Мазмұнға өту
Home

Сарын

Әлімқұл Данияр

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Сарын

Авторы: Әлімқұл Данияр

САРЫН

Менің алдымда Данияр Әлімқұлдың «ТОҒЖАН» деп аталатын циклдық сезім драмасы жатыр. Бір шолып шыққанда албырт жүректің лүпілін ғана аңғартар, қазіргі жастардың көбіне тән форма қуалаушылық әсерді байқағандай болғам. Әлбетте, форма мазмұнға қызмет етуге тиіс қой. Қайта оқығанда қарағайдың бұтағындай қарсы біткен жыр жолдары, жыр жолдарындағы образдар мен көркемдік тәсілдер ә дегенде Тыныштықбектің мақамдарын еске салғанымен, бірте-бірте мұнар арасынан Мағжанды айқындай түскен: «Өмір – дана, ақын – бала қаңғырған, Жан сусынын көз жасымен қандырған. Ақын – бөбек, өмір – көбік, тылсым-ды Ойнап, арбап, бөбекті естен тандырған» (Мағжан)

Шығарманың аты «ТОҒЖАН» болғандықтан ойға әуелі Абай оралуға тиісті еді, алайда сана түкпірі Мағжанды алға тартты. Біз әлем әдебиеті тарихынан ақындардың Жер бетілік һәм Ғарыштық болып бөлінетінін білеміз. Мағжан соңғысына жатады. Даниярдың да дүниетанымы, жаратылысты қабылдап, қайтаруы Мағжанның мектебіне орайласатын сияқты. Бітті бойда қуаты мол қызбалық, ...Үмітімнің сабақтарын мұз қарып... Мұңдарымның моласына гүл қойшы, Көктем кешіп күз барып.

Осындай әдемі шумақпен қалам мен жүрекке қатар сөз берген лирикалық кейіпкер Жеті тәулікте Алладан нәсіп етілген «адамды адам жақсы көру» сезімін жеті өлеңге өрнектеген. Махаббат тақырыбын кім, қалай жазбаған?!! Біз бұл жерде Даниярдың жанның болмысы мен сыртқы әлемді тұтастыра танып: Үміт, Мұң, Көңіл, Сезім, Тағат, Сағыныш тағы басқа қолға ұстап, көзбен көру мүмкін емес ұғымдардан сурет салып жіберетін қасиетін таныдық. Шығарманың өн бойындағы құрысы Батыс пен Шығыстық поэзияның шарпысуындағы кемпірқосаққа баланса, автордың мифтік санаға еркіндік үстеуі эксперимент ретінде көрініс тапқан. Біздің ақылымыздан тысқары нәрселердің бәрі де қорқынышты болмауға тиісті. Жаңаға, жаңалыққа ұмтылуда осы тақлеттес. Жаратқанға баратын жол жалғыз емес. Алла төреші!

Ақын, Маралтай Райымбекұлы !!!…ТОҒЖАН…!!! (Циклдық сезім драмасы) І. Бірінші күн Бітті бойда қуаты мол қызбалық, …Үмітімнің сабақтарын мұз қарып… Мұңдарымның моласына гүл қойшы, Көктем кешіп, күз барып. Қауым-қауым қиялыңды мезі еткен …келмес жаққа жұмсап жібер… Ал ауада асыр салсын кезекпен Жылы жаңбыр, жұмсақ жел. Сүйе сенде түнге иық, …Көз алдыңда көлбеңдесін тұңғиық… Сосын аспан алау ессін тылсыми Жұлдыз жанып, түн күйіп. Нали берме: Ашыныс …нәби жасты науалатар нақақтан… Жұлдыз біткен сөніп жатыр асығыс Түн соңына тақап таң.

Кірпігіңнің ұшындағы кіл сағым, …Ол мендегі жыр шағын… Оңашада қауышармыз қайтадан, Жалғыздықтың жарып шығып құрсағын. Әзірге сол сағына тұр, шыдаммен …Жүрек жүгін арқалатпай ақылға… Көңіліңнің көшесінен шығам мен Сен мендіксің. Мақұл ма?!. Жүрегім жазған түн: 08.08.11. ІІ. Екінші күн Сұрақ… Сұрақ… Жауап келсе – бір шешім, Сезім-шамның сөндіре алмай білтесін. Көбелегім ұша алмай жүрмісің, Отқа орап қанатыңның күлтесін?.. Елес… Елес… Елесімнің ескісі, Күндіз ғайып сезімдегі Сес күші! (Жарық жайлы жалған сөйлеп жарыса, Түсінбейді түннің тілін еш кісі!..)

Ұйқы… Ұйқы… Мүлгіп барад мұң - нала, Өгейсіген өзге ешкімді тыңдама. Еш қызға Мен оқығам жоқ әлі өлең… Өлеңімнің сөлін сорған түн ғана. Күлгін… Күлгін… Күрсіністер ішінен, Жүрегіңе жебе болып ұшып ем. Сезім-сауыт соққысына ұшырап, Майырылды махаббатым. Ұсын Ем! Үміт… Үміт… Үмітті үдетті арман, (Көлеңкелер көзінен түнек тамған) Сенің иә… иә…сенің бар Болмысың Жанарыма жасырын түнеп қалған!.. Жүрегім жазған түн: 09.08.11. ІІІ. Үшінші күн Tалшығынан ТАҒАТ-тың сезім нұр ап. (Соғады… сағыныштың түнгі лебі!) Жүректің түкпірінде Өзім жылап, Миымның дәлізінде мұң күледі.

Зерде зақым. Зейін – Өзің. Зар қысад… (Мейлі… Мүлде… МАҢЫЗ емес қалғаны!) Жанарымда жалт етеді жалқы сәт, Кірпігімде сағыныштың салмағы. Жан едім жан рахатын жырдан күткен, (Айқұш-ұйқыш көңілде егес тегі!) Құйылады ғарыштық жылдамдықпен, Жанарыңа сезімнің елестері. Шыдам шемен. Тағы да төзімді алдың, (Жібек желмен жарысқан күлкісін-ай!) Өткеніңе оралшы өзім бармын, Көктеміне асыққан жыл құсындай! Жүрегім жазған түн: 10.08.11. ІY. Төртінші күн Мен Өңімнен, сен түсіңнен оянып, Жалқы, жалғыз жатқанымды түйсінем. Санам сары түске кетті боялып, Сағыныштың исінен.

Мендік мұңым қылық шығар әдепсіз, Сағындыру - Уақыттың ұтары. Тынысымда бүрлей берді қажетсіз, Жалғыздықтың жұпары. Махаббатым аяғы жоқ, басы бар, Бөлмедегі бейнем үнсіз… боркемік. Кірпігімнен күйік исі шашырар, Көз жасыма өртеніп. Қас қарайған. (Кешкі мұңның әлемі…) Жүрегіңнің жаппа маған есігін. Көз алдымда кескінің тұр әдемі, Ерінімде есімің. Жанарыңның жұпарына шала мас отырамын. Оңашаны сый ғылып. Тоғжан мені тоздырғаның жарамас, Уақыттың өлшеміне сыйдырып. Жүрегім жазған түн: 11.08.11. Y. Бесінші күн СЕЗІМің Пайымның пұшпағын илейді, Шеттетіп шерлі ойдың құнсызын. Отты айнала Періштелер билейді, Желге шашып жанарымның дым-сызын.

Болмысымның жұпарына бойлар мең?.. (Жанарыңда басым иә – шық десі. Ми маңында қаза болған Ойлармен, Сезім соңы – сөйлемдердің нүктесі…) (Құс қиқулы үмітімді үркітпе) Жанарға жұғып қап, Ай нұры: Қобыздан қашқан үн тұнады кірпікке, Махаббат мақамын сімірген қайғылы! Мұңымның мөлшері – сыймайтын Көлемге ТАҢДАНЫС тереңдік ояр мың. Сағыныш сыңсуы өрілген өлеңде: Бейнеңнің бояуын қалың ғып қоярмын. «Жүзіңнен аққан мұң – жүзімнің шарабы» – деп оны ішейін құйып ап қолыма. Сондағы масаңдық тарихын баяндап, Айналып кетейін өлеңнің жолына… Жүрегім жазған түн: 12.08.11. YІ. Алтыншы күн

Құныстанад… (кеудем сірә хал ұқпақ): Күміс қанат көбелегім қалықтап, «Қараңғыға» қойып кеттің бүгінде, «Жарық нұрдың» жұпарынан алып қап. Мазалы ой… ми бүреді… құрсаулап Жалғыздыққа жоламашы, жүрші аулақ. Қыз бітімін өшіре алмас санасы Күзгі түннің қанатынан мұң саулап. Атырапта аңқығанда түн исі, Жалғыздықтың жанарына құм үйші. Сосын менің ғазалымның ішінен, Нәті нәзік болмысынмен жымишы. Жүрегім жазған түн: 13.08.11. YІІ. Жетінші күн Жетінші күн… Апта аяғы… Жексенбі… Жыр жолдары таусылуға таяған. Самаласы сағыныштың ескен-ді, Мені ешкім жоқ аяған.

Жырларым ше?.. (жазықсыз ғой…) ұрсамын … Ұят шығар алдымдағы түнді аттау. Жетістім бе? Жеткізбейді мұң-сағым. Жетінші күн – жұмбақтау. Жүру жоқ нақ басып: Қалтылдадым. Қаусадым! Қағаз қалған Ойларыммен баттасып, Жетінші күн – сия сіңген саусағым. Жетінші түн – жетер емес қаяу үн, Сабылумен үйге ендім. Білесің бе? Болмысыңның бояуын, Сағынуды үйрендім. Кірпіктен ызғар ұшқан, Көңілде көжектеп күдік-қоян: Сенің сұлу бейнеңді қызғаныштан, Жанарыма жасырып тығып қоям. УАҚЫТ-қа масыл етті күндерім, Қаламсаптан қорқад қол Жетінші күн – жырмен жолдас түндерім, Сегізінші… екеумізге ортақ бол!!! Жүрегім жазған түн: 14.08.11. Қалалық новелла

Мына түн қорқынышты, Сұрапыл, зор тынысты. Жапалақ қона алмай, Жарғанат қорқып ұшты. Қанаты қияқсыз-ау! Бітпейді миятсыз дау. Өбісіп жатыр екеу, Мына түн ұятсыздау. Жалғыз үй қаңырады, Жақпаған шамын әлі. Көзіне түннің қара, Көшелер жамырады. Көшеде маң тарылған, Көліктер қаңтарылған. Қалтырап оянады, Қалалар қаңтар ұлдан. Шаһарда қыстың әрі: Мына түн ышқынады, Талып бір естілгендей Көктемнен құстың әні. Хал сұрап, үштен бірін, Қалтырап ішкен білдім. Көктемдер сөніп кетті, Көзінде үскен гүлдің. Стиль Нәп-нәзік үйлесімдер, Көңілсіз күйге сіңер. Уақыт та қалып қойды, Жіберіп би кешін ер.

Ет жүрек тынбай сыздау (Тепкілеп... тұрмайсыз-ау!) Тәп-тәтті түс көремін, Ояну ыңғайсыздау. Әлемнен тыс дерегім. Әлемге ұш дер едім. Қап-қатты қиялыммен Тап-тәтті түс көремін. Сезімнің күші күзге, Таралды... түсіп ізге. Бүгін де табысамыз, Бүгін де түсімізде. Өлеңге базына тым, Өреді жазып ақын. Ап-ауыр тағдырым бар, Жеп-жеңіл жазылатын. *** Сөнеді жалғыздық, Сөнгені естелік. Тағы да кешіктім, Тағы да кеш келіп. Ұйықтауға тырысты, Ұйқысы болмады. Қайтадан түн ұшты, Қайта бір қонбады. Тым қатты желігіп, Түн жатты (Сақ Үміт). Сол түннен жерідік, Сол түнді сағынып.

Көрмейді көздер құп, Көрмеді Жан тына. Сол түні өзгердік, Сол түннің салты ма? Қорқамыз селден сол, Қорқамыз жетуге. Ғайыпқа сенген соң, Ғайып боп кетуге. Көзіңді теңіз деп, Көзіңде туылғам. Сол түні сені іздеп, Сол түннен қуылғам. Наурызбек досыма Тәуекелтүйін Жанарыма жамыраса жаңа түн, Кірпігімнен көлеңкелер таматын. Пейіштерге орнағандай боламын, Періштелер қағып қалса қанатын. Адасқақ мұң ышқынады жалығып, Кеңістікке таратылып тар үміт. Раушан гүлдер бүрлемеген бақтағы, Тыныс тисе кететіндей жарылып. Сондай әсер, сондай сезім мендегі Болмысымнан безіп, біреу сенбеді? Бақта жалғыз қалуғада үйрендім Бүгін ешкім келмеді.

Бақта жалғыз жүрегімді ұстап ап, Жан-жағымда жанарым жүр...ұшқалақ. Мына баққа әкелді екен мені кім, Әкелді екен белгісіз бір күш қамап. Өз ішіңде өртену бар, жану бар. Тәуекелге соғып кету... бару бар: Ақылды боп сыйлағаны болмаса, Ақындарды сүймейді дос... арулар! ...қымбаттым... Ақындар көп емес, Жұлдыздан жыр сауған Тыныштық – өлі елес, Тымтырыс. Мылқау маң. Келі мұң – ап-ауыр, Желінін түн иген. Құтылды жат ауыл, Түтінді тұл үйден. Ол үйде бір ақын, Обалын жоқтаған. Өзгеріп тұратын, Өзіне боп қаған. Бірақ та мұңына, Бұйрығы жүрмейтін. Жыраққа тығыла, Жырлайды түн кейпін.

Жетілмей жыр реті, Сәл жалғыз, сәл ақын. Түндердің суретін, Көзіне салатын. Жыр жазды түн күткен, Жалғыздық жайында. Ең ащы шындықпен, Ең асыл пайымда. Бөлмесі – әлемі. Кітабы – жұмбақ түн. Мұңдары – әлегі, Ол сондай қымбаттым. Шығады жол сүйреп, Тағдырға мұратын. Бүгін де сол сурет: Бір бөлме – бір ақын. Тылсымат Қараңғымен қарық қылар Түн бір сын, Жабырқаулы жанарыңнан күн күлсін. Мына түннен сапар шегіп келген Хат, Қандай жұмбақ жасырады кім білсін. Жұмбақ жазу жеткізеді Ай нұры, Бірақ, білсем түбі бәрі қайғылы! Көлеңкелер кертіп кеткен қаріптің, Жанарымда жазулы тұр қай бірі.

Көмейімде қалып қойған Үн дағы, Бүгін әлсіз ән салады түн бағы. Сыңсыған саз арасынан сытылып, Сезім қашып бара жатты...(жұмбағы) Түннің мына кітабына дат бар ма? Пайым іздеп парақтарын ақтарма. Мен де жазу қалдырдырайын оқылмас Сапар шегіп келмейтін сол хаттарға. Гүлақын Самайлы Уақыт-Ғалам, Санадым кіл шашын ақ. Көзіңнен өтіп барам, Көзімнен түн шашырап. Кешеге тоналған соң, Кешенің Үні шейіт. Бүгінге оралған соң, Бүгін де түн ішейік. Көктемге сездірме де, Көктемге сенбейтін күз. Сор жұтқан мезгілдерге, Сондықтан келмейтінбіз. Келгенді кім аяды, Келмеді тар ой анық. Көз ілгем түн аяғы. Көзімнен таң оянып.

Айтсаңшы білесің жас, Көзімнен құлаған көп. Сен менсіз күлесің рас, Мен сенсіз жылағам жоқ. Ақынды кім түсінсін, Ақындай бола мамық. Бүгін де түн үшін шын: Бүгін гүл солады анық. Керіағыс ритiмi Наламның ниеті тәуір, Меселі қайтпаған мұңның. Көңілмен көтеру ауыр, Салмағы секілді түннің нәрселер көбейді мида, Нәзіктік болмысты билеп. Жасанды әдеп пен иба, кетпеді санадан сиреп. Жоғалды ЖАДымнан аулақ, Ақылдың аса бір мәні. Үміттің үлкенін аулап, Уақыт жасап жүр әлі. Өткен күн ізіне ермей, Оралды кешегім… Момын. Артымда қалғысы келмей, Алдымнан шығады соңым.

Адасып аулада Бақ жүр, Қараймын ұрлана тысқа: Ғұмырдың ішінде тағдыр Жырымның жолындай қысқа! Көрініс /Көзбен сөз/ – Жарық ауып тұңғиыққа көше ме? – Іңір – дуал. Іргелері қаланды. – Көліктері кісінеген көшеде Көлеңкелер бүр жарады. – Қараңғы. Жарық жайын неон нұрлар жатты ұға. Түнге әкетер жолдар жатыр тұңғиық. Іңір әне ішіп отыр аптыға, Көзесіне көңілімнің мұң құйып. – Қара нөсер, қап-қараңғы құйылып, Түн жауып тұр. Ертең тағы жауа ма? – Түн тозаңы тамып бітпес, тиылып, Айдың нұры аунап кеткен ауаға. Жалықтырып Жазу менен Талғамым Қақ бөлейін дегенімде… қаламды ӨЗ көзіме Өзім сенбей қалғаным: Таң алдында тұр (-ды) ақталып: Қараңғы!..

Мегаполис Алматының көшесі болу керек… көгілдір экраннан көрсетіп жатты. Қаңғыған қыздар, қылмыс жайлы хабар. Ойлы жанарында мұң ұшқыны жалқынданып жол бойында біреу барады. Шайқала басқан шайыр шығар?.. Мен ойға қалдым… Көңіл – Көзге қиын емес рас аңдау, Жүрсе дағы жын аралас дүрмекпен. Ашынады ақын-жүрек масаңдау, Қыз мұңына – қарайтұғын құрметпен: Жазғыру бар. Жүрегіне жақын мұң, Күрсіністің лебі шарпып көңілді: Сайрап жатқан санасында ақынның, Қыз бейнесі – естелікке көмілді. Ести, ести елестердің мың үнін, Шылым – шыдам. Таусылғанда шегіліп, Кенет кетті миығымен мұңының, қыз күлетін – мезеттерге шегініп.

Дала демі екіленді, рас тағы: жұла жаздап көлеңкелер сақалын, Ессіз шайыр батылдау бір бастады, Қыз қарғаған – сәттерге де сапарын. Саптаяқтың сыңғыр үнін түсіне, Шатқаяқтап «Өлең» деді мас аға. Жырларының жасырынып ішіне: Қыз жылайды – көлеңкелі тасада. Назар тіккен нас пейілдер нәпсілі, Тіл ұшынан ұшып кеткен сөз аулақ. Жырақ теуіп жайнамаз бен тәспіні, Қыз билейді – духанада көз аулап. Терезелер тыңдап жатыр той үнін, Терезенің бер жағында – Ой Ұлы! Дәу қаланың көшесінде қойылым: Қыз тағдыры – Алматының ойыны!.. Сенсің гүл ме?.. Тыныс болған талайға. Сезім – түрме, Қашып шығам қалайда (Бітпеген бір шумақ) Өлі өң

Азалы айды аспандағы көрем деп Түнге апарар іңір ізін аңдыдым Тереземе телміреді өлең кеп Кеше… Кеше… Кеше дағы һәм бүгін Сол өлеңнің тініндегі жасырын Сенің мұңың секілді ғой сүрленген. Ғазалыма бейне болған ғашығым Қашып шығам қарабасқыр «түрмеңнен» Түнгі клуб төріндесің білемін, Кектенемін кеткеніңе биші боп. Санам сыңсып сала берді, күле мұң Сезіміңнің сіңіп қалған исі жоқ. Түнгі… Түнгі… Көбелексің. Қиналам. Сүйреп жүрген сал үміттің денесін Шағын шаһар қондырмады миға мән Ескі күннің қалықтатып елесін, Қала… Қала… Қаланы да ұшықтап… қалайын ба қиялымның қонағы? Қара түннің қанатынан түсіп қап, Менің мұңым терезеңе қонады.

Көше… Көше… Көше бойы тола мас, Соның бірі – жанарыңның танысы. Мендік мұңның жұпарына жоламас, Сенің әсем көңіліңнің ғарышы. Назды күннің нала нұры еседі, Ашытады күбі-көңіл боза-мұң. Жүрегімнің жүрмін іздеп кешегі, Кірпігіңе қонып қалған тозаңын. 2010 ж. Тілек Күзгі бақтың ішінде, делебемді қоздырып, дегбірімді алған қыз Өңімде һәм түсімде ұшырасып қалғанбыз Жыр жазамын кеш құрым, Кескініңді көз алдыма келтіріп. Енді мені еліктірмес еш бұрым, Өлтіріп. Сенделіп… Жүргенімде жүген ойдан безіп тым. Сен келіп – Күзгі бақта кезіктің. Сондағы… Сезімге мәз күнім Сомдады: Ләйлісіне ғашық болған Мәжнүнін

Бірақ та, Қасымда қалмадың… Хабарсыз кеттің сен жыраққа Алдадың!.. Жерленген жүрекке сезімді қайтемін тастанды?.. Сен мені жыр етпе Тауып ал басқаңды! .............................. тілегім сол... Пейзаж Қағысын қанатының жиілетіп, Қызыл іңір қонақтап қалды қырға, Қас қарайып қалғаннан күйі кетіп, Дидарын дала тегіс малды мұңға. Айнала алабұртып өз алдына, Қараңғы құшағында булығады. Тау жатыр келітіріп көз алдыңа: Бүк түскен Баһадүрді дулығалы Еркінсіп ен далада қара тұман, Торлады төңіректі түн ұрланып. Маң дала қою сағым арасынан, Қарайды қабақ шытып, қыңырланып.

Сам жамырап байыды қара кезең, Самала нұр сейіліп қабағында. Жыландай ирелеңдеп барады өзен, Түйе-өркеш таулардың табанында. Табиғат тылсымына жатыр бөлеп, Қалмассың қарағанда шын ұғынбай. Аспанда жартыкеш ай нәті бөлек, Көрінер күміс теңге сынығындай. 2010 ж. Жол қарау Өткір сөзім өлгенде тіл ұшында, Мен келемін жан сұлық-тірі сұлба. Мыңқ етпейтін минуттар арасымен, Селт еткізер сәттердің бұрышында. «Мен келемін» деген бір кез есімде, Сен келесің ой опат сезесің бе? Бар болмайтын үміттер арасымен, Жоқ болатын елестер мезетінде.

Шақыратын жолдардын ерегі ме? Мен келемін! Келудің керегі не? Аласарған армандар биігімен, Шөгіп қалған ойлардын тереңінде. Маңай жылжып, маң тоқтап, маң бұрыла. Мен келемін мамырлап Жан нұрына, Өміріме өкпелеп қалғаныммен, Өлеңіме, өзіңе,тағдырыма. Көктемгі романс Мезгiлдердiң арасы жырақ неткен, Былтыр күзде бiз едiк жылап кеткен. Көзiмiзден бүрлесiн сезiм-гүлдер, Құстардың қанатынан құлап көктем. Жанымыз бен Жанымыз жұптала ма? Бiлмеймiн. Көктем кептi. Шық далаға! Қарасаңшы алғашқы Көктемiңе, Қарашалар үлгермей, сұқтанарда.

Төзiмдердiң талықсып, шерi: кел деп, Сезiмдердiң тасқынды сеңi меңдеп. Таныстырам мен сенi Көктемменен, Табыстырар менi де Сенiмен деп. Көзжасым Келмедім... басым сұлық, Келмейді тілім түнге. Жанымның жасын сығып, Бір гүлді тірілтуге. Келмедім...жол құрып ем, Ұқсайды түрім Түнге. Он гүлді солдырып ем, Бір гүлді тірілтуге. Келмедім... у ішіп ем, Келмеумен болған күндер. Көзімнен су ішіңдер. Көзімде солған гүлдер. Келмедім... қорғанғам сол: Кірпікте жас тоңатын, Гүліне қонғаннан соң, Көбелек мас болатын. Келмедім... болып кеткем, Көктемнің кесірін бер. Түндерде солып кеткен Гүлдерім кешіріңдер!.. Әлем

Тар шеңберде – мұң шеруі, Мұң шеруде – жасық жыр. Қарашықтан құтыла алмай, Қарашыққа қашып жүр. Тар шеңберде – жалғыз нүкте, Жалғыз нүкте – түн көзі. Мұңға мені шақырады, Шақырады кімді өзі?!. Көз ұшында – түн сөнуі, Көз ішінде – бар сеңдер. Жасық жырда – мұң шеруі, Мұң шеруде – тар шеңбер. «Уақытшамен» жүр қатталып, Әттең, шеңбер – ғайып әлем. Әлдекіммен сырқаттанып, Әлде қашан айығар ем. Айығар ем – түн қонады, Қалқып ауып – жаңбыр ірі. Тар шеңберде – гүл тоңады: Қалтырауық... (Жан дірілі) Шеңбер іші – сұлу мұңы, Сұлу мұңы – жас мөлдір. Мөлдір мұңның сұлулығы: Жалғыз ақын мас боп жүр. Бұл өлке... күбірлі... Һәм қызық...

Сананы сарсаңға салғызып, Жалқылық жүрекке жылыстар. Азырақ азынап жалғыздық, Бөлмеде бөтен бір дыбыс бар. Бастаған секілді жел есе, Біресе сыңсиды сыңғыр Мән. Жылауық жаңбыр ма? Немесе Гүлдердің даусы ма шыңғырған? Естиімін тылсымдар тасырын, Құйылған ауаға науамен. Ол неге жұмбақтау... жасырын, Бөлмеде бір дыбыс, бар әуен... Тосудан жалықтым нақ үнін, Таппадым Саздардан шын ілік? «Күт, иә...» дейді ме САБЫРым Құпия тозаңын сіміріп?.. Бұл өлке... күбірлі... Һәм қызық... Көлеңке ілулі бұрыштар. Азырақ азынап жалғыздық, Бөлмеде бөтен бір дыбыс бар. Періште (Тоғжан туралы)

Көз жасын сұлу үзбейді, Наласы мұңнан. Қараша жылу іздейді, Қарашығынан. Отырушы ед самғап үн, Сөзіме ұйып. Сағынышының салмағын, Көзіме құйып. Сан сұрағы шымшылайтын, «Амалың немен?..» Жүрегімнен сыр сұрайтын, Жанарыменен. Қарамай маған кеткенде, Келіспеп едім. Сұлу боп қайта жеткен бе? Періште дедім! Жымиып тұрады жарқын, Ішінен жылап. Өксумен тынады әр күн, Түсінем, Бірақ... Періште болып ұшпайды, Еңіске қонып. Адамға неге ұқсайды, Періште болып. Мұң Келімсек мұң көрдім сұғанақ, Тұтқыны – үміттің денесі. Қаламның ұшында сығалап, Уақыттың жіңішке елесі.

Тыңдатып мұңымды (желіккен), Түн батып барады... тау іші. ЕС күліп салады (еріккен), Естіліп ЖАРЫҚ-тың дауысы. Бақыт деп Сенімді әурелер, Уақыт кеп Төзімге төнуде. Асығып барады Сәулелер, Көлеңке көзінде сөнуге. Жалғыздық Өзінен жалықты, Бөлмені Үнсіздік кезумен. Тоғжаным түсіріп алыпты, Күлкімнің суретін езуден. ...кездесуге... (Т-ға) Сыр сауып жақ ашпадым, Келмейтінді шығардың (қылық бөтен) Ақ шатырлы аспан мен ағаштардың, Астында аз аялдап тұрып кетем! Қара мысық кейпінде күдіктерің: Жолыңды кесе берер. Көңіліме көктем әкел – үміт керім Мұңның мұзы ерісін десең егер.

Тулаған тамырымда зор ағын ең! Қаптаған қара халық. (Нөпірме ел?) Жолдардың жан түйіспес торабымен УАҚЫТ-тың үстіндегі көпірге кел ...кездесуге... Хат (Т.....-ға) Оралмаймын. Өткен шағым тым артта, Мен Сағаттың сабырына төзіп ем. Қымтануға «қараңғыны» құмартпа, «Түн тамуда» ғазалымның көзінен. Гүл ұшында жұпарланып бар мұңым, Тынысыңа қонса егер талып бір, Тың өзгеріс табар еді тағдырым, Гүл сыйлаудан жалықпас ем анық бұл. Е, Уақыт сиыспайды жігітпен, Ер мінезді... сірә қатал... кілкіп ал! Тоғжан дейтін тоңып тұрған үмітпен, Жанарымда жаурап қалған күлкі бар.

Теңіз-түннің тереңіне түсіп ем, Үнсіз ғана үңілген-ді тек қала. Оңашаға оранып ап түсінем: Жалқы жүрек мұң меншігі деп қана. Т-ға Оянады екенбіз түн үстінде. Сөйлеседі екенбіз тыныш тілде. Жабырқау мен жалғыздық, жайсыздықтан, Жаралғанды қабылдап.... (дұрыс, күнде!) Білдірместей боламыз жайды мына, Білмейді де екенбіз қайғыны да. Арғы жақтан күт мені, бастайықшы … Ар жолы мен ақ сезім айдынына. Өткендерді өшіріп, жоямыз да... Өпкенімді көшіріп, қой аңызға. Күлмейді де екенбіз езуменен, Тек жүрекпен жымиып қоямыз ба?

Сөйлей-сөйлей сендіре тыныш тілде, Құрғап ауыз кеткендей, құм іштім бе? Көбелекке айналып кетеді деп, Тозаң болып тұрамын гүл үстінде. Т-ға Мөлдір мұң ие бізге, Мөлдірге бола алдаймыз. Тек қана сүйеміз бе? Сүйікті бола алмаймыз. Көзіңе қонайын ба, Гүлдердің әуені боп?.. Жоқ әлде солайын ба, … Әуелі мәуелі боп? Содан соң тірілтесің, Жасыңды бүркіп ащы. Көктемім, түнім сенсің, Өткеннің құлпын ашшы. Соңғы рет келіп кетем, Соңғы леп беріп тосын. Ерніңде еріп кетем, Көзіңде сөніп сосын. Гүлжүрек (жазықсыздық) Қыз қолында гүл сынады, Гүл сынады өкініштен. Кеуде қалай тұрсын әрі: Күбірлейді Өкіл іштен.

Күбірлейді Өкіл іштен: «Жүрекпін» деп таныстырған. Гүл сынғанда өкініштен, Өкініп ап алыс тұрған. Елемейді жайтты үстем, Гүл өлдіге сенетін кім? Ауа ғана айтты іштен: Сынған гүлдің семетінін. Көздің маңы тұр ісініп, Жігіт жылап құшып талды. Ең соңғы рет гүл ұсынып, Ең соңғы рет құшып қалды. Ең соңғы рет құшып қалу: Ең алғашқы – қоштасу. Гүл сынғанда түсіпті ару, Түскендей боп отқа су. Ең соңғы рет құшып қалад, Сұлу мұңы әсілінде. Топ көбелек ұшып барад: Гүлді жерлеу рәсіміне. Аулақтағы заматта көкбөрілердің мекені – Аспандағы Ай болыпты. /Өз аңызымнан үзінді / Абадан /Микропоэма/

Түндерін тауға, таңдарын тасқа, Түнетіп жүрді аңдарың рас па? Көп перілердің – ойлары ортақ, Көкбөрілердің – заңдары басқа. Аспан мен Айда қалады зары, Қоршаудың қасы, қаланың маңы. Адам мен аңның арасын алған. Қазақ пен бөрі – даланың заңы. Қазақтың басын – «құл санақ» деді, Жұртым-ай, менің, күн санап келді. Алаштың ұлы – аруды сүйген: Құлпынай ерін, құмсағат белді. Аспанның асты – сол қызық сонар. Жортуда жүріп, жол қысып солар, Қазақы қасқыр арыстан емес, Торларда жүріп, қол мысық болар. Жүзіне жалын, өң кіріп, тегі!.. Өзекті жанып, өлтіріп кегі: Апанын Айдан қазамын деді, Ата көкжалдың бөлтіріктері.

Содан бергіде мұң иді ме екен?.. Қайғы салынып, бір үйлі мекен. Аспанға қарап, ақжал бөрілер, Айды сағынып ұлиды екен. Алаңсыз жүріп қуатын асық, Атадан бала туатын асып. Абадан болып Айдан құладым, Қайратым қайнап, қуатым тасып. Басқалар білді – екі елі мықты, Қазақтың қасқыр екенін ұқты. Жерге түскелі, жұрт болып кеттік. Ай менен Аспан – мекенім құтты. Тарихтан тартып, қайдан бұраппын? Садақ асынып, сайман құрап түн. Жыртқыш боп жерде жатырмын десем, Абадан болып Айдан құлаппын. АҢСАР Мүсіндер сұңғағына, Міскіндер тұлыбына, Биіктік шыңдарына, Тереңдік тұнығына,…

Болмыстар бойлығына, Түйсіктер ендігіне, Таршылық қойынына, Кеңістік кеңдігіне, Тілектер күмбіріне, Тілеулер дұғасына, Нәзіктік үлбіріне, Мамықтық шұғасына, Көздердің мойылына, Сұлулар арасына, Сұқтардың тойымына, Назарлар қарасына, Ниеттің ақтарына, Пейілдер дәптеріне, Беймезгіл шақтарыма, Бейуақ сәттеріме, Тұстардың тың маңына, Тараптар әр шетіне, Дүние дидарына, Әлемнің әлпетіне, Арқалы шабытыма, Арайлы таң нұрына, Жолдардың бағытына, Жолдағы тағдырыма, Үнсіз бір ұғысуға, Ғашықтық сүйісуге, Аналық жұғысуға, Сәбидің иісіне,

Тәуліктер тасқыны мен Тарихтың қағазына Тәу еткен аспаны мен Тәуелсіз қазағыма Хат жазғым келді бүгін, Қазақтың тілінде, Анамның тілінде, Баламның тілінде Болашақ! *** Сәттерге тәу етем көп, Сәттерде түн өксіген. Қайтадан тәуекел деп,… Қайтадан жүрексінем. Санада сезік бөтен, Сезікке құныққам көп. Мұңымнан безіп кетем, Мұңыма кіріптар боп. Кешкенде кіл Ой анық, Ескендей тамшы лебі. Көзімде түн оянып, Көзіме таң сіңеді. Көзілмеу – шығар ұқсақ, Түндерді жіті бағу. Өлеңмен шығарып сап, Өлеңмен күтіп алу. Жолдарға бір із бекіп, Жолшыбай қаймана мұң. Үмітке Бақ іздетіп, Үмітке айналамын.

Үмітте ызың бүрлей, Қонады қайтадан Бақ, Ертең түн бүгінгідей, Дәстүрмен қайталанбақ. Т-ға Қолдан бәрі келеді жатпа налып, Жолданбады себептер хат та қалып. Ойымда жүрсің... оқи беріппін, Өлең-жүзіңді жаттап алып. Мазасыз Менен... айыққан елік, Бояуын мұңның байытқан делік, Сағыныш толы санама менің, Сағым боп сіңші ғайыптан келіп. Іздеген сені, емес пе ем кезбе? Айдардан анау жел ескен лезде. Шуақ боп және шумақ боп кеттің, Өмір мен өлең теңескен кезде. Ұзақ мұңыма ұрынды күз кеп, Сызатты мына – бұрымды қыз деп. Жанарыңа сонда қарай беріппін, Жазылмай қалған жырымды іздеп.

Тым-тырыс түндер... көнермін... жоқ үн... Байқатты маған өремнің жоғын. Кім енді сендей оқиды екен, Көзімде қалған өлеңнің жолын. Өмір ...Алаңсыз асықпаулар... амалсыз кешігулер... – ...Еркелік есіру мен еріксіз кешірулер... ...Тереңге батырулар... биіктен құлатулар... ...Күйікпен жұбату һәм күлкімен жылатулар... ...Шырайлы қалаулар мен шынайы ұнатулар... ...Сұрықсыз үзілу мен сыпайы ұласулар... ...Майдансыз қырқысулар... мылтықсыз оқ атулар... ...Ізетті сыйласулар... ізгілік орнатулар... ...Керіге шегінулер... кейінге ығысулар... ...Кемсітіп ұмытулар... кең пішіп ұғысулар...

...Келесі көрісулер... кезекті танысулар... ...Беймаза тарасу мен бейуақ табысулар... ...Үнсіз бір қыстығулар... үздіксіз солықтаулар... ...Әдемі тауып бару... әдейі жолықпаулар... ...Өткелдік ауысулар... өкпесіз достасу бар... ...Құшақтап қауышулар... қол қысып қоштасулар... ...Арнайы кездесулер... аяулы кезігулер... – ...Ардақты сезімдер мен аялы сезінулер... Ашық айту (Т-ға) Сырғып уақыт бағытсыз боп босуда. Сүймеймін деп серт еткенсің. (Қайтпа сен!) Сөзіңде тұр! Бірақ бізді қосуға Құдайды мен құлықсыз деп айтпас ем.

Мән бергелі маңызы мұң Сөзге мен. Ести алмай келемін ғой Үніңді әр. Тәлімді де үйренбепсің өзгеден, Тәңірді де тыңдамайтын түрің бар. Естелік боп енгенде жылайд ішім, Кеткен күндер кешегі тұр есімде. «Сен мені сүйе салшы Құдай үшін» – деп тағы айта алмаймын білесің бе? Тұнжырайтын Төзім едім мен кеше. Бұлжымайтын шешіміңе бекі сен. Жүрегіңді сыйға тарқын ендеше: «Құдайыңды қыстырма» – деп жекісең. Сенің көзің жат жүректі тосуда. Шын сезімге болатындай мас алғаш. Құдай қанша тырысса да қосуға, Сенде сезім жоқтығынан аса алмас. «Жетер енді күткізгенің тете мұң,

Сүй жігітті» деп сыбырлап түнімен Басқаның тек бағы болып кетемін. Алла саған аян берген күні Мен. Р.S. Сырғып уақыт бағытсыз боп босуда. Сүймеймін деп серт еткенсің. (Қайтпа сен!) Сөзіңде тұр! Бірақ бізді қосуға Құдайды мен құлықсыз деп айтпас ем. Сенім Қауырсын жаным, сыңар қанатым, Ауыр шын сенсіз шынар қара түн. Дейтін бір сұлу сүйсем деп жүрмін, Мен жоқта «мен деп» жылап алатын. Қап-қара мөлдір – түн жасындай тым. Шақта ма сол бір – сыр жасырмайтын. Сап-сары қызды сүйсем ғой шіркін, Сағынышын айтып, бір басылмайтын. Кіл түніне ғаріп сөзім тоңатын. Кірпігіне барып, көзім қонатын. Өзгеше қызды сүйемін иә Өлеңімді іздеп Өзім болатын.

Терезе келіп, түн асылмайтын. Кездерде сезім тұмасындай тым. Көктемдей қызды сүйемін ертең Көңілдің онсыз бүрі ашылмайтын. Озғанда жырақ, тұрмыс... талай күн... Тозғанда жылап, тыныстамай түн. Тоғжандай қызды сүйемін ертең, Тоғжанға бірақ, бір ұқсамайтын. Тәңірмен тілдесу Көп ерік беріп сезімге, Көтеріп кеудем алып мұң. Бейнеңді көрген кезімде, Байқамай сүйіп қалыппын. Қолымды байлап қолыңа, Соғар ма еді сыңар леп. Аптығам ылғи жолыма, Алдымнан өзің шығар деп. Жіберіп жәймен көз анық. Сезесің сен де бір демді, Сыр тұнған жүзің бозарып, Сыртыңнан сүйіп жүргенді.

Сағыныш сыңсып, мәні не: Кеудеге ескі кекті алды. «Тоғжаным» деп ем Тәңірге: «Тозғаның бекер» деп қалды... Ақынға үлес Қанатын түндер алдыма жайды, Қара тым мұңдар ақ Айдан тамған. Ақынға үлес, алдым ба қайғы?! АРУды сүйіп АБАЙдан қалған. Шығарам түнді теріске енді Кірпік талына мұң іліп кейде, Жаратқан жақтың періштелері: Қараптан қарап түңіліп дей ме? Уақыт дейтін ұршықты бағып, Кесімін айтар шын ҚАЗЫ бір күн. Әзірше әнтек кірпікті қағып, Өлеңді қойып, мұң жазып жүрмін. Мен енді... Тербелген теңіз – қоғам, Аппақ ай. Тым жарық түн. Мен сонда сезім болам, Жүректен бүр жарып мың.

Жүректің жыр ішегін, Қарғанда қорғасын леп, Мен сонда түн ішемін, Қараңғы қолдасын деп. Түн бітті, жөнелді азан, Жүрегім жылайды аздап. Мен сонда өлең жазам, Көзіңе құлай жаздап. Тоғжани Тағат тәмам, Алдамшы... жоқтатты Арман. Мен енді Сағат болам, Жүрегі тоқтап қалған. Т...ға Жапырақтар ғұмырын үзді маған, Қарашықтың ішіне күз құлаған. Тұстарына бақыттың жүріпті Шақ, Тұспалына түндердің қыз жылаған. Тұсады ма анда шу, мұнда дабыр? Құшағына қараңғы түн қамағыр. Тым ыстық жас жанарға үйірумен, Тыныштық бермедік қой мұңға да бір.

Демеймін бақытымнан құтылсақ біз: Нүктелі мұңдарыма үтір сап күз. Әзірге шаттық менен шеттемеген. Жанымда жүргеннен соң құтыршақ қыз. Үзілме ерте өскен гүлім сабақ, Жүзіңді ерке ескен жылу сабап. Көзіңнің қырымен де қарай алмай Өзіңді кетуші едің сұлу санап. Солай сен жүре берші, асқақ қарап, Алаулап алма жүзден бастапқы алап. Жүремін дегенім ше, озып алда Жүрегім жүрегіңе бастап барад. Сезімнің салтын сақтап, ғұрыпты біз, Жүргенде жанарыңа – тұныпты күз. Бұйығы бұлттай болып өкпелемей, Көктем боп жылай салшы қылықты қыз. Мұңдардың меншігі боп алдырмаспыз, Қайғымның құрдасы ма Тағдырлас күз.

Ақынға айналдырып дүниені, Өлең боп өзің қалшы талдырмаш қыз. ...шөп салған... Деп жүргенде: «тұрақты енді» Жалқы мұң мен сұрақ белгі! Жалғыздығын көтере алмай: Жалғыз ару жылап келді. Жауабы жоқ Сұрақ тоңды, Бақыт бүгін жырақ қонды. Уақыт түнін жалға алып, Жігіт неге жылатты оны? Кеше түнде сыр ақтарды. Есесіне сынақ бәрі. Бүгін ару күліп кірді. Жігіт неге жылап қалды? Нүкте орнына сұрақ қалды. Түс – Өкпелетпе қалжыңды жеңіс санап, Қарсы алмаймын қосылып қала түнін. – Болмашыға бұйығып, теріс қарап, Қатты ұнайды өкпелеп қалатының.

– Қатты ұнады соншалық күрсінгенім? – Иә, ұнайд қылығың, ерсі мейлі, деп едім Тоғжан жібіп, күлсін бегім: «Мен де сені ұнатам, келші» дейді! Ауа қысып кеткендей, маң тарылып. Анық көріп сәтте сол ақын бағын. Шақырған соң тұрам ба, қаңтарылып, Шарқ ұрғанды білдірмей жақындадым. Айналып сала берді белі гүлге, Ар жағы анық иә, (дәт те барған). Еріп бара жатыр ем ерінінде, «Балам тұр!» деп оятты әттең анам. Мұңмезгіл Кірпігімнен кәусәр тамшы тамарда, Жалғыздығым көңіл айтар... күні-түн. Күздің қара суығындай жанарда, Шамның әлсіз жарығындай үмітім.

Қараңғы түн қаумалайды беу, неге? Толып кеткен тыныштыққа тұстар лық. Бөтелкедей босап қалған кеудеде: Желдің жөнсіз екпініндей құштарлық. Жанарымда қан шырайлы сұсты өмір Тамырымда тың ағын бар. (Қай ағыс?) Кірпігімде қалтырайды шық-мөлдір. Жапырақтың дірілінде аяныш. Төзімімді түн қояды көрмеге, Мұрсатымды мұңға тонап алғыздық. Үнсіз жылау орын алып бөлмеде, Шық тереді кірпігімнен жалғыздық. Еш Ақылдың ермей есті Сөзіне, Еңкіш тартып Обал менен Ашыныс, Көктем іздеп барып едім көзіне, Күз басталып кеткен екен асығыс. Мұңмезгіл 2

Жазғым жоқ қой Көктем салған жарамды, Күдік ішкен көңілім сол күмән де. Түн мүсіндес ойларымдай қараңғы, Жыр түсінбес қызды сүйсем кінәм не?!. Азалы рең, ғазалымен жүр менде, Ажарымен арбап кеткен ай мүсін. Біз көктемге бармаймыз деп жүргенде, Көктем өзі іздеп келді қайғысын. Ілік септік сияқтанып қоймап ең, Із суытқан! Қайда? Жоқ қой... ілкі леп? Мен көктемге бармаймын деп ойлап ем, Көктем сенің көзіңде жүр сіркіреп!..

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙