Мазмұнға өту
Home

Шығармалар жинағы 6 том

Қалижан Бекхожин

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Шығармалар жинағы 6 том

Авторы: Қалижан Бекхожин

Қалижан БЕКХОЖИН ШЫҒАРМАЛАР ЖИНАҒЫ 6-ТОМ Алматы УДК 821. 512. 122 ББК 84 (5 Қаз)-44 Б 39 Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігі «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» бағдарламасы бойынша жарық көрді. Құрастырушылар: Зайда Бекхожина, Мираскүл Бекхожина БЕКХОЖИН Қ. Шығармалар жинағы – Алматы: ҚАЗақпарат, 2014. ISBN 978-601-03-0202-0 Т.6. - 380 б. ISBN 978-601-03-0258-7 Қазақ поэзиясының аса көрнекті өкілдерінің бірі эпик ақын Қалижан Бекхожин шығармаларының бұл томына ақынның өлеңмен өткен ғұмырының басталу, қалыптасу, толысу кезеңдері қаламдас аға-інілері, шығармашылық жайлы қызықты сыр шертеді.

УДК 821. 512. 122 ББК 84 (5 Қаз)-44 ISBN 978-601-03-0202-0 © «ҚАЗақпарат», 2014 ISBN 978-601-03-0258-7 Б 39

Бірінші бөлім ӨЛЕҢМЕН ӨТКЕН ӨРЛЕРІМ Менің туған қалам Кереку, яғни Павлодар атырабында, Баянауыл, Ертіс бойларында халқымызға аттары әйгілі тамаша өнер иелері, бірнеше ақындар, әншілер болды. Әріректен бастасақ, атақты Бұхар жырау, Жаяу Мұса, Мәшһүр Жүсіп, Сұлтанмахмұт, Иса, Естай, Майра сынды кемеңгер ақындар мен өнерпаздардың келелі сөздерін, әндерін мен бала кезімнен естіп өстім. Бұхар жыраудың дана толғауларын, жиырмасыншы жылдары шыққан журналдардан оқып танысқан едім, ал менің айналамдағы жасы үлкен туыстарым Бұхар жырау, Жаяу Мұса, Мәшһүр Жүсіп өлең-сөздерін бас қоса қалған жиындарда тағылым етіп айтып отыратын... Сол ізгі ақын Иса Байзақовты мен 1921 жылы біздің Тәттімбеттегі аулымызда көрген едім. Орынбордан ба, әлде қай жақтан келген Иса (өзі негізінде біздің Ертістің тумасы ғой) бір үлкен құдалық тойда, одан кейін Қазақстанның автономиясына бір жыл толуы мерекесінде тамаша өнер көрсетті. Иса домбырасын қаршығаның қанатындай жан-жағына құлаштай сермеп, өлеңін құйқылжыта әнмен шырқағанда, көз алдындағы құбылыстарға арнап, қапелімде мәнді, күлкілі өлең шығарғанда қалың жиын мәз болып, Ертіс тасығандай ду ете түскенде менің кенет бір керемет рух сілкінткендей дір ете қалғаным әлі есімде. Сол бір сәтте мен халықты осыншама тербеткен өлең өнерінің керемет қасиет екенін бала жүрегіммен біршама сезінген едім. .Иса ағамен кейін есейіп әдебиетке қадам басқан кезден бастап, сабаз ақын қайтыс болған шағына дейін

біріміз – аға, біріміз – іні жағдайында дос болып кеттік... Бала күнгі менің ұстаздарымның ең ықпалдысы өз әкем Нұрғожа болды. Шешен, білімді әке айтқан аңыз, әңгімелер, бұрынғы билер, жыраулар сөздері, тіпті діни қисса, ғибрат хикаяттар уыз бала менің ой-қиялымда берік ұялаған еді. Баянауылдағы балташының баласы Нұрғожаның жасынан білімге, өлеңге ынтасы болса керек, дәулетті ағайындар ескіше хатқа жүйрік Нұрғожаны сонау Троицк қаласындағы Зейнолла Ишанның медресесіне оқуға жіберіпті. Сол медреседен діни терең білім алған Нұрғожа кейін өзінің бір өлеңінде: «Ұстаздан оқыдым мен семинария», – деп мақтанады. Бұл кісі діндарлығынан гөрі ақындықты тәлім еткен еді. Нұрғожа сол сөз өнерімен бүкіл Арқаны аралап, сонау Жетісуға, Маман–Тұрысбек аулына дейін барғанын кейін жұртқа жыр ғып айтатын. Қазанда өз кітабын шығарған Мәшһүр Жүсіптей күрделі ақын болмаса да Нұрғожаның атақты Ақан серімен, сол Мәшһүр Жүсіптің өзімен, орақ тілді Исамен қақтығысуына қарағанда, кейбір топас болыстарды шенеуіне қарағанда, бұл кісіге өлең өнері дарығандығы шексіз. Кейіннен Сәкен Сейфуллин Ақан серінің өлеңдерін кітап етіп шығарды. Сол жинақта Ақан сері мен Сүйіндік Нұрғожаның айтысы келтірілген. Ақан серіні Нұрғожа сәлем беріп танысу үшін Көкшетауға әдейі іздеп барыпты. Бұрын есімі белгісіз, өзінен жиырма бес жасы кіші, әлдеқайдан пайда болған Нұрғожаны тәкаппар Ақан қабылдамады, сол маңдағы Ашықауыз дегенмен жолығып айтысып кел, – деп Нұрғожаның өтініш хатына Ақан сері кіді жауап қайырады. Сонда Нұрғожа Ақан серіге: Мен өзім тот баспаған асылдаймын, Ешкімге жалынып мен бас ұрмаймын. Ашықауыз молдамен айтыс депсің, Мен оған көктен түскен жасындаймын, –

деп батылдық сөздерді айтады да, айтысқа Ақанның өзін шақырады. Сірә, біздің әкейде бала шағымда байқағаным да бар, албырт ақынға тән мақтаншақтық та болса керек. Сондай көпірме сөзін аңдыған Ақан бір сәтте: Атығай, Қарауылдың тобын жардым, Түрленіп топта сайрап үлгі салдым. Қаңғып кеп Сүйіндікті көп мақтайсың Мен іздеп Сүйіндікке қашан бардым? – деп Нұрекеңді тұқыртып тастайды. Сөз қадірін білетін Нұрғожа, ақыры кемеңгер серіге жеңілдім деп ізет білдіреді. Кейініректе, менің бала шағымда, әкем жер-жерде жиналған топ алдында Ақанды айрықша дәріптеп, оның серілік өмірі жайында еліктіре айтқан қызықты әңгімелерін талай естіген едім. Әкемнің сол әңгімелері жадымда сақталып, бірінде мен Ақан сері жайында «Соңғы сайран» атты шағын дастан жаздым. Сірә, мен алты жасымда хат таныған шығармын. Мені әкем сол алты жасар кезімнен ескіше хат тануға баулыды да, жалдамалы молдасымақтарға діни оқуға берді. Ал менен үш жас үлкен (мен 1913 жылы дүниеге келіппін) Қайыржанды араб әліппесін үйреніп, хат білгеннен кейін, орыс мектебіне оқытты. Әкем Қайыржанды өзінің жанынан артық көріп: Нұрғожа бас жігіттің болған бірі, Тарқаған қалам алса көңіл кірі. Құдайға қазір алса ризамын, Артымда Қайыржаным қалса тірі, – деп өлең де арнады. Мен жас кезімде осы бір жылы сөзді Қайыржаннан іштей қызғанатын да едім. Баласына білім, өнер табуды мұрат еткен әке Қайыржанға былай деп өсиет етеді:

Кел балам, ғылым оқы, өнер серік, Хақ жолға ықтихатың болсын берік. Ізденіп, талпынып бақ көзім барда, Мақсұдың ден сау болса тапсын ерік. Әкенің бұл өсиетін Қайыржан ақтады. Оқып, білім алғанының арқасында кейін тарих ғылымының докторы, КазГУ-дың профессоры болды. Ал әкем мені дін оқуына қаршадайымнан шырмап қойды. Араб әліппесінің әріптерін атаудың өзі бір қиямет. «Бисін бе, биясін-би, Бә,-би-бо» деген бірдемелерді ежелеп бірнеше күн жаттап қақсайтынбыз. Алайда, сол бала шағымда араб әліппесін жете білгендігімнен қаншама таңғажайып қиссалар, аңыз-хикаялар, ертегі дастандарды оқып шықтым. Әкемнің қос әбдіресі дастандарға толы болатын. Және қаладағы татар дүкендерінде Бұхарада, Қазанда, Ташкентте басылып шыққан кітаптар көп сатылатын. Бала кезімде сол Қазан, Ташкент шаһарларында басылып шыққан қисса, дастандарды, батырлар жырларын түгел оқысам керек. Солардың ішінен бала кезімде оқығаным – татардың ұлы шайыры Ғабдолла Тоқайдың 1913 жылы шыққан «Көңіл тамшілері» атты өлеңдер жинағы. Әкем Абай, Сұлтанмахмұт, Мұрат өлеңдерін, Біржан-Сара айтысын, тегі сүйсіне оқыса керек. Мен 1924 жылға дейін жеке молдалардан дін оқуын оқыдым. Совет мектебіне 1924 жылдың сентябрь айында түссем керек. Ол жылы он екіде едім, дін оқуында бес жыл шырмалып жүргендіктің кесірінен қазақ совет мектебінің 3 класында оқуға әрең жарадым. 1929 жылы Павлодардағы орта мектептің алтыншы класын аяқтар шақта комсомол жолдамасы бойынша сонау Қостанай жаққа тартып отырдым. Әлі ақыл тоқтатпаған, өз қабілетіңді өзің білмеген албырт шақ қой, оқу іздеп келген жерім Қостанай қаласы емес, Федоров ауданындағы Өтеп оқу-тәжірибе совхозы болып шықты.

Ақыры, 16 жастағы мен трактор жүргізуді үш айда үйреніп шықтым. Есімде, сонау Шаңдақ совхозының егінді белестерінде күзде комбайнды тракторға тіркеп (ол кезде өзі жүретін комбайн жоқ) астық орған кездерім. Әсіресе, жауын-шашынды күндерде брезент шатыр ішінде отырып жігіттерге Сәбит Мұқановтың «Сұлушаш» поэмасын оқып бергенімде, сол дастанды өзім жазғандай мақтанып едім. Расында, бұл жылдары мен сол тұста басылып шыққан қазақ совет ақынжазушыларының кітаптарын түгелдей оқысам керек. Қыс айында сүзек ауруымен қатты науқастандым да, дәрігердің ұйғаруымен ол оқудан босанып, Керекуіме қайтып оралдым. Комсомолдың жолдамасы бойынша 1930 жылдың басында Ертіс бойындағы Ақсу ауылында мұғалім болып істедім. Өзімде жеті жылдық білім де жоқ, есепке тіпті шорқақ едім, ондай қиын пәнге жоламадым, әйтеуір тіл сабағын жүргізіп, білгенімді жас балаларға үйреттім. Мектеппен көктемде қоштастым да, қалама қайтып келдім. Әліме қарамай, аудандық тұтынушылар одағында нұсқаушы болып та істедім. Бұл 1932 жылдың көктемі еді. Аудандық «Колхоз» атты газетте 8 март – әйелдер күніне арналған тырнақалды өлеңім басылып шықты. Сол бір қуанышым үлкейген шақта алған наградтарымнан да, сыйлықтарымнан да аса артық, бақытты қуанышым еді. Содан кейін жүре-тұра өлеңмен айналыса бастадым. Бұдан бұрын да аздап өлең шығарғаным бар – «Бөрікті қызға», «Абақтыдағы нағашыма» деген секілділер. Кешікпей газеттің редакторы Әлімбек Жанғабылов (ол да жас еді, менен бір-ақ жас үлкен-ді) мені газет қызметіне шақырды. Әлімбек – сыпайы, шамасынша газет жұмысын білетін іскер жігіт. Мен бұрыннан білетін редакцияда кілең жастар қызмет атқардық. Редакторымыз Әлімбек 20-да, Аукенов пен Төлеутай Ақшолақовтың жастары 17-18-де ғана еді.

ІІ Алғаш менің қаламымды ұштаған Павлодардың газеті менің келешегіме кең жол ашты, аудандық газет беттерінде жарияланған төрт-бес өлеңімнің шарапатымен 1934 жылы май айында Алматыға, Қазақстан жазушыларының І съезіне Павлодардан делегат болып аттандым. Сьезд өтіп жатқан күндерде шығармаларын өзім бұрын ынтыға оқыған көптеген ақын-жазушыларды көріп, мерейім өсіп қалды. Солардың ішінен атақты майталман жазушылар Сәкенді, Мұхтарды, Сәбитті, Бейімбетті, Ілиясты көргенім, олардың съезде сөйлеген келелі сөздерін естігенім маған жаңа бір әлем есігі ашылғандай, менің жас қиялымды, өлеңшіл рухымды, ерекше серпілтті. Менің көкірегімде ұмытылмас, бақытты бір сәт – Сәкен Сейфуллинмен сәлемдесуім. Съезде, үзіліс арасында ардақты Сәкен аға съезд өтіп жатқан театрдың алдында бір топ жастарды жайдарман сөзімен мәз етіп, кең маңдайы жарқырап сөйлеп тұр екен. Семей облысының жас талаптарын съезге бастап келген, сол бір тұста есімі белгілі бола бастаған әдебиетші Рахим Уалиахметов мені Сәкен ағайға таныстырып: «Өзіңізге белгілі, Ақан серімен айтысқан Сүйіндік Нұрғожаның баласы Қалижан деген жігіт», – деді. Мен өте абыржыған күйде Сәкенге ізетпен қолымды ұсындым. Нұрлы көзін ілтипатпен маған аударған кемеңгер аға сәлемімді алғаннан кейін: «әкең қайтыс болды ғой, қалған қолжазба, өлеңдері бар ма?» – деп сұрады. Мен әкеңнің жазғандары қалды ма деп сұрағанына қуанып кеттім де: «Бар, алып келдім, ертең съезге алып келейін», – деп жедел жауап бердім. Сәкен ағай маған үңіле қарады да: .– Өзіңнің әкеңе тартқан бірдемең бар ма? Әкең атақты Ақан серімен айтысқан ақын ғой, – деп менен жауап күтті. Ардагер ақынның бұл шұғыл, сындар сұрағынан

менің қысылғанымнан тұла бойым шымырлап, құлақ шекеме дейін қызарып кеттім. – Аздап өлең жазамын, – дедім күмілжіп. – Қысылма, жігітім, өлеңді батыл жаз. КазПИ-ге түс, күзде кел, өзім көмектесем, ал Нұрғожаның барша жазбаларын, ескі кітаптар болса бәрін де ертең алып келерсің, – деп маған ақыл-кеңесін айтты абзал аға. Мен шексіз қуанып кеттім. Мәжіліс залында отырғанда Семейден бірге келген жас ақындардың қасында Сәкенмен тілдескен мен, кейін өз мәртебемді биік санап, күжірейгенім әлі есімде. Ертеңіне әкемнің көптеген қолжазбаларын және бірнеше сирек кездесетін ескі кітаптарды, солардың ішінде Әбілхазы Баһадүр ханның түрік шежіресі, «Қазақ тарихы», «Мұрат ақынның Ғұмар қазыға айтқаны» сияқтылары бар, алып келдім, Ұстаз аға Сәкеннен бір ауыз сөз болса да сөз естіп қайтқан мен Павлодарға қайтып келісімен, өлең жазуға құмарта түстім. Сондағы жазған бір өлеңімнен Сәкенге еліктегенім сезіліп тұр: Бүгін майда, Жұмысшы тап, Ұрандасып, Болып сап-сап, Капиталмен егесед, – Осылай кедір-бұдыр сөздермен шұбырта беріппін. Мейлі, өлеңім кедір-бұдыр болса да атақты Сәкенге еліктегеніме әлі күнге дейін ризамын. Расында менің өлең өнерінде шындап берілген шағым, ақындық санатқа қосылар баспалдағым КазПИ-ден басталады. Бұл қазақтың тұңғыш білім ордасында ол кезде республикаға аты әйгілі білікті ақын-жазушылар, ірі оқымыстылар ұстаздық еткен еді. Солардың қатарынан маған өз білімдерімен айрықша әсер еткендер Сәкен Сейфуллин, Мұхтар Әуезов,

Сәбит Мұқанов, Құдайберген Жұбанов, Молдағали Жолдыбаев, Сәрсен Аманжолов, М.С. Сильченко. Бұлар менің ой-санамның, білімімнің жетілуіне зор ықпал жасады. КазПИ-де оқып жүрген кезеңде, өлеңді ара-тұра жаза жүріп, білімімді молықтыруға ден қойдым. КазПИ-де оқыған жылдарымда орыс, батыс, шығыс классиктерінің белгілі, күрделі шығармаларын түгелдей дерлік оқыған шығармын. Пушкин, Лермонтов туындыларын жаттай оқып, сол жылдары олардың кейбір өлеңдерін аудара бастадым. Ағылшынның атақты ақыны Байронның «Чайльд Гарольд» поэмасының бірнеше тарауларын аударып, қазақ әдебиетінің 8-класына арналған хрестоматияда 1937 жылы жарияладым. Сьезд тұсында Сәбеңнің дидарын көріп сәлемдескенім бар. Жылы жүзді аға Сәбит Мұқанов өлеңге бейім, оқуда сабақтас өзге студенттерден білімі озық, мені өз бауырына тез бейімдеді. Сәбең бізге ХХ ғасырдың басындағы қазақ әдебиеті туралы лекция оқыды. КазПИ-де мен қазақтың бұрынғы-соңғы әдебиетін, оның тарихын оқып, біліп келіп түскен едім. Сондай қабілетімді аңғарған Сәбит аға 1937 жылы мені өзі дайындап жүрген хрестоматияға соавтор етіп қосты. Студенттер арасында бұл мен үшін зор мәртебе еді. Сол шақтан, өзінің қайтыс болар кезіне дейін ұстазым ретінде Сәбең, менің біліммен, өлеңмен өсіп өрлеуіме ұмытылмастай ағалық, достық қамқорлығын жасап келді. 1980 жылы июль айында Сәбит Мұқановтың туғанына 80 жыл толған мерекесі тұсында мен Сәбең туралы «Жұлдыз» журналының бесінші санында естелік жазып жарияладым. Сол естелікте Сәбең туралы сыр шерткенмін. Әйтсе де орайы келген соң тағы да айта кетейін. Менің көлемді де күрделі шығармаларымның көбі-ақ Сәбеңнің елегінен өтті. Ол кісі шығармаларымдағы кемшіліктер мен міндерді маған батыл айтатын да, ал сәтті шыққан

туындыларыма ұстаздық, ағалық шын пейілмен қуанатын. Менің «Мариям Жагорқызы» – (1950 жылы жазылған) поэмамның жарыққа шығуына кедергі жасаған «достар» аз болған жоқ. Сонда поэмамды қорғап ара түскен, сол шығарманы әділ бағалаған Сәбит Мұқанов болды. Тайталас жиында менің поэмамды бақастықпен даттаушыларға тойтарыс беріп: «Бұл поэма – қазіргі қазақ поэзиясының да, Қалижанның өзінен де үлкен табысы. Бұл шығармадан Қалижанның қаламы төселген мәдениетті ақын болғанын жақсы аңғарамыз», – деген ізгі бағасы менің жас қанатымды өрге қарай сермелте түсті. Баршамызды өнерге, сөзге баулыған ардақты Мұхтар ағайдан да көп тағылым алған едім. Бұл кісінің КазПИде оқыған лекциялары бір академия тәрізді болды маған. Ынтамды аңғарып, оқуымды зер сала қадағалап отыратын Мұқаң КазПИ-ді бітірерде маған «Қобыланды батыр» эпосы туралы дипломдық жұмыс тапсырды. Сол бір жасаңдау кезде «Қобыланды» туралы жазғанымды ерекше бағалап, жұрт көзінше мақтағанда менің шексіз қуанышқа бөленгенім әлі есімде. 1938 жылы май айында Жазушылар одағына мүшелікке өтуіме ұсыныс пікір айтқан да менің осы екі ұстазым – Мұхтар Әуезов пен Сәбит Мұқанов еді. Соғыстың ақыры кезінде батысқа қарай сапар шеккен мен Москвада Мұқаңнан сәт сапар алып аттандым. Сол тараптан Мұқаңа жазған хатым оның музейінде сақтаулы. Менімен сонша сұқбаттасуды ұнататынын байқаған да едім. Ең бір ұстаздық пейілі – менің жазғандарыма сырттай көз қырын салып жүретін. Елуінші жылдардың ортасында «Мәлікке хат» деген мақаласында әділетсіз сынға ұшыраған «Мариям Жагорқызы» атты дастанымды: «Соңғы кездегі жақсы шығармалардың бірі» деп бағалады. Дана адамның сондай ілтипатына ұмытпастай разы болған мен, абзал аға дүние салғанда шын күйзеле өлеңмен күңіренген

едім. Менің, әсіресе, дастан жазу машығыма, поэзиялық тәсіліме мейлінше әсерін тигізген, қазірге дейін теңдесі жоқ ардагер ақын Ілияс Жансүгіров болды. Біз секілді жас талаптар сонау студент шағымызда Ілияс поэзиясын құмарта оқушы едік. Ілияс жазған «Күй», «Күйші» атты сұлу, ғажап дастандар бізге поэзияның асыл гауһары болып көрінді. Біз Ілияс ағайдың қыр мұрынды, өр тұлғасын көргенде, жиындарда сөйлеген парасатты, мысқылға толы сөздерін естігенде серпіліп, мәз болып қалушы едік. Газет, журнал беттеріне өлеңдерім мен мақалаларым жариялана бастағаннан кейін, баспасөз бен Жазушылар одағына қызмет істейтін бірқатар ақын-жазушылармен үйір басып кеттім. Тайыр, Ғали сынды үлкендері аға ретінде құрметті болса, өзім тұстас Жұмағали, Дихан, Қасым, Әлжаппар, Ғабдол, Әли, Қапан секілді ақынжазушылар менің сырлас достарым болды. Бізден гөрі ойы ересектеу сыншы Есмағамбеттің үйіне көбірек жиналып, жалпы әдебиет мәселелері жайында, өз жазғандарымыз жайында пікір алысып, өзара таласып та қалушы едік. Аға ақын, ақ жарқын Тайыр менің ең сүйікті жанашыр досым еді. Қадірлі, аяулы Тәкең менің өлең-жырларымның шын қамқоры болды. Жұмағали Саин 1937-40 жылдары «Лениншіл жас» газетінде әдебиет бөлімін басқарды. Менің алғашқы жарияланған өлеңдерім Жұмағалидың қолынан өткен еді. Мінезді, турашыл Жұмағалиды біз жақсы көретінбіз. Біз бір-бірімізге сүйкімді, ерке де едік. Әсіресе, сол еркелік Қасымда басым болатын. Қасым Аманжолов екеуміздің достасып, сырлас болып кеткеніміз сонша, не бір күнді, не бір түнді жеке өткізсек, ғашық жандардай бір-бірімізді сағына іздер едік. Жаңа жазған өлеңдеріміз болса, алдымен екеуміз ғана екшеп қараушы едік. Жандары ақжарқын, мінездері қилы да албырт, қиялдары ұшқыр сол бір жас достарыммен

өткен күндер мен жылдардың жыр боларлық талайталай сырлары бар. Солар жайлы тебірене бір естелік жазу – менің зор парызым. 1938 жылы июнь айында КазПИ-ді бітіріп шықтым. Оқуымды бітірмей-ақ Қазақстан Орталық Комсомол Комитеті мені Комсомол баспасына аға редактор етіп тағайындады. Бірақ қызмет істегеннен кейін мен бұл баспада бас редактордың да, директордың да міндетін атқардым. 1939 жылы біраз уақыт Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының жауапты секретары болып та қызмет істедім. Бір ғажабы – сол жылы Жазушылар одағының басшылығына ылғи жастар барып қалыппыз. Президиумның председателі – Дихан Әбілев, жауапты секретарь – мен, жастар шығармаларына жетекші Қапан Сатыбалдин, литфондының директоры Қасым Аманжолов болды. Ішіміздегі партия мүшесі, бізден бұрын ертерек байсалды болып қалған жалғыз Дихан еді. Сол шақта мен ұсақ өлеңдерден гөрі дастан жазуға бейім едім. 1938-39 жылдары «Балтабай», «Кек», «Орман қызы», «Ақсақ құлан» атты дастан жаздым. Төртеуі де жарияланды. «Орман қызы» Қазақстан Орталық Комсомол Комитеті жариялаған бәйгеде жүлде алды. Мен, сірә, жасымда қисса, дастандарды көп оқығандығымнан болар, сюжетті және тарихи поэмалар жазуға машықтандым. Мен жазған поэмалардың мазмұндары тарихта және өмірде болған оқиғаларға негізделеді. Ең тұңғыш жазған поэмам «Кек» болса, оның негізгі геройы Балтабай Баратбаев – Павлодардағы азамат соғысының ері, поэмадағы уақиғаны бастан кешкен қаһарман. Одан кейін жазылған «Ақсақ құлан» – аты шулы Шыңғысхан ұрпақтарының даламызды астан-кестең еткен алапатынан туған уақиға «Ақсақ құлан» атты күй аңызға негізделді. «Орман қызы» қазақ әдебиеті мен өнерінің 1936 жылы Москвада

өткен онкүндігінің әсем салтанатына кейін үн қосқан шығармам болды. Ұлғайған шақта шығарған «Мәриям Жагорқызы», «Дала комиссары» (Әліби Жанкелдин), «Сұңқар туралы аңыз» (Сәкен Сейфуллин), «Соңғы сайран» (Ақан сері), «Кремль сақшысы» (Әли Сәрсенбин), «Ертіс хикаясы», «Әппақ-Нама» (Низами) баршасының басты кейіпкерлері тарихта, өмірде болған адамдар. Бір кезде ғалым боламын деп те әуестенгенім бар. 1940-42 жылдары тіл-әдебиет ғылыми-зерттеу институтында қызмет атқардым. Осында жүріп өткендегі батырлар жырларын, жыраулар мен толғауларын құмарта оқыппын. Және де бұл тұста патриотизмді көтере түсу мақсатымен өткендегі батырлар мен әлеуметтік қайраткерлерді дәріптеу кең өріс алған еді. Сол әуенге беріліп мен 1940 жылы аты шулы Кенесары, Наурызбайды мадақтайтын «Батыр Науан» атты поэма жазып едім. Бұл дастанның қателігі жайында ол кезде ешбір сын айтылмаса да, кейін 1950 жылдары бұл поэмадан көресімді көрдім. Сол поэманың терістігін айтып өзіме қадалған қатал сындар маған ұмытылмас сабақ болды. 1942 жылы партия қатарына ендім. Мені партия орындары бұл жылы Алматы облысының Жамбыл ауданына көктемгі егіс жайындағы командировкаға жұмсады. Әйгілі Жамбыл жыраудың үйінен атақты революционер Әліби Жанкелдинді кездестірдім. Бұдан бұрын соғыс басталған кезде азамат соғысының айбынды комиссарымен бір әңгімелесіп, радиоға репортаж ұйымдастырғаным бар. Жамбыл қарттың сарайында кішіпейіл Әлекең мені жылы жүзбен қабылдады. Әліби мен Жамбылдың кеңестері өзінше бір хикая. Әлекең мені қасына ертіп, ел аралады. Кезкелген адамдарға өзінің өткендегі ерлік өмірінен әңгіме айтуды артық көретін Әлекең, бірге жүріп үйреніскен соң маған өткен шақтарынан көп сырлар шерткен еді.

1960 жылы жазған «Дала комиссары» атты дастаныма революция ерінің өз аузынан естіген бірқатар хикаялар негіз болды. Ұлы Отан соғысының әскери қызметін 1932 жылдың жазынан 1946 жылдың февраліне дейін атқардым. Артиллерия мектебінде – курсант, саяси состав курсында – тыңдаушы. Ташкенттегі әскери газетте – журналист, бөлімдерде саяси қызметкер болып түрліше міндет орындадым. Сол сапарда жүргенімде 1945 жылы Польша жерінде ақын Сағынғали Сейітовты және Жұбан Молдағалиевты кездестірдім. Сағынғалимен бұрыннан сырлас болатынмын. Ал Жұбан өлеңді жаңа жаза бастаған жас ақын еді, онымен тез достасып кеттім. 1944 жылы «Шеру» атты өлеңдер жинағым шықты. Соғыстан оралысымен әуелі Тіл-әдебиет институтында, кейін Жазушылар одағында біраз уақыт қызмет істедім. 1949 жылдан бастап осы уақытқа дейін бірыңғай творчестволық жұмысқа беріліп келемін. Соғыстан кейінгі дәуірде өз қадарымша қаламымды белсендірек етуге талаптандым. 1948 жылы «Көктем» атты өлеңдер жинағым шықты. Сол тұстары бір қуанышым – совет әдебиетіне ақылман болған Александр Фадеев бір пленумда жасаған баяндамасында менің «Сырдария көкпары», «Келтемасат» деген баллада пішіндес екі шығармамды жаңа тақырыпқа жазылған тәуір туындылар қатарында бағалап атап кетті. Сөйтіп бұл хабарды «Правда» газетінен оқығаннан кейін Москваға тартып отырып, тура Фадеевтің өзіне жеттім. Жылы жүзбен қабылдап, менімен жақсы сөйлескен Фадеев менің жаңа өлеңдерімді орыс тілінде шығартуға ұсынды. 1949 жылғы қазақ совет әдебиетінің онкүндігі тұсында Москвада «Под звездами Москвы» атты орыс тілінде тұңғыш жинағым шықты. 1949-50 жылдары «Мариям Жагорқызы» атты поэма жаздым. Менің бақытыма қарай, сол жылы Мариям Жагорқызы Алматыға, композиторлар съезіне келді.

Атақты «Дудар-ай» әнінің авторын үйіме қонаққа шақырдым. Жасында еркін, сері өскен, қазақ жігіті Дүйсенге ғашық болған орыс қызы Мариям сол бір хикаялы шақтарынан маған қызық сырлар шертті. Сөйтіп, 1950 жылы «Мариям Жагорқызы» атты дастаным жарық көрді. Кейін түзетіліп қайтадан басылып шықты. Бұл поэма 1956 жылы Н.Сидоренко аудармасы арқылы Москвада орыс тілінде жеке кітап болып жарияланды. Алпысыншы жылдарда саяси әлеуметтік әуенге, күнделікті дүркінге үн қосқан көптеген өлеңдермен қоса біраз поэмалар да жаздым. Бұлар: «Дала комиссары», «Ақан Ақтаев» (кейін «Тұрлаулы тағдырлар» болып түзетіліп қайта басылып шықты), «Менің мекендестерім» және «Сұңқар туралы аңыз», 1956 жылы «Таңдамалы шығармаларым» қазақ тілінде, 1959 жылы Москвада орыс тілінде кітап болып шықты. Түйіндеп айтсам, аударма – менің творчествомның күрделі бір саласы. Мен көп дүниелерді аудардым. Жігіт кезімде Пушкин, Лермонтов, Байрон, Некрасов, Маяковскийлерді қызыға аударсам, содан кейін қалмақ эпосы «Жоңғардан», қырғыз эпосы «Манастан» бірнеше тараулар, туысқан халық поэзиясынан Науаи, Назым Хикмет, Якуб Колас, Самед Вургун, Микола Бажан өлеңдерін, қытай, араб, Куба, Африка, Индия ақындарының бірқатар жырларын, Европа классиктері Байрон, Гете, Гюго шығармаларын әр кезде қазақ тіліне аударып шығарған едім. Кейінгі жылдары белорус ақыны Максим Танктың өлеңдерін, азербайжан ақыны Расул Рзаның «Ленин» атты поэмасын жеке кітап етіп аударып шығардым. Аударма саласындағы менің бағалы еңбегім – азербайжанның ұлы ақыны Низамидің «Жеті ару» атты көлемді дастанын қазақ тіліне аударып шығуым. Мұндай асыл қазыналарды халқымызға ана тілінде таныстыру бір ғанибет болса, солардың әсем сырлы поэзиясынан алған әсерім өз творчествома зор

өнеге, ғибрат болды. Москвада өткен съездерде (1936 жылғы бірінші съезден кейінгілеріне), қазақ әдебиетінің онкүндіктеріне белсене қатысып келдім. Бұл жиындарда орыстың белгілі ақындарымен танысып, кейін дос болып кеттім. Сол достарымнан – Павел Шубинді, Ярослав Смеляковты, Илья Сельвинскийді, Михаил Луконинді, Николай Сидоренконы әрқашан ізгі мейіріммен еске аламын. Қазір тірі, Москваның жақсы ақындары Владимир Соколов пен Владимир Цыбинді айрықша дос тұтамын. Есімі аталған а қындардың бәрі де менің шығармаларымның орыс тілінде аударылуына, кітап болып шығуына пайдалы көмектерін көрсетті, өздері де менің жырларымды сүйсіне аударды. Москваның Гослитиздат пен «Советский писатель» баспаларында бірнеше кітаптарым жарық көрді. Солардың қатарынан «Мария дочь Егора» поэмасын (1951), «Избранные стихи и поэмы» (Гослитиздат, 1959) деген орысша таңдамалымды, «Сказание о славных» поэмалар жинағымды (Сов.писатель, 1969), 1980 жылы Гослитиздаттан шыққан «Избранное» атты өлеңпоэмалар топтасқан кітабымды өзіме ақындық мәртебе тұтып, зор сүйініш етемін. Қазақтың «Жазушы» баспасынан да 3-4 кітабым орыс тілінде басылып шықты. Ертеректе менің «Мариям Жагорқызы» атты поэмам қырғыз тілінде аударылып, кітап болып шықты. «Әппақ-Нама» атты дастаным азербайжан, сондайақ бірнеше шығармаларым өзбек, тәжік, түркімен, қарақалпақ, башқұрт тілдеріне аударылды. Мен тек тарихи тақырыптарға ғана ден қойған «көнегер» ақын емеспін. Менің көптеген өлең кітаптарымда (шамасы орысша, қазақшасын қосқанда 50 шақты кітап болар) өзім тірлік еткен дәуірімнің жарқын сипаттары, дархан тыныстары, менің замандастарымның еркін еңбектегі ерліктері, Отан

соғысы майдандарындағы қаһармандық күрес ері, Жезқазған кеншілері, Маңғыстау мұнайшылары, Тарбағатай тың өрендері, Зайсан шопандары, қазіргі жастардың махаббат, наз үндері – шын шабытпен жырланса керек. Кейініректе жазылған «Тұрлаулы тағдыр» (жас инженердің тағдыры мен өнегелі ісі жайында), «Менің мекендестерім» (тың көтерген жастар жайында), «Шардара» (жапан түзде теңіз орнатқан ерлер жайында), қазіргі шақтың тамаша, өр адамдары туралы сүйсіне жырлаған дастандарым... Жиырмаға тарта жазған поэмаларымның қатарынан – «Ақсақ құлан», «Мариям Жагорқызы», «Сұңқар туралы аңыз», «Соңғы сайран» атты дастандарымды менің ақындық өнерімнің мәуелі бәйтеректері деп мақтаныш етсем, сол дәрежеде кейін жазылған «ӘппақНама» атты поэмамды поэзия орманындағы ерекше өсірілген әсем шынарға ұқсатамын. Өзімнің лирикалық шығармаларымды, үлкендікішілі дастандарымды жазу бағытындағы ұзақ сапарымда дәйім ізденіспен келген ақынмын. Поэзиядағы басты қасиет – метафора, әсірелеу, бейнелеу, эпитет, ұйқас сынды ерекше сипаттарды жырларымда өрнектеуге өз өнерімді барынша жұмсап баққан жыршымын. Мен өз дастандарымда оқырман қауым сүйсінерліктей әсем сөз өрнектерін келістіре жасадым, деп сүйініш етемін. Поэзияға қарадүрсіндіктен, білгішсінуден, сөзуарлықтан, ақындық машығым шираған шақтан бері қаламымды қашық ұстап келемін. Бұрын жазылған кейбір дастандарымның көркемдік сапасын әсемдей түсу үшін, сол шығармаларымды шеберлік талабымен кейін қайта қарап өңдеуім де осы мақсатқа байланысты. Менің белгілі дастан, жырларымның поэзиялық қасиетін әр тұста тиісінше жоғары бағалаған Мұхаметжан Қаратаев, Серік Қирабаев, Мырзабек Дүйсенов, Әбділхамит Нарымбетов сынды білгір, ғалым сыншыларға шын пейілмен

разымын. Мен, поэзияның сын мәселесіне белсене араласып келдім. Өзімнің тұстарым мен інілерімнің шығармалары жайында мақтап та, сынап та бірнеше мақалалар жаздым. Сол мақалаларым 1969 жылы «Дәстүр мен жаңашылдық» атты кітап болып басылып шықты. .Өлең кітаптарым соғыстан кейінгі дәуірде үздіксіз шығып келеді. Жеке өлең жинақтарыма қосыла әр кезде «Таңдамалы», «Үш кезең», «Жеті дастан», «Мамырстан», екі томдық «Алты асқар», «Ардагерлер туралы аңыздар», «Бақыстан-Байтағым» сынды поэмалардан құралған көлемді кітаптарым жарық көрді. Ең кейінгі жазған «Қорқытпен тілдесу» – бұл өзі аңызға айналған Қорқыт-күйші туралы драмалық дастанның прологы іспетті. Драма саласында да тәжірибе жасап жүрмін. Астаналық театрларда «Егер жүрек шын берілсе», «Ұлан асу» пьесаларым көрініс тапты. Кейбір облыстық театрларда «Нөсерден кейін», «Гималай сарыны», «Ұлан асу» пьесаларым көрініс тапты. Жуықта «Әзірейілдің әлегі» атты пьеса жазып бітірдім. Аталған пьесаларымның арасынан «Ұлан асу» атты пьесамды айрықша атамақпын. Бұл – халқымыздың жоңғар қалмақтарына қарсы жасалған тарихи күресіне арналған шығарма. Менің ақындық өнерімді, халқымның аз да болса кәдесіне жараған жырларымды партия мен үкіметіміздің тиісінше бағалағанына өзімді өте бақыттымын деп санаймын. Мен екі мәртебе Еңбек Қызыл Ту орденімен, Халықтар Достығы орденімен және Қазақ ССР Жоғарғы Советі Құрмет грамотасымен және бірнеше медальдармен наградталдым. 1978 жылы жарық көрген «Менің замандастарым» атты өлеңдер жинағым үшін Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты болдым. Бұл құрметтің салмағын ойлағанда, талғамы биік оқырман халқымның кәдесіне сай жаңа туындылар

жасау, заман сырларын құлшына жырлай беру үзілмес парызым деп тебіренемін. АҚБОЗ АТТЫ АҚЫН І .Бала кезіңдегі көріп білген жаңалықтың бәрі де сүйкімді ғой... Сондай сансыз көріністердің ішінде көкейіңнен мәңгі кетпестей жарқын елес сақтаған бір ғажайыптар болады. Сонау бір ұлан шағымда көрген сұлу Тәттімбет пен Бұйрат, сол жазықта асыр салған ақбоз атты ақын бар қалпында әлі есімде. .Кейінгі ұзына өмір сапарында талай таң-тамаша әлемдерін көріп таңырқаған шығармын. Солардың күллісі де менің сәби қиялымдағы Тәттімбеттей әсем көрінген емес. Осынау сахарадағы толқындай жайқалған көк майсалы Тәттімбетті көргенімде, Керекуден бір шақырым жердегі біздің кең жатақ пышыраған ат қора тәрізді елестеді. Сол бір ұсқынсыз көң-қоқыр жатақта құс дегенде – қарға мен сауысқан, аң дегенде – кірпі мен көк тышқаннан басқа ештеңе аңдамасам керек. Ал мұнда ауыл ұландарымен асыр салып биік қыратқа шыққанымда еңістегі алқаланып тізілген шаңқан да қоңыр киіз үйлер айдын көлде сыңсыған үйір-үйір ақ шағала мен қоңыр қаздай көрінген. Қазір де көзіме елес қағады, – бұл атыраптың бір белесі үкілі ақ селеулі, қалың көделі боз бұйрат. Еңісінде қырмызы гүлдер, қызғалдақтар желеңдеген бақтарлы ойпат... Алысырақта көздің аясындай жайнаған қос көл – Ұзын қамыс пен Кіші қамыс көлі. Біздің шағын және дөңгелек дәулетті Тұлпар ауылы еңісте де, бұйраттағы шаңқан үйлер Жүсіп қажының әулеті. Маған ертегінің гүл жазирасы сынды көрінген осынау өңірге ауылымыз қоныстанғалы айдай мезгіл

өтсе керек. Бір топ бала ауыл алдындағы тақырда қымыздық жұлып, томаршадан қарға жұмыртқасын теріп жүрген едік, жаңылмасам мамырдың аяқ кезі күн шағыл, бесін ауған шақ. Ауыл малы өрісте. Айнала жым-жырт. Кереку жақтағы заңғар дөңнен Жүсіп қажының ауылына қарай пәуеске жегілген қос шұбар зу ете түсті. Сезе қойдық, бұл – Жүсіп қажының Рамазаны, жұма сайын Керекуден осылай пар шұбармен заулата келетін, қаладан әнші, биші (қазағы, орысы, ноғайы бар) өнерпаздарды аулына ертіп келетін. .Рамазан ауылына жастар, әсіресе, мен секілді жас балалар үйір де, Рамазаның алты қанат үйінің алдында кешке жақын мөңіреген бұзау, маңыраған қозыларға жарыса үн қатып, ұзын қаз мойынды бір тылсым сайрап тұратын, бұл сиқырдың музыка аспабы граммафон екенін мен кейін білдім. Ал менің ересек нағашым Мұқыш «бұл күйменің ішінде бір сары қыз бар, сол ән шырқап тұр», – деп түсіндіретін мендей ауыл дүмшелеріне. Рамазан сән-салтанат құрса да оншама дәулетті кісі болмаса керек... Нағашысы Жүсіп қажы ұрпақсыз болғандықтан Рамазанды кішкентайынан бауырына басып, өлерінде бар дүние-мүлкін жиеніне мұрагер етіпті. Жастайынан жетерліктей мал-мүлікке қожа болған Рамазан, сауық-сайранға әуес екен. Осыдан аз күн бұрын Рамазан үйінің сыртында тұрып, гармоньға қосылған татар әйелінің құйқылжыған назды әнін тыңдағаным да бар. Қос шұбарлы пәуеске Рамазан үйінің тұсына тоқтағанына сәл ғана уақыт өтсе де, Тәттімбетке тың хабар дүңк ете қалды. – Иса ақын келіпті! .Айғай жетер жердегі біздің ауылды да бұл жаңалық жылдам аралап өтті. Біз, бір топ бала тақырдан тура Рамазан ауылына шуылдаса тартып бердік. Иса ақын! Есімі Ертіс бойына ерте тараған бұл ақын

жайлы әңгіме есітуге бала шағымнан-ақ ынта едім. Біздің жатақ тұрғындарының үлкендері аты жаңа шыққан Исаны атақты Құдайберген ақынның шәкірті екен, өлеңнің нәшін тап Құдайбергенше құйқылжытады екен деп сырттай дәріптейтін. Құдайберген болса атағы Баян мен Ертіс атырабы түгел сонау Сібірдегі ағайындарға да әйгілі еді. Баласы Әлсейіттің Құдайберген, Жасынан өлең сөзге құлай берген. Қыссасын мың бір кештің айтып жатқа, Айтқаны тыңдағанда ұнай берген. Дүние шіркін, Өтеді бір күн Сағаты бір мың ділдә Ойын-күлкің. Жиын-тойда, шілдеханаларда алдымен шырқалар Құдайберген ақынның осы өлеңі екені кішкентайымнан менің жадымда. Исаның Құдайбергеннен тәлім алғанын мен есейген соң анықтадым. Біздің жатақ жастары Құдайбергенше, одан кейін Исаша ән саламыз деп жиындарда домбырамен түрліше қимыл-құбылыстар жасайтын. Нағашы жағынан маған жақын, менен ересек Айтан Исаша өлең айтамын деп домбыраны біресе желкесіне, біресе бел сыртына апарып, жамбастай сырғып, өзін қоршай отырған жасөспірімдерді аяғымен айнала түйгіштеп: Қарашы домбыраның еркесіне, Исаның шығып кетті желкесіне... Өлеңді жатып та айтам, жүріп те айтам, Мойнымды бір жағыма бұрып та айтам, – деп құбыла оқыс қимылдар жасайтын еді.

Ұлан жасымнан мені осылай ынтықтырған Иса ақын міне, ауылымызға келіпті. Тіпті қазір алдымда тұр. Біздер, балалар жүгірісе келсек, ақбоз үйдің сыртында қара костюмді (сірә, галстугі де бар шығар) әсерлі, қара торы, өткір көзді ағай айналаға таңырқай қарап жүр екен. Есімде жоқ кім айтқаны белгісіз, әйтеуір Иса ақын осы кісі екенін сезген сияқтымын. Әлде бірдемелерді айтып, бізді күлдіргені есімде. Әсіресе, сол сәтте төрт бала түйеге мінгесіп келіп қап еді, ақын бір қызықты тапқандай қунақтап кетті білем, өлеңдетіп жіберді. Есімде қалғаны: Түйені көрмеп едім алты өркешті... деген жол ғана. Расында да түйенің қос өркеш алдыартынан төрт баланы қосқанда алты өркешті түйе секілді екен. Біз мәз күлістік. Өзі де қосыла күлген секілді. Кейін білдім, атағы жайылған ақынның өзі де сол жылы жиырма бір жас шамасында ғана екенау. Жаңылмасам, 1921-22 жылдар болса керек. Тегі Исаның Орынбордан дәріс тыңдап қайтқан жылдары шығар... Кешке мал сауымы біткеннен кейін Рамазан үйіне Тәттімбет пен Бұйраттың игі жақсылары жиналды. Алты қанатты ақ орда десе де, аумағы қазіргі ауылқыстақ клубының сахнасындай ғана киіз үйге қанша қауым сыйсын. Үйдің іргесін түріп тастап, жас біткендер, жарлы-жақыбайлар сыртта ығы-жығы қаттасқан секілді. Жасының үлкендігін, беделін жоғары тұтып әкем Нұрғожа қақ төрге орналасты да, мен әкемнің артында тасада отырдым (онда сегізтоғыздағы баламын ғой). Бірақ бәрін де көріп отырмын. Әкеммен тізелес бір қасқа бас отыр, оның ар жағында Иса ақын отыр. Бүйірде, аумақты сырлы ағаш тегененің қасында кішкене көздерін қыса күліп, жылтыр бетті Рамазан отыр.

Жанжал неден басталғанын білмей қалдым, әкем мен Иса ұшырасқанда-ақ қағыта сөйлесті. Сірә, ауылдағы әккі қулар өз атырабына шешендікпен аты шыққан Нұрғожаны албырт Исамен шатастырып қызықтағысы да келген болар. Әп-сәтте Иса мен Нұрғожа күжілдесе түрекелді. Осыған орай әкем болса да, Нұрғожа хақында бірер сөз айта кетуді мақұл көремін. Домбыра тартып ән шырқамаса да, Нұрғожа жазып өлең шығаруға жасынан машықты кісі еді. Енді жасы елуден асқан шағында жалыны аспанға лапылдап тұрған дауылпаз Исаға душар болуын қарашы! Өзім лебізіне ынтық болып отырған атақты ақынға тиіскен әкеме өкпелеп те қала жаздадым, бірақ неге екені белгісіз, аяп та кеттім. Бағыма қарай лап еткен жанжал су сепкендей тез сөнді. Ортадағы қасқа ағай беделімен керісті басып, әкемнің үлкендігін, Исаның кішілігін желеу етіп екеуін келістіріп тез тындырды. Әкем аңыз еткен ән мен жырдың дарқан серісі, ақын бейнесі менің бала қиялымда ерекше сипатпен елестейтін еді, ал мына ақын сол елесімді жайнатып жібергендей болды. Біздің жатақтағы Исаша өлең айтушылар әншейін сайқымазақ, еліктеп, солықтап жүргендер екен. Ақын домбырасын желдірте жөнелді білем, жұрт жым-жырт, әні де, сөзі де өзінікі болса керек. Өйткені қымыз сапырып отырған жылтыр бет Рамазанды да бір қағытып өткен секілді, кейін өзі туралы айтып бір серпіліп қалды білем. Артынша заман жайында толғанып, екіленіп, ексімдеп шырқады. Байқасам маңдайындағы күре тамырлары білеуленіп, ішінде бір желқобыз дүбірлегендей кеңірдегі бүлкілдеп тұр екен. Айтқандай-ақ, домбырасы диірменнің қанатындай тұла бойында шыр айналып, без-без еткендей болды. Оқта-текте уыз қымызды бір сіміріп қойып ақты ғой, сабазың. Нағыз ақынды тұңғыш көрген сол бір сәтті шағым – жырдан алғашқы көрген жыл құсым секілді

еді... Ертеңіне ме, әлде екі-үш күннен кейін бе Жүсіп қажының Рамазаны ауыл-аймаққа жар салып, құдалыққа аттанды. Көктөбе деген жерде Баянның Жомарты деген бір мықтының есімін естуші едім, соның қызын Рамазанның жекжатына атастырған екен, енді Бұйрат пен Тәттімбет төңірегі қалың топ болып қалыңдықты алып қайтқалы қаптап келеді. Көбі салт аттылар, тек менің әкем тәрізділер ғана арбамен қалтылдап келе жатқан. Құда ауылына жақындаған салт аттылар сол елді шауып алатындай-ақ екілене лап берді. Біз де сұр атты бишіктеп желе-жорта жөнеліп ек, қасымыздан ақбоз атты адам құйындата өте шықты. Өткір шегір көзін қадай қалған әкем: – Мынау Рамазанның ақбозы ғой. Үстіндегі Иса ақын ба? – деді. – Иә, Иса ақын екен, – дедім. .Әлде өзі де осылай жүлде алған сонау сыйлы күндері есіне түсті ме, әкем ауыр күрсініп қойды да: .– Рамазан ақбозды Исаға мүлдем сыйлады ма екен? – деп атқа бишікті бір басып жіберді. Шапқыншы жаудай лап берген күйеу келе жатқан топтың алдында тосқауыл да әзір екен. Қалыңдық ауылының қыз-келіншектері арасында жалаңдаған жігіттер де болса керек, күйеу тобын әжуалауға әдейі сайланып шыққанға ұқсайды. Құдалық той дегенді тұңғыш көргеніміз де осы шығар. Тәйірі біздің көп жатақта мұндай қалыңдық тойлары болды ма екен? Бостандық правосын жедел түсінген жатақ тұрғындары көршілерінің қыздарын жетектеп үйлеріне енгізетін. Орамдарын кешке үйіне жинайтын да, бір күбі сыраны ортаға қоятын да, біздің әнші Әуезбек ағай гармонын гулетіп «Баламишкаға» басатын. Ал маған мына ауыл құдалығы өзінше бір сауықсайран болып көрінді, қайран қалам, қарасам қыз-

келіншектер құдалардың бетіне кебек шашып жатыр. Әлекедей жаланған жеңгелер жігіттерді атынан аударып басындағы бөріктеріне, белдегі белбеулеріне жармасып жатыр. Ақбозбен аңқылдап келіп қалған ақынның шылбырына өжет бір жеңге шап берді, Исекең қасындағы қойшы баладан домбырасын алып шырқап қоя берді. Сірә өлеңінде – «ежелден ақынды ел біткен сыйлайды, ал қыз-келіншектер ақынның ежелгі сыйластары ғой, мені неге қошеметпен қарсы алмайсыңдар» деген болар, жапа-тармағай жүгірген қыз-келіншектер ақбозды айнала қоршап атынан түсірді де екі жағына аққу-қаздай тізіліп, Исекеңді ауылына қарай қолтықтай жөнелді. Түнімен талай ойын-сауық, әзіл-қалжың өткен шығар, Исекең де сиқырлы нәшімен талай әнді шырқаған да шығар, ығы-жығы мәз-мереке ғой, кейде сапырласқан түстей ғана есімде елес қағады. Онда мен баламын ғой, шаршап ұйықтап қалыппын, өз арбамның қорабында жатыр екенмін, айғай-дүбірден оянып кетсем күн жайнап келеді, тойлы жұрт ауыл алдындағы жазыққа қарай жапа-тармағай жүгіріп барады, мен де зымырап бердім. Қарасам алаңқайда албырт жігіт ақбозбен шыр айланып, ойнақ салып жатыр. Құйындай жосыған ақбоз аттың үстінде бұл ер жігіт қаңбақтай дөңгелейді, әп-сәтте аттың жалына жармаса қалса, кенет ұшып тік тұрып шапқан аттың үстінде айғайлап ән шырқайды, аттан жылдам жерге сырғып түсіп, көз ілескенше қайта қарғып, ат үстінде теріс мінеді де, жұртқа қарап қол шапалақтайды... Апыр-ау, бұл асқан өнерпаз кім болды екен? Цирк дегенді бала жасымнан көрген емеспін. Орысша оқитын, қалашыл ағам Қайыржанның тамсана айтқанын білетінмін. Қалада ат ойнататын бір сарай бар, сонда Кавказ жігіті шапқан ат үстінде неше түрлі оқыс ойындар жасайды екен дейтін. Әлде бұл кавказдық біреу ме?

Ақбозды жігіт атының басын тамашалаған жиынға қарай бұрды, қайран қалғаным-ай, топ алдына келді де, ақбоз аттан Иса ақын ыршып түсті. Бұл өнерге мәз-мейрам болған жұрт Исекеңе алғыс жаудырып ақбоз аттың шылбырын ұстаған Рамазан: .– Иса аға, сізге лайық жануар екен, сізге мүлде басымен сыйладым... серігіңіз болсын, – деп ақынның қолын қысты... Жұрт қошеметпен қол соғып жатыр. Ал мен болсам мұндай кереметті адамды көргеніме мәз болып, неге екені белгісіз қыратты жайылып жүрген сұр шолақ атыма қарай сан сабалап тұра жүгірдім... Кейін білдім, ат үстінде мұндай өнер жасауды, Иса ақ бандыларға қарсы күрескен төтенше отрядқа қатысқан екен де, сонда машықталған екен. Күзде Иса ақынды тағы көрдім. Керекудің қазіргі аэропортқа таяу Ертістің кең жағасын ол кезде Кемсер дейтін, сонда жиырма бір немесе жиырма екінші жылы ма екен, Автономияның жылдық мерекесі өткізілді. Ауыл-аймақтан жиналған қалың халық Ертістің бұл өңірінде ұлан-асыр той жасады... әкеммен тойға мен де келіп ем, сондағы той-топырын жарып дүбірлей шыққан сөздер: – Иса ақын келіпті! – Иса ақын қайда екен? Үзеңгілері тістескен қалың аттылардың арасынан әрең өтіп Иса ақын отырған көк кілемдей көкмайсаға жетсем керек, шаршы топ алдында Исекең әлде біреу сыйлады ма, үстінде мақпал шапан, басында бөрік, домбырасын безектетіп өлең жосытып отыр екен. Сірә жаңа үкіметті мадақтады білем – жұртқа күлімсірей қарап шалқи ексімдей жырлағаны есімде. ІІ 1929 жылдың басы болса керек, күллі Кереку ду ете түсті. – Бүгін кешке ақындар айтысы болады екен!

– Иса ақын да келіпті. Қаланың үлкені мен кішісі кешке жұмыскер клубына тола жиналды. Бұл кезде ересектер қатарына қосылып қалған мен, Исаның есімін естіген соң жиынға ынтыға жүгірдім. Енді есейген кезімде сонау бір бала шағымдағыдай Исаның әншілік нәшіне, ойнақы сырт құбылысына, ақбоз атта ұршықтай иірілген оқыс қимылдарына ғана емес, жырларындағы шырын сөздеріне де тамсанып оқитын халге жеткен едім, араб әрпімен басылған журналдардан Исаның «Құралай сұлу», «Алтай аясында» сынды таң-тамаша дастандарын оқып алған едім. Міне енді Иса ақынның айтыс өнерін де көрудің сәті түсті. Перде ашылғанда сахнада қолында домбыралары бар үш адам отыр екен. Тәттімбетте көргенімде мұрты жоқ секілді еді, мұрнының су ағарына ғана қойған қара мұртын бір сипады да, Исекең алдындағы топты өткір көзімен бір шолып өтті. Айтыс ұйымдастырып жүргеннің бірі болса керек, аухалтер (аудандық халық тергеушісін ол кезде осылай атайтын) Әбурайра Баубеков қалған екеуін де таныстырып өтті. Біреуі Арқаға аты мәлім әнші Қали Байжанов екен де, екіншісі Ертіс бойындағы бұқакүбірлік Пәри Әпсаттаров болып шықты. Алдымен сөз тиген Қали Байжанов зор дауысымен кере сарнай жөнелді. Нажағай күркірегендей сахна дүр ете түсті білем, мұндай құдіретті айғайды естімеген мен селк етіп қалсам керек. Қайнар көзі тереңде жатқан бұл дауыс ексімдей өршіп, бара-бара тасқындай дүбірледі. Бұл кісі тегінде ақын емес, әнші екен. «Шама», «Жиырма бес», «Үш дос» секілді халықтың әсем әндерін кереметті күшті даусымен тебірене шырқағанда, жиын жұрттың разы болғаны сонша, ұзақ қол шапалақпен залды сілкіндіріп жібере жаздады. Енді Пәри әнші де сызылта жөнелді. Залға лазым емес дөңгелек алқалы топқа лайық, нәзік, әсем дауысы бар екен, төрт-бес әнді сірә келістіріп шырқады білем,

іркілер кезде Исаны қағып өтіп, жұртты бір күлдіріп тастады. Кезек Исекеңе келді... Сірә, Пәри жаңа Исаны «Шарықтап кетіп едің сан қияға, айналып Керекуге келдің қалай?– деп қағытса керек, Исекең сол сөзді іліп ала жөнелді. Жаңа ғана жем күткен тұғырдағы қаршығадай шұқшиып отыр еді, енді домбырасын төпелеп шүйіле түсті, ақбоз аттың үстінде ойнақтаған өзі секілді саусақтары шекті дірілдетіп жын қағып кетті. «Кереку жайнап кетті ме десем, қурап барады екен. Бір кездегі көшесіндегі жайқалған ағаштары қайда? Балшығы белуардан келген көшелеріңді неге жөнге келтірмейсіңдер» – дегендей бір жосытып алды да, өзі саяхат жасаған қалаларды суреттеп берді. Ақырында өзімен сайысқа түскен Қали мен Пәридің түр-тұлғасын, дауыс ырғақтарын әзілдей сынап жұртты қыран-топан күлкіге жүздірді... Бір пысықай, «Ертісімізді суреттеңізші!» деп міңгірлеп қалып еді, Исекең өзі туып өскен сүйікті Ертісті жырлағанда табан астында бейнелі сөздер тауып, Ертістей есіп кетті. Жиналғандарға шексіз ризалығын айтып тоқтады. Ал алдыңғы жақтан орын тапқан мен қуанғанымнан тым қопаңдап кетсем керек, арттағы зілді қолды біреу желкемнен басып, шөктіріп қойды. Перде жабылысымен төрешілер сахна төріне мәжіліске отырысты. Мен перде арасынан жылжып өтіп тасада төрешілердің пікірталастарын тыңдап тұрдым. Қаламыздың байырғы ағарту қызметкері Шайқы Жұмабаев – бүкіл Арқада Қали Байжановтан асқан әнші жоқ, дауысы тау құлатқандай есіттіңдер ғой, бас бәйге осыған берілсін деп кеуделеп еді, аухалтер Әбурайра Баубеков «Былтыр Семейдің Луначарский клубында Нұрлыбек секілді атақты алты ақынды қатарынан жеңіп Исаның бас бәйге алғанын көзім көрді, әнші деген толып жатыр, бүкіл Қазақстанда Исадай ақын жоқ», - деп бой бермеді. Ақыры бас бәйге Иса ақынға берілді. Мұсылманша хатқа жүйрік мен сол жасөспірім

шағымда талай ескі хиссалармен, халық жырларымен жаңа ақындардың өлеңдерін құмарта оқыған едім. Мұзын жарып атылған Ертістің дүбіріндей таситын мұндай да сөз өнерпазы барлығын білгенде – сірә қаламмен жазамын деп әурелену – тоғышарлық шығар деп ойладым да жылдар бойы өлең дүниесіне жолауға батылым бармады. Екі жыл өткен соң Иса Керекуге тағы да оралды. Бұл бір сүреңсіз жыл еді. Өткен жылғы астық тапшылығын, асыра сілтеудің зардабын шеккен ел, еңсесін көтеруге енді жұмыла игі жұмысқа жегілгенді. Бұл тұста белсенді комсомол да болып қалыппын. Бір ауылдан келе қалсам, көшеде жаңа жарнама тұр. Онда «Бүгін клубта Алматыдан келген акробаттар ойын көрсетеді, ақын Иса Байзақов та қатысады» делініпті. Көзіме сенбей таңданғаным «Апыр-ау, Иса ақын акробат болып кеткен бе? Айтпақшы болса болар-ау, Исекең ақбоз аттың үстінде секіріп ойнап еді ғой» – деп кім ойласын? Ойын басталды, төрт-бес орыс жігіттер сахнада арқандармен секіріп, торға қарғып машықты өнерлерін көрсеткендей болды. Менің қасымда досым Әукеннің Әнуары бар еді, екеуміз секіргіштерге оншама таңдана қойғамыз жоқ, Исаны күттік. Кешіпей Исекең шыға келді. Бірақ бұрынғыдай жадыраған пішін жоқ, жұлқынған екпін жоқ, әлде жиналғандардың аздығы ма (қазақ тіпті аз еді) әлде сырқат па, (маған солай көрінді), онша серпілмей үштөрт өлең айтып тынды. Тақырыбымен де шығандаған жоқ, колхоз, совхоз жайында қалыпты әуендерді ғана толғады. Жұрт тарарда, ауызғы залда Иса біздің аудандық газеттің қызметкері Бауеш Жантаевпен сөйлесіп тұр екен, есейгенім болу керек қасына барып сәлем бердім. Бұл сапарда колхоз, совхоз туралы өлең шығарып қайту үшін мені танитын Бауеш Исаға өзіңіз қағысқан Нұрғожаның баласы деп таныстырды.

– Әкең тірі ме? – деп маған Иса қадала қарады. Әкемнің саулығын білдірдім де, бұл кісінің дарынына өзімнің іңкәрлігімді сездірейін деп, - «Сіздің «Алтай аясында» поэмаңызды оқыдым» деп қалдым. Сенбеді ме, әлде сынағысы келді ме, «Өтірік айтасың, кәне оқысаң, бір шумағын жатқа айтшы», деп салды. Атты Алтай, атақты Алтай, жаралы Алтай, Айрылған ел-жұртынан қаралы Алтай. Сұлудай торғын киген бұлт бүркеніп, Арқаға әлденеше қарады Алтай, – деп күбірлей жөнеліп ем, «жетті енді, сендім» деп, арқамнан қақты. Айрылысарда бала әкеңе тартқан бірдемең бар ма деп маған үңіле қарап еді, мен үн-түнсіз жүріп кеттім. ІІІ Алматыдағы студенттік өмірімде Исекеңмен жиі кездесіп, інісіндей жақын жүрдім. Бұл тұста өзім де өлең-жыр жазып, ақын деген атаққа ие бола бастағанмын. Бұл жайымды ұнатқан Исекең «сенен бірдеме шығар, баяғы Рамазан үйінде әкеңнің артында отырып маған телміре қарағаныңнан-ақ аңғарғанмын» деп әзілдейтін. Мейлінше, адал, ақ көңіл, турашыл Иса қыңыр мінезді де еді. Сол шақар мінезінен сескенген кейбір тұстас жазушыларға Исекең де ұнай бермейтін. Сол кездегі және қазіргі жазушылардың кейбірімен Исекең керісіп те жатқанын байқаған едім. Неліктен екені белгісіз, соншама зор дарыны бар ақынның кей шақта жүдеу жүргенін көріп, өкінішті ойға қалғаным да бар. Исаның әдебиетке сіңген еңбегін жоғары бағалап, өкімет Исаны Еңбек Қызыл Ту орденімен наградтады. Бұл жылдары Исекеңнің шоқтығы бұрынғыдан да биіктей түсті. Жаңа поэмалар жазды, өзінің тұрмыс-

күйі түзеліп, жүзі жайнап жүрді. Өзінен үлкен немесе қатарлас және абырой атағы бар жазушыларды Исекең онша менсіне қоймайтын. Менің біраз жылдар бойы байқағаным – Исаның ең жақсы көретін досы да, ақыны да Тайыр Жароков еді, өзі де тамаша ақын Тәкең Исаның ақындығын дәріптеп «Құралай сұлудың» әдемі шумақтарын айтып «Ай, ақын-ау, өзі, ақын-ау сабазың» деп рахаттана сөйлейтін. Кейбір мұқтаж шақтарында да Исекеңді Тайырдың үйінен көруші едім. Мүнирә жеңгейдің қаймақты шәйін құмарта жұтып қойып Исекең ағыла ән шырқайтын еді, жаңа дастандарын жатқа айтып бізді талай сүйсіндірген еді. Дарыны да, мінезі де ерекше, өнер сипаты кешегі Ақан серілердей болса да өзге уақытта дәурен шеккен бұл ақынның мінез-қылықтары жайында әсіресе, Исамен араласып өзім анығырақ білгенмен Алматыдағы қызық та, ерекше жәйттерді молынан шертуге болар еді, әзірше сондай көп әңгімелерді басқа әдебиетшілердің сыбағасына қалдырып, Исаның алғырлығын, зейінділігін, зеректілігін сездіретін бірер жайды еске алайын. 1939 жылдың жазы болса керек. Бұл кезде Жазушылар одағында халық ақындары бөлімінің меңгерушісі болып қызмет атқаратын Қасым Аманжолов, ел ақындары мен жас жазушыларға арналған курс ұйымдастырды. Үлкені бар, жасы бар курсқа қырық шамалы адам қатысты. Иса мен Қасымның өздері де және ол кездегі жас жазушы Мұқан Иманжанов курстан дәріс тыңдады. Дәріс оқушылар Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов еді, ал мен сол курсқа Батыс Европа әдебиетінен сабақ бердім. Сервантестің ұлы хикаясын қызына оқыған едім, тыңдаушыларға сол туралы ертегідей қызықтыра етіп айтармын деп тым елтіп кетсем керек. Дарқандықты көксеп, әділеттілікті іздеп заманына оңай емес, сайқы мазақ әрекет шеккен Дон Кихот жарықтықтың – дәу

екен деп диірменнен, жау екен деп қойлармен сайысқан жәйттерін «Мың бір түннің» ертегісіндей жыр етіп, сол серіге еліктеген Санчо Панса сияқты тым ұзағырақ далидым білем, сол сәтте Исекең мен Қасым екеуі ынтамен тыңдап отырған секілді еді. Маған шақырая қарап: .– Осы заманда Дон Кихоттар бар ма, соны айтшы? – деп қалды Исекең. .– Бар болуы ықтимал, – дедім мен, неге олай сұрағанына түсінбей. – Ендеше сол Дон Кихот мына сенсің. Арамызда кәрілеріміз бар, мына қапырық үйде екі сағат бойы үздіксіз ертегі айтып сілемізді қатырдың ғой... Расында да ескермеппін, екі сағат бойы үзіліссіз жосыта беріппін ғой. Исеке, Қасым үшеуміз Гоголь көшесімен Максим Горький бағына қарай беттедік. Әдетінше мұрнын бір тартып қойып Қасым маған: .– Екі сағат бойы аңқамызды түтеткенің үшін бізге айып төлейсің, – деп әзілдеді. – Сен көп білемін деп күпіне берме. Мұхтар мен Сәбит лекция оқығанда мен қайдағы бір қыңыр сұрақтарды қойып, екеуін де састырып тастаймын. Өзіміздің бала ғой деп сені аяп, тиіспедім! – деді Исекең мұртынан күліп. КазПИ-ді осыдан бір жыл бұрын бітірген мен, расында да бірсыпыра білемін деп маңыздансам керек. – Біраз білетінім рас, сұрақ қойсаңыз абдырайтын мен жоқ. Менің көп білетінімді мына Қасым айтсын, өйткені білгенімнің көбін Қасымға ұқтырғанмын, – деп күлімдеп едім, Исекең кенет есіне келтіріп: Златой Восток, страна чудес Страна любви и сладострастья, Где блещет роза-дочь небес, Где все обильно, кроме счастья...

деп, бір шумақ айтты да, – «Білгіш болсаң, осы өлең кімдікі? Кәне тапшы?» – деп маған мысқылдай қарады. Мен күмілдіп қалдым. Әйтсе де мүлгуді мақұл көрмей: – Байрондікі болар – дей салдым. – Ия, тізбектей бер солай. Ертеңге дейін мерзім. Тауып кел, осыны – айтысқа түскен бақасын бұқтырғандай-ақ мені тұқыртып тастады. Мен қысылған бұл мәселеге басын қатырмаған Қасым, штрабың екі есе болды, енді бір молынан сусындайтын болдық қой деп күлімдеді. Түнімен әлгі бір шумақ өлеңнің авторы кім болды екен деп, тыпыршып ұйықтамай шықтым да, ертеңіне ертемен көпшілік кітапханаға қарай жүгірдім. Ұлы ақындардың томдарын аудара оқыдым. Лермонтовтың жұртқа мәлім атақты поэмаларын түгел оқыған едім ертеде, басылған бір томнан «Ажал періштесі» деген поэмасын ашып қалып едім, көзіме жарқ ете түсті. Златой Восток, страна чудес Страна любви и сладострастья, Где блещет роза - дочь небес, Где все обильно, кроме счастья... Қап! Ресми оқу орындарында оншама оқымаған, кітаптан гөрі көбінесе домбырамен сырлас дала ақыны бұл дастанды қашан оқыды екен, қалай жадына сақтады екен? Иса ақынның зерек зейініне мен осылай таңдандым... ІV Исекең тірі кезінде өзін сыйламаған, үйінен шай татырмаған кейбір сақалдылар мен өзінше өкшелестердің Иса қайтыс болғаннан кейін «исашыл» болып жүргендігі байқалады. Қасым Аманжоловтың естелігінде бұл жай анық ескертілген. Соған қарамастан жоқтан-бардан құрап Иса туралы естелік жазғыштар аз емес, бірақ мінезі қызық бұл ақын туралы әлі де

көптеген әңгіме-естелік, кітап жазылуы тиіс. Ал мен сонау шағымнан бастап, өзім ақындық қатарға қосылып, Иса жайында жұртпен қатар білгенімді емес, тек өзім қатысып көргенімді, туралай байқағанымды ғана еске алмақпын. Солардың ішінде Исаның ерекше мінезін, кереметті дарынын өсиеттейтін бір жәйттерді жаңғыртып өтейін. 1944 жылдың күз айының бірі болса керек. Отан соғысының әлі де ауыр жылдары. Орта Азия соғыс аймағының бір бөлмімінде саяси қызметкер едім. Майдан жаққа аттанбақ болып, соның алдында он шақты күнге демалыс алып, Шымкентке келдім. Исекең осы қалада тұрады екен. Станция басында кездесе кеттік. Сағыныса сәлемдескеннен кейін Түлкібас ауданына колхоз, совхоз қауымдарымен кездесуге бара жатқанын айтты. – Мен де солай қарай жүрмекпін, бірақ өтінемін алдымен сол аудандағы Дмитров атындағы колхозға барайық. Бұл колхоздың жері де, суы да жақсы. Күз де болса қымыз да табылады. Мұнда таяу жерде колхоздар жиі, – дедім. Исекең көне қойды. Исекең жалғыз емес, қасында өзінің жеткіншегі Ертіс бар еді. Поезды күтіп жүріп байқадым, Исекең соғыстың алдындағы жылдардағыдай емес, жүдеңкіреп қалыпты, ашаң жүзі бұрынғыдан да сұрланып кетіпті. Әлі күз болса да үстіне шолақ тон, басына құлақшынын, аяғына керзі етігін киіп алыпты. Бірақ денесі табиғатына біткен ширақтылықпен қозғалып, өткір көздерінің жанары әдетінше әсерлі екен... Біз Дмитров атындағы колхозға күн батардан әлдеқайда ерте келдік. Бұл колхоздың адамдары маған түгелдей таныс еді. Жыл бойы қызметте жүріп осынау Келтемасат өңіріндегі колхоздарды бірқыдыру аралағаным бар. Үлкендеріне әңгімем, жастарына өлеңім, әзілім ұнады ма, әйтеуір осы колхоздың тұрғындары мені ұнататын. Ол тұста машина аз ғой,

арбамен келіп түсе қалып едік, қора-қопсы маңындағы жұмыста жүрген бірен-саран қарттар, әйелдер, балалар бізді қоршай қалды. Кигені қара шолақ тон, керзі етік, қасында домбыра арқалаған қара баласы бар Исекеңді бұл ауылдың бейтаныс адамдары – қаладан концерт беремін деп шұбыртып, жұртты ығыр қылған әлгі айқайшылардың бірі екен деп қалса керек. Исаға амандаспай, өздеріне таныс мені қаумалап жатыр. Бұл келіссіз жайды мен дереу түзетіп Исекеңді тілім жеткенше мақтап таныстыра қойдым. Сол сәтте әдетінше атпен шапқылап Балта да келіп қалды. Бұл жас мұғалім жігіт осы колхоздың бастығы Қожаназар Тілеулесовтың баласы еді. Жас та болса менімен сырлас. Аттың құлағында ойнайтын орта бойлы, шымыр денелі, қысық қалмақ көзді осы албырт бала жігіт, әдебиетке, өнерге өте құмар болатын. Келген бетте арсалаңдап мені құшақтай алып еді, мен құлағына «Иса ақын» деп сыбыр ете қойдым. Балта жалма-жан Исекеңді сәлем бере құшақтай алды. Балаша мәз болып «сізді көргеніме шынымен бақыттымын» деп шынымен қуанды. Балта Иса дастандарының талай шумақтарын жатқа соғатын. Ертісті жетектеп, Балта бізді үйіне кіргізді. Қожаназар ағай даладағы жұмыс басында екен. Аздап қымыз жұтып алғаннан кейін Исекең жатып тыныға тұрсын деп біз Балта екеуіміз сыртқа шығып кеттік. Сағынған ағасы соғыстан қайтқандай-ақ қуанған Балта, колхоз ауылына жағалай хабар бергелі атына міне жөнелді. Мен осында қызметте болған кезімде үйінің бір бөлмесінде тұрып дәмдес, сыйлас болған Тұрсекең үйіндегі қарт жеңешеме сәлем бергелі, әрі майданда қаза тапқан боздағына көңіл айтқалы кеттім. Исекеңнің еркелігін, шапшаң ашуын талай көтерген едім. Тап мұндай аза бойым қаза болып көрген емес. Сасқаным-ай, келсем қайран Исекем, есік алдында көзі шақырайып без-без етіп тұр. Сөздері сұмдық. Қожекең үйіндегі мосқал жеңгеміз жұмыстан жаңа ғана босап,

өрістен оралған сиырын сауып жатыр екен. Маған таныс қарт жайылымнан әкелген малын жаңа бауыздай бастапты. Сірә, Исекеңді ескі ырым бойынша сояр мал үшін бата айтуға шақырса керек. Ал Исекең болса, «кісі сыйлап көрмеген берекесіздер, затсыздар» – деген секілді кесірлі сөздерді сыбап тұр. .– Уа, тақсыр, не боп қалды? Мұнша неге таусылдың? – деп күйіп-пісіп қасына келіп едім, өзіме шақ ете түсті. .– Әй, Нұрғожаның ұлы, әкеңнің баяғы өші бар ма, мені аштан қатырғалы әкелдің бе мына қаңсыған жұртқа? Өзегім талды ғой... Бақсам ойланып, толғанып үйде жалғыз жатқан Исекеңнің қасына осы ауылдың бір мұғалімі келіпті. Ақынды көргеніне мәз болған мұғалім (өз көмекейі де құрғап тұрған болар) шкафтағы шишадан бір кесе ащы суды мөлдірете ақын ағасына сыйлай қойса керек. Әдетінше тамақты тоя жейтін Исекең тәбеті ашыла қалып, қуырдақ іздеп безілдеп тұрғаны сол екен. «Мұныңыз ұят, үйге жүріңіз» деп қолын тартып едім, қолы темірдей мықты, тықсыруыма келер емес. Өзіме қарсы ұрысып, қарысып тұр, айтары – «Әй, сені маған комиссар қып кім жіберді, әлде әкең Нұрғожаның өшін алғалы жүрсің бе?» Сол сәтте менің бағыма қарай үй иесі колхоз бастығы Қожаназар ағай да, баласы Балта да келе қалды. Сырттан естіп келді ме, дайым байсалды, парасатты Қожекең – аттан түсе сала Исаға құшақ жая сәлем берді, Исекең де кенет түсін өзгертіп – «Мына інім мені жалғыз тастап, өзі ел қыдырып кетіпті. Соған кейіп жатырмын», – деп бұра қойды. Сақалына шаң үймелеп жұмыс басынан шаршап келген және өзіне шын ізет білдірген Қожекеңнің кісілігін сезді білем, Исекең райына келді. Қожекең баласына ұрсып жатыр. – Саныңды сабалап жан-жаққа жүгіргенше, алдымен ардагер ағаңа қойды өзің әкеліп сойып, қуырдақ қуырып бермейсің бе? Шешеңнің қолы тимей жатқанын

білесің, көргенсіздік болды, кешіріңіз ақын, – деп Исекеңді ертіп үйге енгізді. Үйге кіріп жайғасқаннан соң Қожекең: – Ақын да киелі адам ғой, келгеніңіз жақсы болды. Даңқыңызға қанық едім, байқадыңыз ба, үй сыртында киіз үй тігулі тұр. Егер сізге арнап тіктім деп айтсам да орынды, бірақ оның сыры бар. Міне, менің қолымда екі қара қағаз отыр. Бұл екеуінде арыстай екі боздақтың қайғылы хабары бар. Осы ауылдың қадірлі ақсақалының қос қыршыны еді, майданда қаза тауыпты. Нәрестелері жетім, жұбайлары жесір қалды. Онсыз да қаусап қалған сорлы қартқа бұл қайғыны қалай естіртем деп кешеден бері күйзеліп жүр едім. Осыны сіз естіртіңіз, ақын жылата да, жұбата да біледі ғой, – деп Исекеңе тілек білдірді. Қас қарая киіз үйге, ауыл жұрты ағыла бастады. Сыйғаны ішке, сыймағаны сыртқа орналасты. Төрде шалдармен қатар Исекең, манағыдай емес, ширап алыпты. Шүйілер бүркіттей сұсты. Қос боздағынан айрылған қарттың анадан бергі жайларын біліп алса керек. Бір сәтте домбырасын күңіренте жөнелді. Неміс басқыншыларының жан түршігерлік жауыздықтарын елестетіп, өртенген, жұртта жат елдің айдауында азап шеккен аңыраған атаның, еңіреген ананың, шырылдаған сәбилердің аянышты сипаттарын тебірене толғап, жиналғандардың жүйкесін бір шымырлатып алды. Содан кейін соғыста есімі әйгілі қаһармандардың ерліктерін жыр етті, әсіресе самолеті отқа шалынып қатер төнгенде Гастелло деген ер жау самолетіне жанқия шүйіліп, Отан үшін кек алған екен деп аңыз ете жырлағанда, жұрт сүйсініп серпіліп қалды. Мұндай ауыр қазаға орай, естіртудің неше атасын білетін Исекең ескі нақылдарды да бір сыдырып өтті де, азалы қарттың ата-бабасынан бері қазаның хабарына келгенде қара терге түсіп, екілене, жігерлене серпілді. Астарлап, бейнелеп қартты босатып та алды. Әттең магнитофон болсайшы, естіртудің талайын естідік қой, Исаның бұл

толғауы сай-сүйегімді сырқыратқан бір көріністі ғажап жыр еді. Жұрт жылап алды, ақын сөзіне разы болып жұбанып та қалды. Азалы қарт та: .– Шарам бар ма, қайтейін-ай, өркенің өссін қарағым! – деп жас тамған кесесінен қымызын бір ұрттап қойды. Мұндағы жиналғандардың талайының баласы, не жары, не жақыны майданда жүрген шығар, қаза тапқандары да бар. Бұлардың бәрін жұбатып жіберейін, бір сәт болса да мерейлерін көтерейін деп ойлады білем, Исекең «кәрі жынды» қайта шақырып, дәуірлеп кетті. Өзінің тамаша дастандары «Қос жетім», «Арқалық батырды» жатқа айтып, жиын жұрттың жабырқаңқы жандарын назды жырға бөледі. Жарым түн асқанда тараған колхоз адамдары: – Тусаң ту! Ақын деп осыны айт! .– Көп жаса сабазым! – деген алғыс сөздерді үстіүстіне айта кетіп жатыр. Ал мен өзіме «Исаның қандай қитықтан болсын қасқия шығатынын білесің, мұндай мінезін жаңа көріп пе едің, расында милиция құсап, бағана несіне дікеңдей қалдың?» деп іштей өкініп отырмын. Түлкібас ауданының бірнеше колхозын біраз күн Исекеңмен бірге араладым. Сол колхоздардың қазіргі үлкендерінің есінде болар – тапқыр тамаша өлеңдерімен ел адамдарын, ер еңбектерін мадақтап, жалқаулардың мінін даттаған, ғажап дастандарын ұзақ күн бойы шаршамай толғаған тұлпар ақын – Иса Байзақовты естеріңізге алыңыздар, Исекең мырза, жомарт кісі еді. Қалтада барын достарынан аямайтын, сол пейілі Отанға да арналады. Сырқатына қарамастан ел аралап, еңбекші халықты жырмен жебелеп жүрген осы елгезек ақын жырын жұртқа бұлдамаушы еді. Бірақ халық өзінің ежелгі дәстүрі бойынша сүйікті ақынына ат мінгізіп, шапан жапқаны сияқты, Исекеңе сый-құрметпен ырымдарын жасады. .Түлкібас ауданынан Шымкентке қайтарда есептесек,

Исекеңнің жұрт сыйлаған қаржысы – отыз алты мыңдай болыпты. Мен аңдамай айтып қалдым. .– Бұл ақшамен енді бір жайлы жерге барып күтінсеңіз, денсаулығыңызды түзесеңіз, курорт болса қазір жоқ... Сөзімді аяқтатпай: – Жоқ, олай болмайды, бұл менің жерден қазып тапқан ақшам емес, халықтың қаржысы. Бұл ақшаны түгелімен Отан қорына тапсырам, бір самолет жасауға сеп болсын, қара күштің иесі Қажымұқан құрлы жоқпын ба? – деп мені тойтарып тастады. Өз денсаулығының күтіміне қаржы қанша қажет болса да, отаншыл азамат ақын сол ақшаны түгелімен Отан қорына табыс еткені кешікпей мәлім болды. * 1946 жыл сентябрь айы. Жазушылар одағынан шықтым да Пролетар көшесімен жоғары өрлеп келе жатыр едім, алдымнан әлде неге абыржи сөйлеп келе жатқан Тайыр Жароков пен Қажым Жұмалиевті кездестірдім. Үрейлі пішінмен Тәкең: – Қайда барасың, тез емханаға жүгір. Исекең хал үстінде жатыр, – деп бұйырды сөзге келмей. Туберкулез институтына қарай тұра жүгірдім. Астыңғы бөлменің бірінде, белгілі ақын Омардың баласымен бірге Исекең жатыр екен. Сәлем беріп қасындағы орындыққа отыра кеттім. Қайран өткір көздері шүңірейген аясының алысынан жылтырайды. Бет-жүзі қуарған қайыстай бозарып кетіпті. Бір кездегі шымыр қолдарының, домбыраны дәу перідей безілдеткен қолдарының тамырлары домбыраның шегіндей сіресіп қалыпты. Қайран қалдым, сондай-ақ дене күйзелісіне қарамастан, Исекең басын бір көтерді де маған үңіле қарады. Хал үстіндегі адамдай емес, ұзақ аурудан қалжырап, енді жазылуға бет бұрған кісідей байыппен сергек сөйледі.

– Қалижан, мен жуықта жазыламын. Сен қарақыстаққа барамын дедің ғой, барсаң сол қыстақтың шетінде бір қара кемпір бар. Етті мейіздей етіп қақтайды. Соның қара ешкісін сойғыз да, етін кемпірдің өзіне қақтатып үйге алып кел, бұйырса сіздің үйден татармын, түнде түсімде мен баяғы Рамазан сыйлаған ақбоз атқа мініп аспанда құйғытып жүрмін. Бұл жазылатыныма аян, – деді қуаң жүзінен сәби сенімділік білдіріп. Ертеңіне естідік, таң алдында дерті қысқан ақын кенет ұшып түрегеліпті. Сол бір жан тапсырар арпалысты есалаң шақта есіл сабаз: .– Домбырам қайда? Қайдасыңдар ақындар! – деп ышқына айғай салыпты. Міне, музыка азалы күй аңыратқан, достары басын тұқыртқан қаралы көшеде мәйіт артып мамырлаған машина келе жатыр. Кеше ғана қиялында ақбоз атты аңсаған бөрі ақын қазір ақ табыттың ішінде мәңгілікте мүлгіп жатыр. Табыт қасында ақынның екі перзенті – Мәкен мен Ертіс әкесіне тартқан қара көздерін жас бұлап келеді. Табыт соңында келе жатқан ақындар аз емес. Бірақ дауылды дарқан даланың табиғатына сай асқақ дарыны бар халқымыздың соңғы Ақан серісі келмеске біржола көшіп бара жатыр-ау, – деп босадым. Табытқа көзден ыстық жасым домалап кетті...

ЖАС ҚИЯЛДА ЖҰЛДЫЗДАЙ ЖАРҚЫРАҒАН Шәкірт кезімізде менің буындастарыма революция жаршысы Сәкеннің дауылпаз жырларымен қоса, өрен өмірінің дауысы да аңыздай естілген еді. «Тар жол, тайғақ кешу» Сәкен даңқын дулата түскен шығарма болды. 1927 жылы араб әрпімен Қызылордада басылып шыққан бұл кітапты үлкендер де, жас қауым да қызыға оқитын. Қолыма әрең түскен бұл тарихи шығарманы жалықпай, түнделете жедел оқып шықтым. Сірә, мен секілді ол тұстағы жеткіншектерге Қазақстандағы революциялық ұлы уақиғалар жайында әсерлі, көлемді мағлұмат берген алдымен осы кітап болар. Бұл кітап революция тұсындағы әлеуметтік, саяси тартыстар мен қым-қиғаш күресті түсінуге біздей жастарға зор ықпал етті, сонымен бірге ақын Сәкен қалың жұртшылыққа революция ардагері болып танылды. «Тар жол, тайғақ кешуді» ынтыға оқып, қайсар ақын жөнінде тебіреністі қиялға батқан мен, Сәкен жазған бір жәйтке жас шағымда ұяла қынжылған едім. «Тар жолда» айтылады ғой, атаман Анненковтың азап вагонынан қашып шыққан Сәкен нағашысын іздеп, Керекуге, одан соң Баянауылға келеді. Сол бөгде, белгісіз жігітті менің туыстарым, жерлестерім кей жерлерде үйіне қондырғысы келмей, жатырқағандық сездіреді. Мұндай ұнамсыз жолдарды оқыған кезімде шынымен-ақ намыстанып, жерлестеріме кейіп, кейін атағы даланы дүбірлеткен асыл ақыннан ұят болды-ау деп күйінуші едім... Өткен жылы мен сол Сәкен жүрген жерлерді аралап шықтым. Сонау бір қилы кезеңде Сәкен байқаған

Баянауыл атырабы ақынның өзі жазып кеткеніндей, жері сүреңсіз, жандары жүдеу болғаны ақиқат. Ал қазір, сол Сәкен жүріп өткен өңірлер, Ақбеттеу жоталары, Далба белестері қандай құлпырып өзгеріп кеткен, дәулеті шалқып, несібесі толықсып тұр. Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы совхоздың зәулім мәдениет сарайында өткен поэзия кешінде, мен бір кезде осы өңірден жүдеу кеткен өр ақынды еске алып, оған арналған өлеңімді оқыдым. Сәкеннің поэзия шәкірттеріне, құшақ жайып қол қусырған берекелі, мерейлі қауымның ортасында отырып мен, қайран Сәкен Баянауылдың қазіргі әсем келбетін, масайраған жұртын көрсе, сері кеудесі қандай көтерілер еді деп ойға баттым. Тегінде баяндық достар ардагер Сәкен есімін қадірлейтін белгілер, ескерткіштер қалдыру жайында ойласқан мақұл. Баяндықтардың ақ бандылардан көрген жәбір-жапасы жөніндегі Сәкеннің ызалы сөздерін оқыған қазіргі Баян ұрпағы абзал ақынға тәжім етуге тиісті. Қазақ әдебиетінің ірі қайраткерлері ішінде халықтың, партияның ықыласына ертерек бөленгені, тұсында төтен ардақталғаны Сәкен Сейфуллин шығар. Жас кезімізде баспасөз беттерінен «Сәкен ағай Көкшетауға келді», «Сәкен ағай Семейге жүріп кетті», «Пролетариат әдебиетінің солдаты Сәдуақас Сейфолла ұлының (Сәкен) жаңа кітабы шықты» – деген хабарларды оқып, ақынның мәртебесі жоғарылай түскеніне сүйсінуші едік. Революция дауылымен үндес шыққан Сәкеннің ер даңқымен бірге, ақынның тәкаппар жаны және сері мінездері жайында жастар арасына еміс жәйттер кең жайылған еді. Сәкеннің даңқына сүйсінген мен 1934 жылы майда «Бүгінгі майда жұмысшы тап» деп еліктеп өлең жазып, газетте жарияладым. Өскелең өлеңдерімен, өр бейнесімен жас қиялымда жұлдыздай жарқыраған ардақты Сәкен аға дидарын мен 1934 жылы май айында тұңғыш рет көрдім. Бұл

тұста Алматыда қазақ совет жазушыларының бірінші сьезі ашылған еді. Сьезде қазақ әдебиетінің көрнекті қайраткерлері Ілияс Жансүгіров, Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов сынды шешендер сөйлеп жастарға, қаламгерлерге өнеге тұтарлық келелі пікірлер қозғады. Солардың ішінде тұлғасы Оқжетпестей ерекше көрінген сымбатты, айбынды Сәкен тәлімді және асқақ ойлар сездірді. Өзін еркін де жарқын ұстайтын бұл атақты ақын әсіресе туған тіліміздің тағдыры, болашағы хақында, жас буынға ана тілін тереңірек білдіру жайында сөйледі. Съезд күндерінде Қазақстан Кәсіпшілер одағының төрағасы Хамза Жүсіпбеков жазушыларды, өнерпаздарды Алатау жотасында ауыл болып тізілген киіз үйлерге шақырып, үлкен той жасады. Сол жиында Сәкен өзінің сымбатты жарқын жүзімен, сері мінезімен бізге жастарға ерекше ұнап, ұмытылмастай әсер қалдырды. Сәкен, әуелі жастарға өлеңдерін оқытып, өзінше байқау жүргізгендей болды, биші, күйшілерге ән шырқатып, әншіл жаны рахат тапқандай масайрап отырғанын байқаған едім. Бір сәтте жастарды күрестіріп, айрықша мәз болды. Еркін, жарқылдап сөйлейтін Сәкенді батыл барып өзге тұрғылас жазушылар әсілі бөгемейді екен. Асқар тау жотасында сұңқардай саңқылдаған Сәкен айналасындағы қаумалаған жұртты өзіне ертіп, әзіл айтып күлдіріп отырды. Білімімнің аздығын сезінген мен сол 1934 жылы КазПИ-ге оқуға түстім. Ұстаз, ғұлама жазушы Сәкеннің халқымыздың тарихы мен әдебиеті жайында талай сөздерін тыңдап, білімімді бір көтерсек, сері мінез, ақжарқын ақынның қызықты әңгімелерін естіп, талай күлкіге батып едік. Жаз айларында әдетте ол кісі Алматыдағы ұйғыр театрының ауласындағы қымызханаға келер еді. Әдетінше, сағат он бірлерде келетін. Сол сәтті күткен біз, жастар, қымызханаға жиналатынбыз. Сәкен ағайдың төңірегіне алқалай

отырып, қызықты дәріс тыңдағандай, оның әзілі тамаша, сөздеріне елтіп, масайрап отыратынбыз. Қымызхана иесі Сәкенше қойған қара мұртты, қараторы, келісті ұйғыр Шерияздан деген кісі еді. Сәкен өзімсініп сөйлейтін. Бір күні алдына жаңа әкелінген қымызға қарап: .– Әй, сен, мына қымызыңа су қосқан жоқсың ба? – деді. Шерияздан да Сәкеннің әзілін түсіне қойып: – Қорықпаңыз, Сәкен ағай, ауырмайсыз, қымызға қайнақ су қосқанмын, іше беріңіз, – деп әзілмен жауап қайырды. Сәкеннің сол жауапқа разы болып, қарқылдап күлгені әлі есімде. Ал кейбір тұстарында кейде тәкаппар пішін, сұс көрсететін ер мінезі де бар еді... Сәкен сын мәселесіне қызу араласқан айтыскер адам еді. Бірталай жиындарда талас тудырған нелер әдебиетшілерді айтыс үстінде өткір, адуынды сөзбен тойтарып тастағаны есімде. Жаңылмасам, 1936 жылы болса керек, ұйғыр театрында әдебиеттегі натурализмге қарсы мәселе талқыланды. Баяндамашы профессор Әзімбай Лекеров өзінің ұзын-ырғалы сөзін Сәкенді, Бейімбетті, Сәбитті бастан-аяқ мінеуге арнады, олардың ата-тегін, әлеуметтік ахуалын даттап, оларға байшылдық, ұсақ буржуазияшылдық деген бірдемелерді жапсырып бақты. Президиумда отырған Сәкен бұған шыдамады, өткір көзі ұшқын атып, баяндамашыға тура шабуыл жасады. Алдымен, ол тұста өлкелік партия комитетінің үгіт-насихат бөлімінің жетекшісі болған білімпаз сыншы, профессор Ілияс Қабыловқа қолын сілтеп сөйледі: – Әй, Ілияс, мынаны сендер ата-тегімізді қаздыруға әдейі жұмсап па едіңдер? Бұл біздің шығармамыз туралы айтпай, өзімізді балағаттап бітті ғой, тоқтат мынауыңды! – деді... Тағы да есімде, Жазушылар одағында 1936 жылы күзде Сәкеннің «Қызыл сұңқарлары» талқыланды. Азамат соғысындағы отты күндерді, өзінің ер бейнесін

елестеткен Сәкеннің бұл пьесасы, бұрын қойылса да, жаңа варианты қайтадан талқыға түскен еді. Пьесаға қарсы дау көтерушілер ішінде сыншы Ғаббас Тоғжанов та болды. Сонда Сәкен Ғаббасты бастырмалатып тастады: «Сенің бітпейтін даукес сөздеріңнен гөрі байыппен сын айтқан, дұрыс баға берген мына жас оқымысты Мұқаметжан Қаратаевтың сөзіне сенемін», – деп сөзін келте қайырды. Сәкенмен соңғы рет тілдескенім, 1937 жылдың май айы болса керек. Бұл тұста оқып есейіп қалған кезім, сөз қадірін түсінгендей болған шағым ғой, Сәкен ағайдан жоғарыда айтылған қолжазбаларды қайтып алайын деп ақынның үйіне бардым. Май мерекесі күні еді. Сәкен дастархан басында өзінің серілік досы Мәжит Дәулетбаевпен мәз-мереке сұхбаттасып отыр екен. Сәкен ағайдың ишаратымен, қымсына келіп, стол қасындағы орындыққа отырдым. Ас үй жақта жүрген Гүлбаһрам жеңгей алдыма тағам әкелді. Сәкен өздері аздап ішіп отырған қызыл шараптан маған да құйып қойды. – Газеттерде өлеңің жарияланып жүр ғой, жаза бер, оқи бер, – деп тілек сездірді. – Ұялма, жазғандарың болса маған әкеп оқы! – деп қалды. «Әкемнің қолжазбаларын және сізге берген кітаптарды қайтып алып оқысам деп едім» деп күмілжіп жауап қайтардым. Омырауын кестелеген жібек ақ көйлегінен кеудесін кең ашып, өзендей шалқып отырған ақиық ақын кенет тұрды да, терезеден асқақтап Алатауға ойлы көзбен қарап қалды, мені ұмытты ма десем, сәлден кейін бұрылды: «Ол қолжазбаларыңның ішінде тәуір өлеңдер барға ұқсайды. Кітаптарың да қымбат кітаптар, тағы бір ораларсың, түгел қарап шығайын, бәрін де қайырып беремін» – деп столға қайта оралды. Ардагер ақынның аузынан естіген соңғы сөзім осы болды. Соңғы рет, тағы бір жайда көргенім маған ұмытылмастай әбігер-үрейлі елес қалдырды. Парк

ішімен басып Сәкен келе жатыр екен. Октябрьдің бір сұрықсыз күні еді, сері ақын жайшылықтағыдай баппен алшаң баспай, сәл иілгендей ентіге жүріп келеді. Шалбарының балағын жел үрлеп, қыры сынған тәрізді болып көрінді маған. Ол кісінің беймаза кейпін аңдадым да, жақындамай басымды иіп сәлем беріп кете бардым. Қайран сабаз тауға қарап, асыға ентелеп барады. Сірә, жаңа ғана реніші көрген көңілінде өрен ойлар бұрқанып бара жатқан секілді... Әкемнің қолжазбалары өзіме оралмады, қолжазбадан да қадірмен әкемдей көрінген аяулы ақынды қайтып көре алмадым. Кейініректе, Сәкен тұрған сол қоңыр үйге ақ шашым жалбырап тәуап еткенімде, «Сұңқар туралы аңыз» деген дастан кеудемде дүбір қақты. Сол күңіреніспен тебіренген жырымды былай деп бітірген едім: Сәкеннің рухы қия-қырда, Сұңқардың қылшылдаған қияғында. Ән-күйдің ордасында, Көкшетауда, Өзімдей ақындардың қиялында. Халқымның ауызында, жүрегінде, Жырымен-жаңғырығып жүр елімде. Әлі де Альбатрос қанат қаққан, Теңіздей толқындаған бұл өмірде!

ҰСТАЗ АҒА Мен, бұл аты әйгілі жазушының дидарын тұңғыш рет 1934 жылдың май айында Алматыда көрген едім. Бұл тұста, Алматыда Қазақстан совет жазушыларының бірінші сьезі жүріп жатты. Бұл сьезге республикамызға бұрын есімдері мәлім ақын-жазушыларға қосыла, өлкеміздің шартарабынан қаламы әлі ұшталмаған мен сияқты жастар да көптеп жиналған еді. Сьезд Пушкин көшесіндегі Қазақ музыка театрында өтіп жатқан еді. Жиынға ертерек келсем, театр ауласында сырттай жүзі таныс келісті кісі бір топ жастармен шүйіркелесіп, күлдіре сөйлесіп тұр екен. Семейден келген танысым: «Бұл кісі – Сәбит Мұқанов», – деді. Бұл белгілі жазушының келбетін бұрын мен өзінің сол кезде жиі шығып жатқан кітаптарындағы өз суретінен көруші едім. Қазіргі мына көрінісінде Сәбит ағай өзгеше, жүзі нұрлы, жайдары, көзі жарқырап, бетінде ыстық қан шымырлап тұрған өте жас болып көрінді маған. Москвадан, Қызыл профессура институтынан оқып келген Сәбиттің, сірә, білім-парасаты да, ақындық шабыт қиялы да аса бір ізгі бабында болса керек. Құлпырып сөйлеп тұр. Есімі баршаға ертеден мәлім, шығармаларын өзім ынтыға оқитын бұл жазушыны мен жасы елулерге жақын бір үлкенірек кісі шығар деп ойлайтынмын. «Адасқандар» романын оқығанымда сүйсінгендіктен «Әке, бұл романыңыз маған өте ұнады» деп хат жазғаным бар. Іштей қысылып, ұялып та қалдым. «Әке» дегенім жалындап тұрған жас адам, Сәбең сонда 34 жаста екенау.

.Бұл тұста аудандық газетте қызмет істеп ысылып қалған мен Сәбит ағайға әдеппен сәлем беріп ем, ол кісі мені бұрыннан танитын адамша жай-күйімді сұрастырып, жылы шыраймен сөйлесті. Съезд мәжілістері арасындағы үзілістерде жас қаламгерлердің Сәкен мен Сәбитті айнала қоршап, әңгімелерін беріле тыңдап тұрғандарын байқаған едім. Айта кетейін, съезд мәжілісте Сәбең қазақ әдебиетінің өткені мен сол тұстағы жайын талдап ұзақ сөйледі. Сәбит Мұқановтың шығармаларын мен жас шағымнан сүйсіне оқыдым, жиырмасыншы жылдардың ақыры, отызыншы жылдардың басындағы жасөспірімдерге Сәбиттің «Сұлушаш» поэмасы мен «Адасқандар» романы айтарлықтай әсер етті. Мен сонау бала кезімде ауылда «Сұлушаш» дастанының тарауларын өлеңші жастардың домбыраға қосып, әндетіп айтқанын естіген едім. Сәбит Мұқанов отызыншы жылдардың басында қазақтың өте әйгілі ақыны және прозаигі болды. Сәбит ағамен жақсы танысқаным 1934 жылдан басталады. Бұл жылы мен КазПИ-дің бірінші курсының студенті едім. Бұл тұста республикамыздың белгілі ғалым, әдебиет қайраткерлері – Сәкен Сейфуллин, Мұхтар Әуезов, Санжар Асфендияров, Құдайберген Жұбановтар – КазПИ-де дәріс оқитын. Солардың қатарында Сәбит Мұқанов та бізге ХХ ғасырдың басындағы қазақ әдебиетінің тарихынан лекция оқыды. Қилы кезеңде революция қарсаңында өршіген идеялық бағыттағы қым-қиғаш бұл әдебиеттің ішкі сырларын, саяси мәністерін тереңірек түсіну үшін Сәбит Мұқановтың лекциялары мен секілділерге, жастарға өте пайдалы болды. Бұл лекцияларға Сәбит Мұқановтың «ХХ ғасырдың басындағы ұлтшылбайшыл әдебиет» деген ғылыми монографиялық үлкен кітабы негіз болған еді.

Жастайынан үстем таптан көп езгі көрген, жалшылықтың зардабын тартқан Сәбит Мұқанов сол қанаушы таптың жыршыларына, жоқтаушыларына саналы түрде қас та болды. Ес білген шағынан ауылдағы тап күресіне қызу араласқан, кейін марксизм-ленинизм ғылымының тап тартысы жайындағы қағидаларын оқып-зерттеп терең барлаған бұл, совет ақыны байшылұлтшыл ақын-жазушылардың шығармаларындағы кертартпа пікірлерді революциялық ағымға қарсы жат пиғылдарды өзінің мақалаларында, бізге оқыған дәрістерінде дәлелдеп жан-жақты әшкереледі. «Олар тап жауы» деген қара дүрсін айғаймен емес, бұл пікірлерін, яғни қазақтың ұлтшыл жазушыларының бізге жат шығармалары – орыс әдебиетіндегі ХХ ғасырдың басындағы пессимизмге ұрынған кертартпа ақын-жазушылардың шығармаларымен өзектес екендігін дәлелдеп сипаттады. Бір ғажабы, Сәбең бізге лекция оқығанда, сол өзі даттап отырған байшыл-ұлтшыл ақындардың өлеңдерін мүдірмей жатқа айтатын. Мен сонысына таң қалып, ұстазыма бір рет сауал қойдым. – «Сәбе, өзіңіз жақтырмайтын ақындардың жырларын қалай жаттағансыз?» – деп едім, ол кісі – «Ленин айтқан ғой, жаудың тәсілдерін жақсы білу керек – деп, және олардың өлеңдерін оқып білгеннен өзің берік болсаң, сен жат идеяға ауып кетпейсің», – деп кеңес берді маған. Мен сол тұста, кейін де: «Осы Сәбең тапшылмын деп айғайшыл болып кеткен жоқ па?» деген бейсаясат күбірлерді көп естідім. Жоқ, Сәбит Мұқанов алдымен қазақ поэзиясында өзінше, Маяковский секілді, жаңа өрнек жасаған үлкен тұлғалы ақын, қазақ совет әдебиетінде тұңғыш рет «Адасқандар», «Жұмбақ жалау» сынды келелі, тамаша романдар жазып, бұл салада бастауыш болған прозаик. Ал сын тарапында, Сәбит Мұқанов өзінің жетекшісі Сәкен Сейфуллинмен бірге, сонау жиырмасыншы жылдардың басында

әдебиет майданында белсене түскен күрескер жазушы. Сын майданына қайтіп белсене кіріспесін анығын айтсақ, ұлтшыл-байшыл ақындар советтік әр мекемеге бүркеніп орналасып алып, біріншіден, советтік құрылысты мансұқ етіп сөз гулетулерін қоймай, екіншіден, жаңа ғана қанатын қаққан советтік әдебиеттің қарлығаштарына сол байшылұлтшылдар жан-жақтан өрмек құрып, тіл біздерін шаншып бақты. Сол тұстағы газет-журнал беттерін зерттеп ақтарып, Сәкен мен Сәбитті ұлтшылардың мұқатып, әжуалап жазған бықсымаларын оқысаңыз, төбе шашыңыз тік тұрады. Революцияшыл, коммунист ақындар Сәкен мен Сәбит әдебиетте, тап жауларының мұндай тәлкегіне шыдамады, оларға қарсы ереуілді күрес ашты. Бұл тарихи жайтты біздің қазіргі әдебиет тарихшылары өздерінің жазбаларында орап кетіп жүргендігі байқалады. Партиямыз бастап жүргізген тап жауларына қарсы күрестерді, әдебиеттегі тарихи белестерді бүркеуге ешкімге жол берілмеуге тиісті және бұл жайды біздің жастар байыпты түсінсін. Сәбит Мұқанов поэзияның әсемдігі мен эстетикалық сипатына терең барлаған ақын. Бір сәттерде менімен сырласқанда өзіне жат ақындар жайын әңгімелей келіп: «Олардың арасында өте дарындылар да болды, әттең не керек жаңа дәуірді түсінгісі келмеді, өз дарынын өздері құртты, «хороша Маша, только не наша» деп орыс ағайындар айтқан ғой», – деп қалатын. Сәбең кейбіреулер ойлағандай соншама зілі қатал да емес еді, тап тартысы тыныстап, жаңа дәуірге көшкен шақта, жиырмасыншы жылдар өз елі қас болған сол ақындардың біреуін қиырдан қазіргі әдебиет айналасына шақыртып алғаны да бар. Ондағы мақсаты ақын ғой, ескі райынан қайтқан шығар, түзелер, байқайық деген еді. Бірақ бұл батыл бетбұрыстан нәтиже шықпады. Ақырында, шақырушы кісінің өзі ұятқа ұшырады...

Пролетардың ұлы жазушысы Максим Горькийді творчестволық бағытында да, жас әдебиетшілерді баулып өсіруде де, өзіне өнеге тұтқан Сәбит Мұқанов – қазақ жас әдебиет кадрларының өркендеуіне зор қамқорлық еткен ұстаз жазушы. Қазақ совет әдебиетін революциялық бағытта бастаушы Сәкен Сейфуллиннің өмір сапары ерте үзілді. Әдебиетіміздің айтулы, асқан майталмандары Мұхтардың, Бейімбеттің, Ілиястың, Ғабиттің қазақ совет әдебиетінің биік дәрежеге көтерілуіне, қазіргі үлкенді-кішілі баршамыздың шеберлікті үйренуімізге әрқайсысы өз үлгісінде көп әсер еткені шексіз. Ал, бұл бағытта Сәбиттің алатын орны ерекше деп мен батыл айтар едім. Өзінің мейірімді, кішіпейіл табиғатына орай және осы бір ізетті өзінің партиялық парызы деп білген Сәбит аға өзінен кейін қалам сілтеген жастардың барлығына қамқорлық жасап, олардың жазғандарын оқып, ақылкеңес беруден ерініп көрген емес. Бір кезде жас, қазіргі көрнекті аға ақындарымыз Асқар да, Әбділда да, Дихан да, кешегі өткен марқұм Ғали, Тайыр, Жұмағали, Сағынғали, Ғафу т.б. өздерінің нелер туындыларын Сәбит елегінен өткізіп, оның жылы қамқорлығын сезінген болар. Есіме түскен соң айта кетейін, ертеректе КазПИ-дегі бір жиында Сәбең сөз реті келгенде Әбділдаға қарап, – Есіңде ме, баяғыда Қызылордада үлкен жиында мойныңа қызыл галстук таққан пионер сені мен мойныма мінгізіп тұрып, тұңғыш жазған өлеңіңді оқытқызып едім ғой, – деді мақтанышпен. Бұл ескерерлік жайтты Әбекең теріске шығармас. Асқар, Әбділда ағалар Сәбеңді бізден бұрын, әріректен көбірек біледі. Бұл кісілер Сәбит ағаларын есіне алып, естелік жазса, кейінгі жас өрендерге қызықты да, өнегелі де болар еді. Сәбең Қазақстан Жазушылар одағының жетекшісі болып тұрған кезінде творчестволық ұйымдастыру жұмысында аса іскерлік, әдебиеттің өркендеуіне

шын жанашырлық білдірді. Ол кісі басқарған шақта жазушылар ұйымында жаңа туындыларды жиі-жиі талқылау болып тұратын. Жас ақын-жазушылардың шығармаларын Сәбең алдымен өзі оқып алатын, талқылауда өз пікірін ағалық мейірмен, бірақ батыл, айқын түрде ортаға салушы еді. Горькийден, Фадеевтен тағылым алған бұл ардагер, ұстаз жазушы ақын-жазушылардың жаңа шығармалары хақында жиындарда, баспасөз бетінде жиі пікір білдіріп тұрар еді. Кейде мен Сәбеңді сағынып күйінемін де, Сәбеңнен кейін жазушылар ұйымын басқарып келгендер тұсындағы жазушылар туралы, олардың шығармалары жайында не жиында, не баспасөзде бір лебіз білдірмейдіау! Жас дарын бір жақсы туындымен келсе Сәбең шексіз қуанатын. Оған бір мысал, қазіргі көрнекті романист Әбдіжәміл Нұрпейісов елуінші жылдарға шейін бұрын бір ауыз сөзі баспа көрмеген, әдебиет әлеміне белгісіз, қиыр түкпірде жүрген жас талап болса керек. Сәбит Мұқанов сол белгісіз Нұрпейісовтың «Курляндия» деген тұңғыш кітабын оқып, жапаннан алтын тапқандай қуанғаны, романның жақсаруына сүйсіне көмек бергені есімде. .Сәбең жазушылар ұйымына басшылық етіп жүрген кезінде, тіпті одан бұрын да, кейін де, жаңа жазған өлеңдерімізді, дастандарымызды алдымен сол ағаға оқуға асығушы едік. Кейде Жазушылар одағының сол кездегі жұпыны кеңсесінде, көбінесе Сәбең пәтерінде, мейірімді Сәбеңнің асыл жары, жан серігі абзал Мәкең жеңгейдің қою шайын ішіп отырып, жаңа жыр дастандарымызды оқи беретінбіз. Жаңылмасам, 1949 жылдың көктемінде болса керек. Москвада өтетін қазақ әдебиетінің декадасына дайындық жұмысына өзіне көмектесу үшін мені Алматыдан арнайы шақыртып алды. Бір сәтте, ресторанда тамақтанып отырғанымызда мен Сәбеңе – «Тап қайшылығын, тап тартысын біздің поэзияда

алдымен жырлаған Сұлтанмахмұт, содан кейін сіз ғой» деп қалып едім. Сұлтанмахмұт кедейшіл болғанымен, қайшылығы көп ақын, бізді, еңбекші тапты, революцияны жырлаушы алдымен Сәкен ғана», – деді тайсалмай. Мен әлденеге қысылып қалдым. 1960 жылдың жаз айында, Сәбең бастап мен және ақындар Ә.Абайділданов, Ә.Ахметов болып, Алтай, Тарбағатай атырабын араладық. Сол сапарда үлкен бір жиында Сәбең халқымыздың мәдениет өркені жайында сөйлей келіп, біздің әдебиетіміз қазір жер жүзіне мәлім әдебиетке айналды. Мен бірсыпыра шетел жерін аралап келдім. Сондағы бір сүйсінгенім – біздің қазақты бірқатар шет жұртшылық біледі екен. Қазақты шет жұртқа танытқан – «Абай» романы, оны жазған – менің ұлы замандасым Мұхтар Әуезов», – деп мақтаныш етті. Қай заманда болсын, ұлы, ірі ақын-жазушылар қарым-қатынасында, мінездерінде қайшылық, немесе бақастық секілді пендешіліктер де бола береді. Бірақ шын дарындар бәрібір бір-бірімен табыспай қоймайды, осыны кейінгі ұрпақ дәл түсінуге тиісті. .Енді өз басыма келсем – Сәбит ағаны мен сонау студент шағымнан бері әлі күнге дейін өзіме ұстаз тұтып келемін. 1934-1938 жылдары мен ҚазПИ-дің әдебиет факультетінде оқыдым. Әдебиетті жақсы түсінгенім де, өлең-жыр дүниесіне алғаш қанат қаққан кезім де осы жылдарда болса керек. Менің қаламгерлік жас қанатыма дем беруші де – Сәбит Мұқанов. Әлде менің әдебиет тарихынан харбардарлығым ұнады ма екен, әлде дарын танығыш қырағы Сәбит аға, осыдан келешекте ақын шығады деп үміттенеді ме екен, мені өз бауырына тартып, баули бастады. Менің балаң өлеңдерімді жиі тыңдап, ақыл-кеңес берді. С. Мұқановтың халықпен, еңбек адамдарымен байланысы, өз еңбек ортасынан шыққан ірі жазушының қарапайымдылығы біздерге ерекше өнеге болды. Қазақ

жазушыларының қатарында Сәбиттей республиканы көп аралап, еңбеккерлер ортасында көп болған адам жоқ та шығар. 1960 жылы Сәбит Мұқанов бастап, бір топ ақын Шығыс Қазақстан облысына творчестволық сапарға шықтық. Бұл сапарда біз Тарбағатай, Зайсан, Марқакөл, Күршім аудандарын араладық. Бұл аудандардың жұртшылығы, еңбек адамдары, шопандар өмірі бұл маңға келмеген, сырттан сағынышты, өздерінің сүйікті жазушысы Сәбит Мұқановты, дәл мағынасында ат шаптырып, той жасап қарсы алғанына мен куәмін. Күршім ауданына таянғанда алдымыздан (Сәбеңнің алдынан) алыстан бір аяулысы оралғандай, қырық қыз бен қырық жігіт ән шырқап шыққаны есімде. Бір ғажабы, барған ауылдардың ақсақал шопандарын бұрыннан танитындай, туысындай көріп солармен құшақтаса кетеді. Төбе-төбедегі жиындарда шешіле, жадырай, жұртты күлдіре сөйлеген Сәбең кешкілікті мәжілісте де отырғандарды мәз етіп отыратын. Түнде бізге арналып жатқан киіз үйде менімен қатарлас жатқан Сәбең, мен ертерек оянсам да, төсегінде жоқ болып шығады. Бақсам, Сәбең күн шыға оянып алып, сонау белестегі шопандар арасына кеткен екен. Қарасам, сол шопандармен әңгімелесіп, қолындағы дәптеріне керекті жайларды жазып отырады. Сәбеңнің бұл өнегесін ұлғайған шағымда мен өзіме тағылым етіп келемін. С. Мұқановты қалың қауымның қадірлейтінін аңғартатын тағы бір жәйтті еске ала кетейін. Сол сапарда жүргенімізде Күршім ауданының еңбекші жұрты, партия, совет басшылары Сәбеңе және бізге айрықша зор құрмет көрсетті. Олар атақты Алтай асқарының жалғасы, бір биік тауды кәдімгідей ресми қаулы алып «Сәбит асқары» деп атады. Қалың жиын, домбыралы жастар арасында атына тау сыйлаған бұл ізгі қауымға разы болған Сәбең, сөйлеп тұрып көзіне

жас алды. – Айналайын халқым, ақынға ат мінгізген, шапан жапқан талай елді көріп ем, ал ақынға тау сыйлаған сендердей жомарт елді көрген емеспін, мың рахмет!» – деп тоқтады Сәбең. Халық құрметі – халықшыл жанды осылай тебірентсе керек. Сәбиттің өзге тұстарынан бір ерекшелігі – жұрт алдында, жиындарда сөйлегенде, немесе азғана топ арасында да әңгіме айтқанда тыңдаушыларды өзіне тез баурап, тез жадыратып жіберетін. Әлеуметтік, әдебиеттік жайларды мағыналы түрде баяндай келе, кейде, тыңдаушыларды қызықтырамын деп, бір аңыз-ертегілі жәйттерді өзі беріле шертіп тым әсірелеп жіберетін де әдеті бар еді, жарықтықтың. .Есімде, Сәбеңнің бір кезде Цейлонға сапар шегіп қайтқаны ақиқат. Міне, сол сапарынан Марқакөл жағасында шалқи әңгіме шертіп тұр. – Мен, – деп кетті Сәбең, – (Цейлонда мұсылмандар да бар екен), қалың жыныс орман ішінде тұратын имамның ағаш шатырына келіп сәлемдестім, сіздерге бекер, маған шын, көргенімді айтайын, имам екеуміз әңгімелесіп отырғанда алдымызға ұзындығы 20 метр қызыл бас кесіртке іргеден жорғалап келеді... Имам дұға оқып еді, әлгі жыланнан да ұзын кесірткелер ғайып болды. .Көңілді жұртты күлдіру үшін әзіл ретінде мен: – «Сәбе, осы сіздің әлгі кесірткелеріңіздің ұзындығы Тарбағатайда 7 метр, Зайсанда 10 метр, енді 20 метрге қалай ыршып кетті, – деп қалып едім, Сәбең абыржыған жоқ, әдетінше қулана күліп, – Қалижан оның анадайы да, мынадайы да болады, – деп сөзін жалғастыра береді. .Сәбеңнің жұртты көңілдендіру үшін әсірелей айтқан мұндай әңгімелері біз үшін де қызықты еді, ондайларды естігенде масайрап қалушы едік. Сәбит Мұқановтың творчестволық асыл мұрасы халқымыздың, жас ұрпақтың игілігі болып әдебиетіміздің алтын қорында мәңгі сақталатынына

шәк жоқ. Ал менің жүрегімде ерекше сақталатын жайттар – ізгі ағаның маған көрсеткен қамқорлығы. Сәбеңнің әдебиетке ұстаздығы, жас дарындарға қамқорлығы, қызық мінездері жайында әлі талай мақала, талай естеліктер жазылар. Сәбитсіз қазақ совет әдебиетінің өсіп қалыптасуын, өркендеуін ұғыну, немесе баяндау мүмкін емес. Сәбит – қазақ совет әдебиетінің ұрығын себушілердің көрнектісі, қазақ әдебиетінің орманында Сәбит Мұқанов асқақ бәйтерек секілді, менімен бұрынғы-соңғы тұрғыластар сол бәйтеректің айналасындағы шынарларымыз. Сабаз ағаны мен соңғы рет Абай атындағы Операбалет театрының алдындағы скверден көрдім. Басында қара береті бар, үстінде жеңіл киімі бар Сәбең креслода отыр екен. Мені алыстан көріп қалып: – Әй, Қалижан, қайда барасың, бері кел! – деді. Мен әдетімше ізетпен сәлемдестім. Сәбең: – Қолыңдағың немене? – деп сұрады. Қолымдағы қалың екі папкада екі томды таңдамалы шығармаларым бар еді, оны менің 60 жасқа толуыма байланысты баспа шығармақ еді. Соны естіп білгеннен кейін Сәбең: – Қалижан, сен де алпысқа келіп қалдың ба? – деп таңданды. .– Мына жинақтарыңды маған бер, өзім алғы сөз жазайын, сенің алпыс жылдық мерекеңді өзім басқарамын, – деп маған аса бір сүйінішпен қарады. Екі томдығыма қайран ұстазым алғы сөз жазды. Бірақ тойыма қатыса алмай ертерек көз жұмды. Асыл кемеңгер ағаның, халқымыздың сүйікті ардагерінің бейнесі дәйім менің жүрегімде.

КЕҢ КЕУДЕНІҢ ЖЫЛЫ ЛЕБІЗДЕРІ І Алматының алтын күзі еді. Біз, екі балаң жігіт ол кезде Фонтанная аталатын (қазір М.Төлебаев атындағы) көшемен төмен қарай ентелеп келеміз. Бағытымыз – базар. Лепсі, Фонтан, Сауда және Гоголь аталатын көшелердің аралығында жәрмеңкедей дулы жеміс базары болатын. Біз базар ауласына кіріп бара жатқан сымбатты адамды байқап қалдық. Асыға ұмтылып сол пішіні бөлек адамды көруге құмарттық. Дәл өзі екен. Алматыға жуықта оқуға келген мен, осыдан екі-үш күн бұрын бұл кісіні Қазақ педагогикалық институтының алдынан бір көріп қалған едім. Астанаға келгеніме айға жуық уақыт өтсе де, бір көруге соншама ынтазар басым бұл адамның дидарын айқын көре алмай қапа да болғанмын. Сол КазПИ алдында бұл кісіні өзіндей аты әйгілі екі адамның қасынан байқаған едім. Ересек студенттер меңзеген еді, олар – Сәкен Сейфуллин, Молдағали Жолдыбаев және Мұхтар Әуезов екен. Тұлғалы бұл үш кісі баяу ғана адымдап, бабымен әңгімелесіп бара жатты. Алшақтау айналып, алысырақтан үшеуіне де қызыға, сүйсіне қарап өттім. Онда сәлем беруге батылым бармады. Енді міне, күңіренісі күшті шығармаларымен менің бала шағымдағы сезімдерімді тебіренткен асыл адамның қасында тұрмын. Мұхтар аға қасындағы аққұбаша әйелмен, кейін білдім, жеңгеміз Валентина Николаевна екен, жайма ларектерді аралап өтті де, өрік-мейізі бар столға бөгелді. Өзіне ынтыға қарап жаутаңдаған екі бала жігітті көзі аңдып қалды да, басын бұрып үлкен ойлы көздерімен бізге назар

аударды. Әулиені көрген дуанадай дір ете қалдым. Қипақтасам да қол қусырып сәлем бердім. Сәлемімді жылы жүзбен алды да, бізге жақындай түсті. Байқай қалдым – орта бойы, иықты, ықшам денесіне киімі де дәл қонып, жарасып тұр. Сұрғылт жүзі ашаң тартып, шықшыты мен кең маңдайынан парасаттылық әсер сездіргендей. Томағасын жаңа сыпырған бүркіттей, көзіне әбігер ойдан арылған нышан мен әрнеге ынтазарлық байқалғандай боп көрінді маған. Жас болсам да, бұл бітімі де, тағдыры да өзгеше дарынның айтулы деген шығармаларын түгелдей оқысам керек. Менің көкірегімде, зорлықшыл, қараниет билердің қатал қаһарынан құрбан болған «Қорғансыздың күні» жетім бөбек Ғазизаның, махаббат түлектері Еңлік пен Кебектің аянышты тағдарлары дәйім кетпестей орнаған еді. Сол жұртты сүйсіндірген тамаша туындылар тарапында ерсілі-қарсылы жазылған сындармен де біраз таныспын. Оның үстіне, бұл кісіге таңырқай, немесе ерекше бір пейілмен қарауыма тағы бір себеп бар еді. 1932 жылдың июнь айында «Социалистік Қазақстан» газетінің бетінен Мұхтар Әуезовтің «Ашық хаты» деген, біздей жастарды ойға қалдырған сыры өзгеше хабарды да оқыған едім. Ол шақта мен білімім шала болғандықтан, көркем шығармалардың мазмұнынан әрірек жатқан тұңғиық бір сырларын ұғынбаған да шығармын. Бәлкім, сондықтан да болар, өткен замандарда жұртымыз соншама қасірет-қайғымен, басынан кешкен ескі ауылдың шындық сұмдықтарын жан түршігерлік бағытта соншама терең әшкерелеген әзіз дарынды сыншыларымыз неге түсіне қоймады екен деп қынжылатын да едім. Сондайлықтың сілемдерін көрген асыл жазушының жүзінде жүдеу не кейіс жоқ секілді. Томағасын ағытқан тарланның жүзі ширақ, адымы бекем көрінді. Ал, маған бір батагөй сынды көрінген Мұқаң 35 жаста ғана екен. Мұқаң біздің қайдан келгенімізді, нендей мұрат-

мақсат көздейтінімізді де сұрастырып кетті. Менен үш жас кіші Төлеутай әдеппен үнсіз тұрды. Ал мен әдебиеттен білгендерімді және осы кісінің өз шығармаларымен таныстығымды сәл күмілжіп жеткіздім. Содан кейін: .– Мен малбағушылар институтына оқуға келдім – дедім. .– Әдебиетке құмар екенсің, талабың бар көрінеді, КазПИ-ге түскенің мақұл еді, – деп маған үлкен ойлы көздерін тоқтатып қалды... ІІ 1934 жылдың декабрі болса керек. Қазақ педагогика институтының аудиториясында енді мен сол атағына құштар адамның өзінен дәріс тыңдап отырмын. Сол жылдың күзінде-ақ малбағушылар (қазіргі Зоовет) институтынан жылысып, өзімнің Керекуіме қайта оралғанмын. Жазған бірлі-жарым желдірме өлеңдерімнің жебеуімен ауданық газетте бір-екі жыл қызмет істедім де, отыз төртінші жылдың күзінде Алматыға келіп КазПИ-дің әдебиет факультетіне оқуға түстім. Айтқандайын, сол жылдың июнь айында мен қазақ совет жазушыларының бірінші съезіне делегат болып қатыстым. Бүкіл Павлодар атырабынан «емге табылған» мен болсам керек, саусақпен санайтын шамалы жырларымның арқасында әдебиет өлкесіндегі қасқа мен жайсаң бас қосқан жиынға қатынасқанға өзімді бақытты санаймын. Сол жиында Сәкен, Сәбит, Бейімбет, Ілияс, Ғабит сынды ағалардың өнегелі сөздерімен Мұқаңның да шешіле, кеңінен толғаған лебізін де тыңдаған едім. Енді міне, білгір жазушы ұстаздық мінберде сөйлеп тұр. Тыңдаушылар, бірінші курстың студенттері жас жағынан да, білім дәрежесінен де ала-құла болатын. Мен әдебиеттен өзімнің аздап болса да мағлұматым барлығына мардымсындым ба қалай, сөйлеп тұрған Мұқаңның тап алдында, бар

ынтамды аударып қадала қалыппын. Осыдан екі жыл бұрын көргенімдегідей емес, сондағы ашаң, қуқыл жүзі қоңырқайланып, бас бітімі де толымданып кеткен секілді болып көрінді маған. Дөңес, кең маңдайы жазыла түсіп, қағазға қарамай, толғана сөйлегенде, бұл кісіні мен баяғы Платон мен Аристотельдердің бірі ме деп қала жаздадым. Дәріс тақырыбы – қазақтың ерлік жырлары жайында еді. Мұқаң толғап тұр – бағзы замандардан бері әр қилы халықтардың ертегі-жырлары бір асулы кезеңдердегі айбынды әміршінің немесе қолбасы батырдың есіміне, дәуіріне тоғыса туады. Арабтың ертегі-жырлары көбінесе Арун-әл-Рашид халифаның есіміне орай туса, орыстың бір сала аңыз-ертегілері айбарлы патша Иван Грозныйдың төңірегіне топтасады. Қазақ топырағына келсек, көптеген аңыз, ертегі жырлар әз Жәнібек пен Тоқтамыс ханның дәуіріне түседі. Ал батырлар жырлары – Қобыланды әр қилы жырларда, аңыздарда аты аталатын – аға батыр іспетті, – деп әрі қарай топшылап кетті... Әлбетте, толғамы да, тілі де өз орамы, өз өрнегімен өзгеше айтымы бар шешеннің сөз нақышын қалпынша келтіріп айту қиын, дегенмен, сондағы сөз мазмұны осылай еді. Қобыланды жырының тарихы, тумысы тарапында сөйлей бастағанда бір сәтте мен, албырт кезім ғой, әлде аздап білгендігімді сездіріп қалайын дедім де, батылдық жасап: .– Қараспан тауын сол тұста шапқан ешбір жан жоқ секілді. Қараманға елігіп Қобыланды өз бетінше неге Қазанға шаба жөнелді? – деп қалдым. Парасатты көздерін маған аударды да Мұқаң: – Жырдың өзі халықтың қиялынан туған ғой. Халық өз арманына орай, ежелгі жауынан кек алуға өз батырын жұмсап отыр. Бұл жайлы кейін кең тоқталмақпын – деп, әрдайым дәлдікті сақтайтын, өнегелі ұстаз сағатына қарады. Сабақтың соңы еді. Бейсауат сауал қойып, ұятқа қалдым-ау деп қипақтаған пішінімді

сезген Мұқаң: .– Шырағым, уақытың болса, менімен бірге жүрші, – деді маған. Алматыда ол кезде трамвай, троллейбус деген көліктер жоқ қой, Мұқаңмен жоғары жаяу өрлеп келеміз. Жолшыбай менің хал-ахуалымды сұрап алды... Мұқаңның ол тұстағы тұрған үйі Өзбек көшесінің жоғарғы орамдарының бірінде екен. Мені үйіне ертіп келді. Үлкен жазушының жұмыс бөлмесі әрі суық, әрі шағын. Шағын бөлмені тарылтып тұрған қабырғаны бойлаған сөре-сөре кітаптар. Мұқаң сол сөрелердің бірінен араб әрпімен басылған журналды маған ұсынды: – Мынау «Таң» журналы. Осының ішінде менің Қобыланды хақында жазған – «Ел қиялының ұлы арманы» деген мақалам бар. Соны пайымдап оқып шық, кейін бұл жайында курста баяндама жасарсың. Бір кезде Ташкентте шыққан бұл журналды бұрын да оқып көрген едім, ардақты адам оқы деп ұсынған соң қуана қойныма бастым. Менің атымды сұрап біліп алған: – Қалижан, жақсы әдебиетші боламын десең – көп оқы, халқымыздың тарихына байланысты кітаптар аз да болса бар, оларды қауым кітапханасынан сұрастырып тап, – деді де академик Бартольдты қоса бірнеше авторлардың есімдерін атады. Бұл бір сәтті шақ – кемеңгер адам тарапынан маған деген ұстаздықтың бастамасы еді. Әлі шалағай, мен секілді бірінші курстың студентіне айрықша назар аударғанына мен ерекше қуандым да, піріне қол тапсырған пірәдардай, жатақханаға күпініп қайттым... ІІІ Әдебиетке, ғылымға қабілеті, ынтасы бар жас талаптарды айырып тану, оларды демеу – Мұқаңа біткен ұлылықтың бір қасиеті. Талай жас ақын-жазушыларды,

талай жас оқымыстыларды да кемеңгер жазушы өнер мен ғылым қиясына жебегені белгілі. Дарынды мен білімдінің сәл де болса сәтті тапқырлығына сүйсіну сияқты ізгі өнегесін өзім білген ұзақ жылдарда Мұқаң бойынан көп-көп аңдаған шығармын... Ұлы жазушының бұл абзал тәлімін бір төбе тұстастары мен қазір өркені өскен шәкірттері әлі талай еске алар... 1938 жылдың май айы болса керек. КазПИ-ді аяқтар шақ еді. Профессор Мұхтар Әуезов менің дипломдық жұмысыма «Қобыланды батыр жырының тарихи негіздері» деген тақырыпты ұйғарды. Мен көптен көңіл аударып жүрген бұл тақырыпты аз уақыт ішінде өзімше топшылап, жедел жазып тапсырдым. Бұл студенттік жұмысты жазар алдында, Мұқаңның ақылы бойынша, академик Бартольдтің Орта Азия, Жетісу халықтарының мәдениеті жайында жазған еңбектерімен танысқан едім. Солардың бірінен айналасындағы жұрттармен жауласқан Ғазан мен Қубек бектің есімдерін кездестірдім. Қобыланды жырындағы Қазан хан мен Көбікті сірә осылар болмас па екен деп, жорамал жасадым да, осы ойымды әлгі дипломдық жұмысыма қыстырып жібердім. Сол студенттік жазбамды қарап шыққан Мұқаң кейін: «Бұл жорамалың әлі де дәлелді керек етсе де, батылдық, солай іздене бер, сенің әдебиетші ғалым болуға қабілетің барға ұқсайды», – деп айтқаны әлі есімде. Ғазан хан жөніндегі бұл пікірімді мен екінші бір ұстазым Сәбит Мұқановқа қосыла құрастырған әдебиет хрестоматиясында да кейін қайталаған едім. Мені әдебиетке жебелеген екі ұстазым – Мұхтар Әуезов пен Сәбит Мұқанов сол 1938 жылдың май айында менің Жазушылар одағының мүшелігіне өтуіме де сеніммен кепілдік берулері мені өлең-жыр өрлеріне қанаттандыра түскен ізгі жолдама іспетті болды. Ұстаздық етуді өзіне табиғи шарт тұтқан бұл дарын жас талаптылардың шығармаларына мейіріммен,

қамқорлықпен назар аударғанын біздер көбірек сезінген едік. Қамқорлық – тек жебеу ғана емес, әділдік, терең талғам төрелігі. Бұл тарапта менің «Батыр Науан» атты поэмам хақында Мұқаң сездірген түйінді пікір есіме орала берді. 1940 жылдың көктемі болса керек. Жаңа ғана жазылған сол дастанымды Мұқаңа оқып беруге асықтым. Менің қаламдас достарым бұл шығарманы әжептәуір мадақтап, мені желіктіріп те қойған еді. Бұл тұста біздер жас ақын-жазушылар Мұқаңның айналасында зор бәйтерек қасындағы шынарлардай бұлғаңдап, етене үйір болып кеткен едік. Сондай мейірмен Мұқаң үйіне еркін ендім. Бұл кезеңде ол кісінің жаңа қонысы Калинин көшесіндегі аумағы кең, еңсесі биік әсем үй болатын. Жылы жүзбен қабылдаған Мұқаңа дастанымды желдірте оқып шықтым, ілтипатпен тыңдаған ол кісі ойға батып, сәл іркіліп қалды. Аздан кейін: – Төркіні қиын тақырыпқа батылдық жасаған екенсің, Қалижан. Қазір бұл бағдармен көтермелеп жатса да Кенесарының басы даудан аршыла қояр ма екен? Әлгі бір атышулы пьесамды қайта түзетуге менің батылым жетпей отыр. Әдетінше мұрнын сипап, естірте сәл дем шығарып алды да: – Науанға орыс офицерін дүрелетіп қоюың да сөкет сияқты. Ел намысын әпербақандық әрекетпен шешпес болар, сірә... тегінде байқа, басқа сарын қайталанса – дастаныңа көрік бермес, тарихи тақырыпқа терең толғам, сақ көзқарас керек болар, – деп ойлы, үлкен көздерін маған қадады. Жиындарда байқаған едім, асыл туындыларын түрлі саққа жорып, әлдекімдер сынап жатқанда бұл кісі бар тебіренісін ішке тартып, үнсіз күреңіте қалатын. Қазір, бет-әлпетінен сондайлықты сезе қойдым. Мақтау күткен мен абыржып қалдым, поэмамды бүктеп алдым да: .– Кешіріңіз, ойланайын, – деп үйден шығып кеттім. Қараңғы кеште көшеде келе жатып ойға қалдым. «Бұл

ақылшым не деп кетті? Әлде ұшқары жырладым ба? Даулы кейіпкерге бекер ұрындым ба?» «Жоқ табаны тасқа тиген тарланның әншейін сақтықпен ескерткені шығар бұл, қайткенде бастырып шығаруым керек». Кешікпей дастанымды аз ықшамдадым да, «Тарту» деген жалпы жинаққа қосып жариялатып жібердім. Жалғыз бұл жайт емес, Мұқаң тұлғасының ұлылығына қарамастан, өзінен кіші талаптыларды өзінің творчестволық арнасына тартуға батыл еді. Бұған Әбділда мен Әлжаппармен қосыла жазған пьесалары, кейбір жас ғалымдармен бірлесе жазған мақалалары дәлел. ІҮ Ұлы адамға лайық қасиет – жас ақын-жазушылардың көк өрім шығармаларың өсіп-жетілуіне кеңес, тағлым берумен ғана шектелмей, Мұқаңның жас талаптыларға тікелей қамқорлық жасайтыны, қиындыққа душар болғандарға жанашыр аға болғандығы зор өнеге еді. Өз өмірін жыр етпегенде, өзінің тамаша туындыларында ғашықтықтың сырлы пернелерін тебіренте шерткен бұл сабаз, кейде біз секілді жастармен әзілдескенде: .– Әр кеудеде бір жұмбақ махаббат болар, тұйық сыр бар, соны сыршылдықпен әсем ағыта білген ғанибет, – деп өз жүрегіндегі бір құпия түйіндерді сездіргендей болатын. Мұқаң көптеген ақын-жазушыларға, мұқтаж болып қалған жағдайларда, өзінше дербес литфонд секілді болды. Бұл жәйтті қазіргі көзі тірі, сақаланған ақынжазушылар да құрметпен еске алар. «Бір шығарма жазып жатырмын, қаражатым жетісе алмай тұр» дегеннің Мұқаң меселін қайырмаған болар. Ұстаз аға тарапынан мұндай мерейді өз басым аз көргем жоқ. 1945 жылы Орта Азия әскери аймағында саяси

қызметте жүріп келген мені әскери, саяси басқарма майдан тарапында қызмет атқаруға жіберді. Сапар жолында Москваға тоқтадым. Одақтың жазушылар ұйымының кеңсесінде Мұқаңа кездесіп (әкемді көргендей) қуанып қалдым. Жылы жүзбен, сағынышты сезіммен жайдары рең білдірген Мұқаң: .– Өзің баяғы Шоқан кезінің офицеріне ұқсап қалыпсың. Бәлі, мынау киімің де өзіңе қонып тұр. Ташкентте әскери газетте қызмет істейді деп естіп ем. Хат жазуды да машық көрмейтін әдетің бар екен. Ал, қайда бет алдың? – деп жай-күйімді сұрастырып кетті. Баратын бетім сірә Польша, Чехославакия жерлері болса керек деп, жайымды түсіндірдім. – Жүр, Қалижан, тамақтанып отырып әңгімелесейік, – деп Мұқаң мені сол ауладағы ресторанға апарды. Ол кісі өзі сөйлеп кетті: – Халық өте хош көңілді. Майдан алауының, жеңіс отының ыстық лебі ескендей көше-алаңдардағы жұрттың бәрі-бәрісі мәз-мейрам. Жеңіс таңы жарқырай бастағанына шек жоқ. Ал сен бір қызық шақта сапар шегіп барасың. Сәтін тауып Европа шаһарларын мол арала, ел-жұртын танып, біліп қайт. Жыр-дастан жазуға, зерттеуге көп жайларды тоқи бер... – деп ақыл айта бастады. Сөз арасында қыбын тауып: .– Көп жерлерді кезуге қаражат жетпейді! – деп қалдым бұл кісінің ықыласын аңдып отырған мен. Әдетінше мұрнын бір сипап қойды да: – Әлбетте, қаражатсыз саяхат шегу қиын ғой, қалтамда молдық та жоқ еді, мың сом берейін, жолыңа, соны ұқсатып жеткіз, – деді. Қуанғаннан «Алақай!» деп айғай салғым келді, Мұқаңның қасқа маңдайынан ұшып тұрып сүйіп те алмақ едім, ұятсындым, рахметімді сірә, жеті рет қайталаған шығармын. Көшелерді біраз аралап, әңгімелескеннен кейін дана қоштасарда маған, үлкен көзін қадап:

.– Жолың болсын, Қалижан, жеңіс қызығын майдан оттары сөнген жерден тойлап қайт. Маған хат жазып тұр, мол-мол жырмен орал. Ұлына бата берген қариядай қолымды қысты. Мен ұлы адамның мархабатмейіріміне бөленген ыстық әсермен, жеңіс парадына қатысқан жауынгерше алшаң аттадым. Аз уақыт өткеннен кейін, барған атырабымнан көріп білген әсерлерімді білдіріп, Мұқаңа хат жаздым. V Атақ-даңқы әлемге жайылса да ардагер жазушы кішіпейілді де, кейде кенет білінетін баладай сәби мінезділігі бар еді. Мұқаңның бұл қасиеттерін әлі талайлар шежірелеп айтар. Есімде қалған бір-екі жәйтті жаңғыртайын. Елуінші жылдардың басында менің «Мариям Жагорқызы» дастаным жарық көрді. Сол поэманың эпилогында: Бұл үйге бәріміз де келгенбіз де, Құмартып әсем әнге, сән лебізге, Мүсіркеп махаббатты тұрды мұнда, Мұқаң мен Валентина жеңгеміз де... – деген жолдар бар еді. Поэмамды оқып шықса керек. Жазушылар одағына сол күндері бара қалып едім. Парасатты жүзінде жайдары шуақ ойнап Мұқаң: – Бәрекелді, Қалижан, дастаның сәтті шығыпты, қуанып қалдым, Валентина Николаевна екеумізді де дастаныңа қосымша кейіпкер етіп алыпсың. Орынды тапқансың,– дей, мейірлі лебіз білдірді. Мұқаң сол болымсыз төрт жолға неге мән берді деп, кейін ойлансам – алдымен өзінің сол бір жылы сөзге балаша мәз болатыны да шығар, екіншіден, әз аға өзінің асыл жарын, аяулы досы Валентина Николаевнаның арасындағы айнымас махаббат та – Дудар мен Мариям Жагорқызының ғашықтығындай өзгеше бір

абзалдық барын разылықпен түйсінген де шығар. Ұстаз жазушының артынша «Мәлікке жауап» деген мақаласында менің бұл поэмама ерекше жақсы баға бергенін де, мен әлі күнге мақтаныш етемін. Пәк көңіл, сәби мінезділігі емес пе? Америкаға саяхат жасап барған бір сапарласы Мұқаңа төрт ауыз өлең арнапты. Мұнда тұрған ешқандай ізеттілік жоқ секілді. Сол аударманы оқыған Мұқаң маған телефон соғып: .– Қалижан, бәрекелді, дән риза болып қалдым. Шипачевтан да, сен сөзіңді жандандырып жіберіпсің, – дегені ғой. VІ Қалам ұстаған біздердің көбіміз үшін, алуан саладан айдыны кең білімі бар Мұқаң бір энциклопедия еді. Өз басым, сонау шәкірт болып, дана ұстаздың дәрістерін тыңдағанда да, мәңгі жасайтын асыл туындыларынан да, келелі кеңестерде толғаған парасатты сөздерінен де көп-көп білім, ізгі тағылым таптым десем – асылық емес. Өз халқының тарихынан, сөз өнерінен, ғылым өрісінен мұнарадай мұра соққан бұл шаһбаз өзге халықтардың тарихын, әдеби қазынасын терең барлаған кемеңгер еді. Сәті түсіп бір жылы мен Мұқаңа еріп Фрунзе қаласына бардым. Атақты «Манас» эпосы жайында, оның түрлі нұсқалары хақында қырғыз әдебиетшілері екі ұдай пікірде, екі жақты таласта екен. Қырғыз академиясының үлкен залында қайран Мұқаң тереңнен толғана, тау суындай ексімдеп, ағытыла жөнелді. Қырғыз зерттеушілеріне ғылыми, тарихи әділ төрелік айтып, бір тұжырымға келтірді. Айтысушылардың бірі, қырғыздың белгілі жазушысы Түгелбай Сыдықбеков оңашада маған: – Мына қазақтың қас қыраны Алатаудың қиясына самғап шыға алды да, шоң эрудициясымен айтысқан

екі жақты бірдей бұқтырды-ау. амал не, төрелігіне жүгінеміз де, – деп, сүйініш білдірді. Қырғыз халқының ұлы қазынасы «Манасты» Мұқаң жан-жақты терең барлағаны өзінің белгілі мақаласынан де сезіліп тұр. Біз бір топ ақын, алуан уақиғалы Манас жырын қазақ тіліне аударған едік. Мен аударушыға қоса құрастырушы да едім. Мұқаңның белгілі, көлемді ғылыми мақаласын сол кітапқа алғы сөз ретінде жіберуге ұйғардық та, келісуге Мұқаңның үйіне бардым. Жазу столында отырған Мұқаң орнынан тұрып мені жылы жүзбен қабыл алды. – Мақалаңызды алғы сөз есебінде жіберуге хилап емессіз бе? – деп едім бұрын мұндайын баспадан шығара алмай жүрген біреудей, кәдімгідей жайдары тартып қуанып қалды. – Бұл мақаланы орысша жазып едім, қазақшаға Айқын Нұрқатов аударды. Жариялағандарың әбден мақұл. Ал, өздерің «Манасты» еркін меңгеріп аудардыңдар ма? Біздің батырлар жырларындағы сөз орамдарға дәл келетін ұқсастықтар көп. Осыны сақтағайсыңдар, – деп ескертті. Әлденеге сәл ойналып қалды да: – Аудармаларыңды өзім оқып шығар едім. Шымкент атырабын аралап келген едім, ішкі сарайымның бір жеріне «сүйел» шыққан деп отыр дәрігерлер. Ертең емханаға түспекпін, - деді. Мұқаң Москвадағы Боткин емханасында жатқанда көңіл сұрап барғаным бар. Одан жазылып шыққан еді. Сондай бір өткінші сырқат шығар деп, сорлы басым Мұқаңның «сүйел» дегеніне мән бермеппін... қайтыс боларынан бір-екі ай бұрын мен Мұқаңның үйіне барып, сүйінші сұрағандай-ақ. .– Мұқа, мен машина сатып алдым, – деп дүние, үйге мақтаныш айтып қалып едім, – Кәне, көрейін, – деп есік алдына ере шықты.

.– Бәрекелді, құтты болсын! Өзі ақындарға лайық аспан түсті екен, қызығын көр – деп сәл бөгелді де, – сен мұнымен қалада көше кеземін деп елікпе, жержерді арала, кең даланы шарықта, ел көр, жер көр! Ел тірлігін, жер сипатын көп көрсең – жазғандарың да мәнді-мәністі болады, – деп маған қоштасқандай қолын бұлғады... .Халқымыздың төбесіне алтын айдардай болып біткен ұлы адаммен, дана ұстазбен бұл соңғы қоштасуым екен... .Ардақты Мұқаңның өз үйінің ауласына қойылған азалы табыттың қасында тұрып, мен былай толғандым: Көтеріп құз қайғыны тастар едім, Болмаса құздан биік асқан ерің. Әлемге қазақ даусын таратып сен, Далама даңқ берген асқар едің. Бағына, ел-жұртымның талайына, Сен ұқсап туған едің Абайыма. Халқымның мақтанышы, ардагері, Атыңды бүркемекпін қалай мұңға? Жырлаймын дірілдетіп қаламымды, Тебірене және мақтан дала күллі, Көтеріп асыл сөздің мұнарасын, Дауылдап жазығында дана тынды, Сол сұлу мұнарадан сырлар тарап, Жөнелер ғасырларға жыр арқалап. Жұлдыздай қатар жанған төбемізде, Асқардан Абай, Мұхтар тұрар қарап...

ҚАЗАҚ ПОЭЗИЯСЫНЫҢ ӨНЕГЕЛІ ҰСТАЗЫ Сағындырған ақын 1940 жылдың күзі болса керек, біз, үш ақын астанамыздағы бір көшемен тауға қарай өрлеп келе жаттық. Алатау асқарларына жаңа ғана жауған аппақ қар биік құзға күндегідей өзгеше айбын беріп тұр еді. Біз мәңгі жаңарып, айбат шегіп тұратын асқарға таңдана қарадық. Сол бір ғажап, сұсты көрініс әсер етті білем, қасымдағы бүркіт сынды, өр қабақты, әрқашан сергек ақын: Ақшалап басын қар көміп, Аспанның төсін арда еміп, – деп бастады да, әлденеге селт ете қалғандай, кенет кідіре қойды. – Бастадың ғой, Тайыр, енді бөгелме! – деді, сол жаңа ғана жауған ақша қардай шашы ақшаланып қалған үлкеніміз Ғали. Тәкең әдетінше айналаны бір шолып алды да, қарлы асқарға қарап өлеңдете жөнелді: Ақшалап басын қар көміп, Аспанның төсін арда еміп, Анасындай алтын күн, Сел жіберіп, бір жауып, Жел жіберіп бір желпіп Ауық-ауық құшақтап, Әлсін-әлсін нұр сеуіп, Есейген асқар Гималай... Сол күннен нұр ала алмай,

Басы мұнар, бауыры қар, Гималай, асқар неге олай? Өлеңді дәйім асқақтап шалқи оқитын Тәкең соңғы бір жолдарда дауысын дірілдете, бәсеңдеткендей болды. Жанымызды тебіренткен осы әуенге Ғалекең екеуміз де еріксіз қосылып кеттік... Сол тұманнан шыға алмай, Жүрегі қара, көзі көл, Гималай сорлы сор маңдай... Біз, үш ақын бұл тебіреністі жырды баяу ғана толғанып жырладық. Сол бір күздерде осы даңқты жырды айналаға ақынның есімін естірте айтуға біздің хақымыз да жоқ еді... Бірақ құдіретті жыр бізді өзінің шерлі әуенімен қозғап кетті. Гималай сорлы, сор маңдай! – деп тебіренгенде үшеуіміздің кеудемізде сол бір толқынды жырдың иесі – ардагер ақын Ілияс Жансүгіровтің аруағы күңіреніп тұрғандай еді. Бірақ сол есімді естірте атамадық. .– Шіркін, ақын еді ғой, – деді Тәкең, асқар тауға қадала қарап. Ол тау басындағы бұлттар арасынан ақын ағасын аңсап, іздегендей болып көрінді маған. Менің көзіме де әрқашан терең сабырлы, парасатты ақын зор тұлғасымен елестей қалды. Қазақстан совет жазушыларының бірінші сьезінде Ілекеңнің баяндамасын тыңдап, тағылым алған мен кейін ардагер ақынды жиі көріп жүрген едім... Тайыр Жароков пен Ғали Ормановтың өздері де сол тұста аға ақын болып танылған кездері. Бұларға іні – менімен қанаттас ақындар – Жұмағали Саин, Дихан Әбілев, Қасым Аманжолов, Қапан Сатыбалдин, Абдолла Жұмағалиев болып біздер поэзиямыздың жаңа

бет алысы, өнеге дәстүрі жайында көбірек сырласатын едік. Жақсы өнеге тұтқан аға ақындарымыз Сәкен, Сәбит, Бейімбеттер өлең өренінен гөрі прозаға ойысып бара жатты сол кезде. Саяси-әлеуметтік әуендер біздің өлең-жырларымызға жақсы дәстүрмен өрістеген шақ. Бұл бағытта біз секілді кейінгі толқынға Сәкен, Сәбит, Бейімбеттер өз ықпалын күштірек тигізген еді. Отызыншы жылдардағы қазақ поэзиясы күнделік науқанға үн қосқан, дулы, екпінді поэзия болды, қасиеті де осы нәшінен табылды. Совет жазушыларының бірінші сьезінен кейін поэзия өнерпаздары өлең-жырда жаңа көрік, бейнелі сыр іздене бастағандығын байқадық. «Трактор тыр-тыр» деген секілді ызыңдардың сауатты оқырман жұртшылықты жалықтырғандығын сезген еді сөз жүйріктері. Поэзияда сол тұста, алдымен, бейнешілдік, сыршылдық тапшы еді. Жалаң үгіт, сырдаң сөзуарлық басым еді. Біз, жастар қазақ поэзиясында бейнешілдік пен сыршылдықты терең толғаныспен ізденуші – алдымен Ілияс Жансүгіров екенін өзара сүйсіне атаушы едік. Қазақтың сөз қасиетін барлайтын майталман ақын Ілияс өзінің «Дала» дастаны арқылы поэзия даласында жаңа самал соқтырып өтті. «Дала» поэмасының әуеніне, тіл орамына, толғауы толғанысты мәніне ере сол тұстарда жазылған дастандарды, толғауларды еске түсірсек, Ілиястың өнеге дәстүрін бірден байқар едік. Тегінде, Ілияс Гималайдай ақындық шыңға қиын, қилы ізденістен, қия қырлы айналыстардан кейін келіп шыққан секілді. Байқасаңыздар, Ілиястың күнделікті әлеуметтік тақырыптарға арналған өлең-жырлары, кейбір сол сарындағы дастандары да өзімен тұрғылас Сәкен, Сәбит, Бейімбет немесе өзіне өкшелес Асқар, Тайыр, Ғали, Әбділда сынды ақындардың сол тұстағы шығармаларынан ерекше емес, Ілиястың сол іспетті өлеңдерінде де қыздырма қызыл сөздер басым келетін. «Гималай» қазақ поэзиясында нажағайдай жарқ етті.

Біз секілді өлеңқұмар жастарды бұл жырдағы ғажап бейнешілдік, әсерлі теңеулер қайран қалдырды. Шығыс еңбекшілерінің империалистік құлдыққа қарсы оянуы секілді терең мәнді саяси тақырыпты шебер ақын қандай әсерлі бейнелермен, тебіреністі сөзбен жырлай білген! Сол жыланнан жылжымай, Қабағы жабық, қаны арық, Гималай сорлы, сор маңдай! Бұл өлең Ілиястың қаламдас тұстастарына, талапкер інілеріне ерекше әсер еткенін байқадық. Өзі де келелі ақын Тайыр Жароков, Ілияс шеберлігін айрықша қадірлейтінін мен талай аңғарған едім. Тайырдың кезінде дулы атаққа ие болған «Күн тіл қатты» поэмасында Ілиястың «Гималайдағы» сөз өрнегі, үндеу әуені барын мен сүйсіне сезген едім. Өзі тамаша ақын бола тұра Тәкеңнің «Шіркін ақын еді» дегенінде Ілиясты зор өнеге тұтып, ерекше қадірлеген лебізі бар еді. Жоңғар Алатауының бауырынан Ілиястан кейін қанат сермеген Ғали ақынның да сөз кестесінде, Ілиясша өрнектеу барлығын біз сол тұста байқаушы едік. .Поэзиямыздың асқан шебері, ардагер ұстаз ақынды біздер бұлтты жарып шығатын қырандай сағына күткен едік... .Аз жылдардан кейін ұлы ақын өшпес жырларымен поэзиямызға қайта оралды. Мен сол бір қуанышты сәтте былай деген едім: Осы бір тебіренген арнау жырда – Толғанды тұнып жатқан арманым да. Бозінген айрылғанда ботасынан, Күйші де күңіреніп қалмады ма? Сол күйші құдірет бар бармағында, Қу шекті құйқылжытқан зар қағуға,

Үнсіз мен қиялдадым кете ме деп, Қайран күй өсек-жала қармағында? Кеудеме ұялатып күй-әніңді, Қандырып кеттің жырға құлағымды. Сол бір күй жаңғырсын деп, іздеп едім Ізіңді, мініп «Ақсақ құланымды», Жайнатты жылдар гүлдеп қиял-қырды, Күйшінің даласында күй ағылды. Жас түлек, албырт ойлы қақты қанат, Жұртыңның жүрегіне құя жырды. Өлеңнің, ұмтылғанда, қала өрін, Шын жүйрік қайдасың деп қарап едім, Күтуші ем ұшқыр уақыт бәйгесінен Озып бір оралар деп «Құлагерің», Уа, жырым, жұлдыз боп жансын, бұлт күйінсін Халқыма қуанышты бұл сүйінішім. Жаямын поэзия құшағын мен. Кел, ақын ардагерім, келші, күйшім! Советтің сылтыңы жоқ ақынымын, Ақиқат сырым және батыл үнім. Тірілді өлең-жырдың аяулысы Қасыңа шақыр аға, шақыр інім! Жырыңмен жаңғырығып тудың тағы. Қайрылып «Азат» күйі шертілгенде Матайда қобызшы шал қутыңдады. Жырларың өмір үні, жұрттың бағы, Күйшісің, - коммунистік марштарға Сол жырың даңқыңа дақ жұқтырмады...

АСҚАН ДАРЫННЫҢ АҚЫНДЫҚ ЕРЕКШЕЛІГІ Тарихи әлеуметтік күрес кезеңдерінде халқына жаршы болған, батыл дабыл қаққан азамат ақындарды біз әрқашанда айрықша бағалап, алдымен атаймыз. Қазақ совет поэзиясының тарихында бұл бағытта Сәбит Мұқановтың алатын орны ерекше екені талассыз. Қазақ даласында революциялық асқақ әуенді алғы сапта бастаушы Сәкен болса, кейін бұл рухтағы қазақтың өлең-жырын өрлетуші, қалыптастырушы Сәбит екенін біз құрметпен есте сақтауымыз керек. Уақытқа белсенді жыршы болу тарапында бұл екі дауылпазға үн қосушы, азаматтық әуенді қостай шырқаушы ақындар аз болған жоқ. Ұлы ақындардың дарындылық қасиеті, поэзиядағы алар орны шығармаларының бір ғана әлеуметтік мәнісімен анықталмаса керек. Бұл тұрғыдан қарағанда, мен өз басым Ілияс Жансүгіровты қазақ поэзиясында, Абайдан кейінгі аса дарынды, ерекше ұстаздық өнегесі бар, кемеңгер ақын деп бағалаймын. Өлең өнерінің бұл сиқырлы-зергері жасаған ғажайып туындыларды біздің сыншы-зерттеушілеріміз поэтикалық мүсіндері, әсемдігі жағынан әлі де сипаттай алмай келеді. (Бұл ретте филология ғылымдарының докторы Мырзабек Дүйсеновтің «Ілияс Жансүгіров» атты күрделі монографиясын ғана атаған жөн. Мұнда Ілияс поэзиясының ерекшелік қасиеттері жан-жақты сипатталған.) Жасынан өлең жұлдызына құлшына қол сермеген Ілияс 1921 жылы туған мекені Ақсудан сонау Ташкенттегі баспа орнына өзінің екі дәптер өлеңін

жолдап, жазған хатында «Абайдай болмасам да, мен қиыр түкпірден өлең өнеріне талпынған бір жаспын» дей келе, бұрынғы-соңғы өзге ақындарды емес, тек Абайды ғана нысана тұтатынын ескертеді жас дарын. Ілиястың жас шағында, жиырма жастағы кезінде жазған «Балдырған», одан кейініректе (1919 жылдары) топтастырған «Қызыл жалау» екі өлең дәптерін Алматыдағы Пушкин атындағы кітапханасынан алғаш тауып әкелген мен едім. 1957 жылы атақты ақынның өз көзі тірісінде жарияланбаған, ешбір зерттеушіге мәлім емес бұл екі дәптерді мен қуанышпен Ілекеңнің ізгі досы Ғабит Мүсіреповке әкеліп көрсеттім. Ғабең екі дәптерді сүйінішпен қарап шығып: «Сөзін маржандай тізген өз өрнегі екен. Шеберлігі сезіліп-ақ тұр», – деп біраз өлеңдерді сүйсіне оқып шықты да, аянышы ма немесе Ілиясқа деген ризалық сөзімен бе маған: «Сендер әлі «Құлагердей» поэма жаза алмай жүрсіңдер» деп қойды әдетінше мағыналы көзбен бір қарап. Бұл салмағы күшті, сөз шеберінің өз тұрғыластарының ішінде, ақындардан Ілиясты ерекше бағалайтынын мен бұрыннан сезуші едім... Расында да, ертеректе 1914-1919 жылдар арасында жазылған өлеңдерден құралған осы екі дәптерден, Ілиястың жасынан өлеңнің әлеуметтік мәнімен бірге әсемділігін еліге талап еткендігін аңғарамыз. Екі дәптерде ескі ауылдағы топас байлардың, дөрекі атқамінерлердің, дүмше қожа-молдалардың мінезқұлықтарын әшкерелейтін өлеңдер аз емес. Әсемдікті ерекше тағылым тұтқан жас дарын сол кездің өзінде «Бұлбұлға» деген өлеңінде: Сайрадың құйқылжытып, құбылжытып, Тамсандың таңдайыңның суын жұтып. Толқыдың толықсытып, емірентіп Қиқуға қызықтырдың, қылдың ынтық, –

деп әнші-құсқа назды да сырбаз күй шертеді. Өлең өрнегін түсінер жанға осы шумақта әсерлі, әсемпаздық сезім жатыр. Жиырмасыншы жылдардың орта кезінде әдебиет өнеріне ізгі тағылыммен, көп ізденіспен келіп, қызу араласқан Ілияс Жансүгіров өз есімін, өзінің өлең өрнегін жұртшылыққа тез де кең танытты. Рас, бұл тұстағы әлеуметтік-саяси тақырыптарға арналған бірқатар өлеңдерінің өзімен тұрғылас ақындар жырларынан айырмашылығы оншама емес те еді. Ал 1930 жылы жазған «Дала» дастанынан бастап, жыр дүлдүлі Ілияс поэзия жазығында бауырын кең жазып аршындап жүйткіді. Советтік даланың әр алуан жаңа өзгерістеріне ынтыға, құлшына үн қосып келген дүбіршіл ақын: Жүрегім, жырым, сенікі, Кеңесті далам, кең далам! – деп алып, сол далада керуендеп көшкен халқының күңіренген баяғысынан, азаттық туын көтерген бергісіне дейін тебірене шеру тартады. Кезінде бұл поэма қазақ өлең-жырының келелі, күрделі туындысы болып табылды. «Дала» поэмасынан кейін Ілияс поэзияның өзгеше жаңа қырына көтеріліп, романтикалық серпіндеріне кең құлаш сермеді. Сол кезеңде көп ақындардың шығармаларында қалыптасқан даурықпа, трафареттік әуендерден, көріксіз бейнесіз жалаң үгіт-жырлардан үрдіс бой тартып әсемдікке, сыршылдыққа, терең бейнелі толғамға көшкен дара ақын Ілияс Жансүгіров болды. Бұл тұста өз халқының сөз дарындылығын зердесіне мол түйген және орыстың ұлы ақындары Пушкин мен Лермонтовтан ізгі ғибрат алған алғыр ақын өзінің жаңа жыр өрнектерімен қазақ поэзиясын жаңа биік сатыға көтерді. Тамаша өлең-жырдың

бағалылығы, мәнділігімен бірге поэзияның негізгі көркемдік қасиеттері метафора, гипербола, эпитет, ассонанс, аллитерация сынды бейнелеу тәсілдері болса, Ілияс бұл ретте кезінде алдына жан салмаған суреткер болды. Абай өлеңнің көркемдігін классикалық өнегелі сатыға көтергеніне шек жоқ, Абай философиялық, лирикалық, дидактикалық өлеңдердің, әсіресе, жетісегіз буындық өлеңдердің ғаламат үлгісін жасап кетті. Толғау, эпикалық жыр өнегесі, халқымыздың ауыз әдебиетінде ертеректе өте шебер бейнеде қалыптасқан. Сондай жыр, толғау формасының асқан жүйріктері Бұхар жырау, Махамбет сынды кемеңгерлер. Меніңше, бұл бағытта, теңеу, әсірелеу, бейнелеу тәсілдері ерекше «Біржан сал мен ақын Сараның айтысын» ғана сүйсіне атауымыз керек. Ой желке, қамыс құлақ қара көкпін, Тұнықтан жүзіп ішпей қанбайтұғын. Айнымас қанды балақ ақиықпын Тұяғым тиген қасқыр оңбайтұғын, – деп асқақтап әсірелесе сал Біржан, Қамысты терең көлдің сұқсырымын Қаңғырған шалдырмаймын қаршығаға, – деп бейнелейді өз бітімін сері қыз Сара. Бұл мысалдарды келтіргенде айтпағым – тегінде Жетісу наймандарының ортасында туған «Біржан – Сара» айтысының он бір буынды өлең өнегесінің әсірелеу, теңеу тәсілдері Ілияс сынды өзгеше суреткерге кезінде айтарлықтай әсер еткендігі байқалады. Өзінің өлең өнеріндегі жаңа өнеге ақынның 1929 жылы жазған «Күй», «Күйші», «Құлагер» сынды әсем, сұлу дастандарына, музыкашылар тілімен айтсақ, бұл үш

симфониялық поэмаға увертюра ретінде шығарған «Әсет» деген өлеңінде ақын былай шалқыды: Ән салсаң, Әсеттей сал аңыратып, Жайлантып, қоңырлатып, мамырлатып. Аққудай аспандағы әнді өрлетіп, Қондырып қоңыр қаздай мамырлатып. Боздатып саулы інгендей күңірентіп, Нөсердей нөпір төккен жалындатып. «Күй», «Күйші» поэмаларында Ілияс өлең өнерінің кереметін әсерлі түрде халыққа жеткізе білді. Жоғарыда Әсет әншіге арналған өлеңіндегі шеберлік, әсемдік талапты өзі меңгерген сұңғыла ақын күйшінің тағдырын терең сазды толғаныспен адуынды, алымды теңеулерімен бейнеледі. Алатау күй тыңдады ауылдай боп, Тас балқып, толқып жатты бауырдай боп. Аңқылдап алтын күрек домбырадан, Құйылды жазғы жылы жауындай боп. Қағылды кейде бір күй дабылдай боп. Бұрқырап кетті түтеп дауылдай боп. Әлде кеш, әлде дауыл, әлде ат шапқан, Әйтеуір қырдан қашқан сарындай боп. Поэзиядағы әсемдікті, асқақ әуенді мұрат еткен сыршыл суреткер «Күйші» дастанында тарихи уақиғаны реалистік адыммен кең толғайды. Поэмада аты-шулы Кенесары ханның тыныш жатқан момын халыққа – үйсін еліне келіп жасаған озбырлығы, әлегі елестетіледі. Ақынның суреткерлік ғажабы – мұнда Кенесарыны сипаттауға Ілияс бұрынғы-соңғы ақындардан өзгеше тәсіл бейне тапқан. Біреулер теріс түсінікпен бұрын Кенені ардагер деп мадақтаса, кейін біреулер оны жауыз, шайпау ханша қарындасы момын

жұртқа әңгіртаяқ орнатып жатқанда, ордасында ойға батып бетінше отырған Кенені: Жанжалды үй-арасы ұсақсынып, Арыстан отыр барлап – тісі ақсиып, – деп айбарлы ханды дәл, әсерлі теңеумен бейнелейді. Торға түскен сорлы күйшіге азар көрсеткен шалдуар ханшаны: Алдияр! – ауызыңа әзер түсті, Алақтап алды-артына назар түсті Кіргендей болып кетті бір сарайға, Алтын мен жібек жайған базар түсті. Ханша мынау аппақ сазан түсті, Көріндей әзірейіл ажал түсті, Жыланнан сырға таққан жолбарыс қыз, Сықылды жын патшасы, дажал түсті. деген сипаттамада қандай әсерлі бейне, ойнақы да тапқыр теңеулер жатыр! Сөз жоқ, Ілиястың поэзиядағы ең күрделі туындысы «Құлагер». Кезінде бұл поэманың жария болуы қазақ әдебиетіндегі айтулы уақиға болып табылды. Расында да, «Құлагер» – түнек замандағы халқымыздың қиян-кескі тұрмыс-тұрғыларын, ұлттық өмір сипаттарын, топас байлар мен дөрекі төрелерін бейнелейтін кең тынысты келелі туынды. «Құлагер» – негізінде тар замандағы дарын тағдыры туралы тебіреністі поэма. Қазақ совет әдебиетінде «Құлагер» – өзінің тарихи-әлеуметтік мәнісі жағынан, көркемдік қасиеті жағынан Мұхтар Әуезовтің «Абай», Сәбит Мұқановтың «Ботагөз», Ғабит Мүсіреповтің «Оянған өлке» атты зор туындыларымен теңдес өнегелі, үздік дастан. .Ілияс Жансүгіров – құлашын құздарға сермеген шабытты шағында өз дарынының биіктігін сүйінішпен

сезінген ақын. Тегінде кәрі құлақ сұңғыласың. Сондықтан сұлу сөзді жыр құласын Соғайын сөзімнен бір сұлу сарай, Я көрсін, я көрмесін тұрғыласым. Халқымның қуанышты бұлбұлымын, Жұртымның жүйрігінің дүлдүлімін, Көтеріп көптің көңілін күнде жауып Жүлде алар жұма сайын туды күнім. Халқының асқан бұлбұлы, жұма сайын жүлде алар шағында құлагердей мәресіне жетпей үзілді шабысы. Бірақ, Ілияс Жансүгіров халқына поэзия асылынан өшпес қазына қалдырды. ҚАЗІРГІ ПОЭЗИЯМЫЗДАҒЫ ІЛИЯС ДӘСТҮРІ Ілияс поэзиясы біздерге, қазақ ақындарына әлі күнге өнегелі мектептей тағылым болып келеді. Зергер ақынның шеберлік дәстүрін қазақ ақындарының көбінің шығармаларынан айқын сезінуге болады. Асқақ әуен, адуынды, бейнелі сөз, әсірелі, теңеулі жырлар – Ілияс тағылымы, біздің жақсы ақындарымыздың өрістетіп келе жатқан ізгі салты. Мен өзім тауда туып, таста өстім, Жасымнан мұз төсеніп, қарды кештім. Асқарда, Аршалыға қозы жайып, Бұлттардың аспандағы қасында өстім, Жөңкенің жоғары ала басында өстім, Ақ гауһар Ақтастының тасында өстім,

Аспанда ақиығы шаңқылдаған, Құздардың құламалы астында өстім, – деп, асқақтаған ақынның алабұртқан сөз екпіні талайымыздың кеудемізге дүбір салса керек. Ілиястың дарын тағдыры, күй құдіреті жайындағы әйгілі туындыларына өзектес, өрнектес шыққан шығармалар Әбділда Тәжібаевтың «Абыл», «Оркестр», Хамит Ерғалиевтің «Құрманғазы», Жұбан Молдағалиевтің «Кісен ашқан» атты белгілі дастандарын сүйсіне атаймыз. Ілияс Жансүгіровті қазақтың көптеген ақындары өзіне ұстаз, өнеге тұтты. Солардың ішінде, Ілиястан көп тағлым алған көрнекті ақын Ғали болды. Жас талапкер Ғали алғашқы көргенде-ақ Ілияс тұлғасына таңырқай қарады. Айтты оның Рахым деген атын маған, Осы деп Ілияс деген ақын ағаң. Білмеймін қуандым ба, ес көрдім бе, Кеудемді сездім кенет қалтыраған. Ілгері өттік жүріп осы тұста, Апырай, сөзге Ілияс неткен ұста! Атқа әсем отырысы, бет бітімі, Түп-түгел ұқсайды екен қыран құсқа. Ғали Орманов өлеңді Ілиясша өрнектеп шебер ақын атанған кейінгі шақта да «өмірің өшпес жыр өңкей, ұдайы ұстаз тұтамын» деп, кемеңгер ақынды пір тұта еске алады. Ілияспен жерлес Ғали Жетісу сипатын, Арқарлы асқарын суреттегенде Ілиясша сермейді: Тағы да тұрмын басыңда, Сүйікті тауым Арқарлы, Тасыңа түнеп жасымда, Сүйегем соған арқамды.

Таңырқай тұңғыш көргенім Түксиген жым-жырт құз еді, Төсіндей шимай өрнегің – Тауешкі арқар ізі еді... Ілияс кестесінше тізілген мұндай өлеңдер Ғали ақында аз емес. Кезінде Қасым, Абдолла сынды серпіні ұшқыр ақындарымыз да өзінің жыр-дастандарында өлең қанатын Ілиясша қарыштап, бейнелі сөзді Ілиясша топшылайды. Өлең жырында дүбірі күшті атақты ақын Тайыр Жароковтың «Тасқын» поэмасында сөз нөпірі Ілиясша ексімдейді. Кейінгі жас таланттарымыздың өлең-жырларында Ілияс өнегесі, бейнелі, әсерлі сөз шеберлігі, әсем өлең өрнектері айқын сезіліп тұрады. Прозаның әсемдігін, өршілдігін өнеге тұту, Ілиясша мүсіндеу тағылымын дарыны өзгеше бір топ жас ақындардың өлеңдерінен айқын байқаймыз. Ілиясша сөз бейнелеу тәсілдерін Асқардың, Дүйсенбектің, Есләмнің, Бекеннің, Әубәкірдің жырларынан, дастандарынан сүйсіне сеземіз. Кеудеге дабыл қаққан дүбір енді, Күрсінді, күйші терең күңіренді. Жөнелді кең көсіліп «Көбік шашқан» Көп күткен міне бапты күні келді. Сарқырап сұсты саздар сапырылып, Толқынды толқын таптап жапырылып, Қол созып, көкке шапшып күміс көбік Аспанның ала бұлтын жатыр іліп. (Әубәкір Нілібаев) Қапсағай, бүркіт қабақ, ашаң жүзді, Мәңгілік мекеніндей жапан дүздің, Қария төр алдында малдас құрып, Қонақтар қоршай оны қатар түзді.

Уақыттың құстай орап құз жартасын, Қақтаған күнге арқасын, мұзға арқасын. Ақпанда өрттей қызыл түлкі соғып. Жібіткен қысқы аяздың ірге тасын. (Асқар Егеубаев) Бұл әсем суреттерден мен асқан ақынның, ұстаздың өнегесін сүйсіне сезінемін. Қазіргі поэзиямызда шеберлікке, суреткерлік алымды, мәнді өлең-жыр өнерін өрістетуші дарынды ақындар аз емес. Сонымен бірге біздің өлең өлкемізде – «от басы, ошақ қасынан» ауқымы аспайтын, өзінше пікір айтқансып, өлеңнің сыр-сипатынан аулақ жүрген, он бір өлең жапырағын тармақтай шашып, міңгірлейтіндер аз емес. Аударма тарапында да Ілияс бізге кезінде жақсы үлгі көрсетті. Пушкин мен Лермонтов шығармаларын қазақшаға алдымен аударған да Ілияс. Орыс поэзиясының ең асылы, құрылысы жағынан қиын да күрделісі «Евгений Онегинді» аудару – қандай қиямет іс! Сол ұлы қазынаны батылдық жасап алдымен аударған Ілияс Жансүгіров. Сондай-ақ, Пушкиннің «Жәбірейілнамесін» мен қазақшаға аударғанымда бұрынғы Ілияс аудармасын зер сала оқып, өзіме тағылым тұттым. Әлбетте, мен Ілияс аудармасын қайталамадым, өзімше топшыладым. Ілиястың поэзиялық ұстаздық дәстүрін, қазіргі поэзиямыздың өрістеуіне еткен ізгі әсерлерін зерттеушілер әлі анықтай түсер. Ал біздер қазіргі үлкенді-кішілі ақындар бұл кемеңгер суреткерді өзімізге әрқашан ұстаз тұтамыз. Бұл ойымызды кейінгі буынның ақыны Тұрсынзада Есімжанов Ілиясқа арнаған өлеңінде де дәл сездірген: Алдымда Құлагердей бүкіл еңсең, Тұратын зор бәйгені күтіп өңшең. Қазақтың маңдайына өлең бітсе, Өлеңнің маңдайына бітіп ең сен.

Сен шыңсың бітеу біткен даламызға, Арқаусың асқақтаған бар аңызға. Сен барда, барлық ақын – бала шәкірт, Бәрі ұлы, сен жоқ болсаң арамызда. Ал, мен өлең өнерінің асқан зергері Ілияс Жансүгіровтің шеберлік өнегесін өзіме зор ғибрат тұтып өстім. Өзімнің «Ақсақ құлан» атты дастанымды Ілияс әсерімен, Ілияс үлгісімен жазғанымды мақтанышпен айтып келемін. Бұл ретте Ілиясқа арнаған өлеңімде: Кеудеме ұялатып күй-әніңді, Қандырып кеттің жырға құлағымды. Сол бір күй жаңғырсын деп іздеп едім, Ізіңді мініп «Ақсақ құланымды» Жетісу нөпіріндей толқындаған, Жырыңды жамырасып ел тыңдаған. Өзіңше дауылдатып, жауындатпай, Ақын ба қиқылдаған, мыңқылдаған?! – деп өршіл ақынның аруағына бас иген едім. Ілиястай асқақ, кемеңгер, зергердің поэзиялық өнегесі қазақ өлең-жырында әлі де ексімі күшті өзендей өрши беретініне шек жоқ. ТУЫНДЫСЫНА ТҰЛҒАСЫ САЙ ІЗГІ ЖАЗУШЫ Би-ағаның есімін мен сонау бала күнімнен есіме сақтап, еңбекші жұртқа көп тараған, газет-журналдарда жиі басылған өлең-жырларын жаттап өстім. Қарапайым халықтың ұғымына тез ұялайтын, бұқаралық тілмен жазылған Бейімбет өлеңдері ауыл кедейлеріне ұнайтын

еді, сондай-ақ мендей шәкірт балалардың жаттап айтуына да қонымды еді. Би-ағаң сан-салалы мол творчествоның ішінде халық аузында аңызға айналған сүйкімді бейнесі – Мырқымбай. Мырқымбай жайындағы Бейімбет өлеңдерін оқып білген ауыл кедейлері өзара әзілдескенде бірін-бірі – «Ей, Мырқымбай, не бітірдің-ей?» – деп сөйлейтін. Мектептің жас оқушысы мен мектептегі ойынсауықта сол «Мырқымбай» өлеңін тақпақтап, талай айтқаным ұмытылмастай есімде: Мырқымбай, Мырқымбай! Мырқымбай! Бай, бай, бай! Нең бар еді?.. Әй, құдай-ай! Ауылнайды боқтапсың Шаршап зорға тоқтапсың. Несиеден қорқып Сары атты сатпапсың... Содан әрі қыңыр мінезді кедей Мырқымбайдың оғаш қылықтарын өлеңдете жөнелетінбіз. Би-ағаңның Мырқымбай жайындағы бұл өлеңі ертеректе жазылған. Кейін, Мырқымбайдың ауылдағы совет ісіне қатысып, байларға таптық сұс көрсеткені жайында да бір топ жырларында ауыл кедейінің мінезіндегі құбылыстарды бейнелейтін жақсы образ. Бұл бағаның растығын мен Қазақстан кеңес жазушыларының тұңғыш сьезінде өз құлағыммен естідім. Съезде Сәкен, Ілияс, Сәбит, Мұхтар және басқа да әдебиетшілер қазақ әдебиетінің жағдайы туралы ұзақ сөз сөйледі. Белгілі аға жазушылардан сөйлемеген тек Бейімбет пен Ғабит ағайлар ғана, Ғабеңнің съезде сөйлемеуіне себеп те бар. Шешендер бірін-бірі және өзгелердің де өткен-кеткенін қазбалап сынаса да, бір де бірі Ғабит Мүсіреповті сынамады, қайта бәрі де Ғабеңнің

сол кезге дейінгі белгілі шығармаларын жоғары бағалады. Ал съезде ертеректегі шығармалары сыналған Бейімбет аға өз сабырлылығын берік сақтап, дауға араласпай отырды. Съезде Бейімбет шығармаларын жете бағалаған негізгі баяндамашы Ілияс Жансүгіров болды. Бұл кісі өзінің баяндамасында: «жазғанының көптігімен, көркемдігімен де Бейімбет алда келеді. Оның қазақ ауылының жан-жағын қамтыған әңгімелері аз емес. «Он бес үй», «Қырман үстінде» сияқты көрнекті әңгімелері. «Қазақ қызы» сынды жақсы романы бар», – деп бағалады. Би-ағаны сынаса, жасымайтын, мақталса, мастанбайтын жазушы екенін сонда байқап қалып едім... Белгілі басқа жазушылармен қатар Би-ағаңды жиындарда көріп жүрдім. Кішіпейіл, байсалды жазушының ерекше мінезінен бір-екі жәйтті еске ала кетейін. Күзгі айлардың бірінде Би-ағаң жазған «Шұға» атты музыкалық пьесаның спектаклі республикалық музыка театрында қойылды. Театрдың көрермендер залына жұрт лық толды. Спектакльді қоюшы белгілі режиссер Жұмат Шанин, басқа рольдерді атқарушылар Күләш, Шара, Қанабек, Құрманбек тағы басқалары болды. Спектакльді ынтыға көрген көрермен жұрт ойын біткеннен кейін Би-ағаңды ду қол шапалақтап сахнаға шақырды. Көрермендер ішінде басшы қызметкерлер, белгілі жазушылар да отыр еді. Би-ағаң олармен бірге отырмай, балконда отырған. Мен ойын басталарда сәлем беріп Би-ағаңның қасына барып отырған едім. Жұртпен қосыла мен де қолымды қаттырақ соғыппын. Би-ағаң орнынан тұрып, балконның есігіне қарай беттеді. Әкесінің игілігіне қуанған баладай мен де соңынан ердім. Қайран қалдым – көрермендер құрметпен шақырған Би-ағаң театрдың есігінен көшеге қарай адымдап кете барды. Соңынан еріп жақындаған мен: «Би-аға, сахнаға бармайсыз ба?» – деп қалдым. Мен

түсіне алмадым. Әлде спектакльдің немесе әртістердің орындауында бір кемшіліктерге наразы болды ма екен. Әлде, мадақты, дандайсуды ұнатпайтын кішіпейіл жазушы сахнаға шығып қайқайып тұруды өзіне ләзім көрмеді ме екен? Мен осы соңғы жорамалды Би-ағаңа лайық көрдім. Осыған орай, тағы бір жәйтті еске ала кетейін. КазПИ-дің үшінші курсында оқитын кезім. Бұл шақта газет-журналдарда біраз өлеңдерім мен мақалаларым жарияланып, әдебиетшілерге таныс бола бастаған едім. Би-ағаңның алдында да өлеңдерімді алып барып оқығаным бар. Институтта үздік оқыдым, әдебиет үйірмесінің жетекшісі едім. Сәкен, Мұхтар, Сәбит, Ілияс ағайлармен студенттердің кездесулерін өткізетінбіз, студенттер енді Беійімбет ағамен кездесуді тіледі. Мен алдын-ала Би-ағаңның үйіне барып КазПИ-дің студенттері сізбен дидарласуды қалайды деп, келісімін өтініп келдім. Ол кісі келісімін берді. Соған қуанған мен институтқа келе сала ертең сағат алтыда, үлкен залда атақты жазушы Бейімбет Майлинмен кездесу болады деп құлақтандыру жазып шегеледім. Және де профкомның мөрін соғып студенттерге шақыру билетін тараттым. Ертеңіне айтылмыш сағатта студенттер залға лық тола жиналды. Бір сағаттан аса уақыт өтті, Би-ағаң жоқ, студенттер маған: – Шақырған жазушың қайда?– деп шулай бастады. Мен, сабыр етіңдер, қазір келеді, дедім де, ән шырқай беріңдер, ол кісіні қазір алып келемін, – деп жүгіре жөнелдім. Үйіне барсам, Би-ағаң сабырлы өз қалпында, жазу столының қасында, қағазға бірдемелерді түрткілеп отыр екен. .– Би-ағау, сізді студенттер сағына күтіп отыр ғой, ұмытып кеттіңіз бе? – дедім абыржи сөйлеп, – Ә, солай ма еді? Ертең Қостанай жаққа жүруші едім. Аралайтын жерлерімді, жазатын тақырыптарымды жобалап отырып кездесуді де ұмытып кетіппін. Тегі мені мақтайтын жиындарға қатысуға құмар емес едім.

Жастар жиылып күтіп отырса, амалсыз барайын, – деді. КазПИ-ге беттедік. Келсек залда студенттер масайрап қосыла ән шырқап жатыр екен. Шырқаған әні Би-ағаң жазған «Жалбыр» атты музыкалық пьесадағы «Маусымжан» атты ән екен. Сол тұста сахнаға шыққан «Жалбырды» да жұртшылық сүйсіне қабылдаған еді. Студенттер шырқаған бұл әнді естіген Би-ағаңның жүзіне разылық нышаны барын байқап та қалдым... Кездесуде мен Би-ағаң творчествосы туралы қысқаша сипаттама шолу жасап өттім. Мадақтауды хош көрмейтінін еске сақтап, тұжырта сөйледім. Екі-үш студент Би-ағаңның өлеңдерін оқып берді. Абыржымай сабырмен, пайыммен тыңдаған ардагер жазушы жиынның ақырына дейін отырды. Жиналған студенттерге арналған сөзінде: – Жастар, әдебиетті жақсы оқыңдар да жақсы біліңдер, оқуды бітіргеннен кейін халыққа әдебиетті насихаттайтын сендерсіңдер, өркендерің өссін, шақырғандарыңа рахмет, – деп тоқталды. Би-ағаң түрегеліп жүре бастады. Біздер, үш-төрт студент, қаумалап сыртқа шығардық та, үйіне дейін шығарып салдық... .Сол кездесуде бұл үлкен жазушының мансап, мадақтан аулақ кішіпейілділігін тағы да аңғарған едім... Халқымыздың кемеліне келген кемеңгер жазушысының өмірі содан бір жылдан кейін кенет үзілді... Бірақ, Бейімбет Майлиннің қадырлы шығармалары мен ардақты есімі жұртшылық есінен кеткен емес. 1964 жылы әдебиет қауымы, Бейімбет шығармаларын сүйіп оқитын оқырмандар Бейімбет Майлиннің жетпіс жасқа толуын тойлап өткізді. Би-ағаңның бұл юбилейлік мерекесін басқарған сол кісінің абзал досы Ғабит Мүсірепов болды. Айта кетелік, Бейімбет пен Ғабит ағаларымыздың достығы – жыр болғандай жақсы өнеге. Бейімбет тағдырына жаламен бұлт төнген шақта, бір

жиында Ғабеңнің: «Партияға, совет заманына берілген адам Бейімбетті қараласаңдар, мені қоса айыптаңдар!» – дегені сол кезде аңыз болып тараған. Аласапыран, кездейсоқ кезде мұндай араша сөзді тек Ғабең секілді асыл адамдар ғана айта алады. Би-ағаңның 70 жылдығына арналған жиынды Ғабең өзінің сағынышты жылы сөзімен ашты. Ақырында, сол жиынға қатысып отырған Би-ағаңның жұбайы Күнжамал жеңгейге сыйлық – жібек шапан жабуды маған тапсырды. Мен абзал жеңгемізге шапанды арнайы өлеңмен жаптым: Өмірдің асқан шақта қия жарын, Қырандай қайтқан жоқ па қиядағың? – Күлеке, күлімдеші бүгін тойда, Қасында отырғандай Би-ағаңның. Сездірмей сағыныштың ауыр зілін, Сақтадың серігіңнің сабырлығын. Жаңғырды алау шалған бәйтерегің. Күлеке, күлімдейтін шағың бүгін. Би-ағаң отырғандай ортамызда, Той сыйын ағамызға тартамыз да. Арындай Би-ағаның асыл жеңгем, Жабайын сол торқаны арқаңызға! Ардагер ұстаз жазушы Бейімбет Майлин халқымен бірге, әдебиетімізбен, жас ұрпақпен бірге мәңгі жасай бермек.

АБДОЛЛА АҒАЙ КЕРЕКУДЕ І 1933 жылдың апрель айы болса керек. Ертерек тұрып Ертіс жағасына бара қалдым. Бұл кезеңде Ертіс өзені қыстағы мұз құрсауын бұза жарып, дархан, кең тасыған еді, өзінің мол арнасынан, аумағы он шақырымдай сонау жетінші ауыл тұрған кемерге дейін шалқып жатыр. Ертіс көктем сайын бұрқан-сарқан тасығанда мен жағасына келіп, таңдана, қызыға қараушы едім. Топырлап аққан мұз сеңдердің үстінде қора-қопсылар да, ұлыған ит те, маңыраған қошақандар да ағып бара жататын. Мен солардың мүшкіл халдерінен ойлап, күйіне қараушы едім. Ал, тап осы күні Ертіс ағысы қалың қойдай сапырылысқан сеңдерден арылып, айдынын алысқа кең жайып, күмістей жайнап жатыр екен. «Шіркінге бір сүңгір ме еді?» – деп қызыға қарап тұрғанымда, жағада жалғыз жүрген сымбаты бөлек, бір адамды көзім шала қалды. Өзім туып-өскен Кереку қаласының орыс, қазақ, татар ағайындардың баршасын, әсіресе, қазіргі тұстағы қызметкер, зиялы адамдарын түгел танысам керек. Ал мына кісінің бітімі өзгеше: басында құмыра бөрік, үстінде құндыз жағалы жұқалаң пальто, жаңылмасам, қолында жұмыр, әсем таяғы бар-ау деймін, қоңырқай жүзі ойлы, Ертіс айдынына көз жіберіп саябыр адымдап жүр. Мен ілгері озып кетіп, жүзіне, тұлғасына таңырқай қарадым. Қарасам, кинолардан ғана көріп жүрген бір оқымыстыларға, профессорларға ұқсайды екен. Мүмкін, Ертісті зерттеу үшін Москвадан келген ғалым шығар. Өзі қазақ та шығар... Менің таңдана қарағанымды сезді білем, басын изеп сәлемдесті

де, жүріп кетті. Жүргенде, басы Ертістің жағасынан басталатын Бебель көшесімен төмен қарай аяңдап кетті. Мен ол кезде Павлодардың аудандық газет редакциясында жауапты хатшы болып істейтінмін. Редакцияға жүгіре басып келдім. Редактордың уақытша қызметін атқарушы Әлімбек Жанғабыловқа мен орманнан бір арыстан көргендей-ақ алқына сөйледім. «Бір профессорды көрдім, Ертіс жағасында жүр екен! – деп асыға айта бастап едім, Әлімбек, – тоқта, бөспе! – деп, әдетінше мені сабырмен бөгеді де, райкомның бірінші секретары болып жоғарыдан келген сол кісі Абдолла Розыбакиев болар», – дегені ғой, мені қайран қалдырып. Абдырағаным сол – мен ес білгелі біздің Павлодарда уком, окружком, райком деп аталған кездерде талай секретарьды сырттай көрген едім, кейбірінің сөздерін де естіген шығармын, ол жолдастар сырт пішіндеріне қарағанда әскери командирлерге ұқсаушы еді, қыс болса қысқа тон, басына елтірі шапка, не шлем, жазда гимнастерка мен ықшам шалбар, аяғына етік киетін. Ал, жаңа ғана көзім көрген райкомның осынау секретары өзгеше пішінде киінгені, әрине, ерекше ойландырды. .– Абдолла Розыбакиев! – деп таңдандым мен. .– Есімін естіп пе едің? – деді білгіш Әлімбек мені сынайын дегендей. Бұл кісіні сырттай білемін деп мен бір кітаптан оқып білгенімді шұбырта жөнелдім. Осы Павлодарға келместен бұрын Қазақ ССР-нің Жабдықтау Халық Комиссары болып қызмет атқарғаны есімізде, одан бұрын бұл көрнекті қайраткер әр дәрежеде партиялық жауапты қызметте болғаны да бізге мәлім. Абдолла Розыбакиевтің есімін атағанда, бұл большевик күрескердің ұйғыр халқының абзал перзентінің, өзінің туған Жетісуына совет үкіметін орнату тарапында көрсеткен әйгілі істері, партиялық белсенді жұмыстары, алдымен есіме келе қалды. Ардақты адамның өмірбаяны

мен өнеге мектебінен ұзақ, ізгі сабақ оқығандай едім. Патшалық Россияның сонау түнек түкпірінде отаршы әкімдерден, бай-бектерден зорлық-зомбылық көрген өз жұртының азаттық, теңдік мүддесі үшін, жастайынан жанқиярлық қиын күреске түскен қайраткер, ұйғыр кембағалдарының мұрат-мақсатын қазақ, дұнған, орыс еңбекшілерінің арман үмітімен ұластыра білген адал интернационалист, қазақтың революцияшыл ардагер азаматтары Ораз Жандосов пен Тоқаш Бокиннің, большевик Виноградовтың үзеңгілес досы – Абдолла Розыбакиевтің басынан өткен күрес мектебі, өткенге зер салғыш мендей жасқа зор өнеге еді. Мен бұл кісінің есіміне ынтыға құлақ түруші едім. .– Осыншама атағы зор адамды қиырдағы біздің болымсыз Павлодарға қалай жіберді екен? – дедім Әлімбекке. Әлімбек ол кезде әлі партия мүшесі болмаса да, байсалды, саналы, шамасынша білгір де жігіт еді. Партиялық жиындарға жиі қатысатын да сол. Кеше ғана аудандық партия активінің жиналысына қатысса керек. Абдолла ағай сол жиында сөз сөйлепті. Ойына түйгендерін Әлімбек маған байыппен айтып берді. – Жоғарғы, Орталық Комитеті және Қазақстан Өлкелік Партия Комитеті Әбекеңді біздің Павлодар ауданына партия басшылығына қазір ең лайық адам деп әдейі жіберіпті. Түу, – деді Әлімбек өкінішпен, – арасында жүріп байқамаппыз ғой, біздің Павлодар колхоздастыруды ұйымдастыру жұмысында ересен қателіктер жіберіп, орасан олқылықтарға душар болған аудан ғой... Асыра сілтеушілік, қиындықтар қыруар болыпты. Абдолла ағай кеше партия жиынында сол қателіктердің сырын паш етіп, соны қалай түзеу керек екенін айқындай айтты. Сондай қателіктерді түзету бағытына арналған партия қаулы-қарарларын оқыдың ғой. Розыбакиев жолдасты партияның сол нұсқауларын Павлодар атырабында жүзеге асыруға жіберіпті.

Құдіреті зор біреу келмесе, біздің Керекудің қисықтары түзеле қоя ма? – деп Әлімбек маған мысқылдай қарады. .– Біз не қисықтық жасаппыз? – дедім әр нәрседен хабардар редакторыма. – «Ұр да жық!», «Өлсең де тірілсең де, жоспарды орында!» – деп газетте айғай салатын біздер емес пе? Енді сол қатемізді түзеп пайыммен ұрандауымыз керек, Абдолла ағай соны да айтып кетті. Жас редакторым, ол кезде екеумізде жиырмалардағы балаң жігітпіз, Розыбакиевтің өз аузынан парасатты сөз естігенге сонша мәз болса керек, әдеттегі сабырлы қалпынан өзгеріп, шалқи сөйлеп, қателіктерді түзеу жөнінде маған дәріс оқығандай болды. Ақырында: .– Біздің газеттің енді жұлдызы жарқырайтын болды. Абдолла ағай ертеректе Алматыда «Кембағалдар әуезі» газетінің редакторы болған, кейін Орталық, Өлкелік Комитетінің баспасөз бөлімінде жауапты қызметте болған кісі ғой, газетке, мәдениетке мейірімі түсер. Мен жуықта қабылдаймын деп отыр. – Ал, қалай сөйлейді екен? Өмірбаянымен таныстырды ма? Жетісудағы революциялық күреске араласқанын айтты ма? – деп ынтықтым мен. – Орысша да, қазақша да шешен сөйлейді екен. Москвадағы шығыс халықтары Коммунистік университетін бітірген білімпаз ғой, парасатпен, дәлелмен сөйлейді екен. Сенің күнде естіп жүрген «қызыл кеңірдектерің» секілді емес. Профессор десе, профессор. Мақтаншақ та емес, кейінгі кезде қандай қызметте болғанын сәл мәлімдеді де: – «мені сіздердің осы қиыр жерлеріңізге партия жұмсады. Партия мақсатын орындауға сіздерден көмек күтемін!», – деп Әлімбек Абдолла ағайдың кішіпейілділігін де сүйсіне айтып кетті... ІІ .Абдолла Розыбакиев Павлодарға өзгеше бір қиын шақта келді. Өткен жылдарда Ертістің бұл өңірінде

болған қуаңшылық, дән тапшылығы, мал азығының жетіспеуі сияқты қырсықтардың асқындауына бірлескен шаруашылықтардың ұйымдастыру жұмысындағы партияның сара саясатын жер-жердегі әпербақандардың бұрмалауына себеп болған еді. Мұндай өрескел олқылықтар мен жөнсіздіктерді жедел түзету үшін, партия тарапынан жедел және тапқыр басшылық қажет еді. Бұл ізгі парызды партияның жауынгер өрені Абдолла Розыбакиев шұғыл да зор талап, жігермен орындады. Бұл тұста аудан өміріне, шаруалар тіршілігіне қаншама өзгеріс, жаңалықтар пайда болғанын тарихшылар мен санақшылар айта жатар. Ал өз басым, газет қызметкері болғандықтан, ел аралап жүріп, әсіресе, колхозды ауылдар тірлігіне енген үрдіс игі істерді айқын байқадым. Сол отыз үшінші жылдары Кереку тұсындағы Ертістің екі өңіріне бара қалсаңыз, әр колхоздың ауласына жан-жақтан ағылған мал, шаруалар қорасына қайта оралған қой, сиыр, колхоз қырларында әлі аз да болса машина, техника құралдарын көрер едіңіз. Оның үстіне, және ең ғанибеті – осыдан бұрынғы бір қызу жылда шолақ белсенділердің дүмпуінен бе, немесе кейбір жағдаяттарға түсінбегендіктен бе, бір қиырларға жылысып кеткен «жекешіл» шаруалар да өз мекендеріне қайта оралып жатты, солармен бірге колхоз қамбаларына азық та, тұқым да оралды. Бұл жаңа ғана бірлескен, әлі шаруашылығы нығаймаған, тұтқиыл қиындықтарға ұшыраған қазақ кедейлеріне көрсеткен ұлы партиямыздың ізгі қамқорлығы еді. Мұны Павлодар атырабында жүзеге асырушы Абдолла Розыбакиев болды. Колхоз жұртшылығы, ауыл адамдары Абдолла Розыбакиевті өздерінің қамқор, етене дос адамындай ерекше жақсы көрді. Ол кісіні қазақ колхозшылары «Абдолла ағай келіп кетті, бізге сиыр беріп кетті», – деп құрметпен атайтын. Немесе ауыл ақсақалдары

Розыбакиев деген есімді қазақ тілінің ыңғайына бейімдеп: «Оразбақи ағай айтқандай, қазақ болған соң қорасында бір сиыр болу керек қой» деп Розыбакиев жолдастың шаруалардың меншігінде аз да болса мал болуына мүмкіндік бергендігін сол кезде сүйсіне айтушы еді. Айтқандайын, менің жерлестерім, соның ішінде ақсақалдарымыз «Оразбақи ағай» деп ол кісіні зорайта айтқанына мен таңданушы едім, өйткені Абдолла ағайдың жасы сол кезде 35-36-да ғана екенау... Халықтың адал қызметшісі, шын қамқоры болған бұл кісі ел арасына жиі барып, Ертістің сол маңдағы екі жағалауын түгел шарлаған шығар. Еңбекші жұрттың, әсіресе, қазақ шаруаларының тұрмыс күйлерін, әлауқатын, еңбек тіршілігін өз көзімен байқап, соларды терең пайымдауды шарт көрсе керек. Төңірегіндегі партия, совет, комсомол қызметкерлерін тәртіпке баулып, жауапты, қиын міндеттерге жұмылдыра білген Абдолла ағай ол кезде ысылмаған біз секілді жас газет қызметкерлерін аз уақытта жылы лебізбен бауырына тартқан еді. Әлеуметтік жұмысын өзі, бұрын, газеттен бастаған майталман журналист баспасөзге деген ынтапейілін біздерге дәйім сездіріп жүрді. Екі жылдан бері уақытша редактор атанған Әлімбек Жанғабыловты ресми редактор етіп бекітті. Аудандық газеттің ауылауылға көбірек тарауын қадағалап көңіл бөлді де, редакция қызметкерлерінің еңбек ақысын арттырды. Біздер үшін бір ғажап уақиға мынау болды. Әбекеңнің нұсқауымен газет қызметкерлерінің әрқайсысына Павлодардағы кино-театр сауық орындарына бөгетсіз тегін кіруге пропуск жасаттырып бергізді. Өз басым мұндай бағалы «мандатқа» ие болғаннан кейін сауық орындарына баруды жиілетіп, театр залына қайқаңдай енетін болдым. Мәдениет, өнер саласына Абдолла ағайдың ерекше назар аударғанының әсері болса керек, осы тұста біз редакция қызметкерлері және қаладағы

педтехникум, орта мектеп оқушылары болып, драма үйірмесін құрып, қала жұртшылығына біраз спектакль де көрсеткенбіз. Біздің жас редакторымыз Әлімбекті Әбекең ерекше ұнататын еді. Оны жас демей, немесе білімі жетік емес демей, жиі қабылдап, жиі кездесетін еді. Бәрімізге де сондайлық жылы мейірмен қарайтынын, мен әлденеше аңдаған едім. Кейде қарбалас, қауырт жұмыстардан сәл алаңсыз болған шақтарда аупарткомның бірінші хатшысы қаладағы парткабинетке келер еді. Көбінесе жиналыстар өтетін бұл партия үйінде бильярд ойнайтын бөлме де бар. Абдолла ағай осы араға дәйім Әлібек Жанғабыловты ертіп келетін. Сол сағатта мен де, басқа да газет қызметкерлері де бильярд бөлмесіне келе қаламыз. Балаң жастар біздермен жылы шырай беріп сәлемдеседі де, Әбекең ойынға кіріседі. Әлімбек болса, Семейде бір-екі ай газетшілер курсын оқып қайтқаны бар еді, сонда бұл ойынға да машықталса керек. Оның бер жағында мен Розыбакиев сынды атақты адаммен «сойыл сермесіп» ойнауға ұстаздың алдында дәріс оқуға рухы қашқан шәкірттей қорқар едім. Сірә, Абдолла бильярд ойнауға өте құмар адам болса керек. Соққан добы көздеген ұяға дәл түсе қойса, әлдебір астарлы сөзбен масайрап: – Ах, қыңыр тас, тұтылдың ба? – деп масайрап қалатын. Егер көздеген тасы ұяға түспей бетінше лақса: .– Совет тұсында неткен бұл жөнсіздік! – деп іште жатқан бар ызасын абайсыз сездіргендей қабақ шытып қоятын. Сонау жас шағымда үлкен адамның, әлдеқалай айтқан осы бір оқшау лебізі мені көп ойға қалдырды. ІІІ Аудан атырабындағы колхоз-совхозды аралағанда Абдолла ағай қасына газет қызметкерлерін ерте жүретін. Бір күні мені редакциядан шақыртып алды

да, машинасына мінгізіп жүріп кетті. Ертістің сол жақ қабағымен зулап келеміз. Менің қуанышым ерекше. Атақты адам мені өзіне серік етіп, ертіп келеді. Тіпті, жеңіл машинаға мінгенім де тұңғыш рет шығар. Ол кісі машинаның алдыңғы орындығында мойын бұрып Ертіске таңырқай қарап келеді, мен артқы орындыққа бұл жағдайыма мәртебем өсіп қоқиып келемін. Баспасөзге, әдебиетке әзелден құмар және жанашыр Абдолла Розыбакиев аудандағы, газет тілшілері мен әдебиетке бейімі бар жастарды жинап, жуықта мәжіліс те өткізген. Сонда жас талаптылардың басын қосатын редакция қасынан әдебиет бірлестігін құруды ұйғарған еді, ол кісі. Бұл тұста газет бетінде азын-аулақ өлең, очерктерім жарияланған мені сонда сол Бірлестіктің хатшысы етіп сайлаған еді. Мені бұл сапарда қасына ерткені осы жастан үміт етерлік бір сипат бар шығар деп сенді ме екен деп те қуанып келемін. Сөйлесуге ынтызар болып келемін, бірақ сөз бастауға батылым бармайды. Абдолла ағай біздің редакциядан Алматыда ұйғыр тілінде шығатын «Кембағалдар ауазы» атты газетті сұратып алып тұратын. Редакциядан шығарда сол газетті (жер-жерде шығатын газеттер ауыспалы ретпен бізге келіп тұратын) қойныма қыстыра шыққанмын: - Әбеке, мына газетті қарайсыз ба? – деп ұсына қойдым. Қолына алды да, Абдолла ағай газетке сағынышты түрде үңіле қарай қалды. Бұл «Кембағалдар ауазы» («Кедей әуезі») бір кезде өзі ұйымдастырып, өзі редактор болған газет қой. Жылы шыраймен күбірлеп оқып жатыр. Мен разылықпен ол кісінің жүзіне қарап қалдым. Өзі туған Жетісудің самалы ескендей болды ма екен, әлде туған ұйғыр жұртымен тілдескендей болды ма екен? Мынау Сібірмен шектес сар далада, мұндағы қазақ бауырларының игілігі үшін дамылсыз жортып жүрсе де, бүйрегінің бір бұрышында туған халқы ұйып тұр-ау деп мен разылықпен сүйсіндім...

.Қолындағы газетті оқып шыққаннан кейін, маған назар аудара қарады да: – Сіз бұл газетті оқи аласыз ба? – деп сұрады. Мен сәл қипақтап қалдым да аздап түсінемін дедім. Ескіше терең оқымысты әкемнің кітап әбдіресінде араб, парсы, түркі, шағатай, татар тілдерінде түрліше кітаптар болатын, солардың арасынан шағатай, түркі тілдерінде жазылған кейбір кітаптарды оқитынмын. Ұйғыр тіліндегі бұл газетті қызық көріп, ежелеп оқығаным да бар. Сол жағдайымды Әбекеңе қысқаша айтып бердім. .– Шығыс шайырларынан кімдерді білесіз? – деп қалды ол кісі. Қысылып қалдым. Әкемнің аузынан Фирдоуси, Науаи есімдерін естігенім бар еді. .– Есімдерін білмеймін, бір ақынның өлеңі есімде, – дедім. .– Айтыңызшы, білгеніңізді! – деді Абдолла ағай ынта қойып. Мен дін мектебінде жаттап алған бір өлеңді айта бастадым: Зел-зәле ойран болар алтын тахлар... Дүниеге дүрлі-дүрлі бәле қаптар... Қазір бұл өлеңнің жалғасы жадымда жоқ. Әбекең байыппен тыңдап алды да. «Бұл шығыстың ұлы шайырларының жыры емес, мұны діни уағыздары бар кітаптардан оқыған боларсыз», – ал шығыстың ұлы шайыры Науаидің жырынан деп (қайсы екені есімде жоқ) бір өлеңді нәшімен айтып кетті... Біз машинамен Ертісті өрлеп ағып келеміз. 1932 жылы Алматыға барып мал дәрігерлік институтында бір-екі ай оқып, кетіп қалғаным бар. Жалпы білімім де шамалы еді. Әбекеңе сол жағдайымды айтып едім. «Қайткенде оқығаныңыз жөн, әдебиетке орайыңыз бар екен. КазПИ-ге түсіңіз, сонда Сәкен Сейфуллин сынды атақты ақын ағамыз дәріс оқиды», – деп маған мархабатпен кеңес берді. Сөз реті келген соң айта кетейін, Абдолла ағайдың демеуімен мен

1934 жылы жазда Қазақстан жазушыларының КазПИдің әдебиет факультетіне оқуға түстім. Жол үстінде менен бара жатқан колхоздардың жағдаятын сұрады. Біз бет алып келе жатқан жақ – Шыған ауыл советі. Павлодар ауданының ең шеткі мекені. Сол отызыншы жылдары Семей облысына қарасты Павлодар ауданы – көлемі жағынан ең ірі аудан болатын. Онда Павлодарға қазіргі Май, Лебяжі, Краснокутск, Шарбақты, Качир аудандарының көлемді, көп аумағы қараушы еді. Абдолла ағай бара жатқан Шыған ауыл советінде ол кезде кішігірім үш колхоз болатын. жылы мен сондағы «Қызыл құрама» колхозындағы мектепке мұғалім болып істегенмін. Абдолла ағай ынта қойғандықтан мен сол «Қызыл құрама» колхозында болған ұнамсыз жәйттерді әңгімелеп келемін. – Сол ауылдан отыз белсенді атқа міндік. Тұқым қорын толтырамыз деп, әр үйдің күймесін ақтардық. Малға азық жетіспей, көктемде көтерем көбейді. Соқаға ат пен өгіз жетіспей, бұзаулы сиыр жектік. .– Кім соның бәрін істеткен? – деп көзіне ашу оты шағылып маған шақырая қарады. .– Төтенше өкілдер, – дедім, білсем де, есімдерін ойға сақтап, өткен бір жанжалда зәбір көріп, әкесіне шағым еткен баладай өзім көрген жайсыз уақиғаларды ақтара айттым білем. .Жол бойы Ертіске оқта-текте қарап келе жатқан Абдолла ағай бір биік жағаға машинаны тоқтатты. Буырқанып ағып жатқан Ертіске ой жіберіп, сәл қадалды да: .– Неткен жөнсіздік еді! – деп машинаға мінді. Аздан соң: – Біз бәрін де түзетеміз! – деп қайтадан ойға шомды. Бильярд добы қыңыр домалағанда – Неткен жөнсіздік! – дегенін мен көп ойласам да терең түсіне алмаған екенмін. Енді пайымдадым. Лениндік ой-сананы зердесіне берік тұтынған бұл парасатты коммунист

сол бір жылда кей жерде орын тепкен қателіктер мен бұрмалаушылықтар үшін қынжылғанда осы бір кейісті сөз кеудесінде еріксіз дүбір қақса керек... .Абдолла ағайдың «Қызыл құрама» колхозында болған шағы да өзінше бір әңгіме. Ол кісінің шаруаларды жинап алып немесе кейбір шаруалардың үйді-үйіне барып жылы шыраймен еркін әңгімелескені, жиында ол тұстағы партия қаулықарарларын байыппен жұртқа түсіндіргені әлі есімде. Әсіресе, шаруалардың әл-ауқаты хақында зер салып, олардың мүдделеріне қамқор пейіл білдіргені де – партиялық мерейдің ізгі көрінісі еді. «Оразбақи ағай айтқандай – қазақ болған соң қорасында бір-бір сиыр болу керек қой» деген сөзді шаруалардың сүйсіне айтқаны да есімде. Сол тұста «Қызыл құрама» да қисайған белін жазып, жазыққа қарай аяғын тік басып адымдай бастаған-ды... Ал, сол бір кезеңге 43-44 жыл өтсе керек. Қазіргі шақта Павлодар атырабы да, «Қызыл құрама» да таңғажайып жаңарып кетті, бұл маңдағы еңбек жұртының қазір әл-ауқаты Ертістей шалқып тұр. Өткен жылы мен осы «Қызыл құрамада» болып қайттым. Қазір совхозға айналған «Қызыл құрама» Ертіс өңіріндегі ірі шаруашылықтың бірі. Совхоз орталығында жаңа салынған әсем үйлер, қат-қабат зәулім мектеп, тамаша интернат, клуб үйлері бар. Өрісі төрт түлік малға толы, қырларында жазда дән теңізі жайқалған, жазығында сан машина-трактор гулеген бұл өңірді көргенде, қайран Абдолла ағай қазір тірі болса не дер еді? – деп ойға қалдым. Бұрынғы түйінді бір сөзін қайталамай: – Неткен бұл ғажап дүние! – дер еді-ау... Абдолла Розыбакиевты Павлодар төңірегінде құрметпен еске алатындар аз емес. «Қызыл құрама» жерінің тумасы, бұрынғы партия қызметкері, қазір дербес пенсионер Сағидолла Смағұлов Абдолла ағай хақында тебірене сыр шертті маған.

Сонау бір қиын жылдарда мен онда жас коммунист едім. Соны біреуден естіген Абдолла Розыбакиев, әуелі біраз ақыл айтып алды да: – «Мен де бұл жаққа қызмет таба алмай келген жоқпын. Партия жұмсады мені. Туған жеріңізді тастап қайда бармақсыз? Қиындықтан қашпау керек, қиындықты біз жеңеміз!» – деп мені жібермеді, мені белсенді қызметке жұмсады. Абдолла Розыбакиев қандай іскер басшы еді, ақырында біз қиындықты жеңдік қой. – Өзі де бір абзал азамат еді! – деп Абдолла ағайды сағынышпен еске алды...

ҒАЛИ АҚЫН

І Жетісудың сән-көркі, айбыны мен салтанаты болған Жоңғар Алатауының асқар жоталары алысқа тартады. Оның заңғар бір мүйісі теріскейіндегі саржазыққа барып жантаяды. Бұл бізге өлең-жырдан аты мәлім «Ешкіөлмес» тауы. Ғали ақынның бала бесігі осы оқшау арал секілді, шет қиядағы Ешкіөлмес бөктері. Мал баққан момын шаруаның жеткіншегі, қаршадай Ғали әке тәлімі бойынша қозы баққан күндерінде Жоңғардың түксиген жоталарына алыстан асқақтаған алып құздарына таңырқай қарап, сырлы сұлу сеңгірлерге талай телмірген секілді. Шаншыла біткен заңғар құз Қарасаң басың айналар. Тереңде өзен дамылсыз Дөңбекшіп жатқан айдаһар. Балапан жайын көргенде Мұзартта жалғыз ақ үрпек Менің де кенет кеудемде Сілкініп кетті бір бүркіт, -

деп жыр етеді Ғали ақын сол қия-құздардан алған өзінің балалық әсерін кейініректе жазған бір өлеңінде. Тегінде, қозыкеш бала мазасыз маңыраған қошақандарды иіріп тастап, шаншыла біткен заңғар құздар мен сондағы қыран құстардың балапандарымен сырласуды – өз кеудесінен де сілкініп бүркіт ұшса екен деп арман еткен көрінеді. Оқымаған, момын малсақ әке – жеткіншегі Ғалиды оқыта алмапты және Орекең Ғалидың бала шағында, ерте қайтыс болыпты. Туысқан ағалардың қарамағында қалған бала Ғали енді қозы бағудан безіп, оқуға талпынады. Ғали алғашқы сабақты 1920 жылы ауыл молдасынан алып әліп-бимен танысады. Бірақ қия-құздардың қиял құсы ол оқуды місе тұтпай, өзге білімді іздейді. Зерделі ініге білім беруді мақсат етпеген туыстардың жүгірінісінен ығыр болған Ғали, бір сары тайға мініп сағымды белдерге қарай тартып отырады. Білім жорығына тайға мініп жортақтаған қарша бала сонау Ешкіөлместен бері созылған қия-қия тау жоталардан тебеңдеп асып Алматыға жетеді. Бұл 1922 жыл еді. Бұл тұс, Ұлы Октябрь социалистік революциясының айбынды және ізгі қуатының арқасында еркіндік, теңдік алған қазақ ауылының қалың кедей жас, жетім-жеткіншектері оқу іздеп қалаға қаптай ағылған кезі еді. Мыңдаған сол жарлы жастың бірі болған Ғали Алматыға келіп, өзіндей жас балапандармен бірге жылы ұя табады. Ол әуелі Абай атындағы балалар үйінде тәрбиеленеді. Келесі жылы Алматының халық ағарту институтының дайындық бөліміне түседі. Мұнда жылы пана, қамқорлық тапқан және білім шырындарынан таңдай жібіткен жайдары Ғали өмірінің осы бір шағына ризалық білдіргендей, жаутаң көзі ұлы Лениннің жылы жүзді кескініне түседі. Сол бір мейіріммен мөлт еткен бір өлеңінде:

Қарадым дидарыңа көппен бірге Жылынып мәңгі нұрын төккен күнге. Өзімді шуағында сездім ылғи, Жетімдік шығып кетіп естен мүлде, – деп өзінің жетімдіктен мәңгі құтылып, ұлы өмірдің нұрлы шуағына бөленгенін мақтаныш еткен еді. Расында да сонау сары түкпірдегі елегізер «Ешкіөлместен» сары тайға мініп, қиядағы қалаға қашқан бір кездегі жас жетімек аз жылдар өтісімен-ақ балапан құстай құлпырып, тез жетіледі де, кешікпей ақын Ғали атанады. Астанамыз Алматыға келіп қоныстанғаннан кейінгі жылдарда бұрынғы шәкірт Ғали өз бетінше оқып жүріп, әдебиет майданына кіріседі. Сонау отызыншы жылдардан бастап ақын Ғалидің біздің баспасөзіміз бен әдебиетіміздің түрліше орындарына келіп, көрнекі қызмет атқарғанын көреміз. Көп жылдар бойы Ғали республикамыздың үні болған «Социалистік Қазақстан» газетінің редакциясында өз қаламымен елеулі еңбек еткенін сүйсіне атағымыз келеді. Бертінгі кезеңдерде Ғали әдебиет журналына, әдебиет баспасына басшылық етіп, әдебиетіміздің өркендеуіне көп қайрат жұмсады. Атақты Жамбыл қарттың жалынды жырларын өз аузынан жазып, жинау ісіне де Ғали ақын баға жетпес еңбек сіңірді. Ол заманымыздың батагөй жырауына көп жылдар рухани серік болып, оның аталық алғысына бөленді. Ғали кейінгі жылдарда Қазақстан Жазушылар одағының поэзия секциясында қызмет етіп, өзімен өкшелес және жас жеткіншек ақындардың талабының өрлеуіне аянбай ағалық көмек беріп келеді. Ғали ақынның өзінің бірқатар сырлы жырларында өзін осы абыройға, асыл өнерге ие еткен бақытты советтік Отанына, ұлы Лениндік партияға жалынды ризалық үндерін шертеді. Ал бір кезде өзінің жабырқау арманды күйін сездіріп:

Тепкіншегім тепеңдеп, Жеті күндей жол тарттым. Әттең қашан жетем деп Алматыға құмарттым. Сараң басып, сар тайым Сабылды бой алдырып. Жол бойында жантайып Жаттым талай шалдырып... – деп мұңайған еді Ғали. Енді қазіргі Ғали ақынның келелі өміріне сүйсінген біздер: Машинада шалқиған кім? – қарашы – Өзіміздің Орман шалдың баласы. Әкесінен жалғыз ғана тай мініп, Жетім бала қалып еді қайғырып. Машинада отыр шалқып ол енді, Машинадан гуілдетіп өлеңді, – деп аңыз ететін болдық. ІІ Ғали ақынның өлең жырлары өз өмірінің мұратмақсатымен, көріп сезінген шындық көріністерімен тығыз үндес. Ғалидың алғашқы ақындық лебізі 1927 жылдан басталады. Құз-құз таулар мен арқыраған өзендердің арасында өскен қағілез, зейінді жас айналасындағы әсем сырлы табиғат әсеріне беріледі, алғашқы бірнеше өлеңдері сол тамаша және сұсты табиғат суреттерінен туады. Шаншыла біткен заңғар құз, Қарасаң басың айналар.

Тереңде өзен дамылсыз, Дөңбекшіп жатқан айдаһар... – деп басталатын «Ұяда» деген әсем өлеңінен былай қарай, Ғали алғашқы жазған бірқатар жырларында өзі мекен еткен атыраптың суреттерін таңырқай жыр етеді. 1927 жылы жазған «Қиын жол» деген өлеңінде: Меңіреу өңкей – заңғар құз, Құдия біткен елбіреп. Табаны шыңырау бір түпсіз, Шатысқан шатқал белгі жоқ. Жақпарға салған өрнектей Бұрала жатыр ирек жол, Тайғаққа салған тіректей, Таянар жерің жалғыз сол, – деп өрнектейді ақын көз алдындағы шатқал-құздың кереметті көрінісін. Бұл суретте қалам ұстаған алғашқы шақтарынан-ақ Ғалидың сөз кестесіне шеберлік іздеген сезгіш, өнерлі жас болғандығын аңғартады. Өзі туып өскен табиғат аясының ғажайып сипаттарын жыр ету – Ғали ақынның кейінгі шығармаларында кең орын алған машығы. Бірақ Ғали сол алғашқы жырларынан бастап, соңғы өлеңдеріне дейін табиғатты сырттай таңырқамай, оның құдіретті күштерін адам өміріне, өз ауылының күй-қуатына қабыстыра суреттейді. Жоғарыда келтірілген «Қиын жол» атты өлеңінде қия-қия таулардың арасында көшіп-қонып жол таппай азап шеккен көшпелі елінің мүшкіл халін: Көшеді жылда жайлауға, Шұбала шулап біздің ел. Салады нелер қинауға Асуы қиын мұзды бел...

деп қынжыла жырлайды. Ғали ақынның жастайынан идеялық мақсатты берік ұстанғанының бір белгісі – мейлі табиғатты суреттесін, мейлі ен жайлаудағы айнала қонған ауылды суреттесін, таптық түрімен жіктелген, ала-құла ауыл бейнесін анық суреттейді: Ақ үйлер шаңқан ажарлы, Еңсесі биік мол жатыр. Қара үйлер шоқпыт жамаулы, Қалтырап желге зорға тұр. Ақ ауыл маңы көп топыр. Аңыздай өрген мал қаптап, Қара үйлер қасы бос жатыр, Баспаған тұяқ маңайлап. Ауылдағы осы теңсіздікті көрген ақын Ғали ірі байларға таптық шабуыл жасалған кезде, елдегі жалшылардың оянған сана-сезімін, байлар табына деген өштік ұмтылыстарын жыр етеді. Осы тұста жазған «Ақсамбайдың әлпеті», «Қойшы мен қожайын», «Бетпе-бет», «Түрлерінен түсінем», «Екі ұдай» атты өлеңдерінде ежелгі ұйтқы-үстемдігі талқандалған ірі байлардың іріген күйлерін және ауыл билігін қолына алып масайраған, саяси күреске кіріскен, жарлыжалшылардың жігер-талаптарын суреттейді. Отызыншы жылдардан бастап қазақ совет поэзиясында өзгеше жаңа серпіліс туды. Бұл тұс қазақ совет поэзиясында өзгеше жаңа серпіліс туды. Бұл тұс қазақ совет поэзиясының көрнекті қайраткерлері – Сәкен, Ілияс, Бейімбет, Сәбит бастаған қазақ ақындары қазіргі астана Алматыға топталып, поэзиямыздың бұл тұстағы өзекті тақырыптары ауыл кедейлерінің колхоздасуы, техникаға ие болуы және бұрынғы құлазыған қырларға ірі өндірістердің орнауы секілді социалистік орасан зор өзгерістер еді. Сол дүбірге Ғали

да екпінді үн қосты. Айыра айтатын бір жай – Ғали Қазақстандағы социалистік өзгерістерді жыр еткенде, кейбір ақындарша жалаң үгітке, схематизмге, дулы сөзге ұрынбай, Ғали сол жаңалықтарды жырлауға өзінше жылы леп шығарады. «Басталғанын байқадым» деген шағын өлеңінде, Ғали Төлеңгіт деген кедей шаруаның сөзімен, бұрын тоз-тоз болып берекесі кеткен кедейлер үшін, колхоздасуда құт-береке барлығын әсерлі сездіреді. Салса да өмір әлекке Жақсылықты дәметтік. Жарытар деп ойлаймыз, Жайын білсек коллектив. «Бұлақ басы құралса» Дария болар аяғы Көңілдерің құп алса, Соны айтпақ ем баяғы, – деп кеңес етеді Ғалидің Төлеңгіті. «Мұнда дереу колхоз болыңдар, мал-жаныңды қосыңдар!» – деген байбалам ұран жоқ, мұнда Ғали еңбекшінің өз мүддесін «Бұлақ басы құралса, дария болар аяғы» деген халықтың дана ойымен мезгеп отыр. Осы секілді нәрлі, ұтымды, мәнді суреттермен Ғали өзінің бұл тұста жазған «Нышан», «Темір ат», «Өріктің өрнегі», «Қырманда», «Алынған арыз» сынды бірқатар өлеңдерінде кедей бұқарасының ұйымдасқан күштерінің берекелігін, олардың техниканы меңгеріп, жемісті еңбекпен игілік табуын жыр етеді. Отызыншы жылдардың басындағы біздің поэзиямыздағы тамаша жырдың бірі – Ғали жазған «Шеңбер» атты қысқа дастан. Қазақ даласының сонау сібірлік шетінен, күнгей белесіне дейінгі құлазыған маңғыт қырды жалғастыра жаңғыртқан Түрксіб темір жолының салынуы халқымыз үшін ғаламат

оқиға болған еді. Ғали өзінің тебірене, рухтана жазған жырында алдымен, асқар құздарды қашап, қияларды қиюлаған, жер танабын тартып, белес-белестен белдеуін шеңберлеген жұмысшы, құрылысшы, қолдары кереметті зергерлерді мадақ етеді. Шертейін шерім шеңберді, Шеңберді иген шеберді, Қайысқан жерді өнерді, Қаусырған тауды ерлерді, Қашаған асқан белдерді, Қопарған құзар зеңгерді Теңеген теріс тереңді, Қиығын қия кемерді Қиюлап өрген қос болат Сөйлейін сонау зергерді! Еңбекші халықтың құдіретті өзгерткіш қайратын осылай асқақ әуендермен жырлай келе, ақын түтінін тудай бұлғап жапан қырларды оятқан от арбаны – алыс жүріп арыған ауыл-аймақтың құшақ жая қарсы алған қуанышын құлшына толғап береді. Ғалидің суреттеуінде Түрксибпен келген поезд – даламызға келген социалистік сапардың жүйрігі секілді. Ғали табиғаттың асау күштерін ауыздықтайтын совет адамының жеңімпаз қуатына өзінің бірнеше өлеңдерін арнайды. Солардың бір туындысы 1937 жылы жазылған «Үлбе» атты өлеңі. Бұл өлеңінде ақын әуелі, долы тағы өзеннің алапат ағысын романтикалық әсерлі сипатта суреттейді: Алтайдан арқыраған асау Үлбе Ақ жалын алапат күш көнбес тілге. Ақ көбік ауызынан бұрқыратып, Ашумен ағушы едің өңірінде.

Бұл толқынды жолдардан ұлы Лермонтовтың Терек өзенін суреттеудегі өрен екпіні есіп тұрғандай. Біздің ақынымыз кемеңгер ақынның серпініне ықтай бермей, әдейі ашық телімге барған сияқты. Лермонтов Терегі менің екпініме шақ тосқауыл құдірет жоқ деп сұстанады ғой. Сондай, бұл секілді сұрапыл күшке Үлбе де ие еді деп бейнелейді біздің ақын. Мен, рас, тауда туып, өсіп-өнген, Бұлттың аспандағы төсін емген. Құмдағы мұзды жақпар құзды қиын, Айғайлап ойнақ салып жосып өрген. Қойтасты қағыстырып допша үйіргем, Қайратпен малтадай ғып тас мүжігем. Бойыма табиғаттың берген күшін, Билеген адамзат жоқ өзім білген. Ғали өзінің «Үлбесін» осылай асау Терекке ұқсата, құдірет күш бере суреттей келе, оның түйінін өзгеше шешеді. Лермонтов заманында табиғаттың стихиялық күшіне қарсы тұрарлық қуат жоқ еді, сондықтан да Терек өзені қақтыққаның бәрін қиратып, талқандап келемін, зор кеуде адамзаттың айласына сұс көрсетіп жеңіп келемін деп лепіреді. Лермонтов табиғаттың стихиялық күшін осылай тежеусіз құдірет күш ретінде суреттесе, совет ақыны Ғали, халқының тегеурінді техникалық күштеріне тежелмейтін, құрсауланбайтын табиғат долысы жоқтығын аңыз етіп, ақырында адам игілігі үшін бәйек болған кенді Риддерге нұрын төккен Үлбені паш етеді. Ғали өзінің 1930-40 жылдарда жазған бірнеше өлеңдерінде өзі өсіп, көріп білген мекендердегі социалистік құрылыс жаңалықтарын, өзгерген өлке суреттерін жыр етеді.

ІІІ Атамекен жерімізге қаскөй жау қан шеңгелдерін қадаған жылдарда, сол дұшпанға қарсы халқымыздың отаншылдық ар-намысы оттай өршіген кезде, Ғали да қаламымен қайрат шегіп, өзінің патриоттық үндерін жалындата шығарды: Жалындап кекке толды-ау кеудем мүлде, Жарасар адам аты Отанымен, Өмір не, одан қалып көрген күн не? Құл етсе азат басын, асау жанын. Адамның тірлігі не, өлгені не? Кеудеңді қысса сығып, осы намыс, Қалайша ұмтылмайсың сен жеңуге! – деп тебіренеді, өзінің соғыс жылғы жазған бастапқы бір өлеңінде. Аяулы Отаны үшін фашист басқыншыларымен шайқасуды өзі де мұрат еткен ақын өзінің бірнеше өлеңдерінде Отанды қорғау күресіне қаһармандықты, жанқиярлық ерлікті ардақтайды. «Ер арманы», «Мәлік», «Қаһарман», «Полковник», «Ант» деген өлеңдерінде Ғали Отанымыздың азаттығы үшін, басқыншыларға қарсы қаһармандық айбат шеккен ерлердің батырлық бейнелерін жыр етті. Бірнеше өлеңдерінде совет патриоттарының тегеурінді қимылына төтеп бере алмай тойтарылған, жасыған фашист сүмелектерінің де сиықтарын дәл суреттеп, олардың күйрейтіндігіне сенім туғызады. Ғалидың Отан соғысы жылдарындағы өлеңдерінде бірнеше жап-жақсы әсерлі лирикалар бар. Бір топ лирикаларында Ғали майданға аттанған жауынгер жастардың туған жерге деген ыстық сезімін, анаға, сүйіктісіне арнаған отты махаббатын жылы леппен, назды сыр ете шертеді. «Май», «Қарт анамдай Алатау», «Жер жалауы», «Орамал» деген жырлары осындай

абзал есімдерді қозғайды. Бір өлеңінде майдан жорықтарында жортып күйзелген досына: Жабырқау тартты жадамай, Жайыңды, інім жадыңа ал. Жауыннан бұрын нажағай, Отымен көзге шалынар, – деп ерлік қуат жұмсаса, екінші бір жырында майдандағы жарын сарғая күткен жас келіндеріне сырбаз ақын «Сәулешім төсегіңді түрлентіп жинап қойшы, басқаға өзіңді қия көрме, кешікпей жарың келеді» – деп елпілдейді. Ғалидың соғыс кезіндегі лирикаларынан «Қарағай», «Емен» атты екі өлеңін де ерекше атаған жөн. Орыстың классикалық поэзиясынан жақсы тәлім алған тапқыр ақын осы қысқа екі өлеңінде, шапқыншы жаулардың қастық сұрапылынан қаймықпайтын, жасымайтын, Отанымыздың ұлы тұлғасын өте шебер бейнелеген. Сапырса бұлтты жел-дауыл, Қайыспас зәулім қарағай. Сұрапыл дауыл басылар. Ойнаса көкте нажағай. Қаперіне алып оған бір, Қайыспас зәулім қарағай. Сұрапыл дауыл басылар Әзелден аян әркімге. Мөлдіреп аспан ашылар Қарағай көктер мәңгіге! – деп қайыспас қарағайды жырласа, енді «Емен» деген өлеңінде: Жаудың оғы денесін, Жарып барып тоқтатты.

Емен қоймай кәдесін, Жазда тағы көк тартты. Жапырағы жасарып Жазылғандай сынақтан. Денесіне күш алып, Зәулім емен тыныққан, - деп жараланса да жапырағы қайта жасарған зор еменді жыр етеді. Бұл екі өлеңді Ғали 1941-1942 жылдары жазды. Зұлмат жау жерімізді жұлмалап жатқан шақта, сол секілді оптимистік сенімдерді туғызу – ақынның абзал өнері дер едік. Найзағайдай күркіреген соғыс даусы тынысымен-ақ зор қарағайдай, жапырағын кең жайып, қайта көктеген Отан жырын ақын сүйсіне жырлай бастады. – Уа, халқым, қажымайтын ер екенсің, Кіргізген қолмен жердің берекесін, – деп Ғали жазық қырларға толтырған дала ерлерін, даңқтарын жырлады. Соғыстан кейінгі алғашқы жылдарда жазған өлеңдердің ішінде «Бетпақдала» деген жыры өте әсерлі, жылы жазылған. Ақын бұл дастанында: Көңілді қозғап тағы да, Келелі күй ғажайып: Көрікті дала жайында, Жаңа бір дастан жазайық. Сағырақ қарап картаға Сарынын күйдің тыңдайық, Созыла жатқан Арқаға, Даламыз тола бір бәйіт, –

деп жаңғырған, жаңарған жапанды қызық хиқаяларға толы деп мақтан етеді. Бірақ бұл жапан мұндай сүйінерлік күйде ме еді? Алатау, Арқа арасын, Қаңсытып Бетпақ алшайтты. Қыруар қазақ баласын, Қарата жүріп қартайтты. Халықтың қарулы қолдары ғасырлар бойы құлазып, қаңсып жатқан қу жапанның жүрегін қайта соқтырғанын, қалың сауырлы, бұж-бұж қырларға темір жол тартылып, жапанға жан біткенін ақын қашанғы бір шерін тарқатқан адамша, тебірене елжіреп жырлайды. Халқымыздың арқасына біткен жауыр секілді сор Бетпақтың көркейген келешегін елестетіп: Оралып тағы сол уақта, Жазармын жасыл бақшасын. Жанымды жайып Бетпаққа, Жалбырай жүріп ақ шашым, - деп игі мұратындай ыстық сыр шертеді. «Бетпақдала» дастаны Ғалидың бұл тұстағы жалынды шабытпен, шебер жазған келелі жыры. Соғыстан кейінгі дәуірдегі Ғалидың шығармаларында өзекті орын алған тақырыптар – өзі туып-өскен баяғы шатқал шыңдардың, жота-белестердің бүгінгі өзгерген суреттері. Айта кететін бір жай – біздің поэзиямызда өзінің туған, өскен өлкесін Ғалидай көп және әсерлі жырлаған ешбір ақын жоқ. Ғали өз өлкесінің құз-шыңдарын жыр еткенде жас шағындай оларға қарап таңырқап немесе үрейленіп тұрмайды. Енді баяғы «шаншыла біткен сол зеңгір құздардың» биігіне шығып жота-жоталардағы жаңа өзгерістерді шабытпен шолады, өзі сол өзгеріс майдандарына аралас

жырлайды: Ерте бір шығып биікке, Айнала шолып қараймын, Көремін сол бір суретте, Суретін нұрлы сарайдың, («Биіктегі бір ойлар».) Көңілге қанық жатталған Болса да бәрі көзге үйір. Баяғы бұйрат қатпардан, Көремін сурет өзге бір. Қамысты қойнау түбектен Өшіпті соқпақ бұрынғы. Жалғасып бір жол әрі кеткен, Орапты ой мен қырымды. («Қоянды қойнында») Ақын жасынан өзі таңырқап өскен тау, төбелерде пайда болған жаңа бір көріктерді осылай сүйсіне келе, сол тәкаппар тауларды өзіне бағындырған құдіретті күштерді – совет адамдарынының қуатын жыр етеді. Тынысы, күші ерекше, Оларға тосқын болар кім? Тауымды тиеп әкетсе, Жетіп тұр күші олардың. Енді Ғали жырларындағы адамдар, ерте кездегідей тау-тастың арасынан өтуге жол таба алмай дағдарған көшпенділер емес, Ғалидың ендігі кейіпкерлері – құздарды көтеріп тастайтын алпамыс ерлер. Ежелден құм-белестерге бұлжымас тәңірдей болып асқақтаған «хан тауының» құлатылуын ақын: Қопарыла құлаған Қалды таудың шұқыры,

Хан үйінің қираған Шаңырағы сықылды, – деп шебер суреттейді. Өзі көрген бұрынғы меңіреу, құз-қиялардың біздің совет адамдарының ырқына бағынып, халық игілігіне айнала бастағанын Ғали өзінің «Қапшағай» өлеңінде: Қартқа оны ұқсатушы ем мен бұрын Әлдекімге салған үнсіз көз қырын. Ақырында әжім басып дидарын, Қарай-қарай тауысқан құр көз нұрын,– деп бұрынғысын елестетіп енді: Сонау аңғар сәуле қадап мың моншақ, Түрленетін күн жетіпті қызға ұқсап, Біздің жарқын адамдардың жүзінен Көз алдымда көрініп тұр сол бір шақ, – деп, Қапшағай тауының ертеңгі сәулетті көрінісін аңыз етеді. .Ғали өз өлкесінің табиғатын қаншалықты сүйсе, сол табиғат дүниесіне пайда болған жаңа өзгерістерді, кереметті игіліктерді де сондайлық ыстық сезіммен, сүйінішпен жырлағанын біз оның кейінгі жылдары беріле жазылған бірнеше өлеңдерінен айқын сезінеміз... Ғалидың соңғы жылдары аңсары көбірек ауған тақырып – малшылар өмірі, жайлау жырлары. Осы жаңадан жазған жайлау жырларының ішінде ерекше бағалылары: «Әсеріне тоймаймын», «Жоңғар жұлдызы», «Асы», «Ғазиза», «Қойшының қосы», «Түсінікті сияқты», «Үш бұлақ», «Тыңдар ем» сияқты өлеңдер. Бұл өлеңдерінде Ғали нөсерді, қиялы асқар адырларда асқақтай жүріп мал баққан ерлерді және сол еңбекші малсақ жұрттың ізгі мінез, пейілдерін,

жетіскен ырыс дәулетін хоштана суреттейді: «Жоңғар жұлдызы» деген өлеңінде: Көк ала таудың басында, Ғажайып бір шал көрдім мен. Нажағай бұлттың қасында Жан екен нағыз көп жүрген. Шалғында жылқы шұрқырап, Жонда шүйгін қой жатыр, Тіршілік жырын тұр тыңдап, Құлағын түріп сол батыр, Қарайды қалың түлікке Бақытқа толып нұр жүзі, Жарқырап өзі биікте, Сықылды Жоңғар жұлдызы, – деп Социалистік еңбек Ері Жақамбай қарттың тұлғасын бейнелейді. Осы мал бағушы шалдың еңбегіне сүйсініп, ақын оны «нажағай бұлттың қасында жүрген – ғажайып шал» екен деп мадақ ете, әсерлей суреттейді. Малшылар жайындағы бір топ өлеңдерінің пернелері осындай абзал бейнелер мен ғажап көріністердің сырын, күйлерін шертеді. Ғали жырларының өзектері алыс мекендерге тартады: бірде өндірісті Алтай жыр болса, кейінде кербез Көкшетау мен қыр сұлуы Қарқаралы суреттеледі. Бірде зор мақтаныш ұлы Москва жыры болса, бірде еркіндікке ұмтылған сонау мұңды Мысыр толғанады, бірқатар жырларында Жетісу малшылары жырланса, кейінгі жазған бір топ өлеңінде Арқадағы тың қырларды жаңғыртушылар сипатталады. Тақырып жағынан Ғали таршылық еткен емес. Заманымыздағы күнделікті саяси уақиғаларға белсене үн қосушы ақынның бірі – Ғали. Ғалидың саяси лирикаларының ішінде көсеміміз Ленин жайында жазған өлеңі аса ынтық сезіммен жазылған. «Ленин мавзолейінде» деген өлеңінде:

Әлсіреп тұрып едім мен де қарап, Бір мұңды балапандай ыстық қанат! Жұмыр жер, жұт басына, жүзіп-батып Дариға, жатыр еді-ау, сол бір сағат... – деп мұң шертеді ақын, данышпан көсемнің өлімі жайында. Осы бір шумақтың өзінде қандай жанды сурет, қаншама шындық сезім жатыр! Шебер және әсерлі жазған. Бірсыпыра өлеңдерінде Ғали совет халықтарының достық пейілдерін жыр етеді. Бұл ретте қытай, қырғыз ағайындарға арнап жазған бауырмалдық жырлары жылы леппен шыққан. Ғали – негізінен лирик ақын. Жоғарыда келтірілген қай өлеңінен болса да ақынның сыршылдығы айқын сезіліп тұр. Ғали жырлаған көрініс-құбылыстардың бәрі де, өзінің ақындық жүрегімен сырласып, үндесіп жатады. Сондықтан да Ғали саяси тақырыпқа жазсын, шаруашылық тақырыпқа жазсын өлеңдері әсерлі, ұнамды шығады. Бірқатар лирикаларында Ғали өз көңіл күйлерін, жастық махаббат сырларын шертті. Жалт етсе жанды шарпыған, Көзің бір шыра нұр ма екен? Көңілінде үміт талпынған Көрініп содан тұр ма екен? Сәуледей сырмен мөлдіреп, Телмірген терең көл ме екен? Толқыса баяу дірілдеп, Қозғаған нелер болды екен?– деп елжіресе, екінші бір өлеңінде: Ғашықтың күні шерменде Сыйғызбас оңай сені үйге,

Ойнақтап жүрек кеудеңде Салады шіркін не күйге, – деп тебіренеді тарлан ақын бозбалаша. Ғали орыстың дана ақындары А.С.Пушкинді, Лермонтовты асыл өнеге тұтып, олардың шығармасын оқып, аударып, көп тәлім алған ақын. Сонымен бірге ұлы Абайдың да, тілге шебер ақын Ілиястың да Ғалидың ақындық өнеріне еткен әсері зор. Көңіл күйлері мен махаббат сырларын шертуде Абайша леп шығарса, Ғали табиғат суреттерін бергенде Ілиясша толғанады: Зейінді сырлы өмірдің Көңілге түссе сәулесі. Адамға біткен сезімнің Жаңғырар алған пернесі. (Ақынға.) Асау бір ойың кей-кейде Кеудеңді сығып тебірентер Шамам бір келмей қой деуге, Қызыл бір тілді сөйлетер. («Асау бір ойын».) Міне бұл өлеңнен Ғали кемеңгер ақындарша, Абайша, Ілиясша толғанып отырғандығын сүйсіне сезінеміз. Ғали – біздің поэзиямызда өз үні, өз өрнегі бар көрнекті суреткер. Оның ақындық үнінің өзгешелігі лиризммен шықса, сөз өрнегі шеберлігімен, суретшілдігімен көрінеді. Ертеректе жазған: Шаншыла біткен заңғар құз, Қарасаң, басың айналар. Тереңде өзен дамылсыз, Дөңбекшіп жатқан айдаһар, –

деген, әсем суреттерден бері құз, шыңдарға, өзендерге, егін көркіне, ер адамдар тұлғасына лайық Ғали талай келелі теңеулер, метафоралар, әсірелеулер тауып, біздің поэзиямызға сұлу нақыштар енгізді. .Ғалидың ақындық шеберлігінің бір қасиеті – жырлайтын пікірін жалаңаш жеткізе салмай, суретпен, бейнемен кестелеп отырады. Ертеректе жазған «Өзен» деген өлеңінде: Жіңішке жіптей арықтар Жете алмай шөлге үзілді...– деп, шөл далаға жете алмай суалып қалған шолақ арықтарды көз алдына қонымды суретпен келтіреді. «Боз торғай» деген шағын өлеңінде: Кей тұрысың тым қызық, Аспанға іліп қойғандай, – деп торғайдың кейбір сәтте көкте дірілдеп тұрып қалатын кезін дәл суреттей қойған. Халық несібесі егін жайларының көріністерін әсем теңеулермен өрнектейді. Бір өлеңінде бидайды «құндыз жонды, құрақ бойлы» деп суреттесе, бір өлеңінде күрішті «суға ұйыған қорғасындай» деп бейнелейді суретші Ғали: Сұлының кере қарыс шашақтары, Тарының қызыл шоқтай моншақтары. Күнге тік қарай алмай күнбағыс тұр, Басына үлкен келіп кәмшаттары... – деп егін салтанатын қызықтыра сипаттай келіп: Адамның ауыр терін жерге тамған Астық тұр қауызына құйып алған, –

деп сабағы майысқан сәнді егіндер, еңбек сәулеті екендігін ақын шебер сездіріп тұр. Тіпті жаңа көктеген мақта алқабын суреттегенде де Ғали: Керулі кесте секілді, Көзіңе сол бір атырап. Әшекей түскен бетіне, Көрінбей мақпал топырақ... – деп оны түрлендіре, қызықтыра әсемдейді. Ғали ақынның лирикасы да, шеберлігі де халықтың өмір шындығын, заман сырларын айқын, әсерлі суреттеуге арналды. Ғали шығармасында өмірден алшақ эстетиктік лирикалар немесе пікірі жұмбақ символистік әшекейлер жоқ. Тіпті табиғат көрінісі немесе күйлерін толғауға арналған лирикалық қысқа жырларының өзінде әлеуметтік, халықтық, өмірлік сырлар шешіліп отырады. Бұл ретте Ғалидың кейінді, соңды жазған өлеңдерінің ішінде «Күш», «Жаңбыр», «Сенің өзің», «Күн», «Үш бұлақ», «Жүрек» атты лирикалары – терең мағыналы және өте көркем жырлар. Бұл өлеңдерді түгел талдаса, Ғалидың ақындық өнеріне сүйсінген үстіне сүйсіне түсер едік. Олай талдауға мүмкіндік болмағандықтан, бір-екі мысал келтірейік: «Үш бұлақ» деген өлеңінде: Құяды құздан үш бұлақ, Көк ала толқын сапырып, Нажағай мұздан күш құрап, Төгіле дүзге талпынып,– деп бұлақтың табиғи сұсты ағысын суреттесе, келесі екі шумақта сол асау бұлақтың, бау-бақшаны, асыл жайлауды көркейтуге мол нәр болып жатқанын жыр етеді. Ал, «Жаңбыр» деген өлеңінде жалт-жұлт еткен

нажағайдан сауғалап жауған жаңбырды әсем суреттей келе: Өлең де солай төгілсе, Кернеген сенің ойыңды. Кеудең бір кернеп өзінше, Сезесің жеңіл бойыңды, – деп мағыналы түйінді теңеу жасайды. Ғали өзінің ақындық өмірінде советтік өз өлкесінің жалықпас жыршысы болды. Өзінің тамаша ақындық өнерін социалистік өмір шындықтарын жырлауға, халқымыздың ерлік игі істерін жырлауға және жаңарған, өзгерген, өлкеміздің сұлу сипаттарын суреттеуге аянбай жұмсады. Өзінің еңбек сүйгіштігімен, дарындылығымен Ғали қазақ совет поэзиясының өрлеуіне елеулі үлес қосты. Ғалидың орыстың атақты классиктері Пушкин, Лермонтов, Толстой шығармаларын қазақ тіліне аударуы да бағалы еңбек. Коммунист, ақын Ғали – біздің әдебиетіміздің көрнекті қайраткері. СЕГІЗ ҚЫРЛЫ, БІР СЫРЛЫ АҚЫН Ардақты ақынымыз Қасым Аманжолов жайында ол қайтыс болғаннан бері оның ақындығын, аса дарындылығын сипаттайтын көптеген мақалалар, естеліктер де жазылды. Сыншылар, ақын-жазушы достары Қасымның өзін, поэзиясын аса зор сүйінішпен, құрметпен жоғары бағалай сипаттады. Мен бұл естелігімде Қасымның творчествосы жайында емес, абзал ақынның өзі, мінезі жайында, сол досыммен бірге өткізген жастық шақ туралы сыр шертпекпін.

1937 жылдың күзі болса керек. Мен КазПИ-дің үшінші курсында оқимын. Біздің жатақ үйіміз ол кезде Юных Коммунаров көшесі мен Фонтанная (қазіргі Төлебаев) көшесінің бұрышында жұпыны бір үйде болатын. Сол тұста студенттер мейлінше көңілді едік. Әсіресе, менің мерейім көтеріліп тұрған бақытты бір шағым еді. Сабақтас, қатарлас студенттерден озық оқығаныма байланысты мен ерекше Пушкин атындағы стипендияға ие болдым. Атақты Сәбит Мұқановқа қосыла 8-класқа арналған әдебиет хрестоматиясының жасаушысының бірімін. Ең тамашасы – мен оқитын курста он шақты қазақ қызы бар. Қазіргі кейбір бет-аузын бояумен шимайлаған, көпшілікті жерде жын қаққандай тыраңдаған тырналардай емес, әдет-ғұрыпты сақтаған ақылды, ибалы, әзілге мәз қыздар еді-ау, ол қалқалар... Жатақханадан шығып КазПИ-ге жету үшін ол кезде Федерация атындағы паркті жарып өтетінбіз. Ол кезде көшелерде де, паркте де (әсіресе күндіз) қазіргідей қаптаған қалың жаяу кездеспейтін. Еркін, дархан жастық адыммен, мәз күлкімен адымдайтынбыз институтқа қарай... Мен өзіммен сабақта он шақты қызбен адал дос, шын сырлас та болып кеттім. «Ежелден қыздың сыры бізге мәлім», – «Жігітті жұрт мақтаған – қыз жақтаған» – деп Абай айтқандай, қыздар да маған үйір еді. Дәйім таңертең сол ақжарқын қыздармен мәз-мереке сөйлесіп институтқа қарай жүріп бара жатсақ, алдымыздан кесекөлденең орта бойлы, ақсұрғылт жүзді, бір жігіт өтеді. Күзге лайық үстінде сұрғылт плащы бар, басына былғары картуз киген сол жігіт өзінше тәкаппар пішінде. (Сірә, бізді көз қиығымен байқаса да көрмегенсіп, қыздарыма да, маған да қарамай, аяғын шірене басады тіпті...) Жайшылықта байсалды Ғани деген қыз, әлде әлгінің күн сайын алдымыздан кес-кестеп өтетінін ерсі, таңсық көрді ме:

.– Қалижан, мынау адам кім? – деп сұрады бір күні. Екінші бір жігітті білгісі келіп таңырқай қалса, жігіт біткеннің жақтырмайтын әдеті ғой, мен де сәл іркіліп қалдым. Әйтсе де қыз көңілін қалдырмайтын басым: – Осы жігіт, сірә, газеттерге өлең жазып жүрген әлгі Қасым Аманжолов деген болуы керек. «Лениншіл жас» редакциясында қызмет істейді білем, – дедім. Сол жылғы күздің жаңбырлы кешінің бірінде мен қасымда белгілі Абдолла Жұмағалиев атты жас ақын досым бар, Октябрь көшесіндегі бір асханада сұхбаттасып отыр едік. Әрқашан сезгіш Абдолла бір сәтте бұйра шашты басын артына бұрып шетте, терезе алдында шылым шегіп отырған біреуге қолын сілтей қалды. Бізді алыстан бақылап отырса керек, ол да осы белгіні сезіп, басын тік ұстап, қайқия басып біздің столға келді, келді де орындыққа отырмастан, маған бір қарады да, мені арқасымен көлегейлеп, столға шынтағын тіреп қойып Абдолламен сөйлесе кетті. Мен бұл қыңыр жігіттің кім екенін, әрине іштен біліп тұрмын. Сонда да: .– Әй, жолдас, ту сыртыңды беріп, қырындамай дұрыс отырмайсың ба? Және темекіңнің түтінін менің мұрныма ұйтқытпай әрі жібер! – дедім, тұрысын жақтырмаған пішінмен. .– Ә, мұнда сіз бар екенсіз ғой, – деді кенет ол маған жалт бұрылып қунақы көзбен қарап. Кенет, Абдолла бұл жайсыздықты сезе қалды да: .– Қалеке, танымайсың ба? Бұл – ақын Қасым Аманжолов қой, (мені нұсқап) Қалижан Бекхожин, танысыңдар! – деді. Қасым екеуміз ресми адамдарша қол алысып таныстық та, аздан кейін бұрыннан бір дос адамдай сұхбаттасып кеттік. Қасым Абдолланы Орал қаласында әскери қызметте жүрген кезінде, одан кейін редакцияда газет жұмысымен айналыса бастаған шағынан біледі екен. Біраз тіл табысып ұнасқаннан кейін мен Қасымға:

«Жаңа қисая тұрып маған қыр көрсеткенің қай қылығың?» – деп қалдым. Қасым да іркілген жоқ, ішіне түйіп жүр екен, айтып салды: .– Ал өзің ше? «Лениншіл жас» редакциясына күн сайын келесің де, Жұмағалимен ғана шүйіркелесіп сөйлесесің, маған сен де жауырыныңды беріп тұрасың... Жұмағалиды ертіп кетесің. Маған неге амандаспайсың? Ол-ол ма?.. Күн сайын таңертең парктен жеті қыздың ортасында масайрап өтесің... өзіңнен басқа жігіт бар деп ойламайсың-ау... Ішім күйіп жүр еді... – деп, жайраңдап күле сөйледі. – Әй, Қасым, – деді Абдолла, әдетінше оң қолымен сермей сөйлеп, – махаббат жорығында мен Қалижанға атқосшымын, бұл ақасы барда, перизаттардан махрұм болмаймыз. Біз ұзақ сырластық. Поэзия туралы, өзімен тұстас ақындардың өлеңдері туралы, қызыға, құлшына сұхбаттастық. Сол түні үйі алысырақтағы Қасым менімен бірге менің жатақханама қонды... Таңертең кешірек ояндық, жексенбінің демалыс күні еді. Қасым бөлмедегі менімен бірге жатқан 3-4 жігітпен сәлемдесті де, менің койкамның бас жағында тұрған домбырамды қолына алып «Қарғам-ау-ды» шерте бастады. «Қарғам-ау» әнін мен бала жасымнан шешемнен, апа, ағалардан естіп өскенмін. Әсіресе атақты Керекулік Майра құйқылжытып шырқаған «Қарғам-ау» менің жүрегімді шымырлатып дәйім көкейімде тұратын. Қасымның нәзік шертісі ұнай қалғандықтан мен: – Кәне, Қасым, шырқап жіберші! – дедім. – Жоқ, бұл ән менің нәшіме келмейді. Бұл әнді айту үшін ерекше дауыс керек, – деп Қасым тартынды. Мен, – Шіркін, бұл әнді біздің Абдолла қандай тебірене салады! Ал өзің меңгерген басқа бір әнді айтып жіберші, мына жігіттер де тыңдасын. Айтқандайын, сен Мәди әнін айта аласың ба, – деп қалдым. Қасым ұнатпай қалды, қиқарлана жауап қайтарды.

.– Мәдиді білесің бе? Сен өзің Жаяу Мұса әнін айта аласың ба? Баяндықсың ғой. – Жоқ, досым, – дедім мен, – ән шырқай алмаймын, ән-күйді жүрекпен түсінем, ежелеп домбыра тартамын, ал, Мәди әнін мен бала кезімде нағашымның үйіне қонақ болып отырған бір адамнан естігенім бар. Мәди әні содан бері менің жүрегімде күңіреніп тұрғандай, Мәдидің тағдыры да мені толқытады... – Ал ендеше мен сол Мәдидің туысымын. Мен де, Қаракесекпін (ру аты), Қарқаралыныкімін. Семей, содан кейін Орал менің жастық шағымның белгісі болып кетті. Алматыңа жуықта ғана келдім. – Мейлі қайдан шықсаң да. Ал, досым Мәдиді шырқашы... Қасым кенет сұрлана қалды. Көзі де әлдебір аруақты көріп тұрғандай шақырая, кейін тұнжырай түсті де, мұрнын, лебін ішке тартып алып, шерлі де назды дауыспен сызылта жөнелді... Немене, көрген қызық көрмегендей, Жас дәурен жауар бұлт өрлегендей. Жігіттік көк семсердің жүзі емес пе, Қайрап ап қалың жауға сермегендей... Содан әрі Мәди өлеңін күңірене толғап, Мәди сынды өзі де бір қапаста немесе қуғында жүрген жандай тебіренді. Бұл ән менің тұла бойымды тербеп, қанымды шымырлатып кетті. Қуғын көрген бейбақ Мәдиді де, сол аяулы дарынның зарын шертіп отырған Қасымды да аяп кеттім, көзіме жас та келді. Айта кетейін, мен әлі күнге дейін ардақты Жүсіпбектің (Елебеков) Мәди әнін, бұлбұл Күләштің «Гәккуін» радиодан естігенде тік тұрам да елжіреп көзіме жас аламын. Қиялымен Мәдиге ұқсап, Арқада қуғын көріп жүрген Мәдидей, көзі бұлдырап, Қасым өксігін әрең аяқтады.

Атыңнан айналайын Қарқаралы, Сенен бұлт, менен қайғы тарқамады. Саяңнан сайғақ құрлы сая таппай, Мен болдым бір қуғын жан Арқадағы. Қайырмасын дірілдетіп барып әрең тоқтатты. Ақын Қасымның газет беттерінде жарияланған біраз өлеңдерін оқыған едім, екеуміздің де поэзиядағы балаң шағымыз ғой, тап сол тұста жұрт тамсанарлық жыр жаза қойдық деп айта алмас едім. Қасым да солай. Ал, мына әнші музыкант Қасымның бұл қасиетінен де күшті дарын қайнары бар-ау, деп мен жаңа тапқан досыма өте сүйсіндім. – Өзің ақын ғана емес, әнші, музыкант та екенсің ғой... Жүр біздің үйге, мен саған қандай музыкант екенімді көрсетейін, мен скрипка да, гармонь да тартамын... Екеуміз жатақханадан жайраңдап шығып, Қасымның пәтеріне қарай кете бардық...

ҚАЙРАН ЖІГІТТІК ШАҒЫМЫЗ . «Ол күндердің жалыны өшпес естен», – дегендей, біздер, менімен тұрғыластар, сол шақта өткен албырт, дархан кездерімізге разы едік. Жас едік-ау... Мен ҚазПИ-ді 1938 жылы май айында бітірдім, сонда мен жиырма бес жаста екенмін. Әрине, жиырма екісінде институт бітірген жастар «несіне мақтанады жиырма бесінде КазПИ-ді бітірдім» – деп менің бұл сөзімді сөкет көруі де мүмкін. Қазіргі білікті, әсем ұл-қыздарға сүйінішіміз мол. Әйтсе де, біз сол жас жігіт шағымызда да ақылды, парасатты едік. Бірақ біздер сол ыстық,

албырт шағымызды, оқи жүріп, өлеңді жаза жүріп, әдеп-әркенді сақтай жүріп, сауық-сайранды гулете білдік. Қазақтың әдебиет әлеміне, аты шулы отыз жетінші жылдан кейінгі ізбасар жастар жас жағынан да құрыптас, бәйтеректің бұталарындай жарасқан бір шоқ едік. Біздің қатарымызда жасы аздап үлкендеріміз – Дихан, Әбу, Әлжаппар, Жұмағали, Есмағамбет, Ғабдол менімен құрбыластар – Қасым, Әли, Қапан, Абдолла болатын. Ұстаз тұтатын, біз сыйлайтын, бізге қамқор ағаларымыз да аз емес еді. Біздің алдымызда, әдебиет орманында бәйтеректей асқақ, дауыл соқса да мызғымаған ағаларымыз – Мұхтар, Сәбит, Ғабит, соларға тетелес Асқар, Тайыр, Ғали, Әбділдалар тұрды. Осы тамаша топтың арасында комсомол комитеті мені 1938 жылдың апрель айында арнайы шақырып алып, сол кездегі Комсомол баспасына – әуелі бас редактор етіп жіберді де аздан кейін директор етіп тағайындады. Бұл шақ – институтты бітіруге екі айдай қалған кез еді. Біздің ұзақ-ұзақ отырыстарымыздағы әңгімелеріміз, жас ақындарға лайықты өнеге әңгімелер мен махаббат сырлары болатын. .Қасымның бір қасиеті – қасындағы екінші біреу дәмді, мағыналы сөйлесе, ықыласпен тыңдайтын. Менің достарым Хамит пен Тахауи сөйлеп бір кеткенде мен байғұс тіл қатпай тыңдап отыра беретін әдетім бар. Ал, сол бір албырт шақта – сірә мен білгішсініп, оқығаным ішке сыймағандай, жосытып сөйлей берсем керек... Сонда не айттым екен?.. Менің білгішсініп әңгімелейтінім поэзия, көбінесе поэзияның ұлы классиктері Байрон, Шелли, Пушкин, Лермонтов, Маяковский, Есениндердің поэзиясы мен өмірлеріндегі қызық жәйттер туралы болатын. Мұндай әңгімелерді, мағлұматтарды Қасым да, Абдолла да ықыласпен тыңдайтын. Қасым да мінезі ерекше, өр ақын ғой. Бірақ ол

шын сүйсінген жәйттерді ішке бүктемей жайдары разылықпен айтатын. Айта кетейін, мен жылы жаз айында институтты үздік бітіргеніме қуанып, біраз достарымды (ақындармен қоса қыздар да бар) қонаққа шақырып, парк ішіндегі кафеде шағын той жасадым. Мені қошеметтеп сөйлеушілердің ішінде Қасымның сөзі таңданарлық болып шықты: Қасым: .– Жігітттер мен қыздар, мына тосты мен үшін көтересіңдер! Институтты бітірген Қалижан ғана емес, мен де бүгін институт бітірдім. Жиналғандар: – Қайда? Қалай? .– Мына оқымысты Қалижан төрт жыл бойы оқып білгенінің бәрін менің құлағыма құйып берді, мен оның бәрін біліп алдым. Нанбасаңдар, менен экзамен алыңдаршы – поэзия, поэзия тарихы туралы сөйлеп берейін! – деп күлімдей шіренді Қасым. Қыздар мен жігіттер ду күлісті. Қасымның әзіл-шыны аралас бұл сөзіне разы болып, қол соғыстырып тост көтерілді... .Тумысынан дарыны күшті ақын, соншалық зерек, парасатты, білгір еді. Ресми оқып дәрежелі білім алмаса да, өз бетінше оқып, зерттеп, тарихи, әдебиет, саясат мәселелеріне қанық та, жетік те еді. Қасымның келелі шығармаларынан бұл қасиет айқын сезіліп тұр. * Қасым достарының арасында ерке, өзін ерке ұстайтын, бірақ оғаш мінез білдірмей әзіл-күлкіге мәз болып отыратын. Сол достар қатарындағы біздің үлкеніміз – Әбу Сәрсенбаев. Бұл кісі Қазақ мемлекеттік баспаның директоры, сонда да кішіпейіл, байсалды, жасырақ біздердің еркелігімізді көтеретін. Әбекеңнің үйіне, біздің Ләзиза апайдың дастарханына біздер – Қасым, Жұмағали, Ғабдол, Жәрдем, Абдолла – бәріміз

түнделетіп сау ете түсетінбіз. Қасым скрипка тартып, Жәрдем домбыраны безілдетіп, Абдолла қосыла ән шырқап, әзілге құмар Ғабдол күлдіріп әңгіме айтып талай думан құрып едік. Өтті-ау, қайран сол бір қызық шақ... жылы июль айында неміс-фашистерінің шапқыншылығына қарсы Отан соғысы басталды. Кешікпей Қасым жауынгерлік қызметке жөнелді. Достары, біздер құшақтасып айрылыстық... СОҒЫСТАН КЕЙІНГІ КЕЗЕҢДЕ Әскери қызметті Қасым әуелі Қиыр Шығыс жақта, бір бөлімде атқарды, кейін Белорусь майданында Брянскі орманындағы бір бөлімнің штабына орыс тіліне жетік, әдемі жазатын Қасым кеңселік қызметте болса керек. Соғыс тұсында, майдан алапатын көзімен көрген Қасым терең тебірене түсіп, соғыс зардабын ызамен, күңіреніспен жырлады. Қасымның ағасына, Ғали Ормановқа майданнан жазып жіберген жырларында совет жауынгерлерінің от кешкен, қиындық шеккен бейнелері тебірене толғанады. Бәріміздің досымыз жас ақын Абдолла Жұмағалиев фашист әскерлерінің қоршауына түссе де, берілмей жалғыз өзі солармен шайқасып ерлікпен қаза тапты. Қасым өзінің балладасында осы жәйтті күйінішті жүрегімен, досының қазасына тербелген шерлі жанымен жырлап, өте жақсы жыр туғызды, жас ақынға жырдан ескерткіш соқты... .Қасым соғыс біте майдан жақтан Алматыға аманесен оралды. Жаңа дастан, жаңа өлеңдер жазып жүрді. Қасым екеуміз бұрынғыша достық қалыпта араласып жүрдік. Мен бұрынырақ үйленген едім. Соғыстан

қайтқаннан кейін Қасым өзіне лайықты жар тапты. Сол сүйкімді, жанашыр жұбайы Сәпен Қасымға адал серік болды. Қасым ауыр сырқатқа ұшырап төсек тартып жатқан шақтарда Сәпен Қасымның шипагері, қамқоры болды... Мен соғыс атырабынан (Чехословакия, Польша жерлерінде әскери бөлімдерде политрук болып қызмет атқардым) Алматыға оралғаннан кейін, әуелі академияның тіл-әдебиет институтында қызмет атқардым, 1947 жылы өзіміздің Жазушылар одағына қайта қызметке келдім. Поэзия секциясын басқардым, партия ұйымының секретары болып та қоғамдық жұмыс атқардым. Соғыстан кейінгі бір шақта (1947) мен «Сырдария көкпары» және «Келтемасат» атты екі баллада жаздым. Бұл шығармаларда соғыстан кейінгі шаруашылықты қалпына келтіру, еңбек адамдарының ерліктері жырланған еді. 1947 жылдың май айында Одақтық Жазушылар одағы жуықта болатын пленум алдында «қалпына келтіру тақырыбына арналған жаңа шығармалармен танысуға жер-жерге хат жазыпты. Соған байланысты Қазақстан Жазушылар одағы «Сырдария көкпары» және «Келтемасат» атты екі балладаны Москваға Жазушылар одағына жолдайды... 1947 жылдың июль айының соңғы күндері СССР Жазушылар одағының басқармасының пленумы өтті. Пленумда А.А.Фадеев баяндама жасағанын газет хабарынан білдік. Ал, маған айрықша қуанышты болған жағдай – 1947 жылдың 30 июлінде «Правда» газетінде А.А.Фадеевтің «Өрлеу үстінде» деген мақаласы жарияланды. Бұл мақала Фадеевтің пленумда жасаған баяндамасының негізі екен. Ақын-жазушыларға аса пейілді Фадеев, мақаласында отанымыздың қайта қалыптасу тақырыбына жазылған жаңа туындыларды, олардың авторларын, 3-4 ақынды айрықша атап кетіпті. Сол аталған ақынның біреуі мен – Қалижан Бекхожин. Мұны неге айтып отыр десеңіз – Фадеевтің

бұл мақаласы менің творчествомның өркендеуіне зор пайдасын тигізді, сонымен бірге, маған күншілдерді де көбейтті, дұшпандарыммен, бақастарыммен қосыла кейбір достарым да мені сол мақаладан кейін, Москвада орыс тілінде жинағым шыққанына көре алмаушылық, іштарлық жасады. Мәселе былай: Сол туындылардың қатарында менің балладам да аталыпты. Бұдан кейін мен таңдаулы өлеңдерімді орыс тіліне сөзбе-сөз (подстрочник) аудардым да Москваға тартып отырдым. А.Фадеев жолдасты мен ертеректе көрген едім. 1939 жылы қыс айында Москва, Одақтық Жазушылар одағында жас ақын-жазушылардың бүкілодақтық семинар-жиналысы өтті. Бұл жиынға Қазақстаннан – Әлжаппар Әбішев, Қасым Аманжолов, Әли Есмамбетов және мен қатыстым. Сол жиында А.Фадеев жас жазушыларға мерей білдіріп өзінің кісілігін танытты. Біздермен бірге суретке түсті. Атақты жазушылар – Алексей Толстоймен әңгіме-сұхбат ұйымдастырды, Соболев, Твардовский, Павленко, Катаев сынды белгілі жазушылармен кездестік. А.Фадеевтің жас ақынжазушыларға қамқор екенін сонда аңдаған едім. Бұл барысымда А.Фадеев мені күттірмей, жылы шыраймен қабылдады. Өзі пленумда атап кеткен шағын екі шығармама қоса соғыс тұсында және кейін жазылған өлеңдерімді ала келгенімді айтып осылардың орыс тілінде жинақ болып шығуын өтіндім. Александр Александрович менің өлеңдерімді пайымдап қарап өтті де, «Советский писатель» баспасының директорына телефон соқты: – Менің алдымда қазақ ақыны Бекхожин Қалижан отыр. Өткен пленумда мен бұл ақынның екі шығармасын ерекше атап кетіп едім. Басқа өлеңдерінің де тақырыптары, поэзиясы жақсы көрінді. Осы қазақ ақынының өлеңдер жинағын басып шығаруды өтінем, – деді. Баспа директоры келсін деген болу керек. – Барыңыз, кітабыңыз шығады, – деп қолымды алып

қоштасты А.Фадеев. «Советский писатель» сонымен жинағымды қабылдайтын болды. Жинаққа енген өлеңдерімді москвалық белгілі ақындар – Ярослав Смеляков, Михаил Луконин, Николай Сидоренко, Павел Шубин, Илья Сельвинский, Зенкевичтер аударды. Аса дарынды ақын Я.Смеляков кітабыма алғы сөз жазды. Бір-екі айдан кейін, өлеңдер жинағым «Под звездами Москвы» деген атпен шықты. Расында Жамбыл жыраудан соң, Сәбит Мұқановтан соң қазақ ақындарынан Москвада, орыс тілінде кітабым шыққан тек мен ғана екенмін. Сөйтіп жүргенде жылғы шулы кезеңге ұшырадық. Бұл өкініші, зардабы ауыр жәйтті мен басқа естеліктерімде паш еткенмін. Ауыр сын көрген мен шығармын. Сорыма қарай сонау албырт шағымда 1940 жылы «Батыр Науан» атты поэма жазып, «Тарту» деген жинаққа жариялағанмын. Бұл поэмада аты шулы Кенесарының сотқар інісі Наурызбай жырланған. Соғыс тұсында, майдандағы қазақ жауынгерлеріне халқымыздың атынан хат жазылған. Сол хатта – патшаның отаршылдық әрекеттеріне, хандар қысымына қарсы ереуілді бастаушы Исатай, Махамбет қатарында Кенесары, Наурызбай да аталған еді. Бірақ олар сынға ұшыраған соң жиналыстарда, баспасөз беттерінде мені бір топ сыншылар, әдебиетшілер аяусыз түйреді, дегенім – осы дүрбелеңге Қасым да белсене қатысты. Расында, Қасымның өзі де Наурызбай туралы поэма жазған еді. Қасым да сыналды, бірақ оның бойындағы сырқаты асқынғандыққа байланысты сыннан араша тапты. Қасым екеуіміздің арамызға от тастаушы, оны маған қарсы жұмсаушы белгілі сыншы мен кейбір ақындар болды. Солай да, бір-бірімізбен бейсауат даурығып сынасып алып, жиналыстан шыққан Қасым бәріміз райымызға келіп әзілдесіп қайтатынбыз. Ауыр сырқаты меңдеп кешікпей сабаз ақын дүние салды. Мен бұл тұста Сочиде демалыста едім. Аяулы ақынның

қайтыс болған хабарын естігенде көзіме жас алып, семьясына телеграмма соқтым. Алматыға оралғаннан кейін анасын, аға-жеңгесін, жұбайын да қонаққа шақырдым. Ардагер ақынның асыл бейнесі менің әрқашан есімде, ақын досым, тұрғыласым Қасым жайында есімде сақталған қызық жәйттер аз емес. Жиындарға, Москвада өткен съезде, онкүндік сапарларда Қасым ерекше көзге түскен ақындардың бірі болды. Ал, екеуіміздің оңаша сапарларымыз, әсіресе Павлодар, Баянауылға жасаған (1939 жылғы) саяхаттарымыз өзгеше бір қызық хикая. Баянның кербез тауының бауырында, ауылдың қызкеліншектерін жинастырып алтыбақан құрғызғанбыз, ақсүйек ойнағанбыз, Қасымның тебіреніп ән салғаны, тағысын тағылар бәрі де әлі есімде. Тірлік болса мұны да кейін жазармын. ЗЕРДЕЛІ ЕДІ ЖАСЫНАН 1929 жылдың қысы болса керек. Мен ол тұста өзімнің туған Керекуімде, 2-басқыш мектептің бірінші класында оқитынмын. Одан бұрын діни оқуда үш-төрт жыл шырмалғанмен, кейін үш жыл совет мектебінде оқып келіп, бесінші класқа барабар осы сатыға әрең жеткен едім. Тап сол күні, қар жапалақтап жауып тұрған еді. Сабақ аралығындағы үзілісте шәкірт балалар далаға гулесе шықтық. Бұл екінші басқыш мектепте сабақ орыс тілінде оқытылатын. Мұндағы қазақ балалары орыс балаларына қарағанда көбіне ересек келетін. Ересек дегендер әрқилы оқуда айналып, біраз жүріп қалған он алты жасарлармен сабақтас он жеті, он сегіз жастағылар бар еді бұл мектепте.

.Ойын десе есім қалмай аласұратын әумесер басым, жерге түскен жалпақ қарды жұмарлап алдым да, басқа бір салмақтылау баланың сөзін тыңдап тұрған Қабыш деген баланың арқасынан сол қармен соғып жібердім. Момын, аңқау Қабыш маған жалт қарады да, әдетінше сабырмен: .– Жындымысың? Зейіннің әңгімесін тыңдап тұрған жоқпын ба, кел, тыңдасайшы, – деп менің ойынымды жақтырмай қалды. Сәл шалдуар болсам да, бала жасымнан біреудің аузынан соны, қызық әңгіме естуге құмар едім. Қабыштың (бұл екеуміз сабақтас едік) қасына келіп тұра қалдым, тағы да үш-төрт бала Зейінге қарап тұр екен. Зейінді сірә, анықтап тұңғыш көргенім осы шығар, орта бойлы, талдырмаш, сүйкімді бала жігіт, қоңырқай көздері ойлы сырмен ұшқындап, үлкендерге лайық сабырмен сөйлеп тұр екен. Бұйралаң шашының ұштары елтірі құлақшыннан шашырап шығып тұр, ықшам ішігі өзіне жарасып қалыпты, бұл пішінде ол маған менен ересектеу болып көрінді де біздің Керекудегі жас «қаратаяқтардың» біріне ұқсап кетті. Бірақ сөйлеп тұрған сөзі мен көріп-біліп жүрген «қаратаяқтардың» әңгімесінен бөлек, тіпті мен сірә естімеген бір оқшау жайлар секілді. Зейін тегі сөз төркінін әріден бастаған болу керек, бас жағын ұғынбадым, есімде қалғаны да сол ғана: – Плехановтың искусство жайында жазған пікірлерін оқып жүрмін. Бұл кісі терең білімпаз. Оның пәлсапасы мен көп кітаптарын Ленин өзі жоғары бағалаған. Өнер туралы қисындар мол, – деп беріле, білгір мұғалімдерше еркін сөйлеп кетті. Сөзінің соңғы жағын ойнақы ой сарайыма оншама берік орнай қоймаса да, ынтамен тыңдадым. Плехановтың дегені, есімде, сол сәтте менің құлағыма тосындау немесе алыстағы бір жат ағайынның есіміндей болып естілсе де, қиялыма, өзіме мәлім қосшы ұйымының бастығы Білеуханов елестей

қалды да, Плехановтың атын еске жаңылмай сақтауға көмегін тигізді. .Қабыш мені Зейінге таныстырды ма – ол арасы есімде қалмапты. Бала шағымнан өзімнен көбірек білетінге ұйып ен қоятын әдетімше, мен Зейінге ізетпен қол бердім. Қоңырау қағылды да, үзіліс аяқталып сабақ қайта басталып кетті. Зейін менен екі класс ілгері оқыды. Ол өз класына кетті. Мен оқитын класта жас мұғалім Балашов қоғамтану сабағын өткізіп жатты. Сол кездегі оқытушылар қатарынан маған ұнайтыны осы жас мұғалім Балашов болды. Білімді, албырт, өзі бұйра шашты, көрікті, шалқып тарихты жеткізе шежірелейтін. Балашов Пугачев көтерілісі жайында шешіле сөйлеп тұр. Бір кезде А.С.Пушкиннің «Капитан қызын» әңгімелеп кетті. Бұл кітапты ол кезде оқымасам да «Капитан қызы» деген киносуретті ынтыға көрген едім. Сол бала шағымда өткен замандағы орыстардан жүрегіме жылы ұялаған Пушкин мен Пугачев бейнелері болса керек. Осы ардақты адамдар жайында біздерге шалқи айтып тұрған шақта маған мұғалім Балашов жаңа ғана Плеханов туралы білгір сөйлеген Зейін болып көрінді. .Бала шағымда Зейін Шашкинге деген менің ыстық пейілім осылай басталды. * Бала болсам да Шашкин әулетінің есімдері менің құлағыма бұрыннан сіңіскен еді. Менің әкем Нұрғожа Баянауыл атырабының Қызылтау аталатын бір шоқысында туып өссе керек. Зейіннің ата жұрты, шағын Қозған ауылы да осы Қызылтау бөктерін мекендепті. Революциядан бұрын біздің руымыз Тұлпар ата мен Шашкиндердің тұқымы Қозғандар – бір болыс ел болыпты. Мұны мен әкемнің ауызекі әңгімелерінен сөз арасында естіген едім. Ал революция алдында сол

Тұлпар-Қозған жұртына аз уақыт болыс болған, кейін Совет үкіметіне беріліп қызмет еткен Әбушақман Нұржанов Керекудегі біздің үймен іргелес көрші болды. Бұл – оқыған инабатты кісі Шашкиндермен аталас екен, адвокат Әбушақманның үйіне Зейіннің Павлодар маңында жауапты партия, совет қызметтеріндегі ағалары Сағымбай мен Дайырбай Шашкиндердің кейде келіп жүретінін байқаған едім. Дайракең Кереку уезінен жерінен өзге жаққа қызметке ертерек ауысты да, Сағымбай менің туған қаламда көп жылдар қызмет атқарды. Реті келген соң айта кетейін Дайырбай да, Сағымбай да білімді, өнерлі кісілер еді, Дайракең (кейін білдім) өлең де жазатын, әдебиетке құмар кісі еді, ал Сағымбай ағайдың уездік партия комитетінде қызметте жүріп, сахна үйірмесін ұйымдастырғаны, Павлодардың жұмысшы клубында спектакль қойып, өзі пьесадағы басты бейнеде ойнағаны әлі есімде. Мен ес білген шақта, тап әлгі кездесуден бұрын Зейін Шашкин Керекуде болмаған секілді. Болса осы бір зерлі баланы бұрын неғып көрмедім екен? Бертін дос болып, біте қайнасып кеткен шағымызда да мен досымның өзінен сұрамаппын. Сол кезден бері біле алмай әлі қайранмын. Қызылорда да ма, өзге бір ірі қалада ма оқып білімденіп қалған Зейінді біздің жұпыны Керекуге қандай себеп қайырып келді екен? * .Жас Зейін өзінің білгірлігімен, өнер талабымен сол шәкірт шағында-ақ Павлодар жастарына белгілі, сүйкімді бола бастады. Сағымбай бұл тұста қызмет жөнімен басқа ауданға ауысса керек, қаладағы ойын-сауық мәселесіне енді інісі Зейін белсене кірісті. Біздің мектептегі жоғары класс оқушыларынан, педагогика техникумы студенттерінен бейімі барларды жинастырып, драма үйірмесін ұйымдастырды. Оның білгіштігіне ден қойып, кейін мен

де Зейінге үйір бола бастаған едім, сол үйірмеге мені де іліктірді. Ол кезеңдерде авторының кім екенін елемей түрліше сарынмен жазылған ұсақ пьесалар біздің Кереку сахнасында дулы-дулы болып қойыла беретін. Әдебиет қисындарынан сол жас, балаң шағында да әжептәуір хабардар Зейін, сірә талғап іріктесе керек, алдымен жұмысшылар клубының сахнасына «Зарлық» атты пьесаны әзірледі. Бұл пьесаның авторы Өмірбек Оспанов екенін (Қазақ ССР академиясының корреспондентмүшесі, топырақтану ғылымының ғалымы) мен кейін білдім. Пьесаның сахналық режиссері де, мұндағы бас кейіпкер Зарлық ролін атқарған да Зейіннің өзі болды. Маған Зейін сахнаға кіріп-шығып жүретін бір жылпостың қызметін жүктеді. Керекудің кең клубына (Луначарский мен Ленин көшелерінің түйісінде әлі тұр) қала жұртшылығы, әсіресе жастар мол жиналыпты. Артынан естіп білдім – пьесаның аты «Зарлық» дегенге жұрт мұны «Мұңлық-Зарлық» қиссасына байланысты уақиға шығар деп түсінсе керек. Анығында, бұл пьеса революцияның бас кезеңіндегі қиыншылық жәйттерге байланысты туған ауылдағы тап тартыстары жайында еді. Пьесаның бас қаһарманы Зарлық ролін атқарған Зейіннің сондағы әрекеті, ашынған зарлы үндері әлі күнге дейін менің қаперімде сайрап тұр... Таршылықтан, байлардың сұмдық қылықтарынан аштыққа душар болған, ата-анасын сол алапаттан құтқару жолында Зарлық қиын-қиын азаптар шегеді. Мен Зейіннің сонда Зарлық болып, ашыға, ашына жер тырмалап кішкене қоңырқай көздері шарасынан шатынап шығып, сайсүйегін сырқырата тебіренгенін бала зердеме мәңгіге сақтап қалыппын. .. Зейін бұл тұста өлең де жазып жүрген еді. Бір сәтте мен секілділерді жинап алып, дәптерге тізілген өлеңдерін оқығаны да бар. Өлеңдерінің мәнісі есімде қалмапты.. Көктем туысымен екінші басқыш мектеп шәкірттері

жан-жаққа тарастық. Зейін Шашкин Алматыға ма, әлде өзге жаққа ма жүріп кетті. Ал мен, сол жылы көктемде комсомолға мүше болып енген едім, сол көктем айында аудандық комсомол комитеті мені Қостанай облысындағы механизаторлар әзірлейтін техникумға жолдама беріп, жөнелтіп жіберді. (Талайыма тракторшы болу әлмисақтан жазылған шығар деп көндіге кеттім). * Біраз тұрлаусыз кәсіптерден өткен мен 1933 жылы бағым ашылып, Павлодарда шығатын «Колхоз» атты газеттің редакциясына қызметке келіп тұрақтадым. Осы тұста газет беттерінде болымсыздау өлең, очерктерім де жариялана бастады. Менің сол шақтағы ерекше бір тәлімім – астанада шығатын газет, журналдарды, кітаптарды қадағалап оқу болды. Сол тұста болса керек, көктемде «Социалистік Қазақстан» газетінің бетінен Зейін Шашкин жазған мақаланы көре қалдым. Бұл жерлесімді көрмегелі үш жылдан астам уақыт өтсе керек. Бұл тұста Зейіннің газет-журнал беттерінен бірлі-жарым өлеңдерін, көбіне мақалаларын оқып, дарыны ашыла бастаған туысыма сырттай сүйсініп жүр едім. Ал Зейіннің мына мақаласы мені ерекше таңырқарлық ойға қалдырды. «Япырау, бір-екі жыл бұрын Керекуде қасымызда жүрген шәкірт Зейіннің атақты ақын Сәкен Сейфуллиннің шығармасын сынауға батылы қалай барды екен? Жанкешті, өжет екен ғой біздің Зейін! Алайда албырт жастың осынысы ағаттық емес пе екен?» – деп те абыржыдым. Мәселе былай: сол отызыншы жылдың басында қазақ әдебиет жазығында бәйгінің тұлпарындай дүбірлеген Сәкен Сейфуллиннің «Қызыл ат» поэмасы жайында нелер жауапты қызметтегі адамдар, белгілі сыншылар разылықпен мадақ сөздерді баспасөз беттерінде жиілете жазып жатты. Бұл мақтаудың мәнісі де бар.

Сәкен бұл публицистикалық поэмасын Қазақстанда сол тұста орын алған бұрмалаушылықтар мен ересен қателіктерді, соны туғызуға себепкер болған кейбір «әсіре қызыл» белсенділерді өткір сынауға, әшкере мінеуге бағыштаған. Революционер ақынның бұл шығармасы, кезінде айтарлықтай саяси әлеуметтік резонанс тапты. Ал, жас Зейін ұстаз ақын Сәкеннің поэмадағы терең астарлы мәнісін сынаған жоқ, зерделі сыншы Шашкин үлкен ақынның поэзиялық стиліне, кейбір олақ сөз құрамына мін тағуға батылдық жасағанда Сәкен Сейфуллинді пір тұтқан адаммын. Кейін үлкейген шағымда Сәкенге арнап «Сұңқар туралы аңыз» атты шағын дастан және «Аспанда жұлдыздай жарқыраған» деген естелікті де жазғанмын. Сонымен бірге поэзиядағы өз белесіме көтерілген кезде, бұл ұстазымның өлең дастандарына кіді көзбен зер салғанда жасанды ұйқастар барлығын да өкінішпен аңғардым. жылы октябрь айында мен Алматыға келіп, ақыры өзім арман еткен ҚазПИ-дің әдебиет факультетіне оқуға түстім. Анығы есімде жоқ, Семейден бе, әлде Москвадан ба келген Зейін бұл кезде Алматыда екен, іздестіріп тауып алдым. Бұрыннан өнегелі, зиялы Зейін маған сағынышты туысымдай жылы жүзбен сәлемдесті. Мен оқуға келген жайымды білдірдім. – Мұның, міне, ерлік, өлең жазып жүргеніңді естіп едім, дарының болса өлең ешқайда қашпайды. Мен сені оқи алмай Керекуде үйкүшік болып қалды ма деп ойлап едім. Енді оқи бер, біліміңді молайт, – деп Зейін жанашырлықпен кеңес берді. Өзі бұрынғыдан да әсем болып көрінді маған. Күз күні, сонда да ықшам, кербез киініпті. Оның сүйкімді жүзі, сірә көп оқығандықтан болар сәл қуаң тартыпты. .Бұл кездесуде Зейін маған Москвада оқыған, көрген өнегелері мен әдебиет жайлы көп сыр шертті. .Бұл кезде ол Москваның философия және тарих институтында оқитын. Кешікпей Зейін Москваға қайта

жүріп кетті. 1937 жылдың күз айы болса керек, Зейінмен Есмағамбет Ысмайыловтың үйінде кезздестім. Белгілі әдебиетші, сыншы Есмағамбет Ысмайылов бұл тұста қазақ әдебиет тарихын зерттеу саласында, қазақ совет әдебиетінің сын мәселесінде ерекше белсенді еңбек етіп жүрген еді. Есмағамбет, әсіресе, сол кезде әдебиет жотасына өрби шыға қалған мен секілді жастарға қамқорлық жасап, оларды бауырына тартты. Қасым, Қапанмен, тағысын тағылар Есағаңның үйінде жиі жиылатынбыз, әңгімеміз поэзия: Байрон, Пушкин, Лермонтов, Есенин, Абай, Махамбет... солар туралы талас ой жарыстырып гу-гу ететінбіз... Зейін біздің бұл ортада аз-ақ уақыт болды. Жасынан көп сөйлемейтін Зейін осы бір шақта маған тым бұйығы, тұңғиық ойлы болып көрінді, сүйкімді жүзінде әлденендей әбігер ой, абыржығандық сезілді. .Есмағамбет екеуі бірігіп, осы кезде қазақ тілінде «Әдебиет теориясы» атты кітап жазып жүр екен. Семейден келген Зейін бұл сапарында сол кітаптың өзі жазған тарауларын ақтық рет қарап шығуға кіріскен екен. Бұл шақта Зейін көбінесе әдебиетші, сыншы ретінде белгілі болған еді. Есмағамбеттің үйінде, сол кездескенімде ол маған: – Қалижан, саған сырттай разы болып жүрмін. Газетжурналдан оқып жүрмін, тәп-тәуір өлең де, мақала да азып жүрсің. Енді үдете бер, – деп маған ойлы көзбен қарап алды да, – мен жазған мына тарауды оқи отыршы, – деп маған бірнеше тарақ баспалы қағаздарды ұсынды. Мен іле-шала оқып шықтым. Әдебиет қисындарын жетік білетін оқымысты адамның жазғандарына ұқсап тұр. Разы болып кеттім. – Философсың! Мынауың керемет қой! – деп қалыппын. Ол бұл сөзіме мән бере қоймады. Сәл жөтелді де, неге екені белгісіз, ауыр күрсінді. Менің КазПИ-ді аяқтар жылым еді, дәріс тыңдау

үшін кетуге асықтым. Соны сезген Зейін маған ой тоқтатып қарады да: .– Қош бол, Қалижан! – деп қолымды қаттырақ қысты. Ертеңінде Семейге жүріп кетіпті... * «Тірі адамның ісі – үміт» деген рас екен. Ұзақ жылдар бойы хабар-ошарсыз жоғалған менің Зейінім аман-сау, Бурабайдың бір мекенді жерінде дәрігер екен... Бұл хабарды мен 1950 жылы немесе 1951 жылы жаз айында, ертеректе өзіміздің аулымыз жайылған Мойылды курортында емделіп жатқан кезімде естідім. Мұны маған жеткізген бізге ағайын, Зейінге туған жезде Садық Ыбыраев деген кісі еді. Садық ағай Зейінді інісінен артық жақсы көреді екен. Чернорецкийдегі үйіне мені курорттан қонаққа шақырып, Зейіннің тебірене жазған хаттарын көрсетті. Мен ынтазар күйде оларды оқып шықтым. Сол хаттарда Зейіннің әдебиет әлемін сағынғандығы, творчестволық жұмысқа құштарлығы өте сезіліп тұрды. – Зейін сонау шалғайда жүріп, Жетісудың революционері туралы кітап жазыпты, – деді Садық ағай. .– Неткен төзім! Неткен өжеттік! – деп мен қайран қалдым. – Ол қолжазбасы қайда? - деп сұрадым жалмажан. .– Есмағамбет Ысмайылов деген досына Алматыға жіберіпті, қандай нәтиже тапқаны әлі мәлім емес, сен соған зер салшы, – деді Садық. Мен әрі қуанышты, әрі күйінішті ойға қалдым. .Әдебиетші Зейін қалайша дәрігер болып кетті екен? – деп таңдандым мен. Сол алыстағы шырмауда жүріп Зейін дәрігерлік училищені бітіріп алыпты. Парасатты, зейінді жігіт қой, біздің Зейін деп мақтаныш етті өнерпаз балдызын жездесі.

  • * .Кешікпей Алматыға Зейініміз де келді, басқа әдебиетші достар да қайта оралды. Мен Зейінмен Жазушылар одағының (Пролетар көшесіндегі үйде) ауласында кездестім. Қуанып та, абыржып та қалдым, құшақтай алдым. Аузыма түскен ыстық сөздерді айтып, жұбатып та, қуантып та жатырмын. Бір-екі күн өткен соң Зейінді үйіме қонаққа шақырдым. Ол кезде менің бау-бақшалы орамда жеке, бөлек сәнді үйім бар еді. Зейін жеміс бағымды аралап, үйімді таңырқай қарады да: – Құтты болсын, сәулетті тұрады екенсің. Нұрекеңе бітпеген салтанат саған бітіпті, – деп қулана, сәл күлкілі шыраймен сөйледі, менің әлде неге кенет көңіліме секем алып қалғанымды сезді де: .– Кейінгі кезде дифирамбадан арылып келесің, – деп ойланды да, әдетінше жайраңдап, – сенің кейінірек жазған «Ақсақ құлан» мен «Мәриям Жагорқызы» дастандарыңды оқып, рахаттанып қалдым, тамаша дүниелер! – деп шынымен разылық білдіргендей болды. Аз тым-тырыстан кейін, Зейін бокалды қолына алып, бұл досым ішімдікке ынтазар емес еді, менің денсаулығымды, творчестволық өркендеу тілеп, тост көтерді, сөз арасына көптеген сүрленген өкпесін де маған сездіре кетті: – Сенің мені жақсы көретініңді бала күнде-ақ сезгенмін. Бірақ мен сонау қиырда жүргенімде тұрғанымды білмесең де, мен Көкшетауға оралғаннан кейін бір хат жазбағаның, не сәтін тауып келіп кетпегеніңе іштей өкпелі едім... Мен ұялғаннан тұнжырап кеттім. .– Кешір, бұл өкпең әбден орынды, – деп күмілжідім. Зейін кеткеннен кейін мен түнімен төсекте алабұртып, аунақши бердім. Жыны ұстаған бақсыдай

күбірлеп тұрып кеттім... Сол тұста жазықсыз жапа шеккендердің қиынқыстау өктелдеріне арнап «Тұрлаулы тағдыр» атты (алғашқыда «Ақын Ақтаев» болып аталды) поэма жазып жүр едім. Бұл дастанда Зейін бастан кешкен қиындықтар да әсерлі саз берген еді. Досымның маған айтқан назды өкпесі менің тұла бойымды шымырлатты да, мен Зейін досыма арнап сол поэманың лейтмотиві іспетті мынау өлеңді шығардым. АРНАУ (Зейін Шашкинге) Білемін, өкпелісің өлеңіме, Түскенде уақыттың сен әлегіне, Шадыман жырмен ғана шалқыдым мен, Тағдырын тұстасымның еледім бе? Түссе де теңбіл менің талайыма, Шырмалсын өлең шіркін қалай мұңға? Қызықтым зор өмірдің бәйгесіне, Қосылмай дүбіріне қалайын ба? Жас едік туған бірге таң нұрында, Телімін бақытыңа, тағдырыңа, Тосыннан құйын сені теңселткенде, Менің де түспеді ме дақ жырыма? Дәуірдің кінәлі ме сол бір кезі, Өсірді еркелетіп өмір өзі, Ер сенім, өткір ойды берді бізге, Лениндік комсомолдың өр мінезі, Баянның биігінде ойнап өстік. Ертістің тереңіне бойлап өстік. Албырт жас дулы топтың арасында,

Екеуміз жанған оттай жайнап өстік. Болмады бізде күдік, нала қайғы, Қалайша біздің қауіп жағалайды, Түнде бір кенет аспан шатырласа, Қол создық қағамыз деп нажағайды. Заманның ішке тартып жалындарын, Сүйдік біз не сүйсек те – жанып бәрін. Сонда біз аялаған қыз қайыңдар, Жайып тұр бізге әлі жапырағын. Жүргенде махаббаттың назын қалап, Қыз сүйген бетімізден әжім тарап, Қалайша түкті қара басымызды, Басынды ақ қыраулар әжуалап? Бақытын бұзса кенет аяулымыз, Қандай зіл жайша жүрген баяу үнсіз? Дәуірдің шатқалаңын шарықтамай, Мәз көрдік бәйшешек пен бояуды біз, Жаңаша күйді тыңдап кең елімнен, Жанымды жастық жырға бөледім мен. Сол кезге кінәлімін досым саған, Тыс қалып өкінішің өлеңімнен, Жасырсаң көңілдің бір мүгедегін, Қалайша қайта жайнап түлер едің? Өзіңдей өткен-кешкен өрендерге, Ақтарған адал сырым бұл өлеңім! Бұл арнау 1957 жылы басылып шыққан «Ақан Ақтаев» атты поэмада бар. Менің осы сырымды оқып шыққан Зейіннің, мені үйіме әдейі іздеп келіп, көзіне жас алып құшақтап сүйгені әлі есімде. * Зейіннің жігерлі, қажырлы азамат екенін әсіресе кейінгі жылдары әбден ұғындым. Қаншама жыл қиын-қыстауда жүріп қайтқан бұл талдырмаш денелі,

нәзік сырлы жан, денсаулығының әлжуаздығына қарамастан, творчестволық және қоғамдық жұмыстарға сонау комсомол шағындағыдай, жалындай кірісті. Ол, творчестволық жұмысқа тереңге батқандай жанкештілікпен сүңгіп кетті. Бұл кезде үйді-үйімізде, Жазушылар одағының залдарында жиі-жиі ұшырасып, ауық-ауық кеңесіп тұратынбыз. Оның тірлікке, харакетке деген разылықпен ұшқындаған көзі нұрынан, жүзінде толқыған арнайы шырайынан жұмысқа да терең берілгендікті дәйім сезінуші едім. Әдебиет, тарих мәселесін сөз еткенде ол білімділігін, көп оқығандығын аңғартушы еді. Сол елуінші жылдардың бастапқы кезінде Зейін Шашкин қазақ әдебиетінің асыл қорына бірнеше тамаша туындылар қосты, «Тоқаш Бокин», «Теміртау», «Доктор Дарханов», «Сенім» сияқты күрделі роман, повестер, аз уақыттың ішінде осынша маңызды, үлкен шығармалар жазып үлгеру, бастауы бекітулі шабыттың шұғыл төтенше бұрқанысы еді. Кейде бір кешең мезгілдерде үйіне сырласқалы бара қалғанда, немесе түн ауа бейуақытта әлденеге телефон соққанымда да Зейін сарылып, жұмыс бабында отырар еді. Романдарының кейіпкерлері – революционер, жас жұмысшы, жас инженер, дәрігер, агроном сияқты замандастар... Оның шығарғыштық қиялында нелер қызық мәнді тақырыптар барын да мен өз сөзінен талай аңдаған болатынмын. Зейіннің тағы бір іскерлігі – әдебиет, ұйым жұмыстарына да жан сала, белсене кірісетіні. Ол «Жұлдыз» журналында редактор орынбасарлығы қызметін атқарғанда, әсіресе, соңғы бір кезде, Жазушылар одағындағы партия ұйымының секретары болып жүрген шағында да іске берілгендікті, қоғамшылдықты көрсетті. Қоғамдық ой-санамен өз ортасында, әдебиет жолында қызмет етуді парыз көрген

тынымсыз жазушы болды Зейін, сын мақалалар жазып та әбігер болды романист Шашкин. Бір жылы мен оған Сәбит Мұқановтың «Мөлдір махаббаты» туралы пікірімді айтып едім, ол: – Кел екеуіміз бірігіп бұл туралы сын мақала жазайық, – деді. Жаздық та. .Өмір өткелдері жүрегіне ұмытылмастай терең сырлар қалдырған бұл дарынның мінезінде қилы сипаттар да бар еді. Жаны сері болса да өз қасиетіне лайық жар сүйіп, баянды қызық та көре алмай кетті. Бірақ табиғатында семьяшыл, балажан Зейін, сонау бұралаң сапардан оралғаннан кейін, өзі кеткенде қара көздері жас ботадай жаутаңдап қалған екі қызы – Қаракөз бен Қарлығашты әлде қайдан шақыртып алып өз аясында баулыды. Соңғы қосағы Мәриямнан нәресте сүйгенде, егде тартқан Зейіннің тасыған қуанышына сүйсінген мен ерекше абдырап қалдым. Сондай-ақ өзінің жақсы көретін қарындастары – Мәкиза мен Зинатқа жылы мейірім білдіріп, олардың өсіп жетілуіне көп назар аударғаннын да білуші едім. Дос-жаран, туыс тұтқан адамдарына соншама беріле, сене елжірейтін Зейін әрнеге, немесе кейбіреулерге тосыннан секем алғыш, кінәмшіл де болатын. Бәлкім өмірінің мазасыз бір шақтары оны сондайлық бір кінәмшілдікке үйреткен де шығар. Сонымен бірге, беделділермен тез ұнасып кететін де әдеті сезілетін. Ал кейде өзімен пікірлес, ауқымдас достарын дулы, талас мәселелер туғанда жедел топтастыра қоюға да жігер жұмсап еді. Мені өзіне шын дос санаған, маған сенген Зейін бір жиындар өтер алдында мені жеті түнде телефон арқылы төсегімнен талай тұрғызған еді. Бәлкім, оның бұл мінезі, өзі жақсы көрген досқа деген сенгендіктен де, мейір күткендіктен де туған болар. Өзінің жасаң өмірінде кездейсоқ зәбіржапаны басынан көбірек кешкен бұл, шерменде қаламгер бертінде аяғына шөгір ілінбей, жеңіл аттап кете алған жоқ. Маңдай терін сыпырып, көз майын тауыса, сарыла шұғыл жазып бітірген туындыларының

біразы кедергіге ілгешекке ұшырағаны – оған зардабын тигізбей кеткен жоқ. Зейіннің қабырғасын қайыстырған көңіл-күйін айтарлықтай кеміткен оның екі шығармасына жабылған жала, қиянпұрыс пікірлер хақында менің еске алмауға хақым жоқ. Кітап болып басылып шыққаннан кейін «Доктор Дарханов» романы, бір күні төтенше жиналыста талқыға түсе қалды. Үйімде өз жұмысыммен шұғылданып отырған маған Зейін абыржыған үрейлі дауыспен телефон арқылы сол жиынға қайтсең де кел деп өтінді. Проза ауылының сыртында жүргендіктен, мен ондай жиыннан тыс жүруші едім. Бара қалдым. Жиналысты ұйымдастырған және басқарған беделді ағай Ғабиден неге екені белгісіз талқылауды ашарда романның авторына шұқшия сөйледі. Менің қытығыма тиген бір сөзі, «ол романның отыз бетін ғана оқыдым, маған ұнамады» деп жиналғандарға өзінің секемал пікірін өткізуді көздеді. Көлемді романның отыз бетін айтып сондай қыңыр тұжырымға келе ме? «Доктор Дарханов» туралы баяндама жасаған Сейділ Талжанов та романды іреп, сілкіп, мұқата мін тақты. Бұл әдебиетшіні мен жақсы білетінмін де, тіпті ізетпен сыйлайтынмын да. Сонау 1937-1938 жылдары Сейділ Талжанов аздап жазған мақалалары үстінде А.С.Пушкиннің атақты «Полтава» поэмасын аударып, бізді, жас ақындарды таңдандырғаны бар. Тағы да менің есімде қалғаны, Сейділ бір күні біздерге, дуылдап тұрған жас ақындарға, – «Сендерді ақын етіп жүрген қазақтың етістігі ғой», – деп салды. Бұл сөзді көңіліме кіді сақтаған мен кейінгі өлең-ұйқастарымда барғансалған сияқты етістіктерге жоламауға тырыстым. Ал, қазір досымның игілікті еңбегіне әділетсіз қыңыр пікір айтқан бұл кісіге менің қыжырым қозып кетті. Әлі есімде, жақын жерде отырған Сейділге зілдене сөйледім. Жиналыстан дуылдасып тарқадық. Екі-үш күн өткеннен кейін Сейділ ағайды көшеде кездестірдім.

Ұшқыр сөзіме кінәлі адамдай жылы сәлемдестім. Ол кісі де сол сөзіне өзі де абыржыса керек. «Зейінді жақсы көріп аяушы едім. Ақыл айтам деп қисық артқан шығармын, Зейіннің өзінен кешірім сұрадым, сенікінің негізі дұрыс», – деп өкпе емес, жұбатарлық ымыра білдірді. Мен ол кісіге разы болып қалдым. Зейін пәк жүрегімен доспын дегенге аса мейірімді, ақ пейілді еді. Зейіннің үйінде Сейділ Талжановты, Өтебай Тұрманжановты, сыншымыз Мұхаметжан Қаратаевты және белгілі ақын-жазушыларымыз Әбділда Тәжібаевты, Рахматолла Райымқұловты, Сафуан Шаймерденовті, Қалмұқан Исабаевты, Әбдірашит Ахметовты, тағы басқа достарын дастархан басында сұхбаттасып отырған шақта бірнеше көрген едім. Маған деген Зейіннің достық сезімін бұрыннан аңдасам да, кейін менің бір басыма тосыннан бір қырсық уақиға төнгенде, оның жанашырлық мейірімін әбден сездім. Сол тұста, бір күні верандада жабырқап жатыр едім, Зейін жетіп келді. – Түу, Қалеке, осы немене тұнжырап жатырсың. Мен бұл фәниде не көрмедім, нені бастан кешпедім. Төздім де жеңіп шықтым. Сенікі уақытша бір әурелік қой. Жел оңынан шығар. Түңілмей сен де жаза бер! Жүр тауға барып сейіл құрып қайталық! – деп досым мені жебелеп алып кетті. .Творчестволық жұмысқа шабытпен жан сала сүңгіген Зейіннің талайғы зардаптары қосылып, кейінгі шақта сырқаты асқынып, жатып алды. Бұл ахуалға «Сенім» атты кейінгі повесінің әлдеқандай кедергілерден жарық көрмей кешеуілдеуі де, оның нәзік жанына шаншу болып қадалды. Бұл повесті баспаға тапсырмай жатып, қолжазба күйінде оқыған едім. Өзімнің туған Баянауылым, оның жаңа адамдары жайлы жаздым деп сол туындысын мерей тұта айтқан еді маған Зейін. Кітаптың бастамасына эпиграф ретінде менің Баян туралы өлеңімнен бір

шумақ келтіріпті. .Мен Зейіннің осы еңбегінің кедергі тапқанына іштей налып жүрдім, оның үстіне Зейіннің тап сол тұста сырқаты меңдеп, емханада жатып қалған еді. Көңіл сұрауға бір күні емханаға бара қалдым. Жаңылмасам көктем кезі болса керек. Ауру палатасына енсем, Зекең кефир ішіп отыр, жүзі жайдары, менімен шүйіркелесе кетті. – Сүйінші, – деді маған, сәл жымия күліп (жайшылықта шек-сілесі қата балаша мәз күлетін), – Естідің бе, «Сенім» басылып шығайын деп жатыр. Өркені өскір үлкен кісі өзі танысып, басылуға әбден лайықты кітап деп баға беріпті. Сол сәтте кішкене көздері бақыт сезімімен ұшқындап тұрғандай болып көрінді маған. .Аз күн өтті ме, білмедім, кенет суық хабар сездірген телефон безілдей қалды. Менің ол кездегі үйімнен алыс емес емханаға есім кете жүгірдім. Мәңгілік тыныш тапқандай балаша монтиып көз жұмып жатыр екен. Тұла бойым тітіркеніп кетті. Аздан соң бір топ достарымен бірге, көзімнен жас сорғалап, жасымнан бірге өскен аяулы досымның ауыр табытын арқаласып бара жаттым... ЕСІМДЕ СЕНІҢ ӨР БЕЙНЕҢ Отызыншы жылдардың басында «Лениншіл жас» газетінің редакциясы Фонтан (қазіргі Төлебаев) көшесімен Сауда (қазіргі М.Горький) көшесінің бұрышында болатын. Сол кеңсеге бір күні (күз, жаңбыр құйындап тұрған кез болса керек) бара қалдым, жай емес екі өлеңімді ала бардым. Жұмағали маған байсалды, тұстастарына ақыл айта білетін пайымды жігіт болып көрінді. Менің бір өлеңімді жариялауға болады деп мақұлдап, екінші бір өлеңіме аяусыз мін тақты. Әлі

сөз өнеріне шынықпаған кезім болса да, газетте, комсомолда ғибратқа үйренген мен Жұмағалидың ашық, әділ сынына қайтара тіл қатпадым. Содан былай Жұмағалимен тіпті айрылмас дос та болып кеттік. Біздер Жұмағали, Тайыр, Қасым, Әбу, Дихан, Есмағамбет, Абдолла аралас-құралас едік. Сөз төркіні – әдебиет, поэзия. Әдебиет қисындары туралы білгірлене сөйлейтін Есмағамбет болса, саяси нысана мен турашылдықты дәріптейтін Жұмағали еді. Қалайда Жұмағали ары биік, жүрегі пәк, турашыл азамат еді. Жоқ, азамат қана емес, ол жаны тебіреністі, үлкен жүректі ақын. Жұмағалидың дарындылығын біз ерте сезіндік. Оның өлеңдер жинағы да өз қатарынан бұрын жарық көрді. Әрине оның алғашқы әуендерінде ұраншылдық аз емес десек те, Жұмағалидың сыршылдық толғаныстары балаң жырларынан-ақ сезілген. Жұмағалидың алғашқы ақындық өнері жайында менің есіме 1934 жылдың қысында болған бір жай түсе кетті. Институттағы сабақтан кейін, мен Жазушылар одағына бара қалдым. Онда жиналған ақынжазушыларға Шахмет Құсайынов былай деп тұр екен: .– Біздің Жұмағали туралы Мұқаң (Мұхтар Әуезов) өте таңдана сөйледі. Жұмағалидың газетте басылған «Толғау» деген өлеңін оқыпты. «Мынау тебіренісі бар үлкен ақынның сөзі ғой?» – деп сүйсінді ол кісі. .Өзіммен тұстас ақынның өлеңі жайында Мұхтар Әуезовтей кемеңгер адам мынадай игі сөз айтты деген соң, сол мақталған өлеңді оқуға асықтым. Ал жүрегім лепірді, Елімнің түйдек сырына. Ақын тілін безеді, Толғауына, жырына, Ақын шапты ақыра, Өшпенділіктің қырына.

Ақын қосты дабысын Өмірдің айқын сырына. Шыңына, өмір шыңына Жырына, өмір жырына! Сөйледі шешен қызыл тіл, Минутта мың құбыла, Есерсоқтай қол созба, Ор қоянның жымына. Еркіндей кір еңсере, Күресті майдан дуына! Рас, бұл өлең түр-сипаты жағынан бұрынғы халық ақындарының толғауларына ұқсас. Алайда сол тұстағы біздің поэзиямызда үгіт-ұран әуендерін тек сырттай шолып, тебіреніссіз, көріксіз жырлау поэзия тілін мақала сөзіне бағындырып, халықтық тілден қашықтау болғандығын еске алсақ – Жұмағалидың бұл толғауы өзінше бағалы екендігін түсінеміз. Халықтың сөз өрнегін терең барлайтын Мұқаңның бұл толғауды мақтауы содан болса керек. .Ақынның алғашқы өлеңдерінен Отанға, ұлы Ленин партиясына деген шексіз берілгендікті, ант еткенін байқаймыз. Сол өлеңдеріндегі отаншылдық әуендерде Жұмағалидың шын өмір сыры бар, өз тағдырының үні өскендігін сеземіз. «Жетім серті», «Ей, жетім бала» деген өлеңдерінде Жұмағали өз дауысын, жалынды жігерін партияға арнайтындығын білдірді. Тегінде, ақындар өмірбаянын өз шығармасында жырлап кетеді. Жұмағали шығармаларының бір тартымдылығы ақынның балалықтан бастап, кейінгі азамат шағына дейінгі өмірі өз жырларында әсерлі жырланған. Әке-шешеден бала шағында айрылған Жұмағали сол жетімдік тұрмыс халін мына өлеңімен әсем суреттеген.

Қопаны кездім, су кештім, Шулады маған құрақтар. Еншісі дала елде өстім, Алдымда жатты бұлақтар... Жылы бір қабақ таппадым, Бетімнен адам сүймеді, Талпындым, жұртқа жақпадым, «Қу жетім» деп түйреді, Еңіредім де егілдім, – Анам қайда? – дедім мен. Жас қабырғам сөгілді, – Панам қайда? – дедім мен. Сондай жастың ақын болған шағындағы «Қамқорым – менің партиям!» – деп жырлағаны ақиқат, адал сырларына кәміл сенесің. Біздің бірқатар ақындарымыз өз шығармаларындағы сол жұтаңдықты кейін кексе тартқан кездерінде соғыс және соғыстан кейінгі дәуірде толтыруға әрекеттенді. Жұмағали да осы халді бастан кешті. Әйтсе де, табиғатынан сыршылдыққа бейім ақын сол алғашқы кездерінде де «Жаз еді», «Мөлдір бұлақ», «Көкшетау», «Шіркін қымбат – жар құшағы», «Есіл», «Тілсіз ғана сенім билер тар бір шақ», «Сүйемін қызыл гүлді» секілді бірқатар лирикалық өлеңдер жазып, келешек үлкен ақынның кең тынысын сездіре білген. Сыршыл ақын достық мұратын мынадай әсем, әсерлі сипаттармен тербейді: Дән ексем жерге достық егер едім, Бұлт болсам соған тамшы себер едім. Жайнаған гүлден гөрі ыстық құмға, Дос үшін жылда айналып келер едім. .Мұндай келелі, көрікті сөз ол тұста кез келген ақынның аузына түсе бермес еді... Жұмағали Саинның ақындық кәмелетке әбден

толысқандығын дәлелдейтін шығарма «Күләнда» поэмасы. 1940 жылы жазылған бұл дастан – сол тұстағы таңдаулы поэмалардың қатарына қосылады және Жұмағали шығармасының да бағалы бір дүниесі. Жұмағали Саин – Ұлы Отан соғысында, соның қанды майдандарында жүріп, өз бойына біткен адамгершілік, отаншылдық және ақындық асыл қасиетін күшті көрсеткен азамат. Жұмағалидың майдан, жорық жырларын оқығанда кешегі заманда ханға қарсы ереуілді үн көтерген өр кеуде, ардагер ақын Махамбет бейнесі еріксіз еске түседі. Жұмағалидың жорық жырлары ұлы майданның тебіреністі бір шежересі секілді. Ұрыста, жаралы шақта жаңғырыққан жырларының жалыны да, көркі де ерекше шыныға түскенін байқаймыз. Ақынның әсіресе, өзі ұрыстан жараланып қайтқаннан кейінгі өлеңдері тамаша поэзия дәрежесіне көтеріліп, ойлы, мағыналы, көрікті лирика туғызған. Мына бір өлеңді оқыңызшы: Өтті нөсер, тынды айқас, Бір тұңғиық сыр тастап, Көрді солдат бір жап-жас, Қыр басында ойқастап, Өлік жатты алдында, Көк шинельге оранған, Ызғарлы еді басында, Түсі суық бораннан, Езу тартты жас солдат, Автоматын асынып, Болса-дағы өлік жат, Кетті бетін жасырып. .Ақын зор адамгершілік пейілді жырлап отыр. Жаңа ғана кескілескен жауының өлі денесін жерге бөлеп, біздің жауынгер абзал, кісілік мінез білдіріп отыр.

Сол секілді «Днепрге қарады», «Биік шың», «Есімде Айдар өзені» деген өлеңдері – отаншылдықты, достықты және майдан егестерін сыршылдықпен еске түсіретін тамаша лирикалық туындылар. «Есімде Айдар өзені» – Жұмағалидың ғана емес, бүкіл қазақ поэзиясының асыл бұйымдарының бірі болып қалғаны талассыз. Соғыстан кейінгі дәуірде адуынды ақын, өзінің жаралы күйіне, денсаулығының әлсіздігіне қарамастан әдебиет, мәдениет орындарында түрліше жауапты қызметтерді атқара жүріп, көптеген келелі шығармалар жасап кетті. Бейбіт өмір сипаттары, жаңғырыққан өлке дүбірлері, халықтар достығы, партиямызға, Отанымызға арналған сүйіспендік, жержүзілік азаттық қозғалыстар – осындай әр алуан тақырыптарды ақын құлшына жырлады. Сонымен бірге Отан соғысы тақырыбына арнап «Алтай», «Азамат» деген мәнді поэмалар жазды. Ал ақынның кейінгі кезде жазған лирикалық өлеңдері – біздің поэзиямызға қосылған жаңа үлес, қадірлі мұра. Жастық шақтағы қапы кеткен сыршылдықты, махаббат лебіздерін жаңғыртайын дегендей-ақ Жұмағали бұл тұста махаббат, адамгершілік тақырыбына бірнеше сырлы, назды жырлар жазды. «Япырм-ау неткен жан едің?», «Тұр, бөпешім», «Шарбанға», «Бұлақ сыры», «Сүйем дерсің», «Күлсара», «Екі жалын бір жүректе», «Аққу әні» секілді өлеңдерінде нәзік лиризммен қоса, шеберлігі кемеліне келген үлкен ақынның серпіндерін танимыз. Ойлашы өзің, ойлашы өзің, ақылдым. Үнсіз ғана мені қайда шақырдың? Терең сырлы көздеріңнің түбіне, Бірте-бірте батып бара жатырмын. .Жаныңды тербетіп, әндетіп тұрған өлең емес пе? Жұмағалидың ақындық өнері жайында сыншылар,

зерттеушілер әлі талай сөйлей жатар. Ақын күйбің болса, жағымпаз, тоғышар болса – бейшаралық. Жұмекең өр мінезді ақын еді. Талай жиналыстарда, жеке мәжілістерде ол өзін ірі ұстайтын, тура сын айтатын. Оның кредосы – «Біз ақынбыз ғой, коммуниспіз ғой» деген ерен сөз еді. Біздің көбіміз Тайыр Жароковтың үйін «үлкен шаңырақ» деп бағалайтынбыз. Мен де, Жұмағали да алғашқы үйлену тойымызды Тәкеңнің, қадірлі жеңгеміз Мүнираның кең пейілді дастарханында өткіздік. Жұмағалидың үйлену тойы болғанда ардагер Мұқаң, «Жұмағалидың өрен ерлігін, тәкаппарлығын ұнатамын. Өр ақыннан өрен жыр да шығады» деген. Жас шағымнан қадір тұтқан қайран, Жұмеке, өр бейнең есімде. ОЛ ӨЛЕҢНІҢ ҚЫЗҒАЛДАҒЫ Жайық жағасындағы бұл байырғы қалаға міне, мен екінші рет келіп тұрмын. Жаңғырып, жаңарып, келе жатқан Орал қаласы бүгінгі сәулетімен таңдандырса, сонау көне аңыз сырларымен мені де ерекше тебірентеді. Осыдан үш жүз жыл бұрын дәурен шегіп өткен аталар да Жайық ағысына қарап талай ойға батқан болар. Тынымсыз аққан Ақ Жайық сол баяғы толқынымен әлі де тынымсыз шалқып жатқандай. Толқын сыры тұңғиық қой. Мен жұмбақ сырлы Жайықтан талай тарихтың тағдырын, талай сарбаздардың ой-сырын сұраған болар едім. Желекті найза ұстап, жауына қарсы шапқан сонау Ер Тарғындар Жайық суына Тарлан атын талай жүздіріп өткен шығар. Жайық толқынында батыр Пугачевтің ащы айғайы да, азаттықтың шандозы ер Чапаевтың өр дауысы да тебірене жатқан шығар. Исатай мен Махамбеттің даламызға ереуілден ескен

үндері де, Құрманғазының қыр жүрегін тербеген күңіреністі күйлері де Жайық жайсаңын жарып өскен болар. Жайық қаласының төл есімін өзгерткен қатын патшаның қаһарында да қатал сыр бар... Орал қаласының қоңыр көшелерінен мен ұлы Пушкиннің, данышпан Толстойдың өшкен іздерін іздегім келеді. Ұлы ақын қаһарлы қыста Жайықтың боранды жағасында тұрып, қандай оймен толқыды екен. Мен бұл қаладан өзімнің асыл достарым, абзал ақындар Тайырдың, Қасымның көлеңкелерін көргендей боламын. Жайық арнасында толқыған толқын қандай көп болса шертілер сырлар да сондай көп. .Алайда бұл қаланың қақпасын ашқанда, менің көзім алдынан бір бейне елес бергендей болады. Орта бойлы, бұйра шашты, ашаң жақты, қарасұр жас қолын сермеп, шалқып өлең оқып тұрған секілді. Менің ыстық сырлы албырт досым Абдолла маған осыдан отыз жыл бұрын Алматыда КазПИ-дің ауласында дәл осындай бейнеде кездескен еді. Жастық шақ бір жалын ғой, Ойлама қайта оралар Бейне бір жас сұлудай, Көтерер де орамал, Күлкісіне көмер де, Сылқ-сылқ етіп жоғалар. Жасы жаңа ғана жиырмаға жеткен албырт ақынның әдемі сырлы өлеңіне ғана емес, мен алдымен Абдолланың әсерлі, бөлегірек сипатына, әсіресе, өлеңді ерекше назды нәшпен оқитын әуеніне қызықтым. Екеуіміз сұхбаттаса келе сырлас дос болып кеттік. Алдымыздағы ардагер ақын ағалар Сәкен мен Ілиястан қапелімде айрылдық. Сәбит ағамыз прозалата бастады. Бізге тете үлкеніміз Тайыр еді де, өзіне қанаттас інілері Жұмағали, Қасым, Дихан, Әбу, Абдолла, Қапан,

Жәрдем және мен секілді жас таланттарға ағалар арасынан үйірсегі де, кең пейілдісі де қайран Тәкең еді. Өзі де Жайық суындай екпіндеп шалқып оқитын Тайыр Абдолланың өлең оқысын ұнататын. Тайырдың «Қазақ әдебиетіне» редакторлық етіп тұрған шағында Абдолла редакцияға келіп еді. Тәкең: – Ал, Абдолла, өлеңің болса, оқышы, – деп еді. Біз бұрын байқап едік, Абдолла бұрын өлең оқығанда өзі бір оңашалық күйде отырғандай, айналасына елең етпегендей екі жағын қайшыландырып, ішінен бір күй шерткендей болып отырушы еді. Онысын аңдап қалғанымызда біз, Қасым бәріміз «Абдолланы жын буды» деп әзілдеп қалушы едік, ондайға селт етпейтін албырт ақын қара шашын сілкіп тастап, безілдете жөнелді: Дөңгелегі зырылдап, Дамылдамас кетер күн. Жүрек соғар күн ұрлап, Жалтарар да өтер күн. Ойыным тарқар кім білген. Жабылып кеш ойнағы, Адамның алтын дүниесін, Ұмытармын мен-дағы. Ант етіп кірдім өмірге, Адалмын деп адамзат, Мекенім алтын дүние, Тілегім бір махаббат. – Тамаша! Өлең оқығаның өлеңіңнен де жақсы, жас кезімдегі өзім секілді! – деп мақтай жөнелді Тәкең. Ал осы өлеңді газетіңізге жарияласаңыз қайтер еді? – деп қалып едік, Тәкең: – Ол жағын әлі ақылдасармыз, – деп жалтара жауап берді. Расында, нағыз ақындық албырт дарынын ағыта бастаған шақта Абдолла өлеңдері баспасөз бетінде көбірек жариялана қоймады. Оның нағыз ақындық талантын, дарын ерекшелігін

танытатын назды лирикалары мен романтикалық поэмалары кезінде жарық көрмегеніне ақынның өзі де талай күйінген еді, мен де сол үшін әлі өкініштемін. Бұған осы тұстағы өктем қағида, поэзиядағы қалыптасқан салт кінәлі. Әдебиетке 1936-1937 жылдары келген жас толқындар өз шығармаларына жаңа нәш, жаңа өрнек іздене бастады. Қазақтың сол тұстағы поэзиясында салтқа айналған жалаң үгіт, жалпылама сарын, қарадүрсін әуендерден басқарақ пернелерді іздестірді, жас толқын ақындары советтік ұлы өмірді, адам сырларын, тарихи хикаяларын тебіреніспен, сыршылдық, романтикалық нәштермен жырлауды мақсат етті. Сол тұстағы қатарлас бәріміздің өзімізше ізденістеріміз бар шығар, бірақ жастық өмірді, махаббат сырларын, адам тағдырын Абдолладай беріле, Абдолладай тебірене жырлаған ешқайсымыз жоқ дер едім. Жас Абдолла өмірге ойлы көзбен, тірліктің әр құбылысына ақындық сезіммен қарағандықтан, оны көп тұстастары кезінде жете парықтамаған да болар. Көшеде қасымызда келе жатып, ол аққан арыққа да көз тұндырып, кідіріп қалушы еді. Есімде, бір күні КазПИден оқудан қайтқанымызда, көше бойында Абдолла бөгеліп, күбірлеп тұр екен: Ағып жатыр сырлы өзен, Сылдыр қағып шолпысы. Ләззәті бал сырменен, Бейне сұлу күлкісі... Мен тап сол сәтте дәл осы өлеңге мән бере қоймап едім. «Басылмайтын қияли өлеңдерді шығарып несіне әуре боласың осы?» – деп кейістік те білдірген шығармын. Қазір, ақындық талай жорықтардан тарлан тартқан кезімде жастық шағымды ойласам, жас Абдолла түседі есіме. Оның жастық шақты тебірене жырлағаны менің

де, менің асыл достарым Тайыр мен Қасымның да сол тұста шертілмеген күйлері секілді болып жүрегіме сырлы саз береді. Міне, Абдолла мәз-мереке мәжілісте отырғанымызда, өзіндей өңшең албырт өрендерге ерекше назды сарынмен былай әндетуші еді: Жарқылдап жасыл шешек жаз келеді, Қаңқылдап айдын көлге қаз келеді. Тіршілік қандай тәтті, қандай тәтті, Алдыңнан алтын таңы саз береді. Кейде бір көңілі қоңырқай тартқан минуттарда өмірге ойлы сын тағып: Жиырма бес көлеңкедей ағып өтті, Қоштасып әсем әнін салып өтті. ...Алдынан алып шығып алтын табақ, Жас дәурен сені бір сәт қылар қонақ Босатып енді орныңды өзгелерге, Жабықтан сығалайсың сырттан қарап, – деп те парасатты ой қозғайтын алғыр жас дарын. .Абдолла Алматыға осы Орал қаласынан келді. Орал Пединститутынан ҚазПИ-ге ауысты. Менен екі курс кейін оқыған Абдолла менімен сабақтас адамдай әрқашан бірге жүретін де, жатақханада бірге жататын. Сол кездегі жас талап бәріміздің кеңесіміз көбінесе поэзия және өткеннің ардагер ақындары туралы болушы еді. Сыршыл жаңашыл поэзия туралы сырласып та, айтысып та жүруші едік. Абдолла ұлы ақындардан әсіресе Пушкин, Байрон, Лермонтовты ұнатушы еді. Байрон мен Лермонтовтың романтикалық дүниелеріне жас Абдолла жанымен беріліп, сол сарынға еліктеуші еді. Абдолла жырларындағы кейбір алабұртпалы, күңіреністі саздар Байрон мен Лермонтов әсерлері екені даусыз. Байронға құмарлығын айтқанда мына бір жәйт

есіме түсті. 1937 жылдың күзінде Абдолла бір себептермен Қызылордаға кенет жүрмекші болды. Жүрер алдында досым түн ішінде жатақханадан менімен қоштасып айырылысқан еді, сол досым таң ата бірінші Алматы станциясынан маған қайта оралып, үлкен көздері мұңды жанарымен жалтаңдап «мен доссыз жалғыз кетіп барамын, маған серіктікке Байроныңды қишы, досым», – деп маған қолқа салды. Мен өзім де Байрон шығармаларын өте сүюші едім, сол тұста Байрон өлеңдерін қазақшаға аударған да едім, бірақ сирек кездесетін Байронның бір томдығын, қымбат кітабымды қадірлі досыма ықыласпен сыйладым. Бір қыс өткен соң Алматыға қайта оралған Абдолла «Шығыс қызы», «Токиодағы дауыс» атты поэмалар жазып келді. Кешікпей, Байронның атақты «Шильон тұтқыны» атты поэмасын қазақшаға аударды. Өте ақындық шабытпен жазылған бұл екі тебіреністі дастанды ағылшынның ұлы ақыны Байронның игі әсері барлығын мен кезінде байқап едім. .Бірақ Абдолланың бірқатар тұстастары ойы албырт, жаны елжірегіш жас ақынның тебіреністі жыр күйлеріне ол кезде терең түсіне қоймаған секілді. 1940 жылдары Абдолла баспа орнында жауапты редактор болып істеді де, ойлы, сырлы, сазды бірнеше поэмалар жазған. Солардың ішінде Абдолла «Асан қайғы» атты поэмасын ерекше мән бере, біздей өзінің достарына жазылған тарауларын қайта-қайта оқып беріп жүрді. Біз: – «Асан қайғыңнан» сары уайымға түскен бірдеңе шығып кетпей ме? – дегенімізде нәзік жанды ақын қынжыла наз ететін: «Достарым сендер түсінсеңдерші, Асан қайғыдан Қорқыт шығармаймын, адамзат баласының мәңгі өлместік арманын жырлаймын, көресіңдер әлі», – дейтін еді. Ақындық дарыны жаңа жалын атып, ойы кемеліне келіп, құлашын кең жаза бастаған тамаша жас

талант қызық келелі қиялдарын жарқырата алмай кетті. Абдолла жылдың жазында фашист басқыншыларының Отанымызды қорғау үшін майданға аттанды. .Майданға аттанар алдында Абдолла екеуіміз ұзақ сырластық. Ол фашист басқыншыларын: «Міне, менің жырларымды бейнелеген адамзат жаулары түн қарақшылары» деп сұстана сөйлеген еді. Майданға жүрер алдында суретке түстік. Абдолланың басында қара бұйра шашы бар еді. «Осы шашыммен қазір қоштасамын ғой. Суретке серпіліп түссін» деп фотограф суретке басарда қара шашын маңдайына сілкіп, жайып жіберді. Суретіміз әзір болғанда көзіме елжіреп қарады да, суреттің сыртына маған арнап мынадай өлең жазды: О, дүние, албырт күні он-он бестің, Қайрылып соғар ма еді-ау он – он бес күн. Көтеріп орамалын о, дариға-ай, Ойыны тарқап кетті-ау, сол бір кештің. Құс болып қанат қағып ұшар едім, Соңынан жете алмайтын сол бір кештің Ақын дос, өлеңменен өзін көрген, Бір белгі қалдырайын сол күндерден. Күндер өтер, айлар өтер, жылдар өтер, Қартайып шал болармыз кәрілік жеңген. Адамзат алтын дүние мекеніне Жазып хат қалдырайын өлеңдерден. Абдолла екеуіміз жыласып айрылыстық. Мүмкін, менің аяулы ақын досым қатерлі майданда кездесер өзінің қайғылы тағдырын іштей қиялдап кезді ме екен? Оның жанарлы көздерінде жас емес, жалын ұшқындағандай еді... .Нәзік сырлы ақын майданға аттанарда қатал, сазды жыр да жазды.

Уа, қара түн қарақшысы, Ұрлатпаймын нұр күнімді. Жанымның жай отын төгіп, Ұшырармын күліңді! Расында мұндай ереуілді жырды сол кезде көбімізақ жазған едік, бірақ арамызда жүргенде елжірегіш, ұрыс-таластан бой тартқыш, денесі шағын, жаны нәзік Абдолладан «Жанынан жай отын» төгетін керемет ерлік тудырар деп болжамаған едік... Абдолланың асыл жанында нәзік жыр ғана емес, қатал ыза, қайсар жалын бар екен. Фашист тажалдары қамағанда менің боздақ досым өрт ішінде жауға қарсы арыстанша айбат шекті. Абдолланың командирі майор Григорьев: «Ерлік жөнінде талай хикая естіген едік, бірақ лаулаған өрттің ортасында қалып, жаумен жалғыз арпалысқан ақын туралы естімеген едік», – деп жазды Абдолла қаһармандықпен қаза тапқаннан кейін. Мен де әскери қызметте едім. Абдолла туралы сай-сүйегімді сырқыратқан суық хабарды естігенде қатты қиналып тұрып, жоқтау жыр жаздым: Солды өлеңнің қызғалдағы, Жанды гүлі аяп алар. Жанбай сөнді қызған шағы, Бітпей қалды поэмалар... Мен Орал қаласының қақпасын ашқанда, Жайықтың жасыл толқынын көргенде сол ардагер ақын досымды алдымен еске алдым. Абдолла осы Орал қаласында жалындап өсіп, білім алып, Жайық жағасында жайраңдап жүріп жыр бастады. Тәтті ғой сол жас ойнақ, Өткізген Жайық бойында...–

деп шалқитын еді Абдолла. Ол Жайықтың сырлы толқындарын жыр етуді, туған ауылы Жосалының жасыл белдерін, жарқын жүзді туыстарын жырлауды арман етуші еді... Біз Жайық жағасында бір топ ақын жүрміз. Оның досының бірі, ақын Сағынғали еді. Майданға аттанарда біздің үйде отырып, Сағынғалиға қарап: Досымның бірі ақын Сағынғали, Шертілер мен кеткенде сағынған күй, – деп Абдолла ән шырқағаны есімде. Ол боздақ ақын еді. Оның асыл бейнесі, назды сыры, жалынды жыры біздің жүрегімізде. Абдолла қазір бізбен бірге. Сағынғалидың, Жұбанның, Ғафудың, Сағидің, Қадырдың қасында өзінің сыршыл жырларын айтып, Орал өңіріне келген секілді, Абдолланы ертіп біз ертең оның туған ауылы – Жосалыға барамыз, Абдолланың балалық іздерін жаңғыртамыз. Өшіремін шырағымды, әрдайым, Ұйықтап мәңгі қалармын. Сонда мені кім есіркеп, Есігімді қағар кім? – деп күңіренген екен Абдолла. Біз келдік сенің жыр есігіңді қағуға! Қазақ поэзиясы сенің есігіңді мәңгі қағып тұрады! Ал мен өзімнің айрылмас аяулы досымның өшпес бейнесін жаңғырту үшін, достық парызым үшін, Абдолла үшін, Жайық бойының жаңа сырларын жырламақпын, Абдоланың жерлестерін жырларыма бөлемекпін. Тамаша талантты ақын бөбегіңе менің ескерткішім сол болмақ, айбынды Ақ Жайық.

АҚЫН ӘЛИ ЕСМАМБЕТОВ .Қазіргі өлеңқұмар жастар Әли Есмамбетов есімін біле бермеулері мүмкін. Ұлы Отан соғысы алдындағы жылдарда Әли Есмамбетов өзінің азаматтық лирикасымен ерекше көзге түскен белгілі ақын еді. Менің талантты тұрғыластарым Дихан Әбілев, Әбу Сәрсенбаев, Қасым Аманжолов, Жұмағали Саин, Қапан Сатыбалдин, Абдолла

Жұмағалиев тағы басқаларымыздың қатарында ол кезде жас Әли Есмамбетов те өлең-жыр дүниесіне қуанышты әуенмен, жалынды жігермен келген дарын болатын. Комсомол ақыны атанған Әлидің жырлары да өз тұстасы жастар өміріне арналып, патриоттық сезімдерге толы еді. Жалындап өсіп келе жатқан жас ақын Отан үшін майданда қаза тауып хабарсыз кетті. Ұзақ жылдар өтсе де ақын досымызды ескермегенімізге белгісіз себептермен кінәлі де секілдіміз. Адал патриот және поэзиямызға елеулі үлес қалдырған ақын Әлиді еске түсіруді, оның ақындық мұрасын жаңғыртуды парыз көрдік. Отызыншы жылдардың басында Қазалыда Ғани Мұратбаев атындағы қазақ орта мектебін бітірген Әли Есмамбетов 1932-1936 жылдары Қазақтың Абай атындағы Педагогика институтында оқиды. Мен КазПИ-ге Әлиден екі жыл кейін түскен едім. Әлимен алғаш рет осы КазПИ-де таныстым. Әли КазПИ-де оқып жүріп, өзінің досы, Әлішер Тоқмағамбетов екеуі біздің әдебиет үйірмемізді басқарды. КазПИ-де оқып жүрген Әли жастар газетінде қызметке араласты да, өлеңді көп жазды. 1936-1940 жылдары Әлидің өлеңдері

республикалық газет-журналдарда жиі басылып тұрды. 1936 жылы КазПИ-ді бітіргеннен кейін Әли Есмамбетов әскери қызметте болып, офицерлік шенге ие болды. Әскери қызметтен кейін, 1941 жылдың күзіне дейін Әли КазПИ-дің аспирантурасында оқыды. Қай жылы қаза тапқаны әлі белгісіз. Тамаша ақын, жарқын мінезді, өнегелі азамат досымыз Әли Есмамбетов Ұлы Отан соғысында қайтыс болды. Әлидің алғашқы өлеңдер жинағы 1938 жылы шықты. Сол тұстағы ақындардың бірлескен жалпы жиналыстарында Әлидің бірқатар өлеңдері басылды. Қазақстан жазушыларының екінші съезіне Әли «Шолпан» деген шағын поэма алып келіп, жақсы баға алып, ақындық даңқын көтере түскен еді. .Майданға аттанар алдында Әли Көркем Әдебиет баспасына өзінің жаңа өлеңдер жинағын тапсырған еді, сол жинақ ұшты-күйлі жоғалған секілді, жарық көрмеді. .Әли Есмамбетов шын мағынасындағы комсомол жыршысы еді. Жалынды жас комсомолмын, Жыршы болам тобыңа. Тасқындаған өлеңімді, Бердім сенің қолыңа. Өлеңімде гүлдерім бар, Саған арнап егілген, Өлеңімде нұрларым бар, Саған арнап себілген, Жазам әлі, өмір алда, Қызық алда, тамаша! Мен ырзамын өлеңіме, Керегіңе жараса! Біздің, менің қатарымның сол кездегі сүйікті газеті «Лениншіл жас» Әлиге де ақын қанатын қияға серметер

биіктегі ұя секілді болды. Осы газеттің сол кездегі әдебиет бөлімін басқарған белгілі ақынымыз Жұмағали Саин Әли өлеңдеріне өте ықылас білдіріп, оның өлеңдерін «Лениншіл жас» бетінде көп жариялады. Әли Есмамбетов комсомол жиындарында көп қатысып, комсомол қайраткері де болды. Қазақстан комсомол баспасы жылы «Қазақстанның алдыңғы қатарлы жастары» деген кітап шығарды. Осы кітапта Әли Есмамбетов сол алдыңғы саптағы өнегелі жас өнерпаз есебінде сипатталды. Әли Есмамбетов туралы очерк жазған белгілі ақынымыз Дихан Әбілев былай деп тұжырым жасапты: – «Әли өзінің құнды шығармаларымен Қазақстанның жас ақынжазушыларының алдыңғы қатардағы өскелеңдерінің бірі боп, көпшіліктің көзіне түсті. Әли адымы алға басқан өрісті, өрелі жас ақын. Бұл, дұрыс баға еді». Өлеңдерін күнделікті саяси тақырыпқа, жастар әуендеріне, әлеуметтік пафосқа негіздеген Әли, кейінгі 1940 жылдары өз шығармасына жаңа көрік, тың ырғақ таба бастаған еді. Осындай ізденістің нәтижесінде, Әлидің қаламынан «Шолпан», «Адмиралдар шықты майданға» секілді жақсы туындылар шықты. Интонация мен ырғағы, нәші мен көркі жағынан Әлидің бұл шығармаларын біз сол тұстың жаңалығы деп бағалаған едік. Бұдан талай жыл бұрын, Болды сүйген бір қызым, Шолпан еді аты оның Ақша маңдай қыр мұрын, Ұқсаттым соның көзіне, Аспанның мынау жұлдызын... Шолпан! Шолпан! Шолпан!

.«Шолпан» атты шағын поэмасын Әли ақын осындай ырғақ әуенмен өзінше тапқырлықпен жазған еді. .Әлидің шығармалары және өзі жайлы да айтар сөзім, шертер сырым аз емес. Көп жылдар қаламдас, пікірлес бола жүре, кейде өкпелесіп те қалған кездеріміз болса керек-ті. Бірақ мінезі жарқын, сыпайы, өнегелі Әли ұрыншақ та, кекшіл де емес еді, әрқашан кішілік сақтауға іңкәр еді. Менің архивімде қазақтың бір топ жас жазушыларының Александр Фадеевпен, Леонид Соболевпен бірге түскен суреті бар. Бұл суретте Әли Есмамбетов, Әбу Сәрсенбаев, Әлжаппар Әбішев және мен. Бұл суреттің тарихы былай: 1938 жылдың ақырында біз бұл аты аталған ол кездегі жас ақынжазушылар (бұл сапарда Қасым Аманжолов та бар еді, себебі есімде жоқ, Фадеевпен түскен суретте ол қатыспапты) Москвада өткен Бүкіл одақтық жас жазушылар жиынына қатыстық. Бұл сурет сонда түсірілген. Әлидің атақты Чкаловпен түскен суреті де бар еді. . Жастық шақтағы сол сапарымыз, Москвада өткен қызықты, мағыналы шақ – өзінше бір жыр. Біз Қасым екеуіміз медресе шәкіртіндей ибалы, сабырлы Әлиді әдейі бір сылтау тауып ашуландыруға құмар едік. Әли ондайда шырт етіп ашуланып, қызараңдап қалатын да, аздан кейін біздің әзілімізді сезіп күліп жіберетін... .Әлидің творчестволық мұрасы сөз болып, өз орнына ие болуға тиісті. Жазушылар одағы Әли Есмамбетовтың мұрасы жөнінде арнаулы комиссия құрса екен, Әли шығармалары жинастырылып, тезірек басылып шықса екен дейміз. .Ақын азамат Әли Есмамбетов есімі жас дәуренмен бірге жасауға тиісті.

БАСПАСӨЗДІҢ АРДАГЕР ҚАЛАМГЕРІ Жазушы мен журналист – ағайынды қоңыр қаздай баспасөз өмірінде қатар, жараса, жарыса жүреді. Екеуінің де ұстаған қаруы – қалам, екеуінің де парызы – халыққа тіл өнерімен қызмет ету, партиямыздың жаршысы болу. Біреуі – өмір шындықтарын әсерлеп, бейнелеп толғаса, екіншісі – күнделік шындық дүбірлерін әр сәтте, дер кезінде шапшаң, алғырлықпен жаңғырту міндетін атқарады. .Қалам ұстаған талапкердің өз тәжірибесін газет қызметінен бастамайтыны аз. Ақын-жазушы біткеннің бастау бесігі – газет, баспасөз. Республикаға есімі мәлім, байырғы журналист Балтабек Асанов жетпіс жасқа толыпты деген хабарды естігенде, мені осы бір ғанибет жайлар ерекше толғандырды. (Бұл кісі кейініректе қайтыс болды). Баспасөз тарапында да, белсенді жарты ғасырға жуық қызмет атқара жүріп, жас қаламгерлерге солардың қатарында жас ақын-жазушыларға да – қамқорлық шарапатын көбірек тигізген, оларды баспасөзге қызмет етуге баулыған аға журналистердің бірі – Балтабек Асанов. .Бұл пейілі кең, мінезі жарқын, инабатты адамды бала жасымнан, 1926 жылы болса керек, мен Павлодардағы Балалар коммунасы (Деткоммуна) аталатын мектептің төртінші класынан білемін. Осы мектептің төртінші класында менімен сабақтас болып Балтекең де оқыды. Мен, үйім қалада болғандықтан, үйден келіп оқитын шәкірттердің қатарында жүрдім де, Балтекеңдер Деткоммунаның белбаласы болып есептелді. Баянауыл атырабында туған кедей шаруаның баласы Балтабек

жеті жасында әке-шешесінен айрылып, жұрдай жетім қалды да, ересек шағында да Екібастұздағы панасыз балалар үйінде екі жыл бойы оқып тәрбиеленді. Балтекең дейтінім – сол Деткоммунадан менімен бірге оқыған шағында, менен алты жас үлкендігінің үстіне, маған есейген, байсалды азамат болып көрінді. Біздің класта менен ірірек, Балтекеңмен иықтас Рақыш Хайруллин (Қазір белгілі журналист, зерттеуші), Садыр Әбішев (кейін партиялық жауапты қызметтер атқарды) сынды ересек ағайлар оқыды. Сондай бір, сақа жастардың арасындағы кішілері арбакеш Әубәкірдің баласы Бекеш екеуіміз ғана едік. Балтекеңнің байсалды, ақылды жігіт болып қалғанын сол бала шағымда аңдаған едім. 1925 жылы комсомол қатарына алынған Балтабек осы мектептің өнегелі, белсенді шәкірті болды. Менімен сабақтас, бірақ ойы да, бойы да менен биігірек – Балтабек Асанов, Сабыр Әбішев, Рақыш Хайруллин жетіжылдық сол мектептің мұғалімдерімен пара пар ұйтқысы, жетекшісі іспетті болып көрінді, балалықтан әлі арылмаған маған. Еріксіз есіме түсіп кетті – Бәкеңнің ағалық бір назарын сол шақта сезген екенмін. Класта сабақ жүріп жатты. Балтабектер дәйім алғы партада отырады да, Бекіш деген досым екеуіміз дәйім ең артқы партада отырамыз (оқуға шалағай баланың әдеті ғой). Оның үстіне мен қыршын жасымнан дін мектебіне шырмалдым да есеп білімі дегенге дүмшелеу едім. Сол сабақ үстінде мұғалім мені кенет тақтаға шақыра қалмасы бар ма? Аңдаусыз тұра бергенімде қойнымдағы сарбалақ көгершінім пыр етіп ұша қалғаны ғой. Шалдуар басым бұл кептерді мектеп шатырынан таңертең бас салып ұстап алып едім. Мұғалім, жаңылмасам, фамилиясы Қасымов болса керек, бөлмедегі шарқ ұрған көгершінге бір қарап алды да, маған бүркіттей шақырая қарады. Ұрса бастады. Кластан қумақ болды. Алда отырған Балтабек сонда орнынан ұшып тұрып, мұғалімнен ізетпен өтініп, мені

арашалап қалды. «Қалижанмен оңаша сөйлесейік, мұндай қылығын енді қояр», – деп сендірді. Бәкең сабақтан кейін менімен кеңесіп біраз ақыл айтты. Бұл – менің Бәкенмен алған бірінші өнегем. «Үлкендердің» арасында оқу маған қиын болғандықтан, келесі жылы мен орыс мектебіне ығыса қойдым. Балтабек мектепте жүргенде-ақ қалам ұстауға құмар еді. Мектептің қабырға газетін шығаруға белсенді кіріскенін байқайтынбыз. 1930 жылы, оқуын бітіргеннен кейін Балтабек Асанов Павлодардың «Колхоз» атты газетінің баспаханасында корректор болып жұмыс істеді. Баспахананың әйдік терезесінен мен телміре қарап, шағын столда әріп басылған қиық қағаздарға шұқшиып отырған Балтабекті көріп өте білгір болып кеткен екен деп таңданушы едім. Жас Балтабек содан кейін шырқай жөнелді. 1930 жылы Павлодар аудандық партия комитеті Балтабек Асановты Қазақстан өлкелік партия комитетінің қарауындағы алты айлық газетшілер курсына жіберді. Одан кейін Балтабек – Алматының жоғарғы коммунистік мектебінде оқып жүр деп естідік. Ал мен болсам, орта дәрежелі білім ала алмай, әр тарапқа қол созып көп сандалдым. Ақыры, тағдырдың айдауымен дегендей (расында комсомолдың жұмсауымен) 1933 жылы Павлодардың аудандық «Колхоз» атты газетіне қызметке келіп орналастым. Газет редакциясының жауапты хатшысы едім; газет бетінде аздап өлең, очерк жариялай бастап едім; 1933 жылдың көктем айында сол газетке редактор болып, Алматыдан Балтабек Асанов келе қалды. Өзіміздің Балтекең! Әлде мінезі өзгерген шығар, Алматыдан оқып келді, 1932 жылдан бері партия мүшесі, крайком жіберген жауапты редактор, оқыған азамат, тәкаппар шығар... Мүмкін мендей шалағайды бұл қызметтен қуып жіберер деген күдік ойлар басымда ұршықтай

иірілді... Газет жұмысы баптануды күтпейді ғой, Балтекең келе сала іске шұғыл кірісті. Алдымен, түнде алып кетіп, редакция папкасындағы бар материалдармен танысатын. Ол кезде, аудандық газет редакциясында мардымды қандай материалдар болсын, шағын деректер, ақпарлар... Бұлардың өзін біз аупарткомге келген колхоз бастықтарынан, немесе көбінесе сыраханалардан табылатын колхоз есепшілерінен жолжөнекей жазып аламыз. Балтекең келген шақ – Павлодар аумағындағы егіс науқаны қауырт, қызу және қиын да шағы еді. Қатаң қыстан колхоз шаруашылығы күйзеле шыққан, егіс жұмысына көлік күші жетіспейді. Жер-жерде ұйымастыру ісіне керенаулық, бейберекеттік басым. Осыларды әйгілеуге, ширатуға газет редациясында журналистика саласынан хабардарымыз жалғыз Әлімбек Жанғабылов еді, ол Семейге газет курсына оқуға кеткен. Ал біздер – Төлеутай Ақшолақов, Әнуар Әукенов болсақ – бұрын қабырға газет төңірегінен шыққан жастармыз. Алматыда баспасөздің арнаулы курсын бітіріп келген, партиялық тағылымы бар Балтабек өзінің байсалды, білікті тәжірибесімен мендей жас қаламгерге айтарлықтай өнегелі әсерін тигізді. Газетке ақиқат, өтімді хабар, дерек жинап келу үшін бізді аудан түкпірлеріне жіберді, газеттің тіл кестесін жақсартуға зер салды. Бұл ретте мен Балтекеңмен бір сәтте аздап қақтығысып та қалдым. Көктемгі егіске арналған газет беттерінің біріне Балтабек маған ұран (шапка дейтін еді) жаза ғой деді. Мен мүдірместен: «Большевик, егістің қарқыны үдей түссін!», – деп жазып көрсеттім. – Бұның жетпей жатыр, – деді Балтекең, ендеше «Егіске большевиктік қарқын берілсін!» – деп әлгі сөздің жолын өзгерте қойып едім, «мұның да келмейді», деді. Осы тәрізді өз стилімде қалыптасқан бірдемелерді

қайталап жазып едім, Балтекеңе бірі де ұнамаған. Қыңырлығым ұстап кетті де, – Менің бұдан артық табарым жоқ, Алматының жоғары оқуын тауысып келген өзің тап! – деп баспаханадан шығып кеттім. .Баспаханаға жалғас салынған сыраханада сусындап отыр едім, аздан кейін әдетінше көзі күлімдеп Балтекең кіріп келді. .– Қалижан, сенің үшінші рет жазған ұраның жақсы екен, соны номерге жібердім. Сен өкпелеген жоқсың ба, маған? – деді. Балтекең өзгермеген екен, әлі сол мектептегі шәкірт кезіндегі ақкөңіл, жарқын мінезі... Менен кешірім сұрағандай болып жатыр, бірақ ақылын да жеткізді. «Менің тәжірибем аз ғой, газет ісі – көп оқуды, ізденуді, фактіні көп білуді талап етеді. Дәйім тапқырлық керек. Өткен айда шыққан бәр номерлеріңді аударып қарап едім, «Қарқын үдей түссін! – деген ұран сонда да тұр. Қайталау – желге кеткен сөзбен бірдей», – деп маған сабырмен біраз кеңес берді. Балтабектен алған екінші сабағым осы болды. Сол жылы Балтабек Асановты партия Магнитогорск металлургия заводына қызметке жіберді. Бұл тұста Магнитогорскіде қазақ жұмысшылары айтарлықтай көп болса керек. Партияның тапсыруымен Б.Асанов қазақ тілінде «Магнитогорск жұмысшысы» атты газет шығаруды ұйымдастырып, өзі сол газеттің жауапты редакторы болып қызмет атқарды. 1937-38 жылдары Балтекең Челябі обкомының орган, қазақ тілінде шығатын облыстық газеттің жауапты редакторы ретінде Челябі облысына қарасты қазақ жұмысшыларына партияның ауыр өндірісті өркендету тарапында жалынды үгітші, жаршы болды. Сол жылдары Магнитогорскіде болып қайтқан атақты жазушымыз Сәбит Мұқанов, Балтабек Асанов туралы бізге, ақынжазушыларға жақсы лебіз сездіргені есімде, Сәбең бір әңгімеде (кейін оны естелік етіп жазды да). «Челябі облысындағы, Магнитогорскідегі қазақ жазушылары

арасында Асанов қадірлі екен. Ол шығарып тұрған газетті жұмысшылар ынтыға оқиды екен. Өзі де бір жақсы, ақжарқын жігіт қой. Сірә жұмысшылармен жиі кездесетін болар, мені ертіп қазақ жұмысшылары арасына апарды, үйлерінде де қонақта болдық, сонда байқадым, газетші Балтабекті бәрі де ұнатады екен» – дегені бар. Журналист Балтабек Асанов өзі редакторлық еткен газет беттерінде өз қаламымен есімдері атырабына әйгілі етілген Магнитогорскінің жұмысшылары Буратаев, Досалиев, Назарбаев, Намазбаев сынды еңбек ерлері жайында әлі күнге ертегідей жыр шертеді. Байырғы журналист, еңбек сүйгіш адамдардың досы, алғашқы бесжылдықтардағы орасан істердің ұраншысы Балтабек Асанов – Магнитогорскі жұмысшыларының арасында қызмет атқарған ол бір кезеңнің өзінің асулы бір шағына балап, маған талай мақтаныш етіп айтқан да еді. .Коммунист журналист Балтабек өзінің партия ісіне берілген жігер-қайратының идеялық абзалдығының арқасында партиямыздың зор сеніміне бөленді. Балтабек Асанов Алматы, Семей секілді үлкен қалалық партия ұйымдарында жауапты қызметтер атқарды, алайда біздер, қаламгерлер, Балтекеңді алдымен баспасөздің көрнекті қайраткері деп қадірлейміз. Біздің барша қазақ қаламгерлерінің шарапатты қара шаңырағы «Социалистік Қазақстан» газетінде жауапты қызмет атқарған шақтары Балтекеңді баспасөз, әдебиет қауымдарына бұрынғыдан да жақындата, сыйлы ете түсті. 1940 жылы редактордың орынбасары болып істеген Балтабек Асанов партияның қалауымен алапат соғыс жылы 1942 жылы «Социалистік Қазақстан» газетіне жауапты редактор болып қайта оралды. Сол сұрапыл соғыс жылдары Қазақстанның Орталық партия комитетінің бұл айбынды органының немісфашист басқыншыларына қарсы жүргізілген қиян-

кескі соғыс тұсында республика еңбекшілерін жауынгерлікке жұмылдыру тарапында, халыққа қаһармандық рухты ұрандау бағытында атқарған қызметі орасан зор екені шексіз. Қазақстан Орталық партия комитетінің тапсыруы бойынша Балтабек Асанов қазақ халқының майдан жауынгерлеріне арналған хатты ұйымдастыруға, оны майдан шебіне апарып жеткізуге де үлкен еңбек етті. Ал жұртшылық, газет беттерінен майдан жауынгерлерінің таңғажайып ерліктері жайында талай хикая-жырларды да оқып сүйсінгені де белгілі. Және майдан алауында, әскери сапта жүрген жауынгер ақын-жазушылар, журналистер «Социалистік Қазақстан» беттерінен өлеңдерімізді, очерктерімізді де жиі оқып, газетке зор ризалық білдірген едік. Партия басшылығымен, редакцияның шымыр ұйымдасқан шебер қаламгерлерінің творчестволық күшімен жалаудай жарқырап шыққан осы газет беттерінің соңында – редактор Б.Асанов деген есім тұрар еді. Сөз жоқ соғыс жылдарында жауынгерлік рухпен жар салып тараған «Социалистік Қазақстан» газетінің игі істерінде оның редакторы Асановтың қосқан үлесі аз емес. Балтекең бұл қызметте 1949 жылға дейін қызмет атқарды. Майдан алаптарынан асыға оралған ол тұстағы жас қаламгерлер – біздер «Социалистік Қазақстан» редакциясының есігін жиірек қағатын едік. Газеттің жауапты редакторы Б.Асанов бізге редакция есігін ашып, газет беттерінде шығармаларымыздың жарық көруіне кең өріс берді. Мен, менің қаламдас достарым, Қасым Аманжоловтың, Ғабдол Слановтың, Жұмағали Саинның тағы басқаларының аузынан редактор Асановқа деген ризалық лебізді жиі естіген едім. Көптеген қаламгерлердің, газет қызметкерлерінің өсіпжетілуіне де Балтабек Асановтың еткен ағалық көмегі де аз емес. Солтүстік Қазақстанда шығатын «Ленин туы» газетінде 7-8 жылдай жауапты редактор болып

қызмет атқарған Балтабектің редакция қаламгерлер ісіне, кісілігіне сүйсіне дәйім еске алып отырады. Партиялық инабаты биік, совет баспасөзіндегі аянбай келелі еңбек еткен, партия-совет қызметтерінде жігерлі, абыройлы жұмыс атқарған Балтбаек Асанов партия мен үкімет тарапынан елу жылға созылған еңбегіне зор баға да алды, Балтекеңнің тарлан тартқан кеудесінде «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» ордендерімен қоса бірнеше даңқ медальдары жарқырайды. БУЫРҚАНҒАН ХАЛЫҚТЫҢ ДАУЫЛПАЗЫ Махамбет есімі аталғанда – менің құлағыма ексімдеп соққан нөсердің немесе буырқанып аққан сел тасқынның құдіретті дүбірі естілгендей тербеле қаламын. Жасымнан өлең құмар мен, бұл ереуілді ақынның өрен жырларын ертеректен жаттап өссем керек. Ташкент шаһарында 1927 жылы кітап болып шыққан Махамбет ақынның жырларын мен сонау Ертіс жағасында жүріп құмарта оқыған едім. Кемеңгер ақынның дауылды жырларына деген сол іңкәрліктен туса керек, 1937 жылы, сентябрь айында «Казахстанская правда» газетінің бетінде менің «Поэзия Махамбета» атты мақалам жарияланды. Студент шағымда жазған осы мақаламда Махамбетті ағылшынның ұлы ақыны Джордж Байронға теңеппін. Мүмкін ерсі де көрінген шығар, расында сонау батыстағы өскелең мәдениеттің, зиялы ортаның тумасы лорд Байронмен, күңгірт түкпірде, дүрбелең шақта қайрат шеккен қазақ ақынында қандай ұқсастық болмақшы? Менің айтпағым – поэзиялық ұқсастық жайында емес еді, өр кеуде, ереуілшіл екі ақынның азаткерлік мұратының биіктігі, қайсарлығы хақында

еді. Жас Байрон, өзі лордтар әулетінен шықса да, лордтар палатасында станоктағы жұмысшылардың ауыр бейнетін, тұрмыс халін мүсіркеп, қанаушыларға қарсы ереуілді ызалы сөз сөйлейді. Сондай саяси қыңыр пікірлері мен жырлары үшін қуғын көріп Грецияға келген өр ақын, гректердің түріктерге қарсы жүргізген азаттық майданына қатысып, ерлікпен қаза табады. Өр, данышпан ақындар дүниеде аз емес, ал әлемнің екі бетінде бір заманда дәуір кешкен бұл екі ақынның тағдыры, асқақ өршілдігі мені әрқашан ерекше тебіренткен еді. Махамбеттің керемет дарыны мен ереуілді ерлігін айырып айту қиын. Қалам мен найза – ақын Махамбет пен батыр Махамбеттің қос қаруы. Халқымыздың тарихында хан-төрелерге қарсы батыл сөз сөйлеген, хандарды мінеп, шенеген ақын-жыраулар баршылық. Тоқтамыс ханды мінеген Сыпыра жырау, Жәнібек ханды сынап-шенеген Асан қайғы, Абылай ханды орайлы кезде зекіп-тежеген Бұхар жырау – бұлардың жыр-толғаулары қанша мәнді болса да тап Махамбеттің ханға, сұлтанға айтқан қарсы жыр сөздеріндей өткір емес, ереуілді емес, хан, төрелер алдында тайсалмай нөсер сөзін нажағайдай, семсердей жарқылдатқан ақынның батылдығына да, тапқырлығына да қайран қаласың! Өткен ғасырдағы қазақ поэзиясында саясиәлеуметтік мұрат-бағыты жағынан Махамбет – өзімен тұстас ұлылы-кішілі ақындардан ерекше биік қияда тұратын шын мағынасында, кемеңгер халық ақыны. Азаткер ақын өзінің бір толғауында: «Аттанып едім көп үшін, дұшпанға кеткен сол көптің, ежелден бергі кегі үшін» – деп өзінің әлеуметтік мақсатын айқын ескертсе, ал патшаның отарлау торының тұтқасын ұстаушы, сол көпке – халыққа қысым көрсетуші Баймағамбет сұлтанға, халық батыры Исатай мен өзі бастаған көтеріліс қаһарлы күшпен басылып қалса да,

хан-төреге қас, зығырданы қайнаған қайсар ақын өз мақсатын батыл түйіндейді: Мен – мен едім, мен едім! Мен Нарында жүргенде, Еңіреген ер едім, Исатайдың барында Екі тарлан бөрі едім... Өздеріңдей хандардың Қарны жуан билердің, Атандай даусын ақыртып, Лауазымын көкке шақыртып, Басын кессем деп едім! .Исатай – Махамбет көтерілісінің бағыты – қара бұқара мүддесінен, халықтың әлеуметтік, ахуалдық ауыр күйінен туған халықтық қозғалыс екенін Махамбет жырларынан терең де тебірене сезінеміз. Исатай ереуілі ең алдымен қалың бұқара халықты езіп ұстаушы, отаршыл патша өкіметінің қарғылы тазысы – хан-төреге қарсы өршіген болса, Махамбет жыры да соларға мірдің оғындай атылады, аты шулы Жәңгір ханды жауынгер ақын найзадай өткір сөзімен өлтіре түйрейді. Ханның кірген ақ орда, Бұзуын ойлап кеңестік. Аламанға жел бердік. Қайран өр ақын көтерілісі жеңіліс тапқан күйінішті шақта: Сол сықылды қайраттан, Ойласаңдар не көрдік? – деп күңіренеді...

.Азаттық, халықтық ереуілдің ер көсемі Исатай болса, сол көтерілістің ерлік күресіне дем беруші, жауынгер үгітшісі – Махамбет болды. Бірақ сонша өр кеуде, жалынымен бұлт шалған дауылпаз ақын, өзінің батыр досының алдында «Исатай басшы, мен қосшы» деп бас иеді. Қазақ өлең жырларында ХVІІІ-ғасырда, тіпті одан бұрынырақта да ханды, батырды мадақтайтын талай өлең барын білеміз. Алайда, бұрынғы қазақ поэзиясында, батырлар жырын қоспағанда, халықтың ардагер, азаткер ер ұлы жайында Махамбеттен артық толғанған кемде-кем. Махамбет жырларында халықтың мұң-қасіреті, арман арпалысымен қатар басты тұлға болып Исатай бейнесі жырланған. «Тайманның ұлы Исатай, ағайынның басы еді» – деп халыққа көтерілістің көсемі Исатайды мақтанышпен мадақ еткен ақын, жауға, ханға қарсы қан майданда Исатай қаза тапқанда, асыл қамқорынан, серкесінен айрылған, жетім қалған жұртын аяп, теңіздей тебірене, күңірене жыр төгеді: Мұнар да, мұнар, мұнар күн! Бұлттан шыққан шұбар күн. Буыршын мұзға тайған күн. Бура атанға шөккен күн. Бұлықсып жүрген ерлерден, Бұрынғы бақыт тайған күн... Түс қыла гөр құдайым, Біздің ер Исатай өлген күн. Он сан байтақ бүлген күн... .Заманындағы азаттықты көксеген күйінішті, ереуілді халықтың көсемін жалынды жанымен сүйген албырт ақын Исатайды қазақ көкейіндегі ең абзал, сүйікті тұлғаларымен бейнелейді. «Таудан мұнартып ұшқан тарланым», «Құландай ащы дауыстым»,

«Теңіздей терең ақылдым», «Жұртына құрбан болсам деп, адырнасын ала өгіздей мөңіреткен» деп тебірене келе: Арыстан еді-ау, Исатай! Бұл фәнидің жүзінде Арыстан одан кім өткен? – деп күңіренеді сабаз ақын. Қазақтың ата жырларында жан елжірететін талай жоқтаулары бар шығар, бірақ ұлы ардагердің жоқтаған мұндай тебіреністі мен білмеймін, бұл негізінде жоқтау емес, халықтың қадірлісін ардақтаған кемеңгер ақынның бұл азалы да ызалы тебіренісі, ел-жұртын ереуілге қайта шақырған дауылпаздың буырқанған ұраны. Тегінде, Махамбетке ерлік пен ақындық тумысынан қоса дарыған секілді. Махамбет заман ахуалын өзінше түсінген парасатты да, білікті де, оқыған да кісі болған. Абай мен Шоқандай Европа, орыс ғылымы, әдебиетін терең барламаса да, тарихи деректерге қарағанда, патша ұлықтарына қаны қас болса да, орыс халқының ізгі өнегесіне ынта қойғандығы байқалады. Махамбет жырларының ең отты нөсерлі өзегі – ереуілді дабылдар халықтың патша отаршыларына, хан өктемдігіне қарсы буырқанған ереуілдің қолбасшысы Исатай болса, бізше айтқанда соның саяси комиссары, үгітшісі Махамбет болғаны даусыз. Қару-жарағы әлсіз, бірлігі шала шаруалардан топтасқан, саяқтың үйіріндей ереуіл жасақты Исатайға басқару да қиынға түссе керек. Бүкіл патшалықтың орасан озбыр күшіне сүйенген отарлаушы әскері мен хан тобырынан тойтарыс тапқан ереуілшіл жасақтың күйзелісі, қажыған, жасыған шақтары болуы да шәксіз. Сондай бір жабырқаған кездерде сарбаздарына дауылпаз ақын жалынды сөзімен жігер, қайрат береді:

Жайықтың бойы көк шалғын, Күзерміз де жайлармыз. Күлісті-сынды күреңді, Күдірейтіп күнде байлармыз. Қамалаған көп дұшпан Әлі де болса, қойдай қылып айдармыз, Жолдастарым мұңайма! Реті келген соң айта кетелік, «жолдас» деген сөз революциядан кейін жаңғырды деп жүрсек, бұл сөз – бұқарашыл ақынның аузынан бұрынырақ шыққан екен-ау. .Махамбет – күрестің, ереуілдің өрен жауынгер ақыны. Отан соғысы жылдарында мен Армияда саясиүгіт қызметін атқардым. Есімде, майданға жөнелетін жауынгерлер алдында, өз өлеңімді қоя тұрып, Махамбеттің ереуілді өлеңдерін тебірене оқығаным: Ереуіл атқа ер салмай Егеулі найза қолға алмай, Еңку-еңку жер шалмай... Алты малта ас болмай, Өзіңнен туған жас бала, Сақалы шығып жат болмай, Ашаршылық шөл көрмей Арып-ашып жол көрмей Темірқазық жастанбай, Қу толағай бастанбай, Ерлердің ісі бітер ме?! Өр Махамбеттің мұндай дауылпаз жырларын өзім шығарғандай долдана оқығанымда – жауынгерлердің көздерінде ерлік шоғы жалындағаны да есімде... .Теңдесі жоқ бұл өр кеуде ақын, басына нажағай шартылдап тұрғанда да қылышынан қан тамған хантөреден жасқанбаған. Қайсар ақынның Баймағамбет

сұлтанға қадап айтқан толғауын тебіреніссіз оқу қиын. Бұл толғамды тәкаппар ақын Исатай көтерілісі басылып, өзі қуғын сүрген кезде, ұсталып, айдалып келген шақта айтады-ау, патша әкімі Баймағамбет сұлтанға: Ей, тақсыр-ау, ей, тақсыр, Бойың жетпес биікпін – Бұлтқа жетпей шарт сынбан, Шамдансам, шалқамнан түсер асаумын, Шамырқансам, шатынап сынар болатпын, Көр қылар деп, тақсыр-ау, Аяғыңа бас ұрман! Бәйеке сұлтан, ақсүйек, Қыларың болса, қылып қал, - Күндердің күні болғанда, Баскесермін жасырман! Мұндай өр сөзді тек қана өз ұранына берілген, қайраты өрен, дарыны ұлы ақын ғана айта алады. Атабабалар ақынды «От ауызды, орақ тілді» деп көтере бағалаған. Ал біз ше? Мен Махамбеттің хан-төреге нажағайдай шартылдаған отты өлеңдерін оқығанда, өзөзімнен қысылам, сондықтан: Ақындардың Тілі емес пе жарағы? Сен төзбес едің мазаққа, Жаныңа сақтап жараны. Сен, қасарысқанға Қайыспайтын емен ең, Қырыңа қарсы түскенге, Қадалар еді сенің – тіл селебең Сен бейне Мұзбалақты қыран ең. Қанатымен тас жарып,

Ажалын күткен қиядан Ал мен, Жасықтардан жасқанып, Тоғышардан сескенгеніме, – Сенің аруағыңнан ұялам! деп толғаған едім Махамбет қабірінің басында. .Дауылпаз ақын Махамбеттің өлең-жырларынан тек ереуілді үндер ғана емес, ойлы толғамдар мен сыршыл, назды саздар да еседі. Шерлі ақын табиғатпен, аңмен, құспен мұңдаса тербелген. Ау қызғыш құс, қызғыш құс, Көл қорыған сен едің – Сен де айрылдың көліңнен. Ел қорыған мен едім – Мен де айрылдым елімнен. Аспанда ұшқан қызғыш құс! Сені көлден айырған – Лашын құстың екпіні. Мені елімнен айырған Хан Жәңгірдің екпіні. Айтып-айтпай немене? Құсалықпен өтті ғой, Махамбеттің көп күні! Қазіргі біздің жас ақындарға, тіпті сақалды біздерге де дарыны дария Махамбеттен үлгі, өнеге тұтарлық жайттер мол. Махамбет – қазақтың кереметті ақындық дарыны бойына терең сіңірген, таңғажайып батырлар жырларының көркемдік қасиетін зердесіне шебер тоқыған кемеңгер ақын. Отты сөздері гауһардай жарқыраған Махамбет жырлары қазақ поэзиясының асыл қазынасы болып табылады. Халқымыздың талай абзал ұлдары, ардагер азаматтары бар, солардың шоғыр жұлдыздарының тобында өр ақын Махамбеттің

жұлдызы ерекше мәңгі жарқырайды. .Ертеректе, сонау Индер ауданындағы Махамбет қабірінің басында сүйікті ұстазымыз туралы тебірене жырлап, сөзімді былай аяқтап едім: Кемеңгерім! Мүсінші болсам, соғар ем, Тұлғаңды алтын, асылдан Күмбезі биік салар ем, Алатаудың басынан. Тұрсын деп, Жартастай қасқайып Қарап жасынға Селебесін суырған Кіреукең гауһар тас киіп, Дауылды тартсын деп дулығаң. Ұстатар ем найзаны, Найзағай ойнап ұшында, Бұлбұлдар сайрап сайдағы, Қасыңнан қыран ұшуға – Қояр ем шыңға тұлғаңды. Құйсын деп нөсер төбеңнен. Сөзіндей зілді бұршақты, Ұрпақтарым төменнен Жайсын деп саған құшақты. АУЫР ШАҚТЫҢ АЙБЫНДЫ ӘУЕНДЕРІ Ата дәстүріміз бойынша ерлік жырларға құмар жұртпыз. Бала шағымызда, сонау талай мың қолды жарған Тарғындар мен Қобыландылар жайындағы дастандарды оқып, қайран қалар едік. Соншама қиян-

кескі қырғын майдандарды осылай сұсты, әсерлі ете суреттеген ақын, сірә, сол шайқастарға өзі де қатысты ма екен? Я болмаса бір тасада тұрып, сол ұрыс көріністерін әбден бақылап, көзбе-көз көріп жыр етті ме екен? Мүмкін, сол ерлік хикаяларды баяғыда жыр еткен жауынгер ақындар да шығар. Көлеңкесі қалың тарихтан бізге күңгірт, жалғыз-ақ әрі батыр, әрі ақын Махамбет жырларын оқығанда тұла бойыңды өзгеше бір құдірет билегендей, ерекше тебіреніске түсесің. Бұл жайттың кереметі сол – өз басынан кешкен оқиғаларды шын ақын, шын жазушы жыр етсе – нағыз отты лирика сол болады. Даналықтың өз сиқыры бар. Алайда, шын ауыр болмысты басынан кеше, хикаясына өзі араласа жазған қаламгердің шығармасында өзгеше бір тартым бары да талассыз. Орыс әдебиетіндегі талай тамаша шығармаларды, осындай дәстүрден шыққан туындыларды топтап тізе алар едік... Әдебиетімізде Ұлы Отан соғысының ғаламат оқиғалары мен совет адамдарының қаһармандық бейнелерін суреттейтін нелер жақсы шығармалар бар. Солардың ішінде оқушы жұртшылығына жылы ұшырайтын майдангер жазушылардың қаламынан туған соғыс шындықтарының жырлары. Қанды майданда толарсақтан қан кешкен бірнеше әскери жазушыларымыз біздің әдебиетімізге жаңа айбынды үн қосты – майдан ақиқатын жыр еткен жаңа әдебиет саласын жасай бастады. Әдебиетімізге қосылған осы жаңа үлгілердің ішіндегі ерекше бағалысы – жауынгер жазушы Бауыржан Момышұлының шығармалары. .Қиян-кескі майдандарда елімізге ерлік есімі жайылған офицер Момышұлының бойындағы сөз дарыны да, сол қиямет шақтарда жауынгерлікпен қоса жалындапты. Ақын емес арынды, Лаулатар сөзден жалынды,

Бұрқыратар дауылды, Қиылар қалам қиналып, Өрнегі жетсе жыр болар, Жыр болмаса сыр болар, Жұрт тыңдарлық жиналып... жылдың қаһарлы қысында, төбесінен оқ зуылдап жатқан шақта әскербасы Бауыржан, ақындарша осылай толғанған екен. Қолымызда отырған мынау кітап сол қырғын соғыс сұрапылында өзі бастан кешірген, өзін тебіренткен майдан өмірінің айбынды лирикасы секілді. Міне, біз Бауыржанның «Москва үшін шайқас» деген көлемді хикаясын оқып отырмыз. Тұла бойың тітіркенерлік соғыс әлеметі көз алдыңа жанды қалпында елес қағады. Неміс фашистерінің қанды тобырлары астанамыз Москваға құтырған аңдай атылған кездердегі біздің әскери күштеріміздің жауынгерлік әлпетін, майдан әрекетін, қатерлі қорғаныстағы ерлер айбатын сол сұрапылды өз басынан кешірген батыр жазушы аса нанымды, әсерлі суреттеген. Момышұлы бұл кітабында Москва түбіндегі бүкіл майдан жайын немесе тұтас дивизияның жауынгерлік жайттарын суреттеуді шарт етпеген. Сол қаһарлы жылда өзі бастаған бір батальонның майдан әрекетіне байланыстыра – соғыстың ауыр тынысын, совет адамдарының қайсар, қайтпас мінездерін, Отаншылдық бейнелерін әдемі де, әсерлі түрде суреттеп бере білген. Біз ер азаматымыздың Ұлы Отан соғысында әуелі батальонды, содан полкті, ақырында дивизияны басқарып, талай сұрапыл майдандарда ерлік істегенін жақсы білеміз. Оның өзі ұзақ хикая, дастан боларлықтай. Алайда, жазушы Бауыржан өзінің осы шығармасында алдымен өзіне майдандас болған ер жауынгерлер мен батыр командирлердің қаһармандық істерін сүйсіне суреттеген. Бауыржан өзінің бір өлеңінде:

Мен істеді дегенше, Мың істеді десеңші. Мың істеді дегенше, Ер істеді десеңші, Ер істеді дегенше, Ел істеді десеңші! – деп өзіне жауынгерлік мұрат етсе, сол сертін өз шығармасында да нысана, өнеге тұтқан. Біз әңгіме етіп отырған «Москва үшін шайқастың» алғашқы кітабында өзінің қан майданды бір кешкен аяулы командирлері мен серіктері, жауынгерлері Лысенко, Бозжанов, Рахимов, Борисов, Краев, Блоха, Болатов, Брудный, Грюмов, Исламқұлов, Танков, Кирсанов сынды ерлердің қиынқилы арпалыстарда, қатер үстінде көрсеткен жанкешті, қайсар әрекеттері жыр болады. Бауыржан суреттеген бұл командирлер мен жауынгерлер Отан қорғау үшін қандай да болсын қауіп-қатерден тайынбайтын, «Жаным – арым садағасы» деп патриоттық ар-намысты берік ұстайтын адамдарының бейнелері. Жазушы өз геройларының мінез-кейпін бетінше әсерлемей, өз қалпынша, өз қырынша адал, жақсы бейнеледі. Бұрын бейбіт заманда әрқилы іспен айналысқан кейбір қарапайым, өзінше мінезді әр алуан адамдар енді мынау жан түршігерлік соғыста мінез кейпінің ерекшелігіне қарамастан, зор ынтымаққа, қажырлы қайсарлыққа ие болып, қалай шыныққандығын, кітаптағы майдан оқиғаларынан сүйсіне түсінеміз. Дұшпан ажал аузын ашып сені, бүкіл еліңді жұтамын деп тұрған қиямет шақта темірдей қатаң тәртіп, құдіретті айбын да қажет. Соғыс өнерінің, әскери дәстүрдің сырсипатын бойына мол сіңірген командир Момышұлы сол қатерлі кезеңдерде өзі басқарған әскери бөлімді қатал соғыс заңына бағындыруды шарт етеді, мұның мұраты – жоғарыдан берілген бұйрықты бұлжытпай орындау, жаудан шегінген кезде, қайта тойтарыс беру, нысанаға алған шепті жаудан тартып алу.

Тәртібіне берік командир қарауындағы кіші командирлерге кейде өктем, кейде өкпелерліктей қырыс мінездер де білдіріп қалғандығын аңғартады, артынша бір әрекет соңынан солармен әзілдесіп, жылы ұшырап кеткендігіне сүйсіне таң қаламыз. Сол, қатаң мінез білдірдім-ай деген, жауынгері жайында майдан үстінде артынша елжірей толғанып, аяушылық сездіріп, күйзелгенін көреміз. Бұл жөнінде лейтенант Брудный жайындағы оқиғаны мысалға алсақ та жеткілікті. Бұл жайдың өзі әрі шын, әрі пейіл бере шебер суреттелген көрініс болғандықтан автордың өзіне сөз берейік: «Брудный қара торы, орта бойлы, мөлдір көзді, қыр мұрынды келген сымбатты жас жігіт. Бұл жолы көзі құр сүледей кіртиіп, ерні көгеріп, сағы сынған, жасыған. Олай болуының екі себебі бар. Біріншіден, күні бойы дамылсыз жорықпен өткен соғыс азабы кімді қажытпасын. Екіншіден, бұрын арсалаңдап әлі еркелегі басылмаған, бірақ та өте пысық, ширақ жас лейтенант бұдан бір жеті бұрын тосқауылда взводымен тұрып, жау бастырмалатып келе жатқанда рұқсатсыз позициясын тастап шегінгендіктен, мен оған қатты кейіп: «Сен сияқты ұшқалақтардың маған керегі жоқ, қайда барсаң онда бар», – деп орнынан алып, батальоннан қуып жіберген болатынмын. Осылай шұғыл әмір жасаған ашулы комбат екінші бір майдан әрекетінің үстінде райынан қайтып, лейтенант Брудныйды басқа бір бөлімшеге командир етіп жібереді. Кеше ғана өзіне қатал қаһар білдірген комбатынан әлгіндей жауапты тапсырма алған Брудныйды енді өзгеше күйде көреміз: «Брудный екі қолын сілтеп, адымын кере басып, ентелей жөнелді. Бір аздан кейін қадамы қысқарып, иығы қомдалып, басын шұғыл төмен қарағандай болды. Көзін қолымен сүрткендей көрінді маған ол. Мен оған жұдырығымды көрсетіп: – Не смей плакать! – деп зекірдім. – Есть не плакать! – деп жауап қатты да, маяға қарай

жүгіре жөнелді. Мен оның даусынан, жүгірісінен қуаныш сезімін байқағандай болдым. Оның соңынан қарағанда көзім жүгіріп бара жатқан лейтенант пен шөп маясы сағымдай бұлдырап кетті. Көзімнің жасын бір сығып алып, басқа взводтың позициясына қарай жүгіріп кеттім». Байқап отырсыздар ма, «Көзімнің жасын сығып алдым», - деп отыр қайсар комбат. Қандай психологиялық мән-сыр жатыр осы бір көріністе! Жоқ, командир – қаталдық үшін жаралмаған екен, бұл комбаттың жанында адамгершілік қасиет, адамға тән ізгі сезім құбылыс күшті екен, енді кеше қытымыр күй сездірген адамына соғыстың темір заңын ұмытып, бауырмал Бауыржан елжірей қалды. Тағы да сол Брудный тағдырына оралайықшы, мынадай шынайы аянышты халге қайтіп тебіренбессің! «Оң жақтан қиян-кескі атыс болып жатқанда біреу жүгіріп келеді. Осынша аласұрып ұшып келе жатқан кім екен деп тұрмын. Жақындай бергенде мен сырт пішінінен Брудныйды таныдым. Ол дауыссыз маған қарай жүгіріп келе жатыр... Маған жете бергенде мұрттай ұшып құлады да, етпетінен жатқан орнынан қозғалмады. Мен еңбектеп қасына бардым: – Брудный! Онда үн жоқ, тыныс та жоқ, мен аударып шалқасынан жатқыздым. – Брудный! Үн де жоқ, тыныс та жоқ. Тек қара торы, үлпершектей жас жүзінде бусанған тер дымқылы жылтырайды... – Брудный! Брудный, жауап қатшы, бауырым! Жауап қатшы! Сен неге оқ астына жүгірдің? Маған не айтпақ едің? Ә, бауырым! Жаңа ғана айналасындағы арпалысқа бүркітше көзі шатынап ақырып тұрған айбатты командирді осынша елжіреткен күйректік дермісің? Жоқ, адамгершілік сезім, адам тағдыры. «Соғыс – өлім ұясы. Соғыс – соқыр

және мылқау. Ата қайғысын, ана зарын ол естімейді, зарлап айта білмейді!». Лейтенант Брудный ажалын аза тұтқан Бауыржан осылайша күңіренеді. Міне, майдан лирикасы осылай болмақ. Үрдіс мінезі бар командирді майдан үстіндегі өзгеше өнеге, әділдікке әм турашылдыққа, соғыс тәртібін берік сақтау тәліміне, батылдыққа және тапқырлыққа үйретуші атақты генерал Панфилов екенін автор кітабының ұзын бойына ыстық сыр етіп отырады. Соғыс заңына лайық қаталдықпен қоса жауынгерлерге деген мейрімділік білдіру, әділ, турашыл шешімдер айту секілді жақсы әдеттер де осы ізгі, айбынды генералдың дәстүрі болып суреттелген. Даңқты сегізінші гвардиялық дивизияның қолбасшысы болған генерал Панфиловтың ерлік атағы да, есімі де күллі Отанымызға, оның ішінде біздің қазақ халқына ерекше сүйікті еді. Москваның неміс басқыншылары айдаһардай аузын ашып жан-жақтан шырмаған шақта, қарулы қолдарымыздың ішінде жауға айрықша тойтарыс бергеннің бірі, Панфилов басқарған дивизия екені де мәлім. Генерал Панфилов басқарған әскери қолға жау шабуылының аса бір түйінді беті Волоколамск атырабында берік бекініс жасау, жауға сол шептен тойтарыс беру тапсырылады. Момышұлының «Москва үшін шайқас» кітабынан осы дивизияның басындағы ауыр халдерді айқын сезінеміз. Бірақ жазушы бүкіл дивизияның әл-әрекетін түгелдей суреттемейді, өзі басқарған батальонның жанталас жағдайлардағы арпалысы арқылы және қалың қолдың осы бір шағын бөлігіне ерекше назармен қолбасшылық еткен генерал Панфиловтың шешімі, толғамы, әбігер өмірі арқылы сол бір тұстағы майдан сипатын жеткізе әсерлі сипаттаған. «Мұздай темір құрсанған» жау алапат машиналардан от боратып Москваға ентелей түскенін көреміз. Сұрқия жау қақтыққанды қандап, жаншып келеді. Сондай

халдегі дивизияны басқарған генералдың әскери даналығы аса қажет. Автор өз шығармасында осы ой парасаты кең генералдың қорғаныс майданындағы тапқырлығы мен табандылығын елестететін бірнеше есте қаларлық көріністер береді. Мұндағы соғыс тактикасы жайын әскери білімпаздар айта жатар, ал осы совет генералының адамгершілігі мен білгірлігін бейнелеген Бауыржанның суреттеулері оқушының жадында қалмақ. Генерал Панфиловтың әмірін Отан парызындай берік орындауға серт еткен жауынгерлер мен командирлердің шегінуге хақысы жоқ. Бірнеше көріністерде батальон ерлерінің ажал төнген шақтарда да осы сертті берік сақтағанын автор жақсы бейнелеген. Мұхамедияров, Краев сынды командирлер Бауыржан кітабында сондай ерлікке, табандылыққа бастаушылар. Әсіресе саяси жетекші атақты Клочковтың ерлігі ерекше жыр. Қалың жау қамалап отпен шырмаса да, жан-жағын үрей басып алысса да коммунист Клочков шегінер емес. Ол темір тажалдарға – бір топ танктерге қарсы қасқая жүгіріп: «Россия ұлан байтақ, бірақ шегінуге жол жоқ, артымызда Москва!» деп қаһармандық ұран тастайды. Генерал Панфилов Бауыржанның батальонына қауіпті тапсырма жүктейді. Сол жорықта жүргенде Момышұлы жауынгерлерімен бірге жау қоршауына түседі де, бұрынғы шептен ауысып, өз бетінше ұрыс ашады, жау алқымға алған жанталас жағдайда Момышұлы өзінше шешім алып, қоршауды жанкештілікпен жарып шығады. Екінші бір тапсырмада – бұл батальонға неміс басқыншылары шырмаған алты қыстақтың бірін ғана басып алу жүктеледі. Бұл жолы батальон, жағдай әмірі бойынша, өзінше шешім алып, сол беттегі алты қыстақты бірдей басып алады. Басшылық бұйрығын бұлжытпай дәл орындауды өзіне парыз көрген қатаң тәртіпті командир осы бір өзінше кеткен әрекеттерді ағат бастым ба деп, мейлінше

күпінгендігін көреміз. Осындай бір жаза бастым ба деген кезеңде өзінің Панфиловпен кездескенін Бауыржан ұмытылмас сырдай ғып шертеді: «Сіз сияқты кез келген аға лейтенант дивизиядан бір-бір батальонды бет алды суырып алып кете берсе не болмақпыз? Сіз сияқты пайдасынан зияны мол батальон командирінің маған енді керегі жоқ». Соңғы бес күн, бес түн бойы мен осындай қатал да болса әділ үкімді естуге өзімді-өзім дайындап едім. Ал енді болса, генерал менің алдымнан шығып, рапорт айтуыма мұршамды келтірмей шапшаң басып қасыма келіп, қолымды қос қолдап қазақша алып, сәл қиғаштау қара көзімен маған тебірене, қуанышты жүзі жайдарылана қарап, көпке дейін қолымды қолынан босатпай тұрды...» Міне, осы секілді дәл мағыналы көріністер арқылы жазушы генерал Панфиловтың абзал қолбасшы екенін айқындап отырады, өз әрекетіндегі оқыс жайларға ұстаздық, әкелік пейіл білдірген генералды дәріптей паш етеді. Сондықтан да Бауыржанның генералдың мұндай келбеті өзімнің марқұм қарт әкемді есіме түсірді деп сол сәтте әке жайлы әңгіме шертіп кеткені де орынды және шебер келтірілген. Айта кетерлік бір жай, Бауыржан кітабында жауынгерлер мен командирлер жайында осындай қызықты шегіністер беріп отырады. Мұнысы жазушының жақсы бір тәсілі. Бұл кітапта көбімізге күңгірт қилы-қилы майдан сырлары да ашыла кетеді. Соғыстың алғашқы жылында болған өкінішті шындықтар – шегініс, құрал тапшылығы, әскер күштерінің шепке тез жеткізіле қоймауы сияқты қиын жайлар нанымды және күйіне суреттелген. Бірақ генерал Панфилов та, оның шәкірті болған Бауыржан сынды командирлер де тоз-тоз болып шегінуді арсыздық әдет, жан сауғалық тәсіл деп білген. Жазушы осындай сұрықсыздық жайға кітабында бірнеше бет арнап «Қашып шыққыштарды» өлтіре мазақ етеді. Бұл ретте генерал Панфиловқа

қоршаудағы өз бөлімін тастап қашып жүрген басқа бір дивизияның майоры ұшырайды. «Өз бөлімшемді өзім талқандап шықтым десеңші», – деп Панфилов сол майорды ызалы кейіспен мұқатады. Тап осындай, әскери тозғындап кеткен генерал Старковтай тағы да бір бригада командирінің мүшкіл халін жазушы ащы мысқылмен батыл ашады. Мұндағы логика – жаудан қашқан солдат – сорлы, әскерінен айрылған қолбасшы бейшара, бұралқы. Бауыржан паш еткен бұл жайттар соғыс заңынан туған зор мағыналы шындық. Майдан көріністері – қас қаққанша оқыс өзгеріп, шапшаң жаңарып тұратын айнымалы құбылыс. Адам мінезі де, табиғат көрінісі де лезде өзгеше бола қалуы – соғыс табиғаты, ұрыс-майдан әрекеті, тіпті осылардан да құбылғыш қым-қиғаш қиямет дүние. Осыларды көзі көрмей, сырттан біреуден сұрап алып соғыс тақырыбына жазатындар да бар. Бірақ мынау кітаптың авторы жазған соғыс сипаттары мүлде өзгеше – бұл өзі, сірә, жүрегіндегі фотоаппаратқа майдан құбылыстарын дәйім түсіріп ала берген болар. Бауыржан жазған ұрысмайдан суреттері – кино елестерінше жарқын, үрдіс көрініс береді. Бәрі де нанымды, әскери бұл суреттерді оқушылар кітаптан қаныға іздер. Тегінде, Бауыржан адам мінезін, адам пішінін суреттеуге шебер жазушы, іс-әрекетіне, икеміне қарай әрдайым геройларына мінездемесін, келбетсипатын келістіріп береді. Майдан арпалысының ауыр жағдайында кездескен Панфилов пішіні: «Жүзі тотыққан, әжімдері бұрынғыдан гөрі терең сызаттана түскен, қысқа, бурыл шашы қылтанақтай тікірейіп тұр. Мұрны мен иегі аздап сүйірленген. Бұрын мұқият түзеп жүретін су ағарындағы бармақтың тырнағындай төрт бұрышты қара мұрты бұрынғыдан да гөрі тікірейе өсіп кетіпті... Генерал маған осы жолы бірінші рет қартайып, қажығандай көрінді». Мынау, қару-жарағы аз, қолапайсыз бір лейтенант

пішіні: Бойы тапал, қас-кірпіктен ешбір белгі жоқ, аузы кере қарыс, салынған қалың ерінді, сойдақ күрек тісті, жылтылдаған кішкене шыны көзі, мақтадан сырып тіккен сатпақ-сатпақ телогрейкасын қаусыра белінен мықтап, жалпақ сары белдікпен буған сары жігіт қысыла төмен қарады...». Ал қайсар командир капитан Кирсановтың атыс үстіндегі ашуланған қалпын Бауыржан дәл және сұмдық пішінде түсіреді: «Өзі бұйра дудар шашын оң қолымен ұстап алыпты. Бір уыс шашын ет-терісімен қоса жұлып алатындай болып көрінді маған. Мынау адам мұндай сұрапыл ашу үстінде арыстанды да түтіп жіберер деп ойладым ішімнен». Қандай ғажап сурет! Осы айтылған жандар жаңағы болмыстарымен менің есімнен кетпейтіндей, көз алдымда елес қағады. Бауыржанның «Москва үшін шайқас» атты кітабында шығармалар да соғыс табиғатына, әскери өнерге, жауынгер тағдырына арнала толғанған жақсы келелі пікірлер, тебіреністер бар. Ерлікті патриотизмді ардақтайтын өнегелі парасатты ойлар бар. Соғыстың қаншама ауыр халдерін қинала суреттесе де қайсар оптимизм еседі бұл кітаптан. Осы кітаптағы естеліктер мен қысқа әңгімелерінде Бауыржан өзінің майдандас достары туралы ыстық сырлар шертеді. Генерал Панфилов, солдат Грицко, старшина Редин жайындағы әңгімелері әсем жазылған және оқушыны толқытарлық дүниелер. Осы әңгімелердің ішінде Советтер Одағының Батырлары Мәлік Ғабдуллин мен Төлеген Тоқтаров туралы да елеулі эпизодтар берілген. Жол-жөнекей айтарлық бір жай, елімізге ардақты болған бұл екі ер жайында командир, майдандас жазушы бұл кітаптағыдан гөрі толығырақ сыршыл жәйттерді әңгімелесе бұдан тартымдылау болар еді. Сондай-ақ жеке қазақ жауынгерлерінің өнегелі ерліктерінің суреттелуі де әлі қажет-ақ. Жауынгер жазушының тіл өрнегі де жатық,

бейнелеу, әсірелеу құралдары да епті, майдан әрекетіне адам мінез-құлқына лайық өтімді, әсерлі теңеулер, суреттер беруге машықталған. Тек кейде ғана байқаусыз айтылған «Менің начальник штабым», «Командир полкім» деген сияқты қазақ сөз құрамынан тыс тұрған тіркестер кездесетіні бар. Әрине, тіл ұстарту – бәрімізге ортақ парыз. Сөз болып отырған кітапта Бауыржан жазған бір алуан өлеңдер мен мақал-мәтелдер бар. Бауыржанның ақындық өнері де бізге қызғылықты. Мұнда жауынгер ақын кешегі Махамбетше толғанады. Бұл өлеңдерде ойлы, мағыналы толғаулар, жауынгер лирикасы бар. Тегі Бауыржан өлеңдері жеке талдауды қажет етеді. Парасаттан, терең барлаудан, әскери өмірден шыққан мақал-мәтелдері де мағыналы, өнегелі. «Арлы адам – ардақты, Ар – ардақтың анасы». «Қайратыңа әдісіңді жолдас ет, әдісіңе ақылыңды жолдас ет», «Әдіссіздік – әлсіздік», «Ептілік те – ерлік», «Елсіз ер болмайды», «Командир – аға, солдат – іні», «Үміт өрге тартады, үмітсіздік көрге тартады» деген секілді көптеген мақалмәтелдері халқымыздың дана нақылдарымен өзектес. «Москва үшін шайқас» – Бауыржан Момышұлының соғыстың алғашқы жылдарында өзі комбат болып жүрген шақта майдан әсерлерінен алып жазған келелі шығармасы, бұл шығармасы жауынгер жазушының әдебиетімізге қосқан ерекше үлесі болмақ. Бірінші кітаптың соңында, біз полковник Момышұлының дивизия командирі болып жорыққа шыққандығын аңғарып қаламыз. Әдебиетімізге әуелі батальонмен, содан кейін полкімен келген әскери жазушымыз, ендігі шақта дивизияға барабар шығармаларымен келер деп әбден сенеміз. Ал Ұлы Отан соғысында халқымыздың ерлік даңқына ұмытылмас үлес қосқан еліміздің еразаматы Бауыржан Момышұлының қазір әдебиет майданында да айбынды қайрат шеккенін біз, оны жазушы достары, шын қуаныш етеміз.

ЗІЛДІ ЖЫРМЕН БУЫРҚАНҒАН АҚЫН 1837 жылдың суық январь айында ызалы зіл оғындай, бір өлең патшалық астананы дүр сілкіндірді. Сол күн Россияның аса бір қаралы шағы еді. Бұл – орыс поэзиясының алтын шамшырағы Александр Сергеевич Пушкиннің қаза тапқан күні. Жұртшылыққа, әсіресе, жоғары қауым деп аталатын шонжарларға есімі әлі беймәлім жас Лермонтов өзінің «Ақынның ажалына» деген әйгілі өлеңін ұлы ұстазының мәйітінін жер қойнына енер алдында жазған еді. Жоқ, бұл Европада бұрын әуесқойлық салтқа айналған, құлпытастарға ғана шаң бүркейтін эпитафия әуені емес, немесе жаңа жыры да емес, бұл жыр Пушкин сынды аяулы кемеңгердің жауыздықтың құрбаны болғаны үшін қасірет, ызамен бұрқ еткен ашулы қарғыс даусы еді. Бұл өлең – тақта отырғандар мен сұмдықты жоқтаған сұрқылтайларды ғана түйреп қойған жоқ. «Ақынның ажалы; – Пушкиннің азатшы әуендеріне аңсары ауған сол тұстағы жас ойшылдардың зерделерін де дүбірлетіп өтті. Ол кезде жас, келешекте зор кемеңгер болған Герцен Лермонтовтың жанын Пушкинді өлтірген пистолет оғының дауысы тебірентіп кетті», – деп бағалап, бұл өлеңнің Лермонтовтың ақындық құдіретінің қайнар – бастауы екендігін ерекше бағалаған. Жас Лермонтовтың 1814 жылы октябрьде, Москвада туған «Ақынның ажалынан» бұрын да өлең жаза бастаған. Бұл нағашысы Е.А.Арсеньева он үш жастағы Михаилды (анасы Мария Михаиловна ақынның сәби кезінде опат болған, әкесі Юрий Петрович патша қызметінде болған). Москва университетінің ізгілік пансионына оқуға берген. Бала Лермонтов, сол 13-

14 жасында-ақ өзінің айтуынша өлеңді «шимайлай» бастаған. Алайда жас жыршының сондағы жазғандары әшейін «шимай» емес, поэзиялық та, әлеуметтік те мәні бар әжептәуір шығармалар еді. Балалық, шәкірттік шағында жазғандарының кейін Лермонтов мұраларынан айтарлықтай орын тепкен «Кавказ тұтқыны», «Черкестер» сынды поэмалар, П.Ф.Ивановаға арналған сыршыл өлеңдер мен «Ерекше мінезді адам» деген пьеса сияқтылар. Бұл оқу орнында екі жыл болғаннан кейін сол Москва университетінде оқыды. Университетте оқып жүргенде әлі жас ақын өзінен ой жағынан да, жас жағынан да ілгерірек Белинскийді, Герценді, Огаревті (бұлар сонда оқыған) көріп, кездесіп олардың ереуілді ой-пікірлерін естіп-білген еді. Сондықтан да Лермонтовтың балаң жырларының өзінде әлеуметтік теңсіздікке, қытымыр озбырлыққа қарсы сарындар әуелден сезіле бастады. Алайда, албырт ақынның бұл шығармалары, әсіресе «Кавказ тұтқыны», «Черкестері», Пушкин әсеріне берілу, еліктеу сияқты әуендер еді. Табиғатынан өр, емін-еркіндікті тәлім тұтқан албырт ақын университеттің кертартпа профессорларының дүмше қисындарына қыңыр келеді де бұл қауымнан безіп Петербургке жөнеледі. Онда жас Лермонтов гвардия подпрапорщиктер мектебіне түседі. Мұнда әскери өмірдің азабын екі жыл шеккен ақын дарқандық дүниесінің қасиетін бұрынғыдан да бетер сезіне түседі. Бұл тұста ол халықтардың еркіндік күресін сипаттайтын «Вадим» романын жасырын түрде жаза бастайды. Одан кейін Патша селосындағы лейбгусарлар полкында әскери қызметте жүрген шағында, Петербургтің шонжар қауымының жексұрын топас қылықтарын терең аңдап, ақын зердесіне түйеді. Бұл тарапта «Маскарад» драмасы, «Княгина Лиговская» повесі жазылады. Бұл жастық кезеңде романтикалық поэмасы «Қажы Абрек» те жазылған еді. Ал, әдеби ортаға аян бола бастаған осы айтылған

шығармалардан кейін «Ақынның ажалына» атты, сөздері найзағайдай жарқылдаған құдіретті өлең – жас Лермонтовтың атағын аспанға көтерумен бірге, өз заманына, билеуші топқа деген оның бүкіл ой-пікірін, ыза-кейпін айқындап берді. Мерт болды ақын, бықсық өсек, Ар пендесін кетті жығып. Кеудесінде оқ, шөлдетіп кек, Абзал басын иді сұлық... Ұсақ ғайбат қорлығына, Төзе алмады ақын жаны, Озбыр қауым зорлығына Көнбей жалғыз, шықты-дағы, Өлтірді оны! О, не керек, Жылау-сықтау, мақтау көкіп? Ақтайсыңдар құр міңгірлеп, Тағдыр үкімі қойды оқып! Оның еркін әз дарынын, Өздеріңсің еткен дертті Қызық көріп желпіп бәрін, Өршіттіңдер жанған өртті Ал енді не? Болыңдар мәз, Төзе алмады қайран сабаз. Ол жалт еткен шамдай сөнді Сән-салтанат гүлі семді... Бұл күңірену ғана емес, сонымен бірге мұнда ақынды ажалға душар еткен патша төңірегіндегі түрліше сұрқылтайларға, залым сілімтіктерге нәлет-қарғыс айту, сол сүмелектерді «тәңір сотына» шақыру, халық атынан айыптау тебіренісі еді. Адуынды, албырт жас ақын ұлы Пушкинді өлтіруге дем беруші патша жалдаптарын осылай әшкерелеп «Азаттық пен даналықты» тұншықтырғандарға «сендер өздеріңнің қап-қара қандарыңмен ақынның

қасиет қанын жуып-шая алмайсыңдар!» – деп зілдене тебіренеді. «Ақынның ажалы» – жас Лермонтовтың ең алғаш шын мәнісіндегі ақындық дарынын, саяси-әлеуметтік бағытын меңзеген ең бірінші шығармасы болды. Осы өлең арқылы жас ақын «Бәрін көргіштердің» сұқ көзіне ілініп, Бәрін естігіштердің» сақ құлағына шалынады. Ақынның ізін бағу, сөзін аңду да, қуғын-сүргін де «Ақынның ажалынан» басталды. Патша ағзам, оның күншіл сұрқылтайлары жас ақынды қауіпті көріп, оны тығырыққа қарай тықсырды. Патша үкімі бойынша Лермонтов ресми түрде Кавказға әскери қызметке жіберілді, ал анығында, пікірі жат ақынды жер аударған еді. Тумысынан Лермонтовтың халі аянышты болды. Нәресте Михаил үш жасында анасынан айрылып ана қасіретін бір шексе, соған қоса, әке мейірімінен де біржола ада болып, жетімдікке душар болды. Арсеньева заң жүзінен жиені Михаилды әкесінен біржола айырып алып, бауырына басады. Адуынды және дворяндық тәрбиесі бар қатал бәйбіше, кішкентай жиеніне өте мейірімді болыпты. Тұрмыстан жетімдік көрмесе де, ұлы ақын бала шағынан рухани жетімдік көріп өсті. Әке-шеше мейіріміне бөленбегендіктен бе, сірә, сәби шағынан ол «жетім қозы тас бауыр» дегендей елпілдек емес, тұйық болып өсіпті. Университетте де, әскери қызметте де жүргенде көптеген ақсүйек ұрпақтарындай жылтырай жарқырамай, бетінше лепірмей, өзін томағатұйық, тәкаппар ұстаған. Сол тұста, университетте өзімен бір шақта оқыған Герцен және Белинскиймен достасып-сырласып кетпеуі де не тұйықтықтың, не тәкаппарлықтың салдары болса керек... Бірақ ұлы дарынның «іштей» тәкаппарлығы өз қоғамының сұмдық қылықтарынан жеркене келе, бірте-бірте дәуірдің бүкіл болмысына қарсы қыр көрсетуге, бітпес қыңырлыққа айналды. Жас Лермонтовтың өзінің шыққан тегі жайындағы

күдік ойлары жанын көбірек мазалағанға ұқсайды. Сонымен бірге, орыстың бұл ақыны, Россияны «өзгеше жанымен» сүйген шексіз патриот, кейде өзінің арғы атасының Шотландиядан екенін ескеріп, түсініксіз түрде жырларында мұңайып та қояды. Орыстың бірінші ұлы ақыны А.С.Пушкин, нағашы жағынан арғы атасының кім екенін меңзеп: «Негрдің қияпатсыз ұрпағымын» деп әзіл айтса, орыстың екінші ұлы ақыны арғы ата-бабасын көксеп: Күнбатысқа, күнбатысқа кетер ем, Атамекен көгалына жетер ем. Қонар ем көк мұнар тау басына, Бабаларым бейітінің қасына Арфа шегін шерткенімді бір-бірлеп, Шотландия күмбездері күмбірлеп, Бір күңгірлеп кетер еді-ау жағалап,– (С.Жиенбаев аудармасы.) деп құпия бір сырлы күйінішін сездіргендей болады. Бірақ, туған Россиясын қимайды, оған жаны ашып, ызамен тебіренеді. Кавказға жер аударғанда: Қош Россия, сорынан арылмаған, Қош құл жұрт, төрелер өктемдеген, – деп патшалық, крепостнойлық Россияға лағынат айтады. Мұң мен қасірет, ыза мен кек ақынның өз жүрегінен, өз басынан творчествосына ауады. Балаң жырларынан бастап, кемеліне жеткен даңқты мұраларына дейін – Лермонтов әуендері қасіретке, ыза мен кекке толы. Ол алғашқы өлеңдерінің бірінде:

Ақын ба, сол қасіретсіз тербелген, Мұхит па сол бұрқанбаған дауылсыз? – деп ақындық – ащы тебіреністі шарт етіп қойды. Лермонтовтың қасіреті, өр кеуде қыңырлығы өзі жасаған қоғам қасіретінен, зорлыққа, озбырлыққа, әділетсіздікке қарсы саяси қыңырлықтан туғаны шексіз. Лермонтовтың жас лирикасында декабристік күрестен, қауіптен тайынбайтын өр жандар бейнесі елес беріп отырады. Рас, Лермонтовтың алғашқы туындыларында Байрон романтизмінің әсері сезілетінін зертеушілер бекерге шығармайды. Тұтас қоғамның қилы қырына, абсолюттік деспотизмге – озбыр жеке билікке қилап, қыңыр әуен бұрқана келе, Лермонтовты деспотизмге қарсы апарды. Ақын «1831 жылы, 11 июнь» деген өлеңінде: Өрен ой қуатымен кей сағатта, Бойладым бір ғасырға басқа жаққа, Ұмыттым бұл фәниді, басқан жерді, Жыладым арман дерті батқан шақта. Бірақ ол қиялымның армандары, Сырларға ұқсамайтын жалғандағы. Ойладым ғайбат, бәле, күллісіне Жоқ! Көк пен тамұқ сыры болған бәрі! – деп тебіренеді. Он жеті жастағы Лермонтов Демонның өр мінезіне беріліп, қапас дүниеден безініп, дарқан әлемге еркін шарықтауды арман бейнесіне айналдырады. Алайда Лермонтовтың кереметті туындылары қоғам өмірінен, өз дәуірінен алшақ, буалдыр дүниелікте ұшқындаған қияли елестер емес, – ұлы ақын жас шағынан-ақ өз заманының халыққа қасірет болған ауыр зілдерін, дәуір дертін шертіп тебіреніспен күңіренеді, Россия тарихының әсіресе, оның өткендегі өресі биік армандарын жырлап, азаттық арманын

толғайды. Жиырма төрт-жиырма бес жастағы кезінде өзінің ұшқыр дарынын ерекше танытарлық «Тамбов казначейкасы», «Патша Иван Васильевич туралы жыр» атты әйгілі поэмаларын жазып, Петербург журналдарында жариялайды. Бір өкініші, бұл шығармалар, шонжар топқа «бүлікшіл» көрінген ақынның есімі қойылмай, авторсыз басылып шығады. «Жоғарғы қауым» әйтсе де Пушкиннен кейін дабысы көкке көтерілген бұл ақынды өздерінше «қызық» көріп таңырқаған секілді. Әскери айдаудан оралған шағында (1838) «Петербург абзалдары» ақынды ынтыға қоршап, онымен тілдесуге іңкәр болады. «Мені – деп жазады ақын бір хатында, – ай болып баршасы аялай бақты, тіпті әбден зықымды кетірді. Өзім өлеңімде масқаралаған осынау қауым мені мадақпен рахаттана қоршады». Бұл тұста Лермонтовтың дарындық құдіретінің аса биік белестері – «Ой», «Ақын», «Үш пальма», «Қанжар», «Терек» сықылды терең ойлы, сұлу сипатты өлеңдерімен бірге ғажайып «Демон» поэмасы және «Біздің заманның геройы» повесінің бастапқы тараулары жазылған. Бұл кезеңде Лермонтов орыстың бірқатар озық ойлы әлеумет қайраткерлерімен, солардың қатарында атақты сыншы В.Г.Белинскиймен де танысып, пікірлеседі. Жас дарынның жаңа туындыларын оқыған Белинский: «Русьта жаңа, құдіретті дарын пайда болды, ол Лермонтов... Пушкин мұрагерсіз өлмеген екен...» деген екен. Жоғарыда аталған туындылар, азаматтық, философиялық түйіндері арқылы

Лермонтов творчествосының негізгі бағытын әбден айқындаған еді. Оның өзекті сырлары – еркіндікті аңсау, өз ортасына шүбәмен (скептицизм) күйзеле күрсінуден туған еді. Қарасаң қайғыртар жұрт бұл заманғы, Салқын қуыс – өмірі. Я қараңғы. Білім де жоқ, білімге сенім де жоқ

Өнерсіз қартаяр деп біл балаңды, Жамандық пен жақсылыққа қарар салқын, Долылығы тез басылып қайтар қарқын – Ұлылыққа қошеметшіл құл сықылды, Қатерге аяқ баспас көрмей артын. («Ой», ауд. Абай.) Айналасына, шонжар топқа қайсар қыңырлық білдіріп: Менің сырым, жігіттер емес оңай, Ешкімнің ортағы жоқ жүрсің былай Нені сүйдім, дүниеде неден күйдім, Қазысы оның ары мен бірақ құдай Надандар былшылдайды, құп алмайды Үлкен жанның қиялын ұға алмайды Теңізден таудай толқын соқса-дағы, Жағадағы жартасты жыға алмайды. (Абай аудармасы). Тегінде, біздің жырларымызда жасықтық болса – сондай өршілдіктің, менмендіктің жоқтығынан шығар. Тегінде, Лермонтов тек қасіреттік түңілудің немесе дара менмендіктің, бұлдыр қиялдың жыршысы емес. Ол ездік пен топастыққа қарсы, жауыздық пен озбырлыққа қарсы өзінің өр қиялын бір топ өлеңдерінде, Кавказдық романтикалық поэмаларында, «Біздің заманның геройының» ұзын-ырғасында әр пішінде бейнелеген. Лермонтов – азаматтық, халықтық лириканың керемет өнегесі. Ақын парызын Лермонтов өзінің «Ақын», «Пайғамбар» деген өлеңдерінде айқын меңзеген: Сөзіңнің құдіретті, үні желді, – Майданға қайрап еді жауынгерді Шарапат қажет еді даусын жұртқа Дұғадай, рухындай боп, жұртқа жырын.

Дәуірінің өз тумасы, адуынды ақын отанына сүйінішпен қатар күйініш те сездіре, туған атамекен елді, өзгеше сезіммен сүйетін ақын «Отан» деген әйгілі өлеңінде орыс жерінің ерекше сұлу табиғатын, шулы өзені мен нулы ормандарын аса ынтызарлықпен, сүйінішпен жыр етеді. Кавказдың айбынды шың-құздары, асау Теректің долданып, буырқанып аққаны, қанжарлары түнде нажағайдай жарқылдаған жаужүрек өр ұлдары, періштедей күлімдеген, сиқырлы сұлулары өршілдік пен сұлулықты пір тұтқан сері ақынға – өз арманы, өз қиялы сияқты барша ғаламатымен көз алдына елес қағып, буырқанған романтикасымен аспанға шарықтады. 1984 жылы, Лермонтовтың туғанына 150 жыл толуына арналған мереке күндерінде Пенза қаласындағы салтанатты мәжілісте (бұған мен де қатысқан едім) қазіргі Кавказдың атақты ақыны, менің досым Қайсын Күлиев: «Кавказ жырларынсыз Лермонтовты айту қиын, Лермонтовсыз – «Кавказды түсіну қиын», – деп мақтана сөйледі. Сәл асыра соқса да, бұл сөзде шындық та бар. Лермонтовты Кавказ жыршысы деп атайды. Расында да, егер асыл поэзия іздесек – Лермонтовтың Кавказда туған туындылары соның айғағы. Ұлы ақын, әдебиеттегі кейбір қаңғыбастар секілді құр экзотика, мәнсіз романтика іздеп, Кавказды бетінше дәріптеген жоқ. Өзінің асқақ ойына асқақ тау мен асқар жанды адамдар, Кавказ халықтарының ғажап хикаялары пара-пар келді. Өзге, бұратана ұлттардың азаттық күресін қастерлеп «Измайыл бейді» жазды. Кавказда ол жергілікті ұлттардың өткеніне зер салып, «Ашық Кериб» дастанын жазып алады. Отаршыл әскердің кіші офицері Лермонтов мұнда әзербайжан, түрік тілдерін үйренуге талаптанып, сол жұрттардың тарихын білуге ден қояды. Бірақ патша өкіметі ақынды аңдуын қоймады. Сондай дүрбелеңге

түскен ақынды, қаруласы Мартынов ерегесіп жекпежек атысқа шақырды да, 1841 жылы 13 июльде Машук тауының бөктерінде атып өлтірді. Бұл сұмдық халге күйінген кемеңгер Белинский: «Сорлы орыс әдебиетін мынау жаңа ауыр қаза тағы да жетім қалдырды» – деп күңіренді. Кавказда жүрген әуре-сарсаң шағында дана ақын «Кавказға», «Теректің сыйы», «Қанжар», «Тамара», «Желкен», «Қош, Россия» сынды көптеген атақты өлеңдерімен бірге, «Корсар», «Измайыл бей», «Бастұнжы ауылы», «Қажы Абрек» сияқты әйгілі поэмалар жазды. Ал, Кавказда жүріп жазған романтикалық поэмаларының қатарынан «Мцыри» мен «Демон» атты екі поэмасында христиан монастырына еріксіз қапасқа қамалған тау перзентінің құдайға, зұлымдыққа деген нәлет қарғыс-ызасы шертіліп бас бостандығының зары саз береді. Ал «Демон» поэмасындағы ібіліс яки Демон бейнесі – әлемді жаратушы әрі шексіз билеуші, дүниеге әділетсіздікті тудырушы, бүкіл зорлық-зомбылықтың бейнесі – әлемді жаратушы әрі шексіз билеуші, дүниеге әділетсіздікті тудырушы, бүкіл зорлық-зомбылықтың бейнесі бір Алланың өзіне қарсылық, наразылық толғанады. Бұл романтикалық дастанда философиялық терең астар, сыр жатыр. Белинский, «мұнда адам баласының азаттық правосын жалынды сезіммен қорғау бар» деп бағалады. Кейін, А.Блок: «Демон» – Лермонтов жасаған туындылардың ішіндегі ең құдіреттісі де, жұмбақ сырласы да», – деп дәл меңзеген. Расында да өз мінезіне дарқандықты, менмендікті асыл сипат көрген өр ақын аула қуғыны Демонға да мынадай тәкаппар пішін және құдай жаратқанның (болмыстың) бәріне де өш, сұрапыл сұсты мінез береді, Демон Тамараны арбағанда өзіне мынадай сөздермен сұстанады:

Мен бе – мен жым-жырт қана жарым түнде, Сол жанмын, – құлақ тосқан сен үніме, Сырымды білдің ұқтың сол бейбақты Ойлары сыбыр қақты жүрегіме. Үмітті жоюшыдан көзді қадап, Кесірмін, ешкім сүймес мені қалап. Жердегі құл-құтанға көк жасынмын Білудің дарқандықтың патшасының. Міне, бұл тұлға – «дархандықтың патшасы, тәңірдің (шексіз билеушінің) дұшпаны, табиғаттың кең құшағы оған салқын тартқан ерекше, ереуілді тұлға. Ол – жердегі «құлдық сүрген бейшара пенделерге қас», өйткені олар: Олардың сөзі, көзі, жаны ләзім, Соларды түсінбедім, көңілім қалды. Сондықтан, сондай залымдарға бүлікшіл рух – көк жасындай шатырлағысы келеді. Бұл суреттерден Лермонтовтың кімдерді бейнелеп отырғанын аңғару қиын емес. Жердегі сұмдықты жою үшін Демондай төтенше бір сұрапыл күш керек деп, – меңзейді ереуілшіл ақын. Ұлы ақынның жырлары азаттықты аңсаған нөсерлік дүбірімен орыс халқының және де Россиядағы барша халықтың ой-санасына әсер етті. ІІ Лермонтов поэзиясының алуан халықтың жыр мәдениетіне еткен әсері шексіз. Лермонтовтың өршіл роматикасы Байрон, Пушкин дәстүрінен кейін поэзияға ерекше айбар беретін асқар құздай болып көрінді, өлең дүниесінде тек поэзиялық әсем қасиетімен ғана емес, Лермонтов өзінің ұшқыр ой-қиялымен, заман және адам туралы терең тебіренісімен өзінен кейінгі атақты

ақындарға ересен ықпалын тигізді. Бұл тарапта, шығыста әсіресе мұсылман әлемінде Лермонтовтың асыл мұрасын терең таныған, ақындығына беріле ден қойған, орыстың дана ақыны өзіне ұстаз тұтқан кемеңгерлердің бірі, біздің ұлы Абай болды. Абай Лермонтов туындыларын Пушкинмен қатар қойып, сүйіп оқып қана қойған жоқ, ұлы ақынның көптеген өлеңдерін өзінің ана тіліне аударуды ғана жай ойлап, бұлдыр болашағынан саңлау іздеп ой-санасымен арпалысқан Абай орыстың бұл дана ақынынан халқына да, өзіне де ұстаздық медет іздеді, өз арманына, өз қасіретіне рухани серік, дос тапқысы келді. Тапты да... Абай Пушкиннен де, Крыловтан да бірқатар шығармаларды өз тіліне шебер аударды, олардан да өзінше тағылым алып, олардың ғанибет сөздерін халқына өнеге етіп тартты. Абай, неліктен Лермонтовқа соншама ден қойды екен? Зерттеушілер бұл мәселеге зер салмай келеді. Абайдың ақындық толғамдарын саралап қарасақ, - идеялық мазмұн, және лирикалық тебіреніс тарапынан үш-төрт сарынға жіктелер еді. Меніңше, бірінші бағытта халықтың тағдыры, заман әлпеті өзекті орын алса, екінші тарапта халықтың мінез-құлқын түзеу, дидактика, замандастық ой, тоғышарлықты мінеу (сатира) әуені жатады. Содан кейін, осы бағыттағы өнеге-өсиет жырлары шындықтан жаңғырық таппағандықтан, өз заманынан, өз ортасынан түңілу, тарығу, қасірет шегу саздары өзінше бір арна боп толқыды. Сахара бозбаласының лирикасы, ғашықтық, махаббат әуендері де Абай жырларында бір сала. Ал, Абай поэзиясындағы тебіренісі басым әуендер – өз ортасынан, топас қауымнан түңілу, замандастарының әсіресе, тұсындағы жас толқынның надандығын, білімсіздігін көріп торығу, жалғыздық жапа шегу әуендері еді. Абай жырларындағы бұл наразылық

сарындардың Лермонтов әуендеріне үндес келіп тұрғандығы шәксіз. Абай Лермонтовтың өзі аударғандарынан өзге келелі шығармаларын неге аудармады екен? Лермонтов шығармаларындағы өзекті сарын – бас бостандығы болса, Абай жырларында, тіпті, аудармаларында мұндай ереуілді әуендер кездеспейді. («Жартастан қыз құлапты терең суға» дегені болмаса). Бұл да мүмкін, себепті шығар. Абай заманында, қазақ қоғамында, жеке бастың бостандығы айрықша орын аларлық күйде болған жоқ. Құлдық, крепостнойлық секілді сұмдықтарды Абай көрмесе керек. Оның үстіне, Абай Лермонтовтай өз басына еркіндік таппай, патша ұлықтары тарапынан қысылуға, қуғын-сүргінге ұшыраған жоқ. Сондықтан мұндай сарын Абайды тебірентпеген. Абай Лермонтовтан өз жүрегімен тамырлас сарындарды аударып, сондай ащы лебіздерді өз аузынан күрсіне шығарған. Жарлы емеспін, зарлымын, Онда ойла толғанып. Жұртым деуге арлымын Өзге жұрттан ұялып...– деп «Отанымды сүйемін мен өзгеше» немесе «Қош бол, кірлі Россия» деген Лермонтов сарынымен сабақтас күңіренеді. Ал, тұсындағы сорлы «жұртқа», әумесер жас қауымды дәл Лермонтовша мінеп, түйрейді: Жасөспірім заманда қапа қылды, Сабыр, ар жоқ, аяу жоқ, ілді, жұлды. Тұрлау қылып ешнәрсе басқара алмай, Сенім жоқ, серменде өңкей жынды. Жамандық жақсылық пен – оған бір бәс, Дін ісін, құдай айыра алмас.

Арын сатып, ант ұрып іздегені, – Бір семіз ат, аяғы бір табақ ас. Пікірі Лермонтовша болғанмен, қазақшылық иісі де аяқ жағынан сезіліп тұр. Айналасындағы топас қауымға ыза болған Лермонтовтан: Надандар былшылдайды, құп алмайды, Үлкен жанның қиялын ұға алмайды Теңіздей таудай толқын соқса-дағы, Жағадағы жартасты жыға алмайды, – деп аударады да Абай бір өлеңінде надандарға өзінше сұс көрсетеді. Менсінбеуші ем наданды Ақылсыз деп қор тұтып. Түзетпек едім заманды, Өзімді тым-ақ зор тұтып. Жаны ер, қайсар Лермонтов топас, пасық ортадан түңіле келе бүкіл өмірге де, тірлігіне де күйініш білдіреді: Дүниеден үмітім жоқ менің деймін, Өмірге өткен биттей өкінбеймін. Немесе: Қапамын, мен қапамын, Қуаныш жоқ көңілімде. Қайғырамын, жатамын, Нені іздеймін өмірде? Яки бір ғапыл қалды ма, – деп күрсінсе, Абай:

Жүрегім менің қырық жамау, Қиянатшыл дүниеден, Қайтып қана қалсын сау, Қайтқан соң көңіл әр неден...– деп Лермонтовша «жалықтым, жабықтымның» кебіне түседі. Дүниедегі қызықтың бүгін бәрі, Саған салқын тартқандай, сен бір кәрі. Болсам деген талапты ұмытқан соң, Құр кеудеге өмірдің несі дәрі? – деп Лермонтов заман, орта зардабынан ертерек қажығандықты сездірсе Абай: Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек, Ашудың-ашыған у, ойың кермек Мұңдасарға адам жоқ сөзді ұғарлық, Кім көңілді көтеріп болады ермек? – деп келеді де: Ішім толған у мен өрт, сыртың дүрдей, Мен келмеске кетермін түк өндірмей... деп торыға бетіреніп, бейуақта туған шерлі Абай: Өлген мола, туғанда жер жібермейді, Әйтпесе тұрмас едім осы маңда...– деп арман шегеді, сөйтіп «Жапырағы қуарған ескі үмітпен» қартайған Абай, ұстазы Лермонтовша терең қасіретке шомады, жалғызсырап күңіренеді, заманға, болмысқа шүбәлі ой тастап скептицизмге түседі. Абай аударған өлеңдерде және өзі жазған бір сала жырларда

Лермонтовтың қасіретті тебіренісі, наразылық скептицизмі, торығу сарынның бәрі бар, Абайда тек Лермонтовтың жеке билікке – құдайға да, озбырлыққа да қас демонизмі, «күні-түні дауыл тілейтін», асқақ қайсар жандарды бейнелейтін өршіл романтизмі жоқ. Сондықтан Абай Лермонтовтың «Демон» сияқты асқақ романтикалық поэмасын түгелдей аударудан бас тартқан. Сірә, бұған негізгі себептердің бірі – Абай өз айналасының, мұсылман дініндегі жұрттың әзәзілді, шайтанды (демонды) ерекше бір дәріптерліктей «әулие» тұлға деп қабылдамайтынын есептесе керек, Аллаға қас, адамды азғырушы, жұмақтан қуылып шыққан Ібілісті мадақтау, Абай тәліміне қона қоймағанға ұқсайды. Қараңыз, Абай бастапқыда Лермонтов «Алланың қуған жаны» деп аяныш білдіре дәл аударып келе жатады да, төрт-бес шумақтан кейін өзінше басады: Құдайым «Шайтансың» деп лағынат етті, Лағынатпен де қор бола қалман депті, Алладан қарғыс алған кеудесінен Сүю мен сол сағатта сенім кетті. Алаң-жұлаң етіпті, тентірепті, Алласыз дос таппады, сыр таппады, Неше мың жыл кезсе де төңіректі. Сүйтсе де жамандыққа бір тоймаған Ант ұрғандық қылығын еш қоймаған Баяғы алдау, ескірген кәрі иттікпен, Не қылдым, не бітірдім деп ойлаған... Бұл арада Абай құран әуеніне түсіп кеткен. Өткен ғасырда және де революция алдында да, Абайдан басқа да Лермонтов шығармаларын қазақ тіліне аударғандар болса керек. Солардың қатарынан менің білетінім – белгілі ақын Шәңгерей Бөкеев аударған Лермонтовтың «Қашқын» атты шағын поэмасы.

Ал, Лермонтовтың асыл туындыларын Абайдан беріде, ден қоя және де көбірек аударған, бұрын, тіпті кейінгі қырқыншы жылдарға дейін қазақта ешбір ақын болған емес. Ұлы дарын иесі, өзі де кемеңгер Абай, Лермонтовтың көркемдік қасиеті күшті шығармаларының мән-мағынасын терең барлап, сапа сипаттарын көбінесе сақтай аударған. Асау Терек долданып, буырқанып, Тауды бұзып жол салған, тасты жарып. Арыстанның жалындай бұйра толқын, Айдаһардай бүктеліп, жүз толғанып. «Дары Терека» деген Лермонтов өлеңінің бастамасында «арыстанның жалындай», «айдаһардай бүктеліп» деген сипаттар жоқ, өзі Терек өзенін өмірі көрмес де Абай Лермонтовтың «Терек и злобен» деген сөздерін өзінше интерпретация жасап, толқынын арыстанға, айдаһарға теңеп жіберген. Дәл өзінікіндей болмас да, әгәрки, Лермонтов Абай әсерлеген осы жолдарды оқыса, «бұл менің әуенім», – деп соңына қол қояр еді. Сондай-ақ Лермонтовтың бірқатар өлеңдерін Абай, өзінше еркіндікпен, өзіндік ақындық електен өткізіп аударған. Әдетте біздің қазіргі білгіштеріміз «Абай тастап кеткен, дәл жеткізе алмаған» дегенді айтып Абай аудармасына мін тақпақ болады. Солай да шығар. Бірақ Абай, Лермонтов және де Пушкин туындыларын кейде жолма-жол дәл немесе түгелдемей, шағындап аударғанда сол шумақтарға шамасы жетпегендіктен емес, біріншіден, өзінің ой сарайына қонымды сипаттарды талғап аударған, екіншіден, өз айналасындағы оқушы тыңдаушы ортаның ұғымына қонымды сұрақтарды іздеген. Аударса ұзын-ырғасын, өзінше еркін аударды, немесе шығыс ақындарының дәстүрінше өзінен бұрынғы ақынның тақырыбын, мәнмағынасын алып, сол ретінде өзінше қайта толғайды.

Абайдың аудармаларында осы тәжірибе барға ұқсайды. Соған қоса, поэзиядағы ұлттық ұғымдар, сурет бейнелер де аудармаға әсерін тигізіп те қалады әйтпесе, орыс қызы Татьяна: Қаймақ еді көңілімде, Бізге қаспақ болды жем, – деп

қойшы қыздың тамағына тамсанар ма? Лермонтовтан аударған өлеңдерінде де Абай авторының ұғымында жоқ ерсі қазақы жәйттерді қыстырып жіберді. Мысалы «Ой» деген өлеңнің рухын мазмұны жағынан ұзын-ырғасын, дұрыс беріп келеді де, ақырғы шумағын Абай: Досың жоқ, дұшпаның жоқ тыныш жатасың, Мал үшін аш қатасың, жан сатасың Әкесі аштан өлген кісідей-ақ, Неткен жұрт мал өлтірген жеті атасын, – деп, өзінше қазақшалап кетеді. Лермонтов бұл жолдарда әкелерінің әуре-сарсаң істеріне алданып, мазақ болған әумесер ұлдарды мінеп отырса, жарықтық Абайдың көзіне тап осы тұста «мал үшін аштан қататын, сараң Оразбайлар» елестеп кеткен болу керек, әйтпесе, сыңар ешкісі де жоқ Лермонтов «мал шаруашылығымен» соншама шұғылданбаса керек. Ал, Абай аудармасында Лермонтов, өлеңдерінің терең ойын, әсем көркін жеткізе өнер салыстырған өнегелі жайлар көп кездеседі. Байқап қараңыздар, салыстырыңыздар: Шаң шығармас жол-дағы, Сілкіне алмас жапырақ,

Тыншығарсың сен-дағы, Сабыр қылсаң азырақ. (Гетеден) Күлімсіреп аспан тұр, Жерге ойлантып әр нені, Бір себепсіз қайғы құр, Баса ма екен пендені. (Күлімсіреп аспан тұр). Жалғыз жалау жалтылдап, Тұманды теңіз өрінде. Жат жерде жүр не таңдап? Несі бар туған жерінде? («Жалау».) Осы тәрізді бірнеше аудармаларында Абай мағыналық, көркемдік, дәлдікті мүмкіндігінше сақтап бақса, «Қанжар», «Тұтқын», «Теректің сыйы», «Ой», «Альбомға», «Асау тойы», «Ауру жүрек ақырын соғады жәй» сияқты бір топ лирикалық жырларын қазақшалауда өз дарынын ерекше сездіріп, еркін де көркем дәрежеде, нағыз поэзия қасиетін таныта аударған. Абайдың бұл аудармалары қазақ поэзиясына мән, көрік тарапынан поэзияның классикалық өскелең мәдениетін, Байрон, Гете, Пушкин, Лермонтовтың ақындық дәстүрін енгізіп, өлең-жыр дүниеміздің өрлеуіне, бәріміздің өлең өнерімізге, зор ізгі ықпалын тигізді. Лермонтов туындыларын ана тіліне аудару ісіне қазақ совет ақындары отызыншы-қырқыншы жылдарда шұғыл кіріскен еді. Өкінерлік бір жайт – Сәкен, Сәбит, Бейімбет, Асқар сынды аға ақындарымыз орыс және шетел классиктерін өз тіліне аударуға оншама мән бермеген сияқты. Ал, ізгі ақындық жұмысқа шабытпен ертерек қатысқан бізде тек Ілияс Жансүгіров, Тайыр

Жароков және Ғали Орманов қана болды. Лермонтовтың өлең-жырларын аударуға қырқыншы, елуінші жылдарда белгілі ақындарымыздың бірнешеуі шындап кірісті. Солардың қатарында Қасым Аманжолов, Дихан Әбілев, Әбу Сәрсенбаев, Хамит Ерғалиев, Қасым Тоғұзақов, Сырбай Мәуленов, Мұзафар Әлімбаев, Ғафу Қайырбеков, Тәкен Әлімқұлов, Жаппар Өмірбеков тағы басқалар бар. Осы жолдарды жазып отырған кісі де сол қырқыншы жылдардан бастап Лермонтовтың өлеңдерін аударуға қатысып келеді. Лермонтовтың бұрын қазақ тілінде басылып шыққан аудармалары көркемдік сапасы мен мән-мазмұн дәлдігі жағынан өте әлсіз, нашар күйде еді. Атақты ақынымыз Тайыр Жароков аударған дүниелер де, бір кезде кәніккен аудармашы болып көрінген Қасым Тоғұзақовтың да (бұл кісі Лермонтовтан ең ірі туындыларынан бес дастанды аударған ғой) аудармалары өте төмен дәрежеде, Лермонтовтың асыл мұраларынан аулағырақ жатқан жаттығулар. Елуінші жылдарда мен де атақты «Демонды» аударып едім, кейін тереңірек пайымдап қарасам көп жайларда Лермонтовтың адуынды, әсем бейнелерін үстіртін аударып дәл жеткізе алмаппын. (Кейін жақсылап қайта аудардым). Мұндай кемшіліктер, әлсіздіктер Мұзафардың да, Сырбайдың да, Ғафудың да, Жаппардың да аудармаларынан айқын сезілер еді. Лермонтов поэзиясының екі томдығын «Жазушы» баспасы кейін толықтырып басып шығарды, бұрынғы аудармалар қайта түзетіліп, жаңартылып аударылды. Лермонтов мұрасын терең барлаушы, көрнекті совет ақыны Павел Антокольский: «Лермонтовтың өлең жолдарының мән-мағынасын бірден түсіне қою қиын. Оның сөз мәнісі, ұғымы әр шумақта, сапырылысып, астарланып жатады, ойының қай жерінде асқақтап, қай жолында құлдилап жатқанын әрең айырасың» – деп тауып айтқан. «Демон» поэмасын екінші рет қайта

аударғанымда мен сондайлық михнат шектім. Кейде жиырма жолға сапырылысқан жолдардың – бастауышы қайда, баяндауышы қайда екенін айыра алмай басым қатқан сәттерім көп болды. Алайда қаншама азап қиындығына қарамастан «Демон» аудармасының бұл нұсқасын Лермонтовқа бір шама жеткіздім-ау деп әзірше жұбаныш етемін. Поэзиямыздың өрісі ұлғайып, мәнісі тереңдеп барады, кім білсін, қазіргі жақсы деп ұсынып отырған жұмыстарымызды місе тұтпай жаңа, жас дарындар Лермонтов туындыларын кемеліне келтіріп қайта аударатын да шығар деп сенеміз. Біздің кейбір сақа ақындарымызда өз өресін байқамай, қолын қияға сермеушілік секілді, қанағатсыз мінездер бар. Талғамай «бәріне де күшім жетеді деп өңмеңдеу – қазіргі талабы күшті заманға лайықсыз әдет, Лермонтов сынды сөзі адуынды, сыр-сипаттары төтенше өзгеше, сұрапыл ақынды аударуға тек ересек дарынды ақындардың ғана батылы барса керек. Мұндай ұлы ақынның тебіренісі күшті, көркемдігі орасан өлең, дастандарын қарапайым қазақшалауға, шымыр, ұшқыр сөздерін әлсіретуге жол бермеуге күш салу – редакция міндеті. Бұл ретте бірінші томды құрастырушы, белгілі ақынымыз Қуандық Шаңғытбаев Лермонтов лирикасының аудармаларын мейлінше қадағалап қатаң қарады, әлсіз жолдарымызды сояудай сұрақтарымен нұсқап көрсетіп қайта аудартты. Сол сұрақтардың зардабын шеккен өз басым қазымыр Қуандыққа ризалық білдіремін. Лермонтовтың лирикалық шығармаларының жақсы аударылғандар қатарына Қасым Аманжолов аударған бір топ өлең жатады. Кейбір жолдар мен шумақтарында мағына жағынан жетіспегендік, дәлсіздік сезілсе де, ақындық алымы өрен Қасымның аудармалары Лермонтов жырларының тынысын әсерлі сездіріп тұр. Кейінгі қатал талаптар дәрежесіне орай, Лермонтов өлеңдерінің негізгі сырсипатына жуық, көп ізденістен, шын шабыттан туған

тәуір аудармалар деп Ғали, Қуандықтың, Ғафу, Есет, Қабдікәрім, Тұманбай, Қадыр, Жұмекең үлгілерін ризалықпен атар едік. Бұл тарапта сыршыл ақынымыз Сағи Жиенбаев аударған мына бір топ өлеңмен аударма шеберлігі айқын сезіледі: Алдамшы түске арбалған, Көзімде мынау шерменде, Безінген жанай жалғаннан Кетсем мен түстік елдерге Қарғашы! Жасты құшақ үшін, Құтқаршы өсек желдерден Ант етші! Шаттық ағылсын, Кетесің мәңгі кеудемнен. Лермонтов поэмаларынан Хамит Ерғалиев – «Боярин Орша», Тәкен Әлімқұлов – «Тамбов Казначейкасы», Сырбай Мәуленов – «Еркіндіктің ең соңғы ұлы», Жаппар Өмірбеков – «Кавказ тұтқыны», Төлеужан Есмайылов – «Мұңлы» атты туындыларының өзіне тән мазмұндарын дұрыс беріп, көркемдік әлпеттерін әлсіретпеген. Лермонтовтың романтикалық поэмаларынан Ғафу Қайырбеков аударған «Корсардың» көркемдік сапасын ерекше атамақпын. Өз ақындығында ерлік екпіні, адуыны бар ақын Лермонтовтың асқақ әуендерін өзінше шырқата білген: Қан құмар есірік бар, есер ақын, Айқасқа кіріп жүрдім не сұрапыл, Алайда жас жүректің түкпірінде, Бір жалын тарқамаған кесел жатыр. Үрейлі әлде нені тосып ай, күн, Қайғырам, қапаланам, тыншымаймын, Естимін өжет жырды өзінше бір Әндетсе шағалалар төсінде айдын. Сол күнде ескі күнім еске түсіп,

Көзімнен төгіледі жасым ыстық, Құдайды танымаған құлқымнан ғой. Тайғанақ өмір жолын басты қырсық Жоғалды тебіреніс, сезім асқақ, Жоғалды сүйікті арман, асты мақсат Жас күнгі жарқын ой мен нәзік қилы Жұртына кетті бәрі мені тастап. Әлбетте, Лермонтов туындылары поэзиялық сипаттары жағынан әрқилы бағытта жазылған, сондықтан әр поэманың аудармалық пішіндері әртүрлі болып көрінуі мүмкін. Аудармашы – мұндайда өз өресіне сай, өз ырқына көнімді шығармаларды таңдап байқап аударуға тиісті. Орысша тілге жетікпін деп бір кезде Лермонтов туындыларын жұлқына ұмтылған Қасым Тоғұзақовтың өз деңгейіне шақ шығармаларды дәл таппай, сәтсіздікке ұрынғандығы айқын сезінген еді. Қ.Тоғұзақов Лермонтовтың «Бастунжы ауылы», «Қаджы Абрек», «Сашка» атты келелі үш поэмасын ертеректе аударған әлсіз, шалағай күйінен, біздің талапқа орай оншама өзгертпеді, бұл нұсқаларын да ұлы ақынның асыл, ұшқыр әуендерін аудармашы көп жайларда жасық сөздерден, дүмбілез бейнелер мен шалағай ұйқастардан арылта алмаған. Мұндай бірлі-екілі ірі аудармада кейбір өлеңдерде көрінер кемшіліктер бола тұрса да, бұл екі томдық орыстың ұлы ақыны Лермонтовтың асыл қазынасына халқымыздың мәдени мұрасына қосылатын елеулі үлесі болмақшы.

НЕМІС ХАЛҚЫНЫҢ АСА ҰЛЫ АҚЫНЫ Иоганн Вольфганг Гете – немістің ұлы ақыны және бүкіл батыс европалық асқан классиктердің бірегейі. Гетенің алуан тақырыпты, терең мағыналы туындылары ХVIII ғасырдың ақыры мен ХІХ ғасырдың басындағы неміс әдебиетінің бір белесі болып табылады. Маркс пен Энгельс Гетені асқан дана ақын деп аса жоғары бағалаған. Иоганн Вольфганг Гете Германияның Майндағы Франкфурт қаласында 1749 жылы 29 августа дүниеге келді. Гетенің әкесі сол қаланың ірі бай, әрі белгілі шенді қызметкері болыпты. Гете жастайынан көбірек білім алуға, ғылымға зер салуға құмартады. Болашақ ұлы ақын он алты жасында Лейпциг қаласындағы университетке оқуға түсіп, заң ғылымын зерттеумен шұғылданды. Студенттік және кейінгі есейген шақтарында да Гете заң, философия ғылымдарын зер сала зерттеумен қоса табиғаттану саласында да ерекше зейін қояды. Алайда табиғатынан дарыны басым Гете поэзияға беріле құштар болады. Гете тірлік еткен заманда, яғни ХVIII ғасырда, Германия жүздеген уақ мемлекеттерге (герцогтықтарға) жіктелген бытыраңқы ел еді. Сол бөліктің бірі Веймарда Гете біраз уақыт әкімдік орындарында басты қызмет атқарды, тіпті министрлік дәрежеге де ие болды. Бірақ Гетенің даңқын дүниеге шығарған оның ақындық өнері, тамаша поэзиясы. Гете өзінің даналыққа толы керемет шығармаларында ХVIII-ХІХ ғасырдағы неміс қауымының қилы-қилы дәуір сипаттарын, дүние танымын, тарихи әлеуметтік ой-санасын терең толғайды.

Бұрын да, қазір де батыстың буржуазияшыл әдебиет сыншылары Гетені дәуір тартысынан аулақ «олимп» ақыны, яғни, асқақ думанды жәйттерді, шат-шадыман әуендерді жырлайтын сері ақын деп өздерінше дәріптеп келді. Адамзат баласына, дүниежүзілік мәдениет салтанатына «Фауст» сияқты философиялық, тарихи асыл мұра жасап кеткен ұлы Гете – «сайран-сауықтың» жыршысы емес, ол – адам тағдырын, халықтар тағдырын терең толғаған ақын. Гете тірлік еткен дәуір Европада қым-қиғаш қайшылықтардың, дүркін соғыстардың, Наполеон жорықтарының, кейініректерде – Францияның монархияға қарсы революциялық қозғалыстарының, жұмысшылардың азаттық күрестерінің асқындаған дәуірі еді. Бұл секілді терең тамырлы өршіген саяси тартыстарды ақын Гете дәйім терең түсіне қоймады, оларға қырын қараған кездері де болды. Гете көзқарасындағы осындай қайшылықтарды дәл пайымдаған Энгельс «Солай болғандықтан Гете – кейде орасан зор ұлы ақын, кейде жұпыны, кейде ол – дүниені менсінбейтін, бас имейтін тәкаппар данышпан, кейде сақ, баршаға разы, тар филистер секілді» деп әрі жоғары баға, әрі қатал сын айтқан. Алайда Маркс пен Энгельс – Гетені бағалағанда оның мұндай кейбір қиғаш көзқарастарын негіз етпеген, «аса данышпан» ақынның ұлы туындыларын өнеге тұта, ерекше қадірлеген. Гетенің ұзақ жылдар бойы терең толғаныспен жасаған ұлы мұрасы – адамзат баласының тағдыры, тірлік қасіреті жайындағы ұлы трагедиясы. «Жас Вертердің қасіреті» атты прозалық шығармасы өктемдік, озбырлық ортадағы жас адамның көрген зәбір-жапасы, махаббат азабы жырланса, «Герман мен Доротея», «Рейнекке Лис» сияқты ғажап поэмаларда адамның абзал қасиеттері мен қасіреті, «Торкватто Тассо»,

«Эгмондт», «Мұқамбет» атты трагедияда ел бастаушы тарихи адамдардың тағдырлары суреттеледі. «Гец фон Бергихинген» повесінде шаруа көтерілісін бастаушы сері, ер адамның бейнесін жасайды. Гете туындыларының бірқатарында көне классицизм сарындары, кейде тарихтағы кейбір мифтік, діни, немесе кезіндегі ұлық мырзаларды игі тұта жырлаушылық кездеседі. Бірақ Гетенің ақын жаны – жалпы аздамзатты, достықты, бұқара халықты жүрекпен қадірлеуі, солардың тірлік өміріне, әрекетіне сүйсінуі күшті. Өзінің бір сөзінде ұлы ақын – «Тақтар мен патшалықтардың ойрандалуы мені қынжылтпайды, шаруалардың үйлері өртенгені мені тебірентеді – міне нағыз трагедия», – деп күңіренеді. Жүрмін мен айдын далада, Билеп жүр сонда шаруалар. Шын адам қалыс қала ма: Солармен жүрсем жөн болар, – деп, бір өлеңінде халыққа мейірімді ақын ізгі пейіл сездіреді. Гете тірлігінде өзінің көптеген өлең кітаптарына беташар болған «Арнау» деген өлеңінде поэзия құдайын іздеп (дарын рухын аңсап) биік шыңға өрмелеп шыққандай болды. Ақынның бұл символдық ұшқыр қиялы болса да, жыр періштесімен кездесіп, поэзиясының парызын – халыққа, «туыстарға» қызмет ету деп өзіне мұрат тұтады. Гетенің поэзиясы сан қилы. Ұлы ақын әрі асқан лирик те, әрі философ және тарихты терең толғаған эпик те. Гетенің лирикасы сан алуан. Гете өлеңдерінде назды махаббат лирикасы, философиялық лирика, көңіл мұңын шертетін элегия, ода, арнау жырлары мол орын алады. Өзінің тұстас досы, немістің екінші бір ұлы ақыны, драмматургі Шиллер сияқты Гете де баллада жанрының шебері болғаны анық. Жас шағынан жүрегі махаббат сезімімен

қайнар бұлақтай тебіренген ақын, талай аруларға ынтызарлық сездірген сері Гете – ұлғайған шағына дейін ғашықтық сырларды егіле, беріле жырлады. Гетенің махаббат лирикасында талай ханымдардың, арулардың есімі кездеседі. Гете ынтыға жыр арнаған бұл сұлулар ақынның тұсындағы сырластары болған. Белинда, Тереза, Шарлотта сынды арулармен Гете жасырақ немесе орта жастағы шағында сырлас болса, махаббатқа жаны берілген сабаз ақын жасы жетпістен асқан шағында Ульрика деген 17 жастағы қызға ғашық болып, соған арнап жырымен мұң төгеді. Сұхбаттас қыз ұлы ақынның үміт күдерін үзген шақта, кәрілік жасына қарамастан, сырбаз Гете «Элегия» деген жырында қызға арнап күңірене жыр толғайды. Реті келген соң айта кетейін, осыдан он шақты жыл бұрын, Чехославакиядағы Карловы Вары курортында дем алған кезімде мен сол курортта Гете тұрған үйді де, жас Ульрика тұрған үйді де көрдім. Мұнда ұлы ақынға ескерткіш қойылған. Сонда қарт Гете мен жас Ульрика тау бөктерінде көзіме елестеп толғанып «Гете жүрген ізбенен» деген сыршыл өлең жаздым. «Қайран, Гете, саған ұқсап солай бір жүрсем-ау!» деген пендешілік лебіз білдірген едім. Гете – өзінің ақындық, даналық қағидасында адамзат баласының ынтымағын, бір халықты бір халық қорламауын аңсаған ұлы ақын. Сол ізгі пейілмен Гете жас шағынан көне Рим, Греция ескілікті асыл мұраларына, тарихи ұлы адамдарына ықыласпен ден қойса, Шығыс, Орта Азия асылдарына да сондайлық іңкәр болған. «Шығыс поэзиясы аспанында жарқыраған жеті жұлдыз бар!» – деп сүйсінген Гете. Солардың тобынан әйгілі Хафизге айрықша ізетпен бас иеді: Қайран Хафиз! Қайтіп саған тең келем? Мынау неткен сандырақ! Ұшқыр қайық шырқар құстай желменен,

Айды жарып жарқырап, Сенің жырың кейде өзендей ағынды, Сусын берер қандырып От толқындай кейде шашар жалынды, Жүрегімді жандырып. Батыстың дана ақыны Шығыстың шаһбаз шайырына осылай ден қояды да, «Батыс – шығыс диваны» деген атпен Хафизге үндестіре керемет жырлар жазады. Немістің данышпан ақынының бұрынғы көптеген ақындар өздеріне зор өнеге тұтқан, орыстың ұлы ақындары Пушкин мен Лермонтов Гетені айрықша бағалап, оның ұлы туындыларына сүйсіне ден қойған. Біздің ұлы Абай Лермонтов арқылы неміс ақынының тамаша өлеңімен танысып, оның «Қараңғы түнде тау қалғып» деген өлеңін қазақ тіліне аударып, оған өзінше әсем ән шығарған. Гетенің әлемге әйгілі «Фауст» трагедиясын неміс тілінен қазақшаға неміс тілінің маманы Медеубай Құрманов 1971 жылы аударып, жеке кітап етіп шығарды. Мен өзім Гетенің бір-екі өлеңін 1937 жылы аударып «Қазақ әдебиеті» газетінде жариялаған едім. Ал, 1965 жылы аударып «Мектеп кітапханасы» сериясында ұлы ақынның мен аударған бес жүз жолдай лирикалық өлеңдері шағын кітапша болып жарық көрді. 1983 жылы «Жазушы» баспасы Гетенің қайтыс болғанына 150 жыл толуына арнап лирикаларын кітап етіп шығарды. Ұлы Гетенің «Таңдамалы лирика» кітабын аударуға маған қосыла қазіргі белгілі ақындарымыз Қуандық Шаңғытбаев, Сәкен Иманасов, Асқар Егеубаев қатысты.

ӘДЕБИЕТТІҢ ШЕБЕР ЖӘНЕ ҰСТАЗ ҚАЙРАТКЕРІ Менімен тұрғылас бір кездегі жас қаламгерлерге Александр Фадеевтің есімі мен шығармалары отызыншы жылдардың басынан ерекше белгілі бола бастады. Орыстың революцияшыл әдебиетінің, социалистік реализмнің негізін қалаушы ұлы Максим Горькийдің әйгілі туындыларына кейін совет әдебиетінің қалыптасу дәуірінде біздердің сүйіп оқитын шығармаларымыз – А.Серафимовичтің «Темір тасқын», Д.Фурмановтың «Чапаев», К.Фединнің «Қалалар мен жылдар», А.Фадеевтің «Тас талқан» атты шығармалары, оған кейініректе, Н.Островскийдің «Құрыш қалай шынықты» романы жалғасты. Бұл романдарда социалистік революцияның қаһармандық сыр-сипаттары, азаттық үшін қиянкескі майдан кешкен еңбекші халықтың ересен ерлік күрестері зор хикая болып суреттелген. Мұндай жаңа дәуірдің бастамасы болған тамаша туындылардың қатарынан Александр Фадеев шығармалары, әсіресе «Тас талқан» (орысша «Разгром») ертеректегі жастарға айрықша әсер еткен еді. Сонау Қиыр Шығыстың суығына бала шағынан суыққа шынығып өскен және де еңбекші бұқараның қанаушы таптан тартқан азап-қорлығын көзімен көрген саналы жас Александр Александрович Фадеев он сегіз жасынан бастап большевиктермен араласып, революциялық күреске белсене қатысады. Сібірдегі партизан қозғалысына 1919 жылы жауынгер болып енген Фадеев кешікпей бригада комиссары болып, сол халықтың айбынды, ауыр күреске жетекшілік етеді. Парасатты, қажырлы коммунист А.Фадеев советтік

дәуірдің алғашқы жылдарында Краснодар мен Дондағы Ростовта партиялық қызметте болғаны да белгілі. Советтің аса көрнекті жазушысы Александр Фадеевтің әдебиеттік қызметі жылдарда басталып, 1926 жылдан кейін творчестволық жұмысқа беріле кіріседі. Әдебиеттің мазмұны мен көркемдігін партиялық идеялық бағытқа, жаңа советтік заманның арман талабына, күресіне бағындыруды көздеген коммунист жазушының қаламынан Қиыр Шығыстағы азамат соғысының ерлерінің, өжет партизандардың қаһармандық ұлан-асыр күрестерін бейнелейтін көптеген келелі әңгіме, повесть, романдар туды. Ертеректе

Фадеев жазған партизан әңгімелері, «Удэгенің соңғысы», «Тасу» сияқты әңгіме, романдары совет әдебиетінде революциялық қозғалысты партиялық бағытта пайымдап суреттеудің жақсы өнегесі болып табылады ал, 1927 жылы жазылған «Тас талқан» (қазақшасы «ойран» десе де болар еді) дарынды жазушыны совет жұртшылығына кең танытқан аса қадірлі туынды болып табылады. Бұл романда алғыр да, терең парасатты жазушы Қиыр Шығыстағы өзі қатысқан партизан соғысының, қиян-кескі ауыр көріністерін қандай нанымдылықпен әсерлеген, жалған емес, бұл ерлік дастанында қандай асқақ романтика да, боямасыз шындық жатыр! Бұл шығармадағы ауыр күрестерде, қатерлі жорықтарда өр төзімділікпен, берік абзал ой-санамен жеңіп шыққан коммунистер бейнелері – біздің комсомол шағымызда біздерге өнеге тұтып сүйсінер өр тұлғалар болып танылса, ұлан соғыс майданындағы жауынгерлерге, бұл бейнелер рух, жігер берерлік рухани мұрат болып елестесе керек. .Аса дарынды жазушы өз творчествосындағы партиялық, революциялық дәстүрлі Ұлы Отан соғысы тұсында қайта жаңғыртты. Александр Фадеев жазған «Жас гвардия» романы – Ұлы Отан соғысы тақырыбына арналған туындылардың аса бір келелісі де күрделісі.

«Жас гвардия» (1945) романында серпіні асқақ шебер жазушының қаһармандық, романтикалық әуені жаңа екпінмен шарықтаған. Бұл роман Ұлы Отан соғысының аса бір ерекшелік шындығында – Краснодон комсомолдарының фашистер басқыншыларына қарсы жасырын жүргізген жанқиярлық ерлік күрестерін суреттеуге бағышталған. А.Фадеев, бұл қайран қаларлық уақиға өткен жерге 1943 жылы, соғыстың қатерлі қызу кезінде өзіне тән өр жігермен жасқанбай барып, Краснодон комсомолдарының құпия күрестерінің сыр-сипаттарын барлаған. Отан үшін басқа төнген қауіптен тайсалмайтын ер жүрек совет жастарының қайсар бейнелерін шебер пішіндеген СССР Мемлекеттік сыйлығын алған (1946), «Жас гвардия» романы совет жастарын патриоттық, ерлік рухта тәрбиелеуге меңзейтін аса келелі туынды болып, совет әдебиетінің тарихынан жоғары орын алды. «Жас гвардия» романы қазақ тіліне жедел аударылып, қазақ оқырмандарының ынтыға оқитын кітабы болды. Бұл тамаша романды ана тілімізге аударған белгілі, дарынды жазушымыз Ғабдол Сланов, кітапты сүйсіне, сарыла аудара жүріп қандай разылық тапқаны да, әсіресе Александр Александровичтің өзінен бұл ізгі еңбегі үшін алғыс телеграмма алғанда қандай қуанышқа бөленгені менің есімде... Александр Фадеев – совет әдебиетінің тарихында аса көрнекті суреткер жазушы болып бағалануымен бірге, совет әдебиетін өркендетуге игілікті күш жұмсаған көрнекті қоғам қайраткері ретінде де айрықша қадірлі қаламгер. А.Фадеев әдебиетте партиялық, ізгі, сара бағытты берік ұстады, жазушы қауымына сол бағытты жүргізуге парасатты, белсенді жаршы болды. Партияның әдебиеттегі елеулі қайраткері жазушы А.Фадеев бірнеше рет КПСС Орталық Комитетінің мүшесі, СССР Жоғарғы Советінің депутаты болып сайланды. А.Фадеевтің әдебиет майданындағы ерекше

қызметі 1926 жылдардан басталады. Пролетариат әдебиетінің ұстазы Максим Горькийдің басшылығымен Фадеев 1933-1934 жылдары совет жазушыларының І съезін ұйымдастыруда, Совет Жазушылар одағын топтастыруда елеулі қызмет атқарды. Сол жылдардан бастап, қайтыс болар шағына дейін А.Фадеев Совет Жазушылар одағының басшылық қызметінде болды. .Алуан тілді совет әдебиетін өркендетуге, сан ұлтты түрліше қаламгерлердің творчестволық барысын барлауда, оларға қамқорлық жасап, ұйымдастыруда – Горькийден тағылым алған, оның ізгі дәстүрін сақтаған әдебиет жетекшісі Александр Фадеев екенін сүйсіне айтамыз. Көптеген республикалардағы әр халықтың үлкендікішілі ақын жазушылары Александр Фадеевтің әдебиеттегі жетекшілігі, ұлт қаламгерлеріне деген қамқор пейілі жайында, бұл абзал адамның жарқын мінезі жайында өздерінше айтқан да болар, әлі де еске алар. Мен енді А.Фадеевтің қазақ әдебиетіне, қазақ жазушыларына назары, ілтипаты, қамқорлығы туралы есімде қалған біраз жәйттерді аңғартайын. Айта кеткен мақұл, Фадеевпен ертерек дидарласқан, сұхпаттас болған, қызмет бабымен істес болған Сәкен, Сәбит, Ілияс, Мұхтар ағалар тірі болса, қазіргі көрнекті жазушыларымыз Ғабит, Әбділда, Мұхаметжан ағайлар естелік жазса, Фадеев жайында менен бәлкім қызығырақ жәйттерді шертер еді. Ардагер ақынымыз Сәкен Сейфуллиннің Фадеевпен бастас, сұхбаттас болғаны тарихтан белгілі. Сәкенмен Фадеевтің сол сырлас жайттары қазір бізге мәлім болмаса да белгілі жазушы Галина Серебрякованың «Өткен жылдарға саяхат» атты кітабында Қазақ әдебиеті мен өнерінің декадасы тұсында Фадеев өзін шақырып алып, кабинетінде сұхбаттасып отырған қазақ ақыны Сәкен Сейфуллинмен жылы леппен таныстырғанын еске алады.

Александр Фадеев жас қаламгердің өсіп-өркендеуіне көп көңіл бөлген жетекші еді. Бұл тарапта кезегі келген соң мен өзіме орай жақсы сәттерді еске алайын. 1939 жылдың декабрь айының ақырында Москвада жас ақынжазушылардың бүкілодақтық семинары өткізілді. Бұл маслихатқа Одақтың шартарабынан талабы бар бір топ жастар қатысты. Қазақстаннан біздер, ол кездегі жаңа жаза бастаған қаламгерлер – Әлжаппар Әбішев, Әли Есмамбетов, Әбу Сәрсенбаев және мен қатыстым. Семинарды Александр Александрович өзі басқарды. Ұстаз жазушының мен секілді жас ақын-жазушыларды өз кабинетінде жылы жүзбен қабылдаған сәті әлі есімде. Семинар мәжілісіне А.Фадеевтің шақыруы бойынша көрнекті совет жазушылары Алексей Толстой, Леонид Соболев, Валентин Катаев, Петр Павленко, Василий Ажаев қатысып, біздерге өздерінің творчестволық тәжірибелерінен өнегелі дәрістер оқыды. Сол жиында айтқан ақыл-кеңесі менің есімде берік сақталды. Беделді, парасатты А.Фадеев кемеңгер Алексей Толстойға ерекше ізет көрсетеді екен, А.Толстой да Александр Александровичті инабат тұтады екен, екеуінің жарасымды сұхбаттарын біз жақсы байқап қалдық. Семинар тарқарда біздерге творчестволық сәтті сапар тілеп, ізге пейіл білдірді. Фадеевтің өзі бас болып жоғарыда аталған көрнекті Москва жазушыларымен бірге біздер – жас ақын-жазушылар фотосуретке түстік. Ол фотолар менде сақтаулы. Мен сол семинардан зор тағылым алып оралдым Алматыма. .Менің есімде ұмытылмастай болып қалған сәтті бір кезең – 1947 жылы А.Фадеевпен оңаша дидарласуым. Әскери қызметтен 1946 жылдың февралінде оралған мен келе сала сол тұстағы ділгір, аса қажетті тақырыпқа өлең, балладалар жаза бастадым. Сол бағытта жазған «Сырдария көкпары» және «Келтемасат» деген екі балладам 1947 жылы қазақша жарияланған еді. Сол 1947 жылдың 30 (отызыншы) июлінде шыққан

«Правда» газетін аша қалсам – А.Фадеевтің «Совет әдебиеті өрлеуде» деген мақаласы жарияланыпты. Сол мақалада соғыстан кейінгі екі жылдың ішінде осы бір кезеңнің келелі тақырыбына арнап жаңа шығармалар жазған 3-4 ақындардың қатарында менің есімім жүр, менің жоғарыда аталған «Сырдария көкпары» мен «Келтемасат» атты екі шағын шығармамды А.Фадеев жуықта өткен СССР Жазушылар одағының пленумында жасаған баяндамасында кезеңге үн қосқан шығарма деп атап кеткен екен, мақала баяндамасының қысқа нұсқасы екен. Қайран қалдым да балаша мәз болып қуанып кеттім. Бақсам, мен сол екі аңыз жырымның жолмажол аудармасын Қазақстан Жазушылар одағының басқармасы менімен қатарлас өзге ақындардың сол тақырыптағы шығармаларымен қоса, Москваға, Жазушылар одағының басқармасы жіберген екен. Сірә, алдымен жырларымның тақырыбы ұнаған шығар – А.Фадеев соғыстан кейінгі туындылармен танысқаннан кейін, бұларымды атай кетуді мақұл көріпті. .Бұрын мұндай мақтауды көрмей келген албырт басым, осыған мәз болған көңілмен кешікпей Москваға тартып отырдым. Александр Фадеевтің алдына ізетпен кірудің өзі оңай мәселе емес екен. Менің осы жырларымды орыс тіліне аударған, бұрыннан қазақ әдебиетінің досы, белгілі ақын Николай Сидоренко мені Фадеевтің кабинетіне ертіп апарды. Келсек Фадеевтің қабылдау кабинетінің алдында адам толып отыр екен. Н.Сидоренко өзінің байырғы досы Александр Александровичке бір жапырақ қағаз жазып жіберіп еді, кешікпей қабылдау күтіп отырғандарға – Жолдастар, сіздерді бүгін қабылдай алмаймын... Сөйлесіп отырған поляк достармен әңгімелесіп біткеннен соң, мына Қазақстаннан келген мейманды қабылдаймын, – деп Сидоренко екеуімізге қарап қойды да, кабинетіне қайта енді. Мәртебем әжептәуір көтеріліп қалды. Ақыры қабылдады.

Күмістей аппақ шашты, аққудың мойнындай ұзын мойынды басын көтеріп, орнына түрекеліп, менімен жылы жүзбен амандасты да: .– Мен сіздің жаңа шығармаңызбен сырттай таныспын. Өткен пленумда атап та кеттім, – деді. .– Сол үшін, Александр Александрович, шын алғыс айта келіп едім, – деп мен абыржып түрекелдім. – Жаңа тақырыпқа бағытталған жаңа шығармаларыңыз көп пе? – деп сұрай бастады. Мен Николай Сидоренкоға қарай қалдым. Ол кісінің қолында мен жазғандарымның бір папка орысша жолма-жол аудармасы тұр еді. Мен үшін Сидоренко жауап қатты. – Александр Александрович, бұл Халижан сіз пленумда атап кеткеннен кейін, қанаттанып бұрынғы өлеңдерінің үстіне жаңа жырлар қосып, міне, бір жинақ алып келіпті. Қазақстанда бұл кітап болып басылды. Ал бізде «Советский писатель» баспасында жинақ етіп шығарайық десек – баспа басшылары жоспарда жоқ деп жолатпай отыр. Фадеев бұл жағдайға жедел ынта аударып: – Тоқта, Коля, – деді. Телефонды бұрап қалды, сірә баспаның директорымен тілдесті білем. – Менде қазақ ақыны Халижан Бекхожин отыр, ол өзінің қажетті тақырыпты жыр еткен жинағын алып келіпті. Мен де аздап таныс едім, менің қасымда отырған Николай Николаевич бұл қолжазбамен мұқият танысқан екен. Кітап етіп шығаруға әбден лайық деп отыр, қазақ ақынының бұл жинағын жоспарға қосуыңызды өтінемін. Еске алыңыз, келесі жылы Москвада қазақ әдебиетінің декадасы өткізілмек... Жақсы... келістік, – деп Фадеев отырған екеуімізге қарап: – Келістік! – деп менің білімім және қашан жаза бастағаным жайлы сұрап кетті. Сөз арасында мен 1939 жылы өзі басқарған семинарға қатысқанымды, сонда бұл кісі өзімен, үлкен жазушылармен, жас қаламгерлермен түскен суретті

көрсеттім. Сол семинардан мен көп тағылым алдым – деп едім, разы болған Фадеев, – Жас жазушылар маслихаттарын енді бұрынғыдан да жиі өткізбекпін, – деп қалды. Әрқашан ұлт әдебиетінің жақсы дарындарын сүйсіне бағалайтын А.Фадеев кенет: – Айтқандайын, Әбділда Тәжібаевтың жағдайы қалай? – деп сұрады менен. – Бұрынғыша жақсы, өр пішінде адымдап, жақсы шығармалар жазып жүр, – деп жауап қайырдым. Фадеев разы болып қалды. Айта кетейін, Әбекеңді басқалардан бөліп алдымен сұрағанында себеп те бар еді, бірнеше жыл Қазақстан Жазушылар одағының басшылық қызметінде жүрген кезінде Фадеевпен жақсы танысқан, қызмет бабында істес болған көрнекті ақын, драмматург Әбділданың осы тұстың алдында «Біз де қазақпыз» деген пьесасы қатал сынға ұшыраған еді... .Қамқор аға жазушының осы бір жәйтке байланысты Әбділда досын мүсіркегені ғой. Александр Фадеев совет республикаларындағы ұлттар әдебиетінің өркендеуіне зер салып, оның кадрларының творчестволық табыстарына сүйсіне назар аударғаны шәксіз. Біздің ардақты жазушылармыз Мұхтар Сәбит, Ғабит, Ғабиден шығармалары жайында Фадеев өзінің жиындағы сөздерінде талай сүйсіне сөйлесе керек. Қазақ қаламгерлері үшін, халқымыз үшін сол бір ізгі мақтаныш – А.Фадеевтің биік дәрежедегі бір кең жиында «Қазақ әдебиеті өзінің тамаша туындылары арқылы қазір әлемдік әдебиет дәрежесіне көтерілді» деп айтқан парасатты зор бағасы болмақ. Есіме келген тағы бір елеулі жәйт – СССР жазушыларының 1954 жылдың декабрінде өткен екінші съезд кезіндегі А.Фадеевтың біздің аға жазушыларға сездірген жылы назары, Александр Александрович президиумда отырғанда, үзіліс кезінде Мұқаңмен, Сәбеңмен сағынышты достарымен жүздескендей-ақ жарқын пейілмен сөйлескенін бірнеше байқаған едім. Сьезд мәжілісінің

үзіліс кезінде сол тұстағы Жазушылар одағының басшысы Алексей Сурков Қазақстан делегаттарын суретке түсіруге шақырды. Қарай қалсам А.Фадеев Мұхтар ағаны суретке түсіретін залға қолтықтап барады екен. Шүйіркелесе сөйлесіп әдебиеттің көрнекті ардагерлері А.Фадеев, М.Әуезов, А.Сурков, Л.Леонов, С.Мұқанов, И.Шухов алдан орын алып, біздер екінші қатарда тік тұрып суретке түстік. Кремль сарайында түскен бұл фотосурет менде сақтаулы. Мен өзім Александр Фадеевты айрықша қамқор, ұстаз тұтып келемін. Ол кезде әлі таңырқарлықтай шығарма тудыра қоймаған жаста маған ілтипат, назар аударуы менің келешек творчествома сүйсінерлік дем берді. Ал, менің әлі балаң өлең-жырларымның «Под звездами Москвы» деген атпен 1949 жылы орыс тілінде жарық көруі мен үшін ұмытылмас бақыт. .Қазақ халқының тарихи өрлеуіне Россияның талай тамаша абзал ұлдары достық ниетпен өз әсерлерін тигізіп келсе, сол шоғырмаққа әдебиетіміздің өркендеуіне өзінше достық назар аударған Александр Фадеев те жарқырап тұрмақ. ШОҚАН УӘЛИХАНОВ ҚАЗАҚТЫҢ ТҰҢҒЫШ БІЛІМПАЗЫ Қазақ халқы өз тарихында талай кемеңгерлерді туғызды. Киіз туырлықты қазақтың өз тарихына сай, өз ортасын жарып шыққан даналары мен ақылгөйлері толып жатыр. Найза ұстаған қаһарман батырлары, сөз асылын терген ардагер ақындары болды. Олардың бәрі де халқымызға зор мақтаныш, үлкен сүйініш болмақ. Алайда, солардың ішінде аса зор мақтан боларлықтай, өз даласынан асқақтап биікке шыққан екі кемеңгер перзент бар. Оның бірі – қазақтың ұлы ақыны Абай

Құнанбаев та, екіншісі – қазақтың тұңғыш білімпазы Шоқан Уәлиханов. .Бұл екі адамның кемеңгерлігі жалғыз ғана қазақты емес, мәдениет жұртшылғының бәрін де сүйсінткендей. Абай зор білім иесі адам болса, ақыл-ой өрісі жағынан ол Европаға өрістеп барып қалған еді, бірақ Абай білімге қартаң тартқан шағында ғана қол сермеді, сол себепті мегзеген білім дариясына сүңгіп жете алмай, арманда өтті. Ал Шоқан болса, ол білімге, қазақша айтқанда, қаршадайынан-ақ құлшына кірісті, заманындағы ғылым дүниесінен уысын толтырып білім алды, оның үстіне өз бойына біткен дарындылық оны заманындағы алдыңғы қатарлы білімпаздардың қатарына қосты. .Шоқан Уәлиханов 27 жыл ғана дәурен сүрді. 27 жыл деген өте аз өмір. Бұл жаста жұрттың көбі ғалым болмақ түгілі, орнықты білімге де ие бола алмауы мүмкін. Әсіресе Шоқан жасаған алапат заманда қазақ баласына орысша оқу, европалық білім алу бір қиямет іс болушы еді. Бірақ Шоқан, сол өзінің аз өмірінде үлкен оқымысты болып шықты. Өзінің азғана өмірін ғылым жолына сарп етіп жалғыз ғана қазақ емес, бүкіл шығыс үшін, қала берді орыс ғылымы үшін, қадірлі мұраның бірі болып табылатын ғылыми еңбектер қалдырды. Шоқанның білімпаздығына, аса дарындылығына орыс оқымыстылары сол кездің өзінде-ақ қайран қалатын. Атақты оқымысты академик Веселовский Шоқан туралы былай дейді: «Шоқан Уәлиханов Шығыстану ғылымының аспанына құйрықты жұлдыздай, жарқ етіп шықты да, әп-сәтте ғайып болды. Орыс ғалымдарының барлығы да Шоқанды ерекше шыққан бір қасиет деп түсініп еді, одан шығыс халықтарының тағдыры туралы ұлы-ұлы, маңызды жаңалықтар күткен еді, бірақ, Шоқанның мезгілсіз өлімі біздің бұл үмітімізді үзіп кетті». .Академик Веселовский осыны айтса, Сібірдің атақты ғалымы, Шоқанның жолдасы болған Григорий

Николаевич Потанин Шоқанның дарындылығын мақтай келіп былай дейді: «Біздің жасымыз одан үлкен болса да, ол білім жағынан біздің жанымызда аға сияқты еді, біз оның жанында бір жалаңбұт бала сияқты едік, оның білім жағынан бізден әлдеқайда жоғары жатқанын – сөйлескен сайын сезуші едік. Ол біздің жолдастарымызға және маған да білім жағынан «Европаға қарайтын терезе сияқты еді». Шоқанға деген мұндай бағаны сол кездегі оқымыстылардың талайы-ақ айтқан болатын. Шоқан Уәлихановтың ғылыми еңбектері көбінесе орыс тілінде жазылғандықтан, оның даңқы орыс оқымыстыларының арасында көбірек жайылды. Бірақ қияға шырқап ұшқан өз қаршығасының ағыны қазақ даласының да құлағына шалынбай қойған жоқ. Сол заманның өзінде-ақ Шоқан Уәлихановтың даңқы қазақ еліне саңқ ете түскен еді. Қазақ елі оны өз перзентім, өз ғалымым деп қадірлей білген еді. Қазақтың атақты жазушысы Мәшһүр Жүсіп Көпеев өзінің күнделігінде былай деп жазып кеткен: «Уәлиден Көкшетаудағы Шыңғыс төре туды. Мұның бір Шоқан дейтін баласы қыршын күнінде өліп кетті. Бұл күнге дейін тірі жүргенде зор атақ шығаратын ердің бірі еді». Шоқанмен достас болған оқымысты Ядринцев «Шоқан жөніндегі есте қалғандарым» деген әңгімесінде былай дейді: .«Біз қазақтың бір шалдарымен әңгімелесіп отырдық. Сөйтіп отырып Шоқанды еске түсірдік. Шоқанды әңгіме ете бастағанда қазақ даласының әлгі қария уәкілдері еңкілдеп жылап қоя берді. Шоқан – өз халқының мақтанышы, сүйікті перзенті екен, оның есімі жұрт аузында осылай боп сақталған». Кешегі кер заманда орыс арасында болсын, қазақ ішінде болсын сондай зор даңққа ие болған қазақтың тұңғыш білімпазы Шоқан Уәлихановты бүгінгі күні біз, бүкіл қазақ халқы болып ардақтаймыз.

Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов жылы Көкшетауда туды. Шоқанның арғы атасы – жауынгерлікпен атағы шыққан даңқты Абылай хан. Абылай – Орта жүзге қырық жылдай хан болып, жанжақты шапқынды жаулармен талай жыл соғыс салған кісі. Абылай өзі билеген қазақ жеріне жаудың табанын бастырмай жеке хандық құрып өткен. Абылайдан кейін Орта жүзге Абылайдың отыз баласының ішіндегі ең үлкені Уәли Сұлтан хан болды. Уәли Орта жүздің билігін сақтап тұра алмады. Абылай сияқты саясатшыл және жауынгер бола алмады. Уәлиханнан Шыңғыс туды. Шыңғыстан Шоқан туды. Шоқанның әкесі Шыңғыс – Ресей патшалығына бағынуды жақтап, орыс әкімдерімен ерте араласқан кісі. Шыңғыс Омбының әскери мектебін бітіріп үлкен шенге ие болған адам. Шоқан он жасқа дейін өз ауылында болды. Оның балалық он жасы өзінің туған ауылы, атамекені Көкшетау, Сырымбет, Құсмұрын деген сұлу таудың аясында өтті. Он жасқа келгенсін Шоқанды әкесі Шыңғыс Омбыдағы офицерлер дайындайтын кадет корпусына оқуға жібереді. Сарыарқаны біржола Ресей патшасы өзіне бағындырып алғаннан кейін, сол даладан өзіне жалдаптар дайындау үшін шенге қызықтырып төресұлтанның балаларына орыс білімін бермек болды. Сол үмітті Шоқаннан да күткен еді. Шоқанды да не айтса, соны істей беретін алаңғасар чиновник етсем деп ойлап еді. Патша өкіметінің ол ойлағаны болмады. Шоқан оқуын оқыды да, өз халқының тағдырын ойлаған зор ғалым иесі адам болып шықты. Шоқанның Омбы мектебіндегі оқу кезеңі бір ғажап оқиға: ауылдан қалаға орысша білмей келген қазақтың қара баласы төрт-бес жыл ішінде өзінің асқақ зейінділігімен бүкіл Омбыны таңқалдырды. Шоқан аса зейінді, ұғымтал және жаратылысынан дарынды бала болды. Сол дарындылығының арқасында төртбес жылғы оқуы оған үлкен білім берді. Потаниннің

айтуынша, ол өзімен сабақтас орыс балаларының бәрінен де білім жағынан озық еді. Шоқанмен оқыған балалардың ішінде Потанин сияқты Сібірдің атақты ғалымы да болған. Омбы жастары, мектеп оқушылары Шоқанның зеректігіне, білімділігіне ден қоятын болды. Шоқан өзінің зеректігінің үстіне кітапты үсті-үстіне оқи береді, қай-қайдағы қолға түспейтін қымбат кітаптарды тауып оқитын болады. Потаниннің айтуынша, сол кездегі Омбыда жоқ, қолға түспейтін кітаптар Белинскийдің, Гончаровтың, Тургеневтің, Достоевскийдің еңбектері екен. Шоқан осылардың бәрін де өзі оқып біліп, басқа жолдастарына білгенін айтып беретін болды. Ағылшынның атақты жазушылары Диккенс пен Теккерейді Омбы жастарына ең алғаш әйгілеген Шоқан екен. Шоқанның ой-пікірлерінің тез өсуіне, әсіресе әлеуметтік, адамгершілік көзқарастарының қалыптасуына оқытушы мұғалімдер және Омбы қаласына келген озық пікірлі оқымысты адамдар көп әсер етеді. Шоқан оқыған кадет корпусына мұғалім болып жаңа адамдар келеді, сол жаңа келген адамдардың көбі патша саясатына қырын келіп жүрген және адамгершілік пікірлері күшті оқымыстылар еді. Оның үстіне, Омбы қаласы ол кезде саяси айдалғандардың жол үсті болатын. Ресейден Қиыр Сібірге қарай жер ауғандар Омбы қаласына көп қонақтайтын болған. Бұл кезде Омбыға бұрынғы декабристерден, петрашевшылардан жер ауып келген адамдар көп болды. Шоқан солардың көбімен жақындасып алады. Әсіресе орыстың атақты жазушысы, сол кездегі саяси айдалушы Достоевский және оның досы Дуровпен Шоқан жақын жолдас болып алады. Омбыдағы орыстың алдыңғы қатарлы білімді жастарының көбі-ақ Шоқанға үйір болады. Олардың жолыққанда сөйлесетін, шешетін сөздері – тарихи әлеуметтік мәселелер еді. Тарихи әлеуметтік мәселелерде болсын, жай әншейін сөздерде болсын

Шоқан көп адамдарға қарсы шығып қалушы еді, дейді Потанин. Сол айтыстарда Шоқан, Потаниннің айтуынша, досы болсын, дұшпаны болсын аямай түйреп тастаушы еді, бетің-жүзің демей сөзбен шаншып алушы еді, оның сөзі алмастай өткір болатын. Сондықтан Шоқанды біз «ұстара» дейтінбіз, Шоқанның жүзінде Пушкинге, Лермонтовқа біткен өткірлік бар еді, – дейді Потанин. Шоқан Омбының кадет корпусында бес жыл оқыды, кадет корпусы алты жылдық мектеп болса да патша өкілдері Шоқанды «бөгде халықтың баласы» деп алтыншы класты оқытпайды, өйткені ол класта соғыс ғылымдарының құпия сырлары айтылады екен. Мектептен шыққаннан кейін Шоқан Уәлиханов Омбының генерал-губернаторына бір көмекші қызметте болады. Өзінің білімін бұрынғыдан әрі ілгерілете береді, ғылыми-зерттеу ісіне кіріседі, жер жүзі тарихымен, жер жүзі мәдениетімен, әсіресе шығыс тарихымен тереңірек таныса бастайды. Потанин айтады: Шоқаннан біз сол кездің өзінде-ақ шығыс тарихын зерттейтін ғалымды күткен едік дейді. Шоқан мектебін бітіргеннен кейін бес-алты жылдай Омбыда болады. Бұл жылдары ол, зор білім иесі адам болып қалады. Шығыс тарихына қоса өз халқының әдебиет үлгілерін жинаумен шұғылданады. Сібірге жер ауып келгендермен әбден сырлас болып алып, өзінің саяси көзқарастарын бұрынғыдан да көрі шынықтыра түседі. Шоқанның білімділігі патша өкіметінің де көзіне шалынады. жылы патша өкіметі Шоқан Уәлихановты Батыс Қытайға (Қашқария мен Жоңғарияға) шолушы есебінде уәкіл етіп жібереді. Патша өкіметінің мұндағы мақсаты Қашқария жөнінде жасырын материал жинау екен, ал Шоқан бұл сапарды өзінің ғылыми-зерттеу жұмысына пайдаланады. Шоқан бұл жолы «Жоңғария очерктері» және «Батыс Қытайдағы

Алты шаһар туралы» деген үлкен ғылыми еңбек жазып қайтады. Бұл еңбегінде Шоқан шығыс халықтарының тарихи әлеуметтік, табиғаттық жайларынан бағалы пікірлер айтады. Веселовскийдің айтуынша, бұл еңбегі ғылыми жағынан басқа еңбектерінің ішіндегі ең бағалысы болмақ. Қашқардан келгеннен кейін Шоқан Петербургке барады. Петербургте ғылым адамдарымен, жазушыларымен танысып алады. Ол кездің өзінде-ақ Шоқан бірсыпыра ғылыми еңбектер жазып шығарады. Шоқанның ол еңбектері Петербург оқымыстыларының үлкен назарын аударады. Шоқан Уәлихановтың біліміне Петербург оқымыстылары таңданады. Мәдениет жұртшылығының пікірінше осы кезден бастап Шоқан белгілі оқымыстылардың бірі болады. Орыстың атақты жазушылары Достоевский, Тургенев, белгілі ақындары Майков, Крестовскийлермен танысып, жақындасады. Потаниннің айтуынша Шоқанның өзінде де жазушылық талант болған. Ол әңгімеші, әзілқой, мысқылдарды, анекдоттарды шығара қоюға шебер және тақырып тапқыш болған. Майков, Крестовскийлер Шоқаннан көп мәлімет алған еді. Егерде өз халқының жазба әдебиеті болса, ол сөзсіз қазақтың кемеңгер жазушысы болар еді, дейді Потанин. .Петербургте жүргенде Шоқанның білімі зорая түседі, ол Петербург университетінен екі жылдай лекция тыңдайды. Лекция оқығандардың ішінде украиннің революционер ақыны Тарас Шевченкоға ұстаз болған Костомаров деген кісі болған. Осындай алдыңғы қатарлы, жаңа пікірлі адамдардың сөздері Шоқанға көп әсер етеді, Шоқан Петербургтен бұқарашыл ойларға ие болып, еліне қайтады. Петербургтен қайтқан соң туған жері Көкшетауға келеді. Бірсыпыра уақыт өз ауылында болады да, ел арасынан қазақтың ескі жырларын, ертегілерін жинай бастайды. Елде жүргенде Шоқан әкесі Шыңғыстың есігінде жүрген бір төлеңгіт әйелге ғашық болады. Әкесі Шыңғыс және бүкіл төре біткен

болып «хан тұқымына бұл намыс» деп Шоқанға қарсы шығады. Шоқанның ғашық болған әйелін басқа жаққа алып қашып кетеді. Сол іске өкпелеп, Шоқан өз ауылынан шығып Омбы қаласына келеді. Шоқан Петербургтен зор білім алумен бірге өкпе науқасына шалдығып қайтады. Шоқанның сол ауруы осы кезден бастап ұлғая бастайды. 1864 жылы патша өкіметі Орта Азияны жаулауға аттаныс жасайды. Патшаның қандыбалақ генералы Черняев Орта Азияға шабуыл жасауға шығады. Қазақстанның оңтүстігі ескіше айтқанда Ұлы жүз бен Кіші жүздің бірқатары ол кезде Ресейге бағынбаушы еді. Черняев сол бағынбаған елдерге шабуыл жасап, қанды соғыстар ашты. Черняевқа қарсы Орта Азиядан қалың қолдар аттанды. Сол қалың қолды бастаушының бірі атақты Кенесарының баласы Сыздық батыр еді. Черняев отрядының соңынан жаңа жерлерді зерттеу деген мақсатпен талай оқымыстылар мен жазушылар шұбырды. Солардың ішінде украинаның ұлы ақыны Тарас Шевченко да болған деседі. Черняевтың шақыруы бойынша солардың қатарына Шоқан Уәлиханов та келеді. Черняев жүрген жерін қызыл қанға бояйды, қазақтың жай жатқан момын елін қырғын-жосынға ұшыратады. Ел-жұртын сүйген Шоқан Уәлиханов Черняевтың бұл қылығына қарсы шықты, ақырында Черняевпен араздасып кетіп қалады. Алатаудың бауырындағы Тезек төренің ауылына келеді. Бұл жерге келген соң бір жыл ғана өмір сүреді. Айналасына қараса, қараңғылыққа тұншыққан момын ел, қанды жосын, қырғын. Өз жанын жеп жатқан жегі құртпен бірге айналасының қалың қайғысы қаттаса келіп, 27 жастағы Шоқан дүние салады. Сөйтіп жас боздақ жалынды көкірегі сөніп, ашылмаған сыры мен басындағы қалың ой, тәтті арманымен мезгілсіз мерт болады. .Оның арманы өз халқының болашағы үшін қызмет

ету еді, Потанин айтады: .Шоқан Уәлиханов заманда өз халқына қызмет етуді арман етуші еді, өз халқының ақылгөйі, ғалымы болып, халқының тарихын жазсам деуші еді, халқына мәдениет ұрығын сепсем деуші еді. Шоқан Уәлиханов өзінің негізгі мақсатына жете алмай, жастай өліп кетті. Шоқанның ғылыми еңбектерінің көпшілігі орыс тілінде жазылды. Орысша жазған еңбектеріндегі түйінді мәселе қазақ халқы туралы. Өйткені Шоқан Уәлиханов тек жай ғана оқымысты емес, ол өз халқының адал перзенті және өз халқының қамқоры еді. Шоқан Уәлиханов өзінің көп еңбектерінде өз халқын мақтан ете сөйлейді, өз халқының мәртебесін жоғары көтере жазады. Ол қазақ халқы жөніндегі Европа білгіштерінің шовинистік пікірлеріне қарсы шығып, қазақ халқының ізгі халық екенін, қазақ халқының кейбір мәдениеті бар жұрттардан да артықша ақылойы барлығын дәлелдеп береді. Ол қазақтың әдебиет қазынасын, ақындық өнерін, зор мақтан етіп жазады. Орта Азия халықтарының ең ақыны, әдебиеті күштісі қазақ халқы дейді. Осылардың бәрін айта келіп, Шоқан Уәлиханов, менің халқымның болашағы зор, мен халқымның сол болашағына сенем, деді. Шоқан Уәлиханов халқын сүйгенде бір тұстағы ұлтшылдар сияқты өтірік жылпылдап, бос сөздерді айтқан жоқ. Өзі төре тұқымы бола тұрса да, төресұлтандарды, шонжар байларды халықтың дұшпаны деп қаралап жазды. Шоқан Уәлиханов реформа туралы жазған мақаласында қоғамдық үстем табының мақсаты – қалың бұқараның тілегіне әрқашан да жат болады, өкіметтің жүргізейін деп отырған реформасы қазақтың үстем табының пайдасы, ал, қалың бұқараға, қара қазаққа бұл реформаның ешбір қажеті жоқ деп, патша өкіметі жүргізейін деп отырған реформаны қатаң сынға салады. Бұл – Шоқанның өз халқының қалың

бұқарасын сүйетіндігіне үлкен айғақ. Сондықтан Шоқан Уәлиханов – қазақтың тек тұңғыш білімпазы ғана емес, сонымен бірге қазақтың алғашқы демократы. .Шоқан Уәлиханов ісләм дініне ашықтан ашық қарсы шықты. Ол – ісләм діні ғылымның жауы, ісләм діні қазақ халқының болашағына қатер туғызады, сондықтан ісләм дінінен қазақ халқы аулақ болу керек, деді. Шоқан – дін жойылсын, оның орнына ғылым жасасын деген пікірге келеді. Шоқан Уәлихановтың осы сияқты тамаша пікірлері қазіргі біздің пікірімізбен тамырлас болып шығады. Ол пікірлер, өз заманына біздің халқымыздың шын қамын ойлаған пікірлер болып табылады. Шоқан Уәлиханов зор ғылым иесі адам, артына көп мұралар қалдырды. Солардың бірқатары 1904 жылы Санкт-Петербургте академик Веселовскийдің редакциясымен үлкен кітап болып орыс тілінде басылып шықты. .Сол жазғандарының ішінде шығыс тарихы жөнінде, дін, ескі наным жөнінен, қазақ тарихы мен әдебиеті жөнінен айтқан тамаша пікірлері бар. Қазақтың ауыз әдебиеті, батырлар жыры, қырғыздың «Манасы», ұйғыр тарихы, тағы басқа тарихи мәселелер Шоқан еңбектерінде көбірек қозғалған. Бұлар жалғыз қазақ халқы үшін емес, басқа шығыс тарихын зерттеушілер үшін де бағалы дерек болмақ. Шоқан Уәлихановтың сондай бағалы еңбектері өз халқына бұрын тарай алмады, оған кері кеткен патша заманы кедергі жасады. Қазіргі заманда мәдениеті өскен қазақ халқы өзінің тұңғыш білімпазы Шоқан Уәлихановтың еңбектерін өзіне үлкен мұра етіп ала алады. Оны өз кәдесіне асыра алады. Сонымен бірге қазақ халқы сол кер заманда өз халқының болашағын аңсаған өзінің адал перзенті, тұңғыш ғалымы Шоқан Уәлихановты мәңгі есінен шығармайды. Оның даңқын көтеріп, әрқашан да мақтан етеді.

ШОҚАН УӘЛИХАНОВТЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК ОЙ-ПІКІРЛЕРІНЕН І. Қазақ халқы туралы «Ресей империясына қарайтын бұратана жұрттардың ішіндегі сан жағынан болсын, байлық жағынан болсын бірінші орынды алатын халық, тіпті болашақта өсетін әлпеті бар халық – біздер, біздің қазақ халқы. Басқа бұратана жұрттар орыс арасында шашылып бытырап жүрсе, біздің халқымыз ұлан-байтақ тұтас бір даланы жастанып жатыр. Орысқа бағынған қазақтың саны 800 мыңдай деседі. Ал бағынбағандарын қоссақ, миллионнан асып кетеді. Егерде Европадағы бүкіл татарды алып, оның ішінде башқұрт, ноғай, бөкей қазақтарын қоссақ барлығының саны бір миллионға әрең жетеді. Ресейдің Орта Азиядағы сауда-саттығымыз деп жүргенінің өзі – біздің қазақ саудасы... Біздің халқымыз орыстардың көпшілігінің ойлағанындай топас та емес. Пайымдап айтсақ, қазақ халқы Ресей патшалығындағы бұратана халықтардың ең ақпейілі, ең бірі және тағылығы да шамалы, бұл жағынан біз тек буряттардан ғана төмендеуміз, өйткені буряттар бағына қарай аса тұманды буддизмді дін ғып ұстады, ал біздің халқымыз сорына қарай ісләм дініне душар болды. Біздің халқымыз поэтикалық қасиеті күшті, әдебиетке бай халық. Біздің ауыз әдебиетіміз шығыс шығармаларынан гөрі индо-герман эпизодына жақын. Ақырында бәрінен де бір артықшылығы – біздің қоғамдық өрлеу формамыз өзінің бұзылмаған қалпында тұр. Оның бұл қалпы – мәдениеті өсіп жеткенде болатын кейбір нәтижелермен дәлме-дәл шығады.

Біздің болашаққа деген барлық үмітіміз осындай айғақтарға негізделеді.» ІІ. Қалың бұқараның мүддесі туралы «Біздің өкімет соңғы кезде әкімшілік, сот билік және ағарту істерін қайта құруға шұғыл кірісе бастады. Бұл реформалардың бірқатары біздің қазақ даласына да тиісті болды, мысалы, бізге сот-билік реформасы жүргізілгелі отыр. .Бұл қайта құру жұмысының менің Отаным үшін үлкен мәні бар болғандықтан, біраз пікір айтуды өзімнің борышым деп білемін. Біздің заманымызда халыққа ең керекті, ең маңызды іс – экономикалық және әлеуметтік реформа. Бұлар халықтың нағыз мұң-мұқтажына тікелей қажет, ал саяси реформа сол шаруашылық реформаларды жүзеге асырудың құралы есебінде жүргізілмек, өйткені әрбір адам және бүкіл адам баласы өзінің өрлеу жолында түпкілікті бір мақсатқа ұмтылады... Ол мақсат өзінің тұрмысын жақсарту. Прогресс дегеніміздің негізі осы болып шығады. Осы тұрғыдан алып қарасақ, адамның тұрмысын жақсартуға жағдай туғызатын ғана реформалар қажетті болады да, ал сол мақсатқа қандай болса да кедергі келтіретін реформалар болса – ондайлар халыққа зиянды болып табылады... Қазақ халқы қараңғылығымен жалпы өсу дәрежесінің артта жатқандығынан саясат мәселесін де өзі қарауға керенау тартуы мүмкін, бірақ орыс әкімдер бізге, қазақ халқына айрықша назар салуы керек. Жаңа өзгеріс реформалар жасаймын дегенде бізге байқап тиісу керек, осындай істерге жете зер салмай, атүсті қараушылық – облыс әкімдерінің әдетіне айналып барады. Олар өздерінің жүргізейін деп отырған істерін елдегі сұлтандар мен шонжарлардың сөздеріне сүйеніп, солардың айтқандарын негізге алғысы кеп жүр. Проект

бойынша бекігелі отырған өзгерістер әлгіндей үстірт кетушіліктен туған жобалар, өзгерістерімен қайта құрушылықтар, сайып келгенде, қалың бұқараға қажетсіз боп отыр және оның зияны тигелі отыр. Бұл өзгерістер тек қана қазақ халқының үстем табының мақсатына сай, ал былайғы халық, елдегі ақсүйектердің айтуынша «қара қазақ» ондай өзгерістерді тілеген жоқ. Қазақ арасына өзгеріс енгізу туралы пікір жинаған комитет сол пікірлерге баға беру үшін әуелі пікір айтқандарды сословияға бөлу керек еді, сол сословиялардың әкімдеріне тікелей байланыстығын ашу керек еді... Ал, халықтың пікірі, әсіресе надан, тағылау халықтың пікірі әрқашан да халықтың шын мұқтажымен байланысты болмақ. Қоғамның үстем таптарының пікірін халықтың шын мүддесіне жат пікір деп қарау керек. Шонжар, бай адамдардың мақсаты, тіпті аса мәдениетті қоғамда болса да, көпшіліктің, қалың бұқараның тілегіне көбінесе қас болады». .(«Сібір қазақтарына жүргізілетін сот-билік реформасы туралы» деген мақаласынан.) ІІІ. Қазақ халқының әдебиеті, өнері туралы «Европада көшпелі рулар жөнінде әлі күнге дейін бір жалған пікір басым болып келеді. Ол жалған пікір бойынша көшпелі рулар бір жауыз тобыр сияқты. Бір тәртіпсіз тағы сияқты. Олардың ойынша көшпелі монғолдар мен қазақтар мал сияқты жосып жүрген надан варварларға жақын боп шығады. Ал шынына келсек, бұл тағы деп отырған жұрттардың көбінің жазба түрінде болсын, ауызша түрінде болсын, өз әдебиеті бар, өз сөз өнері бар... Солардың ішінде қазақ халқы айрықша шығады. Ақыл-ой өнері жағынан сахараның қазағы шаһарда тұратын татарлар мен түріктерден әлдеқайда

жоғары жатыр. Поэзияға деген бейімділік, әсіресе импровизацияға деген дарындылық көшпелі жұрттардың бәрінде болатын бір қасиет. Бәдәуилердің ақындық зейіні мен ақын жыраулары туралы европеецтерге бұрыннан мәлім. Арабыстан сахарасын кезіп, сондағы күркелерді көрген жиһанкездер – берілген сұраулардың қайсысына болсын мүдірместен өлеңмен жауап қайырған жалаңаш балалар туралы талай рет таңданып жазған болатын. Мұндай күй моңғол, түрік тұқымдарында да бар. Мұндай қасиеттің болуына көшпелілерге өздерінің алаңсыз көшпелі өмірі әсер етті ме, болмаса ұшы-қиыры жоқ жасыл дала мен моншақтай жұлдызы көп ашық аспанды сұлу табиғат әсер етті ме – мұны білудің бізге әзір қажеті жоқ... Татар тұқымдас халықтардың ішінде ақындық өнері жағынан бірінші орынды алатын халық – сірә қазақ халқы болар. Атақты ориенталист Сенковский өлеңші бәдәуилерді тұрмысынан және жаратылысынан ақын болады деген екен, сол сөзді қазақтарға да айтуға болады. Қазақ тілі түрік тілдерінің ішіндегі ең тамашасы. Қазақ тілінде араб тіліндегідей жасанды, бояма сөздер жоқ, ол – таза тіл. Солай болғандықтан мұның поэтикалық қасиеті де ерекше. Сахарада туған поэзия болғандықтан қазақ поэзиясының араб поэзиясымен байланысы бар, екеуінде де сюжеттік ұқсастық, бірдейлік бар, көшпелі өмірдің суретін, ру араларының дау-шарын жырлау жағынан екеуі бірбіріне тіпті ұқсас. Қайткенде де қазақ поэзиясы өмірдің елесін, өз қоғамының ұғымы мен қарым-қатынасын дұрыс суреттейді. Мұнда ғажайып қызық та көп... тарихы жағынан қазақ халқының ақындық өнері өзгеше тамаша, өйткені импровизаторлардың есінде сақталып келген батырлардың жауынгерлік керемет істерін жырлайтын барлық ескі поэмалар. Тілінің ескілігі, сөзінің көнелігі аман сақталғандықтан осы күнгі жас қауымға түсініксіз сияқты. Ал ол поэмалардың

барлығы Алтын Орда заманына жататын батырлар жөнінде тарихи дұрыс, бұрмалаусыз жырлайды. Әрқайсысы әр заманда жасаса да, қазақ жыраулары өз дәуірлерінің тамаша кезеңдерін халықтың есіне мәңгі қаларлықтай етіп жырлап кетті. Бұлардың жырлағаны тұтас бір уақиға сияқты. Бұл поэмаларда өз халқының әдет-ғұрпы, мақал-мәтелдері, заңдары жалпы алғанда, өз халқының өткен тарихы мен рухани өмірі толық суреттеледі, сондықтан бұл поэмалар бізге қазақ халқын білу жөнінде үлкен дерек болмақ. Қазақ халқының өзінің ескі аңызын, ескі нанымын сол күйінде аманесен сақтап келуі таңқаларлық іс және сол өткеннің жыр болған оқиғалары қазақ даласының шартарабында бірдей, бір-біріне ұқсас болып жырланады. Бәрі де бір қолжазбадан көшірілген сияқты. Көшпелілердің ауыз әдебиетінің мұндай ұқсастығы және дәлелділігі басқаларға жат болып көрінуі мүмкін. Бірақ бұл – шүбәсіз шын факт. ІV. Ісләм дінінің қазаққа зияндылығы туралы .Мұсылмандық әзір біздің қанымызға сіңіп кете қойған жоқ. Бірақ, ол келешекте халқымызды тозтоз ете ме деген қауіп туғызып отыр. Мұхаммедтің атын білмейтін қазақ арасында әлі толып жатыр. Және біздің шамандарымыз қазақ даласында әлі де өз маңызын жоя қойған жоқ. Нестор уақытындағы Ресей сияқты, біздің қазақ даласында да қазір қос дінділік бар, ескі Ресейдегі кітап ұстағандар сияқты, біздің де кітап ұстаған діншілеріміз өз халқының ата дәстүріне шабуыл жасай бастады. Татар молдаларының, Орта Азия ишандарының және өз арасынан шыққан діндарлардың ықпалымен біздің халқымыз жалпы мұсылмандық қалыпқа көшіп барады. Сұлтандар мен байлардың бірқатары гаремге қамағандай өзінің әйелдерін бөлек үйге тұтқын қып

ұстайтын болды. Құдайшыл қазақтар Меккеге бару дегенді шығарды. Ал біздің жырауларымыз халық жырын былай қойып, мұсылман уағыздарын жыр қыла бастады. Сайып келгенде, Европа мәдениетіне жету жолында қазақ халқының алдында қатерлі белес тұр. Бұл қатерлі белес – Ресейдің Византия дәуірінен өткені сияқты, қазаққа татар дәуірін бастан кешуді мұқтаж еткелі тұр. Біз қайткенде де татар дәуірін аттап өтіп, Европа мәдениетіне жетуіміз керек және бұл жөнінде өкімет бізге көмектесуі керек. Бұл көмек қазақ халқына – суға кетіп бара жатқан адамға беретін көмектей аса қажет болып табылады. Мұндай адамгершілік істі жүзеге асыру үшін алдымен молда мен ісләм дініне деген жағдайға тиым салу керек. Қазақ ауылдарына дін мектептерінің орнына орыс мектептерін ашу керек. Біз өкіметтен мыналарды талап етеміз: білім біткеннің жауы – дінді өкімет жақтамасын, өкімет қорқынышпен ұрып-соғуға негізделген діни заңдарды, елге күшпен орнатпайтын болсын. Осы айтқан орынды дәлелдеріміз бойынша қазақ халқының пайдасы үшін және өкіметтің өз мақсатына сәйкес, біз былай істеу керек деп кеңес береміз: қазірден бастап қазақ халқының арасына ісләм дінінің жайылуын тоқтату үшін тыңғылықты шаралар қолданылсын, оларға татар молдалары Орта Азиядан келген әулиесымақтардың зияны, ықпалдары бәсеңдейтін болсын, мүмкін болса ондай зиянды, ықпалдар біржола құритын болсын. Мұсылман шариғатының ықпалын жою өкіметке тіпті оңай. Өйткені қазақ халқының өзі соны тілеп отыр... АҚАН СЕРІ Баспасөзі жоқ, сауық-салтанат құратын театры жоқ қырдың ақыны да, әншісі де, музыканты да тек ақындар ғана еді. Мәдениеті өрлеген өзге елдердің өнегесінде

кездесе қоймайтын «ақын – ел еркесі» деген қазақтың үлгілі нақылы осыдан туған. Ақан сері – өткендегі қазақтың ардагері, аяулы ұлдарының бірі. Бұрынғы көптеген сөз ділмарлары мен ән-күй өнерпаздарының ішінде Ақан серінің атақ-даңқы өзге сырлы. Әншілігі мен ақындығына қоса жүріс-тұрыс салтында ерекшелігі бар Біржан сал ғана Ақан серіге ұқсас келеді. Тегінде Біржан салдықтан гөрі серілікке жақын. Салдық салты бұрынғы қазақ ауылында недәуір орын тепкен секілді. Арқа жақта Бәйтен сал, Шәркей сал дегендердің аты мәлім. Ал, Біржан, Балуан Шолақ, Мәди сынды ақындар өнерпаздығымен қадірлі еді. Бұл пішіндегі әнші-ақындардың салтында салдықтан гөрі серілік басым. «Арғынның Алтай-Қарпық серісімін» деп асқақтаған Біржандар кезінде қасына топ-топ әнші, қыз-жігіттерді ертіп, ауыл-ауылды думандатып жүретін болған. Бұлар өткендегі қазақ елінің көшпелі театры, концерт беретін труппасы секілді, сондықтан да олар елінің қадірлісі, еркесі болды. Алайда сал, сері деген атаулардың қайдан, қашан және неден шыққанын анықтайтын зерттеулер бізде әлі күнге жоқ. Бұл – әдебиет тарихшыларының зер салатын мәселесі. Тегінде бұл екі салттың екеуі де ХІХ ғасырда пайда болғанға ұқсайды. ХІХ ғасырдың екінші жартысында Россия патшалығының отаршылдық шеңберіндегі қазақ елінің әлеуметтік, мәдени өміріне түрліше жаңалықтармен қоса, қаттасқан қайшылықтардың мол орын алғаны мәлім. Ескі ауылдың тұнығы мен түндігі шайқала бастағанын әсіресе, патшаның отаршылдық қысымынан қоныс таршылығын сезінген бір топ ақындар ескіні, ежелгіні аңсап, күңіреніске түсті. Патшалық Россияға қосылудан олар тек зорлықзомбылық, зәбір-жапаны, азғындық пен пәлені ғана байқады. Отаршылдықпен қоса келген жәбірлікті, сойқандықты патша әкімдерінің қиянатшыл дөкір

мінездерін көріп, тебіренді олар. Расында, біздің ХІХ ғасырдағы әдебиетіміздегі ең басым сарын осы топтыкі. Россияға қосылудың тарихи тағдырын түсінген ұлы орыс халқының озық ой-пікірін, ұлы мәдениетінен үйренуді, тәлім алуды мақсат еткен көреген адамдар, тіпті азшылық қана. Бұл ретте біз ХІХ ғасырда Ыбырай, Шоқан, Абайдан басқа ешкімді атай алмаймыз. Ескі феодалдық ата-дәстүрдің қиян-кескі құрсауында жүрген елін орыс халқынан өнеге-өнер алуға, елдестік сақтауға шақырған Шоқан, Абай, Ыбырайларды зор мақтан ете отыра, біз тарихи шатқалаң кезеңдерде отаршылдық, патшалық әрекеттерден халқы шеккен зәбір-жапаны жыр еткен, наразылық мұңдарды шерткен ақындарды да мансұқ етпеуге тиістіміз. Орыс халқымен достасқан, бақыт тапқан біздер, сол заманда бүгінгіні болжай қоймадыңдар деп оларды кінәласақ – әбестік болар еді. Патшаның отаршыл әкім ұлықтардың қылықтарынан, солармен қосыла пайда болған капиталистік кінәраттардан сескене толғанған Шортанбайлардың жырларында тарихи шындық та аз емес. Рас, бұл сарындас ақындардың беталысы тұңғиық тығырыққа ауды да, кейбір ескіні іздеп, діни мистикаға ұрынды. Ақан сері ХІХ ғасырда қазақ әдебиетінде пайда болған осы ағым тұсында дәуір шекті. Және бұл осы топтағы ақындардың бәрінен де бөлек, өнерпаз. Өлең мен әнді дарқан өнер деп түсінген Ақан ән-жырды халықтың сусыны, сұлулық сипаты деп қастерледі. Жаратылысынан бас еркіндігін сүйген өр мінез Ақан, өзі өскен дәуірдегі топас билеуші, үстем қауымның, қиянатшыл әкім-төрелердің, дін иелерінің халыққа жат қылықтарын жексұрын көріп, сол ортаны менсінбей заманына қыңыр келіп, қыр көрсетті. Бұл қыңырлықты басқа жолдардан таппаған Ақан өз өнерімен, өзгеше өмір сипатымен – серілік, өрлік мінезімен сездірді. Біржан секілді Ақанда да жас

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙