TELEGEI

Home

Офицердің майдан дәптерінен

Бауыржан Момышұлы

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Офицердің майдан дәптерінен

Бауыржан Момышұлының шығармалары батырлыққа, өрлікке баулиды. Жазушы шығармашылығының ерекшелігі – ойдан шығарылған оқиға мен жасанды кейіпкерлерден аулақ. Көзбен көрген оқиғаларын бойына сіңірген туындылардың әлеуметтік, қоғамдық сипаты басым. Салт-дәстүрін ұлықтап, соның негізінде түйген ойлары...

(әңгіме) Мен 22 жасымнан бері әскер қатарындағы адамның бірімін. Ұлы Отанымыздың көп жерлерін маған қызмет аралатты. Төрт-бес жылғы өмірім қан майдан шебінде өтті. Мен кеңсе офицері болғаным жоқ. Қатарда да, майданда да алдыңғы шепте жүргендердің біреуі болдым. Қайда жүрсем де, солдаттармен араласып жүріп, олардың тобының ішінде болуға тырыстым. Қызметті жай қатардағы (рядовой) жауынгерден бастап, 15 мың басы (командир дивизии) болу дәрежесіне дейін жеттім. Солдаттарға сабақ та бердім, олардан өзім сабақ та алдым. «Тіс қаққан» жауынгерлермен пікір алысып, олармен сырласып, кей-кезде ақылдасып, жаңадан келген жауынгерлермен әңгімелесіп жүруді әдет еттім. Сөзімде, әңгімелерімде халық мақал-мәтелдерін пайдаланудан бас тартпадым. Сонымен қатар, тәжірибемізден қорытынды түрде туған ой-пікірлерімді де қысқартып айтудан тайынбадым. «Көп түкірсе, көл болады» дегендей, менің ұстазым қызметтес, майдандас жолдастарым, достарым, солдаттар болды. Ой, пікір, сана жағынан мені байытқан солар.

1941 жылы маған бір тілші:

— Сіз қандай академияны бітіріп едіңіз? — деп сұрақ берді.

— Мен халық академиясын бітіріп едім.

— Ондай да академия бар ма еді? — деп ол таң қалды.

— Мой полк — моя академия. Я прежде всего учусь у него, а потом учу его же, — дегенімде ол қарқ-қарқ күліп, түсінгендігін білдірді.

Көпке, меніңше, пайдам аз тиді. Көптің қорынан, халық қазынасынан мен мол пайда алдым. Мені адам етіп, атымды шығарған көпшілік. Мені кейбіреулер ұялмай-қызармай «батыр» дейді. Шынында, мен батыр емеспін. Біреуден жығылып, біреуді жығып жүргендердің бірімін. Мені жаратқан көпшілік — жауынгерлер қоғамы. Итак, мой полк — моя академия. 1942 жылы жаздың бір айында саяси жетекшілердің жиналысында, солардың тілектері бойынша, бірнеше қысқа пікірлерімді айтып бердім. Барлығы дәптеріне жазып алды. Олардың арасында Құрманбек пен Мәлік те бар еді. Саяси жетекшілер сондағы айтылған сөздердің көбін қызметтерінде пайдаланып жүрді. Кейбіреулері майдан газетеріне де басылды. Әрине, жеке айтылған сөз, сөйлемдер кейбіреулерге тоқал ешкідей болып көрінуі де мүмкін. Бірақ, біз майдан шебінде, үгіт-насихат ісінде оларды жағдайға байланыстырып, айтқан сөздеріміздің тұжырымды, қорытындысы ретінде пайдаландық. Жауынгерлер оған түсініп отырды. Халқымыздың мақал-мәтелдері, өздеріміздің тәжірибеден алған қорытындыларымыз найза мен оқ сияқты қолымыздағы жарақ болып, бізді кезінде қаруландырып, көңілімізге әжептәуір тірек болып отырды. Дұрысы — жәрдемдесті. Менің екінші ана тілім — орыс тілі. Мен — орыс, қазақ тілін тең ұстауға тырысқандардың біреуімін. Ойымды орысша келсе — орысша, қазақша келсе — қазақша соға беремін. Кей кезде «қайдан шықсаң, одан шық» деп араластырып сөйлеймін, араластырып жазамын. Бірақ та мен шоқынған қазақ емеспін, менің қазақ тілім «Соц. Қазақстаннан» кем емес. Сағындықтың Құрманбегі кейіннен газет қызметіне өтті. Мәлік совет армиясының жоғары саяси орнынан ұлттар үгіт-насихатына меңгеруші болды. Жап-жаман екі саяси жетекші үлкейіп, дәрежелері көтерілді. «Блокнот агитатора» деген кітапшалардың бірнеше сандарында менің кейбір пікірлерімді халықтың мақал-мәтелдерінің арасына қосып жариялады. Құрманбек арамдық істеді. Ал, Мәлік болса, адалдық істеді. Ол бір мақал арасында (газетте) менің сөздерімнің атын атап, кей жерінде дәріптеп жазды. Құрманбек кейбір сөздерімді «Арпалыста» атымды атамастан эпиграф ретінде пайдаланды. 1943 жылы біраз топталған пікір жинақтарын мен Қазақстан Ғылым академиясына тапсырдым. Осы дәптерге сол пікірлерімнің басын қосқан ретінде тізіп отырмын. 1941 жылдың бұлыңғыр октябрь айы. Дұшпан легі алдымен дивизияның сол қанатындағы 1075 полкқа топтана тиісті. Ұдайы үш тәулік арпалыса айқасқан ұрыс жүргізілді. Үлкен ұрыстың сарынын алыстан естігенім болмаса, оған мен қатысқаным жоқ. Мен дивизияның орталығындағы басқа полкта едім. Генерал Панфилов қызу ұрыстың басы-қасында болып, штабына оралып бара жатып, жолда менің штабыма соқты. Бетін көк басып, мұрты басылмай, ерні кезеріп, қабағы кіртиіп, киімдерінің лайға айғыздалғанын көріп:

— Шаршағаныңыз көрініп тұр, генерал жолдас. Біраз демалсаңыз қайтеді? — дегенімде ол:

— Соғыс алаңы курорт емес, жорықта жүру серуендеу емес. Іс жаңадан ғана басталып келе жатқанда, қалай демалмақпын? — деп езуін жинап күлді де, — одан да, қайта, сонда не болып жатқанын айтып берейін, — деп әңгімесін бастады...

— "Ер есімі — ердің есінде қалады" дегендей, генерал әңгімесінде ерлік көрсеткен жігіттердің аттарын атап, сөйлеп отырды. Моноенко, Маслов, Ауызбүрік, Терехов, Жетпісбаев, Снегин, Тілеуқабылов, Райкин, Ғабдуллин...

Ол кезде мен генерал атағандардың біреуімен де таныс емес едім. Оны мен татар азаматы деп ойлап едім. Сені де әзірбайжан деушілер бар деп күлді ол.

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙