Мазмұнға өту
Home

Балуан Шолақ

Балуан Шолақ Баймырзаұлы

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Балуан Шолақ

Авторы: Балуан Шолақ Баймырзаұлы

БАЛУАН ШОЛАҚ ШЫҒАРМАЛАРЫ (Әндері, өлең-жырлары. Естеліктер, мақалалар, аңыз) Құрастырған Балжан Хабдина Алматы

Балуан Шолақ. Шығармалары. Əндері, өлең-жырлары. Есте ліктер, мақалалар, аңыз / Құраст. Б. Хабдина. – Алматы: «Рух БГ» баспасы, 2014. – 320 бет. ISBN 978-601-06-3096-3 Бұл кітап халқымыздың мəдениетінде ерекше орын алатын əйгілі əнші-композитор, ақын, қазақ сал-серілер дəстүрін жалғастырушы Балуан Шолақ (Нұрмағамбет) Баймырзаұлының (1864–1919) туғанына 150 толуына арналып отыр. Қазақтың жауырыны жерге тимеген атақты балуаны, халық композиторы туралы оқырман назарына ұсынылып отырған бұл жинаққа балуанның өмірбаяны, артында қалған шығармашылық мұрасы, ол туралы жазылған естеліктер мен атақты жазушы Сəбит Мұқановтың повесі енген. УДК 821.512.122 ББК 84 (5 Қаз)-5 Б 22 УДК 821.512.122 ББК 84 (5 Қаз)-5 ISBN 978-601-06-3096-3 Қазақстан Республикасы Мəдениет министрлігі «Əдебиеттің əлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» бағдарламасы бойынша жарық көрді © Хабдина Б., құрастырушы, 2014 © «Рух БГ» баспасы, 2014 Б 22

АҢЫЗ-ҒҰМЫР Жастайынан жұрт назарына ілігіп, есімі шартарапқа жайыл ған қазақтың атақты ұлы Балуан Шолақ дүниеге келгелі бір жарым ғасыр болды. Жауырыны жерге тимеген палуан, ауыр салмақ көтеріп өнер көрсеткен алып күш иесі, ат құлағында ойнаған, шауып келе жатқан ат үстінде күрделі цирктік көріністер жасай беретін, ат ойынының түрлі тəсілін меңгерген спортшы-өнерпаз. Жəне адуынды ақын, ғаламат əнші-сазгер. Сегіз қырлы, бір сырлы тарлан. Оның аты көзі тірісінде-ақ аңызға айналған еді. Бір басындағы осынша өнер түрін ол жігіт шағынан қатар дамытып, ерен қабілетімен жұрт көзіне ерте түсті. Əуелде қара күшімен, белдесіп күресудегі шеберлігімен танылды. Сосын əн шырқауға құмарлығын көрсетті. Одан салдық құрып, ел аралады. Қасына қилы өнер дарыған талантты жастарды жинады. Сөйтіп, əнші, күйші, палуандар тобымен ауылдан ауылға ауысып, сауық-сайран жасап жүруді дəстүрге айналдырды. Оның күреске он төрт жасынан түсіп, небір алып қарсыластарын жығып жүргенін, шауып келе жатқан жүйрік ат үстінде шалқалап жататынын, ер үстінде түрегеп тұрып, немесе аяғын көкке көтеріп төбесімен тұрған қалпы шабатынын, жүйткіген аттың біресе оң жағынан, біресе сол жағынан жерге түсіп, қайта мінетінін, ат бауырынан жеңіл айналып өтетінін жұрт тамсана əңгімелейтін. Оның цирк өнеріне тəн спортшылық ептілікті шебер игергендігімен қоса, бойындағы күштің жойқындығын неше түрлі амал-тəсілмен көрсететіні, елу бір пұт кір тасын көтергені, орыстың əйгілі кəсіби палуаны Кореньді (өз айтуында – Каронды) жығуы мысал етілетін. Ол Көкше алқабының дүлдүлдері Біржан сал мен Ақан серіні ұстаз тұтты. Олардың əндерін нəшіне келтіре орындады. Өзі де өлең, əн шығарып, əуелете шырқады. Оның даңқы Көкшетау өңірінен асып, күллі қазақ өлкесіне тарады. Шартарапта барша жұрт оны құрметтеп қарсы алып, төбесіне көтерді. Өнеріне сүйсінді. Көргендерін, естіген-білгендерін аңыз етіп айтып, ауыздан-ауызға жеткізді. Сөйтіп, ол көзі тірісінде-ақ аңызға айналды. Оның шын аты Нұрмағамбет болатын. Баймырза баласы Нұрма ғамбет. Балалық шағында бір оқыс оқиғаға ұшыраған екен. Құрбыларымен алау басында арқан тарту ойынын ойнап жүрге н-

де, арқанның екінші ұшынан тырмыса тартысып тұрған құр быларына бір өзі дес бермей, қарсыласып, арқанды қатты жұлқып қалғанда бар екпінімен отқа құлап, бір қолының саусақтарын күйдіріп алған көрінеді. Күйген қолы көпке дейін жазыла қоймай, шаруаның бəрін бір қолымен істеуге мəжбүр болған. Сонысына қарап балалар оны Шолақ деп атап кетеді. Ал одан көп ұзамай, белдескен теңдесінің бəрін, тіпті өзінен үлкен жігіттерді де күресте емін-еркін жығып көзге түскенінде, əуелде құрбы-құрдастары, сосын ересек əлеумет те əлгі атауға Балуан деген анықтаманы қосып айтатын болған. Сөйтіп, Нұрмағамбет Баймырзаұлы осылай, замандастарының аузымен, жас шағынан-ақ Балуан Шолақ атанып кетіпті. Бір аңыз бойынша, ол бозбала шағында ересек ағайынымен бірге тау етегінен қанат жайған базарға келеді. Əлдебір жаршы қатты айқайға басып, өзі арнайы ертіп əкелген орыс палуанымен күресуге тəуекел ететін та лапкерлерді шақырып жатқан. Бəске бір қойдың құны – бір сом тігіледі. Шолақ ойланып жатпастан ортаға ұмтылады. Бірақ палуанның алдына жете бере киімінің етегіне шалынысып құлап түседі. Сөйтіп, күреспестен ұтылады. Намыстанып, ертеңіне тағы келеді. Сонда оны мұқатпақ болған палуан бəс мөлшерін күрт сегіз сомға көтереді. Бала оған тоқтамай, шапанын шешіп тастап, белдесуге шығады. Шығады да, палуанды лезде жерге алып ұрады. Жұрт риза болып шу ете түседі, шапан үстіне ақшаны үйіп тастайды. Содан, базарға шартараптан келген көпшіліктің арқасында, Балуан Шолақтың даңқы қырды жайлап кетеді... Балуан Шолақ (Нұрмағамбет) Баймырзаұлы 1864 жылы туған. Алғашқы ресми анықтамалықта (Қазақ совет энциклопедиясы, 2-т., 1973, 140-б.) еліміздің оңтүстік өңірінде – қазіргі Жамбыл облысы аумағындағы Хан тауының маңында дүниеге келді деп көрсетілген екен. Алайда бірқатар зерттеушілер (Е. Мырзахметов, З. Қоспақов, Ж. Бектұров, Б. Қыдырбекұлы) 1998 жылы жарық көрген «Балуан Шолақ» жинағына (құрастырған С. Оспанов) ен ген жұмыстарында бұл деректің жаңсақтығын дəлелдейді. Көз көргендердің естеліктеріне сүйене отырып, нақты дəйектер кел тіріп, оның Сарыарқа тумасы екенін əңгімелейді. Мəселен, жазушы Жайық Бектұров: «Балуан Шолақ өлгенде біз сегіз-тоғыздағы естияр баламыз. Ауыл арасы жақын. Шолақтың есімі де, ат үстіндегі тұлғалы елесі де біздің көзімізге, көкірегімізге ерте қонған» дейді. Оның жазуынша, Балуан Шолақ Ақмола облысының Макин (бүгінгі Бұланды) ауданы аумағында туып-өскен. Бурабай мен Ақкөл арасында ертеде Үйсін, Жағалбайлы, Жалайыр, Алшын, Естек ауылдары болған. Солардың ішіндегі Үйсін ауылы Елтай теміржол

стансасы сыртындағы Тастыөзек деген шұрайлы қойнаудан орын тепкен. Балуан Шолақтың атамекені – сол. Кезінде кіндігі кесілген, шаңырағы орналасқан орынға кейін Қызыл кордон селосы салынған көрінеді. Дегенмен «қарағайлы, қайыңды орман, бұлақты өзек қойнауындағы» Балуан Шолақ туып-өскен «ауылдың орны, көңі əлі күнгі көп төмпеш болып сайрап тұр». Балуан Шолаққа туыс болып келетін нағашы атасының əңгімелерін жазушы Естай Мырзахметов еске алады. Көптен естіп-білгендерінің жоғарыдағы пікірге саятын негізгі арқауын алға тартады. «Балуан Шолақ атына бала жасымнан құлағым қанығып та, сол бір қызыл нардың əруағына тəңірдей табынып та өскен жанның бірімін», – дей келе, өзінің көп жəйтке жастайынан куə боп өскендігін көрсетеді. Əулеттік естеліктерді келтіреді, белгілі зерттеушілердің қателескен тұстарын дəлелді сынға алады. Жетісуға келген сапарында Балуан Шолақты көрген адамдардың əңгімелерін жазушы Балғабек Қыдырбекұлы жас кезінде көп тыңдаған екен. Сондағы естігендерін шежіре деректерімен байланыстыра отырып, Балуан Шолақтың бабаларының «Арқаға Шу бойынан көшкенін», ал «онда туған төртінші ұрпақ» Шөкең екенін айтады. Балуан Шолақ «Көкше баурында дүниеге келген» дейді ол сенімді түрде. Бұған бұлтартпас дəлел ретінде ақын-сазгер-əншінің өз сырына – Жетісуда қалған өлеңіне сілтеме жасайды. Сондағы: «Қотыр-Шортан мен туған – жердің құты» деген жол Шолақтың кіндік қаны қайда тамғанын анық көрсетеді... Осындай дəйек-дəлелдер нəтижесінде болар, 1999 жылы шыққан «Қазақстан» ұлттық энциклопедиясында (2-т., 128-б.) Балуан Шолақтың туған жері Ақмола облысының Еңбекшілдер ауданы деп түзетілген. Сонымен, Балуан Шолақтың туып-өскен өңірі – Арқа, Көкше аймағы. Бұл жаққа аталары оңтүстіктен бірер ғасырдай ілгеріде көшіп келген. Əкесі Баймырза өз төңірегіне танымал ағаш шебері болыпты. Тапсырыс берушілерге шаруашылықта, тұрмыста қолданылатын түрлі жабдық, құрал-сайман, бұйымдар жасап берумен шұғылданса керек. Шешесі Қалампыр үй шаруасымен, бала тəрбиесімен айналысқан, əйел болғанмен, ерге бергісіз күші бар қарулы кісі екен. Балуан Шолақтың теңдессіз күш иесі болуы осынау анасына тартқандығынан деседі. Жоғарыда айтқанымыздай, азан шақырып қойылған есімімен Нұрмағамбет аталып жүрген жеткіншек кезінде-ақ оның есімі ел аузына палуан ретінде ілігеді. Өйткені өз қатары түгіл, жиыр малардағы жігіттерді де күресте жығып кете берген. Палуан дығына қосымша, ат үстінде цирк ойыншыларынша өнер көрсететіні де жұртты разы ететін. Мəселен, шауып бара жатқан атқа тұра ұмтылып,

көз ілеспес жылдамдықпен мініп алатын да, ат үстінде түрегеліп, қаққан қазықтай қадалып тұра қалатын. Шапқан беті аттың бауырынан айналып, алқымын орап өтетін. Аңыз-əңгімелердің бірінде Балуан Шолақтың қалың топ алдында өзіндік бір өнер көрсеткені баяндалады. Шабандоз атпен шауып келе жатқан бойы үстіндегі сырт киімін шешіп, жан-жағына лақтыра ды екен. Сосын айылды ағытып, астындағы ер-тоқымды жерге тастайды. Сөйтіп, жайдақ атпен шапқан бойда топ алдына келеді де, кері бұрылады. Əлгінде əр жерге шашып кеткен əбзелдерді іліп алып, шауып келе жатқан беті атын ерттейді, киімдерін жинастырып, ат үстінде киінеді... Балуан Шолақ дала жұртын осындай ептіліктерімен таңғалдырған. Оларының үстіне, əн-күйге деген құштарлығы да ерте оянуы себепті, əншілігімен де тез танылды. Ол даңқтары жалпақ ел-жұртқа кең жайылған жерлестері Біржан сал, Ақан сері іспетті жарық жұлдыздардың əндерін бабына келтіріп, тамылжыта орындауымен көпшілік көңілінен шыққан екен. Яғни əнші ретінде де халықты жастайынан аузына қаратқан. Ол осындай, бір бойына бірнеше өнерді жинақтаған талант ретінде танылады. Сан қырлы дарыны дами келе, қасына кілең өзіндей өнерпаз жастарды топтастырып, бейне бір ансамбль іспетті өнер көрсетеді. Ауылдарды ұжым боп аралап, думандатып, ойын-сауық жасауды əдетке айналдырады. Өзінің сауықшыл жігіттерімен бірге ел ішіне жиі шығады. Əн-күйді шалқытып, Сарыарқа төсінде сал-серілерше сайрандайды. Қараөткел, Көкшетау, Қарқаралы, Баянауыл, Семей өңір лерін, Сарысу бойын мекендеген ауылдарды аралап, əн шырқайды, өнер көрсетеді. Барған аймақтарында жергілікті небір өнер адам да рымен танысып, шығармашылық жəне орындаушылық жетістік терінің қыр-сырларымен бөліседі. Ол Арқа өнерпаздарының қалың жұртшылықтың ыстық сүйіспеншілігіне бөленген əншілік-шығармашылық дəстүрлерін берік ұстанды. Біржан мен Ақан секілді аға ұрпақ əндерінің үздік орындаушысы, тиісінше теңдессіз насихатшысы болды. Əрі, ел қадірлеген ақын-сазгерлердің əндерін əнші ретінде сүйіп орындаумен шектелмей, өз жанынан да өлеңдер мен əндер шығарып айта бастайды. Оның «Көкшетау», «Желдірме», «Ащылы айырық», «Дікілдек», «Қос перне», «Құлан кісінес», т.б. көптеген əндері Арқа өңіріне кеңінен тарап кетеді. Халық Балуан Шолақтың музыкалық шығармашылығын ыстық ықыласпен қабыл алады. Өйткені оның əндерінің əуезі өзгеше еді, оның əндерінің өзегінен автордың өзінің асқан зор күшін, қайратын, батылдығын паш ететін жігерлі сарын, құштарлық лебі есетін. Сондықтан да өршілдік танытатын əуеннен

түзілген бұл əндер тыңдаушысын бірден елең еткізіп, тез баурап алатын еді. Өмірінің елеулі кезең-белестерін Балуан Шолақ əрдайым əндеріне қосып отырған. Солардың ішінде өзінің күш-қуатын мақтан ететін тұстар да бар. Бұл ретте үлкен жиында 816 килограмм салмақ көтеріп («Кешегі сентябрьдің базарында Көтердім елу бір пұт кірдің тасын») жұртты таңырқатқаны жəне бəс тігіп – өз жанынан үлкен қаржы шығарып – орыстың əйгілі палуанын жыққаны («Қалтамнан жетпіс бес сом залог салып, Сындырдым Карон балуан қабырғасын») көбірек айтылады. Зерттеушілер бұл оқиға 1899 жылы орын алды деп есептейді. Балуан Шолақ орыс палуаны Иван Кореньмен белдескенінде 35 жаста еді деп түйеді. Ықтимал. Дегенмен ақын-сазгердің бір өлеңінде («Балуан Шолақтың əні», 4-ші түрі) өзінің мақтан сөздерін: «Бұл күнде жиырмада менің жасым, Қамалдың бұзар кезім тау мен тасын», – деп бастап, жырын одан əрі қарай əлгі жоғарыда келтірілген жолдармен шумақтайтыны да бар. Егер аталмыш зілмауыр тасты көтеруі мен атақты палуанмен күреске түсуі, сол əнінде айтқанындай, 20 жасында орын алған болса, онда бұл оқиға 1884, яки 1885 жылға сəйкес келеді. Осы жылдардың бірінде оның елді таңырқатарлықтай күш-қуат көрсетіп қалуы ғажап емес. Ел аузындағы əңгімелерде Балуан Шолақ «Сағынайдың асында ешкім беттей алмаған Түйе палуанды жыққан» деген мəлімет айтылады. Мұны бертінгі зерттеушілердің қисынсыз деп білетіні де мəлім. Өйткені ол кезде Шолақ тым жас деген уəж келтіріледі. Алайда «шығыны Тəж-Маһал құрылысына жұмсалған қаржыға парапар болған» деп дəріптелетін əйгілі ас 1886 жылы берілген болса, бұл уақытта Шолақ 22 жаста ғой. Яғни нағыз күші тасып тұрған шағында деп санауға əбден болатын жаста. Əрі, оның өз əндеріндегі сыр шашуларына сүйенсек, жойқын күшке жастайынан ие екендігін ол жоғарыдағыдан басқа өлеңдерінде де айтады. Мəселен, «Дікілдекте»: «Он сегізде атандым Шолақ дəу деп... ...Оязнайдың бас қосқан съезінде Кірдің тасын көтердім елу бір пұт», – деген сөздерді əнге қосып шырқайтыны бар емес пе. Алайда қосымша дəлеліміз жоқ болуы себепті, біз мұны – «Карон балуан» екеуінің күрескен уақытын 1884 жылға қарай жылжы - туды – жорамал қалпы қалдырамыз... Балуан Шолақтың өгізді көтеріп жүре беретіндігі, жеті жасар бұқаны сұлатқаны, жəрмеңкелерде өнер көрсеткенде жиырма жігіт жабысқан бөренені иығына асып тұратыны туралы, т.с.с. деректер ауызша əңгімелерде, мерзімді баспасөз беттерінде жарияланып

жүрген мақалаларда жиі айтылады. Жетісуда болған сапарында салмағы 1050 кило тартатын зілмауыр тасты көтерген көрінеді. Əлемдік өрмектор желілерінде, сондай-ақ «Омбы қаласындағы тақ мұрагерінің (яғни болашақ ІІ Николайдың) келуіне байланысты өткен жарыстарда белгілі палуан Севрдің жауырынын жерге тигізді» (http://ru.wikipedia.org/wiki/Балуан_Шолак) деген хабар да бар. Соңғы дерек Балуан Шолақтың өзінің поэзиялық мұрасындағы: «Омбыға патша келді Руссия, Əмірін айта келді халқын жия. Сібірден сонда күшім асып кетіп, Мен болдым жан шықпайтын биік қия», – делінетін шумақта көрініс тапқан. Википедия ақпаратына қарағанда, Балуан Шолақпен күрескен палуанның есімі – Севр, ал əнші-ақынның «ХХ ғасырдың басындағы қазақ ақындарының шығармалар жинағында» (1963) жарияланған аталмыш өлеңінде бұл есім Сібір деп аталған (дегенмен өлеңнің Ахмет Жұбанов белгілі зерттеу мақаласында («Замана бұлбұлдары», 1963) келтіретін нұсқасында – Севр). Тағы бір айта кететін жəйт, сол өлеңнің «Сібірден сонда күшім асып кетіп, Мен болдым жан шықпайтын биік қия» деген жолдарына жітірек зер салар болсақ, аңғаратынымыз – Шолақ Сібір-Севрмен күрескеннен гөрі, басқаша жолмен күш сынасқан сыңайлы. Бірақ, қалай болғанда да, Балуан Шолақтың болашақ ІІ Николай патша Омбы қаласына келген тарихи күндерде сайысқа түскені, əрі, кіммен болса да, спорттың қай түрінен сынасса да, жеңіс шыңына көтерілгені айқын. Ендеше, палуанымыздың даңқын асырған сонау сайыстың өткен мерзімін де дəлірек атауға болады... Европа ақсүйектері балаларының білім алу кезеңін қоры тындылау мақсатымен оларға міндетті түрде «гран-тур – үлкен саяхат» жасататын. Осы үлгі бойынша тұңғыш рет император ІІІ Петр мен оның зайыбы, болашақ патшайым ІІ Екатеринаның баласы цесаревич Павел (тақта отырған қысқа мерзімі ішінде қазақтарға Еділ мен Жайық арасындағы байырғы қонысына қайта оралуға рұқсат беріп үлгерген кəдімгі І Павел патша) Европа елдерін бір жылдан астам уақыт бойы аралап, ұзақ сапар шекті. Бұл саяхат 1782 жылы болғанды. Содан бастап орыс патшалығында тақ мұрагерлерінің бəрін, түрлі ғылым негіздерін оқып-білуді тамамдағаннан соң, арнайы ұзақ саяхатқа шығарып алу дəстүрі қалыптасқан еді. Ол негізінен екі түрлі бағдарламамен жасалатын: бірінде – империяның өз ішінде үлкен саяхат жасау, екіншісінде – Европаны аралау көзделетін. Осы тəртіп І Павелден ІІІ Александрға дейін бұлжытпай орындалып келе жатқан. Бірақ бұл жолы оған өзгеріс енгізілді. Император ІІІ Александр өзінің мұрагер баласы цесаревич Николай үшін мүлдем

өзгеше, өте ұлан-ғайыр, əдеттегі екі түрлі саяхатты біріктіретін, теңізбен де, құрлықпен де сапар шегетін – іс жүзінде бірнеше құрлықты айналып шығатын, сан алуан елді аралайтын үлкен турне жоспарлатты. Империяның биік шенді шонжарлары 22 жасар Николай Александрұлы шекпек сапардың бағыт-бағдарын бүге-шігесіне дейін ойластырып, мұқият дайындады. Жолға тақ мұрагерімен бірге биліктің жоғарғы эшелонындағы аса жауапты, өте ықпалды чиновниктер шықты. Олардың саяхаты тоғыз айдан астам уақытқа созылды. (Шежірешілерінің есептеуінше, осы уақыт ішінде 51 мың шақырым, яғни жер шарын айналып өтетін қашықтықтан да көп жол жүріліпті. Саяхатшылар оның 15 мыңын теміржолмен, 5 мыңын пəуескемен, қалғанын кеме үстінде өткізген: 9 мыңнан астамын өзендер бойымен, 22 мыңдайын теңіздермен жүзген екен). Саяхатқа толық мəніндегі дипломатиялық, яки ресми сипат берілген жоқ. Цесаревич Николай əлдебір маңызды қағаздарға қол қоюға немесе экономикалық байланыстар орнатуға өкілетті емес болатын. Оның жекелеген мемлекеттердің билеушілерімен кездесуі жалпы танысудан аспайтын рəуіште ғана өтті. Салтанатты қабылдаулар сыйлықтар алмасумен аяқталып жатты. Тақ мұрагерінің алдына тақау жылдарда Ресей мүддесі үшін тығыз байланыс жасау көзделіп тұрған Шығысты тікелей көріп-білу мақсаты ғана қойылғандықтан, осындай шаралар жеткілікті еді. Болашақ патша осынау ұзақ сапарына СанктПетербургтен 1890 жылғы қазан айының басында шыққан-ды. Варшава, Вена арқылы Триест портына келіп кемеге отырып, Адриат теңізімен, Жерорта теңізімен, Суэц каналымен жүзді. Австрия, Италия, Грекия, Ежелгі Мысыр ескерткіштерін көрді. Бомбейге жүзіп жетті де, құрлыққа түсіп, Үндістанды аралады. Цейлоннан өтіп, Сингапур арқылы Бангкокқа барды. Қытайға тоқтады. Ақыры, орыс флотының алты кемесі жан-жағынан қаумалай жүзіп ортасына алған фрегатпен 1891 жылғы сəуірдің 15-ші жұлдызында Жапо нияға келді. Осы елде цесаревичке қастандық жасалды. 27-ші сəуірде. 40 шақты пəуеске Оцу қаласының адамдарға лық толы көшесімен баяу қозғалып келе жатқан шақта. Сол кезде көшедегі тəртіпті сақтауға жауапты полицейлердің бірі ұзын самурай семсерімен орыс тағы ның мұрагерін екі рет басынан соғып үлгереді. Қылмыскер, əрине, тез залалсыздандырылған. Осы жағымсыз оқиғаға байланысты, жарақат жеңіл болғанмен, сапар бағдарламасына өзгеріс енгізіледі. Өйткені жағдайды естіген ІІІ Александр патша Санкт-Петербургтен жеделхат жолдап, баласының шұғыл кері оралуын талап етеді. Сондықтан мұрагер Жа-

понияда болу мерзімін қысқартады. 23 жасқа толған туған күнін 6 мамырда фрегат үстінде атап өтеді де, артынша желкен көтеріп Владивостокқа беттейді. Құрлыққа аяғы ілінісімен Ұлы Сібір теміржолының құрылысын бастау рəсіміне қатысады. Сосын саяхатын Қиыр Шығыстан бермен жалғастырады. Том, Тобыл, Сургутта болады. Ақыры, Омбыға келеді. 1891 жылдың 14 шілдесінде. Белгіленген мерзімнен бір апта бұрын. Тиісінше, патшазаданың келу құрметіне алдын ала жоспарланған көл-көсір мерекелік іс шаралары – солардың ішінде қазақ халқының тыныс-тіршілігін көрсетуді көздеген көрме-ауылдың ашылуы да, Балуан Шолақ сайысқа түсетін спорт жарысы да – жоғары мəртебелі мейманды қарсы алу мейрамына əлдеқашан əзір халықтың қуанышына орай, сонша уақыт ерте басталады. Бұл кезде Дала генерал-губернаторлығының құрамына Ақмола, Семей, Жетісу облыстары кіретін еді. Генерал-губернаторлықтың басқармасы жыл басынан бері патшазаданы қарсы алуға дайындық жұмыстарын жүргізіп жатқан. Алдын ала əзірленудің нəтижесі сол, қазақтың көкірегі ашық игі жақсылары өлкенің шартарабынан жаз шыққалы уəлаят астанасына арнайы керуендер жөнелтіп, Ертістің Омбыға дейінгі жоғарғы ағысының сол жағасына айрықша ауыл қондырған-ды. (Дала өлкесіне патшазаданың келуі нақ патшаның өзі келгенге барабар еді. Мұны Балуан Шолақ өлеңіндегі: «Омбыға патша келді Руссия, Əмірін айта келді халқын жия», – деген жолдар анық аңғартады.) Сөйтіп, сонау əдейілеп тігілген үйлерде уəлаятта өмір сүріп жатқан қазақ халқының тұрмысын, тыныс-тіршілігін, жер-су байлығын, кəсібін, мəдениетін жан-жақты көрсетуді мақсат ететін көрмелер жайған. Не керек, мерекелік рухта безендірілген ауыл үйлері патша баласы келерден екі апта бұрын, шілде айының басында-ақ көздің жауын алатын сəн-салтанатымен жарасым ды сап түзеп үлгерген. Сол күндерден-ақ Балуан Шолақ пен оның ансамблі сынды жан-жақтан бас қосқан өнерпаздар тамылжыған əн-күй, жыр, билерін шалқытып, мерекелі ауылдың ажарын аша түскен. Яғни мейрамды цесаревичтің саяхат кестесінің өзгеруіне орай ертерек бастап жіберуге олар əзір болатын. Өлке қазақтарының осынау көрме-ауылына тақ мұрагері Омбыға ат басын тіреген күннің ертеңіне – 1891 жылғы 15 шілдеде – Ертіс айдынын кербез сызған «Николай» откемесімен түс əлетінде жүзіп келді. Биік мəртебелі мейман мен оның қасындағы уəлаят ұлықтарын жағаға жиналған жұрт шат көңілмен қарсы алды. Көп аялдамай, орыс қаруының күшіне мойынсұнған, орыс туы астында өмір сүруге көндіккен көшпенді жұрттың хал-жағдайымен

ақ патшаның арда ұлын таныстыруды көздейтін көрмені тамашалау басталып кетті. Цесаревич Николай Александрұлы əуелі оң жақта дара тігілген зəулім үйге кірді. Бұл үйдің иесі Ақмола үйезінің дəулетті қазағы, содан бес-алты жыл ғана ілгеріде шартарапқа сауын айтып, əкесі Сағынайға аста-төк ас берген Нұрмұхамед Сағынайұлы болатын. Тысы түрлі түсті шұғамен оюлап безендірілген, іші əсем ою-өрнекке тұнған, қымбат жібек, дүрия маталармен əшекейленген еңселі киіз үй. Кереге бастарына, адалбақандарға ерлер мен əйелдердің қымбат та құнды киімдері, түрлі үлгідегі тондар мен ішіктер айнала ілінген. Оң қапталға атлас шымылдық құрылған. Ішінен сəнді жабдығымен жасаулы ағаш төсек көрінеді. Босағаға тақау тұстан қымыз толы саба мен əсем нақышталған ағаш ыдыс-аяқ тобы көзге түседі. Жоғары мəртебелі мейман кіріп келгенде, үй ішіндегі малынып киінген сəукелелі жас келін қасындағы түрлі кесте, іс тігіп отырған құрбы қыздарымен бірге орындарынан тұрып, өз рəсімдеріне сəйкес тағзым қылып ізет көрсетті. Сосын киіз үйдің ішкі жиһазы мен жағдайы таныстырылды. Мұрагер риза болып, дəулетті қазақ шаруашылығының, қазақы тұрмыс ахуалының өзге көріністерін тамашаламаққа, нөкерлерімен бірге сыртқа беттеді. Сыртта оған құрт, ірімшік қайнату, тері өңдеу, ысталған теріден ыдыс жасау, шикізаттарды дайындау үдерістері, өрмек тоқитын, түйе жүнінен шекпен, қап, ерлердің киімдерін тігетін құрал-жабдықтардың жұмысы көрсетілді. Одан соң патшазада сауыншылардың қасына барып, қойдың, биенің, түйенің қалай сауылатынын жақыннан қарап көрді. Соның бəрін ықыласпен назарлады, ризашылық білдірді, қазақтың мұндай дəулетінің арта түсуін тілейтінін айтты. Содан кейін Атбасар үйезінің қазағы Мейрам Жанайдарұлының зəулім үйіне бас сұқты. Ол алғаш рет осы жерге 1868 жылы үй тіккен еді. ІІ Александр патшаның баласы ұлы князь Владимир Александрұлының Сібірге келу қуанышына орай жасалған халық мерекесі кезінде. Оның он екі қанат, керегесі ойылып, терезе салынған ғаламат ақ ордасы сонда патша баласын да, этнографтарды да таң-тамаша қалдырған-тын. Енді, міне, содан 23 жыл өткенде, жаңа мұрагер құрметіне тағы да бір еңселі үй тігіп отыр. Əсемдікке малынған бұл ақ орда да сыртқы, ішкі жабдықтарымен, жайылған көрмесімен ерекше көз тартатын. Үйдің ішіндегі көрмеде ежелгі қазақ киім-кешек түрлері, киіз үйдің үш түрлі (бірі сұр шұғадан, басқасы жұқа ақ киізден, кереге, уық, шаңырағы, күллі сүйегі түгел ұқыппен істелген) шағын модель-нұсқасы жəне бұрынғы заманғы қару-жарақтар бар еді. Олардың ішінен батырлардың темір сауыттарын, темір белбеулерін, дулығаларын, қалқандарын, байырғы

найзаларын, қылыштарын, садақтары мен жебелерін көруге болатын. Сондай-ақ көрмеден қымбат бағалы көне ер-тоқымдар барша жабдықтарымен, ежелгі киіз қалпақтар, ерте уақыттардағы кіселер, тағы басқа көнеліктер орын тепкен-тін. Мейрам Жанайдарұлының əкесі Жанайдар Орынбайұлы 1837– 1847 жылдарғы ұлт-азаттық қозғалысында Кенесары ханның бас батырларының бiрi болған адам еді. Көтеріліс басылғаннан кейін отарлық ахуалға мойынсұнып, шаруашылығын түзеуді қолға алған. Баласын орыс билігінің талаптарымен санаса отырып тəрбиеледі. Тиісінше, Мейрам мұсылманша да, орысша да сауатты болды. Қазақтың дəстүрлі қожалығын ұтымды жүргізіп, үлкен байлыққа жетті. Ұлттық мəдениеттің озық үлгілерін тұтынды. Патшалықтың жергілікті əкімшілігі тұтқаларының біріне айналды – болыс болды, үйез бастығының көмекшісі боп істеді. Ал саяси сана оянған жылдары Алаш қозғалысына қатысты. Қозғалыс шыңы ретінде бой көтерген Алашорданың алғашқы мүшелерінің бірі болды. Бірақ бұған əлі көп бар. Əуелі бүгінгі мұрагер таққа отырып, ІІ Николайға айналу керек, одан тақтан құлауға тиіс, сөйтіп, қара халық алдынан небір жаңа саяси мүмкіндіктер ашылуға керек. Ал қазір ол, болашақ император ІІ Николай, əзірге тақ мұрагері, ІІІ Александр патшаның ғылым негіздерін былтыр ғана оқып тауысқан, сосын теңіздер мен мұхиттар, өзендер айдындарында жүзіп, бөтен құрлықтарға барған, шетелдерді аралаған, одан өз еліне Қиыр Шығыстан Санкт-Петербургке қарай үлкен саяхат жасап келе жатқан жиырма үш жасар баласы, империяның дала уəлаятындағы Атбасар үйезінің байы тіккен киіз үй ішіндегі көне жəдігерлерді тамашалауда. Көрмемен танысу кезінде патша əулетінің тікелей қатысы көрініп тұрған бір экспонатқа ол ерекше қызыға қарады. Бұл айрықша қастерлеп қойылған тарихи ескерткіш – императрица ІІ Екатеринаның 1782 жылғы 27 мамырда Орта жүз ханы етіп атақты Абылай ханның ұлы Уəлиді бекіткенінде оған жіберген сыйсияпаты еді. Сусар ішік, зерлі қамқа белбеу жəне үлкен асыл тастар орнатылып əшекейленген қылыш. Қылыштың құрыш жүзіне алтын əріптермен ұлы патшайымның арнауы жазылған. Не ойлағанын кім білсін, бəлкім, орыс империясының Ұлы даланы алып жатқан қазақ елін бағыныштысы етіп, əуелі протекторатына айналдыру, одан патшалықтың əкімшілік бөліністерін енгізу арқылы мемлекеттігін мүлдем жою кезеңдерін еске түсірді ме, əйтеуір, жəдігерге ойға бата біраз қарап тұрды да, қазақтардың патшайым сыйын қастерлеп ұстап тұрғанына разы көңілмен басын изеп, келесі үйге ауысты. Омбы үйезінің Шарлық болысынан əкелініп тігілген үйде дəулетті қазақ отбасының тұрмысы бейнеленген еді. Киіз үй

ортасындағы үстелдерде құрметті қонаққа тартылар дəмді ет тағамдары, қымыз, бауырсақ, ірімшік, құрт, дастарқан мəзірінің өзге де ұлттық жеңсік астары қойылған. Ал керегелерді жағалай – іштеріне түрлі көркем дүние-мүлік салулы əдемі сандықтар тізілген. Солардың бəрі жайында биік мейман мен қасындағы оның шашбауын көтерген ұлықтарға танымды түсінік берілді. Олар үй ішіндегі заттарды мұқият қарап болып, келесі үйге барды. Қызылжар үйезінен əкелінген бұл шаңырақтан қонақтар қазақтың аң аулауда қолданатын білтелі, шақпақты мылтық, қақпан, тұзақ сынды құралжабдықтарын, томаға кигізілген бүркіттер мен қаршығаларды, байлаулы тазыларды, сондай-ақ кереге бастарында ілулі тұрған барыс, сілеусін, түлкі, арқар, марал, қасқыр секілді өзге де аңдардың терілерін көрді. Осы үйде құрылған өрмекте қолөнерші қыз тықыр кілем тоқып отыр еді. Тағы бір ісмер əйел матадан ою ойып, оны сырмаққа жапсырып тігумен, енді біреулері баулар мен шашақтар жасаумен шұғылданып отырған. Қазақ қолөнер шеберлерінің үлкен бір тобы – ағаш, темір ұсталары, жезшілер, күмісшілер – келесі үйде орналасқан-тын. Осынау ісмерлердің кейбірі өздерінің жасаған бұйымдарын патшазадаға сый етіп тартты. Алтыншы үйді өмірден жас кеткен атақты оқымысты жəне саяхатшы Шоқанның əкесі полковник Шыңғыс Уəлиханұлы тіккізген еді. Осынау тарихи көрме үшін əдейі Көкшетау үйезінен əкелткен болатын. Мұнда жиналған өнерпаздар империя тағының мұрагері патшазада Николайды шаттық ескен əн-күймен қарсы алды. Балуан Шолақ пен оның ансамблінің мүшелері, өзге де домбырашылар, қобызшылар құйқылжытқан əуендерді мұрагер сүйсіне тыңдап тұрды. Ол содан соң кедей қазақтың тұрмысын көруге ниет қылды. Жұпыны үй-жайды, босағада жалғыз ешкі байланған жүдеу шаруашылықты ойлы жүзбен назарлады. Байлардың көз сүйсінтер салтанатынан кейін қарашаның баспанасына кіріп-шығуды қалаған патшазаданың бұл ықыласы жұртты қайран етті, əрі риза да қылды. Ал қоңырқай үйіне осынау биік қонақтың бас сұғуы кедейді шексіз бақытқа бөледі. Патшазада одан əрі өлкедегі білім, ғылым жетістіктерін көрсететін көрмелер қойылған киіз үйлерді аралап кетті. Содан соң қазақ көшін көрді. Бұлықсыған бай көшті де, оның соңындағы бар дүниесі жаңғыз сықырлауық арбаға сыйып кеткен жарлы көшін де тамашалады. Cосын көрмедегі ең үлкен жəне мейлінше сəнді жабдықталған киіз үйге кірді. Бұл үйді тіккен Семей үйезіндегі Сейтен болысының басқарушысы Темірғали Нұрекенұлы еді. Қазір барша жұрт қадірлеп тұрған осынау мұрагердің таққа отыру əрі не-

кеге тұру құрметіне 1995 жылдың басында империя астанасында өтетін салтанатқа қатысатын, одан, 1907 жылы Екінші Мемлекеттік думаға Семей облысынан депутат болатын, Дума жұмысы кезінде белгілі қайраткер Бақытжан Қаратаевтың басшылығымен, өзге облыстардан сайланатын депутаттармен бірге, қазақтың жер-су мүддесін қорғау мақсатымен патша үкіметінің лауазымды төрелері алдына баратын кəдімгі Темірғали болыс. Мұның бəрі келешекте болады. Ал қазір оның арнайы жасауланған салтанатты үйінде сол болашақ патшаға əр аймақ өкілдері сый-сияпат тапсырмақ... Рəсім ойдағыдай өтеді. Тақ мұрагеріне барша жабдығымен қа ракесек, сибан үлгілерімен күмістеліп соғылған ер-тоқымдар, сабы күмістен жасалған айбалта, күміспен нақышталған жималы адалбақандар, бетін сүйектен оюлап бедерлеген ағаш төсек, күмістеліп əшекейленген кісе, ағаш сабының ішіне болат қанжар орнатылған айбалта, жас барыстың, жолбарыстың терілері, сондай-ақ үйретілген қаршыға сыйға тартылады. Болашақ патша сыйлықтарды қабыл алып тұрып, қайсысының қай жерде қандай шебердің қолымен жасалғанын, жыртқыштардың қайдан ауланғанын, құстың қалай бапталғанын əуестене сұрайды. Ризашылығын білдіреді... Ұмытылмастай əсер қалдырған төрт-бес сағат зу етіп өте шықты. Ақыры, күллі көрме-ауыл адамдары жоғары мəртебелі мей манды зор қошеметпен аппақ откемеге шығарып салған. Кетер алдында цесаревич Николай шын жүректен қарсы алып көрсеткен ыстық қабылдаулары үшін қазақ халқының осы ауылда жиналған өкілдеріне алғыс айтты. Бұл 1891 жылдың 15 шілдесі күнгі сағат бес шамасы еді. Откеме Ертіс айдынының ортасына жете бере кері айналып, Омбы шаһарына қарай бет түзеді. Патша баласына қошемет көрсеткен қазақ қауымы жағада кеме ұзап кеткенше қол бұлғап, шын риза, шаттанған көңілмен, уралаған айқайға басып тұрды. Сосын олар да көліктеріне мініп, Омбыдағы атшабарды бетке ұстады. Омбы ипподромының кіреберісінде биік мəртебелі мейман үшін гүлмен көмкеріліп өрнектелген «Қош келдіңіз!» деген жазу көз тартады. Жасыл алқаптың жиектері жалаулармен безендірілген. Басты мінбе мен оның қос қапталы ығы-жығы құжынаған жұрт. Жарияланған есептерге қарағанда, өлкенің əр аймағынан келген бəйгеге ат қосушылардың тілектестері, күллі салт атты, арба-пəуескелі, жаяужалпы жанкүйерлер бар, ат жа рысқа ұзын саны бес мыңнан астам көрермен жиналған. Сағат жетіде патшазада мен нөкерлері мінген пəуескелер керуені келді. Содан кейін-ақ көп кешікпей бəйге басталды. Бəйге мұрагерге қырда мекендейтін көшпенді халықтың

байлығының басты саласы жылқы екенін танытты. Оның қалауына сəйкес, аттар он шақырымға жəне үш шақырымға шабудан бəсекеге түскен. Жарыс оған дала төсінде қалың қазақ өмір сүретінін жəне олардың ат құлағында ойнайтынын анық көрсетті. Он шақырымдық аламан бəйгеге шыққан отыз үш аттың 27-сі қазақтардікі, екеуін казак-орыстар, үшеуін қала тұрғындары, біреуін татар қосқан еді. Белгіленген үш жүлденің үшеуі де қазақ сəйгүліктеріне тиді. Оның ішінде бірінші орынды, яғни бас бəйгені жəне үшінші орынды Мейрам Жанайдарұлының, екінші орынды Мұстафа Жəнібекұлының аттары алды. Үш шақырымға 21 ат шапқан, оның 14-і қазақтардікі еді, мұнда алғашқы екі орынды Омбы казак-орысы мен көпесі иеленді. Сөреге үшінші болып Əли Құлшынбаевтың аты келді. Бас бəйгеге патша атынан шынжыр баулы алтын сағат берілді. Жүлдегер болған аттарда шапқан шабандоз жеткіншектерді тақ мұрагері бір-бір алтын теңгемен (құны екі жарым сомдық полуимпериалмен) тікелей өзі марапаттады. Балалар бұған шексіз шаттанып, айтып-жеткізгісіз қуанышқа бөленді. Не керек, патшазада атшабысқа, бəйге нəтижелеріне разылық білдірді. Атжарыс жанкүйелері қауымының уəлаяттағы жылқы бағу тəжірибесін баяндап, соңғы бес жылдағы ат жарыстары жайында тасқа басып берген есебін қабыл алып, жақсы ұйымдастырылған, көрермендерге зор лəззат берген жарыс көріністері үшін алғыс айтты. Ол өзін бүгін əр қырынан сүйсіндірген «бұратаналардың» тағы бір тобымен тоғыз күннен кейін, 24 шілдеде, Ор қаласына келгенінде кездеседі. Сол күні кешке қарай Торғай облысының Елек үйезіне барады. Оған қазақтар əсем əбзелді тамаша тұлпар мінгізеді. Сосын түйе жарысын тамашалатып, мұрагерді бұрын-соңды көрмеген ерен қызыққа кенелтеді. Бірақ мұның бəрі оның қазақ жерінде көргендеріне экзотикалық қосымша ғана сияқты еді. Ол негізінен бұл жалпақ та төрт түлікке бай өлкеде орыс қаруының айбыны асқанын көзімен көріп, сүйсініп қайтты. Саяхат мақсаты соны көздейтін. Мəселен, Омбы тек Дала уəлаятының ғана емес, Сібірлік казачество əскерінің де астанасы еді. Дала генерал-губернаторы атаман лауазымымен бұл құрылымды да басқаратын. Сондықтан да Дала генерал-губернаторының əкімшілігі тақ мұрагерін күллі халық боп шаттанған ахуалда қарсы алу жəне оның шаһарда болатын уақытын той етіп думандатып өткізу шараларын дайындауға бірнеше ай бұрын кіріскен. Жəне ең алдымен орыс қаруының сенімді қолда екенін лайықты түрде көрсетуді мұқият ойластырған. Ал бұл ретте патшазадаға өлкедегі əскери күштің, əсіресе казачествоның жауынгерлік келбетін жақын таныстыру қажет-тін. Өйткені казак-

тар қауымы империяның жаңа жерлерді иеленуде сүйенетін басты тірегі болған жəне бола бермек. Казак-орыстардың қала көшелеріне шыққан мейрамдаушы халықтың едəуір бөлігі болуы да сол себептен. Олар жан-жақтан да келген-ді. Өлкедегі барлық казак қауымы станицаларынан атамандары бастаған делегациялар сол күндері Омбыға жиналған. Олардың көпшілігі Түркістан өлкесін жаулап алуға қатысқандар, əсіресе Қоқан, Хиуа жорықтарында екі-үштен жауынгерлік марапат белгілерін алғандар еді. Үлкен мейман 1891 жылғы 14 шілдеде Омбы шаһарына келгенде, Сібір мен Жетісу казак-орыстары ның, атбасарлық, константиновтық, пресновтық казак-орыстардың өкіл дері оны айлақтан қарсы алысты, нан-тұз ұсыну рəсіміне, мерекелік дастарқанға қатысып, бір жасап қалды. Болашақ патшаға арнайы əзірлеп əкелген сыйлықтарын ұсынып, зор құрмет көрсетті. Жетісу казак əскерлерінің бөлім бастықтары цесаревич Николайды ортаға алып, арнайы суретке түсті. Патшазадаға шаһарда мұндай ресми қошемет көрсетушілер қатарында жергілікті қазақтар болған жоқ. Себебі, жаңа тəртіпке қаншама көндіккенмен, олар отарлау шыға өгей еді. Сондықтан да қалың қазақ ортасында бой көтерген қалада, қазақ өлкесін басқаратын орталық орналасқан бас қалада, қыр қазақтарының астанасында өлкенің төл балаларына ондай мүмкіндік берілмеді. Қазақтар өздерінің тыныстіршілігін патшазадаға ертеңіне, жоғарыда айтқанымыздай, арнайы тігілген қазақ ауылында жайылған көрме арқылы таныстырды. Омбыда өткізген күндері ішінде тақ мұрагері Омбы кадет корпусы роталарының, Омбы батальонының, казактар бригадасының əскери саптарын қарады. Олардың жауынгерлік дайындықтарына ризашылық білдіріп, əрқайсысына бір-бір тостағаннан арақ сыйлады. Сосын қыздар гимназиясында, жетім, жарлы балалар баспанасында болды. Ал сарай алдында, басты көшелердегі бақтарда, халық толы алаңдарда қилы мерекелік шаралар өтіп жатты. Солардың бірінде Балуан Шолақ жеңіске жеткен сайыс та болды. Тек, мұрагердің сондай халық мерекелеріне қатысқанын айтқан есеп көзімізге түспегендіктен, палуанымыздың мерейі үстем болған сайыс жайын дəл əңгімелей алмай отырмыз. Дегенмен Жайық Бектұровтың зерттеуіндегі: «Омбыға Ресейдің ең соңғы мұрагер патшасы Николай келгендегі жиын-тойда Шөкең күреске түсіп, сыйлыққа өз аты жазылған сағат алған» деп келтірілетін хабарды ұмытпаған жөн. Бəлкім, мұның анық-қанығын кейінгі зерттеушілер анықтай жатар. Атшабарда ат жарысын тамашалаған күннің ертеңіне, 1891 жылғы 16 шілдеде, тақ мұрагері жаңа шіркеу құрылысының бас-

талуына қатысты. Бұл іс-шара оның Омбыдан кетер алдында орын алған-ды. Кейін зəулім де əсем шіркеу тұрғызылады, оның іргетасына алғашқы кірпішті ІІ Николай цесаревич кезінде қалаған деп көрсетілген естелік тақта қойылады, бірақ оны көру патша маңдайына жазылмаған еді. Ол тақтан түскеннен кейін пойызбен қазақ даласы арқылы Сібірге қарай тұтқын ретінде тасымалданады, бірақ Омбыға қол созым қалғанда басқа бағытқа əкетіледі... Сонымен, Балуан Шолақ Омбыда тақ мұрагерін қарсы алу құрметіне өткізілген мерекелік шаралардың бірінде, 1891 жылғы шілденің 14–16 күндері аралығында, Севр (Сібір) палуанды жеңіп, мерейі үстем болды. Бұл кезде ол 27 жаста еді. Оң-солын əбден таныған, қазақ өлкесінде орын алған тағдырлы өзгерістердің қырсырын анық ажырататын жаста-тын. Қазақтың дербес елдігінің жойылуы ол дүние есігін ашардан бұрын орын алған. 1822 жылы патша пəрменімен Cібір қазақтары туралы жарғы бекіген-ді, соған сəйкес, өлкеге орыс əкімшілік жүйесі енгізілген. Мұндай өзгеріске қарсы тұрып, жойылған егемендікті қалпына келтіруге тырысқан қозғалыстар, патша езгісінен құтылуды көздеген Кенесары ханның аса ірі азаттық соғысы да ол дүниеге келерден бұрын орын алған. Ол шыр етіп өмірге келген кез Арқа халқының Ресей бодандығына мойынсұнған шағына дөп келді. Кіндік қаны тамған Қотыр-Шортан аймағына, қазақтардың аса көркем Көкше етегінде жатқан Əулиекөл жағасындағы мекеніне алғашқы қадаларын мұжықтар əлгі заң қабылданғаннан кейін жеті-сегіз жыл өткен соң-ақ қаққан. Содан бастап Шортан орнында патшалықтың орталық аудандарынан қоныс аударып келген орыстар Щучье деп атап кеткен елді мекен пайда болған. Өз еріктерімен келіп қоныстанушылар мен əскери қызмет атқарып жүрген казактар қауымы сол шақтан бастап, барлық қазақ даласы қатарында, Көкше өңірін де отарлап жатқан. Олардың саны Нұрмағамбеттің бала кезінде, салыстырмалы түрде қарағанда, аз болатын, бірақ, уақыт өткен сайын, көбейе түскен. Өлке 1868 жылғы жарғымен басқарылып тұрған. Осынау «Дала облыстарын басқару жөніндегі уақытша ереже» қазақ елі үшін жасалған бұдан бұрынғы заңдармен орныққан сұлтандар билігін өзгертіп, жоюды жəне өлкені орыс əкімшілік жүйесіне біржола сіңістіру мақсатын көздейтін. Балуан Шолақ Омбыда тақ мұрагері құрметіне өткізілген жарыста жеңіске жеткен 1891 жылы əйгілі «Дала ережесі» қабылданған. Сол заң бір-екі жылда өмірге енгізілісімен, отарлаушылар көші үдей түскен. Əсіресе, қазақ халқының тыныс-тіршілігімен танысып, құрметін көріп қайтқан мұрагер таққа отырғаннан кейін, бұл

ахуал ашық та жоспарлы сипат алған еді. Патшалық ішкі Ресейдегі аграрлық толқуларды басу үшін, жерсіз шаруаларды «бос жатқан басы артық шұрайлы жерге бай» шет аймақтарға қоныс аударту саясатын екпіндете жүргізуге кіріскен. Соларды жайғастыру мақсатында арнайы мекеме құрып, қазақ елінің ең шұрайлы жерлерін кесіп алып жатты. Ішкі Ресейден келмек қоныс аударушылар үшін көшпенділерді құнарлы атақоныстарынан ығыстырды. Сөйтіп, оларды алыс ата-бабаларынан бермен иеленіп келе жатқан мекендерінен аластауды мүлдем ашық жүзеге асырды. Шөбі шүйгін, орман-тоғайы, суы мол ең шұрайлы жерлерді отарлаушылардың пайдасына тартып алу жоспарлы сипатқа ие болды. Жергілікті халық тіршілікке қолайсыз, құнарсыз аймаққа ығыстырылды. Балуан Шолақ осы жайларды көзбен көріп, біліп өскен. Қалың қазақ ортасында қала салып, қазақ жер-суын өз меншігі етіп алған билеуші жұрттың озбыр мақтанышты көңіл-күйін Балуан Шолақтың тым бейтарап қабылдамағаны, тереңдей түскен қиғаштықтарды, жер-судың, ел тыныс-тіршілігінің отарлана бастауын айқын ұға бастағаны күмəн туғызбайды. Ресейде крепостнойлық құқықтың жойылуы, шаруаларға бос - тандық берілуі қазақ даласын мақсатты түрде игеруге апар ғаны белгілі. Қазақ жерін казак-орыстар мен шаруаларды қо ныс тандыру жолымен отарлау барысында белгілі дəрежеде капи талистік қатынас та қалыптаса бастаған-ды. Май шайқау, диірменмен ұн тарту, тері илеп, былғары жасау жолға қойылып, олармен тиімді сауда-саттық дамытылған. Дала өміріне əсіресе сауда капиталы еркін сұғынған. Омбы мен Қызылжарда жеке меншіктегі қоймалар мен сауда үйлері пайда болды, солар арқылы мал иеленушілердің малшаруашылық өнімдері европалық Ресей мен шетелге шығарылды. Базарлар мен жəрмеңкелер арқылы өрістей түскен өзара пайдалы байланыстар нəтижесінде қазақ тардың қожалықтарында да құрылымдық өзгерістер жасалды. Орыс көпестері жылқыға айрықша қызығушылық танытты. Сол себепті отарлар мен табындарда қойлардың үлестік салмағы азайып, жылқылар үлесі арта түсті. Ресейдегі ірі қалалардың етке деген сұранысына сай, аталмыш аймақтарда мүйізді ірі қара өсіру де дамытылды. Бұған капитализмнің дамуының əсерінен жəне қоныс аударушылық қозғалыстың үдей түсуі салдарынан көшпенді халықтың отырықшылыққа ауысқан бөлігі – жатақтар да үлес қосты. Отарлық жүйенің бекем орнығуы қазақ қа уымының əлеуметтік тұрғыда бөлшектенуіне, көшпелі шаруашылықтың ыдырай түсуіне апарды. Кедейленген қазақтар күнкөріс қамымен түрлі кəсіпшіліктерге, тау-кен өнеркəсібіне, мыс, қорғасын

қорыту зауыттарына, көмір кенішіне жұмысқа кірді. Қазақ даласына капитализмнің дендеп ене бастауы, байлыққа тұнған шикізат көздерін мақсаткерлікпен пайдаланудың арта түсуі арқасында, солармен бір мезгілде империя қаржы-қаражат жүйесінің бір бөлігі ретінде, коммерциялық банктерінің филиалдары жəне кредит мекемелері жасалды жəне кеңейтілді. Омбы мен Қызылжарда империя мемлекеттік банкінің бөлімшелері ашылды. Қазақ жерінде Сібір сауда банкі, Орыс сауда-өнеркəсіп банкі жұмыс істеп, сауда айналымына көп қаражат салды. Сауда-саттықтың басты нысаны мал болып қала берген. Қазақ халқының негізгі шаруашылығының өнімдерін сатып алу немесе халыққа мұқтаж тауарларға алмастыру шаралары қилы базарлар мен жəрмеңкелерде жүзеге асырылды. Балуан Шолақ есейіп, өмірге араласа бастаған ХІХ ғасырдың соңғы ширегінде оның ауылы орналасқан аумақта сауданың жаңа түрі – жылына бір немесе екі рет өткізілетін жəрмеңкелік сауда-саттық кең өріс алды. Ең ірі маусымдық сауда орындары – Қызылжар үйезіндегі Тайыншакөл, Ақмола үйезіндегі Константинов, Атбасар үйезіндегі Петров жəне Қарқаралы үйезіндегі Қоянды жəрмеңкелері еді. ХІХ жүзжылдықтың соңғы ширегі басталғанда бұлардың арасындағы жетекші орынға Тайыншакөл жəрмеңкесі шыққан. Оның сауда айналымы екі жарым миллион сомға дейін жеткен еді. Екінші орында бір жарым миллион сомдай айналымы бар Қоянды, үшінші орында сегіз жүз мың сомдай ақша айналымы болған Константинов жəрмеңкелері тұратын. Олардың сауда айналымдары жыл өткен сайын өсіп жатты. Осынау сауда орындарына сатуға мал əкелушілер, əрине, қазақтар болатын. Қазақтар үшін жəрмеңке тек мыңғырған малын саудаға салып, өзге керек-жарағын сатып алатын орын ғана емес, сонымен бірге қоғамдық шаруаларды ақылдасып шешетін, мəдени шаралар өткізіп, рухани лəззат алатын орынға да айналды. Шартараптан бас қосқан өнерпаздар əн шырқап, күй тартты, би биледі, күш сынасты, күресті. Осындай кездерде небір өнер дүлдүлі қалың жұртшылықтың сүйіспеншілігіне бөленіп, есімі халық арасына кең тарады. Сондай жанның бірі Балуан Шолақ еді. Тайыншакөл жəрмеңкесі қазіргі Солтүстік Қазақстан облысының Тайынша ауданы аумағында, суы таза, оты шүйгін, табиғаты жан-жануарға жайлы Тайынша жəне Сеңді көлдері арасынан Балуан Шолақ өмірге келер қарсаңда орын теуіп, жылына екі мезгіл бір-бір айдан жұмыс істеп тұратын. Жыл өткен сайын белгілі бола түскен жəрмеңкеге мамыр мен қыркүйек айларында Ресей көпестері өнеркəсіп орталықтарынан қазақ қажетіне орай түрлі өндіріс тауарларын əкелетін де, жергілікті малшы жұрттың

малдарына айырбастайтын. Жəрмеңкеге жиналған жұртшылық, əрине, малын өткізіп, сауда-саттық жасап қайтумен шектелмеген, басқа бұйымтайларын да шешкен. Осында ел ағалары ауылдар арасындағы түрлі дау-дамайды, жер-суға таласу, мал барымталау мен ұрлық-қарлық жасауға қатысты мəселелерді қараған. Сонымен қатар жəрмеңке кезінде əр тараптан келген ақындардың айтысы өтіп жататын, əншілер, термешілер, бишілер, күйшілер өнер көрсететін. Балуандар күреске түсетін. Сол өңірде тұратын бүгінгі ардагерлердің баспасөзде жариялаған естеліктеріне қарағанда, Тайыншакөл жəрмеңкесі бірте-бірте өлкедегі асқан дарын иелері бас қосатын жерге, ұлттық өнерді айшықтап көрсетудің құдды бір қастерлі ордасына айналған. Осында Орынбай, Шөже, Ақан сері, Біржан сал, Арыстанбай, Тезекбай жəне Балуан Шолақ секілді атақты ақын-жыршылар дүйім жұртшылыққа рухани лəззат сыйлаған. Жəрмеңке қызықтары қыркүйек айында өтетіндіктен, оны сол кезде көп қолданылған орысша айдың атымен атаған. Балуан Шолақ та өзінің əйгілі əнінде «Сентябрь базары» деп кеткен. Өршіл əуенді əнінің өлеңіндегі: «Кешегі сентябрьдің базарында Көтердім елу бір пұт кірдің тасын», – дейтін жолдар қыркүйек айында жұмыс істейтін үлкен жəрмеңкелердің бірін мегзеп тұрғаны анық. Балуан өмір сүрген аумақтағы Көкшетау қаласында орналасқан Боқырау (Покров) базарында да жəрмеңке өтіп тұрған, əйтсе де, сол кездердегі сауда-саттық орындарының хал-ахуалы жайындағы империялық есеп-жазбалар мен кестелерден көзге түспегендіктен, оның сауда айналымының көлемі шағын болған шығар деп шамалаймыз. Тиісінше, көпестер мен саудагерлер шартараптан қилы тауарды молынан тасымалдайтын, қазақ та жылқысын үйір-үйірімен айдап əкелетін орын – негізінен казак-орыс мекендеген Көкшетау қаласынан гөрі, ен табиғат төсінде орналасқан, сентябрь айында ғана жұмыс істейтін əйгілі Тайыншакөл жəрмеңкесі болуы əбден ықтимал. Балуан Шолақтың осында өте ауыр салмақ көтеріп, сондай-ақ атақты орыс палуанының жауырынын жерге тигізіп, елді тамсантқаны күдік тудырмаса керек... Патшазада қазақ жерінде болып, тыныс-тіршілігімен біршама танысқан жылы қабылданған империяның «Дала ережесі» аталатын заңнамалық акті Дала өлкесін, Орал жəне Торғай облыстарын басқару жөніндегі бұрынғы Уақытша ережелер негізінде қалыптасқан əкімшілік басқару жүйесін бекітіп, күшейте түсті. Қазақ ауылдарындағы сайланбалы органдарды, төменгі буын ретінде, патша өкіметінің əр үйезге тағайындайтын бастықтарына барынша тəуелді етті. Қазақ жері қазақтарға пайдалануға берілген

мемлекеттік меншік болып табылады дегенді заңдастырды жəне бұратаналардың санасына солай сіңірді. Сондықтан да барлық «артық» деп табылған «мемлекет меншігіндегі» жер-су, туындаған мұқтаждыққа орай, «үкімет қажет еткендіктен», Мемлекеттік дүние-мүлік министрлігінің қарамағына көшірілетін болды. Егін шаруашылығына жарамды жерлер «бос» деп табылып, оны пайдаланып жүрген көшпенді халықтан тартып алу жүзеге асырыла бастады. Аталмыш ереже Балуан Шолақ та кезінде Омбыда ұлықтауға қатысқан кəдімгі мұрагер Николай патша болып империя тізгінін қолға алғаннан кейін қыр ғұмырының негізгі заңына айналдырылған. Иə, ол таққа отырысымен қазақ елінің жер-суын отарлау шаралары іс жүзінде күшейе түсті. Күні кеше дала өмірінің қызықтарына сүйсініп оралған цесаревич империя тізгінін қолына алысымен Дала низамының өмірге дендеп енуін тереңдетіп жүзеге асыруға кірісті. «Бос жатқан қазыналық жерлерге» орталық аудандарда жер таршылығын көріп жүрген шаруаларды көшіріп апару – ішкі Россиядағы аграрлық толқуларды бəсеңсітудің, тіпті мүлдем тоқтатудың бірден-бір жолы еді. Ал қазақтардың бабаларынан мұра болып келе жатқан атамекен-қоныстарын «бос жатқан қазыналық жерлер» ретінде қарастыру – олардың құқтарын қасақана шектеу, аяққа таптау болары билік басындағыларды толғандырмайтын. Патша үкіметінің артық жаралған астам шонжарлары жергілікті халықтың мүддесі деген ұғымды ешқашан ескерген емес. Содан да, Балуан Шолақ дүниеге келерден бірнеше ондаған жыл бұрын-ақ, оның ауылының іргесіндегі көркем қойнауға казак-орыс колонистері өз мекендерін салған. Ақын бұл жайында өлеңінде: «Борық тартсаң шығатын уыз сүті, Қотыр-Шортан мен туған – жердің құты, Түскен екем шыр етіп жер бетіне, Суға барып түскенде орыс бұты», – деген еді. Əсем Көкше бауырынан Қотыркөл, Шортан станицаларының бой көтеруі үлкен отарлаудың басы болған-ды. «Дала ережесі» күшіне ене келе, үкімет переселен учаскелерін құрды да, жаңғыз бұл өңірге емес, күллі жалпақ қазақ жерінен бөліп алған шұрайлы аймақтарға казак-орыстар мен қарашекпен шаруаларды топырлатып əкеп төге бастады. Сонда, қысастықпен үдетілген көші-қон салдарынан, кей-кейде жергілікті жұрт пен кірмелер арасында қилы шиеленіс, кикілжің бой көрсетіп қалып жүрді. Жасынан шыншыл, əділетсіздікке төзбейтін Балуан Шолақ сондай кездерде жапа шеккендер намысын қорғаймын деп небір көзсіз батырлықтарға баратын. Мұндайда ақын: «Анталаған сан дұшпан қамаса да, Сырдың суы келмейді жұлығымнан», – деп жырлайтын. Алайда «анталаған

сан дұшпан» қарап қалсын ба, əр басқан қадамын аңдумен орайын келтіріп, оны түрлі жалаға іліктіреді. Сондай бір істі болған шағынан: «Мен өзім аққан судай тасып жүрмін, Кеудесін дұшпандардың басып жүрмін. Жаласы сексен өгіз маған ауып, Ұлықтан сол себепті қашып жүрмін», – деген жолдар сыр шертеді. Ақын ақыры түрмеге де түседі. Қиналады: «Абақты азап орны, жайнаған шоқ, Басқаным от сияқты, ішімде дерт». Небір əділетсіздікті бастан кешіп, жазықсыз жаза тартуға кесіледі: «Жеті жыл каторгаға мені жазған». Бірақ мойымайды. «Бойыма күш біткенге еттім шүкір, Қажысам абақтыға, бетке түкір. Темірін екі итеріп тартқанымда, Кірпіші жерге түсті күтір-күтір». Абақтыдан қашып шығады. Содан: «Мен, Шолақ, ажал жетіп өлгенім жоқ, Теңдікті дұшпаныма бергенім жоқ», – деп жырлағанындай, тұт қыннан құтылғаннан кейін де озбырларға қарсы күресін тыймайды. Жасаған əрекеттерін шығармашылығының арқауы етіп, əншілік, серілік, ақындық өнерін жалғастыра береді. Əділетке адалдығын, жақсы атқа, сұлу қызға ақындық-серілік жанымен ғашықтығын өлең-жырларына арқау етіп, шығармашылық ғұмырымен астастыра түседі. Балуан Шолақтың аса атақты əндерінің бірі «Ғалия» екені белгілі. Ол авторының есімін шартарапқа жайды. Ыстық, мөл дір махаббатты асқақтата жырлаған осынау сүйіспеншілік жыры өзінің асқақ та сазды əуенімен жəне нəзік сезімді ерекше құштар лықпен бейнелеуі арқасында көп көңілінен шықты. Бұл əн Балуан Шолақтың музыкалық шығармашылығының шырқау биігі санатында аталады. Ел арасында ол бірнеше түрде айтылып келген. Осынау көпке əйгілі тамаша əннің толықсыған кейіпкері жа йында Сəбит Мұқанов пен Ахмет Жұбановтан бері талай зерт теушілер қалам тербеп келеді. Ғалия Тілеуқызының базарда қымызхана ұстағаны, көрікті болғаны, 22-23 жасар шағында оған қырықтың қырқасына шыққан Балуан Шолақтың ғашық болғаны, содан ғаламат əн туғаны, жалпақ дүниеге ғажайып жыр болып шашылған осынау махаббаттың 1908–1909 жылдары туғаны дау-дамайсыз шындық ретінде айтылады. Кейінгі жылдары Астана қаласындағы ескі мұсылман қорымына жерленген Ғалияның бейіті табылған. Араб, парсы, шағатай тілдеріндегі ескі шығыс жазуларын оқуды меңгерген жас мамандар Ұларбек Дəлейұлы мен Ахат Əшуұлының анықтауынша, Ғалияның басына күйеуі Ғалым Құрақбаев орнатқан құлпытаста көне емлемен: «1922 жылы 23 апрельде... Ғалия Ғалымжамағаты Тілеуқызы 48 жасында фəниден бақиға» өткені қашалып жазылыпты (http://www.infotses.kz/mobile/details.php?news_id=140389). Осы дерекке қарағанда, Ғалия 1874 жылы туған, яғни Балуан Шолақтан он жас кіші. Егер

екеуінің кездескен уақытында Ғалияның жасы 22-23-терде болса, онда ол 1896–1897 жылдарға дөп келеді. Демек, «Ғалия» əні де сол шамада туған. Əннің қазақ елін шарлап кеткен жеңісті шеруі сол шақта, екі ғасырдың тоғысында орын алған... Сəбит Мұқановтың атақты «Балуан Шолақ» хикаятында əсерлі суреттейтініндей жəне одан бергі уақыттарда əйгілі өнерпаз жайында өзге де қалам тербеушілердің бір ауыздан мойындаға нындай, туған өлкесінде қуғын көрген Балуан Шолақ біраз уақыт алысырақта бой тасалауға мəжбүр болған. Со бір кезеңінде арғы аталары мекендеген Жетісу өлкесіне сапар шегіп кетеді. Өзінен бұрын атақ-даңқы жеткен Жетісуға, ол бір дерек бойынша, жиырмасыншы ғасырдың басында, енді бір көбірек айтылатын дерекке қарағанда, 1913–1914 жылдары барған. Бəлкім, сол екі мезгілде де солай қарай жолы түскен шығар. Өйткені, зерттеушілер айтатындай, əйгілі халық ақыны Кенен Əзірбаев оны жасөспірім шағында көрген. Кененнің белгілі əнінде сол тұңғыш кездесу хақында: «Бала едім жаңа талап, іздеп келдім, Өзіңнен сұрайын деп ақыл, аға... Бала едім жаңа талап ақын-əнші, Əніңді үйренейін алуан, аға», – деп айтылады ғой. Бұлар, шынтуайтында, 1913–1914 жылдары отыздарға толған сақа жігіттен гөрі, 1900–1901 жылдарғы он алты-он жеті жасар бозбалаға жарасатын сөздер емес пе?! Егер осындай пікірді дұрыс деп қабыл алсақ, Балуан Шолақтың алғаш рет Жетісуда болуы, шынында да, 1884 жылы дүниеге келген бала Кенен 16 жасқа келген уақытқа – ХХ ғасырдың басына сай келеді. Ол атажұртына жасаған сонау бірінші сапарында ұзағырақ қыдырыстаған болса (Сəбеңнің атақты шығармасын еске алыңыз), екінші рет шыққан сапары, Балуан Шолақтың ұлы Құдайберген Шолақовтың (жазушы Жайық Бектұров зерттеуіндегі) естелігіне қарағанда, бірер айға ғана созылған. Шөкең түстік өңірде ата-бабасының туып-өскен жерлерін, Шу бойында тұрып жатқан алыс ағайындарының ауылдарын аралады. Қырғыз аймағына барды. Жетісудің белгілі өнер адамдарымен, соның ішінде жыр алыбы Жамбылмен де сырласты. Болған жерлерін думанға толтырып, өнер көрсетті. Арқа дүлдүлдерінің де, өзінің де əндерін шырқады. Еліне сағынышпен оралды. Алайда елдегі дұшпандары бірер мезгіл көзден таса болған екен деп оны ұмытып кете қоймайды. Ұзақ сапарынан қайтып келгенінде оған түрлі залал келтірудің жолын қиыстыра береді. Ақыры қапияда қастандық жасап, өмірден ерте кетуіне себеп болады. Бұл қанды зұлымдық жайын Сəбит Мұқанов оның өмірі жайында жазған көлемді хикаясында көркем кестелегені белгілі. Əйгілі жазушы өзінің сонау

туын дысына əр кезде кейде роман, кейде повесть деп жанрлық атау берген, əдебиетші қауым да оны солай, көбіне повесть ретінде қабылдап кеткен. Дегенмен Сəбең өзінің он алты томдық таңдаулы шығармалар жинағының 3-ші томында (1972) жариялаған повестері арасына 40-шы жылдары жазылған бұл хикаятын «аңыз» деп үкілеп қосқан. Біздіңше, осы анықтамасы дəл, өйткені шығармасында Балуан Шолақтың өмірінен беретін мағлұматтары көп ретте аңыз сипатында, əсірелей суреттеліп, көтеріңкі романтикалық рухта баяндалады. Сəбең палуанның 1916 жылғы 25 маусымда шыққан қазақтан майданға жұмысшы алу жайындағы патша пəрмені салдарынан туған ұлт-азаттық көтеріліс алдында, тасадан жаулықпен атылған оқтан қаза тап қанын жазады. Алайда батырдың дүниеден 1919 жылы өткені бұл күнде дəлелденген ақиқат. Демек, оның сол екі аралықтағы тарихи кезең кезіндегі ісін зерттеп жаңғырту керек-ақ. Əзірге, жазушы-зерттеуші Естай Мырзахметовтың болашақ зерттеулерге түрткі боларлықтай құнды деректер жазып қалдырғанын есте ұстауымыз керек. Оның айтуынша, Балуан Шолақ туып-өскен «елдің бұрынғы жайлауы Айқайқабақ, Үйжығылған сықылды кең даланы», «осы күнгі Ақмола облысының Астрахан, Мариевка (Амантай), Журавлевка (Қылыш), Макинка (Бұланды қарағайы) аймағын басып, Бурабайға өтетін тас жол, теміржол бойындағы бұрынғы қазақ елінің шұрайлы қонысы», күллі «əдемі жерлерді» келімсектер иемденген. Үкімет тартып алған бұл жерлерге қоса, қолдағы біразын – «Қайрақты, Мат өзендерінің, Қандықарағай, Ақсу, Айдабол жайлауларының кең өрісін» жергілікті қазақ алпауыттары «патша əкімдеріне, орыстың кулактарына ... сатқан». Мұндай əрекеттерге Балуан Шолақ наразы болып, отаршылдарға қарсы күрескен. 1916 жылғы қазақ ұлт-азаттық көтерілісінің Көкше өңірінде кең өрістеуіне осы жəйт мықты тірек болды деп есептейді қаламгер. Балуан Шолақ туып-өскен Көкше өңіріне – қазіргі Ақмола облысының Бұланды ауданына – іргелес жатқан Ақкөл ауданындағы Моншақты, Салқынкөл деген жерлерде орын алған қозғалыстардың, сонау Салқынкөл көтерілісінің табиғаты мен туу себептерін, сондай-ақ оған қатысушыларды, əсіресе, Е. Мырзахметов зерттеу-мақаласында жазғандай, Балуан Шолақтың көтеріліске тигізуі ықтимал ықпалын анықтаңқырап, терең қарастыру қажет-ақ. Патшаның тақтан құлауы, одан кеңес өкіметінің орнауы Шөкеңнің бұл орайдағы белсенділігін арттыра түсті. Рас, оның революция мұраттарын қолдағаны жайында жалпылама түрде айтылады, соны нақты деректермен толықтыру мəселесі зерттеушісін тосып тұр. Одан кейінгі төңкеріс жылдарында орын алған оқиғаларды, Алаш-

орда, кеңес өкіметі кезіндегі ахуалды саралау, сондай зерттеулер негізінде күрескер əнші-сазгер-палуан өмірінің соңғы сəттерін жаңғырту орынды болмақ. Балуан Шолақ 1919 жылы наурыз айының орта шенінде қайтыс болған. Жағдайды нақты білетін кісілердің естеліктеріне сүйене отырып, Е. Мырзахметов осындай қорытынды жасайды. Ақпан айының соңына қарай Шөкең кіші ұлы Құдайбергенді ертіп, Атбасар жағындағы құдаларына қарай шығады. Алайда межелі жерге жетпестен кері оралуға бел буады. Қайран қалған баласына мұнысының себебін түсінде «Аққошқарының аян бергенімен» түсіндіреді. Тездетіп қайтпаса болмайтынын, «ажал шіркіннің соңына түскеніне үш жылға айналғанын», содан, «ақыры, міне, қуып жеткенін» айтады. Үйге келген соң «ішінің жанып əкетіп баратқанын» айтып, төсек тартып біраз жатады. Сосын бəйбішесі Қаныкей мен ағасы Төлеубайды оңашалап қасына алады да, сырын ашады жəне ақтық аманатын естіртіп, «Барамын алыс сапар қайтып келмес... Тұрыңдар дұға қылып, құрбы-құрдас!» деп келетін елжұртына арнаған қоштасу өлеңін айтады. Бірер күнде көз жұмады. Бəйбішесі, ағасы жəне Сабыр қажы батырдың «өсиетін айтқанындай орындайды». Ақтық аманатының мазмұны бертінге дейін белгісіз болып келген. «Ерінің өмірден өту құпиясын Қаныкей бəйбіше қырық құлыптың астына сап аса берік сақтаған, жат тұрмақ, өзінің қара құрсағын қақ жарып шыққан Исажары мен Құдайбергеніне, жан дегенде жалғыз қызы Бəтеніне де ашпаған күйі, 1948 жылы өзімен бірге қара жер қойнына ала түседі», – дейді Е. Мырзахметов. Ал Шөкең қайтқанда сүйегіне түскен Сабыр қажы 1934 жылы, өмірден өтерін сезген шамада, немере інісі Ғаббасқа – жазушының нағашы атасына сыр ашады. Бұл сырды атасынан ол 1959 жылы əкесі екеуі естиді. Ал Шөкеңнің ағасы Төлеубай құпияны ортаншы ұлына, ол өз баласына айтып кетеді. Сол деректерге жəне ел ішіндегі басқа да мəліметтерге қарағанда, былай болған екен. Шөкең 1916 жылы жазғытұрым ауылына кештетіп қайтып келе жатады. Бұланды орманының Ақбалақ деп аталатын нуының шетіне кіре бергенінде, кенеттен тура қарсы алдынан мылтық гүрс ете түседі. Оқ ердің алдыңғы қасына тиеді, содан əлсіреп барып, оны іштен жарақаттайды. Ол, əйтеуір, аттан құламайды, 1919 жылы төсек тартып жатқандағы өз сөзімен айтқанда, «...құдайдың берген күш-қуатының арқасында» үйіне жетеді. Жараның қанын бəйбішесі Қаныкей жуып, таңып тастайды. Өзіне оқ атылғанын ешкімге айтпайды, бұл жайында тіс жаруға əйеліне де тыйым салады. Ел ішіне «қойдың құмалағындай қорғасынды көтере алмай ауырсы-

нып жатыр» екен деген сөз таралып кетуі ықтималдығын намыс көреді. Енді, міне, ішінде үш жыл жатқан сол оқтың салдарынан өмірден өткелі жатып та құпияны берік сақтауға үндейді. Ағасына: «Сабыр қажы екеуің ғана арулаңдар», – деп қатты тапсырады. «Сүйегіме басқаларды түсірсеңдер – денемдегі жараны көрер. ...ақ ажал бұйырмай, оқтан өлді деген сүйекке таңба. Ешкім білмесін...» «Тап іргеде кіжінумен отырған қара шекпенді жаулар тыныш қарап қалмас. Тірімде шамалары келмегенмен, тым болмаса сүйегімді қорламаққа қабірімді ақтарар Құпиялап қоятын болсын...». Аса қиналып жатып, жоғарыда айтылғандай өсиеттерін естіртіп қоштасқан соң, дүниеден тез өтіп кете барады. Зерттеушінің айтуына қарағанда, «қазақ десе қаны қарайып қағынып тұратын жауыздар ... Шөкең өзі ақылмен болжап кеткеніндей, ...батырсынып, өш алмаққа» шығады. «Қара құзғынша шулап жан-жақтан жиналып, ауылға ойнақ салады. ...көр қопарады. Бірақ Шөкеңнің сүйегін таба алмайды». (Оның мəңгі тыншыған құпия жерін білетіндер бүгінгі ұрпаққа 1943 жылы нақтылап көрсетіп берген.) Жаулары кіжінісіп, Шөкеңде кеткен еселерін оның артында қалған ұрпағынан алмаққа бел буады, сөйтіп баласының үлкені Исажарды атып кетеді... Балуан Шолақ мен Қаныкейдің он сегіз ұл-қызы болыпты, солардан Исажар мен Құдайберген жəне қызы Бəтен үшеуі қалған көрінеді. Əкесінің күш-қуаты Бəтен қызға дарыған екен. Оны 30-шы жылдарғы қиын кезеңде Балуан Шолақтың əндерін жазып алу үшін Б.Г. Ерзакович іздеп барады. Сондағы көргенін ол былай суреттейді: «...Көп ұзамай, үйден əріректе тұрған қауғалы құдық жақтан ұзын бойлы, бүрмелі кең көйлек пен жіңішке беліне шақ қыналған қамзол киген бір əйел бізге қарай келе жатты. Ол мойынағашпен шып-шып толы шелек суды көтеріп келе жатқанына қарамастан бүгілмей, бүкіреймей, аяқтарын жеп-жеңіл басып, тіптік жүріп келеді. Балуан Шолақтың қызы Бəтен Нұрмағамбетова – сол екен. Жас болмағанымен, оның спортшыға тəн сұлу сымбаты мені таң қалдырды. Оның кескін-келбеті – сопақша келген қараторы өңді, кең маңдайлы, мұңды болғанымен, жылы нұр шашатын əдемі көздері, түзу түскен мұрны, əппақ тісті кішкентай аузы – есімде қалып қойды. Басына үлкен ақ шəлі тартқан екен, самайынан ақ шалған қара шашы көрініп тұрды». Балуан Шолақтың өзіне тартып қайратты боп туған осынау қызы Бəтен өнерден де құралақан болмаған, əйгілі А.В. Затаевичтің ақылымен өмірін қазақ мəдениетіне арнаған осынау музыка зерттеушісінің арқасында бізге оның бір өлеңі жетті. Зерттеушілердің еңбектерінде Бəтеннің ұзатылған кезде əкесі Балуан Шолаққа арнап айтқан назы мен əкесі өмірден озғандағы сағынышты жоқтауы сақталған.

Ірі қалаларда, жəрмеңкелерде өнер көрсеткен əйгілі əнші, сазгер, палуанның көзі тірісінде суретке түспегеніне сенгің келмейді. Əйтсе де, осы уақытқа дейін ешқандай фотосуреті табылған жоқ. Оның кескінін Сəбеңнің атақты хикаятынан кейін қазақ бейнелеу өнерінің негізін салушылардың бірі болған халық суретшісі Əбілхан Қастееев қылқаламмен бейнелейді. Алайда сурет, Е. Мырзахметовтың жазуына қарағанда, дала серісін көріп өскен көкшетаулықтардың көңілінен шықпапты. Содан қаламгер Шөкеңнің жерлестерінен, көзі тірі туыстарынан пікір жинай отырып, сазгердің сөз суретін жинастырады. Балуан Шолақтың ағасы Төлеубайдың ұлы Есенжол ақсақалдың: «...кейбір мінезі, əсіресе, түр-түсі жағынан əкесіне аумай ұқсаған – Құдайберген», – деуіне байланысты, Құдайбергеннің суреттерін, жиналған күллі сипаттамамен қоса, жергілікті суретші Толқыбек Əкімов деген жігітке тапсырады. Ұзақ ізденістен кейін дүниеге келген бейнені 1986 жылы Үйсін ауылындағы «Шөкеңді көзі көргендерден ... Ақылбай, Халиолла ақсақал екеуі ... жалпы нұсқасы келіп тұр» деп мақұлдайды... Шөкеңнің кескіндемесін жасаудан – шығармашылығын жинау ерте басталғаны мəлім. Өткен ғасырдың 20-шы жылдарында өнер танушы А.В. Затаевич Қазақ өлкелік əскери-революциялық комитетінің есеп-қисап бөлімінде еңбек ете жүріп, қазақ еліндегі музыкалық фольклорды жинастыруға білек сыбана кіріскен. Оның мың жарым əн-күйді жазып алған ерен еңбегінен кейін, осынау абыройлы істі музыка зерттеушісі Б.Г. Ерзакович алып жүрді, бертінде қазақ зерттеушілері жалғастырды. Музыкатанушы ғалым Зейнұр Қоспақов Балуан Шолақ əндерін түгендеуде көп еңбек сіңірді. Балуан Шолақтың əндерін атақты халық ақыны Кенен Əзірбаев жас кезінде қасында жүріп тікелей өзінен үйренген де, көзінің қарашығыңдай сақтап, біздің дəуірімізге жеткізген. Егер қазақ əндерін жинаушы əйгілі А.В. Затаевич 20-шы жылдары Балуан Шолақтың төрт-бес əнін ғана нотаға түсірген болса, палуан-əнші-сазгер дүние салғаннан отыз шақты жыл өткенде, оның тағы он екі əнін Кенен Əзірбаевтың орындауында Б.Г. Ерзакович жазып алған. Балуан Шолақ əндерін əр кезде Жүсіпбек Елебеков, Молдахмет Тырбиев, Мұса Асайынов, Игібай Əлібаев, Қосымжан Бабақов, Елубай Өмірзақов, Нұғыман Əбішев, Мұхтар Өтебаев, Мағауия Көшкінбаев, Жəнібек Кəрменов, Қайрат Байбосынов жəне басқа да əншілер шырқаған. Музыка мамандары бұл күнде Балуан Шолақ əндерінің, түрлі нұсқамен айтылатындарын қосқанда, қырық шақтысын жинаған. Балуан Шолақ шығармашылығы мəдениетіміздің төрінен мəңгі орын алған құнды жəдігерлік болып табылады. Есімін халық

қадірлейді. Өкіметіміз оның əншілігін, сазгерлігін, ұлттық спорттың негізін салып, қазақтың өзіндік ұлттық мəдениетін дамытуға қосқан үлесін тану белгісі ретінде, туғанына 125 жыл толуына орай, 1989 жылы арнайы қаулы шығарды. Жамбыл облысы Шу ауданының Ақтөбе селосының аты Балуан Шолақ селосы деп өзгертілді, сондай-ақ сондағы «Ақтөбе» ұжымшарына, Алматыдағы мəдениет жəне спорт сарайына, республиканың қалалары мен ауылдарында көшелерге, Көкше аймағындағы туған жерінде мектепке Балуан Шолақ есімі берілді. Мұндай жұмыстар батырдың туғанына 150 жыл толу қарсаңында да жүргізілуде. Ақмола облысының Бұланды аудандық «Бұланды таңы» газеті ауданның қайың-қарағайлы əсем қойнауында тыншып жатқан қазақтың біртуар ұлы, атақты палуан, əнші, композитор, ақын Балуан Шолақтың бейітінің басына биіктігі 16 метрлік сəулеттік шешімі ерекше мемориалдық ескерткіш тұрғызылғаны баршаға мəлімдігін айта келе, 20 метрлік биік ескерткіші салтанатты түрде Жамбыл облысы Шу ауданының Төле би ауылында ашылғанын хабарлады. Қазақтың атақты ақыны, əншісі, композиторы, палуаны, Қазақстанда цирк өнерінің негізін салушы Балуан Шолаққа тұрғызылған ескерткіштің ашылуына Ақмола облысынан ақынның немересі, Бұланды ауданының орталығы Макинск қаласының əкімі Шайдолла Құдайбергенұлы Шолақов арнайы барып қатысып, сондай монументтің Бал уан Шолақ туып-өскен ауданның орталығынан да бой көтеретінін айтқан екен (http://baq.kz/kk/regional_media/post/2298)... Балуан Шолақтың өмір жолы Сəбит Мұқановтан бастап Əнес Сарай, Дулат Исабеков, Серік Тұрғынбеков, т.б. сөз шеберлерінің шығармашылығына арқау болды. Олардың қаламынан туған прозалық, драмалық, поэзиялық туындылар жұртшылыққа қажет рухани азық қорын толықтыруда. Көптеген зерттеушілер, публицистер балуаншолақтану саласына қызықты ізденістерімен өз үлестерін қосуда. Дала серісінің дүниеге келгеніне 150 жыл толуына орай оның аңыз болып кеткен өмір жолын жаңғырту ісі жалғаса бермек. Халқымыздың мақтанышына айналған Балуан Шолақтың əншілікақындық мұрасын насихаттау, оның қаһармандық бей несіне мұқият назар аудару – баршамыздың парызымыз. Бейбіт ҚОЙШЫБАЕВ, жазушы, тарих ғылымдарының кандидаты

Бірінші бөлім АТАҚТЫ БАЛУАН ШОЛАҚ МЕНІҢ АТЫМ... Әндері, өлең-жырлары

Мен өзім он жасымнан... Мен өзім он жасымнан зор-ақ едім, Намаз бен оразаға олақ едім. Барғанда о дүниеге кешір, құдай, Оң қолым отқа күйген шолақ едім. Əн салып тоғыз жастан... Əн салып тоғыз жастан сайрап жүрмін, Талай-талай балуанды жайлап жүрмін. Жаманға жол білмейтін жол көрсетіп, Арбаға бұзаудай қып байлап жүрмін. Мен, Шолақ, он сегізде… Мен, Шолақ, он сегізде өнер тапқан, Үкілеп Ақбоз атқа тұмар таққан. Басымда – пұшпақ бөрік, шекемде – үкі, Үстіме кидім жібек шымқай ақтан. Бұл күнде жиырмада... Бұл күнде жиырмада менің жасым, Қамалдың бұзар кезім тау мен тасын. Кешегі сентябрьдің базарында, Көтердім елу бір пұт кірдің тасын. Жиылып орыс-қазақ таң қалысты, Болды деп Қаһарманнан мынау басым. Залог сап жетпіс бес сом күрескенде, Сындырдым Карон балуан қабырғасын. Күш берген, атақ берген, əлпештеген Туысқан өздеріңсің, бауырласым!

Мен халқымның Балуан Шолағымын Бөгеті жоқ маған жау қамалының, Дүниенің бір ерке қонағымын. Сүйіктім деп, ардақтап, еркелеткен, Мен халқымның Балуан Шолағымын. Жұртқа жағар ер жігіт... Жұртқа жағар ер жігіт қылығынан, Сілтегенім кеткен жоқ құрығымнан; Анталаған сан дұшпан қамаса да, Сырдың суы келмейді жұлығымнан. Мен өзім аққан судай... Мен өзім аққан судай тасып жүрмін, Кеудесін дұшпандардың басып жүрмін. Жаласы сексен өгіз маған ауып, Ұлықтан сол себепті қашып жүрмін. Атандым Нұрмағамбет... Атандым Нұрмағамбет – Балуан Шолақ, Бір қолым үсіп кетіп болды молақ. Сұлу қыз, келіншекке тиышсыздаумын – Жалғыз-ақ тал бойымда мінім сол-ақ! Қожаның бір қызы бар... Қожаның бір қызы бар, аты – Балқаш, Лебізі кейде шекер, кейде орғаш. Жігіттер, қатын алсаң, осындай ал, Бота көз, оймақ ауыз, қиылған қас. Ахау, Балқаш, əрида, қалқаш-ай! Шын атым… Шын атым – Нұрмұхамбет – Балуан Шолақ, Бойымда толып жатыр күш пенен бақ. Сұлу қыз, келіншекке тиышсыздаумын – Жалғыз-ақ тал бойымда мінім сол-ақ.

Абақты – азап орны Абақты – азап орны, жайнаған шоқ, Басқаным от сияқты, ішімде дерт. Кіргізген камерына қарап тұрсам, Ішінде менен басқа адам да жоқ. Өнерсіз атқа мініп неге керек! Тудым мен өнерпаз боп елден ерек. Есікті шегіншектеп сүзгенімде, Ұшырдым тақтайларын төртке бөлек. Мен не қылдым?! Мен не қылдым, япыр-ай, жақыныма?! Тұзым ащы жақынға татыды ма? Абақтыда жатқанда бір келмеді, Шолақ қол батқаны ма тақымына? Жапырмау… Жапырмау, мен не қылдым жақыныма, Жақыным бір көнбеді ақылыма. Жатқанда абақтыға бір келмеді, Мұжық қол батты ма екен тақымына. Мен, Шолақ, он жасымнан болдым баяу, Қаңғырып Қараөткелде жүрдім жаяу. Жаласы сексен өгіз маған ауып, Алдында жалғыз оқтың тұрдым таяу. Қамалап орыс, қазақ тұрса-дағы, Қайтпаған бір бетінен мені қой-ау. Атадан ұл тумайды... Атадан ұл тумайды мендей сабаз! Түрмеде жатыр екен өңкей маңғаз. Алты күн ақ түрмеге қамалған соң, Түсірді мировойдан1 маған қағаз. Ақылым бір басыма емес арзан, Тауалым шағылған жоқ бұл қағаздан. 1 Мировой судья – патша үкіметі сотының судьясы.

Қағаздың мен түріне қарап тұрсам, Жеті жыл каторгаға мені жазған. Мировой айдайтынын жаңа білдім, Ішімнен шығарар деп ойлап жүрдім. Айдайды деген хабар естіген соң, Қажымас өзіме өзім қайрат бердім. Бозбала, мықты болсаң қасты жемір, Тісіңде қайрат болса, тасты кемір. Жүрегі қамалғанның шайқалсын деп, Сегіз көз қабат қылып қаққан темір. Мен Шолақ осындай да көрдім жайды, Туғалы көрдім бе мен осындайды? Темірді тіземе сап қозғап көрсем, Секілді қоғажайдай былқылдайды. Бойыма күш біткенге еттім шүкір, Қажысам абақтыға, бетке түкір. Темірін екі итеріп тартқанымда, Кірпіші жерге түсті күтір-күтір. Асты ғой бұл арада менің айлам, Құрғаным бала жастан бəрі сайран. Япырым-ай, бұл не қылған зор дажал деп, Сол жерде орыс, қазақ болды қайран. Жігітпін тəңірі басқа жаққан шырақ, Күшіме не тұрады менің шыдап! Аяқ пен қолымдағы бұғаулардың Шынжырын сол арада үздім бұрап. Түрмені бұзғанымды етті ғажап, Пендеге өзім өлмей болман мазақ. Қиратып «терезеден шық» дегенде, Шықпады қорғалақтап орыс-қазақ. Сұрасаң, Қотыр-Шортан – біздің болыс, Алты күн ақ түрмеде қылдым қоныс.

Қарғып кеп терезеден қақпа барсам, Күзетші қалғып отыр екі орыс. Қасқиып қалғығанға күліп тұрдым, Оларға күш жетерін біліп тұрдым. Екеуін екі қойып талдырдым да, Ілгері одан əрі жүріп бердім. Тəуекел алсын ерді панасына, Ақылдың қараңдаршы данасына. Қалдырып кетем бе деп Ақбоз атты, Мировой келіп кірдім қорасына... Ақбоз ат білінбейді біздің сорға, Жануар түстің бе əлде, жайған торға! Есігін конюшнаның1 бұзып кіріп, Шығардым бірі – рысак2, бірі – жорға. Ашумен еріндерім күбірледі, Тыңдаймын, басқа дыбыс білінбеді. Бір қақпа қара тастан жымдасып тұр, Ішінде бір зор қабан күрілдейді. Ойласам мына дүние жалған екен, Іздеген мақсатына барған екен. Ақбоз ат келгенімді менің біліп, Аузына шойын кілтті салған екен. Оңдалған бала жастан менің жолым, Білмедім дүниенің оңын-солын. Бойыма осы күшім қалай сыйған, Кілтті жұлып алды шолақ қолым. Ақбоз ат алған атым топтан сайлап, Көп дұшпан соңға түсті одағайлап. Есігін тас сарайдың бұзып кірсем, Ішіне қойған екен панар байлап. 1 Атқора. 2 Орыстың желіс жылқысы.

Ақбоз ат, айналайын менің қалқам! Сен үшін талай тасты қылдым талқан. Жетектеп шылбырынан шығарғанда, Аяғын басты атым алшаң-алшаң. Жылқыны неге керек босқа мақтап, Атты айт, мінген ерін жүрген сақтап. Тоғыз жыл топқа мінген жануарым, Иегін салды иығыма екі жақтап. Ақбоз ат, бұл өнерің болды басым, Домалар өрге қарай тепкен тасым. Жасыңнан тіл үйренген тұлпарым-ай! Көзімнің тыя алмадым аққан жасын. Атадан ұл тумайды мендей сабаз, Түрмеде қалды шіркін талай маңғаз. Мировой қорлығына шыдай алмай, Түбіне панарының жаздым қағаз: «Түрмеде алты күндей болдым қонақ, Сөйлеуге мизамыңды1 тілім олақ. Жорға, рысак, Ақбозды алып кеткен, Сұрасаң, менің атым – Балуан Шолақ!» Ақыл жастан... Ақыл жастан шығады, асыл – тастан, Арнасына сарқады өзен тасқан. Менің атым əйгілі Балуан Шолақ, Ерегіскен дұшпанның көңілін басқан. Жастықта ұрынбай ма… Жастықта ұрынбай ма жігіт дауға? Ол даудан аман қалса, басың сауға? Жетісу, жемісің мол ағаш едің, Бұтаңа келдім аз күн қонақтауға! 1 Заң деген мағынада.

Жастайымнан атандым… Жастайымнан атандым «Шолақ дəу» деп, Бұл дүниені кім ойлар шолақ-ау деп, Мал-мүлік пен байлықты тəрк етпеймін, «Ақыр бір күн артымда қалады-ау» деп. Көкшетауым Көкшетауым, күнде жауын, Сексен көл айдын шалқар, Қайран ауылым! Өз атым… Өз атым əкем қойған Нұрмағамбет, Халқымнан көріп жүрмін қадір-құрмет. Бас қосқан оязнайдың съезінде, Көтердім кірдің тасын елу бір пұт! Салайын «Жай қоңырға» жəйіменен, Барады өтіп өмір айыменен. Терме Бір жасқа жеткенімше құндақтайсың, Екіде тек былдырлап тіл қатпайсың. Бес жаста безіп үйден, тал ат мініп, Он жаста жарда ойнаған ылақтайсың. Келгенде жиырмаға сазда өсетін, Балауса бейне балғын құрақтайсың. Отызда ор қояндай аспанға атып, Қырқыңда мүшеленген құр аттайсың. Елуде ақыл-ойың тегіс толып, Төскейден сарқыраған бұлақтайсың. Алпыста бар асылың түгел жайнап, Маңыңа сəуле шашқан шырақтайсың. Жетпісте тұра берсең жер таянып, Жарыңнан құдай қосқан жырақтайсың. Сексенде буындарың діріл қағып, Болдырған арық аттай бұрақтайсың. Тоқсанда өлсең де өлдің, өлмесең де, Сұм дүние, енді кімге тұрақтайсың?..

Қынжыл Айтуға мен бір өлең көңілім ауып, Қыз бала, алдыңда тұр үлкен қауіп. Əкеңнің оң жағында ойна да күл, Бір жақсы жігітпенен теңің тауып. Əкеңнің оң жағынан кеткеннен соң, Жүресің бөтен елде сиыр сауып. Егер де күйеуіңе жақпай қалсаң, Басыңа кетер сонда қамшы жауып. Жіберер əкең сені малға сатып, Мал болса болғаны ғой тəңір атып. Жігітпен көңілің сүйген ойна да күл, Айтамын осы өлеңді таңырқатып. Жігітке өзің сүйген бара алмасаң, Өтерсің бір жаманмен сілең қатып, Уай, сəулем, ұғып алшы бұл сөзімді, Сендерге айтқан менің насихатым. Ойланып түбінде бір білерсіңдер, Сөзімнің шындығы мен хақиқатын. Алайын, даусым келсе Алайын, даусым келсе, желіп-желіп, Гулесе басылмайтын мен бір көрік. Ат жалын өзім тартып мінгеннен соң, Сұлу қыз, келіншекке болдым жерік. Сұрасаң, менің атым – Балуан Шолақ, Денемде тəңірім берген күшім мол-ақ. Сұлу қыз, келіншекке тиышсыздаумын – Жалғыз-ақ тал бойымда кінəм сол-ақ. Бұл күнде қырық тоғызда менің жасым, Қамалдың бұзып жүрмін тау мен тасын. Кешегі сентябрьдің базарында, Көтердім елу бір пұт кірдің тасын.

Қалтамнан жетпіс бес сом залог алып, Сындырдым Карон балуан қабырғасын. Жиылған орыс-қазақ таң қалысты, Болды деп Қаһарманнан мынау басым. Омбыға патша келді Омбыға патша келді Руссия, Əмірін айта келді халқын жия. Сібірден1 сонда күшім асып кетіп, Мен болдым жан шықпайтын биік қия. Алаштың алмаушы едім... Бұл Шөкең қайдан білсін ұрлық жайын, Алаштың алмаушы едім жалғыз тайын. Семейден сексен мəстек айдап келіп, Билерге шайнаттым ғой желін майын. Мен Шөкең екі дайдан асып жүрген, Елдегі құрбыласпен ашық жүрген. Кеудеме құдай өнер бергеннен соң, Дұшпанды қаудан шөптей басып жүрген. Жаз мініп Кертөбелді жайлағаным, Белдеуге үкі тағып байлағаным. Саудамен Қараөткелден қайтқанымда, Қырық өгіз Қайрақтыдан айдағаным. Əуелі сиынғаным бір құдайға, Одан соң таныс болдым меруайға2, Соңыма қанша дұшпан түссе-дағы, Үшінші, таныс болдым оязнайға. Атбасар базарына түйе айдадым, Біреуін қалдырмастан жия айдадым. Түйенің он-он бесін бөліп алып, Нəпсіні мол ашылған тыя алмадым. 1 Кейбір дереккөзде – Севрден. 2 Мировой судьяға дегені.

Нұрмұхамбет атандым Баймырзаұлы, Жасымнан əрбір іске болдым қырлы. Қыран құс қисық ұшып, түзу ілген, Жақсының естен кетпес əр қылығы. Кіреді, топшы көрсем, менің жаным, Көрмесем сұлу қызды болмас сəнім. Жаманға айтқан сөзің желге кетер, Білмейді итке салсаң қанттың дəмін. Жасымнан іске кірдім дамыл таппай, Бір дуан соңға түсті түгел-жаппай. Бүлдірген бүлдіргенге болғаннан соң, Бетіме коя берді тағы қақпай. Секірген жар басына мен бір құлан, Байлардың асауындай жүрдім бұлаң. Өгізді отыз алты айдаймын деп, Өзіме өзім салдым үлкен ылаң. Жасымнан атқа міндім оттай жайнап, Көп дұшпан қамалады одағайлап. Дұшпандар, аяғымнан алсаң-дағы, Қаларсың ақырында дəңгіл1 шайнап. Атандым мен жасымнан... Атандым мен жасымнан Балуан Шолақ, Оң қолым отқа күйіп болдым олақ. Бір өзім қырық өгізді айдап кетіп, Соңымнан қуа алмады жалғыз дорақ2. Айқайлап жылқы айдадым Айқайлап жылқы айдадым Сыр жағынан, Дұшпан ит аңдып жүр ғой бір жағымнан. Жеті жыл Қайрақтымен дау дауласып, Келмеді Сырдың суы сирағымнан. 1 Дəңгіл – шөптің бір түрі. 2 Дорақ – қазақыландырып айтылған орыс сөзі, ақымақ деген ұғым береді.

Əртүрлі ой ойлаймын пара-пара, Мен сорлы елден шыққан жеке-дара. Өшігіп сол қалаға алғаннан соң, Көшеге қалдырмадым жалғыз қара. Мен, Шолақ, атқа мініп жалындадым, Орысқа, қазақ түгіл, жалынбадым. Мəстекті мен отыздан айдасам да, Бір тиын ақша салып жарымадым. Қараса, жан тояр ма ажарыма, Дұшпан ит, қарамайсың адалыма. Бір қиял үйде жатып ойладым да, Атбасар өзім келдім базарына. Пəтер ап Атбасарда жатқаным-ай, Дəл жиырма, қызығыңа батқаным-ай! Сол кезде мəстек иттен картоп қымбат, Тұяғын жеті сомнан сатқаным-ай. Молданың оқығаны он екі албап, Қасыма жетіп келді екі жəллап. Бір ойран Қайрақтыға салайын деп, Атымен екі Найман алдым жалдап... Сол кезде оттай қаулап жайнап жүрмін, Күшімді Қайрақтыға сайлап жүрмін. Шылбырын Ақбоз аттың белге байлап, Қақпадан ондап өгіз айдап жүрмін. Жұлдыздың мен жаңылдым нешесінен, Ақбоздың мен айналам мүшесінен. Білмеймін хайуандардың мен нешеуін, Түнде айдап əрең шықтым көшесінен. Құдай-ау, құдіретіңе қайран қалам, Ішінде жиырма бестің сайран салам. Жолыққан асығысқа деген дейін, Манағы кездеседі екі Найман.

Айдадым сексен өгіз, міне, қайдан, «Тиіп тұр» Қайрақтыға менің пайдам. Əкеліп бай-батшасы бергеннен соң, Айдады жолға салып екі Найман. Ер Шолақ өнер қылар осындайда, Жігіттен өнер шықпас жүрген жайға. Таң атып, ұлы сəске болған кезде, Түсірдім əрең айдап терең сайға. Алақтап жан-жағыма қарап жүрмін, Күшімді Қайрақтыға балап жүрмін. Бұл шіркін расходқа1 жете ме деп, Жинап ап сексен өгіз санап жүрмін. Ақылым – бір басыма ұшан теңіз, Көзі жоқ көкірекке мүше сегіз. Аралап аттан түсіп санап тұрсам, Кем де емес, артық та емес – сексен өгіз Айдадым сексен өгіз əлде қайдан, Нашарға ғаріп пенен тиген пайдам. Өгізді алдына сап бергеннен соң, Айдады жолға салып сорлы Найман. Құдай, аһ, құдіретіңе қайран қалам, Ішінде жиырма бестің сайран салам. Найманды өгізбенен жолға салып, Артынан түрлі-түрлі əнге салам. Қарасам, жан танымас ажарыма, Дүниенің көзім салдым назарына. Екі күн, екі түндей суыт жүріп, Тайыншаның кеп түсірдім базарына. Айдаған сексен өгіз мен бір батыр, Қасымнан талай керуен көшіп жатыр. Екі күн, екі түндей айдау көрген, Мамырлап сартабан боп өгіз жатыр. 1 Шығын.

Бейшара екі Найман сөз айтады, Ақырын бір-біріне еп айтады: – Екі күн əм екі түн ас ішпедік, Бай-батша, қарын ашты, – деп айтады. Қарайды қазақ байғұс тамашаға, Кім түсер, жанжал болса, арашаға? Қотанына бір ауылдың кіріп барсам, Қой қуып ойнап жүрген бала-шаға. Қария бір ақсақал сөз айтады, Сөздерін ақырында еп айтады: – Қойға қойың қосылса, жаяу қара, Атың қойды баспасын, – деп айтады. Сол шалдың айтқанына күле бердім, Қазақтың аңқаулығын біле бердім. Осы да үш кісіге мол жетер деп, Көтеріп бір бағланды ап жүре бердім. Ақбоз ат, айналайын менің қалқам, Сен үшін талай қамал қылдым талқан. Ауырды жеңіл менен елемейтін, Аяғын басты сонда алшаң-алшаң. Əкелдім осы қойды, міне, қайдан, «Тиіп тұр» Қайрақтыға менің пайдам. Əкеліп бай-батшасы бергеннен соң, Тоқтыны сойып жатыр екі Найман. Мен, Шолақ, ажал жетіп өлгенім жоқ, Теңдікті дұшпаныма бергенім жоқ. Əкеліп бір тоқтыны бергенменен, Бұлардың асып жеуге қазаны жоқ. Шолаққа өнер берген құдіретім, Тыңдаңыз, жамағаттар, міне, керім: Сыр бермей наймандарға жүрейін деп, Сол елге қайта кеттім арсыз бетім.

Қасқиып күрек тісім күліп келдім, Қазақтың аңқаулығын біліп келдім. Жоғары оқшау тұрған ақбоз үйге, Жатқан соң есік ашып кіріп келдім. Сол үйге кіріп келіп сөз айтамын, Сөзімді ақырындап еп айтамын: – Мына үйде қонып жатқан мейман едік, Болып тұр балта қажет, – деп айтамын. Қария бір ақсақал сөз айтады, Сөздерін ақырындап еп айтады: – Астында кереуеттің балта жатыр, Болған соң, орнына қой, – деп айтады. Алмасын артық құдай ердің бағын, Патшаның да мен көрдім алтын тағын. Əйтсе де екі сөтке нəр татпаған, Соғып жүр Балуан Шолақ қаймақ жағын. Ішінде қараңғы үйдің күле бердім, Қазақтың аңқаулығын біле бердім. Іргеге құйған сүтін төге тастап, Бір қазан, бір шелекті ап жүре бердім. Ауылға Найман үшін барып келдім, Қызығын сол жалғанның шалып келдім. Тағы да ет асуға отын керек, Төртаяқ, белге салып алып келдім. Найманға Шолақ болды үлкен нəсіп, Тоқтыны жатыр екен сойып асып. Түгелдеп мен сайманын бергеннен соң, От жағып жатыр сонда қазан асып. Ісіме істеп жүрген қайран қалдым, Ішінде дəл жиырманың сайран салдым. Шаршаған аттай желіп ғазиз басым, Тынығып алайын деп ұйықтап қалдым.

Бейшара екі Найман сөз айтады, Сөздерін ақырындап еп айтады: – Бай-батша, асың пісті, түрегел, – деп, – Оятшы, – бір-біріне деп айтады. Қой етін тауысқанға адам нанбас, Адамнан туады екен талай қандас. Екеуі тағы бір күн жесінші деп, Қалдырдым байғұстарға жарты жамбас. Қараса жан тояр ма ажарыма, Дұшпан ит, қарамайсың адалыма. Найманды көп өгізбен қосып алып, Айдаттым енді Тайынша базарына. Болғанда бойым қысқа, қасым көрік, Ойласам, тұла бойға ақыл серік. Сол кезде мен ешкімнен жасқанбаймын, Ақ шапан, үкі таққан камшат бөрік. Шөкеңдей алма, құдай, ердің бағын, Патшаның көрдім талай алтын тағын. Салып ап ер үстіне екі аяқты, Ұшырдым жердің қолмен топырағын. Жігітке атқа мініп неге керек, Жігітке атқа мінсе өнер керек. Ақбоз ат айналата шапқанымда, Айналған бауырында – мен дөңгелек. Сұрасаң, Қотыр-Шортан – біздің болыс, Жайлауы Сарысуда қылған қоныс. Аралап базарында қарап тұрсам, Таңбалап мал алып жүр бір-екі орыс. Орысқа жақын келіп еп айтамын, Көңілден бір аз ғана кеп айтамын: – Жинаған Қояндыдан біраз мал бар, Алсаңыз көріп жібер, – деп айтамын.

Сұрасаң, Қотыр-Шортан – біздің болыс, Жайлауы Сарысуда қылған қоныс. Айтқанға, өтірікке нанады ғой, Алуға келе жатыр ол екі орыс. Сол жерде екі көпес сөз айтады, Сөздерін ақырындап еп айтады: – Қоянды малы болса, біз аламыз, Малыңды бізге көрсет, – деп айтады. Айдаған сексен өгіз біз бір батыр, Қызық іс біздің бастан өтіп жатыр. Қоянды малы болса, аламыз деп, Екеуі пəуескемен келе жатыр. Сол жерде екі көпес сөз айтады, Сөздерін ақырындап еп айтады. Жүрісін Ақбоз аттың көргеннен соң, – Атыңды сатпаймысың? – деп айтады. Ақбоз ат əрі жүйрік, жорға емес пе, Ер Шолақ үстіндегі молда емес пе? Пар ат пен қара сөмкең аман кетсе, Ит көпес, о да саған олжа емес пе? Айдаған сексен өгіз біз бір батыр, Қызық іс біздің бастан өтіп жатыр. Төрт сөтке күндіз-түні қуғын көрген, Мамырлап сартабан боп өгіз жатыр. Таниды мал ажарын сиығынан, Бəйгеден қосса келер құла құнан. Малымның ажарлысы сол емес пе? Береді қырық бес сом тұяғынан. Көпеске сонда тұрып сөз айтамын, Сөзімді ақырындап еп айтамын. – Елуден жалғыз тиын кем сатпаймын, Сонда да зияным мол, – деп айтамын.

Тайыншада пəтер алып жатқаным-ай, Өнердің қызығына батқаным-ай. Қазақта ата малын мендей сатпас, Тұяғын елу сомнан сатқаным-ай. Ер Шолақ неден қорықсын енді сасып, Тұрдым ғой, сүйтсе-дағы, түсім қашып. Жинап ап қу тезекті от қып жағып, Қызартып жатыр сонда таңба басып. Келтірер Шөкең солай істің хотын1, Көрмедім бит шаққандай болыс сотын. Тайыншаға малымды айдап келгені үшін, Найманның санап бердім расшотын2. Бейшара екі Найман еп айтады, Көңілде бір аз ғана кеп айтады. Қолына елу сомнан алғаннан соң, – Малыңыз енді жоқ па? – деп айтады. Наймандар, көре алмадым сендей дорақ, Тануға мендей ерді болдың олақ. Бейшара, жаның барда қасымнан кет, Білмесең, менің атым – Балуан Шолақ. Мен, Шолақ, ажал жетіп өлгенім жоқ, Теңдікті тірі жанға бергенім жоқ. Аузымнан мен Шолақ деп сөз шыққан соң, Кеткенін қайда кіріп білгенім жоқ. Мен өзім аққан судай... Мен өзім аққан судай тасып жүрмін, Кеудесін дұшпандардың басып жүрмін. Жаласы сексен өгіз маған ауып, Ұлықтан сол себепті қашып жүрмін. Жұртқа жағар ер жігіт қылығынан, Сілтегенім кеткен жоқ құрығымнан. 1 Хот – ход, жүру. Бұл жерде əдіс деген мағынада. 2 Расшот – расчет, есеп айырысу.

Анталаған сан дұшпан қамаса да, Сырдың суы келмейді жұлығымнан. Мен, ІІІолақ, он сегізде өнер тапқан, Үкілеп Ақбоз атқа тұмар таққан. Басымда, пұшпақ бөрік, шекемде – үкі, Үстіме кидім жібек шымқай ақтан. Мен жүрмін Қараөткелде... Мен жүрмін Қараөткелде өгіз сатып, Қызық пен мерекеге күнде батып. Қап, бəлем, осыған болсын дегендерді, Шығармыз бір-ақ күні таңырқатып. Тау көрмедім... Тау көрмедім Көкшенің биігіндей, Бауырында ойнап ем киігіндей. Кіндік кесіп, кір жуған қайран жерім, Болмайды екен еш қайғы күйігіндей. Жапалақ құс болғанмен... Жапалақ құс болғанмен, неге1 дəрі, Жаманның кісілікке бар ма сəні? Жаманға2 айтқан сөзің еш қонбайды, Ағады құлағынан сөздің3 бəрі. Жапалақ жарбаңдайды жар басында, Немене жоқтың күні бар қасында? Сиыр-ау, өз тіліңнен болдың қотыр, Сақина тілеп алып сау басыңа. Жігіттің мейманасы асып кетсе, Ақырда түспей қалмас тəубасына. Жасымнан мен жақсыға жақын жүрмін, Дария шалқар көлдей тасып жүрмін. 1 Кейбір дереккөзде – кімге. 2 Кейбір дереккөзде – мисызға. 3 Кейбір дереккөзде – қалмай.

Мол күштің тəңірім берген арқасында, Дұшпанды жүндей төпеп басып жүрмін. Үш жүзге атым шыққан Балуан Шолақ, Денеме тегіс біткен күш пенен бақ. Көргенде сұлу əйел есім қалмас, Жігіттік бойымдағы күнəм сол-ақ. Нұрмұхамбет – Балуан Шолақ – менің атым, Бар елге мағлұм болған асыл затым. Нағашым жалпақ Қанай деп айтады, Болады Ұлы жүздік арғы затым. Кенже қоңыр Бір аты əндерімнің «Кенже қоңыр», Тең болмас арғымақ пен қара шобыр. Армансыз Үйсін, Дулат араладым, Көп жатып бір ауылды етпей ығыр. Əнімнің əркім құмар мұқамына, Кей жігіт қарап отыр тұтамына. Сайраған Сарыарқаның бұлбұлы едім, Жетісу, қонақтадым бұтағыңа... ҒАЛИЯ Ғалия (1963 жылы шыққан «ХХ ғасыр басындағы қазақ ақындарының шығармалар жинағында» жарияланған бұл өлең ел ішіне əн мəтіні ретінде кең таралған, тек оның үшінші шумағындағы алғашқы жолы «Айдың көзін жалт етіп бұлт алсын» деп келеді, сондай-ақ əн қайырмамен айтылады). Айым да сен, Ғалия-ау, күнім де сен, Оң қабағым тартады күлімдесең. Менің көңілім, Ғалия, дауалансын, Ауған түйе секілді бейімдесең. Нұр сипатың, Ғалия, жамалыңыз, Ешбір жанға тимесін залалымыз. Қаршыға төс, қаз мойын Ғалияжан, Əлдеқандай болады заманымыз?

Айдың көзін, Ғалия, бұлыт алсын, Бүйте берсең, жүйкемді құрытарсың. Қаршыға төс, қаз мойын Ғалияжан, Қай қылығын қалқаның ұмытарсың? Қайырмасы: Ойпыр-ау, жан сəулем, Ғалия-ау, бетіңнен, Əппақ қардай етіңнен. Бір күн ауру, бір күн сау, Жазылдың ба дертіңнен. Əнеугі айтқан... Əнеугі айтқан, сəулем-ай, сөзіңді ұқтым, Мен дұшпаннан қорғалап қашан бұқтым. Ақсұңқарды бөктергі іле ме деп, Ерегіскен дұшпанды жерге тықтым. Ерейменнің түбінде сегіз ағаш, Сені маған телиді көрген алаш. Аға, жеңгең бас болып қорыса да, Амандасып қалушы ең таңмен талас. Бір ат келді базардан құла қасқа, Жібек ноқта басында, бауы басқа. Ғашық болып қосылған Ғалияжан, Кел, екеуіміз мінейік тарантасқа. Ойлап тұрсам, дүние, жалғаның-ай, Өгіз сатып Қараөткел барғаным-ай. Қапаланып жүргенде ел сағынып, Қайдан менің іліндің қармағыма-ай. Құрмет еткен кішіні үлкен аға, Сүйеніш ерлерге болған пана. Ғашық болып қосылған Ғалияжан, Өлеңменен сөйлейін біраз ғана. Есен бол, енді айналып келгенімше, Қылығыңды ұмытпан өлгенімше.

Ел сағынып барамын үйге қайтып, Бір аллаға тапсырдым көргенімше. Айналайын... Айналайын, Ғалия, сен бір тоты, Осы күнде келмей тұр көңіл хоты. Ғашық болып қосылған Ғалияжан, Көрсетпейді қорған боп өгіз соты. Айналайын, Ғалия, сен бір тоты, Сені айтпасам, келмейді көңіл хоты. Сен есіме түскенде, Ғалияжан, Бит шаққандай болмайды өгіз соты. Мынау дүние, қай дүние, күлкі дүние, Таудан қашқан сылаңдап түлкі дүние. Сексен сұлу сылаңдап жүрсе-дағы, Ғалияның алмаймын кірпігіне. Хат жазайын, Ғалия, саған арнап, Сипатыңа екінші құрмет айлап, Анда-санда көзіме бір көрінсең, Қарға аунаған түлкідей қалам жайнап. Көк ала үйрек ұшады кел дегенде, Менің діңкем құриды сен дегенде. Ғашық болып қосылған Ғалияжан, Сусын болар лебізің шөлдегенде. Күнім де сен, Ғалия, айым да сен, Көзді тартар батсайы, шайым да сен, Ғашық болып айқасқан құшағыңды Балтаменен шаппаса, айырма сен. Айым да сен… Айым да сен, Ғалия, күнім де сен, Оң қабағым тартады, күлімдесең. Келмеді деп, Ғалия, өкпелеме, Амал қанша, бір минут кідірмес ем!

Айым да сен, Ғалия, күнім де сен, Оң қабағым тартады, күлімдесең. Менің көңілім, Ғалия, дауалансын, Ауған түйе секілді бейімдесең. Ғалияның қолында бұйда пышақ, Ғалияны көрдім де, жайдым құшақ. Жатыр ма екен Ғалия, отыр ма екен, Айдын көлге шомылған аққуға ұсап? Қараөткелде, Ғалия, сен емес пе ең, Бұл Арқаның шортаны мен емес пе ем? Құралай көз, сүмбіл шаш Ғалияжан, Ынтығымды құрытқан сен емес пе ең? Айналайын, қарағым... Айналайын, қарағым, Ғалиясың, Білдірмеуші ең сөзіңнің жариясын. Түнеугүні бір сөзді айтып едім, Сол сөзіме не жауап қайырасың? Ғалия (Əн мəтінінің төменде беріліп отырған алты нұсқасы 1998 жылы С. Оспанов тың құрастыруымен шыққан «Балуан Шолақ» жинағында нота сымен бірге жарияланған). (1-түрі) Əнеугі айтқан, сəулем-ай, сөзіңді ұқтым, Мен дұшпаннан қорғалап, қашан бұқтым. Ақсұңқарды бөктергі, ау, іле ме деп, Ерегіскен дүшпанды, ай, жерге тықтым, жерге тықтым. Қайырмасы: Ойпырмау, ой, Ғалия! Ісіміз болды, əй, жария, ай! Ерейменнің түбінде сегіз ағаш, Сені маған телиді көрген алаш.

Аға, жеңгең бас болып қорыса да, Амандасып қалушы ең таңмен талас. Қайырмасы: Ойпырмау, ой, нəркес көзіңнен, Бал татыған, ей, сөзіңнен. Бір ат келді базардан құла қасқа, Жібек ноқта басында, бауы басқа. Ғашық болып қосылған Ғалияжан, Кел, екеуміз мінейік тарантасқа. Қайырмасы: Ойпырмау, ой, Гүлəнім, Жарай ма екен бұл əнім. Ғалия (2-түрі) Айым да сен, Ғалия-ау, күнім де сен, Оң қабағым тартады, күлімдесең. Менің көңілім, Ғалия, дауаласын, Ауған түйе секілді бейімделсең. Қайырмасы: Ойпырмау, жан сəулем, Ғалия-ау, бетіңнен. Аппақ қардай етіңнен, Бір күн ауру, бір күн сау, Жазылмадым дертіңнен. Нұр сипатты, Ғалия, жамалыңыз, Ешбір жанға тимесін залалыңыз. Қаршыға төс, қаз мойын Ғалияжан, Əлдеқалай болады заманыңыз. Қайырмасы. Айым да сен, Ғалия, күнім де сен, Оң қабағым тартады, күлімдесең.

Келмеді деп, Ғалия, өкпелеме, Амал қанша, бір минөт кідірмес ем! Қайырмасы. Ғалия (3-түрі) Сен Тілеудің қызы едің Ғалиядай, Ісің болды халыққа жариядай, Бүл қылығың қоймасаң, Ғалияжан, Арты болып кетпесін дариядай. Қайырмасы: Ойпырмау, Ғалия, қабақтан, Сүйе берсең тамақтан. Ойда тұрып, Ғалия-ау, Дүрия пешпент жамылып, Іс қыларсың жария. Бүйте берсең, Ғалия, бүлдірерсің, Қордабайды мұртынан күлдірерсің. Бұл қылығың қоймасаң, Ғалияжан, Кезегімді соңынан бір берерсің. Қайырмасы. Ғалия (4-түрі) Қараөткелдік Ғалия сен емес пе ең, Көкшетаудың Шолағы мен емес пе ем, Ойпырмау, жан сəулем, Ғалия! Кішкентайдан бірге өскен Ғалияжан, Қарағың мен шырағың мен емес пе ем. Ойпырмау, жан сəулем, Ғалия. Қайырмасы: Тілегім сен емес пе ең, тілегім, Жан сүйгенім, Ғалия, Жараланды жүрегім.

Сені ойлап, Ғалия, зарланамын, Хатыңды оқып, сасқаннан зарланамын. Зарлы күймен бойымды билеткенде, Əсерімен сол күйдің толғанамын. Қайырмасы. Ғалияның қолында бұйда пышақ, Ғалияны көрдім де, жайдым құшақ. Жатыр ма екен Ғалия, отыр ма екен, Айдын көлге шомылған аққуға ұқсап? Қайырмасы. Ғалия (5-түрі) Айым да сен, Ғалия-ау, күнім де сен, Оң қабағым тартады, күлімдесең. Менің көңілім, Ғалия, дауаласын, а, Ауған түйе секілді бейімдесең, бейімдесең. Қайырмасы: Ойпырмай-ай, жан сəулем, Ғалия-ау, бетіңнен, Аппақ қардай етіңнен, Бір күн ауру, бір күн сау, Жазылмадың, а, е-ей, дертіңнен. Нұр сипатты, Ғалия-ау, жамалыңыз, Ешбір жанға тимесін залалыңыз. Қаршыға төс, қаз мойын Ғалияжан, Əлдеқалай болады заманымыз. Қайырмасы. Айдың көзін жалт етіп бұлыт алсын, Бүйте берсең, жүйкемді құрытарсың. Қаршыға төс, қаз мойын Ғалияжан, Қай қылығын қалқаның ұмытарсың. Қайырмасы.

Ғалия (6-түрі) Ғалияның қолында бұйда пышақ, о, Ғалияны көрдім де, жайдым құшақ. Отыр ма екен Ғалия, жатыр ма екен, а? Айдын көлде шомылған аққу құсап. Беу, жан сəуле, Ғалия, бетіңнен, Сүйіп бір алсам ерніңнен. Қайырмасы: Ойда тұрып Ғалия-ай, Ақбоз үйге сүйенгенде, Сарыала бешпет киінгенде, Шəйі орамал түйінгенде. Айналайын Ғалия-ай, Қолым салдым қалтаңа-ай. Жығыла жаздап байқамай. Аңсап, сусап келгенде, Бір сүйгізші, а-ха-хау, қалқатай! Алып келген базардан құла қасқа, Жібек ноқта басында, бауы басқа. Кішкентайдан бірге өскен Ғалияжан, Кел, екеуміз мінейік тарантасқа. Беу, жан сəулем, Ғалия, қабақтан, Сүйіп бір алсам тамақтан. Қайырмасы. Хат жазайын, Ғалия… Хат жазайын, Ғалия, саған арнап, Сипатыңа, екінші, құрмет айлап. Анда-санда көзіме бір көрінсең, Қарға аунаған түлкідей қалам жайнап! Ойпырым-ай, жан сəулем, Ғалия, Бетіңнен... Аппақ қардай етіңнен... Бір күн ауру, бір күн сау, Жазылмадым, Ой, ой, ой... дертіңнен!

Айналайын Ғалия, сен бір тоты Айналайын Ғалия, сен бір тоты, Сені айтпасам, келмейді көңіл хошы, Сен есіме түскенде, Ғалияжан, Бір тиындай болмайды өгіз соты. Бір ат келді... Бір ат келді базарға құла қасқа, Жібек ноқта басында, бауы басқа, Ғашық болып көріскен Ғалияжан, Кел, екеуміз мінейік тарантасқа! Ойпырым-ай, жан сəулем Ғалия, Қабағың... Күндей аппақ тамағың. Қарақаттай көзіңе, құмарлана Ой, ой, ой... қарадым!.. Мына дүние... Мына дүние қай дүние – күлкі дүние! Таудан қашқан сылаңдап түлкі дүние! Сексен сұлу сылаңдап тұрса-дағы, Ғалияның алмаймын кірпігіне! Ойпырмай, жан сəулем Ғалия... Ғалияның қолында... Ғалияның қолында бұйда пышақ, Ғалияны көрдім де, жайдым құшақ. Отыр ма екен Ғалия, жатыр ма екен, Айдын көлде таранған аққу құсап? Көк ала үйрек... Көк ала үйрек ұшады көл дегенде, Менің діңкем құриды сен дегенде. Ғашық болып қосылған Ғалияжан, Сусын болар лебізің шөлдегенде! Күнім де сен Күнім де сен, Ғалия, айым да сен, Көзді тартар батсайы, шайым да сен,

Ғашық болып айқасқан құшағымды, Балтаменен шапса да – айырма сен! Көріп пе едің... Көріп пе едің қырғыздың Алатауын, Бұлт ұялап, басында күнде жауын Алыстағы аңсаған Ғалияның, Біліп қайтсам, шіркін-ай, есен-сауын! Айдың көзін жалт еткен... Айдың көзін жалт еткен бұлт алсын, Бүйте берсең, діңкемді құрытарсың. Биуадан қосылған Ғалияжан, Қай қылығын қалқаның ұмытарсың. Айым да сен, Ғалия, күнім де сен, Оң қабағым тартады, күлімдесең. Менің көңілім, Ғалия, дауалансын, Ауған түйе секілді бейімдесең. Ғалияның қолында бұйда пышақ, Ғалияны көрдім де, жайдым құшақ. Ғалия жатыр ма екен, отыр ма екен, Шомылған айдын көлде аққуға ұсап?! Қараөткелде Ғалия сен емес пе ең, Бұл Арқаның шортаны мен емес пе ем. Сүмбіл шаш, құралай көз Ғалияжан, Ынтығымды құрытқан сен емес пе ең?! Қайырмалары: Ойпырмай, жан сəулем, Ғалия, көзіңнен. Қосылып ем өзіңмен. Бір көрінсең көзіме, Айрылмас ем өзіңнен! Ойпырмай, жан сəулем, Ғалия, басыңнан.

Кеткім келмес қасыңнан. Жұпар иісі шығады, Қолаң қара шашыңнан! Ойпырмай, жан сəулем, Ғалия, қабағың. Аппақ екен тамағың. Қайта айналып тағы да, Көрер ме екем, қарағым?! Ғалия айналайын Ғалия айналайын қалып еді, Көп жылап, таңға жақын талып еді. Білмеймін не болғанын əңгіменің, Біржанмен биге түсіп қалып еді. Сəлем де Сəлем де – Ғалия жүрсін аман, Артынан аяңдаған өсек жаман. Шетіне шай орамал мейіз түйіп, Кісіден қатынасқан берсін маған. Сəлем де Ғалияға Сəлем де Ғалияға ұмытпасын, Қасына ешбір жанды жуытпасын. Жұлдыздың бас кезінде барып қалам, Жүрекке жара салып суытпасын. Ноғайлар бал жалайды Ноғайлар бал жалайды шыныменен, Ешнəрсе бітірмедім мұныменен. Ғалия, сен туралы естігенде, Дөңбекшіп жата алмадым түніменен. Ғалия, ұзын бойлы ырғақтым-ай, Үстіңде дүрия көйлек сырғақтым-ай. Қазақтың сендей қызы үйінде отыр, Шыдамай бір-екі айға жын қақты ма-ай.

Дегенде, Ғалиясың (Батыс Қазақстан облысының Тасқала ауылында тұратын зейнеткер Қайреден Жұмашев 2014 жылғы 8 тамызда «Жас алаш» газетінде жариялаған мəтін). Дегенде, Ғалиясың, Ғалиясың! Iшiңнiң кiм бiледi жар-ұясын. Сонау күнi бiр сөздi айтып едiм, Сол сөзiме не жауап қайырасың!? Қайырмасы: Япырм-ай! Жан сəулем! Ғалия-ай! Етiңнен! Аппақ қардай бетiңнен! Бiр күн ауру, бiр күн сау, Жазылмадың дертiңнен! Көгалда көгала үйрек балпаңдаған, Құрбыға бiр сөзiм бар айта алмаған. Томағасын сыпырған ителгiдей, Айналайын, көзiңнен жайтаңдаған! Қайырмасы.

Қолында Ғалияның алмас пышақ, Көрдiм де, Ғалияға жайдым құшақ. Отыр ма екен Ғалия, жатыр ма екен, Айдын көлге шомылған аққу құсап! Қайырмасы: Япырм-ай! Ғалия-ай! Жан сəулем! Етiңнен! Аппақ қардай бетiңнен! Бiр күн ауру, бiр күн сау! Жазылмадың дертiңнен!

Ғалия («Ғалия» əнінің тағы бір түпнұсқалық мəтіні мен оның жолма-жол мағыналық тəржімесі А.В. Затаевичтің М.И. Глинка атындағы Ресей мемлекеттік орталық музыкалық мəдениет мұражайындағы қорында сақталған. 2004 жылы Алматыда қайта басылған «Қазақ халқының 1000 əні» жинағы бойынша беріліп отыр. Затаевич Балуан Шолақтың төрт əнін, оның ішінде бір əнді («Ғалияны») екі адамның – Денисов үйезі Домбар болысында Беймұхаммед (Бейімбет) Майлиннің, Черлак (бұрынғы Омбы) үйезіндегі Қайтас болысында Əлікей Өтекиннің орындауында жазып алған. «1000 əнге» жазған түсініктерінде: «...солардың ішіндегі танымалдығы бойынша өзінше бір атақтысы «Ғалия» (Шолақтың ғашығының есімі) жəне, əсіресе, аса тамаша «Сарын» болып табылады, бұл менің жинаған коллекциямның ішіндегі неғұрлым аршынды, кең құлашты, асқан үздік, виртуозды əндер қатарына жатады», – деп жазды). Айым да сен, Ғалия-ау, күнім де сен, Оң қабағым тартады, күлімдесең. Менің көңілім, Ғалия, дауалансын, Ауған түйе секілді бейімдесең. Қайырмасы: Япырау, жан сəулем, Ғалия, бетіңнен, Аппақ болған етіңнен. Бір күн ауру, бір күн сау, Жазылдың ба дертіңнен. Айдың көзін жалт еткен бұлыт алсын, Бүйте берсең, жүйкемді құрытарсың. Биуадан қосылған Ғалияжан, Қай қылығын қалқаның ұмытарсың. Қайырмасы. Галия Ты, Галия, луна моя и солнце мое, От твоей улыбки играет моя правая бровь. Моя душа, Галия, успокоится, Если обнимешь меня крепче.

Припев: Люблю твое личико, милая Галия, И белоснежное твое тело. То больна ты, то здорова, Избавилась ли ты от болезни? Сверкнувшую луну пусть укроет туча, Милая Галия, с которой встречался вдалеке, Если так будешь поступать, ты забудешь меня, Можно ли забыть проделки любимой? Припев. Сарын (Балуан Шолақтың сарыны) Атандым Балуан Шолақ бала күннен, а-ау, Ту ұстап, ерлік етіп, тұлпар мінген, а-ау. Ешкімге опасы жоқ жалған дүние, Өтті ғой талай-талай кемеңгерден. Бұл дүние шын емес, жалған дүние, Адамды əрбір жолға салған дүние. Ойласаң, ау, түбің заһар сондай ащы, сондай ащы, Лəззəтті болсаң-дағы балдан дүние, ау,

о-у, о-у, о-ой! Жалғанның алданбадық, несін біліп, Жастықта тəуба етпедім есім біліп. Дүниеге жаяу келіп, жаяу кеттім, Үстіме жеңсіз көйлек тесіп іліп. Өлімнен құтылу жоқ батыр болып, Сөзге шешен, əнге жүйрік ақын болып. Баратын алыс сапар қайтып келмес, Қалыңдар, елі-жұртым, бақыл болып. Наз (Шолақтың назы) Нұрмағамбет Баймырзаұлы менің атым, Бар елге мағлұм болған асыл затым. Нағашым жалпақ Қанай деп айтады, Болады Ұлы-ай жүздік арғы затым.

Қайырмасы: И-ай, й-а-ай, И-а, ой, а-а-а-а, ой, а-а-а-ай. Шығады ақыл жастан, асыл – тастан, Сарқады арнасынан өзен тасқан. Əйгілі менің атым Балуан Шолақ, Дұшпанның ерегіскен көңілін басқан. Қайырмасы. Желдірме (Шолақтың желдірмесі) Əй-ə-əй! Кейбіреу кеп қылып жүр кебін білмей, Кейбіреу кейбіреумен қалжыңдап жүр, Өзінің ойнайтұғын теңін білмей, Кейбіреу кейбіреуге сын тағып жүр, Өзінің жыртық тұрған жеңін білмей. Шын жүйрік қызған сайын көтерілер, Əсілі ылди менен өрін білмей. Кей надан қызым бар деп той мал салар, Үйінде жасайтұғын себін білмей. О-ой! И-и-и, А-хау, и-и, а-хау, и-и-и-ей. Балуан Шолақтың əні (1-түрі) Дегенде Шолақ баяу, Шолақ баяу, Еркім жоқ, қапастамын, ау, көңілім қаяу.

Қапастамын, көңілім қаяу. Жаласы сексен өгіз бірдей қуып, Мылтықтың дəл аузында, ау, тұрмын таяу. Дəл аузында тұрмын таяу. Жазығым – мықтылығым, күшім басым, Дұшпанның талқандадым талай тасын. Отырмын мен қапаста қамығумен, Сұм дұшпан, енді маған не қыласың.

Япырмау, мен не қылдым жақыныма, Жақыным бір келмеді ақылыма. Жатқанда абақтыда бір келмеді, Мұжық қол батқан екен тақымына. Балуан Шолақтың əні (2-түрі) Бозбала, не сұрайсың біздей ерден, Бұл кеңес шыға бермес өзге жерден. Барында қызыл гүлдің қал қимылдап, Бар ма екен дүние айналып екі келген. Қайырмасы: Екі келген пірім-ай, Жазбады, ау, жазбады саған күнім-ай. Жасымнан қол сермедім асқар белге, Көкорай ел қондырдым жайлы жерге. Өлеңші, домбырашы, өзім балуан, Болмаған кімдер əуес біздей ерге. Қайырмасы. Балуан Шолақтың əні (3-түрі) Ой-ди-ди-ди-ди-ди-ди, рай-ра, и-и-и-а-ай, Атандым, ау, Нұрмағамбет – Балуан Шолақ, Бойыма құдай берген күш пенен бақ. Сұлу қыз, келіншекке тынышсыздаумын – Жалғыз-ақ денемдегі кінəм сол-ақ. Қайырмасы: А-ха-ха-ха, хай-хай, А-ха-ха-ха, хай-хай. А-ха-ха, ай-ай! А-ха-хау, А-ха-хау, а-ха-ха-ха, а-ха-ха-ха, а-ай.

Атандым Балуан Шолақ Баймырзаұлы, Алашқа мағлұм болған əр пиғылы. Қыран құс қисық ұшып, түзу ілер, Жақсының естен кетпес əр қылығы. Қайырмасы. Балуан Шолақтың əні (4-түрі) Бұл күнде жиырмада менің жасым, Қамалдың бұзар кезім тау мен тасын. Кешегі сентябрьдің базарыңда, Көтердім елу бір пұт кірдің тасын. Жиналған орыс-қазақ таң қалысты, Болды деп Қаһарманнан мынау басым. Залог сап жетпіс бес сом күрескенде, Сындырдым Карон балуан қабырғасын. Балуан Шолақтың əні (5-түрі) Мен өзім осы кезде тасып жүрмін, Кеудесін дұшпандардың басып жүрмін. Жаласы сексен өгіз маған ауып, Сол кезде Қараткөлде қашып жүрмін, ай. Қайырмасы. Айтқаны жақсылардың болар себеп, Қолтықтан көтере көр, əруақ, демеп. Ұстайды деген менің ойымда жоқ, Тайный1 кеп он бес солдат алды қамап. Сұрасаң, менің атым – Балуан Шолақ, Оң қолым отқа күйіп болдым молақ. Сұлу қыз, келіншекке тынышсызбын – Жалғыз-ақ тал бойымда мінім сол-ақ. 1 Білдірмей, жасырын, құпия келу мағынасында.

Қайырмасы. Бұл күнде қырық тоғызда менің жасым, Қамалдың бұзар кезім тау мен тасын, Кешегі сентябрьдің базарында, Көтердім елу бір пұт кірдің тасын. Жиналып орыс, қазақ таң қалысты, Болды деп Қаһарманнан болды басым. Залог сап 75 сом күрескенде, Сындырдым Карон балуан қабырғасын. Қайырмасы. Дауыс ашар Атанған, ей, мен жасымнан Шолақ едім, Намаз бен оразаңа олақ едім, Айында қатын, бала бір көрмейтін, Мен жүрген ел шетінде қонақ едім. Қайырмасы. Мен, Шолақ, ашуланса қалай тоқтар, Елде аз осы күнде мені боқтар. Қашанғы қорлығыңа шыдайын деп, Біреуін біреуіне қылдым шоқпар. Қайырмасы. Қос балапан – Көкшетау Жасымнан үйір болдым қыз балаға, Шешесі қыз баланың қызғана ма. Он жеті, он сегізге жеткеннен соң, Қыз бала, жолығарсың бір жалаға. Қайырмасы: Көкшетауым, Күнде жауын. Сексен көл айдын шалқар, Сенің баурың.

Жақсы қыз сыр айтады жеңгесіне, Айтқан соң өз жеңгесі көнбесін бе. Білмеген адам жайын жаман қатын, Қондырар қара құсты кеудесіне. Қайырмасы. Қос қалқа Айтуға-ай мен бір өлең көңілім ауып, Қыз бала, алдыңда тұр үлкен қауіп. Қайырмасы: Қос қалқа-ау, сəулем, қос қалқа-ай, Алтыннан сырға алқа бел, Сағынсаң, қалқа, қайта кел. Əкеңнің оң жағында ойна да күл, Бір жақсы жігітпенен теңің тауып. Қайырмасы. Əкеңнің оң жағынан кеткеннен соң, Жүресің бөтен елде сиыр сауып. Қайырмасы. Егер де күйеуіңе жақпай қалсаң, Басыңа кетер сонда қамшы жауып. Қайырмасы. Жіберер əкең сені малға сатып, Мал болса болғаны ғой құдай атып. Қайырмасы. Жігітпен көңілің сүйген ойна да күл, Айтамын осы өлеңді таңырқатып. Қайырмасы. Жігітке өзің сүйген бара алмасаң, Өтерсің бір жаманмен сілең қатып.

Қайырмасы. Уай, сəулем, ұғып алшы бұл сөзімді, Сендерге айтқан менің насихатым. Қайырмасы. Құлан кісінес Баймырза – əкем аты, атым – Шолақ, Кеудемде қайратым мен күшім мол-ақ, Көргенде қыз-келіншек – мазасызбын, Жалғыз-ақ бойымдағы мінім сол-ақ. Қайырмасы: Ə-гə-гəй, а-гə-гə-гəк-ай, Ү-гі-гі-гі-гі-гі-ай, Ү-гі-гі, гі-гі-гі-ай, Ү-гі-гі-гі-гі-гі-гі, гі-гі-гі-ай. Басында Көкшетаудың көп балапан, Түбінен дария тасып, су тараған. Сұлу қыз, əсем жігіт бəрі сонда, Апырмай, неге келдім сол арадан. Қайырмасы. Желіп-желіп Алайын, даусым келсе, а-а-ау, а-ау, желіп-желіп-ай, Гулесе басылмайтын, а-а-ау, а-ау, мен бір көрік-ай, Ат жалын өзім тартып мінгеннен соң, Сұлу қыз, келіншекке болдым жерік. Ай, ау, ау, ау, ау, Ау-ай-ау, ау-ай, ау-ай. Жасымнан мен жақсыға жақын жүрмін, Дариядай шалқар көл боп тасып жүрмін. Мол күштің тəңірім берген арқасында, Дұшпанды жүндей төпеп басым жүрмін. Ай, ау, ау, ау, ау, Ау-ай-ау, ау-ай, ау-ай.

Қос перне Болмағы қыздың сұлу қылығынан, Етіктің су өтеді жұлығынан. Құмардан құрт ішкендей шығар едім, Ұстасам матор қыздың мықынынан. Қайырмасы: Қа-ли-ли, ай-дай, Ха-ли-ля-ку, ай-дай, И-и, ай-дай-а, а-ай. Шығады көктемеде сыздың көбі, Шығады етікшіден біздің көбі, Кешегі он сегіздің мезгілінде, Біздерге құмар еді қыздың көбі. Қайырмасы. Кенже қоңыр Аяғы бір əнімнің «Кенже қоңыр», Тең болмас арғымақ пен қара шобыр. Ұлына əр атаның бір қонамын, Көп жатып надандарша етпей ығыр. Əнімнің əркім əуес мұқамына, Бозбала, қарамаңдар тұтаныңа. Сайраған Көкшетаудың бұлбұлымын, Алатау, қонақтадым бұтағыңа. Келмейді топ жиылмай Келмейді топ жиылмай менің сəнім, Жақсы қыз еркелетсең шыбын жаның, а-ау, Наданға айтқан сөзің босқа кетер, Білмейді итке салсаң қанттың дəмін, а-ау. Қайырмасы: А-хау! Хай-ли-ли, хай-ли-ли-ли-ли, А-хау! Хай-ли-ли, хай-ли-ли-ли-ли, А-хау! Хау-ли-ли-ли, ли-ли-ли-ли, ли-ли-ли-ли,

А-хау! Ли-ли-ли-ли-ли, ли-ли-ли-ли, Ли-ли-ли-ли, ли-ли-ли-ли-ли-ли-ли-ли-ау. Қара күш саусағы ұзын нені іледі, Наданды көп мақтасаң, семіреді. Шолақ қой саусағы жоқ десең-дағы, Тісіңді көк тұқылым жеміреді. Қайырмасы. Қызыл асық Ей! Ли-ля-ля, ли-ля-ля, ли-ля, а, Ли-ля-ля, ли-ля-ла-лай. Е-ги-гай, е-ги-ги-ги-ги-ги-ги. Қыз емес, қыздың аты – қызыл асық, Жастар көп қыз балаға болған ғашык. Əзілмен ебін тауып сөйлемеген, Жігіттің ойлап тұрсам өзі жасық. О-о-е-е-е-е-е. Қыз емес, қыздың аты – қызыл киік, Тараған тоты құстай шашын түйіп. Қымбатты мінездері балдан тəтті, Тұрады көрген жерден көңілің сүйіп. Тұрмай ма жақсы қызға көңілің ауып, Əзілмен сөйлеу керек ебін тауып. Білетін құрбы жанын адам болса, Ілгегін өзі ашпай ма, есік жауып. Жақсы қыз иісті май құтыдағы, Жағуға əркім құмар оны-дағы. Болғанда қыздар шабақ су ішінде, Мен шортан мұны қуған жылымдағы. Қыз емес, қыздың аты – қызыл қыршын, Менімен əзілдескен түрің құрысын. Сертіңнен күндіз берген түнде тайып, Қойдың ғой сипалатып жүктің бұрышын.

Дікілдек Он сегізде атандым Шолақ дəу деп, Бұл дүниені ойлаймын шолақ-ау деп, Бұл дүниенің мал-мүлкін тəрік етпеймін, Артымда ақыр бір күн қалады-ау деп. Қайырмасы: Айхай, дүние керуен, Сұлу қыздар серуен, Серуен дүние-ай, ай, ай! Əй! Өтер-кетер, а-ай. Əкем аты – Баймырза Нұрмағамбет, Жəрдем берген күшіме жаппар құдірет. Оязнайдың бас қосқан съезінде, Кірдің тасын көтердім елу бір пұт. Қайырмасы. Сентябрь (1-түрі) Баласы Баймырзаның Балуан Шолақ, Бір қолым отқа күйіп болдым молақ. Сұлу қыз, келіншекке тынышсызбын – Жазғыз-ақ тал бойымда, о-оу, мінім сол-ақ, мінім сол-ақ. Қайырмасы: Əй-я, ой-я, а-хау, и-я, я-у, Ə-ə, ия-ия, е-у. Бүл күнде қырық бесте менің жасым, Қамалдың бұзып жүрмін қорған тасын. Кешегі сентябрьдің базарында, Көтердім елу бір пұт кірдің тасын. Қайырмасы.

Сентябрь (2-түрі) Мен, Шолақ, осы күнде тасып жүрмін, Бау, бақша əрбір жерге шашып жүрмін. Соңыма дұшпан болып жүргендердің, Талайын шөптей таптап басып жүрмін, басып жүрмін. Қайырмасы: Ей-а-я, ей-а-я, а-а-ау, а-ай. Ер жігіт жұртқа жағар қылығынан, Кеткен жоқ сілтегенім құрығымнан. Сан дұшпан анталаған қамаса да, Келмейді Сырдың суы жұлығымнан. Қайырмасы. Мен, Шолақ, он сегізде өнер тапқан, Үкілеп Ақбоз атқа тұмар таққан. Басымда – пұшпақ бөрік, шекемде – үкі, Үстіме кидім жібек шымқай ақтан. Қайырмасы. Сентябрь (3-түрі) Баласы Баймырзаның Балуан Шолақ, Бір қолым отқа күйіп болдым молақ. Сұлу қыз, келіншекке тынышсызбын – Жалғыз-ақ тал бойымда, о-оу, мінім сол-ақ,

мінім сол-ақ. Əй-я, ой-я, а-хау, и-я, я-у, Ə-ə, ия-я, е-у.

Сентябрь (4-түрі) Атандым он жасымнан Балуан Шолақ, Бойымда толып жатыр, əй, күш пенен бақ. Сұлу қыз, келіншекке тынышсыздаумын – Жалғыз-ақ тал бойымда мінім сол-ақ, мінім сол-ақ. Қайырмасы: Ау, и-ей-ей, а-у, и-ей-ей, А-ха-ха-ха, ха-ха, Ха-ха-ха-ха-ха, ха-ха, а-хай. Дегенге Шөкең баяу, Шөкең баяу, Қыдырып Қараөткелді келдім жаяу. Жаласы сексен өгіз маған ауып, Үстінде жалғыз оқтың тұрдым таяу. Қайырмасы. Сентябрь (5-түрі) Атақты Балуан Шолақ – менің атым, Дұшпанның ерегіскен алдым датын. Кешегі сентябрьдің базарында, Көтердім елу бір пұт кірдің тасын. Ай, а-ай, а-ай. Апырмау, мен не қылдым жақыныма, Жақыным бір көнбейді ақылыма. Жатыр деп абақтыда қуанады, Шолақ қол батқан білем тақымына. Ай, а-ай, а-ай. Сентябрь (6-түрі) Бұл күнде жиырмада менің жасым, Қамалдың бұзып жүрмін тау мен тасын.

Кешегі сентябрьдің базарында, Көтердім елу бір пұт кірдің тасын, кірдің тасын. Қайырмасы: Ха-ли-лə-лəй, лə-ли-лəй-лəй, Ха-лə-лə-лəу, лə-лə-лə-лəй. Жай қоңыр Шырқайын «Жай қоңырға» жайыменен, Барады етіп өмір айыменен. Жалғанда ер жігітте арман бар ма, Қосылса адал жұпты сайыменен. Əйелің жақсы болса – атың байлар, Шот беріп, жаман болса, отынға айдар. Жігіттің алған жары жақсы болса – Келгенде үйге мейман гүл-гүл жайнар. Жастық Əй, жасымда бір адамның-ау, думаны едім, Ұмтылып əр нəрсені қуған едім. Əй, атадан алтау туса, əй, бар жалғыздық, Енеден мен де сері-ай, туған едім, ай! Ахау, халілі-лай-лім, Ахау, халілілі-лай-лай, Шіркін-ай, туған едім, а-ай. Əй, бір күнде бала болдық-ай балдырғандай, Мейірін ата-атаның қандырғандай. Əй, қызығы бұл жалғанның, əй, оқу-білім, Панардай шамшырағын жандырғандай, ай! Ахау, халілі-лай-лай, Ахау, халілілі-лай-лай, Шіркін-ай, жандырғандай, а-ай.

Өтетін өмір Бір жасқа жеткеніңде құндақтайсың, Екіде тек былдырлап, тіл қатпайсың. Бес жаста безіп үйден, тал ат мініп, Он жаста жарда ойнаған лақтайсың. Қайырмасы: Қа-ла-ли, ай-дай, қа-ли, ай-ай, Ха-ха-ах-ха, ай-ай, ах-а, ай. Ох-ха, ох-ха, ох-у-ай, О-ай, о-о-ой. Келгенде жиырмаға сазда өсетін, Балауса бейне балғын құрақтайсың. Отызда ор қояндай аспанға атып, Қырқыңда мүшеленген құр аттайсың. Қайырмасы. Елуде ақыл-ойың тегіс толып, Төскейден сарқыраған бұлақтайсың. Алпыста бар асылың түгел жайнап. Маңыңа сəуле шашқан шырақтайсың. Қайырмасы. Жетпісте тұра берсең жер таянып, Жарыңнан құдай қосқан жырақтайсың. Сексенде буындарың діріл қағып, Болдырған арық аттай бұрақтайсың. Қайырмасы. Тоқсанда өлсең де өлдің, өлмесең де, Сұм дүние, енді кімге тұрақтайсың. Тоқсанда өлсең де өлдің, өлмесең де, Сұм дүние, енді кімге тұрақтайсың. Қайырмасы.

Екі жирен (1-түрі) Көшкенде жылқы айдаймын, əй, аламенен, Ауылыңа барушы едім, ай, даламенен, А-ха-ха-у, ха-ла-ла-у, а-ай. Түскенде сен есіме, əй, беу, қарағым, Сағынып сарғаямын, əй, санаменен, А-ха-ха-у, ха-ла-ла-у, а-ай. Қайырмасы: Ей! Екі жирен, жалын түйген, Жалғанда ғашығымсың, ау, жаным сүйген, А-ха-ха-у, ха-ла-ла-у, а-ай. Қарағым айналайын, мейірбаным, Көрмеді ешбір рахат сенсіз жаным. Айрылып сенен, сəулем, кетіп қалсам, Жалғанда екі бірдей болмас мəнім. Ахау, халілі-лай-лім, Ахау, халілілі-лай-лай, Шіркін-ай, туған едім, а-ай. Əй, бір күнде бала болдық-ай балдырғандай, Мейірін ата-атаның қандырғандай. Əй, қызығы бұл жалғанның, əй, оқу-білім, Панардай шамшырағын жандырғандай, ай! Ахау, халілі-лай-лай, Ахау, халілілі-лай-лай, Шіркін-ай, жандырғандай, а-ай. Екі жирен (2-түрі) Көшкенде жылқы айдаймын, əй, аламенен, Ауылыңа барушы едім, ай, даламенен, А-ха-ха-у, ха-ла-ла-у, а-ай.

Түскенде сен есіме, əй, беу, қарағым, Сағынып сарғаямын, əй, санаменен, А-ха-ха-у, ха-ла-ла-у, а-ай. Қайырмасы: Ей! Екі жирен, жалын түйген, Жалғанда ғашығымсың, ау, жаным сүйген, А-ха-ха-у, ха-ла-ла-у, а-ай. Қарағым айналайын, мейірбаным, Көрмеді ешбір рахат сенсіз жаным. Айрылып сенен, сəулем, кетіп қалсам, Жалғанда екі бірдей болмас мəнім. Қайырмасы. Өзіңе хат жазамын, қалқам, саған, Самарқау осы күнде көңілім шабан. Рахат екі дүние бірінде жоқ, Дариға, құр жастықпен өтті заман. Қайырмасы. Сегіз келін Шөкеңнің көңілдесі сегіз келін, Ішінде қызыл бұйра семіз келін. Келсем де жер ортасы елу жасқа, Қыз-келін ары жүрші дегізбедім. Қайырмасы: А-ай, жалған-ай, Өттің өмір арманда-ай. Əгə-гəй, ə-гə-гə, қалқаш, ə-гə-гə-ай. Құмармын тоғызыншы бір келінге, Қапамын əлі таппай жүргеніме. Қандай сал, қандай сері болса-дағы, Кім қылды мендей күнə бірмен-бірге. Қайырмасы.

Шəпибаяу Дегенде Шəпибаяу, Шəпибаяу, Атымды талға байлап, келдім жаяу. Ақ үйге алшаң басып кіріп келсем, Шəпи қыз жатыр екен ұйқылы-ояу. Қайырмасы: А-хау! Хай-ли-ли-хау, А-хау! Хай-ли-ли-лау, А-хау! Хай-ли-ли-лау, Пай-пай-пай-пай-пай, Бөде-үй, бөде-үй, хай-лай-ау. Боз үйге ай сəулесі нұрын төгед, Шəпи қыз сəлем айтып, келсін деп ед. Шомылған айдын көлге аққудай боп, Бұраң бел сылаң етіп шыға келед. Қайырмасы. Атадан ұл тумайды Атадан ұл тумайды мендей сабаз, Түрмеде жатыр екен, ай, өңшең маңғаз. Алты күн ақ түрмеге қамаған соң1, Түсірді меруайдан2, ай, маған қағаз. Ей-ей, ей-ей-ай. Ақылым бір басыма емес арзан, Тауаным шағылған жоқ бұл қағаздан. Қағаздың мен түріне қарап тұрсам, Жеті жыл кəтіргіге3 мені жазған. Меруай айдайтынын жаңа білдім, Ішімнен шығарар деп ойлап жүрдім. Айдайды деген хабар естіген соң, Қажымас өзіме өзім қайрат бердім. 1 Басқа бір дереккөзде – «Алты күн ақ түрмеде болдым қонақ». 2 «Мировой судьядан» дегені, яғни патша үкіметінің сотынан. 3 Каторгаға.

Бозбала, мықты болсаң қасты жемір, Тісіңде қайрат болса, тасты кемір. Жүрегі қамалғанның шайқалсын деп, Сегіз көз қабат қылып қаққан темір. Мен, Шолақ, осындай да көрдім жайды, Туғалы көрдім бе мен осындайды? Темірді тіземе сап қозғап көрсем, Секілді қоғажайдай былқылдайды. Бойыма күш біткенге еттім шүкір, Қажысам абақтыға, бетке түкір. Темірін1 екі итеріп тартқанымда, Кірпіші жерге түсті күтір-күтір. Асты ғой бұл арада менің айлам, Құрғаным бала жастан бəрі сайран. «Япырым-ай, бұл не қылған зор дажал»2 деп, Сол жерде орыс-қазақ болды қайран. Жігітпін тəңірі басқа жаққан шырақ, Күшіме не тұрады менің шыдап! Аяқ пен қолымдағы бұғаулардың Шынжырын сол арада үздім бұрап. Түрмені бұзғанымды етті ғажап, Пендеге өзім өлмей болман мазақ. Қиратып «терезеден шық» дегенде, Жығылды3 қорғалақтап орыс, қазақ. Сұрасаң, Қотыр-Шортан – біздің болыс, Алты күн ақ түрмеде қылдым қоныс. Қарғып кеп терезеден қақпа барсам, Күзетші қалғып отыр екі орыс. Қасқиып қалғығанға күліп тұрдым, Оларға күш жетерін біліп тұрдым. 1 Тағы бір дереккөзде – есігін. 2 Басқа бір дереккөзде – «Япыр-ай, бұл не қылған зор тажал». 3 Дереккөздердің тағы бірінде – «Шықпады».

Екеуін екі қойып талдырдым да, Ілгері одан əрі жүріп бердім. Тəуекел алсын ерді панасына, Ақылдың қараңдаршы данасына. Қалдырып кетем бе деп Ақбоз атты, Меруай кіріп келдім қорасына...1 Ақбоз ат білінбейді біздің сорға, Жануар, түстің бе əлде жайған торға! Есігін конюшняның2 бұзып кіріп, Шығардым бірі – рысак, бірі – жорға. Ашумен еріндерім күбірледі, Тыңдаймын, басқа дыбыс білінбеді. Бір қақпа қара тастан жымдасып тұр, Ішінде бір зор қабан күрілдеді. Ойласам, мына дүние жалған екен, Іздеген мақсатына барған екен. Ақбоз ат келгенімді менің біліп, Аузына шойын кілтті салған екен... Оңдалған бала жастан менің жолым, Білмедім дүниенің оң мен солын3. Бойыма осы күшім қалай сыйған, Кілтті жұлып алды шолақ қолым. Ақбоз ат алған атым топтан сайлап, Көп дұшпан соңға түсті одағайлап. Есігін тас сарайдың бұзып кірсем, Ішіне қойған екен фонар4 байлап. Ақбоз ат, айналайын менің қалқам! Сен үшін талай тасты қылдым талқан. Жетектеп шылбырынан шығарғанда, Аяғын басты атым алшаң-алшаң. 1 Басқа бір дереккөзде – «Мировой келіп кірдім қорасына...» 2 Атқора. 3 Дереккөздердің бірінде – «оңын-солын». 4 Шам. Басқа бір дереккөзде – «панар».

Жылқыны неге керек босқа мақтап, Атты айт, мінген ерін жүрген сақтап. Тоғыз жыл топқа мінген жануарым, Иегін салды иығыма екі жақтап. Ақбоз ат, бұл өнерің болды басым, Домалар өрге қарай тепкен тасым. Жасыңнан тіл үйренген тұлпарым-ай! Көзімнің тыя алмадым аққан жасын. Атадан ұл тумайды мендей сабаз, Түрмеде қалды шіркін талай маңғаз. Мировой қорлығына шыдай алмай, Түбіне панарының жаздым қағаз: «Түрмеде алты күн-ақ болдым қонақ, Сөйлеуге мизамыңды1 тілім олақ. Жорға мен Ақбоз атты алып кеткен, Сұрасаң, менің атым – Балуан Шолақ!»2 Дегенге Шолақ баяу Дегенге Шолақ баяу, Шолақ баяу, Еркім жоқ қапастамын көңілім қаяу. Жаласы сексен өгіз бірдей ауып, Мылтықтың дəл аузына тұрмын таяу. Жазығым – мықтылығым, күшім басым, Дұшпанның талқандадым талай тасын, Отырмын мен қапаста қамығумен, Сұм дұшпан енді маған не қыласың. 1 Заң деген мағынада. 2 Дереккөздердің бірінде: «Түрмеде алты күндей болдым қонақ, Сөйлеуге мизамыңды тілім олақ. Жорға, рысак, Ақбозды алып кеткен, Сұрасаң, менің атым – Балуан Шолақ!»

Сұрша қыз Сұрша қыз, біріншіден, көктем, дедің, ə-əй, Тілімді алмадың деп еркеледің, ой, о-ой. Екінші, уəдеңде, əй, жазда дедің, ə-əй, Ей, Шөке-ай, осы алдауым аз ба дедің, ой, о-ой. Қайырмасы: Əндір, əндір, əндір-ай, Ішімді оттай жандырды-ай. Ғашық болып бас қостым, Құмарымды қандырды-ай. Сөйтіп жүріп, ақыры, Сұрша қызды алдым-ай. Қайран ашық Сұрша қыз, Көкшетауда қалдың-ай. О, Сұрша қыз, қалдың кейін, жөнелейін. Үшінші, уəдеңде етектедің, Тайлақтай мұрындықтап жетектедің. Онан соң, төртіншіде, күзде дедің, Ей, Шөке-ай, менен күдер үзбе дедің. Қайырмасы. Қыздардан жаман-жұман дəндеп қапсыз, Бармасам адал жолмен сізге дедің. Онан соң барғанымда қыста дедің, Қолымнан енді бекем ұста дедің. Қайырмасы. Онан соң оятқалы қызға бардым, Төсіне Сұрша қыздың мызғып алдым. Түкпірлеп іргеменен қайтамын деп, Айранға аяғымды малым алдым. Қайырмасы. Қақпағын қазанының салдырлатып, Есікке жетіп бардым қаңғырлатып.

Əкесі ұшып тұрып орынынан, Ұстады етегімнен тастай қатып. Қайырмасы. Əкесі арқанменен байла деді, Ағасы шоқпарменен жайла деді. Шешесі ақылды екен көпті көрген, Қалған жол бұрынғыдан, тиме деді. Қайырмасы. БАЛУАН ШОЛАҚТЫҢ ЖЕТІСУДАҒЫ ƏНДЕРІ МЕН ӨЛЕҢДЕРІ Қотыр-Шортан Борық тартсаң шығатын уыз сүті, Қотыр-Шортан мен туған – жердің құты, Түскен екем шыр етіп жер бетіне, Суға барып түскенде орыс бұты. Қаратауда қалың ел Қалың ел, ризамын пейіліңе, Қарарсың ақыл қойып зейініме. Қалар ем мəңгі-бақи Қаратауда, Арттағы қарайлаймын кейінгіме. Қайырмасы: Атақоныс Қаратау, Қажетіме жарады-ау, Ел есіме түскенде, Ішім күйіп барады-ау! Қаратау кейде қарсыз, кейде қарлы, Қыла алар кімдер кедей бастан барды. Кетпейді ата-анам естен, түстен, Десем де ұмытайын қайғы-зарды.

Қайырмасы: Өзен аты Шу екен, Жүзіп жүрген қу екен. Атақоныс малға жай, Өне бойы ну екен. Суындай Сусамырдың Мен өзім аққан судай асып жүрмін, Суындай Сусамырдың тасып жүрмін. Жаласы сексен өгіз маған ауып, Ұлықтан сол себепті қашып жүрмін. Балуанның Сусамырдағы əні Көріп пе едің Үйсіннің Сусамырын, Сусамырға жеттім де, сусамадым. Берекелі пейіліңе мың рақмет, Қымызыңды сіміріп тауыса алмадым. Елден кетіп сынып жүр менің белім, Кім қорғамақ ажалдан келсе өлім? Сонда-дағы жаныма ертіп алдым, Туған інім, миятым Тəуекелім. Қырық тоғызда... Қырық тоғызда бұл күнде менің жасым, Бұзар кезім қамалдың тау мен тасын. Сентябрьдің кешегі базарында, Елу бір пұт көтердім кірдің тасын. Орыс, қазақ жиналған таң қалысты, Қаһарманнан болды деп мынау басым. Жетпіс бес сом залог сап күрескенде, Карон балуан сындырдым қабырғасын. Бұтаңа келдім... Жастықта ұрынбай ма жігіт дауға, Ол даудан аман қалсаң – басың сауға. Жетісу, жемісің мол ағаш едің, Бұтаңа келдім аз күн қонақтауға.

Балуан Шолақтың қырғыздағы əні Көкайрақ басы қызыл тас, Шу өзені алар бас, Қызыл тасқа қарамай, Мара тартар өңкей жас. Көкайрақ басы Сымсаусақ, Аю жүрер кіл маймақ. Алатаудан мың бастау Сырқырап ағып Шу бармақ. Көкайрақ басы жиын-ды, Қазақ, қырғыз сыйымды. Жорабоза ішпесең, Бір басыңа қиын-ды. Қазақ, қырғыз жорасы, Күнде көкпар арасы. Қандай қайғы кешсең де, Жазылар көңіл жарасы. Келтірді қырғыз көрікті, Кигізді сусар бөрікті, Көңілді көрік ашқан соң, Көкірек өлең өріпті. Қырғызбен кеттім туысып, Суырдан жапты сұр ішік. Шай орнына бал жұттым, Көрмедім мұнда су ішіп. Алыстан аңсап келгенде Қарақат көзді, сүмбіл шаш, Пісте мұрын, түйме бас. Алыстан аңсап келгенде, Лəззатпен, сəулем, аузыңды аш.

Қайырмасы: Ал-гəк, гə-ги-гəк, гə-ги-ги-ги-гай, Ги-гə-гай, ги-гəк, гəу-гəк, гə-гу-ги-ги-гак. Қарақат көзді, сым саусақ, Лебізің сенің – бал қаймақ. Жолыңа сенің сарп етпей, Неге керек малды айдап. Қайырмасы. Алда Көкшетау… Шапырашты-ау, аман бол, Албан, Дулат-ау, Шипа болдың-ау дертіме жүргенде улап-ау, Алда Көкшетау – жердің салқыны-ай! Қаңлы, Ошақты-ау, Жалайыр, жалпы Үйсін-ау, Сайрандадым-ау аралап, аунап-қунап-ау, Алда Көкшетау – жердің салқыны-ай! Сағындым қайран халқымды-ай! Алда Алатау – жердің ыстығы-ай, Сағындым сені – елді тыстағы-ай! Баймырзаның баласы Балуан сері, Араладым Үйсінді арлы-бері, Алда Көкшетау – жердің салқыны-ай! Жетісудың жеріне аунаған соң, Тарқап қалды ішімнің қайғы-шері. Алда Көкшетау – жердің салқыны-ай! Жетісумен қоштасу Араладым жеріңді, Үйсін елі, Ой түспейтін қазақтың асқар белі, Жетіп едім жеріңе қаңғалақтап, Тірі екенім белгісіз, əлде өлі. Көріп пе едің Үйсіннің Сусамырын? Сусамырға жеттім де, сусамадым.

Берекелі пейіліңе мың рақмет, Қымызыңды сіміріп тауыса алмадым. Көріп пе едің Үйсіннің Алатауын, Сайрандар ма ем біржола бақша-бауын. Алыстағы аңсаған Көкшетауым, Кел-кел дейді қайталап айтып сауын. Есті жидым, мінеки, жидым күшті, Арттан ерген көп иттің үні өшті. Өкпелеме, Дулат пен Шапырашты, Кезең туды тартатын елге көшті. Үш Алматы аунадым, Талғар үстін, Қадіріңнен, ағайын, қашан түстім? Айлап, жылдап жатар ем қазақылап – Кетсін дейтін көрінді ұлық-күштің. Үш Алматы – Үйсіннің жер төресі, Көріне ме, япырмай, шер төбесі. Ағайыннан сырғиын, есік ашпай Тұрғанында ұлықтың жертөлесі. Шапырашты, аман бол, Дулат, Ысты, Əн салмасам əрəдік ішім пысты. Қалдым, міне, айығып, келіп едім Қапа билеп алған соң ішті-тысты. Сарыүйсін, аман бол, Албан, Суан, Бұл жерде де ұлығың шықты жуан. Қимасам да кетейін, жылыстайын, Тұрғанында шақыртпай жиын-дуан. Бейқұтшылық, жалпақ ел, момын Үйсін, Ерке сүйсе, ер сүйсе, Үйсін сүйсін. Арқа тірер бар қазақ Алатауға, Тіремесін дегеннің үйі күйсін!

Жастайымнан атандым... Жастайымнан атандым «Шолақ дəу» деп, Бұл дүниені кім ойлар шолақ-ау деп, Мал-мүлік пен байлықты тəрк етпеймін, «Ақыр бір күн артымда қалады-ау» деп. Көкшетауым, күнде жауын Көкшетауым, күнде жауын, Сексен көл айдын шалқар, Қайран ауылым! Сөйтіп жүрген Сұрша қыз Сөйтіп жүрген Сұрша қыз, Көкшетауда қалдың-ау, Ау-өй, Сұрша қыз, Енді есен бол-ай! Өз атым əкем қойған... Өз атым əкем қойған Нұрмағамбет, Халқымнан көріп жүрмін қадір-құрмет. Бас қосқан оязнайдың съезінде, Көтердім кірдің тасын елу бір пұт! Салайын «Жай қоңырға» Салайын «Жай қоңырға» жайыменен, Барады өтіп өмір айыменен. Бір аты əндерімнің... Бір аты əндерімнің «Кенже қоңыр», Тең болмас арғымақ пен қара шобыр. Армансыз Үйсін, Дулат араладым, Көп жатып бір ауылды етпей ығыр. Əнімнің əркім құмар мұқамына, Кей жігіт қарап отыр тұтамына. Сайраған Сарыарқаның бұлбұлы едім, Жетісу, қонақтадым бұтағыңа...

Жұртқа жағар ер жігіт... Жұртқа жағар ер жігіт қылығынан, Сілтегенім кеткен жоқ құрығымнан; Анталаған сан дұшпан қамаса да, Сырдың суы келмейді жұлығымнан. Баласы Баймырзаның... Баласы Баймырзаның Балуан Шолақ, Оң қолым отқа күйіп болдым шолақ. Бұл күнде отыз бесте... Бұл күнде отыз бесте менің жасым, Қамалдың бұзып жүрмін тау мен тасын. Кешегі сентябрьдің базарында, Көтердім елу бір пұт кірдің тасын. Бұл күнде қырық тоғызда... Бұл күнде қырық тоғызда менің жасым, Ардақты ел ішінде менің басым. Қалтамнан жетпіс бес сом залог салып, Сындырдым Карон балуан қабырғасын. Мен, Шолақ, жас басымнан Мен, Шолақ, жас басымнан болдым ояу, Оң қолым отқа күйіп болды қаяу. Тал түсте Қояндының базарында Қырық сан өгіз сатқан мені қой-ау. Атандым мен жасымнан Балуан Шолақ, Оң қолым отқа күйіп болдым олақ. Бір өзім қырық өгізді айдап кетіп, Соңымнан қуа алмады жалғыз дорақ.

Қаңғырып Қараөткелде... Мен, Шолақ, жас басымнан болдым ояу, Қаңғырып Қараөткелде жүрдім жаяу. Жаласы сексен өгіз маған ауып, Алдында жалғыз оқтың тұрдым таяу. Тартады денем ауыр... Атандым Балуан Шолақ мен жасымнан, Тартады денем ауыр қорғасыннан. Бетіңнің алақандай қызылы үшін Айрылман қияметтік жолдасымнан. Болса да біздің қатын бостың босы, Жарасар жігіттікке жүрген қосы. Жұбымыз əлі күнге айрылған жоқ, «Қоса ағар алғаныңмен» деген осы. Атанған мен жасымнан... Атанған мен жасымнан Шолақ едім, Намаз бен оразаға олақ едім. Айында қатын-бала бір көрмейтін, Мен жүрген ел шетінде қонақ едім. Баласы Баймырзаның... Баласы Баймырзаның Балуан Шолақ, Бойымда толып жатыр күш пен бақ. Сұлу қыз, келіншекке тынышсызбын – Жалғыз-ақ тал бойымда мінім сол-ақ. Тұрыңдар дұға қылып, құрбы-құрдас! Атандым Балуан Шолақ бала күннен, Ту ұстап, ерлік етіп, тұлпар мінген. Ешкімге опасы жоқ жалған дүние, Өттің ғой талай-талай кемеңгерден. Бұл дүние – баяны жоқ, жалған дүние, Пендесі əрбір жолға салған дүние.

Ойласаң, түбі зарар сондай ащы, Лəззатты болса-дағы балдай дүние. Дүниенің алданбадың несін біліп, Жастықта тəубе етпедім есім біліп. Дүниеге жаяу келіп, жаяу кеттім, Үстіме жеңсіз көйлек тесіп іліп. Өлімнен құтылу жоқ батыр болып, Сөзге шешен, əнге жүйрік, ақын болып, Барамын алыс сапар қайтып келмес, Қалыңдар, елім-жұртым, бақыл болып. Көп сəлем жақсыларға болған сырлас, Дəурені жігіттіктің қолда тұрмас. Көз көріп, заманымда атын білген, Тұрыңдар дұға қылып, құрбы-құрдас! (Балуан Шолақтың өлеңдері мен əндерінің мəтіндері «ХХ ға сырдың басындағы қазақ ақындарының шығармалар жинағы» (1963), «Балуан Шолақ» (1998, құрастырған С. Оспанов) кітаптарынан, Сəбит Мұқановтың «Балуан Шолақ» аңызы мен жекелеген зерттеушілердің (Ахмет Жұбанов, Естай Мырзахметов, Балғабек Қыдырбекұлы, т.б.) еңбектерінде келтірілген үзінділерден құрастырылды).

Екінші бөлім ТУА БІТКЕН КҮШ ИЕСІ, ПАЛУАН, АҚЫН, ӘНШІ, САЗГЕР Естеліктер, мақалалар, аңыз

Сəбит МҰҚАНОВ БАЛУАН ШОЛАҚ («Өмір мектебіндегі» тарау) Біз елге беттеп келе жатқанда, Марьевка1 дейтін қалада «Ылиын»2 атты базары боп жатыр екен. Жаздың ортасында болатын базарға халық аса көп жиналыпты. Біздің елден де Əлти, Сəпі, Көшке сияқты байлар келіпті. Біз Ылиынға келген күннің ертеңіне, Көшебе Сибанның базаршылары бас қосып кеңесе отырды, сондағы сөзі: «Осы базарда жүр деген Балуан Шолақты қонаққа шақырудың жабдығы. Сөздеріне құлақ салсам, Балуан Шолақ дейтін адам менің бұған дейін көрген адамдарымның бəрінен де басқа». Жұрттың айтуынша, Балуан Шолақ атан өгізді бұзаудай арқалап əкетеді, етіне темір қысқаш батпайды, білектей темірлерді сымдай бұрайды, асау атты жалғыз ұстап үйретіп мінеді, аттың үстінде «шайтандай» ойнайды, зəулім қорғандардан мысықтай қарғиды, денесіне оқ өтпейді, қылыш кеспейді, ағаш үйдің қа бырғасын басымен сүзіп құлатады, дария көлдерден үйректей жүзіп өтеді, жүгіргенде жөбішенді атқа жеткізбейді, бір жеуіне бір тайдың еті жұқ болмайды, киімді салдарша малынып киінеді, қыздың қалыңмалына бермейтін ат мінеді, ер-тұрманы жарқыраған алтын мен күміс. Сөйлесе кетсе, алдырмайтын шешен, қасарысқан адамына мейірімсіз, досына қоң етін кесіп берсе «е» демейтін шыдамды. Дауыс біткеннің əншісі, саусақ біткеннің домбырашысы жəне сырнайшысы, жүрген жері ойын-сауық... – «Жігіт сегіз қырлы болсын» деуші еді, – деп қайран қалысты мына мақтауларды естіген жұрт, – рас болса, мұның қыры бір «сегіз» емес, əлденеше сегіз боп кетті ғой... Біреулер: – Соның өкіметке қылмысты боп қашып жүр деген, қонаққа шақырып пəлесіне қалармыз, – деп қашқалақтап еді, көпшілік: – Не болар дейсің, пəле боп? Бəрімізді тізіп айдар деймісің? Жəне қашып жүргені де өтірік соның. Қашса базарға келе ме? Базар басталғалы жұрттың көзі өзгеде емес, сонда. Жұрт көргенде, өкімет көрмей жүр деймісің, оны? Шақырайық, бір күн де бол1Орны биыл – 1969 жылы – «тың» аталатын, Есіл өзенін бөгеуден жасалған теңіз астында қалды. 2«Ильин» деген сөз.

са мəжілістес болайық, – деді. Көпшіліктің аузы шақыруға біріккеннен кейін: – Қонағасына не соямыз? – деп ақылдасып еді: – Нөкері көп көрінеді ғой қасында, – десті əркімдер, – кем болса қырық-елу кісі серігімен келеді, ол. Мұнда да бірқыдыру жан бармыз, бие сою керек... – Əуелі хабарлану керек, – десті біреу, – келетін болса ғана шығынданайық. – Неге келмейді. Дəмнен үлкен бе? – деді екінші. – Келуі келер, – деді үшінші, – сонда да беделді, сөз білетін, жол білетін жігіттерді жұмсау керек. Жұмсаған жігіттер іңірде оралды. – Келетін болды, – деген хабар əкелісті олар. Ту бие сойыла бастады. Жұрт қонақты күту жабдығына кірісті. От айнала жиналған жұрт Балуан Шолақтың кісілігі, қайраты, өнері туралы толып жатқан қызық əңгімелер айтады. Соларды естіген сайын, оны көруге менің құмарым арта түседі... Сырнай дауысы естілді бір кезде!.. Көпшілік құлақ түрісе қалды... Со жақтан түйдектелген көп салтты шауып келеді!.. Міне, жақындап қалды салттылар!.. Сырнай дауысы даланы жаңғырықтыра, көтеріле шықты... Қосылып айтқан əндер естілді... өзгенің не екені маған мəлім емес, ал менде шапқан салттылар, үні сұңқылдаған сырнай, оған қосылған əн жақындаған сайын ес қалатын емес... Міне, келді де олар!.. Бізге жете кілт тоқтай қалысты... Күтіп түрғандар қарсы жүрісті... Салттылар аттан түсе бастады... – Балуан Шолақ қайсы екен? – деп сыбырлаған біреуге: – Көзің жоқ немемісің өзің, – деді екінші, – көрмей тұрмысың? Түр-тұлғасынан-ақ белгілі емес пе? Сол сияқты кім бар осында? Бұлай сипаттаушы кісі, Балуан Шолақты көргенімде, асырып айтқан сияқтанады: жауырыны кең, төсі жалпақ болғанмен, дене құрылысы асып кеткен ірі емес, ортадан аз-ақ биік екен, бұл топта одан биік те, денелі де кісілер бар?.. Кескіні бірсыдырғы көркем екен: имектеу зор мұрынды, қалың қабақты, қою қасты, үлкен қара көзді, ат жақты, қою, ұзын қара сары мұртты, дөңгелектеу қою қара сақалды... Ерекше көзге түсетін киім-кешегі екен: сыртына желбегей салған, ақ ботаның түбітінен тоқыған шекпен, астары батсайы, өңіріне жалпақтығы төрт елі қып құндыз ұстаған, басында батсайымен тыстаған жекей ақ бұйра тымақ, ішкі қара барқыт қамзолының беліне жалпақ қып қызыл жібек белбеу байлаған да,

бір жақ ұшын шашақтандырып оң жақ мықынынан төмен түсіріп жіберген, бұтында көк шұға шалбар, аяғында көк сауырлап, кестелеп, күмістеп тіккен қосай етік... Бұл сияқты киінген кісіні мен өмірде көрген емен. Балуанның мінезі ақжарқын, сөзшең, ойыншы кісі екен. Амандықтан бастап-ақ ол біздің топты жатсынбай, ежелден таныс адамдарынша араласып, шүйіркелесіп кетті. Сөзді аздап мұрнынан сөйлейтін кісі екен. – «Қызмет қыл да, міндет қыл» деген, – деді ол, қарсы алған топпен біраз кеңесіп, қымызға қанғаннан кейін, – ойын көрем деп шақырдыңдар ғой мені, бастайық сол ойынды. – Көпшілік мақұлдай кетті. Əуелде күш көрсетпек болған ол: – Кəне, маған ең ауыр аттарыңды əкеліңдер! – деп, зор денелі бір атты алғызды да, астына кіре беріп, төсін иығына келтіре, көтере жөнелді... – Кəне, ең балуан деген жігіт кел де, мені алқымымнан қыс! – деді ол, атты иығынан түсіргеннен кейін. «Түйе балуан» атанған, денесі Балуан Шолақтан əлдеқайда зор, Кəлен деген жігіт: – Мен қысып көрейін, – деп алқымынан алды. – Қатты қыс! – деді Балуан Шолақ. – Болдың ба қысып? – деп сұрады ол Кəленнен. – Болдым, – деді Кəлен. Со кезде, Балуан Шолақ мойнын бұрып кеп қалғанда, Кəленнің қолы алқымнан ытып шығып кетті... Адам қайран қаларлық тағы да біраз күштер көрсеткеннен кейін: – Тіл-аузымыз тасқа, – дестік көпшілік, – ертегідегі батырлар болмаса, бұл заманда көрмеген күшіміз, бұл. Енді тыныста, өзге ойыныңды содан кейін баста. Ет жегеннен кейін, көпшілік Балуан Шолақтан əн айтуын өтінді. Ол іркілген жоқ. Тек қана сұрағаны: – Сырнаймен бе, домбырамен бе? – Естіп жүрген домбыра ғой! – десті көпшілік, – таңсық сырнайға қосыл. – Болады, – деді Балуан Шолақ. Сырнайды ол басқа бір жігітке ойнатты да, өзі қосылды. «Ияйяһ» деген əнінен бастады ол. Бұл əнді ол жұртқа белгілі «Бұл күнде қырық тоғызда менің жасым» деген өлеңмен айтты. Өлеңді ол мұрнынан келтіре, екпіндей айтады екен. Дауысы қоңыр, бірақ əдемі екен.

– Батырыңның айтысы-ай! – деп сүйсінді тыңдағандар. Тағы бірнеше əннен кейін, жұрт оған атақты «Ғалиясын» айтқызды. Бұл əнді ол ырғала, теңселе шырқайды екен жəне Ғалиясы алдында отырғандай, күлімсіреген, еркелеген кескінмен айтады екен. – Міне, əн! – деп қайран қалысты жұрт... Балуан Шолақпен мəжіліс құрған жұрт күн шыға тарқасты. Қошеметпен аттанған Балуан Шолақтың тобы кең даланы басына көтере, сырнайлата, əндете жөнелді... – Жігіт осындай болсын, – десті артында қарап тұрғандар. Қанша дұшпан қамалап тұрса-дағы, Сырдың суы келмейді жұлығымнан! – деп өзі айтқандай, өлмей кісіге кеудесін бастыратын жігіт емес қой, мынау!.. Дүнияға күліп кеп, күліп кетуге жаралған жігіт қой, бұл!.. Ұл туса, осындай тусын да. Кешікпей базар тарады! Жұрт мекен-мекеніне бытырасты. Біз де елге беттедік. Базардан тарағанша да, тарағаннан кейін де көпшіліктің, олардың ішінде менің серіктерім: Мəшік пен Таспайдың аузынан Балуан Шолақ түскен жоқ, Бір сөздің ретінде, Мəшік маған: – Көп жерді көрдің, бала. «Көре-көре көсем болады» дегендей, «ел аралаған сыншы, тоғай аралаған үйші» дегендей, өстіп жүріп кісі боп кетуің мүмкін, – деп отырып, Ақан сері мен Балуан Шолақты еске алды да, екеуінің қылықтарын айта кеп: – Ақын бола қалсаң, кімге еліктер едің? – деп сұрады менен. Бəтеңнің алдында əдеп сақтап үйренген мен, сұрауына жауап бере қоймап ем: – Ақан серіге ме? – деді ол. Мен басымды шайқадым. – Балуан Шолаққа ма? – деп сұрады ол. Мен күлімсіреп төмен қарадым. – Ə, соған еліктегің келеді ғой, – деді Мəшік. – Елікте, шырағым! Еліктейтін кісі, ол. Сондай қайғыға қарсы тұра алатын жігіт болуға, жігіттің гүлі – жігіт болуға тырыс!.. (Сəбит Мұқанов. Таңдамалы шығармалар. 9-том. Алматы, 1976)

Кенен ƏЗІРБАЕВ МЕН КЕЛДІМ СƏЛЕМ БЕРІП, БАТЫР АҒА Мен келдім сəлем беріп, батыр аға, Атағың кең жайылған Сарыарқаға. Бала едім жаңа талап, іздеп келдім, Өзіңнен сұрайын деп ақыл, аға. Атағыңа, ардақты аға, құмар едім, Нашарға саяң түскен шынар едің. Қасыңда тоғыз жігіт жолдасың бар, Жақтырсаң – мен де бірге шығар едім. Көзіңнің қырын салшы, Балуан аға, Даңқыңыз талай елге барған аға. Бала едім жаңа талап ақын-əнші, Əніңді үйренейін алуан, аға. (Кенен Əзірбаев. Таңдамалы шығармалары. Алматы, 1974) БАЛУАН ШОЛАҚПЕН КЕЗДЕСКЕНДЕ А! Мен келдім сəлем беріп, батыр аға, Атағың кен жайылған Сарыарқаға. Бала едім жаңа талап, іздеп келдім, Өзіңнен сұрайын деп ақыл, аға. А-а, а-а, а-а-а-ай. Атыңа, ардақты аға, құмар едім, Нашарға саяң түскен шынар едің. Қасыңда тоғыз жігіт жолдасың бар, Жақтырсаң – мен де бірге шығар едім. Көзіңнің қырын салшы, Балуан аға, Даңқыңыз талай елге шыққан дара. Бала едім жаңа талап, ақын-əнші, Əніңді үйренейін алуан дана. («Балуан Шолақ» жинағы. Алматы, 1998)

Ахмет ЖҰБАНОВ БАЛУАН ШОЛАҚ 1910 жыл шамасы. Бұрынғы Қотыркөл болысында сайлау жақындап, ел арасында əңгімесі көбейіп, жақ-жақ болып бө лініп, қазақ арасындағы əйгілі кезең келе жатты. Сайлау орны болып Шабаққала, Жаңасу белгіленді. Үй тігіліп, мал сойылып, сайланам деушілердің мойындарына мінген шығын аспанға асып жатыр. Бір кедергі болмаса, ел арасы қатты шайқалысқа кездескелі тұр. Таласушы жаңтар ешнəрседен тайынатын емес, жауласуға, дауласуға да дайын. Еңбегімен күн көрген шаруа күнелту жолында жүргенде, азғана атқамінерлер осындай шала бүлінуде. Сайлау десе шекесі қызатындардың бəрі де сол арада. Біреулері үшін кімнің сайланғанының тіпті мəні жоқ, кім болғанда да байдың, бардың сайланатыны əлімсақтан белгілі. Сондықтан бірді-екілі аяқ-лауы бар кедейлердің ішінде мына бір ақысыз-пұлсыз байлықтан ауыз тиіп қалуға келгендер де бар-ды. Күткен күн жақындап, екі жақ аңдысып, бəлені неден бастарын біле алмай отырғанда, «Шолақ тобы» келеді деген хабар жетті. Бай да емес, бағлан да емес, əкім де емес болғанымен, халық Шолақты қатты сыйлайды, тіпті кейде жасқанатындары да бар. Өйткені Шолақ, жуан тұқымның біреуі болса, өршеленіп шатақты өзі бастап та кетеді. Ал Шолақ тобының мына бір келуі кейбіреулерге жаға қойған жоқ. Бірақ, амалы жоқ, бəрі де шулап қарсы алуға шықты. Астында ақбоз ат, басында үкілі пұшпақ бөркі бар, топтың ең алдында Шолақтың өзі келеді. Тобында домбырашы, əнші, жыршы, ойыншы, балуан бар. Сайлауға деп тігілген бір үйді бұларға түгел береді. Демалып, тамақ ішіп болғансын кешкі салқынмен топ сауық бастады. Арқаның небір тəтті күйлері орындалды, əн салынды. Одан кейін жігіттері ат ойынын көрсетті. «Бағдарламаның» соңында Шолақтың өзі шығып, бірнеше əсем əндерді орындап берді. Бір кезде үстіндегі əдемі киімдерін шешіп тастап, жəй киім киіп, Шолақ жерге жата қалғанда, жігітінің бірнешесі жиналып үлкен бір тасты оның жүрегінің басына қойды. Өздері ұстаның үлкен пұттық балғасымен əлгі тасты ұра бастады. Шолақ біраздан кейін əлгі тасты бір қолының басымен ысырып жіберіп тұрып, иығына үлкен бөренені салдырып, екі жағынан он-оннан жиырма кісіні асылтып қойды. Оған өзі майысқан да жоқ.

Тағы осы сияқты күш көрсететін біраз қимылдар көрсеткеннен кейін, Шолақ тобы қонақасыға отырып, сөз арасында Шолақ сайлауға таласып жатқанды есіткенін, екі елдің арасы шиеленісіп кетпес үшін, олардың көңілін аз да болса да алаңдатуға келгенін, ал жағдай нашарласа, тағы қайта айналып соғатынын айтты. Бұл Шолақтың соңғы кездерде біраз нəрсені сезіп, қыр елінің осындай пайдасыз іске тым шұғылдануының халық үшін ешбір мəні жоқ екендігін түсініп, біраз ондайдан тыюдың жолын таппай, өзінше араласқандағысы еді. Өйткені Шолақ тек қара күштің иесі ғана емес, ақын, əнші, азамат, сезімтал адам болды. Жас кезінде «жалғанды жалпағынан басып» артық-кемді қимылдар жасағанмен, осы бір шамада көп ойланған кезі болатын. Жапалақ құс болғанмен кімге дəрі, Жаманның кісілікке бар ма сəні. Мисызға айтқан сөзің еш қонбайды, Ағады құлағынан қалмай бəрі, – деп, малы арқылы ауылнай, болыс болған талапсыз, қырсыз жамандарды сынай бастаған уақыты еді. Ал Шолақтың өмір жолы болса, ол «кейде қар, кейде жаңбыр бұрқасынға» толы еді. Қан тауын мекен еткен Ұлы жүздің Дулаттан тараған Сəмбет деген руы болды. Сол Сəмбет ішінде Баймырза деген кісіден 1864 жылы Шолақ туды. Оның азан айтып қойған аты Нұрмағамбет. Кейін қолының басы күйіп (біреулер үсіп дейді) саусақсыз қалады. Нұрмағамбет өзінің бір өлеңінде: Баласы Баймырзаның Балуан Шолақ, Оң қолым отқа күйіп болдым шолақ, – дейді. Сөйтіп, Шолақ атанып кетеді. Ал «Балуан» деген сөз Шолақтың күшіне байланысты халықтың өзінің қосқаны. Баймырза Шолақтың бала кезінде Көкшетауға көшіп барады. Сонда ұсақ кəсіпшілік етеді. Ағаштан түйін түйетін шебер болады. Бай балаларына əшекейленген ер, бөбектеріне бесік жасап таратады. Бірде тай, бірде қой алып жүреді. Осылай, қолының ұсынақтылығының арқасында кемшілік көрмей, біреуден ілгері, біреуден кейін деген сияқты өмір сүреді. Шолақ болса, ол жасынан күреске құмар, қайда төбелес болса іздеп жүреді. Күрессе, өзі қатарлылардың бəрін де шаң қаптырады, төбелессе, қан шығармай қоймайды. Оның үстіне өзі жасынан ат үстінде ойнайтын болады: тізгінді ұстап тұрып түрегеліп шабады, айыл-тартпаны қатты тартып алып, аттың бір жағында тұрып ша-

бады, кейде жүріп келе жатқан аттың бауырынан айналады. Осындай өнерімен қатар домбыра, əн құмар болады. Дауысы жақсы, əнкүйді бір айтқаннан, бір тартқаннан қағып алады. Оның осы зеректігі еңбегімен күн көріп отырған Баймырзаны қуантады. Баласының қабілетіне риза болып, оның бетін қақпайды. Тек төбелесі жөнінде жеңілген балалардың шешелері қарғар деп қорқып, Нұрмағамбетке ақыл айтады. Есті тентек орынсыз ұрынуын азайтады. Бірақ əнін, өлеңін өрбітумен қатар, денесін шынықтыруын да дамыта береді. Он үш-он төртке келгенде-ақ Нұрмағамбеттің бетіне қарауға көрінгеннің шамасы келе бермейді. Өйткені кішкене Нұрмағамбет ойнап құрбыларын жауырынға қойып жібергенде, олардың көбі біразға шейін қиқайып, жөнге əрең келеді. Оның үстіне қаңтардың қылшылдаған аязында бас киімсіз желбегей, жиырма-отыз шақырым жер жүргенде тоңбайды. Бірақ жоғарыда баяндалғандай, Шолақ тек бірбеткей күшін ғана дамытып қоймай, əншілік жағына да көп көңіл аударды. Ол Біржанның, Ақанның əндерін бабына келтіріп орындайды. Денесіне үні сай, дауысы аса күшті болады. Ол əсіресе драмалық, күш керек ететін шығармаларды сүйеді. Шолақтың өмірі осылай кемшілікке соқпай келе жатқанында əкесі Баймырза қайтыс болады. Көп ұзамай шешесі де өледі. Шолақ Ғайныкей деген қызға үйленеді. Əкеден қалған малмен біраз уақыт күнелтеді. Бірақ жəй адамдай көптің бірі емес, табиғаттың үйіп берген күш пен көркем сыйы Шолақты отырғызбайды. Жасы жиырмаға келе ол сапарға шығады. Ел аралайды. Əңгіменің басында айтылғандай, айналасына өнерлі жастарды жинайды. Сонымен, Шолақ жалғыз емес, өз алдына бір «ансамбль» болып жүреді. Біреулердің айтуынша, Шолақтың ансамблі қазақ даласында бірінші рет кейбір əндерді хор болып қосылып орындаған (əрине, жалғыз дауысты – унисон). Шолақ отыз бес жасында елу бір пұт тас көтереді. Өзінің бір өлеңінде: Бұл күнде отыз бесте менің жасым, Қамалдың бұзып жүрмін тау мен тасын. Кешегі сентябрьдің базарында, Көтердім елу бір пұт кірдің тасын, – дейді. Бұл əн халық арасында «Сентябрь» деген атпен тарайды. Əн көңілді, ер, күш иесінің аузынан шыққаны салған жерден білінеді. Əсіресе қайырмасында «ой-ау» деп келетін, өрлеп

қайтып, кейде бір нотада тұрып қалатын жерлерінде басқа халық композиторларының əндеріне ұқсамайтын кесектер кездеседі. Оның əн аяғында ешбір дайындықсыз шалғай интервалға «жоғары қарғығандай» немесе «секіріп түскендей» барып бітуі де тек Шолақтың туындысында болады. Шолақ Омбыға патшаның мұрагері келгендегі салтанатта болады. Онда Севр деген балуанмен күресіп, жығып кетеді. Омбыға патша келді Русия, Əмірін айта келді халқын жия. Севрден сонда күшім асып кетіп, Мен болдым жан шықпайтын биік қия, – деп өлеңдетеді. Ал жасы қырықтың тоғызына келгенде Қояндының базарында Карон деген балуанмен күресіп, оның қабырғасын сындырады. Бір өлеңде: Бұл күнде қырық тоғызда менің жасым, Ардақты елі ішінде менің басым. Қалтамнан жетпіс бес сом залог салып, Сындырдым Карон балуан қабырғасын, – дейді. Біреулер Шолақ Қажымұқанмен де кездесіпті, екеуі қол алысып болғаннан кейін күресуден бас тартыпты-мыс дейді. Бұл сияқты күштің тасуы, үнемі табысқа ие бола беру, қалай дегенмен де, Шолақтың көкірегін көтереді. Оның үстіне дала заңының айналасында өскен, қазақтың əдетінің шеңберінде қалып қойған адам, кейбір жаңалықты түсіне алмайды. Əсіресе, оның көзқарасынша, қазақ жеріне орыс, украиндықтардың келіп орналасуы, шағын ауылдардың түсуі – жамандықтың басы болып көрінеді. Мемлекеті бір, жері бір елдердің ондай араласуының жақсылық басы екендігіне көзі жете алмайды. Күш иесінің əр кезде де аңғалдау болатынын пайдаланып, кейбір кертартпа ауыл «жақсылары» Шолақты айдап салады. Міне, осындай жəйлар бірқатар уақыт Шолақты дұрыс жолдан тайдырады. Мен, Шолақ, жас басымнан болдым ояу, Оң қолым отқа күйіп болды қаяу. Тал түсте Қояндының базарында Қырық сан өгіз сатқан мені қой-ау. Атандым мен жасымнан Балуан Шолақ, Оң қолым отқа күйіп болдым олақ.

Бір сөзім қырық өгізді айдап кетіп, Соңымнан қуа алмады жалғыз дорақ, – деп, қырық өгізді қуып алып, базарға сатқанын айтып, мақтанады. Шолақтың ойынша, ауыл тұрғындары малдарын қуып, мазаларын ала берсе, көшіп кетеді деп түсінеді. Халықтар достығына үнемі кесел жасаушы ауылдың «пысықтары» Шолақты сөйтіп қылмысқа айдап салып, ол бірнеше рет түрмеге де түседі. Басында аты бір жаман болып шыққансын, басқа бір ұрылар қуып кеткен ауылдың сексен өгізінің жаласы да Шолаққа жабылып, одан əрең деп құтылады. Мен, Шолақ, жас басымнан болдым ояу, Қаңғырып Қараөткелде жүрдім жаяу. Жаласы сексен өгіз маған ауып, Алдында жалғыз оқтың тұрдым таяу, – деп, өзінің ажал аузынан қалғанын өлеңіне қосады. Біреулердің қот-қоттауымен Шолақ жəрмеңке, базарларда болып тұратын төбелестерге де қатысады. Бірақ бері келе оның бəрін де қояды. Орыс пен қазақ халқының арасында сына болып тұратын ел билеушілер, əкімдер екенін түсініп, кейін əкімдермен ұстасады. Қалай дегенмен де, жанының бір жағы өнерде жатқан адам, əн мен сəнді қумай тұра алмайды. Өмірдің барлық мəселесі күшпен шешілмейтініне көзі жетеді. Шолақтың күшін орынсыз жұмсап, ардақты атына кір келтіріп, біреулердің айтақтағанымен бейбіт еңбек жасап жатқан орыс шаруаларын мазалауын тоқтатуына тағы бір себеп оның Қараөткелде бір орыс шенеунігінің қызымен танысуы болады. Шолақтың əсем əні, көркем, күшті мүсіні, қайтпас ерлігі қызды сүйсіндіреді. «Ел мақтаған жігітті қыз жақтаған» дегендей, əкесіне арыз айта барған Шолақпен əлгі қыздың көңілі жақындайды. Бір күні оңаша жерде жолығып тұрғанда, Шолақты көп адамдар қамап, одан əрең құтылады. Шолақтың ойында мұның бəрі қыздың айласы, ұстап бермек болып, жəй танысқан деп түсініп, қызға қатер жасай жаздайды. Кейін оның бəрінің шындығына көзі жеткен кезде, қыз басқа қалаға ауысып, көзден ғайып болады. Бұл оқиға Шолақтың жігіт кезінде болса да, бəрі келе, ой түсе, басынан өткен тентектік «таспиығын» санап отырғанда, бұл сурет те алдына келіп көлденең тартылып, адам баласына сену керек екендігін мойындатады, қазақтың да, орыстың да адамымен қатар жаманы да бар екенін есіне түсіртеді.

Шолақтың өмірінде үлкен орын алған адамның бірі – Ғалия. Өйткені Шолақтың аты аталған жерде Ғалия еске түспей қоймайды. Тағдыр бұлардың арасын қалай шешсе де, тарихта Шолақ пен Ғалияның аты қоса аталады. Мəселенің олай болуына себеп те мол-ақ. Ақмолада Тілеу атты дəулетті адам болды. Ол заманда жұрттың көзіне түсетін сегіз бөлмелі көк төбелі үйі бар-ды. Олай Тілеудің күйленіп кетуі – ол Сұлтанай Қамза деген ноғай байының сенімді адамы еді. Руы – Арғын ішінде Аралбай, туып-өскен жері Жаңаарқа, Үлкен əйелінен Ғалия, Мəрия деген екі қыз туады. Ғалия – сұрлау, ат жақты, ұзын бойлы, бетінде аздаған шешек дағы бар, өткір, сөзге шешен, оң қолынан өнері төгілген шебер болды. Қазақ əдеті бойынша Ғалияны жастай Біржан дегенге атастырып, бой жеткенсін Ғалия ұзатылып барды. Бірақ көңілі сүймеген Біржанмен ұзақ тұрмай, бір-екі жылдан кейін Ғалия Қараөткелге қайта келеді. Бір кездерде өзі əбден сынына келіп, əдемі денесі талшыбықтай бұралып, көп адамның діңкесін құртады. Ақмолада Ғалия қымыз сататын əйелдің қасында жүреді. Өйткені халықтың көп болатын жері сол. Басқа ол кезде адам топтасатын орын болмайды. Біреулердің айтуынша, өзі де қымызшы болған. Қалайда осы қымыз саудасы үстінде Ғалия күндердің күнінде Балуан Шолақпен кездеседі. Ғалия Балуан Шолаққа ұнайды. Ғалия да Балуан Шолаққа қызығады. Екеуі есебін тауып жолығып, өмірді бірге өткізуге уəде байласады. Екеуі жолығысып жүреді. Оны Ғалияның жаңада тиген күйеуі білмейді. Ғалияны табанда алып кете қоюға Балуан Шолақ та дайын болмайды. Солай күн артынан күн өте береді. Іскер Ғалия сүйгеніне деп арнап, сегіз қалта салып жият тігеді. Оған Шолақтың атын кестемен жазады. Қаншама жасырғанымен, абайсызда күйеуі келіп қалып, Ғалия оны тығып үлгере алмай, көріп қояды. Бұрын да аздап сезігі бар күйеуі, енді əбден көзі жеткенсін Ғалияны көкала қойдай етіп сабап, бар киімін шешіп алып, тек ішкі көйлегімен көшеге қуып тастайды. Енді сені желкемнің шұқыры көрсін дейді. Ымырт кезі екен, абырой болғанда, Ғалия екі өкпесін қолына алып жүгіріп отырып, əкесінің үйіне келіп, бір бөлмесіне кіріп кетеді. Шай ішіп отырған бəйбіше Ғалияның кіріп кеткенін көріп қалады. Бір сұмдықтың болғанын əкесі де сезіп, қызын шақыртады. Əңгіменің мəн-жайын есіткенсін олар Ғалияны қайтадан жібермей, өзіне бір бөлмені босатып, осында тұрасың, ешқайда да бармайсың дейді.

Ғалия əке-шешесінен қымыз сатуға ұлықсат алады. Енді Балуан Шолақпен жиі кездесіп тұрады. Жалғыз-ақ бұлардың қосылуына кесел – Біржаннан алып қойған Тілеубайдың қалыңмалы болады. Қалай дегенмен де, мал төлеген адам күшті, Балуан Шолақ батыр болғанмен, қалай болса олай Ғалияны алып кете алмайды. Сондықтан ол Көкшетауға барып, қырық жетісін алып келуге кетіп қалады. Азар болса ағайыннан жиып алармын деген ойы болады. Ал Біржан болса малын даулай, Ғалиядан күдер үзгенсін, билердің сотына түседі. Сотта Ғалияға сөзін сөйлейтін би таңдауын салады. Бірақ шешен Ғалия: «Маған ешбір адвокаттың да, бидің де керегі жоқ, өзімді өзім қорғаймын, өз дауымды өзім ұстаймын» дейді. Осы сотта Ғалияның сөзі басым болып, əйелден бірінші рет дауға шыққан, əрі сұлу, əрі өткір Ғалия Біржанды ешуақытта сүймегенін айтып, оның сабап адамды қорлағанын бетіне басып, Балуан Шолақты жақсы көретінін əшкерелеп, жеңіп шығып, басына бостандық алады. Біржан малдан да, əйелден де жұрдай болып қайтады. Балуан Шолақ Көкшетауға келе жатқан сапарында бір үйге түсіп отырып, тыныштала алмай, домбырасын алып: Ғалия айналайын қалып еді, Көп жылап, таңға жақын талып еді. Білмеймін не болғанын əңгіменің, Біржанмен биге түсіп қалып еді, – деп əндетіп, алдындағы тамағын іше алмай, одан əрі жүріп кетеді. Көкшетау Балуан Шолақты жамандықпен қарсы алады. Жоғарыда айтылған сексен өгіздің жаласы жалғасып, Балуан Шолақтың «делосы» қалыңдап, Семейден ұрланған бір топ жылқыны да бұған тіркейді. Сонымен, Шолақты түрмеге жабады. Шолақ кешігеді. Ғалия не қыларға білмейді, сасады. Оның үстіне Біржанның адамдары жең ұшынан жалғасып, ақшаға сатып алған кісілері арқылы қалай да Ғалияны Шолаққа қостырмау жағын қарайды. «Шолақ пəлен жылға жер аударылыпты, қайтпасқа кетіпті», «Балуанның елде тағы екі əйелі бар екен, Ғалияны жəй ермек етіп жүр екен, алайын деген ойы жоқ екен» деген өсектерді таратады. Өз үйі мен қымыз дүкенінен басқа жерге шықпайтын Ғалия үшін бұл əңгімелердің бəрі де рас болып көрінеді. Ол əрібері толқып, ойланып, əкесінің меңзеуі бойынша Есенжолдың Қанапиясына шығады. Бірақ Балуан Шолақты өсектеген жұрт Ғалияны шатастырады. Қанапияның да əйелі болып шығады. Сөй-

тіп, Ғалия тоқалдыққа келген болады. Барып қалғансын амалы жоқ біраз жүреді. Бірақ Қанапияға тоқал болып тұру Ғалия үшін үлкен азап болады. Ғалия осы арада ғана «Сабырсыз қалар ұятқа» деген нақылды есіне алады. Балуан Шолақ Ғалияны сағынады. Неше саққа жүгіртіп Ғалияның атын əнге қосады. Əншінің аузынан халық қағып алып кетеді. Айдың көзін жалт еткен бұлт алсын, Бүйте берсең, діңкемді құрытарсың. Биуадан қосылған Ғалияжан, Қай қылығын қалқаның ұмытарсың. Айым да сен, Ғалия, күнім де сен, Оң қабағым тартады, күлімдесең. Менің көңілім, Ғалия, дауалансын, Ауған түйе секілді бейімдесең. Ғалияның қолында бұйда пышақ, Ғалияны көрдім де жайдым құшақ. Ғалия жатыр ма екен, отыр ма екен, Шомылған айдын көлде аққуға ұсап?! Қараөткелде Ғалия сен емес пе ең, Бұл Арқаның шортаны мен емес пе ем. Сүмбіл шаш, құралай көз Ғалияжан, Ынтығымды құрытқан сен емес пе ең?! – деп əндетіп, аяғындағы қайырмасын əлденеше құбылтып: Ойпырмай, жан сəулем, Ғалия, көзіңнен. Қосылып ем өзіңмен. Бір көрінсең көзіме, Айрылмас ем өзіңнен! Ойпырмай, жан сəулем, Ғалия, басыңнан. Кеткім келмес қасыңнан. Жұпар иісі шығады, Қолаң қара шашыңнан! Ойпырмай, жан сəулем, Ғалия, қабағың.

Аппақ екен тамағың. Қайта айналып тағы да, Көрер ме екем, қарағым?! – деп, ұшы-қиыры жоқ созып, тағы бірнеше түрлендіріп кетеді. «Ғалия» əні – əннің төресі, үлкен жүректен, шын сезіммен шыққан əн. Бастаған жерден-ақ асқан ынтықтың бары сезіледі. Əннің шұбатылмай, динамикалық жағдайда жүріп отыруы да ғашықтық оттың іште лаулап жатқанын көрсетеді. Қайсыбір сөздерді салмақ беру үшін бір мотивте қайталайды. Ол əннің өткірлігін асыра түседі. Ал қайырмасын тыңдағанда Балуан Шолақтың алдында еркелеп отырған сұлу Ғалия көз алдыңа келеді. «Ғалия» əнін білмейтін кісі аз. Бірақ бабына келтіріп орындау көрінгеннің қолынан келе бермейді. Ал Жүсіпбек Елебеков орындағанда, «Шолақтың өзі тіріліп келсе де риза де болар еді» деп отырасың. Қалай дегенмен де, Шолақтың ойына қауіп түсе бастайды. Оттай жанған Ғалияның шоқ басып қалуының мүмкіндігі барын да есептейді. Өткір сезімнің қожасы болған Ғалия бір нəрсеге ұрынып қала ма деп, түн ұйқысын төрт бөліп, түрменің ауыр жəйін де ұмытып кетеді. Нұр сипатты, Ғалия, жамалыңыз, Ешбір жанға тимесін залалымыз. Аршын төс, алма мойын Ғалияжан, Əлде қандай болады заманымыз, – деп, қауіпті көбірек айтатын болады. Оның үстіне Шолақты енді Қараөткелдің түрмесіне алып келеді. Бір жағынан, Ғалияның тұрған қаласына келгенде қуанса, екіншіден, Ғалияның жəйі не болды екен деп тынышсызданады. Ғалияның жамандығын көргісі келмейді. Бірнеше күнге шейін Ғалиядан хабар ала алмай налиды. Тағы да шері ішіне сыймай, не қыларын білмей, ұрынуға қара таба алмай, еріксіздік өмірдің бұғауында қысылады. Сəлем де, Ғалия жүрсін аман, Артынан аяңдаған өсек жаман. Шетіне шай орамал мейіз түйіп, Кісіден қатынасқан берсін маған, – деп, өзінше Ғалия мұнда екенімді білсе келер деп дəме етеді. Сүйіскен адамнан күдер үзбейді. Өзінің жақын арада босанып қалу үмітін айтып, тағы Ғалияны өлеңге қосып, арманын сыртқа шығарады.

Сəлем де Ғалияға, ұмытпасын, Қасына ешбір жанды жуытпасын. Жұлдыздың бес кезінде барып қалам, Жүрекке жара салып суытпасын, – дейді. Бірақ Ғалия келмейді, ешбір хабар да болмайды. Сөйтіп жүргенде түрменің бір қарауылшысы Ғалиядан суық хабар алып келеді. Ғалияның Қанапияға кетіп қалғанын, оны алдап-арбап қолға түсіргенін, барған жерінде жылап жүргенін айтады. Шолақ не айла табарын білмей, түрме əкімдерінен қора ішіндегі бір аласа үйдің төбесіне шығып, домбыра тартып, əн салуға ұлықсат алады. Ондағысы – Ғалия осы маңнан өтсе, дауысымды есітіп келер ме екен деп ойлайды. Ноғайлар бал жалайды шыныменен, Ешнəрсе бітірмедім мұныменен. Ғалия, сен туралы естігенде, Дөңбекшіп жата алмадым түніменен. Ғалия, ұзын бойлы ырғақтым-ай, Үстіңде дүрия көйлек сырғақтым-ай. Қазақтың сендей қызы үйінде отыр, Шыдамай бір-екі айға жын қақты ма-ай, – деп, Ғалияның істің ақырын күтпей кеткенін күстаналайды. Мұның сүйген адамдарға лайық емес екенін айтады. Ақыры баяғы қарауылшы Ғалия келмеске кеткенін егжей-тегжейлеп түсіндіргенде, Шолақ та қатты ойланып, өзінің бұл жөнде басқан қадамының ағат болғанын сезеді. Қанша сүйгенмен, Ғалиядан оны қайтару сезімі болмағансын, ойланады. Сен Тілеудің қызы едің, Ғалиям-ай, Ісің болды халыққа жариядай. Бұл қылығың қоймасаң, Ғалияжан, Арты болып кетпесің дариядай, – дейді, біртіндеп күдер үзе бастайды. Бұл кезде Шолақ түрмеден босайды. Баяғы жала жайына қалады. Тілеудің үйіне барып, Ғалияның жайына қанады. Ғалия деп кейінде қалған үй-ішінен безіп, бұл жақта қаңғып жүре беруді мақұл көрмейді. Ғалияның ажары мен ақылының сай болмағанына, жеңілдікке сайып кетуіне көзі жетеді. Өзінің ошағын, қатын-баласын сағынады, оларды тастап кеткеніне ренжиді.

Атандым Балуан Шолақ мен жасымнан, Тартады денем ауыр қорғасыннан. Бетіңнің алақандай қызылы үшін Айрылман қияметтік жолдасымнан. Болса да біздің қатын бостың босы, Жарасар жігіттікке жүрген қосы. Жұбымыз əлі күнге айрылған жоқ, «Қоса ағар алғаныңмен» деген осы, – деп, Ғалиямен біржолата арасын үзіп, өзінің еліне қайтады. Ғалия Қанапиядан кетіп, Қояндыға барып қымыз сатады. Онда Семейден келген бір байдың баласы Ғалияға қызығып, қырық аттың пұлын қалтасына салып, Ғалиямен еріп, Қараөткелге келеді. Қырық сегіз болыс Семей елі болып «еркекті əйел алып қашқанға» арланады. «Сырдың суы сирағынан келмейтін» Ғалия Қалимен Қараөткелде тұра береді. Арада бес-алты жыл өткенсін Қалиды ертіп Семейге келіп, оның бұрынғы əйелінен кешірім сұрап, өзінде бала болмағансын оның бір қызын сұрап алып, бойжеткенсін өз қолынан ұзатады. 1922 жылы Ғалия туберкулезден 35 жасында қайтыс болады. Балуан Шолақ пен Ғалияның арасындағы драма осымен аяқталады. Оқиғаның бітісі қалай болғанда да, екеуінің артында аңырап «Ғалия» əні қалады. Балуан Шолақ халық алдында əнімен, күшімен қадірлі болады. Өнер адамына тəн ол бастан-ақ құдайшыл, діншіл бола қоймайды. Қызықты осы дүниеден іздейді, соған халықты үгіттейді. Атасы-туысы Ұлы жүз болғанымен, жасынан Көкшеде өскен Шолақ əн дəстүрінде Біржанның, Ақанның əсерінен ауызданады. Ол Жетісуға келіп, бір шеті қырғыз ағайынды аралап, осы жақтарға Арқаның əншілік өнерінің жаюшысы болады. Осы мақсатта үйде болуынан түзде болуы көп болады. Ол өзінің бір өлеңінде сол дінге шорқақ екенін, түзде көп жүретінін анықтап айтып береді. Атанған мен жасымнан Шолақ едім, Намаз бен оразаға олақ едім. Айында қатын-бала бір көрмейтін, Мен жүрген ел шетінде қонақ едім, – дейді. Жас кезінде қыз-келіншектің пірі болғанын да Шолақ өлеңін де айтып жүреді. Баласы Баймырзаның Балуан Шолақ, Бойымда толып жатыр күш пен бақ,

Сұлу қыз, келіншекке тынышсызбын – Жалғыз-ақ тал бойымда мінім сол-ақ, – дейді. Ел еркесі болған Шолақтың жақсы қадамы болса мадақтап, жаза басқан істеріне ренжіп отыратын халқы оның өнер иесі екенін сезіп, қатты құрметке бөледі. Ал жоғарыда айтылғандай, орыс шаруаларымен болған жайсыз істерін Шолақ бері келе түсініп, ондай қадамдардан бас тартты. Əсіресе Қазан төңкерісінен кейін Шолақ мүлде өзгереді. Баяғы «тентектік» мінезді тастайды. 1918 жылы елге қашып келген большевиктерді ақтардан жасырады, оларға ат беріп, айтқан жерлеріне шығарып салады. Сөйтіп, халықтар достығы арқылы ғана жақсы заманға жетуге болатынын іс жүзінде көрсеткен большевиктік платформаны түгелдей мақұлдап, ендігі жасын сол жолда қызмет істеуге арнайды. Бірақ ол арманына жете алмай, 1919 жылы төрт-бес күн ғана ауырып, 55 жасында қайтыс болады. Жоғарыда айтылған əндерден басқа Шолақтан: «Талды көл», «Ащылы Айырық», «Қос перне», «Кенже қоңыр», «Құлан кісінес», «Діңкілдек», «Ыңғайкөк», «Желдірме», «Қос алқа», «Қос барабан», «Көкшетау» жəне бірнеше түрлі «Сарын» əндері қалды. Шолақ тың жұбайы Ғайнікейден 8 ұл, бір қыз болды. Бəти қыз да жасында күшті болған. Ол жөнінде мынандай əңгіме бар. Бəтидің күшін сынайын деп, күйеуінің құрдасы бір күні алып келіп азғырады. «Бəти сенің көзіңе шөп салып жүр, сен оны неге тəлкектетіп қоясың, неге сабап, жөндеп қоймайсың» деп, өтірікті шындай, шынды жындай қып сөйлейді. Бəтидің күйеуі аңқаулау адам болса керек, əлгі құрдасының айтқанына нанып, бір кезде Бəтиді жазықсыз сабай беретін болады. Бірақ ешбір жазығы жоқ Бəти: «Қояр, қайда барар дейсің» деп, мəн бермейді. Бір күні ауылда ешкім жоқта күйеуі Бəтиді тағы сабайды. Бəти олай-былай қой десе де, ол қоймайды. Бəти ашуланып кетіп, күйеуін бүріп алып, екі қолын, екі аяғын артына байлап, белдеуге қыстырулы тұрған адалбақанға асып қояды. Күйеуі тырп ете алмай, кешке дейін ілулі местей болып тұрады. Құрдасы өз үйінің жабығынан сығалап, миығынан күліп отырады. Осы кезде анадайдан ауылға мал қайырып келе жатқан Бəтидің атасы баласының адалбақанға асылып тұрғанын көріп қарқ-қарқ күледі. Бəти атасынан ұялып, жалма-жан шешейін деп келгенде, атасы шештірмейді: «Тұрсын, бəлем! Кім көрінгеннің сөзіне еретін неме ғой! Мұның аяғының осылай болатынын біліп едім! Рақмет, Бəтижан! Сазайын əбден тартқан екен» дейді. Бəти не

дегенмен атасынан ұялып, күйеуін шешеді. Сол кезде құрдасы да келіп, Бəтидің адал жар екенін айтып, тек оның күшін көргісі келгенін, құрдасының аңқаулығын пайдаланғанын əңгіме етіп, күлісіп тарқайды. Шолақтың бейіті Қайрақты қаласына жақын. Мола тұрған жерде ел жоқ болса керек. Шолақтың əндері, оның өмірбаяндық деректері əлі толық жиналып болған жоқ. Ел арасында көп болу керек. Сол сияқты Шолақтың суретін де таба алмай келеміз. Солай да болса, осы бір аз ғана жарияланған деректерді оқыған адамдар өздерінің қолдарында барларын Шолақтың қорына қосар деп сенеміз. Шолақтың əндері осы кезде радиодан, концерт сахналарынан, кеңес композиторларының туындылары ішінен үнемі естіліп отырады. Əнші, балуан жайлы белгілі жазушымыз Сəбит Мұқанов повесть жазды. Əлі де Шолақ туралы көркем туындылар жарыққа шығады. Өйткені оның өмірі мен шығармашылық істері өнегелі. (Ахмет Жұбанов. Замана бұлбұлдары. Алматы, 1963) Кенен ƏЗІРБАЕВ ҚАЖЫМҰҚАНМЕН КЕЗДЕСУ Жайлауда қалың елді аралап, əн салып жүр едім, Шүкірбек деген жігіт: – Кенен-ау, сені іздеп араламаған жайлау қалмады. Қажымұқан балуан Тоқпақ қаласында жатыр. Маған Кенен ақынды тауып əкеп беріндер деп, қатты сұрап еді. Кəне, жүр енді, үлкен кісі, əрі алыстан келіп отыр, ұят болады, – деді. Өзім де Қажымұқанды көруге құмар едім. Көктен тілегенімді жерден берді. Əлгі жігітке еріп Тоқпаққа жүріп кеттім. Келсем, Көксеңгір жайлауына ақ үйлер тіктіріп, өзі сол үйлерді аралап көріп жүр екен. – Ассалаумағалейкүм, – деп, келіп қолын алдым. Саусағына қолым жетер емес, күрек ұстағандай болдым. Түрінен адам қорқатын. – Ау, Кенен деген сен бе? Кəне, шырқашы, – деді. Мен ə дегеннен Балуан Шолақтың əндерін асқақтаттым. – Бұларды қайдан үйренгенсің? – деді. Мен:

– Ана бір жылы ауылға келгенде үйреніп қалып едім, – дедім. – Ой, бəрекелді, енді өз əндеріңді айтшы? – деді. Мен «Көкшолаққа» салдым. Домбырамды қағып, өз тіземді өзім шапақтай отырып: ...Жылдам жүрші, Көкшолақ, Шапшаң жүрші, Көкшолақ. Олай жүрші, Көкшолақ, Былай жүрші, Көкшолақ, Жамандатқыр Көкшолақ, Арам қатқыр Көкшолақ, Мені құрткан Көкшолақ... – деп шырқағанымда, ол ішегі қатқанша күлді. Ал «Базарым-ай, Назарым-айға» салғанда басын ұстап, жылап қалды. Сөйтсем, оның да бір баласы өліп, қам көңілді болып жүрген кезі екен. Жұрт: «Оу, палуан, сізге не болды? – деп, əрең жұбатып алды. Сол жолы қасында сегіз күн болып, əн шырқадым. Ажырасарда риза болып, ақ батасын берді. БАЛУАН ШОЛАҚПЕН КЕЗДЕСУ Еркебайдың ауылына Балуан Шолақ келіпті деген сөз жер жарады. Əркім əртүрлі айтады: ...Көкшетаудан Алатауға күресетін алыптарды іздеп келіпті. ...Сарыарканы, Орта жүз, Кіші жүзді адақтап, енді Жетісудағы Əсіреп, Шаңбай балуандарды сұрапты. ...Күрес болғалы жатқан көрінеді. Өзі дəу дейді. Əнші əрі ақын көрінеді... Мен не де болса ол кісіні көруім керек деп, қалай барудың есебін келтіре алмай жүргенімде, Еркебайдан «тез жетсін» деген хабар келді. Келсем, ел құжынап жиналып жатыр. Алты қанат ақ орда толы сауықшылар. Үлкендер үйде, жастар далада, бəрі əн тыңдайды. Мен де тыңдап отырдым. Əндері асқақ шығады, өзінің де даусы зор екен. Ынтыға тындаймын. Кіріп-шығып жүрген Еркебай мені көре сала: «Келдің бе?» деп, дереу үйге кіргізді де: – Мынау Кенен ақын, – деп таныстырды. Ол менің бас-аяғыма қарады да: – Ə, Кенен деген əнші сен бе? Мен сенің əндеріңді жолшыбай əр елден естіп келемін. Кəне, шырағым, шырқашы! – деді. Мен əуелі «Бозторғайды», онан соң «Көкшолақты», «Көпшілік, тыңда əнімді» деген əндерімді айтып бердім. Ол үнсіз тыңдап отырды да:

– Пəлі, нағыз əнші өз ауылдарыңда екен ғой, дауысы да құлаққа жағымды екен... – деп мақтады. Еркебай менің жайымды түсіндіріп: – Бұл баланың бағы ашылмай жүр. Ертелі-кеш қой соңында жүреді. Қу жоқшылық өнеріңді өсіруші ме еді?.. – деп жатыр. – Тобыма қосып, шəкірт етіп алайын, – деді Балуан. – Өзім жас, əкем қарт... – деп сылтау айтып едім, ол тағы да: – Өнер жастықты талғамайды, үйреніп кетесің, ал əкең болса, ел іші ғой, бір шалды жалғызсыратпас, – деді. Қысқасы, Нұрмағамбет сол жолы мені Олжабай, Ноғайбай, Байболат, Қасабек ауылдарына, тағы да басқа жерлерге қалдырмай ертіп жүрді. Талай əнін ұғып алдым. Өзі тыныстаған кездерде оның əнін мен шырқадым. – Кененім, жарайсың, өнерін өрлей берсін, – деп маған риза болып кетті. (Кенен Əзірбаев. Таңдамалы шығармалары. Алматы, 1974) Бəтен (Бəтима) НҰРМАҒАМБЕТҚЫЗЫ ЖЫЛАТЫП МЕНІ ҚАЛАЙ ҚИЫП БЕРДІҢ? (Ұзатылып бара жатқанда əкесі Балуан Шолаққа мұң шағуы) Үш жүзге атың шыққан Тəтем едің, Базарда пұлың қымбат сəтен едің. Жылатып мені қалай қиып бердің? Ортаңда ерке елік, Бəтен едім! САҒЫНЫШ Бауырында Тастыөзектің əн бар ма екен, Бойында жан əкемнің мін бар ма екен. Жылаймын күні-түні сағынғаннан, Ойында сол əкемнің мен бар ма екем?!. Жағасы кей өзеннің ойдым-ойдым, Əкежан, ойлаудан мен қашан тойдым.

Бұлғақтап албырт шақта-ай жүрген басым, Жетім қып дүниеге неге қойдың. *** Баурында Астыөзектің ін бар ма екен, Бойында жан əкемнің мін бар ма екен. Жылаймын күні-түні сағынғаннан, Ойында сол əкемнің мен бар ма екен, А-а-а. Жағасы бұл өзеннің ойдым-ойдым, Əкежан, ойлаудан мен қашан тойдым. Бұлғақтап албырт шоқтай-ай жүрген басым, Жетім ғып дүниеге неге қойдың, А-а-а. («Балуан Шолақ» жинағынан) Қалмақан ƏБДІҚАДЫРОВ БАЛУАН ШОЛАҚПЕН КЕЗДЕСУ Үш атты көсем жеккен күймелі шана, қалың қарды пышақтай тіліп, Ақмолаға қарай келе жатты. Түтеген боран бөгеп, жолдағы бекетке екі күн түнеп қалып еді. Айналадағы елден бекетке келген бірлі-жарымды кісілер арқылы: «Патшаның тау көтеретін палуаны келе жатыр екен», – деген лақап ауылдан ауылға лезде тарады да кетті. Тізбектеліп ұшқан үйректей, күйме сүйреткен көсем аттар қары ойылып, қайырулы тұрған қақпадан сып етіп бекеттің қорасына кірді. Бурыл тартқан Рысбек бекетші кешкі шөбін салып, мал қорасының есігін жаңа ғана жауып болып еді. Күймелі қонақты қошеметпен қарсы алды. *** Қажымұқанның жастығын биік қойып, басын жоғары көтеріп ұйықтайтын əдеті еді. Көзі тез ілініп, тез оянатын. Албырттанып, ештеңені аңғармайтындай болып отырып, не ұйықтаған болып жатып, айтылған əңгімені түгел есітетін. Бірақ «Пəленше соны айтты» деп тіс жармайтын. Біреудің сыртынан сөз айтуға қаны қас адам еді.

Ас пісіп, түсіріліп жатқанда, бір күшті қол қақпаны соғыпсоғып жіберді. Оның дүмпуі ағаш үйдің іргесін солқылдатқандай болды. – Ойпыр-ай, мұнысы кім еді, тағы? –деп, алғашқы кесек етті тегенеге сала берген əйел ерінің бетіне қарады. – Дəу де болса, палуан шығар осы... Алдыңғы күні ауылына келді деп еді. Мен шығайын, – деп, шараны жерге қойып, Рысбек тұра жөнелді. Қақпаға жете бере: – Бұл кім? – деді тонын иығына жамылған бекетші. – Қақпаңды аш, Нұрмағамбет! – Ой, айналайын-ау, аңсаған кезде дидарыңды бір көрсеткелі құдай айдап келді-ау, сізді... – деп есікті тез ашып, атының шылауына оралды Рысбек. – Атты ықтасынға байла. Қатты жүріп терлеңкіреп қалды. – Палуан, ат жайын өзім білем. Үйге кіре беріңіз. – Бекетшінің əйелі төр алдында үстіне іркіп жапқан жүндес шекпен төбедей болып жатқан мырзаға тұр дей алмай, соған таяу төрт қабаттап көрпе төседі. Палуан сырт киімін шешіп, отырды да, үй-ішімен түгел амандасты. – Палуан-ай, сізді көрмегелі де көп болды-ау... Ауылға келгеніңді естіп едік. Барып сəлемдесуге ақпанның қары үстемелеп, мойын бұрғызбай жатыр... – деп, Рысбек есіктен кіре сөйледі. Оған жауап қайтармай, қамшысын бүктей нұсқап: – Есік алдындағы үйілген дөңдей күмпиіп жатқан мынауың кім өзі? – деп, жатқан мырзаға көз қиығын салды палуан. – Ол бір Сарытерек жақтағы мырза көрінеді. Петерборға барып, қой сатып қайтқан ба, қалай... Күймемен қайтқан екен, жол соғып шаршап қалған көрінеді. Күн батқан соң келіп еді, демалып жатыр. – Кім екен? – Білмедім, палуан, елдес деді ме, жанбілмес деді ме, бір рудың атын айтып еді, есіме түсіре алмадым... Балуан Шолақ көтеріңкі дауыспен: – Онда, үйілген көң екені анық болды ғой, жатсын, – деді. Мырза ыңыранып барып басын көтерді де, палуанға көз қиығын салып, үндемеді. – Мырза, қайдан келесің? – Петербордан. – Я, ол жақтағы ел аман ба? – Аман.

– Патшаның палуаны – Қажымұқан деген біреуі бар деп еді, оны көрдің бе? – Жоқ. – Сандалып талай жерге барсаң да, ауылда мен көрген Қажымұқанды көре алмаған екенсің? – Сіз оны қалай көрдіңіз? – Көргенде, əкесін таныттым, қар басқан бір бекетте отыр екен. «Мен патшаның палуанымын», – деп былшылдады. Отырған жерінде бүріп ұстадым да, жан-жағыма алма-кезек қарап алып, атып ұрып, далаға лақтырып жібердім. – Өтірік айтасыз, оны көрген жоқсыз. Қажымұқанды атып жіберу үшін алдымен менімен бел ұстасып көру керек! – Е, ондай да өнерің бар ма? – Бар. – Ендеше, орныңнан тұра ғой! Мырза бешпентіне таққан медальдары сылдырап ұшып тұрды. Нұрмағамбет те атып тұрып, Қажымұқанды баурына құшақтай басып: – Атағың шығып, елдің абыройы болған бауырым, сағынып жүргенде, сені де көрдім ғой!.. Əкел бетіңді... Қазақтың екі палуаны бекетшінің үйінде осылай кездесті. («Қажымұқан» повесінен) Борис ЕРЗАКОВИЧ БАЛУАН ШОЛАҚ ƏНДЕРІН ЖАЗЫП АЛУЫМНЫҢ ТАРИХЫ Балуан Шолақтың əндерін алғашқы рет мен отызыншы жылдары, Алматыда, Қазақ КСР Халық Комиссарлары Кеңесі жанындағы Қазақ радиохабарлары студиясында əн шырқағандар аузынан жазып алдым. Сонда жазып алған 500-ден аса халық əнінің ішінде халық композиторларының шығармалары аз емес-ті. Алайда Балуан Шолақтың небəрі төрт-ақ əні бар болып шықты. Бұлар Нұғыман Əбішев айтқан «Ғалия», Ілияс Шəймерденов орындаған «Балуан Шолақ», Тұрғын Шынтеміров салған «Балуан Шолақ əні» мен «Келмейді топ жиылмай менің сəнім» əндерінің əртүрлі нұсқалары еді. Бұл əндер мені еркекке лайық өзіндік əуенді-ырғағымен, күрделі ритмикалық əуезімен жəне поэтикалық өлеңінің қуаты, əрі

батырға тəн рухымен баурап алған-ды. Сондықтан да жазушы Дүйсенбек Еркінбековпен 1938 жылы мамыр айында ауыз əдебиеті үлгілерін, музыкалық фольклорды жинау үшін экспедицияға аттанғандағы басты мақсаттарымның бірі Балуан Шолақтың əндерін тауып, жазып алу болатын. Көкшетау облысының Степняк атты кішігірім қаласында, жергілікті тұрғындардың кеңесімен біз ауыл клубында көркем өнер паздардың концертіне қатысып жүретін алтын кеніш қосалқы шаруашылығының күзетшісі, 80 жастағы Мақам Қалапбергеновпен кездестік. Жасының бірталайға келгеніне қарамастан, Мақаң ширақ, ақжарқын, əңгімеге үйір адам болып шықты. Дауысы жақсы сақталған, жады да таңғаларлық мықты екен. Клуб ішінде мен Мақаңнан əнді естіген бойда нотаға түсіре бастадым. Ол өлеңді қайталап айтқан сəттерінде шығарма əуенінен еш ауытқымай, тіпті өлең сөзінің музыка тіліне дəлме-дəл түсуіне көмек көрсетіп отырды. Оның үстіне Мақаң халық əндері мен халық композиторларының, əсіресе, Біржан сал əндерін өте жақсы білетін еді. Себебі ол көп жылдар бойы салдың жанына ерген жігіттер тобында болып, Біржанмен талай ауылды бірге аралап, оның əндерін естіп-үйреніп, өзі де айтатын болған. Біржанды еске алғанда Мақаң: «Ол тəкаппар, батыл адам еді, қызбалығы да бар-ды. Лауазымды жандарға өз ойын тіке айта алатын, айтысса айтқанынан қайтпайтын, аузымен құс тістеген шешен, кейде тіпті қауіпті істерге де бас тігуге əзір адам еді», – деді. Біржанның оннан асқан əнін жазып алган соң, Мақаң Балуан Шолақтың «Ғалия», «Шолақтың Назымы» деген екі əнін айтып берді. Балуан Шолақтың басқа əндерін ол білмейді екен, бірақ жаңағы əндердің өзі-ақ басқа композиторлардың шығармаларына ұқсамайтын ерекше əуенімен мені бұрынғыдан да қызықтыра түсті. «Степняктан» кейін біз Дүйсенбек Еркінбеков екеуіміз Еңбекшілдер ауданындағы «Мəдениет» колхозына келіп, колхозшы Исатай Жұмабаевтың домбырамен тартқан «Мұңды қыз» атты шертпе күйін жəне мұғалім Қорлан Мəкенова айтқан бірнеше əнді жазып алдық. Жазып болған кезде мен Қорланнан: – Сіз Балуан Шолақтың əндерін білесіз бе? – деп сұрадым. Қорлан ойланып, сəл үнсіз қалды. Содан соң: – Қазір оның əндерін бұл арада ешкім айтпайды. Бəлкім, оның қызы Бəтен білетін шығар, – деді.

Сөйтті де бізге, Бəтеннің үйіне қалай баруға болатынын көрсетіп жіберді. Бəтеннің үйі балшықтан соғылған жалғыз терезесі бар жартылай жеркепе екен, оның өзі ауылдағы ағаштан салынған, не кірпіштен тұрғызылып, жан-жағы жасыл желекпен көмкерілген, бау-бақшасы, қора-қопсысы бар үйлердің бəрінен шеткеріректе, жападан-жалғыз тұр еді. Дүйсенбек киіз үйдің есігіндей жіп-жіңішке аласа есікті қағып көріп еді, бірақ ешкім аша қоймады. Үй иесі бір жаққа шығып кеткен болар деп ойлап, біз есік алдындағы нəн кесекке тізе бүгіп, күтіп калдық. Көп ұзамай, үйден əріректе тұрған қауғалы құдық жақтан ұзын бойлы, бүрмелі кең көйлек пен жіңішке беліне шақ қыналған қамзол киген бір əйел бізге карай келе жатты. Ол мойынағашпен шып-шып толы шелек суды көтеріп келе жатқанына қарамастан бүгілмей, бүкіреймей, аяқтарын жеп-жеңіл басып, тіп-тік жүріп келеді. Балуан Шолақтың қызы Бəтен Нұрмағамбетова – сол екен. Жас болмағанымен, оның спортшыға тəн сұлу сымбаты мені таң қалдырды. Оның кескін-келбеті – сопақша келген қараторы өңді, кең маңдайлы, мұңды болғанымен, жылы нұр шашатын əдемі көздері, түзу түскен мұрны, əппақ тісті кішкентай аузы – есімде қалып қойды. Басына үлкен ақ шəлі тартқан екен, самайынан ақ шалған қара шашы көрініп тұрды. Əуелі Бəтен бізге жатырқай қарап қалды. Бірақ Дүйсенбек біздің қайдан, не үшін келгенімізді айтқан соң, өңі жылып, бізді қуана үйге кіруге шақырды (кейінірек, Бəтен əңгіме үстінде, үй сыртында бөтен адам тұрғанын көргенде, күйеуімді алып кетуге келгендер екен деп қатты қорықтым деді). Біз төбесі аласа, күңгірт, еденге салынған тақтайлары қиқыжиқы бөлменің ішіне кірдік. Бөлмеде кішігірім сандықша, бір үстел жəне үш орындықтан басқа ештеңе жоқ екен. Қабырғада ұзын тілі бар арзан сағат ілулі. Бір бұрышта кішігірім плита бар екен, сол жанып, үйге жылу беріп тұр. Екінші жақта, киізбен жабылған аласа сөреде, қалың мақта көрпе жамылып, күйеуі Бекен Ахметов жатыр. Оның бет-аузын тер басып кетіпті, шамасы, жаңа ғана сырқаты асқынып, безгегі ұстап, денесін тоңдырып, мұздатып əбігерге салған болуы керек. Бірақ ақыл-есі орнында екен. Біз жанына келіп, сəлемдестік. Ол: – Есікті қаққандарыңызды естідім, бірақ тұрып барып ашуға дəрменім болмады, – деді. Біз бұған дейін талай ауылда болып, нешеме үйлерге кіріп-

шығып жүріп, дəл мынандай жұпыны тіршілікті көрмегендіктен, таң қалып, таңырқап отырдық. Бəтен үстел үстіне шəйнекті, бауырсақ салынған тегешті əкеп қойып, бізді дастарқанға шақырды. – Біздегі бары осы, ренжімеңіздер, – деп, басқа сый-сияпат көрсете алмайтынына қамығып қалды. Сөйтті де, Бекеннің жанына отырып, шайды еппен, қасықтап күйеуіне ішкізе бастады. Шай ішіп болган соң біз орындықтарымызды Бекеннің төсегіне жақындатып əкеп отырдық. Сонан соң біздің өтінішіміз бойынша Бəтен əкесі жайында, өз өмірі туралы айта бастады. Бұл, əлбетте, өз өмірлерінің қуанышы мен қайғысы жайлы ұзақ сыр еді. Бəтеннің үні байсалды, ол ақырын дауыспен сөйлеп отырды, аса бір қиын сəттер есіне түскенде езуінде мысқылды күлкі пайда болып, сəл үнсіз қалады, бұл оның басына түскен ауыр сынның салмағын танытып жатқан-ды... Бала кезінен-ақ оның əкесі Нұрмағамбет Баймырзаев өте күшті əрі батыл болып өсті. Бір жылы, күзде, ол өзі теңдес балалармен далада, жылқы күзетінде болады. Жылыну үшін балалар от жағып қояды. Жəне кім-кімді тартып əкетеді деп күш сынасып, арқан тартып ойнауға кіріседі. Арқаннан сақина жасап, оны қолтықтың астынан өткізіп, балалар бір-біріне арқасын беріп тұрып екі жаққа тартуы қажет. Бір жақта Нұрмағамбет те, ал екінші жақта оның үш қарсыласы тұр. Нұрмағамбет бар күшін жұмсап, сақинаны тартып кеп қалғанда, аналар жалп етіп құлайды, бірақ бұның өзі де күшін тежей алмай, жанып жатқан шоққа құлайды да, оң қолының саусақтары қатты күйіп қалады. Иығына таңып алған оң қолы көпке дейін жазылмаған, жұмыс істегенде, ойын ойнағанда тек сол қолы ғана жарамды болған. Сондықтан да балалар оны Шолақ атап кеткен. Кейінірек елге əйгілі əнші, палуан болғанда, халық оны Балуан Шолақ деп атаған. Ол 55 жасында, 1919 жылы дүние салған екен, небəрі бес-алты-ақ күн ауырыпты. – Мен əкеме тартқанмын, ал ағатайым шешеме ұқсаған-ды, – деді Бəтен. Əкесі жиі жолаушылап кететін, үй шаруашылығының бəрін өздері жүргізетін. Ол көбінше ұл балаша киінеді екен, атқа мінуді ұнататын, күшті де епті болып өсіп, талай рет бəйгеге де қатысқан көрінеді. Атпен ағызып келе жатып, жердегі қойды іліп алатын болған, қашқан құлынды жаяу қуып жетіп, құйрығынан ұстай алғанда, ол тыпыр ете алмай қалады екен. Есебі, балуан əкесінің

күші қаны арқылы ұлына емес, қызына берілсе керек. Бəтен он алтыға толғанда Бекен деген баласына алып бермек болып ірі бай құда түседі. Бекенге ұзатылған Бəтен жап-жақсы өмір сүре бастайды. 1928 жылы байларды кəмпескелеу басталады, олардың малмүлкі тартып алынды, атасы айдауда кеткеннен елге қайтып оралмады. Үйлі-баранды үлкен семьяның тоз-тозы шығып, быт-шыт болады. Ал Бекен мен Бəтен колхозға кіріп жұмыс істеді, əйтеуір колхоз бастығы алыстан қосылатын туыстары еді, Бекен малшы, өзі сауыншы болды. Бірақ көп ұзамай қаһарлы 1937 жыл келді. Бұларға жылы қабақ танытқан колхоз бастығын, Бəтеннің ағасын жəне басқа да көптеген колхозшыларды ұстап əкетті. Олардан хабар-ошар болмады. Бекенді де ұстап əкететін еді, бірақ ол осынау көзімен көргендерінің əсерінен жүйкесі жұқарған болар, мұрттай ұшып, ауырып жатты (шамасы, паралич ұрған болуы керек), əйтсе де баяғы байдың тұқымы деп бұларды колхоздан шығарып тастады, өздерінің тұрған үйінен қуып шығып, қай кезде кімнің тастап кеткені белгісіз осы ескі тамға көшірген. Міне, бір жыл болып қалды, осында тұрып жатыр. Бəтен мектепте еден жуушы болып істеп, содан тапқан-таянғанымен күн көруде, кей-кейде көрші-қолаң огородын жинауға, басқа да шаруасына көмектесуге шақырады, бірақ көпшілігі бұлармен қарым-қатынас жасауға жоғары жақтағылардан қорқады. Басқа бір жаққа көшіп кетуге мүмкіндік жоқ. Бекен тəуір болатын емес, оны емдейтін де адам жоқ.... Бəтеннің Бекенге қарым-қатынасынан оның күйеуін сүйетінін, жаны ашитынын, оны зор қамқорлықпен, шыдамдылықпен бағыпкүтіп отырғанын байқадық. Біз Балуан Шолақтың əндері жайында сұрадық. Ол: – Мен бұрын да əн айтып əуестенбеген едім. Есесіне, Бекен əнді жақсы айтатын. Əкемнің көп əндерін біледі, бірақ қазіргідей жағдайда ештеңені орындай алатын қауқары жоқ, – деді. Əйтсе де біздің өтінішімізді байқаған Бəтен күйеуінің бетіне үңіліп, оған еркелете: – Бекен, орныңнан тұрмай-ақ, əкемнің тым құрыса бір əнін айтып берсең қайтеді, – деп үн қатты. Бекен де меселін қайтармай, ақырын дауыспен «Шолақтың əнін» айтып берді. Мен жазып алдым. Бəтен əннің өлеңін айтып жаздырды, əр нотаға келер сөзді дəл табуға көмектесті.

Біз қайтуға жиналғанда, Бəтен біртүрлі ұялыңқырап тұрып, қобалжи: – Əкем жайында, соның əуеніне орай «Сағыныш» деген əн шығарып едім... – деді. Мен ол əнді де жазып алдым: Бауырында Тастыөзектің əн бар ма екен, Бойында жан əкемнің мін бар ма екен. Жылаймын күні-түні сағынғаннан Ойында сол əкемнің мен бар ма екем?!. Жағасы кей өзеннің ойдым-ойдым, Əкежан, ойлаудан мен қашан тойдым. Бұлғақтап албырт шақта-ай жүрген басым, Жетім қып дүниеге неге қойдың. Жан-дүниемді толқытатын бұл əннің əуені тыныш жатқан көл бетіндегі майда толқынның тербелісіне ұқсас еді, қыз баланың əкесін ойлап мұңаюын – тұрмыстық жанрдағы жоқтау түріне жатқызуға болар еді, дəстүр бойынша жоқтау кісісі қайтқан үйде бір жылға дейінгі аралықта айтылар еді. Əйтсе де ет жақын адамдар ішінде одан кейінгі мезгілде де басқаша атпен, музыкалық, поэтикалық жағынан байытылып, дамытылған əртүрлі əндер орындала беретін. Əндердің бірталайы-ақ жазылып алынды. Бəтеннің «Сағынышы» да осындай жоқтаудың бір түрі-тін. Шамасы, бұл əннің əуенін де Бəтен өзі шығарған болуы керек, себебі ол Балуан Шолақ əндерінің табиғатына келмейтін. Бəтен кішіпейілділік танытып, əнді өзі шығарғанын ұялып айтпады-ау деймін. Ертеңіне, мен тағы да мұғалима Қорлан Мəкеноваға оның əндерін жазып алуды жалғастыру үшін келгенімде, Бəтен мен күйеуінің тұрмысының тым ауыр екенін тілге тиек еттім. – Олардың жайын жақсы білемін, – деді Қорлан, – колхозда оларды еңбекқорлығы, адалдығы, кішіпейілділігі үшін жұрттың бəрі қатты сыйлайтын. Колхоздан қуып шыққанда, Бекен қатты ауырып қалды, Бəтенді біз жасырын түрде əрең деп мектепке үй сыпырушы ғып орналастырдық. Бұрынғы байдың əйелі деп, оған көмектесуге ел қорқады. Адамдар бір-біріне сенуден қалды, сырттан жазып жібереді деп шошиды. Бəтен туралы əңгіме үстінде Қорлан ел ішінде тарап кеткен, оның əйелге біте бермейтін күші мен қуаты, батылдығы жайлы мына бір-екі мысалды айтып берді. Екеуі де революцияға дейінгі кезде болыпты.

Бұл Бəтеннің қыз күнінде болған окиға екен, бір жолы ол орманға отын жинауга барыпты, содан қайтып келе жатқанда арбаның тəртесі сынып қалады. Бəтен балтамен лайықты бір ағашты кесіп алып, жонып, енді арбаның алдыңгы жағына байлайын деп жатса, аяқ астынан, шамасы, балтаның шапқан дауысын естіген болуы керек, орманшы атпен жетіп келіп, ағашты неге шабасың деп ұрсып, қолындағы нагайкасын Бəтенге сілтеп қалады. Бəтен асып-саспай, оның қолындағы қаруын жұлып алып, өзін аттан сыпырып түсіріп, қол-аяғын қайырып таңып, ағашқа байлайды да, өзі кетіп қалады. Орманшы бейшара «көмектесіңдер» деп айғайлап, ақыры оның даусын əлдекім естіп келіп, қол-аяғын шешіп босатқанша кемі екі сағаттай өтіпті дейді. Осыдан кейін орманшы елге күлкі болудан корқып, басқа жерге қызметке ауысып кетіпті. Екінші жағдай Бəтеннің тұрмыс құрғандағы алғашқы жылында болса керек. Бекен екеуі бірін-бірі сүйіп қосылғандықтан татутəтті тұрыпты, не істеп, не қоям десе де күйеуі оған еш қарсылық жасамапты. Алайда оның ата-анасы мен толып жатқан туыстары Бəтен тарапынан байдың келініне жараспайтын, əрі дəстүрге немкеттілікті танытатын қылықтарын көріп, жаратпай жүреді. Мəселен, самауырдың түбінде үн-түнсіз отырып сағаттап шай құйып беруге, кесе ұзатуға, ата-енесі мен үлкендер не айтса да қарсы келмеуге Бəтеннің шыдамы жетпейді, т.т. дегендей. Баяғы өз үйіндегідей ол сиыр саууды, бие саууды, жігіттермен қосылып атқа шабуды, бəйгеге қатысуды, жастардың түрлі ойындарына қатысуды ұнатады. Шамасы, əке-шешесінің ақыл айтуымен шығар, Бекен бір жолы келін қандай болуы керектігін келіншегіне үйретуді ойласа керек. Бірақ жанжал үстінде Бəтен Бекенді алып ұрып, киізге орайды да, сыртынан арқанмен таңып, шаңыраққа көлденеңінен асып қойып, үй ішінде бесік тəрізді тербетіп отырады. Бекен қорыққанынан бар даусымен айқай сап жатады, оның даусын естіп шуылдап жұрт жиналады, бірақ Бəтен үйге ешкімді кіргізбейді. Киізді өзі жерге түсіріп, өзі шешіп алады. Сөйтіп, күйеуі екеуі қайтадан татуласады. Содан соң-ақ Бекен қиқар келіншегіне енді қайтып тəрбие үйретпесе керек. Олар бұрынғысынша тату-тəтті өмір сүре береді... Бұл əңгімелердің қаншалықты рас-өтірігін білмеймін, бірақ «өрт болмаса, түтін қайдан шықпақ» деген мəтел де бар емес пе. Бəтен мен Бекеннің жағдайына жанымыз ауырып, «Мəдениет» колхозынан Дүйсенбек екеуіміз өте пəс көңілмен аттандық. Ауаткомға не аудандық партия комитетіне барып, Бəтен мен

Бекенді жөнсіз қудалауды қойдырыңдар деп тілек білдіру мүмкін емес-ті, əрі қауіпті де еді. Ол жылдары біз сияқты сырттан келушілерге де күдіктене қарайтын, құжаттарымызды мұқият тек серіп, қай колхоздарға баратынымызды анықтап, кім дермен кездесетінімізді, олардан қандай əн, күйлерді жазып алатынымызға дейін сұрап қоймайтын. Мұндай күдікшіл көзқарас түсінікті де еді. Басшылардың қай буыны болсын, əрқайсысы өз басының, өз тағдыры үшін қорқып зəресі үшатын. Ол жылдардағы қанды террор тырнағына мың-мыңдаған ешбір кінəсі жоқ адамдар ілі гіп, азап пен қасіретке тап болып кетіп жатқан. Бəтен мен оның күйеуі екеуінің одан кейінгі өмірлері қандай болғанын білмеймін. «Мəдениет» колхозына өз басым сол кеткеннен қайтып барған емеспін. Содан бері жарты ғасырдан аса уакыт өтсе де, баяғы Қорлан Мəкенова жəне колхоздың басқа тұрғындары əлі аман-есен шығар, солар тамаша халық композиторы Балуан Шолақтың, оның затына лайық қызы Бəтеннің кейінгі тағдыры кандай болғанын хабарлайтын шығар деген үмітім əлі сөне қойған жоқ. Тағдыр салған зор тауқыметтің бəрін бастан кеше жүріп, жүрегіндегі жылы шуақты жоғалтпаған сол бір ғажап əйел бейнесі менің есімде мəңгі қалып қойды. Балуан Шолақтың Мақан Қалапбергенов айтқан екі əні жəне Бекен Ахметовтен естіген бір əніне қоса, мен сол жолы Сол түстік Қазақстан облысының Еңбекшілдер ауданында Дəулет Қамкеновтен «Ей-ай-яй» (қайырмадағы сөз) əнін, Семей облысында Шайхы Мұқашевтың орындауынан «Жастық» əнін жазып алдым. Бұдан кейінгі менің соғысқа дейінгі сапарларымда жинап алған 200-ден аса əндерімнің ішінде Балуан Шолақтың бар-жоғы бес-ақ əні бар-тын, олар негізінен бұрын жазып алғандарымның əртүрлі нұсқалары еді. Осылайша, Петропавлда 1939 жылы Жамал Жетпісбаевадан «Балуан Шолак» əнін, Қарағанды облысының Теңіз ауданында Қосымжан Бабақовтың орындауында «Ғалия», «Сентябрь» əндерін жазып алдым. Солтүстік Қазақстан облысы Октябрь ауданының «Еңбек» колхозында 1940 жылы белгілі ақын əрі əнші-композитор Молдахмет Тырбиевтің айтқанынан «Балуан Шолақ», «Ғалия» əндерінің жаңа нұсқаларын жазып алдым. Алайда Мұхит, Біржан сал, Ақан сері, Абай жəне басқа да халық композиторларының жазылып алынған əндерімен салыстырғанда, Балуан Шолақтың шығармалары жоқтың қасы еді, мұның өзі мені

Балуан Шолақ творчествосының көпшілігі жоғалып біткен екен деген ойға қалдырды. Бірақ, бақытымызға орай, арада 12 жыл өткен кезде, тіпті аяқ астынан, Балуан Шолақ туған өлкеден мүлде жырақта, оның бірталай өлеңдері шыға келсін! Ол былай болған еді. 1952 жылы шілде айында, ол кезде мен Қазақ КСР Ғылым академиясының Президиумы жанындағы көркемөнер секторында ғылыми қызметкермін, Академияның вице-президенті Нығмет Тінəліұлы Сауранбаев мені үйіне шақырып, сол арада қонақ боп отырған ақын, əнші əрі композитор Кенен Əзірбаевпен таныстырды. Кенен жөнінде айтып тұрып, оның əндері халыққа кең тарап кеткенін, енді соларды жазып алып, зерттеп, жарыққа шығару керек деді. Болашақ жинақтағы материалға қажетті өмірбаяндық деректерді өзім беремін деді. Сол кеште Кенен бірнеше əндерін орындады, ол əндер өзіндік ерекшелігімен, ал əнші болса күміс тембрлі сұлу үнімен əрі орындаушылық шеберлігімен қызықтырып əкетті. Келесі күні Кененнің 40 əнін жазып алатын болып шарт жасастық, сондай-ақ секторда Кенен творчествосын зерттеу тақырыбы белгіленіп, ол маған тапсырылды. Келісімшартты орындау барысында Кенен анда-санда Алматыға 2-3 күнге келіп, біздікіне тоқтайтын, біздің үйде оның əндерін біз нотаға түсіріп жүрдік. Ол кезде магнитофон дегеніңіз жок, нотаға əнді тыңдап отырып естуім бойынша түсірем, мұның өзі уақытты көп жеп қояды. Кенен əндерінің əуені, əсіресе революцияға дейінгілері үндік, ырғақтық жағынан өте күрделі боп келеді, содан да осындай күндізгі шаруалардан кешке қарай екеуіміз де қатты шаршап-шалдығатынбыз. Сондықтан да, мынандай күймен белгіленген мерзімде жұмысты жазып бітіре алмайтынымызды байқаған соң, Кенен əнді жазу үшін Отардағы оның үйіне келгенімді жөн деп тапты. Сауранбаев Кененнің ұсынысын құп алды. Маған кешікпей іссапар қағазын, Кененге тиісті қаламақыны түгел берді, мен оны Кененге жазып біткен соң табыс еттім. Сөйтіп, біз Кененнің Отар поселкесіндегі кішігірім там үйінде 15 күн бойы, таңертеңнен түске дейін, одан түн ортасына дейін, жетілік кəрəсін шамының жарығымен жұмыс істедік. Бірде осындай жұмыс арасында, біз шартта көрсетілген əндерді əлі түгел жазып бітпеген кезімізде, Кенен: «Балуан Шолақтың əндерін де жазып қалшы» деп өтініш айтты. Мені бұл өтініш əуелі таң қалдырды. – Балуан Шолақ болса, Жетісудан мүлде алыс жатқан басқа өлкеде туған, сен оның əндерін қайдан білесің? – деп сұрадым.

Сонда Кенен маған төмендегі жайтты баяндап берді. Ол 15 жасқа толып, ел алдына енді-енді шыға бастағанда, Жетісуға Балуан Шолақ келген. Достарының кеңесімен Кенен Балуан Шолақтың алдына келіп, салтты сақтап бір тізерлеп отырған күйі «Балуан Шолақпен кездескенде» деген əнін шырқаған. Балуан Шолақтың əндерін де, өзінің онымен кездескендегі əнін де Кенен өте жақсы біледі. Кенен маған сондағы өз əнін салып берді: Мен келдім сəлем беріп, батыр аға, Атағың кең жайылған Сарыарқаға. Бала едім жаңа талап, іздеп келдім, Өзіңнен сұрайын деп ақыл, аға. Атыңа, ардақты аға, құмар едім, Нашарға саяқ түскен шынар едің. Қасыңда тоғыз жігіт жолдасың бар, Жақтырсаң, мен де бірге шығар едім. Көзіңнің қырын салшы, Балуан аға, Даңқыңыз талай елге кеткен дара. Бала едім жаңа талап ақын-əнші, Əніңді үйренейін алуан, аға... Балуан Шолаққа, шамасы, жас əншінің қолқасы ұнаған болуы керек, одан өзінің əндерінің бірнешеуін орындап беруін сұраған көрінеді, Кенен сол арада «Бозторғай», «Көк шолақты» шырқайды. Балуан Шолақ Кененді шын ұнатып, өз жасындағы жігіттердің тобына қосылып жүруіне рұқсат етіпті. Сөйтіп, Кенен он жылға жуық Балуан Шолақпен жиі кездесіп жүріп, оның əндерін тыңдап, жаттап үйреніп алған. Ол Балуан Шолақтың басқа ақындармен айтыстарының куəсі де болған, бірақ өзі онымен айтысқа шықпаған. Жайлауда, таза ауада, киіз үйде, яки қыстаудағы жылы бөлмеде əн шырқалып болған соң, Кенен жəне басқа да жас əншілер Балуан Шолақтың өміріндегі əр алуан оқиғалар жайында оның өз аузынан талай қызық əңгімесін түннің бір уағына дейін тамсана тыңдайтын. Өз əңгімесінің соңында Кенен маған: – Менің ұстаздарым Сарыбас, Жамбыл жəне Балуан Шолақ... – деген-ді. Осылай деп сөзін аяқтаған соң, Кенен нотаға түсіріп алу үшін Балуан Шолақтың 11 əнін шырқап берді, бұл əндер жинақта (Кенен Əзірбаев. Алатау шыңы. Алматы, 1974 ж.) тұңғыш рет жарияланды. Сөйтіп, Кененнің арқасында Балуан Шолақтың артында қалған өлең мұрасының ішіндегі едəуір бөлегін жазып алуға мүмкіндік

туды. Мұның бағалы жағы сол, Балуан Шолақтың тура өз аузынан естіп үйренуінде ғой, ал Кененнің өзінің ғажап музыкалық қабілет-дарынын еске алатын болсақ, ол айтып берген əндерді Балуан Шолақтың тура өзі шырқап тұрғанда жазып алынды деп қабылдауға əбден болады демекпіз. («Балуан Шолақ» жинағы. Алматы, 1998) Сəбит МҰҚАНОВ БАЛУАН ШОЛАҚ (Аңыз) Бұл күнде қырық тоғызда менің жасым, Қамалдың бұзар кезім тау мен тасын. Кешегі сентябрьдің базарында1, Көтердім елу бір пұт кірдің тасын. Жиылып орыс-қазақ таң қалысты, Болды деп Қаһарманнан2 мынау басым. Залок3 сап жетпіс бес сом күрескенде, Сындырдым Карон балуан қабырғасын. (Балуан Шолақтың өз өлеңінен) 1. «АЛЬІП – АНАДАН ТУАДЫ» Ол ауылдың қыстауы Қайрақты көлінің жағасында, қалың орманның арасында еді. Қабағына қайғының бұлты оралып, кеудесін кернеген шерді, күркіреген күндей уһлеумен жеңілткісі кеп, көз жасы бұлақтай саулаған ауылды еліктегендей, я қайғысына ортақтасқандай, сол күні күздің қарасұрғылт бұлты нөсерлей жауды, жел ышқына соқты. – Болыңдар! Жөнеңдер, тез! Жоғалыңдар! – деп ат үсті нен айдаһардай ысқырған полицейский урядниктің сілтеген қам шысы бұлттан жарқыраған найзағайдай ирелеңдеп, талайдың арқасын тіліп түсті. Қасқыр талаған қойдай қызыл жон болған ауыл адамдары, 1 «Сентябрьдің базары» революциядан бұрын Көкшетау қаласында күзде болған. 2 Қаһарман – фарсы халқының ертегі батыры. 3 Залог – ерегісте шартқа тіккен ақша.

басқа паналар жер жоқтай, полицейский сабап айдап шыққан қора ларына ығысып қайта-қайта тығыла берді. – Өрт! – деді урядник ауылды қоныстан қуып шығара алмаған соң. Лезде ауылдың əр жерінен қою қара түтінге бөленген қара күрең жалын жарқ етті. Өрт еріксіз айдап шыққан ауылдың аузындағы жалыннан да ыстық жалғыз сөз: – Қайран қоныс, қош бол! Бұл бейқам отырған ауыл еді. Өткен жазда болған болыс сайлауында, сол ауылдың біреуі, болыстыққа таласқан Тоқсанбайдың Сыздығы деген байға қарсы шыққан. Бірақ Сыздық выборнайларды1 ақшамен сатып алып, сайлаушыға да пара беріп, болыстыққа сайланған. Қолына мөр тиіп, əкімшілік тізгінін ұстағаннан кейін, ол, өзіне қарсы ауылдардың берекесін кетіруді ең бірінші міндетім деп санаған. Сол жылы переселен управлениясы2 ішкі Ресейдің қалаларынан көшірілетін переселендерге жер сұрағанда, Сыздық болыс кектенген ауылдарының ішіне қосып, осы ауылдың да жерін ұсынған. Кешікпей землемер кеп жерді өлшеген. Бірақ ауылдың адамдары ол өлшеудің не өлшеу екенін түсінбей, қыстың жабдығын қамдап, бұрынғыша отыра берген. Күз, ауыл шапқан шөбін қорасына үйіп, қар ұшқындап қысқы үйіне кеп қонғанда, ызғарлы хабар кенеттен сап ете түсті: – Көшесіңдер! – Неге? – деп сұрады ауыл. – Үш-төрт жүз үй крестьяндар көшіп келеді, алды келіп те қалды. Бұл жерде енді солар отырады. – Біз қайтеміз? – Онда біздің жұмыс жоқ. Қайда барсаң – онда бар. «Қой, олай болмас» деп ауыл бейқам отырғанда, арбалы, жаяуы аралас шұбырған крестьяндар кеп қалады. Сол күні урядник те келді, ауылды өртеп көшірді. Міне, бар оқиға осы!.. Күз кешке əзірленбеген ауыл, урядниктің жыландай ысыл даған ызғарымен, мылқау өрттің лебіне шыдамай қонысынан қозғалғанмен, тез жиналып кете алмады, бес-алты шақырым ғана жерге жылжып, бас-аяғы жиналып ақылдасты. 1 Сайлауда дауыс берушілер. 2 Россиядан қазақ даласына көшкен крестьяндарды орналастыратын патша өкіметінің бір мекемесі.

– Ал, қайда барамыз? – Қайдан білейік, қайда барарымызды! – Патшаға дейін іздену керек, – деді біреу. – Мынаның былшылдап жоқты айтқаны несі? – деді екінші біреу ашуланып. – Пəлен мың шақырым Кетрампорға барып патшаға арыз берем деп жүргенде, мына еңкейген кəрі мен еңбектеген жас қырылып қалмай ма? Əуелі осыларға баспана табайық та. Қайда арыз беруді содан кейін ойланармыз. – Ол дұрыс, – деді біреулер,– бірақ бос тұрған қоныс ешқайда жоқ. Жиырма шақты үйміз. Қайда сыямыз? – Маңай ел ғой. Жұбымызды жазбаймыз деуге болмас, атқа мініп ауылдарды аралап, биыл қысша баспана іздеп, бытырап орна ласайық. – Осыдан басқа амал жоқ. Қатын-қалаш, бала-шаға қалың қарағайдың арасына тіккен күркелерде қалды да, еркек атаулы атқа мініп, маңайдағы ауылдарды аралап кетті. Еркек кіндіктен ауылда қалған жалғыз Баймырза. – Е, сен неге жүрмейсің? – деген сөзге оның берген жауабы: – Балам жоқ, соны іздеймін. – Қай балаң? – Нұрмағамбет. – Е, ол қайда еді? – Тай үйретем деп таңертең кетіп еді, содан тайы да, өзі де жоқ. Астындағы асау тай бір жерде өлтіріп кетпесе не қылсын! – Ертерек неге айтпадың, ел боп іздесетін? – Оған урядник болды ма! Есті жаңа жинап отырған жоқпыз ба? Баймырзада жалғыз тайдан басқа жылқы болмайтын еді. Одан басқа көлігі – жалғыз қоңыр шолақ өгіз. – Қатын, – деді ол, əйелі Қалампырға жұрт кеткен соң, – əлгі өгіз қайда екен, мініп, баланы байқайын? Тай жығып өлтіріп кетті ме, əлде? Аман болса жарар еді!.. – Күні бойы мінген өгіз, əлгінде ағытқаннан кейіп отқа кетіп еді, ұзаса керек, маңайда көзге шалынбайды. Баймырза өгізді тауып алып келді. – Суарған жоқ па ең, бар болғыр! – деді Қалампыр өгізді көріп. – Бүйірі ішіне кіріп кетіпті ғой? Бар, суар! – Жаңбырда өгіз су іздей ме? – Со да сөз бе? Бар, суарып кел! Ауылдың көлік ағытқан жері, өткен жыл мекенін переселенге өлшеп, үйлерін көктемде көшірген ауылдың жұрты еді. Сол

жұрттағы қалың бұйра талдың арасында құдық барын Баймырза біледі. Ол қарына шелек іліп, өгізін жетектеп жөнелді. Бұл кезде жаңбыр толастап, бұлт бытырай бастады. Бірақ желдің екпіні əрі күшті, əрі суық. Күннің батып бара жатқан белгісін батыстың жиегіндегі қызыл күрең бұлт білдіріп тұр. Тал арасындағы құдықтың жиегі опырылған, айналасы дөңес сары балшық екен. Баймырза шелекке таққан жібін қолынан сусыта бергенде, тереңдегі сасықтау сары судың иісін сезіп, шөлдеген өгіз де мұрнын шүйіріп, төмен еңкейді. Су толған шелекті Баймырза жоғары көтеріп еді, иығына біреу қаққан сияқтанды. Қараса – саз балшықтан сырғанап, өгізі құдыққа құлап барады... Сасып қалған Баймырза, шелектің жібін табанымен баса қойып, өгізді мүйізінен ұстай алды. Сырғанаған өгізді ол қайдан тоқтата алсын. Өгіз күп беріп құдыққа түсті де кетті; өгіздің екпіні Баймырзаның өзін де алып кете жаздады. Сонда да тірі жан, өгізі құдыққа құлай бергенде, ол жанталасты. Құдық белуардан шүпілдеген су. Басы төмен түскен өгіз табан аузында тұншығады. Жалғыз өгіз! Ол өлсе, қайтпек? Жан-дəрмен Баймырза, өгіздің мүйізіне байланған кендір жіптен мықшия тартып, тұмсығымен құлаған судан жоғары шығар ды. Дес бергенде, жуан қара тал құдықтың жарына төне біткен екен. Өгіздің əрі суланып, əрі сазданып сусыған мүйіз жібін Баймырза жанталасып жүріп талға іліктірді де, сірестіріп байлады, өгіздің басы судан шығып тұрды. Одан жоғары тартуға күші жоқ. Айла-амалы құрыған Баймырза: «Қа-лам-пыр!.. Қалам-пыр!..» деп бақыра берді. Бұл дауыс құлағына шалынған Қалампырдың жүрегі дірілдей қалды. «Нұржаным1 жамандыққа ұшыраған болар ма?» деп сескенді ол. Осы ой тұла бойын түршіктірген Қалампыр дауысқа қарай жүгірді. Оған ере, ауылдан бірнеше əйелдер, балалар жүгірді. Қалампырдың Баймырзаға ең қатты айтатын сөзі «бар болғыр!» еді. – Бар бол, сен, бар болғыр! – деді ол айқайдың мəнісін есітіп. – Зəремді алдың ғой! Былай тұр! «Былай тұр»-дың мəнісіне түсінбей, шоқша сақалын шошайтып, кішірек көзін сығырайтып Баймырза Қалампырға қараған кезде, Қалампырдың қолы өгіздің мүйіз жібіне тиді. Құдыққа 1Нұрмағамбетті еркелеткен аты.

еңкейіңкіреп, жіпті қолын соза ұстаған Қалампыр «һəуіп!» деп денесін жаза тартты. Сол кезде, өгіздің мүйізі қолға ілігер жерге кеп қалды. – Ора жіптің ұшын, аяғыма!– деді Қалампыр Баймырзаға. – Неге? – Нең бар, «неге»-де! Ора, деймін тез! Түсінбеген Баймырза, шұбалған жіптің артығын Қалампырдың жіліншігіне орағанда, сусымасын дегендей, ұшын Қалампыр табанына басты. Содан кейін, жіптен қолын босатты да, тағы еңкейе түсіп өгіздің екі мүйізінен ұстап, құдықтан суырып алды... «Қарулы қатын» деген сөз Қалампыр туралы халыққа əлдеқашан тараған еді. Баймырзаның ағаш үй қиятын қол өнері болатын. Сонда жəрдемдескен Қалампыр қолы жететін жерге жуан бөренелерді көтеріп əпере беретін. Оған да жұрт сүйсініп қайран қалатын еді, ал мына құнан өгізді құдықтан шығаруы жұртты тіпті тамаша қалдырды, əрі таңдана, əрі разы боп, құдықты қоршаған жұртқа Қалампыр масаттанғандай айнала қарап еді, көптің арасында Нұрмағамбеттің де басы көрінді. – Қалқам, – деді қуанып кеткен Калампыр, – қайда болдың, сəулем? Келші бері! Зəрем кетті ғой, сені жоғалтып!.. Сары сұр, қыр мұрын, өткір қара көзді бала қолын созған Қалампырға келе қоймай, сазарып тұрып алды. «Бар, бар!» деп қоршаған қатындар итермелеп еді, бала тұнжырап кейін шегінді. – Қаршадай боп мықтысын қарашы! – деді қатындар. – Жапжас басынан зілдей ғой, мынау! Қаққан қазықтай орнынан қозғалмайды!.. – «Алып – анадан туады, ат – биеден туады» деген қайда, – деді бір қартаң əйел, – «Су мұрынға»1 тартса, қаймыжықтай біреу болар еді. Кескін-кейпін, денесін көрмеймісің! Аумаған келін! Тек тіл-аузымыз тасқа!.. Қалампыр көтерген он төрт құрсақтан тірі қалғаны: ұзатқан екі қыз, Төлебай дейтін ұл жəне осы Нұрмағамбет еді. Нұрмағамбет – Қалампырдың сүт кенжесі. Сондықтан ба, əлде балалары өліпөліп өлім сарқытындай болғандықтан ба, əйтеуір, Қалампырдың жан-тəні Нұрмағамбеттің үстінде. Бес жасына шейін емген Нұрмағамбет, міне, биыл он бір жасқа шыққанмен əлі күнге шейін кешкі төсекке жатарда бір, таңертең төсектен тұрарда бір мамасын иіскемесе, мауқы басылмайды. Нұрмағамбет көзінен екі елі тайса, Қалампыр аңсайды да тұрады. Нұрмағамбеттің екі бетінен 1Жасы үлкен əйелдер Баймырзаны келекелеп «Су мұрын» дейтін еді.

құшырлана сүймей, Қалампырдың аңсауы ешуақытта басылмайды. Бүгін де солай аңсаған Қалампыр, құдық басында шақырғанына келе қоймаған Нұрмағамбетке «бұл несі?!» дегендей жақындап еді, бұрынғыдай апалап бассалудың орнына, ол тағы да шегіне түсіп: – Көк күшік қайда? – деді. Қалампыр үндемеді. – Тұрымтай қайда? – деді. Қалампыр үндемеді. – Күйді ме? – деп сұрады бала, дауысы қалтырап. – Қап, құдай-ай! – деді Баймырза, Қалампыр тағы да үндемеген соң. – Мана у-шуда есімнен шығып кеткенін көрдің бе? Шошалада қамаулы тұрған көк күшік пен тұрымтай қала беріпті. Күйіп кеттіау бейшаралар!.. Нұрмағамбет еңіреп қоя берді де, алақанымен бетін басып жүгіре жөнелді. Жарылғалы тұрған жарадай жұрттың қайғысының аузын Нұрмағамбеттің жылауы тырнап ашқандай болды. «Қайран қоныс, қайран жер!» – деп үн қосып жылаған жұрттың даусына күңіренген дала да даусын қосты. 2. КЕКТІ БАЛА Жаздай бір байға ағаш үй қиған Баймырза, жұмысын бітіріп, еңбегіне тай алып, ауылына өртенер алдында ғана келген еді. Көпейлеу туған жирен қасқа тайдың денесі кішірек болғанмен, екі құлағы тас төбесіне найзадай шаншылған, құйрық-жалы үкінің ұлпа қанатындай желпілдеген, үрген қуықтай бұлтиған семіз, төрт аяғы қаққан қазық сияқты тіп-тік, сұлу тай екен. Тайды көргенде Нұрмағамбеттің қуанғаны сондай, кішкене денесін кең дүниеге сыйғыза алмады, біресе екі санын шапалақтап аспанға қарғыды, біресе жата қап, жерге домалады. Оның бұлай қуануына бас себеп мынау еді: Өткен жазда, осы маңайдағы ауылдар балаларын сүндетке отырғызды. Ондай балаға əкесі арнаулы ат, я тай атауға тиісті. Сүндеттер алдында балалар атаған аттарына, тайларына мініп, ауылдарды аралап жарысуға тиісті. Балалар осы дағдымен аттарына, тайларына мініп шықты, аты, тайы жоқ балалардың ішінде Нұрмағамбет қалды. Өзге жаяу қалған балалар атты, тайлы балалардың жарысқанын қызық көріп, соңдарынан шуласып жүгіргенде, Нұрмағамбет жыртық киіз

үйіне кірді де, жер бауырлап жатып алды. Босағада ұршық иірген Қалампыр баласының неге жата қалған себебін сезді де, балаға білдірмей, көзіне іркілген жасты теріс қарап жаулығымен сүртті. Сырттан Баймырза келді. Ол еркегімсіп Қалампырға ұрысты: – Неге жылайсың, жамандық шақырып? Пайғамбардың сүндеті емес пе, бұл? Тек құдай тағала қожаның қолын жеңіл қылсын деп тілесейші! Атсыз баланы сүндетке отырғызу – балаға «өміріңде атсыз өт» дегенмен бірдей. Осы оймен ішке қайғысы сыймай жарылғалы отырған Қалампыр Баймырзаға шап ете түсті: – Əне, көр, балаңды! – деді ол жасқа булыға сөйлеп. – Тоқсан бай дың сарайын қиғанда, тоңып өлетіндей тон алдың. «Алдағы жазда Нұржан сүндетке отырады, тон алма, тай ал» деп ем, тыңдамадың. Балаңның тілеуін кескендей болдың, бар болғыр!.. Жасқа булыққан Қалампыр аржағын айта алмады. Оның Баймырзаға арнаған ызалы сөздері көзінен жас боп төгілді. Баймырза Нұрмағамбетті зорлықпен сүндетке отыртты. Бірақ ол өзіне ішінен ант етті: «Алдағы жаз қолым қырқылып қалмаса, қосымша берсем де, ақыма бір тай алармын!» Ол осы сертіне жетіп, еңбегінің үстіне, байға ақысына қосымша балтасын беріп, жоғарыда аталған жирен қасқа тайды алып келді. – Міне, сүндет атың, қалқам!– деді ол алдынан шыққан баласын бетінен сүйіп. – Былтыр жоқ болса, биыл бар, тек алла тағала өміріңді ұзақ қып, игілігіңе мінгізсін!.. Баймырзаның əкесі батырлау болыпты-мыс дейді. Сол əкесінен қалған жалпақ бас, тұрманын күмістеткен қалмақы ерді, үйіне көптен жылқы бітпегенмен, Баймырза тоздырмай сақтап, қасиеттеп, төріне іліп қоятын еді. «Киесі бар, аруақ соғады» деп, ол ерге қатын-қалаштың қолын тигізбей, өзі ғана ұстайтын еді. Жирен қасқа тай босағасына кеп байланған соң, қуанышы қойнына сыймаған Нұрмағамбет ілулі ерді үйден алып шықты. Баймырза: – Қоя тұрсайшы, қалқам! Тай ешқайда кетпес, қолқасы аман болса, бойы өсіңкіресін! – деп еді, Қалампыр Баймырзаға зекіп тас тады: – Тиыш отыр əрі, мыңқылдамай! Ол тай жоқта өліп пе ек? Бала аман болсын! Міне бер, қалқам! Əуелі үлкенірек баланың біреуіне мінгізіп бастықтырып ал, өзің мінем деп құлап қап жүрме! Сыртта ұлылы-кішілі біраз бала тайды қоршап тұр екен. Ересектеу екі балаға құлағынан тұқырта бастырып қойып, тайға ерді Нұрмағамбеттің өзі салды.

– Əу, əткемнің аруағы, қолдай гөр! Қалқамның жасын ұзақ қыла гөр, жасаған!– деп Қалампыр босағадан қарап жылап тұрды. Баймырза да ішінен сол тілеуді тілегенмен, сыртқа дыбыс шығармай, тайды балаларға ерттесті. – Кəне, біреуің мініп, бастықтырып беріңдерші? – деді ол. Ерттеулі тайды құлағынан ұстап Баймырза балаларға айнала қарағанда, Нұрмағамбет қарғып мініп кеп алды. – Қалқам, құларсың, түс! – деді Қалампыр тысқа шығып. – Өзің не айтып тұрсың, апа! – деді бала кейіп. – Тілеулі тайымды біреуге мінгізетін мен жынды ма? Жібер, əке! Нұрмағамбет тебініп қалғанда, тай атып кеп кетті. Баймырза тайдың құлағынан айрылып қалды. Құлағы қолдан босаған тай аспанға қарғығанда: – Ал, ұшты, бала! Жасаған-ай, сақтай гөр! – деді Қалампыр үрей леніп. Қарғыған тай секіріп жерге түсті, бала құламады, тайдың тізгінін қысқарақ ұстап, қамшымен бауырынан тартып-тартып қалды. Қамшыдан ышқынды ма, я баланы жыға алмайтынын білді ме, – тай енді аспанға секірмей, тура шаба жөнелді. Шапқан тай лезде қалың орманды айналып, көзден ғайып болды. «Құлап қалар, не бірдемеге соқтығар» деп қорыққан Баймырзаға көрші біреу ат беріп, тай кеткен жөнге шықса, бала ашық далада шоқытып жүр екен. Тай манағыдай емес, бастығып қапты. – Кешікпей қайт, балам, көп шапсаң, тайың ақсап қалар, – деп Баймырза үйіне жөнелді. Ол ауылға келсе, урядник көшірмек боп жатыр екен. Əлекке кездескен Баймырза, «байтал түгіл, бас қайғы» дегендей, баланы іздеу түгіл, басымен қайғы боп өртенген ауылдан көше қашты... Əкесі қайт дегенмен, Нұрмағамбет үйіне тез қайта қоймады. Тайды ол біраздан кейін билеп алды. Əкесінің «тайың ақсамасын» деген сөзін есіне тұтқан ол, тай еркіне көнген соң шабуды доғарып, тайын кейде аяңдатты, кейде желді... Күн кешкіре болдырып терлеген тайын аяңдатып ауылға келе жатқанда оған, өзі дүниедегі ең бақытты адам сияқты көрініп кетті. Оның жеті-сегіз жасынан бергі ермегі – тұрымтай мен қырғиды баулып, бөдене мен торғай алдыру еді. Бұл кəсіппен шұғылданып жаяу жүргенде, «əттең, бір тай-ай?!»–деп арман ететін еді ол. Сол тай, міне, енді астында!.. Жақын ауылдағы бір бай күз қойын қырыққанда, Нұрмағамбет бірнеше күн жəрдемдесіп, ақысына қасқыр алатын көкшолақ

тазысының бауырын көтерген күшігін алған еді. Күшікті үйіне жаяу көтеріп əкеле жатып, «бұл аман болса, бес айда қоянға қосуға жарайды, келесі жылы үйінен шығады, содан кейін қасқырға да қосылады, сонда жаяу қалай қосам!» – деп өкінетін еді ол, міне, енді сол тай астында!.. «Ат бар, құс бар, ит бар, менен бақытты кім бар?» – деп қорытты ойын Нұрмағамбет. Жел оның алдынан еді. Мұрнына өрт иісі келген ол, қалың қарағайдың арасынан жоғары қарап еді, қою қара түтін аспанға будақтала көтеріліп, бұлтқа ұштасып тұр екен. Өрт шығады деген күдігі жоқ ол, «күлін сабынға алуға жаққан алабота болар» деп ойлады ішінен. Сол кезде жел қатайып, алдынан жаңбыр келе жатқанын көрген бала, ауылға тез жетейін деп тайын тебінді. Шаршаған тай жорытып кете қоймай, тақымында бұлтыңдай берді. Жаңбыр да жетті, жылдам жүрмеуіне ренжігенмен, əлі қылауы түспеген, қызығы басылмаған тайды ол сабамады... Өртенген ауылды көргенде баланың зəресі ұшып кетті. Тептегіс жанып жатқан ауыл!.. Бірақ жан да, мал да жоқ!.. Ауыл тыптипыл!.. Күйген қоралардың, үйлердің қабырғалары, төбелері опырыла құлап жатыр!.. Əлгіде қатты құйған жаңбыр, қазір бəсеңдеу, бірақ өрт сөнер емес, қайта май құйғандай өршелене береді. – Бұл не?!. Қорқудан ба, қою қара түтіннен бе, баланың тынысы тарылып, өкпесі алқымына тығылды. Алқынған ол, тайы өрттен үрке берген соң, от бармайды-ау деген бір ағашқа байлады да, өзі жаяу жүгіріп үйіне барды. Онда да адам жоқ!.. Ол əкесі мен шешесін шақырып айқай салды – ешкім дыбыс бермейді!.. Бұлар қайда?!. Тілдері жалақтаған жалынға қарап, Нұрмағамбет аңырып тұрғанда, шошаланың күйіп жатқан төбесі жалп етіп ішіне құлады. Баланың есіне көк күшік пен көк тұрымтай түсті. Күшігі мен тұрымтайына жаны ашыған оның отқа түсе қалғысы келді. Ұмтыла түсті де, тоқтай қалды. Ондағы ойы: «Ауыл да, үй де өрттен қашқан шығар. Апам мен əкем күшік пен тұрымтайды неғып тастап кетті екен? Қой, тастамас!» Осы оймен, тез ауылын табуға тайына қарай жүгіріп келе жатыр еді, алдынан шоқытып салт адам шыға келді де, бұны көріп тоқтай қалды, – қазақ тілін білетін таныс орыс фельдшері – «Бəске». Бала еңіреп қоя берді. Фельдшер баланы уата алмады.

– Əй, залым патша-ай, иттің ғана баласы-ай, халықты осылай зарлатып қойған! – деді фельдшер баланы құшақтап тұрып. – Кім дедің, ағатай, күйдірген? – деп сұрады бала жылап. – Патша! – Қайдағы патша? – Барлық елді билейтін патша. – Е, біз оның несін алдық, күйдіретін? – Ержетіп, есіңді білгенде айтармын оны, балам! Əзір жассың ғой, нені ұғасың. Ауылың да, үйің де «Қайыңшоқта» түнеп жатыр. Тез бар. Үйің жоқтап отырған. Жүр, тайыңа мінгізіп жіберейін! Буынын əрең басқан баланы фельдшер қолтықтап əкеп, тайына мінгізіп, тайын жетектеп жолға салып, өзі жөніне кетті. «Күшігім мен тұрымтайымды сұрамаған екем Бəскеден! – деп өкінді бала. Күшік пен тұрымтайдан кейін баланың басын əурелеген ой – патша. Патшаға ауылдың не жазығы барын ол ойлап-ойлап таба алмады... Ол патша деген сөзді еститін еді де, бірақ елді билейді деген жалпы лақап болмаса, оның қайда тұратынын, не істейтінін білмейтін еді. Міне енді, сол патшаны əлгі фельдшер «өрт салушы» деп кетті. «Соған қарағанда, – деп ойлады бала, – патша осы маңайда болу керек қой. Егер,– деп кіжінді бала,– күйдіруі рас болса, күшігім мен тұрымтайым күйсе, сол патшаны күшік пен тұрымтайдай үйітпесем, жер үстінде топырақ басып жүрмейін, Нұрмағамбет атым құрысын!» 3. КҮЙІК «Патша» деген сөз Нұрмағамбеттің жүрегіне инедей шаншылды да жүрді. Таныс фельдшер тағы бір келгенде Нұрмағамбет патшаның қолға түспейтіндігін, оның əмірін бұл арада орындаушы урядник екенін ұғындырды. Фельдшер кетті. «Патшаның əмірін орындайтын урядник» деген сөзді ол есіне мықты ұстады. Ендігі оның арманы урядниктен кек алу болды. Бірақ урядникті өлтіруге шамасы келмейтінін біледі. – Енді не істеу керек? – деп өзінен өзі сұраған бала, өзіне өзі «күйдіру» деп жауап берді. Осыған ойын тоқыратқан ол, күйген ауылының жұртына орнаған Қайрақты селосына барып, урядник тұратын үйді анықтап

алды. Енді ол қолайлы жағдайды күтті, онысы – жаздың құрғақ кезі. Жаз болды... Нұрмағамбет тағы бір тұрымтайды ұстап баулып, торғай, бөдене, шіл сияқты құстарға салды. Осы ермекпен кейде жаяу, кейде құнан шыққан тайын мініп, үйіне екі-үш күнде бірақ келетін болды. Жылдар өтіп жатты. Кек баяғыдай. Ол он төрт жасқа шықты. Бір күні бесті шыққан тайын əкесінен сұрап мінді де, тұрымтайын алып аттанды. Бірақ оның бұл жолғы ойы аңшылық емес, урядниктің үйін күйдіру еді. Сол ниетпен қалтасына бір қорап сіреңке салды. Ол Қайрақтыны төңіректеп келді де, іргесіне жақын жердегі қалың қарағайдың арасында атын байлап отырды, ынтасы – урядниктің үйін күйдіру!.. Қала ұйықтады-ау деген кезде ол тұрымтайын қарағайдың бұтағына қондырды да, Қайрақтының көшесіне кірді. Бұл – шіл денің ыстық шағы еді. Көптен жаңбыр жаумағандықтан – құрғақшылық. Оның үстіне, кешке қарай тұрған жел, түнге қарай қатайып кетті. Ойында «күйдіруден» басқа сөз жоқ бала, селоның сыртын айналып, урядниктің үйіне келді. Оның үйі жел жақ шетте, төбесін қамыспен жапқан қарағай үй еді. Бала үйдің жабығына өрлеп шығып, төбедегі қамысына сіреңке тигізіп еді, жел үрлеген от лап ете түсті. «Ұрдым ба, бəлем? Кегім қайтты ма?» деген бала жүгіре қашып атына жеткенше, лаулаған жалын үйдің төбесіне барып қалды. Бекінген жері берік ол, үйден үйге ұшқан жалынға қарады да тұрды... Лезде селоны жалын тасқыны көміп кетті... Құлағына мал-жанның азан-қазан шулаған дауысы естілді, айналадағы һауа қоңырсып, күйген ет пен май сасып кетті, бұл иістен жүрегі айныды, басы айналды... Аздан кейін есін жинаған ол, күйіп жатқан селоның өртін сөндірер күші жоғын көрген соң, атына міне қашты... Өрттен бойын қашырғанмен, ойын қашыра алмады ол. Селодан алыстаған сайын, мана – өртке қарап тұрғанда тұтанған аянышты ойы, енді, басында сол өрттен кем лаулаған жоқ... Фельдшер Бəскенің «бұл селодағы орыстарды патша еріксіз айдап əкелді» дейтіні есінде. «Рас болу керек ол сөз, – дейтін еді Нұрмағамбет есейіңкіреген кезде, – қандай халде келгенін көзімізбен көрдім, жаяу-жалпы, аш-жалаңаш келді...» Сондай халде келген орыстың кедей крестьяндары тұрмыс жасауға қаншалық азаптанғанын, үйді қалай салғанын, егінді қалай сеуіп, астықты қалай жинағанын Нұрмағамбет көзімен

көрді. Алғашқы кезде оларға одырая қараған қазақ ауылдары, іле аралас-қоралас боп, кейде қолма-қол ақыға, кейде несиеге жалданып үйлерін, қора-қопсыларын салысты, көлік беріп, кісі беріп егіндерін де егісіп жинасты. Осы бірлескен еңбектің үстінде көпшілігі достасып, тамыр болып, бірінің жоғын бірі қарасып кетті. Сондайлардың ішінде Нұрмағамбеттің өз əкесі Баймырза мен өз ағасы Төлебай да жүрді, қолы епсекті шешесі Қалампыр орыстардың тондарын, киімдерін тігісті. Сөйтіп, көрші қонған орыс селосымен еңбекте қоян-қолтық келісу арқылы, ауылдың кедейлеріне жақын жерден кəсіп табылып, бұрын алыстан іздейтін нанды енді жақыннан жəне арзан бағамен алды. Бұрын өзі жыл тəулігіне балта шауып қазақ байларына қызмет қылғанмен, ағасы Төлебай да ауыл байларына жалшылыққа тұрғанмен, тапқандары тамағына жетпейтін бұл семья, орыстың жұмысына араласа, өзгеге тоймағанмен, нанға тоятын болды. Бұрын шешесінен собалақ сұрап жылайтын ерке Нұрмағамбет, əкесі, шешесі, ағасы орыс жұмысына араласқан соң-ақ нанды аузын толтыра асайтын болды... Өзге орыстардың да жұмысына араласқанмен, Баймырза семья сының көбірек қолғабыс тигізген шаруасы – Бəскенікі еді. Бүкіл ауыл боп «Бəске» атап кеткен фельдшердің аты – Василий Петрович Курганов. Əлдеқайдағы адам дəрігерінің фельдшерлік курсын бітіріп, бұл араға жас шағында келген ол, қайда туғанын ауыл адамдарына айтқанмен, географиядан хабары жоқ ауыл түсінген, білген емес. Олардың түсінген, білгені – алғаш келгенде қазақша бір ауыз сөз білмейтін ол, ауыл арасында тұра келе, қазақ тіліне судай болып алды. Оның үстіне мінезі жəне ісі жақсы болғандықтан ауылдың өз баласы сияқтанды да кетті. Сөйтіп жүріп, жақын жердегі селоның бір қызына үйленді де, балалы-шағалы болып кетті. Үлкен баласы – Антон, жиырмаға таянып қалды, одан кішісі – Андрей Нұрмағамбетпен жасты, одан кейін тағы да екі-үш ұсақ баласы бар... Бұрын жақынырақ жердегі бір селода тұратын Курганов семьясы, Қайрақты селосы орнай, қызметіне жақын жерге мекен салды да, көшіп келді. Оның саманнан салған үйі де, қора-қопсысы да көбінесе Баймырза мен Төлебайдың қолынан тұрды. Егінін де солар салысты. Сонымен, бұрын да көңілдес Курганов Баймырзамен енді тіпті жақындасып, туыстай болып кетті. Урядникке сол Кургановтың сөзімен өшіккен Нұрмағамбет, үйін күйдіруге жиналғанда, түнде ұрланып барып, қамысты төбесіне

сіреңке тұтатқанда, өзге крестьяндардың үйлері де, Кургановтың үйі де бірге кетеді деп ешуақытта ойлаған жоқ еді... Енді, міне, жаппай күйген селоның арасында Кургановтың үйі де кетуіне Нұрмағамбеттің ешбір күдігі болған жоқ... «Үйі ғана күйсе бірсəрі ғой, – деген ой кеп кетті оған, өрттен атына міне қашқанда, – жандары күйсе қайттім?!.» Бұл ойдан кейін, оның басындағы ой өрті лаулап, есінен тіпті тандырып жіберді... Жалын құшқан атының үстінде ол əрең отырды... Кейін естісе, өртке күйіп өлген адам жоқ екен, жараланған адам көп екен, солардың бірі – Курганов. Өзі ауыр жараланған оның өзге жандары аман қалыпты да, мал-мүлкі түгелге жақын кетіпті. Түгелімен арса болып қалғандар да аз емес дейді, күйдірген мəлімсіз адамды азапқа, шығынға ұшырағандар қарғайды дейді. Бұл сөздерді естіген шақта, қылмысына өзін өзі қатты кінəлай, қарғай отыра: «Обалың патшаға! Сендерді де, бізді де осылай күйікке ұшыратқан патша!» – деді Нұрмағамбет. 4. ҚАМБАДАҒЫ ҚАСҚЫР Күн батып барады... Күндіз қардың бұрқасыны басылып, жел тынды. Ақшыл бұлттан аспан аршылып, қыстың қызыл шұнақ аязы бүркеусіз бетті шымшылай бастады. Малдарын қораға жайғастырған ауылды да аяз қорғалатып, үйді-үйіне қуып тықты. Қалың қарағайлы орманның ашық алаңына қыстаған аз ауылдың адамында қарақшыдай қалтиып далада тұрған жалғыз Баймырза. Оның кішірек қой көзі орманның арасына қараған сайын қадала түседі. – Неғып тұрсың, əй, үйге кірмей! – деді ұшқыны шашыраған күлді төгуге далаға шыққан Қалампыр. – Баланы қарап тұрмын! – Қай бала? – Нұрмағамбет ше? – Бетім-ау, мен ауылда ойнап жүр екен десем, сол бала таңертең кеткеннен əлі жоқ па?! – Төлебайды жіберіп іздетіп ем, барлық үйді қарап келді, балалары үйлерінде дейді. Нұрмағамбет жоқ дейді. – Бар болғыр, сол бала ма?! Ылғи осылай іздетеді де жүреді. Сол бар болғыр, қамбаға түсіп кетіп жүрмесін! «Қой!» десем қоймайды, бар болғыр! Қоян аулай ма? Құр аулай ма? Үйде отыруы жоқ!

– Мен қарап келейін, сен асыңды істе. Бала тоңған шығар. Үйге келе ыстық ішсін. Жолына жөргем ілікпесе, үйге келмейтін əдеті емес пе оның? Қалампыр үйге кірді. Баймырза қамбаға жөнелді... Оқиға былай еді: сол жылы боран көп боп, қарағайлы орманның жел жақ бетіне ағаш бойына жақын күртік үйіледі. Сол күртіктің қоян жүретін жымынан Нұрмағамбет кісі бойынан биік қамба қазды. Қамбаның аузын тар, түбін кең қазып, ішіне сабан тастап өртеді, қары еріп, мұздақ боп қатты. Содан кейін бетін шырпымен жауып, үстіне шөп тастады. Жыммен жүрген қояндардың талайы бұл қамбаға құлады. Нұрмағамбет қайыңнан ұзынша құрық істеп, оның басына бау тақты да, қамбаға құлаған қоянды құрық сап ұстады. Бүгін таңертең дағдылы қалыппен Нұрмағамбет құрықшасын ап қамбасына барса, шөп те, жапқан бұтақ та жоқ, «Қанды басың бері тарт!» – дейтін еді ол, қамбаға қоян түскенін сезсе. Сол сөзін айтып қамбаның жиегіне келсе, ішінде құлағы ербиген үп-үлкен бірдеме отыр!.. «Мынау не?» деп төне түсіп еді: желкесінің қара қылшық жүні жылқының жалындай желкілдеген, тұмсығы жарты кез, үлкендігі тайыншадай, қара құлақ қасқыр!.. Төнген Нұрмағамбетті қорқытқысы келгендей, қасқыр азу тісін сақылдатып, ырсиып ырылдады. Не істеу керек? Ол ауыл арасында «балуан бала» атанған еді. Маңайдағы елде онымен күресетін бір де бала жоқ. Бəрін де ол жығып бітірген. Ол «Батыл бала» да атанған. Сол маңайдағы елдің баласы тай, құнан үйретер болса, алғашқы қарқынын басуды Нұрмағамбеттен күтетін. Қаршадайынан ол асау тайдың құлағына жармаса кетіп, тырмысып айрылмайтын, үстіне мінген соң тай, құнан түгіл, ат туласа да түспейтін. «Балуан бала», «Батыл бала» деген сөздер оны масаттандырып, күштілігін көрсете түсуге тырысатын. Қамбаның қасында қасқырға қарап тұрып Нұрмағамбеттің менмендігі қозып кетті. «Өзім өлтірмей, біреуге өлтіртсем – менің мықтылығым қайда? – деп ойлады ол. – Ертең, басқа балалар мені мазақтамай ма? Қой, тəуекелге бел байлап, өзім-ақ жəукемдеп көрейін!» Түбі шоқпарлы қайың құрықшамен ыржиып шоқиып отырған қасқырды Нұрмағамбет түртіп кеп қап еді, арс етіп құрықты тістей алды. Нұрмағамбет құрықшасын бері тартып суыра алмаған соң,

көмекейіне тығайын деп əрі итеріп еді, құрықша ортасынан имиіп сынуға айналды. Ызаланып кеткен ол, «һауп!» деп жұлқып кеп қалып еді, екпінімен шалқасынан түсті. Құлап жатып құрығына қараса, сынған жоқ екен. Жалма-жан түрегеліп, қамбаға қайта төнді. Бұл жолы, баланың жұлқынған қайратынан сескенгендей, қасқыр ман а ғыдай шоқиып отырып, бедірейіп қарамады, жан сауға іздегендей қамбаны шыркөбелек айналды да, жоғары қарғыды. Жан ұшырды ма немене, қарғыған қасқырдың алдыңғы екі та баны қамбаның ернеуіне жақындап қалды. Сол кезде, нақ қара тұмсықтан бала құрықшаның түбімен салып кеп жіберді. Қамбаның мұзын алдыңғы аяғымен тырнап із салған қасқырдың артқы аяғы тайды ма, денесінің екпіні ме, əлде тұмсығына соққы қатты тиді ме – шалқасынан жығылды. Бала қасқырды жұқа шаптан құрықтың түбімен шанша қойып еді, ытып тұрған ол құрыққа ұмтыла бергенде, бала тістетпей жұлып алды. Қасқыр енді қарғымады. Бөксесін қамбаның қуысына тығып, балаға көзін тесірейте қарап, жоғарғы ернін шүйіріп, бірақ дыбыс бермей тым-тырыс жатты. Тек бала түрткенде ғана арсылдап, құрыққа жармасты. – Не істеу керек? Қасқыр дем алған кезде, баланың көзі тыржитқан мұрнынан тамшылап аққан қанға түсті. – Əп-бəлем, жара салдым ба! – деді ол. – Құтылмассың енді менен!.. Əлде, жаздыгүні жалғыз бұзауымызды жеген антұрғанның өзі сенбісің? «Мен болғанда не қыласың?» дегендей, қасқыр тыржыңдап қойды. Баланың белбеуіндегі қында мүйіз сапты кездігі болушы еді. Кездік үнемі шаш алғандай қылпылдап тұратын. Ауылдағы ұста осы кездікті оған «Тіл алғышсың» деп, көрігін басқандығы үшін, шым болаттан суарып, сыйға соғып берген. Кездігі есіне түскен бала, қынынан суырып алды да, қалтасынан тастамайтын, жалпақтығы алақандай, ұзындығы кездей қайыстан таспа тіліп, кездікті құрықшаның ұшына тас қып байлады. – Енді тістесең тісте! – деп ол қасқырға құрықшасының түбін ұсынып еді, ызалы аң шап етіп тістей алды да, тартқанда бөгеусіз босатты. «Тіліңді ме, таңдайыңды ма, əлде ұртыңды ма, əйтеуір бір же ріңді кескен шығар, – деп ойлады бала, – əйтпесе неғып тез босаттың?»

Сынайын деп құрығын тағы ұсынып көріп еді, қасқыр ұмтылды да, тістемеді. Қасқырдың аузынан қан шұбырды. – Ə, солай ма, батырым? – деді бала масаттанып. – Жараландың ба? Құрығын суырған бала, «бүлкілдегінің тұсы осы шығар!» – деп, қасқырдың бүйірінен найзасын сұғып кеп қалды. Қасқыр ышқынып-ыршып түсті де, құрық тиген бүйіріне қарай дөңгеленді. Қасқырдың қалың түбітін тесіп шыққан қан, қу шөпке тұтанған оттай қызараңдап жарқ етті де, сұрғылт жүнге жіңішке қызыл жолақ салып, бауырын орап төмен тамшылады. Бала піскілеуді жиілетті. Қасқыр бірде құрыққа ұмтылып, бірде жоғары шапшып жанталасты. Сондай арпалыстың біреуінде қалжырағандай болған қасқыр, секіре беріп шалқасынан тағы құлап еді, нақ кіндіктің түбінен бала пышақты қадай қойды. Қасқыр жан дəрменде аунап түсіп, созылып тұра беріп, сүйретіле құлады да, оң жағына жантая кетті. – Жұмысың біткен шығар, – деді бала, – енді шанышқылап теріңді бүлдірмейін! Бала үңіліп қарап тұр. Қасқырдың денесі дірілдеп, құйрығы шошаңдап, арандай ашқан аузын малжаңдата берді. Сөйтіп аз жатты да, қасқыр сұп-сұлық бола қалды. «Өлді ме, жоқ па?» – деген оймен бала енді құрықшасының басындағы пышақты шешіп алып, мұқылымен ғана түрткілеп еді, денесі былқ-сылқ еткен қасқырда қимыл жоқ. Қасқырдың өлгенін көрген баланың ойы оның терісін үйіне сойып апаруға кетті. Осы оймен күні бойы əуреленіп, құрықшасының бауына қасқырдың мойнын іліктірді. Содан кейін тартып көріп еді, зілдей бірдеме! –Мынау қайтеді! – деп, күш алғалы еңкейе бергенде, кеу десін тіреген ернеудің қары опырылып кетіп, бала қамбаға тоң қая құлады. Құлаудан гөрі қасқырдан сескенген бала, жалма-жан денесін оңалтып, пышағына жармаса, түрегеп еді, қасқырда қимыл жоқ! Аяғымен түртіп еді, қозғалмайды! «Өлген екенсің, бəлем!» – деп, аударып көрсе, бұл жалғанның арланы!.. Тіпті құнан өгіздей десе де сыятын!.. Бала қасқырдың сирақтарын ірей бастады. Қанша уақыт алданғанын ол шамалаған да жоқ. Біраз мықшыңдап терісін сыпырып, енді шығайын десе, айнала көк мұз. Пышақпен мұзды тесіп, қарды опырып еді, онда да малтығып тез шыға қоятын емес.

Баланың киімі жамаулы болғанмен жылы еді, оның үстіне қимылдаған дене тоңази қойған жоқ. Бірақ, мана қасқырды өлтіру қызығында жүргенде, биялайын шешіп тастап еді, қамбаға құлағанда сол биялай сыртта қалыпты. Құрықпен де, қолмен де қарды опырған, оппа қармен біртіндей жоғарылаған бала, сыртқа шыққан кезде екі қолының басы ашуға айналды. Бала қолына қараса, қанданған саусақтары бозарып кеткен екен. «Үсіген екен!» деген оймен ол жалма-жан қасқырдың терісін тастай беріп, саусақтарын қармен ысқылады. Һауаның райы үскірік аяз екені сол кезде білінді, қолына ұстаған қар ерімей, құм сияқты сықыр-сықыр етті. Сондай қармен уқалаған оң жақ қолы ерекше дуылдады. «Үсіген осы қолым екен» деп ойлады бала. Сол кезде баланың құлағына атын атаған дауыс сап ете түсті, ол жалт қараса – əкесі! Көңілі көтеріңкі бала, қолым үсіді деуге арланып, əкесіне қылығын айтып мақтанды. Екеуі үйіне келді. Қалампырдың қуанышы қасқыр емес, баласы. Ол ұлын «тоңдыау, қалқам!» – деп жалма-жан шешіндіріп, аязда гүлдей жайнап қызарған ыстық бетін сүйіп: «Қолың да тоңған шығар» деп ұстап еді, оң жақ қолының саусақтары қансыз-сөлсіз сұп-сұр, əрі мұздай сұп-суық! – Ойбай-ау!.. Енді қайтейін! – деді Қалампыр сасқалақтап. – Үсіген екен ғой, мынау қолың?!. Жансыз саусақтарды уқалап не қыларын білмеген Қалампыр, «Құлыным-ай, енді қайтейін!» деп, еңіреп қоя берді... 5. ЖАҒЫМДЫ ЖАЛШЫ Қалампыр мен Баймырзаның еркіне салса, Нұрмағамбетке өздері көрген өмір бейнетін көрсетпей, бұла қып өсіру еді. – Біздің қойшы, – дейтін еді ол екеуі, ерлі-зайыпты боп, ошақ басында оңаша шүйіркелесе қалғанда, – асарымызды асадық біз, жасарымызды жасадық біз. Біздің пешенемізге тəңірінің жазғаны – бейнет екен. Бейнетте тудық, бейнетте өстік, бейнетте өмір кешіп келеміз. Енді төрімізден көріміз жуық... – Өзіміз өмірден осылай өтуге мойынсұндық қой, – дейтін еді олар ауыр күрсініп, – тек, біздің бейнетті балаларға бермегей де!.. – Бірақ, – деп өкінетін еді олар, – «алдыңғы арба қайдан жүрсе, артқы арба содан жүреді» дегендей, өмірдің біз кешіп келе жатқан азап жолына Төлебай да түсті. Есін білгелі киген нəлет қамыт ол

бейшараның да мойнынан түскен жоқ. Ол да осы бейнетпен өтеді енді, дүниядан!.. Нұрмағамбет жайына келгенде, олар əуелі өзара ырағайтырағай боп жүрісті. Баймырза да оны балам деп жақсы көре тұра, «əжетке жарады-ау» деген шақта жұмысқа түсуін тіледі. – Əу, қатын! – деді ол бір күні Қалампырға, күнкөрістері нашарлап кеткен бір шақта. – Əу! – деді əйелі. – Қысқа жіп күрмеуге келмей қойды ғой бұл!.. – Оны не қыл дейсің? – деді Қалампыр, талай естіп құлағы үйренген сөзге, əдеттенген жауабын беріп. – Ұзартатын ретін тапсаң, мен саған қой деп жүрмін бе? – Тағы да бір түйін жалғап көрсек қайтеді ол жіпке? – Қалай? – Төлебайды ғой, біз кісі есігіне сегіз жасынан бердік? – деді Баймырза, айтар сөзіне алыстан орып жеткісі кеп... – Иə? – деді Қалампыр, оның нысаналы сөзін сезе қалғандай боп. – Арқа еті арса, борбай еті борша боп жүр байғұстың. Жасы жиырмадан асып кетті. Жұрттың ондайлары үйленіп те қалды... – Қалыңмалын тап та, сен де үйлендір!.. – Несін кекетесің, қатын! – деді Баймырза демін ауыр алып. – Таппайын деп жүрмін бе мен, қалыңмалын!.. Ашпа-жалаптың орны емес пе бұл үй, қолға түскенді ауызға қағып сап, тағы да жалақтап отыратын?.. – Өзің не айтқалы отырсың? – деді Қалампыр кейіп. – Соныңды айтсайшы, былай да асқынған кедейліктің жарасына шыбынды үймелете түспей. – Айтайын дегенім, үй-ішімізбен түгел бейнеттеніп тамақ асырап отырған жан емеспіз бе? Ауыр тұрмысқа аз да болса себі тиер ме еді, қайтер еді, Нұржанды да біреуге қолғабысқа берсек қайтеді? – Кімге? – деді Қалампыр тікілене қап. – «Он үште – отау иесі» демей ме, аталарымыз? – деді Баймырза, қорқатын əйелінің жуандай шыққан даусымен, тесіле қараған көз жанарынан қаймығып. – Амандық болса, Нұржан енді он үшке шығады. Тіл-аузым тасқа, соқтауылдай жігіт боп қалды... – Кімге бергің кеп еді, жалшылыққа?– деді Қалампыр кимелеп. Баймырза үндемеді. – Кімге деп отырмын ғой? – деді Қалампыр екіленіп. – Несін жасырасың, айт, кімге уəде бергеніңді!..

Айтқанмен де, ұсынысы өтпеуіне көзі жеткен Баймырза, еркін билеп алған əйелінен сырын жасыра алмады. – Тоқсанбайдікіне... – деді ол күмілжіп. – Мə, апарып бер, мынаны! – деп Қалампыр еріне қолын да шығарды, ернін де шығарды. Тұнжыраған Баймырза орнынан тұрды да, үн-түнсіз далаға шығып кетті. Ол кете ағыл-тегіл жылаған Қалампыр, біраздан кейін үйіне оралған Баймырзаға, кей кездегі дағдысымен, енді жылы шырай беріп, жұмсақ сөз айта бастады. – Несіне ренжисің, байғұс-ау? – деді ол. – Сенің айтқаның-ақ болсын дейік. Сонда не шықты? Сен тесік өкпе боп өмір бойы жалшылықта келесің, одан не шықты?.. Мен де саған шамамнан келгенше қолғабыс тигізіп келем, одан не шықты?.. Төлебай да тесік өкпе боп бізге қосылды, одан не шықты? Күн тырбанайық, түн тырбанайық, бəрібір – баяғы жоқшылық!.. Нұржанды да осы батпаққа батырғанмен не шығады деп ойлайсың? – Бірдеме шығады деп жүрген жоқпын,– деді Баймырза, – «суға кеткен тал қармайды» дегендей, менікі амалсыздықтан айтқан сөз. Олай деуіме жəне бір себеп, «сөзде қаңқу жаман, ауруда шаншу жаман» депті ғой, бұрынғылар. Жұрттың қаңқуы да өлтіріп барады бір жағынан... – Не деген? – Өлеңге, домбыраға əуестеніп жүрген жоқ па, біздің Нұржан кішкене шағынан? Бала да болса санатқа кіре бастап жүрген жоқ па, сол өнерімен, жастардың арасында?.. Күншіл жұрт соны да көре алмай ма, немене, – «ата-бабаңда сері мен сал жоқ еді, сенен де шықты бір сері; енді оның сəнді ер-тұрманын, атын, киімкешегін əзірлеп бер» деп мазамды алатын болды күншіл, күлеген жұрт!.. – Оттай берсін! – деді Қалампыр кесіп айтқан үнмен. – Кісіден тіленген күніміз жоқ. Қазанымызға ас салып берген адам жоқ. Ашты-тоқты болайық, өз еңбегімізбен күн көріп жатырмыз. Нұржанның да жалшылыққа тұрар күні қашпас. Бойы өсіп, бұғанасы қатсын. Жасынан жалшылыққа берсең, ез-ез боп жаншылып қалар. Есін біліп, етегін жапқан соң өзі де қарап отырмас, ақылы бар бала... Қалампыр мен Баймырза бұл сөзге қайтып оралмады, Нұрмағамбеттің ержеткен, жұмысқа барам деген сөз өз аузынан шыққан күнін күтті.

Бірақ олар ұзақ күтпеді. Қайрақты қаласы күйгеннен кейін, жан-жақтағы ауыл адамдары боп, оларға Баймырза да еріп, үйлерін, қора-қопсыларын салысуға аттанарда: – Мен де барам, əке! – деді Нұрмағамбет. – Қайда? – Қалаға. – Неге? – Жұмысқа!.. Баймырзаның апарғысы, Қалампырдың жібергісі келмеп еді, Нұрмағамбет «барам!» деген сөзінен танбады. Несіне тансын, жазықсыз күйдірген селоның қарғысы атқандай, жалғыз аты өрттен кейін көп кешікпей жамандатып өлді. Тігерге тұяқта жалғыз сиыр дан басқа мал жоқ. Оның сүмесі шайды шылаудан артыққа жетпейді. Сəті түскен кəсіпке ғана кездесетін əкесі мен Тоқсанбай үйінде жалшылықта жүрген ағасы – Төлебайдың тапқаны тақыл-тұқыл тамаққа ғана жарайды. «Тəуір ғып өсірем» деген талаппен, бүтін киім-кешекті шешесі бұның ғана үстіне жапсырады да, өзгесі жамау-жасқаумен жүреді. Төсек-орын да тозған, киіз үй де тозған. Қысқы үйі – үй емес, үйшік... Осындай жағдайда тұрудың несі қызық!.. Бала шағында байқамағанмен, есейе келе бұл тұрмыстың кермек дəмін үй-ішімен бөле татқан Нұрмағамбет, ауыр тұрмысты жеңілдетуге көмегін қалай тигізуді білмей жүр еді, əкесіне күйген қаладан жұмыс табылған соң ерді де кетті... Баймырзаның мамандығы – балташылық екені бізге мəлім. Қалың орманның арасына мекендеген Қайрақтыда, күйіктен кейін де балташыға жұмыс көп табылды. Сол жұмысқа білегін түре кіріскен əкесіне Нұрмағамбет іздесе табылмайтын көмекші болды. Ағашты мыжғалау жұмысына Нұрмағамбет тіпті кішкене күнінен үйір болатын: бəкімен, пышақпен, шаппа-шотпен, балтамен... дегендей, қолына не құрал түссе, сонымен ойыншықтар жасайтын. Бірақ ол, көңіліне алған ойыншықтың долбарлап жобасын ғана келтіре алатын да, басқа шебер балалардай əдемі жасай алмайтын. Ал домбыра шертуге, өлең айтуға кішкене күнінен-ақ шеберлене бастады. Мінезі ойнақы, қалжыңшыл ол, əлдекімдерді сықақтап, бірер ауыз өлеңді жанынан да шығарып жібереді. Оның үстіне, денесі өзі құралыпты баладан сом да, биік те боп өсіп, күрессе жасы қатарлас балаларды қолына да алмады, ересек балалармен де тайталас, ит-жығыс түсіп жүрді... Осы жайларына қарап, «бұл түбінде кім болады?» деген сұрауға əркімдер əртүрлі жауап берді. Ағаш жонуға үйірлігіне қарап:

– Əкесіндей балташы болады, – десті біреулер. – Болса болар,– десті екіншілер, – «тауда туған құлынның, екі көзі таста болады» дегендей, көзін аша көргені балташылық болған соң, бұл да өскенде балташы болмай қайтер дейсің. Бірақ, түріне қарағанда, əкесінен ұзап ешқайда бара қоймас, əкесіндей бұның да ісмерлігі ағаш үй қиюдан аспас. Домбырашы, өлеңшілігіне қарап, біреулер: – Сері болады, – десе, енді біреулер: – «Талтаңдасаң талтаңда, ақшаң болса қалтаңда» дегендей, серілікке де дəулет керек шығар. Тақыр кедей несімен сері болады? – дейтін. Денесіне, күшіне қарап, біреулер: – Осы асқан балуан болады, – десе, енді біреулер: – Олай болғанда не бітіреді? Үнемі айт-той кездесе бере ме оған, күреске шығатын? Кездескен жерде жығудан не пайда оған? «Айт – аттыға, той – тондыға» жараспай ма? Аты қайда оның айт пен тойға мініп баратын? Тоны қайда киіп баратын? Біреудің атын мініп, біреудің тонын киіп барудың несі сəн? – Осы бала, осы жайларды ойлай ма екен, жоқ па екен? – десетін əркімдер. – Əй, ойламайды ғой деймін, – десетін біреулер, – мал түлігі болып қалды, ойласа, мал табуға тырысар еді ғой. Ойында ол жоқ. Баққаны – «аһа-һау» да «еһе-һеу!» – Оны ойлауға əлі жас қой, – десе: – Несі жас? «Он үште – отау иесі» емес пе? Он үштен асып бара жатқан жоқ па осы? Денесі он бес-он алтыдағы баладай емес пе? Осы кезде кірмеген сана оған қашан кіреді, – дейтін. – Бала да емес, бұған кінəлі, əкесі де емес, – дейтін, білем деген біреулер, – айыпты – шешесі. Əкесі жалшылыққа берейін десе, шешесі «бұла ғып өсірем» деп көнбейді. «Байдың малы, жалшының жаны ардақты» деген осы... – Шешесі ақылсыз адам емес, – дейтін біреулер, – оның да бір білгені бар шығар. «Бойы өсіп, бұғанасы қатсын» деп жүрген шығар баласының... Солай күңкілдесетін жұрт, Нұрмағамбет əкесіне еріп, Қайрақтыға жұмысқа аттанғанда, «е, бəсе!» деп сүйсінді де, «қайтер екен?» деп күтті. Үміт жүктейтін адамдардың ойын Нұрмағамбет ақтады: əкесіне тізе қоса балта шапқан ол, іскерлікте кем түспеді; ал күшке келгенде, жасы жетіп қалған əкесінің қайраты қайта бастауынан ба, əлде, бала Нұрмағамбет жас мөлшерінен əлдеқайда қуатты ма, –

шапқан ағашына балтаның жүзі нығырақ қадалды, ағаштың қолдаса көтерген жағын еңсеріңкіреп кетті... – Міне, енді, жігіт болды бұл, – деп сүйсінді көрген дос адамдар, – əке-шешесін асырай бастауының алды осы... Балтаны көп жыл шапқан Баймырзаның, үздіксіз ауыр жұмыстан тапқан бір зақымы – беліне түскен шойырылма еді. Орта жаста пайда болған бұл зақым, жасаңқыраған кезде үдеп, ара-тұра ұстағанда, белін баса алмай, қозғала алмай, сіресіп жататын да қалатын. Кейде ол шойырылма жұмаларға, айларға созылып, қимылдауға халі келмей, төсекте шалқасынан жататын да қоятын... Бұл пəле оны көбінесе көктем, я күз айларында көбірек айналдыратын. Биыл, Нұрмағамбетін ертіп Қайрақтыға жұмысқа барған жылдың күзінде, осы пəле тағы да сап ете қап, белін қақырайта тас қып буды да тастады. Қимылдауға халі келмеген оны достас бір адамы тарантасына көтеріп сап үйіне алып қайтқанда, Нұрмағамбет жұмыста қалып қойды, əкесінің «бірге қайтайық» деген тілін алмады... Сол қалғаннан Нұрмағамбет ұзақ қалды. Қалмауына болмады, – əкесі бұл жолы ұзақ ауырып, қыс бойы сартөсек боп жатып алды. Төлебайдың тапқаны əке-шешесін асырауға жетпейтін болды, оған Нұрмағамбеттің табысы қосылса, онда да тоқ-жараулық қана күнелткенмен, «аштан өлмейтін, көштен қалмайтын» халге жетті. «Басқа түссе баспақшыл». Басына əке-шешесін асырау күні туған Нұрмағамбет бұрын əкесіне жəрдемші болса, енді əкесі ауырғаннан кейін өзіне ғана сенді де, балташылық жұмысын жеке атқарып кетті. Табысы көп болмағанмен, оның балтасына жұмыс табылмай қойған жоқ... Басында бейнет сияқтанған балташылық, үйрене келе, құмарта атқаратын ісі боп кетті. Құмартпағанда қайда барады? Бұдан кеткенде де барар жері жалшылық. Өз ойында ауыл мен селоның жалшылығын салыстырса, бастапқысынан соңғысынікі əлдеқайда жақсы сияқтанады. Ауыл жалшысының қандай болатынын ол өз ағасы Төлебайдан байқайды. Оны жұмысқа күні-түні айдайтын бай не асқа, не киімге жарытпайды, еңбекақысын кезінде бермейді, кейде жеп кетеді; орыс байының да жұмысы ауыр болғанмен, тым мезгілсіз салпақтатпайды, тамағын тоқ, киімін бүтін қып ұстайды, уəделі ақысын мезгілінде құлақ қақпай беріп тұрады, жұмасына бір күн демалыс береді, моншасына түсіреді, таза орынға жатқызады...

Нұрмағамбет тұрған байларына жағымды болды. Өйтпеуіне мүмкін емес еді: мінезі ойнақылығының, тіл алғыштығының үстіне, ол аса қарулы болды. Не жұмысқа болса да бар ынтасымен кіріседі де, қолы тиген жұмысын опырып жібереді. Мысалы, жап-жас қалпымен ол көтерген жүкті, ересек жігіттердің жігіттен жігіті-ақ көтереді; егін-шөп шапқанда, жолды өзгеден бір жарым есе кең, бір жарым есе шапшаң тартады. Жұмысты соншалық қарқынмен істеген ол жалқаулануды, шаршауды білмейді, ерте тұрады, кеш жатады... Осындай жайын көрген оны, Қайрақтының байлары, ақыны бірінен бірі артық беріп, таласып жалдайтын болды. Селода ол «жағымды жалшы» атанды. 6. КҮТПЕГЕН КЕСІРЛІК Нұрмағамбет жалшылықта сол жүргеннен төрт-бес жыл жүріп қалды. «Қолы қимылдағанның – аузы ойнайды» дегендей, жұмысты ынталана жəне бұрқырата мол істегендіктен, оның табысы да көп болды. Өз еркіне салса, оның ниеті – бар табысын кедей үйінің шаруасын көтеруге жұмсап, тəуір тұратын үйлердің қатарына қосу еді, сəті түссе – байыту еді. Нұрмағамбет жалшылыққа тұрған соң, ол үйдің тұрмысы шынында да алға басып, тамағы тойынудың үстіне, алғаш киім-кешек, төсек-орын, ыдыс-аяқ қосыла бастады; одан кейін тана-торпақ, тоқты-торым сияқты ұсақ жəндіктерден бастап, малдың да басы құралуға айналды; шаруасы солай оңдала бастаған соң: – Əке, – деді Нұрмағамбет үйіне бір барғанда, – енді кісі есігіне кіріптар болуды қой. Апам мен екеуіңнің аштан өліп, көштен қалмауыңа Төлебай екеуіміз, əсіресе мен кепіл бола йын. Апа, сен де қой енді, біреудің киімін тігіп, жамау-жасқауына қолғабыс тигізуді. Екі балаңның тапқан-таянғанын құрастырып үйде отырыңдар да, бір қада болса да өз үйлеріңе қағыңдар, бір ине болса да өз үйлеріңе шаншыңдар, сөйтіп, біртіндеп барып, ілікке ілініңдер де, тəуір тұратын үйлердің қатарына қосылыңдар... Əкесі мен шешесі Нұрмағамбеттің бұл тілін алды да, қолдарынан келген қайраттарын үй тұрмысын түзеуге жұмсай бастады; сырттан табыс кіру, үй-ішінен бүтінші табылу Баймырзаның бұрынғы іші де, сырты да сиықсыз үйіне ажар беріп, жыл өткен сайын, жақсы үйлердің қатарына жақындай түсті.

Бұл үй бұдан да тез əлуеттенер ме еді, қайтер еді, егер, Қалампыр аздап бөгеттік жасамаса. – Сенің ақылыңды біз де алайық, құлыншағым, – деді ол Нұрмағамбет тағы да бір келіп, үйінің түзеле бастауына сүйсіне отыра, одан да түзелуіне тағы да бір ақыл айта бастағанда, – бірақ, сен менің ақылымды да ал. – Айт, апа!.. – Аруағыңнан садаға кетейін, əткем марқұм айтушы еді: «бай болып ешкім жаппас жердің жүзін, сұлу боп ешкім жаппас күннің көзін» деп. Əулиенің сөзіндей ғой, осы сөз. Талай байды көрдім. Ешқайсысы да байлықпен жердің бетін жапқан жоқ. Қолдың кірі сияқты нəрсе көрінеді, «байлық» дегенің, бір жуғаннан қалмайтын көрінеді. Аталарыңның «бай – бір жұттық, батыр – бір оқтық» дейтіні де сондықтан... – Сонда, байымау керек пе, апа? – деді Нұрмағамбет күліп. – Тəңірі беретін байлық болса қашпассың, балам, бермейтін байлық болса қумассың; қуғаныңмен жеткізбейді... – Мен жетсем ше?.. – Асылық сөз айтпа, шырағым!.. Аталарың айтқан: «ұл таппас қатын болмас, тұрарын айт, мал таппас жігіт болмас, құрарын айт!» деп. Кімнің бай болғысы келмейді дейсің, күнішегім, кім еңбектенбейді дейсің, баюға?.. Тапқаны құрамайды да!.. Тəңірі, тек, сол кезіне ұшыратпасын деп тіле!.. Еркелеп қана болмаса, шешесімен басқа жайда сөз таластырып көрмеген Нұрмағамбет, баю жайынан да бұдан əрі сөз таластырғысы келмей: – «Ақыл айтам» деп ең ғой, апа, осы ма айтар ақылың, басқа ма? – деді. – Айтайын деген ақылым, – деді Қалампір кескінін салмақтандырып, – аталарыңның мақалы бар – «етігі жаман төрге шыға алмайды, жеңі жаман ас іше алмайды» деген. «Тоны жаманды ит қабады, ниеті жаманды тəңірі табады» деген аталарың. «Таныған жерге бой сыйлы, танымаған жерге тон сыйлы» деген... – Неге мақалдатып кеттің, апа, осынша? – деді Нұрмағамбет күліп. – Мақалдатып отырғаным, – деді Қалампыр, салмақты бейнесін өзгертпей, – тіл-аузым тасқа, табысың жақсы, баюды қоя тұрып, ең алдымен үстіңді бүтінде!.. Жай ғана бүтіндеп қоймай, жақсы киін!.. Тағы да тіл-аузым тасқа, туысың ешкімнен кем емес, тұрмысыңды да ешкімнен кем ғып ұстама, «мына» деген байдың баласындай сықырлап жүр!..

– Олай жүру жарасса, апа! – деді Нұрмағамбет демін соза алып. – Неге жараспайды?.. – Жақсы киім жарасар еді, мінер жақсы атың болса, тұрар жақсы үйің болса!.. Ондайларың болмай, құр ғана сықырлап киінгенше, «несіне жетісіп киінеді?» деп біреулер күліп жүрмесе!.. Баласының бұл сөзіне тоқталып қалған Қалампыр, іштей «солай екен-ау, əлі!» деп қалды да, сыртына ол өкінішін шығарғысы келмей: – Үміт дүниясы емес пе, балам? «Көң шыққан жерге – шөп те шығады» деген аталарың. Жас емессің бе, əлі? Неден күдер үздің? Алдын берген тəңірі артын да берер. Бақ пен дəулет жауын емес, бір күнде үстіңе құя салатын. Ол көздің жасы сияқты тамшыдан құралады. «Тай – атқа, ат – мұратқа жеткізеді». Əуелі, дұшпан көзі ғып киім-кешегіңді түзе. Одан кейінгісін тағы да көре жатарсың!.. Шешесінің тілін алды ма, əлде, былай да жасынан əдемілікті жақсы көруінен бе – табысынан үйіне де қараса отыра, Нұрмағамбет жылдан-жыл тəуір киіне бастады. Жəне ол, ауылша емес, орысша киінді. Ол кезде орысша киім ауылға тараған жоқ еді де, бірен-саран орысша киінем дейтін жігіттер болса, ауылдың діншіл ақсақалдары «шоқынасың» деп тыйым салатын еді. Орысша киінген Нұрмағамбет, сол киіммен алғаш үйіне барғанда, ауылдың өзгесінен емес, өзінің шешесінен қорыққан еді. «Ұрсар» деп ойлаған еді ол. Шешесі өйтудің орнына, орысша əдемі киініп, орыс жігіттеріндей шашын өсіріп барған баласын, əуелі: – Көтек-ай, бұл кім еді?! – деп, таңырқап, танымай қалды да, баласы екенін таныған соң, бас салып сүйіп: – Бұл киімдерім жараса ма, апа? – деген баласына: – Өте жарасады, күнім, игілігіңе кигізсін! – деп қайта құшақтап, қайта сүйді. Көрші-қолаңнан келіп отырған біреулер: – Жарасуы жарасады-ау, бірақ орысша киінгені ұнамайды! – деп еді: – Бəрібір емес пе? – деді Қалампыр жекіп. – Таза болса, тəуір болса болады, – деді ол баласына, – кие бер, күнішегім!.. Тек, шашыңды алдырып жүрсең болды!.. Шешесінің ол тілегін орындаған Нұрмағамбет, село жастарының арасында əдемі киімдерімен ғана көзге түскен жоқ, өнерімен де көзге түсті. Жексенбі күндері, əсіресе, қауырт жұмыстар азайған кездің жексенбі күндері, немесе мейрам күндері қала жастары сауық

жасаса, ойынның гүлі екі жігіт болады, бірі – Андрей Курганов, екіншісі – Нұрмағамбет. Əуелі, қысқаша, Курганов туралы: Фельдшер Василий Кургановтың Антон жəне Андрей деген екі ұлы болғаны бізге мəлім. Ана жылғы Нұрмағамбет тұтатқан өртте Василий күйген үйінің жалынына ауыр түрде шарпылды да, біраз уақыт больницада жатып, əрең дегенде тəуір болды. Бірақ денесіне өрттен түскен тыртықтардан ба, өрт ішінде шошып оянғандықтан жүрегі қатты шайлығудан ба, немесе, бұрын да болып жүретін ымшық-шымшығының өрт күйігінен кейін қозуынан ба, – күйіктен тұрғаннан кейін бірер жыл сүлеленіп жүрді де, дүниеден көзін жұмды. Артында, жоғарыда аталған екі бала мен қартаң жəне сырқат əйелі қалды. Андрей Нұрмағамбетпен жасты еді. Антон – төрт-бес жас үлкен. Бұл екеуі де бастауыштан артық мектепті бітіре алмады: селолықтан арғы мектепке жасынан тентек боп өскен жəне оқуға ықылассыз Антон бармады; Андрей зиректеу жəне ықыласты бол ғанмен, үйі күйген Василийдің оны ілгергі оқуға жіберуге орқаны келмеді. Сөйтіп, ол екеуінің де маңдайына өмірлерін крестьяндықпен өткізу «бақыты» жазылды. Бірақ қандай крестьяндық ол? Малы жоқ, соқасы, сайманы жоқ крестьянда жалшылыққа тұрудан басқа не амал бар? Ағайынды Кургановтар да сөйтті: Антон əкесі ауруға шалдығып, табыстан қалған соң-ақ өз селосының байларына жалшылыққа тұрды, Андрей ол қамытты əкесі өлгеннен кейін киді... Бірақ Антон селосының жалшылығында ұзақ тұрмай, əлдеқайдағы қалаға кетті де, үйіне жыл тəулігінде аз уақытқа ғана келіп жүрді жəне жақсы киініп келді, сонда айтары – «мата тоқитын фабрикаға жұмысқа кірдім». Оның ойына салса, Андрейді де, Нұрмағамбетті де өзі қызмет атқаратын фабрикаға жұмысқа əкету еді, екеуін де шешелері жібермеді. Андрей мен Нұрмағамбет аса тату-тəтті боп, бірге туған адамдай болып өсті. Бірін-бірі есін білер шақтан танитын олар, сол шақтан бірге ойнайтын дос та болып кеткен еді. Қазақ арасында өскендіктен, қазақ тілін судай білетін, əрі мінезі жақсы Андрейді Нұрмағамбет бөтенсудің орнына жанындай жақсы көреді. Өрттен кейін, əсіресе, селоға келіп жалшылыққа тұрғаннан кейін, Нұрмағамбет Андреймен тіпті жақын болып алды. Сондағы бір себебі – бұрынғы татулық болса, екінші себебі – үйін өртегендіктен, өзін оның алдында аса қылмысты адам көріп, ол

қылмысын жууға достығын күшейте түсуден басқа құралым жоқ деп ұғуда... Осы мақсатпен тым жақын боп, жұмыстан қолы босаған уақытын Андреймен бірге өткізетін Нұрмағамбет, əкесі өлгеннен кейін жалшылыққа тұруға бел байлаған Андрейді өз қасына алды. Ақыл парасатына жүйрік Андрей дене күшіне əлсіздеу еді. Нұрмағамбет оны, сонысын білгендіктен де, өзі жүрген байдың жұмысына шақырды. – Бірге болайық, – деді ол Андрейге, – жұмыста бірге жүрейік. Ауырына мен ие болармын, жеңіліне сен ие боларсың. Жұмысқа бірігіп кіріскенде, мысалы, соқа айдаса – Андрей тұтқасын ұстады, шөп үйсе – төбесіне шықты, бидай соқса – веялканың құлағын айналдырды, қапшық көтерсе – түбін ұстатты... Күш жұмысына сондай солқылдақтау Андрейдің аса жетік бір нəрсесі – сырнай. Қайрақтыда одан сырнайшы кісі жоқ. Сырнайсыз ойын-той болмайды, Андрей сырнай тартпаған ойынтойдың сəні болмайды, қай үйде ойын-той болса, алдымен Андрей шақырылады... Нұрмағамбет те сырнайға аса құмар. Бірақ, оның бақытсыздығы, ана жылы, қамбадағы қасқырды өлтіріп, терісін сойып алам деп жүргенде үсіген оң жақ қолының басы бүлініп, фельдшер Василий төрт саусағының жоғарғы екі буындарын кесіп тастап, əрең жазылған. Содан мұқыл боп қалған саусақтар сырнайдың пернесін жылдамдата басуға жетпейді, ақырын басып азын-аулақ ойнауына айызы қанбайды, оңтайы оң жағына біткен Нұрмағамбет, сырнайды сол жақ қолымен үйренейін десе, саусақтары ырқына көнбейді... Сырнайды еркін билеп кетуге мұқыл саусақтары көнбеген Нұрмағамбет, шала-шарпы дарылдатуға риза болмады да, бар өнерін сырнайға қоса ысқыру мен əндетуге жұмсады. Жоғарғы ернін жымқыра, төменгі ернін салбыратыңқырай, сиректеу, жалпақтау, ұзындау тістерінің арасынан ысқырық шығарғанда, дыбысын ол жер-өмірге жеткізетін болды. Бірақ ол босқа ысқырмай, сырнайға ойналған əнге қосыла ысқырды. Ысқырыққа келгенде, село жастарынан алдына жан салмайтын Нұрмағамбет, орыстың əнін жақсы үйренгенмен, сөзіне жетіле қойған жоқ, сондықтан біліп тұрған орыс əнінің сөзін шалағай айтуға ұялып, орыс əндерін айтуға əуестене қойған жоқ. Қазақ əндерін ол да жақсы біледі, Андрей де жақсы ойнайды, сондықтан сырнай тартса-ақ қосыла кетеді... Өстіп, Андрей мен Нұрмағамбет Қайрақты жастарының ойын гүлі боп жүрген күндердің біреуінде, екеуіне де күтпеген кесір кез-

десе қалды. Бұл кесірге себепші Антон болды. Алыстағы қаладан туған селосына аз күнге қонаққа келіп жүретін ол, осы селоның ең байы – Егор Пропадконың бойжеткен сұлу қызы Наташамен көңіл қосып қалды. Нұрмағамбет пен Андрей бұл кезде Егордың жалшылығында жүр еді. Наташаның əкесі бұл жайды тез сезді де, мінезі қаһарлы ол, қызына тыйым салып, босағасынан аттатып шығармай қойды. Егордың есігі біржола жабылуына көзі жеткен Антон, кілтін қолына Нұрмағамбет арқылы түсіріп, түн жамыла жолығып жүр еді, Егор аңдытқан күзетші оны да сезіп қойды. Қызын Көкшетау қаласындағы аса бай саудагердің баласына бермек боп, қалыңмалының көбін ақшадай қылғып қойған Егор, не істеуге білмей састы. Саспас еді, қызына «мұның не?» деп ұрысқанда, «сүйетінім сол, бармай қоймаймын» деп қарсыласа кетті. «Атастырған күйеуіңе еріксіз беріп жіберем!» деп қорқытып еді – «бəрібір, оған пенде болмаймын, – деді қызы, – күшім жетпесе өлем, күшім жетсе, бəрібір, сүйгенімді табам!» Амалы құрыған Егор, «енді не істеу керек?» деген сұрауға – «Антонды өлтіруден» басқа жауап таба алған жоқ. Егор жанды-жақты: ержеткен балалары да, еншісі бөлек інілері де, олардың балалары да көп адам еді. Жасырын түрде солардың басын қосып, Антонға деген үкімін ол айтқан еді, ұяластары «дұрыс!» деп мақұлдай кетті. – Бірақ, қандай жағдайда? – деген сұрауға: – Мынандай жағдайда, – деп жауап берді Егор, – осындағы жалшы қазақтың жəрдемімен, түнде, біз ұйықтап қалған шақта қақпаны ашып кіретін көрінеді. Сол кезде қапысын тауып өлтіріп жіберу керек!.. – Қазақты қайтеміз? – Қарсыласса, оны да!.. – Туыстары іздейді ғой! – «Ауылына кеткен, қайтып келген жоқ» дейміз. Надан қазақтар бізге не істейді? Сот арқылы ізденгілері келсе, ебін тағы да табамыз! Ақшаға сатылмайтын сот жоқ!.. Сөз осыған байланды. Мезгіл жаздың ортасы еді. Айдың қараңғы кезі. Түнде қақпа дағдылы қалпымен жабылды да, ауыр құлыппен бекілді. Бүгін де Антонның келетіні өзіне мəлім Нұрмағамбет, Наташа арқылы ол кілтті іңірде ұрлатып алды... Нұрмағамбеттің əдеті – Антон келер түні, сенекке əдейі ерте жататын еді де, жабдығына олар ұйықтаған кезде кірісетін еді. Бүгін де сөйтті. Іңірде сенекке жата қалған ол, жау жағының əзірлігін сез-

ген жоқ. Аңдушысы арқылы хабар алған Егор, Антонды өлтіруге əзірлеген адамдарын ол жүретін жолдың қараңғы қуысына жасырды да, қолдарына балға, балта, тұтқасына қайыстан бау таққан кір сияқты қаруларды берді. Олар қолдарына түкіріп даяр тұрғанда, сенек жақтан сыбдыр естілді. «Бұл, əрине, жалшы қазақ!» Сенектен шыққан адам еппен басып барып, қақпаның кілтін сыбдырсыз ашты. Түнге көздері үйренген өлтірушілер, қақпа сыртынан ішіне əлдекімнің кіргенін де көрді, «бұл, əрине, Антон!» Өлтірушілер дірілдеген денемен, қаруларын қолдарына оңтайлай бастады... Қаннен-қаперсіз қора ішіне кіре берген Нұрмағамбет пен Антонға аңдушылар дүрсе қоя берді!.. Олардың дəлдеп сілтеген қарулары Антонның басына қабаттаса тиді де, ұшып түсті. Не болғанын білмей сасып қалған Нұрмағамбет, құлаған Антонды құшақтай алам дегенде, көп адам оған жабыла кетті... Жанталаса ұшып түрегелген Нұрмағамбет, жабылған адамдарды жан-жағына шашырата қалай лақтырып жібергенін білмей де қалды. Жаулар тағы да ұмтыла бергенде, бұрынырақ жеткен біреуінің шауып жіберуге сілтеген балтасын Нұрмағамбет қолынан шап беріп жұлып алды да, сол балтаның ұңғы жағымен кеудеден тапсырып кеп жіберді. Талып я өліп құлағанын білмеді – ол шалқасынан ұшып түсті... Өзгелерін əлгінде дүрсе қоя берген үңгіріне қуып тыққан Нұрмағамбет, жалт беріп жылдам адыммен Антонның қасына келді де, қимылсыз жатқан оны жерден құшақтай көтеріп ап, далаға ала қашты... Артына алақтай қашқан оның көзіне жаулардың қараңдап қуған елесі шалынды, бірақ қатты жүгірген Нұрмағамбетке жете алмады ма, немесе, жетерін біле тұра бата алмады ма – жаулар оған қолдарындағы қаруларын ғана лақтырды да, қуып кеп ұстай алмады, лақтырған қарулар денесіне дарымады... Қуғыншылар қақпадан шықпай, қора ішінде қалып қойды... Нұрмағамбет сол жүгірген қалпымен, Кургановтардың үйіне келді. Андрей ол күні кешке «моншаға түсем де, үйде қонам» деп кеткен еді. Қатты қағылған есіктің дүрсілінен шошып оянған ол, есікті аша тіпті шошып кетті: əлдекім əлдекімді көтеріп кеп тұр!.. – Кім?! – деген үрейлі дауысы қатты шығып кетті оның. Кімдер не халде келіп тұрғанын білген ол, есінен танып қала жаздады. Ол есінен танбағанмен, шешесі танды. Андрейдің «мама, шам жақ!» деген үрейлі даусын естіп, бір жамандықтың барын, бірақ

не екенін білмеген шеше, дірілдеген дене, қалтыраған қолмен, қараңғы бөлмеде кəрəсін лампысын əрең жақса, ағаш кроватьтың үстінде əлдекім сұлап жатыр... Қасында Нұрмағамбет пен Андрей түрегеп тұр!.. «Бұл кім?!» деп сұрастырса – Антон!.. Аузымұрнынан, құлақтарынан қан сорғалап жатыр... «Құдай-ау, бұған не болды?!» деп, бақыра жылап бас салса... өліп қалған!.. Шеше талып кетті... Сол талғаннан есін жинамаған, бұрын да ауыр сырқат бейшара, таңға жақын жан тапсырды... Бұл кезде жиналған көрші-қолаң үйге лық толып отыр еді. Болған оқиға жайын естіген Кургановтың жақындары: – «жиналып барамыз, қанды қанмен жуамыз» деп желігісіп еді, жамағайындар тоқтау айтып бөгеді. – Нұрмағамбеттің айтуынша, – десті олар, – босқа арандамайық. Шортандағы атаманға кісі шаптырайық. Жауларың да аман емес қой, тегі. Олардан да шығын болған адам бар сияқты ғой. Атаман келсін де, екі жақты да тексерсін. Заң адалын шешер. Атаманға шапқын кеткенде, Андрей жақындарына өз ұсынысын айтты: – Өлер ағам өлді, – деді ол, – Пропадкоға жуыма деп ем, тіл алмады. Ақыры, басына жетті. Енді оның өліміне нақақ біреуді күйдірмеу керек... – Кімді?.. – Мына Нұрмағамбетті!.. Бұның жазығы – Антонға болысу. Ол үшін жаза тартуы əділетсіздік болар еді. – Өзінің жорамалы расқа шығып, жау жағынан біреуі өлсе, жазаны амалсыз тартады да!.. – Ол тартпайды, мен тартам!.. – Неге? – Қалай?!.. – Туыс менікі. Оның ісіне өзге емес, мен күюге тиіспін. – Жаудан кісі өлсе, «өлтірген менмін» деп мойныма алам... Ертеңіне станицалық атаман жəне тағы біраз чиновниктер келді де, қылмысты істерді тексерді. Нұрмағамбет балтамен соққан адам да өліп кеткен екен, ол Егордың інісі Фарфирий екен... Екі жақтан да көп кісі тұтқынға алынды... Егор Көкшетаудағы саудагер құдасының жəрдемімен тергеу жəне сот орындарын сатып алды да, үкімде жазаға Курганов ілікті, ол бес жыл каторгіге айдалатын болды. Бірақ ол жауаптарында да, сот процесінде де айыпты мойнына алып, абақтыға өзімен бірге жабылған Нұрмағамбетті ақтап, босаттырып жіберді... Бұлай босанғысы келмеген Нұрмағамбетті ол достық қолқасын салып əрең көндірді...

  1. БАЛУАН ШОЛАҚ Босанған Нұрмағамбет екі себеппен Қайрақтыға оралмай, ауылына қайтты, бір себебі – қапымды тауып өлтірмей қоймайды деп Пропадко тұқымынан қорқу; екіншісі – жазықсыз жаза тартып үйорманымен құрып кеткен Кургановтардың «Пропадколар бұзып əкетіпті» деген жұртын көргісі келмеу. Осы себептермен жайлауда отырған еліне қайтқан ол, салысы суға кеткен адамдай, салбыраңқы қабақпен үйінде тұрып жатты. «Алда не істеу керек?» дегенді ол алғашқы күндері ойлаған да жоқ, ойлауға шамасы келген де жоқ. Оның басын билеген жалғыз ой – Пропадко сияқты күштілердің Кургановтар сияқты əлсіз дер ге көрсететін қорлығы. Ол сондай ауыр ойда жүрген күндердің біреуінде, оның көзі де, жайлаудағы жұрттың көзі де бір атты мініп, бір атты жетектеп, ауыл-ауылдың арасында шоқыта шапқан біреуге түсе кетті. – Е, қайда барасың? – деген сұрауға: – Тоқсанбай байға ас1 берілетін еді, соған сауын2 айтып жүрмін, – деп жауап берді ол. – Қашан болады, ол ас? – Енді бір айдан кейін. – Қанша елді шақырды? – Көкшетау, Атбасар, Ақмола, Қарқаралы, Кереку, Қызылжар, Омбы – осы жеті ояздың елін түгел шақырды. – Ойпырмай, оған не деген ас шақ келеді?! – Тоқсанбайдың өз малынан мың қой, жүз ту бие, ілік-шатыс, құдандасынан жүз елу ту бие, мың жарым қой, барлығы – екі мың жарым қой мен екі жүз елу жылқы сойылады, солардың еті жетпей ме? Қымызына жиналған жұрт өзі əкеледі. Бір ай асқа əзірленген жұрт сабаларын екі доңғалақты қазақ арбаға артып, біреу салт, біреу арба жегіп... дегендей, Тоқсанбай ауылына жан-жақтан ағыла бастады. Ормансыз жазық кең дала құмырсқаның илеуіндей қыбырлаған адамнан көрінбей кетті. Бұл топтың ішінде Нұрмағамбет те жүрді. Ойы жүдеген шақта бойы да жүдеген оған, асқа аттанарда шешесі ұрысты. Нұрмағамбеттің еркіне салса, бұл асқа бармас та еді. Өзге жұрт жиналып жатқанда үйінде бейқам отырған оған: – Сен неге отырсың? – деді Қалампыр. – Жəй... 1 Өлген адамды еске түсіріп, елді жинап ас беріп, сауық жасау. 2 Барлық елге қымызын жинатып асқа əкелдіру.

– Асқа бармаушы ма ең? – Не алам, содан? – Жоқ, барасың! – деді шеше, бұйырған дауыспен. – Немене, жүн жіп кеткенің? Осындай жігіт бола ма екен, басына түскен бір іске мұқап қалған?.. Көрсетпе, ол қылығыңды көзіме! Бар, асқа!.. Жəне бұл жүдеген түріңмен емес, жақсы киініп, ер-тоқымыңды жақсылап бар!.. Бұйрығына көндірген шешесі, «ауылға келгенде киесің» деп даярлатып, сандығына салып қойған қазақы жақсы киімдерін, «Нұржан ғана мінеді» деп, өзгеге ұстатпай, кереге басына іліп қоятын жақсы ер-тоқымын берді де, биыл бесті шыққан жақсы атын мінгізіп, баласын ауылдан көріктендіріп жөнелтті. Ондай ас пен тойда елдің аузындағы сөз – балуан жігіт пенен жүйрік ат! Жеті ояздан жиналған жұртта бəйгеге қосылатын мыңға жақын ат бар, солардың ішінде ерекше ауызға алынған – Ақан серінің Құлагері. «Белдемесінде қанаты бар дейді, аз шапқаннан кейін құс боп ұшып кетеді дейді» деседі жұрт ол туралы. Талай саңлақтың иелері Құлагерді барлайды да, өз атынан түңіледі. «Құлақ естіген жерде бұрын бəйге бермеген Құлагер, бұл жолы да шалдырмас» деседі жұрт. «Бəлен балуан кепті, түген балуан кепті!» – деген күңкілдердің ішінде ауызға ерекше түскені – «Қарақыпшақ Қобыланды батырдың ұрпағы-мыс» деген, «Түйе балуан» атанған біреу. Көріп қайтқандар ол туралы шошына сөйледі: – Білектері адамның санындай, саусақтары білектей, саны кеудедей, кеудесі киіз үйдей, құлағы тебінгідей, басы қазандай, аузы жырта қарыс, екі ерні – екі кесек ет, түксиген қабағына біткен қалың қас желкілдеп кішкене көзін жауып тұр, тұла бойы түксиген жүн, қылдары жылқының ту құйрығынан қатты, бойының тұрқы нар түйедей, екі иығына екі кісі мінгендей, сөйлеген сөзі – арыстанның күрілдегені сияқты. Мойны бұрылмайды, – қараған жаққа бар денесімен қозғалады, бір жегенде бір қойдың етін жүк көрмейді, бір сүйретпе қымызға сусыны əрең қанады!.. – Онымен кім күресер екен? – деседі жұрт. – Əй, ешкім күреспес, өлгісі келген біреу болмаса!.. – Қап! – дейді біреулер өкініп. – Бас балуанның бəйгісі түйе мен ат бастаған, құндыз бен жібек шапан қосқан жүз ірі қара деп еді, сол бəйгіні енді күрессіз алады-ау, сабаз!.. – Қой, – деді біреулер, – түйе балуанды туғызған ел сол сияқты бір ұлды тағы да туғызбады деймісің. Ел ғой, біреу табылар.

– Əй, кім білсін!.. Асқа төрт рудан жиналған еді: Арғын, Қыпшақ, Керей, Уақ. Əдетте «Арғын аға баласысың» деп, аста, тойда бас балуан шығаруды ел Арғынға ұсынатын. Бірақ бұл жолы Арғынға жол тимеді. Себебі: ас беріп отырған Тоқсанбай, Арғынның «Атығай» дейтін бұтағынан, ас берген елге бас балуанның жолы келмейді. Ендігі күресетін Қыпшақ пен Керей. Керей мен Уақ ағайындас. Тойда, аста олар бірге отырады. Асқа жиналған жұрт етін жеп, қымызын ішкеннен кейін, біреу құрықтың басына екі кез қызыл матаны байлап, «ат шабар! ат шабар!»-лап, Көксеңгірдің Көктөбесінің биігіне шаба жөнелді. Арбалылар да, салттылар да, жаяулар да соның соңынан шұбап, қыртысы қалың, жасыл көделі жердің шаңдағын аспанға шығарды. Қою шаңнан тұман басқан жер беті буалдырланып кетті. Көп кешікпей, құмырысқадай құжынаған жұрт, үлкен қара жолды ортаға ала, екі жарылып отырды. Жолдың бір жақ бетінде – Қыпшақ, екінші жақ бетінде – Керей мен Уақ; Арғын асқа жиналған жұртқа қызмет етті. – Кем болса жиырма мың халық бар шығар, – десті көпшілікті көзімен шолғандар. Əдетте күрестен бұрын бəйгінің аты кетеді. Асқа жиналған мыңға жақын жүйріктен іріктеліп кеп үш жүздей ғана ат бəйгіге қосылатын болды, себебі – əр елден озып келген жүйріктің иелері бағын сынау үшін аттарын «Көксеңгірдің Көктөбесінен» елу шақырым жердегі Сілеті өзенінен жіберуді тілек етті. Сол тілек орындалып, Сілетіден ертең ертемен жіберетін боп, қоналқаға аттарды шабарман айдады. Жиын жұрт бүгінгі мəжілісті балуан күрестіру қызығымен өткізбек болды. Аттар жөнелгеннен кейін бас балуан шығару жолы тиген Қыпшақ «Түйе балуанын» шешіндірді. Түйе балуан күресерде қойдың жүнінен жуан ғып тоқыған, балағы тізесінен жоғары шалбар киіп, ышқырына қайыс белбеу өткізіп, белін тас қып буады екен де, үстіне одан басқа киім ілмей, тырдай жалаңаш шешінеді екен. Күрескен балуанмен бел ұстасқанша ғана иығына түйе жүн шекпенін жамылып отырып, күресерде оны сыпырып тастайды екен. Сол əдетін істеп, түйе балуан қара жолдың жиегіне кеп отырады. Оған Керей, Уақтың көзі түсіп еді – «Түйе балуанға» еріп келген адамдар бүркіт қасындағы торғай сияқтанды. – Кəне, қайсың шығасың! – деп Керей, Уақ дəмелі балуан дарының бəріне айтып еді, біреуі де шыққысы келмеді.

Керейдің ішінде сегіз оязға аға сұлтан болған Сағынайдың «Паң» атанған Нұрмағамбеті отыр. Түйе балуанмен күресер адам Керейден шықпағанына Нұрмағамбет ызаланып: – Баяғыдан бері Керей, Уақ қатын алған жоқ па ең? Сенен ұл туған жоқ па еді? Ер тумай, жер туып па еді? «Елмін» деп неге айтатын ең, өзіңді? – деп ақырды. Осы кезде: ұзынша бойлы, жауырынды, бірақ белі талдырмаш, үлкендеу бота көзі ойнақшыған, жоғарғы ерні жаңа ғана түбіттене бастаған ат жақты, сары сұр əдемі жас жігіт, ор қояндай ойнақтаған жеңіл қимылмен, ептеп басып кеп, оң тізесін бүгіп Нұрмағамбетке сəлем беріп, қолын ұсынды. Нұрмағамбет «Бұл кім?» дегендей жас жігітті көзімен шолып еді: ақ ботаның түбітінен тоқыған, қарала батсайымен өңірін, етегін əдіптеп, жағасына төрт елідей құндыз ұстаған қынама бел қамзолы бар, жасыл жібекпен тыстаған, оң жақ құлағын жымқыра киген ақ бұйра, жекей тымағы бар, аяғында кебісін күміс шегемен əлеміштеп, желкесін көк сауырлатқан, өкшесі биік «Қосай-қолашы»1 бар. Нұрмағамбет «Паңмен» үйде де, түзде де өзі ұлықсат етпей ешкім амандаспайтын еді. Мына жігіттің екпіндеп кеп қол беруі оған ұнамады. – Кім баласысың? – деді, ол семіз бетін тыржита қарап. – Əкемнің аты Баймырза, – деді жігіт екілене сөйлеп, – өз атым Сіздің атыңыз сияқты – Нұрмағамбет. – «Жаман иттің атын Бөрібасар қояды» деген сөз бар еді, – деді Нұрмағамбет, жігіттің аты өзімен аттас болғанын ұнатпай, – атың жақсы екен. Қай елсің? – Іргелі ел емеспін. Аз атаның баласымын. Арғы тегім, Үйсін. Абылай ханның заманында атам батырлықпен ерігіп кеп, Керейден қатын алып тұрып қалған екен. Содан тараған төрт-бес үй бармыз. Керейдің бір ауылында отырған кірмеміз. Ал, Паң ата! – деді Нұрмағамбет сөйлегісі келген Паң Нұрмағамбетті кимелеп, – рұқсат етіңіз, Керейдің аруағын шақырып, Қыпшақ балуанымен күресейін деп едім. «Ер жігіттің үш жұрты бар, біреуі – өз жұрты, біреуі – қайын жұрты, біреуі – нағашысы»деп еді. Задым Үйсін болғанмен, Керейдің қызынан туған мен де Керейдің бір баласымын. Паң Нұрмағамбет жігітке жауап берудің орнына айнала қарап еді, қоршап отырған ақсақалдар «жіберіңіз» деп өтінді. 1Кебісі де, етігі де өкшелі қазақша етік.

– Бар, – деді Паң. Жігіт қуанып жүгіре жөнеліп, қоршаған көптің арасында шешініп жатқанда: – Есер неме емес пе? –деді Паң. – Ұятқа қалдырмай ма? Əлдекім оған Нұрмағамбеттің серілікте көңілі бар жігіт екенін жəне Қайрақтыда басынан кешкен халін қысқаша баяндап берді. – Бəсе, айттым ғой, есер деп. Есер болмаса, өзі кедейдің баласы дейсіңдер, əлгіндей оңды киім кие ме? Енді жалшылыққа тұрғысы келмей жүрген біреу ғой. Жасы нешеде екен, өзінің? – Биыл жиырмаға шығатын болар. Паң ойланып қалды. «Ə, – деп ойлады ол ішінен, – жасына қарағанда денесі сойқан екен. Мынау тегін болмас!» Кешікпей көптің көзі ақ балтыры ашық күнге күмістей жалтырап, аяғын ойнақтаған құлындай жылдам басқан сидам жігітке түсті. Жігіттің үстінде қой жүн шекпен, жеңін түрген. «Я, аруақ, қолдай гөр!» – деген дауыс Керей, Уақ жағында қаққан қоңыраудың даусындай тұтасып күңгірлеп кетті. Ол кездегі ауыл əдетінде қара жолды балуан аттамайды. Нұрма ғамбет оны тыңдаған жоқ, қасына ергендердің «тоқта!» дегенін елең қылмай өтіп кетті. «Қап! – десті Керей жағы, – кесірге ұшырамаса жарар еді, жолды аттады-ау!» Түйе балуан да түрегеледі. Дағдылы көзге ортадан жоғарырақ көрінетін Нұрмағамбет бойының биіктігі Түйе балуанға қатарласқанда байқалды, – өзге адам кеудесінен келмейтін Түйе балуанның бұл иығынан келеді екен. – Ə, сенбісің, Керейдің балуаны? – деді ол күрілдеп. – Атың кім? – Кейін сұрарсың, əуелі күресейік. – Жарайды, оқасы жоқ! – деді ол Нұрмағамбетті менсінбегендей, қымсынбай. – Ендеше, қалаған жеріңнен ұста, бала! Нұрмағамбеттің шолақ қолы Түйе балуанның беліне буынған қайысқа шап ете түсті. Белбеуді ол қолына қапсыра бір орап алды. Өзгемен күрескенде Нұрмағамбет құшақтап көтеретін еді, мынау оған болар емес, беліне адамның құшағы жетпейтін, атан түйедей бірдеме!.. Жас жігіттің жұдырығының тегеурінділігіне қарап «күші бар екен» деп ойлады Түйе балуан, сонда да аса қауіп қылмай, шекпенінің екі өңірін кеуде тұсынан қапсыра ұстады да, бір қолын бос жіберіп: – Ал қимылда, бала! – деді. Сол кезде Нұрмағамбет Түйе балуанның сол жақ бүйірінен де ұстап, оң жамбасқа ала сілтеп кеп қалып еді, Түйе балуанның оң тізесі бүгіліп барып, əрең дегенде түрегелді.

– Жықты! Жықты!.. – десті Керей жағы жүгіріп. Əдетте, тізесін бүксе – балуанның жығылғаны. Екі жақтан да жігіттер жүгірісіп жанжалдасып жатыр еді: – Тоқтаңдар! – деді Нұрмағамбет айқайлап. – Жоқтағандарың менің намысым болса, кейін қайт, Керейдің баласы! Тізесін бүгіп бəйгі алмай-ақ қояйын. Бағымнан көрем, қайта күресем. Екі жағы балуандарды жіберіп, кейін шегінді. Бұрын мұндай күшке кездеспеген Түйе балуанның ашудан бетіне түгі шықты. Нұрмағамбетті езіп тастауды ойлаған ол, денесінің əр тұсынан ұстап еді – темірге тигендей батпады, бұлтыңдап ойнаған бұлшық еттері уысын кейін серпіп жіберді. Денесін қапсыра көтеруге келтірмейтінін көрген соң, Түйе балуан белінен омырмақ боп, құшағын айқастырып алып, олай да, бұлай да бұрады, кейде ұршықтай үйіріп алып та кетті, бірақ, қалай сілтесе де, тік түсетін бір тамаша! Ызаланған Түйе балуанның самайынан тері, аузынан көбігі ағып, енді жағадан ап үйіруге ойлаған кезде, Нұрмағамбет оның ішіне кіріп кетіп, түйедей денесін иыққа сап арқалай жөнелді. Сол қалыппен, бұлқынған балуанды босатпай, арқалап жүріп, үйіріпүйіріп, сылқ еткізіп шалқасынан тастап кеп жіберді. Құлаған балуанның екпінінен жер солқылдағандай болды. Нұрмағамбет ор қояндай ойнақтап, Керейге қарап жайнаңдай жөнелді. Түйе балуан жығылған орнынан тұра алмай қалды. – Қа-быр-ғам! – деді ол ышқынып, басын көтерейін дегендерге. – Сынды білем... Нұрмағамбетті Керей жағы төбелеріне көтеріп əкетті. «Сені тапқан анаңнан айналайын... Күшіңнен айналайын... Көп жаса!»... деген дауыстар даланы басына көтерді. Бір уақытта Паң Нұрмағамбет төңірегіне қараса, аз ғана ақсақалдан басқа жан жоқ. Жұрттың қоршағаны – балуан Нұрмағамбет. – Отырсын түге, шуламай! – деп Паң ақырды. – Не бар, дауры ғатын? Қаңғырған жалғыз ауыл Үйсінді сонша ардақтап, сонша қошеметтейтін, Керейдің ол бел баласы ма еді? Паңға кім үндей алсын... Жұрттың дауысы бəсеңдеді. Осы кезде үстіне тамаша кілем жапқан, кере құлаш камшат құндыз бен ала жібек шапанды өркешіне ілген түйеге бастатып, күміс тұрманмен ерттеген сұлу жирен атқа бастатып, бас балуанның бəйгісі – жүз ірі малды Арғын Паңның алдына əкеп тосты. Бір тоғыз мал қосып, түйе мен атты Паңның өзі алды да, өзгесін ақсақалдарға үлестірді. – Балуанның өзіне де ырым беріңдер. Кедей кісінің баласы, еңбегі, – деген əркімдерге Паңнан бұрын жауапты Нұрмағамбеттің өзі берді.

– Мен дүние жиғалы жүрген жігіт емеспін, – деді ол, – күшім мен халқым, сен аман болсаң, одан артық маған не керек?.. Бəйгіден бір сабақ та жіп алмаймын, ол көпшілік – сенің сыбағаң!.. Ентігін басқан Нұрмағамбетке жұрт алғысты жаудырып қоршап тұрған кезде, басына ақ жібек шəліні желбегей салған, құлағында алтын сырғасы бар, көйлек пен бешпенті татаршалау, орта бойлы, бетінде аздап қорасан дағы бар, ойнақшыған қара көзді, кішірек қыр мұрынды, жиырмалар шамасындағы қараторы əдемі келіншек көпшілікті кимелеп келді де, Нұрмағамбеттің иығына қызыл ала батсайы шапан жауып, қалтасынан мол, ақ жібек орамал алып, қолына ұстатты. – «Орамал тонға жарамайды, жолға жарайды» деген, – деді ол сыпайы, сызылған сəнді үнмен, – ерлігіңізге тартқан сыйым, көпке балап алыңыз!.. Келіншектің қарақаттай мөлдір, күлімдеген көзі Нұрмағамбетке күн сəулесінен өткір қадалып, оның өмірде жаннан жасқанбаған көзін тайдырып жіберді. Сол өткір қарастан оның бойы отқа тиген қорғасындай еріп кеткен сияқтанды, аузына сөз түспей, жаутаңдап қарай берді. Сыйына лайық жауабы тез беріле қоймаған соң, келіншек тағы бірдеме дегелі оңтайланып келе жатыр еді: – Балуан, сені Паң шақырады, тез жүр! – деді бір жігіт. – Біз бір жолаушы ек, – деді келіншек, – мекеніміз – Қараөткел. Жүріп бара жатыр ек, қош болыңыз!.. Келіншектің ұсынған қолының жіңішке ұзын саусақтары да Нұрмағамбетке оттай ыстық көрінді. – Қош! – деген сөзге ғана келді оның тілі. Келіншек Нұрмағамбетке қара көзінен нұр төге, төңкере бір қарады да, демін кеудесін кере алып, аяғын баяу басып жүріп кетті. – Атын білесіңдер ме, əлгі келіншектің? – деп сұрады Нұрмағамбет, Паңға келе жатып, қасындағылардан. – Білмейміз. – Қап, сұрамағанымызды қарашы, – деді Нұрмағамбет өкін гендей, – əне, аттанып та кетті. Паң Нұрмағамбет балуан Нұрмағамбетті қарсы алдына шақырып алды да: – Жай қолыңды! – деді. Нұрмағамбет екі қолын көтеріп, алақанын жайды. – Жігітім, жарайсың. Күшіңе сүйсіндім, – деді Паң. – Не бата тілейсің? – Тілеп бата ала ма, Паң ата?

– Екеуіміз аттас екенбіз, – деді Паң, – сен Нұрмағамбетті қойып, «Балуан» деген атқа ие болсаң қайтеді? Оны азсынсаң, қасына «Шолақ» деген сөзді қосайын!.. – Паң, берер батаң «Балуан» деген атақ болса, мынау көп ол батаны мана айтқан! – Я, рас... айтқамыз... «сүйгенін шұнағым» дейді... Халықтан сүйген атын ол алған... Оның аты «Балуан Шолақ»! – деген дауыс ду ете түсті. Көптің құлағында бірнеше күнге шейін осы бір үн ызыңда ғандай болды да тұрды. 8. КАРОНМЕН КҮРЕС Балуан Шолақтың бағы ел үстінде құстай ұшты. Тоқсанбайдың асынан кейін, «Көксеңгірдің Көктөбесін» жайлаған ауылдар оны бірінен соң бірі шақырып, қолдан-қолға тигізбеді. Балуандық, əншілік, ақындық, серілік, ойыншылдық Балуан Шолақтың бір басынан табылады. Оның барған ауылы ұлы думанға айналды. Жиналған жұрт оның тал бойынан мін тапқан жоқ. – «Сегіз қырлы» дейтін жігіт осындай-ақ болар, – десті жұрт. Мін таппаған жұртқа Балуан Шолақтың еркелеп айтқан өлеңі мынау еді: Атандым Нұрмағамбет – Балуан Шолақ, Бір қолым үсіп кетіп болды молақ. Сұлу қыз, келіншекке тиышсыздаумын – Жалғыз-ақ тал бойымда мінім сол-ақ! Жайлаудағы елдің жайнаған гүліндей көз құмарын тарқатып серуенде жүрген Балуан Шолақтың құлағына бір күні сыбыс естілді: «Көкшетау қаласына біртүрлі балуандар кепті дейді, бəрі де аждаһадай кереметтер дейді, оларға адам пар келетін емес дейді!..» Күндеген кейбіреулер Балуан Шолаққа: «Күшті болсаң – Көкшетауға барып, солармен күрес!», – деп шаптады. Ерегіске жаны құмар Балуан Шолақ: «Ендеше, кеттім Көкшетауға, – деді достарына, – еретіндерің жүріңдер!» Жігіттер Балуан Шолақты жалғыз, өлсе жіберсін бе? Бір топ адаммен ол Көкшетауға жүріп кетті. Көкшетау қаласына оның өмірінде бірінші келуі еді. Бұқпа тауының етегіне салынған Көкшетау қаласының теріскей жағында, көлемі кең шалқар көлі бар. Көл таудың бір бүйірін құрсаулап айналып кетеді. Нақ сол таудың көлмен астасатын жеріндегі бір қазақ үйіне Балуан Шолақ бастаған жігіттер кеп түсті.

Мезгіл күз еді. Бірақ көп жылдың күзінде кездесетін ол араның жауын-шашыны биыл жоқ, – қара сұр бұлт бұрынғы жылдардағы дағдысымен торланып келеді де, күн түске тарта масайрап, əдемі қоңыр салқын болады да тұрады. Сол күннің ертеңі – сентябрьдің бірінде Көкшетауда жəрмеңке ашылады, оған жан-жақтағы елдерден қаптаған халық келеді. Балуан Шолақ пен оның достары пəтер үйлеріне базардан қымыз алдырып сусындады да, салт атпен қаланың көшелерін аралады. Бір көшемен келе жатқан олардың көзі жалпақ тақтайға жапсырған, əлдекімдердің жалаңаш суреттерін қаз-қатар басқан қағазға түсті. – Жүріңдер, жігіттер, көрейік!.. Келсе, бəрі де бұқадай күжірейген кереметтер! Орталарында бетін жаба басына қара киген біреу тұр. Қағаздың астындағы жазуды хат білетін біреуі оқып көрсе, күресетін балуандар екен. – Бұлар цирк аталатын үйде күреседі екен, – деді жазуды оқыған. – Қайдағы үй ол? – Көрген жоқпыз. – Іздейік, ендеше! Олар сұрастырып жүріп тауып алды: кенеп жапқан түрі киіз үй тəрізді, бірақ іші кең – кем дегенде мың кісі сыярлық. Бұлар барғанда, үйдің қасындағы тақтай үйшіктің алдында көп кісі тұр екен. – Неғып тұрсыңдар? – деген сұрауға: – Билет сатып алғалы тұрмыз! – деп жауап берді олар. – Неменеге? – Шеттен келген балуандар күреседі екен, соларды көреміз. – Күресін көрсеткенге ақша ала ма, олар? – Алады дейді. – Күшін көпке сатып көрсеткен не қылған балуандар?!. Нұрмағамбет пен жолдастары кісі басына елу тиыннан билет алып, кешке көппен бірге цирктің үйіне кеп отырды. Ең алдымен ат ойыны болды. Балуан Шолақ делебесі қозып, «өзім де ойнайым ба?» деп қопаңдап қояды. Аттар сұлу. «Шіркін, жазық дала боп, мына аттарды көсілтер ме еді? – деді Шолақ. – Тар жерде ойнап, аттың бауырын жаздырмай қор қылуларын қарашы». ...Күрес басталды. Балуандар парадпен цирктің ортасын айналды. Бəрі де денелі. Бірақ басына қара маска киген адамның денесі өзгесінен өзгеше. Тұлғасы аумаған Түйе балуан.

Француз күресінің приемдары Балуан Шолаққа ұнаған жоқ. Арқасы қозып отыр, тəсілдерін қарап отыр. …Қара маска киген балуан атаулының бəрін жықты. Жұрт оған қол шапалақтап, жер тепкілеп, циркті басына көтерді. Осы кезде Балуан Шолақ шыдамай барьерден1 қарғып түсті де, одыраңодыраң етіп ортада тайраңдап жүрген қара маскаға барып, қолынан ұстады. Тоқсанбайдың асынан кейін Балуан Шолақтың денесі бұрынғыдан əлдеқайда толғанын балуанның достары қара мас каның қасына барғанда байқады: Балуан Шолақтың қара маскадан қарны ғана жіңішке, басқа денесі бірдей. – Күресемісің? – деді қара маска оған. – Күресем! «Уақыт бітті... Ертең...» деген цирк бастығының сөзін жиналған жұрт тыңдамай, «күрессін» деп шулап кетті. Балуан Шолақтың тұлғасын көріп сескенген Қара маска көптің көңілін қимай, «залогпен күресем» деді. Онысы сылтаумен құтылу еді. – Неше сом? – деді Балуан Шолақ. – Жетпіс бес сом! (Жетпіс бес сом ол кезде үш аттың құны). Балуан Шолақтың жігіттері қалталарынан ақшаны суырды да берді. – Сен қазақша күресем деп ойлама, – деді цирк бастығы, – бұл французша күрес, екі жауырынның арасын жерге тигізбей, жыққанға есептелмейді. – Маған сонысы керек. Жауырынның ортасы түгіл, қыр арқасын жерге тұтас тигізіп берейін. Балуан Шолақ цирктің киімін киіп шықты. Сүзетін бұқадай екі балуан аңдысып жақындаған кезде, Балуан Шолақтың жалаңаш денесінің бұлшық еттері түйін-түйін боп бүлкілдеп, желді күні толқынданған теңіздің беті сияқтанып кетті. Қара маска күрескен адамның мойнын аңдып, алқымын қысқан қалпымен арқалап шалқасынан жығатынын Балуан Шолақ мана байқаған. Сол тəсілін істегісі кеп, Қара маска ыңғайлана бергенде, жалт беріп бұрылған Балуан Шолақтың қусырған құшағы мойнына тұзақтай түсіп кеп кетті. Ол «һауп!» деп арқалай жөнелді де, үйіріп, иығынан асыра, шалқасынан алып кеп ұрды. Қара маскадан жығылған адам белін қайқайтып шалқасынан иіле қалуын Балуан Шолақ мана байқаған. Сол қимылды істей ме 1 Барьер – ойнайтын алапты қоршаған тапал қорған.

деп қауіптенген Балуан Шолақ, Қара масканы баса қоюға ыңғайланып еді, орнынан қозғалмаған ол, «баспа» дегендей басын шай қады. Күрестіріп жүрген адам сол сəтте ысқырып қалды да, жығылған Балуанның басынан маскасын сыпырды: əдемі кескінді, ақшыл сары өңді жігіт екен. Жігіт қозғалмастан бетін тыржитып, «мертіктім» деді. Қара масканы носилкаға салып екі-үш балуан алып кетті. Күрестің нəтижесі жарияланды. – Күреске қатынасқандар – дүние жүзінің чемпионы, ағылшын балуаны «Қара маска» мен қазақ ауылынан келген халық балуаны Балуан Шолақ... Олар француз күресінің əдісімен арпалысты. Күрес бір жарым минутқа созылып, халық балуаны – Балуан Шолақтың пайдасына шешілді. «Қара масканың» бұрын ешкім шешпеген маскасын Балуан Шолақ шешті. 75 сом залог Балуан Шолақтың пайдасында. «Қара масқаның» фамилиясы – Карон. – Байқаусызда жықты... – Айламен жықты, – деген шулар циркті басына көтерді. – Балуан Шолақ күшінің көптігін кір көтеріп көрсетсін, – десті шулаған жұрт. – Бүгін осы да жетер, ертең көтерер, – деген сөзді Балуан Шолақтың өзі қабылдаған жоқ. – «Қапыда жықты» деген сөзді артып жүрем бе? – деді ол, – Көтерем кірін. – Неше пұт көтересің? –деп сұрады одан. – Əлгі мен жыққан балуан қанша көтерді екен? – Қырық пұтты. – Маған елуін сал! Балуан Шолақ тізесі мен шынтағына салмағын сала шөкесінен отырды. Жалпақ қайыспен матастырып, бір балуан оның мойнына он пұттықтан төрт гирді, алты пұт бір гирді, бес пұт бір гирді, барлығы елу бір пұт гирді артты. Гирлер артылып болған кезде, шөкесінен жер тіреп отырған Балуан Шолақтың екі қолының жіліктері жас талдай солқылдаған сияқтанды. – Жөн бере гөр! – деп тіледі оның достары. – Атан түйе көтере алмайтын жүкті артты. Балуан Шолақ əуелі қолын жерден алып, тізерлеп отырып денесін жазды. Содан кейін оң тізесін көтеріп, оң аяғын табанына басты. Содан кейін мойнындағы гирлерді матастырған қайыстан

екі қолымен қапсыра ұстап, «һауп» деп тұрып кетті де, аяғын алшаңдата басып, цирктің аренасын жағалап жүрді. – Болды!.. Жетті!.. Түсір!.. – десті жұрт. Балуан Шолақ ерегіскендей, көтерген гирлерді арқасымен біраз айналдырып, бытыратып жан-жаққа ұшырып жіберді. – Жаса! Көп жаса, Балуан Шолақ! – десті жұрт шуласып. 9. ҚОРҚЫНЫШ Əлеумет, көзіңді сал олай-бұлай, Дүние ойлап тұрсаң бір кең сарай; Патшаға біздің қазақ бағынғалы, Батырлар қорлық көрді талай-талай. (Халық өлеңі) Балуан Шолақ цирктен шықса, түн тұнық қараңғы екен. Дала араның ұясындай, ызыңдаған бір тұтас дауыс. Ол дауыстың кімдікі екенін, қараңғыға көзі үйренбеген Балуан Шолақ, алғаш аңғара алмады. – Бері жүр, Балуан! – деген жолдасының таныс дауысы естілді оған. – Қайда барамыз? – Нең бар, қайда барғаныңда. Атқа мінуді біл, аржағын көре жатарсың. Ызың қаққан қалың дауыстың арасын қақ жарып, жолдасының соңына ерген Балуан Шолақ атына жетті де, тез мінді. Сол кезде қараңғыға аздап үйренген көзі, айналаны шолып еді, түнде толқыған теңіздің бетіндей, ұшы-қиыры жоқ тұтасқан бір қимыл. – Қайда, Балуан Шолақ? – деген дауыстар естілді айналадағы қою қимылдың ішінен. – Кім мені іздеген? Мен мұнда! – деді Балуан Шолақ. – Енді неге қарап тұрсыңдар. Тартыңдар, Балуан Шолақ шықса, – деген дауыс гу ете түсті. – Ал, жөнелдік. Міне, мен бастадым, – деді біреу шаба жөнеліп. Даладағы тұтасқан қимыл, жырақа тауып құлаған судай, жөнелген адамның артынан Бұқпа тауын бетке ұстай қозғалып кетті. Сол тұтас ақтарылған қимыл толқында жүзген дөңгелектей, Балуан Шолақты қалқытып алды да жөнелді. – Қайда барамыз? – деп сұрады Балуан Шолақ қасындағылардан, көппен араласа шауып келе жатып. – Өзіміз де білмейміз. Біздің білетініміз, көптің қалағаны – Сен.

Жердің бүйірін солқылдата, түнде тыныс ап, қалқыған желді оята, шуы көкті жаңғырта сатыр-сұтыр шапқан адам толқыны, Бұқпа тауының белуарынан аттап, Желтау жақ бауырға тоқтады. – Ал, түсеміз осы араға, – деді басшы. Көпшілік ошарылып, аттан жапыр-жұпыр түсе қалысты. Түнге көзі үйренген Балуан Шолақ аттан түсіп жатып айналасын тағы бір шолып еді – адамға сан жетерлік емес. – Он екі ата Қарауыл, сегіз ата Дəуіт ек, – деді Балуан Шолаққа, бұл жиынды басқарушылар, – елдің аруағын көтергеніңе риза боп, бүгін саған дəм татырып, қонақасы берейік деп ек: атыңды естіп, жүзіңді көруге құмар ек, міне, бүгін көрдік. Бүгінгі түнді ойынсауықпен өткізбекпіз. Балуан Шолақ оларға алғыс айтты. – Кəне, əкеліңдер малды! – деді бастаушы. – Біреулерің таудан отын əкеліңдер, біреулерің суға барыңдар. Салт атты жігіттер шауып кетіп, тау арасынан құлаған қарағайларды сүйретіп алып келді. Бұтағымен тұтас тамызған қарағайдың жалыны лезде жарқырап аспанға көтерілді. Кенеттен жанған оттан үрейленгендей, қалғыған түн үңіліп отқа төніп, жанжаққа өрт жайылмасын деп сескенгендей, төңірегін қанатымен қоршай қойды. Қараңғылық қоюланып кетті... – Əкелдік! – деген дауыс естілді қою қараңғылықтың ішінен. – Жарық пен қараңғылық ерегісіп, көзімізді байлап қойды ғой, – деді біреу, – түк көретін емеспіз. Балуан, бері келші!.. Бастаған жігітке ерген Балуан Шолақ оттан оғашырақ барса, бір асау жылқыны бірер жігіт құлағынан басып тұр екен. – Сыбағаң осы! – деді ертіп апарған жігіт Балуан Шолаққа, – Тіл-аузымыз тасқа. Періштенің құлағына шалынбасын. Ерте гілерде еститін: Қобыланды, Алпамыс, Қамбар сияқты батырлар болмаса, нақ сендей елу бір пұт тас көтерген алыпты көз көру түгіл, құлағымыз да естіген жоқ еді. «Жүзден – жүйрік, мыңнан тұлпар туады» деген мақал бар еді. Кім біледі, тұлпар мініп, ту ұстап, көк болат сауыт киініп, егеулі найза қолға алып, елді жаудан қорғайтын қолбасшы боларсың. Сондықтан сыбағаңа тоқтыторымды олқысынып, мына бір ту байталды шалғалы тұрмыз. Ал, балуан, батаңды айт! Жігіт қолын жайды. Балуан да қолын жайып: «Құрмалдық қабыл болсын» деп иегін сипады. Жігіттер байталды алып ұрып бауыздады. Лезде терісі де сыпырылды. – Семіз екен. Ұлпа қазысы екі елі! – десті əркімдер.

Байталдың денесін мүшелеп бұзғанша, біреулер қан сасыған өкпе, бауыр, жүрек, бүйрек сияқты бөлекше еттерді астауға сап, от басына əкеп, қуырдаққа турай бастады. Мал сойылғандағы дағдымен, көкбауыр қызу шоқтың үстіне тасталып, өз буына пісіп, торсылдап жарылып жатты. – Уау, қансоқтаны ұмытпаңдар, атамыз қазақтың асы, – деді біреу. – Өзім де ұмытып жатқан жоқпын, – деп, мал союшылардың біреуі, – ішек-қарны ақтарылып, өзге мүшелері бұзылмай шалқасынан жатқан байталдың екі қабырғасының арасында, белдеменің үстінде бүйрек маймен араласып қоймалжың боп жатқан майлы қанды уыстады, да шұжық қып ішекке құйды. – Балуан Шолақтың сыбағасын түгел салыңдар, – деді отағасы мал союшыларға. – Бұл бір қызық болсын, – деді қанданған қолын шынтағына шейін сыбанған, пышағы жалақтаған қасапшы жігіт кеп, – Балуан Шолақ бүгін құлағымыз естімеген күш көрсетті. Ал мен Балуанға құлақ естімеген, естісе де аз естіген əдіспен ет пісіріп берейін. – Қалай? – десті жігіттер. – Байталдың қарнын өңеш жалғасқан тұсынан ғана аздап тілем де, ішіндегі жынын ақтарып, айналдырып жуам. Содан кейін ішіне су құйып, сыйғанша ет салып, дəмі татырлықтай тұз салып, тəттілене түсу үшін шар-дəрілеп бұрыш пен сарымсақ салып, қарынды жарған жерінен тігем. Өңешіне қурай өткізем. Содан кейін жерді қазып, ішіне құм төсеп, қарынды сол құмға көмем де, үстіне от жағам. Өңешке тыққан түтікті оттан оғашырақ жерден шығарып қоям. Міне, осылай пісірген ет дүниедегі ең дəмді ас болады. – Дұрыс. Естіп ек. Көзбен көрген жоқ ек. Солай ас! – десті əркімдер. Қарынға Балуан Шолақтың сыбағасынан басқа байтал етінің үштен бірі сыйып кетті. Қалған ет қазанға асылды. Шоққа піскен көкбауырды жəне тəтті қуырдақты жеп, қымызды ішіп отырып, жігіттер Балуан Шолаққа өтініш айтты: – Көзге мақтанғанымыз емес, ел сені «бір сырлы, сегіз қырлы» деп аңыз қылады, ақындық, əншілдік, серілік, балуандық, күл діргіштік, шешендік, өткірлік, тапқырлық – осы сегіз сипат бір бойыңнан табылады дейді. Дене күшіңді көрдік, енді тіл күшіңді көрсет. – Не айтам, тіл күшін көрсеткенде? – Өлең айт! «Жақсының жақсылығын бетіне айт, нұры тассын, жаманның жамандығын бетіне айт, құты қашсын» деген атала-

рымыз. Сені не деп мақтаса да сыяды. Бүгінгі күресте көрсеткен күшіңді өлеңге шығар, мына бозбалалар елдеріне айта барсын. Көпшілік жабысып қоймаған соң, Балуан Шолақ цирктегі күшін өлеңге шығарып, сыпайы қоңыр даусын көтере айтты: Бұл күнде жиырмада менің жасым1, Қамалдың бұзар кезім тау мен тасын. Кешегі сентябрьдің базарында, Көтердім елу бір пұт кірдің тасын. Жиылып орыс-қазақ таң қалысты, Болды деп Қаһарманнан мынау басым, Залог сап жетпіс бес сом күрескенде, Сындырдым Карон балуан қабырғасын. Күш берген, атақ берген, əлпештеген Туысқан өздеріңсің, бауырласым!.. Балуан Шолақтың өлеңі мен əнін қоңыраудың шылдыры бөлді. «Бұл кім?» деп көпшілік те, Балуан да құлақ түргенде, отты айнала отырған көптің қасына кеп, бір пар ат тоқтай қалды. – «Урядник!..» – деген хабар көптің арасына жайыла қойды. – Неғып жүр, мезгілсіз уақытта? Келген цирктің директоры екен. Қасында полицейский урядник. – Саған келдім! – деді директор Балуан Шолаққа. Урядник үндемей, мұртын ширата берді. – Мені қайтесің? – Керегің бар, мін, арбаға! – Осылар Балуанды ұстауға кеп тұрмасын! – десті біреулер. – Не қыл деп? – Қабырғасы сынған балуан өліп қап, жазаға тартқалы жүрмесін мұны. – Олай болмас. Егер бола қалса, Балуан Шолақты оңайлықпен бере қоймаспыз! – деп, топталған жігіттер ду ете түсті. – Тоқтат шуды! – деп қойды урядник. – Мені қайтесің? – деді Балуан Шолақ директорға. – Оңаша айтам. – Жоқ, осы арада айт! 1 Кейін Балуан Шолақ күштілігін жұртқа айтқанда, осы өлеңін қайталауды сүйетін еді, бірақ «жиырма» дегенді өзгертіп, қай жасында айтса, сол жасын қосатын еді. Мəселен, 25-те, 34-те, 49-да деген сияқты. Осы аңыздың басында бұл өлеңін «бұл күнде қырық тоғызда менің жасым» деп бастауы содан.

– Қалаға барайық, сонда айтам! – Імм-м-м! Сөзінің түрін көрдіңдер ме? – десті көпшілік тағы күбірлесіп. – Бұзық ниетпен келген екен. Балуанды даңғазамен қашырып жіберсек қайтеді? Балуан Шолаққа бұл ұсынысты арт жағынан біреу кеп сыбырлады. – Жоқты айтпа! – деді Балуан оған кейіп. – Не ақысы бар менде. Неге қашам, қорқып па? – Мол-чать! – деп қойды урядник көпке. Цирк бастығы келген жұмысын айтпайды. Урядник те, ол да мастау екен. Екеуі қуырдаққа тойып алды да, Балуан Шолаққа: «Ертең кел. Қорықпа. Бұдан да артық сый аласың бізден. Алтын аласың» деп, арбаларына мініп кете барды. Бұл келіс көпке күдік туғызды. – Ұстауға жүр. Алдайды, –десті біреулер. – Ұстамайды, – десті біреулер, – күші керемет боп көрінді ғой мұның. Сый беруі рас та боп жүрмесін. Балуан Шолақты неге шақырғаны, істің аяғы немен тынары мəлім болмағандықтан, көптің арасында күдік күшейіп, сауыққа ешкімнің зауқы соға қоймады. – Есің барда етегіңді жап, ел сені ұстап бермейді, осы түнде қаш, – деп жалынды көпшілік Балуан Шолаққа. Балуан Шолақ ол ақылды алмады. – Жазықсыз кісіні ұстай берсе, елден кісі қоя ма? – деді ол. – Ерегіскен соң, ертең əдейі барам. Не істер екен, көрейін. – Барса барсын, тəуекел, – десті жұрт, – егер көрінеу қастық істесе, я жазықсыз ұстаса, біз де елміз ғой, көріп алармыз, жазықсыз жаза тартқызбаспыз. Жұрт етті жеп, таңға белгі бере тарады. 10. «ЕР ҚАНАТЫ – АТ» Бөгеті жоқ маған жау қамалының, Дүниенің бір ерке қонағымын. Сүйіктім деп, ардақтап, еркелеткен, Мен халқымның Балуан Шолағымын. (Балуан Шолақтың өлеңінен) Балуан Шолақ оянса, терезеден қараған күн түстен ауып барады екен. Ауыз бөлмеде адам дауысы естілгенде, ол киінбестен түрегеп,

есікке барып сығаласа, серіктері шай ішіп отыр. Балуан Шолақ орнына кеп киінді де, ауыз бөлмеге шықты. – Ұйқың қансын деп шайға оятпап ек, – деді оған серіктері. – Мені сұрап ешкім келді ме? – Сүтемген дейтін ояздың почтабайы бар еді ғой, сол кеп кетті. – Неге кепті? – Ояз сені көрем деп айтады, дейді. – Қайтеді мені көріп. – Қайдан білейік қайтетінін. Расымызды айтайық, өзіміздің жү регіміз сескеніп отыр. Осы торулары жай болса игі еді... Балуан Шолақ қауіп айтқан сөздерге құлақ аспай, шайын ішіп тысқа шықса, Сүтемген почтабай, салт атпен келіп тұр екен. – Сүтеке, не білдің? Балуанды бұлар неге қолқалап кетті? – деп көпшілік сұрап еді: –Түк те білген жоқпын, – деді ол, – неге үрейленесіңдер? Менімше, аты шыққан адамды көру оязға таңсық. Одан басқа ештеңе де жоқ.. Сүтемген мен Балуан Шолақ қаланың орта кезіндегі ояздың ақ тас үйінің биік қорғанмен қоршаған қақпасына салт кірді, қақпа жабылды. «Балуанды ояз шақырып əкетті» деген хабар қалаға да, далаға да тез тарады. Базарды сылтауратқан жұрт, ояз есігінің алдынан ерсілі-қарсылы өтіп, істің арты неге соғарын бақылаумен болды. Жұртта зəре жоқ. «Ең болмағанда көзі тимесе жарар еді!» – деп қорықты, ырымға сенетіндер. Ояз қорасының қақпасы жабылған кезде, Балуан Шолақтың өз жүрегі де дірілдей қалды. «Қайтеді мыналар?!» – деп ойлады ол. Сүтемген бастаған ол, ояздың үйіне кірсе, ұзын қара сақалын мұртына қоса, екі иығына қарай айырған, қалың қабақ, қою қас, қасқа бас, жуан денелі, ұзын бойлы еркек; ақсары өңді, тапал бойлы, кеуделі, бұғақты, толық семіз əйел; талдырмаш бойлы, көк көзді, қара-сарғылт бұйра шашты, өңі əкесі мен шешесінің сапырылған бояуынан жасалған, он бес, он алты жасар қыз; цирк директоры – бəрі столды айнала шай ішіп отыр екен. – Осы! – деді директор Балуан Шолақты оязға қолымен нұсқап. – Аман? – деп ояз, семіз саусақты, жуан, жүндес білегін Балуанға ұсынды да, қолдасқаннан кейін «отыр» дегендей орын көрсетті. – Молодец! – деді ояз, отырған Балуанның денесін көзімен шолып. – Əдемі жігіт! Орысша білесің бе?

– Мала-мала! – деді Балуан. Ояздың сұрауларына шамасынша жауап берген ол, ұсынған тамағын татпады. «У береді» деген ой столдағы тəуір тамақтарды көргенде құмартқан нəпсінің бетін тойтарып тастады. – Сен оған неге шақырылғанын айттың ба? – деді ояз Сүтемгенге, Балуанмен аз уақыт қысқаша қажақтасқаннан кейін. – Жоқ, – деді Сүтемген. – Неге? – Маған ондай тапсырма берген жоқсыз. – Манағы сөз есіңізде болар? – Есімде. – Ендеше, айт соны! «Манағы сөз» дегені – Балуан Шолақ циркте Карон балуанды жыққан хабарын естіген соң, мəлімсіз балуанның күшіне ояз таң қалған да, «тез тауып əкел!» деп, Сүтемгенге іздеткен. Балуанды сұрастырып, далаға кеткенін білген Сүтемген, естіген жайын айтқанда: – Ендеше, ертемен жеткіз! – деген ояз. Не себепті шақыруын сұрағанда: – Мүмкін, циркке алармыз, – деген ояз, – ол үшін, əуелі өзімен сөйлесіп көрейін. Циркке алынса қандай жағдайда болатынын ояз Сүтемгенге айтып берген. Оған қазір «неге шақырылғанын айттың ба?» деп отырған себебі сол. Сүтемген Балуанға ояздың алдында неге шақырылғанын қазақ тілінде қысқаша айтып берді де, ақырында: – Сөздің қысқасы, – деді ол Балуанға, – бұлар сенің күшіңе қызығады. Бес-алты ай цирк балуандарынан күрес əдісін оқисың дейді, содан кейін циркке балуан боласың дейді, жер жүзін аралайсың дейді, алтынға бөленесің дейді... – Қанша алтын екен? – деп сұрады Балуан əдейі. – Оның несін сұрайсың, – деді Сүтемген, – тегін алтын. Кешегі сен жыққан Карон айына он бес сом алады екен. Не деген ақша! Жылына 180 сом!.. Дыңдай алты аттың құны. Ауылда жүріп сен жылына бір аттық пұл да табамысың. Шатақты қой, ризалас! Ояздың ұсынысы, Сүтемгеннің ол ұсынысты балын тамыза айтуы Балуан Шолақты еліктірді. – Ойланайын. Жауабын ертең айтайын, – деді ол. Ояз «бүгін айт, қазір айт» деп қыстап еді, «ойлансын, – деді əйелі, – көнбей кетер деймісің? Көнеді! Ақымақ па ол, сонша ал-

тыннан, сонша атақтан, сонша карьерадан безетін?.. Меніңше, бұл ақылды жігіт!» – Рас, Мамуля, ол ақылды жігіт! Кескіні қандай ақылды оның!.. Көзі қандай ақылды!.. – деді манадан Балуанға таңдана қарап отырған қыз ұшқалақтанып. Балуан қызға күлімсірей қарап қойды. – Ойлансаң, ойлан! – деді ояз Балуанға. – Бірақ жауабыңды ертең бер. Ақымақ болма. Келген бақытты басқа теппе. Сенен дүниежүзілік чемпион шығуы мүмкін. Ойыншық емес ол!.. Ояздан рұқсат ап, Балуан Шолақ тысқа шықты. Сүтемген ере шықты. Екеуі атқа қонып, қақпаға қарай жөнеле беріп еді, Балуанның көзі крыльцода тұрған əлгіндегі жас қызға түсті. Бұл жолы қыздың көзі оған қызыға қараған сияқтанды. – Аты кім? – деп сұрады Балуан Сүтемгеннен, қыздың қасынан өте бере. – Татьяна. «Жақсы қыз екен!» деп қойды Балуан ішінен. Көшеде күткен жұрт Балуанды қоршай кетті. «Ойлан! Көн!» деп Сүтемген өз жөніне бұрылды. «Неге шақырыпты?» деген жұртқа Балуан Шолақ шынын айтты. – Сен не дедің? – десті жұрт. – «Ойланайын» дедім. – Өзің біл! – десті, араларынан кеткенін ұнатпаған көпшілік. – Кісіден ақыл сұрайтын жігіт емессің. Мынау еліңнің саған берген атақ-абыройы да сыбағаңа жетер. Дүние жүзінің бақыт-дəрежесі бір адамның уысына сыймайтын. «Көптен безген көмусіз қалады» дегенді де ойлан! ...Ертеңіне сəскелік асын ішкеннен кейін, атын ерттеп мінген Балуан Шолақ, ояздың үйіне қарай аяңдай жөнелді. Жолшыбай ол ақыл таразысының екі басында екі ойдың салмағын өлшеп көрді. Бір ойы – алтын!.. Көп алтын!.. Баю!.. Атақ!.. Дəреже! Бір ойы – ауыл!.. Туған халқы!.. Бойына біткен өнері мен қызық қызметін соған көрсету,...атақ, дəрежені содан алу!.. Қайсысын алу керек? Осындай ойда келе жатқан Балуан Шолақтың көзіне туған жердің бейнесі елестеп кетті. Əне, ашық күнде басына бұлт оралып, алыстан көк гəуһар тас сияқты мөлдіреген Бурабай тауы!.. Оның аржағы дала!.. Бұйратты дала!.. Кең дала!.. Ол далада қаптай қонған ауыл!.. Туған ауыл!.. Өскен ауыл!.. Ол ауылда əке-шеше!.. Аға-іні!.. Апа-қарындас!..

Құрбы-құрдас!.. Балуан Шолақтың олар, олардың Балуан Шолақ қат-қабат думаны!.. Олар Балуан Шолақты, Балуан Шолақ оларды шын жүректен сүйеді... Ал ояздың «бар» деген сапары, ауылынан ұзап шықпаған Балуан Шолаққа, аржағында не бары мəлімсіз қараңғы үңгір сияқтанды. «Сондай белгісіз үңгірден алтын іздегенде, атақ іздегенде не болмақ? – деп ойлады ол. – Іздегенім табыла қойса жақсы. Егер табылмаса, босқа əуре болу ғой ол. Ендеше, өмірдің ащысын да, тұщысын да туған халықпен неге бірге татпаймын?» Қараңғы ойы осыдан ұзаққа бара алмаған ол, «белгісіз үңгірден бақ іздеуден, бақ тапсам да, сор тапсам да туған жерде табайын!» деп бекінді. Ойының бұлай бұрылуы атының да басын кейін бұрғызды оған. Ол Көкшетау қаласының түбіндегі шалқар көлінің арғы жағасында қыбырлаған қалың базаршыларға қарай шаба жөнелді... Балуанның бұл шабуы не шабу екенін айтпай-ақ түсінгендей, біраз адам жолдан қосыла, жанамайлай шапты, құрғақ жердің шаңы бұрқырай аспанға көтерілді... Тұмандай тұнжырап, борандай сапырылған қою шаңның арасында шауып келе жатқан Балуан Шолақ: «Апыр-ау, дүбір күшейді ғой, жарысқан адам көбейді білем», – деп жан-жағына қараса, қою шаңды бұрқыратқан адам илеуінде қайнаған құмырсқадай!.. Көптің дүрмегімен шауып келе жатқан Балуан Шолақ бір кезде жан-жағына қараса, əркімдер басып-озып барады! Өз атына қараса, қарқындап, жайылып қалған сияқты... Аздан кейін ол, құнан-тай, байтал-сайтал, арық-тұрақ сияқты кəкір-шүкір жабайы аттардың арасында қалып қойды. «Шапқанда байдың ұлы, тоқтағанда еске түседі» деген мақалдың шындық екенін ол осы арада ғана білді. «Ə-ə-ə... – деп ойлады ол, атының басын тежеп, – рас сөз екен. Қай кедейдің баймен жарысқысы келмейді дейсің? Баймен талай кедей жарысады екен де, осы мен сияқты аты болдырып, тоқтап қалады екен ғой! Мына мақал содан шыққан екен ғой!» Балуан Шолақ атын тежеп аяңдатқанда, одан жұрттың бəрі озып кетті. Қошеметтеп ортаға ала шапқан көпшілік, енді оған табалаушы сияқтанып кетті. «Қайтем, ілгері барып?.. Қайтсам қайтеді осы арадан?» деген ой кеп кетті оған. Егер, біреулер алдынан оралып кеп, «неге кейін қалдың?» деп, тағы да ортаға алмағанда, ол кейін қайтып та кететін еді. Қоршаған көпшілік Балуан Шолақтың неге тоқтағанын білген жоқ, сондықтан тағы да анау-мынау деп қошемет сөздер айта бас-

тап еді, Балуан қабақ шытып, ажарын бермеді, сұрауларына қысқа жауап қайырғаннан басқа кеңеске аузы бармады. Сөздің көбін оның құлағы естімеді. Оны саңырауландырған ой – ат. Оның есі-дерті жақсы атта болды. «Ер қанаты – ат» деген мақал түсті оның ойына. Аздаған сауаты бар ол, батырлар жырын жақсы көріп оқитын еді. Сонда Қобыландының Тайбуырылы, Алпамыстың Байшұбары, Қамбардың Қарақасқасы, шапса құстан озатын, болдыруды білмейтін, кезеңді жерде иесіне адамнан артық серік болатын, иесінің қуанышына қуанып, қайғысына қайғыратын аттарға ол аса қызығатын еді. «Шіркін, сондай аты бар батырда арман бар ма екен!» деп ойлайтын еді Балуан Шолақ. «Құдай-ау! – деп тілейтін еді, дінге сенетін ол. – Сенен байлық сұрамайын, тақымыма басатын солардай бір ат бер!» Miнe енді, жарысқан көптің артында қалғанда, сол қынжылуға Балуан Шолақ тағы да түсті. «Ер қанаты – ат» деген бұрынғыларай! – деді ол ауыр ойда, топтың арасында аяңдап келе жатып. – Аузыңнан айналсам болмас па!.. Жүйрік көңілді – жаман ат тұсады!.. Атсыз кісі – қанатсыз құс екен!..» Ендігі оның бар арманы өзіне қанат боларлық бір ат тауып міну болды... 11. АҚБОЗ AT Мен Шолақ он сегізде өнер тапқан, Үкілеп Ақбоз атқа тұмар таққан. Басымда – пұшпақ бөрік, шекемде – үкі, Үстіме кидім жібек шымқай ақтан. (Балуан Шолақтың өлеңінен) Шалқар көлінің Қылшақты өзені құятын тұсында «Қарауыл» аталатын шоқы бар, көктемде су жайылатын маңайы – қалың шабындық. Ол арадан мыңдаған мая тұрады десе де болатын-ды. Биылғы сентябрь базарының алдында сол маяларды базаршылар малына жегізеді деп, иелері маяларын күн бұрын тартып алып, тақырланған кең алқап бос тұрды, шабылмаған шырмауық пен жоңышқа талдардың арасындағы оймыш-оймыш алаптарда ғана қалды. Балуан Шолақ ерген топ осы талдардың арасына жеткенде, əр жерде шоғырланған базаршылардың Балуанды танығандары тоқтатып, қосынан дəм татырды.

Базаршыларды бір топ серіктерімен осылай аралап келе жатқан Балуан Шолақтың алдынан тоғай арасына тіккен ақ шатыр кездесті. Шатырдың алдында, бірнеше кісінің ортасында, шоқтығына адамның созған қолы əрең жететін қара арғымақ тұр. Балуан жақындап кеп қараса – айғыр. Біреуден «не қылған айғыр?» деп сұрап еді, «сатылатын» деп жауап берді ол. Сатушы – орыс, саудалаушы – Көкшетау елінің атақты байы Неғметжан. Жабайы жылқы базарда жиырма бес, отыз сом, айғыр иесінің сұрауы үш жүз сом. – Айғырға қызығам! – деді Неғметжан көпке. – Бағасын да ауырсынып тұрғам жоқ. Базарға сатуға елу ат əкелдім. Азар болса, солардың он бесін алар. Үйдегі үш мың жылқым аман болсын. Бір жылғы төлімнің жүзден бірі емес пе ол? – Ендеше, неге алмайсың? – деді Балуан Шолақ Нығметжанға. – Таңдамалы биелеріме үйірге салайын деп, осы айғырды айнал дырғаныма екі күн, – деді Неғметжан, – алғым келеді, бірақ жақсы айғырды иесі, ақауы болған соң сата ма деп ойлаймын. Ал аяғында, не тісінде ақауы бар ма деп, байқайын десем, алпарысқан бір жануар, алдына барса тістеп, артына барса теуіп, маңына жолатпайды. Тіпті ақауы болмаған күнде де кескекті аюдай мұны қалай малданам деп ойлаймын. Неғметжан мен Балуан Шолақ құрдас еді. Соны пайдаланған боп: – «Түк жаңылып көкке бітеді, мал жаңылып итке бітеді» деген мақал рас-ау, – деді ол, – мал сендей иттерге бітеді де, қорықпай басынады. «Аюға намаз үйреткен таяқ» демей ме атаң қазақ? Мал аюдан асау боп па? Тізгінін менің қолыма бір тигізші, қайтып тентектік мінез көрсетер ме екен? – Ендеше, тізгінінен ұста да жуасыт! Балуан Шолақ тізгінді иесінің қолынан алды да, айғырға жақындады. Басқа кісіге құлағын жымпитып, аузын ашып ұмтылатын айғыр, Балуан Шолақтың зор денесінен, я оқтай шаншылған көзқарасынан сескенгендей, тарпа бассала алған жоқ. Айғырға Балуанның өзі соқтықты. Ол ноқтаның үш дөңгелек темір шығыршықпен қосқан тұсын бұрап, айғырдың аузын аша алмастай тас қып бекітіп тастады. Содан кейін ернін саусағымен ашайын деп еді, тістеуге шамасы жоқ айғыр, басын бұлғаңдатып, ырыққа көнген жоқ. – Ім-м-м, ерегісемісің? – деді Шолақ айғырдың аузын босатып. – Сенің жыныңды өз еркіңе жіберіп басайын. Ал, екеуіміз ерегістік!..

Басы босаған соң, «мені басынамысың» дегендей, Балуан Шолаққа қайрат көрсетпек боп, айғыр аспанға тік шапшыды. Тізгінді ұшынан ғана ұстаған Балуан шапшыған айғырдың бауырына кіре беріп еді: – Тарпиды!.. – десті қарап тұрғандар шулап. – Кейін шегін!.. – Адам баласын жығып болған соң, енді хайуанды да жыққысы келген екен, көрейік əуселесін, – десті біреулер. Сақтандырушының сөзіне құлақ аспаған Балуан Шолақ, тар - пымақ болған айғырдың алдыңғы екі аяғын жуан бақай тұсы нан шап беріп ұстай алды да, кең кеудесін иығына мінгізіп, оң жаққа қарай сілтеп кеп қалды, айғыр оң қабырғасына құлап түсті. Айғырдың тұруға жанталасып көтере берген басын Балуан құлағынан басып жерге қайта жастады да, дəл сағалдырық тұсынан тізерлей қойды. Бүркіт басқан түлкідей, мойны жерге жабысқан айғырдың бөксесі шоршаң-шоршаң етті... Балуан Шолақ айғырдың ұртына бармағын батырып, аузын аштырды да: – Міне, қараңдар, тістерін! – деді көпке. – Құлын күнінде сақау шыққан мал екен, – деді Шолақ, айғырдың аузына үңілген көпке, – күрек тісінде дағы қалыпты. Бірақ мал екен, жануар! Қасқыр азу жылқы екен. Өзі жүйрік жылқы. Бірақ ұзаққа шаба қоймас – тісінің сыздығы қысқа. Ал бұдан туған қарабайыр құлыннан талай тұлпар шығуы керек. Аяғында ақау жоқ. Шолақ айғырды босатты. Түрегелген айғырға: «Тісіңді енді көрсетші», – деп қол созып еді, беті қайтқан адамға жылқының бағыныштылығы қандай, – жай ғана кекжигені болмаса, бұрынғыдай шапшымады. Айғырды 300 сомға Неғметжан алды. Сатып алған жылқының «құйрығын майлау» əдеті бар. – Ал, Балуан, – деді Неғметжан сол əдетпен, – бір тоқтының еті біздің шатырдың алдында асулы тұр еді, бүгін соны жейік. Өз сыбағаң басқа. Серіктерімен Балуан Шолақ Неғметжанның шатырына кіріп қымыз ішіп отырғанда, есік арқылы, бұйра талдардың арасынан көзіне шымқай боз жылқы шалынды. «Бұндай да боз жылқы болады екен!» деп таңданған Балуан Шолақ, əлденені сылтау қып тысқа шығып, үйездеген бір топ аттың ортасында басын түйістіре тұрған боз жылқыға жақындаса, талай сұлу жылқыны көре-жүре, көзіне бұрын түсіп көрмеген тамаша ақбоз ат!.. Бұл топтағы жылқының бəрі де құр ат болу керек – еттері тым семіз...

Ақбоз атқа қызыққан Балуан, анықтап көруге, мүмкін болса ұстап көруге таяна беріп еді, аттар да, ақбоз ат та жақындатпай, ығыса жөнелді. «Міне, ат!» деп ойлады Балуан. Ол қосқа қайта кіргенде, аттар нақ қостың аузына қарсы үйездеп тұра қалды. – Неғметжан! – деді Балуан Шолақ. – Анау Ақбоз сенікі ме? – Менікі. – Асау ма, өзі? – Жүген-құрық тимеген. – Сатуға əкелдің бе? – Əрине. – Сол сияқты атты сата ма кісі? – Өзім де қимаймын. Бірақ – ит мал!.. Биыл тоғызға шығады. Үйрете алмай-ақ қойдық. Далада асау айғырды ұстап мінетін жылқышылар да үйрете алмады. Ең алдымен – шығаннан шыққан қашаған, атпасаң ұстатпайды, екінші – бұғалыққа бойлауық, он жігіт тартып тоқтата алмайды; үшінші – төрт аяғын буып, аузын тұмшаламасаң ерттетпейді – тебеді, тістейді; төртінші – үстіне адам мінсе, басын билетпей, тұмсығын төсіне тұқыра тығып алады да, орғып тулай береді, мінген адамды жықпай қоймайды. Қанша жыл азаптанып, үйрете алмаған соң, амал жоқ, сатпақшымын. Əйтпесе, сатуға адам қияр жылқы емес. Балуан «маған сат!» дей алмады. Бұндай аттың бағасы кем дегенде 40-50 сом. Балуан Шолақта ондай ақша жоқ. Сондықтан Неғметжанды сөзбен торлап: – Егер біреу осы атыңды үйрете қалса қайтер ең? – деді. – Қалағанын берер ем, – деді Неғметжан. – Егер аттың өзін қаласа ше?. Неғметжан күмілжіп қалды. – Біреуге сататын атын қимай ма? – десті тыңдаушылар, Неғметжанның, аузына сөз сап. – Жай бермес, бұлын алып берер. – Сөзіңнің сарынын аңғарып отырмын, – деді Неғметжан Балуан Шолаққа, – көңілің кетіп отыр екен. Əйтеуір сататын атым, саған-ақ берейін. Ойдағы бағамды да сұрамайын. Менің қолқам – осыны өз көзімше үйретіп мін! Мұның ең кем дегенде екі жуан аттық құны бар. Егер үйретсең – бір аттың ғана ақшасын төле, екінші аттың ақшасы – үйреткен еңбегің болсын. Осы атта кетіп баратқан кегімді əперсең болғаны. Расымды айтайын: тұлғасына қызыққанмен, мінезінен қорқып, базарда ешкім алмады. Осымен базарға үшінші рет əкелдім. Егер сен алмасаң, амал жоқ, биыл соғымға сойып, басын мүжимін.

– Бұл сияқты аттың басын мүжігенше, өз басыңды неге мүжімейсің? – деді Балуан Шолақ қалжыңдаған боп. – Мен саған мүжітпейін ол басты. Кəне, бұғалық қылатын арқан əкел! Арқан берілді. Балуан дамбалдан басқа киімін түгел шешті де, балағын ышқырына түріп, бұғалық таққан құйрықты сүйрете ұстап, қабанға шабатын жолбарыстай аяғын еппен басып, үйездеп тұрған аттардың Ақбоз жағынан барды. Оң жақ қолының білегіне бүлдіргесінен ілген он сегіз таспа жуан қамшы. Аттар оны абайламай қалды. Жақындаған кезде аттарды ол дыбыс беріп үркітті де, қаша жөнелген Ақбозға бұғалық тастап кеп жіберді. Мойнына бұғалық түскенін сезген Ақбоз қарғи кеп жөнелгенде, Балуан Шолақ жерге отыра қап, жұлқи тартты. Шап шыған ат тегеурінді қолдың екпінімен шалқасынан түсті. Ат түрегелгенше, Шолақ сап етіп құлағынан ұстай алды. Ақбоз алдыңғы екі аяғын ербитіп, көзі шатынап тұра бергенде, Шолақ құлағынан төмен қарай тұқырта басып қалып еді, ат етпетінен түсті. Ақбоз жанталасып екінші рет тұра бергенде, Шолақ оның құлағын босатып, тізесіне төгіле өскен шоқтығына сол қолын орап алды да, жұқа шаптан дырау қамшымен тартып кеп жіберді. Бұрын етіне бұндай таяқ тиіп көрмеген Ақбоздың жаны ышқынып, орнынан тұра, ыта жөнелгенде, Шолақ үстіне қарғып шығып кетті. Ақбоздың мөңкігісі келді. Бірақ аттың еркіне Шолақтың тегеуірінді қолы жібермеді, бауырын ала дыраумен тартып-тартып жіберіп еді, денесін пышақпен тілгендей болған ат, беталды құла дүзге көсіле жөнелді. Үстіне жабысқан «пəлені» түсіре алмайтынын сезген Ақбоз, жан сауғалап өзенге қорғалайын деп еді, жақты қамти мойынға соққан қамшы жазық жаққа бұрып əкетті. Ол маңда Шолақ пен Ақбозға қарамаған жан жоқ. Əне жерде де шоғыр, міне жерде де шоғыр, бəрінің аузында: – Апыр-ай, мынадай да ат үйретімпаз жан болады екен! Аздан кейін Балуан Шолақ атты билеп алды. Ол қамшымен қалай жасқаса, жүгенсіз ат солай қарай шапты. Бар шабысымен көсіле сілтеп жүрген аттың үстінде Шолақ ойнауға айналды: ол біресе аттың оң жағынан, біресе сол жағынан қарғып түсіп, қайта үстіне шықты, арқасына алақанын тіреп, төбесімен тік тұрды, кейде арқаға аяғын басып түрегеп шапты, кейде жаядан сыпырылып түсіп, қыл құйрығына жабыса, үстіне қайтадан қарғып мінді. Тоғыз жылғы ту аттың өкпесі ентікті, жүрегі алқынды. Бар денесі отқа қақталған мұз сияқты еріп кеткендей, қара тер шашасы мен иегінен судай сорғалады. Сөйтіп жүріп ат болдырып, ша-

быстан желіске, одан аяңға түсті, аздан кейін сенделіп тұрды да қалды. Балуан Шолақ шатырға жақындаған жерде аттан түсті. «Шідер!..» деп айқайлады ол атты мойнынан құшақтап, жағынан сипап тұрып. Бір жігіт жүген мен шідер апарып берді. Шолақ атты жүгендеп, аяғына өре салды да, басын кекжите тізгінді шоқтығына қақтарып, өзі ентелей басып Неғметжанның қасына келді. Ақбозды беруін берем десе де, ішінен қимаған, бірақ уəдені бұзудың орқанын таба алмаған Неғметжан бұрынғыдай жайраңдамады, өзге көпшілік айтып жатқан мақтау сөздерді айтпады. – Ал, мырза! – деді Шолақ, шатырға кеп сусындаған соң. – «Уəде – құдай аты» деген сөзге тоқтаймыз ғой? – Солай болады да, – дей салды Неғметжан. – Неге күмілжіп айттың? Əлде қимаймысың? – Айтқаным айтқан, ат сенікі, егер сыйлаймын десең, өзің біл! – Сен олай солқылдама! Қимасаң тартып алмаймын. Не деп сыйлаймын, саған? Атың аз деп пе? Əлде мұндай ат менің тақымыма жақпайды деп пе? Уəде қылған өзің, сөзіңді жұтам десең, мейлің! – Ашуланғаның ба, бұл? – «Ер жігіттің екі сөйлегені – өлгені» дейді атаң қазақ. Ашуланып мен сенімен төбелеседі деп отырмысың? Əлде, жалынады деймісің? Арымның садағасы кетсін! – Бердім, атты! Уəдем – уəде! – Тəңір жарылқасын! – деді Шолақ. – Мен құнерездік қыл маймын. Қайыр сұрайтын дəрежеге жеткенім жоқ. Қолқамды алдым. Ал, енді, менен атыңның толық бағасын ал. Қалағаның сенікі болсын: не астымдағы атыммен 25 сом, не 50 сом сап ақша!.. Неғметжан ақшаны алмақ болды. Балуан Шолақта 50 сом түгіл, 50 тиын да жоғын білетін серіктері, атаулы ақшаны сол арада қалталарынан суырды да берді. Ac ішкен соң Шолақ көп кідірген жоқ. Астындағы атының ноқтасын Ақбозға кигізіп, Ақбозды жетекке алып жүріп кетті.

  1. ҚЫЗ АЛЫП ҚАШУ Қожаның бір қызы бар, аты – Балқаш, Лебізі кейде шекер, кейде орғаш. Жігіттер, қатын алсаң, осындай ал, Бота көз, оймақ ауыз, қиылған қас. Ахау, Балқаш, əрида, қалқаш-ай! (Балуан Шолақтың өлеңінен) Ақбоз ат айта қалғандай болды. Семізден жарап, бауыры тартылғаннан кейін, маңайынан өткен кісі оның сұлулығына тоқтап қарамай кете алмады. Аяңдаса да, желсе де, шапса да ол алдына жылқы түсірмеді. Бірақ Шолақ оны «бір мінгенім – бір дəурен емес пе?» деп бəйгеге қоспады. Ақбоз өте мінезді болды: Шолақтан басқаға атпаса ұстатпады, Шолақтың қолына құрықсыз тұрды, ерттеулі қалпында қаңтарусыз қойса қозғалмады, бос жіберсе қашпады, бейбіт оттамады, ішін жинақ қалпынан түсірмеді, «жат, кел, бар, отта, жуса!» деген сияқты сөздерді ұғып, бұлжытпай орындады. Ақбозды Шолақ аса еркелетеді: мезгілінде оттатты, суарды, тамағын тəтті ғып берді, денесін кірлетпей күн сайын жуды, жалқұйрығын төгілдіре күн сайын тарады, атасынан қалған күмісті қалмақы ер-тоқымнан басқа тұрманды денесіне жолатпады, кекіліне үкі, құйрығына шолпы тақты, мінгенде денесіне қамшы тигізбеді. Солайша мəпелеген иесінің «аяңда, жел, жорт, шап!» дегенін Ақбоз тізгінді ұстаудан аңғарды да, бұйрығын қалт етпеді. Əсем Ақбозбен ел аралап думан-сауықпен күн кешірген Шолақ, бір күні бір ауылда қыз ұзататын тойға кез келді. Ауылдың əдетімен, кешкі ойында қыз-бозбала аралас отырғанда, Шолаққа ұзататын қыздың қасынан орын тиді. Бұл кезде Шолақ 23-те еді. Қасына отырған қызға қараса: аршыған жұмыртқадай аппақ жүзді, мөлдір көзді, мінезі ойнақы біреу екен. Қызға қылықты Шолақ, шүйіркелесіп отырып сырын біліп алды: ұзатқалы отырған күйеуін менсінбейді екен, амалсыз барғалы отыр екен. Аты – Балқаш, əкесінің аты – Қожа. Балуанның бала жасынан бойына біткен бір мінезі – аяғыштық еді. Сол қалпына бүгін де бағып, сырласқан қызының қақпанына қалай түскенін аңғарған да жоқ. Күйеуіне наразылық зарын айтқан қыз, көз жасын көптен жасыра, Балуанға көрсете маржандай төгіп отырды да, «бүгіндік қана

емес, өмірлік панаңа ал!» деген өтінішін айтты. Ұзақ сырдың аяғы серт байлаумен тынды. Уəде – ертең түнде қыз үйінен ұрланып шығады да, екеуі Балуан Шолақтың еліне аттанады. Осыған уəде байлаған Шолақ, күтіп алмақ болған сайға ертеңіне ымырт жабыла келді де, қаңтарған атын тізгінінен ұстап, жамбастай жатты. Қыздың уəделі кезде келуіне күдігі жоқ ол: – Апыр-ау, мен енді үйленем-ау! – деді күліп. Ілезде ол күлкіні басқа бір ой басып, Балуан Шолақ тұнжырай қалды. Ол кездегі ауылдың əдетінде ең алдымен үлкен ұл үйлену керек. Ендеше, Балуаннан бұрын ағасы Төлебай үйлену керек қой. Ол əлі үйленген жоқ. Барлық бөгет – қалыңмал. Балуан орыс селосында жұмыста жүргенде мал басы біраз құралып, Төлебайдың қалыңын төлеу үміті бұл үйдің басына орала қалған еді. Қазір ол үміт бұлдырлана бастады – Балуан жұмыстан амалсыздықтың күніне қол үзген соң, үйінің тоғы қайта шайқалып, қалың төлеу былай тұрсын, күнкөрістің өзі тағы да тақыл-тұқылға айналды... Сайда, түнде, Балқашты күтіп отырып осы ойға шомған Балуанның басына үш сұрау туды: Бірінші сұрау – «Төлебайдан бұрын қатын алғаным ұят емес пе? Əке-шешем не дейді? Ел не айтады?» Екінші сұрау – «Əйел жігіттің аяғына тұсау дейтін еді, сол тұсауға өз еркіммен түскенім бе бұл?» Үшінші сұрау – «Ол біреудің, біреу болғанда, дүмді байдың жесірі, ертең дау болады, мүмкін барымта алуы. Сол дауға қарсы тұрар менде күш бар ма, дауды көтерер мал бар ма?» Осы ойлардан көңілі толқыған соң оның аттанып кеткісі келді. Бірақ серт қайда? Есін білгелі екі сөйлеп көрмеуінен, бірбеттілігінен бүгін тая ма? «Ер жігіттің екі сөйлегені – өлгені» емес пе? Бір бұзылып дағды алған серт қайтып түзеле ме? Бір өлген ұят қайтып тіріле ме? – «Бақ түссе маңдайымнан, тас түссе таланымнан», – деді Балуан Шолақ, ойының солқылдақ буынын бекітіп, – тəуекел, шыдадым, жеттім сертіме! Бойын бекіткен Балуан Шолақ Балқашты асыға күтіп еді, келе қоймады... Шыдамы тозған оған мерзімді уақыт əлдеқашан өтіп кеткен сияқтанды... Асыққан Балуанға жаздың қысқа түнінің өзі жылдай болды. Егер бір қырдың астындағы қопалы көлден шулап қасқырлар ұлымаса, не бұны, я басқа бірдемені бүрмек боп əуреленген жапалақ біраз уақыт үстін көлбей жалп-жалп ұшпаса, я əлдене бір

қауіпті сезгендей, Ақбоз пысқырып елеңдей бермесе, бұл түнге шыдау аса қиын еді... ...Бір кезде, «бақыт жұлдызыңмын» дегендей, жарқырап шолпан туды. Таңнан тіл əкелгендей самал жел жұмсақ алақанымен Балуанды бетке сипап, құлағына əлденелерді күбірледі. «Біз де хабаршыңбыз, күткенің кешікпей келеді» дегендей, қараңғы аспанда елестеп, сымпылдаған үйректер, қаңқылдаған қаздар ұшты. Түн салмағы басып ауырлатқан денесі сергіп, ұйқысы қанып тұрғандай болған Балуан Шолақ отырған жерінен түрегелді де, атын маңдайдан, сауырдан сипап, қасындағы жылжыма бұлақтан суарды. Содан кейін, аздап шалсын деп тұсады да, «мұнша кешіккені несі?!» дегендей, бір биікке өрмелеп шығып, ауыл жаққа көз тікті. Іле оның көзіне ұшқан құс, жортқан аң екені белгісіз, жер бауырлай зымыраған бірдеме ұшырай кетті... Күңгірт сəуледен көзі еркін жете алмай қадала қарап тұрған Шолақтың құлағына аттың дүбірі шалынған сияқтанды. Көп уақыт өткен жоқ, біреу ызғытып келе жатыр. «Осы болу керек!» – деп, ол төмен түсіп атын тез ерттеді де, жетектеп, қайта əлгі жотаға шықты. Күткені келіп қалды – Балқаш!.. Қыз екпінімен өтіп бара жатып, Балуанды көрді де, қайырылып тұра қалды. – Сертіңде тұрған екенсің, – деді, сайға төмендей атынан түсе қалған қыз Балуанды құшақтай ап, – ризамын. Кешіккеніме ренжіме, – деді қыз жаутаңдап, – себебі болды, кейін айтам... Тез жөнелейік, қуғыншы келіп қалуы мүмкін... – Осындай ерте шақта ма?! – Кеше күдікті боп қалса керек, аңду көбейіп, əрең дегенде ұрланып шықтым... Бұл кезде бозара бастаған таңның етегі жоғары көтеріліп, төңірек қылаңдана көрініп қалған еді. Балуан мен Балқаштың елеңдеген құлағына дүсір естілген сияқтанды. Елегізген олар, биіктен бастарын қылтитып қараса, ұбақ-шұбақ қалың қол шауып келеді. Қыз құп-қу боп кетті. – Сен сайға түс те, көрінбей тұр, – деді сұрланыңқыраған Шолақ Балқашқа, – мен жауға қарсы шабайын! – Қой, ойбай! – деді кескініндегі қорқыныш үдей түскен қыз. – Топырақ шашамысың көпке? Қолыңда қамшыдан басқа қаруың да жоқ!.. Одан да, ат жараса, қашып құтылайық! – Оның жігіті мен емен! – деді Балуан күліп. – Ертедегі батырлар айтады дейтін еді – «құрулы мылтық, құрсаулы жауға кезіктір»

деп. Олар да періштеден емес, мені тапқан анадай əйелден туған шығар. Өзім «Балуан Шолақ» болам да, өзім жаудан қашам!.. Кім болғаным, сонда менің?.. Одан артық өлім бар ма, маған? Əйтеуір өлу керек болса, қашып өлгеннен – қашпай өлген артық емес пе? Жоқ, Балқаш, мен қашсам – өлем де, қашпасам – өлмеймін. Қызығыма қара да тұр сен, жаумен қалай сайысар екем мен!.. Қалыңмал төлеген жоқпын саған. Тегіннен тегін алғаным ұят болар. Малымды салмағанмен, күшімді салайын!.. Бұл сөздер көкейіне қонған, жауға қарсы аттануына көнген Балқаштың өтініші – «бетін қайтарам десең қайтар, бірақ кісі шығынын жасай көрме, пəлесінен құтыла алмассың!» болды. – Құп болады, –деді Балуан. Қызды сайда тұруға көндірген Балуан Шолақ, Ақбозын ойнақ татып төбенің басына шыға келді. Бұл кезде таң аппақ боп, аспанның шығыс жақ жиегі сарғылттана бастап еді. Шапқыншылардың алдында оғашырақ біреу далақтап келеді. Зады Шолақты танып келе жатқан сияқты, сойылын көлденең ұстап: – Аттан түс!.. Түс аттан! – деп қиқулайды. Шолақ оған қарсы ұмтылды. Екеуі айқаса бергенде, жігіттің сілтеген сойылын Шолақ жұлып алып, аттың екпінімен ағып өтіп кетті де, іле қайта бұрылып, жігіттің түп етегінен қапсыра алды. Жігіт қиялай тартып, беріспеуге тырмысып еді, Шолақтың қуатты қол күші еркіне жібермей, тартқан жағына еңсере аударып əкетті де, өңгеріп апарып жерге тастап кетті. Аты ойнақшып бетімен шыға берді.. Кейіннен жеткендерін де осы əдіспен аттарынан аударып, біраз сайысқаннан кейін, қуғыншыдан ат үстінде ешкім қалмады. Ойнақтаған бос аттардың бəрін Шолақ сайға айдап түсірсе, қайратына сүйінген қыз, атына мініп бері келе жатыр екен. – Сен мынау дөңге шық та, аттарды иіре тұр, – деді ол қызға, – мен жігіттерге барып келейін. – Неге?!. – Кеше ойнап тарқасқан жігіттермен, бүгін араздасып айрылам ба? Барып кешірім сұрайын. – Ойбай, ұстап алады. Аттыдан жаяу мықты деседі ғой, қолдарына бір іліксең – жібермейді... – Көр, қалай жібергенін!.. – Өтінем, Балуан! – деп, қыз тізгініне жармаса беріп еді: – Босат тізгінді! – деді Балуан даусын көтеріп. Қаймыққан қыз жаутаңдаған көзбенен тізгінін босатқанда:

– Мен сені ерге – ер, серіге – сері десем, сен осылай ма едің? – деді Шолақ. – Ер жігіт қайралған қылыш емес пе еді? Оның жүзіне неге қол апарасың? Қыз тұрып қалды. Шолақ құйындатып тартты да кетті. Бұл кезде аттан түскен жігіттер де бір жерге жиналған еді. – Салт тұрып сөйлессем сөгерсіңдер, құрбылар! – деді жігіттерге жақындағасын Балуан, атынан қарғып түсіп, жаяу барып. – Ал ұстаймын десеңдер, мен міне, келіңдер! – Жаяуда да əліміз келмес деймісің, ұстаңдар! – деп, манағы ең алғаш сайысқан жігіт қоразданып еді: – Шіркіннің ерін-ай! – деді біреуі оны кекетіп. – Бар, байлап ала ғой, мықты неме! Өзгеміз аттан осалдықпен түскен болармыз. Сенің қапың бар шығар! Ана жігіттің қарығы басылып қалғандай болды. – Мұнымыз той тарқардағы аударыспақ сияқты ойынымыз емес пе? – деді Шолақ. – Айтыңдаршы, қайсыңның тұщы етіңе ащы таяқ тигіздім. – Таяқ тигізбегені құрысын, бұдан да ұрып өлтіріп кеткені жақсы еді, – десті біреулер. – Ал, жігіттер, құдай ойын-күлкіден айырмасын. Қыз шіркіннің көңілін қимайтын əдетім болушы еді, соным ұстап, бір қыздарың ды алып қашқаным рас, бірақ, құрбы замандасым, сен – маған қыздан қымбатсың. Алып қалам десең, қыздың серті менің мойнымда болсын, əне, сайда тұр, барыңдар да қайтарыңдар!.. – Əу, жігіттер, – деді біреуі сол кезде, – түкке тұрмайтын намыстың керегі не? Балуан Шолақ боп тусаңдар кім қой деді сендерге? Бір қызды Балуан Шолаққа қимаймыз ба? Қалған қыз да жетпей ме қалыңға сатуға? Қызды қайтарып апарғанда не дейсің? Тартып алдым дейсің бе? Одан да, Балуанды осынша дарақыланып қуған айып бойымызға құт, соны жүктейік те қайтайық! Бұған ешкім қарсы бола алған жоқ. Жол айтқан жігіт Шолақтың Ақбозын мініп барып, қызды ертіп, аттарын айдап келді. Біренсаран болмаса, жігіттердің көпшілігі Шолақ пен Балқашқа ризалық тілектерін айтып, жөнелуіне рұқсат етті. Күн ол кезде жаңа ғана шашырап шығып келе жатыр еді. Күннен тармақтанған алтын сəулеге бөленген екі жас «Əрида, қалқаш» əніне қосылып жортып кетті.

  1. «ЕР – ЕЛДІҢ БАЛАСЫ» Жұртқа жағар ер жігіт қылығынан, Сілтегенім кеткен жоқ құрығымнан; Анталаған сан дұшпан қамаса да, Сырдың суы келмейді жұлығымнан. (Балуан Шолақ өлеңінен) Ереймен тауында тұратын, Балқашқа қалыңмал төлеген күйеу, Балуан Шолақпен жерлес Сатыбай байдың нағашысы боп шықты. Сатыбайға ол кісі салды: – Нағашың жіберді, – деді келген елші, – айдай жесірімізді тапа-тал түсте, аз үй қоңсың – қаңғырған Үйсіннің делқұлы біреуі алып қашты. Төрт үй Үйсін кімге топырақ шашады. Оның арқа тіреуі – Керей – сенсің. Алдыңнан өткелі келдік. Жесірімізді қайтарып, қоңсыңнан айыбымызды əпересің бе, болмаса тұрысар жеріңді айтасың ба? Сатыбай да Балуан Шолаққа кісі салып еді: «Иесіне қайтарып беретін, менің əкелгенім мал емес, адам, – деп жауап қайтарды ол, – мен қайтара алмаймын. Тартып алам десе, еркі білсін!» Бұл сөзді естіген соң, Сатыбайдың нағашысы жіберген кісіге ұстатқан сөзі мынау болды: «Жігіттеріңді жинап сайланып келіңдер де, мықты немеден тартып алыңдар. Өзін де ұстап əкетіңдер. Бұл елді мен тырп еткізбеймін». Елші кеткеннен кейін Сатыбайдың бұл уəдесі ел ішіне дүңк етіп жайыла қалды. Үйсінге қараған үш-төрт үйде Шолақтан басқаларының бəрі момын екендігі бізге мəлім. Жəне қонысынан ауғалы олар төмендеу бір кедей ауылға қоңсы қонған. Сатыбайдың сөзін естіп шошыған олар мен көршілері: – Жарқыным, – деді, Балуанға жиналып кеп, – сен бұлай отырма. Сатыбайдың нағашысы осал жау емес деседі. Ол Қанжығалыдағы атақты Саққұлақтың ағайыны болса керек. Бес болыс Қанжығалыны жинап жатыр дейді ол. Ертең жауар бұлттай торланып, жасанған жау келіп қалғанда, жалғыз өзің төтеп бола алмайсың. – Не істе дейсіңдер, сонда? – Күшің келмейтін іске ұмтылатын ақымақ емессің. Өлеріңді біл... – Ол үшін? – Жесірін қайтар!..

– Болмайды ол. Менің өлігімді аттамай, Балқашты олар əкете алмайды... Балуанның құлаған жағынан тұрмайтынын білетін ағайындары мен көршілері: – Ендеше, көңіл жетер адамдарыңа хабар айт, – деді, – жиналып саған қарасын болсын. Жалғыз адамға жаудың шабуы оңай. Көпке шабуға жүрексінеді... – Meн ешкімге «болыса гөр» деп құлдық ұрмаймын, – деді Шолақ, – керек көрген жігіт болса өзі де келер. Керексіз болсам, жалбарынғанмен келмес. Мен нені болса да үйден күтем. – Ендеше, бассауға қыл. Мұндағы біздің неменемізді алар дейсің. Келер де кетер. – «Қашқан жауға – қатын ер». Олай басындырғанша, келетін ажалды қарсы алсам болмай ма? Шолақ ешкімге бармады да, жасырынбады да. Ол Ақбозын бабында ұстап, үйінде отыра берді. Оның дүниеде ең қымбаты – шешесінің сөзі. Бірақ өзге айтқан тыйым сөзді, қорқыныш сөзді Қалампыр Балуанға айтпады. Оның ұғымында, əйелдің ер адамды бет алған ісінен бөгемеуі керек, əсіресе, Балуан Шолақ сияқты атаққа шыққан жігітті... Ұғымы сондай болғандықтан, Балуанға да, былайғы жұртқа да сыр бермеген Қалампырдың, істің немен тынарына жетпейтін көзі, кейбір оңаша шақтарда жасқа толып, ағыл-тегіл болып алады. Бірақ кейде жылағанмен, кейде жыламайды ол. Кейде қорқыныш тұманы басып кеткен оның ақыл-ойына үміттің де күні шығып, соның сəулесінен жүзі жарқырай қалады. Бұрынғы аңыздық батырлар туралы ертегіні көп естіген жəне сол ертегілерді өзі де талайларға, əсіресе, балалық шағында, Нұржанына айтқан Қалампыр, кейін Нұрмағамбеті «Балуан Шолақ» аталып, күші ел аузында ертегі сияқты аңыз боп кеткенін естіген соң, «бұл балам да сондай батырлардың біреуі ғой!» деген мақтаныш сезімге ие болған еді. Қалампырдың ақыл-ойында жарқырайтын үміт күні – осы сезім. Көппен алысқалы даярланған баласының жеңілу қаупі оның басына тұман боп оралса, жеңу қуанышы күн боп шығады. Неге екенін кім білсін, «балам жеңілмейді, жеңеді!» деп сенеді ол. Осы бір сенім оны ілгері жетектеп, баласының көп жаумен жалғыз айқасар күнін асыға күткен сияқтанады... Балуан Шолақтың ешкімді жəрдемге шақырмағандағы ойы, біріншіден, жайшылықта доспын дейтіндерді осындай таршылықта сынау болса, екіншіден, өзінің күш мөлшерін тағы бір байқау еді. Өз байқауынша, бойдағы күшінің көбі əлі көрінбей жүрген сияқты.

«Жаяу бес жүз жігітпен келе жатыр дейді» деген хабар дүңк ете түсті бір күні. Ұрлатып алмасын деп кісендеп ұстап жүрген Ақбозын Балуан Шолақ сол күні өмілдіріктеп, құйысқандап, төс айылын бос, шап айылын берік тартып ерттеді. Атасынан қалған темір сауытты көйлекшең етіне киіп, аяғын байпақты етікке сұқты. Басына бес көз ақ жібектің бір жақ ұшын шандып орады да, екінші ұшын арқасынан кере құлаш салбыратып жіберді. Балуан Шолақтың ауылы биіктеу дөңнің басында болатын. Дөңнің қырында үлкен оба бар. Соған шығарып қарауылға қойған бір бала, түс ауа берген кезде шауып кеп, үй сыртынан: – Балуан, Балуан... Қара құрттай қаптап келе жатыр! – деп айғай салды. Қалампыр бұл кезде далада еді. Баймырза үйде еді. «Жау келеді» дегелі өрекпіген жүрегін қалай басуды білмеген ол, үйінен шықпай, көр-жерді ермек қып шұқына беретін. Бүгінгі оның ермегі – етік жамау еді. Баланың «қара құрттай қаптап келеді» деген айғайы Баймырзаның төбесінен жайдың оғындай ұрды. – Аһ! – деді ол ышқына дауыстап, екі көзі шарасынан шығып. Инесі мен бізі қолынан түсіп кетті. Шалқасынан құлай берген əкесін Балуан Шолақ ұстай алғанда, үйге бір шелек су алып Қалампыр да келді. – Не болды бұл бар болғырға? – деп, Қалампыр да Баймырзаның басын сүйеді. – Ағатай, ойбай, кеп қалды! – деді сырттағы бала шырылдап. – Балам... Нұржан... – деді Баймырза, көзін қатты жұмып аз тұрғаннан кейін кең ашып, – енді қайттік?! Əлсіз əкесін жатқызып, бойын жазған баласының көзіне Қалампырдың көзі түсіп еді, зəресі ұшып кетті: ағы қып-қызыл боп қанталаған Балуан Шолақтың екі көзі пеште маздап жанған оттың жалынындай дауылдап ұшқын шашып тұр екен. Даража біткелі нұрланып, қызыл шырайланған беті қорғасындай сұрлана қапты. Бойы дірілдеген сияқты, еріндері тоңазыған адамдай қыбыр-қыбыр етеді... – Апа! – деді Балуан, дауысы болаттай шыңылдап. – Мен аттандым!.. «Құлыным!» деп құшағын жайған шешесін ол құшырлана беттен бір сүйді де, шешесінің сүюіне үлгіртпей, сып беріп есіктен шыға жөнелді. Босағаға сүйеніп солқылдап тұрған Балқашты оның қанталаған көзі көрмеді. Тордан шыққан арыстандай үйден бұлқына шыға келген оған дүниені өрт қаптаған сияқты, жер де, көк те, өсімдік те, ауыл да, мал-жан да қып-қызыл боп елестеді.

Атына қалай ырғып мінгенін ол білген де жоқ. Жөнеле берген оған: – Сойылың!.. – деді үйден жүгіре шыққан Балқаш, сойылын ұсынып, дауысы дірілдеп. – Бір салғанда сынып қалатын немені атқа ауыр ғып қайтем. Одан да, керегінде біреуден тартып алсам болмай ма? Жаудың со йылы менікі емес пе? Құдай осы дырауымнан жарылқасын, – деп, қамшылы қолын көтере, Балуан шапты да кетті. Жолдың шаңдағын көшкен бұлттай бұрқыратып келе жатқан қалың қолға бетін қойып, Ақбозбен Балуан Шолақ сілтеп келеді. Ақбозға сол күні өмірінде бітпеген шабыс пайда болған сияқтанды: төрт тұяғымен жердің топырағын уыстай аспанға атып зымырағанда, көлденеңнен көзі түскен жұрт оны ұшып барады екен деп ойлады. Балуан Шолақтың басындағы ақ жібектің шұбатылған ұшы делегейлене шаншылып, аспанға көтерілді. Сол екпінімен Балуан Шолақ келе жатқан топқа жақындағанда, алдынан ойқастап біреу шауып шыға келді. – Қанды басың бері тарт! – деді Балуан, аңға айтатын сөзін оған айтып, тұра ұмтылып. Шапқынмен қарсы кеп қалған салттының кім екенін ол абайлаған да жоқ, «кім болсаң да жаудың бірі шығарсың» деп, қамшымен атын қасқа маңдайдан ала тартып кеп қалды. Ақбоздың екпінімен ағып өткен ол жаңағы атын ұрғанды жаудың жекпе-жекке шыққан батыры екен деп ойлап, өзін де ұрмақ боп, жақындай беріп еді, иесі құлаған аттың астынан аяғын ала алмай бұлқынып жатыр екен. Балуан оны қамшымен періп өтуге төніп бір келді де, жығылып жатқан адамды ұру бойына ар көрініп, қасына тұра қалды. Көзі сол шақта ғана топқа түсіп еді, құйындатып шауып келеді. Қою шаңның арасында қыбырлағандардың ұшы-қиыры жоқ сияқты. Үйінен аттанған кезінен көрі қайнаған ашуы салқындап, көзін жапқан қан тарқаған ол, топпен айқаспақ боп атының басын бұра беріп еді: – Балуан! – деді аттың астынан аяғын алып түре келген адам. Балуан жалт қараса, өзінің сол маңайдағы бір досы!.. – Мұның не? – деді Балуан оған, оны жау болған екен деп ойлап. – Бəсе мұның не? – деді досы, Балуанның атын неге ұрғанына түсінбей. – Жаумысың, елмісің? – Мен қашан жау боп ем, саған? – Анау қаптағандарың кім?

– Өзіміздің елдің жігіттері. – Қайда барасыңдар? – Сені жауға талатып қоямыз ба? – Қайда, ол жау? – Мына төбенің астында. Біздің топты көріп ошарылып тоқтап қалды. Сені шақырғалы келе жатсам, неге ұрдың мені?!. – Жау екен деп... Ұяттан беті қызарған Балуан Шолақ атынан қарғып түсіп, жығылған атқа қараса, соққан қамшы маңдай сүйегін айырып түскен екен. Ат өліп қапты. – Мін, мына атқа, – деді Балуан досына Ақбозды тосып. – Неге? – Төлеуің. – Ол не дегенің?! Бір атты сенің жолыңа құрмалдыққа шалу көп пе? Өзге жігіттер де кеп қалды. Досы Балуанға атының құнын көптің алдында кешті. Балуанды ортаға алған топ қыр басына шықса, жау жағы əлі ошарылып тұр екен. Олар жүз шақты кісі, бұлар төрт-бес жүздей. Екі араға елші жүрді. «Аз үйлі Үйсін» деп Балуанды ұстап əкетпек болған жау жағының тауы шағылып, беті қайтты. Сатыбай, тағы сондай байлар мен атқамінерлер Балуанды қолдайтындардың арасына іріткі салмақ болып еді, ел көнбеді. Ақыры, жау жағы бітімге кеп, қалыңмалын Балуанға төлетуге келісті. Ол малды Балуанның достары төлеп жіберді. – «Ер – елдің баласы» деген сөз рас екен! – десті Балуанның досы да, дұшпаны да. – Ері де, елі де жарайды!.. 14. АҢҒАЛДЫҚ Мен өзім аққан судай тасып жүрмін, Кеудесін дұшпандардың басып жүрмін. Жаласы сексен өгіз маған ауып, Ұлықтан сол себепті қашып жүрмін. (Балуан Шолақтың өлеңінен) Балқашқа бұрын қалың берген жер қалыңмалын қайтарып алғанмен, Балуан Шолаққа деген кегі біткен жоқ. – Балуан Шолақтың бұл қорлығы бізден гөрі саған батуға тиісті, – деді олар Сатыбайды қайрап, елдеріне қайтар алдында, – үркердей аз үйлі қаңғырған Үйсін, рулы ел – Керей, сенің

ішіңде қоңсы боп отырып, өз еліңді өзіңе билетпеді. Егер, мұны бұл қалыппен жүгенсіз жіберсең, бүгін біздің қатынымызды тартып алса, ертең сенің қатыныңды тартып алады. Бізге оқасы болмас, мойнымыз алыс жер, бір жесірді садақаға бердік: ал, ертең ауылыңда отырып, Сатыбай, сенің малыңнан құрық, басыңнан сырық кетірмесе, осы жүгенсіз жібергеніңе бұдан жаман өкінерсің, ойлан!.. Сатыбай расында ойланып қалды. Қонақтары кеткесін, «осыған өтірік пəле жапсырсақ та, көзін жоғалтсақ қайтеді», – деп, ол дос-жарандарына ақылдасты. «Оның рас, – деді достары, – бірақ бұл елде тым беделді боп кетті. Пəле жапсақ та ойланып жаппасақ, көпшілікті соңымызға түсіріп алармыз». Сатыбай бір күні Қайрақты қаласына барды да, көптен бергі тамыры – Егор Пропадкоға ақылдасты. Балуан Шолақтың елдегілерге көрсеткен «қорлық-зорлықтарын» қоюлата сипаттай келіп: – Сенің ініңді өлтіру қылмысынан аман құтылып кеткен соң, ел қазағынан қорықсын ба ол, – деді Сатыбай ауыр күрсініп, – қайта, шетімізден қырып тастамай аман қойып жүр! – Сонда не істеу керек? – деді Пропадко. – Өкіметке айтып абақтыға алдыратын қылмысы жоқ. Орыс заңы қылмыссыз адамды қараламайды. Бұны, ең қызығы, қапысын тауып өлтіру. Біз соған бекінген ек, əлдекімнен естіді ме, немене. Бұнда келмей қойды. Өздерің неге істемейсіңдер осыны? Ауылда оған мүмкіндік көп қой?.. – Жоқ, сол мүмкіндік!.. Жолын тосып өлтіруге, жеке я аз ғана адамның шамасы келмейді, ел боп жабылу қиын, жəне екіұдайда, елдің көбі оның сойылын соғып кетеді... – У бергізсе ше? – Онда ел тіпті көтеріліп кетеді... «Енді не істеу керек?» деген ол екеуінің ақылы төмендегі арнаға құйылды: Балуан Шолақты ұстап беретін тұсау – Ақбоз. Жанындай көретін бұл аты қолға түссе, ол да түседі. Ол үшін, «егінге түсті» деген жаламен, ішіне Ақбозды қоса, Балуан ауылының жайылымда жүрген жылқыларын бір түнде Сатыбай Қайрақтыға жеткізеді де, Егор ол жылқыларды қорасына қамайды. Потраваға1 Егор өзгені емес, Ақбозды ғана сұрайды. Балуан, əрине, атын, босатып алу əрекетіне кіріседі, осы бетінде қапысын тауып өлтіру оңай. Сөз осыған байланды да, ішінде Ақбоз бар, ауылының жылқысы Пропадконың қорасына аз күнде қамалды. 1 Шабындық жерді малға таптатқаны үшін төленетін айып.

Балуан да, ауыл адамдары да малының соңынан барды. Бірақ Егор теңдік бермеді. Ол бұршақ соғып қиратып кеткен егініне қаланың старостасын апарып, қорасына қамаған жылқы қиратты деген акты жасатқан екен. Оның бағалауынша, бұл потраваға қамалған жылқының жартысы жетер емес, Егордың қалағаны – Ақбоз. Мал иелері не істеуге білмей ақылдасқанда, біреулер «жоғарғы ұлыққа барып шағым айту керек» деп еді: – Одан жақсылық күтпе, – деді Балуан Шолақ. – «Қарға қарғаның көзін шоқымайды» дегендей, олар байдың сөзін сөйлейді. – Сонда не істейміз? – Менің зорлықты зорлықпен қайырғым келеді. – Қалай? – Түнде осының қорасына түсіп, жылқыны айдап шығамыз! – Ондай аранға қалай түсеміз көрінеу көзге? Қорасы қай бір опоңай оның қарғып түсе кететін?.. Биік тас қамалдай емес пе ол?.. Қақпасы тастан да берік емес пе?.. Жəне атты кісіні алып тастайтын қабаған иті бар!.. Олардың үстіне, қорасында жаттың жылқысы қамаулы тұрғанда, бейқам жатады деймісің ол?.. Күзетшілері болады, əрине!.. Жəне құрғақ қолмен емес, мылтықпен күзетуі мүмкін. Аяйды деймісің ол, – басады да салады, əсіресе, сені!.. Ондай ажалға сен де барма, біз де бармайық. Бəрінен жан тəтті. Жанды малдың жолына құрбандық қып болмас... – Сонда не істейміз? – Көкшетау барып, жоғарғы ұлықтан сұранудан басқа жол жоқ... Ағайындарымен аузы біріге алмаған Балуан, Кургановқа ілікшатыстығы, əрі достығы бар, заң-законнен де хабары бар, селолық басқармада писарь боп істейтін Павел Ларионовқа ақылдасты. Балуанды білетін ол, Егорға өшпенділігі бұрынғыдан күшейе түспесе бəсеңдемеуін айта келіп: – Сенікі дұрыс, – деді Балуанға, – заңмен оны жеңе алмайсың. Əкімдердің бəрі оның сөзін сөйлейді. Ең қолайлысы, өзің айтқандай, ретін тауып, жылқыны түнде қорасынан ұрлап алу керек. Ол үшін, Егордың күдігін жойып, мал иелері – бəрің Көкшетауға аттанған болыңдар да, былай шыға, өзің ғана орман арасында қалып қой. Басқа қазақтарың бара берсін. – Неге? – Екі себеппен: бірі – Егор соңдарыңнан бақылау жіберуі мүмкін, өйтсе, кеткендеріңе көзі жетсін, ал сен, қалың орманға кіре, елеусіз бір жалтарыста түсіп қал: екіншісі – өзге қазақтардың бұнда саған серіктігі болмайды, қайта, аяғыңа оралғы болады...

– Жалғыз не бітірем мен? – Өзіңмен таныс жəне дос орыс жігіттерінен жəрдемшілер берем. Олар сені отта қалдырмайды, қиындықтан алып шығады... Сөз осыған байланды. Балуанның серіктері де бұл сөзді мақұлдап, «Көкшетау кеттік» деген дабырамен жүріп кетті. Ларионов «əулие» екен, айтқаны дəл келді, – Егор олардың соңынан, «алыстан бақыла» деп, салт атты аңдушы жіберді. Оның жəбірленушілерге алыстан ере отырып қадаған көзіне қалың орманның қалтарысы шымылдық болды да, Балуанның жортып бара жатқан аттың арбасынан жып етіп түсіп, сып етіп орманға жоқ болғанын абайламай қалды... – Орманнан жалаңаш далаға шығарып сап қайттым, түгелімен Көкшетауға кетті, – деген бақылаушының хабарына Егор сенді де: – Білгенін қылсын! – деген қауіпсіздікпен, қақпасын күндегі дағдысымен ғана бекітіп, қаннен-қаперсіз, тұқымымен ұйқыға кетті. Павел Ларионов уəдесіне жетті. Оның күндіз келісіп қойған сенімді жігіттері, түн жамылған Балуан Шолақ келгенде, қолдарына түкіріп, жəрдемге даяр отырды. Сайдың тасындай жиырма шақты жас жігіт қасына ергенде, Балуан Шолақтың ойында қуаныш пен сенімнен басқа ештеңе қалған жоқ. Егордың бұл қаладағы ең үлкен, ең сұлу үйіне Балуан мен серіктері түн ортасы ауған шақта жетті. Село да, бұл үй де шырт ұйқыда. Түн көзге түртсе көрінбестей қою қараңғы. Егор үйінің ауласы айнала бөрене қарағайдан қиып, биік жасаған кең шарбақ еді. – Ал, жігіттер, – деді Балуан серіктеріне, Егор үйіне жете, – сендер сыртта қалыңдар да, маған қауіп төнсе ғана жəрдемге келіңдер, төнбесе, осылай, сырттан қарауыл боп тұра беріңдер. Қора іші маған таныс. Жылқыларды қоятын жерін де білем... – Атыңның аяғы кісендеулі деген, оны қалай бұзасың? – Бұрап бұзам... – Қақпаның құлыбын? – Оны да... Жігіттер «өйте алмайсың» демеді, жуан темірді сымдай бұрауы, төрт-бес жігіттің жүгін көтеруі оларға мəлім... Серіктерінен рұқсат алған Балуан, қарғып шарбақ үстіне шықты, аржағы жарты төбесін қаңылтырмен жапқан шатырлы қора. Жарты шатырдың арқалығымен ілгері сырғып үңілсе, қараңғы түнде түгі көзге шағылып Ақбоз ат бір діңгекте байлаулы тұр. Басқа жылқылар да соның маңында. Одан əрі көң сасып, мұрындары пысылдап, малжаңдай күйсеген бірсыпыра өгіз жатыр.

Манадан дыбысы шықпаған иттің Шолақты қайдан сезгенін кім білсін, өршелене үріп, тартқан сымды бойлай бері қарай жүгірді де, төбеде отырған Шолақтың нақ астына кеп, «кімсің?» дегендей, ырылдап қана қарады. Шолақ бұл үйден кеткеннен кейін күшіктей асырап алған ит, үлкендігі тайыншадай бірдеме екен. Басын жоғары көтере ырылдаған оны, Балуан шынжырынан шап беріп ұстап, жоғары қарай көтере қойды да, қылқынып булыққан ит жақындаған кезде, өкшемен тұмсықтан теуіп-теуіп жіберді. Содан кейін үні өшкен иттің шынжырынан арқалыққа асып байлай сап, қарғып төмен түскенде, Ақбоз иесін танығандай оқыранды. Көзінен жасы шығып кеткен Балуан атына жақындағанда, күйсеп жатқан көп өгіздің арасынан біреуі түрегелді де, күжілдеңкіреп, бері қарай жүрді. Өзі кеткеннен кейін, Егордың қорасында сүзеген бұқа пайда болғанын, жаяу түгіл, атты кісіні де маңайынан жүргізбейтінін, талайлардың атын жарып тастағанын Балуан естіген еді. Сол бұқа екен деп ойлап, бірақ сескенбей қарсы барып еді, бұқа қаймыққандай тұқырып, көңді алдыңғы аяғымен қопарып шаша бастады. Қасына барғанда күжірейген бұқаның мүйізінен Балуан шап беріп ұстай алды. Сүзуге тырмысқан бұқаны еркіне жібермеген Балуан, беліндегі қамшысын алып, оң бүйірден тартып-тартып қалып еді, бақ етіп қаша жөнелді де, енді қайтып ұмтылмады. Тез кетудің қамын ойлаған Балуан қақпаға барса, тұтқасының сомдығы білектей, етегі күректей құлып, қақпаның жуан темірден соққан баспасында салулы тұр. Жерде жатқан бір жіңішкелеу темірді алып, құлыпты бұрап еді, темірдің өзі майысты. Басқа сайман таба алмаған Балуан құлыпты оң қолымен қапсыра ұстап, бар екпінімен бұрап кеп қалып еді, етегіне қабыстырған жалпақ темірдің шегелері шығып кетіп, кілті бос қалды. Қақпаның ашылуына көзі жеткен Балуан атына келіп, кісенін сылдырсыз бұзды да, қақпаға кеп сықырсыз ашты. Содан атын жетектеп жүріп, ұйқыдан жалқауланған өгіздер мен ауылының жылқыларын қорадан айдап шықты. Қақпа алдында дыбыссыз қуанышпен қарсы алған достары, малдарын үн-түнсіз айдасып, село шетіне шығарып берді. Сол арада қоштасқан достарының ішінде Павел Ларионов та бар екен. – Малдарды осы бетіңмен айда да, Меңіреудің қалың қарағайына жет! – деді ол. – Содан кейін Егор түгіл, шайтан да іздеп таба алмауы анық. Аржағын өзің біле бер. Біздің қолдан келгені осы.

Балуан орыс достарына алғыс айтты да, Ларионов сілтеген жөнге жүріп кетті.. Арасынан иттің тұмсығы өтпейтін Меңіреу қарағайының арасынан өзі ғана білетін бір жіңішке жолды тауып, орманның қалың ішіне сүңгіп, Балуан таң біліне жайлы жерге бекінді. Өгіздерді ол санаса – сексен екен. Бəрі де сала құлаш мүйізді, атан түйедей, өңкиген жануарлар. Ауылмен астыртын хабарласқан ол, Қызылжардағы ет заводына өгіз айдаған Ақмоланың купецтері келе жатқанын естіді. Олар Меңіреу тұсына кеп қонғанда, сексен өгізді қырық сомнан сатты да, ақшаның көбін ауылдағы тілеулес адамдарына үлестіріп беріп, азын ғана қалтасына басып, мəселе бір жайлы болғанша бой таса қыла тұру мақсатымен, Ақбозына мінді де, жақын арада Атбасар қаласында ашылғалы жатқан жəрмеңкеге суыт жүріп кетті. 15. ҒАЛИЯ Хат жазайын, Ғалия, саған арнап, Сипатыңа, екінші, құрмет айлап. Анда-санда көзіме бір көрінсең, Қарға аунаған түлкідей қалам жайнап. Ойпырым-ай, жан сəулем, Ғалия, Бетіңнен... Аппақ қардай етіңнен... Бір күн ауру, бір күн сау, Жазылмадым, Ой, ой, ой... дертіңнен!1 Ақтөбе қаласынан Омбыға тартқан патша өкіметінің əскерлік жолының үстіне бекет есебінде түскен қаланың біреуі – Атбасар. Оның ең алғаш орнауы 1854 жыл. Бұл қаланың əскерлік бекет болуынан басқа қандай маңызы барын оның аты көрсетеді. «Атбасар» екі сөзден құралған: «ат», «басар». Бұлай деп қойылуына мынадай себеп бар: Атбасар қаласы салынған маңайда Арғын руының Қуандық, Сүйіндік, Бегендік, Шегендік, Қозған, Қақсал дейтін рулары бар. Бұларда мал, əсіресе жылқы малы көп болған. Атақты Құлтума ақын Аққошқар, Сайдалы дейтін байлардың байлығын айтқан өлеңінде: Сұрасаң арғы атамды – Қуандықты, Қылыпты өз тұсында жуандықты. 1 Өлеңін де, əнін де Балуанның өзі шығарған.

Аққошқар, Сайдалының заманында, Бір көлден қырық мың жылқы суарыпты,– дейді. Атақты ақын Біржан сал: Кім жетер Алтайдағы Жанайдарға, Алты жүз жас бота мен тайлағы бар, – дейді. Атбасар қаласында ең алғаш ашылған базарды мыңдаған жылқы басып кеткен соң, соғыс бекеті орнына салынған қаланың аты «Атбасар» боп кете барған... Атбасар үш өзеннің түйіскен жерінде: Есіл, Керегетас, Жабай. Балуан Шолақ базарға келсе, осы үш өзеннің арасында жүз мыңдап жиналған малдың ұшы-қиыры жоқ!.. Театры, киносы жоқ ерте замандағы ауылда, халық өзінің ойын-тойларынан, əр жерде ашылған базарларды да ойын-сауықтың ордасына айналдырған, халықтың: «балалы үй – базар, баласыз үй – қу мазар» деп, баланың қылығын базарға теңеуі сондықтан. Атбасар базарының «базары» Балуан Шолақ болды. Оның ақындығы, əншілігі, қулығы, əзілі, сықағы, атқа ойнауы, дене өнерін көрсетуі халықты қайран қалдырды. Өнері осындай болғандықтан, көрген жұрт та, көрмеген жұрт та «Балуан Шолақ кепті» деген жерге, сауда-саттығын тастап, аттылы, жаяулы шұбыратын болды. Балуан Шолақтың қай жерде тоқтағанын, қайда келе жатқанын, қайда бара жатқанын базаршылар біліп отырды. Ол – теңіз, өзгелер өзен сияқты, қай жерде ол тұрса, сол жерге жан-жақтағы жұрт құйыла қалады, ол – магнит, өзгелер темір сияқты, – қай жаққа қарай жөнелсе, өзгелер де жапырылып оның артынан шұбайды. Осы думанмен жүрген Балуан Шолақ, бір күні, екі өзен: Керегетас пен Жабайдың аралығына тігілген көп ақ үйге кездесті. – Бұл не? – деп сұрады ол серіктерінен. – Қымызшылар мен қасапшылар тіккен үйлер. – Түсейік біреуіне! – Түссек таңдап түсейік, – деді біреуі, – бұлы өтімді болсын дей ме, немене, қымызды жас келіншектер мен қыздар құяды жəне көбі – сұлулар. Қараөткелден келген бір келіншек бар осында. Кескіні онша шығаннан шыққан сұлу емес, бірақ мінезі жібектей есіледі, əзілге судан жүйрік! Күйеуі момын жігіт көрінеді. Биі – келіншегі. Сауық-сайранды жақсы көретін келіншек, қымызды өзгеден тəтті ұстайды. Аты – Ғалия. – Үйі қайсы? –деді Балуан. – Анау тұрған!

Бастаушы Балуанды ақ үйлердің орталау кезінде тігілген, үзігінің сыртқы етегін қызыл шұғамен оюлатқан, баулары, белдеуі термелеп тоқылған бір үйге əкеліп түсірді. Олар аттарын үй сыртына матастырып жатқанда, төңірегі ша шақты ақ жібек шəліні құлағынан қыстыра арқасына төккен, етек-жағасын алтын зермен мəнерлеткен, қызыл барқыт жеңсіз қынама бел қамзолы, асығынан аз-ақ жоғары, қос етек жібек көйлегі бар, аяғында кестелі биік өкше етігі бар, екі құлағында салпыншақты алтын сырғасы бар келіншек киіз үйден шыға берді де, жолаушыларға аз уақыт қарап тұрып, үйіне қайта кірді. – Осы! – деді біреу. – Кімді айтасың? – деді Балуан. – Жаңағы үйден шыға беріп, қайта кіріп кеткен келіншекті. – Неге өйтті ол? – Балуанның мысы жеңген болар... – «Аттыға – жол, жаяуға сөз бермейді» дейтін келіншек еді ол, қаймыға қойды ма екен? Басқа бір себебі болар... – Не де болса үйге бара көрейік, – деп жігіттер үйге кірсе, келішек қымыз ішіп отырғандарды тұрғызып, төр алдына шымқай жаңа қызыл ала батсайы көрпе төсеп жатыр екен. – Жұртқа төсемейтін көрпеңді төсерлік, кімің еді ол? – деп үйдегілердің қалжыңдағанына келіншек жауап бермей, көрпені тез төседі де, Балуан Шолаққа көз қырымен ғана қарап, əдеппен ығысып, қымыз құйған шараның қасына барды. Бірақ келіншек отырмады, сыйлайтын адамынан бұрын отырмайтын ауылдың əдепті əйелдерінің дағдысымен, Балуанға бір қырындап түрегеп тұрды. Төрге төселген батсайы көрпеге, қалжыңбастау бір жігіт «жақсы болды-ау, мынау маған» деп, отыруға жылжып еді: – Тəйт, əрі, қалжақтамай, – деді орта жастылау адам оған жекіріп, – білмей отырмысың кімге салынған көрпе екенін? – Кімге? – деді қылжақбас. – Əкеңе! «Кім ол – əкем?!» дегендей қараған қылжақбастың көзіне Балуан Шолақтың түр-тұлғасы өзгеден ерекше көрініп кетті: «осы екен ғой – əкем! – деп жорамалдады қылжақбас. – Тегі, тегін кісі болмас бұл!..» Үйдегілер Балуанға түрегеп амандасты. Төрде айналасы кең дөңгелек тапал үстел тұр екен, үстінде жиегіне айнала қойған үлкен фарфор кеселер, ортада кең ағаш табаққа турап, бетін ақ сүзгімен жапқан жылқының семіз сүр қазы-қарталары, қыртысы қалың майлы сүр ет.

Балуан Шолақ та, өзгелер де отырды, келіншек əлі түрегеп тұр. «Сапылдап сөз бермейтін еді, Балуанның мысы жеңуін қарашы!» – деп күңкілдесті еркектер өзара. Балуан келіншекке «апыр-ау, қайда көрдім, мұны?» деген оймен амандасты. Амандыққа ернін ғана қозғап үнсіз жауап берген келіншек, шараның қасына отырды да, екі əдемі кесеге қымызды құйып, өз қолымен əкеп, біреуін Балуан Шолаққа, біреуін оның қасындағы жігіттің біреуіне ұстатты. Келіншектің кім екенін Балуан енді ғана таныды: баяғы Тоқсанбайдың асында, Түйе балуанмен күрескен жолы, шапан жапқан осы келіншек! «Міне, қайда кездесу!.. – деп ойлады Балуан келіншекке əлсінəлсін қарап. – Мұның аты Ғалия екен ғой...» Қараған сайын Ғалияға ол құмарта түсті. Ат үстінде ұзағырақ жүріп сусаған ол, осы үйге түсерде бір сүйретпе қымызды жалғыз ішерліктей болған еді. Қазір, алғашқы екпінмен жұтқан жарты аяқ қымыздың өзі əрі өтпей, өңешінде тұрып қалған сияқтанды. Үйдегі жігіттер Балуан Шолақпен танысқаннан кейін, өлең айтуын өтінген еді. Бұған дейінгі мəжілісте іркілмей суырыла жөнелетін ол, мына жолы бойындағы бар ақындық, əншілдік қуаты қашып кеткендей, домбыраға саусағы жүрмеді, аузына сөз түспеді. Жүрегінде жаңа бір ірі əн толқи бастаған сияқтанды оған, бірақ, ол əн кеңірдегіне сыймай, кептеліп алқымына тығылып тұрғандай болды. – Ат үстінде көп жүріп алқынып ем, – деді ол, қолына берген домбыраны қасына сүйей сап, – сөкпеңіздер. Əнге қазір жайым жоқ. Босағада отырған жігіттер өзара күңкілдесті: «Дауылпаз деген бір құс бар, дауысы жер жарады, қасына келсе жұдырықтай» дегендей, – деді біреулері, – «Балуан, Балуан», – деп жұрттың дəсердей ғып жүргені осы ма?! Қаңқайған денесі болмаса, мынауыңда береке шамалы екен!..» – Білмей айтып отырсың, – деді оған қасындағысы, – еркектің сиқыры əйел емес пе? Əйелге елтімеген, əйел арбап қуатын да, сабырын да жеңбеген қай еркек көрдің? Жалғыз көз қарасының өзіменақ, Ғалияның оны арбап, қуатын да, қайратын да мұрындықтаған түйедей жетегіне алғанын абайламай отырмысың? – Мен мана аңғарғам, – деді үшінші біреу, – есіктен кіргелі Балуанның екі көзі сонда. – Осылар маған көптен əмпей кісілер сияқты, – деді төртінші, – əйтпесе, Балуан Шолақ сияқты батыр бір көрген əйелге бұлай құмарта қалмас еді!..

– Сабыр етіңдер, артын күтейік, – деді біреулер. Балуан Шолақтың аңсары ауғанын Ғалия ана жылы да көз қа расынан аңғарған, бұл жолы да аңғарды. Ғалия Ақмола қаласында туып-өскен Тілеу дейтін кедей жатақтың қызы еді. Əкесінде бұдан басқа бала болған жоқ. Сондықтан ба, я əйел баланы ерекше сыйлайтын қазақ əдетінен бе, əйтеуір Тілеу, өзі бойнада мал союмен күн кешсе де, Ғалияны киер киім, ішер астан кенде қылған жоқ. Еркін өскен Ғалия жасынан сырнайға, əнге əуес болды, қалада «əнші қыз», «сырнайшы қыз» аталады. Бұрын тамыр-танысы ғана болмаса, жан жоламайтын Тілеудің үйіне, Ғалия өскен соң, «қас батыр, қайран жақсы» дегендей, қаланың да, даланың да мырза-шоралары қаптап кетті. Қырдан қалаға келетін мырзалар, бұрын Ақмоланың үйлерін таңдап, қайдағы тəуір пəтерге түссе, Ғалия өскен соң, Тілеудің қала шетіндегі сиықсыз землянкесіне таласып түсетін болды. Оның қорасы атқа, землянкесі адамға сыймады. Қаланың да, даланың да мырзаларынан əйелі болсын, болмасын Ғалияны саудаламағаны кемде-кем. Қаланың мырзалары мол түрде ақшасын, даланың мырзалары мол түрде малын ұсынды. Бірақ бұлардың біреуіне де əкесі міз баққан жоқ. Оның жауабы: «Балам ержетсін, кемеліне келсін, ақылы толсын, содан кейін кімге барса да еркі. Теңі келсе, тек берем. Ғалияның қалыңынан күн көрмей-ақ қоям». Ғалия ержетті. Сөйлеушісі көп, əкесінің уəдесі жоқ. Ғалияның өзіне сөйлессе, əзіл-оспақтың шытырманына алып кетеді де, əурелеп апарып, адастырып жібереді, «шебер-ақ құрдым» деген тор лардың ешқайсысына оралу түгіл, түспейді. Оның бұл қылығына өшіккен жігіттер: «Пəлен болдым, түген болдым» деген өсектер таратады. Бұл өсектердің кейбірі əкесі мен шешесінің де құлағына шалынады. Оған күйінген шешесі əкесіне: «Баланың бағын байладың, міне енді, мынадай атаққа таңылды!» деп талай рет шаптығады, талай рет көз жасын төгеді, əкесі бұл өсекке қажығанмен, қызын сүймеген біреуіне бере салуға обалсынады. Осы қаңқу қажытқан Ғалияның əкесі, бір күні қызына кісі арқылы сөз салды: – Балама айт, – деді ол, – өзі білетін қымызшы Біржан Ғалияны көңіл етеді. Ол əрі момын, əрі ауқатты жігіт екенін балам біледі. Мен болсам жер ортасынан астым, шешесі де сары кідір боп

қалды. Күшім бар кезде, момын біреумен елбесіп-селбесейін деп ем, Біржан соған дəл кеп тұр. Балам соған көнсін. Елші адам Ғалияға əкесінің бұл сөздерін артығымен жеткізді. Ғалия жауап бере қоймаған соң: «Ойлан, – деді елші, – ақылың бар бала едің, есігіңе келген ырысты маңдайға теппе». Мұны айтпай-ақ, Ғалия өзінің жұбайылық өмірі туралы көп ойланатын еді. Ол, қаланың медресесінен мұсылманша жап-жақсы білім алған қыз. Кітапты да ол жасынан көп оқыды, солар дың ішінде ерекше сүйетіні ғашықтық қиссалары болды. «Қиссалардағы қыздар ғашық болғандай жігіттер кездессе, мен де ғашық болар ем», – деп ойлайтын еді ол. Сондай жігітті ол іздеді де, бірақ таба алмады. Ғашық болуға жарарлық жігіт оған қиялдағы ертегі сияқты көрінді. Ол соңғы кезде ғашықтық болады дегенге сенбеді, сондықтан, бір жағы, жасы жеткен, екіншіден, көп есек құлағын сарсытқан ол, кім де болса, тəуекел деп біреуге бармақ еді, міне, сондай кезде, əкесінің ұсынысы кездесе кетті. Қайту керек? «Бармаймын» десе, əкесі ренжиді... «Барайын» десе, Біржан теңі емес... Бұндайда əйелдің əлі келетіні – көз жасы. Ойы толқыған Ғалия жатты да жылады... ол ұзақ жылады... Одан өнер ешнəрсе жоғына көзі жеткен Ғалия: «Бəрібір, – деп қорытты ойын, – тағдырдың көлденең тосып тұрған бақытын көрген жоқпын. Ойдағым табылмауына көзім жетті. Əкемнің көңілі жабыр қамасын, барайын!» Қызының көнгенін естіп қуанған əкесінің Біржанға жалғыз ғана шарты болды: – Жалғыз балам болған соң ерке ғып өсіріп ем, – деді ол, – жас күнінен сауық-сайранға, əн-күйге əуес боп өсіп еді. Қолыңа барған соң, қазан-ошақтың ортасына қамап, күң ғып жіберме. Қымыз сатуды кəсіп еткен жігітсің. Баламды сол таза жұмысыңа ғана қос: таза жерде, таза киім, таза ыдыспен қымыз сатсын. Ойдағықырдағы жəрмеңкелер мен базарларға барып та қымыз саудасын жасайсың. Сонда қасыңнан тастама. Қымыз бар жерде – сауық бар. Одан бетін қақпа. Біржан бұл айтқандардың бəрін де істемек болды. ...Кешікпей той жасалды. Біржанның төрт бөлмелі қарағай үйіне Ғалия келіншек боп түсті. Бұрынғы Тілеудің үйінен шықпайтын мырзалар енді Біржанның есігін босатпады. Біржанға бұл залал да болған жоқ. Бұрын тоқал шешесі сататын қымыздан жөнді пайда ала қоймайтын. Ғалия босағасын аттаған соң-ақ, саудасы күсет бола бастады. Қымызды сатып ішушілердің көбі соның үйінде болды.

Оның қорасында кең қарағай сарай болатын еді, соған кілемді жайып, лық тола жиналған жұртқа, əсіресе қылжақбас бозбалаларға қымызды Ғалия өз қолынан құйып берді. Оның қолынан жұтқан қымыз бозбалаларға бал татыды. Кейбір жақын құрбысымен кездескенде ғана болмаса, əкесінің үйінде, бəлкім, тұйықтау, ұялшақтау Ғалия, келіншек болған соң кіммен де болса бет пердесін аша сөйлесті. Бір жағы əзіл, бір жағы сықақпен, қымызға келген бозбалаларды ол ұршықтай үйіріп, билеп əкетті. Ара-тұра сырнайға қосыла əн шырқап, думан да жасады... Біржанның «үй иесі» деген аты ғана болмаса, билік Ғалияда болды. Ғалияға өшіккен біреулер Біржанға: «əйелің пəленмен, түгенмен жақын» деп шағыстырды да. Ол сөзге сырттан елегізгенмен, Ғалияға қатты сөз айтуға Біржанның батылы жетпеді. Расында да, тағдырына мойынсұнған Ғалия Біржанды еркек деп емес, ерім деп ұқты, сондықтан азғырушылар көп болғанмен, Біржанның көзіне ол шөп салған да жоқ, салам деп ойлаған да жоқ. Оның ойы: «Маған ер боларлық жігітті əлі көргем жоқ. Мен көрген ердің бəрі – еркек қана. Біржан да соның бірі. Олай болса, басымды бəріне қосақтап қайтем? Бірімен ғана болсам, жетпей ме соның?» Осы ойға табанын нық басқан Ғалияның өмірден ендігі алмақ болған лəззаты – Біржанның қымызын сата отыра, уақытын ойын, сауық, əзілмен, əн-күймен өткізу еді. Бұрынғы Ақмола, Семей облыстарында жыл сайын жаздыгүні үш жерде ірі жəрмеңке болады: Қоянды, Тайынша, Атбасар. Бұлардың Ақмолаға ең жақыны екі жүз елу шақырым. Базарларға төңіректен ең кем дегенде мың шақырым жердегі халық жиналады. Кейде, бір шеті Петербургтен, бір шеті Ташкен – Құлжадан, бір шеті Владивостоктан мал жинайтын саудагерлер келеді. Біржанға келгелі Ғалия осы үш базардың ешқайсысынан қалмады. Базарға Біржан сауын бие айдамайды, барған жерде сауын биені үйірімен, тігетін үйді жасауымен уақытша сатып алады да, базар тарағанша сайрандап жатады. Көлденең қараған кісіге бір базардағы табысынан-ақ байып кететін сияқты, себебі қымыз сатып ішетін базаршының көпшілігі соның үйінде. Бірақ көлденең жұртқа көмескі нəрсе, – ақша ғып, жамбасына басып жатса өзі біледі де, ал басқа көзге көрінетін дүние жағынан пəлендей жарқырай қалған ештеңе жоқ, баяғы бірсыдырғы қоңыр дүрсін күйі. Ғалияның ең алғаш Ақмоладан ұзап барған базары – Ақмо ла мен Қызылжар арасындағы «Тайша» еді. Балуан Шолақты оның ең

алғаш Тоқсанбайдың асында көруі де осы «Тай ша ның» жолында. Ол жолы Балуан Шолаққа апарып шапан жапқанда, атағын бұрын естігендіктен, я құмартқандықтан жаппаған еді. Түйе бал уан мен Балуан Шолақ ұстасарда «анау жіңішкені анау жуан езіп тастайды-ау! – дескен еді Ғалияның қасында тұрған жұрт. – Жіңішкені сор түртуін қарай гөр!» Ғалия да осы ойда болды, бірақ оның тілегі, танымаса да, жіңішке жігітке ауды. Жуан жіңішкені үйіргенде, Ғалия өзін үйіргеннен кем қынжылған жоқ. Сөйтіп, «жіңішкенің халі не болар екен» деп қорқа қайғырып тұрғанда, жіңішке жуанды арқалай жөнелді... «Ə, құдай бере гөр!» деп айғайлап қалды Ғалия қуанып кетіп. Жіңішкенің жуанды үйіре жөнелуіне тіпті сүйсінген Ғалия, жерге алып соққанда, қуаныштан есі шығып кетті... Ол жүгіре басып арбасына барды да, үлкен ақ сандығын тез ашып, Ташкенттен келген ала жібек шапанды Балуан Шолаққа ала жүгірді. Шапанды жабудағы оның мақсаты – жас балуанға сый ғана беру емес, аты-жөнін сұрап танысу еді. Оған үлгермей, Балуанды Паң Нұрмағамбет шақырып əкетті. Арманда қалған Ғалия арбасына қайтып келсе, бұрын қызғанғанын сездірмейтін Біржан, бұл жолы бұртаңдаған кескінмен, аттарын арбаға жегіп жатыр екен. – Неге асықтық? – деді Ғалия. – Жүреміз! – деді Біржан, түйген қабағын жазбай, жегіп болған арбаға отыра беріп. – Мін, тез!.. – Тойды аяқтамаймыз ба? – Оған уақыт жоқ. «Қызғанышы ма, несі бұл?! – деп таңданған Ғалия, жылжи берген арбаға əрең мініп үлгерді... Артынан, жіңішке балуанның аты Нұрмағамбет екенін, елі оны Балуан Шолақ деп атағанын Ғалия естіді. Қайтарда Ғалия Балуан Шолақтың ауылына соқпақ боп еді, Біржан: «Жолдан бұрыс көрінеді» деп ризаласпады. Ғалия Балуан Шолақты со ойлағаннан ойлай беретін еді, оны тағы да көруге құмартатын еді, міне енді, сол құмарынан шығудың сəті Атбасар базарында, өз үйінде түсті. «Атбасарға Балуан Шолақ кепті... Өнерімен елді таңғалдырып жүр», – деген сөзді Ғалия естіген еді. Көргісі кеп іздемек болған оны екі ой бөгеген еді, біреуі – «Əйел басыммен іздеп баруым ұят болар»; екіншісі – «Тоқсанбайдың асындағы көз қарасын қата ұқпасам, мені өзі іздеп табуға тиіс». Осы ойдың тұғырына талпынған көңілдің құсын байлай қондырып, іштен сабырсызданған Ғалия, «келе жатыр ма» деп, үйінен

тысқа əлсін-əлсін шығып қарай беретін болды. Балуан Шолақ пен серіктері түсіп жатқанда, Ғалияның үйінен шыға беруі, осы көп шығудың бірі еді. Балуанды Ғалияның тез тануына бұрынғыдан толуы, нұрлануы бөгет болған жоқ. Балуанға қараған сайын, жүрегінде бұрын бықсып жанған құмарлық оты қызына түсті... 16. «БАТЫР – БІР ОҚТЫҚ» Бір ат келді базарға құла қасқа, Жібек ноқта басында, бауы басқа. Ғашық болып көріскен, Ғалияжан, Кел, екеуміз мінейік тарантасқа! Ойпырым-ай, жан сəулем Ғалия, Қабағың... Күндей аппақ тамағың. Қарақаттай көзіңе құмарлана, Ой, ой, ой... қарадым!.. (Балуан Шолақтың өлеңінен) Атбасар қаласының күнгей жағындағы Есіл өзенінен қалаға беттеп, кең қара жолмен жұлдыздай аққан, арбаға жегілген бір жорға көптің көзін сүріндірді. – Бұл кім? – десті жұрт шуласып. – Балуан Шолақ! – Е, онда осы сияқты жорға бар ма еді? – Кеше базарға құлақасқа жорға түсіп еді, – деді біреу, – Челяба қаласынан келген купецтің жорғасы екен. Талай жасқа келдім, талай сұлу жылқыны көрдім, мұндай сұлу жылқыны көрген емеспін. – Онда иесі неге сатады?! – Купец салт ат міне ме? Арбадан шыққан жылқы болса керек жануар. Сол мінезінен сатса керек. – Қаншаға алды? – Екі жүз сомға. – Апыр-ай, мына Балуан Шолақ жынданған шығар, – десті көпшілік шулап, – он шақты аттың құны ғой мынау. – Тегін ақшаны аясын ба, – десті əркімдер. – Қайрақты қаласының сексен өгізін ұрлап алып сатып, соның ақшасымен келді деген. – Сол купецтің фаэтон жеңіл арбасы бар екен, – деді біреу, – Бал уан Шолақ атқа арбаны қоса саудалап, жүз сомға алыпты. Жұрт

Балуанның ат пен арбаны сонша қымбат алуына бір таңданса, екіншіден, жұртты таңдандырған – арындап арбаға жүрмей қойған атты Балуанның фаэтонға жегіп жүріп кетуі!.. – Жылқының перісі емес пе ол? Оған таңданатын ештеңе жоқ, – десті əркімдер. – Қасындағы кім? – Ғалия!.. – Қайдағы Ғалия? – Ақмоладан келген қымызшы Біржанның қатыны. – Оны неге беріп қоя берген бұған?.. – Əңгімесі көп көрінеді оның... Жұрт солай дабырласып тұрғанда, аяғын зырылдауықтай шапшаң басып, құстай ұшқан Құлақасқа көзден ғайып болды. Олардың Құлақасқамен осылай жүруіне, міне, бүгін үшінші күн... Ғалияның үйіне барып қымыз ішкен Балуан Шолақ ұзақ отырмай, жұмысым бар еді деп, кетіп қалды да, кешке айналып сол үйге қонуға келді. Көз қарасынан мінезі жеңіл ме деп ойлап қалған Балуан Шолақ, Ғалияға ауыл əдетін қолданбақ болды. Ауылда, егер қыздың я келіншектің қас-қабағы жақсы болса, бозбалаға онымен тілдесу қажет емес, түнде ұрланып төсегіне бірақ барады. Біржанның үйіне осы ниетпен келген Балуан Шолаққа жолы болған сияқтанды, Біржан əлде не жұмыспен бүгін келмейтін боп кетіпті. «Үй оңаша болды» деп қуанған Балуан, іңірде, өзен жағасындағы тал арасына Ақбозды апарып, аяғына тұсау салды да, үйге қайтып келе жатты. Ойда жоқта алдынан, басына шапан бүркенген əйел кездесті де, жолын бөгеп тұра қалды. – Бұ кім еді?! – деді Балуан. – Мен, Ғалия, – деді əйел бетін ашып. Рас – Ғалия!!. Ғалияны қалай құшақтай алғанын Балуанның өзі де сезбеді. Соқыр сезім сол жерде есінен тандырған ол, сүйіктісін жерден жаңқадай көтеріп, қалың талдың арасына ала жөнелді. Ғалия тырмысқан жоқ. Балуан оны қалың шалғынның арасына əкелді де, денесін көме шалқасынан жатқызды. Ғалияда əлі де бұлқыну жоқ. «Мынау қайтеді?» деп ойлаған Балуан Ғалияның бетіне түрегеп тұрған қалпымен үңілді. – Тоқтыңыз семіз бе екен? – деді Ғалия. – Қайдағы тоқты? – деді Балуан түсінбей.

– Ауыл ұйықтап жатқанда қотанға қасқыр ұрланып кіретін де, бір тоқтыны арқалап ала қашатын. Сол сияқты мені қайда əкелдіңіз? «Батыр аңғырт». Балуан сөзден тосылғандай үндемеді. – Балуан, – деді Ғалия, басын көтеріп, қасына отырған оның иығына қолын салып, – мен сізді осы араға əдейі іздеп кем ем, тыңдасаңыз – үш тілегім бар. – Неге тыңдамайын. Айт. – Айтайын! – деді Ғалия жеңіл күрсініп. – Нарлығыңызға, «Балуан Шолақ» деген даңқыңызға сүйеніп, тілегімді берер деп айтам. Бірінші тілек – мен туралы талай өсек естуіңіз мүмкін, соның жаманат жағына сенбеңіз; екінші тілек – қалтқысыз көңілмен жүрек жара дос болайық; үшінші тілек – осы базар тарқағанша біздің үйде болыңыз! Балуан ойланып қалды. Үшеуі де ауыр тілек. Алғашқы тілегін берейін десе, «көлденең өткен көк аттыны құр жібермейді»деген сияқты өсекті көп естіді, ол өсектің анық-танығына жетпей қалайша «саған сенем» дей алады? Екінші тілек – «дос болу»... Өте үлкен сөз! Өте салмақты сөз! Сырын білмеген адамға «достаса қояйық» деу оңай ма? Ең қиыны – үшінші тілек. Ғалиямен қалай бірге бола алады ол? Күйеуі ұлықсат ете ме оған? Жаман да болса күйеу аты, еркек аты бар емес пе оның? Ендеше, өз бойына лайық, еркектік, күйеулік намысы бар емес пе? Сол намысын таптағысы келгенге шамасы келгенше қарсы тұрмай ма ол?.. Оның арты неге соқпақ сонда? Бұған дейінгі дұшпаны аздай, тағы дұшпан үстіне дұшпан қоса түсу керек пе? Ол жалғыз болса құба-құп. Егер оның дос-жараны көп боп, сойылын соға кетсе қайтпек. Осы ойлардың салдарынан Балуан тұнжырап үндемей қап еді: – Орындай алмасаңыз, қолқам жоқ, – деді Ғалия, оның иығынан қолын алып. «Өкпеледі» деп ойлаған Балуан ағынан жарылып еді... – Көп жыл бірге тұрған күйеуімді мен сізден гөрі жақсы білемін, – деді Ғалия, – оның еркі менің қолымда. Бүгін де мен оны ертеңге дейін оралмайтын жаққа жұмсадым, ойым – сізбен бүгін оңаша болып, армансыз сырласу еді... – Менің бүгін оралып келетінімді қайдан білдің? – деді Балуан қуланған боп. – Еркектің əйелге деген бар сыры көзінде тұрмай ма, Балуан? – деді Ғалия күліп. – Көз қарасыңызбен айтып аттанбадыңыз ба маған, «кешке оралам» деген сөзді?.. – Ə, солай ма еді? – деп Балуан мойындай қалды да, – ол өз

алдына бір сөз ғой – деді кескінін салмақтандырып, – ал, əлгі сөзге келсек, «күйеуім – еркімде» дегеніңмен, оның намысын көрінеу көзге таптауға болмайды; көзіне шыққан сүйелдей боп, үйінде бадырайып қалай жатып алам?.. – Сонда не істемексіз? Ұрланып кеп жүрмексіз бе? – Басқа амал бар ма? – Сізді жасыра алатын дүние жоғына көзіңіз жете ме, батыр, тегі?.. Балуан үндемеді... – Жоқ, – деді Ғалия шымыр дауыспен, – ешнəрсе де жасыра алмайды сізді!.. Өзгені былай қойғанда, қараңғы түн де жасыра алмайды!.. Сіздің қайда жүріп, қайда тұрғаныңызды жұрт жасы рсаңыз да біледі, өйткені сіз жұртқа шыққан күн, туған айдай мəлім боп алған адамсыз. Сіз жұрттың бəрін көрмегенмен, сізді жұрттың бəрі көреді... – Сонда не істеу керек? – деді, бұл сөздерге тағы да шырмалған Балуан. – Бір жол бар, – деді Ғалия қаярланған үнмен, – бірақ оған сіз түсе алмайсыз!.. – Мысалы, қандай? – Əйеліңізден айырылып, маған қосылу!.. – Өзің түсе алар ма едің, ол жолға? – Түсер ем!.. Ал, сіз?.. Балуан жауап бермеді. Қалай береді, осы секундке дейін басына тумаған сұрақ бұл. Жауабын өзі таба алмай қиналған сұраққа «Ғалия да ойланбай жауап беріп тұр» деп жорыған Балуан: – Сен де қата айтасың. «Түсем» дегенмен, түсе алмайсың ол жолға, күйеуіңнен айрыла алмайсың! – деді Ғалияға. – Ендеше, не істеу керек? – Былайша ғана ойнап-күлу керек... – Қалайша? – Белгілі сөз ғой ол! – деді Балуан, ішінен «сондай да сұрақ бола ма екен?!» деп таңданып. – Қалайша «белгілі?» – деді Ғалия. – «Ұрланып жолығу» ма, «белгілі» дегеніңіз?.. Оның несі «ойын-күлкі?»... – Сонда не істе дейсің? – деді Балуан, бұл мағынасыз егесуді доғарғысы келген үнмен. – Егер қиғыңыз келсе, Балуан, маған өзімізден өзге ешкім білмейтін ұрлықтың ойын-күлкісі емес, қалың ел білетін жария ойын-күлкі керек.

– Ол қалай болады? – Мысалы, бір əдемі атты əдемі сайманмен, əдемі тарантасқа жегесіз, екеуіміз оған қатар мінеміз де базар аралаймыз жəне жəй араламаймыз, сырнайлата, əндете аралаймыз, сөйтіп, базардың думаны боламыз. Міне, бұл, жұртқа жария ойын-күлкіміз болады. Жұрт та рахаттанады бұған, өзіміз де рахаттанамыз. Бұлай ойнапкүлуге күйеуімді мен көндіре алам. Екеуі осыған серт байласты. Серттің куəсі Біржан болды. «Ғалияның алысқа жұмсауымен, – мен көз таса боп, Балуанға кешке жолығу» деп күдіктенген ол, «барайын» деп аттанып кеткен еді де, былай шыға бой таса ғып, іңірде кейін оралып, атын алысқа тұсап, талды жамылып кеп, Балуан мен əйелін аңдыған еді. Ол екеуінің қалай жолығып, не кеңескенін қастарындағы қалың талдың ішінде отырған Біржан түгел естіді. Əзірге бүлініпжарылған ештеңе болмағанмен, естіген кеңестері құлағына жаға қойған жоқ. Бұл істің арты немен тынуына көзі жетпеген ол, ең жақын міндетім деп, Балуанның бүгін түнде Ғалиямен қашуына бөгет жасауды есептеді. Сол мақсатпен ол, үйі ұйқыға жатады-ау деген кезде, алыс жолдан оралғандай, атын дүбірлете аяңдатып кеп, дыбысын сездіргісі келгендей, үйінің сыртына қақырынатүкіріне түсті. – Иеміз келіп те қалды! – деді ол дыбысты таныған Ғалия, іштей əрі қуанып, əрі ренжіп. Реніші – бүгінгі түнді Балуанның құшағында өткізбек еді, күйеуі ол үмітін кесті; қуанышы – бүгінге дейін адал келген неке суына бүгін арам тамшы қосу, су орнына у ішердей жүрегін лоблыта бастаған ол қиналудан күйеуі құтқарғандай болды. Қасына жатқан күйеуімен сыбырласқан Ғалия, оны өз ырқына көндіріп барып ұйықтады. Сондағы айтқан сөзінің тоқетері: «Ойыным мен сауығыма бөгет болмауға басынан көнген едің ғой, сен? Адал некемізге арам жұқтырмауға мен уəде берейін, Балуанмен базарда серуендеуіме бөгет болмауға сен уəде бер». Осы тақырыпта айтылған ұзақ сөздің қорытындысы сияқтанған бұл өтінішке Ғалияның дегенін екі етпеуге дағдыланған Біржан қарсылық айта алмады. Оның тек қана айтқаны: – Қайдам, жұрт көзіне ерсі көрініп жүрмесе, өзің біл!.. – Жұрттың не десе де еркі, – деді Ғалия, – ел аузына қақпақ бола алмайсың. Бір бірімізге өзара сенсек болғаны. Мен саған сендім. Ал, сен өзің маған сенесің ғой. – Əрине! – дей салды Біржан. Көкейінде «сенбегенде амалым қанша!» деген сөз тұр. Ол сөзді сыртына шығара алмайды.

Ғалияның көңілін қалдыру былай тұрсын, кірбің салуға да жоламай дағды алған ол. Неге екенін өзі де білмейді, – Ғалия жоқ жерде оған өмір жоқ сияқтанады, онсыз күні – қараңғылық сияқтанады, айы да, күні де Ғалия сияқтанады, оның көңіліне қаяу салу айы мен күнінің бетіне кір жағу сияқтанады... Бұған дейін сөйтіп келгенде, Біржанның жанын толқытарлық қаупі болған да жоқ еді. Қазір олай емес. Мынау «Балуан Шолақ» деген оның бұрын көрмеген «аңы». Бұрынғы «аң» деп жүргендері, бұның қасында, арыстанның қасындағы борсық сияқты. «Бұл бір жұтпас, – деп қорқады Біржан Балуаннан, – егер жұтса, түйені түгімен, биені жүгімен... дегендей мол қылғыр!.. Бұның аузына іліккенді суырып алу да қиын болар!..» Осыны айтайын десе, «көңілін қалдырам ба» деп Ғалиядан қорқады, айтпайын десе, «асап қою» қаупі бар!.. Ғалияның «маған сенесің ғой?» деген сұрауына «сенем» деген нық жауап бермей, «əрине» деп былқ ете түсуі сондықтан... Ерінен рұқсат алуын Ғалия ертеңіне естірткенде Балуан Шолақ қуанып кетті. – Жігіт екен ғой, оның өзі! – деген сөз шығып кетті оның аузынан. – Дос болуға да жарайтын жігіт екен ғой ол!.. Бірге серуендесек қайтеді өзімен? – Егер, көнсе. – Неге көнбейді?.. – Артық жүріс-тұрысты ұнатпайтын адам... Ғалияның сөзі тура шықты. Онымен базарда бірге серуендеу үшін, жоғарыда аталған Құлақасқа жорғаны арба-сайманымен сатып алған Балуан, Біржанға бірге жүруді ұсынған еді, «бұндай іске бейілім жоқ еді, Ғалияға берген ұлықсатым ұлықсат, өздерің серуендей беріңдер!» деді. Құлақасқаның фаэтонына мініп Балуан мен Ғалия жөнеле бергенде, ішінде лаулай жөнелген қызғаныш оты Біржанды да үйіне отырғызбай, атына еріксіз қондырды. Оның ақылшысы – əрі болыс, əрі бай, ауылда да, Ақмолада да салығы бар ЬІспан дейтін адам еді. Кеше де ол Ғалия жұмсаған жаққа бармай, сол Ыспанға соғып, Балуан Шолаққа деген күдігін айтқанда: – «Қасқырдың ұлығаны – жеймін дегені» депті аталарың, – деді Ыспан, – Балуан Шолақ бекерге ұлитын қасқыр емес, ұлыса жейтін қасқыр. Ұлыды ма, қатыныңа қарап – «жеді» дей бер оны. Осы түннің өзінде жеп кетіп жүрмесін ол. Жемесін десең, ізіңмен қайт үйіңе! Қайтпақ болған Біржанға:

– «Аңдушы алмай қоймайды» депті аталарымыз, – деді Ыспан. – Торуға кірісе, қапыңды табады ол... – Таптырмау үшін не істеу керек? – Оны кейін ақылдасайық. Бүгін үйіңе қайт. Əуелі Балуанның үйіңе оралу-оралмауын біл, соған қарап айла жасайық. Ертеңіне Біржан оралып кеп, естіген-білгенін айтқанда: – Келді ме, жорамалым? – деді Ыспан, Біржанның салмағын молайта түскісі келгендей. – Дəл келді. Əулие екенсіз!.. – Енді бұдан құтылу оңай, – деді Ыспан. – Қалай?.. – Оны кейін білесің. Саған тапсырарым – қатынның серуендеуіне бөгет болма... – Со бетімен алып қашса қайтем? – Оны істемейді Балуан Шолақ. Сертіне ол берік жігіт. Кешке кеп үйіңе қонам десе, қонады ол. Ендігі сөзді ертең кеңеспек боп, Ыспан Біржанды үйіне қайтарып жіберді. Оның Біржанға «кейін білесің» дегені, өткен күні, Атбасарға жиналған болыстардың бəрін ояз шақырып алған еді де, «Егор Пропадконың өгізін ұрлаған қашқын – Нұрмағамбет Баймұрзин осы базарда жүр дейді, жалған аты «Балуан Шолақ» дейді, халық өзін аса жақсы көреді дейді, олардың арасынан ұстау да қиын дейді, ал, енді сол адамды қалай ұстаудың амалын табыңдар» деген. «Табамыз» деп уəде берген болыстар. «Бірақ бұл істі өте жасырын түрде істеңдер!» деп тапсырған ояз. Осы əңгіменің ішінде болған Ыспанның құлағына Біржаннан естіген хабар жаға кетті. «Көптің ішінен ұстау қиын еді, – деп қуанды ол, – серуенде жүргенде ұстау оңай. Бұны оязға хабарлау керек». Біржанға бұл ойын айтпауы – «сөз тарап кетер» деп қорықты. Хабар тиген ояз базарда тəртіп сақтау ісінде жүрген казачья сотняға «қапысын тап та, қамап ұста!» деген бұйрық берді. Ғалиямен қатар мініп, сырнайда тартқан əнге қосыла, Құлақасқаның екпінді жорғасымен сілтеп келе жатқан Балуан Шолақты кейі салт, кейі жаяу бір топ солдат алдын бөгеп тоқтатты да, қоршап ала қойды. – Бұ не пəле? – деді, түсі құп-қу боп кеткен Ғалия, дірілдеген дауыспен. – Пəле боп бізге не қылады? – деді Балуан. – Не ақысы бар бізде, бұл солдаттардың? Олардың Балуан Шолаққа не істеуін баяндардан бұрын, оқу-

шыларды «Казачья сотня» аталатын бөлімшенің хал-жайымен таныстырып алайық. Бұл сотняның тұрғылықты мекені – Көкшетау сыртындағы Айдабол дейтін жер. Анда-санда адамы жаңарғанмен, сотняның осы өлкеге пайда болуына көп жылдар өтті. Ол ең алғаш 1739 жылы, Абылай хан Россияға бағынуға ант бергенде құрылып, «тəртіп сақтауға» хан ордасына жіберілді. Абылай ханды, оның баласы Уəли ханды қолынан өткерген сотня «дала тиыштығын сақтау» ісінде қалып қойды... Үкімет бұл сотняны Көкшетау, Атбасар, Ақмола – үш ояздың орталығы деп Айдаболға қойды. Атбасарда базар ашылғалы, сотняны жылда «базар тəртібін сақтауға» жібереді. Сотняның солдаттары соңғы жылдарда бірнеше рет жаңарғанмен, атаманы көп заманнан өзгерген жоқ. Ол сөмпектеу келген ұзын бойлы, ұрты ішіне кірген қушық бетті, иегінің ұшын ғана қасқалап қырғаны болмаса, сақалы мен мұртын тұтас, ұзын ғып өсірген, ойнақы кішірек қара көзді, қайқы мұрынды, кең танаулы, ұзын қасты, сақал-шашы ағарған, қара сұр казак-орыс. Оның туыпөскен жері Айдаболға жақын – Зеренді тауындағы казактардың станицасы, тұқымынан байлар да, генералдар, полковниктер, атамандар да көп шыққан. Біз сипаттап отырған атаманның аты Захар. Орыс та, қазақ та оның фамилиясынан гөрі атын жақсы біледі. Қазақтар оны «Көктеке» дейді. Көктеке өзімен теңдес біреу болмаса, өзгемен қамшы я жұдырықпен сөйлеседі. «Қолы тастан қатты» дейді таяқ жеушілер. Оңай олжа табуға да шебер ол, жоқтан сылтау тауып, кім көрінгеннен қорқытып пара ала береді. Станицада бай шаруасын қорқытып ұстайтын жалшыларына тегін баққызады. Ол əсіресе қазаққа өш, кез келген қазақты сабау – оның өміріндегі «бір рахаты»... Көктекенің қаһарлы атын Балуан Шолақ та естіген. Зорлықшылдың бəріне өш Балуан, біреулер Көктекені жамандаған əңгімелер айтқанда, «шіркін, маған бір кездесер ме еді?!» деп кіжінетін еді, міне, енді, сол тілегі бола кетті, – оны солдаттар, Көктекенің бұйрығымен қоршады, өзі ішінде тұр. Балуанды ол – ояздың «ұстап бер!» деген əмірімен қоршады. Ол да Балуан Шолақ туралы көп əңгімелер естіген еді жəне ол əңгімелер Көктекеге ертегі сияқты боп жеткен еді. Қара күші болмаса, сана-сезімі топас ол, Балуан туралы ертегілердің біразына нанған сияқтанып, көруге құмартып жүретін еді. Міне, енді «ертегінің ерін» алдынан тосып тоқтатқан ол, қазақша шалағай білетін сөздерімен тіл қатпақ боп, солдаттарды кимелей Балуанға жақындады.

– Кімдікі парен сен? – болды оның бірінші сөзі. – Мен – Балуан Шолақ! – деді ол мұның кім екенін жорамалдап. – Aha!.. Понимаю!.. Естіген!.. Сен улкон казак!.. Здоровый!.. Молодчина!.. Қайда барады, сен?.. – Базар аралап жүрмін... – Сені ояз шақырған, мен соған тоқтатқан... – Менің оязда жұмысым жоқ. – Оныкі жұмыс сенде бар... Көктеке қылжақ қылып тұр екен деген оймен, Балуан атының басын кейін бұрайын деп еді, божысынан Көктеке ұстай алды... – Жібер! – деді Балуан, божыны жұлқып. – Жоқ, мен сені жібермейді, оязға апарады! – деді Көктеке түсін суытып ап. – Жібер! – деп божыны тағы жұлқығанда, қолына жармасқан Көктекені кеудеге салып кеп жіберді. Көктеке шалқасынан түсті. Сол ашумен атты құнтпен тартып-тартып жібергенде, жаны ышқынған ат, қамаған солдаттарды кеудесімен қағып, тарта жөнелді. Арба жалтарған шақта Ғалия төңкеріле құлап түсіп қалды... Оны байқаған Балуан атын тежей беріп еді: – Қарама маған! Өзің құтыл! – деп Ғалия айғай салды. Содан ба, əлде қызған ат киіп əкетті ме, Балуан Шолақ жөнеле бергенде: – Ат! – деген дауыс естілді. Бірнеше мылтық қатарынан гүрс ете түсті. Құлақасқа омақата құлады. Арба төңкеріліп түсті, Балуан ұшып кетті. – Өлді!.. – деп шу ете қалды қарап тұрғандар... Балуан Шолақ тұрып үлгермей, солдаттардың қоршауында қалды... Солдаттар оны құрғақ қолмен емес, найзалары сүйриген мылтықты қолмен қамады, егер құрғақ қолмен қамаса, алыса кеткенін ұшырып жіберер еді де, денесіне қол дарытпай, сытылып шыға келер еді. Мылтыққа амалы болмай қалды оның. «Батыр – бір оқтық» деген аталарының мақалы түсті оның есіне. Дəрменсіздігін көрген ол, солдаттарға «ұста да, байла!» дегендей, артына қайырған қолдарын тоса берді... *** Ертеңіне Балуан Шолақтың аяқ-қолына кісен салынды да, пар атқа жеккен күймелі арбамен, салт мінген елу солдаттың қоршауында, Көкшетауға айдалды.

Балуанға жаны ашитын жігіттер «жолда тосып тұрып тартып аламыз» деп еді жəне ол ойларын орындамақ боп əр жерге тосқауыл да қойып көріп еді, нақ «иə, бəсеге» келгенде, мылтыққа қарсы шаба алмады. Олардың да күрсіне айтқан сөздері – «батыр – бір оқтық» деген рас екен-ау!.. 17. АБАҚТЫДА Абақты – азап орны, жайнаған шоқ, Басқаным от сияқты, ішімде дерт. Кіргізген камерына қарап тұрсам, Ішінде менен басқа адам да жоқ. Өнерсіз атқа мініп неге керек! Тудым мен өнерпаз боп елден ерек. Есікті шегіншектеп сүзгенімде, Ұшырдым тақтайларын төртке бөлек. (Балуан Шолақтың өлеңінен) Балуан Шолақ Көкшетау түрмесіне жабылды. Оны оңаша бөлмеге қамады. Балуан ішіне кіре төңірегін көзімен шолса, темір мен торланған биік, кішкене терезесі бар, кірлеген қара сұр қабырғалы, төбесі тапал, сəкіге винттеп тастаған темір кроваты бар, оның үстіне кір кенеппен тыстаған көрпе тастаған, босағасына «үштік» аталатын кішкене керосин лампы ілген, сəулесі күндіз де күңгірт бөлме екен. Тар бөлмені қамаудағы арыстандай күңірентіп Балуан Шолақ аз жүрді де, кроватқа келіп отырды. Көрпе дегені сабан екен. Не істерге білмеген Балуанның көзіне бөлменің қалың қарағай тақтайдан жасалған есігі түсті. Бір оқиға есіне кеп кетті оның. Бұдан бірнеше жыл бұрын, күзге қарай, ауылда шілдехана болды. Ойынға Шолақ та қатынасты. Жақын арада қарағайдан қиған жалғыз ғана бөлме еді бұл. Шілдеханаға жиналған жұрт ішіне əрең сыйған үйге ас та даярланған соң, іші ысып кетті де, жанып тұрған керосин лампы сөніп қалды. Оны тұтатпақ боп əркімдер əуре боп жатқанда, үйдегілердің тынысы тарылып, дем алуға болмай қалды. – Тұншығып барамыз, – десті əркімдер, – есікті ашатын екен! Біреулер ашайын десе, жасаң қарағайдан жасалған есік ісініп, тас боп бекіп қапты, тепкілейді – ашылмайды, балтамен ұрады – ашылмайды!.. – Енді қайттік?! – деп үйдегілер сасқанда: – Жол беріңдер маған, – деді біреу.

– Кімсің? – Балуан Шолақпын. Есікті мен ашып берейін. – Ал, аш! – деп, есік жақтағылар сырыла бастады. Қараңғы жолында əркімге соқтығып, жығыла-сүріне есікке жеткен Балуан, қолымен толғап еді, есік болар емес! Өкшемен теуіп еді қозғалмайды. «Мынау қайтеді?» деп ерегіскен ол, шегіне беріп, төбесімен сүзіп қалды. Есік жалп етіп шалқасынан құлады. Содан кейін от та жанды, лампы да тұтанды. Жұрт далаға шығып қараса – есіктің топса темірі омырылып кеткен екен! Абақтының тар, күңгірт бөлмесінде отырып осы оқиға есіне түскен ол, жұдырығын түйіп алып есікті қойып кеп жіберді. Қалың қарағай есік, екпінді күштің тегеурініне шыдамай, орта тақтайлары омырылып, шалқасынан түсті. Торды үзген арыстандай ол сынған есіктен сып беріп шыға келсе, кең коридордың екі жағынан да мылтықты күзетшілер жүгіріп келеді екен. Таныс мылтық!.. «Батыр – бір оқтық!» Балуан Шолақ қарсыласпады. Күзетшілер оған сөзі жеткенше ұрысты да, басқа бір бөлмеге тағы кіргізді. Ол кең бөлме екен. Іші лық толған адам: біреулер отыр, біреулер жатыр, біреулері түрегеп жүр... Бəрінің кескін-кейіптері абақты бөлмесінің қабырғасындай қара сұр, бəрінің де көздері абақты бөлмесіндей күңгірт. Балуан Шолақ кең бөлмеге кіргенде, оны бір топ адам қоршап алды. Бəрінің сұрауы біреу: «Кімсің? Жазығың не?» Сазарған Балуан жауап бермей, жаңа ұсталған жолбарыстай жан-жағына қабағын түйе, тесірейе қараса, қоршағандар – түгелімен арық, түгелімен желқом –жыртық киімді. Бұның үстінде ылғи жаңа жəне жақсы киімдер... Жыртықтардың бір тобы бұған қадала қарап қоршай қалғанда, еңгезердей біреуі таянып келді де: – Шеш киімдеріңді! – деді. – Неге?! – деді Балуан таңданған кескінмен... – Біз киеміз. – Өзім қайтем?.. – Сен мына, біздің киімді аласың!.. – Иə, біздің киімді аласың! – деп ду ете күлді қоршағандар, құрсауын тарылта жақындап. «Мыналар қайтеді?!» деп сескене бастаған Балуан, ығысыңқыраған бейнемен: – Əй, естерің дұрыс па, өздеріңнің?!.. Жыным бар ма менің жақ сы киімдерімді сендерге беріп, өзім сендердің құрымдарыңды ілетін?

– Шешемісің, жоқ па? – десті қамағандар, енді түстерін суытып, өздері шешіп алуға ыңғайланып. – Жоқ! – деді Балуан, ақырған қатты дауыспен... Көп адам оған жабыла кетті... Ол алыса кетті!.. Күшінің көптігінен бе, əлде аналар шетінен əлсіз бе, – жабылған адамдарды Балуан шопақ құрлы көрмей, жұлып алған тымақтай жан-жағына шашырата лақтырып-лақтырып жіберді!.. Маңында адам сиреп қап, бірен-саран жақын тұрған адамдар ұстауға бата алмаған кезде: – Кəне, қайсың барсың тағы да! – деді Балуан алысуға ыңғайланып. – Келіңдер, алысуға ойласаңдар!.. Əлгі арпалыста қолының тегеуріні қаттырақ батты ма, немесе, əлдері келмеуіне көздері жетті ме – ұмтылушылар болғанмен, ешкім жақындап кеп ұстаса қоймады. – Бұл не қылған балуан? Кім өзі, мұнша күшті?! – деп шулағандарға: – Мен, Баймұрзин Нұрмағамбет!.. Халқым қойған атым – Балуан Шолақ! – деді ол енді еркінсіп ап. – Нұрмағамбет! – деген сөз сап ете түсті оның құлағына. «Бұл кім?» деп ойлауға үлгертпей, əлдекім оны құшақтай алды. «Алысқысы келген біреу ме?» дегендей, Балуан оны денесінен итермелейін деп еді. – Нұрмағамбет!.. Мен!.. Андрей!.. – деді құшақтаған адам. Андрей Кургановтың дауысы!.. Бірақ кескін-кейіп оныкі емес, бет-аузын қауғадай сақал жапқан біреу!.. Үсті-басы далба-дұлба!.. Ол расында да Андрей болып шықты. Досын тар жерде тапқан Балуан баладан жаман егіліп жылады, оны ұзақ уақыт уату қиын болды... Уанғаннан кейін сұрастырса, алыстағы Сібірге айдауға кеткен Андрей жуық арада қашып келген екен де, қолға қайта түскен екен. Ол абақтыдағыларға қысқаша Балуанның кім екенін таныстырды. Одан əрі шүңкілдесіп сырласулар кетті... 18. ƏЗƏЗІЛДЕР Мен не қылдым, япыр-ай, жақыныма?! Тұзым ащы жақынға татыды ма? Абақтыда жатқанда бір келмеді, Шолақ қол батқаны ма тақымына? (Балуан Шолақ өлеңінен) Балуан Шолақ абақтыда айға жақын жатты. Оны сыйлайтын адамдардың қолынан келгені – дəм татыру. Қолынан келер басқа

ешнəрсе жоқ. Достарына риза Балуанның ренжитіні – туысқан ағайындары, əке-шешесі, ағасы – Төлеубай, əйелі – Балқаш. Балуан абақтыға түскелі олардың ешқайсысы ат ізін салған емес, дəм əкелген емес. «Бұл қалай?! – деп таңданды Балуан Шолақ. – Естімей жатыр ма? Естісе неге келмей жатыр?!» «Ағайыным момын еді, – деп ойлады ол кейде, – көлеңкелерінен қорқатын еді. Олардың келмеуіне себеп сол шығар; мұндайда от пен судан тайынбайтын – адамның алған жары мен ата-анасы болар еді. Олардың да тым-тырыс жатуы неліктен екен?! Əлде, Балқаш менің Ғалиямен аз күн сайрандағанымды естіп, қызғанып, қызғаныш аяғын тұсап жібермей ме екен?» Атбасардан конвоймен жөнелтерде Ғалия Балуан Шолаққа анадайдан амандасып, артыңнан іздеп барам деп қалған, одан да хабар-ошар жоқ. «Адамның сезімі алдамаса, Ғалияға сеніп ем, жолымда жанын қияр дос таптым ба деген ем. Іздеймін, келемін деп уəде айтуы қалай? Уəдесін орындамауы қалай? Шіркін, оның да опасыз болғаны ма? Əлде, сорлыны жаман, қызғаншақ күйеуі арқандап жібермей жүр ме?» Ғалияның келмеуі туралы Балуан Шолақтың жобасы дұрыс еді. Ақмола қаласының күнгей жағында, отыз шақырымдай жерде «Майбалық» атты шалқар көл бар. Сол көлді айнала мекендеген Арғын руының Ағыс атанатын бұтағында болатын. О да серілеу, ауқатты, оның үстіне, «білсе барымта, білмесе сырымта» дегендей, өштескен адамын ұрлап құртатын озбырлығы бар адам да. Ғалияны қыз кезінде алам деп талпынғанның біреуі осы Қордабай да, бірақ əкесі – Тілеу көп қалыңмалға емексігенмен, Ғалия көнбеген еді. Арманда қалған Қордабай Ғалиядан келіншек болған соң да күдер үзбей, «тым болмаса ойнап-күлуіңді қимаймысың», – деп қыңыратқи беретін еді. Ішкі ойы алыс жатқанмен, Ғалия Қордабайдың жігітшілік əзіл-оспағына қызығып, қалжыңның ұзын арқан, кең тұсауынан босатпайтын... Ғалияның Атбасар базарына баратынын естіген Қордабай, «қанша қашаған болғанмен, осы жолы бұғалығыма неғып ілікпес екен?» – деп дəмеленген. Атбасарда Ғалияның көңілін аулауға Қордабай күн бұрын қам жасап, Қарқаралы жақтағы өзектес ұрыларына хабар айтып, мойны алыс жерден бір айғырдың үйірі –15 шақты қысырақты алдырды да, Атбасарға айдады.

Ғалия мен Біржанды ол жолда жолықтырып, Атбасарға бірге барды. Жолшыбайғы əзіл сөздерінің арасында Қордабай Ғалияға 15 байталды сол үшін əкеле жатқанын ұқтырды. Ондай өзеуреп, жоққа шабылатын жігітті олжалану Ғалияның кəнігі болған ісі еді. Бұл ойын күйеуінен жасырмай, құрғақ ойын-күлкіден қызғанбауына уəдесін алды. Ғалия емексіткен соң, Қордабайда ес қалған жоқ. Он бес байталдың ақшасын судай сапырған оның негізгі тұрағы Бір жанның үйі болды. Ғалия оған Біржанды аз күнде Ақмолаға қайтаруға уəде берді. Бұл қулықты шынға жорыған Қордабай тіпті шала бүлінді... Балуан Шолақ келгенде үйде жоқ Қордабай, ол аттанып кеткесін келді. Жігіттер оған Ғалияның қас-қабағы Балуанға қалай болғанын айтты. Аяғын тік басқан еркекте өзінен артық адам бар деп ойламайтын еді Қордабай. Балуан Шолақтың атағын естіген еді. Жұрты Балуанды «пəлен-пəшпеден» деп көтермелегенде, «өй, тəйір-ай, кім дейсің сонша ардақтайтын, – деп ойлайтын еді Қордабай, о да біз сияқты, бір қатыннан туған шығар!.. Ол да біз сияқты, екі аяқты, жұмыр басты пенде шығар... Азар болса күші артық шығар, одан басқа несі артық дейсің? Күшімен кімді жеңеді ол? «Білегі толық бірді жығады, білімі толық мыңды жығады», білімі артық болмаса болғаны!» Жігіттер Ғалияның Балуан Шолаққа қылмыңдауын айтқанда, Қордабай мұрнын шүйірді: – Қой, əрі! – деді ол. – Соны да сөз деп айтып отырсыңдар ма? Жолап көрсін, Ғалияға, күшті болмақ түгіл, бұл заманның Əзірет Əлісі болса да, əлегін аспаннан келтірейін!.. Балуан Шолақ Ғалияға оралып келген түні, онымен табақтас бола тұра, Қордабай ойдағы қайратын көрсете алмады. Не ғажабы барын білмейді, қанша сұқтанғанмен, батып сөз айта алмады, бойынан сығымдап əкелген намыс пен ашу, не тіліне, не білегіне орала алмады. Ғалия азғырылып болды деп түсінген ол, қапысын тауып Балуанды атпақ та болып еді, реті келе тұра қолы көтерілмеді... Қордабай осындай толқымалы халде жүрген кезде Балуан Шолақ ұсталды. «Балуан Шолақ ұсталды», – деген хабар базаршылар арасына найзағайдан тез тараған еді. Бұл хабарға қуанушылар да, қайғырушылар да болды; қуанушының біреуі – Қордабай. Ұсталған Балуан Шолақты солдаттар Атбасар қаланың желкесіндегі қазармаға алып жөнелерде, сол араға Қордабай да жеткен болатын. Ол барған кезде Ғалия талықсып жатыр екен.

– Əкел, маған! – деді, Қордабайдың қаталдығы шектен шығып, салт аттың үстінде тұрып. – Əкел, қаншықты, өлімтігін күйеуінің үйіне апарып тастайын!.. Сол араға жиналған жігіттер талықсыған Ғалияны көтеріп əпергенде, Қордабай лақтай алдына өңгеріп алып, қымызға тігілген үйіне қарай шапты да кетті. Үйіне барып есін жиған Ғалия Балуан Шолақтың соңынан кетпек боп еді, Қордабай қайрап қойған Біржанның сөзі қысқа болды: – Мойныңа тағылған арқаның мен екенім есіңде болсын, – деді ол, – тырп етіп көр, қалай қылғынар екенсің!.. Ғалияны Біржан мен Қордабай арқанмен сүйрегендей Ақмолаға алып қайтты. Ғалияның Көкшетауға, Балуан Шолақтың артынан келе алмаған себебі осы. Енді Балқаштың келмеген себебіне тоқталайық: Балуан Шолақтың ұсталғанын оның елі Көкшетауға жетпей естіді. Өзге туыстарымен бірге, бұл оқиғаға Балқаш та ағыл-тегіл жылады. Жұрттың бəрінен көп жылаған Қалампыр. Бірақ, ол, жылай отыра, қайғылы дүйім жұрттың бəрінен артық қайрат көрсетті. – Балқаш, шырағым! – деді ол, хабар естілген күні кешке. – Жылаумен Нұржанды құтқара алмаспыз. «Болған іске болат бол», – дейтін Əткем. Белді бекем буайық. Төлеубай екеуің жассыңдар ғой, аяқ-қолдарың жеңіл, Көкшетауға аттаныңдар, Нұржанға ас апарып беріңдер. Балқаш бұл сөзді мақұлдады. Ұлықтың пара алатын кезі. Параға беруге өз қолдарында пұл жоқ Баймырза: «Ел ақтап, жылу жинасам қайтеді», – деп еді, Қалампыр ұрысты. – Жігерсіз бар болғыр! – деді ол. – Енді сұраншы болуың ғана қалып еді. Досқа – күлкі, дұшпанға таба болғың келіп пе еді? Жаны ашыған ағайын болса жəрдемін берер, бермесе, ешкімнен ешнəрсе сұрама! Төлеубай бір байдың жылқысында еді, иесі оны «шықсаң біржола кет, əйтпесе жібермеймін» деп, босатпады. Оның істеген «рақымы» – Төлеубайдың ақысына уəде қылған қойын күн бұрын берді. Сол қой сойылып, көршілердің біреуі атын беріп, Балқаш пен Баймырза піскен етті арбаға салды да, екеуі Көкшетауға жүріп кетті. Ауылдан ерте шыққан олар, күн түске тармаса бір көлдің жағасына кеп ат шалдыруға тоқтаса, сол арада Атбасардан қайтқан Тоқсанбайдың Сыздығы, Жұманның Əлжаны, тағы сондай мырзалар жатыр екен. Баймырза мен Балқаш солардың қасына жақын жерге ат ағытты.

Ат шабандау жəне арықтау еді. Баймырза атты арбасынан ағытып, көл жағасына апарды да, аяғын тұсап, қасында қисайып жатты. Балқаш арбаның үстіндегі астауға салынған піскен етті жынығып кетер деп жайды. Балқаш пен Баймырзаны анадайдан таныған Сыздық пен Əлжан олардың қайда бара жатқанын айтпай-ақ жобалап, өзара сөйлесті. – Жаман Баймырзаның мына қимылын қарай гөр, жасаған! – деді Əлжан. – Бұған да намыс бітіп, тұтқындағы кісіні іздейтін болған соң, өзгеге не жорық!.. – Түсінбей айтасың, – деді Сыздық, – кешегі жаман Баймырза бүгін жақсы бола қалды деймісің? Оны жақсы ғып отырған кім екенін білемісің? – Кім? – Қатыны Қалампыр. Баймырза соның айдауымен келе жатыр. Ол қолының қысқалығымен ғана қотанға сыйып жүрген қатын. Егер ауқатты адамның қатыны болды бар ғой, ел билеген бəйбішенің біреуі болар еді. – Анау арбасының қасында қалған əйел келіні болды ма екен? – Əрине. Екеуі де ойлап Балқаштың атын таба алмады. – Кім болса да мейлі, – деді Сыздық, – ал, енді, біз бір қызық істейік («Не істейміз?» дегендей, Əлжан оның кескініне қарады). Осы қатынды азғырып кейін қайырайық. – Қалай? – Ғалиямен Атбасардағы қылығын айтсақ, тулауы мүмкін. Өзін қызғаншақ қатын дейтін. – Егер оған болса! – Болдырамыз. Жүр, барайық! Сыздық пен Əлжан Балқашқа барып амандасты, жол сұрады. Балқаш жол жайын айтты. – Осындай қатыны бар кісінің арманы бар ма екен? – деді Сыздық Əлжанға. – Біздің басымызға жаманшылық келмесін де, егер келе қалса, қатындарымыз үйден де шықпас еді, бар бітіргені жылау болар еді. Міне, қарашы, жұрттың қатыны еркек сияқты! Ерге – ер, серіге – сер. – Осал қатын алса ол Балуан Шолақ бола ма? – деді Əлжан Сыздыққа көзін қысып қойып. – Елден таңдап алып қашқан қатыны емес пе? – Жаман қатындар бізді төсектің құлы деп ойлайды, аяғыңды қия бассаң қызғанып, төбеңе əңгіртаяқ ойнатады. Біздің күнə-

сұмдығымыз Балуан Шолақтың қасында – дария қасында шұқ анақтай. Міне, ақылды қатын мен ақылсыз қатын осындай таршылықта байқалады, – көзін қысып, – қарашы, мына ақылды қатынды. Балуан Шолақтың қанша күнə-сұмдығын біле тұрса да, артынан іздеп келе жатыр! Біз осылай болсақ, қатындарымыз артымыздан күл шашып табалар еді. – Балуан да қатынына сенген соң солай еркін жүреді де. Егер сенбесе, кеше, Атбасардың айдай əлем жиналған қан базарында қымызшы Ғалиямен ашық сайрандар ма еді?.. Манадан бері елеусіз тыңдаған кеңеске Балқаштың құлағы тү ріле қалды. Базардан ерте қайтқан бір құрбысы, бұдан бұрын да қалжыңдаймын деп, Балқашқа Балуанның Атбасарда Ғалияға əуліккенін айтып қойған еді. «Қайтер дейсің басыбайлы меншіктенбес», – деп, Балқаш сыр бермеген болғанмен, ішінде қызғаныш оты лаулап, егер анық болса – Балуан келген соң жанжал шығармақ еді. Міне, сол сөз енді жолынан тағы кездесті. Қызғаныш оты ішінде тағы лапылдаған ол, Сыздық пен Əлжанға сыр бере қоймай, қалжыңмен əңгіменің анығына жетпек болды. Осы қулықпен əзілдескен оған Сыздық пен Əлжан Балуан Шолақтың Ғалиямен базарда қалай сайрандағанын өсіре айтып берді. Сыздық пен Əлжан Балқаштан қулығын асырды. Қалжыңдасам дегенмен, оның ішінде қызғаныш оты жанып жатқанын екі қу айтпай-ақ ұқты. Сондықтан олар, қоянды тосқауылдап қуған қасқырлардай, Балқашты қақпақылдап, кезек-кезек қызғаныш отын үрлей түсті. Басында сыр бермеген Балқаш, Ғалия кеңесі айқындалған кезде ызаға шыдамай жылап жіберді. – «Құлақ естіген – өтірік, көз көрген – шын» деген, – деді Сыздық жылаған Балқаштың қызғанышын қоздата түсірейін деген мақсатпен, – Көкшетауға барсаң, Ғалия алдыңнан кездеседі. – Айтпақшы, солай екен ғой, – деді Əлжан, – Ғалия Балуанның артынан кетті деген. – Кеткенің не? – деді Сыздық. – Мен өз көзіммен көрдім. Бізбен аржағынан бірге кеп, дəл, мына, Көкшетау қаласының желкесінен айырылды. Біз сұрағанда – «жетсе – мал, жетпесе – бас, ізденем» дейді. – Сонша құмарлануына қарағанда, осылардікі жай ойынкүлкіден артығырақ-ау деп ойлаймын, – деді Əлжан. – Ойын-күлкің не? – деді Сыздық кейіген боп, – Атбасардың имамы – Əлғазы ишанға барып неке оқытқанда ішінде болған кісі бар.

– Ə, онда, мына замандастікі арамтер ғой. Балқаш жылауын үдетіп жата кетті. Мақсаттары орындалғандай болған Сыздық пен Əлжан орындарынан тұрып жүре берді. – Ойдан шықты, – деді Сыздық кетіп бара жатып, – артын бағайық, немен тынар екен? – Баймырза ақылына түсіріп жүрмесе?!. – Долы қатын дейтін. Оған көнбес. Көнсе барсын. Қызғанышын бір тұтатуға тұтаттық. Енді оны сөндіру оңай болмас. Аздан кейін атын суарып, қайта отқа қойып Баймырза келді. Келсе, келіні жылап жатыр. Əлгі келген адамдар тағы бір жамандық хабар айтты ма деп зəресі кеткен Баймырза, олардың не айтқанын сұрамақ боп, сөзін: – Шырағым, жылама! Жамандық шақырма! Жаны аман болса, аз күнгі азабы дəнеңе етпес! – деп сыпайылай бастап еді: – Өлмесе өрем қапсын! – деді Балқаш басын жерден жұлып алып. – Кімді айтасың?! – деді Баймырза түсінбей. – Балаңды!.. – Қай баланы?.. – Əлгі, тұтқында жатқан!.. Баймырзаның зəресі ұшып кетті: – Апыр-ай, келін-ай, не деп отырсың? – Рас айтам! – деді Балқаш шаптығып. – Мүрдем кетсін, ұлың! – Ойпыр-ай, келін-ай, қарағым-ай! – деді Баймырза үрейлі кескінмен. – Жынданудан аманбысың? – Жындандым!.. Мені жындандырған балаң!.. – Неғып?!.. Қалай?!. Балқаш жауап бермей, бетін топыраққа төсей, жата қап жылады. «Əлгілер азғырған екен ғой!» – деген ой келді Баймырзаға. Олардың кім екенін Баймырза білмеген еді. «Кім де болса жолығайын» деген оймен барса, – Сыздық пен Əлжан!.. Олар жөнін айтудың орнына, Баймырзаны сықақ қылды. Өзі өз болғалы Баймырзаның кісімен ұрысқанын естіген адам жоқ еді. «Пəленмен қатты сөзге кепті» дегендегі оның ең ауыр сөздері «шіркін» мен «мұндар» болатын! Сыздық пен Əлжанға ашуланғанда оның айтқаны: – Момынның сілесі қатты болады. Шіркін, не жаздым мен сендерге, бүйтерліктей? Өркендерің өспес мұндарлар! Баймырза жөнеле берді. Сыздықтың бір жігіті Баймырзаны сабамақ боп ұмтылып еді, Баймырзадан емес, Балуан Шолақтан қорыққан Сыздық тоқтатты.

Баймырза оттағы атын арбасына жекті. Балқаш əлі етпетінен жатыр. Жылауын қойған. Ұйықтаған сияқты. – Кəне, келін, жүрейік! – деді Баймырза атты жегіп болып, жайылған етті астауға сап орап, атының басын Көкшетауға қарай бұрып. – Мен бармаймын! – деді Балқаш долдана түрегеп, бет-аузы саз топырақтанып. – Келін, қарағым! – деді Баймырза жалынып. – Қой, айналайын, ашуды!.. Дұшпан айыруға не демейтін еді? Сыздық пен Əлжан біздің Нұржанға дос па еді? Дұшпан емес пе еді, олар? Дұшпан сөзіне еріп дұшпан боламысың, Нұржанға? Келін шырағым, біздің босағаға келгеніңе бірнеше жыл болды. Содан бері саған тіл қатқаным осы шығар. Мені сыйласаң, аруақты сыйласаң, арбаға мін! – Өзің бара бер, мен бармаймын! – деді Балқаш сазарып. Кісімен жанжалдаспаса да, Баймырзада томырықтық мінез бар еді. Сонысы ұстап: – Ал, келін! – деді ол атын айдап. – Мен кеттім! Баймырза жөнеліп кетті. Балқаш сазарып тұрған қалпынан қозғалмады. Баймырза артына қарамады. Қарайын десе, келіні емес, албасты тұрған сияқтанды. Көкшетау жолына түсіп ол ұзады. Ашу буған Балқаш əлі тұр... – Неғып тұрсың? – деді сол кезде Сыздықтың бір жігіті келіп. – Жүр!.. Ауылыңа алып қайтайық. Ашу бұлты жапқан Балқаштың ақыл аспаны енді ғана жадырады. «Мұным қата болды, – деген ой келді оған, – кешпес күнə істедім. Балуан күнəлі болған күнде де кінəні əуелі өзіне аударуым керек емес пе еді? Əткем айтқандай, мүмкін жаудың өсегі шығар!..» Балқаш қараса, Баймырза бір қырдан асып барады екен. – Əтке!.. Əтке!.. – деп, Балқаш бар даусымен айғай салды. Дауысты естіді ме, жоқ па – Баймырза артына айналмай қырдан асып кетті. Балқаштың басына «ендігіміз айырылу ма?» деген ой кеп кетті... Бұл ойдан зəресі ұшып кетті оның. «Əтке!..» деп айғайлаған ол, өкпесін қолына ала, Баймырзаның соңынан ұшты. Ұстауға ұмтылған Сыздықтың жігітін ол қағып жіберіп жығып кетті. Жүгірген Балқаш алқынып қыр басына шықса, арғы сайдағы бір томарда Баймырза атын тоқтатып, арбасының қасында кейін қарап тұр екен.

«Мені күтіп тұр екен ғой», – деп ойлады Балқаш. Ол Баймырзаға аса разы боп кетті. Əлгінде ғана бұзылғандай болған семьялық ұясы, Балқашқа енді жаңа ғана түзелгендей болды. Өкпесінің алқынуына қарамай, ол тағы да жүгірді.. Баймырзаның тоқтаған себебі басқа еді. Қырдан аса ақылы сабасына түскен ол, «ет не болды екен?» деп ойлады. Мана, атын тұсап арба қасына келгенде, арбаның үстіне жайылған етте қаптап қонған шыбындарды көріп еді. Жаз шыбын қонған еттің тез құрттайтыны Баймырзаның ойына қырдан аса ғана түсті. «Ет құрттамаса игі еді!» – деп қауіптенген ол, атын тоқтатып, астаудағы етке қараса, арасында аппақ құрттар илеудегі құмырсқадай быжынап жүр!.. Баймырза жылап жіберді. Жыламай қайтсін: артында тағы соятын қойы бар ма, оның?.. – Мұндар, құдай-ай! – деп жылады ол. – Тым болмаса Нұржанға үйдің дəмін қызғанбасаң едің!.. Шыбынды, құртты жаратқан құдайға атар оғы болмаған Баймырза, жасқа булығып тұрғанда, Балқаш та жетті. – Əтке! – деді ол Баймырзаны құшақтай ап, демі таусылғандай буыны босап. – Кешір, Əтке!.. Балқашты аяп кеткен Баймырза үн-түнсіз қатты да қалды... Ол екеуі қосыла жылады. Біраз жылап басылғасын: – Енді кейін қайтамыз, – деді атасы. – Неге?! – деді келіні. – Немізді апарамыз енді? Елге барып, тағы да қой іздейік... Олар кейін ауылға қайтты... 19. КЕПІЛДІК ЖƏНЕ СОТ Айналайын Ғалия, сен бір тоты, Сені айтпасам келмейді көңіл хошы. Сен есіме түскенде, Ғалияжан, Бір тиындай болмайды өгіз соты. (Балуан Шолақ өлеңінен) Балуан Шолақтың бір досы Ыбырай бастап жəне тағы бірнеше досы қостап, Балуан Шолақты сотына шейін кепілдікке алуға Көкшетауға барды. Көкшетаудың ұлықтарына олар жалынды да, пара да ұсынды, бірақ өзге қылмыстың бəріне «мейірімді» ұлықтар, Балуан Шолақ-

қа қатайып, маңына жолатпады. Параға қызыққан судья «кепілдікке берсек қайтеді?» деп оязға ақылдасқан еді: – Қазақ даласына өрт тұтатайын деп пе ең? – деп ақырды ояз оған. – Балуан Шолақ – сіріңкесі емес пе даланың?.. Балуан Шолақтың достары судьядан күдер үзген соң, оязға жолықпақ боп арыз ұсынып еді, ол айтар жауабын Сүтемген арқылы қайырды. – Ояздың көзіне көрінбеңдер! – деп қорқытты Сүтемген арызшыларды. – Егер көрінсеңдер, бəріңді де жауып қояды. – Неге жабады? Шағым берген кісіні жаба берсе, ұлық бола ма? – деп дауласты қазақтар. – Ендеше, – деді Сүтемген, – «əкесі өлгенді де естіртеді», турасын естігілерің келсе, «Балуан Шолақ, үкіметтің дұшпаны, – дейді ояз. – Оны қорғаған кісі де үкімет дұшпаны. Арызшылар бұл қылықтарын қоймаса, Балуанға қоса сотталады...» Ояздан, басқа ұлықтардан тауалы шағылған Балуан Шолақтың достары Омбыға, губернаторлық мекемелерге ізденуге кетті. Омбыда айдан артық жатқан олар, адвокаттың жəрдемімен, прокурордан «Балуан Шолақты кепілге жібер» деген қағаз ап қайтты. Өзге шығыннан басқа, жалғыз осы қағаздың өзі оларға мың сомға түсті. Балуанның күші келмейтін бұл ауыртпалықты ел боп көтеріп кетті... Балуан Шолақ кепілге босанып үйіне келді. Балқаштың қылығына қатты ренжігенмен, Баймырза мен Қалампыр, Балуан ның былай да жүдеу көңілін одан жаман жүдетерміз деп, Балқашқа деген өкпесін Балуанға білдірмеді. Бірақ «ел құлағы – елу», «отыз тістен шыққан сөз отыз ру елге жетеді». Балуан Шолақ Балқаштың қылығын жата-жастана елден естіді. Бұл жайда ерекше ынта көрсеткендер Тоқсанбайдың Сыздығы жұмсаған адамдар. Солардың айтуынан Балқаштың неге іздеп келмеу себебін өсірген түрде естіген Балуан өкпе мен ашудан жарылып өле жаздады. Оның ойына Балқашты өлтіріп тастау ниеті де келіп кетті. «Бəрібір сотталған бас, құнын бір-ақ берейін?» – деп ойлады ол. Бұл ойын ол іске де асырар ма еді, қайтер еді, егер өткен көктемде Балқашпен арасынан бала тумаса. «Бəтен» қойған бұл қыз, Балуан сергелдең жолда жүргенде, бүлдіршіндей боп өсіп қалған екен. Баланы жанындай жақсы көріп кетті ол. Ашу алғаш қысқанда, үйінде оңаша отырған Балқашты бассалып сабауға, тіпті өлтіріп жіберуге бел байлаған Балуан үйіне кірсе, семіз, əдемі баланы Балқаш емізіп отыр екен.

Балуанның алдында кешірілмес күнə жасауына əлдеқашан мойындаған Балқаштың бұл қылмысын Балуанның білгенбілмегеніне көзі жетпейтін еді де, «білсе қайттім?!» деп іштей қысылатын еді, білген сағатын қорқынышпен күтетін еді, сондықтан Балуан даладан əрбір келген сайын, кескініне абайсыз көз тігіп, жан-жүйесінің не халде екенін білуге тырысатын еді. Мына жолы, Балуанның ашудан түтеп келгенін кескінінен аңғарған Балқаштың жүрегі су ете түсті де, жанталасқан ақылы айла тауып, орнынан көтеріле, емізіп отырған баланы алдына тоса қойды. Еркінен тыс көтеріп алған баланың көйлекшең семіз денесі əкенің бойдағы ашу отын түгел сорып ап, қашқан ақылын бойына қондырып берген сияқтанды. Баласының ыстық денесін бауырына баса отыра кеткен Балуан, бетіне бетін тақап, өксіп қоя берді... Балқаш не дерге білмей сазарып тұрғанда, біраз жылап мауқын басқандай болған Балуан басын көтерді де, жас толған көзін өлеусірете қарап: – Бəрін де естідім, – деді Балқашқа. – Бəтен үшін бəрін де кештім... Балуан Балқашқа бұрын да не қатты сөз айтып, не қол тигізіп көрген жоқ еді, күнəсін Бəтен үшін кешкеннен кейін де сөйтті. Бірақ оған енді əйелім деп жоламады. «Ұрғаннан шымшыған батады» дегендей, Балуанның бұнысы Балқашқа қатты батты. Ол еріне шынынан ақтарылып жалынды да, жалбарынды да, бірақ Балуан қатқан қалпынан қайыспады. Кепілде Балуан айға жақын тұрды. Бірақ ол бұрынғыдай жайраңдамады, өз бетімен ел қыдыруды қойды. Шақырған ойынсауыққа бармады. Арнап шақырғандардың дəміне де таңдап баратын болды. «Көңілін көтерейік» деп, құрбы-замандасы, дос-жарандары ағылып келіп жатты. Олар айтқан жұбату сөзге Балуан жұбанған жоқ. – Несіне жұбанам, – дейді ол сыр айтатын жігіттеріне, – «əділет» деген бұл заманда жоқ екен. Күштілерден зорлық-зомбылық көріп жүрген мен ғана екем десем, ондайлар көп екен. Көптігін абақтыға түскенде көрдім. Орыс та бар онда, ноғай да бар, естек те бар, біз білмейтін талай елдің ер-азаматтары да бар. Солардың көбі күштілерге қарсы шығам деп қор болып отыр. Патша дегенің, ұлық дегенің, заң дегенің күштілердің жағында екен. Олардың жайған торына түспейтін адам жоқ екен. Абақтыда нелер білегі күштілерді де, білімі күштілерді де көрдім. Көбі патшаға қарсы.

Патшаға қарсы біздің қазақтар ғана екен деп жүрсем, орыстың өзі бізден де артық қарсы екен. Сол үшін де талайлары абақтыда отыр... – Сонда, сол патшаға келер кер бар дей ме, сол қарсылар? Болмаса, босқа сандалу ма, айтып жүргендері?!. – Бар дейді... – Мысалы, қандай? – Олардың еркіне салсаң – патшаны құлататын. – Қашан, қалай құлатпақ сонда? – Оны өздері де білмейді... Айтатындары – патшаға қарсы көтерілу керек дейді... – Кім көтеріледі, сонда? – Елді көтеру керек дейді... – Ел оған көтерілсе... Жəне көтерілгенмен, патша шыдата ма оны?.. Қаруға қарсы өзің не істей алып отырсың?.. Өзгелер де өзіңдей емес пе?.. Абақтыда туып, жауабын ешкім таба алмаған бұл сұраудың жауабын Балуан елде де таба алмайды, сондықтан абақтыдағылардай ол да күрсініп: – Иə, ол қиын сұрау! – деп ауыр күрсінеді де қояды... *** Бір күні Балуан Шолақ ағайын-туған, дос-жаранын жинатты: – Ал, ағайын! – деді ол. – Аз күн көп қонақ болдым. Кепілдікке əкеп күтулеріңе ризамын. Маған енді ұлықсат етіңдер, мекеніме барайын!.. – Қайдағы? – деп ду ете түсті көпшілік. – Көкшетауға!.. Абақтыға!.. – Оның қалай, Балуан?! – деді жұрт шулап. – Əлде елге өкпең бар ма? – Ешбір өкпем жоқ. Абақтыдан шыққанмен, бұғалығынан босанған жоқпын. Одан ұзаған сайын, тұзағы тарыла түскендей қылғынып барам. Тынысым жеңілденер ме екен, тартпайын бұғалықты, барайын абақтының өзіне, бұлқынбайын ұстаушының қолында!.. Балуан Шолақ елдің, ата-ананың сөзіне көнбей, ақыры бəрінен де рұқсат алып, Көкшетау абақтысына қайта жатты. Кешікпей сот құрылды. Сот алдында Балуан Шолақ баяғы бала кезінде Қайрақты қаласын күйдіруден бастап, сексен өгізді ұрлағанын, казачья сотнямен төбелескенін қоса, бар айыпты мойнына алды.

Айыпкер танбаған соң, сот мəжілісі ұзақ созылған жоқ. Бұдан кейінгі сөзді Балуан Шолақтың өзіне берейік: Атадан ұл тумайды мендей сабаз! Түрмеде жатыр екен өңкей маңғаз. Алты күн ақ түрмеге қамалған соң, Түсірді мировойдан1 маған қағаз. Ақылым бір басыма емес арзан, Тауалым шағылған жоқ бұл қағаздан. Қағаздың мен түріне қарап тұрсам, Жеті жыл каторгаға мені жазған. Мировой айдайтынын жаңа білдім, Ішімнен шығарар деп ойлап жүрдім. Айдайды деген хабар естіген соң, Қажымас өзіме өзім қайрат бердім. Бозбала, мықты болсаң қасты жемір, Тісіңде қайрат болса, тасты кемір. Жүрегі қамалғанның шайқалсын деп, Сегіз көз қабат қылып қаққан темір. Мен, Шолақ, осында да көрдім жайды, Туғалы көрдім бе мен осындайды? Темірді тіземе сап қозғап көрсем, Секілді қоғажайдай былқылдайды. Бойыма күш біткенге еттім шүкір, Қажысам абақтыға, бетке түкір. Темірін екі итеріп тартқанымда, Кірпіші жерге түсті күтір-күтір. Асты ғой бұл арада менің айлам, Құрғаным бала жастан бəрі сайран. Япырым-ай, бұл не қылған зор дажал деп, Сол жерде орыс, қазақ болды қайран. Жігітпін тəңірі басқа жаққан шырақ, Күшіме не тұрады менің шыдап! 1Мировой судья – патша үкіметінің соты.

Аяқ пен қолымдағы бұғаулардың Шынжырын сол арада үздім бұрап. Түрмені бұзғанымды етті ғажап, Пендеге өзім өлмей болман мазақ. Қиратып «терезеден шық» дегенде, Шықпады қорғалақтап орыс, қазақ. Сұрасаң, Қотыр-Шортан – біздің болыс, Алты күн ақ түрмеде қылдым қоныс. Қарғып кеп терезеден қақпа барсам, Күзетші қалғып отыр екі орыс. Қасқиып қалғығанға күліп тұрдым, Оларға күш жетерін біліп тұрдым. Екеуін екі қойып талдырдым да, Ілгері одан əрі жүріп бердім. Тəуекел алсын ерді панасына, Ақылдың қараңдаршы данасына. Қалдырып кетем бе деп Ақбоз атты, Мировой келіп кірдім қорасына... Ақбоз ат білінбейді біздің сорға, Жануар, түстің бе əлде, жайған торға! Есігін конюшнаның бұзып кіріп, Шығардым бірі – рысак, бірі – жорға. Ашумен еріндерім күбірледі, Тыңдаймын, басқа дыбыс білінбеді. Бір қақпа қара тастан жымдасып тұр, Ішінде бір зор қабан күрілдейді. Ойласам, мына дүние жалған екен, Іздеген мақсатына барған екен. Ақбоз ат келгенімді менің біліп, Аузына шойын кілтті салған екен. Оңдалған бала жастан менің жолым, Білмедім дүниенің оңын-солын.

Бойыма осы күшім қалай сыйған, Кілтті жұлып алды шолақ қолым. Ақбоз ат – алған атым топтан сайлап, Көп дұшпан соңға түсті одағайлап. Есігін тас сарайдың бұзып кірсем, Ішіне қойған екен панар байлап. Ақбоз ат, айналайын менің қалқам! Сен үшін талай тасты қылдым талқан. Жетектеп шылбырынан шығарғанда, Аяғын басты атым алшаң-алшаң. Жылқыны неге керек босқа мақтап, Атты айт, мінген ерін жүрген сақтап. Тоғыз жыл топқа мінген жануарым, Иегін салды иығыма екі жақтап. Ақбоз ат, бұл өнерің болды басым, Домалар өрге қарай тепкен тасым. Жасыңнан тіл үйренген тұлпарым-ай! Көзімнің тыя алмадым аққан жасын. Атадан ұл тумайды мендей сабаз, Түрмеде қалды шіркін талай маңғаз. Мировой қорлығына шыдай алмай, Түбіне панарының жаздым қағаз: «Түрмеде алты күндей болдым қонақ, Сөйлеуге мизамыңды1 тілім олақ. Жорға, рысак, Ақбозды алып кеткен, Сұрасаң, менің атым – Балуан Шолақ!» 1Заң тұрғысынан деген мағынада.

  1. АДАМ БАРЫМТАСЫ Ақыл жастан шығады, асыл – тастан, Арнасына сарқады өзен тасқан. Менің атым – əйгілі Балуан Шолақ, Ерегіскен дұшпанның көңілін басқан. (Балуан Шолақ өлеңінен) Жорғаны, рысакты, Ақбозды алып жөнеле берген Балуан Шолақта жалғыз ғана ой болды, ол – Қараөткелге, Ғалияға тарту. Осы оймен, таң атқанша Меңіреудің қарағайына жетейін деп шоқыта жөнелген ол, кенет тоқтай қалды. Оны тоқтатқан «Ғалияға мен алды-артыма қарамай кете берсем, ел не болады? Əке-шешем не болады?» – деген ой еді. «Кете барсам, – деп ойлады ол, – ұлық мені қашты деп, орныма əкемді я Төлебайды, я басқа достарымды ұстаса, оларды тұтқындатып өзім бос жүрем бе? Онда мен кім болам? Абақтыға өз еркіммен кеп қайта түспеймін бе? Қой!.. Өйтпейін!.. Елге де, туысқандарыма да ұлық тимейтін жағдай жасап кетейін!» Көкшетауға қайта оралған ол, бір досының үйіне келді де, қайдан жүрген шынын айтты. – Қарсы алам! – деді досы. – Неше күн жатсаң да жан адам білмейтін жер табам. Атыңды да, өзіңді де сақтай алам. Досының ойдағы жері – Қылшақты өзенінің бойында бұлғары заводындағы бір жұмыскер екен. Досы үш атымен Балуанды түнде соған апарып еді, ол судьяның аттарын босаттырып жіберді де, Бал уан мен Ақбозды жан адам таппайтын түкпірге жайғастырды. Досы кетті. Балуан Шолақ бұлғары заводында жатып, қалаға тыңшы салды. «Ояз Балуан Шолақты іздетпек боп жатыр, туысқандарын, достарын ұстамақ боп жатыр», – деген хабар келді. Кешікпей ол хабар анықталып, ішіне Баймырзаны, Қалампырды, Төлебайды қоса, Балуанға ең жақын деген оншақты адамды ояз Көкшетауға алдырды да, абақтыға қаматты. Не істеу керек? Бұл сұраудың жауабын таптым деп ойлаған Балуан Шолақ, бір күні кешке Ақбозды баптап ерттеді де, ымырт жабыла қаланың батыс жағынан кеп, үлкен көшеден тауға асатын даңғыл жолды торыды. Қараңғыға үйренген оның көзіне, лезде, үлкен көшемен айдап келе жатқан пар атты арба елестей кетті. – «Қанды басын бері тарт!» – деді Балуан Шолақ, пар аттыға көзін қадап.

Пар атты Балуанды сезгендей, үлкен көшенің шетіне шейін ағызып кеп, жалт беріп кейін бұрылды. Енді қайтып оралмайтындай көрген Балуан Шолақ соңынан қуғысы кеп ұмтыла берді де, ақылы тоқтау сап атын тежеді. Ол пар атты арбадан көзін алмады. Балуан қадалған сайын пар атты қараңғы көшеге сүңги түсті. Біраздан кейін көзден ғайып болды. «Қап! – деп өкінді Балуан. – Тəуекел деп қумаған екем! Алдыма келген олжамнан айырылып қалам ба, қайтем?!» Əлі де үміт үзбей, қою қараңғылыққа көзін қадап тұрған Балуанға пар атты тағы елестей кетті. Бұл жолы екпінді аттар көшкен бұлттың көлеңкесіндей зымырап келеді. «Қанды басын бері тарт!» – деді Балуан тағы. Оның аңдып отырғаны – ояздың Омбы гимназиясында оқып жүрген қызы Татьяна еді. Жаздың оқудан бос айларында үйіне демалысқа келген ол, фаэтонға əкесінің екі қара арғымағын жегіп, кешке қаладан тау саласына дейін желіп жүріп, ерсіл-қарсыл серуендеуді ұнататын. Бүгін де ол сөйткен. Қызды іліп əкетпек боп даярланған Балуан Шолақтың қасынан қыза желген пар арғымақ, Бұқпа тауының асуына қарай сыр етіп өте шықты. Балуан соңынан қуа шапты, бірақ тым бастырмалатпай, атын тежеп, тауға сүңги түссін деп ойлады. Фаэтонда екі кісі ғана барын Балуан көрген: біреуі – көшір – фаэтонның алдында божы ұстаған, біреуі – қыз, қазір де сол қыз!.. Қазір де фаэтон артында жалғыз отыр. Пар ат екпінімен таудың кезеңіне шыға бергенде, Балуан Ақбозға тақымды қысып қап еді, құстай ұшқан ат арбаға жетіп келді. Фаэтон алдындағы божақты ол бар пəрменімен салып кеп жіберіп еді, арбадан ұшып кетті. Сол кезде арбаға қарғып түсті де, божыны ұстай ап, аттарды қарағай ішіне айдай жөнелді. Не болғанын білмей, қорқыныштан үні шықпай қалған қызды құшағына қысып алды. Балуан Шолақ арбаға қарғып түскенде, қыз қорыққаннан есеңгіреп қалды. «Кісіні көтеріп əкететін бүркіт болады, ол түнде ұшады», – деп, əкесінің ойнап қорқытатын сөзіне иланатын қыз, арбаға қарғып түскен Балуанды ең алғаш, аспаннан кеп қонған бүркіт екен деп ойлады. Зəресі кетіп, дауысы шықпай қалған қыз талып қалған жоқ, жарты есі бойында еді, сондықтан ол «бүр кіт бүреді-ау енді!.. Аспанға əкетеді-ау енді!..» – деп ой ойлап жатты.

Денесіне тұяқ тие қоймағанын сезген қыз аздан кейін есін жинаса, қасында біреу отыр, көшір екен деп ойлаған оның: – Кім?! – деген сөзге ғана келді тілі əлден уақытта... – Балуан Шолақ!.. – Балуан Шолақ? О, тəңірі!.. – деді де, қыздың үні өшті. Ол талықсып кеткендей болды... Балуан Шолақ артына қараса, Ақбоз арбадан қалмай жортып келеді екен. Ақбоздан кейін ешкім көріне қоймаған соң, Балуан жолдан бұрылып, бір сайға түсті де, сиректеу қарағайдың арасына кіріп, аттарды тоқтатты. Ақбоз да сол араға тоқтады. Торға түскен тағы құстай екі көзі жаутаңдап, зор қауіп күткен қызға, Балуан Шолақ бар білген тілімен, ойын түсіндірген болды. Бойын жинаңқыраған қыз, Балуанға өз пікірін айтты. Одан Балуанның ұққаны: – Мен сізді білем. Ер жігіт екеніңізді де білем. Сіз туралы мен жоғары пікірдемін. Мені алып қашуыңыз дұрыс, бірақ жіберіңіз мені! Мен əкеме тілімді алғызам. Тұтқынға алынған туысқандарыңыз босайды. Өзіңізге де əкемнен ешкім тимейтін қағаз əперем. Нанбасаңыз, ертең үйге келіңіз! Егер уəдемде тұрмасам, мені кісіге санамаңыз! Содан кейін өлтірсеңіз де ризамын. Мен жаспын, өтірікті білмеймін, иланыңыз! Татьянаның сөзін түгел ұқпағанмен, ұзын-ырғасын түсінген Балуан, біраз ойланып отырды да: – Болмайды! – деді. – Неге? – деді қыз таңданған дауыспен. – Сенің оныңа əкең көнбейді. Оны еріксіз көндіру керек. – Қалай? – Сені қарағай арасына алып кетем. Балуан Шолаққа одан əрі жалынудан мəн жоғына қыздың көзі жетті. Шынында да, Балуан Шолақты қазақ халқының рыцары деп ұғатын қыздың көңілі суып қалды. Ол енді Балуанды қара жүрек рақымсыз адамға санады. Сонда да күдер үзбей, жалынды сөздермен тас жүрегін ерітем бе деп ойлап, тағы бірдемелерді айтуға ыңғайлана беріп еді, қарағай арасынан əлдекім қараң ете түсті, Балуан да, Татьяна да шошып қалды. – «Мен!» – деді караңдаған қазақша дыбыс беріп. Бұл – Балуанның Көкшетаудағы досы еді. Егер Балуан қызды қолға түсіре алса, досы сыртынан бақылап жүріп, осы арада табыспақ та. Бірақ қызға кескінін танытпау үшін бетін орамалмен шандып келетін болған.

Досы қуғыншының жоғын айтқан соң, Балуан пар атты ағытты да, біреуін қарағайға оралмастай етіп байлап, біреуін досының ерімен ерттеді. Содан кейін, күн бұрын мұсылманша жазып қалтасына салған хатты досына беріп, почта жəшігіне тастауға өтінді. Ол – оязға арналған хат. Хатты алып, жайдақ атқа мінген досы кеткен соң, Балуан ерттеулі арғымақты көлденең тартты. Қыз қарсылық білдірейін деп еді, «əй, сенімен əзілдесіп тұрам ба» деп, Балуан жерден көтеріп aп, атқа қондырды да, өзі Ақбозға мініп, қызды мінгізген аттың шылбырын қолына алып тартып кетті. 21. ҚАУІПТІ ХАТ Ояз қызын түн ортасында жоқтады. Көшені қаратқан кісісі таба алмай келген соң, ол қауіптеніп, полицмейстерді шақырып, қаланы түгел тінтті – жоқ!.. Зəресі кеткен ояз түн ортасы ауа шіркеудің қоңырауын қақтырды. Мұндай мезгілсіз кезде, шіркеу өрт шыққанда ғана қағылатын еді, сондықтан ұйқыда жатқан қала халқының қоңырау даусын естігенде зəресі кетті. Өрт деп ойлаған жұрт ұйқыдан шошып ояна сала, үй ішіндегі барлы-жоқты затын көшеге тасыды. Аты-арбасы барлар ең қымбат деген мүлкі мен балаларын салып алып, көл жағасындағы тақырға шапты. Қаланың қорадағы барлық малы да, жаны да көшеге шығып, мал шулап, бала жылап, ит үріп, қала əңкі-тəңкі болды. – Қаланың бұлай дүрлігуі – бұдан 10-15 жыл бұрын қаланы тып-типыл қып кеткен өртті ұмытпағандық еді. Қоңырау даусынан шошып оянған халық, өрт жоғын білген соң: «Не болды екен?» – деп, шіркеу маңына жиналды. Полицейскийлерден ояздың қызы жоғалуы туралы естіген-білгенін жиналған жұрт бір-біріне сыбырласып та, самбырласып та айтып жатты. Полицейский жиналған көпке қысқаша жариялап: – Қаламызға бақытсыздық пайда болды. Его благородие уездный начальник Терентий Диякович Долгоносовтың қасиетті періштедей жалғыз қызы – Татьяна ұрланды. Соны іздейміз қазір! – деген сөзді ояздық полицей басқармасының начальнигі Сыскин, қыбырлай жиналған жұрттың əр жерінде айғайлай айтып жүрді... – Ойбай, сол ма, тəйірі... – деп, көпшіліктің шеті сөгіле бастап еді, городовойлар иіріп жібермеді. Сонда да жұрт сытылып қашып жатты. Бір кезде тағы ду етті жұрт:

– Не болды? – Көшір мен ат табылыпты! – Қайдан? – Білмейміз. Полицмейстер тағы жариялады: «Шала есті көшір жолдан табылды. Арбалы аттың біреуі қарағай ішінде байлаулы екен. Бір ат пен Татьяна жоқ. Мұны əкеткен Балуан Шолақ. Одан басқа ешкім де емес. Ол осы маңайдан ұзаған жоқ. Іздейміз. Табамыз!» Городовойлар бар, басқалары бар, жан-жаққа шапқын кетті. Үйді-үйіне тарқаған жұрттың аузындағы сөздері: – Егер бұны істеуі анық болса – Балуан Шолақ шынымен-ақ ер жігіт екен!.. – «Қорқақты көп қуса, батыр болады» деген, оның ер болмауына үкімет қойды ма? Маза бермеген соң қайтсін. – Көкірегі намысты болған соң сөйтеді де, əйтпесе, қудаламақ түгіл, не қылса да сені мен біз ояздың қызын алып қашар ма едік? – Қажымас қара болат екен, сабаз, тасқа шапса да майырылмайтын! Қудалаған сайын ерегісе беруін көрдің бе? – Қызды қайтер екен, бұл? – Өшіккен адамның қызына не істері белгілі емес пе, – мазақтайды да, өлтіріп кетеді. – Ондай жаман кектің кісісі емес Балуан Шолақ. Көрерсің, осы қызды əкесінің қолына аман тапсырады. Осы сияқты жорамалдарды айтып қала түн бойы гуілдеді. Ояз да, оның əйелі түн бойы көз шырымын алған жоқ. Əйелі байына: – «Қайратты, намысты» деп мақтап жүрдің де, қыр соңынан қалмадың! Міне, енді көр!.. Мұнымен ғана қоймайды, ол! Бұдан да зорын шығарады. Көрерсің, бір түнде кеп, үй-ішімізді қырып кетеді! – деп ұрысты. – Өзімізге не істесе де мейлі. Тек Таняны аман қалдырса екен! – деп жылады ояз. Шынында, Терентий Диякович қызын жанындай жақсы көріп, дүниедегі бақытына санайтын еді. Қызды іздеп шыққандар қаладан далаға, даладан қалаға кеп, түні бойы сапырылысты да жатты. Даладан қайтқан жайылымшылардың сөзі біреу-ақ – «жоқ!» Түн бойы жылаған ояз таң атып, күн шыға қаһарына мінді. Даладан ешнəрсе табылмаған соң, ол қаланы тінттіріп, кім Балуан Шолақпен көңілдес деп естісе, соны абақтыға əкеп қамата берді. Мұндай адамдар көбейіп кетіп, Көкшетаудың кішкене абақтысына сыймады. Абақтыдан артылғандарды ояз сарайға қаматты.

Содан кейін басты-бастыларын кеңсесіне шақыртып алды да: – Əзірге босатам сендерді. Бүгін кешке шейін, жерден қаз саңдар да, көктен қармасаңдар да, қызымды қолыма əкеп беріңдер! Бал уан Шолақты да ұстап əкеліңдер!.. Егер оны істей алмасаңдар, талайыңды дарға астырам, талайыңды каторгада шірітем. Осы бұйрықпен жұрт қала-далаға қайта шапқанда, сəске көтеріле Долгоносовтың қолына бір хат кеп тиді. Хат араб əрпімен жазылған екен. Бұның не хат екенін Долгоносов алғаш білген жоқ, себебі – осы сияқты араб əрпімен жазылған қағаздар бұрын да көп түсетін еді. Кейбір конвертте келген хаттарда Долгоносовты тілдеп жазған сөздер де аз болмайтын; ал кейбір иесіз хаттарда: «Сені өлтіреміз, үйіңді күйдіреміз!» – деген қорқытулар айтылатын. Осылай дамылсыз келетін конверттерден ерғашты болған Долгоносов, Сүтемгенге аштырып оқытатын да, арыз болсын, я басқаша хат болсын, айырып-айырып лақтырып жіберетін, я «отқа жақ» деп Сүтемгенге беретін. Қызын жоғалтып ашуда отырған Долгоносов, мына келген хатты да конвертін ашып, араб əрпімен жазылған хат болған соң жыртып тастауға ыңғайланды да: – Мə, отқа таста!.. – деп, босаға жақта отырған Сүтемгенге қарай лақтырып жіберді... Қасына кеп түскен конвертті Сүтемген алып, даладағы сыпырындыға тастамақ боп жөнеле берді де, «кім екен мұны жазған!» дегендей, хатты конверттен суырып аяғына қарады. Көзіне жылан көрінгендей шошып кеткен Сүтемген тоқтай қалды. Тұла бойы дірілдеп кетті оның... Сүтемгеннің бұл халін өзгеден бұрын Долгоносовтың əйелі көрді. – Не болды?! – деп сұрады əйел. Сүтемген əйелді «барина» деп атайтын еді. – Ой, барина! – деді ол дірілдеген дауыспен. – Жаман адамнан келген хат. – Кімнен? – десті бірнеше адам. – Балуан Шолақтан!.. Балуан Шолақтың өзі кеп қалғандай сескеніп, үйдің ішіндегілер аяқ өре түрегеп, ду ете қалды: – Балуан Шолақтан?!. Зəресі кеткен ұлықтардың ішінен біреуі Сүтемгенге оқы деп бұйырды. Долгоносов та «оқы» демекші еді, хат не туралы болатынын сезгендей, үні шықпай қалды.

Сүтемген хатты ішінен оқыды, ол былай жазылған екен: «Сен, иттің баласы ояз, неше жыл менің қыр соңымнан қалмадың. Өзің тура тимегенмен судьяңды, басқа төрелеріңді соңыма түсірдің. Жерімді алдырған да сен. Ауылымды күйдірген де сен! Малымды барымталаған да сен! Абақтыға жапқызған да сен. Каторгаға айдатпақ болған да сен. Осынша соңыма түсетін сенің əкеңді өлтірдім бе, əкеңнің аузын... Міне, мен қызыңды əкеттім. Айыбың – жазықсыз жақын адамдарымды абақтыға алдыруың. Есіңде болсын, ояз, егер жа зықсыз жандарды босатпадың, бар ғой, қызыңды шошқаның торайындай шыңғыртып азаптаймын, Əрбір досыма я жақыныма көрсеткен азабың үшін, қызыңның бір мүшесін кесем де отырам. Егер ешкімге тимесең, мен сенің қызыңа да тимеймін. Мен саған жалынбаймын, иттің баласы. Қай қалағаныңды өзің ал, не, жапқызған жақындарымды түгел босат та, оларға да, маған да тимеймін деп қолыңнан мөр басқан қағаз бер, онда, қызың босайды. Оны істемедің бар ғой, жалғыз қыздың шығынымен құтылмайсың. Жанға – жан шалам да отырам. Ағаштарды, шөптерді кісі ғып іздетсең де, сен мені таба алмайсың. Ерегіссең, жақын арада өзіңді де ұрлаймын. Мен енді саған жалынбаймын. Сен маған жалынасың. Сөзім осы. Мені жазықсыз зарлатып ең. Қасқырдай ұлытып, иттей қаңсылаттым ба, бəлем! Əлі көресің көп! Балуан Шолақ». Бұл хатты аударуға Сүтемгеннің тілі де, батылы да жетпейді. Екі көзі шарасынан шығып, ол қалшиып қатты да қалды. – Айт! – деп бұйырды ояз оған. Сүтемген «го-гос-п-п-о-один!» дей берді де, аржағын айтпай, жылап жіберді... Бұл үйге қаланың беделді казак-орыстары да жиналған еді. Солардың ішінде, қазақтар «Түлкімұрт» деп атайтын, Коробкин дейтін шал отыр еді. Ол қазақ тілін жақсы біледі. – Неге ыбылжып тұрсың? – деді Түлкімұрт Сүтемгенге. – Оқы, мен айтайын! Көтере алмай тұрған ауыр жүк өзінен ауғандай болған соң, Сүтемген барықсызданып: «Сен, иттің баласы ояз», – дегенді қапыда оқып қалды. – Оһо, – деді Түлкімұрт көзін едірейтіп, – қалай бастаған? – Не депті? – Жай, бейбастақтардың сөзі, – деді Түлкімұрт оязға, – аржағын оқы, Сүтемген!

Түлкімұрт Сүтемген оқыған əрбір сөйлемді жеке аударды. Хаттың сөздерінен үйдегілердің, əсіресе Терентий Диякович пен оның əйелінің үрейі ұшты. – Босат!.. Босат!.. Тез босат!.. – деп айғайлады Долгоносовтың əйелі еріне!.. – Босат тез, ұстағандарыңды!.. Əйтпесе құрыдық! Аузы көпіріп, көзі аларып талып кеткен əйелді, сол үйде отырған үйездік емші камфара, тағы сол сияқты дəрілерді иіскетіп, əрең дегенде ақылына келтірді. Сең соққан балықтай сенделген ояз қасындағыларға ақылдасып еді. – Босату керек, – деді олар, – мұны енді ашуландырмайтын шара қолдану керек. Егер ашуланса, не өледі, не ойдағысын істейді. 22. КӨКШЕНІҢ КЕУДЕСІНДЕ Мына дүние қай дүние – күлкі дүние! Таудан қашқан сылаңдап түлкі дүние! Сексен сұлу сылаңдап тұрса-дағы, Ғалияның алмаймын кірпігіне! Ойпырмай, жан сəулем Ғалия... (Балуан Шолақ өлеңінен) Татьянаға мінгізетін атты жетекке алған Балуан Шолақ тура Көкшетау тауына тартты. Көкшетау қаласынан Көкшетау тауы жетпіс шақырым жер еді. Шоқытып отырған жүріспен қаладан тауға таң атқанша жететінін шамалаған Балуан, аттарды қыса айдаған жоқ. Татьяна салт жүруді жақсы көретін қыз еді. Бала жасынан салт мініп үйренген ол, əкесіне Омбыдан жазған хаттарында «эх, папа! Шіркін, салт атқа мінсем!..» деп аңсайтын. Жыл сайын, жаз айларында демалысқа келгенде, үнемі салт атпен серуендейтін. Фаэтонға мініп серуендеуді ол биыл жаз ғана шығарған. Онда да, биыл көбірек оқыған Тургенев романдарының əсерімен... Балуан Шолақ салт атқа еріксіз мінгізіп, жетектеп ала жөнелгенде, қорыққаннан басы айналып құлай жаздаған Татьяна, былай шыға сергіп кетті. Алдынан жаздың самалы үрлеп, шоқыта шапқан аттың үстінде қараңғы түнде отыру оған аса бір рахат сияқтанды. Жылы түнде, самалдың жұмсақ алақанына бетін сипата жортып келе жатқан Татьяна біраздан кейін қауіптен арылып, еріккендей болды. Ол əлденені айтпақ боп Балуанға бірнеше рет

оқталды да, атын тебініп, үзеңгі қағыса қатарласты, бірақ батылы жетіп үндей алмады, үндесе, жортуылшы жолбарысты шошытып алатын сияқтанды. Балуанда да үн жоқ. Оның өткір көзі қараңғыда əлдеқайда қараңдағандай болған Көкшеге қадалған. Бар ынтасы – Көкшеге тез жету... кеудесіне тез шығу... Ол кейде қасындағы қызды да ұмытып кетіп, жалғыз өзі келе жатқандай əндете беріп, қыздан ыңғайсызданғандай аузын жия қояды. Жетекке алған Татьянаның аты кейде Ақбоздың ұтқыр шоқағына ере алмай тартынады, Балуан атын тежеңкірейді де, қыздың атын қатарластырады... Бұндай жүріспен келе жатқанда, егер қыз қапысын тауып, жетекке алған атының шылбырын қиып жіберіп, кейін қалып қойып қашса, бейқам Балуан байқамаған да болар еді. Таңға жақын жартыланған ай туды. Ашық аспанның шығыс жақ жиегін белуарлап Көкше көзге түсе кетті. Жер шамасын Балуан байқаса, жетем деген жері енді алыс емес сияқты. Ентіккен атын тыныстау үшін, ол тежеді де, жүрісін аяң жортаққа салып, Татьянаға қарады. Бұқпадан аттанғалы қызға бұл бірінші қарауы еді. Ай сəулесі себілген қыздың беті Балуанға дүниедегі ең сұлу сияқтанып кетті. «Жұмақ бар, онда хордың қызы бар, хор қызы күннен сұлу болады», –деген сөзді Балуан кітаптан көретін еді, оларды көруге құмарланатын еді. Мына Татьяна дəл осы сəтте сол хордың қызы сияқтанып кетті. Аспандағы айдан бұл нұрлы көрінді. Қыздың жалаңаш басында желбеңдеген сары шашы оған шығып келе жатқан күннің шашыраған сəулесі сияқтанды... Балуанның көз қыры қызға қадала қалды. Қадалған сайын қыз оған ұнаңқырай түсті. «Атқа отыруы қандай тамаша! – деп ойлады Балуан. – Денесін қандай нық жəне тік ұстайды!.. Қандай тəкаппар пішінмен отыр өзі!» Осы ой көңілін аулаған Балуан Шабақ поселкесіне жақындағанын білмей қапты. Шақырған тауықтың, үрген иттің дауысына көңілі бөлінген ол, алдына қараса, поселке жақын тұр. Осы арадан Көкшеге баратын жол екіге айырылады: бір жол – Шабақ көлінің ығымен, Көкшенің күнгей жақ биігін жағалай, Оқжетпестің ығына қарай асады; екінші жол – Көкшенің теріскей жақ биігін жағалап, үлкен Шабақ көлінің жарымен, Оқжетпестің желіне қарай асады. Ыққы жол əрі жақын, əрі оңай, бірақ ол жолмен жүрсе, поселкені жарып өту керек. «Тауық шақырып жатыр. Бұл – таңның хабары. Поселкенің адамдары бұл кезде оянды. Егер қыз айғайласа, олар қамап ұстап алуы мүмкін?!» – деп ойлады ол.

«Теріскей жақ жолмен барсам, əрі алыс, əрі тауға шығуы қиын, – деп ойлады тағы да Балуан, – онымен шыққанша таң атып кетуі мүмкін!» «Тəуекел! – деп бекінді Балуан, – поселкені жарып, жұлдыздай ағып өтейін! Кім білер дейсің. Білсе не істейді?!» Татьянаның атын қатарластыра, Балуан Шолақ поселкеге шоқыта шапқан қалпымен кірді де кетті. Көше бойлай шапқан оларға тұс-тұстан шабаланып иттер қосылды. Поселке үйлерінің терезелерінде жарық жылтырайды. «Кім, əй?» – деп біреулер айғайлады да, оған Балуан құлақ тіккен жоқ, көшеден ағып өте шықты. Қаладан шыға ол, қуғыншы жоқ па екен дегендей артына қараса, далақтап екі-үш ит қана келе жатыр екен, олардан басқа қуғын көрінбейді. Балуан қызды поселкеге кіре бақыра ма деп қауіптенген еді, қыз үн шығарудың орнына, тойға бара жатқандай Балуанмен қатарласа, атын тебіне түсті. Шабақ қаласынан шыға таудың етегі алыс емес жəне таудың төбесін жаба өскен қалың қарағайлы орман поселкені жиектей кеп тоқтаған. Поселкеден шыға орманға кірген жол екі таудың жықпылымен жоғары көтерілді. Астасқан екі таудың оң жағы – Өркешті, сол жағы – Көкше. Көсіле біткен Көкшенің биік жонының батыс жақ тұмсығында «Ақылбай қыстауы» аталып аз үйлі ауыл отыратын. Бұл ауылда жер де, жерді жерлік мал да жоқ. Ауылдың кəсібі – таудың қазыналық орманын күзету, одан қалған уақытында Шабақ көлінен балық аулау. Аз үйдің ішіндегі шекшығар пысықшалауы, Ақылбай, ол Балуан Шолақпен көңілдестеу адам. Ақылбай ауылына Балуан Шолақ пен Татьяна таң сіберлей жетті. Ауылдың иті бұларды үріп қарсы алғанда, аржағынан: – Бұл кім, əй! – деп бір еркек дауыстады. Балуан дыбыссыз жақындады. – Кімсің? – деді еркек қарсы жүріп. – Өзің кімсің? – деді Балуан. – Сен өзің қызық адам екенсің ғой, – деді еркек, – жолаушы жөнін айтпай, ауыл адамы айтқанын қайдан көріп ең? – Көрмесең көр! «Бұл кім?» дегендей еркек Балуанға жақындап келді де: – Жаным-ау, мынау Балуан ба?! – деді. – Ақылбай емеспісің? – деді Балуан. – Иə, Ақылбаймын.

Ақылбай Балуанның атын тізгінінен ұстай ап, қолтығына қолын созды: – Түс! – Түспеймін! – деді Балуан. – Е, неге? Мынау қасыңдағың кім? – Aт үстінен сыр айтты деп сөкпе. Бұл əкеп тұрған – барымтам. – Қайдан? – деді Ақылбай үңіліп. – Адам ба «барымтаң?!» Қой, Балуан, маған ойнап айтып тұрған шығарсың. – Расым. «Жығылсаң жығыл нардан, ажалың əлдеқайдан?» дегендей, барымталап əкеп тұрғаным – Көкшетау оязының қызы. – Ояздың?! – Ақылбай орыс тілін жақсы білуші еді. Сондықтан, анықтамақ боп: – Сіз ояздың қызысыз ба? – деді Татьянаға. – Иə, – деді қыз, күмістей сыңғырлаған ашық үнмен, – мен ояздың қызымын, –Терентий Диякович Долгоносовтың!.. – Балуанның сізді зорлықпен əкеп тұруы рас па? – Рас!.. Ақылбай не деуге білмей қалды. – Ендігі жай былай, – деді Балуан, – жүз таныстығың болмаса, сенімен онша сырлас болған, я ісім түскен кісі емессің. Жұмыстың жайын айтпай-ақ шамалаған шығарсың. – Жоқ, шамалай алмай тұрмын!.. – Ендеше, кейін шамаларсың. Ал енді, менен қорқамысың, болмаса серіктікке жараймысың? – Өзің қалай ойлап келдің? – Сыртыңнан бір кесіп жер жалы бар жігіт деп еститін едім. «Ханның ісі қараға түседі, батырдың ісі балаға түседі» деген, саған паналауға келдім. – Ендеше, түс! – деді Ақылбай. – Тірі болсаң – бір төбедемін, өлсең – бір шұқырдамын. – Бірақ мен мұнда түспейін. «Батырға да жан керек». Жау мықты, сақтану керек. Мына Көкшенің басына шығып көрген жоқ ем, шыға алам ба? Шықсам – паналар орын бар ма? – Табам. Жан адам тіміскілеп таба алмайтын жер табам. – Атың бар ма, қолда? – Бар. – Мін де жүр, ендеше! – Атымды қазір ерттейін, – деді Ақылбай, – қатын-қалаш, балашағаның аузы жеңіл болады. Көздері шалса, сөз таратар. Ауылда менен басқа оянған жан жоқ. Сен мына ауылдың сыртын орап, Көкшеге беттеген соқпақпен жөнеле бер, мен артыңнан қуып жетем!

Балуан жөнеле берді. Қыз тартынбады. «Осы қызда не ой бар? – деп ойлады Балуан. – Не тіл қатпай ды, не шыдамсыздық, я осалдық көрсетпейді. Бұл бұның ақылды лығы ма, ақылсыздығы ма?!» Қыздың ойы: «Бұлқынғанмен, бəрібір босанбаймын. Одан да тағдырдың салғанын көрейін. Əкем айтқандай бұзық болса – қорлар, өлтірер; жұрт айтқандай ер болса – басқа бір ойы бар шығар; несі болса да сабырмен күтейін!» Европаның корсарлар1 туралы да, рыцарьлар2 туралы да жазған романдарын көп оқыған Татьянаға, бұл сапардың арты сондай бір романға соғатын сияқтанды, бірақ айтылған екі романның қайсысы жасалуына көзі жетпеді… Ақылбай Балуан мен Татьянаны қуып жетті. Олар Көкшенің етегіне келгенде таң аппақ атты. Бір жіңішке соқпақ Көкшенің тік көтерілген шыңына арқандай шұбала асылып тұр. – Осы жолмен өрлейміз биікке, – деді Ақылбай. – Ат шыға ала ма? – деді Балуан. – Тым тік екен! – Қиыны қиын, – деді Ақылбай, – бірақ байқап жүрсе, шығады ат. Алдына мен түсейін. Қызың ортада жүрсін. Атының шылбырын маған ұстат. Сен артынан жүр. – Дұрыс. Сол жобамен Ақылбай бастай жөнелді. Қыз ортада, Балуан артта. Таудың жолы тым тік екенін Балуан мен Татьяна тауға өрмелегенде етектегіден айқынырақ көрді. Егер олар ердің қасы мен аттың жалына жармаспаса, шалқаларынан құлайтын. Етектен қарағанда Көкшенің басы жақын сияқты еді, ілгерілеген сайын биіктей, алыстай берді. Етекке көзі түскен Татьянаның басы айналып, жүрегі өрекпіген соң, сыр бермейін деп көзін тарс жұмды да, аттың жалын қолына орап ұстап aп, тізгінді бос қоя берді. Ақылбайдың астында бүкіштеу келген топырыш торы бие еді. Жазықтағы жүрісте Ақбоз бен қара арғымақтың маңайына ілесетін жылқы емес, ал, тауға тырмысқанда мысық сияқты, егер артына абайламаса, Балуан мен Татьянадан қарасын үзіп кететін. Мұндай биікке өрлеп көрмеген Ақбоз да алқынды, ал қара арғымақ əуелде, алдына бие түскенін көріп кіжіңдеп, оқыранып 1Теңіздің талаушылары. 2Тəкаппар, ұлы жанды серілер.

бітіп еді, тауға тырмысқаннан кейін, «байтал түгіл, бас қайғы» боп, өз денесін өзі əрең сүйреді... Қара айғыр əлденеше жерде алқынып тұрып та қалды. Ақылбай ол кезде биесін тоқтатып, айғырға дем алғызды. Одан кейін тағы да тырмыса жылжығанмен, сарқылған күш орнына түгел түспей, əлсін-əлсін болдыра берді. Осы зорлықпен қиналып əрең келе жатқан айғыр, тау биігінің орта кезіне барған кезде, құзға қарай домалай құлады. Балуан қызды əрең дегенде айғырдың үстінен алып қалды. Дөңбектей домалаған айғырға төменде кедір-бұдыр тастар да, құлаған қарағай да, ағаштың түбірі де кездесті, бірақ, былқылдап екпінмен домалаған дене, не кездессе де резеңке топтай аржағына ырғып түсе берді. Əуелі ақырын домалаған айғыр, аздан кейін жел қуған қаңбақтай, төменге зымырап кетті... Құлаған айғырдың қарасы үзілгеннен кейін Ақылбайдың айтқаны: – Жері жақын болғанмен, ең қиыны алдымызда. Лепіріп келе жатқан көңіліңді баспайын деп тоқтау айтқан жоқ ем, Балуан!.. Бұл асу осындай қиын. Ең биікке шығасың ба, болмаса, осы маңайда да адам таппайтын бекініс бар, соған паналай тұрасың ба? – Бет алған жағымнан қайтқанымды қашан естіп ең, Ақылбай, – деді Балуан, – абақты қажытты деп ойлағаның ба, бұл? – Неге олай дейін! – Ендеше, жүреміз ілгері. Менің атыма қыз мінсін. – Сен ше? – Мен жаяу жүрем. – Сенің тілегіңді мен берейін, менің тілегімді сен бер. Мін, менің атыма! Ақылбай атынан түсті де, Балуанға ұсынды. – Өзің қайтесің? – Балуандығыңда, серілігіңде, ақындығыңда дауым жоқ. Көңіліңе келсе де айтайын, нақ тауға өрмелеуге сен мендей емессің. Намыстансаң да айтайын, «Мақпал» мен «Бүркіттіден» басқа тауға шығып көрдім деймісің, сен?.. Тау ма олар? Жаман атпен басына шоқытып шығатын төбе емес пе? «Тау» деп аспанға таласқан, мына Көкшені айт!.. Бірақ, бұл, өзгеге биік болғанмен, маған биік емес. Аяқты апыл-тапыл басқалы төбесіне күнде бір шығатын Көкше бұл; сөзді қой, мін, мына биеге! Əлде биеге қалай мінем деп намыстанып тұрмысың? Бұл қияда Ақбозыңнан менің бием артық! – Жеңілдім! – деді Балуан.

Балуан – биеге, Татьяна Ақбозға мінді. Айтқандай-ақ, Ақылбай тауға өрмелеуге тамаша екен. Аяқтары қаздаңдап, аттардан озып, еліктей ентелеп барады. Балуан да, қыз да Ақылбайдың бұл жүрісіне қайран қалды. Олар Көкшенің кеудесіне шыққанда күн түске тармасып қалды. Батыстан шығысқа қарай созыла біткен Көкшенің жонында түйенің өркешіндей шаншылған шыңдар болғанмен, күнгей жағы жерге шейін тік қиылып түскен жылтыр тас, əрі, адамның қарауға басы айналатын терең; көлбеңдей біткен теріскей жағы мен жотасы қалың орман. Ақылбай «аңның жымы» деп атаған бір жіңішке жолмен олар жүріп отырып, аз үйлі ауыл сыйып қонғандай алапқа шықты. Алапта қазанға құйған судай қара тастың шұқырына біткен, төңірегі сақинадай дөп-дөңгелек кішкене көл бар екен. – Осының тереңдігі жүз кез дейді, – деді Ақылбай. – Көлемі мынау, – деді Балуан, – қайдан жүз кез болады! – Өлшеп көрген бір орыс солай депті... – Болса болар... Кеңесе келе, Ақылбайдың Балуанға айтқан өтініші: – Атыңа қанық, өзіңе танық едім. Сенің керегіңе жарасам, арманым жоқ. Төсімді ашып дос болам, қи, маған достығыңды! Мəңгілік достықтың белгісіне, олар түрегеп құшақтасты да, төстеріне төстерін басты. Балуанның амандығын əкесі мен шешесіне ғана айтуға, ояздың іздеуі, тағы сол сияқты хабарларды тасып тұруға, ас əкеп тұруға уəде қылды Ақылбай. «Болашақта не істеуді, қайда баруды жағдайға қарай көрерміз», – десті олар. – Қайыр, қош! – деді Ақылбай əзірге үйіне қайтпақ боп атына мініп. – Құсың құтты болсын! – Менде өзім сүйген бір ғана құс бар, – деді Балуан күрсініп, – одан басқа бұлбұлдың да, тотының да керегі жоқ. – Кім ол? – Ғалия. – Естіп ек! Бірақ əйел – түлкі, еркек – бүркіт емес пе? Алдынан сылаңдап түлкі қашса, бүркіт шыдай алар ма екен. – Томаға кигізсе, тырп ете ала ма, бүркіт? – Қай томаға ол? – Ғашықтық!.. – Шыдасаң көрерміз... – Көрсең көрерсің. «Сексен сұлу сылаңдап тұрса-дағы, Ғалияның алмаймын кірпігіне!» – деп шығарған əнімді естіп пе ең?

– Естігем. – Сол сөзім – сөз!.. Бұл сөзге сенерін де, сенбесін де білмеген Ақылбай, кешке қарай ас-су əкеп бермек болды да, жүріп кетті. 23. СЫНАСУ Ғалияның қолында бұйда пышақ, Ғалияны көрдім де, жайдым құшақ. Отыр ма екен Ғалия, жатыр ма екен, Айдын көлде таранған аққу құсап? (Балуан Шолақ өлеңінен) Көкшенің қыр арқасына түйенің өркешіндей шаншыла біткен бір шың таста Татьяна жалғыз отыр. Бұл шыңнан төңіректегі көз жетер жерде көрінбейтін жер жоқ. Əкесі жер-көкке сыйғызбай мақтаған соң, былтырғы жазда Татьяна Бурабайға кеп, таудың ішін аралаған еді. Сонда Оқжетпестің тас діңгегі, қай жағынан қараса да, оған бұл арадағы таулардың ең биік қиясы сияқтанған еді. Қазір, Көкшенің басынан қарағанда, сол Оқжетпес – үйген тезек сияқты шоқырайған бірдеме. «Бұл таудың бойында сексен көл бар», – деген еді əкесі Татьянаға. «Сонша көл қай жеріне сыяды», – деп, Татьяна ол сөзге сенбеген еді. Қазір, Көкшенің төбесінен қараса, сексен түгіл, жүз алпыс деуге де сыярлық; етегіне, өңіріне күміс қадаған қазақ қыздарының жасыл барқыт қамзолы сияқты, жасыл даланың беті жарқырап күн сəулесіне жалтылдаған көлге сыңсып сыймайды. Көкшенің төбесінен қарағанда, əлдеқайда алыста сағыммен бұлдыраған көп таулар ұшырайды, бірақ олардың бəрі Көкшенің қасында төмпе сияқты. Көкшенің төбесінен қарағанда көзге ұшырайтын көп қала ның біреуі – Көкшетау. Жетпіс шақырым жердегі ол бұл шоқы ның басынан, ең көп болса жиырма-отыз шақырымдай ғана сияқтанады. Қаланың күндіз күнге шағылысқан бояулы қаңылтыр шатырлары мен түнде терезелерінен жарқылдаған сəулелері көрі ніп тұрады. Жалпы жобасын көріп, жеке үйлерін, көшелерін еркін болжай алмағанмен, қаланың бар бейнесі Татьянаның алақанында сияқты. Татьяна, кейде, биік шыңның басына шығып, қаланың нұсқасын көреді де, аз уақыт көзін жұмып отырып, ойымен ішіп аралайды, үйіне барады, əке-шешесін құшақтайды, сүйеді, еркелейді...

Көзін ашып ойласа, Татьянаға бұл еркелігі, бұдан былай, шындықтағы емес, қиялдағы еркелік қана сияқтанады. Оның бұл ойы түсінікті болу үшін, əңгімені əртініректен бастайық. Татьянаны Балуан Шолақтың алып «жейтін аңым» деп емес, ояздың қара күшіне қарсы қара күш жасау ретінде алып қашқаны, Көкшенің биігіне оны, «ояз адамшылыққа келсе, мен де адамшылыққа келем» деген ниетпен апаруы бізге мəлім. Балуанның қолына алғаш түскенде, Татьяна өзін қасқырдың аузына түскен тоқтыдай көргенін де, бірақ Балуан жетектеген салт атпен былай шыға, қауіпке бойы үйреніп, тағдырының алдына не сый тартқалы тұрғанын салқын қанмен күтіп алуға бекінгенін де біз жақсы білеміз. Ақылбай бұларды Көкшенің кеудесіне апарып орналастырғаннан кейін қайтып кеткенде, Татьянаға өзінің жақын туысы қайтып кеткендей сезім пайда боп, қарасы үзілгенше қадала қарап отырды да, қарасы үзілген соң өксіп жылап жіберді де, бетін екі алақанымен басып, кесек тасты жастана жата кетті. Татьянаны шын көңілден аяу сезімі Балуанның көңіліне сол сəтте ғана ұялады. Оны бассалып құшақтағысы келді Балуанның, əлдилеген баладай алдына алып тербеткісі, көз жасын орамалымен сүрткісі, неге əкелген ниетін айтқысы, қорықпауын, көңіліне жаман ой алмауын өтінгісі келді. Ақыл таразасына салып көргенде, бұл ойларының бəрі оған жеңілдіктің белгісі сияқтанды. «Алып қашуға асыққанмен, адамшылық көрсетуге асықпайын» деген тиянаққа тіреді ол ойын. Сол оймен орнынан тұрып кеткен ол, жақын жердегі байлаулы Ақбозының ер-тоқымын алып, көзін орамалымен сүртіп, біраз уақыт əуреленді де, «не халде екен!» дегендей, жолбарыстың жүрісіндей еппен басып Татьянаның қасына келді. Қимылы жоқ қыздың бетіне ол үңілсе, ұйықтап кеткендей, мұрны ақырын ғана пысылдайды. Расында да ұйықтап кетуіне көзі жеткен Балуан, «шошытып алмайын» деген оймен, еппен ғана басып, алысырақ тұстағы кесек тасқа барды да, қасына жантая отырды. Оның ойына өзі білетін өмірдің кейбір философиялық жайлары түсіп кетті. «Бұл не ғажап?! – деп ойлады ол. – Мен көрген өмірде осалды мықты жейді. Түлкі тауықты жейді, қасқыр қойды жейді, бүркіт қоянды жейді деп кінəлаймыз. Адам адамды жегенде, оларға не жорық?.. Аң емес пе, олар?..» «Адам адамды неге жейді?!» деген сұраудың жауабын Балуан ойлап-ойлап таба алмады. Дінге сенетін Балуан: «Адам бір

қорықса құдайдан қорықса керек еді, бірақ одан да қорықпайды ғой, мықтылар?.. Аузында алласы отырып, сілесін қатырады ғой олар осалдардың?..» Құдайдан ауызша қорыққан боп, іс жүзінде қорықпайтындар есіне түскенде, «сондайларды неге жеміріп жібермейді екен, тəңірі?!» деген бір қиялға кетіп қалды Балуан... «Бірақ болған емес қой, ондай іс! – деген өкінішке түсті Бал уан. – Зорлығы үшін көрінеу көзге тəңіріден жаза тартқан мықтыны ешкім көрген емес қой?!.» «Жазаны ахиретте тартады» деген сөз түсіп кетті Балуанның есіне. «Оған дейін қашан! – деп торықты Балуан. – Бұл дүниеде қайтпаған кек, ол дүниеде қайтқанда не болады?!.» «Сол дүниең, сол құдайың бар ма екен, өзі?!» деген күдік туа берген Балуан, «астапыралда, күнəлі болмайыншы!» деп, олай қарай шашырап бара жатқан ойын жинап буа қойды. «Шіркін, – деп кіжінді ол, – кек атаулы ол дүниеде емес, бұл дүниеде қайтатын болса!..» Кектің қайтуына сүйенбек болған үміті тайғанақтай берген соң, ол ойынан торыққан Балуан, «ал, енді, дүниеде əділеттік бар ма?» деген ойға келді. «Бар, ол əділеттік! – деді ол даусын шығарып, біраз уақыт ойланып алғаннан кейін. – Əділеттік болмаса, халық неге жақсы көреді мені?.. Жəне есепсіз, қалтқысыз жақсы көреді ғой, ол мені?.. Мені ғана емес, қиянатсыз адамның бəрін де жақсы көреді ғой ол?.. Ендеше, шын əділеттік халықта емес пе?.. Рас, əділ ол!.. Жəне оның əділдігі адал, шын əділдік!.. Күші жеткен жерге дейін аямайды ол əділдігін... Күші жетпеген жерде амалы жоқ!..» «Күш» деген сөздің өзіне мəн беріп байқады Балуан. «Көп қорқытады, терең батырады» деген мақал түсті оның ойына. «Ол рас! – деген ой кеп кетті Балуанға. – Егер мені көпшілік қолдамаса, елдің күштілері əлдеқашан түтіп жеп қояр еді ғой?.. Істей алмады ғой оны?.. Сонда, менен емес, көптен қорықты ғой?!.» «Сол көптен ұлықтар... мысалы, ояз неге қорықпайды?!» деген ой кеп кетті Балуанға... «Білдім! – деді ол ұзақ ойланбай. – Мылтық – олардың көпті қор қытатын қаруы. Атбасарда қолма-қол төбелессем, қолға түсер ме едім мен?.. Мылтыққа ғана бағындым ғой мен?.. Халық та сондай. Ол да мылтықтан қорқып отыр. Ұлықтың қолынан мылтығын алшы, қорлық көріп отырған халық не істер екен?.. Əлегін аспаннан келтірер еді, күлін көкке ұшырар еді!..» «Шын, халықтың өз қолына мылтық беріп көрер ме еді?!» деген арман туып кетті Балуанның басына.

Ойы осы сияқты «тұманға» сүңгіп, одан табар сəулесі жоғына көзі жеткендей болған Балуан отырған мекеніне қайта оралды. Сол кезде, оның алыстағы буалдырға тіккен көзі қимылсыз жатқан Татьянаға түсіп кетті. Оның басында тағы да қиянат пен əділеттік салмақтаса қалды. «Қайсысына баруым керек, сол екеуінің? –деген сұрау туды оның басына. – Қиянатқа барсам, мына қыз менің уысыма түскен жемім, мұны менен арашалап алар ешкім жоқ... Бірақ дұрыс па соным?.. Бар тағдыры қолымда қалған бейшараны шыңғыртып жеуім адамшылық па?.. Жоқ, емес ол!.. Онда менің де талағыш көп иттің ішіндегі көк ит болғаным!..» Балуанның «жоқ, мен ит емеспін, адаммын!» деген дауысы қатты шыққандығы сондай, даусынан сескенгендей, өзі де орнынан атып түре келді, ұйықтап жатқан Татьяна да шошып оянған түрмен, есеңгіреп құзға қарай қаша жөнелді... Сол бетімен құзға құлайтын оны Балуан əрең қуып жетіп, биік жартастың қабағына жақындай бергенде, белінен құшақтай алды... Қасқыр тістеген киіктей шошынған Татьяна бақырып қалғанда: – Қорықпа, қорықпа! – деді Балуан. – Мен аң емеспін, адаьмын!.. Есін сонда ғана жинаған Татьяна, «рас па?» дегендей, Балуанның кескініне қарады да, үндемеді. Шын мағынасындағы адамның аса жылы кескіні сияқтанып кетті Балуанның беті оған. Балуан Татьянаны сол көтерген қалпынан жерге түсірмей, манағы отырған тасына əкелді де, алдына алып отырып, тілі жеткенше, бұндай іске неге барған сырын шертіп кетті. Балуанның орыс тілін олақ сөйлеуі Татьянаға оның ойын ұғуға бөгет болған жоқ. Бөгеттігі былай тұрсын, жанының жалынындай ақтарылған бұл сөздер Татьянаның сана-сезімін қорғасындай балқытып əкетті... Балуанның сөздерін əуелде сынай тыңдаған Татьяна, артынан жылай тыңдады... Бір кезде Балуанның өзі де жылағандай сезілген соң, Татьяна көзін сүртіп кескініне қараса, расында да солқылдап жылап отыр екен!.. – Сізге не болған?! – деді Татьяна Балуанның алдынан атып тұрып, басын құшақтай ап. – Ақыл мен қайраттың жентегі сияқты сіз жылағанда, адам баласында жыламайтын кім?.. Өзгеңізді мақұлдағанмен, мұныңызды мақұлдай алмаймын!.. Мен сізді аса биік адамға санап қалған едім, егер төмендегіңіз келмесе, тыйыңыз, көз жасыңызды!.. Бұл сөзге балқыған сезімі серги қалған Балуан, көз жасын жеңімен сүртіп жіберді де:

– Мен өзгеге емес, дүниеге адам болып келуіме ғана жылаймын, – деді. – Неге?! – Азаттығы жоқ тіршіліктің кімге керегі бар? – Өзгеде менің жұмысым жоқ, – деді Татьяна, – жұмысым болғанмен, өзгенің қиянатын түзеуге менің əлім келмейді. Оған сіздің де əліңіз келмейді. Менің əлім келетін адам – əкем. Оның тарапынан бұдан былай сізге ешбір қиянат болмауына мен уəде бере алам. Сеніңіз, осы сөзге. Балуан үндемеді. – Сенуіңізді өтінем! – деді Татьяна түрегеп, жалбарынған дауыспен. – Əкеме өтінішімді қабылдатудың үстіне, егер мақұл көрсеңіз, сіздің өмірлік досыңыз болғым келеді... – Оны өмір көрсетер, – деді Балуан да түрегеп. – Асығыс сөз – ауыздан шыққан дем, қайтып оралмайды ол. Менің тек қана айтарым, дос болам деген кісіге менің достық құшағым даяр!.. Расын айтқанда, Балуан Татьянаның уəдесіне сенуді де, сенбеуді де білмеді. Сенбейін десе – аузынан уызы кеппеген сəби адам, өтірік сөзді қалай айтады?.. Сенейін десе – жауласып отырған адамның қызы… ол жаулықтың аяғы немен тынары мəлімсіз… қыз, мүмкін, уəдесін адал-ақ беpiп отырған шығар... бірақ əкесі оның тілегін орындауына кім кепіл бопты?.. Егер орындамаса, бұл қыз, əкесін бұған айырбастай ала ма?.. Балуан осы оймен қызды бір күнде емес, көп күнде сынауға бекінді. Оның бірінші сынынан Татьяна да, Татьянаның бірінші сынынан ол да əдемі өтті. Татьянаның сыны – «дос болам» деп уəде бермеуіне қарап, «кегі ішінде екен, оның арты неге соғар екен?» деп күдіктенген Татьяна, «егер ойы олай болса, бүгін түнде сыр беруі мүмкін» деп қорыққан еді, «бүгін сыр бермесе, адамгершілігінің рас болуы мүмкін» деп үміттенген еді; Балуанның сыны – «бұл қыз мені жəй сөзбен ғана жұбатып, ішкі пікірін ішіне сақтаса, осы түнде мені ұйықтатып тастап, қашып кетуі мүмкін» деп күдіктенген еді. Ақылбай оларға асты күн баюға жақындаған кезде əкеп берді. Балуан жеп-ішер деп ол піскен сүр жəне қымыз əкелді де, қызы жеп-ішер деп орыстың қалашын жəне піскен қаймақ əкелді. Балуанның Татьянаға деген сенімі осы астың үстінде тұтана бастады. Қарны ашты ма, əлде, Балуанның сенімін арттыруға көз жасағысы келді ме, «келіңіз!» деп шақырған дастарқанның қасына

отыра қалды да, серіктерін қулық сөздер айтып күлдіре отырып, асқа тыңқия тойып алды. Қыздың мана жабырқаңқы кескінін көріп, «бұл байғұстың халі не болар екен?!» деген уайымда кеткен Ақылбай, мына жолы жадырай қалуына, асты қомағайлана ішуіне қарап, «осы екеуі келісіп қалған ғой, тегі!» деген арам ойға тоқырады. Ақылбай атына өңгеріп, үйінен төсек-орын да ала келген еді. Ол кете, тастардың қуысындағы жел-күнге тигізбейтін бір жайлы орынға Балуан төсекті салды да: – Сен енді тынық! – деді қызға. – Сіз ше? – Мен кейінірек ұйықтаймын. – Қайда? – Тас арасында орын көп. – Оған дейін не істейсіз? – Ананы ермек қыла тұрам, – деп, Татьянаға Балуан Ақылбай əкеп берген, таста сүйеулі тұрған домбыраны көрсетті. – Сіз жақсы ойнайсыз ба? – деді Татьяна. – Өзіме қажетті мөлшерде. – Сізді əнші жəне ақын деседі жұрт, рас па сол сөз? – Өзіме қажетті өлеңді де, əнді де шығаратыным рас. – Маған тыңдауға бола ма ол өнерлеріңізді. – Əрине, болады. Тасқа аралары алшақтау қатар отырғаннан кейін, Балуан қарағайдан жасалған ескілеу домбыраны қолына алды да, күйіне келтіріп, құлаққа жағымды əлдене қоңыр əнді, домбыраның ішектерін шолақ қолының үсік саусағымен, іліп-қағып ойнап жіберді. Бұл əні жүрегіне жылы тиіп кеткен Татьяна аз уақыт тынысын ішіне тарта тыңдап отырды да: – Енді дауыс қосуыңызды өтінем! – деді. – Жақсы, – деді Балуан, – бірақ айтар əнім бұл емес, басқа. – Қандай əн? – Ғашығыма шығарған... – Жаңылмасам, естуімше, ғашығыңыздың аты Ғалия болу керек? – деді Татьяна Балуанның бетіне күлімсірей қарап. – Оны қайдан естідіңіз? – Халық арасында тараған əңгімені мен неге естімеймін? – Не деп естідіңіз? – Ол жырды маған өзіңіздің айтуыңызды өтінем. – О да болсын!

Хат жазайын, Ғалия, саған арнап, Сипатыңа, екінші, құрмет айлап. Анда-санда көзіме бір көрінсең, Қарға аунаған түлкідей қалам жайнап! – деп бастап, Балуан «Ғалия» əнін айта жөнелді. Дауысы шынында зор ма, əлде, мына биік таудың басы, қалың қарағайдың іші көтеріп əкетті ме – құмарта тыңдаған бұл əдемі əнді айтқанда, Балуан Татьянаға дүниеде дауысы ең зор, ең нақышты адам сияқтанып кетті. Оның даусына бүкіл дүние қосылғандай, кең дүниенің ішінде осы əннен басқа үн жоқтай, сол кең дүниеге мынау əдемі əн əрең сыйып тұрғандай көрінді Татьянаға... Не деген тамаша əн!.. Не деген тамаша үн!.. Сол əннің қызығына түсіп, екеуі де қас қарайып, ымырт жабылғанын байқамай қапты... – Тынығар уақыт бопты, – деді Балуан, бір кезде Татьянаға, домбыраны қасына сүйей сап. – Тағы да, Балуан!.. – Əр нəрсе дəмімен, Тəнəй-жан! – деді Балуан. «Татьяна» деген сөздің орнына «Тəнəй-жан» деген сөз аузына қалай түскенін Балуан байқамай да қалды. Татьяна ол сөзге түсінбегендіктен мəн бермеді. – Мөлшерден артық ішсе, тəтті де жүректі айнытады. Бүгінге осы да жетер. Қалғаны ертең. – Жақсы! – деді Татьяна. – Онда, жат, қарындасым! – Жалғыз жатуға қорқам. Балуан «неге?» демеді. Елсіз-күнсіз биік таудың басында, қараңғы түнде, баспанасыз жерде жалғыз жату оңай боп па? – Онда қайтем? – деді Балуан. – Мен сіздің құшағыңызда ғана ұйықтай алам!.. Қызды шекпеніне бөлей, құшағына ап, төсекке өзі киімшең қисайған Балуанның жан-жағынан нəпсінің аңдары арсылдай ұмтылғанмен, берік жəне батыр жүрек сертінен жаңылмады. Қалай қалғып кеткенін ол білмей де қалды... Балуан оянып кетсе, дала жап-жарық. Қарағайлардың арасына, бетіне күннің əлсіз сəулесі түсіп тұр... Мұрны ақырын ғана пысылдап Татьяна құшағында ұйықтап жатыр... Бір қырындау жатқан оның да бетін күн сəулесі шалып, былай да сұлу кескіні тіпті нұрланып кетіпті... Егер қимылдаса, қасындағы қыздың рахат тиыштығын бұзатындай көрген Балуан, оған тек көз қырын ғана

тастап, сұлулығына қайран қалды. Өзінің ерлігіне ол одан да артық қайран болды. «Адам егер шындап кіріссе, нəпсіні сындыруға болады екен-ау! – деп таңданды ол. – Осындай сұлу қыздың қасында, осылай жатуға болады дегенге, көзі көрмеген кісі нанбас еді-ау!» Балуанға мұндай ерлік, тек, оның ғана қолынан келетін сияқты тəкаппарлық пайда болды. Бұл қылығы адамдық-ерліктің биік шыңы сияқтанып кетті оған. Егер өзі тілесе, адамның қолынан келмейтін ерлік жоқ деген ойға келді ол. Өзінің сондай адам боп тууына мақтанғандай болған ол, «адам!..» деп айғайлап қалды. «Неге өйттім?» дегендей, ол аузын бос қолымен басып үлгермей, Татьяна оянып та үлгерді. Шошып оянып есеңгіреуі ме, əлде дұрыс оянып, ақылының əмірін орындады ма, басын төсектен көтере берген Татьяна да «адам!» деген сөзді бар даусымен айтып, Балуанды құшақтай aп, денесін денесіне қатты қыса, сақалы өскен түкті бетінен құшырлана сүйді... Достықтың осы қаймағын ешбір нəпсінің дауылы соғып бұза алмады. Балуан бұл дауылға емендей иілмей, қасқиып қарсы тұрды. Сана-сезімінің буыны əлі бекіп болмаған жастығынан ба, бұған дейін сүйген ешкімі жоқтықтан ба, Балуанның кісілігімен қатар жігіттігіне де сүйсінуден бе, біраз күн бірге жүріп-тұрғаннан кейін Татьяна өзін-өзі байқап көрсе, Балуанға жігіт деп те қызығып қалған жайы бар. Осы сезімін сыртына шығарар, шығармасын білмей азаптанып жүргенде: – Сен бүгін қайтасың! – деді Татьянаға, ертемен етекке түсіп келген Балуан. – Қайда? – Үйіңе... Балуан Татьянаға абақтыда жатқан туыстары түгел босанғанын, ояздан «қызымды аман қайтарсаң, саған да, туыстарыңа да тимеймін» деген хат келгенін айтты. Бұл хабарға қуанған Татьяна: – Үйіме өзіңіз апарып салыңыз да, əке-шешеммен де достасып аттаныңыз! – деген өтінішін айтты. – Ол өтінішіңді орындай алмаймын, – деді Балуан. – Неге? – Достық – жүректің ісі. Жүрек сырласып сеніскен адамымен ғана дос бола алады. – Менің əке-шешеммен сырласып сенісуге болмай ма? – Болмайды, достым!.. – Неге?! – Ол ұзақ кеңес жəне оны сізге айтудың қажеті де жоқ. Ал, сенімен?.. Егер сертіңде тұрсаң, бұдан кейін я жолығармыз, я

жолық паспыз, бір-бірімізге ісіміз я түсер, я түспес, «дос болам» деген сертімде мен берік тұрармын, оған бүгінге дейін сертінен айнымаған ар-ұятым куə!.. Соңғы сөз Татьянаны тағы бір тұйыққа əкеп қамады: Балуанның Ғалияға деген серті бұзылмастай берік екендігіне оның көзі жетіп болған. Егер көзі олай жетпесе, осы арада «мен сені сүйем!» деген сөзін айтқалы даяр тұр... Бұл сөзді Балуанға Татьяна тек түнде, Көкшетау қаласының көшесінде, өз үйінің қақпасының алдында ғана айтты. Олар қалаға түн ортасы ауа, қала шырт ұйқыда жатқан кезде салт атпен кірген еді. Екі ат та Балуандікі. Үйіне кіріп-шығуға Балуанды бұған дейін көндіре алмаған Татьяна, қақпасының алдына кеп атынан түскен Балуанға өтінішін қайталаған жоқ. Татьяна түскен аттың шылбырын қолына алған Балуан, тауда еркелетіп қойған атымен: – Ал, Тəнəйжан, енді қош бола тұрасың да! – деді қолын ұсынып. Татьяна оған қол берудің орнына, басын кеудесіне баса, белінен құшақтады да, қараңғы түнде көзі жұлдыздай жаутаңдап, еркелеп дағды алған қазақ сөзімен: – Аға! – деді. – Əу, Тəнəйжан! – деді Балуан. – Сіз ғой, енді «Тəнəй-ай!» деп маған шығарған əніңізді ұмытасыз?.. – деді Татьяна жыламсыраған дауыспен. – Əн ұмытыла ма, Тəнəй-жан? Жəне «Тəнəй-айдың» қасында, «Тəндə менің жан-ай, əй!» деген сөз бар емес пе? – Бар... – Білесің бе, «жан» дегеннің не сөз екенін? – Білем!.. – Ендеше, кеудемде жан тұрғанша жасайды ол əн. – Сенем, аға!.. Менің кеудемде де сіз солай жасайсыз!.. Өйтпегенде ше?.. Бұрын романдардан ғана оқитын шындықты сіз маған іс жүзінде көрсеттіңіз!.. Рақмет сізге!.. Мен енді дүниеде адам барына да, достық барына да, махаббат барына да сенем!.. – Рақмет, Тəнəйжан!.. – Дүниеде екі сүю бар ма, аға? – Жоқ!.. – Ендеше, мен сізді ғана сүйем!.. – деді де, қыз өксіп жылап жіберді. Қызды бауырына басқан Балуан не сөз айтарын білмей қалды.

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙