Дауылпазды дүрсілдетейік
Петр Ткачев
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
МЕМЛЕКЕТТІК "МӘДЕНИ МҰРА" БАҒДАРЛАМАСЫНЫҢ КІТАП СЕРИЯЛАРЫ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТІ НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВТЫҢ БАСТАМАСЫ БОЙЫНША ШЫҒАРЫЛДЫ "Мәдени мұра" мемлекеттік бағдарламасын іске асыру жөніндегі қоғамдық кеңестің құрамы: ҚҰЛ-МҰХАММЕД М., төраға, ДОСЖАН А., төрағаның орынбасары,...
МАҚАЛАЛАР
"НАБАТ"
(Журнал бағдарламасы) (1841-1885) - орыс революционері, халықшылдық қозғалысындағы якобишілдік бағыт идеологы, әдебиет сыншысы және публицист. Петербург университетінің заң факультетін экстерн ретінде бітірген. 1868-69 жылдарғы студенттер толқулары кезінде С. Г. Нечаевпен бірге радикалдық азшылықты басқарған. Тұтқындалып, сотталған. 1873 жылы шетелге қашқан. Эмиграцияда "Вперёд" журналының жұмысына қатысқан, 1875-81 жылдары "Набат " журналын шығарып тұрған. Барлық, халықшылдар секілді Ресейдің социалисты болашағын шаруалармен байланыстырған, бірақ басқа халықшылдардан өзгеше, шаруалар әрі енжар, әрі надан қауым болғандықтан өз бетінше әлеуметтік революция жасай алмайды, aл қауым тек орын алып отырған мемлекеттік және әлеуметтік революция жойылғаннан кейін ғана "социализм ячейкасы " бола алады деп топшылаған. Француз бланкистерімен жақындасып, олардың "Nі dіeu, nі maіtre " газетінің жұмысына қатысқан. 1882 жылдың аяғында қатты науқастанып, өмірінің соңғы екі жылып Париж жындыхнасында өткізген. Өрт жалыны лап ете қалып, дауылпаз дүрсілі естілген бойда, әркім өз үйінен атып шығып, жақынының мал-мүлкі мен ғұмырын сақтап қалу үшін, өрт шыққан жерге асығады; адам мүдделерінің ынтымағы деген дәйексіз идея бұл арада барынша нақты күшімен, қарапайым түрде көрініс табады. Әркім тек өзгенің там-тасын құтқарып қалса ғана, өзінің там-тасын сақтап қала алатынын сезеді. Жеке қырбайлық, күнделікті ұсақ ырың-жырың -ортақ қатер төнгенде соның бәрі ұмыт болады. Дұшпан адамдар қатар тұра қалып, бірлесе қимылдайды. Адамның бойында оның ізгі ниетті, асқақ қасиеттері омыраулап шығады. Сондықтан да дауылпаздың дүрсіліне тек имансыз қорқақтар, тек бойкүйез эгоистер құлақ салмайды. Сондықтан да сол дүрсіл естілген сәттер, әдетте халық өмірінің ең бір жақсы сәттері, бұл - қисапсыз халық қасіретінің сәті екендігіне қарамастан, ең бір жақсы сәттері болып шығады.
Біз қазір сондай сәтті бастан өткеріп отырмыз.
Дауылпазды дүрсілдете соғатын кез келді. "Экономикалық прогресс" жалыны біздің халық өмірінің түбегейлі негіздерін жалмай бастады. Оның ықпалымен біздің қауымдық өмірдің ежелгі пошымдары қирай бастады, "қауым принципінің", бәріміз арман ететін болашақ қоғамдық құрылыстың іргетасы болуға тиісті принциптің өзі жойылуда. Түтіні бықсып жатқан пошымдар үйіндісінің үстінде - буржуазиялық өмір пошымдары туып келеді, кулактық, қауымды тонау өсіп келеді; индивидуализм, экономикалық анархия, аяушылықты білмейтін ашқарақ эгоизм принципі орнығуда. Әрбір жаңа күн бізге жаңа дұшпандар, бізге дұшпан жаңа қоғамдық факторлар туындатуда. Жалаңдаған жалын тілі біздің мемлекеттік пошымдарға да тақап қалды. Қазір олар өлі есепті жансыз. Экономикалық прогресс оларға нұр береді, оларға жаңа рух егеді, қазір олардың бойында жоқ қажетті күш пен жігер береді. Бүгіндері біздің мемлекет - фикция, халық өмірінде ешқандай тамыры жоқ жалған аңыз. Ол жұрттың бәріне жеккөрінішті, ол баршаның, тіпті өз малайларының бойында малайлық менсінбеушілікпен араласқан алғаусыз ыза мен құлдық қорқыныш тудыртады. Одан қорқады, өйткені оның қолында материалдық күш бар; ол осынау күштен айрылған бойда, оны қорғауға бірде-бір қол көтерілмейді. Бірақ ертең оның барлық бүгінгі жаулары соны қолдап көтеріледі - ертең өзі арқылы ол солардың мүддесін, кулактар мен қауымды тонаушылардың мүддесін, жеке меншік мүддесін, сауда мен өнеркәсіп мүддесін, туындап келе жатқан буржуазиялық дүние мүддесін білдіретін болады.
Бүгінде ол абсолютті қисынсыз және қисынсыз абсолютті.
Ертең ол конституциялық-қанағатшыл, есебі бар байыпты мемлекетке айналады.
Асығыңыздар!
Дауылпазды дүрсілдет! Дауылпазды дүрсілдет!
Бүгін біз мықтымыз.
Көріп отырсыздар, бізді уысына түсіре алмаған мемлекет, буржуазиялық қоғамды, интеллигенцияны көмекке шақыруда. Амал нешік! Оның одақтастары оған қызмет етуден, бері салғанда тегін қызмет етуден бас тартып отыр, олар өздерінің публицисттерінің аузымен оған былай дейді: "Біздің өзіміз сені жек көреміз, егер сен біздің өзіңе қызмет етуімізді қаласаң - барлық құқықтарыңды бізбен бөліс; өйтпесең - біз абзалы утопист-революционерлерге еріп кетеміз. Олар утопистер, біз олардан қорықпаймыз. Бізге керегі сені тізеге басып алу, ал аналарды пұшпақтай илеу бізге оңай!" Сөйтіп олар біздің қатарымызға өздерінің перзенттерін жөнелтуде, ал олардың интеллигенциясы, ат төбеліндей басқалары, олардың санатына кіру "масқара да арамдық" саналатын басқаларынан өзгесі, олардың интеллигенциясы біздің жағымызға үзілді-кесілді шықты. Деспоттық, дөрекі, варварлық өзім білемдіктің езгісінен азап шегіп жатқан, қорланған, тоналған, қайыршыландырылған, барлық адамдық атаулыдан айрылған халық бізді тыңдайды, бізге жанашыр, және, егер оны қоршап тұрған өмір жағдайының ықпалымен тарихи әзірленген құлдық дағдысы болмаса, егер де "қолы ұзын өкіметтен" оның өлердей қорқынышы болмаса, ол өзінің қанаушылары мен тонаушыларына қарсы ашық көтерілер еді. Бүгінде біздің дұшпандарымыз қауқарсыз, бытыраңқы. Бізге қарсы тұрған жалғыз үкімет, оның шенеуніктері мен солдаттары. Бірақ бұл шенеуніктер мен солдаттар - ат төбеліндей автократтардың қолындағы жансыз автоматтары, мән-мағынасыз, соқыр, көбіне санасыз құралдан басқа түк те емес. Соларды құртсаңыздар болды, тәртіпті де жақсы ұйымдастырылған армия орнына сіздер басы кесілген мүрделердің іру-тіру тобырына бетпе-бет келесіздер. Демек, бүгінде біз үшін бірден-бір күшті де қауіпті жау тек осынау ат төбеліндей автократтар тобы ғана. Бірақ оған біздің бүкіл қоғам да дұшпандықпен қарайды; оны құрайтын элементтер қаншалықты әрқилы болғанымен, қоғам әлдеқашан орын алып отырған тәртіпті ауырсынып келеді; жеке қауіпсіздікке кәміл сене алмау, ойына келгенін істейтін әрі мүлдем мағынасыз өзімбілемдік тіпті ең төзімділердің тағатын тауысып бітті. Сіз қайда қарасаңыз да, сіз барлық жерден: "Жоқ, ұзақ уақыт бұлай бола бермейді! Мұны құртып тыну керек! Енді шыдай берер шама жоқ!" деген сөздерді естисіз.
Бұл бүгінгісі. 198
Ал ертең не болмақ?..
Дұшпандарымыздың ақымақтығына тым үміт арта бермеңіздер.
Әрбір сәтті пайдаланыңыздар. Ондай сәттер тарихта жиі бола бермейді. Оларды өткізіп алу - әлеуметтік революция мүмкіндігін ұзақ уақытқа - бәлкім, біржолата - кейінге қалдыру деген сөз.
Кешіктірмеңіздер!
Дауылпазды дүрсілдетіңіздер! Дауылпазды дүрсілдетіңіздер!
"Дайындалайық", "дайындалайық" деп езе бермеңіздер.
Революцияны дайындау - тіпті де революционерлердің ісі емес! Оны қанаушылар-капиталистер, помещиктер, топтар, полиция, шенеуніктер, консерваторлар, либералдар, прогресшілдер және тағы сол сияқтылар дайындайды. Ал революционер тек дайын, аталмыш революциялық элементтерді, тарих әзірлеген, халықтың экономикалық өмірі өсіріп шығарған, "күзетшілердің" надандығының, үкіметтің, оның жандармдары мен әскерлерінің жосықсыздығының арқасында, ақыр соңында, "бейбіт прогресс" желқобыздары мен олардың буржуазиялық ғалымдарының еңбекқор өсіріп шығарушылары арқасында күшейіп, өркендей түскен элементтерді белгілі бір дәрежеде пайдалана білуге тиіс.
Революционер революцияны әзірлемейді, оны жасайды.
Соны жасаңыздар! Тезірек жасаңыздар! Мәймөңкелеу атаулы, сөзбұйда атаулы - қылмыс!
Дауылпазды дүрсілдетіңдер! Дауылпазды дүрсілдетіңдер!
БІЗДІҢ ЖУРНАЛДЫҢ МІНДЕТТЕРІ
Дауылпазды дүрсілдету, революцияға шақыру дегеніміз оның нақ аталмыш сәтте қажеттігі мен мүмкіндігін көрсету, оны жүзеге асырудың практикалық құралдарын анықтау, оның ең таяу мақсаттарын белгілеу деген соз.
Біздің журналдың басты міндеті де сондай болады.
Бізді, революционерлерді, біздің дұшпандарымыз арманшылдар, утопистер деп атайды. Біздің дұшпандарымыздікі дұрыс, - егер олар біз туралы біздің "теоретик-софиетер" бойынша, біздің резонер сөзуарлар бойынша, - қысқасы, біздің қазіргі шетелдік баспасөз бойынша таразылайтын болса, дұрыс. Жастардың ең тынымсыз, ең шынайы да жігерлі бөлігі тікелей мүмкін, практикада жүзеге асыруға болатын нәрсені инстинктті түрде іздеп жүргенде, оған революцияның ең жақын мақсаты ретінде анархияны ұсынады. Жастардың бір бөлігі, ішінара саналы, ішінара санасыз болса да, ұйымдасуға, мүмкіндігінше тығыз да берік ұйымдасуға ұмтылып жүргенде, - олардың құлағына құпия ұйым атаулының негізгі принциптері: иерархия, тәртіп, бағыныштылық екендігіне қарамастан, - бұлар жалған, зиянды және тіпті инсаниятсыз принциптер деп сыбырлайды. Қуаты да, сенімі де асып-тасып жатқан ол, іске ұмтылып, халықты тұншықтырып тұрған бұғауды тезірек жұлып тастауға ұмтылып жүргенде, оған: "Асықпа, тиме, әуелі -насихатта, сіңір, ағарт, содан кейін ғана-жұлып таста" дейді. Революцияның ең жақын, тікелей мақсаты ретіндегі анархия, оны жүзеге асырудың практикалық құралы ретіндегі насихат, ақыр соңына да тәртіпсіз, иерархиясыз, бағыныштылықсыз ұйым, - осының бәрі фантастикалық утопия, балалық арман емес пе? Сөйте тұра біздің шетелдік баспасөз (әлбетте, осы заманғы революцияшыл баспасөз туралы айтқанда, біз тек орыс интеллигенциясына арналған баспасөзді ғана тілге тиек етеміз - авт.) сол армандардан басқа нақты ештеңені көрмейді, ол өзінің утопияларына ғашық және оларды жастарға таңады. Біз арманшыл революционерлер, утопистік-революционерлер, бәлкім, қажет те екендігін теріске шығармаймыз, бірақ олар тек әзірлік кезеңінде, революциялық толқу кезеңінде ғана қажет. Ал тікелей қимыл кезеңінде олар пайдасыз ғана емес, зиянды да. Олар адамдарды практикалық істен бұрып әкетеді, олар адамдарды босаңсытып, сансыратады, олар адамдарды қатыгез резонерлерге айналдырады және сайып келгенде не толық күдер үзуге, не көңілі қалып, кешірім сұрауға жеткізеді.
Біз соңғы кезең келіп жетті дегенді кесіп айтамыз.
Сондықтан да біз былай дейміз: "Ойыңыз тым ілгерілеп кетпесін, аталмыш пакты болмыстан аулақтап кетпеңіз, анық, парасатты реализм топырағынан таймаңыздар. Арман қумаңыздар, қимылдаңыздар, революцияны жасаңыздар және омы мүмкіндігінше тезірек жасаңыздар!" Бірақ бұл үшін ең алдымен революцияның ең жақын, іс жүзінде жетуге болатын мақсатын да, оны дереу жүзеге асыруға жетелейтін жолдарын да анық та дәл белгілеп алу керек.
Революцияның ең жақын, іс жүзінде жетуге болатын
мақсаты иеден құралуға тиіс.
Біз анархияны (немесе, дәлірек айтсақ, әдетте осы сөздің астарында жататын нәрсені) мойындаймыз, бірақ тек алыс болашақтың қалаулы "мұраты" ретінде ғана мойындаймыз. Алайда, біз, анархия деген сөз сол болашақ мұратын толық білдіре алмайды дейміз: ол тек соның бір жағын, және болашақ қоғамдық құрылыстың тіпті де өзекті емес бір белгісін ғана көрсете алады. Анархия дегеніміз-өкіметсіздік. Бірақ өкіметсіздік дегеніміз неғұрлым түбегейлі, неғұрлым терең себеп теңдіктің сөзсіз, қисынды салдарларының біреуі ғана. Дәл сол секілді өкімет те, анархистер айтып жүргендей, орын алып отырған әлеуметтік жамандықтың себебі емес, тек оның қажетті нәтижесі. Қоғамдық қасіреттердің бәрі, әлеуметтік өтіріктің бәрі тек қана адамдардың теңсіздігінен, физикалық, интеллектуалдық, экономикалық, саяси және толып жатқан басқа теңсіздігінен туындап, соған тәуелді болады. Демек, адамдар қатынасының қандай саласында болсын теңсіздік орын алып тұрған кезде, өкімет те бола береді. Әуелі қоғамның барлық мүшелерінің арасында теңдік орнатпай тұрып, анархия мүмкін емес, қисын жағынан мүмкін емес. Сондықтан да болашақ қоғамның ең өзекті, ең сипатты белгісі анархия деген созбен емес, теңдік деген сөзбен білдірілуге тиіс. Теңдік анархияны, анархия - бостандықты көздейді; бірақ теңдік те, анархия да, бостандық та, осынау ұғымдардың бәрі бір ұғымда, бір сөзде, бауырластық деген сөзде тоқайласады. Бауырластық бар жерде теңдік те бар, теңдік бар жерде -өкіметсіздік те бар, бостандық та бар. Осыдан өзінен-өзі шығатын қорытынды, ешқандай революция алдымен бауырластық пен теңдікті алмай жатып, анархияны орната алмайды. Бірақ, бауырластық пен теңдік орнату үшін, біріншіден, қоғамдық тұрмыстың аталмыш шарттарын өзгерту, адамдар өміріне теңсіздік дұшпандық, қызғаныш, күндестік әкелетін барлық мекемелерді жою, және соларға қарсы бастауларды енгізетін мекемелердің негізін қалау қажет; екіншіден, адамның табиғатының өзін өзгерту, оны қайта тәрбиелеу қажет. Осынау ұлы міндетті, әрине, тек оны түсінетін және оны орындауға шынайы ұмтылатын адамдар ғана, яғни ақыли да инсанияттық жағынан жетілген адамдар, яғни азшылық жүзеге асыра алады. Осынау азшылық өзінің неғұрлым жоғары ақыли және инсанияттық дамуының пәрменімен көпшілікке әрқашан ақыли және инсанияттық билік жүргізе алады және жүргізуге тиіс. Демек, революционерлер - осынау азшылыққа жататын адамдар, қоғамның ең жақсы ақыли және инсанияттық күштерін өзі арқылы көрсететін революционерлер, революционерлер болып қала отырып, қажетті түрде билікке ие болады, ие болмай тұра алмайды. Революцияға дейін бұл билік таза инсанияттық, былайша айтқанда, рухани сипатта болады, сондықтан да ол барлығы да дөрекі материалдық күшке негізделген, барлығы да тойым сыз, пайдакүнем, жыртқыштық эгоизмге бағындырылған тәртіпке қарсы күресте мүлдем дәрменсіз болып шығады. Революционерлер мұны түсінеді және зорлықпен жасалатын төңкеріс арқылы өзінің ақыли және инсанияттық күшін материалдық күшке айналдыруға ұмтылады. Шынайы революция атаулының негізгі мәнісі де осы метаморфозада жатыр Онсыз революция мүмкін де емес. Материалдық күштен оқшаулатылған ақыли күш тек бейбіт прогресс дейтінді жасап алады. Екінші жағынан, орын алып отырған тәртіпке ақыли күш басшылық жасап, тәртіпке келтірмеген шабуыл атаулы тек бейберекет толқу ғана туғыза алады, ол дегеніңіз мағынасыз, мақсатсыз және сайып келгенде әрқашан кертартпа қозғалыс. Бірақ жалпы осы заманғы қоғамдарда, және әсіресе Ресейде, материалдық күш мемлекеттік өкіметте шоғырланғандықтан, шынайы революция - инсанияттық күштің шынымен материалдық күшке айналуы - тек бір ғана жағдайда ғана: революционерлер мемлекеттік өкіметті басып алғанда ғана жасала алады; басқаша айтсақ, революцияның ең жақын, тікелей мақсаты тек қана үкіметтік билікті басып алып, аталмыш консервативті мемлекетті революцияшыл мемлекетке айналдырудан басқа ештеңе болмауға тиіс. Осынау шарттың даусыздығын теріске шығару, революция атаулының осынау ең таяудағы мақсатын теріске шығару не оның мәнісін түсінбеу, не оның практикада жүзеге асырылуына кедергі жасауға саналы түрде ұмтылу деген сөз. Және біздің революцияшыл шетелдік баспасөз дейтініміз революционерлер мемлекеттік өкіметті, яғни материалдық күшті өз қолына шоғырландыруға әуре болмай, сол өкіметті талқандау қамын жеуге тиіс (сонда ол төңкерістен кейін де төңкеріске дейінгідей, қазіргідей дәрменсіз де қарусыз күйінде қала береді ғой) дегенде, өзінің антиреволюциялық көзқарасы тұрғысынан әбден дәйекті қимылдайды. Ол шынайы революцияны қаламайды. Ол не бейбіт прогресс туралы, не берекетсіз, былыққа толы, сондықтан мақсатсыз толқу туралы армандайды. Екі жағдайда да оның мұраттары буржуазиялық дүниетаным шеңберінен шықпайды және өзінің мәнісі жағынан сөзсіз консервативті. Оның анархияны уағыздауы соған әбден сай келеді. Шынында да, бауырластық пен теңдік идеяларын әуелі практикада жүзеге асырып алмай тұрып, анархия дегеніміз бұл - адамның адаммен жыртқыштық шайқасы, бұл - кеpeғap мүдделердің берекетсіздігі, бұл - индивидуализмнің үстемдігі, ашқарақ, пайдакүнем эгоизмнің патшалығы, кысқасы, бұл - бейбіт прогресс дейтінге мазмұн беретін, буржуазиялық қоғамның мәнісін құрайтын нәрсенің нақ өзі. Сонымен, революцияның таяудағы мақсаты саяси өкіметті басып алу, революцияшыл мемлекет құру болуға тиіс. Бірақ өкіметті басып алу, революцияның қажетті шарты бола отырып, әлі революцияның өзі емес. Бұл оның прелюдиясы ғана. Революцияны революцияшыл мемлекет жүзеге асырады, ол, бір жағынан, күресті жалғастырып, қоғамның консервативтік және кертартпа элементтерін құртады, теңдік бауырластықты орнатуға бөгет жасайтын мекемелердің барлығын жабады, екінші жағынан - олардың дамуына қолайлы жағдай жасайтын мекемелерді өмірге енгізеді. Осылайша революцияшыл мемлекеттің қызметі екі жақты: революцияшыл күйретуші және революцияшыл жасампаз қызмет болуға тиіс. Біріншісінің мәнісі - күрес, демек, зорлық. Күрес тек төмендегі шарттарды: орталықтандыруды, қатаң тәртіпті, қарекеттердегі шапшаңдықты, үзілді-кесілділікті және бірлікті біріктіргенде ғана ойдағыдай жүргізіле алады. Мәміле атаулы, алаңдау атаулы, бітісу атаулы, бастықтардың көптігі, күресіп жатқан күштерді бытырату олардың күш-қуатын әлсіретеді, олардың қызметін жансыздандыруы күресті жеңіске жету мүмкіндігінің баршасынан айырады. Революцияшыл-жасампаздық қызмет күйретуші қызметпен қол ұстаса жүруге тиіс болғанымен, ол өзінің негізгі сипаты бойынша, оған мүлдем қарама-қарсы принциптерге сүйенуге тиіс. Егер біріншісі негізінен материалдық күреске сүйенсе, екіншісі -инсанияттық күшке сүйенеді; біріншісі ең әуелі қарекеттердегі шапшаңдық йен бірлікті көздесе, екіншісі өмірде жасалып жатқан өзгерістердің беріктігі мен қолдануға оңайлылығын көздейді. Біріншісі зорлықпен, екіншісі сенім күшімен жүзеге асырылады. Біреуінің парасатты талабы - жеңіс, екіншісінің парасатты талабы - халық ырқы, халық парасаты. Революцияшыл мемлекеттің осынау екі қызметінің ара жігі қатаң ажыратылуға тиісті: қоғамның консервативтік және кертартпа элементтерімен күресте бітіспестігімен ерекшеленетін оның конституциялық қызметі, керісінше, икемделгіш, халық қажеттіліктері мен халық дамуының аталмыш деңгейіне бейімделе білуімен ерекшеленуге тиіс. Сол деңгейден алшақтап кетпес үшін, утопияға беріліп кетпес үшін, өзінің реформаларына өміршең күш беру үшін, ол өзін халық өкілдігі, Халықтың Дума органдарымен қоршап, өзінің реформаторлық қызметіне солардың ырқынан рұқсат алуға тиіс. Сонымен бірге ол халықтың дамуын ұдайы кеңейтуге, оның инсанияттық мұраттарының деңгейін көтеруге ұдайы ұмтылып отыруға тиіс. Міне осы жерде оған насихат жүргізудің, біздің буржуазиялық жалған революционерлер армандайтын насихат жүргізудің кең өрісі ашылады. 204 Біз солармен бірге әлеуметтік революция насихатсыз жүзеге аса алмайтынын, өмірге ене алмайтынын мойындаймыз. Бірақ біз оларға қарама-қарсы былай дейміз: материалдық күш, саяси өкімет революцияшыл партияның қолында болғанда ғана насихат пәрменді, орынды болады, сонда ғана өзінен күтілетін нәтижелерді береді. Демек, зорлықпен жүргізілетін төңкерістің алдында насихат жүрмеуге тиіс, қайта, керісінше, одан бұрын зорлықпен төңкеріс жасалуға тиіс. Өзінің өкіметін нығайтып, Халықтық Думаға сүйене отырып, насихатты кеңінен пайдалана отырып, революцияшыл мемлекет әлеуметтік революцияны қоғамның экономикалық, саяси және заңгерлік қатынастары саласындағы бірқатар реформалар арқылы жүзеге асырады, ол реформалардың жалпы сипаты мыналардан құралуға тиіс: 1) осы заманғы, уақытша, жекеше иелік ету принципіне негізделген шаруалар қауымын, өндіріс құралдарын ортақ, бірлесіп пайдалану және ортақ, бірлескен еңбек принципіне негізделген қауым-коммунаға бірте-бірте айналдыру; 2) жеке иеліктегі өндіріс құралдарын бірте-бірте экспроприациялап, оларды ортақ пайдалануға беру; 3) өнім алмасу кезінде қандай да болсын делдалдықтың қажеттігін жоятын және оның принципінің өзін қанға -қан, жанға - жан, қызмет қыл да міндет қыл дейтін принципті, яғни буржуазиялық принципті бауырлық сүйіспеншілік және ынтымақ принципімен алмастыратын қоғамдық мекемелерді бірте-бірте енгізу; 4) қоғамдық, жұрттың бәріне бірдей, сүйіспеншілік, теңдік және бауырластық рухында кіріктіре тәрбиелеудің міндетті жүйкесі арқылы адамдар арасындағы тәндік, ақыли және инсанияттық теңсіздікті біртіндеп жою; 5) әйелдің бағыныштылығы, балалар құлдығы және еркектердің эгоистік өзімбілемдігі принципіне негізделген орын алып отырған отбасыны бірте-бірте жою; 6) қауымдық өзін-өзі басқаруды дамыту және мемлекеттік өкіметтің орталық қызметтерін бірте-бірте әлсіретіп, жабу. Біздің ойымызша, революцияшыл мемлекет қызметінің бағдарламасы барынша жалпы нобайында осындай болуға тиісті. Егжей-тегжейін қазбалап жататын орын бұл емес. Бірақ біздің журнал өзінің міндеттерінің бірі осы бағдарламасы одан әрі дамытып, анықтай түсу деп біледі. Біз сондай дамыту мен анықтау қазіргі кезде өзекті түрде қажет деп топшылайық. Революционерлердің ісі зорлықпен жасалған төңкеріспен аяқталмайды, керісінше, - іс содан басталады. Билікті басып алып, олар оны ұстап тұра алуға және оны өз мұраттарын жүзеге асыру үшін пайдалана білуге тиіс; ал бұл үшін оларда ең алдымен анық, дәл, нақты, дәйекті түрде байыпты бағдарлама болуға тиіс. Ол болмаса, олар түртінектеп қарекет жасайды, ұдайы, сөзсіз болатын кереғарлықтарға ұшырайды және өзінің дәйексіздігімен өздерінің түбіне жетеді.
Революциялық, күштерді ұйымдастыру Егер революционерлердің іс жүзінде қол жеткізуге болатын ең таяу міндеті орын алып отырған өкіметке, сол өкіметті басып алу мақсатымен, күш қолданып шабуыл жасауға сайса, осыдан өздігінен шығатын қорытынды: шынайы революциялық партияның бүкіл күш-жігері нақ осы міндетті жүзеге асыруға бағытталуы тиіс. Оны жүзеге асырудың бәрінен оңай да қолайлы жолы - мемлекеттік қастандық ұйымдастыру. Осылайша, мемлекеттік қастандық, зорлық күшімен төңкеріс жасаудың, бірден-бір демесек те, қалай болған күнде де басты және бәрінен орынды құралы болып табылады. Бірақ мемлекеттік қастандықтың қажеттілігін мойындайтын әрбір адам сол арқылы революциялық күштердің тәртіппен ұйымдастырылуы қажеттігін де мойындауға тиіс. Буржуазиялық революционерлер анархист-революционерлер жастарға ұсынатын сонау елесті, мүмкін болмайтын, жалған ұйымдастырылу емес, тәнге тығыз топтастыратын, ортақ бір жоспармен қарекет жасайтын, бір ғана ортақ басшылыққа бағынатын ұйымдастырылу - билікті орталықтандыруға және революциялық қызметтерді орталықтандырмауға негізделген ұйымдастырылу қажеттігін айтып отырмыз. Тек осы шарттарды қанағаттандыра алатын ұйым ғана мемлекеттік қастандықты ұйымдастырып, жүзеге асыра алады. Тек осындай ұйымдастырылу арқылы ғана революционерлер өкіметті басып алып, оны дұшпан партиялардың, сұмпайы айлакерлердің, саяси атаққұмарлардың дәмесінен қорғай алатын болады, тек сондай ұйым ғана оларға қоғамның консервативтік және реакциялық элементтерін жаныштауға мүмкіндік береді, тек жалғыз сол ғана күрес қажеттіліктеріне әбден сай келеді, жауынгер ұйым тұрпатына әбден сәйкес келеді. Керісінше, утопист-революционерлер ұсынатын ұйым, бағыныштылық, орталықтандыру атаулыны теріске шығарып, тек автономды, дербес қарекет жасайтын революцияшыл топтар арасындағы федерациялық байланысты ғана мойындайтын ұйым - ондай ұйым жауынгер ұйым талаптарының бірде-бірін қанағаттандыра алмайды. Ол шапшаң да батыл қарекет жасауға қабілетсіз, ол өзара дұшпандық, келіспеушілік, әртүрлі ауытқулар мен мәмілелер үшін кең өріс ашады, ол өз қозғалысында ұдайы матаулы болады, ол қандай да бір жалғыз ортақ жоспарды қатаң дәйектілікпен ұстана алмайды, оның қызметінде ешқашан сындарлылықтың да, жарасымдылықтың да, бірліктің де болуы мүмкін емес. Ол жауынгер болмағандықтан, соның салдарынан революцияшыл да бола алмайды. Бұл аз десеңіз, ол өзінің таза буржуазиялық негізгі принципі жекені ортақтан, бөлшекті бүтіннен, эгоизмді жанқиярлықтан жоғары қоятын индивидуализм принципі бойынша антиреволюциялық ұйым. Революциялық инсанияттың негізгі принципіне кереғар және революциялық күрес үшін жарамсыз бұл ұйым қандай да бір заңға қарсы қоғам делінетін ұйымның да ең қарапайым талаптарын қанағаттандыра алмайды. Ол өзінің сипаты бойынша да әбден және сөзсіз астыртын ұйым бола алмайды және болуға да тиісті емес. Демек, бізде, Ресейде оның тіршілік етуі, тек ол жалғыз бейбіт және жария мақсатты ғана көздемей (мұндай шарт қойылса, ол тек конституциялық мемлекеттерде ғана өмір сүре алады), Қасиетті жазу кітаптарын, "Қоғамдық пайда" серіктестігінің басылымдарын тарату және сол сықылды консервативтік, кертартпа мақсаттарды көздейтін болса ғана мүмкін нәрсе. Жауынгер ұйымға топтасып және саяси өкіметті басып алуды оның негізгі міндеті етіп, революционерлер қастандық мақсатын ұмытып кетпей, сол мақсатқа ойдағыдай жету халықтың тікелей немесе жанама қолдауынсыз мүмкін емес екенін бір сәтке де естен шығармауға тиіс. Осыдан да революцияшыл партияның қызметі зорлықпен төңкеріс жасауға дейін де, ол төңкерістен кейін болатынындай (біз мұны жоғарыда айтқанбыз) екі жақты сипатта болуға тиіс. Бір жағынан, ол жоғарыдан өкіметтің басып алынуын, екінші жағынан -төменнен халық көтерілісін даярлауға тиіс. Осынау екі қызмет неғұрлым тығыз байланыстырылса, олардың әрқайсысы өзінің мақсатына соғұрлым тезірек те ойдағыдай жетеді. Жергілікті халық көтерілісі, бір мезгілде өкімет орталығына шабуыл жасалуымен қолдау таппаса, ешқандай табысқа жете алмайды, сол секілді өкімет орталығына шабуыл және оны революцияшыл қолмен басып алу, халық көтерілісі тарапынан (жергілікті болса да) қолдау таппаса, тек өте бір қолайлы жағдайларда ғана қандай да бір оң, берік нәтижеге жеткізе алады. Революцияшыл партия мұны ешқашан ұмытпауға тиіс, ол революцияның ең таяу мақсатын жүзеге асыруға жетелейтін құралдарды таңдауда даралық пен біржақтылық атаулыға бой алдырмауға тиісті. Тек сонда ғана ол қалағанына қол жеткізе алады; тек сонда ғана оның ұйымы қазір іру-тіру болып жүрген революциялық күштердің барлығын қамтып, әрбір күшке оның құралдарына неғұрлым сәйкес келетін, оның бейімі мен қоғамдық жағдайына сай келетін қызметті көрсете алады. Революция ісінің табысы едәуір дәрежеде сан алуан революциялық қызметтерді революцияшыл партия мүшелерінің арасында дұрыс бөлуге байланысты. Әрбір революционер өзінің шамасы жететін істі ғана қолға алуға тиісті. Сондықтан да біз барлық революционерлерді бір ғана бірдей қызметке жегу мүлдем орынсыз деп білеміз. Егер революционерлер тек қана саяси төңкерісті әзірлеумен айналысуға тиіс деу қаншалықты сорақылық болса да, онда баршаның "халық арасына баруы" қажеттілігін де табандап жақтау соншалық сорақы. Революцияшыл партияны ұйымдастыру мен оның кызметі туралы мәселеге біздің түпкі көзқарасымыз осындай. Біздің журналдың міндеті - оны одан әрі, неғұрлым жан-жақты да егжей-тегжейлі дамытып, анықтай түсу. Мұндай дамытып, анықтау үшін басты материалдарды біз өзіміздің орыс өмірінен аламыз; бұл шарттың өзіндік ерекше екендігі соншалық, ол Батыс Еуропаның революцияшыл партияларының қатарында орыс революцияшыл партиясы үшін ерек¬ше жағдай жасайды, оны халыққа, қоғамға және мемлекетке қатынаста азды-көпті дара жағдайға қояды. Осынау қатынастарды Батыстағы қатынастармен бірдей деп білу (кейбіреулер жасайтындай) - буржуазиялық прогресс жолымен алғашқы қадамдарын жасап жатқан қоғамның экономикалық және саяси жағдайлары мен сол прогрестің ең жоғары, кульминациялық нүктесіне жеткен қоғам арасында орын алып отырған түбегейлі айырмашылықты түсінбеу деген сөз. Алайда, мұндай болар-болмас елесті жоққа шығара отырып, біз өзіміздің революцияшыл партиямыздың мүдделері үшін Батыс Еуропаның революцияшыл партияларымен тұрақты араласып тұру барынша пайдалы болар еді деп санаймыз. Ал поляк революцияшыл партиясымен одақты біз ол үшін соз жоқ абсолютті қажетті нәрсе деп санаймыз. Осынау араласу мен одақтың қажеттігін көрсете отырып, біздің журнал жастарды батысеуропалық революцияшыл партиялардың құрамымен, сипатымен, және қызметімен дер кезінде таныстырып отыруға тырысатын болады. Олардың қызметінен біз өзіміз үшін көптеген тағлымды сабақтар, нұсқаулар мен ескертулер таба аламыз. Батыста, дәл өзіміздегідей, біз екі ағымды байқаймыз: бірі таза утопиялық, федерациялық-анархиялық, екіншісі - реалистік, орталықтандырылған-мемлекеттік ағым. Осыдан бірнеше жыл бұрын бірінші ағым екіншісімен күреске шықты, және алғашқы сәттерде жеңіс кімнің жағында қалатынын айту қиын еді. Бірақ қазір жағдайдың айқындалып, анықталғаны сонша, күрестің түпкілікті нәтижесіне күмәндану мүмкін емес дерлік. Анархиялық принцип дейтіннің революциялық күрес жөніндегі дәрменсіздігін анархистердің өздері мойындайды; бірақ, одан әбден бас тартуға батылы бармай, олар оған оны түп-тамырынан қопаратын түзетулер мен өзгерістер енгізеді. Әлеуметтік революция идеяларын жүзеге асыру үшін ілкіде саяси төңкеріс жасау қажеттігі туралы мәселе - күні кеше ғана олар сөзсіз теріс ыңғайда болып келген мәселе - олар үшін енді даулы мәселеге айналды. Революцияшыл партия мемлекеттік өкіметті басып алмай тұрып, орын алып отырған қоғамда ешқандай берік те түбегейлі өзгерістер жасау мүмкін еместігін, социалистік мұраттар, олардың бүкіл ақиқаттығы мен парасаттылығына қарамастан, олар күшке сүйенбейінше, оларды өкімет беделі қорғап, қолдамайынша іске аспайтын утопия болып қала беретіндігін барған сайын анық түсініп келеді. Осындай түсінуге байланысты революциялық күштерді ұйымдастыру пошымының өзі де қажетті түрде өзгеруге тиісті. Күрестің саяси элементінің алдыңғы қатарға шығу шамасына қарай, бір жағынан, революциялық күштерді неғұрлым орталықтандыру, екінші жағынан - олардың қызметін құпияландыра түсу қажеттігі барған сайын күштірек сезіле түсуде. Франция-Пруссия соғысынан кейін өрбіген саяси реакция, "Халықаралық жұмысшылар одағына" барлық жерде жасалып отырған жабайы да мағынасыз қудалау бұл қажеттілікті бұрынғыдан да өзекті ете түсті. Сол одақтың тарихы мен Еуропаның әрқилы елдеріндегі оның қазіргі жағдайы мынаны көрсетеді: орын алып отырған тәртіппен ол күрескісі келген жария тиянақ күн өткен сайын оның табанының астынан көше бастады, сонымен бірге оның ұйымы да, оның ең таяудағы мақсаттары да түбегейлі өзгеріп келеді. Сол тиянақта қала отырып, ол революциялық мағына атаулыдан, революциялық мән атаулыдан айырылуға тиіс болатыны қазіргі кезде даусыз дерлік. Шынында да, жария тиянақта қазір бір кездегі жанды организмнің тек өлі пошымы - енді ешкімді қорқыта алмайтын, өзінің соңғы күндерін тып-тыныш өткізіп жатқан пошымы ғана қалды. Жанды, практикалық, шын мәніндегі революциялық нәрсенің бірі ішке кетті, жер астына жасырынды және сол жерде өзінің құпия жұмысын бастады. Біз осы жұмыстың табысқа жететіндігіне күмәнданбаймыз, біз жария тиянақ астына жасырынған революциялық күштер оны тас талқан ететіндігіне, "буржуазиялық қоғамның" ғаламат ғимаратының күлін көкке ұшырып, ескі дүниені соның қирандыларының көметіндігіне сенеміз.
РЕВОЛЮЦИЯ ЖӘНЕ МЕМЛЕКЕТ
Біз күткендей-ақ, біздің бағдарламамыз революцияшыл жастарымыздың өзін анархистік деп атайтын тобының тарапынан қатты айбарағы мен қарсылығын туғызды (шынын айтқанда, олар қатты ұмытып қалған осы сөздің шынайы мағынасын өте нашар түсінеді). Оларға біздің көзқарастарымыз олардың өздерінің бүкіл дүниетанымына кереғар, және олар мен біздің арамызда терең ор жатқандай болып көрінеді. Ішінара олардікі жөн. Иә, біздің көзқарастарымыз олардың дүниетанымына кереғар, бірақ тек оған сол дүниетанымның өзі қаншалықты жалғандыққа, екіжүзділікке, мағынасыз дәйексіздікке және балалық идеализмге бөккеніне қарай ғана кереғар. Иә, оны мен біздің арамызда терең ор жатыр, бірақ онан қисынсыз да метафизикалық оғаш нәрсенің бәрі лақтырып тасталған бойда, ол терең ор өз-өзінен тегістеліп кетеді. Мұны дәлелдеу бізге тіпті де қиын емес: олар өздерін атайтындай біздің "қарсыластарымыздың" (ал біз оларды солай деп санамаймыз) біздің бағдарламамыз жөнінде білдірген пікірлерін талдап шықсақ болғаны. Біз, әлбетте, тек басты, олардың көзқарасы бойынша ең елеулі қарсылықтарына ғана тоқталамыз. Ең алдымен бізді халыққа менсінбей қарайды деп айыптайды. "Сіздер, - дейді бізге, -революцияны, бәлкім, халық үшін істегілеріңіз келетін шығар, бірақ халықсыз істемеңіздер. Сіздер, ойлы, интеллигенттік азшылық оған өздерінің мұраттарын күштеп таңуын, оны өздерінің кітаби теорияларының Прокруст төсегіне таңуын қалайсыздар, -кысқасы, сіздер халықтық революцияға емес, төменнен жоғары өрлейтін революцияға емес, төрелер революциясына, жоғарыдан төменге таралатын революцияға ұмтыласыздар. Сондықтан да сіздердің революцияларыңызға өкіметтің барлық қару-жарағы бар мемлекет қажет, нақ біз қарсы күресіп жүрген, орын алып отырған әлеуметтік жамандыктын біз негізгі себептерінің бірі деп санайтын нәрсе қажет". Кереғарлық, тегінде, түбегейлі болар; бірақ оған тереңірек үңіліңіздер, біздің не дейтінімізді анархистер дейтіндердің не дейтінімен салыстырып көріңіздер, сіз сонда бірден-ақ оның негізінде бір ағаттық, екі жақты түсінбестіктен туындаған ағаттық жатқанын көресіздер. Бір жағынан, анархистер біздің нені қалайтынымызды түсінбейді, екінші жағынан - олар өздерінің нені қалайтынын түсінбейді. Біз былай дейміз: революцияны азды-көпті интеллигенттік, революциялық пиғылдағы азшылық жүзеге асыруға тиіс. Ал сіздер, біздің жалған қарсыластарымыз, не дейсіздер? Сіздер революцияны көпшілік жүзеге асыруға тиіс, басқаша айтқанда, біз оның келуін халықтың көпшілігі қазір оның тек азшылығы тұрған ақыли және инсанияттық даму деңгейіне жеткенше күте тұруға тиіспіз дейсіздер ме? Жоқ, сіздер мұны батып айта алмайсыздар! Тіпті "Вперёд" журналының редакторы да, тіпті осынау ылғи да мылжың доктринер, оз бойында, өзінің айтуынша "кәрі Адам" "жаңа адамды" ұдайы жеңіп кете беретін заржақ, тіпті сол, бір жақтан екінші жаққа толып жатқан сенделістер мен ауытқулардан кейін, ақыр соңында салтанатты түрде революцияны азшылық жасайтынын және халықтың көпшілігі оның қажеттігін түсінгенше күту оғаш екендігін мойындауға мәжбүр болды . Жоқ, мыңдаған рет жоқ! Біз секілді, сіздер де өздеріңіздің бүкіл үміттеріңізді азшылыққа артасыздар; біз секілді сіздер де сол азшылық революцияны жасай алатынына және жасауға тиіс екендігіне кәміл сенесіздер.
Сонда сіздер бізбен не мәселеде келісе алмайсыздар?
Сіздер өздеріңіз үміт артатын азшылықтың біз үміт артатын азшылықпен үш қайнаса сорпасы қосылмайды-мыс, сіздердің азшылығыңыз халықтан шығуға тиісті-міс, ал біздің азшылық артықшылықты ортадан шығуға тиісті-міс дейсіздер. Біз мұндай нәрсені қай жерде, қашан айтыппыз? Қалай, сіздер біз өзіміздің барлық үмітімізді "әлі тәубеге келіп үлгермеген дворянсымақтарға" - сіздерге, сырқат, азғындап біткен, сүйретіліп біткен, ұсақтап біткен және қайыршыланып біткен төрелердің реңксіз ұрпағына артады деп қалай қиялдамақсыздар! Сіздер қатты қателесесіздер! Сіздер адал, шынайы адамсыздар, әрқилы ізгі еліктеулерге қабілеттеріңіз жетеді, сіздер жақсы адамсыздар, бірақ... сіздер тым тұрақсыз және боркемік пенделерсіздер, оның үстіне кокемылжыңға тым әуессіздер. Халықтың ауыр бұғауын шешетін сіздердің нәзік те төретай қолдарыңыз емес, революцияны өзінің қақпақ жауырынымен көтеретін азшылықтың ұйтқысын сіздер құрамайсыздар. Сіздер тек соның бір бөлігісіздер; оны қалыптастыруға шаруалар ортасы, әртектілер делінетіндердің ортасы қалай катысса, солай катысасыздар! Осынау азшылық жасаған революция халықтық революция болмайды-мыс, ол жоғарыдан төмен қарай жасалған революция болады-мыс деуге сіздердің қандай хақыларыңыз бар? Жоғарыдан төмен қарай революция жасау дегеннің не екенін түсінесіздер ме? Бұл қоғамдық қатынастардың аталмыш құрылысын қоғамның жоғары, азды-көпті артықшылықты қыртыстарының мүддесін білдіретін мұраттар үшін, яғни өзінің мәнісі жағынан әрқашан буржуазиялық, капиталистік, халыққа қарсы мұраттар үшін өзгерту деген соз. Бұл мұраттар өздерінің кейбір тармақтарында таза халықтық мұраттарға сәйкес келе алады. Қоғамның жоғары қыртыстары міне сол сәйкес келетін тармақтарды пайдаланады. Олар соны төндіре айтады; олар әдейі солардың маңызын жымысқылықпен асыра көрсетеді де, буржуазиялық мұраттың шын мағынасын түсінбей, оның тек оз мүдделерімен жарасым табатын жақтарын ғана көріп, халық соның туы астына жиналып, өзінің қолын, өзінің тәнін, өзінің қанын қанаушыларға толық сеніммен береді. Оның қолдауын пайдалана отырып, соның арқасына тығылып, қоғамның буржуазиялық таптары, өздеріне пайдалы кезде, зорлықпен төңкеріс жасайды да, билік қолына тиген соң, өзінің мұраттарын жүзеге асырады және тарихи қалыптасқан әлеуметтік қатынастардың аталмыш құрылысын өзінің мүдделеріне сәйкес өзгертеді. Ал олардың мүдделері олар қанайтын халықтың мүдделерімен әрқашан кереғар болатындықтан және әрқашан кереғар болуға тиіс болғандықтан, осыдан өз-өзінен мынадай қорытынды шығады: олардың революциясынан, жоғарыдан төмен қарай жасалған революциядан халық ешқашан ештеңе ұтпайды, қайта, керісінше, әрқашан бірдеңеде ұтылып қалады. Осылайша, жоғарыдан темен қарай жасаған революцияның халыққа қарсы сипаты тіпті де азшылықтың өкіметті басып алып, сол өкіметтің көмегімен қоғамдық қатынастарды қайта құруынан емес, сол азшылықтың буржуазиялық мұраттарды көздейтіндігінен және оның экономикалық мүдделері халықтың экономикалық мүдделеріне кереғар болатындығынан, жалғыз ғана содан туындайды. Бірақ біздің тілімізге тиек болып отырған азшылық, және, біздің пікіріміз бойынша, өзінің мұраттарын жүзеге асыру үшін өкіметті өз қолына алуға тиіс азшылық, нақ сол азшылық буржуазиялық азшылық па? Ол буржуазиялық мұраттарды көздей ме? Оның мүдделері халықтың мүдделеріне дұшпан ба? Олай еместігін, тіпті де олай еместігін өздеріңіз де білесіздер. Осынау азшылықтың айтарлықтай пайызын әртектілер, яғни қоғамның қаналған, жұтаған және жаншылған таптарынан шыққан адамдар екенін былай қойғанда; тіпті шыққан тегі жағынан артықшылықты дворяндар ортасына жататын революционерлерді - соларды буржуазиялық революционерлер деуге бола ма? Рас, олардың арасында буржуа да бар, бірақ олар революционерлер деп тек жаңсақтықтан саналады, бізде үкімет мақұлдамайтын қызмет атаулы революциялық қызмет деп саналатындықтан ғана революционерлер санатында жүргендер. Адам деревня балаларының сауатын халық ағарту министрлігі құптамаған оқулықпен ашып жүр екен, - ол революционер; шаруаларға цензурадан өтпеген ертегілерді оқып беріп жүр ме, оларды экономика ғылымының негізгі ілімдерімен таныстырып жүр ме, - ол қауіпті үгітші, ал егер мемлекеттік басқарудың, салықтар мен алымдардың үстем жүйкесінің аталмыш механизмі қарапайым түсіндірілетін кітапшалар таратпақ, боса - ол енді барып тұрған бүлікшіл деп саналатыны сонша, ол үшін Сібірдің де бұйым емес. Халықты оқыту революцияны даярлау деген сөз, слесарлық, ағаш ұсталық, темір ұсталық және басқа шеберханалар ұйымдастыру, артықшылықты ортаға жататын адамдардың бақалшы дүкендерін ашуы - орын алып отырған тәртіптің қасиетті негізіне ор қазумен бірдей. Қысқасы, түкіруге болатын жаққа түкірмей, ауа жайылып кетсең, салған жерден-ақ революционер, көтерілісші, үгітші болып шыға келесің. Революция мен революционер туралы мұндай түсінік жайлап тұрғанда, революциялық қарекеттер санатына мүлдем бейкүнә және өзінің мәнісі жағынан антиреволюциялық қарекеттер жатқызыла салатынына, революционерлер санатына таза буржуазиялық мұраттарды көздейтін адамдардың "тарихи прогресс" пен "халық ағартуының" ізгі рыцарьларының кіріп кететіндігіне тіпті де таңырқауға болмайды. Әлбетте, бұл арада біз сол "жаңсақтықтан революционер" болғандар туралы айтып отырған жоқпыз. Біз тек шын революционерлерді, ездерін түп-түгелімен халық бұқарасын азат ету ісіне арнайтын, таза халықтық (яғни халықтың шын қажетіне сай келетін) мұраттар жолында күресетін адамдар туралы, олар үшін революция - өмірдің бірден-бір мақсатына айналған, орын алып отырған тәртіппен ешқандай мәмілеге бармайтын және оны түбірлі негіздерінде жоққа шығаратын адамдар туралы айтып отырмыз. Идея жолына бәрін: өзінің жағдайын, өзінің отбасын, өзінің бостандығын, өзінің өмірін құрбан ететін осынау революционерлер — өзінің бақытын халық бақытымен бір деп білетін революционерлер - олар халықты алдаушылар, екіжүзді буржуа деп сіздер қалай айтпақсыздар? О, тіпті ұлы мәртебелі императордың өзінің канцеляриясының ІІІ Бөлімшесі, тіпті Пален Жихаревпен және Слезкинмен бірге оларға сондай жала жабуға бата алмайды! Сіздер неден қорқасыздар! Осынау азшылық - ішінара өзінің жағдайы бойынша, ішінара өздерінің идеялары бойынша халық мүдделеріне риясыз берілген азшылық, - сол азшылық өкіметті басып алып, кенеттен халық тиранына айналып шыға келеді деп ойлауға сіздердің қандай хақыларыңыз бар? Сіздер: билік атаулы адамды бұзады дейсіздер. Бірақ сіздер осынау оғаш байламды неге негіздейсіздер? Тарих мысалдарына ма? Бірақ революция тұсында өкіметті басып алатын адамдар билікті басып алғанға дейін сол билікті басып алғаннан кейінгіден жақсы болғанын сіздер қайдан білесіздер? Солардың өмірбаянын оқып шығыңыздар, сонда қарама-қарсы нәрсеге көз жеткізесіздер. Конвенттің мүшесі, Франция тағдырын түп-түгелімен уысында ұстаған Робеспьер мен беймәлім провинциялық адвокат Робеспьер – айны-қатесіз бір ғана адам. Өкімет оның инсанияттық сипатын да, оның мұраттары мен ұмтылыстарын да, тіпті оның үйдегі әдеттерін де қылдай өзгерткен жоқ. Дәл осыны Дантон туралы да, Ұлы француз революциясының қандай да болсын аса көрнекті қайраткерлері туралы да айтуға болады. Кромвельді еске түсіріңіздер, Вашингтонды еске түсіріңіздер, айтыңыздаршы, билік соларды бүлдірді ме, Англия диктаторы Кромвель, жұмыскер Кромвельден жаман болып па еді? Американ республикасының президенті Вашингтон жай ғана жер иесі Вашингтоннан жаманырақ, билікқұмарлау ма еді? Ақыр соңында, Наполеондар мен Цезарьларды бүлдірген императорлық порфира ма? Бұрын, олар әлі жеке адам болып жүргенде, олар қандай да бір инсанияттық ерлік көрсетіп пе еді, қандай да бір асқақ идеяларымен, қандай да бір ізгі ұмтылыстарымен ерекшеленіп пе еді? Бірақ өздеріңіз сілтеме жасауды соншалық жақсы көретін тарихты сіздердің соншалық нашар білетіндеріңіз қандай өкінішті. Сіздер оны жақсырақ білсеңіздер, адал да жақсы адамдарды билік әлі ешқашан бұза алмағанын, бірақ, сорымызға қарай, билік қашанда дерлік арсыз эгоистердің, бұзылған буржуаның қолында болып келді, сондықтан да сіздерге ол адамдарды арсыз да бұзылған эгоистерге айналдырудың қандай да бір құпия қасиетіне ие сияқты-мыс болып көрінеді. Сіздер өте дөрекі, дегенмен әбден әдеткі логикалық қателікке ұрынасыздар: post hoc (содан кейін) пен cun һос'ты (сонымен) сіздер proter hoc (осының себебіне) деп қабылдайсыздар. Сіздер былай деп сұрайсыздар: адал да жақсы адамдар, билікке қол жеткізген соң, халықтық-социалистік мұратты жүзеге асыру үшін (неліктен ешқашан) ештеңе істемеді? Өте оңай: сол адамдарда мүлдем басқа мұраттар болғандықтан, және олар мұны жасырған емес, олар ешқашан алдаған емес және ешқашан социалист те, коммунист те болып көрінгісі келген емес. Ал өкіметтің бұл арада ешқандай жазығы жоқ, олардың идеяларына ол титімдей де ықпал еткен емес. Бұған көз жеткізу үшін Кромвельдің, Дантонның, Робеспьердің, ағылшын және Ұлы Француз революцияларының басқа қайраткерлерінің өмірбаяндарын тағы-тағы қайталап оқып шығыңыздар. Айтпақшы, сіздердің өкімет, билік атаулы адам атаулыны сөзсіз бұзуға тиісті-міс деген фантастикалық долбарға құрылған барлық қарсылықтарыңыз, барлық осынау қарсылықтарыңыз тек елеусіз нәрсе ғана емес, тіпті жай ғана оғаш нәрсе. Өкімет адамдарды бұза ма, бұзбай ма, мәселе мұнда емес, мәселе әлеуметтік революцияны өкіметсіз қалай жүзеге асыруға болады дегенде. Сіздер революцияны азшылық жасауға тиіс дегенді мойындаған екенсіздер, соныңызбен сіздер оны өкімет орындауға тиіс дегенді мойындағаныңыз. Тек билікке ие болып қана азшылық көпшілікті - революцияның қажеттігін түсінуге дейін әлі өсіп-жетілмеген және оның мақсаттары мен міндеттерін өзі үшін анықтап алмаған кертартпа, таптаурын көпшілікті - осынау көпшілікті өзінің өмірін оның өзінің шын қажеттіліктеріне сай, ең жақсы да ең әділетті ортақ өмір мұратына сай қайта құруға мәжбүр ете алады. Өкіметтен айрылған азшылық ықпал атаулыдан да айрылады. Өз билігі өзіне берілген олақ, пісіп-жетілмеген көпшілік ескі тәртіпті жаңа пошымда қалпына келтіреді. Ол, тегінде ортақ жамандықтың кейбір жеке, бірлі-жарым көріністерін, өзі бәрінен коп азап шегетін көріністерін жоя алар да, бірақ жамандықтың түбірлі себебін ол жоя алмайды. Оны жою үшін оны білу керек, болашақ қоғамдық құрылыстың әзірленген мұратын көз алдында ұстау керек, ол мұратпен аталмыш тарихи құрылыстың үш қайнаса сорпасы қосылмайды. Мұны теріске шығаруға ешкімнің батылы бармайды. Бірақ жағдай осылай болса, революция жасау керек пе? Онда несіне арпалысасыз? Нені қалайсыз? Сіздер халық зынданының қақпасын тек халықты - күн сәулесін ұмытқан, абақты аталасын ғана талғажау етіп қажыған бұғауынан титықтаған халықты - соның табалдырығының алдына тастап кету үшін ғана бұзбақсыздар ма? Сіздер немқұрайды аяусыздықпен ол сіздердің көмектеріңіз бен қолдауыңызға зәру болып отырған сәтте одан бойды аулақ салмақсыздар ма? Осынау қажыған,таланған, қанға боялған азапкерге: "Енді сен бостансың, өз білгеніңмен өмір сүр, қалаған жағыңа маң" деп қалай айтпақсыздар? Бірақ ол бір ғана өмірді - абақтыдағы өмірді біледі, оның аяғы жүру дегенді баяғыда ұмытқан, оныңзындан табалдырығынан әрі аттауға дәрмені жоқ. Ол не істемек, қайда бармақ? Ол өзінің моласына қайта оралады. Сіздер соны қалайсыздар ма? Жоқ, сіздер, әрине қоғамдық қатынастардың қиратылған, революцияға дейінгі құрылысын немен және қалай алмастыру керектігін әлі анық біле бермейтін көпшілікті басқару құқығы революцияны жасаған азшылықта қала беруін қалайсыздар; сіздер осынау азшылықтың, халық аталмыш экономикалық және саяси қанау езгісінен азат етілген бойда, сахнадан кетуін, ғайып болуын қаламайсыздар; сіздер оның ескіні қиратуға ғана емес, жаңаны құруға да белсене қатысуға тиіс екендігімен келісесіздер. Тамаша, бірақ оның сол жұмысқа қатысу дәрежесі ол революциядан кейінгі келесі күні пайдаланатын ықпалдың, беделдің дәрежесіне тәуелді болады ғой. Сол ықпал, сол бедел неден туындамақ? Тек қана жалғыз - күштен. Ықпал жасай білу үшін, беделді пайдалану үшін азшылықта күш болуға тиісті. Және осы соңғысы қаншалықты айтарлықтай болса, алғашқылары да соншалықты айтарлықтай болады. Бұл екі де екі дегеніміз торт болатыны секілді соншалық айдан анық, даусыз нәрсе.
Сіздер мұнымен келіспей тұра алмайсыздар.
Қисынға жүгініңіздер, сөзді қақпақыл етуді қойыңыздар. Күш атаулы - билік, дегенмен билік атаулы - күш емес. Осыдан өздігінен шығатын қорытынды: егер азшылық әлеуметтік революция мұраттарын жүзеге асыру үшін күшке ие болуға тиіс болса, онда бұл азшылықтың қолында өкімет болуға тиіс деген соз. Сондай-ақ осынау күш, яғни билік қаншалықты құдіретті болса, оның өзі жан аямай күресіп жатқан мұраттарды жүзеге асыруы соғұрлым оңайырақ болатыны да айдан анық.
Өкіметтің құдіреттілігі неден туындайды?
Бұл жөнінде барлық теоретиктер де, практиктер де өзара бірауызды. Олардың бәрі бірауыздан өкіметтің мығымдығы мен құдіреттілігі оның ұйымдастырылуының мінсіздігіне байланысты дейді. Ұйым атаулының мінсіздігі болса, бір жағынан, оның әрбір жеке қызметін біріктіруден, орталықтандырудан, екінші жағынан - осынау қызметтерді мүмкіндігінше көбірек жіктеуден туындайды. Бірақ, осылайша ұйымдастырылған билік дегенімізді мемлекет деп атау қабылданған нәрсе, басқаша айтқанда, мемлекеттік өкімет ұйымдастырылған өкіметтің, яғни ең мығым да құдіретті өкіметтің ең жоғары тұрпаты. Сіздер мемлекет деген сөзден неге соншалық қорқасыздар? Сөзден қорқу - балалық нышаны. Сіздер оның мәнісін мойындайсыздар ғой, сіздер азшылықтың күшке, яғни өкіметке ие болуға тиіс екендігін мойындайсыздар ғой. Ал мемлекет дегеніміз билік көріністерінің ең мінсіз пошымдарының бірі ғана, демек, ол сіздердің өздеріңіздің шарттарыңыздан сөзсіз туындайтын қисынды қорытынды. Анық дәйексіздікке ұрынбай, адами естілік мағынасын барынша дөрекі қорламай сіздер одан қалай құтылып кетпексіздер? Сіздер, бәлкім, біз материалдық билікті емес, былайша айтқанда, рухани, инсанияттық ықпалдан туындайтын билікті жақтаймыз дейтін шығарсыздар. О, егер бұлай болса, омда сіздер не жай ғана екіжүзділік жасайсыздар, не тым аңқаусыздар. Аталмыш жекешелік, отбасылық және қоғамдық қатынастарды - ғасырлар бойы қалыптасқан және жұрттың барлық әдеттері, инсаникттері және бүйрек бұруы қолдап отырған қатынастарды - қайта құру үшін, сол үшін тек жалғыз инсанияттық ықпал жеткілікті деп қалайша байыпты ойлай аласыздар? Жалғыз рухани билік деп? Кәміл сенім күшінің маңызы бойға сіңген таптаурындылық күшінен маңыздырақ деп қалайша ойлайсыздар? Және мұның үстіне рухани билік атаулы материалдық билікте бейнеленуге әрқашан ұмтылады. Және қажетті түрде соған ұмтылуға тиіс; ол-ол ма, ол соңғысынсыз тіпті мүмкін де емес. Кім адамның жанын баураса, ол соның тәнін де баурайды. Бұл геометриялық аксиомалардың кез-келгені секілді айдан-анық нәрсе. Осылайша, сіздер сайтанды есіктен қусаңыздар, ол терезеден енеді. Бірақ сіздер есіктен салыстырмалы түрде жазықсыз сайтанды (мемлекеттік өкіметті) қусаңыздар, ал терезеден енетіні шынында да сұмдық сайтан. Мемлекеттік Өкімет езіне тек адам қызметінің сыртқы көріністерін ғана бағындырады. Ал сіздер қалайтын (егер сіздер оны шынында да қаласаңыздар) өкімет өзіне тек адам қарекеттерін ғана бағындырып қоймайды, оның ішкі кәміл сенімдерін де, оның ең тереңде жатқан, интимдік сезімдерін, оның ақылын, оның ырқын, оның жүрегін бағындырады. Осынау даусыз деспоттық, автократиялық билік шынында да сұмдық. Бұл - шіркеудің билігі, иезуиттер соның көмегімен Америкада өздерінің фантастикалық коммуналарын құрған билік. Қалайша сіздер сондай билікті армандайсыздар, қалайша сіздер азшылыққа сондай билік бермексіздер? Олай болса сіздердің бізді халыққа менсінбей қарайды деп айыптауға қандай хақыларыңыз бар? Өйткені сіздер оған одан да жаман, одан да менсінбей қарайсыздар ғой, сіздер оған сырттай тақуа патер-иезуиттер американ жабайылырына қалай қараса, солай қарайсыздар ғой. Сіздердің дәйектіліктеріңіз, логикаларыңыз қайда? Оны өйтіп-бүйтіп құтқарып алу үшін сіздердің мемлекеттік өкіметтен бас тарта отырып, рухани биліктен де бас тартуларыңыз керек, яғни сіздер өздеріңіздің туларыңызға Laіsser faіre, Laіsser aller деген саяси экономия мен жалдаптық моральдың атышулы буржуазиялық принципін жазып алып, содан кейін революциядан кейінгі былыққа олимпиялық немқұрайдылықпен қарап қана отыруларыңыз керек. Сіздер үшін басқа жол болуы мүмкін емес; революция жасалған күннің ертеңіне сіздер екінің бірін: не қолыңызды бос салып, бейғам оңашалықта отыра беруді, не ықпалға, күшке, яғни билікке, яғни сіздер қазір бас тартып отырған нәрсеге қол жеткізуге күш салуды таңдауға тиіс боласыздар. Тек соңғысына ие болып қана, сіздер бірдеңе жасай алатын боласыздар, онсыз сіздер өздеріңізді бейшара да ұят қарекетсіздікке бұйырасыздар. Сіздердің кейбіреулеріңіз, айтпақшы, толық биліксіздік пен мемлекеттік өкімет арасында қандай да бір бітістіретін термин, толық биліксіздік пен мемлекеттік өкімет арасында қандай да бір алтын арқау тапқыларыңыз келеді. Олар шамамен былай ойлайды: революциядан кейін қазіргі механикалық түрде топтасқан мемлекеттік дене өзінің құрамдас бөліктеріне ыдырап кетеді; әрбір бөлік, әрбір деревня, қауым, қала өздерінің шаруасын дербес басқаратын болады, өздерінің қатынасын өзара келісім бойынша құрады. Революцияшыл азшылық осынау барлық ұсақ топтарға сіңіп кетеді, оларда билікті (рухани немесе материалдық) басып алуға тырысады да, осылайша олардың қызметіне тұрақты басшылық жасап, ол қызметті халық қажеттіліктеріне неғұрлым сай келетін мұраттарды жүзеге асыруға бағыттап отырады. Осылайша, өкімет қала береді, бірақ ол тек орталықсыздандырылады: бір мемлекет орнына, өкіметтің бір орталығы орнына олардың мың-мыңдағаны құрылады.
Осынау бәтуаласудан анархистердің теориясы не ұтады?
Түк те! Оның негізгі принципі бұзылады және барынша дөрекі қойылады: өкіметсіздік орнына көпөкіметтілік-өмірдің даусыз қисынының пәрменімен өзінен-өзі біртұтас федерациялық мемлекет өсіп шығатын көпөкіметтілік орнайды. Ал революциялық іс не ұтады? Оның ұтатыны әлгіден де і. Өкімет неғұрлым бытыраңқы, неғұрлым бөлектелген және орталықсыздандырылған болса, ол соғұрлым консервативті бола түседі. Бұл мемлекеттік ғылымдардың әліппелік ақиқаты. Орталықсыздандырылған өкімет әрқашан жергілікті ықпалдың, жергілікті салттардың езгісінде, тарихи қалыптасқан дәстүрлердің езгісінде болады және сөзсіз солай болуы тиісті де. Сондықтан ол орын алып отырған status quo'ны сақтауға әбден жарайды, бірақ ол қандай да бір революциялық-реформаторлық қызметке мүлдем қабілетсіз. Революцияшыл мемлекет жергілікті мүдделерді қорытуға, біркелкі басшылық бастауларын әдеттегі практикалық іске енгізуге ұмтылуға тиіс. Ал орталықсыздандырылған өкімет өзінің табиғаты жағынан біркелкілік атаулыға, жекені ортаққа, бөлшекті бүтінге бағындыру атаулыға қарсы қимылдауға тиіс; ол әрқашан, кімнің қолында екендігіне қарамастан, антиреволюциялық өкімет болады және болуға тиіс. Және осынау антиреволюциялық құрал әлеуметтік революцияны жүзеге асыру үшін ұсынылып отыр-ау! ІІІ Бөлімшенің тіміскілері немесе шенеуніктері ұсынса бір басқа ғой, жоқ, оны революционерлердің өздері ұсынып отыр! Неғылған қасиетті аңғалдық немесе, дұрысырақ айтсақ, ашу-ызаны қоздыратын надандық! Республикашыл азшылық, жекелеген, дербес қимылдайтын қауымдар мен қалаларға бөлініп кетіп, амалсыздан және өздері сезініп үлгермей жатып, жергілікті ықпалға, яғни үйреншікті дәстүрлерге әбден бой алдырған, көнеге инстинктті түрде құрметті сезінетін және, көз жанарын ұдайы өткенге тігіп, қазіргі үшін басшы мұраттар мен үлгілерді содан іздейтін бәз-баяғы көпшілікке бағынуға тиісті болады. Егер социалистік мұраттарды жүзеге асыру жергілікті жекелеген тілектерге, таптаурын көпшіліктің әздектік өзімбілемдігіне тәуелді етіп қойылса, оның қаншалықты жылдам, қаншалықты сәтті жүріп беретінін елестетуге болады. Ең қолайлы жағдайдың өзінде ол ескіні жаңамен бітістірудің нәтижесіз тілегінде ұдайы шатасып, қоғамдық реформалардың төте логикалық жолынан тарихи дәстүрлер жағына ұдайы ауытқып, тасбақа аяңмен қозғалатын болады. Халық өмірінің кейбір ең маңызды мәселелері, мысалы, отбасының қатынастары мәселесі, тегінде, қозғалмай қала беретін болар. Әдет осынау қатынастарды ерекше табандылықпен қорғайтын болады, және оларды коммунистік мұрат рухында өзгерту бір ғана шарт жағдайында, реформа жүргізетін өкімет жергілікті ықпал атаулыдан тыс, тарихи дәстүрлер атаулыдан тыс тұратын жағдайда ғана мүмкін болады; осынау айдан анық ақиқатты тек саяси мағына атаулыдан жұрдай адамдар ғана мойындамайды. Сондықтан оны біздің қарсыластарымыз - анархистер мойындамайтынына таңырқауға болмайды. Бірақ таңырқайтын нәрсе мынау: әлеуметтік революцияны жүзеге асыру үшін жаңаны орнықтыру орнына ескіні қалпына келтіруге тезірек жеткізетін жолды - онымен жүрсек, біздің мұратқа жақындаудың орнына, одан ұдайы қашықтай беретін жолды -ұсына отырып, бұл мырзалар сіздер бағдарламаңызға бірте-бірте деген сөзді неге енгіздіңіздер деп күстаналайды. Біздің тіпті күтпеген күстаналануымыз нақ осы. Олар, ең бірте-біртеліктің нағыз өкілдері, революцияшыл өкіметті тарихи дәстүрлер мен жергілікті мүдделердің езгісіне салғысы келетін солар - солар бізді тарихи қоғамнан жеке меншік дәстүрін аластау, айырбас принципін түп-тамырымен жұлып тастау, отбасы қатынастарын қайта құру, адамдарды қайта тәрбиелеу - осының бәріне тек дәйекті де біртіндеп жүргізілетін реформалар жолымен қол жеткізуге болады деп бүкпесіз мәлімдегеніміз үшін қалай жазғыра алмақ! Егер бізді үкімет бұйрықтарының ғажайып күшіне құлай сенетін адамдар, қандай да бір теорияларды практикалық өмірде іске асыру үшін оны тек жариялау ғана жеткілікті деп аңғырт ойлайтын адамдар жазғырып жатса - сол айыптау бізге түсінікті болар еді. Бірақ сол айыптауды, қандай да болмаса өкіметтен шықпасын, ешқандай декретке ешқандай мом бермейтін, озық азшылықтың мешеу көпшіліктің қоғамдық және отбасылық қатынастарына зорлықпен араласу атаулыны теріске шығаратын адамдар жасап отыр. Содан дәйексіз адамдарды елестету мүмкін бе?.. Елестетіп көріңіз, бірақ соның мүмкін екендігіне мен сене қоймаймын.
ХАЛЫҚ ЖӘНЕ РЕВОЛЮЦИЯ
Өткен жолы біз қандай жағдайларда халқымыз ықтимал революциялық күштен шын революциялық күшке, ықтимал революционерден нақты революционерге айнала алатынын айтқанбыз. Енді өзектілігі одан кем емес басқа бір сұрақ келіп тұр: қазіргі кезде халықтың осынау шын революциялық күші қаншалық ауқымды бола алады? Оған тым үлкен үмітпен сенім артуға біздің хақымыз бар ма? Өзімен-өз қалдырылған сол күш әлеуметтік революцияның негізгі принциптерін жүзеге асыра алатын ахуалда ма? Осынау сұрақтарға жауап, бір жағынан, халықтың революцияға қатысуының ықтимал қалаулы дәрежесін, екінші жағынан - онда революциялық азшылық ойнауға тиіс болатын рол дәрежесін айқындауға тиіс. Халық арасында революциялық элементтер неғұрлым аз болса, оның революциялық күшінің көлемі неғұрлым мардымсыз болса, "әлеуметтік төңкерісті" жүзеге асырудағы рөлі соғұрлым елеусіз болуға және революцияшыл азшылық соғұрлым көбірек маңызға, соғұрлым көбірек билік пен ықпалға не болуға тиіс екендігі өз-өзінен түсінікті. Дәл сол секілді, керісінше: халық арасында революциялық элементтер неғұрлым көбірек болса, оның революцияға қатысуы соғұрлым көбірек болуға тиіс.
Бұл ақиқат та екі де екі төрт екендігі секілді даусыз да айдан анық.
Бір немесе басқа қоғамдық ортаның революциялық күші жалпы немен анықталады?
Ол негізінен екі дерекпен: бір жағынан сол орта мұраттарының сипатымен, екінші жағынан, оның қоршаған нақты болмысқа қатынасымен анықталады. Бұл мұраттар не консервативтік (егер олар қалыптасқан тарихи қоғамның аталмыш пошымдарының бәрін немесе кейбір ең елеулілерін сақтап қалуға бағытталған болса), не революциялық, (егер олар сол пошымдарды жоюға, қайта құруға бағытталған болса) бола алады; бұл қатынастар не дұшпандық не бітімшіл бола алады. Біздің халықтың қоғамдық мұраттары қандай? Оның өзін қоршап тұрған нақты болмысқа қатынасы қандай? Оның қоғамдық мұраты - өзін-өзі басқаратын қауым, адамның қауымға бағынуы, жерді жеке пайдалану, бірақ тіпті де жеке иелену емес, қауымның барлық мүшелерінің жаппай кепілдігі, бауырлық ынтымағы - кысқасы, айқын коммунистік реңкі бар мұрат. Әрине, осынау мұратты туындататын өмір пошымынан толық коммунизмге дейін әлі өте ұзақ жол жатыр; олардағы коммунизм әлі тұқым, ұрық күйінде. Бұл тұқым өнуі де, өнбей шіріп кетуі де мүмкін, бәрі біздің экономикалық өміріміздің қандай бағытпен дамитындығына байланысты. Егер ол қазіргі даму бағытымен, - буржуазиялық прогресс бағытымен, - дами беретін болса, онда біздің қауымды (демек, біздің халықтық мұраттарымызды да) батыс еуропалық қауым тағдырының күтіп тұрғанына күмән жоқ: ол Англияда, Германияда, Италияда, Испанияда және Францияда қауым қалай өлсе, нақ солай өледі. Бірақ егер революция буржуазиялық прогрестің лап қойып келе жатқан толқындарына дер кезінде бөген қоя алса, егер ол оның ағысын тоқтата алып, оған басқа, мүлдем қарама-қарсы бағыт берсе, сонда, жақсы бапталған жағдайда біздің қазіргі қауым аз-аздап коммуна-қауымға айналатындығына күмән жоқ. Қазіргі кезде ол, былайша айтқанда, екі жолдың айрығында тұр: оның бірі коммунизм патшалығына, екіншісі - индивидуализм патшалығына жетелейді; өмір оны қай жағына итерсе, ол сол жаққа бет алады. Егер өмір оны не бір, не екінші жаққа итермелей алмаса, ол мәңгілікке сол жол айрығында мелшиіп қала береді. Оның оз бойында оны алға, немесе артқа итеріп жіберердей ештеңе жоқ; оның барлық элементтері орнықты тепе-теңдікте. Міне сондықтан ол бірнеше ғасырлар барысында титімдей де өзгерген жоқ, міне сондықтан ол, өзімен-өзі қалдырылса, дәл сол жағдайда мың, миллион жылдар бойы қала бермек. Ортақ өмірдің пошымдары қандай болса, олар туғызатын мұраттар да сондай болмақ. Егер бұлардың біріншілері консервативтік болса, егер оларда одан әрі дамуға ешқандай ішкі түрткі болмаса, онда соңғылары да дәл сондай консервативтік сипатта қала бермек. Және шынында да, біздің халықтың қоғамдық мұраты оның тұрмысының тас болып қатып қалған пошымдарынан ілгері баспайды. Жер иелерінің ғасырлар таңбасын салған, әдеттегі пошымынан, жан-тәніне сіңіп кеткен патриархалдық шен құрметтеуден, адамның қауымға енжар бағынуынан, - өзінің дәстүрлі отбасылық қатынастарынан және тағы сондайлардан ілгері не кейін тұрғанын ол көрмейді де, көруге құлшынбайды да. Оған өз өмірін өз ырқымен ұйымдастыру мүмкіндігін беріңізші, сонда сіз оның ешқандай жаңалық енгізбейтінін көресіз - ол өзінің өмір пошымдарына, өзінің қауымын өзінің дүниесіне, өзінің отбасын буржуазиялық прогресс ықпалымен олар қазір шығарып тасталған өрістерге таратады да, осымен оның реформаторлық қызметі аяқталады, сөйтіп біздің алдымызға бәз-баяғы көне шаруалар дүниесі өзінің қысаң, тас болып қалған ұстанымдарымен, оның жылжымайтын консерватизмімен бірге көлденеңдей қалады. Сонымен, біздің шаруалардың оң мұраттары әлі революциялық мұраттар емес; олар революцияның мұраттары бола алмайды. Оларды барынша толық және кедергісіз қолдану бізді әлеуметтік революцияның түпкі мақсаты - коммунизм салтанатына тым мардымсыз ғана жақындата алады. Осынау мақсатқа жақындау үшін, коммунизм топырағын әзірлеу үшін, біз халық қауымының тарихи қалыптасқан құрылысына жаңа элементтер, жаңа факторлар - оны орнықты тепе-теңдіктен шығара алатын, оны жылы орнынан қозғап жіберетін, оны коммунистік даму жолына итеріп салатын элементтер, факторлар енгізуге тиіспіз. Бірақ осынау жаңа элементтер, жаңа факторлар туралы түсінікті біз халық мұраттарынан бекер іздер едік; ол әлі оларды білмейді; олар әлі оған жат; олар тек революцияшыл азшылықтың coциалистік дүниетанымына ғана тән. Міне сондықтан осынау азшылықтың мұраты халық мұратынан неғұрлым кең және неғұрлым революцияшыл мұрат ретінде революция кезінде халық мұратынан үстем болуға тиіс. Халық ескі дүниенің қирандыларында коммунистік мұрат бағытында ілгерілеуге қабілетті бола алатын жаңа дүние орнатуға дәрменсіз; сондықтан сол жаңа дүниені орнату кезінде ол ешқандай аса көрнекті, бас болатындай рол атқара алмайды, атқаруға тиісті де емес. Осынау рол және осынау маңыз тек қана революцияшыл азшылыққа тиесілі болады. Бірақ егер оң ыңғайдағы революциялық күш ретінде (яғни оның оң ыңғайдағы мұраттары тұрғысынан) елеулі маңызы болмаса, онда, бәлкім, ол теріс, қиратқыш-революциялық күш ретінде маңызды болар? Шынында да, біздің халық - помещиктер мен өкіметтің ата жауы. Бұлар - біреуі де, екіншісі де - оны тонайды, қанайды, оның ең нәрлі сөлін сығып алады... бұлардың анасын да , мынасын да халық өлердей жек көреді... Осы өшпенділіктің сыртқа еркін шығуына мүмкіндік беріңіздерші, - ол бір ғана қуатты екпінмен аталмыш ststus guо'ның қазіргі қорғаушылары мен күзетшілерін құртып жібереді, ол кезінде өзінен тартып алынған жерді өзіне қайтарады, ол осы кезге дейін оның дүниесін, оның қауымын жаныштап, езіп келгеннің бәрін күл-талқан етеді, ол өзінің жауларынан аяусыз кек қайтарады. Бірақ одан ілгері баспайды. Ортақ өмірдің оған үйреншікті пошымдарына жат, дұшпан мекемелерін күл-талқан етіп, өзінің тікелей жауларының бәрінің көзін құртып, олардың мал-мүлкін тартып алып, неғұрлым бостан, неғұрлым риза, неғұрлым дәулеттірек ол өзінің "қасиетті ұясына" -өзінің "дүниесіне", өзінің қауымына, өзінің отбасына оралады. Оның ішкі дүниесі, оның өмірінің кенеуі кеткен, дәстүрлі пошымдары бәз-баяғы күйінде қала береді, ол соларды жақсы көреді, ол соларды қымбат тұтады және ол соларға шаң жуытпайды. Осылайша, тіпті қирату ісінде де біздің халықтың революциялық күшінің тек салыстырмалы маңызы болады. Соған сүйене отырып, соны пайдалана отырып, революцияшыл азшылық революцияның тікелей жауларын құртады және әлеуметтік-революциялық мұраттардың практикада жүзеге асырылуына бөгет жасайтын бастапқы кедергілерді жояды. Бірақ ол осымен тыныштала алмайды. Ол өзінің революциялық-қиратушы қызметін шаруалар өмірінің қойнауына да енгізуге тиіс - сол өмірден ол оның кенеуі кеткен, коммунистік прогреске дұшпан пошымдарын да аластап, оларды сол прогрестің қажеттеріне барынша бейім пошымдармен алмастыруға ұмтылуға тиіс. Бірақ міне нақ сол үшін - халықтың көпшілігінің жанды қолдауы мен жәрдеміне оншама үміт арта алмайтын өрістерде өзінің революциялық-қиратқыш қызметін жалғастыру мүмкіндігіне ие болу үшін - міне сол үшін революцияшыл азшылық күшке, билікке және беделге ие болуға тиіс. Және осынау күш неғұрлым коп болса, осынау білім неғұрлым берік те қажырлы болса, әлеуметтік революцияның мұраттары соғұрлым толықта жан-жақты жүзеге асады, халықтың консервативтік элементтерімен қақтығысқа бармау оңай болады. Сонымен, революцияшыл азшылықтың халыққа қатынасы және соңғысының революцияға катысуы төмендегідей анықтала алады: революцияшыл азшылық, халықты оның еңсесін басып тұрған, билік басындағылардан қорқыныш пен үрей езгісінен босатып, оған өзінің революциялық-қиратқыш күшін көрсету мүмкіндігін ашады және, сол күшке сүйене отырып, ол соларды күзетіп тұрған қамалдарды талқандап, оларды қарсылық және қарсы қарекет құралдары атаулыдан жұрдай етеді. Содан кейін, өзінің күші мен өзінің беделін пайдаланып, ол халық өмірінің жағдайына жаңа прогресшіл-коммунистік элементтерді енгізеді; сол өмірді оның ғасырлар бойғы ұстындарынан қозғайды, оның тас болып қалған, мешеу пошымдарына нәр береді. Өзінің реформаторлық қызметінде революцияшыл азшылық халықтың белсенді қолдауына үміт артпауға тиіс. Халықтың революциялық рөлі ол өзін тікелей езіп отырған мекемелерді талқандаған, өзінің тікелей қанаушы-тирандарын құртқан бойда аяқталады. Бірақ, бір жағынан, революциялық мұраттардың бар болуы оның өзекті, нақты қажеттерімен кереғар келмейтіндіктен, екінші жағынан, азшылық енгізетін реформаларға халықтық өмірдің бүкіл құрылысына өзек болып келген қауымдық ынтымақ рухы өзек болатындықтан, халық революционерлерге өзінің немқұрайды қолдауын да қимайды деп топшылауға ешқандай негіз жоқ. Керісінше, олардың сондай қолдаудан үміттенуге толық хақысы бар: өйткені олардың революциялық мұраты өзінің жалпы нобайында халықтың нақ сол консервативтік, тек мәлім, белгілі бағытта неғұрлым толық және жан-жақты дамытылған мұраты ғой. Демек, оны іске асыра отырып, олар бұрын соның революциялық күшіне сүйене алатын болады. Осылайша, революцияшыл азшылық, халықтың революциялық-қиратқыш күшін пайдалана отырып, революция жауларын құртады және, халықтың оң ыңғайдағы мұратының (яғни халықтың консервативтік күштерінің) ортақ рухын негізге ала отырып, ортақ өмірдің жаңа парасатты тәртібінің негізін қалайды. Өздерінің бірлескен қызметін революцияның табысы тәуелді болатын екі фактордың сондағы салыстырмалы рөлі мен қатысуын айқындайтын ортақ формула осындай. Бұл формула қазіргі кезде біздің халықта бар шын революциялық күштің сипаты мен көлеміне біз берген бағадан қисынды түрде сөзсіз шығады. Кімде-кім бұл бағамен келіссе, оған біздің формула міндетті де. Халықтың революциялық-қиратқыш күшінің шаруалардың ішкі тұрмысының өрісінен тыс тұрған, оның патриархалдық-қауымдық қатынастарының өрісінен тыс тұрған қоғамдық өмір құбылыстары мен факторлары үшін ғана маңызы бола алады, осынау "ішкі тұрмыстың" өзі, осынау "патриархалдық-қауымдық" қатынастар халыққа әлдене қасиетті де тиісуге болмайтын нәрсе ретінде көрінеді десек, бізбен кім келіспейді? Халық өмірінің тарихи қалыптасқан пошым¬дары барынша орнықтылығымен, мызғымастығымен ерекшеленеді және, демек, халықтың қоғамдық мұраты да дәл сондай қасиетімен ерекшеленуге тиіс десек, бізбен кім келіспейді? Бірақ осынау екі қағидамен келісу - халықтың шын революциялық күшінің ортақ сипаты туралы солардан шығарып жасалған байламмен де келісу деген соз. Бұл байламды мойындай отырып, біз дәйекті болуға тиіспіз. Біз өзімізді өзіміз алдап, жарамсақтанбауға тиіспіз; біз дөрекі нақты болмыстың көзіне тура, көзімізді жұмбай, ұялмай қарауға тиіспіз. Біз өзіміздің сөздігімізден халықтың әлдене кемеңгерлігі туралы, біз славянофил-реакционерлерден көшіріп алған ұят та мағынасыз тіркесті біржолата алып тастауға тиіспіз. Біз халыққа тым үлкен үміт, сенім артпауға тиіспіз, біздің оған хақымыз да жоқ. "Өз билігі өзіне берілген" халық әлеуметтік революцияны жүзеге асыра алады-мыс, өзінің тағдырын өзі бәрінен жақсы шеше алады-мыс деген секілді ақымақтықты айта берудің керегі жоқ... Халық - әлеуметтік революцияның қажетті факторы, бірақ тек революцияшыл азшылық сол революция ісін өз қолына алғанда ғана, ол халықтың революциялық та, консервативтік те күштерін ұдайы бағыттап, басқарып отырғанда ғана қажетті факторы болады. Біз мұны жасырмауға тиіспіз. Ақиқаттан қорықпау керек. Тек қорқақтарға ғана өздері қолдан жасап алған пірлеріне жарамсақтанып, құбылып отыру тән. Бізде пір жоқ, болуға тиісті де емес. Бізге халықтың алдында тізе бүгіп, оны көкке көтерудің қажеті жоқ. Керісінше, біз оған неғұрлым қатаң қарасақ, біз ол туралы пікірімізді неғұрлым бүкпесіз айтсақ, біз оған өзіміздің құрметімізді, өзіміздің сүйіспеншілігімізді соғұрлым дәлелдей түсеміз. Халыққа жарамсақтанатын адамдар, оны сыйламайды. Фарисейлік екіжүзділікпен оған сенің өзін ғана өзіңді-өзің құтқара аласың дейтін адам, әлеуметтік революцияның ұлы ісін тек соның ғана мойнына артатын адам оны ұнатпайды, оған оның бақыты қымбат емес. Халықты халықтың көмегімен азат ету — бұл дегеніңіз халықтың өзіне-өзі көмегі дейтін теорияның нақ өзі, буржуазиялық экономистер соның лепті тіркестерімен халық қасіретіне, халық қайғысына өздерінің аяусыз, өздерінің эгоистік қатынасын бүркемелеуге тырысады. Сол қайғыны және сол қасіретті жан-тәнімен қабылдайтын адамдар — адал, шын берілген революционерлер - оның бүкіл жалғандығын тек түсініп қана қоймай, сезінуге де тиіс. Олар халықтың өзіне-өзі көмегі туралы мифті халық жаулары халықты оның қазіргі қауқарсыз жағдайында мүмкіндігінше ұзақ ұстап тұру үшін ойлап тапқан. Сондықтан сол мифті мойындап, насихаттайтын адам - халықтың жауы, оның қанаушыларының досы әрі одақтасы (саналы яки санасыз). Халық өзін өзі құтқара алмайды, өзімен-өзі қалдырылған халық өз тағдырын нақты қажеттерге сай жолға қоя алмайды, әлеуметтік революция идеяларын өмірде жүргізіп, іске асыра алмайды. Мұнымен тіпті халықтың өзіне-өзі көмегі мифін қорғаушылар да келіседі; бірақ бұл орайда олар халық тек қазіргі кезде ғана өзі үшін ештеңе істей алмайды, ал таяу болашақта, ол ағарып, ақыл кірген кезде ол үшін мұндай қиындық болмайды деп екіжүзділікпен қосады. Өтірік, арсыз, қан қайнататын өтірік! Халық қазір өзі бастан кешіріп отырған экономикалық және саяси жағдайда болып тұрғанда - оның мұраттары да, оның өзін қоршап тұрған өріске қатынасы да өзгере алмайды, демек, ол қазіргі кезде қаншалықты дәрменсіз болса, алдағы уақытта да соншалықты дәрменсіз болып қала береді. Сондықтан фантастикалық болашаққа қандай да болсын үміт артатын, сол үшін революция ісін жылы жауып қойып, күте тұрудың, шыдамдылықтың қажеттігін уағыздайтын адамдарды - ондай адамдарды біз не екіжүзді алаяқтар, бүркемеленген халық жаулары, не ғажайыпқа сенетін жай ғана аңғал ақымақтар деп санауға тиіспіз. Өзімен-өзі қалдырылған халық қазір де, болашақта да әлеуметтік революция жасауға дәрменсіз. Мұны тек біз революциялық азшылық қана жасай аламыз, - және мұны біз мүмкіндігінше тезірек істеуге тиіспіз!
АНАРХИЯЛЫҚ МЕМЛЕКЕТ
[1] Интернационалдың анархиялық секцияларының соңғы жалпы конгресінде (Брюссельде, 1874 жылғы қыркүйекте) талқыланған мәселелердің санатында алғашқы орында болашақ қоғамдағы қызметтер туралы мәселе тұрды. Бұл мәселе алдын-ала секциялардың жекелеген жиналыстарында қаралып, нақ солар конгреске әлеуметтік революция жасайтын жаңа қоғамдық қатынастар тұсында қоғамдық қызметті ұйымдастырудың азды-көпті әзірленген жобаларын берді. Сол жобалардың барынша толықтығымен және байыптылығымен оқшауланатын екеуі (бірін Брюссель секциясының атынан де Пап, екіншісін - Женева секциясы ұсынған) жеке кітапшалар түрінде басылып, өткен жылы: "Болашақ қоғамдағы қызмет. Халықаралық жұмысшылар ассоциациясының Брюссель конгресіне ұсынылған екі жазба, 1874. "Вперёд" журналының басылымы. Француз тілінен аударылып, алғысөз және ескертпелер берілген" деген жалпы атаумен орыс тілінде жарық көрді. Осынау жазбалар көп жағынан біздің тараптан байыпты назар аударуға лайық. Оларда әрбір революциялық бағдарламаның ең өзекті тармақтарының бірін құрайтын мәселе, шешіп алу әрбір революцияшыл партия үшін, әрбір революционер үшін даусыз міндетті мәселе талқыланады. Революционер ең жалпылама нобайда болсын өзі үшін қоғамдық қатынастардың одағай құрылысын қалай және немен алмастыру керек екенін анықтап алмайынша, оның басында "жарқын болашақтың" қандай да бір мұраты қалыптаспайынша, соған дейін оның қызметінен ешқандай ерекше пайдалы нәтиже болмайды, онда орнықтылық та, дәйектілік те, орындылық та болмайды; бұл санада сараланбаған, былайша айтқанда инстинктті, өзінің бойында ешқандай ішкі, парасатты түрткі жоқ қызмет болады. Ал осынау өзекті революциялық мәселені анықтап алу үшін біздің шетелдік революциялық баспасөзіміз осы күнге дейін мүлдем ешқандай мәлімет берген жоқ. Ол нені жою керектігі, неге қарсы күресу керектігі туралы жақ талдырудан жалықпайды, бірақ талқандалған, жойылған нәрсені немен алмастыру керек - бұл туралы ол әдетте не әдепті бола қалып үндемейді, не жақ ашса да, жалпылама, түсініксіз және бұлдыратып сөйлейтіні соншалық одан да үндемеген артық болып шығады. Осы жағдайдың арқасында барлық революциялық бағдарламаларымыздың оң ыңғайдағы бөлігі мейлінше бұлдырлықтан, былықтырудан және мағынасыздықтан зардап шегеді. Әлеуметтік революцияның ортақ принциптерін жүзеге асырудың практикалық жолдары туралы біздің оң ыңғайдағы түсініктеріміздің бұлдырлығы мен мағынасыздығы, бір жағынан, бізден бірталай әбден интеллигентті қоғамдық күштерді қашқақтатады және қоғамда революциялық идеялардың таралуына зиянын тигізеді, екінші жағынан, біздің партияға қауіпті жіктер мен бөлінулер енгізіп, олар біздің ісіміздің табысқа жетуін бөгейді. Біз, революциялық бағдарламаның оң ыңғайдағы жағы мүмкін болғанынша дәл де айқын анықталса, барлық сонау жіктер, барлық сонау партиядағы партиялар орын алмайтындығына кәміл сенеміз. Бұл жағдайда қоғамдық қызметтерді ұйымдастыру туралы жоғарыда айтылған екі жазба ғибратты мысал бола алады. Оларды анархистер құрастырған, олар анархистік секцияларда талқыланып, мақұлданған, ақыр соңында, анархистер конгресінде қаралып, рұқсат етілген - қысқасы, олар Интернационалдың анархиялық фракциясының оң ыңғайдағы мұраты. Сонымен нені көреміз? Анархист мырзалар абстрактылы да мазмұнсыз фразеологияның тұманды асқарынан нақты фактылардың нақты тиянағына төмендеу әрекетін жасаған бойда, олар тек қоғамдық қызметтерді ұйымдастыру туралы практикалық мәселені өздері үшін анықтап алғысы келген бойда, олардың мемлекетшілдерге барлық айбарағы жай ғана жаңсақтыққа, өздерінің тол мұраттарын да, оз қарсыластарының мұраттарын да түсінбейтіндігіне негізделгені анықтала кетті. Әлбетте, басқаша болуы мүмкін де емес еді. Қандай да бір дәйексіз доктринаны тексеріп алудың ең жақсы тәсілі - содан практикалық тұжырымдар мен қолданыстар жасау. Егер мұны не арам, не практикалық мағынадан жұрдай адам жасаса, онда ол сөзсіз әркімге айдан-анық оғаштықтарға ұрынады. Біздің шетелдегі орыс анархистеріміз нақ осыған тап болды. Ал егер мұны адал немесе практикалық мағына дарыған адам істесе, ол дәл солай сөзсіз оның жалған теориясына тікелей кереғар нәтижелерге, оның бүкіл жалғандығы мен оғаштығын нақты айқындықпен әшкерелейтін нәтижелерге келуге тиіс. Бельгия және француз анархистерімен дәл солай болып шықты. Қоғамдық қызметтерді ұйымдастыру туралы Брюссель және Женева жазбалары, тегінде, анархиялық бастауларды басшылыққа ала отырып, анархиялық бағдарламаны дамыта отырып, сайып келгенде, олардың түп қазық көзқарасын мүлдем жойып жіберетін тұжырымдарға келді. Міне сондықтан жоғарыда көрсетілген себептен бөтен біз өзімізді сол жазбаларды барынша даңғайыр талдауға міндеттіміз деп санаймыз. Ең басынан бастайық. Ең алдымен олар тілге тиек ететін тақырыпты мүмкіндігінше дәл белгіліп алайық. Қоғамдық қызметтерді ұйымдастыру... бірақ қоғамдық қызмет дегеніміз не? Осы терминмен Брюссель және Женева анархистері нені меңзейді? "Егер біз, - дейді Брюссель жазбасы, - қоғамдық, қызмет дейтін сөздерге қызмет атаулыны немесе ұжымшылдық үшін, қоғам үшін пайдалы яки тіпті абсолютті қажетті жұмыс атаулыны, ол онсыз зардап шекпей тұра алмайтын жұмысты жатқызсақ, оларға тым ауқымды мағына берер едік. Бұл жағдайда, ең алдымен күнделікті қажет заттар өндірісін қоғамдық қызмет ретінде қарастыруға тура келер еді: егіншілік, наубайлар мен қасаптар еңбегі, баспаналар салу ерекше қоғамдық қызмет болар еді" (3-бет). Демек, осынау ұғым қандай да бір басқа нышанымен анықталуға тиіс болғаны ғой. Қандай нышанмен? Брюссель жазбасы бұл сұраққа былай жауап береді: "Қоғамдық қызметті тек баршаға пайдалы жұмыстар құрайды немесе құрауға тиіс, олар: 1) не жеке инициативаға жатқызылып, ешқашан орын алмаған, немесе бұл жағдайда олардың тиісті міндетінен ауытқыған; 2) олар монополияға айналып кетпес үшін, жеке қолда қалдыру қауіпті болатын; 3) кен ауқымды бірлескен еңбекті, көп жұмысшылардың ұштастырылған күш-жігерін талап ететін жұмыстар". Бірақ бұл қасиеттер қоғамдық жұмыстардың барлық тектеріне бірдей дәрежеде дерлік тән. Қандай да болсын қоғамдық жұмысты алыңыз, мысалы, күнделікті қажет заттарды өндіру жөніндегі жұмысты - "егіншілікті, наубайлардың, қасаптардың, баспаналар салу" жұмысын алыңыз да, оны (қазіргі қоғамдық қатынастарда орын алып отырғанындай) тек жеке адамдардың қарауына беріңіз, оны жеке инициатива қолына беріңіз, сонда ол сөзсіз монополияға айналады, "өзінің тиісті міндетінен ауытқиды". Адамзат қоғамының бүкіл тарихы мұның даусыз дәлелі, айтпақшы айдан анық фактысы қызметін атқарады. Анархистердің өздері мұны бізден кем білмейді. Ендеше олар күнделікті заттар өндіру жөніндегі жұмысты: егіншілікті, наубайлардың, қасаптардың және т.б. еңбегін қоғамдық қызмет ұғымынан неге шығарып тастайды. Олардың миында (әрбір адамның миындағы секілді) бұл ұғыммен басқа бір түсінік, олар неліктен екені белгісіз ләм-мим демейтін түсінік байланыстырылатыны айдан-анық. Бірақ бәлкім, Женева анархистері Брюссель анархистерінен бүкпесіздеу болған шығар? Білкім, олардың жазбасынан қоғамдық қызметтің неғұрлым дәл анықтамасын табармыз?
Іздеп көрейік. "Қоғамдық қызмет, - дегенді оқимыз Женева есебінен, - қызмет (яғни жұмыс) өзінің мәнісі бойынша ұжымшылдықтың ортақ мүддесіне байланысты барлық жағдайларда пайда болады; өндіргіш топтарды біріктіру үшін құрылған мекеме атаулыда, олардың өнім айналымына және сақталуына қатысты байланысын жеңілдетуге жәрдемдесетін ұйым атаулыда пайда болады" (17-бет). Бірақ бұл анықтама Брюссель жазбасы беретіннен де көлемді және ауқымдырақ қой. "Өзінің мәнісі жағынан" "ұжымшылдықтың ортақ мүдделерімен" байланыспайтын баршаға пайдалы жұмысты елестетіп көру мүмкін бе? Ондай елестету мүмкін еместігі айдан анық. Демек, қоғамдық қызмет туралы ұғым баршаға пайдалы жұмыс атаулы туралы ұғыммен сәйкес келуге тиіс болатын. Олай болмай отыр, Брюссель анархистері секілді Женева анархистері де қоғамдық қызметтік жұмыс деп әлдене ерекше, жалпы әдеттегі жұмыстан бірдеңесімен ерекшеленетін арнаулы жұмысты санайды. Осынау бірдеңені олар анықтап бере алмайды немесе жай ғана қаламайды. Алайда мұны, олар қоғамдық қызмет санатына жатқызған барлық қоғамдық жұмыстарды тізіп шығып, өзіміз де жасай аламыз. Брюссель жазбасының пікірі бойынша, қоғамдық қызмет мынадай санаттарға бөлінеді: а) қоғамдық қауіпсіздікке кепілдік беретін қызмет: заңдар, юстиция және полиция;
ә) өлшем, салмақ, мәнет жасайтын қызмет және соларды қадағалау; б) жеке кісі туралы куәлік әзірлеу және беру, халықтың көші-қон тізімін жүргізу және статистикасын жүргізу жөніндегі қызмет;
в) қоғамдық бағып-күту жөніндегі қызмет; г) қоғамдық сабақ беру жөніндегі қызмет, қоғамдық кітапханалардағы, мұражайлардағы, хайуанаттар және өсімдіктер бақтарындағы, астрономиялық және метеорологиялық обсерваториялардағы қызмет, ғылым, өнер, өнеркәсіп жөніндегі коллекцияларды күзету, ғылыми экспедициялар және т.б.;
д) гигиена мен қоғамдық денсаулық жөніндегі қызмет; е) қоғамдық жұмыстар жөніндегі қызмет, бұған мыналар жатады: құрғақтағы (атты және теміржол) және теңіз қатынас жолдары; поштаны, телеграф™ басқару, қоғамдық ғимараттар мен ескерткіштерді күтіп ұстау және салу, фонтандар мен су құбырларын күтіп ұстау, көшені кір-қоқыстан тазарту, ақаба сулар жүйесін басқару және т.б.;
ж) қоғамдық базарлар мен рыноктарды құру жөніндегі қызмет; з) ормандар мен баулардың күтіп ұсталуын бақылау, кеніштерді, көмір кендерін, тас қазғандарды, жалпы қоғамдық жерде орналасқан өндірістердің экстрактивті және басқа салаларын қадағалау; қауымдық моншалар, қауымдық қосалқы дүкендер, қасапханалар, театрлар, музыкалық консерваториялар және басқаларын құру;
и) қоғамдық кірістер мен шығыстарды басқаратын қаржы әкімшіліктері.
Женева жазбасы өз тарапынан қоғамдық қызметтердің мынадай тізімін береді:
а) қаржы-қаражаттық және өнеркәсіптік статистика;
о) қоғамдық ормандарды, кеніштерді, тасқазғандарды, өзенде және теңізде балық аулауды басқару; б) қоғамдық оқыту, мектептер, мұражайлар, кітапханалар, ғылыми коллекциялар, зертханалар және т.с.с. құрып, қолдап отыру;
в) қоғамдық гигиена;
г) құрғақтағы және теңіздегі қатынас жолдарын, пошта мен телеграф басқару;
д) қоғамдық қауіпсіздік: полиция мен әділ сот;
с) қоғамдық қорғаныс: армия, флот, құрғақтағы және теңіздегі полиция және
ж) қаржы қаражат: салықтар және оларды енгізу; Көріп отырсыздар, қоғамдық қызметтердің екі тізімі де өте ұқсас, айырма - Брюссель тізімі қорғаныс (армия мен флот) қызметін, Женева тізімі қоғамдық бағып-күту жөніндегі қызметті қоспайды. Бірақ ұмыт қалған осынау екі тармақ та, ағаттықтан немесе, дұрысы, ұмытшақтықтан енгізілмегені айдан-анық: әскер туралы тармаққа дейін жетіп, Брюссель тізімін құрастырушылар өздерінің қоғамдық қызметтерді ұйымдастыру жөніндегі тізімі алыс болашақтағы қоғамды емес, революциядан кейінгі күнгі қоғамды (жобаның өзінен көрініп тұрғанындай), әлі отбасы да, жеке меншік те, тауарлы өндіріс те бар қоғамды көздеп отырғанын ұмытып кеткен. Олар "қоғамдық міндет" шешіліп бітіп, "таптардың күресі де, халықтардың күресі де" (9-бет) аяқталған қоғаммен істес болып отырғандай ауа жайылып кеткен. Женева тізімін құрастырушылар да дәл сондай қателікке ұрынып, өздерінің жобасынан "қоғамдық бағып-күту" қызметін шығарып тастаған. Біз бұл қателіктерге, орыс тіліне аудармашы өз ескертпелерінде - олардан да зор ағаттықтар мен қателіктерге толы, бұлыңғырлығы мен бұлдырлығы ондағыдан да мол ескертпелерінде жасағанындай, жармасып жатпаймыз; біз қаперге жекелеген жерлерін немесе тіркестерін емес, ортақ мағынасын алуға тиіспіз, ал ортақ мағына қоғамдық қызметтердің жоғарыда келтірілген сан алуан түрлерінен-ақ көрініп тұр. Полиция мен жандармдарды қажет ететін қоғам, әлі соттасу мен процестер орын алып отырған, қылмыскерлер бар, абақтылар мен түзеу колониялары бар қоғам - мұндай қоғам, әрине, "түпкілікті жайластырылған", әлеуметтік революция мұраттарын әбден жүзеге асырған қоғам деп әлі атала алмайды. Бұл өтпелі қоғам, әлеуметтік реформалар жасау жолында әлі тек алғашқы қадамдарын жасап жатқан қоғам. Женева және Брюссель анархистері жобалаған "қоғамдық қызметтердің" ұзын тізімін сүзіп шығып, біз солардың бәрі осы заманғы буржуазиялық-феодалдық қоғамда да бар екенін мойындауға тиіспіз; тек осы заманғы қоғамда олар қоғамдық басқарудың әрқилы органдарының арасында анархиялық жобаларға қарағандағыдан әлдеқайда жүйелі де қисынды бөлінген. Осынау жобаларды құрастырушылар мемлекеттану мен қоғамтану саласында түкті де білмейтін миғұлалар екендігі айдан анық көрініп тұр; олар қоғамдық қызметтерді топтастырып жіктеуде жасаған қателіктерді қазына мүлкі немесе заң факультеттерінің бірінші курс студенттерінің ең орташасының өзі ешқашан жасамас еді. Егер олардың заң шығарушылық жобалары жүзеге асырыла алатындай болса, онда қоғамдық басқаруда соншалық былық, соншалық шатысу орын алар еді де, ол елде дереу ескі, революцияға дейінгі мемлекеттік құрылыс пайдасына реакция туғызуға тиіс болар еді. Біздің сөзімізді қуаттау үшін анархиялық заң шығарушылардың ең қарапайым ағаттықтарының (тым қатты айтпас үшін) бірнеше мысалын келтіру жетіп жатыр. Женева жазбасында, мысалы, полициялық қызмет, неліктен екенін кім білсін, екі тармаққа бөлінген: д) қоғамдық қауіпсіздік тармағында: полиция және әділ сот деп түр, е) қоғамдық қорғаныс тармағында — біз тағы да құрғақтағы және теңіздегі әлдене полицияны табамыз. Білген қызық,осы екі полиция өзара қандай қатынаста болар еді? Бұл туралы жазба жақ ашпайды. Дәл сол жазбада ж) қаржы-қаражат тармағына тек салықтар мен оларды алу ғана, яғни кірістерді жинау жатқызылған, ал шығыстар а) статистика тармағына телінген. Жобаны құрастырушылар, тегінде, қоғамдық шығыстар қоғамдық қаржы-қаражат саласына жататынын және, керісінше, салықтарды алу қаржы-қаражат кызметінен гөрі полиция саласына жүктелуге тиіс екенін ешқашан естімеген болуы керек. Қатынас жолдарын, соның ішінде темір жолдарды және пароход қатынастарын басқару в) қоғамдық қатынастар тармағына енгізілген де, ал темір жолдар, пароходтар және сол сияқтылар үшін отын сақтап, үнемдеу ә) топырақтың табиғи өнімдерін сақтау, болу және үнемдеу тармағына жатқызылған және тағы сол сияқты. Дәл сол секілді ағаттықтарды, дәл солай әртекті қызметтерді араластырып жіберуді және біртекті қызметтерді бөліп жіберуді біз Брюссель жазбасынан да табамыз. Мысалы "гигиена және қоғамдық денсаулық" тармағына "халықтың денсаулығын жақсартуға жататын барлық шаралар" жатқызылады, сөйте тұра қалаларда су болу, су құбырларын күтіп ұстау, қаланың кір-қоқысын тазарту және т.с.с. - қала гигиенасы саласына жататын міндеттер ауқымын брюссельдік заң шығарушылар "қоғамдық жұмыстар" тармағына теліген. Бұл тармаққа жалпы барынша әртүрлі толып жатқан қызметтер: санитарлық, полициялық, құрылыстық-техникалық және т.с.с. қызметтер үйіп-төгілген. Қоғамдық жұмыстарды басқару қатынас жолдарын, поштаны, телеграф™, гаваньдар мен рейдтер жасауды, көшелерге жарық беру, тазарту және жөндеу ісін, газ зауыттарын және т.с.с. қатар алып жүреді. Ал қоғамдық кір жуатын орындар, наубайханалар, қасапханалар, қауымдық қосымша дүкендер, музыкалық консерваториялар, театрлар және тағы сол сияқтыларды құрып, күтіп ұстау" қоғамдық қызметтің "гигиена мен қоғамдық денсаулықтан" да, "қоғамдық жұмыстардан" да өзге ерекше түрі екен. Бұл орайда тағы бір тамашасы, монша да, театр да, консерватория да, қасапхана да мүлдем біртекті нәрселер секілді консерваториялар мен қасапханалар, театрлар мен қоғамдық моншалар, қауымдық қосымша дүкендер мен кір жуатын орындар құру осы санатқа жатқызыла салады. Қаржы-қаражат әкімшілігіне Брюссель жазбасы, Женева жазбасы секілді, тек жалғыз "қоғамдық кірістерді басқару" ісін жатқызады. Қоғамдық базарлар мен рыноктарды, доктарды, қоймаларды және басқаларын құру, Брюссель жазбасының ойы бойынша, алдыңғылардың бәрінен басқа, қоғамдық қызметтің ерекше түрін құрауға тиіс екен. Дәл сол секілді жетімдерге, көшеден табылған яки әке-шешелері тастап кеткен балаларға, жынданғандарға - кысқасы, өз жайын өзі күйттей алмайтындардың бәріне қамқорлық та қызметтің ерекше тегіне жатқызылыпты. Жалпы әдетте полиция құзырына жататын нәрсенің бәрі, Брюссель жазбасында оның қызмет өрісінен алынып, қалай болса солай, тегінде, қоғамдық қызметтің, өзара ешқандай ара қатынасы жоқ секілді бірнеше дербес тектеріне бөліне салған.
[ІІ]
Алайда екі жазбада да қоғамдық қызметтерді топтастырып жіктеудегі былық қаншалық зор болғанымен, осынау топтастырып жіктеу қалай десек те біздің замандағы қоғамдардың қоғамдық қызметтерін топтастырып жіктеудің нашар көшірмесінен басқа ештеңе емес. Сондықтан қоғамдық қызметті жалпы баршаға пайдалы жұмыстан өзгешелеп тұратын елеулі нышанды анықтау үшін, бізге аталмыш қоғамдағы қоғамдық қызмет туралы ұғымның тек ақиқат мағынасын анықтап алу керек. Анархистер қоғамдық қызмет санатына жатқызатын сан алуан тірліктердің бәрі, солардың бәрі өзінің жиынтығында аталмыш қоғамда мемлекеттік және қоғамдық басқару деп аталатын нәрсені құрайды. Басқару деген сөз - билік деген сөзбен тең мағыналас. Басқару атаулы, оның объектісі суағар құбырлар болса да, биліктің болуын көздейді. Шынында да, анархистер жобалап, біз жаңа ғана санап шыққан қоғамдық қызмет санаттарына ден қойсаңыз, егер оларға биліктің біршама бөлшегі тән болмаса, олардың бәрінде ешқандай практикалық мағына болмыстығына көз жеткізесіз. Біз енді заң шығару, полиция және әскер туралы айтпай-ақ қоялық, бірақ "гигиена мен қоғамдық денсаулық жөніндегі қызметті" ғана алыңызшы, егер оған адамдарды қоғамдық және жеке гигиенаның не ана, не мына талаптарына бағынуға мәжбүр ететін билік берілмесе, ол өзінің міндетін қанағаттанарлықтай орындай ала ма? Қоғамдық білім беру қызметі (осы заманғы қоғамда халық ағарту министрлігі деп аталатын мекемеге сәйкес келетін), егер оны атқаратын адамдарда мектеп мұғалімдері мен ата-аналарды қарапайым оқытудың белгілі, баршаға міндетті бағдарламаларына бағынуға мәжбүр ету құқығы болмаса, егер олар педагогикалық қызметті бақылап, оны әлеуметтік революция тұрғысынан қоғамдық тәрбие ұмтылуға тиіс жоғары мақсатты жүзеге асыруға бағыттап отыру билігінен айрылса, бүкіл мағынадан жұрдай болады. Қатынас жолдарын, поштаны, телеграфтарды басқару, егер оларды басқаратын адамдарда поштаны, телеграфтарды, құрғақтағы және теңіздегі қатынас жолдарын пайдаланғысы келетін барлық азаматтар үшін міндетті ережелер белгілеп, нұсқаулар беріп отыру билігі болмаса, соларды басқару неден құралатынын елестету қиын емес пе? Ортақ өлшем, салмақ және монет белгілеудің, егер оларды белгілейтін адамдарда оларды баршаға міндетті ету билігі болмаса, жалған салмақ пен өлшемді, жалған ақшаны пайдалануға жол бермей, айналымнан алып тастап отыру билігі болмаса, қандай мағынасы бар? Ол-ол ма, тіпті таза статистикалық жұмыстар, олар қоғамдық қызмет дәрежесіне көтерілген екен, қажетті түрде, бір жағынан, оларды басқаратын адамдардың азаматтардан өздерінің жұмысы үшін керек статистикалық мәліметтер мен материалдардың барлығын талап ету құқығы мен билігі болуын, екінші жағынан - азаматтардың оларды бұрмаламай, жасырмай беруге міндетті болуын қажет етеді. Жалпы билік атрибутынсыз жүзеге аса алатын бірде-бір қоғамдық жұмысты елестету мүмкін емес. Билік - оның тұрақты, ең елеулі элементі, бұл оны жалпы ортақ пайдалы жұмыс атаулыдан өзгешелейтін сипатты нышан. Қандай да бір ортақ пайдалы жұмыс қоғамдық қызмет дәрежесіне көтерілген бойда, ол дереу билікке (әрине, өз қызметі шеңберіндегі билікке), ал оны атқаратын адамдар - билік адамдарына айналады. Бұл орайда сол адамдар белгілі бір қоғамдық қызметті төл бейімі бойынша атқара ма, немесе оларды қандай да бір жоғары өкімет, қауым, федерация, заң шығарушы жиналыс және т.с.с тағайындай ма, - мұның мүлдем бәрібір. Енді біз анархистердің қоғамдық қызмет терминіне неліктен дәл анықтама бере алмағанын, оны жалпы пайдалы жұмыстан өзгешелейтін елеулі нышанды соншалық мұқият неліктен жасырғанын қиналмай-ақ түсіне аламыз. Олар былқылдатпай, нәргүмәндау етпей қоғамдық қызмет дегенде әдетте нені түсінетінімізді және қажетті түрде не түсінілуге тиісті екенін тура айтса - қоғамдық қызметті ұйымдастырудың олар ұсынып отырған жобалары қоғамдық билікті ұйымдастырудың жобаларынан өзге түк те емес екендігі баршаға бірден айдан анық бола кетер еді. Принципінде өкіметті теріске шығару, сөйте тұра өкіметті ұйымдастыру жобаларын жасау - бұл дегеніңіз, әлбетте, тым дәйектілік емес. Және міне, осынау дәйексіздікті бүркемелеу үшін олар қоғамдық қызмет ұғымының өңін айналдыруға бел байлаған. Алайда бұл өңін айналдыру көзге ұрып тұрған дәйексіздікті тек бір сөтке ғана бүркемелей алатын еді. Қоғамдық қызметтерді қалай және кім атқаратынын егжей-тегжейлі талдай келіп, Брюссель жазбасын құрастырушылар саналы 240 түрде мынаны мойындау қажеттігін аңғарды: бұл қызметтер, оларды жинақтап алғанда, шындап келгенде мемлекет деп аталатын нәрсені құрайды, демек, өздерінің жазбаларында олар тек болашақ мемлекетті ұйымдастыру жобасын ұсынғысы келді. "Осынау еркін тапты, - дейді олар, - егер оның мақсаты, сол үшін арнайы тағайындалған әкімшіліктің көмегімен, мемлекеттің басты қызметін құрайтын қоғамдық қызмет салаларын нақ іске қосудан тұратын топты біз мемлекет деп атамай тұра аламыз ба?" (21-бет). Ay, бұл қалай болғаны? Анархистер, мемлекетке қарсылар мемлекетті ұйымдастыру жобаларын жасай бастаған ба? Демек, олар оның қажеттігін мойындағаны ғой? Иә, логика, естілік, анархия атаулының осынау бағзы жаулары, оларды осынау мойындауды жасауға амалсыз мәжбүр етті. Және бұл мойындаудың тамаша екендігі соншалық, біз омы түгелімен, сөзбе-сөз дәлдікпен келтіріп отырмыз. Онымен таныса отырып, біздің оқырмандарымыз ұмытпауға тиіс нәрсе: ол Интернационалдың анархиялық секциясы ортасынан шықты, анархистер конгресіне арналды және шетелдік анархистер оған жалпы (бірлі-жарымы болмаса) едәуір іш тарта қарады. "Қалай? - деп лепірді Брюссель анархистері, - егер атал¬мыш мекеме (мемлекет) әрқашан жаман ұйымдастырылған болса, егер ол әрқашан тек қанау құралы болып келсе, осыдан келіп, оны құрту керек, сөйте тұра оны жаңа ұғымдарға неғұрлым сәйкес келетін бастаулар негізінде қалпына келтіру қажеттігін мойындау керек" деген қорытынды шыға ма? Егер қоғамдық оқыту осы кезге дейін тек бұқара арасында соқыр сенімдер таратуды және сонымен бірге артықшылықты таптарға қысым мен қанау құралын беруді мақсат егіп келсе, осыдан қоғамдық оқу жойылуға тиіс деген қорытынды шыға ма? Күні кешелері жұмысшылар, өздерін алмастырған машиналар оларды шеберханалардан ығыстырып шығара бастағанын көріп, машиналарға жауығып, оларды бұза бастаған еді. Машиналарға майдан! - деп айқайлады олар аудиттер үнімен. Енді олар, машина-пайдалы,тіпті қоғам үшін қажет ат екенін, ол көп мөлшерде өнім өндірмей тіршілік ете алмайтынын түсінді де, олар: машиналар біздікі болуға тиіс! деп айқайлай бастады. Сонымен дейсіздер ғой? Мемлекет те машина; бұл - қоғамдық қызметтің үлкен салаларын жасайтын (?) құрал. Барлық басқа машиналар секілді, бұл машина да осы заманғы өндірістің зор мөлшері үшін және сол өндіріс өнімдері айналымының зор мөлшері үшін қажет. Барлық басқа машиналар секілді, осы машинаның да тіршілік етуі жұмысшылар үшін тажалды болды. Осы кезге дейін ол тек қана артықшылықты таптар мүддесіне қимылдап келді. Мұны тыю үшін жұмысшылар сол машинаға ие болуға тиіс! Бірақ, оған ие болған кезде, оны мұқият қарап алу керек: осынау машинада, ол ешкімді майып етпес үшін, кейбір маңызды өзгерістер жасау керек болмас па екен... Сол өзгерістерді жасап, біз былай дей аламыз: жұмысшылар, машина біздікі болуға тиіс, мемлекет бізге тиесілі болуға тиіс (21, 22, 23-беттер) Сонымен, мемлекеттің жойылуын талап ету, машиналардың жойылуын талап еткен секілді, жабайылық, оғаш нәрсе екенін анархистердің өздері мойындайды. Жоқ, дейді олар, біз оны жоюға тиіс емеспіз, біз оған ие болуға, оны артықшылықты таптардың қолынан тартып алып, жұмысшылардың қолына беруге, оны қанау мен консерватизм құралынан әлеуметтік революция құралына айналдыруға тиіспіз! Бірақ солай болса олар өздерін неліктен әлі де мемлекетке қарсылармыз, анархистерміз деп атайды? Брюссель жазбасын құрастырушылар бұл сұраққа мақтауға әбден лайық бүкпесіздікпен былай деп жауап береді: "Біз анархистер лақабын өзімізде қалдыра береміз, өйткені "анархия" деген соз буржуазияның зәре-құтын алады және өйткені бұл сөз бізге ұнайды". (23-бет) Міне бұл бері салғанда бүкпесіз соз. Егер ақымақ деген соз буржуазияның зәре-құтын алатын болса, олар өздерін, нидерланд инсургенттері (көтерілісшілері) өздерін оңбағандар (гездер) деп атағаны секілді, ағылшын либералдары өздерін виттер деп атайтыны секілді ақымақтар деп атар еді. Олар үшін анархия ешқандай ішкі мағынасы жоқ шартты соз, олар өзінің туына тек қана буржуазияның зәре-құтын алу үшін жапсырып алған, алайда, олардың өзін ештеңеге міндеттемейтін тамға. Осындай үзілді-кесілді мойындауды ести отырып, біз бір нәрсені түк те түсіне алмаймыз: Брюссель жазбасын құрастырушыларға олар жобасын жасап отырған мемлекет тіпті де архия (билік, өкімет) болмайтынын, қайта анархия (биліксіздік, өкіметсіздік) болатынын, ол анархиялық мемлекет (мемлекетке қарсы мемлекет) болатынын дәлелдеу-естілік дегенді жиып қойып дәлелдеу - неге қажет болды екен. Анархиялық мемлекет... сөздердің бұдан артық қиюласпауын тауып алуға бола қояр ма екен; бұл дегеніміз архиялық анархия, биліксіз билік немесе билікті биліксіздік деумен бірдей ғой. Бірақ егер сөз тіркесі олақ болса, оны ақтауға тырысатын уәж одан да олақ болуға тиісті ғой. Шынында да, "өздерінің анархист достарын" анархиялық мемлекеттің тіршілік ету мүмкіндігіне сендіргісі келіп, Брюссель жазбасынын авторлары былай көйітеді: "Өкіметтің мәнісі, әрине, қабылданған шешімдерді орындау, бекітілген заңдарды орындау актыларында емес, қоғамдық қызметтердің алуан түрлерін басқаруда (биліксіз қалай басқаруға болады) емес... заңды жасап, оған міндетті күш беру актысында. Бірақ заң шығару мемлекетке тіпті де тиесілі болмауы мүмкін (?), оған берілген құқықтар санатына мүлдем жатпауы мүмкін; заңдар тікелей қауымдарда бекітіле алады..." (23 және 24-беттер).
Бұл не? Адамдар әзілдеп отыр ма, әлде шынымен айта ма?
Егер олар шынымен айтып отырса, онда олар мұндай бөстекі сөзді неге айтады? Олар мынаны рас түсінбей ме: заң шығарушы билікті қауымдарға беру деген сөз - оларға мемлекеттің ең басты қызметтерінің бірін, басқаша айтқанда - мемлекетті күйрету емес, керісінше, әрбір қауымнан дербес мемлекет жасау деген сөз. Ақыр соңында, олар шынында да мемлекеттік өкіметтің бүкіл мәнісі заң шығару құқығында, яғни заң шығарушы өкіметте деп ойлай ма? Бірақ бұл құқықта, егер "қабылданған шешімдердің", "бекітілген заңдардың" орындалуына мәжбүрлеу құқығы онымен қол ұстаса күрмесе, яғни заң шығарушы өкіметпен атқарушы өкімет қатар тұрмаса, қандай мағына болмақ? Олар өзінің мемлекеттік атқарушы өкіметке жол береді екен, олар авторитарлық мемлекеттің қажеттігін де мойындауға тиіс. Оларға осынау авторитарлық мемлекетті анархиялық мемлекет деп атау ұнайды. Несі бар, атай берсін; олар үшін анархия деген сөздің тек таза шартты маңызы ғана бар екенін білеміз ғой. Ал енді осынау анархиялық мемлекет қандай пошымда (олардың жобасы бойынша) бейнеленуі, оның негізіне қандай принциптер алынуы керектігін және ол қаншалықты революцияшыл бола алатынын, яғни өмірде әлеуметтік революция идеяларын практикалық жүзеге асыруға қаншалықты жәрдемдесе алатынын қарап көрейік.
[ІІІ]
Женева жазбасының пікірі бойынша, анархиялық мемлекет негізіне федерациялық принцип алынуға тиіс, ол еркім де мүлдем дербес қауымдардың еркін федерациясынан басқа ештеңе де болмауға, ол қауымдар өз кезегінде "өндіргіш топтардың одақтарынан" өзге ештеңе болмауға тиіс. Осылайша, "өндіргіш топтар", яғни белгілі аумақта тұратын, белгілі кәсіп жұмысшыларының топтары болашақ мемлекеттің ұясын құрғандай болады; сол топтардың одағы қауымды; қауымдар одағы - федерацияны яки мемлекетті құрайды. Мемлекет (федерация) қызметі саласына нақ қандай қоғамдық қызметтер және олардың қайсылары қауым және "өндіргіш топтар" саласына кіруге тиісті, Женева жазбасы бұл сұрақтарға дәл де егжей-тегжейлі жауап бермейді. Оны құрастырушыларда бұл жөнінде әйтеуір бір түсінік болған күн де де, ол өте бұлыңғыр да жалпылама болғаны айдан анық. Алайда, олардың қауымы "өндіргіш күштердің" әбден-ақ еркін де тәуелсіз одағы болуға тиіс екендігін негізге ала отырып, ол өзінің ішкі басқаруына, оның қоғамдық және экономикалық көркейтілуіне қатысты барлық мәселелерде кең автономияны пайдаланады, басқаша айтқанда қоғамдық қызметтердің коп бөлігі тікелей оның өзінін басқаруына жатады деп топшылауға болады. Шынында, жазбаның бір жерінде біз: "тауарлар өндірісі, бөлінісі және айналымы (яғни халық өмірінің ең маңызды қызметтері) өндірушілердің өздерінің топтарымен айқындалады, шектеледі және реттеледі" дегенді оқимыз. Басқа бір жерде қауым шегінде қоғамдық қауіпсіздікті күзету түгелімен соның өзіне жатқызылады делінген. "Ал қауым қоғамдық денсаулық жөнінде қамқорлық жасауға, базарларда орын алуы мүмкін алдап-сулауды бақылауға, сондай-ақ барлық тектегі шеберханаларға, зауыттарға және фабрикаларға қатысты гигиеналық ережелердің сақталуын бақылауға тиіс". Жалпы экономикалық қызметтер мен қоғамдық басқару қызметтерінің ішінен федерацияға тек қатынас жолдар мен тауарлардың қауымнан қауымға өтуін бақылау, мұның үстіне қауымаралық полиция жүктелген. Барлық өзге қоғамдық қызметтерді атқару қауымның өзіне беріледі. Тек қоғамдық тәрбие мәселесі жөнінде ғана мемлекет пайдасына маңызды кадам жасалған. Мемлекетке "оқытуға катысты барлық іске басшылық жасау", сондай-ақ барлық қауымдар үшін міндетті білім берудің қарапайым ортақ бағдарламасын әзірлеу тапсырылған. Осынау дәйексіздік болмаса, жазбаны құрастырушыларды бір мезгілде қауымдардың толық автономиясының қажеттігін де, "сабақ беру мен бағдарламалардың мемлекеттік "орталықтандырылуының" қажеттігін де мойындауға мәжбүр еткен дәйексіздік болмаса, Женева анархистерінің мұраты бойынша, мемлекет толық дерлік және сөзсіз орталықсыздандырылған болып шығар еді. Оны құрайтын қауымдар арасында ешқандай табиғи бірлік болмас еді, демек, жеке алғанда әрбір қауым мемлекеттегі, яғни қауымдық федерация делінетіндегі дербес те мүлдем тәуелсіз мемлекетті құpap еді. Нақты күш атаулыдан жұрдай болған, өзінің құрамына кіретін барлық қауымдық бірліктерден шығатын орта қорытынды па, орта тұжырымнан басқа ештеңе де бола алмайтын мұндай қауымдық федерация қауымдарға ешқандай ықпал ете алмайтыны түсінікті; керісінше оның өзі солардың тұрақты қысымында болып, оның барлық қызметі тек солардың жеке бірлі-жарым қызметтерін қорыту мен реттеуге ғана саяр еді. Демек, өзінің мәнісі жағынан осынау федерациялық мемлекет таза консервативтік сипатта болуға тиіс болap еді және оның міндеті қолда барды күйретіп, қайта құру емес, тек орын алып отырғанды, сол орын алып отырғанды, бір немесе басқа қауымда мойындалып, қолдау табатын шамасына қарай, күзетіп, қорғау ғана болып шығар еді. Тек өзінің ішкі өмірін, өзінің қоғамдық және экономикалық тұрмысының тікелей құрушылары және толық билігі бар қожайындары ретіндегі қауымдар ғана революциялық-социалистік сипатқа ие бола алады. Бірақ қандай жағдайда олар шынында да сондай сипатқа ие бола алады? Қауымдық одаққа, өндіргіш топтарға кіретін адамдардың барлығы немесе айтарлықтай көпшілігі революциялық принциптерді бойына сіңірген, ол көпшілік жұмысшылар социализмнің міндеттерін айқын түсінген, олардың нақты жүзеге асырылуын терең де шынайы қалайтын жағдайда ғана ие болатыны бесенеден белгілі. Және бұл орайда мұндай жағдай қауымдардың барлығында немесе бері салғанда айтарлықтай, басым көпшілігінде орын алуы қажет. Олай болмаған жағдайда революцияландырылған қауымдарда әлеуметтік принциптерді жүзеге асыру консервативтік қауымдар тарапынан ұдайы қарсылыққа ұшырай береді. Егер материалдық күш басымдығы соңғылары жағында болса, бұл қарсылық ашық күресте, ескі тәртіптің жаңаны, дәстүрлердің - мұратты жеңіп шығуымен сөзсіз аяқталуға тиіс күресте көрінуге тиіс. Ал егер күштер азды-көпті біркелкі бөлінсе, ашық күрес ешқандай оң нәтиже бере алмайтындай болып бөлінсе, онда қарама-қарсы екі қоғамдық бастаудың бірге өмір сүруі сөзсіз тарихи адамның жан-тәніне әлі терең тамыр жая алмаған, ол әлі етене бірігіп үлгере алмаған, ол өзінің ойын, мүдделері мен өз табиғатының қажеттерін әлі үйретіп үлгере алмаған бастаудың біртіндеп бүлініп, түпкілікті азғындауына апарып соқтыруға тиіс. Женева анархистері жобасын жасаған ондай саяси пошым бүкіл халық немесе оның басым көпшілігі жұмысшы социализмнің идеяларына және сол идеяларды практикада жүзеге асырудың жалынды тілегіне бой алдырғанда ғана әлеуметтік революцияға жетелей алады. Әлгіндей болмайынша, олардың мемлекеті қазіргі мемлекеттей консервативтік бола береді және олардың революциясының сипаты таза саяси сипат қана болады. Бірақ бұл қашан болмақ, және де жалпы орын алып отырған консервативтік мемлекетте әйтеуір бір кездері бола ала ма? Ең батыл, ең берілген анархистердің өзі бұл мүмкіндікті тек өте, өте алыс болашақтың еншісі деп біледі. Оған дейін ие істеу керек? Күте беру және орын алып отырған тәртіппен ашық күрес бастауға бел байлай алмау, революция ісін келер замандарға қалдыру. Бірақ бұл біздің қолымыздағы шаруа ма? Брюссель жобасын құрастырушылар бұл сұраққа иә деп жауап береді. "Мемлекеттік ұйым төменнен жоғары қарай, - дейді олар, және мүлдем әділетті айтады,- жұмысшылардың кәсіптік қоғамдарға толық топтастырылуын көздейді, бірақ бұлай топтасу өнеркәсіптік жұмысшылар ортасының өзінде енді-енді ғана басталды; ал егіншілік жұмысшыларына келсек, ондай мысалдарды біз тек Англиядан, және соңғы кездегі Испаниядан ғана көреміз. Қауымда қауым, мемлекетте мемлекет құру үшін қозғалыс дамып, нығайғанша әлі талай уақыт өтеді". "Бұл екі арада буржуазия іріп-шіріп барады; барлық буржуазиялық мемлекеттер банкроттыққа азды-көпті таяп қалды; үлкен қалалар мен үлкен өнеркәсіп орталықтарының пролетариатын заңды шыдамсыздық толқытуда, өйткені оның бойындағы әділетке құштарлық қалған бүкіл пролетариат, әдеттегі мимырттық тұсында, оған ақыл жағынан өсіп жеңілгенше күте беруге тым күшті, кейбір елдерде, атап айтқанда Англия мен Германияда, бүгін оны жария шаралар арқылы жетелейтін саяси жолмен жүріп келеді, бірақ ертең, бәлкім, ол жол революциялық шаралар арқылы, жоғарыдан төмен қарай ұйымдастырылған мемлекетті талқандауға емес, оны басып алуға және оның қолындағы орасан зор орталықтандырылған күшті пролетариатты эмансипациялау ісіне жұмсауға жетелер; егер осынау құбылыс сол халықтардың бірінің арасында бола қалса, ол басқалардың арасында дүрбелең туғызуы мүмкін..." Осының бәрін ескерсек мынадай жағдай орын алып кетпей ме деп сұрайды Брюссель жазбасын құрастырушылар, жұмысшы табын кәсіптік қоғамдарға ұйымдастыру жеткілікті дамын болғанша, "жағдай үлкен қалалар пролетариатын қалған халыққа ұжымдық диктатура орнатуға және жұмысшы табын азат ету жолында жатқан барлық кедергілерді жойып біткенше жеткілікті ұзақ болатын революциялық кезең барысында жасай беруге мәжбүр етпей ме?" "Мұндай жағдайда, - деп сабақтайды жазба, - осынау ұжымдық диктатура қолдануға тиіс болатын шаралардың бірі, ірі қоғамдық қызметтің барлық түрлерін басып алу, темір жолдарға, кеніштерге, каналдарға, пакетботтарға, үлкен металлургия зауыттарына ие болып отырған барлық компанияларды ортақ пайда мүддесіне экспроприациялау және олардың барлық мүлкін, құралдарын, машиналарды, құрылыстарын, жерін және басқасын мемлекеттік меншік деп жариялау болатыны біз үшін айдан анық..." Осылайша, "барлық ірі кәсіпорындар, ірі қоғамдық қызметтің барлық салалары мемлекеттің, бірақ қауымдардың еркін федерациясы ұйымдастырған мемлекеттің емес, қайта авторитарлық жоғарыдан төмен қарай құрылған, турасын айтсақ - диктатуралық мемлекеттің қолына өтуге тиіс болады" ("Қоғамдық қызмет", Брюссель жазбасы, 25-27-беттер). Сонымен, ақылды анархистер әрі салғанда зорлықпен жасалған төңкеріс жария прогресс барысынан, социалистік насихат ықпалымен халықтың көпшілігінің сезімдерінде, ұғымдарында, мұраттарында, әдеттері мен дәстүрлерінде жасалатын бейбіт революциядан бұрын болғанда авторитарлық-диктатуралық мемлекеттің қажеттігін ғана мойындап қоймайды, тіпті сөзсіз болатын нәрсе деп санайды. Бірақ социалист-революционерлер нақ осы жағдайды мегзейді ғой, олар нақ соған үміт артады ғой; демек, авторитарлық мемлекет орнату олардың барлық ұмтылыстарының ең таяу да тікелей мақсаты болуға тиіс. Бірақ егер осылай болса, қоғамның аталмыш революцияға дейінгі ұйымдарын революциядан кейінгі келесі күні алмастыруға тиіс қоғамдық ұйымды айқындап алғысы келетін революционердің міндеті авторитарлық мемлекет қызметінің функциясын және оның әрқилы қоғамдық элементтерге қатынасын айқындауға саяды. Брюссель жазбасының сөздері бойынша, тек осы мемлекеттің көмегімен ғана әлеуметтік революция таяу болашақта жасала алады, демек, сол жазбаны құрастырушылар секілді "үлкен қалалар мен үлкен өнеркәсіп орталықтарының пролетариаты... қалған бүкіл пролетариат, әдеттегі мимырттық тұсында, оған ақыл жағынан өсіп жетілгенше күтіп отыра алмайды, төменнен ұйымдастыру әлеуметтік революцияның басталар жолы және соған берілген белгі емес, азды-көпті алыс нәтижесі болатынын түсінетін" (26-бет) баршаның назары тек жалғыз соған шоғырландырылуға тиіс. Бірақ, осы арада біз тағы да кереғарлыққа тап боламыз. Жазбаны құрастырушылар, қалай десек те, әлеуметтік революцияның бастапқы пункті анархиялық мемлекет емес, авторитарлық мемлекет болатынын мойындайды, сөйте тұра, "пролетариат өзінің жеңісінен кейінгі келесі күні нендей шара қолдануға тиіс" деген мәселені қарай келіп, оған анархиялық мемлекетті ұсынады. Бірақ ол осынау өзінің мәнісі жағынан антиреволюциялық болып тұрған, социализм идеяларын жүзеге асыру үшін өзіне қажетті бүкіл күшті өзінің қолына шоғырландыру орнына, оны орталықсыздандыратын, яғни бөлшектейтін, демек оны қожырататын осынау мемлекетпен не істемек? Бірақ, бәлкім, олар өздерінің анархиялық мемлекетіне тек болашақтың әлдене алыс мұраты ретінде, әлеуметтік революцияны жүзеге асырудың практикалық құралы қызметін атқаруға емес, былайша айтқанда, ақтауға тиіс қоғамдық пошым ретінде қарайтын болар. Шынында да, Брюссель жазбасы тікелей, өзіміз көріп отырғандай, былай дейді: мемлекетті төменнен ұйымдастыру (яғни ол анархиялық мемлекет деп атайтынды) әлеуметтік революцияның азды-көпті алыс салдары болады... Алайда, ол сол мемлекеттің әртүрлі қызметтерін талдауға кіріскенде, ол оған оның революциялық сипатын тұп-тура көрсететін қызмет түрлерін телиді. Осылайша, мысалы, "жылжымайтын мүлікті оның қазіргі иелерінен не тікелей ақысын төлеу пошымында, не пәтерге төленетін ақы атаулы оның толық құны өтелгенше меншік үшін төленген жарна болып саналады деп мәлімдеп, сатып алу" міндетін қауымға жүктейді. "Ескі, тарихи қоғамның сауда, кредит, ақша, индивидуалдық меншік институты және жалпы экономикалық мекемелерінің көп бөлігі әлі орын алып отырған кезде "өндірушілер мен тұтынушылар арасындағы делдал қызметін атқару" да қауымға жүктеледі. "Қоғамдық шапағатшылдық пен қоғамдық бағып-күту" де соған тапсырылады, бұл орайда оның қызметінің басты шеңбері жетімдерге, тауып алынған немесе ата-аналары тастап кеткен балаларға - қысқасы, өзі күнін көре алмайтын және табиғи қамқоры жоқ баршаға қамқорлық жасаудан құралады" (7-бет). Мұндай қызмет ескі қоғам отбасының орын алуын, дәулеттілер мен жарлылардың орын алуын қажет ететіні айдан анық. Ақыр соңында, Брюссель жазбасы анархиялық мемлекеттің қоғамдық қызметтерінің санатына полиция мен қылмыстық әділ сотты енгізетінін ескерсек, демек, ол қылмыстардың орын алуы мен жазалау шараларының қажеттігін ескеріп отырса, ол да, Женева жазбасы секілді, өзінің мемлекетіне әлеуметтік революцияның алыста жатқан, оның түпкілікті аяқталуының нәтижелерінің бірі ретінде емес, оны жүзеге асырудың таяу құралы ретінде, қоғамдық қайта құрудың практикалық тәсілдерінің бірі ретінде қарайтыны бізге мүлдем айқын болып шығады. Ол, оның "қоғамдық қызметтерінің" сипатына қарап таразыласақ, өтпелі кезеңде, яғни пролетарий билікті басып алған күннен басталып, коммунистік бастаулар ескі қоғам бастауларынан түпкілікті ба¬сым түскен, қоғамдық өмір мен адами ұғымдар, мұраттар, сезімдер, дәстүрлер дүниесінен аталмыш экономикалық тәртіптің, аталмыш тарихи қалыптасқан дағдылар мен көзқарастардың барлық іздері қайтып келместей етіп ығыстырып шығарылған сәтке дейін жалғасатын нақ даярлық кезеңінде жұмыс жасайды. Сонымен қабат Брюссель жазбасының өзі осынау даярлық кезеңінде, ескі дүниенің жаңа дүниемен күресі кезеңінде, пролетариаттың "диктаторлық билікке" ие болуға тиістігін және осынау ұжымдық диктатура қолдануға тура келетін алғашқы шаралардың бірі ірі қоғамдық қызметтердің барлық түрлерін басып алу, "темір жолдарға, кеніштерге, каналдарға, және т.с.с. ие болып отырған барлық компанияларды, олардың мүлкін, құралдарын, машиналарын, жерлерін және т.т." "мемлекет пайдасына экспроприациялау" болатынын мойындайды. Істің қисынына қарай жеке адамдардың қолындағы құралдарға, машиналарға, жерлерге және тағысын тағыларға да таратылуға тиіс осынау экспроприация, қоғамды экономикалық жағынан қайта құрудың бастапқы нүктесі қызметін атқаратыны айдан анық. Экспроприацияланған жерлерді мемлекет не істейді? Ол оны өзінің меншігіне айналдыра немесе шаруалар меншігіне пере алады. Бірақ қалай болғанда да, мемлекет кең ауқымды көлемде жерді пайдаланумен өзі айналыса бастай ма, немесе ол жерді ұсақ телімдер түрінде жұмысшылар артельдері мен ассоциацияларының уақытша иелігіне бере ме, яки, ақыр соңында қауымдардың меншігіне бере ме, қайткен күнде де, осынау жерлерді өңдеу мен пайдалану шарттарын, өнім өндіру не болу шарттарын анықтау түгелімен соған байланысты болады. Мемлекет экспроприациялаған және ол жұмысшылардың пайдалануына берген зауыттар, фабрикалар, кеніштер және жалпы барлық өндіріс құралдары туралы да сопы айтуға болады. Демек, экспроприациялау фактысы (экспроприацияланған мүлік жөнінде не істелсе де) өнеркәсіптің барлық салаларында, оның құзырындағы барлық аумақта еңбекті ұйымдастыру мен оның өнімдерін бөлу ісінде мемлекетті толық қожайын етеді. Ол өзінің материалдық құралдары мен инсанияттық күштерін пайдалана отырып, ақыр соңында барлық жерде еңбектің жұмысшы бұқараның мүддесіне, яғни коммунизм мұраттарына сай келетін ұйымдастырылуын енгізген кезде, сонда, тек сонда ғана, "жұмысшы табын азат етудің жолында жатқан барлық кедергілер жойылатын болады" (21-бет), тек сонда ғана, Брюссель жазбасындағы сөздер бойынша, анархиялық мемлекет жұмыс істей бастайды. Бірақ сол кезде индивидуалдық меншік те, отбасы да (оның қажетті постулаты ретінде), кредит те, ақша да, тауарлардың айырбас айналымы да болмайды ғой, қылмысқа итермелейтін ешқандай ілік те, жазалаушы әділ сотқа да, абақтыда да, жандармдарға да ешқандай қажеттілік болмайды ғой; демек, қазіргі кезде Брюссель және Женева қиялшылары қауымға жүктейтін қоғамдық қызметтердің бәрі raіson d'etre (мағына-Ауд.) атаулыдан айрылады. Ол-ол ма, өндіру мен тұтынудың коммунистік жүйесі нақты өмірде жүзеге асырылатындықтан, мемлекет басқаратын қоғамдық тәрбие осынау жүйенің рухы мен принципінен нәрленетін болғандықтан, қоғамдық қызмет туралы ұғымның өзі де парасатты мағына атаулыдан жұрдай болады. Біз жоғарыда ешқандай қоғамдық қызмет биліксіз, мәжбүрлеусіз мүмкін еместігін; билік пен мәжбүрлеудің нақ сол элементі сол туралы түсінікті "ортақ пайдалы жұмыс" туралы түсініктен шығаратын сипатты құрайтынын көрсеткенбіз. Бірақ өмірде бауырластық, теңдік идеялары толық жүзеге асырылғанда, адамзатты экономикалық құлдық, қанау мен бәсеке қамытынан "азат ету жолында тұрған барлық кедергілер" жойылғанда билік пен мәжбүрлеу туралы да әңгіме болуы мүмкін емес. Демек, қоғамның.болашақ құрылысы қоғамдық қызметі туралы ұғымның өзін жоққа шығарады. Ал осы заманғы тарихи қоғам, ол коммунистік мұраттарды іске асырғаншыл жүріп өтуге тиісті "өтпелі заманға", революциялық кезеңге келсек, бұл кезеңде, Брюссель жазбасының өзінің сөзі бойынша, тек "ұжымдық диктатура", яғни орталықтандырылған әрі авторитарлық мемлекет, тек жалғыз өзі ғана (тағы да Брюссель жазбасының сөзімен айтқанда) "жұмысшы табып азат ету жолындағы барлық кедергілерді жоя алатын" мемлекет қана орын алуға тиіс. Осыдан кейін, Брюссель және Женева заң шығарушылары жобалаған анархиялық, мемлекетте қандай мағына болуы мүмкін? Болашақтың мұраты ретінде ол ешқандай сынға төтеп бере алмайды, өйткені ол аталмыш, біздің тұсымнан дағы тарихи қоғамға ыңғайластырылған, өйткені ол отбасының да, индивидуалдық меншіктің де, айырбастың да, ақшаның да, полицияның да, абақтының да, әскердің де, жандармдардың да болуын көздейді. Мұратымыз осы болғаны ма? Құдай сақтасын! Бұл дегеніміз ескі мазмұнға жаңа қабық қана ғой! Ол ескі тәртіптен жаңа тәртіпке көшудің өтпелі пошымы ретінде одан да әрі жарамсыз, өйткені, қауымдарды орталықсыздандыра отырып, ол революцияшыл пролетариаттың күшін әлсіретеді әрі оның "жұмысшы табын азат ету жолында тұрған кедергілермен күресін шексіз қиындатады. Мемлекет неғұрлым орталықсыздандырылған болса, билік жүргізуші күштер неғұрлым бөлшектеліп, ыдыратылған болса, соғұрлым консервативті бола түседі - бұл мемлекет ғылымының, әліппелік ақиқаты. Буржуазия бұл ақиқатты баяғыда көкейге түйіп алды, сондықтан да оның ең көреген публицистері мен экономистері, Прудоннан бастап, Жирарден мен Дюрон-Вайт дегендерге дейін, үкіметтік орталықтандырудың өршеленген жақтаушылары, атышулы "мемлекеттік араласпаудың" әулиелері мен насихатшылары болып табылады. Олар мемлекет неғұрлым орталықсыздандырған болса, жергілікті индивидуалдық, эгоистік мүдделері жалпыадамзаттық мүдделерден соғұрлым басым түсетінін, демек, оның қандай да болсын алдыңғы мүдделерге нұқсан келтіретін жалпыадамзаттық мүдделерді көздейтін радикалдық реформаларды жүзеге асыруы соғұрлым қиын болады. Анархиялық мемлекеттің осынау гермафродитизмі (қызтекелігі - Ayд.) оның негізінде жатқан принциптердің осынау көзге ұрып тұрған кереғарлығы қисынды түрде ол құрастырылғанда көмекке келген бейғылыми, бейберекет әдістен туындайды. Жазбаларды құрастырушылар бәрін қайтадан бастаудың орнына яғни Брюссель жазбасынын пікірі бойынша, "бастапқы нүкте" болуға тиіс авторитарлық, социалистік-революцияшыл мемлекеттен бастап, содан кейін "жұмысшы табын азат етудің жолында тұрған кедергілердің жойылуына" қарай бұл мемлекет бірте-бірте қауымға, коммунаға қалай айналатынын, ақыр соңында қоғамның саяси ұйымы оның экономикалық ұйымымен ұштасып, соған жұтылып кететінін көрсету орнына - соның орнына олар "бастапқы нүкте ретінде осы заманғы тәртіпті, қоғамдық қызметтің нағыз тектерін алып, осы қызметті кейбір салалардан мүлдем алып тастады, кейбіреулерін жанынан қосты, сөйтіп осы винегреттен болашақ қоғамда қоғамдық қызметті ұйымдастырудың өз жобасын, не бар екенімен, олардың пікірінше, не болуға тиісті екендігінің әлдене ауа амальгамасын құрайтын жобасын құрап шықты. Бүгінгінің үзінділері мен болашақтың үзінділері, алыс мұрат және онымен қатар дөрекі эмпиризм, жандармдар, абақты, әскер, жеке меншік, отбасы, бұлармен қатар - өндіргіш топтардың тауарлар өндірісі мен бөлінісін реттеуді, әлдене "сауда агенттіктері", қауымның толық автономиясы, жеке кісінің автономиясы және т.с.с. - осының бәрінен бейберекет бір үйме жасалған. Мұндай үйме ешқандай табиғи бірлік бола алмайтыны, және, оның құрамдас бөліктерін анықтап алу әрекетінің барысында сіз: осыларды біртұтас етіп біріктіре алған, сөйтіп анархиялық мемлекет деген бір тамғаның астына біріктірген қандай сыйқырлы күш? деген сұрақты өзіңізге ұдайы қойып отыратыныңыз түсінікті.
"Петр Никитич Ткачев. Том 2.
Москва, 1976" басылымынан қазақшалаған
Нұрмахан ОРАЗБЕК.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру