Бақтыбай батыр қайда жатыр: Тарихи зерттеулер
Серік Дәулетов
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Бұл кітапта 18 ғасырда Қазақ елін сыртқы жаулардан қорғаған Шектінің ұраны Төлес Бақтыбай батырға және «Қыз Жібек» жырының кейіпкерлеріне қатысты тың мәліметтер жарияланған. Кітап ұлт тарихына қызығушылық танытатын оқырман қауымға арналған.
Серік ДӘУЛЕТОВ. Бақтыбай батыр қайда жатыр: Тарихи зерттеулер
Қазақтың төл тарихы далада жатыр, даламен байланысты.
Серік Әжіғали
550 жылдай бұрын халық болып қалыптасқан қазақ бермен қарайғы тарихта басынан небір қиыншылықтарды өткерсе де, жоңғар сияқты жойылып кетпей, қалмаққа ұқсап қалтарыста қалып қоймай, өз жолын тауып, бүгінде мәңгілік ел болуға талпынуда. Сол жолдың бойында тәуелсіздігіміз үшін тер төккен, қан кешкен небір батырларымыз жатыр. Солардың бірі- тірі кезінде-ақ аты бүкіл Шектінің ұранына айналған Төлес Бақтыбай батыр. Оған қатысты деректер негізінен Ресей императорларының тапсырмасымен елші Құтлы-Мұхамед Тевкелевтің, тілмәш Я. Гуляевтың, прапорщик Муравиннің, инженер-подпоручик И.Ригельманның 18 ғасырда Қазақ даласына жасаған экспедициялары кезінде жазған журналдары мен күнделіктерінде, жазбаларында, хаттары мен хабарламаларында кездеседі. Әйгілі жазушы Әбіш Кекілбаевтың «Үркер» романында Бақтыбай батырдың Ресей полковнигі Гарбердің сауда керуені болып бүркемеленген әскери-барлау экспедициясын тұтқындап, мүлкін тәркілеген ерлігі туралы айтылған. Бақтыбайдың ұрпағы Аманбай Құнтөлеуов батырдың өмірбаяны туралы «Аталар аруағы» , «Ұрпаққа ұран Бақтыбай», «Ұранға шыққан Бақтыбай» деген кітаптар басып шығарды. Батырдың ұрпақтары Меркібай Тағыбергенов, Әділбай Оразбаев, Әбілахим Шаншаров әр түрлі республикалық, облыстық, аудандық газет-журналдарға ол туралы әңгімелер мен аңыздар, өлең-жырлар жариялады. Ақтөбе облысының Шалқар қаласында батырға арнап ескерткіш орнатылды, Ақтөбе, Арал қалаларында атына көше берілді.
Солай бола тұра батырдың өмірбаяны, туған және қайтыс болған жылдары, қайда жерленгені туралы деректер жеткіліксіз. Бұл жөнінде тарих зерттеушісі Аманбай Құнтөлеуов былай дейді:
«...менің әкем Құнтөлеу мен Сәндібектің үлкен баласы Әбіләзиз 1962 жылы осы Бақтыбайдың жерленген жерін тауып, бата қылып қайтқан. Бұл дерек бойынша бабамыздың қабірі Жем өзенінің шығыс жақ жағалауында, қазіргі Байғанин ауданы «Ақжар» совхозының «Қаражар» бөлімшесіне жақын жерде жатыр... Батырдың өмір сүрген, сыртқы жаумен арпалысқан кезеңін тарихи мәліметтермен салыстырсақ, Бақтыбай Төлесұлы 1706 жылы, яғни Ит жылы дүниеге келіп, 1767 жылдың қаңтар айында жау оғынан қаза болған деген жорамалға келеміз... Қытай Халық Республикасындағы қазақ ғалымдары шығарған «Қазақтың көне тарихында» осы соғыс туралы кеңінен жазылған. Онда Адай руының мың сарбазы жау қолыныан қаза тауып, үш мың жігіті тұтқынға түскені айтылған. Осы кескілескен ұрыста, 61 жасында Бақтыбай батыр да ерлікпен шейіт болған сияқты деген де қауесет кездеседі. Қаза тапқан жауынгерлердің сүйегі тек көктемде, қар кете табылады. Үстіндегі тонымен құлаған Бақтыбай батырдың денесі бұзылмаған екен. Қауға қара сақалды бабамызды жұрт содан бері «Қарасақал әулие» , ал жерленген жерін «Қарасақал қорымы» деп атап кетіпті дейді аңыз.
Бірақ осы деректерге сенуге бола ма? Менің ойымша бұл әлі де терең зерттеуді қажет ететін деректер. Тарих қойнауына үңілсек, Бақтыбайдың туған жылы белгісіз. Өлген жылы белгісіз. Жатқан жері белгісіз. Оған себеп, жазбаша деректер жоқ, осы жерге жерленді деген, көрген адам жоқ. Ауызша, жазбаша шежірелерде туған, өлген жылдары, жерленген жері жөнінде ешқандай дерек кездестірмедік.» (Аманбай Құнтөлеуов. Аталар әруағы. Алматы, «Қаржы-қаражат» 1997-ж. 66-б)
Осы сияқты күмәндарға қарамастан, Ақтөбе облысы Шалқар ауданында тұратын Бақтыбай ұрпақтарының ақсақалдарының ұйғарымымен оның жерленген жері аталмыш Қарасақал қорымы деп есептеліп, сонда 1998 жылы батырға мазар салынды. Алайда, бұл шешім асығыс болған жоқ па екен деген ой содан бері батыр ұрпақтарының көкейінде жүр. Не себепті әрі батыр, әрі би Бақтыбай түрікменмен соғысам деп жалғыз өзі жасы келген шағында Жем бойына желігіп кетіп қалған? Екіншіден, неліктен Бақтыбай батырдың есімі қаза болғасын Қарасақалға айналуы керек? Бүкіл Шектіге ұран болған адамды тірі қалғандар (тұтқынға түсті делінетін 3 мың сарбаздың ең болмаса біреуі тірі қалған болар) тануы керек еді ғой ... Үшіншіден, не себепті Бақтыбай батыр әулие атануы керек? Қаза болса да, денесі бұзылмай, сақалы көктемге дейін сақталғаны әулие атану үшін жеткіліксіз. Әулие - халық арасына ерекше діндар-тақуалығымен, шипа дарытқан емшілігімен әйгілі болған, керемет қасиетке ие, қауымға рухани тәрбие жүргізуші тұлға. (Уикипедия-қазақша ашық энциклопедия. https://kk.wіkіpedіa.org/wіkі/Әулие_адам)
Бақтыбай батыр туралы ондай дерек жоқ.
Батырдың ғұмырнамасына қатысты осы сияқты сұрақтар мені де үнемі мазалап жүруші еді. Біраз жыл ізденістен соң, сол сұрақтардың кейбіреуіне жауап тапқан сияқтымын. Сол ойларыммен бөлісуді жөн көрдім.
Қарасақал деген кім? Ол неліктен әулие атанған?
Тарих парақтарын ақтарсақ, Бақтыбай батыр заманында шын мәнінде де Қарасақал деген атпен белгілі болған адамның өмір сүргенін байқаймыз. Және де ол тегін адам емес, текті адам екенін көреміз. Қарасақал оның лақап аты, ал шын есімі Байболат. Шыңғысхан әулетінен шыққан, Сібірдің ханы Көшімнің ұрпағы. Башқұрттарға, қарақалпақтарға және наймандарға хан болған. Қажылыққа барған, арабша оқыған, қазақ, орыс, ойрат тілдерін еркін меңгерген. Қазақтың хандары мен сұлтандары онымен өте тығыз қарым- қатынаста болған. Қарасақал туралы тарихшы, шығыстанушы, философия докторы, профессор Ахмет Заки Валиди былай дейді:
“Сын Давлет-Гирея "Ишим-Чувек султан" в Ургенче был каракалпакским ханом, его сын Хасан султан оставался у калмыцких ханов, а его сын Байбулат султан ездил в Крым и Стамбул и одновременно был султаном башкир, восставших против России. Чтобы не попасть в руки русских, ездил тайно под различными именами. Одно из этих имен - Карасакал. Его брат Ишим султан и сыновья Ишим султана Шайбак и Убейд (Убейдуллах) султаны был султанами каракалпаков. Байбулат султан был известен своей ученостью и красотой. Убейд султан был султаном племени карат (или карай). В то время, когда Байбулат (Бейбулат) воевал против русских в Башкурдистане, Шайбак хан был ханом у каракалпаков. Во всех отношениях был помощником Байбулата. Его мать Айше хатун была молочной матерью и воспитательницей Байбулата". (Ахметзаки Валиди Тоган. История башкир, Уфа, 2010, с.37-39,61,62.)
Оның ататегі туралы Ресейдің феодалды-крепостнойлық дәуірінің мемлекеттік мұрағатында (ГАФКЭ) мынадай құжат сақталыпты: 1742 г. ноября 13.—Объявление башкира Сибирской даруги, Каратавлинской волости Ягафера Елдашева в Уфимской Провинциальной Канцелярии с сообщениям биографических данных о Карасакале, его роли в восстании и об отношениях башкир с казахами и каракалпаками, с приложением родовой росписи о происхождении Карасакала, составленной на основании сведений, полученных от него самого и каракалпацкого хана Шайбака. (ГАФКЭ. Коллегия Иностранных Дел. Дело 1742 г. октября..., №3, 15-19, 20 – 21бб. Көшірмеден көшірме)
Бұл құжаттағы сөз болып отырған көтеріліс- башқұрттардың Орынбор экспедициясына қарсы 1735-1740 жылдардағы әйгілі көтерілісі. Башқұрттар Орынбор бекінісі салынса тәуелсіздіктен, жерімізден ажыраймыз деген қорқынышпен 1735 жылы құрылтай жасап, көтеріліс бастайды. Мұны естіген патша үкіметі 20 мыңнан аса әскерилерден, орыс-казактардан, қалмақтардан жазалаушы отрядтар жасақтап, оларды генерал-лейтенант А.И.Румянцевке басқартып башқұрт жеріне жібереді. (Башқұрттарды қатыгездікпен қыруға әйгілі орыс елшісі Құтлы-Мұхамед Тевкелевтің де атсалысқаны тарихтан белгілі.) Соған қарамастан көтеріліс оты әр жерден бір тұтана берді. 1739 жылы күзде Кубаннан Астрахань арқылы диуана киімін киіп, астыртын келген Қарасақалды башқұрттар 1740 жылы хан сайлайды. Көтеріліс жаңа серпін алады. Алайда генерал-лейтенант Г.Я.Соймонов Қарасақалды ұстауға 7 мың әскер жібереді. Ұрыста жеңіліс тапқан Қарасақал 1500 түтін башқұрттармен бірге Жайықтан бері өтеді. 1740 жылы 26 маусым күні Өлкеаяқ өзенінің жағасында Қарасақал әскерінің қалдықтарын қазақтар шабуылдайды. Жарақат алған Қарасақалды Бөгенбай батыр қанжығалы арғындарда тұтқында ұстай тұрады да, шілденің 10-күні генерал Урусовқа тапсырманың орындалғанын, Қарасақалдың қолға түскенін хабарлайды. Генерал Урусов Бөгенбайға Қарасақалды Орынборға шұғыл түрде жеткізуді пәрмен етеді. Алайда, Қарасақал орыстарға тапсырылмайды. Ол әуелі арғынның қанжығалы тайпасында, сосын үйсіндердің арасында бой тасалап жүреді. Жазаланудың орнына ол керісінше қазақтар арасында үлкен беделге ие болып, қазақтың кейбір тайпаларына хан сайланады.
Неліктен Қарасақалды Бөгенбай батыр орыстарға ұстап бермеді? Бұл сұрақтың жауабы- оның шын мәнінде Қарасақал емес, хан тұқымы болуында. Егер Қарасақал (Байболат) хан тұқымы емес, диуана болған болса, Бөгенбай батыр оны ойланбастан орыстарға ұстап берер еді. «...Казахские ханы - люди «белой кости» - никогда не признали бы Карасакала равным себе, не будь он чингизидом»- дейді башқұрт ғалымы, тарихшы Салават Таймасов «К вопросу о происхождении Карасакала» деген еңбегінде (С. Таймасов К вопросу о происхождении Карасакала. Вестник Академии наук РБ. 2004, № 4, 67-70 бб.) Қазақ жерінде Қарасақал «мен жоңғар билеушісі Қалдан Сереннен жапа шеккен оның тоқалдан туған інісі Шонамын» деген лақап таратты. Башқұрт ғалымының айтуына қарағанда оны Абылай хан пір тұтты, Әбілқайыр хан оған силастықпен қарады. Ал Батыр сұлтан болса онымен дос болды.
«В казахских степях с нашим героем произошла новая метаморфоза: он объявил себя принцем Шуной, вернувшимся, чтобы наказать тирана и убийцу Галдана. В сентябре 1740 г. он и хан Барак совершили поход в Джунгарию, но потерпели поражение. Теперь за Карасакалом охотилось не только русское правительство, но и джунгарский контайша. Галдан захватил в плен влиятельного султана Аблая и требовал за него Карасакала. Аблай не только не согласился на обмен, но и передал казахам, чтобы они берегли «Шуну» и от джунгар, и от русских и были готовы «при случае за него всем помереть». Даже заносчивый и амбициозный Абулхаир-хан проникся уважением к беглецу, а Батыр-султан, сын бывшего хивинского хана Каипа, стал другом Карасакала. Валиханов свидетельствует, что в преданиях казахов, киргизов, джунгар и калмыков имя Карасакала утратилось и существует лишь Шуна. Российские власти долгое время не оставляли попыток схватить Карасакала. В течение нескольких лет Соймонов, Урусов и Неплюев направляли своих представителей к казахским правителям, засылали в степь шпионов... Казахский историк XІX в. Ч. Валиханов пишет, что бежавший Карасакал нашел убежище у Кабанбая - из рода Кара-Кирей, с его помощью получил в управление небольшой удел из поколения найманов и принял новое имя - Кара-хан.... Вскоре Карасакал стал ханом Старшего жуза, а в 1748 г. правил всеми 11 родами племени найман и кочевал с ними в верховьях Ишима, на бывшей территории Кучума.»
Башқұрт ғалымы Қарасақалды әрі келбетті, әрі тақуа, әрі оқымысты, әрі батыр адам ретінде сипаттайды, қажылықа барған, емшілікпен айналысқан дейді.
« ... По словам Игнатьева, Карасакал «славно владел конем и оружием, удивлял даже первейших удальцов и наездников. Знание арабского языка давало ему перевес над всеми муллами; никто из них не мог лучше Карасакала толковать Коран; к тому же он бывал в Мекке и Медине, звался хаджи и носил белую чалму...обладал даром говорить умно, увлекательно и всегда доказательно, жизнь вел безукоризненную, религиозным был до фанатизма»... Карасакал быстро стал кумиром простого народа. Его видели храбрым в битве, вместе с тем он был хладнокровен и сдержан, никогда не терялся, не унывал в несчастье и неудаче. Он выделялся импозантной внешностью, ученостью, знал наизусть Коран, обладал даром целителя». (С. Таймасов. К вопросу о происхождении Карасакала. Вестник Академии наук РБ. 2004 ж, №4, 67-70 бб.)
Ал оның әулиелік қасиетіне келер болсақ, ол туралы бұрынғы қазақстандык ғалым, тарих ғылымдарының докторы Владимир Моисеев 1984 жылы «Простор» журналына былай деп жазған екен:
«Несмотря на множество противоречий и вымышленных событий, многие степняки верили Карасакалу. К тому же этот самозваный Шоно выдавал себя за человека, которому ведомы тайны природы, который может общаться с потусторонними силами и даже воздействовать на них, Карасакал, рассказывали побывавшие в его владениях русские люди, уверял казахов, будто он «может снег и дождь напустить, а когда оное случится, то сказывает, якоб он напустил, также больных от разных болезней вылечивает, чем, тако ж де и другими своими вымыслами и обманами их, киргис-кайсаков, в такое суеверство привел, что они ево по своему легкомыслию понуждены стали быть признавать и содержать за святого». Доверие кочевников к всесилию Карасакала простиралось до того, что они лечились у него от самых разных болезней, в том числе и от бесплодия.» (В. Моисеев. Степной самозванец. Алматы, «Простор» журналы, №6, 1984 ж.)
Қарасақал әулиені патша үкіметі қолға түсіре алмай-ақ қойды. Башқұрт ғалымы Салават Таймасов Қарасақал әулие (Байболат хан) 1749 жылы мамыр айында Барақтың қолынан қаза болды дейді. «Оренбургские власти в течение девяти лет неотступно следили за Карасакалом и не оставляли попыток схватить его. В конце жизни Галдан-Церен помирился с казахами, отпустил сыновей Абулмамбета и Барака. После его смерти в сентябре 1745 г. отношения Карасакала с Бараком, видимо, улучшились. По крайней мере, в августе 1748 г. Карасакал находился у Барака. В мае 1749 г., предположительно в 58 лет, Карасакал умер. По слухам, виновником его смерти был все тот же Барак.» Владимир Моисеев сол «Простордағы» мақаласында Әбілқайыр ханды өлтірген Барақ сұлтанның Қарасақал әулиені у беріп өлтіруінің себебін оның Әбілқайыр тұқымының кектенуінен қорқып жоңғарларға паналау үшін жағыну пиғылымен түсіндіреді: «Русский казак Федор Найденов, возвратившись из поездки к ханше Попай, супруге покойного Абулхаира, кстати также убитого Бараком в 1748 г., рассказывал, что Барак, опасаясь мести родственников Абулхаира, «ищет протекции зенгорского владельца. В знак де чего будто и услугу свою ему уже оказал тем, что противного ему, зенгорскому владельцу, Карасакала в угодность его отравил». Қарасақалдың жерленген жері Кеңес Әскерінің генштабының топографиялық картасында қөрсетілген: Бұл картадан оның бейітінің Эмба (Жем) өзенінің бойында жатқанын көреміз. Бақтыбай ұрпақтарының батырға мазар салып жүргені де осы жер. Демек Бақтыбай ұрпақтары, Шектінің ұраны болған Бақтыбай батырдың басына емес, қарақалпақ, башқұрт һәм кейбір қазақ тайпаларының ханы Байболаттың басына ескерткіш орнатқан. Көзі тірісінде Бақтыбай батыр мен Байболат-Қарасақалдың өмір жолдары қиылысты ма? Қиылыспауы мүмкін емес. Екеуі де бір дәуірде өмір сүрді, жастары шамалас. Екеуі де әйгілі адамдар, бірі- Шекті сияқты үлкен рудың ұраны болған батыр, әрі би. Екіншісі хан тұкымы, бүкіл қазаққа танымал боп кеткен тұлға. Бірі Өлкеаяқ өзенінің жағасын жайласа, екіншісі сол өзеннің жағасына орыстан қашып келді. Бірі Батыр сұлтанның батыры болған болса, екіншісі- досы. Құдайдың құдіреті шығар, Байболат хан билік үшін арпалыс пен қарама–қайшылыққа толы ғұмыр кешіп, көзі тірісінде Сұлтангерей, Шона батыр, Қарасақал, Қарахан деген лақап аттарды пайдаланса, өлгесін де Жем бойында Бақтыбай батырдың атын жамылып жатыр...
Ал енді сонда Бақтыбай батыр қайда жатыр?
Егер біз Бақтыбай атауына байланысты топонимдерді іздейтін болсақ, Уикипедия мен энциклопедияларда, Бақтыбай тауы кездеседі.
Бұл тау Мұғалжар тауларының ең биік нүктесі, Үлкен және Бала Бақтыбай деп аталатын екі шыңнан тұрады. Үлкенінің биіктігі 657 м. Жаугершілік заманда Бақтыбай сынды батырлар үшін бұл тау тактикалық маңызы бар биіктік болған. Оны келесі топографиялық картадан аңғаруға болады. Көрініп тұрғанындай, таудың етегіндегі сайдың табанымен Орынбор –Ташкент темір жолы өтеді. Бұл жермен ғасырлар бойы Шығыс пен Батысты жалғап келген керуен жолы өткен, ол жол таудың басынан алқандағыдай көрінеді..
Бақтыбай батыр сияқты әйгілі адамға байланысты басқа да жер-су атаулары болмауы мүмкін емес деген оймен Кеңес Одағы құлағасын құпиялық грифі алынып тасталынған Кеңес Әскерінің генштабының топографиялық карталарын ақтаруға тура келді. Олардың масштабы өте ірі, географиялық карталарда көрсетіле бермейтін әрбір жеке тұрған үй, әрбір сай, әрбір бейіт, әрбір геодезиялық тригопункт белгіленген. Бұл карталардың әрбір шаршы сантиметрін мұқият қарап шыққанымызда, Ақтөбе облысының жерінен Бақтыбай батырға байланысты мынадай топонимдер кездесті.
Бақтыбай сайы- Шалқар ауданында.
Бақтыбай жайлауы- Ырғыз ауданында.
Үлкен Бақтыбай және Бала Бақтыбай таулары- Шалқар ауданында, Бершүгір стансасына қарама-қарсы.
Бақтыбай құмы- Ырғыз ауданында.
Бақтыбай өзені- Әйтеке би ауданында, Өлкеаяқ өзеніне құяды
Бақтыбай зираты- Әйтеке би ауданында, Өлкеаяқ өзенінің жағалауында.
Аталмыш картада Бақтыбай зираты былай бейнеленген:
Осы картаға сүйеніп, тамыз айында Смағұл Дәулетов, Нұрлан Тағыбергенов үшеуіміз жолға шықтық. Мақсатымыз Ырғыз-Торғай жолымен Қызылкөлді жағалап Дүкен ауылы арқылы Өлқаяқ өзенін бойлай Бақтыбай батырдың бейітінің басына жету.
144-ші километрдегі тригопункт GPS-навигаторды пайдаланып, Ырғыз-Торғай жолының 144-ші километріндегі картада бейнеленген мемлекеттік геодезиялық белгі-тригопункттің үстінен түстік. Осы жерден оңға бұрылып, Өлкеаяқ өзеннің құрғақ табанын кесіп өтіп, шығысқа қарай 3,5 км жүріп қорымға келіп жеттік.
Бақтыбай батыр бейіті Батыр бейіті картада көрсетілгендей, сордың оңтүстік жағында, сол төңіректегі биіктікте орналасыпты. Аумағы шаршы пішідес, ұзындығы 10 метр, ені 10 метр екен. Қабырғалары жауын-шашыннан езіліп, биіктігі 80 сантиметрдей болып қалыпты. 4 бұрышында 4 құлағы бар екен, кесектен қаланғаны байқалады. Ешқандай құлпытас, немесе қандай да бір белгі жоқ. Бірақ құлпытастың болмауы бұл бейіт Бақтыбайдыкі емес деген сөз емес. Олай дейтініміз, Бақтыбай батыр бейітінен Өлкеаяқ өзенінің бойымен солтүстікке қарай 90 шақырым жердегі «Хан моласы» қорымынан 2011 жылы табылған Әбілқайыр ханның бейітінің басында да құлпытас болмаған. Ол туралы осы «Хан моласын», Әбілқайыр хан бейітін ұзақ жылдар бойы зерттеген әйгілі археолог ғалым, Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының этнология және антропология бөлімінің меңгерушісі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Серік Әжіғали былай дейді. «Әбілқайыр хан заманында тастан құлпытас қою дәстүрі болған жоқ, сондықтан Әбілқайыр хан қабірінің басына құлпытас қойылмаған.» ( «Ақтөбе» газеті http://www.aktobegazetі.kz/?p=14071) Қорымда бұдан басқа үлкенді-кішілі шаршы, төртбұрыш, және дөңгелек формалы топырақтан тұрғызылған 6 бейіт табылды. Олардың орналасуы мына төмендегідей.
Бақтыбай батыр зиратындағы бейіттер №1- Бақтыбай батыр бейіті. Қабырғаларының биіктігі 70-80 см . 4 құлағы бар. Аумағы 10м x10м шаршы. №2 бейіт бірінші бейіттен 20 м оңтүстікке қарай орналасқан, аумағы 4м x 5м тік төртбұрыш, қабырғаларының биіктігі 40 см-дей №3 бейіт бірінші бейіттен 5 м жерде орналасқан, дөңгелек шішінді, қабырғасының биіктігі 50-60 см, диаметрі 5 м.
№4 бейіт дөңгелек типті, диаметрі 7 м, қабырғасының биіктігі 40-50 см.
№5 бейіт дөңгелек типті, қабырғасының биіктігі 40-50 см, диаметрі 4 м.
№6 бейіт ұзындығы 3м, ені 1 м, призма пішіндес. Жас баланыкі болуы керек.
№7 бейіт ұзындығы шамамен 3м, ені 1 м, призма пішіндес. Жас баланікі болуы мүмкін. Қорымдағы ең үлкен №1 бейіттің төр жақта, қалғандарының одан төмен орналасуына қарап, №2-№7 бейіттердің кейінірек тұрғызылғанын аңғарамыз. Сондықтан ол бейіттерге Бақтыбайдан кейін қайтыс болған туыстары жерленген деп топшылауға болады. Дөңгелек бейіттердің қабырғасының топырағы сыртқа қарағанда ішке көбірек құлауының себебі, олардың кезінде цилиндр пішінді емес, қиық конус түрінде салынғанын білдіреді дейді археолог Ғазиз Ахатов. Оның пікірінше бұл өңірде тас тапшы болғандықтан, зираттар кесектен тұрғызылады. Бақтыбай батыр зиратына байланысты ізденістердің барысында кейбір тың мәліметтердің беті ашылған сияқты. Олай дейтініміз, әскери карталар арқылы Бақтыбай батырдың замандастары- Шектінің әйгілі адамдарының аттарына байланысты Пұсырман зираты, Қосқұлақ бейіті, Андағұлтөбе, Қарабас бейіті, Аралбай бейіті сияқты топонимдер осы Ырғыз-Торғай даласында екендігі анықталды. Сонымен бірге, айдынында аққу-қаз жүзген жүзге тарта көлі бар, шөбі шүйгін, жері от, табиғаты тамаша осы далада Шектінің аруы Қыз-Жібек пен Жағалбайлының мырзасы Төлеген бір-бірімен танысқан деп топшылауға болады. Өйткені «Қыз-Жібек» дастанында айтылатын Қособа осы Өлкеаяқтың жағасында. Төлегеннің бейіті де осында. Қыз-Жібектің әкесі Сырлыбайдың көлі де осы өлкеде. Қалмақпен соғыс болатын Қарасиыр да осында.
Қособа көлі
Төлеген бейіті
Сырлыбай көлі
Қарасиыр ойпаты 19 ғасырда да Шектілердің жері Өлқаяқ өзенінің бастауларына дейін созылып, бір жағы Жағалбайлы жерімен, екінші жағы Арғынның Жоғарғы Шектілерімен шектескенін әйгілі тарихшылар М.С.Мұқанов пен В.В.Востровтың еңбектеріне сүйеніп жасалған мына төмендегі картадан көруге болады: (А.И. Собакин. Расселение казахских племен в XІX- начале XX веков)
Ш-шектілер, ЖШ-жоғарғы шектілер, Ж-жағалбайлылар, Т-телеулер, ТК-төртқаралар, КК-қаракесектер, Ч-шөмекейлер, КС-карасакалдар, КТ-кетелер, АЛ-алтындар, ЖП-жаппастар, ТБ-табындар, АТ-атығайлар Бұл ғалымдардың айтуына қарағанда, Шектілер Арал теңізінің жағалауы, Құланды түбегінде, Үлкен Борсық құмында, Шошқакөл тауында қыстаған. ( М.С.Мұқанов, В.В.Востров. Родоплеменной состав и расселение казахов. Алматы, Наука ,1968, 214- б.) Ал жайлауға меридиан бойымен солтүстікке қарай Ырғыз, Өлкеаяқ, Торғай, Тобыл өзендеріне және Мұғалжар тауларына қарай көшкен. 19 ғасырдың екінші жартысынан бастап қазақ даласына капиталистік қатынастар енуіне байланысты өндіруші күштердің дамуы және қазақ қоғамының таптық жікке бөлінуі қазақтардың көші-қон аумағын шектей бастады. Оған қосымша 19 ғасырдың аяғына қарай Орталық Ресейден орыстарды көшіру саясаты да өз рөлін атқарды, - дейді аталмыш ғалымдар М.С.Мұқанов пен В.В. Востров. Олардың пікірінше орыс шаруаларының колониялары Торғай облысында жазғы жайылымдары бар Шектілерге де кері әсерін тигізді. Жер аумағына шектеу қою қазақтарды мәжбүри отырықшыландыруға, көші- қон аумағын қысқартуға әкеп соқты. Ал 20 ғасырдағы Қазан төңкерілісі, кәмпіскелеу, коллективтендіру, жұт, ашаршылық сияқты оқиғалар қазақ руларын, оның ішінде шектілерді де ауылдарын, ата-бабаларының жатқан жерін тастап босып кетуге мәжбүрледі. Бақтыбай ұрпақтары қазір негізінен Ақтөбе облысының Шалқар ауданында, Жем қаласында, Арал теңізінің Құланды түбегінде, Қарақалпақстанда, Жамбыл облысында тұрады. Бақтыбай батырдың Шектіге билігі жүріп тұрған 18 ғасырда оның әулетінің қыста Құланды қыстап, жазда Өлкеаяқты жайлағаны кәміл. Оған мына төмендегі Бақтыбай батырдың үлкен ұлы Асанның бейіті көрсетілген 1916 жылы басылып шыққан Ресей картасы, Бақтыбай батырдың немересі Амалдықтың бейіті көрсетілген 1869 жылғы Ресей картасы, Бақтыбайдың шөбересі Кішкентайдың бейіті көрсетілген Кеңес Әскерінің картасы дәлел бола алады.
Асан бейіті
Амалдық бейіті
Кішкентай бейіті Қорыта келе, Шекті Бақтыбай батыр Жем бойында, бөтен жерде, қыс мезгілінде емес, Шектінің жерінде, өз ауылында, Өлқаяқ өзенінің жағасындағы жайлауда қайтыс болып, сонда жерленген деп айта аламыз.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру