Қорқыттың нақыл сөздері
Kitap.kz
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Қорқыт ата — түркі халықтарына ортақ ұлы ойшыл, жырау, қобызшы. Қорқыт ата өмірде ізі, артында әдеби-музыка мұрасы қалған тарихи тұлға ретінде белгілі. Қорқыт атаның өмір сүрген кезеңі туралы ғылымда әртүрлі болжамдар қалыптасқан. Алайда, зерттеулердің көпшілігі Қорқыт ата Сырдария бойында өмір с...
Баят бойында Қорқыт Ата дейтін бір ер тұрыпты. Ол кісі оғыз ішіндегі ең білгіші екен. Ғайыптан айтқан болжамдарының бәрі түп-тура келіп отырған әулиенің көңіліне тәңірім нұр құйған ғой... Ол алдымен оғыз қауымының мүшкіл халін айтқан. Нендей іс болса да, әбден таныспайынша, көз жеткізбейінше кіріспейтін Қорқыт Атаның сөзін халық ақыр соңына дейін ұйып тыңдаған.
Қорқыт Ата сөйлейді:
– Алла, Алла демейінше, іс түзелмес, Тәңірі бермейінше, ер байымас, Әзелде жазылмаса, құл басына қаза келмес, ажал уақыты жетпейінше; ешкім де өлмес. Өлген адам тірілмес, шыққан жан кері келмес. Ер жігітке қара құрым мал бітсе, жияр, көбейтер, талап етер, бірақ несібесінен артығын жемес. Гүрілдей-шұбыра сулар тасыса, теңіз толмас. Тәкаппарлықты Тәңірі сүймес. Көңілі пасық ерде дәулет болмас. Жат баланы қанша сақтасаң да ұл болмас, ол ішіп-жеп, киер де кетер, бірақ көрдім демес.
Құл – төбе болмас, күйеу бала – ұл болмас. Қара есек – басына жүген кигізсең де тұлпар болмас. Күңге қамқа тон жапсаң да ханым болмас. Жапалақ-жапалақ қар жауса, жазға қалмас. Ескі қамыс – біз болмас. Ежелгі дұшпан – дос болмас. Мінген атың қиналмайынша, жол алынбас. Қара болат өз қылышыңды шалмайынша, жаудың тауаны қайтпас. Ер малын қимайынша, аты шықпас. Қыз анадан көрмейінше өнеге алмас. Ұл атадан көрмейінше, сапар шекпес. Ұл – атаның ері, екі көзінің бірі. Дәулетті ұлың болса, ошағыңның қоры болар. Дәулетсіз ұл болса, атаның көрі болар. Ұлдың күні қараң, ата өліп, мал қалмаса. Ата малынан не пайда, баста дәулет болмаса.
Қорқыт Ата тағы да сөйлейді, тыңдап көрелік, не дер екен:
– Мықты, жүйрік бедеуге қорқақ жігіт міне білмес, ол мінгенше, мінбесе игі. Шалып кесер өз қылышыңды мұқалтып шалғанша, шалмаса игі. Шала білген жігітке оқ пен қылыштан гөрі – бір шоқпардың өзі артық. Қонақ келмеген үйдің құлағаны артық. Ат жемейтін ашы шөп біткенше, бітпегені игі. Адам ішпес ашы су жылға қуып аққанша, ақпағаны игі. Баба атын шығармаған жігерсіз ұл баба белін бүгілткенше, бүгілтпегені игі. Баба атын шығаратын дәулетті ұл болғаны игі. Жалған сөз бұл дүниеде болғанша, болмағаны игі. Шынында сіздей асыл жанға үш отыз жасты беріп, үстіне он жас қосса да артық емес. Үш отыз он жасқа толып, ұзақ өмір сүріңіз! Жаратқан ием сізге жаманшылық келтірмесін, Дәулетіңіз баянды болсын, ей, хан ием!
Қорқыт Ата тағы да сөйлейді, тыңдап көрелік, не айтар екен:
– Жердің соны шөбін киік білер. Жайылым жердің көк орай шалғынын құлан білер. Айырым-айырым жол сүрлеуін түйе білер. Жеті бұлақтың хош иісін түлкі білер. Түнде керуен көшкенін қара торғай білер. Ұлдың кімнен туғанын анасы білер. Ердің батқанын ат білер. Ауыр жүктің салмағын тұлпар білер. Қай жерде сулы саз барын жөкен білер. Қапелімде бастың ауырғанын ми білер. Қыл қобызын арқалап, елден-елге, бектен-бекке жырау кезер. Ер жомартын, ер бақылын жырау білер. Қарсы алдыңызда жолдан адастырмай, қобыз тартып жырлайтын жырау болсын, ей ханым! Азып-тозып келген пақырға Тәңірім сауабын берсін, ей ханым!
Қорқыт Ата тағы да сөйлеп кетті, тыңдап көрелік, не сөйлер екен:
– Ауызымды ашып, тілге келтірген көктегі Тәңірі көрікті. Тәңір досы, дін тұтқасы Мұхаммед көрікті. Мұхаммедтің оң жағында намаз оқыған Әбубәкір – Сыддық көрікті. Неше жүз рет оқыса да «Ясин» аяты көрікті. Қылышпен дінге көндірген ерлердің шаһы Әли көрікті. Әлидің ұлдары, пайғамбардың жиендері, Кербала шөлінде йазидтер қолынан шейіт болған ағайынды Қасен мен Құсайын көрікті. Жазылып-түзіліп, көктен түскен Тәңірі ілімі – «Құран» көрікті. Ол «Құранды» хатқа түсірткен ғалымдар сұлтаны Осман әффан ұлы көрікті. Ойпат жерге салынған Тәңір үйі – Мекке көрікті. Ол Меккеге сау барып, аман-есен еліне қайтқан қажылар көрікті. Күндердің жақсысы – жұма күні көрікті. Жұма күні оқыған құтба намазы көрікті. Құлақ қойып тыңдаған үмметі көрікті. Мұнарада азан шақырған мәзін көрікті. Тізесін бүгіп отырған инабатты әйел көрікті. Самай шашы ағарған баба көрікті. Ақ сүтіне тойғыза-тойғыза емізген ана көрікті. Жанашыр ағайын-туған көрікті. Үлкен шаңырақ үйдің қасына тігілген келіннің отау үйі көрікті. Жібек шатыр үйдің нәзік жібі көрікті. Өнегелі бала көрікті. Ешбіреуге ұқсамайтын, бүкіл әлемді жаратушы Алла Тағала көрікті. Уа, Тәңірім дос-жар болып, медет берсін, ей, хан ием!
Қорқыт Ата аузынан әйел төрт түрлі деп озандар айтар еді. Бірі – кепкен ағаш секілді, бірі – үрген қарын секілді, енді бірі – үйдің тіреуі, төртіншісі – қанша айтсаң да бөз баяғысындай мелшиген қырсық әйел.
Ал озан айтқан үйдің тіреуі деуінің мәнісі:
Алыс қырдан, жапан түзден үйге бір жолаушы келсе, ері болмаса да, ішкізіп-жегізіп, сыйлы жандарын үйден шығарып салар. Бұлар – Айша, Фатима нәсілінен үлгі-өнеге алғандар, хан ием! Олардың үрім-бұтақтары өсіп-өнсін, сіздің ошағыңызға осындай әйел заты келсін! Енді кепкен ағаштай дейтінге келейік, Таңертең жатқан жерінен тұрып, беті-қолын жумастан тоғыз тоқашты бірден ауызға салып, толтыра тыққыштап, тойғанынша асап жейді. Бір көнек айранды ішіп, жалап-жұқтап, екі бүйірін таянып алып, әлгі әйел былай дейді:
– Қараң қалғыр, осы үйдің қожасына келгеннен бері қарным бір тоймады, аяғымнан жыртық шәркей түспеді, жүзіме рең кірмеді. Ерім өлсе, басқа біреуге тисем, қандай жақсы болар еді, – дейді. Бұл тәріздінің, хан ием, үрім-бұтағы өсіп-өнбесін! Сіздің от басыңызға мұндай қатын келмесін! Енді үрген доптай дегенге келейік. Жұлқылап оятқанша орнынан тұрмайды, беті-қолын жумайды. Үйінің о жағынан бұ жағына бір, бұ жағынан о жағына бір шығып, бұрқыратып жатады. Өсек айтып, есік-тесіктен сығалай тыңдап, түске дейін ауыл қыдырады. Түстен кейін үйіне оралады. Келсе, ит кіргенін, тайынша-бұзау жүргенін көреді. Тауық пен сиыр қораның да ұйқы-тұйқысы шыққан. Сонда ол көршілеріне келіп, былайша айқайлайды:
– Ау, Зылиха, Зубәйда, Үрубейде, Чанқыз, Чанпаша, Айна Мелек, Құтты Мелек, қайдасыңдар? Мен-ақ өлейін, көзімді құртайын да кетейін. Төсек-орнымның да быт-шыты шығып жатыр, – деп ренжиді. – Көрші хақы, Тәңір хақына менің үйімді қарай салсаңдар, нелерің кетер еді?! – деп көпіреді. Бұл сияқтылардың, хан ием, үрім-бұтағы өсе көрмесін! Сіздің ошақ басыңызға мұндай қатынды келтірмесін!
Енді қанша айтсаң да міз бақпас баяғыдай дейтінге келейік. Алыс қырдан, жапан түзден бір сыйлы қонақ келсе, қожасы үйде болса былай дейді:
– Нан әкел өзіміз де желік, бұ да жесін, қатып қалса нанның нәрі болмас, жемек керек десе, қатыны оған:
– Бұл қараң қалғыр үйде ұн жоқ, елек жоқ, түйе диірменнен келмеді, – дейді. – Не әкелсе де берерім жоқ – деп, теріс айналып, қожасына қос саусағын көрсетеді. Бір сөйлесе қоймайды, қожасының сөзі құлағана қонбайды. Ол Нұһ пайғамбардың есегінің нәсілінен болар, хан ием. Сізді Тәңірім осындайлардан аман сақтасын! Ошағыңызға мұндай қатын келмесін!
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру