TELEGEI

Home

Бабалар сөзі. 73-том

Бабалар сөзі

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Бабалар сөзі. 73-том

«Бабалар сөзі» – көптомдық құнды дүние. Бұл серия аясында ауыздан-ауызға тарап, бүгінгі күнге жеткен өлең-жырлар, шежіре-дастандар, эпостар мен хикаялық дастандар топтастырылған. Қытай мен Моңғолиядағы қазақ фольклорымен де осы сериядан танысуға болады. «Алпамыс батыр» жырының әртүрлі нұсқасы, жа...

ХАЙУАНАТТАР ТУРАЛЫ ЕРТЕГІЛЕР

ЕРТЕГІЛЕР

Ертегі жанры – халық прозасының дамыған, көркем түрі, яғни фольклорлық сөз өнері. Оның мақсаты – тыңдаушыға ғибрат ұсынумен бірге эстетикалық ләззат беру. Ертегінің қызметі кең: ол әрі тәрбиелік, әрі көркем-эстетикалық рөл атқарады. Ертегінің бүкіл жанрлық ерекшелігі осы екі қызметінен шығады. Сондықтан ертегінің басты міндеті – сюжетті барынша тартымды етіп, көркемдеп, әрлеп баяндау. Демек, ертегі шындыққа бағытталмайды, ал ертекші әңгімесін өмірде шын болған деп дәлелдеуге тырыспайды. Ертегі жанрының пайда болып, қалыптасу тарихы өте ұзақ. Оның түп-төркіні – алғашқы қауымда туған көне мифтер, аңшылық әңгімелер, хикаялар, әртүрлі кәде-ырымдар мен аңыздар. Өзінің қалыптасу барысында ертегі осы жанрлардың көптеген белгілерін бойына сіңірген. Бұл жанрлардың кейбірі өз бітімін мүлде жоғалтып, толық ертегіге айналған. Солардың бірі – миф жанры. Мифтің ертегіге айналу процесі бірнеше кезеңнен өткен. Миф – алғашқы рулық қауымның қасиетті деп саналған құпия әңгімесі мен шежіресі. Оны ол кезде әркімге және әр жерде айта бермеген. Мифте маңайды қоршаған ортаның, дүниенің жаратылуы мен аспан әлемі жайында, рудың тотемдік бабасы, ілкі-атасы мен жасампаз қаһармандар туралы, олардың іс-әрекеттері жөнінде фантастикалық түрде баяндалған. Алайда, ол заманда осының бәрі ақиқат деп қабылданған, мифке жұрт кәміл сенген. Бірақ уақыт өтіп, адам санасы мен мүмкіндігі жетілген сайын миф өзгеріске ұшырап, бірте-бірте «қасиетті» сипатынан айырылған, құпия болудан қалған. Осының нәтижесінде мифке сенушілік те әлсіреген, ондағы оқиғалар мен кейіпкерлер басқа сипат қабылдаған, тіпті, мифті айтушы бара-бара өз жанынан да қосатын болған. Соның салдарынан іс-әрекеттердің де нәтижесі баяғы мифтік сипаттан айырылған. Мифтің себеп-салдарлық белгісі жоғалған. Бірте-бірте мифтің бұрынғы аясы тарылып, әңгіме жеке бір адамның тағдырын баяндайтын жағдайға келеді. Сөйтіп, миф хикаяға, содан соң ертегіге айналады. Ертегінің тағы бір тамыры – алғашқы рулық қауым адамдарының аңшылық әңгімелері мен хикаялары. Алғашында шын болған оқиғалар негізінде айтылған әңгімелер (меморат) бірте-бірте ел арасына тараған сайын қоспалармен толықтырылып, хикаяға, одан ертегіге айналып кеткен. Осындай меморат түрінде айтылатын аңшы-мергендер жайындағы әңгімелер қазақ ертегілерінің құрамында аз емес. Әрине, олар біздің ертегіде сол ежелгі замандағы күйінде емес, көркем фольклорға айналған қалыпта көрінеді. Алғашқы қауымдағы мифтік ұғымдар туғызған небір ғаламат мақұлықтар (жезтырнақ, жалғыз көзді дәу, албасты, жалмауыз кемпір т.б.) бұрынғы аңшылар әңгімесіне кірігіп, хикая туғызады. Хикая жанры мифтің өзімен бірге ертегіге де айналады. Оның ертегі құрамында жүретіні де сондықтан. Бірақ мифтің ертегіге айналу жолында хикая мен ертегі қатар өмір сүреді, сол себепті миф, әсіресе хикая өзінше жеке айтылып, елге жайылады. Қазақ халық прозасында осы процесс түгел дерлік із қалдырған. Жалпы, ертегілердің пайда болып, қалыптасуының алғашқы кездерінде ел оны қиял деп ойламаған, онда баяндалатын оқиғаға сенген, себебі ол шақта ертегі өз төркінінен алшақ кете қоймаған, сондықтан көркемдік қызмет те атқармаған. Ал көркем фольклорлық жанр болып қалыптасқан классикалық ертегіде қиял мақсатты түрде пайдаланылады, сондықтан ол әсіреленіп, ғажайыпқа айналады және біршама өзінше дамып отырады. Ертегідегі ғажайып қиял (фантастический вымысел) адамның күнделікті көріп жүрген заттары мен құбылыстарын саналы түрде басқаша етіп көрсетеді, өйткені бұл жанрда ғажайып (фантастика) көркем-бейнелеуіш құрал ретінде қолданылады. Өмірде болатын нәрсенің өзін әдейі өзгертіп көрсету – ертегінің өзіндік қасиеті болғандықтан, ертекші де оның мазмұнын барынша әсірелеуге, ғажайыпты етуге күш салады. Сонымен бірге ертегідегі оқиғалар мен іс-әрекеттердің қаншалықты әсерлі болуы ертекшіге ғана емес, сондай-ақ тыңдаушыға да, ертегінің айтылу жағдайына да байланысты. Ертегіде қиял мен ғажайып әрі идеялық та мақсатта қолданылады, себебі классикалық ертегі адамның рухани азығы болуымен қатар, идеологиялық та қызмет атқарған. Ертегінің көркем баяндалуында сюжеттен де гөрі композицияның рөлі артығырақ. Ертегінің композициясы бас қаһарманды дәріптеуге бағындырылады, сөйтіп, ол белгілі бір қалып бойынша құрылады. Мұның бәрі ертегіге идеялық, мазмұндық және көркемдік тұтастық береді. Осы тұтастық бұл жанрға басқа да қасиеттер дарытады: композиция мен эстетикалық мұраттың бірлігі әрі тұрақтылығы, уақыттың тұйық болуы, көркем шарттылықтың міндеттілігі, ауызекі сөйлеу тіліне сәйкестігі, тұрақты тіркестердің қолданылуы, т.т. Ертегінің поэтикасы мен композициясы көркем әрі жүйелі. Композициясы бірнеше бөлшектен тұрады: бастама – эпикалық баяндау – аяқтау. Бастама, әдетте, өлең немесе ұйқасқан проза түрінде бас кейіпкердің ата-анасы, оның дүниеге келуі туралы айтып, тыңдаушыларды бас кейіпкермен таныстырады. Эпикалық баяндау қаһарманның өсуі мен үйлену тарихын, оның бастан кешкендерін әңгімелейді. Аяқтауда кейіпкердің сүйгенін алып немесе ойлағанын іске асырып, мұратына жеткені хабарланады. Бастама мен аяқтау көбінесе тұрақты тіркес түрінде болып келеді. Өзінің ұзақ тарихында ертегі жанры әр дәуірдің, әр қоғамның болмысы мен түсініктерінің, нанымдарының әртүрлі іздерін сақтап қалған, біздің заманымызға жеткізген. Ертегіде әсіресе феодалдық қоғамның көрінісі молырақ бейнеленген. Қазақ ертегілерінде хандық заманның шындығы, сол шақтағы әдеттер мен нанымдар, салт-дәстүрлер, тұрмыс кейпі көбірек көрініс тапқан. Қазақ ертегілері жанрлық әрі сюжеттік құрамы жағынан әр алуан. Ол іштей бірнеше жанрға бөлінеді: хайуанаттар туралы ертегілер, қиял-ғажайып ертегілер, батырлық ертегілер, новеллалық (хикаялық) ертегілер, сатиралық ертегілер. Сюжеттер құрамында тек қазақтың өзіне тән ертегілермен қатар, басқа елдермен ортақ ертегілер де бар. Олардың көбі тарихи-типологиялық жағдайда пайда болған, біразы тарихи-генетикалық, яғни туыс халықтарға ортақ болып табылады, кейбірі тарихи-мәдени байланыс нәтижесінде қазақ жұртына тараған. Сол себепті қазақ ертегілерінің арасында таза ұлттық та, халықаралық та, көшпелі де сюжеттер қатар өмір сүрген.

Хайуанаттар туралы ертегілер

Фольклордың бұл жанрындағы шығармалардың түп-төркіні адамзат тарихының ең арғы заманында, аңшылық өмір кезінде жатыр. Басқаша айтқанда, жануарлар жайындағы ертегілер ертедегі адамдардың аң аулаумен ғана күнелткен шағында туған. Ол кездегі адамдар кейбір аңдарды қасиетті деп санап, қадір тұтқан, оларды өздерімен туыстас деп ойлаған, ал кейбір жануарларды рудың бабасы деп сенген. Осындай аңдардың мейірі түспесе, аңшылардың жолы болмайды деп түсінген. Сондықтан еркектер аң аулауға кеткенде, әйелдер үйде отырып, сол аңдарды мақтаған, оларға арнап неше түрлі әдемі әңгімелер, өлеңдер шығарған. Оларды өте күшті, айлалы, айбарлы етіп бейнелеген. Мұндай мақтау ертегі мен әңгімелерді ол аңдар естиді, сонан соң мейірленеді деп сенген. Сөйтіп, аңшыларға көмек болады деп ойлаған. Ол заманда мифпен бірге аңдар туралы әңгімелерге де сенген, олардың магиялық құдіреті бар деп түсінген. Сол себепті бұл әңгімелерде тұспалдау болмаған. Ондағы аңдарды – жануарлар деп түсінген (ал кейінгі ертегіде аңдар – адам орнында болған), олардың іс-әрекетін шын деп қабылдаған, себебі ол кездегі табиғат, өмір туралы түсініктер мен пайымдаулар тотемизмге, анимизмге және магияға негізделген. Сондықтан дүниені, адамның өзін қоршаған маңайды тануға бағытталған әлемнің, тіршіліктің қалай пайда болуы туралы көне мифтермен қатар, жан-жануарлардың шығуы, мінез-құлқы, ерекшеліктері жайындағы әңгімелер де танымдық қызмет атқарған, таза тұрмыстық нысана көздеген. Алайда адамзат санасы мен қоғамы ілгерілеп дамыған сайын өмір туралы, тірі табиғат пен өлі табиғат жайлы түсініктер түбегейлі өзгереді. Бір кезде қасиетті саналып, қадірленген нәрселер бірте-бірте мінеле бастайды, сынға ілігеді. Баяғы заманда тотемдік қасиеттерге ие болып жүрген аң мен құс енді басқаша қабылданады. Сөйтіп, көне дәуірде шыққан мифтер мен әңгімелер келе-келе магиялық сипатынан айырылып, ондағы пір тұтылған жануарлар енді сынға алынады немесе аллегориялық сипат алады. Сөйте-сөйте, баяғы жануарларды қастерлейтін әңгімелер басқаша айтылады, тіпті, уақыт өте келе жаңа әңгімелер шығады, жануарлар қасиетті болып көрінбейді, қайта керісінше бейнеленеді. Байырғы сүйікті жануарлардың мінез-құлқындағы күлкілі жақтары ирониялық түрде суреттеледі. Сөйтіп, қазіргі ғылымда әлі анықтала қоймаған, ел арасында осы күнге дейін сақталған жануарлар жайындағы ескі тотемистік түсініктер мен классикалық ертегілер арасындағы қайшылық пайда болады1. Басқаша айтқанда, ескі мифтер мен әңгімелерде жануарлар тотемистік тұрғыдан бейнеленсе, кейінгі әңгімелер мен ертегілерде олар мүлде кереғар көрсетіледі. Демек, мұндағы алшақтық тура мағына мен ауыспалы мағынаның, шын образ бен оның тұспалының арасында болады. Кейінгі замандарда туған әңгімелер мен ертегілер бұрынғылардан тек кейіпкерлерді ғана мирас еткен, ал олардың іс-әрекеті мен мінез-құлқын басқа тұрғыдан бағалаған. Бірақ мұнда бір айтатын нәрсе сол – жануарлар жайындағы классикалық (аллегориялық) ертегі мен ескі мифтік әңгімелер арасында әлі де болса тотемистік ұғымды сақтаған әңгімелер бар. Олар феодализм қоғамын басынан толық өткізбеген елдердің фольклорында сақталған, бірақ, әрине, сол алғашқы күйіндей емес. Ал таза ертегі көркем жанр ретінде мифтік ұғымдардан біржола қол үзгенде ғана қалыптасады. Онда жануарлар образы адамды тұспалдап бейнелеу деп қабылданады. Жануарлар жайындағы классикалық ертегі мифтік және діни ұғымдардан таза, мұндағы қиял көркемдік қызмет атқарады. Егер жануарларға байланысты тотемистік түсініктерге негізделіп туған көне әңгіме-мифтердің мақсаты әрбір адам білуге міндетті мифологияны білдірсе (хабарласа), көркем ертегінің мүддесі басқа. Бұл жанр пайда болып, қалыптасқан шақта адамзат таптық қоғамда өмір сүрген еді. Сол себепті мұндағы қиял тұспалдау түрінде болады да, әлеуметтік-таптық мүдделерді көрсетуге жұмсалады. Сөйтіп, жануарлар жайындағы классикалық ертегілерде әңгіме шын мәніндегі аң мен құстар жайында емес, адамдар жайлы болады. Міне, жануарлар жайындағы ертегі жанрының туып, даму процесі осындай. Ол – типологиялық құбылыс, барлық елдің ертегісіне тән заңдылық. Қазақ ертегісі де осы заңдылық бойынша туып, қалыптасқан. Рас, оның өзіне тән ерекшелігі де бар. Жануарлар жайындағы қазақ ертегілерін үш топқа жіктеуге болады. Біріншісі – шығу мерзімі жағынан ең көне миф жанрымен байланысын толық үзе қоймаған, жануарлардың пішініндегі, немесе жүріс-тұрысындағы, я болмаса мінез-құлқындағы, әйтеуір, қандай да бір ерекшелігін түсіндіре баяндайтын этиологиялық ертегілер. Екіншісі – Шығыс және Батыс халықтарының көпшілігіне мәлім, яғни дүниежүзі елдерінің жануарлық эпосын құрайтын классикалық ертегілер. Бұлар бүгінгі дәуірде балалардың үлесіне тиген. Қай елдің болса да, жануарлар жайындағы классикалық ертегілері адам мінезінің ақылдылық, ақымақтық, қулық-сұмдық сияқты жақтарын қарапайым аллегория арқылы ашып береді. Үшінші топқа мысал ертегілер (апологтар) жатады. Бұл ертегілер көбінесе кітаби болып келеді де, әдебиетке жақын тұрады. Мұнда жануарлар бейнесі шартты түрде алынғанмен, ғибрат ашық айтылады. Енді осы екі топты жеке-жеке, нақты мысалдар арқылы қарастырайық.

Этиологиялық ертегілер

Бұл топтағы ертегілердің жанрлық ерекшелігі оның синкреттілік сипатында, яғни мұнда көзбен көріп, қолмен ұстап алатын жанрлық белгілер жоқ. Бұларды даралап тұратын нәрсе – себеп-салдарлық баяндау, бірақ соған қарамастан, мұнда тұрақты композициялық құрылым жоқ. Бұл тұрғыдан алғанда бұл ертегілер этиологиялық мифке жақындайды. Рас, қазақтың төрт түлік туралы кейбір төл шығармаларында кейіпкер-жануар бейнесі тотемистік түсініктегі мифте көрінетін жануарлармен ұқсас болып келеді. Мысалы, ботасын іздеп боздаған бозінген жайындағы, немесе иесінің қамын ойлайтын сырттан ит туралы шығармалар әлі шын мәніндегі ертегіге айналып үлгермеген, мұндағы жануарлар мифтегі сияқты «қасиетті» деп есептелген. Бұл – қазақтың жануарлар жайындағы этиологиялық ертегілерінің басты ерекшелігі. Аталмыш ерекшелік – этиологиялық ертегінің мифпен жақындығы – «Мүшел», «Хайуандардың жыл басына таласуы», «Үркер» сияқты шығармаларда айқын сезіледі. Мұнда аспан әлемінің сыры, жыл да он екі айдың болуы қазаққа жақсы таныс жануарлардың мінез-құлқымен, іс-әрекетімен байланысты түсіндіріледі. Қадым заманда ел шындық деп қабылдаған бұл мифтер келе-келе ертегілік сипат ала бастаған. Өмірді, әлемді практикалық түрде танып, тәжірибесі толысқан көшпенділерге қыстың ұзақ болатынына сиырдың еш кінәсі жоқ екені, сол сияқты он екі айдан тұратын жыл басының тышқан аталуына ашық ауыз түйенің еш қатысы жоқ екендігі белгілі болған. Сөйтіп, ел бұл мифке сенбейтін болған. Бір кездерде дүниенің жаратылысы туралы болжам жасаған мұндай мифтер елді қанағаттандырған еді де, халық сол арқылы өз түсінігін пайымдаған болатын. Сондықтан да «Үркер», «Жыл басына таласқан хайуандар» сияқты ертегілер космогониялық мифке тән сипатын сақтай отырып, әлдеқашан ертегілер тобына қосылған және олардың сипатты белгілеріне ие болған2. Олардың құрамына ертегілерде кең тараған мотив – жануарлар жарысы енгізілген және мұнда түйенің аңқаулығы мен тышқанның қаптесер қулығы миф емес, көркем ертегі тұрғысынан бейнеленген. Олардағы жануарлар образынан адам бейнесі көрінеді, демек, оларда хайуанаттар туралы ертегіге тән аллегориялық сарын, үн бар. Міне, осындай себепке байланысты аталған шығармалар жануарлардың белгілі бір қасиетін, шығу тегін түсіндіре баяндамаса да этиологиялық ертегілер қатарына жатады. Таза этиологиялық ертегіде шарттылық басым, аллегория айқынырақ. Сол себепті ондағы оқиғаға айтушы да, тыңдаушы да сенбейді. Сондықтан таза этиологиялық ертегілер күлдіргі болып келеді де, көбінесе балаларға арналып айтылады. Екінші жағынан, олардың құрылымы драмалық оқиғаларды кіргізіп отыруға ыңғайлы болады. Көптеген этиологиялық ертегілерде жануарларға берілетін мінездеме классикалық ертегілермен бірдей. Мәселен, түлкі өте қу әрі тақыс. Осындай жылпостығымен ол қоянды құйырығынан айырады («Қоянның құйрығы неге кысқа, түлкінікі неге ұзын?»), Түйеге үнемі аңқау және ақкөңіл деген мінездеме беріледі («Түйе су ішкенде неге артына қарайды?»). Бұл сияқты этиологиялық ертегілер бұрынғы ел сенген мифтік сипатынан айрылған және олар классикалық ертегімен қатар өмір сүргендіктен соған жақындаған, тіпті бір-біріне әсер де еткен. Кейбір жағдайларда классикалық ертегінің аяқталуы этиологиялы (себепті) болып келуі – осының айғағы. Мысалы, өте қу, залым түлкіні кішкентай ғана бөдененің алдап кеткенін баяндайтын классикалық ертегі бөдененің құйрығының қысқарып қалу себебін түсіндірумен аяқталады. Хайуанаттар туралы этиологиялық ертегілер кейде қиял-ғажайып ертегілердің де оқиғасын пайдаланады және сол арқылы адамгершілік пен адалдық проблемаларын көтереді. Айталық, қиял-ғажайып ертегісінің өте бір айшықты кейіпкері айдаһар этиологиялық ертегіде бүкіл өзінің болмысын көрсетеді: өлгелі жатса да қан ішуді мақсат тұтып, ол масаны дүниеде кімнің қаны тәтті екенін біліп келуге жұмсайды. Бәрінен де адам қаны тәтті екен деп айдаһарға хабар бергелі келе жатқан масаның тілін қарлығаш жұлып алады. Қаһарланған айдаһар қарлығашты жеймін деп шап бергенде, аузында оның құйрығы ғана қалады. Содан бастап маса тек ызыңдайтын болады да, ал қарлығаштың құйрығы айыр болып қалады және ол адамға үйір болып, ұясын үйдің ішіне, немесе қораға салатын болады. Міне, мұнда қарлығаш пен айдаһардың қақтығысы арқылы әділеттік пен зұлымдықтың күресі бейнеленіп, үш бірдей сұраққа жауап берілген. Жануарлар жайындағы этиологиялық ертегілердің мазмұны мен композициясы бейнеленіп отырған жануар не себепті белгілі бір сипаттармен дараланады? – деген сұраққа жауап беруге бағындырылады. Сырт қарағанда, мұнда классикалық және мысал ертегілерде айқын көрінетін аллегория жоқ сияқты. Бірақ мүйізінен айрылған түйе де, түнде ғана ұшатын жарқанат та адамды суреттейді, адам мінезін сипаттайды. Ендеше, бұлардың образы жаңа қасиетке ие болады, олардың қылықтарынан адамның іс-әрекеті аңғарылады.

Хайуанаттар туралы классикалық ертегілер

Бұл топтағы ертегілер саны жағынан ең көбі және ел арасына ең кең тарағаны. Олардың барлық сюжеті дерлік дүниежүзі халықтарының фольклорына әйгілі. Өйткені бұл ертегілердің көбісі типологиялық жолмен, әр халықта болған ұқсас қоғамдық, әлеуметтік жағдайда туған. Бұл – біріншіден. Екіншіден, қазақ халқының этногенезін құраған рулар мен тайпалардың бірнеше түркі тектес халықтардың құрамына енуімен бірге, олардың ертегілері де сол халықтардың фольклорына кірген, яғни тарихи туыс елдердің ертегілік сюжеті ұқсас. Үшіншіден, қазақ халқының басқа ел-жұртпен тарихи, саяси, мәдени, сауда қарым-қатынасы, араласы арқылы келген сюжеттер де бар. Олар да ұқсастық туғызады. Бірақ дүниежүзілік фольклорға ұқсастығына қарамастан, қазақ ертегілері өзіндік сипаты мен соны тұрпатын сақтап қалған. Сөйте тұра, мұнда жалпы адамзатқа тән мінез-құлық бірдей болғандықтан жануарлар образы да басқа елдер ертегісіндей болып келеді. Жануарлар жайындағы ертегілердің өте терең моральдық және әлеуметтік мәні бар. Мысалы, хайуандар қанша бір-бірімен шайқасып, қақтығысып жүрсе де, жыртқыштар ешуақытта жеңіске жетпейді. Зерттеушілер ертегілердің таптық жақтарын үнемі көрсетіп отырады. Алайда, ертегілердің өзі таптық түсінікті ашық айтпайды. Онда кейіпкер мінезі көрінеді. Жалпы алғанда, ертегілерде жинақтық мағына басым: әңгіменің соңында жыртқыштар мен озбырлар міндетті түрде жеңіліске ұшырап, дәрменсіз болып шығады. Ертегілердегі мораль мен әлеуметтік утопизм, міне, осында. Екінші жағынан, ертегілердің тек әлеуметтік қана емес, жалпы адамзаттық сипаттары да мол. Қазақ ертегілеріндегі жануарлардың сипаттамасы жалпы дүниежүзілік ертегілермен үндес келеді. Өте кең тараған ертегілік қаһарман – түлкі. Ол – асқан айлакер, екіжүзді де қу. Залымдығының арқасында ол көбінесе жолбарыс, қасқыр, аю сияқты өзінен күшті жыртқыштарды үнемі жеңіп жүреді: еттің дәмін тат деп, қасқырды қақпанға түсіреді, өзін ордан шығару үшін ешкіні алдап, мүйізін пайдаланады, аңқау аюдың масқарасын шығарады. Бірақ түлкінің осыншама айлалы әрекеттері оның өзінен әлдеқайда әлсіз жануарлармен, немесе адамдармен қақтығысы үстінде ашылып, я болмаса әшкереленіп отырады. Мәселен, бірде түлкі әтештен алданып қалады, бірде оны бөдене ақымақ қылып кетеді, бірде тасбақа және кенемен жарыста жеңіліс табады, енді бірде малшының итінен қорқып, зәресі кетеді. Түлкі өзінен күшті, бірақ ақыл-айласы төмен айуандармен кездескенде әруақытта олардан қулығы мен сұмдығын асырып отырады, ал өзінен әлсіздерге зұлымдық көрсеткенде, керісінше, ақыл-айласынан айырылып, басқа жыртқыштар сияқты жеңіліс табады. Түлкі бейнесінен жалпы ертегі жанрына тән эстетика заңы анық байқалады: ертегі қашан да әлсізді, зәбірленіп, жапа шеккенді қорғайды, соны жақтайды. Жануарлар жайындағы қазақ ертегілеріндегі екінші басты тұлға – қасқыр. Оның сиқы да жалпыға мәлім – ақымақ та ашқарақ. Түлкінің алдағанына иланып, өзінің көтенішегін суыртып, қаза табатын да, ешкі, қой, жылқы сияқты жануарлардан алданып, қор болатын да қасқыр. Сонымен бірге қасқыр – зорлықшыл, зорлықшыл болғанда, сәтсіздікке көп ұшырайды. Ол әрі сараң, әрі қорқақ. Қасқырдың басын көрсеткен қойдан қорқып, қашатын да жері бар. Тіпті, қиын-қыстау кезеңдерде ақылымен жол тауып кететін қозы мен лақтан әлсіз болып шығады. Қазақ ертегілерінде бұлардан басқа жануарлар сирек кездеседі. Жолбарыс адуынды, бірақ ақыл-айласыз (қасқыр екеуінде көп ұқсастық бар, әртүрлі ертегілік нұсқаларда олар бірін-бірі жиі алмастырып отырады), аю икемсіз де қарапайым. Ат, түйе, ит сияқты үй жануарлары ертегілерге аз араласады. Қазақ фольклорында ат – поэтикалық тұлға. Батырлық, қиял-ғажайып ертегілер мен эпос қаһармандарының ең сенімді серіктері – осындай ғажайып аттар болып келеді. Сондықтан да прозамен баяндалатын жануарлар жайындағы ертегілерде ат образы сирек кездеседі. Қазақ фольклорындағы халықаралық сюжеттер де ұлттық түр алған. Мұның өзі кейіпкерлердің құрамына да, олардың қимылы мен іс-әрекетіне де, қимыл жасалатын жағдайға да әсерін тигізген. Ертегілердегі оқиға көбінесе қазақтың шетсіз-шексіз кең даласында өрістетіледі. Жануарлар жайындағы классикалық ертегілердің құрылымы айтарлықтай күрделі емес. Олардың композициялық негізі – жануарлардың кездесулері мен қақтығыстарының тізбегі. Сондықтан да ертегілер баяндаудан гөрі көбінесе диалогқа құрылады. Кей жағдайларда кездесулер көп болады, бірақ ертегіде олардың бір-екеуі ғана пайдаланылады. Ал бір сарынды эпизодтардың түрі өзгертілмей, үнемі қайталанып отыруы дүниежүзілік фольклорда кең тараған «кумулятивтік композиция» деп аталады. Бұған «Айлакер тышқан», «Қотыр торғай» ертегілері мысал бола алады. Бұларға тән тізбекті композиция өте көне болып есептелінеді. Қазіргі кезде мұндай ертегілердің белгілі дәрежеде тәрбиелік мәні бар: мұнда заттар мен құбылыстар, адамдар мен жануарлар жалпылай байланысқа қатыстырылып, бірінен-бірі алыс та, шашыранды заттарды жақындастыруға тырысатын тәрізді. Кумулятивтік (тізбекті, тіркесті) ертегілер – балдырғандар мен жасөспірімдердің жан-дүниесіне жағымды ертегілер.

Жануарлар жайындағы қазақ ертегілерінің енді бір түрі – мысал ертегілер (аполог). Мұнда баяндау белгілі бір моральдық қағида мен тұжырымды дәлелдеуге бағытталады, сол себепті ертегі афоризммен аяқталып отырады. Ертегінің айтылу мақсаты да осы афоризмді дәлелдеуді көздейді.

Қазақтың мысал ертегілері шығыс фольклорымен тығыз байланысты. Олардың көбісінің қайнар көзі – «Панчатантра», «Хитопедаша», «Шукасаптати» сияқты үнді жинақтары мен Орта Азияға әртүрлі жолмен келген «Калила мен Димна» және «Тотынама» тәрізді кітаптар. Мысал ертегілердің көбінесе кезінде қазақтардың басқа түркі халықтарымен белсенді байланыс жасаған аймағы – Оңтүстік Қазақстаннан жазылып алынуы тегін болмаса керек. Ескі үнділік сюжеттер Қазақстанда жаңғырып, сыртқы сипаты мен ішкі мағынасы жағынан мәнді өзгерістерге ұшырайды. Мәселен, сюжеті «Калила мен Димнада» кездесетін қазақтың «Сегізбай мен Тышқан қыз» және «Көгершіндер туралы ертегісін» алайық. Біріншісі – түркі халықтарының арасына кең тараған «Кім күшті?» атты ертегінің бір нұсқасы. Айырмашылығы – қазақша нұсқасында қырғауылдың: – Мұз-мұз, сен неден күшті болдың? – деген сұрағына ол – аяз, ал аяз – жел деп жауап береді, бірақ барлығынан күшті құмырсқа болып шығады. Алайда «Сегізбай мен Тышқан қыз» туралы ертегі «Калила мен Димнадағы» нақылмен байланысын үзбеген. Оны «Кім күштінің?» сюжеті сияқты ертегілерден бөлектеп, оған өзіндік үн беріп тұрған да осы байланыс. «Калила мен Димнадағы» мысалда діншіл тақуа қаршығаның тырнағынан түсіп қалған тышқанның баласын тауып алады. Тақуаның тілегі бойынша тәрбиелеуге жеңіл болу үшін Құдай оны қызға айналдырып жібереді. Кейіннен бойжеткен қызға тақуа күйеу таңдауды ұсынады. Күн, жел, бұлт және тау бірінен соң бірі өздерінің күшті екендіктерін мойындата алмай, таңдау кезегі көртышқанға келеді. Күйеу-тышқан қызға ұнап, ол әміршіден өзін қайтадан көртышқанға айналдыруды өтінеді. Қазақта үнді ертегісінің сюжеттік желісі сақталғанмен, баяндау барынша ұлттық түр алған. Мұнда діншіл тәуіп жоқ, жалғыз басты, бала көрмей, қартая бастаған Сегізбай бар. Қазақша нұсқада мысалдың мәні де біршама өзгерген, бірақ негізгі ойы сақталған. «Қарға қарғаның даусын естіп ұшады. Аттар бірін-бірі пысқырғанынан біледі», – дейді дана Сегізбай. Бұл тұжырымның үндінікімен салыстырғанда біршама өзгеріп, халықтың практикалық философиясына жақындай түскенін байқау қиын емес. Тегі жағынан шығыстың кітаби мисалдарынан тараған қазақтың мысал ертегілері шығыс тәмсіліне тән тиектелген (обрамление) композиция бойынша құрылады. XІX ғасырдың екінші жартысында орыс тіліндегі шығармалардың қазақшаға көптеп аударыла бастаған кезеңінде аудармашылар И. А. Крылов мысалдарына ерекше назар аударады. Олардың аудармалары Ы. Алтынсарин мен А.Байтұрсыновтың, А.Е.Алекторовтың хрестоматияларында, «Дала уалаятының газетінде» басылады. И.А.Крылов мысалдарын Абай да аударғаны белгілі. Абай аударған Крылов мысалдары халық арасына кең тарап, қазақ топырағында жаңаша түлеп, қайтадан фольклорға айналады да, шығыстық үлгілер сияқты өзгерістерге ұшырайды. Орыс сюжеттері «ұлттанып», оның моралі қазақ тұрмысына, этикасына бейімделеді. «Бақа мен құмырсқада» («Шегіртке мен құмырсқаның» бір нұсқасы) уақиға қазақтың шаңқан даласында өрістетіледі. Бақа қаншалықты көңілді мінезімен дараланса да, оның ертеңгі күнін ойламайтын әдеті және бар. Құрғақшылықтың түскенін біле тұрып, қыс қамынан құралақан қалған бақа құмырсқадан көмек сұрауға бел буып, дала әкімшілігінің тәртібін сақтау әдетімен әуелі құмырсқалар патшасына келеді. Бақалардың ойын-сауықты ғана кәсіп қылып, еңбек етпейтінін, сондықтан берілген қарызды қайтара алмайтынын білген құмырсқа патшасы бақаның бұйымтайын орындамайды. Демек, қазақ ертегісіндегі құмырсқаның көмек беруден бас тартуы – олардың желбуаздығы мен арамтамақтығын әшкерелеуден ғана емес, сонымен бірге құмырсқаның өзімшіл психологиясынан да туған. Бұдан «Еңбек етпесең, қарыз да ала алмайсың» деген қағида туады. Қазақ фольклорында ауысып келген сюжеттер ұлттық сипат алған. Бұл қасиет әсіресе оқиға ситуациясы мен кейіпкерлердің психологиясынан айқын байқалады. Ауысып келген сюжеттердің желісі де, шығыстық үлгілердің рамалық түрде өрнектелуі де бұзылмай, құрылымдық белгілері сақталып отырады. Ең негізгі өзгерістер мысал ертегілердің идеялық мәнінде ғана болады. Ауысып келген мысалдардағы мораль абстрактылықтан арылып, қазақтың әдет-ғұрыптары мен түсініктеріне сай қайта құрылып, дала жұртының философиясына жақындай түседі. Хайуанаттар жайындағы мысал ертегілердің классикалық ертегілерден бір ерекшелігі – жануарлар сипаттамасының біркелкі болмауы. Классикалық ертегілердегі түлкінің өзінен күшті хайуанды үнемі жеңіп, ал өзінен әлсіздерден жеңіліп отыратын тұрақты мінездемесі мысал ертегілерде кездеспейді. Мұнда эпикалық фон, я болмаса кейіпкердің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын сипаттау болмайды. Оның есесіне ғибраттық сарын мен шартты түрде алынған жануарлардың аллегориялық образы бар. Ертегінің құрылысы көп жағдайда оның мазмұнынан шығатын афоризмді дәлелдеуге бағытталады. Көркемдігі жағынан алғанда, ішінара өлең мәтіндері кездескенімен, аполог формалары көбінесе қарасөзді болып келеді. Ал өлең түріндегі фольклорлық аполог жеке жанр ретінде толық қалыптаспаған, себебі XІX-XX ғасырда әдебиеттің жедел дамуы мысал жанрын әдеби арнаға түсіріп жіберген.

Қиял-ғажайып ертегілер

Қиял-ғажайып ертегі – қазақ халық әдебиетіндегі ең көне жанрлардың бірі. Оның шығу мезгілі – алғашқы қауымдық қоғам дәуірі. Сондықтан ертегінің бұл түрінде адамзаттың ертедегі өмірінің көптеген белгілері сақталған. Мысалы, матриархат заманына тән аналық ру мен көптеген әдет-ғұрыптардың көріністері (дуальдық ұйым, аналық мекен, аналық неке, кувада, авункулат, т.т.), ерте заманғы анимизм, тотемизм, магия сияқты діни нанымдар мен сенімдер. Бірақ көне дәуірдің бұл көріністерін кейінгі заманда халық тек қиял ғана деп түсінген. Сол себепті де ертекшілер әңгімесін «ерте уақытта болған» деп ескертеді. Қазақтың қиял-ғажайып ертегілері жанрлық жағынан біркелкі емес, оның құрамында алғашқы қауымға тән қарапайым әңгімелер, батырлық ертегілер кездеседі, сондай-ақ тұрмыс-салтты авантюралық шығармалар да ұшырасады. Демек, ертегінің бұл түрі жанр жағынан синкретті. Айтылмыш жанрдың сюжетіне, поэтикасы мен құрылысына батырлық жыр үлкен ықпал еткен. Көптеген қиял-ғажайып ертегілерінің сюжеттік желісінде батырлық жырындағыдай тұрақты прологтар мен эпилогтар бар. Әдетте, сюжеттің прологында ертегі қаһармандарының кәрі ата-анасы мен оның тууы туралы баяндалады: қартайғанша перзент көрмей, қубас аталған кемпір мен шал Құдайдан бала сұрап, әулие-әнбиелердің басына түнеп, жалбарынады. Кемпір-шалдың тілегі қабыл болып, бір бала туады. Ол – ертегінің бас кейіпкері, батыр, ержүрек жауынгер. Ал бас қаһарман туралы әңгіме біткен соң, негізгі сюжетке жалғасатын эпилогта кейіпкер мен оның жанындағылардың әрі қарайғы тағдыры сөз етіледі. Эпилогтағы бас кейіпкер көп жағдайда негізгі сюжеттегі қаһарманның баласы немесе інісі болып келеді. Ол ендігі жерде ағасы, не әкесі бастап, үлгіре алмай кеткен істі тындыруға тиіс. Қазақ қиял-ғажайып ертегілерінің сюжеттік құрамы да әралуан. Атап айтсақ, онда барлық халықтың өзі шығарған халықаралық сюжеттер, бізге басқа халықтардан ауысқан және тек өзімізге тән сюжеттер бар. Бұл кездейсоқ емес. Қазақ халқы сахарада жеке, дара ғұмыр сүрген жоқ. Ол өмір бойы басқа халықтармен қоян-қолтық аралас, тығыз қарым-қатынаста болды. Ерте заманда туып, көне дәуірдің көріністерін сақтап келсе де, қиял-ғажайып ертегілер халқымыздың тұрмысын, салтын бейнелейді, күнделікті өмірін көрсетеді. Әрине, өмір шындығын қиял-ғажайып ертегілер тікелей, сол қалпында емес, эстетикалық тұрғыда алып көрсетеді. Өмірдегі тартыстар, болмыс көріністері, адамдардың қарым-қатынасы – бәрі халықтың эстетикалық рухында түзіледі. Сөз болып отырған ертегілердің бас қаһарманы, эстетикалық мұраты – халық идеалы. Ертегі тек халық мұратын мадақтайды. Қазақ ертегілерінің бас қаһармандары – аңшы-мерген, жауынгер-батыр, кенже бала, тазша және әлеуметтік теңсіздіктегі бұқара өкілі. Бұлардың бәрі халық арманынан әр кезде туған идеал кейіпкерлер, яғни идеал – тарихи құбылыс. Ертеде, ол табиғаттың дүлей күштерімен алысып, күнделікті өмір үшін аң-айуанаттармен күрескен кезде, халықтың арманы, идеалы – соларды жеңетін балуан, күшті батыр, мерген болды. Ертегіде ол – неше түрлі ғажайып тажалдармен соғысып, жеңіп шығатын аңшы-мерген. Кейінгі дәуірде, адамзат рулық қоғамға көшкенде халықтың идеалы өз руын бөтен елден, шапқыншы жаудан қорғайтын жауынгер батыр болды. Бұл бейне қазақ ертегілерінің біразында кездеседі. Рулық қоғам ыдырай бастағанда – идеал басқа. Енді ол – ыдырап бара жатқан қоғамның дәстүрін қолдаушы, ата жолын қуушы. Ол қазақ өміріндегі қара шаңырақтың иесі – кенже бала. Біздің көп ертегілерімізде бас кейіпкер осы кенже бала болып келеді. Қоғамда әлеуметтік теңсіздік шарықтау шегіне жеткен кезде ертегі идеал етіп, мадақтайтын бейне – әлеуметтік теңсіздіктегі бұқара өкілі, жәбірленуші, жапа шегуші. Бұл кезде қиял-ғажайып ертегілер өмірге тікелей жақындап, толық бұқараланады, бұқара арманын дәріптеп, халық мұратын эстетикалық мұратқа айналдырады. Айтылмыш жанрдағы басты тақырып – сиқырлы заттардың көмегімен бас қаһарманның небір ғажайыптар мен қыруар қиындықтарды жеңіп, мұратына жетуі. Мұның үстіне үнемі әділеттік жеңіп, зұлымдық әшкереленіп отырады. Ертегілердің бұл түрінде дәстүрлі идеялардың жиынтығы оның композициясымен, сюжеттік желілерімен және қаһармандардың айқын анықталған идеясымен біте қайнасып кеткен. Бұл қатаң бірліктен сәл ауытқу қиял-ғажайып ертегісінің мүлдем бөтен түрін туғызады. Егер қаһарман барлық күшін сарқа пайдаланып, небір қиындықтарды жеңіп шықса, ол батыр атағына ие болады да, мұндай қаһарманы бар ертегі өзіндік ерекшелігімен дараланатын батырлық ертегілер деп аталады. Екінші жағынан, дәстүрлі композициядан ауытқу қиял-ғажайып ертегілеріне жақын әрі біршама бөтен идеялармен байланыстырылады. Қиял-ғажайып ертегілердің классикалық типі қаһарманды басқа дүниеге аттандыру, ғажайып құралдарды табу, қиын тапсырмаларды орындау, құда түсу, жауыз күштерден құтылу сияқты композициялық бөлшектерді қамтиды. Ол көбінесе қаһарманның үйленуімен және таққа отыруымен аяқталады. Ертегілердің классикалық түрі шығыс пен батыс халықтарына кең таралған. Қазақтың қиял-ғажайып ертегілері ерекше дара тұрған дүниелер емес, оның көптеген сюжеттері дүниежүзіне белгілі ертегілердің нұсқалары болып келеді3. Ертегі, әдетте, қаһарманның үйден аттануымен басталады. Оның себептері де әртүрлі: бірде үйірімен жылқы ұрланып, ағайынды жігіттер ұрыны іздеп шығады («Сәрсенғали»), бірде мыстан кемпірдің алдын ала ескертуі бұзылып, әкесі оған ұлын жіберуге мәжбүр болады («Қаратай»), бірде қаһарманның шешесін Алып Қарақұс әкетіп, қаһарман оны іздеуге шығады («Қанбаба»). Басталудың мұндай типтері барынша көне болып келеді. Ғажайып образдар арқылы өрнектелген табиғаттың жауыз күштері мен адам арасындағы арасалмақтың бұзылуынан сюжет арқауы тарқатылып отырады. Ежелгі рулық салттардың ыдырауына және отбасы ішіндегі алауыздықтың пайда болуына байланысты ертегіде де өзгеріс пайда бола бастайды. Айталық, полигамдық жағдайындағы күндестік өз көрінісін табады. «Алтын айдар» мен «Үш қыз» атты ертегілерде бәйбіше тоқалдан туған баланың орнына күшік салып қояды, хан тоқалды үйінен қуып жібереді. Ал «Байдың кенже ұлы мен пері» ертегісінде кіші ұлының берген кеңесіне шамданған әке оны үйінен қуып жібереді. Кейінірек қоғамдағы қайшылықтар күшейе түскен кезде ертегілерге әлеуметтік сарын ене бастайды. Сөйтіп, ертегіде кедей жігіттің әйелін ұнатқан хан оны өлтіру ниетімен әртүрлі қиын жұмыстарға жұмсайды («Барып кел де, алып кел», «Адам білмес тас»). Сонымен, қаһарман үй-ішімен қош айтысып, жолға шығады. Оның алдында неше түрлі сиқырлы заттарды немесе қалыңдығын табу мақсаты тұрады. Кейде оны сапар шегуге итермелейтін өзінің табиғи әуесқойлығы болады. Қолына темір таяқ ұстап, аяғына темір етік киіп, қаһарман беймәлім, жат сырлы дүниеге – алыс жолға сапар шегеді («Ер Төстік», «Қанбаба»). Жат сырлы дүние бірде жердің үстінде, бірде астында, бірде көкте болып шығады. Кейде ол адам басып өте алмайтын шөлді құм дала арқылы өтетін биік таулардың арғы жағында болады. Оған жету үшін дамылсыз қозғалып тұратын «жаны бар» алып таулардан, жанып тұрған теңізден немесе аспанды тіреп тұрған асқар таудан өту керек. Қазақ ертегілерінде жырақ жатқан тылсым дүние ашылып суреттелмейді, жалпылама аталады және ол кәдімгі қазақ жеріне ұқсас болып келеді. Ежелден дала перзенті – көшпелі қазақ халқының ертегілерінде шексіз дала мен биік таулардың кездесуі – таңданарлық құбылыс емес. Оның пейзажы көбінесе шетсіз-шексіз шөлге айналып отыратын дала мен көз ұшында көкжиекпен астасатын таулар болып келеді. Рас, кей-кейде шекаралық бір меже кездесіп қалып отырады. Мәселен, биік таудың басында жалғыз үй тұрады, оның ішінде жалмауыз кемпір отырады. Алайда бұл арадағы жалмауыз кемпірдің сақшылық қызметі қосалқы рөл атқарады. Көп жағдайда қаһарман айдалада немесе дарияның жағасында өсіп тұрған жалғыз бәйтерекке тап болады. Ол ағаштың басындағы Алып Қарақұстың немесе Самұрықтың ұяда жатқан балапандарын айдаһардың аузынан құтқарады. Сол үшін қаһарманды Самұрық жат сырлы дүниеге жеткізіп салады («Адам білмес тас», «Сиқырлы құс», «Үш қыз» және т.б.). Қаһарманның Самұрық құстың көмегімен жеткен жері малға толы жайлау, көкорай шалғынды аңғар не үлкен қала болып келеді, кей-кейде сусыз шөл немесе адам аяғы баспаған құла дүз болуы да мүмкін. Бейтаныс қаланы ұзақ шарлап, ешбір адамды кездестіре алмаған қаһарман кенеттен бір балаға тап болады. Оған қарай асыға ұмтылып, тақап келгенде, бала шыңғырып жібереді де, құлап түседі. Сөйтсе, бұл қаланың тұрғындары – перілер екен («Онда бар да, мұнда алып кел»). Жат сырлы дүниеде қаһарман бұрынғы келбетін өзгертіп, адам танымастай қалыпқа келуі керек. Қаһарманды бұлайша бүркемелеу көптеген елдердің ертегілерінде кездеседі. Самұрық құс кейіпкерді жұтып алып, қайта құсады да, оны танымайтын қылады («Қанбаба», «Адам білмес тас»). Бет перде жамылған қаһарман бірде қойылған сұрақтардың барлығына «білмеймін» деп жауап береді («Білмес»), бірде сүйкімсіз тазшаның кейпіне келеді («Әли мен Тәби»), бірде басына қойдың қарынын жамылып алады («Ермек»), т.т. Қаһарманды жат сырлы дүниеде күтіп тұрған не? Ол – мұнда өзі күй шығаратын домбыра, адам білмес тас, қолма-қол тағам даярлайтын дастарқан, бүкіл дүниені көрсететін айна, ғажайып қазан сияқты сиқырлы заттар. Сондай-ақ ол мұнда су патшасының қызы мен көк Тәңірінің қызы Күнікей сияқты сұлуларға тап болады. Сиқырлы заттардың көмегі мен кеңесіне сүйенген қаһарман жат сырлы дүниеден іздегенін тауып, жер бетіне оралады. Қазақ ертегілерінің көпшілігінде қаһарман жерге қайту жолында зұлым күштердің кедергісіне ұшырамай, қайту сапары сәтті аяқталады. Алайда зұлым күштер тап берген жағдайларда кейіпкер олардан қашып құтылуға мәжбүр болады: жалмауыз кемпірден қашқан қыз артына тарақ, ине, айна сияқты заттарды тастап отырады, ол заттар дереу орманға, тауға, көлге айналып кетеді; қаһарман кейде өзінің жауыз ұстазынан бірде түлкі, бірде үйрек, бірде балық болып, әртүрлі айла-әдістермен шебер жасырына қашып құтылады («Қыздар мен жалмауыз кемпір», «Тазша бала», «Оқымысты бала»). Қазақтың қиял-ғажайып ертегілері қаһарман үйленіп, хан болуымен тынады. Бұрынғы қызғаншақ хан мен оның зұлым уәзірі, ханның айуандық әрекеттеріне көмектесуші арамза кемпір мен ағайынды сатқындардың барлығы не қатаң жазасын тартады, не кешірім алады. Қазақ ертегілерінің композициясы, жалпы алғанда, Батыс пен Шығыстың көптеген халықтарының ертегілеріне ұқсас боп келеді. Сонымен бірге ол өзіндік сипатқа да ие. Мысалы, кейбір ертегілер даладағы жұтты баяндаудан басталады. Жұттың салдарынан ел басқа жерге қоныс аударады. Ал ертегі қаһарманы ержеткен соң сол елді іздеуге аттанады. Сөйтіп, жұт қаһармандардың тағдырын өзгертіп, ертегілік сюжеттің басталуына ұйтқы болады.

Батырлық ертегі

Батырлық ертегілердің басты тақырыбы – ерлікпен үйлену, неше түрлі құбыжықтармен, адам жегіш жалмауыздармен соғысу, рудың, елдің намысын қорғау. Қаһармандық үйлену болашақ батырдың өзіне қалыңдық іздеп, ұзақ жолға сапар шегумен байланысты болып келеді. Бұның арғы түп негізінде өз руластарының ішінен қыз алуға тыйым салатын экзогамия заңы жатыр. Оның үстіне көне заманғы эндогамия заңы бойынша болашақ батыр тек тиісті ғана рудан қыз алуға міндетті. Міне, осы қызды іздеп, ол алысқа аттанады. Ұзақ сапарда ұшырасып оның жеңетін неше түрлі мақұлықтары, сөз жоқ, ерте кездегі адамдардың табиғат күштері туралы түсінік-пайымдарын көрсетеді. Қиял-ғажайып ертегіге қарағанда мұнда қаһарман тек құбыжық жалмауыздармен ғана қақтығысып қоймайды, ол тарихи жаулармен де соғысады, соның бәрінде ол жалғыз өзі жүреді. Батырлық ертегі – өзінің стадиялық тегі жағынан қиял-ғажайып ертегі мен қаһармандық эпос аралығындағы жанр, ол осы екеуінің де жанрлық белгілерін бойына сіңірген. Түптеп келгенде, батырлық ертегінің бір бастауы көне миф пен хикая, ал екінші көзі – қиял-ғажайып ертегі. Соған қарамастан, ол өз бетінше, өз жолымен қалыптасып, дамыған. Батырлық ертегіде жеке адамның рулық ұжымнан дараланып шыға бастағаны және ол өзін жеке адам ретінде сезіне бастағаны көрініс тапқан. Табиғатқа толық тәуелді «әйтеуір, бір адамнан» басқа, керемет күш пен қасиеттердің иесі – алып батыр тұлғасы пайда болады. Ол – алып батыр ғана емес, небір сиқыр сырларды білетін ерекше адам, сол себепті ол өзінің іс-әрекеттерінде керемет көмекшілерге емес, қара басының қасиетіне, білегінің күшіне сенеді. Егер қиял-ғажайып ертегіде керемет көмекшілер дәріптелсе, мұнда елден асқан батыр мадақталады, оның күші мен қимылы, ерлігі әсірелене баяндалады. Батырлық ертегілердің тақырыптық диапазоны соншалықты кең емес. Мұнда екі сала түрлі топ бар. Бірі – болашақ батырдың некелік сынақтан өтуі: қыздың немесе әкесінің қиын-қиын тапсырмаларын орындау, балуандық пен мергендік сыннан сүрінбей өту, жаяу жарыста жеңіп шығу, т.т. Екіншісі – әртүрлі ғажайып мақұлықтармен және жау елдің қолымен соғысу. Осы екі тақырыптық цикл кейін қаһармандық эпосқа көшеді, бірақ онда кейіпкердің бала кездегі ерлігі жеке тақырып болып қалыптасады. Батырлық ертегілердегі сюжеттің өрілуі осы екі тақырыптық циклге сәйкес. Яғни бұл жанрдағы шығармалар екі үлкен бөлімнен тұрады деуге болады. Бірінші бөлім – некелік сынақ (немесе ерлікпен үйлену) – қиял-ғажайып ертегіде бар, демек, сол жанрда қалыптасқан. Олай болса, бірінші тақырып стадиялық жағынан екінші тақырыптан бұрын шыққан. Ал екінші тақырып туған елдің намысын қорғау актуальді болып тұрғанда пайда болған, яғни қаһармандық эпостың аз-ақ алдында немесе сонымен бірге қалыптасқан. Сол себепті бұл тақырып екі жанрға бірдей ортақ. Батырлық жыр барлық жанрдан басым түскенде бұрынғы ертегідегі аңшы-мерген енді батырға айналады. Батырлық ертегінің стилі де өзіндік белгілерімен сипатталады. Мұнда асықпай баяндау басым, біраз эпикалық тыныс бар. Батырдың жаумен айқасы шабытты түрде баяндалады. Осы қасиеттері мен тақырыбы (ерлік пен үйлену, жаумен соғысу, мақұлықтармен шайқасу) батырлық ертегіні қаһармандық эпосқа барынша жақындатады. Қаһармандық эпостағы батырдың образы, оның мінезіндегі ерлік пен қайсарлық, сөз жоқ, батырлық ертегінің негізінде дамиды. Халық прозасының бұл жанры – батырлық жырдың, яғни эпос жанрының аса маңызды қайнар көзі, көп бұлағының бірі. Алайда, қаһармандық эпоспен салыстырғанда, батырлық ертегіде оқиғалардың баяндалуы кең құлашты эпикалық түрде емес және ерлік істердің пафосы батырлық жырдағыдай ұжымдық, бұқаралық сипатта болмайды. Мұнда ел тағдыры, халық өмірі қаһармандық эпостағы деңгейде әңгімеленбейді. Қазақтың батырлық ертегілері шығу тегі мен сюжетінің сипатына қарай үлкен екі топқа бөлінеді. Бірінші топта – көне батырлық ертегілер де, екінші топта кейінгі дәуірде, XVІІІ-XІX ғасырларда жырдан туған ертегілер. Архаикалық батырлық ертегінің сюжеті кейіпкердің бүкіл өмірбаянын қамтиды: а) пролог, яғни кейіпкердің туу тарихы; ә) кейіпкердің үйлену тарихы (некелік сынақтан өту); б) кейіпкердің үйленгеннен кейінгі өмірі (жаумен соғысы, оны жеңуі, қартаюы, т. т.). Екінші топтағы ертегілердің сюжеті мұндай кең емес, яғни ғұмырлық тұтастану түгел болмайды. Бұл ертегілердің негізгі тақырыбы – рулар мен тайпалар, қалмақтар мен қазақтар арасындағы ұрыс, жанжал, бір ру батырының екіншіден кек алуы. Кейде ертегі сюжеті кейіпкердің ұрпағы туралы эпилогты да қамтиды. Екінші топты құрайтын ертегілердің дені – батырлық жырдың прозалық түрі. Бірақ кейбірі батырлық жырдың мазмұнын түгел қайталамайды, олар басқа, қосымша оқиғалармен қаһармандық эпостың сюжетін толықтыра түседі. Ал енді біреулері – қиял-ғажайыптан батырлық ертегіге, әйтпесе, батырлық ертегіден эпосқа айналып үлгермеген шығармалар. Мұнда кейіпкер тек құбыжықтармен ғана кездеседі, я болмаса дұшпан елдің батырымен шайқасады. Енді мысал үшін «Керқұла атты Кендебай» ертегісін сипаттап көрсетелік. Бұл – қазақ батырлық ертегілердің ішіндегі ең көнелерінің бірі. Бұл ертегінің сюжеті – кейіпкердің өмірбаяны да, тақырыбы – ерлікпен үйлену және жаудан кек алу. Демек, бұл нағыз классикалық түрдегі көне ертегі. Осы ойымызды ертегінің мына белгілері толық дәлелдейді. Біріншіден, көне батырлық ертегіге тән қаһарманның тууы мен ғажайып өсуі: «Кендебай ай сайын емес, күн сайын өсіпті; алты күнде күліпті, алпыс күнде жүріпті; алты жылда алып жігіт болыпты», – дейді ертегі. Екіншіден, бала кезінен өте күшті, асқан мерген болып, керемет ерлік көрсетеді: «алысқанын алып ұра беріпті, күрескенін жыға беріпті, шыңырау құдыққа құлаған атандарды жалғыз тартып шығара беріпті, көкжалды құйрығынан ұстап алып, бұлғап-бұлғап лақтырып кеп жіберіпті». Үшіншіден, батырға лайық керемет аттың туып, өте жылдам өсуі. Ол адамша сөйлей біледі, алдағыны болжап, өткенді біліп отырады. Желден де, құстан да жылдам, ақылды да айлалы ат – кейіпкер-батырдың жан серігі. Төртіншіден, батыр – ел намысын қорғаушы. Ол тыныш жатқан елді шауып кеткен ханның еліне барып, оның қиын тапсырмаларын орындап, тұтқынға түскен халқын, малын алып қайтады. Бесіншіден, ол кәдімгі батырға лайық ерлікпен үйленеді, яғни ертегіге тән «қаһармандық үйлену» салтын орындайды. Алтыншыдан, батыр жеті басты дәумен де, алып арыстанмен де, жәдігөй сиқыршы жалмауыз кемпірмен де жалғыз өзі шайқасады, оған бұл жерде ешкім жәрдем етіп, араласпайды. Міне, бұл батырлық ертегі жанрының ең басты белгілері. Бұл жанрдың тағы да басқа қасиеттері бар. Ал енді «Керқұла атты Кендебайда» бір ғана сюжет баяндала ма? Жоқ. Мұнда сюжеттік желі бірыңғай дамымайды, бір ізбен жүрмейді, яғни ертегіде екі сюжет бар және ол екеуі бір-бірінен шықпай, кірігіп тұр. Бірінші, әрі басты сюжет – Кендебайдың тұтқын болған елді іздеп, жау ханнан оларды босатып алуы. Ал осының ішіне жеке сюжет енген: елді шапқан жау ханның тапсырмасын орындау. Шынтуайттап келгенде, бұл өте көне сюжет, тіпті, осы ертегіні көнелендіріп тұрған да осы. Бұл сюжет болмаса Кендебай жау елді тауып алып, шайқасқа түсіп, оларды ойсырата жеңіп, тұтқындағы халқын босатып алар еді. Ал, мұндай сюжет желісі кейінгі дәуір ертегілеріне тән. Оның үстіне жаңағы қосымша (екінші) сюжеттегі эпизодтар мен мотивтер бұл ертегіге қиял-ғажайыптық та сипат беріп тұр, себебі олар көне хикая мен қиял-ғажайып ертегілердің компоненттері. Бұл заңдылықты көне батырлық ертегілерінің бәрінен көруге болады. Қазақ батырлық ертегілерінің екінші тобында рулар мен тайпалардың, тарихи адамдардың аттары кездеседі, кейбір тарихи оқиғалардың эпизодтары баяндалады. Мұндай ертегілердің көпшілігі қаһармандық эпостың әсерімен пайда болған немесе жырдың өзінен туған. Мысал үшін «Әлеуке батыр мен оның ұлы Орақ» атты ертегіні алуға болады. Бұл ертектің тақырыбы – қазақ пен қалмақтардың жауласуы, ал мазмұны түгелімен осы екі халықтың соғысына құрылған. Ертектің сюжеттік желісі ұзақ, бірнеше ішкі сюжеттен тұрады, сонымен бірге сюжет бірнеше стадиялық қатпарды қамтиды. Сюжеттің схемасы мынадай:

І. Пролог: 1. Әлеукенің тоғыз баласы қалмақтармен соғыста қаза табады. 2. Баласыз қалған Әлеуке әулие-әнбиелерді аралап, Тәңірден бала сұрайды. Түсінде оған Баба Түкті Шашты Әзіз әйелің бір ұл, бір қыз табады деп аян береді. 3. Дүниеге Орақ пен Қарлығаш келеді.

ІІ. Негізгі оқиға. 1. Әлеукенің Әліби деген досы жаудан кек алуға аттанады. 2. Жеті жасар Орақ бірге шығады. 3. Ол қалмақ қолымен жалғыз соғысады. 4. Орақ алданып, тұтқынға түседі: а) қалмақтар оны зынданға салып тастайды, содан кейін аралға апарып тастамақ болады;

ә) Орақ қайықтағы қарауылды суға лақтырып, аралға шығады; б) елсіз аралда өлермен болған Ораққа Баба Түкті Шашты Әзіз Қарақұс бейнесінде келіп, оны еліне апарып салады. 5. Орақтың елін Қодар құл билеп алған. Орақ Қодарды өлтіріп, елін жауыздан құтқарады. 6. Қалың қолмен қалмаққа барып, жалғыз өзі бәрін қырады, тоғыз ағасын өлтірген қалмақ батыры Көбіктіні жекпе-жекте жеңеді, онымен достасады.

ІІІ. Аяқталуы.
Жауды жеңіп келген Ораққа әкесі тағын береді.

Міне, бұл ертектің сюжеттік желісі жалпы батырлық ертегінің сюжеттік қалыбынан алшақ емес, көне батырлық ертегі мотивтері де ұшырасады (перзентсіз кәрі ата-ана, болашақ батырдың кереметпен тууы, оны елсіз аралдан Қарақұстың алып шығуы), қаһармандық эпостың да сарыны бар (қалмақпен соғыс, тұтқынға түсу, Баба Түкті Шашты Әзіздің көмегі, ағаларының кегін қайтару). Жалпы, бұл ертегіде батырлық жырдың әсері басым және айқын сезіледі. Ертегінің мазмұнына қарағанда, бұл бір кезде жыр болған болу керек. Демек, «Әлеуке батыр мен оның ұлы Орақ» – жырдың батырлық ертегіге айналған үлгісі. Олай дейтін себебіміз: біріншіден, эпосқа тән шежірелік тұтастану бар (алдымен кейіпкердің тоғыз ағасы туралы айтылып, олар орындай алмаған істі Орақ жүзеге асырады); екіншіден, ертегі бірден жаугершілікпен басталады, ал жауы – қазақтың тарихи жауы (қалмақ); үшіншіден, жеті жасар Орақтың жауға аттануға дайындалуы, оған қарындасының ат таңдауы, жас Орақтың қалың жау қолымен жалғыз соғысуы; төртіншіден, Орақтың жау қолына түсуі; бесіншіден, батыр жоқта құлы тақты тартып алып, қарындасын алмақ болуы, Орақтың келіп, оны жазалауы; алтыншыдан, тұтқыннан босаған Орақтың қайтадан қалмақты шабуы. Міне, осының бәрі – қаһармандық эпостың жанрлық сипатын көрсететін белгілер. Бұл ертектің жырдан пайда болғанына тағы бір дәлел – кейіпкерлердің есімдері: Көбікті – «Қобыландыдағы» қалмақ ханы, әрі батыры; Қодар –«Қозы Көрпеш – Баян Сұлудағы» тоқсан құлдың басшысы; Қарлығаш – Алпамыстың қарындасы. Ал Баба Түкті Шашты Әзіз – қаһармандық эпостағы батырлардың пірі. Ол туралы бірнеше дерек бар. Бір деректерге қарағанда, оның шын есімі – Баба Түклас. Оның әкесі – Керемет Әзіз. Баба Түкластың өзі Меккеде патша болған. Енді бір деректер бойынша, Баба Түкті Шашты Әзіз – Ахмет Яссауидың арғы бабасы, ислам діні Орта Азияға тараған кезде жасаған кісі, Қорқыттың замандасы (VІІІ-ІX ғ). Тағы бір мәлімет бойынша, Баба Түкластың баласы Еділ-Жайыққа дейін келген, оның Құтлу-Қия деген ұлынан Едіге туған4. Кейінгі дәуірлерде туған батырлық ертегілердің бірі – «Таласпай мерген». Оның қаһармандық эпоспен байланысы жоғарыда талданған «Әлеуке батырдан» да тығыз. Бірақ соған қарамастан, мұнда көне батырлық ертегінің элементтері көп. Ертегі бірнеше сюжеттен құралған: 1) Қобыланды мен Қараманның шайқасы, Қараманның опат болуы; 2) таланған елдің жұртында кішкентай Таласпай мен кәрі шалдың, тайдың аман қалуы, аққулардың шалды сүйреуі, оларды Таласпайдың іздеуі; 3) Таласпайдың үш аққудың еліне келуі, малшыны өлтіріп, тазша кейпіне енуі, ханның кіші қызына үйленуі, қайын атасының тапсырмаларын орындауы; 4) алып Қарақұстың жаңа туған құлындарды ұрлауы; 5) құлындарды іздеген жолда өрттен жыланды құтқаруы, одан жан-жануарлардың тілін үйренуі; 6) Қобыландының елінен кек алу үшін жорыққа шығуы, онымен достасуы; 7) әкесінің кегі үшін Қосайдың Қобыландыны өлтіруі; 8) Таласпайдың Қосаймен соғысуы, артынан достасуы; 9) Қарақыпшақ еліне көшіп барып, хан болуы. Сюжеттік схемадан көріп отырғанымыз: 3-ші және 4-ші сюжеттердің көне батырлық ертегіден екендігі. Оның үстіне мұнда қиял-ғажайып ертегілердің де белгілері кездеседі. Мысалы, алып Қарақұспен кездесу мен өрттен қашқан жыланға жәрдем етіп, одан керемет қасиет алу сарындары, сондай-ақ жалмауыз кемпірдің қайырымды болып көріну эпизоды – бұлар қиял-ғажайып ертегілерін даралайтын жанрлық ерекшеліктер. Алайда, осының бәріне қарамастан, «Таласпай мергенде» қаһармандық эпостың компоненттері айырықша. Мысалы, ертегінің ә дегеннен жаугершілікпен басталуы, батырлардың өз руларының атынан соғысуы, бір-бірінен кек алуы, жеңілген батырдың достықты ұсынуы, т.т. Ал батырлардың жекпе-жегі кәдімгі эпостағыдай суреттеледі: олар алдымен атысады, содан соң шабысады. Одан ештеңе шықпаған соң, найзамен соғысады, бұл жолы да бірін-бірі жеңе алмайды. Ең ақыры, аттан түсіп, жаяу күреседі. Жеті күн, жеті түн алысқаннан кейін ғана біреуі жеңеді. Ертегідегі кейіпкерлер түгелімен дерлік – қаһармандық эпостың батырлары: Қобыланды, Қараман, Ер Көкше, Ер Қосай. Бұлардың тарихта болғандары да мәлім. Демек, «Таласпай мерген» ертегісінде тарихи элементтер бар. Мұнда баяндалатын батырлар қақтығысынан, әскери жорық пен ұрыстардан XІV-XVІ ғасырлардағы феодалдық дүрбелең мен шет жауларға қарсы соғыстың тынысы сезіледі. Қаһармандық эпос ширатқан сюжеттік линияны дамыта отырып, ертегі эпикалық батырлардың тарихын тәмамдап шыққан, яғни ғұмырнамалық және шежірелік тұтастануды толық сақтаған: батырдың өмірін түгел қамтыған және әке кегін бала, аға кегін іні қайтарған. Рулар қақтығысы мен кек қайтару тақырыбы «Ер Көкше мен оның ұлы Ер Қосай» ертегісінде барынша толық дамыған. Қақтығысқа мұнда да эпикалық қаһармандар қатынасады. «Таласпай мергендегідей» бұл ертегі де Ер Қосайдың қарақыпшақ Қобыландыны жеңуімен аяқталады. Әйелін құтқару үшін Ер Қосайдың жапалаққа айналатын жері болмаса, мұнда фантастикалық элемент шамалы ғана, ал көптеген ұрыстар мен жекпе-жектер, ру аралық тартыстар бірінші орынға қойылады. Жалпы, эпикалық қаһармандар бейнеленетін ертегілердің өте көне батырлық ертегілерден айырмашылығы сол – мұнда ру аралық тартыстар тақырыбы ерекше орын алады. Бұл кездейсоқ емес. Өйткені мұндай тартыстар патриархалды-рулық қатынастардың ыдырау процесі күшейіп, феодалдық қоғамға көшу жағдайында жиі болып тұрған. Батырлық ертегілер қиял-ғажайып ертегілердің көркемдік жүйесінің көптеген қасиеттерін өзіне қабылдаған, бірақ сөйте тұра, қаһармандық эпостың да бейнелеу құралдарын бойына сіңірген. Бұл жанрдың халық прозасының басқа жанрларынан айырмашылығының бірі – кейіпкердің белсенділігі мен күштілігі. Аса күшті, әрі тапқыр болғандықтан, ол сиқырлы күштердің көмегіне сирек сүйенеді. Батырлық ертегінің қаһарманы – эпикалық қаһарман, оның ерлік істері қиял-ғажайып ертегілеріндегідей сиқырлы көмекшілерсіз-ақ жасалып жатады. Батырлық ертегілердегі қаһарманның айнымас серігі мен көмекшісі – ат. Көшпелі-бақташылық тұрмыс жағдайындағы түрік пен моңғол халықтарының батырлық ертегілерінде адал көмекші ретінде атқа айрықша орын беріледі. Ұшып бара жатқан құстарды тісімен қағып түсіретін, «алты айлық жолды алты аттайтын», желден жүйрік жануар, тамаша тұлпар Керқұла ержүрек иесі Кендебайға қапысыз қызмет етеді. Ер Төстіктің Шалқұйрығы бұдан асып түспесе, кем емес. Мұндай ғажайып аттар адамша сөйлейді де. Батырлық ертегілердің қаһармандық эпоспен байланысы олардың рухы мен сюжеттік оқиғаларының бірлігінде ғана емес, баяндау мәнерінде де. Тіпті, әрбір батырлық ертегіде дерлік жырға жақын өлеңмен берілетін эпизодтар кездеседі. Әдетте, олар қаһарманның достарымен, не қастарымен айтысатын диалогы болып келеді. Мәселен, қойшы бала жүрген алқапқа арнайы ұшып келген алты қаз Кендебайды былайша іздейді:

- Кендебай сал мұнда ма?

Керқұла аты қолда ма?
Бауда нұры балқи ма?
Балақ жүні шалқи ма?

Кендебай да жауапты өлеңмен қайтарады. Алайда ертегілердегі өлеңдер қаһармандық жырға қарағанда әлдеқайда қарапайым келеді, бірақ солай бола тұрса да, ертегіге өлеңнің енгізілуі оның қаһармандық эпоспен туыстығын тағы бір дәлелдемек.

Новеллалық ертегі

Қазақ фольклорында өзінің сюжеттік құрамы мен мазмұны, композициялық құрылымы мен стилі жағынан оқшауланып тұратын бірталай ертегі бар. Алайда ұлттық фольклортану ғылымымызда олар жеке зерттелмей, «тұрмыс-салт ертегілердің» тобында қарастырылып жүр. Ал бұл ертегілер өзінің сипатты белгілері бойынша таза «тұрмыс-салт» ертегі емес. Біріншіден, онда тұрмыс-салт ертегіге тән емес қиял-ғажайыптық элементтер көп, оқиғалар өте таңғажайыпты, шытырман болып келеді; екіншіден, мұнда сюжет өте күрделі, ол бірі-бірінен асқан қым-қиғаш оқиғалар тізбегінен тұрады. Үшіншіден, кейіпкерлер өз мұратына қулықпен емес, ақылмен жетеді, дұшпандарын да ақылмен жеңеді. Әрине, бұл ертегілердің ерекшелігі осымен ғана шектелмейді. Қолдағы материалды саралап, зерттеп қарағанда, бұл топтағы мәтіндер – қиял-ғажайып пен тұрмыс-салт ертегілердің аралығында тұрған шығармалар екені байқалады. Біздіңше, оларды «новеллалық ертегі» деп атаған жөн сияқты. Өйткені мұнда новеллаға тән хикаялық, яғни шытырман оқиғалық сипат басым. Рас, бұл ертегілер көлемі жағынан новелла сияқты шағын емес, бірақ бұл жерде біз әдеби емес, фольклорлық жанрды атап отырмыз және бұл атауымыз шартты түрде алынып отыр. Қоғамның дамыған кезінде, сауда-саттықтың, қолөнер мен өндірістің өскен шағында қиял-ғажайып ертегі тыңдаушысын баурап әкететін өзінің бұрынғы қасиетінен айырыла бастайды. Енді оның негізінде әрі онымен таласа, күресе отырып, басқа ертегілік жанрлар пайда болып, қалыптаса бастайды. Сөйтіп, бұл дәуірде новеллалық, ал кейінірек сатиралық ертегілер өмірге келеді. Әрине, бұл бір ғана дәуірде пайда болған жоқ. Профессор Мәлік Ғабдуллин дұрыс айтады: «Халықтың тұрмыс – тіршілігіне, салтына байланысты туған ертегілері бір ғасырдың ғана жемісі емес. Ол талай ғасырдың жемісі. Бұл ертегілердің ішінде көне заманда, феодалдық қарым-қатынастар кезінде және соңғы дәуірде туғандары да бар. Олардың бәрі ауызша айтылып, ауызша тарағандықтан көптеген тарихи кезеңдер, талай таптық, қоғамдық орта тудырған әртүрлі көзқарастарды, сан алуан ұғым түсініктерді бойына жинастыра келгендері де белгілі. Бірақ солай бола тұрса да, халықтық ортада туған ертегілер өзінің халықтық сипатын жойған жоқ. Қайта, оны әрбір жаңа дәуір, жаңа кезең жағдайларына қарай өзгертіп, шыңдап, жетілдіріп отырғанын, өткірлеп мәнерлегенін де байқаймыз»5. Сырттай қарағанда новеллалық ертегілерде әдеттегіден тыс құбылыстар, яғни ертегіге тән ғажайыптық белгілер жоқ сияқты. Бірақ шындығында олай емес: мұнда айырықша өмір ағымы, шындық өмірде болмайтын жағдайлар бар. Новеллалық ертегілердегі нәрсенің көбі тосын, ерекше, мұнда фантастика да (ғажайып) бар, бірақ оның сапасы қиял-ғажайып ертегіден басқаша. Мұндағы қиял (вымысел) өте көркемделіп кеткендіктен көне мифтік ұғымдармен, діни нанымдармен тектік байланысын үзген. Сол себепті бұл ертегілердегі сиқырлық, құбылушылық сияқты нәрселер кейіпкерлердің тек өз басының ғана қасиеттері деп саналады. Мұндағы баяндаудың барысы үнемі әділдік пен ақылдың жеңісіне бағытталып отырады, ал күнделікті тұрмыста кездесетін қарапайым шындық моральдық уағыз арқылы емес, уақиғаның табиғи дамытылуы арқылы дәлелденеді. Рас, кейде ертекші баяндауды афоризммен түйеді. Бірақ ертегіде айтылып отырған шындық былай да көрініп тұратындықтан, үнемі мұндай әдіс қолданыла бермейді. Новеллалық ертегіде өте қызғылықты, қорқынышты сапарлар, шым-шытырық жағдаяттар, адамның қым-қиғаш тағдыры, отбасы өмірі, ерлі-зайыптылардың басынан кешкен оқиғалары, тағы да басқа небір керемет те сұмдық уақиғалар туралы баяндалады. Тақырыбы жағынан бұл жанрдағы шығармалар әралуан. Бір топ ертегі, мысалы, қарапайым қыздың өзінің тапқырлығы арқасында ханға, яғни хан баласына тұрмысқа шыққаны жайында әңгімелейді. Ал, енді бірқанша ертегіде ерлі-зайыптылардың тағдыр тәлкегіне түсіп, өмірдің небір тауқыметін тартқаны, әйелдің ақылдылығы мен сабырлылығы арқасында ері таққа отырып, бақытқа кенелгені туралы айтылады. Көптеген ертегілерде ақымақ еркекті ақылды әйелдің адам қылғаны жайлы баяндалады. Көлемі жағынан ұзын-сонар, мазмұны шытырман оқиғалы көптеген новеллалық ертегілерді «фольклорлық» немесе «халықтық роман» десе де болады. Олардың сюжеттері тек қазақта ғана емес, сондай-ақ бүкіл шығыс елдерінде кең тараған ондаған мотивтерді қамтиды. Мәселен, мұндай шығармаларға сотты билеп-төстеген және бидің берген жұмбақтарын лезде «қағып тастайтын» ақылды ағайындылардың хикаясы, патшаны ғажайып дәу улы жыланнан құтқарған уәзір туралы әңгіме, өлім жазасына кесілсе де, сабырлылық сақтаған уәзірдің тарихы, патшаның қолындағы уға толы тостағанды тарпып түсірген бүркіт туралы және тағы басқа көптеген ертегілер жатады. Новеллалық ертегілердің ішінде жеке топ құрайтындары – отбасы туралылары, ерлі-зайыптылардың бір-біріне адалдығы, я болмаса бірін-бірі алдайтындығы жайында баяндайтын ертегілер. Осылардың ішінде әйелдің күйеуінің көзіне шөп салып, оны ақымақ қылатынын әңгімелейтін ертегілер де бар. Сонымен бірге басқа әйелге көңілі ауып, неше түрлі қолайсыз жағдайға түсіп, әлек болатын еркектер жайлы да ертектер бар. Ертегі адам бойындағы қызғаныш пен күдік сияқты сезімдерді әшкерелеп, болашақтан күдіктенушілік пен қорқушылықтың негізсіз екенін де көрсетеді. Мысалы, әйелдердің көзге шөп салушылығы туралы әңгімені естіген хан өзінің жаңа ғана үйленген жас жұбайын сынамақ мақсатында үйінен аттанып, өзі келгенше әйеліне ұл тауып қоюды бұйырады. Әйелі еркекше киініп, ханның соңынан барады да, біресе ханның жақын жолдасы, біресе оның қарындасы болып, екі жеп, биге шығады. Сөйтіп, ханның тапсырмасы орындалып, шынайы махаббат пен тазалық күдік пен сенімсіздікті жеңіп шығады («Уәзірдің қызы»). Отбасы жайында баяндайтын новеллалық ертегілер сан жағынан бірталай. Олардың басты ерекшелігі – қиял-ғажайып ертегілермен байланысын үзбегендігі6. Осындай ертегінің бір үлгісін талдап көрейік. Оның фабуласы мынадай: Ертеде Жүніс деген кісі қажыға кетеді, үйінде сұлулығы елден асқан Мархұма деген әйелі қалады. Бірақ күйеуі кеткен соң Мархұмаға қайнысы сөз салып, мазасын алады. Жеңгесі көнбеген соң қайнысы оған жала жауып, қазыға барып: «Жеңгем бұзылды. Ағам кеткелі үйінде күндіз-түні ойнақ!» – деп, өтірік айтады. Қазы шариғат бойынша Мархұманы таспен атқылап өлтіруге үкім қылады. Жендеттер таспен ұрып, әбден мыжғылап, Мархұманы ит пен құсқа жем болсын деп, далаға тастап кетеді. Ыңырсып жатқан Мархұманың дауысын Ағраби деген жолаушы естіп, оны үйіне әкеліп емдейді. Мархұмаға Ағрабидің құлы ғашық болады, әйелді көндіре алмаған соң ол иесінің баласын Мархұманың бөлмесіне әкеп өлтіріп, қанын Мархұманың киіміне жағып кетеді. Ағраби баласының өлгенін Мархұмадан көрмейді, бірақ әйелім зияндық қылар деп, 400 дирхем беріп, Мархұманы шығарып салады. Мархұма басқа шаһарға келеді. Келсе, алаңда бір жігітті патшаға қарыз 400 дирхемін төлемегені үшін дарға аспақ болып жатыр екен. Мархұма жаны ашып кетіп, әлгі жігіттің қарызын төлеп, босатып алады. Бірақ жігіт Мархұмаға ғашық болып, соңынан қалмайды. Мархұма қашып береді, анау қуып береді. Мархұма қашқан бойда бір дарияның жағасында тұрған кемеге келеді, жігіт артынан қуып жетіп, Мархұманы саудагерге сатып жібереді. Енді оған керуенбасы ғашық болып, маған ти дейді. Осы кезде Мархұма дәрет алып, намаз оқып, Аллаға сиынып: «Мені қияметте қара жүзді қыла көрме! Я, Алла, бұл залымдардан құтылатын бір керемет көрсет!» - деп жалбарынады. Осы сәтте дауыл тұрып, бүкіл кеменің бәрі суға кетеді, тек Мархұма отырған кеме аман-есен жағаға келіп тоқтайды. Мархұма кеме толы алтын мен күмісті көріп, еркекше киініп, көрініп тұрған шаһарға барады. Шаһардың патшасына өзінің басынан өткен істің бәрін айтып береді. Патша оған сарай салдырып береді, Мархұма дария жағасында тұрып, тәуіптік жасайды, дұғагөйлікпен елді емдейді. Мархұма мұнда жүргенде, күйеуі Жүніс қажылықтан үйіне келеді. Әйелі туралы інісінің айтқанына сенеді. Арада біраз уақыт өткен соң, інісі айықпайтын ауруға шалдығады. Дария жағасында тұратын әулие әйел туралы естіп, інісін соған апаруға алып шығады. Жол бойы баяғы Мархұманы аман алып қалған Ағрабидің үйіне соғады, оның (Мархұмаға қастандық істеген) құлы да ауруға шалдыққан екен. Соны да Ағрабимен ертіп жүреді. Жолаушылар баяғы Мархұма босатқан, бірақ оны сатып жіберген жігіттің үйіне қонады, ол да ауру екен, оны да ертіп жүреді. Бәрі тәуіп әйелге келеді. Оларды таныған Мархұма өзінің шаһарының патшасына елді жинатып, қалың жұрттың алдында үш ауруға өзіне жасаған қылмыстарын айтқызады. Оларды кешіріп, күйеуіне қосылады7. Осындай жарына адал әйелдер туралы новеллалық ертегілердің өзі бір топ. Әйелдер жаланың кесірінен қаншалықты азап шегіп, адам айтқысыз қорлық көрсе де, адамгершілік, имандылық қасиеттерін жоғалтпайды, барлық ауыртпалыққа төзе біледі, ақыл мен сабырлық арқасында қиыншылықтың бәрін жеңіп, мұратына жетеді. Ал олардың қастары нағыз зұлым, екіжүзді болып көрсетіледі, алайда – жағымсыз кейіпкерлердің қылықтары ашық мінелмейді, ащы сынға да алынбайды. Оларды новеллалық ертегі өзінің бас кейіпкерінің байыптылық, кеңпейілділік сияқты қасиеттері, өнегелі өмірі арқылы әшкерелейді. Сондықтан да ертегіде жәбірленген кейіпкер ол жауыздардан кек алмайды, оларды аяп, мүсіркейді, кешірім қылады. Мұның бәрі новеллалық ертегіні жанрлық тұрғыдан сипаттайды. Новеллалық ертегілердің қаһармандары батыр да, мерген де емес. Ол – хан мен қолөнерші, уәзір мен кедей, би мен ұста. Өздерінің әлеуметтік тегіне қарамастан, қаһармандар қайырымдылық пен әділеттілік идеясын қорғайды. Кей жағдайларда қаһарман қателесіп те жүреді, бірақ ертегінің соңында ол өзінің аяғын шалыс басқанын түсініп, ақырында, адалдық пен әділеттілік жолына түседі. Бақыт, әдетте, ақылды да тапқыр, адал әрі өзінің кемшілігін мойындап, одан арыла алатын адамның басына ғана қонады. Мұратқа ұмтылу – қазақ новеллалық ертегілерінің көпшілігіне тән қасиет. Мұнда не туралы айтылса да – кездейсоқ, я ақыл күшімен табылған бақыт болсын, дана би туралы немесе әдеттен тыс қаһармандық болсын – жеңіп шығатын білгір де байыпты, әділ де ақылды адам болып келеді. Оның басты қасиеті – тапқырлық, ақылдылық және сабырлық. Сондықтан да бұл жанрдағы шығармаларда ылғи ақыл мен адамгершілік жеңеді, ал, арамзалық арқылы өзіне бақыт әкелгісі келгендер үнемі жеңіліске душар болған. Бұл жанрдың функциялық нысанасы – ғибрат айту, тәрбие беру. Өмірде тек ақылмен, еңбекпен ғана бәріне жетуге болады деген идея – негізгі айтар ойы. Тіршіліктің көлеңкелі жағын ащы мысқылмен емес, өнегелі өмірмен көрсетеді. Ол өмір – бас кейіпкердің ғұмыры. Қазақ новеллалық ертегілерінің енді бір тобы пайдалы кеңес, данышпан адам, ақылды қыз жайлы болып келеді. Ертегінің айтуынша, қиындықтарды жеңуге көмектесетін ақылды да, қайырымды кеңестерден бас тартуға болмайды. Пайдалы кеңес туралы бір топ ертегілерде («Үш өсиет», «Әке өсиеті», «Ақылды кеңес» т. б.) тапқырлық пен алғырлық сияқты қасиет айрықша дәріптеледі. Әділ патша базардан «бір нәрсені жасау үшін әуелі ойланып ал, ойланбай жасасаң, күйесің», – деген ақыл сатып алады. Жауыздыққа тартылған шаштараз қабырғада жазулы тұрған кеңесті оқып, патшаға уәзірінің сатқындық әрекеті туралы айтады. Сатқын олардың құрған торына түсіп, мерт болады («Әділ патша туралы ертегі»). Қазақтардың аса қастерлейтін фольклорлық үлгілерінің бірі – даналық пен алғырлықты дәріптейтін новеллалық ертегілер болып келеді. Дүниедегі құстың, шөптің, адамның ең жаманын тауып әкеліңдер деп уәзірлеріне берілген хан жарлығына дұрыс жауап табатын адам – сіңірі шыққан кедей мен біреудің босағасында жүрген жалшы болып шығады. Даналығына дән риза болған хан тапқыр жарлыны өзінің басты уәзірі етіп тағайындап, оның ақылдылығын сынау үшін басқа уәзірлері жауап бере алмайтындай сұрақтар беріп отырады. Қастарының жасаған қысасына шыдамаған дана уәзірдің кей жағдайларда ханға қызмет етуден бас тартатын кездері де болады, бірақ кейіннен оның адалдығы анықталып, өз ханына қайтадан абыроймен қызмет ететін болады8. Новеллалық ертегілердің құрамында бүкіл Шығысқа тараған сюжеттер де кездеседі. Олар қазақ өмірінің шындығы мен ерекшеліктерін бейнелейді. Сан ғасыр қазақ фольклорының жанрларымен аралас өмір сүрген бұл сюжеттер қазақ ертегілерінің айрылмас бөліктерінің біріне айналып кеткен. Оның үстіне ондағы дәріптелінетін адамдық қасиеттер қазақ халқының мораліне өте жақын-тын. Қазақ топырағына түскен бұл сюжеттер, әрине, өзгеріске ұшыраған. Мысалы, ертегілердегі қала тұрмысының көптеген сырлары мен детальдары жойылып, шығармалар барынша шымыр әрі жинақы баяндалады. Шығыстағы көптеген новеллалық ертегілер белгілі бір қаламен байланысты болса, мұнда ол міндетті деп саналмайды, қаланың аты аталмауы да мүмкін. Ертекші оқиғаны көбіне қазақ елінде, қазақ қаласында өрбітеді, оны көрнекілей түседі. Мұның өзі қазақ ертегілеріне тән сипатты белгілердің бірі. Жалпы алғанда, қазақ новеллалық ертегілерінде ауысып келген сюжеттер өзінің бояуын жоғалтып, қазақ халқының талғамы мен көзқарасына сай өзгертіліп баяндалады. Олар әдеби шығармаларға тән уақиғаны нақтылай түсу қасиетінен айрылып (көптеген шығыстық сюжеттердің Қазақстанға әдеби өңдеуден өтіп, жинақтар құрамында келгенін де ұмытпаған жөн), қайтадан фольклор шығармасына айналады. Новеллалық ертегіде композициялық құрылым өте күрделі болып келеді, бір эпизодтың үстіне екінші эпизод тіркеледі, ол эпизодтың әр қайсысы кейіпкердің басынан кешкен бір оқиға болады. Оқиға көбінесе шаһарда, хан сарайында өтеді, оған сырттан ешбір керемет күш араласпайды. Ал кейіпкер қайырымды, сөзі мен ісіне берік, сүйгеніне адал болып суреттеледі. Кейде кейіпкер бейнесінде ғашықтық дастанның қаһармандарына тән мінез-құлық кездеседі. Сол себепті кейбір жағдайларда кітаби стиль көрініс беріп қалады. Кейіпкерлер жұмсақ мінезді болып көрінеді. Олардың сөйлеу мәнері де өзгеше, ойын әрлеп, әсемдеп айтады. Міне, мұның бәрі новеллалық ертегінің жанрлық белгілеріне жатады. Новеллалық ертегіде ғұмырнамалық (биографиялық) тұтастану болмайды, онда кейіпкердің туғанынан бастап, тірлігінің соңына дейін айтылмайды, кейіпкер өмірінің бір, яки бірнеше кезеңі ғана көрсетіледі. Сондықтан новеллалық ертегідегі оқиғалар кейіпкердің азамат ретінде қалыптасу тарихымен, я болмаса соның бір маңызды кезеңімен байланысты болмайды. Мұның бәрі бұл жанрдың табиғаты мен көркемдік нысанасынан туған деп ойлау керек, өйткені, егер бұрынғы батырлық және қиял-ғажайып ертегілерде басты мақсат – кейіпкерді мадақтау болса, новеллалық ертегіде кейіпкер арқылы өмірдегі кемшіліктерді сынау – негізгі шарт болып отыр. Егер бұрын халық идеалы дәріптеліп, ал әлеуметтік мәселе көп қозғалмаса, енді ол бірінші орынға қойылады. Осы айтылғанның бәрі новеллалық ертегінің айтылу мәнерін де, яғни стилін де өзгертеді. Енді бұрынғы эпикалык пафостың орнына жай баяндау, ғажайыпты түрде әсірелеудің орнына көркем түрде сынау пайда болады. Ертегінің шыншылдығымен бірге сыншылдығы да артады: ежелгі діни нанымдар мен түсінік-пайымдар жоғалады, я болмаса күлкіге айналады. Бұрынғы хайуанаттар жайындағы ертегілерде де осындай көне түсініктерді күлкі ету бар-ды, бірақ ондағы сын (сатира) көркем шарттылықпен шектеулі еді, сондықтан шындықты бейнелеу толық болмайтын. Ол ертегілер шыққаннан бергі уақытта өмірде сан алуан өзгерістер болды, соған сәйкес тіршілік, іс-әрекеттер, адамдар пайда болды. Оларды сынап көрсету қажет болған кезде бұрынғы стиль мен тәсіл жеткіліксіз болды. Сөйтіп, күнделікті болмыста өзінен әлсіздер мен кедей-кепшіктерге үстемдік жүргізіп, оларға зорлық жасаушылардың және өмірде кездесетін алдау, өтірік айту, ұрлау тәрізді жағымсыз қылықтарды сынап-мінеу үшін жаңа жанрда жаңа тәсілдер пайда болды, ертегінің стилі жаңа тақырыптар мен дүниетанымға сәйкестенді.

Сатиралық ертегі

Егер новеллалық ертегілер адамның басынан кешкен шытырманды, әрі қызғылықты, тіпті, әдеттен тыс уақиғалармен байланысты болса, сатиралық ертегілер қанаушылар мен арамтамақ адамдарды әшкерелеп, кәдімгі ауыл өмірін бейнелейді. Новеллалық ертегілер ғибрат боларлық белгілі бір тұрмыстық шындықты жақтауды, қайсыбір кеселді келісті үлгі күшімен аластауды, әлдеқандай бір мораль уағыздауды мақсат тұтса, сатиралық ертегілер қоғамдық дертті кекесінді де, кесіп түсетін күлкі арқылы әшкерелеуді көздейді. Новеллалық ертегілердегі уақиға хан сарайлары мен қалаларда өтеді. Ал сатиралық ертегілердегі уақиға орны – әдеттегі ауыл, кейіпкерлері – ауылдағы малшы мен бай, молда... Сатиралық ертегілер – әлеуметтік мазмұны жағынан ширыға түскен, кемелденген сананың жемісі. Бай мен кедей бірімен-бірі тату тұрған ба? Сондықтан халық ертекте қанаушы тапты қатал әшкерелеп, қарапайым кедейдің байдан моральдық артықшылығын баса көрсетеді. Халықтың мәңгілік арманы – қанаушыларын тізе бүктіру сатиралық ертегілерде көрініс табады. Әмбе бұл арман қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған өмір аясында немесе құрғақ қиялда емес, күнделікті шындық өмірді бейнелейтін ертегіде жүзеге асырылып отырады. Сөйтіп, ертегі кедейдің өз күшіне деген сенімін арттыра түседі. Бұдан біз сөз өнері түріне айналған сатиралық ертегілердің халық прозасының басқа жанрларынан кешірек, таптық қоғамның кеселді дерттері барынша айқындалған дәуірде кең дамығанын көреміз. Сатиралық ертегілердің бізге жеткен сипаты, негізінен, XV-XVІІІ ғасырларда, яғни Қазақ хандығы тұсында қалыптасқан болу керек. Сатиралық ертегіде ақымақтар мен қу тазша, Алдар көсе, Қожанасыр бейнелерінің болуы – жалпы ертегі жанрының жаңа көркем сапаға көшкенінің белгісі, өйткені бұл кейіпкерлер қоғамның дамуына сәйкес өзгерген халық дүниетанымымен байланысты пайда болған. Басқаша айтқанда, ел енді ежелгі нанымдар мен салттарға сын көзбен қарап, оларды ұстанған кісілерді мазақ қылатын болған. Сол себепті ертегі кейіпкерінің бұрынғы жақсы қасиеттері (тектілігі, адамгершілігі, адалдығы, т.с.) басқаша бағаланып, кейіпкер өзгеше, тіпті, бұрынғыға кереғар сипатталатын болған. Дүние өзгеріп кетті, ал ертегі кейіпкері сол қалпында қалған, сондықтан оның ескі салт пен түсінік-пайымға адалдығы елдің күлкісін келтіреді. Ертегі кейіпкерінің өмір жағдайына бейімделе алмауы оны елге ақымақ қылып көрсетеді. Ол маңайындағы адамдарға ұқсамайды. Басқа жұрт есеппен өмір сүріп, өзіне қажетті шаруа істесе, ол керісінше істейді: қақпанға түскен аңдарды босатып жібереді, іші араға толы қапты сатып алады, өлген кісіні тірілтемін деп, таяқпен сабайды9. Алайда, бұл ертегілердің кейіпкері қаншалықты ақымақ болғанымен, ол – жаны таза, қайырымды, ешкімді жәбірлемейді. Осы қасиеттері оны ертегідегі басқа кейіпкерлерден әлдеқайда артық етіп көрсетеді. Ертегі де, халық та сол жақта, оны бақытқа кенелтеді. Ол – халық өте жоғары бағалайтын қасиеттердің иесі, сондықтан басқа адамдардың қадір-қасиеті сол арқылы бағаланады. Соның қасиеттері арқылы ертекшілер қайырымдылық пен әділеттіктің идеясы осындай болса деген өз ойларын айтады. Мұндай ертегілерде кейіпкердің іс-әрекеттері күлкілі етіп суреттеледі, олардың ақымақтығы ғажайыпты (фантастикалы) емес, тұрмыстық (бытовой) қиял арқылы әшкереленеді. Ертегілерде көрсетілген жағдайлар (күйеуін шешесіне тамаққа қанша тұз салу керек екенін біліп келуге жұмсау, күйеуінің өз есімін ұмытып қалуы, өзіне келген еркекті әйелдің сандыққа тығуы, т. т.) өмірде болуы мүмкін емес, ертегі сынға алып отырған нәрсе – осы «логикаға сыйымсыздық». Болмыстағы шын нәрсені әдейі логикаға сыйымсыз етіп көрсету – тұрмыстық қиялдың көркем тәсілі. Ақымақтар туралы ертегілерде тұрмыстық қиялдың ең басты шарты болып саналатын алогизм нығая түседі; оның істері мен сөздерінде әдеттегіден тыс сипат (эксцентричность) басым болады, сөйтіп, кейіпкер аңқау (чудаковатый) болып көрінеді. Бұл әсіресе Қожанасыр туралы ертегілерге тән (қазақтардың өте аңқау кісіні Қожанасыр деп атауы тегін емес). Бірақ көркем жанр ретінде атқаратын қызметіне байланысты сатиралық ертегі ақымақтықты да, аңқаулықты да өз мақсатында пайдаланып, оларға басқа мағына береді. Ақымақ болып көрінетін кейіпкер шын мәнінде өте ақылды да, оның дұшпандары – нағыз ақымақ болып шығады. Бұл – жалпы ертегі эстетикасының заңдылығы. Ақымақ бала туралы ертегілер өте кең тараған. Сараң, ақымақ та тасжүрек ағайындылар еті тірі, еңбек сүйгіш біреуін (ол көбінесе кенже бала болып келеді) қызғанышпен күндеп, қуғынға ұшыратады. Олар кенже баланың үйін өртеп, шешесін өлтіреді, өзін де құртпақ болып, құдыққа лақтыруға әрекеттер жасайды. Бірақ осының бәрінде жағымды кейіпкер өзін қуғындаушыларды қатырып алдап, қазаға ұшыратады («Тоғыз тоңқылдақ, бір шіңкілдек», «Кейқуат»). Ол топас, қысқа ақылды жеті қарақшыдан да кегін қайтарады («Момынбай мен жеті қарақшы»). Әділетсіз, топас жан ақымақ баланың табылған алтынды қайда жібергенін де аңғара алмайды («Ақымақ бала»). Ақымақ бала туралы ертегілердегі негізгі назар сараңдық пен әділетсіздікті әшкерелеуге аударылады. Адамның табиғатынан ақылды, я ақылсыз болып тууы заңды нәрсе, оған талас жоқ, ал әділетсіздік пен тасбауырлық арқылы өз бақытын талап ету – әлеуметтік мәнді мәселе. Міне, осындай жолға түскен адамдармен күресте ақымақ бала да үнемі жеңіске жетіп жүреді. Ақымақ бала мен тазша туралы ертегілер тобының жігі аса нақты ажыратылмайды. Мұнда әлеуметтік сатира онша күшті емес. Ертегі жалқаулық, сараңдық, дөрекілік сияқты тұрмыста кездесетін кемшіліктерді сынайды. Тазша сатиралық ертегілердің қаһарманы ретінде шығыс халықтарының көбіне мәлім. Тазша – кедейдің кедейі. Оның жалғыз байлығы – ақылы мен айласы, тапқырлығы мен табандылығы, қайраты мен қажырлылығы. Тазшаға кез келген қалың қалталыны алдау мен қалаған затын қағып алу сөз емес. Ол, тіпті, керек болған жағдайда ханды да ұрлап әкеткен, ал екінші бір ханды өз еркімен тұзаққа асылдырған. Жалпы, қазақ фольклорында тазша бейнесі екі түрлі болып келеді. Бірі – шын тазша да, екіншісі – жалған тазша. Алғашқысы – сатиралық ертегінің кейіпкері болса, соңғысы – қиял-ғажайып ертегі мен эпоста көрінеді. Мұнда бас кейіпкер әртүрлі жағдайға байланысты тазша кейпіне түсіп, болашақ әйелінің аулына немесе жау ішіне танылмай келеді. Бұл образ шығу тегі жағынан алғанда ежелгі замандағы бозбаланы ержету сынағынан өткізу салтымен байланысты. Ал фольклорлық көркем шығармаларда тазша бейнесі жанрдың поэтикасына сәйкес бейнеленіп, әлсізді дәріптейтін халық эстетикасы тұрғысынан көрінеді. Біраз ертегі халық арасына кең тараған кейіпкерлердің аттарымен байланысты айтылады. Орта Азияның басқа халықтары сияқты қазақтарда да Жиренше шешен, Алдар көсе, Қожанасыр есімдері мен образдары төңірегіне топтасқан сатиралық ертегілер тобы бар. Бұл қаһармандар (Кожанасыр, Алдар көсе, Жиренше) қырғыздарға да, түркімендерге де, өзбек, әзербайжан, түріктерге де жақсы таныс. Қазақ халқының сүйікті кейіпкерлерінің бірі – Алдар көсе туралы ертегілер циклы әлеуметтік мазмұны жағынан әлдеқайда өткір. Мұндағы кейбір сюжеттер шығу тегі жағынан ерте заманда пайда болған біраз сюжеттерді бойына сіңірген10. Сондай сюжеттердің бірі – Алдар көсенің шайтанды жеңуі туралы ертегілер ақылды, қу, алды-артын болжағыш адамдарды дәріптейді, ақымақтық пен сараңдықты ашық әшкерелейді. Алдар көсе шайтанды ұста дүкеніне айдап кіргізіп, тең бөлеміз деген астықтан өзіне артық алады, дүниедегі қорқатын нәрсем деп қазы-қарта жейді, ақырында шайтанның мойнына мініп, серуен құрады, т.т. Алдар көсе мен шайтан туралы ертегілерде әлеуметтік арна жоқ, онда жалпы адамзатқа тән жағымсыз қызықтар келекеленеді. Демек, мұның өзі осы сюжеттің өте көне екенін көрсетеді. Ал Алдар көсе мен Шығайбай және мазмұны жағынан онымен үндес ертегілер тобы басқаша. Мұнда Алдар көсе байды табан астында алдап, аузындағы майлы етті қорқытып алады, оның сараңдығын келекелейді, ақыры алдап соғып, әлпештеп отырған сұлу қызын алып кетеді. Бұл ертегілер тобындағы күлкі объектісі – жай ғана ақымақ, сараң адам емес, бір тамшы су сұрасаң бермейтін, дүниесінің үстінде дірілдеп-қалшылдап отырған дүниеқор бай. Алдар көсе мен бай туралы ертегілер әлеуметтік мәні жағынан өте өткір. Ертегі қанаушылар мен олардың қолшоқпарларының бойындағы ең жағымсыз қасиеттерді ашып береді. Байға тән қасиеттің бірі – шектен шыққан сараңдық. Олар өзіне қызмет қылушыларды аштықпен азаптайды, еңбек ақысын төлемей, оларды әртүрлі айла-тәсілдермен алдауға тырысады («Бай мен жалшы» және Алдар көсе туралы көптеген ертегілер). Мұндай озбырлыққа келгенде молда да байдан қалыспайды: Сары молда Өтежанның ала жазғы еңбегіне қауынның дәнін ғана төлейді. Сатиралық ертегілердің өзіндік бір түрі – анекдот. Оның басты ерекшелігі мынада: анекдот белгілі бір ұзақ сонар уақиға туралы әңгіме емес, қысқа ғана, аса елене бермейтін, қалт еткен бір құбылысты күлкі арқылы көркем өрнектеп, маңызды қорытынды жасайды. Анекдотқа кіргізілетін құбылыс қаһарманның өміріне ерекше өзгерістер енгізбейді, тек оның кейбір сапалық қасиеттерін аша түсу үшін иллюстрация ретінде қолданылады. Фольклорлық анекдоттар, әдетте, қала өмірімен немесе белгілі бір жер аттарымен және Ахмет Ахай, Қожанасыр, Жалайыр Тұрлымбет сияқты кейіпкерлермен байланысты болып келеді. Қазақ анекдоттарының көпшілігі аты шығысқа мәшһүр, әрі сүйікті тұлға Қожанасыр атымен байланысты. Қазақ Қожанасыры, сырт қарағанда, ақыл-ойы шамалы ғана қарапайым жан. Ал сәл еңкіш тартқан, иегінен арғыны көре алмайтын оның сырт тұлғасына арырақ бойлап, терең үңілсеңіз, Қожанасырдың бейне бір бет перденің артында жасырынып тұрған жылы да жұмсақ, күлкілі де жабырқау жүзін көресіз. Ол адамдарға сенімділікпен қарайды («Мен сізге сенемін ғой», «Қожа қалай сот болды»), жаманатты жағдайларға мысқыл білдіреді («Менің шапаным үшін шу шықты»), т.т. Тұрмыс ауыртпалықтарын жеңіп, дүлей де құбылмалы өмірден жанына сая табуда Қожанасырға қызмет ететін тапқырлығы мен әзіл-қалжыңы болады. Қожанасырды халықтың сүйікті қаһарманы еткен де осы ішкі еркіндік пен сабырлы рух. Анекдот – өте сергек және өміршең жанр. Ол халық өмірінің әр кезеңінде туып отырады. Мәселен, жоғарыда қарастырылған анекдоттар, негізінен, ХVІІІ-ХІХ ғасырлардың жемісі болса, біршама анекдот ХХ ғасырда туған және, тіпті, бүгінгі шақта да пайда болып жатыр. Мұның себебі – анекдоттың ерекшелігінде. Қазіргі анекдоттар қоғамда немесе тұрмыста болып жатқан алуан түрлі жағдаяттарға деген халықтың көзқарасын, бейресми қатынасын білдіреді. Өзі онша жақтырмаған оқиғаға немесе ситуацияға байланысты халық дереу анекдот шығарады, сөйтіп, күлкі арқылы жұртшылықтың ойын, пікірін жария етеді. Сол себепті бүгінгі анекдот өте қысқа болып, әңгіме шұғыл аяқталады және баяндалған жәйттің шешімін ашып айтпайды. Оны тыңдаушыға қалдырады, өйткені анекдоттың міндеті – күлдіріп отырып сынау. Сондықтан да анекдот сатиралық ертегінің құрамында қарастырылады. Сатиралық ертегілердің қаһармандары – өздерінің әлеуметтік жағдайын, өмірдегі әділетсіздікті түсіне де, сезіне де білетін және оған қарсы күресе де алатын жандар. Сөйтіп, ертегі әрбір қаһарманға нақтылы әлеуметтік сипаттама береді. Сатиралық ертегілердің қаһарманы – барынша жалпылай қорытылған әлеуметтік тип. Әлеуметтік өмірде және тұрмыста кездесетін кемшіліктерді сынау міндетіне сай сатиралық ертегілердің өзіндік формасы жасалған. Ертекші әңгіменің кейіпкері арқылы және тікелей өз атынан қаһарманның адамгершілігі, оның жаулары, кейіпкерлердің қоғамдық және әлеуметтік жағдайлары туралы баяндайды. Олардың мінездемелерінен сөз етіп отырған мәселесіне байланысты ертекшінің шын тілегі немесе тәлкегі айқын аңғарылып отырады. Кәдімгі тұрмыстық ахуалдар сатиралық ертегілерде танту, сандыраққа дейін жеткізіледі. Ертегілік қаһармандар үшін логика сақталмай, сатиралық ертегілердегі өмір шындығының өңі айналдырылып баяндау қалыпты шекарадан шығып кетеді. Уақиғаның табиғи желісінің бұлайша бұзылуы – сатиралық ертегілерге тән нәрсе, өйткені соның арқасында ғана қаһарман қоғамның күштілерімен күресте жеңіске жетеді. Ал өмірде мұндай жеңіс мүмкін емес. Әдетте айтыс пен тартыста күштінің жеңетіні белгілі ғой! Ал ертегі – ең демократияшыл жанр ретінде қарапайым адамдарды дәріптейді. Адам мінезінің қасиеттері де сатиралық ертегілерде шегіне жеткізіліп, қаһарманның сараңдық, ақымақтық, тапқырлық сияқты басты бір қасиеті ғана бөлініп алынады.

Сейіт Қасқабасов,
ҚР Ұлттық Ғылым академиясының академигі,
филол.ғ.д., профессор

ЭТИОЛОГИЯЛЫҚ ЕРТЕГІЛЕР

1. Қазақтың бұрынғыдан қалған сөзі

(Жыл басы)

Қазақтың есептерінде жылдан үлкен мүшел дегендер бар. Мүшел – он екі жыл болады. Сол жылдардың аттары әр хайуанның аттарына ұқсайды. Мысалы: Әуелі жыл мүшелде – тышқан, екінші – сиыр, онан соң – барыс, қоян, ұлу, жылан, жылқы, қой, мешін, тауық, ит һәм доңыз. Сол жылдарды білетін қазақтарға кісінің қай жылда туғанын айтса, адамның жасын тауып береді. Бұрынғыдан қалған сөздер бойынша сол хайуандар жыл ағасы болуға дауласыпты. Сонда жылқы айтыпты: «Мен адам үстіме мінсе, алысын жақын етемін, менің күшім болса, көреді, сүтім болса, ішеді, қылыма шейін арқан, жіп еседі, адамға менен пайдалы мал жоқ, жыл ағасы мен боламын», – дейді. Түйе айтты: «Сен адамның жұмысын қыласың, арпа, сұлы, шөп асайсың, тамағың үшін құл болдың. Міне, мен, сен көтере алмайтын ауырды көтеріп неше айлық алыс жолдарға барамын. Аш болдым деп арпа, сұлы сұрамаймын, көде болса көде, жусан болса жусан, не кез келсе соны қорек етіп, табылса, су ішіп, табылмаса, шөлде де жолға жүре беремін. Жыл басы болу маған лайық», – дейді. Сиыр айтты: «Адам егін ексе, меніменен егеді, сүтімді ішеді, құрт-май істейді», – деп. Қой айтады: «Мен болмасам, қазақ үйін немен жабар еді? Жүнімді алып киіз істейді, жабағымменен киіз тігеді, арқан-жіп істейді, сүтімнен құрт-май алады», – дейді. Ит айтты: «Мен болмасам, сендердің көбіңді не ұрлап, не қасқыр жеп тауысар еді. Сендердің баршаларыңның мен бақташыңмын, дұшпан көрінсе, үріп, абалап иеме хабар беремін». Тауық айтты: «Мен болмасам, кісі ерте тұрып жұмысына бармай ұйықтап қалар еді. Мен таңертең тұрып шақырып, хабар айтамын «таң атты» деп. Көп отырса, «жұмысыңнан қаларсың жатар уақыт болды» деп, түн ортасында шақырамын, кеш болса, тағы шақырамын, «мезгіл болды» деп», – дейді. Тышқан не айтарын білмей тұрды да, бір түрлі қулық ойлап, жиылған көпке айтты: «Бұл таласқанмен ешнәрсе өнбес, күнді қарап тұралық та, кім бұрын көрсе, сол жыл басы болсын», – дейді. Өзгелері қарап тұрғанда, түйе өзінің биіктігіне сеніп, «менен бұрын кім көреді» деп, тышқанның сөзін қостап, бәрі де қарасып тұрды. Біраздан соң тышқан жорғалап түйенің үстіне шығып, өркешінің басына мінді де отырды. Мұнан соң күнді бәрінен бұрын тышқан көріп, хабар беріп, жыл басы болғаны.

«Түйе бойына сеніп құр қалды», – деген сөз осыдан қалған екен.

2. Төрт түлік малдың кеңесі

Қой, сиыр, жылқы, түйе төртеуі бір күні жайылып отырып кеңеседі. «Қайсымыз қандай жерге, қандай кісіге бітсек, жақсы болар еді?» – деген сөзді айтысады-мыс.

Сонда сиыр айтыпты: «Қалың қорық – нуға бітем, қоры үзілген қуға бітем».
Қой: «Күнгейлі қаратасқа бітем, жүн жеп, жабағы тышқан насқа бітем».
Жылқы: «Бетегелі белге бітем, найза ұстаған ерге бітем».
Түйе: «Жалмаң құлақты сорға бітем, ел ішіндегі зорға бітем».

3. Түлкі мен қоян

Әуелі түлкінің құйрығы жоқ еді. Әрқашан қасқырменен тату тұрмаған себепті құйрығының жоқтығы жүрген ізін жасыра алмай, оған бек қатты залал келтірген. Соның үшін қасқыр әрдайым түлкінің артынан түсіп, аңдып жүріп, бір күні қасқыр барып оның ініне кірген. Әгәрдә түлкі іннің басқа жағындағы аузынан шығып кетпесе, өлтіріп тастар еді. Әлден соң түлкі ағаш ішіне кіріп кетіп, ағаштың түбінде тұрған қоянды көрді. Ол мезгілде қояндардың құйрығы ұзын болып, шапшаң жүргендеріне ыңғайсыз болып тұрушы еді. Сол жерде түлкі қоянды ұстап алып, өлтірмекші болып жатқанда, қоян сұрапты: «Мені өлтірме, саған құйрығымды сыйға берейін», –деп уағда қылады. Мұнысына түлкі көніп, екеуі сол жерде құйрықтарын айырбастайды. Сонан бері түлкінің құйрығы ұзын болып, қоянның құйрығы қысқа болып қалған екен.

4. Сауысқан мен көкек

Ертеде сауысқан мен көкек бір орманды мекендепті. Олар ұялары болмай, ағаштың бұтақтарын паналап күнелтіпті. Көкек күнде ерте тұрып алып: «ұя керек», «ұя керек», – деп, көршілерінің мазасын кетіреді. Бір күні сауысқан көршісіне:

– Екеуміз бірігіп берік ұя істейік. Әуелі саған, содан кейін маған салармыз, – дейді. Көкек:

– Менің ұя салатын қуатым да, қауқарым да жоқ. «Керек, керек» деп қақсай берсем, құстың бәрі ағайыным, көп болып көмектесіп, ұя салып берер, – деп келіспейді.

Сауысқан көкектің көмегін күтпей-ақ, ұя салуға кірісті. Ол ұясының қабырғаларын жас бұтақтармен мықтап байланыстырды. Іші-тысын саз балшықтармен сылады. Кішкене бұтақтардан құрастырып, шағын қақпалы есік жасады. Ұяның астына мамықтан төсек төседі. Ал көкектің «керек, керек» деп қақсай-қақсай даусы қарлығып, тілі сақау болды. Ол кейінгі жылдарда «керек» дегендегі р-ды айта алмай, «керек» деудің орнына «келек, келек» дейді. Сондықтан жұрт оны кекетіп «көкек» деп атайтын болды. Сол көкектің күні бүгінге дейін өзімдікі деген ұясы да, үй-іші де жоқ. Жұмыртқасын кез келген ұяға табады, оны басқа құстар басып, балапан шығарады. Шібилер жетім өседі.

5. Мысық неліктен тышқан жейді?

Ерте, ерте, ертеде мысық пен тышқан өте тату өтетін дос екен. Олар тапқандарын бөліп жеп, ойнап-күліп жүріпті. Сол кезде адамзат жыл мүшелдерін белгілеу үшін бір жылы хайуанаттарды жинап сайлам жүргізбек болыпты, бұл сайламға бүкіл хайуанаттардың барлығы қатысуы керек екен. Ертең сайлам жүргізіледі деген күні ұйқышыл мысық «Тәңертең ұйықтап қалып сайламнан құр қалмайын» деген ойымен қағылез досы тышқанға:

– Ағайын, ертең сайламға бірлікте барайық. Ұйқының қаттылығын өзің білесің, таңертең мені сөзсіз оятып қой, ертерек барайық, – депті.

– Қам жеме, мысық аға, мен таң атпай оянғаныммен, сені оятпай қайтіп жалғыз барамын, – депті тышқан. Бірақ ол түніменен ойға батып «Сайламға қатынасатындардың саны көбейіп кетсе, маған жыл тимей қалуы мүмкін» деген байламға келіп ертесі таңертең алаң-елеңде орнынан тұрып, қасындағы мысықты оятпай өзі жалғыз сайламға жетіп барады.

Сайлам барысында тышқанның жолы оңынан келіп, он екі жыл мүшелінің біріншісі болып сайланады.

Тышқан қайта оралғанда орнынан енді тұрған мысық:

– Сайламға қашан барамыз? – деп сұрайды.

– Әлі ұйықтап түс көріп тұрсың ба?! – дейді. Тышқан мазақтай күліп, –сайлам аяқтағалы қашан, мен сайланып қана қалмастан, біріншілікті қолдан бермедім.

– Мені неге оята салмадың? – дейді мысық ренжіп.

– Ұмытып қалыппын, – дейді тышқан.

– Ашуланған мысық мұртын едірейтіп:

– Оңбаған, бетсіз! Тұқымыңды құртайын, – деп оқша атылып барып, тышқанды бас салып, қылқындырып өлтіреді де, жеп алады. Бірақ мысық әлгі тышқанды өлтіргенімен, жыл мүшелікке ие бола алмайды. Сөйтіп, күні бүгінге дейін мысық тышқанды көрді болды, бас салып қысып, мылжа-мылжасын шығарып жеп алатын болыпты.

6. Ит неліктен ырылдайды?

Бұрынғы заманда бір байдың бір ит, бір мысығы бар екен. Иті кәрі, мысығы жас екен. Күндердің бірінде әлгі бай ит пен мысыққа жұмыс тапсырыпты. Ол:

– Екеулерің ана ауылдағы қызыма мына алтын жүзікті апарып келіңдер, мысық сен жүзікті алып жүр. Ит саған жол бастасын, сақтанып жүріңдер, жүзікті жоғалтып қоймаңдар, – дейді.

Олар жолға шығып, жарым жолға келгенде алдарынан бір өзен кез болады. Өзенде көпір жоқ екен, сонан олар өзеннен малтап өтбек болады. Мысықтың малтауға онша шебер емес екенін білетін ит жүзіктен алаңдап:

– Ей, мысық, өзеннен өткенше жүзікті маған бер, сен жоғалтып аласың, – дейді.

– Болмайды, – дейді мысық, – қожайын маған: «Жүзікті сен алып жүр» деген, саған бере алмаймын.

– Мен саған қарағанда мұқияттаумын, өзеннен өткенше жүзікті маған бер, аузыма салып алайын, өзеннен өткен соң өзіңе беремін, – дейді ит.

Ақыры, мысық жүзікті итке береді. Олар өзеннің ортан беліне барғанда ит:

– Ойбай! Жүзік аузымнан түсіп кетті, – дейді.

– Енді қайттік! – дейді мысық.

– Мен іздеп көрейін – дейді ит. Алайда қанша іздегенімен жүзікті таба алмайды. Ақыры олар жағдайды қожайынға айту үшін үйге қайтады. Үйге таяғанда ит жазаланудан қорқып, орманға кіріп, ғайып болады.

Мысықтың тез қайтып келгендігін көрген қожайын алаңдап:

– Ит қайда? – дейді.

– Жүзікті жоғалтып қойып қашып кетті, – дейді мысық. Ашуланған бай иттің танауын тартпақ болып, ауылдағы басқа иттерді жинап алып оларға:

– Қайтсеңдер де әлгі итті тауып келіңдер, – дейді.

– Біз ол итті басқа бейуаз иттерден қалай парықтаймыз? – деп сұрайды әлгі иттер.

– Ол ерекше қартайып кеткен, аузында бір де тіс жоқ, сендер оның тісіне қарасаңдар, оңай тани аласыңдар, – дейді бай.

Сонымен, иттердің барлығын әлгі кәрі итті ұстап келу үшін жан-жақтан іздеуге аттандырады. Талай тау-тасты басып іздеуге аттанады. Олар талай тау-тасты басып, өзен-тоғайды аралап, алыс-жақындағы қалалардың барлығына барады. Алайда әлгі итті ешқандай жерден таба алмайды. Күні бүгінге дейін иттер алтын жүзікті, сол итті таба алмапты. Сол үшін қазір де иттер бірін-бірі көріп кездесе қалғанда «Байдың алтын жүзігін жоғалтқан ит мен емес, сенбесең қарап көр, тісім сау» деп тістерін ақситып, ырылдап қояды екен.

7. Қоянның құйрығы қалайша шолақ?

Сонау ерте заманда қоянның құйрығы ұзын болған екен. Ендеше, қоянның құйрығы қазір қалайша шолақ болып қалған? Бұл жөнінде ел аузында таралып жүрген мынадай ертек бар. Ертеде екі қоян бір өзен бойында асыр салып ойнап жүріп, қарсы жағадағы жайқалып тұрған көкбеңбек шөпті көріп қалады. Олар: «Өзеннен өтіп әттең құмардан шыққанша жесек», – деп ойлайды. Бірақ екі қоян суда жүзе білмейтіндіктен өзеннен өтудің ешқандай шарасын таба алмайды. Олар сөйтіп тұрғанда, су баяу толқып, бір үлкен тасбақа шұр-шұр етіп су бетіне шыға келеді. Тасбақаны көрген қояндар бір-біріне қарап, көздерін алақтатып, судан өтудің бір айласын ойлап табады:

– Тасбақа әжей, осы өзенді сіздің әулетіңіз сұрайды деседі ғой, рас па? – дейді. Мұны естіген тасбақа әжей қатты қуанып:

– Ол рас, бұл өзенде менің әулетім сан жеткісіз. Егер олар өзеннің бетіне қаз-қатар қалқып тұра қалса, екі қатар көпір болады, – дейді.

Әулетіңіздің соншалық көптігіне көзім жетпейді, қалайда біздің әулеттен көп болмас, – дейді қоян.

– Сендердің әулеттерің соншама көп болса, мен қалайша көрмеймін?-дейді тасбақа.

– Егер біздің балаларымыз түгел осында келсе, өзеннің жағасына сыймай қалуы мүмкін, – дейді енді бір қоян.

– Мақтанып тұрған шығарсыңдар, – дейді тасбақа.

– Сенбесеңіз, өзара салыстырып көрейік, кімнің әулетінің көп екенін сонда бірақ білесіз, – дейді қояндардың біреуі.

– Бұл не дегеніңіз, оларды қайтып салыстыруға болсын? – дейді тасбақа.

– Алдымен сіз әулетіңізді шақырып келіңіз, су бетін қалқып, өзеннің мына шетінен ана шетіне дейін санап шығамыз. Санап болған соң, біз де әулеттерімізді жинап келіп, өзеннің жағасына қатар тұрғызамыз, сонан сіз санап шығарсыз, – дейді бір қоян.

– Болады, – деп тасбақа өзенге шөгіп кетіп, әулеттерін түгел шақырып келіп, бетіне екі қатар етіп, тізе қояды. Олар айтып-айтбай өзенге салынған екі қатар көпір бола қалады.

Екі қоян қатар салынған «Тасбақа көпірге» шығып, әрбіреуі бір қатарын санаған болып, қарсы жағаға ілінеді. «Қулығымызды асырдық», – деп ойлаған екі қоян жағаға шыға беріп:

– Бізде қайдан оншалық көп әулет болсын, мақсатқа жеттік әйтеу, – дейді. Бірақ бұл кезде екі қоян секіріп жағаға шыққанымен, олардың шұбатылған ұзын құйрықтары судан әлі шығып болмаған еді. Қояндардың әлгі сөзін естіп қалған тасбақалар екі қоянның құйрығынан ала түседі. Сасқалақтаған екі қоян жұлқи тартқанда құйрықтары түбінен үзіліп, шолақ болып қалады.

Кейін бұл екі қоян көп әулетті болады. Бірақ көжектері мен немере-шөберелерінің барлығы шолақ құйрық болып туылады.

8. Сырттандар

Бұрында бір байдың жалғыз баласы болыпты. Байдың қадірлі ұлы да, қызы да сол екен. Күндерде бір күн әлгі байдың баласы ұйықтап жатып, түс көреді. Түсінде бір қара қасқыр жейін деп, баланың аяғына аузын сала бергенде, бала шошып оянады. Ертеңіне осы түсті тағы да көреді. Сөйтіп, бала осы түсті күн сайын көретін болады. Қасқыр баланың аяғынан тістей бергенде, бала шошып ояна беретін болады. Бала түнде ұйқы, күндіз күлкі көре алмайтын болады. Әке-шешесі: «Осы біздің баламызға не болды?» – деп, бір күні баласынан сұрайды. Баласы көрген түсін айтады. Әке-шешесі мұны естіп, қатты қорқып, жан-жақтан түс жоритын сәуегей адам іздейді. Бірақ ешбір сәуегей, баланың түсін дұрыс жори алмайды.

Ақырында, бір қария сәуегей жорып:

– Сол қасқыр сенің балаңды жемей тоқтамайды екен. Тас пен темірден үй салып, соның ішіне қойсаң да, ол қасқыр сенің балаңды жейді, беті бері қарап шыққан екен, – дейді. Мұны есіткен соң, әке-шешесі қатты қорқып жылайды.

– Бұдан құтылуға амал бар ма? – деп жорушыдан сұрайды.

Сонда сәуегей тұрып:

– Мүмкін, қашып құтылса, ғажап емес, – дейді. Мұны естіген әке-шеше қалай шыдап отырсын? Баласын қашыруға ат іздейді. Әкесі көп жылқының ішінен баласы мініп қашарлық бір жарамды ат таба алмайды – бәрі де жабы екен.

– Балам, өзің барып, тауып мінбесең, саған жарайтын атты мен таба алмадым, – дейді.

Сонсын бала қолына жүгенін алып, жылқыға келеді. Көп жылдан бері жылқысын бағып жүрген бір шал бар екен, соған көрген түсін айтып:

– Қашып құтылатын маған бір ат тауып берші, – дейді. Сонда шал тұрып:

– Шырағым! Мен осы жылқыны баққаныма көп жыл болды, сені құтқарарлық жүйрік бар деп айта алмаймын, бұл жылқының бәрі де жабы. Жалғыз-ақ осында бір кербесті бар. Оның жабағы күніндегі өлі жүні әлі үстінен түскен жоқ, қырып аларға қызылы жоқ, жөнді от оттамайды, бауырынан жарайды да жүреді. Одан үміт қылатыным: түнде жүргенде тұяғынан от шығатын еді. Мен білсем, кербестіден басқа жылқы құтқара алмас. «Қас тұлпардың баласы аз оттап, көп жусайды, асыл тектің баласы аз сөйлеп, көп тыңдайды» дегендей, сенің бағыңа тұлпар болып шықса, ғажап емес. Не болса да кербестіні ұстап мін, – дейді.

Бала кербестіні жүгендеп, үйіне алып келіп, әке-шеше, ел-жұртымен қоштасып, жолға шығады. Бала жүріп келеді. Кербестіні басы ауған жағына қарай, еркіне қоя береді. Осымен бірнеше күн жүрді. Бір күні бала артына қараса, көз ұшында бір шаң көренеді. «Ал, мені жейтін қасқыр осы болар ма?» – деп, жүрегі алып ұшып, кербестінің бауырына қамшыны сипай береді. Бұрынғыдай емес, кербесті де бірнеше күн жүрген соң, өлі жүнін тастап, басын жерден көтеріп, оқтаудай болып ширатылып, созылып аяғын пысық басып, көсіле бастады. Үш күннен соң артына қараса, манағы шаң жақындап қалған сияқты. Шаң жақындаған сайын кербестінің шабысы да ширады. Осылай шаңды ертумен тағы екі күн шапты. Бір мезгілде артына қараса, шаңнан бір қара созылып шығып тартып келеді екен. Балада зәре жоқ. Анда-санда кербестінің көзін сүртіп қояды. Қара жақындап, дүбірі де естілген сайын, кербесті құстай ұшады. Кербестінің жүрісіне бір ғана ұшқан құс болмаса, ешбір хайуан баласы еріп болар емес. Кербестіден басқа жылқы болса, келе жатқан қара әлдеқашан қуып жеткендей. Кербесті кербестілігімен ғана баланы қуып келе жатқан ажалға бермей, алып ұшып келе жатыр. Қараны осылай артына салумен кербесті тағы бір күн жүрді. Бала артына бұрылып қараса, бұларға көрінген жақындап қалған екен, қуып келеді екен. Көз тоқтатып қарауға баланың жүрегі тоқтамады. Кербестінің көзін сүртіп, бауырына қамшыны сипап ұрумен болды. Жақындағанын білген сайын, кербесті өршеленіп шабумен болды. Кербестінің осы кездегі шабысына көз тоқтатып болмайтын еді. Бір уақытта бала артына бұрылып қараса, айтқандай түсінде көрген қара қасқыр тілі сала құлаш шығып кеткен сілекейі шұбырып, жағын керіп, аузын арандай ашып, құлаштап ұрып келеді екен. Мұны көрген жан алатын әзірейіл артынан қуып жеткендей көрді. «Жалғыз менен басқа рақым етер ешкім жоқ қой!» – дегендей, кербесті ұшқан құстай алып келеді. Қара қасқыр баланы жеуге құмартып, сілекейін шудадай созып, тілі аузына сыймайды. «Шынымен-ақ осы иттің аузына түсіремін бе?» – дегендей кербесті жануар жан ұшыруда. Қара қасқыр алуға, кербесті алғызбасқа, екеуі таласып келеді. Осылай таласумен шабыс ілгері тағы да ысырыла береді. Жақындаған сайын адамның иісі қара қасқырдың мұрнын жарып барады. Исі мұрнына барған сайын жерік асына құмары артып, қара қасқыр сілекейін ағызып, ілгері ұмтыла түсіп, арс-арс етеді. Өмір бойы бір ішек болып, қатып қалған жануар кер тұлпар да қасқырдың дүбірін естіген кезде дүбір-дүбір етіп, ытып-ытып кетеді. Осы таласқа, осы шабысқа жалғыз кербесті болмаса төрт аяқты жануардың ешбірі де шыдап болар емес еді. Қара қасқырдың аузына жерік асын түсірмей, баланы ажалдан құтқарғалы алып келе жатқан кербестінің бұл жүрісіне сүйсінбейтін жан болмас! «Апыр-ай, жетті-ау, етегімнен алды-ау!» – деп, бала жан-дәрмені қалмай, мойнын бұрып артына қараса, қасқыр құйрық тістесіп жетіп-ақ қалған екен. Екі көзі қып-қызыл от сияқты, үлкендігі тайыншадай қара қасқыр екен, арс-арс етіп өршеленіп, аузын салғалы ұмтылып қояды. «Шынымен-ақ мынаған жем болдым-ау!» – деп, бала өкіріп жылап жібереді. Баладан ес те кетті, зәре де кетті, аттың көзін сүртуге шамасы келмеді. Қамшыны әлсін-әлсін артына сілтеумен болды. «Енді өлдім ғой, қара қасқырдан құтыла алмадым ғой! Енді не қайран қылайын?» – деп, баланың жаны алқымға тығылады. Жануар кербесті де қажиын деді, өзінен ешбір дәрмен жоқ аттың көзіне тер құйылып, кербесті де қиналуға айналды. Атаңа нәлет қара қасқыр тақымдасып, аузына әне салдым, міне салдым деп келеді. Бала мен қасқырдың тұмсығының арасы бірақ сүйем қалды. «Ауызды көміп, тұмсықты қандап, бытыр-бытыр шайнап, жерігімді бассам екен», – деп, құмартып, қасқыр мойнын созып тағы арсылдады. Мезгіл сабақтас. Дәл осы сағатта бір минуттік өмір балаға мың жылдай көрінді. Жалғыз кербестіден басқа балаға болысарлық жақында ешкім жоқ, кербестінің көзіне тер құйылып келеді. «Енді жем болдым ғой!» – деп, бала жаннан үміт үзді. Көз алдына өмір емес, өлім елестеді. Қара қасқыр ауызды енді сала бергенде, кенеттен маңқ етіп үрген, бір иттің даусы естілді. Иттің даусы естілгенде қасқыр кідіріңкіреп қалды, кербесті ілгері басып кетті. Атаңа нәлет қара қасқыр соңына тағы түсті, тағы да жетті. Ауызды тағы сала бергенде, маңқ етіп үрген иттің даусы тағы естілді. Қасқыр кідіріп қала берді, кербесті ілгері асып, тарта берді, не керек қара қасқыр қоймады, тағы қуды, қуа-қуа тағы жетті. Жетіп, енді ауызды сала бергенде, бағанағыдай емес, жақынырақ жерден, маңқ етіп, ит тағы да үріп кеп қалды. Иттің мына даусы естілгенде, қара қасқыр пышақ кескендей тоқтады да қалды. Баланы алып ұшып кербесті ілгері ұша берді. Сол шапқаннан шауып отырып, ми далада отырған жалғыз үйге келіп жетті. Үйдің алдына келіп, кербесті кілт тоқтай қалды, ат тоқтай қалғанда бала анадай жерге ұшып түсті. Есі жоқ, жатыр. Жатқан баланың қасына бір ит келді. Үлкендігі тайыншадай, алқымы даладай, екі құлағы тебінгідей, екі көзі қып-қызыл, екі езуі салбыраған ұзын тұмсық, жүндестеу келген қара ауыз, көк ит екен, баланы иіскеп қасына жетті. Бір уақытта үйдің адамдары көріп: «Бұл не қылған жан екен?» – деп үйге алып кірді. Бірақ балада ес жоқ, сұлқ жата берді. Кешке жақын үйдің иесі келді. Жасы 26-27-лер шамасында, еңгезердей, ұзын бойлы, екі жағына екі кісі мінгендей, қақпақ жауырын, ат жақты, көзі өткір, түсі суық, қарасұр жігіт екен. Келген жерден:

– Бәленше байдың баласысың ба? – деп сұрай бастады. Бала көргенін бастан-аяқ айтып берді. «Сені қуған қара қасқыр адамға жерік еді. Ол қасқырдың сырттаны еді, сені алып қашқан кербесті жылқының сырттаны еді. Қара қасқырдың саған жерік болатынын кербесті құлын күнінде білді. Егер сол қасқырдың сырттаны келетін күн болса: «Сені алып қашсам-ау!» – деумен жүруші еді. Соны арман қылып, өмір бойы өзін-өзі жаратты, аз оттап, көп жусады. Үстінен өлі жүні түспеді. Ақыр алып қашқан екен, кербестіден басқа жылқы болғанда, қасқырдың аузына түсіп едің. Мынау жатқан қара ауыз иттің сырттаны еді. Кербестімен сенің қашып келе жатқаныңды, қара қасқырдың сені қуып келе жатқанын, екі сырттаның дүбірін қара ауыз күндік жерден естіді. Соны біліп, бұл үріп жіберді. Егер қара ауыз үрмегенде, қасқыр саған аузын салып еді. Егер қара қасқыр жеген болса, барлық қасқыр атаулы адамға жерік болар еді. Өмір бойы қасқыр адамды қойша домалатып жей беретін еді де, адамға қасқыр қожа болатын еді. Ал енді мен болсам, мен жігіттің сырттаны едім. Қара ауыз бен менің осы жақта екенімді кербесті білді. Ол шыққаннан-ақ осылай қарай бастап алып келді. Саған жерік болған қара қасқыр әлі кеткен жоқ, мына төбенің басында сені күтіп жатыр. Ол сені жемей тоқтамайды, сенің осында екеніңді біледі, бірақ кербестінің, қара ауыздың, менің осында екенімді біліп, үш сырттаның үстіне батып келе алмайды. Таң атқан соң қара ауызды ертіп, ол қасқырдың, соңына түсеміз. Өзің шаршап келдің ғой, бүгін дем ал», – деп, баланы сыйлап жатқызады.

Ертеңіне, таң атып күн шыққан соң, балаға жігіт айтты:

– Сен кербестіге мін, мен қара ауызды жетектеп, екеуміз мына төбенің түбіне барайық. Барған соң қара ауызды қоя берем. Бұл барып саған жерік болған қасқырмен арбасады. Бұлар арбасып жатқанда, мен ит жағынан барармын, сен кербестімен қасқыр жағына кел, сол уақытта қасқыр сенің исіңді біліп, саған қарай бұрыла берер, ол бұрыла берген кезде аңдып тұрған қара ауыз барып, қасқырдың мойнын бұрап тастайды. Сөйтіп, қара қасқырды өлтірмесек, ол тірі жүрсе, сені жемей қоймайды. Кербестіге мініп, қара ауызды ертіп, қара қасқырды қуар едім, бірақ кербесті мені көтеріп шаба алмайды. Ал сені қасқыр жеп қояды екен деп қорықпа. Ілгері ұмтылып, қасқырға таман барып қал, ол саған ұмтылады. Саған жетпей-ақ қасқырдың мойнын бұрайды, – деді. – Егер сенен бұрын мен барып қалсам, менің келгенімді біліп, қара ауыз маған қараған кезде, қара қасқыр қара ауыздың мойнын бұрап тастайды. Қара ауыздың мойнын бұраған соң сені де жейді, сені жеген соң бүкіл қасқыр адам атаулының бәрін жейді. Егер сен қорықпай барып қалсаң, ол сені жеуге ұмтылғанда, оны қара ауыз өлтіреді. Қайтсеңде қасқыр жақтан менен бұрын бар, қорықпа! – деп, әбден үйретіп келеді.

Төбеге жақындап түбіне барған кезде жігіт қара ауызды қоя берді. Қара ауыз төбенің басына қарай жөнелді. «Қасқырдың артынан барып қалайын», – деп кербестімен бала да төбені айналып жетті. Жігіт иттің артынан ақырын жүгіріп келеді. Қара ауыз төбенің басына жеткенде қасқыр да оны көріп қалды. Екеуі бірін-бірі көрген соң жүндерін тікірейтіп, көздерін біріне-бірі қадап, ырылдасты да жатты. Екі сырттан бірі-бірі ала алмай, ырылдасып арбасумен жата берді. Бірінің қозғалғанын бірі байқайды. Әлдеқалай біреуі қылып етіп, қозғалса-ақ, біреуі барып бассалғалы тұр. Қара қасқыр жалын тікірейтіп, тұмсығын созып, көзін қадап ырылдағанда ешбір жүрек тоқтатып шыдап тұрар емес. Арқа жүнін тікірейтіп, көзін төңкере қадап, екі езуін ырситып, азуларын ақситып ырылдағанда, қара ауыздың да бет алдына, қара қасқырдан басқа ешбір хайуан шыдап тұрар емес. Екеуі осылай арбасып, бірін-бірі ала алмай, әбден ызаланды, көздері қып-қызыл оттай жарқ-жұрқ етіп кетті. Ызаның кернегендігі сондай, мойындары терісіне симай буынып барады. Арбасқан қалпында екеуі де орындарынан тұра келді. Бір-біріне қимылдауға таянып тұр. Екеуі де жақтарын керіп, ырылдасып бір-біріне жақындасып қалды. Сөйткенше болмады бір-біріне тап берді, алдыңғы екі аяқтары бір-бірінің иығында, езулерін ырситып, азуларын ақситып ырылдасты да тұрды. Бір-біріне ауыз салғызбады. Қарама-қарсы тіресті де қалды. Біреуі қылып етіп қозғалса-ақ, құлақ-шекені өрлей, кеңірдекті қапсыра, ауызды басқалы тұр. Осылай тіресе ырылдасып, арбасумен тағы біраз тұрды. Бір-бірін ала алмады. Бұрынғы арбасудан мынау әлденеше қиын болды. Алдыңғы аяқтарымен бір-бірінің кеңірдектеріне тіресіп тұр. Ұзын тырнақ кеңірдектеріне кіріп барады. Енді біріне-бірі ауыз салғалы тұр. Бірі өлтіріп, бірі өлгелі тұр, көздері қанталап кетті. Енді тек бір-бірінің кірпік қағысуын ғана аңдып тұр. Қасқырдың сырт жағынан келе жатқан бала, екі сырттаның ырылдағанын естігенде, жақындауға жүрегі тоқтамады. Қара қасқырдан әбден қорқып қалған. «Жақындасам, жеп қоя ма?» – деп, ілгері баспады. Тым болмаса, айқасып тұрған екі сырттаның төбесі көрінетін жерге де келмеді, анда-санда бір аттап, аяғын ілгері баспады. «Бала аржағынан келді ме екен? Итіме не боп қалды екен?» – деп, жігіт тез ұмтыла басып төбеге шыға келсе, онда әлі көрінбейді. Қасыр мен ит айқасып тұр екен. Баланың төбесі жаңа көріне бергенде, артына келіп қалған иесін біліп: «Ием келді ме екен?» – дегендей ит мойнын бұрып қалды. Сол уақытта аңдып тұрған қара қасқыр, қара ауыздың шықшытына басып жіберді. Мынаны көрген иттің иесі не боларын білмеді. Беліндегі қанжарын ала жүгірді, қара қасқыр иттің құлақ-шекесіне қарыс батып кеткен тісін жұлқылап суырғанша, жігіт те келіп жетті. Келе-ақ қара қасқырдың ішін қанжармен есіп кеп жіберді. Сол жерде ит те өлді, қасқыр да өлді. Жігіт иттің өлгеніне қатты өкінді. Иттің өлігін құшақтап, зар жылап еңіреді... Балаға:

– Неге менің айтқанымды істемедің! – деп, бармағын шайнап ұрысты.

Ұрысқанымен не? Болар іс болып, ит өліп қалған соң.

– Қайтейін! Қара қасқыр тура маған бассалады ғой деп, қорықтым! – деуден басқа не айтсын бала.

– Қара ауыз ит өлтірген болса, ит атаулы қасқырға қожа болатын еді. Енді иттің ілуде біреуі-ақ қасқыр алатын болады. Әрине, қасқырдың да итті алатыны санаулы болады. Егер қара қасқыр сені жеген күнде, қасқыр атаулы адамға қожа болатын еді. Оны енді мен өлтірдім, енді адам қасқырға қожа болады, – деп, сырттан жігіт сөзін тоқтатты.

9. Сырттанның ажалы

Бұрында бір жолаушы жол жүріп келе жатып, бір үлкен далаға түсіп келе жатса, күн ауып бесін шамасы болғанда қасқырдың сырттаны ере бастайды. Күн кеш болып намаздыгер болғанда әлгі қасқырдың сырттаны бір ұлып жіберген екен елу шақты қасқыр жиылып қалады. Бейшара жолаушы шын ажалының жетуін білген соң көздің ұшында қарайған ағашқа қарай атын босатады. Сол шабыспен қасқырларға жеткізбей ағашқа барып, атын ағаштың түбіне қоя салып, өзі шыбын жанын қорғалау үшін үлкен ағаштың басына шығып кетеді. Әлгі жерде ашуына шыдай алмай келген қасқырлар қуып келісімен жолаушының атын жеп қояды. Сонымен қатар қасқырдың сырттаны әр уақытта ұлып-ұлып омырауымен ағашқа сілкініп-сілкініп қарғып барып, бес-алты қадам қашығырақ жерге барып жатады. Сол кезде елу қасқырдың бәрі бірдей ағаштың түбін тырмалап, бір мезгілдерде ағаштың түбін босатып қояды. Жолаушы сорлы өзінен үміт үзіп енді «өлмеген нем қалды айдалада қасқырларға жем болып, сүйектерім жапанда қуарып» арманда болып, ағайын, қарындастарын да көре алмай, ең болмаса, ішіндегі арманды айтып, қоштасып, кетерде дүниесі құрғыр тар болды. «Жапан далада тілсіз мақұлықтың талауына түсіп, ақыры ажалым осы қасқырлардан жететін болды-ау», – деп терең ойға түсіп, жүрегіне у толып, қу өмірден күдерін үзіп, ағаштың басында отыра береді. Айдалада жалғыз өзінің зарлағаны қабыл болып, бір күншілік жолда бір байдың сырттаны бар екен. Сол ит түн мезгілі ауқат құйып жатқанда аузын шалп еткізіп жұлып алып, азырақ тыңдап тұрып, қасқырлардың жолаушыны ортаға алып жатқанын сезіп ауқатын ішпей жүгіре жөнеледі, бір күншілік жолдан сырттан иттің даусын естіп елу қасқыр жоқ болып кетеді. Тек қана сырттан қасқыр жолаушының қасында жата береді. Бір мезгілде таң сарғайып атып келе жатқанында сырттан ит жүгірумен ағаштың қасына келеді. Бұл ит аулынан шыққанда байдың атқосшысы бір атқа мініп, бір атты жетегіне алып шыққан екен. Бір уақытта екі сырттан бір-біріне бата алмай тұрғанда ағаштың басындағы жолаушы «неде болса жерге түсейін» деп, ағаштың басынан жерге қарап түсіп келе жатқанда, ағаштың түбіндегі ит адамға бұрылып қарай бергенде, сырттан қасқыр келіп иттің басын жұлып тастайды. Сөйтеді де адамға қарамай, өз жөніне кете береді. Мұңды болған жолаушы атынан айырылып, оның үстіне жанына себепкер болған иттен және айырылып, қатты уайымға түсіп отыра береді. Айдалада мінейін десе аты жоқ, ішейін десе ауқаты жоқ, тағы да болса жақын арада ел жоқ, одан ауыр ойға түсіп отырғанда күн сәске түс болғанда, бір атты жетектеп, бір атты мініп, бір адам шауып келеді. Оны көріп жолаушы «бір өзім едім, маған да жолдас келе жатыр» деп қуаныш қылып отыра береді. Жаңағы келген адам келісімен отырған жеріне қамшымен тартып-тартып өтеді. Сөйтеді де жолаушыға:

– Сен осы итке әйт демедің ғой, әйт дегенде қасқыр өлер еді, – дейді. Жолаушы менің әйт демегенім рас, – дейді. Одан соң азырақ сөйлесіп неде болса болды ғой, енді ауылға қайтамыз дейді де, бір атқа мінгізіп, өзі итін өңгеріп, араға бір күн қонып, баяғы байлы ауылға келеді. Бай үйден шығып ит аман ба деп сұрай бергенде, иттің өлігін көріп ит өліп қалған екен деп, үйіне отыра береді. Келген соң жолаушының мән жайын сұрап, жолаушыға қарап, «сен маған қайтсең де өз итімдей ит тауып алып келіп бересің» деп бұйрық етеді. Жолаушы бейшара да бетін қайтармай тауып берейін дейді. Сонан соң бай қолына сырттан қасқырдың құйрығын беріп, қай ауылға барсаң осы құйрықты қолыңа алып жүр. Сырттан ит болса осы құйрықты тістеп алады. әшейін иттер болса осы құйрықты көрген соң тұқымдары құрып қашып кетеді дейді. Сонымен жолаушы астына ат мініп, төрт ай ауыл қыдырса да, иттің бәрі безіп кетіп жүріпті, бір уақыттарда бесінші айға аяқ басқанда бір ауылға барса, иттерінің бәрі қашып кетеді де, жалғыз-ақ жарлы адамның күшігі бар екен. Сол ит жүгіріп келіп жолаушының қолындағы құйрықты тістеп алады. Сол жерде дуана болған жолаушы күшіктің егесімен тамыр болып, астындағы мініп жүрген атты беріп, күшігін алады. Сөйтіп, төрт жарым ай жүріп, баяғы байдың үйіне келеді. Бұған бай да қуанып, «бұл ит әлгі итімнен мың есе артық екен» деп, қуаныш етіп, жолаушының қызметіне рахмет айтып киіндіріп, астына жақсы ат беріп, қалтасына пұл салып еліне жібереді.

10. Зор өгіз

Бұрынғы заманда үш ағайынды кісі бар екен. Олардың ортасында жалғыз өгізі бар екен. Бір күні өгізі бұны-қаны болып, төгісіпті. Бұл өгіз сусаған екен деп, үшеуі өгізді жетектейді. Біреуі жетелеп алдын, біреуі үстіне мініп алды, біреуі артынан айдап алды. Сөйтіп, ертемен келе жатса, алдынан бір кісі жолықты. Баяғы үшеуі жолыққан кісіден сұрайды:

– Көл, су алыс па? – деп. Сонан соң әлгі кісі айтты:

– Ертерек бар, жеткенше көл суалып қалады, – деді. Анда басын жетелеген кісі айтты:

– Алдағымызға барып айтыңыз, өгізді жылдам айдасын, – деді.

Сонан соң әлгі кісі жүріп, түсте өгіздің беліндегіге келді. Ол айтты:

– Өгізді жылдам айдасын деп айтады алдағы кісі, – деді. Сонан соң баяғы айтқан кісі күн батқанда өгіздің құйрығындағы кісіге келді. Сонан соң өгізді жылдам айдап, көлге келіп, бір көлді бүтін ішіп, бір көлді ішіп жатқанда, сол көлден балық шығып, өгізді сорып кетті. Сол өгізді сорған балықты бір бүркіт келіп, алып кетті. Бүркіт қайда қонарын білмей, бір ешкі қайтарған шалдың текесінің мүйізіне барып қонды. Сол ешкі қайтарған шал қорқып, текенің сақалына жабысады. Сонан соң бүркіт өгізді жеп бітіргенде, өгіздің бір дәліні тұмсығына ілінбей, түсіп кетті. Түсіп кеткенде, жерге түспей, шалдың көзіне түседі. Шал үйіне барады.

– Көзіме шөп түсті, – деп. Сонан соң шалдың көзіне үш азамат кіріп, шалдың көзіндегі дәліні сүйретіп шығады.

Сонан соң бір топ керуен келіп, қараңғыда дәлінің үстіне қонады. Сол қонған керуен жүз кісі екен, ол ертемен тұрып, шәй ішіп жатса, отырған жері қимылдайды. Шал шайқалып, екі жақты қараса, сол даланың бір басында ет қалған екен дейді. Соны түлкі жеп жатыр екен. Жүз кісі баяғы түлкіні қуып, ұстап алады. Бір жақ қапталын сойып алып, шек-арқасы тебетей болады. Бір жақ қапталын орай алмай, кетіп бара жатса, бір кемпір келе жатыр екен. Соны кемпірге айтыпты болған оқиғаны. Сонан соң кемпір келіп, бір қолымен ала салдырып, сойып алып, үйіне алып барып, бесіктегі баласына тебетей шықпай, бір кішкене малақай шығады екен. Сонда сұрағаны: өгіз шоң ба, бала шоң ба, түлкі шоң ба, бүркіт шоң ба? – деді.

11. Не үлкен?

Бір кедейдің үш баласының ортасында мал дегенде бір жалғыз өгізі болыпты. Өгіз орасан үлкен екен. Өгізді оттату үшін үлкені – басына, ортаншысы – беліне, кенжесі құйымшағына мініп, оттанады екен. Бір күні жайылымда жүргенде, өгіз оттамай қалыпты. Құйымшағында отырған кенжесі:

– Өгіз жапаламағалы бүгін он күн болды, осыны орта белдегі ортаншыға айта салыңыз, – деп, жанынан өтіп бара жатқан бір жолаушыға тапсырыпты. Жолаушы ұзақ күн жүріп, кешке қонаға өгіздің белінде отырған ортаншыға жетіпті. Жолаушы оған кенжесінің сәлемін айтса, ортаншысы:

– Осы өгіздің бүйірі орталанып, іші қабысып бара жатыр ма деп, өзім де күдіктеніп отыр едім, осыны өгіздің басындағы ағамызға, бара қалсаңыз, жолдан айта кетерсіз, – депті.

Жолаушы түнімен жүріп, таң ата өгіздің басына жетіп, өгіздің басындағы балаға:

– Мен осы өгізді өрлей, ат шалдырмастан дамылсыз бір күн, бір түн жүріп келемін. Құйымшақтағы кенженің өгіз жапаламағалы он күн болды деп, ортаншыңыз өгіздің бүйірі орталанып, іші қабысып бара жатқанын байқап отырмын деп, саған сәлем айтты, – дейді.

Сонда өгіздің басындағы бала:

– А, өгіз шөлдеп жүр екен деп, су іздепті. Мөлшерлі жерден өгіз қанарлық мол су таба алмапты. Енді кейін кетіп бара жатқан бір жолаушыға өгіздің басындағы бала тапсырыпты:

– Өгізді суаруға көл іздеп барамын, ортадағы ортаншыға әдейі жолығып айтыңыз, өгізді тездетіп тебінсін, – депті. Жолаушы жүріп отырып, шаңқиған түсте өгіздің белінде отырған ортаншыға келіп, ағасының тапсырғанын айтыпты. Онда ортаншы бала:

– Ендеше ерте барсаңыз, құйымшақтағы кенжемізге айта салыңыз, қаузап, қамшылай түссін, – депті. Жолаушы күн ұясына кіре өгіздің құйымшағындағы кенжесіне жетіп, ортаншының тапсырғанын айтыпты. Сонда басында отырған бала өгізді айдын шалқар көлге әкеп суғарыпты. Өгіз үлкен көлді үш-ақ ұрттап, қанбай қалыпты. Үшеуі өгізден түсіп тұрғанда, аспаннан бір ақиық бүркіт келіп, өгізді іліп әкетіпті. Өгізді алған бүркіт айналып ұшып жүріп, бір бәйтерекке қонса, ол бәйтерек бір серкенің мүйізі екен. Серке мүйізін шайқағанда, серкенің сақалында көлеңкелеп жатқан бір шалдың көзіне өгіз түсіп кетіпті. Шал көзін уқалап кемпіріне:

– Көзіме бір шөп түсіп кетті, арылта қарап, алып тасташы, – десе, кемпірі әрі қарап, бері қарап, таба алмай, әдейі арылта іздеуге сары атқа мінгізіп, қолына сабау ұстатты, салт атты кісі жіберіпті. Бұл кісі өгізді үш күн қарап, әзер тауып, көздің көліне түсіп, арам өлген жерінен тоқымға салып, сүйретіп, шығарып тастапты.

Екі-үш жылдан кейін өгіздің өлексесіне шөп шығып, сүйегі солқылдаған саз болыпты. Жауырын сүйектің жазығына ел жайлап, мал жайылатын өріс болыпты. Бір күні отырған ауылымен, жайылған малымен жауырынды бір түлкі сүйрей ала жөнеліпті. Ауыл адамдары бәйге атпен, қыран, тазымен жабыла қуып жүріп, түлкіні соғып алыпты. Түлкінің терісін илеп, бәйбіше баласына тұмақ қылып берсе, бір құлағына жетіп, бір құлағына жетпей қалыпты.

– Айтыңдар, балалар, кім үлкен?

12. Қасқыр неге ұлиды?

Ертеде Халық деген бір кедей өмір сүріпті. Мал дегенде он шақты ешкісі, жалғыз аты және алтын қауырсынды қоразы болыпты. Ол кезде қораз айғай салып, ешкі де бақырмайды екен. Күндердің бір күнінде ақсиған тісі бар, адам қорқар түсі бар бір аң келіп, кедейдің екі ешкісін алып кетеді.

– Өзі барып тұрған қаскүнем екен, қырды да кетті, – дейді. Халық күйініп кемпірі мен баласына.

– Ол өзі бізге қас, ешкілерді қырды, демек, ол қасқыр ғой, – деп қалады сонда бала. Содан бастап қасқыр қасқыр атанған екен. Қасқырлар кедейдің малын қыруды қоймайды. Кеш қарайғанда, тіпті қамаулы тұрған ешкіні қораға түсіп алып кететін болады. Ондайда ешкінің бар бітіретіні: сақалы шошаңдап бақырады екен. Қораз болса алтын қанатын қағып-қағып жіберіп: «ку, ка-ре, ку!» – деп, айғайға басады. Онысы: қасқырлар келді, қуа гөр деп, Халық атайға хабар бергені екен деседі. Сол түн, сол күннен бастап қораз шақыратын болыпты, ешкі де бақыратын болыпты.

Халық атай күнде үйіне қайтқанда өрістен қасқырлар жемей тастап кеткен ешкінің құйыршықтарын бір етек қып жинап ала келіп жүреді. Бір күні кедейдікіне сақалы беліне түскен бір ақсақал келеді. Ол:

– Жауыздықпен күресу менің парызым еді. Мә, мына кітапты ал. Оқы. Оқығаныңды көңілге тоқи біл. Ерінбесең, дұшпаныңнан құтыласың, – деп кедейдің баласына бір кітап береді.

Сол күннен бастап бала кітаптан көз алмайды. Оның бар ойы жауыз қасқырды өлтіретін дәрі жасап шығару болады. Ақыры, бірнеше шөп тамырларын қайнатып, дәрі жасайды. Оны апарып құйыршық жемтікке сеуіп қояды. Ешкілерді үйге қамайды. Қасқырлар бірінші күні келіп, үйді ториды, ешкілер көрінбейді. Екінші күні келеді, ешкілер шықпайды. Үшінші күні қасқырлар ырылдап келіп, үйдің іргесін қаза бастайды. Бірақ үйге кіруге батпайды. Ешкіден күдер үзген соң, жауыздар жемтікке жиналады. Қомағайлау біреуі келген бетінде арс етіп, жемтікті қауып өтеді де: «У-у-у..» – деп, мұрнынан шаншыла құлап түседі. Қалғандары басы ауған жаққа қаша жөнеледі.

Содан бері қасқырлар: «У-у-у!..» – деп ұлитынды шығарыпты.

13. Ит пен мысық адамға қалай үйренді?

Баяғы заманда бір кемпір мен шал болыпты. Балалары жоқ екен. Шал егін егіп, жинаған астығын қамбаға тығып қояды да, үнемдеп, шетінен базарға алып барып сатып, шай-тұзын арылтады екен. Бір күні шал қамбадағы астығынан алып, базарға апарып сатпақ болады. Қамбаның есігін ашып қалса, тышқандардың өріп жүргенін көреді. Бірде-бір дәні бүтін астық қалмапты. Тышқандар жегенін жеп, жемегенін ортасынан қақ бөліп, шаша беріпті. Мұның зардабынан кемпір мен шал қайғырыпты:

– Осы астықпен күн көруші едік, енді қайтеміз? – деп зар еңірепті.

Сол кезде бұлардың тұсынан өтіп бара жатқан мысық мұңын естіп, қастарына келеді де:

– Неге сонша қайғырып тұрсыңдар? – деп, жөн сұрап құйрығын бұлғаңдатады.

– Қайғырмай қайтейік, – дейді шал мұңын шағып. – Алаяқ тышқандар қамбадағы астығымызды талан-таражға салыпты. Соның жазасын беретін біреу табылар ма екен бұл дүниеден?

– Сол айтқаныңды мен орындаймын, қане, көрсетші сұмырай ұры тышқандарды, – деп, мысық құйрығын бұлғаңдатады батырсынып.

– Ендеше бері жүр, – деп, шал мысыққа қамбаның есігін ашып береді. Мысық құжынаған тышқандарды көреді.

– Енді есікті жауып қой да, кете бер, – дейді мысық шалға.

Үй-үйдің арасын шарлап, аштықтан ішегі шұрылдап, қарны қабысып жүрген мысық қалың тышқанмен айқаса кетеді. Әп-сәтте бес-алтауын ұстап, қылғып салады да, тойынып алады. Үйсіз-күйсіз айдаланы қаңғып жүруші еді, енді су өтіп, жаңбыр тимейтін қамбада тұратын болды. Сөйтіп, біраз уақыттан кейін тышқандар бұл маңнан біржола безіп, жоламай кетіпті. Соның салдарынан тамағы азая бастаған мысық кемпір мен шалдан:

– Қане, тағы қандай жұмыстарың бар? – деп сұрапты. Кемпір мысықтың жылтылдаған жүнінен сипалап, еркелетеді. Тышқаннан құтылғандарына қуанысады.

– Не қалайсың, кане айт, тілегіңді орындауға әзірмін, – депті шал.

Мысық өзінің қалауын айтады:

– Мен көп нәрсе сұрамаймын. Менің жалғыз-ақ тілегім бар. Тек үйлеріңнің бір бұрышынан орын берсеңдер болғаны.

Кемпір мен шал мысықтың қалауын қабыл алып, үйлеріне кіргізеді. Мысыққа үй ішінде не істесе де, ерік беріпті. Қайда жатам десе де, тыйым салмапты. Үшеуі тату-тәтті бірге тұратын болыпты. Мысыққа кемпір күніне бір тостаған сүт береді. Сүтке тойып алған мысық жылы үйде пырылдап ұйықтап жатады. Тамақ іздеп, ешқайда қаңғымайды. Бір күні түн ішінде шалдың қорасына қасқыр түсіп, бір-екі қойын жеп, басқасын жаралап кетеді. Мұны көріп шал қатты қамығады.

– Осы қойдың сүтін қорек етуші едік. Енді қалай күн көреміз? Бұл зұлымдардың зауалын беретін біреу табыла ма?

Сол кезде мысық шалдың қасына келеді де, құйрығын бұлғаңдатып, еркелей сөйлейді.

– Бар, ондай батыр. Мен соны іздеп тауып, ертіп келейін, – деп, айдалаға қарай жүгіре жөнеледі.

Мысық жалпақ даланы шарлап, итті іздейді. Бір кезде жер тіміскілеп, сүмеңдеп жүрген итті көреді. Қасына барады да:

– Мен сені іздеп келдім, – дейді құйрығын бұлғаңдата маңғазданып. – Саған бір ақыл айтайын. Бүйтіп көрінген інді қазып, сүмеңдеп тіміскіленіп жүргенше, адамның қорасын күзетсең, қарның тоқ болады. Жылы, жайлы жерде тұрасың.

Аштықтан бұралып жүрген ит айтқанына көнеді де:

– Баста ендеше сол адамның қорасына, – деп құлшынады.

– Ал кеттік онда, – деп, мысық соңынан итті ерітіп ауылға келеді.

Шалдың үйіне келген соң, кемпір итке тамақ береді. Қарны тойған ит қораның аузына барып, күзетке тұрады. Түнімен көз ілмейді. Түн қараңғылығы сейіліп, бозарып таң атқан кезде бір қасқыр қой қораға ентелеп жетіп келеді. Аңдып жатқан ит шап беріп, алқымынан ала түседі. Қасқыр өлдім-талдым дегенде зорға құтылып, қаша жөнеледі

Иттің ерлігін көрген кемпір мен шал:

– Сен де бір ер жүрек екенсің!.. – деп, итті тамаққа тойдырады. Есік алдына үйшік салып береді.

Сөйтіп кемпір мен шал, мысық, ит – төртеуі біріне-бірі көмектесіп, қамсыз тұра береді.

Мысық пен ит адам баласының қолына ең алғаш осылайша үйреніпті.

14. Ит пен мысық неге араз?

Ертеде ит пен мысық өте тату болған екен. Екеуін де адам асырап, үйінде ұстапты. Күндердің бір күнінде бір адамның май сіңген тері дорбаға салып сақтап жүрген алтыны жоғалады. Қанша іздесе де, табылмайды. Алтыннан айрылған адамның күйі тайып, жүдеулене бастайды. Тапқан-таянғаны ішіп-жеуге жетпеуге айналады. Мұны көрген ит пен мысық қатты қынжылып, қожасының жоғалған алтынын іздеуге кіріседі. Екеуі ой-қырды аралап, бармаған тауы, баспаған жері қалмайды. Ақыры титығып, үйлеріне қайтады. Ит пен мысық ұнжырғасы түсіп, үнсіз келе жатқанда, кенет қожасының май сіңген дорбасының иісі мұрындарын жарып жібере жаздайды. Қуанғаннан ит қыңсылап, мысық мияулап жібереді. Ит айнала жүгіріп, тіміскілеп, ақыры бір тышқанның інін тырналап қаза бастайды. Мысықтың қуанышы қойнына симай, аңдып қарап отыра береді. Ит көп азаптанып, тышқан інінің түбіне жетсе, алтын салынған майлы дорбаны тышқан тығып қойған екен. Ит:

– Мынаны көрдің бе? – деп, алтынды мысықтың алдына лақтырып тастайды. Мысық сол кезде иесіне жақсы атанбақ болып, иттен бұрын алтынды ала қашады. Мысық үй-үйдің төбесімен қарғи жүгіріп, иесіне жетеді де, алтынды тастай салады. Мұны көріп, қожасы қуанып кетеді. Мысықты бауырына басып, аймалай береді. Сөйтіп тұрғанда қара терге түсіп, сабалақ-сабалақ болып, арсалаңдап ит те жетеді. Келген бойда қожасының аяғына оралып, қыңсылай еркелейді. Ештеңені түсінбеген ол итін теуіп, жекіріп қуып тастайды. Жәбір көрген ит ызаланып, мысыққа тап береді. Қожасы арашалап, екеуін зорға айырып алады да, мысықты үйіне алып кетеді. Сол күннен бастап итті үйіне жолатпайды.

Мінеки, содан бері ит пен мысық бірімен-бірі араз болып қалыпты. Мысықтың тышқанға өштесуі де сол күннен басталыпты.

15. Тышқан, ит және мысық

Ертеде ит, мысық және тышқан үшеуі дос болыпты. Сонда да ит пен мысық тышқанды онша жақтырмайды екен. Тышқан күні-түні тынбайтын еңбекқор болыпты. Ал ит пен мысық тапқанын жеп, жұмсақ шөп пен жылы жерде жатып алады.

Бір күні ит қасындағы мысыққа:

– Осы тышқанның жұмысы таусылмайды, тіпті, күйбеңдейді де жүреді, – деп қынжылады. Сонда мысық:

– Өзіміз шолжиып жатып біреуді күндейміз. Осынымыз дұрыс па? – деп, итке жөнін айтады.

Ит ұялып қалады да, өзі де шаруа істемек болады. Содан былай қарай тышқанға көмектесіп жүреді.

– Сен де қол ұшыңды бер, – дейді енді ит мысыққа. Оған мысық көнбейді.

– Өздерің-ақ істей салыңдар!

Ит пен тышқан оған:

– Жалқаулықты қой, бірге жұмыс істе, – дейді.

– Әй, мен сендердің жұмыстарыңды күндеп жатқан жоқпын ғой. Неге тиісесіңдер, – деп, мысық ашуланады. Ит пен тышқан үндемей жүре береді. Мысыққа тамақ қалдырмай, өздері жейді. Аш мысық енді ит пен тышқанның тапқанын ұрлай бастайды. Мұны көріп қойған тышқан мысықтың ұрлығын итке айтады. Ит оңдырмай талайды.

Содан бері ит пен мысық өш екен. Бірін-бірі көрсе, талап тастауға дайын тұрады. Ал тышқанға ыза болған мысық оны ұстап алып жей салады екен.

16. Суыр сұңқар, су қайда?

Ерте заманда сиыр сызылған кербез, суырыла шапқан жүйрік болыпты. Әрі асқан тәккаппар, мақтаншақ та екен. Бір күні әлгі сиыр атпен ерегесіп қалып, екеуі жарысқа түсуге уәде байласады. Бұрынғы өткен жарыстардың бәрінде сиыр бәйге бермейді екен. Осы жолы аттан да озып, төрт аяқты жануарлардың арасындағы ең жүйрігі деген атаққа бір жола ие болуды мақсат етеді. Көмбеге төреші болып арыстан келеді. Бәстің жайын ұққан соң ат пен сиырды бір күншілік жолға жолбарыс айдап барып, екеуін қатар тұрғызып қояды да, өкіріп тұрып кері қайтуға белгі береді. Құйрығын көкке шаншып алып, танауы пысылдап, сиыр ә дегеннен-ақ қарасын үзіп, зулай жөнеледі. Сиырдың артынан желдей жүйткіп, үдей шауып, ат келе жатады. Жол ортасында бәсекелесушілерге сусын беру үшін суыр тосып отырады.

Бір кезде оза шауып, елірген сиыр суырға жетіп келеді де:

– Суыр сасық, су қайда? – дейді.

Сиырдың тәкаппар мінезіне ренжіп қалған суыр:

– Сиыр сасық, су мұнда, – деп, сасып, борсып кеткен лай суды ұстата салады. Шаңырқап, шөлдеп келген сиыр судың қандай екеніне қарамастан, сіміріп жібереді де, одан әрі шапқылай жөнеледі.

Әрі-беріден соң суырдың қасына, шөлдеп ат келеді.

– Суыр сұңқар, су қайда? – деп еркелетіп.

– Жылқы тұлпар, су мұнда!– деп, суыр мөлдір, тұнық суды атқа ұстата береді. Таза тұнық суға қанып алған ат бойына тың қуат қосылғандай болып, құстай ұшып, самғай жөнеледі.

Сасық, лай су кеудесін алып қалған сиыр онша ұзып кете алмайды да, екі-үш қырды асқан соң ат қуып жетіп, жанынан желдей жүйткіп өте шығады. Содан көмбеге бірінші болып жетеді. Содан бері жылқы төрт аяқты жануарлардың ішіндегі жүйрігі болып қалыпты. Кеудесін лай, сасық су алып қалған сиыр содан бері шабандап, жүгіре алмайтын күйде қалады. Сиырдың жатқан кезде ыңырана күрсінетіні – өзінің астамшылық етіп, суырға айтқан дөрекі сөзіне күні бүгінге дейін өкінген екен деседі.

17. Жапалақ көрсең, атып ал

Күндерде бір күн Сүлеймен патша:

– Алтын, күміспен көмкерілген ақ ордаларда отыра-отыра жалықтым. Енді маған әдемі қырналған ақ сүйектен, кемігі жоқ қақ сүйектен, ылғи ғана бас сүйектен, сарғаймаған жас сүйектен сарай салынсын, – деп бұйырады. – Сарайдың бірінші қабаты әйелдердің, екінші қабаты еркектердің, үшінші қабаты құстардың бас сүйегінен қалансын!

Адамдар мен құстардың әрбір алты ағайындысының үшеуінің басы, бес ағайындысының екеуінің басы, үш ағайындылардың біреуінің басы алынатын болыпты. Хан жарлығы екі бола ма! Сонымен қаһарлы ханның қайырымсыз жарлығы орындала бастайды. Күндерде бір күн кезек үш ағайынды үкілерге келіп, патша жарлығы бойынша ең кенже інісі Байғыздың сүйегін апарып берер уақыт жетеді. Бірақ қайсар да батыр Үкі хан жарлығын орындаудан бас тартады. Ол жапалақ інісін жардың жарығына, Байғыз інісін тастың қуысына тығып тастап, отыра беріпті. Көкжендет дейтін бір қанды балақ құс бар екен. Құстарды қыру міндеті соған жүктеліпті. Ол хан сарайындағы кәрі Самұрықтың ең сенімді қолқанаты екен. Үш ағайындының біреуін алу үшін Көкжендет бір күні Үкіге жетеді. Келе екілене дауыстайды:

– Балақ жүнің балпиып,

Жалғыз өзің жалпиып,
Батырымсып талтиып,
Құлағыңды қалқитып,
Екі ұртыңды салпитып,

Неге отырсың шалқиып?!
Үкі үн қатпайды. Көкжендет сестене әкіреңдейді.

– Хан жарлығын неге орындамайсың? Байғыздың басы қайда, тап! – дейді.

Үкі қос құлағын тікірейтіп алады да, кет дегендей жуан шеңгелмен сермеп қалады. Жармаса кетсе, жазым боларын сезген жендет құс:

– Қап, бәлем, патшаға айтпасам ба! – деп, кете барады. Сол бетімен келе жатса, ағасының айтқанын орындамай, тығылып жатқан жерінен шығып, Жапалақ жалп-жалп етіп, жар басында ойнап жүр екен.

Көкжендет көре салып, Жапалақтың қасына жетіп келеді де:

– Байғызды тауып бер, сонда патшаның тойына бақыршы болып, тамаққа тоясың, – деп алдайды.

Үкі де жендет құстың артынан қуа шыққан екен, оның Жапалаққа айтып тұрған сөзін естиді. «Айтпа» деп ымдайды. Бірақ әрі қорқақ, әрі опасыз Жапалақ тастың қуысына тығылып жатқан інісі Байғызды жау қолына ұстап береді. Міне, сол күннен бастап, Жапалақ үкі маңына жоламай кетіпті. Опасыздық жасап, өз бауырын бір уыс жемге сатқаны үшін бүкіл құс атаулы жерініпті. «Жапалақ көрсең, атып ал, жаманнан бойыңды сатып ал» деген сөз содан қалған екен. Үкі қасиетті құс саналып, оның балақ жүнін қыз-бозбала бөркіне тағатын болыпты.

18. Қыран мен құзғын

Бір күні бүркіт қара қарғаға кезігіп:

– Қарағым, екеуіміздің де тегіміз құс, бірақ сендер жуас құссыңдар, не болса соны жеп, үш жүз жылға дейін өмір сүресіңдер. Ал біз болсақ, отыз жастан әрең асып барып жығыламыз. Бұл қалай? – деп сұрапты.

Сонда қарға:

– Сендер ылғи жемтікті тірідей жеп, қанын ішесіңдер. Біз болсақ, тек өлекселермен ғана күн көреміз, – депті.

Содан кейін бүркітпен қарға екеуі жемтік іздеуге шығады. Ұшып келе жатып айдалада бір жылқының өлексесін көздері шалады. Іздеген жемі табылған қарға өлексені құшырлана шоқи бастайды. Ұзақ өмір сүруге себепші болар ма екен деген оймен бүркіт те дәм татуға кіріседі. Жемтікті шоқи берген бүркіт кілт шегіншектейді:

– Құрысын иістеніп кетіпті, өте дәмсіз екен. Жүрегімді айнытты. Мұндай жем жеп үш жүз жыл өмір сүргенше, ата-баба салтынан айнымай, отыз-ақ жыл өмір сүргенімнің өзі артық екен, – деп ұша жөнеліпті.

19. Құрым сары айғыр мен сыншыл шолақ қасқыр

Бұрында бір бай болған екен. Ол байдың жылқысына сан жетпейді. Ұшан-теңіз көп болыпты. Осы жылқының басы – бір айғыр екен. Байдың барлық жылқысы да бір, осы айғыры да бір екен. Мұны құрым сары айғыр деп атайды екен. Мұның үйірін еш уақытта жылқышы бақпайды, құрым сары айғыр өзі бағып, иіріп, қайырып, өргізіп, тұрғызып жүреді екен. Құрым сары айғырдың үйірін ұры алып, я жұттан өліп көрмепті. Құрым сары айғыр тұлпар екен. Бұдан туған құлыны да тұлпар болады екен. Құрым сары айғыр өмірінде қасқырға жылқы алғызбапты. Құрым сары айғырдың баласы бәрі де тұлпар болып туады екен. Мұны бір сыншыл шолақ қасқыр біліп, ылғи осы құрым сары айғырдың құлынын өсірмей желіде тұрғанда жеп кететін болыпты. Тіпті құрым сары айғырдың ұрығы дарыған бие, байталға да өш болыпты. «Ит жүйрігін бөрі сүймейді» деген. Құрым сары айғырдан тұлпар туып, жүйрік көбейсе, қасқырға жайсыз тиетінін сыншыл шолақ қасқыр ертеден білген, бұл қасқырдың сырттаны екен. Сыншыл шолақ қасқырдың өшіккенін біліп, құрым сары айғыр оған жылқы алғызбай жүріпті. Шолақ қасқыр қанша торуылдап шапса да жануар құрым сары айғыр кеуделесіп жылқыға дарытпапты. Құрым сары айғыр осылай сыншыл шолақ қасқырға жылқы бермей жүре беріпті. Бір замандарда құрым сары айғырдың балаларының алды құнан, дөнен, беске шығар болды. Мұны көргенде сыншыл шолақ қасқыр өзіне ажал оғы жеткендей көрді. Жейін десе, құрым сары айғыр алғызбады. Құрым сары айғыр өлсе, басқасын жеу оңай көрінді. Құрым сары айғырдың өзіне сыншыл шолақ қасқыр талай рет жейін деп шапса да ала алмай жүрді, жекпе-жекке түгіл жылқы да бермейді. Бір жылдары қыс өте қатты болды. Мұндайда қасқырдың құтырып кететіні қандай. Жерік айы туған соң құтырынып қасқыр атаулы малға жериді. Шолақ қасқырдың көзінен от үзіліп, үнемі аңсағаны құрым сары айғыр болды. Оны жемей жерігін баспайтындай көреді. Бір қатты боранда сыншыл шолақ қасқыр ұлып, көп қасқырды қасына жинап алып, құрым сары айғырдың үйіріне келе-ақ тиіседі. Құрым сары айғыр жалғыз өзі көп қасқырға жылқы бермеуге көп уақыт тартысады. Ақырында қоймайтын болған соң, жануар өзі қашады. Не керек, сол сияқты тұлпарды көп қасқыр мұзға қамап жарып өлтіреді. Бұл солай жата тұрсын. Енді басқы жағына келейік. Құрым сары айғырдың қайыруымен ғана тұрған жылқы оның үстіне қасқырдан үркіп желігіп, дүркіреп шауып жөнеледі. Ертеңінде іздеп келсе, жылқы жоқ, ығып кеткен екен. Бір жерде құрым сары айғырдың өлімтігін тауып алады. Байға хабар да барып қалды. Құрым сары айғырды жоқтап бай үнемі жатып алды. Ойнап, күлмеді. Сонда бір сыншы айтты дейді: «Құрым сары айғыр тұлпар еді, одан туған құлын да тұлпар еді, соны біліп құрым сары айғырды жеген сыншыл шолақ қасқыр. Егер шолақ қасқыр өлмесе, ол сенің жылқыңның тұқымын құртады», – депті. Мұны естіген соң бай құрым сары айғырдың баласынан төрт атты баптап қатырып, жаратады. Аттар әбден бабына келген соң, қасқырды іздеп шығып, бір жерден көп қасқырдың ізін табады. Ізге түсіп қуа-қуа кетіп бара жатқан қасқырлардың үстінен шығады. Ішінде сыншыл шолақ қасқыр да бар еді. Бұл қуа береді. Бір мезгілде сыншыл шолақ қасқыр бұрылып, артына қарайды. Қараса бір ат оқшау алдында келе жатыр екен. Шолақ қасқыр қасындағыларға білдіреді. «Бұл аттың арты аласа, алды жоғары екен. Өрге қарай шабайық», – дейді. Шолақ қасқыр бастап бұлар өрге қарай шабады. Әрі-бері жүрген соң алды жоғары ат өрге шаба алмай қалып қояды. Мұның алдына екінші бір ат шықты. Мұны да сыншыл шолақ қасқыр қарап көріп: «Бұл аттың арты биік, алды аласа екен, ойға қарай шабайық», – деп төмен қарай шабады. Алды аласа ат ылдиға қарай шаба алмай, бұ да қалып қояды. Мұның алдына үшінші бір ат шығады. Сыншыл шолақ қасқыр мұны да қарап: «Бұл аттың көзі шағыр екен», – деп күннің астына қарай шабады. Күннің астына қарай шапқан соң, көзі күнге шағылып бұл ат та шаба алмай қалып қояды. Мұның алдына ең ақырғы төртінші ат шығады. Шолақ қасқыр қарап: «Бұл аттың он екі мүшесінде мін жоқ екен», – дейді. Жүйрік ат бір қалса аяғынан қалады, деп неше түрлі тау-тасқа салып жорта береді. Ақырында осы атпен сыншыл шолақ қасқырды қуып жетіп ұрып алады. Сөйтіп, құрым сары айғырды жеген шолақ қасқырды өлтіріп, дұшпанын мұқатып, мұратына жетеді.

20. Маса неге ызыңдайды?

Тарихта Нұх пайғамбар дін жолын үгіттеп жүріп жер жүзіне ашуы түсіп топан су қаптатып жіберіпті де, жершарындағы 18 мың ғаламнан орын алып қалыпты. Осы кезде тышқан кеменің тақтайын тесіп жіберіп, кемені суға толтырыпты. Мұны көрген жылан:

– Мен кемеге кіріп жатқан суды тоқтатсам, талабымды орындайсың ба? – деген екен.

Нұх пайғамбар оның талабын орындауға мақұл болған екен. Жылан тесікке құйрығын тығып, суды тосыпты. Судан аман шыққаннан кейін жылан Нұхқа:

– Мен дүниежүзіндегі өлген өліктердің дәмін татып, қайсысы тәтті

болса, соның қанын азықтансам, – дейді. Мұны біліп келуге Нұх пайғамбар масаны жіберген екен. Маса екі сағатта келуге серт береді. Бірақ маса уағында келмеген соң, масаны іздеп келуге қарлығаш жолға шығады. Алдынан кезіккен маса:

– Көп нәрсенің қанын сорып жүріп, уақытым асып кетіп жай қалдым, – депті. Қарлығаш:

– Ненің қаны тәтті екен? – дегенде маса:

– Адамның қаны тәтті екен, – депті. Қарлығаш:

– Қане, тіліңді ашшы мен көрейін, – дегенде маса:

– «Міне» деп тілін аша бергенде, қарлығаш масаның тілін бірақ

жұлып әкетіпті. Сонан қайтып барған маса жыланға ызыңдағаннан басқа ешнәрсе ұқтыра алмапты. Ешнәрсе ұға алмаған жыланға қарлығаш:

– Саған маса, тышқанның қаны тәтті, – деп тұр дегенде, қарлығаштың

сөзіне шамданған жылан, қарлығашты бас салып, шақпақшы болып, қарлығаштың құйрығынан тістеп қалғанда, қарлығаш ұша жөнеліпті. Содан қарлығаштың құйрығы аша болып, маса ызыңдайтын болған екен.

21. Қоянның ерні неліктен жырық?

Қай кезде екені белгісіз, бір қырғауыл, бір қасқыр, бір түлкі және бір қоян төртеуі төс соғыстырып, дос болыпты. Олар өздерінің арасында атағы шыққан ақылды қоянның болғандығын зор мәртебе көріп, мәз болады екен, қоян да өзінің шағын топқа басшы болғанын үлкен қуаныш көреді екен. Күндердің бірінде осы төртеуі аң аулауға шығыпты. Түске шейін сабылса да, ешнәрсе кезіктіре алмапты, қарындары қатты ашып, ішектері шұрылдайды. Осы кезде қоян қоржын салған бір сал келе жатқанын анадайтын жерден көріпті. Соның арасынша ол бір амал тауып, серіктерін оңаша шақырып алып, мұны олардың құлағына ақырын сыбырлапты. Олар да табылған ақыл екен деп шұрқырасып, қоянның айтқаны бойынша істейтін болып бытырасыпты. Түлкі қоянның айтуы бойынша жылдам жүріп, салдың жолындағы шоқ тоғайға кіріп, оны тосып тұрыпты. Сал таяған кезде ғана орманнан шығып, мертігіп ақсаған болып, салдың алдына түсіп, шойнаңдай жүріпті. Алдынан шыға келген ақсақ түлкіні көрген сал қуанып кетіп, «Бұл да болса құдайдың бергені ғой, енді түлкі тымақ киетін болдым, – деп екі қолын соза өңкең қағып, түлкіні қуа жөнеліпті. Неше дүркін ұстай бергенде тайып кетіп, түлкі жалт беріп, сытылып кетеді екен. Сөйтіп, сал түлкіні бірталай қуыпты, қара терге түсіп шаршапты. Сонымен, ол иығындағы қоржынын бір жерге, тымағын бір жерге, етігін бір жерге лақтырып, түлкіні жеңілтектеніп алып қуыпты. Осы кезде оларды аңдып қоян, қырғауыл және қасқыр жетіп келіп салдың барлық нәрселерін алып кетіпті. Бір ауықтан соң салды көз жаздырып түлкі де жетіпті. Сөйтіп, олжаларын бөлуге кірісіпті.

Қоян салдың тымағын қырғауылға ұсынып:

– Сен атыз басына барғыш едің, бұл тымақ сенікі болсын, мұны

басыңа киіп алсаң, ешкім сені ұра алмайды, – депті.

– Жарайды, жарайды, – деп жырғап, мәз болған қырғауыл, сонымен ол тымақты басына киіп алып өз бетіне ұшып кетіпті.

Онан кейін қоян етікті қасқырға беріп:

– Сен қойға шауып ұрлық етуге құмар едің, етік сенікі болсын, мұнан

былай жортуылға шыққанда осыны ки, лайсаң жерде жүрсең, аяғың су болмайды, – депті.

– Жарайды, жарайды, – депті қасқыр қарық болып, сонан соң ол етікті

аяғына киіп алып, тайып тұрыпты.
Сонан соң қоян қоржынды алып, ішіне қолын тығып, бір мыс дабылды
алып шығып:

– Сенің балаларың көп қой, мұны сенің үлесіңе берейін, алып барып

даңғырлатып соқ, балаларың бір жырғап қалсын, – депті түлкіге.

– Жарайды, жарайды, – деп түлкі де мыс дабыл алғанына мәз болып,

өз жөніне кетіпті.
Ең соңында бір қоржынбас әдемі қуырылған май бауырсақ қалыпты.
Көңілі алып ұшқан қоян мұны жалғыз өзім жейтін болдым деп үйіне бет алыпты.

Алдымен қырғауылға келейік. Салдың тымағын басына киіп алып қырғауыл дән теріп жеу үшін атыз басына келіпті. Басына киіп алған тымағы ерапайсыз шошақ, үлкен болып, көзіне түсіп, алдын көрсетпегендіктен, адамдар оны құйрығынан ұстап алыпты. Ол қанатын сабалап, жанталасып жүріп әзер дегенде құтылыпты, бірақ құйрығы жұлынып, солардың қолында қалыпты. Ал қасқырға келейік, салдың етігін киіп алған соң, тірі жанға шалдырмаспын деп, қоралы қойды төңіректепті, шопан оны байқап қалып шоқпарын қолына ала ұмтылыпты, етікпен жақсы қаша алмай, аяғына шоқпар тиіп мертігіпті. Сонан аяғынан етігі түсіп қалған соң ғана әрең қашып құтылыпты. Ал түлкішек, оның жағдайы да басқалардыкінен жақсы емес екен. Мыс дабылды ініне алып барған соң, күшіктерінің құз басында ойнап жүргенін көріп, мыс дабылды қағып-қағып жіберіпті. Ол асылында балаларын бір қуантайын деген екен, бірақ өмірінде мұндай даңғырды естіп көрмеген күшіктері шошып кетіп, түгел құздан құлап өліпті. Қырғауыл, қасқыр, түлкі үшеуі бір жерге жиылып, қоянның өздеріне істеген қастығын сөз етісіпті. Қоянды тауып, кегімізді аламыз деп үшеуі даурығып жолға шығыпты. Іннің аузында бауырсақты қомағайлана жеп отырған қоян, анадайдан қырғауыл, түлкі, қасқыр үшеуінің сұстанып келе жатқанын көріп, жағдайдың өзіне тиімсіз екенін сезген ол дереу жерден бір тасты алып, өзінің аузына өзі періп кетіпті. Тас «тақ» етіп тигенде, оның үстіңгі ернінен қан дір ете түсіпті. Сонымен ол қырғауыл, түлкі, қасқыр үшеуінің алдынан шығып:

– Ойбай! Салға келісіп алданыппыз. «Қараңдаршы, оның бауырсағын

жеймін», – деп аузым дал болып, ернім жырылып қалды, ауырып жаным шығып барады, – деп безек қағады.

Бізді алдаған салдың өзі екен ғой деп, алдаған сөзіне әбден сеніп,
сонымен, олар, қоянға тиіспей райларынан қайтып, өз жеріне кетіпті.
Бірақ сол күннен бастап қоян атаулы ұрпақтан-ұрпаққа жырық болып қалыпты.

22. Торғай неліктен жүре алмайды?

Бір кептер үш жұмыртқа тауып, онан үш балапан шайқап шығарыпты. балапандары бара-бара ақ үрпектеніп, сүйкімді болып өсіпті. Балапандарын жанындай жақсы көретін кептер күнде таңертең шыбын-шіркей ұстауға кетіп, балаларына түстік азығы етеді екен. Күндердің бірінде кептер күн ұясынан шыға, ұшып шығып шыбын-шіркей ұстауға кетіпті. Балапандары аналарының тезірек оралуын телміре күтіп отырыпты. Бұл арада бекершіліктен қолы босамайтын, бекер сенделіп күнді кеш қылатын оңбаған торғай тұрады екен. Ол кептердің сүйкімді балапандарына сұғын қадап, «Үшеуінің сүйегі жас шеміршек қой, бұлардың еті қандай дәмді екен!» деп ойлап жүріпті, кептердің әр күні жем іздеп сыртқа кететінін де біліп алыпты. Сол күні әлгі торғай кептердің алыс сапарға кеткен орайынан пайдаланып, оның тұратын жеріне келіп, ұясына кіріп, үш бірдей балапанын жепті. Ұясын бұзып, ағаш бұтақтарын сындырып, сол маңның әптер-тәптерін шығарыпты. Кептер бірталай шыбын-шіркей ұстаған соң ұясына қарай ұшыпты, ол «Бүгін кешігіп қалдым, тезірек ұшайын, шапшаң барайын, балапандарымның қарыны ашып қалған шығар...» деп ойлап қанатын жылдам қағып ұшып отырыпты. Жолда шашылып жатқан ағаш бұтақтарын көргенде «Рас кеш қалыппын-ау, отыншылар келіп кетіпті» деп ойлапты. Есігінің алдына келіп қан дақтарын көргенде «Балаларымды қатты сарылтқан екенмін, ет асым уақыт өтіп кетіпті ғой, балапандарымның үні неге шықпайды, әлде олар менің келгенімді байқамады ма? », – деп ойлапты. Осы оймен ауласына кіріп қараса, ұясы тас-талқан болып жатыр екен. Балапандары да көрінбейді. Кептер қатты қайғырып: «Балапандарымды өлтіріп, ұямды талқандаған кім екен деші? Әлде торғай шығар! Сол-ақ сұмпайы еді», – деп күңіреніпті. Сонан ол ұшып отырып құс патшасы көкекке келіп, торғайдың үстінен мұңын шағып, еңіреп қоя беріпті. Онан өшін алып беруді өтініпті. Мән-жайды ұққаннан кейін құс патшасы көкек қатты ашуланып қасындағы қарғаға:

– Дереу торғайды ұстап алып кел, – деп әмір беріпті.

Патшаның әмірі бойынша қарға торғайды барлық жерден іздепті. Бір үйдің дөдегесінде күнге қақталып отырған торғай ұшып келе жатқан қарғаны анадайдан көріпті де, қулық сайлап үлгеріпті, ол қарғаның сырын әбден біледі екен, қарға жалбырлап келіп, торғайдың қасына келіп қарлыққан үнмен:

– Мені әбден сенделттің! Кептер сенің үстіңнен шағым айтты, көкек

мені сені ұстауға жіберді, жүр шапшаң, – депті.

– Торғай ерте қомданып отыр екен, ол күлмің қағып аппақ қаданы

қарғаның мойнына тағып шықылықтап:

– Қареке, біз ежелгі доспыз ғой, сіз қайтып барып, көкекке мені таба

алмадым деңіз, – депті.
Қарға қадасын алған соң оған бет келе алмай, құр өзі қайтып барып көкекке:

– Төңіректің төрт бұрышынан түгел тінтіп болдым, сонда да әлгі сұмды таба алмадым, – деп мәлімдепті.

Ол осы өтірігімен кетсе бір сәрі, бірақ мойнындағы қада сол бойы жабысып алынбай қойыпты. Ала қарғалардың тамағының астындағы ақ содан қалыпты.

– Арамтамақ! – деп ақырыпты құс патшасы көкек. Сонан соң

қасындағы сауысқанға:

– Сауысқан, әккі торғайдың қол-аяғын байлап алдыма әкел, тез бол! –

деп әмір беріпті.
Сауысқан орманнан ұшып шыққан бойы әлгі үйдің дөдегесіне келіпті.

Ұшып келген сауысқанды көрген торғай: «Сауысқан қарғаға қарағанда қуырақ, оны бір қадамен алдап түсіруге болмайды, көбірек шығындар болуға тура келер», – деп ішкі есебін жасап тұрыпты.

Соның арасында сауысқан келіп қоныпты.Торғай оны жалбырақтай қарсы алдынан шығып қарсы алыпты, әрі ақ түбіттен тоқылған тізе киімді оған тарту етіпті:

– Сәке, жапа тартып келіпсіз, мына қақаған суықта тым жалаң борбай

жүргеніңіз не, осы су жаңа тізе киімді сіз киіңіз, – депті.
Тізе киімге қызыққан сауысқан оны қолына алған соң торғайды ұстау

жұмысы жөнінде ауыз ашудан ыңғайсызданып қайтып кетіпті. Ол барған соң көкекке:

– Торғай шынында тым қу екен, қай жерге кіріп алғаны белгісіз.

барлық жерді шарлап таба алмай келдім, – депті.
Оның киген тізе киімі де етіне ет болып жабысыпты. Сауысқанның

денесіндегі ала сол екен, ол ұрпағынан-ұрпағына қалып келеді. Торғайды ұстай алмай қарға мен сауысқанның құр келгеніне көкек қатты ызаланып, қырғиды шақырып, оған:

– Сен төтенше зерделі ыспар едің, торғайды не қылсаң да алдыма әкел,

– деп тапсырыпты. Көкектің сөзі біте қырғи самғай ұшып, бұлт арасына сүңгіп, лезде ғайып болыпты. Ол зеңгір көкте қалықтап, шартарапты шарлап, дөдегенің үстінде күнге қақталып отырған торғайды көріпті. Сонан ол қанатын қомдай сорғалап, торғайдың төбесінен түйіліпті. Кім екенін айырып болғанша торғайды іліп үлгеріп, құс патшасы көкектің тұрған жеріне қарай алып ұшыпты.

Сәлден соң есін жиған торғай, өзін ұстап әкетіп бара жатқан қырғи екенін біліп, «Мақтауға жаны құмар, бұл ақымақтың табанына әсем сөзден баспалдақ қойғанда ғана шеңгелінен құтылуға болар» деп ойлап:

– Кім екен десем, батыр қырғи екенсіз ғой, мені алып ұшам деп

қиналдыңыз білем, әнтек тыныстап алсаңызшы, – депті.
Торғайды жарым күн қанат жимай алып ұшқан қырғи недәуір шаршаса
керек:

– Жарайды, – деп көне кетіпті.

– Қырғидың өз сөзін бұза алмағанын көрген торғай іле-шала:

– Батыр қырғи, сіз құс патшасы көкектің әйгілі батырысыз, ал мен

ілікке алғысыз қылмыстымын, сізбен ақыр жерде қатар отырып демалғаныммен келіспес, сіз мәнсап иесісіз, сондықтан биіктеу отыру сізге лайық, үйдің үстіне отырып дем алыңыз, мен қылмыскермін, сондықтан, сіздің аяқ жағыңызда, төменде отырып дем алайын, – депті. Торғайдың сөзі жанына жаққан қырғи көп-көрім желпініп қалыпты, бірақ торғай қашып кетіп жүре ме деп қауіптеніп дағдарып, бірдеме демепті. Мұны сезген торғай:

– Көзіңіз менен гөрі өткір, оның үстіне ұшу жағынан да менен тезсіз,

несіне алаңдайсыз? – депті.
«Тауып айтты, бәрібір менен құтыла алмайды» деп ойлаған қырғи

торғайды қоя беріп, өзі дөдегенің үстіне кәміл сеніммен жан-жағына құшырлана көз тастап отырыпты.

Қырғидың тегеуірінінен босаған торғай, жан-жағынан бой тасалайтын жер іздепті. Сонан соң сиырдың мүйізін көзі шалып, қырғи сылана берген әредікте лып етіп, мүйіздің ішіне кіріп алыпты. Қырғи жерде отырған торғайдың жоқтығын байқап, абыржып жалма-жан аспанға көтеріліп, торғайды іздепті. Бірақ оның көлеңкесін де көре алмапты. Жерде жатқан мүйізді ғана көріп «дәуде болса осы мүйіздің ішіндесің ғой, қанша әккі болсаң да, менен құтыла алмайсың» деп ойлап сорғалап келіп, мүйізді жерден іліп алып, құс патшасы тұрған орманға қарай ұшыпты. Мүйіз зілдей ауыр екен, оның ішінде бір торғай бар, сондықтан қырғи бір ауық ұшқаннан кейін әбден болдырып, алдыға қарай ұшуы мұң болыпты, сонда торғай қашып кетер деп шеңгелін жазбай тісін-тісіне басып ұша беріпті. Ұша-ұша әлі құрып, көзі қарауытыпты, аспаннан жерге құлап түсіпті. Жерге қатты түскендіктен есеңгіреп бірнеше домалап та кетіпті. Сиырдың мүйізі де тасқа түсіп, быт-шыт болыпты. Бірақ оның ішіндегі торғай ештеңе болмапты. Ол бірер сілкініп, бір үйдің дөдегесіне шығып алып, қыбы қанғандай мәз болып:

– Қырғи да масқара болды! Жерде домалап жатқан түрін-ау, шоқ, шоқ

бәлем! – деп шиқылдай беріпті.
Жерде бір қанша рет домалаған соң, есін жиған қырғи ұшып барып,
дөдегеде отырған торғайды ұстап алып, көкекке апарып беріпті.

Көкек торғайды сұраққа тартыпты. Торғай сайқалдықпен құтыла алмайтын болған соң, шынын айтыпты. Кептердің үш балапанын жеп, ұясын бұзғандығын мойындапты. Құс патшасы көкек қырғиға: «Ол мұнан былай адымдап емес, екі аяғымен секіріп секектейтін болсын, аяғына кісен сал», – деп бұйырыпты. Сондықтан торғайдың бүгінге дейін адымын ашып жүре алмайтыны осыдан екен.

23. Ақбас торғай

Ерте, ерте, ертеде бір жыл үш жүз алпыс бес күн бойына тырс етіп жаңбыр тамбапты. Жер бетіндегі мәуелеп өскен ағаш та, құлпырған әсем гүлдер, жайқалып тұрған өсімдіктердің жапырақтары шыжыған ыстықтың салдарынан сарғайып солыпты. Бұдан былайғы жерде тірі жүрудің қиындығын білген құстар су табудың амалын қарастыру үшін көп болып жиналып кеңес құрыпты. Сонда құстың бірі:

– Теңіз жағалауына барсақ кеберсіген тұмсығымыздың суға тиюі сөзсіз

ғой, бірақ ол тым алыс, енді не істесе болар екен, – депті. Ақ тырна:

– Оның шарасы жеңіл! Теңіз жағалауынан шоқып бір арық алсақ, судың

өзі ағып келеді, – депті.
Құстар бұл ақылды жөн көріп, теңіз жағалауына арық алуға бармақшы

болыпты. Тек бір торғай ғана жаным қиналмасын деп төбе жағын аппақ қып бояп алыпты да құстарға:

– Қылшылдаған жас емес, қырқылжыңның бірімін, басым да ағарды!

Бұл жұмысқа қайтып ат салыспақпын? – депті.
Құстар оған қалсаң қал дегеннен басқа ештеңе айта алмапты.

Сөйтіп құстар теңіз жағасынан тұмсықтарымен шоқып арық алуға жапа-тармағай аттаныпты. Олардың шоқи-шоқи тұмсықтары қанап кетіпті. Шыжыған ыстық күн қанаттарын күйдірермен болыпты. Олар ыстықтан пысынап өлуге айналғанда ғана суы бар салқын жерге барып, аз тыныстап алып, жұмыстарын қайта жалғастырады екен. Олар сөйтіп жеті күн-жеті түн жапалы шайқас жасап, теңіз жағасынан арық тартып келіпті. Су ағып өткен алқап жасыл түске еніп, гүл-шешектер құлпыра ашылыпты. Бұны көріп шаттанған құстар шаттық әнін шырқап шарқ ұрып, қуаныштарын салтанат етіпті. Басын ақ борымен бояған манағы торғай ғана ішқұста болып жабырқайды екен. Қанат қағып шарықтауға, ән шырқауға оның дәті бармапты. Басқалар мазақтап күлеме деп басын да көтере алмапты. Қанша жуып арпалысса да, басындағы ақ борды да кетіре алмапты. Сондықтан жұрт оны қазірге дейі «ақбас торғай» деп атайды.

24. Сарыала қаздың бауыры қалайша сары?

Ертеде, бір бақа мен қоян көкорай текшеде ойнап жүріпті. Олар ойнап жүріп әдемі, кіп-кішкене алтын күбі тауып алыпты. Сонда бақа тұрып:

– Мұны мен таптым, алдымен мен көрдім, мен аламын, - депті.

Сөйтіп, олар қызыл кеңірдек болып таласыпты. Сәлден соң сөзін
тоқтатып, бақаға нәсихат айтыпты.

– Біз таласуды қояйық, етектен тау басына қарай жарысайық,

қайсымыз күбіге бұрын жетіп ішіне секіріп түссек, күбіні сонымыз алайық, жарысатын күніміз ертең болсын депті, – қоян.

Өзінің жүйріктігін, бақаның шабандығын әбден білетін қоян, өзін сөзсіз ұтып аламын ғой деп күпіршілік ойлайды. Бақа да, жарысса, өзінің ұтылатындығын әбден біледі де, қулық ойлайды. Ол түр-түсі өзімен біп-бірдей екі досын шақырып келеді, біреуін тау басындағы күбінің ішіне түсіріп, біреуін орта жолға тұрғызып, өзі етекке түседі.

Ертеңінде таң сәріде қоян келеді. Олар жарысқа түседі. Бақа бір-екі шоршығанша, қоян көп ұзап шығады. Қоян жол ортаға келгенде, ойламаған жерден бақаның өзінің алдында кетіп бара жатқанын көріп іш тартып қалады. Ол «Мен бәрібір басып озамын деп ойлап ұшырта жөнеледі. Сол бойында тау басына жеткенде әлдеқашан күбінің ішінде отырған бақаны көреді. Сөйтіп бұл жарыста қоян ұтылып алтын күбіден құр қалады.

Бақа алтын күбіні ұтып алғанымен, оны етекке алып түсіре алмайды. Сөйтіп, әңкі-тәңкі болып отырғанда ұшып келе жатқан бір сарыалақаз онан «неге дағдарып отырсың» деп сұрайды. Бақа күбіні етекке жеткізе алмай отырғанын айтып, етекке жеткізіп бере аласың ба деп сұрайды. Қаз: «Бұны жеткізіп беруіме болады. Бірақ алтын күбінің тең жарымын маған бересің», – дейді. Басқа табар айласы болмаған соң, бақа бұған көнеді. Қаз алтын күбіні етекке алып түсіп, екіге бөледі. Ол әдемі алтын күбінің өзіне тиген сынығын талқандап, омырауына сеуіп алады.

Сарыала қаздың бауырының алтындай сары болуы осыдан екен.

25. Ақ тырнаның құйрығы мен қызыл төбетайы

Ертеде ақ тырна мен қарқара жастайынан бірге өсіп, біте қайнасып, қарасу жағасын мекендепті. Ол екеуінің түс-тұрқы, айырғысыз, сирақтары сып-сидам ұзын, денелері аппақ, мойындары сорайған, тұмсықтары біздей үп-үшкір екен. Ол екеуі қатар тұра қалғанда қайсысының ақ тырна, қайсысының қарқара екенін жыға тану қиын екен. Шыжыған шіліңгір ыстық күндердің бірінде, бұл екеуі суға түсіп жуыныпты. Жуына-жуына денелері мұнтаздай болып, кіршіксізденіп бейне жер бетінен жарып шыққан жауқазындай жайнап кетіпті. Қарқара жуынып бола жағаға шығып күншуақтап су жаққа көз тастаса, ақ тырна суда әлі асыр салып ойын-тамашамен жүр екен. Мұны көрген ол «Ел-жұрт екеуімізді бір-бірінен қалыспайтын көрікті деседі, бірақ мынаның қауырсыны менікінен гөрі салалы әрі ақ екен, бұл бірер тал қауырсын тауып әрлесе, менен әлдеқайда көрікті болып кетер» деп ойлап, күншілдік көкейін өртейді де: «Мұны алдап жағаға шығарып, бір шеңгел балшықты атып, тұла бойына жағайын, сонан соң оның аппақ болып тұрғанын көрейін» деп оған сұмдық сайлапты, осы оймен қопаға барып бір шеңгел балшық алып, оны құйрығының астына жасырыпты да, талтаңдай басып су бойына келіп:

– Бауырым ақ тырна, тез ұмтыл, шөкпе тастың жапсарына бір ақ шабақ

кіріп алыпты! Тез келмесең ары кіріп көрінбей кетеді! – деп айқайлапты.
Ақ тырна бұның қулық екенін қайдан білсін, ол жалма-жан бір сілкініп

қарқараға қарай аңқалаңдап ұмтылыпты. Таяп келгенде қарқара оған құйрығының астына жасырған балшығын су лаймен жіберіп қалыпты. Оның бұлай істерін ойламаған ақ тырна бұлтара алмай, қара балшық аппақ құйрығына былш етіп жабыса кетіпті, қарқара оған қарқылдай күліп:

– Ақтырна, сен енді қара тырна болдың! – депті мәз болып. Бұны естіп

ашуланған ақ тырна қарқараға тап беріпті. Сонда қарқара қатты сасып жалма-жан жерден тас алып ақ тырнаға жіберіп қалған екен, ол тас ақтырнаның дәл төбесіне тиіп, тас тиген жері лезде қып-қызыл болып томпайып шыға келіпті.

Сонан қарқара тайып тұрыпты. Жарақатының ауырғанына шыдап, орнынан тұрған ақ тырна суға түсіп құйрығына жабысқан балшықты тазаламақшы болыпты, бірақ балшықтың желге тиісімен бүйтіп қатып қаларын кім білген, қанша жуса да, балшық бұрынғыдан ары баттасып, кетпей қойыпты. Төбесінің жарақатын жуса, ол да жуған сайын қызара түсіпті. Десе де бұл оған көрік қосыпты. Аспанда бір сәт ұшып ақ тырнаны «табалап, мазақтайын!» деп қайта оралған қарқара қанатымен су сабалаған ақ тырнаның аппақ тұлғасына жарасым жасап, сән кіргізген қып-қызыл төбетайы мен құндыз қара құйрығын көргенде қызғаныштан жарылып кете жаздаған болса да:

– Бауырым-тыру, көркің сұлу, тым сұлу! – деп қошамет етіпті.

Оның бөтен ниет, бөгде ойын аңғарған ақ тырна қанатын таранумен оған пысқырып та қоймапты. Бұған ішқұста болған қарқара сол күннен бастап, күні бүгінге дейін күні бойы: «бауырым-тыру, көркің сұлу, тым сұлу» деп қиқулап жүреді екен, ал ақ тырна оған тіс жарып үн қатпай томсарған бойы қанатын таранумен болады екен.

26. Сауысқанның жұмыртқасы мен бөдененің құйрығы

Алақанат сауысқан, бір жылы он сегіз жұмыртқа тауыпты. Ол шалқыған көңілімен ағаштың ұшар басына қонып алып, жұмыртқасын аймалап отырады. Сол шақта момынды алдап, пысықты жалдап кәніккен әлгі түлкі сумаң етіп келе қалады.

– Сауысқан, сауысқан жұмыртқаңның бірнешеуін берші! – депті ол

сауысқанған.

– Жоқ, жоқ! Мен саған бере алмаймын! – депті азар да, безер болып.

Түлкі оны қорқытып:
Бермесең жұмыртқаңды бүгін маған,
Ойрандап баспанаңды бүлік салам.
Бермесең жұмыртқаңды қазір маған,

Жығамын мына ағашты болар жаман.
Шашылған жұмыртқаңды жерден теріп,
Асаймын бірін қоймай етіп тамам, –
дейді.

Түлкінің бұл сөзін естіген сауысқан қатты сасыпты. Оның үстіне түлкінің ағашты құлатпақ болып құшақтай алғанын көріп, жүрегі алқымына тығылыпты. Сонан ол жан азабына шыдап, көз жасын парлатып тұрып, бір жұмыртқасын тастайды. Түлкі жұмыртқаны жеген соң өз жайына кетеді. Ертеңінде әлгі түлкі тағы да жұмыртқа сұрай келеді, сауысқан бермейін десе, ол ұя салған ағашыңды қопарамын, баспанаңды ойрандаймын деп тағы құқай көрсетеді. Амалы таусылған сауысқан тағы бір жұмыртқасын береді, түлкі оны жеп тағы кетеді. Сауысқанды қорқытып кәніккен түлкі, үртіс он жеті күн келіп, он жеті жұмыртқасын жейді. Сөйтіп, сауысқанның тек бір жұмыртқасы қалады. Он сегізінші күні таңсәріде сауысқан қалған бір жұмыртқасын түлкіге берейін десе қимай, бермейін десе, оның жолын таппай, қиналып жылап отыр еді, оның қасына бір бөдене келеді, ол сауысқаннан:

– Сауысқан, сауысқан неге жылап отырсың, – деп сұрайды:

– Мен жыламағанда кім жылайды? Сұм түлкі келіп жей-жей, бір ғана

жұмыртқам қалды, бүгін келсе, оны да жейді ғой, – дейді сауысқан көз жасын сүртіп.

– Оған бермесең болмай ма, әлде оған қарыздармысың? – дейді

бөдене сауысқанның қасына қонып жатып.
Түлкінің әр күні келіп қорқытып айтатын сөздерін сауысқан бөденеге
айтып береді. Бөдене басын шайқап, тамағын кенеп:

– Бәрекелді-ай, саған бір ақыл үйретейін, егер бүгін түлкі тағы келетін

болса, онда сен оған:
Ойрандайтын баспанамды қырың қайсы,
Жығатын бұл ағашты түрің қайсы?! – деп сұра дейді.
Егер түлкі бұл ақылды саған кім үйретті деп сұраса сен:

«Көп дөңбекшіп таптым, ұйықтап түсімде көрдім», – деп айт, алайда менің атымды аузыңнан шығарушы болма, – деп ұшып өз жөніне кетеді. Бір сәттен кейін жұмыртқа жеп дәніккен түлкі күндегісінше тағы бір жұмыртқа сұрайды, сонда сауысқан:

– Менің саған бес бересім, алты аласым жоқ, жұмыртқамды неге

беремін, – дейді.
Бұны естіп долданған түлкі өзінің дағдылы сөзін айтады, сауысқан оған
жұмыртқаны бермегені былай тұрсын, қайта одан:
Ойрандайтын баспанамды қырың қайсы,

Жығатын бұл ағашты түрің қайсы, – деп сұрайды.
Не дерін білмей әлгі түлкі құйрығын бұлғақтатып, басын шайқап,
ағаштың түбіне шоқайып отыра кетеді де:

– Бұны саған кім үйретті? – деп сұрайды. Сауысқан сонда:

– Көп дөңбекшіп жаттым, ұйықтап түсімде көрдім, – дейді ерлене

жауап беріп. Ызаланған түлкі:
Айтпасаң егер шыныңды маған,
Ағашыңды қиямын тісіммен, бәлем.
Демесең егер расыңды маған,

Бұзылды енді мына баспанаң!!! – деп аузын арандай
ашып, тісімен ағашты шайнап-шайнап жібереді.

Түлкінің ағашты қаршылдатып шайнап жатқанын көрген сауысқан қорыққанынан жалма-жан:

Бө-дене айтты, бө-дене үйретті, – дейді асып-сасып.
Бұл сөзді естіген соң, ызалы түлкі бөденені іздеп жүріп кетеді.

Сауысқанның қасынан қайтқан бөдене, бір шоқтоғайға келіп, күншуақта ұйқыға бас қойып жатыр еді. Бөдененің ұшқан бағытын мұрынымен шалып, түлкі де оның ұясына жетеді. Сонан шырт ұйқыда жатқан бөденені аузына салып та үлгіреді.

Енді шайнап қылғиын дей бергенде бөдене түлкіден:

– Уа, түке, сіз қырдың қызыл түлкісісіз бе? Әлде ойдың ор түлкісісіз

бе? – деп сұрайды. Таңданған түлкі:

– Қырдың қызыл түлкісі болсам қайтпексің? Ойдың ор түлкісі болсам

қайтпексің? – дейді.

– Бәлі, ойдың ор түлкісі бір нәрсе жегенде тісі саудырап түсіп қалған

кемпірлерше омыраңдайды, ал қырдың қызыл түлкісі аузын еркін ашып жаймен жейді, – дейді. Бөдененің бұл сөзін естіген түлкі:

– Мен әтей қырдың қызыл түлкісінше аузымды еркін ашып, жаймен

жеймін, – деп аузын аша бергенде бөдене түлкінің аузынан сып етіп шыға жөнеледі. Түлкі жан дәрмен тісін басып қалғанда бөдененің құйрығы оның аузында қалады.

Сондықтан бөдененің құйрығы қазір де жоқ.

27. Мысық, жолбарыс және тышқан

Ел аузындағы аңыздарға қарағанда, жолбарыс хайуанаттардың патшасы болып оларды билеуден бұрын қойдан қоңыр, сиырдан топас, түйеден аңқау екен. Маймыл мен түлкі оны үнемі алдап-арбап келемеж етеді екен. Оның терісі де әсілінде кілең сары түсті болыпты, онда қазіргідей қара теңбілі жоқ екен. Бұл теңбілдер маймыл мен түлкінің тұяғы мен тісінің салған айғызының табы екен. Көп қорлық көрген соң, жолбарыс мысықтың алдында өнер үйренуге келіпті. Ол кезде мысық күллі хайуанаттардың ұстазы екен, маймылға шапшуды, қасқырға тіс жұмсауды, итке иіс айыруды, сиырға тілмен орауды... сол үйретіпті. Бірақ мысық үйреткісі келмей жолбарыстан ат бойын ала қашыпты, өйткені маймыл, қасқыр, ит және сиыр өнер игерген соң жақсылықтан жалтайып ұстаздарын ұмытқан екен. Сондықтан жолбарыс қанша жалынып-жалбарынса да, мысық міз бақпапты. Тілек-өтініші қабыл болмаған соң, жолбарыс тауына қайтып тайып тұрыпты. Сөз десе ішкен асын жерге қоятын тышқан есігінің алдынан сүмірейіп өтіп бара жатқан жолбарысты көріп:

– Туыс, сүлкініңіздің түсуін кімнен сұраймыз, – депті. Сонда жолбарыс

көз жасын сорғалатып тұрып:

– Мен өнерден кенде болғандығымнан, ылғи елдің мазағына

ұшыраймын, – деп мысықтың ұстаздық істеуге көнбегендігін, жолы болмай келе жатқанын тышқанға айтып мұңын шағыпты.

Жылмағайлықтың жөнін білген қаптесер, сонда сәл ойланып алып, бір ақыл үйретіпті. Ол тамды тесіп бара алатын өнерге баулыған мысықтың әрекетін осы тесіктен күндіз-түні көріп үйрен деп сол жерге жолбарысты тұрғызып қойыпты. Мұнысы табылған ақыл еді! Дес бергенде мысық балаларын аяқтандырған соң-ақ өзінің атылу, алып соғу, табанға басу сынды үш өнеріне баули бастапты. Бірқанша күн көз жазбай көрген жолбарыс та оның өнерлерін дерліктей меңгеріпті. Екі күн өткеннен кейін, жолбарыс мысыққа кезігіп, оған «ұстаз» деп күлімдей тіл қатыпты, әрі өзінің үйренген үш түрлі өнерін көрсетіпті. Бұған таң-тамаша болған мысық, мұны қалай үйрендің деп сұрапты. Жолбарыс мән-жайды оған түгел башайлап айтып беріпті. Өнер үйренуге осынша берілген жолбарыстың бұл қылығына сүйінген мысық адал ниет білдіріп:

– Әттеген-ай, басынан бастап үйренбей, орта жолдан килігіп кеткен

екенсің. Егер өнерімнің барлығын жете үйренген болсаң, хайуанаттардың патшасы болғандай екенсің, – депті.

Бұны естіп жолбарыс мысыққа құлдық ұрып, онан өз бойындағы өнерін түгел үйретуді талап етіпті. Мысық оған тағы өзінің иіс айыру, тіс жұмсау, тілімен оралу және шапшу өнерлерін үйретіпті. Бірақ жолбарыс сабырсыздық істеп, иіс айыру, тіс жұмсау өнерін үйренуге көңіл қоймапты да, тіл мен оралу мен шапшу өнерін шала-шарпы үйренген екен. Ең соңында мысық өз өнерінің ең асылы есептейтін айбар шегу өнерін үйретіпті. Мұнысы бір керемет өнер екен. Ол көзін шақшитып, жүнін үрпитіп, құйрығын шаншып, айбар шеккенде айналасындағы қастастарының зәре-құтын алады екен. Бұл өнердің атылу, алып соғу, табанға басу, иіс айыру, тіс жұмсау, тілмен орау және шапшу өнерлеріне қарағанда тіпті маңызды екенін білген жолбарыс бар зейінін сала мұқият үйреніпті. Сөйтіп, мысықтың шәкірті болған жолбарыс, мысықты барынша қадір тұтыпты, оны табанымен жер басқызбай арқалап жүретін болыпты.

Қылжаққой тышқан:
Мысық ұстаз болыпты,
Жолбарыс шәкірт көніпті.
Ергежейлі мықты екен,

Еңгезерге мініпті, –
деп жолбарысты мазақтапты.

Жолбарыс көп өнер үйренсе де, бірақ оның түйе сияқты аңқаулығы әлі де басым екен. Тышқанның сөзіне ол қатты шамданыпты, қабағы да ашылмайтын болыпты. Бір күні ол мысықты арқалап келе жатып оқыс қимылдап, оны жерге алып ұрып, атылып барып аяғымен қаққан екен, мысық қан жоса болыпты. Ол жан дәрменімен ағаш басына өрмелеп шығып алыпты.

Үлкен абиыр болғаны – ол өзінің осы өнерін ғана жолбарысқа үйретпеген екен.
Мысы құрыған жолбарыс, тас қабырғаға сүйеніп тұрып мысыққа шекшірейіп:

Қарғыс атқан мысық ағашқа асылып өл! Қарғыс атқан мысық ағашқа асылып өл! – деп қарғысын жаудырыпты.

Ызаға булыққан мысық оған орай:

– Қарғыс атқан жолбарыс тас дауалға қадалып қал! Қарғыс атқан

жолбарыс тас дауалға қадалып қал! – деп қарғапты.
Жолбарыс пен мысықтың түс шайысып қалғанын байқаған тышқан, қатты

қорқыпты, түнделетіп таудан қашып кетіпті. Сөйтіп ол күндіз сыртқа шығудан да қалыпты, сонан ұрланып түн жастана шығып бірдеме теріп жейтін болған екен. Бірақ қанша жасырын қимылдаса да ізіне түскен мысық тышқанды аңдып жүріп тарпа бас салатын, жұмарлап өлтіріп жейтін болыпты.

Содан бастап жолбарыс тауда дәурендеп өмір сүріпті.

Қазірге дейін мысық жолбарыс пен тышқанға өш. Жолбарыс қазірге дейін ағашқа шыға алмайды екен. Адамдар қазір де өлген мысықты ағашқа асып қояды, соғып алған жолбарыстың терісін тас дауалға сүйеп қойып сыдырады.

КЛАССИКАЛЫҚ ЕРТЕГІЛЕР

28. Алты түлкі

Бұрынғы уақытта алты түлкі жолдас болыпты. Алтауының біреуінің құйрығы шолақ екен. Ана құйрығы ұзын бес түлкі: «Сенің құйрығың жоқ», –деп келеке қылып, күле беріпті. Сол уақытта шолақ түлкі «Осыларды ма, мен осы бес түлкінің қандай қылып құйрықтарын шолақ қылып өзіме тең қылып қоямын», – деп ойлап келіп, тапқан ақылы. Сонда бес түлкіге айтты:

– Біз бір жақсы ойын қылайық! – деп

Түлкілерді алып келіп, қарағайға құйрықтарынан байлап қойып, өзі бір биік таудың басына шығып, түлкілерге айтты:

– Мына жақта бүркітшілер келе жатыр, – деп өзі қашты. Сонда бес түлкі қашамыз деп құйрықтарын үзіп, әммесі шолақ болып қалады, шолақ болғаннан кейін бұрынғы, міне, шолақ түлкі өздерін шолақ қылып, серік қылды. Бесеуі бірдей шолақ болғаннан кейін ешкім мазақ қылып күлмейтін болды.

29. Қу түлкі

Жолбарыс бір түлкіні ұстап алады. Түлкі құйрығын бұлаңдатып, тұмсығын жоғары көтеріп:

– Мені жей алмайсың! Мен осы орманға қожалық етуге келгенмін, –дейді.

Жолбарыс түлкіге олай бір, былай бір қарап, сенбей:

– Мүмкін емес, – дейді.

– Сенбесең, менімен бірге орманға жүр. Ондағы барлық аңдар менен қалай қорқатынын өз көзіңмен көр, – дейді түлкі.

Жолбарыс бұған келіседі. Түлкі жолбарыстың алдына түсіп, паңдана жүріп отырады. Жолбарысты көріп аңдар мен құстар зәресі ұшып, тым-тырақай қашады, ұялары мен індеріне тығылады, аспанға ұшады. Ал қу түлкі басын онан сайын көтере түсіп:

– Ал, енді көзің жеткен шығар! Менен қорықпайтын жан бар ма тірі? –деп мақтанады.

– Я, сен шынында да айбарлы екенсің, – деп алданған жолбарыс жайына кетеді.

30. Қу түлкі

Аш түлкі тамақ іздеп келе жатып, көрді біреудің шанамен балық әкетіп бара жатқанын. Аб, міне! Жақсы болды. Мен мынаның балығын алып жейін дейді. Жүгіріп алдынан шығып, өлген болып жолда созылып жата қалады. Әлгі кісі жолда түлкінің өліп жатқанын көреді.

– Ә, құдай берді. Тымағым тозып кетіп еді, басыма бір жақсы тымақ болды деп, түлкіні алып шанаға салды. Кигізбен жауып жүріп кетті алдына қарап, атын айдап.

Түлкі ақырын ығыстырып, аяғымен балықты түсіріп жатыр. Балықты түсіріп болған соң шанадан секіріп түсті. Келді қазақ үйіне, қатын! ... мен өзіме жақсы тымақтық түлкі тауып әкелдім. Қатыны:

Қайда?

– Шанада, балықтың үстінде жатыр. Жүнін ұйпалақтамай көтеріп әкел!

Жібітіп сойып берейін, илеп өзіме тымақ қылып бер дейді. Қатыны барып кигізді көтерсе, балық та жоқ, түлкі де жоқ. Қу түлкі алдап кеткенін сонда білді.Өкінгенмен не қылсын, түкте жоқ.

31. Өткен замандағы хикаят сөз

Бұрынғы заманда бір түлкі жақын маңайдағы қалаларға түнде барып көшелерін, базарларын аралап күндіз түсіп қалған ет, май, ондай-мұндайларын теріп жеп жүреді екен. Бір күні түнде баяғы қалпынша қыдырып жүрсе, бір бояушының лапкесі ашық қалған екен, соған кіріп, һәмме денесін бояп алыпты. Тіміскілеп жүріп тамағын тойдырып алып өзінің сахарадағы мекеніне барыпты. Басқа сахарадағы арыстан, қабылан, жолбарыс я басқа көп аңдар таң қалыпты:

– Бұл бізге көктен түскен патшамыз шығар, – деп арыстан астындағы тағын түсіп беріпті. Мәзқұр түлкі бұлардың қорыққанын біліп:

– Мен көктен түскен патшаларыңмын, – деп өзін-өзі мақтап, көп заман сахарадағы аңдарға хүкім дауа жүргізіп, таққа мініп, патша болып тұрды. Һәм неше түрлі аңдар қызметінде болып, қолдарын қусырып тұрдылар. Бір күні түнде басқа атыраптағы түлкілер уланып өліпті. Түлкілердің өлгенін естуіменен мұның асылы һәм түлкі болған үшін бұл һәм өліпті. Арыстан бұның өлгенін біліп бас салып, пәре-пәре қылып тастапты:

«Неше заманнан бері бізді алдап жүрген екен, «мен сіздерге көктен түскен патшамын», – деп. «Әлін білмеген әлек» деген сөз сықылды өзін-өзі жоғарыға санаймын деп, өзі-өзіне ажал тапқызды.

32. Түлкі мен жолбарыс

Бұрынғы уақытта түлкі мен бір жолбарыс жолдас болыпты. Екеуі бір жардың басына келіп қоныпты. Жолбарыс айтыпты:

– Мен мына жардан құлап кетемін, сен түлкі, менің астыңғы жағымда жат, – депті.

Сөйтсе, түлкі астыңғы жағында жатыпты. Жолбарыс ұйықтап қалғанда, түлкі міне жолбарыстың үстіңгі жағына шығып жатып:

– Ай, жолбарыс, мені басып кеттің, арырақ жат! – депті.

Сөйтсе, жолбарыс жылжи берсе, жардан құлап кетіпті. Құлап барып өліп қалыпты.

33. Түлкі мен қырғауыл

Бір түлкі қалың ағашты аралап келе жатып, ағаштың басында отырған қырғауылды көреді де, жақындап келіп:

– Сәлеметсіз бе, қырғауылым, халың қалай? – дейді. Қырғауыл:

– Жақсы, өзің қалай тұрсың? – дейді.

Түлкі:

– Жерге түсіп сөйлессеңіз қайтеді, бір құлағым естімеуші еді? – дейді. Қырғауыл:

– Жерге түсуге қорқамын, жерде әртүрлі аңдар бар, бізді жеп қоюы мүмкін, – дейді. Түлкі:

– Әй, достым, биылғы заман бұрынғы заман емес, жаңа ғана келдім, бұйрық шығыпты, біреуге біреу зорлық қылмасқа, қой мен қасқыр бірге жүрсін, түлкі мен тауық бірге жүрсін деген, – дейді. Қырғауыл:

– Жақсы хабарыңыз бар екен, рақмет, достым! Мына жақтан бір иттер келе жатыр, оларға да хабарыңызды айтыңыз, естісін, – дейді. Ит деген сөзді естіген соң, түлкі алды-артына қарамастан қаша жөнеледі. Қырғауыл:

– Қайда барасың, түлкім, бұйрықты ұмытып кеттің бе? – дейді. Түлкі:

– Кім біледі, бұйрықты ол естімеген шығар, – дейді міңгірлеп.

34. Түлкінің алдағаны

Бір қасқыр менен бір жолбарыс, бір түлкі үшеуі жолдас болған, жолдас болып үшеуі келе жатқан, бір шелек май тауып алған. Бір жерге үшеуі келіп жатты. Түлкі айтты: «Мына жерде үлкен ағамдікі бар еді, сол ағамның қатыны буаз еді, сол ағамның қатыны бала тапқан екен, соның баласына барып, атын қойып келейін!» – дейді. Қасқыр менен жолбарыс: «Барсаң бар!» – дейді. Түлкі кетті жүгіріп. Бағанағы тауып алған шелектегі майды үшеуі бір жерге көміп кеткен. Түлкі қасқыр менен жолбарыс екеуін алдап тастап, жүгіріп шелектегі майға келеді, бір елі төмен түсіріп жеді, қайтып қасқыр менен жолбарысқа келді:

– Ағаңның баласының атын қойдың ба? – деді. «Қойдым», – деді. «Атын кім қойдың?» – деді. «Атын Бірелі қойдым», – деді.

О күні де үшеуі жатты, ертең тұрған соң түлкі қасқыр мен жолбарысқа айтты: «Мына жерде ортаншы ағамның үйі бар, со ағамның қатыны буаз еді, ағамның қатыны баласын тапқан екен, соның баласына барып, атын қойып келейін!» – дейді. Қасқыр менен жолбарыс айтты: «Бар, қойып кел!» – деді. Түлкі жүгіріп кетті, жүгіріп бағанағы шелектегі майға келді. Шелектегі майдың жарымын жеді. Жүгіріп қасқыр менен жолбарысқа қайтып келді. Жолдастары айтты: «Ағаңның баласының атын қойдың ба?» – деді. «Қойдым», – деді. – «Атын кім қойдың?» «Ортабел деп қойдым», – деді түлкі. Жатты үшеуі о күні, ертең тұрды үшеуі. Түлкі айтты: «Кенже ағамның үйі бар еді», – деді. «Сол ағамның қатыны буаз еді, ағамның қатыны баласын тапқан екен, сол ағамның баласының атын қойып келейін!» – деді. Қасқыр менен жолбарыс айтты: «Бар, қойып келе ғой», – деді. Түлкі жүгіріп кетті, жүгіріп майға келді. Майдың бәрін жалап-жалап жеп қойған соң, қайтып келді жүгіріп. Жолдастары: «Ағаңның баласының атын кім қойдың?» – деп сұрады. Түлкі айтты: «Жалап-жалап қойдым», – деді. Жүрді үшеуі, бір түйешіге келді. «Ей, түйеші! – деді, – бір түйе сат бізге!» «Не бересің?» – деді түйеші. «Не берейін, бес жүз сом ақша берейік!», – деді. Түйеші айтты: «Қашан бересің?» – деді. «Ендігі жылы берейік!» – деді. «Жарайды, бір түйе ал», – деді. Бір түйені алды үшеуі, алып келіп бір жерге сойды. Үшеуі түйені сойып жатқанда бір қарсақ келді. Қарсақ айтты: «Сендерге мен жолдас боламын!» – деді. Жолдастар айтты: «Бол! Мынау түйе, сатып алып, сойып жатырмыз, сол түйені ендігі жыл бес жүз сом ақша берейік деп алдық, сол түйенің ақшасына қосыламысың? – деді. «Қосылсаң, төртеуміз түйені сояйық!» – деді. «Сойып болмай жемейік», – деді. Төртеуі сойып жатты, түлкі айтты: «Қарсақ аузына бірдеме қағып салды»,– деді. Қасқыр тап берді, тап бергенде қарсақ жалт қойып қашты. Қашқан соң қасқыр жолбарыспенен тап қойып қуды, түлкі орнында қалды. Қасқыр менен жолбарыс келгенше, түлкі түйені бұзып-жарып, жерге тығып қойды. Түлкі көміп қойған соң кетіп қалды. Бір уақытта қасқыр менен жолбарыс келді, келсе түлкі де жоқ, әлгі жерде түйе де жоқ. Түлкіні таппай тұрғанда түлкі келді. Жолбарыс пен қасқыр айтты: «Түйе қайда?» – деп. «Түйені мен білмеймін, сендер қарсақты қуғанда мен де қуып кетіп едім. Мен қайдан білейін, өздеріңмен бірге қарсақты қуып кеткенмін», – деді түлкі. Үшеуі жатты. Түнде түлкі түйені көмген жерден алып, түйенің етін жеп жатты. Түйенің етінің бәрін түлкі жеп қойды. Кішкене терісі қалғанда жолбарыс, қасқыр білді, айтты «Е, түлкім не жеп жатырсың?»

– Өзімнің көтеншегімді жеп жатырмын, – деді түлкі.

– Түлкім, өз көтеншегіңді өзің жеп өлмеймісің? – деді қасқыр.

– Өлмеймін, – деді. Қасқыр айтты: «Өлмейтұғын болсам, өз көтеншегімді өзіме ойып берші,» – деді. Қасқырдың қасына түлкі: «Көтеншегіңді ойып беремін», – деп келді, келді де қасқырдың көтеншегін ойып жеді. Қасқырдың ішіне еніп кетті, іші-қарнын жеді, қасқырды өлтірді, өлтірген соң қасқырдың ішінен түлкі шықты, шыққан соң қаша берді, жолбарыс түлкіні қуды, қуып жетіп ұстап алды. Түлкіні жұтамын деп аузына салып жіберді.

– Жолбарысым, «маңғыт» деп жұтсаңшы!» – деді түлкі. Жолбарыс «маңғыт» деп, аузын аша бергенде, түлкі саңғытып аузынан шыға берді. Түлкі шығып қашып кетті, жолбарыс қуып-қуып жете алмай қалды.

Түлкі бір жерге келді, бір бөденемен жолдас болды, екеуі жолдас болып келе жатты. Бөдене айтты: «Түлкім, сені мен көп тамаққа апарайын. Ол үшін түлкім, көзіңді жұм. Құйрығымнан тісте!» – деді. Түлкі: «Жарайды», – деп, көзін жұмды да, бөдененің құйрығынан тістеп жүре берді. Бөдене айтты: «Түлкім, мен көзіңді аш дегенде аш, мен аш демей ашпа», – деді. Бөдене жүріп келеді, жүріп келеді, түлкіні ертіп, жетектеп келе жатыр.Үлкен бір тоғайдың қасына келді. Тоғайдың ашық алаңында бір топ кісі тұр екен, топ кісінің ортасында түлкіні жетектеп бөдене келеді. «Аш көзіңді, түлкім,» – деді, түлкі көзін ашып жіберсе, көп кісінің ортасында тұрды, бөдене алдап келгенін білді. Бөдене күліп, «пыр» етіп ұшып кетті. Әлгі жерде түлкіні кісілер соғып алды.

35. Түлкі, қасқыр, түйе, арыстан

Жапанда жалғыз тағы боп жүрген бір түйеге қаңғыған бір жалғыз түлкі ұшырапты. Екеуі жолдас болып кете беріпті. Бұларға бір қасқыр кездесіп, үшеу болыпты. Үшеуі жолдас болып кете барыпты. Сөйтіп келе жатса, алдарынан бір арыстан жолығыпты. Төртеу болған соң «түгел болдық» деп қуанысып:

– Біреуден екеу жақсы, екеуден үшеу жақсы деген осы екен-ау! Айлас-мұңдас, ордалы құлан, рулы ел, ұялы терекпіз, – десіп жүріпті.

Шөп табылады, су да табылады. Түйенің азығы түгел болған соң екі өркеші екі баладай, әбден жетіліп семіріпті. Түлкіге тышқан жоқ, қасқырға қой жоқ, арыстанға ең аяғы қоян да жоқ. Бұларға арықтық кіріп, аштық жүдете бастайды. Үшеуі түйені күндеп, семіздігіне сұқтанып, көзін жоғалтуға ұйғарысыпты.

– Бұған әлім жеттік қылып, тарпа бас салуымыз ұят болар, жолдас ақысы бар ғой. Мұның есебін қалай табамыз? – деп үшеуі кеңесіпті.

Сонда түлкі бәлекет жымың етіп:

– Маған ерік берсеңдер, мен оны өз ырзалығымен-ақ қарашығын батырып, үнін өшірер едім, – депті. Арыстан да, қасқыр да:

– Е, жарайды, бізге тек есебін тауып, тамақ түсірудің қамын қыл, – десіпті.

Анау екеуі тамақ аулап кеткенде, түлкі түйенің қасына келіп, солқ-солқ жылай берді дейді.

Сонда түйе маңқиып:

– Түлкішегім, қарындасым, неге жылайсың? – деп сұрапты.

– Жыламай қайтейін, мына өзге үшеуміз бір төбе, сен бір төбе едің. Көрнектіміз де, көріктіміз де сен едің. Қараңды көріп, ішпей мас, жемей тоқ боп жүруші едік. Сенен айрылып қалсақ, құтымыз қашады-ау, қарнымыз ашады-ау деп жылаймын, – дегенде түйе шошып кетіп:

– Түлкішегім, әлде жаман түс көрдің бе? – депті.

– Тәйірі, түсті айтып тұрғанын. Бұрынғылар «түс – түлкінің боғы» демеді ме? Қылышын сүйретіп қыс келеді. Түйенің шудасынан қар жауады, оңды-терісті боран соғады. Шөп қар астында қалады. Мына үшеуміз інге кірсек те жан сақтаймыз. Сенің құрықтай мойның бар, сырықтай сирағың бар, екі өркешің анау-мынау қораға сияр емес. Осы байғұс жел өтпейтін жабуға сүйеніп, асты құрғақ жылы қорада жатып, жан сақтап жүрген мал еді. Үскірік аязда босқа өліп қалады-ау деп, ішім елжіреп, бүйрегім бұрылып, бауырым езіліп, сені қимай жылап тұрғаным ғой, – дегенде, түйе түлкінің бұл сөзіне қатықтай қатып, сүттей ұйып:

– Маған бір ақыл тауып бер, – депті.

– Таптым ақылды, мына арыстан, қасқыр, мен – үшеуміз он екі қойға сенің құныңды толықтырып кесіп алайық. Біз не қыламыз десек те, сен көне бер. Сол көнген ақыңа жарқырап жаз шыққанда, жүнін желкілдетіп, құйрығын жайқаңдатып он екі қойды алдыңа салып берейік. Он екі қойдың жабағысы өзіңе қандай жылы жабу болады. Көдеден жіп ширатып, селеуден ине істеп, өзім қандай ұқсатып сырып, жабу ғып беремін? Келер қыста қандай сұрапыл боран соқса да, тоңбайсың, – деген соң, түйе есі шығып:

– Жарайды, түлкішегім, – деп көне қойыпты.

Арыстан мен қасқыр келген соң, олар да түлкінің айтқанын құптап, түйе де:

– Оған ырзамын. Тек қойды жарамды ғып берсеңдер болады, – дей беріпті.

Түлкі мен қасқыр түйені сойып жатыр дейді. Сонда түлкі:

– Бұл жарықтығыңның өзге еті бір төбе, ішек-қарны бір төбе ғой. Дүниеде түйенің ішек-қарнынан тәтті тамақ болады деймісің, – деп күбірлей берді дейді.

Түлкі соны айтқанда қасқыр мен арыстан:

– Е, оны қалай жейміз? Былғаныш қой, – депті.

Сонда түлкі тұрып:

– Жаман-жұман қатындар қандай оңдап аршып, судан таза, сүттен ақ қылады! Айналайын арысекем өзі барып, дария көлге малшып-малшып алып келсе, қандай тап-таза болады? – деген соң, арыстан дырдай болып, мақтанып:

– Мен болмасам, сен итке тазалық қайда? – деп, ішек-қарынды арқалап ала-ақ жөнелді дейді.

Түлкі мен қасқыр арыстаннан айбынып, қаһарынан қаймығып, бір жапырақ тата алмай, өліп-өшіп ынтасы кетіп, құлқыны құрып барады. Әбден шыдай алмаған соң, түлкі қасқырға:

– Жерік асың ғой, көзін ойып жей ғой, мен миын жейін. Арыстан жоқтамас, жоқтай қалса, мидың жауабы даяр, «Көзін неге жедің?» десе, маған жалт қара, жауабын мен беремін, – депті. Бір мезгілде арыстан келіп, түйенің етін түгендеп, шекенің ішінде мидың жоғын көріп:

– Ми қайда? – дегенде, түлкі жұлып алғандай:

– Тақсыр, сізге не болды? Түйеде ми болушы ма еді? Миы болса, өзін-өзі он екі қойға саудалап, өлімге басын байлай ма? – дегенде, арыстан басын изеп:

– Оның да дұрыс-ау! Түйеде ми болады деп тұрғаным менің де миым жоқтығы ғой, – депті.

Арыстан көздің жоқтығын көріп:

– Көзі қайда? – дегенде, қасқыр түлкіге жалт қарапты. Түлкі:

– Маған несіне қарайсың! Мана саған жеме дегенде, болып па едің, «жеме» десем, тіл алмайсың, түйеде көз болмайды деп, өмірі айтпаған өтірікті қалай айта алам? – дегенде, арыстан қасқырға тап беріпті. Қасқыр қаша жөнеліпті. Екеуі бірін-бірі қуып, дөңнен дөң асып көрінбей кетіпті.

Түлкі түйенің қаны-жынын, бір тал түгін қалдырмай іннен інге, көрден көрге тығып, жып-жылмағай, жым-жылас қып, қарап отырыпты. Бір мезгілде әбден алқынып, ырсылдап, екі танауы шелектей боп арыстан келіпті. Келіп, жан-жағына алақ-жұлақ етіп:

– Е, түйенің еті қайда? – дегенде, түлкі дым көрмеген немеше:

– Ойбай, сендер жемей жатып, қырық пышақ болып, жанжалға кірістіңдер. Біріңе-бірің бір жапырақ етті қимай, алас ұрып берекелерің қашты. Өзді-өзің бүйтіп жатқанда, соңыра маған он екі қойды қалай бересіңдер? – деп түйе ұшып түрегеліп тайраңдап-тайраңдап кетіп қалды,– деген соң, арыстан аңқиып тұрды да қалды дейді.

36. Түйе, арыстан, қасқыр, түлкі және бөдене

Бір түлкі жортып келе жатып, қаңғып бара жатқан бір түйеге кездеседі.

– Түйем, түйем, қайда барасың? – дейді. Түйе:

– Оты мол, суы мол жер іздеп барамын,– дейді. Түлкі:

– Ендеше, екеуміз жолдас болайық, – дейді.

Түйе:

– Болсақ болайық! – дейді. Екеуі келе жатса, бір қасқыр келіп жолығады.

– Е, қайда барасыңдар? – дейді. Бұлар:

– Оты мол, суы мол жер іздеп барамыз, – дейді. Қасқыр жолдас болып жүріп келе жатса, бір арыстан келіп кездеседі.

Үшеуі:

– Оты мол, суы мол жер іздеп барамыз, – дейді. Арыстан:

– Ендеше, төртеуміз жолдас болайық,– дейді. Төртеуі жүріп отырып, бір өзен сулы, биік таулы жерді тауып, мекен қылып жүреді. Арыстан, қасқыр, түлкі уақ аң, тышқан аулап жеп жүреді. Түйе жердің оты мен суына жардай болып семіреді. Қыс болып, уақ аң таусылады, арыстан, қасқыр, түлкі үшеуі ашығады. Көздеріне түйеден басқа ештеңе көрінбейді, түйені жемек болады. Түйе жолдастығын айтып жылайды, содан соң түйеге біраз тимей жүріп, тіпті әбден ашыққан соң, арыстан, қасқыр, түлкі үшеуі ақылдасып түйені жемек болып, түйемен сөйлесуге түлкіні жібереді. Түлкі түйеге келіп айтады:

– Қыс болса мынау, жердегі шөптің бәрін ақ қармен жауып, үскірігін соғып тұр. Енді аз күнде сен байғұс аштан өліп қаласың ғой. Саған жаным ашығаннан бір ақыл айтқалы келдім. Түйе:

– Айта ғой, – дейді. Түлкі:

– Сен қыс ішінде бүйтіп әрі аштан, әрі жылы қораң жоқ, суықтан өлгенше, өзіңді бізге сат, жаз шығып, көктем туғанда сені боталы інген қылып берейік, – дейді. Қу түлкінің сөзіне аңқау түйе көніп «жарайды» дейді. Түлкі түйеге барып келіп, арыстан мен қасқырға айтады:

– Түйе өзін сатып беруге көнді. Бірақ басымды оңға қаратып сойып, үшеуің етімді әуелі жемей, қылдай қылып бөліп алыңдар, әйтпесе тұрып кетем деп айтты, – дейді. Ана екеуі:

– Ойбай жарайды, – деп, түйеге келеді. Бұлар түйеге келген соң, арыстанға түлкі айтты:

– Әй, ареке, неге қарап тұрсың, қимылдаңыз, – дейді. Сонда арыстан түйені жерге көтеріп соқты, түйенің мойны шығып өлді, түлкі тұрып айтты:

– Ареке, сіз деміңізді алып жата тұрыңыз, біз мұның терісін сойып болған соң, хабар береміз, – дейді. Арыстан:

– Сендер жеп қоясыңдар, – дейді. Түлкі:

– Ойбай, тақсыр, біз жемейміз, – деді. Арыстан:

– Бұлай болса, жақсы, – деп жатты.

Бұл екеуі сойып, пышақ та жоқ, тістерімен терісін жыртып жатты. Түлкі тұрып, қасқырға айтты:

– Ай, қасеке, мен бөксе жағын сояйын, сіз бас жағын сойыңыз, – деді.

Қасқыр түйенің басын пара-парасын шығарып, терілерін жыртып, көз майын шығарып қойды. Түлкі мұны көріп қасқырға айтты:

– Ай, қасеке, сіз бөксе жағын сойыңыз, мен бас жағын сояйын, – деді. Қасқыр барып бөксесін сойды. Түлкі қасқырға білдірмей түйенің көз майын ойып жеді. Және қасқырға айтты:

– Сіз алдыңғы аяғын сойыңыз, мен арт жағына барайын,– деп, қасқыр алдына алданып жатқанда, түлкі іш майын суырып жеп қойды. Тағы да қасқырға айтты:

Сіз, соя тұрыңыз, мен жүгіріп, арекеңе барып келейін, нағып жатыр екен, – деп жүгіріп кетті. Арыстан мұны көріп, жатқан орнынан түрегеліп айтты:

– Сойып болдыңдар ма? – деп. Түлкі айтты:

– Сойып болдық, бірақ мен бір нәрсеге қорқып келдім, – деді. Арыстан:

– Неден? – деп сұрады. Түлкі айтты:

– Қасқыр айтқан шартқа тұрмай, түйенің көз майы мен іш майын жеп қойды, – деді. Мен осыны сізге айтайын деп келіп едім, – деді. Арыстан ашуланып, ақырып қасқырға келді. Қасқыр қорыққанынан қаша жөнелді. Арыстан қуып кетті. Бір қырдан қасқыр мен арыстан асып көрінбей кеткенде, түлкі түйенің бар етін бір шұңқырға сүйрелеп, көміп қойды. Өзі арыстанның артынан жүгіріп кете берді. Арыстан қасқырды қуалап, шаршап келе жатса түлкі оған қарсы жолықты. Арыстан түлкіге айтты:

– Қайда барасың? Түлкі айтты:

– Қасқырдың кесірі бәрімізге де тиді, – деді. Арыстан айтты:

– Неге? Түлкі айтты:

– Сендер кеткесін, түйе түре келіп, «Мен сендерге сатылмаймын, мына қалыптарыңнан түбінде мені төлемейді екенсіңдер» деп терісін жалбыратып, ішегін шұбалтып кетіп қалды, – деді. Арыстан:

– Қай жаққа кетті? – деп сұрады. Түлкі:

– Осы қырдан асып кетті, – деді. Арыстан:

– Қап! – деп түйенің жолына түсіп, қуып кете берді. Түлкі тамағын тойдырып алып келе жатса, бір жерде қасқыр шаршап, ентігіп жатыр екен. Түлкі қасына жетіп келді. Қасқыр түлкіге ұрысты: «Мені арыстанға шағыстырып жүрген сен»,– деп. Түлкі:

– Мені де қуып жіберді. Мені кім шағыстырды? Қасқыр бұған нанып:

– Енді қайда барып тұрамыз? – деді. Түлкі:

– Жүре бер, бір нәрсе табамыз, – деді. Сөйтіп екеуі келе жатса, алдында бір жарты құйрық жатыр. Қасқыр мұның бір бәлесі бар шығар деп, жейін десе қорықты. Түлкі айтты:

– Сен қорықсаң, өзім жеймін. Бүгін базар, бұның не бәлесі бар дейсің, жұрт базарға барғанда, құйрық арзан болған-ды, арзан құйрықты көбірек алған, ол үйіне шауып бара жатқанда қанжығасына бос байлап, түсіп қалған, – деп, түлкі өзім жейін деп, қулықпенен ұмтылғанда, қасқыр «Өзім жеймін»деп құйрықты асап алса, астында қақпан бар екен. Ол қақпанға қасқыр түсті де қалды, сонда түлкі:– Ай, қасеке, шамасы сіздің етіңізді жейтін болдым ғой, – деді, Қасқыр: – Не ғылып жейсің? – деді. Түлкі айтты:

– Ертең иесі келсе, сені көріп, теріңді сойып алып, етіңді тастап кетеді. Сосын мен жемей кім жейді, – деді. Барып түлкі бір шұңқырға тығылып жатыр еді. Аңшы келіп, қасқырды көріп, терісін сойып алып, етін тастап кетті. Ол кеткісін, түлкі қасқырдың етін жеп тойып алды. Онан қайтып келе жатса, арыстан келіп қалды. Түлкі мұны көріп:

– Ареке, қайдан келесіз?– деді. Арыстан:

– Мен түйені таба алмадым, – деді. Түлкі:

– Тақсыр, сіздің атаңызды көріп едім, осы тауда аң аулап жүретін еді, әлі де осы таудың астында шығар, аңдарды үстінен басып алып жейтұғын еді, мен соны көріп тұрушы едім. Сонда арыстан айтты:

– Қалайша қарғып алатын еді? Маған сен көрсет, мен қарғып көрейін. Түлкі қу айтты:

– Сіздің тұлғаңыз атаңнан кем емес еді.

Сонда арыстан кейін шегініп, жүгіріп барып, жардың басына келіп қорқып тұрды. Түлкі:

– Әй, ареке, егерде қарғи алсаңыз жүгірген нұсқаңыз атаңызға ұқсап тұр, – деді. Сол уақытта жардың астында бір киік келіп қалды, арыстан соған қарғып кетті. Жерге барып түсіп еді, сүйектері күлпара талқан болды, сонда түлкі келіп:

– Ареке, бір жеріңіз ауырып қалды ма? – деп сұрады. Арыстан айтты:

– Сүйекте сынбаған сүйек жоқ. Түлкі мұның қимылдауға шамасының келмейтінін біліп, қоң етін ойып жеп жатыр еді. Сонда арыстан айтады:

– Әй, түлкі, әуелі көз майымды жеші. Түлкі айтты:

– Ареке, несіне асығасың, құдай бұйыртса, сенің етіңді жейтұғын болдым ғой, – деді. Сүйтіп арыстанды және жеп алды. Сүйтіп, түлкі қыстан шығады. Бір күні түлкі келе жатса, бір бөдене жорғалап барады екен, түлкі шап беріп бөденені ұстай алады. Бөденеге айтады:

– Балаларыңды тауып берсең, өзіңді қоя берейін, – деді. Бөдене:

– Балаларым ана қалың көктің ішінде еді, сол араға барып, мен болып шақырсаң, балаларым келеді, – дейді.

– Жарайды, – деп, бөденені тістеп, түлкі қалың шөпке келеді.

– Балапандарыңды не деп шақырайын? – деді. Бөдене:

– «Маңғыт» деп, қатты дауыстап шақыр, – деді. Түлкі:

– «Маңғыт»,– дегенде, бөдене «аузыңа саңғыт» деп ұша жөнеліпті. Бұдан өшігіп жүріп, бір күні бөденені көріп жетіп келгенде, бөдене ағаштың басына шығып, қонып отырыпты. Түлкі:

– Е, бөдене, не білдің? Барлық жан-жануар бір-біріне қастық қылмасын деген тәңірден жарлық келді. Енді біреуге-біреу тимейді. Барлық жан-жануар енді бір-бірімен дос болатын болды. Жерге түс, достығымызды білдірейік, – дейді. Сонда ағаштың басында отырған бөдене, бойлап-бойлап алысқа қарайды. Жерде тұрған түлкі:

– Е, бөдене, нені көріп қарайсың? – деді. Бөдене:

– Білмеймін, алыста төрт аяқты бірдеме келе жатыр, өзі тақыр жүнді, жарғақ құлақ, мойнында қарғысы бар, – дейді. Түлкі:

– Ойбай, ол тазы шығар, – дейді. Бөдене бойлап қарай:

– Болса болар, – дейді. Түлкі:

– Ойбай, ендеше, мен қашайын, – дейді. Бөдене:

– Е, енді барлық жан-жануар бір-біріне тимейтін болды дегенің қане, неге қорқасың? –дейді. Түлкі:

– Ойбай, кім біледі? Әлі де ол жарлықты ести қоймаған тазы шығар, – деп қаша жөнеліпті.

37. Залым түлкі

Бір күні арыстан ұйқыдан жаңа оянып, есінеп отырса, салып ұрып түлкі келеді.

– Сәламатсыз ба, арыстан аға, әдейі іздеп келдім, – дейді түлкі.

– Жай ма? – деп сұрайды арыстан.

– Арыстан аға, сонау қарлы таудың ар жағында балбырап тұрған бау бар. Таудан шыға берісте көкорай шалғын сай бар. Сол сайдың бойында маңырап жайылып жүрген сансыз көп қой бар. Қасыңызға біраз нөкер ертіп алып барсаңыз, шіркін-ай, шылқа майға бір кенелер едік-ау!

– Мынауың ақыл екен! – дейді, қарны ашып отырған арыстан.

– Ол қойларға тезірек жетейік. Қасымызға кімдерді алсақ екен? – Жүректіден жолбарысты, білектіден аюды алайық, қарулыдан қасқырды алайық! – дейді түлкі. – Өңкей батырдың ортасында бір қорқақ та керек болар, қоянды да ала кетейік.

Арыстан түлкінің тілін алады. Сөйтіп, арыстан, жолбарыс, аю, қасқыр, түлкі, қоян жолдас болып, сапарға шығады. Кешке қарай орманның ашықтау бір алаңқайына жетіп, түнемекші болады.

Арыстан қанталаған көзімен серіктерін бір шолды да:

– А-а-а, қарнымыз ашты ғой. Не жейміз!– деп ақырды.

Сонда түлкі арыстанның алдына келіп, қол қусырып тұрып былай дейді:

– Арыстан біздің ағамыз, ағамызға кім тисін! Аю біздің апамыз, апамызға кім тисін! Жолбарыс біздің жолым би, жолым биге кім тисін! Қасқыр біздің қабан би, қабан биге кім тисін! Түлкі біздің түмен би, түмен биге кім тисін! Қоян біздің қойымыз, қойымызды сойыңыз! Қарындары ашып отырған аңдар қоянды тарпа бас салады. Ол күні қоянды бөліп жеп, «барымен базар» десіп жатады да, ертеңіне тағы да жол жүреді. Күнімен дем алмастан жүріп, кешке қонаға бір сайдың басына келіп тоқтайды. Арыстан түлкіге қарай бұрылып: «А-а-а, қарнымыз ашты, не жейміз?» – дейді. Түлкі қол қусырып тұра қалып, былай дейді:

– Арыстан біздің ағамыз, ағамызға кім тисін! Жолбарыс біздің жолым би, жолым биге кім тисін! Қасқыр біздің қабан би, қабан биге кім тисін! Түлкі біздің түмен би, түмен биге кім тисін! Аю біздің қоңыр қой, қоңыр қойды жық та сой!

Түлкінің сөзін естісімен жолбарыс аюды алып ұрып, жәукемдей бастайды. Төртеуі аюдың етіне тойып алып ұйықтайды да, ертеңінде тағы да жолға шығады. Төртеуі қас қарая бір өзеннің жағасына келіп тоқтайды. Арыстан тағы да үйреншікті әніне басады: «А-а-а... қарнымыз ашты, не жейміз?» – дейді. Сонда түлкі орнынан ұшып тұрып, былай дейді:

– Арыстан біздің ағамыз, ағамызға кім тисін? Жолбарыс біздің жолым би, жолым биге кім тисін! Түлкі біздің түмен би, түмен биге кім тисін! Қасқыр біздің қасымыз, бүгін жейтін асымыз.

Түлкі сөзін аяқтасымен-ақ, жолбарыс жарып салады. Үшеуі қасқырды жеп алып, ұйықтайды. Таңертең тағы да жолға шығады. Күнімен жүріп отырып, кешке қарай бір таудың етегіне келеді. Сол арада түнемекші болады. Үшеуі үш жерге шоқшиып отырады. Сол кезде дәндеген арыстан тағы да түлкіге қарап: «А-а-а, қарнымыз ашты ғой, не жейміз?» – дейді. Түлкі арыстанның ар жағына шығып, қол қусырып тұрып былай дейді:

– Арыстан біздің ағамыз, ағамызға кім тисін! Түлкі біздің түмен би, түмен биге кім тисін! Жолбарыс бізге жолазық, бүгін таңға мол азық!

Осы сәтте арыстан ағаң жолбарысты бассалады. Жолбарыс тыпырлауын қойған кезде түлкі де келіп, терісін сыпыруға кіріседі. Екеуі жолбарысты жеп болып, ұйықтайды. Таңертең екі дос арып-талып тау басына өрмелеп шығады. Арыстан солықтап, шаршап тұрса, түлкі бір биік шыңның басына келіп:

– Арыстан аға, тезірек бері келіңіз, – деп шақырады.

– Не боп қалды?

– Төменде қаптап қой жайылып жүр.

Ентігіп арыстан жетеді.

– Кәне!

Түлкі алақанын шапалақтап: «Жап-жақын тұр, әнекей. Секірейік, кәнекей, әуп!» – дегенде, арыстан шыңнан секіріп кетеді де тастан-тасқа соғылып, қызыл-жоса қан болып, өліп қалады. Мұны көрген түлкі: «Арыстан аға, дос едік қой, өлімтігіңді қарға-құзғынға жем қылмаймын», – деп, арыстанның терісін сыпыра бастаған екен дейді.

38. Айлалы түлкі

Бір күні бір түлкі өзеннің жағасымен келе жатып: «Көлдегі балықтарды қалай алып жесем екен?» – деп ойлайды. Түлкі осыны ойлап жан-жағына қараса, өзеннен ағып келе жатқан бір бөренені көреді, бөрененің үстінде отырған екі шағаланы көреді.

– Сіздер мұнда не істеп жүрсіздер? – деп сұрайды түлкі шағалалардан.

– Балық аулап жүрміз,– дейді шағалалар.

– Мені жолдастыққа аласыңдар ма?

– Жарайды, секір, – дейді шағалалар түлкіге.

Түлкі қабақта тұрып судағы бөренеге секірген екен, қалқып келе жатқан бөрене түлкінің екпінімен батып кеткенде шағалалар ұша жөнеліпті.

Түлкі суға батар-батпас болып бөренені қайық қып өзінің құйрығына:

– Сен, құйрық, енді бұран болсаң, аяғым, сен ескек боласың!– дейді де түлкі даяр қайықпен жүзіп жүре беріпті.

Бірақ түлкі құйрығына «бәлен жаққа бұрыл!» деп айтуды ескермеген екен. Сол бетінде ағыспенен үлкен теңізге келіп, сонан аға-аға теңіздің ортасына қарай кетіп, ешқайдан су жағасын көре алмапты. Түлкі енді қалай қарай жүзетінін білмей дағдарып тұрғанда алдынан итбалық кездесіпті.

– Қайда барасың, түлкім? Сен адасып бара жатырсың ғой, енді саған қабаққа шығу қиын болар, – дейді итбалық.

– Қайда жүргенімді өзім білетін шығармын, «теңізде жыртқыш айуан бар ма екен, білейінші» деп шығып ем. Үйткені ұзынқұлақ хабар теңізде айуанаттар қалмады деп еді. Онысы рас екен, сенен басқа айуанатты көре алмадым, – дейді түлкі.

– Қой, түлкім, олай емес, бізде жыртқыш айуанаттар көп: итбалық, морж және киттер бар, – дейді итбалық.

– Жоқ, оның бекер. Мен өз көзіммен көрмей бұған нанбаймын. Егер сендер көп болсаңдар, қаз-қатар тізіліп су бетіне тұра қойыңдаршы, мен өз көзіммен көріп, санап шығайын, өйтпейінше тіпті сенбеймін, – дейді түлкі.

Түлкіні «нандырамыз» деп итбалық біткеннің бәрі су бетіне шыға бастады. Морж бен киттер де осы кезде су бетіне шығып жатады. Түлкі олардың үстіне шығып алып өзінше: «бір итбалық, екі итбалық, үш итбалық... бір морж,екі морж, үш морж... бір кит, екі кит, үш кит» деп санай беріпті. Осылардың үстімен жүріп отырып теңіздің жиегіне шығыпты да, итбалықтарға айқай салыпты.

– Сендер рас айттың, итбалық, теңізде аңқау жыртқыштар көп. Сендерден теңізге көпір салуға да болады екен, енді қайда жүрсеңдер де, аман болыңдар, мен тынығамын, – депті.

Түлкі тонын шешіп алып, қурайларға іліп кептіруге қояды да, құйрығын бір тастың үстіне салып қояды.

Өзінің бір көзін алады да, бұтаққа іліп қарауылға қойып, оған:

– Менің тонымды ешкім алып кетпесін, құйрығымды ешкім ұрламасын, – деп тапсырады да, рахаттанып күн шуаққа жатып ұйықтап қалады.

Түлкі ұйықтаған кезде екі сауысқан ұшып келеді де бұтақта ілулі тұрған көзді көріп: «осы жан-жақты көріп тұр-ау» деп ойлайды. Ақырында не болса да дейді де көзді ала қашады. Ұйқысы қанғаннан кейін түлкі оянып, тонын киіп, құйрығын өзіне жапсырып алып, көзін іліп қойған жеріне келсе, көзі жоқ. Олай қарап, былай қарап, көзін таба алмайды. «Бұл қалай? Мен оны қарауылға қойсам, ол өзін ұрлатқанына жол болсын. Қап, енді маған тағы көз іздеу керек болды-ау, а! Барсын, өзін ұрлатып жүрген көз маған қайбір қарауылшы болып жарытады», – дейді де түлкі орманға қарай жүріп кетеді. Жүріп келе жатып қалың қарақатқа кез болады. Біреуін жұлып алып көзінің орнына салып, жан-жағына қараған екен. Көзі еш нәрсе көрмепті. Оны алып тастап келе жатса, қалың жидекке кез болады. Оның біреуін алып көзінің орнына салып жан-жағына қараған екен, онымен де еш нәрсе көре алмапты. Жидекті де алып тастап тағы жүреді, сүйтіп келе жатып ойда жоқта мұздың бір сынығын тауып алады да көзіне салады. Мұз әрі таза, әрі ашық болғандықтан жан-жағындағысын жақсы көрсетіпті. Бұған түлкі қуанып «апырай, мына көзім бұрынғы көзімнен артық болды-ау» дейді. Бірақ түлкінің бұл қуанышы ұзаққа бармайды. Біраздан соң мұз ери бастап, еріген суы түлкінің бетіне тамшылай беріпті. Сүйтіп келе жатқанда алдынан қасқыр мен аю кездесіпті:

– Түлкім, неге жылайсың, кім ренжітті сені? – депті.

– Қарным ашқандықтан жылаймын, – депті түлкі. Қасқыр мен аю оны аяп тамақ беріп, ертіп кетіпті. Түлкіге сол керек еді. Түлкі енді тоқ жүретін болды. Үйткені ол айланы көп біледі.

39. Арам түлкі жайында

Ертедегі заманда бір түлкі, бір құлан, бір сауысқан үшеуі дос болып, жолдас болады. Бір-біріне жамандық ойламасқа ант айтып, шарттасады. Сөйтіп жүргенде, бір күні құлан тұзаққа түсіп, шарқ ұрып босана алмай, өлемін-ау деп қорқып, түлкі мен сауысқан достарына қарап «айла лаждарың бар ма?» – деп, жалтақ-жалтақ қарап жылаған соң, түлкі тұзақты қимақ үшін құланның қасына таман келеді. «Осы құланның өлсе етін жейін, тұзақшы сойса, ішек-қарындарын тастайды ғой. Мұның достығынан маған еті тәтті ғой» деп қайтадан арамдық ойлап, бір бұтаға барып құланның өлгенін байқап бұғып жата берді. Сауысқан мұны көріп құланға келіп, былайша деп ақыл айтты: – Құлан досым, менің тұзақ жібін қиятын қуатым жоқ, өзің білесің, – дейді. – Мұны түлкі тісімен шайнаса, қияр еді, ол сенің достығыңнан етіңді тәтті көріп, анау жерде жатыр. Енді бір ақыл айтайын: «Осы тұзақты салған адам келгенде шынымен өлгендей болып қимылдамай сіресіп жатып қал. Тұзақшы сені бауыздауда тұзақты мойныңнан ағытады. Сонда тұра қашсаң, қолымен ұстай алмай қалады. Құтылып кетесің», – дейді. Құлан мұны ақыл көріп, айтқанындай сіресіп жатты. Тұзақшы келіп көрді де, арам өліп жатыр екен деп, пышағын қолына алып тұзақты ағытқанда, құлан жұлқынып тұра қашты. Тұзақшы апыр-топыр ойбай салып, мойнындағы мылтығын жұлып алды да, құланның кеткен жағына қарай мылтығын басып қалғанда, құлан түлкі жатқан жақпен қашқан еді, құлан ұзап кетіп, мылтықтың оғы бұтаның түбінде бұғып жатқан түлкіге тиіп, өкпесінен оқ өтіп, түлкінің жаны шығып, құйрығы көтеріліп бұлаң етіпті. Тұзақшыға түлкі олжа болып кетіпті. «Кім ойласа досқа қас, басына тиер тас» деген мақал сонан қалған.

40. Түлкінің қайрауы

Бір қасқыр жортып келе жатса, алдынан бір елік шығып, қасқыр соңынан қуып келе жатқанда бір орға кез келіп, елік аттап өтіп кетіпті. Қасқыр орғи алмай қалыпты. Сөйтіп тұрғанда қасқырдың досы қу түлкі жолығып, «Не қылып тұрсың?» – депті. Қасқыр: «Бір елік қуып осы орға келгенімде ол қарғып мен өте алмай тұрып қалып тұрмын», – дейді. Сонда түлкі:

– Өзіңіз арыстандай басыңызбен бұты сидиған елік құрлы аттай алмағаныңыз лайық па? – десе, қасқыр қорланып, ыза болып аттаймын деп, белі мертігіп өліп, түлкі досына азық болыпты.

41. Түлкінің айласы

Бір күні тіміскеленіп жүрген түлкінің тұсынан өтіп бара жатқан қасқыр:

– Оу, туысқан, аман-есен жүрсің бе? – деп, әрі қарай кете барыпты.

Түлкі сонда қасқырдың соңынан қарап тұрып: «Бұның маған қалайша іш-бауыры елжірей қалды?... Ал мен болсам оның жай-жапсарын сұрағанда да жоқпын. Қой ұят болар. Одан кешірім сұрайын да, достасып алайын. Қауқарлы аусар ғой, сенікі жөн, қайтпас қайсарсың деп жүріп, тапқан жемтігін бөлісіп жейін», – деп ойлайды.

Сонан соң тұра жүгіреді де, қасқырдың соңынан қуып жетіп:

– Қасеке, сен ренжіме маған, бір ойға шомып кетіп, сені байқамаппын. Әрі таман барған соң, менімен амандасқан кім болды екен деп, артыма бұрылсам, өзіңді көрдім. Маған өкпелеме, алдыңа келіп тұрмын ғой, кешір, – деп жалпалақтапты.

– Оу, түлкішек, сен соншама кішіпейіл ме едің, – депті қасқыр жадырап. – Неге өкпелейін, олай ойлама.

– Қасеке, ендеше бұдан былай жігі айырылмайтын дос болайықшы, – деп өтініпті түлкі.

– Е, қаласаң, достасайық, – депті қасқыр көңілденіп.

Сөйтіп, қасқыр мен түлкі төс қағысып достасыпты да, жұптарын жазбай жүретін болыпты. Қасқыр азық тауып келсе, екеуі бөлісіп жейді. Ал түлкі аңға шықса, түк таппай бос қайтады екен. Бара-бара бұған қасқыр іштей қынжыла бастайды. Жаз шыға түлкі үш күшік тауыпты. Енді қасқырдың жеміне түлкінің күшіктері де ортақтасады. Сондықтан бұған қасқырдың күйініп жүргенін түлкі де сезеді.

Бір күні жем іздеуге шығып бара жатқан, түлкі күшіктеріне:

– Мен өзек жалғайтын бірдеңе тауып келейін, сендер мен жоқта қасқыр келе қалса, есікті ашпаңдар! – деп ескертіп кетеді.

– Ашпайық, ашпаймыз! – дейді күшіктері.

Түлкі кеткен соң біраз уақыттан кейін қасқыр келеді де, есікті қағады:

– Ашыңдар есікті, – деп дауыстайды. Түлкінің күшіктері:

– Үйде апам жоқ! – деп, ашпай қояды. Қасқыр біраздан кейін қайта айналып келіп, тағы да есікті қағады. Сонда да түлкінің күшіктері есікті ашпайды. Қасқыр ашуға булығып:

– Ашыңдар есікті! – деп ақырады. Сонда да түлкінің күшіктері көнбейді. Әбден зығыры қайнаған қасқыр табалдырықтың астын тырмалап қазып, ішке кіріп келеді де, түлкінің екі күшігін ұстап алып жеп кетеді. Ал бір күшігі іннің түбінде, қасқырдың тұмсығы батпайтын бір қуысқа тығылып, аман қалады.

Әлден уақытта түлкі келіп:

– Зорға таптым-ау, ас болар бірдеңені. Әй, күшіктерім, қайдасыңдар?.. – деп дауыстайды. Әкелген жемтігін жайып қояды. Жалғыз қалған күшігі қуыстан шығып:

– Екі серігімді қасқыр жеп кетті. Мен түпкірдегі қуысқа тығылып, аман қалдым, – дейді боздап.

– Екеуін де жеп кетті, – дейді күшігі қайталап.

Сонда түлкі:

– Ой, сорлы басым-ай, қайран боздақтарым-ай! – деп, боздапты, дауыстап зар еңірепті. Біраз жылап, өксігін басқаннан кейін: – Есікті неге аштыңдар? – деп, жалғыз күшігіне ақырады.

– Қасқыр екі рет келді. Біз ашпай қойдық. Содан соң ол табалдырықтың астын қазып кірді, оған біз не істей аламыз? Қолына ілінгенді бас салды – деп, күшігі анығын айтады. – Олай болса, енді сен сақ бол, – дейді де, тауып келген етін қазанға салып күшігін жұмсайды.

– Мен қамыр илейін, сен барып қасқырды шақырып келе ғой.

Күшігі қасқырға барады.

– Қасеке, сізді апам ас ішсін деп шақырып жатыр,-дейді.

Қасқырдың барғысы келмей қипақтайды:

– Жұмысым көп еді, бара алмаймын.

– Жүріңіз, апам бір қазан ет асып қойды, сізді тосып отыр,- деп, түлкінің күшігі де кетпей тұрып алады.

Еттің атын естіген соң қасқыр:

– Қоймадың ғой, жүр ендеше, – деп, түлкінің күшігінің соңынан ілеседі.

Қасқыр келгенше түлкі төрінің төбесінен ор қазады да, ішін қып-қызыл шоққа толтырып, үстін киізбен жауып тастайды. Өзі қонақ күткен боп отыра береді. Қасқыр есіктен кірген кезде:

– Қане, қасеке, төрге шығып отыр жайғасып. Мен дастарқан жаяйын, – деп, күшіктерін іздеген-іздемегенін сездірмепті. – Біраз ет тауып келіп ем, – қазанға салып қойдым. Мен келсем мына балам жалғыз отыр екен. Әлгі екеуін ойнап кетті дейді. Қайда барар дейсің, келер. Біз тамақ іше берейік.

Түлкі сыпылдап сөйлеп, аузын жаппайды. «Күшіктерінің қайда кеткенін әлі білмейді екен ғой. Мына баласы қорыққаннан айтпаған шығар», – деп ойлаған қасқыр алшаңдай басып, төрге қарай беттейді. Төрге шығып, отыра бергенде, орға құлап түседі. Лаулап тұрған шоқ өртей бастайды.

– Екі боздағымды сен жеп қойдың, – дейді түлкі төбесінен төніп, – енді жалғызымды жұтпақсың ғой, арам!

– Ендігәрі тиіспеймін, көкетай! Дос едік қой, – деп жалбарынады қасқыр.

– Шығарып алшы мына тозақтан.

– Өртен, өртен, – деп қарқ-қарқ күліпті түлкі. Қасқыр шоққа күйіп, сирағының тарамысы тырысып, тобан аяқ болып қалған соң, түлкі шығарып алады.

– Енді қайтып жан бағамын! – деп боздапты қасқыр.

– Қанша қастық істесең де, досым болған соң, жаным ашып, шығарып алып отырмын, – депті түлкі аяғансып. – Енді емін де айтайын. Анау таудың бөктерінде ошаған өседі. Соған барып аунасаң, құлан таза жазылып кетесің.

Қасқыр сүмең қағып, тауға келеді де, ошағанға аунай бастайды. Сөйтсе, тікен өне бойына инедей қадалып, одан бетер жанын көзіне көрсетеді. Зықысы шыққан қасқыр түлкіге қайта келіп, мұңын шағады жалбарынып:

– Түке, көмектес! Енді қайттім, өне бойым қан-жоса болды.

Қасқырдың зарын тыңдап тұрған түлкі:

– Ол ем болмаса, анау тұзды көлге барып түс, сол жараңды ширатады, – деп кеңес береді.

Жанын қоярға жер таппаған қасқыр көлге қарай жүгіреді. Жетіп келіп, тұзды көлге түскен екен, өне бойы одан бетер дуылдап, ақыры азаппен өліпті.

Сөйтіп, түлкі қасқырдан кегін алыпты.

42. Түлкінің күлкісі

Елпеңдей жүгіріп келе жатқан түлкінің сирағы сарышұнақтың ініне түсіп кетіп, кептеліп қалыпты. Қанша әуреленсе де, қайта тартып шығара алмайды. Інінде жатқан сарышұнақ сұғынып тұрған түлкінің табанын қытықтай бастайды. Қытыққа шыдай алмаған түлкі өзінен-өзі ыржыңдап, күле береді. Сөйтіп күліп тұрғанда қасына қасқыр келеді.

– Оу, түке, неге күле бересің, қандай қызық көрдің? – деп сұрайды таңданып.

Сонда түлкі:

– Әлемде болып жатқан қызықты көрсең, сенің де ішек-сілең қатар еді, – дейді ыржалақтап.

Бұған қасқыр нанып қалады да, сол қызықты көзімен көргісі келіп ынтығады.

– Қане, қане, маған көрсетші! – деп жалынады.

Түлкі қылмыңдай қарайды қасқырға.

– Ол үшін мына тесікке аяғыңды тығып, тура қарсы алдыңнан көз алмай қарап тұруың керек.

– Ендеше былай тұр! – деп, қасқыр кимелеп кеп, түлкінің аяғын іннен суырып алады да, өзінің жуан түкті сирағын сұғып жібереді.

Мұны көріп, індегі сарышұнақ ойланып қалады. «Жаңа қытықтап едім, сонда да кетпей қойды. Енді мұны сұқпастай қылайын», – деп, қасқырдың өкшесін кеміре бастайды.

Қасқырдың жаны көзіне көрініп, түлкіге жалынады:

– Құтқара гөр, досым!..

– Дүние кезек деген осы, өзің малды қалай жеуші ең, енді сені де біреу сирағыңнан кеміріп көрсін! – деп, кете беріпті түлкі алды-артына қарамай.

43. Сазайын тартқан түлкі

Ылғи да зәбір көре берген соң, орманның бір серісі еді ғой деп, бір топ тауық аюға арыз айта барады да, түлкінің зорлығын баяндайды.

– О, аю қария, – депті жалаң тәжісі желбіреген қораз тауықтар атынан сөйлеп. – Залым түлкі бізге күн көрсететін емес. Одан басқа бізге ешкім де тиіспейді. Сұм түлкі ұрланып келеді де, түн ішінде қырып кетеді.

Аю арыз айтқан тауықтарға тесірейе қарап тұрып:

–Түлкі ме?.. – деп, қайталап сұрайды. Қораз құлшына растайды.

– Иә, түлкі сұм!..

Аю сол арада түлкіні шақыртып алады. Қарсы алдына жылмаңдап тұрған түлкіні:

– Сен тауықтарды неге азапқа салып жүрсің? – деп тергей бастайды.

Аюдың түсі суып кеткен екен. Өзіне бір пәленің жабысқанын іші сезген түлкі құйрығын бұлғаңдата мәймөңкелеп:

– Аюжан-ау, менің ойлағаным сенің қамың ғой, жамбасыңа тас батпасын деп, тауықтардың жүнінен саған мамық төсек пен мамық жастық әзірлеп жүрмін, – деп, қолтығына қыса келген бір мамық жастықты аюдың шынтағына төсей қояды. Аюдың қабағы жадырай бастағанын байқап, тауықтардың өзін сөге жөнеледі:

– Бұлар мұндайды ойлаушы ма еді? Мені жамандап, арыз айтқанды ғана біледі.

Бұдан кейін тауықтар дау айта алмай, үнсіз жер шұқып қалады. Аю мамық жастыққа шынтақтай жатқан күйде тауықтарға немқұрайды назар салады.

– Сендер жала жауып жүр екенсіңдер. Бара беріңдер! Ендігәрі біреуді жамандап, менің алдыма арыз айтып келуші болмаңдар! – деп, тауықтарды қуып тастапты.

Соры қайнаған тауықтар енді «қайсар еді ғой, зарымызды ұғар» деп, қасқырға барып, түлкінің үстінен шағым жасайды.

– Қасеке, – дейді тауықтар жабыла шулап, – арызымызды тыңдашы...

– Қане, айтыңдар, – депті қасқыр ықыласпен.

Сонан соң әлгі қораз сөз бастайды:

– Түлкі сұм бізге күн көрсетпейтін болды. Сондықтан сенен көмек сұрап кеп тұрмын.

Тауықтардың мұңына елтіген қасқыр қаһарға мініп, түлкіні шақыртып алады да:

– Сен мына тауықтарды неге жәбірлейсің? – деп ашу шақырады.

– О, қасеке, босқа кіжінбеңіз, – дейді сонда түлкі жыпылдап. – Менің ойлағаным сенің қамың ғой. Жамбасыңа сыз өтпесін деп, мамықтан жастық жасап едім.

Осыны айтады да, бір жастықты қасқырдың жамбасына төсей салады. Жұп-жұмсақ жастыққа отыра кеткен қасқыр:

– Ой, мынауың табылған ақыл екен-ей, – деп қуанады. Сонда:

– Мына шақша бас, қушық шеке қулар мұндай істі ойлаушы ма еді, – деп, түлкі тауықтарға ожырая қарайды.

Қасқыр мамық жастықтың үстіне отырып, тауықтарға зіркілдей жөнеледі:

– Нақақ біреудің үстінен арыз айтасыңдар, ә! Құртыңдар көздеріңді, шибұт ақымақтар! Түлкі нені болса да ақылмен істейді. Бұдан былай арыз айтатын болсаңдар, жіліншіктеріңді шағамын!

Арыздары өтпеген тауықтар қасірет шегіп, қатты мұңға батыпты. Енді не амал жасаймыз деп ойлап, түнімен ұйқы көрмепті. Ертеңіне алаңғасарға жол бермейтін әділ еді ғой деп, төбетке арыз айта барыпты.

Төбет тауықтардың мұңын тыңдап болған соң:

– Мен анықтайын, – деп түлкіні іздеуге қамданады. Даланы кезіп, іздеп жүріп, түлкіні тауып алады да, тексере бастайды. Сонда түлкі:

– Ой, сырттаным-ау, мен сенің қамыңды ойлап жүр емеспін бе? – дейді. Бұған төбет таңдана қалады:

– Қалайша менің қамымды сен ойлайсың?

– Сен қашан келсем қораның шетінде тұмсығыңды шабыңа тығып, бүктелесің де жатасың. Сондықтан жамбасыңа тас батпасын, астыңнан сыз өтпесін деп едім, – деп, түлкі бір мамық жастықты ұсына береді. Төбет түлкінің қулығын сезе қояды.

– Ә, мені осымен алдамақсың ба? – деп ақырады да, жастыққа қарамастан өзінің серіктеріне:

– Қане, менің адал серіктерім, – депті, танадай көк төбет пен ақ төс итке. – Мына сұмды адам аяғы баспайтын айдалаға қуып тастаңдар. Әйтпесе тауықтың етін өзі жеп, мамықтарынан жастық жасап, тағы да біреулерге жағынып жүрер.

Екі ит түлкінің екі жағына шығып алып, қаумалай қуады да, шөл далаға айдап тастайды. Содан былай түлкі иттің даусы естілген жерге маңайламай, шөл кезіп, аулақ жүреді екен. Төбеттің өздеріне көрсеткен әділ қамқорлығының арқасында тауықтар түлкінің азабынан құтылыпты. Сөйтіп, бейқам өмір сүріп, жұмыртқа салып, балапан шығарып, өсіп-өне беріпті. Төбеттің маңынан кетпепті. Төбет күні бүгінге дейін тауықтарды түлкінің, қасқырдың және басқа жыртқыштардың жәбірлеуіне жол бермей, мейіріммен қорғап келеді екен. Аулада тауықтар шұбырып жүрсе де, иттердің тимейтіні содан деседі.

44. Түлкі, Қараторғай және Қарға

Қараторғай бір кішкене қайыңға ұя салып, балапан шығарады. Бір уақытта балапандары үлкейе бастайды. Бірде қайыңның қасынан өтіп бара жатқан түлкі биіктегі ұяны көреді. Бірақ бойы жетпейтін болған соң, қараторғайды алдап соғуды ойлайды.

– Жұрттың бәрі егінін егіп бітірді, – дейді түлкі. – Менің соқам сынып қалып еді, соны жөндеуіме керек – мына қайыңды кесемін.

– Кеспе, – деп жалбарынады қараторғай, – балапандарым әлі ұша алмайды, қайда қоямын оларды?

– Олай болса балапандарыңның біреуін бер!

Қараторғай ойға шомады. Не істеу керек? Берсе, қайсысын береді? Қай саусағыңды кессең де бәрібір – жаныңа бірдей батады.

Сол араға қарға келіп қалады да.

– Қорықпа, қараторғай, – дейді, – түлкі қайыңды кесе алмайды. Кесетін балта-шоты да жоқ.

– Менің балтам мынау, – деп, түлкі құйрығын бұлғаңдатады.

Онымен түк те істей алмайтынын қарға біледі.

– Қане, кесе ғой, ендеше...

Қулығын өткізе алмаған түлкі енді қарғаға өшігеді. Бір күні түлкі кішкене төмпешікке шығады да, төрт аяғын көкке серейтіп, жата кетеді. Қарға өлген түлкі екен деп, қасына келіп, шоқи бастайды:

– Ақылгөйім, түстің бе қолға? – деп, түлкі шап беріп ұстап алады. – Қазір сазайыңды тартқызамын.

– Бір өтінішім бар: ағайыма істегенді істей көрме, – деп жалынады қарға.

– Ағайыңа не істеп еді?

– Оны дөңгелектің қуысына тығып, жардан домалатып жіберген.

– Ендеше тура соны істеймін!

Түлкі сол жазаны қолданбақ болады да, дөңгелектің күпшегіне тыққан кезде, қарға екінші жағынан зып беріп шығып кетеді.

Сөйтіп, түлкі тағы да алданып қалады.

45. Түлкі мен қасқыр

Күндердің күнінде түлкі мен қасқыр дос болыпты. Бір күні түлкі қасқыр досының үйіне барса, қасқыр досы аш екен. – «Е досым, менің қарным ашты, бір амалын тауып мені тойғызшы», – дейді. Досы айтқан соң, түлкі нағып тұрсын, дереу барып бір адырда жайылып жатқан бір қора қойдың ішінен бір тоқтыны досына әкеліп береді де өзі кетіп қалады. Содан соң қасқыр тоқтыны жейін деп тұрғанда, тоқты айтады: «Е, қасқыр, мені әзір жегеніңменен құр аузыңа татымаймын, онан да мені қоя берсеңші, күзге шейін от жеп, семіріп келейін, онан кейін жерсің», – дейді. Қасқыр оның тіліне еріп, оны қоя береді. Қасқыр тоқтыдан айрылып, қарнының ашқанына шыдай алмай, түлкі досына барып айтады: «Е, достым, жаңағы әкелген тоқтың арық екен, ол: «Әзір жегеніңмен аузыңа татымаймын, онан да мені қоя бер, күзге шейін семіріп келейін, онан кейін жерсің», – деді. Оның сөзін мен мақұл көріп, оны қоя бердім. Енді, достым, бір семізірегін әкеліп бер», – дейді. Түлкі тағы барып, адырда жайылып жүрген тегін қойды аясын ба, бір үлкен семіз қойды әкеліп беріп, өзі тағы да кетіп қалады. Қарны ашып тұрған сорлы дереу жейін деп жатқанда: «Тақсыр, мені бір өзіңіз тауыса алмайсыз, мен осы жерде тұрайын, сіз барып, жолдастарыңызды ертіп келіңіз», – деп, қой сөзді айтып, тұра береді. Қасқыр қойдың сөзін естіп: «Мақұл, сен осы жерде тұра тұр, мен жолдастарымды ертіп келейін», –дейді де, кетіп қалады. Қасқыр кеткен соң, қой, ол жерден бәле күтіп нағып тұрсын, бас қамын қылып кетіп қалады. Қасқыр жолдастарын ертіп келсе, баяғы уәделі жерінде қой жоқ. Бұл қойдан мұндай айрылып, арсыз қасқыр түлкі досына тағы барады. Оның барғандағы жұмысы баяғы қу тамағы ғой. Досына барып, бастан-аяқ кешірген оқиғаларын айтып: «Е, достым, «қайыр қылсаң, бүтін қыл» деген емес пе, сен де енді қайырыңды бүтін қыл», – деп сөзін қысқартады. Түлкі досының бұл айтқанын мақұл көріп, бір шұңқырда үйелеп жатқан бір атқа апарып: «Осыны жей ғой», – дейді де, өзі анадай жерге барып, қарауылдап тұрады. Қасқыр атты жеймін деп әрекет қылып жатқанда, ат қасқырға айтады: «Е, қасқыр, менің табаныма тығылып тұрған бір шеге бар, бірнеше күннен бері азаптанып жатырмын, тым болмаса сол шегені алып тастап, онан кейін жесең, ризамын», – деп, артқы аяғын көтеріп, «шеге осы аяғымда», – дейді. Қасқыр: «Алсам алайын», – деп, аттың табанын қарай бергенде, ат бір әрекетті қылмай қалсын ба, бастан салып жібереді. Қасқыр қаңқ етіп, аузы-басы даладай қан болып жатқанда, сондағы түлкі достының қасқыр достыға қылған жәрдемі: «Сенен-ақ күйдім ғой», – деп, сол жерде қасқырды сойып, терісін алып, достынан бір ішік киіп, өз жолына жөнеліп кетеді.

46. Түлкі мен қасқыр

Ертеде түлкі мен қасқыр дос болыпты. Дос болғанда екеуі араларындағы татулығы мен тәттілігін үзбестей дос болыпты. Екеуі екі жақтан тамақ іздеп, тапқанын ортаға салып, бөлісіп жейді екен. Қасқыр – әлді, азулы, түлкі – алдамшы болады. Әр жерде түлкінің алдағаны, қулығы сезіле қалса, қасқыр ойнаған болып, түлкіні өлгенше жұлмалап, көбінде оған тісін батырып алады екен. Тек «доспыз» деген сөзбен ғана түлкіні өлтірмейді. Сүйте жүріп түлкінің жүрегіне кек орнапты... Азық іздеп жортып жүріп, түлкі бір бөденені ұстап алады. «Мұны қасқырға көрсетпей жеке жейін» деп ойлап, түлкі аузына тістеп кетіп бара жатқанда, бөдене:

– Менің бір тамшы қаным мен бір уыс жүнім бар. Мені жегенде қанша бүйірің шығады? Саған семіз аттың жемтігін көрсетейін, мені қоя бер, – депті.

– Босатсам қашып кетесің, жақын маңнан кепіл боларлық нәрсе көрсет, – дейді түлкі.

Екеуі келіседі де, бөдене кепілдікке өзінің ұядағы балапанын көрсетеді және бір семіз аттың жемтігін тауып беріп босайды. Түлкі жемтікті айнала қарап байқаса, жемтіктің бір жақ беті біліндірмей жауып қойған ор екен. Оры жоқ жағынан келіп, жемтіктен мейлінше жеп тояды да, досын табады.

– Қасқыр досым, мен мол бір тамақ таптым, өзі өте семіз екен. Біраз жеп едім, тым тәтті көрінді. Бірақ тойғанша жеуге сенсіз тамағымнан өтпеді, – деп қасқырды жемтікке ертіп келеді. Екеуі келе жемтікке бас қояды. Түлкі ор жоқ жағынан жеп отырғанда тісіне бір сіңір ілініп қалады. Дәл осы сәтте қасқыр жемтікті ала орға құлап кетеді. Тісі сіңірге ілінген бойы байланып түлкі де орға түседі.

Ордан шыға алмай көп дағдарып отырғаннан кейін қасқырға түлкі былай дейді:

– Е, достым! Екеуміз бірдей осы жерде өлеміз бе? Бірімізді біріміз көтеріп шығарайық.

Басы қатып отырған қасқыр көне кетеді бұл ақылға, түлкі тағы да:

– Менің үстіме сен шығып тұрып қарғысаң болар еді, бірақ мен сені көтере алмаймын, ал сенің бойың биік, оның үстіне күштісің, сондықтан сен екі алдыңғы аяғыңды жарға тіреп көтеріліп тұр. Мен сенің үстіңнен қарғып сыртқа шығайын, мен шыққаннан кейін, сені бір лажын тауып шығарып аламын, – депті.

Оған да көнеді қасқыр. Айтуы бойынша түлкі сыртқа шығып алады да:

– Қасқыр, бұрын маған аз қорлық көрсеткен жоқсың, сені шығармаймын, жемтікке ертіп келу мақсатым да сені жоғалту болатын, осында қал! – деп ордан алысырақ барып шоқиып отырады.

Амалы құрып, айтары таусылған қасқыр қатты қамығады.

– Қасқыр болғалы уайымдап, ойланып отырғаның осы болар, – деп түлкі онан әрі мазақ қылады.

– Жолдас едің ғой, сөзіңді бері таман келіп айтшы, тым болмаса, – дейді қасқыр.

Түлкі құйрығын бұлаңдата ор жиегін айналып, әлгі сөзін айта бастағанда салақтап тұрған түлкінің құйрығын көре сала қасқыр бар күшін жиып ыршиды. Түлкінің құйрығы аузына ілінген заманда түлкіні тартып орға алып түседі. Екеуінің шығуы да енді қиындайды. Түлкінің «алдаған едім, қалжыңдаған едім» дегеніне қасқыр көне қоймайды. Сүйтіп, бірін-бірі арбап орда тұрғанда, аңшы келеді де екеуін бірдей соғып алады.

Алдамшы түлкі, рақымсыз қасқыр қайда,
Опасыз мейірімсіздіктен бар ма пайда?
Тегінде тыныш жүріп күнін көрген,
Бөдене қалды аман анау сайда, – деп халық өлеңге қосыпты.

47. Түлкі мен қасқыр

Бұрынғы уақытта бір қасқыр мен бір түлкі жолдас болыпты. Бір жерге келгенде қасқыр түлкіге айтты:

– Менің басым ауырып барады, тамырымды ұстап берші, – дейді. Сонда түлкі тамырын ұстап тұрып айтады:

– Басың көп қатты ауырып тұр екен, олай-бұлай жүгіріп, құйрығыңды көк мұзға қоя қойғын! – дейді.

Сонда қасқыр олай-бұлай жүгіріп келіп, құйрығын көк мұзға қоя қойып еді, көк мұзға жабысып қалады, сонымен қасқыр сол жерде қалады.

48. Түлкі, қойшы, аю

Бір қойшы қой бағып жүрсе, бір түлкіні бір аю қуып келеді екен. Түлкі бір тамға келіп кіреді. Аю да тамға кіремін дегенде, тамның тар есігіне кеудесі сиып, бөксесі сыймай ілініп қалады. Түлкі тамның бір кішкентай тесігінен жылт етіп шығып, айналып есікке келіп, есіктен не әрі кетпей, не қайта шыға алмай ілініп жатқан аюдың артынан келіп, мазақтап, аюдың бөксесіне сарып кетеді. Оны қойшы көріп тұрады. Аю әрең деп қайта шығып, жан-жағына қаранып, қойшыға келеді.

– Е, сен не көрдің? – дейді.

Қойшы: «Мен не көрейін? Бір аюдың бөксесіне бір түлкі сарып кетті, соны ғана көрдім», – дейді.

Аю ашуланып: «Егер де осыны біреуге айтсаң, сені жеп қоямын!» – дейді.
Қойшы: «Ойбай, ендеше айтпаймын!» – дейді.

– Жарайды, айтсаң, өлесің! – деп, аю кетеді. Кешке ауылға келген соң, қойшы мұны ауылға айтады. Ауылдағы бала-шаға мұны өлең қылып айтып, шулап-ойнап жүреді. Мұны аю естіп, ыза болып, ертең қой жайып тұрған қойшыға келіп:

– Е, сен адамға айтпаймын дегенің кәні? Енді сені жеймін! – дейді. Қойшы жылап:

– Үш күнге мұрсат бер, үй ішіме, ағайын-туғаныма қоштасып келейін! – дейді. Аю:

– Жарайды, үш күнге мұрсат бердім, – деп кетеді.

Қойшы далада жылап отырса түлкі келеді:

– Е, қойшы, неге жылап отырсың? – деді.

Қойшы: «Ойбай, осылай да осылай, бәрі сенің кесірің. Енді өлетін болдым!» – дейді. Түлкі: «Ойбай, үндеме, аюдан құтылатын амалын мен табайын, не бересің?» – дейді.

Қойшы қуанып: «Ойбай, не қаласаң, соныңды берейін!» – дейді.
Түлкі: «Маған бір бүйрегіңді бер!» – дейді.
Қойшы: «Жарайды», – деп екеуі келіседі, уәделеседі.

Түлкі айтады: «Ауылыңнан бар да үлкен бір қап әкел. Аю келгенде, анау жерде шаңды бұрқылдатып мен жүрейін. Аю сұрар «анау не?» деп, сен айт: «Ол ханның баласы. Қатыны аюдың жүрегіне жерік болып, соны іздеп жүр» де, сонда сен әлгі үлкен қапқа тығыл деп, қапқа тығып, қаптың аузын мықтап буып, шоқпармен ұрып өлтір», – дейді. Екеуі уәделесіп, түлкі кетеді. Келем деген күні аю келеді. Қойшымен сөйлесіп, «енді жермін» деп тұрғанда, алыстан бұрқылдаған шаңды көреді. Қойшыдан: «Қойшым, анау не?» – деп сұрайды. Қойшы: «Ол ханның баласы, қатыны аюдың жүрегіне жерік болып, соны іздеп жүр!» – дейді.

Аю: «Ойбай, қойшым, мені жасыра көр! Қайда тығылам!» – деп сасады. Қойшы: «Ендеше мында тығыла ғой!» – деп, аюды қапқа тығып, қаптың аузын шылбырмен мықтап буып, шоқпармен ұрып өлтіріп алады. Енді түлкі келіп, күліп: «Е, енді бүйрегіңді бер!» – дейді. Қойшы қипақтап, жыламсырап белбеуін шешкенде қойшының іші шұрылдайды. Түлкі, құлағын тіге қалып: «Әне, о не қыңсылаған?» – дейді. Сол арада қойшы:

– Түнеу күні бір тазының күшігін жұтып едім, сол енді үлкен тазы болып, ішімнен шығайын деп қыңсылап жатыр, – дейді.

Түлкі қорқып: «Ойбай, қойшым, енді дос болайық, құйрығыңды қыса тұр, мен қашайын», – деп жөнеліпті.

49. Түлкі мен маймыл

Бір күні түлкі жортып жүріп, өліп жатқан бір балықты көреді. Балықты алып жейін десе, астында қақпаны бар екен. Балықты соған жем қылып қойған екен. Оны көріп айландырды. Алып жемекке әрекет қылып, құйрығын ұзартып, балықты сипап тартып, қақпаннан шығара алмады. Балық үлкенірек екен. Түлкінің құйрығының қуаты келмеді. Алып жей алмай ызаланып, жолменен жортып келе жатса, алдынан бір маймыл ұшырады. Түлкі маймылды көріп, басын төмен салып, құйрығын бұлаңдатып, еркелеп, ыржаңдап, күліп сәлем берді. Маймыл сәлемін алып: «Жол болсын, түлкі би, бұрын мұндай құрмет қылмаушы едіңіз, енді қалайша құрмет қылдыңыз?» – дейді. Онда түлкі айтты: «Сүйінші беріңіз, патша сайламаққа келдік. Көп аңдар, көп жандар кеңес қылып еді. Арамыздан патша сайлаймыз деп маған ақыл салды, сенің білімің көп еді, осы кеңесіміз мақұл ма?» – деп. Мен айттым: «Менен маймылдың білімі көп, адамзатқа ұқсайды», – дедім. «Менің тілімді алсаңыздар, маймылды патша сайлаңыздар, үлкен-кішіміздің құдайымызды білер, шариғатсыз іс қылмас», – дедім. «Егер арыстан патша болса, оның күші көп, өзіне ықтияр тиген соң, ойына келген ісін қылар. Жазықты, жазықсызға қарамай, нашар жандардың барлығын қырып тастар, алдына ешкім арыз ете алмас, әулетімен құртып жіберер», – дедім. Онда жиылған көп жандарға менің ақылым, мақұл болды. «Түлкі бидің ақылы табылған ақыл», – деді. «Патша сайламаққа арыстан жарамайды екен, бәрімізге де зиян келтіреді екен. Маймылды патша сайлалық. Нашардың сөзін айтар, адамзатқа ұқсаған әділетті, ақылы көп шығар тез тауып келіңіз», – деді. Сіздің қайда екеніңізді білмей әр жандар тұс-тұс жаққа қарап іздеп кетті. Бәрінен бұрын сізге келіп мен жолықтым. Құрмет қылып тұрғанымның мәнісі осы», – деді. Бұл сөзге маймыл қуанып, түлкінің аузына қарап миық тартып күліп отырып: «Мақұл, халық ұнатса, патшалықтан несіне қашалық. Әлім келгенше әділетпен іс тұтармын. Түлкі, сенің жақсылығыңды ұмытпаспын, «Келіннің бетін кім ашса, көзіне сол ыстық» деген. Сүйіншіңді оңдап беремін, маған билік тиген уақытта сенің айтқан сөзіңді жерге салмаспын. Жүргін, бастағын», – деді. Онда түлкі біраз жерге бастап келді. Манағы қақпан мен балыққа жақындаған уақытта қарап тұра қалды. Маймылға қарап: «Әй, патшам, бір арызым бар, менің қарным аш, осы уақытта еш тақатым қалмады. Сіз бір дуа қылыңыз, мен әумин десем құдай қабыл қылады. Бір тамақ табылып қалар», – деді. Сонда маймыл өз тілімен дуа қылды. Түлкі «аумин» деп алдыңғы екі аяғын көтерді. Дуа қылып болғаннан соң және маймылды бастап ертіп, бір қырдан қылт етіп асып, манағы қақпанға қойған балыққа жолықты. Онда түлкі маймылға айтты: «Сіз дуа қылып едіңіз, мен әумин деп едім, аллаға қабыл болған екен. Даяр тамаққа жолықтық. «Өлмесін деген құлға өлі балық жегізер» деген нақыл осы. Міне, жеңіз», – деді. Сонда маймыл айтты: «Қарным ашты деп едің, өзің жей ғой, мен бүгін ас жемесем де қуанышымменен-ақ тоқпын», – деді. Сонда түлкі айтты:

– «Ей, маймыл, патшам, егер алты күн аш жүрсем де астың алдын әуелі сіз татпай мен қайтып жейін, құл мырзасынан бұрын ас жемейді. Биі патшасынан бұрын ас жемейді. «Тауда туған құлынның екі көзі таста, аштықта туған баланың ақыл-ойы аста» деген. Аш та болсам, әдепсіз тамақ жемейтін, білімді бидің баласымыз», – деді. Сонда маймыл қақпанға қарай аяғын бір басып еді, сарт етіп аяғына түсті. Қақпанның серпуімен балық шоршып барып түсті. Түлкі қағып алып жеді. Сонда маймыл ойбайлап тұрып айтады: «Патшалықтан кештім, бәледен аяғымды құтқар», – деп түлкіні сөкті. Сонда түлкі айтты:

– Ей, маймыл, әр алуан ойыншы едің, ойнап айтасың ба, шындап айтасың ба, амалды сөкпе, абыройды төкпе, арыстаннан сені жақсы деп келгенімде ахуалың осы ма? Аяғыңнан ұстаған қақпанды көтере алмай жын ұрды ма? Аузыңнан ащы-ащы сөз шығады... Алуан-алуан бақ бар: биігі бастан қонады, аласасы аяқтан қонады. Маймыл-еке осылай болады. Аяғыңнан ақса да отыр. Аузыңмен қақса да отыр. Текпілесең кетпейтін темір бақ қонды. Қақпанға сені патша қылдым. Қайыр қош, аман бол! Патшалығың баянды болсын, – деп жөнелді.

50. Түлкі мен ешкі

Бір түлкі жүгіріп келе жатып, абайсызда бір терең апанға түсіп кетіпті. Шыға алмай тұрғанда, бір ешкі су іздеп жүріп, әлгі апанға кез болып, түлкіні көреді.

– Ей, түлкі батыр, не қылып тұрсың? – депті.

– Ой, не қыласың, жаным жай тауып тұр. Қырда әрі сусап, әрі ыстықтан өліп едім, апанның іші әрі салқын, әрі түбінде тұп-тұнық суы бар екен, – депті.

Мұны естіп ешкі: «Мен де салқындайын, әрі су ішейін», – деп ойлап секіріп апанға түсіпті. Сонда түлкекең секіріп ешкінің үстіне мініп, онан мүйізіне шығып, ырғып далаға шығып, жөніне кетіпті.

«Өтірікке алданба, басың бәлеге душар болар» деген осыдан қалыпты.

51. Түлкі мен қоян

Бір күні болдырып келе жатқан түлкі жортып жүрген қоянды көріп, өтірік ауырған болып, оның жолына сұлай кетіпті де, қоянды шақырыпты:

– Қоянжан-ау, қоянжан, неге сонша жортасың? Менен неге қорқасың? Бала жастан бірге өскен, тоғайдың дәмін бір жескен, көрші емес пе едік. Мен ауырып жатырмын, жақынырақ келсеңші, қоштасайық, – депті.

Сонда қоян:

– Екі құлағым сөзіңде тұр, екі көзім өзіңде тұр. Сіз етті жақсы көреді дейді жұрт, сол рас па? – депті.

– Рас болғанда қандай, тіпті ет жемесем басым ауырады.

–Міне, осыныңыз жаман ғой.

– Иә, соған өзім де қынжылып жатырмын. Кеше бір тауық жеп едім, соған жаным ашып жылап та жібердім. Өйткені ол да тірі жүргісі келеді ғой. О, шіркін, тіршілік! – депті.

Қоян:

– Сіз оны өлтірмей тұрып ойлап көрдіңіз бе? – депті.

Сонда түлкі: «Мен дәл сол жерін ойлауды ұмытыппын. Жаныма батып, ауырып жатқаным да соның өкініші», – дейді.

– Ұмытшақ деген жаман ғой, мен де содан қорқамын, сондықтан да жортамын, – деп тұра жөнеліпті қоян.

52. Түлкі, тасбақа және кене

Бір уақыттарда бір түлкі, бір тасбақа және бір кене үшеуі жолдас болып келе жатса, бір жерде бір уыс тары жатыр екен. Үшеуі ойласты: «Мұны тұқым қылып, жерге егіп, көбейтіп бөліп алайық», – деді. Түлкі бір жарды көріп:

– Мен осы жарды сүйеп тұрайын, болмаса құлап кетер – деп, жардың астын саялап жатып алды. Тасбақа байғұс жерді тырналап, кене сорлы жиып, тарыны айдап әлекке түсті. Сөйтіп көп бейнет шегіп айдап, ол піскен соң, орып жинап алды. Бұны бастырып еді, бір аяқ тары болды. Біреуі барып түлкіні шақырып еді. Түлкі келді дағы:

– Бұл тарыны үшеуміздің бөлгенімізге болмайды. Үш бөлгесін бұл әрқайсымызға қаншадан тиеді? Онан да үшеуміз жарысып қай озғанымыз алайық, – деді. Мақұл деп үшеуі қатарласып, бір жерге келіп, «алла әкбар» деп түлкі жөней бергенде, кене түлкінің башпайына жабысып ол да кетті. Түлкі өліп-өшіп барынша жүгіріп келіп, қырманға отырайын деп еді, кене:

– Әй, батшағар, мені басып өлтіресің бе, – деді. Түлкі:

– Әй, сен қашан келдің? – деді. Кене:

– Сен бағана «алла әкбар» дегенде-ақ мен келіп қалғанмын, – деді. Екеуі шатақтасып жатқанда, аузы-мұрны қан болып тасбақа келді. Келе сала:

– Ойбай, түлкі, мен бір пәле көріп келдім. Жаңа сендердің артыңнан екі қарагер аты бар, екі қара бүркіті бар және екі тазысы бар екі адам келіп, «жаңағы қасыңдағы түлкі жолдасыңды тауып бер» деп менің осындай аузы-мұрнымды қызыл-ала қан қылды, сонда да мен сені айтқаным жоқ. Әйтеуір осы жаққа қарай келе жатыр, – деді. Түлкі:

– Айналайындар-ай, мені айта көрме, мына тарыны екеуің тең бөліп ал, мен сендерге ырза болайын, олар келсе, «білмейміз, қайда кеткенін де», – деп, түлкі кетіп қалды. Сөйтіп, тарыны тасбақа мен кене екеуі бөліп алыпты.

53. Түлкі мен тырна хикаясы

Түлкі мен тырна жолдас боп, дос болыпты. Түлкіде екі бала бар екен, екеуі де таңертең тамақ аулап кетіп кешке келеді екен. Бір күні түлкі «сырқаттанып отырмын» деп үйде қалады. Қарны ашып бара жатқан соң, тырнаның бір балапанын жеп қойды. Кешке тырнаның келетін уағында тырнаның алдына шығып, солқ-солқ жылады. «Не қылды, достым, неге жылайсың?» – дегенде, түлкі тырнаға айтады: «Жыламай қайтемін, тырнажан, төрт баламыздың біреуі жоқ, біраз көзім ілініп кеткен екен, оянып кетсем, баламыздың бірі жоқ. Қайда кетіп, қайда тұрғанын білмеймін», «Сонда қайсымыздың баламыз жоқ?» – дейді тырна. «Әй, жарқыным, «менікі-сенікі» дейтін не бар, ұзын мойынның бірі жоқ», – дейді түлкі.

54. Түлкі мен тырна

Бір түлкі тырнамен жолдас болып, түлкінің апанына келіп кіріпті. Бұлардың ізіне бір адам түсіп, інге келіпті. Інді қазып, әлгілерге жақындаған мезгілде шыбық салыпты. Шыбық тиген соң, тырна түлкіге айтыпты: «Алпыс амал түлкіде, алпыс екі амал адамда деуші еді, сол амалыңның біреуімен құтқар, – деді, – құтқармасаң өлеміз», – деді! Сонда түлкі: «Амалым құрыды», – деді. Тағы өлуге жеткен соң, тырна айтыпты: «Олай болса, менің бір амалым бар! Сол амалмен құтылармыз», – деді. Түлкі айтыпты: «Олай болса, істе амалыңды!». Тырна айтыпты: «Мен өлген боп, ауыз жағына жатайын. Сонда ол қол созар да мені алып тастар, жемтік екен деп. Сонда мен айғай салып ұшармын, ол жалт қарағанда, сен жүгіріп кет», – деді де, іннің аузына барып жатыпты. Жігіт қол созыпты, тырна қолына ілініпті, кісі алып қараса, өлген тырна екенін көрген соң, сол жерге тастай беріпті. Сонда тырна айғай салып ұша жөнеліпті. Кісі «ах» деп жалт қарағанда, түлкі шыға жөнеліпті. Сөйтіп екеуі де құтылыпты.

55. Түлкі мен тырна

Түлкі мен тырна достасып бірге тұрмақ болыпты. Екеуі бірге балалап, бір жерде өріс теуіпті. Ішіп-жемі ортақ, біреуі жем іздеп саятқа кеткенде, біреуі балапандары мен күшіктердің жанында қалады. Күндердің күнінде тырнаның таз балапандарына жүн шығып, жорғалайтын болады. Түлкінің күшіктері де қара пұшпақ болып құлпырады. Аналары балаларын ауық-ауық жатағына жақындағы жайдаққа серуенге алып шығып жүреді. Бір күні тырна саятқа шығып, түлкі балаларды бағып қалады. Серуенге алып шыққан балапандар мен күшіктер апыр-тұпыр алысып ойнап жатады. Оны көріп отырған түлкіге ой түседі:

– Әй, менің мұным не? Мына тырнаның тұқымдарының мекені аспан, мінгені жел ғой. Жайшылықта, бұл шіркіндер құдайдан тілеп жете алмайтын тамақ қой. Бұлар әрі-беріден соң ұшады, кетеді. Санды соғып біз қаламыз. Достасып, менің екі туып, бір қалғаным ба? Ал, тағы мына күшіктерді құс ұстауға үйрету керек қой! Кісі баласы, кісіге бала болмайды. Одан да...деп тырнаның бір балапанын тыртитып алып ұрып, күшіктеріне қалай ұстап, қалай өлтіріп, қалай жеуді көрсетті. Сөйте-сөйте күшіктері анасының баулуымен балапандардың түбіне жетеді. Өлтірген балапандардың жүнін аулаққа апарып тығып тасайды да, қайтып жатаққа жайласады. Кешінде тырна қайтады. Түлкі тырнаның алдынан шығып жыламсырайды. Тырна:

– Е, не болды? – дейді. Түлкі:

– Білмейім, балалардың саны аз көрінеді, – дейді. Тырна апалақтап сасып:

– Жоғы сенікі ме, менікі ме? – деп сұрайды. Түлкі тырнаға қыжырта қарап:

– Әй, байқұс-ай, ойыңның арамын-ай, қанша бауырға тартсам да,

бөлектенген сөздің ұшқыны шығады да тұрады. Балаларды сенікі, менікі деуші ме едің депті.

56. Түлкі мен құмырша

Бір әйел далаға егін ора келіп, құмыршасын сүтімен бір шөптің арасына қояды. Бұны түлкі көреді де, бұған жасырынып келіп, құмыршаның ішіне басын тығып, сүтті жалап ішіп қойды. Енді құмыршадан басын шығара алмай әлек болады. Түлкі олай жүгірді, бұлай жүгірді, басын бұлғады, сөйледі: «Ау, құмырша, ойнадың, жетер, мені енді жібер. Болар, мазақ қылма, жібер енді!» Құмырша қалмады. Түлкі ашуланды: «Тоқтай тұр, жақсылықпен қалмасаң, сені мен суға батырайын!» – деді. Жүгіріп түлкі өзенге келді, құмыршасын батыра бастады. Өзенге құмырша да батты және түлкіні де ала кетті.

57. Түлкі мен әтештің сырлары

Бір түлкі таң алдында тамақ іздеп жортып келе жатып, ағаш басында бұғып отырған әтешті көріп, жақындап келіп:

– Ой, достым, намаз уақыты болды, түспейсің бе? Жамағат болып намаз оқиық, – дейді. Әтеш:

– Жарайды, түсейін, ана имамды оята ғой, ағаш түбінде ұйықтап жатыр, – дегенде, түлкі итті көре сала жалт бұрылып қаша жөнеледі. Әтеш дауыстап:

– Ай, мұның қалай, бізбен бірге намаз оқысуға қарамай кетіп барасың, – деп шақырады. Сонда түлкі жауап қайырады:

– Дәретім сынып кетті, сабыр ете тұрыңдар, дәрет жаңалап келейін, – деп тартып отырыпты.

58. Түлкі мен бөдененің жолдас болуы

Өткен кезде түлкі мен бөдене жолдас болыпты. Бірнеше күн өтеді. Түлкі бөденеге ештеңе деп айта алмай, қарыны ашады. Ол енді досы бөденені жегісі келіп, амал ойластырады. Бір күні бұтаның басында отырған бөденеге барып:

– Е, бөдене-екем, сізбен жолдас болғалы біраз уақыт болды. Сізден де ұялып біттім. Сізге беретін қолымда ештеңе жоқ, құр жолдас болып жүрміз ғой, – дейді.

– Алла ырза болсын, рахмет, тамағым тоқ, қайта сізді мен сыйлай алмай жүрмін, – депті бөдене.

– Сізге ештеңе бере алмай қысылдым деп айтқаныңызға мың рахмет. Келіңіз, әңгімелесейік, – депті түлкі.

– Ойбай, рахмет, жерге қонбаушы едім, – деп түлкінің алдағанын біліп, бөдене жерге қонбапты. Енді не істерін білмей түлкі жаман сасып, әрі ойлап, бері ойлап ақыры қарнының ашқанын бөденеге айтуға тура келеді.

– Бөдене-еке, сізбен жолдас болғалы қарным аш, сіздің қарныңыз тоқ екен. Осы менің бүгін аш қарнымды тоқ қылсаңыз, өле-өлгенше сізді ұмытпас едім, – деді түлкі.

Бөдене аз ойланып отырып:

– Жарайды, ондай болса, қазір тойғызамын, – дейді.

– Қалай тойғызасыз, қолыңызда ештеңе жоқ қой, – деп түлкі езу тартып күліпті.

– Қазір осы жерден атасына сыбаға алып, Жарықбайдың келіні өтеді, қолында бір табақ еті бар, соны саған алып берейін, – дейді түлкіге.

– Қалай алып бересің, оны маған, – деді түлкі.

– Сен жеуді біл жалғыз-ақ, алып беруді мен білейін, – дейді бөдене.

– Сіз осы арада көрінбей отырыңыз. Келіншек осы арадан өтеді, жанында кішкентай қызы бар. Соның алдына мен барып қонамын, аяғымды ақсаңдатамын. Сонда бағанағы кішкентай қыз, мені көріп жылайды. «Апа, мына торғайды ұстап бер маған», – дейді. Мен таяна бергенде ұшып кетемін, тағы қуады, ақыр қызығып табақты тастай бере қуады. Сол кезде сіз етті жеп бітіретін аузыңыз бар ма? – депті бөдене.

Өстіп отырғанда қолында дәу табақ еті бар келіншек келіп қалды.

– Ал, түлкі, ыңғайлана бер, мен ұшып қонамын, – дейді бөдене. Түлкі де ыңғайланып тасада тығылып жатады. Әбден таянғанда бөдене ұшып, сол екеуінің алдына қонады. Айтқанындай тура-ақ бала жылайды.

– Апа, мынау торғайды ұстап бер маған, – дейді. Ақырын таянып бөдене де ұшып тағы қонады, тағы қуады, ақыр сол жерде табағын тастап қызыға қуады, қыз бала артынан ереді. Табақтағы еттен көп ұзап кетеді. Сол екі ортада бірнеше уақыт өтеді. Біресе ана жерде, біресе мына жерде қонып бөдене де жүреді. Әлден уақта «жеп болды ма екен» деп бөдене жоғары ұшып қараса, етке тойып түлкі кетіп қалыпты. Тағы жерге қонып, келіншек таяна бергенде жоғары көтеріліп аспанға ұзаққа ұшып кетіп қалыпты.

– Ай, қызым-ай, еркесің-ай, ұстатпайды десем болдың ба, ұшып кетті, – деп қызын қарғап-сілеп, қайта табаққа келсе, ештеңе жоқ. Құр табақтың өзі жатыр. Қызды онан сайын қарғап-сілеп, ары отырып, бері отырып, қайтадан ауылға қарай аяңдай беріпті...

Түлкі мен бөдене әлден уақыттан соң жолығыпты.

– Қалай, түлкім, тойдың ба, – депті бөдене.

– Тойғанда қандай, әбден тойдым. Рахмет сізге, – дейді түлкі.

Осыдан кейін арада бірнеше күн өтеді. Түлкіге ойын-сауық, күлкі керек болады. Тағы аяңдап бөдененің жанына келеді.

– Е, бөдекең, хал қалай? – депті түлкі.

– Жаман емес, жақсы, өзің қалың қандай, жақсы ма? – депті бөдене түлкіге.

– Менің қалымды сұрамаңыз, өте жаман болып тұр, – деді түлкі.

– Неге? – деді бөдене.

– Жаман болмағанда қайтеді, осы сізбен бірге жолдас болғалы бір күлмедім, не сіз күлдірмедіңіз, – депті.

– Арманың ол болса, қазір орындалады. Күлдіріп берейін. Қазір менің соңымнан ер, – деді бөдене. Түлкі бөденеге еріп жүріпті. Бір ауылдың сыртына алып келіп:

– Сіз осы жерде ешкімге көрінбей жат, мен анау түйе тұрған үйге барамын, содан соң түйе сауып отырған әйелдің басына барып қонамын, сонан соң арғы қызықты көре жатасың, – дейді бөдене.

Түлкі еріп ауылдың сыртында баспалап қарап отырады. Бір мезгілде бөдене түйе сауып тұрған қатынның басына барып қонады. Сол кезде есік алдындағы ағаш шауып отырған ұста көріп:

– Қатын, қатын, қозғалма, басыңда тұрған бөденені ұрып алайын, – дейді. Әйел қозғалмай тұрады. Ағаштың астына жаңғырық қылып отырған тоқпақпен әйелді періп қалады. Әйел көп кешікпей-ақ жан тапсырады. Сауған сүті ұстаның бетіне шашырап, не болғанын түсінбеген ол талып қалыпты. Бөдене қайтып айналып түлкінің жатқан жеріне келеді.

– Қалай, түлкім, күлкі ұнады ма? Қалай ақымақ әйелін өлтіріп алды? – депті.

– Бұған күлмегенде неге күлейін, күлгенде қандай өте ішек-сілем қатты, ырзамын сізге, – депті түлкі.

Түлкі күлкіні де жақсы көреді, сонан соң қорыққанды да мақсат көреді.

– Бөдене-екем, сіздің арқаңызда тоқшылдықты да, аштықты да көрдім. Күлкіні де көрдім. Енді сіз мені қорқытыңыз, – дейді. Бөдене ары ойлап, бері ойлап:

– Жарайды, қорқытайын, бірақ менің айтқаныма көнсеңіз, – дейді.

– Сіздің айтқаныңызға мен көнемін, не қыл десеңіз де істеп беремін, – депті түлкі.

– Ондай болса көзіңді жұм да менің құйрығымнан тістеп отыр. Қашан «көзіңді аш» дегенде сонда ашасың. Осыған көнсеңіз істеймін. – депті бөдене.

– Жарайды, – депті түлкі.

Түлкі көзін жұмып отырады, бөдене бастап қалың көшіп келе жатқан елдің арасына қарай, түлкіні алып жүреді. Бір мезгілде жан-жақтан айтақтаған иттері бар қуып келе жатқан елді көріп, ол:

– Ай, түлкім, көзіңді ашуыңа да болады, – деді. Өзі аспанға ұшып құтылып кетіпті. Түлкі елсіз жаққа қарай бетті бұрып алып, бар күшін салып қашады. Содан түлкі сорлы өлдім-талдым дегенде әрең құтылып шаршап барып, бір жерге тынығып отырса, бөдене барып қасына:

– Түкіш-түкіш, шаршап жатырсың ба? – депті. Түлкі оянып, бағанағы өзін жаудың арасына беріп кеткен бөденені көріп:

– Ай, ақымақ, алдадың ғой, – деп ашуланыпты.

– Қорқыт, қорқыт дегенде өстіп қорқытар ма едің, – деп, түлкі бөденені жұтып қойыпты.

Сонда ішінде жатып бөдененің айтқаны:

– Көп жолдас болып едік қой, ең құрыса демімді алғызбадыңыз, түлкім-ай, құдай үшін аузыңды ашшы, кішкентай дем алайын, – депті. Түлкі аузын аша бергенде бөдене «пыр» деп ұша жөнеліпті. Бөдене түлкінің аузынан шыға бергенде түлкі қайтадан аузын жауып қалып, бөдененің құйрығын жұлып қалыпты. Сол себепті бөдене осы күнге дейін шолақ болып жүр екен.

Сөйтіп, екеуінің жолдастықтары ұзаққа созылмапты.

59. Түлкі мен ай

Аспандағы ай жарлы болып тұрушы еді. Мал дегенде өзінің бір ешкісі, бір бұзауы бар еді. Бір күні қасқыр Айдың жалғыз бұзауын сойып, түлкіні қонаққа шақырып алып, бұзауды жесіп, терісін жасырып қойысады. Сонан соң аспандағы Ай жоғалып кеткен бұзауын іздеп, даланы қыдырып жүріп, ешкісін үйіне кіргізіп, арқанменен мойнынан байлап кетіпті. Сонда далада аспандағы Айдың қарсы алдынан түлкі шыға келіп, құйрығын бұлғақтатып жіберіп, көзіне қарай беріп:

– Қалай тұрасың Ай, – деп сұрайды. Сонда Ай айтады:

– Тәуір тұрамын, бірақ бұзауымды жоғалтып іздеп жүрмін, – деген соң «Тез таба алмайсың, егерде қаласаң мен болыстық қылайын», – дейді. «Бірақ мені қонаққа шақыр, келістіріп тойғыз, сонан соң сенің бұзауыңды тауып берейін», – дейді. Сонан соң аспандағы Ай түлкіні үйіне шақырып, жанындағы ауылдастарынан қымыз, ет сұрап алып, ішкізіп, жегізіп тойғызады. Аздан соң түлкі тәңір жарылқасын айтып, іздеуге шығып кетіп, ағаш ішінде жүрген қасқырды тауып алып, бұзаудың терісін үстіне кигізіп жіберіп:

– Жүр, Айдың үйіне қонаққа барайық, ешкісін сойып қонақ қылады, кеш уақыты болып келеді, тамақ болып қалар, – десіп келіпті.

Сонда Ай қуанғаннан ешкісін үйіне қалдырып, ауылдастарына барып айтпақшы болып, «жоғым табылды» дегелі кеткен уақытта, үстіндегі терісін тастай салып жоғалып кете барады. Қашанда болса қу, залым адамның қызмет қылып, жақсылық көрсетемін дегеніне сену керек емес.

60. Түлкінің ойы

– Иттен қашып құтылудың қанша айласын білесің? –деп сұрады түлкіден.

Сонда айтыпты:

– Жүзден аса айласын білем. Бірақ ең жақсысы – ол пәлемен ұшыраспау.

61. Түлкі мен түйе

Түлкі тоғайда түйені көріп, денесі ойқы-шойқы, олпы-солпы екен, бәлки, осыдан бірдеңе түсіп қалар деп алыстан аңдып жүреді.

Бір күні түйе бір өзеннің арғы жағына өтеді.

– Уа, түйе, су терең бе екен? – дейді түлкі.

– Терең емес тізеден ғана.

Тізеден ғана болса терең емес екен деп түйе жаққа өтбек болып түлкі суға түседі. Батып, қылғынып бара жатып түлкі түйеге айқайлайды:

– Тізеден ғана дегенің кәні, мен батып барам ғой?

– Е, сенің тізең мен менің тізем бірдей ме? Өз тізеңе қарамайсың ба? – дейді түйе.

62. Шал мен түлкі

Бұрынғы уақытта, бір қу түлкі болыпты. Бір шал қой айдап жүр еді, оған түлкі келіп: «мен сені өлтіремін», – дейді. Шал:

– Мені өлтірме, – дейді.

– Қалағанымды бермесең өлтіремін, – дейді.

– Менен қалаған нең бар? – дейді. Сонда түлкі айтты:

– Маған ханның қызын алып бермесең, өлтіремін, – дейді. – Ертең ханның қызын әкеліп осы қой айдаған жерге кел, – дейді.

– Мақұл деп шал қайтып кетеді. Түн болып таң атады. Шал байқұс ханның қызын қайдан тапсын. Қойын айдаған жерге қайтып келді. Келіп қойын айдап жүр еді, түлкі келді.

– Қане, шал, маған ханның қызын алып келдің бе? – дейді. Шал:

– Ханның қызын таба алмадым, – дейді. – Ханның қызын таппадың өлтіремін, – дейді.

– Қой, өлтірме, – дейді.

– Ханның қызын таппадың өлтіремін, – дейді.

– Қой, өлтірме, және қалағаның болса берейін, – дейді. Сол кезде шалдың іші қорылдап қоя берді. Сол уақытта түлкі айтты:

– Шал, ішіңдегі не, – дейді? Шал айтты түлкіге:

– Жас уақытта тазының екі күшігін жұтып қойып едім, шығып келе жатқан шығар, – дейді. Сонда түлкі айтты:

– Ой, шал, мен қайда тығыламын, – дейді. Сонда шал айтады:

– Міне, дағар бар, сол дағардың ішіне кіріп бұғып жат, – дейді.

Сонда, түлкі дағардың ішіне кіріп кетеді. Аузын буып алып түлкіні дағарымен ханға алып жүреді. Ханға түлкіні алып барып, міне түлкі, ханның қызын алып бер деп, жанымды көп қинады, мұны сонымен амалдап, сізге алып келдім, – дейді. Сонымен шал түлкіден аман құтылады.

63. Түлкі мен тауық

Ерте, ертеде бір тауық ескі дуалды мекендеп, балапан басып жүріпті. Бір күні дуалға шығып жүрсе көз көрім жерде жер иіскелеп қаншырдай жараған бір аш түлкі бұраң қағып, дуалға тура тартып келеді екен. Дереу оны көріп тауық өзінен де балапандарынан да қауіптеніп қатты абыржыпты. Бұл жыртқыштан қайтіп аман қалудың шарасын ойластыра бастапты. Өзім ғой бір амалын көрер едім, балапандарымды қалай құтқарамын деп қамығыпты. Ұзақ уақыт дән татпаған аш түлкі «тауықты қайтсем қолға түсіріп қарын тойғызамын» деген қиялда болыпты да:

– Бұл тауық қанатты құс, үркітіп алсам, аспанға ұшып кетеді, мұны

үркітіп алмай, жөн сұраған болып, ақырын жақындап, абайсызда қолға түсірмесем, басқа амал жоқ, – деп жөн сұрасып жақындай бергенде, таяу маңнан бір шаң шығыпты. Мұны көрген түлкі бір жағынан тауыққа жақындаса, енді бір жағынан, шаң шыққан жақтан адам келіп қала ма деп қауіптеніп жалтақтай беріпті. Шаң жақындай түскен сайын түлкі сабырсызданып, тауыққа:

– Сен биіктесің – ғой, мына шаң ненің шаңы? – деп сұрапты. Түлкінің

қорқып тұрғанын сезген тауық, түлкінің тазыдан қорқатыны есіне түсіп:

– Таңертеңнен осы төңіректе төрт-бес аңшы адам бірнеше тазыларын

ертіп, түлкінің ізіне түсіп жүрген. Солар екен, - деп бойын созып солай қарап қойыпты, соны естігенде түлкі:

– Бірнеше тазы дейсің бе? – деп көзін жарқ еткізіп бір қарап алып,

тауықтан алыстай беріп:

– Япыр-ау, сөзге айналып тұрып кеш болғандығын білмей қалыппын –

ғой, баратын жерім алыс еді, кеш болмай жетіп алайын. Тауық саған рақымет, - деп құйрығын бір бұлғап айнала бергенде:

– Түлкі – түлкі, – деген айғай шығыпты. Өте шошынған түлкі екінші

бұл дуалға қайтып келмепті. Тауық алаңсыз бұл орнын мекен етіп, өсіп-өрбіп жасай беріпті.

64. Түлкі мен тасбақа

Ертеде сегіз бұғы ертелі-кеш бір көлден су ішіп жүреді екен. Сол көлде бір тасбақа бар екен де, оның төртеуін ол бұрынды-соңды жеп қойыпты. Сонан соң қалған төрт бұғы көлге келіп су ішуге қорқып жолай алмайтын болыпты.

Бір күні бір түлкі олардың тілі аузына симай қаталап кеткенін көріп:

– Неге көлге барып су ішпейсіңдер? – деп сұрапты.

Бұғы өздерің көлге бармау себептерін айтып беріпті. Мұны естіп ойланған түлкі:

– Мен сендерге бір ақыл айтайын, бұл көлде бір ғана тасбақа бар, сендер

екіге бөлініп екі жерден су ішіңдер, ол мына жаққа келсе, ана жақтағыларың су ішіңдер, ол ана жаққа барса, мына жақтағыларың су ішіңдер, сөйтіп, ол арада салпақтап, ешқайсыңды ұстай алмайтын болсын, - депті.

Сол күннен бастап бұғылар осы әдіс бойынша су ішіп жүріпті.
Бұғыларға бұл әдісті үйреткен түлкі екендігін сезген тасбақа түлкіге
өшігіп, оның көзін жоюдың қамына кірісті.
Түлкі бір күні осы көлге су ішуге келеді, ол сақтық істеп, көлге алдымен

бір аяғын малады. Тасбақаның осы арада күтіп тұрғанын қайдан білсін. Ол аяғын суға мала бере тасбақа аяғынан шап беріп ұстай алады. Зерделі түлкі ешнәрсе болмағандай, қасақана қарқылдап күліп:

– Ха! Ха! Ха! Мына тасбақа шынында ақымақ екен ғой! Таяғымды шап

беріп ұстап жібермей қоюын, – дейді.
Таяқ деген сөзді естіген тасбақа дереу қолын босатады, түлкі босанған
аяғын тартып алып тайып тұрады.

Күндердің бірінде, түлкінің жортып келе жатқанын көрген тасбақа жағаға шығып жатады. Ол әсілі түлкі таяғанда оқыс бас салмақ екен. Түлкі оның серейіп жатқанын көріп, шын-өтірігін білу үшін:

– Мына сұмпайы өтірік өлген болып жатқанын қарай көр, шын өлген

болса, аяқтары бүгіліп жатпай ма? – дейді.
Мұны естіген тасбақа жалма-жан аяқтарын бүгіп алады. Оның тірі екенін
білген соң түлкі зытып береді.

Қанша тұзақ құрса да түлкіні қолға түсіре алмаған тасбақа шиыршық атып, қатты құсаланады. Бір күні ол түлкінің ініне келіп кіріп, оны ініне келген жерде абайсыздан мерт етпекші болып аңдып жатады. Түлкі іннің аузына келе, сайрап жатқан тасбақаның ізін көреді, ол мұнан тасбақаның өз ініне келгенін біледі. Бірақ ол әлі бар ма, әлде кетіп қалды ма? Мұны білу үшін қулық істетіп, жақпар тастан:

– Ей жартас, бүгін бұл араға біреу келді ме? – деп сұрайды.

Жартастан үн шықсын ба? Бір уақыттан соң түлкі өз-өзіне сыңғырлап:

– Е, қу тас-ай! Біреу бар екен ғой, онан қорқып үндемей тұрсың ғой, -

дейді. Бұл сөзді естіген тасбақа сасқалақтап, жартас болып сөйлей жөнеледі.

– Жан баласы келмеді, – дейді.

Мұны естіген түлкі тасбақаның іннің ішінде екенін біліп, тайып тұрады.

65. Түлкінің өлімі

Бір күні күн қатты ысып, бір түлкі тау етегіндегі бір қарағайдың
түбінде ұйықтап жатыпты. Осы кезде бір жолбарыс келіп, оны оятып:

– Күні бойы ұйықтап бас алмай жата берсең, тұмсығың қызылға тие ме,

онан да маған еріп жүр, солтүстіктегі жыныс орманға барып, жабайы сиыр ұстап жейік, – депті. Ойлана қалған түлкі:

– Ол бір алып, мен бір кішкене нәрсе тұрсам, оны ұстауға батылым

қайтып барады? Бір көрсем-ақ лезде үйреніп алар едім! – депті. Жолбарыс:

– Ондай болса, алдымен біреуін саған ұстап көрсетейін! – депті.

Сонан түлкі жолбарысқа ілесіп жолға шығыпты. Олар жүре-жүре бір жыныс орманға келіпті. Орман ішін сүзіп шықса да, оларға бірде-бір жабайы сиыр кезікпепті. Сонан олар тағы да біраз жол жүріпті. Олар жүре-жүре бір өзенге жетіпті. Жолбарыс түлкіден:

– Мына судан секіріп өте аласың ба? – деп сұрапты. Түлкі:

– Секіріп өте алмаймын, бірақ бір көрсем-ақ лезде үйреніп аламын! –

депті.
Сонан жолбарыс түлкіні арқалап өзеннен секіріп өтіпті. Олар тағы жолға

түсіпті, сонан көл жағасында салқындап тұрған бір жабайы сиырды көріпті. Оны көрген жерден жолбарыстың көзі қанталап, аузы арандай ашылып, жүндері тікірейіп кетіпті. Ол түлкіден:

– Менің көзім қанталады ма? – деп сұрапты

– Қанталап тұр, – депті жолбарыстың көзіне қадала қараған түлкі.

– Менің аузым арандай ашылды ма? – деп сұрапты жолбарыс.

– Ашылды, – депті түлкі.

– Менің жүндерім үрпиді ме? – деп сұрапты жолбарыс.

– Үрпиді, – депті түлкі.

Жолбарыс атылып барып соққанда жабайы сиырдың мойыны үзіліп
өліпті. Екеуі оның етіне әбден тойып үйлеріне қайтыпты.

Қайтып келе жатқан жолында, түлкі өзінің зеректігіне дән риза болып, жолбарыстың жабайы сиырды ұстау өнерін бір көріп-ақ үйреніп алдым деп марсиып мәз болыпты, мұны ойлаған сайын марсиып мәз болыпты. Мұны ойлаған сайын іштей рақаттанып көңілі лепіріпті. Түлкі үйіне барғаннан кейін де өзінің жабайы сиырды ұстаған жайын мақтан етіп ел-жұртқа ауыз жаппай айтып жүріпті. Сонан ол бір күні бір қоянға жолығып, құйрығын бұлғақтата қоразданып:

– Күні бойы ұйқыдан бас алмасаң, дәмді асқа аузың тие ме,онда маған ілесіп жүр, солтүстіктегі жыныс орманға барып, жабайы сиырды ұстап жейік! – депті.

– Жабайы сиыр бір алып, мен бір кішкене нәрсе тұрсам, оған әлім қайтып жетеді, – депті қоян.

– Сен қазір оны ұстауды білмесең, менен үйрен! Мен сияқты зерек

болмасаң да, саған үйретуге менің ақылым жетеді! – депті түлкі.
Қоян түлкінің сөзіне сеніңкіремесе де, оған еріпті, олар жүре-жүре бір

жыныс орманға жетіпті. Олар орманды түгел аралап шықса да бірде-бір жабайы сиырды кезіктіре алмапты. Олар тағы да алға ілгерлеп, бір өзенге келіпті.

Мына судан секіріп өте аласың ба? – деп сұрапты түлкі қояннан.

– Секіріп өте алмаймын! – депті қоян.

– Секіріп өте алмасаң, мен бармын, мендей зерек болмасаң да, саған

үйретуге ақылым әбден жетеді! – депті түлкі.
Сөйтіп, түлкі қоянды арқасына мінгізіп, бар пәрменмен судан қарғыпты.

Бірақ арғы жаққа жете алмай судың дәл ортасына барып «гүмп» ете түсіпті. Сонан олар тырмысып жүріп судан әрең шығыпты. Түлкі қоянның жер-жебіріне жетіп:

– Мен секіргенде көзіңді бақырайтып ашып отырғаның не? Онда мен

қайтып секіре аламын! – депті.
Қоян бұл жолы менен келген екен деп қатты ыңғайсызданып қапты.
Ол екеуі жағаға шығып, әнтек дем алған соң, тағы да жолға шығыпты.

Бұлар жүре-жүре бір таудың басына келіпті, онда бір жабайы сиыр жүр екен, оны көрген түлкі қояннан:

– Менің көзім қанталады ма? – деп сұрапты. Түлкінің көзіне тесірейе

қараған қоян:

– Жоқ, – деп жауап беріпті.

Сонда сабырсызданған түлкі қоянға:

– Мен сенен көзім қанталады ма деп сұрағанда, сен қанталап тұр деп

жауап бер. Өйтпесең, жабайы сиырларды ұстай алмаймыз! – депті.
Қоян басын изеп мақұл болыпты. Түлкі тағы да:

– Менің көзім қанталады ма? – деп сұрапты.

– Қанталап тұр, – депті қоян.

– Менің аузым арандай ашылды ма? – деп сұрапты түлкі.

Түлкінің аузына ежірейе қараған қоян:

– Жоқ, – депті. Түлкі:

– Қызық екенсің! Мен сенен аузым арандай ашылды ма дегенде, сен

ашылды деп жауап бер, өйтпесең, жабайы сиырды ұстай алмаймыз! – депті.
Қоян мақұлдаған рай көрсетіп басын шұлғыпты. Түлкі қояннан:

– Аузым арандай ашылды ма? – деп сұрапты. Қоян:

– Арандай ашылды, – деп жауап беріпті. Түлкі:

– Менің жүндерім үрпиді ме? – деп сұрапты. Түлкінің жүніне ежірейе

қараған қоян:

– Жоқ! – деп жауап беріпті.

Неткен ақымақ едің! Мен жүнім үрпиді ме деп сұрағанда, сен үрпиді деп жауап берсеңші, өйтпесең, жабайы сиырды жей алмаймыз! – депті түлкі қатты кейіп. Түлкі қояннан:

– Менің жүнім үрпиді ме? – деп сұрапты.

– Ү-үрпиді, – деп қоян тұтыға.

Сонан түлкі салған бойы жабайы сиырдың артқы аяғынан ала түсіпті. Аяғы «дыз» ете түскен жабайы сиыр тұяғын сермеп қалғанда, түлкі жалама жартастан ұшып өліпті. Қоян бұл ахуалды көргеннен кейін ғана, оның барып тұрған суайт, дүр, бөспе екенін біліпті.

66. Түлкінің трагедиясы

Жолбарыс пен арыстан өте тату достар екен. Көп өтпей олар балалап, қызмет бөлісіп, арыстан өз күшігі мен жолбарыстың күшігін бағып-қағатын, жолбарыс тауға шығып жем іздейтін болып келісіпті. Бір күні тауға шыққан жолында жолбарыс түлкіге ұшырасып қалыпты, түлкі оған:

– Арыстан уәдеге опа қылмайтын, тым оңбаған екен. Ол сүтін өз

баласына ғана емізеді, сенің балаң күнде қарны ашып шырылдап жатады. Күндердің бірінде ол сенің түбіңе жетеді, оның жүні қай күні үрписе, сол күні өзімді жейдідеп біл, – дейді.

Сонан бастап, жолбарыс сақтық жасай бастайды. Ол әредік бос уақыты шыға қалса, үңгірлеріне қайтып келіп байқап жүреді, бірақ, ол қашанда өз баласының қутың қағып балпанақтай болып, өсіп келе жатқанын сезеді.

Түлкі арыстанның да қасына келіп:

– Жолбарыс қысқа күннің өзінде үңгірге неше дүркін келетін болып

жүр, сізді жемекші екен, ол ылғи тау кезіп арып-шаршап жүремін, арыстан ыстық үңгірде рақатқа батып отырады деп күңкілдейді. Ол қай күні үш рет аунап, құйрығымен жер сабаласа, сол күні өзімді жейді деп біліңіз, – дейді.

Мұны естіген арыстан да дел-сал болып қалады.
Сол күні кешке қайта оралған жолбарысты арыстан мұқият бақылайды.
Бірақ ол жерге үш аунап тұрып, құйрығымен жер сабалап болған соң

қорылдап ұйқыға кетеді. Келесі күні тәңертең арыстан орнынан тұра жүнін үрпитіп, айбар шегеді. Оның бұл кеспірін көрген жолбарыс мені жейтін болды деп қорыққанынан дірілдеп кетеді. Мұны көрген арыстан:

– Неге дірілдеп кеттің? Әлде тұмауратып қалдың ба? – деп жан тартып сұрайды.

Жолбарыс түлкінің айтқандарын шашау шығармай айтып береді. Мұны естіп таңданған арыстан түлкінің өзіне айтқандарын қаз-қалпында жолбарысқа айтады. Осы кезде ағаш түбінде бұғып, баспалап қарап жатқан түлкі бұлардың әлде неге ерегескендей, түнере қалғанын көріп, жоспарым іске асатын болды деп ойлайды да, екеуін ерегестіре түсу үшін бұлардың қасына жетіп келеді. Сонан жолбарыс ойламаған жерден бұл түлкіні тарпа бас салып, қанын судай шашады.

67. Ақымақ қасқыр

Өрісте жайылып жүрген көп қойдың ішінен бір арық саулық қой жалғыз бөлініп қала беріпті.

Қалың шидің арасынан бір қасқыр шыға келіп:

– Е, жерік асым, қайдан жүрсің? Іздегенде мұндай кездестіре алмас едім, бұйырған дәмге сөз жоқ! Енді сені жеймін, – дейді.

Қой:

– Жейтін болсаң ажалым жеткен екен. Бірақ өзің де мал танығыш едің ғой, қарны қампиған, бұты тыртиған, аузында ақ тісі жоқ, бір асам еті жоқ, тұла бойы шандыр мені қайтесің. Мені босат, қоралы қойға қайтайын, қозымды саған әкеліп тартайын. Жылы-жұмсақты сен жемегенде, кім жейді? – дейді.

«Жылы-жұмсақ» деген сөз қасқырды қызықтырады. Қойды босатып қоя береді. Қасқыр жұтынып, қойдың бағланын күтеді. Қой да, бағлан да жоқ. Қасқыр түңіледі. «Қой баласы момын ғой, алдауды білмеуші еді. Сірә, оны ешкі антұрған азғырған шығар. Барып көрейін!» – деп жорыта жөнеледі. Бір белеске шығып, төңірекке қараса, алдында қызылшаны күрт-күрт шайнап, бір ешкі жүр екен. Көп қой да, қойшы да алыста екен. «Іздегенім сен едің», – деп қасқыр ешкіні бас салады. «Жанымды алып қалуға себеп болар ма екен» деп, ешкі мынаны айтады:

– Атаң да, анаң да жақсы еді. Қой тұрғанда олар ешкіні жемеуші еді. Мен қарапайым ешкі де емеспін, тойда билеп, торқа киген ешкімін! – деп судыратады.

– Ешкі билейді дегенді естіген емеспін. Ондай өнерің болса, көрсет – дейді қасқыр.

Ешкі:

– Ендеше көз аудармай, аяғыма қара да тұр, мен бір билеп көрейін, – дейді де, ешкі олай, бұлай секіре, секіре, жылт беріп, көп қойдың арасына кіріп кетеді.

Сол арада қойшы да келіп, ешкі аман құтылады.

68. Қасқыр мен сиыр

Баяғыда бір аш қасқыр жортып келе жатып, көк шолақ сиырға кез болыпты. Қасқыр арық көк шолақ сиырға алдымен сәлем беріп, өзінің дүниені аралап, дос іздеп жүргенін айтыпты.

Бастабында сиыр бұған сенбепті.

Қасқыр тағы да сөзін сабақтай келіп: «Мен жасымнан ел аралап, қолымнан келген қылмыстың бәрін өткіздім, өзіңдей момын дос тауып алып, ендігі өмірімді қамсыз өткізсем бе деймін», – депті тілінен май тамызып. Қасқырдың сөзіне сенген көк шолақ сиыр қасқыр мен араларынан қыл өтпейтін дос болыпты. Көк шолақ сиыр шөптің шүйгінін жеп, судың тұнығын ішіп, қасқыр кішкене аңдарды аулап жеп, жазды өткізіпті. Семірген көк шолақ сиырға анда-санда сұғын қадаған қасқыр: «Көк шолағым, қалай да биылғы соғымсың ғой»,-деп ішінен ойлап жүреді екен. Күн суытып, қар түсіп, қара суық басталып, қылышын сүйрете қыс жетіпті. Бір күні қасқыр көк шолақ сиырдың жанына жетіп барып:

– Ей, көк шолақ досым, қыс болса мынау, қарын ашты, енді сені қысқы соғымға соямын,-депті. Сиыр бұл сөзді естіп қатты абыржыпты да, «Менің бір шартым бар, соны айтайын, онан кейін соғымға сойсаң сой» – депті. Қасқыр мұны мақұл көріпті де «Шартыңды айт» депті.

Менің ұлы әкем өлер кезінде маған бір ауыз өсиет айтып кеткен еді, егер ақшадан қысылып кедейлік тартсаң, осыдан күндік жерде шыңырау тас деген тас бар. Ол жерде перілер көшіп бара жатып, диюлармен соғысып қашқан кезде ат басындай алтын қалып қалған екен, соны ал деп еді. Мен соны алған соң соғым етсең, – депті сиыр. Сиырдың сөзіне сенген қасқыр бұл шартқа мақұл болып, сиырдың ақылы бойынша шиден арқан есіп, шыңырау тасқа барыпты. Сиыр қасқырға: Ал, ши арқанды менің құйрығыма мықтап байлап, шыңырауға түсіп, алтынды алып шық!-депті. Қасқыр ши арқанды сиырдың құйрығына мықтап байлап, шыңыраудың түбіне түсе беріпті.

Бір уақытта сиыр жеттің бе деп айқайлапты.

Қасқыр: «Ортасына келдім» дегенде сиыр шегініп барып арқанды бар күшімен қатты тартып қалғанда ши арқан үзіліп, ашкөз қасқыр шыңырауға түсіп жан үзген екен.

69. Аш қасқырдың дәмесі

Неше күннен бері қанды аузына қара шыбын да ілінбеген бір қасқыр ауылды торып, қораға жақын келіпті. Жалғыз тал шиді паналап, жер бауырлап, жан-жағына алақтап, бір үйдің іргесіне таяпты. Үй ішінен жылаған баланың даусы шығады.

– Жылама, қой енді, жылай берсең, қасқырға бере саламын, – депті шешесі баласына.

– Менің аш жүргенімді ауыл кісілері де біледі екен ғой, енді жыласа, баласын маған бере салар, – деп дәмеленген қасқыр үйдің іргесінде жата беріпті. Баланың жылауын күтіпті. Сол отырғаннан таңға таянғанша отырыпты.

Бір кезде күткеніндей-ақ, бала тағы жылапты.

– Жылама, балам, қасқырға бермеймін, ол енді келетін болса, оны ұрып өлтіремін, – деп уатыпты шешесі.

– Адамдардан маған пайда жоқ екен, енді табанымды жалтыратайын, – деп қасқыр орнынан қозғала береді. Таң рауандап атып қалған екен, тұрып жатқан адамның көзіне түскен қасқыр тұс-тұс жақтан тап берген үлкен күштің өтінде қалады.

Баладан дәме қылған қасқыр ажалдың қармағына ілініп, терісі жайылып, тындым болады.

70. Қасқыр мен түлкі

Бір күні түлкі қасқырға жолықты. Қорқып сасқанынан құйрығын бұлғаңдатып, жұмсақ тіліменен қасқырға айтады: «Айналайын, шырағым, досым! Мен саған тәтті тамақ тауып берейін, қарағым, қалқам! Қатты азып қалыпсың, маған ере жүр. Жақын арада бір бос қалған қыстаудың шетінде өзі оңаша тігілген бір үй тұр. Мен қасынан өтіп едім, жұрттан сойған еттің иісі аңқып тұр, біздердің дұшпанымыз иттердің дыбысы шықпайды», – депті.

Сонда қасқыр айтады:

– Шырағым, қарындасым! Азбай қайтейін, бірталай күннен бері тамағыма түк салағаным жоқ. Кім жолықса да осы мезгілде екі үзіп, бір-ақ жұтар едім, ендеше жылдам жол баста, – деді.

Сөйтіп, түлкі менен екеуі әлгі тігілген үйге келеді. Шыр айнала жүгіріп, іргесінің бір жерінен қуыс тауып, ішіне енеді. Керегесінің айналасы ілген семіз қой, жылқы еттері екен және үйдің шаңырағына сықып ілген семіз қазы, қарта бар екен. Мешкей аш қасқыр бар күшінше сол еттен жейді, амалы көп түлкі қуыстан оңай шығарын есіне алып, жан-жағына қаранып, сақтанып аз жейді. Бір мезгілде күзетшісі қапылыста кіріп келеді. Бір сойыл алып оларға ұмтылады. Амалшы түлкі қуыстан шапшаң шығып, қашып құтылады, мешкей қасқырдың қарны көп жегеннен өсіп кетіп, әлгі қуыстан шыға бергенде қысылып қалады. Күзетші оны құйрығынан ұстап алып, сойылмен сабайды. Сонда қасқырдың құйрығы үзіліп, терісі жыртылып, қуыстан әрең шығып, қашып құтылыпты.

71. Қасқыр мен түлкі

Қасқыр мен түлкі келе жатып бір жартастың үстіне шығады, қасқыр бір қой жеп тойынып алған, түлкі аш. Түлкі жемеген, біраз қайғыланып тұрып, ішін тартады. Қасқыр:

– Түлкім-ау, неге ішің тартасың? – дейді. Түлкі:

– Бір нәрсеге қайран қалып тұрмын. Бұл жартасқа екі рет келдім. Сенің әкеңнің ерлігіне сондай сүйсіндім, осы жартастан әкең баяғыда секіріп еді, баласы әкесіндей секіре алады дейсің бе,? – дейді. Қасқыр оған сеніп: «Мені де сынап көрші, секірейін», – деп жартасқа үш келіп, үш рет қайтады. Түлкі сақылдап күледі. Қасқыр сұрайды:

– Неге күлдің? – деп.

Түлкі: «Атаңа тартқаныңа күлемін, дәл сен сияқты үш келіп, үш кетіп, төртіншіде секіріп еді», – дейді. Түлкіге сеніп, төртіншіде жартастан секіргенде қасқыр байғұс құлап түсіп, белі сынады. Досының құлағанын көріп, түлкі артына келіп, көтеншегін суырып алып, мырс етіп күледі. Қасқыр:

– Неге күлдің, түлкім? – дейді. Түлкі:

– О, ақымақ! Баяғыда әкеңді де мақтап-мақтап секіртіп, көтеншегін суырып жеп ем, – дейді.

72. Бұл не қылған батпан құйрық...

Қарны ашқан қасқыр тамақ іздеп, арсалаңдап келе жатады. Сол кезде түлкі жолығады. Қасеке, жолың болсын! Қайда жортып барасың? – деп сұрайды түлкі жылмаңдап.

– Түкем, қарным ашты. Тамақ іздеп барамын.

– Қасеке-ай, менің де қарным ашып келе жатыр еді, өзің кездестің. Жолым болады екен. Бірге іздейік.

– Ал, түке, ендеше баста, – дейді қасқыр. Қасқыр мен түлкі жорта жөнеледі. Бір мезгілде төңкеріліп жатқан қойдың тегенедей құйрығына тап болады. Қуанғаннан қасқырдың екі көзі сексеуілдің шоғындай жайнап кетеді. Оп-оңай табыла қалған тамаққа таңырқап, түлкіден сұрайды:

– Түке, түке, бұл неғылған батпан қүйрық, тегіннен тегін айдалада жатқан құйрық?! Түлкі ойлаған боп, қипаңдай жауап қайырды:

– Апырмай, қасеке-ай, бір алаңғасар базарға барған шығар. Арзан

бағағада алған шығар. Қанжығасына бос байлап, содан түсіп қалған шығар.

– Ай, түке, сонда да мен осыныңнан қауіптеніп тұрмын.

– Қасеке, сен қауіптеніп, қорқатын болсаң, мен-ақ жей салайын, – деп, түлкі құйрыққа ұмтыла бергенде: «Тоқта, тоқта!» – деп, қасқыр арс ете қалады. Түлкі жалт беріп, құйрығын бұлғаңдатып, шоқиып отыра кетеді. Ашқарақ қасқыр былқылдақ кұйрыққа ауызды салып кеп жібереді. «Қасеке, мені де ескерсейші! Олжаға ортақ емеспіз бе?» – деп, түлкі өтірік мүләйімсиді. Қасқыр оған ала көзімен ажырая қарап, тісін ақситып: «Былжырама...» – дейді де, қойдың тегенедей құйрығын төрт-ақ асап, толғап-толғап, қылғи салады. Қарны тойып, қарық болған қасқыр аузын кере қарыс ашып, ыңыранып, бір керіліп алады да, жорта жөнеледі. Іші біліп, мұртынан күліп, қасқырдың соңынан келе жатқан түлкі: Апырай, қасеке-ай, әлгі май құйрықтан тым болмаса бір асам дәм татырмадыңыз-ау, ә?! – деп, күңкілдейді.

– Түке-ау, мұрныңа майдың иісі барғаны да жетпей ме! – деп, қомағай көкжал қарық-қарық күледі. Біраздан кейін қасқырдың көзі алақтап, тілі салақтап, жанын қоярға жер таппай, дөңбекшиді де қалады. «Е-е... құйрық жейтін батырмысың, жан бергелі жатырмысың?!» – деп, түлкі қу сықылықтай кеп күледі.

– Емің бар ма, түлкіжан-ау... Түкешім, аясаңшы ағаңды, – деуге қасқырдың тілі әрең келіпті. У барған ішке су барса, тез өлтіретінін білетін түлкі:

– Удың емі су болады, қасеке. Су ішсең, жаның қалады, сәтін салса, – дейді.

Қасқыр бар қалған күшін жинап, суды тілімен жалап-жалап алады да, қалпақтай ұшып түседі. «Міне, саған батпан құйрық, айдалада тегіннен-тегін жатқан құйрық!» – дейді де, түлкі өз жөніне кете барады.

73. Қасқыр мен кірпі

Орман шетінде домаланып бара жатқан кірпіні аш қасқыр бас салады. Сол кезде кірпінің инелері қанжардай қадалып, қасқырдың тұмсығы мен тамағы боялады. Өзінің озбырлығын, қомағайлығын сездіргісі келмеген қасқыр:

– Бетіңнен сүйейін деп едім. Сен-ақ түрпілеріңді тастамай жүреді екенсің өмірі, – деп сылтауратады.

Кірпі түрпілерінің арасынан біздей тұмсығын шығарып тұрып, сықылықтай күледі де:

– Асықпа, қасекесі, сенің азу тісің түгел түсіп біткен кезде мен де түрпілерімді тастаймын, – дейді.

74. Қасқыр, түлкі және есек

Бір күні қанішер қасқыр, айлакер түлкі және аңқау есек үшеуі бір сайдың ішінде жолығысып қалады да, жайғасып отырып, әңгімелесе бастайды:

– Біздің басымыз не кешпеді, – депті түлкі сөзді әріден қозғап. – Осы өмірімізде істеген жақсы-жаман істерімізді айтып, өзіміздің қылықтарымызды өзіміз бір байқап, саралап көрсек қайтеді. Мұнымыз бұдан былай қандай да бір ауыр қылмысқа бармауымыз үшін сабақ болар.

– Сол істеген істерімді айтсам, менің күнәм жеңілдей ме? – депті қасқыр өкіреңдеп. Түлкі бұлаңдай алдын орап, кеңесті қыздыра түсіпті.

– Қане, не істегеніңді түгін қалдырмай, жасырмай айтшы, тыңдап көрелік.

– Оны айту да қиын-ау.

– Ештеңе емес, күнәң жеңілдейді.

– Бір күні қарным ашып, ішек-қарным шұрылдап келе жатыр едім, – деп бастапты сөзін қасқыр тамағын кенеп қойып. – Қалың тоғайдың арасында бір доңызға көзім түсті. Тарпа бас салып, жарып жібердім. Аштық алды-артын ойлата ма? Ай-шайға қарамай, сылқия тойып алдым. Оны қойшы, әсіресе оның балаларына обал болды ма деп ойлаймын. Әйтсе де олардың ажалына анасы себепкер болды. Басында бармақтай миы болса, он екі торайын иесіз тастап, жалғыз өзі тоғай кезіп кетуші ме еді. Сонан соң әлгі доңыздың жетім қалған он екі торайына бардым. Байғұстар тімтінектеніп, шүпірлеп жүр екен. Бұлардың енді енесі жоқ. Енесі болмаған соң, көрген күні құрсын, аштан өлер деп, жаным ашыды да, бәрін де жей салдым. Міне, күні бүгінге дейін осы қылығым дұрыс па, бұрыс па деп, ойланумен жүрмін.

– Ой, қасеке-ай, өкінетін ештеңе жоқ, өте дұрыс істеген екенсің, – депті сонда түлкі күлмеңдеп қарап. – Егер сен болмасаң бәрібір аштан өліп айдалада қалар еді, шіріген өлігі ештеңеге жарамас еді. Торайларын иесіз қалдырып, қаңғып жүрген доңыздың өз обалы өзіне. Кішкене торайлары жетімсіретпей, жөнін тапқаның да сауап болған.

– Е, онда өкініштісі жоқ екен ғой, – депті қасқыр езуін жалап қойып.

Түлкі қошаметтей қолдайды:

– Сауап іс істегеніңе өкінбе!

– Ал енді өзің айтшы, түке. Даланың кербезісің ғой. Сенің де осындай оқиғаны бастан кешірген кезің болды ма?

– Күнәсіз пенде бар ма бұл жалғанда, – депті түлкі күрсініп.

Қасқыр ентелей ынтығады:

– Не кештің басыңнан, айтшы?

– Бір күні нән бір қызыл әтешті қораның іргесінен ұстап алдым да мойнын бұрап жіберіп, үнін өшірдім, – депті түлкі барлық сырын ақтарған болып. – Жеп болған соң, жан-жағыма қарасам, байғұстың балапандары әкесінің шашылған мамықтары мен төгілген қан-жынын көріп, шұрқырасып жылай бастады. «Қой, бұларды зар еңіретіп тастап кетпейін, обалына қалып, мұратыма жетпеспін», – дедім де, балапандарды да бір-бірлеп ұстап, асай бастадым. Сөйтіп, жетім қалған балапандардың көз жасын тыйдым. Бұл ісім қалай, дұрыс па? Әлде өкініш пе?

– Табылған ақыл екен, – деп қостапты қасқыр сол кезде, – Әйтеуір әлгі балапандардың обалына қалмапсың ғой. Жанашырлық дегенің осы емес пе?

Қасқыр мен түлкінің айтқанына есек таңданып, маңқая тыңдап отырыпты. Сол кезде:

– Ал, есек, енді сен айтшы, өміріңде қандай қылмысты іс жасадың? – деп сұрапты түлкі орағытып.

Есек не айтарын білмей, басынан өткен оқиғаларды есіне түсіріп, ойлана отырып қалыпты.

– Не айтарымды білмеймін...

–Қылмысың көп-ау, шамасы, – деп, кимелей жөнеліпті түлкі. Сонда қасқыр:

– Қысылып-қымтырылмай, айта бер, – депті жебеген боп. – Біз де ештеңе жасырмадық қой.

– Әй, байғұс, – депті түлкі сумаңдап. – Қылмысыңды біреуге айтсаң, бойың сергіп қалады. Ішіңнен шықпай, тұнып жатса, жегідей жейтін дерт емес пе?

Түлкінің сөзіне еліктеген есек басын шайқап қойып:

– Әрине, менің де істеген қылмысым бар, – депті кінәсін мойындағандай басы салбырап.

– Қане, соны айтшы, біз де білейік не қылмыс екенін, – депті қасқыр мен түлкі кеу-кеулеп.

– Бір күні жұмыстан шаршап-шалдығып қайтқан кезім еді, – депті есек басынан кешкен оқиғаны баяндап. – Қораға келген соң қожайын ағаштың түбіне байлай салды да, үйіне кіріп кетті. Өне бойым балбырап, ұйқы басқан соң, қалғып кетіппін. Біраздан соң оянсам, қарным ашып, зықым шықты. Жейтін тамақ іздедім. Жақын маңда тіске басар ештеңе көрінбейді. Сөйтіп, не істерімді білмей тұр едім, қожайынның өзіме ерттеп жүрген тоқымының жыртығынан сабанның шеті шығып тұр екен. Соны суырып жеп, өзегемді жалғадым. Міне, осы қылығыма күні бүгінге дейін қатты ұялып жүрмін...

– Сен нағыз опасыз екенсің! – депті түлкі орнынан атып тұрып. – Өзіңді асырап жүрген адамға қастық, дұшпандық жасапсың. Осы қылығыңмен бізді қайбір оңдырам дейсің!

– Бұл қылмысың үшін сенің жазаңды беру керек! – деп ақырыпты қасқыр тісін қайрап.

Бұлардың аяқ астынан бұлқан-талқан болғанына есек таңданады да, ақтала бастайды:

– Мен тоқымның сабанын ғана жедім ғой. Бірақ одан ештеңе де бүлінген жоқ. Ертесіне сол тоқымды тағы да өзіме жапты.

–Тіпті сен сол қылмысыңды да мойындайтын түрің жоқ қой, – депті түлкі кіжініп. – Опасыздығың да содан!

– Опасыздың көзін жою керек! – деп күжілдепті қасқыр.

– Мұндай опасыздың, ауыр қылмыскердің жазасы не? – деп сұрайды түлкі ашуланып.

Сонда қасқыр қаһарланып, үкімін айтады:

– Көзін жою керек! Бұл қылмыскерге сол лайық!..

Есек қашып құтыла алмапты. Сөйтіп, қасқыр мен түлкі аңқау есекті өлім жазасына кесіп, жарып салып, сылқия тойып, жөндеріне жүре беріпті.

75. Аш қасқырдың арманы

Шытынаған аяз. Қойлар жылы қорада бырт-бырт күйіс қайырып жатады. Сыртта маң төбеттер маңқ-маңқ үреді. Қорада күзет сақ. Аш қасқыр ауыл сыртын торуылдайды. Арлан бұл маңда қойдың барын сезеді. Сілекейі шұбырады. Сөйтіп, ауылға жақын келеді. Мұны сезген төбет арс ете қалады. Қасқыр қаша жөнеледі. Жапан дала. Қасқыр әлдекімге мұң шаққандай, ұзақ ұлиды. Бірақ гулеген боранның гуілі одан басымырақ болады. Бөрі тағы да жортуылға шығады. Таң атады. Ауылдан өрген қалың қой өріске беттейді. Қасқыр отардың алдын ториды. Сол кезде шопан атына қамшы басады да, отардың алдыңғы жағына шығады.

– Қап! – деп өкінеді қасқыр. – Атты қойшы, ашуы қатты қойшы деген осы да!

Қасқыр енді бір жыраны жағалап, отардың екінші шетіне қарай ойысады. Қараса, қойдың соңында екі қойшы әңгімелесіп келе жатыр екен.

– Екі қойшы – ермек қойшы, бір тоқтысын бермек қойшы, – дейді де, аузын арандай аша, қойға тап береді. Үріккен қалың қой дүркіреп, кейін шегінеді. Екі қойшы қатар тұра қалып, қос ауыз мылтықтың шүріппесін басып-басып жібереді. Омақаса құлап, бір аунап тұрған арлан ақсаңдай басып, аулақ қашып кетеді.

Қасқырдың қарны шұрылдайды. Тағы да жортуылға шығады. Тау қойнауындағы қаптаған малды көреді. Қараса, қой соңында өгіз мінген қойшы жүр екен.

– У-у-у!.. – дейді арлан. – Өгізді қойшы – өлген қойшы, жеп болған соң көрген қойшы, – деп, тастардың тасасымен қойға тақап келеді. Өгіз қасқырдың иісін сезе қояды. Желкесін күжірейтіп: Мө-ө-ө!.. – деп, қойдың шетіне қарай өңкеңдей тұра ұмтылады.

Жолы болмаған көкжал бұл жерден де қайқаң етіп қаша жөнеледі. Қасқыр қайғырып, мұңға батады. Өзінің бөрі болып жаралғанына налиды. Амал қанша, аш қарынды жұбату керек. Биік таудың басына шығып, ұзақ тың тыңдайды. Жан-жағына көз салады. Сонау ойдағы бір отардың соңында ойнап жүрген бала қойшыны көреді.

– У-у-у!.. – дейді қасқыр аянышты үнмен ұлып. – Бала қойшы, аулақта ойнап қала қойшы!..

Бұл кезде қасқырдың іші бұрынғыдан бетер ұлып сала береді. Аш бөрі бетегеден биік, жусаннан аласа болып, жер бауырлап қойға жақындай береді, жақындай береді. Баланың көзі қырағы екен. Қасқырды көре салады да, бар даусымен айқайға басады: «Бөрібасар, Бөрібасар, айт, айт, айтақ! Сырттан, Сырттан, айт, айт, айтақ!». Баланың ащы даусынан елең ете қалған екі төбет ентелеп кеп, қасқырды тарпа бас салады. Аш қасқыр әлсіз екен. Екі ит адымын аштырмайды.

76. Жүзім жегісі келген қасқыр

Бір түлкі жүзімге лықа тойып, баудан шығып келе жатады. Оны көрген қасқыр:

– Жүзімді қайдан жедің? Айтшы, мен де жейін. Айтпасаң, өзіңді жайратамын! – дейді ақырып.

– Ойбай, қасеке, құлдық, – дейді түлкі жылмыңдап. – Сенен несін жасырайын, анау баудың ішінде сықасып тұр. Жүріңіз, ертіп алып барайын.

Түлкі соны айтады да, қасқырды ертіп апарып, өзіне үйреншікті тесіктен бауға кіргізіп жібереді. Қасқыр таңсық болған жүзіміне әбден тойып, баудан қайта шығайын десе, әлгі тесіктен өте алмай, кептеліп қалады.

Мұны көрген түлкі:

– Қасеке, тым көрсеқызар екенсің. Артын ойламағанға сол керек, – деп жүре беріпті.

Бауға су салып жүрген адам тесікте кептеліп жатқан қасқырды соғып алыпты.

77. Қырық қасқыр, екі ешкі

Жартыбай дейтін кісінің мал дегеннен екі ешкісі ғана болған екен. Ол екі ешкісі елдің малына қосылмай, өз алдына бөлек жайылып өскен екен. Бір күні Жартыбай үйде ауырып қалса, екі ешкісі елдің қойына қосылмай далада қалып, күнде соңынан қалмай жүретін Жартыбайды іздеп, тастан-тасқа секіреді, таба алмайды, таудан-тауға шығады, таба алмайды. Сонан кейін Жартыбайға ашуланып, басқа бір жаққа қашып кетпекші болып, екеуі бір жолға түседі де жүріп береді. Келе жатып жолдан бір қап тауып алады, сонан соң біреуі тұрып айтады:

– Қой, біз бүйтпейік. Жартыбайдай иені біз таба алмаспыз. Біз кейін қайтайық. Ол бізге өкпелер, өкпесін тарқату үшін оған тезек теріп апарайық, – дейді. Бұған қасындағы ешкі де қосылып, екеуі тезек теруге кіріседі.

Ауылды бетке алып тезек теріп келе жатса алдарында өлген қасқырдың екі қу басы жатыр екен. Мұнан екеуі қорқып, кейін қарай қайтпақшы болады. Бірақ кейін қарай қайтса жолда қасқыр көп, бұларды жеп қоюы мүмкін, содан екеуі әрі-бері кеңесіп, әлгі қасқырдың екі қу басын қаптарына салып алады да, тағы да жүріп береді. Бір кезде алдарында от жағып отырған көпті көріп, тезірек жүгіре басып қастарына келсе, олар жиылыс ашып отырған қырық қасқыр екен. Келген екі ешкіні көреді де, біріне-бірі сыбырлап:

– Мына ешкілерді қараңдар! Тамақты уайымдап отырғанда өздерінің кез келуін, – дейді. Бұларды қасқырлардың бәрі де көреді де, «тамақ табылды» деп қарқ-қарқ күліседі. Сонда екі ешкі тұрып:

– Жоқ, мырзалар, біз сендерге жегізбейміз. Біз сендер сияқты талай қасқырлардың басын жеп көргенбіз, – дейді. Бұған қасқырлар нанбайды да:

– Ондай күшті сендерге кім берсін, – дейді. Сонда ешкілер:

– Кім бергенін көресіңдер ғой, мына қаптың ішінде қырық қасқырдың басы бар, қазір сендердің бастарыңды қосамыз, барлығы сонда сексен болады, – дейді де бір ешкі бастың біреуін қаптан суырып алғанда, қасқырлар қорқа бастайды. Сонда қорықпайтын көкжал біреуі отырады да:

– Қане, екіншісін көрсетші, – дейді. Ешкілер қолдарына алған басты қапқа қайта салып, біреуін суырып алғанда, қасқырлар үрейленіп кейін шегіне бастайды. Олардың қорыққанын ешкілер сезеді де:

– Қане, біздің қасқырдың етін жемей, қарнымыз ашқанына көп болды. Өздеріңе жан керек болса біреуін сойып, бізді қонақ қылыңдар, – дейді. Бұған қасқырлар амалсыздан көнеді де, ешкілерді төрге шығарып, әуелі су әкелмек боп төртеу-бесеуін жібереді, олар кеткеннен кейін суға кеткендерді тез ертіп келмек болып, он шақтысы кетеді. Сүйте-сүйте қасқырдың бірі қалмастан қашып кетеді.

Қасқырлардың бұл қылығын мазақтап күле-күле екі ешкі Жартыбайға қайтып кепті.

78. Қасқыр мен лақтар

Бір ешкі тоғайда үй жасап, лақтарыменен сонда тұрыпты. Күндіз өзі тоғайға жайылуға барады да лақтарына айтады екен. «Есікті мықтап бекітіп отырыңдар, ешкімге есік ашпаңдар!» дейді екен. Ешкі үйіне қайтып, мүйізімен есікті қағып өлеңдетеді:

Лақтарым, қарақтарым,
Естіді ме құлақтарың.
Сүтін жинап келді әжең,
Еміп, тойсын тамақтарың,

Аш есікті, шырақтарым.

Шешесінің дауысын естіп балалары есікті ашады. Балаларын емізіп тойғызады да, қайтадан тоғайға кетеді. Мұны қасқыр көріп тұрып лақтарды жегісі келді. Ешкі кеткен соң, есік алдына келіп өлеңдете бастайды:

Лақтарым, қарақтарым,
Естіді ме құлақтарың.
Сүтін жинап келді әжең,
Еміп, тойсын тамақтарың,

Аш есікті, шырақтарым.

Лақтар дауысты естіді, шешесінің даусына ұқсамайды, қасқыр екенін білді. «Естідік, естідік, сенің даусың, әжем даусына келмейді, қасқыр екеніңді кім білмейді? Әйде, жөніңе жүре бер», – депті. Есікті ашпады, қасқыр күтіп отырды-отырды, аузына түк түспеді кетті. Онан соң шешесі келді, сөзін тыңдағаны үшін балаларын мақтады: «Міне, есті болыңдар балаларым, есікті ашсаңыз, сіздерді қасқыр жер еді, жылап қалар еді аналарың».

79. Қасқыр мен кісі

Бір қасқыр тамақ іздеп келе жатып, құрулы тұрған қақпанға түсіп қалады. Олай жұлқынып, былай жұлқынып зорға құтылады. Қашып бара жатқан қасқырды аңшылар көріп, артынан қуа жөнеледі. Қасқыр сасқалақтап бір егіншіге келіп жайын айтады: «Қайтсең де мені жасыр, ұмытпаспын жақсылығыңды, мені қабыңа салып арқалап жүре бер», – дейді. Қасқыр жылап тұрған соң, егінші адам қабына салып алып, арқалап жүре береді. Кешікпей аңшылар мылтық, қылышын жарқылдатып жетіп келеді. Кісіден сұрайды:

–Қашып бара жатқан қасқыр көрмедің бе? – деп. Кісі:

– Жаңа бір қасқыр анау шоқайдан қашып өтті, тезірек ұмтылыңдар, – дейді. Аңшылар асып кеткеннен кейін, егінші қаптың аузын шешіп, қасқырға «жөніңе бар, маған да бір жақсылық етерсің», – дейді. Қасқыр қуанып секіріп шығып, егіншіге «мен сені жеймін, қарным ашты», – деп тап-тап береді. Егінші байғұс сасқалақтап:

– Ай, қасқыр, бұның қалай, мен сені өлімнен құтқарып алып қалып едім, жақсылыққа жамандық ете ме екен, олай болса төрелетейік, қайсымыздікі жөн екен, – дейді.

Екеуі керісіп тұрғанда қаңғырып бір жағынан түлкі келеді. Бұлар түлкіге оқиғаны бастан-аяқ айтып шығады. Түлкі:

– Жоқ сөзді айтпаңыздар, менен басқа біреу естісе күліп жүрер, дорбаға үлкен қасқыр сыйды дегенге нанбаймын, барып тұрған өтірік, – дейді. Қасқыр мен кісі «бұл рас» деп керісіп болмайды. Түлкі қасқырға:

– Қапқа кірмей сенбеймін, – дейді. Қасқыр сендірмекші боп қапқа кіргенде, түлкі егіншіге «байла қаптың аузын, енді қимылдайтын кезің келді, қане, мен көрейін, күздігүні егінді қалай соғып жүрсің?» – дейді. Егінші құралын алып қасқырды ұра бастайды. Түлкі:

– Енді қаптың аузын аш, – дейді. Қасекең алды-артына қарамастан, шыға жөнеледі. Артынан түлкі: «Көптен бері істеген бір әділ төрем еді», – деп сақ-сақ күліпті. Сөйтіп, егінші байғұс түлкінің қайласымен ажалдан құтылыпты.

80. Ақ тиін мен қасқыр

Тиін бұтақтан бұтаққа қарғып жүріп, ұйықтап жатқан қасқырдың үстіне құлады. Қасқыр қарғып түрегелді де, оны көріп жегісі келді. Тиін өтініп сұрай бастады «Мені жібер» деп. Қасқыр айтты: «Жақсы, сені жіберейін, бірақ маған айт, неліктен сендер әр уақытта мұндай шатсыңдар? Мен әр уақытта қападамын, сендерге қарасам, жоғарыда ойнайсыңдар да қарғисыңдар». Тиін айтты:

– Әуелі мені ағаштың басына жібер, сонан соң саған мен айтайын, болмаса сенен мен қорқамын.

Қасқыр тиінді жібереді. Тиін ағаштың басына шығып алып айтты: «Сен залымсың, соның үшін қападасың. Сенің залымдық жүрегіңді жандырады. Біз ақкөңілміз. Ешкімге жауыздық қылмаймыз, соның үшін шатпыз».

81. Қасқырдың қастығы

Қасқырлар қойларға елші жібереді. Сіздер мен біздерді жау етіп жүрген иттер. Иттер үріп біздің қытығымызға тиеді. Солар құрыса, біздер сіздерге шабылуыл жасауды қоямыз, дос боламыз – дейді. Қойлар аңқау бейшаралар қасқырларға сенеді. Иттерге: «Сендер бізді күзетбей-ақ қойыңдар», – дейді. Қасқырлар түнде келіп қойларды қырып кетеді.

82. Бұқа мінген көкжал

Бір күні, таң алдында, апаннан бұқпантайлана шыққан көкжал кісі бойы өскен қамыс пен қалың тоғайды жамыла, қара ойды бойлай жортып, бір ауылдың маңына келіпті. Ол қойдан бөлініп қалған қозыға кез болып, тап беріпті. Үрейі ұшып қатты шошыған қозы қалтырап:

– Қасеке, мен тісіңізге сыздық болам ба? Бір асам етім жоқ, мені

қайтесіз, онан да шығыс жақтағы өзенге барыңыз, ондағы құла бие суатында бір құла тай құйға батып шыға алмай жатыр, сізге табылмайтын ас сол, оның еті майлы да дәмді ғой шіркін! – депті.

Қозының сөзіне еліткен көкжал қозыны тастай беріп сол бағытқа қарай жорта жөнеліпті. Ол өзен жағасына келсе, шынында, бір құла тай құйлап шыға алмай жатыр екен. Қуанышы қойнына симаған көкжал оны тамақтамақшы болып тұра ұмтылыпты. Сонда құла тай көкжалға:

– Бәлі! Көкжал неткен ақылсыз едің! – депті.

– Мені қалайша ақылсыз дейсің? – деп сұрапты қасқыр ызаға булығып.

Сонда құла тай аспай-саспай жауап беріпті:

– Мені осы бойында жесең, сары балшыққа араласқан еттен не дәм

болмақ? Егерде мені құйдан шығарып таза көгалға апарып жесең, сонда еттің дәмі тіліңді үйірмес пе еді! – депті.

Қасқыр миығынан күліп:

– Жарайды! Ақымақ болғаныңмен жылтың бар екен! –деп құла тайды

жалынан тартып құйдан шығарады, сонан ол құла тайдың «жылы-жұмсақ етіне бір тоятын болдым ғой» деп көңілденіп, жеуге ыңғайлана бергенде:

– Ей, атың кім?– деп сұрайды құла тай.

– Жоңғар қойнауының әйгілі ханы боламын! – депті қасқыр күжілдеп.

Құла тай оны төтенше қадір-құрмет тұтқан бейнеде:

– Оһо! Алдияр, ханеке, онда менің сол жақ саныма басылған таңбаны

көріңізші? – депті.

– Жарайды, көрмейтін несі бар? – депті қасқыр бейне үлкен

оқымыстыдай аяғын кердеңдей баса құла тайдың мінер жағына шығып, ол таңбаға қарай бергенде, құйрығын шаншыған құла тай «тарс» еткізіп көкжалды жалманынан түсіріп, құйын да, құйын зытып беріпті.

Тай тепкен аузы-мұрны қан жоса болған қасқыр орнынан әрең сүйретіліп тұрып, құмға қарай безіпті. Ол солтүстік жақтағы белегірге шыға-ақ, күлім қаққан күн ұясынан шығып шартарапқа нұрын шашыпты. Түнгі жортуылда аузы қызылға тимеген көкжал апанына қарай салып ұрып келе жатса, бір иентікте жалғыз қызыл бұқа жайылып жүр екен.

Қасқыр текпіден дал болған аузын арандай ашып:

– Теріңді тірідей сыдырып, майлы етіңді асаймын, – деп қызыл бұқаға

ырылдайды.

– Ей, түздің көкжалы, – дейді қызыл бұқа – осыншалық жасқа келіп қол

баққан сиыр етінің қатты шандыр болатынын білмеуші ме едің? Оның үстіне тісің жоқ екен, мені қайтып сүйсініп жейсің! Онан да екеуіміз батыс ауылының қыз ұзату тойына барайық. Табақ-табақ семіз қой етін емін-еркін жеп сыйлыққа бір тояйық, бұл ақылым қалай? Ұзақ жол жүруге шыдамым жетпес! Сары таңды сарпалдаңмен өткіздім, енді аяғымды бір басуымның өзі мұң болып тұр, – дейді қасқыр тыжырынып.

– Егер қатты шаршап шалдыққан болсаңыз, маған мініп алыңыз.

Бұқаның бұл сөзін естіген қасқыр:

– Мен барсам, адамдар маған қас қылмай ма? – деп сұрайды.

– Тақсыр-ау! Сіз адам баласы той-тілеу күні біреуге қастық істейтін

жаман ырымға барады деп қашан естіп едіңіз? – дейді бұқа аспай-саспай түсіндіріп.

Бұқаның сөзінің қисынына сенген көкжал:

– Көп сөз көжеге қатық болмас, барсақ барайық! – дейді семіз қой етін

жегісі келіп.
Сонан ол бұқаға мінеді де, тойға қатынасу үшін ауылға бет алады.

Қызыл бұқа көкжалды арқасына мінгізіп алып, той болып жатқан ауылға келеді. Тойға жиналған ел-жұрт бұқаға мініп алған қасқырды көре сала айқай-сүрен салып, мылтығы барлар мылтығын алып, иті барлар итін қосып лап қояды. Бұқа осы кезде мөңкіп көкжалды жерге жығады. Жағдайдың насырға шапқанын білген көкжал құйрығын бұтына қысып, Ырымбай құмына қарай зытып береді. Сонан өз апанының қасындағы биікке жетіп, шоқайып отырады да:

Жол жөнекей жолыққан қозақанды,
Берген еді бір Алла өзі сыйлап, аа- ұу.
Алып шықтым құланы әлектеніп,
Жемедім неге оны жатқан құлап, аа-ұу?!

Таңбасын көріп нем бар еді соның,
Қолқанат болмаған соң ханға мияат, аа-ұу.
Бұқаға обидым ғой иесінше,
Адасқан ақылынан мен шын бейбақ ,аа-ұу!

Сиыр етін жеместен той тойладым,
Жақынындай сол қыздың жанды қинап, аа-ұу, –
деп сәтсіз сапарының зарын айтып ұлиды.

Көкжал қасқыр қасіретпен ұлып отырғанда ту сыртынан аңдып келген аңшы, оны бір оқпен атып алады.

83. Арыстан

Арыстанды өлтірудің қазанын асқан қу түлкі жолбарыс пен қасқырдың
уәдесін алған соң, соларды ертіп арыстанға жолғасқалы барыпты.

– Алдияр, тақсыр, – деп жылмыңдай кірген түлкі арыстанның алдына бас қойып, тағзым етіп сөз бастапты:

– Дүниедегі алыптардың алыбы өзіңіз, сізге кімнің қол қусырып бас

қоймасқа дәті барсын? Біз сізді патша еткелі келдік, сызған сызығыңызбен жүріп қызметіңізде болсақ...

– Сәулетті сарай да салып берер едік, – деп түлкінің сөзін іліп әкетіпті,

жолбарыс оны желпіндіре түсіп, сіздің алдыңызға әр күні жер бетіндегі ең құнды жылы-жұмсақ тағамдарды әкеліп тартамыз, сіз сол салтанатты сарайыңызда біздің ықылас-құрметімізге бөленіп қам-қайғысыз жатарсыз.

– Сендерді мұндай ықылас-пиғыл көрсетеді деп ойламаған едім, – депті

де арыстан оларға алғысты раймен басын изеп, мақұлдығын білдіріпті.
Содан бастап арыстан жем үшін өзі әуреленбейтін болыпты. Өз
сарайында әр күні түлкі мен жолбарыстың әкелген азығын жеп жата беріпті.
Күндер артынан күндер өтіп, бара-бара арыстан орнынан тұруға да

ерінетін күйге түсіпті, аяқтарынан әл-қуат кетіп, тістері етке жақсы өтпейтін болып қалыпты. Сонан, бір күні түлкі, жолбарыс, қасқыр үшеуі арыстанның сарайына тағы барыпты. Бұл рет олар арыстанға тәтті, дәмді тағамдар емес, шоқпар-сойыл көтеріп барған екен.

– Ақымақ арыстан, – деп ақыра кірген түлкі шоқпарын үйіріп, оған

кіжіңдейді, – бізді сен шынымен өзіңді өмір бақи бағып-қағады деп ойладың ба? Ха, Ха! Есуас! Біз әбден қожыратып барып, көзіңді жоймақшы болғанбыз. Бұрын сенің адуын айбыныңнан именуші едік, енді қалтылдаған қауқарсыз бірдемеге айналдың, тапжылма тап! Оразамды өзіңмен ашамыз, әлі!

Сөйтіп, арыстан жылы сөз, тәтті лебізге сенемін деп түлкі, жолбарыс,
қасқырлардан жан үзіпті.

84. Арыстан патша

Бұрынғы заманда бір арыстан патша болып тұрыпты, неше түрлі аңдарды билеп. Сол арыстанның өзіне жақын Маймұн деген бір уәзірі болыпты. Арыстан бір күні бір жерге барып, екі ай жүріп келмекші болып, өзім келгенше патша бола тұр деп, орнына Маймұнды тастап кетіпті. Арыстанның кеткенін білген соң, әр жерден аңдар келіп, орын алып тұрыпты. Және арыстанның жәй уақытта өзі тұратұғын бір жақсы жеріне бір түлкі қатын-баласыменен келіп, тұрып алды. Бір күні мұны көріп Маймұн айтыпты:

– Әй, надан түлкі, патша арыстаннан қорықпайсың ба, егер келіп қалса, не жаныңды қояды, шапшаң кет! – депті.

Түлкі айтыпты:

– Сен мені түлкі деп ойлайсың ба, мен арыстан түгіл жолбарыстан да қорықпаймын. Бұл жер менің аталарымның жерлері, маған тисе керек, арыстан алды деп естіп келіп едім, арыстан қашып келгенде сен маған хабар бер, арыстанның кім екенін білдірейін, – депті. Сонда бұл Маймұн қорқыныш ойлап кетіп қалды.

– Бұл түлкі суретінде болып жүрген басқа мықты аң болар ма? – деп. Маймұн кетісімен түлкінің қатыны айтыпты:

– Бұл жерге тұрмай-ақ кетейік, егерде арыстан келіп қалса, Маймұн барып айтса, бізге ажал тапқызар, – дейді.

Онда түлкі айтыпты:

– Арыстан келгенде бір айла қылармын, – дейді.

Бір-екі күн өткен соң алыстан бір дауыс естіледі. Түлкінің қатыны айтыпты:

– Арыстан келіп қалыпты, не қыламын деп едің, айлаң болса қыл, – дейді. Сонда түлкі айтыпты;

– Арыстан жақын келгенде, сен балаларды жылата бер, мен айғай салып айтамын «балалар неге жылайды?» деп, сонда сен айт: «балаларың жаңа арыстан етін қабап қылып бер дейді» – деп айт дейді. Бір уақытта арыстан жақындай қалыпты, сонда түлкінің қатыны балаларын жылата беріпті. Түлкі айғай салып айтыпты:

– Балалар неге жылайды? – депті. Қатыны манағы түлкінің үйретуі бойынша:

– Балалар жаңа арыстан етінен қабап қылып бер дейді, – депті.

Сонда арыстан естіп, тұра қалып, қасындағы Маймұнға қарай айтыпты:

– Бұл бір қуатты аң болар ма, мұнда балаларға арыстан етін тілейді деп неге айтады, бұл жерді тастап, екінші сахараға кетпек керек, – деп. Сонда қасындағы Маймұн айтыпты:

– Ай, тақсыр, тақсыр арыстан, сіз ақыр жер жүзінде болған аңның патшасы, көріңіз, егер көрсеңіз, бір жаман кішкентай аңның айлалары шығар.

Арыстан және жақынырақ жүріпті. Түлкінің қатыны және балаларын жылата беріпті. Түлкі және айғай салыпты:

– Неге жылатасың балаларды, үйде жолбарыс, қабылан еті көп емес пе? – дейді.

Сонда қатыны айтады:

– Басқа аңдардың еттері толып жатыр, жаңа арыстанның етін тілейді, – дейді. Сонда түлкі айтыпты:

– Балаларға айт, біраз сабыр етсін, осы жерді айналып жүрген бір арыстанды Маймұн достым алдап алып келсе керек, көп кешікпей келсе, арыстанды ұстап алып балаларға етін қабап қылармын, – дейді. Сонда арыстан қасындағы Маймұнға:

– Әй, залым, қиянатшы Маймұн, мені алдап өлтірмекке келесің, өзім өлместен бұрын, әуелі сені өлтірейін, – деп, Маймұн бейшараны пәре-пәре қылып тастап, өзі тез қашып кетіпті. Түлкі айласыменен арыстанның жерін өзіне қаратып алады.

85. Арыстан, қасқыр, түлкі

Арыстан, қасқыр, түлкі, бұл үшеуі ұйым жасасып, тамақтық аң аулауға шығады. Бұлардың қолдарына бір есек, бір киік, бір қоян түседі. Орталарына жинап, бөлісіп алуға қам істегендерінде арыстан қасқырға: «Сен бөліп бер, бізге», – дейді. Қасқыр:

– Жарайды, бұл белгілі нәрсе ғой, есек арыстандыкі, қоян түлкінікі, киік менікі, – дегенде, арыстан ашуланып, қасқырдың мойнын жұлып алып, лақтырып жіберіп, енді түлкіге қарап, арыстан: «Сен бөл, мына жолдасың бөлістен шатасты ғой», – дейді. Түлкі: «Жарайды, ойын-қарыстың әкесі, бұл ашық жұмыс қой. Есек сіздің таңертеңгі тамағыңыз, киік кешкі тамағыңыз, қоянды таңертең мен кешкі астың аралығында ауқат қыларсыз», – депті.

Сонда арыстан түлкіге: «Ой, сен не деген ғажап бөліске шебер едің, бұл білімді сен кімнен үйрендің», – дейді. Түлкі:

– Жә, ақсақал, бұл бөліс білімін маған үйреткен денесінен ұшып түскен қасқырдың басы емес пе? – депті.

86. Қартайған арыстан

Бір заманда үлкен тауды бір арыстан жайлапты. Ол басқа аңдарға зорлық-зомбылықты халден асыра істеген. Бірақ қандай қиянат көрсе де оған ешқандай жануар теріс келмейді. Өйткені қарсыласарлық шамасы жоқ. Сондықтан бірнеше жыл жәбірлік көріп, қолдан келері жоқ, іштен тынып, тістерін қайрап, әлсіз жануарлар шыдап жүре береді. Арыстанның мейманасы асқаны сондай – ол жемді өз аяғымен жүріп іздемейді. Оған өзінің бұйрығы бойынша семіз сиыр, семіз жылқы, қой, бұғы-марал секілді жануарлар белгілі «тәртіп» бойынша келіп тұрады. Соятын – жолбарыс, бұзып-жаратын аю, тәтті-дәмділерін патшаға тасып беріп жүретін епті даяшы – түлкі екен. Арыстан әбден ұйқысы қанып, жайланып тамаққа тойғаннан кейін, оның көңілі қалауынша әркім әртүрлі сауық жасап батырдың көңілін жұбатады. Бұлбұл сайрайды, көкек зікір салады, шымшық билейді. Маймыл түрлі ойындар көрсетеді. Түлкі күлдіргі қулық айтады. Топас аю, аңқау қарға, меңіреу есек оларға келемеж күлкі болады. Ал батырдың тыныштық тауып жатқан кезінде төрт мысық табандарын жалап маужыратып ұйықтатады. Әлдеқалай оның ұйқысын бөліп, дыбысын шығарған қалжақбас аңдар бола қалса, ауыр жазаға кіріптар болады. Сол сияқты мейманасы асқан арыстан күндердің бір күні әбден қартайып, алжуға айналады. Ақырында орнынан тұруға шамасы келмей әлі бітеді. Тістері түгелдей түскен, тырнақтары тұқыл болған, буындарда әлі жоқ. Осы жайды көрген аңдар енді батырдан қорықпады. Оны сыйлауды қойды. Тамақ болу үшін де ешкім келмеді. Аштан өлер болып діңкесі құрып жатқанда, одан бұрын жәбір көрген аңдар кезекпен келіп бұрынғы өштерін алған екен. Ішіне қанды кек қатқан жануарлар жаны ерекше қиналатын жерін таңдап тұрып, өз шамаларынша батырға жаза беріпті. Ит қабады, қасқыр талайды, ат тебеді, сиыр сүзеді, тышқан тістейді. Бір мезгілде салпақ құлақ есек келіп: «Қай жерін тепсем оның жанына артық батар еді», – деп батырдың денесіндегі жанды жерін таңдайды. Осы кезде талықсып жатқан арыстанның есі кіріп, көзін ашады. Ол қасында тепкелі тұрған есекті көріп өте назаланады.

– Кешегі дәурен баста тұрған кезде бұл шірікті жан деп те есептеген жоқ едім, бұл күнде бұ да маған қорлық көрсетпек болып аяқ көтеріп тұр.

– Ә, тәңірім, менің жанымды бұл жаманның қорлығына көрсетпей ал! – деп жан тәсілім еткен екен.

«Не ексең, соны орасың» деген мәтел осыған келеді.

87. Арыстан мен тышқан

Ертеде бір теңіз жағасында қалың жасыл орманда бір арыстан өмір сүріпті. Бұл тоғайда түрлі аңдар, малдар да көп болыпты. Сол арыстан өзін күллі аңдардың, малдардың патшасымын деп жариялапты. Арыстан өзіне қасқыр, түлкі, борсық, жыландарды көмекші ақылгөй етіп дайындап алыпты. Бұлар аңдарды қырып жеп, хан сарайын қан сасытып жата беріпті. Аңдар патшасының залымдығын, қанішерлігінен зар илепті. Бұрын тышқан етіне зар болып жүрген түлкі мен борсық енді тышқан етіне пысқырып та қарамай, ылғи жылқы, сиыр, түйе, ақбөкен, арқар, киіктердің етінен қарнына сиғанынша жеп жата берді. Бірақ түлкі, борсық тек етпен жата бермейді, ол жегісі келген аңдарды неше түрлі өсек, өтірік, жаламен арыстанға жамандайды. Оған ойланбай сене салатын ессіз арыстан дереу қасқырға түлкі мен борсық жамандаған аңды өлтіріп алып келуге бұйрық береді. Ол қасқыр бұлжытпай орындап, аңды өлтіріп, ханға әкеп бере береді. Енді түлкі мен борсық арыстанды неше түрлі сырлы сөзбен мақтап, сіздей әділ, ақылды данышпан патша дүниеге келіп көрмеген деп жағымпазданып және аңдарды қалай қырудың жолдарын ойлап тауып айтудан басқа жұмысы болмапты. Бір күні түлкі тышқанның етін аңсап жегісі келеді. Түлкі өзіне өзі: «Мен тышқан етін арыстанның өзіне ұстатып-ақ жеймін»,– дейді. Бір уақытта түлкі арыстанның алдына тағзым етіп әдеппен кіріп келіп, сөйлеуге рұқсат алып, сиқырлы сөзін бастайды:

– Ей, бақытты патшам, сіздей асқан әділ, ақылды, патша болмағанын аңдардың өздерінің шын ниетпен шулап айтып жүргенін осы қаздиған қара құлағымызбен естіп жүрміз. Солай бола тұрса да кейбір жақсылық жақпаған аңдар сізді үмітсіздікпен аузы барып жамандауын қоймайды.

Бір тышқан деген аң бар, үлкендігі аттың тезегіндей болып тұрып, опасыз оңбағанның сізді жамандап балағаттағанын өз көзіммен көріп, мына сақ құлағыммен есіттім. Тіпті ауыз барып айтуға болмайтын сөзді тіпті батыл айтты. Қаһарыңызға сабыр берсе айтайын, – деп жәутектеді. Арыстаннан «айта бер» деген ишарат болғасын түлкі түгін жатқызып мүсәпірсіп былай дейді:

– Арыстанның патша емес, аңдарды қынадай қырып, өзі және достарына жегізіп хан сарайын қан сасытып жатқан қанішер, – деп шақ-шақ етеді. Мен арыстанға айтам десем, «айта бер, мен інде тұрам, менің ініме арыстанның өзі түгіл аяғы да симайды, ол қожал-қожбалағың мені ұстай алмайды» – дейді.

Арыстан тұрып: «Оны қалай ұстауға болады», – дейді. Түлкі күлімдеп: «Оны ұстау тіптен оп-оңай, мен өзім де оп-оңай ұстап алам, бірақ арыстанның өзі мені ұстай алмайды дегені, менің денемді сақылдатып қайнатып барады. Менімен еріп жүріңіз, ол асқынған ақымақты ұстап аласыз, әдісін барған соң айтам», – дейді. Түлкі арыстанды ертіп келіп, тышқанның інінің екі аузын көрсетті. «Одан мына інді алып күшті аяғыңызбен таптап көміңіз де, екінші іннің аузына құлағыңызды тосып жата беріңіз. Тышқан шығарда іннің іші дүбірлеп кетеді. Сол кезде басыңызды көтеріп, аузыңызды іннің аузына тосып, ашып тұра қалыңыз. Тышқан іннен шыға бергенде қағып аласыз», – деп арыстанның құлағын тышқан ініне кептеп жатқызып, түлкі сырттан бақылап жүреді. Арыстан құлағын інге тосып жатып, жазғы ыстық күнге денесі балқып ұйықтап кетті. Тышқан өз інім деп, жер астынан жүгіріп шыққан бойымен арыстанның апандай кең құлағына кіріп кетті. Арыстан құлағының ішін тырналаған әрекеттен шошып оянды. Арыстан құлағының іші дүбірлеп өткір инедей тырнақтың тырнап-шабақтап жарып бара жатқанын сезді. Арыстан басын жанұшыра, ышқына шайқайды. Арылдап аспанға қарғиды. Өз құлағын өз аяғының өткір тырнағымен тырналады. Бірақ құлақ ауру қалпында тұр. Ол кезде тышқан арыстанның сасық құлағының ең түпкі тар қуысына барып үлгерген еді. Сондықтан арыстан қаншалықты басын сілкісе де, бар күшімен ышқына ырғыса да, бар дауысымен арылдаса да, қарылдаса да, тышқанды түсіре алмады. Мұндай сойқанды көріністі көрген түлкі зар еңіреп: «Ойпырым-ай, патшам, қамқорым данышпаным, не болды», – деп жүгіріп келді. Бұл уақытта тышқан да қандай інге кіргенін сезді. Жерге түссе аңдыған ажал екенін де білді. Енді тышқан басын арыстанның құлағының аузына қаратып бір тырнағын батыра бүгіп жабысып қатып қалған еді. Түске дейін арыстан өгізден бетер өкіріп, аюдан бетер ақырып, аспанға қарғып өз басын өзі жерге ұрып, алас ұрды. Арыстанның аса қорқынышты зор даусынан бүкіл тоғайдағы аңдар, малдардың зәресі ұшып қалтырады. Түлкі зар еңіреп, тілеу тілеп қасында тұрып алды. Бір кезде әбден алас ұрудан әлі құрыған арыстан түлкіге ала көзімен ажырая қарап: «Істейін дегенің осы ма сұм», – деді. Зәресі ұшқан түлкі: «Данышпаным, қамқорым, падишам, саспай сабыр етші, бүкіл тоғайдағы аңды жинап патша ауырды деп емдеуге ақыл сұрайық. Көпшіліктің ішінде нендей ақылдылар жоқ дейсіз, солар бір емін табар», – деді. Сол кезде арыстан: «Қасқыр, борсық, жылан төртеуін тездеп барлық аңды осында жинап кел», – деді. Түлкі зытып жөнеді. Қасқыр, борсық, жылан төртеуі барлық аңды ілезде жинап келді. Түлкі бір ағаштың бұтағына шығып аңдарға «Арыстан патшаның құлағына тышқан залым кіріп кетіп, құлақ ішінен ін қазып, арыстанның миын тесіп барады. Бұған қандай амал бар, соның ақылын табыңыздар», – деп, түлкі бетін басып сұрқиялықпен жылап тұрды. Сол кезде арқардың көп жастағы ақбас құлжасы тұрып: «Оның амалы түлкінің сүйріктей сұм тілін арыстанның құлағының ішіне тығып, тышқанды тілімен орап алу керек. Егер түлкі ала алмаса, қасқыр, борсықтың тілімен алу керек», – дейді. Арыстан түлкіге: «Тіліңді құлағыма сал», – деп бұйырады. Түлкі арыстанның құлағына тілін тықты, тышқан түлкінің тілінің ұшын қыршып алды. Түлкі тілін тез тартып алды. Сол кезде арыстан қашпасын деп, түлкінің бөксесін тістеп сығыңқырап: «Тіліңді аянбай қайта-қайта сала бер, сол тышқанды алмасаң, өлесің», – деді. Түлкі тілін қайта-қайта сала берді. Тышқан да түлкі тілін қыршып тастай берді. Бір кезде тілінің ада болғанын арыстанға көрсетті. Арыстан: «Енді аяғыңды сал» – деді. Тышқан түлкінің аяғын да қыршып тастаумен тізесіне дейін кемітті, шолтитты. Арыстан: «Екінші аяғыңды сал», – деді. Ол аяғын да қайта-қайта салды. Ол аяқ та мүжіліп ада болды. Сол кезде бұған сүйсінген бір қоян ақырын ғана: «Міне, екі аяғы кілтиіп, сұм түлкі ін қаза алмайтын, қоянға жете алмайтын, өсек те айта алмайтын қоян болды», – деп мырс етті. Арыстан басын сілкісе, түлкінің туралған тілі мен саусақтары түсті, тышқан түспеді.

Ашуы асқынған арыстан түлкіні шайнап-шайнап лақтырып жіберді. Арыстан қасқырға құлағына тілін салып тышқанды алуды бұйырды. Қасқыр тілін құлаққа тықты. Арыстан қашып кетпесін деп қасқырдың артқы санынан тістеп тұрды. Тышқан қасқыр тілін де қырши берді, қасқыр да арыстанның апандай аузында тұрып аяна алмады, қайта-қайта тілін сала берді. Бір кезде қасқырдың да тілі ада болды. Одан кейін арыстан борсықты шақырып алып: «Сал тіліңді», – деп жекірді. Амалсыз борсық та жіңішке өсекшіл, қансорғыш сүйрік тілін тықты, бірақ онша ары апармай «тілім жетпейді», – деді. Сол кезде арыстан ақырып борсықтың бөксесінен тістеп: «Тіліңді түбіне жеткіз», – деді. Борсық тілін құлақ түбіне жеткізді. Тілдің ұшын тышқан қыршып алды. Қайта-қайта салды. Бір кезде борсықтың тілі де ада болды. Арыстан басын сілікті. Құлақтан қасқырдың, борсықтың туралған тілдері түсті. Тышқын түспеді. Арыстан ақбас құлжаға қарап: «Енді не істеу керек», – деді. Құлжа: «Енді құлағыңызға жылан кіріп, тышқанды тістеп алып шықсын, тартып ала алмаса шағып өлтіріп шықсын, өлгесін тышқан түседі», – деді. Мұны естіп, жылан қалың шөптің астымен сусып қашқан екен. Арыстан енді қасқырға: «Жыланды алып кел», – деді. Тілінен қаны ағып, қасқыр жыланға барады. Айтып түсіндіретін тіл қайда, жыланды белінен тістеп жіпше шұбатып алып келеді. Арыстан жыланға: «Құлағыма кір, лажы болса залым тышқанды тістеп алып шық, болмаса шағып өлтіріп шық», – деді. Жылан арыстанның құлағына сусып кірді. Құлақ іші қараңғы, жылан басы бара бергенде аңдып әзірленіп тұрған тышқан жылан басын қыршып үзіп тастады. Бір кезде қасқыр жыланды тістеп суырып алса, жыланда бас жоқ. Есектің тұсауындай жіп болып қалыпты. Аңдар залымдардың сазайын тарттырғанына қуанысып, тарап кетіпті. Енді арыстан ешбір әрекетпен тышқанды түсіре алмайтынын біліп жата береді. Қасқыр, борсық тілінен қансырап өледі. Тышқан арыстанның құлағынан кеулеп күнделікті жеп жата береді. Арыстанның миына зақым келіп, қорлықпен ұзақ ауырып өледі. Арыстанның өлгенін білген тышқан бір күні құлақтан шығып, жайқалған жасыл шөптің арасымен жүріп кетті. Сөйтіп, бір тышқанның қажырлы, батырлық ісінен ормандағы жауыздар тобы қырылып, аңдар қанаусыз, талаусыз еркін өмір сүріп кетіпті.

88. Арыстан, қасқыр, һәм түлкі

Ертеде бір арыстан, қасқыр, һәм түлкі жолдас болыпты. Бұл үшеуі бір жерде отырып уәделесіпті: үшеуміз де бір жануарға қиянат қылмайық, егер мал жолықса, зорлық қылмай сатып алып желік, болмаса, аштан өлсек те жүре берейік деп, шарт қылып бірнеше күн жүріпті. Онан кейін қарындары ашып аштан өлерге жақындапты. Мал жейін десе қиянат. Жемейін десе өліп барады. Сол уақытта түлкі тұрып айтты: «Ана бір көрінген түйеге мен барып сөйлесіп келейін, ол өзін маған сатпас па екен», – дейді, онда арыстан тұрып: «Жақсы барсаң барып саудаласып кел», – деді. Түлкі келсе бір көзі соқыр түйе екен, түлкі айтыпты: «Ай... түйе мұнда нағылып жалғыз жүрсің?» –дейді. Түйе айтты: «Жолдасым да, бағатын ием де жоқ болған соң, мен өзімді өзім бағып жүрмін». Сонда түлкі тұрып түйеге ақыл айтты: «Байғұс, далада жалғыз қапа болып жүргенше сен өзіңді маған сат, ендігі жылы жантақ шыққанда мен боталы інген қылайын, содан соң сен екеу болып жүресің», –деді. Қу түлкінің бұл сөзі түйеге мақұл көрінді. Содан соң түлкі арыстан мен қасқырға келіп: «Мен түйе сатып алдым жүріңдер», – деді, бұл үшеуі түйеге келіпті. Келген соң арыстанға түлкі айтты: «Ей... ареке, неге қарап тұрсыз, қимылдасаңыз», – деді, сонда арыстан түйені жерге көтеріп соқты, түйенің мойны сынып өлді, түлкі тұрып айтты: «Ареке, сіз деміңізді алып жата тұр, біз мұның терісін сойып болған соң хабар берерміз», – деді. Арыстан айтты: «Сендер жеп қоярсыңдар» – деді, түлкі «Ойбай, тақсыр, сізсіз жемейміз», –деді. Арыстан: «Бұлай болса, жақсы», – деп жатты. Бұл екеуі союға пышақтары да жоқ, тістеріменен терісін жыртып-жыртып алды. Сонда түлкі тұрып қасқырға айтты: «Ай... қасеке, мен бөксе жағын сояйын, сіз бас жағын сойыңыз», – деді. Қасқыр түйенің басының пара-парасын шығарып, терілерін жыртып, көз майын шығарып қойды. Түлкі мұны көріп қасқырға айтты: «Ей... қасеке, сіз бөксе жағын сойыңыз, мен бас жағын сояйын», – деді, қасқыр барып бөксесін сойды. Түлкі қасқырға білдірмей түйенің көз майын ойып жеді. Және қасқырға айтты: «Сіз алдыңғы аяғын сойыңыз, мен артқы жағына барайын», – деп, қасқыр алдына алданып жатқанда түлкі құйрық майын суырып жеп қойды. Тағы қасқырға айтты: «Сіз соя тұрыңыз мен жүгіріп арекеңе барып келейін, нағып жатыр екен», – деп жүгіріп кетті. Арыстан мұны көріп жатқан орнынан түрегеліп айтты: «Сойып болдыңдар ма?». Түлкі айтты: «Сойып болдық. Бірақ мен бір нәрседен қорқып тұрмын», – деді. Арыстан: «Неден?» – деп сұрады. Түлкі айтты: – Қасқыр айтқан шартта тұрмай, түйенің көз майы мен құйрық майын жеп қойды, мен осыны сізге айтайын деп келіп едім, – деді. Арыстан қасқырға ашуланып, ақырып қасқырға келді, қасқыр қорыққанынан қаша бастады. Арыстан қуып кетті. Бір қырдан қасқыр мен арыстан асып, көрінбей кеткенде түлкі түйені бір шұңқырға сүйрелеп апарып көміп қойды. Өзі арыстанның артынан жүгіріп кете берді. Арыстан қасқырды қуалап шаршап келе жатса, түлкі оған қарсы жолықты. Арыстан түлкіге айтты: «Қайда барасың?» – деп. Түлкі айтты: «Қасқырдың кесірі бәрімізге тиді», – деді. Арыстан айтты: «Неге?» Түлкі айтты: «Сендер кеткесін түйе түрегеліп, мен сендерге сатылмаймын деп, терісін жалбыратып, ішегін шұбалтып кетті», – деді. Арыстан сұрады: «Қай жаққа қарай кетті?» – деп. Түлкі айтты: «Осы қырдан асып кетті», –деді. Арыстан түйенің жолына түсіп, қуып кете берді. Түлкі «қасқырға барайын» деп іздеп келе жатса, қасқыр бір жерде шаршап жатыр екен, түлкі қасына жетіп келді. Қасқыр түлкіге ұрысты: «Мені арыстанға шағыстырып жүрген сен», – деп. Түлкі айтты: «Мені де қуып жіберді, мені кім шағыстырды», – деп. Қасқыр бұған нанып: «Енді қайда барып тұрамыз», – деді. Түлкі: «Жүре бер, бір нәрсе табармыз», – деді. Сөйтіп екеуі келе жатса, алдында бір жарты құйрық жатыр. Қасқыр: «Мұның бір бәлесі бар шығар», – деп жейін десе қорықты. Түлкі айтты: «Сен қорықсаң өзім жейін, бүгін базар мұның не пәлесі бар дейсің, құл базарға барғанда құйрық арзан болған-ды, арзан құйрықты көбірек алған-ды. Ол үйіне шауып бара жатқанда, қанжығасына бос байлап түсіп қалған-ды», – деп, түлкі өзі жейін деп, қулықпенен ұмтылғанда, қасқыр «өзім жеймін» деп, құйрықты асап қалса, астында қақпан бер екен, ол қақпанға қасқыр түсіп қалды. Сонда түлкі:

«Ай... қасеке, шамасы сіздің етіңізді жейтін болдым ғой», – деді. Қасқыр: «Неғылып жейсің», – деді. Түлкі айтты: «Ертең егесі келсе, сені көріп, теріңді сойып алып, етіңді тастап кетер, сосын мен жемей кім жейді», – деді. Түлкі бір шұңқырға тығылып жатып еді, аңшы келіп, қасқырды көріп, терісін сойып алып, етін тастап кетті. Ол кеткенсін түлкі қасқырдың етін жеп тойып алып, қайтып келе жатса, арыстан келіп қалды. Түлкі мұны көріп: «Ареке, қайдан келесіз?» – деді. Арыстан: «Мен түйені таба алмадым», – деді. Түлкі: «Тақсыр, сіздің атаңызды көріп едім, осы тауда аң аулап жүр еді, әлде осы таудың астында шығар, аңдарды үстінен басып алып жейтұғын еді, мен соны көріп тұрушы едім», – деді. Сонда арыстан айтты:

– Қалайша қарғып алатын еді? Маған сен көрсет, мен қарғып көрейін. Түлкі қу айтты: «Сіздің тұлғаңыз атадан кем емес», – деді. Сонда арыстан кейін шегініп барып, жүгіріп барып, жардың басына келіп тұрды.

– Ареке, егерде қарғи алсаңыз, жүгірген нұсқаңыз атаңызға ұқсап тұр, – деді. Сол уақытта жардың астына бір киік келіп қалды, арыстан соған қарғып кетті, жерге барып түсіп еді, сүйектері күлпәрә талқан болды. Сонда түлкі келіп: «Ареке, бір жеріңіз ауырып қалды ма?» – деп сұрады. Арыстан айтты: «Сүйекте сынбаған сүйек жоқ». Түлкі мұның қимылдауға шамасының келмейтінін біліп, құйрығын ойып жеп жатыр еді, сонда арыстан айтты: – Ай... түлкі, әуелі көз майымды жеші, – деді. Түлкі айтты: «Ареке, несіне асығасың, құдай бұйыртса, етіңді жейтұғын болдым», – деді. Арыстанды жеп алды. Мұнан соң түлкі ұйықтаған болып, бір далада жатыр еді, үстіне бір сауысқан келіп қонды, онан соң басына қонды. Сөйте-сөйте аузына қонды. Сол уақытта сауысқанның аяғынан тістеп алып жеуге айналды. Сауысқан өтірік жата қалып, жылап қоя берді. Түлкі айтты: «Сауысқан сен неге жылайсың», – деді. Сауысқан айтты: «Ата-ананың қарғысын алған оңбайды екен, маған ата-анам көп қарғап ұрысушы еді», – деді. Қарғағанда былай айтушы еді: «Ай, жүгірмек, далада түлкі ұстап алсын, биік таудың басына шығарып домалатып жіберсін, әр таста бір түгің қалсын деп, қарғаған қарғысы осы бүгін тура келді», – деді. Сонда түлкі сауысқанның ата-анасының айтқанын қылайын деп, таудың басына шығып, домалатып тастап жіберіп еді, сауысқан пырылдап ұшып кетті. Сөйтіп, қу түлкі сауысқаннан бір соғылып қалыпты.

89. Арыстан мен түлкі

Арыстан қартайды. Аңдарды бұрынғысындай аулай алмайтын болды. Енді аңдарды айламен аулағысы келді. Өзі үңгірде жатты да:

– Аурумын, жүруге әлім жоқ, – деп, барлық аңдарға хабар таратты.

Аңдар бір-бірлеп арыстанның халін білуге келеді. Арыстан аңдардың біреуін де қайтармады. Бәрі де арыстанға жем болды.

Бір күні түлкі келді. Ол үңгірден алысырақ тұрды да:

– Халіңіз қалай, тақсыр? – деп, көңілін сұрады.

– Халім нашар. Неге жақынырақ келмейсің? Берірек кел, түлкіжан, бір азырақ сөйлесейік? – деді арыстан.

Түлкі:

– Мен саған жақын барар едім-ау, саған кірген із бар да, шыққан із жоқ! – деп, жүріп кетіпті.

90. Арыстан мен кісі

Бір адам жасынан аң аулап күн көреді екен. Бір кезде ауын бір ағаштың түбіне құрып жүрсе, қапыда арыстанға кездеседі. Арыстан:

– Ей, адам! Кездеспей жүр едің, бері кел, құлақ сал сөзіме, сенің істегеніңнің бәрі қиянат көрінеді, маған сырттан қайрат ететін көрінесің, күшің артық болса, құтыл менен, аузыма бір-ақ салайын ба?

Адам айтады:

– Сенен күшім артық болмаса да сенімен айтысамын, егер күшті болсаң, анау жерде менің құрып қойған бір нәрсем бар, содан өт, егер де өтіп кетсең, мені жеп-ақ қой, арыстаным, – дейді.

Арыстан:

– Қайлаңды көріп тұрмын, әуелі өзің өтші, – дейді. Адам аудың

астынан өте шығады. Арыстан өтемін деп, бар пәрменімен секіргенде торға барып оралады. Сөйтіп, адам айласымен арыстанды торға түсіреді.

91. Арыстан дертінің емі

Аңдар патшасы арыстан қартайып, науқасқа шалдығады да, үңгірінен шыға алмай жатады. Патшасының көңілін сұраған барша аң келіп-кетіп, кіріп-шығып жүреді. Түлкі ғана мезгілінде келе алмапты. Мұны естіген соң, қасқыр бір қулығын асырып, өзін алдап жүрген түлкіден кек алғысы келіп, науқас арыстанға оны жамандай бастапты:

– Түлкі сені патшам деп құрметтемейді екен. Патшасының көңілін сұрамағаны оңбағандық! – деп, арыстанның ызасын қоздырып, ашуына май құйыпты.

Сол кезде үңгірдің аузына келіп қалған түлкі қасқырдың бұл сөзін естіп: «Тұра тұр, бәлем, өшімді алармын!» – деп кіжініп, тісін қайрайды. Сонан соң ештеңе білмегендей, жылмаңдай кіріп келеді. Түлкіні көзі шалған арыстан қаһар төгіп, айқай салыпты.

– Сен менің көңілімді сұрамай, қайда жүрсің? Сонда түлкі:

Сабыр, тақсыр, сабыр, – депті жалбарынып. – Сөзімді тыңдаңыз! Менің осыншама кешігуімнің себебі бар еді.

– Ол не қылған себеп?

– Шұғыл шаруамен дала кезіп жүрдім. Ол не шаруа десеңіз, жер дүниені кездім, дертіңізге дауа болатын дәрі іздедім. Барлық дәрігерлерден сұрастырдым. Ақыры тауып келіп отырмын.

Мұны естіген арыстан:

– Ол қандай дәрі? – деп сұрапты қуанып.

– Дертіңіздің емі мынау екен, – депті түлкі, – қасқырдың терісін тірідей сыпырып алып, жылы күйінде үстіңізге жабыстырып киіп алсаңыз, жазылады екенсіз.

Мұны ести сала арыстан атып тұрып, қасқырды бас салып, терісін сыдырып, үстіне киіп алыпты.

92. Қарақұлақ пен арыстан

Бір қарақұлақ үш-төрт баласы, қатынымен бір үйшікте мекен етеді екен. Күндердің күнінде бұл жерінің маңында әлі келіп, аулап жерлік, азық боларлық хайуанат азайып кеткенін байқап қатын-баласын үйшігіне қалдырып, өзі жаңа қоныс іздепті. Әр жерді көріп, ұнатпай аралап жүріп, бір жақсы жерге кез келіп, маңайын байқап көріп ұнатады да қайта барып қатын, баласын алып келіп, жоғарыдағы айтылған жерге орналасыпты.

Бірер күн өткен соң, қарақұлаққа маймыл келіп жолығыпты.

– Бұл жер арыстанның мекені емес пе, байғұс. Өзі бір сапарға кетіп еді. Кетер алдында мені күзетші қылып кеткен болатын. Бұл жерге ешбір хайуанның аяғын бастырма деп еді. Шынында, арыстанның мекеніне ешбір хайуан қонбақ түгіл, жуық келмейді де. Енді саған айтатыным мынау:

– «Бұл жерге із салып, шаң-тозаң ғып былғамай, қазір кет», – деп бажалақтайды. Егер де қарақұлақтың бұл жерге түнеп кеткенін білсе, арыстан алдында айыпты болатындығын, маймыл өзі сол арыстанның уәзірі екендігін айтады. Және де жуық жерге тұрмай, аулақ, ұзағырақ жерге кетуіне ақыл береді. «Сен түнеп кетті деп айта қоймаспын. Сен де бір біз сияқты әлсіз сорлының бірісің ғой», – дейді.

Сонда қарақұлақ тұрып: «Маймыл, сен не сөйлеп тұрсың. Мені арыстаннан қорқады деп білесің бе? Бұл жер менікі болатын. Үлкен атамнан маған мирас қалған жер еді. Дауласам, шатақтасам десе, арыстан келіп көрсін. Сазайын берем. Екі қауып, бір жұтам. Маған қамқорсымай-ақ қой», – деді.

– Әй, қарақұлақ-ай, мен сенің жауың емеспін ғой. Егер осы сағатта арыстан келіп қалса, маған да жаман болады. Ал, сен қандай болатыныңды ойласаңшы. Қатын, балаңмен өзің бір асағанда арыстанның аузына көлденең де тұрмайсың емес пе? Барлығыңды бірақ жұтады, – дейді маймыл. Маймылдың сөзін қарақұлақ тыңдамайды. Арыстанның жерінен кетпей, әбден орнығып алады. Маймыл қарақұлаққа: «Батыр-ау, әліңді білмейсің бе, арыстанмен қалай таласпақсың. Одан да мені ұятты қылмай, өзің де өлмей, осындайда кетсеңші. Не деген ақылсызсың, тіршілігіңді көп көріп, өлім іздеп жүрсің бе? Арыстанмен сен түгіл жолбарыс, қабыландар да алыса алмайды. Көрініп кетсе, қаша жөнеледі. Болмаса, иіліп сәлем беріп, тағзым қылып, кішілік білдіреді», – деп, күн сайын қипақтап жүрді.

Қарақұлақ: «Ей, маймыл, мен жолбарыс, қабыландарың емес. Арыстан меніменен жекпе-жекке алысып көрсін. Жынымды түсіріп, томырығымды ұстатса, жағын айырып, тобығын шайнаймын. Сен елбеңдеп жаның ашымай-ақ қой маған. Ызамды келтірмей, енді аулақ жүр», – деп кесіп айтты. Сонымен қарақұлақ арыстанның жерінде тұра берді. Арыстанның орнына отырып алған қарақұлақты көріп, сол орман маңындағы басқа хайуандар да қарақұлақты мазақ қылыпты: «Әлін білмеген – әлек» деген осы. Бүгін болмаса ертең арыстан келгенде қаракеңе тесік жер табылар ма екен? Әлде аяй көріңіз деп әлсіздігін айтып, саяңызға паналағалы келдім тақсыр, – деп, жалынып-жалпаяр ма екен десті. Қайсы бірі: «Ашуы келсе арыстан мұны айырып-айырып тастайды», – дейді. Қайсы бірі: «Жоқ, арыстан рақымды ғой. Осыны уәзір қылып алады. Маймылды уәзірліктен шығарады, болмаса, жынды ма, мұндайлық өжеттік бұған қайдан келді. Тегі арыстанмен бұрыннан уәделескен жақындықтары болуы керек», – десті. Ал қарақұлақтың қатыны байына: «Осы жерден кетелік. Сенің арыстан түгіл қасқырға да әлің келмейтіні анық еді ғой. Өткен жылы мүйізінен басқа қаруы жоқ сиыр сүзіп, қарныңды жарып, қабырғаңды қиратып кете жаздамап па еді», – деп ойбайлап еді, қарақұлақ қатынына: «Қатын, сенің ақылың жоқ. Мұндай жер бізге табылмайды. Басқа жерге барсақ, балаларды асырай алатын емеспін. Барған сапарында арыстан бір апатқа ұшырап, арысы өліп, болмаса мертігіп келе алмас. Егер келе қалса, дәл келе жатқанында мен саған осылай дейін, сен маған осылай деп жауап бер. Менің білуімше бұл арыстан күштілікке келгенде аңның ең мықтысы. Оған дау жоқ. Ал өзі үргедек, қорқақ, ақылсыз болуы керек. Қорқақтығын талай естіп едім. Мүмкін қашып кетер. Егер қашпағанда да бір қайла қылармын», – деді. Бұлар осылай арыстанның үйінде сөйлесіп отырғандай орман маңы шу-шу бола бастады. Арыстанның айқайы да шықты. Орман маңындағы аңдар түгелімен арыстанның алдынан шығып, сәлем берісті. Барлығынан бұрын күзетші уәзірі маймыл арыстанның алдынан шығып, сәлем беріп иіліп, аман-есен келгеніне қуанышты екенін, патшаның кешіккендігіне өте сағынғандарын айтып, алақанынан алған соң, қарақұлақтың жайын айта бастады. Кет дегеніне кетпей, қиқандағанын айтты. Кетпек түгіл, осы жердің иесі менмін дегенін айтты. Егерде дауласып, шатақтасам десе, жекпе-жек алысып көрсін. Алып ұрып жағын айырып, тобығын шайнап, күлін көкке ұшырам деген әдепсіз сөздерін, бірін қалдырмай түгел айтты. Бұл сөзді естіген соң, арыстанның көзі шарасынан шығып, қорқып кетті.

– Маймыл, сен байқамаған шығарсың. Бұл бір күшті, қайраты менен артық хайуан болуы керек. Болмаса қарақұлақ менің пайтахтыма аяқ баса ала ма? Уәзірім, саған сол тәрізді артық сөз айта ала ма, – деді арыстан.

Маймыл тұрып, жылмаңдап: «Тақсыр-ау, мен қарақұлақты танымаймын ба, анық қарақұлақ. Тырбиған борбайын, шолтиған құйрығын, қалқайған құлағын, түр-түсін көзіңізбен көрсеңізші. Сіз түгіл мен де әдепсіз сөзіне ызаланып, жыным түсіп алысып кеткім келіп еді, бірақ сіздің жарлығыңызды күтіп, ақылсыз ақымақтың жазасын өзі берсін деп, әдеп сақтадым. Айда, тақсыр, жылдамырақ жазасын беріңіз», – деді.

– Әй, шырағым, маймылым-ай, ол қарақұлақ бейнелі болса да, өзі менен күшті хайуан ғой деймін. Дүниеде нелер жоқ. Әуелі байқауымыз керек. Айтпақшы, өзіңнен басқа кім көрді? – деді арыстан.

Сол уақытта түлкі келіп қалған екен.

– Мына түлкі де көрген,тақсыр, – деді маймыл.

– Ей, түлкі, менің пайтахыма қарақұлақ орналасып алып, кет десем күш айтып, кетпей қойды, – деп тұр, мына маймыл уәзірім. Сен бұл туралы не білесің. Өзің қарақұлақты анықтап танушы ма едің. Пайтахыма отырған қарақұлақты көзіңмен көрдің бе? – деді арыстан.

Сонда төмен қарап түлкі, жыламсырап тұрып:

– Тақсыр, біз бір аңдардың арасындағы сорлысымыз ғой. Өзіңіздей рахымдысы болмаса, батырсынған даңғойлары ашықса-ақ, аузын салып қағып салады. Өткен жылы қабылан мен жолбарыс арасындағы жанжалға кірісем деп, төрт бірдей баламды жегізіп алдым, өзім зорға ғана қашып құтылған болатынмын. Сонан бері ауыз бағып, күштілердің сөзіне кіріспеске ант еткен едім. Мен сорлыны қайтесіз. Басқаларынан сұрай беріңіз, – деді.

–Айттым ғой, осы бір менімен әдейлеп, алысуға келген мықтының өзі. Жер көп қой. Не керек, шатақтасып, – дейді де арыстан бұрылып қашуға ыңғайланады.

Маймыл болмайды:

– Апырай, тақсыр, тым болмаса барып өзіңіз көзіңізбен көрсеңізші, анық қарақұлақ, – деп жалынған соң, арыстан маймылға ілесіп, екеуі қарақұлаққа таман жүріп кетті. Түлкі де анадайдан бұлардың артынан ілеседі.

Түлкі мен маймыл арыстанды ертіп келе жатқанын көріп, қарақұлақтың қатыны балаларын тістелеп жылата бастады. Сонда қарақұлақ қатты айқайлап:

– Ей, қатын, балалар неге жылайды? – деп сұрайды.

Қатыны:

– Жолбарыс пен қабылан етін жемейміз, бізге арыстан еті керек деп, балаларың жылап тоқтамай қойды, – деді.

Мына сөзді естіген соң, арыстан әбден қорқып кетті. «Маймыл, сен мені бір пәлеге жолықтырасың. Айттым ғой бұл бір күштінің өзі. Даусы қарақұлақ сияқты болса да, менен әлдеқайда мықты болуы керек», – деп, қашуға кейін қарай ыңғайланып еді. Маймыл: «Япырай, тақсыр, сізге не болған? Кішкене жүріп өз көзіңізбен түсін көрсеңізші. Сөйтіңіз де маған әмір беріңіз. Тіпті сазайын өзім берейін», – деп, жалынған соң, арыстан алаңдап, қарақұлаққа қарай аяғын екі-үш басты. Қарақұлақтың балалары бұрынғыдан да жаман жылай бастады. Қарақұлақ қатынына қатты ақырып, ашуланып: «Балалар неге жылай береді?» – деп сұрады Қатыны: «Алдыңғы күнгі арыстанның еті ескіріп кетті. Жемейміз. Бізге арыстанның жаңа еті керек деп жылайды балалар», – деді.

– Ендеше тоқтай тұр, қатын. Осы жердің ие арыстаны келіп қалар. Мені арыстан іздетіп шаршатпай, арыстанның уәзірі болып жүрген, бізге кеше келіп дос болған жақынымыз маймыл бар ғой. Сол арыстанды алдап ертіп келмекші еді. Егер де уәдесін орындап, дауласқыш арыстанды ертіп келіп, балаларға бір жас сорпа ішкізсе, маймылды өзіме бас уәзір қылам. Қатын, сен ұмытпа. Тіпті осы жердегі аңдардың ішіндегі ең епті, өңдісі сол маймыл көрінеді. Басқаларының керегі жоқ. Уәзір қылмаймын, – деді қарақұлақ.

Өз құлағымен мына сөзді естіген соң, арыстанның ашуы келіп: Әй, қиянатшы, ақымақ маймыл, – деді де, алдында келе жатқан маймылды ұстай алып, дал-дал қылып, айырып-айырып тастады. Сөйтті де, өзі кейін қарай қаша жөнелді. Зәресі ұшып кетіп, қорыққаны сондай, артына да қараған жоқ. Сол қашқаннан мол қашты. Үш күндік жерге барған соң, демін бірақ алды. Арыстанның қашқанын, маймылдың өлгенін көріп тұрған түлкі, шашылып жатқан маймылдың етінен ең жақсыларын таңдап жүріп, өзі көтергенше аузына тістеді де, жақын жерде терең ін ішіндегі балаларына апарып жегізді. Ал қарақұлақ, бір ақырып: «Арыстанды да қашырып алып, нақ мықтының өзі мен боламын», – деп, кеудесін қағып, сол жерде ормандағы патша болды. Қартайғанша арыстанның мекенінде өмір сүрді.

93. Жолбарыс пен тышқанның достығы жайында

Ерте заманда бір жолбарыс бір тоғайдың қалың бедерінде ұйықтап жатыр еді. Үстіменен бір тышқан жорғалап жүріп бара жатқанын сезіп, ұйқысынан оянып қараса, тышқан екен, ұстап алды да, тышқанды қысып өлтіретін болып еді. Тышқан:

– Я, тақсыр, арызым бар, мені өлтірмеңіз, бір күнәмді кешіріңіз, білмеген екенмін, тірі жүрсем, мен де бір қызметіңізге жарармын, – деп, арызын айтты.

Жолбарыс күліп тұрып:

– Мен – жолбарыс, сен тышқансың, қалжыңың мынау, сен маған қызметке жарамайсың, – деп, тамаша етіп тұрып, – қап, бар енді, көрерміз, – деп, тышқанды қоя берді. Тышқан пақыр қуанып, «жолбарыс досым» деп, жүгіріп ойнап кете берді. Күндерде бір күні жолбарыс жортып ойнап жүріп, мойнынан аспа тұзаққа түсіп, шарық ұрып жылай берді. Тышқан келіп қараса, баяғы өзінің досы жолбарыс екен. Қасына келіп қарап тұрды, жолбарыс тышқанға қарап:

– Әй, лажың бар ма бұған қылар? – деп, тышқаннан көмек сұрады. Тышқан тұра жүгіріп келіп, тұзақты қажап, қиып кеп жіберді. Жолбарыс тышқан досына қиын күнінде іске жараған соң, разы болып, «рахмет, досым» деп қуанып, ажалдан айырғанына шат болды.

Осындай себептер біреу-біреудің арасынан өтпей қалған емес. Тарихта халық аузында мынадай мақалдар бар:

Ханның ісі қараға түсер,
Батырдың ісі балаға түсер,
Байдың ісі кедейге түсер,
Бәйбішенің ісі (...) түсер,

Жолбарыстың ісі тышқанға түсер,
Ердің ісі баз-базында дұшпанға түсер, –
деген.

94. Қалайша шиебөрі жолбарысты алдады

Бір күні жолбарыс тамақ іздеп шығып, бір торға түсіп қалса керек. Сол тордан шыға алмай жатып, со арада бір жаяу адам өтіп жүрсе керек, жолбарыс оны көріп жалынады. «Әй, сен, адам болсаң, мені осы тордан босатсаң, мен өтеп беремін, көп қайырым саған қыламын». Жамандықты ойламаған адам, торға келіп жолбарысты босатып шығарды. Жолбарыс босанып шыққан соң, адамға айтты: «Мен болсам бірнеше күн тамақ көрмей, әбден қарным ашты. Мен сені жеймін». Сонда адам айтты: «Оу, сенің мені жарылқаймын дегенің кәне? Енді өстіп, мені жеймін деп тұрғаның бола ма? Бұл істі біреуге барып айтып жүгінейік», – деді адам. Сонда жолбарыс «Мақұл, біреуге сынатсақ» деп, үлкен ағашқа келіп, ағаштан сұрады: «Әй, ағаш, сен білсең бізге айт, жақсылықты жақсылықпен өтей ме, жоқ қастықпен өтей ме?». Сонда ағаш айтты: «Қастықпенен өтейді. Сендер өзің тексер, сендерге айтайын. Осы менің қалқама адам деген келіп көлеңкелеп тұрып, енді жүрерде, менің бұтағымды керек-жараққа қиратады, кесіп алып кетеді. Сонысы маған қылған қастық емей не деп айтасың?» – деп, осы сөзді ағаш айтты. Сонда жолбарыс адамға айтты: «Ал, мен сені жеймін». Адам айтты: «Үш сұратып, одан соң мені же!», – дейді. «Құп, жарайды», – деп, жолбарыс бір күні келе жатса, бір кәрі сиыр жайылып тұрса керек. Сол сиырдан адам сұрады: «Әй, сиыр, бізге айтып бер, жақсылықты жақсылықпен өтей ме, әлде қастықпенен өтей ме?» Сонда сиыр айтты: «Қастықпенен өтейді. Себебі, бұрын өзім жас болғанда, сүтім мол болғанда мені жақсы көріп жүрді. Енді мен қартайдым, сүтім аз болды, енді ием сояйын деп тұрса, қастық емей не?» Сонда жолбарыс адамға айтты: «Ал мен сені жеймін». Адам айтты: «Енді бір жолы сұрайық». Сөйтіп келе жатса, бір шиебөрі оларды көріп қашты. Сонда жолбарыс айқайлайды: «Әй, ағайын, сен қашпа, біз саған қас қылмаймыз, сенен сұрар сөзіміз бар!». Сонда шиебөрі тоқтап тұра айтты: «Мен де болсам таң қалдым: тегі жолдас болмайтұғын екі жан бірігіп кеп тұрғаны». Сонда адам айтты: «Әй, шиебөрі! Осы жолбарыс торға түсіп, шыға алмай маған жалынды. Мен болсам оны босаттым. Енді болса мені жеймін деп тұр». Сонда шиебөрі адамға айтты: «Сен болсаң өтірік айтып тұрсың. Жолбарыс аңның патшасы, ол болса қандай торға түссе де, шыға алады». Сонда жолбарыс айтты: «Адамның айтқаны рас». Сонда шиебөрі: «Сендердің айтқан сөзіңнің бәрі өтірік, өз көзіммен көрмей, мен сендерге нанбаймын», – деді шиебөрі. Сонда жолбарыс айтты: «Жүр, сен біздің айтқанымызға сенбей тұрсың, өз көзіңмен көр. Мен сол торға сенің көзіңше түсіп, саған көрсетейін», – деп, үшеуі қайта сол торға барды. Жолбарыс: «Мынадай мен осы торға түсіп қалған едім», – деп, торға түсіп, оралып қалды. «Міне, көрдің бе?» – деп, жолбарыс шиебөріге айтты. Сонда адам қайта жолбарысты босатайын деп ұмтылды. Сонда шиебөрі адамға ақырын айтты: «Сен болсаң бұдан кейін торға түскен жолбарысты тегі босатушы болма. Енді болса үйге қайт, мен де кетейін», – деп, екеуі қашып кетті. Жолбарыс сол оралған күйі қалды. Сонда аңшы жетіп келіп, жолбарысты атып тастап, терісін сойып алды. Тегі, күш кейде адал табыс, қулыққа қарсылық қыла алмайды, алдауға көнсе, тұтылып қалады. Бұ да болса бір жұмбақ.

95. Қайырымсыз барыс

Қалың орманды аралап, қарағайдың түбіне келіп, оның қалың борпысын кеулеп үңгір қазбақ болған қабанның құлағына кенеттен қыңсылаған дыбыс естіле береді. Қабан үңгірден шығып, қарағайдың желкесіне шығып қараса, үлкен жартастың түбінде барыстың бір жұп қызылшақа күшігі жан таппай қыңсылап, жатыпты. Қасына жақын келген қабан:

– Сендерге не болды? Орманның құдайымын деп жүрген әке-шешелерің қайда кетті?-деп сұрайды. Күшіктің бірі зар қағып:

– Әке-шешемізді біреулер тұзақпен қылқындырып өлтіріп кетті. Ойласақ, жүрегіміз жыртылады. Енді бізді кім бағып жетілдірер екен! – дейді. Қабанның іші елжіреп кетіп:

– «Өйтсе, жыламаңдар, әке-шешелерің өлген болса, сендерге мен әке болып қарайласайын, қалай дейсіңдер? – деп сұрайды. Күшіктері жастарын тыйып:

– Бізге кім тамақ берсе, сол әкеміз болады ғой, мейіріміңізге рахмет деседі.

Сонымен қабан барыстың күшіктерін ертіп өзінің жұмсақ үңгіріне апарады. Әр күні жортып, тұйықсыздан аңдарға атылып, аю мен бұғы-маралдарды жамсатып, соның етімен әлгі екі күшікті асырайды. Өстіп айларды, жылдарды өткізеді. Барыстың күшіктері қабанның қамқорлығында есейе береді. Екі жыл өткен соң үп-үлкен барыс болып, енді өз тамақтарын өздері тауып жей алатын болады. Бірақ осы кезде қабанның жасы ұлғайып, әл-дәрмені қалмай, жан бағуы қиынға түседі. Ол екі барысқа:

– Сендер үлкейдіңдер, өздеріңді өздерің бағатын болдыңдар, ал мен қартайып қарынымды тойғыза алмайтын болып қалдым. Екеуің енді мені қайтып асырайсыңдар?-дейді. Бұл кезде есейіп қалған екі барыс, қабанның алдыңғы жағына шоңқиып отырып:

– Біздің де шыдамымыз қалмай әрең жүрміз. Сіз де қиналып әрең жүрсіз, өлсеңіз өліміңіз де жақсы болмай қаларма екен, одан гөрі мына екеуіміз өзіңізді алып соғып жей салсақ, содан өтер жақсылық болмас,-дейді.

Мұны естіген қабан түршігіп кетеді. Ол өзі өсірген барыстардың мұндай қайырымсыздық етерін о заманда бұ заман ойламаған еді. Ашудан селкілдеп кеткен ол:

– Әй, жыртқыш немелер, өстіп қасқыр азу, ит сілекей болғандарың ба?! Мен боран-шашындарға қарамай, аш қалып жүріп сендерді бағып қаққан едім. Енді сендер мені жем қылмақ болып, құлқындарыңды маған созып отырсыңдар, өстіп те опаға жапа қыласыңдар ма? Тектеріңнің мұндайлығын білсем, титтей де қарамас едім. Өзіме де обал жоқ екен, – дейді. Сонан ол екі барысқа жалынышты бейнемен:

– Кәртейген әкелеріңді жеулеріңе болар. Бірақ ең соңғы бір талабымды орындап сонан жеңдер, маған қарынымды қампитатындай су әкеліп беріңдерші, – дейді.

Екі барыс алжыған қабанды жеп қарық болатын болдық деп суға кетеді. Қабан дереу олар келетін жолға екі тұзақ құрып қойып жол шетінде жасырынып жатады. Көп өтпей екі барыс суды көтеріп қайтады. Тұзаққа таман келгенде қабан бар даусымен гүр ете түседі. Үрейі ұшқан екі барыс қорыққандарынан шоршып барып тұзаққа түсіп қалады. Қабан ол екеуін қылқындырып тұрып:

– Опаға жапа қылғанның көретіні осы, сендерге өлімнен басқа жол жоқ, – деп, кекті таяқпен келістіріп ұрып, өлем қаптырыпты.

96. Жолбарыс, аю, қарақұлақ, тауешкі

Бір мерген аң аулап жүріп, бір уақытта шаршап-шалдығып отырып жан-жағына көз салса, бір аю ана тасты бір, мына тасты бір ұстап салмақтап-салмақтап қояды, – дейді. Ойпыр-ау, мынау мені ұрайын деп жүр екен – ғой деп ойлап, таң-тамаша болып отырса, жотаның қапталында аңдар жүруге лайық, жыныс бір жер бар екен. Соның баурында тауешкі жүр екен. Аю соны ұрып өлтіріп жемек екен. Қазандай таспен періп жіберді. Бақырып барып тауешкі жығылды. Аю жүгіріп отырып барып кеудесіне мінгенде, оны бір жолбарыс көріп, аюдың үстіне міне түсті. Аю тауешкіні жеп, жокең екеуінің басын ұстап жатқанда, үлкендігі мысықтай ғана кішкене нәрсе келіп жолбарысты соғып кетіп еді, жолбарыстың ауыз омыртқасы үзіліп кетіпті. Сол жерде бәрін жинап, мысықтай болған қарақұлақ жеп қалды. Қызығын көріп отырғанда қарақұлақ етке тойып кетіп қалды. Сонымен, мерген де тауешкінің етін жеп, өзге қалғандарының терісін алып, өздерін көтере алмай үйге қайтты.

97. Жолбарыс пен түлкі

Ерте заманда бір жолбарыс ормандағы дала хайуандарына өзін «патшамын» деп жариялапты, бір үңгірді өзі жалғыз иелеп, жейтін азығын жыртқыш аңдарға алман-салық қылып салып, әрбір жыртқыш аң шамасы келген қоңыр аңнан бірден әкеліп тапсыруды бұйырады екен. Орналастыру бойынша жолбарысқа жем әкелу кезегі түлкіге келеді. Түлкі орманға барып шамасы келетін қояннан біреуін ұстап әкеле жатып, жолда бір құдықтың басына келіп, құдыққа қараса, судағы өз сәулесін көріп селк ете түсіп, қайта бір қарап көңілі орныққан соң, есіне мынадай бір қулық түсе кетіпті.

– Осы жолбарыс патша болып, өзі жатып алып, бізге жем тасытып күн

көрсетпейтін болды. Бүйте берсе, бізге күн жоқ. Құдықтағы судың сәулесі арқылы бір алдамға түсірейін оны, – деген байламға келіп, қоянды өзі жеп, тойып алып, қоянның жүнін құдықтың аузына додырайтып шәшіп тастап, жылап-еңіреп жолбарысқа келіп:

– Патша тақсыр, бір қоянды әрең ұстап келе жатсам, жолда бір дәу

кезігіп қоянымды тартып жеп алды да, құдықтағы суға түсіп кетті.

– Бұл патша азығы еді, – десем:

– Патша батыр болса, маған келсін! – дейді.

Сонымен сізге құр қол келдім, – дейді. Сонда жолбарыс бір жақтан қарны
ашып, бір жақтан намысы қозып, ашуға булығып:

– Менен асқан қандай дәу екен ол, маған тез көрсет оны,– деп түлкіні

ертіп құдыққа келсе, айтқандай қоянның додыраған жүні жатыр. Мұны көріп онан ары ашуланған жолбарыс, түлкіге қарап:

– Ол қайда кетті? – дегенде, түлкі тұрып:

– Шамаңыз келер ме екен, апыр-ай! Бұл өте қауіпті көрінеді. Егер

шығып қалса, одан бұрын қимылдамасаңыз, оқыс қыларма екен, – деп жолбарысқа жанашырлық білдіре сөйлесе, жолбарыс онан ары ашуланып, әрі намыстанып:

– Тез, көрсет! – деп ақырыпты. Түлкі қатарласа келіп, өз сәулесін

түсірмей, жолбарысты бір адым алдыға жүргізіп, жолбарыстың судағы сәулесі көрінгенде қоянды тартып алған дәудің өзі осы, – депті. Сонда жолбарыс судағы өз сәулесін аңғармай, «бұрын қимылда» деген сөз есінде тұрып, суға бірақ секіріп түсіп, сол беті қайта шыға алмай, ашумен суға тұншығып өліпті. Сөйтіп, түлкі өзінің жолбарысты суға түсіріп өлтіргенін бүкіл ормандағы, біткен аңға жариялапты. Барлық аң біткен еркіндік алыпты.

98. Жолбарыс пен тиін

Ертеде бір тауда қалың орманды билеп-төстеген бір жолбарыс болыпты. Ол астам әрі озбыр екен. Зорлық-зомбылық істеуден сырт сол өңірдегі аң атаулыны мейлінше қорқытады екен. Күндердің бірінде осы жыртқыш жолбарыс қарт аңшының құрған торына түсіп қалады. Қанша бұлқынса да шыға алмай әбден титықтапты, шығудың еш тәсілін таба алмапты. Дәл осы кезде дес беріп, ағаш басында асыр салып секіріп, бір тиін шыға келіпті. Тиінді көрген жолбарыс:

– Құтқара көр! Құтқара көр! – деп дауыстапты. Күллі аңдардың

патшасының аңшының торына түсіп қалғанын көрген ақкөңіл тиін ағаш басынан секіріп жерге түсіп, жүгірген бойы жолбарыстың қасына келіп, торды тісімен қиыпты.

Жыртқыш жолбарыс іштей: «Мен соншалықты қайратты бола тұра, аңшының торына түсіп қалдым. Оның үстіне кішкентай тиінға жалынып-жалпайдым, әбден масқара болдым! Егер тиін бұл істі осы өңірдегі аңдарға айтып қойса, абыройымның айрандай төгілгені емес пе?», – деп ойлапты. Сөйтіп, ол орнынан ұшып тұрып тиінге қарай атылыпты:

– Тиін, енді қайда қашасың? – депті ақыра, шеңгелімен оны мыти

қармап, «Енді мылжа-мылжа болған шығар» деп ойлаған жолбарыс шеңгелін жазып қарайын дей бергенде, ағаш басына әлдеқашан шығып алған тиіннің құйрығын бұлғақтатып:

– Жолбарыс мырза! Менің істеген жақсылығымды ойлағайсыз! – деген

сөзі естіліпті.

99. Жолбарыс пен бақа

Күндердің бірінде бір жолбарыс жем іздеп өзен жағасына келе жатыпты. Бір бақа оны көріп қатты сасыпты. Ол жолбарыс мені жегелі келе жатыр ғой деп ойлаған екен. Сонымен қашуға үлгіре алмағандықтан, бір жертомардың үстіне секіріп шығып алып, жолбарыстың келуін күтіпті. Ол әбден таяғанда, онан:

– Ей, қайда барасың? – деп сұрапты.

– Бір нәрсе ұстап жейін деп бара жатырмын. Екі-үш күннен бері

тұмсығым қызылға тимей, аштықтан өлуге жеттім, сені жейін деген ойымда бар, сен тым құрдым екенсің, бірақ басқа жейтін нәрсенің қисыны жоқ. Өзің кім едің? – депті жолбарыс.

– Мен бақалардың патшасымын, әрқандай жерден секіріп өте алатын, әр

жұмыстың қандайын болса да істей білетін өнерпазбын. Кел, қане, алдымыздағы мына өзеннен қайсымыз бұрын секіріп өте алар екенбіз, – депті бақа, күжілдей сөйлеп.

– Жарайды, – депті жолбарыс секіруге оңтайланып. Бақа жер томардан

секіріп түсіп, оның құйрығының ұшына жабыса кетіпті. Өзеннің ар жағына секіріп өте шыққан жолбарыс қайырылып бақаны арт жағынан қарапты. Жолбарыс артына бұрылып қарай бергенде аузын босатқан бақа:

– Жолбарыс, арт жақтан немене қарап жатырсың? – депті.

Жолбарыс тағы бір айланып алдында тұрған бақаны көріп таң қалыпты, сонда бақа:

– Бұл реткі жарыстан ұтылып қалдың, біз енді басқа нәрседен

жарысып көрейік. Қайсымыз көп құсар екенбіз? – депті.
Ашығып қарыны қабысқан жолбарыс бір тамшыдай қара судан басқа

ешнәрсе құса алмапты. Ал бақа жолбарыстың жүні аралас көпіршік құсыпты. Бұған таңданған жолбарыс:

– Бұл құсқан қыл-қыбырларың не? – деп сұрапты.

– Кеше бір жолбарыс өлтіріп етін жеген едім, бұл сол жолбарыстың жүні

ғой, қорытылмай қалған, – деп жауап беріпті бақа.
Бұл кеше бір жолбарысты жалғыз жалмапты. Ал бүгін алысқа секіруден

менен асып түсті. Ахуалға қарағанда бұл бір дию болды, аман шағымда тайып тұрғаным жөн сықылды» деп ойлаған жолбарыс артына бұрылып тауға қарай зытып беріпті.

Жолбарыс қашып келе жатқан жолында бір түлкіге кез болыпты. Түлкі
одан:

– Нендей іс болды? Неге мұнша жінігіп қашып келесіз? – деп сұрапты.

– Ана-ана жерде, бақалардың патшасына кез болдым. Ол тым жоян екен.

Жолбарыс жейді екен. Екеуіміз өзеннен секіріп едік, менен озып өтті, – деп жауап беріпті жолбарыс. Түлкі мырс етіп:

– Ол не дегеніңіз, шынымен-ақ құртымдай көл бақасынан қорқып

жаныңызды қоярға жер таппай келесіз бе? Ол қолынан түк келмейтін әлжуаз неме еді, түлкі басыммен мен де табаныммен таптап мылжа-мылжа етемін, жүріңіз оның әуселесін мен-ақ көрейін, – депті.

– Бұл бақаның жөпшеңкі бақа емес екеніне көзім әбден жетті. Сен оны

көргенде мені тастай қашпасаң болды, – депті жолбарыс.

– Қашып кетеді деп қорықсаңыз, мені өз құйрығыңызға байлап алыңыз,

– депті түлкі.

Сонан олар құйрықтарын бір-біріне байлап алып, бақаға қарай бет түзепті. Жер томардың үстіне шығып шоқайып отырған бақа олар таяп келгенде түлкіге құжырлана дауыстап:

– Ей, түлкі, сен менің құзырыма не алман-салық тапсырмадың, не

қызарған ет әкелмедің, андағы құйрығыңды байлап әкеле жатқаның ит пе? Соны маған әкеле жатырсың ба? – депті. Түлкі сұм мені патшаның құлқынына тығу үшін әкеле жатқан екен ғой деп ойлаған жолбарыс қорыққанынан жалт бұрылып сорлы түлкіні дырылдата сүйреп безе жөнеліпті. Сілесі қатып өлмеген болса, олар күні бүгінге дейін сол беті қашқан болар еді.

100. Қабылан мен есек

Қабылан – қанға құныққан жыртқыш хайуан. Есек – дауысы зор, күніне талай рет аңырайтын хайуан.

Күндердің бірінде өзін жемекші болып келе жатқан қабыланды көрген есек:

– Мені жеуге батылың қайтып барар, мен айғайлап-ақ жүрегіңді тас

төбеңнен шығарамын, – депті.
Қабылан бұған сеніңкіремеген соң, есек бар даусымен аңырапты, ол

тоғыз рет аңырағанда тау-тас жаңғырығып, жер-дүние зіл-зала болыпты. Есектің зор дауысын естіген қабыланның көңіліне едәуір үрей пайда болыпты.

Сонан есек қабыланға:

– Қабеке, екеуіміз селбесейік! Сіздің қайратыңыз бар, екеуіміз біріксек,

осы бір таулы орман жұмсақ, жұдырығымызда, ашсақ, алақанымызда болмай ма? Сіз қысаңның аузынан торуылдаңыз, мен орманда тұрып аңырап, аң біткенді үркітіп, алдыңызға айдап салсам болмай ма? – депті. Қабылан бұған мақұл болыпты, сөйтіп, олар іске кірісіпті. Есектің айтқаны келіп, орман ішінен үркіп қашқан аңдар қабыланның алдына өзі келіпті. Етке мейілінше тойған қабылан бұған барынша ыразы болыпты.

Сондай болса да есектің қабілеттілігіне күмәнмен қарайтын қабылан:

– Есеке, бүгін тәсілімізді өзгертейік, сіз қысаңның аузына ие болыңыз,

мен орманға барып гүрілдейін депті.
Мұны естіп жүрегі зу ете түскен есек өзінің әлсіздігін сездіріп қоймау
үшін бұған да көніпті.
Есек қысаңның аузында торуыл жасап тұрғанда, үріккен аңдар

топ-тобымен жосылып шығыпты. Шынын қуғанда есектің бар болған өнері аңду ғана еді. Бұл аңдарды ол қайтіп ұстай алсын. Ол есі шығып бір жартастың қуысына тығылып алыпты. Сонда да бөксе жағы симай сыртта қалыпты.

Үріккен аңдар оның қасынан дүркіреп өтіп жатыпты. Сол аралықта бір ақымақ қарға келіп оның құйрығын шоқыпты. Сонда есек бар пәрменімен қарғаның тұмсығын бөксе жағымен тасқа басып алыпты. Біраздан кейін есектің әрекетін көрейін деп, қабылан келіпті. Сонда есек:

– Әттең, ешнәрсе келмеді, тек бір қарға ғана келіп еді, қолымды

істетпей-ақ ұстап алдым, мінеки, – деп көпіріпті.
Мұны естіп, қабылан есекті рас қабілетті екен деп ойлап оны жеуге бата
алмапты.
Міне, осылай, басқа жыртқыш хайуандар есекті жемекші болып тап

берсе, ол бар даусымен аңырайды екен. Қабылан оның даусын естісімен дереу жетіп келіп, оны жеп қояды екен. Өйткені бір нәрсе жәбір көрсетпекші болса, есек қатты аңырайтын болып екеуі осылай келіскен екен.

Алайда бір жолы бір жолбарыс есекке шауыпты. Есек бар даусымен аңырапты, бірақ күнде жетіп келетін қабыланның сол күні өзі түгіл, көлеңкесі де көрінбепті.

Қабылан кейін келіп қараса, оның орнында ұйыған қаны мен жемтігі ғана
қалған екен, сонда қабылан:

– Қолынан түк келмейтін неме екендігіңді бұрын білген болсам, мұны

әлдеқашан өзім жеген болар едім-ау, – деп қатты өкініпті.

101. Аю мен түлкі

Аюдың түлкіменен жүгірісіп жарысқысы келді. Сонда түлкі мұнысына көніп алып, ойлайды, қайтсем бұл аюдан мүлде құтыламын деп, аюдың әрдайым қылған азаптарына шыдай алмағаннан. Соның үшін түлкі ағаш ішінен іздеп жүріп бір үлкен ор тауып алады, қасқыр ұстау үшін қазып қойған. Сол ордың аузын бұтақтар, шөппенен жауып қойып, дәл ордың қасынан өзіне ін қазып қояды. Әлден соң түлкі аюменен орға қарай жүгірісе бастайды. Түлкі аюдан озып барып, бағанағы қазып қойған ордың жанынан ініне жасырынып қалды. Аю қалғанына разы болмай тура жүгіріп бара жатып орға түсіп кетіп, ор ішінде жатып жаман бақырып, қышқырады. Сонда түлкі оған болыстық қыламын деп уәде беріп, әдейі мергеншіге көріне салып жасырынып қалады. Сонда мергенші түлкіні іздеп жүріп, аюға кез болып, аюды соғып алады.

102. Аю мен маса

Алпамсадай аю жұдырықтай қоянды ұстап алып, ешбір жазықсыз құлағынан тартып қинады. Тіпті бір құлағынан бұрап, жұлып тастай жаздады. Қоян қатты қапаланды. «Құлақ жазылар, көздің жасы да құрғар-ау, бірақ кегім тарқамас! Не үшін қорлық көрдім! Қисық аяққа кездесіп қалсам құримын ғой! Оған жұлғыза беруге шыдай ма! Аю осы ормандағы аңдардың ең күштісі, мұңыңды кімге барып шағарсың? Қасқыр мен түлкі араларынан қыл өтпейтін оның сыбайлас достары! Енді кімнен қорғаныш табармын!» – деп жылады ол. Сол уақытты қалың қамыс ішінен:

– Маған қорғала! – деген жіңішке дауыс шіңк ете түсті.

Қоян сол көзінің қиығын тастап еді, маса екен.

– Сен қандай қорғаныш бола аласың! Ол – аю, сен шіркейсің. Аюға не істей алмақсың сен! Сенде қаншалық күш бар, байғұс-ау! – деді қоян.

– Мен оған ұйқы бермеуге жараймын, – деді маса.

Ыстық орман ішінде аю жанын қоярға жер таппайды. Әбден қалжыраған ол бүлдірген жапырағының үстіне жатып дем алмақшы болды. Көзін жұмғаны ғана сол еді, нақ құлағының үстінен:

– Ызың-ң-ң! Ызың-ң-ң! – деген дыбыс естілді.

Аю масаның даусы екенін тани қалды. Масаның мұрнына келіп қонатын мезетін күтіп, әзірленіп жатты ол. Маса айнала ұшып жүрді де, аюдың тұмсығына келіп қонды. Қисық аяқ ойланып жатпады, бар күшін салып сол жақ табанымен мұрнын ұрып кеп қалды. «Аюдың тұмсығына қонудың немен тынатынын маса қайдан білсін!» Аю оң жағына аунап түсіп көзін жұмып, есіней беріп еді, тағы да құлағының тұсынан:

– Ызың-ң-ң! Ызың-ң-ң! – деген дауыс естілді.

Маса, сірә, аюдың табанынан құтылып кеткен болу керек!

– Енді қай жеріме қонар екен ол, – деп ұйықтаған боп, қозғалмай тыңдап жатты аю.

Қисық аяқтың маңында ызыңдап-ызыңдап жүріп, маса бір мезетте тым-тырыс бола қалды.

– Ұшып кетті ғой деймін, қарғыс атқан! – деп күрсінді аю. Маса бұл кезде құлағының түбіне ептеп қана кірді де, шым еткізіп шағып алды. Аю орнынан секіріп тұрды. Шырқ айналып оң табанымен құлағын салып кеп қалғанда, көзінің оты жарқ ете түсті. «Маса енді аюды шағуды мүлде есінен шығарар!»

Қисық аяқ құлағын бір сипап қойып жайланыңқырап жатты. Енді ұйықтауға болады! Көзін жұма бергені сол-ақ еді, бас жағынан тағы да баяғы ызың естілді.

– Бұл не деген беймаза еді! Неткен берік шіркей!

Аю жерге бір түкірді де, маса маза бермеген жерден кетіп қалды. Қисық аяқ бүкіл орманды кезіп, бұта-бұтаның арасымен жүріп келеді, ұйқысы келгендіктен, аузын арандай ашып есінейді, ал маса соңынан қалар емес.

«Ызың-ң-ң! Ызың-ң-ң!»

Аю жүгіре жөнелді, жүгіре-жүгіре әлі құрып, бір бұтаның түбіне келіп құлады. Демалып жатып, тың тыңдайды. Маса қайда! Орман іші жым-жырт. Көзге түртсе көрінбес қараңғы. Төңіректегі күллі аңдар мен құстар баяғыда-ақ шырт ұйқыға кірген. Жалғыз аю ғана ұйықтай алмай, әбігерленуде.

– Міне, пәле! Бір жаман масаның мені осыншалық әурелегенін көрдің бе? Осы мен кәдімгі аюмын ба, жоқ па? Тіпті одан қашып құтылғаныма да мың қат шүкіршілік. Енді рақаттанып ұйықтайтын шығармын, – деді аю.

Аю жаңғақ ағашының астына барып орналасты. Көзін жұмды да, қалғып кетті. Ол түс көре бастады. Түсінде орман ішінен араның ұясын тауып алыпты, онда бал тіпті көп екен. Ол ұяға аяғын сала бергенде, кенет: «Ызың-ң-ң!» – деген дауыс тағы естілді. Маса аюды тағы да қуып жетіпті. Қуып жетіп, оятып жібереді. Қисық аяқ отырып алып, ызаланып ыңқылдай бастады. Ал маса тас қараңғыда оны айналып, біресе қатты, біресе жай ызыңдай берді. Дызылдап-дызылдап маса жым-жырт бола қалады. Аю тыңдап тұрып, жаңғақ ағашының түбіне жасырына түсті де көзін жұмып, қалғып кетті, бойы да жылына бастағаны сол еді, маса тағы ызың-ызың ете қалды. Қисық аяқ бұтаның түбіне шықты да, жылап қоя берді. «Соңымнан қалмай қойдың-ау, қарғыс атқан! Тұра тұр, бәлем! Таң атқанға дейін кірпік ілмей отырсам да сенің көзіңді жоярмын!» – деді. Маса күн шыққанша аюға ұйқы бермеді. Әбден қалжыратып, есін кетірді. Таң атқанша аю көз шырымын алмады. Өзін-өзі соққылап, бар денесін көгертті, бірақ масаны жеңе алмады. Күн шықты. Ормандағы аңдар мен құстар әбден ұйқысы қанып оянды. Ән шырқап, шаттанды. Жаңа күнді тек аю ғана көңілсіз қарсы алды. Орман ішінде оған қоян кездесті. Үсті-басы ұйқы-тұйқы, жүні ұйпалақ-ұйпалақ болған аю аяғын зорға басып, сенделіп келеді. Көзін аша алмайды, құлағынан масаның ызыңы кетпейді.

Қисық аяқты тәлкектеп,қоян әбден мәз болды.

– Ай, маса! Жарайсың, маса! – деп, көзінен жас аққанша күлді.

Кімді айтса сол келеді дегендей, манағы таныс маса тап бола кетті.

– Аю көрдің бе?

– Көрдім! Көрдім!

Қоян күлкіден ішін басып тұр.

– Сен қалай жеңдің оны?

–А, біз жалғыз емеспіз ғой, – деді маса, біз сендердей жалғыз-жалғыз жүрмейміз және қорқақ та емеспіз.

Қоян бір бұтаның түбінде жалғыз шоқиып отырып қалды, ал маса аюдың артынан ызыңдап ұша жөнелді.

103. Үш аю

Ертеде қалың тоғай ішіндегі үлкен бір үңгірде үш аю тұрыпты. Олар түнімен тоғайды аралап, күн ысыған кезде үңгірге кіріп жатады екен. Ең ірісі және мықтысы ақ төс аю болыпты. Қазандай тасты допша домалатып ойнайды екен. Күштілігіне мақтанып, кішкене аңдарға маза бермепті.

Бір күні түлкіні құйрығынан ұстап жұлқылайды. Екі аю:

– Түлкі бізге тиіскен жоқ қой, қоя бер, – депті.

– Бұл түлкі мені сыйлап жүрем десе, жіберем! – деп, құйрығын бұрай түседі аю. Құйрығы ауырған түлкі қыңсылап:

– Аю аға, босатшы мені, сыйлап жүрейін, – деп жалыныпты. Аю есіріп:

– Енді түлкі мені сыйлап жүреді! – деп мақтаныпты.

Тағы бірде қасқырды ұстап алып, аяғын мытып, құлағынан жұлқылап, босатпай, есін шығарады. Екі аю тұрып:

– Қасқыр бізге тиіскен жоқ қой, – депті.

– Егер мені сыйлап жүремін десе, босатамын! – деп, гүр-гүр етіпті ақ төс аю. Жаны қиналған қасқыр қырылдап:

– Аю аға, сыйлап жүрейін, – деп жалбарынады.

Ақ төс аю екі серігіне:

– Енді мені қасқыр да сыйлап жүретін болды! – деп қоқиланыпты.

Екі аю:

– Сені бұдан былай түлкі мен қасқыр жек көреді және ешқашан сыйламайды. Өйткені сен оларға күш көрсетіп, жәбірледің, – депті.

– Жоқ, сыйлайды, – деп екіленіпті ақ төс аю.

Ақыры екі серігінен бөлініп кетіпті. Тоғайды аралап ұзақ жүреді. Бір уақытта әлгі өзі жәбірлеген қасқыр бір топ ұяластарымен ақ төс аюдың алдынан шығыпты.

– Сен маған жазықсыз азап көрсетіп едің ғой, енді бәріміз жабылып, сені талаймыз, – депті қасқыр.

Көп қасқырдан зәресі ұшқан ақ төс жуан бір ағаштың басына өрмелеп шығып алып, аман қалыпты. Қасқырлар біраз тұрып-тұрып кетіп қалыпты. Сонан соң жерге түсіп, жан-жағына қарап, сескеніп келе жатса, өзі жәбірлеген түлкі кездесіпті. Түлкі сызылып:

– Аю аға, неден қорқып келесің? – деп, жайын сұрапты.

– Көп қасқырдан қашып келемін, – депті ақ төс аю ентігіп.

– Онда жылдам бері қарай жүр, жаңа мына жақтан қасқырлар көрініп еді, – дейді түлкі жол көрсетіп.

Түлкі нұсқаған жаққа тұра қашқан аю күмп беріп батпаққа түсіп кетеді. Түлкі аюдың қасына келіп, сықылықтап күледі де:

– Сен ана жолы маған жазықсыз жәбір көрсетіп едің, сол үшін сазайыңды тартқызғым келді, – деп кетіп қалады.

Ми батпаққа батқан ақ төс аю әуреге түсіп, өліп-талып әрең шығады. Шаршап-шалдығып, сүмірейіп үңгірге оралады.

– Саған не болды? – дейді екі серігі.

– Мені қасқырлар қоршап алып, талап тастай жаздады. Содан ағаштың басына шығып құтылып ем, қайтып келе жатқанымда түлкі кездесті. Ол мені алдап, батпаққа батырып кетті, – дейді ақ төс аю мұңайып.

– Күшіңе сеніп, әлсіздерді күшпен сыйлатам деген ойың дұрыс емес екендігіне енді көзің жеткен шығар, – депті екі серігі.

104. Маймылдың өлімі

Баяғыда бір түйе болыпты. Ол бұта басын шалып жеп, ағаш жапырағын сыдырып жеп, бірде ойда, бірде қырда кезіп жүр екен. Күндердің бірінде маймылдар жасап жатқан ну орманға келіпті. Ол әдеті бойынша ағаш жапырағын сыдырып жеп, ағаш біткенді сидалай бастапты. Ағаш басында секіріп жүрген маймылдар түйеге таңырқай қарасыпты. Маймылдардың арасынан біреуі:

– Ой, досым, сен біздің жесек азық, жатсақ жамылғы, отырсақ төсеніш болатын жапырағымызды қидай сыпырып, орманымызды жалаңаштауың қалай? – депті.

– Е, маймыл досым, сен білмейсің ғой, мен бір рет тоя жеп, шөлімді қандырсам, қырық күн аштық пен шөлге шыдаймын, биыл ағаш басы сояу болғанымен келер жылы қайта көктеп, жапырақ жайып, мәуелейді-деп жапыраққа тойған түйе маң-маң басып кете беріпті.

Жыл айланып жапыраққа дәндеген түйе жаз күндерінің бірінде маймылдардың орманына қайта келсе ағаш жапырақтары төгіліп, маймылдар ағаштан-ағашқа секіріп, мәз-мәйрам болып жүріпті. Баяғыдағы маймыл түйеге:

– Ей, досым аман келдің бе? Сен расында керемет екенсің! Жазымыз жадырап, көңілді өтіп жатырмыз, бұдан былай екеуіміз дос болайық-деп маймыл мен түйе араларынан қыл өтпейтіндей дос болыпты. Олар бір көлдің жағасын мекендеп, тұрмыстарын жақсы өткізіп, достық барыс-келісті нығайта түсіпті. Бір жылы құрғақшылық жүріп, жан-жануарларға ауыр апат әкеліпті. Маймыл өз қамын ойлап, түйені өлтіріп азық ету арам ойына келіп:

– Екеуіміз аштан өлеміз бе? Басқа жануарлар апаттың алдын алып, азық жинап, қамданып жатыр. Біз бақшаға барып алма жиып алайық – деп түйені бақшаға ертіп барыпты. Түйе алмаға тойып алып, керіліп тұрғанда бағбан келіп қалады. Осы кезде залым маймыл ағаштан-ағашқа секіріп құтылып кетеді. Бағбан түйені ұстап алып өлімші етіп сабап, көгала қойдай қылады.

Маймылдың өзіне қас ойлағанын сезген түйе:

– Бұл арадан кетейік өйтпегенде бағбан екеуімізді де өлтіреді, өзеннен өтіп, арғы жақ жағаны мекен етіп тіршілік көрейік депті.

Сонда ақымақ маймыл түйеге секіріп мініп алыпты. Түйе өзеннен өтіп келе жатып шөге қалғанда, маймыл суға ағып кетіпті. Сөйтіп, «Біреуге ор қазсаң өзің түсесің» дегендей түйеге қастық ойлаған маймыл өзін-өзі жоюмен тынады екен.

105. Маймыл мен шегірткенің сайысы

Өте бір ертедегі кезде қатты қуаңшылық болып ормандар, жемістер солып, маймылдардың жеуіне еш нәрсе болмай қалғандықтан, олар шегірткені ұстап жеуге кіріседі. Бұның салдарынан шегіртке маймылдармен өштеседі. Бір күні шегірткелер маймылдарға қалай төтеп беруді ақылдасады. Сонда бір топ шегіртке:

– Маймылдың күші мықты, бірақ олардың саны өте аз, ал біздің күшіміз әлсіз, бірақ біз өте көппіз. Тек бірлесіп қимыл жасайтын болсақ, маймылдарға төтеп бере аламыз, – деседі. Шегірткелердің бұл кеңесін бірнеше маймыл естіп қояды. Олар айғұлақтана айқай салып:

– Ей, кішкентай өлімтіктер, біз жаппай қимылға келетін болсақ, тұқымдарыңды тұздай құртамыз. Сендер айла істетсеңдер де бізге төтеп бере алмайсыңдар,-дейді. Шегірткелер маймылдың қоқан-лоқысын тыңдамай, жалғасты түрде кеңесе береді. Ол бір айла, бұл бір ақыл ортаға қойысады. Сонымен шегірткелер таңғы шық әбден құрғап, күн шыжып, ми қайнайтын кезді сайысқа түсудің ең жақсы кезі деп қарасады. Сонан әлгі бір топ маймылға:

– Ертең түстен бастап сайысуларыңызға дайынбыз, – деп жауап береді. Маймылдар өз тобына ахуалды айтып келеді. Олар ағаштың бұтағынан, қурайдан шегіртке сабалайтын қару дайындайды. Су ішетін бұлақтарын аршиды. Шегірткелер жерге біткен қылтандарды сорып, әл дәрмендерін қуаттандыра түседі. Түнде өрмелеп, бұлақтардың көзін бітеп тастайды.

Ертесі сәске кезінде сайыс басталады. Топталған маймылдар қолдарындағы аша, қурайлармен жерді сабалап, айғай-сүрен сала шабуыл қозғайды:

– «Өлімтік, ұсақ құрттар, қанеки қашып құтылғандарыңды көрейік, сенің қауқарың неге жетпек»десіп шуылдайды.

Күннің қызуына құшырлана қанаттарын керіп, аяқтарын серпіп, ағаш бойы секіруді, аспанда ұшуды машықтанып жатқан шегірткелер абыржымайды да саспайды. Олар:

– Күн шыжи түссін, аптығып кетпеңдер ақылсыз арбаңбайлар, кішкентай құрттың да керемет екенін көресіңдер әлі, – деп жан жақтан шырылдап үн қатады маймылдарға, топты маймыл шегірткенің шықтан қорқатын, судан қорқатын әлсіздігін білмейді. Құр сес көрсетіп шегірткені қорқытпақшы болады.

Күн төбеге жақындай түседі, жер әлем қатты шыжиды. Осы кезде шегірткелер:

– «Ал сайысқа түскеніміз түскен» деп соғыс жариялайды. Қалың маймыл қолдарына ағаштың бұтағы мен қурайды алып жерді сабалай бетке ұмтылады. Шегірткелер өз кеңестері бойынша дүркіреп аспанға шығады. Бір жерге қонып шөп нілімен тамақтанып алған соң маймылдар жетіп келгенде тағы ұшып көкке шығады. Сөйтіп, кешке дейін маймылдар олай бір, бұлай бір жүгіріп әбден діңкелері құрып, көздері қарауыта бастайды. Шөліркеп суға ұмтылса, су біткеннің бәрі шегіртке қырыққан шөп қурайлармен бітеліп, көруге де болмайтын болып қалғандықтан, су таба алмайды. Өстіп маймылдардың дәрмені құрыған кезде шегірткелер ұшып келіп, олардың өне-бойын, басын, бет-аузын жыбырлатып тырнай бастайды.

– Қане, шамаларың жетсе, бізді қырып тастамайсыңдар ма? Міне, үстілеріңе қондық, таяқтарыңмен ұрмайсыңдар ма, – деп жан-жақтан шұрқырайды. Мұны естіген маймылдың кейбіреулері қасында жүрген маймылдың төбесіне үймелеген шегірткені ұрып өлтірмек болып, ол маймылды сабалай жөнеледі. Мұны көрген маймылдың тағы бір тобы «Соғыстың жақсы әдісі енді шыққан екен» десіп, өздерінен басқа бір топ маймылға қонған шегірткені жоғалтпақ болып, оларды таяқпен ұрып қуалай жөнеледі. Ыстық күнде күшейіп алған шегірткелер бүкіл маймыл біткеннің бәрінің төбесіне қонып ұшып, ұшып қонып келемеж етеді. Ессіз маймылдар бірінің қасына бірі келіп:

– «Төбемдегі шегірткені бір қой», «Мұрыныма қонған шегірткені ұрып жықшы», «Шықшытымды қышытып жіберді, таяғыңмен жанып қалшы», «Иығыма...арқама жармасқанын қарашы, таяғыңмен ұрып жаншып тасташы» деседі. Сонымен барлық маймыл бірін-бірі ұрып өлтіре береді, өлтіре береді...шегірткелер мазақтап көкке ұшып, жерге түсіп маймылдарға ырық бермейді. Кеш бата маймылдың барлығы қирай жоқ болып, өздерін-өздері жамсатып тауысады. Ең соңында үш сайда үш маймыл қалады. Сайдағы шегірткелер бұл маймылдың құлақтарына дейін қонып жыбырлата түседі. Бұл маймылдар «мені соқ... мені соқ» деп алды-артына қарамай безіп жүріп әбден діңкелері құрығанда жығылып түседі. Оларды соғатын маймыл қайдан болсын, әлдеқашан бірін-бірі соғып күйреп болған. Сонан олар көптен кейін естерін жиып төңірегіне қарайды. Сөйтсе серіктері қырылып қалыпты. Содан олар:

– Қап, тегінде біз таңғы шықтың мол кезінде соғысқа аттанбай, шегірткелерден алданып қалған екенбіз. Енді өкінгенмен түсер пайда жоқ. Серіктеріміздің ең соңғы бір ұрпақтары болып, басымызды аман сақтап қалғанымыздың өзі-ақ үлкен олжа, – деседі де зытып беріседі. Шегірткелердің бір тобы олардың құлақ түбінде шұрқырап:

– Қалай екен, бізді өлімтік құрттай деп, көзге де ілмеп едіңдер, ал тірлігі мықты батырларым тойдыңдар ма? Ұсақты әлсіз дегеніңмен ол бірігіп қимыл жасаса, керемет екенін көрсетеді, – дей береді. Маймылдар құлағынан шыққан шегірткелер үнінен онан арман қорқып зыта береді, зыта береді...

106. Айна мен маймыл

Бір күні маймыл айнаның алдына келіп өз суретін көреді. Ол маймылдың қасында аю да бар екен. Ақырын аяғымен түртіп қалып аюға айтады:

– Әй, мына перің кім өзі, ұрымтал жерде тұрған. Шіркін, мұндай көрім болар ма, он екі мүшесінің бір сиықты жері жоқ. Егерде мен осыған ұқсаған болсам, бұл дүниеде тұрмай-ақ өлгенім жақсы, – деп, пышаққа ұрынып өлер едім. Аю жолдас, мен бұған ұқсамағанмен де менің жолдастарымның арасында осындай көк соққандар көп, бәрі де осыған ұқсайды десе де болады, – деп мазақ айтып күледі.

Аю асықпай біраз ойланып: «Маймыл жолдас, сен бұлай деп айтпа, егерде ондай айтатұғын болсаң әуелі өзіңнің сиқыңа абайлап қарап, сонан кейін мұндай сөзді айтcаң сияды», – деп ақыл береді. Маймыл бұл сөзге ашуланып: «Жолдас болып жүріп осындай көңілге келетін сөзді айтасың, мен сенен жаман болғаным», – деп, айнаны аяғымен бір салып, тарс-тұрс етіп жөнеледі.

107. Маймыл мен бақа

Бір маймыл көлге барып су ішіп жүріп бір бақамен танысыпты. Олар бірте-бірте достасып та кетіпті. Ол екеуі үнемі бірге ойнап-күліп жүреді екен. Бір күні екеуі көл жағасындағы көк жасаңда ойнап-күліп отырғанда, бақа маймылды көлдегі мекеніне барып тамашалауға ұсыныс етіпті. Судан өлердей қорқатын маймыл барудан жүрексініпті.

– Сен менің арқама мініп, көзіңді тарс жұмып, отырсаң болды. Сені көл түбіне өзім-ақ алып түсемін, – депті бақа.

Маймыл таңсық көріп, оның арқасына жабысып көлге түсіпті. Маймыл бірнеше күн бақаның үйінде ойнап-күліп жүріпті. Маймылдың жүрегі күллі науқасқа ем болады деп естіген бақа, оны өлтірудің қазанын асып:

– Достым, анамның науқасы салмақты болып тұр, дәрігердің айтуынша,

маймылдың жүрегін жесе ғана сауығады екен, меніңше енді мен не істеуім керек, – депті.

Маймыл әдейі таңданғансып:

– Әттең, бақа-ай! Екеуіміздің дос болғанымызға ұзақ уақыт бола тұра, сіз маймылдардың жүрегі әмсе ағаш басында ілулі тұратынын білмеуші ме едің? Мені жағаға алып шығып, жүрегімді алып қайт, сөйтіп анаңды емдетсең болады, – депті.

Сонан бақа маймылды арқалап жағаға шығарыпты. Тауға келгеннен кейін маймыл ағаш басына өрмелеп шығып бақаға:

– Досым, аузыңды аш, жүрегімді үзіп тастайын, – депті.

Бақа аузын ашып тұрыпты, маймыл жабысқақ құмалақтарын
уыстап алып бақаның аузына тастап:

– Бақа, бақа маймылдың жүрегін емес, құмалағын жедің! – деп

сықылықтай күліпті.

108. Қоянның зары

Бір қоян жылап отырып сөйлейді: «Дүниеде мендей сорлы жоқ. Бәрі де менің соңымда: аңшы да, ит те, қасқыр да, түлкі де, қаршыға да, бадырақ көз жапалақ та, ақымақ қарға да менің балаларымды тасиды. Қорғанарға қаруым жоқ. Тиінше ағашқа шыға алмаймын. Тышқанша ін де қаза алмаймын. Тісім өткір, бірақ тістеуге батылым жетпейді. Қорқақтық болмаса, дүниеде жүгіруге де болар еді. Бір дыбыс естісем, құлағым тікірейіп, жүрегім лүпілдеп, шапшаң жүгіре бастаймын, мені тез қуып жете алмайды, құйрығымның қысқалығы да жақсы, итке ұстауға болмайды. Бұлардан да пайда жоқ. Бір жыл болмай мені ұстап өлтіреді. Терімді сойып алады, етімді жейді, сүйегімді итке тастайды».

109. Айлакер қоян

Бір қоян өте айлакер екен. Байқаусызда өзін ұстап алған қасқырға да, түлкіге де айламен құтылып кетіп жүреді. Бір күні қалың бұталы сайды аралап келе жатады да, апанының аузында алқынып, шаршап отырған аюды көреді. Қалқиып қарсы алдына тұра қалады да, оны мазақтап, әндете бастайды

– Әй, Қорбаңбай, Қорбаңбай,

Күнің қараң болған ба-ай?
Кезіп қалың ағашты,
Жүруші едің ордаңдай.
Әлің бітіп қалыпты,

Енді өлесің, сормаңдай!..

Оның бұл қылығына ыза болған аю тап берген кезде, қоян зыта жөнеледі. Түбір-түбіртіктерден орғып, ұстатпай кетеді. Сол бетімен бұта-бұтаны аралап, әр жерден жүрген қояндарды жинап алады.

– Жүріңдер, мен сендерге бір қызық көрсетейін, – дейді. Оның лепіргеніне қояндар таңданысады. Сонда да әуестеніп:

– Ол қандай қызық?..– деп сұрасады.

– Еріңдер соңымнан, барған соң білесіңдер.

– Жүр ендеше, – деп, басқа қояндар соңынан ілеседі.

Сытырлаған сыбырды естіген аю қалың бұтаның арасына тығыла қалады. Әлгі қоян аюды апанында жатқан шығар деп ойлап, тақап барады да:

– Әй, Қорбаңбай, тыңда, – дейді де, әндете өлең айту үшін тамағын кенейді. Сол кезде тасада тұрған аю шап беріп, қоянның едірейген құлағынан ұстай алады.

– Ә, бәлем, түстің бе қолға? – деп кіжінеді. Мұндай оқиғаны күтпеген қоянның зәресі ұшады.

Басқа қояндардың күліп тұрғанын байқаған соң барып, тез есін жинайды да:

– Аю аға, жаңағы ағаттығым үшін мен өзіңнен кешірім сұрағалы келіп ем, – дейді жалбарына айлаға басып. – Мына қояндарды куә болсын деп, әдейі ертіп келіп ем.

Мұны естіген соң:

– А, солай ма?..– деп, аңқау аю қоянды босатып қоя береді. Сөйтіп, айлакер қоян тағы да амалын асырған екен.

110. Тапқыр қоян

Аңдардың патшасы арыстан бәйге жариялапты. Бір қазан суды қайнаттырып қойып:

– Осы суды кім ішіп қойса, көп сыйлық беремін, – деген шарт қойыпты.

Аңдар бірінен соң бірі келіп, қанша өжеттенсе де, қайнап тұрған суды ішуге батылдары бармапты.

Ең соңында қоян келіп, қып-қызыл шоқта тұрған қазанды көтеріп алады да:

– Ыстықтай ішуді өте жақсы көремін, – деп жан-жағына қарайды.

– Ендеше іше ғой, – дейді аңдар аңтарылып.

Қоян ұзыннан-ұзақ қаз-қатар тізіліп тұрған аңдарды жағалай жүріп:

– Мінеки, достарым, мынау, ыстық су. Көздеріңмен көріңдер, – деп, бас-басына көрсетіп шығады.

Сөйтіп, қоян аңдарды басынан аяғына дейін аралап шыққанша, қазандағы су суып қалады. Сол кезде қоян суды басына бір-ақ көтеріп, сіміріп салады. Шошынған аңдар ауыздарын ашып, көздерін жұмысады.

Ал алданған арыстан патша қоянға көп-көп сыйлықтар бергізіп:

– Міне, нағыз ер! – деп мақтапты.

111. Көжек

Бір қоянның жалғыз көжегі бар екен. Сужүрек, қорқақ болыпты. Сондықтан енесі сыртқа шыққан кезде есікті жауып, бекітіп жүреді екен. Жатағында жалғыз қалған көжек бір бұрышқа тығылып, қорыққаннан қалшылдап отыратын әдеті болыпты. Бір күні енесі ұзақ кешіккен соң, көжек қарны ашып, сыртқа шығады да, тоғайға қарай бет алады.

Сол кезде алдынан бір тышқан шыға келеді де:

– Қайда барасың? – деп сұрапты. Қоян не айтарын білмей, қалшылдап тұрып, жылап жіберіпті.

– Апам жоқ...– деуге тілі зорға келіпті.

– Мына тоғайдың ішінде жүрген шығар, – деп, тышқан қорқақ көжекті әрі таман шығарып салыпты.

Көжек бүгежеңдей басып, әрі қарай кетіп бара жатса, қарсы алдынан түлкі ұшырасыпты.

– Қайда барасың? – деп сұрапты түлкі сөзге айналдырып. Тышқан өзіне тиіспеген соң бұл да жөн сілтер деп ойлаған көжек:

– Апама барамын, – деп, шынын айтыпты. Түлкі жылмаңдап, алдарқата бастапты.

– Апаң үйіне кетті ғой, – депті алдап.

Көжек алды-артына жалтақтай қарай, үйінің қай жақта қалғанын айыра алмай, жылап тұрып, түлкіден:

– Маған үйімді көрсетіп жіберші, – деп өтініпті.

– Онда соңымнан ер! – депті түлкі сумаңдай ілгері адымдап.

Көжек бүгежеңдеп, түлкінің соңынан ілесіпті. Содан аңқау көжекті өзінің үйіне ертіп әкеп, ішке кіргізеді де, есікті бекітіп қояды.

– Енді ешқайда қашып құтыла алмайсың. Мен сені жеймін, – дейді де, тісін сақылдатады. Қорыққаннан көжектің зәре-құты қалмайды.

– Босатшы, ағатай!..– деп жалынады көжек зар еңіреп.

Көжектің жалынышты үнін, түлкінің зіркілдеген даусын естіп, түлкінің үйіне қасқыр кіріп келіпті. Бүрісіп, қалшылдап тұрған көжекті көріп:

– Менің аш екенімді біле тұрып көжекті неге маған сыйламадың? – деп ақырады түлкіге.

Сонда түлкі мен қасқыр таласып, біріне-бірі айбат шегісіп, алыса кетеді, төбелес басталады. Осы арпалыс кезінде көжек зып беріп сыртқа шығады да, қаша жөнеледі. Асқа таласқан түлкі мен қасқыр бірінің қанын бірі жалап, қала беріпті.

112. Көжек

Баяғы заманда көп аң бір қалың орманды мекен еткен екен. Терістіктегі ащы көлдің суын ішуге аңсары ауған бір лақ теке мен бір тоқты қошқар сол жаққа бара жатып бір кәрі қасқырға кез болыпты. Көптен бері аузы қызылға тимеген қасқыр лақ текемен тоқты қошқарды көргенде:

– Ашыққан шағымда келе қалғандарың мұндай жақсы көрім болар ма,

енді мен сендерді жеймін! – депті.
Қасқырдың сол сөзін естіген лақ теке мен тоқты қошқар қорыққанынан
қалшылдап не қыларын білмепті. Тек дәтке қуат дегендей:

– Біздің ащы су ішпегенімізге ұзақ күндер болды, денемізде саудыраған сүйектен басқа ештеменің жоқ екенін көріп тұрсыз, онан да қазірше сабыр етіңіз, біз көлге барып ащы суға қанып, семіріп қайтайық, сонан соң жеңіз, – деп жалыныпты.

Бұл да табылған ақыл екен, ащы су ішіп семіргеннен кейін жесем, еті тіпті де дәмді болар деп ойлаған қасқыр өзен жағасындағы бір қара ағаштың түбінде оларды күтпек болыпты.

Ащы су ішіп әбден сарықтарын басқан соң лақ теке мен тоқты қошқар қайта қайтыпты. Олар жол бойында біресе жылап, біресе күліп келе жатыпты. Жасаң жазықта асыр салып жүрген бір қоян олардың бұл әрекетін көріп таңырқап:

– Екеуің қайғы-қасірет шегіп келесіңдер ме? Әлде қуанып келесіңдер

ме? Қуанып келе жатыр дейін десем жылайсыңдар, қайғылы дейін десем күлесіңдер, екеуің қалайша сөйтесіңдер? – деп сұрапты. Лақ теке мен тоқты қошқар:

– Біз көл жағалауына барып ащы су ішейік деп келе жатқан

жолымызда жыртқыш қасқырға тап болдық. Ол бізді жемекші болды. Сонан біз оған ащы су ішіп семіріп қайта оралғанымызда жеңіз деп жалынып-жалбарындық, ақыры оны көндірдік. Қазір ол өзен жағасындағы бір қара ағаштың түбінде бізді тосып отыр. Біз енді соған тамақ болғалы бара жатырмыз, ендеше біз жыламай кім жылайды? Ал күлуіміздің себебі ащы су ішкен соң күлеміз, – десіпті.

Мұны естіп мұртын сипаған көжек:

– Сендер бұған бола қайғырып көңілдеріңізді бұзбаңыздар, мен

сендерді құтқарудың амалын табамын. Сендер осы арада біраз тоса тұрыңдар, – депті. Сонан ол шынжыр көпірдің жанындағы дұғалық жазылған бір обаға жүгіре жөнеліпті.

Көп кешікпей дұғалық жазылған обадан қолтығына жарты табақ қызыл қағаз қысып, көжек қайта оралып, оны лақ текенің үстіне салыпты. Сонан олардың құлағына әлде нені айтып сыбырлапты. Олар бұған мақұл болып бастарын шұлғысыпты.

Олар өзара келісіп болған соң көжек лақ текені мініп, тоқты қошқарды ертіп жүріп кетіпті. Олар жүре-жүре бір қыдыру уақыттан кейін, қасқырдың күтіп отырған қара ағашына да таяпты. Көжек бажырая қараса қасқырдың көздері қанталап кеткен екен, осы келген үшеуін бірдей жұтып жіберетіндей болып отырса керек. Сонан тап беріп үлгіргенше көжек:

– Тоқтым, ханның бұйрығын әкел! – деп саңқ етіпті. Тоқты қошқар

көжекке суретті қағазды қос қолдай ұсыныпты. Көжек оның шиыршығын жазып оқыған болып:

– Жолбарыстың терісі жүзге толыпты, қабыланның терісі де жүзге

толыпты, қасқырдың терісі тоқсан тоғыз екен, тоқтым ұмтыл, анау қасқырды дереу ұстап әкел, – деп дауыстапты. Көжектің бұйрығын естіген қасқыр қорыққанынан жалт беріп қаша жөнеліпті. Қасқыр құныперен болып қаша-қаша бір тау басына келгенде, қарсы алдынан бір түлкі кез бола кетіпті. Қасқырдың мұндай кейіп-кеспірін көрген түлкі:

– Қасеке, осыншама құныперен болып нені қуып келесіз, оны екі

жақтап ұстап алсақ болмай ма? – дейді.
Әрі қорқып, әрі шаршап титықтаған қасқыр алқынғанын әрең басып:

– Тау жақтан бір ұлық келіпті, астында мінгені – теке, қасына ерткені

– қошқар, мені көрген жерден ол ханның бұйрығын оқыды. Ол жолбарыстың терісі жүзге толыпты, қабыланның терісі де жүзге толыпты. Қасқырдың терісі тоқсан тоғыз екен деді де, қошқарды мені ұстауға жұмсады. Егер осы жүйріктігім ес қатпаса, әлдеқашан терім сылынып, сол ұлықтың қанжығасына бөктерілген болар едім, – дейді.

Түлкі құйрығын бұлғақтатып, қасқырға жұбату айтады:

– Осы жыныс орманда екеумізден ақылды, күші асатын хайуан

қайдан болсын! Оларды маған көрсетіңіз, амалын тауып ұстап жейміз, – дейді.
Қасқырдың жүрегі орнына түсе қоймаған еді, оның үстіне түлкіден

бұрын бірнеше алданып қалғаны бар, сондықтан ол бірден ризалық білдірмейді. Қасқырдың жауап бермей күрмеліп тұрған себебін сезген қу түлкі:

– Бұл жолы сізді әсте алдамаймын, егер бұл сөзіме сенбесеңіз

құйрығымызды біріміз-біріміздікіне байлап, бірге жүрейік, – деп құйрығын қасқырға ұсынады.

Сөйтіп, құйрықтарын бірі-бірінікіне байлап алған қасқыр мен түлкі аяқтарын аңди басып, етекке түседі. Манағы қарағайдың түбіне келгенде қасқыр өзін қошқарға ұстатпақшы болған көжекті анадай жерден жазбай танып, түлкіге: Қошқарды ертіп, текеге мінген төрені көрдің бе? Бізге қарай ұмтылды, білем! – дейді. Текеге мініп келе жатқан төре емес, көжек екенін таныған түлкі миығынан күледі. Бірақ бұл сырды қасқырға айтпайды. Ол қасқырды алдап жолға салып, бұларды өзім оңаша жеп бір тояйын деп ойлаған еді. Сөйтіп, ол қасқырды алдаудың амалын қарастырып тұрғанда, ақылды қоян:

– Түлкі мырза, қасқырды ұстап әкеліп үлкен құрмет білдірдіңіз, бүгін

кеште қасқыр етін тоя жеп, арпа арағын ішіп божимыз әлі, - деп дауыстайды.
Түлкіге онсыз да сенбей келе жатқан қасқыр көжектің сөзін естісімен –

ақ жалт беріп зыта жөнеледі. Ол сол қашқаннан мол қашып, көп жерге барады, түлкі сүйретіліп өледі. Өлген түлкінің тістері ақсиып кетеді. Қатты шаршаған қасқыр әнтек дем алайын деп артына бұрылады, ол түлкінің ырсиып тұрған тістерін көріп:

– Сен өз құлқыныңа бола досыңды алдадың, терімді сылыта жаздадың,

енді ол аз болғандай, неменеге ырсиып күлесің? – деп ашуланады. Түлкіге тағы алданармын деген күдікке тағы осы ашу қосылып, бар қайратын бойына жиған қасқыр тағы да зыта жөнеледі. Сонан ол әбден алқынып, көзі қарауытып, өз екпінімен бір ағашты сүзе-мүзе жығылып жантәсілім береді.

113. Сылдырмақты көжек

Бар екен де жоқ екен, аш екен де тоқ екен, алыс бір теңіздің жағасында, біз жақ бетінде емес, арғы жағында бір қоянның көжегі өмір сүреді екен. Сол көжектің бір сылдырмағы бар екен. Сылдырмағын сылдырлатып ойнауды аса ұнатады екен. Күндердің бірінде сол көжек тамақтану үшін кең далаға, майсалы жайылымға шығыпты. Көңілі таза көжек сылдырмағымды жоғалтып алмайын деп, тіпті аласа, бойы бір қарыс, тарбиған бір ағаштың басына іле салыпты да, қалың шөптің арасына зытып кіріп кетіпті. Біраз жүріп, қарнын тойғызып, айналып келсе, бағанағы аласа, тарбиған кішігірім ағашы серейіп, биіктеп өсіп кетіпті. Жас көжек сылдырмағын алмақ болып, қанша әрекет жасағанмен, бой жетпей, әбден ызаланыпты. Ашу шақырып алуға шамасы келмейтінін білген көжек ағаштың өзіне қарай иілуін сұрапты.

Сонда ағаш:

– Долы желге төтеп бере алмай, амалсыз иілгенім де жетер, сенің сылдырмағыңды алу үшін иіліп, қошемет етер жайым жоқ, – депті маңғазданып.

Сонда отын кесетін балтаға айтады:

– Балта, Балтабай, Балтажан! Әне бір ағашты кесіп тасташы! Менің сылдырмағымды жоғары көтеріп бермей жатыр!

– Жоқ, ол ағашты кесе алмаймын, себебі ол сияқты талай ағашты кесіп, обалына қалдым. Жас шыбығын да, жуанын да, тіпті пісіп тұрған миуасымен де қырқып, жүзім қайырылып қалды, – дейді ол.

Мұны естіген көжек қатты өкпелеп, жолмен кетіп бара жатып, үлкен бір қара тасқа жолықты да:

– Тас, тас, қатты тас! Әне бір балтаның жүзін қайырып, өтпес етіп қойшы, ағашты кеспей жатыр. Ағаш болса менің сылдырмағымды бермей жатыр, – депті.

Тас та балтаның берген жауабын қайталапты.

Одан соң тасты ағызып кетші, тілегімді орындамады деп, айдалада ағып жатқан суға да жалыныпты. Су да балта мен тастың жауабын қайырыпты. Әбден шамасы құрып, шарасы таусылып, не істерін білмей тұрған шақта, аспан әлемінің буырқанған сойқанды желі ұйқы-тұйқы болып, ызылдап келіп қапты.

– Ал, көжегім, не болды саған? Жылап, мұңайып отыруыңның мәні қалай? – деп сұрапты.

Көжек:

– Әне бір кішкене ағаш бірден сорайып өсіп кетіп, сылдырмағымды бермей жатыр. Балтаға айтсам, ағашты кеспеді, тас балтаны өтпес етпеді, су тасты ағызып әкетпеді, соған зығырданым қайнап тұр, – депті.

– Жас өспірім көжек екен, бір пайдамды тигізейін, – деп бұрқасын

жел қатты бір күшпен ағаш басын иіпті. Құйғытып шауып барған көжек, сылдырмағын алып, желге рахмет айтыпты. Көжек қуанғанынан сылдырмағының сылдырын желге қосып, үйіне қарай жосыта жөнеліпті.

114. Қоянның төрелігі

Бір аш қасқыр ну орманды тіміскілеп жүріп, аңшының қазған орына байқамай түсіп кетіпті. Ол қанша арып талса да, ордан шыға алмай бар даусымен:

– Құтқарыңдар! Құтқарыңдар! – деп айқай салады. Осы кезде, дес

бергенде, бұл араға бір ешкі келе қалыпты. Оны көрген қасқыр:

– Мені құтқара көр қайырымды ешкі, мен өлсем бір сәрі, бала-шағам

аштан қырылады ғой, – деп еңіреп қоя беріпті. Сонда ешкі:

– Атама, сені құтылдырам деп, өзімді арандатар жайым жоқ! – депті.

Қасқыр:

– Мені құтылдырсаң, ендігәрі тиіспеуге ант-су ішейін! – депті.

Қасқырдың жалынып- жалбарынғанына қабырғасы қайысқан ешкі бір арқан тауып әкеліп, бір ұшын өз мүйізіне байлап, тағы бір ұшын орға тастап қасқырды шығарып алыпты. Еркіндікке қолы жеткен соң, қасқырдың ниеті бұзылып, ешкіні жегісі келіпті. Бірақ ол ешкіге бірер ауыз тіл қатуды жөн көріп:

– Қайырымды ешкі, сен мені ордан алып шықтың, оныңа рақымет, бірақ енді аштықтан өлетін сияқтымын, жақсылықты түбіне жете қыл, – депті.

– Ендігәрі тиіспеймін деп ант-су ішпеп пе едің! – депті ешкі.

– Мен ет жеуге жаралған жан тұрсам, сені қайтып қолдан шығарайын,

– депті қасқыр.

– Ешкі қасқырдан қалай құтыларын білмей қысылып тұрғанда бір

қоян келе қалыпты, ешкі оған:

– Ақылды қоян, мына бір іске төрелігіңізді айтыңызшы! – депті.

Қоян қасқыр мен ешкінің айтқандарын естіген соң:

– Әр екеуіңнің сөздерің қисынды екен, бірақ мен сендердің

айтқандарыңа сеніңкіремей тұрмын, екеуің істің барысын маған қайтадан істеп көрсетіңдер, мен өз көзіммен көріп, одан кейін төрелігімді айтайын, – депті. Сонан қасқыр орға қайта секіріп түсіпті, әрі ешкіге, мені құтқара көр деп баяғысынша айқайлапты. Қоян ордың аузына таман келіп, қасқырға:

– Жақсылыққа жамандық сыйлаған сұмпайы. Енді аңшының сойылын

күтіп, осы арада жат, – депті.
Сөйтіп, бәледен құтылғанына қуанған ешкі қоянға ілесіп, өз жөніне кетіпті.

115. Қоянның өш алуы

Ертеде бір қоян мен бір арыстан іргелес жақын тұрыпты. Олар көрші отырса да, бір арыстан астамшылық істеп, қоянды өз бойына тоғытпай, әмсе әлімжеттік жасап, оны шырқыратып жүреді екен. Қоян оның қорлығына шыдамай, одан өшін алудың қазанын асыпты. Ол бір күні арыстанға:

– Ей, аға! Құдды өзіңіз сияқты бір хайуанға кез болдым, ол «Менімен

алыса алатын жан табыла ма? Егер табылса, маған ертіп кел, менімен алысуға шыдамаса, менің аяғыма жығылып қызметімде болсын», – деді, оның көпірме сөзіне зығырданым қайнады. Ол сұмпайы ешкімді көзіне ілетін емес! – дейді.

– Оған мені айтпадың ба? – дейді арыстан. Қоян:

– Айтсам да болғандай екен, мен сізді айтуыммен-ақ танауын шүйіреді.

Тіпті құлаққа түрпідей тиетін кесапат сөздер айтты. Ол маған атқосшы болуға жарамайды дегенін қайтерсің! – деді.

– Ол қай жерде? Қай жерде? – дейді ширыққан арыстан ызаланып:

Сонан ол арыстанды таудың арт жағындағы шыңырау құдыққа ертіп келіп, анадайтын жерден сол құдықты нұсқап:

– Ананың ішіне түсіп кетті, - дейді.

Арыстан құдықтың аузына келіп, үңіле қарайды да, құдық ішінен бір арыстанның өзіне тесіле қарап тұрғанын көреді. Арыстан оған ақырып қалады. Ол да бұған ақырады. Арыстан түксиіп жүнін үрпитеді, ол да түксиіп жүнін үрпитеді. Арыстан тісін ақситып айбар шексе, ол да тісін ақситып айбар шегеді. Мұны көріп ашуланған арыстан бойындағы бар қайратын бойына жиып құдыққа қарғиды. Сөйтіп, астам арыстан құдыққа түсіп тұншығып өледі.

116. Қоян мен қасқыр

Өзен жағасындағы тастақта бір қоян көп шөмшек теріп әкеліп отты маздата жағып, оған енді жылынайын дей бергенде, өзеннің жоғарғы жағынан аяғын сүйрете басып келе жатқан көкжал қасқырды көріпті. Оның өткен жолы сұр көжекті жеген қанды ауыз екенін де жазбай таныпты. Сонан ол өзінше сақтық етіп, онан құтылудың амалын да тауып үлгіріпті. Көкжал өзіне жақындап келгенше, ол әтейге құйрығын отқа қыздырып, онан соң өзендегі мұзға жүгіріп барып отырып, бұл әрекетін бірқанша рет қайталапты.

Қоянның қылығын көріп таңданған көкжал:

– Ей, қоян! Бұл қайткенің? – деп сұрапты. Қоян:

– Мен мәңгі өлмеу үшін жаттығып жатырмын, – депті.

Бұл сөзді естіген соң қасқыр қоянды жеу ниетінен қайтып, онан осы
жаттығу жолын үйретіп қоюды талап етіпті. Қоян оған көне кетіпті.

– Менің жолым – алдымен құйрықты отқа қыздыру, онан соң мұзға

барып отыру, мұны он неше рет қайталаса болды бірақ бұл барыста құйрықты жіті қыздыруға, мұзға көбірек отыруға тура келеді, әйтеу осыған баса мән берерсің, – деп сытылып шығып, тау жаққа қапталдайды.

Қасқыр қоянның айтқаны бойынша құйрығын отқа қыздырып, онан соң, мұзға келіп шоқайып отырады, ыстық құйрық тиген мұз еріп шұңқырланады, онан кейін қайта қатып, қасқырдың құйрығын мықтап ұстайды. Кейін қасқыр орнынан тұрайын десе, мұз ұстап қалған құйрық шықпайды, сонан ол жұлқынып жүріп, жүнін, терісін жұлдырып зорға дегенде құйрығын шығарып алады. Бұл кезде таудың жуан ортасына барып үлгерген қоян қасқырдың масқара халін көріп, мәз болады. Тіпті күліп те жібереді. Құйрығын әрең шығарып алған қасқыр қоянға қатты ызаланып, оны жейін деп төңірегінен іздейді. Сонан қоянның таудың бөктерінде бір нәрсені беті мен көзіне жағып отырғанын кенет көзі шалып қалады. Сөйтіп, жарақатының ауырғанына да қарамай, қоянға ұмтылады. Қоянның қасына келе-ақ дүрсе қоя беріп:

– Сілімтік неме, әліңнен асқан-ақ екенсің! Сені жемей қоймаспын-ау! –

дейді зілдене.
Қоян байсалды кескін көрсетіп:

– Оны өзіңнің ұшқалақтығыңнан көр, құйрығыңа қызу әбден өтпеген соң

қатып қалған ғой, – дейді.
Қасқыр өзінің құйрығын ұзақ қыздырмағанын есіне алып, райынан
қайтып жуасып, монтанси қалады:
Бетіңе бір нәрсе жағып жатқаныңды көрдім ғой оның не?

– Бетіме жаққаным сүрме желім.

– Оның не пайдасы бар? – дейді қасқыр.

– Сүрме желімді көзге сүртсең көздің жанары күшейеді, – дейді қоян көз

ұшында бұлдырап көрінген биік тауды меңзеп, – Па шіркін! Анау таудың басында асыр сап жүрген қояндардың көбін-ай! Үлкенді-кішілі қояндар жосып жүр. Санына сан жететін емес, – деп даурыға айқайлапты. Қоянның нұсқаған бағытына тесіле қараған қасқыр мұнарлап тұрған тау шоқысынан басқа нәрсені көре алмай дал болады.

– Қай жерде? Қай жерде? Мен оны неге көрмей тұрмын? – деп сұрайды.

– Көзіңе желім сүртпеген тұрсаң, қайтып көресің, – дейді қоян.

Қасқырдың делебесі қозып кетеді «көзіме желім сүртіп, алыстағыны көретін болсам, қияндағы қоян да менен құтылмайтын болады ғой, мына қояннан желім жағуды үйреніп алып, көзім шырадай жанғаннан кейін жесем де кеш болмас» деп ойлайды. Сонан ол қоянға жағатсып:

– Қойеке, осы әдісіңізді маған үйретіңіз, – деп жалынады.

– Жоқ, атай көрмеңіз! Мен енді сізге үйретпеймін, жөндеп үйрене

алмасаңыз, тағы мені жазғырып, өзімді жеп қоярсыз! – деп басын шайқайды қоян.

– Өйтпеймін маған сеніңіз, осы әдісіңізді үйретсеңіз болғаны, шын

ықыласыммен алғысымды жаудырамын, – дейді қасқыр, ол көп жалынып-жалбарынған соң қоян ыразылығын білдіреді. Қоян қасқырға:

– Бұл әдісті үйрену өте оңай, алдымен көзіңізді тарс жұмасың, онан соң

желімді баттастырып жағасың, қанша көп жақсаң сонша жақсы, сонан көзіңді ертеңінде бірақ ашасың. Сонда қияндағы алысты көретін боласың, – дейді. Бұны естіген қасқыр мәз болып, қоянға бар алғысын жаудыртады. Сонан ол, бір көгал жерге барып, көзін тарс жұмып алып, желімді алдыңғы аяғымен көзіне беталды жаға береді, осы тұста қоян сытылып шығып, биік таудың басына шығып алады. Келесі күні тәңертең, күн ұясынан шығып жер қызара бастайды. Бірақ көзін мықтап жұмып алған қасқыр ештемені көрмейді, ол құстардың сайраған даусынан ғана таң атып, күн шыққанын біліп, қуанып кетеді де «енді шалғайдағыны көретін қырағы болдым-ау, қияндағы көкше қоянды құтқармаспын, әлі, көжек сен де тұра тұр бәлем!» – деп ойлап көзін ашпақ болады, бірақ көз терісі мен кірпігі жабысып қалғандықтан, ол көзін аша алмаған соң, мені мықтаған екен деп іштей опық жеп өкінеді. Сонда да ол көзінің ауырғанына қарамай, тырмалап қанын ағызып жүріп көзін зорға дегенде ашады. Сонан ол таудың басында жайбарақат күнге қақталып шарбақ тоқып отырған қоянды көріп, оған тұра ұмтылады.

Әбден ашуланған қасқыр, жалбырап айғызданған қан-қан көзін алайтып:

– Сұмпайы көжек. Сен мені тағы алдадың, қорлығың әбден өтті, бүгін

сені жемей қоймаспын, – деп кіжінді.
Қоян тоқылып бітейін деп қалған шарбақтың ішіне жаймен түсіп, қаннен
-қаперсіз домалап:

– Үйрене алмасаң, менен көресің деп әлдеқашан айтпап па едім, бірақ

айтқанға көнбей үйрет деп өзің жабысып едің, енді келіп маған әкіреңдейсің, қане, жемекші болсаң келіп же! – дейді. Қоянның қорықпағаны былай тұрсын, тіпті шарбаққа түсіп алып домалап жүргенін көріп таңданған қасқыр бұл енді неменеге жетіліп жүр екен деп ойлап:

– Шарбаққа түсіп алып, домалағаныңның не пайдасы бар? – деп

сұрайды.

– Мұның пайдасы көп, мұндай жаттыққаннан кейін, етің ауырмайтын

болады, денсаулығың күшейеді, тұлабойға қайрат толады, сөйтіп жолбарыс пен арыстан да тең келмейтін болады, дене шымырланып, атқан оқ та өтпейтін дәрежеге жетеді, – дейді. Қоян әнтек кідіріп сөзін қайта сабақтап – «Үздіксіз жаттыққанымнан бойыма керемет күш бітті, кеше түні бір жолбарыс мені жемекші болып тебітіп еді, аяғынан алып лақтырып жібердім, ол аңшылардың алдына барып «топ» ете түсіпті, нәтижеде аңшылар мертігіп жатқан жерінен атып алды», – дейді құжырланып. Сонан ол шарбақтың ішіне секіріп шыға келеді де қасқырға тебітіп:

– Жақсылық жараспаған жексұрын неме, рақым қылып, өнер үйретсем

өзіңнің мәжіндігіңнен көрмей, қайта айланып өзімді жазғырасың ғой, шіркіннің пысығын! «Сенің келетініңді біліп, осы арада күш-өнерге жатылып, тосып отыр едім», – деп қасқырға төніңкірей: «Мықты болсаң, кел, аңшының алдына топ еткізейін», – дейді.

Қоянның өктем сөзінен айныған қасқыр жалма-жан артына қарай
ығыстап:

– Туыс, бір сәттік долылығымды ғапу ет, – дейді. Сонан аз кідіріп қоянға

ұрдала бір көз тастап, – сенің бұл әдісің жақсы-ақ екен, бұл жолы көңіл қойып үйренейін, өзің тағы үйрет, бола ма? – дейді. Қоян үндемей, тұрған орнынан тапжылмайды.

– Туыс, ашуланбаңыз, тезірек үйретіңіз, мұнан былай сөзсіз адал дос

боламын, – деп жалынады қасқыр. Қоян біраз тұрып:

– Тағы үйренгің келе қалды ма, енді мені жеймісің? – деп сұрайды.

Қасқыр жалма-жан:
Бұл жолы сөзсіз жақсы үйренемін, ендігәрі жеуге дәтім бармайды, тек
тезірек үйретіңіз! – дейді, қасқыр көлкек қағып.

– Жарайды, мен саған сенейін, әнтек сабыр ет, сен денелірексің, мен

саған үлкен бір шарбақ тоқып берейін, – дейді қоян ризалығын білдіріп.
Қасқыр шарбақтың тоқылуын күтіп салпиып отыра беріпті.

Шарбақты тоқып болған соң қоян қасқырды оның ішіне түсіріп, аузын тарс бекітіп тастайды. Сонан соң қасқырды алдымен тегістеу жерге домалатады. Қасқыр ондаған рет домалағаннан кейін, оны демалдырады, әрі оған:

– Сен жерде тағы да 32 рет домалайсың, сонан соң әнтек тыныстап алып,

жалама жартастың үстіне барып домалайсың, сонда күш-қуатың тіпті молаяды, бірақ құлама құздан домалап кетіп түсіп жүрме, түсіп кетсең, үш жүз рет домалағаннан кейін ғана, оның орнын әрең толтыра аласың, осыны ұмытпа, – дейді.

Қасқыр қоянның үйретуі бойынша тегіс жерде домалап болған соң, құз –
жартасқа қарай домалайды. Осы кезде қоян қасқырдың қасына келіп:

– Домалауың тым баяу болып жатыр, бүйтсең тез арада жаттыға

алмайсың, мен демеп жіберейін, – дейді.

Сөйтіп, қоян да оны бар күшімен итеріп домалатып жібереді, шарбақ ішіндегі қасқыр сол домалаған бойы құздың басынан ұшып кетіп, мылжа-мылжасы шығады.

117. Шудалы торғайдың ертегісі

Ертеде бір шудалы торғай бар екен. Ол торғай келеді де бір ешкіге айтады: «Ешкі, ешкі, мына тобылғының бүршігін неге жемейсің», – дейді. Ешкі айтады: «Ой, тәйірі, қойшы, өзім көк шөп жеп тойып тұрсам». «Тұра тұр сені қасқырға айтып сорыңды қайнатайын», – деді торғай. Бір қасқырға келді, айтты: «Мына жерде бір ешкі тұр, оны неге жемейсің», – деді. Қасқыр айтты:

– Әрмен жүрші, өзім байдың асауын жеп тойып тұрсам, – деді.

– Һа, тұра тұр, сен ішіңді көтере алмай тұрсаң, сені жылқышыға айтайын, – деді. Жылқышыға келіп: «Жылқышы, жылқышы, мына жерде бір қасқыр тұр, оны неге ұрып алмайсың», – деді. Жылқышы айтты:

– Әрмен жүрші, өзім жылқымды жия алмай әуре болып жүрсем, – деді.

– һәм, байғұс, тұра тұр сені байыңа айтайын, – деді. Байына келді, айтады:

– Бай, бай, мына жерде жылқышыларың жылқысын тоздырып, қасқырға жегізіп әуре болып жүр, оны неге ұрмайсың, – деді. Бай айтты: «Өзім асқа тойып, ішімді көтере алмай отырмын», – деді.

– Сені тышқанға айтайын, қарныңды ойып жесін, – деді. Тышқанға келіп айтады: «Тышқан, тышқан, мына жерде бір бай ішін көтере алмай отыр, оның қазысын неге жемейсің», – деді. Тышқан айтты: «Әрмен жүрші, әрмен жүрші, өзім інімді қаза алмай жүрсем», – деді. «Тұра тұр, сені баладарға айтайын» – деді. Баладарға келді, айтады: «Баладар, баладар, мына жерде бір тышқан інін қаза алмай жатыр, оны неге ұрып алмайсыңдар», – деді. Балалар айтты: «Әрмен, әрмен тұр, өзіміз асығымыздан ұтылып жүрсек», – деді.

– Сендерді шешелеріңе айтайын, – деді. Шешелеріне келді, айтады:

– Бәйбіше, бәйбіше, балаларың бұзауды жамыратып, өздері асық ойнап жүр, оны неге сабамайсың, – деді.

– Тәйірі, қойшы өзім жүнімді сабай алмай отырсам, – деді.

– Тұра тұр, сенің жүніңді желге айтайын, – деді. Келді, желге айтады:

– Жел, жел мына жерде бір қатын жүнін сабай алмай отыр, оны неге ұшырмайсың, – деді. Жел барып, қатынның жүнін ұшырады. Қатын баласын сабайды, бала тышқанды ұрады, тышқан байдың қазысын жейді. Бай жылқышыны сабайды. Жылқышы қасқырды ұрады, қасқыр ешкіні талайды. Ешкі тобылғының бір бүршігін жейді. Сөйтіп, барша басына жетеді.

118. Торғайдың өсиеті

Өткен заманда бір саятшы тор құрып қойса, торына бір кішкене торғай түсіп қалыпты. Торғайды адам қолына ұстап үйіне апара жатса, торғай тілге келіп:

– Мен кішкене торғаймын, апарғанда союға жарамаймын, қапасқа салсаң құсамен өлемін. Онан да мені еркіме қоя бер, мені еркін кең дүниеге жібер. Мен сізге екі ауыз өсиет айтайын, – депті

Сонда адам: «Кәне, әңгімеңді айт», – депті.

– Жарайды, онда бір ауызын қолыңда, бір ауызын жерге түскен соң айтайын, – дейді торғай.

«Біріншісі, «Өткен іске өкінбе», екіншісі, «Көзбен көрмей, қолмен ұстамай ешкімге сенбе», – депті торғай. Торғай жерге түскен соң: «Ей, адам, сен ештеңені білмедің! Менің бөтегемде жұдырықтай гауһар бар еді, соны мені ұстап тұрып білмедің», – дейді. Өз ісіне өзі өкінген адам қонып тұрған торғайды ұстауға ұмтылыпты. Торғай әр жерге ұшып қонып, адам жете алмай қалды.

Сонда торғай тұрып:

– Ей, адам, мен жаңа қолыңда тұрып айтқан өсиетіме түсінбепсің! Қалай ақылың жетпеді, мен өзім жұдырықтай жоқпын. Менің бөтегеме ондай заттың сыюы мүмкін емес, бұл бір, екінші, мен саған ұстатпаймын, қанатым бар, «өткен іске өкінбе», – деп ұшып кетіпті.

119. Торғай мен тышқан

Торғай мен тышқан дос болыпты. Екеуі бірігіп егін егіпті. Тышқан жерді аяғымен қазып, торғай тұмсығымен шоқып, дән сеуіпті. Егін өте жақсы шығады. Торғай мен тышқан бітік өскен бидайды жинап алып, тең бөлісе бастайды. Бір бидай артылып қалады. Соны қайсысы аларын білмей, ақыры жанжал басталады. Торғай тұмсығымен шоқып, тышқан тырнағымен тырналай осқылап, бір-бірімен ұзақ төбелеседі. Маңайда арашалайтын ешкім болмаған соң, бір кезде шаршап барып тоқтайды. Ақыры өздерінің билеріне барып жүгінбек болады.

Алдымен тышқандар биіне келеді. Тышқандар биі:

– Бұл бидайды тышқан алуға тиіс. Өйткені тышқанның күші көп. Ол тырнағымен жер жыртып, ұртымен бидай септі, – дейді.

Бұған торғай келіспеген соң, тышқан екеуі торғайлар биіне келеді. Торғайлар биі:

– Бұл бидай торғайдікі. Себебі торғай егінге түскен барлық құртты құртқан. Күнде үстінде ұшып жүріп, егінді күзеткен, – дейді.

Бұған да келісе алмаған соң, торғай мен тышқан далада қой бағып жүрген бір шалға барады. Шал дәнді алып, екеуіне тең бөліп береді.

Бұған торғай да, тышқан да разы болып, өз жөндеріне кетеді.

120. Есірік торғай

Құстардың патшасы Қыранның жыл сайын көктем кезінде өз бұқарасына арнап салтанатты той өткізетін әдеті екен. Барлық құстарды тағы да көктемде өтетін той салтанатына шақыртады. Құс атаулы түгел белгіленген уақытта топ-тобымен патшаның ордасына қарай шұбырыпты. Орда қызметкерлері патшаның нұсқауы бойынша құстарды рет-ретімен қаз-қатар отырғызыпты. Құстар да мәз-мейрам боп, көрсетілген орынға жайғасады. Әр топтың басшыларына төрден сыйлы орын ұсынылады. Елдің соңына ала торғайлар тобы да жетеді. Патша Қыран бұларға да өз орнын ұсынады. Содан кейін салтанатты мереке басталады. Ойын-сауық думаны қызған кезде торғайлар өз тегіне жататын біреудің босаға түбінде бүрісіп отырғанын көреді. Үстінде іліп алар лыпа жоқ, қып-қызыл шақа. Көзі жыпылықтап, жан-жағына жаутаңдай қарайды. Оған жәрдем беріп, көңілін аулау үшін:

– Әр торғай бір талдан мамық жұлып беріңдер, анау бауырымызды киіндірейік, – дейді торғайлар тобының басшысы.

Торғайлар шұғыл іске кіріседі. Әрқайсысы өзінің үстіндегі мамықтан бір-бір талдан жұлып береді. Үстіндегі қылпығы жоқ қызыл шақа торғай туыстарының көмегі арқасында әп-сәтте құлпырып шыға келеді. Оның әдемі боп кеткені сонша, тіпті Қыран патшаның өзі мынадай сәулетті, көркем құсты көрмей қалғанына өкініп, әлгі торғайды өзінің қасына шақырып алады да, құрметті орын береді. Қыран патшаның қасына орын алған торғай айналасына барлай көз жүгіртеді де: «Мен ең сәулетті құс екенмін. Қыран патшаның өзі түр-түсіме қызығып, құрметтеді ғой!» – деген ойға шомады. Енді әлгі торғай есіріп, өзінен-өзі қоқырайып, паңдана бастайды. Тіпті әлгінде өзіне көмектескен туыстарына да тұмсығын шүйіріп, төбесінен қарайды.

Мұны көрген туыстары қатты ызаланады.

– Тоғайда тонын сыпырып алғанымыз ұят болар, артын күтіңдер, – деп басу айтады байсалды кәрі торғайлар.

Жас торғайлардың зығыры қайнағаны сонша, той тарқайтын мезгілдің соңына дейін зорға шыдайды. Ел тарап, әлгі торғай оңаша қалған кезде топтанып тұрған торғайлар тарпа бас салады да, әлгінде өздері берген мамықтардың бәрін бірін қалдырмай қайтарып алады. Сән-сәулетінен айрылған есірік торғай сүмірейіп, бұрынғысынша қызыл шақа кейпіне қайта түсіпті.

Торғайлар:

– Көпке топырақ шашпа! – деп тарап кетіпті.

Мұны көрен Қыран патша:

– Есіргенде ес болмайды! – деп, теріс айналыпты.

Сөйтіп, аяқ астынан лепіріп, дандайсыған есірік торғай тілін тістеп, айдалада жалғыз қалыпты.

121. Торғай мен тышқанның қазыға жүгінуі

Бір таудың басында бір топ ағаш бар екен. Сол ағаштың басына бір
торғай ұя салыпты да, бір тышқан оның түбінен ін қазыпты.
Бір күні тышқан мен торғай шармаяқтасып қалады.

– Торғай, сен, ылғи менің інімнің аузына саңғисың да, інімдегі

жиған-терген дәнімді бұлғап болдың! – дейді тышқан.

– Тышқан, сен ағашымның түбін кеулеп барасың, қазір боран шықса

ағаш теңселіп, ұям бұзылып кете жаздайды, – дейді. Торғай екеуі таласа-таласа мысықтың алдына барып жүгінеді.

Торғай мен тышқанның шағымын естіген мысық:

– Мен ап-аш отырып, сендердің жанжалдарыңа төрелік айта

алмаймын, екеуің мұнан былай дау-дамай шығармауларың үшін, алдымен екеуіңді жеймін, – деп сөзін бітірер-бітірместен торғайды бас салып жеп алады. Артына бұрылып қаша берген тышқанды да ұстап алып, қарш-қарш шайнап жұтып жібереді.

122. Сайтан торғай мен самұрық

Құстың тым құрдым сиықсызы – сайтан торғай, салтанатты да сәндісі
самұрық.
Сайтан торғай бір жолы шөптің түбіне жұмыртқалайды. Сол маңда бір

тастышқанның іні бар екен. Ол өзі жоқта сайтан торғайдың жұмыртқасын жеп кетеді. Оның үш жұмыртқасы бар екен, сөйтіп оның екеуін тастышқан жейді. Сайтан торғай осы жайлы самұрыққа арыз-арманын айтуға барады. Ол қатты қайғылы пішінмен:

– Уа, құстардың мәртебелі патшасы самұрық! Мен соры ашылмаған

бейшара екенмін. Үш жұмыртқамның екеуін жауыз тышқан жеп кетті. Екі бірдей балапанымнан айырылған соң кегімді алып береме деп сізге өтініш айта келіп едім, – дейді.

Самұрық бармақтың басындай сайтан торғайдың өзін әурелеп арыз
айтуға келгенін жақтырмай:

– Сайтан торғай, менің жұмыс басты екенімді көрмей тұрсың ба?

Осындай болымсыз іске бола мені іздесең, шаш шығарасың ба? Баланы ана болған кісі өзі жақсы қарауы тиіс, біреудің баласын кім қарап береді? Балаңа өзің күйінуің керек қой, – дейді.

Самұрықтың қорашсынып елеп-ескермей тұрғанын білген сайтан торғай
іштей, күйіп-пісіп:

– Самұрық! Сіз біздің патшамызсыз, сондықтан алдыңызға келіп тұрмын.

Егер сіз мені менсінбей бұл іске немқұрайды қарап, кішкене іс дегеніңіз, үлкен іске айналса, оны менен көрмеңіз мені кінәлі демеңіз, – дейді.

– Оның сөзіне онша құлақ аса қоймаған самұрық:

– Е, е...ие! – деп селқос аузын жыбырлатады.

Сайтан торғай сөзімді ести алмай қалдыма деп:

– Неменеге « е, е, ие» дейсіз! Кішкене іс деп отырғаныңыз насырға

шауып кетсе, оны менен көрмейсіз ғой? – деп әлгі сөзді қайталайды.
Оның сөзіне жақсы құлақ қоймаған самұрық тағы да:

– Е, ие, –дей салады.

Сайтан торғай ұясына қайтып келіп, шиден садақ, жебе жасап, ағаш
бұтағына қонып тастышқанды аңдып жатады.

Көп өтпей оның қалған жұмыртқасын жеу үшін тастышқан да жетеді. Осы кезде ызалы сайтан торғай садағымен тышқанның көзінен дәлдеп атып қалады.

Осы кезде бір арыстан теңіз жағасында ұйықтап жатады. Тастышқан кіретін тесік таба алмай оның танауына кіріп кетеді. Шошып оянған арыстан мұрнына кірген нәрсенің не екенін білмей, бағдарын айыруға да мұрсасы келмей теңізге қарай секіреді.

Теңізде жүзіп жүрген айдаһар өзіне қарай атылған арыстанды көріп мені жеуге келе жатыр деп ұғып, аспанға ұшады. Ол осы ұшқан жолында самұрықтың ұясына соғылып, жұмыртқасын шағып кетеді.

Ашуға булыққан самұрық айдаһарға:

– Сен айдаһар болсаң, мен самұрықпын, сен өз теңізіңде, мен өз

құрлығымда жасап келдік, бірімізге-біріміз соқтықпадық. Сен самұрықтың жылына бір-ақ рет жұмыртқалайтынын, бір балапан шайқайтынын біле тұра, неліктен теңіз айдынынан ұшып шығып, менің ұямды құлатып, жұмыртқамды шағасың, – дейді.

– Самұрық, бұған мен кінәлі емеспін. Бүгін теңізде жүзіп жүргенде

арыстан маған тап берді, сонымен ұшуға мәжбүр болдым, сенің ұяңды құлатып, жұмыртқаңды шағып кетерімді қайдан білейін, сұрағың келсе, осы іске себепші болған арыстаннан сұра. Ол неліктен теңізде жайбырақат жатқан мені жемекші болады екен? – дейді айдаһар. Сонда арыстан:

– Істің жөн-жосығына жүйрік едіңіз, самұрық! Бұған мен кінәлі емеспін,

мен теңіз жағасында ұйықтап жатқанымда тастышқан келіп мұрныма кіріп кетті, соның кесірінен теңізге секіріп едім. Бұған сол тастышқан жазықты. Тектесеңіз, соны барып тектеңіз, – дейді.

Самұрық лажсыздан тастышқанға келеді. Тастышқан оған:

– Алдияр, тақсыр! Кінә менде емес, сайтан торғайда. Мен өз жолыммен

келе жатқанда, ол садақпен көзімді дәлдеп атты, ауру жаныма қатты батты. Жанымды қоярға жер таппай, байқаусызда арыстанның танауына кіріп кетіппін. Меніңше, сойқанды бастаған сайтан торғай, тектесеңіз соны тектеңіз, – дейді.

Сөйтіп амалы таусылған самұрық, сайтан торғайға келеді.
Сайтан торғай:

– Уа, самұрық! Мен әлдеқашан айтып қарызымнан құтылғанмын, сіз

елең қылмадыңыз, мені менсінбедіңіз, денем кішкене, қауырсыным қысқа болғандықтан «қауқарсызда, сиықсыз бірдеңенің қолынан не келеді» деп сөзіме құлақ аспадыңыз. Тіпті мардымсыз іске бола мені әуреледің, өз балаңды өзің жақсы қарасаң болмай ма, мені несіне іздейсің деп өзімді жазғырдыңыз. Ал бүгін сіздің бұл ісіңіз мардымсыз іс болмай әркімді бір қыжыртып жүргеніңіз не? Айдаһардың ұяңызды құлатып, жұмыртқаңызды шағып кеткені келелі іс болып, тастышқанның менің екі бірдей жұмыртқамды жеп кеткені келесіз іс болғаны ма? Біз сайтан торғайлар шөп арасына ұя салып, сол жерде жұмыртқалаймыз. Мен үш жұмыртқа тауыппын, оның үстіне жер дүниені кезіп, даладан жем іздеймін. Сіздің жұмыртқаңыз бәйтеректің басында тұрса, оның үстіне біреу ғана тұрса, жақсы қараймын десеңіз біз сықылды нашарлардан көрі сізге көп оңайға түспей ме? Өзіңіз неге жақсы қарамағансыз? Мен өз кезінде кішкене іс деп отырғаныңыз насырға шауып кетсе, оны менен көрмейсіз ғой деп әлдеқашан кесетіп айтып едім ғой, – дейді. Мұны естіп ұялғанынан жерге кіріп кете жаздаған самұрық сүмірейіп, өз жөніне кетіпті.

123. Екі иттің достығы

Бұрынғы уақытта дәулеті асқан, судай тасқан, көңілі жай, төрт түлігі сай бір бай болыпты. Ол байдың өз иттерін Төрткөз, Мойнақ қойғандықтарын түсіндіріп өтпекшімін. Төрткөз қойғанының себебі – басқа денесі қап-қара болып, жалғыз-ақ екі көзінің үстінде көзінің көлеміндей екі сарғышы болған. Шақырған уақытта құйрығын бұлғаңдатып, басын төмен салып, еркелеп келгенде, көзінің үстіңгі жағындағы екі қалы қабатталып, қосарланып көрінетін де жайты болса керек. Бір итін Мойнақ қоюының себебі – оның да басқа денесі қара, мойнының айналасы ақ болғансын Мойнақ қойыпты. Ал енде бұл екі иттің тектілігі, күндіз кісіге жарбақтап, арсылдап әсте үрмесе керек. Түнде болса қораны шыр айналып, қасқыр, ұры дегенге мал бермеген. Бұлардың мұндай текті, мұндай сақ болғандығына иесі разы болып, тамақтарын тояу қылып, қатындарына айқайшы болып:

– Ой, ана Мойнаққа тамақ құйдыңдар ма? Төрткөзге тамақ құйдыңдар ма? – деп, жақсы көргендіктен жағы да сенбеуші еді.

Бір күні түс мезгілі – малдардың бәрі де қораға келіп, жусап, қойшылар да күпісін күнге қақтап, қойдың шетінде «шайт» деп, анда-санда дауысы бір шығып, байлар да той-томалақ, ойын-жиыннан атпен келіп, олар да түсіп аттарын байлаттырып, қыз-келіншек, бозбалалар да үй-үйдің арасында өздерінің әдемі жүрісімен, көз қағысып қылмыңдасып, әрқайсына өздерінің тұрмыстары, жүрген жүрістері бір түрлі қызықты, бір түрлі көңілді болып жүрмекте еді. Сол уақытта екі төбеттің де өз қызығы өзіне, өз тұрмысы өзіне, олар да көңілді, тамағы тоқ, күншуақта, ас үйдің есігінің алдында бір-біріне қарама қарсы жатып, өзара әңгімеге кіреді. Жақсылық пен жамандық жағынан сөйлесіп, өздерінше олардың қандай болатындықтарын тексеріп, оны бітірместен жомарттық жағынан сөйлесіп, оны бітірместен сараңдық жағынан өздерінің таусылмайтын құрғақ сөздерімен бірдеңенің басын, бірдің аяғын шатып, ақырында сандырақтап келіп, араздық пен татулыққа түседі. Сол уақытта ділмарсып Мойнақ айтады:

– Төрткөз, осы мен ойлап тұрсам, дүниеде татулықтан жақсы нәрсе бар ма? Және осы екеуміз төбелеспей жүретін күніміз болар ма? Жоқ нәрсеге тартысамыз, жоқ нәрсеге ұрысамыз, бір-бірімізге жылы шырайымызды бір көрсетпейміз. Бір ойнап-күліп жүрмейміз. Күнде ұрыс, күнде төбелес, осыменен шашымыз ағаратын болды. Болымсызға таласа кетеміз де, екі ортада екеумізге де жоқ, оны Құтпан келіп, алып қашып әкетеді. Қарап тұрсам, осы бізден басқа Жолдыаяқ, Бөрібасар бәрі де ынтымақшыл, бірінің аузынан бірі жырып жейді. Екеуміз де солар сияқты ынтымақшыл болып, аз нәрсеге таласпай, бөліп жеп және алты күн ашаршылық көрсек те біріміз жоқта біріміз тамақ ішпей, шын досшылыққа көңілімізді берсек, біріміздің қабырғамызға біріміз қарап, күннің қалай өткендігін білмей қалмаймыз ба? Осы сөзіме не айтасың? Жолдасым! – деп сөзін тоқтатады.

Сол уақытта Төрткөз аяқты көсілтіп, құйрықты бұлғаңдатып, қабақты ашып, Мойнақтың сөзі шын ішіне кіріп кеткендей болып, мына сөзді бастайды.

– Мойнеке, мұның әбден айтарлық сөз. Бірінші қаралатын мәселе, мен де осы өзіміздің ұрысқақ болып кеткенімізге бұл қалайша деп өзімнен-өзім әрқашан да ойлаушы едім. Осы екеуімізге не жетпейді, тамағымыз тоқ, өркенің өскір иеміз тіпті қабағымызға қарап, сөкпей, соқпай, құрметтейді! Расын рас демей, тануға бола ма? Кінәнің бәрі өзімізден, ренішке тұрмайтын аз нәрсеге таласып, қып-қызыл шеке болып-ақ жүргеніміз. Ойлап қарасам, бұрынғы өткен ата-бабамызда да мұндай арасында ұрыс-жанжал тіпті болған емес. Атаның жолын қумай, алағаймыз ба? Түбі қарастырып келгенде, сол кеше бабамыздың жолынан тура жол таба аламыз ба, ей? – деп сөзін бітірді.

Ал, енді мұның сөзіне Мойнақ та маңызданып, көзін тігіп, құйрықты қысып, «ал енді дос болайық» деген сөзді айту көмейіне бір келіп, бір қайтып, кетейін десе, оның ебін таба алмай, Төрткөзден қорқып тұрғанда, «дос болғанның белгісі, міне» деп, Төрткөз Мойнақтың мойнынан құшақтап алады. Екеуі бір-бірін құшақтап, аймалап, беттеріне беттерін тигізіп: «Екеуміздің достығымызды енді ешкім айыра алмас, тау күйіп, тас жанса да айрылмаспыз. Аштан өлсек те тамақ жағына таласпаспыз», – деп, серттесіп, уәделесіп, достықтың күштілігінен айырыла алмай тұрғанда, ас үйден лақтырылған бір майлы омыртқа екеуінің қасына келіп, топ ете қалады. Майлы сүйек көргенсін тұруға болмай, екеуі де құшақты жазып ала-ақ ұмтылады. Тура қатар сүйекті келіп тістесіп, бір-біріне қимай арылдаса барып, жұлқыласа бастайды. Достықтың күштілігі сонша – бірін-бірі тістеп тартқан зардабынан жүндері дода-дода болып, аспанға ұшады. Дауыстарын естіп, Жолдыаяқ, Құтпан, Сырттан жүгіріп келе әрбіреуін бір жұлқып, бұрқыраған жүнін одан әрі бұрқыратып, таласқан омыртқасын Құтпан алып қашып, жеп, тамам етті. Шуылдаған дауыстан қой үркіп, қойдың шетінде жатқан қойшылар жүгіріп иттерді сойылдап, үстеріне су құйып жүріп, зорға айырысады. Осы заманда шын көңілімен болатын достық тұрмыста аз ұшырайды. Бүгін дос болып, ертеңіне төбелесетіндер жоқ емес, сондықтан осындай тұрмыс (қалың ел) арасында ұшырамайды деп айта алмаймын.

124. Иттің сыншысы

Бір Шайқожа деген адамның Майтабан атты бір үлкен қара төбеті өзі сақ болса керек. Сол Шайқожаның үйіне біреу жақындаса, оны келіп абалайды. Жақын келген ешкім жоқ болса, қара жолға барып, тап жолдың қасына жатады. Бір күні сол Майтабан сол жолда жатса, Ерқожа деген адамның Майлыаяқ атты бір көк төбет иті сол Майтабанның күнде жолға барып жатқанын көріп: «Иә, мен одан барып сұрап келейін. Не турада жолға барып жатады екен?» – деген ойға келеді. Сонда Майтабан жолда жатқанда, оған Майлыаяқ барды. Қасына кеп сұрады: «Сен болсаң, Майтабан, осы не турадан жолға келіп жатасың?» – деп. Сонда Майтабан Майлыаяққа айтты: «Мен болсам адам баласын сынап тұрамын». Сонда Майлыаяқ Майтабаннан сұрады: «Сен болсаң қалайша адам баласын сынап тұрасың?». Сонда Майтабан Майлыаяққа айтты: «Жақсы адам маған жақын келгенде, аулақ тартып айналып, үндемей өтіп кете береді. Жаман адам маған жақын келмей, анадай жерден айқайлап, қолда таяғы бар болса, сол таяқты ала маған қарай жүгіреді. Сол уақытта мен тұрып, жолдан кейін барып анаумен де ұрысып қоямын, мен болсам сенің неңді алдым? – деп. Сөйтіп, бір күнде осы жолменен неше жақсы адам өтеді, неше жаман адам өтеді, соны мен біліп тұрамын». Сөйтіп, Майтабан Майлыаяққа осы сөзді айтты. Сөйтіп, иттің де сыншысы болады екен.

125. Тазы мен елік

Тазы елікті қуып келеді. Елік тазыға: «Әуре болма, сен маған ешқашан жете алмайсың», – дейді.

– Неге?

− Мен өз өмірімді сақтау үшін қашып келем. Сен мені өз иеңе жағыну үшін қуып келесің, – дейді елік.

126. Арыстан күшігін асыраған мысық

Бір мысық қаңғырып жүріп, анасы өліп қалған арыстанның күшігіне кез болады. Мысық күшікті бауырына басып, емізіп асырайды. Арыстан өсіп, азулы жыртқыш аң болып, өз азығын өзі табатын халге жетеді. Бір күні ашыққан арыстан өзін асыраған мысықты жемек болады. Мысық оның бұл ойын сезіп, өрмелеп ағаш басына шығып кетеді.

– О, менің ақ сүтін емізіп асыраушым! Маған сен туған анамдай ыстықсың. Бар қылықтарды үйреткенде, ағашқа өрмелеуді неге үйретпегенсің? – дейді.

– Қысылғанда керек болар дегенім еді, – депті сонда мысық.

127. Мысық пен қоян

Жаз күнінде мысық пен қоян кез келіп екеуі сөйлеседі. Қоян айтады: «Екеуміз ажыраспайтын дос болалық», – депті. Сонда мысық айтады: «Олай болса жақсы болды. Менің балаларымды сенің балаларыңның үстіне алып барайық», – дейді. Екеуі балаларын жөнелтіп бірге жатып жүреді. Мысық балаларына күнде кекілік, қырғауыл тістеп әкеліп береді. Қоян шөп-шар беріп күн көріп жүріпті. Бір күні мысық бір құсты аңдаусыздан қармап алып тірідей ұясына алып келеді. Құсты ұшып кетпесі үшін қанат, құйрығын қырқып балаларына береді. Балалары ары-бері жорғалатып ойнап, жемейді. Оны қоян көріп айтады: «Мысықжан, мынау жуас айуан екен, балалардың ішіне қосып қоя тұрып, менің балаларымның көзі ашылғанда осындай қылып ойнатайық», – депті. Мысық досының тілін қимай «мақұл» деп қосып қойыпты. Ертесіне екеуі далаға кетіпті. Құс екеуінің балаларын бәрін тойғанша жеп, қалғанын өлтіріп, кете беріпті. Мақал: «Бөрі баласы – ит болмас».

128. Күшік пен мысық

Қарны ашқан күшік тауда қаңғып жүргенде, қасқыр жүгіріп келіп:

– Күшік, мен сені жеймін! – дейді.

– Қой, көкешім, қой! Әуелі мені тойғыз, сонан соң жерсің, – дейді.

– Жарайды, жарайды, менің соңымнан қалмай ере бер, – депті. Екеуі бірге келе жатып, бір топ сиырды көріпті. Қасқыр өзінің жолдасына қарап айтты:

– Маған қарашы, менің көздерім, құлақтарым, аузым һәм құйрығым қандай екен? – дейді. Сонда күшік айтты:

– Сенің екі көзің шоқтай қызарып жайнаған, екі құлағың жымиған, аузың арандай ашылған, құйрығың артқы аяқтарыңның арасында қыстырылып, жас шыбықтай болып майысқан – дейді.

– Енді мен не қылар екенмін, соны қара, – дейді қасқыр.

Шапшып барып бір бұзаудың тамағына барып жабысып, тұншықтырып өлтіріп, күшікті де тойғызып һәм өзі де тойды.

– Мен тойдым, сенің етіңді жемеймін, қош бол! – деп, қасқыр желе жортып, кетіп қалыпты. Күшік бұзаудың жемтігінің қасында қалып, үш күндей тегін етке тойып жатыпты. Ақырында іші пысқан соң, қаңғып жүрмекке шыққан еді, бір аш мысыққа кез болыпты. Ол мысыққа айтты:

– Мысық, мен сені жеймін! – дейді.

– Қой, күшігім, қой, әуелі тойғыз, сонан соң жерсің, – дейді.

– Жарайды, менімен бірге жүр, – депті. Біраздан соң бұлар бір топ түйеге келіпті. Күшік айтты:

– Мысық, маған қарашы, менің көздерім, құлақтарым, аузым һәм құйрығым қандай екен? – дейді.

– Несін айтасың, сенің көзің бозарып тұр, құлақтарың салпайып тұр, аузың аңқиып, тілің салақтап һәм құйрығың салбырап тұр, – дейді. Сонда бұған күшік айтты:

– Енді мен не қылар екенмін, көр! – депті. Күшік жүгіріп барып, бір түйенің аяғынан тістейін дегенде, түйе мұны дәлдеп тұрып басқа тепкенде, күшік сол арада сеспей қатыпты. Сонда мысық айтыпты:

– Әй, мақтаншақ, мақтаншақ! Сен неге әліңе қарамай қиын іске қолыңды созасың! Сен ешқашан қасқыр бола алмайсың. Енді сенің етіңді мен жеймін, – депті.

129. Мысықтың түлкіге қонақ болуы

Бұрынғы заманда айуандардың өзінің арасында патшасы болған. Патша келген уақытта айуандардың бәрі оған құрмет қылып тұратын болған. Бір күні мысық түлкіге қонаққа барады дағы: «Мен жер жүзіндегі айуанның патшасымын, маған сойыс әпкел», – деп түлкіге жарлық қылады. Түлкі бұған сойыс іздеп аю мен қасқырға барады. Оларға айтады: «Менің үйіме бүтін жер жүзіндегі айуандардың патшасы келіп, «маған сойыс тап» деп, жарлық қылды, сойыс беріңдер», – деп аю мен қасқырға айтады. Аю мен қасқыр бір қойды ұстап алып келіп: «Мә, осы қойды сойысқа бер», – деп бір қой берген. Енді түлкі айтады:

– Сендер біреуің барып сойып беріңдер, мен баруға қорқам. Түсі тегі жаман, көзі қып-қызыл.

Аю мен қасқыр: «Сен өзің барып сойып бер, бізден гөрі аз да болса танысып қалдың», – деп түлкінің өзін жібереді. Түлкі барып қойды сойып, пісіреді. Дайын болған уақытта «патша қалай жейді екен, патшаның жегенін көреміз» деп, аю ағаш басына шығып отырады. Қасқыр ағаштың жанындағы шөпке жасырынады. Түлкі етті пісіріп, патшаны шақырады. Мысық етті жұлып-жұлып жеп жатса, жанындағы шөп астында бір нәрсе қимылдай бастайды. Мысық тышқан алуға үйреніп қалған емес пе, шөп үстіне секіріп мінгенде, қасқыр тұра кеп қашады. «Патша бізді көрген екен», – деп алды-артына қарамастан жоғалады. Сонан соң мысық ағаш басындағы қимылдаған нәрсені көріп, ағаш басына жүгіріп шыққанда, аю мені өлтіргелі келе жатыр екен деп, ол да ағаш басынан түсіп қашады. Солай қылып, мысық алдап сойысын жеп, үйіне қайтады.

130. Ертегі: Мақта қыз бен мысық

Екеуі дос болып жүреді. Бір күні Мақта қыз үйін жинап жүрсе, бір мейіз тауып алады. Мысықты шақырады. Шақырады – келмейді, шақырады – келмейді, сосын «келмесең, келме», – деп, мейізді өзі жеп қояды. Жеп болған соң мысық келіп: – Неге шақырдың? – деп сұрайды. Мақта қыз айтпайды. Сосын мысық айтады: «Ендеше қатығыңды төгем», – дейді. Мақта қыз: «Мен құйрығыңды кесіп аламын», – дейді. Мысық қатықты төгеді. Мақта қыз мысықтың құйрығын кесіп алады. «Апа, апа, құйрығымды берші», – дейді. Сосын Мақта қыз: «Менің қатығымды төлеп бер», – дейді. Мысық сиырға барады. «Сиыр-сиыр, маған қатық берші», – дейді, сиыр айтады: «Менің қарным ашып тұр, маған жапырақ әкеліп бер», – дейді. Мысық ағашқа барып: «Ағаш, ағаш, жапырағыңды берші!» – дейді. Ағаш айтады: «Мен шөлдеп тұрмын, су әкелсең, жапырақ беремін», – дейді. Суға бара жатса, су әкеле жатқан қыздарды көріп: «Қыздар, қыздар, маған су берші», – дейді. Қыздар: «Бізге сағыз әкеліп берсең, біз саған су береміз», – дейді. Мысық дүкенге барады. «Ай, дүкенші, маған сағыз берші», – дейді. Дүкенші: «Маған тұқым бер», – дейді. Мысық тауыққа барады: «Тауық, тауық, маған тұқым берші», – дейді. Тауықтар айтады: «Бізге дән әкеліп берсең, біз саған тұқым береміз», – дейді. Мысық: «Енді не қыламын», – деп бара жатса, бір ін қазып жатқан тышқанды көреді. Мысық тышқанды қорқытып: «Жаның барында айт, үйіңде не бар?», – дейді. Тышқан қорыққанынан: «Үйімде бір батпан тарым бар», – дейді. Мысық айтады: «Маған бір уыс тары бер», – дейді. Тышқан үйіне барып, бір уыс тары береді. Тарыны апарып тауыққа береді, тауық тұқым береді, тұқымды апарып дүкеншіге береді, дүкенші сағыз береді, сағызды апарып қыздарға береді, қыздар су береді, суды апарып ағашқа береді, ағаш жапырағын береді. Жапырақты апарып сиырға береді, сиыр қатық береді, қатықты апарып Мақта қызға береді. Мақта қыз мысықтың құйрығын береді.

131. Қызыл мысық

Араларындағы айтыстарды бітіріп, араздықтарына ағалық ету үшін арыстан аң атаулыны аралдағы алаңға жияды. Тағылардың тартып алғаны мен азулылардың айдап алғанын айта келген аңдар адам айтқысыз көп еді. Үлкен құлағы үдірейген, қорқақ жүрегі лүп-лүп еткен қояндар тобы да талай арыздарын ала келіседі. Қоянқұлақтау келген қайқы құйрық тиіндер тобының жанында отырған қосаяқ пен ақкіс те, құндыз да құр алақан келіп отырмаса керек. Жазықсыз жаза көретін бөкен, жирен жорға жұпар, құлан тобы арқалап келгенін аялсыз айтуға асығып отырады. Итпен әрі-сәрілігі айтылып жүретін аласа ғана саркістер тобы олардан әнтек әрірек орынға отырады. Айналасындағыларды алымсынбағандай әдейі айбарлана келген аюлардың ойында да күдік жатады. Олар икемсіз денелерімен топас қозғалып, басқалардың өр жағынан орын алады. Айналаның апшысын қуырып, азулылардың арасында «айға шапқан ажарлыңмын» дейтін арыстан «тағдыр мені таққа жаратқан, тағымнан таярым жоқ» деп тәкаппарлана қарап, жиын мінбесіне арналған жартастан түспей отырады. Аңдарға ақырын айтатын сөзді ақырып айтатын оның түсінен «төр төренікі, төбе төрдегінікі, төбе басы төбелеріңді шайнайды» деген үрей шығып, аңдардың арасын аралап жүрген секілденеді. Арыстанның қасында жамбастай жатқан жолбарыс «атаның баласы алдыға, басқаның баласы барына» деп топты отырғызып жүрген түлкіге анда-санда гүр етіп қояды. Сирек мұрты едірейіп, сақ құлағы құйқылжи естіген түлкі жолбарыстың жарлығын бұлжытпай атқарады. Алдындағы арқарлар мен таутекеден, еліктен айрылғысы келмей, топтан шыға беруін жығып, тебінгідей көкала төстігін қылғымай жұтқысы келіп отырған қасқырды шұқшиған көзінен аңғарған түлкі: «Көкжалдың тұқымы көптің көркі емес пе? Атаның баласы алдыға», – деп, аюлардың аяқ жағына ауыстырып қояды. «Қасқыр елді танымағанымен қасқырды елдің бәрі таниды», – деп тік құлағы едірейген шұбалаң құйрықтың көкшіл өңіне қалғандардың бәрі бұрыла қарасады. «Өмірі бірдің өрісі бір», – деп, қасқырдың орнына қара құйрықтың келгеніне арқарлар ашу шақырмайды.

Аңдардың алды-арты әбден жиылып болғаннан кейін мәжіліс басталды.

– Біріңді қопадан, біріңді орманнан, біріңді айдаладағы қиырдан немесе жан басып, құс аспаған қарлы таудың қай-қайдағы қапталынан, түлкі секілді сілімтіктеріңді елдің ескі жұртынан әдейі шақыртып отырмын, – деп сөзін бастайды орнынан еріне қозғалған арыстан аңдарды көзімен бір шолып шығып. «Ханың қайырымсыз болса, қауымыңды қайғы басады» деп, «Мен қайырымсыз хан болғым келмейді. Араларыңда айтылмай жүрген арман болса ақтарыңдар! Елімде озбырдың, жерімде жексұрынның болуы менің абыройыма кір келтіреді... Жуандық қылғанның жұлынын үзем, озбырлық қылғанның омыртқасын опырам, мұнан кейін аю арқар алмайтын, қасқыр қарақұйрыққа қарамайтын, қоян қорланбайтын өмір орнатам... Бұл өзгелерге өнеге болып, басқа хандардың қауымдары маған келетін болады. Көңілдер көтеріліп, күдіктер күл болады. Мен текенің лағын тентек жеп, тентектің лағын «текті» жегенге көне алмаймын, берсе қолынан, бермесе жолынан жейтіндердің, аңқаулардан алдап алса, асаулардан алысып алатындардың, алдағыны арбап алса, айналаны жайпап алатындардың тұқымын құртам».

– Армандарыңды ақтарыңдар!

– Әділет үшін!..

– Бақтарыңа мен тірі болайын! – деп сөзінің аяғын ұранмен тоқтатады.

Жуан мойыны әзер бұрылып, ащы даусы алқымына шыққан арыстанның сөзіне қошамет білдіргісі келген қайсы бір аңдар:

– Сізсіз селеу де селк етпейді.

– Әлемге әйгілі атыңыз айтқаныңызға да лайық...

– Сіз патша болғаннан бері «әділетсіз» дегенді ұмытып та кеттік, – десіп мәймөңкеледі.

– Онда бүгінгі жиынға төбе басы сайлаңдар, істі сол меңгерсін. Төбе басылыққа сүйген аңдарыңды атаудан тартынбаңдар... Мен қисық-бұрысты бақылап, жотада ғана отырайын, – дейді жиынының күн тәртібіне көшкісі келген арыстан адалсып.

– Хан тұрғанда қараны сайларымыз жоқ, арыстанның өзі болсын, – дейді түлкі, арыстанның өзіне естірте дауыстап.

– Көрген көркіне де риза, өзі аңдардың сәтіне жаралған серке әрі серісі, меніңше бұғы болсын, – дейді, өзімнен төменде атасам өзіме келеді деген ойда отырған қасқыр, сілеусін мен қабланның біреуін айтсам, сілкілесе береді деп ойлап, олардан өресі биік, өктемі көп аюды айтпайды. Есі-дерті өзін атау болса да, аузы бармайды. Басқалардың аузынан өз атым шыға ма екен деп те дәмеленеді...

Бірсыпыра аңдар «арыстанмен терезесі тең, қақпайына көнбейді, өз алдына жүрген, басқалардай зәбірлі де емес, жас ағаштың жапырағы мен тәтті жемістерді ғана жейді» деп үлкен тұмсығын әлсін-әлсін ерінбей көтеріп тұрған пілді ұсынады... Бірақ оған жолбарыс қарсы шығады. Жылдан-жылға жиылып, аңнан-аңға келе жатқан ұшы-қиыры жоқ даудың төрелігін меңгеретін түйе өзінің әділ төресін күтеді. Болашақ ұлық әлі ұйғарыла қоймайды. Қабылан қасқырды айтса, қарақұйрық қарсы болады. Аю жолбарысты айтайын десе, ертеңгі күні итжығыс түседі. Бәрі жиылып қоянды айтайын десе, ол бәрінің айтқанына көнеді. Қоянның өзін көрсететін ешкім жоқ. Қалғандары бірігіп суырды ұсынайық десе, аю оны алты қабат алыстан алады деген пәтуа табады. Сонымен, төбе басылыққа аңдар ешкімді атай алмай тұрғанда, күтпеген жерден ғажайып бір аң араларына келе қалды. Өңі қып-қызыл, аласа бойына әнтек артығырақ біткен тік мұрттарын дамылсыз қозғаған әлгі аң отырғандардың бәріне де маңғаздана қарайды. Оны ешкім тани алмайды. Шегір көзін шекшите қараған қонақ сұлу мұртын ширатып та қояды. Ол келе сала-ақ арыстан отырған жартастың басындағы ұшқатқа шығып алады да, астында отырған арыстан мен жолбарысқа алымсынбағандай анда-санда еңкейе қарап қояды... Бауыр жүнінен тамшылаған қызылға жабыла қарап отырған аңдар оның арыстаннан жоғары шығып алғанына қайран қалысады. Бір-бірлеріне «бұнысы кім?» деп ымдасып та қояды. «Бойы биттей болғанда қорықпайтын үлкен жүрегі қай жеріне сиып тұр екен?» деседі кейбірі, үстіндегі қызылы сілкінген сайын төгілген кішкене қонақ отырған ұшқатынан түспейді. Төбе басылықты біреулері қызғанып, біреулері қолға түсере алмай отырған аңдар аяғында әлгі араларына келген аңға мақұл болысады. Аузы алты қарыс арыстан мен жарлығы жанды алатын жолбарыстан әлде қайда әлсіз келген, түсі жылы қонақтан ешкімі зәбір шекпеспіз деп ойлайды. Біреулері: «Қаны сорғалап жүрсе, қалпы қурамайтын неткен керемет, әлде бағымызға келген әулие ме...», – деседі. Өмірінде көрмеген аңның өзінен жоғары отыруға қалай батылы барғанына қайран қалған арыстан да оны тарпа бассалудан жасқанады. Сонымен төбе басы болып сайланған кішкене қонақ дау-шарға тұтас төрелік етіп шығады. Бірақ күңкіл аз болмайды. Күндер өтіп тағы бір жиын болғанда, аңдар оның алдына және жиылады. Ол жартасқа шығып ұйғарылған үкімдерді оқып тұрғанда алдынан кіп-кішкене бір сымпыс құйрық суыр тұра жөнеледі. Төбе басы өзін төбесіне көтеріп отырған аңдар мен алдындағы жұмысты, төрелікті ұмытып, мінбеден ытып түсіп соны қуа жөнеледі. Алғашында аңғармаған азулылар оның кім екенін сонда ғана біліседі. Сыршының шелегіне түсіп, иттен қорыққанынан ұшқаттың басына қашып шыққан мысық екен. Отарлап қуып, кейде қанды сорпа болып жүріп алатын азықтары алдына келгенде тісі қышып, іші шуылдап отырған азулыларға бұл аспаннан түскен сәт еді. Бәрі табанда-ақ тап беріседі. Мұның да алғашқы хабары түлкіден болады. Ол төбе басы ытқи бергенде-ақ қасқырға арқарды көрсетіп, ым қағып қалды. Төңірек лезде шыңғырған дауысқа, ақырған айғайға, күрілдеген үнге толады. Қою шаң шығып, қатты дүбір апаш-қопаш арпалыс басталды.

– Теріс азу тегіне тартады. Құрғырдың өңі оңа бастағаннан шошып едім. Тегі қабылан емес пе, онан да «қорқақты қуа берсе батыр болады» деп қоянды сайламаған екенбіз. Тағылар тағылығын қойса, қоян қорқақтығын қояр еді, – деп өкініп бара жатқан дауыстар естіледі.

Бәрінен басымырақ шыққаны:– Патшамыз арыстан болғанда, төбе басымыз қайдан оңсын, – деп өндіре алмаған арыздарын арыстан мен төбе бассыз-ақ өз қолымен бітіріп алуға ант еткен соңғы сөздері болады.

132. Жалқау мысық

Бір үйдің мысығы бейқам өмір сүріпті. Қарны тоқ болған соң, қимылдауға ерініпті. Жалқауланғаны сонша, тіпті тұмсығының астынан жорғалап өтіп бара жатқан тышқанды ұстауға да құлқы соқпапты.

Ақыр тышқан:

– Біздің маубас, – деп, мазақтайтын болыпты.

Бір күні қожасы екі-үш қап бидайды үйіне кіргізіп қойып, өзі сыртқа шығып кетеді. Сол кезде қап толы астыққа тышқандар тұс-тұстан лап қойыпты. Көзді ашып-жұмғанша қаптың тасталқанын шығарыпты. Жылы жерде пырылдап ұйықтап жатқан мысық тынымсыз сытырлаған мазасыз тықырдан оянып кетеді. Сонда қаптың жібін бытырлата қырқып, дәнді күтірлете күйсеп жүрген тышқандарды көреді де, ожырая қарап қойып, жата береді.

– Ә, тамақ жеп жүрсіңдер ме? – дейді де, қозғалмайды. Орнынан тұрып, тышқандарды қуып жіберуге ерінеді. – Әй, қойшы, жей берсін!..

Бір кезде үйге кіріп келген қожасы тесілген қапты, шашылып жатқан дәнді көреді де, манаурап жатқан мысыққа жетіп барады.

– Мен үйде сен бар ғой деп сеніп жүрсем, тіпті үйге кірген ұры тышқандарды да ұстай алмайды екенсің ғой. Сені несіне бағамын. Одан да тоғайға апарып тастап құтылайын, – деп, сақылдаған сары аязда тоғайға апарып тастапты.

Ақ қарға оранған тоғай ішінде бүрісіп тұрған мысықты көрген сауысқан:

– Жылы үйде жатып, дайын асқа семірдің. Тышқан аулауға да еріндің. Енді қайтер екенсің? Қане, мынау қар басқан тоғайдан тамақ тауып жей қойшы! – деп, сықылықтай күліпті.

133. Мысық пен тышқандар

Мысық бір күні тышқандарды қонаққа шақырып хабарландырыпты. Тышқандар хабарландыруды тапсырып алған соң:

– Мысық бізбен қылыштасқан жау еді. Бүгін неғып қонаққа

шақыратын дос бола қалды, бір сұмдық бар ма, қалай? – деп қауіптеніп, ақыры қонаққа барысады. Мысық басына сәлдесін орап, «қонақты» қарсы алып, алдарынан шығып, үлкен қошамет көрсетіп:

– Қонақтар үйге кіріңдер, төрге шығыңдар, – деп құрмет білдіріпті.

дастарқан жайып, тамақтарын алдарына қойған соң, мысық тамағын қырынып:

– Қонақтар, тамақ алыңдар, өткенде ел де болдық, жау да болдық.

Өткен өтті, енді қайталамайық, – дейді. Тышқандар қол қусырып, бастарын изесіп, раздықтарын білдіріп, рақымет айтады. Тамақтарын ішіп-жеп дастарқан жиылған соң, мысық: Тышқан жеген, кемірген, тескен заттарды жинап әкеліп, тышқандардың алдына қойып, мұны кім істегендігін, кім жауапкер екендігін сұрағанда, тышқандар: «Бүлінген затқа бір, мысыққа бір қарап, дауысын шығара алмай, «біз» дегендей, тұмсықтары жыбырласыпты. Сонда мысық орнынан атып тұрып, есікті тарс жауып алып, сәлдесін жұлып тастап:

– Тышқандар, сендердің қылмыстарың ауыр, кешіруге болмайды. Мен ақ сәлдемді тастадым, баяғымды бастадым, – деп тышқандарды шетінен қырыпты. Содан бері ел аузында «мысықтың тышқанды қонаққа шақырғанындай» болып жүрмесін дейтін аңыз тарапты.

134. Мысық пен тышқандар

Бір күні, мысық тышқандарға:

– Мен үлкен сопы болдым. Бүгіннен бастап құдайға құлшылық ету

жөнінде шариғат сөйлеймін, барлығың келіп тыңдаңдар! – деп уағыз айтыпты.
Тышқандар кеңесіп:

– Бұл жыртқыш сопы болдым депті, ет жемесе, енді нені қорек етеді

екен, сұрап ұғайық, алданып қалмайық, – деген байламға келісіпті.
Олар мысыққа келіп осы жайлы сұрапты. Мысық:

– Мен әлдеқашан ет жеуді қойғамын, тау бөктерінен балауса жеп, шөп

басындағы шық суын ішіп, күнелтетін болғам, – деп жауап береді.
Мысықты тәңір жолын ұстап, жақсы сопы болыпты деп ұққан
тышқандар түгел онан шариғат естуге келеді.
Мысық сопылық киімін киіп, үлкен салауатпен мінбеге шығады да, қан

төкпеу, ет жемеу жайлы бірталай дәлел айтып, жөн-жосық сөйлейді.
Мысық шариғат сөйлеп болған соң, тышқандар жапа-тармағай есікке

ұмтылады. Осы орайда мысық мінбеден қарғып түсіп, ең арттағы тышқанды тарпа бас салып жеп қояды. Мысық әр күні шариғат айтып, әр күні бір тышқан жеп жайбырақат жата береді. Ал, тышқандар өзінің күннен-күнге азайып бара жатқанын көріп сезіктене бастайды. Сонан олар бір жерге жиылып кеңес құрып:

– Біздің түбімізге жетіп жүрген сол, әйтпесе қатарымыз неге күннен-

күнге селдіреп барады, ең жақсысы оның дәретін тексеріп көрейік, –деген байламға келеді.

Тышқандар келіп аңдиды. Ол әмсе дәретін көрсетпей күлмен жауып тастап отырады екен. Ол кеткеннен кейін тышқандар күлді ашып оның дәретін қарайды да, ішінен бірсыпыра боғына араласқан тышқан жүндерін байқайды. Тышқандар бұл істің сырын біледі.

Келесі күні тышқандар бәз-баяғысынша мысықтың шариғатын естуге келеді. Бірақ шариғат айтудан бұрын бір тышқанды уәкіл етіп мысыққа салады. Ол: «Сопы, тақсыр, шариғат айтып көп әурелендіңіз, біз сізге мойынға асатын бір қоңырау тарту етейік, өйткені сіз әулие, ұлы сопысыз, сіз бұл қоңырауды асып алсаңыз, қайда барсаңыз да біз хабарланып, өз құрметімізді білдіріп, әдеп-иба сақтап жүретін боламыз», – дейді.

Мұны естіп қуанған мысық қоңырауды мойнына асып алады.

Шариғатты айтып болғаннан кейін ол оқшауланып ең артта қалған тышқанға тап береді. Бірақ ол мінбеден атылған кезде оның мойнындағы қоңырау даңылдап кетеді. Мұны естіген тышқандар арт жағына жалт қарайды. Сөйтіп, мысықтың шын кеспірі пәш болады. Тышқандар оған:

– Сенің шариғатың өтірік екен! Доғар енді оныңды, сенің шариғатыңды кім тыңдасын?! – дейді. Содан бастап тышқандар оның шариғатын тыңдамайтын болады.

135. Құмырсқа

Бір құмырсқа өз илеуінде тобынан бөлініп, сол маңдағы ара, қоңыз секілді жәндіктермен дос болыпты. Жем іздеп шыққан құмырсқа жол үстінен бір дән тауып алыпты. Жалғыз өзі әрі-бері әуреленіп, дәнді орнынан қозғалта алмапты. Сонан соң көмек сұрау үшін әлгі қанатты достарын іздейді.

Бір уақытта гүлден-гүлге қонып, шырын жинап жүрген араға жолығады

– Досым, бір дән тауып алып едім, жалғыз өзім көтере алмағаным. Маған көмектесіп жіберші, – деп өтінеді.

– Көрмей тұрсың ба, мен де жұмыс істеп жатырмын ғой, – деп ара көнбей қойыпты. Солайы солай ғой, мейлі деп, құмырсқа әрі жүріп кетіпті. Ол енді қоңызды тауып алады.

Ол мән жайды айтып, көмек сұрапты.

– Сен үшін өз еңбегімді еш қыла алмаймын, – деп, қоңыз ызыңдап ұшып кете барады.

Достарынан күдер үзген құмырсқа мұңайып қайтып келе жатады. Жолда өзінің илеулестерімен ұшырасып қалады. Олар мұның түрін көріп:

– Не істеп жүрсің? – деп, жөнін сұрайды.

Жалғыз құмырсқа өзінің басынан кешкенін айтып береді:

– Жалғыздық деген сол, – деп, илеулестері жұбатады да, құмырсқаның дәнін көтерісіп, әрі алып кетеді. Құмырсқа үйіріне қайта қосылады.

«Жаңа достың қадірі ескі досқа жетпейді» деген екен сонда бір кәрі құмырсқа.

136. Құмырсқаның қанағаты

Ертеде бір данышпан кісі болыпты. Ол кісі жан-жануарлардың, құрт-құмырсқаның тілін біледі екен. Бір күні әлгі данышпан жолаушылап келе жатыпты. Жарты жолға келгенде ат шалдырып, дем алып отырса, кішкентай бір құмырсқаның дән тасып жүргенін көреді. Оны жерден көтеріп алады да, алақанына салып тұрып:

– Қане, құмырсқа, айтшы, дәнді қайда алып барасың? – деп сұрайды.

– Илеуіме апарамын, – дейді құмырсқа. Адам сұрайды:

– Оны қайтесің?

– Кейінге сақтаймын, – дейді құмырсқа. Адам:

– Көп жинайсың ба? – деп сұрайды.

Құмырсқа өз шаруасының жайын былайша баяндайды:

– Жаздай жұмыс істеп, жейтін азығымды жинаймын да, қыстыгүні қаннен қаперсіз тынығып жатамын.

Данышпан құмырсқаны шыр айналдыра қарай бастады:

– Басың неге үлкен?

– Аз сөйлеп, көп ойлаймын.

– Белің неге қылдырықтай?

– Қомағай емеспін.

– Жылына қанша дән жейсің?

– Бір дән жеймін...

– Соған қанағат етесің бе?

– Одан көп жей берсем, жер бетіндегі басқа құмырсқалар аш қалмай ма? Қанағат керек қой!

Құмырсқаның ақылына, қанағатына, көрегендігіне сүйсінген данышпан оны сынап көрмек болады. Қорапқа бір дән салады да, құмырсқаны соған қоса қамайды. Сонан соң су тимейтін бір жайлы жерге орналастырады.

– Бір жылдан кейін келемін. Дәнің бар жейтін, қамсыз жата бер, – дейді данышпан құмырсқаға ескертіп. Осылайша құмырсқаның азықты қалай үнемдейтінін білгісі келеді.

Бір жыл өткен соң данышпан әлгі құмырсқаға қайта оралады. Өзі қойып кеткен жерден қорапты тауып алады. Құмырсқаның өлі-тірісін білмек болып, қорапты ашады. Қараса, құмырсқа тірі екен. Қасына қалдырған жалғыз дәннің жартысын ғана жепті. Бұған таңданған данышпан:

– Ей, құмырсқа, – депті мұның себебін білмек ниетпен. – Сен жылына бір дән жеймін деп едің ғой. Мына дәнді неге түгел жемей, жартысын қалдырғансың? Не себептен сонша үнемдедің?

Сонда құмырсқа былай депті:

– Айтқаның дұрыс, мен жылына бір дән жеймін, ол рас. Ал сен болсаң мені қорапқа салып, қамап кеттің. Сыртқа шыға алмаймын. Егер сен мені бұл қамаудан босатуды ұмытып кетсең, тағы да бір жыл қамауда жататын едім. Бір дәнді түгел жеп қойсам, аштан өлетін едім. Соны ойлап, қанағат еттім.

Данышпан құмырсқаның шыдамдылығы мен тастай берік қанағатына қайран қалыпты. Оны қамап кеткенінің қиянат болғанын, азапқа салғанын енді түсініп:

– Менің істегенім дұрыс болмапты, кешір! – депті де, құмырсқаны қамаудан босатып жіберген екен.

Содан кейін данышпан қанағаттың қасиетін адам баласына үйретіпті.

137. Хан мен құмырсқалар

Баяғы заманда бір хан өтіпті. Өзін-өзі әлемдегі асқан ақыл-парасатты, ділмәр адам санайды екен. Бір күні хан қалың нөкерін шұбыртып, саятқа шығуға әзірленіпті. Жан-жаққа жаршы, хабаршылар шаптырыпты. «Құрт-құмырсқаға, кішкене жәндіктерге айтыңдар, он күнге дейін індерінен шықпасын. Әйтпесе біздің аттарымыз таптап өлтіреді!» – деген хабар таратыпты. Бұл хабарды естіген соң ұсақ жәндіктер індеріне тығылыпты. Ал құмырсқалар болса, әлгі ханды өз ауылдарына бір қондырып, сый-сыяпат көрсетпек болады. Хан қалың қолмен аңға шығады. Келе жатып, құмырсқалардың жол тосып, топтасып тұрғанын көреді.

– Құмырсқалардың бәрі ініне тығылсын деп хабар берілмеп пе еді? Бұл не қылған шоғыр? – дейді хан. Нөкерлері де таңданып қалады. Таяп келген соң құмырсқа патшасын шақыртып алып, жөн сұрайды:

– Топталып жолда тұрғандарың қалай?

– Тақсыр, – депті сонда құмырсқалар патшасы. – Сізді жолай біздің ауылға бір күн түнеп, сый-сыяпатымызды көрер ме екен деп, алдыңыздан шығып, тосып тұр едік.

Хан бұған таңырқай тұрып, мысқылдай күледі:

– Әй, ақымақтарым-ай, ойласаңдар етті, біз түнеп-ақ шығайық. Сонда осыншама адам мен ат-көліктердің ішіп-жемін қайдан тауып бересіңдер? Соны ойладыңдар ма?..

Ол жағынан қам жемеңіз, тақсыр, – депті құмырсқалар патшасы. Көп біріксе, көл емес пе! Еңбегімізбен ерді сыйлаймыз!

Мұны естіген хан:

– Ырыздығың құдайдан десең, сөзіңе тоқтар едім, – депті шалқақтап. – Бірақ сөз таппадың. Осыншама адам мен ат-көлікті еңбегіңмен қалай тойдырар екенсің?

– Тақсыр, аттан түсіңіздер, – депті құмырсқалар патшасы, – егер сіздерге ас-тағам қамдай алмасақ, мен айыпты болайын.

Мұны қызық көрген хан күле тұрып:

– Мейлі онда, қарық қылғаныңды көрелік, – деп, бір қонып аттануға көніпті.

Сөйтіп, құмырсқалар патшасы хан мен оның нөкерлерін арнайы әзірлеп қойған шатырларға бастап алып келіпті. Ат-көліктерін қора-қораға орналастырыпты. Содан кейін құмырсқалар патшасы барлық құмырсқа атаулығы әрқайсысы бір-бір түйірден нан үгіндісін, бір-бір бас сұлы, бір-бір сабақтан жабайы жоңышқа алып келуге әмір беріпті. Құмырсқалар өз патшасының жарлығын орындау үшін жан-жаққа тарап кетеді де, бірінің соңынан бірі кері орала бастайды. Біраздан кейін нан, сұлы, жоңышқа төбе-төбе болып үйіліп қалады. Оған қонақтардың ат-көлігі сылқия тояды. Мұны көрген хан қайран қалады. Өзінің ақылы жетпей, ұтылғанын іштей сезеді де, құмырсқалар патшасын қалай да бір сүріндірудің амалын ойлайды.

– Ей, құмырсқалар патшасы, сенің басың неге сонша үлкен? – деп сұрайды.

– Ақылымыздың молдығы шығар, тақсыр,– деп жауап беріпті құмырсқалар патшасы.

– Ал белің неге қылдырықтай? – дейді хан кекесінмен. Бұған да құмырсқалар патшасы байсалды жауап қайырады:

– Аса ауыр жұмыстарды атқарар кезде белімізді тас қылып буып аламыз. Бүгін сізге аса зор сый-сыяпат көрсетуіміз керек. Сондықтан белімізді мықтап буып алғанбыз. Беліміздің тым қылдырықтай көрінуі содан шығар.

Хан құмырсқаның тапқырлығына таң-тамаша қалады. Одан әрі не сұрарын білмей, ойға шомады. Сонда уәзірі:

– Тақсыр, ақылыңыз дариядай еді, қисынды сөзді қардай боратушы едіңіз. Құмырсқалар патшасына басқа айтарыңыздың болмағаны ма?– депті ханның көңілін аулап.

– Жүйелі сөзге жетесіз таласады, – депті хан басын иіп. – Мен тоқтадым.

Хан үн-түнсіз түрегеліп, аңға да шықпастан үйіне қайтып кетіпті.

138. Құмырсқа мен елік

Құмырсқа мен елік дос болыпты. Мұны білген басқа хайуандар:

– Елік ақымақ қой, құмырсқа дос болып несімен жырғатады, – дейді

екен. Бір күні су ішіп тұрса, құмырсқаны су ағызып келе жатқанын көреді. Елік жалма-жан шөпті аузына тістеп құмырсқаны құтқарып алыпты. Құмырсқа елік досының бұл жақсылығын қайтып ақтасам болар деп жүріпті. Бір күні құмырсқа, бір аңшының қолына мылтық алып, жусап жатқан елікке баспалап таяп қалғанын көреді. Содан құмырсқа жүгіріп отырып барып әлгі аңшы елікті нысанаға ала бергенде, аңшының балтырын шағып алады. Балтыры шым етіп ауырған аңшы еңкейіп балтырын сипап қалғанда, қолынан мылтығы түсіп, ағаш сылдыр ете түскенде, елік біліп зытып берген екен. Сөйтіп, құмырсқа досының жақсылығын ақтаған екен.

139. Қарға баласын «аппағым» дер, кірпі

баласын «жұмсағым» дер

Жер-дүниенің патшасы Сүлеймен пайғамбар кірпі мен қарғаға былай деп бұйрық қылды.

– Сен, қарға бар! Бір түнде жер-дүниені аралап, бір жақсы сайрайтын құс тап. Бұл құсты үйдің бас жағындағы тұрған қапасқа отырғыз. Таң атқанда бұл құс мені сайраған даусымен оятсын!

– Сен, кірпі, барып жердің жүзін тінтіп, маған бір жұмсақ нәрсе тап, бұл нәрсені әкеліп, дәл менің жастығымның үстіне, бетіме таяу қой! Құс сайрағанымен оянып, қапасқа қарай бергенде, бетім бұл нәрсеге тисін, – деді.

Қарға дамыл таппай, көп жерлер аралап, құстардың сайрағанын естиді. Бұған бір де құстың сайрағаны жақпайды. Мұның ойлауынша, бұлбұл, сандуғаш һәм басқа құстар жаман сайрайтын көрінеді. Даусы жақсы құсты таба алмай, қарға сорлы қайғырды: «Енді маған өлім келеді ғой», – деп. Таң мезгілде талып, шаршап қарға ұясына қайтты, «балаларын бір көріп, амандасып кетейін» деп. Пақыр анасын көріп аш балапандар шиқылдап, қарқылдай бастады. Бұлардың қарқылдағаны қарғаға сондай жақсы, нәзік көрінді. Бұлардың қасында бұлбұл, сандуғаш әлдеқайда жаман сайрайтын көрінеді. Қарға сорлы қуанып, балаларын Сүлейменге әкеліп, мұның қапасына отырғызады. Кірпі түні бойы дамыл таппай, жердің жүзін кезіп, жұмсақ нәрсе іздейді, іздесе де таба алмайды. Бұл да шалдығып, шаршап, үңгіріне қайтып келеді. Пақыр анасын көріп, мұның балалары алдынан шығып құшақтайды, кірпі де құшақтайды. Кірпіге балаларының денесі сондай жұмсақ көрінеді. Бұл ойлайды: «Жердің үстінде өзімнің балаларымнан жұмсақ нәрсе болмас», – деп. Көп ойламай, кірпі балаларын Сүлейменнің жастығының үстіне әкеліп қояды. Таң атты. Қарғаның балалары қарқылдап, шиқылдай бастайды. Сүлеймен «бұл не?» деп, қапасқа қарай бергенде мұның бетіне тікенектер кіріп кетті. Қараса, қапаста қарғаның балалары отыр, жастығының үстінде кірпінің балалары жатыр. Сүлеймен ашуланып, қарға мен кірпіні шақырып алып, бұлардың басын кесуге бұйрық қылады. Жазалы болған кірпі мен қарға «дат, тақсыр» деді. Сүлеймен «дат» берді. Екеуі бастан-аяқ қылғандарын баян етіп еді, ойға түсті. Бұл ойлайды: «Әркімдікі өзінікі-өзіне балдан тәтті, оттан ыстық, күннен жарық һәм мамықтан жұмсақ», – деп, қарға мен кірпіні босатып жібереді.

140. Құзғын қарға

Бұрынғы өткен заманда бір қарға көшкен жұртқа ұшып келеді. Сол жұртта көлеңкеде жатып қалған тоқтыны көреді. Тоқтыға айтады:

– Сенің көзіңді жеймін, – дейді.

Тоқты:

– Жарайды, менің көзімді жеу үшін алдымен аузыңды суға жуып кел. Өйткені сенің адалдығың шамалы, былғаныш едің. Сонан соң мен саған көзімді беремін, – депті.

Қарға ұшып суға барады, суға барып мынаны айтады:

– Су, сен менің аузыма ілін, мен аузымды жуып, тоқты жеймін қаңқ-қаңқ, – дейді.

Су:

– Мен сенің аузыңа қалай ілінейін, онан да ыдыс тауып әкеліп, су алып, аузыңды жу, – деді.

Қарға сынық аяқ тауып алып, оны ұстаға апарады.
Ұстаға шегеле деп айтқаны:

– Ұста, ұста, шегелеші аяқ, апарамын су, ілейін су, жуамын ауыз, жеймін тоқты қаңқ-қаңқ...

Ұста:

– Бұл аяқты шегелеу үшін бұғының мүйізі керек, онсыз жарылып іске жарақсыз болып қалады, – дейді.

Қарға ұшып бұғыға барып:

– Бұғы, бұғы, берші мүйіз, апарайын ұста, шегелесін аяқ, ілейін су, жуайын ауыз, жеймін тоқты қаңқ-қаңқ, – дейді.

Бұғы:

– Ой, ақымақ, өз мүйізімді қалай түсіріп бермекпін, онан да мынау жерде ит бар, соған қуғызып түсіріп ал, – депті.

Қарға итке барып:

– Ит, ит, қушы бұғы, түссін мүйіз, апарамын ұста, ілейін су, шаям ауыз, жеймін тоқты қаңқ-қаңқ... – деді.

Ит:

– Мен өзім ашпын, оны қуып түсіріп беруге шамам жоқ, сен бұғыны қусын десең, мына жерде сиыр жүр соның сүтін әкел, – дейді.

Қарға ұшып сиырға барып:

– Сиыр, сиыр, берші сүтіңді, ішсін ит, қусын бұғы, түссін мүйіз, апарайын ұста, шегелесін аяқ, ілейін су, жуайын ауыз, жеймін тоқты қаңқ-қаңқ... – деді.

Сиыр:

– Мен бұзауымды жарытпай тұрмын, сүт алам десең мына жерде құрақ бар, соны орып әкел, бұзау да тойсын, ит те ішсін, – депті.

Қарға ұшып отырып құраққа барып айтқаны:

– Құрақ! Құрақ! Орылшы құрақ, жесін сиыр, шықсын сүт, ішсін ит, қусын бұғы, түссін мүйіз, апарамын ұста, шегелесін аяқ, ілейін су, жуайын ауыз, жеймін тоқты қаңқ-қаңқ...– дейді.

Құрақ:

– Мен құр босқа орылам ба, болмаса өзімнен-өзім жұлынайын ба, сен орақ тауып алып, орып ал, – дейді.

Қарға бір сынық орақты тауып алып, тағы ұстаға апарады. Ұстаға барып мынаны айтады:

– Ұста, ұста соқшы орақ, орылсын құрақ, жесін сиыр, шықсын сүт, ішсін ит, қусын бұғы, түссін мүйіз, апарамын ұста, шегелесін аяқ, ілемін су, жуамын ауыз, жеймін тоқты қаңқ-қаңқ...– деді.

– Жарайды, олай болса, ана көмірді әкел, – деп жұмсапты. Қарға көмірге басын сұғып, аузымен тістеп алып жатқанда, ұста басын кесіп алған екен.

141. Қарға мен баласы

Қарға баласына: «Адам баласы біздің дұшпанымыз, сақ болыңдар, екі шоқып бір қараңдар», – деген. Сонда баласы: «Екі шоқып бір қарамай, бір шоқып екі қарағанда аштан өлеміз бе», – деген. Қарға: «Адам баласы ұратын тасын қойнына тығып жүреді», – деген, сонда баласы айтқан:

– Тасты қойны мен қонышына салғанша, қолына ұстап жүрсе болмай ма? – деген.

142. Қарғаның бөспелігі

Лашынның балапаны топшысы қатып, ұядан ұшқан соң-ақ жемін тауып жеуге шығыпты. Жолшыбай бір қарға оған қызылшы болып ерсе керек. Алғаш бауын үйректің балапанымен ашқан лашын олжасын қарғаға байлапты. Көктен тілегенін жерден тапқан қарға барлығын жапырып тастағандай екі иінінен дем алып, әлгі үйректің балапанын ұясына алып келіпті.

– Не деген тәтті, мұны қайтып алдың, төс еті неткен жұмсақ еді, – деп, балапандары таласа-тармаса жей бастапты. Сонда қарға:

Бұл шешең аюды алған белеңдегі,
Судағы балықты да тереңдегі.
Көл шетінде көк ала үйрек тұр ғой,
Өгіз сасық немені де алад өлеңдегі, –

деп бөсіпті.

143. Қарға мен лашын

Бір қарға көп жемтік өлексені жиып таусылғысыз етіп, таудай қылып үйіпті. Бір қыран лашын-бидайық соны көріп: «Мынауменен жақын болсам, өмірімде қарным ашып, өзегім тала ма», – деп, сол қарғаға тимей, үйді-үй қонып жақындасып жүріпті. Манағы бидайық көрінгеннің желкесін қиып тастай береді екен. Сүйтіп жүре-жүре қарға манағы бидайықтың қиып тастап жүргенін ұмытып кетіп ойлапты: «Осы жеген нәрселерімнің бәрін өзім алып жеп жүрмін ғой», – деп. Екінші ойлайды: «Осынша үйілген боқтығым тұрғанда маған жолдас болып лашынға не керек, өзім лашыннан артық емеспін бе», – деп, шалқаң-шалқаң басып «қарқ-қарқ» деп тауды жаңғырықтырыпты. Мұндай шалқаң басып тау жаңғырықтырғанын көрген соң әртүрлі құстар маңайына жиыла беріпті.

– Пәлі, қарғам, пәлі даусыңа, бір сенен артық құс жоқ, – деп, манағы үйіліп жатқан жемтіктің шетінен шеттеп жеп жүрісіпті.

Сонан соң баяғы бидайық мұның бұл ызасына шыдай алмай қанатын қомдап алып, аспаннан бір келіп қарғаға түйілген екен. Манағы қасындағы үйіліп-төгіліп жүрген құстан жалғызы қалмай быт-шыт болып кетіпті. Сонда қарға жаныменен қайғы болып, кірерге жер таппай жиған боқтығы басына пәле болып тигенін білген соң айтты дейді: «Әкем жеген боқ еді, шешем жеген боқ еді, құстың етін жегенім жоқ еді. Енді осы қылық өзіме айып еді», – дейді. Мен ойладым: «бұл бишара қарғаның жиған боқтығы басына пәле болды ғой», – деп. «Неге десең, оның жиылған боқтығы болмағанда лашын да оған айналмас еді және басқа құстар да қасына жиылып желіктірмес еді» және ойладым «өз көзіне көрінгенді қиып тастап жүрген лашын қарғаға не себептен жолдас болды?» – деп. Ақыры ойлап тұрсам, бәрі нәпсіге ерген дүниеге келеді екен.

144. Қарғаның достығы

Бұрынғы заманда бір кедей адам болыпты. Бұл адам тұзақ құрып, құс ұстап саят қылып жан бағады екен. Бір күні бір жіпке жем шашып, тұзақ құрып қойған екен. Мұны кептер көріп патшасына айтады. Соны барып жеп келсек қайтеді деп. Сонда патшасы: «Адам баласы амал-қайласы бар қу болады. Тұзақ деген нәрсе құрып қойып, алдап ұстап алып жүрмесін», – дейді. Сонда да бүтін ел жиылып барамыз деп оған бәрі барып тұзаққа түсіп қалады. Сонда патшасы тұрып келмелік деп едім, тілді алмадыңдар. Міне, ұсталдық. Ал, бәріміз бірдей құбыла жаққа көтеріле ұшалық деп, бір күн ұшып адамы жоқ иен қалаға келіп қонады. Бұл шаһарда ешбір жан жоқ тышқанның астанасы екен. Сонда Кептер патшасы тышқан патшасына келіп, басына киілген пәлесін айтып жылайды. «Мені осы пәледен құтқарсаң, жақсылығыңды өмір бойы ұмтпаспын. Өзім өзіңізбен өмір бойы дос болар едім», – дейді. Сонда тышқанның патшасы еліне бұйрық қылып, «мыналардың мойнындағы тұзақты қиып, босатыңдар», – дейді. Сонда тышқанның бүтін қолы жиылып келіп, кептерлердің мойнындағы тұзақты қиып босатады. Сол арада бір қарға мекен етіп жүреді екен. Сол тышқан патшасына келіп, «сен кептерлерді босаттың, мен сенімен дос болайын деп келдім», – дейді. Сонда тышқанның патшасы, «құдай сені көрсетпесін, сыртыңнан ішің қара», – депті. Сонда қарға күнде тышқан патшасына келіп-кетіп жүріп аяғында тышқанға айтты, мен сенімен дос болайын.

– «Менің үш жылдан бері көрмеген досым бақа бар, соған амандасайын, жеткіз», – депті тышқан патшасы.

«Қарға мақұл» депті. Тышқан мен бақаның арасында бір дария бар екен, қарға тышқанды қанатына мінгізіп алып бір күн, бір түн ұшып, дарияның ар жағындағы бір аралға түсті. Сонда тышқанның досы бақа да амандасып көрісіп, жыласып-сықтасып құшақтасып қалды.

Сонда бақа: « қайтіп бұл жаққа ұшып шықтың», – дейді.

Тышқан: «Мына қарға менімен дос болып, сол қанатына мінгізіп, әкелді», – дейді. Сонда бақа: «Сенің бұл досың қарға екен, бір күні өзіңе қас қылып қояр мен саған бұрынғы заманда төрт жануардың дос болып бір-біріне жанын қиып, бірін-бірі өлімнен құтқарған екен. Мен соның әңгімесін айтып берейін. Сен тыңла», – дейді. Тышқан мақұл дейді.

Сонда бақа: «Ол төрт нәрсе – тышқан мен бақа, үйрек пен киік еді. Бір күні патшаның баласы аудан қайтып келе жатыр еді. Бұған төртеуінің бірі бақа жолығып еді. Жол болуға жақсы деп қоржынға салып алады. Мұны киік досы көріп, үйрек пен тышқанға хабар берді де, «Мен аушының алдынан ақсаған болып қашайын, үйрек сен тышқанды қанатыңа салып мінгізіп ұш. Аушы мені қуып кетіп, қоржынын тастар. Тышқан қоржынды тесіп, бақаны шығарсын», – деп, өзі аушының алдынан ақсаңдап қашады. Аушылар қоржынды тастап, киікті қуып кетеді. Үйрек ұшып келіп, тышқан қоржынды тесіп құтқарады. Сөйтіп, төртеуі аман-есен қашып құтылады, міне, шын дос деп осыны айт. «Сенің досың осылардай болса жарар еді», – деп тұрғанда қарға батыр қарқылдап келіп, досы тышқанды басып қалды. Бақа байқұс суға секіріп, әрең құтылды.

145. Қарға мен бүркіт

Бір күні ақымақ қарға жар басында қонып отырса, бір бүркіт келіп, сайда жайылып жатқан қойдың ішінен бір қозыны іліп алып тасқа шығып жеп отырыпты. Мұны көрген қарға «Мен де бүркіт сияқты біреуін іліп алып, жемеймін бе? – деп ойлапты да мен алсам қозыны алып не қылам, үлкен қошқарды алмаймын ба,» деп бар күшін жинап, қанатын қомдап, жартастан еңкейіп түйіліп барып бір қошқарға түсіпті. Қарғаның шілбиген жіңішке саусақ тырнақтары қошқардың қалың жүніне ілініп қалып, қошқарды алғанды қойып, өз тырнағын шығара алмай, қошқардың үстінде далпылдап жатқанда, анадайдан қарап отырған қойшы келіп,қарғаны ұстап алып, баласына ойыншық қып беріпті. Осыдан бастап «Қарғаның қошқарға түсуі сияқты», – деген тәмсіл ел аузына тарапты.

146. Кезқұйрық пен бақа

Нөсер құйып, өзен тасиды. Бір бақа өзеннен малтап жағаға шығып, шөп басындағы су моншақтарын шашырата шоршып, ән салып жырғап жүреді. Әуе кеңістігінде жер бетін шарлай ұшып бір аш кезқұйрық шүйілген бойы оны іліп алып, әуе кеңістігіне шарықтай жөнеледі. Бақа төмен жаққа көз салады, жер бетіндегі үйлер мен ағаштар көз ұшында қара ноқаттай болып бұлдырап арт жақта қалып жатады. Есеңгіреген бақаның көзі шұбартып кетеді. Ол қайта қарауға батылы бармай, көзін тарс жұмып алады. Ол «ажалымның жеткені осы, кезқұйрықтың тегеуірінен енді маған құтылу жоқ қой» деп ойлайды. Сөйтсе ол, тәуекелге бел байлап, жүрегін тоқтатып, өжеттене:

– Кезқұйрық, мені қайда апарасың? – деп сұрайды.

– Таудың ұшар басына апарып, келісіп бір тоямын.

Бұны естіп жүрегі зырқ ете түскен бақа енді құрыдым, мекеннен шалғай тау басына барғанда мені кім арашалап алады деп шошып кетеді. Сонда да бақа қапияда ақыл тауып, бейне қуанған жанша:

– Кезқұйрық, саған мың бір рақымет, менің өзім тау бақасы едім, ата-

ана, ұрық –туғандарым сол жерде еді, енді солармен бет көрісетін болдым. Өлер алдында жақын, жұрағаттарыммен бет көрісудің өзі бір ғанибет қой, – дейді. Мұны естіп әрі-сәрі болған кезқұйрық «тауда мұның көп туысқандары бар болса, апарғаным келіспес» деп ойлап артына бұрылады да, өзен жаққа қарай ұшады.

Іштей қуанышқа батқан бақа:

– Мені тағы қайда апарасыз, – дейді.

– Өзендегі көпірге апарамын.

Мұны естіп бақа өп-өтірік зар қақты:

– Айналайын аға-екеш, көпірде менің туыс-туғандарым болмағаны

былай тұрсын, танысым да жоқ. Өлер кезімде туыстарыммен дидарласа алмау үлкен қорлық қой! – дейді. Ол жалынған сайын мәз болып масайраған кезқұйрық сол араға келіп бақаны көпірге тастап, өзі көпірдің басына қонды да қарқылдап:

– Бақа, өлер алдыңда тағы қандай өтінішің бар? – деп сұрайды.

Көпір астындағы сырылдап ағып жатқан өзенге көз қиығын тастаған
бақа кезқұйрыққа:

– Сіз бір нағыз сайыпқырансыз, мен болсам бір қораш бақамын, сен

мені жегенде ызбарлылақ болыңыз, алдымен тұмсығыңыз бен тырнағыңызды тасқа қайрап, қылпылдатып алсаңыз, – дейді.

Бақаның айтқан сөзін жөн көрген кезқұйрық, бір тасты тауып тұмсығын қайрай бастайды. Осы орайдан пайдаланып өзенге секіріп түскен бақа судан жарым денесін шығарып тұрып, кезқұйрыққа:

– Сау тұрыңыз нәдүрісім, өзен – менің мекенім, менің ата-бабам мен

туыс-туғандарымның бәрі осы жерде, – деп суға сүңгіп ғайып болады.
Кезқұйрық ызадан жарылардай болып меңірейіп отырып қалады.

147. Батыл есек

Есек жүк тасудан қашып, әбден жалығады. Бір күні ол өзімен жолдас болып жүрген түйеге келіп:

– Әй, түйе, мен жүк тасудан әбден жалықтым, жон терімнің тамтығы қалмады! Жүр, екеуміз бірлесіп қожамыздан қашайық та, ойымызға келгенін істеп, өз еркімізбен өмір сүрейік, – депті. Түйе үндеңкіремей, ойланыңқырап барып жауап қайырыпты:

– Шынында да, қожамыздың жаман екені рас, көп жұмсайды, күтіміміз жаман-ақ. Мен қашуға қуанар едім, ал қалай қашасың? Есектің жауабы дайын еді. Ол: «Мен ойлап қойғанмын, қам жеме. Ертең қожамыз бізге тұз артып қалаға барады. Бастапқыда біз айдағанына көніп тыныш жүреміз, ал тауға шыққан соң титықтап болдырған болып, жығыламыз да тұрмаймыз. Қожамыз бізді қарғап-сілеп, таяқтың астына алады. Біз сонда да тұрмаймыз. Ол әбден шаршап, басқа көлік әкелгелі үйіне қайтады. Біздер емін-еркін оңаша қаламыз, тек қана аяғың шыдаса болғаны, қайда қашсаң да, еркің өзіңде», – дейді.

Түйе көңілденіп қоя беріпті:

– Сенің мұның табылған ақыл, данышпандық деп осыны айт! Тап солай істейміз, – дейді ол. Олар ертеңгі таңды күтеді. Қожайыны ерте тұрып, есек пен түйеге қаптаулы тұз артып, қалаға жөнеледі.

Көліктер жарым жолға дейін бұрынғысынша жүріп барады. Түйе ең алды, оның артында есек, ең соңында қолында таяғы бар қожайын келе жатады. Түйе мен есек тауға шығысымен әбден болдырған болып жығылады да, тұрмастан жатып алады.

Қожайын оларды:

– Өй, оңбаған жалқаулар, жатып ішер, арам тамақтар! Таяқ жеп сілейместен бұрын тез тұрыңдар! – деп, сөгіп балағаттайды.

Олар қожайынның сөзін құлағына да ілмей, түк естімеген болып жата береді. Қожайыны ызаға булығып, көліктерді таяқтың астына алады. Түйені ол отыз тоғыз рет таяқтайды, бірақ ол былқ етер емес, қырқыншы таяқты сілтегенде түйе ойбайын салып ұшып тұра келеді.

– Солай ма! Саған әлдеқашан осы керек еді, – дейді де, қожайыны есекті таяқтауға кіріседі. Ол есекке қырық таяқ соқты, ол қыңқ етпестен жата береді, тағы оған елу таяқ соқты, есек былқ етер емес, алпыс таяқ соқты, есек қозғалар емес, жатқан күйінше жата берді.

Қожасы жағдайдың нашарға айналғанын байқады. Есектің көп ұзамай-ақ өлетін түрі бар. Бұл бір тап бола кеткен қаза ғой, амал қанша?! Ол есектің жүгін түйеге артады да, жолға шығады. Өз жүгіне есектің жүгі қосыла артылған түйе, аяғын әрең басып есекті қарғап келе жатыр: «Қарғыс атқыр есек, сенің тіліңді аламын деп, қаншама таяқ жедім, оның үстіне екі есе жүк көтеріп келемін!». Есек сол жатқанынан, қожайыны түйені жетектеп қырдан асқанша жатты да, олардың қарасы үзілген соң, ол тұра салып, бет алды қаша жөнелді. Есек сол қашқаннан үш күн қашады, үш таудан және үш алқаптан асады, ақырында Тентек өзенінің жағасындағы кең алқапқа жетеді. Есекке тоғай алаңы ұнайды да, сол жерге мекендеп қалады. Ол тоғай көптен бері бір күшті жолбарыстың меншігінде екен. Бір күні жолбарыс өзінің меншікті жерін аралап көруге шығады. Ол ертемен шығып, түс кезінде есектің үстінен шығады. Есек құйрығын шыпшаңдата түсіп, тоғайда емін-еркін жайылып жүр екен. «Бұл мен көрмеген, неткен аң болды екен?» – деп, ойлайды жолбарыс. Есек жолбарысты көріп, есінен тана қорқады. «Менің ажалым жеткен екен!» – деп ойлайды ол. Қарсыласпай босқа өлгенше, бұл қорқынышты жыртқышқа өзімнің ерлігімді көрсетіп, өлгенім артық», – деген ұйғарындыға келеді. Ол құйрығын шаншылта көтеріп алады да, құлағын қағып қойып, бар даусымен ақырып қоя береді. Жолбарыс қорыққанынан көзінің оты бұлдырап, кейін қарай бар дәрменімен жортып, артына бұрылып қарауға да мұршасы келмейді. Жолда оған қасқыр кездесіп: «Мұнша кімнен қорықтыңыз, әміршім?» – депті.

– Мен бір аңнан қорқып келемін, ондай қорқынышты аң дүниеде жоқ шығар, оған құлақ орнына қанат біткен, бас дегенің бақырқазандай, ақырған үнінен жер сілкініп, көк жарылғандай,– дейді.

– Сабыр етіңіз, сабыр етіңіз, – дейді қасқыр. «Сіздің кездескеніңіз есек болмасын? Ұсқыны соның өзі ғой. Жарайды, ертең оны екеулеп арқан құрып ұстармыз». Қасқыр келесі күні арқан тауып алады да, оның бір ұшын жолбарыстың мойнына, екінші ұшын өзінің мойнына байлап, екеуі алаңға қарай жөнеледі. Қасқыр алда жүріп келеді, ал жолбарыс оған тығыла түсіп, артта келеді. Есек бұларды алыстан көріп, аузын кере ашып, бұрынғысынан да қатты ақыра бастайды.

Жолбарыс қасқырға айқайлап:

– Е, жарқыным, сен мені мына сұмырайға жем қылғалы әкеле жатқаның белгілі болды! – деп, ол бір жаққа қарай пәрменімен жұлқына жөнелгенде, қасқырдың басы жұлынып кетіпті. Жолбарыс демі құрып үйіне жеткенше жүгіреді. Сол кезде оған сауысқан ұшып келіпті. Ол шықылықтап, секелектеп алыпты да, жолбарыстан болған уақиғаны жай-күйін түгел сұрап біліпті. Содан соң:

– Сәл сабыр ете тұрыңыз, мен ұшып алаңға барайын, қандай жыртқыш екен, не істеп жүр екен, біліп алайын. Барлап алып, бәрін сізге баяндайын, – дейді. Сауысқан тоғай алаңына ұшып кетеді.

Есек ұшып келе жатқан сауысқанды алыстан көреді де, аяқтарын серейтіп өлген болып жата қалады. Сауысқан сол жерде өз көзіне өзі сенбейді. Сұлап жатқан қорқынышты жыртқыштың тап өзі. Ол тіп-тіке есектің үстіне шүйіліп түседі де, алды-артына жорғалап жүріп, жолбарысқа керемет жыртқышты өзім өлтірдім деп, айтудың сылтауын іздей бастайды. Осы жерде жатқан бидайдың бір түйір дәнін көріп, оны шұқығалы тұмсығын соза бергенде, өз сорына қарай, сүрініп кетіп басы есектің тірсегіне ілініп қалады. Өліп жатқан есек тіріле кетіп, сауысқанды тірсегімен қысып тұрып, құйрығымен сабалай береді. Сабай береді кеп, сабай береді. Сабап-сабап түте-түтесін шығарады, жүні бұрқырап алаңды басып кетеді. Дәрмені кеткен сауысқанды теуіп жібергенде анадай жерге барып, ұшып түседі. Сауысқан жоғарыдан төмен қарап, өз ісіне өзі өкіне, шықылықтаған бойымен аһлап-уһлеп, бір жанбастай ұшып, кері қайтыпты. Ол ұшқан бойымен жолбарысқа алыстан айқайлап: – Жаның барда бұл тоғайдан жоғал! Қарғыс атқан аң, мені өмірлік жарымжан етіп жіберді. Абайла, менің күнім саған да туып жүрмесін! – деді. Мұны естіп жолбарыстың зәресі қалмады. Ол көр-жерін жинап, арқалап, алды-артына қарамастан алыс бір елге қарай тартып отырыпты. Ал батыл есек кең алаңда әлі өмір сүріп жатыр.

148. Есек пен өгіз сырлары

Ілгері заманда бір адамның бір өгіз, бір есегі болыпты. Есек әман рақатта, сарайда шөп жеп, суын ішіп тұра береді. Өгіз әман ауыр жұмыстарда болып михнатпен күн кешіреді екен. Яғни – жер жырту, егін суару, тағы басқалар. Бір күндері өгіз есекке мұң-мұқтажын айтып шағады «Арыдым, шаршадым, бар ауыр жұмыс менің мойнымда» деп. «Ал, достым, сенің маған беретін қандай жәрдемің бар?» – дейді. Мына ауырлықтан рахаттанатын есек: «Олай сен шаршап, жүдеген болсаң, менің айтатын мынадай бір ақылым бар, сен ауырған болып, шөп жеп, су ішпе, бүгіннен бастап, таңертең қожамыз сенің ауырғаныңды көрсе, мүмкін жұмысқа мінбей қалдырар», – деп үйретеді. Бұлардың қожасы хайуан тілін білетін оқымысты адам екен, есектің өгізге үйретіп жатқан айласын естіп тұрады екен. Таңертең өгіздің оттамай тұрғанын көріп үндеместен, есекті жұмысқа жегіп алып кете барады. Жұмыс басына барған соң, есекті күндегі өгіздің істейтін жұмысының бәріне салады, есек әбден шаршап қалжырайды. Жұмыстан қайтып үйге келген соң, есекті ағытып өгіздің жанына қоя береді. Өгіз есектен: «Хал-жайың, қалай болды, шаршаған жоқсың ба?» – деп сұрайды. Есек: «Халім жақсы, шаршап онша ренжігем жоқ, жалғыз-ақ сен жағынан бір қорқыныш сөз естіп, күйзеліп келдім соған», – дейді. Өгіз абдырап, құлағын қалқитып: «Ол қандай қорқыныш мен жағымнан», – дейді. Есек: «Ол мынадай, қожамыз жұмысқа барғанда адамдарға айтып келді, өгізім ауырып қалды, көп ұзатпай сойып сатып ақша шығарып алмасам, арыған соң құнды бұл шығармайды ғой», – деді. Мұны естіп өгіз сасқалақтап: «Достым, ендігі ақыл не болды», – деді. Есек айтты: «Менің саған айтар ақылым, сен бұрынғыдай шөп жеп, су ішіп тәуір болғаныңды әдет бойынша көрсетпесең, мен түбінен қорқып отырмын, ұнамсыз іс бола ма деп саған», – деген соң, өгіз тұра сала жалмаңдап, тілін орап шөп жеп, су іше, сауыға бастайды. Бұлардың бұл кеңестерін қожайыны естіп тұрады екен, сыртынан келіп күліп жіберіп, үйіне қарай жүре беріпті.

149 . Есек пен саршұнақ

Бір күні саршұнақ бақшаға кіреді де, өсіп тұрған көкөністің әптер-тәптерін шығарып бүлдіреді. Бақшашы ұстап алыпты да, сілейте сабапты. Сарышұнақ есінен танып қалыпты. Бақшашы оны өлдіге санап, қоршаудың сыртына лақтырып тастапты. Есеңгіреп жатқан сарышұнақ аздан кейін есін жинайды да, сүйретіліп барып, шалғынның арасына еніп кетіпті. Сол арада біраз тыныққаннан кейін орнына тұрып, арғы жақтағы тоғайға барыпты. Сол жерде оның қиыспас досы қасқыр тұрады екен. Сүйретіліп барып, қасқырдың апанына кірген соң, саршұнақ өзінің көрген қорлығын айтып, таяқ зардабынан оңалғанша қасқырдың апанына паналай тұруды өтініпті. Қасқыр досының бұл тілегін қабылдап, бір бұрышқа жатқызып қояды да, өзі қонағын тамақтандыру үшін жем іздеп кетеді. Айналаны түгіл шолып шығады, ештеңе таба алмайды. Апанына бос сопиып, бос қайтады қамығып. Досының бұл кейпін көрген соң саршұнақ

– Досым, бері қара, – дейді көңілін аулап. – Осы маңдағы бір ауылда саяқ жүретін маған таныс бір есек бар. Мен жорғалап болса да соған барайын да, осы араға ертіп келейін. Сен осында тоса тұр. Екеуімізге сол есектің еті бір аптаға жетер.

– Ой, досым-ай, мұның қандай жақсы ақыл, – дейді қасқыр қуанып. – Қысылтаяңда сүйеніш болар нағыз досым екенсің ғой. Тезірек барып келерсің.

Саршұнақ сүйретіліп апаннан шығады да, әлгі өзі көріп жүрген есекті іздеп кетеді. Ауылға таяп келсе, есек ауылдың сырт жағындағы тақырдың шөбін түртінектеп, жайылып жүр екен.

– О, досым, – дейді саршұнақ қасына жетіп барып, – бұның не? Байқаймын, бұл арадан сен аузың толып шөп жей алмайтын түрің ғой. Шөпшек теріп жүргенің қалай? Білмеуші ме ең? Анау тоғайдың арасында балауса шалғын жайқалып тұрған жоқ па? Жүр, мен сол араға ертіп барайын. Шалғынға малтығып жүресің. Аз күннен кейін қарның қампиып, балықтай болып семіріп шыға келесің. Мына жерден не жеп жүрсің? Түріңді көріп, жаным ашиды, тарамысыңа ілініп, тыртиып тұрсың. Сүйегің сорайған ап- арықсың.

Молшылықты естіген соң, есектің аузынан сілекейі ағып, саршұнақтың айтқанына көнеді де, шалғынды жерге бармақ болады. Сөйтіп, саршұнаққа ілесіп жүре береді. Біраз жерге барған соң, таяқтың зардабынан әлі кетіп, қалжыраған саршұнақ өзінің шаршағанын айтып, есектің жотасына мінгізіп алуды өтінді. Жұдырықтай тышқанға жаны ашыған есек сол арада саршұнақты арқасына мінгізеді де, әрі қарай жорғалап жүре береді. Тоғайға жақындау бір төбенің басына шыққан кезде қарсы алдындағы шалғынның арасында көкжал қасқырдың жүргенін байқап қалады. Сол жерде жүрісін тоқтатып:

– Қап, әттеген-ай! – деп өкінеді есек қамығып. – Ауылға барып қайтпасам, болмады.

– Неге, не бітіресің? – деп сұрайды саршұнақ таңданып.

– Әке-шешемнің мұраға қалдырған мүлкін үйге тастап кетіппін, – дейді есек. – Алыс жолға шыққанда қауіптен қорғайтын қасиетті зат еді. Соны алып жүруім керек.

Осыны айтады да, жалт бұрылып, ауылға қарай шапқылай жөнеледі. Жолда келе жатып, әкесі өлерінің алдында қайда жүрсең де әрқашан тастамай алып жүр, қауіп-қатерден сақтайды деп, беріп кеткен мүлікті алмай, шалғынға бармайтынын айтады. Сол бетімен ауылға келген соң есек ышқына ақырып қоя береді. Оның ащы даусынан шошып оянған ауыл иттері өре тұрып, шулай үріседі. Осы айқай-сүреңнен есі шыққан саршұнақ есектің жотасынан секіріп түсіп, жан сақтайтын тесік іздей бастайды. Бірақ жасырынып үлгере алмайды, иттер тарпа бас салып, түте-түтесін шығарады.

«Біреуге ор қазба, өзің түсесің» деген сөз содан қалыпты.

150. Тышқан мен жылан

Бір тышқан тамақ аулай кетіп ініне қайтып келсе, онда бір жылан жатыр екен. Тышқан мұнан жаман қорқып, қуып шығаруға батпай, ақыл сұрай, өзінің қайғысын айтқалы көршілеріне барады. Ақылды тышқандар жиылысып отырып, кеңесіп айтыпты:

– Сен ол інді тастап өзге ін қазып ал, жылан сенің ініңді тартып алғаны әділдік емес. Оған еш айла жоқ. Не қыласың? Оған тиіп мазасын ала берсең, сені жеп қояды. Оған ештеме қыла алмайсың, – дейді.

Тышқан бейшара қайғыра-қайғыра қойыпты. Бірақ қалай кегін алуды ойлайды. Бір күні сейілде келе жатып інінің аузында жыланның күншуаққа жылынып жатқанын көріпті. Жанында бір кісі ұйықтап жатыр екен. Тышқан барып оның мұрнын тістеп алып жыланға қарай тұра қашқан. Кісі оянып тұра қуған. Қараса алдында жатқан жыланды көріп, тышқаннан мұның зияны көбірек болған соң, жыланды өлтіруге алданып қалыпты да, тышқанды қоя беріпті. Жыланды өлтіріп ол кісі кетіп қалған соң, тышқан қайта келіп өз ініне тұрыпты.

Еш уақытта нашарға зорлық қылмау керек. Оған болысуға күшті адам табылады.

151. Тышқандар

Қамбаға бас сұқса-ақ мысық бас салып, ажалға тап бола берген соң, тышқандар оңаша бір қуысқа жиналыпты да, кеңес құрыпты.

– Жауыз мысықтан қалай құтыламыз? – депті мәжілісті басқарып отырған тышқан. Бәрі үнсіз ойласып, амал іздей бастапты. Әрі ойлап, бері ойлап, ешқандай шара ойларына түспепті.

Сөйтіп дал болып отырғанда:

– Мысықтың мойнына қоңырау тағып қоялық, – депті бір тышқан білгішсініп. – Сонда оның келе жатқаны алыстан естіледі. Біз дыбысын ести сала тығылып үлгереміз.

Бұл кеңеске бір кәрі тышқан мысқылдай күліп, былай депті:

– Жарайды, солай-ақ істейік...

Дал болған тышқандар амал табылғанына қуанып:

– Солай істейік! – деп дауыстап жіберіпті. Бұлардан кәрі тышқан:

– Сонда мысықтың мойнына қайсың барып қоңырау тағасың? – деп сұрапты.

Тышқандар не айтарын білмей, үрпиісіп қалыпты.

Сөйтіп, тышқандар күні бүгінге дейін мысықтан құтылудың амалын таба алмай келеді екен.

152. Тышқан мен мысық

Мысық пен тышқан дос болыпты. Бір күні екі дос келе жатып, бір құмыра май тауып алыпты. Мысық білгірсініп: «Құмырадағы майды қыста жейік», – деп, шұңқыр қазып, көміп тастапты. Күндер өте береді. Қыс келеді. Аяз қысып, қарны ашып жатқан мысықтың есіне өзі көміп қойған құмырадағы май түсіпті. Енді мысық сылтауратып:

– Тышқан, менің апам ұл тауыпты, соған той жасайды екен, мені шақырып кетті, – дейді де, кетіп қалады. Сонан соң құмырадағы майдың төбесін ғана ойып жеп қайтады. Алдынан тышқан шығады. «Бөбектің атын кім қойдыңдар?» – деп сұрайды. «Төбелше қойдық», – дейді мысық.

Келесі күні мысықтың тағы да қарны ашады. Құмырадағы май есіне түседі. Тышқанға келіп:

– Менің тағы бір апам ұл тауыпты, тойға шақыртыпты, барайық, –

деп, кетіп қалған мысық майды орталай жеп алады. Тышқан тағы да алдынан шығады. «Е, бөбектің атын кім қойдыңдар?» – деп сұрайды. «Белдемше қойдық», – дей салады мысық. Бірнеше күннен кейін мысықтың тағы да қарны ашып, құмырадағы майға бармақ болып, тышқанға келеді:

– Менің тағы бір апам бар еді, сол ұл тапқан екен, шақыртыпты, – деп, кетіп қалады. Мысық құмырадағы майдың қалғанын жеп келе жатады. Алдынан тышқан шығады:

– Е, бөбектің атын кім қойдыңдар? – деп сұрайды.

– Қалдықша қойдық, – дейді мысық.

Бір күні қысқы аяз қысады. Далаға шығуға дәттері шыдамайды. Тышқан мен мысықтың қарны ашады, ашыға бастайды. Сол кезде тышқанның есіне өздері тығып қойған құмырадағы май түсіп, мысыққа айтады. Мысық пен тышқан көмген майларына келсе, құмырадағы майдың жұғыны да қалмапты. Сонда тышқан:

– Ім-м... білдім, білдім, – дейді ренжіп, – сен үш рет үйден шығып кетіп едің. Бірінші келгенде төбесін жеп, Төбелше, екіншісінде ортасын жеп, Белдемше, үшіншісінде қалғанын жеп, Қалдықша дедің ғой, ә? – дейді.

Өз қулығын тышқан біліп қойған соң, дойыр мысық ашуға булығып, тышқанды бас салып талайды. Тышқан бір тесікке кіріп кетіп әрең құтылады. Мысық пен тышқанның достығы сонымен біткен екен.

153. Кептер мен қарға

Бір кептер үлкен қайыңның салалы бұтағындағы қалың көк жапырақтардың арасында бейқам отыр екен, ентіге жылпылдап, жоғары жағындағы бұтаққа монтық қара қарға келіп қоныпты. Содан кейін мойнын бір жоғары, бір төмен созғылап, өңешін қырнай қарқылдай бастайды. Қарғаның барқылдақ даусынан кептердің құлағы бітіп, басы зеңіп, мазасы кетеді. Сонда да өзі білер деп, үндемей шыдап бағады. Бірақ қара қарға қарқылдауын тоқтатпайды. Денесі түршігіп, берекесі қашқан кептер:

– Оу, қарға, таң атқалы балапандарыма жем тасып, әбден шаршап, мына қайыңның саясына аздап демалайын деп отыр едім. Мүмкін болса, біраз қоя тұршы, мазаны алмай, – деп өтінеді.

Өзінің әніне түсінбегеніне қарғаның қабағы түсіп кетеді. Тұмсығы сорайып, кілмие қарайды:

– Ей, осылай шаршап отырғанда көңіліңді көтерейін деп, әдейі сайрап отырған жоқпын ба?! – дейді.

Кептер өз өтінішін ұқпаған қарғаға таңдана қарайды да, әрі ұшып кетеді.

154. Көк кептер балапаны

Бір көк кептер ұяға екі балапан салыпты, бұл екі балапан қанат, құйрығы жетіліп, ұшар мезгілі келгенде біреуі-біреуіне айтыпты:

– Әй, шырақ, енді біздің қанат, құйрығымыз жетілді, ұшып дүниені кезіп, сауық қылып келелік, – дейді. Сонда біреуі (інісі):

– Қой аға, тамашаны, сауықты қоялық, әркімнің үйренген жері жақсы, ешқайда кетпей-ақ қоялық, – депті. Ағасы:

– Жоқ, сен бармайтын болсаң, маған рұқсат қыл, мен жүріп қайтам, – деп, ұшып сахараға кетеді. Сөйтіп, ұшып бір жерлерге қонғанда, бір бүркіт сол жерде кез болып, балапан ол бүркіттен өліп-талып шөп астына кіріп, аман қалады. Содан соң: «Құдай, осыдан құтқар!» – деп, құдайға мінәжат қылып сұрайды. Бұдан шығып, енді «мұным жарамайды екен, есім барда елім табайын», – деп, қайта ұшып келе жатып бір қырманға қонса, қырман иесі тұзақ құрып, ұстап алады. Одан аман-есен құтылып шыққан екен, енді ұясына қарай ұшып келе жатып, бір қырманға қонса, қырман иесі таспен жіберіп қап, бір аяғын үзіпті. Сонан соң әрең аяқтан ақсап, ұясына келіп кіріпті. Інісіне жылап келіп, мұнан соң інісінің ақылына еретін болыпты.

155. Қаз бен түлкі

Бір түлкі жайылып жүрген қаздардың қасына жермен жер болып ұрланып келіп, шеткі біреуін бас салып ұстап алады. Басқа қаздар қаңқылдап ұша жөнеледі. Ұсталған қазды түлкі алып соғып, алдыңғы екі аяғымен екі қанатынан басып тұрып, ыржыңдап күледі. Күледі де былай дейді:

– Әй, Қазеке, егер сенің қолыңа мен түсіп қалсам, қайтер едің?

– Қайтушы едім, – дейді қаз, жүніңнен тістеп тұрып, екі аяғымды кеудеме қойып, көзімді жұмып: «Уа, құдай, бергеніңе шүкір», – деп, тәуба қылар едім.

– Ендеше мен солай етейін, – деп, шоқиып отырады да, екі аяғын кеудесіне қусырып, көзін жұмады. «А, тәңірім, бергеніңе шүкір», – деп, аузын аша бергенде, қаз қанатын қағып қалып, қаңқылдап ұша жөнеледі. Түлкі аузын ашқан күйінде қала беріпті.

156. Қаз

Бір қаз үйінде жүзіп жүріп, өзіне-өзі айтты. Қалай мен ғажап құспын. «Жерге жүремін, суға жүземін, ауамен ұшамын» мендей құс барма екен?

Бұл күңкілді әтеш естіп, оған айтты:

– Бекер сен мақтанасың, сен аттай жүгіре алмайсың, балықтай жүзе

алмайсың, бүркіттей ұша алмайсың, әр істің басын шалып білгенше, бір істі терең білген жақсы емес пе?

157. Үйрек

Қыстақ сыртындағы суға жүзуге барған үйрек соның қызығында күннің кешкіргенін білмей қалыпты. Сонан соң ол жалма-жан жағаға шығыпты. Енді қайтайын деп қыстаққа беттепті, соның арасынша ымыртта жабылып, қас қарайып кетіпті. Үйрек жол ортаға келе бір түлкіге тап болыпты. Тосыннан тап берген түлкі үйректі табанда басып алыпты да, аузын арандай ашып жемекші болыпты. Үйрек, міне, түлкіге жем болмақ! Осындай шұғыл сағатта, үйрек не саспапты, не қорықпапты. Ол қыстақ жаққа шола көз тастаған екен, есіне бір ой сап ете түсіпті. Сонан түлкіге шұғыл тіл қатып:

– Мені шыныңмен жейсің бе? – депті.

– Әрине, – депті түлкі.

– Сен сияқты жүйрік еместігім өзіңе аян шығар?

– Иә?

– Менің әлім саған жетпейді ғой?

– Дұрыс-дұрыс!

– Мені көрген жерден тарпа бас салып тапжылтпадың ғой!

– Иә!

– Мен енді бәрібір қашып құтыла алмаймын, қашан болмасын, мені

бәрібір жейсің, сондай бола тұра менен несін алаңдайсың?

– Таңдайымның тасқа тимесіне сенімім кәміл!

– Сенімің кәміл болса, мені босат, бітпей қалған шаруамды бітірейін,

онан кейін жесең де кеш болмас.

– Нендей шаруа айт, қане!

– Менің түлкі сияқты шәуілдейтін өнерім бар, тамағымды кенеп

шындап үретін болсам, сендер жол қаласыңдар!

– Қой, ары, үйрек қайтып түлкіше шәуілдейді

– Айтқаныма сенбесең босат, құлақ құрышыңды қандыра шәуілдеп

берейін. «Бәрібір қашып кете алмайтын болған соң, мұның бұл кереметін бір көрейін», – деп түлкі үйректі босатыпты.

Түлкінің шеңгелінен азат болған үйрек қанатын қағып, барқ-барқ етіп
барқылдапты, үйрек қайтып түлкіше шәуілдей алсын.
Мұны естіген түлкі басын шайқап:

– Бұныңды шәуілдеу деуге қайтып болады, біздің дауысымыз былай

деп шәуілдей бастапты.
Мұны естіген үйрек басын шайқап:

– Түлкінің шәуілдеуіне ұқсамайды, титтей де ұқсамайды! – депті.

Бұны естіп ашуланған түлкі:

– Түлкі әсілінде осындай шәуілдейді ғой! Мұның қай жері ұқсамайды,

сенбесең, мен тағы үрейін, жақсылап тыңда, – деп тағы үріпті.
Түлкі үрген кезде, қыстақтан бір ит осы жаққа қарай тұра ұмтылыпты.

Үйрек әсілінде қыстақ шетіндегі үйлердің иті бар екенін, иттің дыбысшыл болатынын, түлкінің шәуілін естіген иттің дереу жетіп келетіндігін біледі екен. Өзіне төніп келе жатқан итті көргенде, түлкінің үні өшіпті, сасқалақтағанда ол үйрекке де қарай алмай, зытып беріпті.

158. Бақа мен кірпі

Көлшік маңындағы көгалда бақа мен кірпі бір-бірінің түрін көріп, қайран қалысыпты. Көзі бадырайып, жүрегі лүпілдеген бақа:

– Тұла бойың түгел тікенек, не деген тұрпайысың! – депті кірпіге. Бақаға батпай бұйығып тұрған кірпі:

– Өзгелердің көзінше тұла бойың тыртиып жалаңаш жүрген сенің түрің де келісіп тұр екен! Түріңді көргенде денемнің түршіккенінші! – деп, тікенектерін тікірейтіп, тұмсығын тыжырайтып, күліп жіберіпті.

Екі аяғымен жер тіреп, еңсесін көтеріп, көлбақа іштей сескенсе де, есесін жібергісі келмей:

– Осы көк майсаға бір аунамай өмір бойы тікенек арқалаған тіршілігің құрсын! – депті көмейі бүлкілдеп.

– Бұт-борбайыңды шөпке жырғызып, жалаңаш жүрген сенің тіршілігің құрсын! – депті, кірпі тікенек арқасын шөгірге үйкеп-үйкеп қойып.

Бақа сол тікенек өзіне қадалғандай қаймығып, былай деп бақылдай жөнеліпті:
Жан сая деп білгенім,
Жалғыз ғана көл менің.
Жап-жалаңаш жүргенім,

Жай-мәнісі сол менің!
Жалынайын мен кімге,
Жан қысылса әрдайым.
Суға дереу сүңгуге

Жалаңашпын дап-дайын...
Бақа жайын түсінген кірпі де қыртысы жазылып, тіл қатыпты:
Бар шыныңды бүкпеген,
Мен де сенің өзіңдей.

Біреу көрсе, бүктелем,
Өлі-тірі сезілмей.
Домаланған тікенге,
Кінә барлар жолар ма!

Көне қоймас икемге
Мен бір жатқан шоғайна!
Жыланды да жабысып,
Жылжытпаудың ебі осы.

Қамшыласа алысып,
Қан болады денесі!

Кірпі соны айтып, жылан ұстағандай жиырыла қойыпты, бақа шоп етіп суға сүңги жөнеліпті.

159. Бақаның көшуі

Екі қаз және бір бақа бір көл жағасын мекендеп, ұзақ уақыт көрші отырыпты. Олар бір семья адамдарындай өте тату-тәтті өткен екен. Кейінгі кездерде, қатты қуаңшылық болып көл тартылып, суы құрып қалыпты. Қаздар суы бар жерге ұшып кетейік десе, бақаны тастап кетуге қимайды екен.

– Енді қайтеміз? – деп қаздар мен бақа бас қосып, кеңес құрыпты.

– Бір таяқ табайық, екеуің оның екі ұшынан тістеңдер, мен ортасынан

тістейін, Сөйтіп суы бар жерге кетейік, – депті ары-бері айналған бақа. Қаздар бұған мақұл болады әрі дереу іске кіріседі. Сөйтіп, бұлар аспан кеңістігіне шарықтай көтеріледі. Алғаш бірнеше киіз үйдің төбесінен өткенде, бұларды кейбіреулердің көзі шалады.

Олар:

– Қаздар бақаны алып ұшып барады, әдісқойларын-ай, –деп дабырласады. «Менің тапқырлығым екенін білмеді-ау», – деп ойлайды бақа.

Ұша-ұша бұлар тағы да көп киіз үйдің төбесінен өтеді, қалың адамдар сыртқа шығып бұларды тамашалайды. Олар да:

– Қаздар бақаны алып ұшып барады, әдісін тапқан – ақ екен, – деп дуылдасады. Бақа:

– «Бұл – менің тапқан әдісім», – деп айғайлап жібере жаздайды. Бұлар алға қарай ұшып отырады, сонан бағанағыдан да көп киіз үйлердің үстіне келеді, бағанағыдан да қалың адам бұларды тамашалайды.

– Қаздар бақаны алып ұшып барады, неткен әдісқой, – деп шулайды олар. Бақа шыдай алмай кетіп:

– Бұл менің ойлап тапқан әдісім! – деп айғайлап жібереді. Осы тұста таяқ аузынан шығып кетіп, бақа жерге «былш» ете түсіп мылжа-мылжасы шығады.

160. Тасбақаның айласы

Қу түлкі тасбақаның берік қабыршағы болғандықтан, оны ешбір мұқата алмай, оған тісін басып жүреді екен. Сонан ол өз дос-жарандарын: кезқұйрықты, қасқырды, таутесерді, сасық күзенді шақырып, тасбақаны мықтап жазаламақ болыпты.

Бір күні аспан кеңістігін шарлай ұшып жүрген кезқұйрық асқар таудан асып бара жатқан тасбақаны көріп, екі қанатын қомдай құдиып келіп, оны шоқыпты. Бұл хабарды естіп, түлкі, қасқыр, таутесер және сасық күзен сол араға жетіпті. Барлығы тасбақаға жабылыпты. Өзінің оларға тең келе алмайтындығын білген тасбақа қасақана күйініп:

– Ата-бабамнан мирасқа қалған құрыш қабыршағым тұрғанда кім

маған жәбір жасай алмақ, – деп күліпті.

– Тым дағдармайық, көп болып кеңессек, бұған төтеп берудің амалы

табылып қалар? – деп өз қауымына жұбату айтқан түлкі тасбақаға қарап:

– Мықты болсаң, неге қашып кетпейсің? – депті әжуалай.

Тасбақа:

– Денемді қорғайтын құрыш сауытым тұрғанда, не деп қашпақпын, –

депті. Сонда түлкі:

– Таутесер, сен құз жартастарды ұңғып тесуші едің ғой! Жедел

қимылдап, тасбақаның қабыршығын тес, алғашқы жүлде сенікі болсын, – депті.
Таутесердің кереметін білетін тасбақа бұны естіп қатты сасыпты. «Ол

шындап іске кірісетін болса, қабыршығын тесіп мұның өміріне қауып төндіреді». Тасбақа сонда да мүлде саспағансып:

– Таутесер, шіркінім, егер маған ұрынар болсаң, мойныңды бұрап

жұлып аламын, құрыш сауытымның кереметін сонда білерсің, – деп қарқылдай күліпті.

Мұны естіген таутесер қатты именіп, мұның қасына жақын келе
алмапты. Әккі түлкі:

– Бұл сұмпайы сауытына жиырылып кіріп алды, енді бәріміз аңдып

қарап тұрайық, бұл қашан болмасын тыныстауға басын бір шығарады, сол кезде батыр қасқыр бас салып, желкесін үзсін, – деген әдісті көрсетіпті.

«Егер олар осылай табан аудармай аңдитын болса, тұншығып өлмеген күнде де, аштық пен шөлден өлермін, ұзақ жиырылып жатсам, аяқ-қолым да ұйып қалар» деп ойлап, зәресі зәр түбіне кеткен тасбақа өзінің бұл қорқынышын сездірмей:

– Үш ай су ішпей, үш жыл нәр татпай шыдаймын. Сарыла күтем

десеңдер өз еріктерің! Сауытымның үстіңгі жағында бір тыныс саңлауы, астында ауа алмасатын төрт тесігі болғандықтан, мың жылда басымды бір рет шығаруға зәру емеспін, әрі тұншықпаймын! Қасқыр сен немере-шөберелеріңе шейін қаққан қазықша қадалып қара да тұр! – деп сақ-сақ күліпті.

Түлкі бір ауық аңырып қалса да, тағы бір амал тауыпты. Ол:

– Бұл сұмырайды шоқпар тастың үстіне қойып, темір балғамен соғып,

күл-паршасын шығарайық, – депті.
«Бұлар түлкінің осы айтқаны бойынша темір балғамен шындап соқса,
қабыршығым сынып, мылжа-мылжам шығатын болады» деп ойлаған тасбақа:

– Сендер барып тұрған есуас екенсіңдер, ата-бабам сыйлаған сауытым тас пен балғадан берік, өздерің мерт болмасаңдар екен, – деп кеңкілдепті.

Бұны естіп тақаты таусылған қасқыр быжалақ қағып:

– Мылжыңдасып тұрудың қажеті жоқ. Енді мұны таудың құзар

басынан домалатайық, сонда бұл сауыты шағылмай қалған күнде де, миы шайқалып болса да құриды депті.

Тасбақа қатты сасса да қарқылдай күліп:

– Тәңір тауының ұшар басынан қарғығанда мыңқ етпеген едім, мені

енді жатаған төбешіктерден құлатып, жаманнан қатты мұқатарсың, – деп мысқылдапты.

Ашуға булыққан түлкі:

– Лағынет атқыр сұмырай! Жүрек жұтқан неме болсаң да бұл жолы

айнырсың, келіңдер, төбе қылып отын үйіп, оған май шашып, отты маздата жағып, мынаны отқа күйдіріп өлтірейік. Сөйтіп, тайталасқан тасбақа етіне сылқия бір тояйық, – деп айқұлақтаныпты.

– Қаумажалай қоршап тұрғандардың бұны бір ауыздан құптап мәре-

сәре болғанын көргенде, тасбақадан суық тер бұрқ ете түсіпті. Бірақ ол сонда да сыр білдірмей:

– Бәрекелді, неткен сауатсыз жан едіңдер, тасбақа жуынғанда сумен

жуынбай, отпен жуынады дегенді естімеп пе едіңдер? Маздап тұрған отқа түсіп жуыну қандай рахат, шіркін! – депті.

От алып қопаға түскен түлкі:

– Өлем қапқыр, оттан қорықпасаң, судан қорқарсың? Кезқұйрық мұны

іліп ал да, шарықтай көтеріліп, толқын атып тулап жатқан өзенге апарып таста, мұның мықтылығын сонан соң көрейік, – деп ақырыпты.

– Сұмдығы елден асқан әккі түлкі, ақылыңның жеткен жері осы ма

еді, маған керегі осы емес пе, – деп іштей шаттанған тасбақа мүлде шошып, үрейі ұшқан жанша қалш-қалш етіп көз жасын төгіп:

– Ағатайлар-ай, осы ғұрлы өлімге қиятындай мен неден жазып едім

сіздерге, егер мені шындап суға тастасаңыздар, онда менің ауыр қабыршығым су түбіне шым батырып әкетеді де, аузы-мұрнымнан су кіріп, өлмеген күннің өзінде де тұншығып болса да өлемін ғой, бір қасық қанымды қия көріңдер, – деп еңіреп қоя беріпті.

– Сенің де қорқатын кезің болады екен ғой! Қарқылдай бермей неге

мөлтеңдей қалдың, «Ім» сұмырай! Біліп қой, бүгін саған кешірім жасасақ, ертең бізге әлек тауып бересің! – деп қоқиланыпты масайраған түлкі.

Кезқұйрық түлкінің бұйрығымен тап бергенде, тасбақа жылауын тіпті де үдетіпті. Түлкі бұған ішек-сілесі қатқанша күліп, жерде домаланып қалыпты.

Тасбақаны шеңгеліне алған кезқұйрық шарықтай көтеріліп, ұшқан
бойы өзенге келіпті. Сонан өзеннің ағысы ең қатты жеріне әкеп оны тастапты.
Тасбақаның өзенге жеткені – үйіне жеткені. Сондықтан ол басын судан
шығарып:

– Кезқұйрық ағай! Үйіме әкеліп тастағаныңызға мың мәрте

рақымет!Айлалы түлкі мырза, ендігәрі сұңғылалығыңызды базарға салмау жөнінде нәсихат айтамын, – депті.

161. Кірпішешен

Бір уақытта кірпішешен қара жыланға келіп айтыпты:

– Мені, қара жылан, аз уақытқа үйіңе кіргіз,– депті. Қара жылан кіргізіпті. Кірпішешен үйге кірген соң қара жыланның балаларына қиын бола бастапты. Сонда жылан айтыпты:

– Сені мен әншейін біразға ғана жібергенмін, енді кет, сенің инелерің балаларымның үстіне қадалып, ауыртып тынышын кетірді, – депті. Сонда кірпішешен жауап беріпті:

– Үйден кімнің тынышы кетіп, қиын болса сол кетер, маған қиын

емес, осында тұруға болады, – дейді.

162. Кірпі мен қоян

Кірпі балалайтын уақыты жақындап, қолайлы орын таба алмай жүргенде ұясында жатқан қоянға келіп:

– Менің де күнім жақындап қалып еді, қолайлы орын таба алмай сізге

келдім. Мүмкін болса мына орын қолайлы екен, жеңілдеп, балаларымды аяқтандырып алғанша ұяңыздың бір шетін қарызға беріп тұрсаңыз, – депті. ақкөңіл қоян:

– Бақан жаққан баста бар, ол не дегеніңіз, берейін! Келіп орналасып,

беліңді бекітіп, балаларыңды қара құлақтандырып ал да, орын тапқан соң бірақ көшіңіз, – депті де, ұясының бір жағын босатып беріпті.

– Кірпі көшіп кеп орналасып, баласын туып, ержеткізіп алса да

көшпепті. Тұратын орын да тауып алмапты. Қоянның балалары мен кірпік шешеннің балалары да аяқтанып, марқайып, бір ұяға сиыса алмай, әсіресе кірпі балаларының инедей тікен жүндері, қоянның балаларына жұғысып кетсе қадалып, көжектерді қан-қақсатып, зарлата берген соң, ана қоян шыдай алмай, кірпіге:

– Көрші, сіздің шаруаларыңыз да бітті, кететін де уақытыңыз болды.

Енді осы жақсы кезіңізде ініңізді тауып алсаңыз, көп отыра берсеңіз, балалар арасынан жаңжал шығып қалса, үлкендер ренжісіп, берекемізге ықпал жетіп қалар ма екен, – деп сөздің жөнін айтыпты. Сонда кірпі рақымет айтып, ұясын босатып берудің орнына:

– Е, мен енді қайда барады деп отырсың! Балалар сиыса алмаса,

қайтушы едім, мен бұл орыннан ешқайда кете алмаймын. Жерің тар келіп, шыдамасаң, кең жеріңді тауып ал, – депті.

Кірпі шешеннің зорлығына төтеп бере алмаған, әрі шыдамаған қоян байырғы мекенін де құрылысын да кірпіге босатып беріп, ақыры өзі көшуге мәжбүр болыпты да, содан соң соңғыларға:

– Қояншылап жүрмейік! – деген аңыз қалыпты.

163. Көбелек пен маса

Бір күні елпелектей ұшып жүрген көбелек қораның төбесіне келіп қонады. Мұны жақтаудың қуысында жатқан масаның көзі шалып қалыпты. Масаның бұған ызасы келеді.

Сонан соң шыдай алмай, көбелектің қасына жетіп барады да, сес көрсетеді:

– Сен бұл араға неге келдің? Бұл жер менің мекенім! – деп әкіреңдейді. Бұған көбелек саспайды.

– Бұл қораның үсті ғой, қоға емес!

– Тақылдама, мойныңды үзіп аламын! – дейді маса ызыңдап. Бұған көбелек сақылдай кеп күледі:

– Күшің жете ме...

– Мен саған көресіңді көрсетемін, – дейді маса тызалақтап. – Мына ұзын тұмсықты қалың теріңе сұғып жіберіп, қаныңды сорып аламын!

– Мұныңа сенбеймін! – дейді көбелек әдейі қарсыласып. Маса ыза боп, қоқаңдайды:

– Сенбесең, көзіңмен көр!

– Қане, көрсетші...

– Қара да тұр!

Осыны айтады да, маса ұшып барып байлаулы тұрған өгіздің құлағына қонады. Сонан соң тұмсығын сұға бастайды. Сол кезде өгіз артқы аяғымен құлағын қасиды. Маса теріге сұққан тұмсығын қайта шығарып үлгергенше, тұяқ тиіп, мылжаланып қалады.

164. Сауысқан

Тыным таппай сүйреңдеп, көп сөйлей бергендіктен сауысқанның тілі аузына сыймай, ісіп кетіпті. Ақыры, ас-су ішуден қалыпты. Енді қайту керек? Сауысқан ешбір амал таба алмапты. Сонан соң тырнаға жалыныпты.

–Тырна тілімді емдеп бере гөр! Сені қандай дерт болса да емдейді дейді ғой, шөптен дәрі жасайды екенсің.

– Саған шипа боларлықтай шөбім жоқ! Көмектесе алмаймын, – дейді тырна.

– Ә, солай ма! Міндетсінесің бе? – деп сауысқан ашуға мінеді.

– Ендеше, маған өкпелеме, жаман атыңды бүкіл орманға жайып гулетейін, бәлем!

Осыны айтуға тілі зорға келеді де, ем сұрап қабанға барады. Оған арыз айтады.

– Менің көмегім керек болған екен ғой саған, ә? Ендеше келе ғой, әкел бері, сүйреңдеген тіліңді суырып алайын. Өзіңе де жақсы, біздің де құлағымыз тынышталады, – дейді. Қабан шабынып.

Сауысқанның үні өшіпті, сауысқанның тіліне түйнеме шығыпты деген сөз бүкіл орманға тарап кетіпті. Ақыр-аяғында сауысқан тіпті сөйлей алмай қалады.

165. Тау мен қаңбақ және бүркіт

Бір қаңбақты жел айдап, үлкен таудың етегіне әкеп тастап кетті. Мұны биіктен көріп тұрған тау:

– Е, қаңбағым, қайдан жүрсің, неғып келдің мұнда? – деді. Қаңбақ тұрып:

– Алты батпан ауырды көтерген алып едім. Жеті қабат жер астынан шығып, алып деген атағыңды естіп, алысу үшін әдейі сені іздеп келдім, — дейді.

Тау бұған жымиып күлді. Сол кезде құйын соғып, қаңбақты дедектеткен бойы аспанға алып шықты. Аспаннан қайта жерге әкеліп, ары-бері аунатты. Ойға-қырға домалатты. Ақыр аяғы өлдім-талдым дегенде, таудың бетіне өскен бір шоқ тобылғының басына іліп тастап, жайына жүріп кетті. Қаны қашып, қабағы түскен қаңбақтың қасына бір бүркіт келді. Ол:

– Е, қаңбағым, неғып жатырсың? – деді. Қаңбақ:

– Алты батпан ауырды арқалаған едім. Жеті кабат жер астынан шығып, алып деген атағын естіп, астымда жатқан таумен әдейілеп келіп алысып едім, алты күн алысып, жеті күн дегенде әрең деп жығып, желкесінен басып жатырмын, – дейді.

– Болса болар! – деді бүркіт оған. – Тобылғыға зорға ілініп қалған екенсің!

– Әлбетте, – деді қаңбақ, – одан басқа қолайлы жер болмаған соң тобылғысынан ұстап жатқаным ғой.

Сол кезде құйын соғып, қаңбақты тағы да дедектете жөнелді. Бүркіт тұрып:

– Е, батыр, қайда барасың, тауды тастап? Тұрып кетпей ме ол енді орнынан? – деді.

– Уақа емес, бүркітім. Алдымда алысатын әлі де көп алыптар бар еді. Соларға жетуге асығып барамын! – деуге ғана шамасы келді қаңбақтың. Құйынмен бірге құлдырап, ұшып кете барды. Ақырында күліп, бүркіт пен тау қалды.

166. Екі әтеш

Ертеде бір кемпір-шалдың құс дегенде асырап отырған екі әтеші бар екен. Қолдарына түскен жемдерін соларға беріп бағып-қағыпты. Күндердің бір күнінде кемпір құсына жем шашады. Қарындары ашқан әтештер дүрсе қоя береді. Әрқашан бірге жүрген досынан шұбар әтеш жемді қызғанып, шекесінен одырая қарайды.

– Шіркін, мынаның бәрін жалғыз өзім жеп, тыңқия бір тойсам-ау, – дейді.

Сөйтеді де, шұбар әтеш қасындағы сұр әтешті қайта-қайта шоқып, жем жегізбейді, мазасын алады. Сұр әтеш бір рет елемегенсиді, екінші рет абайламаған болады. Тіпті қоймаған соң, ақырында ызаланып, ол да шұбар әтешті шоқып алады. Осыдан соң екі әтеш жүндері үрпиісіп, бірі мен бірі төбелесе кетеді. Екеуінің де үсті-басы жұлым-жұлым болады. Бұлар өстіп қызыл шеке болып жатқанда, көршінің шібилері келіп, жемді түгін қалдырмай жеп кетеді.

167. Не дәмді?

Бір күні қорада тұрған жануарлар қандай тағам дәмді дегенге таласып қалыпты. Әрқайсысы өздері жақсы көретін тағамдарын дәріптесіпті. Байлаудағы ала сиыр өкірештей жөнеліпті: «Шіркін, пішен мен таза жемге не жетсін! Солардан дәмді бұл дүниеде бірде-бір тамақ болуы мүмкін емес!» Бұған келіспейтінін танытқан қой мекірене маңырайды: «Иә, жем мен пішен жақсы-ақ. Бірақ желіндеген көк майса болса, одан да жақсы ғой!». Бұларға жылқы өз дауын айтады: «Арпа мен сұлы дәмді емес пе? Күтір-күтір шайнасаң, оның балдай дәмі таңдайыңнан кетпейді».

– Жоқ, сендер таба алмадыңдар. Сүт пен еттен дәмді ештеңе жоқ. Босқа таласпаңдар, – дейді мысық. Мұны естігенде иттің ызасы қозып, орнынан атып тұрады. «Сен босқа көкіме, – дейді мысыққа жекіріп. – Ненің дәмді екенін мен айтайын: сүйек дегенді естіп пе едіңдер? Кемігі көп сүйектен дәмді ештеңе жоқ!». Сонда әңгімеге түйе қосылды:

– Сендер босқа дауласып тұрсыңдар. Даланы менен көп шарлайтын ешқайсың жоқсың. Шөл далада бір түп темір тікен ұшыраса кетсе бар ғой, соны күтірлете шайнасаң, содан дәмді ештеңе жоқ! Бірақ олар бір-бірінің айтқанына иланбай, әлі күнге дейін қалаған шөбін дәріптеп келе жатқан көрінеді.

168. Аттың басы

Далада аттың бас сүйегі жатыр. Келді жүгіріп ін қазғыш сұр тышқан. О, о! Міне! Қандай ақбоз үй, бұл үйде кім тұрады? – дейді. Ешкім дыбыс бермеді. Енді мұнда ін қазғыш сұр тышқан тұрады деп жүгіріп үйге кірді. Тарбақтап секіріп бақылдауық бақа келді.

Міне!...қандай ақбоз үй, бұл үйде кім тұрады? – дейді.

– Мен, иесі – сұр тышқан.

– Сен кім?

Мен бақылдауық бақамын.

– Кел мұнда менімен бірге тұруға дейді. Екеуі бірге тұрады.

Шоңқаңдап келеді қыли қоян.

– Мынау неткен ақбоз үй, бұл үйде кім тұрады? – дейді.

– Мұнда мен, ін иесі – сұр тышқан, бақылдауық тарбақ бақа тұрады. Сен кімсің дейді.

– Мен тауларда шоңқаңдағыш сұр қоян.

– Кел мұнда бәріміз бірге тұрайық – дейді. Келді кірді қоян. Үшеуі бірге тұрады. Бір уақытта жүгіріп қызыл түлкі.

– Мынау неткен ақбоз үй? Бұл үйде кім тұрады? – дейді.

– Мен ін иесі сұр тышқан, бақылдауық тарбақ бақа, шоңқаңдағыш сұр қоян тұрады.

– Сен өзі кімсің?

– Мен өзім әрбір жерді кезгіш.

– Кел, мұнда бәріміз бірге тұрайық. Келді, кірді. Төртеуі бірге тұрады. Бір уақытта келді аяңдап аю. Бар дауысымен ақырды. Бұл неткен ақбоз үй, бұл үйде кім тұрады?

– Мұнда ін иесі – сұр тышқан, бақылдауық тарбақ бақа, тауларда шоңқаңдағыш және әр жерде кезгіш тұрады.

– Сен кімсің?

– Мен үйіңнің төбесіне шығып, қабырғаңды езгіш. Аю басқа шығып құйрығын қойып отырды. Бәрі ойбай салып бақырды.

169. Тырна мен Көкқұтан

Бір шалшықта бір көкқұтан мен тырна мекендеп тұрыпты. Тырна жалғыз тұруға қапаланып, көкқұтанға барып айтыпты:

– Мен сені өзіме айттыра келдім, маған ти, екеуіміз бірге тұралық деп.

– Жоқ, саған тимеймін, сенің жүнің қысқа, жаман ұшасың және де сен мені

немен асырайсың? – деп, көкқұтан жауап қайтарады. Тырна үйіне қайтты. Тырна кеткесін көкқұтан ойға қалады. Жалғыз тұру қапа ғой, тырнаға тиейін екеу болсақ уақыт та тез өтер, – дейді де, тырнаға барып:

– Мен саған тиейін деп келдім, – дейді. Тырна ашуланып:

– Жоқ, енді мен сені алмаймын, айттыра барғанда тисең еді, – деп қайтарды.

Ұялып һәм ызар болып көкқұтан үйіне қайтып келді. Бұдан кейін тырна ойға қалды:

– Неге мен көкқұтанды қайтардым, екеу болсақ, қызығырақ болар еді деп, қайтадан көкқұтанға барады да: «Мен сені аламын, жүр енді біздің үйге», – дейді. Көкқұтан ашуланып:

– Кет, енді итше шұбатылмай, өзім барғанда алсаң болмас па еді? – дейді.

Бұдан соң көкқұтан ойға қалып тырнаға барғанда, тырна алмай, оның артынан тырна барғанда көкқұтан тимей, екеуі осы уақытқа дейін әуре болып жүр.

170. Бұланның өкініші

Күнде келіп су ішетін көлшігінен бір күні өзінің судағы сағымын көрген бұлан, Мүйізім келісті-ақ, бірақ аяғым неткен жаман. «Мүйізіммен сай аяғым да әлді, әдемі болсашы!» деп өз аяғын өзі қорашсыныпты. Бұлан суға телміріп осыны ойлап тұрғанда аяқ астынан пайда бола кеткен қасқыр тақымынан ала кеп түсіпті. Жұла қашқан бұлан шалдырмай кеткен екен, тірсегінен жараланғандықтан құтыла алмайтынға айналыпты. Сонсоң: «тоғайға қашайын татырың да құтқармайтын көрінеді» деп ойлап, алдындағы тоғайға кіре бергенде бір ағашқа мүйізінен ілініпті де қалыпты. Сонда бұлан: «Жамандаған аяғыммен құтылған да, мақтаған мүйізімнің ұстап бергені-ай!» деп өкініпті.

171. Піл мен түлкі

Баяғы заманда, бір таудың бөктерінде тұңғиық гүлмен көмкерілген бір
көл болыпты. Көлдің бір жағында піл, енді бір жағында түлкі жасапты.

Бір жолы піл тұңғиық көлінен су ішіп қайтып бара жатқан жолында түлкіге жолығып қалыпты. Сонда түлкі:

– Менімен сайысуға шыдайсың ба? Сайысуға шыдамасаң, дөдеңе жол бер, – депті.

Піл «бұл арам пасық немені тісіммен, тұмсығыммен, не аяғыммен өлтірсем пәк денем былғанар, онан да тиіспей-ақ қояйын» деп түлкіге жол беріп өткізіп жіберіпті.

«Дерендей ақымақ бір ауыз сөзімнен шошып кетті, енді мұны ары-бері тырқыратайын» деп ойлаған түлкі пілдің артынан кіжіңдеп айдапты. Таяп келген түлкіні сезген піл:

– Арам нәрсеге арам нәрсемен төтеп беру керек, мен сенің көзіңді лас

нәрсемен жояйын, – деп қатты күшеніп қалыпты. Сонымен түлкі пілдің жас тезегінің астында қалып өліпті.

172. Асқақ аққу

Ертеде бір өзеннің жағасын бір құндыз бен бір аққу мекендепті. Олар көрші отырса да, асқақ аққу әспенсіп, өзінің көріктілігін, көргіштігін мақтан етіп, көзім елбең еткен елесті алыстан шалады деп күпінеді екен. Ол «құндыз сияқты қысық көз, алысқа көз аясы жетпейтін неме менің теңім емес» деп қарайды екен.

Күндердің бірінде еңбекшіл құндыз өзен жағасында еңбек істеп, жаңа үй салу үшін ағаш материалдарын әзірлеп жатқанда, өзенде арлы-берлі жүзіп жүрген аққу құндыздың қасына келіпті. Аққудың келгенін көрген құндызжалма-жан көтерген ағашын жерге қойып, істеп жатқан әрекетін тоқтатып, оған таяна барып:

– Сәлеметсіз бе аққу аға! – деп амандық сұрапты.

– Е, есен бе едің! Мені енді ғана көрдің бе? Расында соқыр екенсің ғой! – депті тәкәппар аққу басын болымсыз ғана шұлғып, – сенің көзің күндердің бірінде түбіңе жетеді ғой, аңшы құрғыр келіп-ақ сені тірідей дорбасына салар әлі.

– Сіздің көру қуатыңыз менікінен көрі әлдеқайда жақсы, алыстан

көресіз, бұған дау жоқ, – дейді құндыз. Бірақ құлағыңызды түріңіз, өзеннің қарсы жағасынан судың шалпылы естілер ме екен?

– Жоқ, ешқандай қыбыр байқалған жоқ, судың шалпылын естімек түгіл,

көрініп тұрған ағаштардың арасынан ештеңе байқалмайды, – депті бадырая қараған аққу құлағын түре.

– Тыңдаңызшы ана жақтан судың шалпылы естілеме, жоқ па?

– Қай жақтан?

– Өзеннің алдыңғы иіні жақтан.

– Жоқ, титтей де сыбыс жоқ, қайдағы судың шалпылы,ол тұрмақ көрініп

тұрған ар жақтағы ағаштардың арасынан да қылт еткен нәрсе байқалмайды.

– Жақсырақ тыңдаңыз, – депті құндыз тағы да – Таяу арадан шыққан

осы шалпылды да естімедіңіз бе?

– Қай жақты айтып тұрсың?

– Өзеннің алдыңғы иінінен бері өтті ғой.

– Қой ары, ештеңе жоқ. Сен өтірік айтып мені әтейге қылжақ еткің келіп

тұр ғой.

– Көзіңіз сізге қандай болса, менің құлағым да өзіме төтенше маңызды, –

депті құндыз су түбіне сүңгіп бара жатып, – Сау тұрыңыз аққу аға!

– Сен...сені ме соқыр! – депті аққу оның сөзіне мойынсал бола қоймай

іштей күпініп, – Шылғи өтірік бәлсінесің, сенің жаман құлағың менің алда болатын істі қалт жібермей көретін көзімнен садаға кетсін! Асқан-ақ екенсің! Аққу осыларды ойлап көңілі лекіпті. Сонан қораздана ол осылай масайрап, төңірегіне шола қарап, мардамсып тұрған тұста салға мініп шыға келге аңшы, оқтаулы мылтығын аққуға кезеп үлгірген еді. Қанатын қағып көтеріліп болғанша «тарс» еткен мылтық даусы шығып, паң аққу сол жердің өзінде жалп ете түсіпті.

173. Шолп

Баяғы заманда жидек орманмен көмкерілген бір көл болыпты. Онда алты қоян мекендейді екен. Бір күні әбден пысқан бір жидек биік ағаш басынан көлге «шолп» етіп түсіпті. Оның не екенін білмеген қояндар шыбын-шіркей қаша жөнеліпті.

Ытқып келе жатқан қояндарды көрген түлкі олардан:

– Неге қашып келесіңдер? – деп сұрапты.

– Шолп келіп қалды, – деп жамырай жауап берген екен қояндар. Бұны

естіген түлкі де оларға ілесіп қашыпты. Зытып келе жатқан түлкіні көрген маймылдар үдірейіп:

– Неменеден үркіп келесіңдер? – деп сұрапты.

– Шолп келіп қалды! – депті түлкі.

Мұны естіген маймылдар да жалма-жан олардың соңынан ілесе қашыпты. Сөйтіп бұғы, шошқа, су сиыр, мүйіз тұмсық, піл, ит, аю, сары аю, қабылан, жолбарыс, арыстан,...бір –бірінен естіп, бірінен-бірі үркіп қашыпты.

Қалың аң түгел жосылыпты. Қашқан сайын жандарын қоярға жер таппапты. Тау етегінде бір ата арыстан құйынперен болып келе жатқан арыстандарды көріп, олардан:

– Өткір қанжардай тұяқтарың, пышақтай тістерің, адуын күштерің бола

тұрып, неден қашып келесіңдер? – деп сұрапты.

– Шолп келіп қалды! –деп жауап беріпті арыстандар алқынып.

– Шолп деген не нәрсе? Ол қай жерде? – деп сұрапты ата арыстан.

– Білмейміз! – десіпті қашып келе жатқан арыстандар.

– Босқа дүрлікпеңдер! Не нәрсе екенін әуелі сұрастырып білу керек! Бұны кімнен естідіңдер? – депті арыстан.

– Жолбарыс айтты, – деп жауап беріпті олар. Ата арыстан жолбарыстан

сұрапты. Жолбарыс қабыланнан естідім депті. Қабыланнан сұраса, ол сары аюдан естідім депті. Сары аюдан сұраса ит аюдан естідім депті. Сөйтіп ит аюдан, пілден, мүйіз тұмсықтан, су сиырдан, шошқадан, бұғыдан жағалата сұрап ең соңында түлкіден сұрапты. Түлкі:

– Маған қояндар айтты, – депті.

Ата арыстан қояндардан сұрапты. Сонда қоянның бірі:

– Сол қорқынышты шолпты мына тұрған алтауымыз да ет

құлағымызбен естідік, бізбен бірге жүріңіз, біз сізге сол жерді көрсетейік, – депті.

Сөйтіп, қояндар арыстанды жидек орманның қасына ертіп келіп:

– Шолп анау жерде, – деп нұсқап көрсетіпті.

Дәл осы кезде пісіп тұрған жидектің бірі көлге тағы «шолп» етіп түсіп
кетіпті. Мұны көрген ата арыстан:

– Малқамсоқ немелер! Ол көлге түскен жидектің дыбысы емес пе, көріп

тұрсыңдар ма, сонан да қорыққан бар ма? Көп жұлым болып сонша жінігіп едіңдер! – депті.

Аңдар ауыр күрсініп, өздерінің қарадай әлек болғанын сонда барып
біліпті.

174. Жануарлардың арманы

Бір күні ат, түйе, ит, мысық төртеуі кездесіп, армандарын айтысады, сонда мысық:

– Сүт көп болса, тойып алып, мештің түбінде тырайып ұйықтар ма еді,

ә,– депті. Ат:

– Сүті құрсын, көк шөп пен сұлы болып, күрс-күрс шайнап тұрар ма еді

десеңші! – депті. Ит:

– Шөп пен сұлы тамақ па? Шіркін, майлы сүйек пен жуындыны

айтсаңдаршы! – депті. Сонда түйе де кимелей келіп:

– Сүйегі де, сүті де құрысын, алабота мен ашты жапыраққа тойып алып,

күлге аунап жатарма еді десеңізші! – депті.

175. Көк өгіздің тарихы жайында

Ерте заманда бір сиырдан туған көк бұзау ержетіп, ешкім мінбей, ешкім ұстамай, ешкім саумай, бұғы маралдай болып тел өсті. Өзі семіз болды. Сол дене, дәулетіне мастанып, сиыр жынысын өзі шабан, өзі көріксіз, денесі келісімсіз, тұяғы сыртылдақ деп менсінбей төңірекке қарап түйені, есекті көріп оларды да менсінбей жүргенде, бір үйір жайылып жатқан арғымақ құлағы тік, жалқұйрықтары төгілген, тұяғы құйма бақай, тік денелі сұлу, асыр салса құйындай ойнағанын көріп «осы мал менің теңім екен, өзі сұлу, өзі жүйрік екен» деп, сиырды тастап жылқыға еріп жайылып кете береді. Бір күндерде жылқыға қасқыр шапты. Көк өгіз жылқыны қорғап қасқырды жолатпады. Бірнеше рет жылқыны қорғаған соң, қасқырлар ұлып-ұлып жиналысып, кеңес қылып былайша деп ақылдасты: «Осы малдың жылқыдан түрі бөлек, жылқымен туыс емес сияқтанады, қой, осының өзіне жабылып, өзін жесек, жылқы осыған қалай болысар екен», – деп ойласып, ақылдасып болды дағы тағы жылқыға шауып еді, көк өгіз әдеті бойынша қоқырайып, топырақ шашып, өкіріп айбат қылып, қасқырлардың алдынан шықты. Қасқырлар уағда бойынша тұс-тұстан өгізге жабылды. Қабырғадан, бүйірден, шабынан, тамағынан, санынан тістеп шайнай берді. Көк өгізекең жылқыны қорғау есінен шығып өзі жанымен қайғы болды. Тулап сүзгеніне қасқырлар болмай талап-шайнап жабыла бастаған соң, өгіз бар даусымен өкіріп барып құлағанда, жылқылар өгіздің өкірген даусынан үркіп ойын салып жосып, топтанып кетіп қалды. Көк өгіздің жан даусымен өкіргенін тоғайда жатқан бір топ сиырлар естіп, құйрықтарын қоқырайтып, мүйіздерін аран-аран қылып шуылдап бар даусымен күжілдеп көк өгіздің үстіне барлығы шуылдап ат қойысып жетіп келгенде қасқырлар бұғып шыға берді. Өгізді қасқырдан ажыратып алды да, қоршалап мөңіреп, шуылдасып қарап тұрды. Көк өгіз талып әлсіреп, тұла бойы жара, қан болып жатыр екен, біраздан соң есін жиып, көзін ашып қараса жылқы жоқ, ажыратып тұрған өзінің менсінбей шығып кеткен сиырлары екенін танып, ұялғанынан көзін қайта жұмып алды. Біраздан соң есін жиып орнынан тұрып, көп сиырға қарап басын иіп, «бізден өткен қатені кешіріңіз» деп, үзір тіледі. Көп сиырлар шуылдап: «Бізді менсінбей тудырған ата-ана, өз жынысыңды көзге ілмей тәкаппарлық етіп едің, сиырды тастап жылқыға кетіп едің, жылқың қайда? Бүгін жаныңды жаудан кім ажыратты?» – деп, бірнеше айыптарын өгіздің бетіне басты. Өгіз жылқыны талай-талай қасқыр жаулардан ажыратқан қайратын айта келіп, басына күн туғанда жылқының тастап кеткенін айтып, өзінің басынан асқан тәкаппарлығын айтыпты, ойлап тәуба қылды. «Енді қастарыңыздан шықпаймын», – деп, көп сиырлармен уағда байлап, бірге жүре берді.

«Әркімнің өз жынысы өзіне» деген сөз тарихта сондайлардан қалған екен.

176. Сиыр мен теке

Бір кемпірдің бір сиыры мен бір текесі болыпты. Сол сиыр менен теке малда бірге жайылады екен. Сиыр сауған мезгілде де айналып тұрмайды екен. Сонда кемпір сиырына нан, тұз алып келіп, беріп айтады: «Тыныш тұр шырағым, мә,мә, тағы алып келіп беремін, бірақ түзу тұр», – депті. Екінші күні кешке теке сиырдан бұрын өрістен келіп, кемпірдің алдына керіліп тұра қалыпты. Кемпір орамалменен текеге сермеген екен, теке қозғалмай тұрып алыпты, жуас болып, кемпірдің сиырға «жуас тұрсаң, нан беремін» дегені есіне түсіп. Кемпір текенің жүрмегенін көріп таяқпенен ұрып жіберіпті. Сонда теке кеткен соң кемпір сиырына тағы да нан бере бастапты, тыныш тұр деп. Сонда теке ойлайды: «Адамда әділдік жоқ, мен сиырдан да жуас тұрып едім, сонда да ұрып жіберді», – деп, бір жаққа қашып барып, кемпірді сүзіп, сүтін төгіп, өзін жаралы қылыпты.

177. Өгіз, есек ертегісі

Бір күндерде өгіз бен есек жолдас болған екен. Екеуі бір сахара жерде жүріп, бір қалың баққа кірген екен. Бақтың өлеңдеріне тойған соң, есек қатты бақырмақшы болғанда, сонда өгіз айтады: «Бұл жерге біз ұрлыққа келгенбіз, сен ақырма», – дейді. Есек айтады: «Қарын тойған соң ақырмақтан абзал нәрсе болмайды», – дейді дағы ақырып жібереді. Есекеңнің даусын бағбандар естіп келіп, өгіз, есекті ұстап алып, көп машақатқа салып, диірменге есекті салып, жолдасы өгіздің етін қауап қылып жеп алады. Сөйтіп, есектің даусынан осындай көп машақаттар шығады.

178. Жақсылыққа жамандық

Кез келгендерді сүзе беретұғын, сүзеген бұқа байқаусызда құдыққа түсіп кетіпті. Құдықтың ішінен бар пәрменімен сүзгілеп топырағын түсірсе де, басқа түскен пәледен құтыла алмайды. Бар хәлі кеткен соң, істің жаманға айналғанын, өзінің бекерден-бекер өлетінін бұқа біліпті. Біреу болмаса, біреу мені құдықтан шығарып алар деп, бұқа бар пәрменінше өкірді. Мұның бақытына қарай жақын арада қойшы бір топ қой жайып жүр екен. Мұның даусын естіп, қойларымен қойшы жүгіріп келді.

– Шырақтарым, қарақтарым, суырып алсаңдаршы, – деп бұларға әдеппенен, ибалықпенен күлімсіреп бұқа сөйлей бастады:

– Мені жазасыз, күнәсіз өлтірмеңдерші. Ғұмырымда жанға жамандық ойлап, қас қылмаушы едім. Менің момындығым, мінезімнің жақсылығы Зеңгі бабаға мағлұм. Достарым, қарақтарым, мені шығарып алсаңдаршы! Қойшы, саған бір саба сүт, қойлар, сіздерге бір шоқ жақсы шөп берем.

– Қойлар, бұқаны құдықтан шығарып алып, берем деген сыйларын алайық, – деп қойшы айтты.

– Жазықсыз бейшараны шығарсақ, шығарып алайық, – деп қойлар жауап қайтарды. Мүйізді мырзаны шығарып алды.

– Демімді алып, халқымды жиып алған соң, сізге тәңір жарылқасын айтушымын, сый көрсетем, – деді бұқа ентігіп. Бірақ ажалдан құтылып, есін жиып алған соң, айдайын деп келген қойшыға: «Сені өлтірейін», – деп өкіріп тап беріпті.

179. Өгіз, айғыр, жолбарыс

Ертеде бір аңшының ақтоқал өгізі, бір ақбоз айғыры болыпты. Оның бұл екі көлігі орман жыртқыштарының тілін біледі екен. Бір күні аңшы ақтоқал өгізге бастыра отын артып, жолына түсіріп айдап жібереді де, өзі айғырын іздеп артта қалады. Ақтоқал өгіз үйреншікті жолмен жүріп, бір қайқаңға келгенде омырау жібі кеңірдегін қысқандықтан кеңірдегі қырылдап, мұрыны шуылдап зорға жүре береді. Тастың басында жатып өгізді көрген жолбарыс: «Сорлы неме, адамдар үшін тер төгемін деп жүрген жүрісін қарашы, тіпті, тыныс аларға дәрмені келмей қырылдап қалса да, өрге қарай отынын көтеріп кетіп барады. Бұл неткен бейшаралық» деп ойланады да, тастың басынан секіріп түсіп, өгіздің жолын тосады. Ол өгізге: «Сен неткен сорлы хайуансың, адамдардың сөзіне сонша бағынамын деп көрген күнің осы ма? Бүйткенше, ол иеңді табаныңа салып мыжып тастасаң немесе тоқал басыңмен ағашқа жаншып сүзіп өлтіре салсаң, мұндай күйден құтылар едің ғой?», – дейді мүсіркегенсіп. Ақтоқал өгіз екі бүйірін солқылдатып, аузынан сілекейін шұбыртып тұрып жолбарысқа:

– Сен өзің немене білем деп тұрсың? Сен адамдарды түсінбейсің, адам деген өте қиын болады. Егер мен оның сөзін тыңдамайтын, оған бағынбайтын болсам, онда ол біріншіден, қиын күндерде маған жейтін жем- шөп бермейтін болады; екіншіден, мұрынымды тесіп арқан өткізіп, тұмсығымнан сүйреп қинайтын болады; үшіншіден, ақбоз айғырға мініп алып қуып жүріп сабап, арқамнан тіліп арқан алатын болады. Бұл қорлықтарды көргенше, ол үшін істеп, сөзін тыңдап, оны да қуантып, өзімді де асыратып жүргеннің не жамандығы бар екен? Егер сен де айтқанына көнсең, саған да жаманшылық істемейді. Сенбесең, өзің келіп, менің иемді сынап көр, – дейді.

Жолбарыс өгіздің сөзін тыңдап болып, шынында да адамдардың қиын екендігін сезінеді. Бірақ ол: «Адамның дегенінің бәріне көнуге болмайды. өгіз қорқақ болған соң бәріне көніп жүр ғой. Бұл аңшыны мен бір сынап көрейін. Ол менің қимылыма қайтып көнбес екен» деп ойлайды да, артта қалған аңшыны күтеді. Аңшы жетіп келген соң жолбарыс, өзінің өгіз сияқты жуастықпен істеп тер төгіп беруге бел байлағандығын айтады. Аңшы: «Әйтсе әр күні осы кезеңнен табысып тұр, істейтін ісіңді мен көрсетіп тұрайын» дейді. Күндер өтіп, бір күні аңшы ақбоз айғырын мініп, әлгі кезеңге келеді. Ол айғырының ертоқымын алып қоя береді. Сол сәтте жолбарыс жетіп келеді. Аңшы бір қу қарағайды жығып мұрындық жасайды, оған арқан өткізіп, жолбарыстың мойнына салған қамыттың құлағынан мықтап байлайды да:

– Ал, жөке, ақтоқал өгізім болса мына ағашты қыңқ етпей сүйреп ауылға алып барады. Енді тіленіп сен келдің. Арқаңа қамшы тигізбей-ақ сүйрей жөнелші!, – дейді. Жолбарыс қарағайды сүйрей жөнеледі. Бірақ ауыл жаққа тарт десе, арт жағына тартады. Өрге тарт десе, еңіске қарай тартады. әбден қара терге түседі. Аңшының сөзін тыңдамай, өзі білген жаққа қарай тартады. Аңшы да мұның әдейі істеп жатқанын сезініп:

– Тоқтай тұр, азырақ дем ал, мен жотаңа бір бау қамыс таңып берейін, ол үстіңді салқындатып тұратын болады және қамшыдан қорғайды, – дейді. Жолбарыс тоқтап дем алған соң оның арқасына бір бау қамысты мықтап таңады да, аңшы шақпағын шағып қамыстың үлпілдек басына от тұтатып жібереді. Жолбарыс жан таба алмай қарағайды ала жөнеледі. Жүгірген сайын от лапылдай түседі. Сонан қайтері білмей арқанды ала жөнеледі. Жүгірген сайын от лапылдай түседі. Сонан қайтерін білмей арқанды тістеп қияды да сайды құлдап безіп береді, арқасында әлі лапылдап от жанады. Сөйтіп жүріп ол ақтоқал өгізге жолыға қалады.

– Өлер болдым, мені құтқаруға көмектес деп бажылдайды. Оның бейшара бейнесін көрген өгіз оны масқаралап:

– Айтпадым ба, адамдар қиын болады деп. Сен оның тілін алмасаң, саған көргілікті әбден көрсетеді. Қазір адам туралы қандай сезімдесің? Қане, шыныңды айтшы? – дейді. Бұған булыққан жолбарыс шыдап тұра алмай тағы да безіп береді. Безген сайын арқасындағы от лапылдайды. Ол айлана кезіп, тағы ақтоқал өгіздің қасына келіп:

– Мен бұдан былай сиыр баласына тимес болайын, маған бір шапағат ете көр, – дейді. Ақтоқал өгіз енді жаны ашып:

– Өзіңде ақылдан дәнеңе жоқ екен. Анау күркіреп жатқан өзен суына ыршып түссең, от өшіп қалмай ма,-дейді. Оның бұл сөзін тыңдап қалған ақбоз айғыр жайылып жүрген жерінен шапқылап келіп жолбарыстың алдын тосады. Жолбарыс оны көзге ілмей «Жанталаста жанымды күйдірмей жолымнан аулақ тұр» дейді. Ақбоз айғыр құлағын жымитып, алдына келсе, тарпып, артына келсе, теуіп жүргізбей қояды. Жолбарыстың арқасынан шыжыған май ағады. Ол жан таппай айғырмен әбден таласады. Ақыры айғырдың жол бермейтініне көзі жеткен соң, ол тастың үстіне секіріп шығып, тұйықсыз атылып түсіп, айғырдың жалынан тістеп өзенге лақтырып жібереді. Оның салмағымен жолбарыс та құлап суға түседі. Жолбарыстың арқасындағы от өшіп, жотасы жидіп, сыпырылып қалады. Ақбоз айғыр аяғы мертігіп, судан өтіп аман қалады. Осыдан кейін жолбарыс жылқының айғырына өшігетін болыпты. Айғыр иесіне кісінеп тұрып: «Мынау ақтоқал жауыңа жөн көрсетті мұның мұрнынан бұйда кетпейтін, арқасынан жүк түспейтін болсын», – дейді. Шынында да аңшы ақбоз айғырдың айтқанын жөн көріп, ақтоқал өгізді мұрындықтап жүріп іске салатын болыпты.

180. Бір өгіз

Бір шал мен кемпірдің жалғыз сиыры болыпты. Сол сиырдың сүті олардың қорегі екен. Сондықтан сиырдың бұзауы сүтке жарымай, өліп кала беріпті. Жылдар өтеді, шал-кемпір картая түседі Ал бұзаулардың бұрынғыша өлуі тоқталмайды.

– Қой, болмас, – дейді бір күні шал кемпіріне, – бір жылға бір нәрсе етіп шыдармыз. Сиырды саумай-ақ койшы, бұзауы өссін.

– Жарайды, – деп кемпір де келісе кетеді. Үш күннен соң сиыр еркек бұзау туады. Бұған қуанған олар қанша тарыға тұрса да, сиырды саумай, барлық сүтті бұзауға береді. Енесінің сүтін бір өзі еміп өскен бұзау үлкен өгіз болады. Келе-келе ол өзінің семіздігіне мастанады. Оған мынандай ой келеді: «Осындай зор денемен сиырлардың арасында жайыламын. Жоқ, бұл лайықсыз, түйелерге қосылайын». Сөйтіп, ол түйелерге қосылады. Өзін ерекше зор сезініп жүрген ол барынша-ақ түйе болуға тырысып бағады. Солардың жеген шөбін жейді, олармен шөлге кетіп, сортаң жалайды. Ақырында шөлден қатып, іші ауырып, шыдай алмай: «Жылқыларға барайын, түйеден кішірек қой, азабы да жеңілірек болар», – деп ұйғарады. Сөйтіп, жылқыға қосылады. Бірақ бұл да жайлы тимейді. Солардың санатынан қалмай шауып жүремін деп титығы құриды. Бір күні қасқыр тиіп, жылқылар дүркірей қашады. Бұл ілесе алмай, айдалада қалады. Бақытына қарай қыр астында сиырлар жайылып жүр екен. Өгіздің өкірген даусын есітіп, жолдасын мүйіздерімен қорғай жүріп, қасқырдан құтқарып алады. Өгіз қуанғаннан жылап жіберіпті.

– Өз тобыңнан бөлінсең, көрер күнің осы екен, – депті ол жасын сүртіп тұрып. Өгіздің бұл сөзі бұзауларға тәлім болыпты.

181. Бозінген

Бұрынғы заманда Бағланбай деген бай бар екен. Оның дүние малы көп екен. Көп малының ішінде бозінген деген бір жақсы түйесі бар екен. Бозінгенді барлық малынан жақсы көреді екен. Бірақ Бозінген ешбір бота таппаған екен. Бір күні бай ел-жұртын жинап неше биелер сойып той қылып жұртынан кеңес сұрапты:

– Менің жақсы көретін түйем Бозінген бота таппады. Сол туралы не ақыл бересіңдер? – дейді.

Онда жиналған жұрттың ешбіреуі жауап бере алмайды. Сонда босағадан сығалап тұрған бір жеті жасар жетім бала былай депті сөз бастапты.

Айналайын, ағалар,
Өткен екен дүниеден
Мың бір-екі сабалар.
Ажал жетіп күн бітсе,

Бұл дүниеде кім қалар?!
Мендей жетім балалар
Босағадан сығалар!
Ақсақалдар, қақпасаң,

Мен бір сөзді айтайын,
Құлақ салып тыңдасаң,
Ашу, жанжал қылмасаң,
Тойыңды жеп қайтамын,

Бозінгенді алдырсаң,
Үстіне кілем жаптырсаң,
Жібектен бұйда тақтырсаң,
Жітірме қазық қақтырсаң,

Бозінген бота табады,
Бір кедейге ырым қылып бақтырсаң, –
дейді. Бай баланың сөзін мақұл алып бозінгенге:
Қалы кілем жаптырып,

Жібек бұйда тақтырды,
Жітірме қазық қақтырды,
Ырым қылып бота табар деп,
Бір кедейге бақтырды.

Онда ай төбеден толып, жыл мүшелі болып, Бозінген қайып, туатын уақыты жетіп, бір күні басы алтын, бөксесі күміс бота туады. Бағып жүрген кедей кемпір-шал қуанып: «Байдан сүйінші алайық!» – деп, бара жатса, ауылындағылардың барлығы да кедей екен. Кемпір-шалдан:

– Қайда барасыңдар? – деп сұрайды.

Сонда кемпір-шал:

– Бағланбайға барып сүйінші аламыз! Түйесі басы алтын, бөксесі күміс бота туыпты, – дейді.

Онда ауылдағылар айтады:

– «Сен жалғыз барып байдан сүйінші алып , бай болып, бастарыңа мүйіз шықпайды. Неде болса барлығымыз тең көреміз. Інгенді сатып, пұлын аламыз. Ботасын жеті қабат темір үйге кіргізіп, бағып, өскен соң, оны да сатамыз, – дейді.

Кемпір мен шал көнбейді. Аяғында кемпір мен шалды өлтірмекші болады. Онан соң кемпір мен шал қорыққанынан лажысы жоқ көнеді. Бозінгенді ботасынан айырып базарға апарып алпыс діллаға сатады. Керуеншілер түйелеріне қосып тіркеп, алып кетеді. Сонда Бозінген керуеншілердің қолында ботасын сағынып, боздап, жылап, зарлап айтқаны:

Жаратқан жалғыз құдая ,
[Күйіп жаным, сабылдым.]
Үстіме кілем жамылдым.
[Ырым қылып бала үшін,

Кекілімді үкілеп,
Жібектен бұйда тағындым.
Бір бота үшін толғанып,
Бір өзіңе жалындым.

Ақырында аңырап,]
Ақырында құдая,
Базар түсіп сабылдым.
Жас ботамнан айрылып,

Мен құдайға не қылдым?!
Мына жалған дүниеде
Көрер күнім болар ма?
Мен ботамды сағындым!

Неше күндей жол бастым,
Көзімнен жасым ағызып,
Емшектің сүтін тамызып,
Өлгенде көрген ботамды

Емізбедім жағызып!
[Боташымнан айырылып,
Ішім оттай күйеді.
Жүйкем босап сағынып,

Тұла бойым иеді.]
Бағыланбайдың алдында,
Тұра алмадым құдая,
Келіндерге сауғызып.

Кеш болған соң кірекештер келіп бір жерге қонады. Бозінген арман, дерті ішіне толып, ауадағы ұшқан құстарға қарап, ботасын сұрап зарланғаны:

[Қалықтаған аспанда]
Ителгі менен сұңқарсың.
Ертеменен жем алсын,
Сәскеде барып ұшарсың!

Аспандап ұшып келдің бе?
Ел ішінде қайғырған,
Енесінен айрылған,
Қу кедейлер жәй қылған

Жетім бота көрдің бе?
«Қандай бота?» – дедің бе,
Мен құдайға не жаздым.
Аспанда ұшып айналған,

Түлкі көрсе, сайланған,
Иесі алып байланған,
Қара ала баршын бүркітім,
Аспандап ұшып келдің бе?

Ел ішінде боздаған,
Ішкі дертін қозғаған,
Кедейлер сатып тоймаған,
Еркіменен қоймаған

Жетім бота көрдің бе?
«Қандай бота?» – дедің бе.
[Шарықтаған күшеген,]
Аспанды кезген жорысын,

Тамам құстың зорысың.
Бес тырнақтың зарпынан,
Тамам құстың қорысың.
Жөндеп ұшып келдің бе?

Ел ішінде боздаған,
Ішкі дертін қозғаған
Жетім бота көрдің бе?
Қандай бота дедің бе?

Аспандап ұшқан ақсарсың,
Бір күндерде мыңды іліп,
Алақан қысып тастарсың.
Сен де сорлы құс төрем,

Балаң үшін қақсарсың,
Аспандап ұшып келдің бе?
Ел ішінде қайғырған,
Енесінен айрылған

Жетім бота көрдің бе?
Күндіз ұшпай, түнде ұшқан,
Көбелекпенен бірге ұшқан
Көзі қызыл үкісің.

Түндерде ұшып келдің бе?
Енесінен айырылған,
[Аққудай мойны қайырылған.
Күндіз-түні зарлап боздаған,

Көзінен жасы парлаған]
Жетім бота көрдің бе?
Қандай бота дедің бе?
[Омырауы жасқа малынып,

Көрінген құсқа жалынып.
Ботасына зар күйін,
Қайнаған күште бар күйін
Жеткіз деп жылап тапсырды

Кемпір мен шалдың үйіне.
Ұшқан құс таяды,
Мойындары иіле.
Тау мен тас та күңіренді

Бозінгеннің күйіне.] Сөйтіп зарлап көрінген құстан сұрай беріпті. Ешбіреуінен жауап ала алмапты. Содан кейін бозінген қайғыланып, ботам өлген екен, Алладан хүкім келген екен, аманат басын берген екен деп айтқаны:

– Мен – ботамнан айрылған,

[Қарайлап мойыны қайырылған.
Сағынып, зарлап егілген,
Көзінен жасы төгілген,]
Күнә қылмас айуан,

Не жазығым бар еді,
Жаратқан Жаппар Құдайым?!
[Екі көзді сел алып,
Жылай-жылай шел алып,

Тәңірден тілеп зарласам,
Тілегімді берер ме,
Ботақаным келер ме?!
Зарланғаным тәңірдің,

Құлағына жетер ме?
Не жазығым бар еді,
Жаратқан тәңір иеме.]
Керуеннің қолынан

Бозінген қайтып келе ме?
Тілегімді бере ме?
Не жазығым бар еді?
Жаратқан жаппар иеме?!

Ботақаным келер ме? – деп, боздап кете береді.

Керуеншілер бір жерге малдарын тынықтырып, тойындырмаққа тоқтап, бес-алты күн еру болып жатады. Сол кезде Бағланбайдың екі ұлы бар еді. Ойсын, Ойсыл деген. Қалаға мал айдап апарып сатып, жолда қайтып келе жатып, боздаған Бозінгеннің дауысын естіп, таниды. Сонда бұлар: «Бұл қайдан жүр? Әлде керуенге еріп кетті ме? Әлде боталап, бошалап жүрме іздеп табайық» – деп, екеуі жорғаларына мініп алып іздеп кетті. Қоржын нәрселерін жолдастарына тапсырып, жолмен жүре беріңдер дейді. Бұлар іздеп жүріп отырып, жолда неше қалың малдарды аралап таба алмай, ертеңінде келіп керуендерден табады. «Түйені ұстап алып, жүре берейік», – деп ойлайды да: «Қой, мұнымыз ұят болар! Жайын сұрайық», – деп керуендерге келіп сұрайды.

– Ассалаумағалайкүм,

Қонып жатқан керуендер!
Алтын, күміс артынып,
Жалғаншы адам құнекер,
Ай түбіне бардыңыз,

Айға сұрау салдыңыз.
Бағланбайдың Бозінгенін
Қайдан сатып алдыңыз?
Алтын, күміс артты екен,

Ай қызарып батты екен,
Бағланбайдың інгенін
Қандай адам сатты екен?
Ай, жарықтық, Бозінген,

Қандай бота тапты екен?
Шешесінен айрылып,
[Адасқан қудай қайырылып,
Ботақаны ыңырсып,]

Қайтып тірі жатты екен?
Бағланбай деген бай еді,
Төрт түлікке сай еді.
Байдың жақсы көретін

Бозінгені бар еді,
Бір ботаға зар еді.
Оймалы, шайы кілемді,
Оңдап, солдап жапсырған,

Жібектен бұйда тақтырған,
Жітірме қазық қақтырған,
Бозінген бота табар деп,
Ырым қылып бақтырған.

Бағланбайдың інгенін
Қандай адам саттырған?
Аттың басын бұрам ба,
Кешке дейін тұрам ба?

Мінген атым қарагер,
Ертерек бізге жауап бер!
Сөзімді қабыл алыңыз,
Бұл сөзіме наныңыз.

Артынан хабар алайын,
Жеті күн тоқтап беріңіз!
Атқа мініп шабайын,
Сатқынды іздеп табайын,

Пұлыңды алып берейік,
Інгенді алып қалайық, – дейді.

– Онда керуен басы айтады «Біз талай үлкен қалаларға бардық. Қайтуға жақындағанда бір қалада біреу әкеп сатты. Алпыс ділда беріп сатып алдық. Ондай ботасы болатын болса, обалына қалмайық, он күн тоқтап тұрамыз. Пұлын әкеп беріп, алып қалыңыз. Он күннен кешіксеңіз, кетіп қаламыз. Онда қалғаныңыз, – дейді.

Екі мырза жүріп отырып, бес күнде кемпір-шалдың үйіне келеді. Мырзалардың келе жатқанын көріп, кемпір-шал жасырынып қалады.

Мырзалардың ауылға келіп айтқаны:

– Мінген атым қарагер,

Келген жерім талай жер.
Бозінгенді сұраймыз,
Кемпір-шал, шығып жауап бер!
Әуеден ұшқан сары екен,

Анаға бала зар ма екен.
Кемпір-шал, шығып жауап бер!
Бағыланбайдың боз інген,
Аман-есен бар ма екен!

Кемпір-шал шықпайды. Екі кішкене қыз бала шығып, мырзаларға берген жауабы:

– Адыра шыққан бадал ма?

Мал-жаныңыз аман ба?
Сіздер сұрап тұрғанда,
Айтып тұрған заман ба?
Айналайын мырзалар,

Тәңірі қылса хал қанша.
Байға Қыдыр дарып тұр,
Бозінгені қайып тұр.
Ай төбеден толыпты,

Жыл мүшелі болыпты,
Боталар уағы жетіпті,
Бозінгені құрысын,
Боталап қашып кетіпті!

Екі қыз қалды амалды,
Кемпір-шалдан хабар жоқ,
Әлі күнге таба алмай,
Кемпір-шалды барма екен,

Тірі көрер заман ай?!

Екі мырза ойлайды: «Ешкім сатқан емес екен, өзі боталап қашып кеткен екен, керуендер бізді алдаған екен. Енді біз барғанша керуендер көшіп кетеді. Біз бара алмайтын болдық!» – деп қапаланып тұрады. Сол уақытта Бозінгеннің ботасы емізік еметін уақыты болып, боздайды. Ботаның дауысын есітіп, екі қызға мырзалардың айтқаны:

– Жалмаңдаған сары қар,

Жалынға күйген қара қар.
Енесінен айырып,
Жас ботаны қылдың зар!
Екі жерде зарлатып,

Кемпір мен шалдың пейілі тар.
Ыңырсыған үйінде
Жас ботаның үні бар.
Тау менен тас күңіренді,

Боз інгеннің күйіне,
Жаратқан Жаппар құдая,
Енесінен айрылған,
Жетім бота тірі ме?!

Мұны естіп, кемпір-шал өздері шығып, мырзаларға жалынып: «Күнәмді кешкін!» – дейді. Мырзалар кемпір-шалдың күнәсін кешеді. Алпыс ділдәні алып, күн-түн қатып, сыдыртып барса, керуендер түстен кейін көшуге қамданып жатыр екен. Ділдәсін беріп, түйені алып, келе жатқанда: «Ботам өлі ме? Тірі ме?» – деп, Бозінгеннің зарлағаны:

– Құдайым берді тілегім,

Қуанып келеді жүрегім!
Мен ботамнан айрылып,
Еңіреп, боздап келемін.
Аман-есен бар ма екен?!

Ботамды көріп, құдая,
Жарылар ма екен жүрегім?
Жолға түсіп желемін.
Керуеннің қолынан

Аман қайтып келемін.
Өлерде көрген ботамды
Қайткенде тірі көремін?!
Керуені құрысын,

Ауыр жүкті көп артып,
Жауыр қылды арқамды-ай,
Қуанғаннан құдай-ай,
Келемін зарлап шыдамай.

Тірі көрер күн бар ма,
Боташымды, қалқамды-ай?!
Түзелді құдай жүрісім,
Ойымнан кетті керісім,

Шындап құдай жаратсаң,
Көрсетпе ботам терісін!
Қоқтыға біткен шайыр-ды,
Қойшылар қойын қайырды.

Өлерде көрген ботамнан,
[Аямас қулар айырды.
Боташымнан айырылып,
Артыма жылап қайырылып,

Жат қолында қаңғырдым,
Еңіреген зар күйіме
Жер менен көк жаңғырды.
Сүймеген тәңір залымды,

Есітті мұңлы зарымды.]
Қу кедейлер айырды!
Кедейлер білген байырды,
Мен ботамнан айрылып,

Бір құдай білді зарымды. деп түйе бұрқырап-боздап күндік жерге келеді. Ботаның қарасын көргенде, тұла бойы еріп, түйенің бақылдап боздап арман қылып айтқаны:

[Аман көріп ботамды,
Емізер күнім бар ма екен?]
Жар жағалай жүгіріп,
Тал бүршігін сыдырып,

Жегізер күнім бар ма екен?
Аман көріп ботамды,
Емізер күнім бар ма екен?
Айналайын жан ботам,

Немене болып қалды екен!
Кекіре біткен көк ойға,
Көлбетер күнім болар ма?
Сарымсақты сары ойға,

Ойнатар күнім болар ма?
Айналайын жан ботам,
Немене болып қалды екен.
Сайға шыққан сарымсақ

Жегізер күнім барма екен?!
Бауырымдағы қара емшек
Емізер күнім болар ма?
Айналайын жан ботам,

Немене болып қалды екен.
Көнге біткен көк шалғын
Жегізер күнім барма екен?!
Көнектей толған қара емшек

Емізер күнім бар ма екен?
Айналайын жан ботам
Немене болып қалды екен?!
Жібектен бұйда мұрнымда

Шұбылтар күнім болар ма?
Бағланбайдың Бозінгені
Алтын бота тапты деп,
Қуантар күнім бар ма екен?

Жібектен бұйда мұрнымда
Түйілтер күнім бар ма екен?
Бағланбайдың інгені
Күміс бота тапты деп,

Сүйінтер күнім бар ма екен?
[Серке беріп көкпарға]
Көкбарыға нар беріп,
Елі-жұртын аулына,

Жылытар күнің бар ма екен?!
Ей құдая жан ботам,
Немене болып қалды екен?!
Мен ботамды ерітіп,

Тел қозыдай телшітіп,
Бағланбайдың аулына
Барар күнім бар ма екен!
Айналайын боташым,

Немене болып қалды екен,
Түйе аунаған шаңдаққа
Аунатар күнім бар ма екен!
Түйе ішінде секіріп,

Ойнатар күнім бар ма екен!
Ұйықтап жатқан жерінде,
Қабырғадан тістелеп,
Қақ төсінен иіскелеп,

Оятар күнім бар ма екен!? – деп боздаған Бозінген ботасына келіп қосылып, мауқын басады. Бай түйесі менен ботасын алып қуанады. Елі-жұртын жинап той қылып мұратына жетеді.

182. Ботаның кешірмесі

Бір байдың қызы бір төренің ұлына ұзатылып, оның жасауына бай жүз ақ түйе беретін болыпты. Енесін еміп жүрген бір жас ботаны да енесінен мезгілсіз айырып сан толтыру үшін, сол түйелердің қатарында беріпті.

Ботасынан айырылған інген ботақанын сағынып зарықса, бота енесін
онан бетер сағынып зарығыпты.
Сонан жол-жөнекей, әлгі жас бота түйелерден бөлініп, қашып шығыпты.
Оның есі-дерті иесін бір көру болыпты.

Ол қалың шилеуітті аралап, құлағын тіге жортып келе жатады.

Ол қоғалы қамысқа жетеді. Оның ішін аралап бір мезет екпіндей желеді де, құлағын тігіп тұра қалады.

Өркешіңе бас қойып, аяулы анам,
Ұйықтар күнім бар ма екен?
Қарақат көзіңе қадалып, анам,
Ұйықтар күнім бар ма екен?

Көнектей болған емшегіңді, анам,
Емер күнім бар ма екен?
Қақ төсіңді искелеп, анам,
Еркелер күнім бар ма екен?! – деп іштей зарлайды.

Сонан ол шеті мен бұл шетіне көз жетпейтін, шалқар көлге келіп бөгеледі. Бота онан өтудің амалын таба алмай дағдарып тұрғанда, көл ішінен үлкен бір балық шоршып шыға келеді. Ол балық ботаға жаны ашып, оны көлден өткізіп қояды. Бірақ ботаның қуанышы ұзаққа бармайды. Ол тағы бір пәлеге тап болады, бір түйеші оны ұстап алып, өзінің бурасына қосақтайды. Енесін қатты сағынған бота зарлаумен болады.

Бура оның мән-жайын сұрайды, бота оған басынан кешкенін түгел айтады. Бура да ботаны қатты аяп кетеді. Сонан ол бұйданы тісімен қиып, түйешіге білдірмей, ботаны босатып қоя береді. Жүрісін жеделдеткен бота, көп өтпей өзінің байырғы мекеніне келіп, енесін табады. Інген ботақанын ойлай-ойлай оттаудан қалып, өлуге жеткен еді, ол орнынан тұра алмай, ботасына телміре қарап, көз жасын көлдетеді:

– Мен енді өлемін, мен өлгеннен кейін сен солтүстікті бетке алып ағаң –

ды ізде, ағаңның бойы тапалдау, шудалы, өзің сықылды ақ. Онымен бірге болсаң, алаңсыз өмір өткізесің. Есіңде болсын: ағаңды іздеп шыққан жолыңда жал басына түнеме, ескі жұртқа әсте түнеуші болма, төбешік кезіксе, оның оңтүстік жағына түсіп түнегейсің, ал ағаң бар керуенді тапсаң, ағаңның артында, түйелердің ортасын ала жүр, – деп ақыл айтады.

Сөзін бітірген інген жасты көзбен дүние салады.

Сонан бота солтүстікті бетке алып, ағасын іздеп жол жүріп кетеді. Жол-жөнекей енесінің сөзін есіне алған бота «Не болар екен, жал басына түнеп, бір байқап көрейін» деп жал басына түнейді. Жал басы желді, суық еді. Енесінің өсиетін ойлаған бота:

– Анамның жал басына қонба дегені жал басы жалтаң, суық, тоңасың

дегені екен ғой, – деп ойлайды. Бота енді «Ескі жұртқа түнеп байқайын» деп мұны да білгісі келеді. Сөйтіп, ол ертеңінде бір ескі жұртқа түнейді, жыртқыш хайуандар ескі жұрттан тіміскілеп, жем іздеп көп келіп, ол сол түні көз ілмей шығады. Енесінің өсиетін есіне алған бота:

– Анамның ескі жұртқа қонба деуінің себебі осы екен ғой, – деп ойлайды.

Бота үшінші күні бір төбешікті тауып соның оңтүстік жағына түсіп түнейді. Ол сол күні тоңбайды, түн бойы жем іздеп, мазалап, тіміскілеп жүретін жабайы хайуандардан да аман болады. Төртінші күні ол ағасы бар керуенді табады, ағасымен кездеседі. Сонан ол шешем мені «Ағаңның артында, түйелердің ортасында жүр» деп неге айтты екен, осы сөздің сырын білейінші деген ойға келеді.

Сонан ол әтейге түйелердің алдына шығып алады, оны басқа түйелер санынан тістеп, маза бермейді. Бұл болмаған соң, бота әтейге ығысып, түйелердің ең артында қалады. Бұл жолы бір бақташы қыз қамшының астынан алады. Сонан бота түйелердің қатарынан шығып жанасалай жүреді, бұл да болмайды. Құм, топырақ кіріп көзін аштырмайды. Сөйтіп, бота түйелер қатарындағы ағасының артына келіп, түйелердің ортасын ала жүреді, бұл жолы бәрінен тыныш болады. Ағасы қарайлас шөптің жақсысын жеп, судың тұнығын ішіп, жаманшылықтан құтылады. Ағасы оған үнемі күлдіргі әңгімелер айтып беріп, көңілін аулайды. Шат-шадыман тұрмыс кешіреді. Сонымен, бота «Анамның айтқан сөздерінде титтей де ағаттық жоқ екен-ау!» деген ойға келеді.

183. Ешкі мен қасқыр

Тасты таудың басында ешкі оттап жүр еді, таудың төменгі жағында тамақ іздеп, аш қасқыр жүр екен. Тау басындағы ешкіні көріп, қасқыр айтты: «Тау басында сен оттағандай шөп жоқ қой, онан да төмен түсіп, жердегі тәтті, шырынды шөпті жесейші». Ешкі қасқырға айтты: «Әй, шырағым, тау етегіндегі тәтті шөпті өзің үшін сақтарсың, ал маған тау басында да жақсы», – деді.

184. Ешкі мен қасқыр

Ертеде бір ақылды ешкі болыпты. Ол әр күні тауға шығып, соны шөп жеп, етекке түсіп өзен суын ішеді екен, күндердің бірінде ол бір аш қасқырға кез болыпты. Қасқыр ешкіні жемекші болып, оның қасына жетіп келеді. Ешкі жалтара алмай қалады.

– Ешкі, басыңдағы арбиған нәрсенің не керегі бар? – деп сұрайды,

қасқыр мүләйімсіп.

– Бұл тәңірдің берген қос мүйізі, мұнымен кезіккен аңды жарып

тастаймын, – деп жауап беріпті ешкі сыздана.

– Қос мүйізіңнің қаншалық күші бар? Мені сүзіп көрші.

– Жарайды, сен ана жерде қозғалмай тұр, саған мүйзімнің құдіретін бір

көрсетейін, – депті ешкі. Сонан ол екпіндеп келіп анадай жерде көлденеңдеп тұрған қасқырдың астынан өте шығыпты. Сонан ол:

– Әттеген-ай! Төменірек кетіпті, тағы бір рет сүзейін, – депті.

Қасқыр тағы да тұрыпты. Бұл жолы ешкі екпіндеп келіп қасқырдың
үстінен қарғып өте шығыпты. Сонан ол тағы да:

– Қап! Бұл жолы өте жоғары кетті. Тағы бір рет тұр. Осы жолы сені

жарып өлтірмесем әкемнен тумай кетейін! – депті.
Мына ешкі шынында мені мерт қылатын ұқсайды деп ойлаған қасқыр

зыта жөнеліпті. Ол көк жалтыр мұздан ызғып өте шығып, артына бұрылып, қарапты. Осы кезде әлгі ешкі мұздан тайып жығылып, орнынан тұра алмай жатыр екен. Мұны көрген қасқыр мұздан қайта өтіп, ешкіні жемекші болады. Сонда ақылды ешкі:

– Қасқыр, қашпа, етігімді шешіп болғаннан кейін, сені бәрібір құтқармай

сүзіп өлтіремін, – деп айқайлайды. Зәресі ұшқан қасқыр сол қашқаннан қас қағым аралығында көзден ғайып болады, сөйтіп, ешкі амалын тауып аман қалады.

185. Екі лақ

Ақ лақ пен қара лақ әрі жүгірді, бері жүгірді. Жан-жағына алақ-жұлақ қарады. Мына жағы – қалың шілік, ана жағы – қалың бау. Маңайында ешбір қой-ешкі көрінбейді.

– Сен ақ лақсың, түк білмейтін ақымақсың. Мені әрлі-берлі сүйреп жүріп, ақыры адастырдың. Жаның барында қойды тауып бер! – деп, қара лақ ақ лақты бүйірден бір түйіп кеп қалды.

Қара лақ бір күн бұрын туған еді. Ол ақ лақтың ағасы болатын. Денесі шымыр, жұп-жұмыр, маңдайында екі мүйізі бар-тұғын. Өзі барып тұрған сотқар, желбас болатұғын. Ақ лақты «бауырым екен» деп аямайтын. Қит етсе «ақ лақсың – ақымақсың» деп мазақтайтын. Ашуланса болды, мүйізімен бүйірден түйіп қалатын. Өзі және жалақор болатын. Бағана: «Бә-ә, бә-ә! Мына жердің шөбін қар-а!» – деп, қалың шіліктің ішіне бастап келген де өзі болатын. Енді адасқан соң, ақ лақты жазғырып тұр.

– Ақ лақ – ақымақ! Жаның барда түс деймін алға! – деп, зекірді қара лақ тағы да!

Ақ лақ әрі ойланды, бері ойланды. Жүрген-тұрған жерлерін еске алды.

– Ұзап кеткен қойды қалай табамыз. Кім біледі, ендігі тау асып, жайлауға жетіп те қалған шығар. Ал жайлауға барар жолды табу да оңай емес. Сонда да жол кесіп көрейін. Бірақ саған айтатын сөзім бар: ешкіммен егеспейсің, айтқанымды істейсің. Осыны орындамасаң, адасып өлеміз, – дейді ақ лақ.

«Өлеміз» деген сөзді естігенде, қара лақ үрейі ұшып қорқып кетті. Қанша тентек болғанмен, ақ лақтың тілін алуға уәде берді. Ақ лақ жол бастап, алға түсті. Қалың шөпті олай-бұлай жапырып жүріп отырды. Алдынан жыра кездессе – секіріп өтті, тас кездессе – қарғып өтті. Сөйтіп екеуі бір кезде таудың етегіне келіп ілінді. Маңайда бір қара көрінбейді. Айнала жым-жырт. Ойда жоқта алдарынан бір түлкі шыға келді.

– Туу, өзің бір аппақ қардай, әдемі лақ екенсің. Ағаң да әдемі. Шаршап қалған шығарсыңдар. Біздің үйге соғып, дәм татып кетіңдер. Менің де өздеріңдей екі балам бар, бірге ойнарсыңдар, – деді түлкі. Ал өзі ішінен: «Ақ лақ кішкентай екен. Қапысын тауып осыны жәукемдейін. Бірақ мұны көрген ағасы қорқып қашып кетеді-ау!» – деп ойлайды.

Не айтатынын күні бұрын ойлап қойған ақ лақ былай деп, тіл қатты:

– Түке, әнеки, ана төбенің басында, қара тастың қасында, бізді қасқыр күтіп отыр. Ол қара лақ екеумізді қонаққа шақырып еді. Сізге еріп кеткенімізді көрсе, ашуланады ғой. Қасекеңнің кәрі қатты. Мүмкін, өзіңіз де бізбен бірге жүрерсіз.

– Жарайды, ендеше. Жүре беріңдер, мен арттарыңнан барармын, – деді де, түлкі бір қулық ойлады.

Бір кезде алдарынан тайыншадай көкжал қасқыр кез бола кетті. Ол аузын арандай ашып, бірден екі лаққа тап берді. Қасқырды көрген түлкі сайға қарай зытты.

– Қарным ашып келе жатыр еді, мұндай жақсы болар ма! Мен қазір сендерді жеймін! – деді қасқыр.

– Қасеке, әнеки, ана төбенің басында, қара тастың қасында, бізді Арыстан күтіп отыр. Ол таудағы жортқан аң, ұшқан құс атаулыға патша болу үшін кеше осында келіпті. Ертеңгі асына екі бұзау, түскі асына екі лақ, кешкі асына екі қозы жейді екен. Сіздің мына қылығыңызды көрсе, ол бұлқан-талқан боп ашуланып жүрер. Тіпті, өзіңізді жазым етер, – деді ақ лақ.

– Бә-ә! Әй, қасқыр! Мына арыстанды қара-а! Шақырып тұр, – деп бақырып қоя берді қара лақ тыныш тұрмай.

Қасқыр қатты састы, әрі-бері алақтап тұрды да:

– Бәлесінен аулақ. Бар, жандарың барында кетіңдер, түге! – деп жөніне жүре берді.

Жүгірген бойымен екі лақ бір таудың басына шықты, тауға шығып қараса, тауды бөктерлей бір қора қой қаптап жайылып келеді, қойдың артында астында аты бар, қасында иті бар қойшы келеді. Қойды көргенде есі шығып қуанғаннан екі лақ «Бә...Бә..» деп маңырап қоя береді. Шопан ата жол бастап, бұрын келген ақ лақты жерден көтеріп алды. – Мен сендерді ойдан-қырдан іздеп, таба алмай қойып едім. Өздерінің тауып келгенін қарашы. Жарайсың, ақ лағым, жарайсың! Сені «Ақ лақ – ақымақ» деп мазақтайтындардың өздері ақымақ! – деп, ақ лақты құшақтап бауырына қысты.

186. Ақылды лақ

Бір бұзау, бір тоқты, лақ ел көшкенде жұртта қалыпты. Үшеуі адам болып қос тұрғызып алыпты. Қосы бір бұлақтың бойында екен, қасында бәйтерегі бар екен. Бұлардың хабарын естіп бір аю жеймін деп қостың қасына келген екен. Лақ аюды көріп алдынан жүгіріп шығып, қосына әкеліп, есік ашып енгізеді. Үйге кірген соң: «Аюға не береміз?» – дейді тоқты. Сонда лақ айтады:

– Басқы аюдың басын ас, соңғы аюдың төсін ас, болмаса осы аюдың өзін сойып ас! – дейді. Бұлар аю жейді екен деп, аю орнынан тұра қашады. Қашып келе жатса оған қасқыр жолыға кетіп: «Қайдан қаштың?» – деп сұрайды. Аю: «Міне жерде тоқты, лақ, бұзауға барып едім, өзімді жеймін деген соң, қашып әрең құтылдым», – дейді. «Ендеше екеуміз де баралық, бірігіп желік», – дейді қасқыр. Аю: «Мен бармаймын», – дейді. Қасқыр бір жіп тауып бір жағын аюдың мойнынан байлап, бір жағын өзінің мойнына байлап алып жүреді. Қосқа жақындағанда лақ шығып: «Ол аюға тоймаймыз», – дейді. Бұл сөзден бұрынғыдан жаман қорқып қайта қаша жөнеледі. Қасқыр буынып, жығылып қалады. Бұл жығылып жатқан қасқырға екінші қасқыр келіп: «Сен неғып жатырсың?» – дейді. «Мен неғып жатайын, аю сүйреп кетті», – деп бастан аяқ жөнін айтады. Сонымен үшеуі қайтадан барады. Мұны көріп, үшеуі бәйтерекке шығыпты. Лақ басына, тоқты ортасына, бұзау артына тұрыпты. Түбіне келіп қасқыр бал ашып: «Жейміз бе, жоқ па?» – деп тұрғанда бұтақ сынып, бұзау жерге құлап түседі. Құлаған бұзаудан қорқып қасқырлар бет-бетіне қашып кетеді. Бұзау, лақтың иесі күз айналып келіп, қосты тауып алады. «Бір лақтың ақылы сондай болыпты» деп қазақтың айтатыны осы.

187. Бес ешкі

Ертеде бір кедей болыпты. Оның бес ешкі, бір қара тоқтысы және бір құла аты болыпты. Кедей ешкілері мен тоқтысын байдың қойына, атын байдың жылқысына қосады екен. Бір күні азынап тұрған боранда бай бес ешкі мен қара тоқтыны, құла атты өз малынан бөліп, елсіз-күнсіз айдалаға айдап жібереді. Ұлып соққан боран, үскірік аяздан бүрсең қаққан бес ешкі бір тасқа келіп ықтайды да, тасжарғанның бүртігін кірт-кірт шайнап, тұра береді. Қара тоқты бишара оларға ере алмайды, «енді өлдім-ау» деп, маңырап тұрғанда, тап қасында бір түп көкпек көрініпті. Көкпектің түбіне келіп, теуіп-теуіп кеңейтіп, бүрлерін жалмап, жем етіп, бырт-бырт шайнап, ол жата беріпті.

Жал-құйрығына қар қатқан,
Қабағын қалың мұз жапқан,
Арлы-берлі көп шапқан –

Құла ат қамыстың арасындағы, бетін көбік қар жауып қалған бір құдыққа күмп етіп, түсіп кетіпті. Оқыранып, осқырынып, қайшылап тігіп құлағын, жұлып кеп ернеу құрағын, қүрт-күрт шайнап о да тұра беріпті. Сөйтіп кедейдің бар малы ақ боранның астында, қараңғы түнде айдалада қалыпты. Боранмен бірге құтырып, араны ашылған аш қасқыр жем іздеп келе жатып, қара тоқтының дәл үстінен түсіпті.

– Қара тоқты, қара тоқты, сені жеймін! – депті қасқыр.

– Ағатай, ағатай, мені жеме, ана жерде бес ешкі тұр, соны же, – депті тоқты.

– Жарайды, – депті де қасқыр аузын ақсита түсіп, бес ешкіге жетіп келіпті.

– Бес ешкі, бес ешкі, сендерді жеймін!

– Қасеке, қасеке, жеме, ана жерде жалы құлағынан асқан құла ат құдыққа түсіп жатыр, соны же, – депті бес ешкі.

– Жарайды, – депті де, қасқыр құлағын тікірейтіп, арқа жүнін сыртқа теуіп, құла атқа келіпті.

– Құла ат, құла ат, мен сені жеймін! – депті қасқыр.

– Сен қасқыр едің, мен ат едім. Ең болмаса, мені мына құдықтан шығарып ал, батпағымды тазарт, артыма шығып отыр да, бір аят оқы, сонан соң же. Онсыз да өлгелі жатырмын ғой, – депті құла ат.

– Жарайды, – деп, қасқыр құла атқа құйрығын мықтап тістетеді де, құдықтан шығарып алады. Аяғымен тырналап, батпағын тазалайды.

– Енді әрі қарап тұр да, иманыңды айта бер. Мен құранды келістіріп оқимын да, келістіріп тұрып сені жеймін, – депті қасқыр.

Құла ат құлағын жымырып, артқы аяғын бауырына алыңқырап, тұра беріпті. Иен дала. Айсыз түн, азынаған боранда өзімнен басқа батыр жоқ деп, дандайсыған бөрі құла аттың артына шығып, шоңқайып отырады да, молдаларға ұқсап, екі көзін шарт жұмып, өзінше әндете, ұли бастайды. Аңдып тұрған құла ат қырындай түсіп, көз тастап, артқы аяғымен дәлдеп тұрып қасқырдың шықшытынан періп кеп қалады. Шықшыты сынып, екі көзі алдына ағып түскен қасқыр қылжиып жатып ұлиды:

– Қара тоқтыны жемеген,

Қабылан басым-ау, у...у...
Бес ешкіні жемеген,
Бегпен басым-ау, у...у...
Құла атты құдықтан суырып алған,

Балуан басым-ау, у...у...
Артына шығып, құран оқып,
Көз жұмар молда ма едім?
Ау...у!...– депті де, қылжиып жатып өліпті.

Ертеңіне таң атып, боран басылған соң кедей бір төбенің басына келіп, былай деп малдарын шақырыпты:

– Қой баласы – қоңырым,

Ұя бұзбас момыным,
Шопан ата түлігі –
Қошқаным қайдасың? –
Пұшайт, пұшайт!

Жүнін жұлса, бақырған,
Ешкі атасын шақырған,
Өрісте өскен жануар –
Шөкетайым қайдасың? –

Шөре! Шөре!
Жолға шықсам – көлігім,
Жапанда жүрсем – серігім,
Қамбар ата өсірген,

Құла атым менің, қайдасың,
Құрау! Құрау!

Бұл дауысты естіген соң, құла ат қар бұзып, бес ешкі шұбап жол салып, қара тоқтыны соңдарынан ертіп, аман-есен иелерін тауыпты. Кедей малдарын әкеліп жылы қораға кіргізіп, астарына жайлап көң төсеп, пішен мен жемге тойғызып, олардың көрген-білгендерін сұрапты да, әңгімеге әдбен қанып алған соң:

– Сен неге басыңды сауғалап, бес ешкіні саудаға салдың? – деп, қара тоқтыға кінә қойыпты.

– Мүйізім болса өскен жоқ, буыным болса қатқан жоқ, өзім жалғыз, әрі әлім келмейтін болған соң, солардан бір зауал болар деп, бес ешкіге жіберіп едім, – деп жауап беріпті қара тоқты.

– Сендер неге өз бастарыңды сауғалап, құла аттың басын саудаладыңдар? – депті бес ешкіге.

– Сіздің құла атпен талай рет қасқыр соққаныңызды білеміз. Сондықтан ер қанаты ат еді ғой, бір зауал содан болар деп едік. Онымыз дәп келді, әйтпегенде аш қасқыр бәрімізді де жеп қоятын еді, – депті ешкілер.

188. Домбырашы теке

Күндер де бір күн қошқар, теке, бұзау үшеуі жолдас болып, алыс сапарға шығыпты. Үшеуі жолда келе жатып, екі қос уыстай сұлы тауып алыпты. Енді мұны үшеуіміз қалай тең бөлісіп жесек екен деген кеңеске кіріседі. Сонда теке тұрып:

– Мен таптым, – дейді. Оның өзі лақ теке болса керек.

– Үшеуіміздің ең кішіміз сен екенсің, олай болса, айта ғой, не істеу керек, –депті қошқар мен бұзау.

– Меніңше, бұзау ағайдың аузы үлкен ғой, алдымен бір асасын, одан аузы кішірек қошқар ағай екі асасын, сонан соң ең аузы кіші мен үш асайын, сонда үшеуміз де бірдей асаған боламыз, – депті теке. Оны ана екеуі де теріс көрмепті.

Сөйтіп, үшеуі сұлыны бөліп жеп алып, тағы жүреді. Бір жерге келгенде үшеуінің алдыларынан бір өлген түлкі кез болыпты.

– Мұны қайтеміз? – дейді қошқар.

– Бұл да жолымыздан табылған олжа ғой, керек болар, ала жүрелік,-дейді бұзау.

– Бұны кім алып жүреді?- дейді қошқар. Сонда теке тұрып:

– Бұзау ағай бізден үлкендеу ғой, мұны сол арқалап жүрсін, – депті. Мұны бәрі де мақұл десіп, өлген түлкіні бұзау алып жүреді. Үшеуі сол бетімен келе жатып, бір иесіз ескі тамға кез болады.

– Үй ішінде не бар екен,- деп өлген түлкіні далаға қоя салып, үшеуі бірдей кіріп барса, домбыра шертіп отырған түлкіні, оны тыңдап отырған аю мен қасқырды көріпті.

– Е, жақсы келдіңдер ғой, отыра қалыңдар, домбыра шертісейік, – деп түлкі домбырасын текеге ұсынады.

– Жоқ, алдымен сіз шертіп өнер көрсетіңіз! – деп теке домбыраны алмапты. Сонда түлкі домбыраны безеп жіберіп:

– Міңгір-міңгір, міңгірлік,

Лақ біздің бір түстік.
Міңгір-міңгір, міңгірлік,
Қошқар біздің бір күндік.
Міңгір-міңгір, міңгірлік,

Бұзау біздің бір түндік, – дейді де,
домбыраны текеге ұсынады. Теке домбыраны ала салып:

– Міңгір-міңгір міңгірлек,

Түлкі бізге тұмақтық.
Міңгір-міңгір міңгірлек,
Аю бізге төсектік.
Міңгір-міңгір міңгірлек,

Қасқыр бізге ішіктік.
Міңгір-міңгір міңгірлек,
Ал тамды қират дүңгірлет,-
депті де домбыраны шертіп-шертіп жіберіпті. Сонда түлкі:

– Бұлардың соңында әскерлері бар шығар,-деп далаға жүгіріп шықса, өліп жатқан түлкіге көзі түседі.

«Таптым, бұлар аң аулап жүрген аңшылар екен, енді бұл жерден тез қашпасақ, бұлар бізді де мына түлкі сияқты соғып алады!» деп ойлайды да, дереу аю мен қасқырға хабар беріп, өзі қаша жөнеледі. Оның артынан екеуі де қашады. Бірақ қарыны ашқан қасқыр алақтап қала береді. «Бұлар не істер екен» деп тамның сыртынан тыңдап тұрады. Бір кезде текенің «Әлгілердің өзін қорқытып қашырдық-ау!» деп күлгенін естіген қасқыр:

– Әй, не айтып тұрсыңдар? Теке, алдымен сені жайратпасам ба! Деп тұра ұмтылады, ана үшеуі қаша жөнеледі. Ызаланған қасқыр бұлардың соңынан қуа береді. Бір жерге барғанда, алдыларынан үлкен бір ін кездесіп, әлгі үшеуі соған кіріп кетеді. Іннің екінші жағы тесік екен. Бір кезде қасқыр да жетіп, інге басын сұға бергенде теке аңдып тұрып, қасқырдың басын мүйізімен қыса қойыпты да:

– Ал қошқар аға, шамаң болса, ұмтыл! – депті. Сол кезде қошқар іннің ана жағынан шыға сала жетіп барып, қасқырды соғыпты-ау келіп...қасқыр ойбай салып, зорға құтылыпты да, тұмсығының қанын сорғалатып қаша жөнеліпті...

Сол қашқанымен биік бір таудың басына шығып ұлып, қасқырларды шақырыпты. Жиналған қасқырлар одан:

– Не болды, – деп сұрапты.

– Ойбай, ана жақта бір... сондай, үш ұста бар екен, солар кездесіп қалып, жалғыз өзімді ұстап алды да, біреуі қышқашымен мойнымнан қысып тұрып, екіншісі балғамен ұрып-ұрып қоя берді, – сонда басқа қасқырлар тұрып:

– Жүр ендеше, ол ұсталарды бізге көрсет, бәріміз жабыла барып, балғасын өздерінің тұмсығына соғайық! – деседі де ұсталарды іздеуге жүреді. Бұлардың алыста қаптап келе жатқанын қошқар көріп:

– Ойбай, қасқырлар келе жатыр қашайық, – дейді. Үшеуі қашады. Бір жерге келгенде алдыларынан бір бәйтерек кез болыпты. Теке алдымен бұзау мен қошқарды теректің басына шығарып, онан соң өзі шығып биігірек жеріне орнығып отырып алады. Бір заманда қалың қасқыр келіп, теректің басынан үшеуін көреді.

– Енді бұлар құтыла алмайды! – деп қасқырлар бірінің үстіне бірі шығып, теректің басына жақындайды. Сол кезде теке тұрып:

– Жақсы болды. Мына қасқырлар келген екен. Ал қошқар аға, мен қышқашыммен тұмсықтарын қыса берейін, сіз балғаңызбен соғып құлата беріңіз,-депті. Сол-ақ екен алғашқы таяқ жеген қасқыр ең астында тұр екен. Қорқып қалған сорлы, текенің сөзін естігенде тұра қашады. Оның үстіндегі қасқырлардың бәрі құлап, өлгені өліп, мертіккені мертігіп, қалған саулары әлгі қасқырлармен еріп зыта жөнеліпті. Сөйтіп, теке лақтың айласымен үшеуі аман құтылыпты.

189. Ақымақ теке

Бір теке шөлдеп, терең бұлаққа түсіп, су ішті дағы қайтадан шыға алмай бақыра бастады. Оның дауысын естіп, түлкі келіп айтты:

– Әгәрда, сенің иегіңдегі сақалыңның хисабы сайын, басыңда ғақыл болса, сенің бұл ұраға түсерден бұрын, қалай шығуды ойлар едің.

190. Жетім қозыны қасқыр жегені

Ертеде көктем күнінде көшершілік заманында бір қозы қойдан адасып жатып қалады. Ел жөңкіліп ұзап кетіпті. Қозы жалғыз өзі жайылып жүреді де, бір күні бір көлшікке кез келіп, су ішіп жатқанда бір қасқыр келіп су ішті де, қозының ізін көріп, қозының артынан іздеп жүріп тауып алады. Қозы қасқырды көріп қорқып тұрды.

Қасқыр қозыға: «Мен сені жеймін», – дейді. Қозы:

– Не жазығым бар, тақсыр? – дейді. Қасқыр:

– Үш жылдан бері ішіп жүрген суымды лайлап жүрсің, қояды десем қоймайсың, – дейді. Қозы:

– Менің туғаныма үш ай болған жоқ, үш жылдан бері суыңды қалай лайлаймын, – деді. Сонда қасқыр:

– Сен болмасаң сенің енең, болмаса сенің аталарың, – деді де қозыны кеңірдегінен алып, жерге бір соғып жеп қойды.

191. Қошқар мен теке

Ертеде бір шал мен кемпір болыпты. Өздері кедей екен. Күн көрерлік бар малы – бес қой мен бес ешкі екен. Олардың сүтін ішіп, құрт-майын және жыл сайынғы өсімді төлін сойып жейді. Терісін, жүн-жұрқасын үстеріне киім қып киеді. Бес қой мен бес ешкі не көбеймейді, не азаймайды. Бес қой мен бес ешкі өріске өздері жайылып, бұлаққа өздері барып су ішіп қайтады. Олар не ит-құсқа, не ұры-қарыға жем болған емес. Шал мен кемпір оларды кешке өрістен қайтқанда түгендеп қораға кіргізіп алады да, ертемен түгендеп шығарып салады. Бес қой мен бес ешкіні аман-есен сақтап, бағып-қағып өсіретін бақташы да, күзетші де қошқар мен теке еді. Қошқар мен теке шал мен кемпірдің жанындай ең жақсы көретін малы еді. Мал емес-ау, өздерінің туған баласы сияқты еді. Қошқар мен теке шал мен кемпірдің не айтқанын түгел ұғатын, түгел орындайтын. Шал мен кемпір де текенің естілігіне сенетін. Теке қой мен ешкіні өрістен ертіп мезгілінен ерте қайтатын болса күн ырайы бұзылып жауын-шашын, боран боларын сезіп, алдын ала сақтық жасайды. Қошқар мен текенің бастауымен ешкі мен қойлар шу көтеріп маңырап, үркіп-үрпиісетін болса – жақын жерде бұлардың ізін аңдып қасқыр мен ұры жүргенін сезіп, алдын ала сақтық жасайтын-ды. Қошқар мен теке екеуі жандай дос еді, біріне-бірі қамқор ақылшы серік болатын. Сонымен бірге олардың бірінде жоқ мінез қасиет екіншісінде бар еді. Қошқар аңқау, аңғал мінезді қорқақтау еді. Бірақ қайратқа мықты, текеге сенетін, ал теке айлалы, ақылды, көп жайды күні бұрын болжап білгіш көреген еді. Осындай мінез қасиеттерін жақсы білетін шал мен кемпір қошқар мен текені аз ғана малымның құты – иесі, күн көрерлік ауқатымның таянышы-сүйеніші деп білуші еді. Күндерде бір күні шал қатты ауырып, төсек тартып, жатып алды. Кемпір шалының аузына су тамызып күні-түні қасынан шықпады. Қошқар мен теке бұл жайды әбден түсініп, шал мен кемпірді жоқтаған жоқ, өздері қорадан шығып жайылып, өздері қайтып келіп жүрді. Үй қасынан алыстап кетпей, сақтанып жайылатын болды. Шал науқасынан жазылмады, халы күннен-күнге ауырлай берді. Кемпір көлдей жасын төгіп, жылаудан басқа түк бітірмеді. Шал осындай әл үстінде жатқан кезде ел аралаған қара бақсы келді. Қобызын ойнап, тамырын ұстап шалды қарады да, емін айтты: «Ең жақсы көретін, қасиет тұтатын бір малыңды сойып, қан-жыныңмен ұшықтап, емдеу керек», – деді. Мына сөзден шал мен кемпір шошып кетті, ең жақсы көретін малы қошқар мен текені қалай өлімге қимақ! Қасиет тұтатын қошқар мен текені бұл құрбандыққа қимаймыз, басқа бір қоймен емдеңіз, – деді, шал мен кемпір қара бақсыға жалынып. Бақсы айтқанынан қарысып қайтпады.

– Нағыз жаныңа бататын, қимасыңды құрбандыққа шалып емдеген ем қонады. Басқа малмен мен емдемеймін, – деді.

Шал мен кемпірдің амал-айласы құрыды. Екеуі бірдей егіліп жылады. Қошқар мен текенің бірін сойып емдесе, шал жазылмайтын сияқты болып көрінді. Ал соятын болса бар күн көріп, қорек қылып отырған аз ғана малы бірге құритындай көрінді. Бәрінен де жан тәтті, адам өмірі ардақты ғой. Шал мен кемпір әрі жылап, басқа қылар ақыл-айласы таусылып, ақыры қошқар мен текенің бірін соймақшы болды. Теке бұл жайдың бәрін сезіп білді. Түн ішінде қошқарды оятып алып, оған сұмдық хабарды естіртті. Әрі жылап, әрі ыза болған екеуі уәде байласты да, түн ішінде ешкімге сездірмей туып-өскен мекенін тастап жүріп кетті. Ойласқандары шал мен кемпірді емдейтін дәрі шөп іздеп таппақ. Қошқар мен текені іздеп артынан қуған ешкім болған жоқ. Кім қуады? Шал ауру, кемпір өз бетімен мал іздей алмайды. Сонымен қошқар мен теке сол кеткеннен кете барды. Ессіз даланы, сай-саланы, таулы орман араларын, өзен-бұлақ бойларын аралап, мекендеп от оттап, суын ішіп бірнеше күн жол жүрді. Аяқ аттаған сайын қауып-қатер кездесті бұларға. Бірде қасқыр сияқты жыртқыш аңдардың кезіп-жортқан іздеріне душар болады, кейде түн ішінде айналада ұлыған қасқырдың үнін, ақырған аюдың, қорсылдаған қабанның дауыстарын естіп, жаны алқымына тығылғандай үрейленді. Бәрінен де жасырынып, ептеп сыбдырын сездірмей жүріп қаша өтеді... Қайда барарын, қайда мекендеп өмір сүрерін қошқар мен теке әлі анықтаған жоқ. Елсіз дала, тау, орман арасында дәрі шөптің қайда екенін де білмейді. Елсіз дала, тау, орман арасында жыртқыш аңдарға кездессе, бас салып талап жеп қояды. Ал ел қарасына жақындап, адамның көзіне түссе бас салып екеуінің бірін және сойып жеп қоюы мүмкін. Бірақ, елсіз, адамсыз жерде тіршілік етіп өмір сүру тағы мүмкін еместігін екеуі де жақсы түсінеді. Құтылатын жалғыз жол – шалды жазатын дәрі шөп. Ол табылса, қорықпай үйге қайтып бармақ. Осылайша, қошқар мен теке жазық бір далада келе жатыр еді. Теке жел жақтан көтерілген бұлтқа қарап тұрды да:

– Бүгін сұрапыл жауын болады екен, кел, қошеке, күрке жасап алайық, – деді.

– Өзің сиятын шағын күрке жаса, менің жүнім қалың, етім майлы, жауын астында жатсам да түк етпеймін ғой, – деді. Теке «маһм-маһм!» деп жүріп, жұлып шөп жинайды, бір шоқ тобылғының түбіне шөпті үйіп, өзі сыйғандай етіп жылы күрке жасап шықты. Кешке қарай күн райы бұзылды, кілегей қара бұлттар аспанды түгел жауып сапырылып ағылып, сатыр-күтір, жарқ-жұрқ етіп нажағай ойнады. Шелектеп құйғандай нөсер жауын үдеп жауа берді.

Асты-үсті, жан-жағы шөппен жабылып қымталған жылы күркенің ішінде теке мынадай сұрапыл жауынға ұрынбастан үсті-басы құрғақ, жайбарақат тынығып жатты. Ал төңкерген қазандай семіз құйрығын жел ұрған жауынның бетіне тосып, күркенің қасына ықтай қошқар жатты. Бірақ қошқар көпке шыдай алмады, асты-үстінен бірдей сорғалаған мұздай суық су, азынап ұйтқып соққан жел қошқардың қалың жабағы жапқан семіз терісінен өтіп етіне, етінен өтіп сүйегіне жетті. Қошқар дірілдеп, қалшылдап тоңа бастады. Ақыры шыдамы таусылып: «Теке, ә, теке! Мен жаурадым, менде бір білместік болды. Мені жылытпасаң, халым нашарлап барады», – деп жалынды қошқар. Теке:

– Ендігәрі ондай ақылсыздық істеме, – деп, тар болса да күркесіне қошқарды кіргізіп алды.

Ертеңіне жауын басылды. Күн ашылды. Қошқар мен теке жолға шығып жүріп келе жатты. Түске таман аспанда ыдырап бітпеген бұлттардың қозғалысына қадала қарап тұрып теке:

– Бүгін қар жауып, боран болуы ықтимал. Күрке жасап алайық, қошеке! – деді. Бұған қошқар абыржи қоймады.

– Қар қалың, жүннен өтіп кететін жаңбырдың суық суы емес қой. Құйрығымды желге төсеп жата берем. Қылшығың селдір, терің жұқа саған күрке жасап алу әбден дұрыс, – деді қошқар.

Теке жолдасына қайырып тіл қатпады. «Маһм-маһм!» деп жүріп, жұлып шөп жинады. Бір шоқ ақ шидің ығына қалқалай шөпті үйіп-үйіп, өзі сыйғандай етіп жылы күрке жасап шықты. Кешке қарай, күн райы бұзылды. Бурыл ала бұлттар аспанда жөңкіліп ағылып, жапалақтап қар жауа бастады. Құйындатқан суық жел соғып, аспан мен жер бетін ұйтқыған ақ түтек боран жауып кетті. Мынадай сұрапыл боранда теке жылы күрке ішінде жайланып, тынығып жататын болса, төңкерген қазандай семіз құйрығын боранға тосып, күркенің қасында жатқан қошқардың халі мүшкіл еді. Ұйытқыған боран, азынаған суық аяз қошқарды титығына жете жауратты. Қошқар ақыры шыдамы таусылып: «Теке! А, Теке! Менің халім бітуге айналды, күркеңе кіргізбесең, енді құрып кететін түрім бар. Ендігәрі айтқаныңды екі етпеймін», – деп жалынды. Теке:

– Ендігәрі ондай ақылсыздық істеме, – деп, тар болса да жаураған досын күркеге кіргізіп алды.

Ертеңіне боран басылды, күн ашылып жылынды. Қошқар мен теке жолға шығып жүріп келе жатты. Келе жатып теке жер шолып отырды, құс ойнаған, қасқыр, қоян жүрген жымдарды, аю қабан жортқан соқпақтарды қадағалап, барлап, біліп, сақтық жасап отырды. Күн кешкіріп, ымырт жабылар кезде теке келіп тоқтай қалды.

– Қошеке! Қасқыр апанының үстінен шығыппыз, жан-жағына тарап кеткен іздер сайрап жатыр ғой, міне! – деді.

– Ойбай! Теке! Енді біржола құрыдық қой, – деп, қошқар қорқып дірілдей бастады. Бірақ теке саспады, абыржымады, қорықпады да.

– Бұдан қашып құтыла алмаймыз, ізімізді сезеді де, қайда кетсек те қуып жетіп құртады. Құтылатын жалғыз амал сол – қасқыр апанының өзіне тығылу, – деді. Бұдан тіпті шошынған қошқар: «Не дейді мынау! Не дейді!..» дей берді қалшылдап. Алайда теке досының ақылына енді қарсы болуға шамасы да қалмады. Текенің артынан ере берді.

Теке бастап жүріп отырып, көп ұзамай қасқыр апанына келді. Кең апанның бір жағы қуалап қазылған үңгір ін екен. Екеуі де ішіне кіріп, дәл кіре беріс тар ауызда теке өзі тұрды да, бір жақ бүйірін ала қалтарысқа қошқарды қойып: «Мен соқ дегенде әйтеуір қасқырды аямай мүйіздеп соға бер, қорықпа», – деп ақылын айтты, түні бойы қасқырдың түнгі жорықтан қайтуын ұзақ күтті. Таңға жақын ешнәрседен хабарсыз түнгі жорықтан қалжыраған қасқыр жалқау басып келіп апанға секіріп түсті де, інге кіре берді. Теке найзағайдай шаншылған екі тік мүйізін қасқырдың қыл тамағынан орап қылғындырып, іннің төбесіне тіреп тұра қалып: – Тоқтым, тоқтым, соқ, – деп айғай салды. Қошқар бөгелген жоқ. Доғадай иілген зор, тастай ауыр мүйізін қадай пәрменімен қасқырды бүйірлеп қойып-қойып жіберді. Бір жақ қабырғасы мен алдыңғы аяғынның бір жіліншігі жазым болғандай қыңсылап, өкіріп бір құлап түсті де, жан беріп өлу оңай ма, бұрылып алып шойнаңдай кейін қаша жөнелді. Артынан қошқар мен теке недәуір жерге қуып тастады. Қуып бара жатып: «Тоқтым, тоқтым, соқ», – деп қояды теке, осы дауысты естіген қасқыр одан сайын үрейленіп зыта берді. Таң атып, күн шықты. Қошқар мен теке отын оттап, суын ішіп жүріп келе жатты. Жолшыбай дәрі шөпті іздейді. Сәске мезгілінде теке жер, із, шымдарда шолып келе жатып:

– Апырай, бізді он екі қасқыр іздеп келе жатқан екен, енді тезірек жүріп, анау көрінген бәйтерекке жетіп алайық, – деп аяғын жүгірте басты. Қошқар мен теке терең жайқын дарияның жағасында биік жарға біткен бәйтерекке жақындап келгенде, алыстан шаңдатып, шапқыласып келе жатқан бір топ қасқырлар да көрінді. Бәйтерекке жетісімен теке бұтағына оңай секіріп басына өрмелеп шықты, ал қошқар ауыр денесін, майлы құйрығын көтеріп секіре алмады, бәйтерекке шыға алмады. Теке жерге қайта жылжып түсті де, қошқарды құйрығынан сүйемелдеп көмектесіп, бәйтеректің ең төменгі бұтағына шығарды. Өзі одан жоғары бір бұтаққа өрмелеп шығып, келіп жеткен он екі қасқырға қарап отырды. Он екі қасқырдың бірі түндегі бір аяғы мертіккен ақсақ қасқыр екен, бәрі де бәйтерекке шығып отырған қошқар мен текені көріп тілдерін салақтатып, сілекейін шұбыртып, қуанысып іске кірісті.

Әуелі бәйтеректі құлатпақ болып, жан-жағынан тырнап қаза бастады. Бірақ жуан бәйтеректің жер астын алыстап қуалаған тамырлары да жуан берік еді, топырағын қазып жуан тамырға жеткенде қасқырлар басын шайқап тұрып қалды. Бәйтерекке секіріп, өрмелеп шықпақ болып еді, одан ешнәрсе өнбеді. Жығылып түсе берді. Ақыры бірін-бірі сатылап көтеріліп, бәйтерек бұтағындағы қошқар мен текені алмақ болды. Ең астыңғы саты болып ақсақ қасқыр тұрды, онан кейін басқалары бірінің үстіне бірі сатылап шығып, он екінші қасқыр төменгі бұтаққа отырған қошқарға жетіп майлы құйрығына арс етіп ауыз сала бастағанда, барлық амалы құрыған теке тек қана:

– Тоқтым, тоқтым, соқ! – деген айқайды ғана айтып салды. Осыны естіген баяғы ақсақ қасқыр тағы да қабырғама тепкілейді екен деп, зәресі ұшып саты болып тұрған орнынан қаша жөнелді. Басқа он бір қасқыр биік жардан аунап дарияға топылдап құлап түсіп, малтып шыға алмай терең суға бір батып, бір шығып кете барды. Бәйтерекке өрмелеген қасқырлардан қорқып, есі ауып талып қалған қошқар сірескен жабағы жүннен бәйтерек бұтағына ілініп, аман қалды. Ақсақ қасқыр артына жалтақ-жалтақ қарай зытып отырды.

Қошқар мен теке отын оттап, суын ішіп тағы да жүріп келе жатты. Олар таулы-тасты, қалың шытырманы мол тоғайдың ішіне келіп кірді. Күн кешкірді, қас қарайып ымырт жабылды. Жазықтан гөрі тоғай арасының қорқынышы көбірек. Жан-жағына алақтап, қорқып келе жатқанда әр шоқша қарағай шоқшиып отырған аюға ұқсайды. Сытыр еткен ағаш бұтақтарының сыбдыры – аңдып бас салғалы тұрған аш қасқырды елестетеді. Осылай қорқып келе жатқанда теке кенет жуан қарағайдың түбіне тоқтай қалды.

– Қошеке, көрдің бе мынаны, аңшы өлтіріп, терісін сыпырып әкеткен қасқырдың басы мен сүйектерін, – деді. Қошқар өлген қасқырдың денесінен шошып, досына ешнәрсе айта алмады. Теке «мұның бір керегі болады» деп, қасқырдың басын қошқардың жалпақ құйрығының үстіне таңып берді. Екеуі тағы да жүріп кетті.

Қап-қараңғы түн болды. Айналаның бәрі тау-тас, қалың тоғай түгел мүлгігендей. Тек ақырын аттаған қошқар мен текенің өз аяқтарының тықыры, өз жүректерінің дүрсілі ғана естілетіндей. Осылай қорқа, жан-жақтарына алаңдай жүріп келе жатқан екеуі алаңға шыға келіп еді. Жанған отты айнала қақтанып отырған бір топ қасқырдың үстінен шықты. Енді қашып кетуге болмайды, қасқырлар сезіп қалды. Теке қошқар досына: «Қорықпа, мынау басты осы жерге қойып кет те, менің артымнан ере бер», – деп, ілгері батыл аттап басып, от айнала шоқиып-шоқиып отырған қасқырлардың ортасына жетіп келді.

– Салаумаликум, – деді теке оттың дәл жанына жайланып отыра беріп, қорыққан қошқар текенің артын ала тұрып қалды. Қасқырлар таң-тамаша қалып, мейлінше қуанысып, бір-біріне қарап, жымыңдап, мәз болып күлісіп:

– Құдай сендерді біздің ортамызға қалай айдап әкелді десейші? – деді, қасқырдың бір арланы. Теке бұлардың енді бас салғалы отырған ыңғайын байқаса да сыр білдірместен:

– Я, дәм айдап сендерге қонаққа келдік. Сендер әрдайым қой етіне құштар болсаңдар, құдай әмірі бойынша енді біз қасқыр етіне құштар болдық, – деді. Қасқырлар тағы да бір-біріне аң-таң болып қарасып алды. Арлан тәкаппарлықпен: «Ім, ім! Қонақасыларың дайын ғой!» – деп кекете бастап еді, теке қорқып қалтырап тұрған қошқар досына қарап:

– Бұлар бізге оңайлықпен қонақ асы берер түрі жоқ көрінеді. Анау байлаудағы он бір қасқырдың біреуінің басын жұлып алып келші, мынау отқа үйтіп жейік, – деді. Қошқар аяғын жайлап басып, тастап кеткен басқа қарай жүре берді. Мына сөзді естіген қасқырларда үрей қалмады. Барлығы да қошқар кеткен жаққа қарай алаңдап қарай берді. «Мен байқайыншы», – деп, бір-екеуі тайып тұрды. Біраздан соң:

– Әлгілер неге кешікті, – деп тағы бір-екеуі жөнелді. Бір кезде қанын ағызған қасқырдың басын оттың жарығына көрсетіп жақындай берген қошқарды көргенде арлан бастаған қалған қасқырлар дүркіреп қаша жөнелді. Басты жарық оттың жиегіне қақтап қойып, түні бойы қошқар мен теке жайбарақат дем алып, ұйықтап шықты.

Ертеңінде қошқар мен теке тағы да жолға шықты. Қалың тоғай арасын кезіп жүріп келе жатты. Бір мезгілде теке тоғай арасын кезіп, өткен соқпақ іздерді байқап, әрі алыстан даурығып сөйлеген қасқырлардың дауысын естіді.

– Түндегі қасқырлар аюға хабар берген екен, ізімізге түсіп, бәрі іздеп келеді бізді. Енді тезірек ыңғайлы бір қарағайдың басына шығып жасырынайық, – деді теке.

Бұталы қалың, жуан бір қарағайға сүйемелдеп көмектесіп әуелі қошқарды шығарды да, артынан бір секіріп теке өзі шықты. Осы кезде балпаң басқан дәу қара қоңыр аю бастаған он шақты қасқырлар дыбырлап сөйлесіп, дәл қошқар мен теке орналасқан қарағайдың жанына жақын келді.

– Ақымақсыңдар, құдайдың өзі айдап әкелген майлы тамақтан айрылып қалған сендердей ақымақты көргенім жоқ. Қорқақ қойдан батыр қасқыр қорқып қашып кетіпті деген атақтың өзі масқарашылық қой! – деді аю.

– Я, ақымақ болдық, масқара болдық, әйеке! – деп, шуласты қасқырлар.

– Ай! Менің қолыма бір тисе. Ім...ім... мына найзалы саусақпен мытыр едім келіп... Осы жерде бір бал ашып алайықшы, бүгін бір майлы құйрыққа ауыз толар ма екен деп аю арбаңдай басып, қошқар мен теке отырған қарағайдың түбіне шалқая келіп отырды. Он шақты қасқыр да көздерін қызартып, тілдерін салақтатып аюды айнала шоқайып отыра бастады. Осыларды көргенде зәресі ұшып, есі ауып кетті. Қошқар аяқтарымен тіреп, салмағын тең ұстамағандықтан отырған бұтағы сатыр-гүтір майысып, сынып төмен құлап бара жатты. Мұны көріп отырған теке:

– Ең мықтысын қарма! Ең семізін қарма! – деп айғайлады. Сөйткенше болмады, қошқар пәрменімен келіп аюдың дәл төбесінен шаншыла құлап түсті, қасқырлар тым-тырақай қаша жөнелді. Мойны үзіліп өкірген аю біраз жатып жан тапсырды. Теке денесі ауырлап домалап жатқан досы қошқарды сүйемелдеп тұрғызып алып, тағы жүріп кетті.

Қошқар мен теке отын оттап, суын ішіп, қалың тоғай арасында бірнеше күн жол жүрді. Әлі дәрі шөп табылар емес. Қашып кеткен қасқырлар тоғай ішін шулатып ұлып, ұрандасқанын, аю мен жолбарысқа дейін барып арыз етіп, тоғай ішінде емін-еркін сайраңдап жүрген қошқар мен текеден кек алудың керектігін айтып жар салғанын, өздерінің ізіне түсіп, іздеп жүргенін қошқар мен теке біліп келе жатты. Бір күні кешке таман теке соқпақ іздері, алыстан талып жеткен шаң-шұң дауыстарды байқап:

– Көптеген жаулар ізімізге түсіп қуып келеді. Тез жүрейік, салқын лебі келеді. Алдымызда үлкен дария болуы керек, соған жетейік, – деді. Тездетіп жүгіре басып жүріп отырып көлденең керіліп жатқан үлкен дарияның жағасынан келіп шықты. Дарияның ортасы кең арал, аралдың арғы жағы тағы жайқын су, судың арғы жағы тағы құрғақ жер еді. Бәрін де қошқар мен теке шамалап байқап көріп тұр. Ұлып шулап, гүрілдеп ақырып аю, жолбарыс, қасқырлар арттан жақындап келіп қалды.

Теке досы қошқарға:

– Бастап жол салып ажалдан алып қалар кезек енді саған келді. Мен жүзуге жоқпын, сен жүзуге мықтысың, бастап түс мына дарияға, мен сенің құйрығыңа асылып отырып малтиын. Тура аралға тарт! – деді. Бұл жерде қошқар бөгелген жоқ. Майлы құйрығының үстінен текенің екі аяғын асылтып, терең дарияға қайықтай қалқып жүзе жөнелді. Түнімен ұлып, шулап жетіп келген қасқырлар жағада аңтарылып тұрып қалды. Ыза болған жалбыр жүнді қара аю ақырып:

– Құтылмайсыңдар, бәлемдер! Ал түсіңдер артынан суға жүзіп, алып келіңдер алдыма мыналарды сүйретіп! – деп қасқырларға әмір беріп тұрды. Баяғы түнгі от басында қорқып қашқан арлан бастаған бір топ қасқыр күмп беріп дарияға түсіп, жылжып жүзе жөнелді. Оның артынан іркес-тіркес қасқырлар тобы да дарияға түсіп қошқар мен текеге қарай бет алды. Бірақ қасқырлардың жүзуінде айла-тәсіл еркіндік жоқ сияқты еді, бір батып, бір шығып, суды шалпылдатып жылжумен болды. Кейбірі біріне-бірі қақтығып, судың тереңіне батып кетіп жатыр. Аздан кейін олардың көбі жүзудің бағытынан айырылып, әрқайсысы әр жаққа қарай малтып, енді жан қармаудың амалына кірісіп кетті.

Ал қошқар мен теке болса бөгелместен тез жүзіп отырып, дарияның ортасындағы аралдан келіп шықты. Су бетінде бір батып, бір шығып жанталасып малтып жүрген қасқырларға қошқар қуанышты да, үрейлі де кескінмен қадалып қарап тұрды. Қасқырлар жүзіп аралға өтер ме екен? Жоқ, кейін қайтып кетер ме екен? Қаншасы суға батып кетер екен?.. Теке ешнәрседен қуыстанбай, дереу жүгіріп аралда шөптерді тінтіп, дәрі шөп іздеді. Аралда жайылып оттайтын жануарлар сирек еді. Қалың өскен әр тектес шөптер жабағыдай боп кеткен екен. Кішкене төмпешіктің жақпар тастар арасына өскен гүл шашып жайқалып тұр. Теке міне, осы жақпар тастың шетінен бір топ дәрі шөпті табады, оны жапырақпен орап, қошқардың мүйізінің түбіне мықтап бекітіп байлайды. Қошқар мен текені қуған қасқырлар көп, елу-алпыс шамалы еді, жүзе алмауына, суға батып кетіп жатқандарына қарамастан, жағадағы аю ақырып, бұйрық беріп, қасқырдың жаңа топтарын суға түсіріп жатыр. Кейбір жүзгіш топтары тобын жазбай, қиындықпен малтып аралға тура тартып жылжуда. Мұны да қошқар мен теке байқап тұр. Енді белгілі болды. Қасқырлардың бәрі болмаса да, бірталайы аралға жүзіп жетуі мүмкін, сондықтан екеуі аралдың қарсы жағындағы жағаға қарай жүзуге дайындалып тұрды. Қасқырлардың алды аралға келіп аяғын сала бергенде қошқар мен теке тағы да дарияға түсіп, алдыңғы жағаға қарай тартты. Қапы қалған қасқырлар тілдерін тістеп жалақтатып, қатты ызаланып аралдың жағасында тағы аңтарлып қалды. Қошқар мен теке енді қайтып артына бұрылған жоқ. Арғы жағаға жүзіп өтіп шықты да, бөгелместен ілгері жүріп кетті. Таң атпаған әлі қараңғы түн еді. Түн болса да текенің ақылымен тоқтамай жүре берді.

– Қасқырлардың бір тобы бергі жағаға өтуі мүмкін, әйтеуір, аралда қалмайды. Бері өткендері дереу ізімізге түсіп қуатыны белгілі. Қалай да таң атпай бір бекініске жетуіміз кажет, – деп, ақыл айтады теке дос қошқарға. Қошқар текенің ақылдылығына әбден сенген. Енді ешбір күдік келтірмейді. Теке досы не айтса қошқар көбіне үндемей мақұлдап бас изейді. Бұлар кең жазық алаңға жетті. Бірақ жазық алаңқы жалаңаш емес, шабылған шөптен үйілген жапырлаған шөмелелер еді.

Теке қошқарды ертіп шөмелелерді түгел аралап, жан-жағын түгел айналып шықты. Қошқар текенің бұл қылығына қайран қалғандай.

– Біреуіне тоқтамай айнала шарлауымыздың не жөні бар еді? – деп сұрады.

– Із тастап жүрміз. Енді бір шөмеленің астына кіріп жасырынамыз. Қасқырлар келсе, біздің ізімізбен осы жапырылған шөмелелердің барлығын ақтарыстырып қарайды. Бірден оңай таба қоймайды бізді. Оның үстіне шөмелелерді ақтарып жүргенде шөп иелері де келіп қалмас па екен! – деді. Досының мұншалық терең, алдын ала болжағыштық ақылына жаны сүйсініп: «Теке, жаным-ай! Ақылыңнан айналайын-ай!» – деп қатты қысып құшақтап жіберді. Теке де досын құшақтап жылады. Екеуі де шөмеленің астына тығылып ұйықтап жатып қалды.

Таңға жақын бұл жерге ұлып, шулап, қасқырлар да жетті. Шарлаған ізді қуалап шөмелелерді асты-үстіне шығарып тінтіп қошқар мен текені қарай бастады. Ала көбең таң атқан кезде ұлыған шулаған қасқырлардың айғайын естіп оянған шөпшілер шөмелелерді талқандап жүрген қасқырларды көріп, айыр, тырнауыш, шалғыларын қолына ұстап, айқай салып қасқырларға ұмтылды. Дәл шөпшілер оянып шу көтерген кезде бір топ қасқыр теке мен қошқар жатқан шөмелені бұзып, шаша бастап еді. Енді бірер құшақ шөпті лақтырса дірілдеп жатқан қошқардың майлы құйрығына қасқырдың тістері тиетін еді. Шөпшілердің айғайын естісімен қасқырлар дүркіреп қаша жөнелді. Шөпшілер жақындап келгенде теке мен қошқар да шөмеле астынан шыға келіп, шөпшілерге қарай қарсы жүріп келіп алдарына ботадай боздап жылап жата-жата қалысты. Шөпшілердің бәрі қасқырлардың шөмелелерді неге талқандап жүрген себебін енді түсінді. Егіліп еңіреген қошқар мен текені аяп кетті.

– Бұл екеуіне тимейік. Малдың құты болар, ауылға апарып қой мен ешкіге қосайық, – деді бір шал тұрып, осыны естігенде қошқар мен теке дереу жасын тыйып, ойнақ салып, шалдың алдына келіп бас изеп тағзым етісті.

– Апырым-ай, мына жануарлар есті екен ғой, айтқанға түсініп тұр ғой. Тимейік сорлыларға, – деді тағы бір шөпші. Қошқар мен теке тағы да ойнақ салып, қуанышты сезіммен бұған да келіп бас изеді.

Шөпшілердің қошқар мен текені басынан сипап арқаларынан қағып еркелетіп, жатқан қостарына ертіп әкелгенде ондағы қалған шөпшілердің бірі:

– Ойбай-ау, мыналарың Ақшоқыдағы шал мен кемпірдің текесі мен қошқары ғой. Сорлылар шарқ ұрып сұрау салып іздеп жүр, – деді. Қошқар мен теке сол күні туып-өскен мекенінен қашып шыққалы бірінші рет қауып-қатерсіз, алаңсыз рақаттанып ұйықтап еді.

Ертеңінде шөпшілер ауылға әкеліп екеуін де қойға қосып жіберді, артынан шал мен кемпірге жеткізіп берді. Шал теке тауып әкелген дәрі шөптен жазылып, бұлар бұрынғыша тыныш өмір сүре берді.

192. Екі қой

Екі қой бірігіп жолдас болысыпты, далаға барып даладан бір қасқырдың басын тауып алысыпты. Сонан соң үйлеріне қайтысып келе жатып жолда бір үйге кез келіп қалысыпты. Ішіне кіріп келсе, үйдің іші толған қасқыр екен. Сол қасқырлар өздері аш болған соң келген қойға мейлінше қуанып қай жерге отырғызарын біліспейді. Бұларды көріп қойлар істің жаман болғанын байқасып, әлгі қойдың біреуі тұрып, біреуіне айтады: «Менің қарыным ашты кешегі сойған қасқырдың басын алып келші», – дейді. Сонда біреуі басты алып келіп тұрып айтады: «Сен бұл басты жеп қоясың, мен нені жеймін? – дегенде айтады, – аз ба саған мұндағы толып тұрған қасқырлар? Таңдап семізірегін соямыз да екеуіміз жерміз, маған жалғыз бұл бастың өзі де аз болады, – дейді. Қасқырлар сонда мұны ести сала мейлінше қорқысып кетіп, сасқандарынан үйден бірінің артынан бірі шығып қашып кетіп қалған соң, айтылмыш үйге екі қой ие болып қалған екен дейді.

МЫСАЛ ЕРТЕГІЛЕР

193. Кім неден күшті?

Ертек-ертек ерте екен,
Ешкі жүні бөрте екен.
Қырғауыл жүні қызыл екен,
Құйрығының жүні ұзын екен.

Мүзға тайып жығылып,
Жанбасын сындырған екен. (Сол уақытта құдай тағала) сонда мұздан сұрапты:

– Мұз-мұз, сен неден күшті болдың?

– Мен күшті болсам, күн көзі жарқырап шыққаннан құрымас едім.

– Күн-күн, сен неден күшті болдың?

– Мен күшті болсам, бетімді бұлт басар ма еді?

– Бұлт-бұлт, сен неден күшті болдың?

– Мен күшті болсам, жауа-жауа жусанның басын көгертпес пе едім. – Жусан-жусан, сен неден күшті болдың?

– Мен күшті болсам, қошақан басымды жер ме еді?

– Қошақан-қошақан, сен неден күшті болдың?

– Мен күшті болсам, көтімді қасқыр тартар ма еді?

– Қасқыр-қасқыр, сен неден күшті болдың?

–Мен күшті болсам, мерген атып алар ма еді? – Мерген-мерген, сен неден күшті болдың?

– Мен күшті болсам, мылтығымның бауын тышқан қияр ма еді?

– Тышқан-тышқан, сен неден күшті болдьщ?

– Мен күшті болсам, ала жаздай тасыған азығымды құмырсқа те-ріп кетер ме еді?

– Құмырсқа-құмырсқа, сен неден күшті болдың?

– Менің күшім арқаммен алты батпан, желкеммен жеті батпан шойынды көтергендіктен күшті болдым дегенде:

– Е, сен құдайсыз күшті болған екенсің ғой, олай болса, – деп, белден қылышпенен бір салғанда, қылдай болған. Өзіндей бұйымды көтеру де содан қалған.

194. Үш дос немесе аққу, шаян, шортан

Ніл дариясындағы пәлен мың жасаған бір жайын Сүлеймен пайғамбардың ат басындай гауһарын жұтқан екен. Сол жайынға бір кездерде ажал уақыты жетіпті. Ол өте есті жайын екен, мендегі гауһар кісі ақысы еді, соны ақыретке арқаламай беріп кетуім керек. Ол үшін қайранға шығып өлейін. Бір кездерде жемтік арасындағы гауһарды бір адам көріп алар. Адам алса мен борыштан құтылғаным ғой деп ұйғарады. Сонымен жайын жағадағы қайранға шығып қаза табады. Бірнеше жыл ішінде оның жемтігін алдымен құс жеп тауысады. Жеуге келмейтін тек қана гауһар тас қалады. Бұл гауһардың жартысы су ішінде, жартысы бетінде көрініп жатыр. Су ішіндегі жарымын шортан мен шаян көреді. Су бетіндегі жартысын мойны ұзын аққу көреді. Бұлардың әрқайсысы да оны өздері алмақ болып қызығады. Шортан ойлайды: «Шіркін-ай, бұл тереңірек жерде болса су астында шам жанғандай жарық болар еді де, көзім бұдан да жақсы көрер еді. Соның арқасында тамағым тіпті тоқ болар еді. Жемді қиядан көрер едім», –дейді. Шаян өзінше пайдасын малданады. Ол: «Осы гауһар судан шығып тұрмай, жер астына қарай түссе, жер ішінде де сәуле болар еді. Менің балшық арасындағы балаларыма үлкен пайдасы тиер еді. Өзім де ұядан адаспай, тап басып отырар едім», – деп арман қылады.

Аққудың ойы бұлардан басқаша:

– Гауһар менің арқамда не мойнымда болса, сұлулығым бұдан да артар еді. Көл бетінің, көк жүзінің күні мен болар едім. Шынында бұл гауһар маған ғана лайық, маған ғана жарасады, – деп сеніп, гауһарда алайын деп келсе, шортан мен шаян да келіп, өзді-өзі алмақ болып керілдесіп жатыр екен. Аққу оларға:

– Сендер босқа арам тер болмаңдар, гауһарды мен аламын, ол маған ғана лайық, – дейді.

Олар оған көнбейді. Үшеуі жақ болып жанжалдасады. Ақырында олар:

– Осы қазына үшеумізге де жетеді. Бірлесіп бөліп алайық, пайдасы бәрімізге ортақ болсын, – деген тұжырымға келеді. Сонымен үш дос бірлесіп алатын болып, гауһарға жегіліп тартады.

Ә деп тартқанда аққу көкке қарай, шортан су түбіне қарай, шаян балшық арасына қарай үш тарап болып, үш жаққа тартады. Бірақ гауһар орнынан қозғалмайды. Осы ретпен, осы үшеуі көп уақыт үлкен машақат көреді. Не істесе де жүкті қозғай алмайды. Ақыр соңында олар ала алмай қояды. Себебін өздері де білмейді.

«Бірліксіз іс – бос, жұмсалған күш» болып қала береді.

195. Емен түбін жайлаған шошқа

Бұрынғы өткен заманда, ну жыныс қалың орманда бір шошқа мекен етіп тұрыпты. Оның қорек қылатын ағашы емен екен. Еменнің бүршіктеріне жеміс шығады, ол шошқаның атасының асы, ең сүйіп жейтін тамағы болады Шошқа әбден семіреді, тегін тамақ мол болғандықтан ашаршылықты көрмейді. Тамаққа тойып, емен түбінде күн шуақта жата береді. Ыстықта көлеңкесіне паналайды, суықта түбіндегі үңгірде жатады. Қысқасы, осы ормандағы дәу жалғыз емен шошқаның әрі орны, әрі азығы болып, барлық мұқтажын өтеп тұрады. Ашаршылық көрмеген, азық үшін еңбек істемеген семіз, күйлі шошқа әбден ерігеді, не істерін білмейді. Ақырында тұра салып еменнің түбін қаза бастайды. Шошқа бірнеше күн еріккен сайын, емен түбін қазатын болады. Еменнің тамырлары қиылып құлауға қарайды. Сол кезде оған емен тұрып тіл қатады:

– Әй, ақымақ, өлеріңді білмейтін сен доңыз, менің түбімді қазып, құлайтын халге жеткіздің. Құламаған күнде де тамырларым қиылды, көбін аршып тастадың, сондықтан мен аз жылда қуарып құрып бітемін. Ал бұдан былай да қаза берсең, мен көп ұзамай-ақ құлаймын. Сонда келесі жылы сен не жеп күн көресің, қайда, ненің түбінде паналайсың, – депті.

Оған шошқа: «Сенің қурап, құлағаның маған не қажет, мен еріккен соң жанымдағы сенің түбіңді қазбай, алыстан ағаш іздеп әуре болатын мені ақымақ деп ойлайсың ба? Сенің тұрғаның, құлағаның маған не керек, мен үшін сен емес, тек сенің жемісің ғана керек»,– деді де, бұрқыратып қаза бастады. Сонда емен тұрып: «Өлеріңді білмейтін ақымақ, сенің көзің де, көңілің де соқыр ғой. Мен болмасам жеміс шыға ма, әкесіз бала қайдан туады. Мен құрысам жеміс те құритынын неге сезбейсің, ал жеміс құрыса, сен де құрисың»,– депті. Оған шошқа:

– Сен мені алдап әурелеме, қызықты жұмыстан бөгеме, мен сенің ақылыңмен күн көріп жүргенім жоқ, – деп ашуланып, бар күшін салып қазады. Ақырында бірнеше күн азаптанып, еменнің түбін қазып құлатып, үлкен ата жауын мұқатқандай болып, игілікті зор жұмысты бітіргендей болып масаттанады. Күз бітеді, қыс келді, жаз да жетеді. Құлаған емен қурап жатады. Оған енді жеміс шықпайды.

Шошқа әбден ашығады, өткенге өкінеді, бірақ одан түк пайда шықпайды.

196. Көгершін ертегісі

Ілгері кезде бірнеше көк кептер, ішінде патшасымен бір жерде мекен қылып жатыпты. Күндерде бір күн араларынан бір топ кептерлер бір жаққа жолаушы барып келіп, мұндағы кептерлерге көрісіп, есендік сұрасып болғаннан кейін, барып келген жерлерінен хабар айтып, сөз арасында айтыпты:

– Бір керуен сарай бар екен, сол сарайдағы керуендер көшіп, сарайын қалдырып басқа жаққа кетіпті. Ол сарай иесіз қалыпты. Қанша заманнан бері халық мекен қылған жер сарайларында есепсіз дәндер төгіліп қалыпты. Енді бізге ұқсас құстар мекен қылуға тиісті болыпты, – деп, мұндағы кептерлерге айтып өтініпті. – Көптерің мақұл десеңдер, патшаға айтып, енді сол сарайға көшсек, үш-төрт күнде жетіп барып рахатта болар едік, – дейді. Оған баршасы барғандарын мақұл көріп, патшасына арыз қылыпты: «Сыйлы біздің патшамыз, бізден бірнеше кептерлер жолаушы барып келген еді, сол жолаушылар бір жақсы хош хабар айтып келді. Бір керуен сарай бар екен, сол сарайдың адамдары кетіп, сарайы босқа қалыпты. Қанша төгілген астықтары бар дейді. Мына көп жұртыңыз өтінеді, сізден рұхсат болса, сол сарайға көшіп барып, сол сарайда мекен қылсақ, үш-төрт күндік жол екен деп, сізден тілек қыламыз. Ендігі әмір өзіңізден», – деп сөздерін бітіріпті. Ол кезде патшасы жауап қылады:

– Сіздер бұл әңгімені қойыңыздар, осы үйренген жерімізде тұралық. Бұрынғы ризықты місе қылалық. «Пәлен жерде бақыр бар, барса бақыр тұрсын жаулау жоқ», «Артық боламын деп тыртық болыпты», «Сары ит сауға сұраймын деп дауға қалыпты» деген мақалдағыдай болмалық, – дейді.

Ол кезде көп кептерлер өтінеді: «Сүйікті патшамыз, барша бұқара халқыңыз өтінеміз, ол сарайдың адамдары кетіп қалыпты, сарай босқа қалған. Енді оны сіз бен біз, көп бұқара халқыңыз мекен қылып тұруға тиісті. Үш-төрт күндік жол мехнатын мойнымызға алып, зор рахатқа жетеміз», – деп өтініседі. Сонда патша айтады: «Көпшілік баруды мақұл десеңіздер де менің көңіліме ұнамайды. Алайда болса, көпшілік баруға ниет қылыпсыздар, енді баралық», – деп баршалары мақұлдасып, керуен сарайына қарата жол тартты. Баршалары ұшып, бір-екі күн жол жүріп келе жатқанда, жолда бір саятшы тұзақ құрып, қанша дәндерді шашып қойыпты. Келе жатқан кептерлер дәнді көріп, алданып нәпсі тұзағына ұйып, дәнді теруге баршалары қона қалады. Бірінен-бірі қызғанысып, бірін-бірі итеріп, бастығы патшасы болып тұзаққа ілінеді. Ол шақта тұзақ құрушы саятшы тұзақ басында жоқ екен. Бір қарға көріп, саятшыға хабар қылмақ үшін, қарқылдап жөнеледі. Қарғаның қарқылдаған даусымен, саятшы: «Қарға қарқылдайды, тұзаққа бір нәрсе түскен шығар» – деп, тұзағына қарай жүгіреді. Сол уақытта кептердің патшасы айтады:

– Ей, жарандар, мен айтқан едім, енді нәпсі тұзағына іліндік, қазір саятшы келіп, басымызды кесіп, етімізді қауап қылып, жүнімізді жастық қылады, – деді. Сол уақытта кептерлербаршалары жылап, жанынан үміт үзіп, қайғырысып тұрады. Сонда патша айтады:

– Енді маған бір ой келді. Баршаларың бір жаққа қарап, дем қосып, бәрің бірден қанат қағып ұмтылыңдар. Осылай істесек бәлки тұзақты үзіп алып кетер ме екенбіз, – дейді. Сонда бәрі бірге қосып, қанаттарын қақты. Тұзақты жұлып, аспанға шықты. Керуен сарайына қарата ұшып кете береді. Сол уақытта саятшы кептерлердің артынан жүгіріп, жете алмай қала береді. Бағанағы хабаршы қарға кептерлердің артынан ол да ұшып: «Бұл кептерлер қай жерге түсер екен, түскен жерін көріп, саятшыға хабар қылармын», – деп, артынан бірге ұшып жүре береді. Бұл кептерлер өздері шошып қалған нәрселер, еш жерге қонбастан, дамыл қылмайынша ұшып отырып, керуен сарайына келіп түседі. Қарға да бірге ұшып келіп, сарайдың тап алдына келіп қонады. Артына қайтып барып хабар қылуға саятшы алыс жерде қалды. Кептерлер сарайдың ішіне келіп қонды. Кептердің патшасы айтты:

– Әне бір көрінген үлкен орда-інге қарата мені жеткізіңдер, – деді. Сол кезде кептерлер патшасын орда-інге жеткізеді. Сонда кептер патшасы айтты: «Ей, тышқан бірадар, ініңнен шық!» – деді. Оған інінен тышқанның патшасы шыға келді. Екі патша есендесіп болған соң, кептердің патшасы айтты:

– Ей, бірадар тышқанның патшасы, мен қанша адамдармен нәпсі тұзағына ілініп, шерменде болып қалдым. Енді сіз маған бір жәрдемшілік қылып, мені ұшбу нәпсі тұзағынан босатсаңыз екен, – деп өтінемін дейді. Сол кезде тышқан патшасы әскерлеріне әмір қылып, кептерлердің тұзағын қырқып, барша кептерлерді тышқандар тұзақтан азат қылды. Барша кептерлер тұзақтан босанып, тышқан патшасына рахмет айтты:

– Ей, бірадар тышқан патшасы, рахмет бізден жетпейді, сіздің бізге қылған жақсылығыңыз дүние қазынасымен толсын. Енді белгілі мақал бар да «жақсылыққа жақсылық» деген. Мен өтінемін сізбен дос болуға, бір жақсылық қызмет қылармын деген үмітім бар, – деді. Онда тышқан патшасы жауап қайырды:

– Ей, бірадар кептер патшасы, мен сізге қылған жақсылықты міндетке қылмадым, бірақ мен сізбен дос болмаймын, өйткені «жақсылыққа жамандық» деген тағы бір белгілі мақал бар, – дейді. Кептер патшасы айтты:

– Ей, тышқан бірадар, сіз қате айтасыз, сіз мені өлім пәлесінен құтқардыңыз. Мен қалайша жамандық жасаймын, – дейді. Сонда тышқан патшасы айтады: «Ей, кептер, сіз ілгеріде жақсылыққа жамандық қылғанды естімегенсіз,-дейді. Сонда кептер патшасы айтты:

– Қалайша жақсылыққа жамандық бар екен, айтыңыз, естиін, – деді.

– Олай болса, мен сізге бастан-аяқ баян қылайын, сіз құлақ салып тыңдап тұрыңыз, – деді.

– Мақұл, сүйікті патша, баян етіңіз, – деді. Онда тышқан патшасы айтты:

– Ілгері уақытта бір топ саудагер жолға шығыпты. Бұлардың ішінде бірінің аты арық, өзі ғаріп, бір мүсәпір екен. Бір орманды жерге келгенде, баяғы мүсәпірдің арық аты болдырып жүрмейді. Онда қасындағы жолдас болған саудагерлер айтады:

– Сіз енді ақырын-ақырын атыңды қағып, біздің артымыздан келерсіз, сізге қарай алмаспыз, – деп, жолдастары тастап кете береді. Мүсәпір бишара жолдастары кеткен соң, көңілі жаман болып: «Ей, әгерде менің пұл-сомам болса, жолдастарымнан қалар ма едім», – деп, жапан-түзде өте зарығып, біраздан соң қараса, бұл отырған тоғай өртеніп келе жатыр, бір қатты шуылдаған дауыс шығады. Бұл шуылдаған дауыс немене деп қараса, бір үлкен жылан өрттен қашып, бір ағаштың басына шығыпты. Ол ағаштың түбінен жанып от басына қарай лаулап жанып келеді. Жылан оттан қорқып, ұшып кететін қанаты жоқ, енді өлдім-ау, деп, дауыс шығарып шуылдаған екен. Сонда мүсәпір саудагер ойлайды: «Ей, бұл жылан өлім шеңгеліне тұтылған екен, енді мұны құтқарайын, бұ да жаратылыстың мақұлығы, мұның жаны да менің жанымдай ғой, бәлкім, бір сауап алармын», – деп ойлап, бір қоржыны бар екен, өзі отқа жақын бара алмаған себепті, қоржынын бір ағашқа байлап алып, жыланға қарата ұсына береді. Сол кезде жылан қоржынға түсіп, мүсәпір саудагердің қолына келеді. Саудагер бишара, қоржынды мойнына салып, бір өрт жүрмейтін тақыр жерге алып келіп: «Ей, бишара жылан, енді өрттен құтылдың сенің жаныңдағы менің жанымдай, сені құтқарғаным үшін бір жақсылыққа жетер ме екенмін, – деп, – қоржыннан шық!» – деді. Сонымен жылан қоржыннан шығып, саудагер бишараның мойнына оралды, мүсәпір жолаушы: «Ей жылан, мұның қалай?» – деді. Жылан айтты:

– Мен саған кәдемді қыламын, оны ұқпасаң, шағамын. Өйткені жақсылыққа жамандық бар, – деді. Сонда мүсәпір саудагер айтты:

– Не себепті шағасың, мен сені өлімнен құтқарғаным үшін шағасың ба? – деді. Сонда жылан айтты:

– Әрине, сен мені өлімнен құтқарғаның үшін шағамын. «Жақсылыққа жамандық» деген деді. Онда саудагер айтты:

– Қой, жылан, «жақсылыққа әрқашан жақсылық» болады, еш уақытта жақсылыққа жамандық болған емес, – деді. Жылан айтты:

– Еш уақытта жақсылыққа жақсылық келмейді. Әрқашанда жақсылыққа жамандық келуі анық. Бұған разы болмасаң, біреуге барып жүгінейік. «Жақсылыққа жақсылық» келеді десе, мен өз жайыма болайын, егерде жақсылыққа жамандық бар десе, сен разы бол, мен кәдемді қылайын, – деді. Мүсәпір саудагер жүгінуге разы болды. Жылан мойнында, қоржын қолында, аты бір жерде қалды. Жүгінгелі бір мақұлық іздеп, мүсәпір қатты қайғырып келе жатты «қылған ісім айдай ашық, бар жазығым өлімнен құтқарғаным» деп, қамығып, жылап келе жатыр еді, жанды нәрседен түк бір мақұлық жолықпады. Қатты шаршап, маңдайынан тер ағып, бір өрік ағашқа сүйеніп отырып жылап: «Менің атым арық, өзім мүсәпір, жолдастарымнан жалғыз қалдым. Менің пұлым болса, қалар ма едім? Олардан қалған соң мұндай бәлеге кіріптар болдым», – деп, налып: «Ей, өрік ағашы, сенде жаратылыстың бір нуысың, мен мынадай бір қысылшаңға ұшырадым, осының билігін сен қылшы», – деп өтініп жылады. Одан кейін ғайыптан өрік ағашы тілге келіп айтты:

– Сендердің бұл істері «Жақсылыққа жақсылық» келмейді, «жақсылыққа жамандық» болады, – деді. Мүсәпір саудагер айтты: – Сіз тура айтпадыңыз, не себепті жақсылыққа жамандық келеді? – деді.

– Мен жақсылыққа жамандық келетінін айтайын, сен тыңдап тұр, – деді.

– Мен өзім өрік ағашы, менен жылда қанша миуа болушы еді. Мені бағушы ием бағбан (бақшашы) жемісімді алып, миуаларымды жеп, көлегейлеп отырып, қатын-баласымен әр жылда рахат көруші еді. Екі жыл болды мен қартайып, қуарып, миуа бере алмадым. Кеше мені бағушы бағбан келіп: «Мұнан енді миуа шықпайтын болды, мұны енді кесіп отын қылуға тиіс екен», – деп кетті. Мен ойладым: «Бұл жақсылыққа жамандық» деген осы екен. Мен бұған қанша жылдан бері миуа беріп жақсылық қылып едім, бұл мені отқа жақпақшы болды. Өз ажалым жеткенде жығылып өлсем болмас па еді, бұл мені азат қылса болмас па еді? Міне, бұл «жақсылыққа жамандық» емес пе?» – деді. Сонда мүсәпір разы болмай, және біреуге жүгінемін деп, мойнындағы жыланмен және тағы жүріп берді. Сонан мүсәпір саудагер келе жатса бір бақта, үлкен бір семіз өгіз оттап жүріпті. Сол жерде өгізге келіп арызын айтып, бастан-аяқ істерін баян қылды. Өгіз бұлардың арызын тыңдап: «Жақсылыққа жамандық бар», – деді. Мүсәпір саудагер айтты: «Қалайша жақсылыққа жамандық болады?» – деді. Сонда өгіз айтты:

– Сіздер тыңдап тұрыңыздар, мен өз басыма келген жақсылыққа жамандықты айтайын, – деді.

– Айтыңыз, – деп өтінді. Сонда өгіз айтты:

– Мен анамнан бұзау болып тудым. Туған заман мені емізгелі қоймай, мойнымнан байлап қойып, анамның сүтін сауып алды. Сол рет бойынша байлауда жүріп, анамның сүтін еркімше еме алмадым. Тана шыққан кезімде мұрнымды тесті, өкіртіп бордағымды кесіп алды. Одан үйретіп баласына міндіріп, бір тыным таптырмастан іске салды. Құнан өгіз шыққан соң қос айдады. Жаз қойына мінгізіп жайлады. Отын арту, су тарту, бәрі менде болып бір тыныштық бермеді. Бидай, тары менсіз шықпады, істің бәрі менімен ғана бітетін болды. Қысқасы, сол бейнетпен жүріп қартайдым. Бір жыл болды тым болмаса жақсы жем-шөп беріп еске алмады, тек қуа берді. Ойладым, мені туғанымнан бәрі жақсылық қызметімді көріп еді, енді мені қартайған соң аяп, босатар деген едім. Кеше менің ием бір қасапшыны ертіп келіп: «Қарашы осы өгізім қандай семірген, қанша пұл май береді», – деді. Енді байқасам мені сойғалы семірткен екен. Бұл жақсылыққа жамандық емес пе? Менің сонша қызметімді көріп еді, енді мені қартайғанда азат қылса болмас па еді? Мен өз ажалымнан өлсем болмас па еді? – деді өгіз. Жылан айтты:

– Енді болдың ба? – деді. Онда мүсәпір саудагер айтты:

– Жоқ, тағы біреуге жүгінемін, үшке шейін жақсылыққа жамандық келеді десе, сонан кейін разылық берейін, – деп, жыланмен тағы да бірге жүріп кетеді. Саудагер келе жатса бір түлкі өтіп бара жатыр екен.

– Ей, түлкі, біздің сізге айтатын бір арызымыз бар, – деді. Сонда түлкі адамзатты көріп, қорыққанынан қашып, бір қырға шықты да, жауап берді.

– Арызыңыз болса, солай тұрып айта бер, арызыңды баста, сұраушы биікте болады, – деді.

– Ей, түлкі, біздің арызымыз анау. Жақсылыққа жамандық бар ма? – деді. Сонда түлкі айтты:

– Не туралы? – деді. Сол уақытта саудагер бастан-аяқ жыланмен болған ісін баян етті. Түлкі айтты:

– Менен бұрын ешкімге жүгініп пе едіңдер? – деді.

Сонда саудагер айтты:

– Сізден бұрын екі мақұлыққа жүгіндік, олар жақсылыққа жақсылық жоқ, жақсылыққа жамандық келеді, – деді.

Онда түлкі ойға түсіп, қайла тұзағын ашып, ойлап тұрды да: «Бұл жылан өзі түскен қоржынға сия ма екен?» – деді. Сонда жылан айтты:

– Сиямын, – деді. Олай болса, мен бір билік айтамын: «Сен қоржынға түскін», – деді. Жылан: «Мақұл» – деп, саудагердің мойнынан жазылып, қоржынға кірді де, басын шығарып тұрды. Онда түлкі айтты: «Сиямын дегенің қайсы? Басың көрініп тұр», – деді. Жылан айтты:

– Басым да сияды, – деп, басын қайырып қоржынның түбіне алып кетті. Сонда түлкі айтты: «Ей, сорлы саудагер, неге жетісіп қарап тұрсың, қоржынның аузынан мықтап ұстап алып, алдыңғы тасқа ұрып, бәледен құтылмайсың ба?» – деді.

Саудагер бишара түлкі айтқан бойынша қоржынның аузынан ұстап, жыланды тасқа ұрып өлтіріп құтылды. Түлкі саудагерді әділетпен құтқармады, айламен құтқарды. Әгерде әділет қылса, жақсылыққа жамандық келуі анық, рас еді, – деп, тышқан патша сөзін бітірді. Онда кептер патшасы айтты:

– Рас, тақсыр, мұның шын екен, – деді. Бұл сарайдың иесі керуендер, не себепті сарайын қалдырып кеткен, мұның мәнісін білесіз бе? – деді.

Онда тышқан патшасы айтты: «Білемін, керуендердің сарайды қалдырып кеткенінің себебі бар. Осы сарайда бір керуен басы бір жақсы адам бар еді, бұл адамдар ас жегенде, біздер аңдып тұрып, тамақтарын алдына қойғанда оны біз тістей қашып, тамақ жегізбей, беймаза қылушы едік. Тамақтарың арам болды деп, тастап кей уақыттарда аш қалушы еді. Бір күні басқа жақтан бір адам қонаққа келді, бұл адам тамақ қылып, тышқандар тамаққа түсіп кетпесін деп, үй иесі керуен екі қолын шапалақтап бірін-біріне ұрды. Сол кезде қонақ айтты:

– Ей, керуен басы, біздің жорамыз бойынша қолды бірін-біріне ұрған жаман. Не себепті қолыңызды бірін-біріне ұрдыңыз, – деді.

– Жарайды, мейманым, мұның жайын айтайын. Осында ордалы тышқан бар, солар қаптап келіп асқа түсіп кетеді. Сіз ас ішкенде тышқандар келмесін деп қолымды ұрдым, – деді. Сонда қонақ айтты:

– Ордалы тышқан болса, олардың қазынасы болса керек. Кетпен жетсе жігіт жинап, ордасын қазып, қазынасын алыңыздар, – деді. Сонымен керуен басы мейманның айту бойынша жігіт жинап, кетпен тауып алып, біздің ордамызды бұзып, қазынамызды алды, біз бұларға ерегісіп, күндіз-түні ас-тамағына түсіп, жас балаларының құлақ-мұрнын жеп, жаман қылдық. Сонан соң керуендер бұл тышқандарды біз тауыса алмаспыз, бұлар ерегісіп бізді жаман қылды, бұл жерден кетелік деп, бұл сарайды қалдырып кеткенінің себебі сол», – деді. Кептер патшасы тышқан патшасымен қоштасып, екеуі айрылып әңгімелерін аяқтап, өздерінің тіршілігін қылып кете берді. Баяғы кептерлерге еріп келген қарға бастан-аяқ кептер мен тышқанның сөйлескенін, тышқандардың кептерлерді тұзақтан құтқарғанын, ту алдан көріп отырған еді. Қарға ойлап: «Бұл тышқанға мен дос болайын, бір тұзаққа іліне қалсам, бұл тышқандар құтқарады екен», – деп, інінің аузына келіп:

– Я, тышқан, шық! – деді. Ол жерде қарғаның даусымен тышқан шыға келіп: «Неге шақырдың?» – деді. Қарға айтты:

– Ей, тышқан, мен сенімен дос болғым келеді. Өйткені әлде қалай тұзаққа ілініп қалсам, сен құтқарушы екенсің, – деді. Сонда тышқан патшасы айтты:

– Ей, қарға, сенің жүзіңді тәңірім аулақ қылсын. Он сегіз мың әлемде сенен қара мақұлық жаратқан жоқ. Сенің сыртыңнан да ішің қарарақ. Не себепті сенімен дос боламын, – деп. Сонда қарға айтты: «Жоқ, жараным, мен сізге қара саналмаймын, әрқашан сіздің жәрдеміңіз бізге тисе керек», – деді. Онда тышқан айтты:

– Ей, қарға, көп сөйлеме, тәңірім сенің жүзіңді аулақ қылсын! – деп, тышқан ініне кіріп кетті.

Сол сарайда қарға бір жыл тұрып қалды. Ерте де, кеште де, тышқандар қарғаны көре берген соң, біріне-бірі үйір болды. Бір күні сөз арасында тышқан патшасы қарғаға айтты:

– Ей, қарға, менің бір мұратым бар. Сол мұратыма сен жәрдем

қылсаң, мен сенімен дос боламын,-деді. Қарға айтты:

– Айтыңыз, тақсыр, қолдан келсе, жан-тәніммен қызметіңіздемін, – деді. Тышқан патшасы айтты: – Ей, қарға, менің бір бақа достым бар еді, бір сағат бір-бірімізді көре алмасақ, отыра алмаушы едік. Сол досымды көрмегелі, міне, төртінші жыл болды. Қайғы-қасіретте қалдық. Құданың құдіретімен ортамыздан бір үлкен дария ағып кетіп, сол дариядан өте алмай қалдық. Енді өтінемін, сол досыма мені жеткізсең, мен сенімен дос боламын,- деді. Қарға:

– Мақұл, бұл міндетті жан-тәніммен мойныма аламын, – деді. Содан кейін тышқанды қанатына мінгізіп алып, қарға дариядан өте ұшып кете берді. Бірнеше күн ұшып, бір күні қанаты талып бір құрғақ аралға келіп, дем алып қонды. Қарға дем алып отырғанда тышқан патшасы қараса, аралдың ар жағында бір кішкене судың жанында дос бақасы тұрған екен. Сол жерде екі дос бірін-бірі көріп, жыласып, құшақтасып, қайтадан естерін жиып, аман-саулықтарын білісіп, бір-бірімізді көретін күн бер екен десіп, қалайша жеттің? – деп, тышқан патшасынан бақа сұрады. Тышқан патшасы айтты:

– Бір қарғамен дос болып, қарғаның қанатына мініп жеттім, – деді. Онда бақа айтты:

– Ей, достым, сіз қалайша қарғамен дос болдыңыз? Он сегіз мың әлемде қарғадай қара жаралған мақұлық жоқ, қарғаның сыртынан іші қара, – деді.

– Рас айтасыз, олай болса да сізді сағынғандықтан дос болып, сол қарғаның себебімен екеуіміз бір-бірімізді көріп, көрісіп отырмыз, – деді. Сонда бақа айтты: «Сіз бекер қылыпсыз, бұл қарға опаға жапа қылушыдан емес пе? Дос болғаннан кейін, дос үшін дос жанын қиса керек. Бұл қарға жанын қимақ тұрсын, қарны ашқан күні өзіңді жеп қояды. Сіз ілгеріде бірі үшін бірі жанын қиған бір төрт досты естімегенсіз бе?» – деді. Сонда тышқан патша айтты: – Айтыңыз, естиін,– деді бақа. Ханның баласы айтыпты: «Жол боларға бұ да жақсы ырым, ана бақаны ұстап алып келіп қоржынға салыңдар», – депті.

Сонда жолдастары бақаны ұстап алып, қоржынға салыпты. Мұны үйрек көріп, бұлардың дос бақасы болған соң киікке, киік дереу тышқанға хабар қылыпты. «Жайсыз болды, бақа досты ханның баласы ұстап, қоржынға салып алып кетті» – деп, үшеулері жылап, бұл үшін жанымызды қиып, бір айла қылалық, деп, кеңес қылысты. Сонда тышқан айтыпты: «Киік, сен ақсақ киік бол да, ханның баласының алдынан ақсап өте бер, міне, ақсақ киік кетіп бара жатыр деп, қоржындарын тастап қуа қалса, үйрек мені қоржынға жеткізіп бақсын, мен қоржынды тесіп, бақаны шығарармын. Сонан соң үйрек саған хабар қылсын, сен өз жаныңды құтқарарсың, қашып кетерсің», – депті. Баршалары бұл айланы мақұл көріп, киік ақсақ болып, ханзаданың алдынан өте беріпті. «Міне, ақсақ киік келе жатыр, қуып, соғып алалық», – деп, қоржын-кіселерін тастап, киікті қуа беріпті. Сонда үйрек тышқанды қоржынға жеткізіпті. Тышқан қоржынды қырқып, бақаны құтқарыпты. Бақа құтылғаннан кейін, үйрек барып киікке хабар беріпті. Киік бақаның құтылғанын естіп, өзінің әуелгі қалпынша қашып құтылып кете беріпті. Сондай айламен бақа үшін жандарын аямай, бақаны құтқарып алған. Дос болған соң соларға ұқсап, бірі үшін бірі жанын аямаса керек. Бұл қарға жанын қимақ тұрсын, қарны ашса, өзіңе қас болады. Мұнда опа бар ма? – деп бақа сөзін аяқтапты. Сол уақытта қарғаның қарны бек ашқан еді, бірер нәрсе табылар ма екен деп, жан-жағына қараса, еш нәрсе жоқ, көзі түсіп кетіп, уағдасы естен шығып, өзінің алып барған дос тышқан патшасын бас салып жеп қояды. Бақа қашып суға кіріп кетіп құтылыпты.

197. Бұлбұл, жарқанат және қарақұрт

Бұрынғы өткен заманда гүл-бәйшешегі жайқалған жалпақ бір аңғарда таңдайынан күй төгілген әнші бұлбұл болыпты. Өз тұқымының ішінде одан асқан әнші болмапты. Жалпақ аңғардағы орманда, ағаштан ағашқа қонып, күні-түні тыным таппай, сайрайды да жүреді екен. Мүлгіген тауды, қалғыған орманды, шық оранып, балбыраған гүлді әсем әнімен тербетіпті. Таң арайын, күн шұғыласын сұлу әнімен қарсы алады екен.

– О, құдіретті күн! Төк шапағыңды жалпақ аңғарға! Жайқалып, жандансын дала, жайнасын жалпақ өңір! Сен бар жерде өмір бар! Сен бар жерде тірлік бар! Бақыт та, шаттық та сенің мөлдір шұғылаңда! Түнекті түріп, қараңғылықты серпілтіп, бүкіл әлемге жарық сәулені себелейтін құдіретті күн өзіңсің! – деп, таң алдына саңқылдай жыр төгеді екен бұлбұл.

Таң атып келе жатқанда шалқыған әуен жасыл аңғардың үстінде қалықтайды. Сол маңдағы құстар мен аңдар, сықырлауық қанатты көбелек, қыпша бел инелік, гүл шырынын іздеген бал арасы, ызылдаған шіркей бұлбұл әнімен бірге оянып, күнделікті әрекетіне құлшына кіріседі екен. Сөйтсе де осы аңғардағы бір жартастың қуысын, қараңғы үңгірді мекендейтін бір жарқанат әлемді тербеткен бұлбұл әнін өлердей жек көріпті. Таң саз бергенде бұлбұл әні естілсе болды, өзінің қапас үңгіріне кіріп алып:

– Уа, үнің өшкір, үнің өшсін! Көмейіңе тас тығылсын! – деп, өршелене қарғайды екен.

Ал бұлбұл таңның нұрын, күннің шапағын жырға қосып, шаттық әнін шырқай беріпті. Жарықтан қорқатын жарқанаттың қолынан не келеді, қараңғы үңгірдің түбінде жатып:

– Қараңғылықтың құшағы жақсы ғой. Соны да түсінбейді. Қызық өмір менің үңгірімде, – деп күңкілдеп, күйініп отыра беріпті.

Бұлбұл әні тынбай: «Жарқыра күн нұры! Жадыра, кең дүние!» Бұлбұл әнінен осылай сыр ұғыпты.

– Қараңғылық құрсын! Бұлт баспасын көк жүзін! – дейді екен бұлбұл.

Саңқылдаған бұлбұл әніне жалпақ аңғардағы барлық әнші құс үн қосады екен. Күндердің күнінде Жарқанаттың үңгіріне қарақұрт кіреді де, екеуі сырласады. Жарқанат мұңын шағып, қарақұртқа жалынады:

– Айналайын, қарақұрт, – депті жарқанат қиылып, – екеуміз дос едік қой. Мен қараңғыны ұнатамын, сен біреудің қанын сорғанды жақсы көресің. Дүниеде сенің уыңнан шошымайтын жан иесі жоқ. Сен шақсаң таудай түйені де құлатасың...

Жарқанаттың мақтауына еліктеген қарақұрт:

– Маған не қыл дейсің? – деп сұрайды. Сонда:

– Үнін естіп жүрген шығарсың өзің де. Осы аңғарда бір заржақ бұлбұл бар. Ұйқы бермейді. Даусымен мезі етті әбден. Естісем, тұла бойым тітіркенеді. Құртшы соны, жойшы көзін! Мүлгіген қараңғыда тыныш өмір сүрейікші! – деп безілдепті жарқанат.

Бұлбұлдың әсем әні топас, қарақұрттың құлағына кіріп те шықпайды екен. Жалынып, жалбарынып тұрған соң жарқанаттың тілегін жерге тастамапты.

– Шағайын! Көзін жояйын! – деп, уәде беріпті.

Содан кейін ағаш бұтағында сайрап отырған бұлбұлға келіпті. Мұны көріп бұлбұл ойланып қалыпты. Қарақұртқа бұрылып, былай депті:

– Уа, қарақұрт, тыңда мені! Мен өмір бойы жер бетіндегінің бәріне жақсылық жасап келемін. Ойлағаным – ізгілік, жырлағаным – жақсылық нышаны. Ажалым сенен бе, кім білсін? Олай болса, өлер алдында саған да бір жақсылық жасаймын. Тақыр жерде тырбаңдап жүріп, бұл өмірден не көрдім дейсің?! Ұста менің құйрығымнан, Мен сені аспанға алып шығып, мынау жалпақ аңғардың тамашасын көрсетейін. Өміріңде есіңнен кетпейді.

Бұған қарақұрт келіседі де, бұлбұлдың құйрығына жабысып отырып алады. Бұлбұл қанатын жайып жіберіп, биікке самғайды. Жалпақ аңғардың үстінде шарлап жүріп, таң нұры мен күн шапағын әнге қосып, сайрай береді. Құмыр бұлбұлдың әсем әні қарақұрттың да тас жүрегін жібітеді. Балдай тәтті, әсем әнге балқып отырған қарақұрт байқаусызда бұлбұлдың арқасынан аунап кетеді. Құлдырай құлап, тасқа соғылады да, мылжа-мылжасы шығады. Сөйтіп, арамзалардың ойы іске аспапты. Жарқанат өз үңгірінде күңкілдеп жата беріпті. Ал құмыр бұлбұл осы күнге дейін таң нұрын, күн шапағын жырға қосып, тынбай сайрап келеді екен.

198. Торғай мен адам

Бір саятшы тор құрып, аң мен құс ұстап күн көреді екен. Бір күні құрып қойған торына бармақтай ғана торғай түсіп қалыпты. Саятшы торғайды тордан босатып алады да, уысына қыса ұстап, үйіне қайтады. Жолда келе жатқанда торғай адамға жалынады:

– Мен бармақтай ғана торғаймын, аузың толып асайтын етім жоқ. Союға жарамаймын, қабырғам қылтандай, сирағым шидей. Қапасқа қамап қойсаң, құсадан өлемін ғой босқа. Менің аспан астында шарықтай ұшып жүруім керек. Қанатымды сермеп, еркімше самғауым керек. Қоя берші мені, жіберші кең дүниеге. Торғайдың арманы мен тілегін қызық көрген адам:

– Босатып жіберсем не бересің? – депті әзілдей күліп. Сонда торғай айтыпты: «Өзім білетін екі өсиетім бар еді, соны үйретейін»

– Ал ендеше үйрет сол өсиетіңді, – депті адам сенер-сенбесін білмей, таң көріп. «Жарайды. Бір өсиетімді қолыңда тұрып-ақ, айтайын. Тағы біреуін сен босатқан соң, жерге түсіп тұрып айтайын. Әйтпесе сен қос қолдап, уысыңды қысып ұстап тұрғанда, өкпем аузыма тығылып, жөндеп сөйлей де алатын емеспін», – депті, торғай қиналып. Сонан соң адам торғайды уысынан босатып жіберіпті. Мейлі, қиналма, еркін тұрып-ақ айта ғой, – депті.

– Бірінші өсиетім, – депті торғай адамның уысынан босанған соң

бойын жазып. – Өткен іске өкінбе!

– Екінші өсиетім – көзіңмен көрмегенге еш уақытта сенбе!

Өсиетіңнің бар-жоғы осы ма? Оны өзім де білемін, – депті адам онша разы болмай. Жоқ, сен ештеңені де түсінбедің, – депті торғай. Бұған адам таң қалады. Қалайша, нені түсінбедің дейсің?

Менің бөтегемде жұдырықтай гауһар жатыр еді, – депті торғай күліп. Мұны естігенде адам қарсы алдындағы шөпке қонып отырған торғайды ұстамак, болып, тұра ұмтылады. Торғай пыр етіп ұшып, әр жерге бір қонып, ұстатпай қояды. Сонан соң адам өзін алдаған торғайға наразылығын білдіріп:

– Сен мені алдап соқтың, – деп, өкпе айтыпты. Сонда торғай: – Жоқ, мен сені алдаған жоқпын, сынадым, – депті сендіріп. – Менің жаңағы айтқан өсиетіме сен әлі түсінбеген екенсің.Өзің ойлашы, менің бүкіл тұрқымның бар-жоғы бармақтай ғана, оған жұдырықтай гауһар қалай сияды депті.

199. Қотыр торғай

Бұрынғы күнде бір қотыр торғай болыпты. Қотыр торғай шеңгелге қоныпты. Шеңгел қотырын жұлып алыпты. Торғай:

– Қап, сені ешкіге айтармын, – депті. Ешкі дегенін істемесе: «Қап,

сені қасқырға айтармын», – депті. Қасқырға айтса: «Өзім күшіктей алмай жатырмын», – депті. Торғай:

«Қап, сені байдың жылқышысына айтам»,– депті. Байдың жылқышысы: «Жылқы баға алмай жүрмін», – депті. Оны барып, тұрған байға айтыпты. Бай: «Бие сойып, соны жұмыстап жатырмын», – депті. «Қап, сені қабың тесетін тышқанға айтамын», – депті. Тышқан: «Ін қаза алмай жатырмын», – депті.

– «Қап, сені балаларға айтамын», – депті. Балалар: «Бұзау жая алмай жүрмін», – депті. «Қап сені шешеңе айтам», – депті. Шешесі: «Өрмек тоқи алмай жүрмін», – депті. «Сені құйынға айтам», – депті. Құйынға айтса, құйын өрмекті үзіпті. Өрмекші қатын баланы ұрыпты. Бала тышқанды ұрыпты. Тышқан қапты тесіпті. Бай жылқышысын ұрыпты. Жылқышы қасқырды соғыпты. Сонан барып қасқыр ешкіні талайды, ешкі шеңгелді жеген екен.

200. Қарға мен түлкі

Қалың орманда қақ жарып аққан өзеннің жағасында ауыл отырады екен. Ауылда бір аңқау кемпір бар. Ол күнде ірімшік қайнатып үйінің төбесіне жайып қояды, кешке аларда азайып қалады. Кемпір оны күн көзінен құрысқан ғой деп жүре береді. Шынында, бұл ірімшікті ұрлайтын орманға ұя салған ала қарға екен. Ол кемпірдің аңқаулығын пайдаланып өзі әбден тойып, балаларына да ала келіп жүретін болыпты. Бір күні бұрынғы дағдысы бойынша ірімшікті жеп тойғаннан артығын үйіне ала қайтады. Балаларын тойғызып болған соң артылған бір түйір ірімшігін жеп қоюды да, жоқ үнем қылуды да шеше қоймай, ойланып отырғанда, орман кезіп жүрген қу түлкі көреді. Оның көзі жайнап, аузынан сілекейі шұбырып ағашты айнала береді. Басына шығуға дәрмені жоқ. Ақырында ол ойлап-ойлап амал табады.

– Қарғаның бойын ерітіп, жүрегін жұмсатып мақтайын, сол кезде ол бір дыбыс берер. Егер де дыбыс шығарса аузын ашады. Аузы ашылса, ірімшіктен айрылады. Менің аш құрсағыма тамақ барады, – деп есепке алады. Сол ретпен мақтай бастайды.

– Шіркін-ай, дүние жүзіндегі құстарда сенен сұлу бар ма екен? Маңдайың жалтыр қара, ішің толған ақыл-сара. Қанаттарың гауһардай жарқырайды, екі көзің танадай жалтырайды. Барлық сұлулық бір өзіңнің бойыңа қалай үйлесіп, қалай жарасып біткен? Үміт сипатыңа қарай даусың да тамаша деседі. Соны естіген соң әдейі іздеп, алыстан келіп тұрмын. Естігенде құлағым тойып еді, көрген соң көзім тойып тұр. Неше күн сапар шегіп келген бейнетім орнына тұрды. Енді жарқыным, маған үніңді есіттір. Өмірде армансыз болайын, – деп жалынады.

Қарғаның түлкінің мақтауына көңілі өседі. Мейлінше шат болып масаттанады. Сөйтіп, бұл байғұстың сағын сындырып, жүдетіп қайтармайын, әдейлеп келген соң разы етіп қайтарайын деп барлығынша жағын керіп «қарқ» етеді. Сол кезде ірімшік аузынан жерге түсіп кеткен екен. Түлкі ірімшікті қағып салып:

– «Дәулеттінің дәмінен», – деген. Даусың ащы, ірімшігің тәтті екен, – деп, жортып жүре беріпті.

«Аңқау – аңқауды қарақтайды», «Аңқаулығың ала қарғадай екен», – деген мәтелдер бар.

201. Ұлар мен қарға

Бір таудың шағыл тасты бөктеріндегі арса-арса жартастың қуысын қара қарға мекендепті. Одан жоғары көгалды жерді ұлар жайлапты. Бұлар көрші болған соң, көпке дейін бір-біріне барыс-келіс жасап жүріпті. Екеуі ұзақ-ұзақ әңгімелеседі екен. Содан соң сөзден-сөз туындап, бір күні екеуі өз артықшылықтарын айтып, мақтана бастайды. Мақтан таласқа ауысады. Ақыры екеуі кімнің күшті, кімнің әлсіз екенін сынап көрудің амалын ойласады. Сөйтіп, ұлар мен қарға күресіп, күш сынасуға келіседі. Біріне-бірі былай шарт қойысады: жыққаны жығылғанын жеуге тиіс. Осылайша, ерегіскен екі құс алыса кетеді. Әрі ырғасып, бері ырғасып, бірін-бірі ала алмайды. Арпалыс жеті күн, жеті түнге созылыпты. Ешқайсысы жығылмапты. Сегізінші күні сәске кезінде өліп-талып, барын салып тұрған қарға сүрініп кеткен ұларды басып қалыпты. Кеудесіне мініп алады да:

– Енді мен сені жеймін! – депті қоқиланып:

Сонда ұлар: «Ей, қарға, серттен таятын өзің, мен емеспін, – депті қайсарланып. – Дұрыс, сен – жықтың, мен – жығылдым. Сен енді мені жеуге хақылысың. Бірақ бір өтінішімді орында».

Қарға сырлас, тату көршісінің көңілін қимай:

– Мен де тасбауыр емеспін. Өлер алдындағы тілегіңді айт ендеше, – депті.

Сонда ұлар ақтық өтінішін айтыпты:

– Қарға, сен жерге жатқанның бәрін талғамай шоқи бересің, рас па?

– Тамақ іздеген соң, шоқу керек қой, – депті қарға мойындап.

– Демек, содан тұмсығыңның кірі бес батпан. Менің етім сүттен ақ, қардан таза. Мені сол таза қалпымда жесең, өмірбақи аузыңнан етімнің дәмі кетпейді. Сондықтан бұлақ басына бар да, тұмсығыңды жуып, тазалап кел.

Ұлардың бұл өтінішін қарға мақұл көреді де, ұша жөнеледі. Сонан өзі су ішіп жүретін жіңішке бұлаққа барады. Көздей ғана жылып аққан судың жағасында отырып, алдымен өзінің шөлін қандырып алмақ болады да, суды сіміре бастайды. Күні-түні алысып, әбден қаталап қалған екен, бұлақтың бармақтай көзінен жылтылдап шығып жататын су таусылып, суалып қалады. Қарғаның тұмсығы қара батпаққа батып кетеді де, бұрынғыдан бетер былғанады. Енді еркін жуынатын үлкен су іздеп табу үшін таудан-тауды асып, сай-саланы кезеді. Ақыры түбінде мөлдір суы мөлтілдеп тұрған бір құдыққа тап болады. Құдықтың мөлдіреген тұнық суына қызығады. Одан суды қалай аларын білмей, басы қатады, ешбір амалын таппайды. Содан құдыққа өтініш айтады:

– Құдық досым, мына мөлдір суыңнан берші. Онымен тұмсығымды жуайын да, ұлардың тәтті етіне бір тояйын.

Бұған құдық қарқ-қарқ күледі:

– Мен бұл суды ыстықта шөлдеп, сусағандардың сусынын қандыру үшін сақтап отырмын. Олай-былай өткен жолаушылар соны ішіп, шөлін басады. Сенің лас тұмсығыңды батырып былғауыңа көне алмаймын. Егер керек болса, бар да шелек тауып кел. Соған құйып берейін.

Қарға шелекті қайдан аларын білмей, ойланып тұрады да, тәуекел деп, ұша жөнеледі. Күні бойы жерге қонбай қалықтап жүріп бір ауылға келеді. Ауыл үстін айналып біраз ұшады. Бір кезде күресінде жатқан түбі тесік көзеге көзі түсіпті. Қуанып кетіп, көзенің қасына барып қонады. Отыра салып:

– Көзе, досым бір жолға тілімді алшы. Саған құдықтың суын құйып тұмсығымды жуайын да, ұлардың тәтті етіне бір тояйын, – деп қиылыпты.

Түбі тесік көзе орнынан әзер тұрады да:

– Сен мені күресінде жатыр екен деп мазақтама, – дейді ашуға булығып. – Маған да талай күш, ақыл-ой, өнер жұмсалған!

Шошып кеткен қарға:

– Мен мазақтап тұрғаным жоқ. Сен маған өте қажетсің! – деп барлық сырын айтады.

Қарғаның мұңын естіп, көзенің жаны ашиды:

– Ендеше, сағыз топырақ тауып әкеліп, балшық иле. Сонан соң менің түбімді жама да, тесігімді біте. Одан кейін құдыққа барып, су құйып ал, – деп кеңес беріпті.

Қарға өлер-тірілеріне қарамай, сағыз топырақты іздейді. Оны бір адырдан табады да, қасына жүгініп отыра қалады.

– Досым сағыз, топырағыңнан берші. Онымен көзенің түбін жамаймын. Бүтіндеген соң құдықтан су алып, тұмсығымды жуайын да, ұлардың етіне бір тояйын.

– Тіленшіге берер балшығым жоқ, – депті сағыз топырақ сазара қырыстанып. – Менен көп адам көзе жасайды. Маңдай терін төгіп, өздері қазып алады. Алда-жалда өте қажет болса, киіктің мүйізін тауып әкеліп, өзің қазып ал!

Қарғаның амалы таусылып, қатты қиналады. Осымен-ақ қоя салайын десе, ұлар етінің тәттілігі құлқынын қышытып, өңешін жыбырлатады. Содан кейін тәуекелге бел байлап, тағы да құлшына қанат қағып, әлемді шарлап жүріп, жалпақ далада қос құралайын ертіп, жайылып жүрген киікке кездеседі. Қалбалақтап қасына жетіп барады. Жалынышты кейіппен:

– Киік досым, маған мүйізіңді берші. Онымен сағыз топырақты қазып алып, көзені жамаймын. Бүтінделген көземен құдықтан су тартып, тұмсығымды жуайын да, ұлардың тәтті етіне бір тояйын, – деп өтініпті. Қарғаның жалынышты үніне киіктің жүрегі елжіреп, жаны ашиды да, өзінің ақылын айтады:

-Әй, қарға-ай... мен мына шөл далада ылғи қауып-қатердің ортасында өмір сүремін. Оның үстіне, міне, көріп тұрсың, балаларым да жас, өз күндерін өздері көре алмайды. Сондықтан мүйізім балаларымды жыртқыштардан қорғау үшін өзіме де керек. Алайда сен соншама шалғайдан әдейі іздеп келген екенсің, меселіңді қайтармаймын, берейін. Ол үшін сен менің мүйізім қайта өсіп жетілгенше балаларыма жатып жейтін шөп жинап бер. Қарға істің барған сайын қиындап бара жатқанына күйінсе де, ұлардың тәтті етін ойлағанда таңдайы жыбырлап, еріксіз тамсанды. Басқа амалы болмаған соң, қайғысын басып, әрі қарай сапар шегеді. Бірнеше күн жерге қонбай ұшып, көгарай шалғыны жайқалған көгілдір тауға жетеді. Етегіне қонып, демін алған соң, тауға мұңын шағады.

– Тау досым, сенің шөбіңді киікке апарып берейін. Киіктің мүйізін алып, сағыз топырақты қазып, көзенің түбін жамайын да, құдықтың суын құяйын, сол сумен тұмсығымды жуып, ұлардың тәтті етіне бір тояйын.

Қалың шөбі толқындай ширатылған тау қарғаның зарын естіген соң:

– Шөпті мен саған қалай беремін? Адам баласы өз қолымен орып алады. Еңбек етеді, тер төгеді. Алыстан іздеп келген екенсің, егер қатты қажет болса, орақ тауып әкел де, қалағаныңша орып ала ғой, – депті ырзалығын беріп.

Орақ тауып келуден басқа амалы болмаған соң, орақ іздеп қарға тағы да ұшыпты. Ел-елді шарлап жүріп, егін орып жатқан бір орақтың үстінен түсіпті. Қуанып кеткен қарға:

– Орақ досым, – деп қиыла айтыпты өтінішін. – Сенімен шөп орып алайыншы. Сол шөпті киікке апарып берейін. Киіктің мүйізін алып, сағыз топырақ қазайын. Онымен көзенің түбін жамап, құдықтан су алайын да, тұмсығымды жуып, ұлардың тәтті етіне бір тояйын!

– Ей, қарғам-ай, мені тыңда, – депті орақ белін бүкірейтіп тұрып. – Мен өздігімнен орақ бола қалғаным жоқ. Менің темірімді ұста отқа салып қыздырған, шоқ балғамен соғып шыңдаған. Суға салып пісірген, маңдай терін сорғалатып, осы халге жеткізген. Сол ұстаға бар да, тілегіңді айтып, жаңа орақ соқтырып ал. Мұнда өзімнің де атқаратын жұмысым басымнан асып жатыр. Тілегіңді орындай алмаймын, ренжіме!

Қарға енді ұлармен күресіп, өзінің жыққанына қынжылыпты. Егер ұлар жықса ғой, бұл азапты сол шегер ме еді, қайтер еді. Ары ойлап, бері ойлап, қарға ақыры ұстаның дүкеніне барады. Ұстаға шеккен азабын айтып, зар еңірейді. Қарғаның көрген азабын естіген соң, ұстаның оған жаны ашиды. Сонан соң ұста:

– Орақ соғып берсем, қалай алып кетесің? – деп сұрайды. Қарға ұстаның сөзіне қуанып, өз білгенін айтады.

– Аяғыма қыстырып аламын ғой...

– Ол болмайды. Көтеріп кетуге әлің жетпейді, жерге құлап түседі. Шеңгелдеп ұстап жүретін қауқар сенде жоқ. Құлатып алсаң, жерге түсіп, біреуді жазым етерсің.

– Ендеше мойныма іле сал, – депті қарға орақты алып кетуге ынтығып.

– Жарайды қалағаның болсын, – деп күлген ұста қарғаның мойнына қылп етсе қыл қиятын өткір орақты іліп береді.

Енді барлық мақсаты орындалатынына масайраған қарға қуанышы қойнына сыймай, отырған жерінен ұмсына ұмтылып, көкке шапшиды. Жерден қарыстай көтеріле бергенде, алмастай өткір орақ қарғаның мойнын қырқып түсіпті. «Ақылсыздың істеген ісінің ақыры өзін көрге жығады», – депті мұны көргендер.

202 . Екі қаз, бір бақа

Ертегі заманда екі қаз су таба алмай жүріп, ыстық шілденің күнінде бір көлшікке келіп қонады. Ол көлшікті көптен бері мекен етіп жүрген бір бақа бар еді. Екі қазды қорқылдап жолатпай, көлшігін қызғанып, екі қазға су ішкізбеді. Екі қаз жалынды. Жалынса да бақа:

– Бұл азғана көлшік құрып таусылады, сіздер ұшып кетесіздер, мен бишара қанат, құйрығым жоқ, қайда барамын, – дейді. Қаздар айтады:

– Әгер де осы көлшік құрыса, сізді біз алып ұшып, бір жақсы көлге жеткізелік, – дейді. Бақа қабылдап, үшеуі шарттасып, бір жүре береді. Күндерде бір күн азғана көл суалып, қалған суы сасып кетеді. Екі қаз уәде бойынша бақаға: «Кетелі, бір жақсы суға жетелі», – дейді. Мұны бақа мақұлдады. Бір құлаштай ұзын ағашты алып келіп, бақаға дәл ортасынан тістетіп:

– Аузыңды ашпа, жағыңды қарастырып тұра бер, – деді. Екі қаз ағаштың екі шетінен аяғымен мықтап ұстап, бақаны аспанға алып ұшты. Бақа көктің үстіне шыққанға көтеріліп, көңілі өсіп, жердегі бақалардан өзін жоғары дәрежелі деп мастанды. Сөйтіп, аспанда бара жатып, бір үлкен шаһардың үстіне келіп еді, шаһар халқы көкке қарап қайран қалды:

– Бұл не зат? – деп. Біреулер: «Қасиетті бақа» деді. Біреулер: «Бақа емес басқа зат», – деді. Жұрттың сарынын естіген соң, бақа мақтанып: «Атымды айтпай, білдірмей кеткенім болмас», – деп, таңқалып тұрған елге.

– Мен – бақамын! – деп, аузын ашқанда ағаштан босап, жерге қарай құлдилап шыр айналып, сүзе соғып, далбаңдап келіп ат базардың ортасына тарс етіп түскенде, жарыстырып базарға салып жүрген аттар бақаның белін басып, өлтіріп кетті. Екі қаз: «ақымаққа жақсылық етіп болмас!» – деп, өз бетімен ұшып кете берді. Міне, бәз бір азаматтар, бақаға ұқсас елінен жоғары дәреже көрсе, менмендік пікір алады, өзінен басқаны пәс тұтады. Ол асылық, ол адамды надандыққа ұшыратады. Түбінде бақа құсап, дұшпанның аяғының астына түседі.

Бұл туралы Абай айтты деген бір сөз дәлел еді:
Жамандар істемейді әділ еңбек,
Ұрлық, қулық қылғанға қағар күлмек.
Арамдықтан жамандық таппай қалмас,

Мың күн тұрса, бір күні сынар шөлмек.

203. Пілдің ісі тышқанға түсіпті

Бұрынғы заманда асқар таулы, нулы орманды өңірде піл мен тышқан көрші әрі тату-тәтті дос болып өтіпті. Бірақ достықтары көп ұзамай бұзыла бастапты. Піл өзінің алып тұлғасына қарап, кішкентай тышқанды алымсынбайтын болыпты, тіпті онымен бірге жүруді ар көріпті. Пілдің бұл ниетін білген тышқан «Орайын тауып сазайыңды бір тарттырамын» деп әбден тісін басады. Піл мен тышқан осындай күрең қабақтасып жүргенде арыстан қызын ұзататын болып, пілді тойға шақырыпты. Піл тойға аттанғанда тышқан да ере жүреді. Бойын қызғаныш кернеген піл оған тап-тап беріп қуалайды. Арбаңдап жүрген пілдің абайсыздығында тышқан оның құлаштай ұзын танауына «сып» етіп кіріп, кетеді. Танауға кірген ол тыныш жатсын ба, арлы-берлі жүгіріп оның мазасын әбден алады. «Шық» деп зекиді піл. Тышқан ерегесе түсіп, бұрынғыдан әрмен жыбырлата тырналайды. Ақыры піл:

– Ағатай-ай! Танауымнан шықсаң, тату-тәтті өтейік, айтқаныңа көнейін – деп жалыныпты. Сонда ғана тышқан пілдің танауынан шығып, сып етіп ініне кіріп кетеді. «Пілдің ісі тышқанға түсіпті» деген тәмсіл осыдан қалса керек. Піл осыдан бастап тышқанның інін көрсе, оның аузын табанымен басып тұрып алатын болған екен. Пілдің осы ерекшелігіне қанық адамдар асау пілді үйреткенде алдымен жерге төрт қазық қағып, оны суырып алады екен де, асау пілді сол араға әкеліп байлайтын көрінеді. Піл қазықтың орынын тышқанның іні деп табанымен басып тұрғанда адам оған жүгін артып алады екен дейді.

204. Піл мен маймыл

Ну орманды мекендеп, бірімен-бірі сыбайлас боп қатар жүрген піл мен маймыл бір күні өз бойларындағы артықшылықтарын айтысып отырып, дауласып қалыпты.

– Менің бойым таудай. Күшім де көп, – деп мақтаныпты піл. – Ашулансам бар ғой, қандай жуан ағашты болса да тамырымен қопарып тастаймын. Ондай қайрат сенде жоқ!..

– Ал мен ептімін, ештеңе бөгет бола алмайды, – деп таласыпты маймыл. – Ағаштан-ағашқа ырғып, ну жыныстың арасымен сырғанап жүре беремін.

Осылайша піл мен маймыл өз бойларындағы артықшылықтарын айтып, ұзақ таласыпты. Бірінің айтқанына бірі көнбепті. Өздері бір бітімге келісе алмапты. Сонан соң бұл даулары туралы біреудің билігін естігілері келеді. Сөйтіп, екеуі жуан емен дінінің қуысында отырған үкіге барыпты:

– О, орманның ақылгөйі, – депті піл ұзын тұмсығын жоғары созып тұрып. – Мына маймыл екеуміздің таласымызға өзің төрелік айтшы!

– Не жайында таласып жүрсіңдер? – деп сұрапты үкі.

Сол кезде жыпылдаған маймыл сөзді іліп әкетеді:

– О, біздің ақылгөйіміз! Анығын айрып берші, күш-қайрат үстем бе, немесе епшілдік үстем бе?

Мұны естігеннен кейін үкі енді піл мен маймылдың не себепті таласқандарының сырын түсінеді де, ойланып қалады. Піл де күжілдей өтінеді:

– Соны айырып бер бізге!

– Мұны менің іс үстінде сынап көруім керек. Кесімін содан кейін айтамын, – депті үкі.

– Қалай сынамақсың? – деп сұрасады.

Үкі екеуін кезек-кезек қарайды да, аздан соң қалай сынайтын шартын түсіндіреді:

– Мына өзеннің арғы бетіне өтіңдер. Қалың ағаштың арасында биік өскен бір түп алма ағашы бар. Қазір жемісі уылжып пісіп тұр. Екеуің де өзеннен өтіп барып, сол алма ағашының алмасынан алып келіңдер. Мен сол алмаға қарап отырып, өздерің қалаған төрелікті айтамын.

Піл мен маймыл алма алып келу үшін өзенге қарай беттейді. Келсе, өзен арнасына сыймай, лықы толып, астан-кестен боп ағып жатыр екен. Өзеннен өте алмайтын болған соң маймыл мұңайып, қасірет шегеді. Сол кезде:

– Кел менің жотама мініп ал, – депті піл. – Мен таудан үлкенмін. Күшім де мол. Өзеннің ағысы мені ағызып кете алмайды.

Маймыл қуанып кетіп, пілдің жотасына өрмелеп шығып алады. Піл өзенді қақ жарып, ешбір қиналмастан арғы жағаға өте шығады. Содан кейін екеуі үкі айтқан алма ағашын іздеп табады. Қараса, алма ағашы зәулім биік екен. Жемістің бәрі мойын жетпейтін биікке өсіпті. Қанша созса да пілдің тұмсығына бірде-бір алма іліге қоймапты. Өзінің алма ала алмайтынын білген піл мұңайып, мөлиіп тұрған. Сол кезде маймыл:

– Мұңайма, – депті пілді жұбатып. – Қазір мен алма ағашына өрмелеп шығамын да, басындағы жемістерді жерге түсіремін. Сен жинай бер.

Маймыл бұтақтан-бұтаққа секіріп, алма ағашының басына өрмелеп шығады да, алмаларды үзіп, жерге тастай беріпті. Піл алмаларды теріп, бір жерге үйіп қойыпты. Сөйтіп, алмаларды алып болған соң, екеуі кері қайтыпты. Өзенге келген маймыл алған алмаларын құшағына қысып, тағы да пілдің жотасына мініп алыпты. Піл өзенді қақ жарып, балпаңдай басып, қамсыз өте шығады. Екеуі алып келген алмаларын үкінің алдына төгіп қойыпты да, қандай төрелік айтатынын тосыпты. Сонда үкі:

– Маймыл, сен мына ағыны қатты өзеннен қалай өттің? – деп сұрайды. Маймыл шынын айтыпты:

– Мені піл жотасына мінгізіп алды.

– Дұрыс. Өйткені оның бойы таудай. Күші де мығым. Өзен ағызып кете алмайды. Ал, піл, сен айтшы, биік ағаштың басындағы жеміске бойың қалай жетті?

– Менің бойым жетпеген соң, – депті піл де шынын айтып, – маймыл ағаштың басына өрмелеп шықты да, алмаларды үзіп, жерге түсірді. Мен жинап тұрдым.

– Міне, ұқтыңдар ма? – деп, үкі өзінен төрелік сұрап тұрған піл мен маймылға түсіндіре бастапты. – Күштен де, епшілдіктен де үстем нәрсе – біріңе-біріңнің көмегің. Селбесіп мақсаттарыңа жеттіңдер. Тек қана күштен немесе жалаң епшілдіктен пайда аз. Біріңе-бірің жәрдемдеспегенде екеуің де мына алманы алып келе алмас едіңдер. Демек, күш пен епшілдік қабысқанда ғана жарасып тұрады. Күшің болғанмен ебің болмаса, ебің болғанмен күшің болмаса, бәрі де бос әурешілік, еңбегің зая.

– Дұрыс, дұрыс! – деп, піл мен маймыл өздеріне айтқан үкінің төрелігіне бас шұлғысыпты. Сонда үкі:

– Піл, сен күшіңе сеніп даурықпа! Маймыл, сен епшілмін деп бөспе!

Әрқашан біріңе-бірің осылай жәрдемдесіп жүріңдер! – деп өсиет айтыпты.

205. Бөгелек

Ерте, ерте, ертеде жәндіктер өздерін-өздері мансапқа қойыпты. Сона – хан, бөгелек – уәзір, шіркей – жасауыл сайланыпты. Күндердің күнінде ызылдап ұшқан бөгелек өрісте жайылып жүрген жылқыны, сиырды, есекті кездестіреді. Қараса жылқыға жал, сиырға жая, есекке қоң біткен. Бөгелекті мүлде әкім екен деп танымайды. Бұған қаны қайнап, көзі алайып кеткен бөгелек ызыңдап, әрқайсысына бір төнеді. Оған жылқы да, сиыр да, есек те мыңқ етпейді.

Сонымен, әбден ыза болған бөгелек ұшып келіп, сона ханға арыз айтыпты:

– Осылай да осылай, хан тақсыр? Жан-жануарлар сізді хан деп елемейді, салығын төлемейді.

Мұны естіген сона хан кәріне мініпті. Шіркей жасауылдарын шақырып, жарлық беріпті:

– Бөгелекке еріңдер,

Салық жинап келіңдер.
Төлемесе салықты,
Сыбағасын беріңдер!

Сонымен, бөгелек уәзір бастап, шыбын-шіркей қостап, жан-жануарлардан салық жинауға аттаныпты. Бұлар дуылдап, ең алдымен жылқыға келіпті.

– Салығыңды төлемей, сона ханды елемей жүрген сенің сыбағаңды берейін, – деп, бөгелек пен шіркей тап бергенде, жылқы бұларды құйрығымен шықпыртып-шықпыртып, көлдің қалың құрағына қойып кетіпті.

– Қой, қанатымыз су болар, мұны көлден шыққан соң көрерміз, – деп, бөгелек енді есекке келеді.

– Әй, бақырауық, кәне, төле салығыңды! – деп, зіркілдей ұмтылғанда, есек:

– Қыс-қарт, қыс-қарт! – деп, құйрығымен басы-көзін сабалап, борпылдақ күлге аунай беріпті.

– Қой, мына бәленің астына түсіп, күлге көміліп қалармыз, жүріңдер, сиырды тауып алайық, – деп, салық жинаушы бөгелек өзінің жасауылдарын ілестіріп, сиырды іздеп әрі қарай жөнеледі. Сиырды тауып алып:

– Кәне, төле салығыңды, төлемесең, қаныңды түгел сорып, қу сүйегіңді қалдырамыз! – деп, төбесінен төне түседі.

Мұны естіген сиыр:

– Қане, бөгелегім, салығыңды қуып жетсең, аларсың! – деп, құйрығын көкке шаншып, зыта жөнеліпті.

Ештеңе өндіре алмаған бөгелек қайтайын десе, сона ханнан қорқып, әлі күнге дейін салығын ала алмай, сиырды қуалап жүр деседі.

206. Шымшық пен көгершін

Құламерген айдалада, жапан түзде аң аулап, сейіл құрады екен. Оның баласы Жоямерген әкесінің таяғын ұстап жастай-ақ аңсақ болған екен. Ол түрлі құстарға тор, тұзақ құрып ұстап алады екен. Бір күні құрып қойған торына кішкене шымшық оралып қалыпты. Ол сорлы тордан шыға алмайды, оралып жата береді, бір мезгілде оның қасына көгершін келеді. Бұның торға оралып жатқанын көреді. Ол анадай тұрып шымшыққа ұрсып табалайды:

– Әй, ақымақ, есалаң, қазір күн талтүс емес пе? Түн болса бір шарт. Күндіз торды көрмей оралып екі көзіңді шел қаптады ма? Аяғыңның астына қарап, ана сығырайған көздеріңді ашып жүрсең етті. Енді сен күшікті кім шығарып алады. Бәрібір бүгін мен сені әуреленіп шығарсам да сен есалаң ертең тағы шоқақтап, ебелектеп жүріп торға түсесің ғой. Күнде-күнде мен саған әуре болып жүремін бе? – деді де ілгері бір-екі аттап еді, өзі қол тұзаққа түсіп, шиқылдады да қалды. Оны көрген шымшық:

– Әй, данышпан, көзі бар досым, ақылшы апам, қазір түн бе, күн бе? – деп сұрапты. Өзі жанталасып буынып жатқан көгершіннің оған жауап беруге шамасы келмепті. Сонда шымшық оған тағы да:

– Әй, ақылгөй апа, мен торға түссем де қиналмай, дем алып жақсы жайда жатырмын. Сенің халің менен де нашар болды-ау, жаңа маған айтқан ақылыңды өзіңе неге істемедің? Өз басыңды алып жүре алмайтын болған соң басқаға ақыл айтып нең бар еді, – депті.

Біреуге күлсең өз басыңа келеді. «Табашының табаны тайғақ», «Өзіңе пайдасыз ақылды өзгеге айтпа!» деген мәтелдер осыған келеді.

207. Қырғи мен бөктергі

Қырғи мен бөктергі ойда жоқ жерде кездесе кетеді. Екі дос өткен- кеткенді әңгімелеп, кездесу құрметіне кеш өткізуді ұйғарады. Кештің керегіне әзірлеу үшін жиырма торғай ұстап әкелуге келіседі. Жиырма торғайдың жартысын ұстауды қырғи міндетіне алады, қалған он торғай бөктергінің үлесіне тиеді. Қырғи көп кешікпей 10 торғайды ұстап, төбе басында бөктергіні күтіп отырады. Бөктергінің келетін мезгілі өтіп, кешігеді. Ал бұлар кешті күн батпай бастауға уәде еткен. Ақыры шыдамы таусылған қырғи дерексіз кеткен бөктергіні іздеуге шығады. Қалың тоғай бойымен ұшып келе жатып, қырғи алыстан бөктергіні байқайды. Ол бір торғайды қуып, ылдиға ығыстырып барады екен. Сол сәтте қырғи бөктергінің соңынан ұшып жетеді. Оның қауырсындары терге малшынып, аяғын торғайды бүруге ілгері соза түсіпті. Бөктергінің шаршау кейпін көрген қырғи: «Тоғайда торғай қалдырмай қырған екен», – деп ойлайды. Сөйтіп, ол бөктергіден асығыс:

– Ау, Бөке, қанша торғай ұстадыңыз? – деп сұрапты.

Сонда бөктергі алдында ұшып бара жатқан торғайды нұсқап:

– Осыны алсам, тоғыз торғай қалады, – депті.

208. Екі бұғы

Бір күні тауда жайылып жүрген екі бұғы шөпке таласып қалыпты.

– Мен жеймін мұны, мен бұрын көрдім, – депті бірі.

– Мен жеймін, мен бұрын келгенмін бұл жерге, – депті екіншісі.

Екеуі жанжалдасып, бірін-бірі сүзе бастапты. Кейін шегіне түсіп сартылдата кеп мүйіздесе сүзісіпті. Аздан соң тіпті қызық болыпты. Бұғының мүйізін білесіңдер, талдың бұтағы сияқты болады. Ілініскенше әбден сүзіскен көрінеді. Бір кезде мүйіздері ілінісіп қалған бұғылар бірінен-бірі ажырай алмай әрлі-берлі тартысыпты. Мұны өтіп бара жатқан аңшылар көріп қалыпты да қуанып, дереу келіп бұғыларды арбасына салып, үйлеріне қарай жөнеле беріпті.

209. Әркімнің туған жері өзіне жәннат

Өткен заманның заманында торғай мен бұлбұл дос болыпты. Күндердің күнінде бұл екеуі бір-біріне туған мекендерін көрсету үшін қонақ шақырысатын болыпты. Алдыңғы кезекті бұлбұл алып, торғайды әнімен қарық қылып орман-тоғайдың ішімен бір жеміс бағына әкеліпті. Бұл кезде бұлбұлдың жағымды әні онан ары сорғалай түсіпті. Кеудесін қуаныш кернеген бұлбұл қанша сайрағанымен торғай қабағын бір ашпапты. Бұны байқаған бұлбұл:

– Ой, досым, неге қабағыңды ашпайсың? – деп сұрайды. Сонда торғай:

– Осыны да туған мекенім бар деп масаттанып төбең көкке жеткендей болып кеттің ғой, менің туған жеріме салыстырғанда бұл жерің неге тұрады? – дейді де отыра беруге тақат ете алмай, өзінің туған мекенін көрсету үшін алдыға түсіп пырылдап ұша жөнеліпті. Бұлбұл артынан қуа еріп отырыпты. Бұлар ұша-ұша талай шөл даладан өтіп, ес кетіп, жан шыққанда, ішерге суы, теруге түйір дәні жоқ құмдағы жалғыз бүргеннің түбіндегі ұясына алып барыпты. Сонда торғай екең:

– Міне, жердің жәннаты, кең дүние, көсіліп ұшқанға да... – деп ұясының маңайынан құрт-құмырсқаларды теріп жеп, қуанышы қойнына симай жырғап қалыпты.

Бұны көрген бұлбұл «Е, әркімнің туған жері өзіне жәннат екен ғой» деп ойлапты.

210. Қозы мен құлын

Қозы мен құлын жарысатын болып келісіпті. Жарысатын жері ұзақ жер екен, даяшылар оларды бір төбенің басынан тосып алатын болыпты. Жарыс басталып, а дегенде құлын озып кетеді. Біраз жер жүгірген құлын артына қараса, қозы көрінбей қалған. Сонымен, ол өз-өзіне марсиып, «Маған қозы өлсе де жете алмайды, босқа жүгіргенше дем алайын, қозы осы араға келгеннен кейін жүгірсем де, бәрібір озбаймын ба», – деп қозының келуін тосып жатады. Құлын туада ұйқышыл болады екен де, жата салысымен дереу ұйықтап кетеді. Содан ұйқысы қанып бір уақытта оянса, қозы әлі жоқ. Сонда құлын қозы әлі келмеген екен деп ойлап: «Бұл арада бүйтіп тосып әлектенгенше ертерек барып алмаймын ба, бәрібір жүлде менікі болғаннан кейін», – деп шауып отырып барса, қозы өзінен бұрын барып баяғыда жүлде алған екен. Сөйтіп, асқақтаған құлын артта қалыпты да, өзіне сенім артқан қозы озып келіпті.

ҒЫЛЫМИ ҚОСЫМШАЛАР

ТОМҒА ЕНГЕН МӘТІНДЕРГЕ ҒЫЛЫМИ ТҮСІНІКТЕМЕЛЕР

Қазақ ертегісінің мотивтері мен сюжеттік типологиясы

Түсінікте ертегінің осы жинақтағы реттік нөмері, ертегінің аты, түпнұсқаның сақталған орны, мәтінді кім, қашан, қайдан жазып алғандығы, сонымен бірге жариялануы туралы, ертегінің халықаралық Аарне-Томпсон каталогі жүйесіндегі сюжеттік типі жайында мәлімет берілген. Егер ертек АТ жүйесінде кездесетін әлденеше сюжеттер контаминациясынан құралатын болса, онда олардың құрамалығына мән берілген, мысалы, АТ 1 + АТ 248 дегендей (+) белгісі арқылы осы жайт көрсетілген. Ал (=) белгісімен өзара ұқсас типтер теңдестірілген, 0 (нөл) арқылы халықаралық каталогта сюжет жоқ екендігі белгіленген. Әлбетте, қазақ ертегісі халықаралық көрсеткіште тіркелген сюжеттік типтермен толық парапар үйлесе қоймайды, өйткені бұл каталог Еуропа халықтарының ертегісі негізінде жасалғаны белгілі. Сол себептен де қазақ ертегілерінің семантикалық ядросы анықталып, оған үндес параллельдер халықаралық каталогтан іздестірілді. Шығыс славян халықтарының ертегісіне арналған СУС көрсеткіші де қажетке сай қолданылып отырды. Егер қазақ ертегісінің сюжеті кей жағдайда АТ жүйесіндегі әлдеқандай сарынға сырттай ұқсас, ал мағынасы алшақ, кейбір бөлігі ғана үндес болса, шартты түрде «салыстырыңыз» деп ескертілген, немесе көрсеткіштегі нөмір (АТ) жақша ішінде берілген. Салыстырылып отырған ертегі сюжеттерінің туысқан түркі халықтары мен әлемнің басқадай елдеріндегі варианттары мен параллельдері мүмкіндігінше көрсетілді.

Этиологиялық ертегілер

1. Қазақтың бұрынғыдан қалған сөзі

Мәтін Д. Сұлтанғазин тарапынан «Дала уалаятының газетінде» жарық көрген (ДУГ, 1889, №9). Тағы бір нұсқа «Жануарлардың таласы» деген атпен Н.Иванов тарапынан тәржімаланып жарияланған (АСЛ). Жинаққа «Дала уалаяты» газетіндегі мәтін алынды.

Жарық көруі: ХТҚЕ, №17; ХТЕ, Т.1. 59; ДУГ, 1989. 93-94; Алтынсарин, 92-93.
Сюжет қазақтар арасында кеңінен танымал, көптеген варианттары бар.

Аталған сюжет жыл санаудың мүшелдік жүйесін қолданатын барлық елдерде, соның ішінде түркі-моңғол ұлыстарымен бірге, корей, жапон, тибет, оңтүстік-шығыс Азия және т.б. халықтарда кең таралған. Түрік-моңғол мүшелдік күнтізбесінің ерекшелігі – әрбірі 60 жылдан құралатын толық цикл ішінен 5 кезеңнен тұратын 12 жылға бөлінеді (12х5=60). Осы 12 жыл ішіндегі жыл аттары, саналу реті барша халықтарда бірдей (тек қана тибеттерде бірінші жыл қоян: (Жук., 51): тышқан жылы, сиыр жылы, барыс жылы, қоян жылы, ұлу (айдаһар) жылы, жылан жылы, жылқы жылы, қой жылы, мешін жылы, тауық жылы, ит жылы, доңыз жылы. Бұл цикл қазақтарда «мүшел» деп аталады. Қазіргі зерттеушілердің пікіріне қарағанда, он екі хайуанның атымен аталатын жыл санау циклінің негізін қалаушылар көшпенді хунну-түркі тектес елдер болып табылады (Исқақов 1, 192-202; Виль 93-94).

2. Төрт түлік малдың кеңесі

Төрт түлік малдың өзара кеңесі туралы бұл үлгі басқа халықтарда кездеспейді, сонымен бірге көрсеткіште жоқ. 1935 жылғы С.Сейфуллин, Ө.Тұрманжанов құрастырған, орта мектептің 5-сыныбына арналған «Көркем әдебиет» оқулығында басылған.

Жариялануы: ХТЕ, Т.1. 60; сонымен бірге (Сейф2.,  225-226) жарық көрген.

3. Түлкі мен қоян

Бұл этиологиялық ертегі «Дала уалаяты газетінің» 1890 жылғы № 48 санында жарық көрген.

Жариялануы: ӘМ, 155-156; ХТҚЕ, №26; ХТЕ, Т.1. 62.
Жинаққа «Дала уалаяты» газетіндегі мәтін алынды.

Этиологиялық мифке тән бір сипат – аң-құстардың бір-бірінің дене-мүшелерін, қауырсын-құйрықтарын ауыстыруы болып табылады. Бұндай мифтерде «неге солай?» деген сұрақ беріледі де, оған хайуанаттың ерекше жаратылысы, пішіні арқылы жауап беріледі (Қасқабасов, 78-79). Бұл этиологиялық ертегіде қоянның құйрығы қысқа, түлкінің құйрығы ұзын болуын мифтік таным ауанында түсіндіргенімен қасқыр жыртқыш, түлкі айлакер, қоян әлсіз екендігі суреттеліп, қоғамдағы әлеуметтік қайшылықтар тұспалданады. Жалпы, аңның құйрығынан айырылу сарыны басқадай халықтарда да бар. Мәселен, башқұрттың «Аю не үшін қыс бойы інінен шықпайды?» деген ертегінде аюдың әу бастағы ұзын құйрығын адам шапқандықтан қысқа болғандығы айтылады (БХИ, 23). Сонымен бірге осы жинақтағы №7 «Қоянның құйрығы қалайша шолақ?» деген этиологиялық ертегіде де қоянның келте құйрық болу себебі түсіндірілген. Халықаралық ертегі каталогтарында дәл бұндай мағынадағы құйрықсыз болу сюжеті тіркелмеген.

4. Сауысқан мен көкек

Бұл ертегі Ақмола облысының тұрғыны М.Төрежановтың жазуы бойынша «Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланған (ҚӘ, 29.10.1965.),

Жариялануы: ХТҚЕ, №27; ХТЕ. Т.1. 62.
Жинаққа қолжазба қорындағы түпнұсқа мәтін жарияланып отыр.

Сюжет адамнан құбылған көкек туралы белгілі мифтің желісі негізінде өрбігені аңғарылады. «Көкек неге ұя салмайды?» деген сауалға этиологиялық ертегі жауап береді.

5. Мысық неліктен тышқан жейді?

Бұл ертегі Қалқаш Қожамсаққызының құрастыруымен «Шинжияң жастар-өрендер баспасынан» шыққан «Қазақ балалар ертегілері» ( Үрімжі, 2006, 9-кітап, 64-б.) жинағынан алынды. Ертегінің нұсқалары белгісіз. Қазақстанда алғаш рет жарияланып отыр. Хайуанаттардың 12 жыл мүшел жыл басына таласқаны туралы сюжетке байланысты туған балаларға лайықталған нұсқа екендігі байқалады. Мәселен, мәтінде «сайлам», «сөзсіз оятып қой» деген секілді қазіргі адамдардың ауызекі тілінің әсері бар.

6. Ит неліктен ырылдайды?

Бұл ертегі Қалқаш Қожамсаққызының құрастыруымен «Шинжияң жастар-өрендер баспасынан» шыққан «Қазақ балалар ертегілері» (ҚБЕ, 66) жинағынан алынды. Қазақстанда алғаш рет жарияланып отыр. Ертектің нұсқалары белгісіз, ит пен мысықтың байдың жүзігін (асыл тасын) суға түсіріп алуы туралы сарын кездескенімен (Радлов2, 84) иттердің бірін-бірі жоғалтқан жүзікті іздеп иіскейтіні туралы сюжет кездеспейді.

Халықаралық көрсеткіште байқалмайды.

СУС 200В салыстыруыңызға болады, онда ащы бұрышты әкелуге жұмсаған ит жоғалып кеткендіктен басқа иттер соны іздеп табу үшін бірін-бірі бүгінге дейін иіскейтіні туралы айтылған.

7. Қоянның құйрығы қалайша шолақ?

Ертегі «Шинжияң жастар-өрендер баспасы» тарапынан жарық көрген «Қазақ балалар ертегілері» (ҚБЕ, 71) жинағында жарияланған. Қазақстанда алғаш рет жарияланып отыр. Бұл этиологиялық ертекте әу баста қоянның құйрығы ұзын болғаны, оны тасбақалар қысқартқаны туралы сарын бар. Жер бетіндегі барлық қояндар шолақ құйрық сол екі қояннан таралғаны айтылып, мифтік дәуір елестетілгенімен ертектегі оқиға киелі сипаттан ада, сюжет балалардың қызығушылығын тудыруға лайықталғаны байқалады. Нұсқалары кездеспейді, сондай-ақ халықаралық көрсеткіште кездеспейді. №3 «Түлкі мен қоян» ертегіне берілген түсінікті қараңыз.

8. Сырттандар

Түпнұсқасы ОҒК ҚҚ, 67, 71-бумада сақтаулы. Жинаушы Ә.Диваев, Е.Ысмайылов.
Жариялануы: ҚЕ, ІІ т. 175-182.
Ертек түпнұсқа бойынша жарияланып отыр.

Жігіттің сұлтаны, иттің сырттаны, аттың тұлпары, қасқырдың сырттаны төртеуінің талас, бәсекесі туралы бұл мифологиялық сюжет басқа халықтарда кездеспейді. Көрсеткіште жоқ. Нұсқасы: осы кітаптағы №9 «Сырттанның ажалы» ертекті, сонымен бірге түсінігін қараңыз. Аңшылық-малшылық дәуірде ардақты хайуандарды пір тұтудан, жылқының тұлпарын есті санаудан, сонымен бірге адамның адал досы маңтөбетті ұлықтаудан, осындай табиғаттағы ерекше кереметке ие хайуандармен бірге оларға тең келетін адамның сырттаны – батырды дәріптеуден туған бұл сюжет төлтума сипатта. Бұл мифтік тамыры мен танымы берік үлгінің этиологиялық түсінікпен аяқталуының өзінен оның байырғы сипаты байқалады: «Қараауыз ит өлтірген болса, ит атаулы қасқырға қожа болатын еді. Енді иттің ілуде біреуі-ақ қасқыр алатын болады. Әрине, қасқырдың да итті алатыны санаулы болады. Егер қара қасқыр сені жеген күнде, қасқыр атаулы адамға қожа болатын еді. Оны енді мен өлтірдім, енді адам қасқырға қожа болады, – деп, сырттан жігіт сөзін тоқтатты».

9. Сырттаның ажалы

ОҒҚ ҚҚ, 67-бума, № 101, 1 парақта сақтаулы. Ә.Диваев 1927 жылы 3-сынып оқушысы Беркімбаев Әбділдадан жазып алған, қолжазба араб әрпінде. Мәтін түпнұсқа бойынша жарияланып отыр. «Хайуанаттар туралы қазақ ертегілері» жинағына (ХТҚЕ, №24) құрастырушылар тарапынан «Иттің сырттаны туралы» деп шартты ат беріліп жарияланған.

Нұсқасы: Сауытбеков, 42-46;
№ 8 «Сырттандар» деген ертекке жазылған түсінікті қараңыз.
Жариялануы: ҚЕ, ІІ ,175-182; ХТҚЕ, №24, 52-54.

ХТҚЕ-де «Иттің сырттаны туралы» деп құрастырушылар тарапынан тақырып қойылып жарияланған үлгі сәл редакцияланып нұсқасы жарық көргені белгілі болды. Мәселен, түпнұсқада «жолаушы астына есек мініп», «есекті беріп, күшігін алады» деген жолдардағы «есек» сөзі «ат» сөзімен алмастырылған. Жігіттің сұлтаны, иттің сырттаны, жылқының тұлпары туралы культтік ұғымдар аңшылық-малшылық тұрмыс-тіршілікте ерекше қадірлі жан-жануарлар мен аңшы-бақташыны қасиеттеуден, пір тұтудан қалыптасқаны байқалады.

10.Зор өгіз

Түпнұсқасы ОҒК ҚҚ, 204-бума, 5-дәптерде араб әрпімен сақталған Қолжазбаны кім жазғаны белгісіз, жинаушысы – Ә.Диваев. Мәтін түпнұсқа бойынша жарияланып отыр. Бұл түрік-моңғол халықтарына кең таралған мифологиялық сюжет. Нұсқалары: Пот., 138-139; ОҒК ҚҚ 116-бума; Киргиз, 109-110; Татар, 276-277; Монгол, №27 152; Бенигсен, 18-19; Бұл ертегі байырғы мифтік сюжеттің өзгеруінен туған. Ежелгі түркі халықтарының түсінігі бойынша жер киттің мұрты мен көк өгіздің мүйізінде тұр (Потанин, 61), қазақ арасында «жер жұмыртқадай, көк өгіздің мүйізіне қойылған, бір мүйізі талғанда, көк өгіз екінші мүйізіне ауыстыра салады, сол кезде жер сілкіну болады (Әбішев, 11) деп білген. Бұл үлгіде аталатын өгіздің соншалықты үлкен болуы осындай мифтік түсініктің әсерінен қалған. Г.Н.Потанин жинаған шығармалардың ішіндегі сюжеті осыған ұқсас «Жауырын» мәтіні бар (Потанина, 341). Бұл сюжеттерді көптеген ғалымдар ертек-жұмбақ түріне де жатқызады, шайыр Кете Жүсіп өлең жұмбаққа да айналдырған (Керім, 194-197)

Сюжеттер көрсеткішінде тіркелмеген.

11. Не үлкен?

«Зор өгіз» мәтінімен сюжеті бір нұсқа. Баяндау тәсілі жағынан осыған ұқсас, көлемі тым шағын «Өгіз бен үш адам» атты мәтін ОҒК ҚҚ, 298-бума, 13-дәптерде араб әрпімен сақтаулы. Оны 1921 ж. Әулие ата уезі, Күйік болысы, Асырқұл Қажыбек баласы Сабыржан жазған деген мәлімет берілген. Мәтіндердегі сюжеттік айырмашылық – «Зор өгіз» мәтініндегі өгіз жұтатын балық бұл екеуінде де жоқ. «Өгіз бен үш адам» мәтінінде өгіздің әр бөлігіне жету үшін үш ай уақыт кетеді. Өгіз бағушыларға жолаушы кездеспейді. Мәтіннің соңында сегіз сұраулы сөйлем қойылып, өтірік ертегі кейіпкерлерінің әрқайсысы аталып, оның қайсысының үлкен екендігі сұралады. Бұл сюжет қырғызда «Кто больше всех?» – Киргизские нар. сказки. Фрунзе, 1962, с. 292-294; абазыларда «Кто сильнее, кто больше?» – Абазинские нар. сказки. Москва, 1975, с. 336-337; ингуштер мен шешендерде «Кто больше?» – Сказки и легенды ингушей и чеченцев. Москва, 1983, с. 237-238, т.б. бар. Осы жинаққа Ілияс Жансүгіровтің 1927 ж. Мәскеуден шығарған “Өтірік” кітабы (64-66-б.) бойынша берілді. Ол басылымда ұры баланың әкесінен де айла асырғаны туралы “Өтірік ертегіден” кейін ортақ тақырыппен, бірақ бөлек мәтін ретінде жарияланған. Осы басылымда оның тақырыбы шартты түрде қойылды. Бұл ертегінің латын қарпіндегі машинкаға басылған нұсқасы ОҒК қолжазба қорында 29-бумада сақтаулы, оны 1936 ж. Лепсі уезінің тұрғыны Ақшалұлы (есімі көрсетілмеген) тапсырған, одан өзге мәлімет жоқ. Сюжеттер көрсеткішіне енгізілмеген. №10 «Зор өгіз» ертегісінің түсінігін қараңыз.

12. Қасқыр неге ұлиды?

Алғаш рет «Бозінген» жинағында жарияланған (Боз, 124-б.). Осы мәтін қайта жарияланып отыр.

Ертектің паспорты белгісіз.
Нұсқалары белгісіз. Көрсеткіште тіркелмеген.

Мәтінде «қасқыр» атауының пайда болуы, оларды жоятын у пайда болып, оны жеген қасқырлар «У, у, у» деп ұлиды деген этиологиялық түсінік берілген. Сонымен бірге бас кейіпкердің аты Халық атай, демек әдеби қолтаңба анық байқалады.

13. Ит пен мысық адамға қалай үйренді?

Алғаш рет «Бозінген» жинағында жарияланған (Боз, 161-б). Осы мәтін қайта жарияланып отыр.

Ертектің паспорты белгісіз.

Нұсқасы белгісіз. Көрсеткіште жоқ. Әйткенмен иттің өзіне мықты қожайын іздегені туралы сюжетті салыстырып қарауыңызға болады: СУС 201F*; БХИ, №10.

14. Ит пен мысық неге араз?

Алғаш рет «Бозінген» жинағында жарияланған (Боз, 109-б). Осы мәтін қайта жарияланып отыр.

Ертектің паспорты белгісіз.
Нұсқасы белгісіз. Көрсеткіште жоқ.

Алайда ит пен мысықтың қожайынының жүзігін, асыл тасын тауып беру кезінде таласатыны туралы сарындар қазақта бар: №6 мәтін; Радлов2, 84.

15. Тышқан, ит және мысық

Алғаш рет «Бозінген» жинағында жарияланған (Боз, 123-б). Осы мәтін қайта жарияланып отыр.

Ертектің паспорты белгісіз.
Нұсқалары белгісіз. Көрсеткіште тіркелмеген.

16. Суыр сұңқар, су қайда?

Алғаш рет жариялануы: Очерки, вып. ІІ, 152.

Г.Н.Потанин бұл сюжетті руы жастабан Тарбағатай өңірінің қазағынан жазып алған. Жариялануы: Потанин, №13; Одан кейін қазақ тіліндегі нұсқа «Бозінген» жинағында жарияланған (Боз, 106-б). Осы мәтін қайта жарияланып отыр. Бұл сюжеттің нұсқасы жоқ. Туысқан халықтарда да кездеспейді. Халықаралық көрсеткіште жоқ. Әйткенмен жылқы мен сиырдың бәйгеге түскені туралы параллель сюжеттер шығыс славяндарда бар, салыстыруыңызға болады: СУС 203*. Мұнда өгіз бен ат жарысады да өгіз жыраға құлап кетіп, жер жарылды деп ойлап, сол заманнан бері маңғазданып, ақырын ілбіп жүретін болып қалады. Қазақтағы үлгі төлтума сипатта, онда сиырдың көлшік суға құмарлығы, жайбасарлығы, аттың жүйріктігіне этиологиялық түсінік беріледі. Суыр шабан мен жүйрікке әсер ететіндіктен, жартылай жасампаз қаһарман пішінінде, жалпы суырдың арғы тегі адамнан құбылған деген сарынды осы арада еске түсіре кеткен дұрыс.

17. Жапалақ көрсең, атып ал

Жариялануы:Боз, 118-б; ХТЕ Т.1. 264-265. Осы мәтін қайта жарияланып отыр.
Ертектің паспорты белгісіз.

Кең таралған ертек. Құстың сүйегінен сарай салу туралы сюжеттің параллелдері көп. Салыстыруыңызға болады: СУС 221 В* Моңғолда зұлым патша Хангарди (Самұрық), қазақта Самұрықтың қызметін әдетте Сүлеймен патша атқарады. Шамасы, ислам руханияты дендеп енгеннен кейін Сүлеймен бейнесі қазақ сюжетіне мықтап орныққан, өйткені осы кейіпкердің аты-жөні моңғолда мүлде кездеспейді. Сонымен бірге айырмашылық: моңғолда байғыздың міндетін атқаратын жапалақ мадақталады, қазақта керісінше, ол аталас үкі мен байғызға сатқындық жасаған опасыз, байғызды Сүлеймен патшаның жендетіне ұстап беруші (ТММ, 20).

18. Қыран мен құзғын

Алғаш рет «Бозінген» жинағында жарияланған (Боз, 123-б). Осы мәтін қайта жарияланып отыр.

Ертектің паспорты белгісіз.

Нұсқалары белгісіз. Көрсеткіште жоқ. Қыранды құзғынға қарсы қойып дәріптеген ауызша таралған дидактикалық тәмсіл.

19. Құрым сары айғыр мен сыншыл шолақ қасқыр

ОҒК ҚҚ, 62-бумада. Айтушысы белгісіз. Жинаған Ысқақұлы Есімхан. Араб әрпінде. Мәтін түпнұсқадан алынды.

Жариялануы: ХТЕ, Т.1. 65.
Халықаралық көрсеткіште жоқ.

Біздің байқауымызша, ертектің нұсқасы тек қана тувада кездеседі. Қараңыз: Шинчээчи бөрү (Сыншы бөрі) // Тувинские народные сказки. Новосибирск, 1994. №20. Бұл ертектің тувада төрт варианты бар. Ал тувадағы №20 ертек қазақтағы нұсқамен ортақ деуге болады. Бұл – ежелгі мифтік түсінікке сай жылқының тұлпары, қасқырдың сырттаны бірін-бірі алдын ала сезіп, арбасып, жекпе-жекке шығып жеңеді деген қазақтың төл ұғымына сәйкес шыққан ертек. Сырттандар туралы осы жинақтағы №8, №9 ертектерге жазылған түсінікпен салыстырыңыз.

20. Маса неге ызыңдайды?

Түрлі нұсқада әлем халықтарына аса кең таралған этиологиялық көне миф. Бұл нұсқа төмендегі жинақта жарияланған: Сауан, 272-273. Айтып берген Шәймұрат Жақыпұлы, жазып алып жүйелеген Қайранбай Әбікейұлы. Қазақстанда алғаш рет жарияланып отыр. Варианттары: «Қиссас ул-әнбие» кітабында «Нұх пайғамбар (ғ.с.) қиссасында» кездеседі (Рабғұзи, 44-48); БХИ №13.

21. Қоянның ерні неліктен жырық?

Бұл ертек төмендегі жинақтан алынып, Қазақстанда алғаш рет жарияланып отыр: Сауан, 276-280. 1963-жылы айтып берген: Берікбай Жақсылықұлы, жазып алған Құрманғажы Әкежанұлы. Этиологиялық сипаттағы төлтума қазақ ертегісі. Халықаралық көрсеткіштерде байқалмайды.

Шартты түрде салыстыруыңызға болады: АТ 56 В* Этиологиялық мифке тән бір сипат – аң-құстардың бір-бірінің дене-мүшелерін, қауырсын-құйрықтарын ауыстыруы, немесе кескін-келбетіндегі ерекшеліктердің пайда болу тарихының баяндалуы. Бұндай мифтерде «неге солай?» деген сұрақ беріледі де, оған хайуанаттың ерекше жаратылысы, пішіні арқылы жауап беріледі (Қасқабасов, 78-79). Бұл ертегіні осы жинақта жарияланып отырған «Қоян мен түлкі» (№3), «Қоянның құйрығы қалайша шолақ?» (№7) деген этиологиялық ертегілермен салыстыруыңызға болады. Моңғолда қорқақ қояндар өздерінен үріккен қойдың әрекетіне мәз-мейрам боп күліп, содан олардың еріні жырық болған деген миф бар. Салыстыруыңызға болады: Цэр, №14 а. Әйткенмен бұл ертегінің сюжеттік жүлгесі негізінен осы жинақтағы №58 «Түлкі мен бөдененің жолдас болуы» ертегісіне ұқсас болғанымен өзіндік ерекшелікке әбден ие. Біз талдап отырған ертекте ақылды қоян жолда келе жатқан кербез салды алдап (қоянның ақылы бойынша салдың алдынан өтірік ақсап назар аудартушы – түлкі, ал №58 ертекте жолдағы әйелді алдаушы – бөдене) етігін, дабылын, тымағын, қоржындағы майлы бауырсағын алады да, достары қасқырға, түлкіге, қырғауылға үлестіреді, өзі бауырсақты жалғыз жеп қояды, опық жеген үш досы келгенде қоян таспен ұрып ерінін қанатып, содан бұл мүшесі жырық болып қалады. Дәл осындай сюжеттік контаминация басқа халықтарда, соның ішінде туысқан елдерде кездеспегендіктен, ертек қазаққа тән деп қорытынды жасаймыз.

22. Торғай неліктен жүре алмайды?

Бұл ертек төмендегі жинақтан алынып, Қазақстанда алғаш рет жарияланып отыр: Сауан, 295-302. 1963-жылы айтып берген: Берікбай Жақсылықұлы, жазып алған Құрманғажы Әкежанұлы.

Ертектің нұсқалары белгісіз.
Халықаралық көрсеткіште бар: СУС 229С*

23. Ақбас торғай

Бұл ертек төмендегі жинақтан алынып, Қазақстанда алғаш рет жарияланып отыр: Сауан, 347-348. 1963-жылы айтып берген: Берікбай Жақсылықұлы, жазып алған Құрманғажы Әкежанұлы.

Ертектің нұсқалары белгісіз, халықаралық көрсеткіште кездеспейді.

24. Сарыала қаздың бауыры қалайша сары?

Бұл ертек төмендегі жинақтан алынып, Қазақстанда алғаш рет жарияланып отыр: Сауан, 331-332. 1957-жылы айтып берген: Берікбай Жақсылықұлы, жазып алған Құрманғажы Әкежанұлы.

Ертектің нұсқалары белгісіз, халықаралық көрсеткіште кездеспейді. Қоян мен бақаның жарысын ертегілік эпоста жиі кездесетін шабан мен жүйрік хайуанның өзара бәйгеге түсу сарынына салыстыруға болады. Мәселен, шығыс славянда қоян мен кірпі бәйгеге түсіп, жайбасар кірпі озып кетеді. Қараңыз: СУС 275А*

25. Ақ тырнаның құйрығы мен қызыл төбетайы

Бұл ертек төмендегі жинақтан алынып, Қазақстанда алғаш рет жарияланып отыр: Сауан, 400-402. 1957-жылы айтып берген: Берікбай Жақсылықұлы, жазып алған Құрманғажы Әкежанұлы.

Ертегінің нұсқалары белгісіз, халықаралық көрсеткіште байқалмайды.

26. Сауысқанның жұмыртқасы мен бөдененің құйрығы

Бұл ертек төмендегі жинақтан алынып, Қазақстанда алғаш рет жарияланып отыр: Сауан, 281-286. 1957-жылы айтып берген: Берікбай Жақсылықұлы, жазып алған Құрманғажы Әкежанұлы. Араб әрпімен жазылған. Әлемге кең таралған сюжет. Түпкі тегі «Кәлилә және Димнә» жинағының арапша нұсқасымен байланысты жайылған ( Қараңыз: «Көгершін мен түлкі және көкқұтан туралы бір сөз» // (КМД, 394-396), «Панчатантрада» кездеседі: (І, №18). Шығыс халықтарының басқадай да ежелгі әдеби мұраларында тұрақты кездеседі, шығыс Еуропаға да кең таралған. Нұсқалары: осы жинақта № 44 («Түлкі, Қараторғай және қарға») ертек; башқұртта БХИ, №44; моңғолда МАҮ, №30.

АТ 56 А+ АТ 122D; Салыстыруыңызға болады: СУС 56А+122В*.

Осы жинақтағы №44 «Түлкі, қараторғай және қарға» ертегіге жазған түсінікпен салыстырыңыз.

27. Мысық, жолбарыс және тышқан

Бұл ертек төмендегі жинақтан алынып, Қазақстанда алғаш рет жарияланып отыр: Сауан, 430-434. 1957 жылы айтып берген: Берікбай Жақсылықұлы, жазып алған Құрманғажы Әкежанұлы. Араб әрпімен жазылған.

Нұсқалары белгісіз, халықаралық көрсеткіште байқалмайды.

Алайда мысықтың жолбарыстың жетім баласына барлық өнерді үйретіп, тек қана ағашқа өрмелеуді ұқтырмай, ақырында өзіне шапқанда сол әдісі арқылы тірі қалғаны туралы кең таралған сюжетпен бұл ертегіні салыстыруыңызға болады: Шартты түрде нұсқасы: Арыстан күшігін асыраған мысық // ӘӨИ ҚҚ, 520-бума; ХТЕ, Т.1. 210 Осы жинақтағы №95 «Қайырымсыз барыс», №126 «Арыстан күшігін асыраған мысық» ертегілерін қараңыз. Салыстыруыңызға болады: СУС 230*** (қарға мен сұңқардың балапаны). Мұнда қарға ұясындағы сұңқардың балапанын басып шығарады, ол өсе келе қасындағы қарғаның балапандарын жеп қояды.

Классикалық ертегілер

28. Алты түлкі

Ә. Диваевтың 1920-1921 жылдары жинаған материалдарынан. ОҒК ҚҚ, 182-бума, 7-дәптер, 11-б. Тапсырушы Ғабитова Фатима, қолжазба араб әрпінде жазылған. Осы түпнұсқа мәтін жарияланып отыр.

Жариялануы: ХТҚЕ, №60; Боз, 193; ХТЕ, Т.1. 68.
Көрсеткіште:(АТ 64). Сонымен бірге: СУС 64.
Варианттары: Нам, 13.

Сюжет АТ 64 шартты: С.Томпсон көрсеткіште Эзоптың әйгілі мысалындағы құйрықсыз түлкінің басқа түлкілердің құйрықтарын тастауға үгіттегенін келтірген. Қазақ сюжеті парсы ертегісіне жақын. Құйрықсыз шолақ түлкі басқа түлкілерді жүзім бағына алып келіп, олардың құйрықтарын ағашқа байлап, қорқытқан кезде барлығы құйрығынан айырылады (Салыстырыңыз: ТМ J 758. І. 2, тек Үндістанда тіркелгенін айту ләзім). «Құйрықсыз түлкі» сюжеті шығыс славян халықтарында да кездеседі (СУС,с. 61). Қазақша нұсқаны өзбек тілін білетін кісі айтып бергендіктен парсы сюжетіне тәуелді болуы әбден ықтимал.

Ертегі тілінде өзбекше сөздер бар: «яхшы», «беш», «мажлұп» және т.б.

29. Қу түлкі

Түпнұсқасы ӘӨИ ҚҚ, 520-бумада сақтаулы, айтушысы белгісіз. Жинаған Н.Төреқұлов. Оңтүстік Қазақстан экспедициясы. Осы түпнұсқа мәтін жарияланып отыр. Бұл алғаш рет «Балдырған» журналының 1959 жылғы 11-санында жарияланған. 1964 жылы ҚЕ З томында (168-б) қайтадан басылған. Көрсеткіште жоқ. Нұсқасы белгісіз. (Түлкі арыстанның артынан ереді, аңдар арыстаннан сескенеді, түлкі менен қорқып тұр деп арыстанды алдайды).

30. Қу түлкі

ОҒК ҚҚ, 204-бума. Айтушы, жинаушылары белгісіз. Араб әрпімен жазылған. Жинаққа осы түпнұсқа мәтін жарияланып отыр.

АТ І; СУС 1

Башқұрттағы нұсқа: БХИ, №29.

Қазақта басқа нұсқасы жоқ. Ертек әлем халықтарына кең тараған. Алайда бұл белгілі орыс ертегісінің қазақ тілінде жаңғыруы. Ертектің түптөркіні орыс халқында: Народные русские сказки А.Н.Афанасьева в трех томах. Т.І.М, 1984. №1

31. Өткен замандағы хикаят сөз.

Алғаш рет ДУГ, 1890, №45-санында басылған. Ертегінің соңынан «Павлодар оязының Алтыбай елінің қазағы М.У.» деп қол қойылған. Жинаққа осы мәтін жарияланып отыр. 1970 жылғы «Әдеби мұра» жинағында «Әлін білмеген әлек» деген тақырыппен жарық көрген.

Жариялануы: ХТЕ, Т.1. 68; ДУГ, 1989. 236.
Орыс тіліндегі нұсқа «Крашеная лисица» деген атпен жарияланды: ХТҚЕ, №72.

ТМ J 2131.5.6.

Сюжет Үндістаннан бастау алған. Ол «Тотынама» арқылы Орта Азияға таралған (Тотынама 91). Әуелгі нұсқада боялушы шиебөрі, оның бояуын жаңбыр шайып кетеді, содан масқара болады. Қазақ версиясы төлтума: түлкі боялып, аң патшасы болады, ол туыстары уланып қырылғанын естіп қайғырып өледі.

32. Түлкі мен жолбарыс

Ә.Диваевтың 1920-1921 жылдары жинаған материалдарынан. ОҒК ҚҚ, 182-бума, 7-дәптер, 2-3-б. Тапсырушы Фатима Ғабитова, қолжазба араб әрпінде жазылған. Жинаққа осы түпнұсқа мәтін жарияланып отыр.

Жариялануы: ХТҚЕ, №56; ХТЕ, Т.1. 69

АТ 10***

Варианттары: КС І, 177 (Н. Северин балаларға лайықтап өңдеген, дереккөзін көрсетпеген. Тибет ертегісін еске түсіреді). Сюжет моңғол фольклорында бар (Тибет, № 20(5), Бурят-монгольские народные сказки. Улан-Удэ, 1956, с. 135). Солтүстіктегі халықтар фольклорында жиі кездеседі: жар жиегінде аю мен түлкі (С.Томпсон көрсеткішінде норвегия вариантын ғана атап өтеді). Сюжеттің кең көлемде таралуы оның қазақ ертегілерінің қорында көне заманнан болғандығын білдіреді. Біраз өзгерген түрде бұл сюжет қырым татарларының Ахмет Ахай туралы анекдоттар жиынтығында кездеседі (Крым, 25).

33. Түлкі мен қырғауыл

Ертегі С.Көбеевтің құрастыруымен шыққан «Үлгілі бала» (Қазан, 1912) атты кітапта басылған. Нұсқасы ОҒК ҚҚ, 538-бума, 3-бетте сақтаулы. Жинаққа осы мәтін жарияланып отыр.

Жариялануы: КС, ІІІ, 244; ҚЕ, Т.2, 184; ХТЕ, Т.1. 70.

АТ 62; СУС 62.

Кең таралған сюжет.

34. Түлкінің алдағаны

В.В. Радловтың «Түркі тайпаларының халық әдебиеті үлгілері» жинағында жариялаған (Радлов, 360). Жинаққа осы мәтін жарияланып отыр. Қысқаша үлгісі «Тургайская газета» 1903 жыл № 8 санында жарық көрген.

АТ15+ ТМ К 962+0 +АТ 21+АТ 6+(АТ 56 B*)

Нұсқалары: ТМ К 962 сюжеті туралы жоғарыдағы ертектерге жазылған түсініктерден қарауыңызға болады. АТ 6 (ХТҚЕ, №65); (ХТЕ, Т.1. 70).

№ 155 «Қаз бен түлкі» ертегісіне берілген түсініктемені қараңыз. АТ 21 үшін «Түлкі, арыстан, түйе және доңыз» ертегісіне берілген түсініктемені қараңыз. АТ 56 B* «Түлкі және бөдене» ертегісінде, АТ 15 сюжеті қарашайда, татарда бар (Тат, 238; татар, 271).

Ертегі әртүрлі сюжеттер қоспасынан құралған.

АТ 15 сюжеті бүкіл әлемге кең таралған. К.Крон оның солтүстік еуропалықтардан шыққандығын жазады. И. Левин бұл сюжеттің тегі (Дзагуров Г.А. Осетинские народные сказки. М., 1973, 562 с.) шығыстан (ираннан) деген пікірге ден қояды. Бірақ қазақшасы иран нұсқасына ұқсамайды. АТ 6 сюжеті қазақ фольклорына тән сипатта баяндалған: әдетте жыртқыштың аузына іліккен әлсіз хайуан «маңғыт» деп айтуын сұрайды, ол «маңғыт» дегенде «аузыңа саңғыт» деп ажалдан құтылып кетеді (көбінесе осы жағдай түлкі мен бөдене арасында болады). АТ 56 B* - қазақ ертегілеріне әбден тән сюжет. Еріккен түлкінің (тамақтандыр, күлдір, қорқыт) деген шарттары өз басына ажал әкеледі.

35. Түлкі, қасқыр, түйе, арыстан

Ә.Диваев Түркістан уалаяты Божбанов болысы тұрғыны С.Мырзабаевтан «Қу түлкі» (Хитрая лисица) деген атпен (Диваев, ЭМ) жазып алған, келесі бір нұсқасын Г.Н.Потанин жария еткен (Пот., 152-153). М.Ж. Көпеевтің «Балалар кітабында» (М.Ж. Көпеев. Балалар кітабы. Ташкент, 1929), кейіннен Т.Абдрахманов тарапынан 1967 жылы 22 желтоқсанда «Қазақ әдебиеті» газетінде жарық көрген. Бұл жинаққа «Хайуанаттар туралы қазақ ертегілерінде» (ХТҚЕ, №40) (ХТЕ, Т.1. 72-75) жарияланған Мәшһүр Жүсіп Көпей нұсқасы енді.

ТМ К 962+0

Қазақта аңқау ашық ауыз түйені жем ететін жыртқыштар туралы көптеген ертегі бар. Ондағы сарын ортақ: жыртқыштар түйені алдайды, келісімге келеді, немесе «сатып алады». Жыртқыштардың кезек-кезекпен арыстанға азық болу сюжетінің көне үлгісі «Панчатантрада» (Панчатантра, 1.13;1.21) бар, батыс Еуропаға да мол таралған (exempla). Ертек төмендегі сарынмен жалғасады: арыстан қан-жынды жуып жатқан кезде түлкі (шибөрі) дәмді мүшені жейді де, басқа біреуге кінә артады, жыртқыштар бірін-бірі қуып кетеді, бүкіл етке түлкі ие болады. Бұл мотив – «Панчатантра» мен қазақ ертегінде ортақ. Қазақ фольклорына «Кәлила мен Димнә» арқылы ауысуы ықтимал. «Кәлила мен Димнәда» түлкінің орнында шибөрі, түйені жем болуға азғырушы айлакер құзғын (КМД, 238-241). Қалмақта да кездеседі (Калм, 256).

36. Түйе, арыстан, қасқыр,түлкі және бөдене

Түпнұсқасы ОҒК-ның ҚҚ, 29-бумада сақтаулы, айтушысы белгісіз, жинаушы Ақшаұлы, 1936 жылы жазып алып тапсырған. Жинаққа осы түпнұсқа мәтін жарияланып отыр.

Жариялануы: ХТҚЕ, 91-94; ХТЕ, Т.1. 75-78.

ТМ К 962+0+АТ35В*+00+АТ6+АТ62

Нұсқалары көптеген шығыс халықтарында бар, ескі нұсқасы «Панчатантрада» кездеседі (Панчатантра Кн. №2). Башқұртта «Есек, түйе, түлкі, бөрі» (БХИ, 58) деген ертекте қыстан қорыққан түйе жыртқыштарға өзін жеуге келісім береді. Дағыстанда (СНД, №12), ауғанда (АС, №36), татарда (Тат, №5) т.б. халықтарда түрлі нұсқасы бар. Фольклортанушы Л.Г.Бараг «жыртқыштардың жем болған хайуанды бөлісуі» туралы бұл сюжетті салыстырып, жан-жақты талдаған болатын ( Бараг, 77-90). Ертекте алты сюжеттің контаминациясы байқалады. Әдетте бұл сюжеттер дара күйде жеке-жеке ертек түрінде де кездесе береді, алдыңғы үш сюжет (түйенің жем болуы, ет бөліскенде арыстанның алдануы, арыстанның қабақтан қарғуы) «Түлкі, қасқыр, түйе, арыстан» (№35) деген ертекпен ұқсас. Одан кейінгі сюжет – түлкіні алдайтын бөдене туралы белгілі ертек. Бұл қазақта, моңғолда (Цэр, 112-113) кең таралған. Көптеген елдерде негізінде АТ 6 сюжетінің бас кейіпкерлері түлкі мен тауық болып келеді. Мұндай сюжет Үндістаннан Еуропаға дейін кездеседі, Африкада бар. «Түлкі, қасқыр, түйе, арыстан» (№ 35) деген ертекке жазылған түсінікті де қарауыңызға болады.

37. Залым түлкі

Ертегінің түпнұсқасы ӘӨИ ҚҚ, 116-бума, 3-дәптерде 33-41 беттерде сақтаулы. Айтушысы белгісіз. Жинаушысы Уахитов Әбу, 1960 жылы жазып алған. Жинаққа мәтін түпнұсқа бойынша жарияланып отыр.

Жариялануы: ҚЕ, ІІІ, 157-160; Боз, 157-159; ХТЕ, Т.1. 78-80.
АТ 20 (аңдар жолға шығады) + О (Арыстанды жардан секірту)

38. Айлалы түлкі

«Қазақстан көркем әдебиет» баспасы шығарған «Ертегілер» жинағында (Алматы, 1939, 25-27) басылған. Жинаққа осы мәтін жарияланып отыр.

Жариялануы: ХТЕ, Т.1. 84-85.
Нұсқасы белгісіз. Көрсеткіште байқалмайды.

Мәтінде «итбалық, морж, кит» деген сөздер кездеседі, демек өңдеуден өткен, әдеби қолтаңба айқын сезіледі.

39. Арам түлкі жайында

Жақсыбай Жантөбетов 1945 жылы жазып алып тапсырған. ОҒК ҚҚ, 203-бума, 11-б. Жинаққа осы түпнұсқа мәтін жарияланып отыр.

Жариялануы: ХТЕ, Т.1. 85-86.

Көрсеткіште кездеспейді. (салыстырыңыз: АТ 105 В* түлкі өтірік өлген болып, құстың ақылымен құтылып кетеді). Варианттары белгісіз. Ертек сюжеті шынайы һәм төлтума сипатта, мұнда торға түскен құлан сауысқанның ақылымен өтірік өліп, аңшыдан құтылып кетеді, түлкі сатқындық жасайды. Бұл ертегінің моңғолдағы нұсқасы «Құлан, қарға, қасқыр» деп аталады. Құлан торға емес қақпанға түседі, қасқыр достыққа жарамайды, ал қарға құланға «өтірік өліп жат та, қаш» деп кеңес береді (МАY, 58-59-б. №31) Демек, қазақ пен моңғол сюжеті ортақ арнадан бастау алғаны ұқсастығынан байқалады. «Панчатантрада» ақбөкеннің торға түсуі, оған құзғын мен егеуқұйрықтың көмектесуі, артынан жайбасар тасбақаның тағы да аңшы жайған торға түсуі, оны ақбөкеннің өтірік ақсаңдап, аңшыны алдау арқылы құтқаруы кездеседі. (КМД, 292-295)

40. Түлкінің қайрауы

Түпнұсқасы ОҒК ҚҚ, 97-бумада сақтаулы. Жинап, тапсырған Ә.Диваев, араб әрпінде жазылған, түпнұсқа бойынша жарияланып отыр.

Жариялануы: ХТЕ, 86.

Өлеңмен айтылған мысал түріндегі нұсқасын қарауыңызға болады: «Арыстан, киік һәм түлкі» ХТҚЕ, №46. Сонымен бірге түлкінің қайрап арыстанды жардан секіртіп өлтіруі туралы сюжет «Түлкі, қасқыр һәм арыстан» ертегісінде кездеседі: ХТҚЕ, №41.

Осы сюжет парсы тілді халықтарда (белуджи, курд) кездеседі.
Халықаралық көрсеткіште жоқ.

41. Түлкінің айласы

Бұл мәтін алғаш рет «Бозінген» жинағында жарияланған (Боз, 43). Жинаққа осы мәтін еніп отыр.

Ертектің паспорты белгісіз.
Жариялануы: ХТЕ, 87-89.
Салыстыруыңызға болады: АТ 37; СУС 36*; СУС 37

Нұсқасы: «Түлкі мен тырна хикаясы» ертегісі. Қараңыз: ДУГ, №48; ХТҚЕ, №68; КС, ІІІ,Т. 249-250. Сонымен бірге осы жинақтағы №53 «Түлкі мен тырна хикаясы» ертегісіне жазылған түсінікті қараңыз.

42. Түлкінің күлкісі

Бұл ертегі алғаш рет «Бозінген» жинағында жарияланған (Боз, 127).
Ертектің паспорты белгісіз.
Жариялануы: ХТЕ, 89
Көрсеткіште байқалмайды. Нұсқалары белгісіз.

Салыстыруыңызға болады: СУС 38.

43. Сазайын тартқан түлкі

Бұл мәтін алғаш рет «Бозінген» жинағында жарияланған (Боз, 147). Жинаққа осы мәтін алынды.

Ертектің паспорты белгісіз.
Жариялануы: ХТЕ, 90-92.
Нұсқалары жоқ. Көрсеткіште белгісіз.

44. Түлкі, Қараторғай және Қарға

Бұл мәтін алғаш рет «Бозінген» жинағында жарияланған (Боз, 125). Жинаққа осы мәтін алынды.

Ертектің паспорты белгісіз.
Жариялануы: ХТЕ, 92-93.

Әлемге кең таралған сюжет. Түпкі тегі «Кәлилә және Димнә» жинағының арабша нұсқасымен байланысты жайылған ( Қараңыз: «Көгершін мен түлкі және көкқұтан туралы бір сөз» // (КМД, 394-396), «Панчатантрада» кездеседі: (І, №18).

Нұсқалары: қазақта КС, ІІІ, 217; башқұртта БХИ, №44; моңғолда МАҮ, №30.
АТ 56 А+ АТ 122D; Салыстыруыңызға болады: СУС 56А+122В*.

45. Түлкі мен қасқыр

Ә. Диваев жинаған материалдан. Айтып беруші Жұмағали Қуғанбаев (1927 жылы туған). ОҒК ҚҚ, 76-бумада сақтаулы, 2-3-б. Түпнұсқа бойынша жарияланып отыр.

Жариялануы: ХТҚЕ, І47-148; ХТЕ, Т.1. 93-95.

АТ 122.

Нұсқалары: Каракалпак, 65,68.; Карач, 217.; Киргиз, 139.; КиргМ 224, Муч, 50; Тат, 237; Узб 155, башқұртта (Башкорт халык ижады, Өфө, 2009. Т.13. 98-99-б), моңғолда (МААЗДБ, 144), (МАY,50-51) кездеседі. Шығыс славян халықтарында аш қасқырдың хайуандардың «Менің семіргенімді күтіп жүре тұр» деген уәдесіне алданып сандалып жүргені туралы сюжет бар, бірақ онда аттың қасқырды тепкені кездеспейді: СУС 122 А = 47 В = АА 122. Сюжет Евразияға кең таралған. Түркі халықтарынан гөрі, еуропалықтарда варианттары аса мол. АТ 122 сюжеті әдетте үш эпизодтан тұрады. Бірінші эпизод («Менің семіргенімді күтіп жүре тұр» – АТ ) әлемнің түкпір-түкпіріне таралған (Латвия, Үндістан, Қиыр Солтүстік). Екінші эпизодтағы «достарыңды шақырып, бірге же» деген сарын басқа халықтарда байқалмайды. Ақымақ қасқырды аттың тепкені туралы ақырғы эпизод әлемде тұрақты кездеседі. Бұл сарын Шотландиядан Қазақстанға, Моңғолияға дейін бірізді таралған деуге болады. Сюжет Эзоп мысалдарында «Есек пен қасқыр» түрінде кездеседі (Басни Эзопа, 1968. с.118, №187). 1. Квадрат жақшаның ішіне айтушының төл сөзі берілген.

46. Түлкі мен қасқыр

Шинжияң қазақтары арасында көп тараған ертегі «Шинжияң халық баспасынан» шыққан «Қазақ халық ертегілері» атты жинақта алғаш рет жарияланған (1980. 383-б). Жинаққа осы мәтін жарияланып отыр.

Жариялануы: ХТЕ, Т.1. 95
Салыстыруыңызға болады: АТ 20 А; СУС 30 +31

47. Түлкі менен қасқыр

Ә.Диваевтың 1920-1921 жылдары жинаған материалдарынан: ОҒК ҚҚ, 182-бума, 7-дәптерде сақтаулы, 3-б. Түпнұсқа бойынша жарияланып отыр.

Жариялануы: ХТҚЕ, 120; ХТЕ, Т.1. 95
Көрсеткіште кездеспейді, нұсқалары да белгісіз.

Бірақ та түлкінің нұсқауымен құйрығын мұзға матырып, балық аулап, сәтсіздікке ұшырайтын ақымақ қасқыр туралы ертегі шығыс славян халықтарында бар: СУС 2. Қазақтағы нұсқаның ерекшелігі емқос түлкінің ақылымен қасқырдың құйрығы мұзға жабысады, әйткенмен мұнда балық аулау сарыны жоқ.

48. Түлкі, қойшы, аю.

Диваев жинаған материалдан: ОҒК ҚҚ, 133-бумада, Б.8-9. Тағы да қараңыз: ОҒК ҚҚ, 28Д-бумада сақтаулы, Б. 650-651 (дереккөзге сілтеме берілмеген). Ертегі түпнұсқа бойынша жарияланып отыр. Жариялануы: Неб 84, Песни степей. М., 1940, Сид, КС 1190 (недәуір өңделген); ҚЕ, І.Т. 191-193; ХТҚЕ, 111-113; Боз, 15-16; ХТЕ, Т.1. 96-97.

АТ 36 + АТ 154 ІІ

Шығыс славяндарда бар: СУС 36 + 155

49. Түлкі мен маймыл

Түпнұсқасы ОҒК ҚҚ, 103-бумада сақтаулы. Осы мәтін жарияланып отыр. Бұл ертегіні Ә.Диваев жинап, 1924 жылғы шыққан «Тарту» жинағында жариялаған.

Жариялануы: ҚЕ, І Т. 205-207; ХТЕ, Т.1. 98-99.

Нұсқалары: Осы жинақтағы №72 «Бұл не қылған батпан құйрық» ертегісін салыстырыңыз.

СУС АА *30 І =35 В*

50. Түлкі мен ешкі

Алғаш рет жариялануы: 1957 жылы ҚЕ, І Т. 208.
Жариялануы: Боз, 24; ХТЕ, 100. Алтынсарин, 91-92.
Нұсқалары белгісіз.
Көрсеткіште байқалмайды. Салыстыруыңызға болады: СУС 32

51. Түлкі мен қоян

Н.Төреқұлов тарапынан Шымкент облысынан жазылып алынған. Оңтүстік Қазақстан экспедициясының материалдары, 1964. – ӘӨИ ҚҚ, 520-бума, дәп. І, 71 -б. Осы мәтін жарияланып отыр.

Көрсеткіште жоқ. Варианттары белгісіз.

Сюжет түлкінің қулығы туралы танымал мотивтерге қарағанда екінші топқа кіреді (әлсіздің жем болуы: ТМ К 1818).

Жариялануы: ӘМ, 77; ХТҚЕ, №26; ХТЕ, Т.1. 100.

52. Түлкі, тасбақа және кене.

ОҒК ҚҚ 28Д-бума, Б. 658-659. Жинаққа осы мәтін жарияланып отыр. Салыстыруыңызға болады: Диваев – ЭМ VІ.

Жариялануы: КС, І, 195; ҚЕ, І, 203; ХТҚЕ, № 47; Боз, 21; ХТЕ, Т.1. 101.

АТ 9 А + АТ 275

«Түлкі, қасқыр және жолбарыс» ертегісіне берілген түсінікті қараңыз: ХТҚЕ, №41.

53. Түлкі мен тырна хикаясы

Мәтіннің алғашқы жарық көруі: ДУГ, 1900, №48. Жариялаушы – Орта жүз. Жинаққа осы мәтін жарияланып отыр.

Жариялануы: КС, ІІІ Т. 250; ӘМ 94; ХТҚЕ, №68; ХТЕ, Т.1. 101.
Көрсеткіште кездеспейді.
Нұсқалары: Киргиз 49, Узб І 75.

Осы типтес ертек Еуропада, шығыс славяндарда бар (Салыстыруыңызға болады: АТ 37, СУС 37. Түлкі бала бағушы болады да, аюдың қонжығын жеп қояды). Бірақ түркі нұсқасы өзіндік жергілікті ерекшелікке ие.

Осы жинақтағы № 41 «Түлкінің айласы» ертегісіне жазылған түсінікті қараңыз.

54. Түлкі мен тырна

Ертек алғаш төмендегі жинақта жарияланған: А.Васильев. Образцы киргизской народной словесности. Вып.1. Оренбург. 1898, с.72.

Қайтадан жарық көруі: КС, ІІІ Т. 221. ХТҚЕ, № 67; ХТЕ, Т.1. 102.

АТ 105 В*

Нұсқасы белгісіз.

Сюжет сирек болса да Шығыс Еуропада кездеседі, сонымен бірге орыс (Фольклор Горьковской области, Горький, 1939, №2.), украин халықтарында бар. Шығыс славяндарда кездесетін тағы бір нұсқада өтірік өлетін құс қаршыға, ал аңшылардан құтқарылатын әдетте түлкі. СУС: 105В* Сонымен бірге башқұрт, қырғыз (БХИ, №46, 182), чувашта кездеседі. Башқұрт нұсқасында түлкі мен тырна әдеттегідей бірін-бірі қонаққа шақырып, ыңғайсыз ыдыстарға ас құйып сыйласады. Содан кейін ол екеуі жолда келе жатып аңшылардан қашып, тау үңгіріне тығылады да, қуғыншыларды тырна баяғы өлген боп алдайды, нәтижесінде өзін де, түлкіні де адамдардан құтқарады (БХИ, №46, с.62-63).

55. Түлкі мен тырна

Түпнұсқасы ОҒК ҚҚ, 293-бума,1-дәптерде сақтаулы тұр. 1920- жылы жинаған Ә.Диваев. Бұрын жарияланбаған, мәтін алғаш рет жарық көріп отыр. Халықаралық көрсеткіште жоқ, әйткенмен бұған үндес сюжетті салыстыруыңызға болады: АТ 37; СУС 36*; СУС 37 Нұсқасы: «Түлкі мен тырна хикаясы» ертегісі. Қараңыз: ДУГ, №48; ХТҚЕ, №68; КС, ІІІ Т. 249-250. Сонымен бірге осы жинақтағы №53 «Түлкі мен тырна хикаясы», №39 «Арам түлкі жайында» ертегісіне жазылған түсінікті қараңыз.

56. Түлкі мен құмырша

А.Алекторовтың «Киргизская хрестоматия», сонымен бірге «Балаларға тарту» (Қызылорда, 1926) деген кітаптарда жарияланған.

Нұсқалары белгісіз.
Жариялануы: ҚЕ, ІІ Т. 201; КС, Т. ІІ 254; ХТЕ, Т.1. 102.

АТ 68 В; СУС 68 В = АА*64

Сюжет орыс ертегісінен ауысып келуі әбден ықтимал.

57. Түлкі мен әтештің сырлары

Осы ертегінің түпнұсқасы ӘӨИ ҚҚ, 138-бума, 3-дәптерде сақтаулы. Қолжазба араб әрпінде, жинақтаушы Ғ.Елеусізов. Мәтін түпнұсқадан дайындалды. Жариялануы: «Түлкі мен қораз» деген атпен ҚЕ, ІІІ Т. 183; Боз, 183; ХТЕ, Т.1. 104.

Нұсқасы: Түлкі мен әтеш // (ӨҚ, 331-б ).

АТ62; СУС 62.

Кең таралған сюжет. Халықаралық каталогта «аңдар бейбітшілігі» деп аталатын бұл сюжет көбінде бөдене мен түлкіге қатысты болып келеді.

58. Түлкі мен бөдененің жолдас болуы

Түпнұсқасы ОҒК ҚҚ, 76-бума, 2-дәптерде сақтаулы. Айтушысы: Н.Байділдаев, жазып алған Ә.Диваев. Мәтін түпнұсқа бойынша жарияланып отыр.

Жарияланған нұсқалары: «Түлкі мен бөдене» // ҚЕ, І Т. 201; ХТҚЕ, № 61.
АТ 56 В* (тағы да салыстыруыңызға болады АТ 223)

Варианттары: ҚЕ, І Т. 201; Баш, 230; Бессонов, 78; Бр, 66; Кар, 145; Қарақалпақ, 65; КиргФ, 45; КиргФ, 211; Киргиз, 57; Узб, 130, 47; Хак, 127. Қазақтың ең танымал ертегісі, варианттары басқадай түрік-моңғол халықтарының фольклорында жиі кездеседі. Жалпы бұл ертегінің ареалы тек түркі халықтарының шеңберінде емес, мейлінше ауқымды: Еділ бойында (Сто сказок удмуртского народа. Сост. Н.Кралина. Ижевск, 1961. №40), тәжікте (Семенов А.А. Материалы для изучения наречия горных таджиков. Часть ., 1901, №10.), Кавказда (Дзагуров Г.А. Осетинские народные сказки. М., 1973. №9.) Көрсеткіште АТ 56 В* сюжетінің латыш нұсқасы тіркелген. Сюжеттің шығыс еуропалық нұсқасында құс әдетте түлкінің үш тілегін орындайды: тамаққа тойғызады, шөлін қандырады, сосын күлгізеді. Кейде түлкі қорқытуды талап етеді. Түрік халықтарындағы версия Еуропа мен үнді нұсқасының аралығында болғанымен недәуір тұрақты сарындардан құралғаны байқалады: түлкі бөденеден тойғызуды, күлгізуді, қорқытуды өтінеді. Башқұрт, моңғол, бурят пен қазақ нұсқалары өзара тым ұқсас. Қараңыз: БХИ, 130-132; Цэр., 114-115.

59. Түлкі мен ай

Алғаш рет 1890 жылы ДУГ жинағында жарық көрген. Жинаққа осы мәтін жарияланып отыр.

Жариялануы: ХТЕ, Т.1. 104 (томға әзірлеген Ү.Сүбханбердина).
Нұсқасы белгісіз, көрсеткіште жоқ.

«Ай бетінде кемпір бар» деген халықтың ежелгі түсінігі ертекке әу баста түпнегіз болғаны байқалады. Ертекте Ай кемпірдің бұзауын, одан кейін ешкісін қасқыр мен түлкінің алдап жеуі мысалға тән дидактикалық түйінмен аяқталады.

60. Түлкінің ойы

Бұл мәтін «Өлген қазан» жинағында жарияланған (ӨҚ, 332-б ).
Бұл шағын анекдот, нұсқалары белгісіз.

61. Түлкі мен түйе

Бұл мәтін «Өлген қазан» жинағында жарияланған (ӨҚ, 332-б ).
Бұл мысал ертегінің нұсқалары белгісіз.

62. Шал мен түлкі

ОҒК ҚҚ, 182 бума, № 6 дәптерде сақтаулы. Қолжазба араб әрпінде. Айтушы: Құсайынов Асқар. Түпнұсқа негізінде дайындалды.

Нұсқалары белгісіз.

Негізінен бұл ертегі «жақсылыққа жамандық» деп аталып кеткен (АТ 155) сюжеттің жаңғырып, керісінше өңделген, қысқа түрі екені байқалып тұр. Түлкінің әлсіз хайуанды жеймін деп қорқытуы – тұрақты кездесетін сарын. Ол бұл ертекте шалға шарт қойып («ханның қызын әкел» деп ) мазасын алады. Шалдың құтылу сарыны да (ішім қорылдады, тазының күшігі бар деп түлкіні дағарға енгізуі) жиі кездеседі. Мәселен, осы жинақтағы №66 «Түлкі, қойшы, аю» ертегісімен салыстырсаңыз, бұл ертектің төркіні менмұндалап тұр. Осы жинақтағы №94 «Қалайша шиебөрі жолбарысты алдады» ертегісіне жазылған түсінікті салыстыруыңызға болады. Сонымен бірге моңғолдағы «Шал мен қоян» (МАҮ, №21) ертегісімен салыстыруға болады. Мұнда шалды басынып зардап шектіруші қасқыр, ал оған ақыл үйретіп құтқарушы қоян. Ал қазақ ертегісінде зиян шектіруші түлкіден шал өз ақылымен құтылады.

63. Түлкі мен тауық

Бұл ертек төмендегі жинақтан алынып, Қазақстанда алғаш рет жарияланып отыр: Сауан, 454-455. 1990 жылы айтып берген Ыбырайым Жиенбайұлы, жазып алған Бадам Мұқаметкәрімұлы.

Кең таралған сюжет.
Халықаралық көрсеткіште кездеседі: СУС 61А

64. Түлкі мен тасбақа

Бұл ертек төмендегі жинақтан алынып, Қазақстанда алғаш рет жарияланып отыр: Сауан, 460-462. 1957-жылы айтып берген: Берікбай Жақсылықұлы, жазып алған Құрманғажы Әкежанұлы. Араб әрпімен жазылған.

Нұсқалары белгісіз, халықаралық көрсеткіште байқалмайды.

Түлкінің (маймылдың) тасбақа кірген іннің аузына келіп, оның бар екенін білу үшін жартаспен сөйлесуі «Панчатантрада» бар (Монголын уран зохиолын тойм. ІІ. Улаанбаатар, 1977. 283).

65. Түлкінің өлімі

Бұл ертек төмендегі жинақтан алынып, Қазақстанда алғаш рет жарияланып отыр: Сауан, 462-468. 1957-жылы айтып берген: Берікбай Жақсылықұлы, жазып алған Құрманғажы Әкежанұлы. Араб әрпімен жазылған.

Кең таралған сюжет.

Нұсқасы: КСГ, 1894, №18. О.Әлжанов жариялаған. Тағы да сол: ОҒК ҚҚ, 198-бума, 16-б.

Халықаралық көрсеткіште бар.

АТ 47 D (=АТ 117*)

СУС 117*=47D=АА*119=К 107

Сюжет Шығыс Еуропада тіркелген (Ресей, Белоруссия, Литва, Польша), бұл елдерде версия тұрақты, ал Үндістанда версия құбылмалы (түлкі барысқа еліктеп, жылқыға шабуыл жасайды; шиебөрі арыстанға еліктеп, пілге шабуыл жасайды) Осы жинақтағы №128 «Күшік пен мысық», ертегісіне жазылған түсінікті қараңыз.

66. үлкінің трагедиясы

Бұл ертек төмендегі жинақтан алынып, Қазақстанда алғаш рет жарияланып отыр: Сауан, 450-452. 1957-жылы айтып берген: Берікбай Жақсылықұлы, жазып алған Құрманғажы Әкежанұлы. Араб әрпімен жазылған.

Нұсқалары белгісіз, халықаралық көрсеткіште жоқ.

67. Ақымақ қасқыр

Жинаққа мәтін төмендегі кітаптан алынды: ҚЕ, І Т. 214-215;
Жариялануы: ХТЕ, Т.1. 104.
Кең таралған сюжет. Қазақтағы нұсқалары: ХТҚЕ №76; ХТЕ Т.1. 93-95.

АТ 122.

Бұл туралы осы жинақтағы №44 «Түлкі, қараторғай және қарға» ертегісіне түсінік толық жазылғандықтан қарауыңызға болады.

68. Қасқыр мен сиыр

Алғаш рет 2002 жылы Қытайда «Ұлттар» баспасынан шыққан «Қазақ аңыз-ертегілері» жинағында жарық көрген (627-б). Жинап реттеген: Нұрқасым Әбілұлы.

Қазақстанда алғаш рет жарияланып отыр. Нұсқалары белгісіз.
ТМ К 962 + (салыстыруыңызға болады СУС 122 В*).

69. Аш қасқырдың дәмесі

Бұл мәтін 1980 жылы «Шинжияң халық баспасы» шығарған «Қазақ халық ертегілері» жинағында (386-б) жарияланған.

Жариялануы: ХТЕ Т.1. 106
Нұсқалары белгісіз.
Салыстыруыңызға болады: СУС 75* (Қасқыр мен ана)

70. Қасқыр мен түлкі

1889 жылы ДУГ-ның 8-санында жарық көрген. Жинаушы Сейфуллин Ташмамбет, жинаққа осы мәтін жарияланып отыр. Жариялануы: А.Алекторовтың «Киргизская хрестоматия» (Оренбург, ч.1, с, 38); ХТҚЕ №53; ХТЕ Т.1. 106; ДУГ 1989. 92.

АТ 41.

Нұсқалары: Багрий, ІІ 22 (туркм.), Узб, І 130.

Сюжет антикалық және орта ғасырлық әдеби дәстүрде белгілі, қазір бүкіл әлемге таралған. Түркия фольклорында да тіркелген (ЕВ І). Сонымен бірге сюжеттің бірізді версиясы тағы да жоқ: кейде қасқыр түлкіні аузы-мұрнымыздан шыққанша ет жейік деп азғырады (Багрий ІІ 22, Калмыцкие народные сказки. Элиста, 1961, с.230), кейде қасқырды жүзім бағына апарады (Узб, І 130). Қазақ нұсқасы төлтума дара үлгі. Бұған шығыс халықтарында парсы нұсқасы жақын (Персидские сказки. М., 1958, с.497). Қазақ нұсқасы осы жинақтағы №76 «Жүзім жегісі келген қасқыр» ертегісі, салыстыруыңызға болады.

71. Қасқыр мен түлкі

Алғаш рет 1962 жылы ҚЕ, ІІ томында (209-б) басылған. Жинаушы М.Төлебаев. Жинаққа осы мәтін алынды.

Жариялануы: ХТЕ, Т.1. 107
Халықаралық көрсеткіште жоқ.
Нұсқасы: осы жинақтағы №40 «Түлкінің қайрауы» ертегісі.

Сонымен бірге түлкінің қайрап арыстанды жардан секіртіп өлтіруі туралы сюжет «Түлкі, қасқыр һәм арыстан» ертегісінде кездеседі: ХТҚЕ, №41.

Толығырақ №40 түсінікті қараңыз.

72. Бұл не қылған батпан құйрық

Алғаш рет жариялануы: Диваев ЭМ ІҮ. Белгілі ғалым Ә.Диваев ертегіні Шымкентте Арыс болысында Майлықожа Сұлтанқожаұлынан жазып алған. Мәтін (ҚЕ І, 126) жинағынан алынды.

Жариялануы: ХТҚЕ, №54; Боз, 114.
Нұсқалары: Осы жинақтағы №49 «Түлкі мен маймыл» ертегісін салыстырыңыз.

АТ 35 В* ; СУС 35 В* =АА *30 І

Қасқырды түлкінің алдағаны туралы кең таралған сюжет, көбінде түлкі қасқырды қақпанға түсіреді: АТ 35 В*. Қомағай аңның уланғаны, тіпті уды біле тұра ашқарақтанып ажалға тап болғаны туралы сюжет Үндістанда жиі кездеседі: ТМ W 125. І. Әйткенмен қазақ үлгісі төлтума сипатта.

73. Қасқыр мен кірпі

Алғаш рет «Бозінген»жинағында жарияланған (Боз, 22). Жинаққа осы мәтін кіріп отыр. Ертектің паспорты белгісіз.

СУС 80**

Нұсқалары белгісіз.

74. Қасқыр, түлкі және есек

Алғаш рет «Бозінген»жинағында жарияланған (Боз, 169-171) Жинаққа осы мәтін кіріп отыр. Ертектің паспорты белгісіз.

Жариялануы: ХТЕ Т.1. 108.
Нұсқалары белгісіз. Көрсеткіште байқалмайды.

А.Байтұрсынұлының «Қырық мысалындағы» №27 «Аңдарға келген індет» ертегісімен салыстыруыңызға болады. Онда өгіз иесінен бір үзім шөпті ұрлап жегендіктен жыртқыштар ауыр қылмысты санап, өлімге бұйырады. Ал біз талдап отырған ертекте есек тоқымнан салбырап шығып тұрған сабанды жегендіктен оны қасқыр мен түлкі қанды жазаға ұшыратады, демек, екі сюжетте ұқсастық бар.

75. Аш қасқырдың арманы

Алғаш рет «Бозінген»жинағында жарияланған (Боз, 162). Жинаққа осы мәтін кіріп отыр. Ертектің паспорты белгісіз. Нұсқалары белгісіз. Көрсеткіште жоқ. Әдеби қолтаңба бірден байқалады, әлбетте бұл жинаушылар тарапынан өңделген.

76. Жүзім жегісі келген қасқыр

«Бозінген» жинағында жарияланған (Боз, 122-б). Жинаққа осы мәтін кіріп отыр. Ертектің паспорты белгісіз.

Жариялануы: ХТЕ, Т.1. 111.

Қазақша нұсқасы осы жинақтағы №70 «Қасқыр мен түлкі» ертегісі, оған жазылған түсінікті қараңыз.

АТ 41.

Нұсқалары: Багрий, ІІ 22 (туркм.), Узб, І 130.
Негізінен бұл ертек белгілі сюжеттің өзбек версиясына жақын.

77. Қырық қасқыр, екі ешкі

1939 жылы «Қазақстан» көркем әдебиет баспасы шығарған «Ертегілер» жинағында (13-14-бб) басылған, жинаққа осы мәтін алынды.

Жариялануы: ХТЕ, Т.1. 112
Қазақтағы нұсқалары: Два барана // Сид, 21, КС, І. 171, ХТҚЕ, №77.

АТ 125 (=ЕВ ІІ) ; СУС 125

Әлемге кең таралған сюжет, ол Қытайдан Үндістанға дейін белгілі. Варианттары: Тув, 25.; Туркм, 3; Узб, І 17; Уйг, 117. Карач., 208, 219; Татар, 252; БХИ, №70, №71.

78. Қасқыр мен лақтар

ОҒК ҚҚ, 204-бумада сақтаулы. Айтушысы, жинаушысы белгісіз. Араб әрпінде. Мәтін түпнұсқа бойынша дайындалды.

Жариялануы: ХТЕ, Т.1. 113

АТ 123; СУС 123.

Қазақта нұсқасы белгісіз, бұл орыс ертегісінің аудармасы болуы әбден ықтимал.

79. Қасқыр мен кісі

Алғаш рет 1962 жылы ҚЕ ІІ томында басылған (203-б). Жинаққа осы мәтін алынды.

Жариялануы: ХТЕ, Т.1. 115

АТ 155

Бұл әлемге кең таралған «Жақсылыққа жамандық» (Старый хлеб-соль забывается) деген сюжет. Ертегінің нұсқалары: «Человек и змей». А.Диваев. Семь сказок киргизов Сырдарьинской области. – ЭО, 1906, №1-2; Пастух и змей. Крафт 155. Қайтадан жарық көруі: КС ІІ 186; ХТЕ, Т.1. 138. Осы жинақтағы №94 «Қалайша шиебөрі жолбарысты алдады» ертегісіне жазылған түсінікті қараңыз.

80. Ақ тиін мен қасқыр

Ертегі алғаш рет С.Көбеев дайындаған «Үлгілі бала» (Қазан, 1912) жинағында басылған. Мәтін осы жинақтан алынды.

Жариялануы: ҚЕ, ІІ Т. 193.; КС ІІІ 243.

АТ 87 В*

Қазақта нұсқалары жоқ.
Л.Н.Толстой мысалының аудармасы болуы ықтимал.

81. Қасқырдың қастығы

Мәтін «Өлген қазан» жинағынан алынды (ӨҚ, 332-б). Басқадай нұсқалары жоқ.
Көрсеткіште кездеспейді.
Салыстыруыңызға болады: АТ 62 (аңдар бейбітшілігі).

82. Бұқа мінген көкжал

Бұл ертек төмендегі жинақтан алынып, Қазақстанда алғаш рет жарияланып отыр: Сауан, 382-386. 1957-жылы айтып берген: Берікбай Жақсылықұлы, жазып алған Құрманғажы Әкежанұлы. Араб әрпімен жазылған.

АТ 122.

СУС 122 А = 47 В = АА 122.

Нұсқалары: Каракалпак, 65,68.; Карач, 217.; Киргиз, 139.; КиргМ 224, Муч, 50; Тат, 237; Узб 155, башқұртта (Башкорт халык ижады, Өфө, 2009. Т.13. 98-99-б), моңғолда МАҮ №25 кездеседі. Сюжет Еуразияға кең таралған. Әйткенмен моңғол мен қазақ нұсқасы ортақ деуге негіз бар. Қасқырдың өлеңі мен бұқаға міну эпизоды екі халықта үндес. Салыстырып қараңыз: МАҮ №25.

Осы жинақтағы №45, №67 ертекпен салыстырыңыз.

83. Арыстан

Бұл ертек төмендегі жинақтан алынып, Қазақстанда алғаш рет жарияланып отыр: Сауан, 434-436. 1957-жылы айтып берген: Берікбай Жақсылықұлы, жазып алған Құрманғажы Әкежанұлы. Араб әрпімен жазылған.

Нұсқалары белгісіз. Салыстыруыңызға болады: АТ 50 С; СУС 51

84. Арыстан патша

Ертегі алғаш рет 1891 жылы ДУГ-ның 18-санында жарияланған. Соңынан «М-ов А» деп қол қойылған. Мәтін «Дала уалаяты» газетінен алынды.

Жариялануы: ӘМ, 84-86; ХТЕ, Т.1. 119-120; ДУГ, 1989. 320-322

АТ *80***

Нұсқасы: Қарақұлақ пен арыстан // ХТЕ, Т.1. 132-134; БХИ, №52 Әлсіз хайуанның өзінен әлдеқандай зор жыртқыштың інін айлакерлікпен тартып алғаны туралы бұл сюжет (кейде әлсіз кейіпкер кірпі) солтүстік, оңтүстік Еуропа халықтарында кездеседі. Осы жинақтағы №92 «Қарақұлақ пен арыстан» ертегісіне жазылған түсінікпен салыстыруыңызға болады.

85. Арыстан, қасқыр, түлкі

ӘӨИ ҚҚ, 138-бума, 3-дәптерде сақтаулы. Араб әрпінде жазылған. Жинаушысы Елеусізов Ғаббас. Мәтін түпнұсқадан алынды.

Жариялануы: ХТЕ, Т.1. 121
Салыстыруыңызға болады: АТ 20

86. Қартайған арыстан

Ә.Диваев жинаған материалдан. ОҒК ҚҚ, 298-бумада сақтаулы. Жинаған Рахмет Бекмағамбетқожаұлы. Мәтін түпнұсқа бойынша дайындалды.

Жариялануы: ХТЕ, Т.1. 121

АТ 50 С.

Варианттары: өлеңмен жазылған нұсқасы ОҒК ҚҚ, 1281-бума, 4-дәптер, 23-24-бб; Тағы да қараңыз: ӘӨИ ҚҚ, 917-бума, 6-дәптер, араб әрпінде жазылған. Айтушысы белгісіз, жинаған Ә.Қайнарбаев. Ескертетін жайт, бұл сюжет А.Байтұрсыновтың «Қырық мысалындағы» № 5 «Қартайған арыстан» ертегісіне сәйкес келеді (Байтұрсынов А. Ақжол. – Жалын, 1991. 37-38-б). С.Томпсон Латвияда кездесетін бір мәтінді келтіреді: есек ауру арыстанды тептім деп мақтанады, оның батылдығын түлкі мадақтайды. Бұл кірме сюжет болуы ықтимал, оның түп төркіні бәлкім Таяу Шығыс елдері. Ортағасырдағы сирийяның бір мысалы (Сказки, легенды, и притчи современных ассирийцев. М.,1974, с.242) қазаққа ұқсас: алжыған арыстанға қабан сойдақ азуын батырады, бұқа сүзеді, ал есек тебеді – ызадан арыстан жарыла жаздайды. Мүмкін бұл сюжет бастабында ел арасына қолжазба арқылы таралып, одан кейін мысал өлеңге айналған болу керек.

87. Арыстан мен тышқан

Ертегі мәтіні ӘӨИ ҚҚ, 125-бума 4-дәптерде сақтаулы, 49-59-бб, крилл әрпінде жазылған. Жинаған Ғ.Тастанбеков. Мәтін түпнұсқадан алынды.

Жариялануы: ХТЕ, Т.1. 122
Халықаралық көрсеткіште байқалмайды.

Бұл сюжет көптеген халықтарға, соның ішінде Үндістанда кең таралған (салыстыруыңызға болады: ТМ L 315. 1.1. Тышқан мен буйвол). Моңғолдағы нұсқасы «Піл мен тышқан» (МАҮ, №50), демек, сюжет Үнді ертегілері арқылы таралған.

88. Арыстан, қасқыр һәм түлкі

Ертегі мәтіні ОҒК ҚҚ, 103-бумада сақтаулы. 1924 жылы Диваевтің «Тарту» жинағында жарияланған, араб әрпінде. Жинаушысы Ә.Диваев. Айтушысы Сәлімгерей Омаров. Мәтін түпнұсқа бойынша дайындалды.

Алғаш жариялануы: Диваев ЭМ ІҮ.

Жариялануы: КС, Т.ІІІ, 217; ҚЕ ІІ 195; ӘМ, 75; Боз, 142; ХТЕ, Т.1. 126-127; ХТҚЕ, №41.

ТМ К 962+0+АТ 35 В*+00+ АТ56*+ АТ 122D*+АТ 275 Нұсқалары: Баш, 1240; АТ 35 В* үшін – Киргиз, 96,Узб, 130, 47, Тадж, 37; ОО үшін – Бр, 119, Туркм, 12 (арыстанды жардан секірту); АТ 122 D* үшін –Крым, 46, Тадж, 53; АТ 275 үшін – КС, І 195, Киргиз, 43.; узб, (Сказки народов Востока. М.-Л., 1938, с.3), Тадж, 30. Контаминация қазақтағы түлкінің айлакер әрекеті туралы негізгі сюжеттерді топтаған: аңқау түйені бөлісіп жеу (мұндағы мотивировка қызықты - ашыққан жыртқыштар енді аңдарды тарпа бас салмай етті сатып жеуге немесе сол аңның өз ықтиярымен жеуге уәделеседі), хайуанды сойысып жатқанда қасқыр мен арыстанды бір-біріне шағыстырып айдап салу, түлкіден құтылып кеткен қу сауысқан туралы және т.б. Арыстанның жардан секіруі туралы Орта Азияға белгілі сюжет Аарне-Томпсон көрсеткішіне енбеген. Ол парсы тілді халықтарда (белуджи, курд) бар. АТ 56 А* (түлкі өтірік өлген боп құсты ұстайды) сюжеті сирек кездеседі. Ол негізінен АТ 56 А сюжетінің құрамында болады. АТ 122 D* (түлкінің құсты доңғалақтың арасына қыстырып, таудан құлатуы) шығыста ерекше версияға ие: түлкі құсты оның ата-бабасының қарғысына сәйкес, талқандап жегелі таудан (құздан) құлатады. Бұл сюжет Африкадан (Сказки народов Судана. М., 1968, с.102) Қазақстанға дейін белгілі.

89. Арыстан мен түлкі

Бұл ертегіні М.Бекішев («Акмолинские областные ведомости», 1891, №8) жариялаған. Мәтін аталған жинақтан алынды.

Жариялануы: КС 3. 252; ҚЕ ІІ. 189; ХТҚЕ, 73; Боз, 54; ХТЕ, Т.1. 128

АТ 50 А.

Нұсқасы: Туркм 13; БХИ, №41 Эзопта да кездесетін ежелгі бір мысал, бұл орта ғасырдағы әдеби дәстүрде кең орын алған.

90. Арыстан мен кісі

Мәтін ҚЕ, ІІ, 202 жинақтан алынды.
Жариялануы: ; КС Т.ІІІ, 249; ХТЕ, Т.1. 121.
Түпнұсқасы белгісіз.

АТ 157 А.

Ертегінің нұсқасы А.Байтұрсыновтың «Қырық мысалындағы» № 22 «Кісі мен арыстан» ертегісіне сәйкес келеді (Байтұрсынов А. Ақжол. – Жалын, 1991. 43-44). Мүмкін, бұл ертек әу баста А.Байтұрсынов мысалының негізінде ауызша таралған болуы ықтимал.

91. Арыстан дертінің емі

Жариялануы: С.Көбеев «Үлгілі бала», Қазан, 1912; КС ІІІ 247; Боз, 56. Мәтін С.Көбеев жинағынан алынды.

АТ 50.

Нұсқасы: БХИ, № 41.

Сюжеттің арғы тегі Эзоптың «Арыстан, қасқыр һәм түлкі» туралы әйгілі мысалынан (Басни Эзопа, 1968, с.142, №273) бастау алады, ортағасырда әдеби дәстүр арқылы әлемге кең таралған.

92. Қарақұлақ пен арыстан

ОҒК ҚҚ, 211-бумада сақтаулы. Жинаушысы Абай Малдыбаев, мәтін түпнұсқа бойынша дайындалды.

Жариялануы: ХТЕ Т.1. 132-134
Нұсқасы: Арыстан патша // ДУГ, 1891 № 18; БХИ, 52

0+ АТ 126+ (АТ 78)

Әлсіз хайуанның өзінен әлдеқандай зор жыртқыштың інін айлакерлікпен тартып алғаны туралы бұл сюжет (кейде әлсіз кейіпкер кірпі) солтүстік, оңтүстік Еуропа халықтарында кездеседі. Бұл ертектің қайнары «Тотынамадан» (Тотынама, 82 б.), демек, жинаушы сол кітаптан алып әдеби өңдеген. Осы жинақтағы №84 «Арыстан патша» ертегісіне жазылған түсінікпен салыстыруыңызға болады.

93. Жолбарыс пен тышқанның достығы жайында.

1945 жылы Жақсыбай Жантөбетов жазып алған. – ОҒК ҚҚ, 203-бума, 14-бетте сақтаулы. Мәтін түпнұсқа бойынша дайындалды.

Жариялануы: ХТҚЕ, № 99; ХТЕ, Т.1. 135

АТ 75

Нұсқалары: Узб, І 9 (мысық торды қиып, ешкіні құтқарады) Сюжеттің арғы тегі Үндістаннан ( «Панчатантра», ІІ, 8: тышқандар пілді құтқарады), бұның ауызша таралуы сирек. Еуропа мысалдарына енген (Эзоп, Крылов және т.б.) Қазақ нұсқасының ғибратты тәлім етіп, мақалмен түйінделуі төлтума сипатты аңғартады. Әйгілі «Кәлила мен Димна» жинағында бұл сюжет (КМД 357-362) «Мысық пен Егеуқұйрық туралы» деген тақырыпта қамтылады. Біз талдап отырған ертекте жолбарысты тордан тышқан құтқарса, «Кәлила мен Димнада» мысықты егеуқұйрық тордан құтқарады.

Осы жинақтағы №98 «Жолбарыс пен тиін» ертегісімен салыстырыңыз.

94. Қалайша шиебөрі жолбарысты алдады

Я.П.Гордиенко жинаған материал – ӘӨИ ҚҚ, 188-бумада сақтаулы. Мәтін түпнұсқа бойынша дайындалды.

АТ 155.

Бұл әлемге кең таралған «Жақсылыққа жамандық» (Старый хлеб-соль забывается) деген сюжет (бұл сюжеттің мыңдаған нұсқасы жазылып алынған). Сюжеттің шығу тегі мен оған арналған зерттеулер тізбегі И.Левин мақаласында көрсетілген (Осетинские народные сказки. Собрал Г.А.Дзагуров. М.,1973, с.559-560). Қауіптен құтылған соң құтқарған адамға қастық істейтін бас кейіпкерлер кейде жолбарыс, кейде жылан болып өзгереді. Алайда екі нұсқада да алдымен қазылық етушілер тұрақты. Олар: ағаш, сиыр. Ең соңғы шешімді шығарып адамды қорғап, зиян шектірушіні қапасқа қамайтын нағыз әділқазы кейде маймыл, кейде шиебөрі, кейде түлкі болып келеді. Ертегінің нұсқалары: «Человек и змей». А.Диваев. Семь сказок киргизов Сырдарьинской области. – ЭО, 1906, №1-2; Қайта жариялануы: ХТҚЕ №82, 160-162-б. Тағы бір нұсқасы: Пастух и змей. Крафт, 155.

Жариялануы: КС ІІ 186; ҚХТЕ, Т.1. 165, №84.; ХТЕ, Т.1. 138.
Осы жинақтағы №79 «Қасқыр мен кісі» ертегісін де салыстырыңыз.

95. Қайырымсыз барыс

Алғаш рет 2002 жылы Қытайда Ұлттар баспасынан шыққан «Қазақ аңыз-ертегілері» жинағында жарық көрген (643-б). Жинаған: Нұрлыбек Берелбекұлы. Реттеген: Әбдірешит Байболатов.

Қазақстанда алғаш рет жарияланып отыр.
Нұсқасы: Арыстан күшігін асыраған мысық // ӘӨИ ҚҚ, 520-бума; ХТЕ, Т.1. 210
Осы жинақтағы № 27, №126 ертекті қараңыз.
Көрсеткіште жоқ.

Салыстыруыңызға болады: СУС 230*** (қарға мен сұңқардың балапаны). Мұнда қарға ұясындағы сұңқардың балапанын басып шығарады, ол өсе келе қасындағы қарғаның балапандарын жеп қояды.

96. Жолбарыс, аю, қарақұлақ, тауешкі

ОҒК ҚҚ, 182-бума, 6-дәптерде сақтаулы. Араб әрпінде. Айтушы: Құсайынов Асқар. Бұрын жарияланбаған.

Халықаралық көрсеткіште жоқ.

Бұл қазақ арасында көп айтылатын аңшылардың әдепкі әңгімесі. Қазақ мифологиясында қарақұлақ мысық тәріздес, бірақ аң біткеннің бәрін жамсататын жыртқыш деген наным бар. Сол ұғым бұл әңгімеде де көрініс тапқаны байқалады.

97. Жолбарыс пен түлкі

Бұл ертек төмендегі жинақтан алынып, Қазақстанда алғаш рет жарияланып отыр: Сауан, 440-442. 1990-жылы айтып берген Ыбырайым Жиенбайұлы, жазып алған Бадам Мұқаметкәрімұлы. Араб әрпімен жазылған. Әлемге «Панчатантра» арқылы кең таралған сюжет. Сюжеттің моңғолдағы версиясы Дай гүүш Агвандампил аударған «Мемлекет дәстүрі шежіресіне түсінік» деген тибет жинағында кездеседі (МУЗТ, 280-281 х.). Мұндағы кейіпкерлер арыстан мен қоян.

АТ 1168А, АТ 1336, 1383; СУС 92

98. Жолбарыс пен тиін

Бұл ертек төмендегі жинақтан алынып, Қазақстанда алғаш рет жарияланып отыр: Сауан, 452-454. 1957-жылы айтып берген Берікбай Жақсылықұлы, жазып алған Құрманғажы Әкежанұлы. Араб әрпімен жазылған.

АТ 75+ (АТ 155)

Нұсқалары: Узб, І 9 (мысық торды қиып, ешкіні құтқарады) Сюжеттің арғы тегі Үндістаннан ( «Панчатантра», ІІ, 8: тышқандар пілді құтқарады), бұның ауызша таралуы сирек. Еуропа мысалдарына енген (Эзоп, Крылов және т.б.) Әйгілі «Кәлила мен Димна» жинағында бұл сюжет (КМД 357-362) «Мысық пен Егеуқұйрық туралы» деген тақырыпта қамтылады. Біз талдап отырған ертекте жолбарысты тордан тышқан құтқарса, «Кәлила мен Димнада» мысықты егеуқұйрық тордан құтқарады. Ертегінің құрамындағы екінші сюжет АТ 155 (Жақсылыққа жамандық), мұнда жолбарыс өзін құтқарған тиінді жегісі келеді, бірақ тиін ешкімнің көмегінсіз-ақ ептілікпен жыртқыштан құтылып кетеді. Осы жинақтағы №93 «Жолбарыс пен тышқанның достығы жайында» ертегісімен салыстырыңыз.

99. Жолбарыс пен бақа

Бұл ертек төмендегі жинақтан алынып, Қазақстанда алғаш рет жарияланып отыр: Сауан, 405-408. 1953-жылы айтып берген Берікбай Жақсылықұлы, жазып алған Құрманғажы Әкежанұлы. Араб әрпімен жазылған.

Нұсқалары белгісіз, төлтума ертек.
Контаминацияны салыстыруыңызға болады: СУС 275+ (АТ 125)+ АТ 78

Қоян мен бақаның жарысын ертегілік эпоста жиі кездесетін шабан мен жүйрік хайуанның өзара бәйгеге түсу сарынына салыстыруға болады. Мәселен, шығыс славянда жолбарыс пен тасбақа жарысып, шабаны жүйрік хайуанның құйрығына жабысып озады. Қараңыз: СУС 275 Бақаның жолбарыстың жүнін құсып, оның аталастарын жеймін деп қорқытуы шартты түрде АТ 125 (қойдың қасқырды қасқырдың бас сүйегімен қорқытуы) сюжетімен ұқсас. Ал бақадан қорыққан жолбарыстың түлкімен жіп арқылы қосақталып келуі – әдеттегідей күшті аңның әлсіз жыртқыштың қайрауына көніп, арқанмен қосақталып келіп, өзінен әлдеқайда күшсіз жануардың бопсасынан үрейленіп зардап шегу АТ 78 сюжетімен тамырлас.

100. Қабылан мен есек

Бұл ертек төмендегі жинақтан алынып, Қазақстанда алғаш рет жарияланып отыр: Сауан, 397-399. 1957-жылы айтып берген Берікбай Жақсылықұлы, жазып алған Құрманғажы Әкежанұлы. Араб әрпімен жазылған.

Кең таралған сюжет. Нұсқалары белгісіз.
Салыстыруыңызға болады: (АТ 103С*+ АТ 56 А*)
Осы жинақтағы №147 «Батыл есек» ертегісімен салыстырыңыз.

Ертектегі жолбарыстың есектің дауысынан қорқуы - «Кәлила мен Димнадағы» арыстанның бұқаның дауысынан қорқып, үрейлену сарынына ұқсайды («Арыстан мен бұқа» // КМД, 217).

101. Аю мен түлкі

Ең алғаш рет 1890 жылғы ДУГ-нің 45-санында басылған. Мәтін осы жинақтан алынды.

Жариялануы: ӘМ, 84; ХТЕ, Т.1. 145; ДУГ, 1989. 237
Нұсқалары белгісіз.

Түлкінің арыстанды, кейде қасқырды алдап жардан секіртуі туралы сюжет қазақта бар. Соған салыстыруыңызға болады: осы жинақтағы №37, №40, №71 түсініктер.

102. Аю мен маса

Алғаш рет «Қазақстан әйелдері» журналында (1961, №12) жарияланған. Жинаққа осы мәтін алынды.

Жариялануы: КС ІІІ 271; ҚЕ ІІІ Т. 184-186; Боз, 97-98; Бұл ертекте қорлық көрген қоян масалардың көмегімен өзіне күш көрсеткен аюды жеңсе, «Кәлила мен Димна» жинағында алып пілді жұдырықтай бозторғай бір топ құстар мен бақалардың көмегі арқылы жеңгені баяндалады (КМД, 158-159).

Салыстыруыңызға болады: СУС 75** (мақтаншақ арыстанды масалар жеңеді).

103. Үш аю

Алғаш рет «Бозінген» жинағында жарияланған (Боз, 137). Мәтін осы жинақтан алынды. Ертектің паспорты белгісіз.

Жариялануы: ХТЕ, Т.1. 149.
Көрсеткіште жоқ. Нұсқалары белгісіз.

Әдетте түлкінің өзінен зор жыртқышты орға құлататын сарыны кездескенімен (мұнда аюды батпаққа жығады) бұл «ертек» жинаушылар тарапынан әдеби өңделген мысал екені байқалады.

104. Маймылдың өлімі

Алғаш рет 2002 жылы Қытайда «Ұлттар» баспасынан шыққан «Қазақ аңыз-ертегілері» жинағында жарық көрген (626-б.). Ел аузынан жинаған: Еркін Бақытқанұлы, реттеп жазған: Каукария Айлыбайұлы. Араб әрпінде жазылған.

Қазақстанда алғаш рет жарияланып отыр.
Нұсқалары белгісіз.
Халықаралық көрсеткіште кездеспейді.
Ертектен әдеби қолтаңба байқалады.

105. Маймыл мен шегірткенің сайысы

Алғаш рет 2002 жылы Қытайда «Ұлттар» баспасынан шыққан «Қазақ аңыз-ертегілері» жинағында жарық көрген (635-б). Жинаған: Нұрлыбек Берелбекұлы. Реттеген: Әбдірешит Байболатов. Араб әрпінде жазылған.

Нұсқалары белгісіз.
Халықаралық көрсеткіште жоқ.

Бұл фольклорлық үлгі емес, әдеби қолтаңба айқын сезіледі, демек жинаушылардың жеке шығармашылығы деуге болады.

106. Айна мен маймыл

ОҒК ҚҚ, 182-бумада сақтаулы. Жинаған: Ә.Диваев. Айтушы: Сұлтанбек Сүлейменов. Араб әрпінде жазылған. Жинаққа мәтін түпнұсқа бойынша дайындалды. Нұсқасы: Өлеңмен жазылған үлгі ӘӨИ ҚҚ, 917-бума, 6-дәптерде сақталған. Айтушысы белгісіз, жинаған Ә.Қайнарбаев араб әрпінде.

Жариялануы: ХТЕ, Т.1. 153.

Бұл кеңінен таралған орта ғасырдағы әдеби дәстүрде орын алған әйгілі мысал. Ертегінің сюжеті А.Байтұрсыновтың «Қырық мысалындағы» № 21 «Айна мен маймыл» ертегісіне сәйкес келеді. (Байтұрсынов А. Ақжол. – Жалын, 1991. 43-б). Демек, қазақ арасына сюжеттің қара сөзбен, яки өлеңмен таралуына И.А.Крылов пен А.Байтұрсынұлы шығармашылығының да әсері болған деуге негіз бар.

107. Маймыл мен бақа

Бұл ертек төмендегі жинақтан алынып, Қазақстанда алғаш рет жарияланып отыр: Сауан, 386-387. 1963-жылы айтып берген Берікбай Жақсылықұлы, жазып алған Құрманғажы Әкежанұлы. Араб әрпімен жазылған. Әйгілі «Панчатантра» жинағы арқылы әлемге кең таралған сюжет. Моңғолдағы нұсқасы: МАҮ №47. Жалпы, бұл ертектегі сюжет моңғолдағы нұсқамен ортақ деуге негіз бар, қазақта басқа нұсқасы белгісіз. «Панчатантра» сюжеті моңғолдарға «Арасан тамшысы» деген тибет жинағы арқылы жеткендігін академик Ц.Дамдинсүрэн дәлелдеген (МУЗТ, 290-291 х.).

108. Қоянның зары

Ел аузынан жинап алғаш рет бастырған А.Алекторов. «Киргизская хрестоматия» Оренбург, 1898. с, 38. Мәтін осы жинақтан алынды.

Нұсқалары бар: Байтұрсынов 1, 64
Жариялануы: КС ІІІ 246; ҚЕ ІІ Т. 198; ХТЕ, Т.1. 154.

АТ 70

Кең таралған сюжет, шығыс славяндарда бар. СУС:70

109. Айлакер қоян

Алғаш рет «Бозінген» жинағында жарияланған (Боз, 164). Жинаққа осы мәтін еніп отыр. Ертектің паспорты белгісіз.

Жариялануы: ХТЕ, Т.1. 155.
Нұсқалары белгісіз. Көрсеткіште жоқ.

110. Тапқыр қоян

Алғаш рет «Бозінген» жинағында жарияланған (Боз, 118). Жинаққа осы мәтін еніп отыр.

Жариялануы: ХТЕ, Т.1. 155.
Нұсқалары белгісіз. Көрсеткіште жоқ.

111. Көжек

Алғаш рет «Бозінген» жинағында жарияланған (Боз, 181). Жинаққа осы мәтін еніп отыр. Ертектің паспорты белгісіз.

Нұсқалары белгісіз. Көрсеткіште жоқ.

Салыстырыңыз: СУС 183 А* (Ержүрек қоян). Мұнда мас қоянды жем қылғалы арыстан мен жолбарыс таласады, қоян құтылады. Қазақта көжекке түлкі мен қасқыр таласып, ол құтылады.

112. Көжек

Бұл ертек төмендегі жинақтан алынып, Қазақстанда алғаш рет жарияланып отыр: Сауан, 314-319. 1957 жылы айтып берген Берікбай Жақсылықұлы, жазып алған Құрманғажы Әкежанұлы. Араб әрпімен жазылған.

Әлемге кең таралған сюжет, алайда бұл нұсқа төлтума сипатта.

АТ 126+ АТ 78

Осы жинақтағы № 186 «Ақылды лақ» ертегісімен салыстырыңыз.

113. Сылдырмақты көжек

ӘӨИ ҚҚ, 116-бумада сақтаулы. Жинаған: Қ.Саттаров пен Жолдасбек Бұғыбаев. Айтушысы: Т.Нұрматов. Мәтін түпнұсқа бойынша дайындалды.

Жариялануы: ХТЕ, Т.1. 158.
Көрсеткіште жоқ. Нұсқасы белгісіз.

Бұл кумулятивті (формулалы) ертегі үлгісі, жинаушылар тарапынан әдеби өңделгені байқалады.

114. Қоянның төрелігі

Бұл ертек төмендегі жинақтан алынып, Қазақстанда алғаш рет жарияланып отыр: Сауан, 312-314. 1963-жылы айтып берген Берікбай Жақсылықұлы, жазып алған Құрманғажы Әкежанұлы. Араб әрпімен жазылған.

АТ 155

Бұл әлемге кең таралған «Жақсылыққа жамандық» (Старый хлеб-соль забывается) деген сюжет. Нұсқалары көп. Осы жинақтағы №94 «Қалайша шиебөрі жолбарысты алдады», №98 «Қасқыр мен кісі» ертегісіне жазылған түсінікті қараңыз.

115. Қоянның өш алуы

Бұл ертек төмендегі жинақтан алынып, Қазақстанда алғаш рет жарияланып отыр: Сауан, 338-339. 1957 жылы айтып берген Берікбай Жақсылықұлы, жазып алған Құрманғажы Әкежанұлы. Араб әрпімен жазылған.

Әлемге кең таралған сюжет. Нұсқалары осы жинақта: №97 ертегі.

АТ 1168А, АТ 1336, 1383; СУС 92

Осы жинақтағы №97 «Жолбарыс пен түлкі» ертегісіне жазылған түсінікпен салыстырыңыз.

116. Қоян мен қасқыр

Бұл ертек төмендегі жинақтан алынып, Қазақстанда алғаш рет жарияланып отыр: Сауан, 421-429. 1963-жылы айтып берген Берікбай Жақсылықұлы, жазып алған Құрманғажы Әкежанұлы. Араб әрпімен жазылған.

Нұсқалары белгісіз, халықаралық көрсеткіште байқалмайды.

117. Шудалы торғай – Қотыр торғай

Ә.Диваев жинаған материал. 1920 жылғы Сырдария экспедициясы. – ОҒК ҚҚ, 140-бума, 4-5-б; ОҒК ҚҚ, 28D-бума, 604-бетте сақтаулы; «Шудалы торғай» ӘӨИ ҚҚ, МФ, № 33. 23-бетте сақтаулы, Араб әрпінде. Жинаққа түпнұсқа бойынша дайындалды.

Жариялануы: ҚЕ ІІ. 185; Боз, 51-52; ХТЕ, Т.1. 249.

(АТ 2022)

Нұсқалары: ҚЕ ІІ Т. 185, КС, Т ІІ, 191 (балаларға лайықтаған), Киргиз, 67; КиргФ 42; КиргМ 201; Узб І 50; моңғолда МАҮ, №29 (Бөтегелі бозторғай). Бұл кумулятивті (формулалы) ертегінің классикалық үлгісі Орта Азияға кең таралған (Кейде торғайдың орнын маса алмастырады: Тадж, 13).

118. Торғайдың өсиеті

ӘӨИ ҚҚ, 258-бумада сақтаулы. Жинаған: Мұратов Ә. Жинаққа мәтін түпнұсқа бойынша дайындалды.

Жариялануы: ХТЕ, Т.1. 248
Нұсқасы осы жинақтағы № 198 ертек. Көрсеткіште жоқ.

119. Торғай мен тышқан

Алғаш рет «Бозінген» жинағында жарияланған (Боз, 117). Жинаққа осы мәтін еніп отыр. Ертектің паспорты белгісіз

Жариялануы: ХТЕ, Т.1. 249
Нұсқасы белгісіз. Көрсеткіште жоқ.

120. Есірік торғай

Алғаш рет «Бозінген» жинағында жарияланған (Боз, 139). Жинаққа осы мәтін еніп отыр. Ертектің паспорты белгісіз.

Жариялануы: ХТЕ, Т.1. 250
Нұсқасы белгісіз.

Жалпы, басқа аң-құстың қауырсынын-терісін сыйықсыз хайуанның жамылып, уақытша бедел жинауы туралы сюжеттер әлемге кең таралған. Салыстыруыңызға болады: СУС 244 (Қарға аққудың кебінде); АТ 235 (бір құс басқа құстың қауырсын-киімін ұрлайды). Осы жинақтағы №31 «Өткен замандағы хикаят сөз» туралы, ертегіне жазылған түсінікпен салыстырыңыз.

121. Торғай мен тышқанның қазыға жүгінуі

Бұл ертек төмендегі жинақтан алынып, Қазақстанда алғаш рет жарияланып отыр: Сауан, 320. 1963 жылы айтып берген Берікбай Жақсылықұлы, жазып алған Құрманғажы Әкежанұлы.

Нұсқалары белгісіз, халықаралық көрсеткіште байқалмайды.

122. Сайтан торғай мен самұрық

Бұл ертек төмендегі жинақтан алынып, Қазақстанда алғаш рет жарияланып отыр: Сауан, 342-346. 1963-жылы айтып берген Берікбай Жақсылықұлы, жазып алған Құрманғажы Әкежанұлы. Нұсқалары белгісіз, халықаралық көрсеткіште байқалмайды. Ертек төлтума, шынайы сипатта.

123. Екі иттің достығы

1923 жылы ІІІ/27 күні Султанбек Сүлейменов жазып алған. Ә.Диваев жинаған материал.– ОҒК ҚҚ, 182-бума, 4-дәптерде сақтаулы. Жинаққа түпнұсқадан дайындалды. ӘӨИ ҚҚ, 917-бума, 6-дәптерде өлеңмен жазылған нұсқасы сақтаулы. Араб әрпінде жазылған. Айтушысы белгісіз, жинаған Ә.Қайнарбаев.

Жариялануы: ХТЕ, Т.1. 219-220.
Көрсеткіште байқалмайды.
Нұсқалары.: Баширов, 99.

Бұл ертек А.Байтұрсынұлының «Қырық мысалындағы» №29 «Иттің достығы» деген өлеңінің мазмұнынын қара сөз түрінде жаңғыртқан әдеби үлгі екендігі дәлелденді. (Қараңыз: А.Байтұрсынов. Ақ жол. Алматы, 1991.50-51-б.) Әлбетте, А.Байтұрсынұлы жырлаған сюжет И.А. Крыловтан екені аян: И.А. Крылов. «Собачья дружба» (ІІ,5). Шын мәнінде бұл әдебиленген үлгі. Онда «қарастыратын мәселе», «қарастырып келгенде» деген кеңсе тілі де байқалады. А.Байтұрсынұлы тәржімасындағы иттердің аттары да осы мысалмен ортақ. Олар: Төрткөз, Мойнақ, Жолдыаяқ, Құтпан. Әмбесінде иттер таласқанда айыратын тәсіл де ұқсас: Төрткөз бен Мойнақтың үстіне су құйып ажыратады. Демек, А.Байтұрсынұлының 1909, 1913, 1922 жылдары жариялаған «Қырық мысалының» хайуанаттар туралы ертегінің, әсіресе көнеден келе жатқан мысал ертегі сюжеттерінің жаңғырып-жаңалануына тигізген ықпалы зор екені байқалады. Ескерте кететін жайт – советтік кезеңде А.Байтұрсынұлының кейбір мысалдары халық ертегісі ретінде жарық көргені дәлелденді. Мысалы, 1979 жылы жарық көрген «Хайуанаттар туралы қазақ ертегілері» (ХТҚЕ) жинағына №46 «Арыстан, киік һәм түлкі» мысалы енген. Бұл әйгілі «Қырық мысалда» №11 үлгі екендігі анықталғандықтан, біз құрастырып отырған осы кітапқа енгізілмеді.

124. Иттің сыншысы

ӘӨИ ҚҚ, 189-бума, 7-дәптерде сақтаулы. Қазіргі қазақ әрпінде. Жинап, тапсырған Я.П.Гордиенко. Мәтін түпнұсқа бойынша дайындалды.

Жариялануы: ХТҚЕ, № 96; ХТЕ, Т.1. 221.
Көрсеткіште байқалмайды.
Нұсқасы белгісіз.

Бұл хайуанаттан гөрі адамдардың мінез-құлқын бейнелейтін әдеби әсері бар мысал ертегі. А.Байтұрсынұлының «Қырық мысалындағы» №23 «Жүргіншілер мен иттер» деген үлгімен салыстыруыңызға болады, онда екі жолаушы шәуілдеуік, үреген иттерге назар аудармаса, өздері-ақ тыйылып қалатыны туралы әңгімелеседі. Ал бұл ертекте, керісінше, екі ит қорқақ, айғайшыл адамдардың иттерге тас лақтырып, байбалам салатыны, ал сабырлы, сабаз жандардың мән бермейтіні туралы кеңеседі.

125. Тазы мен елік

«Өлген қазан» ертегі кітабынан алынды (ӨҚ, 333-б).
Нұсқасы белгісіз. Көрсеткіште жоқ. Шағын мысал.

126. Арыстан күшігін асыраған мысық

Бұл ертегінің түпнұсқасы ӘӨИ ҚҚ, 520-бумада сақтаулы. Жинаған: Төреқұлов Н. Мәтін осы түпнұсқа бойынша дайындалып отыр. Алғаш рет 1960 жылы «Қазақстан әйелдері» журналының 8-санында жарияланған.

Жариялануы: ҚЕ ІІІ Т. 170; КС Т.ІІІ 267; ХТЕ, Т.1. 210.
Нұсқасы: Қайырымсыз барыс.
Осы жинақтағы №95 ертектің түсінігін қараңыз, салыстырыңыз.
Көрсеткіште жоқ.

Салыстыруыңызға болады: СУС 230*** (қарға мен сұңқардың балапаны). Мұнда қарға ұясындағы сұңқардың балапанын басып шығарады, ол өсе келе қасындағы қарғаның балапандарын жеп қояды.

127. Мысық пен қоян

1921 жылы Ә.Диваев Иса Байзақовтан жазып алған. – ОҒК ҚҚ , 182-бума, 6-дәптер, 19-б. Мәтін түпнұсқадан алынды.

Көрсеткіште байқалмайды. ( Салыстырыңыз: ТМ А 2493)
Нұсқалары белгісіз.
Жариялануы: ХТҚЕ, № 94; Боз, 216; ХТЕ, Т.1. 211.

128. Күшік пен мысық

КСГ, 1894, №18. О.Әлжанов жариялаған. Тағы да сол: ОҒК ҚҚ, 198-бумада 16-бетте сақтаулы. Мәтін «Дала уалаяты» газетінен алынды. Жариялануы: Дубровский К.В. Сибирские сказки. М., 1923, с.55 [балаларға лайықтаған]; ҚЕ І 210 (1946-1947 жылғы экспедиция материалына сілтеме келтірген); КС І 199; ӘМ, 94; ДУГ, (1989. 516), ХТЕ, Т.1. 211

АТ 47 D (=АТ 117*)

Нұсқасы: Ақ күшік пен қасқыр // ОҒК ҚҚ, 563-бумада, араб әрпінде сақтаулы. Айтушысы Молда Мықан. Жинаушысы Жақыпбаев Бозтай. Сюжет Шығыс Еуропада тіркелген (Ресей, Белоруссия, Литва, Польша), бұл елдерде версия тұрақты, ал Үндістанда версия құбылмалы (түлкі барысқа еліктеп, жылқыға шабуыл жасайды; шиебөрі арыстанға еліктеп, пілге шабуыл жасайды)

129. Мысықтың түлкіге қонақ болуы

ОҒК ҚҚ, 204-бумада сақтаулы. Жинаған Ә.Диваев. Араб әрпінде. Мәтін түпнұсқадан алынды.

Жариялануы: ХТЕ, Т.1. 212.
Нұсқасы: БХИ, №56.
АТ 103 (Мысық пен жабайы хайуандар).
СУС 103 (103А және 103 А*)

103А* сюжетінде мысық өзін аң патшасы деп жария шашады да, патшаның ауқатын жеп-ішеді. Бұл сюжет шығыс славянда, башқұртта бар, ол үлгілер қазақтағы сюжетпен ортақ.

130. Ертегі: Мақта қыз бен мысық

Ә.Диваев жинаған материал. – ОҒК ҚҚ, 19-бумада 1-бетте сақтаулы. Қазақ педагогикалық институты қасындағы тоғыз жылдық мектептің 3- сынып оқушысы Зейнеп Сарыбаевадан 1927 жылы ІІІ /8 жазылып алынған. Мәтін түпнұсқадан алынды.

(АТ 2022)

Жариялануы: КС ІІІ 234; ҚЕ, І Т. 212; ХТҚЕ, № 111; Боз, 26; ХТЕ, Т.1.213 Мәтін Ы.Алтынсаринннің «Киргизская хрестоматия» (Оренбург, 1879) енген үлгіге ұқсас. Орта Азияға, сонымен бірге Иранға да таралған (Сказки Исфахана. М.,1967, с.80).

131. Қызыл мысық

1980 жылы «Шинжияң халық баспасы» шығарған «Қазақ халық ертегілері» жинағында (387-392-бб) жарық көрген. Мәтін осы жинақтан алынды.

Жариялануы: ХТЕ, Т.1. 215-218
Нұсқалары белгісіз.
АТ 103 (Мысық пен жабайы хайуандар).
СУС 103 (103А және 103 А*)

Осы жинақтағы № 31, №129 ертекке жазылған түсінікті қараңыз. Жалпы, боялған аңның (түлкі, суыр, мысық) басқаларға патша болғаны туралы сюжет Үнді ертегілері арқылы кең таралған.

Салыстыруыңызға болады: ТМ J 2131.5.6.

132. Жалқау мысық

Алғаш рет «Бозінген» жинағында жарияланған (Боз, 150). Жинаққа осы мәтін алынды. Ертектің паспорты белгісіз.

Жариялануы: ХТЕ, Т.1. 213.
Нұсқалары белгісіз. Көрсеткіште жоқ.

133. Мысық пен тышқандар

Бұл ертек төмендегі жинақтан алынып, Қазақстанда алғаш рет жарияланып отыр: Сауан, 324-325. 1990 жылы айтып берген Ыбырайым Жиенбайұлы, жазып алған Бадан Мұқаметкәрімұлы. Араб әрпімен жазылған.

Нұсқалары белгісіз, халықаралық көрсеткіште байқалмайды.

134. Мысық пен тышқандар

Бұл ертек төмендегі жинақтан алынып, Қазақстанда алғаш рет жарияланып отыр: Сауан, 328-331. 1963 жылы айтып берген Берікбай Жақсылықұлы, жазып алған Құрманғажы Әкежанұлы. Араб әрпімен жазылған.

Әлемге «Панчатантра» арқылы кең таралған сюжет.
Салыстыруыңызға болады: СУС 113Е*
Нұсқасы: моңғолда МАҮ №48.

Жалпы, бұл ертектегі сюжет моңғолдағы нұсқамен ортақ деуге негіз бар, қазақта басқа нұсқасы белгісіз. Мысықтың мойнына қоңырау таққан тышқандар туралы «Панчатантра» сюжеті моңғолдарға тибет руханияты арқылы жеткендігін академик Ц.Дамдинсүрэн дәлелдеген (Ц.Дамдинсүрэн., А.Д.Цендина. Тибетский сборник рассказов из «Панчатантры». Улан-Батор, 1983. С.52-53.).

135. Құмырсқа

Алғаш рет «Бозінген» жинағында жарияланған (Боз, 136). Жинаққа осы мәтін алынды. Ертектің паспорты белгісіз.

Жариялануы: ХТЕ, Т.1. 165.
Нұсқалары белгісіз. Көрсеткіште жоқ.

136. Құмырсқаның қанағаты

Алғаш рет «Бозінген» жинағында жарияланған (Боз, 158). Жинаққа осы мәтін алынды. Ертектің паспорты белгісіз.

Жариялануы: ХТЕ, Т.1. 166.
Нұсқалары белгісіз. Көрсеткіште жоқ.

Осы жинақтағы №193 «Кім неден күшті» деген ертегіде Құмырсқа: «арқаммен алты батпан, желкеммен жеті батпан шойынды көтергендіктен күшті болдым» дегенде, Жаратқан: «Е, сен құдайсыз күшті болған екенсің ғой, олай болса, – деп, белден қылышпенен бір салғанда, қылдай болған. Өзіндей бұйымды көтеру де содан қалған», – деп құмырсқаның белі қылдырықтай болу себебіне этиологиялық түсінік береді.

Салыстырыңыз №193 ертек.

137. Хан мен құмырсқалар

Алғаш рет «Бозінген»жинағында жарияланған (Боз, 146). Жинаққа осы мәтін алынды. Ертектің паспорты белгісіз.

Жариялануы: ХТЕ, Т.1. 166.
Нұсқалары белгісіз. Көрсеткіште жоқ.

Бұл әйгілі «Қиссас ул-әнбие» кітабындағы «Сүлейменнің шымалмен сөйлескені» деген әпсананың ауызша таралған ертегілік нұсқасы (Рабғұзи, 242-243-б). Нұх пайғамбардың кемесіне ең алдымен шымалдың (құмырсқаның) кіргені туралы осы еңбекте атап өтіледі.

138. Құмырсқа мен елік

Қытайда «Мори ауданының аңыз ертегілері» деген кітапта жарық көрген (306-б). Айтып берген Рахат Батыралин, жазып алған Серпін Сымайылұлы. Араб әрпінде.

Қазақстанда алғаш рет жарияланып отыр.
Нұсқалары белгісіз.
Салыстырыңыз:СУС 239*

139. Қарға баласын «аппағым» дер, кірпі

баласын «жұмсағым» дер

Алғаш рет КСГ, 1889, №13-да жарық көрген, осы мәтін жарияланып отыр. ОҒК ҚҚ, 195-бумада, 21-б; ОҒК ҚҚ, 28 D-бумада сақтаулы, 302-303-б; Жариялануы: ҚЕ, І Т. 217; КС, Т.ІІІ, 256; ӘМ, 89, ХТҚЕ, № 101; Боз, 28; ХТЕ, Т.1. 217. Сюжет еуропалықтарға мәлім, көптеген мысалдарға негіз болған (Эзоп, Бабрий, Авиан). Көбінде құс емес, маймыл туралы айтылады. Шығыста тіркелмеген. Бір ғана қазақ сюжеті Сүлеймен пайғамбар есімімен ұштастырылады. Сүлеймен есімі қазақтың басқадай құс туралы ертегілерінде әдетте байқалады.

140. Құзғын қарға

ОҒК ҚҚ, 298-бумада сақтаулы. Жинаған: Жусабаев А. Мәтін латын әрпінде. Жинаққа түпнұсқа бойынша дайындалды.

Жариялануы: ХТЕ, Т.1. 238.

Нұсқасы осы жинақтағы №201 «Ұлар мен Қарға» ертегісі, түсінігін салыстырыңыз.

Көрсеткіште байқалмайды.
Бұл кумулятивті (формулалы) ертегі үлгісі.

141. Қарға мен баласы

Алғаш рет ҚЕ ІІ томында ( 208-б) жарияланған. Мәтін осы жинақтан алынды.
Жариялануы: ХТЕ, Т.1. 240.
Нұсқалары белгісіз. Көрсеткіште байқалмайды.

142. Қарғаның бөспелігі

1980 жылғы «Шинжияң халық баспасынан» шыққан «Қазақ халық ертегілері» жинағында (393-б) жарық көрген. Мәтін осы жинақтан алынды.

Жариялануы: ХТЕ, Т.1. 240.
Нұсқалары белгісіз. Көрсеткіште байқалмайды.
Ертек төлтума.

143. Қарға мен лашын

Алғаш рет ДУГ-нің 1889 жылғы 3-санында басылған. Жариялаған М.Ж.Көпеев. Осы мәтін алынды.

Қайта жариялануы: ӘМ, 72; ХТЕ, Т.1. 241.
Нұсқалары белгісіз. Көрсеткіште байқалмайды. Ертек төлтума.

144. Қарғаның достығы

ОҒК ҚҚ, 73-бумада сақтаулы. Жинаған: Диваев Ә. Араб әрпінде жазылған. Мәтін түпнұсқа бойынша дайындалды.

Бұл нұсқа алғаш рет жарияланып отыр.

Нұсқасы: Пантусов Н. Образцы киргизской народной литературы. Известия Общества археологии, истории, этнографии, Т.25. Казань, 1909.

Жариялануы: КС ІІІ 92; КС ІІ 197 (кей бөліктері).

АТ 233 В +АКТ 155+ТМ В 241.2.5.+АТ 242.

Варианттары: Узб, І 9, Сюжет әлемге кең таралған, түпкі тегі үнділік «Панчатантрадан», осыған ұқсас кейіпкерлер, мәселен, «Кәлила мен Димнада» құзғын, әккі көгершін, егеуқұйрық пен тасбақа және ақбөкен боп келеді (КМД, 277-295). Сюжеттерде күрделі айырмашылық жоқ.

Осы жинақтағы №196 ертек түсінігімен салыстырыңыз.

145. Қарға мен бүркіт

Бұл ертек төмендегі жинақтан алынып, Қазақстанда алғаш рет жарияланып отыр: Сауан, 321. 1990 жылы айтып берген Ыбырайым Жиенбайұлы, жазып алған Бадан Мұқаметкәрімұлы. Араб әрпімен жазылған. Халықаралық көрсеткіште байқалмайды, халық арасына ауызша кең таралған қазаққа тән төлтума мысал.

№142 «Қарғаның бөспелігі» ертегісімен салыстырыңыз.

146. Кезқұйрық пен бақа

Бұл ертек төмендегі жинақтан алынып, Қазақстанда алғаш рет жарияланып отыр: Сауан, 326-328. 1957 жылы айтып берген Берікбай Жақсылықұлы, жазып алған Құрманғажы Әкежанұлы. Араб әрпімен жазылған.

Нұсқалары белгісіз.
Салыстыруыңызға болады: СУС 227*

147. Батыл есек

Бұл Әбу Уахитовтың материалы, ол ертегіні Павлодар облысы, Лебяж ауданы, «Қызыл әскер» совхозының орта мектебінде оқып жүргенде естіген. 1960 жылы жазылып алынған. – ӘӨИ ҚҚ, 116-бума, дәп. 4, 49-55 -б. Мәтін түпнұсқа бойынша дайындалды.

АТ 207 А +АТ 103С* + АТ 78 + (АТ56А*).

Нұсқалары: АТ 78 туралы «Ақылды лақ» (№186) ертегісіне жазылған түсінікті қараңыз; АТ 207 А – Каракалпак, 68; КиргМ, 207; Киргиз, 142; Нам, 14; Узб, І 37; АТ 103 С* – Бр 119, Каракалпак, 68; КиргМ, 207. Бұл сюжеттік контаминациялар Орта Азияға белгілі. АТ 207 А сюжеті жаппай таралған, ол парсы тілді халықтарда да бар. Өтірік өліп жатып есекке ұсталған сауысқан (біз оны шартты түрде АТ 56 А* деп анықтадық ) туралы сарын Орта Азияның өзінде де таралу шеңбері тар: Өзбекстан мен Қазақстанның оңтүстігінде ғана (Тағы да қарауыңызға болады: Винников И.Н. Язык и фольклор бухарских арабов. М.,1969, №25 – есек сауысқанды артына қыстырып ұстап алады). Осы ертегідегі жолбарыстың есектің дауысынан қорқуы «Кәлила мен Димнадағы» арыстанның бұқаның дауысынан қорқып, үрейлену сарынына ұқсайды («Арыстан мен бұқа» // КМД, 217).

Жариялануы: ХТҚЕ, І53-155, №80; ХТЕ, Т.1. 201-203.

Ертегінің тағы бір нұсқасы алғаш рет Ә.Диваев «ЭМ, ІV» жинағына жариялаған. Айтып беруші Шымкент уезінің қазағы Садық Түлкімбаев.

148. Есек пен өгіз сырлары

ОҒК ҚҚ, 138-бума, 3-дәптерде сақтаулы. Араб әрпінде. Жинаушысы Ғ.Елеусізов, мәтін түпнұсқадан алынды.

Жариялануы: ХТЕ, Т.1. 203
Нұсқасы белгісіз. Кең таралған сюжет.

СУС 207 А

149. Есек пен саршұнақ

Алғаш рет жариялануы: Крафт 132. Жинаушы бұл ертекті Батыс Қазақстанда Мәмбетжан Ибрагимов деген ақсақалдан жазып алған. Жариялануы: КС ІІ 189; Боз, 215; ХТЕ, Т.1. 204. Мәтін «ХТЕ» жинағынан алынды.

Нұсқасы белгісіз.
Көрсеткіште жоқ. Салыстырыңыз: ТМ К 540, АТ 91. (Тағы да АТ 122 N*)

Ертегі әдеби дәстүр арқылы таралуы ықтимал. Ертек «Панчатантраға» енген әйгілі АТ 91 сюжетіне жақын. Бұл сюжет Таяу шығыстан Африкаға дейін мәлім.

150. Тышқан мен жылан

ОҒК ҚҚ, 198-бума. Жинаған Ә.Диваев. Көшіруші Ә.Марғұлан. Мәтін түпнұсқадан дайындалды.

Ертектің бір нұсқасын Батыс Қазақстаннан И.И. Крафт жинаған: Крафт, 126.
Жариялануы: КС ІІ 188; ҚЕ ІІ 09.
Нұсқалары белгісіз.
Варианты: Туркм №4.

Көрсеткіште байқалмайды. Алайда мына сюжетпен салыстырыңыз: ТМ К 401.2.2. (қарға адамдарды балапанын жеген жыланның інінің үстіне әкеледі) Негізінен бұл ертек әу баста үнділік сюжеттен өрбіген («Панчатантрадан» І,5; І,27); (Тотынама, 20: түлкі өш алу үшін аңшыны тотының ұясына әкеледі). Түркі халықтарының фольклорында кездеспейді. Түрікмен нұсқасы «Панчатантраға» жақын болса, қазақтікі, керісінше, алшақ.

151. Тышқандар

Алғаш рет «Бозінген»жинағында жарияланған (Боз, 160). Жинаққа осы мәтін алынды. Ертектің паспорты белгісіз. Ертегінің сюжеті «Тышқан патшасы және оның уәзірлері» (КМД, 397-407) деген ертегімен ұқсас, демек Үндістан ертегілері әсерінен таралған.

Нұсқасы: моңғолда «Қоңыраулы мысық» (МАҮ, №48)
Жариялануы: ХТЕ, Т.1. 215
Салыстыруыңызға болады: СУС 113 Е*

152. Тышқан мен мысық

Алғаш рет «Бозінген» жинағында жарияланған (Боз, 128). Жинаққа осы нұсқа алынып отыр. Ертектің паспорты белгісіз.

АТ 15 (Түлкі кіндікшеше)
Нұсқасы: башқұртта БХИ №34, қарашайда, татарда бар (Тат, 238; татар, 271).

АТ 15 сюжеті бүкіл әлемге кең таралған. К.Крон оның солтүстік еуропалықтардан шыққандығын жазады. И. Левин бұл сюжеттің тегі (Дзагуров Г.А. Осетинские народные сказки. М., 1973, 562 с.) шығыстан (ираннан) деген пікірге ден қояды. Осы сюжет Африка мен Америка фольклорында да бар. Бұл ертекте түлкінің «кіндікшешелік» қызметін мысық орындайды, дәл осы нұсқаның варианттары белгісіз.

Бұл жинақтағы №33 ертекке жазылған түсінікті қараңыз.

153. Кептер мен қарға

Алғаш рет «Бозінген» жинағында жарияланған ( Боз, 127). Жинаққа осы нұсқа алынып отыр. Ертектің паспорты белгісіз.

Нұсқасы белгісіз. Көрсеткіште жоқ.

154. Көк кептер балапаны

Ә.Диваев жинаған материал.– ОҒК ҚҚ, 195-бумада сақтаулы, 5-б. Мәтін түпнұсқадан алынды. Көрсеткіште байқалмайды. (Мына сюжетпен салыстыруға болады: АТ 232: саңырау құр бөтен өлкеге барғанша өз үйінде қалғанды қош көреді)

Жариялануы: ХТҚЕ, № 100; ХТЕ, Т.1. 262.
Нұсқасы белгісіз.

Өз үйін қастерлеу туралы сирек кездесетін тәмсіл. Әдетте кейіпкер кейде құс, кейде аң болып келеді. Мәселен, Үндістанда тышқан өз үйін бәрінен артық санайды.

155. Қаз бен түлкі.

Бұл Әбу Уахитовтың материалы, ол ертегіні Павлодар облысы, Лебяж ауданы, «Қызыл әскер» совхозының орта мектебінде оқып жүргенде естіген. 1960 жылы жазылып алынған. – ӘӨИ ҚҚ, 116-бума, дәп. 4, 31-б. Мәтін түпнұсқадан алынды.

Жариялануы: ХТҚЕ, № 65; ХТЕ, Т.1. 263.

АТ6

Нұсқалары: КЕ ІІ; КС ІІІ 245; Бр 66; КиргМ, 211; Нам, 14; Туркм14. Бұл сюжет әлемге кең таралған, әдетте әрекет етуші кейіпкер өзгеріске ұшырап отырады. Бұл мотивтер тізбегі (түлкі қандай бір құсты ұстап алып жемек болғанда, ол құдайға құлшылық жасап жеу керектігін ескертеді де, аузын аша бергенде, өзі құтылып кетеді) Латвияда (мұнда дәл түлкі мен қаз), Парсыда, Ауғанстанда, курдттерде кездеседі. Сюжеттің тұрмыс-салты, тілі, наным-сенімі басқа халықтарға ешқандай ауыс-қиыссыз ортақ таралуы –сирек оқиға. Әдетте түркі фольклорында бас кейіпкерлер бөдене мен түлкі болады: АТ56 контаминациясы. Қазақ нұсқасында түлкі «маңғыт» дегенде, бөдене «саңғыт» деп құтылуып кету – қалыпты жайт.

156. Қаз

С.Көбеевтің 1912 жылғы жинағынан алынды. Араб әрпінде. Бұрын басқа жерде жарияланбаған. Бұл орыстың белгілі ертегісінің аудармасы. Жазушы балаларға лайықтап әзірлеген. Нұсқасы белгісіз. Мәтін С.Көбеевтің жинағынан алынды.

СУС 255* (Қаз бен балық)

157. Үйрек

Бұл ертек төмендегі жинақтан алынып, Қазақстанда алғаш рет жарияланып отыр: Сауан, 304-306. 1957 жылы айтып берген Берікбай Жақсылықұлы, жазып алған Құрманғажы Әкежанұлы. Араб әрпімен жазылған.

Нұсқалары белгісіз.
Салыстыруыңызға болады: СУС 227

158. Бақа мен кірпі

Алғаш рет жариялануы: ҚЕ ІІІ Т. 166-167. Мәтін осы жинақтан алынды.
Жариялануы: Боз, 83.
Нұсқасы белгісіз.

Көрсеткіште жоқ. Салыстырыңыз: СУС 238 (көгершін мен бақа өз артықшылықтарын салыстырады)

159. Бақаның көшуі

Бұл ертек төмендегі жинақтан алынып, Қазақстанда алғаш рет жарияланып отыр: Сауан, 270-271. 1963 жылы айтып берген Берікбай Жақсылықұлы, жазып алған Құрманғажы Әкежанұлы. Араб әрпімен жазылған.

Әлемге «Панчатантра» арқылы кең таралған сюжет.
Нұсқасы: қазақта ХТҚЕ, №104; Туркм, №8; ХТЕ, Т.1. 263.

Бұл белгілі ертегі бақаның құсқа жабысып саяхаттағаны туралы сюжеттен алынған. Оған түпнегіз әйгілі «Панчатантра» (1,16), одан кейін «Кәлила мен Димна» ( КМД, «Екі үйрек, бір бақа», 243-б)

Осы жинақтағы № 202 «Екі қаз, бір бақа» ертегімен салыстырыңыз.

160. Тасбақаның айласы

Бұл ертек төмендегі жинақтан алынып, Қазақстанда алғаш рет жарияланып отыр: Сауан, 306-312. 1963 жылы айтып берген Берікбай Жақсылықұлы, жазып алған Құрманғажы Әкежанұлы. Араб әрпімен жазылған.

Нұсқасы белгісіз, көрсеткіште байқалмайды.

161. Кірпішешен

Алғаш ДУГ-нің 1888 жылғы № 50-санында жарияланған. Мәтін осы жинақтан алынды.

Қайта жариялануы: ӘМ 87; ДУГ 1989 74
Нұсқалары белгісіз. Көрсеткіште жоқ.
Салыстырыңыз: АТ *80***

Әлсіз хайуанның өзінен әлдеқандай зор жыртқыштың інін айлакерлікпен тартып алғаны туралы бұл сюжет (кейде әлсіз кейіпкер кірпі) солтүстік, оңтүстік Еуропа халықтарында кездеседі.

Осы жинақтағы №84, №92 ертекке жазылған түсінікпен салыстыруыңызға болады.

162. Кірпі мен қоян

Бұл ертек төмендегі жинақтан алынып, Қазақстанда алғаш рет жарияланып отыр: Сауан, 302-303. 1990 жылы айтып берген Ыбырайым Жиенбейұлы, жазып алған Бадан Мұқаметкәрімұлы. Араб әрпімен жазылған.

Нұсқалары бар: «Көр тышқан мен кірпі», Байтұрсынов1, 60
Салыстыруыңызға болады: АТ *80***
Нұсқасы: Қарақұлақ пен арыстан // ХТЕ, Т.1. 132-134; БХИ, №52

Осы жинақтағы №92 «Қарақұлақ пен арыстан» ертегісіне жазылған түсінікті қараңыз.

163. Көбелек пен маса

Алғаш рет «Бозінген» жинағында жарияланған (Боз, 126). Жинаққа осы мәтін алынды. Ертектің паспорты белгісіз.

Нұсқалары белгісіз. Көрсеткіште жоқ. Әдеби қолтаңба байқалады.

164. Сауысқан

Алғаш рет «Бозінген» жинағында жарияланған (Боз, 136). Жинаққа осы мәтін алынды. Паспорты белгісіз.

Нұсқалары белгісіз. Көрсеткіште жоқ.

165. Тау мен қаңбақ және бүркіт

1964 жылғы Оңтүстік Қазақстан экспедиция материалы. Н.Төреқұлов Ақтайлақовтан жазып алған. – ӘӨИ ҚҚ, 520-бума, 1-дәптер, 7-б. Мәтін түпнұсқадан алынды.

ТМ J 953

Нұсқасы белгісіз.
Жариялануы: ХТҚЕ, №107; ХТЕ, Т.1. 269.

Бұл ертектен жеке шығармашылық қолтаңба сезіледі. Бұл сюжет әлсіздің өзін алыптан зормын деп күпінгені туралы сарын (Салыстыруыңызға болады: АТ 281: бөгелек жерге домалап бара жатып жылқыны жеңдік деп айтады)

166. Екі әтеш

Алғаш рет «Бозінген» жинағында жарияланған (Боз, 110). Жинаққа осы мәтін алынды. Паспорты белгісіз.

Нұсқалары белгісіз. Көрсеткіште жоқ.

167. Не дәмді?

Алғаш рет «Бозінген» жинағында жарияланған (Боз, 129). Жинаққа осы мәтін алынды. Паспорты белгісіз.

Нұсқалары белгісіз. Көрсеткіште жоқ.

168. Аттың басы

ОҒК ҚҚ, 73-бумада сақтаулы. Жинаған: Диваев Ә. Араб әрпінде жазылған.
Бұрын баспа бетінде жарық көрмеген, алғаш жарияланып отыр.
АТ 283 В* (Шыбынның баспанасы).

Бұл сюжет шығыс славян халықтарына тән. Яғни «Аттың басы» деген бұл ертек Афанасьев жинағындағы №84 ертегінің аудармасы деуге дәлел бар. (Народные русские сказки А.Н.Афанасьева в трех томах. Т.І. М., 1984. С.105)

169. Тырна мен Көкқұтан

ОҒК ҚҚ, 535-бума. Көбеев Спандияр. Үлгілі бала. Қазан, 1912. Мәтін осы жинақтан алынды.

АТ 244 А*; СУС 244 А* =АА*244 І

Тырна мен көкқұтанның отаспақ болғаны туралы орыстың белгілі ертегісінің аудармасы.

170. Бұланның өкініші

Алғаш жариялануы: Мори ауданының аңыз ертегілері. – Іле, Ііле халық баспасы. 1999. 437-б. Ертекті айтып берген Әмет Йүсіпәліұлы, Мори ауданы Өзбек ауылы, Бұғылысай қыстағының тұрғыны. Жазып алған Қапас Әсейінұлы, араб әрпінде.

Қазақстанда алғаш рет жарияланып отыр.
Нұсқалары белгісіз.
Кең таралған сюжет.

СУС 77.

171. Піл мен түлкі

Бұл ертек төмендегі жинақтан алынып, Қазақстанда алғаш рет жарияланып отыр: Сауан, 409. 1963 жылы айтып берген Берікбай Жақсылықұлы, жазып алған Құрманғажы Әкежанұлы. Араб әрпімен жазылған.

Нұсқалары белгісіз, көрсеткіште байқалмайды. «Панчатантра» арқылы әлемге кең таралған сюжет. Пілдің суреттелуі, ол су ішетін көлде тұңғиық гүл (лотос гүлі буддизмнің негізгі символы, қытайдағы қазақтар оны тұңғиық гүл, моңғолдағы қазақтар субадам гүлі деп аударып қолданған) өсіп тұруы ертектің көрші моңғол, тибет текті халықтардың ықпалынан таралғанын білдіреді.

172. Асқақ аққу

Бұл ертек төмендегі жинақтан алынып, Қазақстанда алғаш рет жарияланып отыр: Сауан, 339-342. 1957 жылы айтып берген Берікбай Жақсылықұлы, жазып алған Құрманғажы Әкежанұлы. Араб әрпімен жазылған.

Нұсқалары белгісіз, көрсеткіште байқалмайды.

173. Шолп

Бұл ертек төмендегі жинақтан алынып, Қазақстанда алғаш рет жарияланып отыр: Сауан, 402-405. 1957-жылы айтып берген Берікбай Жақсылықұлы, жазып алған Құрманғажы Әкежанұлы. Араб әрпімен жазылған.

Нұсқалары белгісіз, көрсеткіште байқалмайды.

174. Жануарлардың арманы

Бұл ертек төмендегі жинақтан алынып, Қазақстанда алғаш рет жарияланып отыр: Сауан, 380. Айтып берушісі белгісіз, 1989 жылы 9 тамызда ел аузынан жинап, жазып алған Құрманғажы Әкежанұлы. Араб әрпімен жазылған.

Нұсқалары белгісіз, көрсеткіште байқалмайды.
Ел арасына ауызша кең таралған қазаққа тән төлтума әңгіме.

175. Көк өгіздің тарихы жайында

Түпнұсқасы ОҒК ҚҚ, 203-бумада сақтаулы, жинаған Жантөбетов Жақсыбай. Мәтін түпнұсқа бойынша жарияланып отыр. Нұсқалары: Көк сиырдың қиссасы // ОҒК ҚҚ, 563-бума, жинаушысы: Жақыпбаев Бозтай; ӘӨИ ҚҚ, 520-бума, 1-дәптер, 66-б; ХТҚЕ, №88; ХТЕ Т.1. 198-200.

Осы жинақтағы №180 «Бір өгіз» ертегіне берілген түсінікті оқыңыз.

176. Сиыр мен теке

1890 жылғы ДУГ-нің № 52-санында басылған. Мәтін осы жинақтан алынды.
Жариялануы: ХТЕ, Т.1. 198.; ДУГ 1989. 75
Нұсқалары белгісіз.
Көрсеткіште жоқ. Қазақтың төл ертегісі.

177. Өгіз, есек ертегісі

Ә.Диваев жинаған материал. – ОҒК ҚҚ, 182-бума, 7-дәптер, 14-бетте сақтаулы. Тапсырған Ғабитова Ф.; 1939 жылы Ә.Марғұлан жинаған осы ертек ОҒК ҚҚ, 150-бума, 3-4-беттерде де сақтаулы. Араб әрпінде.

Жариялануы: ХТҚЕ, І71-173, №90; Боз, 212; ХТЕ, Т.1. 198.

АТ 214 А

Нұсқасы: Туркм №7 (10)
Ертектің арғы тегі Үндістаннан («Панчатантра» У.5; Тотынама, 34-әңгіме).

Ертек әдеби қолжазбадан парсыларға және Орта Азия халықтарына өзіндік ерекшелікпен таралған. Ертегінің «Бұғы мен есек» деген нұсқасы тағы бар. – А.Диваев. Олень и осел. Труды Общества изучения Киргизского края , вып. 3, Оренбург, 1922.

178. Жақсылыққа жамандық.

Алғаш рет КСГ 1894, №46 санында жарық көрген. Жинаққа осы мәтін алынды.
Жариялануы: КС ІІ 198; ҚЕ, І 68; ҚТХЕ, 168-169.;Боз, 84.; ХТЕ, Т.1. 210

ТМ W 154

Нұсқасы белгісіз. Қазаққа тән төл ертек.

179. Өгіз, айғыр, жолбарыс

Алғаш рет 2002 жылы Қытайда «Ұлттар» баспасынан шыққан «Қазақ аңыз-ертегілері» жинағында жарық көрген (639-б). Жинаған: Нұрлыбек Берелбекұлы. Реттеген: Әбдірешит Байболатов. Араб әрпінде жазылған.

Қазақстанда алғаш рет жарияланып отыр.
Нұсқасы белгісіз. Көрсеткіште жоқ.
Салыстыруыңызға болады: СУС 151 А* (Адам мен жылқы арыстанды алдайды)

180. Бір өгіз

Н.Төреқұлов Шымкент облысынан жинаған. Оңтүстік Қазақстан облысы экспедицция матераииалы. – ӘӨИ ҚҚ, 520-бума, 1-дәптер 66-бетте сақтаулы. Жинаққа түпнұсқадан алынды.

Жариялануы: ХТҚЕ, № 88; Боз, 211 «Өгіз» деп берілген; ХТЕ, Т.1. 198.
Көрсеткіште байқалмайды ( Салыстырыңыз ТМ J 512).

Нұсқалары: Бұғы болған төрт өгіз (мысал өлең). – ОҒК ҚҚ 685-бума; Көк өгіздің тарихы жайында – ОҒК ҚҚ, 203-бума. Араб әрпінде, жинаған Жантөбетов Жақсыбай. Жалпы, бір хайуанның басқаға еліктеуі туралы сюжеттер әлемде көп. Мысалы, есек пен түлкі. Ал қазақ версиясы төлтума.

181. Бозінген

Ә.Диваевтың «Тарту» жинағынан алынды, мәтін латын қарпінде, айтушысы белгісіз, жинаушы Ә.Диваев. ӘӨИ ҚҚ, 153-бумада (32-43-бб.) сақтаулы. Ертектің дәл осы толық нұсқасы бұрын баспа бетінде жарық көрмеген, алғаш рет жарияланып отыр. Өзгертілген, өңделген нұсқаларының жариялануы: ҚЕ, І Т. 179-190; Боз 3-14; ХТЕ, Т.1. 173-179; Сейф2., 217.

Версиясы: моңғолда (МАҮ, №43).

Моңғолда бұл ертегінің нұсқалары көп, батыс моңғолда таралған үлгі (бозінгенді кіреге әкетуі) қазаққа жақын (МАҮ, 334). Батыс моңғолдар бұл ертекті хуур (қобыз) аспабымен эпостық әуенге салып айтатын көрінеді. Демек, қазақ мәтінде де өлең шумақтарының мол орын алуы осы ертек ертеде зарлы жыр күйінде ел арасына таралған болуы ықтимал деген пікір тудырады.

182. Ботаның кешірмесі

Бұл ертек төмендегі жинақтан алынып, Қазақстанда алғаш рет жарияланып отыр: Сауан, 417-421. 1963 жылы айтып берген Берікбай Жақсылықұлы, жазып алған Құрманғажы Әкежанұлы. Араб әрпімен жазылған.

Нұсқалары белгісіз, көрсеткіште байқалмайды.
Ел аузында айтылып жүргенімен көп жариялана қоймаған төлтума ертек.
Осы жинақтағы №181 «Бозінген» ертегісімен салыстырыңыз.

Версиясы: моңғолда Жетім ақбота (Өнчин цагаан ботго) // МАҮ, №43. Сонымен бірге тағы да моңғолдағы бір нұсқа: Боз бие (Цуутын цагаагч гүү) // МАҮ, №44. Жалпы, көшпелі халықтарда ботаның, құлынның жетім қалғандығы туралы аңыз-әңгімелер, олар туралы зарлы күй-әуендер көп. Біз талдап отырған «Ботаның кешірмесі» ертегіндегі бозінгеннің өлер алдындағы өсиеті моңғолдың «Боз бие» ертегісіндегі енесінің құлынына айтатын ақтық ақыл сөзімен ұқсас, ал сол сөздердің соңынан өмірде орындалу сарыны да ортақ (МАҮ, 74-75). Сондай-ақ енесін іздеп шыққан ботаны түйеші ұстап ап бураға қосақтап байлауы, бура арқанды тісімен қиюы, ботаның жолда көлге тап болып, одан балықтың (моңғолда тасбақаның) өткізуі өзара үндес (МАҮ, 71-72). Түйіндеп айтқанда, жетім ботаны, құлынды аяудан, аялаудан туған әңгіме-аңыздар кейіннен көшпелі халықтарда үндес ертегіге, ән-күйге айналған деуге болады.

183. Ешкі мен қасқыр

Ең алғаш рет А.Алектровтың 1898 жылғы «Киргизская хрестоматия»
(1-бөлім, 47-б) атты кітабында жарық көрген. Осы мәтін алынды.
Жариялануы: КС, Т.ІІІ 253; ҚЕ, ІІ Т. 192-б; ХТЕ, Т.1. 180
Нұсқасы белгісіз.

АТ 127 А*

184. Ешкі мен қасқыр

Бұл ертек төмендегі жинақтан алынып, Қазақстанда алғаш рет жарияланып отыр: Сауан, 471-472. 1963-жылы айтып берген Берікбай Жақсылықұлы, жазып алған Құрманғажы Әкежанұлы. Араб әрпімен жазылған.

Нұсқалары белгісіз. Көрсеткіште байқалмайды.

Ешкінің мүйізін жарғыш қару деп (қылыш) деп таныстыру, сондай-ақ қасқырды бопсалап сүзіп қорқыту сарыны моңғолда МАҮ, №35 «Мақтаншақ теке мен қасқыр», тувада №17 «Серке» (Тувинские народные сказки. Новосибирск,1994. с. 359) деген ертекте кездеседі. Қошқардың мүйізін қылыш деп таныстыру шығыс славяндықтарда бар: СУС104 (Үй хайуанаттары мен жыртқыштың соғысы)

Салыстыруыңызға болады: СУС 122М*

185. Екі лақ

1963 жылғы «Балдырған» журналының 1-санында басылған. Жинаушысы М.Гумеров. Осы мәтін алынды.

Жариялануы: ҚЕ ІІІ Т. 171-173.; Боз, 86-87; ХТЕ, Т.1. 182-183.
Нұсқалары белгісіз. Көрсеткіште жоқ.

Бұл балаларға арналған жазушы М.Гумеров тарапынан әдеби өңдеуден өткен ертек.

186. Ақылды лақ

ОҒК ҚҚ, 92-бумада сақтаулы, №2, 1-4-б. Жинаушы 1936 жылы туған С.Бейсебаев. Мәтін түпнұсқа бойынша дайындалды.

АТ 126+АТ 78+АТ 126 А*

Нұсқалары: АТ 78 – Тибет №20 (4), Тув №25; АТ 126 – ҚЕ ІІІ 171; КС ІІ 200; Аз, 478; Кар, 140; Каракалпак, 68; Туркм, №9,10; Узб, І 17; Уйг 117; Нам, 14. АТ 126 сюжеті бүкіл әлемге белгілі, соның ішінде түркі халықтарында кең таралған.

Осы жинақтағы № 112 «Көжек» ертегісімен салыстырыңыз.

187. Бес ешкі

Түпнұсқасы ОҒК ҚҚ, 298-бумада сақтаулы. Мәтін араб әрпінде жазылған. Жинаған: Бейсебаев С. Мәтін түпнұсқа бойынша дайындалды. Ертегінің тағы да бірнеше нұсқасы сақталған: ӘӨИ ҚҚ, 116-бума, 3-дәптер, 7-16-бб. Жинаған: С.Қасимов, Ә.Уахитов, кирилл әрпінде машинкада басылған.

Жариялануы: ҚЕ ІІ Т. 25-26; Боз, 73-75; ХТЕ, Т.1. 185-186.

АТ 122

Нұсқасы: моңғолда МАҮ, №25.

188. Домбырашы теке

Алғаш рет 2002 жылы Қытайда «Ұлттар» баспасынан шыққан «Қазақ аңыз-ертегілері» жинағында жарық көрген (624-б). Жинап реттеген: Нұрқасым Әбілұлы. Араб әрпінде жазылған.

Қазақстанда алғаш рет жарияланып отыр.

АТ 125+ АТ 126 А*

Нұсқасы: башқұртта БХИ №72.
Осы жинақтағы №77, №186 ертекке жазылған түсініктермен салыстырыңыз.

189. Ақымақ теке

С.Көбеевтің 1912 жылғы «Үлгілі бала» жинағынан алынды. Араб әрпінде. Бұдан бұрын басқа жерде жарияланбаған.

Нұсқасы белгісіз. Көрсеткіште жоқ.

190. Жетім қозыны қасқыр жегені

1945 жылы Жақсыбай Жантөбетов жазып алып тапсырған. – ОҒК ҚҚ, 203-бума, 20-б. Мәтін түпнұсқа бойынша дайындалды.

АТ ІІІ А; СУС 111 А

Басқа нұсқасы белгісіз.
Жариялануы: ХТҚЕ, №92; ХТЕ, Т.1. 187.

Бұл белгілі көп таралған мысал сюжеті (Эзоп, Федр, Лафонтен, Крылов және т.б). Осы ертектің түпқайнары (мысалдың соңындағы әлеуметтік-саяси түйінге қарағанда) орыс сатиригі И.А.Крыловтың ХІХ ғасырда қазақ тіліне аударылған өлеңінен болуы ықтимал. Отаршылдарға қарсы үндеу А.Байтұрсынұлының «Қырық мысалы» арқылы ел арасына сілкініс тудырған. Мәселен, «Қырық мысалда», «Қасқыр мен қозы» аудармасы 1909 жылы жарияланғаны белгілі (Байтұрсынов, 35-36).

191. Қошқар мен теке

Алғаш рет жарық көруі: 1957 жылы ҚЕ І 218-234. Жинаушы Е.Ысмайылов. 1929 жылы Көкшетау облысы Еңбекші ауданындағы қария Шаймерден Құлыбековтың айтуынан жазып алған. Осы мәтін қайта жарияланып отыр.

Жариялануы: Боз, 29-43; ХТЕ, Т.1. 188-198.

АТ130 В+ АТ 125+ АТ 130 А +АТ 126 А*

192. Екі қой.

1892 жылғы «Дала уалаятының газетінде» 38-cанында жарияланған. Жинаушы А.Е.Алекторов. Осы мәтін алынды.

Қайтадан жарық көруі: Сид 21; КС, Т. І. 171; КСОЖ 149; ДУГ, 1989. 418-419.

АТ 125 (= ЕВ ІІ), СУС 125.

Нұсқалары:Тув, 25; Туркм, 3; Узб, І 17; Уйг, 117; Карач, 208, 219; Татар 252; башқұрт (БХИ, Т.13, 105-107-б).

Сюжет әлемге кең таралған – Қытайдан Үндістан аралығында кездеседі.

Мысал ертегілер

193. Кім неден күшті?

Ә.Диваев жинаған материал. – ОҒК ҚҚ, 137-бума, 17-бетте сақтаулы. Мәтін түпнұсқа бойынша дайындалды. Жариялануы: ҚЕ ІІ. 187-188 «Кім күшті?» деп берілген; ХТҚЕ № 112; Боз 53; ХТЕ Т.1. 269.

ТМ Z 242+ТМ А 2251. І

Нұсқалары: КС І 175; КиргФ 59; КиргМ 227; Узб І 57.

Этиологиялық түйінмен аяқталатын кумулятивті ертек. Табиғат күштері мен хайуанаттарды салыстыратын мұндай ертегі типі бүкіл әлемге таралған. Қазақ нұсқасы Орта Азиялық қалыпты версияға жатады.

194. Үш дос немесе аққу, шаян, шортан

ОҒК ҚҚ, 298-бумада сақтаулы. Айтушы: Әбдірахыман Менбайұлы. Жинаушы: Шаймерден Торайғыров. Мәтін түпнұсқа бойынша дайындалды.

Жариялануы: ХТЕ Т.1. 163.

АТ 252 А*

Славяндарда кең таралған сюжет, кейіннен А.Байтұрсынұлының «Қырық мысалында» №1 үлгі арқылы қазақ арасына жайылған, бұл соның прозалық түрі.

195. Емен түбін жайлаған шошқа

ОҒК ҚҚ, 298-бумада сақтаулы. Айтушысы: Рахмет Бекмағамбетқожаұлы. Араб әрпінде жазылған. Мәтін түпнұсқа бойынша дайындалды.

Жариялану: ХТЕ, Т.1. 153

СУС 219**

Бұл сюжет те славяндарда кең таралған. Ертегінің нұсқасы А.Байтұрсыновтың «Қырық мысалындағы» № 24 «Еменнің түбіндегі шошқа» ертегісіне сәйкес келеді (Байтұрсынов А. Ақжол. – Жалын, 1991. 45-б).

196. Көгершін ертегісі

Ертегінің қолжазба нұсқасы ОҒК ҚҚ,150-бумада сақтаулы. Жинап, тапсырған Ә.Марғұлан. 1936 жылы. Осы мәтін алынды. Ең алғаш рет жарық көруі: Н.Н.Пантусов. Образцы киргизской народной словесности. – Известия Общества археологии , истории и этнографии. Т. 2., Казань .

АТ 233 В +АКТ 155+ТМ В 241.2.5.+АТ 242.

Варианттары: Узб, І 9.

Бұл ертегінің кейіпкері көгершін, тышқан, қарға, бақа болып келсе, осыған ұқсас сюжет «Кәлила мен Димнада» құзғын, әккі көгершін, егеуқұйрық пен тасбақа және ақбөкен болып келеді (КМД, 277-295). Сюжеттерде күрделі айырмашылық жоқ.

Жариялануы: ҚЕ, ІІ Т. 215-224; КС Т. ІІ 195-197; ХТЕ, Т.1. 251-257.
Осы жинақтағы №144 ертек түсінігін салыстырыңыз.

197. Бұлбұл, жарқанат және қарақұрт

Алғаш рет «Бозінген» жинағында жарияланған (Боз, 104). Жинаққа осы мәтін еніп отыр. Ертектің паспорты белгісіз.

Нұсқасы белгісіз.

198. Торғай мен адам

Алғаш рет «Бозінген» жинағында жарияланған (Боз, 168). Жинаққа осы мәтін еніп отыр. Ертектің паспорты белгісіз. Нұсқасы осы жинақтағы №118 «Торғайдың өсиеті» деген ертек. Көрсеткіште байқалмайды.

199. Қотыр торғай

Ә.Диваев жинаған материал. 1920-жылғы Сырдария экспедициясы. – ОҒК ҚҚ, 140-бумада, 4-5-б; ОҒК ҚҚ, 28D-бумада сақтаулы, 604-б. Мәтін түпнұсқа бойынша дайындалды.

(АТ 2022)

Жариялануы: ҚЕ ІІ Т. 185; Боз, 51-52; ХТЕ, Т.1. 249.

Бұл кумулятивті ертек. Ертектің бір нұсқасы осы жинақтағы №117 «Шудалы торғай» ертегісі, салыстыруыңызға болады.

200. Қарға мен түлкі

Алғаш жариялануы: Диваев ЭМ ІҮ. Шымкент уезі Арыс болысы қазағы Майлықожа Сұлтанқожаұлынан жазып алған. Осы мәтін алынды.

Тағы бір үлгісі: ОҒК ҚҚ, 298-бума. Айтушысы Ә.Кенебайұлы.
Жариялануы: КС Т.ІІ 199; ХТҚЕ, № 69; ХТЕ Т.1. 239.

АТ 57

Нұсқасы белгісіз.

Сюжет әлемге кең таралған, әйткенмен түркі халықтары фольклорына тән емес, сол себептен де бұл мысал қазаққа И.А.Крыловтан А.Құнанбаев, А.Байтұрсынұлы (Қараңыз «Қырық мысал» №12 ертек) секілді ақындардың аудармасы арқылы ауысқан деуге болады.

201. Ұлар мен Қарға

Алғаш рет «Бозінген» жинағында жарияланған (Боз, 155). Жинаққа осы мәтін алынды. Паспорты белгісіз.

Жариялануы: ХТЕ, Т.1. 242-244
Нұсқасы осы жинақтағы №140 «Құзғын қарға» ертегісі, түсінігін салыстырыңыз.
Бұл - кумулятивті ертек.

202. Екі қаз, бір бақа

1945 жылы жазып алып тапсырған Ж.Жантөбетов.– ОҒК ҚҚ, 203-бума, 21-б. Мәтін түпнұсқа бойынша дайындалды.

Нұсқасы: қазақта ХТҚЕ, №104; Туркм, №8; ХТЕ, Т.1. 263.

Бұл белгілі ертегі бақаның құсқа жабысып саяхаттағаны туралы сюжеттен алынған. Оған түпнегіз әйгілі «Панчатантра» (1,16), одан кейін «Кәлила мен Димна» ( КМД, «Екі үйрек, бір бақа», 243-б)

203. Пілдің ісі тышқанға түсіпті

Алғаш рет 2002 жылы Қытайда «Ұлттар» баспасынан шыққан «Қазақ аңыз-ертегілері» жинағында жарық көрген (623-б). Айтып берген:Көкенай Сүмбежанұлы. Жазып алған: Әбділ Тәуекелұлы. Мәтін араб әрпінде. Осы мәтін жарияланып отыр.

Нұсқасы: моңғолда (МАҮ, №50).

204. Піл мен маймыл

Алғаш рет «Бозінген» жинағында жарияланған (Боз, 172). Жинаққа осы мәтін еніп отыр. Ертектің паспорты белгісіз.

Нұсқасы: моңғолда (МАҮ, №46).

205. Бөгелек

Алғаш рет «Бозінген» жинағында жарияланған (Боз, 112). Жинаққа осы мәтін еніп отыр. Ертектің паспорты белгісіз.

Нұсқалары белгісіз. Көрсеткіште жоқ.

206. Шымшық пен көгершін

ОҒК ҚҚ, 298-бумада сақтаулы. Айтушы Әбдірахыман Кенебайұлы. Мәтін түпнұсқа бойынша дайындалды.

Жариялануы: ХТЕ, Т.1. 261.

А.Байтұрсынұлының әйгілі «Қырық мысалында» №2 туынды «Шымшық пен көгершін», демек, бұл ертек сол үлгінің қара сөзбен жаңғыруы деуге болады.

207. Қырғи мен бөктергі

1964 жылғы Оңтүстік Қазақстан экспедиция материалы. Шымкент облысы Шаян ауданының тұрғыны Орынбай Сексеновтан Н.Төреқұлов жазып алған. – ӘӨИ ҚҚ, 520-бума, 1-дәптер, 43-б. Мәтін түпнұсқа бойынша дайындалды.

Жариялануы: ХТҚЕ, №103; ХТЕ, Т.1. 262.
Көрсеткіште жоқ.
Нұсқасы.: Баширов, 63.

Хайуандар туралы қызықты анекдот. Мұның адам үлгісіндегі түрі украинада бар (Манжура И.И. Сказки, пословицы, и т.п., записанные в Екатеринославской и Харьковской губ.– В кн.: Сборник Харьковского ист.-филол. об-ва»,Т.2.Харьков, 1890, с.103; ) Татар анекдотында қыз кәрі шалға он тал жаңғақты шағу туралы шарт қояды, сонда шал біреуін шақсам, тоғызы қалады деп армандайды. Қолапайсыз бөктергі қырғиға «бір торғайды ұстасам, тоғызы қалады» деуі – осы анекдотқа ұқсас (Баширов 63). Алайда құстар арасында кездесетін мұндай тартыс басқа халықтарда кездеспейді.

208. Екі бұғы

Н.Төреқұлов Шымкент облысынан жазып алған. 1964 жылғы Оңтүстік Қазақстан облысы экспедициясы материалынан. – ӘӨИ ҚҚ, 520-бума, 1-дәптер, 72-б. Мәтін түпнұсқа бойынша дайындалды.

Жариялануы: ХТҚЕ, №91; ХТЕ, Т.1. 152.
Көрсеткіште жоқ. Бірақ АТ 202 (=ЕВ І.4).
Варианттары белгісіз.

Әлемдік фольклортануда екі қиқар теке туралы сюжет бар. Қазақ сюжеті төлтума: мұнда екі ешкі емес, екі бұғы, көпірдегі жолға емес, олар шөпке талас қылады.

209. Әркімнің туған жері өзіне жәннат

Алғаш рет 2002 жылы Қытайда «Ұлттар» баспасынан шыққан «Қазақ аңыз-ертегілері» жинағында жарық көрген (630-б). Айтып берген Бөсеке. Жазып алған Ісләм Нұрсолұлы. Реттеген Қапас Әсейінұлы. Мәтін араб әрпінде.

Қазақстанда алғаш рет жарияланып отыр.
Нұсқасы белгісіз, көрсеткіште жоқ.

210. Қозы мен құлын

Алғаш рет жариялануы: Мори ауданының аңыз ертегілері. – Іле, Іле халық баспасы. 1999, 440-б. Айтып берген Рахат Батыралин, жазып алған Серпін Сымайылұлы.

Қазақстанда алғаш рет жарық көріп отыр.
Нұсқасы белгісіз, көрсеткіште жоқ.

СӨЗДІК

Ақсары – Бүркіт тұқымдас жыртқыш құс

Алағаймыз /ж.с/ – Аласапыран, астаң-кестең

Аттық – Ерағаштың екі қасы, екі қапталының араларын қосып,

тартқан ұзынша тарамыс

Ахирет / а/ – 1) О дүние 2) кебін

Бадал – Бұта, дәні улы өсімдік

Бадам /бот/ – Раушан гүлдер тұқымдасына жататын жеміс ағашы, сол

ағаштың дәні

Батпан /к.с/ – Салмағы төрт пен он алты, кейде он екі пұтқа дейінгі салмақ өлшемі

Бидайық – Жазушы С.Мұқановтың айтуынша өмірде жоқ мифтік қыран құс

Бұйда /к.с/ – Түйеге, не өгізге тағылатын бас жіп, бау

Ғаяр / а/ – Қу, айлакер

Далбаңдап – Құр босқа, бекерге шабу

Диуана /миф/ – Ризығын көктен тілеп, кәсіпсіз жүретін адам. Дәруіш

Ділмарсу – Шешенсу, тіл мен жағына сүйену, білгірсу

Жалмауыз /миф/ – Ертегілерде кездесетін ғажайып кейіпкер

Жаулау /ж.с/ – Бақырша, қолбақыр

Жорысын /ж.с/ – Мағынасы белгісіз, қыран құсқа қатысты сөз

Жітірме (шытырман ) – Қым-қиғаш, шым-шытырық

Зарпынан /ж.с/ – Зардап, салдар

Ителгі – Сарышұбар, қанаты ұзын, мойны ақжағал кішкене қыран құс

Кабаб / а/ – Темір істікке шаншып, шоқтың үстіне қойып пісіретін ет

Көде – Далалы жерде шоқ-шоқ болып өсетін, қысқа жапырақты сұлы

тектес өсімдік

Күшіген – Бүркіт тұқымдас жыртқыш құс

қағар күлмек – бір нәрсеге икемделу, епті

иірілген жүннен жасалатын екі басты қап

Қоштық – Көңілдің жай тапқандығы

Құмыр – Торғайдай кішкене деген мағынада

Қызылшы – 1) Аңшыға ілесіп атқан аңын жинап жүретін адам. 2)

Етқұмар, 3) Жылтырағанға құмар

Қырық шілтен /миф/ – Ежелгі түсінік бойынша, адамдарды қолдап жүретін, бірақ көзге көрінбейтін рух-ие

Лапкесі (Лавка) / о/ – дүкен

Масаланы /а/ – 1) Мәселені деген мағынада. 2) Масахана

Мәзкұр / а/ – Айырықша мәнді деген мағынада

Мекке / а/ – Араб жарты аралындағы Хиджаз тарапына орналасқан қасиетті қала

Морж /о/ – Солтүстік теңізде өмір сүретін сүт қоректі ірі хайуан

Мінажаты /діни/ – Құдайға сиынушылық, құлшылық етушілік.

Отын оттап – Шөп жеу, жайылу

Пайтахтыма /к.с/ – Астана деген ұғымды білдіреді

Пері /миф/ – Діни сенім бойынша, аспанда, су ішінде тіршілік ететін

рух – ие

Садыр / а/ – Көкірек, жүрек, алдында, алда деген мағынада

Сужүрек – Қорқақ, қоянжүрек

Сұлы – Малға азық ретінде беретін екпе дақыл

Сымбалдап – Мығымдап байлау, теңдеу

Тақану – Жақындау, жанасу, жуықтау

Тәңір /діни/ – Құдірет, Құдай, Алла тағала

Уәзір/ а/ – Министр (Шығыс елдерінде мемлекет қызметіне қатысқан

жоғары дәрежелі әкім

Үзір /ж.с/ – 1) Тілек, өтініш. 2) Диқаншылардан алынатын салық түрі

Фәһими /а/ – Ой жүгірту, терең ойлау

Хисаптау / а/ – Санын, есебін шығару. Қорыту, есеп беру мағынасында

Шайтан / а/ – Әзәзіл, жын, пері, сайтан мағынасында

Шөме – Шошайтып үйген, кішкене кептірілген шөп

Шүлендігін – Мырзалық, дарқандық, жомарттық

Шылбыр – Атты жетектеуге, байлауға арналған жіңішке қайыс, жіп

ТОМҒА ЕНГЕН ЕРТЕГІЛЕРДІ АЙТУШЫЛАР, ЖИНАУШЫЛАР ҺӘМ ТАПСЫРУШЫЛАР ТУРАЛЫ ҚЫСҚАША МӘЛІМЕТТЕР

АЛЕКТОРОВ Александр Ефимович (1861-1918) – орыс ориенталисі, қазақ тарихын, мәдениетін, этнографиясы мен фольклорын зерттеуші, Орынбор пед. институтын бітірген. 1882 ж. Торғайға келгеннен бастап, ұзақ жыл халық ағарту саласында қызмет еткен. Бөкей ордасында, Астрахань губерниясында, Ақмола, Семей, Гурьев облыстарында халық училищелерінің директоры, инспекторы қызметін атқарған.

Қазақ тақырыбына арналған жүзден аса еңбегі бар.

ӘКЕЖАНҰЛЫ Құрманқажы (1935 жылы туған) – ҚХР ШҰАР Сауан ауданы Әнжыхай ауылы Кегенши деген жерде дүниеге келген. Сауан ауданының фольклорлық шығармаларының жиналып кітап болып шығуына атсалысқан, ұзақ жыл мұғалімдік қызмет атқарған, халық мұраларын жинауға үлес қосқан.

ӘЛЖАНОВ Отыншы (1873-1918) – бұрынғы Семей обл., Зайсан уезінде туған. Зайсан қаласындағы ер балалар орыс-қазақ училищесін, Омбы қалалық мұғалімдер семинариясын бітірген. 1916 жылы ұлт-азаттық күресте, 1917 жылы төңкеріс тұсында қазақ елінің бостандығы үшін белсенді қызмет етіп, қуғын-сүргінге ұшырап, алаш жолында шаһид болған қайраткер.

“Дала уалаятының газетінде” “Орта жүз”, “Бабай бүркіт” деген бүркеншік есімдермен фольклорлық мәтіндерді т.б. жариялап тұрған.

БАЙЗАҚОВ Иса (1900-1946) – Павлодар облысы, Ертіс ауданы, Үлгілі ауылында дүниеге келген. Ақын, әнші, композитор. Өлеңдері 1924 жылдан бастап жариялана бастаған. Театрда ең алғаш қойылған М.Әуезовтің «Еңлік-Кебек», «Бәйбіше-тоқал» драмалық шығармаларында басты рольде ойнаған. Оның поэмаларынан «Он бір күн, он бір түн» ( 1936), «Ақбөпе» (1941) т.б. көлемді поэмалары бар. Сонымен қатар қазақ фольклорлық шығармаларын жинауда да үлкен рөл атқарған.

БАТЫРАЛИН Рахат – 1941 жылы қыркүйекте туған, ҚХР Мори ауданының тұрғыны. Мори ауданының «Топтамасына» үш қисса-дастан, отыздан астам аңыз-ертегі, мақал-мәтелдер жинап тапсырған.

БЕКҚОЖИНА Талиға (1919-1995) – музыкатанушы, әнші, фольклор мұраларын жинаушы. Алматы қалалық Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваториясын тамамдап, ұзақ жылдар бойы М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында қызмет атқарды. Ол қазақ халық ауыз әдебиетінің ноталық жазбаларын жасау арқылы қазақ жырлары мен өлеңдері үлгілерін айтушылардың әуендеріне мәңгі өмір сыйлайды.

ҒАБИТОВА Фатима (1903-1968) – Алматы (Талдықорған) обл., Қапал селосында туған. Көп жылдар ұстаздық қызмет істеген. Жары, көрнекті қазақ ақыны Ілияс Жансүгіровпен бірге фольклордың түрлі жанры бойынша мәтіндерді жинап, Ә.Диваев қолжазбаларын қолжазба қорына өткізген.

ҒҰМАРОВА Мәлике ( 1918-1987) – Фольклортанушы, текстолог ғалым, филология ғылымдарының кандидаты. 1943-1987 жылдары Қазақ КСР ҒА- ның Тіл және әдебиет институтының Текстология және қолжазба бөлімінде жұмыс істеді. Жамбылдың толық шығармалар жинағын, батырлар жырын құрастыруға атсалысқан екен. Орталық ғылыми кітапхана мен Әдебиет және өнер институтының қорларындағы сирек қолжазбаларды жүйелеуге үлес қосқан.

ДИВАЕВ Әбубәкір Ахметжанұлы (1855-1932) – Орынбор қаласында туған, сонда Неплюев кадет корпусын бітіргенде (1876 ж.) шығыс тілдерінің маманы деген атақ алып, Түркістан генерал-губернаторының қарамағында тілмаш болып қызмет еткен.

Ташкент Түркістан АКСР-нің астанасы болған кезде Орта Азия мемлекеттік университетінде, Түркістан шығыс институтында профессор, Ташкент өлкелік мұрағатының этнографиялық-археологиялық бөлімін басқарған. Ташкентте Халел Досмұхамедұлы қазақ-қырғыз білім комиссиясын басқарған кезде Ә.Диваев жинаған фольклорлық шығармаларды жүйелеп, жарыққа шығаруда көп еңбек сіңірген.

ДҮЙСЕНБЕКОВ Әбдірахыман – 1893 жылы Қарағанды облысында туған. Басқа мәлімет кездестіре алмадық.

ДҮРБАЕВ Құтпай (1906-1971) – Бұрынғы Ақмешіт уезі, Үргентөбе ауданында дүниеге келген. Өзбекстанның Жоғарғы Шыршық ауданында қайтыс болған. Өзбекстандағы қазақ диаспорасының, музыкалық –поэтикалық мұрасын жинап, насихаттаушы.

ЖАҚЫПБАЕВ Бозтай (1887-1970) – Павлодар облысы Баянауыл ауданында дүниеге келген. 1930 жылдан бастап КСРО Ғылым академиясының қазақ филиалында, Тіл, әдебиет институтында қызмет еткен жылдары ол қазақ ауыз әдебиеті үлгілері мен фольклорын көптеп жинаған.

ЖАҚЫПҰЛЫ Желеу (1909-1970) – Сыр бойының белгілі ақыны. Созақ ауданында туып өскен. Жас кезінен-ақ айтыстарға қатысып, ел көзіне түсе бастаған. 1943 жылы «Халық ақыны» деген атқа ие болған. Ол фольклорлық шығармаларды көптеп жинаған.

ЖАНТӨБЕТОВ Жақсыбай (1888-1956) – Жамбыл облысы, Шу ауданы, Абай ауылында дүниеге келген. Айтыс ақыны. 1936 жылы Мәскеуде қазақ өнерінің он күндігіне қатынасқан. Өлең, дастандар шығарған. Ауыз әдебиеті үлгілерін жинауда үлкен рөл атқарған.

ЖЫЛҚЫАЙДАРОВ Иманжан (1886-1973) – Жезқазған облысы, бұрынғы Ұлытау ауданы, бұрынғы «Ұлытау» совхозының тұрғыны. Белгілі ақын, жыршы. Он сегіз жасында айтысқа түскен. Ұлт азаттық көтерілісін көзімен көрген. «Шақшақұлы Жәнібек», «Назымбек» қатарлы дастандарды жырлады. Сонымен бірге ертегілерді жинауға да ат салысқан.

ЙҮСІПӘЛІҰЛЫ Әмет – ҚХР Шыңжаң, Мори ауданы, Өзбек ауылы, Бұғылысай қыстағының тұрғыны.

КӨБЕЕВ Спандияр (1878-1956) – Қостанай облысы, Ақсуат ауданында дүниеге келген. Елу жыл қызмет істеген педагог, жазушы, аудармашы. 1912 жылы «Үлгілі бала» атты оқу құралы, 1913 жылы «Қалың мал» романы жарық көрді. «Орындалған арман» атты романы бар. Халық ауыз әдебиеті үлгілерін (аңыз, әңгіме, ертегі т.б.) жинап, бастырып отырған.

КӨПЕЕВ Мәшһүр Жүсіп (1857-1931) – Павлодар облысы, Баянауыл ауданында дүниеге келген. Бұхарада, Ташкентте оқып, Орта Азия халықтарының әдебиетімен танысқан. Өзі де өлең шығарумен қатар, ауыз әдебиеті үлгілерін көп жинаған. Оның «Мес» деп аталатын төрт томдық қолжазбалар жинағы ҚР Білім және ғылым министрлігі, Орталық кітапхананың қолжазба қорында сақтаулы.

ҚҰРМАНҒАЛИЕВ Қуанышбай 1942 жылы 1 маусымда Қостанай облысының Әулиекөл ауылында туған. Орта мектепті 1959 жылы Қоржынкөл ауылынан бітірген. 1976 жылы «Жас алаш» газетінде корректор, 1976-1978 және 1989-1992 жылы «Ақиқат» журналында әдеби аға қызметкер, бас редактордың орынбасары, 1978-1986 және 1990-1994 жылдары «Жалын» баспасында бөлім меңгерушісі, 1995- 1996 жылдар Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының бас маманы болған. Ы.Алтынсарин атындағы Қазақ білім академиясының вице-президенті, Республикалық баспа кабинетінің директоры, «Ғылым» ғылыми баспа орталығының бас директоры болған.

МАРҒҰЛАН Әлкей Хақанұлы (1904-1985) – ғалым, ұлттық археология мектебінің негізін қалаушы, әдебиеттанушы.

1921-1925 жылдар Семей педтехникумында оқи жүріп, “Таң” журналы мен “Қазақ тілі” газетінің редакцияларында қызмет еткен. 1925-1929 жылдары Ленинградтағы (Санкт-Петербургтағы) Шығыстану институтының түркітану және тарих-филология факультеттерінде қатар оқыған. 1928 ж. қазақ халқына қатысты әдеби мұрағаттық деректер жинаған. 1939-1941 ж. КСРО ҒА Қазақ бөлімшесі тарих институтының аға ғылыми қызметкері, 1940-1941 ж. “Мәшһүр Жүсіп мұрасындағы түркі эпосы”, “Әлішер Науаи және қазақ мәдениеті”, “Шоқан Уәлиханов және Орта Азия тарихы” , “Жамбыл Жабаев” т.б. еңбектері жарық көрді. 1941 ж. КСРО ҒА Қазақ бөлімшесінің тарих бөлімін басқарды. Осы қызметте жүріп, “Хандар жарлығының тарихи маңызы” деген тақырыпта кандидаттық (1943 ж.), “Қазақ халқының эпикалық жыр-дастандары” тақырыбында докторлық диссертация (1945ж. ) қорғады. “Қазақ халқының көне замандағы ақындық өнерінің шеберлері” (1959 ж.), “Шоқан және Манас” (1971) т.б. ғылыми маңызды еңбектер жазған.

МОЛДА МЫҚАН Машанов – XІX ғасырдың екінші жартысы мен XX ғасырдың бас кезінде Павлодар облысы, Баянауыл ауданында өмір сүрген. Төңкеріске дейінгі ауыз әдебиеті үлгілерін, әсіресе жырларды көптеп қағазға түсірген.

РАДЛОВ Василий Васильевич (Фридрих Вильгелм) – (1837-1918) – орыс шығыстанушысы, түркітанушы, этнограф. Петербург ҒА-ның академигі (1884). 1858 ж. Берлин университетін бітірген. Азия (1885-1890), антропология және этнография (1894-1903) мұрағаттарының директоры, Орта және Шығыс Азияны зерттеу жөніндегі орыс комитетін құрушылардың бірі және оның төрағасы (1903-1918).

Берлин, Галл қалаларында оқып жүрген кезінен бастап шығыс тілдерімен шұғылданды. 1858 ж. мамырдың 20-сы күні Петербургке келді, орыс тілін үйренді. В. Радловтың ғылыми өмірі Алтай (1859-1871), Қазан (1871-1884), Сібір (1884-1818) кезеңі болып, үшке бөлінеді. Алтай кезеңінде бірнеше дүркін қазақ жеріне келіп, оның шығыс өңірінен бастап, Сырдарияға дейін аралаған. Он томдық “Образцы народной литературы тюркских племен, живущих в южной Сибири и Джунгарской степи” жинағының үшінші томы қазақ фольклорына арналған.

САТТАРОВ Қыдырәлі – Филология ғылымдарының докторы, фольклортанушы. Оңтүстік Қазақстан мен Өзбекстан Республикасы, Тәшкен өңірінде ұйымдастырылған бірқанша фольклорлық-этнографиялық экспедицияларды басқарған. Ауыз әдебиеті үлгілерін жинап, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтына тапсырған.

СЕЙФУЛЛИН Сәкен (1894-1938) – Қазіргі Қарағанды облысы, Қарашілік қыстағында дүниеге келген. Ақын, жазушы, көрнекті қоғам қайраткері. 1914 жылы Қазанда «Өткен күндер» атты тұңғыш өлеңі жарық көрген. «Жас қазақ» ұйымын құрған. «Тіршілік» атты газет шығарған. Көптеген әңгіме, повес, роман жазған. «Қызыл сұңқарлар» атты пьесасы, «Жер қазғандар» повесі, «Тар жол, тайғақ кешу» атты романдары бар.

ТОЛЫБАЕВ Құрманбай (1928-2004) – 1928 жылы Алматы облысының Асы жайлауында дүниеге келген. Құлжа қаласында ұйғыр мектебін бітірген. 1948 жылдан бастап Құлжа, Үрімші қалаларында қазақ тілінде шығатын газет-журналдарда жұмыс істеген. 1955 жылы атамекенге оралған. 1963 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетінде оқыған. «Қазақстан пионері» газеті, «Балдырған» журналы, «Шалқар» газетінде жұмыс істеген.

ТОРАЙҒЫРОВ Шаймерден – Қазіргі Павлодар облысы, Баянауыл ауданының тумасы. Ол 1945-1950 жылдар аралығында Қазақ КСР ҒА-ның Тіл және әдебиет институтына С.Торайғыровтың қолжазбалары мен «Күлше қыз – Назымбек» сияқты ауыз әдебиет үлгілерін, сондай-ақ ертегілерді тапсырған.

ТӨРЕҚҰЛОВ Нысанбек. (1921-2007) – Фольклортанушы, филология ғылымдарының докторы. Ұзақ жылдар ҚР ҰҒА М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында аға ғылыми қызметкер болып қызмет атқарған.

УАХИТОВ Әбу – 1937 жылы Павлодар облысы, Лебяжы ауданындағы Қызыл әскер ауылында туған. 1957 жылы Алматы көркем-сурет училищесіне оқуға түскен. 1959-1960 жылдары оқып жүргенде қолжазба қорына ертегілер өткізген.

ЫСМАЙЫЛОВ Есмағамбет (1911-1970) – Ақмола облысының Еңбекшілер ауданында дүниеге келген. Әдебиет зерттеуші, филология ғылымдарының докторы. ҚР ҰҒА-ның корр. мүшесі (1958). Қазақ КСР-ның еңбек сіңірген ғылым қайраткері.

ШАРТТЫ ҚЫСҚАРТУЛАР

ӘӨИ – М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты

ОҒК – Орталық Ғылыми кітапхана

Қазан – Қазан қаласы

ҚҚ – Қолжазба қоры

ж.с – жергілік сөз

к.с – көнерген сөз

а – араб

о – орыс

п – парсы

т – түркі

мф – микрофилім

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР

(Түсініктерде қолданылған қысқартулар)

АА – Андреев Н.П. – Указатель сказочных сюжетов по системе. Аарне. – Л., 1929.

Алтынсарин – Алтынсарин Ы. Таңдамалы шығармалары. – Алматы: Ғылым, 1994.

Аз – Азербайджанские тюркские сказки. Перевод, статьи и коммент. А.Багрия и Х.Зейналлы. – М. – Л., 1935.

Алиева – Алиева М.М. Уйгурская сказка. Автореф. на соиск. уч. степ. канд. филол. наук. – Алма-Ата, 1971.

Абх – Абхазские народные сказки. Сост. и прим. К.С. Шакрыл. – М., 1975.

АОВ – Акмолинские областные ведомости.

АС – Афганские сказки. Сост. К.Лебедев. – М., 1972. №36.

АСЛ – Астраханский справочный листок.

АТ – The Types of the Folktale. A Classіfіcatіon and Bіblіography Anttі Aarne's Verzeіchnіs der Marchentypen (FF Communіcatіons № 3). Translated and Enlarged by S. Thompson. – Helsіnkі, 1961 (FFC № 184).

Әбішұлы – Әбішұлы X. Халық астрономиясы. – Алматы, 1959.

Әбішев – Әбішев Х. Аспан сыры. – Алматы: Қазақ мемлекеттік саяси әдебиет баспасы, 1962.

Әбішев – Әбішев X. Аспан сыры. – Алматы, 1966.

ӘМ – Әдеби мұра. Революциядан бұрынғы мерзімді баспасөз бетінде жарияланған көркем шығармалар. Құраст.: Ү.Сұбханбердина. – Алматы, 1970.

Әуезов – Әуезов М. Ертегілер.– Қазақ әдебиетінін тарихы, 1-т. Фольклор. – Алматы, 1948.

Багрий – Фольклор Азербайджана и прилегающих стран. Под ред. А. В. Багрия. Т. 1– 3. – Баку, 1930.

Байтұрсынов – А.Байтұрсынов. Ақ жол. – Алматы: Жалын, 1991.

Байтұрсынов 1 – А.Байтұрсынов. Оқу құралы. – Орынбор: Қазақстан мемлекеттік баспасөз бөлімі, 1924.

Бараг – Л.Г.Бараг. Сюжет «Звери делят растерзанное животное» (АТ 52) в литературной и устной традициях // Фольклор народов РСФСР. – Уфа, 1984.

Бартольд – Бартольд В. В. Отчет о поездке в Среднюю Азию с научной целью в 1893 – 1894 гг. – Записки Академии наук, т. 1, №4. Спб., 1897.

Баш – Башқорт халық ижады. Т. 1– 2. – Өфө, 1959.

Баширов – Веселая россыпь. Татарский народный юмор. Сост. Г. Б. Баширов. – М., 1974.

Бекхожина – Бекхожина Т. 200 казахских песен. – Алма-Ата, 1972.

Бессонов – Башкирские народные сказки: Запись и перевод А. Г. Бессонова. Редакция, введение и прим. Н. К. Дмитриева. – Уфа, 1941.

Боз – Бозінген. Құраст.: Құрманғалиев Қуанышбай, Толыбаев Құрманбай. – Алматы, 1985

Бр – Киргизские народные сказки. Сост. и обработал Дм. Бруд-ный. –Фрунзе, 1956.

Будагов – Будагов Л. Сравнительный словарь турецко-татарских наречий. Т. 2. Спб., 1871.

БХИ, Т. 13 – Башкорт халык ижады. – Өфө, 2009. Т.13.

Валиханов – Валиханов Ч. Ч. Собрание сочинений в пяти томах. Т. 1– 3. – Алма-Ата, 1961– 1964.

Васильева – Васильева Г. П. Преобразование быта и этнические процессы в Северной Туркмении. – М., 1969.

Веселовский – Веселовский А. Н. Славянские сказания о Соломоне и Китоврасе и западные легенды о Морольфе и Мерлине. — Собр. соч., т. 8, вып. 1. Пг., 1921.

Виль – Вильямс К.А.Энциклопедия китайских символов. – М., 2001.

Гордлевский – Гордлевский В. А. Морские лошади (су айгырлары); Морские лошади. – Избранные сочинения. Т. 3. – М., 1962.

Диваев ЭМ – Диваев А. А. Этнографические материалы. – Сборник материалов для статистики Сырдарьинской области. – Ташкент, вып. 1, 1891; вып. 2, 1892; вып. 3, 1894; вып. 4, 1895.

Диваев – Диваев А. А. Ит-ала-каз. – Этнографическое обозрение, 1908, № 1-2.

ДУГ – Дала уалаяты газеті.

ДУГ, 1989 – Дала уалаятының газеті. – Алматы, 1989.

Дулам – Дулам С. Монгол домогзүйн дүр. – Улаанбаатар, 1989.

ЕВ – Еberhard W., Boratav P. N. Typen turkіscher Volksmarchen. – Wіesbaden, 1953.

ЖС – Потанин Г. Н. Казах-киргизские и алтайские легенды, предания и сказки. – Живая старина, 1917, вып. 4.

Жук – Жуковская Н.Л. Кочевники Монголии. – М., 2002.

Исқақов – Исқақов М. Халық календары. – Алматы, 1963.

Исқақов 1 – Исқақов М.Ө. Халық календары. – Алматы: Қазақстан, 1980.

Калзан – Калзан А. О тувинском фольклоре. – В кн.: Основные проблемы изучения поэтического творчества народов Сибири и Дальнего Востока. – Улан-Удэ, 1961.

Калм – Медноволосая девушка. Калмыцкие народные сказки. Перевод, сост. и примеч. М. Ватагина. – М., 1964.

КалмНС – Калмыцкие народные сказки. – Элиста, 1961.

Кар – Қарақалпақ халқ ертеклери. – Нөкис, 1956.

Каракалп – Қарақалпақ халк легендалары хамь анекдотлары. – Нөкис - Самарканд, 1962.

Каракалпак – Каракалпакские народные сказки. – Нукус, 1959.

Карач – Къарачай халкъ таурухла. Джарашдыргъанла: С. Гочияланы, Р. Ортабайланы, X. Сюйюнчланы. – Черкесск, 1963.

Кек – Емақлар хем дегишмелер Дүзенлер: А. Қекилов, М. Қөсәев. – Ашгабат, 1964.

Киргиз – Кыргыз эл жомоктору. Түзгөн: Д. Сулайманов, К. Эшмамбетов. – Фрунзе, 1957.

Кирг М – Киргизские сказки. Сост. и пер. Д. Брудного и К. Эшмамбетова. – М., 1968.

Кирг Ф – Киргизские народные сказки. Сост. Д. Брудного. – Фрунзе, 1966.

КМД – Кәлила мен Димнә // С.Талжанов. 3 томдық шығармалар жинағы. Т.2. – Астана, 2008.

КНС – Казахские народные сказки. Т. 1– 3. – Алма-Ата, 1971.

Коджоджаш – Сказание об охотнике Коджоджаше. Киргизский эпос. – Фрунзе, 1958.

Крафт – Крафт И. И. Из киргизской старины. – Оренбург, 1900.

Крым – Мирер. Ахмет Ахай Озенбашский. Первая книга сказок. – М., 1940.

КС – Казахские сказки. Т. 1– 3. Сост. и ред. В. М. Сидельникова. – Алма-Ата, 1958 – 1964.

КСГ – Киргизская степная газета [параллельное издание на казахском языке: Дала уалаяты газеті].

ҚБЕ – Қазақ балалар ертегілері. Құраст.: Қ.Қожамсаққызы. – Үрімжі, 2006. Т.9.

Қасқабасов – Қасқабасов С. Қазақтың халық прозасы. – Алматы: Ғылым, 1984.

ҚӘ – Қазақ әдебиеті.

ҚӘЙ – Қазақ әйелдері.

ҚЕ – Қазақ ертегілері, т. 1– 3. – Алматы, 1957 -1964.

Материалы ТО – Материалы по этнографии киргиз Тургайской области. Сказки, легенды, предания, басни и анекдоты. – Приложение к Тургайской газете. – Оренбург, 1898.

Маш – Машанов А. Аспан ертегілері // Жұлдыз. – 1958. – №7.

МААЗДБ – Монгол ардын аман зохиолын дээж бичиг. – Улаанбаатар, 1978.

Мерғалиев – Мерғалиев Т. Домбыра сазы. – Алматы, 1972.

Мори – Мори ауданының аңыз ертегілері. – Іле, Іле халық баспасы, 1999.

Муч – Киргизские народные сказки. [Избранные]. Лит. обраб. Н. Д. Мучника. – Фрунзе, 1944.

МУЗТ – Монголын уран зохиолын тойм. ІІ. – Улаанбаатар, 1977.

Нам – Гулпари. Наманган эртаклари. Ёзиб олиб, нашрга тайёрловчи Т. Ғозибоев. – Тошкент, 1969.

Насыров – Насыров А. К., Поляков П. А. Сказки казанских татар и сопоставление их со сказками других народов. – Казань, 1900.

Неб – Сорок небылиц. Казахские сказки. – Алма-Ата – Москва, 1935.

Ног – Ногай эртегилер. Туьзуьвши С. А. Калмыкова. – Черкесск, 1967.

Никифоров – Никифоров Н. Аносский сборник. – Омск, 1915.

ОП АОВ – Особое прибавление к «Акмолинским областным ведомостям».

Остроумов – Остроумов Н. П. Сказки сартов в русском изложении. – Ташкент, 1906.

ӨҚ – Өлген қазан: Аңыздар (Құраст.: К.Сейдаханов). – Алматы: Жалын, 1985.

Очерки – Потанин Г. Н. Очерки Северо-Западной Монголии, вып. 1– 4. Спб., 1881-1883.

Панчатантра – Панчатантра. Пер. с санскрита и примеч. А. Я. Сыркина. – М., 1958.

Перс – Персидские народные сказки. Подбор, перев.. примеч. и вступ. статья А. А. Ромаскевича. – М. – Л., 1934.

Пот – Потанин Г.Н. Казак-киргизская и алтайская предания, легенда и сказки // Живая старина, 1916.

Потанин – Казахский фольклор в собрании Г. Н. Потанина (Архивные материалы и публикации). Сост. и комментарии С. А. Каскабасова, Н. С. Смирновой, Е. Д. Турсунова. – Алма-Ата, 1972.

Потапов 4 – Потапов Л. П. Очерки народного быта тувинцев. – М., 1969.

Рабғұзи – Әдеби жәдігерлер. 20 томдық. Насируддин Бурһануддин Рабғұзи. Пайғамбарлар қиссасы / Құраст.: Т.Қыдыр.– Алматы: Таймас, 2008. Т.8.

Радлов – Радлов В.В. Образцы народной литературы тюркских племен, живущих в Южной Сибири и Дзунгарской степи. Часть 3. Киргизское наречия. – СПб, 1870.

Рашид-ад-Дин – Рашид-ад-Дин. Сборник летописей. Т. 1,кн. 1– 2. Пер. с перс. Л. Хетагурова. – М. – Л., 1952.

Рифтин – Рифтин Б. Мифология и развитие повествовательной прозы в Древнем Китае. — В кн.: Литература Древнего Китая. – М., 1969.

СА – Советская археология.

Cауан – Сауан ауданының аңыз-ертегілері. – Іле: Іле халық баспасы, 1994.

Сауытбеков – Сауытбеков С. Аютас. – Алматы, 1975.

Сейф – Сейфуллин С. 6-томдық шығармалар жинағы. – Алматы, 1964.

Сейф2 – Сейфуллин С. Көп томдық шығармалар жинағы. – Алматы, Қазығұрт, 2007. Т.7.

Сид – Казахские народные сказки. Сост. В. М. Сидельников. – M., 1952.

СНД – Сказки народов Дагестана. Сост. Х.Халилов. – М., 1965.

Сампил – Сампилдэндэв Х. Монгол домгийн чуулган. – Улаанбаатар, 1999.

Соколова – Соколова 3. Культ животных в религиях. – М., 1972.

СТ – Советская тюркология.

СУС – Сравнительный указатель сюжетов. Восточнославянская сказка. Сост., Л.Г.Бараг, И.П.Березовский, К.П.Кабашников, Н.В.Новиков. – Ленинград, 1979.

СЭ – Советская этнография.

Тадж – Таджикские сказки. Сост. Р. Амонов. – М., 1961.

Тат – Татарские народные сказки. Сост. X. X. Ярмухамедов. – Казань, 1970.

Татар – Татар халық әкиятләре. – Казан, 1964.

Татары – Татары Среднего Поволжья и Приуралья. – М., 1967.

Тибет Потанин Г. Н. Тибетские сказки и предания. – Живая старина / 1912, вып. 2- 4.

ТМ – Тhompson S. Motіf-іndex of Folk Lіterature. V. 1-6. Copenhagen – Bloomіngton, 1955– 1958.

ТВ – Туркестанские ведомости.

ТГ– Тургайская газета.

ТММ – А.Тойшанұлы. Түрік-моңғол мифологиясы. – Алматы, 2009.

Тоқт – Тоқтабай А., Сейтқұлова Ж. Төрт түліктің қасиеті. – Алматы, 2005.

Тотынама – Рассказы попугая. Ашхабад, 1963.

ТРС – Туркменско-русский словарь. – М., 1968.

Тув – Тувинские народные сказки. Пер., сост. и примеч. М. Вата-гина. – М., 1971.

Турким – Проданный сон. Туркменские народные сказки. Сост., вступ. статья и примеч. И. Стеблевой. – М., 1969.

Турсунов 1 – Турсунов Е. Д. Генезис казахской бытовой сказки. (В аспекте связи с первобытным фольклором). – Алма-Ата, 1978.

Турсунов 2 – Турсунов Е. Д. Тюрко-монгольские версии сказания об ослеплении циклопа. – Советская тюркология, 1975, №3.

Турсунов 3 – Тұрсынов Е. Д. Қазақ ауыз әдебиетін жасаушылардыд байырғы өкілдері. – Алматы, 1976.

Уахатов – Уахатов Б. Қазақтың халық өлеңдері. – Алматы, 1974.

УВВ – Уральские войсковые ведомости.

Удм – Сто сказок удмуртского народа. Сост. Н. Кралина. – Ижевск, 1960.

Узб – Узбекские народные сказки, т. 1– 2. Сост. М. Афзалов, X. Расулев, 3. Хусаинова. – Ташкент, 1963.

Уйг – Уйгурские сказки. Сост. М. Н. Кабиров. – Алма-Ата. 1963.

Хак – Катанов Н. Ф. Хакасский фольклор. – Абакан, 1963.

Харузин – Харузин Н. О нойдах у древних и современных лопарей. – Этнографическое обозрение, кн. 1.

Халиди – Қ.Халиди. Тауарихи хамси шарқи. – Қазан, 1910.

Халық әдеб – Ыбыраев Ш., Алпысбаева Қ., Т.Әілбек. Халық әдебиетін жинау, жүйелеу, сақтаудың әдістемелік құралы қайта өңд. – 2-бас. – Алматы: «Кие» лингволтану инновациялық орталығы, 2009.

ХТЕ – Хайуанаттар туралы ертегілері. – Алматы, 1988.

ХТҚЕ – Хайуанаттар туралы қазақ ертегілері. Құраст.: С.А.Қасқабасов, Е.А.Костюхин, Н.С.Смирнова, Е.Д.Турсунов. – Алматы, 1979.

Цалкин – Цалкин В. И. Древнейшие домашние животные Восточной Европы. – М., 1970.

Цэр– Цэрэнсодном Д. Монгол ардын домог үлгэр. – Улаанбаатар, 1989.

Шар – Шаракшинова Н.О. Мифы бурят. – Иркутск: Восточно-Сибирское книжное издательство, 1980.

ЭО – Этнографическое обозрение.

Эргис 1 – Эргис Г. У. Истоки якутской литературы. Фольклор. – В кн.: Очерки истории якутской советской литературы. – М., 1970.

Эргис 2 – Эргис Г. У. Очерки по якутскому фольклору. – М., 1974.

ЭС – Севортян Э. В. Этимологический словарь тюркских языков. Общетюркские и межтюркские основы на гласные. – М., 1974.

Юматов – Юматов В. Г. Древние предания башкир Чубиминской волости. – Оренбургские ведомости, 1848, № 7.

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙