Мазмұнға өту
Home

Ұстаз ұлағаты

Төлеубай Ермекбаев

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Ұстаз ұлағаты

Авторы: Төлеубай Ермекбаев

Төлеубай ЕРМЕКБАЕВ

ҰСТАЗ ҰЛАҒАТЫ

Әлі есімде, 1985 жылғы желтоқсан айының бел ортасы еді. М.В.Ломоносов атындағы Москва мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітіріп, одан соң Кеңес Армиясы қатарында әскери қызметімді атқарып, белін салтанатты әскери шерулерде ғана тағатын былғары ақ белбеумен шарт буынған сыптығырдай сержант формасымен туған ауылым Жаңаарқа ауданының Атасу теміржол станциясына қайтып оралғанмын. Ай-хой, шіркін десеңізші! Гүл дәурен, нұр дәурен, жыр дәурен 25 жастағы кезім. Оқу мен әскер бітті. Енді үлкен өмір жолын бастап, қызметке кірісуім керек. Сонда қайда жұмысқа тұрсам болады? Бірнеше жыл бойы туған ауылымнан жырақ кетіп, Атасуымды қатты сағынып қалыппын. Маған салса, ауылымнан ешқайда кеткім-ақ келмейді. Әттең, аядай ауыл Атасуымда газет редакциясы жоқ. «Атасу айнасы» деген газет ашуға әбден-ақ болар еді. Бірақ, оған қаржы бөлетін құрылтайшы мен газет басатын баспахана қайда? Енді қайтпек керек? Аудан орталығына барып, «Жаңаарқа» газетіне жұмысқа тұрайын ба? Мүмкін, Жезқазғанға барармын? Әлде Қарағандыға тартып кетсем бе екен? Осындай ойлардың шырмауында бірер күн жүрдім. Әуелі Қарағандыға бардым. Қазақтың ардагер азаматы, академик Евней Арыстанұлы Бөкетов басқарып отырған Қарағанды мемлекеттік университетінің филология факультетінде оқыған жылдарымда тұңғыш өлеңімді жариялаған, бірер жылдан кейін топтама өлеңдерімді суретіммен қоса оқырмандар назарына ұсынып, сәт сапар тілеген, кейін Москва мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне ауысарымда қолыма мақтаулы мінездемесін берген, келер жылдың жазында бір жарым ай өндірістік тәжірибеден өткен көзге таныс, көңілге ыстық облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің редакциясына келдім. Жастығым ғой, бұрын көрмеген редактордың алдына баруға батылым жетпесе керек, көз таныс ағам, белгілі қаламгер, облыстық газеттің сол кездегі жауапты хатшысы Рымқұл Сүлейменовке кірдім.

-Е, бала, хал қалай? Көрінбей кеттің ғой, оқуыңды бітірдің бе?-деп Рекең ежелгі әдетінше жайдары қарсы алды. Мен оқудан кейін әскер қатарында болғанымды, енді қызмет қарастырып жүргенімді айттым. -Ол жағы қиын, бала. Бізде қазір бос орын жоқ,-деді Рекең. Ағамен арадағы әңгіме осымен тәмам болып, мен сол күні кешкі поезбен ауылға қайтып кеттім. Бірер күннен кейін Жезқазғанға да барып қайттым. Алайда, «Жезқазған туы» газетінің аппаратында да бос орын жоқ екен. Редактор С. Сауытбеков газеттің Қаражал, Жәйрем, Жаңаарқа бойынша меншікті тілшісі болуға ұсыныс жасады. Егер оған келіссем, Жәйрем кентінен үш бөлмелі пәтер де бергізбекші болды. Мен отбасыммен ақылдасып, жауабын бір аптадан кейін беретін болып, ауылға қайтып оралдым. -Айтуыңа қарағанда жүріс-тұрысы көп жұмыс болатын сияқты ғой бұл. Жамал үйде қалай жалғыз қалады, қайдам...-деді әкей. Мен де ойланып қалдым. Бірер күннен кейін келіншегім Жамалды ертіп, «Айнабұлақ» ауылындағы қайын жұртыма кеттім. Ол жақта бір аптадай болып, Атасуға қайтып оралсақ, әкей мені жоғалтып отыр екен. -Осыншама жатып алғаның не, шырағым? Қарағандыдан сені іздетіп жатқан көрінеді. -Кім? -«Орталық Қазақстан» газетінің редакторы. -Оны сізге кім айтты? Ғалым Жайлыбаев ауданнан телефон соқты. Тарт енді Қарағандыға! Бұл мен үшін күтпеген қуанышты хабар еді. Дереу сол түні ауылымыздың үстінен өтетін жолаушылар поезымен Қарағандыға тарттым. Таңертең поездан түскен бетте теміржол вокзалына таяу маңдағы облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің редакциясына барып, Рымқұл ағаның кабинетіне келсем, есігі жабық тұр. Жұмыс уақыты басталған. Сұрастырып көрсем, Рекең бірер күн бұрын еңбек демалысына шығып кетіпті. Мекенжайын анықтап алдым да, үйіне бардым. Рымқұл ағамыз обкомның еңселі ғимараты жанындағы тоғыз қабатты үйдің жоғарғы жағындағы пәтерлердің бірінде тұрады екен. Есікті өзі ашты. -Келіп қалдың ба, бала? Өй, аузыңды ұрайын! Аузыңның салымы бар екен, бізге жұмысқа тұратын болдың!-деп қуантып тастады ағам. -Өткен жолы бос орын жоқ деп едіңіз ғой. -Ә, онда солай еді. Енді реті келіп тұр. Қазір мен редактормен сөйлесейін,-деп Рекең телефон нөмірін тере бастады. -Алло, Тілеухан, хал жақсы ма? Мен Рымқұл ғой. Өткен жолы өзіңе айтқан бала келді. Біздің үйде отыр. Қазір саған жіберейін,-деп телефон құлаған орнынан қойды да, маған қарап: -Редакцияға тарт, бала! Редактордың тура өзіне бар, сені күтіп отыр,-деді. Жарты сағаттың мұғдарында редакцияға қайтып оралдым. Қабылдау бөлмесінде бес биенің сабасындай орыстың мәтүшкесі отыр екен. -Сырт киіміңді осы жерге шешіп, редакторға кір. Жаңа сенің келетініңді ол кісі ескерткен,-деді. Апыл-құпыл шешініп, редактордың кабинетіне кірдім. Шырағданы жарқырап тұрған даңғарадай кең бөлменің төріндегі столдың басында кең маңдайлы маңғаз адам алдында жатқан қағаздарды қарап отыр екен. -Сәлематсыз бе?-деп сәл имене амандасып, кең кабинеттің орта тұсына жете бере тұрып қалыппын. Редактор үлкен басымен орнынан тұрып, маған қарсы жүрді. Жүзі сондай нұрлы адам екен. Жылы жымиған қалпында қолын беріп амандасып:

-Иә, келіп қалдың ба? Кел, отыр, әңгімелесейік,-деп алдындағы шағын столдың жанына отырғызды да, бетіме әкелік, ағалық мейірімге толы нұрлы жүзімен күлімсірей қарап: -Өткен жолы редакциямызға келіп кетіпсің. Маған неге кірмедің?-деп сұрады. -Рымқұл аға бос орын жоқ деген соң сізді мазалағым келмеп еді. -Пәлі, балалық жасаған екекнсің. МГУ-дің журналистика факультетін бітірген жігітті қызметке алмағанда, кімді аламыз? Кәне, дипломың өзіңде ме?-деп қолын созды. Дереу қойын қалтамнан табақтай көк дипломды суырып алып бердім. Редактор столың үстінде жатқан көзілдірікті киіп, дипломымның ішіндегі жазуды дауыстап оқи бастады. Даусы барқыттай жұмсақ, орысша тілі өте жатық екен. -«Решением Государственной Аттестационной Комиссии Московского Государственного Университета имени М.В.Ломоносова присвоена квалификация «литературный сотрудник газеты»,-деп МГУ-дің сол кездегі ректоры, академик Логунов пен журфактың сол кездегі деканы, профессор Засурскийдің фамилиясына дейін оқып шықты да, маған қарап: -Төлеубай, біз сені редакциямыздың аппаратына тілші етіп қабылдауды ұйғардық. Мәскеудің мектебінен, әскердің мектебінен өтіпсің. Бәрі дұрыс. Енді осында еңбек жолыңды бастап, бізді қызмет істейтін ағаларыңнан үлгі-өнеге ал. «Орталық Қазақстан» газеті – кезінде Саттар Ерубаев, Ғабиден Мұстафин сияқты үлкен жазушылар еңбек еткен, аптасына алты рет шығатын бірінші санатты беделді басылым. Бізден басқа облыстық газеттер аптасына 5 рет қана шығады, ал біз 6 рет шығамыз. Редакциямызда қызметкерлерге алаңсыз шығармашылық жұмыспен айналысуға қолайлы жағдай жасалған. Журналистеріміз кабинетте бір-екі адамнан ғана отырады. Ұжымымыз жақсы, ынтымағымыз дұрыс, газетіміз абыройлы. Таралымы 20 мыңның үстінде,-деді. Костюмінің өңірінде депутаттық белгісі жарқыраған, сөзі салмақты, өзі маңғаз редактордың мені баласынбай, терезесі тең адамша сөйлескеніне қысылып та отырмын. -Бүгін – сәрсенбі, сәтті күн. Қызметке қабылданғаның туралы бұйрықты қазір шығартқызсам, жұмысқа кірісе бересің бе? Әлде ауылға барып, әкей мен шешейді қуантып, алдымыздағы дүйсенбіден бастап шығасың ба?-деп бетіме қарады. -Ауылға сенбі, жексенбіде де барып келемін ғой. Қызметімді бастай берейін,-дедім. -Иә, солай еткенің дұрыс болар,-деп Тілекең өзінің бірінші орынбасары Есімбек Бәйтеновты шақырып алды да, мені қай бөлімге жіберетіндерін ақылдасты. -Сапкең жалғыз қалды ғой. Әзірше Төлеубайды хат бөліміне тілші етіп жіберейік. Басқа бөлімдер жас жігітке ауыр соғар. Сіз бұған қалай қарайсыз, Еске?-деп редактор орынбасарына бұрылды. -Иә, сол дұрыс болар. Хат бөліміне жіберейік,-деді Ескең. Осылайша 1986 жылғы 28 қаңтардан бастап облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің еңбекші хаттары және бұқаралық жұмыс бөлімінің тілшісі болып тағайындалған бұйрығым дайын болды да, редактор кабинетіне бөлім меңгерушісін шақырды. Ол кісі келгенше мені бастығыммен сырттай таныстыра бастады. -Сапиолла Ансаров деген байырғы қаламгер, беделді журналист ағаң бізде хат бөлімінің меңгерушісі болып қызмет атқарады. Сен сол кісінің қарамағында боласың. Өте әділ, шындықты бетке айтатын, мінезі тік адам. Жас журналистке біздің Сапкең сияқты ардагер азаматтың тәрбиесін көрген теріс болмайды,-деді құлаққа жағымды қоңыр барқыт даусымен. Осы кезде редактордың кабинетіне сәл еңкіштеу келген ұзын бойлы, тарамыс денелі, бурыл шашты егде адам кірді. Әкеммен жасты адамды көріп, орнымнан тұрып, сәлем бердім.

-Сапке, мына жігіт Москва университетінің журналистика факультетін бітірген жас маман. Оқудан кейін әскер қатарында да болып қайтыпты. Қызметке қабылдап, сіздің бөлімге тілші етіп жібергелі отырмыз. Тәрбиелеңіз, жұмыстың жайын түсіндіріңіз. «Жас келсе – іске» деген ғой, әлі-ақ қызметке төселіп кетеді. Сіздің де қолыңыз ұзарып қалады,- деді редактор. -Қай жерденсің, бала?-деп сұрады Сапкең. -Жаңаарқа ауданынанмын. -Әкең мен шешең бар ма? -Бар. -Онда дұрыс, бала. Жаңаарқа ауданының жігіттері жаман болмайды. Маған да өзіңдей жас жігіт керек болып жүр еді. Жақсы болды-ау. Тілеухан қарағым, қамқорлығыңа рахмет. Бұл балаға алаңдама. Өзімнің тәрбиемде болады ғой,-деді Сапкең. -Ал, қадамың құтты, жұмысың жемісті болсын! Отыратын қызмет орныңды Сапкең өзі көрсетіп, атқаратын жұмысыңның жай-жапсарын түсіндіреді. Бізде күн сайын таңертеңгі сағат 9-дан 15 минут өткенде күнделікті редакциялық лездемеміз болып тұрады. Ертең таңертең уақытында кел, ұжыммен таныстырамын. Келістік пе?-деп облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің редакторы, облыстық Кеңестің депутаты, қарағандылық белгілі қаламгер Тілеухан Әжбабаұлы Жүсіпов бетіме әкелік мейіріммен күлімдей қарап, қолын ұсынды. -Келістік, ағай. Сеніміңізге рахмет!-деп Сапкеңнің соңынан ердім. Сапкең редакцияның алтыншы қабатындағы сыртында «Хат бөлімі» деген жазуы бар кең кабинетке бастап әкелді. Бөлмеде екі стол, бірнеше орындықтар тұр. Кіре берістегі столдың басында толықша келген орта жастардағы әйел отыр екен. Әрі таман тұрған екінші столдың басы бос. -Мынау Мәриям деген апаң болады, біздің бөлімде хат тіркеуші болып жұмыс істейді,-деп оны маған таныстырды да, Мәриям апайға қарап: -Ал мына бала бізге тілші болып қызметке келді. Москваның университетін бітіріпті, өзіміздің Жаңаарқа ауданының баласы көрінеді,-деді. Содан кейін: -Айтпақшы, үйленіп пе едің?-деп сұрады менен. -Иә, үйленгенмін. Келініңіз әзірше ауылда. -Ал мұнда қайда тұрасың? Қалада тұратын туыстарың бар ма? -Қарағандыда тұратын туыстарымыз жоқ. Бір жөні болар. Осында университеттің жатақханасында тұрып жатқан жолдастарым бар. Әзірше солардың жанында жүре тұрармын,-дедім. Сапкең ойланып қалды. -Мен редакторға кіріп, сені осы редакцияға жақын маңайдағы жатақханалардың біріне орналастыруды сұрармын. Баспана мәселесі шешілгенше, келін ауылда бола тұрсын. Мұнда келсе, қиналып қалар. Кішкентайың бар ма?-деді. -Келініңіздің аяғы ауыр,-деп мен қысыла жауап бердім. Содан кейін Сапкең біздің бөлменің жанындағы өзі отыратын кабинетке бастап әкеліп, хат бөлімі атқаратын жұмыс жайлы, алдағы уақытта менің орындайтын тапсырмаларым туралы егжей-тегжейлі баяндап берді. Айына бір рет берілетін «Сарыарқа» табиғат достарының отауы» атты арнаулы беттің материалдарын дайындау бұдан былай менің міндетіме берілетін болды. Бұдан басқа хат бөлімі ай сайын дайындайтын «Оқырман хаттары», «Қарағанды қақпаны» деп аталатын арнаулы топтамалар бар екен. Ретіне қарай оларға да қалам тартып тұруым керек. Бұл екі топтама негізінен редакция қоржынына түскен оқырмандар

хаттарының негізінде даярланатын көрінеді. Соларды әдеби жағынан өңдеп, қайта қорытып, газет бетінде жариялауға дайындап отыру керек. -Бізде жол есебі деген бар. Редакцияның бір қызметкерінің күнделікті нормасы – 150 жол материал дайындау. Бұл – машинкаға басылған үш бет материал. Күн сайын кешкісін секретариатқа түскен материалдардың есебі шығарылып, таңертеңгі лездемеде хабарланып отырады. Сондықтан қатардан қалмай, басқалармен бірге редактордың алдында атың аталып отырғаны дұрыс. Жұмыстың да жүріп жатқаны осылай көрінеді,-деді Сапкең. Сол күні жұмыс аяғына дейін газет тігінділерін ақтарып, хат бөлімі даярлайтын материалдардың мазмұнымен таныстым. Сапкең қоржынынан оқырмандардың 5-6 хатын әкеліп берді. -Мына хаттарды қорытып, газетке дайындау керек. Бірақ, асығыстық жасама. Қызметке енді кіріскен сенен басшылар бірден жол есебін талап ете қоймайды. Әуелі оқырмандар хатын байыппен оқып шық, негізгі мазмұнын, айтар ойын ұғып ал. Қабығын аршып, дәнін ала білу керек. Хат қорыту дегеніміз – осы. Содан кейін журналистік өңдеуден өткізіп, машинкаға бастырып, менің қолыма беруің керек,-деп мән-жайды тағы да тәптіштеп түсіндіріп жатыр. Жұмыс аяғында Сапкең: -Ал, бала, бүгінгі қызметіміз осымен тәмам болды. Енді біздің үйге барайық. Мен бағана жеңгеңе телефон соғып, ескертіп қойғанмын,-деді. Екеуіміз аяңдап, 45-ші кварталдағы автобус аялдамасына қарай беттедік. Қаңтардың кеші ерте түсіп, далада ымырт қараңғысы үйірілген мезет еді. Бірақ, көңілімнің көкжиегі абзал ағалардың қамқорлығымен жап-жарық болатын! Осындай асыл адамдармен бірге қызмет атқаратыныма қуандым. Сапкеңнің үйі 32-ші кварталда екен. Үш бөлмелі ұядай ғана пәтер. -Амансың ба, айналайын? Қызметің құтты болсын!-деп жеңгей де жалпылдап жатыр. Сол кеште Сапкеңнің отбасымен дәмдес болып, үйіне қондым. Ертеңінде таңертең лездеме үстінде Тілекең мені редакцияның еңбек ұжымымен таныстырып, қызметіме табыс тіледі. -Мәскеудің мектебінен, әскердің мектебінен өтіп келген жас жігіт. Енді біздің қатарымызға келіп қосылды. Бәріңіз қамқорлыққа алыңыздар, көмек көрсетіңіздер, тәрбиелеңіздер жас маманды. Өзіміз де еңбек жолын осылай бастаған жоқ па едік?-деп қорытындылады сөзін редактор. -Е, көмектесеміз ғой. -Құлағынан тартып, мұрнынан бұйдалаған тайлақтай ертіп аламыз көшімізге. -Тартпағанда! -Ертпегенде! -Әлі-ақ газеттің қара жорғасы болып шыға келеді. Біз де аспаннан екі аяғымыз салақтап түсе қалған жоқпыз,-деп Зарқын Тайшыбаев, Шайхан Жандаев, Еркін Лұқпанов, Бағдат Мекеев, Айқын Несіпбаев, Мағауия Сембаев, Саттар Тұрғамбеков, Дәулет Мақашев сияқты кілең «сен тұр, мен атайын» дерлік ығай мен сығай журналист ағаларым жан-жақтан қолпаштап, көтермелеп әкетті. -Тууу, сендер өздерің ұядағы арадай гуілдеп, есін шығардыңдар ғой інішектің. Ұялтпасаңдаршы оны!-деп Гүлсім Оразалиева мен Оңайгүл Тұржанова апаларым араша түсіп жатыр... Осылайша ойда жоқ жерден облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің тілшісі болып шыға келуімнің сырын кешікпей-ақ әріптес ағаларымнан естідім. Мен он шақты күн бұрын жауапты хатшыға келіп жолыққанымда редакцияда бос орынның жоғы рас екен. Бірақ, хат

бөлімінің аға тілшісі, белгілі ақын, танымал қаламгер Матай Айнабеков марқұм содан көп ұзамай бір кеште тойлап келе жатып, «қызыл жағалылардың» қолына түсіп қалыпты. Компартияның билігі жүріп тұрған заман, еңбек тәртібі деген ол кезде қатал. Майда қоңыр Маткеңнің редакциядағы қызметімен қош айтысуына тура келген. Осылайша аппарат құрамынан бір тілшінің орны босайды да, кімді қызметке аламыз деген мәселе бой көтергенде, редакцияның жауапты хатшысы Рымқұл Сүлейменов ағам: -Осыдан біраз күн бұрын маған қызмет сұрап, МГУ-дің журфагын бітірген бір жас жігіт келіп еді. Мен бос орын жоқ деп қайтарып жібергенмін,-дейді. -Қайда екен ол жігіт? Қай жақтан өзі, оны білетін кім бар?-деп сұрапты Тілеухан аға. -Ол жігіт – Жаңаарқаның баласы. Осыдан 3-4 жыл бұрын біздің редакцияда бірер ай өндірістік тәжірибеден өткен. Қазір ауылында қазы-қарта жеп жатқан шығар байдың баласы,-дейді Рекең. -Жазуға қабілеті қалай? -Тәжірибе кезінде көзге онша көріне қойған жоқ. Өзі өлең жазады. Газетімізге суретімен бірге өлеңдерін басқанбыз. Москвада оқып жүргенінде де өлеңдері газетімізге жиі шығып тұрды. -Онда сол жігітпен хабарласып, редакцияға шақыр. Өлең жазатын жігіт мақала да жазады. Баулу керек, тәрбиелеу керек. Салған беттен кім бұрқыратып жазып кетеді дейсің? МГУ-дің журфагын бітірген жігіттің редакциямызда қызмет еткені бізге де абырой. Оны қызметке алсақ, обком сөз айтпайды. Дереу оған хабар бер, маған келіп жолықсын,-деп жауапты хатшыға қолма қол нақты тапсырма беріпті қайран Тілекең. Содан кейін Рекең шұғыл түрде «Жаңаарқа» аудандық газетінің редакциясына телефон шалып, мені Қарағандыға шақыртқан екен. Арқаның ақберен ақыны Ғалым Жайлыбаев ағам ол кезде аудандық газетте қызмет атқаратын. Ол Рекеңнің сәлемін дереу телефон арқылы менің ауылыма жеткізген. Қарағандыға аяқ астынан сапар шегуімнің сыры осылай еді. Тілекең мен Сапкең екеуі ертеңінде маған редакция жанындағы жұмысшылар жатақханасынан бір бөлме алып берді. -Әзірше сонда тұра тұр. Пәтер мәселесі де шешіліп қалар. Редакцияның кәсіподақ комитетіне пәтер сұраған арызыңды беріп қой. Ал біз өз тарапымыздан сенің тұрмыстық жағдайыңды көп ұзатпай шешуге күш салатын боламыз,-деді редактор Тілеухан Әжбабаұлы. Ол кезде облыстық «Орталық Қазақстан» газетінде пәтер мәселесі тым оңай шешіліп тұрады екен. Бір жылда 2-3 пәтерден алған уақыты да болыпты. Қызметкерлердің көбісі үш бөлмелі, төрт бөлмелі даңғарадай үйлерде тұрады. Мен редакция кәсіподақ комитетіндегі үйдің кезегіне үшінші болып тіркелдім. Алдымдағылар екі бөлмелі пәтерден үш бөлмелі пәтерге шыққысы келетін қызметкерлер. Әйтеуір, өздеріне тар сияқты болып көрінгенімен бастарында баспаналары бар. Сонда редакция бойынша үйі жоқ қызметкер жалғыз мен ғана екенмін. Сол жылдары осы біздің Қарағандының үлкен өндірістік кәсіпорындарында, шахталар мен заводтарда үйдің кезегінде 300-400 адамға дейін тұрады екен-ау! Олар пәтердің кезегін күтумен жатақхананың қуықтай бір бөлмесінде бала-шағасымен ондаған жылдар бойы амалсыздан тұрып жататын көрінеді. Қаладағы зиялы қауым өкілдерінің де жағдайлары аса мәз емес болатын. Сол уақытта Қарағанды мемлекеттік университетінің филология факультетіне қызметке келген Жантас Жақыпов деген жолдасымыз Кеңес Одағының шаңырағы ортасына құлап түскенше балашағасымен отбасылық жатақханада тұрып, үйдің кезегін сарыла күтумен болды.

-Менің алдымда пәленбай адам тұр. Ал кезегі құрғырдың жылжитын түрі жоқ. Сірә, мен ұлым ержетіп, қызметке кіріп, қашан өзі үй алғанша осы жатақханадан шыға алмаспын,- деп қамығатын Жәкең. -Ойбай-ау, оған дейін өзің селкілдеген зейнеткер шал болмайсың ба? Қой, тым торыға берме. Бәлкім, сәті түсіп қалар,-деп жұбатамыз қамкөңіл бауырымызды. -Әй, қайдам-ау! Жылы лебіздерің үшін Құдай көңілдеріңді көтерсін. Ал бірақ, мендегі үміттің үзілетін түрі бар, жігіттер!-деп күрсінетін ол. Жұмысшылар мен университет ұстаздарының жағдайы осылай болғанда облыстық «Орталық Қазақстан» газетіне қызметке жаңадан келген адам бір-екі жылдың ішінде жайлы пәтер алып, масайрап жататын. Осыны естіген жүргізуші жігіттер редакцияның қызмет көліктерінің тізгінін ұстап, бірер жылда үй мәселесін шешіп алған соң редакциямен есеп айырысып, таксист болып кете береді екен. Редакторымыз Тілеухан Әжбабаұлы Жүсіповтың маған жасаған әкелік қамқорлығы тек мұнымен шектелмеді. Көп ұзамай Ұлы Отан соғысының қарағандылық белгісіз қаһармандарының бірі жайлы материалға деректер іздестіру мақсатымен Москва қаласына арнайы іссапарға жүргелі отырған танымал журналист Зарқын Тайшыбаевқа: -Болса да Москваға бара жатырсың. Негізгі жұмысыңмен қатар сол жақтан тағы бір шаруаны бітіре кел. МГУ-дің журналистика факультетінің деканатына соғып, мына Төлеубайдың арнайы жолдама бойынша біздің газетке қызметке жіберілгені туралы деканның қолы қойылған анықтама қағаз ала кел. Сонда біз Төлеубайға қызметке жаңадан орналасқан жас маман ретінде бір айлық лауазымдық жалақысы көлемінде материалдық көмек көрсете аламыз,-деп тапсырыпты. Әншейінде салдыр-салақтау Зақаң сол сапарында редактордың бұл өтінішін бұлжытпай орындап келді. Соның нәтижесінде көп ұзамай жас маманға берілетін жәрдемақы ретінде бір айлық жалақымның көлемінде ақша алып, шала байып қалғаным бар. Редактордың мұндай қамқорлығы қиялыма қанат бітіріп, жұмысқа ерекше серпінмен құлшына араласып кеттім. Редакцияға қызметке орналасқан соң бір айдан кейін алғаш рет іссапарға шықтым. Бағытым – Қарқаралы ауданы. ...Әлі есімде, наурыз айының басы еді. «Сарыарқа» табиғат достары отауының» кезекті бетін көрікті де көркем Қарқаралы табиғатының мәселелеріне арнамақшы болып, мен материал жинап қайту мақсатымен Қарқаралы қаласына аттандым. Жол жүрердің алдында келіншегім Жамалды Жаңаарқаның автобусына мінгізіп жібергенмін. Тұңғыш сәбиіміздің өмірге келер уақыты болып қалған. Қарқаралы қаласында үш күн болдым. Қала сыртындағы орман шаруашылығына барып, қорық пен табиғат мүйісі мұражайын тамашаладым. Қорықшы жігіт қоршау ішінде алаңсыз жайылып жүрген әдемі еліктер мен маңғаз бұғыларды көрсетті. Қойын дәптеріме табиғат қорғау тақырыбына байланысты керекті мәліметтерді толтырып алған соң Қарағандыға қайттым. Аптаның соңы болып қалған соң келген бетте ауылға барғаным есімде. Жолаушылар поезы Жаңаарқаға келіп тоқтағаннан кейін перронға шықсам, жаны жәннатта болғыр Мәктай тәтем марқұм алдымнан арсалаңдап шығып: -Сүйінші, айналайын! Кішкентайлы болдыңдар! Жамал қыз бала туып, осындағы перзентханада жатыр!-деп бетімнен сүйді. Қуанып кетіп, тәтемнің қолына 10 сомды ұстата салдым. Ол кездегі Кеңес Одағының «қызыл шұнақ» 10 сомының құны бүгінгі Қазақстанның 5 мың теңгесінен кем емес еді ғой. Ауылға келсем, немерелі болған әкем мен шешем де қуанып отыр екен. Ләззат апам қызымыздың атын Әйгерім деп қойыпты. Сынаптай сырғыған ұшқыр уақыт-ай, шіркін! Соның бәрі күні кеше ғана болған сияқты еді-ау...

Сол Қарқаралы ауданынан дайындаған «Сарыарқа» табиғат достарының беті редакциямыздың кезекті лездемесінде жоғары бағаланды. «Сұлуды адам жаны қимайды екен» деп аталатын алғашқы көлемді проблемалық мақалам да осы топтама бетте жарық көрген еді. Жасыратыны жоқ, әріптес ағаларымның лездемеде айтқан жылы лебіздеріне кәдімгідей масайрап қалдым. -Бұл жолғы «Сарыарқаның» бір ерекшелігі – мен Төлеубайдың дайындаған материалдарына қалам тигізген жоқпын. Бала ойлаған жерден шықты. Бөлім меңгерушісі ретінде оған адал еңбегі үшін сіздердің алдарыңызда бөлім меңгерушісі ретінде алғыс айтқым келеді,-деді Сапкең. Кейін ойлап қарасам, қайран Сапкең көпшіліктің алдында көңілімді көтеріп, тілшілік қиялыма қанат бітіру үшін қолпаштай сөйлеген екен ғой марқұм. Ол кісі маған туған әкемдей қамқорлық жасаған абзал жандардың бірі еді. Редакторымыз бен редакция кәсіподақ ұйымының төрағасы Зарқын Тайшыбаевқа: -Мына балаға пәтер алып берсеңдерші. Кішкентай сәбиімен пәтер жалдап, одан жатақханаға шығып, қиналып жүр. Мұндай жағдайда ол жазумен, шығармашылық жұмыстармен қалай айналысады?-деп ренжитін. Ал шындығында біз үйден онша қиындық көре қойған жоқпыз. Майқұдықтың кіре берісіндегі «Восток-3» ықшам ауданындағы (ол кезде «Восток-5», «Көгілдір тоғандар» ықшам аудандары әлі салынбаған болатын) төрт бөлмелі үйдің бір бөлмесін жалдап, бір жылдан аса тұрдық. Содан кейін Қарағанды мемлекеттік университетінің ОңтүстікШығыстағы отбасылық жатақханасынан бір бөлме алдық. Онда 8 ай тұрғаннан кейін қаланың нақ орталығындағы Нүркен Әбдіров даңғылының бойынан екі бөлмелі пәтердің ордерін қолыма берді. Редакцияға пәтер бөлінерде редактор Тілеухан Әжбабаұлы: -Біз бұл пәтерді редакциямызға арнайы жолдамамен келген жас қызметкерге береміз. Ол түнгі кезекшіліктерде болады, үйіне кеш қайтады. Сондықтан пәтер қаланың орталығынан берілуі керек,-деп қала басшыларына телефон шалып, арнайы хат жазып, Қарағанды қаласының дәл ортасынан ойып тұрып алып берген екен. Оны кейін білдім. Осылайша беделді басшы, алғыр азамат, қарымды қаламгер Тілеухан Әжбабаұлы Жүсіповтың шынайы әкелік қамқорлығының арқасында бар болғаны бір жарым жылдың ішінде қаланың орталығынан екі бөлмелі пәтер алдым. Біз бұл пәтерге 1987 жылғы желтоқсан айының орта кезіне қарай кірдік. Содан Жаңа жыл қарсаңында ауылдағы ағайындарды шақырып, әрі қонысмай, әрі Жаңа жылды қарсы алу мерекесін біздің үйде өткізіп, бір масайрап қалып едік. Пәтеріміз орналасқан қабат жоғары болғанымен, ол заманда лифтіде тоқтау болмайтын. Бұл бізге құтты қоныс болды. Осы пәтерге кірген соң екі жылдан кейін ұлым Дастан дүниеге келді. Талай отбасылық қызығымыз бен қуанышымызды сонда тойладық. Ағайындарымыз бен достарымыздың алдына ақ дастарқанымызды жайдық, ақ тілектерін тыңдадық. Сәтті күндерім мен тәтті түндерімнің куәсі болған Нүркен даңғылының бойындағы сол пәтерде 1995 жылдың тамыз айында қаланың Оңтүстік-Шығыс аймағындағы Степной-1 ықшам ауданына қоныс аударғанша 8 жыл отбасымызбен тату-тәтті ғұмыр кештік. Әлі есімде, сол пәтерде тұрып жатқан алғашқы айлардың бірінде бір кабинетте қызмет атқарған белгілі журналист Шайхан Жандаев марқұм: -Ойпырмай, мынау маса дегеніңіз сұмдық болды. Терезе мен балконның есігінен үйге кіріп, түні бойы иттей талап шығады. Төлеубай інім, сенің үйіңде де маса бар ма осы? Түк көрмеген адамдай болып, тымпиасың да отырасың,-деген еді.

Сонда жанымызда бірге отыратын қу тілді қаламгер Зарқын Тайшыбаев әзілі жарасқан Шайхан құрдасын қағытып: -Өй, сен де қайдағыны сұрайды екенсің. Маса көрсе жанын қоярға жер таппайтын өзің дейсің бе оны? Қылшылдаған жас жігіт емес пе? Маса түгілі, үйіне аю кіріп кетсе де, елең қылмас бұлар!-деген. -Айтпақшы, солай екен-ау!-деп Шайхан ағам да жымиып еді марқұм... Зақаң мен Шәкең екеуі түйдей құрдас болғандықтан бірін бірі әзіл сөзбен түйремесе, отыра алмайтын. Әлдебір кішкентай бойлы адам туралы сөз бола қалса: -Осы мына біздің Шайхандай-ақ шағын келген шапата адам екен,-дейтін Зақаң жорта. -Сенің осы мен десе жының бар ма?-деп Шәкең шыж-быж болады. Құрдастардың арасындағы зілсіз қағытпаға қаламдастары да мәз болып қалатын. Біздің Зақаңның қалжыңдары деген адамды күлкіге қарық қылушы еді ғой. Газет жұмысына енді араласқан алғашқы айларымда Тілекең көлемді материалдармен көзге көрінуіме тікелей өзі ықпал етіп отырды. «Даңқ» орденінің үш дәрежесінің толық иегерлері, қарағандылық соғыс ардагерлері Мүтәш Сүлейменов, Иван Карабанов, Николай Покатилов жайлы очерктер топтамасы, Кеңес Одағының Батыры Мартбек Мамыраев туралы поэма-очеркім, Социалистік Еңбек Ері Қасым Тәукенов пен медицина ғылымының докторы, профессор Қани Мұсылманбеков жайлы көлемді материалдарым газет редакторы Тілеухан Әжбабаұлы Жүсіповтың тікелей тапсырмалары бойынша жазылған еді. Жеңіс мейрамы қарсаңында орыс тіліндегі бір кітаптан қарағандылық қазақ жауынгері жайлы жазылған бір тарауды да маған аудартқызып, газетіміздің үш санында жариялатқаны есімде. Осының барлығы қаламымның ұшталуына, жазуға төселуіме игі ықпалын тигізді. Тілекеңнің берген тапсырмасын ойдағыдай орындап шығуға жан-тәнімді сала кірісуші едім. Ол кісінің сенімін ақтап, газетке жақсы материал дайындауды өзімнің борышым деп білдім. Редакцияның апталық лездемелерінде менің газет бетінде жарияланған материалдарым жақсы бағаланып жүрді. Редакциямыз орналасқан ғимараттың бесінші қабатындағы «Қызыл тақтаға» да бірнеше рет ілінді. Ол кезде облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің редакциясында сондай бір тамаша дәстүр бар еді. Аптаның таңдаулы деген материалын секретариаттың жігіттері бір апта бойы «Қызыл тақтаға» іліп қоятын. Мұның өзі журналистердің арасындағы шығармашылық бәсекеге жол ашатын. 1988 жылдың сәуір айының басында маған республикалық «Лениншіл жас» газетінің редакторы Уәлихан Қалижанов телефон соғып, осы жастардың беделді басылымының орталық облыстар бойынша меншікті тілшісі болуға ұсыныс жасады. Менің алдымда бұл қызметті абыроймен атқарған талантты журналист Қайнар Олжаев республикалық «Социалистік Қазақстан» газетінің аппаратына қызметке шақырылған. -Облыстық газет қайда кетеді дейсің? Жас жігітсің, ел аралап, жер көріп, ысылу керек. Қасқыр мен тілшіні аяғы асырайды. Оның үстіне «Лениншіл жастың» мектебі деген ғажап қой, шіркін! Одан өтсең, нағыз ақ мылтық журналистің өзі боласың,-деп Қайнар мені екі күннің бірінде үгіттеп кетеді. Ал мен «Орталық Қазақстанға» бауыр басып қалыппын. Оның үстіне таяуда ғана пәтер алып, енді басқа газетке ауысып жатқаным орынсыз көрінді. Көңілім жастардың жалынды газеті «Лениншіл жасты» да қалайды. Осындай толқу үстінде жүрген күндердің бірінде Қайнар мені қояр да қоймай сүйрегендей қылып, Тілеухан ағаның алдына алып келді. -Жас жігіт республикалық жастар газетінің мектебінен өтсін, Төлеубайды бірер жылға «Лениншіл жасқа» жіберіңіз, Тілеке!-деп қолқа салды.

-Өй, не айтып отырсың өзің? Біздің «Орталық Қазақстанның» да мектебі осал емес. Төлеубай біздің өзіміздің тәрбиелеп отырған жас маманымыз. Шүкір, аяқ алысы жақсы. Қызметке қазір бір адамдай-ақ төселіп қалды. Жазған материалдары лездемемізде жақсы аталып жүр. Газет оқырмандарына да есімі белгілі бола бастады. Мұндай жігітті біз бере алмаймыз,-деді Тілеухан Әжбабаұлы. -Мен солай болғаннан кейін де Төлеубайға қолқа салып отырмын. Сіздерден ешқайда кетпейді ғой. Республикалық басылым бетінде де елге танылғаны абырой емес пе?-деп Қайнар да қояр емес. -Жоқ, мен бұған ризалық бере алмаймын. Ол үшін ренжіме, інішек. Жас жігіттер бізге де керек. Ал егер Төлеубайдың өзі кетемін десе, онда әңгіме басқа,-деп Тілекең маған қарады. Мен үндеген жоқпын. Осымен әңгіме тәмам болып, редактордың кабинетінен шығып кеттік. Арада бірер күн өткен соң мені ардақты Тілекең өзіне шақырды. -Маған «Лениншіл жастың» редакторы Уәлихан Қалижанов телефон соғып, сені қолқалап сұрап отыр. Басында көнбеп едім, қадалған жерінен қан алатын бір қу екен ол да. Енді сенің өзіңмен ақылдасайын деп отырмын. Біз қанша жерден қимасақ та республикалық жастар газетінің мектебінен өткенің өзіңе пайдалы болады. Ел көресің, жер көресің, қаламың ұштала түседі. Біздегідей кабинетте қамалып отырмайсың. Меншікті тілші деген өзі би, өзі қожа адам ғой. Уақытың мол болады. Шығармашылық жұмыспен алаңсыз айналысуыңа да жағдай бар. Оның үстіне «Лениншіл жас» арқылы республика жұртшылығына атың танылады. Мен сенің жолыңды байлап, обалыңа қалмайын. Барсаң бар, Төлеубай. Бірақ, біздің облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің редакциясы – өзіңнің еңбек жолыңды бастаған қара шаңырағың. Осыны ешқашан есіңнен шығарма. Егер жаңа қызметің көңіліңе жақпаса, немесе жағдайың болмай жатса, қашанда біздің есігіміз саған айқара ашық. Кез келген уақытта бізге қайтып оралуыңа болады,-деді. -Рахмет, Тілеке! Баруға сізден бата алмай жүр едім. Қамқорлығыңызға, маған жасаған жақсылығыңызға көптен көп рахмет!-дедім. -Ол – біздің парызымыз. Саған оны ешқашан міндет етпейміз. Әзірше қызметіңді атқара бер. Ұжымға өзім хабарлап, сені дұрыстап шығарып салатын боламыз,-деді Тілекең. Келесі аптаның дүйсенбісінде өткен кезекті редакциялық лездеменің соңында Тілеухан Әжбабаұлы: -Ал, жігіттер! Шет жағасын өздерің де естіп жүрген боларсыңдар. Біздің Төлеубайды республикалық «Лениншіл жас» газеті орталық облыстар бойынша меншікті тілші қызметіне қолқалап шақырып отыр. Басында қимап едім, ойлана келе рұқсат беруге тура келді. Біз тәрбиелеген кадрдың республикалық деңгейде танылғаны газетімізге де абырой. Төлеубайға ақ жол тілейік. Сапарың сәтті, қадамың құтты болсын!-деді. Содан кейін редакцияның әдемі фирмалық қатырма мұқабалы папкасына жазылған «Алғыс хатты» қолына алып: -Міне, біз саған өзің еңбек жолыңды бастаған газетіңнің еңбек ұжымының атынан мынандай ақ тілегімізді ескерткішке дайындадық. Енді осыны оқып берейін,-деді де, онда жазылған өлең-тілек шумақтарын құлаққа жағымды барқыт дауысымен байыптап оқи бастады. Ал онда былай деп жазылған екен:

«Орталық Қазақстаннан» түлеп ұшқан Төлеубайға! Сәттілік күнде адамға кез келе ме? Сен мұны текке айтылған сөз бе деме. Сөз деген айта білсең құдірет қой, «Бас ұрғызған періште, пендеге де». Сүйсінеміз құрбы-дос ісіне біз, Мүмкіндіктің сенеміз күшіне біз. Әуел баста «Лен. жасқа» бармаймын деп, «Жер тарпыдың» неліктен? Түсінеміз. Әлі де қаламыңды шыңдайсың ғой, Оқырманға жақсы жыр сыйлайсың ғой. Бауыр басып қалыпсың «Орталыққа», «Жалтақтайсың артыңа», қимайсың ғой. Қайда да қолдар өлең-гүлің сені, Алдыңда тұлпар жылдар, күнің сері. «Лениншіл жасың» келіп Алматыға, «Алып бара жатыр-ау бүгін сені».

Биіктен байқа енді бағың сынап, Биіктен талай нәрсе танырсың-ақ. Жолың болып, жолдасың Қыдыр болып, «Өнерде өрге жүзсін, бағың», шырақ! «Орталық Қазақстандағы» қаламдастарың. Сәуір, 1988 жыл. Сырты алтын жалатылған әріптермен жазылған қатырма мұқабалы «Алғыс хаттың» ішіне редакция суретшісі Юрий Петрович Жуков менің суретімді айнытпай салып, мойныма «Орталық Қазақстан» деген жазуы бар қара құлыпты қыстырып қойыпты. «Қандай қияға қанат қақсаң да, еңбек жолыңды бастаған қара шаңырағыңды естен шығарма» деген ізгі тілек қой бұл. «Алғыс хаттың» екінші бетінен ақын апам Оңайгүл Тұржанованың редакция ұжымы атынан маған арнап шығарған бес шумақ өлеңі орын алған екен. Бір айта кетерлік жағдай, осы өлең-тілектің әр шумағының тырнақшаға алынған соңғы жолдары менің өзімнің шығарған өлеңімнен алыныпты. Содан бірер жыл бұрын республикалық «Лениншіл жас» газеті «Көзқуаныш» айдарымен менің бір топ өлеңімді суретіммен бірге жариялаған еді. Мен сол топтаманы газет бетінен қиып алып, жұмыс столымның бетіндегі шынының астына салып қойғанмын. Менің кабинеттен шғып кеткен бір сәтімді пайдаланып, Оңайгүл апам осы өлеңдерімді қолына түсіріп алыпты. Содан кейін оны өлең жолдарына өрнектеп, салған да қойған. Осылайша облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің редакциясында бірге қызмет атқарған ардақты ағаларым мен аяулы апаларым өзімнің өрімтал өлеңімнен өрілген ақ батасын алақаныма салып, ақ тілектерін айтып, аттандырып салды. Сол бір асыл адамдардың аялы қамқорлығының белгісі ретінде осы «Алғыс хатты» күні бүгінге дейін үйімде көзімнің қарашығындай сақтап келемін. Мен республикалық «Лениншіл жас» газетіндегі жаңа қызметімді бір жарым жыл атқардым. «ЛЖ» менің қаламымды ұштап, қанатымды қатайтты. Материал дайындаудағы ұшқырлық пен жазу мәнеріндегі тіл жеңілдігіне үйретті. Осы басылымда қызмет атқарған уақытымда Несіп Жүнісбаев, Сапарбай Парманқұлов, Ертай Бекқұлов, Қонысбек Ботбаев, Төрехан Данияров сияқты елімізге танымал қаламгерлермен етене таныс болдым. Бауыржан Омаров пен Бейбіт Исабаев сияқты адал достар мен Әнуарбек Әуелбеков пен Гүлнар Мұқашева сияқты жаны жайсаң жақсы

құрбы-құрдастар таптым. Сері күндерімнің серігі болған «Лениншіл жас» газетіне ризашылықтан басқа айтарым жоқ. Республикалық жастар газетіне ауысқаныммен қара шаңырағым «Орталық Қазақстаннан» да қол үзіп кетпедім. Жастар тақырыбына арналған материалдарым облыстық газет бетінде жиі жарияланып тұрды. Көп ұзамай ардақты Тілекең өзімен бірге қызмет атқарып жүрген бірер әріптестерінің аяқтан шалған бақастығы мен көре алмаушылығының құрбаны болды. Оның үстінен арыз жазылды, басына жала таңылды. Облыстық партия комитетінің бюро мәжілісіндегі талқылауға дейін жеткен сол бір бітпейтін баянсыз айтыс-тартыс ардақты азаматтың жүрегін жұлымдап бітірді, денсаулығына үлкен зардабын тигізді. Нәтижесінде корректордан облыстық газеттің бас редакторына дейін жоғарылаған, газеттің барлық сатысынан жүріп өткен, облыстық партия комитетінің баспасөз секторын абыроймен басқарған қарымды қаламгер Тілеухан Әжбабаұлы Жүсіпов жауапты қызметінен шеттетілді. Оны облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің редакторы қызметінен босатып, облыстық телерадикокомитеті төрағасының орынбасары етіп жіберді. Ал бұл дегеніңіз біздің ардақты Тілекеңнің деңгейінен төмен дәрежедегі қызмет еді. Сол кездегі солақай жүйенің сойқан саясаты, қатар жүрген қаламдастарының қараулығы Тілеухан Жүсіповтей аяулы азаматты ақыры құлатып тынды. Ол көп ұзамай ауыр дертке шалдығып, өмірден өтті. Бұл ауыр қаза Тілекеңдей ардагер азаматты жақсы білетін, оны риясыз адал көңілмен құрмет тұтатын жанашыр жандарға, жақын жолдастарына, біз сияқты ізбасар інілеріне оңайға соққан жоқ. Ол бейнетінің зейнетін көріп, өмірінің соңғы белесін ел құрметіне бөленіп өткізуге, немере-шөберелерінің қызықтарында аталық жүрегінен шыққан ақ батасын беріп отыруға әбден лайықты азамат еді. Солай болмағаны қандай өкінішті! Тілекең қарымды қаламгер, үлкен ұйымдастырушы еді. Ол кісі облыстық газетке редакторлық етіп отырған жылдары Қарағанды облысының қалалары мен аудандарында «Орталық Қазақстан» газетінің күні аясында редакция ұжымының газет оқырмандарымен кездесулер өткізуі игі дәстүрге айналған болатын. Жұртшылықтың газетке деген ықыласы жақсы болды. Бұл журналистердің де қиялына қанат бітіріп, шабытын одан әрі шарықтата түсетін. Қарамағындағы қаламгерлермен қатар Тілекеңнің өзі де облыс өмірі мен экономикасының алуан тақырыптарына арналған проблемалық мақалалар жазып тұрды. Республикалық баспалардың бірінен ол кісінің «Арқадан – Атлантикаға дейін» деп аталатын тартымды кітабы жарық көрді. Тілекеңнің ұсынысымен ашылған «Бейсенбі күнінің қонағы» деп аталатын жаңа айдармен облыстың танымал адамдары жайлы бүкпесіз ашық сұхбатқа құрылатын материалдар топтамасы газет бетінде тұрақты түрде беріліп тұрды. Бір сөзбен айтқанда, Тілеухан Әжбабаұлы Жүсіпов басшылық қызмет пен шығармашылық жұмысты абыроймен қатар алып жүрді. Өзгелерге жеке басымен өнеге бола білді. 1989 жылдың қыркүйек айында мен облыстық комсомол комитетінің кезекті пленумында жаңадан ашылған «Қарағанды жастары» газетінің редакторлығына бекітілдім. Шығармашылық еңбек жолымдағы жаңа белес басталды. Жас журналистер Құлтөлеу Мұқашев, Әшімхан Жәмпейісов, Қойлыбай Асанов, Жомарт Оспанов, Балқан Ахметовтармен бірге қазақ тіліндегі көлемі 8 беттік апталық жастар газетін тартымды да қызғылықты шығаруға күш салдық. Газетіміз аз ғана уақыттың ішінде 5 мың дана таралымға жетті. 1991 жылдың тамыз айында Кеңес Одағының шаңырағы ортасына құлап түскенше бәрі ойдағыдай жүріп жатты. Ал содан кейін...

Содан кейін «Түйені жел шайқаса, ешкіні аспаннан ізде» дегендей, байтал түгілі, бас қайғы күндер басталды. Газет шығару былай тұрсын, елге тамақ асыраудың өзі уайымға айналды. Қаладағы тірлік тіпті ауырлап кетті. Жарық жоқ, жылу жоқ, ақша жоқ. Үй суық, адамдардың қабағы қату. Ол енді өз алдына бөлек бір хикая ғой... Ұлағатты ұстазым, ардақты азамат Тілеухан Әжбабаұлы Жүсіпов марқұмның жарқын бейнесі әрдайым менің есімде жүреді. Мен ол кісіні үлкен ризашылықпен сағына еске алып, асыл рухымен сырласып жүремін. Ардақты ағаны, ұлағатты ұстазымның алдындағы шәкірттік, інілік бір парызым ретінде осы жазбамды оқырмандар назарына ұсынып отырмын. Тілекеңді қарағандылықтар да ұмытқан жоқ. Соның бір дәлелі ретінде Қарағанды қаласының Ленин атындағы даңғылының бойындағы журналист Тілеухан Әжбабаұлы Жүсіпов ағамыз өзінің отбасымен көп жылдар бойы тұрған үйдің қабырғасына ескерткіш тақта орнатылды. Сол сияқты 2008 жылдың наурыз айында облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің редакциясы ғимаратында ашылған «Редакторлар галереясынан» Тілекеңнің жарқын бейнесі өзінің лайықты орнын алды. Сол жылдың қазан айында өзінің 50 жылдық мерейтойын салтанатпен атап өткен «Қазақстан-Қарағанды» телеарнасының еңбек ұжымы ардақты Тілеухан Әжбабаұлы Жүсіпов туралы тартымды телехабар дайындап, көрермендердің назарына ұсынды. Мерейтой қарсаңында арнайы шығарылған «Теледидар – менің тағдырым» атты көркем безендірілген көлемді кітапта біздің Тілекең туралы жылы жазылған естелік материал бар. Дегенмен, Қарағанды қаласының қалың көшелерінің бірін ардақты Тілеухан Жүсіповтың атымен атауға әбден болар еді ғой. Ол аймағымызды одан әрі дамытуға өзінің адал еңбегімен үлкен үлес қосқан абзал азамат еді. Қарағанды қалалық мәслихатының депутаттары бұл орынды ұсынысты қолдар деп сенеміз. Ардақты Тілеухан Әжбабаұлын соңғы рет көрген сәтім де қаз-қалпында жадымда жатталып қалды. Кейде мен бүгін сол бір шуақты сәтті сағына еске аламын. «Қарағанды жастары» газетінің тұңғыш саны жарық көрген соң облыстық телестудия жастардың жаңа басылымы жайлы хабар берді. Хабардың авторы – қарағандылық танымал журналист Төлеутай Дәмиев. Бұл 1989 жылғы қараша айының басы еді. Сонда телестудиядағы Тілекеңнің шағын кабинетіне кіріп, ардақты ағаға ақ көңілмен сәлем беріп, жастар газетін тартымды шығарудың жолдары жайлы бағалы ақыл-кеңестерін тыңдағанмын. -Қазір газет жұмысына ысылып қалдың. Облыстық, республикалық газеттердің мектебінен өттің. Енді еркін көсілетін кезің келді. Жастар газеті еркін, батыл болуы керек. Елдің көкейінен шығатын тың тақырыптарға қалам тартыңдар. Ауыл жастарының мәселелерін батыл түрде көтеріңдер. Өзің де жақсы білесің, қазақ тіліндегі басылымдардың негізгі оқырмандары ауылдық жерлерде тұрады ғой,-деді Тілекең. Содан соң жүзінен әкелік, ағалық мейірім шуағы шапағат нұрын шашып, маған жымия қарады. Жаңа қызметіме сәт сапар тіледі. Бұл менің өмір жолымда өшпес өнегесін қалдырған абзал азаматты соңғы рет көруім екенін білсем-ші. Онда тым болмаса фототілшіміз Балқан бауырды ерте келіп, Тілекеңмен бірге өмірлік ескерткіш үшін суретке түсіп қалуға болар еді ғой. Сурет демекші, менің жеке мұрағатымда «Орталық Қазақстан» газеті редакциясы ұжымының 1987 жылдың жазында халық артисі Ермек Серкебаевпен бірге редактордың кабинетінде түскен суреті де сақтаулы. Ермек ағамен иық түйістіре сол суретте біздің Тілекеңнің маңғаз қалпында ортамызда отырған сәті бейнеленіп қалған.

Еңбек жолымды енді бастаған жылдары бірге қызмет атқарған, ағалық ақылкеңестерін айтқан абзал жандардың көбісі бүгінде фәниден бақиға озған. Редактор Тілеухан Жүсіпов, редактордың бірінші орынбасары Есімбек Бәйтенов, жауапты хатшы, кейін редактор болған Рымқұл Сүлейменов, қарағандылық танымал қаламгерлер Қағазбек Сәденов, Сапиолла Ансаров, Қайырбек Сұлтанов, Хайриддин Әубәкіров, Тоқан Әбуғалиев, Жаңабай Түсіпбеков, Шайхан Жандаев, Матай Айнабеков, Базарбай Мұстафин, Самат Жүнісов, Зейнолла Ыдырысов, Бағдат Мекеев, Саттар Тұрғамбеков, Дәулетбек Мақашев сияқты абзал ағаларым бүгінде жер бетінде жоқ. Бірақ, олардың жарқын жүздері, ағалық ақыл-кеңестері, өмірлік өнегелері менің есімде мәңгілік сақталып қалды. Басқаша болуы да мүмкін емес қой. Мен үшін осы асыл азаматтардың әрқайсысының өзіндік орны бар. Олар қазақтың қарапайым азаматтары еді, олар қабырғалы қалам иелері болатын. Өмірдің бұралаң жолдарының бастауында алдыңнан осындай абзал ағалардың кездескені неткен бақыт! Олардың нұрлы өнегесі өздері өмірден өтіп кеткендерімен түнгі аспандағы Құс жолындай үнемі алдыңда жарқырап жатады екен. ...Ардақты Тілекеңнің суретін қолыма алып, ұзақ қарадым. Ұлағатты ұстаз жанарындағы мейірім шуағы жанымды нұрға, жүрегімді жырға бөледі. Сіз өлген жоқсыз, ардагер аға! Өйткені, атыңыз ұмытылған жоқ. Көзімізге оттай ыстық көрінетін қолтаңбаңыз уақыт табымен сарғая бастаған газет парақтарында, жарқын бейнеңіз туыстарыңыз бен өзіңізден өнегелі тәрбие алған шәкірттеріңіздің көңілінде, күмбірлеген қоңыр барқыт даусыңыз құлағымызда қалды. Көзден кеткеніңіз рас. Бірақ, көңілден кеткен жоқсыз, асыл Аға!

ТУҒАН ЖЕРДІҢ ТАСЫ ДА ТІЛ ҚАТАДЫ

Менің жеке мұрағатымда жаныма ерекше жақын ғажап бір сурет сақталып келе жатыр. ...1993-жылдың қоңыр күзі еді. Бірде қарағандылық жас тарихшы ғалым Жамбыл Артықбаев: -Сен журналиссің ғой, бір кәдеңе жаратарсың. Мына суретте ардақты бабамыз Қаз дауысты Қазыбек бидің асыл сүйегі уақытша қойылған сөре тастар бейнеленген. Мұны жалпақ жұртшылық онша біле бермейді,-деп қолындағы былғары папкасынан бір жәдігер суретті алып шығып, маған ұсынды. -Пәлі, мынауың ғажап хабар ғой! Халықтан сүйінші сұрайтын қуанышты жаңалық екен бұл. Бірақ, бағалы олжаның иесі өзіңсің. Сол себептен мұны елге қуанышпен өзің жария еткенің жөн болар,-дедім. -Оған дәл қазір менің ешқандай мұршам жоқ. Бұқар жырау бабамыз туралы мол дерек жинадым. Жеке кітап етіп шығарсам деген ойым бар. Бас көтермей осыған отыруым керек,- деді жас ғалым Жамбыл Артықбаев. -Е, онда жарайды, қалдырып кет маған,-деуге тура келді осыдан соң. Осылайша күтпеген жерден баға жетпейтін тарихи-жәдігерлік сурет менің қолыма көшті. Бірақ сол бетте оны газетке жариялап жіберіп, жұртшылықтан сүйінші сұраудың сәті түспеді. Көненің көзіндей, асылдың өзіндей ғажап мұраны аттың жалы, түйенің қомында алас-күлес асығыс бере салғанды жөн көрмедім. Кеңірек әңгімелесуге тарихшы ғалым Жамбыл Артықбаевтың да уақыты болмады. Ал зымыран күндер сынаптай сырғып, диірменнің тасындай тынымсыз дөңгелей берді. Күн артынан күндер, ай артынан айлар өтті. Жәдігер сурет өз кезегін тосып, менің жеке мұрағатымда жата берді. Осы қымбат қазына туралы жалпақ жұртшылықты құлағдар етудің орайы енді келген сияқты. -Қаз дауысты Қазыбек би атамыздың асыл сүйегі тиген сөре тастарға қалай тап болдың?- деген сауалыма тарих ғылымының докторы Жамбыл Артықбаев сәл ойланып қалды. Содан кейін өзіне тән сабырлы мінезімен сөзін бастаған. -Өзіңе осы суретті алып барғанда мен Баянауыл ауданын бірнеше ай аралап, ел арасынан Бұқар жырау бабамызға қатысты ескі сөздер мен естеліктерді асықпай жинап қайтқан бетім еді. Бұл 1993-жылдың қыркүйек айының орта шені болатын,-деп еске алады ол. Бір күні Абылай ханның ақылман жырауы болған абыз атасы жайлы аңыз әңгімелер мен әфсаналарды асықпай жинап жүрген жас ғалым жігіттен Баянауыл ауданының байырғы тұрғыны, көкірегі ояу, көзі ашық Ғабдолла деген шежіреші қарт: -Балам, осы маңайда Қаз дауысты Қазыбек би бабамыздың сүйегі уақытша сақталған сөре тастар бар екенін білесің бе?-деп сұрайды.

Жамбыл қаршадай бала кезінен ел арасындағы ескі сөзге, шежіре тарихқа ынтыға құмартып өскен өрен еді. Балалық ынтызарлық университеттің тарих факультетінде, кейін аспирантурада оқыған жылдарында телегей теңіз білім арнасына бастап алып келген. Мәшһүр Жүсіп ақсақалдың шерлі шежіресіне ден қойды. Алматы, Омбы, Қазан қалаларындағы мемлекеттік мұрағаттарды ақтарып, бірнеше айын сарп етті. Ел арасындағы ескі сөздер де жадында жүретін. -Қыста қайтыс болған Қазыбек би атамыздың сүйегін бірнеше ай бойы сөреде сақтап, жазғытұрым бабамыздың бел баласы Бекболат би бастаған Қаракесектің 40 жігіті Түркістанға суыт жол тартып, Қожа Ахмет бабамыздың кесенесіне жерлеп қайтқандарын естігенім бар. Ал би атаның жамбасы тиген сөре тастар осы маңайда екенін білмеуші едім,- деді ол Ғабдолла ақсақалға. Күтпеген жерден тың деректі естігеннен кейін жас ғалымнан дегбір кетті. Көненің көзі іспетті киелі тастарды тезірек тауып алып, суретке басып алуға асықты. Абырой болғанда, осы сапарға фотоаппаратын өзімен бірге ала шыққан еді. Мұндай оңды болар ма! -Біздің ауылдан 11 шақырым жерде «Мұрынтал» деген бөлімше бар. Сонда барып, жаныңа бір-екі ауыл ақсақалын ертіп алсаң, сені олар би атаның сөре тастарына бастап алып барады,-деп жөн сілтейді Ғабдолла ақсақал. Осыдан соң Жамбыл бірден әлгі бөлімшеге тартып кетеді. Ғабекеңнің кеңесі бойынша сол ауылдан жанына екі ақсақалды ертіп алады. Киелі мекен сол бөлімшеден 7 шақырым жерде, Далба тауының бір сілеміндегі Қара бие шоқысының етегінде екен. Ақсақалдар тура сол қасиетті сөре тастардың жанына бастап алып келеді. ...Боз даланың жусаны мен селеуі басқан тау етегіндегі осы бір аяулы алқапта адамның құшағы жетпейтін үлкен екі тас тікесінен қалқиып тұр. Содан бері 240 жыл өтті ғой. Осы жылдардың салмағынан, Арқаның ақырған ақ боранды қыстары мен аңызақ жаздарының әсерінен, тау арасында ұйытқи соққан күзгі жел мен шелектеп құйған нөсер жауынның күшінен таудың жуан қойтастары оңға қарай жантайып, жыл өткен сайын көлбеу тартып барады екен. -Бұрын бұл жерде осындай 4 тас тұрушы еді. Қайсыбір жылы біреуін Алматыдан келген бір ғалымдар машинаға артып алып кеткен,-дейді ақсақалдар. Тағы бір тас ұшты-күйлі жоғалып кетіпті. Сол маңайды біраз шарлағандарымен мұндай үлкен тас көздеріне шалынбады. Содан кейін үшеуі қалқиып тұрған тарихи тастардың жанына қайтып оралады. Ақсақалдар сөре тастардың жанында малдас құра отырып, ұлы бидің аруағына дұға бағыштайды. Жамбыл сөре тастарды әр қырынан суретке түсіріп алады. -Бұл жер Теректі бұлақ деп аталады. Қаз дауысты Қазыбек би бабамызға құтты қоныс болған киелі мекен бұл. Осы арада 97 жасқа қараған шағында бұл өмірден татар дәм-тұзы таусылып, фәниден бақилық сапарға аттанған екен кемеңгер бабамыз,-деп күрсінеді ақсақалдар. Бір ғажабы, би атаның сөре тастарынан 7 шақырым жерде Абылай ханның ақылшысы, ұлы абыз Бұқар жырау Қалқаманұлының зират-кесенесі тұр. Ол өзінің ұзақ жылғы өмірінің көбін Түркістан мен Көкшеде, Хан Кеңесі құрамында, бес қаруы сай хан сарбаздарының қосыны арасында жыраулықпен өткергені тарихтан мәлім. Қарт жырау жасы тоқсанға қарап, шау тартқан шағында Абылай ханның рұқсатын алып, мол сый-сияпатпен, мәртебелі абыроймен өзінің ата қонысы Далба тауының баурайына қайтып оралған. Сонда ардагер абыз аяулы би ағасының қысқы қонысына қанаттас келіп қонған екен-ау. Бұлар бір тумаса да туғаннан артық болып кеткен алып адамдар болатын. Филология ғылымының докторы, әдебиет зерттеушісі Нысанбек Төреқұлов өзінің «Қазақтың би-шешендері» деген танымал кітабында мынандай дерек келтіреді: «Қазыбек Келдібекұлы (1667-1764) Сырдария жағалауында туып, жастық шағын Қаратау, Ұлытау атырабында өткізген. Би ата 1764-жылы желтоқсан айында өзінің қыстауы Теректі бұлақ басында 97 жасында дүниеден қайтқан».

Алты Алашқа аты аңыз болып тараған атақты Қаз дауысты Қазыбек би қоныс қылған қасиетті Теректі бұлақ – осы мекен! Сөйлегенде аузымен құс тістеген, билік айтқанда қара қылды қақ жарған, 17 жасында-ақ қалмақ қонтайшысын қарадай қалтыратып, аруағын асырған би атаның асыл сүйегі тиген сөре тастар – мынау қойтастар! Мұндайда толқымай, тебіренбей көр... Аты шартарапқа жайылған қазақтың Қаз дауысты Қазыбек биі фәни жалғаннан бақиға озғанда оның қызы Маңқан қаралы топтың алдында шашын жайып жіберіп, белін таянып: Айналайын, аға-еке, Біссімілләдан бастайын, Шариғаттан аспайын. Ішім толды қайғыға, Азырақ көзді жастайын. Алаштан озған әкекем, Жоқтаусыз қалай тастайын? Төрт тіреудің бірі едің, Қиын-қыстау іс келсе, Бәрінен де ірі едің. Енді қазақ не болар, Асқар тауы құлаған? Сусыны қанар қазақтың, Ағар бұлақ суалды. Сіз осылай болды деп, Қытай мен орыс қуанды. Қасиетті туған әкекем, Ешкімнен қазақ кем болмас, Шын беріп кетсең дуаңды!-деген атақты қаралы жоқтауы айтылған қасиетті мекен ғой бұл. Әр тасы тұнып тұрған тарих пен шежіреге толы өлке бұл. -Қара бие шоқысының бауырындағы Теректі бұлақтың басында, Қаз дауысты Қазыбек бидің қысқы қонысында қара күзден қар ерігенге дейін алты ай бойы Сарыарқа қазақтарының даулы мәселелері, ел билігі шешімін тауып келген. Ол өзінің көзі тірі кезінде бодандық туралы ешқандай құжатқа қол қоймай кеткен табанды да дана би. Тек қайтыс боларынан екі жыл бұрын Омбы қаласындағы Сібір губернаторына арнайы хат жолдап, өзінің қартайғандығын, ел билігін ұлдары Бекболат пен Сырымбетке бергенін хабарлаған,- дейді тарих ғылымының докторы Жамбыл Артықбаев. Жылдар бойы бабадан балаға мирас болып келген ел әңгімесіне қарағанда, 1764-жылы Арқаның сайын даласы қалың қар құшағына енді оранған шақта қазақтың 97 жастағы ұлы биі Қаз дауысты Қазыбек би дүние салған. Ардақты әкесінің ақ батасын алып, ел тізгінін қолына алған Бекболат бидің жарлығымен сайдың тасындай атпал жігіттер Қара бие шоқысынан қаралы ауылға адамның құшағы жетпейтін төрт қойтас алып келеді. Сол тастарды тікесінен қойып, төр таған жасатады да, үстіне кереге жайғызады. Былғарыға тігілген ұлы бидің мәйіті сол керегенің үстіне қойылады. Қазақтың сайын даласының әр қиырынан арнайы ат сабылтып келіп, орны толмас қазаға көңіл айтушылар легі қыс бойы толастамапты. Арқаның алапат қысы өтіп, жазғытұры басталысымен соңынан ат-көлігі мен әбзелжарағы сай 40 жігіт ерткен Бекболат би әкесінің қонақасы мен Әзірет Сұлтан кесенесінің босағасына деп үш үйір жылқыны алдарына салып, әке мәйітін жер ананың қойнына беріп қайту мақсатымен қасиетті Түркістан шаһарына жүріп кетеді. Түркістан – сол заманнан қазақтың киелі қаласы. Қазақ халқы өзінің қайтыс болған атақты адамдарын Қожа Ахмет Яссауи бабаның кесенесі ішіне жерлеуді дәстүрге айналдырған.

Ел ішіндегі аңыздың айтуынша, осы ұзақ сапар барысында жол-жөнекей бір сайға ат шалдырып, тынығып алмақ болған Бекболат бидің жанындағы нөкерлері айдап әкеле жатқан үш үйір жылқыны жол тосқан кәнігі жортуылшылар қапысын тауып, айдап алып кетіпті. Бірақ, ұрылар қалай қарай жүрсе де алдарынан қалың тұман түсіп, сайда тынығып жатқан бейтаныс жолаушылардың үстіне келе беріпті. Апыр-ай, бұл не ғажап? Атқа жаңа мінген жас балалар емес, айшылық алыс жерлерден барымта мал айдап әкеліп жүрген жырынды жігіттер емес пе еді бұлар? Жердің жағдайын бес саусақтарындай жақсы білетін. Енді не қара басты? Жоқ, бұл тегін емес. Содан кейін үрейлері ұшқан жортуылшылар жылқыларын алдырған жолаушыларға өздері келіп, мән-жайларын сұрапты. Олардың сапарларының сырын естіген соң, аяқтарына жығылып: -Ағайын, ат-шапан айыбымыз бар, кешіре көріңдер! Ұлы бидің аруағы екен ғой біздің жолымызға тұман болып түсіп, алдарыңа алып келіп отырған. Кешіре көріңдер біз бейбақты! -деп жалынып-жалбарынса керек. Осылайша қасиетті Түркістан қаласындағы Әзірет Сұлтанның кесенесінде қазақтың Қаз дауысты Қазыбек биі де өзінің мәңгілік мекенін тапты. Пейіште нұры шалқығай ұлы бидің! ...Бұқар жырау кесенесінен 7 шақырым жерде, Теректі бұлақтағы би атаның қыстауы басында жылдар салмағымен оң жамбасына жантайып бара жатқан екі сөре тас әлі күнге дейін қамсыздығымыздың белгісіндей болып сол жерде қалқиып тұр. Басында ешқандай белгі жоқ. Қоршауға да, қорғауға да алынбаған. Бұлар басында төрт тас еді. Екеуінен айырылдық. Енді осы қалқиып тұрған екеуінен де көз жазып қалмасақ жарар еді. Онда бұл салғырттығымыз бен салбөкселігімізді ұлы бидің аруағы кеше ме? Әй, қайдам... Туған жердің тасы да тіл қатады. Бұған Қаз дауысты Қазыбек би бабамыздың асыл сүйегі тиген, Сарыарқаның сайын даласының төсіндегі салқар тау баурайында қалқиып тұрған мына сөре тастар айғақ. Қашанға дейін шыдар екенсіңдер, жарықтықтарым? Тас екеш, тастың да төзімі таусылатын шығар...

(Осы материал баспасөз бетінде жарияланған соң Қаз дауысты Қазыбек бидің тікелей ұрпақтарының бірі болып табылатын қарағандылық еңбек ардагері Тілеубек Ережепұлы Зенешев бастаған азаматтар Би атаның сөре тастарының сыртына арнайы қоршау орнатып, құлпытас орнатты.)

«ФАРИЗА, ФАРИЗАЖАН, ФАРИЗА ҚЫЗ...»

Шапқан аттай, атқан оқтай зымыраған уақыт шіркінге не дауа бар екен? Көңілді, жайлы күнімді, Азапты қайғы-мұңымды Өзімменен бөліскенің үшін, Қатем мен жеңістерім үшін, Менің мынау қиындау тағдырым болып, О баста көріскенің үшін, Өлең, мен сені аялап өтем!-деп поэзия патшалығына өзіндік дара даусымен келген қазақ халқының көрнекті ақыны, қоғам қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Фариза Оңғарсынова да мынау жалған өмірден өтті. Кең дүние, төсіңді аш, мен келемін, Алынбаған ақым бар сенде менің. Бұйра құмдар – бұйығып шөлдегенім, Бура бұлттар – бусанып терлегенім,-деп қазақ поэзиясының көгінен күндей күркіреп өткен ғажап ақын Мұқағали Мақатаевтің өзі жыр арнаған Фариза ғой ол. Фариза, Фаризажан, Фариза қыз! Өмірде ақындардын бәрі жалғыз. Шыдай-шыдай ақыры жалығармыз, Бірімізден біріміз арылармыз. Біздерді де жоқтайтын жан болса егер, Шаң басқан архивтерден табылармыз.

Жанарымды тұманмен тұмшаладым, Серіппесі үзіліп тұр садағым. Жігітінен қазақтың дос таба алмай, Қыз да болсаң, мен саған мұң шағамын,-деп келетін арда ақынның ағыл да тегіл ағынан ақтарылған осы арнау жырына сазгер Әбүйірбек Тінәлиев тамаша ән шығарып, 1989 жылы Республика сарайында өткен бір мәдени шара барысында бұл ән тұңғыш рет орындалды. Әлі есімде, сол концертте Фариза ақын алдыңғы қатарда отырды. Сөзі мен әні бірін бірі керемет толықтырып, жымдаса кеткен мұңды әнді Әбүйірбек қоңыр домбырасын күмбірлетіп, жан-жүрегімен тебірене орындап тұрған сәтте оператордың Фаризаны жақыннан түсірген бейнесін режиссер экранда біршама уақыт ұстап тұрды. Әншейінде қара тастай қатты көрінетін Фариза ақынның көзіне жас моншақтары мөлдіреп шыға келіпті. ...1981-жылдың сәуір айының орта кезі еді. Ол кезде Қарағанды мемлекеттік университетінің филология факультетінің үшінші курсында оқып жүргенмін. Ойламаған жерден орайы келе қалып, Қарағанды облысы қаламгерлері делегациясының құрамында жас талапкер ретінде Қазақстан жазушыларының VІІІ сьезіне қатысудың сәті түсті. Несін айтасыз, өмір бойы ұмытылмас ғажап бір сапар болып еді ол! Дінмұхамед Қонаевтің жарқын жүзін, Ғабит Мүсірепов, Әбділда Тәжібаев, Бауыржан Момышұлы,

Сырбай Мәуленов, Әзілхан Нұршайықов, Олжас Сүлейменов, Оралхан Бөкеев, Мұхтар Шаханов, Фариза Оңғарсынова сияқты аттарына сырттай табынып келген аяулы қаламгерлердің асыл бейнелерін сол апарда көзіммен көрдім, әңгімелерін өз ауыздарынан естіп, үлгілі сөздерінен өмірлік өнеге алуға талпындым. -Мен бұл сапарға Қарқаралыда тұратын тәуір ақын жігіт Серік Ақсұңқарұлын алып шығамын ба деп ойлап едім. Бірақ, ол мұндай алқалы жиынның шет жағасын көрген. Содан кейін жас та болсаң сені алып барайын деп ұйғардым. Үлкен жазушыларды жақыннан көріп, сөздерін өз ауыздарынан тыңдағанға не жетсін, шырағым!-деді қарағандылық қаламгерлер делегациясының басшысы, жазушы Жайық Бектұров қайтар жолда. Көңіл төріндегі әсер көл дариядай еді. Ардақты Фариза Оңғарсынова апайдың «Өмірде де, өнерде де мақтан етер азамат бол, айналайын!» деп «Шілде» атты жыр жинағына өз қолымен жазып берген мен үшін өте қастерлі қолтаңбасына елжірей қараймын. Сайын дала төсінде жүйткіген жолаушылар поезының доңғалақтарымен бірге менің де жас жүрегім дүрсілдей соғып, қиял құсы шартарапқа қанат қағып келе жатты. 1985 жылы әскер қатарында жүргенімде Фариза апай өзі редакторлық ететін республикалық «Ақ желкен» журналына суретіммен бір бет өлеңдерімді жариялады. Апайдың ақ жүректен айтқан бата тілегі де бар. Оны журналдан қиып алып, елдегі достарым маған хатпен салып жіберіпті. Қатты қуандым. 1989-жылдың мамыр айы еді. Республикалық «Лениншіл жас» («Жас Алаш») газетінің орталық облыстар бойынша меншікті тілшісі қызметінде жүрген кезім. Бірде Фариза апайға сәлем беріп шығайын деген оймен «Ақ желкен» журналының редакциясына бардым. Апай шағын ғана жұмыс кабинетінде алдында жатқан қағаздарды қарап отыр екен. -Сәлематсыз ба, апай? Халыңыз қалай? Сізге амандасайын деп келіп едім,-деп қолымды ұсындым. Бір ғажабы, содан 8 жыл бұрын бір рет қана көрген, 4 жыл бұрын журналына өлеңдерімді суретіммен шығарған мені Фариза апай бірден тани кетті. -Ә, Төлеубайсың ба, айналайын? Қайда жүрсің? Көрінбей кеттің ғой?-деп жатыр соншама үлкен басымен қалбалақтап. Мен оқудан кейін әскер қатарында болғанымды, енді республикалық жастар газетінің меншікті тілшісі қызметін атқарып жүргенімді айттым. -Оның дұрыс екен. «Лениншіл жас» газеті – қазақ журналистерінің үлкен бір мектебі. Кезінде мен де ол газеттің меншікті тілшісі болғанмын. Бірақ, өлең жазуды тастап кетпе. Айтпақшы, топтама өлеңдеріңді журналымызда басқанбыз. Оны көре алдың ба?-деп сұрады. -Көп рахмет, апай! Мен ол кезде туған жерден алыста әскер қатарында жүрген едім, бір мәз болып қалдым,-дедім. Ардақты ақын апайдың бағалы ақыл-кеңестерін тыңдап, ақ жүректен шыққан алғысымды айтып, төбем көкке жеткендей болып шыққан едім «Ақ желкен» журналының редакциясынан. Содан кейін Фариза апаймен кездесудің орайы келмеді. Күйбең тірліктің жетегінде өмір ағынымен кете бардық. Алайда, сыртынан тілектес мыңдаған бауырларының санатында ақын апайдың жыр кітаптарын сүйсіне оқып, теледидардан әсерлі әңгімелерін қызыға тыңдап жүрдім. * ...Фариза ақынды Жер-Ананың қойнына тапсырған күні Арқаның ақ бораны ұйытқи соғып тұрды. Қытымыр қыстың өзі қыстыға жылап, қазақтың қайсар ақын қызымен қимай қоштасып жатқандай көрінді маған.

АЛТЫН АЗАМАТ ЕДІ АЛТЫНБЕК

...1982 жылдың қыркүйек айы енді басталған. Жазғы демалысым аяқталып, М.В.Ломоносов атындағы Москва мемлекеттік университетінің журналистика факультетінің төртінші курсында оқуымды жалғастыру үшін Мәскеу қаласына қайтып оралдым. Сол кездегі Кеңестер Одағының астанасы Мәскеу қаласында бір жыл оқып, құмырсқаның илеуіндей құжынаған алып шаһарға бойым үйреніп қалған кезім болатын. «Домодедово» әуежайынан метромен «Академическая» станциясына дейін келіп, Шверник көшесінің бойымен аяңдап, МГУ-дің он алты қабатты атақты ДАС (Дом аспирантов и студентов) жатақханасына келдім. Сол кездегі Кеңес Одағының жоғары білім беру жүйесінде бір жақсы дәстүр бар еді. Ұлттық кадрларды даярлау мақсатымен Одақтас республикалардың жоғары оқу орындарының бірінші, екінші, үшінші курсын бітірген студенттердің арасынан оқу озаттарын таңдап алып, Москва, Ленинград, Қазан университеттеріне оқуларын жалғастыруға ауыстырып тұратын. Осылайша үлкен оқу орнында үш жыл орыс тілінде оқытып, жазғы демалыс кезінде өндірістік тәжірибеден өтуге өз елдеріне жіберетін. Мен Қарағанды мемлекеттік университетінің филология факультетінің қазақ тобында үшінші курсты аяқтап, 1981 жылдың қыркүйегінен М.В.Ломоносов атындағы Москва мемлекеттік университетінің журналистика факультетінде оқуымды жалғастырдым. Факультетіміз басқа болғандықтан, пән айырмашылықтары көп болды да, үшінші курсты қайта бастауға тура келді. Алайда, бұған тіпті де өкінген жоқпын. Москвада оқу, аты әлемге мәшһүр Мәскеу университетінде білім алу деген бақыт емес пе! Мен келген жылы Алматы қаласындағы ҚазМУ-нің журналистика факультетінің орыс бөлімінен Гүлнар Медеубаева деген қыз бала да ауысып келді. Сол жылы журналистика факультетіне Қазақстаннан келген сол қыз екеуіміз ғана болдық. «Ұлттық топта» бізден басқа Түркіменстаннан, Өзбекстаннан, Грузиядан, Латвиядан, Тәжікстаннан келген студенттер болды. Біздің тұрып жатқан ДАС жатақханасы тұрмысқа өте жайлы етіп салынған тамаша ғимарат болатын. Бір секцияның ішінде – екі бөлме. Жеке ванна бөлмесі бар.

Мәскеудің Шверник көшесіндегі ДАС жатақханасы

Айқара ашылған кітап түрінде айырықша сәулет үлгісімен салынған жатақханамызда өзінің үлкен асханасы, буфеті, кинотеатры, кітапханасы, спорт залы, тұрмыстық бөлмелері болды. Одақ көлеміне аты танымал белгілі қаламгерлермен, өнер адамдарымен кездесулер ай сайын өткізіліп тұратын. Жатақханадан бөлме алып, орналасқан соң таныстарымды іздестіре бастадым. Бірінші болып кездестірген танысым – тобымыздың старостасы, түркімен жігіті Мохаммед Жутдиев болды. Үш ай кездеспеген соң сағынысып қалған екенбіз. Мұсылмандық ғұрпымен төс қағыстыра амандасып, хал-жағдай сұрастырып жатырмыз. -Мен мұнда келгелі бір апта болды. Демалыстан ертерек қайттым. Айтпақшы, биыл үшінші курсқа сенің бір топ жерлестерің келіпті. Құттықтаймын!-деді Мохаммед досым. Бұған мен қуанып қалдым. -Рас айтасың ба? Олар нешеу екен өздері? Қыздар ма, жігіттер ме? Сен қайдан естідің?-деп тіл ұшына оралған сауалдарымды тобымен ақтара салыппын. Мохаммед аңқылдаған ақкөңіл жігіт еді. Қарқ-қарқ күлді. -Қуанып кеттің ғой! Түсінемін. Естуімше, Алматыдан 4 жігіт келіпті. Кеше бір жерлесімнің бөлмесінде болғанмын. Сол айтты,-деді ол. Сұрастырып көрсем, Қазақстаннан келген жігіттер жатақханаға орналасқан соң, қаланы аралауға қыдырып кеткен көрінеді. Мен оларды жақсы түсіндім. Бір жыл бұрын өзім де Мәскеуге келген бетте метромен қаланың талай жерін шарлап қайтқан болатынмын. М.В.Ломоносов атындағы Москва мемлекеттік университетінің журналистика факультетінің ғимараты қаланың Моховая көшесінің бойындағы №9-үйде орналасқан. Бұл арадан Қызыл алаңға дейін таяқ тастам жер ғана.

Моховая көшесіндегі ММУ журналистика факультетінің ғимараты

Факультет ғимаратының дәл қарсы алдында атақты Манеж ғимараты тұр. Ленин атындағы орталық кітапхана, ГУМ дүкені де таяу маңда орналасқан. Сабақтан шыққан соң аралайтын жерлердің көбісі факультетіміздің жанында еді. Факультет ғимараты – ескі үлгіде салынған үш қабатты сары үй. Алдында М.В.Ломоносовтың еңселі ескерткіші бар. Журфактың деканы – осы факультетті талай жылдардан бері абыроймен басқарып жүрген атақты профессор Ясен Николаевич Засурский. Бір қараған адамға сыртынан қарапайым ғимарат сияқты болып көрінетін бұл ғимаратттың іші көрген адамның көңілінде көркем театр үлгісімен безендірілгендей әдемі әсер қалдырады. Мәрмардан өрілген баспалдақтар мен колонналар, жарқыраған шырағдандар, еңесі биік ғимарат кімді де болса сүйсіндірмей қоймайды. Біз оқыған жылдар Кеңес Одағы заманы болғандықтан ММУ журфагының үлкен екі аудиториясының бірі Ленин аудиториясы, екіншісі Коммунистік аудитория деп аталатын. Бір ғажабы, студенттерді сабақ сайын атын атап, тексеру деген мүлдем болмайтын. Солай болғанымен, әлдебір дәлелді себеп болып қалмаса, сабаққа қатыспайтын студенттер сирек еді. Себебі сабақтар өте қызықты өтетін. Факультеттің «Журналист» газеті, фотозертханасы, баспаханасы мен телестудиясы бізді қатты қызықтыратын. Сонымен, жаңа оқу жылы да басталып кетті. Қыркүйек айының алғашқы күндерінің бірінде факультет ғимараты алдындағы шағын саябақтың жанынан өтіп бара жатыр едім, бір топ студенттерден шеткері жерде бір біріне қазақша қалжың айтып тұрған екі жігіт кездесе кетті. Туған елден жырақта жүргенде бір қазақты көрсең, бірге туған бауырыңды көргендей қуанасың.

ММУ журналистика факультеті ғимаратының ішкі көрінісі.

-Жігіттер, қайдан келдіңдер? Кім боласыңдар?-деп жандарына келдім. Алтынбек Сәрсенбаев пен Дархан Мыңбаев деген жігіттер екен. Алматының журналистика факультетінен осында ауысып келіпті. Мен өзімді таныстырдым. Күтпеген кездесуге мәре-сәре болып қалдық. -Сендерді 4 жігіт келді деп естіп едім ғой, рас па?-деп сұрадым. -Иә, рас. Қанат Жұматаев пен Ерлан Байжанов деген жігіттер де келді. Олар орыс бөлімінен, біз қазақ бөлімінен ауысып келдік. Оқитын топтарымыз бөлек, бірақ жатақханада бірге тұрамыз,-деді жаңа танысқан жерлестерім. Сол күннен бастап Алтынбек бастаған жігіттермен журфак ғимаратында, жатақханада жиі кездесіп жүрдім. Бірде барлығымыз Мәскеу түбіндегі Дубосеково разьезіне автобуспен арнайы барып, 28 панфиловшы жауынгерлердің жаумен соғысқан жерін, болашақ ұрпақтарға арнайы сақталып қойған траншеясын, қазақстандық жауынгерлердің қыр басындағы алып ескерткіштер кешенін, Нелидово деревнясындағы панфиловшыларға арналған мұражайды тамашалап қайтқан едік.

Мәскеудің басқа институттарында оқитын қазақстандық жерлестермен де жақсы қарым-қатынаста болдық. Жаңа жылды, басқа да мейрамдарды қарсы алу кештерін бірге өткізетінбіз. Сондай кештерде Алтынбектің болашақ жары Салтанат Атушевамен де бірнеше рет бірге болдық. Сәмбі талдай солқылдаған Салтанат қызбен қатар түскен бір сурет студенттік фотоальбомымда күні бүгінге дейін сақтаулы келеді. Алтынбек әзіл-қалжың сөздерге оң иығын беріп тұратын. Өзіне жарасымды күлкісімен елді де күлдіріп, өзі де мәз болып, жадырап жүретін жайсаң жігіт еді. -Сорыма қарай, мен студент болғанда, әкем зейнетке шықты ғой. Ағаларым колхоз төрағасының баласы болған кезде оқыды. Ал мен зейнеткер шалдың баласымын,-деп күлдіретін. 1984 жылдың маусым айында мен оқуымды бітіріп, дипломымды алдым. Әскери есептен шығуға барғанымда Мәскеудің аудандық әскери комиссариаты құжаттарымды сыпырып алды да, қолыма шақыру қағазын ұстатып қоя берді. Сөйтіп аяқ астынан әскер қатарына аттандым. Бір жарым жыл әскери борышымды атқарып, елге қайтып оралдым. Еңбек жолымды Қарағанды облыстық «Орталық Қазақстан» газетінде тілші болып бастадым. Бірер жылдан кейін республикалық «Лениншіл жас» («Жас Алаш») газетінің орталық облыстар бойынша меншікті тілшісі қызметіне ауыстым. Бұл кезде Алтынбек «Арай» журналында, «Өркен» газетінде қызмет атқарып жүрген. Сол жылдары Алтынбектің өтініші бойынша Кеңес Одағының Батыр Нүркен Әбдіровтың жиені, қарағандылық жауынгер-интернационалист Марлен Әбдіров туралы очерк жазып, Алматыға жолдадым. Алтынбек оны «Арай» журналының кезекті санында жариялады да, артынша орысшаға аудартып, «Заря» журналында жариялады. Кейін қызмет баспалдақтарымен жедел көтеріліп, біздің Алтынбек досымыз еліміздің жоғары билігіндегі талай жауапты лауазымдардың тізгініне ие болды. Ақпарат министрі, Қазақстанның Ресейдегі Төтенше және өкілетті Елшісі, Қауіпсіздік Кеңесінің Хатшысы болды. Осындай аса үлкен лауазымды қызметтерде жүрсе де, өмірде ол өзінің өте қарапайым қалпын сақтай білді. Бұған 1994 жылдың қыркүйек айында Қостанай облысында өткен классик қаламгер Бейімбет Майлиннің туғанына 100 жыл толуына арналған мерейтой күндері Алтынбекпен бірге болған сәттерде, сол сияқты Ақпарат министрлігінің қызметкерлерін өзі бастап, Астанаға қоныс аударып келе жатқан кезінде Қарағанды вокзалы басынан қарсы алған шақта көзім анық жеткен болатын. Кейін елдің бағына туған асыл азамат атынан ат үркетін лауазымды қызметін өз еркімен тастап, оппозиция қатарына ауысты. «Тәуелсіз елде тәуменді тұлғалар болмауы керек!» деген жалынды ұран тастады. Туған еліне мысқалдай болса да жақсылық жасағысы келді. Ақ жүрегінде аялаған ақ армандары көп еді. Амал нешік, қылшылдаған 40 жастың ортасына енді көтеріле берген шағында қасындағы серіктерімен бірге сұрапыл зұлымдықтың құрбаны болды. Халқына бергені де көп, берері де мол ардақты азамат, сұңғыла саясаткер болатын ол. Алтын азамат еді ғой Алтынбек!

ПУШКИН ЕСКЕРТКІШІ ЖАНЫНДА

Өткен ғасырдың сексенінші жылдарының басында Москва қаласында оқып жүргенімде осы алып қаладағы Пушкин алаңына баруды ұнататын едім. Себебі ол алаңда даңқы әлемге тараған ақын Александр Пушкиннің еңселі ескерткіші тұр. Оң қолын омырауына сұғып жіберіп, ойлы пішінде тұрған ақын ескерткіші магниттей тартушы еді. Бұл алаңда мұзбалақ ақын Мұқағали да жиі болғанды ұнатады екен. Ол Москвадағы Әдебиет институтында оқып жүрген кезеңінде осы Пушкин алаңында бірнеше рет болған. Әртүрлі себептермен оқуын тәмамадай алмай, елге қайтар алдында осы алаңға арнайы келген Мұқағали ақын: Ал енді қоштасайық, сардар аға! Мен ертең кетем ұшып сардалама, Қыранның қырандығы - кең далада, Қыранның қырандығы - тауда ғана. Мен ертең кетем ұшып сардалама. Қош боп тұр, қош есен бол, сардар аға! Сөкпей де өкпелемей қал балаңа. Ақынның ақындығы - атақта емес, Ақынның ақындығы - арда ғана,-деп толғанған. Біздің Қарағанды қаласында да Александр Пушкиннің ескерткіші бар. Москвадағыдай еңселі ескерткіш болмаса да, шағын саябақтың ішінде тұрған осы ескерткіш те бір көрген адамды өзіне тартады. Осы ескерткіштің жанында болғанымда ақын ағам Серік Ақсұңқарұлының отты шумақтары ойыма оралады: Мәрмәр – Пушкин! Мен саған жат емеспін. Қаршадайдан өлеңмен қатар өстім. Қателессем – өмірді сенше сүйіп, Сенше күйіп...жүргенде қателестім. Мәрмәр – Пушкин! Мен саған жат емеспін. Өзің көрші! Көрмесең – сенбес едің, Күнде күйкі пендемен белдесемін. Сені таптым, пендесі бар өмірге Періштесі болмаса – келмес едім!

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙