Мазмұнға өту
Home

Тәуелсіздік толғауы

Жабал Ерғалиев

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Тәуелсіздік толғауы

Авторы: Жабал Ерғалиев

МЕНІҢ ПРЕЗИДЕНТІМ! немесе ұлылықты тану жолындағы алғы сөз Сүйер ұлың болса, сен сүй, Сүйінерге жарар ол! Абай.

Біз әлі бостандық пен тәуелсіздік дегеннің қадірі мен қасиетін жете ұғына алмай келе жатқандаймыз. Адамзат өз жаратылысынан бері біреуге тәуелді болмас еркіндігі үшін алпарысып, күресіп келе жатқандығына көне тарих, сол тарихи кезеңдер мен дәуірлердегі түрлі оқиғалар куә. Қазақ баласы да өз баласының еркіндігін ешкімге бермес үшін алысып бақты. Сол еркіндігі мен тәуелсіздігі үшін алысқан халық «ақтабан шұбырындыға» ұшырады, ашықты, қырылды, қан кешті, сол тәуелсіздік үшін күрескен талай-талай арыстар сталиндік лагерлерде қамалды, атылды, шет ауып кетті... Қазақ елінің тәуелсіздікке жету жолындағы осы бір қасіреттер мен апаттар жайын еске алсаң, ХХ-шы ғасырдың 90-шы жылдарындағы ие болған азаттығымызды ұлы жеңіске, тәңірдің берген жақсылығына, халықтың бағына балағың келеді. Тұтас бір елдің, тұтас бір халықтың ғасырлар бойы армандап келген сол тәуелсіздігін өзі жариялап, сол тәуелсіздіктің көк байрағын өз қолымен тұңғыш көтерген Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев сынды тарихи тұлғаның ерлігі мен ұлылығын тану және сол жайында айта да білу қажет енді. Қазақ елінің Тәуелсіздігі үшін Президентіміз жасаған және жасап келе жатқан істері мен қадамдарын, өз туған халқына айтып келе жатқан сөздерін, ақыл парасатын саралай білсең, көптеген ұлылықты танисың. Сол ұлылықты танисың да, бүгінгі күні «оппозициямын» деп «бас-басына би болған өңкей қиқым» (Абай) шуылдақ топтың билік пен байлық үшін өз елінің тәуелсіздігін құрбандыққа шалуға дайын қасиетсіздігінен шошынасың. Әр қазақ баласының бүгінгі күні қасиет тұтар жеті дүниесі бар. Ол–Жер. Тәуелсіздік. Президент. Көк ту. Елтаңба. Әнұран. Қазақ тілі! Міне, менің түсінігімде қасиетті болып саналатын осы жеті дүниенің біреуіне шек келтіруді ақылсыздық пен парықсыздық, тәуелсіздікке жасалар опасыздық деп білемін. Тәуелсіздіктің тәтті дәмін сезіне бастаған көкейіме осы бір ойлар оралары бар. Сол тәуелсіздіктің кепілі болып отырған Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты «Менің Президентім!» деп асқақтағың келеді, өзің таныған ұлылық жайлы айтқым келеді. Сол ұлылықты әр қазақ баласы әуелі өзі тани білсе екен, ол да «Менің Президентім!» деп асқақ сөйлеп, рухтана білсе екен дейсің. Менің мына әр жылдардағы жазбаларым да сол ұлылықты тану, халқыма таныту жолындағы алғашқы ойларым.

*** Тәуелсіздік алдық, енді тәубә керек! Қазақ халқының тасқа қашалған көне тарихының қайғысы мен қасіретін, ұлы дала көшпенділерінің «Елімайлаған» зарын тыңдау керек ол үшін. Адамзат өркениетінің даму барысында талай ұлттар мен ұлыстардың жойылып кеткені бар. Жер-жаһанды дүр сілкіндірген алапат оқиғалардың отты ортасындағы жанталастар мен тайталастардың құрбаныны айналып, күлі шашылып қалған империялар да, патшалықтар да болған. Тіпті сіз бен біз аяқтағалы отырған ХХ-шы ғасырдың да қан жұтқан кезеңдері аз емес екен. Әлемнің алтыдан бір бөлігінің құрылығын бауырына басып, уысында атом бомбасын ұстап отырған Кеңестік империяның құлауы да, ыдырауы да тарихи сабақтастық. Осы Кеңестік империяның құлдырап барып құлау кезеңінің жанталас сәттерінде қазақ баласының басына төнген қауіп зор еді. «Қазақ ел бола алмайды» дегенді өзгелерге қосылып өзіміз айттық әуелі. Мемлекет боларымызға өзгені қойып өзіміздің сенбегеніміз де ақиқат. Өйткені біз қызыл империяның құлы едік. Сол қызыл империяның қызыл шоғының қоламтасын қайра үрлеп, қайра тұтандырып, қазақты сол сотқа қайра үрлеп, қайра тұтандырып, қазақты сол отқа қайра қақтағысы келген күштер аласұрып бақты. Дүние тұтанып жатты... Сол тұтанып жатқан қақтығыстар мен қан төгістерден туған халқын аман сақтап, аман алып өткен Нұрсұлтан Назарбаевқа аузын айға білеген әлемнің өркениетті лидерлері сүйсінумен әрі таңқалумен болып жатты. Ұлыбританияның сол кездегі Премьер-министрі Маргарет Тэтчер: «Қазір әлемде ірі деген бес-алты және өте ықпалды саясатшылар бар, солардың бірі – Назарбаев. Мен оған өте сенемін және оның Қазақстанда жасап жатқан барлық ісіне келісемін»,–деп сүйінішін 1991 жылдың 29 қазан күні Лондонда өткізген баспасөз конференциясында ақтарып, айтып салған-ды. Оңайлықпен ешкіммен санаса қоймайтын АҚШтың мемлекеттік хатшысы Джеймс-Бейкер де: «Қазақстан басшысы – совет саясатындағы тұтқалы ірі тұлға. Біздің көзқарасымызша Қазақстан табиғи ресурстарға бай болуымен ғана емес, Президент Назарбаевтың көрегендік позициясымен де Совет Одағындағы ең маңызды республикалардың бірі. Назарбаев – алдын болжағыш, саясатты нақты түсінетін ақылды қайраткер»,– деп «Вашингтон пост» газеті арқылы адалын айтты! Әлем осылай сүйсініп, осылай таң қалып жатқан Президентіміздің бағасын, қадірі мен қасиетін туған халқы да білмейді емес, біледі әрине. Біздің Президент! Адам жанының ыстық ықыласы мен пейіліне толы осы бір ауыз сөзді қазір қазақстандықтар жиірек айта бастады. Халық-дана! Сол дана халық өз Президентінің өздерін өркениет дамуының дұрыс әрі сенімді бағытымен бастап келе жатқандығын танып отыр. Тәуелсіздіктің жеті жылында кеңестік империяның жетпіс жылында шықпаған биіктерге көтерілгендігімізді ең

әуелі біз өзіміз білуіміз керек. Қазақ елін, қазақ деген ұлтты әлем ең әуелі Назарбаев есімімен, Назарбаев келбетімен таныды. Бұл – тарихи ақиқат! Назарбаев – бір ұлттың қасіретін тұтас бір адамзаттың қасіреті екендігін үзбей айтып келе жатқан Президент. Бүгінгі күні бір ғана мемлекеттің аясындағы мәселелер шешілгенімен, әлемнің әлде бір бұрышын аштық жайлап жатса, қаншама бай, қаншама мықты мемлекет болсаң да, түптің түбінде іргең сөгіліп, күйзелерің хақ. Біздің Президент әлемдік дамудың ендігі процесінде адамзаттың оқшаулануына жол беруге болмайтындығына, ол үшін мемлекеттер арасында, адамдар арасында бірбіріне деген сенім болу керектігін айтып та, соған әлем халқының да, өз халқының да көзін жеткізіп, мемлекеттер мен мемлекеттер, адамдар мен адамдар арасында сенім орнықтыруды сөзімен де, ісімен де дәлелдеп келе жатыр. Біздің Президетіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың қарапайым адамдарды толғандырып отырған мүдделі тілектерін орындау үшін он қадам ілгері басу жөніндегі ұсынысының өмірлік маңыздылығын бұрынғы Кеңестік кеңістіктегі мемлекеттердің саясатшыларынан бұрын, ең әуелі сол қарапайым халықтардың өздері ұғынып еді. Ұғынып еді де, бұлардың да мұң-зарын елеп, ескерер бір Президенттің табылғанына қуанған. Күні кеше ғана еркін араласып, еркін жүріп тұрған қарапайым адамдар арасындағы адами қарым-қатынасқа шек қойып, шекара сыза алмасың анық. Өйткені бірі ана, бірі мына мемлекетте тұрып жатқан ата-ананы баласынан, бірге туғандарды бауырынан айырып: «біз тәуелсіз елміз, біздің азамат емессіздер»-деп ел шекарасынан аттатпай қою, адами қарым-қатынастың ешбір аясына сыймаған да болар еді. Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдері халықтарының арасындағы осы бір адами еркін қарым-қатынасты сақтап қалу жөніндегі Назарбаев ұсынған он түрлі амалдың бәрі де біздің Президентіміздің адамзат мүддесін ойлай білетін кең тынысты, ақылман саясатшы екендігін, оған сенуге болатындығын мойындатып еді. Дүние халықтарына Ресейдің «Известия» газеті: «Қазақстан Кремльдің абыройын» сақтап қалды. ТМД елдерінің қарым-қатынасы тұйыққа тіреліп, достастықтың ендігі жерде өмір сүруі үшін жедел арада жаңа идеялар қажет еді. Алайда Мәскеуде ол жоқ болып шықты. Бірыңғай экономикалық кеңістік құру жөніндегі Ақмола ұсынысы болмағанда, бәлкім Кремльде талқылайтын ешнәрсе болмайтын еді», – деп жазды. Міне, Қазақстанның, оның бір ұлы Назарбаевтың мемлекеттер арасындағы интеграциялық ұсыныстары ұзақ жылдар бойы қалыптасқан адами қарым-қатынастардың нәзік бір жібін үзіліп қалудан аман сақтап қалып еді. Дүние бөлшектенуден құралмасы анық. Қазақы пәлсапа айтады: «Бөлінгенді бөрі жейді!» Жер шары біреу болғаннан кейін оны мекен етіп отырған адам баласының да тағдыры бір. Оған дәлел: жер бетінде әлде бір апаттар болса, бір ғана халықты опат етіп кетпейді. Ол сенің түріңді де, түсіңді де, тіліңді де, дініңді де талғамайды. 1994 жылдың 29-шы наурызында Президент Назарбаев Ломоносов атындағы Мәскеу Мемлекеттік Университетінің профессорлық оқытушылары алдында сөз сөйлеп,

«Евразиялық одақ құрудың мүмкіндіктерін қарастыру» жөніндегі бұрынсоңды ешкім айтып көрмеген тағы да бір тың ойды ортаға тастап еді. Біздің Президентіміздің бұрынғы КСРО аймағында Евразия одағын құру жөніндегі ұсынысы мен ой-пікірі байтақ әлемге әп-сәтте тарап жатты. Ағылшынның «Таймс» газеті: «Батыс Назарбаевтың Евразия одағын құру жөніндегі ұсынысына ыждаһаттылықпен мұқият қаруға тиісті», – деп жазды сол шақта. Біреу қолдап, біреу дау айтып жатқан қаншама сәттер болса да, Нұрсұлтан Назарбаев Евразия одағының тарихи қажеттілігін айтумен келеді. Назарбаевтың Евразия одағын өз тәуелсіздіктеріне төнген қауіптей көретіндер және де бар. Алайда уақыт, өркениеттің дамуы, жер шарын мекендеген барлық Адамзат мүдделері түптің түбінде бәрібір бірігіп, ақыл қосып, бірлесіп іс жасау қажеттігіне мәжбүр ететіндігін біздің Президентіміз күні бұрын сезініп, біліп әрекет жасап бағуда. Биылдан бастап бүкіл Европа елдерініің ортақ бір валютаға – «Евроға» көшуінің өзі-ақ уақыт өте келе Нұрсұлтан Назарбаевтың евразиялық одағының да туы тігілер күні туарын дәлелдеп тұрғандай. Дүниедегі қулық-сұмдықтардың бәрі де адамдардың бір-біріне деген сенімдерінің болмауынан, бір-біріне сенбеушіліктен басталса керек. Мемлекеттер арасындағы сенімді орнықтыруға батыл қадам жасау үшін Назарбаев өз қолындағы ядролық қарудан да саналы түрде бас тартып еді. Әлем тына қалды. Біздің Президентіміз Хельсинки процесіне қосылып, ядролық қаруды таратпау жөніндегі Лиссабон хаттамасына қол қойды. Бұл – қазақтың, қазақ елінің әлем алдындағы беделін аспандатып әкетті. Бұл – Назарбаевтың жалпы Адамзатты сеніммен, бейбіт қатар өмір сүруге шақырған асқақ үні әрі батыл қадамы еді! Әрине, қайыс бұғаулы Ресей, темір бұғаулы Қытай сияқты екі алыптың ортасында отырып, қолындағы ядролық шоқпарды оп-оңай бере салған Елбасын сынап та жатты өз елінің қызу қандылары. Мұнымыз бекер болған екен. Сөйтсек, «халқым» деп, «елім» деп шырылдап жүрген Прзидентіміз әлемнің айбынды мемлекеттерінің басшыларымен жағаласа да, таласа да жүріп Қазақстанның қауіпсіздігіне кепілдік алған екен. 1994 жылдың ақпан айында Нұрсұлтан Назарбаевтың Вашингтонда АҚШ-тың президенті Билл Клинтон екеуінің «Демократиялық қарым-қатынас партиясы туралы» келісімге қол қоюынан бастау алған бұл тарихи ұлы іс сол жылдың желтоқсан айында Будапешт қаласында ядролық державалар Ұлыбритания, АҚШ, Россияның Қазақстанға қауіпсіздігіне кепілдік беруімен және біраздан соң бұған Қытайдың қосылуымен аяқталып еді. Іргелес, бауырлас ел Өзбекстан мен Қырғызстан арасындағы Мәңгілік достық туралы шарт жасалуы, қытаймен арадағы татулықты сақтау үшін шекара шегін бүгін айқындап алғандығымыз да қазақ елінің ертеңі мен болашағы үшін жасалған сенімді қадам болды. –Бізге дұшпандық көзқарастағы бірде-бір ел жоқ, – деді Нұрсұлтан Әбішұлы Астана қаласында өткен Республика Тәуелсіздігінің жеті жылдығына арналған салтанатты мәжілісте сөйлеген сөзінде.

Сенеміз бұған, қуанамыз бұған! Өйткені біздің Президентке әлем мемлекеттері сенеді! Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа деген әлемдік бұл сенімнің бастауын, ең әуелі оның бойындағы өз халқына, өз еліне, жалпы адам баласының мүддесіне деген Адалдықтан іздеу керек. Егер біздің Президентіміздің өз халқына деген сол адал ниеті мен перзенттік үлкен жүрегінің сүйіспеншілігі болмаса, ол барлық қазақстандықтардың өсіп-өркендеуі, қауіпсіздігі, әл-ауқатының артуының «Қазақстан-2030» стратегиялық бағытын анықтап, оны әзірлеп, әуреге де түспес еді ғой деп ойлаймын. Президенттік құзырының мерзімі біткенше «Жағдайларың келесі жылы жақсарады» деген уәдемен-ақ тыныш әрі бақуатты билік құра беруге болатын да еді. Жоқ, біздің Президент өйтпеді! Ол өзінің келе жатқан ХХІ-ші ғасыр Адамзат өркениетінің тажал да қатал ғасыры болатындығын сезінді де, өз халқының сол тажал ғасырдың аранына түсіп, жұтылып, жойылып кетпеуі үшін Адамзат өркениетінің қиясына көз салады, алды болжайды. Осы арада данышпан абайдың «Түбін ойлап, уайым жеп айтқанмын» деген ғақлиясының да еріксіз ойға оралатыны бар. Әлемнің қуатты бай елдері де өздерінің бүгінгідей молшылықты мамыражай өмірлерін бірден орната алмағаны анық. Олар да бүгінгі біздің балаң жолдан өтіп алған әуелі. Ал, біздің Президентіміз болса Қазақстанның бүгінгі тәуелсіздігін уыстан шығарып алмай, дәуірдің өзі беріп отырған бүгінгі тарихи мүмкіндіктерін пайдаланып қалу үшін халқына жол сілтейді, жөн айтады, сол үшін жанталасады. «Егер біз осы мүмкіндікті сәтімен пайдалана алмасақ, егер біз болашағымызға жоспар және бүгінгі күні нақты іс-қимылдарды іске асырмай, күндер мен апталарды уысымыздан шығарып алсақ, егер сәтсіздікке ұшырасақ, онда өзімізден басқа ешкімге кінә арта алмаймыз», – деп «Қаақстан-2030» Бағдарламасында айтылған Президентіміздің осы бір ауыз сөзінен туған халқына деген жаны ашитын ақ адал көңілін танимыз. Тәуелсіздіктің аз ғана бір өлшемдік шағында қазақ елінің ғасырлар тоғысындағы, түрлі-түрлі оқиғалары қайнап жатқан тұрлаусыз дүниенің аласапыранды кезеңіндегі даму бағытын бағамдап, болашағымыздың көкжиегін болжап бере білгендігі – біздің Президентіміздің ұлттың рухын көтере білген ұлы ерлігі! «Алға қарайтын кез келді, іске кірісетін кез келді. Ерік-жігерімізді танытатын кез келді. Өмірді өзгертетін кез келді!» Нұрсұлтан Әбішұлының бойыңа жігер құяр, санаңды селт еткізер Қазақстан халқына жолдауындағы осы бір ауыз сөзіне кім уәж айта алар?! Бұл – тоқтайтын сөз! Бағытың белгіленді, болашағың болжанды, жүрер жолың айқындалды, туған ел! Еңсеңді түзе, еңбек ет! «Біздің ісіміздің таразысы – тарих. Бізге балаларымыз бен немерелеріміз көз тігіп отыр. Солар үшін, өзіміз үшін болашақтың жолында осы айқаста мерейіміз үстем болмағы керек», –дейді Елбасымыз. Адалдық – жан тазалығы. Біздің Президентіміздің даналығы да, балалығы да мол өзінің туған халқына, қазақ жерін мекендеп отырған барша

ұлттар мен ұлыстарға деген жан тазалығы, адал сөйлейтін пейілі мен адал көңілі – елдің бағы! Егер кез келгеніміз адами адалдық пен жан тазалығының ұлы өлшемі – Ар алдында жүгінер болсақ, адал сөйлеп, адал баға бере білсек, біз – қазақстандықтар, өз Президентіміздің тәуелсіздігіміздің жеті жылында ғасырға бергісіз тарихи істер атқара білгендігін танып, мойындасақ еді. Дүбірлі дәуірдің отты шағындағы мемлекеттер мен құрылықтардың, жер шарының ғасырлар тоғысындағы адамзат өркениетіне алғыр ойлы саясатшы Нұрсұлтан Назарбаевтың қосқан тарихи үлесін ешкімнің де жоққа шығара алмастығы және ХХІ ғасыр оның есімін өз дәуірінің ұлы перзенттерінің бірі ретінде атайтындығы да ақиқат. Тек осы бір бүгінгі күннің тарихи ақиқатын ең әуелі қазақ баласы өзіміз мойындап, соны өзіміз айта білсек еді. Қазақ елінің әлем танып отырған лидері – Нұрсұлтан Назарбаев жайындағы осынау бір ойлармен толғана отырып, ұлы Абайдың «Сүйер ұлың болса, сен сүй, сүйінерге жарар ол» деген бір ауыз сөзіне жүгіндік!

(«Қазақ әдебиеті» газеті, 4 қазан 2002 жыл).

ӘЛЕМНІҢ БИІК СЕНІМІ Қазақстанның әлемдік аренадағы абыройы асып, мерейі тасып, беделі өсіп, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына бүкіл түркі әлемінде тұңғыш рет төрағалық етіп, Еуропаға төбе би есебінде билік айтар дәрежеге жеткендігі, 2010 жылдың 1-2 желтоқсан күндерінде Астана Саммитінің өткізілгендігі, Астана Декларациясының қабылдануы Тәуелсіздігіміздің ең бір ұлы жетістігі болса, бұл тарихи табысымызды дүниенің төрт бұрышының кез келген мәселесін саяси тұрғыдан шеше алатын ерік-жігерін, ақылы мен парасатын, ертеңгі күн мен болашақты болжай алатын көрегендігін, кез келген қиын мәселенің түйінін еппен тарата білер көсемдігі мен кемеңгерлігін, даналығы мен даралығын айдай әлем мойындап отырған бір ғана адамның – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың есімімен ғана байланысты екендігі анық ақиқат. Үрпиген үрейлі дүниенің үзілген үмітін жалғап, біріне-бірі от қаруын кезеніп отырған нәзік те, тентек әлемнің бейбіт қатар өмір сүруінің жаңа дәуірі Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Саммитінің сәтті де абыройлы аяқталуымен және де Астана Декларациясының қабылдануымен міне, енді басталды! Сол әлемнің алтыдан бірін бауырына басып дәуірлеп тұрған күні кешегі Кеңестер Одағының ыдырауына байланысты дүниені қайта бөлісу және әркім өзінің ықпал етуші аймағын кеңейтуге жанталасып, барынша күш жұмсалған соңғы бір ширек ғасырға жетер-жетпес уақыт өлшемінде әлемнің ақ кептерлі бейбітшілігінің қанатын қиғандай етіп, бағасын тым арзандатып, құнсыздандырып алғандығымызды ойға алар болсақ, қазақ елінің төр қаласы Астанада желтоқсанның 1-мен 2-сі күні сәтті өткен Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының жетінші Саммиті адамзаттың жаратушыдан жазған өмір сүру хақына ешкімнің де қол сұғуына хақысы жоқ екендігін ұғындыра түскен, соны қайра бір еске салған көне тарихтың ұлы оқиғасы деп бағалануы керек. Адамзат дәуірінің жиырмасыншы ғасырының аяқталар және жиырма бірінші ғасырының басталар өліара сол бір тұсынан төнген қауіп пен қатердің қорғасын бұлттары әлі де сейіле қоймағандығын айта отырып, мемлекеттер мен биліктің басына келген саясатшылардың әрбірі дүниені өздерінің айдағанына жүргіземін, дегенімді істетемін деген пендешілік ойдан аса алмағандықтарынан да және де «өзім басқарып отырған елден басқа елеулі ешкімнің де болмауы керек, менің ұлтым ғана ұлы, менің халқым ғана дана да дара»,–деген ойдың тар құрсауынан шыға алмағандықтарынан да және тағы да өзім, өзімнің ғана елім аман болсын деген пиғыл-парқының парасатсыздығынан аса алмай отырғандықтарынан да дүние әлі қансырап, жылап тұр.

Жаңа дүниенің, былайша айтқанда өз тәуелсіздіктерінің алғашқы қадамдарын адам баласының қанының төгілуімен, түрлі ұлттар мен ұлыстардың дау-жанжалдарымен басталған Прибалтика, Кавказ, Таулы Қарабах, Приднестровье оқиғаларын кәрі тарих өзінің жадынан шығарып, ұмыта алар ма екен?! «Ауылымыз аралас, қойымыз қоралас»,–дейтін қырғыз ағайындарымыздың күні кешегі өздерін де, өзгелерді де арандап тастауынан жазықсыз жандардың төгілген қанының құнын кім өтейді, зардап шеккендердің көз жастары да оңайлықпен құрғай қояр ма екен?! Дәл қазір шығысымыздағы екі Корей мемлекетінің бір-біріне қарулы сес көрсетуі дүниеге төнген соғыс пен жанжалдың дауының әлі де сейілмегендігін, әлі де қауіп пен қатердің төніп тұрғандығын айғақтай түскендей болады. Мына дөңгеленген дүние ендігі арада адам баласының өз ақыл-ойының, білімі мен ғылымының жетістігін пайдалана отырып өз қолымен жасаған қаруының соққысын көтере алмасы да анық. Бұл жалпы тіршілік әлеміне, жалпы жаны бар дүниеге төнген қатер деуіміз керек. Адам баласы, жалпы өркениет қолдағы қаруымен ғана мықты ма? Солай деп сұраулы ойға берілер болсақ, онда адам баласының ақылы мен парасаты қайда қалмақшы?! Адамның сол арқылы атом апатын тежеуге, сөйтіп адам баласының парасаты мен ой-санасы өзінің оқ қағары болуға жарамаса, адамдығың қайда?! Осы бір ойлар адамзаттың адал перзенті, Қазақстан сияқты абыройлы мемлекеттің Президенті, ұлтымыздың Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты әрдайым толғандырып келе жатқандығын айтқан ләзім. «Қазірдің өзінде қауіп пен қатерді сезініп түсінген адамзат байлық пен кедейліктің арасындағы «бейбітсүйгіш» байлармен «агрессияшыл» кедейлердің арасындағы алшақтыққа қарай нық та нақты қадам жасай алады»,–деп Елбасы өзінің «Сындарлы он жыл» кітабында (13-бет) айтқанындай расында да бейбітсүйгіштік пен агрессияшылықтың арасы күн сайын алшақтап бара жатпаса, жақындай қойғаны неғайбыл. Міне, осы бір адамзаттың бейбітшіл ниетінің жақындасуының амалын айтып, қадамын жасап келе жатқан әлемде бірден-бір саясатшы, бірден-бір Президент болса, ол Қазақстанның Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев екендігін қолымызды жүрегімізге қойып мойындамастан басқа амалымыз тағы да жоқ екендігін айтар едім. Қазақстан Президенті Біріккен Ұлттар Ұйымының Ассамблеясында осы ұйымға мүше мемлекеттері басшылары мен саясатшылары алдында сөйлеген бір сөзінде де: «Күшімізді біріктірейік, ерікті ынтымақтастық қадамын жасап көрейік, сөйтіп дағдарыстағы өңірлер мен дамыған елдердің проблемаларын шешу үшін барлық елдердің әскери бюджетінен бір пайыз берейік»,– дегенін әлем әлі ұмыта да қоймаған болар. Дағдарысты өңірлер мен дамыған елдердің барлық проблемаларын және дүние бөліктерінде тойынып тамақ ішпей жүрген аш-жаланаштардың мәселелерін шешу үшін барлық елдердің әскери бюджетінен бір пайыз берейік деген Қазақстан мемлекетінің Көшбасшысының бұл ұсынысы әлемге тосындау естілгенімен, адамзат мүддесін шешуге бағытталған нақтылы бір ұсыныстың айтылуымен қуантып еді. Сол адамзатқа араша сұрап, оны бүгінгі қауіп пен қатерден алып

шығудың ақылға сиярлық, көңілге қонарлық жайын айтып, жөн-жобасын көрсетіп бере білген Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың болуы түптің-түбінде бұл ойдың жүзеге асар деген үмітінді маздата түседі. Өйткені, Елбасы бейбіт қатар өмір сүрудің әлемдік үлгісі мен әлемдік нобайын тәуелсіз қазақ мемлекетінің аясында жер жаһанға көрсете білді. Ұлтаралық қарама-қайшылықтар мен түрлі көзқарастарды ортақ бір мүддеге, татулық пен бірлік, ынтымақ пен достықтың мүддесіне тоғыстыра білген Назарбаев саясатын әлем мойындап та отыр. Қазақстанда ең бастысы адам баласының жанды екі дүниесі – тілі мен дініне еркіндік, теңдік пен бостандықтың берілуі біздегі бейбіт өмірдің алтын діңгегіне, алтын арқауына айнала білді. Рухани жан дүниенің бостандығын сезінген қазақстандықтардың бойында бір-біріне деген сыйластық, ізеттілік, тілеуқорлық сияқты асыл қасиеттер қалыптаса алды. Әрине, бұған біздің Елбасының тәуелсіздіктің алғашқы сәтінен бастап «менің бар тілегім де, зар тілегім де елдің бірлігі» деген адал көңілінің, адал сөзінің, осыған орай жүргізіп келе жатқан адал саясатының игі ықпалы тиіп отырғандығын айту да қажет. Астана әлемнің дәстүрлі діндері басшыларының сенімді және үмітті түрде бас қосар киелі ордасына айналды. Бұл Қазақстанның, оның Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың адамзат өркениетін, жалпы адамзат тіршілігін қауіп-қатерден, дау-жанжалдан сақтап қалуға және де сақтандыруға жасаған батыл қадамдарының бірі болатын. Жалпы қазақ елінің Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев әлемді бейбіт қатар өмір сүруге шақырып жүрген және соның тамаша үлгісін көрсетіп келе жатқан әлемдегі бірден-бір Президент екендігін тағы да мойындамасқа амалың жоқ. Дүние мемлекеттері қайткен күнде ядролық қару-жарағымызды молайтамыз, оның қиратушы күшін қайтсек жетілдіреміз, кейбірі атом бомбасына қалайша қол жеткіземіз деп жанталасып жатқан тұста біздің Елбасы Семей ядролық полигонын өз еркімен жауып, қолдағы тажал да аждаһа қаруды өз еркімен жоюға батыл қадам жасап, әлемді ядролық қарусыз бейбіт қатар өмір сүруге шақыра білді. Ақиқат үшін айта кетейік, Елбасының ақылды да парасатты ұсыныстары мен бастамалары кей жағдайда түсіністік таппай жататындығы да, сенімсіздеу көрінетіндігі де бар. Алайда, Президентіміздің сол ұсыныстары мен бастамаларының орынды екендігін, ол ұсыныстар мен бастамалардың адам баласының мүддесіне қажеттілігін уақыттың өзі қос уыстап әкеліп алдыңа тартқанда барып, Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бұл мәселені күні бұрын дұрыс ойлап, күні бұрын көре білгендігіне қайран қалып, сүйсінерің де тіпті сүйінерің де болып жатады. Кешегі кеңестік жүйедегі мемлекеттер бірінен соң бірі өздерінің тәуелсіздіктерін жариялап, егемендіктері мен еркіндіктеріне жаңа-жаңа масайрай бастаған тұста біздің Елбасы Еуразия қауымдастығын құру мәселесін алға тартқаны болды. Сол тұста Қазақстан басшысы бұрынғы Кеңестер Одағын әлі де ұмыта алмай жүр, әлі де кеңестік жүйені көксеп отыр деген әңгіменің шыққандығы да рас. Енді қараңыз, тәуелсіздіктеріміздің көші басталған жиырма жылға жетер жетпес

кезең сол Назарбаев ұсынған Еуразия қауымдастығының өміршеңдігі мен қажеттілігін ұғындырып, мойындата түсті. Бұған дәлел Ресей, Қазақстан, Белоруссия мемлекеттерінің Кедендік одағының құрылып, жұмыс істей бастауы айқын нұсқа бола алары анық. Біздің еліміздің және оның ұлтының Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жүргізіп отырған бүгінгі саясаты оның тұла бойына біткен адами және қазақ деген дана халықтың ізгі ой-ниетімен, адал көңілімен ұштасып, ұласып тұрғандығын тани білген жөн. «Біз қазақ деген мал баққан елміз, бірақ ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз! Елімізден құт-береке қашпасын деп, жеріміздің шетін жау баспасын деп, найзаға үкі таққан елміз, ешбір дұшпан басынбаған елміз, басымыздан сөзді асырмаған елміз! Досымызды сақтай білген елміз, дәмі-тұзын ақтай білген елміз,–деп қазақтың ұлы билерінің бірі Қаз дауысты Қазбектің айтқан осы бір ұлағаты өзінің бір ұрпағына дарыса, ол сөз жоқ біздің Елбасының бойына дарып, ойына қонғандығын біле білейік! Даналық даналыққа ұласып, ол бүгінгі жан алысып, жан берісіп жатқан мына алмағайып заманның зар күйі мен тар күйінен өзінің қазақ деген халқын аман сау алып келе жатса, бұл ұлттың басындағы үкіленген бағы болса керек-ті. Қазақ баласы сол басымыздағы бағымыздың бағасын бағамдап, қадірін жете түсіне білгеніміз абзал. «Елім-айлап» деп кең даладан не пана, не қоныс таба алмай жөңкіле көшіп «ақ табан шұбырындыға» ұшыраған, шеттен шапқан жауға ұлы құл, қызы күң болып зарланған елдің, одан кейін ақтар келіп атын алып, қызылдар келіп қырғын салған, «елімді ел қыламын»,– деген алаштың ардақты азаматтарын оққа байлаған кешегі жиырмасыншыотызыншы жылдардың қасіреті, өзегін жалғарлық бір үзім нан таба алмай аштықтан бұратылып өліп, сүйегі ақ жанқа болып сайын сахарада шашылып қалған, одан кейінгі Ұлы Отан соғысындағы құрбандық сияқты қасіреттер мен ауыр күндер мен кезеңдерді біз бір сәтке де естен шығара алмасымыз анық. Көне тарих бұл аласапыранды кезеңдердің кемсітушілігі мен озбырлығына көнгенімен, ендігі арада біздің көне алмасымыз бар. Міне, осы бір тізбектелген оқиғаларды ойлар тізбегінен өткізе отырып, бүгінгі Тәуелсіз Қазақстанның бейбітшіл және бейбіт өмір сүйгіш мемлекет болуының өзінде терең сыр жатқандығын айтқымыз келеді. Сондықтан да Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өз халқының өткені мен бүгіні және болашағы алдындағы ұлы жауапкершілікті сезіне білуі біздің халқымыздың жиырма бірінші ғасырдағы әлемдегі ең бір ізгі де ұлы халықтардың бірі, Қазақстанның дүниежүзілік абыройы асып, беделінің биктей түсуінің алғы шарты болды. Бұлай деп тұжырым жасауға бірден-бір себепті жағдай Астана қаласында сәтті жұмыс жасаған Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы басшыларының Саммиті және Астана Декларациясының қабылдануы себепкер еді. Әуелде Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтамақтастық ұйымына басшылық жасауға тәжірибесі мен іскерлігі, ой-өрісі жете ме деген күдіктің айтылып қалғандығы да болды. Осы төрағалықтың бізге қажеті бар ма еді деген сияқты өз ішімізден шыққан күңкіл сөздер де естілді. Алайда,

Астана Саммиті Қазақстанның зор мүмкіндігін және де оның Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың дүниенің төрт бұрышының кез келген мәселесін саяси тұрғыдан шеше алатын ерік-жігерін, ақылы мен парасатын, ертеңгі күн мен болашақты болжай алатын көрегендігін, кез келген қиын мәселенің түйінін еппен шеше білер көсемдігін көрсетіп, дәлелдей алды. Астана Саммиті бейбітшілікті сақтау жөніндегі әлемнің қалғып кеткен санасын оятты. Астана Саммиті дүниедегі адам баласының мүддесіне қатысты мәселелерді мемлекеттердің осылайша бас қосып, бірлесе шешуі арқылы өркениетті алдағы уақыттағы қатерлерден сақтап қалудың бірден-бір жолы екендігін ұғындыра түскендей болды. Астана Саммиті бір ғана мемлекеттің тыныштығы, оның бай да қуатты болуы ендігі арада оларды да әр елге төңген қауіп пен қатерден сақтап қала алмасын сезіндіргендей еді. Астана Саммиті адамзаттың ортақ мекені – жер болса, сол жер шарының мекенділері – адам баласы мен жан-жануарларының тіршілігін, соларды қоршаған ортасын бүліну мен қираудан, бұзылу мен құрып кетуден сақтау шараларын бірлесіп ой қосып, бірлесіп ақылдасып, бірлесіп шешудің ойын зерделеп, тізбектеп бергендей әсер қалдырды. Адамзаттың алдындағы ұлы жауапкершілікті сезіне білген Қазақстан және оның Президенті Нұрсұлтан Назарбаев әлемдік қауымдастық алдындағы зор беделінің нәтижесінде Астана Саммитін жоғары табыспен өткізе алды және сол арқылы соңғы он бір жыл бойы бастарын қоса алмай келген Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының тіршілігін қайра жандандырып, бұл ұйымның әлем және оның халықтарының болашақтағы тағдырлары үшін қажеттігін таныта білді. Қазақстан өз астанасында Саммит өткізу арқылы Еуроатлантикалық және Еуразиялық кеңістікте бір-бірінен бөлінбейтін қауіпсіздік құрудың көкейтесті мәселелерін айдай әлемге ұсына білді. Сөйтіп, Назарбаев ұзақ жылдар бойы үні шықпай келе жатқан Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының беделін сақтап қала алды және осы ұйымның тоқтап қалудың аз-ақ алдында тұрған жүрегіне нәр беріп, санасына тың ойлардан дем салып, қуаттандырып, рухтандырып жүре берді. Әлем Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының өз болашақтары үшін аса қажетті екендігін Астанадағы Саммиттен ұғына түсті, бұл ұйымға Қазақстан сияқты басшылық жасау керектігін де мойындағандай еді. Осы арада мынандай ой тұжырымдауға тура келеді: –Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев әлемнің сенімді саясаткерлерінің бірі. Қазақстандық қоғам ғана емес, ендігі арада әлемдік қауымдастық та Назарбаевтың ақыл-ойына жүгініп отыратындығын, Қазақстанның Президенті бір ғана ұлттың перзенті, бір ғана мемлекеттің басшысы емес, ол тұтас бір әлемнің жан ашыры, сол әлемнің бүгіні мен болашағын болжап, салиқалы да сабырлы ой айта алар және де ізгілікті әрі батыл қадам жасай білер, соған қабілеті мен қарымы, даралығы мен даналығының да жетерлігіне ешкімнің шүбәсі қалмағандай.

Бұған дейін Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың есімі дүние әлемінің көрнекті мемлекет қайраткерлерінің қатарында бірге аталып, Түркияның астанасы Анкарада біздің Елбасының құрметіне ескерткіштің орнатылуы, Иорданияның астанасы Амман қаласында бір көшенің Назарбаевтың есімімен аталуы өз дәуірінің және адамзат тарихындағы мәңгі аталар ұлы Көшбасшының бірі екендігін Астана Саммиті тағы да айдай әлемге әйгілегендігін айтқанды ұлылықтың алдындағы бас иерлік парызымыз деп білдік. Даналығы да, балалағы да мол біздің халқымыз Назарбаевты Абылайханға тенейтіндіктері де бар. Бұл әрине орынды да шығар. Дегенмен де ой жүгіртер болсақ, Абылайдың заманын бүгінгі заманмен салыстыруға, шендестіруге келе қояр ма екен?! Абылайдың заманында қазақ елі бүйірдегі екі елдің ғана бүлкілін сезген болса, қазіргі Қазақстан бүкіл дүние мемлекеттерінің саясатымен тыныстап, әлем көзін тігіп, назарын салып отырған жер шарындағы ең бір әлеуетті мемлекеттердің бірі. Хан Абылай көрші екі мемлекеттің ғана тілін таба білсе, Нұрсұлтан Назарбаев дүниедегі барлық мемлекеттердің басшыларымен де, саясатшыларымен де тең сөйлесіп, тіл табысып, Қазақстанның мүддесін жоғары қойып және елімізді әлемге мойындата білді. Елбасының бұл ерлігі мен даналығын, көрегендігін, атқарған және атқарып жатқан істерін бұрынғы өткен ешбір хандардың да ешбір сұлтан-билердің де жасаған істерімен салыстырып, теңестіруге ешбір келмейтіндігі және де бар. Біз мұны хандарымыз бен би-сұлтандарымызды кемітейік деген ниетпен айтып отырған жоқпыз, соны тілге тиек етіп, бүгінгі Қазақстанның және Елбасының дүние тарихындағы орасан да зор заңғар биіктегі абыройы мен орнын айқын тани білсек етті деген ниеттеміз. Бір сөзбен айтқанда, Елбасының тәуелсіздік жылдары атқарған еңбегінің аясы қазақ тарихының өткен кезеңдері мен дәуірінің ешбір өлшеміне сыймас еді деп ойлаймын. Сенім, дәстүр, ашықтық, төзімділік ұранымен өткен Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына жасаған төрағалығы сәтті де абыройлы болғандығы қуанта түседі. Бұл біздің еліміздің әлемдік қауымдастықтың кез келген ұйымының төрінде отырып, билік айта алар білімі мен біліктілігін, ақылы мен парасатын, кемеңгерлігі мен кеңдігін, даналығы мен даралығын паш еткендей. Астана Саммиті әлемдік және қазақ халқының өз тарихының беттеріне алтын әріптермен жазылып қалар ұлы оқиғалардың бірі болды. Астана Саммиті арқылы қазақ елі де өз тәуелсіздігінің жиырма жылға жетер жетпес даму кезеңінде сан ғасырлық тарихы бар әлемнің дамыған, өркені өскен өркениетті мемлекеттерінің қатарына барып қосылып, жарқын жүзбен нық барып тұра алды деп батыл айта аламыз. Сол биікке көтерілген еліміз, сол заңғар биікке алып шыққан Елбасымыз аман болсын әрдайым!

(Ақмола облыстық «Арқа ажары» газеті, 4 желтоқсан 2010жыл, Көкшетау қалалық «Көкшетау» газеті, 9 желтоқсан 2010 жыл, «Егемен Қазақстан» газеті, 28 желтоқсан 2010 жыл ).

ЕЛБАСЫНЫҢ ХАЛҚЫНА СЕНГЕНІ БҰЛ!

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына Үндеуі арқылы мерзімінен бұрын Президент сайлауын өткізу туралы енгізген ұсынысы осы бір ойларға жетелейді. Көне тарихтың ежелден бері келе жатқан бір ақиқатына сүйенер болсақ, әрдайым өзінің қасиетті елі мен киелі халқының және жалпы адамзаттың мүддесі үшін адал қызмет еткен әмірші мен билеушінің ғана есімдері мен істері ұмытылмай ғасырдан ғасырға көшіп, ұрпақтан ұрпаққа аңыз болып ауысып отырары бар. Әріге бармай-ақ, қазақ елінің тәуелсіздігінің жиырма жылғы кезеңіндегі қилы-қилы оқиғаларды тізбелеп ойға алар болсақ, кешегі кеңестік жүйенің ыдырауына байланысты «Енді не істейміз, ендігі күніміз не болар екен?» деп абдырап қалған халықтың бірі едік біз. Мәскеудің айдағанына жүріп, айтқанына көніп, былайша айтқанда «инструкциямен» ғана қимылдап, жұмыс істеп үйренген дағды бойынша көшіміздің көлігін қай жаққа, қай арнаға бұрарымызды біле алмай дал болып отырып қалған жағдайымызды да, өзіміздің тәуелсіздігімізді жариялағанымызбен, өз бетімізше ел болып, мемлекет болып кетерімізге әуелі өзіміз сене алмай, жалтаңдап күй кешкен күнімізді де ұмытқан жоқпыз. Міне, осы бір ой мен істің дағдарысты шағында қазақ тарихының сахнасына сол қазақтың бір перзенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев шығып, «Туған елім, екі тізгін, бір шылбырды қолыма берген екенсіздер, сеніңіздер маған!», – деген өр дауысымен үн қатты. Міне, сонан бері қазақ елінің тәуелсіздігінің бар тағдырын, соның бар ауыртпашылығы мен ұлы жауапкершілігін өз мойнына ала білген Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өз халқының көңілінен шығып келеді. Тіпті, көңілден шықты деудің өзі аздау болар, Елбасы өз елімен, өз халқының жағдайын ойлауға келгенде ешкімнің ойына келмеген, ойына келсе де, бастауға да, атқаруға да батылдығы мен ерік-жігері жете бермейтін істерді бастап кеткендігін қайтерсіз! Аз жылдың ауқымында-ақ түрлі әлемдік қауымдастықтың дәл ортасынан ойып тұрып орын ала білген Қазақстанның әлемдік аренадағы бүгінгі абыройы мен бүгінгі беделін бір ғана адамның, ол – Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен ғана байланыстырарымыз тағы да ақиқат. Жарылыстан көз ашпаған қазақ даласының соры мен жан азабы болып келген Семей атом полигонын жабу арқылы Елбасы адамзаттың да әлемдік мүддесіне адал екендігін сол айдай әлемге мәлімдеген еді. Сарыарқаның төсіне Алатаудың бөктерінен ел астанасын көшірудің өзін Елбасының көрегендігі және көзсіз батырлығы деп санағанымыз абзал. Әйтпесе, тоқсаныншы жылдардың тоқырауынан әлі де шыға алмай, жұмыссыздық белең алып, әркім тапқан айлығын, қарттар зейнетақысын уақытында ала алмай жүрген сол бір өліара тұста жаңа Қазақстанның жаңа Астанасын салуға кірісуге Назарбаевтан басқа өзге ешкімнің де батылы жетпес еді. Мұны Астананы Ақмолаға көшіру кезінде болған түрлі көзқарастар мен түрлі ой-пікірлер дәлелдей түседі. Тәуелсіздіктің алғашқы кезеңінен бастап Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің туған халқын кесек сөйлеуге, ірі істер атқаруға жетелеп келеді. Кешегі Еуропадағы

қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Саммитінің өткізілуі және Астана Декларациясының қабылдануы әлемдік тарих беттеріне алтын әріптермен жазылатын елеулі әрі айтулы оқиғалардың бірі. Ақиқатын айтар болсақ, Астана Саммитін өткізу арқылы тәуелсіз Қазақстанның әлемдік өркениетті елдерімен иығы теңесті, абыройы аспандап, тағы бір биіктерге көтерілдік. Кеңестік жүйеде бір болған мемлекеттерді, одан қалды Орта Азияны қойып, барлық түркі әлемінде тұңғыш рет Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық жасауы бұл ең әуелі әлем мойындай білген біздің Ұлт Көшбасшымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың ақылы мен ойының, кемел кемеңгерлігінің және дүние жүзілік оқиғаларға байланысты ой айта алар, ширыққан мәселелерді ебімен шеше білер білікті саясаткерлігінің абыройы. Күні кеше Астана қаласында ашылған жетінші қысқы Азия ойындарының салтанатты шеруі тағы да Қазақстанның, оның Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың даналығы мен даралығын, кезінде «Елім-айлап» өз жерінен тұрақ таппай, шапқыншылыққа ұшырап, жөңкіле көшкен, онан кейін ашаршылық пен небір замана нәубеттерінің зардабын тартып, сүйегі ақ жаңқа болып шашылып қалған, жан сақтау үшін әлемнің төрт бұрышына тарыдай шашырап кеткен менің ұлтым да, менің халқым да енді тезірек есейсе екен, тезірек әлемдік өркениетке барып қосылса екен, өзге жұртпен қатар тұрып, тең сөйлесіп, еркін жүрсе екен деп ойының қармағын әріге салған Елбасы өз елінің бүгінгі ұлдары мен қыздарын, біздің бәрімізді қыран болса екен деп соған баулып, тұлпар болса екен деп жаратып жатқандығын ұғына білейік. Егер біз әлі де жас мемлекетпіз деп бүгінгі өркениеттің жалынына жармаспасақ, келешекке көз тікпесек, болашаққа ұмтылмасақ, ойымыз да тоқырап, ісімізден береке кетіп, бүгінгідей биікке шыға алмас та едік, уақыттың өзімізге тартқан сый-сыбағасынан да құралақан қалып та қоймас па едік?!. «Біз осылайша аз жылда абырой артқан айбынды елге, қуатты ұлтқа айналдық, осының бәрі жұртымызды жаһандық ауқымда ойлауға баулу мақсатында жасалуда», – деп Елбасы өзінің биылғы Жолдауында анық әрі нақты айтып отыр. Рас, біз айбынды елге, қуатты ұлтқа айналдық! Ең әуелі Елбасы бастап, өзі қолға алған айбынды істерді жүзеге асыру арқылы айбынды ел бола алдық. Сол арқылы өзіміз де ой мен тәжірибе жинақтап, қуатты ұлтқа айнала білдік. Бұл біздің Ұлт Көшбасшысының шынайы көшбасшылық қасиетінің арқасы екенін айтқан да парыз. Туған халқы Елбасына әрдайым сеніп келгендігі хақ. Сол сенім арқылы барлық қазақстандықтар «Біз қуатты Қазақстан үшін Елбасымен біргеміз!» атты ұран көтеріп, Президенттің өкілеттілігін 2020 жылға дейін ұзарту бастамасын көтеріп, өздерінің адал ниеттері мен шынайы көңілдерін айтқан болатын. Әрине, барлық қазақстандықтар референдум өткізуді қолдаймыз деу арқылы өз Елбасына әрдайым сенгендіктерін әлі де сенетіндіктерін қуаттаған еді. Бұл сенім Елбасының өзін де толғандырғаны анық. Күні кешегі Үндеуінде: «Мен үшін өз халқымның қалтқысыз қолдауынан артық биік баға болмайды», – деп айтуы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өз халқына деген тағы да бір адал көңілі мен қалтқысыз сыйы мен құрметін айғақтайды. Елбасының референдум өткізуден бас тартып, Президент сайлауын өткізу туралы ұсыныс енгіземін деуі Ұлт Көшбасшысының шынайы демократтық қасиетін тағы да танытты. Бәрінен де, кез-келген мүддеден бұрын Конституцияның биік тұратындығын Елбасы осы шешімімен тағы да бір айғақтап, көрсетіп беріп отыр. Ал, енді осы Үндеуден біз Елбасының өз халқына қалтқысыз сенетіндігін аңғардық.

Шынын айтқанда Президенттің өкілеттілігін ұзарту үшін референдум өткен жағдайда да, енді Президент сайлауы өткізілсе де, соның бәрінде де қазақстандықтар Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты қолдап, тағы да сенім білдіретіндіктеріне өз басым кәміл сенімдімін. Елбасы өз халқына сенсе, туған халқы да Елбасына сенеді! Ажырамас осы бір қос ұғым – Сенім арқылы біз өзіміздің бүгініміз бен болашағымызды Елбасымен байланыстырарымыз анық. Назарбаевы бар Қазақстан сеніммен тұрақты дамитын ел! Назарбаевы бар қоғам алаңсыз өмір сүретін қоғам! (Ақмола облыстық «Арқа ажары» газеті, 3 ақпан 2011 жыл, «Егемен Қазақстан» газеті, 2 ақпан 2011 жыл).

БҰЛ ЖЕҢІС БОЛАШАҚ ҮШІН КЕРЕК ЕДІ!

Ойымыздағы болды, көңіліміз толды! Бұл ойды қазір әр қазақ баласының көкейінен, қуаныш кернеген көңілінен, жарқылдай күлген жүзінен танып, оқуға болар еді. Қазақ елі тарихтың тағы да бір сындарлы кезеңінен өтті. Күні кеше елімізде болып өткен Қазақстан Республикасының Президентін сайлауын тарихтың сындарлы кезеңі демеске тағы да болмайды. Соғыс өрті тұтанып, дау-дамайы көбейіп, дүрмегі ұлғайып бара жатқан бай дейтін, бақуатты дейтін көптеген араб елдеріндегі жағдайды ойласақ болды, сондай өрт пен кесапаттан, текетірес әрі қарама-қайшылығы мол көзқарастар мен пікірлерден өз еліңнің аман болуын тағы да тілерің бар. Өйткені, дүниенің төрт бұрышының бір жерінде тұтанып жатқан өрт дүниенің өзге бір бұрышына қауіп пен қатер төндірмейді деуге тағы да ауыз бармайды. Сол өртті тұтандырғысы келіп, жанығып жүргендердің өз елімізде бар екендігі де жасырын емес. Міне, осы бір ойлар қаумалаған көңіліміздің бір сәтке де орнына түскендігін айта отырып, 3-ші сәуір күні Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауының елімізде ойдағыдай өткендігіне қуанамыз әрі соған шүкіршілік қыламыз. Және де Қазақстан Республикасы Орталық Сайлау комиссиясының алдын-ала жасап отырған есебі бойынша бұл сайлауда Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жеңіске жеткендігі көңіліміздегі сол қуанышымызды тасыта түсетіндігін де жасыра алмас едік. Өйткені, ел тәуелсіздігінің 20 жылында Қазақстанды әлемге танытқан, кешегі күні тұралап қалған экономикасын, халқымыздың жүрелеп қалған тұрмысын көтеріп, бүгінгі көрікті күй мен өрісті күнге жеткізген Нұрсұлтан Назарбаевтың даналығы мен даралығын, кемелділігі мен кемеңгерлігін тарих және жүріп өткен жолымыз еріксіз мойындатары анық. Ең бастысы туған елі мен туған халқына, Қазақстанды мекендеп отырған барлық ұлттар мен ұлыстардың мүддесіне адал қызмет ете білген біздің Президентіміздің адами қасиеттерін өзге елдердің халқы анық танып, сүйсіне білетіндігі және «Назарбаевтай Президенттерің бар қазақтар сендер бақыттысыңдар!»–деген сөзді сыншы жат көздің көріп тануы мен айтылып келе жатқандықтары бізге үлкен ой салса керек-ті. Әңгіменің адалын айтар болсақ, қазақ баласы біз Нұрсұлтан Назарбаевқа әрдайым ризамыз. Ең бастысы қазақ баласын шашыратып алмай, ұлын құл, қызын күн қылмай, жерінің тұтастығын, елінің амандығын, мемлекетінің абыройын асқақтата білгендігі үшін ризамыз! Күні кеше дейік, Қазақстанның ТМД елдерін былай қойып, бүкіл түркі әлемінде тұңғыш болып Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуі, Астана Саммитін өткізуі және Астана Декларациясының қабылдануы әлем тарихының беттеріне алтын әріптермен жазылып қалғандығы анық. Сол әлемдік көне тарихтың бір бетіне қазақ деген елдің тарауын өз қолымен жазып қалдыра білген де – Нұрсұлтан Назарбаев! Бұл енді өшпес тарих, өлмес кезең болып мәңгіліктің мәңгілігіне жалғасып кете берер ғұмырлы дүние. Сол ғұмырлы

дүниенің алып ағыстары мен толқындары, алапат дауылдары мен нөсер жауындары, өрекпіген даулары мен өштескен кектері, бір-біріне кезеңген отты да оқты қарулары арасынан біздің киелі де қасиетті елімізді, қазақтың кең байтақ жерін, көрген қасіреті де, тартқан бейнеті де, кешкен азабы мен мазағы да бір басына жетерлік қазақ халқын бүгінгі күні айдай әлемге танытып, Шығысқа мұрнын шүйіре қарайтын зайырлы Еуропаның өзіне төрелігін жүргізіп, билігін айтқан Қазақстанды сол биіктікке көтерген, ол да – Нұрсұлтан Назарбаев! Әлем осы күні Қазақстанның және оның Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың пікірімен санасып, ойымен орайласып отыратын болса, бұл да біздің еліміздің айдай әлем алдындағы абыройының асып отырғандығының көрінісі болса керек-ті. Қазіргі дүние биліктің есерлігін көтере алмайтыны бар. Дүниеге есті басшы, есті қайраткер, есті саясаткер қажет. Осы қасиеттердің барлығы да біздің Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың тұла бойынан табылып жататындығы тағы да дау тудырмайтын мәселенің бірі. Ақыл мен қайрат, сабыр мен ұстамдылық, көрегенділік пен кемеңгерлік, жер жаһанның тіршілігінің тынысын терең сезіне білушілік, адам баласының қасіретіне бей-жай қарай алмайтын ізгілік пен мейірімділік, жылағанды жұбата білер, құлағанды сүйей білер қайырымдылық, әділдік пен адалдық сияқты адами асыл қасиеттер жүрегінен нұр болып төгіліп тұрар біздің Президентіміздің осы бір қасиеттерінің шапағатына жалғыз қазақстандықтар біз ғана емес, дүние халықтарының да бөленіп келе жатқандығын да айтқан ләзім. Елбасының жалпы адамзаттың мүддесі үшін Семей атом полигонын жабуы, іргедегі Қырғыз елі халқының жағдайының қиын тұсында және соңғы ширек ғасыр бойы түрлі желеумен соғыс полигонына айналып отырған Ауғанстанға көмек пен қамқорлығының қолын созуы, кедейшілік пен жоқшылықтың, ашаршылық пен тойып тамақ ішпеудің азабын тартып отырған кедей мемлекеттер үшін әлемнің дамыған елдерінің бәрінің де өздерінің әскери бюджетінің жыл сайын бір пайызын беріп отыру жөнінде дүниеге алғаш рет ой айтқан біздің Президентімізді адам мүддесін бәрінен де биік қойып, бәрінен де қасиетті санайтын әлемдік деңгейдегі бірден-бір саясаткер екендігін адал ниетті адамзат әлде қашан танығандығы да бар. Міне, біздің бағымызға, біздің кемелді ел болуымызға Нұрсұлтан Назарбаевтай ұлы тұлғаның бұйырғандығына шүкіршілік етіп, тәубемізге келсек болар еді. Абылайдың абыройлы, Қасымханның қасиетті жолымен елін бастап, бұл күндері қазақ баласының аспандағы бағының жұлдызын жандыра білген Нұрсұлтан Назарбаевты өз елінің Президенті етіп қайра сайлап алған халқымыздың бұл жолғы даналығына да риза көңілмен сүйсінеріміз бар. Данасын даралауға, батырын бағалауға, ерін елеуге, кемеңгерін қолдауға, биі мен шешенін асқақтатуға келгенде жаңылмайтын халқымыздың даналық қасиеті тағы да танылды. Е, қанымызға біткен осы бір қасиетіміз қашан болсын ұрпағымыздың бойынан өшпесе екен, көшпесе екен деп тілерің тағы да бар. Біз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты қайрадан өз Президентіміз етіп сайлау арқылы өз еліміздің Тәуелсіздігінің одан әрі бекіп, нығая түсуінің

жаңа мүмкіндіктеріне жол аштық. Біз қазақ еліндегі бүгінгі жарасты ынтымақ пен бірліктің, татулық пен достықтың тамырына одан әрі бекіп, тереңдей түссін деген ниетпен нәр құйдық. Біз тәуелсіз Қазақстанның экономикалық саладағы қуатының жаңа мүмкіндіктерінің өркендеуінің тетігіне серпін бердік. Біз барлық қазақстандықтардың үмітті болашағының жаңа оттарын жағып, жарқын күндерге деген сенімін нығайта түстік. Елдің өз Елбасына деген сол сенімі біздің бүгінгі, ертеңгі және болашақтағы барлық жеңістеріміз бен жетістіктеріміздің басты кепілі болып саналатындығы да анық. Бұл жолғы да сайлауда Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жеңіске жететіндігіне көңілімізде ешбір күмәннің болмағандығы да анық еді. Өйткені, туған елін тағы да бір абыройлы асуға шығару үшін 2020 жылға дейінгі болашағымызды болжап отырған Елбасының саясаты да, Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауы да барлық қазақстандықтардың көңілінен шығып, сол патша көңілдегі сенімді нығайта түскендігі бізді осы бір жеңіске жеткізді. Осы сайлауда Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Ақмола облыстық қоғамдық штабының төрағасы және сенімді өкілі болғандығымды өз өмірімнің ең бір жауапты әрі бақытты кезеңінің бірі деп санарым бар. Осы міндетті атқару кезінде халықтың, соның ішінде барша көкшетаулықтар мен ақмолалықтардың Елбасыға деген ықыласының түпсіз тереңдігін, ниеттері мен көңілдерінің сүттей тазалығын, тілектерінің адалдығын тағы да бір тани түстім. Әсіресе, Елбасының кандидатурасын қолдау кезінде қол жинаудағы облыс жұртшылығының белсенділік танытқандықтары осы күні зор бір ризашылықпен еске түсер еді. Және де біздің кандидатымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сайлау алдындағы үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу тұсындағы халықтың жанашырлықтары мен ниет ортақтастығы қуантып, жеңіске жетеміз деген ойымызды бекіте түскен-ді. Қоғамдық штабтың жанынан құрылған қоғамдық қабылдауға келушілердің қатары бірде-бір сиреген жоқ. Өмірден көргені де түйгені де мол Мейрамбек Қиықов басқарған бұл қоғамдық штабқа Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат Н.Ә.Назарбаевтың атына халықтан 851 аманат келіп түсті. Мұның басым көпшілгі ақмолалықтардың Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа деген өздерінің ризашылықтарын білдіріп, алғыстарын айтып, сайлауда жеңіске жетуіне тілектестіктерін жеткізіп, өздерінің қолдайтындықтарын айтып жазған хаттары еді. Әрине, өмір болғаннан кейін, оның өзекті мәселлеері қозғалған жайлар да болды. Коммуналдық-тұрғын үй мәселелерін, зейнетақы заңдылығын жетілдіру жөніндегі ұсыныстар да болмай қалған жоқ. Азаматтардың өтініш тілектерінің 230-ы, яғни, 45 пайызы жергілікті атқарушы органдарының араласуымен бірден шешілгендігін айта кеткен жөн. Біраз мәселелердің түйінін шешу үшін бақылауға қойылды. Биылғы жылдың 13 қаңтары күні «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясының төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Зайроллаұлы

Нығматулиннің бастамасымен «Қазақстан-2020» Жалпыұлттық Демократиялық Күштер Коалициясы құрылған болатын. Бұл коалицияның төңірегіне Қазақстандағы біраз саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдар бірігіп, олар Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Қазақстанды индустрияландырудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасын жүзеге асыруға жан-жақты қолдау көрсету үшін бір мәмілеге келген болатын. Мұндай коалиция біздің облысымызда да құрылып, олар барлық аудандарды аралап шығып, халықпен кездесулер өткізіп, біздің кандидатымыздың сайлау алдындағы бағдарламасын кеңінен түсіндіріп, Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстанның 20 жылдық тарихындағы атқарған ісі жайлы халықтың көңілінен шығарлық әңгімелер айтып, елді бірлікке, ынтымаққа және өз болашақтарын дұрыс таңдауға шақырды. Облыстық коалицияның құрамында жұмыс істеген Көкшетау мен Қараөткелге есімдері белгілі тұлғаларды бөле-жармай-ақ солардың әрқайсысына шынайы алғысымызды айтамыз. Олар облысымыздың барлық аудандарын аралап шықты. Кездесулер өткізді, жұртшылықты бірлікке ұйытар сөздерін айта білді. Сондай-ақ біздің кандидатымыздың мүддесі үшін күні-түні уақытпен санаспай жұмыс істеген негізінен жастардан құралған 1700-ден астам еріктілерге (волонтерлар) қалай риза болмассыз?! Өз елінің шынайы патриоттары болып өсіп, жетіліп келе жатқан сол жастарды көріп те көңіліміздің марқаятындығы бар. Ендігі арада сол жастарымыздың тілеуін тілейік те! Биылғы сайлаудың барынша әділ әрі таза өткендігін айтқан жөн. Біздің облысымыздың өзінде 50-ден астам шетелдік бақылаушылар жұмыс істеді. Олар сайлауға дейін үгіт-насихат жұмыстарының қалай жүріп жатқандығына көңіл бөлсе, сайлау күні дауыс беретін учаскелерде болып, өз бақылауларын жүргізді. Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының халықаралық бақылаушысы Кетлин Вилли және Германия Федеративтік Республикасынан келген бақылаушы Михайл Лаубш, Ресей Федерациясы орталық сайлау комиссиясының төрағасының орынбасары Станислав Вавилов және де Польшадан, Белоруссиядан, Словакиядан келген бақылаушылар да өздерінің қорытынды әңгімелерінде Қазақстандағы биылғы сайлаудың барынша заң аясында, демократиялық негізде жүргізілгендігін атап көрсетті. «Қазақстан-2020» Республикалық Жалпыұлттық Демократиялық Күштер Коалициясының бір топ мүшелері Көкшетау және Степногорск қалаларында болып жұртшылықпен жылы жүздесулер өткізді. «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясының хатшысы Сергей Николаевич Громов бастап келген бұл коалиция мүшелері облыс орталығындағы «Көкшетау» мәдениет сарайында, «Тыныс» акционерлік қоғамында, «СТ-Агро» фирмасында кездесулер өткізді, елдік сөздерін айтты. Әсіресе «Әділет» демократиялық партиясының төрағасы, халқымыздың қабырғалы азаматы, Елбасының сенімді серігі Мақсұт Сұлтанұлы Нәрікбаевтың «Уа, ұлы Абылайдың ұрпақтары!»,– деп бастаған сөзі қалың жұртшылықты қырандай дүр сілкіндірді. Сонымен бірге Парламент депутаттары Анатолий Башмаков,

Наталья Геллерт, Қазақстанның іскер әйелдері ассоциациясының президенті Раушан Сәрсенбаева, Қазақстан кәсіподақтарының төрағасы Съезбек Мұқашев сынды елдің белгілі қайраткерлерінің сөздері де халықтың көңіліндегі сенімдерін нығайтып, бір желпінтіп тастағандығын неге айтпасқа?! Тоқсан ауыз сөздің түйінін айтар болсақ, Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат Н. Ә.Назарбаевтың Ақмола облыстық қоғамдық штабы өзінің миссиясын ойдағыдай атқарып шықты деп түйіндер едік. Осы орайда штабтың барлық мүшелеріне алғысымды айтамын. Ең бастысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев үшін дауыс беріп, еліміз бен еріміздің мерейін асырған барша сайлаушыларға ризашылығымызды білдіреміз. Бұл жеңіс еліміздің болашағы үшін керек еді! Соған қол жетті! Қазақстан Республикасының Президенті болып сайланған халқымыздың адал перзенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты барлық көкшетаулықтар мен ақмолалықтардың атынан құттықтай отырып, еліміздің де, Елбасының да амандығын тілейміз. –Осы күні мына жалындап өрттеніп жатқан дүниеден елімді қалай амансау алып қаламын деп күні-түні алаңдап жүрмін,–деген Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың осы бір ауыз сөзі Елбасының кемеңгер көкейіндегі адал ойын танытып тұрғандығы анық. Кәне, ағайын, осы бір адал ойымен елінің мүддесін ойлаумен бар саналы ғұмырын өткізіп келе жатқан тағы да сол ұлы міндеттер мен мүдделер жолында, болашағымыз үшін, Сіз бен біз үшін тағы да атқа қонып, таққа мінген Елбасыға тілекші де тіреуші болайық!

(Ақмола облыстық «Арқа ажары» газеті, 5 сәуір 2011 жыл, «Егемен Қазақстан» газеті 14 сәуір 2011 жыл).

ЕРДІ ЕЛ ҮШІН ЖАҚТА

Ата жұрты бұқара, Өз қолында болмаса. Қанша жақсы болса да, Қайратты туған ел ғаріп! Асан Қайғы.

«Сіз 1991 жылғы 1 желтоқсанда бүкіл халық сайлаған Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың өкілеттігінің мерзімі 2000 жылғы 1 желтоқсанға дейін ұзартуға келесіз бе?». Қазақстан халықтары Ассамблеясының шешіміне орай сәуірдің 29 күні өткізілетін Республикалық референдумның бюллетенін қолыма ала отырып мен сол күні ойланбастан-ақ осы бір сауалға «Келісемін» деп бірден жауап берерім ақиқат. Өйткені, қазақ елінің тәуелсіздігі мен бостандығын, бірлігі мен ынтымағын қорғап та, қолдап та қалудың тағы бір сын сағаты туғандай қазір. Қазақстан Республикасы өз мемлекеттігінің қалыптасу шағындағы саяси және экономикалық реформаларды жүзеге асыру жолында күрделі кезеңді басынан кешіп отырғаны әркімге белгілі жай. Міне, ел тағдырының осы бір қиын да қилы кезеңі саяси аренадағы күресті ширықтыра түсті. Бұл күрес тіпті алдағы жылы болатын кезекті Президент сайлауының мәресі жақындаған сайын өршіп бара жатқандай. Тіпті елімізде сайлау марафоны басталмай жатып-ақ Президенттік тақтан үміткерлер өз көкейлерін жасырмай, қазақ жерін мекендеп отырған халықтардың ой-санасына, ұлттық сезімдеріне ши жүгірте бастады. «Мен орыс тіліне мемлекеттік мәртебе алып беремін», – деп мәлімдеуден танбады президент болуды армандаған бір зиялы. «Қазақстан – ұры-қарылардың мемлекетіне айналып барады»,–деп байбалам салады бір «халық қалаулысы» сөйлеген сайын. «Ауылдағылар аштықтың аз-ақ алдында тұр»,–деп те халық қамын жегенсіді бедел алғысы келген бір белсенді. Десек те, қазақ елінің дербес бір мемлекет болып қалыптасуындағы ауыр да азапты кезеңнің кемшін тұстарын айтумен бірге елдің қамын жеген едігелігіміз рас болса, біз тар жолдан шығудың ретін де түсіндіріп, қалың бұқараға жөн сілтеуіміз керек еді ғой. Кемшілікті, жоқшылықты, жетіспей жатқандықты кім білмей отыр? Бірақ сол кемшілікті қалай түзейміз, жоқты қайдан, қалай табамыз, тоқтап тұрған өндірісті қайтіп жүргіземіз, жалпы ел экономикасын қалай көтереміз деген сияқты сандаған сауалдар алда тұрғаны да анық. Бір өкініштісі, президенттіктен үміткер болып жүргендер де, елдің қамын жегіштер де кемшілік атаулының тұздығын шайқап, қайра-қайра көптің есіне салумен болады да – «бұлай етсек ел боламыз», «былай жүрсек көшіміз түзеледі» дегенге бара алмайды.

Демократияны желеу етіп, елдегі саяси жағдайды қалыптан шығаруға әрекет жасаушылар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа «елдегі бар кемшілікке сол кінәлі» деген айып тағудан да ұялар, қымсынар емес. «Одағым тыныш еді»,–деп Кеңестер үкіметін сағынып жүргендер: «Шіркін несін айтасың, коммунизмде өмір сүрген екенбіз-ау»–деп, кешегі күні еркін де есепсіз жүрген-тұрғанын, ішкен-жегенін аңсайтындар мен көксейтіндер көбейіп барады арамызда. Ал, енді Кеңес үкіметінің құлап қалуына Назарбаевтың ешбір қатысы жоқ еді ғой. Беловежск келісіміне сәйкес Кеңестер үкіметін ыдыратып, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығын құру жөніндегі құжатқа қол қойғандардың арасында Нұрсұлтан Әбішұлының болмағандығына бәріміз де куә емес пе едік?! Болмаса, Назарбаев Одақтан Қазақстанның бір өзін ғана бөліп алып, тәуелсіздігін жариялап, жеке дара «хандық» құрған жоқ еді ғой. Елбасымыз ақырын жүріп, анық басып, әліптің артын бағып, атабабаларымыз ғасырлар бойы армандаған азаттықты оқ шығармай-ақ, терең де білгір дипломатиялық жолмен алып берген жоқ па еді?! Міне, қазақ елінің осы азаттығы мен тәуелсіздігі – Елбасының тарих беттеріне алтын әріптермен жазылатын және де мәңгі жасайтын ерлік істерінің бірі. Қазақстан Республикасын әлемнің өркениетті елдерінің тануы, Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше болуы, Халықаралық валюта қорына енуі сияқты аз уақыттағы тарихи маңызды істерді ұмытуға болмас, әрине. Бұғанасы бекіп, қабырғасы қатая қоймаған Республикамыздың тәуелсіздігіне қолдау, араша сұрап, түрлі мемлекеттер басшыларымен кездесе жүріп, елінің іргесін нығайта білген, қауіпсіздігін бекіте түскен Президент АҚШ, Англия, Ресей, Қытай сияқты алпауыт державалардың алдында тәуелсіздігімізге бүкіл әлем көзінше кепілдік алып беруі оның тағы бір тарихи ерлігі деп білсек керек еді. Рас, ел өмірінде, экономикасында, тұрмысында қиындықтар жоқ емес, бар. Халқының мұң-мүддесін, мұқтажын, баршылығы мен жоқшылығын Президент осы бізден артық білмесе кім біледі деп әсте де ойлауға болмас еді. Экономиканы дағдарыстан шығарып, халықтың әл-ауқатын түзеу үшін Елбасының қарап отырмағаны және де анық. Кеңестік жүйенің «бәрі де адам үшін» деген жалған ұранымен өмір сүріп, тоғышарлыққа, масылдық пиғылға ұрынған біздер әлі де болса дүкен сөрелерінде толып тұратын саны бар да сапасы жоқ дүние-мүліктерді көксеумен босқа жүргендейміз. Тарих біздің алдымызға дамудың, нан тауып жеудің басқа жолын, басқа амалын, яғни рыноктық қатынас жүйесін тартқандығына әлі де мойын ұсынғымыз келмей отыр. Одақ ыдырағаннан кейін бір орталықтан қамтамасыз етудің күре тамыры үзілгені анық. Үлкен заттарды қойып, қара шегенің өзін сонау Ресей еліндегі зауыттардан тасып алып жүргендігіміз біздің жетпіс жылдағы жетістігіміз бе еді?! Жоқ, әрине! Ендеше тәуелсіз елімізде сол қара шегеден бастап бәрін де өз қолымызбен жасауға тиістіміз. Міне, ел тәуелсіздігі өзіңе қажеттіні өз қолыңмен жасаудан, яғни экономикалық тәуелсіздіктен бастау алса керек еді. Ал енді осыған талаптанып отырмыз ба? Өз елін, өз халқын әлемнің барлық өркениетті дамыған елдері жүріп өткен рыноктық қатынастар жолымен бастап, қазақ елінің гүлденуін, экономикасының даму

жолдарын жер-жердегі ғұламалардан бір сұрап, тәңірінен бір тілеп, ізденіп те, халқының ырысын іздеп те жүрген Назарбаев ерлігінің бір тармағы осында жатқандай. Саяси сахнадағы айтыс-тартысқа құлақ түрсең, «Назарбаев өз халқына жақсылық жасай алмай отыр»,–дегенді естуге болар еді. Алайда, зерделей білсек, тереңінен ой түйсек, «ол қандай жақсылық болуы керек еді?» деген сауалдың көкейге келетіні бар. Ұлттық шектеулікті ғана дамудың дұрыс бір жолы деп санайтындар «Қазақстан тек қазақтар үшін»,– деген ұранды ұстағысы келеді. Бұл қате. Осы күндері қасиетті қазақ жерін мекен етіп отырған жүзден астам ұлт өкілдерінің, тағдыр тауқыметін арқалап, жер ауып, арыпашып, сорлап келген көптеген халықтардың дәм-тұзын біздің елден жазбап па еді. Міне, біз бүгінгі күні сол халықтардың ұрпақтарын көзге түртіп, бақытты өмір сүре алар ма едік? Болмаса Молдова, Азербайжан, Армениядағыдай, Тәжікстан мен Кавказдағыдай кешегі көршімізбен, дәмдес болған ниеттестермен енді «ұлттық мүдде» үшін қару тілімен сөйлесуіміз қажет пе екен?! Жоқ, әрине! Қазақ еліндегі тыныштық, бейбіт өмір, достық пен татулық, түрлі ұлттардың ынтымағы мен бірлігі түсіне білгенге, Президент Назарбаевтың ең әуелі өз халқы, өз қазағына жасап отырған басты әрі ең қымбат жақсылығының бірі емес пе?! «Дүниеден ешбір халықтың басқа халықтардан артық болып жаралмағанына мен кәміл сенемін», – деген неміс философы Готхольд Лессингтің тұжырымын еске алар болсақ, өз еліндегі жүзден астам ұлттың ынтымағын, бірлігін жарастырып, қазақ елінің тыныштығын сақтап отырған Елбасы ерлігінің ендігі бір парасы, міне, осыған келіп саяды. Қазақ елі тарих сынының тағы да бір жауапты сәтінде тұр. Ел үміт артып ер деп жүрген азаматтарымыз тақ таласы үшін тайталасқа түсіп, бұл сайысқа әркім өзінің руын, өзінің жүзін қосып, ел алауыздығын туғызып, тәй-тәй басқан тәуелсіздігімізді әлсіретпейік, еліміздің бей-берекетін кетірмейік десек, қазіргі Президентіміздің тілеуін тілейік! Әлем елдері танып, жат жұрттың халқы сүйсініп, сөзіне де, ісіне де қол соғып отырған Назарбаевтай ұлыңа сен де үмітіңді арт, ағайын! Әлемдік саяси аренада ысылған, жер шарының кез келген мемлекетінің басшысымен халқын да, елін де теңестіре сөйлесе алатын, өз халқын перзенттік жүрегімен сүйе білетін, Қазақстан Республикасының жаңа ғана көтерілген көк байрағын терең ойымен, ақыл парасатымен өз қолында сенімді ұстап тұрған Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтай ерің барына қуан, елім!

ҚАРАСАЙ БАТЫР ЖӘНЕ БҮГІНГІ ДӘУІР

Қазақтың Қарасай батырының туғанына 400 жыл толуына орай Алматы қаласында 1998 жылдың 31 шілдесінде Қазақстан Республикасы Ғылым Академиясы мен Алматы облыстық әкімшілігі бірлесіп өткізген ғылыми-теориялық конференциясында сөйленген сөз.

Құрметті ханымдар мен мырзалар! Ардақты зиялы қауым! Адамзат дәуірінің жаңа бір кезеңі – ХХІ-ші ғасырдың босағасын аттағалы тұрған қазақ халқы өсіп, өркендеу, даму жолдарында өзінің көшкөлігімен талай да, талай бір қилы кезеңдерден өтіп келе жатқаны бар. Егеменді ел болып ес жиған соңғы бір бес-алты жылдың уысына сыйған тарихи оқиғаларды саралай отырып, бүгінгі күнге аман-сау жетіп, өзіміздің көк байрағымызды көтере алғанымызға шүкіршілік етеді екенсің. Әлемдік өркениет талай-талай халықтардың, небір ұлттар мен ұлыстардың жойылып кеткендігін біледі. Біз де жойылып бара жаздап... бара жаздап еңсемізді түзеген, ақын Жұбанша айтқанда «Мың өліп, мың тірілген» жайымыз бар. Не бір ұлтты, не бір халықтарды, не бір мемлекетті жою үшін қарулы соғыстың қажет те емес екендігін кеңестік империя өзінің билеп-төстеген кезеңдерінде небір сұмдық әрекеттерімен көрсетіп-ақ кетті. Кез келген халықты тарих сахнасынан жойып жіберу үшін әуелі оларға өздерінің кім екендіктерін ұмыттыру керек екен. Сол үшін жасалған небір әрекеттерден, әсіресе тілін, тарихын жоюдан басталған саясаттың құрбаны бола жаздаған халықтың бірі – қазақ халқы екендігін ұғына түсесің. Бүгінгі осы күнге тіліміз шұбарланып, ұлттық қасиетіміздің тұнығы лайланып жеткенімізбен, рухы мықты, ерлігі мен елдігі күшті қазақ халқы әйтеуір сақталып қалған еді. Қазақтың Қарасай батырының өмірін, ол өзі өмір сүріп, дәурен кешкен кезеңдерін зерттеумен айналысқалы, жылдар жылнамасын ой елегінен өткізе отырып, осы бір тұжырымға келген едім. Аруағы бар адам ғана атқа қона алады елі үшін! Рухы мықты халық қана өзін-өзі сақтап қала алады әрдәйім! Осы бір ақиқатқа жүгіне отырып, Қарасай Алтынайұлының көшелі ерлігі тұтас бір халықтың тарихтың белгілі бір кезеңінің алыс-жұлыс, тартысты, қиян-кескілі кезеңдерінен аман-сау өтуіне, елін сақтап, жерін сақтап, бесігін тербетіп, босағасын бекітіп, іргесін нығайтып алуына тигізген әсері жайлы бүгін ғана ойлануға мәжбүрміз.

Елдіктің туын, ерліктің туын Жанай батырдың қолынан 17 жасында алған Қарасай Алтынайұлы соңғы жорыққа 66 жасында қатысқан екен. Өзінің 73 жылдық ғұмырының 49 жылын ат үстінде өткізген бабамыз 1618 жылы Шапырашты қолымен Арқадағы Бүркітті, Болатты екі таудың арасында қан бұланған соғыс салып, қалмақтарды қырмаса, 1620 жылы бөрілі байрақты көтеріп Тобыл өзенінің бойында ұрыс салмаса, 1627 жылы Жайық бойындағы жекпе-жекте тоғыз күн қасқайып тұрмаса, 1643 жылы ойраттардың тұтқынынан Жәңгір ханды босатып, Арқалыдан Аңқайға дейін жауды қумаса, 1646 жылы қазаққа қарсы қайта соғыс салған Батыр қоңтайшының әскерін қырғынға ұшыратпаса, 1652 жылы қырғыздарға шабуыл жасаған Батыр қоңтайшының оң қолын шауып түсірмесе күнің не болар еді, халқым?! Ошағыңның күлі шашылып, ұлың құл, қызың күң болып кете бармас па едің?! Сол бір айқастарда, сол бір жекпе-жектерде, тұтас бір қазақ халқының тағдыры найзаның ұшында, қылыштың жүзінде тұрған белгілі бір шешулі сәттерде қызыл жолбарысты аруағың қолдап жеңіп шыға білген, Қарасай баба, аруағыңа бас иеміз, ерлігіңді қастерлейміз, есіміңді әспеттейміз! Қазақтың Қарасай батыры Көкшетау өңірінің Айыртау сағасында жерленген. Тарих, тарихи шындық осыны айтады. 1913 жылы профессор Румянцев жыйнап, Петербургте бастырылған «Верный уезі» деген кітапта: «Бір кездері Қарасай руы қазіргі Ақмола облысының аймағында тұрған, әңгіме төркініне қарағанда, Қарасай мүрдесі Көкшетау уезінің Айыртау сағасында», – деп жазылуы және бұл әңгіменің Қазыбек бек Тауасарұлының «Түп-тұқияннан өзіме шейін» жазбаларында, белгілі жазушы, қоғам қайраткері Балғабек Қыдырбекұлының, заңгер Арықбай Ағыбаевтың зерттеу еңбектерінде де нақтылы тұжырымдалған. «Осы бір жылдары қазақ елі аз да болса тынышталып, жаға жайлау, етек қыстау болған заман бола қалды. Қарасай батыр бірсыпыра туғандарымен өзінің қанды көйлек досы Ағынтай еліне көшіп барды. Онда бір жылдай тұрып, – деп жазылған Қазыбек бек жазбаларында–1617 доңыз жылы тамыз айында жетпіс үш жасында дүниеден өтті. Сүйегі Арқада, Айыртау деген жерге қойылды». Міне, бұл айтылған жай Қарасай батыр Көкшетау жеріне қайдан барды деген көптеген сауалдарға, көптеген күдіктерге берер жауап болса керек. Бәлкім, тарихи сабақтастық деген осы болар, тәуелсіз еліміздің астанасының Сарыарқаға көшірілуі және халқымыздың бұл көшін үш ғасырдан астам уақыттан соң Қарасай баба ұрпағы – Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тікелей өзінің бастап келуі аруақты баба ізінің, баба ерлігінің жалғасы іспеттес. – «Балам, сен биыл жылқыңды отарлап алысқа кеткін, қыстың қатты болатын түрі бар. Өйткені құстың ұшуы, бұлттың көкте жүзуі, желдің ұйтқып теріс соғуында бір ерекшелік бар, мал бұл жерде тұрса қырылып қалар»,–деп Қарасайдың әкесі, абыз қарт Алтынай айтқан ақылмен малын да, елін де жұттан аман сақтап қалған Қарасай бабамыз да, бүгінгі күні бір рулы елдің ғана емес, тұтас бір қазақ ұлтының, қазақ халқының туын ұстап отырған ұрпағына: «Балам, аранын ашып ХХІ-ші ғасыр, тажал ғасыр келе жатыр.

Еліңе де, жеріңе де көз алартушылар, біздің жеріміз деп даурығушылар көбейіп барады. Сарыарқаға, Арқаға қарай, мен жатқан қасиетті мекенге қарай жылжы, жақында, еліңнің шебі нығаяр, берекесі артар, жүзге бөлініп, бір-бірімен жүздесуден, руға бөлініп бірімен бірі кездесуден қалып бара жатқан халқыңның аралас-құраласы басталар, бір-біріне деген бауырлық, достық ниеттері күшейер», – деп аруақты баба Елбасымызға аян бергендей болып сезіледі дәл маған. Көкшетау өңірі Қарасай Алтынайұлының туғанына 400 жыл толуын атап өтуге әзірленіп жатыр. Мен басқаратын Көкшетаудағы аймақтық «Қарасай батыр» қоры «Қазақтың Қарасай батыры» деген деректі кітапшаны құрастырып, баспадан шығарды. Осы алқалы жиын үстінде бұл еңбектің жарық көрінуіне демеушілік жасаған Қарасай ұрпақтарының бірі – Болат Әбішұлы Назарбаев ағасызға мың да бір алғыс айтамыз. Баба аруағы қолдай берсін әрдәйім! Облыс әкімі Даниал Кенжетайұлы Ахметовтың тікелей басшылығымен, қамқорлық жасауымен Шапырашты Қарасай мен Арғын Ағынтай батыр бабалар басына монумент тұрғызылмақшы. Ол «Шаңырақ» деп аталады. Шаңырақ деген қазақта қасиеттті ұғым, қасиетті де киелі дүние. Батыр бабаларымыз Шапырашты Қарасай мен Арғын Ағынтай небір ұрыстарда бір-біріне арқаларын түйістіріп қойып жаумен айқасады екен дегенді айтады шежіре. Егер сол бабалар бір-біріне арқаларын тіреп, бірін бірі қорғай ұрыс салмаса, қаншама білекті, қаншама жүректі болса да жау найзасына түйреліп, жау қылышына туралып қалар еді ғой. Қасиетті сол бабалардың, қанды көйлек сол достардың мәңгілік дүниеге сапар шеккен сәтте де бір төбенің басында жатуы, қабірлерінің қатар болуы да құдыреттің әмірі, болмаса сол батырлардың қасиеттері дерсіз бе?! Көкшетау жеріндегі Құлшынбай төбесінің биігінде қатар жатқан Шапырашты Қарасай мен Арғын Ағынтай батыр бабаларымыздың басына «Шаңырақ» атты кесене тұрғызылар болса, бұл күндері бір қазақтың баласын жүзге, руға бөлгісі келгендерге қазақтың ауыз бірлігі, ынтымағы болмаған деп өзеурейтіндерге, жерімізге көз алартатындарға «Шаңыраққа қара», «Шаңыраққа қарап сөйле»,-дейтін болар едік. Осы кесененің көрікті жеріне Қарасай бабамыздың: «Енді қазақ халқының бетіне қараған, қазақ жеріне көзін алартқан жаудың бәрі тізерлейтін болады»,–деген дуалы аузынан шыққан осы бір ауыз сөзін алтын әріптермен жазып қоюды ұсынар едім. Көкшетауда «Шаңырақ» көтерілер, Көкшетаудың шаңырағы тағы да... тағы да бір көтерілер деп сенеді көңіл... Ел шетіне жау тигенде оған бірге шапқан, ажал жеткенде де бір төбенің басында бірге жатқан қасиетті бабалар салған достық пен бірлікті, ерлік пен елдікті енді біздер қастерлей білсек екен! Саналы көңілге осыны айтқың-ақ келеді. Осы орайда академик Манаш Қозыбаевтың Қаскелең ауданын Қарасай ауданы деп атау жөніндегі ұсынысын қолдағанға не жетсін! Ортайып бара жатқан, тіпті сарқылып, тартыла бастаған ұлттық рухты қайра толтырудың кәусар көзі біздің ерлікке толы тарихымызға жатыр. Сол тарихымыздың бұлақ көзін аша білейік. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы

Назарбаев ескерткеніндей, бір рудың, бір атаның тарихын емес, қазақ халқының тарихын жасау мен жазуға жұмылсақ екен. Соңғы бір жылдары әр ауыл бөліп алып, өз батырлары мен бектерінің құрметіне өткізіп жатқан тойлар мен астардан алар сабақ: Қарасай батырдың есімі бір ғана ауылдың төңірегінде қалып қоймаса екен деп алаңдайсың. өйткені бабамыздың сонау 1620 жылы Есім хан берген: «Сен енді қазақтың Қарасай батыры болдың» деген тарихи аты бар, ірі тарихи тұлға екендігін ұмытуға, ескермеске болмас! Шындық мынаны айтқызады: ұлт рухани байымай малға жарымас, ұлттық сана жетілмей бабалар айтқан өсиет дарымас ұрпағымызға! Осылай қарай сапарға шығар күні түс көрмедім. Түсіме Абылай ханның Ақбас бурасы, Қарасай батырдың қызыл жолбарысы кірді. Ақбас бура Көкшетаудың Сексен көлін жағалап су ішіп жүр екен, қызыл жолбарыс Оқжетпестің биігіне өрмелеп барады екен! –Е, қасиетті де аруақты балаларым-ай! Елің мен жеріңді қорғап, халқыңды қолдап, желеп-жебеп жүр екенсің-ау, – деп бабалар рухына дұға қылдым. Көкшетауға қасиетті бабаларымыздың аруағы – Ақбас бура мен қызыл жолбарыстың оралғанына, келгеніне қуанып, тәубә етіп жүрмін. Енді сол аруақтарды ренжітіп алмасақ екен, соларға сыйына білсек екен деп алаңдайсың! Көкшетауда жатқан сол аруақтар өз елін, өз халқын, өз жұртын, сондай-ақ Сіздерді қолдап жүрсін әрдәйім!

(«Көкшетау» газеті, 7 тамыз 1998 жыл). ҰЛЫҚТАУ Қазақ елі үшін жаңа дәуір 1999 жылдың 20-шы қаңтар күні басталып кеткендей... Нұрсұлтан Назарбаевтың ақ жолмен жаңа мыңжылдыққа қадам басқан тарихи сапарының алғашқы жеті минуты жер-әлемді жеті дүркін жаңғыртып жатты...

Ұлы даланың бүгінгі салтанаты «Сарыарқа» күйімен шалқып жатқандай еді. Қазақ баласының рухы да, елдігінің туы да асқақтап, көңілің өсе түседі. Тәуелсіз ел болған жеті жылда әлем назарын өзіне аударарлық Мемлекет болып қалғанымызға тағы да бір сене түсесің. Соған сенесің де, «енді алаңдайтын ештеңе жоқ, жаңа ғасырға, жаңа дәуірге қарай нық қадам баса беру керек» деген ойды ұялатасың көңіліңе. Қазақ елі үшін жаңа дәуір 1999 жылдың 20-шы қаңтар күні басталып кеткендей. Иә, солай! Бұл күні Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің Президенттік қызметін атқаруға кірісіп, Қазақстан халқына адал болуға ант етті! Биылғы жылдың 10-шы қаңтары күні Президенттік сайлаудан өз тақталастарынан басым түсіп, қазақстандықтардың сеніміне ие болған Нұрсұлтан Әбішұлының осы бір Ант қабылдау сәтіндегі жүрек лүпілін, көңіл толғанысын Конгресс-холлаға лық толған өз халқының өкілдері, дүниенің әр елдерінен келген мәртебелі меймандар айқын сезіп еді. Расында да бұл кез келген адамның жанын тебірентіп, жүрегін толғанысқа салатын қасиетті бір сәт-ті. Назарбаевтар әулетінің шақыруымен осы бір қасиетті сәтке қатысқандығыма қуанатындығымды жасыра да алман. Өйткені бұл ел тарихының бақытты бір сәті еді!.. Елордасы Астана қаласындағы Конгресс-холлда болып өткен Қазақстан Республикасының Президентін ұлықтау (инаугурация) салтанаты осы бір жарасымды ырыммен басталғандай. Көгілдір жиекті ақ киіз төселген жолмен Конгресс-холлға қарай Нұрсұлтан Назарбаев бет алды. Әппақ қар жауып тұр. Елбасы жүріп келе жатқан ақ жолға табиғаттың өзі де ақ қарымен, ақ нұрымен ақ тілеушісі болғандай. Өзінің резиденциясынан шыққан Нұрсұлтан Назарбаев туған халқының қошеметтеуімен Конгресс-холлға жеті минутта жетті. Осы бір тарихи сәттің жеті минутында дала төсін солқ еткізген зеңбіректен жеті дүркін салют берілді. Жеті санын қасиет тұтатын қазақ баласы үшін осы бір жетілер – тәуелсіздіктің жеті жылы, жеті минут, жеті дүркін берілген салют,

Президенттің алдағы жеті жылдық қызметі сияқты ұғымдар арқылы Елбасының бүгінгі ақ жолының қасиетті жол екендігін ұғынғандай боласың. Нұрсұлтан Назарбевтың ақ жолмен мыңжылдыққа қадам бсқан тарихи сапарының алғашқы жеті минуты жер-әлемді жеті дүркін жаңғыртып жатты... Сол қасиеттті ақ жолмен жүріп келіп, сахнаға көтерілген Нұрсұлтан Назарбаевқа Орталық сайлау комиссиясының төрайымы Зағипа Балиева Қазақстан Республикасы Президентінің куәлігін тапсырды. Сол куәлікті алғаннан кейін Нұрсұлтан Назарбаев оюлы ақ киіздің үстінде тұрып еліміздің Негізгі Заңы – Конституцияға оң қолын қойып: –Қазақстан халқына адал қызмет етуге, Қазақстан Республикасының Конституциясы мен Заңдарын қатаң сақтауға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына кепілдік беруге, Қазақстан Республикасы Президентінің өзіне жүктелген мәртебелі міндетін адал атқаруға салтанатты түрде ант етемін, – деді. Осы бір сәтте Нұрсұлтан Назарбаевтың жан толқынысы оның діріл қаққан үнінен айқын сезіліп тұрды. Туған халқының алдында Ант қабылдау, Ант берудің ұлы қасиеті мен киесін сезінгендей боласың да, жан жүрегің шымырлап кетеді екен. Президент толқиды, әрине! Ол да – адам! Дәуірдің мына бір аласапыранды, аумалы-төкпелі кезеңінде туған елін алуан-алуан асулардан аман алып өту, ХХ-шы ғасырдың тауқыметі мен қасіретін, түрлі зардабын көп тартқан туған халқын ХХІ-ші ғасырға жеткізу және жаңа дәуірдің жақсылығына ілестіріп жіберсем деген арман-мүдде толғандырады Елбасын. Алда не күтіп тұр?! Болашақ қалай болар екен?! Бүгінгі күні барша Адамзатты толғандырып отырған осы бір ойлар мазасыздандырады Елбасын. Осы бір сәтте: «Президент біреу, қалғанымыз оған тіреу бола білейікші» деген қағидалы сөзді әуелі өз қазағыңа айтқың келеді. Әнұран ойналғаннан кейін, президент өзінің қызметін атқаруға кірісуіне орай сөз сөйледі. – Біздің бүгінгі атап өтіп отырған жеңісіміз бір адамның үлесіне ғана тимейді. Бұл – ортақ жеңіс. Бұл – үміткерлердің арасынан озып шыққан бір адамның емес, идеяның салтанат құруы. Бұл – саяси топтың емес, саясаттың табысы, – деп, Нұрсұлтан Назарбаев сайлаудағы өз жеңісін өз халқының жеңісі ретінде бағалады. Алда тұрған қарапайым екі міндет – халықтың тұрмыс жағдайын жақсарту, демократияны дамыту бағытындағы өз ойларын тұжырымдады. Нұрсұлтан Назарбаев өз сөзін аяқтасымен ұлықтауға қатысып отырған достарының, туғандарының, басқа мемлекеттерден келген меймандардың ыстық ықыласты құттықтауларына ие болып жатты. Лауазымды меймандар – Қырғызстан мен Өзбекстан Президенттері Асқар Ақаев пен Ислам Каримов, Ресей Федерациясы Үкіметінің Төрағасы Евгений Примаков, Украина, Молдова, Тәжікістан Премьер-министрлері Валерий Пустовойтенко, Ион Чубак, Яхье Азимов, Иран вице-президенті Мохаммад Хашеми, Түркия Ұлттық мәжілісінің төрағасы Хикмет Четкин, ҚХР Мемлекеттік Кеңесінің вице-премьері Цянь Цигань, Грузия мемлекеттік министрі Важа

Лордниланидзе, Башқұртстан, Татарстан, Ингушетия және Саха Республикаларының Президенттері Мұртаза Рахимов, Мінтемір Шәймиев, Руслан Аушев, Михаил Николаев, ТМД-ның атқарушы хатшысы Борис Березовский және басқалар қазақ елінің Президентіне деген шынайы тілектес екендіктерін танытқандай еді. Ұлықтау рәсімінде елдігіміздің, мемлекеттігіміздің белгісіндей көрінген бір жай – салтанаттың ана тілімізде өткізілуі еді. Сөйлей білгенге қазақ тілінің де кез-келген салтанатта, кез-келген мінбеден асқақ естілетіндігіне, жырдай есітілетіндігіне Президентіміз өзі болып тағы да бір көзімізді жеткізіп, санамызға құйғандай болды. Ұлықтауға қатысушыларға арналған Қазақстан өнер шеберлерінің концертін мемлекеттік сыйлықтың иегері Бекболат Тілеуханов «Арнау» әнімен ашып, салтанатты аруақтандырып жіберді. «Бір Алла өзі жар болсын, баста халқыңды!»–деген ән жолдарындағы жыр-бата әр қазақтың тілінің ұшына келіп, барша халық осылай бата беріп тұрғандай әсерге бөлендік. Астана тойлап жатты. Елорда алаңдары халық серуеніне айналды. Астананың түнгі аспанын мерекелік от шашу түрлі нұрға бөледі. Бүкіл қазақ даласы нұрға малынып тұрған болар, бәлкім?! Өйткені біз үшін жаңа дәуір бүгін басталып кетіп еді. Қадамың құтты болсын, қазақ елі!

(«Көкшетау» газеті, 27 қаңтар 1999 жыл).

ХАН КӨТЕРГЕН ЕЛ ЕДIК ЕР ҰЛАНЫН

2005 жылдың 4 желтоқсанында өткен президенттік сайлауда айқын басымдықпен жеңіске жетіп, қайрадан Президент болып сайланған Нұрсұлтан Назарбаевты ұлықтау рәсімі Астанадағы Ақордада 2006 жылдың 11 қаңтар күні болып өтті. Бұл ой-толғау Елбасын ұлықтау құрметіне арналған-ды. Туған ел Тәуелсiздiгiнiң көк туын тәңiр иесiнiң жазуымен өз қолымен көтерiп, сол қасиеттi туды сан алуан оқиғаларға толы болған тарихтың қилықилы кезеңдерi мен белестерiнен алып жүру сияқты аса бiр маңызды және аса бiр жауапты мiндет сол Жаратқанның сол жазуымен Нұрсұлтан Әбiшұлы Назарбаевқа жүктелгендiгiн бiлемiз. Кешегi кеңестiк жүйе жiк-жiгiнен сөгiлiп, ыдырауға айналған тұста “Апыр-ай, бiздiң жағдайымыз ендi не болар екен?”,–деп алаңдаған халық едiк бiз. Бiреудiң айтқанымен жұмыс iстеп, айдағанымен жүрiп, бiреуге әбден тәуелдi болып үйренген халық ендi не iстеп, не қоярымызды бiлмей, алдыартымызға, жан-жағымызға үреймен жалтақтай қарап, үрейленiп, абдырап қалған халық едiк бiз. “Бұлар ендi бiзсiз күндерiн көре алмайды”,–деп үстiмiзден үстемдiгiн жүргiзiп келгендердiң күлгенiн де, “қазақ өз бетiмiзбен ел бола алмаймыз”,– деген өзiмiздiң күңкiлiмiздi де естiген халық едiк бiз. Оңымыздан қайыс бұғаулы, солымыздан темiр құрсаулы елдердiң аңдысын аңдып, хан талапайға тастап жiбергiсi келген озбыр ойын көре отырып, осылар жұтып жiбермес пе екен? деген қауiптен секем алған халық едiк бiз. Сол бiр... сол бiр қазақ баласының басына төнген ХVIII-шi ғасырдың “ақтабан шұбырындысынан” кейiнгi қайра бiр сандалып, шаруасының қыюы қашып, берекесi кете бастаған үрейлi тұста халқымыз “Туған елiм, екi тiзгiн, бiр шылбырды қолыма берген екенсiздер, сенiңiздер маған!”, –деген өз адал ұлының үнiн естiп, есiн жиған елiмiз мiне, сонан берi Нұрсұлтан Әбiшұлымен бiрге тәуелсiздiктiң қасиеттi жолымен жүрiп келедi . Құдайға шүкiр! Мың тәуба! Кешегi айлап, тiптi жылдап жалақы мен зейнетақы ала алмаған күндер де, жылусыз, жарықсыз қалған кезеңдер де ұмыт бола бастады. Ел шаруасы бұл күндерi өркендеп, озуға да айналды. Тұрмысымыз жақсармады, шаруамыз түзелмедi деп ешкiм де айта алмас осы күнi! Тәуелсiздiктiң сол бiр бастапқы кезеңдерiндегi ел iшiндегi, онан қалды әлемдi жайлаған түрлi-түрлi оқиғалар жайын, жүрiп өткен бұралаңы мол жолдарды еске алсақ, “апыр-ау осының өзi шын ба, рас па?”, –деп не сенер, не сенбес күйге түсерiмiз де бар!

Алайда бүгiнгi күнiмiз, бүгiнгi жетiстiгiмiз ақиқат! Бәрi де ақиқат! Сарыарқаның сар даласының төсiне әкелiп салып жатқан Астанамызды кiм жоққа шығара алар осы күнi?! ХХ-шы ғасырдың соңғы он жылдығының дүниесi өзгерiп, саяси жүйесi әлi қалыптасып болмай жатқан өлiара тұста Қазақстан сияқты алып елдiң жаңа Астанасын жаңа орынға көшiрiп алып келiп, салғызудың өзi Нұрсұлтан Әбiшұлының ерлiкпен пара-пар тiптi, көзсiз батырлығы дейiкшi. Ендi бүгiн Ақордалы Астана атанып отырған Елордамыз қазақ рухының асқақтай түскен символындай әлемге әйгiленiп, күн сайын биiктеп бара жатқандығын көз көрiп отыр. Иә, қайсы бiрiн айтарсың?! Қазақ елiнiң өркенiнiң өскенiн де, көсегесiнiң көгергенiн де көз көрiп отыр бұл күндерi. Қалай ел болуды, қалай еңбек етудi халқымызға үзбей үйретуден, үлгi мен өнеге көрсетуден Елбасы әлi де бiр жалықпай келе жатыр. Экономикамызды жүргiзудiң рыноктық жолын дұрыс таңдай бiлгендiгiне қуанамыз да, сүйсiнемiз осы күнi. Бұл жолдың дұрыс таңдап алынғандығына күмән келтiргендердiң де, тiптi өзеуреп сынағандардың да, кегежесiнен кер тартқандардың да керенау әрекеттерiне қарамастан елдiң жүгiн, халқымыздың аманатын арқалаған қалпынан көз iлмей, үмiттi күндерге iлгерi бастап келедi. –Ел жүгi мен халқымыздың аманатын арқалау Сiзге, ардақты, Нұрсұлтан Әбiшұлы, оңай да болмағандығын және жеңiлге де түсiп отырмағандығын да бiлемiз. Шаршадыңыз да, шалдықтыңыз да! Ойландыңыз да, сол ойдан жүдедiңiз де! Қазақ елiнiң арман-мүддесiн жұдырықтай ет жүрегiңiзге түйiп алып, бармаған жер, баспаған тау қалдырмадыңыз. Сол сапарларыңыздың бәрiнде де туған елiңiзге қарлығаштың қанатынан тамарлықтай бiр тамшы судай жақсылық iздедiңiз, елдi таныттыңыз, жұртты жақындастырдыңыз, iргемiздi бекiттiңiз, әлемнiң үстiнен қарап тұрған талайталай әйдiктердiң бетiн бұрдыңыз, ең бастысы қазақ елiн мойындаттыңыз! Сiздiң бұл еңбегiңiздi де, ерлiгiңiздi де туған халқыңыз бiлмей де, көрмей де отырған жоқ! Бiлемiз! Бiлемiз де, бүгiн Сiзге мың сан көңiлдердiң ақтарылған ақ алғысын айтамыз,–деген көңiл толғанысын бүгiнгi салтанатты сәтте де ақтарар едiк. Президенттiң өткен жылғы Жолдауы халқымызға қанат бiтiрдi, абыройын тағы да бiр аспандатты, ең бастысы рухымызды асқақтатты, өз елiмiзге деген шынайы мақтаныш сезiмдерiмiздi онан әрi нықтап, онан әрi бекiте түстi. “Бiздiң өмiрiмiз жақсара бастады”,–деген Жолдау жолдарындағы жазылған және нақтылы деректермен айғақталған жайлардың ақиқаттығына да ендi кiм таласа алар екен?! Өстiк, өркендедiк! Жақсы тұрмысқа қол жеткiздiк! Ол–ақиқат! Ең бастысы Қазақстанда бүкпесi жоқ, шынайы әрi адал демократиялық қоғам орнағандығын баса айтуға тиiстiмiз. Еркiнбiз! Еркiн сөйлеу, өз ой мүдделерiмiздi еркiн айтып, еркiн жеткiзетiн жағдайға келдiк.

Қазақ елiн мекендеп отырған жүздеген ұлттар мен ұлыстарды бiр мақсат, бiр мүддеге жұмылдырып, ұйыта бiлген, бiрлiгiн жарастыра бiлген елдiң демократиясын жоққа да шығаруға болмас ендi. Не де болса, Тәуелсiздiгiмiздiң бiр мүшел жасынан асар-аспас кезеңдерiнде ғасырларға пара-пар iстер атқарылғандығы да ақиқат. Алда әлi де атқаратын қыруар iстер де бар. Алайда, дүние мен тiршiлiктiң мәңгiлiк заңына сүйенер болсақ, осы Жолдаудың “Қазақстан қазiргi әлемде” деген тарауында не iстеп, не қою қажет деген мәселенiң бiздi тағы да бiр алаңдата түсетiндiгi бар. Және де сол алаңдатар жайлардың бар екендiктерi де бүкпесiз ашық та, анық та, айтылып отыр. Ел көшiн дәуiр мен тарихтың аса бiр жауапты сан қилы кезеңдерiндегi мақсатты жолдарға салып, атқарар қыруар шаруаны айтып, сол қыруар көп iстi өз Жолдауында Елбасымыз белгiлеп те бердi. Қаншалықты есейдiк, бұғанамыз бекiп, қабырғамыз қатайып, қаншалықты бой жетiп, өсiп, өркендеп, белгiлi бiр табыстарға ие болдық, демократиялық қоғам орнатып, әлемге таныла бiлдiк, ұлттық қорымыз қазыналы, шекарамыз белгiленiп, бекiтiлдi десек те, “Алда талай алынбаған асулар бар”, – деп Елбасының осы Жолдауында ашық айтылғандығын ойға ала отырып ел алдында тұрған мақсаттар мен мұраттарға жетер болсақ, оған тек бiр ғана Елбасының басшылығымен, Нұрсұлтан Назарбаевтың бастауымен жете аларымызға да бек сенiмдi едiк. Дәулетiмiз онан әрi артып, елiмiздiң әлi де кемелдене түсуi үшiн және бүгiнгi ұйып отырған тыныштығымыз бен берекемiздiң шырқы бұзылмауы үшiн ел-жұрты сенiп табыстаған “екi тiзгiн, бiр шылбырды” уыстан шығармай ұстап, қыруар игiлiктi iстердi онан әрi жалғастыру үшiн, қазақ елiнiң, онан қалды бүкiл қазақстандықтардың бүгiнгi бағы мен бүгiнгi табыстары онан әрi баянды болу жолында иглiктi iстердiң атқарылатынына ендi әбден сенiмдiмiз. Туған елi мен туған ұрпағының болашағын ойлаған, солардың мүддесiн бәрiнен де жоғары қоя бiлетiн әр отандасымыздың бiр кiсiдей Нұрсұлтан Назарбаевқа дауыс бергендiгiне әлем таң қалды емес пе?! Өткен жылдың маусым айының 30-ы күнi Ақордада Елбасының баспасөз өкiлдерiмен өткiзiлген кездесуiне мен де қатыстым. Қалам иелерiмен болған осы кездесуде алтын уақытын бөлiп журналистер қауымының бiраз сауалдарына тапжылмай отырып жауап та бергенi есiмiзде. “Қайтсек ел боламыз” деген басты әрi жалғыз бiр сауалыма Президентiмiздiң әр сөзi мен әр iсiнен әрдайым жауап тауып келе жатырмын. Менiң дәл қазiр қасиеттi Көкшетау халқының атынан Елбасына айтар алғысым ғана және жалғыз бiр тiлегiм ғана бар! Ол тiлегiм–елiмiздегi тыныштығымыз бен тәуелсiздiгiмiздi осы қалпында сақтау үшiн онан әрi қызмет ете берiңiз. Елiңiз бен халқыңыздың алдындағы Перзенттiк те, Президенттiк те борышыңызды адал атқарып келе жатырсыз. Бұған ешкiмнiң күмәнi де жоқ. Елiмiз тәуелсiздiгiн алған жылдардағы Президент атқарған iстiң тарихи маңызын өз басым айтып та, жазып та келемiн. “Елдiң жайын

Елбасыдай ойлайық, елдiң жағдайын да Елбасыдай ойлайық!”, –деген кесiмдi пiкiрiмдi 1999 жылдың 21 мамыр күнi Көкшетау қаласында өткен жиналыста мiнбеге шығып, Елбасының алдында айтқан болатынмын. “Қазақ әдебиетi” газетiнде (4 қазан, 2002 жыл) “Менiң Президентiм” деген мақаламда: “Әр қазақ баласының бүгiнгi күнi қасиет тұтар жетi дүниесi бар. Ол–Жер. Тәуелсiздiк. Президент. Көк ту. Елтаңба. Әнұран. Қазақ тiлi! Мiне, менiң өз түсiнiгiмде қасиеттi болып саналатын осы жетi дүниенiң бiреуiне шек келтiрудi ақылсыздық пен парықсыздық, тәуелсiздiкке жасалар опасыздық деп бiлемiн”,–деп те жазған едiм. Осының бәрi қазақ елiнiң перзентi ретiнде өзiмнiң Елбасына деген алғысты да риза көңiлiмнiң ақ адал сыры болатын. Ел мен ердiң қасиетiн таныр ойлылар мен парасаттылар жоқ емес, бар бiзде. Солардың бәрi де бүгiнгi күнi Президентiмiз жүргiзiп отырған iшкi және сыртқы саясатты қолдайтындықтарын айтқым келедi. Ал ендi бiзге демократия, сөз бостандығы жетпей жатыр деп даурығып жүргендерге менiң ойымша бұл екеуi емес, қанағат пен ынсап, шүкiршiлiк жетпей жатқандығын айтар едiм. Ойлап қарағанға, бар iске сабырмен қарағанға бiздiң елде бәрi де... бәрi де жетiп жатыр ғой. Ең бастысы–Елiмiз бар, Жерiмiз бар, Мемлекетiмiз бар! Осыдан артық не керек?! Осы үшеуi аман тұрғанда мен баймын да, бимiн де деген көңiлмен асқақтағың-ақ келедi. Қазақ елi мен қазақ халқының бүгiнi мен болашағы жолындағы iрi iстерiмiзге iлгерлiк берiп, тәуелсiздiгiмiздi де, Елбасымызды да, елiмiздi де тәңiрi өзi қолдағай!

(Ақмола облыстық «Арқа ажары» газеті, 10 қаңтар 2006 жыл). ЕЛ БОЛУ ЖАЙЫН ЕЛБАСЫДАЙ ОЙЛАЙЫҚ, ЕЛДІҢ ЖАЙЫН ДА ЕЛБАСЫДАЙ ОЙЛАЙЫҚ! Көкшетау қаласының астаналық облыс орталығы мәртебесіне ие болуына байланысты жылдың мамыр күні Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қатысқан Ақмола облысы активі жиналысында сөйленген сөз.

Ардақты ағайын! Аса мәртебелі Президент мырза! Ел қуанышында шек жоқ бүгін! Жүрек толқытар осынау бір салтанатты сәтте өзіңізге деген ел алғысы да, ел разылығы да шексіз, шетсіз бүгін! Қуанамыз, әрине! Қуанамыз да, жұбанамыз! Өйткені аруақты да ардақты Көкшетаудың, кербез Көкшенің қасиетті киесі де, жерінің иесі де – Ақбас бура өз мекеніне аңырана жетіп, аңсап оралып тұр бүгін. Оралуыңмен, киелім! Сол киелі Ақбас бураны шудасынан жетелеп әкеліп және де уысынан шығарып алған ұлы Абылайдың ақ туын мынау еліңізге өз қолыңызбен қайра бір ұстатып отырған Сізді, ардақты, Нұраға, Оқжетпес өзінің биік шыңына көтереді. Биші қайыңы мың бұралған биімен, Айнакөл көбік шашқан ақ толқынымен, Зеренді зерлі шашуымен қуана қарсы алады. Жұмбақтас сырын ашып, мәңгі ұйқыдағы Жекебатыр басын көтеріп, ол да батасын беріп жатыр. Сексен көліңіз де бүгінгі қуаныштан арнасына сыя алмай, тербеліп, теңселіп, ол да бір сол қуаныштан шалқып, тасып төгіліп жатыр. Иә, Көкшетау қуанады, Көкшетау уанады бүгін! Шүкіршілік қылады! Оған да сан қилы себептер бар. Әріге бармай-ақ, 96 жылдың желтоқсан ызғарынан қатып, қалтыраған күндерден бастап Сіз өз Көкшетауыңызды ұдайы бір қамқорлығыңызға алып, бізді өзіңіздің үлкен жүрегіңіздің қызуымен, жан жылуыңызбен сонан бері жылытып-ақ келе жатырсыз. Біз үшін бұл бақыт еді. Біз үшін бұл шаттығы мол қуаныш еді! Көкшетау жүдемесін деген ниетіңізбен бірдей бір Министрлікті жібердіңіз. Оған да қуандық! Аз ғана уақыттың ішінде сол Министрлік Көкшетауға, көкшетаулықтар Министірлікке бауыр басып, біте қайнасып жатқан шақта «Үкімет Министрлікті Астанаға көшіріп алғалы жатыр» дегенді естіп, қапаланып жүрген шағымызда да, көрікті Көкшетаудың көрікті Министрін шақырып

алып, «Көкшетауыңда отыра бер, қозғалма» дегеніңізді айтып, толқыған көңілімізді сабасына түсіріп, бізді тағы да бір қуанттыңыз. «Көкшетау далада қалмайды!...» Осы бір ауыз сөзіңізді өткен жылдың қазан айының 16-шы жұлдызында осы залда айтып едіңіз. Және де сол күні ұлы бабаңыз Қазақтың Қарасай батыры жерленген биік төбенің басында тұрып, бабалар аруағына мінәжат етіп, «Көкшетау далада қалмайды, құдай қаласа, бәрі де орнына келеді», – деген бір ауыз сөзіңіз әр көкшетаулықтың жанына демеу болды, қуанып жүрдік. Бір үміт, бір күдікпен өмір сүріп жатқан уақыттың бір сәтті күні, әлемді жайлап бара жатқан экономикалық және қаржы дағдарысына да қарамастан, «Көкшетау, сен үшін»,-деп, биылғы жылдың 8 сәуірі күні Ақмола облысының орталығын Көкшетауға көшіру жөніндегі Жарлығыңызға қол қойып, Көкшетаудың аруағын тебіренттіңіз! Тебіренбеген жүрек, толғанбаған жан қалмады! Қараөткелден Көкшетауға бет түзеген бүгінгі көшке сәт-сапар тілейміз! «Елге ел қосылса – құт» дегенді дана қазақ бекер айтпаған да болар. Басы қосылып отырған қос ел, енді бір мақсат, бір мүддеге бірлесіп еңбек етейік, қазақ елінің мүддесіне, оның халықтарының мүддесіне қызмет етейік. Көкшетау – исі қазаққа ортақ мекен. Тәуелсіз қазақ елінің ұлы көшін Президентіміз Сарыақаның кіндік тұсына бекер бұрған жоқ. Соны ұғына білейік те, Астана іргесіндегі мына Көкшетауымызды сол Астананың серігі, сол Астананың егізі ете білейік! Бұл - әрбірдесін, елдің іргесін бекіту! Ал, ел іргесін бекіту, мына отырған сіздер мен біздердің жатпай-тұрмай атқарар істеріміз болса керек-ті. Әрине, бұл жолда бізді Президентіміз әрдәйім қолдар деген сенімдеміз. Қайсыбірін айта берерсің! Әйтеуір, дүние кезек деген және де бар ғой. Сол адал ниетіңізбен, ақ адал сеніміңізбен күні бүгінге дейін аялап, әспеттеп, қастерлеп, қадірлеп, ардақтап келе жатқан Көкшетауыңыз да, көкшетаулықтар да енді Сізді біз де қуантуға міндеттіміз. Сеніңіз бізге! Тәңір иесі Көкшетау аспанында, Көкшетау асқарында, Көкшетау шалқарында Сіз бен біздерді әрдәйім сол қуаныштармен жүздестіруге жазсын! Адамзат өз дәуірінің жаңа бір мың жылдығы – ХХІ-ші ғасырға бет алып бара жатқан ғасырлар тоғысындағы тарихи аса күрделі кезеңдегі қазақ елінің алдында тұрған ұлы міндеттерді біз де айқын сезінеміз. Ол міндеттің ұлысы – ел болу! Сол ел болу міндетінің ұлт алдындағы, тарих алдындағы, келер ұрпақ алдындағы ұлы жауапкершілігін біз Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті - өзіңіз жүргізіп отырған саясат өзегінен, Сіздің әр ісіңізден, Сіздің әр қадамыңыздан айқын танып та отырмыз. Соны тани отырып: «Ел болу жайын Елбасыдай ойлайық, елдің жағдайын да Елбасыдай ойлайық», – дегім келеді! Сөз ел болу мәселесіне ойысқан сәтте, қаламгер ретінде мені ұлттық тіл мен ұлттық мәдениет, мұрағаттар мәселелері алаңдататындығын айтпай тұра алмаймын. Бұл – жалғыз біздің Көкшетауда ғана емес, Қазақстанның солтүстік аймақтарындағы өткір де өзекті мәселелер. Дегенмен, қазақ

зиялыларымен өткен жылғы болған бір кездесуіңізде: «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін»,–деген бір ауыз тілегіңізді орындауға бар қазақ баласы бәріміз бірдей талпынған болсақ, онда осы мәселелердің біразы өзінен өзі-ақ әлдеқашан, ешбір шығынсыз-ақ, қаржы жұмсамай-ақ шешіліп-ақ та қалатын еді. Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, рұқсат етсеңіз: «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін» деген бір ауыз сөзіңізді мына отырған еліңіздің есіне тағы да бір сала кетейінші! Дүние кеңістігінде тұтанып жатқан отты қақтығыстар мен қан төгістерден еліңізді аман алып өтіп, даналығы да, балалығы да мол туған халқыңызды жайсаң да, жақсы күндерге тезірек жеткізсем деген бір ғана арман, бір ғана мақсат бар Сізде! Сол арман, сол мақсаттың орындалуын бір тәңірден тілейсіз, мазасыз күй кешесіз, континенттің ел-еліне аспан ұшып, қиыр барасыз, сол сапарларыңызда қазақ елінің Қарасай бабаңыздай қорғаны, Абылайдай айбыны болып жүресіз! Сол сапарларыңызда, сол ұлы істеріңізде Сізді, ардақты, Нұрсұлтан Әбішұлы, сол бабалар аруағы қолдасын әрдәйім! Еліңіз, жұртыңыз, мына отырған халқыңыз да аман болғай!

(«Көкшетау» газеті, 9 маусым 1999 жыл).

АБЫРОЙЫ–ПРЕЗИДЕНТТЕ!

Платон – менің досым, алайда ақиқат қымбат қой. Аристотель.

... Аруақты да, ардақты Көкшетаудың, кербез Көкшенің қасиетті киесі де, жерінің иесі де – Ақбас бура өз жеріне аңырана жетіп, аңсап оралып тұр бүгін. Оралуыңмен киелім! Сол киелі Ақбас бураны шудасынан жетелеп әкеліп және де уысынан шығарып алған ұлы Абылайдың ақ туын мынау еліңізге өз қолыңызбен қайра бір ұстатып отырған Сізді ардақты Нұраға, Оқжетпес өзінің биік шыңына көтереді, Биші қайыңы мың бұралған биімен, Айнакөл көбік шашқан ақ толқынымен, Зеренді зерлі шашуымен қуана қарсы алады. Жұмбақтас сырын ашып, мәңгі ұйқыдағы Жекебатыр басын көтеріп, ол да батасын беріп жатыр. Сексен көліңіз де бүгінгі қуаныштан арнасына сыя алмай, тербеліп, теңселіп, ол да қуаныштан шалқып, тасып төгіліп жатыр... Бұл сөз Көкшетау қаласының астаналық облыс орталығы мәртебесіне ие болуына байланысты өткен жылдың мамыр айының 21-і күні Ақмола облысы активінің жиналысына

қатысып отырған Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың алдына Елбасына деген Көкшетау халқының жүрек жарды қуанышы мен ақ адал алғыс ретінде сол жиынның мінбесінен айтылып еді. Бүгін Елбасына деген сол алғысымды тағы қайталап айтқым келеді. Көкшетауды Ақмола облысының орталығы деп жария еткен Президент Жарлығының жарық көргеніне, міне, сәуірдің 8-і күні бір жыл толғалы тұр. Көкшетау қаласындағы осы бір жылдағы өзгерістер мен оң істерді тізбелеп айтып жатудың қажеті бола қоймас. Айтпасыңа болмайтын бір ғана ұлы іс бар. Ол қырық сегіз жыл хандық құрған өз ордасы Көкшетауға Абылай ханның ескерткішінің тұрғызылуы! Көкшетау облыс орталығы болып, ел жайланып, көңіл орныққаннан кейінгі кейбіреулердің: «Көкшетаудың қайра облыс орталығы болуы үшін мен жүрдім, мен жүгірдім»–деп, бар абыройын иемденгісі келетіні, болмаса сол абыройды көлденең көк атты біреулердің қанжығасына байлап беріп, «ұлттық батыр» жасау сияқты әрекеттері алаңдата түседі. Бұл әрекет, әсіресе, өткен жылғы Парламент сайлауының алашапқынында айқын көрініс берді. Көкшетаудың билері мен бикештері жабыла жүріп «Көкшетаудың бағын ашып, шырағын қайра жаққан – міне, осы Косарев»,– деп жан сала жарнамалады, жар салды. «Көкшетау үшін мен күрестім»–деп, депутаттықтан үміткердің тағы да біреуі шыға келді.

Рас, Парламент Мәжілісінің қазіргі депутаты Косарев мырзаның Көкшетау облысы тарап кеткеннен кейін қоғамдық қозғалыс құруға әрекеттенгенін, ол өз кезінде заңсыз деп табылып, әділет басқармасында тіркелмегендігін де білеміз. Рас, обалы нешік, Косарев мырзаның «Көкшетаудың қайра облыс орталығы болуы менің еңбегім, менің арқам» дегенін де естіген жоқпыз. (Ол сөзді сен үшін бүкіл қазақ жабыла айтып жүрсе, аузың қышып бара ма?) Рас, Косарев мырза бастаған топтың өз кезінде Президентке, Үкіметке хаттар түсіргендігін, ел адамдарын бастап алып барғандықтарын да білеміз. Ал, Косарев мырза ұйтқы болған осы шаралардың шапағаты тиіп Ақмола облысының орталығы Көкшетауға көшіріле қойды десек, бұл ағаттық болар еді. Өйткені сол 1997 жылдың көктемінде Көкшетау облысымен бірге таратылған, талай-талай тарихи алып тұлғаларды дүниеге әкелген Семей, Жезқазған, Талдықорған, Торғай топырағынан бір «Косарев» сөз бастап шыға қоймады деп кім айта алар?! Көкшетаудың кебін киген олар да жайбарақат босқа қарап жатқан жоқ-ты. Астанаға Көкшетаудан түскен өтініш-тілек, талап олардан да түсіп жатқаны ақиқат еді. Алматы облысының орталығын Талдықорған қаласына ауыстыру жөніндегі мәселені талдықорғандықтар күні бүгінге дейін күн тәртібінен түсірмей, Нұрқаділовтың жүйкесін тоздырып келе жатқандығын естіп, біліп те отырмыз ғой. Бірақ әзірге өзгерген еш нәрсе жоқ. Әйтпесе Президентке, Үкіметке «Бізді қайра облыс орталығы қыл» деп арыз жазғаннан, ереуілге шыққаннан, қозғалыстар құрғаннан дүние өзгере қалатын болса онда бүгінгі күні көкшетаулықтармен бірге Семей, Талдықорған, Торғай, Жезқазғанда да той тойланып жатпас па еді?! Ақиқатқа осы бір ой төңірегінен зер салатын болсақ: Көкшетаудың бағының жанып, аруағының аспандап, облыс орталығы мәртебесіне қайра ие болуының бар абыройы – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбевтікі! Сөздің адалы осы! Президентіміздің Көкшетаудың елі мен жеріне деген перзенттік сүйіспеншілігі, оның көне тарихына деген байыпты әрі терең көзқарасы мен зор құрметі, аруақ сыйлай білер парасат, ақыл-пайымы Көкшетауға деген пейіл-ықыласын түсіріп, Көкшетау астаналық облыс орталығы мәртебесіне ие болып шыға келген-ді! Осылай деп батыл байлам жасауға Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевпен кездесіп, сондағы Елбасымен екеуара пікір алмасу сәтіндегі мына бір әңгіме арқау болар еді. 1998 жылдың қазан айының 16-ы күні Елбасымыз Көкшетауға келді. Күн – жұма. Сол күні Нұрсұлтан Әбішұлы Айыртау өңіріндегі өзінің ұлы бабасы Қазақтың Қарасай батыры жерленген қасиетті топыраққа ат басын тіреді. Ел мен жер, батырлық жайлы көсіле сөйлеп, жайдары көңілмен отырған Елбасына: –Нұрсұлтан Әбішұлы, алдағы президенттік сайлауда дауысқа түсіңіз! Халқыңыз, көкшетаулықтар қолдайды өзіңізді, –дедім. – Бауырым, сендер маған облыс орталығын Петропавл қылып жіберді деп ренжіп жүрген жоқсыңдар ма? – деді Елбасы жайдары күліп.

– Нұраға, ренжімедік десем жалған айтқан болармын, реніш болды. Алайда саясат үшін солай болуы қажеттігін кейін барып түсіндік қой, реніш жоқ, –деп жауап бердім. –Рахмет, бауырым! Мені сендер түсінбесеңдер онда кім түсінеді, – деді ерекше бір жан толғанысымен. – Елге айта жүр, Көкшетау далада қалмайды, құдай қаласа, бәрі де өз орнына келеді әлі, –деген Нұрсұлтан Әбішұлының жан толқытарлық осы бір ауыз сөзі Көкшетау үшін, оның болашағы үшін алаңдап жүрген көкейіме сол күйінде жатталып қалып еді. – «Көкшетау далада қалмайды, құдай қаласа, бәрі де өз орнына келеді әлі», –деген Елбасының осы бір ауыз сөзін Нұрсұлтан Әбішұлының өзінен естігендіктен, Көкшетаудың қайра облыс орталығы болып, туының қайта көтерілу абыройына ешкім де, әсіресе... көлденең көк аттылар жармаса бермесе екен дейсің. Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың хан ордасы Көкшетауға Абылайдың ақ туын қайра бір тіккен, хан ордасы Көкшетауға Абылайдың ескерткішін соққаны – қазақ елінің жұлдызды әрі тарихи бір сәті еді. Сол бір сәттерді бүгінгі және ертеңгі көкшетаулықтар да әрдәйім алғыспен еске алып отырары және де анық!

(«Көкшетау» газеті, 7 сәуір 2000 жыл).

АДАМЗАТҚА АРАША ТҮСУ

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Сындарлы он жыл» кітабын оқығаннан кейінгі ой. Дүниеге төнген қауіп пен қатер әлі сейілген жоқ. Өткен ғасырдың 90шы жылдары әлем «коммунистік қауіп-қатерден» құтылғандай болып, бой жазып еді, әйтсе де мұнымен адамзаттың бейбіт қатар, ешбір соғыссыз, енді алаңсыз өмір сүрерміз деген үміті де ақтала қоймайды.

Көне тарихтың үйреткен де, үйретер де сабағы аз болмаса да Адамзат бір ғана ақиқатты – қару-жарақтың небір сұмдық түрлерін қолдана отырып, соғыс ашқанмен, сөйтіп сол теке-тіресте жауыңды жеңгеніңмен адам баласы өзіне төнген қауіп-қатерден бәрі бір де құтыла алмайтындығын мойындауы қажет енді. Осы бір ақиқатты ең әуелі мемлекеттер басшылары мен саясаттың көрігін қыздырып жүрген сара саясаткерлер ұғынулары да, осы бір ақиқат алдында жүгінулері де қажет. Әрдайым теңдік пен бостандыққа, әлеуметтік әділдікке ұмтылып келе жатқан Адамзаттың ендігі ырқы мен ендігі ой-мүддесіне қарсы тұру, болмаса бір мемлекеттің екінші бір мемлекет үстінен үстемдік қылуға ұмтылуы бәрі бір де түрлі қарама-қайшылықтарға тап бола берері анық. Сонау құл иеленуші дәуірден бастап ойланар болсақ, аяқ-қолдарына темір шынжырдан бұғау салып, кемелерге тиеп алып, Африка құрлығынан Америка материгіне апарып сатқан құлдар, бәрібір бостандық алды.. Ағылшындар мен американдықтардың, испандықтар мен француздардың Африка мен Азия құрылықтарындағы отар мемлекеттерінен қазір жұрнақ та қалған жоқ, бәрі де өз бостандықтарын алып, дербес мемлекет болып, дербес саясат жүргізіп отыр. Ал ендігі мына заманда, яғни адам баласы ғарышты игеріп, ғылым мен техниканы дамытуда ақылойының шарықтау шегіне жеткен қазіргі жағдайда Адамзат өзіне төніп тұрған қауіпсіздік жайлы және оны жою жайлы ойламаса – өркениеттің құрдымға кетуі де ғажап емес. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Сындарлы он жыл» кітабының алғашқы беттерін оқи бастағанда, осы бір ойлар еріксіз бойлатып әкетті. «Планетадағы кедейшілік пен қайыршылық азайды ма? Жоқ!» Дүние жүзінде психотропты заттарды өндіру мен оларды тұтынудың деңгейі азайды ма? Жоқ! Жетекші конфессиялар арасындағы діни агрессия мен төзімсіздік кеміді ме? Жоқ!

Осылай жалғаса береді,–жоқ, жоқ, тағы да жоқ!»–деп тізбеленген (16бет) сұрауы көп те, жауабы аз жайлар дүниенің тіршілігін қымбат деп санайтын әрбір саналы адам баласын толғандыруы қажет еді. Нұрсұлтан Әбішұлы осы бір сауалды қоюмен бірге, оған жауап та бере отырып, бүгінгі әлемдік саясатты жаңаша түсінуге жетелейді. Ең әуелі дүниеге төнген қауіп пен қатердің түп-тамырының қайда жатқандығын да «Сындарлы он жылдың» беттерінен оқып, тани түсу мүмкіндігі бар. Осы орайда Н. Назарбаевтың дүниеге қауіп аш адам мен ашынған халық деп ой тастауы бүгінгі күнгі «халықаралық терроризм» дейтін үрейлі топтың іс-әрекетінен айқын байқалғандай.

«Қазірдің өзінде қауіп-қатерді сезініп-түсінген адамзат байлық пен кедейліктің арасындағы «бейбітсүйгіш» байлармен «агрессияшыл» кедейлердің арасындағы алшақтыққа қарай нық та нақты қадам жасай алады, – деп (13-бет) туындап отырған жойқын проблеманы шешудің нақтылы жолдарын атап көрсете білген Нұрсұлтан Назарбаевтың бұл орайдағы үнін әлем Біріккен Ұлттар Ұйымының мәртебелі мінбесінен осыдан он жыл бұрын естіген де болатын. Келіңіздер, – деген Н. Назарбаев осыдан он жыл бұрын БҰҰ Ассамблеясында БҰҰ-ның мүше мемлекеттері басшылары мен саясатшылары алдында сөйлеген сөзінде: – Күшімізді біріктірейік, ерікті ынтымақтастық қадамын жасап көрейік, сөйтіп дағдарыстағы өңірлер мен дамыған елдердің проблемаларын шешу үшін барлық елдердің әскери бюджетінен бір пайыз берейік».

Дүние әлем бұрын-сонды мұндай тосын ұсынысты естіп көрмегендіктен де тосылыңқырап қалғандығы да және де Н.Назарбаевтың: «Өзара және игілікті мәміле туралы үндеуді естір құлақ естімеді», – деп (14бет) қынжыла жазуы да қайғы мен қасіреттен, ашаршылық пен жоқшылықтан, соғыстар мен қақтығыстардан, табиғат апаттарынан зардап шегіп, ыңырсып та жатқан Адамзаттың жалпы осы проблемасына бай да қуатты мемлекеттердің басшыларының назар аудармауы қынжылтқандай. Ақыл мен парасат жеңісіндей сезілер Назарбаевтың бұл үндеуі мен ұсынысы дәл бір мезгілінде айтылғандығын уақыт ұғындыра түседі. Және де дүние әлемінде жалпы Президентіміздің «дағдарысты өңірлер мен дамыған елдердің проблемаларын шешу үшін барлық елдердің әскери бюджетінен 1 пайыз берейік» деген бұл ұсынысын Назарбаевтың Азамзатқа араша түсу концепциясы деп қабылдауға тиіспіз. Адамзат мүддесін шешуге бағытталған батыл әрі нақтылы бір ұсыныстың айтылуы қуантады. Сол адамзатқа араша сұрап, оны бүгінгі қауіп пен қатерлерден алып шығудың ақылға сиярлық, көңілге қонарлық жайын айтып, жөнін көрсетіп беріп отырған Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың болуы түптің түбінде бұл ойдың да жүзеге асар деген үмітіңді маздатады. Өйткені Елбасымыз бейбіт қатар өмір сүрудің әлемдік үлгісі мен әлемдік нобайын тәуелсіз қазақ мемлекетінің аясында жержаһанға көрсете білді. Ұлтаралық қарама-қайшылықтар мен түрлі көзқарастарды ортақ бір мүддеге – татулық пен бірлік мүддесіне тоғыстыра білген Назарбаев саясатын әлем мойындаса, мұны да қазақ елінің басына қонған бақтың бірі деп ұғынсақ етті. Ырысты қазақ топырағындағы осы татулық пен бірлік тамырының тереңдей бой алуының себебін іздесек, тағы да Назарбаевтың өзі айтып, өзі ұстанып келе жатқан: «Өз халқын сүйетін адам, өз жұртына жақсылық тілеген кісі өзге халықтарды ашындырмайды, өз ұлтын ешкімге қарсы қоймайды», – деген саясат даналығынан табарымыз анық.

«Сындарлы он жыл» кітабында «Президентіміз әлемге үрейін үйіріп, қаупін төндіріп отырған терроризм, есірткі бизнесі, экстремизм мен

сепаратизм сияқты мәселелердің туындау себептері мен оларды тоқтатудың жолдары жайлы кесімді ойларын айта білген. Терроризм дегеніміз не, оның таралу себебі неде, терроризмнің түп тамырының қайда жатқандығын жанжақты дәлелдей түсіп: «Түпкі себеп дамудың теңсіздігінде жатыр, мұның өзі әртүрлі мәдени жүйелерде қатар үн қату қарсылығын тудырып, оны террористер ең бір агрессивті түрде арсыздықпен пайдаланып отыр» – деген (39-бет) автор пікірімен санаспасқа амалың да қалмайды. Терроризмнің түпкі себебі «дамудың теңсіздігінде жатса», сол теңсіздіктерді жою ғаламдық үлкен бір проблемаға айналғандығы, ендігі арада бұл мәселеге көз жұма қараушылықтан дүние тынышталар деген сенім адамзатты тағы да алдастырып кетуі де мүмкін. Бұл орайда терроризмге қарсы күрестің нәтиже беруін қамтамасыз етуге ең әуелі мемлекеттердің өздері мүдделі істер тындырып, «өзара іс-қимыл және сенім білдіру шараларын»да тындыруға тура келеді. Бұл мәселеге осы тұрғыдан қарай отырып, Қазақстанның, оның Президентінің соңғы жылдардағы батыл қадамдары мен парасатты пайымдаушылық әрекеттері өзін өзі ақтап келе жатқандығын атап көрсетуге болар еді. Қазақстан Президентінің Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім білдіру шаралары жөніндегі Кеңестік (АӨІСШК), Шанхай ынтымақтастық ұйымы аясындағы белсенді іс-әрекеттері мен тың бастамалары әлемді кей жағдайда төніп тұрған аса бір қауіпті қатерлерден құтқарып қалғандығына да сан мәрте қуана қол соққанымызды ұмытуға болмас сірә да! Үндістан мен Пәкістан арасындағы қарым қатынас ушығып барып, екі жақ та қарулы күштерін шекара аймақтарына шоғырландырып жатқан тұста АӨІСШК Саммитінің Алматыда өтуі де, сол кездесулер мен пікір алысулар барысында жауласып та, өшігісіп те алған екі мемлекет басшыларының арындары басылып, бәтуалы тоқтамға келгендігін тарихтың үлкен бір жеңісі деп бағалануын да орынды дер едік.

Кей жағдайда қаныңды қыздырар жай – терроризмнің таралуына діни фундаментализм, тіпті Ислам дінінің ықпалы күшті болып отыр деген пайымдаушылықтарға да «Сындарлы он жылда» нақтылы әрі нанымды мысылдармен тойтарыс беріледі. «Исламның өз болмысында ешқандай агрессияшылдық жоқ». (31-бет). «Терроризмнің түп тамыры белгілі бір дінде жатыр дейтін мәлімдеменің ешқандай сын көтермейтініне қарапайым дәлел – терроризм белгілі бір идеологияны пайдалана алатын құрал болып табылады. Бұлай болмаған жағдайда біз террористік бейімділігі тұрғысынан тек исламды ғана емес католизмді де айыптауға тиіспіз, себебі, мысалға алғанда, Солтүстік Ирландиядағы жіктелудің бір ұшығы дінмен де астасып жатыр» – деген (38-бет) тұжырымнан терроризм сияқты агрессивті әрекетті кез-келген дінге әкеліп телімеу қажеттігін ұғынасың. Егер де әлі де болса терроризмнің үлы тамырын діннен, діннен болғанда да бір ғана дін аясынан іздеуге әуестенушілік ешқашан бітімгершілкке әкелмейтіндігін, керісінше бұл жай өшпенділіктің отын маздата түсер әрекет болып қалатындығын айтып та, дәлелдеп те беріп отырған Қазақстан Республикасы Президентінің бұл пікірінен Адамзат баласының рухани жан дүниесіне, наным мен таным,

сенім мен сезім түйсігіне миллиондаған жылдар бойы серік болып келе жатқан кез-келген дінге қылау түсірмеу арқылы Адамзатқа араша түсуінің екінші әрі құнды бір парасын таныдық.

Біздің Президентіміздің бір ғажабы, асыл қасиеті деуге де болар, өз еліміздегі, онан қалды әлемдік кеңістіктегі болсын кез-келген мәселені бүркемелемей, жағдайға нақтылы әрі ашық баға беріп отыруы саясаттың тамыр бүлкілін бірқалыпты ұстап тұруға әсер етіп келеді әрдайым. Ақиқатты айту арқылы ойландыру, ойлану арқылы асығыс-үсігістік жағдайда шешім қабылдамауға үйретуінде кемел саясатшының кемеңгерлігі де, көрегендігі де жатыр. Қауіп бұлтының Қазақстанда да бар екендігін, бұл бұлттар қазақ аспанына қай жақтан келіп-кетіп жатқандығын да Елбасымыз өз еңбегінде жасырмай айта білген. «Қазір еліміздің қауіпсіздік жүйесі өзінің беріктігін сынға салмайды деп ешкім де кепілдік бере алмайды» – деген (69-бет) Президент тұжырымының және де «қауіпсіздік жүйесін жоғары дайындықта ұстап отыруды қажет етеді», – деген (70-бет) байламының да дұрыстығына иланасың.

Президентіміздің «Сындарлы он жыл» еңбегінің үйретер сабағы да, берер тәлімі де, әлемдік саясатты, дүниенің бүгінгі даму процестерін ой сарабынан өткізудегі де ойы да тек өз халқының ғана емес, өзге де мемлекеттер мен сан түрлі құрылықтар халықтарының ойынан шығары ашық та анық меселе. Өйткені Қазақстан Президенті бұл кітабында бір ғана халықтың, не болмаса бір ғана мемлекеттің емес, жалпы өркениеттің тағдыры мен болашағы жайлы толғанып, ой ойлайды. Түрлі өзгерістер мен қарама-қайшылқтар салдарынан маңдайы тасқа соғылған Адамзатты сол тығырықтан алып шығудың оңтайлы жолдарын сілтейді, сол Адамзатты бірбірімен қақтығыспай, ымыраға келіп, бейбіт өмір сүруге үндейді.

Саясат, болмаса мемлекет тізгінін ұстаған кез-келген адамның, тіпті тұтас бір мемлекеттің екінші біреудің ықпалында кетіп қалмай, дүние алдындағы ұлы жауапкершілікті сезіну қажеттігін, ендігі арада әлемде үстемдік жүргізуші мемлекет болуы мүмкін еместігін, Каспий аймағын тұрақсыздық аймағына айналдырып алмауды, есірткі дертінің кез-келген ұлтқа төнген зардабы мол ауыр кесел екендігін «Сындарлы он жыл» толық ұғындыра түседі. Ендігі арада таршылықтың да, баршылықтың да аймағына айналып келе жатқан Орталық Азия аймағының халықаралық маңыздылығын Елбасымыз: «Орталық Азия – ірі-ірі әлемдік өркениеттердің – ислам, орысправославие, қытай – конфуции, батыс мәдениеттерінің тоғысында тұрған аймақ», – деп (213-бет) оның геосаяси жағдайына дәл анықтама беруі және сол арқылы «бірқатар шешілмеген проблемалар, қауіп-қатерлер мен ашық бас көтерушілер аймақтық қауіпсіздіктің құбылмалы және уақытша екендігін көрсетеді, сондықтан оны әлсін-әлсін қадағалап, безбенге салып отыру қажет!», – деген (213-бет) оймен бұл аймақтың тұрақтылық мүддесін ойлаған жан иесі санасары да хақ.

«Күрделі проблемалардың болуына қарамастан, әйтеуір қауіп төніп тұр деп қара аспанды төндіре беруге болмайды», – деп басталар (214-бет) Елбасы тұжырымынан жарық бір сәулелі үміт бастау алғандай. Және де сол үмітке

жету жолындағы Адамзат мүддесі үшін шешілуге тиісті мәселелер төңірегіндегі ой-тұжырымдар шоғырын кітаптан жазбай танырың да ақиқат. Ұлттың және мемлекеттің қауіпсіздігін сақтауға қажетті сол ойтұжырымдарды тани отырып, бізге, кез-келген мемлекет үшін де ендігі арада өз ұлты мен өз мемлекетінің ғана емес, тұтас әлемнің, тұтас өркениеттің мүддесін ойлай алатын кемел ойлы Президенттер керек деген ойға тоқталасың. Өйткені, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Сындарлы он жылы» осы бір ақиқатты танытары да, айтқызары да, оны мойындатары да хақ мәселе.

(«Көкшетау» газеті, 18 сәуір 2002 жыл, «Астана ақшамы» газеті, 29 мамыр 2002 жыл).

КҮН АРҚАЛАҒАН АЛТЫН ҚЫРАН

Бурабайдағы Абылай алаңында хан бабамыздың ұлт тәуелсіздігі жолындағы тынымсыз күресіне бүгінгі ұрпақтың тағзымы іспеттес ескерткіш орнатылды

Көңілдің толқығаны анық! Хан Абылайдың алаңында бой көтерген әппақ айшықты найза мұнара тас болып қатқан ақ бура таудың биік өркешіне ұмтылып, көк мұнарлы Көкше таудың шыңынан асып түсіп, садақ оғы ала алмаған Оқжетпестің ұшар басына қанатын жайып қонуға бет алған қыран бейнелі ескерткіш Бурабайдың бар сұлулығын бір бойына жиып алғандай кербез қалпымен асқақтап, әсерленіп тұр. Күні кеше... иә, күні кеше Абылайдың атымен бірге ұмыт болуға айналған бұл алаңның «Ясная поляна» деп аталғанын көріп, күйінген көңілдер енді, міне, бүгін шат-шадыман!.. Бурабайдағы Абылай алаңы... Көкшетаудағы Абылайдың таққа отырған және Алматыдағы Абылайдың атқа отырған ескерткіштері... Тәуелсіздіктің тас тұғырлары бұлар. Қазақ елі тәуелсіздігінің айналасы бір он үш жылда бұрынғы өткен хандарын, білегінің күшімен, найзасының ұшымен, атының тұяғымен жерін қорғаған батырларын тас тұғырға қондырып үлгерген және де Астанасын көркейтіп жаңадан салып жатқан мемлекеттің бүгінгі тіршілігінен ірілік байқалады. Елің де, жасап жатқан ісің де ірі болуы үшін Мемлекетіңнің басшысы ер болуы керек әуелі. Тәуелсіздігіміздің тарихи жүгін алғашқы күннен бастап арқалап келе жатқан Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты да туған халқы бүгінгі күннің Абылайы деп таныса, ол да дана халықтың сол өзінің бір перзентінің ерлігін бағалағаны, соған сүйсініп, риза болғаны да. Еңбектеп бастап, ептеп-ептеп бел жазып, бірте-бірте бойымызды көтеріп, ақыл-сабырмен ойымызды жинақтап, саясатымызды анықтап, шекарамызды белгілеп, ел іргесін бекітуден басталған тәуелсіздіктің он үш жыл, бір мүшел жасында ғана жасалған істерді сан ғасырлар бойы бабаларымыз арман қылып өткен жоқ па еді?! Міне, көңіл осыларды ойлап толқиды... Абылай алаңындағы ескерткіштің ашылу салтанатына келген Қазақстан Республикасының Президеті Н.Ә. Назарбаевты туған халқы қуана қарсы алды. Биік ескерткіштің ұшар басындағы күннің көзін қауырсын қанатымен көтеріп, биікке самғап бара жатқан Қыранның да, сол қыран – тәуелсіздіктің де қанаты талмауын тілеп тұрды ел-жұрты тәңірінен! Көкшетаудағы қазақ театры әртістерінің тарихи қойылымымен басталған салтанаттың соңында: «Білекке сенген заманда ешкімге есе бермедік, билікке сенген заманда қапы қалып жүрмейік!»–деген бір ауыз сөз Абылай ханның аманатындай, Елбасының айтқаны мен айтарындай әсер еткені де анық.

Ақмола облысының әкімі Мәжит Есенбаев салтанатты қысқаша сөз сөйлеп ашты. Абылай алаңындағы мына ескерткіштің қысқа мерзімде сапалы жасалып шығуын үнемі бақылап, қадағалап, соған үнемі басшылық жасап келген облыс басшысы да Абылайдың ерлігін, бүгінгі елдің елдігін айта білді. Облыс әкімінің өкімімен облыста «Мәдени мұра» қоғамдық қоры құрылды. Абылайдың өзінің және Абылай заманының арғы-бергі тарихын саралай сөйлеген Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өз сөзін «Әр халықтың тарихында есімі мәңгі өшпестей ел жадында сақталатын тарихи тұлғалар болады. Қазақ халқының тарихындағы сондай киелі тұлғалардың бірі ғана емес, бірегейі – Абылай хан», –деп бастады. –Абылай хан өмір сүрген заман сақтар тұсында алтыннан сауыт соққан, ғұндар заманында Азияның қиян шетінен аттанып, Еуропаның ортасында ат ойнатқан, көк түріктер кезеңінде тарихын тасқа қашаған, Дешті Қыпшақ дәуірінде Орталық Азияда сәні мен салтанаты келіскен мемлекет құрған, арғы қазақтардың заңды мұрагері саналатын бүгінгі қазақ халқының бағы ұшып, мемлекет ретінде қалу-қалмауы тарих таразысына түскен, «ұрпақ үшін, ел үшін» жан алысып, жан беріскен кезең еді. Шындығында XVIII ғасырда Қазақ хандығы солтүстікте Ресей патшалығының, шығыста Қытай империясының, оңтүстікте Қоқан, Бұхара, Хиуа билеушілерінің, ал батыста қалмақтардың қыспағында қалған еді. Қазақ жүздері мен руларының басын қосып, алыс, жақындағы көршілерімен бейбіт бітімге келіп, қазақтарға «қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған» заман орнатқан әз Тәуке дүние салып, Қазақ хандығы тағы да жүз-жүзге бөлініп, аюдың тырнағы, аждаһаның аранында кету қаупі туды. Міне, осындай ел басына күн туған сын сағатта тарих сахнасына Абылай хан шықты. Абылай есімі қазақ тариында ең көп аталып, ардақталған тұлға. Абылай туралы және оның ұлт тарихындағы орны жайында мен бұдан бұрын да сөйлеген сөздерім мен еңбектерімде талай айтқанмын. Бүгін оның Көкшетаудағы киелі қонысында ашылғалы тұрған ескерткіш алдында Абылайдың қазақ халқына сіңірген тарихи еңбегіне тағы бір соға кеткенімнің артықтығы болмас. Өзінің даңқты бабасы мен Абылайдың өмір сүрген заманы жайлы қазақтың ұлы ғалымы Шоқан Уәлихановтың: «Қазақтардың аңызәңгімелерінде Абылай айрықша қасиеті бар киелі, керемет құдірет иесі болып саналады. Абылай дәуірі қазақтардың ерлігі мен серілігінің ғасыры. Оның жорықтары және батырларының көзсіз ерлігі мен қаһармандығы көптеген жыр-дастандардың арқауына айналған», –деген сөдері Абылай дәуіріне берілген бірден бір әділ баға деп білемін. Иә, Абылай аңызға айналған тұлға, бірақ біз ата тарихының бар шындығын ашу үшін сол аңыздан ақиқатты ажыратып алуымыз керек. Және оны өткеннен сабақ, тарихтан тағылым алу үшін жасауымыз керек. Мен үшін Абылай заманы ғана емес, бүкіл қазақ тарихы ұлт азаттығы, мемлекет тәуелсіздігі үшін толассыз күрес сияқты көрінеді. Ел бостандығы, ұлт тәуелсіздігі біздің халық үшін еш уақытта да төбеден түскен сый

болмаған. Ол әрдайым ел қамын жеген ерлердің жанқиярлық жанпидалық еңбегінің, күресінің нәтижесінде ғана келгенін ешқашан ұмытпауымыз керек. Мен кейде біздің тарихшыларымызға таң қаламын. Ақиқат шындығы әлі толық ашылмаған ата тарихының алып тұлғалары тұрғанда есте жоқ ескі замандардан елес іздеп, қиял қуып, қайдағы жоқты қаузаймыз. Басқаға бармай-ақ бүгін киелі қонысында тұрған Абылай бабамызды алайықшы. Мен өткен жылы Қазақстанның Ресейдегі жылын пайдаланып, Мәскеудегі әйгілі «ЖЗЛ» сериясынан «Абылай», «Абай», «Әуезов» атты өмірбаяндық зерттеулер сериясын шығаруды тапсырған едім. Қанша жабылып жүріп зерттедік десек те әлемдік деңгейдегі талғамы биік оқырманға ұсынар толымды туындылар жоқ болып шықты. Шынтуайтқа келгенде, Абылай – қазақтың қаһармандық шежіресінің, Абай – қазақтың жан-дүниесі тереңдігінің, ал Әуезов – халқымыздың бүгінгі замандағы интеллектуалдық биіктігінің өлшемі емес пе. Ескерткіш басындағы осы бір қысқаша сөзге дайындалу барысында Абылайға қатысты біраз еңбектерді шолып шықтым. Өкінішке қарай, жазылған дүниелердің саны көп те, сапасы аз. Сол баяғы: «Абылай қашан, қай жүзге хан болды?» деген таптаурын тақырыпты шиырлау басым. Біз үшін Абылай тақырыбы ол туралы аңызды өршіту үшін емес, тәуелсіздік үшін күрескен тарихи тұлғаның өмірінен тағылым өрбіту үшін қажет. Иә, Бұқар жырау: «Жиырма жасқа жеткенде Алтын тұғыр үстінде Ақсұңқар құстай түледің», –деп жырлағандай Абылай жиырмаға толар-толмасында қан майданға шығып, елінің кегін жоқтаған. Иә, орыстың әйгілі тарихшысы А.И. Левшин жазғандай «1739 жылы бұл кезде Абылай 28-де Орта жүзде, Сәмеке Орта жүздің батысындағы аз санды руларды биледі. Ханның орнына хан сайлаудан бұрын Әбілмәмбет пен Абылай екеуі бірдей билік жүргізген». Иә, арада он жыл өткенде осы деректі Жәнібек тархан да растап, өзінің 1749 жылы Неплюевпен болған кездесуінде: «Әбілмәмбет бұрын Орта жүзде хан болған, бірақ ол біраздан бері Ташкентте тұрып жатыр, ел басқарудан қалған. Онда жалғыз Абылай сұлтан ғана билік жүргізіп отыр», –дейді. Иә, Абылайдың қазақ қолын бастап қырық жыл бойы шығыстағы жоңғар-қалмақтардың, 50-жылдары Есілге дейінгі қазақ жеріне енген қытайлардың, 60-жылдары Шу мен Талас бойына таласқан қырғыздардың, ал 70-ші жылдарда Қазақстанның оңтүстігінде қоқандаған Қоқан бегі әскерін қазақ жерінен түре қуып, еліміздің тұтастығын қорғап қалғаны да ешкім күмән келтірмейтін ақиқат. Екі жүз жылға созылған қазақ-жоңғар соғысына 1771 жылы жеңісті нүкте қойған да арыстан туған Абылай бабамыз екенін бүгінгі ұрпақ еш уақытта ұмыта қоймас. Иә, Абылай ресми түрде 1771 жылдың күзінде Қазақ хандығының ежелгі астанасы – Түркістанда, Бұқар жырау бастаған үш жүздің игі жақсылары бас қосқан құрылтайда барша қазақтың ханы сайланды. Біз тағы

да Абылайдың билігінде кімнің болып, кімнің болмағандығын анықтаумен емес, ұлы ханның шілдің қиындай шашыраған аз қазақтың басын қосып, арқауы босай бастаған Қазақ хандығының шаңырағын тіктеп, керегесін кеңейтіп, еңсесін биіктету жолындағы еңбегіне лайықты баға берумен айналысқанымыз дұрыс. Абылай – оңтүстіктегі тентек ағайындарды тезге салып, жоңғарды жуасытып, қос алып көршісі Қытай мен Ресеймен шебер дипломатиялық саясат жүргізе білді. Зерттеушілердің соңғы деректері бойынша Ресеймен жүргізілген сансыз көп келіссөздерді қоспағанда, ол Пекинге он елшілік жіберген екен. Өйткені ақылды хан жалаң қылыш, жадағай ұранның заманы өткенін өзгелерден бұрын аңғарып, ел болашағы тату көршілік пен ағайынның ауызбіршілігінде екенін сол кездің өзінде сезе білді. Ардақты әлеумет! Біз бүгін қазақ жерінің жаннаты саналатын қасиетті Көкшеде, хан Абылайдың ақ ордасы тігілген алаңда тағы бір әдемі ескерткіштің ашылуына куә болып отырмыз. Бейбітшіл саясатымыздың ұрпақтан-ұрпаққа кетер белгісіндей болған арайлы күн арқалаған алтын қыран Көкше жерінде көкке өрлеген биік тұғырға көтерілді. Бұл ескерткіш Абылай бабамыздың ұлт тәуелсіздігі жолындағы тынымсыз күресіне бүгінгі ұрпақтың тағзымы іспеттес. Оған келген әр адам еңселі елдігіміздің белгісіндей болған шаңыраққа, береке-бірлігімізді бейнелейтін уықтарға, ал ұшар биігіндегі ұлт символына айналған алтын қыранға қарап, біз үшін ең қымбат, ең биік ұғым елдік, тәуелсіздік, бірлік екенін ұмытпасын. Әрдайым аспанымыз ашық, мерейіміз биік болсын! Елбасының осы бір толғамды сөзінен соң ақын Мағжан айтқан «Ту баста Абылайды хан көтерген, қамқоры Қарауылдың Қанай биінің» ұрпағы, қазақтың қазына қарттарының бірі, жасы тоқсанға келіп отырған ел ағасы, Социалистік Еңбек Ері Баян Жанғалов ақсақал да ағынан жарыла сөйледі. Елбасына деген шексіз ризашылығын айта білді. - Сіздің білікті саясатыңыздың арқасында бүкіл әлем бүгін Қазақстан экономикасына ат салысып, оның көтерілуіне жәрдем беріп тұр. Сізге риза болғаннан, Сіздің саясатыңызды қолдау үшін тоқсанға келген жасымда мен де «Отан» партиясына өттім. Абылай ханға жасаған құрметіңіз кейін өзіңізге де жасалсын, –деген Баян ақсақал бар қазақтың жүрек түкпірінде жатқан ойын жеткізе білді. Абылай хан алаңындағы биіктігі 35 метрлік сегіз қырлы бұл ескерткіштің дөңгелене біткен бедерінен дүние тірлігі шеңберінің мәңгілік таусылмас сырын ұққандай боласың. Тұтаса бітіп, зеңгір көкке шаншылған сегіз қырлы ақ жебе білегіңнің де күші бірлікте деген сыр аңғартады. Сыңар жебені кім-көрінген сындырып кете бермей ме, ал тұтас тұрған сегіз жебені сындырып көр кәне?! «Бөлінгенді бөрі жейді» деген қазақы философиямен астасып жатқан сәулеттік бұл шешім Елбасының: «Менің бар тілегім де, зар тілегім де елдің бірлігі»,–деген әрдәйім айтып жүрген сөзін қайталап тұрғандай. Монументтегі қасиетті қазақы шаңырақ жер бетінде қазақ деген халық, Қазақстан деген ел бар екендігін айдай әлемге ұқтыра түскен үлкен бір ұлттық белгіге айналған. Сол қара шаңырақ бүгіндері тәуелсіз

Қазақстанды мекендеп отырған түрлі ұлттар мен ұлыстардың ақ ордасы, Отаны екендігін дүниенің төрт бұрышына аңдатып тұр. Тағы да сол қара шаңырақты көтеріп тұрған әппақ уықтар ел мен халықтар бірлігінің бейнесіне айналып жүре берген. Кісі бойы жетер-жетпес биіктіктегі шаңыраққа іліне жасалған Қазақстан Республикасы Президентінің штандарттары мен Абылай ханның таңбалары мен мөрінің және тылсым әлемнің төрт игілігі – дәулет пен береке, бірлік пен ынтымақтың айшықты белгілері көне халықтың көне тарихын бүгінгі күннің тарихымен бітістіріп, жалғастырып тұрғандығын аңдадық. Өмір мен тіршіліктің мәні мен мәңгілігін, жасампаздығы мен сән-салтанатын Елбасының штандарттары мен тарихи таңбалар мен елдік белгілерге қадалған шашақ баулар әңгімелеп, әйгілейді. Ал, күн астындағы алтын қыран ше? Оның қадірі мен қасиетін: «Бейбітшіл саясатымыздың ұрпақтан-ұрпаққа кетер белгісіндей болған арайлы күн арқалаған алтын қыран»,-деп Елбасы бағасын жеткізе айтты. Күн арқалаған сол алтын қыран ұлт символы ретінде елдік, тәуелсіздік, бірлік сияқты биік ұғымдарды тоғыстырып биік тұғырға көтерілді. Ол сол өз биігінен түспей, көк аспанның астында мәңгі тұра берсе екен деп тіледі Елбасы да, қалың елі де. Көкшетаулықтарға жақсы таныс, бүгіндері Қарағанды облысының әкімі болып отырған Камалтин Мұхамеджановты да осы Абылай алаңында жолықтырдық. Ескерткіштің металл құрамалары Қарағандының «Имсталькон» заводында жасалғандығын естіп, осы монументтің авторы, жасаушылары кім екендігін сұрадық. –Мына Абылай алаңындағы бұл ескерткіштің авторы – Президенттің өзі! –деді Камалтин Мұхамеджанов. – Негізгі ойды да айтқан, ескерткіштің жобасын да көрсетіп берген Президенттің өзі болды. Бұл Елбасының Абылай ханға деген зор құрметінің белгісі, тәуелсіздікті сақтау жолындағы елі мен халқын бірлік пен ынтымаққа шақырған үні!.. Біз де алаштың ардақты азаматының осы бір байламды пікірі мен өрелі ойына тоқталдық.

(«Көкшетау» газеті, 15 шілде 2004 жыл).

БӘСЕКЕГЕ ҚАБIЛЕТТI БIЗДIҢ ТIЛ СӨЙЛЕЙ БIЛСЕК

«Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін». Нұрсұлтан Назарбаев. *** “Бiз қазақ халқының сан ғасырлық дәстүрiн, тiлi мен мәдениетiн сақтап, түлете беремiз. Сонымен қатар ұлтаралық және мәдениетаралық келiсiмдi, бiртұтас Қазақстан халқының iлгерi дамуын қамтамасыз етемiз”. (Қазақстан Республикасының Президентi Нұрсұлтан Назарбаевтың Жолдауынан). 1 наурыз, 2006 жыл.

Дүние жанталасып жатыр... Тiршiлiк үшiн жан алысып, жан берiсiп жатқан дүрбелең дүниенiң тынысы мен тамыр соғысын аңдап, қауiп пен қатердiң бетiн бағып, бағамдап отырмасаң әрi қырағы болмасаң, қазiргi планетарлық шырық бұзарлық небiр лаңкестiк әрекеттер, дiни экстремизм, есiрткi таратушылық сияқты ХХI ғасырдың әлемдi кезiп жүрген қауiп айсбергi бiздiң елдiң де алып кемесiн шайқалтып кетуi мүмкiн. Әрине, бұдан бетiн аулақ қылсын деймiз де, “бөрi жоқ деме бөрiк астында, жау жоқ деме қыр астында” деген қазақы қағиданың әлi де көнермегенiн еске алғың келедi. Қазақстан Республикасының Президентi Нұрсұлтан Әбiшұлы Назарбаевтың ел халқына арнап жүрген соңғы жылдардағы Жолдауларынан сол жан-жақтан анталап тұрған қауiп пен қатерден елдi, халқымызды сақтандырып, мемлекетiмiздi қай бағытпен қалай дамыту қажеттiгiн айтып келе жатқандығын сол әлемдiк қақтығыстардан аман сау қалудың бiрден-бiр әрi өзiн-өзi ақтаған жолы деп бiлемiз. Әсiресе, Елбасының Жолдауында Қазақстанның өзiнiң де, оның экономикасының да, халқының да бәсекеге қабiлеттi болуы керек дегені тегiннен-тегiн көтерiлiп жүрген мәселе емес. Ендiгi арада ең әуелi бәсекеге қабiлеттi болуға бiздiң ұлтымыздың өзi ұмтылуы керек. Бәсекеге қабiлеттi халық үшiн деген Елбасының айтып жүрген қағидасы ХХ ғасырдың бас кезiндегi ұлт зиялысы Мiржақып Дулатовтың “Оян қазақ” деген ұранымен үндесiп жатқандай сезiледi. Ендiгi арада халықты әлемдiк өркениетке қабiлеттi болуға үндеу, соған тәрбиелеу бiздiң мемлекеттiк идеологиямыздың өзегiне айналуға тиiстi. Бiз қазiрдiң өзiнде бәсекеге қабiлеттi бола алатын халықтардың қатарына жатарымыз да анық. Бiлiмiмiз бен бiлерiмiз еш халықтан кем түспейдi. Ең бастысы бiздiң ана тiлiмiздiң қабiлетi жөнiнен ешқандай бөтен ой туындамауы керек. Ұлтымыздың бүкiл әлемдiк өркениеттiң даму үрдiсiне қабiлеттi болуын, ең

әуелi оның ана тiлiнiң, мәдениетiнiң толық қабiлеттi болуымен бөле-жара қарауға болмайды. Құдiреттi әрi қасиеттi Ана тiлiмiздiң қазiргi жайы мен жағдайы жайлы ендiгi арада байбалам сала сөйлеудiң, не болмаса мемлекеттiк тiлiмiздiң тағдыры үшiн қара аспанды жаудырып, жылап-сықтаудың да мұнан былай қадыры мен қасиетi де бола қоймас деп ойлаймын. Ендi мұнымыз ұят-ты! Ана бiр жылдары, яғни өткен ғасырдың 90-шы жылдары тiлiмiздiң тағдыры үшiн алаңдаған көңiлмен әргi-бергi жайды қозғап, қызып та, қазып та, қауып та, тауып та, таусылып та, ойып та, күйiнiп те, шүйлiгiп те сөйлеген кездерiмiз болған. Шүкiршiлiк, әйтеуiр! Ана тiлiмiз үшiн шырылдаған барша тiл жанашырларының үнi де, тiлегi де, ниетi де әуелi бiр Жаратқанның құлағына шалынып, қазақ тiлi–мемлекеттiк тiл мәртебесiне ие болды. Әлемге әуелден жерiнiң байлығымен емес, тiлiнiң байлығымен, тiлiнiң құдiретiмен танылған, Кеңестiк құлдықтың қылбырауынан босаған, Конституциямызда орны ойып көрсетiлген, Заңмен өрiсi кеңейтiлген, ел басқарып отырған Президентiнiң өзi ана тiлiнде шешен сөйлей бiлетiн мемлекетiмiзде мемлекеттiк тiл мәселесiнiң кей жағдайда қайра бiр қылаң берiп, туындау себебiне байланысты өзiмiз байқап, көңiлге түйiп жүрген бiрер жайды орталарыңызға салғымыз келiп отыр. Адамзаттың күнi бүгiнге дейiн жоғалтқаны аз ба едi?! Сол қолдан босатып, уыстан шығарып, жоғалтып алған талай бiр құндылықтарды iздеп табу ниетiмен жолға шығып, континет кезiп, соңына түсiп жер шарын шарлап жүрген небiр жаһангерлерiмiз бен жиһангерлерiмiз, ғалымдарымыз бен ойшылдарымыз осы күнi жетерлiк. Солар әйтеуiр жоғалған небiр қалаларымызды құмның арасынан жанкештiлiкпен аршып алып, олардың әйтеуiр орнын болсын тауып та жатыр. Талайғы бiр жылдары желкендi кемелермен бiрге суға кеткен қазыналарды да небiр мұхиттармен, не бiр теңiздердiң түбiнен тауып алып жатқандықтарының да куәсiмiз осы күндерi. Алайда, қазiргi адам баласының қаншалықты iздесе де, зерттесе де, соңына шырақ алып түссе де, бiр таба алмай және таптырмай да қойған, қалпына келтiре де алмай жатқан бiр құндылығы бар. Ол–небiр ұлттардың қилы-қилы кезеңдерде жоғалып кеткен, жойылып кеткен небiр тiлдерi! Небiр тiлдерiмен бiрге небiр халықтардың да жоғалып, жойылып кеткендiгiн және оның Адамзаттың басты қасiретi болған тарихи ақиқатты мойындай отырып, ақылы мен ойы, санасы мен бiлiмi, өресi мен ғылымы жетiлген қазiргi кезеңде, ендiгi арада кез келген бiр тiлдi жойып алар болсақ, ол дегенiңiз–Жаратқанның өз Адам баласына өзi сыйлаған қасиеттi бiр дүниесi–Тiлiн саналы түрде өлтiру болып табылады да, оның ендiгi обалы мен көз жасы үлкен ұлттар мен үлкен тiлдердiң мойнында қалары бар. Соған қарап, бiздiң тәуелсiз Қазақстан атты елiмiздiң қасиеттi топырағында өмiр сүрiп отырған басқа да, талай бiр ұлттар мен ұлыстардың тiлдерiн дамытуға жасалып отырған қазiргi қамқорлық пен жағдайды сауапты бiр iс деп бағалаймын.

Сол жағдай елiмiздегi береке мен бiрлiктiң алтын арқауы, өмiрдiң өзегi болып отыр. Ұйыған тыныштығымыздың, бүгiнгi ынтымағымыздың бекiген iргесiн сөгiп, оны шайқағысы келген небiр ниеттер жүзеге аспай жатса, оның да бiрден бiр себебi–Қазақстандағы барлық Тiлдердiң теңдiгiнен! Тәуелсiздiк жолындағы теңiмiздi аударып алмай келе жатқандығымыз да осы Тiлдердiң теңдiгiнен! Осы орайда бiр кезде Кеңестiк жүйе үйелеп, орнынан қайра тұра алмай қалған кезеңдерден берi елiмiздiң бiрлiгiн де сақтап қала алатын, берекесiн де кiргiзетiн бiр-ақ өтiмдi қару бар екендiгiн, ол—Тiл екендiгiн және соған арқа сүйеп, соның ғана құдiретiне жүгiну арқылы ТМД-нiң өзге елдерiн басқан қалың тұманнан да, көтерiлiп жатқан айқай мен шудың лаңынан да, теке-тiрестер мен қақтығыстардың сойқанынан да елiмiз бен халқымызды аман алып шыға алатын сол тiл, яғни Қазақстанды мекендеп отырған барлық халықтардың тiлдерi екендiгiн және әуелгi еркiндiк пен ерiктi де соған, тәуелсiздiктi де соған берiп, соған өрiс ашу қажеттiгiн де бiрден ұғына бiлген, сол қағиданы ұстана бiлген Нұрсұлтан Әбiшұлы Назарбаевтың көрегендiгi бiздi әуелi осы тұрғыдан сүйсiндiрсе керек. Бұл, әрине, ең әуелi өз тiлiнiң құдiретi мен қасиетiн таныған адамның ғана қолынан келетiн және сондай қасиет бойында бар жанның ғана өзге бiр тiлдерге зор құрметпен қарай алатындығының ақиқаттығын Елбасының осы бiр ұстанымы анық көз жеткiзгендей. Адамзат пен мемлекеттер ендiгi арада бiр-бiрiнiң және түрлi ұлт тiлдерi тағдыры алдындағы өз жауапкершiлiктерiн дәл бiздiң Елбасымыз Назарбаевтай, дәл біздің елiмiздегiдей сезiне алуы керек. Мемлекетiмiздегi қазiргiдей сабырлы, ақылды, орнықты тiл саясатының ұстанымы бола тұрса да, тәуелсiздiгiмiздiң он төрт жылғы кезеңiнен берi ана тiлiмiздiң мәселесiнiң қайра-қайра талқыға түсiп, көтерiле беруiне кiнәлi кiм? Бiз ендiгi арада ана тiлiмiздiң құдiреттi күш-қуатымен аларымызды ала алмай, несiбемiздi уысымыздан әлi де шығарып алып жатсақ, өз тiлiмiздiң бiр кездерi босағаға сүйреп тасталған есiктегi басын осы күнге дейiн төрге шығара алмай отырсақ, ол үшiн ендi Үкiметтi де, Қазақстанда тұрып жатқан өзге ұлттарды да кiнәлауға ешбiр моральдық құқымыз жоқ деп санаймын. Қазақ тiлiнiң бүгiнгi күйi мен күнi сорлап жатар болса, оған ендi кiнәлi–менiң өзiммiн! Тек өзiм ғанамын! Ана тiлiнiң тағдырына деген ендiгi жауапкершiлiктi қазақ баласы әрқайсымыз оны–осы тұрғыдан түсiнуiмiз керек. 2005 жылдың 30 маусымы күнi Елбасының бұқаралық ақпарат құралдары өкiлдерiмен кездесуi кезiнде менiң бiр әрiптесiм тағы да сонау 90шы жылдардан берi қойылып келе жатқан “неге, неге” деген сарындағы әбден жауыр болған даурықпа бiр сауалын Елбасына жолдағанда, соны ыңғайсыз әрi орынсыз сезiндiм. Тiлiмiздiң қолданылуы мен дамуына барынша жағдай және заңдық нормалар жасалған, оның үстiне “қазақ қазақпен қазақша сөйлессiн” деген Елбасының әрдәйiм елге ес, ұлтқа ұран болар, санаға қонар осы бiр аталы сөзiнен кейiн, ендi: “менiң өзiм неге қазақ тiлiнде сөйлемеймiн?, “мемлекеттiк қызметiмде мемлекеттiк тiлiмдi неге қолданбаймын?, “балаларым мен немерелерiм неге өз тiлiнде сөйлемейдi?”, “неге мен өз тiлiм барда балаларымды өзге тiлде оқытуым керек?”,–деген

сияқты сауалдарды бiздiң әрқайсымыз күн сайын, сәт сайын өзiмiзге өзiмiз қойып, қасиеттi ана тiлiмiздiң алдында шiренiп, шалқая берер, оған терiс қарай берер әдеттен әуелi өзiмiз арылуға тиiстiмiз. Өз анасының тiлiнiң алдында әлi күнге дейiн шалқайып жүргендердiң басын игiзудiң бiр амалы– мемлекеттiк қызметке түсетiндерге Президенттiкке үмiткерлерден алынатындай ана тiлiнен емтихан ұстату керек болар бәлкiм. Мемлекеттiк қызметкерге қойылатын өзге де көп орынды талаптармен қатар ендiгi арада мемлекеттiк қызмет iстегiсi келетiндерге олардың өз ана тiлiн де жетiк бiлуi алға тартылуға тиiстi. Мен мұны өз ұлтыма ғана қатыстырып айтып отырмын. Ой айтумен бiрге ақиқатын да, айтайық! Иә, мемлекеттiк тiлдi пайдалану мен қолдануда мәселе жоқ емес, бар. Әзiрге аударманың ауылынан ұзап шыға алмай отырған қазақ тiлi нарқы мен парқы өзгерген мына базарлы заманның қазiргi рыноктық экономикасының талаптарына сәйкес мидай араласып кеткен аласапыран мына дүние тiршiлiгiнiң қазiргi ағылыстары мен ағыстары арасынан бiздiң ұлт өз тiлiмен өз жолын таба ала ма деген ой мазалай берерi бар. Өзiмiздiң ұлттық тiлiмiздiң тұтыну рыногы әлi де әлсiз және оны әлi де қорғай алмай отырған осы бiр тұста, сол мидай араласып кеткен шет дүние халқының тiлдерiнiң алдында қазақ тiлi тағы да тiзерлеп қалмас па екен деген қаупiм де бар. Өйткенi тiлдердiң тұтыну, былайша айтқанда қолданыста болатын негiзгi рыногы–қазiргi ақпараттық кеңiстiктi алып қараңыз. Спутниктiк және кабельдiк жүйелер арқылы толассыз да, талғамсыз да берiлiп жатқан не бiр теледидар каналдарының хабарлары мен ақпараттары тасқынының астында қалып бара жатқандаймыз. Өз елiмiзде өзге тiлде басылып шығып жатқан бұқаралық ақпарат құралдары аздай, iргелес мемлекеттiң газет-журналдары да шекарамыздан бөгелiссiз өтiп, сатылып жатыр. Бұған

қоса ауылдағыларымыз да қазiр үйлерiнiң төбесiне “қытай тәрелкесi” дегендi қойып алып, олар да теледидар алдына отырып алып күнi түнi телмiретiн, кейде малын жайлауды да ұмытып кететiн күйге түстi. Мiне, ұлттық тiлiмiз бен ұлттық ұлықтығымыздың қазiргi осал әрi хауiптi бiр тұсы осы! Ал ендi сол хауiптiң ең бастысы—бесiктен белi ендi шығып, ендi еңбектеп, былдырлаған тiлi ендi шыға бастаған сәбилерiмiздiң тiлi де буылып, олардың да сәби тiлдерi өз аналарының тiлдерiнде шыға алмай жатса, ең бастысы– жас сана уланып жатыр. Мұны мен ғана байқап, мен ғана айтып отырмын демеймiн. Бұл ұлт жанашырлары мен тiл жанашырларының айтып келе жатқан мәселесi. Осыған ден қойып, осыған бiр шектеу қою керек. Әрине, көршi-қолаңмен тату болғанға не жетсiн! Алайда, достық өз алдына, ал ұлттың мүддесi онан да жоғары қойылуы керек. Ана тiлiн бiлмеушiлiктен бұзылған қазiргi сана, бұзылған дiн мен сенiм қасиеттер жайы осыны айтқызып отыр. Өз ана тiлiмiздiң рыногын қорғай бiлейiк деген пiкiрiм де, ойым да осы тұрғыдан айтылып отыр. Халқымыздың ағылшын, онан басқа да шет тiлдерiне деген аңсары ауып тұр қазiр. Бұл жақсылық, әрине! Дегенмен еліміздегі сегіз миллион қазақтың бәрi бiрдей түгелiмен ең әуелi... ең әуелi өзiнiң ана тiлiнде сайрап

барып, сонан соң ағылшынша сайрап кетсе құба-құп. Болмаса күнi ертең, жоқ күнi ертең емес-ау, бүгiннiң өзiнде Қазақстанның кез-келген қалаларының көшелерiндегi қаптап бара жатқан ағылшын және басқа да шет тiлдерiнде жазылған жарнамаларды көрiп, түптiң түбiнде ағылшын тiлiне де қарсы күрестiң екiншi бiр майданын ашып, тағы да қызыл шеке болып жатпаймыз ба деген ой мазалайды. Қазақ тiлi үшiн күрес бiз үшiн мәңгi бiтпес майдан болып қала бере ме деп мазаланамын. ЮНЕСКО мамандары әзiрлеп шығарған “Жойылу қаупi төнiп тұрған әлем тiлдерiнiң атласы” атты кiтапта ғалымдар мына бiр жайды алға тартады. Қазiр планетада 6800 тiл болса, соның тең жарымының жойылып кету қаупi бар екен. Дамыған Европаның өзiнде–50 тiл, Сiбiрде 40-қа тарта тiл жойылғалы тұрған тiлдер тiзiмiне енгiзiлген. Жер бетiнде әрбiр екi апта сайын қандай да бiр тiл жоғалып жататын көрiнедi. Лингвист мамандардың айтуынша, осыдан жүз жыл бұрын жер бетiнде түркi тектес 60 тiл болса, қазiр соның 30-ы ғана қалған. Қазақ тiлi әзiрге жойылып бара жатқан тiлдер қатарына жатқызылмағанымен, тiл мамандарының пiкiрiне сүйенiп айтар болсақ, қай елдiң балаларының 30 пайыздан жоғары бөлiгi өз ана тiлiн игеруге деген құштарлығын жоғалтса, сол тiл тез құрыйтын көрiнедi. Ал, ендi қазiргi статистика мынаны айтады. Ұлтымыздың 15 пайызы ана тiлде мүлдем сөйлемейтiн, 25 пайызы шала бiлетiн қазақ ұлты үшiн әлi де сақ болар жайлар аз емес. Қазақ тiлi ол бiздiң ұлттық санамыздың ең басты әрi ең қасиеттi шекарасы. Сол ұлттық сана шекарасының басты қарауылшысы да, оның қолындағы басты жалғыз қаруы да–ұлттық тiл. Олай болса ұлттық санамыздың шекарасын өзгелер басып кiрiп, ұлтымыздың ой-санасын, болмыс, бiтiмiн, рухы мен жан әлемiн жаулап алмас үшiн соған қарсы тұрар бiр ғана қаруымыз–ұлттық тiлiмiз мықты болуы керек. Бүгiнгi күнi жаһандану яғни, глоболизацияның басталып кете берген жаугершiлiгiнен бiздi ұлт есебiнде қорғап та, сақтап та қала алатын бiрақ құдiреттi күш бар. Ол тағы да өзiмiздiң ана тiлiмiз! Алайда көңiл мынаны айтады, сол көңiл құрғыр мынаған сенедi: ұлттық тiлiмiздiң болашағы зор, өйткенi мемлекетiмiздiң болашағы зор. Сол көңiлмен менiң ана тiлiм ешқашан да жоғалмайтындығына сенемiн де, соған уанамын. Ал, ендi құдiретi мен қасиетi күштi сол қазақ тiлi жер бетiнен жоғалар күн туа қалса, заман ақыры да сол күнi-ақ орнайтындай сезiнемiн. Тәңiрiм сонысынан сақтасын!

(Ақмола облыстық «Арқа ажары» газеті. 14 ақпан, 2006 жыл).

ЖАҢАРҒАН ДҮНИЕНІҢ ЖАҢА КӨЗҚАРАСЫ

Әлем жаңарып жатыр! Сол жаңарып жатқан әлемнің бүгінгі даму шапшаңдығы мен қарқынына көз де ілесер емес. Таңымыз атып, күніміз батып, кеш түсіп, түн болып жатса да, сол түн баласы да әлем тіршілігінің көз іліп, қалғымайтынын, тіпті, өзінің даму жолында түрлі әрі сан қилы да, сан қырлы саясаттың сойылы соғылған кезеңдер мен дәуірлерді уысынан шығарып алған билік пен ықпал ету тізгінін қайтсе де қолға қайыра бір түсіріп алудың не бір әрекеттері істеліп, дүние атаулының қайыра бір бөліске бермейміз деген қарсылықтардың, қыр көрсетулердің, әркімнің өз мүдделерін жоғары қоюшылықтың нәтижесінде жарылысы әлемді жаңғыртып, жарасы ыңырсытып жатқан Адамзаттың бүгінгі тағдыры, санасы ояуларды алаңдатпай тұра алмасы да анық. Қайткенде де саясаты да, дамуы да, көзқарасы да жаңарып жатқан осы бір жаңа әлемдегі өз орнының өзгелерден төмен болмауын, қазақи пәлсапамен айтар болсақ, «әркім өз шыққан төбесінің биік болуын» ойлап, сол үшін жанталасып жатқан және оны да қойып жан алысып, жан берісіп жатқан жағдайларды көз көріп, құлақ естіп отыр. Тойымсыз адам баласын сан ғасырлардан бері күні бүгінге дейін тойдыра алмай келе жатқан табиғат байлығының беті қайтып, берері, қазіргі энергетикалық қуат ресурстарының көзі азайған сайын қауіпсіздіктің осы бір түрі дүниенің әрбір бұрышындағы қақтығыстардың себепкері болып та отырғандығы жасырын емес. Тәуелсіз ел болғанына он бес жылдың ар жағы мен бер жағында тұрған және де жаңағы энергетикалық қуат көздерінің негізгі бөлігін, жат жұрт қызықса қызыққандай, мұнайы мен газын, тағы да басқа қазба байлығы бар, тіпті, солардың бір бөлігін бауырына басып жатқан қасиетті қазақ даласына өз қаржы инвестицияларымен ағылып келіп жатқан, былайша айтқанда, «берсең қолыңнан, бермесең жолыңнан» алып кәніккен әлемнің алпауыт елдерінің уысына түсіп, есеміз кетіп қалып жүрмес пе екенбіз деген қауіптің де әуелде алаңдатқанын несіне жасырамыз?!. Көңілге бір демеу боларлық жай–қазақ елі тәуелсіздігінің Көкбайрағы желбіреген алғашқы күннен бастап Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев біздің ішкі және сыртқы саясатымыз бен экономикадағы бағытбағдарымызды дұрыс айқындап беріп келе жатқаны және де сол саясат пен бағыт-бағдардың аса бір көрегендікпен анықталып отырғандығына жүріп өткен жолымыздың өн бойында көзіміз анық жетіп-ақ келеді. «Жаңа Қазақстан өзінің дербес даму жолын таңдап, жылдан-жылға әлемдік қоғамдастықта барған сайын зор құрмет пен беделге қол жеткізе отырып, алға қарай нық сеніммен ілгерілеп келеді»,–деп Елбасымыз өзінің

биылғы Жолдауында атап көрсеткеніндей, қазір әлемде дамудың қазақстандық жолы деген ұғым қалыптаса бастаса, бұл да Қазақстан Республикасының шын мәнінде іргелі ел бола бастауының айқын бір нышаны іспеттес. Елбасының Қазақстан халқына арнаған 1997 жылғы алғашқы Жолдауында еліміздің 2030 жылға дейінгі даму стратегиясы баян етілгені бар-ды. Сонан бергі әр жыл сайынғы Жолдаулардың барлығы да осы бір бағытпен байланысып жатыр. Әріге, тым әріге көз тігіп, ой бойлатқан бұл даму стратегиясының біртіндеп орындалып, жүзеге аса бастағандығын кім қазір жоққа шығара алар?! «Алдағы бір күнін ойламаған әйелден, он күнін бұрын ойламаған еркектен без» дейтін шығыстың осы бір қағидасына сүйенер болсақ, тұтас бір ғасырдың және де үш жүз жылғы орыс боданынан босанып, небір сойқанды саясаттардың таяғын аз жемеген халқымыздың тәуелсіз мемлекет болып қалыптаса бастаған кезеңінде отыз жылдан астам уақыттың аңғарындағы өз елі мен халқының, мемлекетінің болашағын ойлау, тіпті, болжау дегенге тұрарлық істің ар жағында ұлт алдындағы, жалпы адамзат прогресі алдындағы Президентіміздің ұлы жауапкершілікті сезінуі жатыр. Елбасының «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» атты биылғы Жолдауынан да сол үрдістің алтын өзегін жазбай тануға болады. Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстанның орны мен рөлі қандай болуы керек, қай жолмен жүріп, не істеп, не қоюымыз керек деген мәселелерге дәйекті жауаптар беріліп, бүкіл қазақстандықтардың алдына нақтылы 10 міндеттер қойылған, 30 бағыт анықталды. Біз осы Жолдаумен таныса отырып, Елбасының өткен жылғы Жолдауындағы Қазақстанның бәсекеге қабілетті әлемнің дамыған 50 елінің қатарына кіруге міндетін шешу сол күйінде қала беретіндігін ұғынғандай болдық. Бұл күндері дүние атаулы бәсекелестікке құрылып жатқанда, 50-дің қатарына еніп, өз еліміздің сол бәсеке жарысының жолында шаң жұтып қалмауын ойлау, ел болуды ойлағандық деп білеміз. Осы бәсекелестік дегеніміз біздің қазақ үшін жат та қасиет емес. Әуелден бір-бірімен бәсеке бола білген халқымыз бірінен-бірі өнер, білім, ақыл, ой-парасат жағынан озудан да, дүние байлығын жинаумен бәсекелесіп, оның соңы бақталастыққа ұрынған кеселге айналып кеткендігін де жасыра алмадық. Елбасының енді айтып отырған бәсекелестігінің жөні де, ұғымы да, табиғаты да, тарихи сипаты да басқа. Енді өзіңмен-өзің болмашы дүние үшін бәсекелесіп, бақ таластырып, жаға жыртыса бергенше, кәне, дүние халықтарының жақсыларымен жарысайық. Электроника жасау жағынан ешкімге есесін бермей отырған жапонмен жағаласайық, техника атаулының кетігі мен тетігінің жұмысын дыбысынан біліп тұратын немістен неміз кем деп намыстанайық. Әйтеуір, қолынан өнері тамған, ғылымы мен білімі асқан бар жат-жұрттың жақсылығын зерделеп, үйренуге, сөйтіп, өз еңбегімізбен, өз білім дәрежемізбен өзге жұртқа танылайық, солармен бәсекеге түсерде жанжақты қабілетті болайық. Кезінде Абай хакім айтқан: «Кеттің-ау ең болмаса, мал баға алмай»,–деген өткеннің өкініші енді тәуелсіз ел болып отырған жағдайымызда өзегімізді қайра бір келіп, өртемесе екен деп тілейік.

Біздің халқымыз жыл сайынғы Жолдауды үлкен бір үмітпен күтіп отыратын жағдайға жетті. Бұл орынды да болар. Өйткені, әр Жолдауда жыл сайын зейнетақының өсетіндігі, бюджет саласы қызметкерлері табыстарының жоғарылайтындығы, ана мен балаға көрсетілетін және де басқа да әлеуметтік қамқорлықтың аясы кеңейтілетіндігі жайлы айтылып, нақтылы қадамдар жасалып, жақсылықтар болып жатады. Бірақ ендігі арада Жолдауды насихаттау мен түсіндіруде осы бір жақсылықтарды айтумен бірге, яғни, Жолдау бізге не жақсылық әкеліп, не бергенін айтумен бірге осы Жолдауды жүзеге асыру үшін менің өзімнің не істеуім керек деген пиғылдағы көзқарас қалыптастыратын кезең туғандығын айтқым келеді. Елдің және мемлекеттің тағдырын ойлай білсек, біз ендігі арадағы барлық идеологиялық ой-санамызды, ісімізді осы бір пікірді қалыптастыруға қызмет етуіміз керек. Өйткені біздің әлі де болса масылдық пиғылдан арыла алмай келе жатқанымыз бар. Әлем көшінен қалып қоймау жағын мықтап ойлайтын кез бен кезеңге келдік. Ұлтымыздың ұл-қызын еңбек етуге баулу, үйрету және де бар байлықтың басы сол еңбекте ескендігін ұғындырар тәрбие мен өнеге-өсиет керек. «Еңбек етсең аянбай, тояды қарның тіленбей»,–(Абай) атты қағиданы қайра бір жаңғыртып, ұлтқа ұран тастар тұс та осы. Өйткені қазір Астанамыз алып құрылыс алаңына айналып отырған және де қаржысы молайып, кәсібінің өрісі кеңейіп, өндірісі нығайып жатқан елімізге алыс және жақын шет елдерден жұмыс іздеп, нәсібін тауып жеуге ағылып келіп жатқандар көбейген қазіргі уақытта еңбек рыногынан орын таба алмай жүрген өз қандастарымыздың жайына зер салар болсақ, сол баяғы жалқаулық пен енжарлықтың етегімізден тартпай қоймай келе жатқандығының көрінісі қылаң беріп қалады. Еркін елімізде еркін жүріп ой ойлауға, жұмыс жасап, әрекет етуге толық еркіндік берілген. Ендігі ерік өзіңде! Жаңа әлемнің тау-тау толқыны ойнаған ашық мұхитына шыққан қазақ елінің жел қайығының қос ескегі–тілі мен дінімізді мықтап ұстайтын жауапты кезеңге келдік. Жолдауда «тілдердің үштұғырлығы мәдени жобасын кезеңдеп іске асыру» ұсынылып отыр. «Қазақ–бүкіл әлемде халқы үш тілді пайдаланатын жоғары білімді ел ретінде танылуға тиіс. Бұлар: қазақ тілі– мемлекеттік тіл, орыс тілі–ұлтаралық қатынас тілі және ағылшын тілі– жаһандық экономикаға ойдағыдай кірігу тілі»,–деп Елбасының осы Жолдауда атап көрсеткеніндей, біздің алдымыздағы тіл мәселесі экономикалық және әлеуметтік міндеттерді шешуден қиын түспесе, оңай түспесін сезінеміз. Біз ең әуелі Қазақстан Республикасының сол әлемдік жаһандауға өзінің ұлттық тілі, яғни, өзінің мемлекеттік тілі–қазақ тілімен кірігуін ойлап мазасызданамыз. Мазасыз күй кешпейтіндей жағдай және де болмай отырған жоқ. Әрине, соңғы жылдары мемлекеттік тіл мәселесін шешу бағытында сан қилы жұмыстар жүргізіліп те жатыр. Дегенмен де, қазақшаның өзін сөйлеп жарыта алмай отырғанымызда және де орыс тілінің ықпал әсері әлі де күштірек болып тұрғанда, енді келіп ағылшын тілін үйреніңдер, біліңдер деуіміз өзіміздің ана тілімізге жасалып отырған қысастықтың бір түрі емес пе

екен деген пікірлер де бар, осы тұрғыда сауалдар да туындап жатады. Бұл алаңдаушылықтың реті де бар шығар. Алайда, дүние мұхиттың болашақ айлағына бет алып кетіп бара жатқан және де оны ешкімнің де тоқтатуға қауқары қалмаған мына заманда сол кемелге жармасу, өзгелермен ілесіп өркениетке бірге жету қажеттігі туындағандығы дүниенің өз ақиқаты. Егер де біз қазақи күйкі-тіршіліктен аса алмай, сол кемеге жармасу бізге әлі де ерте деп отыра берсек, онда кешігеміз, кешіккенде де өз несібемізден құр қалатынымыз бар. Тіпті, ащы да болса ақиқатын айтар болсақ, әлі де болса күншілдік пен міншілдік, жершілдік пен рушылдық, уысқа түскен азын-аулақ дүние байлықтан басымыз айналып қуыс кеудені керуден, ел боларлық сөз айтудан бұрын ешкімге абырой, жақсылық әпермейтін, тіпті, өнбейтін бір дау қуып, бірін-бірі айбаттап, бірін-бірі ғайбаттап жатқан бүгінгі қазақы қауымның істеп отырған ісіне қарап, былайша айтқанда, ауыл ішінің өсекаяңы, дау-дамайы қашан басылар екен деп қарап отыра берсек, ертеңгі несібеміздің, өзімізді қойып, өсіп келе жатқан ұрпағымыздың қағылып қаларын зерделеп отырған Елбасының бізді, яғни, өзінің туған халқы қазақты зымыран қарқынды уақыттың жалына жармастырып қалғысы келіп отырған адал ниетін осы Жолдаудан тағы да бір аңғарған едік. Бүгінгі күні сол мемлекеттік тілді қолданыс пен пайдалануға енгізудің жанашыры әрі жаршысы ретінде біз өз тарапымыздан мемлекетіміздің өзінің мемлекеттік тілі арқылы нығаюына барынша ынталымыз. Біз өзіміздің мемлекеттік тіліміздің ұлттар арасындағы достық пен ынтымақты сақтаушы негізгі күшке айналуына алдағы уақытқа да күш сала беретін боламыз. Жаратқанның жаңартып жатқан жаңа дүниесінің жаңа әлеміндегі Елбасының Жолдауына, Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жаңа көзқарасына сәйкес өз еліміздің, жаңа Қазақстанның ата-бабамыздың аты мен атағына, ерлігі мен елдігіне, батылдығы мен батырлығына, ұлықтығы мен ұлылығына, қасиеті мен қадіріне сай өз орнын алуға біздің әрқайсымыз жауаптымыз!

(Ақмола облыстық «Арқа ажары» газеті, 19 сәуір 2007 жыл).

ЕЛБАСЫНЫҢ ҚОС ҚАНАТТЫ ҚОС ЕРЛІГІ

І. Әлемге созылған адал ниетті адал қол

Тәуелсіздігіміздің қадамы құтты болып, құдай қаласа енді бірер жылдың аясында, яғни 2010-шы жылы Еуропадағы ынтымақтастық пен қауіпсіздік ұйымына төрағалық еткелі отырған Қазақстанның бүгінгі әлемдік өркениеттің, жалпы дүние дамуына қосып отырған үлесі немесе көрсетіп беріп отырған өнегесі де аз емес екен. Қазақ елінің және оның көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың әлем алдындағы абыройының жоғары, беделінің асқақ, жүзінің жарқын, сөзінің өтімді, ойының ұтымды, пікірінің пайымды, айтқаны келетін де тұратын қасиетін әлем түгел танып отыр десе де болғандай. Әлемнің алтыдан бір бөлігін бауырына басып иемденіп және де жер шарының әр тарапына әмірін жүргізіп, айтқанын істетіп келген кешегі Кеңестер Одағы ыдыраған тұста, дүниенің қайра бөлісі үшін жаңа қақтығыстар ошағындағы саясат қазаны бұрқ-сарқ қайнап, оқ атылып, жарылыстар дүмпуі естіліп жатқандығына қарамастан Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өз қолындағы ядролық қарудан өз еркімен бас тартуы бүгінгі Адамзат алдындағы және де жалпы өркениеттің болашағы жолындағы ұлы ерлігі болатын. Осы бір ерлігімен-ақ дүниеге өз ықпалын жүргізу үшін жанталасып баққан алып державаларды сабасына түсіріп, сабырын сақтап қалған, әлемге жойқын қаруы жоқ арлы қолын да ұсынған Назарбаевтың осы бір қадамы бауырын жерден енді-енді көтере бастаған қазақ елінің және оның тәуелсіздігінің баянды болашағы үшін шалған тарихи құрмалдығы еді. Ең әуелі өз елінің, өз туған халқының өмірін ойлап, даласы жарылыстан көз ашпаған ядролық Қазақстан күні ертең өзгелердің көз алартып, таласар аймағына айналып кетпесі үшін істелген іс екендігін тани отырып, жалпы әлем мемлекеттерінің бір-біріне адал да, ізгі оймен қарай да алатын және қарай білуге де қажетті сенім көзін ашты, көкірегін оятты. Адамзатты және жер бетіндегі мыңдаған жылдар бойғы өркениетті жаппай қырып-жоятын ядролық қарудан бас тарту арқылы Назарбаев ядролық қарусыз әлем орнықтыруға да бастамашыл болған тұңғыш саясаткер екендігін қайра-қайра, тіпті соны әлем назарына жиі-жиі салып отырған да абзал. Біздің Елбасымыздың адамзат алдындағы ұлы жауапкершілігі мен ұлы ерлігін тани білген американдық сенаторлар Назарбаевты Нобельдік сыйлыққа әбден лайықты деп санап отыр. Бұл–әбден орынды! Бұл бүгінгі күні ядролық шоқпарын қолына ұстап, сес көрсетіп, болмаса сол бір пәлекет қаруды жасап аламыз деп әуре болып, әрекеттеніп жатқан мемлекеттер мен олардың басшылары үшін қолындағы ядролық қаруынан жер шарының тыныштығын, әлемнің сеніммен дамуын, әлі де болса жарып тамақ іше алмай

отырған түрлі континенттегі аш-жалаңаштардың тойынуын ойлап барып өз еркімен бас тартқан Назарбаевтың қадамының елеусіз, ескерусіз, бағалаусыз, баянсыз емес екендігін көрсетіп, өнеге етіп алға тарту болмақ. Біздің Елбасымыз ең әуелі жойқын сыйпатты қарулануды ойламай, мемлекетімізді ұлы державалардың ықпал етуінің талас аймағына айналуына жол бермеуі арқылы тәуелсіз еліміздің шынайы тәуелсіздігін қамтамасыз етіп, дамудың өзіндік, яғни, қазақстандық жолын қалыптастыра білуі жаңа тұрпаттағы мемлекет құрудың әлемдік тарихтың тұңғыш бір үрдісі болғандығын айтуымыз керек. Әлі де болса әлемнің сабырсыз саясаты сабасына бір түсе алмай дауы мен қақтығысы, жанжалы мен жарылысы жарықшақтанып естіліп тұрған бүгінгі күні тәуелсіз ел болып дамудағы өз жолымызды дұрыс таңдай алмағанымызда не ісіміз өнбей, не үніміз шықпай, жарық сәуленің екпінінен де шапшаң қазіргі өркениет дамуының жалына жармаса алмай, әрі-сәрі бір күйде қалған болар едік. Біз тәуелсіз ел болғанымызды айдай әлемге батыл жариялағаннан кейін, сол енді айдай әлемге батыл үн қатып, батыл қадам да жасауымыз керек еді.Соны жасай білдік! Соны жасата білді, жер жаһанның өрекпіген өркөкірек саясаткерлері мен өркениетті бар мемлекеттерін қазақ еліне, өзіне қарата білді Елбасымыз! Бұл–біздің Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қазақ елі үшін ғана емес, тұтас барша адамзат баласы үшін жасаған көп ерлігінің бірі және бірегейі ғана екендігін айтпасқа тағы да лаж жоқ.

ІІ. Астана–тәуелсіздігіміздің лүп-лүп соққан жүрегі Біздің Елбасымыздың айдай әлемге жасаған, және де бір өзінің ғана емес, барша қазақ жұртын талпындырған тағы бір екінші қадамы–бүгінгі Астананың салынуы дер едім. Дүние қайра бір бөліске түсіп, бодандықтың бұғауынан басымызды енді шығарып ала бастаған тұста, ес жиналып, етек жабылмай жатқан шақта астананы ауыстырмақ түгілі мінген атыңнан ауып түсіп қалмауды ғана ойлар қилы да қиын кезеңде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Алматыдағы астананы Арқадағы Ақмолаға көшіру жөніндегі ойына бүкіл ел шошына қарады. Сенбеді, сенгілері келмеді. Ал, енді Сарыарқа төсіндегі тәуелсіз қазақ елінің бүгінгі астанасы–Астана қаласына он жылдың орынтағына шығып қарайық та, көз салайық. Айтар сөзің жоқ! Таңдай қағып сүйсінесің де, тағы да сол Елбасының ядролық қаруды өз қолымен беріп, өз қолымен өз елінің жаңа Елордасын салған, салып та жатқан екінші бір ерлігін мойындап, соған бас иер едіңіз! Жиырма бірінші ғасырдағы қазақ елін және ата-бабаларымыз үшін ғасырлар бойы арман болған тәуелсіздігімізді бүгінгі Астанасыз көз алдыңызға елестетіп бір байқаңызшы! Аузыңыздың дәмі кірмес еді! Бұл Астана тәуелсіздігінің лүп-лүп соғып тұрған жүрегі емес пе?! Бұл Астана халқымыздың барлық ұлы мұраттарының Бәйтерек болып тереңге тартқан тамыры, жайқалған жапырағы емес пе?! Бұл Астана дөңгеленген дүниенің қазақ иеленіп отырған қасиетті бір жеріне орнатылған әлемнің төрт бұрышынан да көзге түсіп, көрінер, алтын

тұғырлы ең заңғар да, ең биік, ең абзал да, ең бір азбайтын да, тозбайтын мәңгілігінің мәңгілігі жолында мың өліп, мың тірілген қазақ үшін соғылған ұлы Ескерткіш! Сол ұлы да, қасиетті, киелі Ескерткішті қазақ халқы үшін тұрғызып берген Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың өз халқының алдындағы перзенттік те президенттік парызына әмәнда адал болып келе жатқандығын және де өз халқы үшін небір көзсіз ерлікке бара алатын, батыл да батыр бола алатын текті де бір айырықша дара да дана қасиетін айғақтап тұр. Және де бүгінгі Астана Елбасына өзінің қарақана басының абыройы мен беделін асырып, асқақтату үшін қажеттілігі шамалы екендігін де ескерейік. Назарбаевтың бір басының атағы мен абыройы, даңқы мен беделі әлемге әйгілі, ақылы мен парасаты, сарабдал саясаткерлігі, адамзаттың адал да шынайы жанашыры ретінде биік адами қасиеті, кісілік келбеті дүниеге танылғалы, мойындалғалы қашан! Бұл Астана өзінің бүгінгі әлемдік өркениеттің сәулетімен де, шалқыған дәулетімен де, ынтымағы, бірлігі жарасқан әулетімен де, көк күмбезінің ұшар басында көк байрағы желбіреп тұрар Ақордамен де, мәңгілік тіршіліктің аспанына ұмтылған заңғар биігімен де, нұрлы дүниеге нұр шашқан жарқыраған самала алау жарығымен де, көрген жанды сүйсіндіріп, жаныңа шуақ құяр жылуымен де, келген жанның барлығын жаңа бір үміттермен жетелей жөнелер көшесімен де, сая болар бағымен де әуелі... ең әуелі қазақ баласы біз үшін, біздің болашағымыздың, біздің тәуелсіздігіміздің мәңгілігінің мәңгілігі үшін қажет екендігін ұғынатын кез келді! Осыны ойлаймын да, ендігі арада Астана жайлы былайғы бір былжыр әңгіме айтып, Астана келбеті мен оның тарихи маңыздылығына көлеңке түсіруге әрекеттенушілердің жетесіздігін елдің тыңдамасына, ел мен ердің киесі атарына сенімдімін. Астананың он жылдығы тойланып жатқан тұста Елордаға бір көшеге Жамбыл жыраудың ескерткішінің ашылу салтанатына қатыстым. Алматы облысының әкімі, алаштың ардақты бір азаматы Серік Әбікенұлы Үмбетов оңаша бір әңгімесінде: –Әр қазақ баласы Астананы көркейтуге үлес қосатын болсақ, бұл Елбасымызды қолдағанымыз ғой, көп шаруаның бір жағына шығысқанымыз ғой,– деген көңілге қонымды осы бір сөзін жиі есіме аламын. Шіркін, біздің бәріміз осылай ойласақ қой! Астанаға өзінің он жылдығында иә... Жамбылдың, Бауыржанның, Әлияның ескерткіштері орнап қалды. Сүйсінерлік іс! Астананың ажарына ажар қосты, ұлтымыздың ұлыларын асқақтатты, қазақы кескін-келбетіміз ашылып, Елордаға бабалар рухы оралғандай әсерге бөлендік. Қарт жырау Жамбылдың ескерткіші ашылғаннан кейінгі көптің арасынан мына бір әңгіменің айтылғандығын да құлақ шалды. –Астананың ана бұрынғы «Интурист» деген қонақ үйінің бір бұрышында ғана жерден жарты метр ғана көтерілген тұғырда елеусіз тұрған Абайдың ескерткішін көрдіңдер ме? Астанаға бұл Абай жарасып-ақ тұрған жоқ. Әй, бірақ ұлы Абайды ұлықтаған ұлы Мұхтар бар ма осы күні,–деген әлгі бір қарттың сөзін көпшілік қолдап жатса, көкейіме ұлы Абайды ұлықтайтын ұлы

Әуезов болмаса да, Абайдың ұлы елі бар, Елбасымыз бар ғой деген сенімді бір ой келді. Тәуелсіз Астананы Елбасымыздың көп даралап айтар көп ерлігінің бірі екендігін тағы да қадап атаумен бірге, бүгінгі мен келешегінің, болашағы мен барар шағының қанаты кеңге самғап бара жатқандығына зер салсақ, біздің Елордамыз бір қазақ елінің ғана емес, тұтас бір Еуразия кеңістігінің астанасы сыйпатына ие болып барады. Олай болса, біздің Астанамыздың ендігі ажары мен базарынан, тынысы мен сырынан, әрі мен сәнінен көне Еуразияның келбеті танылып тұруға тиісті. Бұл үшін ендігі арада әуелі әр өңірдің өз топырағында туған ұлылары мен оғыландарының ескерткіштерін Астанаға апарып орнату үшін ала жөнелулеріне аса сақтықпен, аса бір талғаммен қаралуы керек. Ескерткіш ел бейнесін, тарихын, мәдениеті мен рухани жан дүниесін танытар монументальді белгі екендігін ескерсек, біз ең әуелі Астанаға қандай және кімнің ескертікштерін орнатуымыз қажеттігін әбден ойластырып алғанымыз жөн. Бәлкім, ең әуелі Астанадан кешегі күні осы бүгінгі тәуелсіздік үшін күрескен, соның жолында құрбан болып, киелі қазақ жерінен бір уыс топырақ та бұйырмай, кейбіреуінің сүйектері де қай жерде шашылып қалғаны да белгісіз, кеңестік билік кезінде ескерткіш қоймақ түгілі аттары да аталмай келген алаш қайраткерлері–Әлихан Бөкейханов, Шәкәрім қажы, Мағжан Жұмабаев, Тұрар Рысқұлов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов және мұнан да басқа арыстар ескерткіші орын алуы керек болар! Қазақ аспанында ән болып қалықтап тұрған Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырай... балуан Қажымұқан, кешегі әнші Күләш, биші Шара, сазгер Шәмшінің де ескерткіштері жарасар еді-ау Есілдің жағасына! Елбасының қос қанатты қос ерлігі хақында көңілге түйген, қағазға түскен ой осы болды. Қазақ елі өзінің бар әулетімен төрткүл әлемге танылып– өркеніміз өсіп, ұлдарымыз ғарышқа ұшып–өрісіміз кеңейіп, өз экономикасы мен халқының жағдайын жақсартқан үстіне жақсартып, демократиялық жолмен еркін дамып, көп тілді, көп дінді ұлттар мен ұлыстардың жайлы да құтты мекеніне айналып отырған бүгінгі Қазақстанның дүние алдындағы абыройы асқақтап тұрған шақта ұлымызды ұлықтап, данамызды даралап, ерлігін бағалап сөйлеу ендігі біздің бойға жарасар іс болар деп ойладық.

(Ақмола облыстық «Арқа ажары» газеті, ??? «Егемен Қазақстан» газеті ??? )

ОН ЖЫЛДЫҢ ОЙЛЫ БЕЛЕСІ

Дөңгеленген дүние шартарабының күні-түні тынымсыз соққан жүрек лүпіліне құлақ түріп көріңіз. Адам баласы ендігі арада өзін-өзі сақтап қалудың амалын ойластыра бастағандай. Бүгінгі адамзатты ауа райының жылынып бара жатқандығы да, мәңгі мұздақтардың еруі де, табиғаттың түрлі катаклизмдері де, түрлі көзқарастар мен пікірлердің келіспеушілігінен болып жатқан қақтығыстар да ойландырып, сақтандырады. Ойланбасқа амалың да жоқ сияқты. Өйткені, жер бетін мекендеп отырған барша халықтың ортақ тағдыры бар. Ол – өмір сүру тағдыры! Сол өмір сүрудің қазіргі жағдайы бүгін және ертең, болашақта не істеу керек деген мәселені қайыра-қайыра алға тартатыны да бар. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Жолдауы бізді осы бір ойларға жетелегені анық. Өйткені,Елбасы өзінің туған халқынан өзінің ойын да, ниетін де жасырып қалған жоқ. Дүние жүзі экономикасын тұралатқан жаһандық дағдарыстың әлі де басыла қоймағандығын айта келіп, Елбасы өз халқын таяудағы он жылдың белесіне ой жүгіртіп, көз тігуге шақырды. Бұл күндері Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етіп отырған Қазақстанның әлем алдындағы абыройы аспандап тұрғандығы тағы да ақиқат. Алайда, сол абыройдың көкжиегін одан әрі кеңейтіп, біз өз тәуелсіздігіміздің 19 жылғы кезеңінде қол жеткізген барлық табыстарымызды одан әрі баянды етуге мүдделіміз. Экономиканың дамуы жағынан Қазақстан әлемнің ешбір мемлекетінен кем түсіп жатпағандығы тағы да бар. Осыны айта келіп, Елбасы өз Жолдауында Қазақстанның жалпы ішкі өнімінің өсімін арттыру және еңбек өнімділігін жақсарту мәселесін алға тартты. Бұл орайда Жолдауда болашақтың экономикасына Президентіміз айрықша тоқталып өтті. Әсіресе, ұлттық инновациялық жүйенің жаңа бағытпен даму қажеттігі көңілге үлкен сенім ұялатады. Астана қаласында үш жаңа ғылыми орталық құрылып, олар осы заманғы ғылымның жетістіктерін одан әрі дамыту ісімен шұғылданатын болады. Сондай-ақ, 2020 жылға дейінгі ғылыми технологиялық дамудың салааралық жоспарын әзірлеу жөніндегі Елбасының тапсырмасы біздің мемлекетіміздің болашағын ойлағандықтың бір белгісі екені анық. Сауатты сауда саясаты экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыру мәселесін көздеп отыр. Шетелдік инвестициялар тарту арқылы Қазақстанның индустриялды мемлекетке айналуын қамтамасыз ету ұлттық стратегияның негізгі әрі маңызды бір бағыты болып қала береді. Елбасы өзінің Жолдауында адам елдің басты байлығы екендігін айта келіп, биылғы Жолдауында да білім беру, денсаулық сақтау, өмір сапасын жақсарту және әлеуметтік қорғау жүйелерін одан әрі жетілдірудің жаңа

міндеттерін алға тартты. Әсіресе, жұмыссыздық деңгейін азайту, өмір сапасы мен деңгейін жақсарту, ел халқының санын 2020 жылы 10 пайызға өсіру үшін мемлекеттің барлық қажетті жағдайларды жасайтындығы көңілге қуаныш ұялатады. Сонымен бірге, құқықтық реформаны жетілдіру мәселесі жұртшылықты елең еткізді. Өйткені, адамның құқын қорғау мәселесінде әлі де жүйені жетілдірудің көптеген өзекті мәселелері бар екендігі рас. Әсіресе, еліміздің заңдарын ізгілендіріп, олардың сапасын арттыру қажеттігін Елбасы ерекше атап көрсетті. Сөйтіп, жаңа құқық қорғау жүйесі жаласатындығы әрбір қазақстандықтардың көңілінен шыққандығы тағы да анық. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзінің туған халқын алдағы он жылдың белсіне жетелейді. Он жылдың міндеттері де айқын! Он жылдың бағдарламасы және де ненің қашан қалай жасалатындығы тағы да анық. Елбасының биылғы Жолдауын он жылдың ойлы белесі деуге әбден болады. Әсіресе, ішкі саяси тұрақтылықты сақтау он жылдың белгіленіп отырған міндеттерін жүзеге асырудың алғышарты болып табылады. Тәуелсіздігіміздің он тоғыз жылғы тарихында ел бірлігінің, ел тыныштығының қасиеті мен маңыздылығына әрқайсымыздың көзіміз жеткендей болса керек. «Елің тыныш болса, өзің де тыныш боларсың»,–деген қазақы қағидаға сүйенер болсақ, халқымыздың бірлігі мен ынтымағы Қазақстанды мекендеп отырған әрбір ұлт пен ұлыстардың бүгінгідей алаңсыз әрі бақуатты өмір сүруінің алғышарты, алтын өзегі екендігі дау туыдырмайтын мәселе. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев табысқа жетудің төрт қағидатын басшылыққа алудың міндетін алға тартты. Елбасының айтып отырған осы бір төрт қағидаты елім деп соққан әр жүректі дір еткізгендігі де анық. Біздің ең басты құндылығымыз – Отанымыз бен Тәуелсіз Қазақстан екендігін айтқан Елбасының осы бір ауыз сөзіне әр қазақ баласы және де әрбір қазақстандық жүгінуге міндетті ғой деп ойлаймын. Біздің өз тіршілігімізде Отанымыздан басқа қымбат не нәрсе болуы керек?! Отаннан асқан байлық, Отаннан асқан дәулет, Отаннан асқан бақыт жоқ екендігін ұғын білгеніміз абзал. Ендеше, бәрәміз болып өз Отанымызды, сол Отанымыздың тәуелсіздігін сақтау ісіне қызмет етуге тиістіміз. Ендігі арада Отанымыздың абыройын түсірерліктей, тәуелсіздігіміздің іргесін шайқалтатындай бос әңгімелер мен негізсіз әрекеттерге жол бермеуге міндеттіміз. Бұл ұлт алдындағы, ұрпақ алдындағы парызымыз бен қарызымыз болуы керек. Тіршілік үшін жанталасып жатқан әлем көшінен қалып қоймаудың жайын ойлаған Елбасының алға тартып отырған ойлы он жылының міндеттерін орындауды әрқайсымыз өз Отанымыздың алдындағы өтеуге тиісті азаматтық парызымыздай қабылданғаны жөн. Отан үшін, тәуелсіз Қазақстан үшін біздің бәріміз де жауаптымыз!

(Егемен Қазақстан» газеті, 2 ақпан 2010 жыл).

ҚЫРҒЫЗДАҒЫ ҚЫРҒЫН ЕЛІКТІРМЕСІН

Бас-басына би болған өңкей қиқым... Абай.

Адам баласы дүниеге келгеннен кейін, ол мәңгілік пе, ол мәңгі өмір сүре ме?! Әрине, жоқ! Міне, осыны біле тұра, ұғына тұра жалған дүниенің бір сәттік қызығы мен рахаты үшін адам баласының сол опасыз дүниенің құрбаны болып жатқандығына алаңдай түсесің. Халықты көшеге шығаруға үндеу, соған шақыру, сол әрекетке итермелеу қоғамға жасалып жатқан қылмыстың бір түрі деп бағалануы керек. Қарсылық, наразылық митингілерін өткізудің белгіленген заңдық тәртібі де бар. Алайда, наразы болудың және наразылық білдірудің соңы халыққа, мемлекетімізге, еліміздің тәуелсіздігіне зиянын тигізіп жүрмей ме деген мәселе барлық мүдделерден жоғары әрі биік тұруға тиісті. Ендігі арада тәуелсіз Қазақстанның бүгінгі абыройын төгер және басындағы бүгінгі бағын да жат-жұрттың бірде-бір елі, бірде-бір мемлекеті басынан теуіп кетіре алмасы тағы да анық. Басымызға қонған бақты өзіміз үркітіп алып жүрмейік. Еліміз бен Елбасының дүние мемлекеттері алдында тірнектеп жинаған абыройын да өзіміз төгіп алмайық. Ел мен мемлекеттің абыройы және Қазақстанды мекендеп отырған барша ұлттар мен ұлыстардың, соның ішінде қазақ деген қаймана халықтың бақыты өз қолымызда екендігін ұғына білейік. Олай болса абыройымызды өзіміз шашпайық, басымыздағы бақты да өзіміз теппейік! Дүние базарының төрт бұрышының тынымсыз тіршілігінің тарылған тамырының соғысы осы күні жиілеп тұр. Адам баласы тойымсыз дүниенің қызығына түсіп, өз ақыл-ойымен де және өз қолымен де жасаған қызылдыжасылды, әлем-жәлем сол опасыз дүние үшін таласып, бірін-бірі орға да жығып, оққа да байлап, жан алысып, жан беріскен күй кешуде. Адам баласы дүниеге келгеннен кейін, ол мәңгілік пе, ол мәңгі өмір сүре ме?! Әрине, жоқ! Міне, осыны біле тұра, ұғына тұра жалған дүниенің бір сәттік қызығы мен рахаты үшін адам баласының сол опасыз дүниенің құрбаны болып жатқандығына алаңдай түсесің. Және де бұл алаңдаушылығымызға негіз де, себеп те бар ғой деп ойлаймын. Дүние арсызданып барады. Бәлкім, бұған адам баласының өзі де кінәлі болар. Иә–кінәлі Адам! Бүгінгі күннің үрейлі дүниесінің бишігін үйірген барлар мен байлар және де бүгінгі күннің саясатын пәлсапасымен бірге қоса соғып жүргендер аралығындағы тіршіліктің ынсабы жоғалып кеткендігінен араны ашылған дүние адамы қалыптасып, ол тойымсыз күйге жетті. Әр халықтың бойындағы жаратылысымен жаратылған ар мен ұяттың өзегіне әр дәуірдің саясаты жегі құрт болып түсті. Сол жегі құрт кез келген халықтың өзіне ғана тән не бір асыл қасиеттерін жеп, жойып, тауысқан сыңайлы. Ең әуелі тіл кетті! Тіл кеткеннен кейін ұлттық сана кетті. Сана кеткеннен кейін ой тоқырады. Ой тоқырағаннан кейін адам баласы дүниенің жақсысы мен

жаманына, асылы мен жасығына, өрі мен көріне тереңірек үңіліп, кеңінен байыпты ой көзін жіберуден қалып, қызығары жоқ қызыл дүние-нің қызығын қуып кете барды. Қазақта «дүние пәле» деген бір ауыз сөз бар. Сол өзіміз қуып жүрген дүние пәле адам баласының басына не бір зобалаң сойқанының сойылын да соғып-ақ жатыр. Шекемізден қан шығып, жағамыз жыртылып жатса да жалған дүниенің бір ақиқатын мойындағымыз келмейтіндігі тағы да бар. Дүниенің мәңгілік еместігін мойындамайынша, адам баласының ашылып кеткен аранын жабу да мүмкін емес. «Көз топыраққа ғана тояды»,–деген қазақы ой-пәлсапаның осы арадағы ақиқаттығын мойындамай көріңіз, кәне! Адам баласы және дүние жайлы осы бір ой жетегінде жүріп, бүгінгі күні әлемнің тұс-тұсында, соның ішінде өзіміздің ежелгі қоңсыласымыз, былайша айтқанда бір ауыл, бір бауыр болып кеткен қырғыз халқының қазіргі ауыр жағдайын сана елегінен өткізгенді жөн санадық. Өз елінің, өз мемлекетінің билігіне бір емес, екінші қайтара риза болмаған қырғыздардың көшеге шығып, жолында кездескеннің бәріне тас атып, қиратып, өрттегенінен кім ұтты, кім ұтылды?! Меніңше, қазір Мәскеуде жүрген Ақаев та, Минскіде жан сақтап отырған Бәкиев те ұтылған жоқ, ұтылған қырғыз халқының өзі! Және де ойсырап ұтылған қарапайым қырғыз халқының тағы да өзі! Бұл арада халықты қырғыз елінің билігіне қарсы алып шыққан саясатшылар да, «оппозиционерлер» де, түрлі партиялардың жетекшілері де ұтылған жоқ. Қазір әлем назары ауып отырған қырғыз еліндегі не бір сойқанды жағдайдан жапа шеккен, болмаса ажалын тапқан саясатшылардың, оппозиционерлердің, түрлі партиялардың жетекшілерінің, болмаса не өздерінің, не балалары мен туған-туысқандарының есімдерінің аталғанын естігеніңіз бар ма? Халықты көшеге шығуға итермелеп, жанып тұрған отқа май құйғандардың бәрі де дін аман. Әрине, аман болсын! Алайда, атылған оқ кімге тиді?! Атылған оқ қарапайым қырғыз баласының жүрегіне қадалды. Бұл қадалған оқ жалпы қырғыз халқының жүрегін қансыратып отыр. Мемлекетінің тағдырын қылға байлап қойды. Қырғыздағы қырғын және осы елдің қасіретті жағдайы ең әуелі қазақ баласы біздің өзімізге сабақ болуы керек. Тәуелсіз Қазақстанның әр жерінде болсын халықты көтергісі келіп, халықты көшеге шығарғысы келіп жүрген топтардың бар екендігі де осы күні жасырын емес.Тіпті, қырғыздардың көшеге шығып, қырғын салғандарына риза болып, сүйсініп жүргендер де кездесіп қалады. Былайша айтқанда қазір қазақты да қырғыздың синдромы билеп бара жатқандай. Бұл біздің еліміз бен мемлекетіміз және халқымыз үшін аса қауіпті ой, ажалды синдром екендігін ұмытпағанымыз жөн. Халықты көшеге шығаруға үндеу, соған шақыру, сол әрекетке итермелеу қоғамға жасалып жатқан қылмыстың бір түрі деп бағалануы керек. Қарсылық, наразылық митингілерін өткізудің белгіленген заңдық тәртібі де бар. Алайда, наразы болудың және наразылық білдірудің соңы халыққа, мемлекетімізге, еліміздің тәуелсіздігіне зиянын тигізіп жүрмей ме деген мәселе барлық мүдделерден жоғары әрі биік тұруға тиісті. Қазір кез келген адамның да, кез келген қоғамдық ұйымдар мен түрлі партиялардың сөзін де,

ой-пікірлерін де тыңдап, елеп-ескеріп отырудың түрлі механизмдері бар екендігі де әркімге белгілі жағдай. Бірден ұрандап, көшеге шықпас бұрын, айтар ойың мен айтар сөзіңді билікке жеткізіп, ортақ бір мәмілеге келудің жағдайын ойласқаннан артық абзал іс бола қояр ма екен?! «Ашу соңыңда, ақыл алдыңда»,–жүрсін деген халқымыздың бір даналығына жүгінер тұс та, міне, осы! Көңіліміздегі алаң бір осы ойымызды айта отырып, тәуелсіздігіміздің жиырма жылдығы қарсаңында Қазақстандағы барлық қоғамдық және үкіметтік емес ұйымдарды, барлық қозғалыстар мен партияларды, ұлттық мәдени орталықтарды еліміздегі қалыптасып отырған тыныштықты, бірлік пен ынтымақты сақтау жөнінде ортақ бір мәмілесі бар меморандум жасауға шақырғым келеді. Бұл біздің түрлі көзқарастарымызға қарамастан ел мен халық, мемлекет пен оның тәуелсіздігі алдындағы ұлы жауапкершілігімізді сезінгендік болар еді. Қазақ елінің тәуелсіздігінің жиырма жылға жетер-жетпес кезеңінде Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев бастаған қазақстандық қоғам әлемдік аренадан өзінің абыройлы орнын ала білгендігі дау тудырмайтын ақиқат мәселе. Қазақстанның бұл күндері Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етіп отырғандығының өзі біздің осы айтқанымыздың нақты бір мысалы болса керек. Ендігі арада тәуелсіз Қазақстанның бүгінгі абыройын төгер және басындағы бүгінгі бағын да жатжұрттың бірде-бір елі, бірде-бір мемлекеті басынан теуіп кетіре алмасы тағы да анық. Басымызға қонған бақты өзіміз үркітіп алып жүрмейік. Елбасының дүние мемлекеттері алдында тірнектеп жинаған еліміздің абыройын да өзіміз төгіп алмайық. Ел мен мемлекеттің абыройы және Қазақстанды мекендеп отырған барша ұлттар мен ұлыстардың, соның ішінде қазақ деген қаймана халықтың бақыты өз қолымызда екендігін ұғына білейік. Олай болса абыройымызды өзіміз шашпайық, басымыздағы бақты да өзіміз теппейік! Киесі атар! Маған азамат және ұрпақ өсіріп отырған адам ретінде елімнің тыныштығы дүниенің барлық байлығынан да артық әрі қымбат екендігін айтқым келеді. Осы күні аштан өліп, көштен қалып жатқан және де ешкім жоқ. «Кедей бай боламын, бай құдай боламын»,–деген арсыз заманның тойымсыз құлқынының құлы болғандар бар болса, тәубасына келсін, шүкіршілік етсін, дүние байлығын жинап та, жеп те тауыса алмайсың және ежелден бергі ақиқат өзіңмен бірге еш нәрсені ала да кетпейсің дегенді осы арада айтқанды жөн санадық. Абай хакімше «Түбін ойлап, уайым жеп айтамын»,–дей отырып, осы күні көрші қырғыздағы қырғынға қызығып, еліріп жүргендерден сақ болайық және мұндай елірме есерлерге қазақ қоғамы жаппай қарсы тұруымыз керек. Тыйым салуға тиістіміз. Тіпті, мұндай пиғылдағыларға заң жүзінде тосқауыл қойғанның да артықшылығы болмас еді. Әрине, сөз бен әрекеттің бостандығы қымбат шығар, бірақ бәрінен бұрын елдің бірлігі, халқымыздың тыныш та алаңсыз өмір сүрері бәрінен артық, бәрінен де қымбат болуға тиісті. Осыны ойлайық!

СЕНЕРІҢ ДЕ, СҮЙЕНЕРІҢ ДЕ–ӨЗІҢСІҢ

Азамат! Анау қазақ қаным десең, Ұжымақтың суын апар жаным десең! Мағжан.

Жиырмасыншы ғасырдың 1917 жылындағы қазан төңкерісіне дейін Ресей империясының боданы, ал одан кейін «ерікті елдердің мызғымас одағының» он бес мүшесінің біреуі болып, орыс халқын аға халық деп танып, соған мойынсұнып, солардың айдауында жүріп, ырқына көніп келген көнбіс қазақ халқы үшін де тәуелсіздіктің, бостандықтың таңы атып, күні туды! Европа мен Азия сияқты екі ұлы континенттің кіндік түйісер тұсынан орын тепкен қазақ жері ғасырлар бойы өзге біреулердің көз құрты болып келсе, әлі де байтақ даламызға көз алартушылар табыла бермекші. Өмір бойы көптігімен қорқытып келген іргелес көрші ел Ресейге, оның қазіргі саясатшыларына әлде қайтып жақпай қалсақ «қазақ жерінен алар үлесіміз бар»,–деп өре түрегелмесіне кепілдік берер кім бар, кәне?! Қазақстан Республикасының тәуелсіздігін ұлы мұхиттың арғы бетіндегі Америка құрылығы, жер шарының батысы мен шығысындағы біраз елдер танып, мойындап жатса да өзімізбен күнбе-күн бірге жүрген орыс халқының қазақ елін, қазақ халқын тап қазір мойындап, тәуелсіздігімізге қуанып отырғанына күмәніміз бар. Әйтпесе, мына Ақмола жеріндегі негізінен орыстар мекендейтін Степногорск қаласын Қазақстаннан бөліп алып, оны бар өнеркәсіп орындарымен Ресейге бағындырамыз деп өзеуреген орыс ағайындарының ырқында кетіп, қалалық Кеңес шешім қабылдар ма еді?! «Біз интернационалист халықпыз, басқа халық үшін өмір бойы қан төгіп, жан беріп келе жатырмыз»,–дейтін орыс халқының өкілі Ельциннің күні кеше Саратов жерінде болған сапарында «Немістерге бір тұтам да жер берілмейді»,–деп үзілді-кесілді мәлімдеме тастаған Ресейдің өркениетті, демократияшыл, өзге аз халыққа тырнағын батырмайтын ел болып құрыла қалары да күмәнді жай. «Мен президент бола қалсам орыс халқын ғана жарылқаймын, жер әлемді Америка, Ресей, Қытай ғана билеп-төстеуі керек»,–деп желігіп жүрген Жириновский сияқты желөкпесі бар Россияға, орыс халқына ендігі жерде қалай сенерсің, оларға қалайша арқа сүйерсің? «Орыстан жолдасың болғанша жаныңда қара балтаң болсын»,–дегенді атам қазақ біліп айтты ма екен, шіркін?! Осы бір жайларды ой елегінен өткізе отырып, сенерің де, сүйенерің де жоқ, тәуелсіздігіңді алдың ба, өз тізгініңді енді өзің ұстап, өз жайыңды енді өзің ойла, қазақ, деген байлам жасар едік. Қазақ елінің басына жұмақ орнатамыз деп уәделерін беріп, алтын ақшаларын бірімен бірі жарыса қойынқолтығымызға тықпалап жатқан алпауыт елдердің тағы біріне кіріптар болып қалмайықшы, әйтеуір. Әлемнің өркениетті, дамыған елдерінің қатарына қосылуға қазақ даласының құдай берген байлық-қазынасы жетіп жатқанымен, қазақ

халқының қазіргі білімі мен біліктілігі, ойы мен ойлауы, парасаты мен санасезімі жетісе бермейтіндігінің басы ашық мәселе. Не нәрсенің болсын көлеңкесінде өскен өсімдіктің де бояуы солғын, шырыны татымсыз болары бар ғой. Сол сияқты ғасырлар бойы орыс халқының ығында жүріп өсіп-өнген қазақ халқында жазық та жоқ шығар. Өйткені, әлемде орыстан басқа ұлы халық жоқ деп өмір бойы санамызға сіңіп қалған құйтырқы тәлім-тәрбие қазақ халқының да санасынан өзін-өзі өшіруге, мұның ақыр соңы тіліміздің, әдет-ғұрып, салт-дәстүріміздің құрып кетуіне әкеп соқты ғой, міне! Ендігі жерде ең әуелі қазақ халқының өзін қазақ халқына таныта білуіміз керек. Өйткені, арамызда әлі де болса қазақ болып туғанына намыстанып жүрген қазақтар барында халқымыз Қазақстан Республикасының тәуелсіздік туын бірлесіп биікке көтере алмасы да анық. Қазақ халқы өзін-өзі тани білсе, ендігі жерде Абайын Пушкинге теңемей-ақ, Абайды адамзаттың Абайы деп ешкімге де теңгермес еді деп ойлаймын. Ал бұған жету үшін бесігімізді түзетуден бастап, тәлім-тәрбие, оқыту жүйесін қайра құруға тиістіміз. Бала бақшалары мен мектептерде ендігі жерде қазақ елінің әдебиеті мен тарихы, географиясы екі тілде бірдей тереңдетіп оқылып, өз еліміздің, өз халқымыздың сыры мен шындығын терең ұғындыруға ден қою қажет. Әрине, әупірімдеп жүріп балаларымызды жаңада ғана қазақша оқытуға беріп, оның өзінде солардың өзін ана тіліндегі оқу құралдарымен, мұғалімдерімен толық қамтамасыз ете алмай жатқан қазіргі уақытта бұл мүмкін де емес шығар. Бірақ, қаржы жоқ, қағаз жоқ деп оқулықтар шығаруды кейінге ысырып, мектептерімізде оқу жүйесі РСФСР оқу министрлігі бекіткен оқулықтармен онан әрі жүргізіле берсе, онда қазақ елінің көсегесі таяудағы жылдарда көгере қояды деудің өзі бекершілік. Қазіргі «Әліппе» мен «Ана тілімізде» баяғы сол сарын, Москва–Отанымыздың жүрегі, Қызыл алаң– қасиетті алаң, Ленин–ұлы бабамыз деген ұғымдар әлі де сайрап тұр. Ендігі жерде «Әліппемізден» бастап барлық оқулықтарымызда Хан Абылай, Бөгенбай мен Қабанбай батырлар, қазақтың Сарыарқасы мен Жетісуы, Ұлытауы мен Көкшетауы, Қаратауы жайлы бала ұғымына қона кетер әңгімелер болмай жатса, жас ұрпағымызды қазақ елі мен халқының шынайы тарихымен таныстыра алмай жатсақ, бұл тәуелсіздігімізге мін болар іс. Қазір дүкен сөрелерін тамақ пен киім-кешекке қалай толтырамыз деп бәріміз де бас қатырып жатырмыз-ау, бірақ тәуелсіз Қазақстан Республикасының барлық мектептерінде балаларымызға енді қандай білім, қандай тәрбие береміз деген мәселенің көтерілмей жатуы алаңдата түседі. Тәуелсіз Қазақстанның экономикасын ілгері дамытушы, өркендетуші де өз халқымыз болуға тиісті. Бұл орайда ұлттық кадрлар даярлау ісін батыл қолға алған жөн. Ендігі жерде оларға ірі-ірі өндірістерді басқару тізгінін батыл берген жөн. Көкшетау қаласындағы толып жатқан ірі-ірі зауыттарды күні бүгінге дейін басқа жерден келген орыс өкілдері басқарған екен. Тіпті соңғы жылдары құрылған фарфор жасау, радио жабдықтары зауыттары директорларының басқа аймақтан әкелінуі қазақ кадрларының болмауынан ба, жоқ әлде қазақтар жұмыс істей алмайды деген менсінбеушіліктен туған жай ма? Шүкіршілік етейік, іргелі-іргелі оқу орындарын бітіріп, түрлі

мамандықты меңгерген, жоғары білімді әрі білікті қазақ азаматтары жоқ емес-ау, бар. Бірақ олар әрі кетсе директордың орынбасарлығынан, болмаса алып кел, барып кел шаруадан аса алмай, өз елінде өгей баладай күй кешіп отырғандығын несіне жасырамыз? Бұдан былай Президентімізден бастап кез келген дәрежедегі басшыларымыз ең әуелі ұлттық кадрларды орналастыру, билікті де, тізгінді де соларға беру жағынан жасқанбауы керек. Кез келген биліктің бәрін қазаққа беріп, елімізді түгел қазақыландыру үшін емес, бұл мәселе ең әуелі өз ұлтымыздың бойында біз де тәуелсіз ел бола аламыз деген сенім ұялату үшін қажет-ақ. Одақ ыдырап еді, «енді орыссыз, Ресейсіз қалай күн көреміз?»,–деп сары уайымға салынып жүрген ағайындарымыз да бар арамызда. Бұл, міне, қазақ халқының өзіне деген өз сенімсіздігі болса керек. Осы сенімсіздікті тәуелсіздіктің қас жауы деп білемін. Ал тәуелсіз ел ретінде әлемге қазақ халқын танытатын ел болайық десек, ең әуелі өзімізге деген өзіміздің сеніміміз болуы шарт. Қылышынан қан тамған талай-талай шапқыншылықтың небір сойқанын көріп, бүгінгі күнге жойылып, болмаса жоғалмай жеткен қазақ халқының әлемдегі рухы мықты, ақылды, ойлы, ұлы халықтардың бірі деп білемін. Біздің қолымыздан бәрі де келеді, біз күні ертең-ақ көшелі ел боларымыз анық. Тек соған талаптана білейік те. Тәуелсіздік деген қандай тәтті сөз дей отыра ұлы Абай «өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ» сияқты бес нәрседен аулақ болып, ел болудың жағдайын ойлайық та, ағайын! Дауылды күнгі ұлы мұхиттың алапат толқынындай аласапыранды қазіргі уақытта, ертеңіміз не болар екен деп ала көңіл болып отырған дәл осы шақта бір-бірімізге сеніп, бір-бірімізге сүйенейік. Ендігі жерде тұңғиыққа батып бара жатсаң қол ұшын беріп, бірбірімізді жағаға шығарар айналаңда өзіміз ғана қалғанымызды ұғына білейік. «Өзіңді-өзің жаттай сыйла, жат жанынан түңілсін»,–деген қазақи дана сөзді жадымыздан шығармайықшы әр кез!

АЛА АУЫЗДЫҚТАН АУЗЫҢ ӘЛІ КҮЙГЕН ЖОҚ ПА?!

Айтыс-таласқа, балағат пен күншілдікке бейім тұрушылық–қуыс кеуде адамдардың қылығы. Пиндар, ежелгі грек ақыны.

Заман-ай! Дүрлігуі мен дүрбелеңі күн сайын молайып, мың құбылып, ертеңін болжап білгізбей тұрған мына заманның сыйқы мен сұрқынан үрейленесің бір сәт. Әйтеуір, қазақ елінің тәуелсіздігі танылып, ғасырлар бойы ауызға алмақ түгілі ойға да келмеген арманы–Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше ел болғандығына шүкіршілік қыласың. Әлемнің өркениетті дамыған елдерінің санатына қосыла алсақ жарар еді деген бір ізгі ой халқымызды ендігі жерде адал да, асыл мұраттарға жетелеуі керек қой. Қазіргі уақытта тарихтың бізге беріп отырған соңғы бір мүмкіндігі екендігін ұғынбағандығымыз, түсінгіміз келмей отырғандығы қатты алаңдата түседі. Айнала тіршілікке көзді ашып қарап, әлемдік көкжиекке ой жүгіртер, ойланар, толғанар, тұяқ серпіп, биіктерге қол созып ұмтылар шақта, осы қиын да өтпелі кезеңде қырық пышақ болып қырқысып, айтысып, тартысып жатқан еліңді, ондағы өз ағайындарыңды көріп жүрегің қан жылайды екен! Алты бақан ала ауыз, бірлігі жоқ еліңнің дау-дамайына зер салып, құлақ түрсең күйкі тіршіліктің бықсыған наласы мен жаласынан басың ауырып, құсқың-ақ келеді. Апыр-ау, халқымызға не болды, не жетпейді?! Ел бірлігін сақтап қалар басшы жоқ па, билік айтар би қалмаған ба? Міне, осы бір ойлар мен осы бір сауалдар жанды жегідей жеп, айналаға көз жүгіртіп, ой топшылауға мәжбүр етті. Осы кезде көптеген қазақ ауылдарының тынышы кетіп, жан-жаққа шапқыншы жіберіп, арыз деген пәлекетті бората бастады. Тіпті қазір тұтас ел болып, шаруашылық болып, сол өз елдерін бірнеше жылдардан бері басқарып келген басшыларға қарсы шығу, «елімізден кетсін»,–деп жер тепкілеп, ереуілдеп отырып алуға дейін барып жүрміз. «Ішіп қойды, жеп қойды» деуден басталатын дау-жанжал, ақыры келіп бүкіл елді дүрліктіріп, ел ішін өсек-өтірік, күңкіл әңгіме кеулеп ала жөнеледі. Осы бір жайды айта отырып, апыр-ау, біздегі қазақ азаматтары ел басқара алмай ма деп те күйінесің. Көп қой деп елді тыңдасаң, олардың айтарлары: «Құдайы жоқ басшымыздың! Өзіңмен дұрыс сөйлеспейді де, бірдеңе десең қайда барсаң онда бар, сенен келгенін көріп алдым»,–деп тап бір дүниенің кілтін бір өзі ұстап тұрғандай болатындығына ашынасың. Ал, енді жалғыз басшы көпке қалай жақсын деп, ел басқарып отырған азаматтарды тыңдасаң, олар: «Елге берсең жағасың, бермесең жақпайсың»,– деп шағынады. Міне, ел мен басшы арасындағы түсінбеушіліктің басы, пәлесі осы арада тұрғандай. Көптің, яғни елдің айтар пікірі меніңше әр басшыға, қолында билігі бар әр азаматқа ой салуға тиісті. Ақиқатқа қиянат болмас үшін, халықтың сөзін жүре тыңдап, дұрыс жауап бермейтін, өктем сөйлеп, басынан сөз асырғысы келмейтін басшылар арамызда бар екендігін

мойындайық. «Мен айттым бітті, менікі жөн» дейтін кеудемсоқтықтан әлі де арыла алмай қойғандығымыз да шындық. «Басшы» деген атқа шала пісіп, өз өзінен кеудесі өсіп, айналасындағы халқын танымай, көрмей, асқақтап кеткен ел басшылары, қазақ азаматтары да аз емес. Мұндайларды халқымыз «көз майы өсіп кетіпті» демеуші ме еді?! Әрине, мен бұл арада ел басқарып отырған барлық қазақ азаматтарына кір келтіруден, болмаса оларға жала жабудан аулақпын. Дегенмен де, ел билігін қолға алғаннан кейін кейбір қазақ азаматтарының соңынан неге сөз көтеріледі, халқы неге өре түрегеледі деген ой толғандырады мені. Міне, осы бір өкінішті жайға ұрынбас үшін ел басқарып отырған азаматтарымыз ең әуелі өзін сол халықтың бір ұлымын, бір баласымын деп сезіне білсе екен дейсің. Осы елдің басшысымын деп дікіңдемей, мен де осы елдің бір азаматымын деп халықпен терезесін теңеп сөйлесе білсе, ел бетке шапшыр ма еді? Ел басқару, одан қалды қиюы қашқан қазіргі уақытта шаруашылық тізгінін ұстау–айтуға ғана оңай көрінер. Бірақ, ел билігі, ел тізгіні қолыңа берілген екен, халқыңның тілін тап, соларға адал қызмет ет. Басшының парасаты мен ақыл ойы ғана өз халқынан жоғары тұруға тиісті. Ел шаруасын күйттеп, титықтап жүрген халықты да түсінейік, олардың жағдайымен де санасайық әркез. Мына күйкі тіршілік, одан қалды мына жоқшылық пен таршылық, қымбатшылық ең әуелі қара халықты күйзелтіп-ақ тұр. Осындай талмауыр сәтте өз басшысы, өз азаматы өзекке теуіп жатса, халқы неге ашынбасын, неге арызданбасын деп те ойлайсың. Көңілге тағы да бір кірбің түсірер жай, біз дегенің өзімізбен өзіміз болып, қырқысуға, айтысуға келгенде өжеттеніп, қанымыз басқа теуіп шыға келетіні несі екен? Пенде болғаннан кейде: «әй, осы жеп, ішіп жатқан жалғыз қазақ басшылары ма?,–деп те күйінесің. Қолында билігі бар басқа ұлт өкілдерінің талай басшылары талай-талай сойқандарды жасап отырғанын білсек те, үнімізді шығаруға қорқып отырған да біз емспіз бе?! Былтырлар талай басшылар талай машиналарды тіпті сонау Ресейдегі туғантуысқандарына ап-арзан бағаға сатып жібергенін білдік пе, білдік қой? Әрине, мен бұл арада біздің қазақ басшылары ішіп-жей берсін, үндемеңдер деп айтудан мүлдем аулақпын. Бірақ, әлі де болса, біз неге өзге халықтың өрескел мінезін көрсек те, білсек те бұға түсеміз де, өзімізге келгенде неге өрекпи түрегелеміз? Бұл дегенің ауыз бірлігіміздің жоқтығынан болса керек. Осы бір ауыз бірлігіміздің жоқтығынан, ынтымақ-бірлігіміздің жараспай-ақ қойғанынан қайран қазақ, талайларға ғұмыр бойы жем болып келе жатқаныңды ұғынар ма екенсің?! Алты бақан ала ауыз болмасаң ұстағанның қолында, тістегеннің аузында жүрер ме едің бүгінгідей, қайран елім?! Халқымыздың алты бақан ала ауыздығы Бұхар бабадан бастап ұлы Абайдың да өзектерін өртеген кеселі-тін. Заман жүз жаңғырса да, сол ала ауыздық бүгінгі күні де халқымыздың қанын сорып тұрғандай. Қазіргі ел тірлігі осылай дегізеді, осылай ой түйіндеуге итермелейді. Қанға біткен бұл жаман әдет жанға батса да ойланбай-ақ келеміз. Дәуір тынысына, алдағы күндер мен тіршілік көкжиегіне ой жүгіртейікші. Қазір бір-бірімізбен

айтысар, дау қуысар кезең бе бұл?! Қазақстан Республикасының қазіргідей тарихи шешуші шағындағы өтпелі кезеңінде елдігімізді сақтау үшін бірлесіп, топтасар, иық тірестіре ұлы істерге жұмылатын уақыт қой бұл! Қазақ елінің тәуелсіздігінен бастап қызғана қарап, қай жеріңнен от қойсам деп түрлі арандату әрекеттерін жасап отырғандарды сергек көңілмен жазбай танып, дуалы жауап берер, үн қосар халқымыздың ендігі жерде бір-бірімен қырық пышақ болып жатуын ел алдындағы, қазақ халқының болашағы жолындағы қылмыс деп бағалауға тиістіміз. Жиырмасыншы ғасырдың әр жылының кезең-кезеңдерінде басқа түскен зобалаңнан жан сауғалап, жұмыр жердің түрлі мемлекеттерін жағалап, жан сақтап кетіп қалған шеттегі қазақ ағайындарымыздың бүгінгі ұрпақтары «Қазақстан–ата жұртым, қазағым–елім»,–деп еңіреп, сағыныштан сарғайып жүдеп, өз арамызға келу үшін көшін қамдап жатқаны да әрбір саналы азаматқа қазір ой салуы керек-ақ қой. Ертең сондай шеттен елім деп келген бауырларымызды қалай орналастырамыз, оларды қалай жүдетпейміз деп ойлаумен бірге, өзара бірлігі мен ынтымағы жоқ ауылдарға қоныс тебе қалған солармен де ұстаса кетпесек жарар еді деп те қиналасың. «Шеттегі қазақтар неге келеді, қазақтар бір жерге неге жиналып жатыр»,–деп байбалам салып, халқымыздың басының біріккенін жақтырмай да, қаламай да отырған басқа ұлт өкілдерінің жат пиғылын өзіміздің бірлігімізбен, іскер де ұйымшыл шаруамызбен, ұйымшылдығымызбен тойтара білуге тиістіміз. Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың әр сөзі мен әр қадамын бағып, аңдып отырған өз «ағамыз» орыс халқынан бастап, талай-талай алпауыт елдердің саясаткерлеріне біздің жеріміздің байлығы ұнап отырғанымен, олар үшін қазақ халқының бар-жоғы, өсіп-өркендеп, кемелденуі қажет те емес. Айдағанына жүріп, айтқанына көніп келген қазақ халқының бір-бірімен айтысып, тартысып, қырқысып, қырылысып жатқаны бүгінгі күні де жат пиғылдыларға аудай қажет нәрсе. Лев Толстойдың ертегісіндей, шырпыны бір-бірлеп сындыратыны сияқты, өзара бірлігі жоқ қазақ халқына кім көрінген әлімжеттілік жасап отырған жоқ па?! Бірлігіміз, бір-бірімізге деген жылуымыз бен панамыз жоқтығынан ба, өзге халықтың алдында өзімізді төмен санап, иініміз түсіп, ығынып тұратындығымыз?! «Қазақтың жауы– қазақ»–деген данышпан Ғабеңдерде (Ғабит Мүсірепов) айтқанын еске ала отырып, елді бірлікке, ынтымақтыққа шақырар кім бар деп сұрағың келеді. Апыр-ау, өзінің ақыл парасатымен, сөзімен де, айбатымен де бір елді ығындыра білетін данышпан ақсақал қарттар болмаушы ма еді ауылдарда?! Қайда олар?! Ақ жаулығы сабырлы жүзіне айбын-көрік беріп, үні әбес шыққанды тиып тастап отырар абзал аналар қалмаған ба елде?! Кім бар, елдің бірлігін сақтар, халықтың ынтымағын жарастырар?! Әйтеуір, елдің шырқы бұзылмаса екен! Қазақ халқының тарих алдындағы ұлт ретіндегі қазіргі ұлы жауапкершілігін сезіне білейікші! Біздің ендігі ала ауыздығымызды келер ұрпақ кешіре де қоймас! 1992.

АЙНАЛАҢДА АДАМ БАР Қасыңда адам жүргенін сезіне біл, оның жан-жүрегін түсіне біл, жанарынан рухани дүниесінқуанышын, шер-мұңын, соркүйігін, қайғы қасыретін тани біл. В.А.Сухомлинский.

Адамгершілік қасиет–адам бойындағы асыл қасиеттердің бірі. Бұл қасиеттің адам бойына ең әуелі ана сүтімен, тәрбиемен кірігері де белгілі жай. Кез келген адамның бойына бұл қасиетті ұрып та, ұрысып та қондыра алмасың және бар. Әлде біреулердің жаман қылығына кейіген халқымыз «сүбесіне бермеген соң қайтесің»,–дейтін сөзінде де үлкен мән жатыр. Сүбесі дегеніміз адамның санасы, адамның ішкі дүниесі, оның жан-жүрегі. Соңғы уақытта адамгершілік мәселесі бәрімізді де толғандырып отырғаны тектен текке емес шығар?! Адам баласы бір-біріне деген сенімнен, бір-біріне деген ізгіліктен айырылып, бірінен-бірі түңіле бастағандай. Қайырымдылық, ізеттілік сияқты қасиеттер пендешіліктің күнбе-күнгі көлеңкесінде қалып бара жатқандай. Ғасырлар бойы азбай-тозбай, ұлтымыздың белгісіндей болып келе жатқан жақсы да асыл қасиеттерден неге айырыла бастадық? Үлкенді сыйлау, оның алдынан кесе көлденең өтпеу сияқты халқымыздың салты кімге жақпады, кімге кедергі болды? «Үлкен алдында–жас қарызы, ата алдында–бала қарызы–әдеп пен сый»,–деген Мұхтар Әуезовтің осы бір ақыл сөзіне жүгінер болсақ, қазіргі уақытта әдеп пен сый неге сұйылып кетті? Халқымыздың өзіне ғана тән, оның жоғары адамгершілігін, ақылдылығы мен саналылығын, даналығын айғақтап тұрар сол бір қасиетті әдеп пен сыйға неге жұтаңданып қалдық?! Ойлаған сайын, көңіліңді қаумалай беретін осындай сауалдар бірінен соң бірі туа беретіні бар. Халқымыздың бойындағы әдеп пен сыйдан туындап жататын адамгершілік қасиеттердің де уақыт ағымына сәйкес дамыры ақиқат. Бірақ, сол бір даму жолында халқымыз өз бойына уақыт, цивилизация әлемі әкелген жақсы қасиеттерді санасына сіңіріп, қолына ұстап қала алды ма? Қане, біздің уақыттың, кеңестік дәстүріміздің халқымыздың өз дәстүріндей болып, қанына сіңіп кеткен қандай әдебі бар? –Арақ ішуді, тост айтуды үйрендік,–деген еді бір жолдасым. Рас, бұл жағына келгенде біздің қазақ әлемнің дамыған кез келген елінің халқынан кем қалмасы ақиқат енді. Біздің халқымыздың адамгершілік қасиеттерінің, әдеп пен сыйының тоқырауының, тозуының бір сыры осында жатқандай. Арақ деген пәленің елге жаппай тарауы тың игеру кезеңінен басталады. Соның өзінде жастар жағы үлкендерден жасырынып, көзге түспей ішуші еді ғой. Үлкен адамның көзінше арақ ішу ұят саналатын. Қазір атаның, ақ жаулықты ананың, аузынан сүті кеппеген баланың алдында арақ ішу, тіпті мас болу да ешкімді таң қалдырмайды. Бұған бойымыз үйреніп, етіміз өліп

алды әбден. Арақ ішкен жерде адалдық қалмайды дегенді атам қазақ әлімсақтан бері айтып келеді. Қазір атаның да, ененің де көзінше келіндері де қымсынбай арақ ішетін кеселге ұшырадық. Біздің қазіргі қарттарымыз да ішу жағына келгенде «кет, әкет андағыңды» деп зеки қоймайды. «Өркендерің өссін» деп, балаларымен өздері де қағып салатын әдет тапты қарттарымыз. Инабаттылықтың бір белгісі адамның бір-бірін сыйлай білуі болса керек. Өйткені, адам баласының күнбе-күнгі тіршілігінің үзілмейтін алтын арқауы осы сыйластықта жатыр. Сол сыйластық қасиеттер ғана адамды Адам етіп тұрғандай. Өзге біреуді көрген сәтте сәлем беруден басталар сыйластық қасиет адам атаулының өмірін бақытты ете алады. Адам бойындағы сыйластық қасиетті инабаттылық мықтап ұстап тұрғандай. Орыс жазушысы А.П.Чеховтың: «Инабатты адам иттен де ұялады» деген пікіріне жүгінер болсақ, инабаттылық адамға тән ар, ұят сияқты қасиеттердің де ұғымын білдіреді. «Социалистік қоғамда тұрмысы нашар адам жоқ»,–деген сыңаржақ пікір адамның бір-біріне деген қайырымдылығы мен мейірімділігін өшіргендей де болды бойымыздан. Сол соқыр сенімнің бойымызға берік орныққаны соншалықты, қала көшелерінде, базар алаңдарында, вокзалдарда қолын жайып қайыр сұрап тұратын мүсәпірлерге деген аяушылықтан да қалдық, оларға мойнымызды да бұрмайтын, «көп алқаштың бірі шығар»,–деп өте шығатын күйге жеттік. Ол мүсәпір неге қайыр сұрап тұр? Бәлкім, жалғызбасты пенде шығар, бәлкім, зейнетақы ала алмай жүрген біреу болар? Шекесі шылқығаннан қайыр сұрап тұрған жоқ шығар?! Сондай жандарды көргенде, қане, қайсымыздың басымызға осы бір ойлар келіп, көңіл бөлдік екен?! Қайсымыз, қане, сол жандардың жан-күйін сұраған?! Бүгінгі жас ұрпақтың өкілі ретінде адамгершілік пен мейірімділік мәселелерінің осы бір толған сауалдары мені де көп толғандырады. Неге, негелеген сұрақтарға жауап іздеп, сарсылып жүрген шақта орыс жазушысы Даниил Граниннің: «Не берусь назвать все причины, отчего ослабло чувство взаимопомощи, взаимообязанности, но думаю, что во многом началось с разного рода социальной несправедливости, когда ложь, показуха, корысть действовали безнаказанно. Присходило это на глазах народа и губительнейшим образом действовало на духовное здоровье людей»,–деген пікірінің шындық екенін мойындаудан басқа лажымыз қалмап еді. Біздің халқымыздың бүгінгі жас ұрпағын қатыгездік пен көрсоқырлықтан құтқарар жол бар ма? Бар. Ол–халқымыздың әдет-ғұрпы, ана тілі, әдебиеті мен мәдениеті, ән-жыры мен күйі. Халқымыздың ат салты мен дәстүрі жайлы қазір қозғалып жүрген әңгімелердің бәрін орынды деуіміз керек. Ұмытылған, уыстан шығып кеткен асыл қасиеттерді, ана тілімізді қайрадан үйрену, қайрадан солардың нәрін бойға сіңіру–бұл ұлтымыздың ұлт түрінде сақталып қалуының сенімді бір жолы. Жастарымыздың арасында түрлі жат қылықтар мен бейбастықтар етек алап бара жатса, бұл үшін олардан гөрі ана тіліміз бен әдет-ғұрпымызды дұрыс үйретіп ұғындыра білмеген өзімізді кінәлаған жөн сияқты. Бірде көп бала тәрбиелеп отырған

қадірлі бір жеңгеміздің үйіне барсам, қыз баласына қатты-қатты зекіп, ауыр сөздер айтып, ұрсып жатыр екен. Қыз бала сыртқа шығып кеткеннен кейін: –Жеңеше-ау, сонша ауыр сөздер айтқаныңыз не?–деп едім, ол ауыр күрсініп: –Е, қайным-ай, көңіл-күйіңді айтпай-ақ қабағыңнан, ымыңнан-ақ түсініп, біліп отыратын бала бар ма осы күні? Жай айтсаң түсінбейді. Сондықтан ауыр болса да, жанына батырып айтып жатқаным ғой. Бұларға қазір солай ғана ұғындыруға болады,–деп кейіген еді. Халқымыздың әдепті, тәрбиелі сөзін өз баласына ұғындыра алмай отырған осы бір ана өкінішін ұлтымыздың трагедиясы деуге болар еді. Қазір бесік жырын айтып отырған аналарды көрмейміз де, естімейміз де. Бесігін тербетіп қойып, иініне сүйеніп, сәбиін емізіп, ыңылдап бесік жырын айтып отыратын аналарымыз қайда?!Обалы нешік, қазір де қазақ әйелдері бала туудан кемді емес. Бірақ бесік жыры неге айтылмайды, неге ұмыт болады? Қазағымыздың асыл ұлдарының бірі Бауыржан Момышұлы өзінің бір әңгімесінде қазіргі аналардан шошынатындығын, олардың өз сәбилеріне бесік жырын айтып отырмайтындығын, ал бесік жырын естіп өспеген сәбидің көкірегі керең болып өсіп жетіледі деген хаупін айтқан еді. Осы ойлар ана тіліміздің тағдыры үшін күрес ең әуелі бесіктен басталуы керек қой деген ойға жетелейді. Өмірге жақсылар керек, мына өмір жақсылыққа сусап отыр қазір. Дүниеде адам баласын бақытты етуден асқан ұлы іс жоқ шығар, бәлкім. Мен өзім кімге бақыт әкеле аламын, кімді бақытты ете аламын? Осы жайлы ойландық па? Ойлассаң ед-ті. Айналаңда адамдар бар ғой! Сол адамдарға бақыт сыйла,қуаныш әкел, жақсылық жаса! Өйткені сен–Адамсың!

ЖАН ДҮНИЕҢ ЖҰТАМАСЫН

Мынау асау да тарпаң уақыт, қоғамның қазіргі аласыпыранды дамуы ұлтымыздың ұлт түрінде сақталып қалу мәселесін алға тартқандай. Бұл арада әсіре қызбалыққа салынып, болмаса көңіл-күй ырқына берілуден аулақпын. Етек-жеңі мол пішілген қайран қазақтың дарқан көңілінің, ақ адал ниетінің, былайша айтқанда ешкімге есесін жібермеген басының аяққа басылуы алаңдата түседі. Және де соны істеп отырған қилы да қиын кезеңде қазақ халқының кең құшағын паналап, күнін көріп, есін жиып, етегін жапқан, «тамыр-туысқан» деп келген, «тілі басқа болса да тілегі бір» деп жүрген басқа ұлт өкілдерінің бүгінгі ұрпақтары екендгі көңіліңе нала түсіреді. Былтырлары «Кокчетав» дегенді қойып, енді орыс ағайындары да «Кокшетау» деуі керек, солай деп жазған жөн, «Боровое» емес, оның дұрысы «Бурабай» деп үлкенді-кішілі жиындарда сөз болып, солай аталсын, солай жазылсын деген мәмілеге тоқайласып едік. Осы сәтте орыс ағайындарының өре түрекелгендері бар емес пе! Тіпті Кокчетавты Көкшетау, Боровоены Бурабай деп атайтын болсақ, онда жұмысқа шықпай ереуілдеп отырып аламыз деген пысықтар да табылды. Бұған жаны ауырмаған қазақ қалды ма?! Тіпті Көкшетауды қазақтың жері емес, бұл орыс казактарының мекені деп жатса, былайша айтқанда, қолтығыңа қол салып жатса, қалай күйінбессің! Қазіргі уақытта кең байтақ қазақ жерін бөлшектеуге әрекет жасаушылардың пиғылы шошытады. Жайық бойындағы Орал өңірін казактар бөліп алуға, Өр Алтайды орыс ағайындары иемденгісі келіп, өзеурулерін өз басым құптай алмаймын. Қазақ даласын бөлшектеп, бөліп алғысы келетін сол арам пиғылдыларды халқымыздың ақадал ниеті атар деп ойлаймын. Егер даламызды әр кімге бөлшектеп, үлестіріп берер болсақ, онда мұнымызды ата-бабамыздың аруағы кешіре қояр ма екен?! Әңгіменің әділін, ашығын айтайық. Жасқана да, үрке де, біреудің аузына қарап әдеп, ұятты да сақтап келдік. Және жеткендегі жеріміз, өзге халықтан алған алғыс, рахметіміздің түрі осы болса, яғни даламызға көз алартып, өздерінің жат ниеттерін білдіріп жатса, ендігі жерде жомарт қазақ атанудың қажеті бола қояр ма екен?! Күні осы уақытқа дейін қазақ деген екінші бір сортты халық саналып келгендігі де шындық. Орыс ағайындардың олардан өресі де, білімі де, мәдениеті де жоғары деген пиғылдың бары да жасырын емес. Тіпті бала бақшасының тәрбиешісі, мектептегі пән мұғалімі қазақ болса өз балаларын бермеудің түрлі амалын жасап, менсінбеушілік те орыс ағайындарынан шығып жүрді. Неге бұлай, кім кінәлі бұған? Осы бір сауалдарға жауап іздесек, ең әуелі қоғамды кінәлар едік. Барша халықты, қазақты да, немісті де, полякты да коммунизмнің құрылысшылары етеміз деп бір сапқа қойып, шолақ саясатпен тәрбиелеген өзіміз кінәліміз. Түбінде халықтардың бәрі бір-ақ тілде сөйлейтін болады, орыстың мәдениетінінен асқан мәдениет жоқ,

орыстан асқан ұлы халық жоқ деп елеуреп, өзіміздің ұлттық жан дүниемізді жұтатып, өзімізді-өзіміз кемсітіп, өзімізді-өзіміз аяққа басқыздық. Міне, біздің қателескен тұсымыз осы болар! Мен бір халықты бір халыққа қарсы айдап салайын деген ниеттен аулақпын. Бүгінгі күні еліміз бойынша ұлтаралық қақтығыстар өрши түсіп отырған шақта қазақ халқы, қазақ даласы не бір дау-жанжал, лаңнан аман болса екен деп алаңдаймын. Бірақ та қазақ халқының жанын ауыртып, қанын қоздырар бәтуасыз сөздер мен әрекеттерге өзге ұлт өкілдерінің сақ болатын кезі де келді. «Таспен атқанды аспен ат» деп, отыра беретін қазекемдердің де бір күні намысы жанар таудай атқылай жөнелмесіне кім кепіл?! Алтын орданың да іргесін шайқалтып қалың қазақтың бүгінгі ұрпағы, құдайға шүкір, жер дауы үшін атқа жаппай қонарына және де сенімдімін. Бірақ, әрине, бетін бұдан аулақ қылсын. Енді не істеуіміз керек! Өз ұлтымызды өзіміз мақтап, өз ұлылығымызды өзімізге өзіміз айта бергенше, сол асыл қасиеттерімізді басқа ұлттарға қалай көрсетеміз, қалай дәлелдейміз, өзімізді қалай мойындатамыз? Осы орайдағы бірер пікірді айта кеткенді жөн санап отырмын. Қазақ халқының дарынды, шешен, өнерлі, іскер халық екендігін әлемнің не бір ғұлама тарихшылары мен саяхатшылары айтып та, жазып та кеткен ғой. Бүгінгі күні де сол ұлы қазақ халқынан өз ұлтының, өз елінің ұлы ұрпағы болар ұл мен қыз туған жоқ, тумады деп айтуға ешкімнің де аузы бармас еді. Шоқаны мен Абайы, Мұхтары мен Қанышы, Сәкені мен Күләші бар ұрпақты кемсітер болсақ, онда сол адамның, сол халықтың надандығы, парықсыздығы. Солай десек те ұлттық өнеріміз бен мәдениетіміздің жұтаң тартуына неге жол берілді? Қазақ ақын-жазушыларының кітаптары өтпей қойды, театрдағылар театрға ешкім келмейтін болды деп зар айтатын халге жетті. Ән десе, жыр десе ішкен асын жерге қоятын қазақ емес пе едік? Біздің рухани жан дүниеміздің жұтаңданып кетуінің басты бір себебін өзге бір халықтың ырқында кетіп қалғандығымыздан деп ойлаймын. Осыдан барып ойымыз жұтаңданып, көкірек тереңіндегі ұлттық сана-сезіміміздің отын өшіріп ала жаздадық. Елпілдеп тұрар ер көңілді, сезімтал халқымыздың небір асыл қасиеттерін бойымыздан да, қанымыздан да жойып ала жаздадық. Ал, бұлай болуға тілден айрылудың қырсығы әбден тиді және қазір соның зардабын тартып та отырмыз. Тіл кез келген ұлттың жан дүниесінің, сана сезімінің, ақыл-ойының алтын өзегі екендігін елемедік. Тлімізді ұмытуға айналып едік, ұлттық бар қадір-қасиетімізді жоғалтып алдық. Ендеше ұлт болу үшін, қазақ болу үшін ең әуелі қазақ тілін білуіміз керек. Өз тіліңді білсең, оның әнін білесің, жырын оқисың, сөйтіп барып қана қазақтың ұлылығын, данышпандығын тани түсетіндігің есіңде болсын. Бұл күндері оқитын кітап жоқ, дұрыс өлең жазатын ақын қалмады деген әңгімелерді де жиі еститіндігіміз былай тұрсын, дүкендегі қазақ кітаптарын сатып алмақ түгілі, қазақ тілінде шығатын газетті оқи алмайтындар пайда болды. Кітап жоқ, дұрыс өлең қалмады дегенге өз басым сенбеймін. Ақын-жазушыларымыздың жазып жатқан дүниелерінің бәрі бірдей классикалық шығармалар болмаса да, әлемдік әдебиет қорынан орын

алмаса да, жан сүйсінтерлік әдеби туындылар бар, әрине. Бірақ сол дүниелерді оқитын, оқыса да сол дүниедегі асыл сөздерді тап басып тани білетін зерек ойлы, сергек көңілді, сезімтал жүректі оқырман қалмаған ба деп қауіптенемін. Бала кезімізде хат танымайтын аталарымыз бер әжелерімізге түрлі кітаптарды дауыстап оқып отырушы едік. Сонда олар: –Әп, бәлем, айтқан-ақ екен! Жөн сөз ғой, орынды сөз ғой,–деп риза болып отыратын кездерін қазір жиі есіме аламын. Әжелеріміз болса көңілі босап, ақ жаулықтарымен жанарларындағы жастарын сүртіп әуре болушы еді. Мұны да надандық дедік-ау. Жоқ, аталарымыз бен әжелеріміз өздерінің надандығынан емес, керісінше көккірек көздерінің ояулығынан, сезімталдығынан, сөз қадірін ұға білгендіктерінен «пәлілеп» риза болып отырады екен-ау! Қазір тіпті қара домбыраның үніне, қазақ әнінің сазына селт етпейтіндер де бар. Көкшетауда халқымызға танымал әнші композитор Алтынбек Қоразбаевтың концертінде жас әнші Мейрамбек Беспаев «Бозторғай», Алтынбектің өзі «Қара кемпір», «Қара шал» әндерін орындағанда басында ақ жаулығы бар әжелеріміз жылап отырғанда, жап-жас қыздарымыздың селт етпей, күліп отырғандығы жан дүниесінің жұтаңдығы емес пе екен?! Халқымыздың ой тереңдігінің, сезім шынайылығының, жан сұлулығының төмендеп кетуінің басты бір себебін өз тілімізден айырылып қалғандығымыздан деп білемін. Ал адам бойындағы осы бір қасиеттер жұтаңданған кезде аялау, аяу деген болар ма екен? Қазір не көп, қылмыс көп. Айуан ғана жасай алатын қылмыстарды да жасап жатырмыз қазір. Жан жұтаңданып, адам баласы аяу, аялау деген сезімінен ада бола бастаған қазіргі уақытта табиғатты аяла, табиғатты қорға деп ұран тастауымыздың өзі бекершілік деп білемін. Табиғатты аялай білу үшін адам баласы әуелі бірбірін аялай білуі керек шығар. Өйткені адам табиғаттың төл перзенті деп жүрген де өзіміз ғой. Ойды ой қозғайды демекші, біздің қоғамымызда болып жатқан түрлі жағдайлар, тіпті ісіміздің ілгері баспай қоюын, экономикалық дағдарыстардың түп-төркінін жан жұтаңдығынан іздеуіміз керек. Өйткені адам сол өз қоғамының, өз дәуірінің билеушісі әрі әміршісі емес пе! Он бес одақтас республиканың берекесі қашып, құрыштай берік достығының іргетасының жарықшақтана бастауын да осы жан жұтаңдығынан іздеуіміз керек болар. Үкіметіміздің бұрынғы басшыларын: Сталинді де, Хрущевті де, Брежневті де Кеңестер Одағын мекендеген халықтардың жанын жұтатып алғандығы үшін кінәлау керек. Н.Г.Чернышевский «О причинах падения Рима» деген атақты еңбегінде ежелгі Рим империясының құлауын Юрий Цезарь әскерінің аздығынан емес, қарауындағы елінің моральдық азғындануы, халқының жан дүниесінің жұтаңдығы деп біледі. Ал қазіргі уақытта жан дүниенің жұтаңдануымен тұтас бір мемлекет құлай қоймас. Бір ұлттың жойылып кетуі әбден мүмкін. Міне, сондықтан да адам баласының жан дүниесін тәрбиелеуге жан дүниесін байытуға ендігі жерде барлық күшті, барлық қаржыны, барлық алтын мен валютаны да

жұмсағанымыз абзал. Қолдағы барлық күшті әр ұлттың дәстүрін жандандыруға, тілін сақтап қалуға, тілін құрметтеуге, тілінің бағының жануына жұмсауымыз қажет. Әр халықтың жойылып кеткен өзіне тән бар адамдық қасиеті тек өзінің тілімен, өзінің дінімен ғана қайта табылары анық. Адам баласын жан жұтаңдығынан өзінің қасиетті ана тілі ғана құтқарып алып қалады ендігі жерде. Кез келген ұлттың жан сұлулығы да өзінің тілімен, әдетғұрып, салт-санасымен ғана тамырлас екендігін ұғынайық. Ендігі жерде қазақ тілі, болмаса орыс тілі немесе неміс тілі неге керек дейтін болсақ, онда ол сол ұлттың жан дүниесін тонағынымыз болып шығады. Ал бұл дегенің барып тұрған қылмыс. «Көзің соқыр болса да көкірегің соқыр болмасын» деген нақылды халқымыздың үлкен ойшылдығы деп бағалаған жөн. Көкірек соқырлығынан сақ болайық, ағайын! Ойлан, тілің жұтап еді–жаның жұтады, жаның жұтап еді–далаң жұтады, тұнығың лайланды. Тілің–жаның сенің! Осы бір қасиетті Тіл деген періштені сақтай білейікші!

БІРЛЕСУІМІЗ КЕРЕК! БІРАҚ ҚАЛАЙ? Малыңды беріп отырсаң, атасы басқа, діні басқа, күні басқалар да жалданып бірлік қылады. Бірлік малға сатылса, антұрғандықтың басы–осы. Абай.

Дәл қазіргі уақытта мені саудагерліктің етек алуы мен суайт саясаткерліктің (политиканство) кеңінен өрістеп отырғандығы алаңдата түседі. Жарайды, заман ағымына қарай саудагерлік керек те шығар. Саудагерлер көбейсе көсегеміз көгереді деп отырған кезең ғой бұл. Шығыстың бір данасының «саудагер әуелі досын алдайды, өзгелерді сосын алдайды» деген дуалы сөзін еске ала отырып, жарайды, құдайдан қорықпаса базарда жүргендер бірін-бірі алдай берсін дегің-ақ келеді. Ал, енді саясатшылардың алдап, арбауы және де олар тұтастай бір халықты алдаса, міне, бұл дегенің тарихи қылмыс болып табылады. Біздің, яғни қазақ халқының жүріп өткен жолы, міне, осы саяси алданып, арбалудың, түптің түбінде даласын қойып, жан дүниесінің, ұлттық сана-сезімінің, тілі мен дінінің тоналуының өзі-ақ осылай ой түюге мәжбүр еткендей. Кәне, ой жүгіртейікші! «Аврораның қуатты үнімен» оятып алып, міне, сол жетпіс жылдан астам уақыттан бері саясатшылар халыққа не бір ұрандарды тастап бақты-ау! Теңдікке, бақытқа, бостандыққа жеткіземіз, соңымыздан еріңдер деді. Ердік! Елді коллективтендіру керек деді, аша тұяқ қалдырмай ортаға салдық! Тап жауын құртыңдар деді, бұл саясатта да бізден озып алға түскен халық болған жоқ. «Батыр да жау, қатын да жау, бала да жау» болып шыға келді. Соғыстан кейінгі кезеңді еске алсақ, тыңға ағылғандарды «құшақ жая» қарсы алып, интернационалист болып жүре бердік. Ата-бабаларымыздың молаларының үсті жыртылып, қазақ мектептері жабылып жатса да үндемедік. Үндегіміз келсе де, үндей алмадық. Үндетпеген де саясат, сол кездің саясатшылары еді. Балаларымыз тілін ұмытып, ұл-қызымыз басқа ұлттан қыз алып, күйеуге шығып жатса соны да марапаттап, мадақтап, міне, интернационализмнің көрінісі деп талай-талай мінбелерден лепірдік-ау! Осының бәрі де коммунизм орнатуды жеделдете түседі деді саясатшылар. Е, олай болса жарайды дедік. Көндік, иландық, сендік саясатшыларға. Сол саясаттың нәтижесі қайда? Халқын соңынан ерткен сол саясатшылар қайда? Осы бір екі сауалды қоюға бұрынғы Кеңес халқының тірі қалған бүгінгі «жетімектерінің» әбден қақысы дар бар. Әрине, саясатшылардың көбі өліп те қалған, ол белгілі жай. Кремльдің іргесінде жатқан сол саясатшылардың өздері жүргізген саясаттарының бүгінгі «жемісін» көрмей кеткендерінің өзі де бақыт-ау! Енді не десең де қирап, күйзелген ел үшін, қайыр сұрап қалған коммунизмнің кешегі «құрылысшыларының» жай-күйі үшін тіріліп келіп ешқайсысының да жауап

та бермесі анық. Бүгінгіміз бен болашақ үшін ендігі жауап беретіндер мына бізбіз. Сондықтан да ең әуелі өзіміз де, халқымыз да адаспайтын саясат құра білуіміз керек. Тәуелсіз Қазақстан Республикасының, оның Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жүргізіп отырған қазіргі саясатына бүкіл әлем ризашылықпен көз тігіп, құлақ түріп отырған шақта, демократияны желеу етіп ел басшысына қара күйе жаға сөйлеуіміз елдігімізге сын болар еді. Әрине, «ханға қарап, қара сөйлер» саясат жүргізіп, «сын және өзара сынауды» үйреткен кеңестік «тәрбие» болар бұл дағы. Менің айтпағым: біз ендігі жерде күні кеше ғана қабылданған Ата Заңымыз Конституциямызды, өз Елбасымызды, өз Туымыз бен Елтаңбамызды, Әнұранымызды қасиет тұтып, қадірлеп, сыйлауды үйренуіміз керек. Бесікте жатқан баладан бастап осыған тәрбиелеу қажет. Егер де бұрынғы, «кемеңгер» саясатшыларымыз КСРО деген алып елдің рәміздерін (туын, гербін, әнұранын, т.б.) сыйлап, қастерлеуді үйрете біліп, сол қасиетті бойымызға сіңіре білгенде, онда бүгін біз базар алаңдарында Ленин ордендерінен бастап сатып, болмаса сатып алып, содан «бизнес» жасауға арымыз бармас еді. Не керек, соны да істеп жүрміз-ау! Бұған айналып келгенде, тағы да әр саясатшының өз саясаты кінәлі. Өйткені, біз елдің туы мен гербіне табынудан гөрі «көсемдеріміздің» өздеріне, жеке бастарына табындық. Ел Конституциясының қағидалары бір басқа болды да, «аузы қисық болса да бай баласы сөйлеген» сөздеріне ду қол шапалақтап, қызу қолдап жүрдік. Міне, енді бүгінгі саясатта осыған жол бермеу керек. Замана ағымын аңдап, бағып отырған жан иесі болса, бүгінгі күні де саясатшылардан кенде емес екенімізді аңғару қиын емес. Тіпті бала да, шал да, дана да, білімді мен білімсіз де, дарынды мен дарынсыз да саясат соғар күйге жеттік. Ал, бәрінен де хауіптісі–саяси аренаға дүмібілез саясатшылардың шығуы. Мұндайлар «халқым үшін» дей жүріп, өздерінің қара бақай есептерін жүргізіп, саясатты көзге түсудің, болмаса танылып қалудың құралы санайды. Қара бастың қамын ойлап жүргізілген саясаттан сол «саясатшының» өзінің ұтуы да мүмкін, ал, бірақ, түптің түбінде, қалың елінің, халқының сорлап қалатындығын ойласа ғой ондайлар. Осындай бір тұжырымға келе отырып, бүгінгі күні халықты бірлікке шақырып жүрген саясатшылармен ой бөліссем деп едім. Қазір не көп, құдайға шүкір партия көп, қозғалыс көп. Солардың бәрі де Қазақстан халықтарын татулыққа шақырып, бірлесуге үндеп жүр. Тіпті, түрлі қоғамдық ұйымдардың жарғыларында да бірлік, бірлесу мәселесін жақтайтындықтары айтылған. Мұндай саясатты, яғни қазақ жерін мекен еткен бүкіл халықты татулыққа, бірлікке шақырған үндерге аса риза екенімізді, ынтымақ, бірлікті шын жүрегіммен, жан-дүниеммен қолдайтынымды айтайын. Гәп, басқада! Бүгінгі күні халық бірлігінің қамын ойлап жүргендер, соның ішінде «Қазақстанның халық бірлігі» саяси ұйымын жақтап қол қойғандар, осы бірлесу қажет екендігін айтқандарымен, қандай бірлік керек, кіммен және қалай бірлесу керектігін айтпай кеткен. Бұл арада мен өз ұлтымның мүддесін көздеп сөйлеп отырғандықтан да айтайын, мына біз, яғни қазақ халқы кіммен бірлесуіміз керек? Және де басқа ұлттармен

бірлесе қалсақ қалай бірлесуіміз керек? Қандай бағыт, қандай саясат ұстануымыз керек? Міне, осы бір сауалдар маза берер емес. Бір сезінгенім: халық бірлігін жақтап жүрген өзге ұлт өкілдерімен бірлігімді сақтау үшін мен, яғни қазақ, үндемей тыныш жүруім керек екен. Қазақ халқы өзінің ұлттық мүддесін қозғап, сөз ете бастаса болды, басқа халықтардың «нервісі» ойнай бастайтындығын байқап жүрмін. Өзгелер әлі де қазақты «қойдан жуас қоңыр күйінде» көргісі келеді де, бұрынғыдай «жүндейтін» күндерін аңсайды. Жарайды, солардың айтқандары-ақ болсын, жүре берейін десең, қай жерде болмасын есеңнің кетіп, есеңгіреп қалып жатқаның. «Бұл халыққа ризамыз ғой, осылардың да мүддесін ойлап, көмектесейікші бұларға»,–дегенді айтып, жаны ашып жатқан бірде-бір басқа ұлт өкілдерін әлі кездестірген жоқпын. Бірлесуге шақырып жүрген талай-талай саясатшылардың аузынан да: «Мен қазақ халқы үшін мына бір істі қолға аламын, жақтаймын»,–дегенін естуге зәрумін. Әйтеуір, бәрі келіп, тағы да сол сорлы қазақтың есесі мен есебінен бірлескілері келетіндіктері көрініп-ақ тұрады. Бұлай деп ащы айтарлық та себебіміз бар. Мысалы, қазір біз қазақ мектептері мен бала бақшаларын көбейт, бүкіл жерде іс қағаздары мемлекеттік тіл–қазақ тілінде жүргізілсін, бұрмаланған жер-су аттары қалпына келтірілсін, көшелер мен алаңдарға қазақ халқының даңқты ұл-қыздарының аттары берілсін деп талап қоя бастайықшы, сол бірлік пен бірлесуді жақтап жүрген талай «саясатшылардың» сөзі іріп, өзі айнып шыға келері анық. Шіркін, Абай, данышпансың-ау! «малыңды беріп отырсаң, атасы басқа, діні басқа, күні басқалар да жалданып бірлік қылады»,–деп қалай тауып айтқансың?! Бірақ, біздің осы күнге дейінгі «бірілігіміз» бен «достығымыздағы» бір ерекшелік, басқалар бізге жалданып емес, біз басқа халықтарға мал түгілі, нанымыз бен жанымызды (бұл арада жанымыз дегенді ұлттық тіл, дін, әдеп-ғұрып деп ұғу керек. Ескертуші–автор) жерімізді, сол жеріміздің асытындағы да, үсітіндегі де байлығымызды беріп, әрі өзіміз жалданып барып «бірлікте» болдық-ау! Меніңше ең әуелі қазақ халқы өзімен өзі бірлесуі керек. Руға, жүзге бөлінгенді қойып, бір қазақтың баласындай бірлесіп, тірлік етуге ұмтылған жөн. «Қазақ бірлігі» партиясы, болмаса қозғалысы дүниеге келіп, үш жүздің баласының басын қосатын саясат жүргізіліп жатса құба-құп болар еді. Міне, қазақ халқының өзара бірлігі күшті болса, онда еліміздегі өзге халықтар келіп біздің төңірегімізге топтасар еді-ау! Әрине, еліміздің тыныштығы, ең әуелі қазақ халқы, бізге қымбат, бейбіт өмір бізге аса қажет. Өйткені, бізге өсу керек, өркендеу керек, өз тізгініміз өз қолымызға жаңада ғана тиді. Міне, ел тыныштығы үшін бар жауапкершіліктің салмағы қазір қазақ халқына ауды. Бұл–үлкен жүк. Сол жүкті аударып алмай, «жеріне жеткізу» саясаттың көкесі болмақ. Аз халықты көп халық басып, езіп, жаншып ұстап бақытта да дәулетті бола алмайтынына мына біз, одан қалды, бүгінгі тарих куә. «Көптігімен батырып та, қорқытып та» көрген орыс халқының тәуелсіз Қазақстан Республикасында тұрып, өмір сүріп жатқан бүгінгі өкілдері осы бір

ақиқаттан сабақ алса екен дейсің. Қазақ халқының ұлттық мүддесін шешуге келгенде бұрынғы дағдымен даурығып араз бола қалған көршілердей теріс қарап жүрмесе екен дейсің. Қазақ елінің Конституциясы бекітілді, енді барша халық осы Ата Заңымызды сыйлап, құрметтеп, тіліміз бен жерімізге көз алартып, сөз тигізе бермесе екен дейсің. Конституцияны құрметтеу қазақ халқын құрметтеу ғой, мұны солай ұғынса екен дейсің. «Қазақстанның халық бірлігін» қолдап, ұрандап жүрген орысы, қазағы, татары мен кәрісі, тағы да басқа өкілдері бар барлық саясатшыларымыз халықтарымызды осы ойлар төңірегіне топтастырып, осы бірлікке шақырса екен ендігі жерде. Жалынды ұран, қыздырмасы көп қызыл сөзден халқымыз зәрәзап болды, шаршады деймін-ау осы. Ал кәне, бірлесейік! Бірақ, бұл бірлесу қазақ халықының есебінен болмасын. Енді бірлесетін болсақ, сол бірлесу, сол бірлік пен сол достық, сол ынтымақ-татулық халқымызға өксік пен өкініш әкелмесін. Өйткені, біз ендігі жерде «ынтымағы мызғымас одақтың» емес, әлем танып отырған тәуелсіз Қазақстан Республикасының қазақ деген халқы боламыз. Осыны ұмытпайық, саясатшылар!

НАМЫСҚА МІН, ЕСІҢДІ ЖЫЙ, ЕР-АЗАМАТ!

Әйелге деген қарым-қатынас–ардың, намыстың, көрегенділіктің, ізеттіліктің аса нәзік өлшеуіші. В.Сухомлинский.

Қазір қиын да қилы кезеңнің сұрқай тіршілігінен түңілген сәтте «е, заман азды ғой» деп күрсінетініміз бар. Ал, енді заманның азғандығы рас болса, оны, яғни сол заманды кім аздырды?! Заман азса, адам баласының да азғандығы емес пе?! Өйткені, адам баласы өз заманының тіршілік иесі, ақылойы, соғып тұрған жүрегі ғой. Бірақ, солай бола тұрса да біз адам баласы өз кінәмізді айтуға келгенде жұмған аузымызды ашпай, бәрін де заманға жауып жүрген жайымыз бар. Айта қалған күннің өзінде де заманның азып-тозуының бар кінәсін әйел затына таңа салуға бейім тұрамыз. «Әйел дегенің еразаматты сыйлаудан қалды, арақ ішеді, қыздарымыз болса темекі шегеді, жеңіл жүріске салынады, тастанды балалар көбейді»,–деген сияқты жан түршігерлік айыптар тағылып жатқанда жүрегің сыздайды-ақ. Бірақ, осы мәселені терең зерделей алмай отырмыз-ау деген бір ой маза берер емес. Қаламгерлер айтып, жазып жатқан көптеген пікір-сайыстарда әйелдер мен қыздарымыздың сорақы қылықтарын үлкеніміз бар, кішіміз бар лепіре де, еліре айтып, жар салып жатқанымызда тап сол бір жаны да, жүрегі де нәзік әйел затына деген аяушылық бір сезім оянады жүрегімде. Өз басым әйел затын еш жамандыққа қимаймын. Рас, қазақ әйелінің психологиясында, мінезінде, өзін-өзі ұстау ғадетінде үлкен өөзгерістердің болғандығы ақиқат. Бірақ заман азса, қоғамда бейбастақтық қылықтар көбейсе, оған жалғыз әйел заты ғана айыпты ма екен?! Егер біз дәл осылай ойлап, заманның бүгінгі сұрқия сұмдығын әйел баласынан көрер болсақ арылмас күнәға батар едік. Маңдайына үй шаруасы, бала тәрбиесі жазылған қазақ әйелін әлемдегі ең «тең праволы» етеміз деп жүріп біз социалистік қоғам кезінде әйел затын ауыр да азапты жұмыстарға салып, оның бойына табиғатпен біткен нәзіктік сияқты сезімдерін аяққа бастық. Әйелдеріміз бен қыздарымыз трактор айдап, жер жыртқанын, ат мініп, қой баққандарын, зауыттар мен фабрикалар күндіз де, түнде де еңбек еткендерін мақтаныш етіп, жырлап бақтық. Әйелдердің ер азаматтармен иық тірестіре еңбек етулеріне бойымыздың үйренгендігі соншалықты, ер адамдар ендігі жерде ауыр да азабы мол істерден бойымызды аулақ сала бастадық. Әйел заты түзде еңбек етіп мал табатын, үйге келген соң от жағып, су тасып, бір үйлі жанның тамағын істеп, баламызды бағатын болған соң біз енді әйел затына Ана деп қарауды қойып, оны қара жұмыскер есебінде тани бастадық. Ер азаматтың әйелге дөрекі қарауы, өрекпи сөйлеуі, міне, осыдан болса керек. Бұған керісінше, жаны қажыған әйел заты өз ер азаматынан бір ауыз жылы сөз ести алмай, оның өкіреңдегені мен әкіреңдегеніне шайпаулау жауап беріп жатса, бұл да әйел мен ер-азамат арасына дәуір, заман түсірген қылау деп білген жөн.

«Қызға қырық үйден тиым салу керек»,–деген дала даналығын ұстанған ата-бабаларымыз әйел намысы үшін жауға қарсы шапқан ел едік қой. Ал қазір біз болсақ қыз балаларымызды ғайбаттап, айбаттап, бәріне де солар кінәлі деп айтуға азамат басымызбен ұялмай жүрміз. Әйел азса, қыз жат қылыққа басса, оларды кім тыюы керек, кім тоқтатуы керек? Әйел арақ ішсе, қыздарымыз темекі шегіп, жолдан бала тауып алып жатса, біз ер заматтар ай қарап отырмыз ба?! Тастанды балалардың көкек аналарын жазғырумен бірге сол сәбидің жарық дүниеге келуіне себепші болған еркексымақ неге жазғырылмайды, неге айыпталмайды? Міне, бір-бірінен бөле-жара қарауға болмайтын осы бір сауалдар, қоғам, заман, ұрпақ алдындағы әйел мен ер адамның көтерер жүгі, арқалар жауапкершілігі бірдей екендігіне көз жеткізе түседі. «Жаман айғырдың үйірін қасқыр алады»– демекші, қазір қыздарымыз ұстағанның қолында кетіп, орысы бар, шүршіті бар, әйтеуір, кім көрінгенге тұрмысқа шығып жатса, бұл үшін де ер азамат– біз өзімізді айтпауға тиістіміз. Қызға қарар дейтін жігіттеріміздің сиқын көрсең ішің қан жылайды. Осы қаламыздың өзінде қай жерде сыра, арақ сатылып жатса, жуындыға үймелеген қара шыбындай қаптап тұрған қазақ жігіттерін көрер едің. Үсті-басы да лас, аузынан да лас сөз шығып, есріп, құр босқа даурығып тұрған сол жігітсымақтарды көрсең, бетіңнен отың шығады. Елге, өз ұлтының қыз баласына, еліміздің дүние мүлкіне ие болар дейтін ұлдарымыздың осы сияқты сиқын көріп, халқымыздың ертеңі мен болашағы тұманды да күмәнді емес пе деген ауыр бір ойлар жүрегіңді тырналайды. Қазақ халқын ел болудан, жұрт болудан аздырып, тоздырып бара жатқан кеселдер жайында бүгін ащы да болса ашығын айтуға тиістіміз.Бесігімізді түзету үшін әйел түзеліп, әйел түзелу үшін ер-азамат керек дер едім. Өйткені, ұлтымыздың ұлт болып сақталып қалуы және ұрпағымыздың азып кетпеуі үшін қазақ елін жайлап алған кеселдерге қарсы әуелі ер азамат–біздер бас көтеріп, жауға қарсы шапқан батырлардай біздер қасқайып қарсы тұрмасақ, ол кеселдер елімізді, жаппай халқымызды тоздырып, аздырып жіберер түрі бар. Ерімізді ез етіп, әйелдер мен қыздарымыздың ар-ұятын, абыройын төгіп, ұрпағымызды айықпас дертке шалдықтырып, есуас қылып жатқан бірінші кесел–араққа, арақ ішуге ендігі жерде ер азаматтар–біздер қарсы тұрып, ындынымызды тыя алмасақ, өз ұлтымыздың тамырына өзіміз балта шауып, қастандық жасадық деп ойлайық. Тәуелсіздігін алған мына елімізге ақыл-ойы мен парасаты білікті ұрпақ керек әуелі. Жасыратыны жоқ, қазақ даласының қырық жыл бойы ядролық сынау аймағына айналуынан, табиғатты өз қолымыздан жұтамауымыздың кесірінен де болар, дүниеге қаншама делқұл, ақыл-есі кем сәбилер келіп жатыр. Мамандардың айтуынша ұрпағымыздың азып тууына спирттік ішімдік ішіуімізден келіп отырған зиян өте көп екен. Жуырда орыс ғалымы, медицина ғылымының докторы, профессор Владимир Барабаш өзінің бір сөзінде ресейліктердің жаппай арақ ішуінен орыс ұлтының азып, тозып, тұқымы құрып бара жатқандығын ашына айтқан еді. Бұл кеселдің біздің ұлтымызға да қатысы бар екендігін мойындауымыз керек.

Ұрпақтың азып, тозуынан тұтас бір халықтың тұқымы түп-тұқиянымен жойылып, жоғалып кеткендігін тарих жақсы біледі. Жер бетінде самниттер, этрускілер, фахеттер, ацтектер сынды көне халықтардың болғандығын қазір бір білсе тарихшыларымыз ғана біледі екен. Бұлар да өз дәуірлерінде өркениеті, мәдениеті, әдет-ғұрпы бар халықтар еді. Алайда заман ағымына орай елді жаппай ішкілік жайлап, ерлері дүниеге ұрпақ әкелуге қабілетсіз бола бастады, әйелдері жеңіл жүріске салынып, мұның ақыры келіп тұтас бір халықтың тұқымының құруына әкеп соққандығы бұл күндері қазақ халқы–біз үшін де сабақ болуға тиісті. Менің осы бір жан айқайымды әркім дұрыс түсінсе етті. Арақ ішіп алып, ақыл-естен айрылып, тәлтіректеп жүре алмай тұрған ер-азаматты көргенде: «Елге, одан қалды бір отбасына, ондағы әйелі мен балашағасына сүйеу болар, шаңырағының арқа сүйер ер тұлғасы бұлайша сенделіп, теңселіп тұрса, біз кімге арқа сүйеуміз керек енді»,–деген ойға қаламын. Сенделіп, миы айналып, есінен адасып тұрған мынау ер азамат әйелі мен баласын әр үйдің босағасынан сығалап тұрған мына заманның жамандығынан сақтап, қорғап қала ала ма?! Ер азаматы арақ ішіп маскүнемдікке салынған отбасылардың әйелі шайпау келеді, баласы да өсіп, жетілген соң бұзықтық жолға түсетіндігін көріп жүрміз. Әйел шайпау келіп еріне, оның ата-анасына тілін тигізіп жатса, бұл үшін тағы да әйелді жазғырамыз. Бірақ араққа сылқия тойып алып, әйел затының жанын күйзелтіп, жүйкесін жұқартатын еркектерде де кінә бар екендігін мойындауға тиістіміз ғой. Бізге ендігі жерде ұлт тағдыры, оның болашағы қымбат. Ендеше бүкіл қауым, бүкіл қоғам болып әйелге деген қамқорлықты күшейтуге тиістіміз. Ел ертеңі, яғни жас ұрпақты дүниеге әкелуші, соны өсіріп, өндіріп тәрбиелеуші әйел затына деген жылылық пен жақсылық әуелі өз ошағыңның басынан бастау алып жатуы керек. Заманның бүгінгі арожданды тонап жатқан суық қолынан қыздарымыз бен әйелдерімізді қорғап қала алмасақ, онда ұлтымыздың қайнар көзінің тұнығы лайланды дей беріңіз. Ал мұны істейтін тағы да біздер, ер-азаматтар болуға тиістіміз. Ел билігінің басында отырған қайраткер ер азаматтардан бастап, бәріміз де әйел затына деген көз-қарасымызды өзгертіп, әйел затын қасиетті құдырет иесі деп тани алмасақ, бұл ұлтымызды бір қасіретке ұрындырары хақ. Осы орайда араб әлеміндегі аса ірі саяси қайраткер Муамар Каддафи жазған «Жасыл кітаптағы» мына бір: «Әйел мен еркектің арасындағы табиғи айырмашылықты ескермеу, олардың міндетін араластырып жіберу–мәдениет қағидаларына және табиғаттың мәңгілік заңына түгелдей қайшы келетін тенденция. Ол адам өмірінің негіздерін әлсіретіп, оның қоғамдық өміріндегі қасіреттердің себебі болады»,–деген пікіріне құлақ түрмеске лаж жоқ. Алқа-қотан жиын тойда бір ауыз ұлағатты сөз айта алмайтын, не дұрыс бір бата бере алмайтын, алдында тартылған сыбағасын дұрыс турап жей алмайтын еркектердің көбейіп бара жатқандығы да ақиқат. Мұсылман боламыз деп бастарына тақия киіп алып, арақты сылқита ішіп отыратын шалсымақтарды да көріп жүрміз. Рухани жан дүниеміздің жұтаң тартып бара жатқандығы соншалықты, әке отырып бал, бала отырып әке, қыз отырып ақ

жаулықты ана, ана отырып қыз соғыстырып арақ ішетін дәрежеге де жеттікау! «Мен аташкаммен де соғыстырып ішемін»,–деп мақтанады қазір кейбір келінсымақтар. Міне, осының бәрі келіп қазақ халқының ер азаматтарының бойындағы ұлттық болмыс пен ұлттық намыстың жойылып біткендігінен болып отыр. Ұрпағымыздың бойына сіңген жаман әдеттердің тамырын қию үшін халқымыздың ар-намысын, соның ішінде әуелі ер азаматтың намысын оятуымыз керек. Ал, ар-намысты жақсы да өнегелі қылығымызбен, аталар айтқан асыл сөздерімен ғана оята аларымыз анық. Бұл үшін ұлттық тәрбие мағыналы да мазмұнды жүргізілгені абзал. Өнеге дегеннен шығады, осы бір қазақ халқының бүгінгі ұрпағы бүгінгінің қай зиялысынан, кімнен өнеге алуымыз керек? Міне, сол сұрақ та ұлт тағдырының болашағын ойлаған жағдайда көкейге еріксіз оралады. Европа мәдениетінің сиқын көрдік. Шығыс халқының мәдениетіне, әдетғұрпына, дінге әлі де үрке қарап отырған жағдайымыз бар. Соңғы жылдары қазақ елінде өтіп жатқан аста-төк тойларға келетін астаналық зиялы қауымнан өнеге алайын десең, олардың да сиқын көріп, теріс айналып кететін кездеріміз аз болған жоқ. Атақ-даңқын сыртынан естіп, «әй, бір көрсем-ау»,–деп зар болып жүрген талай-талай ағаларымыздың араққа сылқия тойып алып, киіз үйдіңалдында теңселіп тұрғанын көріп, жанымыздағы баламызға «әне, балам, анау пәленше деген ағаң»,–деп айтуға да ұялған кезіміз болды. Елімізге «Қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып күн болам» деген, шіркін, Сұлтанмахмұттар енді керек-ау деп ойлайсың сол сәтте. Бүгінгі күні ұлтымыздың болашағына қатысты мәселелер хақында ой толғай отырып әңгіменің тоқ етерін айтар болсам, қазақ елі мен халқының, әйел мен бала алдындағы ер азаматтың жауапкершілігі күшеюі керек. Ер азамат намысты болмай, ол айықпай заман түзелмесі анық. Осы бір ақиқатты ұғына білсек екен. Мына қилы да қиын, ұрлығы мен сұмдығы белең алып тұрған заманда еліміздің елдігін, ұлтымызды, ұрпағымызды сақтап қалу үшін қоғамның барлық кеселдеріне, ауыртпашылықтарына қарсы ең әуелі ер азамат төсін тосуға тиісті. Заманды аздырып бара жатқан сұрқиялықтарға қарсы ер азаматтарымыздың адами биік жауапкершілікпен күресіп жүргендігін сезіне, көре білген әйел де өз жанымыздан табылары анық. Әттең шіркін, сол әйел мен бала ер азаматтың ерлігі мен өрлігін көре алмай отыр-ау әзірге деген ой маза берер емес.

ТОЙЛАНАЙЫҚ ТА, ОЙЛАНАЙЫҚ

Тірі адамның ардан аяулы жері бар ма?! Абай.

Тәуелсіздік, Азаттық деген осы болар, қазақ елінің тойы көбейді! Соңғы төрт-бес жылдың айналасында халқымыздың санасынан өшуге айналған хан Абылайға, Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай батырларға, хан Кенеге, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов сияқты ардақты да аруақты бабаларымызға арнап ас бергендігіміз елдігіміздің бір белгісіндей көрінгендігі ақиқат. Кең байтақ Қазақстанның тұс-тұсы, кез-келген өңірі, солтүстігі бар, оңтүстігі, батысы бар, шығысы болсын әйтеуір, ауыл-ауылымыздың өзі үлкенді-кішілі ас беруден, той жасаудан кенде қалған жоқ. Үш ғасыр бойы орыс империясының боданы болғанымыз бар, соның ішінде кеңестік жүйенің жетпіс төрт жылғы билеп-төстеген кезеңдерінде есімдерін еске алудың өзіне қатаң тиым салынған, жадымыздан қасақана ұмыттырыла бастаған хан Абылайдан бастап күні кеше ғана ақталған Мағжан ақын аралығындағы ұлылар аруағына арнап құран оқытып, ас бергеннің ешбір айыбы да жоқ қой деп білеміз! Әрине осыған шүкіршілік ете отырып, ендігі жерде қазақ елінде беріліп жатқан астар мен өткізіліп жүрген түрлі-түрлі тойлардың ұлағаты мен ғибраты, өнегесі мен тәрбиелік мәнмаңызы хақында сөз қозғауымыз да қажет сияқты. Өйткені ас деген, той дегенмен елдің еліктеушілігі соншалықты, егемендігімізді алған бес жылда төрт құбыламыз теңеліп, көсегеміз көгере қалғандай-ақ ашылып, шашылып, тасынып жатқан жағдайымыз бар. Әйтеуір, қазақ баласы дархан, жомарт, қонақжай деген сүйекке біткен қасиетімізге басып, экономиканың нарық деген жаңа бір қарым-қатынасы қос бүйірден қысып, баға дегенің күн сайын шарықтап өсіп, қымбатшылық жайлап отырғандығына да қарамастан, халықтың аузынан жырғандай қылып, бар жиған-тергенімізді ендігі жерде астатөк тойларға жөн-жосықсыз шаша беретін болсақ, бұл барып тұрған дарақылығымыз бен сорақылығымыздың бір көрінісі болар еді. «Байдың асын байғұс қызғанады»,–дейтіндер табылса, олардан бір сұрайын дегенім: осы қазақтың бұдан бұрынғы, әріге бармай-ақ, осы кеңестік дәуірге дейінгі болып келген тойларынан бүгінгі өткізіліп жүрген тойларының қандай айырмашылығы бар?! «Бабаларымыз бен аталарымыз даланы қан сасытып, қыруар мал сойып, саба-саба қымыз ішіп, жеген етінің сүйегін далаға шашып, ішкенжегенге мәз болып жүре берген ғой»,–деп, дала көшпенділерін айыптаушы едік қой. Ал енді оқыған, тоқығаны бар, жеті ғылым түгілі, жетпіс түрлі ғылымды меңгерген бүгінгінің білімді ұрпағы–біздер өз тойымызды қалай өткізіп жүрміз?! Міне, ендігі ойымызды осы екі сауал төңірегінде өрбітетін болсақ, құр бекерге мал шашуға, жолы барға да, жоққа да қарамастан жөн-жосықсыз шапан жауып, ат мінгізіп, қымбатынан түрлі сый-сыяпат беруге келгенде бұл

жағынан ұятты емеспіз, бабаларымыз болса өзінің, одан қалды өз ағайынының, өз руластарының малын шашып, мырзалық көрсетпеп пе еді?! Ақиқатын айтар болсақ «жалпы халықтық», «жалпы мемлекеттік» деген ұғымдағы ортақ қазан, ортақ қазынадағы халықтың маңдай терімен табылып жатқан игілікті сол тойларға онды-солды шашу арқылы «мырза», «жақсы», «ел қамын жеген Едігелер» атанған ел пысықтарын көбейтіп алдық. Ал ендігі жерде мемлекет есебінен мырзалық көрсететіндей қалың елдің не қауқары қалды?! Айлап жалақысын ала алмай, бала-шағасын асырауға, оқытып, киіндіруге, ауыра қалса ең аяғы дәрі-дәрмек сатып алуға теңге таба алмай теңселіп қалған халықтың есебінен, сол халықтың көзінше ырғап, жырғап өткізілер ендігі тойларымызға деген халықтың ықылас-пейілі де қалай болар екен деген мәселе ел басшыларын да, той тойлағысы келіп жүргендерді де қатты ойлантса керек. «Елге еңбегіміз сіңді, жетпісімді, сексенімді тойла»,– деп елге міндетсіреп, кешегі белсенді, кезінде халықтың қамын жеді деген, бүгінгі күні болып та, толып отырған игі жақсы ағаларымыз да ойланса керек-ті. Елге кімнің еңбегі сіңбепті?! Өмір бойы мал бағып, егін егіп, қазір бір дұрыс зейнетақыға да қолы жетпей отырған, бірлі-жарым малынан басқа ешнәрсесі жоқ қарапайым қыр қазағының қайсысының елге еңбегі сіңбепті деп айта алармыз?! Біз бұл арада мүлде той өткізілмесін, той жасалмасын деуден аулақпыз және олай айтуға хақымыз да жоқ. Той дегенің әркімнің өз жеке ісі. Бірақ адаммын дейтін бүкіл пендеге қарапайымдылық аясына келіп тоғысар: аспау, таспау сияқты ортақ бір қағида бар екенін естен шығара көрмесек екен. Не нәрсеге болсын шүкіршілік керек! «Арғымаққа міндім деп артқы топтан адаспа»,–деген дала данасы Асанқайғы бабамыз айтқан, одан қалды орыс жазушысы Михаил Пришвиннің: «Асқан ұлы бақыт–өзін ерекше санамай, барлық адамдар сияқты болу»,–деген ғибратына әрдайым жүгініп отырсақ деймін. Жалпы ел өңірінде өтіп жатқан ірілі-ұсақты тойларымыздың ғибраты, оның халық санасына із қалдыруы сияқты мәселе әлі де ойлантпай келе жатқандығы қынжылтады. Хан Абылайдың алдыңғы жылғы тойынан кейін көзі ашық бір азаматтың: –Әй, осы сендер Абылай дипломатиясы туралы улап-шулап жатырсыңдар. Ол қай шет жерде елші болып еді?,–дегенін әлі күнге ұмыта алар емеспін. Абылай дипломатиясы дегенің ұлы ханның қазақ халқын қытай жұртына да, орыс жұртына да жұтқызбай, аман алып шыққан айла-тәсілі екендігін түсіндіріп бәйек болғанымызда, оның:–Қайдан білейін, елден қалмайық деп тойға бардық та ішіп-жеп қайтып келдік қой, әйтеуір,–деп ағынан жарылғаны бар еді. Міне, осы қарапайым мысалдан-ақ, күні кеше ғана улап-шулап тойларын өткізген Үкілі Ыбырай, Ақан сері, Кенесары ханның, Абай мен Жамбылдың кім екендігін басқа жұртты қойып өз халқымызға, өз жұртымызға кеңінен әрі толық таныта алып болдық па деген мәселе туындаса керек-ті. Біздің қай ісімізде болсын науқаншылдық басым жатады, әйтеуір. Той қарсаңында үгіт-насихат жүргізіліп, түрлі шаралар өткізген

боламыз да, тойды таратқаннан кейін іс осымен бітті дегендей, сол саңлақтар жайында енді қайтып, жұмған аузымызды ашпай қоямыз. Былтыр ғана 150 жылдығы аталып өтілген Ақан серінің сол мерей тойынан кейін не істедік, не тындырдық, өнер алыбы жайында жұмған ауыздарын ашқан кім бар, кәне?! Сонда қалай, Ақан сері, мұнан басқа да ел ардақтылары, Көкшетау арыстары хақында облыста үгіт-түсінік, әлдебір ғибратты жұмыстар жүргізілуі үшін біз енді олардың кезекті бір мерейтойларын тосып, үн-түнсіз отыра беруіміз керек пе?! Халық жүрегінен мәңгілік орын алып, ел есінде қалуға тиісті ардақты жандар тірі жүрген бүгінгі ұрпақ–біздер үшін солардың есімдерін малданып, тек той тойлап, құр ас ішіп, аяқ босату үшін ғана қажет болып қалды ма деген жанға батар сұрақты да өзімізге өзіміз қоюға тиіспіз. Әйтпесе, Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырай әндерін орындаушылардың облыстық байқауын жыл сайын өткізіп тұруға болмас па еді және солай болуы да керек қой... Әрине, ел болғаннан кейін оның тойы болмай және де тұрмайды. Бірақ бізді ендігі жерде қазақ елінің тойлары қалай өткізілуі керек деген мәселе қатты ойлантуға тиісті. Бірккен Ұлттар Ұйымы сияқты халықаралық беделді бір ұйымның мүшесі, нарықтық қатынастар жүйесімен дамуға бағыт алған, ізгі қоғам құруды басты мақсат еткен Қазақстан әлемнің өркениетті елдерінің қатарынан берік орын алуы үшін, әуелі экономиканы да, халықтың тұрмысын да көтеріп алуымыз керек қой. Ал енді біз қазіргі той-томалаққа, қызықдуманға еліккен көңілімізбен, «атамды», «атағымды», әйтеуір, бір шығарып қлайын деген дарақылығымызбен заманның бүгінгі ағымына ілесе аламыз ба? Қит етсе аста-төк той өткізе бергенімізбен мәдениетіміздің ахуалы жақсарып, халқымыздың сана-сезімі арта қояр ма екен деген мәселелер қазір елге жаны ашитын әркімді толғандыруы керек. Міне, мәселе осыған келіп бас тіреген сәтте қазақ еліне той өткізудің басқа, жаңа бір өркенді, мәдениетті, сыпайы да қарапайым бір түрі керек деген ойдың қылаң берері бар. Әрине, бұл арада ендігі тойлар былай өтсін, былай болсын деуден, оның нақтылы бір тұжырымдамасын беруден аулақпыз. Бұл мәселені көп болып, ел болып ойлауға тиістіміз. Ал енді «той десе қу бас та домалайды» дегенді желеу етіп аттылы, жаяулымыз бар сол тойларға қазақ елін мекендеп отырған барлық ұлттар шынайы көңіл, адал пейілмен қатысатындай, араласатындай етіп ұймдастыру жағын ойластыру мәселесінің басы ашық тұрған нәрсе. Осы ретте Мәскеу теледидарынан көріп жүрген орыс ақын-жазушыларының, тіпті әлемдік деңгейдегі атақ-дәрежесі бар өнер иелерінің мерей тойлары мен кездесу кештеріне көңіліңнің сүйсінетіндігін айтқымыз-ақ келеді. Ең бастысы шынайы ықыласпен, адал ниетпен берілетін бір шоқ гүлге мәзмәйрам, риза болып отырған жаңағы той, болмаса кездесу кейіпкерін көріп, оның осы бір қарапайымдылығына, осы бір ізіттілігіне еріксіз таң қалып, сүйсінетінің бар. Ал біз болсақ, табан жұрттың көзінше той иесіне деген сыйлықтарымызды мәдениет сарайларының сахналарына екі жағынан екі дәу жігітке көтіртіп телевизор дейсің бе, тоңазытқыш, кілем, төсеніш, ыдыс-аяқ дейсің бе, қойшы әйтеуір, не бір дүниелерді алып шығып беріп жатамыз. Бұл өнердің мерейін өсіре ме?! Жоқ, бұл әлде той иесінің беделін, болмаса

шашбауын көтеру ме?! Жоқ, бұл әлде, «бүгін мен сенің, ертең сен менің шашбауымды көтер, айбынымды асыр, ел алдында беделге ие болуымның көпірі бол»,–деп мемлекет қоржынының түбін қағып, соның есебінен, болмаса, түрлі қорлар мен қоғамдардың есебінен сый-сияпат жасау арқылы бедел, ұпай жинап, кешегісін ойласаң, жаның жеріп күйзелетін, бүгінгі күні аңқау елдің жанашыры, топ бастап, көсем бола қалған пысықай мырзалар мен ханымдардың өнер, сол өнердің иелері арқылы алды бар да арты жоқ мына жұмбақ қоғамның қаймағы, игі жақсысы болғысы келген жымысқы әрекеттері ме? Егер осыншалықты мырзалығымыз бен жомарттығымызда күмән болмаса, бүгінгі күні тұрмысы мен күн көрісі қиындап қалған қарттарға, жетім-жесірлерге, балалар үйіне көмектесіп шашылғанымыз жөн болар! Ендігі жерде сыйлық беруде де, сыйлық алуда да бір шек, шет болуы керек дегенді айтқымыз келеді. Егер біз дәл осылай үлестіріп, шашыла беретін болсақ, өнер дегеніңнің қасиеті қалмақ түгілі, оның өзі қып-қызыл саудаға түскелі тұр. Мұның алғашқы белгілері қазір-ақ байқалып жүр. «Ақынмын, әуесқой композитормын, анумын, мынаумын» деп халықтың есінде қаларлық ешбір құнды туынды бермей жатып-ақ, кештерін өткізу арқылы сый-сияпатқа бір кенелуді ғана мақсат етіп жүрген бүгінгі қоғамның дарынсыз, тоғышар өнерпазсымақтары көбейіп барады. Сол сәтте шіркін Абай айтқан: «Арсыз болмай атақ жоқ, алдамшы болмай бақ қайда?!–деген жан мен ар күйзелісінен туған осы бір жүрек жарды ащы сөзін есіңе алмай көр, кәне?! Көрпемізге қарап көсілгенге не жетсін, шіркін!

ӨГЕЙЛІК КӨРГЕН ТІЛІМ-АЙ!..

Кімде-кім қазіргі уақытта ана тілін, өзінің әдебиетін сыйламаса, бағаламаса, оны сауатты, мәдениетті адам деп санауға болмайды. Мұхтар Әуезов.

Қазақ елі мен қазақ халқы тәуелсіздігінің ауыр да азапты жолдардан өтіп келе жатқандығын туған ана тіліміздің тағдыр-талайынан-ақ аңғаруға болар еді. Өйткені, тәуелсіздігімізді алғанымызға, сол азаттығымызды әлемнің өркениетті елдерінің танығандығына, Біріккен Ұлтар Ұйымыныа мүше болғандығымызға қарамастан қазақ тілінің тағдыры күні бүгінге дейін саудаға, тіпті дау-дамайға түсіп келе жатқандығы ойға қалдырады, қапаландырады, өкіндіреді. Қазақ тілінің мемлекеттік тіл екендігі туралы Тіл жөніндегі заңда да, Конституциямызда да айқын әрі анық етіп атап көрсетілсе де, бүгінге дейін осыны мойындамай отырған және мойындағысы да келмей отырған күштер мен топтар әлі де бар арамызда. Тіпті қазақ тілінің мемлекеттік тіл болуынан үлкен саяси хауіп-қатер көріп, байбалам салушылық етек алуда. Алайда, бір өкініштісі, өз тілін, өзінің ана тілін, қасиетті қазақ тілін өзекке теуіп, өгейсітіп жүргендердің арасында өз қандастарымыздың да бар екендігі жүрегіңді сыздатады, алаңдатады. Ана тіліміздің төңірегінде құйтырқы саяси шырмаулар құрылып жатқан осы бір шешуші сәтте Қазақ тілінің Мемлекеттік тіл екендігін ең әуелі кімдер мойындауы керек еді?! Қазақ тілі ең әуелі кімдерден қамқорлық, кімдерден ізет пен құрмет көруі керек еді?! Міне, ана тіліміздің қазіргі уақытта қолданыс табуы осы сауалдар төңірегінде ой толғауға мәжбүр еткендей. Әрине, қазақ тілі өзіміздің ана тіліміз болғандықтан да ол, сөз жоқ, енді әуелі өз балалары–мына біздерден сый-құрмет көруі керек еді ғой! Алматы қаласында АҚШ-тың елшілігі ашылған кезде біз болсақ қазақ тілін қалдырып, бәрін орыс тілінде өткізіп жатқанда, американдық өкілдер өз елшісінің өмірбаянын қазақша толтырып, қазақ мемлекетінің тілін құрметтеудің өнегесін тіпті өзімізге көрсетіп бергендігі ең әуелі тілдің иесі қазақтар–бізге ұмытпастай сабақ болуы керек еді ғой! Ал, енді шындығында осылай болып отыр ма?! Ақиқатын айтар болсақ, қазақтың тілі өзімізге, яғни қазақтардың өздеріне қажет болмай отырғандай жағдай бар ма деп те қаласың. Әйтпесе, орыс тілділердің жыртысын жыртып ұлтымызды жарылқайды деп жүрген Қ.Есенберлин, Б.Әбілов, Н.Сұхбанбердин, Н.Смағұлов, Р.Баталов сынды бүгінгінің бір топ «байлары» «Казахстанская правда» газетінде орыс тіліне араша сұрап, оған да мемлекеттік тіл мәртебесін беру керек деп мәселе көтерер ме еді? Бесіктен белі шықпай, босағадан аттай алмай, үні әлі естілмей жатқан тіліміздің тағдырын тәлкекке салып, тұншықтырғысы келіп отырған өзге жат жұрттың

қиянатын былай қойып, мына өз қазағымыздың өздерінің Ана тілдеріне жасап отырған өгейліктеріне не айтарыңды білмейді екенсің! Қазақтың тілін, Ана тілімізді ең әуелі қазақтардың өздері пайдалануы, өздері қолдануы керек қой! Өкінішке орай, әзірге бұлай болмай тұрған жоқ па?! Түрлі-түсті жиындарда, үлкен –кіші жиналыстарда қазақ зиялылары– мына біздер бір ауыз сөзді қазақша неге айта алмай жүрміз? Мемлекеттік тіл мемлекеттік мекемелердің жиындарында неге қолданылмайды? Кімнен ығынып, кімнен қорқып, неменеге жалтақтап отырмыз? Әрине, қазақ зиялыларының өздері, қазақтың ел басқарып отырған азаматтары кез келген жиындарда орысша сайрап ала жөнеліп тұрса, басқалар сенің тіліңді қайтсін?! Біздің орыс тіліне жан-тәнімізбен аса бір берілгендігімізді, ол тілді ана тілімізден әлдеқайда артық санайтындығымызды, өз тіліміздің өзімізге қажет болмай отырғандығын әбден түсініп алған орыстілділер бүгінгі күні қазақ халқының өз тілдерін білмейтін топтарын, тілінің өгей балаларын өз анасының тіліне қарсы айдап салып отырғандығын ұғынғымыз-ақ келмейтіндігі қынжылтады. Әрине, қазақ тілін ең әуелі қазақтардың өздері құрметтеп, өздері пайдалануы, өздері қолдануы керек қой. Тіл жөніндегі Заң қабылданған кезде түрлі жиындарда қазақ басшы азаматтары өз сөздерін әуелі қазақша бастап, ана тілін қолданудың ырымын жасағанға, басқа ұлт өкілдері «Құрметті жолдастар» дегенді тілін бұрап айтқанға мәз болып едік, қазір осы бір «дәстүр» де ұмыт бола бастады. Сонда ана тіліміз ел басқарып отырған мырзаларға қажет болмай қалса, қазақтың тілі кімге керек енді?! Әлде ана тіліміздің елдің бүгінгі бетке ұстап отырған іскер адамадары–бизнесмендері, коммерсанттары мен банкирлері қажет етіп отыр ма? Жоқ, бұлардың да қазақ тілін қажетсініп отырғандықтарын байқай алмадық. Өзгені қойып Көкшетау қаласында пайда болған біраз дүкендер мен дәмханалар атаулары ағылшын тілінде жазылған да, мемлекеттік тілде жазуды ешкім де ескермеген. Ал, енді мұнда тұрған не бар дейін десек, осы дүкендердің иелерінің бәрі де өз ұлтымыздың азаматтары екен. Және де солардың біразы күні кеше ғана лауазымды қызмет атқарған, көзі ашық, көкірегі ояу, ана тілінің қадірқасиетін тәуір біледі дейтін зиялы қауымның балалары екендігіне де не айтарсың? Балаға айтар «үлкенді сыйла» дейтін қазақи тәрбие–ақылымызға қоса, ендігі жерде «Айналайын, тіліңді сыйла» дейтін бір ауыз сөзімізді айтуды, айта жүруді қазақ елінің бүгінгісі мен болашағын ойлайтын әрқайсымыздың борышымыз деп санағанымыз жөн. Облыс орталығындағы жұтынып тұрған осы дүкендердің қазақ азаматтарының қолында болғандығына қуансақ та, қап, әттеген-ай, азаматтарымыз ағылшын тілін әспеттегеннен гөрі, неге ғана өз ана тілін хан көтермейді екен деп те өкінесің. Егер осы дүкендердің иелері басқа ұлт өкілдері болса, әне, бұлар әлі де болса тілімізге өгейлігін, жаттығын жасап отыр дер едік. Ал енді не дерсің? Жарайды, көбіміз орысша оқыдық, орысша білім алдық (ол үшін өз кезеңінің саясаты кінәлі дейік), ана тіліне шорқақпыз делік! Ана тіліміз Мемлекеттік тіл болып белгіленгеннен кейін, тым болмаса, енді қазақ тіліне өзіміз құрмет көрсетіп, өзіміз қорғауымыз керек еді ғой. Қорғау дегеннен шығады, жуырда

Ресейдің Калининград облыстық Думасы өз облысының аймағында орыс тілін қорғау жөнінде шешім қабылдапты. Оларды бұл шешімді қабылдауға мәжбүр еткен жағдай: облыс аймағында неміс тілінің ықпалы күшейе бастаған.Немісше жазылған атаулар, немісше жазылған жарнамалар қаптаған. Бұл аймақ Кенигсберг деген атаумен Шығыс Пруссияның бір бөлігі болғандығын, 1945 жылғы Берлин конференциясының ұйғаруына орай бұрынғы КСРО-ға қаратылғандығын ескерсек, елдің, жердің тұтастығын сақтау үшін ең әуелі ана тілін қорғай білу қажеттігін түсіне білген орыс зиялыларына риза да боласың.Міне, біз де өз тілімізді өзіміз осылайша құрметтей алмасақ, өзіміз қадірлемесек, өзіміз қорғай білмесек, сенің тілің кімге дәру, кімге қажет? Өз тілімізге өзіміз өгейлік жасап, өзектен теуіп, өзіміз керек қылмай отырғанда, қазақ тілін жат жұрттың баласы қадірлемейді, білмейді, үйренгісі келмейді деп даурығудың, өңеш жыртып, байбалам салудың өзі артықтау, әбес көрінері бар. Қазақ мектебіне жетектеп алып бара жатқан баламызбен, немеремізбен әлі де орысша сөйлессек, жиын-жиналыстарымызда қолданбасақ, шет жұртпен іскерлік, дипломатиялық арым-қатынас жасау үшін пайдаланбасақ қазақтың тілі кімге керек енді?! «Ана тілі дегеніміз–сол тілді жасаған, жасап келе жатқан халықтың мәңгілігінің мәңгілік мәселесі. Ана тілін тек өгей ұлдары ғана менсінбейді, өгей ұлдары ғана аяққа басады»,–деп Ғабит Мүсіреповтің жаны күйзеле отырып айтқан осы бір дана сөзін зерделей білсек, қазақ халқының тарих төрінде мәңгілік жасауы үшін ең әуелі оның өз тілі мәңгілік жасауы керек. Ал, біз болсақ өз ана тілімізге өлмейтіндей мәңгілік жан бере аламыз ба? Туған тіліміздің жасау, жасамау мәселесі саудаға түсіп отырған шақта қазақпын дейтін әрбір жан иесін осы бір сауал толғандырса керек еді!

ҚАУЛЫМЕН ҚАЗАҚ БОЛАМЫЗ БА?

«Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл– қазақ тілі». (Қазақстан Республикасының Конститутциясынан).

Биылғы жыл қазақ елі өміріндегі тарихи кезеңдер жылы болғалы тұр. Міне, екі бірдей референдумда Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың өкілеттік мерзімін 2000-шы жылға дейін ұзартуға келісім берсек, тамыздың 30-ы күні егеменді еліміздің жаңа Конституциясын қабылдадық. Бұл екеуінің де тарихи маңызы бар айтулы оқиғалар екендігінде дау болмаса керек. Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы қоғамға не үшін қажет болды, оны қабылдауға қандай жағдайлар мәжбүр етті, бұл Ата Заңның қандай артықшылықтары, ерекшеліктері, жақсылықтары бар екендігі жайлы аз әңгіме болмағаны да анық. Нақ осылай бола тұра жаңа Конституциядағы 7-ші яғни, тіл жөніндегі баптан көңілі қалып жүрген қазақ ағайындарымызды да көріп жүрміз. –Конституцияда орыс тілі ресми тіл деп жазылыпты. Қазақ тілі енді құритын болды,–деп даурығушылар көбейіп барады. Міне, осындай жел сөздің, ойланбай сөйлеушіліктің салқыны ана тіліміздің ертеңіне, болашағына деген сенімді жоғалтуға ықпал жасауда. Бұған дәлел биылғы биылғы жаңа оқу жылында қазақ бірінші сыныптарына оқуға барған қазақ балалары санының азайғандығы айқын дәлел бола алады. Тіпті, бұған дейін қазақша оқыған балаларын мұғалімдермен жанжалдаса жүріп, орыс мектебіне апарып отырғызып қойғандар да болмай қалған жоқ. Әр жердегі бала бақшаларындағы қазақ топтарындағы жұмыстарының берекесі қашып барады. Әрине, ата-аналарды да түсінуге болады. Қазақ мектептерінде әлі күнге дейін түрлі оқулықтардың, түрлі көрнекті құралдардың, методикалық нұсқамалардың болмауы әрі жетіспеушілігі баланың қазақша білім алуында түрлі қиыншылықтарға ұрындырып отырғаны да анық. Біз бүгінгі күні мектептеріміздегі балаларымызды қажетті оқулықтардан жүдетіп отырғандығымызды ел экономикасындағы ауыртпашылықтармен ақтауға болмас еді. Ел егемендігінің ірге-тасын нығайту ісі мектептерімізді түзетуден, білім, тәрбие беруді жақсартудан бастау алғаны жөн еді. Алайда, кездесіп отырған қазіргі қиыншылықтарды желеу етіп, өз тілімізді өзіміз аяққа басар болсақ, балаларымызды өз тілінде оқытуға түрлі сылтау іздесек, қазақ тілінің тағдырын кімдер шешіп, оның бағын кімдер ашпақшы? Жалпы біз тоталитарлық жүйенің құрбандары болған жандармыз. Бізге бір нәрсені істеу үшін, атқару үшін міндетті түрде жарлық, заң, қаулы керек. Тіпті қазір қазақ болу үшін де, ана тілімізде сөйлеп, ана тілімізде өмір сүру үшін де біздің халқымызға тағы да бір қаулы жетпей тұрған сияқты. Бірақ мен анамнан қазақ болып туғаннан кейін сол анамның тілі–қазақ тілін

білуге, сол тілде сөйлесуге, оқуға, өмір сүруге тиісті емеспін бе деген сауалды біздің әрқайсымыз күні бүгінге дейін өзімізге өзіміз қоймай келе жатқан сияқтымыз. Осы бір мәселе төңірегінде ойланар емеспіз. Егер біз қазақ тілін: бұл–менің тілім, бұл–менің анамның тілі, бұл– мемлекетімнің тілі деп терең санамен сезіне, тани білмей, тек қаулының күшімен ғана сөйлеп, қаулының күшімен ғана қазақ тілін мойындасақ, өз тіліміздің тамырын өзіміз қиғандай болар едік. Осы арада ана тілі дегеніңнің рухани жан дүниенің құрамдас бір бөлігі екендігін айтқымыз келеді. Американ астронавты Норман Гагард «Мир» орбиталық станциясында 115 күн болып, жерге оралғаннан кейін былай деген екен: «Орыс әріптестерімнің арасында өз отбасымды қатты сағындым. Күн бойы ешкіммен ағылшын тілінде сөйлесудің мүмкіндігі болмағандықтан қатты қамығып, тіпті қан қысымым көтеріліп, ауырып та қалдым». Міне, осыдан-ақ ана тілі–жаның, ана тілі–қаның екендігін ұғынсақ еді-ті. Тәуелсіз мемлекетімізде тіліміздің сенімді өмір сүруі ол ең әуелі біздің өзімізге, яғни қазақтардың өздеріне байланысты. Ана тілін ең әуелі өзіміз меңгеріп, өзіміз құрметтеп, өзіміз сөйлесуге тиістіміз. Жасыратыны жоқ, соңғы уақытта өз азаматтарымыз, әсіресе, биліктің түрлі тұтқасын ұстап отырған қазақ зиялылары түрлі жиындарда ана тілінде бір ауыз сөз айтуды қойып барады. Егер біз қазақ тілін ептеп-ептеп түрлі ресми жиындарда пайдалана бермесек, қазақ тіліне өріс қай жерден, қай тұстан ашылмақшы? Өз ана тілімізде сөйлей алмай, сөйлемей жатып, өзге ұлт өкілдерін үйретеміз, сөйлетеміз деудің өзі бос әурешілік әрі өзгелерге жасаған зорлықтай көрінетіні бар. Жалпы қазақтың тілінде қазақтардың өздері бір ауыз сөз айтуды қойып алса, мемлекеттік тілдің мәртебесін, абыройын кім асырып, беделін кім көтермекші? Өзге ұлтты қойып, қазақтардың өздерін де қазақша сөйлету үшін тағы да бір қаулы керек пе әлде?! Қорқатын, жалтақтайтын, ана тіліміздің ертеңіне сенімсіздікпен қарайтындай, үрейленетіндей, үркетіндей дәнеңе жоқ сияқты. Ел аманда, жұрт тынышта, қазақ халқы барда оның тілі де мәңгілік жасары анық. Қазақ елі тәуелсіздігінің қасиетті белгілері–Туы, Ел таңбасы, Әнұраны, Конститутциясымен қатар қазақ тілі де бір деңгейде, бір сапта тұруға тиісті. Ұлттық тіл де–мемлекеттіліктің белгісі.

ҚАЗАҚ ҚАЙТІП КҮН КӨРЕР?

Көне тарихтың шаң басқан беттерін тереңдей оқып, өз халқымыздың шыққан тегінен бастап тәуелсіз ел болған бүгінгі күнге дейінгі өсіп, өркендеу жолын таныған сайын қазақ елінің не бір бейнетті де азапты, қан жылаған қайғылы кезеңдерді бастан кешіргенін ұғына түсер едің. Әйтеуір, ата-баба жерінен айрылып қалмай, жер бетінен тұқым-тұяғымен жоғалып кетпей халқымыздың бүгінге жеткеніне де шүкіршілік! Соңғы үш ғасыр бойғы Ресей империясының «қорқытып та, батырып та» келгеніне қарамастан елдік іргемізді бұзбаған бабалар аруағына, олардың рухына тағзым етейік те, халқымыздың бүгінгі мен ертеңі жайлы ойласайықшы. Асқақ сөйлеп те, аспандап сөйлеп те көрдік қой! Қазақстан–халықтар достығының лабораториясы, Қазақстан–миллиардтар елі, Қазақстан–ғарыштың қақпасы,– деп лепіріп жүріп, өз байлығымыздың игілігін өзіміз көре алмай, тоналыптоналып, ақыры «біреу берер көк тиынды олжа көрер» сорлы халге жеткен ел, халық ертеңі, оның болашағы не болмақшы?! Ғұмыр бойы даласының төсін қайыстыра мал өсірсе де, одан кейін «Отан» қамбасына миллиардтаған пұт астығын құйса да, жерінің терең қойнауындағы алтыны мен күмісін, жер майын беріп келсе де қазақ халқының тұрмысы оңалып, көсегесі көгере қойғаны шамалы. Қазір республикамыздың кез келген түкпіріне бар, құлазыған қазақ ауылы, тұрмысы да, жағдайы да төмен қазақ отбасылары өзге халықтарға қарағанда көп әрі жиірек ұшырасатындығы ақиқат. Бірде елге бара қалсақ, бір ағамыз күйініп отыр екен. Әліптің ақырын бағып, жағдайын сұрастырсақ, өзімізбен өмір бойы көрші-қолаң болып отырған, Сарбала деп өзімсініп жүрген Альберт деген көрші неміс ағамызға әзілдеп: –Әй, осы ауылға бала күнімде келгенімде бір бие, бір сиырың бар еді, әлі сол бір сиыр, бір биеңнен басқа малың да жоқ, жайың да жоқ, әне мені қарашы,–деп есігінің алдында тұрған «Урал» мотоциклі мен «Москвич» машинасын көрсетіпті. –Ағаеке, оған несіне күйіп-пісесіз, рас қой айтқаны. Әне, енді Сарбала трактор да сатып алған жоқ па,–деп, қора сыртында тұрған көк «Белерусьті» көрсеттім. Ағам үндемеді. Бірақ, төмен қарап тұнжырап, ойланып қалған ағайды өзім де аяп кеттім. Өмір бойы мал соңында салпаңдап еңбек еткеннің бірі де осы кісі. Сондағы тапқаны да, ұстап қалған байлығы да сол бір биесі мен бір сиыры еді. Қазір ойлап отырсам, өмір бойы еңбек етіп бір бие, бір сиырмен қалған жалғыз менің ағакем емес екен-ау! Қайран қазақ өз елінде, өз жерінде отырып, жұрт қатарлы еңбек еткенімен, басқаға таба боларлықтай бейшара күй кешіп отырғаны содан бері жанымды қатты күйзелтіп-ақ келеді. Атабабамыз даланың қатаң табиғи жағдайына бейімделіп, киімін жүдетпей, тамағын жұтатпай өмір сүрген жоқ па еді?! Даладағы жүгірген аң–күзеннен

бастап, қасқырға дейінгі түз тағыларының терілерін іс қылып та бір жарасты киімдерді сән-салтанатымен киген біздің қазақ еді ғой. Қолында өсірген малының тұяғы мен жүнін, терісін де жаратып, не бір асыл зат жасаған, не бір асыл киім тігетін де біздің халық емес пе еді?! Ал қазір ше? Тіпті бүгін бір ауылдан тері илей білетін, киіз басып, алаша тоқи алатын жан иесін емге іздесең де таба алмайсың. Кез келген қазақ үйінің қорасына кірсең қатыпсемген, тіпті шіруге айналған мал терілері текке жатыр. «Тоғыз қабат торқаңнан тоқтышағымның терісі артық»,–деген атам қазақтың айтқан бір сөзінің қадірін қазір басқа ағайындар сезгелі қашан. Жазы-қысы шалғайдағы ауылдарға барып, қазақтардың қорадағы жатқан мал терілерін жинап, су тегін бағаға сатып алып жүргендерді қазір жиі кездестіруге болады. Ал, олар сол терілерді илеп, бояп, тон қылып тігіп, өздері киіп, базарда удай қымбат бағаға сатып пайда көруде. Біз, сөйтіп өз аяғымыздың астында жатқан бар байлығымызды өз қолымыздан ысырап етіп отырғандаймыз. Құдайға шүкір, әйтеуір қазақта мал жетеді. Енді бір осы қиын да қысталаң шақта сол малымызды пайда көзіне айналдыра білуді үйренетін кез келді. Мал–ырыс, мал–береке десек, сол малымыздың өнімін ұқсата білуді үйрену қажет. «Естіген құлақта жазық жоқ»–демекші, бір орыс дәрігерінің мына бір айтқанын естіп, намыстан өле жаздап едік. –Жаз болса, қазақ ауылдарының балалары аш болады. Олар жаз бойы нан мен майдан басқа тамақ көрмейді,–дей келіп, әлгі дәрігер қазақ ауылдарында соңғы жылдары балалар өлімінің жиілеп бара жатқандығын, жіңішке ауру да жиі кездесіп отырғандығын дәлелмен келтірген болатын. Кеуде керген бос намысты былай ысырып қояйық та, бір уақ ойланайықшы, ағайын! Жаңағы дәрігердің айтқанында бір шындық жатқан сияқты. Расында да, күнбе-күнгі дастарханымыз жұтаң тартып бара жатқан жоқ па? Бары мен дәмдісін қонағына сақтап, қонағының аузына тосатын халқымыз әлі де сол дағдысынан айнымағаны белгілі. Бірақ өз бала-шағасын жаз болса дүкеннен сатып алар қатқан нан мен шайға қаратып қоятындар аз ба бізде. Аз еместігін мойындайық. Май, қаймағымызбен бірге құртірімшігіміз қайда? Жаз болса түрлі көкөніс, жеміс-жидек өсіруді былай қойып, екінші нан деп жүрген картопты да екпейтін, өсірмейтін ағайындарымыз жоқ емес, бар! Есігінің алдындағы шарбақ қоршауының ішіндегі жерді қурай басып, құлазып, шаңның астында жататын елде кімдер көбірек кездеседі, әрине өз ағайындарымыздың үйлері. Біздегі неміс, поляк сияқты ұлт өкілдері тұратын поселкелер мен селоларға кіргеніңнен-ақ, әр үйдің ауласында өсіп тұрған гүлдерден бастап бау-бақшасы көздің жауын алады да, көңіліңді қуантады. Ал, сол поселкелермен іргелес қазақ ауылдарына барсаң, ауласында гүл өспек түгілі, тау-тау болып үйіліп жатқан көңнен көзің сүрінеді. Үйінің, ауласының сиқынан-ақ қай үйде қазақ, қай үйде басқа ұлт өкілі тұратынын тап басып танып алуға болады. Мен мұны өз халқымызды бір мұқатып алайын деп айтып отырған жоқпын. Жанға батып, ойға маза бермеген соң айтуға мәжбүрмін. Қазір кез

келген ауылда бақша ұстап, жеміс-жидек, көкөніс, картоп өсірудің мол мүмкіндігі бар. Жер жетеді. Тек бұл істі қолға алып, түрлі жеміс-жидек өсіруді үйрене білсек екен. Жасыратыны жоқ, ауылды жерлерде бау-бақша ісін дамыту, жолға қоюға мән беріп отырған басшы да, қосшы да жоқ. Өз басым күні бүгінге дейін елді мекендерде түрлі жеміс-жидек тұқымдарының сатылып жатқанын көрген де, естіген де емеспін. Әрине, бау-бақша ұстау үшін ең әуелі тұқым керек қой. Сондықтан да тұқым ісімен айналысатын мекемелер ендігі жерде жеміс-жидек тұқымдарын тек қаладағы түрлі ұйымдарға әкеліп сата бергенше, бұл істі ауылдарға да жеткізу керек. Біздің ағайындарымыздың да бау-бақшасы жайқалып тұрса, жаздың соңына қарай бала-шағасы түрлі жеміс-жидек жеп мәре-сәре болып жатса, бұдан көрер қызығымыз да, пайдамыз да аз болмас еді-ау. Ағайындарымыздың тұрмысының жұтап, дастарханының жүдеу тарта бастауының бір ұшығы–дайынға әбден үйреніп алғанымызда жатқандай. Тіпті, қазір нан салуды ұмытқан жеңгелеріміз бен апаларымыз да бар. Дүкенге әкелінер нанды аңдумен күні бойы дүкен алдын босатпай, бос сөзбен көрік үрлеп жүргендер аз ба ауылдарымызда? Ен астықтың ортасында отырып, үйінде бір шелек ұны жоқтар да біздің ағайындарымыздың арасында жиі ұшырасады. Міне, қазіргі жағдайда баға өсіп, оның үстіне бұрынғы бардың өзі жоқ болып, көзден бір-бір ұша бастаған шақта қазіргі қазақ әйелдері бұрынғы әжелеріміздей ине-жібіне, ас-суына ұқыпты болса екен дейміз. Қазаққа шыр бітірмей келген де, бітірмейтін де екінші бір кесел–арақ дер едім. Қазір арақтың бір шөлмегінің құны шарықтап өссе де ауылды жерлерде, тіпті қалада болсын, сол ащы суды басқа ағайындар алмай да отыр. Олар ала қалғанның өзінде кәртішкемен өздеріне тиесілі арақтың екі шынысының біреуін-ақ, байқап-байқап, ақшаларын үнемдеп, алды-арттарын ойлап, сатып алып жатыр. Ал, солардың қымбатсынып алмай жатқан арағын өлердегі сөзін айтып, жалынып, тіпті өзіне тиесілі майын да, етін де беріп, үстемелеп ақша да тықпалап алғызып, жерден жеті қоян тапқандай мәзмәйрам болып жүргендер кімдер дейсіз ғой, тағы да біздің қазақтар! –Ау, бұларың не?,–деп көрші, еститінің: –Соғым сойып едік, арақ табылмай, қонақ шақыра алмай отырмыз,– дейді бәрі де. Осы арада мына бір жай да еріксіз ойға оралады. Жол жүріп бара жатқан бір сапарымызда, қақаған қыс ішінде аялдамадан біз келе жатқан автобусқа орта жастағы екі азамат салдыр-күлдір еткізіп бір қап заттарын әзер көтеріп мінді. Әлгілерді танитындар болса керек, жөн сұрап еді, сонда солардың Меккеге барып келе жатқандай лепіріп айтқандары: –Мына Қотыркөлде қызыл арақ бос сатылып жатыр деп естіген соң әдейі арақ іздеп шығып едік, жолымыз болды-ау, әйтеуір, қапқа сыйғанша алдық,–деген ағаларымыздың аузынан арақ иісі мүңкіп тұр еді. –Аға,–дедім жанымдағы бос орынға жайғасқан бейтаныс жаңағы жолаушыларымыздың біріне,–сонау жерден осы арақты іздеп келерліктей не болып қалды?

–Әй, інішегім-ай, ел іші осы арақты құймасаң сені қонаққа шақырды деп те есептемейді. Бір жүз грамм арағың болмаса, ақ адал дәміңнің бәрі итке тастағанмен бірдей. Осы арақ болмаған соң қонақ шақырып, соғымнан дәм татыра алмай жүрмін ғой,–деп ағамыз сырын да, шынын да жайып салып еді. Міне, осы бір-екі мысалдан-ақ халқымыздың қаншалықты араққұмар болып кеткендігін аңғаруға болар еді. Ақиқатты мойындайық, ішіп кеткен халықтың бірі бізбіз қазір. Осы арақтан залал да зардап та шегіп жатсақ та ойланбай-ақ келеміз. Ендігі жерде тәуелсіз мемлекет ретінде өркениетті дамыған ел қатарына қосыламыз десек, қазақ халқы осы арақ ішуін азайтуы керек. Тәуелсіз елге рухы да, жаны да, ойы да тәуелсіз ұлт керектігін ұғынайық. Әрине, қазақ халқы өзінің көрші-қолаңынан бастап жолдас-жора, туған-туыс, ағайындарына бір самауыр суын бере алмай және де отыра алмайды. Бірақ, осы қонақ шақырудың, болмаса ойын-тойдың бәрінде арақ құю парыз немесе міндет болуы керек пе? Болмаса, қазекем арақты шүмектеп үйге келіп тұрған су есебінде құйып, ішетіндер оны суша сіміре беруі керек пе? «Судың да сұрауы бар» емес пе еді? Сонда не істеуіміз керек енді?! Меніңше ағайын-туыстарға, аруақтарға бата оқытып, «омыртқа» деп, «шеке» деп беріліп жүрген дәмге арақ құюды қою қажет сияқты. Ата-бабамыз арақ құймай-ақ той жасап, қонағын күтіп, ойын-сауық құрған еді ғой. «Білімсіз», «надан» деп келген өз ата-бабамыз соны жасай білгенде, бүгінгі оқығаны да, тоқығаны да мол «білімді» біздер енді неге қонағымызды арақсыз сыйлай алмайтын халге жеттік? Ұлттық болмыстың, ұлттық сана-сезімнің бір қиылған тұсы, міне, осы арада жатыр. Мына заман бұлыңғырланып, адамның пиғылы да, саясат та сәт сайын құбылып тұрған осы бір өтпелі кезеңде есімізді жияйықшы, ағайын! Сен соғым іздеп, оны қарызданып-қауғаланып сатып алып, онан кейін қонағыңа тиесілі дәміңді беру үшін арақ іздеп жүргеніңде, өзге халықтар қайтсем жеріңді сатып алып қаламын, қайтсем машина-трактор, дүкен сатып аламын деп бас қатырып, бірте-бірте өз дегендеріне жетіп те жатыр. Марғау, енжар, үнемі шала ұйқы болып жүретін халқымыздың серпілетін де, сергитін де тұсы осы кез емес пе? Тәуелсіз ел болып, өз алдына ту тігіп отырған осы бір шақта Республика Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бір жағына шығысып, өз тізгінімізді өзіміз ұстау үшін етек-жеңімізді жинақтап, айналадағы замана тіршілігіне ойлы көз тіге білейік ағайын! Қазақ елінің, қазақ халқының тәуелсіздігін әлі де болса мойындамақ түгілі, ауыздарына алғысы да келмей отырған дұшпандарың ту желкенде тұрғанда, қайран қазақ, несіне жетісесің?! Қайтіп ел боламыз, қайтіп күн көреміз?! Осыны ойлайық!

ЖАЛҒАНДЫҚ ЖАРҒА ЖЫҒАР

Адамдарды әділдікті сүюге үйрету үшін оларға әділетсіздіктің нәтижелерін көрсету қажет. А.Смит.

Тәңірдің жазуымен қолымыз жеткен егемендікке, Ата заңымызға, аспанға желбіреткен көк байрағымызға, шырқалып жүрген Әнұранымызға, қазақ елін әлемнің біраз мемлекеттерінің танып отырғандығына, Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше екендігімізге мәз болып, екі-үш жылдан бері масайрап, тамсанып, аптыққан көңілді орнықтырып, осының бәріне де шүкіршілік деп, мақтану мен шаттануды әзірге қоя тұрып, еліміз бен халқымыздың бүгіні, ертеңі мен болашағы жайлы бірер ауыз сөз айтуды жөн көрдім. Қоғамның даму барысына зер салатын болсақ, қазақ елі де әлемнің өркениетті елдерінің үлгісімен даму жолына түсті. Рыноктық экономиканың қатал талабы орныға бастады. «Қазақстан екі-үш жылдың ішінде жағдайын күрт жақсартып, бай елдердің қатарына қосылады» деген шет ел сарапшыларының (ауыздарына май айтқандарына да балаша мәз боламыз. Бұған сенгің де келеді. Қазақ елінің Президенті Нұрсұлтан Назарбаев болса шырылдап, жарғақ құлағы жастыққа тимей, ел елді аралап, шет елдің қаржысын, технологиясын, іскер адамдарының тәжірибесі мен білімдерін республикаға неғұрлым көбірек тартуға күш салып жүр. Әйтеуір, Елбасының абыройы болар, әр барған сапары сайын Қазақстан Республикасына пайдасы зор шараларға келісіп, шет ел алпауыттарының тілін тауып жүр. Әрине, мемлекетаралық келісімдерге сәйкес АҚШ, Англия, Жапония сияқты елдер бізге қаржы да берер, қажетті деген технологияларын да әкелер, зауыт та, фабрика да салып берер. Күні ертең дүкендеріміз бен базарларымыз шет елдерден әкелінген товарларға да сіресе толар. Бірақ осы бір игліктерге кім ие болады, қазақ елі байлығының қызығын кім көреді, қазақ халқы қазіргі күйімен әлемдік өркениетке ілесе ала ма, ұлтымыздың рухани, біліми, адами дәреже-деңгейі қандай деген мәселе бізді ендігі жерде қатты ойландыруы керек. Адам баласын тек қана Маркс пен Лениннің айтқандары бойынша ғана ойлауға мәжбүр еткен кеңестік жүйенің ең бір үлкен қасіретті кесапаты– ұлттық сана-сезімді жоюы еді. Ал, сол ұлттық сана-сезім дегеніңіз ең әуелі әр ұлттың ұлы, данышпан, ақылды, текті деген перзенттерін құртумен басталды. Өз халқының қамын жеген, өз ұлтының мүддесі үшін айтысып, тартысқан арыстарды «халық жауы» еткен «марксшілдер мен шынайы лениншілдер» ендігі жерде өзіндік айтар ойы, пікірі, сөзі,ұлттық санасы, көкірегінің сәулесі жоқ адамдар тобырын яғни пролетариат дегенді ойлап тауып, байманаптарды, қажы-моллалардың көзін құрттық, өз араларымызда жүрген

«жауларды» өз «көмегімізбен» анықтап, оларды да тұқым-түбірімен жойдық, «ал енді сәулетті болашақ құрыңдар, жер де, зауыт, фабрика да сендірдікі» деп бассыз қалған халықты тағдыр талқысына салдық. «Құл жиналып бас болмас» деген қазақи философияны ескермедік. Топ бастайтын көсемі жоқ аңтарылған қара халықты әйтеуір біреу басқарып, жұмыс істетіп, тіршілік жасатуы үшін солардың өз арасынан біреуін басшы ету де керек болған кезде, биліктің ұшар басында отырған «көсемдер» жаңағы тобырдың ішінен біраздан бері өзіне ыңғай танытып, жағына, мақтай сөйлеп, алдында құрдай жорғалап жүрген ымпың-жымпыңы бар бір пысықайға тізгін ұстатты. Қолдан көсем жасау, жағынып, жалпаю, жарамсақтану дегенің міне осылай басталып, «балақтағы бит басқа шыққан» күн туып еді. Кеңестік қоғамның құлауы, коммунистік идеяның жалғандыққа айналуы жаңағы «жалған көсемдер» жасау сәтінен басталды. Замана ағымы «жалған көсемдерге» жалған сөйлеп, жалған айту қажеттігін ұқтырды. Сөйтіп, біз жалған қоғамның бейшара құрбандарына айналып, көкейдегі көрікті ойды, айналадағы кемшілікті тура айта алмай, лауазымды адамдардың ісіне әділ баға бере алмайтын күй кештік. Жалған ақпарлар, жалған мақтаулар, жалған сөздер жағымпаздық деген кесапаттың індетін меңдетіп жіберді. Жалған күліп, жалған жүріп жағына білген жарамсақ жағымпаздардың күні туып, олар да үлкенді-кішілі биліктерге ие бола бастап еді, енді бұлар да жағымпаздарға иек сүйеді. Жағынуды білмеген, турасын айтып, әділін сөйлеп, қиянатқа қарсы тұрғандарды «жалған көсемдер» өздерінің жағымпаздар армиясының күшімен басып, шаншып, тойтарыс беріп, той тойлады. Шындық үшін шырылдаған адал адамдардың талайының ішіп кеткендігіне де, талай зиялылардың елін тастап шет елге кетіп қалғандығына да куәгер ұрпақпыз біз. Апырай-ай, талай-талай жолдастарымыздың қолында билігі бар лауазым иесінің жалған іс-әрекетін әшкерелеп, шырылдап жүргенде, оның әділін, адалын айтып тұрғандығын біле, сезе тұра бір ауыз адами адал, тура сөзімізді айта алмаған біздің сорлылығымызды құдай кешірер ме екен?! Түп тарихтан басталған «жалған көсемдердің» жұрнақтары өз арттарына тастап, бізге «мұра» етіп қалдырып кеткен ізбасарлары жоқ емес, бар әлі де. Ондайлар дәл қазір бір басшы тағынан тайса болды, артынан күл шашып, айбаттап, даттап, билік басына келген жаңа басшының кім екендігін де білмей жатып, «Апыр-ай, ә, маңдайы жарқырап тұр екен, мынау «данышпан ғой» деп таңдай қаға тамсанады. Жағымпаздық пен жарамсақтықтың біздің арамызда қазіргі «тірі» жүрген бейнесі міне, осы! Ұлтымыздың аяққа басылған сана-сезімін жерден көтеріп алып, ендігі жерде ары да, жаны да таза ұрпақ өсіреміз десек, айналадағы жалғандықтан арылуымыз керек. Не нәрсеге болсын адалдық керек. Тамағыңды да адал тауып жесең еді. Талай-талай ұлылар мен данышпандарды дүниеге әкелген қазақ халқы мына өмірге өз ұлыларын бермей қоймас. Тек сол ұлыларымыз «жалған көсемдердің» тасасында, табанының астында қалмаса екен дейсің. Бұдан туындайтын ой сол, жалған сөйлеумен, жағымпаздығымызбен ел

бағына туған азаматтарымыздың сағын сындырмайықшы, адалдықтың обалына қалмайықшы! Кеңестік жүйенің жетпіс төрт жылғы кезеңінің «жалған көсемдерін», Кеңестер Одағын жарға жыққан жалғандық бізге сабақ болса керек, сол жалғандық қайтып енді қазақ елі мен халқының соры болмаса екен. Бізге ұлт болашағы қымбат десек, оның бойындағы адамгершілік кемелдігінің дәрежесі–шыншылдықты тәрбиелей білейік. Жалғандық жүрген жерде әділдік, адалдық, шыншылдық болмайды.

ҚЫЗ БАЛАҢ ҚОРЛЫҚ КӨРІП, ЖЫЛАМАСЫН

Мен заманнан қорқып барамын: Кейінгі өскен жас бала Кіріптарда қалар деп, Күндердің күні болғанда, Обалы маған болар деп!.. Мұрат Мөңкеұлы.

Жалған болмасын, әуелі көргенімді айтайын. Күн жексенбі еді. Кеш түсе үйіміздің дәл жанындағы «сауна» дейтін моншаға бардым. «Қазір сізді кіргізе алмаймын,–деді моншаның иесі. –Алдын-ала ақшасын төлеп, арнайы тапсырыс беріп кеткен жігіттерді тосып отырмын. Қазір солар келіп жуынады». Әлгіндей болған жоқ, ентелеп қазақтың екі жап-жас жігіті кіріп келді. Жандарында әп-әдемі, үріп ауызға салғандай қазақ қызы және сақал-мұрты бет-аузын басқан кавказдық еңгезердей біреулері бар екен. Келген бойда төртеуі де моншаның ішіне кірді де кетті... –Есеңгіреп қалғансыз ба? Таңырқайтындай не бар мұнда? Бізге ақшасын төлесе болды, кім қалай, кіммен жуынамын десе де еркі,–деді моншаның иесі. Осы бір сәтте қазақтың манағы екі жігіті біз отырған дәлізге шықты да, біреуі: –Мына кісіні шығарып жіберіңіз де, есікті ішінен іліп алыңыз. Біз бірер сағаттан кейін қайтып ораламыз,–деді. Мен далаға шықтым. Қаным басыма тепті. Арланбай, намыстанбай, «обал-сауаптан» қорықпай, өз қара көз қарындастарын Қап тауынан асып келген қырқылжыңға әкеліп беріп, екеуін моншаға бірге қамап кетіп бара жатқан қазақтың мына екі бірдей жігітінің ісіне күйіндім. Қорландым...Арландым... Әлдебір шет елдің сүттей аппақ жеңіл машинасына мініп алды да, жанағы екі жігіт құйындай ұшып, жүріп кетті. Содан бері... содан бері шет елдің небір машиналарын мініп алған сол бір жігіттер қазақтың даласын ғана емес, халқының ары мен абыройын, намысын таптап, аяққа басып жүргендей әсерден арыла алмай-ақ қойдым!..

*** Жұрт білсін, енді өзім естігенді айтайын. Қолында үлкен бір мекеменің билігі бар сыйлас бір інім: –Жұмыс бабымен Алматыға бардым,–дейді. –Астанадағы әріптестерім қарсы алып, қонақ үйге әкеліп орналастырды, дәм берді, сыйлады. –Ал қазір бөлмеңізге екі қыз жібереміз. Өзіңіз ұнатқан біреуін алып қалыңыз, таң атқанша сізге қызмет етеді,–дегенде үнім шықпай қалды. Әлгіндей болған жоқ, бөлмеге қазақтың жап-жас қызы келіп кірді. Біреуі– тым бұйығы, жанарын төмен сала береді. Сол қызға қалыңыз дедім. Екі көзі

жәудіреп, өзі дір-дір етіп, үркіп тұрған жап-жас қызды аяп кеттім. Шарап ұсындым. Шәй бердім. Әңгімеге тарттым. «Бұл кәсібің не?!»–деп сұрадым. Қыз жылап жіберді. –Аға,–деді ол өксігін баса алмай. –Алматының маңындағы ауылданмын. Әкем жоқ... Мектепті былтыр бітіргенмін, оқуға баруға жағдайымыз болмады. Шешем жұмыс істегенімен, ақша ала бермейді. Енді қазір үйдегі інім мен сіңіліме мектепке баруға қажетті киім-кешек әперейін деп осы жолмен ақша табуға тура келді... Жаным түршігіп кетті. Қызды аяп кеттім де біраз қаражат бердім. Ал ол алғысы келмеді. Әзер көндіріп, алғыздым. «Егер сізге мұңымды шағып, жылағанымды,ақша алғанымды білсе, «хозяиндерім» мені аямайды»,–деді ол мұңайып. –Ешкімге еш нәрсе айтпаспын. Ал, мұны біле қалса, не істейді олар?– деп сұрадым қыздан. –Қатал ғой қалталылар,–деді ол мұңайып. –Біліп қалса, онда мені кезектен тыс және ақысыз қызмет етуге жібереді. –Сол қыз бөлмемнен таң ата кетті. Қиянат жасаған жоқпын. Аядым! Обалсындым! Ертеңіне жігіттер «қалай болды?»,–деп сұрап жатыр. «Тамаша» дедім... Осыны естігеннен кейін, иә, содан бері... арымен, барымен, тәнімен күн көруге мәжбүр етіп отырған айналадағы жылтырақ мына дүние атаулыға жиркенішпен қарайтын болдым. Сол дүние атаулыда мұң мен қасіретке толы қыздарымыз бен қарындастарымыздың көз жастары тұнып тұрғандай сезіледі әрдайым...

*** Енді оқығанымды айтып берейін. «Мәдениет» газетінің 1993 жылғы №10 санында «аты-жөнімді әдейі көрсетпей отырмын» деп С. деген қыз бала көзінен қанды жас аға отырып былай деп жазыпты: «Мен қазақ жігіттерінің өздерінің байланыстары үшін мұсылман қыздарын ұстап алып үгіттеп немесе қорқытып, күш көрсетумен жарты сағат ішінде бейкүнә бойжеткендердің арын аяққа басқандарының куәсі болдым. Өзім де сондай арамза әрекеттердің құрбанымын. Олар қыздарды қалтасы тоқ, бай «мысықтарға» тарту етеді. Өздерінің қарындастары сияқты қара көздерді қорғаудың орнына осындай айуандық әрекетке барып жүрген қазақ жігіттері оларды күштеп біреудің қойнына жатуға мәжбүр етеді».

*** Республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің 1996 жылғы 5-ші қазан күнгі санында Алматы қаласы прокурорының аға көмекшісі Итен Қарымсақұлының жазғанынан: Заман азды деген осы ма, жастар арасында тәртіп бетімен кетіп барады. Жап-жас қазақ қыздарының азғындық жолға түсуі мазасыздандырады. Бұрын біз балаң бұзық, тәртіпке сал» дейтін едік, енді қыздардың жезөкшелікке бой алдыруы... жұмысты ширата түсуді талап етеді».

*** Ғасырлар бойы «қызына қырық жерден тиым» салса да, қыз баласын жат жұрттың адамы деп, үкілеген кәмшат бөрік, етегі төгілген бүрмелі көйлек кигізіп, жорғасына мінгізіп, ардақтап ұстап, қадірлеп өсіре білген халқымыздың қыз баласының қазіргі жағдайы, қазіргі жай-күйі алаңдатады, жүрегіңді ауыртады, жаныңды сыздатады. Аумалы-төкпелі заманалар сапырылысы біздің ұлттық болмысымызға, ұлттық сана мен ұлттық тәлім-тәрбие, дәстүрге де өз көлеңкесін түсірді, ақыры бұл келіп ұлттық, қазақи қасиетіміздің деградацияға ұшырауына әкеліп соққаны бар. Ұзақ уақыт, тіпті үш ғасыр бойы орыс боданында және қазақ даласына сол орыс арқылы европалық әдет-ғұрыптың, мәдениеттің бойлай енуінің жақсылығы да, жамандығы да, тіпті сорақылығы да болғандығын біз енді танығандаймыз. Алайда, обалы нешік, қазақтың ой-сана алыптары европалық зымиян саясат пен жылан бауыр мәдениетінің ерте шығар күн көзінің жарық та жылы сәулесіне маужыраған Күншығыс үшін, оның мейірімді де, сенгіш, аңғал да анқау халқы үшін қауіп-қатерін сезіп, білген де еді. Күнбатысты қараңғылық қаптаған, Күні батып, жаңа таңы атпаған. Түнеріп жүр күннен туған перілер, Тәңірісін табанында таптаған!.. Осынау сөзді айтқан ақын Мағжан қаншалықты «европашыл» болғанымен, «тәңірісін табанында таптаған» батыс дүниесінің әдебі мен әдетін көріп, танып, сонан барып жеріген де болар. Күншығысқа жыландай сумаңдап жорғалай енген батыс ықпалы, европалықтар ең әуелі, шығысты, оның халқын «артта қалғансыңдар», «жабайысыңдар», «мәдениеттерің жоқ» деп кемсіте келді, күле келді. Сол күле келген, сахарасына қорлай келген батыс мәдениеті мен батысшыл әдеп-ғұрып, өмір сүру заңдылықтары бұл күндері өзге емес, біздің халықтың сорына да, зауалына да айналғандай. Адалдық атаулыға ауыз сала келген батыс өркениетінің жақсысы мен жаманын бағалай да алмаған халықтың көкірек көзін тұман шалса, сол көк тұманнан жол тауып, шыға алмай келе жатқан халықпыз біз. Әйтпесе, жат жұрттың бітім-болмысымызға, әдеп-әдетімізге, дінімізге, ұлттық сана мен ойға қонбайтын қылықтары мен істерін көре жүріп үндемеуіміз, соған тиым сала алмауымыз, сол жат қылықтар өзегімізге түсіп, ұл-қызымыздың бойына дерт болып жабысып жатса да, түк болмағандай алаңсыз, бейқам отыра беруіміз қапаландырады. Бізге ендігі жетпегені, ұлтымыздың ендігі тозбағы мен азбағына, қасиетті даламызға ендігі бір жайылмаған індеті–жезөкшелік еді. Қазақ қыздары қонақ үйлердің «түнгі көбелектеріне» айналды... Қазақ қыздары қалталы шет елдіктердің долларына тәнін саудалап жүр... Қазақ қыздары үлкен-үлкен шаһарларға ағылып келіп, атбасын тірейтін автотұрақтарда шет елдік жүргізушілердің қойнынан шығады...

Қазақ баспасөзі жазып, қазақ теледидары көрсетіп жатқан ащы да болса, ақиқат жайлар бұл. Жайдың, жағдайдың нақ осылай екендігін біле тұра қазақ елінің, қазақ қоғамының селт етпеуінен сескенемін. Ұлттың түбіне жеткен интернационалистік, былайша айтқанда жалпақ шешейлік әдеттер, өзіңнен гөрі, өзгенің қамын ойлаумен жүргізіп, өзгелерді іренжітіп ала көрмейік деген идеологиясымақтың құрбаны болған халықтың бойында ұлттық намыстың қалмағандығынан қыздарымыз қорланып, қыздарымыз жылап жүргендігінде енді ешкімнің ісі жоқтай. Шет елдің машинасын мінген бүгінгі күннің «жаңа қазағы» өзінің қарындасын өзі апарып біреудің қойнына салып береді... Күн көрудің қамы үшін «қалталыға» қызмет көрсетер күңі болған сорлы қыз... Автотұрақтарды жағалап, шет елдік жүргізушінің қақ сасыған кірін жуып, арын тонатқан шерлә қыз... Бүгінгі қоғамнан да, бүгінгі адамнан да мейірім, шапағат көре алмай, күн көрудің қамымен, қу тірліктің жайымен ауа жайылып кеткен қазақ қыздарын сөгуден бұрын, кінә тағудан бұрын, ең әуелі ұлттық кесел мен ұлттық дерттің өзегін тапсақ ед-ті. Етегін жел көтермеген, «жаным–арымның садағасы» деп ибаны имандай қадірлеген қайран қазақ қызына не болды? Осы бір сауал қазақ елінің бүгінгі барша зиялы қауымын ойландырса керек еді. «Арқада қыс жайлы болса, арқар ауып несі бар»,–демекші жұмысы, үй-жайы, күн көрерлік тиын-себені болса, жезөкшелік сияқты масқаралыққа қазақ қызы бармас та еді-ау! Қазіргі экономикалық ауыр жағдай, жұмыссыздық, тапқан теңгенің уағында қолға тие бермеуі сияқты келеңсіздіктерге қоса, өз байлығын, өз несібесін аузынан қағып әкетіп масайрап жүрген өзге жат-жұрттықтар ұлттық намысы шала-жансар күйдегі ұлттың қыз баласын да ермек етуге айналды. «Басқадан кемшілік көрсе намыстанбайды, кектенбейді, бір-бірінен кемшілік көрсе, кегін жібермейді,– деп ұлтының осал тұсын айтқан Ахмет Байтұрсынов пікіріне сүйенер болсақ, намысы жоқ, кегі жоқ ұлттың ертеңінің оңала қояры да екіталай. Қыздарымыздың ар-намысы қорланса, тұрмыстан жүдесе, өмірден кейістік көріп жыласа, оған мына біз, ер-азаматтар кінәліміз, деп өз айыбымызды мойындасақ та ед-ті. Биліктің басында отырғанымызды қоймай, қоғамның қозғаушы күші ретінде біз ер азаматтар, әйел атаулыға өзінің әйелдік, аналық табиғи міндет–бала өсіріп, бала тәрбиелеу міндетін орындауға жағдай, мүмкіндік туғыза алмай отырғанымызды және бір мойындасақ ед-ті. Қазір бұрынғы зауыт, фабрика атаулы өз жұмыстарын тоқтатқалы еңбекақының айлап, жылдап берілмеуінен ер-азаматтың бойында «мал табарлық» қасиет қалмағаны алаңдатады. Үйіндегі баласын, жұмыссыз қалған күйеуін асырау үшін әйел сорлы білегін сыбанып тастап «базарларға» шықты. Анау-мынау ер азаматтар көтере алмайтын жүктерін сүйреткен бір шеті Алматы, бір қиыры Қырым мен Қытайдан товар тасыған әйел затының бүгінгі тіршілігін оңай деу, болмаса еріккеннің ісі деу әбес болар. «Арақ алыңыз, арақ алыңыз»,–деп қойнына сұп-суық шөлмекті тығып алып, дүкен-дүкендердің

алдында түннің бір уағына дейін дірдектеп жүрген бүгінгі әйел тіршілігі «зайырлы қоғам» құрмақшы мына қоғамды неге ойлантпайды? Шығыс халқы, соның ішінде қазақ халқының да әдетінде «малды» түзден ер-азамат тауып, оны үйде әйел ұқсатушы еді ғой. Сол қасиетімізді қалпына келтіре алар ма екенбіз? Өзіміз сайлаған Парламенттегі депутаттарымыз осы күндері өз жағдайын, өздері пайдалануға тиісті жеңілдіктер жайлы жиі-жиі айта бергенше, еліміздегі өз аналарының, өз қыздарының–жалпы әйел атаулының бүгінгі жағдайларын айтып та даурықса ғой, мәселе көтерсе ғой деп алаңдайсың.Президент әкімшілігі жанындағы отбасы, әйел және демогарфиялық саясат кеңесі әлі де болса жалпы әйел затының проблемасына тұтас қоғамның назарын аудара алмай келе жатқандай. Әйел затының проблемасына тоқталар болсақ, мұның ішіне баланың да, ер-азаматтың да проблемасы кірер еді. Өйткені әйел тағдыры– бала тағдыры, ер-азамат тағдыры. Осы үшеуінің басы тоғысып, бұл тұтас бір қоғамның проблемасын туындатса керек. Олай болса, біздің қоғам осы үшеуінің алдындағы қарыздан, жауапкершіліктен құтыла алмасы анық. Өз елінің өз азаматтарын жұмыспен қамтамасыз ете алмай, жұмыс істеп жүргендердің жалақысын бере алмай отырып, «өз күндеріңді өздерің көріңдер» деп өз адамдарын ашық теңізге лақтырып тастаған бүгінгі жағдайдағы бүгінгі елдің әйел жаны неге шырылдамасын? Дүние ғалам жамандық атаулыға әбден тойып, тұншыға бастағандай! Адам баласы өзіне-өзі тағылық жасау әрекетінен тиыла алмай отырған мына заманның зұлымдығынан әйел атаулыны, жалпы ұрпақ атаулыны қорғап, сақтап қалу ісі ұлт алдында тұрған барлық мәселелердің мәселесі болуы керек. Еліміз егемендігін алып, әлемнің қиыр-қиырымен алыс-беріс, келімкетім жолға қойылып, ол күн санап ұлғайған сайын адамдар сапарнамамаен, туристері, іскерлері, инвестициясы мен капиталының ағылуымен бірге біздің ұлтымыз бен халқымыздың әдет, әдебіне, пиғыл мен ниетіне, ғұрпы мен дәстүр, салтына, жалпы ұғымына шет жұрттың жат қылықтары тасқынының астында қалып қоймас па екенбіз?! Мұны айтып отырғандағы себебіміз, жалпы әлем елдерінде әйел затына қарсы жасалып отырған зорлықзомбылық, қорлау әрекеттері өрши түсуімен бірге, әйел атаулыны қылмыс жасаушылыққа тарту күшейіп келеді. Өткен жылдың соңғы бір айларында Англияның Брайтон қаласында «Әйелге қарсы жүргізіліп отырған қорлық пен зорлық» деген тақырыпта халықаралық конференцияға әлемнің 120 елінен қатысқан 2,5 мың әйел өз елдеріндегі әйел атаулыға қарсы жасалып отырған зорлық-зомбылық, қылмыс жайында айтып, әлем жұртшылығының назарын аударуға әрекет жасап бақты. АҚШ-тың социология профессоры Каталин Барри өз елінің Вьетнамға қарсы жүргізілген агрессиялық соғысы кезінде американ әскерлерінің вьетнамдық қыз балаларды еріксіз зорлаумен жаппай айналысып, жаппай жыныстық агрессия жүргізгендігін, қазір бұл елде 700 мыңдай есепке алынған жезөкшелер бар екендігін айтқан. Осылайша тұнығы лайланған халық енді келіп жезөкшелікті тыя алмай отырған көрінеді. Әлемнің кедей елдерінің біразында «секстуризм», яғни қалталы туристер сол елдің қыз-қырқынын ермек етіп, дем алатын «мәдени»

демалыс етек алуда. Осы конференцияда Бразилия мен Филиппин әйелдері жезөкшелік табыс табудың бірден-бір көзі екендігін, «секстуризмнің» дамып келе жатқандығына қуанатындықтарын айтқан. Батыс елінің әйелдері «педофил» дегеннің, яғни СПИД деген пәлені жұқтырып алмас үшін жаны да, тәні де бейкүнә сәби қыздармен жыныстық қатынас жасау әрекеттері байқалып, ол үлкен қауіп төндіріп отырғандығын күйзеле мәлімдеген. Міне, адам жанын түршіктірер осынау сұмдықтар, осынау қатерлер қазақ еліне де келмесіне кім кепілдік бере алады?! Ұлттық тәлім-тәрбиені жеткілікті ала алмаған, не берік діни нанымы-сенімі жоқ жас құрақ жастарымыз ішкілік, нашақорлық сияқты ғасыр кеселдеріне ұшырап жатқан осы бір әрі-сәрі шақта жалпы қыз балаларымызды, жалып әйел атаулыны жамандық, замана сұмдықтары мен сұрқиялығынан қорғауға әзірміз,қорғап жатырмыз дегенді өз басым айта алмас едім. Бұған бүгінгі қоғам да, бүгінгі адам біз де әлі дайын емеспіз. Өйткені жалаңаш әйел тәні бейнеленген небір сурет атаулылар қазақ елінің қай қаласына, қай бұрышына барсаң да көшекөшелерде, автобустардың іштерінде, дүкендер мен дүңгіршектерде самсап ілулі тұрады. Теледидарлар, әсіресе коммерциялық теледидарлар әйелге зорлық, зәбір жасалатын киносымақтарды күні-түні айналдырып-ақ жатады. Біздің ұлттың әдебі мен әдетіне, таным мен түсінігіне жат арнайы әдебиеттер елімізге әр елден тасылуда-ақ. «Ау, мынау қазақ халқы-ау, бұлардың дәстрінде әйелдің тәнін жалаңаштап көрсету жоқ еді ғой»,–деп қазақ елін сыйлап жатқандар, мұны ойлап жатқан да жан иесі жоқ әзірге. Не болмаса, елімізде қаулап бара жатқан анайылыққа, бейбастыққа, тиым салу әрекеті және жоқ. Жартылай жалаңаш әйел атаулының түрлі-түрлі суреттерін күн құрғатпай басып жататын «Караванды», жалғыз оны емес-ау алыс және жақын шет елдерден әкелініп сатылып жатқан басқа да түрлі-түрлі порнографиялық басылымдарды бір үйде отырып атасы да, баласы да, ұлы да, қызы да, келіні де, немересі де бірге оқитын күйге жеттік. «Тәйт әрі, көргенсіздер, мыналарың не!»–деп ұл-қызына жекитін ата-ана, «мынамыз үлкендерден ұят-ау» деп қымсынып, қысылатын ұл мен қыз қалмағандай. Жалпы кез келген ұлт атаулыны жаман ой мен жаман ниеттен сақтандыратын «ұят» атты қорғану қабілетіміз әлсірегендей. Өзбек ағайындар өз еліне біздің «Караванымызды» таяттырмай қойған көрінеді. Осыны ойласаң, өзбектер «Караванның» сөзінен қорқып емес, ондағылары бұл басылым беттерінде басылып жатар бейбастықтан өздерін өздері, болашағын қорғағаны, ұлдан– ұят, қыздан инабат кетпесін дегендері болар деп ойлаймыз. «Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді»–демекші, айналаны жайлап бара жатқан бейбастақтық көріністерге зиялымыз бар, үлкеніміз бар, әйтеуір, ел болып тиым салмағандықтан да, жастарымыз ауа жайылып, ар-ұят дегеннің не екенін білмей бара жатқан жоқ па екен деген ой мазалайды. Ұл ұстап, қыз өсіріп отырған әрбір ата-ананы жыныстық мерез ауруының елімізде жаппай таралып отырғандығы сақтандырса керек. Халықаралық от басын жоспарлау федерациясының Алматыдағы өкілдігі жуырда өткізген өзінің бір семинарында мына мәселеге қатты алаңдаушылық білдірген. Алматы бойынша жастар арасындағы мерез ауруы бір жылда 6 есеге өскен. 1995

жылы бір ғана Алматы қаласы бойынша 2229 бойжеткен (бұл тіркелгені ғана) оның ішінде 15 жасқа дейінгі 39 қыз бала түсік алдыруы сияқты алаңдатарлық жай жалғыз Алматыда ғана болмаса керек. Бұл мәселе бүгінгі күні қазақ елінің кез келген мекенінде өршіп бара жатқан сорақылық. Міне, осынау сорақылықтардың бәрі де, демократия, адам бостандығы дегенді желеу етіп, қазақ елінде небір бейбастақ басылымдарды шығарудың және алыс, жақын шет елдерден түрлі-түрлі видеокассеталар мен әдебиеттерді талғамсыз тасып әкеліп, ұрпақ санасын улаудың, ұрпақ санасындағы ар мен ұятты тұншықтырудың «алғашқы жемістері» болса керек. Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың 1997 жылғы 5 наурыздағы өкімімен мақұлданған «Қазақстан Республикасында әйелдердің жағдайын жақсарту жөніндегі мемелкеттік саясаттың тұжырымдасында» адам мен азаматтың құқықтары мен негізгі бостандықтарына сәйкес әйел құқықтарының сақталуы, әйелдердің мемелкеттік және қоғамдық өмірге толық құқықтық қатысуы үшін жағдай жасалуы, еңбек нарығында тең құқықтарды пайдалану, әйел денсаулығының қорғалуын, әйелдерге жәбір көрсетуге жол бермеуді қамтамасыз ету сияқты өте маңызды әрі стратегиялық мәселелердің қамтылғаны қуантады. Осы тұжырымдамамен қуана таныса отырып, алайда әйел затының бәріне бірдей мемлекет және қоғамдық өмірдің билік басына жетуге тағдыр жаза да қоймас, бәрінің бірдей «бизнесте» бағы жанып, бай әйел бола да алмас деген ой да мазалары анық. Тағдыр ие әуел бастан жаратқаннан келе жатқан бір қағида бойынша, біз әйелді экономикалық жағынан қаншалықты тәуелсіз ете алғанымызбен әйел тағдыры бәрі бір келіп ер азаматтың уысына келіп түсері бар екендігін ешбір ұмытуға да болмас. Әйел заты ер адамға тәуелді болмайды деген ұғым–табиғат заңдылықтарына мүлдем қарама-қайшы қағида. Табиғат, жаратқан ие дүниеге ұрпақ әкелу құдіретін тек әйел затының маңдайына ғана жазса, біз жалпы қоғам болып, ер-азамат болып қасиетті әйел затына берген осы бір ұлы міндетін атқаруға және ер азаматпен тұрмыс құрудан, онымен бір шаңырақтың астында бір төсек, бір жастықта бақытты әрі ләззатты өмір кешуін, дүниеге бала әкеліп, тоғыз ай, тоғыз күн көтеріп жарық әлемге әкелген сол баласын алаңсыз өсіруіне жағдай жасау, мүмкіндік беру кез келген қоғамның ұлы әрі қасиетті міндеті болуы керек. Біз қандай қоғам құрмайық, сол қоғамда әйел атқаратын бар қоғамдық міндеттің, әйел өндіретін бар товар, дүние атаулының ішінде ол жарық дүниеге дені сау, қаны таза ұрпақ әкеліп, сол ұрпағын адал сүтімен асырап, қазақ елінің тағдырын өз қолында сенімді ұстай алатын азамат өсіруіне әлдеқайда мән беруге тиістіміз. Қазақ елінде өндірілмей жатқан, жетпей жатқан дүние атаулыны шет аймақтардан сатып, тасып әкеле алармыз-ау, ал бірақ қаны қазақ, жаны қазақ ұрпақты ешбір алтынға және еш жерден ешнәрсеге сатып ала аламасымыз да айдан анық нәрсе. Міне, қазақ еліндегі қазақ әйелінің мәселесін шешуге қарапайым осы бір көзқарас тұрғысынан қарағанымыз абзал. Елімізде әйел-ананың қоғамдағы ролін арттыру үшін, жалпы қыз балаға, әйел атаулыға деген құрмет, ізет көрсету қасиетін тәрбиелеу өзекті мәселелердің бірі болса керек. Ұлттық болмысымызға сәйкес қыз баланы

ардақтау, құрметтеу, сыйлау сияқты қасиеттерімізді ұлдарымыздың бойына әрбір ата-ана бесікте жатқан күнінен сіңіре білгені қажет енді. Осы күні әркім өз үйімізге ұры түспесін деп жиған-тергенімізді қорғау үшін қаншалықты терезелерімізді торлап, есіктерімізді темірлеумен бірге ұлқызымыздың рухани жан дүниесіне түсіп жатқан жаман әдет пен жат қылықтардың ұры құртының ұлды тектіліктен, қызды иба мен ұяттан жұрдай етіп тонап жатқан замана әрекеті мен пәлекетінен қорғау, болмаса қорғаудың амалын да ойлағанымыз жөн болар еді. Адамзат өзінің ақыл-ойының шарықтау шегіндегі бүгінгі қол жеткізген білім мен ғылымы дамыған шақта қыз баламыз өмірден қорлық көрмей, бақытты әрі мәнді өмір сүрсін десек, олардың терең әрі жан-жақты білім алуларына жағдай жасауға тиістіміз. Әрине, осы күні білім мен ғылым саласынан қаржы үнемдеуге көшкен кезеңде еліміздің түкпір-түкпірінде қыз балалар гимназияларын көптеп ашу қажет деген пікіріміз көңілге қона да қоймас. Әйтсе де қыз балалар гимназиясы мемлекет тарапынан қаржыландырып, бұл оқу орындарына қыздарымыздың бүкіл пәндерден терең білім алуымен бірге оларға осынау білім ошағында қыз бала дегенің елдің де, ердің де абырой-намысы екендігін, ертеңгі күні ол ұлтымыздың ұрпағының аналары екендігін жан жүректері мен санларына терең сіңіре білім беру, тәрбиелеу қатар жүргізілгендігі абзал болар еді-ау. Қыз баланың ары мен абыройы жайлы да арнайы сабақтар өткізілсе, қыз балаға кесте тігу мен ас пісіру аралығындағы үй шаруасының әліппесі үйретілсе деген де ой мазалайды. Қыз баланың бұдан былайғы қадір-қасиетінің артуына қоғам болып жағдай туғызған абзал. Осы орайда қыздарымыз «өйтіп жатыр, бүйтіп жатыр» деп даттағанымызды қойып, оларға ер азаматтың құрметпен қарау, аялай білу қасиеттерін қалыптастыруды ойластырғанымыз жөн болар еді. Мұны айта отырып, орыс халқының жыл сайын әр айларда «Татьяна күні», «Қасиетті Валентина күні» деп өткізіліп жатар мейрамдары еске түседі. Біздің халқымызда да ардақтай білер қыздарымыз бар еді ғой. Қыз Жібек, Баян сұлу, Әлия, Мәншүк сияқты қыздар күнін белгілеп, жалпы сол күндерді қыздардың мерекесі деп, қыз атаулыға сый-сыяпат жасап, ықылас-пейіл білдірсек, қыз баланың мерейі өсіп, ұлдарымыздың бойында қыз баланы сыйлау, құрметтеу қасиеттері арта түсер еді деген ой билейді санаңды. Ұлтымыздың ұлы мен жалпы ер азамат атаулының қыз балаға, әйел затына деген құрметтеушілік, ардақтап аялаушылық сезімін тәрбиелеу бұл күндері бәрінен де маңыздырақ көрінері бар. Тәуелсіз мемлекет болып орнығып жатқан қазақ елінің қыз баласының, жалпы әйел затының қазіргі жай-күйін, қанымызға сіңбеген, сүйегімізге дақ түсірер жат елдің жат қылықтарының ұл-қыздарымыздың санасын улап бара жатқандығы және де қыз балаларымыздың қорлықтан жылап жүргенін көріп, ести тұра үндемей отыра алмадық. Есін де, иесін де, киесін де жоғалтпаған ел екендігіміз рас болса, қыз баламызды жылатпайық, қыз баламызды ешкімге де қорлатпайық. Қыз баланың арын ежелден ел мен ердің ары деп білген ұлы

халықтың бүгінгі ұлдарын осы бір жай ойлантса ед-ті, толғандырса екен әрдайым! 1997. Президент поштасынан

ЕУРОПАҒА ТӨБЕ БИ БОЛУЫМЫЗ ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ ЕҢ БІР ҰЛЫ ЖЕТІСТІГІ

Елбасының атына жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жабал Ерғалиевтен хат келді. Қаламгер өз хатында «Қазақстанның әлемдік аренадағы абыройы асып, мерейі тасып, беделі өсіп, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына бүкіл түркі әлемінде тұңғыш рет төрағалық етіп, Еуропаға төбе би есебінде билік айтар дәрежеге жетуі Тәуелсіздігіміздің ең бір ұлы жетістігі», деп жазады. «Сіз айтқандай, түбінде барша қазақстандықтардың мемелкеттік тілде сөйлейтініне иланамыз. Бұрынғыдай қазақтың тіліне қарсы шығып жатқан қазір ешкім жоқ. Керісінше, еліміздегі барлық ұлттар мен ұлыстардың біздің ана тілімізге деген ынтасы зор, пейілдері мен ниеттерінің түзу екенін көріп жүрміз. Ендігі арада қазақ зиялыларына айтқан аталы сөзіңізге бәріміз тоқтап, елдің бірлігін сақтап, халқымызға әрқайсымыз өзіміздің есті сөзімізді айтып, биылғы Жолдауыңызда айтылған жаңа онжылдықтың жаңа міндеттерін еңсеруге жұмылуға тиістіміз. Мұны ұлт пен ұрпақ алдындағы әр қазақ баласының парызы деп санаймын», делінген хатта. Ақмола облыстық мәслихатының депутаты Ж.Ерғалиев хат соңында Мемлекет басшысына зор денсаулық, еліміз бен халқымыздың игілігі жолындағы қызметіне толайым табыстар тілеген.

«Егемен Қазақстан» газеті, 19 ақпан 2010 жыл. Из почты Главы государства

САМОЕ БОЛЬШОЕ ДОСТИЖЕНИЕ

На имя Главы государства поступило письмо от обладателя звания «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» Жабала Ергалиева. В своем письме прозаик пишет от том, что авторитет Казахстана признан на мировой арене и наша республика приглашена председательствовать в Организации по безопасности и сотрудничеству в Европе первой из тюркских стран. Автор письма считает, что это является самым главным достижением нашей Независимости. «Вы высказались о том, что, в конечном счете, все казахстанцы будут знать государственный язык. Мы верим, что так оно и будет... мы видим, что все нации и народности нашей страны с интересом и уважением относятся к нашему родному языку. Теперь мы должны прислушаться к Вашим отеческим наставлениям, которые были высказаны на встрече с интеллигенцией республики, и, сохраняя единство народа, каждый обязан призывать только к хорошему, а всем нам нужно сплотиться, чтобы выполнить поставленные Вами в Послании новые задачи на новое десятилетие. Я считаю, что каждый должен это расценивать как долг перед нацией и потомками», – пишет Ж.Ергалиев. Депутат акмолинского областного маслихата Жабал Ергалиев пожелал Главе государства крепкого здоровья и успехов в труде на благо страны и народа.

«Казахстанская правда», 20 февраля 2010 год.

МАЗМҰНЫ

Менің Президентім! . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . Әлемнің биік сенімі . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . Елбасының халқына сенгені бұл! . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . Бұл жеңіс болашақ үшін керек еді? . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . Ерді ел үшін жақта . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . Қарасай Батыр және бүгінгі дәуір . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . Ұлықтау . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . Хан көтерген ел едік ер ұланын . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . Ел болу жайын Елбасыдай ойлайық, елдің жайын да Елбасыдай ойлайық! . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . Абыройы – Президентте! . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . Адамзатқа араша түсу. . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . Күн арқалаған алтын қыран . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . Бәскеге қабілетті біздің тіл сөйлей білсек . . . . . . . . . . . . . . . . . Жаңарған дүниенің жаңа көзқарасы . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . Елбасының қос қанатты қос ерлігі . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . Он жылдың ойлы белесі . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . Қырғыздағы қырғын еліктірмесін . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . Сенерің де, сүйенерің де – өзіңсін . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . Ала ауыздықтан аузың әлі күйген жоқ па?! . . . . . . . . . . . . . . . . Айналаңда адам бар . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . Жан дүниең жұтамасын . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . Бірлесуіміз керек! Бірақ қалай? . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . Намысқа мін, есіңді жый, ер-азамат! . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . Тойланайық та, ойланайық . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . Өгейлік көрген тілім-ай!.. . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . Қаулымен қазақ боламыз ба? . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . Қазақ қайтіп күн көрер? . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . Жалғандық жарға жығар . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . Қыз балаң қорлық көріп, жыламасын . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . Президент поштасынан. . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . .

фото Ерғалиев Жабал Ерғалиұлы Ерғалиев Жабал Ерғалиұлы – 1952 жылы 30 қазан күні Көкшетау облысының Чкалов ауданындағы (қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы, Тайынша ауданы) Қарағаш ауылында туған, журналист, публицист, жазушыдраматург, қоғам қайраткері. 1979 жылы Алматыдағы Қазақ Мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген. 1973 жылдан бұрынғы Көкшетау облыстық «Көкшетау правдасы» газетінде кіші әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, редактордың орынбасары қызметтерін атқарды. жылы Көкшетау облысы таратылғаннан кейін Көкшетау қаласының тарихындағы тұңғыш қалалық газет–«Көкшетау» газетін ұйымдастырды. 1997-2005 жылдар аралығында Көкшетау қалалық «Көкшетау» газетінің бас редакторы болып қызмет істеді. Ақмола облысы әкімінің 2005 жылғы 28 қаңтардағы шешімімен Ақмола облыстық «Арқа ажары» газетінің бас редакторы болып тағайындалды. Ақмола облысының және Көкшетау өңірінің тарихында тұңғыш рет “Көкшетау” әдеби-көркем, қоғамдық-саяси журналын шығаруды ұйымдастырды. Бұл журналдың алғашқы саны 2008 жылдың 22 наурыз күні жарық көрді. Қазір Ақмола облыстық “Арқа ажары”, Көкшетау қалалық “Көкшетау” газеттерінің және “Көкшетау” әдеби-көркем, қоғамдық-саяси журналының бас редакторы. 1995 жылдан бері Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. Қазақстан Жазушылар одағы тексеру комиссиясының мүшесі. Қаламгердің қоғамдық ой-пікір қозғаған шығармалары әрдайым өз оқырмандарының көңілінен шығып келеді.Ол Көкшетау қаласындағы музыка училищесіне Біржан салдың атын беру жөніндегі мәселені алғашқы рет көтергендердің бірі. Көкшетау қаласында Абылайханның ескерткішін орнату жөніндегі комиссияның мүшесі болып, Түркістан қаласынан хан бабаның жерленген жерінен топырақ алып келді. Сонымен бірге, Қазақтың Қарасай батырының қазақ тарихындағы орнын анықтау ісіне белсене қатысып, кесене тұрғызудың басы-қасында жүрді. «Қарасай батыр» қоғамдық қорын басқарды. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Жабал Ерғалиұлының жасқа толған мерейтойымен құттықтау жеделхатында: «Сіз бұл биігіңізге даңқты бабаларымыздың еңбегін кейінгі ұрпаққа насихаттау, ұлтымыздың ынтымақ-бірлігін арттырып, салт санамызды шыңдай түсуге бағытталған елеулі істер бітіріп келіп отырсыз,– деп жазушының еңбегіне жақсы баға берген-ді.

1999 жылдың 15 мамырында Астана қаласының «Астана ақшамы» газетінде Елорданың бір көшесіне Қарасай батырдың атын беру жөнінде мәселе көтеріп, ол өзінің дұрыс шешімін тапты. Алматы облысы Қарасай аудандық мәслихатының 2002 жылғы 30 қазандағы шешімімен Жабал Ерғалиұлына «Қарасай ауданының Құрметті азаматы» атағы берілді. Қоғамдық белсенді жұмысы және еліміздің әлеуметтік-экономикалық мәдени өркендеуіне қосқан үлесі үшін Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлықтарымен екі мәрте 2000 және 2001 жылдары Қазақстан Республикасының Құрмет Грамотасымен, 2005 жылы «Қазақстан Конституциясына–10 жыл» медалімен марапатталды, Қазақстан Республикасы Президентінің 2007 жылдың 7 желтоқсанындағы Жарлығымен «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағына, 2008 жылдың 23 қыркүйегінде «Астананың–10 жылдығы» мерекелік медаліне ие болды. 1989-1994 жылдары халық депутаттары Көкшетау қалалық кеңесінің депутаты, 2007 жылдың 18 тамызында болып өткен сайлауда Ақмола облыстық мәслихатының депутаты болып сайланды. Облыстық мәслихаттың әлеуметтік мәселелер жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы. Ақмола облысы әкімдігі жанындағы бюджет комиссиясының, діни бірлестіктермен байланыс жөніндегі Кеңестің, Қазақстан халқы Ақмола облыстық Ассамблеясының, тіл және онамастика жөніндегі облыстық комиссияларының мүшесі. «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясы Ақмола облыстық филиалы Саяси Кеңесінің мүшесі, партияның жемқорлыққа қарсы күрес қоғамдық кеңесінің төрағасы. «Нұр Отан» Халықтық Демократиялық Партиясының он жылдығына байланысты және белсенді азаматтық ұстанымы мен қазақстандық қоғамда партия идеяларының өркен жаюына сіңірген еңбегі үшін Қазақстан Республикасының Президенті, «Нұр Отан» Халықтық Демократиялық Партиясының Төрағасы Н.Ә.Назарбаевтың Алғыс хатына ие болды. 2011 жылдың 3-ші сәуірінде кезектен тыс өткізілген Қазақстан Республикасының Президенті сайлауында Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Ақмола облысы бойынша сенімді өкілі және Ақмола облыстық қоғамдық штабының төрағасы ретінде белсенді қызмет атқарды. Қазақстан Журналистер одағының және Жамбыл атындағы Халықаралық сыйлықтарының лауреаты. Алғашқы әңгімелері 1978 жылы Алматыда жарық көрген жас жазушылардың антологиясында басылып шықты. Жазушының “Сөне көрме, жұлдыздар”, “Қазақтың Қарасай батыры”, “Ұлтым менің, ұлысым менің”, “Хан көтерген ел едік ер ұланын”, “Бұлтты түнгі толған Ай”, “Жол сапар жалғаса береді” кітаптары жарық көрген. “Соңғы тұяқ”, “Ескі арба” повестерінің, “Бұлтты түнгі толған Ай” және “Тойғандар мен тозғандар” драмалық шығармаларының авторы. Бұл екі драмалық шығарманың екеуі де Көкшетаудағы Шахмет Құсайынов атындағы қазақ драма театрының сахнасында сәтті қойылып келеді.

Жабал Ерғалиұлы Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап, Елбасының ішкі және сыртқы саясатын қолдап, соны халықтың арасында кеңінен насихаттауға әрдайым атсалысып келеді. Мұны жазушының “Хан көтерген ел едік ер ұланын” кітабына топтастырылған шығармаларынан айқын тануға болады. Жазушының “Хан көтерген ел едік ер ұланын” атты кітабы үшін Елбасы 2007 жылғы 7 тамыздағы хатымен жоғары баға берді. Және де жазушы 2010 жылы “Нұр Отан” халықтық демократиялық партиясының Орталық аппараты Қазақстан Республикасының тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында өткізген “Елім деп соққан жүрегім” республикалық шығармашылық конкурсында екінші орынды жеңіп алып, арнайы сыйлықпен марапатталды. Жазушы және қоғам қайраткері Жабал Ерғалиұлының есімі 2010 жылы Алматыдан жарық көрген «Қазақстанның үздік адамдары» энциклопедиясының екінші басылымына, 2008 жылы қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жарық көрген «Ақмола облысының тұлғалары» атты анықтамалық кітабына, 2004 жылы басылған Солтүстік Қазақстан және 2009 жылы жарық көрген Ақмола облыстарының энциклопедияларына енгізілген. Екі ұл, бір қыз, үш немерелерін өсіріп отырған өнегелі отбасының отағасы.

Цитаты Дүниеде тәуелсіз Қазақ елі бар. Әлемде егемен Қазақстан бар. Оның көп ұлтты, тату, ынтымақшыл халқы бар. Қуатты экономикасы, сенімді саяси жүйесі бар. Ең бастысы – бүгіннен нұрлы, бүгіннен кемел болашағы бар. Сол күнге берік сенім бар! Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ. *** Әр қазақ баласының бүгінгі күні қасиет тұтар жеті дүниесі бар. Ол– Тәуелсіздік. Көк ту. Елтаңба. Әнұран. Президент.Жер. Қазақ тілі! Міне, менің түсінігімде қасиетті болып саналатын осы жеті дүниенің біреуіне шек келтіруді ақылсыздық пен парықсыздық, тәуелсіздікке жасалар опасыздық деп білемін.

*** Қазақ елін, қазақ деген ұлтты әлем ең әуелі Назарбаев есімімен, Назарбаев келбетімен таныды. Бұл – тарихи ақиқат! *** Назарбаев ұзақ жылдар бойы үні шықпай келе жатқан Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының беделін сақтап қала алды және осы ұйымның тоқтап қалудың аз-ақ алдында тұрған жүрегіне нәр беріп, санасына тың ойлардан дем салып, қуаттандырып, рухтандырып жүре берді.

Назарбаев – бір ұлттың қасіретін тұтас бір адамзаттың қасіреті екендігін үзбей айтып келе жатқан Президент. Бүгінгі күні бір ғана мемлекеттің аясындағы мәселелер шешілгенімен, әлемнің әлде бір бұрышын аштық жайлап жатса, қаншама бай, қаншама мықты мемлекет болсаң да, түптің түбінде іргең сөгіліп, күйзелерің хақ. Біздің Президент әлемдік дамудың ендігі процесінде адамзаттың оқшаулануына жол беруге болмайтындығына, ол үшін мемлекеттер арасында, адамдар арасында бірбіріне деген сенім болу керектігін айтып та, соған әлем халқының да, өз халқының да көзін жеткізіп, мемлекеттер мен мемлекеттер, адамдар мен адамдар арасында сенім орнықтыруды сөзімен де, ісімен де дәлелдеп келе жатыр. ***

Дүбірлі дәуірдің отты шағындағы мемлекеттер мен құрылықтардың, жер шарының ғасырлар тоғысындағы адамзат өркениетіне алғыр ойлы саясатшы Нұрсұлтан Назарбаевтың қосқан тарихи үлесін ешкімнің де жоққа шығара алмастығы және ХХІ ғасыр оның есімін өз дәуірінің ұлы перзенттерінің бірі ретінде атайтындығы да ақиқат. *** Адамзат мүдделері түптің түбінде бәрібір бірігіп, ақыл қосып, бірлесіп іс жасау қажеттігіне мәжбүр ететіндігін біздің Президентіміз күні бұрын сезініп, біліп әрекет жасап бағуда. *** Адалдық – жан тазалығы! Біздің Президентіміздің даналығы да, балалығы да мол өзінің туған халқына, қазақ жерін мекендеп отырған барша ұлттар мен ұлыстарға деген жан тазалығы, адал сөйлейтін пейілі мен адал көңілі – елдің бағы! *** Президент толқиды, әрине! Ол да – адам! Дәуірдің мына бір аласапыранды, аумалы-төкпелі кезеңінде туған елін алуан-алуан асулардан аман алып өту, ХХ-шы ғасырдың тауқыметі мен қасіретін, түрлі зардабын көп тартқан туған халқын ХХІ-ші ғасырға жеткізу және жаңа дәуірдің жақсылығына ілестіріп жіберсем деген арман-мүдде толғандырады Елбасын. Алда не күтіп тұр?! Болашақ қалай болар екен?! Бүгінгі күні барша Адамзатты толғандырып отырған осы бір ойлар мазасыздандырады Елбасын.

*** Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың хан ордасы Көкшетауға Абылайдың ақ туын қайра бір тіккен, хан ордасы Көкшетауға Абылайдың ескерткішін соққаны – қазақ елінің жұлдызды әрі тарихи бір сәті еді. Сол бір сәттерді бүгінгі және ертеңгі көкшетаулықтар да әрдәйім алғыспен еске алып отырары және де анық! *** Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев әлемнің сенімді саясаткерлерінің бірі. Қазақстандық қоғам ғана емес, ендігі арада әлемдік қауымдастық та Назарбаевтың ақыл-ойына жүгініп отыратындығын, Қазақстанның Президенті бір ғана ұлттың перзенті, бір ғана мемлекеттің басшысы емес, ол тұтас бір әлемнің жан ашыры, сол әлемнің бүгіні мен болашағын болжап, салиқалы да сабырлы ой айта алар және де ізгілікті әрі батыл қадам жасай білер, соған қабілеті мен қарымы, даралығы мен даналығының да жетерлігіне ешкімнің шүбәсі қалмағандай. *** Ел болу жайын Елбасыдай ойлайық, елдің жағдайын да Елбасыдай ойлайық! *** Жаратқанның жаңартып жатқан жаңа дүниесінің жаңа әлеміндегі Елбасының Жолдауына, Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жаңа көзқарасына сәйкес өз еліміздің, жаңа Қазақстанның ата-бабамыздың аты

мен атағына, ерлігі мен елдігіне, батылдығы мен батырлығына, ұлықтығы мен ұлылығына, қасиеті мен қадіріне сай өз орнын алуға біздің әрқайсымыз жауаптымыз! *** Нұрсұлтан Назарбаев дүниедегі барлық мемлекеттердің басшыларымен де, саясатшыларымен де тең сөйлесіп, тіл табысып, Қазақстанның мүддесін жоғары қойып және елімізді әлемге мойындата білді. *** Президентіміздің «дағдарысты өңірлер мен дамыған елдердің проблемаларын шешу үшін барлық елдердің әскери бюджетінен 1 пайыз берейік» деген бұл ұсынысын Назарбаевтың Азамзатқа араша түсу концепциясы деп қабылдауға тиіспіз. Адамзат мүддесін шешуге бағытталған батыл әрі нақтылы бір ұсыныстың айтылуы қуантады. Сол адамзатқа араша сұрап, оны бүгінгі қауіп пен қатерлерден алып шығудың ақылға сиярлық, көңілге қонарлық жайын айтып, жөнін көрсетіп беріп отырған Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың болуы түптің түбінде бұл ойдың да жүзеге асар деген үмітіңді маздатады. Өйткені Елбасымыз бейбіт қатар өмір сүрудің әлемдік үлгісі мен әлемдік нобайын тәуелсіз қазақ мемлекетінің аясында жер-жаһанға көрсете білді. *** Біздің Президентіміздің бір ғажабы, асыл қасиеті деуге де болар, өз еліміздегі, онан қалды әлемдік кеңістіктегі болсын кез-келген мәселені бүркемелемей, жағдайға нақтылы әрі ашық баға беріп отыруы саясаттың тамыр бүлкілін бірқалыпты ұстап тұруға әсер етіп келеді әрдайым. Ақиқатты айту арқылы ойландыру, ойлану арқылы асығыс-үсігістік жағдайда шешім қабылдамауға үйретуінде кемел саясатшының кемеңгерлігі де, көрегендігі де жатыр. *** Ұйыған тыныштығымыздың, бүгiнгi ынтымағымыздың бекiген iргесiн сөгiп, оны шайқағысы келген небiр ниеттер жүзеге аспай жатса, оның да бiрден бiр себебi–Қазақстандағы барлық Тiлдердiң теңдiгiнен! Тәуелсiздiк жолындағы теңiмiздi аударып алмай келе жатқандығымыз да осы Тiлдердiң теңдiгiнен! Осы орайда бiр кезде Кеңестiк жүйе үйелеп, орнынан қайра тұра алмай қалған кезеңдерден берi елiмiздiң бiрлiгiн де сақтап қала алатын, берекесiн де кiргiзетiн бiр-ақ өтiмдi қару бар екендiгiн, ол—Тiл екендiгiн және соған арқа сүйеп, соның ғана құдiретiне жүгiну арқылы ТМД-нiң өзге елдерiн басқан қалың тұманнан да, көтерiлiп жатқан айқай мен шудың лаңынан да, теке-тiрестер мен қақтығыстардың сойқанынан да елiмiз бен халқымызды аман алып шыға алатын сол тiл, яғни Қазақстанды мекендеп отырған барлық халықтардың тiлдерi екендiгiн және әуелгi еркiндiк пен ерiктi де соған, тәуелсiздiктi де соған берiп, соған өрiс ашу қажеттiгiн де бiрден ұғына бiлген, сол қағиданы ұстана бiлген Нұрсұлтан Әбiшұлы Назарбаевтың көрегендiгi бiздi әуелi осы тұрғыдан сүйсiндiрсе керек. Бұл, әрине, ең әуелi өз тiлiнiң құдiретi мен қасиетiн таныған адамның ғана қолынан келетiн және сондай қасиет бойында бар жанның ғана өзге бiр

тiлдерге зор құрметпен қарай алатындығының ақиқаттығын Елбасының осы бiр ұстанымы анық көз жеткiзгендей. Адамзат пен мемлекеттер ендiгi арада бiр-бiрiнiң және түрлi ұлт тiлдерi тағдыры алдындағы өз жауапкершiлiктерiн дәл бiздiң Елбасымыз Назарбаевтай, дәл біздің елiмiздегiдей сезiне алуы керек. *** Әлі де болса әлемнің сабырсыз саясаты сабасына бір түсе алмай дауы мен қақтығысы, жанжалы мен жарылысы жарықшақтанып естіліп тұрған бүгінгі күні тәуелсіз ел болып дамудағы өз жолымызды дұрыс таңдай алмағанымызда не ісіміз өнбей, не үніміз шықпай, жарық сәуленің екпінінен де шапшаң қазіргі өркениет дамуының жалына жармаса алмай, әрі-сәрі бір күйде қалған болар едік. Біз тәуелсіз ел болғанымызды айдай әлемге батыл жариялағаннан кейін, сол енді айдай әлемге батыл үн қатып, батыл қадам да жасауымыз керек еді.Соны жасай білдік! Соны жасата білді, жер жаһанның өрекпіген өркөкірек саясаткерлері мен өркениетті бар мемлекеттерін қазақ еліне, өзіне қарата білді Елбасымыз! Бұл–біздің Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қазақ елі үшін ғана емес, тұтас барша адамзат баласы үшін жасаған көп ерлігінің бірі және бірегейі ғана екендігін айтпасқа тағы да лаж жоқ. *** Жиырма бірінші ғасырдағы қазақ елін және ата-бабаларымыз үшін ғасырлар бойы арман болған тәуелсіздігімізді бүгінгі Астанасыз көз алдыңызға елестетіп бір байқаңызшы! Аузыңыздың дәмі кірмес еді! Бұл Астана тәуелсіздігінің лүп-лүп соғып тұрған жүрегі емес пе?! Бұл Астана халқымыздың барлық ұлы мұраттарының Бәйтерек болып тереңге тартқан тамыры, жайқалған жапырағы емес пе?! Бұл Астана дөңгеленген дүниенің қазақ иеленіп отырған қасиетті бір жеріне орнатылған әлемнің төрт бұрышынан да көзге түсіп, көрінер, алтын тұғырлы ең заңғар да, ең биік, ең абзал да, ең бір азбайтын да, тозбайтын мәңгілігінің мәңгілігі жолында мың өліп, мың тірілген қазақ үшін соғылған ұлы Ескерткіш! Сол ұлы да, қасиетті, киелі Ескерткішті қазақ халқы үшін тұрғызып берген Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың өз халқының алдындағы перзенттік те президенттік парызына әмәнда адал болып келе жатқандығын және де өз халқы үшін небір көзсіз ерлікке бара алатын, батыл да батыр бола алатын текті де бір айырықша дара да дана қасиетін айғақтап тұр. *** Әлемнің алтыдан бір бөлігін бауырына басып иемденіп және де жер шарының әр тарапына әмірін жүргізіп, айтқанын істетіп келген кешегі Кеңестер Одағы ыдыраған тұста, дүниенің қайра бөлісі үшін жаңа қақтығыстар ошағындағы саясат қазаны бұрқ-сарқ қайнап, оқ атылып, жарылыстар дүмпуі естіліп жатқандығына қарамастан Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өз қолындағы ядролық қарудан өз еркімен бас тартуы бүгінгі Адамзат алдындағы және де жалпы өркениеттің болашағы жолындағы ұлы ерлігі болатын. Осы бір ерлігімен-ақ дүниеге өз ықпалын жүргізу үшін

жанталасып баққан алып державаларды сабасына түсіріп, сабырын сақтап қалған, әлемге жойқын қаруы жоқ арлы қолын да ұсынған Назарбаевтың осы бір қадамы бауырын жерден енді-енді көтере бастаған қазақ елінің және оның тәуелсіздігінің баянды болашағы үшін шалған тарихи құрмалдығы еді. *** Отаннан асқан байлық, Отаннан асқан дәулет, Отаннан асқан бақыт жоқ екендігін ұғын білгеніміз абзал. Ендеше, бәрәміз болып өз Отанымызды, сол Отанымыздың тәуелсіздігін сақтау ісіне қызмет етуге тиістіміз. Ендігі арада Отанымыздың абыройын түсірерліктей, тәуелсіздігіміздің іргесін шайқалтатындай бос әңгімелер мен негізсіз әрекеттерге жол бермеуге міндеттіміз. Бұл ұлт алдындағы, ұрпақ алдындағы парызымыз бен қарызымыз болуы керек. *** Астана әлемнің дәстүрлі діндері басшыларының сенімді және үмітті түрде бас қосар киелі ордасына айналды. Бұл Қазақстанның, оның Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың адамзат өркениетін, жалпы адамзат тіршілігін қауіп-қатерден, дау-жанжалдан сақтап қалуға және де сақтандыруға жасаған батыл қадамдарының бірі болатын. Жалпы қазақ елінің Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев әлемді бейбіт қатар өмір сүруге шақырып жүрген және соның тамаша үлгісін көрсетіп келе жатқан әлемдегі бірден-бір Президент екендігін тағы да мойындамасқа амалың жоқ. *** Біздің еліміздің және оның ұлтының Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жүргізіп отырған бүгінгі саясаты оның тұла бойына біткен адами және қазақ деген дана халықтың ізгі ой-ниетімен, адал көңілімен ұштасып, ұласып тұрғандығын тани білген жөн. *** Көкірек соқырлығынан сақ болайық, ағайын! Ойлан, тілің жұтап еді– жаның жұтады, жаның жұтап еді–далаң жұтады, тұнығың лайланды. Тілің– жаның сенің! Осы бір қасиетті Тіл деген періштені сақтай білейікші!

*** Қазақ елінің және оның көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың әлем алдындағы абыройының жоғары, беделінің асқақ, жүзінің жарқын, сөзінің өтімді, ойының ұтымды, пікірінің пайымды, айтқаны келетін де тұратын қасиетін әлем түгел танып отыр десе де болғандай. *** Қазақ елінде өндірілмей жатқан, жетпей жатқан дүние атаулыны шет аймақтардан сатып, тасып әкеле алармыз-ау, ал бірақ қаны қазақ, жаны қазақ ұрпақты ешбір алтынға және еш жерден ешнәрсеге сатып ала аламасымыз да айдан анық нәрсе. Міне, қазақ еліндегі қазақ әйелінің мәселесін шешуге қарапайым осы бір көзқарас тұрғысынан қарағанымыз абзал. *** Балаға айтар «үлкенді сыйла» дейтін қазақи тәрбие–ақылымызға қоса, ендігі жерде «Айналайын, тіліңді сыйла» дейтін бір ауыз сөзімізді айтуды,

айта жүруді қазақ елінің бүгінгісі мен болашағын ойлайтын әрқайсымыздың борышымыз деп санағанымыз жөн. *** Тәуелсіз мемлекетімізде тіліміздің сенімді өмір сүруі ол ең әуелі біздің өзімізге, яғни қазақтардың өздеріне байланысты. Ана тілін ең әуелі өзіміз меңгеріп, өзіміз құрметтеп, өзіміз сөйлесуге тиістіміз. *** Тәуелсіз ел болып, өз алдына ту тігіп отырған осы бір шақта Республика Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бір жағына шығысып, өз тізгінімізді өзіміз ұстау үшін етек-жеңімізді жинақтап, айналадағы замана тіршілігіне ойлы көз тіге білейік ағайын! *** Бізге ұлт болашағы қымбат десек, оның бойындағы адамгершілік кемелдігінің дәрежесі–шыншылдықты тәрбиелей білейік. Жалғандық жүрген жерде әділдік, адалдық, шыншылдық болмайды. *** Дүние ғалам жамандық атаулыға әбден тойып, тұншыға бастағандай! Адам баласы өзіне-өзі тағылық жасау әрекетінен тиыла алмай отырған мына заманның зұлымдығынан әйел атаулыны, жалпы ұрпақ атаулыны қорғап, сақтап қалу ісі ұлт алдында тұрған барлық мәселелердің мәселесі болуы керек. *** Қазақ елінің тәуелсіздігінің жиырма жылға жетер-жетпес кезеңінде Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев бастаған қазақстандық қоғам әлемдік аренадан өзінің абыройлы орнын ала білгендігі дау тудырмайтын ақиқат мәселе. Қазақстанның бұл күндері Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етіп отырғандығының өзі біздің осы айтқанымыздың нақты бір мысалы болса керек. Ендігі арада тәуелсіз Қазақстанның бүгінгі абыройын төгер және басындағы бүгінгі бағын да жатжұрттың бірде-бір елі, бірде-бір мемлекеті басынан теуіп кетіре алмасы тағы да анық. Басымызға қонған бақты өзіміз үркітіп алып жүрмейік. Елбасының дүние мемлекеттері алдында тірнектеп жинаған еліміздің абыройын да өзіміз төгіп алмайық.

Жабал Ерғалиев

ТӘУЕЛСІЗДІК ТОЛҒАУЫ

Жабал Ерғалиев Тәуелсіздік толғауы (әр жылдар көзқарасы мен ойлары) Тәуелсіздігіміздің тарихы әлі де жазылып жатыр, оның жазыла да берері, жалғаса да берері бар. Ата-бабаларымыз сан ғасырлар бойы аңсап, қол жеткізе алмаған сол тәуелсіздігіміздің алғашқы жиырма жылының әр оқиғасы мен әр жетістігіне сүйсіне отырып тереңінен толғана білу және де ой айта сөйлеу әр қаламгердің басты мұраты болса керек-ті. Жазушының әр жылдары жазған және сөйлеген сөздері топтастырылған бұл кітаптың міне, сол үдеден шығуы да сөзсіз.

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙