғы­лым­ дарының докторы, профессор

ҚАШАҒАН ЖЫРАУ МҰРАСЫ – ҚАЗАҚ МӘДЕНИЕТІНІҢ ЖАУҺАРЫ Қашаған – ойшыл ақын ретінде қазақтың психология­ лық ерекшелігін дәлдеп тани білген әрі оны нақышына кел­тіре отырып, жырлай білген жырау, психолог. Бұл па­ йымдауымызға жыраудың: Бұл дүниеде не жетім? Кім қажетсіз болса сол жетім – деген өлең жолдары дәлел. Қазақтар әр түрлі себеппен қо­ғамнан бөлектеніп жалғыз қалса, оның салдарынан же­ тімсірей бастайды. Ақындар мен жыраулардың бір-бірінен айырмашылы­ ғы – кейде олардың шығармашылығындағы көркемдік болса, кейде олардың туындыларындағы ой ұшқырлығы мен ой тереңдігінде жатады. Ал, көркемдік пен ойды ұштастыра білген ақын, ойшыл ақын мәртебеге қол жеткізеді. Ха­ лықтың жүрегі мен санасында ұзағырақ өмір сүру діңгегі ақын не жыраудың ой-өрісінде жататыны да адамзат тарихынан мәлім. Оған шеттен мысал іздемей, қазақ әдебиеті тарихынан Асан қайғы, Бұхар жырау, Дулат Бабатайұлы, Махамбет Өтемісұлы, Абай, Шаһкәрім, Мәшһүр Жүсіп, Тұрмағамбет сынды ақын-жырауларды тілге тиек ете аламыз. Қашаған жырау да ойшылдық қасиетімен халқының санасында ұзақ уақыт өмір сүріп келе жатыр. Сөйтіп, қа­зақтың рухани кеңістігін байытып келеді. Қашаған қа­ зақтың ұлттық психологиясын терең білгендігінен хал­қы­ ның «жетім» деген ұғымын қоғамдық қатынастағы бар­лық болымсыз жайттарға мәйек ретінде пайдаланады. Өйт­кені

өзге елдерге «жетімдік» қасірет болмаса да, қазақ үшін «жетімдік» – асқан қасіретті ұғым. Себебі, көшпенді қазақ халқына ұжымдаса өмір сүру табиғатына сай қоғам­дық ортада болу психологиясы қалыптасқан ерекшелік. Жы­ рау осындай ұлттық терең білімімен «Бұл ­дү­ниеде не же­ тім?» атты өлеңінде қоғамдық психология­ның болым­сыз қатынастардан туындаған қайғы-қасіретті дәл де ай­қын бе­ре білген. Қашаған қазақ психологиясын дәл бере білу үшін оның кілті «жетім» сөзін саналы түрде қол­дан­ған. Себебі көптеген халықтардың жалпы мә­дениетінде «же­ тім» сөзі ана мен әкеден айырылған сәбиге ғана тән ұғым болса, қазақта бір қазақ бір қазаққа мейір-шапағат көр­­ сете алмаса, жаны жүдеп жетімсірей бастайды. Сол үшін қазақта ­«айналайын» мен «бауырым» деген сөздерінің орны айрықша. Қазақ көппен бірге бола алмаса жетімсірейді. Сол себепті қазақ қонақжай халық ретінде бүкіл әлемге танымал болған. Қазақ өзінің көпшілдік психологиясына орай «жалғыз жол тапқанша, көппен бірге адас» деп те бекер айтпаған. Қашаған қазақтың қоғамдық психологиясына бағыт-бағдар беру үшін, қазақты психологиялық жетімдіктен сақтандыру үшін «жетім» сөзін өлеңіне ұйыт­ қы еткен. Бұл сөз оның қазақ мәдениетін жақсы да терең білгені үшін пайдаланғаны анық. Өйткені қазақ тілінде «жетім» сөзі – мағыналық ауқымы кең ұғым. Оны ұға білу үшін адам мен адам психологиясының бағына тоқтала кетейік. Адам жаратылыс табиғатында қоғаммен өмір сүру ерекшелігіне ие. Сол себепті адам баласы қоғамнан, топтан бөлініп өмір сүре алмайды. Адам қоғамдық ерекшелігіне байланысты қоғамдық ортасында өз бойындағы ғажайып ­дарынын да, жан түршігерлік қылықтарын да, әлсіз тұста­ рын да көрсетеді. Бір көңіл бөлетін жайт, мұндай ерекшелік өзге ұлттардан гөрі қазақ халқына көбірек тән деуге болады. Себебі қазақтарға мұндай психологиялық ерекшелік оның тарихи жолымен ұштасып жатыр. Қазақ халқының мұндай қоғамдық психологиясының ерекшелігіне сәйкес қоғамдық ортаға мұқтаж, әрі сол қоғамға керектігін сездіруге мұқтаж. Міне, осыдан қазақтың қоғамға мұқтаждығы мен қажеттігі Қашаған жыраудың:

Бұл дүниеде не жетім? Кім қажетсіз болса сол жетім, – деген өлең жолдарының мәнін аша түседі. Өйткені қазақтың күнделікті тіршілігіндегі барлық жағымды да жағымсыз, нәтижелі де нәтижесіз, пайдалы да зиянды іс-әрекеті, қимыл-қозғалысы, айла-тәсілі қоғамдағы өз орнын табу болып табылады. Сол үшін Абай да: Сен де бір кірпіш, дүниеге Кетігін тап та, бар қалан – деп қазақтың сондай талпынысын меңзейді. Бұл да болса, Абай мен Қашаған жыраудың ой үндестігі, ой сабақтастығы болып табылады. Екеуі де бір нүктеге көз тігіп тұр. Тек қана екеуінің бір нүктеге екі қырынан қарап тұрғандығы – айырмасы. Олар бір мақсатқа екі қырынан қараса да, бірі-бірін толықтырушы сыңайлы. Ал, оқырман Абай кеңесіне құлақ аспай, бет алды тіршілігінен қол үзбей жүре берсе, Қашаған жыраудың әр түрлі себептермен адамның қоғамдық ортадан шеттетіліп жалғыз қалғанының салдарынан туған жағым­сыз нәти­ желеріне барып тірелетінін ұғу қиын емес. Расында қоғамнан шеттетіліп қалған адам қазақ ұғымында жетім жанның күйін кешеді. Шынтуайтына келгенде, адамдар ұжымдық тіршіліктен қаша алмайды. Сол үшін де адам адамға тіршілік ету үшін мұқтаж жан екендігін білуге тиіс. Сондай-ақ адам осы мұқтаждық пен бірге қоғамға керек жан болғанын да қалайды. Кедейлік, тағы басқа себептермен өз орнын қоғамдық ортасынан таба алмағандар өздерін қоғамға қажетсіз сезеді. Адамдар мұқтаждық пен керексіну сезімдерін қалай, қандай жолмен қанағаттандырады деген сұраққа жауап беру аса күрделі тақырып болғандықтан, ол – бұл мақаланың мақсаты емес. Бірақ материалдық кедейлікті рухани байлық пен адами сана арқылы бақылауға ала білсе, ол адам қоғамдағы өз кетігін таба алады. Ал, керісінше жүйелі жолдар арқылы дұрыс бағытын тауып, қоғамдық ор-

нына орныға алмаған адам адасу жолына түсіп кете береді. Екін­ші жағынан, қазақ баласы билік пен байлыққа тәуелді болып пенделік тәкаппарлық табиғатына сай қаншама қо­ ғамға мұқтаж адам екендігін сезе алмаса, қазақ ұғымына сай «жетім» күйін кешеді. Ол халқының қалаулысы да елеулісі де бола алмайды. Ондай билер мен байлар әділсіз қоғамдық қарым-қатынастар арқылы қоғамның соры болып, елді де жетім күйге түсіреді. Қашаған жырау ондай жағдайды: Хакімі әділ болмаса, Бұқара байтақ ел жетім, – деп жырына өзек етеді. Жалпы адам қоғамға мұқтаж. Қоғам да адамға мұқтаж. Адам өз қабілетінің шектеулі екенін ұмытпау үшін ұдайы Алла тағаланы естен шығармау керек. Өйткені тек қана Алла тағала ешкімге, еш нәрсеге мұқтаж емес. Ал, барлық жаратылыс Алла тағалаға мұқтаж. Себебі Алла тағала – бүкіл әлемнің жаратушысы. Құран Кәрімнің «Ықылас» сүресінде бұл жайлы Алла тарапынан анық та айқын айтылған. Осы тұста жырау адам мен табиғаттың да өзара байланысын ұмыт қалдырмайды. Жыраудың: Қаптаған елі қонбаса, Жайылған малы болмаса, Көкорай шыққан балқашы Жеусіз тұрып сорласа, Ел қонбаған жер жетім. Ішсең суы құрсағыңа жақпаса, Адам менен мал түгіл, Қаңғырған қарсақ татпаса, Ащы дария көл жетім, – деген жолдары адам мен табиғаттың болмысы бір-бірімен тоқайласып жатқанын нұсқайды. Қашаған жырау «Бұл дүниеде не жетім?» өлеңінде әуелі тіршіліктің үш тірегін қатарынан анықтайды. Олар: адам, қоғам, табиғат. Одан кейін қазақ қоғамының өз заманына сай салтдәстүріне орайластырып, қоғамның көңілін ардагер қа­

рияларға аударады. Қариялардың қоғамнан оқшауланып, кейінгі ұрпаққа қажетсіз болып қалған жағдайын қазақтың психологиялық ұғымына сәйкес жетімдерге балайды. Жырау: Жетпістен жасы асқанда, Сексенге аяқ басқанда, Жастар елеп келмесе, Келіп сәлем бермесе, Қайғысы келіп күңіренген, Күнінде асыл десең де, Қартайған күнде ер жетім, – деп түйіндегені де адам өмірінің бір кезеңінде көрініс табатыны шындық. Сол себептен қазақ психологиясының өзгере қоймайтын бұл түйсігіне орай әр кезеңнің қоғамы қариялар үшін дұрыс көзқараспен қабылдаған шешімдері оларды жетімсіретпейді. Өмір жолын алдыңғы ұрпаққа ерен еңбек етіп өткізген қарттар егер жаңа ұрпақтың жадында құрметке бөленіп жүрсе, алдағы қысқа өмірін жетімсіремей өткізер деген үмітпен қарттардың психологиялық ахуалы жыраудың өлең жолдарына өзек болып отыр. Өйткені адамзат өмірінің соңғы кезеңінде елеусіз қалса, тиісті сый-сияпат көре алмаса, өткен өмірінен мән-мағына таба алмай, адамдық болмысы таба болғандай күй кешеді. Елеусіз қалған қазақтың кемпір мен шалына одан артық қасірет те бола қоймас. Қашаған жыраудың қарттар жөніндегі ой сабақтастығын мына өлең жолдарында да байқай аламыз: Қырға шықса – белім деп, Ойға түссе – тізем деп, Келін менен балаға Қонақ болған уақытта, Басынан билік кеткен соң, Кемпір менен шал жетім, – Бір ғажабы жырау қазақ халқының өмір салтын, қо­ ғамдық психологиясын «жетім» сөзіне арқалатып, өлеңді айқын теңеулермен дәлдеп беріп отырады. Мәселен қа­ зақтың төрт түлікке жақын екенін естен шығармай:

Қартайса, бәсі қайтады, Қоспақтың жүгін тарта алмас, Асыл туған нар жетім. Мұнда жырау қарттыққа тағы да бір үстеме мағына жүктейді, яғни қазақ үшін өз биігінен төмендей түскенінің өзі оған жетімдік қасіретімен парапар бола алады дегенді меңзейді. Қашаған жырау адам мен қоғам, қоғам мен табиғат арасындағы психологиялық байланыстарды тереңдете келе, ел басшыға мұқтаж, басшы таққа мұқтаж екенін жыр еткен. Ол: Тақтан түскен хан жетім, Басшысыз қалған шәр жетім, – дейді (шәр: шаһар – қала, ел, мемлекет). Бұл өлең жолда­ рында жырау хан мен мемлекеттің бір-біріне қажет екен­ дігін нақтылайды. Өйткені хан тағында халқымен, елімен қауыша алады. Тақтан айрылғаны ханның елден қол үзгені болып табылады. Сондай-ақ тағы жоқ ел – басшысы жоқ ел. Басшысы жоқ ел жетім қалған ел демек. Қазақ тәрбие көрмеген адамды «бейбастақ» деуі де осындай түсініктен шығады. Басы жоқ ел бейбастақ елге айналады. Бодандық – ер үшін де, ел үшін де қасірет. Қашаған бұл жайында өз шығармасында сөз етеді. Қазақ кең сахарасында азат рухты аңсайды. Ерін де, елін де азат болуын қалайды. Сондықтан жыраудың жырында: Сатып алған құл жетім, Құлдықта жүрген ел жетім, – дегені оның да жан қалауын бейнелейді. Азаттықты аңсаған қазақ халқы үшін бодан болудан арылу арман екенін жыраудың өлең жолдарынан көрініс тапқанын, жыраудың да азат ер болу, азат ел болу биік арманы болғанын түсіну қиын емес. Елдің елдігі – оның шаңырағы. Шаңыраққа қожалық жасаған бидің бағы шаңырақтың тірегі болып келген әйел­ заттың құзырынсыз күйрейді дегенді қаперге алған жырау:

Бақыты тайған би жетім, Қатынсыз қалған үй жетім, – екенін ескертеді. Бұл да болса, қазақ халқы отбасыға, шаңы­ рықтың бекем болуына әйел басты қайнар, сенімді кепіл екендігіне сенетінін байқатады. Жырау бұл бағытта ойын ұштай келе: Азамат ерлер қайғы етер От басында жыласа, Жас төгіп сәби бір жетім, – деп жетімдік қасіретін сәбидің көз жасына, нағыз азамат ерлердің от басына деген махаббаттан бастау алған қай­ғы­ сына ұштастырады. Сол үшін де жырау қазақтарды қашан да ерлерін құрметтеп жүргенін қалайды. Жырау әрқашан қоғамды сүйіспеншілікке, мейірге, сыйластыққа үндейді: Ақырында тәрік етуге жарамас, Ерлердің еткен құрметін», – деп түйін ойын айтады. Қорыта айтқанда, Қашаған жырау өз заманының қо­ ғамдық психологиясына терең үңіле отырып, қазақ халқы өз кеңістігінде адам болып өмір сүруге тиіс екенін нақтылап береді. Адам баласының табиғатындағы психологиялық ерекшелігі оның қоғамға мұқтаждығы әрі оның қоғамға керектігі. Ал, адамдар осы екі бағытта елеусіз қалса, оның салдарынан жетімсірей жүріп бақытсыздыққа тап болады. Сондай-ақ жырау адам, қоғам мен табиғаттың тағдыры бірі-бірінен ажырамас тағдыр екенін айқындайды. Сөз соңында айтарымыз, Қашаған жыраудың шығар­ малары психологиялық, қоғамдық, саяси, педагогикалық, тілдік, көркемдік тұрғыдан қазақ мәдениеті мен әдебиетіне қосқан үлесі үшін әлі болса жан-жақты тереңдете зерттелуге тиіс демекпіз.

Бибіайша НҰРДӘУЛЕТОВА, филология ғылымдарының докторы, Ш.Есенов атындағы КМТжИУ профессоры

ҰЛТ ТӘУЕЛСІЗДІГІНІҢ ЖАЛАУГЕРІ – ҚАШАҒАН ЖЫРАУ Қазақ топырағында тәуелсіздік үшін күрес тарихының бірнеше кезеңдері, әр кезеңнің өзіне тән күрес қаруы, амаләрекеті болды десек, қазақ халқының материалдық және рухани қазынасына қол сұғып қана қоймай, сол арқылы ұлт­ тық еркіндікке шек қоюды мақсат тұтқан отарлаушыларға қарсы халық рухын оятуда жыраулар поэзиясының орны ерекше. XIX ғасырдың екінші жартысы – қазақ елінің Ресей патша өкіметінің қол астына кіріп, бірақ әлі де болса бодандықтың қамытын толық мойындай алмай, еркіндіктен айрылғанына опық жеп, өкінішпен күн кешкен кезеңімен сәйкес келеді. Бодандықтың кейінгі ұрпаққа тигізер зардапты залалын алғаш аңғарып, жырларымен зар төккен ақынжыраулардың тәуелсіздік идеясы кейінгі кеңес үкіметіне де жаға қоймағаны белгілі болып отыр. Орыстандырудың там-тұмдап етек ала бастаған белгілеріне ұлт тамырына балта шабылатын нышан ретінде шошына қараған жырауларға (Шортанбай, Мұрат, Әбубәкір т.б.) қазақ мәдениетінің кеңестік тарихында «зар заман ақындары» деген ат қойылып, «кертартпа, ұлтшыл ақындар» деп айдар тағылды. Кеңестік идеологияның салқынымен жыраулық мұра бірыңғай дидактикалық мазмұндағы поэзия ретінде талданып келді. Азаматтық, қаһармандық қыры «таптық күрес, байлар мен молдаларды сынау, жоңғарларға қар­сы

соғыс, батырлықты дәріптеу» тұрғысынан ғана тал­дан­ды. Ал жыраулар поэзиясындағы ұлттық идея, жыр­лар­дың ұлт тәуелсіздігі жолындағы күреске үндейтін, отар­шылдықты әшкерелейтін саяси, идеологиялық қыры елеусіз қалып келді. Дұрысында, «ұлтшыл, байшыл» деген қара­лауға ұшырап кетпес үшін, жыраулық мұраның саяси-идео­ло­ гиялық мазмұндағы жолдары «репрессияланды». Рухани тәуелсіздігіміздің 20 жылдық белесінде әлі де бас-аяғын жинатпай жатқан Маңғыстау жыр мектебі өкілдері қатарында шығармалары барынша мол жеткен әрі республикалық басылымдарда насихатталып жүр­ген Қашаған жырау екені белгілі. Жәдігер жырдың жоқ­шысы Қабиболла Сыдиықұлының жинақтауымен ақын өлеңдері бірнеше рет жеке кітап түрінде де жария­ ланды. Жыраудың 170 жылдық мерейтойы қарсаңында маңғыстаулық мұратанушы Ж.Жылқышиевтің күшімен қайта толықтырылып, жинақталған «Қайыртпай кеткен Қашаған» атты шығармалар жинағын баспаға әзірлеу барысында түсінгеніміз: ақынның бұған дейін ресми басылымдарда көрініп жүрген жыр-мұралары – «асылдың шашырап түскен сынықтары» ғана, ал «шын алтынның құймасы» халықтың зердесінде сақталып келген. Жырау­ дың біршама шығармаларының мәтіндері қысқартылған, өзгертілген, тіпті ресми басылымдарға мүлде енбей қалған туындылары да табылуда. Осы тұста Қашаған жырау Күржіманұлы бас­қан топырақтан түлеген қара сөздің абызы Ә.Кекілбайұлының ақынның 150 жылдық мерейтойына арнаған лебізінде: «Жыр сұңқарға неге томаға кигізілді? Жыр тұлпарға неге кісен салынды? Айтпаса да белгілі...» деген жолдары еске түседі. Жыраудың, әсіресе, дастандарының мәтіні қатты өзгеріске ұшыраған. Жыр жолдары қалып қойғаны өз алдына, біртұтас шығарманың әр шоғыры әртүрлі атпен бөлекбөлек шығармалар түрінде кездеседі. Мысалы, ақынның «Жұт жылы» дастанының үзінділері «Топан» жинағында «Жұттан кейін», «Замана халі» деп аталатын бөлек-бөлек жыр үзіктері түрінде берілген.

1900 жылы Жем өзені арнасынан асып, жағасына жақын орналасқан елді мекендерді су шайып кетеді. Адам, мал шығыны көп болады. Табиғат апатынан зардап шегіп сансыраған халыққа сол кездегі қазақ жерін уысында ұстап отырған патша үкіметінің жергілікті әкімшілігінен ешқандай жәрдем көрсетілмейді. Осы жайларды көзімен көріп, күйінген ақынның ашу-ызасы жыр болып төгіледі. Жыр бірте-бірте тереңдеп, «Топан» деп аталған дастанға айналады. Осы дастан «Топан» жинағында 335 тармақпен берілген. Жергілікті баспасөз беттерінде дастанның бір бөлігі «Топан», келесі бір бөлігі «Жем тасығанда» деп аталып, екі бөлек шығарма ретінде жарияланып келді. Кейін­ нен бұл екі жырдың тұтас бір дастан екені анықталды. Сонымен «Топан» дастанының «Қайыртпай кеткен Қашаған» атты жаңа жинақтағы толықтырылып, қалпына келген нұсқасы 534 жолды құрайды. Дастанның негізгі мағыналық шоғырлары: 1. Кіріспе. Бегім төреге арнау сөз. («Бегім төре, нәніміз, Сөзге құлақ салыңыз», – деп басталатын 23 тармақ). 2. Асан қайғының Еділ мен Жайықты тастап көшуі туралы (Күндердің күні болғанда...) 3. Өткен тарихтан мысал-үлгі айту («Ноғайлының елін­ де, Үш қиянның жерінде, Талай хандар шалқыған...») 4. 1900 жылғы оқиға тұсында қазақ жеріндегі саясиәлеуметтік жай-күйді сипаттау. («Әлеумет, пәмді ішпен сез, Асанқайғы атам айтқан сөз. Еліңді кімнің алғанын Көріп тұр шыққыр, міне, көз...») 5. Оқиғаны суреттеу («Құтырынған бір құйын Кетірді жаман ел күйін...») 6. Оқиғаның себебі мен салдарына талдау жасау, жыр­ дың түйіні. «Топан» жинағында дастанның 1-шоғыры мүлде жоқ. 2-шоғырдағы кейбір шумақтар арасындағы түсіп қалған жеке тармақтарға тоқталып жатпай, алынып тасталған тұтас шумақтарды көрсете кетсек: Күндердің күні болғанда, ­«Орыстар зорлық етер, – деп, – Жағама қолы жетер, – деп, – Еңіреп ерлер өтер», – деп, Асан қайғы бабамыз

Жерінен безіп сол үшін, Амалсыз тастап кетіпті Көк Еділ мен Ақжайық, Кең Нарынның қонысын!.. Қалып қойған келесі шумақ: Батырлар да өтті әруақты, Қанжығасы қанға малынған. Бексауытын жамылған, Дұшпаннан кегі алын­ған. Көрмесе жауын сағынған, Алмастан қару тағынған. Қамалға шауып, шеп бұзып, Жүрегін басқан қа­ бынған. Он сан ноғайлының хандығын Билігімен басқарып, Орақ, Мамай, Телағыс, Асанқайғы атам, Қазтуған – Олар да кеткен шарасыз Мынау көлденең жатқан Нарыннан. Өлең жолда­ры Асанқайғының Еділ, Жайық, Нарынды тастап көшу тарихын, себебін баяндайды. Дастанның ең көп қысқартылған бөлігі төртінші мағы­ налық шоғырда. Ақын «Асанқайғының болжап айтып кеткені шынға айналды, соны шыққыр көзіміз көрді» деп күйіне сөз етіп отырғаны – Ресей патша үкіметінің қа­зақтың жерін шындап жаулай бастаған тұсы. Жем мен Жа­йықтың бойындағы қорғасындай балқыған құйқалы жер, Жайықтың исі аңқыған бекіресі талайдың арманына айналып еді. Сарытау, Самар, Қазанның саудагерлері мен келімсек қоныстанушылары, Хиуаның саудагер сарттары ағылып келіп, олжаға белшесінен батып, ақшаны сарайлап жинап, елдеріне тасушы еді. Сол келімсектер тойынғасын «құдайларын» ұмытып, жергілікті елді көзіне ілмей, кемсітіп қорлауға айналды. (Жем мен Жайық құт еді, Тарқамас базар-дүкені. Берекелі қазаным, Қызығы кетпес базарым, Ақ шуақты ажарым. Кешіп жатыр басынан Келімсектер мазағын). Халықтың қазанына қол сұғып, өз несібесін өзіне татырмады (Сарытау, Самар, Қазаннан Келгеннің қызық көргені, Тастары өрге өрледі. Бектерімді баяғы, Есіктегі, аяғы, Құлы құрлы көрмеді. Билеп ап судың балығын Бұқара байтақ халықтың Жеуіне де бермеді...). Қазақтың мүддесімен ешкім санаспады, бас көтерсе, жазаға тартты (Бас көтерген қазақты Пәлеге тартты кесектеп). Бір кездерде қазақты «қой баққан надан ел» деп менсінбей, қазақтың жеріне аяқ басуға жиренетіндер енді басқаша сайрап жүр (Сахыраның елі шашық деп, Баруға алыс-қашық деп, Шаңды-аяқ елге бармайық, Бара алмаспыз асып деп... Жоламаушы еді әуелде. Бүгінде басқа сайрап жүр, Тор-

тұзағын сайлап жүр «Зердесіз елдің байлығын Қарпып қалуға асық» деп...). Бұл келімсектер қазақтың байлығына сұғынғаны аздай, енді елдің рухани болмысын бүлдіруге әрекеттенуде. Алдымен елдің жүрегін жадылап, арамза ­молдалары келді (Ноғайлар тапқан жан-айла, Указной молдалар Өп-өтірік құдайлап). Артынан елдің санасын тұмандатып, есінен адастыратын арағы мен темекісі қоса жетті (Қалаға келген билері Арақ ішіп, елірді. Кеудесі бұған семірді, Папиросы шегулі...). Тентек-тебірін қазы мен билердің алқасына салатын салтымыз аяқасты боп, түрме деген сұмдығы шықты (Тентек қылса бір қазақ, Түрмеге барып маталды). Қазақтың сөзін сөйлеуге тиісті бай-мырзаларын арзан қызықпен алдап-сулап, басын айналдырып қойды (Қайырсыз кілең қаста бай Айдаған малға қуанып, Қой-қозыға жұбанып; Қалалы жерде мырзасы Қос арғымақ пар жегіп, Тарантас арба туарып, Кәршөндікке қамалып, Шалқыды талай мас болып, Нәпсісін ылайға суарып...). Бұған дейінгі жарияланымдарда нәпсісін шайға суарып түрінде беріліп келген тіркес жаңа нұсқада нәпсісін лайға суарып болып түзетілген. Біздің ойымызша, ақынның лай деп отырғаны арақ болса керек. Қаладаға мырзалар кәршөндікке қамалып шай емес, арақ ішетіні түсінікті. Шалқыды талай мас болып деген тармақ та лай (арақ) сөзіне меңзейді. Арақ – адамның санасын лайлайтын жағымсыз, лас сұйық ретінде образдалып беріліп тұр деп түсінеміз. «Топан» жинағында төмендегі шумақтар жоқ: Бес күндік дәулет мас қылып, Болмайтын іске бәс тігіп, Дұшпанға артын аштырып, Жақсыны жаман табалап. Бәледен бәле балалап, Көбейді хабар жаманат... Сарттан болды молдасы, Шайтан болды жолдасы.

Құл-құтанға қор болды, Азамат ердің ордасы. Алла деген артық бақ, Бұрынғы өткен заманнан, Қызыл тілім, сайрасаң, Оқиғаларды айтып бақ. Жастабан, Шарға, Келдібай – Таз деген туыс жұртымның Жүрегі жаман шайылды-ақ. Байұлының ішінде Білікті қарттар қайымдап, Білген екен пайымдап. «Су тасады жымдай» деп, «Байтақ жатқан халыққа Бәле келеді мұндай» деп. Алты күн бұрын өтулі Елі-жұртын аралап, Айтқан екен шамалап: «Елді бүлгін шалад» деп «Топан су тасып ағад» деп. «Бәле келед тұлданған Кер заманға қырындап, – Айдың басы қауіп» деп. Білікті шалдар айтыпты Оқиғадан бұрын-ақ. Тыңдаған бірақ жан бар ма, Шалдардың сөзін ырымдап? Адамзаттың азғындауының белгісі: тәубе, шүкір, қанағат деген кісіліктің үш критерийін ұмыту. Алланы ауызға алмау. Бәленің белгісін болжаған даналыққа құлақ аспау. Міне, қаншама жанды жалмаған қасіретті оқиғаның себебі. Алланың құдіретін жария ететін жолдар міндетті түрде қысқартылып не өңі айналдырылып, өзгертілген. Мысалы: «Салих құлын бір Алла От ішінде сақтар» деген сөз Көнеден жеткен ақпар-ды. Бітіне, бұзық көбейіп, Хаққа қарсы іс қылғасын, Қайсысын аман сақтар-ды.– деген жолдар бұрынғы нұсқада: «От ішінде сақта» деген сөз

Қайсысын аман сақтады. – түрінде құйрық-жалы күзеліп ұсынылған. Бірінші нұсқасында: «Салих (адал) құлын Алла от ішінде де сақтайды деген көнеден жеткен қасиетті сөз бар еді, бірақ адамзат күнаға шексіз батып, Хаққа қарсы іс қылғасын Алла оларды жазалады» деген ұғымды берсе, қысқартылған кеңестік нұсқасы «от ішінде сақта деген сөздің жалған екені осыдан көрінеді» деген ойға меңзейді. Ақын осыншама жазықты-жазықсыз адамды жалмаған апаттың сырын «табиғаттың мылқау күшінен» емес, адам баласының өзінің ішкі болмысынан іздейді. Адамның рухани азғындауына, пейілінің бұзылуына орай жіберген Алланың жазасы деп ұқтырады. Жырдың ресми мәтінінде осы ойларды айғақтайтын жолдар түсіп қалған: Асылың шикі топырақ, Асылы топырақ болған соң, Адамның ісі ғапыл-ақ, Өлмейтіндей көргенмен Адамға ажал жақын-ақ. Өлерін адам білгесін Төсекке түнде кіргенде Иманыңды айтқан мақұл-ақ. Алласы түспей ауызына Сөйлемек жаман шатынап. Тәубаға кел тірлікте Құдайға жылап аһылап. Ақыреттің қайығын Бір мінгесін ылаулап, Келмегің қиын қатынап. Ізіңді бағып шайтан жүр, Қалт жібермей бақылап... «Ресми мәтіндегі» «кеңестік түсініктің» немесе «кеңес­ тік түсінбеушіліктің» салқыны тиген өлең тармақтарын көрсете кетейік. «Ресми нұсқасында»: Ғаламат мұндай тұс болды, Азғындар азып мыс болды. Әлпештеген арудың

Кеудесіне қара құс қонды. Ауызша жырланған нұсқасында: Ғаламат мұндай түс болды, Алтындар азып мыс болды. Қызылдан киім киінген, Мамықтан төсек жиынған Әлпештеген арудың Кеудесіне қара құзғын құс қонды. «Қызылдан киім киіну» мен «мамықтан төсек жиыну» образы «әлпештеген арудың» қаншалықты аяулы екендігін, соның ішінде арудың қазақ деген ұлттың дүниетанымындағы, болмысындағы орнының ерекше екендігін, сөйтіп әлпештеген аруыңның – ұлтыңның болашақ анасының – кеудесіне жай қара құс емес, қара құзғын құстың қонғанын (құзғынның өлексеге қонатынын ойласақ) сол арқылы қазақ ұлтының басына түскен ахуалдың қаншалықты қасіретті екендігін меңзеп отыр. Сондай-ақ, «ресми нұсқадағы»: Малынан пайда көрмеген, Қанағатсыз Қарынбай, Барын жоқ деп құрынған. Жұлдызды жатқа санасақ, Қисап етіп қарасақ, «Мың тасқанға бір тосқан» Бар емес пе еді бұрыннан?! деп берілген жолдардың ауызша жырлаудағы нұсқасы әлдеқайда терең әрі жүйелі деуге болады: Малынан пайда көрмеген, Қанағатсыз Қарынбай, Барын жоқ деп құрынған. Табалап оны қайтейін, – Құдайдың торы құрылған! Өнеге үшін айтамын, Кейінгі туған жас бала Таймағай деп жол мен ырымнан.

Жұлдызды жадқа санасақ, Хисап етіп қарасақ, «Мың тасқанға бір тосқан» Бар емес пе еді бұрыннан?! «Табалап оны қайтейін, Құдайдың торы құрылған!» деген жолдар жыраудың өкініші мен шарасыздығын танытады. «Жұлдызды жатқа санау» дегеннен гөрі «жұлдызды жадқа санау» тіркесі қисындырақ тәрізді. «Жад» – араб­ тың «ес» ұғымындағы сөзі десек, «жұлдызды жадқа са­ наудың» мағынасы «халықтың өткені мен болашағын жұлдыздарға қарап, болжап, есептеп отыру», қазақ халқы­ ның астрономиялық қабілеті туралы айтылып тұрған болу керек деп ойлаймыз. Сонда «жұлдызды жадқа санау» тіркесін: «жұлдызды халықтың жады деп санау, есептеу» ұғымында алу керек болады. «Ресми басылымнан» сусып түсіп қалған жырдың ендігі бір қомақты шоғыры – «пікір ету» мен «тәубаға келу» идеясын насихаттайтын діни мазмұндағы өлең жолдары: Және бір мысал айтайын: Әзіреті ер Ғали: «Тұтқасы болса ұстайтын Қара жердің қабатын Қозғар едім», – деп еді. Көңілін Алла семдірген – Сол сөзінің себебі. Дәуіттің ұлы Сүлеймен Он сегіз мың ғаламға Патша болып ол тұрған. Нұры суға түскен соң Патшалықтан айырылып, Бұқарашылық жол қуған. Өтірік айтып тайсалман, Наданның сөзін айта алман, Айырма, Алла, тағаттан. Хақ жолға баста, Жаратқан! Дәуіттің отыз ұлына

Әзірейіл құрық салғанда, Бәрін жинап алғанда, Арасы алыс болмапты Анығы жалғыз сағаттан. Перғауын патша зор болған, Шайтанға құлқын билетіп, Зұлымдықты мол қылған. Тәккәпарлық еніп көңіліне, Мөлшерлі күні мұны да Ніл дария жұтып қор қылған. Қазинесі көп Алланың, Фазылынан шет қалмаң. Алласыз іс қылам деп, Пайда бермес мақтанған. Менмендіктен қайыр жоқ, Арам қан жиып көңілге, Көкірегі таттанған. Адамзатқа сол керек – Құдайдан қорқып сақтанған. Тәкәппар мен менменнің Пиғылына тап келіп, Осындай рет көп болған. Мейлің патша, мейлің құл, Өлшеулі сағат соққанда Бәрі де соның жоқ болған. Жан жаратқан Алланың Кеңшілігіне тап болар Тәуба мен шүкір еткен жан... Патшалығынан айрылған Дәуіттің ұлы Сүлеймен, отыз ұлы бір сағаттың ішінде көз жұмған Дәуіт, Әзіреті ер Ғали – Алланың көзі түскен пайғамбарлары болса, қауымымен бірге Ніл дарияға жұтылған Перғауын – кә­ пір­лердің патшасы – бірі көңіліне сәл болса да күпір ой келгендіктен, енді бірі Аллаға жақпас іс қылып, менмендік, жауыздық іс қылғандықтан, қатерге ұшырады. Әрқайсысы бір-бір қиссаға азық болатын оқиғаларды Қашаған жырау тәптіштеп баяндап жатпаған. Қара күштің иесі Әзіреті ер Ғалидың жауыздардың қолынан мешітте өлтірілуін

«көңілін Алла семдірген» деп ишаралайды. 18 мың ғаламды билеген Дәуіттің ұлы Сүлейменнің пері қызының сөзіне еріп, құстарға қиянат жасамақ болғаны үшін патшалықтан айырылуын «нұры суға түскен соң, патшалықтан айырылып...» деп береді. Оның себебі – біріншіден, бұл оқиғалар Қашағанның өмір сүрген кезеңінде кез-келген қазақтың баласына көзін тырнап ашқаннан тыңдап өскен қиссалары арқылы таныс болатын; екіншіден, жырдың прагматикалық мақсаты (әсерлілігі) үшін оқиғаларды тізбектеп жату маңызды емес, сол оқиғалардың салдарын, ұрпаққа сабақ болатын өнегесін айту маңыздырық болса керек. Жырдың концовкасындағы қорытынды ой – ақынның өзін де, елін де жұбатып айтқан жолдары «ресми басылымда»: Кейіндегі бозбалалар, Налымаңыз, шырағым, Күндердің күні болғанда, Көк дария көл болса, Бай мен жарлы тең болса, Суда – балық, қырда – егін, Бәле-бәтер жоқ болса, Диқаншылық көп болса, Талаптың күші сел болып, Кетерсіз-дағы ел болып. Ауызша жырлаудан жазып алынған нұсқада: Кейіндегі бозбала, Налымаңыз, шырағым, Әлі де Құдай оңдаса, Күндердің күні болғанда, Көк дария көл болса, Бай мен жарлы тең болса, Суда – балық, қырда – елік, Бәле-бәтер жоқ болса, Диханшылық көп болса, Талаптың күші сел болып, Алладан болып кеңшілік,

Пендеден кетпей кемшілік, Талабың еткен жөнделіп, Кетерсіз-дағы ел болып. Қарайтылып берілген жолдар – Алла атымен байланыс­ ты ой оралымдары – «ресми басылымда» жоқ. Сондайақ, «суда – балық, қырда – егін» тіркесі «суда – балық, қырда – елік» түрінде айтылған. Судан балық аулау, қырдан аң аулау, өзеннің бойына егін салу («диханшылық көп болса») – қазақтың үш түрлі күн көріс көзі меңзеліп тұр деп түсінеміз. Жақында Түркияның Кайсери қаласындағы Ержиес университетінде өткен Азия тілдері мен әдебиеті халықаралық симпозиумына қатысып, «Маңғыстау жыраулары поэтикасындағы «шынайы адам» концептісі» тақырыбында баяндама оқыдық. Үнді, араб, қытай, жапон, корей, иран, түрік т.б. азия елдерінің түкпір-түкпірінен жиналған ғалымдар түрік тілінде оқылған баяндамамызды өз тілдеріндей түсініп, сұрақтар қойып, пікір білдірісті. Әлемдік ағылшын тілімен иық тірестіріп, симпозиумның негізгі тілі болған туыстас түрік тілінің мәртебесіне қызыға да, қызғана да қарап, беделді аудиторияларда кіріспе сөздің деңгейінен әрі аса алмай жүрген өз тіліміздің жа­ йын ойлап қамығып тұрғанымызда, Түркияның Кония қаласындағы Селжүк университетінің профессоры, доктор Әли Темізелдің үзіліс уақытында баяндамамыз үшін алғыс айтып, «қазақтың саны 15 млн емес, қазақтың саны – 800 млн, себебі: барлық түркі жұрты – қазақ!» – деген лебізі мәртебемізді аспандатып тастағандай болды. Түркияның бірнеше жоғары оқу орындарында дәріс оқитын беделді ғалым Ержиес университетінде қазақ филологиясы бөлімін ашуға күш салып жүрген көрінеді. Қазіргі кезде осы оқу орнында бірнеше түрік студент-жастары қазақ тілін үйреніп жүргенін білдік. Әсіресе, түрік тіліне аударылған жыр жолдары түрік бауырларға қатты ұнады. Қорыта айтқанда, Қашаған Күржіманұлы шығарма­ ларының мәтіндеріндегі «репрессияланған» шумақтардың дені діни-идеологиялық және саяси астары бар жыр жол-

дары деп батыл айта аламыз. Мұсылман дінінің кісілік қағидаларын насихаттап, үлгі етіп қана қоймай, қазақтың ділі мен дініне қол сұға бастаған саяси-идеологиялық күштердің арамза әрекеттерін әшкерелейтін ақынның жан айқайына құрылған шумақтар «кеңестік цензурадан» өтпейтін болғандықтан, азаматтарымыз амалсыз қыс­ қартуға, өңін өзгертуге мәжбүр болған. Кейбір тұстарда тәуекелге барып, сыналап енгізіп те отырғаны байқалады. Кеңестік империя билік еткен 70 жылда қазақ халқының рухани дамуының ұлттық сипаты тоқырау кезеңін басынан өткізді. Әсіресе ұлттық тілдің қолданыс аясының тарылуы, қазақ тілін білмейтін ұрпақтың саяси-қоғамдық аренада басымдыққа ие болуы, қазақ ұлтының болашағына деген сенімсіздіктің етек алуы ұлттың рухани дағдарысқа ұшырауына жеткізді. Бұл дағдарыстың нәтижесінде баба­ лар танымы мен кейінгі ұрпақ танымының арасындағы байланыс үзілді. Сондықтан жыраулар поэзиясы жас ұрпаққа ақыл-кеңес, өсиет айтудан әріге бармайтын құрғақ дидактика немесе заманы өткен байлар мен батырларды мақтайтын мадақ жырлары ретінде ғана танытылып келді. Дегенмен адам баласының түпкі санасында сақталып қалған, сол адамның өзі де байқай бермейтін оның болмысымен бірге жаратылған ұлттық діл қандай да бір мезгілі туғанда жарып шығары сөзсіз. Әр жерде жұлым-жұлымы шығып, шашырап қалған жыр үзіктерін қайта жалғап, бағзы қазақтың рухани ке­ ңістігін қазіргімен жалғастыру – XXI ғасырдағы ұрпақтың пешенесіне жазылған тәрізді. Тәуелсіздік туымыздың астында қалпына келіп, алқалаған әлеуметімен қайта қауыш­қан, қай заманмен де үндесе алатын, өзектілігі өшпейтін оймен өрілген жақсыдан қалған жәдігер жырдың жаңа ұрпақпен қауышуы мәңгілік болғай!

Нағбду ҚАМАРОВА, филология ғылымдарының кандидаты, доцент, Ш.Есенов атындағы КМТжИУ проректоры

ҚАЗАҚ ЖЫРЫНЫҢ КӘУСАР БҰЛАҒЫ XІX ғасырдағы қазақ әдебиетінің Дулат Бабатайұлы, Шортанбай Қанайұлы, Мұрат Мөңкеұлы, Әбубәкір Керде­ рі, Базар Оңдасұлы, Қабан Асанұлы, Құланаян Құлмамбет, Бөлтірік Атыханұлы сынды көрнекті өкілдерінің қатарында қазақ әдебиеті тарихында айшықты із қалдырған саңлақ, жыр дүлдүлі Қашаған Күржіманұлының орны бөлек. «ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың бас кезінде өзінен бұрынғы Абыл мен Махамбет қалыптастырған дәстүрдің нәрлі өнегесіне қаныға, оны ілгері дамытқан әйгілі ақпа ақынның» [1, 3] биыл туғанына 170 жыл толып отыр. Қашаған жалпы тарихты, ел шежіресін жете зерттеп, жетік білетіні оның жыр толғауарынан айқын көрінеді. «Адай тегі», «Атамекен», «Топан» атты толғау дастандарынан халықтың көне тарихы көз алдыңа келеді. Қазақ бір деген ел едік, Қайырлы халық атанған, Өсіп-өнген қатардан. Үйсін, Арғын, Алшын деп, Үш жүз болып атанған [2], – деп ел шежіресінен сыр шертуі бөлек тақырып. Қашаған – екі ғасырдың куәсі, екі елдің тумасы болған ақын. Ол 1841 жылы түркімен жеріндегі Ташауыз қаласының маңында дүниеге келген. Әкесі ауқатты адамдарға жалданып, малын бағып, отын жағып дегендей, маңдай терімен отбасын асыраған қара қасқа кедей кісі болған. Ауыр еңбек, азапты

тұрмыс титықтатып, әкесі өмірден ерте өткен соң, оның жалшылық қамыты бұғанасы қатпаған болашақ ақынның мойнына түседі. Сондықтан ол да жастайынан иіні жаншылып, жұмыс істеп, жетімдіктің де, жоқшылықтың да зарын тартып өсті. Алайда жүрегі отты, жігері қанатты намысқой бозбала қарапайым халықтың еңбегін жеп, шылқы майға бөккен байларға онша қыр алдырмай, өткір сөзімен, уытты тілімен олардың зымияндығын әшкерелеп, алмас жырымен бетін қайтарып тастап отырды. Ұзамай оның ақындық өнері төңірекке түгел танылып, жалынды жырынан айбынған жергілікті алпауыттар одан құтылғанша асықты. Қыр соңына түсіп, табан ізін аңдып қоймаған соң, намысқой ақын атажұртын іздеп, Атырау бойындағы қалың адайларға көшіп келіп, ел-жұртын кәусәр жырымен суғаруға кірісті. Қуана құшақ жайып қарсы алған қандастарының арасынан Қашаған көп достар тапты. Әсіресе, оның күй атасы, сол кезде-ақ дәулескер күйші ретінде атақ-даңқы алысқа жеткен Құрманғазымен достығы аңызға айналады. Қашаған ақынға әруақты сөз біткенімен, мал бітпеген қара табан, жарлы-жақыбайлау кісі екен. Бірде жалғыз бұзауы өрістен келмей қалып, соны іздеп шығады. Бірақ таба алмай адасып, жаңадан келіп қонған бір бай ауылға кезігеді. Бұл ауыл Қашаған атына қанық болғанымен, жүз­ бе-жүз танымайды екен. Шет жақтағы үлкен ақбоз үйге келіп кірсе, бір-екі әдемі киінген сырбаз жігіттер табақты ортаға алып, тамақ жегелі жатыр екен. Бірақ шаршап, шалдығып келген, өңі де, киімі де жүдеу ақынға үй иесі бай да, бәйбіше де «жоғары шық» деп айта қоймайды. Ол амалсыз төменгі жаққа отыра кетеді. Байдың жаратпай қалғанын сезсе де, сыр білдірмей жоқ қарап жүргенін айтады. Отырғандар: «Сонда бұзауды осы үйдің ішінен қарағалы келдің бе?» – деп келемеж етіп, күліседі. Қашаған табан астында: Бұзауым, қайда кеттің құмалақтап, Отырмын міне мен де шығанақтап. Құдағай қолыңды жу демеген соң, Табаққа қол салмадым сұғанақтап.

Бәрінен жоқ қараған жаман екен, Көңілің қарайғанға алаң екен. Қор болды-ау кіші жүздің Қашағаны, Сол бұзау бізді есіне ала ма екен?..– деп төкпектете, тағы да тамағын бір кенеп қалып, айтуға оқталады. Сонда үйдегілер үрпиісіп, ұшып-ұшып тұрып: – Ойбай, Қашеке, «танымасын сыйламас деген», біл­ мей, жүзіқара болып қалдық, – деп, оны зорлап көтеріп апарғандай төрге шығарады. Қонағасы қайтадан басталады [3, 27]. Халық арасында дәл мұндай мысалдар өте көп кездеседі. Хатқа түспей, қағазда басылмай ауызша тарағандықтан ұмытылып қалғандары қаншама! Қашаған поэзиясынан ақын өмір сүрген ғасырлар сырын, халықтың салт-санасын, ой-өрісін, тілек-мақсатын айқын аңғарамыз. Өйткені ақын толғауларынан халықтың небір нәзік сырлары, мұң-мұқтажы, қайғы-қасіреті, қуанышсүйініші, келер ұрпаққа айтар өсиеті, тәрбие тағылымы өзекті орын алады. Ақын барша жұрты бай, кедей деп бөлмей, адамгерші­ лікке, бірлікке, бауырластыққа баулуды қажет деп санады. Оның ойынша, адамның мінез-құлқы жақсы болуы үшін айналасындағыларға жанашырлық ізгі жүректілік білдіруі, қамқоршы болуы қажет. Өзіне қажетті игіліктерді жасауда адамдар бірлесіп, қоғамдасып, бауырмалдық іс-әрекет жасауы керек, сонда ғана бақытқа жетеді, басына бақ қонады деп білді. Бүкіл халқының қамын ойлауы, елді берекелі бірлікке, шынайы достыққа, адал еңбекке шақыруы, сол замандағы прогрессивтік маңызы зор гуманистік көзқарас еді. Қашаған ақынның айтқан тәлімдік-тәрбиелік ойлары мен тұжырымдары бүгін де жас ұрпақ тәрбиелеу үрдісінде өзіндік мәнін жойған жоқ. Ақын сомдаған батырлардың тұлғасы олардың психология ерекшелігі мен жан дүниесін асқан шеберлікпен суреттейді. Батырлардың бейнесін, ерлік істерін дәріптей отырып, жастарға үлгі-өнеге етеді, үстем тап өкілдерін қатты сынға алады. Жастардың бойында адамгершілік, елжандылық қасиеттерді дәріптейді. Қазақ жырауларының

қай-қайсысын алсақ та, жыр-толғауларында айтылатын негізгі идея – ел бірлігін, өз отанын сүю, оны сыртқы жаулардан қорғау, батырлығы мен ақындығы сай келетін, сол кезеңнің өзекті, маңызды мәселелерін жырлай отырып, аз сөзбен көп мағына беретін толғауларының жас ұрпаққа тәлімдік-тәрбиелік, тағылымдық ерекше. Елінің болашағының жарқын болуын аңсаған ақын Қашаған ақын шығармаларының халыққа берер пайдасы мен құндылығына, өлең-толғауларының өзіне тән иірімдеріне назар аударылды. ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасыр басындағы көрнекті ақындарының қатарынан орын алатын Қашаған ақын мұрасы әлі талай зерттеулерге жүк болары сөзсіз. Адамның, заманмен қатар табиғаттың өзгеруін ақырза­ манның белгісі етіп көрсету біршама ақындарға тән. Профессор Б.Омаровтың сөзімен айтсақ: «…зар заман ақындары өздері азды-тозды деп есептеген кезеңдегі та­ биғат апаттарын ақырзаманның хабаршысындай көреді» [4, 109]. Әбубәкір Кердері мен Асан Барманбекұлының Жетісу өңірінде болған жер сілкінісінен секем алып, ой толғауы, қырғыздың зар заман ақыны Молда Қылыштың өз жеріндегі алапат апат жайында арнайы дастан жазуы – осындай түсінік-танымның нәтижесі. Сол сияқты Қашаған Күржіманұлын зар заман әдебиетінің негізгі өкілі санамасақ та, «Топан» атты жырын дәуірлік маңызы бар эсхатологиялық шығарма деп қабылдаймыз. Жырда бұрынғы заман мен қазіргі заман салыстыра егіздеу тәсілімен суреттеледі. Ноғайлы дәуірінің трагедиясынан басталған жырда ақын сол заманға шегініп, тарихқа те­ реңдейді. Одан әрі жырда уақыт пен кеңістік өзгереді де, ақын алдыңғы кезекке жаңа кезеңнің жай-жапсарын жинақтайды. Дастанда Жем аяғындағы жәрмеңкеден несібесін молайтқан сауда жасаушылар тойынып, ештеңені менсінбеуге айналады. Ә.Кекілбаев ол туралы былай деп жазады: «Қашаған адамдармен емес, ерді – қор, елді сорлы қылатын кесірлі қылық, кесапат құлықтарымен – рухани кеселдермен алысқан. Соның бірі – адамды парықтан,

халықты парасаттан айыратын астамшылық, көрінгеннен көзақы алатын желікпелік, өз қасиетін қастерлемей, өз­ ге­нің қасиетіне өліп-өшетін рухани шайпаулық. Қай ха­лықтың да жерін тәрік, өзін ғаріп қылатын осы індет. Бұл ретте ақынның ел аузында үзік-үзік күйде сақталған «Жем тасығанда» дастанының орны ерекше. Есіктен кіріп, төр менікі дейтін баса көктеу, өзіңдікін өзіңе бұйыртпау, азған адам, тозған табиғат, тоз-тоз халық, сол тозғанның үстінен атақ алып, абырой тапқан, дәулет тауып, мал жиған арсыздық – ұлттың іріп-шіру трагедиясын баяғы зар заман әдебиетінен де өткір, уытты, ызалы толғайды» [5, 3]. Ақын: Көп болды сондай тасқандар, Әлдерін білмей асқандар. Пиғылынан солардың Қабыса жазды аспан, жер [2], – дейді. Зерттеуші Қ.Сыдиқов бұл шығарманың ақынның өзі куә болған оқиғаның желісіне құрылғанын дәлелдейді [1, 6]. Ақын бұл нәубетті тылсым табиғаттың адуын мінезінен таниды. Топаннан жұрттың жаппай қырылуын жаратқанның жіберген бұйырмысындай баяндайды. Бұл жырға әйгілі Құрманғазы «Көбік шашқан» күйін шығарған. Ілияс Жансүгіровтің осы аттас поэмасы аяқ­ талмай қалған. Шашқанда күйден көбік Құрманғазы, Қашаған жырдан төккен маржан дүрді, – деп өз бағасын берген. Ақынның жанын жегідей жеген өз қара басының қамы емес, қалың қазақ халқының ащы зары мен толассыз мұңы. Қашағанның «Есқали сұпыға айтқаны» – надан молдаларды сынаған, қасиетті домбыраны, өнерді қорғаған тамаша шығармасы. Надан, сараң сұпының қылығы кек­тен­ дірген Қашаған домбыраны қолына алып, жырды төгілте жөнеледі. Бұл төгілген жыр ғибраты мол жыр болады. Ақпа-төкпе дарынына қоса Қашағанның білімдарлығы аңғарылады. Надан сұпыны әбден сынап, масқаралайды.

Ақылы бар, милы адам Азамат ерге тек дейме, Қонағын келген кет дей ме?! – деп қонақ күте алмайтынын бетіне басса: Келе сала, сұпыеке, Домбырамды боқтадың. Домбырамды боқтасаң, Өзімді басқа соққаның, Сұпылығың қай жақта, Шын тентекке ұсадың [2, 34], – деп домбыраны боқтаған надандығын, дүмшелігін аямай әшкерелейді. «Қу ағаштың» қадір-қасиетін асқан бі­ лімдарлықпен жырлап, ағаш деген киелі зат екенін, оның зұлпықардың қынабына сап, әруақты ерлердің садағына жақ, батырлардың найзасына сап болғанын, дариядан өткенде пырақ, қараңғыда жарығы шырақ, жетім менен жесірге қуат болғанын қадап-қадап айтып, соны білмей тіл тигізген дүмшенің жер-жебіріне жетіп жер қылады. Жыр өте жеңіл оқылып, тез жатталып қалады. Кілең нақыл сөздерден құралған жырда ғибратқа толы жолдарды оқыған сайын жаттанды мақалға айналып кететіні ақиқат. Мәселен, төмендегі жолдар тілге жеңіл тиеді: Жақсының сөзі майдадай, Жаманның сөзі найзадай, Жақсыдай болу қайдағы– ай?! Қас жаманның үйінен Жақсының артық моласы. Панасына түнеп қайт, Бойыңа боран жоламас. Жаманның көңілі шат болар Әйелімен кеңесіп, Көжесін ішсе оңаша. Саналыға сөзім тыңдалған, Санасыздың белгісі – Пайдалы сөз айтсаң, бұлданған [6, 94]. Ақынның басқа да жырларынан ғибратқа толы нақыл­ дарды молынан ұшырастыруға болады: «Қыздай түсің

кеткен соң, Қырмызы кию не керек. Бұл өмірдің мысалы, Кешегі көрген бүгін жоқ, Ұшып кеткен көбелек» немесе «Бұл дүниеде не жетім? Кім керексіз болса сол жетім. Хакімі әділ болмаса, Бұқара байтақ ел жетім. Басшысыз қалған шәр жетім. Бақыты тайған би жетім, Қатынсыз қалған үй жетім. Сатып алған құл жетім, Құлдықта қалған ұл жетім»; «Рақатын көрмей жиған мал, Ұйқыда көрген түс «деген»; Жетпістен жасы асқанда, Сексенге аяқ басқанда, Жастар іздеп келмесе, Келіп сәлем бермесе, Күнінде асыл десең де, Қартайған соң ер жетім». Қашаған Күржіманұлының поэзиясы ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасыр басындағы өмір шындығын көркем шындыққа айналдырғандығымен, қазақ халқына жүргізілген отарлау саясатын ащы тілмен сынауымен, тәуелсіздік идеясын көтеруімен құнды. Ақынның бейнелі образ жасауы, өлеңдерінде көркемдік құралдардың көптеп қолданылуы ақын шығармашылығының көркемдікэстетикалық жетістігі. Қ.Сыдиқов, Х.Сүйіншәлиев [7], Ж.Тілепов, А.Шәріп [8], М.Қосымбаев, А.Бүркітбаева және т.б. зерттеушілердің арқасында шығармалары ғылыми айналымға түсіп, ақын туындылары халық игілігіне қызмет етті. І.Шыртанов, А.Әбдіров, С.Назарбекұлы және т.б. ағаларымыз жоғалт­ қанымызды түгендеп, Қашаған ақынның да шешен сөздерін жинап, ел игілігіне ұсынды. Қашаған өлеңдерінде надан, дінбұзар, дүмше молдалар мен сараң байларды аяусыз әшкерелеп («Есқали сұпыға айтқаны», «Оразалыға»), адамгершілік, ізгілік қасиеттерді («Берекет ақынға», «Сақыпқа айтқаны»,) дәріптейді, елдік пен ерлікті, халық мұратын («Ізім шайырмен айтысы», «Із­ басқа айтқаны») жырлайды. «Атамекен», «Топан», «Адай тегі», «Әзірет Ғали» дастандарында халықтың көне ше­ жіресі мен тарихын, Атырау өңіріне үлкен қасірет әкел­ген табиғат апатын толғайды. Қашаған заман сырын сезіне ал­ ды, халық келешегіне сенді, әйел-ананың қоғамдағы рө­лін түсінді, дүниенің мәңгі дамуда екенін, уақыттың өтпелілігін ұғына білді. Ол халық тарихын, дін-шариғат қағидаларын

мол білген. Әйгілі жыраулар дәстүрімен толғайтын ақын «Қырымның қырық батыры» деп аталатын жырларды ел арасына таратқан. Қашаған ақын шығармалары мерзімді баспасөз беттерінде («Әдебиет майданы», 1935, № 6, 7578 б., «Батыс Қазақстан», 23.ІХ.1964, № 227, т.б.) және «Ертедегі әдебиет нұсқалары» (Алматы, 1967), «Ақберген» (Алматы, 1972), «Өсиет наме» (Алматы, 1982), «Үш ғасыр жырлайды» (ІІ том, Алматы, 1984), «ХІХ ғасырдағы қазақ поэзиясы» (Алматы, 1985), «Бес ғасыр жырлайды» (Алматы, 2-том, 1984, 1989) жинақтарында жарияланған. «Сараң сұпыға», «Ұзатылып бара жатқан қызға берген батасы» – Жетібай елді мекенінің тұрғыны, Қашаған ақынның немере інісі Көшен Өсербаев айтуы бо­йынша және жазушы Қажығали Мұханбетқаливтың ел аузы­нан жинаған нұсқасы бойынша жарияланып жүр. «Нұрым мен Қашаған айтысының» толық нұсқасы 1968 жылы Гурьев облысының Ембі ауданында тұратын шежіреші, жыршы Қайшыбай Боқановтың айтуынан жазылған. Қазақ ССР Ғылым академиясының Орталық ғылыми кітапханасы қорында айтыстың екі үзіндісі сақтаулы (398-папка, 95-97 б., жинаған И.Ұйықбаев, 40-і папка, 2-дәптер, 17-20 б.). «Атамекен» жыры алғаш «Ақберен», кейін «Үш ғасыр жырлайды», «Бес ғасыр жырлайды» жинақтарында жария­ лан­ды. Ақынның інісі Қ.Өсербаев 1928 жылы ақынның өз айтуынан үйренген. Ерлер мінген сәйгүліктерді сурет­ теудегі «Ебейдей төсі салынған, Егеудей тісі жанылған. Шеңбердей белі бүгілген, Еңіреудей көзі үңілген», – деген жолдар Маңғыстау қазақтарының ауызекі тілін зерттеуші, филология ғылымдарының докторы Сапарғали Омарбеков жинаған деректер бойынша толықтырылған. «Топан», «Ертедегі әдебиет нұсқалары», «Ақберен» жинақтарында жарық көрді. Бұл дастанды да жаздырған Қ.Өсербаев 1928 жылы Қашағаннның өз айтуынан үйренген. Қазақ ССР Ғылым академиясының ғылыми кітапханасы қорында сақ­ таулы. 1939, 1947 жылдардағы Маңғыстау экспедициясы материалдары бойынша толықтырылды: «Адай тегі». Қазақ ССР Ғылым академиясының орталық кітапханасы қорынан,

398-папка, 102-122 беттер. Аңыз-хиқаяға мынадай түсінік берілген: «Кіші жүздегі Таз руынан шыққан» Қашқынбай ақын ел әкімдерінің көз қырына ілініп, біраз жыл бойы тасалап, елге оралған соң, Көкжар жәрмеңкесіне келеді. Өзі Адайға жиен екен. Адайдың бір топ билері оның келгенін естіп амандасуға барады. – Е, Қашқынбай, сіз көрмеген есік-тесік бар ма? Не көріп, не білдіңіз, әңгіме айтыңыз, – дейді Мәтжан би. Сонда Қашқынбай: – Әңгіме сұрап отырған кісіні танымадым ғой, – дейді. – Бұл Мәтжан деген ағаң, – дейді отырғандар. – Мәтжан аға, шежірешілер Адай мен Таз егіз туған деседі. Кез келген адам Адайдың тегін сұрап жүргізбеді. Жеті-сегіз жыл есік-тесік қоймай шежіре іздедім, таба алмадым. Ол жайында өзіңіз не білдіңіз? – Екі-үш күннен соң билер базарға беттеп, кыдырып келе жатса, бір бұрыштан Қашқынбай шыға келіп: – Адай билері, кешегі сұрағаныма қашан жауап бе­ ресіңдер?– дейді. Екі жарылып, төрден орын береді. Сол кезде: – «Жыршы, жыршы» деп төрден орын беріңдер, жыршы болса шежіре білетін болар. Адайдың тегін айтып берсін, – дейді. – Құлағынды сал, Қашқынбай, мен қазір айтып бере­ йін, – деп Қашаған жырлай жөнеледі. «Бекес байға» Қазақ ССР Ғылым академиясының орта­ лық кітапханасы қорынан, 398-папка, 152-153 беттер. 1947 жылы тапсырған Ш.Үсембаев, жинаған И.Ұйықбаев. «Жұттан кейін», «Замана халі». 1964 жылы Көшен Өсер­ баев айтуымен жазылған. «Қарасай-Қази» (Қашаған жыр­­ лаған нұсқасы). Қашағанның немере інісі, Маңғыстаулық жыр­шы Шадыман Үсембаев айтуынан 1964 жылы хатқа түскен. Осы жырдың бір жазбасы Қазақ ССР Ғылым ака­ де­миясы­ның Орталық кітапханасында сақтаулы (398-папка). Шәдіман «Қарасай-Қазиды» ақынның өз айтуымен үйренген. Ел арасында бұл жырдың Қашағаннан үйреніп, Мұса, Мұрын жыраулар айтқан басқа да нұсқалары кездеседі. Қашаған шығармаларын өз айтуынан естіп,

хатқа түсірген – ақынның немере інілері Көшен Өсербаев пен Шадыман Үсембаев сияқты жыршылар мен Темірғали Күнтуғанов секілді жинаушылар. Әсіресе ақынның мол мұраларын жинақтауда, қағаз бетіне түсіруде әрі ҚР ҰҒА-ның қолжазбалар қорына өткізуде ақын Сәттіғұл Жанғабылұлы көп еңбек сіңірген. Қашаған шығармаларын Қ.Өсербаевтан, Қ.Боқановтан, Қ.Мұханбетқалиевтан, С.Омарбековтан, Ш.Үсембаевтан жазып алып, жинаған белгілі зерттеуші Қ.Сыдиқов. 1991 жылы Маңғыстауда ақынның туғанына 150 жыл то­луына арналған той халықтық мереке ретінде атап өтіл­ді. Ақын бейітіне сәулетті күмбез – кесене (бас шебері сәу­ лет­ші М.Нұрқабаев) орнатылды. 2009 жылы Маңғыстау облысының орталығы Ақтау қаласында ақынның жаңа мүсіні орнатылды. Биыл атамыздың туғанынан 170 жыл толуына орай республикалық ауқымды шаралар жоспарланды. Қашаған Күржіманұлы – қазақ жырының кәусар бұлағы. Оның жырларынан халқымыздың салт-дәстүрі, тарихы, арман-мұңы бой көрсетіп, оқыған мен тыңдағанды еліктіре түседі. Өлеңдеріндегі өзіндік мінез қайсар ақынның алып тұлғасын аңғартып, адамды биікке жетелегендей болады. ӘДЕБИЕТТЕР 1. Сыдиықов Қ. Қашаған – жүйрік жырау, елдің тілі. Қашаған. Топан: Шығармалары. – Алматы: Жалын, 1991. – 3-25-бб. 2. Қашаған. Топан: Шығармалары. – Алматы: Жалын, 1991. – 176 б. 3. Маңғыстау мұралары, Алматы, 1993 – 52 б. 4. Омарұлы Б. Зар заман поэзиясы. Алматы: Білім, 2000. – 368 б. 5. Кекілбаев Ә. Жырдария // Егемен Қазақстан. 26 қыркүйек, 1991 жыл. 6. Бес ғасыр жырлайды. Алматы: Жазушы, 1989.– Т.2. – 496 б. 7. Сүйіншәлиев Х. Қазақ әдебиетінің тарихы. Алматы: Санат, 1997. – 928 б. 8. Шәріп А. Қазақ поэзиясы және ұлттық идея. Алматы: Бі­ лім, 2000. – 336 б.

Әділет ҚАБЫЛОВ, филология ғылымдарының канди­даты, Ш.Есенов атындағы КМТжИУ «Қазақ тілі мен әдебиеті» кафедрасының меңгерушісі

ҚАШАҒАН ЖЫРЛАРЫНДАҒЫ СЫНШЫЛДЫҚ НАЗАР Қазақ ақын-жыраулар шығармашылығы – өзінің терең ойшылдығымен де, нәзік сыршылдығымен де, өткір сын­ шылдығымен де ерекшеленетін көркем бір әлем. Онда халқымыздың рухани болмысы жан-жақты көрініс тауып, халықтық шығармашылықтың поэтикалық тынысы мейлінше жарқырап танылады. «Қазіргінің талай елін қайран қалдырған осынау байтақ кеңістікті кернеген поэзиялық әлем тек қана сұлулық пен сезімнің шеңберінде шектелмеген, – деп атап көрсетеді Елбасымыз өзінің «Тарих толқынында» атты кітабында, – Ол жаңашылдықтың жалынын лаулата да білген. Содан да болар, қазақтың поэзиялық шығармашылығында мейлінше терең танымдық қасиеттер бар. Содан да болар, қазақтың дәстүрлі поэзиясы ұдайы философиямен шендесіп жатады» [1, 26]. Ақындық талант – қоғамның халін, ұлттың ұятын, адам­дық болмысты тұтас қамтып, адамшылықтың темір­ қа­зығына бағдарлай толғайтын, ақынның ішкі тебіренісін адресаттың жан әлемімен етене жақындастыра өрнектеп, ерекше леппен шындықты бүкпесіз жайып салатын бірегей құбылыс. Адами тірліктегі ірілі-ұсақты барша түйткілдер­ дің ешқайсысы да ақын назарынан тыс қалмақ емес. Жыр жүйрігі Қашаған Күржіманұлының жыр-тол­ ғауларында да өмір-тірлік шындығы тек өз заманының ғана емес, қандай замандардағы да адам баласына тән мәңгілік адамгершілік мәселелерін қамти отырып, түрлі мысалдармен дәйектеп, түйдектете төгіп, өзара салыстыра сараптап, өткір де өршіл назармен пайымдауымен

ерекшеленеді. Ә.Кекілбаев айтқандай, «Қашаған үшін кез келген жұмыр басты пенденің көз алдындағы қылығы мен құлығы тек оның бір басымен шектелмей, күллі қазақ, күллі адам нәсілін қамтып жатқан құбылыстай көрініп, таусыла толғанып, күйзеле тебіренеді. Бәлкім, оған тек өз заманының ғана емес, бағзы замандардың да шындығын жеріне жеткізе жақсы білгендігі себеп шығар [2, 130]. Қашаған жырларының қозғаушы күші – халықшылдық, ақын қашан да бұқара халық мүддесі тұрғысынан жырлайды, адамгершілікті, адамның еңбегі мен жасампаздығын жоғары қояды. Ақынның поэзиядағы сыншылдық позициясы да осы мақсаттан өріс алып жатады. Ақындық машықтанудағы алғашқы қадамынан бастап-ақ өмірдің қиындықтарын бастан кешкен өз тағдырынан сыншылдық сыр түйіп толғаса, келе-келе үлкен әлеуметтік мәселелерді адамгершілік, кісілік, имандылық тұрғысынан тереңнен қамтып, шабыттана жырлайды. Ақындық стихия қашан да сыншылдық қуаттан қуат ала­ ды. Ақын өзі өмір сүріп отырған қоғамға, айналасындағы адамдардың ой-ниеті мен іс-әрекетіне, өмір-тіршіліктің мәні мен мазмұнына сыншылдық көзімен қарап, парасат тұрғысынан баға береді. Асыл сөздің парызы тек барды бағалап, көзге түскен көріністерді көркем кестелеу ғана емес, оларды адамшылық арнасынан, тектілік тұрғысынан, жоғары интеллектуальдық инерциямен пайымдау болып табылады. Ал пайымдау мен баға беру қашан да сыншылдық сипатымен ерекшеленеді. Сыншылдық сарын не бар деп емес, қалай болу керек деп, жеткен жеріміз осы деп емес, жетпек межеміз қайсы еді деп аласұрады, ол барды базарлаумен қатар, жоғымызды түгендеуге атсалысып, түйіндеп айтар жоғары азаматтық парыз бен жауапкершіліктен туындап жатады. Сыншылдық сарын тек өкініш пен сөгуден, сынау мен сықақтаудан, мінеу мен кекетуден ғана тұрмайды, шыншыл байлам мен сыншыл пайыммен, өксікті өкініш пен өршіл толғамдармен де өрнектеліп отырады. Қашаған жырларындағы сыншылдық назар түрлі поэ­ тикалық ракурста көрінеді. Өмірдің өксікті кермегін шын­шылдықпен жырлаған реалистік толғамдар, сиықсыз

құ­былыстар мен адам міндерін жеріне жеткізе сынаған өткір сықақ пен зілді кекесін, заман ағымы мен қоғам тынысын тап басып, ұрпаққа үлгі ұсынар байыпты байламдар ақынның асқақ рухты биік өресін, сыншылдық позициясын танытады. Бұл туралы: «Асқақ рух, терең ой, уытты сезім­ нің Қашаған жырларындағыдай жайсаң жарасымын сирек кездестіреміз», – деп жазады Ә.Кекілбаев [3,145]. Ақын қайсыбір құбылысты жырласа да, жалаң бейне­ леуге бармай, кеңінен қарпи сөйлейді. Айтар ойының әсерін арттыру үшін түрлі аналогияларға барып, суретті өткірлей түседі. Табиғаттың түрлі көріністерінен, құбылыстарынан мысалдар келтіре отырып, шендестірулерге сүйенеді. «Байларға» өлеңінде: Жауын жауып, көл толса, Көлде ойнайды құрбақа. Көл суалып ортайса, Бір шұңқырға жиналып, Шоғырланып қуанар, Аспаннан жауын бір тамар, – дей келіп: Кейбір байды қарасаң, Қорасында мал толы, Үйінде ішір тағам жоқ, Тағам жоқтан жаман жоқ. Көре тұра ішпеген, Рахатсыз көрген мал – Ұйқыда көрген түс деген [3, 345], – деп, жиған малын өзге түгіл өзіне қимаған сараң байдың әлеуметтік бейнесін өткірлікпен сомдайды. Ақын жырларында әлеуметтік теңсіздікті көрсетіп қана қоймай, бүгінгі тоқтыққа алданып, адамгершіліктен ажырамауды ескертеді, бай мен жарлының теңелетін күні туарына сенім артады. Жалпы, Қашаған жырларында теңдік ұраны алдыңғы орынға шығып, әлеуметтік әділеттілік мәселесі өзектілікпен көрініп отырады: Шіркін, байлар, мақтасып, Қызарақтап боқтасып,,

Қарқылдасып күлесің. Алдыңда не бар, білесің? Байға жарлы теңеліп, Тартарсың малдың кересін. Есікте жүрген жалшының Қызығын сонда көресің! [3, 345]. «Замана халі» толғауында өз кезіндегі қазақ қауымының арасында орын алған кейбір келеңсіздіктер жайынан сөз қозғап, атадан келе жатқан әдет-ғұрып, жөн-жоба­ ның бұзылып бара жатқанына налиды, адамгершілік қа­ си­еттердің орнын пайдакүнемдік, арамдық басып бара жатқанына алаңдайды. Ағасынан айырылып, Іні кеткенге ұқсайды. Тілінде бар жақсының Діні кеткенге ұқсайды. Өтірік сөздер көбейіп, Шыны кеткенге ұқсайды... Көбісі жұрттың осы күн, Харамға басты қадамды. Жан екен тіпті демеді Байлар жарлы адамды... Ай менен күн қауысып, Күн орнынан ауысып, Қаңбақтай қара жер зыңырап, Болмағай дағы еді бір қауіп, – деген ақын ойлары бүгінгі күннің де қоғамдық проблемаларымен өзектес, жалпы адамгершілік нормалардың бұзылуына деген қауіптен сақтандыратынын көреміз. «Бұл өмірдің мысалы» өлеңінде қазақтың ақын-жы­ рауларының дәстүрімен өмір-тіршіліктің жарасымын, сол жарастықты тірліктегі әр нәрсенің өз орнында болуын ескертіп, адамгершілік қасиеттерді, рухани құндылықтарды жоғары қояды. «Бұл дүниеде не жетім» толғауында өмір жайлы толғанып, тірліктегі жарасымдылықты жырлайды, жастық шақтың базарын кәріліктің қадірсіздік көріністерін суреттеу арқылы көз алдымызға елестетеді. «Жетімдік» ұғымының мәнін өмір-тіршіліктегі түрлі толымсыздықтар

мен орынсыздықтардың суреттері арқылы концептуальдық пайымға жетелейді. Ақын жырларында өмір сырларын халықтың түсінігіне орай арыдан қозғап, түрлі адамгершілік сипаттарды шен­ дестіре толғап, өлең сөздің өрімімен, ақындық асқақ шабытпен, жыршылдық мақаммен түйдектете төгіп, түйінді ойларға жетелеуге шебер. Сөйтіп өмір философиясын ұлттық ұғымға сай тебіренте төгеді: Өмір бір дулы шәр болар... Біреу кем, біреу хан болар; Басына қайғы түспеген, Сәл нәрсеге таң болар. Ашу деген – көк бөрі, Ақылың – қорған, тал болар. Тәуекел – қайық, сал болар. Ойлап кетсең жеткізбес, Бойлап кетсең шыққызбас, Уайым деген – жар болар. Ақыл деген – қой болса, Ашу деген – көк бөрі, Бөрі қойға жолықса – Дүние қиғаш шаң болар, Арты айықпас лаң болар... Қашаған шығармаларының ерекше сипаттарының бірі – оның сатирасы. Ақын шығармаларында қазақтың ха­лық шығармашылығындағы ілкіден желі тартып келе жат­қан сын-сықақ, әзіл-әжуа, кекесін-мысқыл молынан кез­деседі. Ауыз әдебиетіндегі, кейінгі ақын-жыраулар шы­ғармашылығындағы сатира мен юморлық дәстүрлерді Қа­шаған сәтті жалғастырып, өз кезеңінің шындығына сәй­ кес дамыта білді. Ол, әсіресе, Абыл ақынның, Шернияз бен Махамбеттің сатиралық дәстүрлерінен үйреніп, оны жалғастырған сыншыл ақын. Ақын жыр-толғаулары мен айтыс-дастандарының қай-қайсысында да бұқара атынан сөйлейді, еңбек адамын жырлайды, сараң байлар мен әділетсіз билерді, жебір болыс пен дүмше молдаларды аяусыз шенейді, екіжүзділік пен тоғышарлықты әшкерелеп,

келеке қылады. Бұл туралы белгігі ғалым Қ.Сыдиықов: «Қашаған мұрасынан айқын аңғарылатын сыр – оның бұл­­ тақсыз бұқара жыршысы, асқақ дарынды айтулы ақын екен­ дігі. Ол үстем тап өкілдерін аяусыз шенеп, әр кез кем­тар қауым атынан жырлайды», – деп жазады [4, 102]. Мысалы, ақынның «Есқали сұпыға айтқаны» – адамның бойындағы жағымсыз әдет-мінездерді аяусыз шенеген, өз тұжырымдарын білімдарлықпен дәлелдеп, өнерді қорғап шыққан ерекше шығарма. Онда ақын сұпының екіжүзділігі мен қатыгездігін, сараңдығын әшкерелеп, домбыраны «қу ағаш» деген сөзін іліп әкетіп, домбыраны қорғай жыр төге­ді. Ағаш туралы өз ойын дәлелдеу үшін оның түрлі қа­сиет­терін өмірлік деректермен жан-жақты дәйектеу си­ паты ақын­ның асқан білімдарлығы мен ділмарлық шебер­ лігін көрсетеді. Сөйтіп, ақын ақпа-төкпе арынмен сопы­ның жер-жебіріне жете екіжүзділігін, надандығын, дүниеқо­ ңыздығын бетіне басады, өмірдің әр саласынан мы­салдар келтіре отырып, қасиетсіздігін масқаралайды. Мұн­дай, тақырыпты жеке детальдық тірекке табан тірей оты­рып дамыта әкету, оны түрлі комбинациялық тәсілмен шен­дестіре түйдектету – Қашағанның шеберлік тәсілдерінің бірі. Қашаған жыр-толғауларында сыншылдық ойдың сы­ ғындысын түрлі салыстырулар арқылы түйіндеп беру жиі ұшырасады. Есқали сұпыға айтатын: Сұпеке, ашу қандай, ақыл қандай? Болмаса тентек қандай, мақұл қандай? Атаңнан қонақ ұлы деген жоқ па еді, Жақсылар айтып кеткен нақыл қандай? немесе «Сақыпқа айтқанындағы»: Қара қарға қалбағай, Қаз бен үйрек, қарақұс, Олар да таласпайтын еді ғой Бүркіттің жейтін жеміне. Алыстан көрсе қарасын, Балапан үйрек баласы, Көзі түссе жаутаңдап, Қысса да қайрат қаусаңдап,

Қорқып келмейтін еді ғой Бүркіттің, сірә, шеміне. Кесіртке менен жыландар Жоламайтын еді ғой Айдаһардың деміне. Қаршыға аққуды алғанда, Жапалақ тышқанды басып қалғанда, О да арланбайтын еді ғой Дәрежесінің кеміне, – деп, ұсынар ойын негіздеу үшін оны түрлі жағдаяттармен нақты айқындап алып, қарсыласының шегінерінге жер қалдырмай орап әкетеді. Қарапайым өмірлік мысалдардан бастап, бірте-бірте өзімен екеуінің арақатынасына ойысып, ақырында тікелей тиісе сөгіп, ит сілікпесін шығарады: Иә болмаса, шырағым, Қашағандай ағаңа Бұрын-соң көңілің қалды ма? Иә болмаса, шырағым, Қашаған – кәрі, сен – жас деп, Бір жаман ақыл салды ма? Иә болмаса, шырағым, Ағаңды жеңіл көрдің бе? Иә өзіңе сендің бе? Иә болмаса, шырағым, Көбелек қуып құтырған Мәтөктігің жеңді ме? Ақын шығармаларында өзі мен қарсыласын түрлі те­ ңеулер, эпитеттер мен метафоралар арқылы салыстыра бейнелеп, тұқырта түседі. Мысалы, ақынның Ізбаспен айтысындағы үстемеленген метафоралық түйдектер өміртұрмыстық суреттермен, өткір шендестірулермен қарсы­ ласының мысын басып, сабасына түсіреді: Мен – мұхит жатқан тереңмін, Шамшырақ жанған түбімде. Сен – бір жабы, мен – тұлпар, Сен – қарға да, мен – сұңқар, Тоғыңды шайқап бүлінбе. Сен – өзекте жүрген бөлдірке,

Мен – теңіздегі кемемін. Басармын да кетермін, Батарсың да кетерсің. Қашаған ақын айтар ойын айқындап, образдылығын артырып, әрін аша түсу үшін көбінесе өмірлік деректер мен мысалдарға сүйенеді. Бұл тыңдарманның танымы мен талғамына терең әсер ететін әрі объектінің адамдық бейнесін мейлінше бейнелі сипаттауға жеткізетін тәсіл болып табылады: Күйкентай деген құс болар, Далада жүріп мақтанса, Қайраты бұтпен бұт болар. Қарға деген азғын құс, Қасиеті оның жоқ болар. Құс жаманы жапалақ, Кесіртке, тышқан жедім деп, Қырғидың күшін көрмесе О да жүрер есіріп. Шөже деген бір торғай, Ұясында жатқанда, Көкті тіреп жатсын деп, Аяғын жатар көсіліп. Қырғи құсқа жолықса, Төрт бөлініп төс еті, Қанаты қалар кесіліп... Қулық пен сұмдықты өміріне өзек еткен саудагерлер мен дүмше молдалар, даңғой атқамінерлер мен әділетсіз билерді де сын семсеріне іледі. Сараңдық пен суайттық секілді сиықсыз мінездерді сынағанда Қашаған көбінесе зілді кекесінді пайдаланып отырады. Мысалы, «Оразалы байға айтқанында» әуелі байдың іс-әрекеттерін баяндай отырып, «Қарашы, біздің шіркін бай / Шаруаның құлқын табуын!» деп көтермелей түскендей болады. Ал ақынның: ...Бет терісін түлетіп, Төбесінен күн өтіп, Шыбын жанын пида етіп, Шаруаға жанды жүдетіп

Жүргенде кетпесе игі еді Біздің аршыланға тіл өтіп, – деген жолдарында бір қарағанда жанашырлық танытып отырғандай көрінгенмен, қайырсыз байдың дүниеқоңыз, сараңдығын тілдеген өткір кекесін жатыр. Демек, ақынның ирониясы өзіндік әдіс ретінде өрнек құрап, діттеген жерін дөп түйрейді. Ақын адам бойындағы міндерді, тоғышарлық көрініс­ терін әрқашан өлтіре сынап, күлкі етіп отырған. Қашаған шығармаларында күлкімен сынаудың түрлі реңктері кез­ деседі. Оның өлеңдерінде ащы сықақ, зілді кекесін де, уытты мысқыл мен ізгілікке шақырған ойлы сын да жиі ұшырасады. Бір топ өлеңдерінде («Оразалыға», «Байларға», «Бекес байға», «Көптілеу байды тілдеуі», «Қарашұбар ала ешкі», т.б.) сараң, дүниеқоңыз байлардың жиынтық бейнесін жасайды. «Томпы байды тілдеуі», «Мұстахқа», «Қуаңдаған қу Бисен», «Бекес байға», «Сараң сұпыға» секілді өлеңдерінде де сыншылдық сарын зілді сықақ, мысқыл түрінде беріледі. Ақынның «Топан» шығармасы өзі көрген, куәсі болған оқиғаның желісіне құрылған. Дастан Каспий теңізінің ғаламат тасқынға ұшырауы салдарынан орын алған ха­ лықтық трагедияға арналған. Төрт бөлімнен тұратын дастанда Каспий теңізінің бұрынғы бейнесі, теңіз жағалауын жайлаған елдің тасқынға дейінгі жағдайы, ертеректе өтті делінетін құтырған құрт себеп болған бір оқиға-мысал, тасқын оқиғасы мен ақынның қорытынды пікірі беріледі. Ерекше назар аударатын бір нәрсе – ақын менмендіктің, ысырапшылдықтың, мастанушылықтың соңы үлкен кеса­ патқа соқтырады деген концепцияны алға тартып, тасқын оқиғасын сонымен байланыстырады, әділетсіздік пен зор­ лықты сынайды. Яғни, ақынның ұсынайын деп отырған негізгі концептуальдық түйіні – адамның иманасының тасуын, астамшылық індетке жолығуын сынау. Тәкаппарлар көп еді, Төгілуге, сірә, дөп еді. Бұл арада мал тапқан

Бір шүкірлік қылмады. Бір азамат ерде дәулет кем болса, Қабаннан жаман Қарынбай Жан екен деп оны білмеді, Көзіне тіпті ілмеді. Алайда ақын халықтың келешегіне үміт артып, ақылпарасаттың жеңетініне, жаңа ұрпақтың талапты, еңбекқор боларына сенеді оларға үміт артады, сондықтан дастанды: Кейіндегі бозбалалар, Налымаңыз, шырағым, Күндердің күні болғанда, Көк дария көл болса, Бай мен жарлы тең болса, Суда – балық, қырда – егін, Диқаншылық көп болса, Бәле-бәтер жоқ болса, Талаптың күші сел болып, Кетерсіз-дағы ел болып, – деген өмірсүйгіштік, оптимистік пафоспен аяқтайды. Қорыта айтқанда, Қашаған жырларының сыншылдық өрнегі адам болмысын терең пайымдау мен өмір-тұрмыста­ ғы орынсыздықтарды, жөнсіздіктер мен толымсыздық­ тар­ды білімдарлық зердемен, ақындық шеберлікпен өрнектеудің айқын үлгісі болып табылады. ӘДЕБИЕТТЕР 1. Назарбаев Н. Тарих толқынында. Алматы. Атамұра, 1999. 2. Кекілбаев Ә. Он екі томдық шығармалар жинағы. 10-т. Алматы. Өлке, 1999. 3. Кекілбаев Ә. Сыр десте. V том. Алматы. Нұрлы әлем, 2009. 4. Cыдиықұлы Қ. Ақберен. Алматы. Нұрлы әлем, 2007. 5. Сыдиықұлы Қ. Ақын-жыраулар. Алматы, 1974.

Жоламан ҚОБЛАНОВ, филология ғылымдарының кандидаты, Ш.Есенов КМТжИУ доценті

ҚАШАҒАН КҮРЖІМАНҰЛЫ ЖЫРЛАРЫНДАҒЫ ДӘСТҮР МЕН ДАРАЛЫҚ Жыраулар поэзиясының фольклормен байланысы, фольк­лорлық мұралармен қарым-қатынасы – жыраулардың жырды шығару барысында бейнелеу әдістері мен көркем образды әсерлі жеткізуінде айқын көрінеді. Мұндай жағ­ дай жыраулар шығармашылығының фольклормен толық байланысының дәлелі болса, сонымен қатар ауызекі тың шығарманы туғызуында ақындық дара стилін қа­лып­ тастыруда да байқалады. Өйткені, суырып салма жыр шығару үстінде жырау әрқашан фольклорлық дәстүрге оралып отырады, фольклорлық көркемдік тәсілдерден пайдаланады. Жалпы жырды тыңдаушыға айтып жеткізуде фольклорлық мұралардағы сәтті өрнектер, теңеу, метафора, эпитет т.б. ақынға негізгі тірек қызметін атқарады. Сондықтан ақын фольклорлық мұраларға терең бойлап, ауыз әдебиетінің кәусар бұлағынан мейірлене сусындайды. Бұл өз ретінде ақын шығармашылығының кемелденуіне, кемерінен асып жыр төгуіне негіз болады. Жыраулар поэзиясында фольклорлық көрініс жасауда фольклорлық бейнелеу мен көркемдік әдіс-тәсілдер мол кездеседі. Мысалы, Қашаған Күржіманұлы «Атамекен» дастанында Ақпан батырдың бейнесін былай суреттейді: Жиналыстың ішінде Ерлер де бар қайратты Қытайға шапқан кешегі, Аждаһадай айбатты,

Жауын талай жайратқан, Садақтың оғын қайратқан... Бес жүз әскер ауыр қол, Бастығы Ақпан батыр сол, Көпті көрген көнеге Қараңғы тұман түнде де Сапар шегіп жол жүрсе, Табылады екен сара жол... [1, 409]. Ақын жыр дастандарында басты қаһарманның келбетін суреттеуде фольклордан мол пайдаланып отырады. Әсіресе кейіптеу мен бірыңғай теңеу, анықтауыштарды жыр шу­ мағының кейінгі жағында келтіріп, ойын ықшамдап отырады. Мысалы «Қарасай-Қази» дастанында: Ол айтқаның ып-рас, Сенің кеудең – темір, басың тас. Тәңірім берсе тілекті, Өзіңнің жерге түсер келдең – бас. Сөйлейін сөзді жараса, Қылармын саған тамаша. Менің атымды сұрасаң: Айдынды Орақ, айды Орақ, Айбалталы қанды Орақ, Аштархандай даңды Орақ, Атса, мылтық өтпеген, Салса найза теспеген, Қылышпен шапса кеспеген, Әзір болған жарандар Түк қасынан кетпеген! – Мен аты-жөнімді айтайын: Қази менен Қарасай! Мен – сол Ер Орақтың баласы [1, 457]. Қашаған жырау әрбір көріністі бірінен соң бірін төк­ пелеп келтіру арқылы алуан түрлі суреттеу сипаттамасын жасауға қол жеткізеді. Мұның өзі арынды жыраудың өзіне дейінгі бай фольклорлық мұраны жете игергендігіне дәлел болады.

Жыраулар поэзиясындағы өзіндік даралықтың бір бел­гісі – өз өмірбаянына, жеке басына байланысты мә­ ліметтерді жырға қосу. Әрине, мұндай туындылар белгілі бір жағ­дайда, белгілі бір оқиғаларға байланысты туып отырған. Сонымен бірге өзінің жақынын, ата-анасын арнаулы жыр жолдарына енгізу жыраулар поэзиясына тән құбылыс. Суырып салма ақындық барысында шыққан тегі туралы айту фольклорлық поэзия дәстүрінде автордың даралығын көрсетеді, ақынның стильдік ерекшелігін ай­ қындайды. Мысалы: Атам бір қайтты дүниеден, Бес жаста жетім қалдырды, Басыма қайғы салдырды. Анам көрді жесірлік, Өзім көрдім жетімдік, Сүйтіп басым қайғырды. Алты жаста еліктім, Жеті жаста желіктім. Сегіз жасқа келгенде, Қадір білер ағалар: «Шырағым, жүр!» – деп ерітті. Он төрт жасқа келгенде, Балалықты тастадым. Он бес жасқа келгенде, Таяқ алып қолыма Қойымның түстім жолына. Табанға шарық байладым, Жұмысқа басты сайладым. Орынбор деген қалаға. Сергей деген көпестің Серкелі қойын айдадым [1, 320]. Ақын-жыраулардың даралығын білдіретін тағы бір ерек­ шелік – олар шығарған жырларын бірінші жақтан баяндайды. Тыңдаушыға жеке пікірін, қарым-қатынасын сездіреді, айтпақ ойын шарықтата жырлайды. Мысалы, Қашаған: Жаз болса, мен осы үйге қонбас едім, Өлеңім, он төрт жастан жолдас едің.

Бай, сұпы, хан-хакімнен ығар болсаң, Сен өлең, мен Қашаған болмас едім. Осы үйге қона алмасам, маған сын, Сұпыны шаға алмасаң, саған сын... [1, 346]. Дәстүрлі халық поэзиясындағы қалыптасқан түрлерді дамыту, оның барлық мүмкіндіктерін пайдалану ақынжыраулардың даралық ерекшеліктеріне біртіндеп жол ашады. Осы ретте көне Скандинавия поэзиясын зерттеген М.Стеблин-Каменскийдің мына пікірлерін айта кеткеніміз жөн: «Сол дәстүрлі форманы әрқашан дамытып, жетілдіріп отырудың өзі қажеттіліктен туындайды. Сонда ғана мұндай шығармалар халыққа түсінікті болады. Скальдтық жырлардың, жалпы скальдтар поэзиясының ерекшелігі де міне осынысында... Скальдтар поэзиясына тән форманы сақтау автордың дәстүрлілік шеңберінен шығып, шығармашылық еркіндік алуына кедергі болмайды, керісінше, оның кемелденуіндегі заңдылықты айқындай түседі» [2, 64]. Әрине, қазақ ақын-жыраулары мен скальдтар поэзиясы арасында тікелей байланыс болмаса да, бұл пікірдің типологиялық маңызы бар. ӘДЕБИЕТТЕР 1. Сыдиықұлы Қ. Ақберен (ХVІІІ-ХХ ғасырлардағы қазақ ақын-жырауларының шығармалары). Алматы. 2007. 2. Стеблин-Каменский М.С. Древне-Скандинавская литература. Москва. 1979. 3. Бердібаев Р. Сарқылмас қазына. Алматы. 1983. 4. Мағауин М. Қобыз сарыны. Алматы. 1968. 5. Өміралиев Қ. Қазақ поэзиясының жанры мен стилі. Алматы. 1983.

Ақмарал ОТАРОВА, филология ғылымдарының кандидаты, Ш.Есенов атындағы КМТжИУ доценті

ҚАШАҒАН КҮРЖІМАНҰЛЫ ШЫҒАРМАЛАРЫНДАҒЫ ФОЛЬКЛОРЛЫҚ ҮЛГІЛЕР Маңғыстаудың сөз киесінің қатепті қара нары іспетті Қашаған Күржіманұлы шығармашылығы кең арналы, сан салалы деуге болады. Қай саладағы туындыларын қарасақ та бәріне ортақ бір сарын – таза халықтық әуен. Мазмұн жағынан ел мұңын, халық тірлігін көтерсе, түр, стиль жағынан фольклорлық сарынды сақтайды. Арғы бастауын көне түрік әдебиетінен алған адам өмірін кезең-кезеңге бөліп сипаттау дәстүрі қазақ поэзиясында жалғастығын тауып келеді. Араб, парсы әдебиеттерінің классикалық мұраларында адам өмірінің барлық шақтары жайында даналық тұрғысында айтылған небір асыл поэзиялық үлгілерді кездестіреміз. Мәселен, Рудакидің «Кәрілік туралы элегия» туындысында адам өмірінің соңғы кезеңі туралы ой қозғап қана қоймай, жалпы өмірдің мәні туралы философиялық түйіндер түйеді. Жыр жүйрігі Қашағанның ауыз әдебиетіне жақындығы оның дастандарынан ғана емес, арнау өлеңдерінен, фольклорлық жанрлар аясында шығарма тудыруынан да көзге түседі. «Жетпіс беске келгенде», «Осы күн жолдас болдым сексенменен», «Қартайған шағында айтқаны», «Бұл өмірдің мысалы», «Бұл дүниеде не жетім» деген бір топ өлеңдерінде өмір мәні туралы толғанады. «Жетпіс беске келгенде» өлеңінде: Жетпіс беске келгенде Құртады екен әліңді,

Сорып алады екен қаныңды, Кім көріпті мұндай залымды?! Жетпіс беске келгенде Әл кетеді екен жағыңнан… Немесе, Осы күн жолдас болдым сексенменен Кез болды кәрілік шіркін сескенбеген. Қартайсаң, күнің қандай аянышты, Талтақ бұт, ойдық желке, күржік жауырын, Тартылып бауыр шандыр, бүкшеңдеген… («Осы күн жолдас болдым сексенменен») – деп кәрілік шақты қуат, қайраттың кеміп, өмірдің қуанышынан гөрі қайғы сын көбірек ойлар кез ретінде суреттегенмен, бұл өмірдің өткінші екендігін жақсы біледі. Кесірі болады екен қартайғанның, Өлеңді қартайғасын айта алмадым. Айт деген қатар құрбы, жеңгейлердің Назарын ол күндерде қайтармадым… («Осы күн жолдас болдым сексенменен») Көңілің келмес көнгісі, Жетпіс бес бірақ тыңдай ма?! Сыбырласып, сыңқылдап, Баяғы күліп ойнайтын күн қайда? деп кәрілік кезінде өмірлік жан қалауы – талант жырдың өзінен алыстай бастағанына көңілі құлазып, жаны жа­ бырқап, жастық шағын армандай еске алады. Адам өмірі­ нің екі кезеңін салыстыра суреттеумен шектелмей, жасы ұлғайған кезде адам өмірінің өзіндік мәні барлығын насихатайды. Халық ауыз әдебиеті үлгісінде төгілте жыр толғап, шебер сөз кестелейді. Ақын тілі бейнелі де өткір. Өпірім болу не керек, Бақ-базарың ауған соң. Бәсеке ету не керек, Бастан билік кеткен соң.

Бұлаң сұлаң не керек, Ақ бетіңнен нұр тайып, Жер ортадан асқан соң. Елең-селең не керек, Жас елуден кеткен соң. Жалтаң-жұлтаң не керек, Жігіттік бастан өткен соң… Бұл өмірдің мысалы Кешегі көрген бүгін жоқ, Ұшып кеткен көбелек, – деп ақын өткінші өмір мәні ожарлық, тәкаппарлыққа салыну, бәсеке байлық, жағымпаздық емес, ақ сөйлеп, адал жүру деген түйін айтады. Жалған дүниенің қайшылығы мен қасиетін терең ашып, жарқырата көрсетеді.Ол тір­ шілікті қалай болса солай өткізетіндермен келіспей, маз­ мұнды тіршілік кешуді қалайды. Қашаған ақынның бұл өлеңдерінде адам өмірі туралы өзіндік философиялық толғау бар. Осы орайда ауыз әдебиетінің байырғы теңеу, метафоралары да тапқырлықпен орынды пайдаланылады. Сонау ықылым заманнан, сан ғасырлар бойы халықтың өзімен бірге жасасып, ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып жалғасып келе жатқан– халқымыздың салт-дәстүрі мен әдет– ғұрпы. Ақын жыраулар поэзиясында салт-дәстүрдің, әдет-ғұрыптың алатын орны ерекше. Қашағанның да бірқатар өлеңдері тұрмыс-салт тақырыбына арналған. Олардың қатарында «Аралбайды жұбатуы», «Қонақкәде», «Тойбастар», «Ұзатылып бара жатқан қызға берген батасы» туындыларын атай аламыз. Қашаған ақынның арнау өлеңінің ішінде дәстүрлі көңіл айту, жұбату түрінде келетін ерекше назар аударарлық шығармасы Аралбай ақынның жалғыз баласы Берекетке көңіл айтқан өлеңі – «Аралбайды жұбатуы». Өлең Ойыл ауданында тұратын Төкешев Қазтайдың айтуымен жазылып алынған. Әдетте естірту, жұбату мәнді өлеңдер тұтас түрінде қайғыға душар болған жанға өзге адамның аузынан айтылатын болса, «Аралбайды жұбатуда» Аралбай басына түскен қайғысын өзі айтып, замандасы Қашаған ақынға мұңын шағады. Естіртудің тұспалдаумен, жұмбақпен, салы-

стыру, теңеумен басталып, айтушының тыңдаушысын суық хабарды естіртуге дайындап алатын сипаттары «Аралбайды жұбатуда» да бар. Аралбай ақын: ...Мен – ботасы өлген боз мая Тұлыбына келіп аңыраған. Мен бір жүрген ақ киік, Лағын түзде алдырып, Орнына келіп маңыраған, – деп өз басына түскен ауыр жайтты, жүрек қайғысын мысалдай, ишаралай келіп, шерін ақтарар тұста: ...Қадірлі аға, Қашеке-ау, Жалғызымнан айрылып, Қанатымнан қайрылып, Көңілім сөйтіп түңілген, – деп естіртеді. Сонда Қашаған Аралбайды жұбату жырын толғайды: ...Тұяғы бүтін тұлпар жоқ, Қанаты бүтін сұңқар жоқ... Болаттан бекем бол деген, Болдырғанға болмасқа. Уайым, ашу жарамас Сендей бір жанға, жолдасқа. Қашағанның жауабында жұбату, Аралбайдың басын­ дағы қайғысына ортақтасу сияқты адамгершілік, ізгілік сезімдері қабат келеді. Оның жұбатуы – жалғызынан айырылып көкірегі қарс айырылып отырған Аралбайды ғана емес, бар перзентін қара жердің қойнына тапсырып, ұрпақсыз өтіп бара жатқан өзін де жұбату. Аралбай басындағы қайғы Қашағанның да қайғысы. Қашағанның суырыпсалма, табан астында шығарушы­ лық талантын танытатын жырларының қатарына әзілқалжың араласып келетін «Қонақкәде» өлеңін жатқызамыз. Халқымызда үйіне келген қонақтың өнерін байқау, жа­ қынырақ танысу мақсатында қонақкәде деген әдеті бар. Көбінесе әркім ел арасына кеңінен тараған, көпшіліктің

білетін ән-жыр, күйлерін ортаға салып жатады. Алайда, ақындардың қонақкәдеге арнайы өлең арнап шығаруы көп кездеспейді. Қонақкәдеге табан астында күй шығару өнері Өскінбай күйшіде болған. Олай болса, қонақкәдеге өлең шығару Қашаған шығармашылығының өзіндік бір ерекшелігін танытары сөзсіз. Кейбір қызға қарасам, Алтыннан құйған асықтай, Күмістен құйған қасықтай. Кейбір қызға қарасам, Құбылған беті мақпалдай…– деп басталатын әзілі аралас келетін ақжелең өлең жолдарында ақылына заты сай аруларды бейнелеуде эпитеттер мен ауыстыруларды орынды қолданады. Айтыс жанрындағы Қашағанның шығармалары оның ақындық өнерін танытып қоймай, суырыпсалма ақпа жырау болғандығына куә боларлық туындылар дейміз. Қашаған айтыстарында да елдікті, ерлікті, адамгершілікті жырлап өткен. Қашағанның жас кезіндегі айтыстарының бірі – Нұрым ақынмен кездесуі. Бұл дін тақырыбындағы сұрақ-жауап түрінде келген айтыстың бірі. Нұрымның өзіне қойған дү­ ние мен адамның жаралуы, Ніл дария көпірі, пайғамбарлар қауымы туралы діни аңыздар, ата тек шежіресі туралы сауалдарына еш тосылмай жауап беріп, аға ақынды көп білетіндігімен тәнті етеді. Қашағанның айтыстары ішінде оның Ізім шайырмен тілдесуінің әлеуметтік, көркемдігі мәні ерекше. «Қашаған мен Ізім шайыр» айтысы Кіші жүз жеріндегі БайұлыАдайлар мен Жетіру-Тама, Табын елдерінің тарихымен байланысты біраз жайлардың бетін ашады. Тама, табын елдерінің аты шыққан ақыны Ізім адайлардың көшпелі тұрмысын, шаруашылықпен айналысқан ел өмірін келеке етіп, Қашағанға тиісе сөйлейді. Қалың бұқара атынан сөйлеген Қашаған орынсыз руға тиіскен Ізім шайырдың жеңіл ойлы сөздерін бас көтертпей жалынды сөз күшімен тежеп тастайды:

Еліңнің орысша рас тілі жатық, Адайдың ішетіні сүт пен қатық. Ләйліп арақ ішіп мас болғанда, Шалыңды жасың таспен ұрады дейді, Көргенсіз, бейқасиет, Құдай атып, – деп әдепсіздікті сынап, қарсы дау айтады. Бұл айтыста өзге ақындар айтыстардың көбінде кездесетін ақындардың өздері туралы толғаныстары кездеспейді. Ел бірлігін ұстын қып ұстаған бұқарашыл ақын мал баққан шаруақор елдің құты болған киелі мекені Маңғыстауды жыр етеді. Хорезм хандығына қарсы күресте Хиуа бектері мен Әлке атқамінер өлтірткен Сүгір т.б. Адай батырларын бетке салық еткісі келген Ізімге Табын ханы Әлкенің жастық тартып ауырып өлмей, оны өлтірген адай ерлері екенін, талай жауды тойтарып, еліне қамқор болғанын айтады. Қашаған мен Ізім айтысының қорытындысында ел билеген озбыр әкімдер қатты сынға ұшырайды. Бұл айтыста Қашаған өзінің ақындық өнерін асырып, елдің арғы-бергі тарихын жетік білетін білімдарлығымен жеңіп кетеді. Оның айтыс жанрларына қатысын осы тұрғыда қарауға болады. Қашағанның Ізбаспен айтысының да өзекті мәселесі менмендік, өзімшілдікті әшкерелеуге құрылған. Бір жиында сексеннен асқан Қашағанның перзентсіздігі мен кедейлігін бетіне басып мұқатпақ болған қырықтар шамасындағы атаққұмар Ізбасты ел алдында өткір сөздерімен түйреп әбден масқарасын шығарады. Ақындар айтысының ежелгі дәстүрімен өзін көтермелей, қарсыласын кішірейте сөйлеу Қашаған мен Ізбас айтысының да бір тәсілі. Қашағанның «менінің» әні тереңде жатыр. Оған халықтық ең асыл қасиеттердің бәрі сыйып жатады. Оның айтыс жанрларына қатысын осы тұрғыда қарауға болады. «Мен қайыртпай кеткен ақынмын», «Мен – мұхит жатқан тереңмін, шамшырақ жанған түбімде», «сен – бір жабы, мен – тұлпар», «сен – қарға да, мен – сұңқар», «мен – теңіздегі кемемін», «менің сөзім – сары алтын, сенің сөзің – қола, мыс» деп келетін көптеген троп, метафоралар ақын тіліндегі көркемдеу құралдардың сан алуан құбылып отыратынын аңғартады.

Бұл жолдардан Қашағанның сөз зергері екендігімен қатар, Махамбет сияқты ақындар жырының өткірлік рухынан үйренген әсерін де байқаймыз. Қашаған поэзиясының көркемдік кестесінде мұндай терең мағыналы сөздер молынан кездеседі. Көркемдік – өнер шығармаларының өзіндік ерекшелігі, эстетикалық сұлулығы, дүниені, болмысты сипаттап сөйлетудегі суреттілік, бейнелілік,өрнектілік. Көркемдік – поэзиялық туындының сапалық көрсеткіші. Ақын поэзиясының көптеген тұстары суреттегіш бейнелік құралдар жүйесінің іштей жарасым үйлесімінен, мазмұны мен пішінінің тұтастық бірлігінен көрінеді. Қашаған поэзиясының көркемдік жүйесінде теңеулердің эстетика­ лық мәні ерекше. Айта кетуді керек ететін бір жайт, Қашаған шежіретарихқа жетік ақын. Әлеумет жайының ұдайы алға ұсталып айтылуы, оның ақиқаттың алмас қылышындай өткір, айқын айтылуы ақын шығармаларының мейлінше дара өзгешелігі, асқан бұқарашылдығы. Сондықтан да Қашаған шығармалары өз кезіндегі тарихи маңызы зор, халқының мұңын көтере алған, тәлім-тәрбиелік қызмет атқарған туындылар. ӘДЕБИЕТТЕР 1. Сыдиықұлы Қ. Ақберен. XYIII-XX ғасырлардағы қазақ ақын-жырауларының шығармалары. Алматы: «Нұрлы әлем», 2007. 576 б. 2. Сүйіншәлиев Х. Қазақ әдебиетінің тарихы. Алматы, Санат, 1997. 928 б. 3. Қайыртпай кеткен Қашаған. Алматы, «Жазушы» 2011. 432 б. 4. Мағауин М. Ғасырлар бедері. Алматы, «Жазушы», 1991. 432 б.

Бақтыбай ЖАЙЛАУ, Ш.Есенов атындағы КМТжИУ магистранты

ҚАШАҒАН КҮРЖІМАНҰЛЫНЫҢ ӘДЕБИЕТТЕГІ БЕЙНЕСІ Тумысынан табиғаты бөлек талантты тағдыр иесі Қа­ша­ ған Күржіманұлының тарихи тұлғасымен қоса әде­биеттегі бейнесі де дараланып тұрады. Оның бөлек болмысын, ақындық тұлғасын танытуда түрлі дәйек-деректерге сүйене аламыз. Ең алдымен Қашағанның өз шығармалары – жыртермелері, дастандары мен айтыстарындағы ақындық «мені» арқылы таныссақ; екіншіден, ол туралы жазылған көсемсөздер, естеліктер мен зерттеулер, арнау өлеңдер арқылы ақын тұлғасына үңілеміз. Алғашқы мысал. «Бастапқы сөз» жырындағы Қаша­ ғанның бала, бозбала бейнесі қаншалықты талантты болса, соншалықты талапты, тағдыры қаншалықты азапты болса, мінезі соншалықты өжет, армандары қаншалықты биік болса, рухы да соншалықты асқақ қалпында көрінеді. «Өнерден дәулет жинадым» деп аяқталатын сол алғашқы аяқалысынан-ақ қалыптасқан дер шағы «Мен қайыртпай кеткен жүйрікпін» дейтін кезеңге дейінгі ақындық қуаты қай-қай жағынан да тек қана артып отыруымен кім-кімді де таңқалдырмай қоймайды [1, 27]. Қашекеңнің «Ол күндегі о да саз, бұл күндегі бұ да саз» деген «сазын» «сөзбен» ауыстырсақ, кешегі және бү­гінгі, тіпті ертеңгі сөз өнеріміздегі қазақтың бағына туған перзенті Әбіш Кекілбайұлы ақпа-төкпе ақынды «Жырдария» атап, «Маңғыстау жыр мектебінің орман иесіндей ата бәйтерегі» дейді: «Қашаған жырын тыңдасаң, оқысаң, әр ғасырда әрқилы аталғанмен, ықылым заманнан

жер үсті ғаламаттарының бәріне қатысып келе жатқан хал­қымыздың көп ғасырлық көне тарихының көк айдын мұ­хитына жүзгендей, сол көп ғасыр бойғы қордаланған рухани ырзығының бәрі төкпей-шашпай жиылып, қаймағы алын­бай туырылып тыныш тұрған қасиетті қара қазанының қақпағын ашып, нәр татқандай, халық парасатының көп замандардан бері тұяқ кешті болмай тұнып тұрған кәусар көліне күмп бергендей боласың. Мейірің әбден қанып, мерейің әбден тасады. Өйткені, Қашағанның бойында тек халықтық табиғаттан туындайтын алыптық қасиеттердің бәрі бар. Оның ең бастысы – Қашаған шығармашылығының тек бір адамның жеке басының рухани тәжірибесімен шектелмей, бүкіл бір халық, бір ұлттың көп ғасырлық рухани тәжірибесін қапысыз қамтитын тарихи ауқымдылығы» [9, 313]. Енді әр алуан мысалдар келтіре отырып, ондағы ақын тұлғасын аңдап қарайық. Қашаған мен Нұрымның сұ­ рақ-жауап айтысында әп дегеннен «Тілің шешен, ернің еп, Айтқыш деп жүр ғой сені көп» деп бастаған аға ақын інісін сынақ пен сұрақтың астына алады. «Нұрым жұм­ бақтарының Қашаған бәрін де шешеді. Айтыс соңында Нұрым Қашағанға риза болып: – О, шырағым, жұрт айтқыш дейтін еді, рас екен, тірлікте шылбырыңнан ешкім ұстай алмас, мына тойды сен баста, сен тұрғанда ағаң дем алғандай екен, – деп батасын береді [5,383]. Нұрымның бір сөзінде: «Сен бір – қойма дүкенсің, ұрулы тұрған құлыбың» деуі де Қашағанның көкірегіндегі қазына құнының бәсін білгендік. «Қашағанды Жамбыл Сүйінбаймен тең ұстап, қадірле­ ген. Ол: Сүйінбай мен Қашаған Қара өлеңді матаған. Атын жаттап балалар Әлі күнге атаған, – деп өлеңге қосты» [6, 693]. Маңғыстау жыр мектебінің атақты өкілі жыршы Әлқуат Қожабергенұлы талабын енді ұштап, қадамын жаңа ба-

стап келе жатқан жас кезінде Қашағанның қауым алдында жырлаған сәтінен соншалықты әсерленгенін айтады: «Жырды жасымнан жаттап, әулекі боп өскен маған күшті әсер қалдырған Қашаған ақын болды. Он бес жаста едім. Бекі жайлауында Есжан дегеннің асын берді. 400 үй тігілді, 160 ат қосылды. Жыршы, күйшілер жиналды. Басында қара бөрік, үстінде мәндала шапаны, аяғында кебісті мәсі, жалпақ бет, үлкен көз, салбыр мұрын, бұғақты ірі қара кісі жыршыларды бастап келді. Қолында шашақты қара домбыра. Қасында Сүгір жырау мен Шамғұл күйші. Мен солар түскен үй маңында болдым. Қашекең қара домбырасын шертіп қойып, жырды табан аузында ағылта беретін, мойнын шағын орамалмен байлап алған. Қыза келе жырды түйдек-түйдек ағытқанда жуан даусы ауыл-аймаққа түгел естілетін» [5, 338]. Ақындықпен қоса әу баста Құдай бойға дарытқан қасиеттері оның кез келген жырында өз «мені» арқылы көз алдымызға келе қалады. Ең алдымен оны айташы бейнесінде көреміз. «Адай тегі» дастанында: Тілім түзу бағытты, Көңілім зерек қалыпты, Аңдаған жақын, алысты, Болжаған қисық, шалысты, – деген [5, 338]. «Адай деген ел едік» толғауында: Сұрасаңыз, бозбала, Бұл ақиқат сөз ғана. Шежіренің сүрлеуін, Кәріден естіп-білгенін Осылайша әр жерде Қашаған айтып береді, – деп ділмар шешен, шежіреші шайыр ретінде танылады [1,114]. Тіпті «Атамекен» дастанында: «Адай деген ел едік – абайсыз өскен алшаңым, тәксіз өскен тарпаңым», – деп ру атынан сөйлейді. Оған толық хақысы да бар еді. Елдің сөзін ұстаған ерен тұлға бара-бара «елдің тіліне» айналды. Бұл туралы кеңірек сөз етеміз. «Тойбастарда» ше?

Жиналған топтың құралы – Жыршыдан өнер сұрадың. Сұрағандарың сөз болса, Қалағандарың біз болса, Қандырайын көптің құмарын. Шын шабытым келгенде, Ағыным тасты аударған Мен қайнарлы өзен, бұлағың... Риза бол, жарқыным, Жырым еді сақтаған, Арқасы құрғыр қозғанда Жауар бұлттай қаптаған. Ойқастап барып тоқтайын, Қатты кетсем, қайырылмас Мен – басы қатты ақтабан... [1, 48]. Мұндай «ағыны тасты аударған қайнарлы өзен, бұ­ лақтай» ақынның қуатты жыры, сол шалқар ойдан нәр алған суатты сыры бата тілек болып ақтарылғанда, ата өнегесі қыз бала көңілінде тәлім-тәрбие, үлгі-өнеге болып жатталып қалары сөзсіз. Қазір де өлкемізде қыз ұзату кезінде күн өткен сайын осы бір мазмұнды жыр-толғау орындалмай қалатын тойлар өте сирек. Енді Қашаған ақынның поэтикалық әдеби бейнесін сом­ дауда оған арналған әр кезеңдегі лирикалық өлеңдердің бірқатарына тоқталайық. Құлагер ақын Ілияс Жансүгіров «Көбік шашқан» атты поэмасында: Атырау – алыс бізге жердің түбі, Қашаған – жүйрік жырау, елдің тілі, Шашқанда күйден көбік Құрманғазы, Қашаған жырдан төккен маржан дүр-ді. Сарындап саз бен күйді алуан түрге, Айрылмай осы екеуі жүрген бірге. Қашаған, Құрманғазы қосылғанда Адайлар төңкерілген жыр мен күйге, – деп, ақындығына соншалықты шынайы бағасын берген [7, 342]. «Қашаған домбыраға тіл болады, білсеңіз мынау бір

күй не сөйлейді?» деп күй мазмұнын ақынның «Топан» дастанымен түсіндіреді. Бірақ, өкінішке орай, автордың бұл тамаша туындысы аяқталмай қалған. Есесіне Хамит Ерғалиев «Құрманғазы» атты көлемді дастанының «Көбік шашқан» бөлімінде Қашаған туралы барынша жырлаған: Осы жұрт біле ме екен Қашағанды? «Өлеңі – темір тікен, ошағанды». Біреуге жәбір-жапа біреу қылса, Ол қашан жанып түспей, өше қалды?! Осы жұрт біле ме екен Қашағанды? «Құрықтан құтқармаған босағанды». Көрмекке ел қонысын тағы шыққан Тап қылды Құрманғазы осы ағаңды, – деп келіп, әрі қарай Қашағанның «Топан» дастаны негізінде Құрманғазының «Көбік шашқан» атты күйі туғанын баяндайды [8, 146]. Өмір бойғы шығармашылық қызметімен жыраулар поэзиясы жөнінде еңбектенген, соның ішінде «Қашағантану» ғылымының да негізін қалаған жанкешті жидашы ғалым Қабиболла Сыдиықұлы: «Ол – сыншыл, тура, өткір, сықақ мәнді шығармаларымен танылған айтулы бұқара жыршы­ сы. Оның ақындық, жыршылық өнерінен замандастары мен өзінен кейінгі талай өнерпаздар өнеге алған» дейді [5, 339]. Қашаған жайлы сөз айта қалсақ, оның айтыстары туралы тақырыптан айналып өту тіпті де беймүмкін. Діни танымдық сұхбат түрінде Нұрым ақынмен айтысып, батасын алған жас ақын одан кейінгі сөз барымтасында ылғи да тартыс үстінде танылады. Тек «Аралбайды жұбату» жырында «орынды жерде сөйлесем, қызыл тілім дөңгелер» деп жөн-жоралғы бойынша көңіл айтып, сыйлас інісінің қапалы кезінде қам көңілін бірлеуге, қайғысына ортақтасуға, сөйтіп көңілін сергітуге тырысады. Ақын Темірхан Медетбек «Қатепті қара нары Маңғыс­ таудың» атты танымдық мақаласында: «Қашаған қалқан қағыстырып, қылыш сермесіп, найза сілтеспесе де, бүкіл ғұмыры күреспен өткен ақын. Ол көргенсіз әдепсіздікпен, қаскөй қиянаттықпен, дарақы даңғойлықпен, қараңғы

надандықпен, таңқы дүмшелікпен, қомағай тоғышарлық­ пен, алакөз алауыздықпен, бетімен кеткен жүгенсіздікпен күрескен. Олармен жан берердей жағаласып, жан алардай шайқасқа түскен. Ол әлгіндей адам жанын бүлдіріп, тоздыратын жат пиғылдарды жойып, оның орнына ізгілік, инабаттылық, ауызбіршілік сияқты қасиеттерді орнықтыру үшін жан салған», – дейді [10, 85]. Мұнысы рас. Енді төмендегі мысалдарға мұқият зер салсақ. «Қашаған ақын мен Құрманғазы күйші қыстың бір суық күнінде Каспий теңізінің терістік шығысында Елпілдекті деген аралда отырған ауылға келеді. Күн кеш­ кіріп қалған соң, осы ауылға қонбақ болады. Әуелі малшы жігіттерге кезігеді. Олар: «Осы бір қонақжай үй» деп Есқали сұпынікін сілтейді. Сұпы үйінің шықберместігін білетін олар, қонақтардың бірі Қашаған екендігін сезіп, Есқалиды бір жерлеттіруді ойласа керек». Бірақ, біздің ойымызша, бұл көпшілік күле тыңдайтындай, білімі асқан ақынның дүмшелікті әшкерелегеніне айызы қана қуа­ натындай емес, салмағы зіл батпан жыр. Абай айтпақшы, «Әрбір жаман кісінің қылығына күлсең, оған рахаттанып күлме, ыза болғаныңнан күл, ызалы күлкі – өзі де қайғы. Ондай күлкіге үнемі өзің де салынбассың, әрбір жақсы адамның жақсылық тапқанына рахаттанып күлсең, оның жақсылықты жақсылығынан тапқандығын ғибрат көріп күл. Әрбір ғибрат алмақтың өзі де мастыққа жібермей, уақытымен тоқтатады». Пейілің мұнша неге қуырылған? Шапқанда жүйрік едім суырылған. Сыртымнан естіген жұрт әуес еді Тұлпардай шығып жүрген дабылымнан... Бәйгі алдым талай жерде шабыспенен, Қашаннан күнім кешті жарыспенен. Несібе осылайша жаралған соң, Жақынды араладым алыс пенен... – деп қонақ қылып, сый көрсетпеген үй иесін жыр-қам­шы­ сымен дүрелейді [1, 35]. Бұл кезде Есқалидікіне бағанағы

малшы жігіттер мен олардан «Қашаған келді» деп естіген ауыл адамдары да жиналып қалады. Надан, сараң сұпының қылығы кектендірген Қашаған тағы домбыраны қолына алып, жырды төгілте жөнеледі: Жақсылар, келдің жиналып, Қашаған ақын келді деп, Кеудесі мұның кең-ді деп, Кеңес берер енді деп. Сендерге кеңес беруге, Отырған жоқпын сыйланып, – деп, «Саналыға сөзі тыңдалып, пайдалы сөз айтсаң, бұл­ данғанды – санасыздықтың белгісі» санайды [1, 37]. Мұ­ның өзі – тұнып тұрған тәрбие. Халық мақалдарындағы «Жақ­ сыдан үйрен, жаманнан жирен» немесе «үйрен де жирен» дегендері ең алдымен осындайда ойға оралады. Өзімен өнер сынасып, сөз сайыстырып отырған қар­ сыласын тұқыртып, мысын басу, сол арқылы өзін барынша асқақтата сөйлеу, қарама-қарсы түрлі теңеулер қолдану арқылы үсті-үстіне төпелеп жойқын шабуылдар жасау – қай кездегі айтыстарда болмасын көрініс тауып жатады. Осындай әдісті әбден меңгерген Қашаған ақынның өз айтыстарында ақындық «мені» бірден жоғары деңгейге шығады. Мәселен «Сақыпқа айтқанында» көтеріле сөйлейді: Қара қарға қалбағай, Қаз бен үйрек, қара құс, Олар да таласпайтын еді ғой Бүркіттің жейтін жеміне. Алыстан көрсе қарасын, Балапан үйрек баласы, Көзі түссе жаутаңдап, Қысса да қайрат қаусаңдап, Қорқып келмейтін еді ғой Бүркіттің, сірә, шеміне. Кесіртке менен жыландар Жоламайтын еді ғой Айдаһардың деміне. Қаршыға аққуды алғанда, Жапалақ тышқанды басып қалғанда,

О да арланбайтын еді ғой Дәрежесінің кеміне... [1, 65] Қазақ әдебиеттану ғылымы корифейлерінің бірі Зәки Ахметов: «Ақынның өз тұлға-бейнесі оны тебіренткен ой-сезімдерден, айтылып, баяндалып отырған өмірдегі алуан түрлі жағдайларға, қоғамдық мәселелерге, әр түрлі адамдардың іс-әрекеттеріне оның қатынасынан, берген бағасынан айқындала түсіп, жан-жақты толық көрінісін табады» дейді [11, 9]. Мынау дәл соның мысалы: Қара бүркіт, қаршыға, Қартайып жасы жеткенше, Бұйрықты күні біткенше Алатын аңын қоймаған. Ашуы келсе, аң алып, Төс етін жемей, төрт тарпып, Жемсауын қимай, бір қарпып, Жеген жемге тоймаған. Адай түгіл, Байұлы, Байұлы түгіл, Алшында Жеңемін деп жарысып, Мерекелі жерлерде Ешкім жоқ бізбен ойнаған, – деп келіп [1, 66]: «Пілдің тірі бәсі де мың ділдә, өлсе, тері бәсі де мың ділдә!» дегені – мақалға бергісіз ұтымды, ұла­ ғатты, даналық ой, шын мәнінде. Сөз иесінің қадірін арттырып тұр. Мұндай үлгі Махамбетте де бар. Мұнда Қаша­ ған өзін қара бүркіт пен қаршығаға, демі қатты айдаһарға, жүйрік тұлпарға, алғыр сұңқарға, арлан бөріге теңейді: Мен – сендей жабының Талайынан озған тұлпармын. Сендей жапалақтардың Талайын алған сұңқармын. Сен – ауылда үрген көпек ит, Мен – азулы арлан бөрі едім. Ашулансам, шырағым, Жас та болсаң, желкеңнен Жалғыз-ақ тістеп жұлқармын! [1, 68].

Осындай сарын «Қашаған мен Ізбас айтысында» да айнымай қайталанады: Менің сөзім – сары алтын, Сенің сөзің – қола мыс... [1, 92]. Топты аузына қаратқан, Жасымнан жүйрік тілдімін. Адай түгіл Алшынға Хан, хәкімдей бұлдымын... [1, 92]. Өз ағайыны көптігін, ата жағынан Қашағанның кең та­ рамағанын айтып тасынған «Берекет ақынға айтқан» жауап жырында: Көппін деп, балам, мақтанба, Көп атадан ел азады. Балықтай сасып басынан. Азда қайрат жоқ десең, Бүкіл тоғай өртенер Бір зәредей жасылдан. Мың қарғаға – бір кесек, Ортасына түссе қашырған. Отман таудың басында Дегелек деген бір құс бар, Аспанда жүріп ысқырса, Мың орда жылан басылған. Мен жүлделі жүйрікпін, Ала жаулы тер шығып, Сүйегім қызбай ашылман, – деп асқанға – тосқан, іздегенге – сұраған дегендей, ілік іздеп келіп қаралай ұрынған өлеңшіні ойынан адастырып, сөзінен жаңылдырады [1, 69]. Ахмет Байтұрсынов: «Өлең – ақынның ішкі ғаламының сөзі болғандықтан, мұнда да сөзі мен өзін көрсетіп отырады. Толғауда ақынды қабағын қарс жауып, қайғырып тұрған күйінде де, беті гүл-гүл жайнап, қуанып тұрған күйінде де, сүйінген, күйінген күйінде де, тарыққан, зарыққан, жа­быққан күйінде де, шаттанған, марқайған, масайраған кү­йінде де көріп отырамыз», – деп жазады [11, 8]. Ал енді

мына бір жолдар Қашағанның шамырқанған кезіндегі көңіл күйі: Мен – мұхит жатқан тереңмін, Шамшырақ жанған түбімде. Сен – бір жабы, мен – тұлпар, Сен – қарға да, мен – сұңқар, Тоғыңды шайқап бүлінбе. Сен – өзекте жүрген бөлдірке, Мен – теңіздегі кемемін. Басармын да кетермін, Батарсың да кетерсің... [1, 93]. «Бұл не? Менмендік пе, тәкаппарлық па, астамсу ма? Батыр мен ақынға ғана кешірімді асқақтық. Бұл арқылы ол мақтаншақтық пен астамдықты дәріптеп отырған жоқ, мансұқтап отыр. Ел арасында дүлдүл ақындығымен ғана емес, кемел азаматтығымен, әлсіздің сөзін сөйлеп, аға­ йын­ның да жағасынан алған әділдігімен, кісіге құныкер боп, елінен безген қашқынды паналатқан қайырымымен, жауласқандарды бітістіремін деп жауырынын дүреге тосқан ерлік пен мәрттіктің, адалдық пен сақилықтың үлгісін көрсеткен өлшеусіз адамгершілігімен талай аңыз қалдырған Қашаған адамдармен емес, ерді қор, елді сорлы қылатын кесірлі қылық, кесапат құлықтармен – рухани кеселдермен алысқан» [9, 318]. Сөз өнерін зерттеуде соңына соны соқпақ салып, із қалдырған парасатты ғалым Зейнолла Қабдолов: «Лири­ка­ лық образ – сыршыл өлең-жырлардағы ақынның бейнесі, оның ішкі бітімі; ақынның мың иірім көңіл-күйінен – нәзік сыры мен сылқым сезімінен өріліп жасалған өзгеше кейіпкер» деп тұжырым жасайды [11, 9]. Жүйрік едім қашаннан, Ақбөкендей орытқан. Талай келдім бәйгіден, Жоқ еді жерім зорыққан, – деген жырау сөзі өз болмысын байқатып тұр [1, 94].

Зерттеуші, қаламгер Тұрсынжан Шапаев: «Абстракты лирикалық образ төркінінде нақты адамдық, ақындық дара мінез жатады. Сондықтан өлеңдегі парасат өрісі, сезімдік кернеу деңгейі – тек ақындық дара сипатқа тәуелді». «Олай болса, – дейді осы тақырыпты жете зерттеген ғалым Мақпал Оразбек, – бүкіл өлеңнің өн-бойында, лирикалық кейіпкердің түп-төркінінде адамдық, ақындық дара мінез жатса, ақынның терең көңіл қойнауында жеке басқа тән асқақ ақындық сыры жатқаны, биік ақындық тұлғасы төбе көрсетіп тұрғаны талассыз» [11, 9]. Біз бұл ғылыми тұжырымдардан көптеп үзінді келтіріп отырған себебіміз – Қашаған атамыздың әдебиеттегі бейнесін өзімізше тануға тырыстық. Абыз ағамыз Әбіш Кекілбайұлының мына бір аталы сөзі – жоғарыда айтылған тоқсан ауыз сөзіміздің тобықтай түйіні: «Қашаған жыры, расында да, ең әуелі тарихи санадан бастау алады. Ол аяқасты соқтыққан Ізім, Ізбас, Сақып сынды ақындарға да, аяқ асты қырыс мінез танытқан Есқали сұпы мен ауылдас сараң ағайындарға да жауапты күнделікті күйбең тірлік пәтуасынан емес, дүние жаралып, су аққалы жеңісе алмай келе жатқан күйкі пенделік пен кемел парасаттың тайталасынан іздейді. Қашаған үшін кез келген жұмыр басты пенденің көз алдындағы қылығы мен құлығы тек оның бір басымен шектелмей, күллі қазақ, күллі адам нәсілін қамтып жатқан құбылыстай көрініп, таусыла толғанып, күйзеле тебіренеді. Бәлкім, оған тек өз заманының ғана емес, бағзы замандардың да шындығын жеріне жеткізе жақсы білгендігі себеп шығар» [9, 314]. Өзіне дейінгі қазақ әдебиетіндегі, жалпы ұлт руха­ни­я­ тындағы алыптар бейнесін келешек ұрпаққа таныту – сөз өнеріне қызмет етіп жүрген әр буын өкілдерінің, тіпті ел болашағын ойлаған кез келген қазақтың азаматтық борышы деп білеміз.

ӘДЕБИЕТТЕР 1. Күржіманұлы Қ. Топан. Шығармалары. Құрастырған Қ.Сыдиықов. Алматы, «Жалын», 1991. 176 б. 2. Абыл, Нұрым, Ақтаным... Алматы, 1993. 3. Жырдария. Ақтау, 1999. 4. Алқаласа әлеумет. Жыр жинағы, құрастырған Қ.Сыдиы­ қов, Ш.Керімов. Алматы. Жазушы, 1991. 240 б. 5. Сыдиықұлы Қ. Ақберен XVIII-XX ғасырлардағы қазақ ақын-жырауларының шығармалары. Алматы. Нұрлы әлем, 2007. 576 б. 6. Сүйіншәлиев Х. Қазақ әдебиетінің тарихы. Оқулық. Алматы. Санат, 1997. 927 б. 7. Жансүгіров І. Құлагер. Өлеңдер мен поэмалар. Алматы. Атамұра, 2003. 360 б. 8. Ерғалиев Х. Таңдамалы. 2-том. Поэмалар, өлеңдер. Алматы, Жазушы, 1976. 440 б. 9. Кекілбаев Ә. Он екі томдық шығармалар жинағы. 10-том. Алматы. Өлке, 1999 ж. 400 б. 10. Медетбек Т. Баба дәстүрдің мұрагері кім? Туған әдебиет туралы ойлар. Алматы. Өлке, 2001 ж. 284 б. 11. Оразбек М. Ақындық тұлға табиғаты (Шәкәрім, Мағжан, Сұлтанмахмұт). Зерттеу. Астана. «Фолиант», 2002 ж. 152 б.

ІІ бөлім. «СҰРАҒАНДАРЫҢ СӨЗ БОЛСА...» (республикалық ақындар мүшәйрасында оқылған өлеңдер) Индира КЕРЕЕВА (Ақтөбе)

Қабір БАСЫНДАҒЫ МОНОЛОГ Қанатын жайғанда қара түн, «Мен жоқпын. Өлгенмін» демеші... Өйткені жабықсам, баба, тым Демейді Қайыптың елесі. Тірліктің тұрлаусыз таңы атса, Тағы әлсіз неліктен, баба, ақын?! Ақын боп есімнен адассам, Әруағың арбаған болатын... Жырымда Бөбектің жаны бар, Қайып боп қайғырдым, о, баба! Сол заман сұмдары әлі бар, Біздерге обал, ә?! Бұл өмір ойын ғой тым арзан, Кетем мен! Құлаймын, сүрінем... Молаңда тұрмын ғой жыр арнап, Мені әсте ұқпайды тірілер... Өмірдің анық мұң екені, Қимаймын деуге енді сізді өлген... ...Мүлгиді марқұмдар мекені, Сізді ұрлап біздерден...

Баба, сен айт менің теңім кім? Қажытты жасықтар сырты нар... Бабам-ау, күреспей жеңілдім, Шаршадым ойыннан. Күтіп ал! БЕЙІТТЕН ЕСТІЛГЕН КҮБІР (Қашағанның жауабы) Өкпем көп тіріге менің де, Асықпа, ерте ғой тым әлі! Бұл жақта мен бармын, өмірде Болғайсың өлеңнің шырағы! Кей топас өмірдің мазағы Боп жүріп өсиет жазады... Тілерім жеп жатсын үнемі Жаныңды қара өлең азабы... Текті едім сұңқардай, тегі бек, Өлеңге гүліңді келіп ек. Жиенім екенсің, ендеше, Адайдың бір ұлын серік ет! Дегендей естілді күбір бір, О, баба! Санама жырың нұр! Күмбезің күрсінді. Мен оны Кие деп ұғындым... ТӘУЕЛСІЗДІК – ТӘТТІ ҰҒЫМ Таңым атты еркіндікпен. Шат күнім! (Қолындағы бағаламас бақты кім?!) Тағдырымның талайында таңбасы, Тәуелсіздік тәтті ұғым!

Қазақпын мен! Төріне түн түнемес, Арамдыққа жол бермейтін жүрегі еш. Өгей тілде өрге ұмтылсам егер де Жырым менің жыр емес! Қазақпын мен! Намысы үшін оққа ұшқан, Ешкім мені басына алған жоқ тыстан. Жақынымды жаттай сыйлар халықпын, Сен осыны ұқ, дұшпан! Қазақпын мен! Лайланбаған қаны бар, Екпінімнен Түн ығады, таң ұғар! О, болашақ! Тәуелсіздік байрағын, Өз қолымнан қабыл ал! Қазақ жүрек! Соға бер, соқ лүпілде, Жауыңның түрлі өсегіне бір түкір де Қуаныш тіле алдағы келер күніңе, Ақсарбас айтып, шүкір де! Сырым да менің, жырым да менің қазағым! Таппадым бірақ заманның тағы таза әнін... Рухымды менің түсінбес асфальт баласы, Қазағым үшін жазамын!

Жандос ДЕМЕСІН (Маңғыстау)

БҮГІНГІ ХАЛ (Қашаған ақын рухына шағыну) Мен қауіп еткеннен айтамын. Мұрат Мөңкеұлы Қашеке, базынасын тыңдашы ұлдың, Мұңы емес айтатыным бір басымның. Араны ашылады аждаһадай, Сананы сайтан жеген сұм ғасырдың. Құса боп запыранды зардан ішім, Бойымда өлді рух, ар-намысым. Жер асты қалай шыдап жатыр екен? Жер үсті айтысуда Аллам үшін. Былғанып ылайланды көк тұнығым, Ібіліс іргеме кеп септі ұрығын. Кешегі қасиетті шалдарыммен, Көміліп кеткен еді тектілігім. Құным жоқ піл бәсіндей мың ділдәлық, Барады заман ағын құрдымға алып. Отпаннан дегелектің шықпайды үні, Қаптады құрт-құмырсқа, жүрмін налып. Әулие жоқ ізгілікке бастаған із, Әлемге Құдай жоқ деп мастанамыз. Ата дін ауласынан аулақ қонып, Сақалын сипап отыр жас баламыз.

Шайыр шал тектіліктің тұнбасындай, Не дер ең тірі болсаң бұл ғасырға-ай? Бүгінге айту қиын жырды ашынбай. Аспанда қап-қара бұлт келе жатыр, Шайтандар шеруінің сұлбасындай. Жер үсті кәуірлердің шаһарындай, Дүмшенің түзей алам шатағын қай? ...Жоқтайды кәрі дала рухты іздеп, Әуені Аралбайдың мақамындай... АМАНАТ немесе Кекілбайдың майданға аттанардағы сөзі «Бесшоқы-тау төресі өр тұлғалы, Мұнардан көре алмадым көркіңді анық. Ел үшін өлу елдің арманы деп, Қан майдан шақырып тұр еркімді алып. Бұл-дағы жазу шығар Тәңір қылған, Ел үшін шәһит кетсем жаным құрбан. Табаным тайып барад Мырзайыр шөл, Бытыра сусыл сары шағыл құмнан. Аман бол, Ағаштым-ау, Көрпешігім, Мырзайыр, Басқұдығым, өркеші-құм. Барамын қызыл жалын ортасына, Сіздерге ақтарылып келте сырым. Қайтейін артым түнек, алдым жалын, Ұсынған татып көрем тағдыр дәмін. Бере гөр, амандығын Жаратқан Хақ, Артымда жалғыз тұяқ қалдырғаным. Қиын күн елге қатер төнді жаман, Арманы, үміті көп мен бір адам. Құдай-ай, жалғыз ұлды беріп едің, Қызығын қиясың ба, енді маған?

Туған жер ар сыйлаған маған аппақ, Дәл бүгін босағаңнан барам аттап. Әуелі Алла, сосынғы Пірім Бекет, Сіздерге жалғызымды аманаттап». Бойлаған тұла бойға нала күшті, Өкініш қарып өртеп барады ішті. Әкенің жанарынан жас үзіліп, Маңдайдан иіскеп сүйді бала Әбішті. Шығып тұр қош айтысып жиыла жұрт, Таулар тұр мұнар жапқан күйі-ғаріп. Аттанды қайран әке туған жердің, Бір уыс топырағын түйіп алып. Дүмпу бар жер мен көктің арасында, Тағдыр-ай, мұң-қайғыңа қарасын ба? Сызығы көкжиектің көсіледі, Сәбидің көздерінің шарасында. Жазмыш айналдырар қинаса шыр, Майданға әке кетті қимас асыл. Таң атса көкжиекке көп қарайды, Елеңдеп қоңыр өңді бұйра шаш ұл... АУЫЛ КЕШІ Ауыл кеші жаздың күні ұзарып, Шат-шадыман көңіл билеп даланы. Төбемізден ысыған күн қызарып, Ұясына батайын деп барады. Қызыл іңір жақындады кеш түсіп, Өріс жақтан мал келеді жайыла.. Асығады біздің үйдің ешкісі Шешеміздің сүт құюға шайына. Көрші кемпір малдан алған керегін, Түйесінің сүттілігін айтады.

Даңғырлатып алып кеткен шелегін, Қора жақтан әрең алып қайтады. Кәрі-құртаң отыратын салқындап, Төбе басы сонысымен ажарлы. Қауқылдасып күліседі жарқылдап, Болып жатқан жиын сынды базарлы. Осы ауылға боласың-ау қарап таң, Маңдайыңда көрер көзің болсын тек. Пейіш-бақтың бір бөлігін Жаратқан, Жібергендей тірілер де көрсін деп... Талғат МЫҚИ (Батыс Қазақстан)

АЙТЫС (Қашаған Күржіманұлына) Бұл Маңғыстау біз барамаған жер еді, Қара өркешті қатептері маң басқан. Әулиелер әмбеге аян ел еді, Алла антындай ақ сөздері – алдаспан, ...Алдаспандай болуының себебі – Жар-Иемнің жалқы есімі жарқ етсе, Шайтандары ақылынан алжасқан. Жарық нұр ғой – Жар-Иемнің жамалы. ...Сол Маңғыстау Жар-Иемнің жаңағы Жамалының шуағына шомылған. Құм астында ұлып жатқан ғасыр боп, Құран сазы естіледі қорымнан.

Құлпытастың бетіндегі жазулар Құдіреттің мөрі екен ғой соғылған... Бұл Маңғыстау – құт дарыған түз екен, Еске түссе ескі уақыттың қай тұсы Жыршылардың жүріп өткен ізі екен, Көк тастардың ұйқышы мен айқышы. ...Әруақ боп аспан жақта ұшпайды, Қайсы бір жыл қайтыс болған қайқысы. Содан бері боп жатқанға ұқсайды, Ібіліс пен періштелер айтысы. Содан бері күрт өзгерді саналар, Ішімізге ібіліс сап іріткі. Лаһул-Махфуз тақтасында ғана бар, Бұл майданда кім ұтылды, кім ұтты. Замананың тартып жүріп зардабын, Алты Алаштың адастырып арманын, Алға қарай жылжып келе жатырмыз Алдын сүйреп сайтан мінген арбаның. Хас дұшпанын табанында таптаған, Халқымыздың қабағында қар қалың, Маңдайында сор қалың... Сор қалыңы – сол аяқпен аяусыз, Арулардың таптап жүрміз арларын. Атан қомы ауырсынған ел мұңы – Ескерусіз кетіп жатқан ер құны – Екі жақтың айтысының сол болмақ, Екі дүние тақырыбы ендігі... ...Келімсекте келу бар да, кету жоқ, Сол баяғы көңіліңнің кеңдігі. Қысық көздер қыдырып жүр көшеңде, ...Қыдыр емес екендері белгілі. Көпке қарап түкірісті көп есті, Қаныңда жоқ қасірет қой ол ескі.

(Түгіменен түйе жұтқыш өңешті Байлар жайлы бабам кеше не десті?!) Періштенің сөзін айтқан еді ғой, Перілерден аулақ құрып кеңесті... Сол бабамның ұсақталды ұрпағы – Құр әуейі көптігінен шығар бұл, Тірі әулие жоқтығынан емес-ті. ...Тұғырынан таймай тұрған тақ үшін, Біз болжаған болашақтың бағы үшін, Анайы ердің ұйықтатып нәпсісін, Адайы елдің оятатын намысын Қашағанға қаратып жыр оқысам, Қара жерге жетер ме екен дауысым?! АМАНАТ Бөрі таңба байрақ алып жау шапқан, Қарсы келсе қабырғасын қаусатқан, Ата дұшпан ат үстінде жолықса, Ат жалынан аударып, Арғымағын ақсатқан, Жапан төстеп жаугершілік күн кешкен, Түнде жортып тұлпарымен тілдескен, Бүгін қылған батырлығы бір күні, Бүтін елге жайыларын білместен, Бір жебесін бір жауына арнаған, Ердің құнын – даулаған, Ару құнын – арлаған, Қара санын қанжар тілсе қыңқ етпей, Сүйегінен сөз өтсе Қарап тұра алмаған, Жұрттың мұңын жауырынға жүк қылып, Тегі кімнен тарайтынын ұқтырып, Күні бұрын жауға күлкі болман деп, Тірі күнін талақ еткен тік тұрып,

Қын мен қылыш түсірмеген аш белден, Ұрпақты ойлап жанарына жас келген, Бес уақтылы жайнамаздың үстінде Жар асытынан шапқан жұртқа бас берген, Өлгенінше берілмеске бекіген, Сөйтіп жүріп шейіт болып шетінен, Керуенін кері бұрып келмеске, Бабаларым көшкен жердің бетінен... Соның бәрі не үшін-ді?! – Еділ менен Жайықты, Ертіс пенен Есілді Бабам бізге аманаттап қалдырған, Қазақ, ертең жинарсың деп есіңді. Қарадан туып хан болып, Бір данышпан бастасын деп көшіңді... ...Кім көрінген баспасын деп төсіңді. ҚАБІР ҚАБЫРҒАСЫНА ЖАЗЫЛҒАН ӨЛЕҢ (болашақ атынан) ...Қайырлы болсын сендерге, Бізден бір қалған Еділ жұрт. Қазтуған Өмірді тастап, өкініп барам өктемге, Өлілер ғана өмір сүретін шеткі елге. Қайғыдан мендей қан жұтқан шығар ертеде, Қазтуған жырау Еділді тастап кеткенде. Алдағандай қып жүретін «алтын» бастың да, Қадірі қалмай айналып кетті тас-құмға. Жер үстіндегі жерұйығымды аңсап жатырмын, Жеті атам жатқан жеті қат жердің астыңда. Жайық – өмірім, егіз ағатын тағдыр ек, Бұ дүние – бергі, о дүние жағы – арғы бет.

Соңғы рет күліп Жайықты кеттім талақ қып, Соңыра мені жоқтайтын ерлер бар-ды деп. Бағамыз біздің бұ дүние жақта білінер, (Адамның бәрі Аллаға түбі жүгінер). ...Тағдырым үшін Тәңірді тілдеп жүрмеңдер, Ей, о-о дүниедегі тілдері ұзын тірілер! Қабір ішінде қаңсиды неге бұ көңіл?... Жанды су Жайық жаны барларға жылы өңір! ...Қайырымды жұртым, қайырлы болсын сіздерге, Тапа-тал түсте Талғаттан қалған бұл Өмір! Еркін ИСАХАН (Астана)

МАҢҒЫСТАУ (Қашаған Күржіманұлына) Шаршы бір топқа барғанда, Шалқып бір толғар шалдарға, Сөз басы болған Маңғыстау. Киесі жебеп тауымның, Қырында ата жауымның, Көз жасы қалған Маңғыстау. Бабамнан жеткен байдалы Қазақы өлмес рухтың, Ордасы қонған Маңғыстау! Батырың аз ба бағынбай, Байлаған арын беренге. Ақының аз ба Абылдай, Алтыннан жабу жапқан өлеңге?! Әруақты өлке арда жұрт, Алаңсыз бойлап тереңге. Асылық болмас біз сенсек, Әуелі сөздің киесі Өзіңе түсті дегенге?!

Жүретін даңғыл жолды ұқпас, Жылжытып алға көшіңді. Шаңырақ артса шалдықпас, Қашаған сынды қатепті Қара нар емген төсіңді. Қоралап өлең айдаған, Құп көріп көне жосынды. Құлабыз шалдар жайлаған, Қолатқа тіктім қосымды...

Жаратып жатса жырымды, Жиынға өзі-ақ қосар ел. Жүйріктен туған құлынды, Шапқанда алдан тосады өр. Шалдардан қалған бұрынғы, Шапхатың болса шаша бер. Байрағыңды ұстар ұлыңды Бабамнан қалған арда өлке, Бауырыңа қане баса гөр! АЗАТТЫҚ (Тәуелсіз Қазақияның 20 жылдығына) Тағдырға өкпем болса да Тар жерде талай жылатқан. Тайсалмай өттім қаншама Тандыр боп кепкен қыраттан. Ашар деп алдан бағымды Аршын төс ару мына ақ таң. Жарқын бір үміт жанымды, Жетелеп сонау жырақтан. Жеткемін саған, Азаттық!

Сен менің сетер арда емген, Атамның жерлеп әз басын. Кек қысқан мынау кеудемнен, Күңіреніп аққан көз жасым. Опат боп озбыр заманда, Рухым бастан озғасын. Боздағын жоқтап даламда Боталы жырым боздасын... Боздасын солай, баба тіл, Ойымды бұлттан оздырып. Рухым менің қанатым – Бабалар мінген бозкүлік. Тақымнан аққан теріме, Тебінгімді әбден тоздырып. Арымдай қымбат Азаттық, Кетермін ертең сені де, Келергі күнге көз қылып! МЕНІҢ ТАУЛАРЫМ Қайғысы толқып қара көзімде, Қараусыз қалған жерім бұл. Тарпаңдай асау бала кезімде Тауларым болған менің бір... Жататын біздей төгілсе өткеннің Өкініштерін жыр етіп. Көкірегіне көңілшек көктемнің, Қаңғыбас бұлтын түнетіп. Бабаларымның құрыш білегі Қапталдап тиген қасына. Көксүңгісіндей тым үшкір еді Жарықтықтардың басы да. Құдыреті ғой деп Құдайдың мұны, Қызығатынмын мен соған. Еңсемді тіктеп Шалкиздің жыры: «Естерекұлы Ер Шобан!»

Жырланбай таулар бола ма биік? Жыршысы тектес даламның. Жататын солай санама құйып, Батырлықтарын бабамның. Толқынына орап тілегімді мың, Балалық кейін өтті ағып. Жайықтай тұнық жүрегімді бұл Желғабыз жылдар кетті алып. Ал қазір ата мекенде мынау Сол тауларымды сағынам. «Менікі емес екен ғой олар», Соны ойлап іштей жабығам. Жем іздеп жүрген төріміз құзғын, Ал биліктегі мәз көкем. Жат елде қалған жеріміз біздің, Жаратқан деймін аз ба екен?!

Салам деп Құдай күшіне құрық, Шер-налам қалай шертілмек? Сол таулар менің түсіме кіріп, Жылайды дәйім еңкілдеп. Менің тауларым... АЗАН НЕМЕСЕ АЛЛАҒА МАДАҚ Қаңтарда қар мен бірге халыққа ауыр, Бүлігін басылғасын салып дауыл. Тау жаққа біздің анау нардай шөккен Тағы бір таң құлайды балық бауыр. Жанданып таңғы тірлік жырға ұласқан, Көргесін қолат жақтан түнді қашқан. Намаз деп ерте тұрған діндәр шалдың Даусынан оянады мүлгіп аспан. Күтетін бағдары жоқ желден несіп, Қаңбақтай қайда барам елден босып. Мұндайда мен де оянам таңғы ұйқымнан, Кеудемнен қоңыраулы керуен көшіп...

Тыңдаумен осынау бір тылсым үнді, Құлағым, Алла, Саған мың түрілді. Жазамын Өзіңе арнап қасидалар, Қалам ғып қара сабау кірпігімді. Кеудемде бабалардың басы көктеп, Рухым өзен болып тасып өтпек. Мен Сенің құлың едім, жанарынан Оқылған мына дүние қасірет боп. Татпаған дәм-тұзымның қаншасы бар, Басыма қонған бақтың баршасын ал. Өлең ғып өзің өрген бұл ғұмырым, Бір күні өз қолыңмен тарқатылар... Жасұлан МАЙЛЫБАЙ (Астана) ҚАЗІРГІНІҢ ҚАРҒАСЫ Қара қарға қалбағай, Қаз бен үйрек, қара құс, Олар да таласпайтын еді ғой Бүркіттің жейтін жеміне. Алыстан көрсе қарасын, Балапан үйрек баласы,

Көзі түссе жаутаңдап, Қысса да қайрат қаусаңдап, Қорқып келмейтін еді ғой Бүркіттің, сірә, шеміне. Қашаған Күржіманұлы Тау басында қарға отыр – қара бет, Айналасы қан сасып. Шаһид кеткен есіл ердің «дала» деп Жемтік болған қаншасы. Таудан тапқан ауру ғой мас қылған, Тәкаппарлау тұрысы. Енді қайтсін, бүкіл әлем астында Жөн де шығар мұнысы. Қара бетім, қарқ-қарқ етіп күледі, Шашыратып боқтығын. Мына маңда... бәрін жақсы біледі, Өзіндей жан жоқтығын. ...Қыран даусын айдап келді жел кенет, Шулады қыр қосыла. Ей, қара бет, өзіңе де сол керек! Ал, төтеп бер осыған! Қорқыныштан түз бетінен көшті рең, Қарғам отыр ойланып. ...Ол бұл үнді бұрындары естіген Еске түспей қойғаны. САРЫТӨБЕ Бақилық болып нар атам кеткен, Сары бір төбе – сарғайған өңір. Сағынышымды таратам деп мен, Төгілтіп өлең таңдайдан небір Шалғайдан келдім...

Жусаны жылап оянар таңда, Өткенім қалғып жатқан қыр еді. Шұғыла сәуле бояған талға, Мұңымды бүгін ақтарғым келді. ...Қораға жеңгем бара жататын, Тәтті елес күліп талдырма белден Шошынып қалып дала жататын, Шелектен шыққан салдырлақ үннен. Мезі еткен қала жырақта қалып, Біздер ме... біздер шұбатқа қанып. Тәмпіш мұрыннан бұлақтар ағып, Алысатынбыз құмаққа барып. Созыла сұлап жатқан бөктерлер, Шуға толатын балаң күлкімен. Қанатын ерте қаққан көктемдер, Көрісіп жатар бабам жұртымен. Ойы толатын боздаған үнге, Қойы толатын қыратқа мынау. Содан да бері боздала мүлде Бозбала күннен жырақтадым-ау. Жазған-ай, оның жанары мұңлы, Жарасыз болса, елемес едім. Боздатып бота – балалығымды, Бұрылмай кеткен мен емес едім. Шын айтам.

Нұрлан ҚОСЫМБАЕВ (Маңғыстау)

ҚАШАҒАН РУХЫМЕН СЫРЛАСУ Қашеке, Қырықкезде үнсіз жатсың, Дүлдүлімнің қалғаны-ай үнсіз қап шын. Кәусар жырмен қандырдың жұрт құмарын, Енді өзіңе ұрпағың жыр тыңдатсын. Жыр тілімен жеткіздің шер-мұңыңды, Ақындықпен көрсеттің ерлігіңді. Өткірлікті таныттың ұлы өнермен, Өлеңіңмен көрсеттің өрлігіңді. Жүйрік едің, кезің жоқ жолдан қалған, Ыза-кегін кедейдің байдан да алған. Қозы бағып бір күні қалғанда ұйқтап, Шайырлық Қызыр атты шалдан қонған. Нар да көп, бұл күндері айыр да көп, Тал да көп, бұл күндері қайың да көп. Өңкей клон өлеңші қаптап кетті, Жаттанды көп, дәл сіздей шайырлар жоқ. Өлеңші көп осындай көз алдаған, Міне, осыған қапамын, алаң болам. Ұлыларға еліктеп кей ұсақтар Өз жолын ұлы өнерден таба алмаған. Уа, Қашеке, көп екен көрмегенім, Кержақтардың міне алман кер дөненін.

Сөзге тоқтай білетін қазағымның Ермек қыла бастады енді өлеңін. Мұңымды айттым осындай датым барда, Асау көңіл көнбейді тақымдауға. Мың сан сөздің жаратқан сиқырымен Әу бастан құдіретімен ақынды Алла. Алжасқандар шатпағын жаза берсін, Алдаспан жыр өлмесін ақындарда! * Маңғыстау майлы қиянда Сия алмай жүрмін көп оймен. Қақтырып қанат қиялға, Үзбедім үміт өлеңнен. Өмірді мынау құбылған Өлеңмен өтем өрнектеп. Қазбауыр бұлттар шұбырған Нөсерін нөпір селдетпек. Нөсерлеріңнен нәр алып, Шыңдардан шыбық көктеген. Әлі бар бізде балалық, Жастықтың жазы өтпеген. ШЫНДЫҚ ДЕГЕНІМІЗ НЕ? Тарих – ол дей көрме, адам, Айдан анық шындықты. Шындықта жоқ даңқыменен ел билеу, Ал тарихың – алдау-арбау, сұмдық-ты. Шындық деген – өткен өмір, Келер күндер алдағы. Кей шындықтан өтіріктер Туады екен ол-дағы.

Нақ шындықты тіл айтпайды, Айтады оны тіршілік. Тілге сенбес көз болғанмен, Нақ шындықтан олар да Тік қарауға қорқады екен түршігіп. Өтірікке көз түгілі Соқыр адам сенбейді. Өтірікші әуел бастан Шынын айтып келмейді. Соқыр түгіл нақ шындыққа Саңырау да сенеді. Өтірікті естімейсің, Бақыттысың сен менен, Естимісің, саңыраулар әлемі?! Ақан СЕРІК (Атырау)

ҚАШАҒАН ЖЫРАУДЫҢ 170 ЖЫЛДЫҒЫНА Бөрілермен бөрілерше белдескен, Сен менен де бақыттысың, Махамбет! Сағат Әбдуғалиев Айқаспасаң қылышың қыннан азар! Бетегеден салайын шыңға назар. Сен даттаған Есқали жалғыз еді, Біз жырлайтын «сопылар» мыңнан асар. Шын өлеңнен жеп өткен күнде мейіз, Баба жырау, сіздерді күндемейміз.

Біз де ақын деп санаймыз өзімізді, Сөзге беріп бостандық! ... үндемейміз. Ессіздерді естімей «есті ғалам», ...Ескіліктен ескі өлең естіп алам. Сен құдірет санапсың домбыраны, Ал қазіргі «құдірет» – эстрадам. Адастырып сан қиял жады-ойымнан, Сабыр, шыдам сұраймын Құдайымнан. Шетелдіктер сорғыштап мұнайыңнан, Аттап бара жатқандай Адайыңнан. Өз-өзінен қағады санам дабыл!.. Жыр арнадым әйтсе де саған да бір. Текті ұрпағың қастерлеп жатыр сені, Тексіз ұлдар тепсінген заманда бұл. Көкейіңде қаншама қалды сұрақ? Қазағыңның қашан да алды сынақ. Сен аман бол, Адайдың қарашығы – «Бес жүйріктің» бесігі, Маңғышылақ! ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ 20 ЖЫЛДЫҒЫНА Қаншама жыл бодан болып біз жатқа, Қаншама жыл тірі жүрдің тозақта. Қаншама жыл, тәуелсіздік, бостандық, Арман болды, мұрат болды қазаққа. Дәрменсіз боп Сәкендерді аттырдық. Ұран еттік орыстардың дақпыртын. Өз ұлдарың «итжеккенге» айдалып, Бауырыңа басып қалдың жат жұртын. Сұсы ұнамай Мәскеудегі сарайдың, Желтоқсанда рухы жанды талайдың. Ләззаттың бұрымы боп түйіліп, Қайратыңның қаны болып қарайдың.

Өзегіңде жауың үшін от қайнап, Қылышыңды қайрайтұғын жоқ қайрақ. Қазақ едің еңіреген еліңде, Құтқарылдың көтеріліп көк Байрақ! Міне, сонда берік болып тұғырың, Орыстардың әлсіреттің құрығын. Бар қазақты біріктіріп, бекітіп, Көш бастады дара тұлға бір ұлың. Көш бастады елін бастап егемен, Әрбір ісін ақылымен елеген. Елім барда дәл осындай еңселі, Мақтанбайын, шатанбайын неге мен?! Қайта танып қасиетін елдіктің, Көк аспанда күлімдейді Теңдік-Күн. Кеудемдегі шыбын жаным шыққанша, О, қазағым, жүрегіммен сендікпін! * Жасағым-ақ келеді жақсы қадам, «Алдан шығар жеңеше» тапшы маған. «Жолым» жайлы мұңымды шақсам, бірде, Кеңес берді бір досым: «Бақсыға бар». Біреу мені өзіне жау етеді, Қол беруге жетпейді тәуекелім. Амандассам кей таныс долданады, Қос өкпеме жүргендей ауа әкеліп. Кейбір достан өзім де шет қаламын, Басы тесік, олардың бит балағы. Шабалақтап кейбірі дес бермейді – (Абалаумен қарсы алған ит қонағын). Өзімнің де жетпейді оңған жағым, Істен шығып қалады қолданғаным. Не де болса осылай жүре берем, Өзі тауып алғанша жолдан Бағым.

КҮЗДЕ Бағымды алып барады құстар менің, Тым биікте, әйтпесе ұстар едім. Бүгінде сортаң тартып бара жатыр, Тек тәттіге әуелде құштар ерін. Құстар алып барады бар бағымды, Бағымменен қосақтап арманымды. Жүрегіме кигізіп қамыт-өлең, Сүйретіп қала бардым арба-мұңды. Бар бағымды барады құстар алып, (Шығатын болар жүрек қыстан арық). Шайтан-тағдыр көзіме көрінбейсің, Құлым қылып қояр ем ұстап алып. Алмас АЛТАЙ (Маңғыстау)

ЕСКЕРТКІШ (Көшер Байғазиевке) Тыңдар әңгіме табылмас бізден тұшынып, «Қалам – дедіңіз – сөйлейтін сөзден қысылып». Кәрі-жасымыз отырдық, кешіріп қойып Адайдан туған абзалдың сөзінен ісі нық. Сөзімен барлық түйінді шешетін сыңайлы, Өзін қойып, ұмытып кететін Құдайды. Көбік ауыз, көк езу көрінеу қырттан Үнсіз бітірген төл ісің көбірек ұнайды. Бордай тозған шақтарда болдырып төзім, Жаратқан саған қарады оң қылып көзін.

Ұлтыңның жақтың, ағатай, үмітін үрлеп, Иса-Досанды тұғырға қондырып өзің. Иса мен Досан күзетсе Ақкетік қырын, Тәмам туыс тамсанып бақ дедік мұным. ...Шаттыққа бөлеп шадыман шаһардың жұртын, Қашекем отыр ұсынып тәтті етіп жырын. Түрулі білек, түюлі қабақ сұсын-ай Шалдың, Ұнамай қалды, жан ата, ісі қай байдың?! ...Құрекем келіп қапты ғой, домбырасынан Төгіліп сазы Ұран Күйінің иісі Адайдың. Үзеңгі қағысып, бірге кезген тәмам қиырды, Шалдарды қашап шаршыға шамаң білінді. Тірлікте тұтас жүрген Шалдардың ескерткішін де Бастарын қосу бақыты Саған бұйырды. Әр қыртқа сөзді қайтесің, шығындап, аға? Салғыртқа шашпас тереңде сырың бар, аға. Сен қашаған әр мүсін аттандап тұрсын! Ал сырыңды тек досқа айт сыбырлап қана... Пендеміз ғой есеппен түзген әр ісін, Өмір болған соң, әлбетте, Өлім бары шын. Алда-жалда ана жаққа жинала қалсаң, Кім қашар екен, жақсылап, Сізге аға, мүсін?! АЗАТТЫҚТЫҢ АҚ ТАҢЫ Көне күннен суырсам сыр сабақтап, Шер қозғалып кетер ме екен, мадақ қап, Жұмыр басты ие алман деп пендеге, Түркі сөйлеп кетер ме екен, Қазақ қап. Тәуелсіздік! Тұрақ болған құтыма, Тайқы маңдай, шыда заман жұтына, Қайың шанақ, қос ішектен күй сауып, Қайқылардай егіліпті Сыпыра.

Бастан бұлбұл дәурен ауған шағы ма?! Асқан дүлдүл, ерек жұрттан бағы да, Қазтуғанға қоныс болмай алаң жұрт, Қайран Еділ... Қалған бір кез адыра. Тәуелсіздік! Тәтті ұғымсың сезгенге. Салмағың бар салынбайтын безбенге, Алты Алаштың басын қосқан Әз Тәуке, Ел шетінен қалмақ тиген кездерде. Халық едік, жаннан гөрі ар баққан, Зорлық көріп отырар ма қалмақтан. Қабанбай мен Бөгенбайым күркіреп, Наурызбайдың найзасына қан қатқан. Саумал күннің сипатынан күй ұққан, Төле, Қазбек, Әйтекедей биік бар, Үш арысқа, Абылайды, хан болған, Бұқар жырау ақылына ұйытқан. Ыстық қайрат, от жүрекпен қатар кеп, Тағдыр, бірақ, осыншама қатал ма ед, Жау қолынан өлу жазбай, дүние ай... Жарқ етті де өтіп кетті Махамбет. Бағын деген бұйрық келген сәтінде, Бас ұра алмай, құлақ аспай жат үнге, Иса, Досан халық туын көтерген, Қылыштарын сермеп өткен кәпірге, Жалғыз кеме қарсы жүзген ағысқа, Ұлтым үшін мыңмен жалғыз алысқан, Қанат байлап дүлдүл Қызыл Жебеге, Тұрар көкем самғап кетті ғарышқа... Тәуелділік бұғау ма еді тағылған, Үміт өшпей жүрген халық жадында,

Менің дағы кеудемде жүр бір ұшқын, Желтоқсанда мұзда жанған жалыннан. Қазақ барда өшпек емес аттары, Бірлік барда белгілі ғой бақ бары, Барлық Қазақ біріккенде атқанын, Ұмытпайық Азаттықтың ақ таңы! * (М…-ға) Самарқау, нәрсіз тірліктен безініп, Жалпақ әлемде жалғыздық… Жанартау-жүректен әлсіздік сезіліп, Жетпей жүргенде тамызық. Күнімнен күнім айнымай өтіп, Жалықтым десем, сөзі күпірдің. Төсекке-дағы жай құлай кетіп, Азабын тартқам күтудің. …Мен сені көріп, ұққандай болдым Қалғанын жарық сәуленің. Қайтадан күнім шыққандай болды, Сол оймен енді әуремін. Жанарың мәңгі есімде қалар, Жарқылдап жалқы қарап ең. Ойымнан кетпей еркімді алар, Ақша беттегі қара мең. Меңдіге ынтық ақынның көбі, Жаһұтқа меңді балай ма? Қалайды кімді, жаныңның «мені»? Мен ақын емен, алайда. ...Қасыңды сызған қап-қара сия, Абайсыз тамып, сұлулық туды.

Тәңірдің тәуір қателігінен Аппақ жүзіңе қара мең тұнды. Аппақ жүзіңе қара мең тұнып... Сұлу ең өзің былай да, Өзі ойлағаннан артықтау шығып, Таң қалған шығар Құдай да. ...Меңдерің дерт боп меңдеп сананы, Ұғудан қалдым өзімді, Күндерден күнге дендеп барады Сарқып ап салқын төзімді. Өзегі болдың мендегі жырдың, Жасыруға да шамам жоқ. Сертіне берік Ер болып тудым, Меңтайым болсаң... Арман жоқ! Арман ЖАЙЫҚБАЕВ (Атырау) МАҢҒЫСТАУ-ҚАШАҒАН (Қашаған ақынның 170 жылдығына) Жұлдызы ғасырнаманың – Есеттей асыл дананы, Бекеттей ұлы бабаны, Кеудесі өткір оқты өрген, Қашағандарды көк көрген, Пір тұтар Арман ғанамын!

Әруақтап тіл қатқанда ел, Алласы қолдап тапқан жер. Маңғыстау мәңгі киелі, Адамзат білед, сүйеді, Бабамыз Бекет жатқан жер! Таусылмас мәңгі сыр әні. Құт болған мұнай-бұлағы. Пір Бекет болған ұраны. Әлемнің осы пікірі, Күңіренткен көкті зікірі, Үш жүз алпыс әулие тұрағы. Құдайдың қайсар құлы деп, Жылайды кейде ұлы көк. Аллам-ау, бұл да нұрың ед. Батырлар өткен не түрлі, Тұлпары күміс кекілді, Солардан қалған жырым ед, Үстірттен ескен үні кеп. Әрбірің асқан алып ең... Ежелгі дала заңымен, Сөздері сойқан дауылды от, Бұл жақта қалған шайыр көп. Арпалысып аппақ таңымен, Тарихын жазған қанымен. Қазаққа біткен кен жерім. Өзге де сыйған кең жерім. Өрліктің татпас кермегін. Болды, ұқтым, мені тербедің. Маңғыстау мәңгі ойымда, Оны да өзің мойында! Жүрегімді оят сен менің... Жүрегімді оят сен менің!

  • * Қазағын қозғап сан қырдың, Азабын боздап таң қылдың. Ой қағып жүріп өстің де, Қой бағып жүріп қаңғырдың. Тұлғасын Тәңір жасаған, Ақ алмас тілді Қашаған. Кеңестің кезі кеткен соң, Жүз жетпіс жыл жеткен соң, Біз болып қайта жаңғырдың. Заманға көзің кекті шын, Келешек бізге жетті ісің. Отыз ақынға жүк болар, Отыз-ақ жырың құт болар, Қосайдан қалған тектісің. Сөздері сойыл салмақты. Жартысын ғасыр жалмапты. Қашаған жырың, ойпырмай, Отыздан өзге қалмапты. Алысқа шауып ақ арман, Алашқа атың таралған, Адайдан шыққан әруақтым. Киялмен ойға қондырам, Түсімдегі ән, сол бір ән. Рухың қонған шатырда, Өзіңмен бірге жатыр ма, Қай жерде қалды домбыраң? Наданның көрмес тағын құп, Ауызың алтын, жағың құт. Сұңқарлар дара сыйланар, Тұлпарлар ғана сыйланар Сіздің кездерді сағындық!

Қазір ше, талай топ жардық, Ақиқат деп те оқталдық. Басты аяп... бірақ, тоқталдық. Ұлы ұрпақ ұсақталды ма, Улы тіл тұзақталды ма? Сарай ақыны боп қалдық. Қашаған ақын, жан бабам, Торғайға толды сары далаң. Шалалау қазақ, жарты адам, Сойыл сөз жойқын тамшыңмен, Он сегіз өрім қамшыңмен Тіліп бір кетсең арқадан. Табады сонда ұл тағын, Атады нағыз жыр таңым. Жарымдар топтан бой алар, Дарындар бәлкім оянар – Ұйқыда жатқан ұрпағың. Қазақтың ұлы екенін Ұқтырар кезге жет, елім. Маңғыстау, Үстірт бойына, Қашаған ақын тойына, Махамбет болып келгенмін, Махамбет болып кетемін. Жырларың жұртқа аманат, Ел мұңын жұтқан азамат. Адайдан шыққан алпауыт, Қазаққа дарыған қазына, Қосайдан қалған қазанат – Қашаған!

ТӘУЕЛСІЗДІККЕ 20 ЖЫЛ Тәуелсіздік жыр болып жан қыстауда, Келген кезде болмайды әнді ұстауға. Ананың сүті сіңген батырына, Бабаның құты қалған Маңғыстауда. Ежелден талай ерлер аттандаған, Қазақстан өз жұртын тапқан далам. Адайдың үні естілер «Қосайлаған», «Ағатайлап» Беріштер шапқан далам. Құнды не бар ер үшін ардан бөтен? Ел дегенде еңіреп, жардан да өтер. Қазақия кешегі хан Керей мен Жәнібек, Абылайдан қалған мекен. Заман да өткен қылышпен қан сапырып, Қазақ үшін қарумен жан шақырып. Сол хандардың тері үшін тұрғызылған. Ақ Ордам Астанада хан шатыры. Келешекке қадамын анық басар. Шетелдік дос, қазақтай халыққа бар. Астанасы аңыздың ақиқаты, Аспанның астындағы алып шаһар! Қазақтай дархан елді күшті ел десе, Алдыңнан азат халық шықты, ендеше. Сол Астанам әйбат болу екіталай, Атырау мен Маңғыстау құт бермесе, Жұмылған жұдырықты құп көрмесе. Азаматтар арманы аспанды орған. Тау тұлғалар мүсіні тастан қонған. Егеменді ел, ертеңің ертегідей Талай-талай ақынға дастан болған.

Кешегі тоң күнімді бақ жылытар. Шамам келді Аллалап, ақты ұлықтар. Тәуелсізбіз... бірақ, мен тағы аңсаймын, Сана-құлдық, тіл-тұлдық шақты ұмытар. Тілді өлтіре көрмеспіз теңдігіммен, Дінім... Санам... сасамыз енді кімнен? Мен қазақпын шекараны көзбен емес, Өлшей білген көңіл мен кеңдігіммен. Анадай боп соғыстан ұлын күткен, Енді мұңлы шықпайды жырым біткен. Сен Қазақсың қыр далада қазық қағып, Асқар-асқар тауларға туын тіккен! ГҮЛ ЖАТЫР АЯҚ АСТЫНДА Мына өмір саған мұңын тағыпты, Тағдырың тартып тұзын кіл. Ұғар едім ғой сонша бақытты, Жел болып өпсем жүзіңді. Алдыңа барып гүл ұсынып едім. Неліктен төмен қарадың? Тыныштық орнап күрсіне бердің, Жас толып мұңлы жанарың. Төмен қарадың, Неге, қарағым? Иықтан шашың төгіліп, Жаныңды нендей жеді құрт? Сезімің аппақ сарыала күздей сөгіліп, Өмірден қалсаң жеңіліп, Жылайсың кейін егіліп. Жалғыз тал гүлім қолымда қалды, Жалғыз жүрегім жаралы. Бар шығар, бірақ, оның да мәні, Тағы да теріс қарадың.

Бұра сап дереу қиялға бетті, Азаптан мынау қаштым ба? Автобус келіп, аяңдап кеттім, Гүл жатыр аяқ астында. Еділбек ДҮЙСЕНОВ (Маңғыстау)

АЛДАСПАН ЖЫРДЫҢ АҚИЫҒЫ Жауһар жырлар жүрегіме себеле, Жыр дегенің жалтақтауға көне ме? Жалын алдым, ақын баба, өзіңнен, Тәлім алдым жырларыңнан, өнеге. Сөз қалдырдың кейінгіге батымды, Бүкпей айттың біреуге айтар датыңды. Мәрт мінезің, найзағай жыр нақышы Алты Алашқа танытып тұр атыңды. Басын қостың жырмен талай елдердің, Өлмес өлең көкірекке өңгердің. Өшпестей ғып сөз қалдырдың ұрпаққа, Көшпестей ғып жүйрік жырға дем бердің. Жаным толқып шабыт қысар шағы бар, Өзегімнен өзен-өлең ағылар. Қашағандай жүйрік жырау қашан да Әр жүректің биігінен табылар. Қайсар сөзбен қайралғанда қаламым, Жырларыңнан жылу алар жанарым. Ақиқаттың алдаспанын көтерген Жыр Құдайы өзің бе деп қаламын!..

МАҢҒЫСТАУ Жүздесемін әрқашан шаттана мен, Маңдайдағы құт сынды бақ даламен. Жалықпаймын қараудан келбетіңе, Көкжиекпен көрісіп жатқан әлем! Уілдеген тентек жел сарындары, Сары толқын сияқты шағылдары. Сағыныштай алыста сағымдары... Бауырыма басамын бәрін-дағы. Маңғыстауым, бабамдай көрінесің, Арқау болып аңызға өрілесің. Көгіңдегі көк аспан жұлдызындай Жарқырады-ау төсіңде небір есім. Сені қорғап өтіпті батырларым, Сені жырлап өтіпті ақындарым. Кең далада қалшиған көне ескерткіш, Жайып салып осының жатыр бәрін. Маңғыстауым, өзіңсің бар асылым, Киелісің қашан да, дара сырың. Жамандықты бойыңа жуытпайтын Болсам деймін мәңгілік жанашырың! КӨКТІ КЕЗГЕН ҚИЯЛЫМ Биіктікке құмармын шамасы мен, Қазағымның көтерер даласы кең. Бара жатыр қиялым көкті кезіп, Анау ақша бұлттардың арасымен. Қойма болған қиялым бар асылға, Жақсылық та, мейірім, жарасым да. Көзді жұмып, қиялмен көріп тұрмын, Ойласаң, не керектің бәрі осында.

Қиялдамай қалайша жайланамын? Күнді күтіп, бағамын Ай қабағын... Сезінгендей боламын болмысыммен Қиялымның шындыққа айналарын!.. Гүлсім ДҮЙСЕНБАЕВА (Астана)

ДОМБЫРА (Қашаған Күржіманұлының 170 жылдығына) Күн мен түні жарасқан кең даламдай шат қабақ, Күмбір-күмбір дүние, қызыл шанақ, ақ шанақ. Қошқар мүйіз көркімдей бабамнан ой өргенім, Құм төсінен төгілген ғажап-ау ою-өрнегім. Қазақтың төл үні бар, сыры, жыры бар жасын, Қос ішегіндей көңлімнің қос қанаты талмасын. Қос ішекті кере тарт жалғыз түймем түйіншек, Саусағым сені іздеген күйінсек не сүйінсек. Тиек – шанақ бетінде, перне – мойын қуалап, Қазыналы көкейден алтын зерлі жыр ағад. Күйіңді бұрап келтіріп көкірегімнің көзіндей, Қасиеттім, құлағың Қашекемнің өзіндей. Аңызға бөккен байтақты кезінде талай қызыл тіл, Қорғасын құйып балқыған ойылған оймақ ұзын қыр. Жеткізген ханға осылай бұрында болған бір ақын Қазақтың мұңын, мұратын. Сені естіп күнім күңіренді, ақтабан шұбырынды аңырап, Содан төріме іледі қастерлеп қара шаңырақ.

Сені естіп санам серпілді, ұмытып түгел еркімді, Саған бердім сертімді! Сенің төсіңде күй мен жыр, Қашаған ақын аты бар, Құрманғазы, Дина әжем жазып кеткен хаты бар. Әлдилеп әлем бесігін анашым сені тыңдатты Қарт әкем шертіп отырар. Есіңе көпті салады ескі күндердің салмағы, Мойныңа таққан үкі де үміті болар алдағы. Тәуелсіз мынау қазақтың бүгіні және ертеңі – Үкілі үмітім желбіре, асқақтап асыл арманы! Әруағы жебесін!.. БЕЙНЕУ Беу, дариға, боз керім далам, Беліңнен ойдың безгегін бағам. Балбалдар салған баябан аңыз Бағзыдан қалған өзге бір ғалам. Ерлігің – аңыз, бесігің – арман, Еңбегін беріп, несібін алған. Ер Бейнеу бабам ел тарихында Ертегі болып есімі қалған. Иірім жолдар сыры көп жұмбақ, Игілікке тұр иығын қомдап. Адыраспан исі – киесі сынды, Иен өлкенің ғұмыры қымбат. Нәзира-дәурен, іңірге ғашық, Нәркес-күй толқыр, Сүгір жыр тасып. Нәби Хақ, Өзің қолдай гөр енді Нәті асау жұртқа нұрыңды шашып. Ебелек самал еншісі қырдың, Еншісі болдың есіл де сырдың.

Ертеңге үміт жалғадым-дағы Еркінді дәурен, ерке өмір сүрдім. Уантып, көңіл жадырағасын, Уақыттың мұңы адыра қалсын. Уағдам осы, топырағыңнан Тамырлы тінім ажырамасын! Асылбек ЖАҢБЫРБАЙ (Маңғыстау)

СӨЗ БӘСІ Пілдің тірі бәсі де мың ділдә, Өлсе тері бәсі де мың ділдә. Қашаған Күржіманұлы «Бісміллә» – сөздің басы-дүр, «Бісміллә» – сөздің расы-дүр, Әғузы, Әлхам және бар бұйырмыш Хақтан, Жаратты дейді Лаухыда тіл мен кәләмді... Озалдан Өлең қорғалап қиын қыспақтан, Бөледі Нұрға Жанымды түннен қараңғы. Нешелер Тақтақ тумады шаршыға түскен, Соларша біраз сөйлелі байрақты жерде. Қытаң заманға біткен соң қарсы да күшпен, Қызыл тілімді аңлатып сайратты Зерде. Аламан басы қаумалап құралған талай, Пәм алған жұртым жел сөзден атасы тегін. Халалды ғана тұтынған Құраннан қарай, Әулие-Пірлер көп өтті батасы керім.

Мұхаррам дүние қашанғы тұралы баста, Сан Пайғамбардан қалынған біз түгіл жалған. Әркімдер бес күн жанарын шылады жасқа, Шатланба зайғы фәниде, жүз түңіл зардан!.. Келмесе пәрмен Алладан – шығарман Бәйіт, Артық та кемді әшкертіп көңіл делбедім. Жалғыз-ақ сәтте құшар-ды мың арман ғайып, Мінәсіп нәубет тапқым бар өмірден менің. Сағадат-қайыр айдатып бұйырықпенен, Бахадар хәлше айтындым тәрбия қылып. Мәшһурат-кеңес құрылса жыйылып кенен, Жүгіптей жайнап жүремін сардия күліп. Ықтият болдым Құдайдың құдіретімен, Мәужілі теңіз құсанып жүрек тербенсе. Дәнігіп түнде жұлдызды ой үдіретіп ем, Сахауат шамның зайырын тілектен берсе. Белгілі Шайыр Адайдан Қашаған дүрлеп, Алшыннан асып, Алашқа дабысы жеткен. Сүргіннің сойы көрген бе шашадан кірлеп, Озаған жүйрік желмен де жарысып өткен. Аузына топты қаратқан ділмарым қанша, Жазылған аты Махфузда туылмай жатып. Әруақты Ақын боратты-ау Жырларын қарша, Жап-жарық менің Жаныма туын байлатып!.. РУХТАСУ Мынау маңғаз Маңғыстауымның Тауынан да әулиелік байқадым, Тасынан да әулиелік байқадым!.. Зиярат қылып кілең бейітке, Дұға бағыштап талай шейітке, Жанымды тазартып қайтамын... Мен, мен деумен, мен деумен,

Жауға қылыш сермеумен, Ар-намысын бермеумен – Ерлер өткен қызғыштай қорып байтағын! Озал да озал, озалдан Ақындық тағдыр маңдайыма бұйырды, Алланың сөзі таңдайыма құйылды. Аспан мен Жердің арасы, Әруақтардың даласы, Қарт Каспийдің жағасы, Ару Ақтаудың қаласы – Жүрегім болып Пір Бекетке сиынды, Сиынбаса – жағдайым менің қиын-ды. Бір кездері адыра қалған қиянның Топырағына тарықтым, Атырабына зарықтым!.. Қалай дүн-дүниеге сыярмын, Қалай ақыл-есімді жыярмын, Қалай көзімнің жасын тыярмын – Бақыты кемдеу халықтың Басына қонбаса бүгінгідей жарық күн?! Бұл – атажұртым, өз елім, Бұл – аманаты Құдайдың. Сондықтан да барлығына төземін, Сондықтан да барлығына шыдаймын! Заманның түрі – меңіреу, Ал менікі – еңіреу: «Кешіре гөр алдыңдағы кінәмді, Қайран Маңғыстауым – мұнайлым!..» Өп-өтірік жалаулатпан ұранды, Жалған өмір сүре алмайды бұлай кім? Төбесінен ана Отпанның От көрдім бабалардан қалмыш кешегі. Жоқтасам – кескектілерді жоқтармын, Бірақ олар қайта туады деседі.

Мұнар, мұнар, мұнар көш, Шынжырбалақ, шұбартөс – Біздің елдің көсемі һәм шешені. Солар жүрген сара жол ғана Адастырар түбінде сорымызды бес елі. Қыңыр тірліктің зарпынан Қабырғамды қайыстырыппын ғапылға. Жалғыз едім ғой жалқыдан – Шыбын жаным шырқырағанда жатырда. Уа, қайтейін жазбай өлеңді, Айналам нұрға бөленді!.. ...Бүкіл ғұмырымды салар болсам ақылға, Көкмойнақ аттың баяғы Қамалға қарай шапқанына татыр ма?! БАҒЗЫ БАЛЛАДА I Әлқисса, Абыл да өлед, Қабыл да өлед, Пендеге ең бірінші сабыр керек... Харут пен Марут атты періштелер Жағдайды баян қылды Тәңірге кеп: – Келеді жер бетіне сұмдық төніп, Бәрін де көзімізбен тұрдық көріп. Адамдар қан төгеді демеп пе едік? – Шықты, рас, сол сөздері шындық болып. – Неге-дүр қарсысыңдар Жаратқанға? – Ашуын содан кейін таратты Алла, – Күнәға батарсыңдар нәпсі берсем, Құр қалмай әйелден де, шараптан да... Мынадай Хақтан бұйрық болды кенет: – Таңдаңдар үш періште орны бөлек, Оларды жер жүзіне жіберемін, Үшеуі тайғақ, қисық жолды көред!..

Бірі – Аза, бірі – Әзірейіл, бірі – Азайа, Жасауға бара жатыр күнә-зая. Әзірейіл ғана жалғыз жолдан қайтып, Тоба деп жалбарынды Құдаяға... II Әлқисса, шуға бөлеп тыныш төрді, Ерлі мен зайыптыны ұрыс бөлді. Өзара дау-дамайды шешу үшін Қазыға жүгінуді дұрыс көрді. Баяғы қос періште қазы бопты, Күллі жұрт сыйлайды екі хазіретті. Күйеуі көзіне шөп салғандықтан, Әйелдің бұларға айтар назы көп-ті. Ол өзін Зуһра деп таныстырды, Ерінің нарттай бетін намыс тілді. Аза мен Азайаның есі кетіп, Зуһраны қосағынан алыс қылды. Бағасын қазылардың халық берді, Періште екеніне нанып келді. Үкімде айтылғандай – айыпты ері Жарына бір әдемі үй салыпты енді. Қазылар періште емес, уыт болды, Үйіне Зуһраның жуық қонды. Шыдатпай шектен шыққан нәпсілері, Жүгіртті ақырында суық қолды... – Ұялмай дейсіздер-ау періштеміз, Зиналық – үлкен күнә, теріс, теріс! – Айқайлап байғұс әйел жаны қалмай, Бұларға танытпады келіскен іш. Қосқан соң сорлы Зуһра зарға мұңды, «Исми ағзамды» оқып жалбарынды.

Екеуін алдап сосын айласымен, Тазарды дәрет алып таңда нұрлы. – Әйелдің нелерің бар пәктігінде? – Сөйледі кенет аспан Хақ тілінде. Зуһраны періштелер көкке ұшырып, Шолпан ғып әр сахарда жақты күнде... III Әлқисса, оқиғаның жалқы мәні: Жұлдыз боп адал Зуһра жарқырады! Көп әйел қызығады оған іштей, Бір қатын қызғаныштан шарқ ұрады. Тағдыр да кейде, білем, теріс келер, Тірлік те кейде, білем, кері істелер. Құдайдың пәрменімен сынамаққа, Барады сол қатынға періштелер. – Келіңдер, күліп-ойнап шаршамайық, Сол үшін арақ ішіп, ән салайық. «Исми ағзамды» оқып таң алдында, Тәңірдің құдіретіне тамсанайық! Айтқаны осы болды салдақының, Аспанға шыққысы кеп таңда ақырын. Бірақ та бұл қылыққа қаһарланып, Сайқалдың қалдырмады Алла түгін. Нән гүрзі төбесінен төніп тұрды, Бір ұрып бес бөлікке бөліп тынды: Үшеуі отқа айналды лапылдаған, Екеуін албастымен толықтырды...

Ербол БЕЙІЛХАН (Астана)

ҚАЙЫРТПАЙ КЕТКЕН ЖҮЙРІК ЕҢ... Маңғыстау – көне шежіренің сүрлеуі, Аңызға толы: теңізі, тауы, күңгейі. Әуелі Алла! Пір соңы – Бекет сиындым, Бисмиллах, тілімнің шешіл күрмеуі. Бір Алла, Өзі, жоқсыздан барды жасаған, Бермесе Ием, өлең туа ма тасадан? Жаратқан Алла, Қыдырға бата бергізіп, Сөз дарып бойға ақын атанды Қашаған! Сөз деген – мұра, сөз деген – асыл киелі, «Қайыртпай кеткен жүйрік» ең сөзің жүйелі. «Топан» деп жырлап, Алаштың мұңын жоқтаған, «Көбік шашқан» жалғасын тапқан күй еді... Тұлпар ең озған, сұңқар ең ғажап ұшқаны, «Абайсыз өскен алшаң» ең бөлек ұстамы. «Сұраған жұртқа» беріп ең сөздің жауһарын, Әніңе салды Каспийдің әнші құстары. Дүние-базар, алмасқан алшы-тәйкісі, Рухын сыйлар, азат ойыңның тамшысы. Жеті жұлдыздай сәулелі жырын төгіп тұр, Аңызға айналып «Адайдың жеті Қайқысы». Жырыңа бөлеп – Еділ, Жайық, Електі, Бұлбұл үніңе Көкжардың жұрты шу етті.

Дауысыңды естіп, ордалы жылан шошыған, Ақиық ақын, дегелек құстай жүректі. Алмастай өткір, «тәк-тәксіз өскен тарпаңым», Құлнияз бенен Нұрымның көрген айқайын. Маңғыстау сынды мәндала шапан жарасқан, Сарыарқа сынды жазира ойлы байтағым. Жыраудың ізі, құс тістеген шешені, Батысым байлық, ән менен жырдың мекені. Ойларым асқақ теңіз, тауларда тербеліп, Көңіл дөненім, Ақтауға қарап өседі. Маңғыстау тағы, қоштасып жатыр күзімен, Каспидің құсы сағынышыңды түзіп ең... Қашаған ақын, Құлатты кеттің құлдилап, Желмая мінген, Асан қайғының ізімен... ҚАЗАҚСТАН-ҚЫРАН ҰШЫП БАРАДЫ... Әлімсақтан айналғансың аңызға, Тарихың бар таңбаланған тастарға. Далаң толы әулие мен абызға, Арғы тегім Ғұндар менен Сақтарда. Мекен еткен Азияның кіндігін, Қолымызда дүниенің тұтқасы. Түркілермен тамырымның бірлігін, Әйгілеп тұр Күлтегіннің көк тасы. Қайсарлық бар Заринаның назында, Ер Атилла, қанша жауды үркіттің. Шежірем бар, Фарабидің сазында, Қобызында тағдырым бар Қорқыттың. Ойран болған Отырарым орнында, Ар садағам малым түгел жиғаным. Алла аузында, Мұхаммедтің жолында, Яссауи мұсылмандық иманым.

Бабамыздың бәрі шешен, көсемнен, Ерін салған жүйрік пенен жорғаға. Керей менен Жәнібектің көтерген Ақ боз үйі айналды Ақ Ордаға. Қобыз ұстап, Қотан жырау ән салған, Баба салтын, бал қымызын үзбеген. Асан Қайғы желмаяда тамсанған, Жерұйық жер осы міне іздеген. Қарға бойлы Қазтуған мен Марғасқа, От жырымен қылыш ұстап қан төккен. Қасым ханның қасқа жолы жалғасса, Шалкиіз бен Ақтанберді ән төккен. Тәуке хандар бағындырған даланы, «Жеті жарғы» киіз кітап заңыма. Бабаларым һам сауатты, саналы, Арулардың дақ түспеген арына. Біздің халық – бәйтеректей мәуелі, Үш биім бар – ынтымақтың тұтқасы. Болмағанмын әуелден-ақ дау елі, Аталы сөз айтылады, қысқасы. Жығылмаған Абылайдың ақ туы, Баһадүрлер найзасымен көк тілген. Бұхарлардың күмбірлеген жақсы үні, Бірлігіммен босағама бақ кірген. Махамбет пен Кенесары ер еді, Бодандықтың құрығына көнбеген. Гауһар қыз бен Бопай ару өр еді, Ел қамы үшін, ат үстінде ерлеген. Ел ұмыта ма, Исатай мен Сырымды, Ізбасары – Амангелді, Бекболат. Елдік үшін қаншама ер қырылды, Намысы алмас, үзеңгісі бес қабат.

Кеңестердің келемежін тоқтатқан, Ойлы, оқыған, арыстары Алаштың. Түк қалады аунағанда жақсы аттан, Өтетінін белгенсіңдер «қараш күн». Қайсар ұл-қыз азаттықты аңсаған, Ызғарлы қыс, ерлікпенен тұншықты. Еркіндік деп, барша әлемге жар салған, Желтоқсанда қар астынан гүл шықты. Ойланамыз, ғасырларға көз салып, Тарихым бар, толқымалы тағдырлы. Қазақстан жылдан-жылға нұрланып, Атағымыз ғаламшарға жаңғырды. Бүгін міне, тәу етеміз тәубеге, Еңселенді, еркіндікте ұлысым. Жазылады жараланған сау дене, Жоғалмасын, бірлігім мен ырысым. Қарағанды келбетіне таң қылып, Күміс көлге Ай сәулесі тамады. Қанатына алтын күнді қондырып, Қазақстан-қыран ұшып барады... ІҢІР Түбіт ойдың қылшықтарын жұлмалап, Көз шырымын Күн ілді. Көлеңкелер тау етегін қумалап, Сайға кіріп сүрінді. Қанаттының айтылатын бар мұңы, Дауысында байғыздың. Шың басында маужырады қар гүлі, Иісінен жалбыздың. Жарық сәуле тұншықты да іңірге, Барқыт түске боялды.

Айна көлдің беті толып күбірге, Жарқанат құс оянды. Ай сәулесі шаңырақтан төгіліп, Отау жапты түндігін. Сыр мекені түн келді де емініп, Іңір қысты құйрығын... КҮЗ КӨҢІЛ Тамыз тозып, естіледі күз үні, Жоннан үрікті, жаз жайлаудың қызығы. Тозған сайын әжем жамап қоятын, Көңілде бір киіз үйдің үзігі. Пұшпақ киіп, үкі тақтым үмітке, Маған сенсең, бой алдырма күдікке. Кеше кеткен уақытты қуамын, Мініп алып, өлең атты-Күлікке! Боз даланың өңі қашып, шаң басты, Заман ұлып, боталы інген боздасты. Тырналардың соңындағы қобыз мұң, Домбыраның шанағына алмасты. Күн мейірлі. Қара тастан май ақты, Бейпіл сөзден қауырсын мұң, қанатты. Оқ маздатқан Сақ пен Ғұнның ізімін, Қаламұшпен атып алдым манатты... Таудан жиі көретінмін мүсінді, (Садағы бар бейне адам пішінді). Етегі жоқ заманға айтып не қылам, Түлкі аңның боғы сынды түсімді. ...Алтын күздің көзі тиіп, жаз өлді, Қамыс толқып, қияқ көкке саз өрді. Көшкен ауыл жұртын сипап қалғандай, Жамау көңіл, сағыныштан наз емді...

Тамыз тозып, естіледі күз үні, Жоннан үрікті, жаз жайлаудың қызығы. Тозған сайын әжем жамап қоятын, Көңілде бір киіз үйдің үзігі... Назгүл БЕРДІҚОЖА (Қызылорда) АРЫСТАН ЕДІ ҚАШАҒАН... Ұлы Даласы туғасын ұлын, Көкірегін күйге толтырып Безбүйрек сонау ғасырдың мұңын Безбеңдеп айтқан бөлтірік. Жанымда жақұт сән қылық толып Жазбасам өлең жанға сын Жұтылмас жырың жаңғырық болып, Оятты жанға жауқазын. Зердеме салдым, зереніңді Алаш, Аузыма сөз сал Жасаған Ақылдың ізі дегенім қораш Арыстан еді Қашаған. Өз биігінде жоқ теңі бұл ер Таратқан сәуле сауаппен Қашағанды көр де Көкбөріні көр Тәңірге ғана тәу еткен Бұлқынып сезім бұла кеудемде Кездерім болса зар төккен Ой тұманынан шыға келгенде Алдынан жыр боп жарқ еткем

От орап кейде жаһанды жасыл Ізгілік кетсе көз іліп Қашағаны жоқ қаһарлы ғасыр Назгүлдің нәзік сырын ұқ. Сүлейлі Сырдың теріп жыр гүлін Төрелер бермес төріңді қарып... Есіктен кіріп келдім мен бүгін Есқали айтқан домбыраңды алып. Керуеніңді ата,келешекке бұр, Билерді әкеп бұрынғы Табаныңа сенің себелеп те сыр Қарсы алам төсеп жырымды АЗАТПЫН ДЕП КҮБІРЛЕЙДІ ТОРДАҒЫ ҮН... Азатпын деп күбірлейді тордағы үн, Тордағы үннің сезінемін салмағын. Тоқсан бірде тәуелсіз ел азат боп, Сетінеді басыңдағы сор қалың. Біз бақ таптық, таңдай ояр тәтті бақ, Тәңірім бар тілегіме саққұлақ. Маңдайына маң даланы сыйғызған, Алаш жұрты аз қиналған жоқ бірақ. Қастық көріп, достық көрер жандардан, Айрылып Исатайдай сардардан. Жігерін құм, жүрегін мұң тырналап, Махамбеттер жылап өткен жалғаннан. Жаратқанның екі болмай жарлығы, Жанын қинап кең дүниенің тарлығы. Хан Кененің басын кесіп алғанда Бассыз елді басынды ғой барлығы. Табытыңдай ауыр ма еді атырап, Жат жерлерде жанарлардың жасын ап.

Ұлы Тұран тұтастығын тойлауда Мұстафаға бұйырмады топырақ. Енді азатпын, ал, басынып көр қазір, Бойымда бар асқан қуат мол қажыр. Жауынгер ел қаны тасып онсыз да Бейбіт күнге үйрене алмай зорға жүр. Тарихтардың таусылмады таласы, Жетіп жатыр жазылмайтын жарасы. Бүтін болса деп тілеймін бірақ та Бесігің мен бейітіңнің арасы. Азатпын деп күбірлейді тордағы үн, Тордағы үннің сезінемін салмағын. Дауыстаса бейбіт күнгі қабірлер Ести ме екен деп тұрамын жан-жағым. СЫНЫҚ АЙМЕН СЫРЛАСУ Тұман сезім толқыды жанарымда, Қасіреттің тұтқын боп қамалында. Қорқам бір күн шыға алмай сол қамалдан Сынық аймен сырласып қаламын ба? Сынық айдың сыртынан жұлдыз күлді, Тас қақпадан телміріп бір қыз жүрді. Сынық айдың сәулесі сол бір қыздың Көкірегінің сарайын күндіз қылды. Тастай батса тақсырет қабырғама, Салқын нұрын себетін сабыр ғана. Жұмаққа ынтық жаныммен жымдаспайтын Топырақтан жаралған тәнім жара... Нәрін бойға нәзіктік таратқанда, Әрең жеттім алқынып абат таңға. Тастан емес жаратқан топырақтан Тәубе демей не деймін Жаратқанға?!

Тамыры жоқ тас болып керегі не? Тәнті болдым Тәңірдің дегеніне. Топырағым қабірге айналғанша, Тамырымды тартамын тереңіме! Мұхамбетберді СҮЙІТОВ (Маңғыстау)

  • * Арқасы құрғыр қозғанда Жауар бұлттай қаптаған, Ойқастап барып тоқтайтын, Қатты кетсем қайырылмас Мен – басы қатты ақтабан! Қашаған Күржіманұлы Жыр жазады шайырсымақ шерменде, Мерейтойда не дәу аға өлгенде. Өлең деген жетім тайлақ емес қой, Қоса салар поэзия атты керуенге. Таным, шіркін, тақыр болса, бекерсің, Талант, шіркін, пақыр болса, не етерсің?! Бұл заманда шимай құрап жүрген көп, Жыр обалын миқұрт қоғам көтерсін! Есқалидай сөз ұқпайтын «сұпы» көп, Қалың елге қайыры жоқ, құты жоқ. Ізбас құлдай тепеңдеп жүр бір жабы, Қаламсап пен ақ қағаздың жұты боп. Құм жиылып тас болмасы белгілі, Құл жиылып бас болмайды ендігі,

Қашағандай ұл тумайды қайтадан, Құдайдың да бар болғанмен кеңдігі! * Жанды түйер шүберекке алмас ұл, Өйткені, Отан, сенен асқан бар ма асыл?! Ғаламдағы көк бөрідей бейнеңді, Қылбұраумен қылғындырды сан ғасыр. Тозақ бұлты торлап неше көгіңді, Топыраққа талай қалам көмілді. Сүйем жерді сүйіп өткен бабамның, Өзің үшін жауһар қаны төгілді. Ындым кеуіп, ұрттап ішем суыңды, Тұғырыма мықтап қадап Туымды. Өйткені, Отан, дақ түспеген дидарың, Ұмайы-ана көз жасымен жуылды. Мейлі, мейлі үйсіз-күйсіз жүрейін, Ұлы Отан, тілеуіңді тілейін. Менен асқан бақытты жан жоқ, сірә, Бар өмірді бір өзіңде сүрейін. Керек емес түк те өзіңнен бағалы, Қазақстан – ар мен ұждан қамалы. Босағаңнан бір төмпешік бұйырса, Тілеуім жоқ, маған сол да жарады. Аярым жоқ, жолыңда әркез бір жаным, Қолыңдағы сақасымын құлжаның. Қазақстан, ұлың болып жүрмін ғой, Бірақ саған құл болсам да ырзамын!

ТҮС Құрт қаптады Шығыстан, Дерт қаптады Батыстан, Жан таппадым ұғысқан, Мән қалмады аяқ созған жатыстан! Қылқындырды айдаһар, Қыл бұрауын салып ап, Қалмады еш бойда хәл, Құтқара гөр, құтқара гөр, Тәңір ақ! Қолы қатты қысық көз, Жан тірелді алқымға, Ауызынан түсіп сөз, Өзін-өзі түсінбей жүр халқым да! Өне бойды тер буды, Өлер ме екем осылай? Жанарымды сел жуды, Жүрек бірге күйеді кеп қосыла-ай! Көк жүзіне қан қатқан, Құрттың қызыл туындай, Талап жатыр жан-жақтан, Кеміруде шұрқыратып, жұлынды-ай! Түсім, бәлкім, өң болар, Кетпейді елес миымнан, Оянғаным жөн болар, Дәм-тұзымды тату үшін, бұйырған! Ахат ӘШУҰЛЫ (Астана)

ҚАШАҒАН БАБА РУХЫНА Етегін боран желпіген, Көбігін шетке шелкіген. Кәрі Каспийдің кеудесін Толқын жүрегі серпіген. Маңғыстаудың мамасын Емірене емген еркімен. Аңызы болып айтылған, Мал ізіне май тұнған. Безденген бұйра бұйырғын, Жортқан аңына жеңсік ең. Қырында Қыдыр қыдырған, Құмында сағым жөңкіген. Каспийдің кәусар демінен, Шекесі таудың тершіген. Бейнеудің бедеу белінің, Күн шыққан күліп бөркінен. Маңғыстың ықылым тарихын, Қашаған баба, шертіп ең. Елпілдектіде елпілдеп, Ағашыңды шертіп ең. Менменсіген Сұпының, Маңдайынан шертіп ең. Аққұдығында арындап, Жетібайында жетілген. Сарықамыста сайран сап, Ақжігітінде лепірген.

Құрықта салып құрықты, Шетпеде шері шетілген. Қызылсайында қырпулап, Жаңаөзенінде көпірген. Боранқұлында бұрқырап, Баянды белде бекінген. Байлығы – жыры саналған, Демеген ешкім «жетім ең». Сақетер сілтеп сөзіңмен, Жезайырдайын жетіп ең. Абағайы Адайдың, Алашқа әйдік кетіп ең. Турадай турап талайды, Тұнжырдай тиып отыңмен. Маңғыстаудан мәңгілік, Мұғжизалы мекен ап, Қырықкезде, баба, өтіп ең. О, қастерлі жыр пірі, Ақтауды аңсап сен асқан, Ертісті ендей өтіп ем. Мен де бір өрде Қантүбіт, Әруағыңмен жебей бер, Шөгелдей болып жетілем. Ұшып келе жатырмын, Алтайдың арғы бетінен. Замандар талай таласы, Маңғыстау, Шығанақ сағасын, Жердің шеті деп білген. Алтай маған ана тау, Маңғыстау маған мама тау, Екі таудың арасын, Жалғастырып жеттім мен. Қашаған баба қолдай гөр! Жаңылтпа, Тәңір, тек тілден, Айырма, Тәңір, тектіден!

ҚҰТ ҚАЗАН (Тәуелсіздіктің 20 жылдығына) Көкбұйра Шығанақ жағасын, Мекендеп Маңғыстың сағасын. Хорезім Бегінен қорыған, Қазақтың құйқалы даласын. «Атырау жайлаған, Жем көшіп», Ақпандай батырдың данасы. Ел үшін айшылық жол жортқан, Қасаңдап тұлпардың тағасы.

Тістерін ерлерім бурадай қайраған, Алдына келгенін айғырдай шайнаған. Жасыннан суырып жебесін, Қайыңнан қаратамақ сайлаған. Жарантып ат мініп, түрен сап, Дұшпанын түмендеп айдаған. Жырынды жауларын жырауы, Жіпсіз-ақ жырымен байлаған. Баталы ұрпағы ежелден, Аталы сертінен таймаған. Томсарған даңғылдар, төбелер, Сексеуіл – құмдарға қағылған шегелер. Көкжиекке ұласқан маң дала, Сүйекке көктеген жебелер, Оңаша ойланған обалар, Шежіре шертеді шетінен, Тәу етіп тыңдасаң сен егер. Көзіңе келеді жарқ еткен таркескен, Сатырлап сұғылған селебе. Осынау құт мекен бабамның, Қонысы нарларын шөгерген. Атағын алысқа ап кеткен, Шұбырған керуен, кемелер.

Ғасырлап күрескен қазағым, Жауының келтірген ажалын. Айбатын әйгілеп бабаның, Күзетте тұр әне мазары, Ешкімде ешқашан, Ешқайда көшпейді. Нары да теспейді табанын. Жаранның жадырап жамалы, Ананың құрғаған жанары. Желбірет мәңгілік туымды, Жұпарлы даламның самалы. Оу, ұлы Маңғыстау, киелім, Тәуелсіз отанның ортаймас. Қайнаған қасиетті қазаны! ЖОҚ ҚАРАУ Жаратқан атым сары таң астырып, Бетпаққа бет алып жортады осқырып. Күңіренген иенде молаға қонып, Қанжығамдағы малтаны ас қылып. Сары далаға сіңіп барамын, Ториды түздің қорқау қасқыры.

Ернімді аптап тілімдеп айғыз, Қырқадан қарайды дірілдеп ай-қыз. Қарақшы тігілген қай бір төбеден, Сұңқылдап жатады іңірде байғыз. Жаралы жаныма жалын бүркеніп, Қапырық ойдан қаным бір кеуіп. Сексеуіл басқан сетер құмдардың, Адаса жүріп адырын кезіп. Жоқ қарап кетіп барамын иенге, Сұлбамды даланың сағымы созып... Нұржамал ӨТЕҒҰЛОВА (Атырау)

ҚАШАҒАННЫҢ МОНОЛОГЫ Ескіше хат таныған Қашағанмын, Өлеңнен өлмес өнер жасағанмын. Халқымның жиған-терген бар дәулеті Аузында кетті талай асағанның. Баласы Күржіманның мен боламын, Өнерін жиып өскен кең даланың. Сәттіғұл, Сүгір, Мұрын, Ығылманға Аға боп жыр көгінде самғағанмын. Келгенде ажал шебер жан қыстауға, Мәңгілік көмейімде ән қыстауда. Туып ем түрікмен жері Ташауызда, Жатырмын Қырықкезде – Маңғыстауда. Таулары Маңғыстаудың биік дейді, Даласы мыңғыраған киік дейді. Қасымда Құрманғазы домбырамен Жүруші ед шанағына жиып күйді. Қайтеміз шөл қандырмас арзан әнді? Сынадық бай-манапты, мырзаларды. Тілініп табанымыз қой да бақтық, Көргенбіз ашаршылық зар заманды. Ер Қосай баласымын Адайлардың, Бәрі асыл емес екен қарайғанның.

Жем, Сағыз, Еділ, Жайық, Хорезмге Жыр айтып өнеріммен талай бардым. Беу, қазақ, босадың ғой бодандықтан, Енді еш арылмасын далаң құттан. Әкелші домбырамды, төгілтейін Өлеңді өлмейтұғын маған жұққан. Мен бүгін шын шаттанып, берік күлдім, Рухыма азаттықты серік қылдым. Өлді деп кім айтып жүр Қашағанды? Рухыммен ортаңа келіп тұрмын! Асан-Темір ҚАРШЫҒАҰЛЫ (Атырау)

ҚАШАҒАН-КЕР – БӘЙГЕ БЕРМЕС ЖЫР-ТҰЛПАРЫМ Заманында Қашаған дара тұрды, Қыран-өлең, қақ қане қанатыңды. «Сұрағаның сөз болса», жыр ғып айтам, Жүрегімнен бұл өлең жаңа туды. Тыңда, халқым, сөз болса сұрағаның, Жарқыратып өтейін жыр алаңын. Қайырту бермей кеткен Қашағандай Шап-шап қане құйғытып, құлан-арым! Құйғытып шап, тұлпар-жыр, көсіл ерен, Көреріңді көрерсің несібеден. Қашаған-кер қосқасын аламанға Тұлпарымды жолынан тосып өлем.

Қашаған, қашаған-кер бабы мықты, Ақын сөзге Құдайдай табыныпты. Қашаған-кер шабыспен танылыпты, Байқасақ, Қашағанның бәрі мықты. Қашаған ақын елін жұбататын, Ел едік ақыннан сөз сұрататын. Таусыз бірақ намысы биік жерден Ыстық сәлем жолдады Мұрат ақын. Қабыл ал, қара өлеңнің тыңдарманы, Баршаға аян бабадан жыр қалғаны. Жүз жетпіс жыл жасаған қарт Қашаған, Танытатын боламын тұлғаңды әлі. Әзірге барым осы... ПІР БЕКЕТ АТА ЖӘНЕ АҚМЕШІТ (Бекет Атаның 260 жылдығына арнау) Қолға ұстаған болған соң Құраныңыз, Лә илаһа илалла – ұраныңыз. Ақмешіт – кіндік қаның тамған жерің, Оғыланды – мәңгілік тұрағыңыз! Алты Алаштың Ұраны – я, Пір Бекет! Қазаққа тие берсін шуағыңыз! Автор Пір Бекет деп басталсын басы жырдың, Қыркүйекте гүлдесін тасы гүлдің. Әулие Ата, ұлысың ұлықталған, Мына жиырма бірінші ғасырымның. Бекет дейміз, тұра сап құла таңнан, Баба әулие болған соң Пір атанған. Сен әулие болмасқа амалың жоқ, Тараған соң Адайдай бір атамнан.

Алла барда арналар өлең ізгі, О, Пір Бекет жебей көр, деме бізді! Алла өзі Әлемнің ардақтысы, Сондықтан сіз деп білем төремізді. Кешір, Баба арналса артық өлең, Шабыттанғам шайырдың салтыменен. Пір Ата қолдай көрші әруағыңмен, Бекет деп жиылғанда халқым ерен. Я, әруақ, қайтарма Ер меселін, «Адыраспан секілді шөлде өсемін». Мен Бекетті Пірім деп танымасам, Ей, Ақмешіт, тойыңа келмес едім. Ақмешітте Ұлы той тамаша күн, Өлеңмен өрнектелер болашағым! Пір Бекетті тудырған, Ақмешітім, Мойында ақын ұлын Алашаның! * «Сені әңгімелеп отыр ек, ғұмыр жасың ұзақ болатын болды ғой». Телефон арқылы айтылған әріптесімнің әңгімесі Құдай ұзақ қылмасын ғұмырымды, Жүрсем болды болғанша ұлым ұлды! Қартайғанша қайтемін тамашалап Қызығымды ұрлаған ұры күнді?! Болса болды өзгеге жырым үлгі, Жыр арқылы тіктесем тұғырымды. Сол да маған жетеді, білесің бе? Қаламаймын өмірге құнығуды. Ұзақ өмір сүруді қаламаймын, Жанымда бар жазылмас жара-қайғым.

Мен сондықтан өмірден ерте өтемін, Пәк күйінде аттанған баладай бір. Құдай ұзақ қылмасын ғұмырымды, Дос иттікке балап жүр қылығымды. Ит-мінезді адаммын, мені қойшы, Болса болды өзгеге жырым үлгі, Сосын ұлым үлгі... Сандуғаш ШОРТАНОВА (Маңғыстау)

ҚАШАҒАН РУХЫМЕН СЫРЛАСУ Хорезмнің бектері: «Шашырап бізге, шеткері Қазақ деген қашқын келді, – деп, – Тілекті Алла берді!» – деп, Ауылды тонап, малды алып, Күң мен құл ғып жанды алып, Тұтқынды қорлап кесектеп, Қазақтың көрсе жабысын, Қуалады есек деп... Қашаған Күржіманұлы Ай, жылдар өтті, ғасырлар өтті сынаптай, Біздің ел қазір сырт көзге жұмақ, тұрақ бай. Қашаған баба, ерлер жүр туған еліңнің Көк туын жерге құлатпай! Күңдік пен құлдық бастады өше санадан, Арылды қазақ «қашқындар» деген жаладан. Қор қылған кеше елдермен бүгін дос болдық, Қыл өтпейтұғын арадан.

Мал-жаны аман, жинады қазір жұрт әлін, Жер қылар халде Хорезіміңнің сұлтанын. «Тұрпайы жабың» бәйгеге түсіп. Талайдың, Есек қып кетті тұлпарын. Дерсіз-ау: «Тәубе, жақсыға қазақ жарыпты», Қоғамды бірақ жемқорлық жайлап налытты. Ішінде елдің отырып алып «Шаубайлар» Жатқандай қанап халықты. Қамы үшін көптің парасатты ой пайымдар, Бар ма екен бүгін атына заты сай ұлдар? Жетпей жүр біздің қам көңіл тартқан қоғамға Өзіңдей, баба, шайырлар. Заманды біздің нарықтық билеп тұр мынау, Пенденің ісі – дүние жинау, құр жылау. Керек-ақ қазір халықтың рухын көтерер, Өзіңдей, баба, бір жырау. Ру мен жүзге бөлініп жерге әр басқа, «Оралман» деп те ат қойдық келген қандасқа. Татулық, достық, бірлікке елді шақырар Болсашы Сендей марқасқа! Жасымнан мен де құр сөзден маржан құрағам, Қара өлең болды Тәңірден алған сыбағам. Болсашы шіркін мұң тұнған мынау жанымды Түсінер Сендей бір адам!

АДАЙ ТЕКТІ ЖЫЛҚЫЛАР... «...Ресей жерінде өткен ат жарысында біздің кескінсіздеу, кіп-кішкентай жылқыларымызды орыстың атбегілері менсінбеді. 90 шақырымдық бәйгеде 3 атымыз бірдей алғашқы болып келгенде, біздің сәйгүліктердің төзімділігінің сыры неде деп қайта-қайта сұраумен болды» Қазақ атбегісінің әңгімесінен Табиғаттан тұрпайылау тұрқы бар, Жем мен судан қандыра алмай бір құмар. Мекен еткен Маңғыстаудың даласын, Адай текті жылқылар. Теңіз суын енесіндей емгенін, Төзімділік һәм ерлікке тең дедім. Тұп-тұщы су ішсем-дағы Өмірдірдің Татып жүрмін кермегін. Сорлы жерді жалап жүріп өседі, Қыста аяз, жазда аптап кешеді. Жылы ұяда отырсам да Маңдайдың, Соры бар-ау бес елі. Жерсінбейді шөбі шүйгін даланы, Маңғыстаудан бойына нәр алады. Бәйгелерде небір дүл-дүл шаңына, Ілесе алмай қалады. Сілкіп тастап сорпа болған көк терін, Дайын тағы марқайтуға текті елін. Болса да айуан Тұлпарынан Адайдың, Үйренерім көп менің.

  • * Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев! Заңдарды қисық-қыңыр еттің ғайып... Еліңе егемендік алып бердің, Қанатын қазағымның кеңге жайып... Қазаққа қажеті жоқ кооператив, Жойылса болмас еді-ау ешбір айып. Көп балалы аналар киім таппай, Отыр ғой екі қолын көкке жайып... Анам жазған жырдан (1991 жыл) Бала кезім. Тілім анық шықпаған, Дүниені танып, әлі ұқпағам. Газет оқып, ағыл-тегіл жылады, Әншейінде қайсар мінез, мықты анам. Сәбимін ғой. Жылай салдым қосылып, «Анам содан жұбанар» деп. ...Бос үміт! Сонда шешем баса алмастан өксігін: «Сен – азатсың, – деді, – қызым, осыны ұқ!» Содан ай мен жылдың өтті талайы, Елге күннің төгілді нұр, арайы. Қиын күннен сыр шертеді бүгін тек, Жан анамның боп-боз болған самайы. Татқан қазақ бодандықтың кермегін, Құрбан етіп әкелерін, ерлерін. ...Кейін ұқтым азаттықтың бала мен, Асыл ана көз жасымен келгенін...

ТЕҢІЗШІ ДӘСТҮРІ Қарт Каспий сенің Отаның болып кеткен бе? Теңізші жолдас, жағалау жаққа қарап өт. Дамылдап бір сәт, айлаққа тоқтап өткенде, Өзіңмен мені ала кет! Жансыңдар, білем, ондайға бірақ бармайтын, Әйтеуір бәрің әйел затына «қассыңдар». Нәзік жандыны жорыққа мүлде алмайтын, Теңізшілерде дәстүр бар. Теңіздің тұзды суынан тіпті татпаған, Болмыс па екен?! Әйтеуір, тұяқ тұсады. Теңізші үшін қыз-келіншектер қаптаған – Тек сәтсіздіктің нышаны. Бермесең берме кемеңнің орын төрінен, Салтыңды сыйлап, сап түзеп жүрсең болғаны. Еркек боп жүрген жандардың бірақ көбінен Азаматтығым жоғары... Сыйлыхан ЖҰМАСАЛИХОВ (Батыс Қазақстан)

БҮГІНГІ ЗАМАНМЕН ҮНДЕСКЕН ҚАШАҒАН Тарихи санадан, Тамыры тараған. Қасиеті алыптық, Өсиеті халықтық. Елінің ақтангер бұласы. Фәниді тәрк еткен,

Бақидай мұрасы. Жырының дуасы Көңілге жатталған. Домбыра сөйлесе Мол мұра ақтарған. Бұқара халықтың көңілін табатын, Абырой есігін құл болып бағатын. Мұхиттың түбіне шамшырақ жағатын, Жыр берген Жасаған. Қазанқап жастанған, Байлыққа мастанған, Биттері биттеген, Қарынын күйттеген, Байларға ошаған. Өнердің түсініп киесін, Ауада қалқыған бабамның жан сөзі Тапқандай иесін, Шабытпен тілдескен. Жүрегі жұпыны, Дүмшелі сұпыны жырлаумен, Өмірдің сырларын тыңдаумен, Бүгінгі заманмен үндескен Қашаған. ....................................................................... Төгілсе төкпе жыр – сол жырдың қыраны. Маң басқан мекеннің шаң баспас пырағы. Рухына мекендеп Рахмет шуағы Бүгінгі еліне Рух беріп тұр әлі. ҚАЗАҚ Жей беріп іштен мұң, Запыран ішкенмін. Суымен шайтанның Қалайша түстендім? Домбырам қан болып,

Қобызым шаң болып, Шошынып түс көрдім. Содан соң тістеңдім. Көзімде мұңым бар, Қызғалдақ ғұмырлар. Сүйрелген бұрымдар, Түйрелген ұлым бар. Тағдырым – ащы тұз, Жүрегім – қатты мұз, Ашатын сырым бар, Жырланар жырым бар. Жүрегі арыстан, Жаралған намыстан. Талайдың бағы ұшқан, Талайлар табысқан. Іші зар кең жүрек, Сәбидей мөлдіріп, Күтеді алыстан, Күтеді ғарыштан. Балықтай шіріген Бірлігі іріген. Жетпіс жыл мұңымен Құдайсыз жүріп eң. Сол кезде арманын, Пида еткен жандарын Өлілер бағалы тіріден. Тышқандай кемірген, Қаныма семірген. Жазықсыз жаралы Қаным бар төгілген. Империя шайтанның Сойылын соққанда, Іргесі сөгілген, Дән болып егілгем.

Бағымды ұшырып биікке өрлеттім, Төрлеттім. Әлемді арманның үніммен тербеттім. Куәсі болумен сәулетті келбеттің. Іргелі ел болдым, Бүгінде ержеттім. Азамат ОРЫНБАСАРОВ (Маңғыстау)

ҚАШАҒАНҒА АРНАУ Шындығың шіркін шырылдап Қособаңда өлер, Күн туар ма екен пайдасын осы адам көрер? Ақиқат сөзді айтатын жандар іздесем, Ойыма бірден оралып Қашаған келер. Бүгінгілердің шендіге тісі батпайды, Жалпақтап келіп содан соң кісі мақтайды. Басқаға бола бастарын ауыртып қайтсін? Ақшаға бола біреудің ісін ақтайды. Көкмойнақ шабыс белгілі, таныс маған да, Табиғат оны өзіңе табыстаған да. Ауылың келіп шындықтан көз жазып қалған, Шабысы жүйрік жорғадан алыстағанда. Қашағандардан қап қойған домбыра өлең, Шіңкілдеп барып қаларсың соңында менен. Мендік қаламның тілінде сөйлетіп алып, Суық сөздердің мұзына тоңдыра берем. Сіңірді әбден азаптың бар уын денем, Сол құрығырдың әлекке салуын көрем.

Әлі талайдың зәресін алып тынармын, Ізбастың құтын қашырған қаруыңменен. ТІЛ ЖӘНЕ ТӘУЕЛСІЗДІК Келмей мүлде көңілдің бұрауы шын, Қайғы-мұңға уланып тұр-ау ішім. Өткеніне қарасам қазағымның Жаралғандай өмірге жылау үшін. Көз жасынан көл тұрып зар илеген, Тозақ көрген санаспай фәнименен. Тарих-шал сырласты бір зарлымен Алтын басын күлкіге әлі имеген. Жүректегі жараға ірің бітіп, Шығыс беттен жүретін күнін күтіп. Сес көрсетіп заңғарлар зәресін ап, Қорыққаннан жіберген тілін жұтып. «Тау мен тасқа соғылып, қанап шекем, Айналады шындыққа әлі-ақ секем»- Деп мұңайған сорлыны қинап жүрген Бодандық – қанды қолды қарақшы екен. Қара басын қаңғыртқан тоқырар шақ, «Кекетіп ек» деп әлі отыр ақсап. Қарақшының ұзамай ажалы кеп, Қабіріне қуанды топырақ сап. Арманының сайран сап асқарында, Ойларының жататын астарында. Сөйлеп кетті ғайыптан ғашығы кеп, Тәуелсіздік құшағын ашқанында. Қуанышы қойнына сыймағасын, Әділетке жүреді илана шын. Жылап-жылап алады арасында Қуанышты көз жасы сыйлағасын...

  • * Аялдама. Ал мен тұрмын аялдап, Көлік күтіп бел будырып бір шешім. Сағатым да жылдам жүрді баяндап, Көзімменен айналдыра тілшесін. Бір уақытта келді автобус сасқандай, Кешіккенге сұрағандай кешірім. Қолын созып маған құшақ ашқандай Екі жақтан айқара ашты есігін. Орындықтан құр қалардай жүгірдім, Бұл ақыл ма былшыраққа сыйымды? Есігінен ене беріп, бүліндім, Аяғыма тағы тұру бұйырды. Тартып кеттік, пайда әкелмес қырсығу, Мен емеспін ондай мінез адамы. Анадайдан айтарлықтай бір сұлу Отты көзін маған әкеп кадады. Мөлдір көзі түскен сайын көзіме, Жүрегіме келе жатты жақындап. Маған ғашық екендігін өзі де Отырғандай көздерімен мақұлдап. Кілт тоқтатты аялдама келесі, Асығыстау түсіп кетті ана қыз. Көз алдымда қалғанменен елесі, Көз жетпестей алыстады арамыз. Деп азғырар – тентектікті тежеме, Бойымызда жастығымыз жүр қызба. Мінерімде асық боп ем межеге, Түсерімде ғашық болдым бір қызға. Тағдыр текке автобусқа мінбейді, Бұл ойымның астарынан сыр да аңғар. Өздерін не күтетінін білмейді, Жайбарақат көлік күтіп тұрғандар.

Ербол АЛШЫНБАЙҰЛЫ (Астана)

ҚАШАҒАНҒА Ой-шалды сүйендірген жыр-асаға, Ер едің сөз айтпайтын, сірә, шала. Жалынан қайбіреуге сипатпайтын, Сөз деген тарпаң екен рас, аға. Тамырын тастан тартқан дара шынар, Қоспасыз саф алтындай бағасы бар. Кермеңде қаңтарулы кіл тарпаң сөз, Сауырын жел аймалап аласұрар Кіл тарпаң астау сауыр, садақ мойын, Кеудесін ауыл қонған қолат дейін. Тастапсың тарпаң текті тұлпарларды, Мінсін деп қажетіне қазақ кейін. Шапқанда естіретін жыр самалын, Өр мінез тұлпарыңды күлте жалы. Сапарға сайлап мен де мінемін деп, Үкілеп өмілдірік кім тағады? Бағдарсыз ұстатпайтын сағымды іздеп, Замандас, талай түнде сабылдым де. Асаудың жайын білмей жағаластық, Тарпаң сөз ұстатпай жүр қазір бізге.

ІЛЕ Екпініңді жұтты ма сол тасбауыр жағалау, Неге өксисің тұншығып, мені өсірген анам ау? Өз отына өртеніп, құлап барады қызыл күн, Қызыл күнді көрдім де сеңдей болып бұзылдым. Түнменен түн жиекте жапсарласа бергенде, Сонау көктің көзінен бір-ақ сәуле көргем мен. Сол сәулеге асықтың толқындарың жарысып, Сенің тамшың мен едім, толқи аққан жаны ұшып. Жеттім аппақ сәулеге, жүрегімді нұр өбіп, Түндей терең арналым, түнде қалдың түнеріп. Түнге қарап толқимын, сені ойлаймын кей күні, Үндемейсің сен неге, ей, түркінің Жейхұны?! Сен жылайсың шерлісің, бірақ, заман таскерең, Оның сөзі басқа сөз, оның мұңы басқа өлең. Менің ұлы бабамның тұлпарындай екпіндім, Мен сен болып толқыдым, толқынымды көкке ұрдым. Теңіз құйсам өшпейтін өзегімді өрт жайлап, Заман алып барады, мені сендей қақпайлап. САРЫ ЖҰРТ Сары да сары, сары жұрт, Сағыныштан шекпен жамылып. Күз болып көшіп сары мұң, Бүрлей де алмай тал – үміт. Сайқандап ұшып сам үйрек Сам үйрек арман сабылып Сен нені күттің сары жұрт, Сен нені күттің сарылып? Дүлділден қалған құлынның Дүбірін аңсап тұрсың ба? Мың үннен қалған бір үннің Күмбірін аңсап тұрсың ба? Сап-сары арман сағыныш Сары белде самсап тұрсың ба?

Айбарлы жаудың басында, Айдарлы ұлын кескен жұрт. Күлтелі кілем далаңды Алмауыт тұяқ тескен жұрт. Тауда өскен тарлан бабамыз «Бір шым-шым топырағыңа Жанымыз пида» дескен жұрт. Сайгез оқ тиіп алдынан, Аймадет ұлың өлгенде. Сақсыры толған қызыл қан Оны да жұтқан сен өзің, Құба жон дала өлеңім. Тудырған ерді өзіңсің, Өзіңсің тағы жұтқан да. Ер Доспанбет қансырап, Соңғы рет сені құшқанда. Қарағайлы көдік бойында Қалған қызыл қамшысын, Соны тапсам деп едім. Тапсам бір соны, сары жұрт, Алмауыт жырды қамшылап, Жайдай-ақ қылсам деп едім. Оты бар ұлды тұтатып, Аймадет қылсам деп едім. Сарылып жатқан сары белге Ақ ала орда қондырып, Айға бет бұрсам деп едім.

Талғат ҚАЙБҰЛЛАҰЛЫ (Маңғыстау) ҚАШАҒАН-ЖЫР Еділ, Жайық, Жем, Сағыз, Хорезмде, Ойылда, Қашаған-жыр әлі аңыз Маңғыстаудың ойында. Жетім, шерлі жүрекке, Аян болып қонған жыр. Еңсе басқан түнекте, Шырақтайын жанған жыр. Тарыққанда таңдайға, Зәмзәмдәйін тамған жыр, Зарыққанда маңдайға, Хақ тағала жазған жыр. Әділетсіз дөкірді, Алдаспандай қиған жыр. Кесапатты не түрлі, Оттай өртеп, тиған жыр. Намысы елдің дегенде, Жалаулаған кекті жыр. Ар ісіндей өнерде, Алаулаған текті жыр. Тәуелсіздік келді де, Асқақтатты арманды.

Қашаған-жыр енді міне, Жырдарияға айналды. Шалдықпаған сындарда, Иілуге еш көнбейді. Қазақ елі тұрғанда, Қашаған-жыр өлмейді! ТӘУЕЛСІЗДІК – БИІК ТУЫМ, АЙБЫНЫМ Есіл ерлердің бойында ыза-кек қайнап, Азаттық үшін қақтығыс жылдап, өтті айлап. Бабамыз сорлап, қайғы бұлтының астында Өтіпті талай тар жолдар кешіп көк тайғақ. Білектің күшін, найзаның ұшын көрсетіп, Атойлап ерлер жауына талай шекті айбат. Солардың соңы сексен алтымен ұштасқан, Өрімдей ұл-қыз қазақ намысын бек қайрап. Азаттық дейтін бабаның ізгі арманын, Халқының кеткен қанжығасына дөп байлап. Жиырма бес жыл да өтіпті кірпік қаққанша, Тарих оған алтын әрпін етті айғақ. Батырын аңсап жыл сайын өксіп тұрады, Алматыдағы қанға боялған текті аймақ. Алаш көгіне алтын күн шашып шуағын, Батыл боздақтар қайғының бұлтын кетті айдап, Өр Қазақстан тәуелсіз ел деп әлемге, Жар салып биік тұғырында тұр көк байрақ. ТУҒАН ЖЕР Ұмытпайтын ойпаты мен қыратын, Селк еткізіп мойныңды бұратын. Бір жер болар магниттей тартқылап, Әр адамды ынтық қылып тұратын. Сені мықтап байлап қойған шегелеп, Мұның мәнін сұрамағын неге деп? Жанға жайлы әр адамға бір жер бар, Ауасының өзі қандай керемет.

Тек сол жерде айдарыңнан жел есер, Қолтығыңнан қошеметпен демесе ел. Ол жердегі тауларының қызығы – Ұшам десең қанат тағып береді. Ол жерде шын саған қарап бақ күлед, Ой-бойыңа бір рахат кіред. Ол жердегі бақшалардан жегенде – Шикі алманың өзі ерекше тәттірек. Сол жер ғана бойға дарын дарытар, Сағыныштың ақ түймесін ағытар. Осындағы өмір сүріп жүргендер, Бір ерекше жанашырлық танытар. Осы жерде өтер қызық-мұңлы күн, Білер бұл жер қыз бен батыр ұл құнын. Бұл жер қалай саған ыстық болмасын, Кесілгесін туған сәтте кіндігің?! Махаббаты тереңдеген көл екен, Осы жерде құтың және берекең. Топырағы алтын сынды бір уыс, Туған жер деп аталатын жер екен. Аллаберген ҚОНАРБАЕВ (Маңғыстау)

АҚЫНДЫҚТЫҢ ПАТШАЛЫҒЫ – ҚАШАҒАН Мәңгі жас, сом алтынның сынығындай, Әр сөзің айдын көлдің тұнығындай. Ойларың, өсиетің – ақын баба, Көз жетпес көк аспанның қиырындай.

Сен өзің қара сөзге жан бітірген, Өзгеше орның бөлек бар бітіммен. Әлдилеп өлең жырмен Маңғыстауды, Тілдесіп кетіпсің-ау алғы күнмен. Қашаған – ел еңсесін биіктеткен, Дабысың жерді жарып сүйікті еткен. Жасаған Жапар Ием бір-ақ күнде Кеудеңе жыр мұхитын құйып кеткен. Өнер – шың, бастап кеттің ұлы жорық. Халқыңның ағыл-тегіл жыры болып. Нәр алдым тамырыңнан, киелім-ау, Мақтанам ұрпағыңның бірі болып. Қазақтың қол соғып тұр жұрты барлық, Жөнің бар бүгін шалқып құлпырарлық. Дуалы Маңғыстаудың топырағы Өзіңді келтіріпті-ау біртуар ғып. Сен тұрсың бір жүз жетпіс жаста бүгін, Алаш боп, Ақтауым боп асқақ үнің Бүгін де өзің ұстап, өзің биле Думан жыр ақындықтың патшалығын. Барасың жан-жағыңды аумақты ғып, Жан дауа жырларымен баурап күліп. Баршаны рухыңмен желеп-жебеп. Бір шалқып жатырсың ба аунап тұрып?! ТӘУЕЛСІЗДІК, МЕН САҒАН ТӘУЕЛДІМІН Кеп қалды бостандықты алған күнім, Көз ашқан көлеңкесіз арман мұңым. Уақыт бұл күндері айтып жатыр Жат жұрттық жалпақ сөздің жалғандығын. Қазақтың бүгін дала, өзге аспаны, Елбасым Абылай боп сөз бастады.

Бабалар әруағын әулие ғып, Шалдық та құрбан қылып бозқасқаны. Туған жер ту талақай ойрандалып, Ғасырлар қойнауында қойған қалып. У ішті уыз емес, құлдық дәурен, Арбаудың малтасына «тойған» халық. Сол күндер қанды жас боп өтті-кетті, Көл-көсір көлегейлеп көп тілекті. Қиын кез қияметтің қыл көпірі Тілімдеп өртке шалды көкіректі. «Мың өліп, мың тірілді» халқым менің, Қайсарлық намыс туым, алтын кенім. Жиырма жыл айдай әлем қол соғып тұр, Жарқ еткен жаңалыққа салтым керім. Жиырма жыл асулардан өткелі біз, Ұрпақпыз, қарсы келсе көк бөріміз. Тік тұрып тікемізден ұйықтамасақ, Өзге емес, өзімізге өкпеліміз. Көгілдір көк байрағын желбіреткен, Дос түгіл, қас дұшпанды «елжіреткен» Жиырма жыл кісі құнды болмағалы. Жиырма жыл ақ күлкілі келді көктем. Әр минут жазып жатыр шежірені, Түзелді тізгін тартып сөз легі. Қазақтың сексендегі қариясы. Дәл бүгін жиырмадағы сезінеді. Азаттық, асқақ мұрат толғауымда, Менің де, сенің оның қолдауында. «Болашақ өзіміздің қолымызда» Деген сөз Елбасының Жолдауында.

Мәңгілік шапағат нұр құйылды ағып, Жиырма жыл төрге шықты күлім қағып. Көк байрақ, Елтаңба боп, Әнұран боп, Ал, кәне қол соғалық, дүйім халық! АЙНАЛАЙЫН АҚТАУЫМ Келсең ару – Ақтауыма нақ бүгін, Көресің ғой кіршігі жоқ пәктігін. Мұхтар айтқан «тас кітаптар» алдында, Жырлай – жырлай тауыса алман шаттығын. Ақтауымның ақ нұрына бөлендім, Бейне ғажап ғарыштарға жөнелдім. Шамшырақты ылғи шағын аудандар. Төгіліп тұр жолдарындай өлеңнің. Бар дүние саған мойын бұрғандай Сұлулар кеп хан шатырын құрғандай. Шалқып-тасып сан мың ақын қосылып. Бақыт жайлы жырлар оқып тұрғандай.

«ҚАЛАҒАНДАРЫҢ БІЗ БОЛСА...» (мүшәйрадан тыс өлеңдер) Қалбай ӘБДІРАМАНОВ (Маңғыстау) ҚАШАҒАН АҚЫННЫҢ МОНОЛОГЫ (ескерткіш) Қашаған ақын өше ме, Қашалған ақын өше ме?! Үш рет тұрған кімің бар, Ұлықтар тұрған көшеге?! Жеріңде тұрмын екпеген, Ез қайда қонақ етпеген?! Қолаңа тұрдым мінеки, Моладан тұрып... Кекпенен! Нәйістікті енді қоясың, Өзің де мұқым тоясың. Аяғаның үшін біреуін, Екеуін әкеп соясың?! Елімді қайта жиясың, Екі жүзділігіңді тиясың. Үкіміңе бүгін мөр бастым, Сорғалатып тұрып сиясын!..

Қасымда жатыр гүл өсіп, Қатыгездікпен тіресіп. Мың жасағандай кімің бар, Аталы сөзге ілесіп?! Өзімді тастан қашадым, Сөзімді тастан қашадым. Қашаған ақын болып мен, Жүз жетпіс жыл жасадым. Тасытқан елдің мерейін, Қызықтарыңды көрейін. Жұлқынып тұрған кімің бар?! Сөз сұрасаңдар берейін! Мен әлі...

мықтап орнасам! Қорланасыңдар қорласаң. Сөз сұрар ма едіңдер менен кеп, Мен егер тірі болмасам?! Тіктелді ақын Ақтауға, Құдіретін сөздің сақтауға. Кешегі менсінбегендер Жиналды бүгін мақтауға!. МАҢҒЫСТАУ Маңғыстаудың орын бер қыратынан, Алып кетсе келмеске мына тұман. Жылқы жесе көпiрiп қымызынан, Түйе жесе шығамын шұбатынан! Қырға көмсең шығамын жарпағыңнан, Құмға көмсең шығамын жантағыңнан. Селеу болып көгерiп, сексеуiл боп, Мен қазаққа келемiн қан тамырдан...

Жаңбырыңмен мен сенiң суланамын, Бұлттарыңмен мен сенiң буланамын. Мен өмiрге әйтеуiр қайта келем, Шөптерiне iлесiп қу даланың! Көгеремiн деген дән көгередi, Жүк тиелген керуенге шөп ередi. Мен сендiкпiн мәңгiлiк, мен сендiкпiн, Маңғыстаудың маңқиған төбелерi! Мен бәлкiм бiр тауыңа сүйенермiн. Шамам келген бір шыңды иелермін. Мен қазақтың үйiне қайта келем, Табанына жұқсам да түйелердiң. Қайтемiн шыңды ойланып, құмды ойланып, Шырлаймын қалғанынша тiл байланып. Әйтеуiр жерге түскен бiр түйiр дән, Жасайды Маңғыстаумен Күндi айналып! КАРТА АЛДЫНДА ТҰРМЫН МЕН... Карта алдында тұрмын мен, Сызықтарға қараймын: Айқыш-ұйқыш. Талай мың... Әлем-жәлем дүние, Сансыз теңiз, сан айдын!.. Қалай сенi көкiрегiме қамаймын?! Анам-ау! Арайлы-Жаратқаным-ау! Көзiмнiң қарашықтары, Шулаған қарағайларым, Атылған қарамайларым, Зулаған зымырандарым... Қаптаған, қанаттарым-ау!..

Әулие, әнбиелерiм, Түйелерiм, киелерiм, Барлығы осында ғой, Сүйенерiм. Кеңейiп бiр қаралық, Суларға тұрған ағып. Қуларға қалқып ұшқан, Бүкiл әлем жаралған, Талпыныстан! Нүктелерiм, Тауларға айналыңдар, Мұхиттар мен кешпеген, Өз өлшемдерiңе, Арманға айналыңдар. Адамдар, iрiленiңкiреп, Заңғарға айналыңдар. Сiздердiң төмендігіңізден, Менiң бiр тайғаным бар! Iрiленiңдершi шамалы, Тiгiлiп айналаңызға. Сендерге еремiн деп ендi, Құртқа, құмырсқаға, Жәндiкке айналамыз ба! Мен қазiр жыраққа шығамын, Бұрғылап бұлаққа шығамын. Кiрпiгiңiздiң ұшына, Сезiмiңiзге, түйсiгiңiзге, Желбезегiңiздiң босағасына, Кұлаққа шығамын. Есiтер құлақ болмаса, Сусындар бұлақ болмаса, Сендерде жұмақ болмаса, Мен қалай жұмаққа шығамын!

Iрiленiңкiреп, пiлге айналыңыздар, Ауырға, зiлге, Жайыққа, Нiлге, Алапат жойқынға, Жайхұнға, Сайхұнға, Тұранға, Иранға айналыңыздар. Құранға, иманға айналыңыздар. Кетектеріңізден бiрер сәт Күншуаққа шығып, Қолдарыңызды қалтаңызға тығып... Ойланыңыздар! Түйiршiктей, Көктен үгiлiп түскен қиыршықтай Шамаңыз бар! Өткенге, арқаға қараңыздар, Құм басқан қаңқаға, Сочиға, Ялтаға, Америка деген жақтарға, Көктеген бәйшешектерге, бидайға, Арпаға, Әрине картаға, Одан кейiн... қалтаға қараңыздар!

Ақшагүл РАМАЗАНОВА (Маңғыстау) ҚАШАҒАН АТА (ескерткіш алдындағы ой) Қашаған ата – нар тұлға, Жырдағы сілтер семсерім. Мауқымды басып қайтуға Қасыңа келдім мен сенің! Сезімнің күйін сен шертіп, Жыр болды жастай жолдасың. Келесің, Ата, теңселтіп, Өлеңнің қара жорғасын. Тыңдаушы елің бар мұнда, Қалдырдың тозбас сөз кейін. Алқалы топтың алдында Семсерін жырдың сермейін. Ерлікті елге жоқтатпас Мұнайлы дала-ырысым. Талайға біткен тот баспас Балдағы алтын қылышым. Қасиет бойда күзеліп, Кешкенде қазақ ауыр күн, Шамшырақтары біз едік Шашырап көшкен ауылдың.

Елдіктің өртеп өзегін, Тексіздік түндік ыстаған. Шабайдан қалған көз едім, Тайсалмай найза ұстаған. Тілің бар төзбес тірлікте, Бала да қайта талпынды. Жырыңмен шақыр бірлікке, Алауыз мына халқыңды. Жырыңнан қайрат сезіндім, Қоя ма түйсік иітпей?! Шылбыры тозды сезімнің, Азайып кеткен киіктей. Егемендікке жетіп еркін ұл, Көсілді алдан қу сағым. Еңіреп туған ер түгіл, Есінеп жатыр жусаның. Әлжуаздардың шыңдалсын, Шық тұнса самал құрғатқан. Түңіліп, Ата, тыңдарсың, Мұңымды менің мың батпан. Күмілжіп барып күн батар, Жоғалтты күндер жанарын. Сыбырлап саған тіл қатар, Сал болып жатқан Аралым. Зымиян құлқын азбаны, Көгіңді таптап сұңқарым. Құрып та кете жаздады Қазақи қандас тұлпарым. Ордалы тілді отар ғып, Бояуы тозған бұйымдай. Мая төс дөңді қопардық, Май шелпек бізге бұйырмай.

Қасиеті мықты қыдыр маң, Жігерді жегі жеп кетті. Қырмызы киіп қыдырған Серілігіңді шеттетті. Қашаған Ата – нар тұлға, Жырдағы сілтер семсерім. Мауқымды басып қайтуға, Алдыңа келдім мен сенің! МАҢҒЫСТАУ – МЕНІҢ КИЕЛІМ Маңғыстау – менің киелім, Жусаның тұнған жыр екен. Әкеміз сонда түйенің Қомында кеткен ұл екен. Үмітін жағып сан үйдің, Тағдырдың жолын түзедік. Бейкүнә бала сәбидің, Белінде кеткен біз едік. Қоя тұр мені сынамай, Теңізден соққан майда леп. Жатырсың, далам, сұрамай, «Қайыптай ұлым қайда?» деп. Дәстүрлі өнер жыршылық, Салып жүр әнін қай інім? Ақбөбек-жырлар күрсініп, Қорғанда жатыр Қайыбың. Ақбөбек кезген далада, Құзғын бір ойлар құйындап. Ақбөбек сүйген, балаңа, Уыс топырағың бұйырмақ?! Еңсең бір түсті ел кетіп, Әруақты жұртым асқақ ел.

Қайыбыңды да тербетіп, Бауырына басты басқа жер. Боз жусан біткен боздақ қыр, Боз маяларға жота сен. Боз інген кетсе боздап бір, Аулақта өскен ботасы ем. Шемен шер жүрек қозғады, Қарай гөр қабақ жылытып. Тобылғы қамшы тозғалы, Тобаны кеттік ұмытып. Тектіні жүрсек шынар ғып, Күйге біз мұндай түсер ме ек? Құзғынның тілін шығардық, Қашаған-тілді кісендеп... Өзіңнен шыққан жау болса, Жаттан да жаман табалар. Жолбарыс-жүрек сау болса, Ақталар сенім, бабалар. Кезегін күтіп жас құнан, Бәйгеге түсті бестілер. Алты бір қырдың астынан Қайыптың даусы естілер. Баса алмай тұрды өксігін, Өзімсіп мені ескен жел. Жоғыңды жоқтар жоқшымын, Өскінбай жыршы өскен жер. Қасиет қайта келсін деп, Зерделеп жырды тоқыдым. «Әруақтар, тие берсін!» – деп, Тұсыңнан аят оқыдым...

ИЫҒЫМ МЕНІҢ, ҚАЖЫМА Тарпаң да болса таныс сол, Тауларға биік талпындым. Арманның жолы – алыс жол, Асығып кейде алқындым. Жұлдыздар биік көктегі Жарығы әлсіз көмескі. Сынай да берме көп мені, Бабалар салған жол ескі! Иығым, менің қажыма, Құлдықтың киіп қамытын. Кімдерге айтам базына, Жер таппай жатса табытым... Жұлдызым қалай жанады, Айтатын сөзді айтпасам? Шүршіттің тілін жаңағы Кісендеп өзің қайтпасаң. Шимай да шимай іздерден, Жұмбағың шығар кәдімгі. Билігі жоқ біздерден Шүршіттің иті қадірлі. Басар да тауым құл базар, Қара көз балдар жүр сонда. Кім үшін екен бұл базар, Сатылса арың бір сомға... Қазақтан басқа жоқ адам, Намысым менің кектенді. Арымды үнсіз тонаған, Өлемін қалай текке енді... Қай жерден шықты, қарағым, Сақалы қаба көсемдер?!

Абайды оқы, жараным, Иманды болам десеңдер! Қара бір шыбын қаптаса, Барасың қайда, абыздар? Өлмей ме тілін таптаса, Бабамнан қалған аңыздар Біздерден биік бетеге – Алқызыл емес – ақ қаным. Жетті ме енді жетеңе Жүз отыз ұлтты баққаным?! Иығым, менің қажыма, Құлдықтың киіп қамытын! Кімдерге айтам базына, Жер таппай жатса табытым?! ҚАШАҒАН АҚЫН Күн үшін құйрық, бауыр асамадың, Ешкімге жағымпаздық жасамадың. Жырдағы желіп келген жүйрік өлең, Ақпа бұлақ арқалы Қашағаным. Шөлдеп келіп Қашекем су сұрапты, Ескермеді әлде ол жәй сынапты. Бір-екі ауыз сөзбенен тас қаптырдың, Шәй беруге жарамаған байсымақты. Сұлуларды табынтып сұғындырдың, Әруақсызды, әулием, шығындырдың. Жабылардың жабуы жолда қалып, Талай-талай жүйрікті сүріндірдің. Аяулы туған жерді бесік етіп, Жүрдің-ау өзен-жырды кешіп өтіп. Баз кешіп бағынан да өкінетін, Байлық қуып жүргендер есі кетіп.

Жаңа жырлап бастаса қызып ақын, Тентектері ауылдың қызынатын. Сұлулары шетінен есі кетіп, Жүрісі бәйбішенің бұзылатын. Сексен жүйрік сесінен жаңылатын, Қыз кеудеге шабытын жанып ақын, Дөңбекшісе төсекте бәйбішесі, Байекем де бір түрлі жабығатын... Жабылардан қашан да жүйрік бөлек, Кең даласын кететін күй ғып кенет. Қашағаным, қашан да дәл өзіңдей, Жабыларды жасқайтын жүйрік керек! Айтуар ӨТЕГЕНОВ (Маңғыстау)

ҚИЫП ТҮСЕР ҚЫЛЫШЫМ «Абыл – зергер, Қашаған – ұста, Абылекме не жетсін?!» Қашаған Күржіманұлы Запыранын өмірдің, Талай-талай асаған. Жасы сексен жасаған, Өлең сөздің ұстасы, Уа, бабам Қашаған! Айтсам сөздің дұрысын: Қиып түсер – қылышым, Есіп ішер – ырысым, Базарымның – пұлысың,

Қазағымның дүрісің, Ұқсамайтын жүрісің, Ірілерден – ірісің, Өзгелердің татиды, Мың ісіне бір ісің, Маңғыстаудың бағына, Туған жансың жыр үшін. Қол жетпейтін өресің, Тектілікте – Төресің, Мұз жаратын кемесің, Зырқыраған жебесің, Бай-манаптар көріпті, Сенен ғана көресін. Мақтап едің оңдыра, Қасиетті домбыра, Сазды әуенге толды да, Үйіп-төкті мол мұра. Сәукелесі үкілі, Салтанат1 қыз мықыны... Есқалидай сұпыны – Буындырды үкімің, Бәрі-бәрі жырланды, Кейбір беттер нұрланды, Кейбір беттер сұрланды Келген кезде ұтыры. Ашулансаң – топансың, Жарамсаққа – қаталсың, Айтысуға өзіңмен, Қай жаужүрек бата алсын. Қағылған темір қазық ең, Сыпыра жырау көзі ме ең?! Қазтуғанның сөзі ме ең?! Шыдаған сынға төзім ең?! Табыстыңдар сұңқарлар, Жыр менен күйге іңкәрлар, Ақтауда Құрманғазымен2 1 Салтанат – Қашағанға ғашық болған қыз. 2 Ақтауда Құрманғазыға ескерткіш ашылды.

Өжетсің-ау, өжетсің, Кейде арынды тежепсің, «Өлең сөздің зергері – Абылыма не жетсін?!» Деп кетіпсің, Дүлділім, Кішірейіп ағаға, Мырза болып бағаға. «Жабыспаңдар – депсің-ау, Шуылдақтар, жағама!» Қысың өтсін, жаз өтсін, «Жібек емес, бөз өтсін» – Дейтін мынау заманда, Өр мінезді Қашеке, Ер мінезді Қашеке, Жарлы, бірақ арлыға, Көл мінезді Қашеке, Дүниеқоңыз барлыға, Шөл мінезді Қашеке, Бізге аса қажетсің! Айтар болсақ өзіңше: «Өлең сөздің ұстасы – Қашекеме не жетсін?!» НҰРЛЫ ЕЛІМ – ЖЕРҰЙЫҚ «Алла қалаған кісісін өз нұрына бөлейді» Құран. «Нұр» сүресінен Бақытым мен базарым, Ұлан байтақ жерім бар. Бүкіл әлем назары, Өзіне ауған елім бар. Қабақта жоқ қатулық, – Білмей өскен қайғыны. Достық, Бірлік, Татулық, Оның басты байлығы.

Өкпелер – деп қамықтым, Кезім болса керіскен. Өкілі бар әр ұлттың, Сағынысып көріскен. Біздің елде үлгі етер, Туысқандық, тәттілік. Біздің елде нұр мекен, Құшақ жаяр шат қылық. Қомағайлық, құмардан, Бұл адамзат қырқысқан. Сөйтіп атын шығарған, Ескендір, Цезерь, Шыңғысхан. Құтылмаған сонда да Елдері қиын тұрмыстан. Шыңғысхан жері көлемі: Ескендірден төрт есе, Римдіктен екі есе Көп еді, Бәрінің де бірақ та қайғы болды төлемі. Содан бері адамзат Бір-біріне әрдайым өлім сеуіп келеді. Ол неге? Қырқысады адамдар тауып алып бір сылтау, Осы сұрақ ойынан кетпей қойған Нұрсұлтан: Тарихтың сабағын ұмытқан соң жиі олар, Талай-талай қирады алып империялар. КСРО еді бірі оның, Құлаған соң білмеді ел қалай өмір сүрерін. Әлгі сұрақ жауабын, Деді Ел Басы: «Табамын, Берекеге, Бірлікке жататұғын ел ұйып, Орнатамын даламда мемлекет – Жерұйық. Оның аты, әрине, Қазақстан болады, Өмірі оның және де ғажап іске толады. Ең әуелі, әуелі деп ойламай ұтылам,

Ядролық қаруымнан құтылам. Құтылам да елімді өзгелерге үлгі етем, Достық қана білсіңіз планетаны гүлдетер. Көрсететін қасиетім мен көркім ғып, Берем сосын барлық тілге еркіндік. Адам үшін салтанат пен сән бөлек, Біріқ, бірақ ең бірінші нан керек. Тағы айтарым бейбіт атар таң керек. Табылар-ау ағайындар сын айтар, Ең әуелі экономикамды нығайтам. Соның бәрін түсінетін, қолдайтын Қосшы болар жан керек. Қызығатын жақын менен алыс көп. Мақсат атын қоялықшы «Барыс» деп. Барыс деген тауда жүрер аң болар, Қайраты бар, айбаты бар таңғалар. Өздігінен өзгелерге тимейді, Басын және өзгелерге имейді. Мүддесі үшін айлакер де, адал да, Кербез көрік, бармайды артық қадамға. Мінез-міні адамға тән, адамға. Бір қасиет бардай оның атында, От жанарлы, қаймықпайтын батыл да. Символымыз осы болса дұрыс-ау, Кім-кіммен де тату болу ырыс-ау!» Бүгін міне, Бәрінде де жарыстың, Озып келем мінезімен Барыстың. Бәрі бізге көз тігеді сүйсініп, Жақын менен алыстың. Жүзім жарқын, көңілім шат ән салар, Бір құпия айтайын ба мен саған. Десем болды: «Қазақстан, Нұрсұлтан!» Қайда барсам құшақ жайып қарсы алар...

ТІЛ – «КӨКПАР» Қазақ тілді қазақ бар, Орыс тілді қазақ бар, Таңданбай көр ал енді, адам сенбес «ғажапқа». Екі жақ боп айқасып тартысуда бір көкпар. Ортадағы додада қазақ тілі – «серкесі», Өздерінше шүлдірлер екі жақтың еркесі. Анда-мында тартқан соң түте-түте шығыпты, Соры қалың «серкенің» қайғысын кім ұғыпты? Бір-бірінен екі жақ айлаларын асырмақ, Кемшілігін көзге ұрған өзгелерден жасырмақ. Қазандыққа кім салса соның тілі болмақшы, Бағы жанып бірінің, Бірі гүлдей солмақшы. Мазақ еттік өзіміз тілімізді арайлы, Ал өзгелер біздерге «тамашалап» қарайды. Қазақ тіл мен орыс тіл қатар тұрмай болмайды, Сахнада екі тіл қатар тартар сырнайды, Мінбеде де екі тіл мұңын қатар «жырлайды». Арғы-бергі тарихта кім көріпті мұндайды. Онда-онда заңымның орындалмай талабы, Артық кетсе біреуі, бірі қысыр қалады. Орыс болып қазекең кеткендігі соншама, Айта алмаймын бұл үрдіс созыларын қаншаға?..

Марат ҚАБИЖАНҰЛЫ (Ақтөбе)

ЖҮЗ ЖЫЛ КЕЙІН ТУЫППЫН ҚАШАҒАННАН Мен тудым жүз жыл кейін Қашағаннан, Өсіп-өндік тілек тілеп Жасағаннан. Көп жылдан соң оралдым қазағыма, Жетпіске шықтым бил бас аманнан. Бақтыбай Жайлау бастап көштің басын, Маңғыстауға бұрды елдің қарт пен жасын. Ақынын ардақтайтын азаматтар, Өткізуде өлең-жыр мүшәйрасын. Туысым көп Ташауыз қаласында, Жыланды, Құбатаудың даласында. Тағдырдың тауқыметін көріп жүріп, Қоныстанған түрікпеннің арасында. Жүз жетпіс жыл ашты ақын есігіңді, Қазақ елі ұмытқан жоқ есіміңді. Қашағанның атына көше беріп, Әкімдер шығара бер шешіміңді. Жеті ұрпақ жетілді содан бері, Мұраңды жалғастырып жас пен кәрі. Бүгінде бар әлемді мойындатып, Егеменді ел болды Қазақ елі. Аралап Бесқаланың тау мен тасын, Өтіпті сол өңірде қырық жасым.

Елім деп, ертеңім деп көшіп келген Қашағандай бабаммен тағдырласпын. Болса да Ақтөбеден қоныс шалғай, Келіп тұрам Маңғыстауға армай-талмай. Қашағанның 170 жылдығының Дүбіріне қосыламын елден қалмай. Ниеті дұрыс адамға ақыл серік, Тіршілікте сыйласыңдар көзбен көріп. Ақын атам Қашағанға жыр жазам деп, Қолыма қалам алдым көңіл бөліп. Жырым бар жалындаған жүрегімде, Менде өстім өзбек, түрікпен дос елінде. Қашаған, Абыл, Сүгір, Базар жырау, Әйтеке би, Ер Қосай жүрген жерде. Тірі жүрген асылыңды қорға, халқым, Қадірсіз боп жүрмесін қолдағы алтын. Қытай, Монғол, Иран, Ауған барған қазақ, Бұзбаған әдет-ғұрып өнер, салтын. Бөліп кетті дос елдер шеқарасын, Саудаласып, сатып берді қонақ асын. Басқа елде қалып қойған ағайын, дос, Тіршілікте көре алмай жүр іні-ағасын. Ақын жаны жаралған елден ерек, Тарихтарды ақтарып, жазсақ дерек. Осыларды ардақтайық тіршілікте, Деген бар – Жақсы адамның жөні бөлек. Төремұрат-Қызданай барған жерден, Қашаған, Мұрат, Сүгір алған төрден. Жаздырхандай ағам бар Маңғыстауда, Сол елде өсіп, түрікпеннің тілін білген.

Ел ардақтап Қашағандай дара шыңды, Маңғыстауға жинады бар асылды. Бағыштап Құран хатым әруақтарға, Ел болып еске алғаны жарасымды. Топ жарған тұлпар едің озған дудан, Байды шенеп, жарлының арын қуған. Аузыңнан шыққан сөзің көпке ұнап, Ерді демеп, жабыққанның белін буған. Үйрене алмай жасыңнан өнер-ғалым, Қылыштанда өткір болды қызыл тілің. Есқали сұпыға айтқан дерек сөзді, Ақындары айта ала ма осы күннің? Елге мәлім ерекше жаралғаның, Көргендік – ата жұртқа оралғаның. Берекеттен айрылған Аралбайға, Дер кезінде жұбатар сөз таба алғаның.

Білген жақсы әрбір адам ата тегін, Елін тауып, жинастырып етек-жеңін. Сол заманда Қашағандар көшіп келіп, Ғибрат алар қазіргі қалған елім. Адай ата, Пір Бекет, Шоғы батыр, Ер Шабай бар бір өзі мыңға татыр. Ер Қосай елге жайлы қоныс іздеп, Амударя, Бестөбеде мәңгі жатыр. Кездім талай жат елдің қырқаларын, Ақтарсам тарихынан сыр табамын. Ақбөбегін аңсаған Қайып болып, Қорғантөбе жерінде де ән саламын. Жетпіс жыл өлеңменен тіктім құрақ, Жырыммен Қашағанға жақтым шырақ. Ақтөбеден үлесімді қосайын деп, Шарттарын мүшәйраның білдім сұрап.

Жақсы сөз қалар әр кез санамызда, Дана адамдар көп әлі арамызда. Үлгі болар ұрпағына сөз қалдырған, Бас иеміз Қашағандай бабамызға. Керексің бар қазаққа қайран бабам, Айтатын бас-көз демей келсе шамаң. Бір жарым ғасыр бұрын айтқан сөзден, Көп жерде пайдаланып, ғибрат алам. Жиенімін Қашағанның ақын жанды, Ізгілікпен күтетін әрбір таңды. Бұйырып мүшәйраға бара қалсам, Шашармын өлең-жырмен қолда барды. Ғабиден ШОХАНОВ (Маңғыстау)

ҚАШАҒАНҒА Өткелінде өмірдің әуел бастан Өнер болды бір серігің сырыңды ашқан. Бас қайыртпас асаудай арындаған Талантың мен талабың бала жастан. Тағдырдың талқысымен тайталасқан, Өжеттікпен биіктеп асқақ арман. Халықтық табиғаттың қасиеттері Сыйлағандай бағытты өзің алған. Жан болдың ел сөзіңді сағынатын, Ақындық тұлғаң анық танылатын. Жырдан маржан шашқанда айналаңа, Болмапты ешбір кезің жаңылатын.

Термеңді терең ұғып тыңдадым мен... Танысып ойларыңмен, сырларыңмен. Рухани кеселдерге қарсы тұрдың, Алмастай сыншыл-сықақ жырларыңмен. Сөйлесең, ойың озық, тілің жүрдек, Көрмепті сені Құдай сөзден күрмеп. Бата, толғау – жастарға үлгі-өнеге, Тәрбиелік, тәлімдік өлең-өрнек. Жырларың көкіректе өріледі, Одан ішкі әлемің көрінеді. Сөз қадірін түсінер халқың барда Жалғасып кейінгіге беріледі. Жыр-толғаулар, айтыстар, дастандарың – Әдеби құндылықтың бастаулары. Рух көтерер ұран ғып айтып жүрер Өнерпаз ұрпағымыз жастар әлі. Кәрісбай ӘДІЛ (Маңғыстау)

АРНАУ Армысың, жырдың алыбы?! Даламдай дархан дарыны, Қашаған жыр-дария, Басылмаған ағыны. Көмейі – сөздің көрігі Өнеге тұтқан әр ұлы. Кетпесем де шығынып, Жырыңды жүрмін ұғынып. Қашаған жыр-термелі, Кіл маржан сөз тергені.

Қашаған сөздің жүйрігі, Кесіп өткен кермені. Жырменен бізге жеткізген. Адайдың арғы дерегін Таусылмайтын қазына Шежіре – тарих дер едім. Ағытқан сөздің тиегін Сарқылмас саз-күй едің. Ер Қосайдың ұрпағы Аржағы асыл сүйегің. Демеймін бүгін тас мүсін, Арманың асқақ асты шын. Жырың қайта жаңғырып, Бізбенен бүгін жастысың! О, Қашеке, ардағым, Ұғынған үнсіз тұғырда Ұласқан жырың ғұмырға. Бірге жасап халқыңмен Биігіңнен жығылма! Шыққандардың бірі едің Ақындықтың шыңына Тәуелсіздіктің лебімен Төгіліп тұр ғой шұғыла. ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ ТАҢЫ Арайлап атқан таңдай сыры терең Жарқырап шыққан күннің нұрыменен Түндігін түріп түннің Тәуелсіздік. Шаттық өмір шалқиды жырыменен. Тарихты терең ұқпай жүрсің тегі, Қайран тағдыр, қаншама күрсінбеді?! Тәуелсіздің таңы арайлап атқан шақта, Жүрегім жарылардай дүрсілдеді. Көңілді тербетеді таң самалы, Асқақ жыр ақтарылар қаншама әлі?!

Тәуелсіздік тек қана менің емес, Арманы еді бабалардың аңсағаны. Бір көрініс ерекше есімдегі, Нұрлы бейне жарқырап Есілдегі. Астана құшақ жайып, қол бұлғайды, Сағымданған Сарыарқа төсіндегі Пай, шіркін көңілімді өсіргені, Байтақ ел, байрақты жер көсілгені. Өмірдің айдынында Қазақстан Келеді қатарынан көш ілгері. Насыреддин ҚОЖЫРБАЕВ (Маңғыстау)

АҚИЫҚ АҚЫН ҚАШАҒАН Біртуар ұлы қазақтың Ақиық ақын Қашаған, Халқымның мынау жадында Жырларымен мың жасаған. Өткір жырмен түйреген, Тақымға салып сүйреген, Дүмше, сопы наданды Қылтыйтқан басын тасадан. Ала білген абыроймен Алла берген үлестен. Әдепсіз, қаскөй, даңғоймен Ғұмыр бойы күрескен. Заманының кемелі, Найзасы еді жебелі.

Қатепті қара нар еді, Тоғышарлықпен тірескен. Бастау алған жырлары Тарихи түпкі санадан. Ақын еді ағылған Ерекше туған анадан. Жады болды Қазақтың, Қала берді Адайдың, Сыр сандығы жиналған, Сонау ықылым заманнан. Санасызға сана сыйлаған, Әдепсіз өскен наданды, Жамандыққа қыймаған, Менменсіген талаймен, Айқасқанда айтыста, Айылын да жыймаған. Қашекеңнен өткен болмапты, Заманында сыйлы адам. Заманында бола алған, Кедей-кепшік панасы. Байларды мінеп, шенеген, Іріктеп алып аласын. Жүйріктің болған дүлділі, Жыршының болған бұлбұлы, Қашекемнің күрессіз, Өтпеген екен бір күні. Сөз сайыста сүрініп, Жауырыны жерге тимеген. Қиыннан құрап жырларын, Айтыста басын имеген. Өз сөзімен айтқанда, «Пілдің тірі бәсі де мың ділдә,

Өлсе тері бәсі де мың ділдә». Қашаған атам мерейі Асқақтай берсін мәңгіге. Қазағым тірі тұрғанда, Қашекем жайлы жалғасын Таба береді әңгіме. МАҢҒЫСТАУЫМ МЕКЕНІМ Бозжорға атым астымда, Кезіп келем даламды. Асау сезім тасқындап, Кеудемде от боп жанады. Кей сәтте тоқтап қараймын Осынау шексіз далама. Толқи ма жүрек әлде мұң? Бойыма сыймай бара ма? Әлде бір әлсіз елес пе, Әлде бір бұлдыр сағым ба? Ойым ба түскен егеске, Дегендей бейне – бағынба. Жота-жота қыраттан Ізін көрдім бабамның. Сырлы көне зираттан Ісін көрдім бабамның. Бұралаң бұлтыр жолдардан Тағдырын көрдім бабамның. Қиян да қиян жондардан Салдығын көрдім бабамның. Ізгілік пенен қаталдық Қатар бір жүрген заманның, Куәсі болған қырлары Қасиетті кең даламның.

Талай да талай боздақтар Өмірін қиған сен үшін. Атойлап жауға шапқанда Қасиетті қазақ жері үшін. Үш жүз жылғы тарихың Ел жадында сақталды. Атар уақыт кеп қалды, Әділеттің ақ таңы.

Қасиетті Маңғыстау, Сырыңды сенің кім білген? Тереңге тартқан тамыры Жырыңды сенің кім білген? Жеті жұрт келіп кеткенде, Талайды көрген даламның, Ашуға сырын ақтарған, Беймәлім мен бір балаңмын. Маңғыстауым мекенім, Өзіңді мақтан етемін. Жырыма қосып жырласам, Арманыма жетемін. Маңғыстаудың басына Нелер келіп кетпеген? Ноғай, қалмақ, айладыр, Кімдер мекен етпеген? Ұжымақтың төрі боп, Ман ата қоныс тепкен жер, Үш жүз алпыс әулие, Әнібилер мекен еткен жер. Қараған түбек, Сам, Шайыр, Тарихын құмға жазған жер, Түгін тартсаң май шығар, Байлығын белден қазған жер.

Жел маямен желдіртіп, Асанқайғы басқан жер, Төрт түлік малды маңғыртып, Ырзығы елдің асқан жер. Құланды қолға үйреткен Қамбар ата басқан жер. Сәйгүлігін Адайдың Бәйгеге баптап қосқан жер. Ертеден шапса түске озған, Түстен шапса кешке озған, Қамыс құлақ қасқа азбан. Бірінші келіп мәреге Маңғыстау даңқы асқан жер. Қашаған, Сүгір, Сәттіғұл, Ақтан, Нұрым, Әбубәкір, Балтабасұлы Түмендер, Домбырасын сайратып, Халқына жырын шашқан жер. Шашақты найза қолға алып, Еңіреген ерлердің Тегеурініне шыдамай, Түрікмендер тастап қашқан жер. Пысы басып Адайдың, Кетіктен бері аса алмай, Кең даланы баса алмай, Қызылдар қорқып сасқан жер. Ырзығын Алла уыстап, Пендесіне шашқан жер. Жетібай, Өзен, Қаламқас, Мұнайдың көзін ашқан жер. Ата-баба арманы, Жүзеге асып бұл күнде, Ағарып таңы атқан жер. Елбасы бастап халқымның, Дербестік дәмін татқан жер.

Осынау дархан даламды Жырыма қосып сайрасам, Алладан медет болған соң, Көңілімді солай жайласам. Қасиетті Маңғыстау, Отпан таудай іргелім, Жырыма қосып өзіңді Көңілімді солай бірледім. Ата қоныс туған жер, Жалғызымсың бір менің. Тай құлындай тайраңдап, Арқаңда сенің жүргенім. Күн қыздырып төбемнен, Шөліркеп сусап келем мен. Мұхиттай бұлдыр сағымдар, Ойнайды сонау белеңнен. Болмаса екен өмірде, Алдамшы осы сағымдай. Жатса екен мынау өңірде, Мұхитша тулап ағындай. Садуақас АБДЫНАСЫРҰЛЫ (Маңғыстау)

О, АБЫЗ АҚЫН ҚАШАҒАНЫМ О, абыз ақын Қашағаным, киелім, Талантыңа табынып бас иемін! Асыл сөзбен асқақтата жырлаған, Ақпа-төкпе жырларыңды сүйемін. Мен өзіңнен сөз құдіретін ұққанмын, Жырларыңды жаныма үлгі тұтқанмын. Адуынды Адай жырын үйреніп, Мен де сенің «шапаныңнан» шыққанмын. Зұлпықардай жырларыңыз тым өткір, Қырандайын қанат қаққан түлеп бір. Өзіңе ұқсау қайда біздей пендеге, Көңілдегі көрікті ойым – тілек дүр. Жырлағанда жорғадайын тайпалдың, Қайырымсыз бай меселін қайтардың. Айтыста да айға білеп ауызды, Орныменен Ізбасты да тойтардың. Туып өстің сен де мендей жырақта, Елді таптың ес жиған соң бірақ та. Аңсап жетіп ата жұртқа әндетіп, Салдың ерді жыр дүлдүлі – Пыраққа. Туған жерің Ташауыздың аймағы, Бұзылмаған онда діннің қаймағы. Туған жерден таусылмайтын нәр алып, Желбіреді жауһар жырдың байрағы.

Қадірлеген Қашағандай алыпты, Жырын жаттап әкем жастай қанықты. Сондықтан да сенің туған жеріңе Әкем мені домалатып алыпты! Қашағандай болсын деген тілегі, Шығар бәлкім, мақсатын кім біледі? Асқақ жырды аңсап әлде өзінше, Бір нәрсені сезді ме екен жүрегі. Мен білмедім, бәлки шығар жай қылық, Көрген де жоқ бұл сыр маған айтылып. Қашағанның жырын айтса, әкемнің Жүрер еді жанарында ой тұнып. Әкем менің біраз өмір көрген-ді, Жыр айтуды жатқа терең меңгерді. Қашекеңнің «Есқалиға айтқанын», Әкем бір күн жырлап маған берген-ді. Кесір келін келіспеген сұтыны, Көргеннен соң адам бұл деп жұпыны. Сөз сойылмен төпеп ауыз аштырмай, Тезге салған Есқалидай сұпыны. «Қу ағаш» деп сөккенде дүмше молда, Алдымен домбыраны алдың қолға. Сөз бастап шариғатпен шымыр өріп, Төпелеп топан жырды төктің сонда. Кемшілікті көргенде ақын ба ыққан? Білімді қай кезде де сөзден ұтқан. Санамалап көрсеткен тап өзіңдей, Қу ағаштың қадірін кім бар ұққан? Заманның келбетіне етіп қайғы, Толғадың өмір жайлы, өнер жайлы. Дауылпаз дүлей жырлар төгілгенде, Өр мінезге келеді сөзі сайлы.

Жырладың «Атамекен», «Адай тегін», Ықтырған асыл сөзбен талай теңін. «Топанда» тасқын селді баян етіп, Қопарған жасын жырдың таудай кенін. Төгіп өткен нөсердей жер бетіне, Тыңдайсың әрбір сөзін тербетіле. Саф алтынан құйғандай әрбір сөзі, Көрік берер кісілік келбетіңе. Қашаған дүр сөзімен қадірі артық, Жастарға болсын енді жыры сарқыт. Төкпе жырдың қуатын тап басатын, Туса екен енді саған біреу тартып. ЖАНЫМА ҚУАТ БЕРСІН СӨЗІҢ ІЗГІ Жас кезден жетімдіктің жүгін арттың, Жоқшылық тауқыметін тағы тарттың. Мал айдап Орынборға сату үшін, Жалданып Сергейдің де қойын бақтың. Жүргенде үміт күтіп келер алдан, Түс көріп, таусылмайтын өнер қонған. Оты бар кеудесінде Қашағанды, Қалнияз балғын кезден бапқа алған. Шернияз, Абыл, Есет, Нұрым, Ақтан, Жолына түстің сұрап медет Хақтан. Өнерін айтқыштардың қадір тұтып, Төгілтіп айта жүрдің жырын жаттан. Маңғыстау, Хорезм мен Еділ, Жайық, Қарсы алды бір өзіңді ханға лайық. Жем, Сағыз, Ойыл, Қиыл, Қобда, Елек, Жайлайтын елдің бәрі күтті ерек! Шалқыта, шамырқанта толғап жырды, Айта алдың ойды асыл терең сырлы.

Түйдектеп түйінді сөз төкпелеткен, Шарлады өр дауысың ойды-қырды. «Қашаған – жүйрік жырау, елдің тілі», «Қашаған жырдан төккен маржан дүрді» Деп еді Ілияс ақын баға беріп, Өзіңдей ақпа-төкпе ақынға ірі. Жыр бәйтерек – тартылған терең тіні, Көп ақынның Қашаған болды пірі. Халқының қалауына дөп келетін Артында сөз қалдырған мәңгі тірі! Біз дағы қадір тұттық сөзіңізді. Сондықтан жырға қостық өзіңізді. Дем берсін шабытыма әруағың, Жаныма қуат берсін сөзің ізгі. Әумин! ҚАШАҒАН АҚЫН КЕЛГЕНДЕ Қашаған ақын келгенде Маңына, халқым, жиылдың. Адайда айтқыш тақтақ деп, Жырына бәрің сүйіндің. «Қашаған сынды ақыннан Естимін деп асыл сөз», Құмырсқадай үйілдің. Ауызын айға білеген, Қашағандай айтқыш болмаса Айта алар елдің күйін кім? Осылай мерей көтеріп, Қастерлеген халқыңның Бірі едің сен де сый ұлдың. Арқаланып ел барда, Көмейден сөз боп құйылдың. Адайда өткен арқалы Ақындарға сыйындың.

Жырыңмен жақұт сиқырлы, Көңілін арбап өзгенің, Төңірегіңе иірдің. Сараңын көрсең байдың да Сойыл сөзбен шиырдың. Қырандай қалқып биікке, Нүктесін көрдің қиырдың. Қанатты қомдап аң көрген Тастүлектей бүріп шүйілдің. Кер ауыз ақын Ізбасқа Төпелеп сөзбен түйілдің. Айтарыңды айтып болғанша, Келмеді әсте тыйылғың. Сөз ретін білмес надан мен Топастарға күйіндің. Намысты жерде белсеніп, Сөз атасын өлтіріп, Келмеді езге иілгің. Екі ауыз сөзбен екпінді, Түйінін шештің қиынның. Қадір тұтты өзіңді Маңғыстау, Елек, Қобда мен Жағалай жатқан елі де Ойыл менен Қиылдың. Еділ, Жайық, Хорезм Халқына да сүйілдің. Аңсап күтер ардақты, Гүлі едің той мен жиынның. ҚАЗАҚ ҮШІН ТӘУЕЛСІЗДІК ҰЛЫ ҰҒЫМ Сәуле болса, санаңда сәл, ей, ұлым, Бабалардың өсиетін сен ұғын. Шежіресі шерге толған талайлы, Қазақ үшін тәуелсіздік ұлы ұғым. Әлихан мен Ахаң және Міржақып, Көңілімде мөлдір бұлақ тұнығым.

Міне, бұлар қазақ үшін бір туар, Қастерлейтін алтындайын сынығым. Мен қарасам өткен күнге, бұрынға, Ашылады тереңірек сырым да. «Қара қазан, сары бала қамы үшін» Атқа мінді Махамбет те, Сырым да. Сонау өткен төңкерістің өзінде, Елге берген тұрып айтқан сөзінде. Тәуелсіз ел болу үшін күресіп, «Алаштықтар» атқа мінді кезінде. Батып белге желтоқсанның сыз, қары, Өтті жанға cуық желдің ызғары. Зардабынан осы күнге жеткенше, Қанша жүрек қан жылаумен сыздады. Жаным нәзік, өлеңіммен сырлы еді, Ал жүрегім Отаныммен бірге еді. Болашаққа басып қадам ұмтылып, Еңсе тіктеп елім міне гүлдеді. Нұр құйып тұр төбемізден сәулеміз. Қуаныштан жарылардай кеудеміз. Ойлап тұрсам дәл бүгінгі ұлы күн, Тәуелсіздік тәу ететін – тәубеміз. Тағдырымды айналдырып тозаққа, Бодан қылып, салған бізді азапқа. Қилы заман қиындығын еңсерген, Тәуелсіздік – ұлы Жеңіс қазаққа.

ІІІ бөлім. ҚАШАҒАН КҮРЖІМАНҰЛЫ АТЫНДАҒЫ

АЙМАҚТЫҚ АҚЫНДАР АЙТЫСЫ Мэлс ҚОСЫМБАЕВ, ақын, филология ғылымдарының кандидаты, «Ерен еңбегі үшін» медалінің, мемлекеттік «Дарын» сыйлығының иегері, ҚР-на еңбегі сіңген мәдениет қайраткері ҚАШАҒАНДАЙ ЖҮЙРІККЕ ҚҰЙРЫҚ БОЛҒАН... Тілімнен сөйлегенде бал төгемін, Қорыта алсаң, жая мен жал төгемін. Қотыр ешкі бітпеген қорасына Алдына кембағалдың мал төгемін. Мұрат пен Қашағаннан Мұрынға өткен Заманнан сөз қозғасам зар төгемін. Жоңғардың жүйкесінде жоңқа ойнатқан Қаратаудың басынан қар төгемін. Қағанаттың қолында жетім қалған Қанағаттың жолында қан төгемін! Күймесі мен түймесі жылтыраған Маңғыстау түрін көрген маң төренің. Барыстың тарғылындай батырларым Намыстың жыққызбаған нән терегін. Нән терекке сүйкенген нәкөс иттер Басында қалған жоқ па әр төбенің?! Кіндігіңнен жаралған кірпиязбын Талаптың Жайыққа еккен тал-терегін. Жапырағым түсіп тұр жан өлкеме Сағыныштың қозғасам сәл терегін!

Аңқымасы ақынның айтыстағы – «Шалқымасы» сияқты Жантөренің. Дулығалы батырдай домбырам бар Алдында қаймықпаған хан-төренің. Кей барысқа ұқсамай кейіпкері Бейбарысқа ұқсаған бәйтерегім. Сүгірдің жырларымен сүртіп жүрмін Шариғаттың бүгінгі шаң терегін. Құрмасы Қашекемнің құтты болсын, Аламанға жиналған алқалы елім! Арқардай Оғыланды мен Отпандағы Тағдыры таста ойнаған тарпаң елім. Бекеттің әруағына бет сыйпаған, Ассалаумағалейкум, арқалы елім! Ірітетін болмайды ізгі жанда ой, Біліктіге таңбайық біз күмәнді ой. Шекпеннен шыққанымен шектен шықпас, Ғұмырды түзу кешкен түзгі заң ғой. Балшығының тістері балақ қапқан Күңіренген ағымдар – күзгі лаң ғой. Әулие-әнбиеге ысқырынған Құйрығы көп, басы ортақ бір жылан ғой. Домбыраны боқтайтын доңыздар да Сұпының кейпіндегі сұр жылан ғой! Есқалидың тіркелген есебінде Сұр жыландар бері қарай жылжыған ғой. Арабтардың сақалды арбакеші Ұлтыңның депутаты ұл жылан ғой. Суға емес, кеңірдектен уға толған Құманның мойынындай құм жылан ғой. Кесірткенің алдынан кесе алмайтын Қасындағы қасқалар құр жылан ғой. Құдайдың құлымыз деп зарлағанмен, Құдайдың құлдарына құл жылан ғой! ...Дүниені бұзғасын дүмше молда, Мазалап Қашекемді жүрді заңды ой.

Басынғысы келгенде бас сұрайтын Құлақ берсең қылады құлды даңғой. Құйрығымен сығатын құлдың басын Жыландарды көбейткен «жынды» заң ғой. «Жынды» заңды парақтап жырту керек, Дегенге қосылатын Пірлі жан ғой. Қосайдың ауылына қос тіккесін Олардың отырысы бір жыр-ән ғой. Қайынапамыз – Фариза ақын болса, Қайынатамыз – Қашаған Күржіман ғой! Бәйгеге ешкі атаған бай дедім бе? Шампанның ішіндегі шай дедім бе? Арағыңды өзің іш, айналайын, Орысқа орағыңды «дай» дедім бе? Көргенде Маңғыстаудың мешіттерін Парижге барғаныңдай «пай!» дедің бе? Сол кездегі мешіттер дұрыс екен, Шалдардың сақинасы сау кезінде! Қаршығадай бір қызды қағып түсті, Қарайды деп жүргенде қай керімге? Бойдақ болған, бірталай ойнап болған Үйленді Нұрлан балаң Әйгерімге. Жеңгесі мен теңгесін санатпаған Бектемістің ішінде бай келінге. Алдында Ақнұрды алды Фархад бала, Тайлаққа кісінеген тай кезінде. Тіліңді тістеп алып отырасың, Әзілдің әңгімеге бай жерінде. Бес жүз елу келіннің бетін ашқан Ақынмын көрінетін Ай келінге. Балшыққа батқырлардың арқасында Мен қайынаға болмадым қай келінге?! Демеймін бес ай кедей, бес күн баймын, Шекпенін мырзалықтың шештім қай күн? Қой емес, қонағына тай соятын

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙