TELEGEI

Home

Асыл ажар

Ерман Жүрсін

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Асыл ажар

Асыл ажар

ЖҮРСІН ЕРМАН

ҰЛЫТАУДЫҢ ҚЫМЫЗЫ

Біз үшін атамыздың асы – қымыз,
Қымызбен алшы түсер асығымыз.
Сусынын махаббаттың қанып іш деп
Қолынан қымыз құйсын ғашығымыз.

Бал дәмі таңғалтады, толғантады,
Толтырып тостағанды қолға ал тағы.
Қымызбен қоса жұтқың келеді екен
Қымсынып қымыз берген сол қалқаны.

Қымыз құй!
Қымыз ішсем – бапқа келем,
Қымыздан артық қазақ таппаған ем.
Атамның асын ішсем, желік буып,

Аузымнан ақтарылар қап-қап өлең.

Шөлінен шығып едім сағыныштың,
Қымызын Ұлытаудың қанып іштім.
Аңқаңды алқағанда аппақ сусын
Басылар алаулаған жалыны іштің.

Қадірін қайдан білсін жоқ үлгінің,
Торсықты тосырқайды көп ұл бүгін.
Баптаулы бал қымыздан аңқып тұрар
Түтінін аңсадым-ау тобылғының.

Телміртпей тостағанға, қымызды бер,
Қымызға қазақтай боп кім үздігер.
Мен нағыз қазақпын ба, басқамын ба –
Қызығып жұтқанымда қымыз білер.

Болсын деп үйір-үйір жылқым аман
Көңілім Қамбар ата жұртына алаң.
Балшықтай ұлдарымды баули берсін
Жарықтық жусан исі бұрқыраған.

Шешемнің шелек шайып, іс қылғаны,
Тері мес, жез самауыр, мыс құмғаны
Елестей көлбеңдейді көз алдымда
Татыса таңдайыма ыстың дәмі.

Қапысыз қадірлесең қонағыңды,
Қарағым, қылтыңдатпа коньягіңді.
Сарқып құй сабадағы сусыныңды,
Жібітсін жыбырлаған тамағымды!

ІЗДЕУ САЛУ

Жеткіземіз деп жүріп жолдарды Айға,
Жиреншені,
Алмаймыз Алдарды ойға.
Шырт түкіріп, шақшасын қағып қойып,

Қабағымен ықтырар шалдар қайда?

Жеті қырдың астынан тың тыңдаған
Жігіт қайда – сақтайтын жылқыңды аман?
Ажал жетсе арысқа – жоқтау айтып,
Жесір қайда – жұбанбай сұңқылдаған?!

Тұлпарларын жүрсе де мініп қойға,
Тектілігі қанымен тұнып бойда,
Қарындастың басына күн туғанда
Ту түбінен табылар жігіт қайда?!

Бәлесі көп бықсытып өрт-өсегін,
Бұрышында тұрмайтын әр көшенің
Ару қайда – ар, ұят, иманымен
Жайнамаздай күтетін жар төсегін?!

Қыздар қайда – Мәжнүннің ғашығындай,
Келін қайда – аспанның ашығындай
Омпысына қорғасын құйып қойған
Бала қайда – құлжаның асығындай?!

Намыс болса, оянар өзі-ақ бойда
деп жүргенде,
ағарып көз ақпай ма?
Алты алаштың арманын арқалаған

Асып туған атадан қазақ қайда?!

Бар азапты арқама тиегендей
Мен өлуім керек қой,
Кием өлмей.
... Қазақ іздеп жүрмін мен, қазақ іздеп,

Күндіз шырақ ұстаған Диогендей!

ҚАЗАҚ БАЛАСЫН ҚАЙРАУ

Шежірені шиырлап тарата алам,
Тусақ, туған шығармыз әр атадан.
Өзіңді өзің сүйрелеп, қатарға қос,
Ей, қазақтың баласы қара табан!

Қарындаспын, қандаспын, жүректеспін,
Сол жүректен мен саған тілектеспін.
Алп-алп басқан аталар әулетіміз,
Сенен асып туған жоқ білекті ешкім.

Көптен көмек күтпей-ақ,
достан – қайыр,
Тасмаңдайдан тағдырды жасқанбай ұр.
Сен туғанда қуанған әке-шешең

Берді ғой деп Тәңірім қошқардай ұл.

Күнге қарап, қырандай қанатың кер,
Сені көріп серпілсін қара түндер.
Сұрамайды Құдайдан ұлды қазақ
Жүрсе екен деп әйтеуір санатында ер.

Жайсаңсың, сен,
Жарқылдап жүр ендеше,
Жігіт оңбас – жігерді шідерлесе,
Үлесіңді тартып ал, сұрап алма,

Ешкімнен де именбе.
Жіберме есе!

Сыр қадірі – тек қана сұрасқанша,
Жат түгілі, жақынға сыр ашпа онша.
Сен басқадан артықсың – анаң егер
Қуанғаны қалжа жеп рас болса!

Болу керек жігітте айла күшті,
Парасатпен пайымда пайдалы істі.
Барша қазақ елінің бақ-талайы
Тағдырыңа бір сенің байланысты.

Жігітсің бе, мақсаты, мұраты бар,
Құз басынан құлжаңды құлатып ал.
Жарқ ететін сағатың соғады әлі,
Оқталмаған мылтық та бір атылар.!

Өз жолыңды табатын жетті күнің,
Алғырлығың көрінсін,
ептілігің.
Болсаң болып, болмасаң – бордай тозып

Танылатын шақ осы тектілігің!

Сен оңбасаң, оңады қайдан халық?
Тойдан қалсаң қамықпа.
Ойдан қамық.
Аламанға түскенде бәйгеңді алып

Сен жүруге тиіссің жайраң қағып.

Тауқыметін тартсаң да азаптың көп,
Қуана біл, қарағым, қазақпын деп.
Атыңды сәл оздырсаң, сол қазағың
Жібереді мықты ғып.

Өзі-ақ, Күндеп!

АҚЫННЫҢ ҮЙІ

немесе

ҚАСЫМ АМАНЖОЛОВТЫҢ

ҮЙІН ҚИРАТУ

Дегені қайда – басылды құйын?
Ақылым жетпей, ашиды миым:
Виноградов көшесіндегі
Қиратып жатыр Қасымның үйін.

Қайтейін, кембақ астана сені –
Тиетіндей-ақ басқаға себі
Қиратып жатыр Қасымның үйін,
Қиналып тапқан баспанасы еді...

Шақыр да шұқыр шаққанда әйнегін
Ажалдың сездім ақпандай лебін.
Біртіндеп сөгіп қабырғаларымды
Кеудемді бұзып жатқандай менің!

Жырды қорғаудың кешікті ережесі,
Қирады, сынды есік-терезесі.
Сәби жырлардың бесігі еді,
Бар екен сонша бесікте несі?

Шашылды жерге – шамдары сыңғыр,
Тағы да үйсіз қалды арысың бір.
Қиратып жатыр Қасымның үйін,
Қатыгез жандар, қолдарың сыңғыр!

Жүйрігім еді жыр көшіндегі,
Бауырын жазып бір көсілмеді.
Қиратып жатыр Қасымның үйін,
... Біздің үй соның іргесінде еді!

АҚЫННЫҢ ЖАРЫ

Түндердің енді серпі қанатын,
Күн келді демді еркін алатын.
«Келеді қайтып өлеңін айтып»
Соғыстан тапқан дерті бар ақын.

Тізгіні қолға тиген сәт енді,
Сабаға түспек үйленсе әпенді.
Сабылып іздеп,
Сабырсыз жүрек,

Сағынып құшты сүйген Сәпенді.

Мойнына жар боп келіп асылды,
Көңілдің шемен шері басылды
Сәпен сұлу да серігім деді
Сұр шинель киген сері Қасымды.

Шерлі болмасаң, шерді ұғасың ба,
Еркелесең де, ерді басынба.
Серінің серттей сөзіне сеніп
Тағдырын Сәпен берді Қасымға:

– Айналсын, – деді; – сертіңе сертім,

Дертіңді менің дертім етермін
Әніңді сенің айтып өтермін,
Күйіңді сенің шертіп өтермін.

Бір ғана сөзді сұрасып алмақпын:
Шын сүйсең – сертте тұрасың, ардақтым.
Пейілін маған нәсіп ете гөр
Айшаны сүйген Расул Аллаһтың!

Жүр екен жүрек тек іштен жүдеп,
Таптым-ау жебер періштемді деп,
Сәпен сұраған сол ауыр сертке
Сеніскен жүрек

келісті елжіреп.

– Дауасыз жалғыз себепке айналып,

Тек ажал бізді бөлектей ме анық?
Садағаң болсын Сәпенің онда,
Өтейін сені бөбектей бағып!

Қуантып көзін көрікті Ай, Күні,
Қалар деп шошып сөніп қай күні,
Қасымның жары қасында жүрді
Бөліп бақытты, бөліп қайғыны.

Көрсетпей көзден шық құлағанын,
Уын да бірге жұтты қаланың.
Қасыммен бірге жадырап күліп,
Қасыммен бірге шытты қабағын.

Торғын деп киіп ескі көйлекті,
Қасыммен бірге кешті бейнетті.
Тарпаңдау ақын тарыққан жардың
Кейіген сөзін естімей кетті.

«Қамығып келсем – күліп тұрасың,
Дертімнің барын ұмыттырасың».
Өлеңнің отын лаулатып жағып,
Жаураған жарын жылытты Қасым.

Азайды дерті, басылды мұңы,
Көңілдің жайнап ашылды гүлі.
Сақыпжамалы – Қасымның жары,
Қасымның айы, Қасымның күні.

Жарының көзі – сезім айнасы,
Жалт ете қалған кезін ойлашы.
Қасымның жары – өзі Лаурасы,
Қасымның жары – өзі Ләйласы.

Деген жоқ дертке басым байланды,
Ақынды көрді досындай мәңгі.
Зәредей селкеу арада қалмай,
Сәпеннің өзі Қасымға айналды.

Ақылын құяр арна табылды,
Үйінде жұмақ орната білді.
Махаббатының шырағын жағып
Тәңірге емес, жарға табынды.

Сөзбенен сомдап таза сымбатын
Жүрекке мәңгі жазасың ба атын.
Ақылман әйел – ақынның бағы
Ақынның соры – мазасыз қатын.

Желіксе ақын – жері көтерер,
Желікпен жырдың жерігі өтелер.
Тәңірім, барлық ақынға сондай
Айнымас жарды серік ете гөр!

Қосылып үні егіз бұлақтың
Жемісін халал жегізді бақтың.
Сегіз жыл бірге дәурен кешірді
Салтанатындай сегіз жұмақтың.

Өбектеп дертін, жарасын емдеді,
Алдырды қолға анасын елдегі.
Отқа да түсті пәруана жары,
Ажалға бірақ шамасы келмеді.

Өлеңін жазып хатындай мәңгі
Қасымы өлмес ақынға айналды.
Шарасы қайсы, шырағы сөніп,
Хош айтар сәті жақындай қалды.

Елестет көзге Қасым ажалын,
Суалтты сырқат асыл ажарын.
Өмірден өтер сағаты жетіп,
Шақырды Қасым қасына жарын.

Қалтқысыз сүйген қыз есінде еді,
«Жастығымды өзі түзесін» деді.
Сылқ ете қалды Қасымның басы
Сақыпжамалдың тізесіндегі.

Өмір таусылды. Сайран басылды.
Ажал кеп алды қайран Қасымды.
Ұйықтап кетті Айша анамыздың
Тізесіндегі Пайғамбар сынды.

Сөзінен сыпсың шошымай елдің,
Келеді мен де осылай өлгім.
Пейіште нұрын шалқытсын Аллаһ
Ақынды сүйген асыл әйелдің!

ҚАРАҒАНДЫ

Туған жерге талантыңды қишы бар,
Өлең арна,
Ән асқақтат,
Күй шығар.

Қарағанды – Қазыбектің шапаны –
Шалғайында Сарыарқаның исі бар.

Күдірейсе шахталардың жотасы
Ауасынан көмір дәмін татасың.
Қарағанды – көре білген кісіге
Тәттімбеттің күйлерінің нотасы.

Алмас қылыш, қында жатып жұқардың,
Келер әлі балдағыңнан тұтар күн.
Алба-жұлба ала бұлттың ішінде
Елесі жүр буырқанған Бұқардың.

Қарағанды – алғы сөзі ғасырдың,
Нүркен болып атағыңды асырдың.
Теміртаудың будақ-будақ түтіні –
Шамырқанған шумақтары Қасымның!

Алты алашқа азық болған ақылы
Қарағанды – ол Ақбайдың Жақыбы.
Қарағанды – Қарабастың түрмесі,
Тауқыметтің темір құрсау тақымы!

Кенші қазақ маңдай терін сыдырып
Жатқан жерге келу қиын қыдырып.
Қазағымның қатқан кезде қабағы
Қарағанды – түйілетін жұдырық.

Қарағанды – қасиетті ол Отан,
Қарағанды – ескі тарих, жаңа таң.
Қазағымның ашылғанда қабағы
Қарағанды – аялайтын алақан!

Айтарыңды жасқанбай айт, тіл өткір,
Қарағанды – дүрсілдеген жүрек бұл.
Қарағанды – қара бақан секілді
Қазақстан шаңырағын тіреп тұр.

Көптей көріп, құрметтеген аз ұлын,
Қарағанды – маңдайдағы жазуым.
Қарағанды – қадірімді іздесем –
Қайта айналып тауып келер қазығым!

*** Құлдың сөзінқұрдым заман іріктер, Майданға әлі шығасыңдар мініп кер Әзәзілдің әлдиіне арбалып, Ұйықтап қалған жоқсыңдар ма, ей, жігіттер!

ҚҰЛЖАНБАЙ ҚҰМЫНЫҢ

ЖҰРТЫНДА

Құлын, құлын, құлын күнім.
Құлағыма ілінді үнің.
Кезікпейсің – кезіп кетсем
Құлжанбайдың құмын бүгін.

Құлын, құлын, құлын күнім,
Жұлынды ма тұлым-гүлің.
Кекілінен сипап енді
Еркелетер ұлыңды кім?

Құпияңды ұғынды кім?
Бүгінгіден – шығындымын.
Тайғақ өмір сапарында
Талай тайып жығылды ұлың.

Көзіндейсің бұрынғының.
Сұрар енді сырыңды кім?
Жым-жылас боп жайылыпсың.
Мен де өзгердім.

Жырындымын.
Жүрегім бар жырым-жырым.

Құлын, құлын, құлын күнім,
Қайтарады құныңды кім?
Менің киік-тағдырым да
Қарауылға ілінді мың.

Құмдай қалың мұңым бүгін.

Құлын, құлын, құлын күнім!

Райы баяғыдан басқа күздің,
Дәмі де айнығандай ақ сағыздың.
Шөп тартып жүруші едік сонау белден
Жабысып арқасына қасқа өгіздің.

Құм сағыз,
Қара сағыз,
Аққан сағыз,
Зыр қағып жүгіруші ек тапқанша біз.

Қырларын Құлжанбайдың кезуші едік,
Кірпікке қарашада қатқанша мұз.

Шал қайда – күрең атты борбайлаған?
Ел қайда – сырма айдаған, арба айдаған?
Есіңе бүгін ғана бәрі түсіп,
Несіне күрсінесің, сорқайнаған!

Ұяға болушы еді торғай да алаң

ӘЙЕЛГЕ ОДА

Қай жерде, мейлі, қай елде
Әлемнің мәні – Әйелде.
Шын мықты болсаң оныңды
Әйелге барып дәлелде!

Әйелсіз айтпан әнді мен,
Әйелмен дәмді әңгімем
Сүйкімді болсаң шынымен
Әйелің сүйсін алдымен!

Әйелге мәлім көп сырың,
Сүрінсең – әйел деп сүрін
Халыққа сыйлы болмайсың
Әйелге болсаң жексұрын.

Әйелсіз қонды бақ қашан,
Әйел деп түстік отқа сан.

Әлемнің тілін таппайсың
Әйелдің тілін таппасаң!

Болмасын әйел назалы,
Болмасын әйел жазалы.
Кеудесін қаққан талайдың
Әйелден болған ажалы!

Әйелден ыстық от бар ма?
Сол үшін түстік көкпарға.
Қарғағың келсе біреуді
Әйелің өлсін деп қарға!

Әйелмен құның өлшенер,
Құдайдан кейін – сол шебер.
Бақытты сен де болмайсың
Әйелің сорлы болса егер!

Жөн емес қазақ нақылы,
Болсаң да әлем ақыны,
Жетеді билеп-төстеуге
Әйелдің қысқа ақылы.

Сырыңды соған ашасың,
Шөліңді содан басасың.
Адамның күні әйелмен,
Әйелдер мәңгі жасасын!

ТҰРМАҒАМБЕТТЕН ТӘРЖІМА

Ойланып алмай – іс қылма,
Сайланып алмай – күш қылма.
Шамаңнан артық шоқпарды,
Беліңе бекер қыстырма.

Белдігің бекем болмаса,
Екі қол жүрер ышқырда.
Сөзіме бәрі күлді деп,
Үйірсек болма мысқылға.

Қадірі кеткен кезінде,
Алтынды қорлап, мыс қылма.
Сағынтар кезі болады,
Сары аяз буған қыстың да.

Қамыстың күні жетпесе
Себепсіз түспес ұшқын да.
Өшіріп жатса ел өртті,
Шатырым менің шетте деп,

Қауымнан сен де тыс тұрма.
Шуылдың бәрі бір ғой деп,
Дауылмен бірге ысқырма.
Бойыңа шақтап өлшеп ал,

Ұқсағың келсе ұстынға.
Күбіге тиер септігі,
Түтіннен болған ыстың да.
Еліңнің қамын ойлай жүр –

Қырандай көкке ұштың ба.
Көлеңкесі жерде болады,
Аспанда жүрген құстың да!

ЕРТЕРЕКТЕУ ЕРЖЕТІППІН

Ертеректеу ержетіппін
Өтіп дәурен, озып ғалам.
Киіс көрген керзі етіктің
Жұлығындай тозып барам.

Уатылып төзім бордай
Қайда асығыс алып-ұштық?
Қасатталып сезім қардай
Суынды ерте қаным ыстық.

Тұлпарын бір тебінуге
Қысса жастық тақымын сәл,
Жігіт болып желігуге
Жібермеді ақылым – шал.

Саяқ жүрген құландаймын,
Жығылады жығам қай күн?
Ештеңеге қуанбаймын,
Ештеңеге жұбанбаймын.

Жүрегімен арыстанның
Қозыдайын көгенделдім.
Дел-сал болған данышпанмын,

Қайғы жұтқан кемеңгермін.

Ойыма мұң мінгесуде,
Тәңірім-ау, есірке бір:
Тақуа боп күн кешуге
Тати ма екен осы ит өмір?

КҮЗГІ ЖЫР

Жоғал әрі санамнан сары уайым,
Қыркүйегім, келдің бе, шаруа айым.
Қырдың қызыл дүзгенін бір иіскемей
Мейіріміне даламның жарымаймын.

Жауа берсін ақ жауын себелеген,
Тауып алам бір қуыс шөмеледен.
Шайырлардың көзіне бір шалынбай,
Ши басынан тамшылап өледі өлең.

Қытықтаса желкемді тынысымен
Көк бестінің көремін мұнысын ем.
Саз-саз қылып шетелдік қалпағымды
Толтырамын көсікке құм ішінен.

Шуылынан мезгілдің мезімін бе –
Сабандалып қалғандай сезімім де.
Бір тал изен қыбырсыз салбырап тұр
Көкбестінің қап-қара езуінде!

Күн ашылды.
Бауырлап бу ұшуда,
Қара жидек езілді уысымда.
Бәтіңкемді жалатып маң төбетке

Маужыраймын маяның қуысында.

Тауан тауып таусылған тағатыма
Қарамаймын жаутаңдап сағатыма.
Күздің исі аңқыған күйлі жырды
Оқып берем көнтерлі көк атыма!

ЕКІ СУРЕТ

Сұлу көрсем соңынан жүгіретін
Мынау – менің жас күнгі сүгіретім.
Шарап берсең шалқалап сіміретін
Мынау – менің бүгінгі сүгіретім.

Осы менің бүгінгі сүгіретім,
Қарай берме қажыған түріме тым.
Аяғына жем түскен тұғыр құсап
Етегіме болыппын сүрінетін.

Қашан қалай келтірген кім ретін
Көн секілді тартылған сірі бетім.
Күндер қайда жоғалған
Көлге барсам

Қармағыма ақ сазан ілінетін?

Жігіт едім жақсыға жүгінетін,
Жөнім бар-ау жалғаннан түңілетін.
Сындыр барлық айнаны!
Жырт альбомды!

Көрінбесін көзіме сүгіретім...
Сен не деген шеберсің, құдіретім!

НӘПСІ ДЕГЕН КЕСЕЛДІҢ

Нәпсі деген кеселдің
Кесірінен неше өлдім.
Терім қалыңдаған соң
Терлемеуге төселдім.

Сөз сөйлесем жобалы
Ол өзімді табады.
Айтылмаса ақиқат
Кімге қалар обалы?

Қарап жүріп күйінем,
Жұдырықтай түйілем.
Жапырылам қоғадай,
Адырнадай иілем.

Түсіп кетсем топқа кіл
Алтын басым – қақпақыл.
Өзгермейді болмысым,
Осы менде жоқ па ақыл?

Көңілімнің жыртығын
Кеңейтеді түртіп ұл.
Дүрдигенмен сырты құр
Тақымымда жүр тұғыр.

Жұртқа кінә тақпаймын,
өзіме-өзім жақпаймын.
Шырылдаған жанымды
Қай сандықта сақтаймын?!

ЫРҒАЙ ЖЫРЫ

Ырғай, ырғай, ырғайлы,
Ырғай мойнын ырғайды.
Ғұмырыңды қысқартып
Уақытың зырлайды.

Ызыңына пенденің
Мойнын бір сәт бұрмайды.
Ырзығыңды берген боп
Қызығыңды ұрлайды.

Ырғай, ырғай, ырғайлы,
Ырғай мойнын ырғайды.
Баяны жоқ бұл дәурен
Басыңда көп тұрмайды.

Өкінішің өзеуреп
Өзегіңді тырнайды.
Көздің жасы кептеліп
Көмейіңде құрғайды.

Ырғай, ырғай, ырғайлы,
Ырғай мойнын ырғайды.
Ырылдасып қайтеміз
Сенде де бар бір қайғы,

Менде де бар бір қайғы.
Ырғай, ырғай, ырғайлы...
Ырғай мойнын ырғайды...

МҰХТАР ӘУЕЗОВ

ҚАБІРІНІҢ БАСЫНДА ЖАЗЫЛҒАН ЖЫРЛАР

Сыйынайын
«Раббым» деп бір Аллаға,
Орала гөр тіліме, құран дана.
Тау-сәждеге басымды тигізейін,

Жайнамазым өзің бол, қыран-дала.

Түзетпесе қисығын өлім – Ана,
Қыңырым мен қырсығым мәлім, Аға.
Шұбар тілім сыймайды көмекейге,
Келтірмесе тылсымың кәлимаға.

Босап аға,
Келетін боздап іні,
Бар қазақтың бұл қабір – өз қабірі.
Итке ашамай салғаннан иман таппай

Сені іздедік – өлгенде сөз қадірі.

Теріс мініп тұғырын
тойсыраған
Үмбетіңбіз – тәубаға ой сұраған.
Күдірейтіп жүрсек те жалымызды

Толар емес орының ойсыраған.

Тұрқың асып тұрғанда көп тұғырдан,
Келмеуші еді шобырлар шоқтығыңнан.
Шыбындасақ соларға шұлғып басты
Бәрі, Мұха, өзіңнің жоқтығыңнан.

Шыққандай-ақ шалдықпай еркін қыстан
Шекесіне киеді бөркін дұшпан.
«Қой» дейтұғын қожасы болмаған соң
Шал көбейді шалдуар, кемпір мыстан.

Қызда – қауіп,
бұл күнде ұлда алаң бар,

Түлкі заман бүлкілін кім бағамдар?
Ішігінің астарын індетіп жүр
Інісіне сақалын бұлдағандар.

Жайлағандай жастықтың дерт денесін
Ұмтылады өңмеңдеп өртке несін.
Арқасынан бір адам қақпағасын,
Маңдайынан бір адам шертпегесін.

Азабына қазақтың қосып азап
Дұшпан таба қылады, досы – мазақ.
Жауға алдырмас жарағын дауға алдырып
Сормаңдай-ау шынымен осы қазақ?

Тұнжыраған көзімде тұнып бір мұң
өксігімді көмейде құмықтырдым.
Қайран Мұха, қадірің жеткен күні
Басыңа кеп, бөрідей ұлып тұрмын!

Құрысыншы.
Бәрі де құрысыншы.
Бірі – ақылгөй қазақтың,
Бірі – сыншы.

Бәрімізге жақсатты көрінем деп
Арамтер боп арада жүр үшінші.

Ескі дерті қазақтың дерсің мұны,
Түңілтеді тобасыз ер сұмдығы.
Сарқытыңнан садаға кеткірлер-ай,
Бірі – рушыл ағаның,

Жершіл – бірі.

Солай.
Аза бойыңды қаза қылған
Ит өмірдің несі кем дозағыңнан?
Қазақ, қазақ дегенде қар сындырып

Көресіні көрдік сол қазағыңнан.

Даңдайсыған дәлдүріш данасынар,
Жанап кетсең – жабатын жаласы бар.
Ит тірліктен іргеңді бөлгің келсе –

Жай табатын жалғыз жер – мола шығар...

ТЕРІСАҚҚАН

Сағымымен даланың жарыса аққан
Жақсылықтың алдынан желі соққан,
Кейінгі елге жылы сөз жеткізбекке
Хабаршыдай қуанып кері шапқан

Арқада бір өзен бар – Терісаққан.

Келісесің, болмаса керісесің,
Айтпағымыз әйтеуір кері шешім:
Терісаққан дейді жұрт бекер сені –
Саған жаңсақ таққан бұл теріс есім!

Жеткілікті болса да зейін-дарын,
Біз аңғарып жүреміз кейін бәрін:
Шөліркеген даланы шыр айналып
Теріс аққан шығарсың, мейірбаным?!

Аптабынан шілденің,
Сартамыздың
Кепкен кезде аңқасы арқамыздың, –
Кейін қарай бұрылып кеттің бе екен,

Келді ме екен далаға нәр тамызғың?!

Қазағымның қақ жарып кең даласын
«Терісаққан» атанып енді ағасың.
Бәлкім, барлық өзендер теріс ағып,
Оң ағатын жалғыз-ақ сен ғанасың?!

Бәлкім, барлық өзеннен сен данасың...

Бәлкім емес, менің еш жоқ күмәнім,
Сейілтейін күдіктің көк тұманын:
Терісаққан дегенде,
Терістердің

Бәрі сендей болса ғой деп тұрамын!

ЕРТЕГІ

Ғалам жайлы ғажап сырлар шертеді –
Ертегіні тәуір көрем мен тегі.
Осы күні ойлап көрсем,
жасымда

Шешем маған айтпапты еш ертегі.

Балалық-ай – жамау-жасқау көрпелі,
Ақауы бар көңіл енді дертеді.
Айтпайын деп айтпады ма – мұршасы
Болмапты ғой айтар оның ертегі.

Соғыстан соң жимаған кез жұрт есін,
Сәби көздің жасын өзің сүртесің,
Таңсәріде кететін ол шығырға
Әкеміздің киіп солдат күртесін.

Шықпаған кез елдің әлі бүйірі,
Ең тәуір ас – жүгерінің түйірі.
Кешке келсе, күтіп оны тұратын
Жанбаған от, сауылмаған сиыры.

Парыз-бейнет босатпайды арқаны,
Отын шауып, диірменін тартады.
Су әкелу, тезек теру аз болса
Мүгедек боп оралған жар бар тағы.

Қалай бәрін үлгертті екен,
есепте!
Қалай ғана тесілмеді қос өкпе?
Ертегі боп ұйқыны бір қандыру –

Әзер жетіп жығылатын төсекке!

Ертегіде жібердің деп есені
Жазғыруға болмайды енді шешені.
Апашымның азайғанда бейнеті,
Алпамса ұлға ертегі айту кеш еді!

Қартайды ана.
Көп арман бар ойында,
Мазалайды ажал жайлы уайым да.
Мен шешеме айтам енді ертегі

Жүз жасайтын кейуаналар жайында!

ДИЛЕММА

Қимайтын жанды қапа еттім,
Жақындарымды жат еттім.
Ортасында ылғи қаламын
Ербеңдеп жатқан екі оттың.

Мойындап өмір өкімін,
Берік болмаққа бекідім.
... Сетінеп кете беремін,
Біреу емеспін.

Екімін.

Жібектен болса бір тінім,
Бір тінім – талы шырпының.
Тұтанып қоя беремін
Ойылып отпен жыртығым.

Екімін,
Екі бөлекпін.
Есемді жатыр елеп кім?
Біресе отпын маздаған,

Біресе сулы көнекпін.

Арбаса нәпсі-ыбылыс,
Алаңдай берем ұлып іш.
Көңілге неге сыймайсың
Көзіме сыйған құбылыс?!

ӨЗІМШІЛ ӨЛЕҢ

Бойы – биік,
Ойы – ұшқыр,
Өңі – тәуір
Азамат боп өссін деп елі таныр

Шайқы-бұрқы біреуді туа салмай,

Махаббатпен жаратқан мені Тәңір.

Өзіме-өзім секілді енді қазы,
Сол тәңірге боламын мен де разы.
Сөз ермейтін соңына сорлы емеспін,
Жараспайды мен жайлы әңгіме азы.

Анам сүйсе қуанып «құлыным» деп,
Сол махаббат жүктейді ұлы міндет.
Патшадан да еңсемді биіктеттім
Мен Тәңірдің сүйікті құлымын деп.

Махаббатсыз шырайы енбес үйдің,
Мені сүйген адамды мен де сүйдім.
Шөліркеген ерінім кезергенде
Мейірі бір қанбаған пендесимін.

Дос өкпелеп жатса егер, жар кінәлап,
Сүрінесің – болсаң да арғымақ ат.
Тарыдай мін таудай боп көрінсе егер –
Махаббатта болғаны бар кінәрат!

АБАЙ ЕСКЕРТКІШІ

Тас болып тұрсың.
Өтеміз күнде осы арадан.
Өзіңнен басқа таппаймыз мұңдасар адам.

Абай ағамыз!
«Қазағым-ау» деп Сіз бізді көп аямаңыз:
Қатыгездікке келгенде қарайып әлі
Сабақ алатын жақсыны

Сабай аламыз.

Өтірік! Жалған –
аспанның астын кернеген
Бабаларымыз, меніңше, қасқырды ембеген:

Қақпанға түссе, тірсегін қиып кететін
Бөрінің серті сондықтан дәстүрге енбеген!

Қанағат та жоқ,
Рахымның ізі қалмаған,
Қайырым қылар дегенің – бұзық. Оңбаған.
Патшайым болар дейтіндей періште де жоқ,

Қу аяқ бар ма – қазақтың қызын алмаған!

Адамгершілік айырылды өз бағасынан,
Алдауға келсе, інісі озды ағасынан.
Түндіктен түсіп,
Кіндіктен қылмыс жасайтын

Түңіліп жүрміз қазақтың бозбаласынан.

Мұсылман таппай – отырар тізгін басында,
Тұлпарға тоқпақ таққан соң,
Құзғынға – сырға,
Құдайдан медет болмаса, қазағың әлі

Жылап көрісер, ей, аға, Сіздің ғасырға!

АБАЙҒА МҰҢ ШАҒУ

Жүз елуге Сіз беттеп,
Біз – елуге.
Жал құйрығы жалғанның күзелуде.
Зәрін шашқан замана бұл қазаққа

Мұрша берер түрі жоқ түзелуге.

Батырар деп белшеден кімді ұйыққа,
Тіксінеміз үңіліп тұңғиыққа.
Атан түйе тарта алмас қасіретің,
Абай аға,

Алаңсыз мінді иыққа.

Күн өтпейді тіл тістеп, тіс қажалмай,
Аяр заман алқымнан қысты ажалдай.
«Ұстарасыз аузына мұрты түскен»
еліңді ойлап, қайнайды іш қазандай!

Алдымыздан ақ боран жолықпай қыс,
өтіп жатқан және жоқ қамықпай тұс.

Жалықпаймыз қашанғы жұртты алдаудан
алданудан жалықты халық байғұс.

Шортанбай шал болжаған заманақыр,
Жетті ме екен: әйел би, бала – батыр.
Ақылымның азабын тартып жүрсем,
Үйретеді үйде олар маған ақыл.

Ағайын да қатыбас – сол қалпында
Азамат жоқ алашқа болған тұлға.
Ешкі емердей еліңді теспей сорған
Алаяқтың қалтасы толды алтынға.

Ит құтырар-тезегін дәрі десең,
Бәрі-әулие қазақтың, бәрі-көсем
Шортан іздеп шалшыққа қармақ салған
Жарымес ем не деген, жарымес ем?..

Сезінбеспіз сордың да өлмей дәмін,
Бұл қазақты жөндеуге келмейді әлім.
Ер соңынан ермесе – елдің соры,
Қайда барып оңамыз ол беймәлім.

Ғаріптейміз ғайыпқа болған алаң,
Жаратқанға жалынар жолдағы адам.
Ақыл алтау, ой жетеу, тәңірі – өзің.
Жан алқымға тірелді, қолда, бабам!

Бұршағындай көгеннің
Наламыз бен назамыз.
Өзің жазған өлеңнің
Жалғасын біз жазамыз.

Қайдан болсын жыр өзге
Қазағың сол баяғы.
Біреуі – қырт, бірі езбе,
Сөзінің жоқ баяны.

Қайтсін жұрттың мазағын,
Өз дегені болмаса
Мәз болады қазағың
Бірін бірі алдаса.

Бәле қуған бозөкпе
Қағып тұрып арқаңнан.
Жарай ма деп қажетке,
Пұл іздейді қалтаңнан.

Қам жеген боп ел үшін,
Қақтығып жүр қанша сұм.
Шекпен үшін, шен үшін
Сатуға әзір баршасын.

Ердің басын кесіп ал
Елең етіп не қылыр:
Ауылдаста өші бар,
Ағайында кегі бар.

Сәлемін де патшадан,
Бере қоймас басқаға.
Ауыл оған ат-шапан,
Арақ оған астана.

Жоқ қылаудай бойда мін,
Тәуелсіздік ұраны.
Иісін сезсе пайданың
Шөкесінен тұрады.

Таусылады амалың,
Ойлап сор мен азабың:
Өзгергенмен заманың
Өзгерген жоқ қазағың!

ӘКЕ

Өмір-аяз арқамды қарып бүгін
Тарықтым ғой!
Тарықты, тарықты ұлың...
Тарыққанын сездің бе, түсіме ендің,

Түсіме еніп көрмеп ең, жарықтығым!

Түсіме ендің – бар шығар бір себебің.
Үстіңде сол солдаттық сұр шинелің.
Суық жүзбен қарайсың жазғырғандай

Мойыныма су кетіп жүрсе менің...

Елің үшін, ұрпақ пен ұлан үшін,
Сен мерт болдың.
Мен жүрмін жылап ішім.
Осалдаумын. Боспын мен. Оған бірақ,

Ажалыңмен сен де, әке, кінәлісің!

Аман болса елімнің көші алдағы
Дей алмайды мені ешкім осал бағы,
Аялап-ақ өсірді елім бірақ,
Әке, сенің орныңды баса алмады!

Қандай пайда қарынның тоқтығынан,
Шобырдаймын – шаң кетпес шоқтығынан,
Жасықтаумын. Жалтақпын. Соның бәрі,
Әке сенің өмірде жоқтығыңнан!

Батылырақ емеспін, татымдырақ,
(Бұл сырымды білмейді жатым бірақ).
Өзің болсаң – өткірлеу болар ма едім.
Болар ма едім сен болсаң – ақылдырақ!

Әке болдым. Жасықтық – мін екенін
Жуас ұлға ұқтырып, түлетемін.
Кім екенін білмеп еп мен әкенің,
Әкесіздің білмейді ол кім екенін.

Өмір – айна. Кейде айна шатынайды.
Тамағыңның тұзы ылғи татымайды.
Ал жуас ұл қатулау қабағымды
Қабағының астымен бақылайды.

Мен марқайып елімнің қымтауына,
Көмбеп едім тағдырдың ұнтауына
Өзің болсам деймін ғой, кім біледі,
Бұл әншейін көңілдің сылтауы ма!..

БАҚЫТЖАМАЛҒА

Ей, ардақты анасы үш баламның!
Есіңде ме мен белден ұстаған күн?
Қараң қалған күн болып көрінетін
Маған сені сүймеген,

Құшпаған күн.

Сен – үйдесің,
Мен енді тысқа алаңмын,
Шықтым талай ішінен қысталаңның.
Кеттім талай тісінде тістегеннің,

Кеттім талай қолында ұстағанның.

Мұқалсам да жүзіндей ұстараның,
өзің барда мен әлі ұшталамын.
Болсын десең дұшпанға жүзің жарқын –
Жүру керек қасында күшті адамның.

Қарындаштай көп жазған – қысқарармын,
Бір күн өмір легінен тыс қалармын.
Сен аман бол – тірегі үш ғаламның,
Ей, ардақты анасы үш баламның!

КЕЙКІ

Шайқаңыз басыңызды, шайқамаңыз,
Біз кімге тура қарап, не айта аламыз?
Торғайдың даласында, бір шұқырда
Үйелеп жатқаны рас Кейкі ағамыз...

Қазаққа қорған болып оқ қағардай
Асынып алмас қылыш тақпағандай.
Қараусыз жатыр Кейкі сай түбінде
Аттандап жауға қарсы шаппағандай.

Найзасын ойға сілтеп, қырға бұлғап,
Дұшпанға ұрмағандай ырғап-ырғап.
Жыртылған шекпенінің етегіндей
Басында бір қаңылтыр тұр қаңырап.

Білсек те ұлы арманның өлмейтінін,
Қарашы құлазуын ел кейпінің.
Жеткендей болады ылғи құлағыма
Қапыда аһ ұрғаны сол Кейкінің.

Ғасырлар өтер, бәлкім, кек суынар,
Қылышын ұлдар «Кейкі» деп суырар.
Ал менің жүзім қайдан жарқын болсын

Кеудемде Кейкі ағамның өксуі бар...

МЕНІҢ БАБАМ –ТІЛЕУЛІ

Иемденіп жүргенім жоқ
аңыздағы біреуді:
Ақ найзасы ата жауға білеулі
Көк сүңгісі көп дұшпанға тіреулі

Менің бабам –
Ұзын Қыпшақ Әбдірахманұлы Тілеулі.

Қобыланды бабасындай
Түспей жүріп ол да аттан
Қалмақ көрсе, қойдай қырып.
Қолы тисе, мал баққан,

Кірпігіне қырау тұрып,
Қабағына қан қатқан
Ер Тілеулі көп ұл сүйген
Қазақ, башқұрт,

түрікпеннен, қалмақтан.
Біз батырдың ұрпағымыз
Жан баққан.

Уысында ұстай жүріп
Бұлттай көшкен осы елді,
Тоғыз қатын алыпты ол –
Менің тоғыз шешемді.

Ал мен болсам – бір әйелден аса алмай,
Беріп қойғам есемді.

Жерге кіріп кете жаздап –
сол білесе көсеуді,
Мәз боламын төкпей-шашпай
ұстағанға кесемді.

Сөйтіп жүріп:

– Тілеулінің тұқымымыз, байқаңыз! –

деп енді біз бойға сыймас
ертегі сөз айтамыз.
Және соған сенеміз.
Ер бабадай топырлатып

ұл туғызсақ,
Замананың ғұрпын бұзсақ,

Ұйып тұрған отбасының
шырқын бұзсақ – өлеміз.

...Мен бабама тартып туған,
Артық туған баламын.
Ей, бәйбіше! Көбеймесін
Көңілдегі алаңың.

Тілеуліден қайта туып,
қайта келсем өмірге
Мен өзіңді, тек өзіңді аламын!

АМАНГЕЛДІ ЕРМЕГИЯЕВҚА

Ілесе алмай желіккен заманаға
Жібек көңіл жыртылса жамала ма?!
Байқа дейсің.
Байқауға мұршам келмей,

Қайқаңдаймын ер батып, Аман аға!

Қатал заман жеткізбей қармасуға,
Ақылым мен азабым арбасуда.
Кейде батып барамын су түбіне
Кейде тұрам қалтылдап жар басында.

Әлі талай алдымда майдан бардай
Жүрем ылғи жиын мен тойдан қалмай.
Аңқылдаған көңілім алып-ұшып
Отқа түсіп кетемін кейде аңғармай.

Қанат қалай ұшуға талпынбасын,
Арман, әлі албыртқан қалпындасың.
Ақын болсам,
Ақынның тағдырынан

Қайда қашып құтылар алтын басым?!

Ішім жұқа,
Бір жанмын сырты – қалың,
Етеңіме өңмеңдеп ұтыламын.
Маңайымда мейірман жандар бар да

Мамыражай сеземін күн туарын.

Тайып кетсе тақымым –таяқ дайын,
Жақсы кісі – секілді саяқ қайың.
Арасынан тұманның бұлдырайсың,
Жағалаудан жылт еткен маяқтайын.

Олқым да көп,
Кешірмес кемісім бар
Тікеніме тырнатпай, жемісімді ал,
Үзілмесін үміті үлкендердің,

Аман болсын ағалар мені шыңдар!

ҚОНАЕВҚА

Халықты кемітпесе құл-құтан деп,
Қараулық көрсетпесе кімді ұтам деп,
Құдайдың сүйген құлы сол емес пе –
Кемеңгер ұл Қонаев Дінмұхамед.

Бір мысқыл болмаған соң ісінде олқы
Сүйді оны биіктігі үшін халқы.
Тақ үшін туғандай боп көрінетін
Мәрмәрдан қашалғандай мүсін қалпы.

Жүйріктің бермес болса жүлдесін де
Қарт тарих қалдырады кімді есінде.
Төбеміз тиюші еді көкке барып –
Сол тұрса политбюро мінбесінде.

Ұғынсақ ел қадірін енді ұғайық,
Көңілдің болмас ерге кеңдігі айып.
Қайтер ек ел тізгінін ұстап қалса
Миғұла Меңдібаев, Сеңдібаев.

Заманда алақұйын алмағайып
Таңқалсақ – таланттарға таң қалайық:
Бүгінгі ел басқарған Сұлтаныңды
Таныған тай күнінде сол Қонаев.

Айтылар күні туар бір алғыстың,
Рәсуа етпесін деп мұрамды ешкім,
Байқатпай баулыған сол жетілдіріп
Тастүлек балапанын қыран құстың.

Киенің көрінгенге қонбасы анық,
Қайтер ек – қыдыр дарып, қонбаса құт,
Қол бұлғап қалған еді кемеңгер қарт
Ел көшін тәуелсіздік жолға салып!

СӘКЕН СЕЙФУЛЛИНГЕ

Таң қалмаймыз қиянат іске ғажап
Бізге ертегі – басыңа түскен азап
Тойыңа кеп, төріңде шалқаямыз
Әңгіме айтып сені әлі күстаналап!

Мейлі, саған күмбез де салынбасын
...Таба алмаймыз біз енді оның басын.
Тек тыныштық беріңдер аруаққа –
Жер шарында енді аға дамылдасын!

Тоқтатыңдар, күңкілдер доғарылсын,
Ақын ұлдан өлгенде сор арылсын.
Мейманасы тасыған ұрпағыңды
Кешір, аға, сұрқия заман үшін!

Жер бетінде Сәкеннің моласы жоқ,
Тербетуге Сәкеннің баласы жоқ.
Моласы мен баласы жоқ болса да
Ештеңеге Сәкеннің таласы жоқ.

Зобалаңда, айналған адам аңға
Алтын басың қалды ма Магаданда.
Қайда барып аятты бағыштаймыз
Ғайып болған, моласы жоқ адамға.

Сол қапия тағдырың мұңайтады,
Аттар ма екен ақынды бұлай тағы.
Боралдайда қалды ма сай түбінде,
Кім айтады, хабарын кім айтады!

Жолдас етер иманын мүмкін, Алла?
Бір тербелсін аруақ бұл күні ол да
Моласы жоқ Ақынға тие берсін (қол жайыңдар)
Жер шарына оқиық... құлқу Алла!...

ТӨЛЕГЕН АЙБЕРГЕНОВКЕ

Жүруші ең келесі ғасырға күнара қонып,
Сен болсаң, тұрмас па еді мына ара толып.
Қараймын Маңғыстау жаққа көзімді сүзіп,
Шаншылып қалмадың ба деп, мұнара болып!

Кеудеңді кемерлеп жатқан барыңда асқақ үн,
Сен қашан құрбыңа керім жаныңды ашпадың,
Мөлтілдеп қалмадың ба деп қос тамшы болып,
Қараймын көзіне ұзақ қарындастардың...

Сен жаның бейуақ шақта көз ілсін деп пе ең?
Сағынып көгала күндерге көзің сүзбеп пе ең,
Сен бізді сағынғалы ұзап кетті ғой деуші ем,
Келді ғой аңырап тағы өзіңсіз көктем!

Бір сезім өзіңді жоқтап ақты денемде,
Сенбеймін созылып сені жатты дегенге.
Мен білсем –
гүр етіп бірден жанып кеттің-ау сен

Айналып өміріңмен де ақтық өлеңге!
1968 ж

РАЙЫМБЕК БАТЫР

(Аңыздай ақиқат)

Қонған екен қапысыз адаспай бақ,
Тау тұлғаңмен болыпсың алашқа айбат,
Хангелдінің тастүлек немересі
Тұла бойға тұндырған намыс-қайрат!

Жан емес ең қан аңсап, жау сағынған,
Күй төгіліп тұратын саусағыңнан,
Батыр болдың қалмақты бауша қырған,
Дұшпаныңнан кезің жоқ тау шағылған.

Болсын дедің қазақтың еркін елі
Сенің күйін әлі асқақ шертіледі.
Туған жерді құрметтеп жайнамаздай,
Қас дұшпанға бастырмау сертің еді!

Сертке берік ерлердің, антына адал
Дақ түсірмей өткен соң даңқына дәл
Өлерменге айналды өзгелері,
Қаһарманға айналды халқы қамал!

Ақ найзалы,
Нар қылыш,
Көк сүңгілі

Намыссың ба найзағай?!
Кексің бе ұлы?!
Нөпір жылдар көпірдей қалтылдаса
Аңыз болып кетеді көп шындығы.

Арманынан алаштың туды ма аңыз,
Есіміңді елдікке ту қыламыз.
Алматыдай абат-бақ қала болды
Дөң басында қалдырған дулығаңыз.

Жаратқан соң бізді де ерқара ғып,
Ұрпағыңбыз деп сенің арқаланып,
Тірлік кешіп жатырмыз Алматыда
Зиратыңды жатсынбай ортаға алып.

Шықпасақ та қару ап жорықтарға
Сыйынамыз рухыңа торыққанда
Басыңа кеп тілейміз тарыққанда,
Қасыңа кеп түнейміз қорыққанда!

Қамыққанда арқаға ызғар батып,
Ұлдар ұрпақ сұрайды,
Қыздар бақыт.
Қанша шапан жамылдық өзің үшін,

Қанша басты мұжыдық сізге арнатып!!

Аңыздардан айнымай жеткен белгі,
Қаусырасың даңқыңмен көк пен жерді.
Қиындықтың өзені қақ жарылып,
Райымбек!десем-ақ өткел берді!

Тастамадың дала мен тауды иесіз,
Тастамадың тобырды тәрбиесіз.
Бейбіт күнде батырдың бағасы жоқ, –

Қиын екен күн кешу әулиесіз!

Айбар болып алты алаш тудың елге,
Қалып қоймай гүлді бел,
нулы белде
шұбырынды жасамай жазғандарды

Қандай бақыт
Жатқаның шулы жерде!

Айналмай-ақ тас құдай,
жез көсемге
мақсат-мұрат бар еді өзге сенде;
Жаңғыртамыз атыңды жүз тілде біз

Ерсі-қарсы сабылып өз көшеңде!

Дей алмаймыз шүйлігіп жауға шаптық,
Өндіре алмай жүреміз дауласақ түк.
Ағаш таппай қалам мен қауға саптық
Біріміз кеп басында аят оқып,

Тіріміз кеп жасаймыз сауда-саттық.

Әулиесің, батырсың шын бағалы,
Үш жүзге де келерсің,
мыңға да әлі.
Хантәңірі жұртыңның қан тамыры,

Керек бізге мұртыңның сынбағаны!

Ұрпақ өсіп келеді ұрандаған,
Солар сенің сақтайды мұраңды аман,
Бар қазақтың бір жерге басын қосқан
Саған иман тілейміз бір Алладан!

СӘКЕН ИМАНАСОВҚА

Айтар едім ұқсам айқын –
Есімдерін құт санайтын
Сәкендердің не сыры бар
Ешкімге де ұқсамайтын.

Өмір өрге бастаса екен,

Қабақты мұң баспаса екен.
Сызданасың сыртыңменен,
Жоқ секілді басқа Сәкен.

Жылдарменен жарысқандай,
Кеңеюде қарыс маңдай.
Ызаланған кездерінде,
Арылдайсың арыстандай.

Одырайған орыс ағам,
Мінезіңнен дәріс алам.
Жақтырмайсың жан баласын –
Қарыздардай бәрі саған.

Бір киетін киімдейсін,
Түнерсең де түйілмейсің.
Сынар жерде – сынасың да,
Илікпейсің, иілмейсің!

Не ішпейсің, не шекпейсің,
Дарынсызды дос етпейсің.
Қаламдастың қасиетін.
Тек өлеңмен есептейсің.

Ашылмаған әлемдейсің,
Айтылмаған сәлемдейсің.
Сәкендердің осал болып,
Тумайтынын дәлелдейсің.

Өлең, өлең, өлең дейсің,
Өлең өлсе-өлем дейсің.
Осал жерің – аппақ қыздар,
Аппақ көрсең елеңдейсін.

Жер шоласын, бұлт аласын
Қаусыратын жыр табасың.
Өлең десе бурадай боп,
Буырқанып, бұрқанасың!

Кедейлердің дарқанысың,
Байимын деп қорқамысың?
Алакөлдің аш балығын
Шошытатын шортанысың.

Жүйткісе де қаламың көп,
Көңіліңде алаңың көп.
Депутат та болып көрдің,
Керек болса – боламын деп!

Сүрлеудейсің. Соқпақтайсың,
Аяр көрсең – аттатпайсың.
Ашуланған адамыңды,
Кітап жазып тоқпақтайсың!

От шашатын шақпақтайсың,
Сапарыңды тоқтатпайсың.
Барлық Сәкен атаулыны.
Жалғыз өзің жоқтатпайсың.

Шуылдақтар болды шулап,
Қонар елге қонды шын бақ.
Сәкен жайлы бұл өлеңде,
Болмау керек соңғы шумақ.

Т. МОЛДАҒАЛИЕВКЕ

Жүйріктей шашасына шаң түспеген
Ақынға бұйым ба екен алпыс деген.
Сен әлі сұлуларға сұғың қадап
Жазасың шамырқанып тал түсте өлең.

Алаңдап жұмысың жоқ ештеңемен
Жазасың түнде де өлең, кешке де өлең.
Қарыздар сияқтысың өлеңге әлі
Көп бұрын қосылсаң да көшке менен.

Алпысқа келді десе жыр-Тұманбай,
Жүрер ме елі сенбей, жұрты нанбай.
Көңілдің аппақ жібек орамалын
Кірлетпей, қапияда жыртып алмай,

Келеді жылдарына жыл қосылып,
Келеді мұңдарына мұң қосылып.
Тұманбай дейтін әлем аспанында
Жатқандай будақ-будақ жыр жосылып.

Ақынның тауып берер аңсарын кім,
Жұпарын жұтқың келер барша гүлдің.
Сезімін жыр сыйқыры тербегенде
Көзінен жас боп тамдың қанша арудың?!

Ғұмырын махаббаттың созған ақын,
Бәйгеден келе берсін озған атың.
Сыздатып сұлулардың омырауын
Сусылдап қаға берсін сөз қанатын!

ТҰМАҒАҢА

Жырдан талай ту алсаң да
Жүрек кілтің анық сонда –
Күлтәй дейсің қуансаң да,
Күлтәй дейсің қамықсаң да!

Осал жерің досқа мәлім:
Бағып соның қас – қабағын,
Күлтәй күлсе – аспан ашық,
Іздемедің басқа бақыт.

Қыз сүйдірді, ұл сүйдірді,
Кейде бәлкім күрсіндірді.
Күлтәйға арнап келе жатсың
Құшақ-құшақ тылсым жырды.

Өмір бақи дос қылардай
Құпиясын ашты қандай.
Тек Күлтәйдің арқасында
Әлі күнге жас Тұманбай.

Ол да сені сағынады,
Буырқансаң – бағынады.
Күлтәй риза болған сәттер –
Ең жоғарғы награда!

Аз сөзбенен көпті аңғартып,
Байқамадың өткенде уақыт.
Жарты ғасыр бір әйелге
Ғашық болу неткен бақыт!

Сөніп қалмай жанбай жатып,

Тамырдағы қанды ойнатып
Жарты ғасыр бір жігітке
Сыңар болу қандай бақыт,
Құмар болу қандай бақыт!

Жұрт көзінше жасқамайды,
Жаман жолға бастамайды.
Алтынға алтын жолықпайды,
Алтынға алтын жолықса егер –

Алтынды алтын тастамайды.

МЫРЗАТАЙ ЖОЛДАСБЕКОВКЕ

Қасиеттеп тірісінде тіріңді,
Іріні – ірі,
Пір деу керек – піріңді
Құбыласын түгендеген қазаққа

Өзіңіздей керек екен бір Үлгі.

Нұрын шашып ойға, қырға, Сырға да
Тоба дейік – ортамызда жүр ме аға.
Өз деміне даңдайсыған қоғамға
Тоқтау айтар керек Сіздей бір Дана.

Күлтегіннің кие қонған жұртында
Күлтегін деп ат қоймайды жұрт ұлға.
Бабаларды ұмыттырмай жүретін
Керек бізге өзіңіздей бір Тұлға.

Қасиетім – жыр-ата мен жыр-ана,
Марқаямыз айтыс дейтін мұраға.
Сол мұраның шырақшысы секілді
Ортамызда жүру керек бір Аға.

Ескі жайлы естілерден сұраңыз,
Түлемей ме сонда тарих, жыр, аңыз.
Сүйінбайды, Жамбыл менен Кененді
Қастерлейтін керек бізге бір Абыз.

Қоламтадан шоқ шықпай ма үрлесең,
Қыл шылбыр да күрмелей ме – күрмесең.
Кісіліктің қасиетін дәлелдер
Керек бізге өзіңіздей бір Көсем.

Қамырықсам – көңілімде тұрды атың,
Өкпелейді өзек жарған жырға кім.
Еліңе-ес,
Еріңе-сес болатын

Бұл заманға қажет Сіздей бір Хакім!

Бір бақыт қой Сізден саулық сұрасу,
Бір бақыт қой Сізге барып сыр ашу.
Жолға шықсам, жолымда ылғи тұрса екен
Жолдасбеков деген биік бір Асу!

СУРЕТШІ МАРАТ НҮСІПОВКЕ

Құдіретін танытып қыл қаламның
Салып жүрсің суретін бұл ғаламның,
Нүсіповтың ілінсе назарына
Бағы жанып кетеді тұлғалардың.

Бәрінің де жан сырын түсінесің,
Түсінген соң – бейнесін түсіресің.
Азаматтар секілді қазанаттар
Сенің суреттеріңде кісінесін!

Көзі түскен кісіге сыр ақтарар
Өзен де бар, тау да бар, қырат та бар
Нүсіповтың көзімен қараған соң
Түпнұсқадан артықтау бірақта олар!

Осы заман, келешек, өткен заман
Құдіретімен бояудың жеткен маған.
... Бар өмірді бұлжытпай бейнелейтін
Художник болмасаң – неткен жаман!

ҚАЗАҚ РАДИОСЫНА

Қай толқынды эфирде бұрады иең,
Сенсіз мылқау секілді сірә дүниең.
Ата – анамның даусындай аяулысың
Ей, менің қазақы ұлттық Радиом.

Кейде артық түссең де, кейде – кемшін,
Сұлу әуен, сыйқыр сөз, ойлы өлеңсің.

Менің даусым сенімен Елге жетті,
Сен менсіз де сөйлейсің. Сөйлегенсің.

Сен ғарышта, аспанда, ауадасың.
Дауысыңа дүние дауаласын.
Көктен дауысың құйылған күндіз – түні
Көрінбес Адам – Ата, Хауа – анасың.

Білем сенсіз таң атып, күн шықпасын,
Үйірілсін үніңе ұршық – басым.
Алматы, Астанадан сөйлеп тұрған
Қазағымның дауысы тұншықпасын!

Амандығын елімнің баяндасақ
Ішпей – жемей дауысыңа тоям ғажап.
Радиодан әнұран құйылғанда
Ұйқың шайдай ашылсын

Оян, қазақ!

ЖЫР – АМАНАТ

Қайтер ем: қайран Қасым – болмаса үлгім,
Басқа емес, жалғасымын сол Қасымның.
Қит етсе, тобығымнан қағып түсер
Менің де табылады жолдасым мың.

Мен – солмын, сол, баяғы, сол Қасыммын,
Тілеймін иілмеуін өр басымның.
Алдаспан жияр болсаң – алмасыңмын,
Қорытып құяр болсаң – қорғасынмын!

Өндірдей өлеңдерім – бөбектерім,
Әлдилеп бөбегімді өбектедім.
Ақиқат бесігінде уілдеген
Бөбегім ержетуі керек менің.

Ел едік отқа салған асылдарын
Қасқайып тумас күнде хас ұлдарың.
Алаштың жүрегінде жақтым шырақ
Танымай қалмасын деп Қасымдарын.

Сол үшін ұрынса да тасқа басым
Бәрібір бола алмаймын басқа Қасым.
Жанымды жанкештілер ұғынбаса

Көзімнен түйір-түйір жас тамасың!

Тұрса егер күн айналып, жер дөңгелеп
Кешпеспін мен де ғұмыр елден бөлек.
Басыңа жүрегіңнің бал тамызам
Секілді гүлден – белгі, белден – дерек.

Ақынның демес сорын жеңіл ешкім,
Елім деп емірендім, өліп-өштім.
Үстімде сұр шинелім сүйретіліп
Әйтеуір ел көшіне мен ілестім.

Ұшықтап қасиетті жыр-дұғасын
Көрінбей қастарында жүрді Қасым.
«Дауылдай өртке тиген өлеңімді»
Ұқпасаң, айналайын кімді ұғасың?

Суырып сын сағатта серме қылыш,
Тар жерде табан тайса – ерге өкініш.
Тағдырың тәлкек болған желтоқсанда
Тебіреніп жата алмадым көрде тыныш.

Намысқа түскен кезде бір ұшқын кеп
Айта алмай шепте таймай тұрыстым деп.
Желтоқсан алауындай лапылдаған
Қайратың мен емес пе ем Ырысқұлбек?

Мен емес бүғып қалған, күйбеңдеген
Ақынмын ажалдан да именбеген.
Жалындай шарпып көң бет, тоң беттерді
Жұбанның тілі болып сүйреңдегем!

Тәңірім жаратқан соң асыл ғылып
Ешкімге иілмеп ем басымды ұрып.
Талайдың төбесінен жай түсірген
Тірі екен Қасым-мінез, Қасым-қылық!

Қазақтың аспанынан серпілді мұң,
Көз тоймас керім, елім, көркің бүгін.
Көріме себелейді шұғыласын
Бұйырған маңдайыңа еркіндігің.

Қасым ба сөйлемесе бұлай Қасым,
Халықтың көрмесем де ұлы айқасын

Тебініп тайға мінген Тәуелсіздік
Қасымға өгей ұл деп кім айтасың?!

Жүргендер айыра алмай балдан басын
Атымды менің енді малданбасын.
Көк бөрік, көк жағалы көнпістердің
Қашанда зәре-құтын алған Қасым!

Айныман ақын деген болмысымнан
Алмаспын аярсынып қолды ұсынған
Жалаудай желбірер-ау қара пәлтем
Құтылса Қазақстан соңғы сұмнан!

Киелі кең мекенің арқадағы
Құшпасам құмарым бір тарқамады.
Қадалып қарыс жерден қарап жатыр
Ақкөйлек Астанаға Қарқаралы.

Әрине сендер менен басқасыңдар,
Аңқылдап Астанада бас қосыңдар.
Жарқылдап жаңа күннің есігін аш
Жүрегін қолына алған жас Қасымдар!

Не пайда тастан мүсін соқсаң дағы,
Өліге қошеметтің жоқ салмағы.
Көшесін Астананың кезер ме еді
Тобықтай Қасым ақын тоқсандағы!

Түсіріп Байқоңырдан алысқа нұр
Тоқтардай толықсыған арыстан-ұл
Қазақтың қиялындай самғағанда
Шағаннан шашып жаттым ғарышқа гүл!

Бұрқанып соққанымен боран – Қасым,
Белгілі Оралға енді оралмасым.
Тәңірден тілейтінім – текті туған
Тәкаппар рухым тек жоғалмасын!

Қамшы алсаң – әділеттің қамшысымын,
Тамсансаң – табиғаттың тамшысымын
Ән салсаң елім-ау деп еміреніп
Қазақтың Жұмекен мен Шәмшісімін!

Томпайған өз жерімде бір төбемін,

Ортайған кездеріңде жыр төгемін.
Дәриға дәрмен болса, ұшып тұрып
Көз жасын ғашықтардың сүртер едім.

Қағар ем арқасынан жас ініні,
Ақынның бәрі ендігі – Қасымұлы.
Дөңбекшіп жата алмаймын жер-бесікте
Дүңкілдеп құлағымда ғасыр үні.

Бауырға басар болса жыр – Қасымын,
Ақ көңіл, адалдардың сырласымын.
Күрсінсем – қарияның қарғысымын,
Сүйсінсем – сәбилердің іңгәсімін.

Сұлудың сыңғырлаған сырғасымын,
Қамкөңіл Қарасаздың жылғасымын.
Қуансам – арулардың күлкісімін,
Мұңайсам – Мұқағали мұңдасымын.

Төбемде тұнжыраған тұр ғасырым,
Әйтеуір маңайында жүр Қасымның!

Сүйрелеп мені қайда барасың жыр,
Тұрғызбас мәңгі мекен – аласа үңгір.
Талпынсам топтарыңа қосылам деп
Тартады аяғымнан қара шынжыр.

Қасымды тастаған соң шетке сүйреп
Белгілі сендерге енді жетпесім бек.
Шынжырлап төрт жағымнан тастаған ба
Қайтадан Қасым тұрып кетпесін деп.

Зираттың зыр қаққанмен іргесінде ел
Жан бар ма мені өзімен біргесің дер?
Талайлар әлі мені күндесім дер.
...Ақынның хақын жеген ел оңбайды,

Тірілер!
Өлеңімнің жүлдесін бер!

ҚАМШЫ ӨРІП БЕР

(Тельманға)

Ағатай, қамшы өріп бер сегіз өрім,
Шіркіннің шабандозы-ай дегіземін.

Әзірге мінер атым жоқ болса да
Жүйріктен күдерімді неге үземін?

Құмартып қазанатқа күн кешемін,
Шығарам қиялымның күнде есебін.
Жаратып ат мінетін кезім болды
Қашанғы кісі атына мінгесемін?

Кінәңді тобанаяқ тақпа ұлыңа,
Кез болдық заман ала шапқынына.
Мыңды айдаған кісінің немересі ек,
Бұл күнде жалтақтаймыз аттылыға.

Жүрмесе жазым тағдыр сүріндіріп,
Жазылар ат үстінде жырым күліп.
Ер қаруы деуші еді, қамшы өріп бер,
Ертеңгі күндеріме ырым қылып.

Мінгізер бір жүйрігін есті қайын.
Бермесе, үйреншікті ескі уайым.
Ағатай, қамшы өріп бер,тым болмаса.
Қомпаңдап қатыныма сес қылайын!

Т. САРЫБАЙҰЛЫНА

Ағайын күнде сыйлап бас тарта ма,
Қағайын қара өлеңмен досты арқаға.
Өзге емес, өзің жайлы ендігі өлең,
Ал, Темке, шақшаңды әкел, таста ортаға.

Жарасар егіз – қойға, жалқы – нарға,
Тас бұлақ қауғаласаң тартылар ма?
Арбалы ауылының баласы едің
Сүйреткен күміс күпшек алтын арба.

Елеңдеп есті жырға есі кеткен
Жасыңнан өлең қуған тесік өкпең.
Әр сөздің жалын сүзіп отырасың
Үйірге қосатындай осы көктем.

Алашқа аян болып жүрсе атағың
Жамылмай шайырлықтың құр шапанын
Балқытып көңілдегі қорғасынды

Құясың омпысына жыр – сақаның.

Маңызы – соңғы иінді, сарқындының,
Аңызы – көк бұзаушық алқындының.
Көргем жоқ, естігем жоқ басқа ақынды
Шығарған кітабынан даңқын бұрын!

Өлеңге керегі жоқ күш-айланың,
Сөзіңді жебей сауып, іш айранын.
Қазақта өзге ақынды мен білмеймін
Қызығын көрген бүкіл мүшәйраның.

Қулықпен ұпай алса жаппай жүлік
Мырза деп, сақи десіп мақтайды жұрт.
Жүресің көрінгенге қолқайыр ғып
Өзіңнің жол-пұлыңды таппай жүріп.

Үйінен шығуға да жұрт ерінсе,
Ізет қып
жүр келінше
бір Темірше,

Қағылған-соғылғанды тауып алып
Тұрасың кеңес беріп Күлтегінше.

Сыйласақ, біз ғой саған ағасың дер,
Жүреді бар мен жоқтың арасында ер.
...Оқимын осы өлеңді сен өлгенде,
Ал, Темке, тірлігіңде бағасын бер!

ЖАМБЫЛДЫ ҚОРҒАУ

Дауласқанға ақынмен даярсыңдар,
Жауласқанда көзімді жоярсыңдар.
Бірақ, бәрің естіген әңгімені
Естімедім десеңдер – аярсыңдар.

Қаңқу сөзі қазақтың неге өлмейді?
Ұлыңды да құлдай ғып көгендейді.
Жамбыл бабам:
«Немісті жеңдіңдер-ау,

Арғындарды не істейміз?» деген дейді.

Айтатындай болған соң бір себебі

Айтқан шығар ауылдың дүмшелері.
Ақ сақалды алаштың ақ туындай
Жамбыл солай деді деп кім сенеді?

Абайымен әлемге мақтанатын
Бірлігінен халқының бақ табатын
Сондай сөзді айтты деп кім сенеді
Арқасынан елінің қаққан ақын?

Арғын болып, әргім боп бөлінгенше
Өлім келсе қайтеді, өлім келсе?
Безер еді сол Жамбыл бұл өмірден
Арзан, арсыз қалжыңға телінгенше.

Кетеді ылғи сол сөзден мұздап ішім,
Кімнің жыртып жүргенбіз біз намысын?
Етек жауып, ел боп та жарытпаспыз
Ағайынның жеңбесек қызғанышын.

Не боламыз елді олай іріктесек?
Қуанбайық – қойында тұрып кесек.
Ұрар бізді Жамбылдың аруағы
Аруақтың атымен бірікпесек.

...Жамбыл да емен, мен өзім, арғын да емен.
Бақытымды дұшпаным бар күндеген.
Сол қалжыңды айтпай-ақ қойса екен деп
Жалтақтаймын бұл күнде әркімге мен.

ХХХ

Қара орманды жырлайтын, ақша бұлтты
Ақындар да бүгінде жоқ шабытты.
Қарқаралы басында – жалғыз арша,
Жапырағын жалмаңдап от шалыпты.

Қарағай мен шыршасы қапсырмалы
Талайларға осы орман бақ сыйлады.
Ақ балтырлы қайыңдар ажал құшып,
Көрден шығып жатқандай ақ сыйрағы.

Қара орманды қалың өрт жаусатқалы
Қаусап-қаусап қалғандай тау шатқалы.
Көрсетеді шошайтып аспан жақты

Қарағайдың күйелеш саусақтары.

Арса-арса болыпты аршалары,
Борша-борша болыпты шыршалары.
Қарағайдың шалыпты ұшар басын
Шайтанкөлдің шоршыған бір шабағы,

Менің аппақ көңілімді кір шалады...

Серік ақын, сен неткен көнтерлі едің,
Арманыңның көріпсің өртенгенін.
Орман күйіп жатқанда төбесінен,
Шайтанкөлді сен неге төңкермедің?!

АҚСЕЛЕУ СЕЙДІМБЕКТІҢ ҚАЗАСЫ

Өтеді хан да, қара, сақи, дана,
Аттанып бара жатсың бақиға, аға.
Өмірің алты алаштың олжасы еді,
Өлімің де айналды оқиғаға.

Тәңірі жаратса да мұратты ұл ғып
Бұл өмір өте шықты бір-ақ күндік.
Кемсеңдеп Кекілбаев сөйлегенде
Басқамыз бауырым деп жылап тұрдық.

Тауысып пәнидегі ғұмырыңды
Табарсың тұрақтайтын тұғырыңды.
Мәңгілік қоштасуға қимағандар
Соңыңнан келеді еріп шұбырынды.

Білеміз ажал мерей тасытпасын,
Сол ажал жігерді де жасытпасын.
Сен өзіңнің ажалың арқылы да
Үш жүздің бара жатсын қосып басын.

Жаңаарқа танып сені жөргегіңде
Әлпештеп шығарған-ды ел көгіне.
Қаумалап келдік қоңыр төбеге енді –
Өзіңмен түсетіндей көрге бірге.

Білетін дұғаны айтып құрандағы,
Ауызға алып тұрмыз бір Алланы.

Туған ел құшағынан шыққан ұлды
Туған жер құшағына тұр алғалы.

ОРАЗАЛЫ

Оразалы,
Оразалы!
Қаңғыған оқтан болар бөрі ажалы.
Сені де қинар ма екен көр азабы?!

Сенің үйің үйлердің шеткісі еді,
Түнгі мейман шеткі үйге кеп түседі.
Домбыраңды әлдилеп жүргеніңде
Домбыраңның үзіліп кетті шегі.

Сөзден соғам деп жүріп зор мұнара
Сорың қайнап қалды-ау,
Сорлы бала!
Талантты өзі жаратып,

Тәңіріміз
Сол таланттың алдынан тор құра ма?!

Тартып туса тегінен сұңқарға асыл
Тура келген тағдырдан бұлтармас ұл.
Шаң қаптырып кетті ме қапияда
Тақымыңнан бұлт етіп тұлпар ғасыр.

Ай, Ораз-ай, Ораз-ай,
Ораз ақын!
Заманада бөрі арып,
Ер азатын,

Тік көтеріп төбеңе талантыңды,
Түсірмеп ең төменге төре затын.

Амандықпен,
Адаммен араз ғасыр
Айтпайтынын біліп ек Оразға сыр.
Өзіме-өзім дұға оқып отырғандай

Көздің жасы тамады қағаза сұр...

Айырықша естілген әуелде үні
Алты алашқа танымал
Әуенді іні.

Қош бол енді
Тәуелсіз қағанаттың
Тауқыметке туғаннан тәуелді ұлым!

МҮЙІЗ КЕСУ

(БЕЙНЕКЛИП)

Оралхан Бөкейге

І Кейде жылап, Жүрсек те кейде күліп, Болмашыға қуанып, Кейде өкініп. Киногердің көзіне шалынбайтын өмір деген – Дап дайын бейнеклип.

Таудағы елдің таңсықтау салты білем:
Таңертеңгі маусымның салқынымен
Бұғыларды қораға қамап қойып
Мүйіздерін кеседі дәл түбінен.

Тілдеріне жатқан жоқ сөз оралып,
Мақұлықтың азапқа төзері анық.
Зырқыраған арамен қинағанда
Бейшараның кетеді көзі аларып.

Көргің келсе кадрды ең шырайлы:
Шығып кетпей кеудеден,
Жан шыдайды.
Боп-боз болған мүйіздің тұқылынан

Күн астында қызыл қан тамшылайды.

– Піскен мүйіз!

деп біреу бал ашады.
Біреулері бұтағын санасады.
Тостағанын,
Шөлмегін ұмсындырып,

Қызыл қанға барлығы таласады.

Кім сенбесін ертегі жақсы аңызға,
Бар мәселе пұлыңыз,
ақшаңызда
Қайратымды қайтарып аламын деп,

Қан ішеді пақыр да,
Патшаңыз да.

Сыздап шыққан бұғының сүйегінен
Беу, қызыл қан!
Соншама киелі ме ең?
Қан шарапқа құныққан қазақтардың

Қан сорғалап тұрады иегінен!

Бір ішкеннің екі ішу серті білем,
Құныққандар келеді жер түбінен.
Қаптап кеткен қан ішер қазақтар бар
Ыстық қанмен айығар дерті кілең.

Жан-жағыңа қарасаң
нау қарағай.
Нау қарағай басынан жауған арай.
Мүйізі жоқ маралдар басын шайқап

Маңып бара жатады тауға қарай.

Тағайын деп тұрғам жоқ
Жоқты кінә
Бұл не дәстүр?
Заманның тоқтығы ма?

...Қуанасың
Қазақтар қағып алар
Қарағайдай мүйізің жоқтығына!

САБЫРХАН АСАНОВТЫҢ ҚАЗАСЫНА

Шақырады телефон тағы азаға.
Мерт болыпты тағы бір сабаз аға.
Көңіл айтып біріміз бірімізге,
Тойдан жиі барамыз жаназаға.

Күпшегіндей шиқылдап көне арбаның

Аралап жұр сұм ажал өнер бағын.
Айбалтамен қияды ол тамырыңды
Тума талант болсаң да,
Кемел дарын.

Ажал бермес жансауға сұрағанмен,
Жұлып алып жөнелер жырақ елден.
Бір адаммен қоштасып болмай жатып
Бақұлдасып тұрасың бір ағаңмен.

Қарамас ол сенгенге,
Сыйынғанға,
Жалынғанға,
Өтініп, қиылғанға.

Басылады өксігің көр топырақ
Өзіңнің де көзіңе құйылғанда!

КЕҢШІЛІК МЫРЗАБЕКОВТЫ

АЛМАТЫДАН АТТАНДЫРУ

Аттандырды соңғы рет елге сені
Өзің көрген Алматы сол кешегі.
«Екі-ақ сағат ішінде Торғайыңа
Жетеді» – деп біреулер жол кеседі.

Сенің жолың кешеден кесілуде,
Жатсың үнсіз табыттың бесігінде.
Жібергісі келмей ме Алматының –
Самолеті Торғайдың кешігуде.

Самолеті Торғайдың кешігуде,
Шешінуге шамаң жоқ, көсілуге,
Мерт боп елге оралған жауынгердей
Сен жатырсың қу темір бесігінде.

Келмедің бе, келдің бе кемеліңе,
Мін тағар ма мұндарлар өлеңіне.
Мәңгіліктің мерт болып майданында,
Қайтып бара жатырсың сен еліңе.

Мақсатыңа жеттің бе, жетпедің бе,
Күн түсіре алдың ба көп көңілге.

Өміріміз бар еді өткеніңде,
Тағдырымыз жатыр ма кеткеніңде...

Кейіме енді досқа да, жарыңа да,
Бітер жері ғұмырың – бәрі нала.
Жаяу-жалпы жетіп ең Алматыға,
Ұшайын деп жатырсың, Сарыбала!

Бір жұмбақ бар тағдырдың кесімінде.
Ұшайын деп жатырсың бесігінде.
Құшайын деп жатырсың мәңгіліктің.
...Самолеті ғайыптың кешігуде!

ДЕМЕУ

(Құрманхан Қалабаевқа)

Дөкей емен,
Ірі емен,
Кішкенемін,
Кішкенелік, сен маған не істемедің?!

Ойым жеткен жерлерге бойым жетпей
Бармағымды қаншама тістеледім!

Жарқыратып жүрсе де күлкімді күн,
Көңілдегі көшірер бұлтымды кім?
Бір жақсылық жасайын деп ойласам
Келмей қойды, құдай-ау, мүмкіндігім.

Бере алмадым қарыз да сұрағанға,
Ырза болмай ісіме жүр ағам да.
Ықыласым болғанмен мың адамдық
Шарапатым тимеді-ау бір адамға!

Біреу үшін су кешіп, от оранып.
Құтқарғам жоқ төнгенде қатер анық.
Ат мінгізе алмадым бір адамға,
Бір адамға бергем жоқ пәтер алып!

Аппақ-аппақ арманым ұрланды мың.
Адамдар-ай! Болар ем құрбандығың.
Қалай ғана сездірем өздеріңе
Жүрегімнің елжіреп тұрғандығын!

ӘПКЕ

(Сақыпжамалға)

Ақ жібек желкеніндей ақ кеменің
Көңілім алаң болды-ау, әпке менің.
Тигізер саған мүлде жоқ көмегім,
Қайтіп бұл жүрегімді қақ бөлемін!..

Сәби деп жардың басын жағалаған
Сен де әлі боламысың маған алаң?
Едік қой қоңыр қаздың балапаны
Біріміз бірімізді паналаған.

Есейтті, есейтті ғой өмір бізді,
Өткіздік басымыздан не бір күзді.
Сырласып, мұңдасатын сонда бір шақ,
Естелік болып қалды көңілде ізгі.

Беймезгіл көңіл-сабын сан бұзылды,
Жабырқап тағы бүгін қалды зілді.
Шырылдап жүрсің-ау сен тілей-тілей,
«Сақтай гөр, сақтай гөр» деп жалғызымды.

Жүргем жоқ күн өткізіп селтеңменен,
Жыраққа әкетті алып желкен-кемем.
Жолығып қалған шақта жан сырыңды
Айтасың көз жасыңмен мөлтеңдеген...

Асықсаң үй ішім деп, от басы деп,
Кідірткім келеді ылғи тоқташы деп.
Алыстап бара жатсың бірте-бірте,
Мен үшін одан асқан жоқ қасірет!

Демеймін күнде өтеді күрсініп күн,
Үзілмей жібек жібі жүрші үміттің.
Түсетін бауырлардың арасына
Апыр-ай, заңы қатты-ау тіршіліктің.

Таусылмас қызығымен көзді алдар күн,
Белгісіз – қалғандар кім, озғандар кім.
Мінеки, өтіп барам тағы зулап
Тұсынан сен жолығар вокзалдардың!

МАҚҰЛБЕК РЫСДӘУЛЕТОВКЕ

Жылдамын-ай жылдардың тізбегінің,
Салқындығын сездің бе күз лебінің.
Кеше ғана тәртіпсіз тәлибан ек,
60-қа келіп қалдық біз де бүгін.

Көркіңе көзіңді сал көп елестің,
Туған жоқ табиғаттан бөлек ешкім.
Алдымызға шығатын адам жоқ деп
Ішінде жүруші едік төбелестің.

Біздерді шаттығымен шақырған бақ,
Қаңғырып кетуші едік қатынды алдап.
Есіңнен шыққан жоқ па ер Нұрмахан,
Ойыңа орала ма батыр Бағдат?!

Қиынға қайрап салса кетілмедік,
Замана жел боп соқса, өтінде едік.
Жалпағыңнан басушы ең Жезқазғанды
Мырзатовтың мырзасы секілденіп.

Қырық жыл біз өзіңмен танысқалы,
Қырық жыл уақытпен жарысқалы.
Елеңдеп жүрем ылғи дүбіріңе
Тілеулес досың болып алыстағы.

Таластың суы жетпей жұлығыңа
Тараздың сөзің өтті ұлығына.
Қартайдық дей алмаймыз – қарап тұрсаң
Көпеннің кей-кейдегі қылығына.

Басыңа қиял толып күнде түрлі
Әлі де болашаққа бұр бетіңді.
Қартаю қайда бізге – кездескенде
Қақ бөлуге жарасақ бір литрді.

Бұзылса бұрынғыдай дәрет егер
Жігіттік парызыңның бәрі өтелер.
Қалтаңдап қалғанынша қара басың
Дәметкеннен мейірім дәмете бер!

КҮТУ

(Айтыскер Мұқаш Сейтқазиновқа)

Тексеріп тергесеңіз түп атасын –
Ұлытаудың бұлағы мен бұтасы ақын.
Өлеңі өмірімен тұтасатын
Сол елдің баласы едің, Мұқаш ақын.

Демейсің «өгіз өлді, арба сынды»,
Өлеңнен басқаға имей өр басыңды,
Қорғасындай ойлардың ортасында
Мекендеп келе жатсың «Қорғасынды».

Сен онда жүрген жоқсың қарынды ойлап,
Болады дарындардың бәрінде айбат.
Дәуренің жүрген кезде дара шауып
Еліңе олжа салдың «даридайлап».

Елемей екендігін қолдың қысқа
Өлеңмен сілтеуші едің жолды ұлысқа.
Ұлытаудың ойында жүрген ақын
Ұлтыңның ұлдарына болдың нұсқа.

Биліктен қалдың бірақ үлес алмай
Талантта тағдыр болар міне сондай.
Даңқың мен дауысыңа қалып еді
Басқа емес, домбыраң да ілесе алмай!

Жатырсың мүшеліңді сірә тойлап,
Тойлауда да бар шығар мұрат әйбат.
Біз әлі тосып жүрміз – айтыстардың
Алаңына шығар деп бір атойлап!

М. А-ға

Керегі жоқ. Білмеймін –
нешедесің?
ғашық жырдың көгертіп көсегесін,
Ынтық жүрек,

Ып-ыстық алақанмен
Нұрлантасың өлеңнің пешенесін!

Шағаладай шаңқылдап шындық үшін
Мұңаюмен жүрмісің, мұңды құсым?!
Желбауынан босаған өлең-үйдің
Желпілдеген желмая түндігісің.

Мұңды құсым!
Домбыраның қаз мойын күмбірісің.
Хрустальдің мөп-мөлдір сыңғырысын.
Аппақ жеңгем майысып кесте тіксе,

Кестесінің келісті бір гүлісің!

Үлпілдеген жалғыз тал қауырсынсың,
Қауырсынды қандай құс ауырсынсын?!
Тауға барсам –
таңғы шық өрнектеген

Салқарағай сәулетті самырсынсың!

Үлбіреген мамықтай бар тұлғасы
Махаббаттың мейірбан Марфуғасы.
Тереңінен теңіздің сүзіп алған
Маржандай боп жанарға жарқылдашы!

ӨМІРЗАҚ СӘРСЕНОВКЕ АРЫЗ

Көретін күнімізден біздің әлі
Жетеді құлағыма күздің әні.
Шамамызға қарамай еркелесек
Өмеке, оған жалғыз Сіз кінәлі.

Өйткені, аз ғана күн билеттіңіз,
Көштен кейін қалма деп сүйреттіңіз,
Етікті қонышынан басып жүріп
Еркін жүріп-тұруға үйреттіңіз.

Жарылқап баламызды, жарымызды
Бақытқа бөледіңіз бәрімізді.
Патшаның баласындай тайраңдадық
Теріп жеп Сіздің шашқан тарыңызды.

Бірақ көп қыздырмады шекемді күн
Өмірге байқалып жүр бөтендігім.
Шөміштен қысылғанда бір – ақ білдік
Бәріде уақытша екендігін.

Шындықты келмесе де мойындағым

Уақытша екен ғой тойынғаным.
Біліп жүрмін – істеген ісім түгіл
Сөзіме де қарауыл қойылғанын.

Мен бірақ қарауылға үйренбегем
Күнімді артық көрем күйбеңдеген.
Ыңғайға жығылуға ыңғайым жоқ
Тілімді кесіп тастап сүйреңдеген.

Бұл күнде қалтам – тесік, Қарыным – аш.
Азайды арғымақтың жалы құлаш.
Алайда, ұйқым – тыныш, күлкім – түзу
Әйтеуір болмаған соң арым ылас.

Үн – түнсіз үйренсек те күрсінуді
Жұртқа да сездірмеймін бұл сырымды.
Түсімде көрдім бе екен сол кісіні
Дейтұғын: «жасытпаймын Жүрсінімді».

Қайтадан басталған соң аяңдауым
Есіме алып енді қоям бәрін.
Япыр – ай, сол көргенім – түсім болса,
Ұйқымнан керек еді оянбауым!

Бітпейтін адамдармыз біз дауымыз,
Басылмас сырқырау мен сыздауымыз.
Өмеке!
Таң атуға таянғанда

Ұйқымды керек шығар бұзбауыңыз!

ҰЛЫТАУДАН ОРАЛДЫМ

Тұманбай Молдағалиевке

Тұмаға, жүргеннен соң көп хабарсыз
Ініміз ұмытты ма деп қаларсыз.
Ауырып жатқанымда хал сұрамай
Демеңіз Ұлытауға кетті алаңсыз.

Сенсеңіз жаңаланған міні тәубам.
Жүлде алып оралғам жоқ Ұлытаудан.
Қиылып қалмаса да үміт-арман,
Жасыған жігерімді ұмыта алман.

Бәйгеге жалғыз атын қосып інің,

Оралды Ұлытаудан осы бүгін.
Көңілге қаяу түскен жағдайы бар
Айырып қасы кімін, досы кімін.

Табаннан таймас деген жолдар тайып
Оралдым бұл сапардан сәл қартайып.
Аңқылдап ауылым деп барғанымда
Сабасы көңілімнің қалды ортайып.

Талпынып шыға алмадым биікке бір,
Қарайды бәріне үрке киік-көңіл.
Жеткенде алып-ұшып сағынысып
Кеткендей сыртын беріп сүйікті өмір.

«Құлансың тауып жүрген жырақтан нәр
Деп едің алдыңда інім бір ақпан бар».
Шын екен, мені қайтсін мен түгілі
Шалқадан Шоқанды да құлатқандар.

Пейілмен Сарыарқаның даласындай
Айтушы ең сырларыңды баласынбай.
Тұмаға, өзіңе айтпай, кімге айтамын –
Ініңнің қазіргі бір халі осындай.

Демеймін ұйқымызды бұзған қай шал:
Дамылсыз достарымнан қызғанбай сәл
Ініңнің жайын біліп бейуақытта
Тұмаға, өзіңде бір звандай сал.

ЕР СЫБАҒАСЫ

Мырзатай Жолдасбековке

Бар болса да майыспайтын емендер,
Нар болса да қайыспайтын кемеңгер,
Тіл-көзінің сұғы бар ғой қазақтың
Кемеңгерге кемеңгерсің демеңдер!

Шешем бекер жеген бе деп қалжасын
Құмыққанда жұтсын көздің ол жасын.
Ел бақыты ердің қасіретінен
Құраларын өз басынан болжасын.

Інің жылпос, болатынын қартың сұм

Ұғынғанда қан жыласын. Шарқ ұрсын.
Аярлықтың суына шөл қандырып
Ақылының азабына қарпылсын.

Мойынын сәл оздырғанда ортадан
Білсін жұрттың бермейтінін жорта мән.
Білсін ешкім сыйпамасын маңдайдан,
Білсін ешкім қақпайтынын арқадан.

Кемеңгер ұл кісілікті оятқан
Сыбағасын жесін әбден таяқтан.
Көрсін жұрттың көпшік қойып тұрған боп
Қан қақсатып шалатынын аяқтан.

Қазағым деп қапылып ол жүр босқа,
Қамыққанда кісі таппас сырласқа.
Данышпан бол, ақылман бол, бәрібір
Қазақ болып туу деген бір басқа.

Тәңір деген тағдыр құрған тор бар да
Кемел туып, пешенесін қарғар ма?!
...Озбыр заман өңешіне кептелсең
Оңай емес айналуың мәрмарға!

ПЕЙІЛ

Профессор Ә. Ыдырысовқа

Қыстан қауіп ойлайды күзгі бақтар,
Көне таудың ығында жүз бұлақ бар.
Аға, Сіздің көңілдің жайлауында
Үйездейді әлі де біздің аттар.

Өмір – шеше тұрғандай алдан күліп
Бойымызда жоқ еді жалған қылық.
Жас тоғайдың жабайы жидегі едік,
Жолықтырды өзіңді бағбан қылып.

Білуші едің толарын гүлдің немен,
Қыздың – көркем боларын,
Ұлдың кенен.
Бой түзедік өзіңе еліктеумен,

Ой түзедік үйреткен үлгіңменен.

Айтушы едің теңіз сыр, тылсым аңыз,

Әлі ойыңнан шықсақ деп құлшынамыз.
Өрмек – өмір ауса да ортасынан
Өз алдыңа барғанда қымсынамыз.

Шағымызда шау тартқан өніп-өсіп,
Жабылмайды тиексіз көңіл-есік.
Бір өзіңнен үйрендік
Сүйер болсаң

Сүю керек екенін өліп-өшіп!

Қыр баласы демедің,
Ой баласы,
Сені тапты қазақтың қайманасы.
Адал асқа жайылған дастарханың

Адамшылық пейілдің жайнамазы!

Болмасын деп үкілі ұлыңда мін
Тараушы едің тұлпардай тұлымдарын,
Үйіріне қайрылып кісінейді
Алтын арқан сүйреткен құлындарың!

КӨПЕНГЕ АҚЫЛ-КЕҢЕС

«Түсіп кеткен құдығыңда тұра бер!»
О. Әубәкіров
Көпен досым,
Бір өзің бір театр,

Сайқымазақ күлкіңді сәл тыя тұр.
Саған жаным ашыған соң айтамын
Есіңді жый!
Мен айтамын бір ақыл:

Сатираның жүргізем деп кемесін
Сен отыз жыл арпалысып келесің.
Қарсы алдыңа келгендерді тістейсің,
Ту сыртыңа шыққандарды тебесің!

Күлесің кеп,
Күлкіге бір тоймайсың.
Қанша таяқ жедің,
Неге қоймайсың?

Ажалына асық болған қарғадай

Аспандағы бүркіттермен ойнайсың!

Жүре бермей үйреніскен ортаңда,
Айналыпсың бүгінде сен тарпаңға.
Нең бар еді Заманбек пен Мұхтарда,
Нең бар еді Фариза мен Шерханда!?

Ерлігіңді түсіне алмай қауым дал:
Соғып жатыр тұс-тұсыңнан дауылдар.
Сен неше жүз пародия арнасаң,
Соншама жүз бітіспейтін жауың бар!

Төрелерді айналдырдың байғұсқа,
Білемісің жетеріңді қай тұсқа.
Аз болғандай әкімдер мен ақындар
Аузыңды аштың енді біздің айтысқа.

Сенемін деп әзіл-сықақ өлеңге,
Сау тамтық жер қалмап еді денеңде.
Қасыңдағы ең соңғы дос мен едім,
Көпен досым,

Айырылдың-ау менен де!

Демесек те Тайбурылсың,
Құлагер,
Саған, досым, неге бүйрек бұрады ел.
Жан-жағыңа жалтақтамай,

Жасқанбай,
Түсіп кеткен құдығыңда тұра бер!

Сол құдықтан құтқармайды елің де,
Енді елу жыл тұрасың-ау кемінде,
Қалжыңымен қазақ елін қуантып,
Әне, «Көпен келе жатыр»

Елуге!

ДАЛАМДАЙ ДАРХАНЫМ,

ТЕҢІЗДЕЙ ТЕРЕҢІМ

Алаштың ардағы Ақселеу Тарақты,
Тәңірім өзіңді текті етіп жаратты.
Сояудай сорайған бойыңа болайын,
Айналып кетейін көзіңнен қарақты.

Даладай дарханым, теңіздей тереңім,
Дүлдүлдей жүйрігім, өгіздей кереңім.
Сұңқардай сұңғылам, жібектей жұмсағым,
Қасымда жүрсең де сені іздей беремін.

Қызырың қолдасын, аруақ жебесін.
Уызға жарыған марқасың, кебесің.
Халықтан барлығын үйреніп алдың да,
Халыққа қайтадан үйретіп келесің.

Дәстүрдің білгірі, салтыңның сақшысы,
Заманның заңғары тарихтың хатшысы.
Кейде біз ойлаймыз Геродот ақсақал
Болған-ау сірә деп Ақаңның атшысы.

Аңызын естісең көңілің толғандай,
Көш құлаш уәжі көкейге қонғандай.
Көсілтіп сөйлейді көненің тарихын
Жорықта Жошының жанында болғандай.

Айтыса кетсеңіз уәжбен жығады,
Бекерге дауласпа – боласыз кінәлі.
Ақаңда шақша көп, бірі сол шақшаның
Құнанбай қажыдан қалған боп шығады.

Көңілдің төріне орнатып Абайды,
Ақаңның жүрегі талайды қалайды.
Ыңылдап айтқанын жұрт әнге балайды.
Дыңылдап тартқанын жұрт күй деп санайды.

Ақаңның білмейтін бәлесі шамалы,
Пайдасы тимейді, жоқ және залалы.
Құнығып кіріссе қияды барлығын:
Суырып береді, сыпырып алады.

Дүние жалған ғой, қызықтап тоймайсың,
Ойнамас ойынды бекерге ойнайсың
Баскетбол секілді ойынды ойнайсың
Алдыңа жан салмас еді-ау деп ойлайсың.

Жүзінен көрінбей архивтің азабы,
Үстіне қонбайды тарихтың тозаңы.
Кәдірбек білмесе, біз қайдан білейік:
Қай уақытта оқиды? Қай уақытта жазады?

Айдынның төсіндей жарқырап аймаңдай,
Айтуды білмейді бір сөзін ойланбай.
Қолында таяғы, маңқиып жүреді
Пәнидің тірлігін тындырып қойғандай.

Тәңірі көрмесе айтқанды күпірлік
Ақаңа арнауды осымен бітірдік.
Сәкенді көрмедік.
Алайда, Ақаңның

Соңына ергенге етеміз шүкірлік.

ҰЛЫ ОТАН СОҒЫСЫНЫҢ АРДАГЕРІ

ӘБСАТ ЕРМАНОВҚА

Бұл сенің қартаятын шағың ба шын:
Болыпты-ау самайыңда ағың басым.
Қасыңнан тұрмын енді ұзай алмай
Келіп ем құшағыңды сағынғасын.

Деп келдім «Маңдайымнан сүйсін ағам»,
Сол болсын қалап алған сый-сыбағам,
Алыста жүргенімде сағынайын,
Ей, аға! Бір базына қишы маған.

Жүзіңнен айналайын тер шұбаған,
Інімнің қалағаны дерсің, ағам:
Тұяғын тұлпарымның тағалап бер,
Шыдармын бір ерлікке ер шыдаған.

Ей, аға, бір базына берші маған.

Қамшыңды қиярмысың қыстар атты,
Берсең бер мойырылмас мыс тарақты.
Жаныңның аптабымен таптап соққан,
Әйтеуір бір бұйымға құштар-ақпын.

Қарайсың қарт дидарың тек дірілдеп,
Көзіңнің қарашығы кетті ірілеп.
Аунайды көкірегіңде сыршыл жүрек,
Лаулайды көрігіңнен от дүрілдеп.

...Көзіңнен күннің нұрын ұрласа айың,
Сен маған сәлем жолда тырна сайын.

Ал енді арман толған кеудеңді әкел –
Толқытып көкірекке бір басайын.

ҚЫЗҒАЛДАҚҚА

Қанеки тырбаңдаған сиқың кәні,
Талтүсте ашпапсың ғой ұйқыңды әлі.
Санаңды тал бесіктей тербете ме
Мамаңның маужыраған сүйкімді әні.

Бөбегім, ашпаймысың ұйқыңды шын,
Мамаң да, ән де, сен де сүйкімдісің.
Осынау бақыт-шақтың қасиетін
Сен әлі түсінбейсің, ей тұңғышым!

Шалт етіп шаттығының шамы сөнген
Сан тағдыр қасіретіне таныс ем мен
Бақытым ұзағынан сүйіндіргей,
Мен осы қызығыма әлі сенбен!

Ақ сүтін бойымызға дарытып ел
Қойыпты үшеуімізді жарытып ел:
Мен – бармын, сендер – барсың,
Отан да – бар,

Апыр-ау, шыныменен бәрі түгел!

БАҚЫТЖАМАЛҒА

Думан еді-ау сен маған жолыққан күн,
Болмайды екен мәңгі той.
Оны ұққан кім.
Жәрмеңкесі тарқаған жастығымның

Ескерткіші бір өзің болып қалдың.

Сен мені іздеп,
Жүруші ем мен сені іздеп,
Кейін енді ақыл да енсе бізге.
Біз балалы болғанда – өзіміз де

Бала едік-ау
Келмеген он сегізге.

Бірге кешіп шаттықтың нұрын ізгі
Жасырмай-ақ өстік біз сырымызды.

Сәбилерді ғана емес,
Тәрбиелеп
Келіппіз ғой біріміз бірімізді.

Нұрлы күнім өзіңсің жарық айым,
Сенсіз өткен сағатым – сарыуайым.
Өзің барда түп-түгел төрт құбылам,
Өзің барда бәрі – бар, бәрі – дайын.

Болып алдық бұл күнде сабырлы адам,
Баяғыдай болмаймыз дабырға алаң.
Қанаттанып кете гөр үш балапан,
Тыныштықтың көлінде мамырлаған!

М. МАҚАТАЕВҚА

Сұлулардай соңынан сөз бораған,
О, менің құпиямды қозғар ағам,
Боз даланың боздаған ботасы едің
Неге өспеген басыңа бозқараған...

Найзағайдай шашылған жарқылдары
Сен өлеңнің көркі едің нар тұлғалы.
Нар тұлғаңды зар болып бір көруге
Қарасазда қауқиған қартың қалды.

Қалды бәрі!
Жетімдер, жесірлер де,
Жайсаңдар да, кесепат-кесірлер де.
Мекеніңді мәңгілік дүбірлетіп

Өтіп жатыр өмірдің көші іргеңде.

Анау – өзің алшаңдап кіретін бақ,
Сол бақта енді сен жазған жыр өтімді-ақ:
Мынау – біздер көшеде сабылысқан
Бірімізді біріміз жүре тыңдап...

Өзімізше бір терең теңіздейміз,
Теңіздейміз, тереңнен кен іздейміз.
Жеңгемізді сағынсақ – жырыңды оқып
Ағамызды ойласақ – сені іздейміз.

Жолықпайсың «Есіктің» ауласында,
Жұмысың жоқ тіршілік саудасында.

Қабағыңды сәл шытып, Алматыға
Қарап тұрсың тұманды тау басында.

Қарап тұрсаң – қасыңнан ел көшкендей,
Мәңгілікпен мәңгілік белдескендей,
...Қайыры жоқ күн өтсе, Қысыламын –
Сен кешетін ғұмырды мен кешкендей!

ҮШ ПЕРЗЕНТ

(Қызғалдаққа, Дарханға, Ардаққа)
Бір енеден үш едік,
Үшеуіміз жүргенде.
Толып жатқан күш едік.

(Махамбет
Үш көктемге ұқсаған,
Үш жазыма,
Үш балам бар,

Үшеуі – үш қазына.
Бірі тартқан айнымай әкесіне,
Бірі тартқан шешесі – ұстазына,
Үш балам бар,

Үшеуі – үш қазына.

Үшеуін де айырмай ұстағанмын,
Үшеуінде үні бар үш ғаламның.
Бір ұядан үшеуі түлесе де,
Мінезі бар үш түрлі үш баламның.

Сәл ұяңдау тұңғышым,
тырнағалдым,
Тұңғышымды мен талай жырлағанмын.
Бір баламның көңілі дариядай,

Жаны құмар шатаққа бір баламның,

Бір балам бар – бәрінен пысығырақ,
Бір баламның басымдау күші бірақ.
Біреуі сәл момындау болғанымен
Басқаларын басады мысы бірақ.

Мазаласа
Көңілді етіп алаң,

Жазаласам –
Өз балам, жекіп алам.
Бір баламның қабағын кірбең шалса,
Үрпиісіп қалады екі балам.

Ұлғайғанмен үш есе ішкі алаңым,
Үш баламмен түлеймін, ұшталамын.
Үш балам бар ошақтың үш бұтындай,
Үш перзентім – секілді үш қамалым.

Үлесімде үш бірдей жүлде менің,
Қыз демедім, бөлмедім, ұл демедім.
Үш дәурен боп жайнаймын, гүлденемін,
Үш бұлақ боп төгілсін күнде өлеңім.

Алаламан үшеуін,
Бөлектемен.
Үшеуін де шуаққа бөлеп келем.
Үш қыранға айналсын үш балапан,

Ұшып шықсын ұядан, көмек берем.

Үш перзентім – үш арман, қиялсыңдар,
Үш дария – үш көлге құярсыңдар.
Қанасына сыйғанда бір ананың,
Даласына қазақтың сиярсыңдар!

Не боламын үшеуін үш бөлгенде,
Бірін – сүйіп,
Біріне– тістенгенде.
Кіндігі бір үш перзент келеді өсіп

Даласындай қазақтың үш бөлмемде!

БӘЙКЕН ӘШІМОВПЕН ҚОШТАСУ

Санада енді осынау тұрар үлгің:
Көңілдің тарқатар деп мұнарын кім
Сертке берік жан едің, селт етпестен
Соңынан кете бардың сыңарыңның.

Жүректің қаныменен жоқтап әркім
Өзіңмен келеді енді мақтанар күн.
Атадан арғын болып туғаныңмен
Сен бірақ емес едің тек қана арғын.

Емендей бір бұтағы шырпылмаған
Бар еді ішің түгіл сыртыңда мән.
Қазақтың ұяты едің былғанбаған,
Қазақтың жағасы едің жыртылмаған.

Ерлерге туған кезде бақ сынар күн
Бақыттың кілтін сендей тапсын әркім
Ұстараның жүзіндей айнымаған
Жалғасы жайсаңдар мен жақсылардың.

Аялап асқар тауын, кең даласын
Исе тек ие білген елге басын
Кешегі алақұйын замандарда
Соңынан сөз ермеген сен ғанасың!

Ісі әділ болған шақта хан қызармас.
Жүргінші қарау болса жол да ұзармас
Мерт болдың мәңгіліктің майданында
Шындықтан шекпен киген соңғы сарбаз.

МАХАМБЕТ ЖӘНЕ БІЗ

Көңіл қошы болғанда
кей күні ағам:

– Махамбетке ұқсайсың, – дейді маған.

Оңашада айнаға көз тастасам –
Шынында да Махаңмын.
Айнымаған.

Ұқсайтындай түрім де,
тұлғам да оған,
Жүрісім де ұқсайды бұлғаңдаған.
Қасіретім менің де қара түндей,

Кездерім аз секілді мұңданбаған.

Алдайды деп аңқаулау елімді кім
Жұртың үшін түн ұйқың бөлінді мың.
Махамбетті қинаған сол уайым
Иінімнен басады менің бүгін!

Ұқсап-ақ тұр сақалым,
мұртым да оған,

Жыр да жазып қоямын бұрқылдаған.
Өтемістің ұлына сенгеніндей
Сенбей қойды алайда жұртым маған!

Соны сезіп, күн кешем тағы ышқынып,
Ер Махаңмен өзімді салыстырып.
Көлденеңдеп келеді көз алдыма
Бәріңе де таныс сөз.

Таныс қылық.

Шаруамды қия алмай шайқалмаған
Қылыш-шындық алдында қайқаңдағам.
Кезім аз ба – мен айтсын деген кезде
Қара қылды қақ жарып айта алмаған!

Қынабында тоздырып кездігімді,
Күйттеп жүрген көбеңмін өз күнімді.
Талағым тарс айрылар жерлерімде
Үндемеген не қылам ездігімді!

Босағамды бір мезгіл аттаса ақпан
Дос адамды иттігім жоқ па сатқан?
Кездерімді қайтейін бұғып қалған,
Қылышымды қайтейін боққа шапқан!

Жан бағуға жол тауып жарайтындай
Ақиқаттың жатқанда бәрі айтылмай,
Біздің күйкі тірлікке Исатайым
Тастөбемнен түнеріп қарайтындай!

...Өсекші өлең,
отырсың сыр ақтартып,
Жақтырмайтын жанбыз біз сұрақты артық.
Махамбеттен – кететін бір-ақ тарпып,

Бара жатыр арамыз жырақ тартып.

Күн өткізіп желікпен,
сауықпенен,
Қызығымды сайраннан тауып келем.
Махамбетке ұқсасақ – арман қайсы,

Ұқсайтыным аз ба деп қауіптенем!

НИЯЗ ТІЛЕУЛІ ҰЛЫНЫҢ ЖАҢА

КҮМБЕЗІ

Тарихтың тозаңында кім азбаған?
Қыпшақта сенен асып би озбаған.
Үстіңе ұрпақтардың жаңа үй тікті,
Күмбезің құтты болсын, Нияз бабам!

Ардақтап атағанмен жұрт аттарын
Бір-бірін танымайды ұрпақтарың.
Датқа деп, хан-тархан деп даурығып жүр
Біреулер ауыл-үйдің «ұр тоқпағын».

Кемеңгер атанып жүр – қарты масыл,
Ер сирек дәл өзіңдей жалпыға асыл.
Тайға таңба басқандай ізің жатыр
Қазақтың тарихында жарты ғасыр.

Тегіннен тараған жоқ көпке атағың,
Перзенті қыдыр берген ақ батаның.
Алтын құрсақ Жапалақ анамыз бен
Тұяғы Тілеулідей текті атаның.

Баһадүр – ақ найзалы, көк сүңгілі,
Аңызға айналған ер көп шындығы.
Қол бастап, қалың елге қамқор болған
Қалдырып кейінгіге жақсы үлгіні.

Талайлар таланыңа таң қалысқан,
Дақ түспей даңқыңа да келді алыстан.
Ұрпағың – Жанбосынов Әбдіғапар –
Арқада арпалысқан соңғы арыстан.

Рухың жетті егемен дұрыс күнге,
Басыңа орнады енді ырыс мүлде.
Қасыңа көшіріп ап Астананы,
Жатырсың қарауылдап қыр үстінде.

Жүруге жараймыз ба жолыңды ұстап,
Әлі де көріп жатыр елің қыспақ.
Нияздай бір ұл туса көрер едік
Торғайды мекендеген қалың қыпшақ!

Қараусыз қала ма деп қырда қалың
Көңілде нешеме жыл жүрді алаңым.

Рухыңа мінәжат етіп келген
Тілеуліден тараған бір баламын...

ҒАНИ МҰРАТБАЕВ ТУРАЛЫ ЖЫР

Өмірге іңкәр көңілдің құрдасы деп
Рухыңмен өзіңнің сырласып ек.
Достарымның үңілем жүрегіне
Саған ұқсас бар ма деп бір қасиет.

Жанарың жүр біреуде жарқылдаған
Дауысың жүр біреуде саңқылдаған.
Жасымаған жігерің жүр бірінде,
Ғұмырың жүр біздерде сарқылмаған.

Тисе деген елейтін елге есебім
Арманың жүр аяулы менде сенің.
Өзің болып күресем қиындықпен,
Зұлымдықпен сен болып белдесемін.

Жауларыңның жағасын жыртысқан мың
Талайыңа тап келіп қырқысқан күн
Коминтери төрінен бір-ақ шықтың
Түлеп ұшып төрінен Түркістанның.

Арманыңды біз ұқпай, кімдер ұқсын,
Біз – берікпіз,
Сен бізден мың беріксің.
Талай істі тындырып үлгеріп ең,

Өртеніп те кетуге үлгеріпсің.

Созсам қолым жетпейтін қиырмысың,
Өзекті өртеп өмірің,
Үйірді – ісің.
Отызымның жағынан осқылайды

Жазым болған жалын жас – жиырма үшің!

...Есіміңді еске алса жұрт елжіреп,
Тас тұлғаңның тозаңын сүртем жүдеп.
Түркістанның түлегі бір сілкініп,
Қайта соғып кетердей үлкен жүрек!

ҚАЗЫБЕК БИДІҢ ШАПАНЫ

Туғандай тектілерге бір күмән шақ
Құрт құсап көңілдерге кірді мәнсап.
Аз сөзбен алты алаштың басын қосқан
Қадірін Қазыбектің жүрмін аңсап.

Тарихым тағы да бір жаңғырыпты,
Ұрпағым ойлансын деп мәңгілікті
Найза емес,
Қылыш емес,

Бабам бізге
Шапанын мұра қылып қалдырыпты.

Табылса көшкен жұртта жатқан сақам
Оқа емес ортамызда жоқ болса атам.
Тоғыз қат торғыннан да артық маған,
Бабамның исі сіңген мақпал шапан!

Өзгеріп жатқанымен жылдам сана
Осыдан болар еді-ау үлгі алса да.
Даладай кең шапанның өңірінен
Өрбіді алтын асық ұл қаншама.

Тозбаған,
Былғанбаған,
Ластанбаған
Тағылымы бұл шапанның дастан маған.

Айқара ашып тастап омырауын,
Бауырына бар қазақты басқан бабам.

Балаға қалсын басқа қандай үлгі,
Тигіздім тәберікке маңдайымды.
Шапанын шалдар бізге қалдырған-ау,
Жамылып жүріңдер деп шалғайымды.

ҒАЛЫМ ЖАЙЛЫБАЙҒА

Ғалым, сенің ауылың «Жеңіс» құмы,
Топырақтың сол жерде ең ыстығы.
Аттың басын арудың бәсі көрген
Құмды ауылдың сен едің келісті ұлы...

Көп жүріп ең алалы жылқы ішінде,
Жазамысың налалы жыр түсіңде.

Алматыда алшаңдап басқан ұлдың
Қайдан білсін не барын жұрт ішінде.

Жеңіс құмның көбейді дерті мүлде,
Барғыштайсың болса да жер түбінде.
Құлындары ауылдың жетім қалып,
Тұлпарлары ауылдың мертігуде.

Көнбіс болып үйренген азаматтар
Жоғарыға жалпақтап жазады ақпар.
Жеңіс құмның ішінде жөтеледі
Тұяғынан кетілген қазанаттар.

Тұнжырайды жыр жазып текті ұл неге?
(Тектілердің бақытын тек күндеме.)
Адамзатқа зияны жоқ болғанда,
Қылқұйырыққа жақпайды гептиль неге?!

Жеңіс, солай тұлпардан айырылдыңдар,
Көтереді қайысып қайғыңды ұлдар.
Тұсыңа кеп жүреді Байшұбарлар,
Түсіңе көп кіреді Тайбурылдар.

Үнсіз нәубет секілді, үнсіз қырғын,
Құпиясын кім ұқсын тылсым жырдың.
Жүген ұстап жүреді қыр баласы
Мойнына асып бір ұшын қылшылбырдың.

Көлігіміз болған соң мінген арық
Күдігіміз етеді күнде ғаріп.
Сырымызды айтамыз өлеңменен
Мұңымызды шағамыз кімге барып...

ТҰРСЫН ЖҰРТБАЕВҚА

(баяндама)

Ұнатпайды жиын мен той дегенді,
Ұнатады тек аздап сөйлегенді.
Ақын болып бастай сап,
Айтұлынан

Аспайтынын білген соң, қойды өлеңді.

Прозаға сонан соң талап қылды,
Ашты талай образ, характерді.

Партияға өңмеңдеп өтіп еді,
Компартия сол жылы тарап тынды.

Біз көрмедік тек мұндай зейіндіні,
Жазып жатса басқа жұрт кейінгіні,
ХХ ғасыр шегініп,
Жазып шықты

Атилладан – өзіне дейінгіні.

Сезді ме екен керегін елге кімнің,
Ерді ме екен сөзіне әлде кімнің:
Қаллекидің өмірін жазып берді
Жүргендей-ақ қасында Қаллекидің.

Тұрсын Жұртбай дегенің ұлық ғалым,
Ұлық дарын жемей ме ұлт қамын.
Әуезовтың есіне түсіреді
Әуезовтың өзінің ұмытқанын.

Тиді ме екен салқыны әлде ненің,
Кейде ұстайды құйрығын әр кеменің:
Кейде іздеп кетеді Ресейге
Бас сүйегін табам деп Хан Кененің.

Бұзар шақта ұйқысын тотылардың,
Өмір өтіп, демейді қапылармын.
Ескі кітап жинайды үй жағалап,
Түгендеуге мұрасын Отырардың.

Адалдығын сақтайды іске қарыз,
Соған қарап біздер де ұшталамыз.
Қалың-қалың бірнеше том болады,
Жұртбаевтың үстінен түскен арыз.

Бас ауырар жазбаса бар әдеті,
Жазуменен өмірі барады өтіп.
Көре алмаған дұшпанның көзі ағарсын –
Тұрсын біздің заманның Геродоты!

ҚОЗЫ КӨРПЕШ-БАЯН СҰЛУ МҰНАРАСЫ

Сезім солып,
Шалшық судай лайланып,
Өмір бізді бара жатыр қайда алып?

Қозы болып келіп едік дүниеге,
Кетіппіз ғой Қарабайға айналып!

Ақиқатты айтар болсақ аяусыз,
Жүрек суық,
Қан да салқын,
Ой – әлсіз.

Қозы болып маңыраса көңілің,
Ынтықпайды сұм дүние Баянсыз!

Керуендей көшіп жатыр уақыт тар,
Сезім балын, ей жігіттер, татып қал.
Баянына өліп-өшіп сүйдірген
Қозы, сенің ажалыңда бақыт бар!

Аңыз жетті ғасыр асып ғасырға,
Жігіт болсаң ақиқатты жасырма:
Бір молада өлсем-ау деп армандап,
Бір молада өле алмаймыз расында!

Көндікпеске көндігесің ырықсыз:
Қандай қиын ғұмыр кешу ғұрыпсыз.
Баяны жоқ жетім екен махаббат,
Баяны жоқ өмір қандай сұрықсыз!

Құпия жоқ.
Бүгін бәрі болды аян,
Құрқұдықтай көңілге де толмай ән:
Махаббаттың барлығына сендірген

Қозысы үшін құрбан болған сол Баян!

Бір-ақ Баян,
Бір-ақ Баян мәңгі ұлы,
Сырға толы соның ғана сандығы.
Басқа Баян-сұлулардың тағдыры

Сайқал толған Ж. Саинның даңғылы.

Кешіріңдер сөзім қатты кетсе сәл,
Кешіріңдер айтар ойым жетсе осал:
Баян сұлу мұнарасы, бір кезде
Махаббаттың бар болғанын еске сал!

ОМАШЕВҚА ОДА

ҚазМҰУ-біздің төркін-жұрт мекеніміз,
Мекеніміз, мәңгілік Отанымыз.
Отанымыз орнында деп ойлаймыз
Отырғанда Омашев деканымыз.

Достар үшін Намаздың жоқ бір міні,
Өзімізге ұнайды өткірлігі.
Басқалардан әйтеуір тереңірек
Көрінеді бізге оның докторлығы.

Бәлкім, оны біреулер жақтырмайды,
Бірақ, біздің көңілде қақ тұрмайды,
Баламызды оқуға түсірерде
Әттең, жерге кіргендей таптырмайды.

Сүтке тойған жайлаудың марқасындай
Көрдіңдер ме, жігітті мәрт осындай.
Маңдайын айт, маңдайын-жарқыраған
Қазақстан елінің картасындай.

Жүрегін айт-досқа ашық, жолдасқа ашық,
Аруларда амал жоқ болмас ғашық.
Келе жатыр сары жол сорабымен
Намазалы досымыз маңғаз басып!

Жолдасын айт жолдас деп-Кларасы
Профессордан кем емес правосы.
Тылы тыныш болған соң, азаматтың
Асқақтайды мәртебе-мұнарасы.

Бәрін айт та, бірін айт-Намазымыз-
Тасқа салсаң таймайтын Камазымыз.
Темірбек пен Тауманның орнын басқан
Сен аман бол, сары алтын сабазымыз.

ҚЫЗЫМА

Қызым менің!
Жақсылыққа жалғасқан ізім бе едің.
Сені ойласам, жүрегім езіледі,
Көрмейінші көзіңнен жас үзілгенін.

Қайырмасы.
Тағдырың – бөлек,

Бере алмай көмек
Сені ойласам – күрсінемін.
Көз алдымда көрініп
Жүрші менің!

Көбелегім!
Сен қуанып оянсын деген едім.
Періштемдей қорғаштап пейіліңмен
Көлеңкемде жүрмейсің неге менің?!

Жүректесің!
Табаннан – сыз,
Маңдайдан – күн өтпесін.
Сенен жақын әкеге қамқоршы жоқ,

Туған үйге табынған тілектесім!

БЕЛГІ

Ерге кейде бақ бермес,
Бақ берсе де, шақ бермес.
Бақ жұлдызы Кеңестің
Айдай сұлу ақ Кербез.

Жандайшаптар ерлерге өш,
Жағымпаздар жол бермес.
Сүйек сынар кезде де
Сүйеп қалған сол Кербез.

Болу қиын досқа адал,
Достық жолы – басқа амал.
Болу деген жарға адал –
Болу ғой ол тас қамал.

Болмай қамал тас-талқан
Дұшпан да аң-таң, дос та аң-таң
Кеңес болса семсерің
Қос ұлдарың – қос қалқан.

Жау жолатпай іргеңе еш
Жарқылдадың күнде кеш.
Бар мақсатың өмірде –
Жалғыз Кеңес, бір Кеңес.

Сол ішсін, сол кисін деп
Соған құрмет тисін деп

Мұқатпасын біреулер,
Тек Ысты деп, Үйсін деп.

Болсын дедің елге ортақ,
Ортақ болар жолдар тап.
Жол сілтедің – заманда
Билер сатқын, хан қорқақ.

Баспаса да гөй-гөйге,
(Басса біреу қой дей ме)
Арыстандай Кеңекең
Ырылдаса кей-кейде.

Ашуын да басатын,
Шашуын да шашатын.
Бақшасында ағайдың
Күнде бүршік ашатын.

Болғанымен дер кезі
Ұмытылмады өрге өзі.
Күн боп жанды қасында
Кеңекеңнің Кербезі.

Жүрсем осы көшемен
Жолығатын қос емен.
Бір біріне желегін
Алақанша төсеген.

Махаббаттың маздатып
Шоғын ыстық көсеген
Кербез жеңгей ешкімнен
Кем болмады пешенең.

Кем болмадың шешеден,
Бал беруші ең кесемен.
Кербез жеңгей, өзіңе
Белгі болсын осы өлең!

ТІЛЕУБАЕВТАРҒА

Серік, сені құттықтаймыз тойыңда,
Талай арман тұрған шығар ойыңда
Немереңді құтты жерге қондырсаң

Сар тісті шал болғаныңды мойында!

Болашақты санаменен сарала
Ұрпақ деген – алтын көпір араға.
Арманыңды ұясынан ұшырып,
Тұрған күнің құтты болсын, Тамара!

Қызым, саған қонып еді жастай бақ
Өзің жайлы біз жүреміз жақсы ойлап.
Құтты жерге қонайын деп отырсың,
Барған жерге судай сіңіп, тастай бат!

Қиялыңа қанат қақтың, қарағым,
Жасқа толып жабықпасын жанарың.
Тілеуіңді тілеп қалған туысқа
Жетіп жатсын сенің жақсы хабарың!

КЕҢЕС АУХАДИЕВКЕ

Қазаққа қадірі өткен Кеңес едің,
Қабағың тұнжырайды неге сенің.
70-тің жайлауына жеткен кезде
Орыны толмай тұр ма жеңешенің!

Кеңеке! Боркемік жан емес едің,
Біз білген азаматтың төресі едің.
Димекеңнің сенімді серігі боп
Еліңнің бірге ойладың келешегін,

Алашағың болғанмен өткен күнде
Ешкімге жоқ-ау бірақ берешегің.
Өзіңе жасымыздан қарап өстік
Шығарып тіршіліктің көп есебін.

Бойыңды көрген сайын қуанатын
Жерұйық Жетісудың төбесі едің.
Қиындық толқындарын жарып жүзген
Айдынның жез бауырлы кемесі едің.

Әділет ауылынан адаспайды
Тұлғаңды Хантәңірге теңесе кім.
Сіз барда аламанға қоса алмайды
Біреулер тепеңдеген көк есегін.

70-тің туын көкке желбіретіп
Бұдан да жарқын болсың келешегің!

АРДАҚТЫ АҒА ЕРСАЙЫН!

(телеграмма)

Тойыңа барып қайтуға,
Бір жылдай ауды аңсарым.
Бұрқанған жырмен тойыңның
Кіргізсем деп ем мен сәнін

Хасен мен Сейтен досыңа
Ала кет деумен шаршадым.
Өзім-ақ ұшып барар ем,
Жағдайым жетіп келсе әлім.

Дабысым дардай болғанмен
Бұйдасы қысқа наршамын.
Шарласам бүкіл жер шарын
Болмысы бөлек өзіңдей

Табылмас екі Ерсайын.
Қайырлы болсын еліңе
Кемелге келген дер шағың
Жұмсадың барлық күшіңді

Бақыты үшін баршаның.
Өзіндей ерлер тұрғанда
Өшірмес туған ел шамын.
Денсаулық, дәулет тілеймін,

Жүзге де аман кел, шалым!

СЕЙІТ ҚАСҚАБАСОВҚА

Іздемей басқа нәсіп, басқа кәсіп
Қазақтың қазынасын тасқа басып,
Зерттеуден, зерделуден бақыт тапқан
Академик Сейіт аға Қасқабасов!

Қашанда көңілінің аспаны ашық,
Жатады пейіліне дос таласып.
Сал, сері, ұлы ғалым, ұстаз бізге
Академик Сейіт аға Қасқабасов!

Ғылымға болғанымен жаста ғашық
Бейнеті жатыр әлі бастан асып.
Еліне әлі талай қызмет етер
Академик Сейіт аға Қасқабасов!

ЖАРЫМА

Қалғанда қыз бұйығып, ұл сүмеңдеп,
Сен түгіл мен де шошып, түршігем көп.
Жүректің қансыраған жарақатын
Бір өзің пейіліңмен жүрсің емдеп.

У болса мен ішетін – бірге ішкелі.
Ұғасын көзімнен-ақ сырды іштегі.
Көзі жоқ көбелектей отқа түсу
Анаңнан қалған саған үрдіс пе еді?

Білмеймін, қайтар ма екен есең кейін,–
Күтесің мені аялап шешемдейін.
Әйтеуір, саған жеткім кеп тұрады,
Тоңайын, ашығайын, не шөлдейін.

Ұсынса аярлықпен кім шалабын,–
Жабырқап саған келіп мұң шағамын.
Азабын арқалайсың екі адамның,
Болар ма сенің сорың мұнша қалың?

Қол сынса көрінбес деп жең ішінде
Келесің қиындықпен келісімге.
Дайынсың бәрін бірге бөлісуге.
Қуансаң қуанасың мен үшін де.

Көзіңді мұң шалыпты-ау кіреукелеп,
Еңкейіп кеткен жоқ па күн ертерек?
Ақынға аңғал-саңғал мен секілді
Арқасын сүйер сендей біреу керек!

Қажыма, сен қажысаң мен сынамын,
Ұятым, абыройым – сенсің арым.
Мен сыңармын өзіңсіз, сен – сыңарым,
...Сағынып қалыппын ғой, келші, жаным!

АНАНЫ ҚҰРМЕТТЕУ

Төсегін ақырғы рет жинағасын,
Аһ ұрып, «апам-ау» деп қиналасың.
...Құдықтан су әкеле жатқаныңда
Алып па ең иығынан иінағашын?

Аңдап пең ана белі иілгенін?
Ойлап пең жүдеу-жадау киінгенін?
Салдырап екі қары талған кезде
Қолынан алып па едің диірменін?

Есіңе алып па едің сүйінгенде,
Қасыңда болып па едің күйінгенде?
Қолына су құйып па ең құрақ ұшып,
Кебісін салып па едің киінгенде?

Ұмытып шаруаның асығысын,
Қасында отырып па ең ашып ішің?
Салып па ең бар ақшаңды уысына
Анашың алаңсыз бір шашу үшін?

Дей қалса «балам, істің ретін тап».
Тауып па ең,
Кетіп пе едің жүре тыңдап?
Малып па ең екі қолын жылы суға

Алып па ең дұрыс келін білетін бап?

Көріп пең шаршағанын, деміккенін?
Көлікпен отын тасып беріп пе едің?

Қасында отырып па ең үнің шықпай,
Мұқатса оған қасын керіп келін?

Қаныңды тамызғандай екі беттен,
Зіңгіттей ұл өсірген жетімектен.
Анаңды әлпештеп пең алақанда,
Сөзіне сөз қайтарып зекімеп пең?..

Күйінсең, көкірегің шын күйінсін,
Пейіште дидарласар күн бұйырсын.
Тірлікте жете алмасаң қадіріне,
Жылама!

Көзіңе онда құм құйылсын!

ТАҢҒА ТАБЫНУ

Түсіріп тереземнен жанға жарық
Тағы да келе жатыр таң бозарып,
Тұсынан біздің үйдің қарағанда

Алатау – А секілді маңғаз әріп.

Сүйкімді-ау табиғаттың мәңгі өлеңі:
Сарғайтып таудың басын таң келеді.
Сәлден соң көрінерін сезіп тұрмын
Сап-сары қауын-күннің әңгелегі.

Шыңдардың арасында шамалы ық бар,
Үлбіреп ілініп тұр бала бұлттар.
Үр жаңа шыршалардың шырайымен
Дүние жатқандайын жаңарып бар.

Әнімен аспанды арбап құлатардай
Шырылдап тұрған шығар, сірә торғай.
Әне бір көк белестің баурайына
Жетпей тұр бытыраған бір отар қой.

Жазбақ боп күн нұрымен кемел дастан
Биіктеп бірте-бірте жөнелді аспан.
...Сурет салуға мен шебер едім.
Мына таң шебер екен менен де асқан.

Тапқанмен табиғаттың натюрмортын
Сөз – тұлпар ойнақтамай тақымда еркін.
Құдайдың құдіретіне басын иіп
Шешеді, (снимает) ақын бөркін!

САПАР АҒАҒА

Қалада қаталама, Сапар аға,
Сапарға шығайықшы сахараға,
Жүйіктіген жолдың бәрін жолдас етсек
Сахара даламызға апара ма...

Қамалып тас қалада нем бар аға?
Кетейік,
Жетейікші кең далаға.
Самал жел,

Сайын дала бөбегіне
Қаланың қапырығы ем бола ма!

Кетейік,
Жетейікші далаға алыс
Көк құрақ судырласын бала қамыс.
Жүзейік шолпылдатып ен суларда

Шаңқылдап төбемізде шағаламыз.

Сағындым сол даланың масасын да
Қаныммен мейлі шөлің басасын ба.
Салтанат сауықтардан қайтқанымда
Сол дала тұрған көңіл тасасында.

Әр кешім астанада той білемін,
Тойларым тарқамай-ақ қойды менің
У-шудан ырың-жырың шығындым-ау,
Қоскөлдің аққу қонар айдыны едім ...

Айдыннан неге сонша пыр-пыр ұштық?
Көңілім тілейді енді бір тыныштық.
Ел көшіп, менсіз қалған Қурайлыда
Көрінер бабалардың жұрты да ыстық!

Болмайды бұл дүрмектен қашпаса, аға,
Кетейік, кетейікші, басташы, аға.
Мысықтай қайта келіп жүрмейін мен
Апарып алысырақ тастаса да!

Қош, таулар, басы – мұзарт, етегі – қар,
Ей жолдар енді мені жетегіңе ал.
Сағынған сәби қалпым бір барайын,
Сарыарқа, сағымға орап көтеріп ал!

ОҢАЛБАЙ САДЫҚОВҚА

Алпысқа келгенімен Оңалбай сал,
Қажыды қартайғанда бола алмай шал.
Омбы мен Шиелінің арасында,
Шаңдатқан ізі жатыр жоғалмай сәл.

Жан емес ең болмаса тісі бүтін,
Байға да ұқсамайды пішіні тым.
Өзі Омбыда жүргенде, жанұясы,
Жатады Шиеліде кісі күтіп.

Бұйырған ынтымақ пен ырысқа асы,

Жолдасты жоғалтпаудың бір ұстасы.
Әшімбаев Сағаттың атқосшысы,
Жанболат Әуіпбайдың курстасы.

Белгісіз – ұнады екен неге оларға,
Табылды қастарынан дем аларда.
Кеңестің қызыл жаға майоры еді,
Сенесің болдым десе генерал да.

Әлі де арманы мол, жоспары ұзын,
Ардақтап келе жатыр дос парызын.
Қаттаулы тұрады оның дорбасында,
Сенің де жүрген жерің, басқан ізің.

Шырмаудың шырмауықтай шебері осы,
Аттасың боп шығады немересі.
Қағазына қарай сап, береді айтып –
Айтұлының бар неше шөбересі...

Тұншықсаң құшағынан босана алмай,
Жабыса түседі ылғи ошағандай.
Шошимын-мен өлгенде суретімді,
Балама сата ма деп осы Оңалбай.

Өмір бейғам болған соң Оңалбайсыз,
Арқасынан қаққан боп, оны алдайсыз.
Оңалбайсыз оңайлау болғанымен,
Оңалбайсыз оңбайсыз, оңалмайсыз!

НАМЫС НАЙЗАҒАЙЫ

(Олимпиада алдында)

Тыпыршумен таусылғанда тағатың,
Соқты міне сынға түсер сағатың.
Елің сені «Ер тудым!» деп сүйсінсін,
Намысыңның лапылдатып жақ отын!

Бодандықта болып еді мүлтім мың,
Қия шыңда қыран құстай сілкінгін.
Жолбарыстай жау жүрек ұл тұрғанда
Жүзі жарқын болу керек ұлтыңның.

Жарысқанда озбайтындай несі бар!

Биікке қол созбайтындай несі бар
Тастүйін боп топқа түскен кезіңде,
Қажымұқан нар бабаңды есіңе ал!

Арманымдай жарқылдаған алмасым!
Тізе бүкпе!
Болат топшың талмасын
Барлық қазақ жығыларын ұмытпа,

Жерге тисе жалғыз сенің жамбасың.

Сенен басқа мақтан етер кім тегін,
Сілтер болсаң қапиясыз сілтегін!
Қарсыластың бәрін жерге тізерлет,
«Жынға айналып кеткен жоқ», деп Күлтегін.

Ұмтыл!
Лақтыр!
Солқылдатып соқ бала!
Бұл жеңіске жететіндей жоқ баға.

Алтын алқа тағынбаса ұрпағы.
Алтын сауыт киген неге Сақ баба?!

Тасытам деп тойдың ырыс қазанын,
Қадамыңа бақ тілеуде қазағың
Әкелердің сағын енді сындырма,
Аналардың төмендетпе назарын.

Ешкімде де сендегідей жоқ қайрат,
Тарлан тусаң тамырдағы отты ойнат.
Әнұраның аспан астын кернесін,
Жер үстінде желбіресін Көк байрақ!

МҰХАМЕТЖАН ӘУЕЗОВКЕ

Жездінің жігіті едің бір иманды,
Сен өмірден өтер деп кім иланды?
Мереке жасап күнде от басыңа
Төбеңе көтеруші ең Мунираңды.

Қопарған туған жердің көк құрышын
Қаныштан кейінгі сен докторысың.
Көңілін табушы едің көпшіліктің,
Халыққа ұнамаған жоқ бір ісің.

Ел қамы кетпей бір сәт бүйіріңнен,
Жаныңа жақсы-жайсаң үйірілген.
Топтан торай шалдырмас тарлан едің,
Адасып қалдың қалай үйіріңнен?!

Алдыңда кезек күтіп тұрғанда аға
Сен болдың тұтқиылдың құрбандығы.
Өзіңнен өнеге алған шәкірттерің
Орныңды толтыра алмай жүр барлығы.

Жаз, көктем жетуші еді өткенде ақпан,
Сұм ажал құрды ма екен көптен қақпан.
Сұлатса сен секілді бәйтеректі
Иыққа түскен салмақ неткен батпан?!

Ашылып алдыңдағы мәңгі есігің
Туған жер тербетуде тал бесігін.
Кісілік, кішіліктің бейнесіндей
Жаңғырып жадымызда қалды есімің.

Өзіңмен бірге өткізген күндер есте,
Шығып ең бір белестен бір белеске.
Ақ жүзің, алып тұлғаң, мол мінезің
Қайрылып келмейтіндей кірді елеске.

Шықпайсың бұрынғыдай нұрлы асуға
Келмейсің кешкілікте сырласуға.
Жерұйық Жезқазғандай мекеніңді
Күзетіп жатқандайсың қыр басында!

Ұршық – күн кеткенінше жаңылысып,
Жетеміз Жезқазғанға алып-ұшып.
Бәріміз де әзірге жолаушымыз
Тұсыңнан өтіп жатқан сабылысып.

ӘБДІЖӘМІЛ НҰРПЕЙІСОВКЕ

Біреулер кейде Сізге жүр тиісіп,
Тиіссе, қалады жұрт үрпиісіп.
Әлемді мойындатқан Әбдіжәміл –
Елінде жәй әншейін – Нұрпейісов.

Нұрпейісов болса егер жүздің бірі

Санаймыз шіркін сонда біз кімді ірі?
Арал дейтін әлем бар.
Сол әлемнің
Әбеке, емеспісіз Сіз кіндігі.

Талантты табанға сап таптағалы
Жолыңда құрулы көп қақпан әлі.
Өшіріп тастағысы келеді олар
Еламан, Тәңірберген, Ақбаланы!

Көңіл деген әрі – алмас, әрі – шыны,
Кеткен жоқ сырлы аяқтың әлі сыны.
Алғы шепте келеді Әбең әлі –
Солдаттың етігіндей жаны сірі!

Түйедей таңдап жеген кіл ащыны,
Әбеңнің мәңгілікке ұласса үні
Маңқиып маң-маң басып жүре берсін
Киелі қара сөздің классигі!

КЕНЖЕБЕК ОМАРБАЕВҚА

Ерлердің ең ерені
Омарбаев Кенжебек
Нанын бөліп береді –
Мен жемеймін – сен же деп.

Өнегесін өрелі
Көргеннен соң – сендім бек.
Атын түсіп береді –
Мен мінбеймін – сен мін деп.

Әкімдердің зерегі
Құрақ ұшар дем ал деп.
Жерін кесіп береді –
Мен алмаймын – сен ал деп.

Кенжекеңді ер дедім,
Сөзімде жоқ кекесін
Алмасаң да бергенін
Алғандай боп кетесің.

Алпыстағы құлагер,
Жақсылыққа мұрагер.

Арқаланып жүрейік –
Әкім болып тұра бер!

СЕРІК ҚИРАБАЕВҚА

Жасамай жастық кезде сері-салдық
Алдыңда шәкіртің боп дәріс алдық
Жайнатып бар жасауын жайып салған
Қазақтың әдебиеті – кәрі сандық.

Үйретіп талантқа тіл ұштатуды
Таныдың тай күнінен күшті ақынды
Сізді көрсек – көргендей болушы едік
Әуезов, Мүсірепов, Мұстафинды.

Тағынсақ – бағымызсың бойға тұмар,
Сағынсақ – ағамызсың ойда тұрар.
Найзағай ойыңыздың астарында
Найзадай бойыңыздың қайраты бар.

Қазақтың сөз өнері жалғансын деп
Келесіз ұлы көшті алға сүйреп.
Сіз бізге көзіндей боп көрінесіз
Кешегі жақсылардан қалған сиреп.

Десек те таттанбайды алмас өнер
Бәріне себепші ғой Алла шебер.
Түңіліп кетер ме едік әділеттен
Сіздің әділ сөзіңіз болмаса егер!

Уақыт – сот, бағынады оған бәрі,
Сол уақыт берер анық бағаңды әлі
Ғанибет асу бермес заңғар сынды
Алдыңда аман жүрген ағаң бары!

СӘКЕН СЕРІГЕ

Егделік ер жігітті есті қылар
Басыңнан 65 жыл көшті мұнар.
Алпыс бес жас дегенің – 60 жас қой,
Белінде салақтаған бестігі бар.

Сері – аға, құтты болсын алпыс бесің,
Кеш емес, ымыртта емес, тал түстесің!

Қылпыған қаламың мен қанжарың бар,
Қолыңнан кезек-кезек сол түспесін!

Жанботаң төбеңдегі алтын байрақ,
Қасыңда екі қызың гүл-гүл жайнап,
Жұртына Абылайдың үйді тігіп,
Тарта бер бильярд пен қартаңды ойнап!

01.02.1999 ж

Жамандық көрме көке, жағың сембей,
Ел көкке көтереді бағын сендей.
Балконнан біз ес көріп отырайық,
Тұрғанын терезеңнен шамың сөнбей!

ҚҰСАЙЫН ОМАРОВҚА

(Әзіл)

Отыз бес жыл күйеу боп ер Құсайын
Тілектес ағайынға берді шайын.
Қыпшаққа күйеу болу оңай емес,
Құттықтап, қолыңды алып, мен қысайын.

Арғын – Қыпшақ,
Жүрмейді арада есеп,
Жарасар Құсайынды дара десек.
Қарақыпшақ қызына қолға ұстайтын

Керек еді сендей бір Қаракесек.

Бес балаң – көгіңдегі жұлдыздарың,
Жарқырап жанұяңның кіргізді әрін.
Қыпшақтың қаны алысқа жібере ме –
Ләззаттан аумай қапты ұл-қыздарың!

Алпысқа алшаң басып кел ертерек,
Шал болдың шаруаға берер көмек.
Алтыншы баласы ма деп қаламын
Ләззатқа жүрген кезде сен еркелеп.

Құсайын сен күйеусің, мен – қайнаға,
Сен менен құтылам деп енді ойлама.
Хан қызындай қадірлеп, қарындасты
Төбесіне көтерсін сендей бала!

Қосақтап қойғанымен тағдыр мәңгі,
Білеміз, білеміз ғой арғындарды.
Амангелді ағаңды сылтау етіп
Қоятын кезің келді қаңғырғанды.

Керекуден қара үзген қасқа құлын,
Жоқ сенің біз білетін басқа мінің.
Қазақ түгіл қожаның тілін тапсаң
Болғаны ғой мәңгілік досқа құның.

Құс төсекте ұйытпай жамбасыңды
Дәурен сүр қасиеттеп хан басыңды.
Каннан ішкен кешкі асың бойға сіңсе,
Шаян жеп, Шанхайдан іш таңғы асыңды.

Шаңырақ биік болсын босаға – нық,
Беретін батам менің осы ағалық.
Басыңдағы бақыттың бағасын біл,
Жалғанды жалпағынан бас, Омаров!

АКАДЕМИК ӘЛИЯ БЕЙСЕНОВАҒА

Болсаң да сот секілді сұсы басым,
Жайраңдап шырайлы шай ұсынасың.
Биіктің биіктігін көрген кезде
Өзің төмен болуға қысыласың.

Көңілдің бар шуағын беріп оған
Жасайсың ертелі-кеш еріңе қам.
Алпыс жыл алақанға салып келдің,
Не деген бақытты еді Серік ағам.

Қу мен сұм жүрегіне оқтап қанжар
Бұрышта бұғып талай жатты ақпандар.
Алпыс жыл адамдықтан бір айнымай
Өзіңсің адалдықтан бақ тапқан жар.

Жауы бар, достары бар, жерлесі бар –
Ағай да өзекті жан пенде шығар.
Қаһарман десе сізді жарасады
Сүрінбей болып келген ерге сыңар.

Інінің ақтарылар кезі боп тұр:
Алмастай мінезің бар, сөзің – өткір

Өзіңдей көргенім жоқ өзгені мен –
Өзі – жар, өзі – Ана, өзі – доктор!

Баламас жеңгем едің қызға шіркін,
Куәсі болсақ дейміз біз ғасырдың
Алматыда ұядай шаңырақ бар,
Жасаған, сол ұяның бұзба шырқын!

Ж. ШАШТАЙҰЛЫНА

Жазушы ер Жұмабай Шаштайұлы,
Жұртыңа жетіп еді жастай үні.
Сөз өнері айықпас дерті болды,
Жоқ оның біз білетін басқа айыбы.

Зиялы, көп оқиды, көп біледі,
Білгенімен ол тәнтті етті мені.
Мақтай қалсаң, ақсиып алтын тісі:

– Ауылдың баласымыз, – деп күледі.

Жоқ деме бес бересі, алты аласы,
Жазуға әркімнің-ақ бар таласы.
Өлең талдап жатады радиодан,
Абайдың болғандай-ақ парталасы.

Жігіт ол тегі тәуір, заты жақсы,
Сөзімде деме бір зіл жатыр ащы.
Мұңымызды шағамыз саған келіп,
Болған соң қол жететін шапырашты.

Жаратпай саған жұрттың тиіскенін,
Іздеймін жолымыздың түйіскенін.
Жамбылдың исі бардай бешпетінде,
Келеді қайта-қайта иіскегім!

Сұқтанып жатыр сенің көркіңе кім,
Берік адам екенсің сертіңе тым.
Досы жоқ, дұшпаны жоқ бір қазақсың –
Құрдасым, осы сенің портретің!

КЕДЕЙШІЛІК

(А. Ермегияевқа)

60-ыма қалыпты бір жарым ай,
Алпыс жылда қойдым-ау бір жарымай.
Әркімнен сұрап алған не болады
Жарылқай салмаған соң мырза құдай.

Не болады емініп сұрап алған,
Таршылық жолды тосып тұрады алдан.
Өлеңнің өрті ішіне түскендерге
Кедейшілік – Қасымнан мұра қалған.

Шүлен де бірде тисе, бірде тимей,
Малданып мырзалардың құрметіне кей,
Малтығып мал табам деп жүрмін әлі

Қысқа жіп қолды қиып, күрметілмей.

Не екенін жоқшылықтың ерте біліп
Келемін шолақ атты мен тебініп.
Көңілімді көтерген қайран Өлең,
Ең болмаса, тұрсаңшы сен төгіліп!

СТОМАТОЛОГ МҮСІЛІМ

ДАЙЫРБЕКОВКЕ

Күрескер деген сөзбен жұпталасың.
Мүсеке, бар ма өзің шықпаған шың?
Басыңа қиын күндер туған кезде
Сынбаған,

Иілмеген мықты адамсың!

Білмейсің дамылдауды, жай басуды,
Қасиет жас күніңнен бойға сіңді.
Азуы жоқ қазаққа азу салып,
Үйретіп келесің сен шайнасуды!

Қасірет ұмытылып кетті іштегі,
Қадірлі қарт болыпсың жетпістегі.
Азаптың бәріне де шыдап бақтың,
Қазақтың бүтін болсын деп тістері.

Біліп ең мақсатыңа жетеріңді,
Жұлдызың қайта көкке көтерілді.
Үйіңнен алтын іздеп таппағандар

Ұқпаған –
Алтын өзің екеніңді!

ҚЫМБАТҚА

Ақиқат болса имес жырға кім бас,
Емес бұл жерлестікке ұрғаным бас.
Ағаның қасиетін ұғу үшін
Жігітке керек сендей бір қарындас!

Білеміз, сені осылай кім баптаған,
Кісілік бесігінде құндақтаған.
Тектілік болмысымды ұмыттырмас
Осынау өжет қалпың қымбат маған!

Өзіңді сарқып құйсаң ойлы өлеңге
Сөзіңе қызығамын кейде мен де.
Таптайсың маубастарды табаныңмен
Сүйектен өткізесің сөйлегенде!

Жүрсең де шытынатып жан шынысын,
Қазақтың баулыған сен әнші құсын.
Отан деп отқа түсер көбелексің,
Заманның Әлия мен Мәншүгісің!

Мен сені ширек ғасыр тыңдап келем,
Жеткіздім пейілімді бұл хатпенен.
Қазақтың бар қызының қасиеті
Тұр сенің есіміңде Қымбат деген!

ТӘУЕЛСІЗДІК ТАРИХЫНА ТАЛАСУ

(Боямасыз поэма)

Ол кезде мен жігіт едім жастау шын,
Қоғамға да естілмеген еш даусым.
Алаша хан зиратына кідірдік,
Өзбекәлі Жәнібеков – бастаушым.

Ел молдасы оқып сүре-аятын,
Кез болғанда қолды көкке жаятын
Жәнібеков сұрақ қойды:

– Бұл жерде

Кім жатқанын білемісің, ей ақын?

Жәнібеков кісі еді ғой бір беттеу,
Айып емес хатшы алдында дірдектеу.
Мен күмілжіп қалып едім,
Өзекең:

Тарихыңды керек, – деді, – құрметтеу!

Күн көсемнен білуші едік кімді өзге?

– Қазағыңның басын қосқан бір кезде,

Абылайға үлгі болған айбаты
Ақназар хан жатыр осы күмбезде!

Тәлім алған Өзекеңнің мысынан,
Содан бері... күмбез көрсем, қысылам.
Қазағымның ерлерінің бірі-ау деп,
Күмбездерге дұға етемін тұсынан.

Талай ерді келмедік пе танымай,
Соның бірі – ардақты хан Абылай.
Үш жүз жылға толғаныңды ұрпағың
Білмей қалу мүмкін боп тұр, Ханым-ай!

Батыр емес,
Бүрсеңдеген пақырмыз,
Тек тарихты бұрмалауға батырмыз.
Есіміңді ұмыттыру үшін біз

Тыңшылардай
Үн шығармай жатырмыз.

Өмір сүру қолайлы ма мықты ұлсыз,
Патша да үнсіз.
Уәзірлер тіпті үнсіз.
Түркістанда жатқан ұлы хан емес,

Қапастағы қамаулы бір тұтқын – сіз!

Өлсеңіз де, Қаһары бар күшсіз бе,
Қауіптеніп қарап жүрміз біз сізге.
Кемеңгерім келіпті деп 300-ге
Кім жасайды торқалы той үш жүзге?!

Туғаның да,
Өлгенің де бізге анық,
Біле тұра, сыртымызбен сыздадық.
Жүргендейміз дабырайған даңқыңды

Қурап қалған сүйегіңнен қызғанып.

Ақиқаттың үзбей жібек арқанын
Төбесіне көтермес пе ел әр ханын.
Үш жүзіңді тойлатпаған осылар
Сол үш жүзге келмейді-ау деп қорқамын.

Өзімді өзім қайрай-қайрай жұқардым,
Өксігімді өкінішпен жұтармын.
Тәңір маған тағдырын да қимады-ау,
Тоқсандағы тобықтай қарт Бұқардың.

Орыстардың тілін тапқан Абылай,
Қытайдың да жынын қаққан Абылай.
Өлгеніңде түспеп едің тұғырдан,
Құлап жатсың бүгін тақтан, Абылай!

Ақиқаттан адаспаған Абылай,
Болсын иман жолдас саған, Абылай.
Хан сарайда құс жастықты жастанбай,
Ту көтеріп, қол бастаған Абылай.

Заманыңмен тең болып па ең, Абылай?
Сен біреуден кем болып па ең, Абылай!
Есіміңді есімізге алмастай,
Жемқорлыққа жем болып па ең, Абылай?

Әйдік бәрі,
Әкім де әйдік, бай да әйдік.
Неге айтпайды айыбыңды айдай ғып?
Ат белінде аш-жалаңаш жүргенде

Сенің ішіп-жеп қойғаның қай байлық?!

Тағыңды да,
Бағыңды да күндейміз,
Тағлымыңды көзімізге ілмейміз.
Қырық қызың шықпаған ба күйеуге,

Отыз ұлдың құдасын да білмейміз?

Сенің көрген рахатың – дау, тартыс,
Бүгін өмір-сахнаға толды әртіс.
Опырық деп шығарғанша атыңды
Неге салып алмағансың гауһар тіс?!

Тарқамайды жанжал – бисіз,
дау – елсіз,
Ән де әдемі айтылмайды әуенсіз.
Абылай хан, айбарыңды ұмытсақ

Қайтіп толық ел боламыз тәуелсіз?!

Сіз билікке бізден гөрі жақынсыз,
Ұрпағыңды кешіре гөр ақылсыз.
«Той көрмей-ақ,
Сый көрмей-ақ» өткен көп,

Сізге тойдың керегі не?
Жат үнсіз!

Үміт, күдік – қақ бөледі әр күнді,
Тәуелсіздік таразыға тартулы.
Мешітке кеп, дұға тілеп отырмын
Есіме алып Өзбекәлі марқұмды.

Имам отыр «ағузылап», «құлқулап»,
Мен тілеймін тапса екен деп ұлтым бақ.
Білетінім – үш жүз жылдан кейін де
Абылайлап туар талай ұл тулап!

ТӘУЕЛСІЗДІК ТОЙЫ

Аспанға шарбы бұлттан шатыр тұттырып,
Ұлытаудың көлеңкесіне,
Қазақтың кең өлкесіне
Саны жоқ ақ үй тіктіріп,

Жылқыны жусанды жоннан айдатсам,
Желіге құлын байлатсам,
Сала құлаш селебемді
Қарқаралының қайрақ тасына қайратсам,

Сойысқа алдырған
Отар-отар қойымды,
Үйір-үйір жылқымды,
Келе-келе түйемді

Баталы құлдарға жайратсам,
Үш жүзге сауын айттырып,
Саба-саба қымызды
Сарыкеңгірдей ағызсам,

Күбі-күбі қымыранды

Қаракеңгірдей ағызсам,
Құйылып келген мейманды
Шалғынның ішінде шайлатсам,
Мұрттарын майлатсам

Балп-балп сөйлеп
Төрімде отырса байбатшам!
Сарыала сере қазыны
Келіндерім бүл-бүлк қайнатып,

Ақындарыма
Қартаны былқ-былқ шайнатып,
Даңқымды
Дүниенің төрт бұрышына жеткізіп,

Сарыарқаны сахна еткізіп
Есік пен төрін жайнатып,
Розаны
Ертелі-кеш бұлбұл құстай сайратып,

Белуардан келер шалғынды
Тайбурылдың тұяғымен жықтырып,
Тәңірім палуандарымды мықты ғып,
Футболдан да ұттырып,

Қуаныштан кірпігіме шық тұрып,
Оралмандардың тізесін
Ордабасыға бүктіріп,
Қожа менен төреге

Қонағымды күттіріп,
Орыстың ойнақтаған сұлуларын
Саулы інгендей ыңырантып
Бура санды бұла жігіттеріме сүктіріп,

Есіл менен Нұраны
Балық сүзген балаларым лайлатып,
Бәйбішем жүрсе
Немерелерім мен шөберелерімді

Кемпірқосақпен ойнатып,
Солтүстіктегі суық көршімді,
Шығыстағы жуық көршімді
Күпті ғып,

Көңіліне қауіп ойлатып,
«Хабарға» тікелей эфир бергізіп,
Көңілімді бірлеп жайлатып
Қуанғаннан жүрегім лүпілдеп,

Бөрігімді айға атып,
Қаптамамды қырға атып,
Саптамамды сайға атып,
Өзім қырға шығып қой бағып,

Ойға түсіп ой бағып,
Елім бейғам болсын деп
Күн күзетіп, ай бағып,
Тәуелсіздігіме тәубе деп,

Төрткүл дүниеге тойлатып,
Алаша ханның басына
Асылдан ақтық байлатып,
Айбыныммен алыс-жақынды ықтырып,

Текті екенімді ұқтырып,
Осынша берген дәулетті
Көтеріп алсам тік тұрып,
Сен менің азат басыма қонбай,

Қайда қонасың, ей Бақыт!

ДАРХАНҒА

Сен – сенгенім!
Сенсіз жерде түседі еңсем менің.
Қапияда көз жазып қалам ба деп,
Көтере алмай еңсемді,

Кемсеңдедім.

Емшім менің!
Тағдырымнан тиген сәл еншім менің
Сені ойласам ұмытып мен өзімді
өзімді-өзім демедім,

Сенсің дедім.

Күнім менің!
Сенен басқа бар еді кімім менің!
Сен от басып қалар деп ойда жоқта
Көрсең еді жүрегім тілінгенін.

Тілінгенін, ей, жалғыз ұлым, менің!

ҚОЛҚА

Қаласаң, қабыл аларсың,

Салайын деп ем бір қолқа:
Көңілге демеу боларсың –
Көрініп көзге жүр, қалқа.

Ынтықса жүрек шерменде
Басайын іштің күйігін.
Қасымнан өте бергенде –
Көзіңнің қишы қиығын.

Сағынып өмір сүрейін,
Сырыңнан сиқыр құр қалдым.
Сыңғырын естіп жүрейін –
Сыңарын берші сырғаңның.

Көлденең кісі сенер ме,
Арайлап атсын нұр таңым.
Тұтатсам, жетіп келерге –
Шашыңның берші бір талын!

ӨСКЕМЕН

Қалдырып кетпесем де ештеңемді
Қимайды көңіл неге Өскеменді?
Былдырлап тілі шыққан балам құсап
Шықпайтын болып алды естен енді.

Қол созып махаббаттың жүлдесіне
Шомылсам шолпылдатып Үлбесіне
Өскемен келіншек боп көрінеді
Оранған үлдесі мен бүлдесіне.

Жұлдыздай зерлі аспаннан үзіп алған
Түнгі оттар шыға келсе жүзіп алдан
Көңілдің айдынында ағараңдап
Қаяудай құс жолының ізі қалған.

Қияқтай ай боп көкте тұрса қылыш,
Кетеді жүрек жібіп, жұмсарып іш.
Дүбірлеп түркі атының тұяқтары,
Сібірлеп оянады бір сағыныш.

Күн нұры тозаңдатып гүлдер шаңын
Көшкендей көз алдымда күндер сағым.
Санамды сілкілейді сақ кезімде

Сары алтын сауыт киіп жүрген шағым.

Сайы жоқ саясында гүл өспеген,
Самалы сыбырлайды бір ескі өлең.
Киесін Алтай-әжем құрмет тұтқан
Бабамның бөркі шығар бұл Өскемен.

Жеңіспен жалғансын деп жортуылдар
Еңістен ереуілдер еркін ұлдар.
Ішінде қарағайдың қаптап жүрген
Қайдасың, Қаратайлар, Төртуылдар?

Тарихын тергесеңдер Өскеменнің
Жұрты бұл жөңкіп бұлттай көшкен елдің.
Алтайым – ақ бесігі
Ата қазақ

Кіндігін қылышпенен кескен ердің.

Тағдырын кешкен сол ұл Көрғұлының,
Тәңірім, енді ұзартып бер ғұмырын.
Шығыстың шаңырағы жүрген сынды
Шайқалып шүйдесінде Кербұғының.

Рахман суыңда да ырыс қайнап,
Майлайсың мұртыңды енді, мырышты аймақ.
Түбінде қазаныңның тұрсын қаспақ
Қыр асып, қиыр шетке жылыспай бақ.

Бір тылсым бар секілді шипаңда да,
Көзімді кіреукелеп ұйқы, алдама.
Есімді есеңгіреп жиып тұрмын,
Тауып бер тарихымды, титан қала!

ТҮНГІ ТАКСИ

Жексенбі.
Түнгі он екі кезі.
Сәл тінте қарап мені екі көзі
Таксидің ішінде бір ару отыр

Бөлек жамалы,
Бөлек мінезі.

– Атың кім? – деп ем,

– Лариса, – деді,

Бетімді шарпып жалынша лебі.
Тұңғиық жанар тереңге қарай
Батыра берді ағынша мені.

Түріктің қызы – туған ай дерсің,
Жүрегің болса – туламай көрсін.
Қап-қара шашты,
Аппақ иықты

Жолыққан ақын жырламай көрсін!

Ұмытар лезде азабыңды ішкі
Сұлулық, сенің ғажабың күшті.
Аққу мойынға жараса қалған
Тарыдай меңге назарым түсті.

Бұрқанса сезім кімді бұзбайды,
Жұтамыз ба екен енді біз қайғы:
Түнгі сұлуға тебіреніп айттым
Хафиздың жырын меңді қыз жайлы.

«Мейірбанды түркі аруы
Сүйсе мендей бейшараны –
Бір меңі үшін қияр едім
Самарқан мен Бұқараны».

Білетін жырым осы бар менің,
Дәулетім болса тосылар ма едім,
Хафиз сыйлаған екі шаһарға
Алматыны да қосып ал дедім.

Еліккен ұлдың кесір мінезін
Көрікті қалам, кешіргін өзің!
Қолымда болса қиятын едім
Ертіс пен Сырды,

Есілдің өзін!

– Алмаймын! – деді –

сыйларың қымбат,
Одан да Хафиз жырларын тыңдат.
Жомарт ақынның дидарын көріп,

Дауысын естіп тұрғаным қымбат.

Кезімде жырды кенет аңсаған –
Өзім-ақ әлі телефон соғам.
Әзірге хош бол,
атымтай ақын,

Тыныққан бүгін жөн екен саған.

– Атың кім? – деп ем,

– Лариса, – деді,

Бетімді шарпып жалынша лебі.
Елеңдеп әлі күтумен жүрмін
Телефон шалар деп сағынса мені.

Түседі жиі есіме тегі,
Тағдырым қандай шешім етеді.
Хафиздың жырын іздеген шақта
Звондай салса несі кетеді...

БАҚ ПЕН СОР

І Келді-кетті дүниеге бір ақын, Өмірі тек өксулерден тұратын. Ешкім оның ұғынған жоқ мұратын, Ешкім оған жасаған жоқ рақым.

Ойы биік,
Бойы биік ортадан
Жанды-сөнді лапылдаған өрт-адам.
Ешкім оны сыйпаған жоқ маңдайдан,

Ешкім оны қаққан емес арқадан.

Басын исе,
адалдыққа иетін
Ешкім оның түсінген жоқ ниетін.
Өзегінен теуіп жатқан өмірді ол

Өгейсімей,
Өліп-өшіп сүйетін!.

Ғашық еді тіршілікке ол байғұс,
Қасіретке құштар еткен қандай күш?!
Кешіп жүрді ол өлеңнің өзенін,
Басына тек бақыт болып қонбай құс.

Досы да жоқ.
Дос дегені – ол да жау.
Жоқшылықтың көз жасына толды ожау.
Оңды-солды шашты жырдан несібе

Бақытсыздар етсе екен деп талғажау.

Ол жүрегін жүргенімен жырлатып,
Бұйырмады маңдайына бір бақыт.
Арулардың жанарынан сыр оқып,
Аналардың алды жасын құрғатып.

Таусылғанша соңғы демім-тынысым,
Тек өлеңнің тасытам деп ырысын.
Жырдың ғана қабағына қарайлап,
Өмірін де құрбан етті жыр үшін.

Қасіреті қарығанмен қанша ішін,
Жыр-тұлпарға басып соңғы қамшысын.
Келешекке сәлемім деп,
Өлеңге

Сарқып құйды жүректің қан тамшысын.

Қара өлеңмен көгерер деп көсегем,
Жанын жырға жөргек етіп төсеген.
Бір өлеңге бар ғаламды сыйғызды ол,
Соңғы өлеңім емес пе деп осы өлең.

Білуші еді ол ажалдың күтпесін,
Білуші еді бәрін жазып бітпесін.
Қолындағы қалам сусып түскенде
Соңғы өлеңнің қойды соңғы нүктесін.

Қолында өлең –
Қансыраған жансыз хат,
Жылап тұрды жүрегімен жар сыздап.
Тіршілікте қолға түспей,

Өлгенде
Басына кеп қонып жатты арсыз Бақ.

Тасынғанда – теңіз болып толатын,
Ашынғанда – гүлдей қурап, солатын,
Өлең үшін өмір сүрген сол ақын –
Мұқағали Мақатаев болатын!

ІІ Шаттық жоқ шабандозда Шалкөдесіз, Шөмиіп, секілді бір шал кәдесіз Иесі аттанғанда қан майданға Шалқұйрық Шалкөдеде қалды егесіз.

Ұшқандай дәл сол күні баста бағы,
Жадырап енді шырай ашпағалы
Телмірді күнбатысқа бір жас бала,
Ұқсайтын қыран құсқа қас-қабағы.

Қыран құс түлемесе қомдана ма,
Шілдеде жылына ма тоңған ана.
Иесіз Шалқұйрықтың киесі мен
Шылбыры қалып еді сол балада.

Өмірдің керуені тоқтасын ба,
Жанашыр әкесі де жоқ қасында,
Жамылып атасының жарғақ тонын
Жанығып жыр жазатын от басында.

Тіліне кейде оралып Құран – дана,
Ерте-кеш құмартқаны жыр-ән ғана.
Шаңқылдап шәулі бүркіт болып шықты
Қабағы қатыңқылау қыран-бала.

Қуалап құдірет күш қан тамырды
Елемей жолдағыны жаңқа ғұрлы
Шарықтап кетуші еді шайыр бала
Құшақтап қиялымен Хан–Тәңірді.

Көзіне көрініп бір бақ құсы аппақ,
Жарқылдап шың басында жақты шақпақ.
Үйреніп найзағайдан жарқылдауды,
Тұратын тау басында от құшақтап.

Тұңғиық тереңімен көл шымырлап,
Кететін құлағына жел сыбырлап.
Тілейтін Қарасаздың кемпір-шалы:
Я Құдай, сол балаға берші бір бақ.

Бар ма деп Шалкөдені шолатын күн
Баланың жанарына толатын мұң.

Халықтың қайғысы мен қасіреті
Шер болып шөкті ішіне сол ақынның.

Жыр жазып арасында жүрді ауылдың,
Қойсын ба құдіреті жыр-дауылдың.
Сөзімен сызып заман суретін
Айналды ақынына бір дәуірдің.

Жазғанмен жан жарасын үрлеп уақыт,
Жесірмен қайғы-көлге бірге батып,
Жүретін Қарасаздың көшесінде ол
Басынан Хан-Тәңірдің жыр боратып.

Күзетіп босағасын боздақтардың
Ошақта өлең отын маздатты әр күн.
Есіне түсіп кетсе есіл ерлер
Ызғарын сезінетін жазда ақпанның.

Түнектен тілегендей жанға жалын,
Жүректе тұншықтырып мәңгі азабын,
«Есіктің» кафесінде отыратын
Ішінде жалғызсырап даңғазаның.

Жөңкілген Хан-тәңірі бұлты сынды
Жұмбағын жүрегінің кім түсінді.
Адамзат көктемінің хабаршысы
Жоғалтып алдым бір күн жыл құсымды.

Райымбек! – деп туған ұранды ақын
Түсіріп жырмен елге Құран–хатым,
Шалқұйрық шашасына шаң жұқтырмай
Шалкөде, Қарасаздың шығарды атын.

Еңбегін еткен емес елге міндет,
Естіді ел қыршын күйде өлгенін тек.
Жұрт енді мін тағады сол ақынға
Жамбылдай неге жүзге келмедің деп.

Ақынға мақсат па екен көп жасаған,
Көп күнді көрсетпеді көз жасы оған.
Алыптың бар міндетін атқарыпты
Халықтың ұлы болған жап-жас адам.

Аз жасау болып еді күнә қашан,

Ел неге айтады әнін – ұнамаса ән.
Жоқтауын тұрмын жырмен жеткізе алмай,
Көрісіп Қарасазға жыламасам!

ТАЛҒАР ТАУЛАРЫ

Аспанның алыстығын аңғартар бар,
Армысың, көк тіреген заңғар таулар.
Түсіріп басындағы бөркін жерге,
Қасымды тамсантып ең, Талғар, Талғар!

Сол шыңдар,
Емессіңдер басқа шыңдар,
Келіп тұр етегіңе жас Қасымдар.
Биікке құмар болған жүрегім бар,

Қасыммен достасқандай достасыңдар.

Биікке қарай қалсақ аңырып біз,
Жол беріп жатыр жырға жарылып құз.
Тасыңа тәу етуге рұхсат бер,
Басыңа қонған кезде самұрық – құс.

Таң қылып қыз-жігіттей арша-қайың,
Жаңғырып жатыр менің жан сарайым.
Тіземді бүгіп саған тағзым етіп,
Қыз өңді бір таңыңды қарсы алайын.

Таппадым құпияңды жол аралар,
Сұлуға жасырынған болар амал.
Басыңда аунап жатқан бұлтыңды бер –
Етейін сағынғанда қол орамал.

Төбемнен төге салсаң нөсеріңді,
Түсінем – тірсектен су кешерімді.
Тазарып қайтар едім Алматыға,
Уілдеп өлең қылып әсерімді.

Жұқтырса шыңдарға күн шұғыласын
Сүрініп көк шалғынға жығыласың.
Бетпе-бет келгеніңде шын биікпен
Аласа екеніңді ұғынасың.

Жұпар боп көкірекке кірсін орман,
Жаңғырып жыр ішінде жүрсін арман.
Тілімді кәлимаға келтірейін –
Тартар ма табиғатқа бір шығармам!

ТӘУЕЛСІЗДІККЕ ТӘУЕЛДІЛІК.

Ей Аллаһ,
Шашу етіп шаттығымды,
Бұйырттың пешенеме сәтті күнді.
Өзіңнің есіміңмен қатар қоям

Тәуелсіздік деген бұл тәтті ұғымды!

Ұшырып азаттықтың құсын қолдан,
Бабамның тұншыққанда ішінде арман.
Қазақтың тарихында соғыс болса,
Барлығы тәуелсіздік үшін болған.

Шулатып шүршіт-қалмақ шапқанда елді,
Болғандай бір әділет хақтан белгі.
Дұғадай жыры ма едің Доспамбеттің,
Ақтаң ба ең аңсап өткен Ақтамберді?!

Шұбырған көші ме едің «Елім-айдың»,
Суырған сесі ме едің Абылайдың?
Сен менің тарихымды танымасаң,
Тәуелсіздік!

Мен сені танымаймын!

Сен менің тарихымды оң бағала,
Сен маған туысасың сонда ғана.
Құлдықтан құлқым азат болған шақта
Қаймықпай қарсы барам бомбаға да!

Болса егер дінім – дербес, тілім – бостан,
Естілсе ғаламшарға үнім қосқан.
Қазақ боп туғаныма қуана алсам,
Көшер-ау көрген түстей мұңым бастан.

Тапжылмас тұғырым боп тасы берік,
Сен менің беремісің басыма ерік?
Мен төрткүл дүниені шарлағанда,

Қорғаштап жүремісің қасыма еріп?!

Қоғамға басу айтып күнде өлермен,
Саңқылдап мен сөйлесем мінбелерден.
Алаштың сесі болып төбемде тұр,
Түнермей темір торлы түрмелерден!

Таптамай туған жердің гүлін ешкім,
Келеді қадірімді біліп өскім.
Көтеріп Қазақстан көк байрағын,
Жүрейін дүрмегінде ұлы көштің!

Көңілде халқым үшін қалмаса алаң,
Болсын деп елім аман,
Елбасы аман.
Тілеуіңді тілеймін, Тәуелсіздік,

Тәуменмін,
Тәуелдімін онда саған!

БАС.

(Мұхтарға)

Басқаларды қайдам:
Менің басым – біреу.
Жалғыз басқа ойдан
Таппай жүрмін тіреу.

Тауға да оны ұрдым,
Тасқа да оны соқтым.
Есеңгіреп тұрдым,
Есті болған жоқпын.

Жарғақ басым қанын
Сорғалатты кілең.
Бірақ, менің жаным
Басымда емес білем.

Тиіп басым тасқа
Кейде ашиды миым.
Дұшпаны көп басқа
Ие болу қиын.

Оңғарылмай жолым

Басым талай сынды.
Тек ішінде соның
Бірдеңе бар сынды.

Көрешегін көрмей
Кірмес сірә көрге.
Мен игенмен жерге,
Ұмтылады ол төрге.

Қадірімді кісі
Біле түссін дей ме:
Ойға толып іші
Сықырлайды кейде.

Бітпей мәңгі егес
Ағарғанмен шашым
Тыншу табар емес
Менің қара басым.

Таусылғанша демім
Қуармын бір елес.
... Тыныш жүрер едім;
Басым екеу емес!

МҰСТАФА ШОҚАЙ

Қазақ елі – ел ғой деп енді іргелі
Көңілімді күмәнсіз сендіргелі,
Тарихыма тәу етіп,
келіп тұрмын.

Бейітіне Шоқайдың Берлиндегі.

Үйірілді таңдайға жыр тәттісі,
Үлгі болар кісі еді ұрпаққа ісі.
Тәуелсіздік жолында тәуекел деп,
Құрбан болған қазақтың бір тоқтысы.

Бұлтқа кіріп барады ұрланып күн,
Жетімсіреп бейіті тұрды алыптың.
Бір уыс боп бүрісіп жатуын-ай,
Қайта тумас көсемі бір халықтың.

«Біз – бұлақпыз.
Мұстафа Шоқай – теңіз,

Түркістанмен есімін атайды егіз», –
Деп тілмашқа жатырмын түсіндіріп,
Ұқпады ма, ұқты ма ноқай неміс?!

Жанын баққан жалдама – білер кімді,
Таң еді ғой Мұстафа түрер түнді
Маңдайдағы марғасқа маңғазымды
У берген қасқырдай ғып кім өлтірді?

«Қаһарманым қатарға қосылшы» деп
Отырмады бір қазақ басын сүйеп.
Оралғанмен рухы туған жерге,
Жатыр әлі жат елде асыл сүйек.

Қабыл болмай баяғы ақ батасы,
Күңіреніп жатыр ма датқа атасы.
Кіріп бара жатқандай қара жерге,
«Мұстафа бей» деп жазған тақта тасы.

Жайсыздау боп жатқаны-ай шіркін ердің, –
Деп басыңа күмбездеп үй тігер кім?
Терезеңді тең ұстап, түркімін деп
Жетегіне жүрмеп ең Гитлердің.

Қапияда мерт болған қырғи құсым,
Көсемдердің аузына құм құйды шын.
Шоқайұлы шабына шоқ түсірсе,
Сталин де төрт бөлген түнгі ұйқысын.

Талайлы тағдыры үшін алты Алаштың
Азабын ақыреттің арқаластың
Балапанын алдырған бозторғайдай
Жер мен көк арасында жанталастың!

Асыл еді Мұстафа.
Сол асылдың
Тәу етеді жат жерде моласын кім?
Тасбауыр ел талпынып іздемеді-ау,

Тағдырына тәуелсіз талас ұлдың!

Қадіріне жетпесек бар асылдың
Таусылады тасмаңдай шарасы ұлдың.
Елейді деп ел қашан есіл ерді
Сол бейіттің басында аласұрдым.

Шоқай десе қалады тіл күрмеліп,
Ештеңе айтып елге біз үлгірмедік.
Қор еттік пе бұл сөзді жетесізге,
Шығара алмай шылбырдан бүлдіргелік.

Шенеуніктің тілінде шүлдірледік,
Ел шетіне Шоқайды ілдір дедік.
...Осы арманым аманат саған, Ұлым,
Сен екеуміз кетпеспіз бір күнде өліп!

АБАЙҒА ӨКПЕЛЕУ

Жырымен жүрек дертін емдер кей күн,
Мен Абайды ешкімге теңгермеймін.
Ақиқатын айтқанда, ұлы ұстазды,
Өзім туған әкемнен кем көрмеймін.

Әкеңнен жақын сірә, кісің бар ма,
Бастырса,
Сол бастырар ісіңді алға.
Өлең мені өгейсіп қалса,

Абайдан
Медет сұрап жүремін қысылғанда.

Жыр-жарыста әркімге бас қайғы деп
Абай-әкем жұмбағын ашпайды көп.
...Қазақ бекер айтпаған:
Әкенің де

Жақындығы жездеден аспайды деп!

БАУЫРЖАН ЖАҚЫП

Көрдім талай іріні –
Бауыржаным тұр дара.
Қасымдағы бір іні,
Соңымдағы бір қара.

Көңілдегі елесті
Көрсетеді жыр-айна.
Бұлың-бұлың көмескі
Құлын күнің жүр ойда.

Жолығатын жамырап
Қозыдайын көбеген.
Аузын ашса маңырап
Төгілетін көп өлең.

Жазатын ол жыр түмен
Деп ауылда қалды үйім.
Әжесінің құрты мен
Сағынатын әлдиін.

Жүрегінде сөндірмей
Жүрген отын даланың.
Сағынушы ем мен бірге
Әжесін сол баланың.

Зуылдама, зырлама
Десең, уақыт тоқтар ма.
Өлең құмар бір бала
Кіріп кетті көкпарға.

Жолықты ма олжаға
Өмірменен беттесіп,
Уылжыған сол бала
Ақын болып кетті өсіп.

Сіңіп кетті ол сағымға
Жүйрік аттай жыл шығып.
Арқасынан қағуға
Жүрем енді қымсынып!

САЙЛАУ БАЙБОСЫН

Сайлау дос,
Сайлау іні,
Сайлау ақын,
Кез келді сен жайлы да ойланатын.

Ауылдың жаратылған жүйрігісің
Алматыға апарса бәйге алатын.

Болмайды өзің жайлы толғанса артық,

Өлең сөз өзегіңді алған шарпып.
Шетелдің адамына көрсететін
Салдар мен серілерден қалған сарқыт.

Ұрпағың десем сізден бек кем емес –
Бөгенбай бабаң бізге өкпелемес.
Көзіме сен боп кейде көрінеді
Баяғы батырлардан жеткен елес.

Ауылдас ағайынның ұйтқысы ма ең,
Қауымдас қаламгердің мықтысы ма ең.
Жүресің елден саяқ, көптен жырақ,
Алысып Ерейменнің ит-құсымен.

Балқытып баялыштай жанса сезім
Желге ұшып кетіп жатыр қанша сөзің.
Дон-Кихот болған кезде Қанай ағаң,
Қасында жүрген Санчо-Панчосы өзің.

Белгілі әркім түрлі тон пішері,
Бойыңа өнерпаздың қонды шері.
Қанжығалы баласы хан көтерген
Ішінде Сүйіндіктің соңғы сері!

ҚАСЫМ ӨЗІ ТУРАЛЫ

Бәйгеден жүргенімен келмей атым,
Туған жоқ тұл ғасырда мендей ақын.
Күркілдеп жүргенімде күнім бітті,
Оқыса, оқи берсін енді аятын.

Ертеңге талпынғанмен ер көңілім,
Шықпайды бұрынғыдай сергек үнім.
Дүние дөңгеленіп өтер шақта,
Көлбеңдеп көз алдыма келді өмірім.

Кешіріп қиындықтың бәрін бастан
Бұл Қасым қияметтің төрін басқан.
Сөзіме сыйғыза алмай жүруші едім,
Көзіме тулақтай боп көрінді аспан.

Алланың жанып тұрса әр күн шамы,
Сынар ма жоқшылықтан ердің сағы.

Апыр-ай, жұдырықтай ғана екен ғой
Шегіне жеткізбеген жердің шары!

Хош, жалған – қызығымен мені арбаған,
Болып ем өлеңге алаң, өнерге алаң.
Жүйткіген келер күндер керуені
Түсіріп тастап жатыр мені арбадан.

Іштегі шемен болған шер басылмай
Сайрап ем тоты құстай торға сыймай.
Қайғы мен қуанышты кезек құшып,
Балқытып құйдым жырға қорғасындай.

Қазақтың керуен болып кең өлкесі,
Шұбырды тұс-тұсынан өлең көші.
Жаныма жуытпадым зұлымдықты –
Жырыма түспесін деп көлеңкесі.

Қарсы алып құмарлана өмір таңын,
Тамсанып келбетіне таңырқадым.
Қара өлең кірпішінен соқтым сарай
Көрсін деп тамашалап жаңа ұрпағым.

Жетелеп жүргенімен жастық үміт,
Қайтейін, көңілімді басты күдік.
Айтылмай қалды қанша ақиқатым,
Тұрғандай тамағыма тас тығылып.

Замана ызғарынан жыр бұғынып,
Мойнымда сүйретіліп жүрді құрық.
Айтақтап ағайыным ит қосқанда
Басында бір төбенің тұрдым ұлып.

Болғанмен туғаным – шын, өлерім – хақ,
Тіледім тапса екен деп өнерім бақ.
Алдым – жар,
Артымда құз тұрғандығын

Түсіне алармысың, келер ұрпақ.

Қайтейін, қол қысқарды, ой тарылды,
Алаңсыз айта алмадым айтарымды.
Күндіз-түн армандадым алаң болып
Халқыма қарызымды қайтаруды.

Өлеңнен қармап қалдым сыбағамды,
Келер жас, кіналама бұл ағаңды.
Жұбаттым жырымменен жылағанды,
Сүйедім қолтығынан – құлағанды.

Кетсе егер төңкеріліп бір күн қайық
Болмас деп жырды сүйген жұртым ғайып,
Жел кернеп жыр-теңізде желкенімді
Ертеңге құшағымды жүрдім жайып.

Өлеңім, өлгенімше сырласымсың,
Қанбадым құмарланып жырға сусын.
Еліме еркелейтін еркін шақта
Қасымға тарлық етті-ау бұл ғасыр шын.

Қорлатпай күншілдерге басымды алтын,
Қасқайып қалсам дедім Қасым қалпым.
Жанымды түйіп едім шүберекке,
Шешер деп керегінде асыл халқым.

Қасыммын, сені сүйген сол Қасыммын,
Алдаспан жарқылдаған алмасыңмын.
Күрмеліп қалған шақта қызыл тілім
Айтарсың ән-жырымның жалғасын кім?

ТҰМАНБАЙ МОЛДАҒАЛИЕВ

Қонардай бақыт құсы өзі-ақ қолға,
Туғанмен жақын жерде – Қазаткомда.
Батқан ол белшесінен бейнет-суға,
Кешірген басынан көп азапты ол да.

Ағаштың бұтағына жеміс байлап,
Жанарын қуантқанмен келісті аймақ
Қамығып он жасында жүретін ол,
Кешіккен күнбатыста жеңісті ойлап.

Қазатком арасында Қыр-Балтабай,
Жар кешіп жалаңаяқ жүрді ол талай.
Құйды оның кеудесіне дыбыстарын
Әнші құстар салтанат құрған тоғай.

Аймаласып аңызақ – аптаппенен

Қыр асып, қырман жаққа кетті атпенен.
Жып-жылы Жетісудің жаңбырлары,
Құйғызып құлағына жаттатты өлең.

Жазуға жаттықпаған саусағы әлі
Сақаны шиыруға ауса-дағы,
Ойынның баласының ойын жаулап,
Сыбырлап сөз үйретті тау самалы.

Толсын деп діңгегінен дарын-ынтаң,
Себелеп жүрегіне жарығын таң
Айналды қыз-келіншек сырласына,
Құрдасына айналды кәрі-құртаң.

Шуақтап шумақ қонып ши басына,
Шара жоқ көздің жасын тыймасына
Жұбатып өзін-өзі уілімен,
Жейдесін жыр-жігіттің киді асыға.

Қол бұлғап қиындықтың көп қамалы,
Ауылдан шықпаса да соқпағы әлі
Шырылдап бозторғайдай бала жүрек,
Оның ақын болмауға жоқ-ты амалы.

Өлең алған, ал десе – алтын алмай,
Жыр үшін жаратылған қалпы қандай.
Ілінді Әуезовтің ауызына,
Аузынан өлең төккен сол Тұманбай.

Бұл күнде алты алаштың болды ағасы,
Жеміске жыр бағында толды ағашы.
Жүр енді жыр елінде билік құрып,
Кешегі Қазаткомның сол баласы!

Бұлантының жоқ бұланы,
Құландының жоқ құланы,
Бүркіттінің биігінде
Қалқымайды көк қыраны.

Бұғылының бұғысы жоқ,
Тағылының тағысы жоқ.
Теңіздердің тереңі жоқ,

Өзендердің ағысы жоқ.

Сәуір нөсер төкпегелі
Таңсық жердің көктегені.
Құлындардың желісі жоқ,
Қозылардың жоқ көгені.

Атымыздың тұрманы жоқ,
Айтымыздың құрбаны жоқ.
Бәтуа жоқ ісімізде,
Сөзіміздің тұрлауы жоқ.

Бәрі жоқ боп жатқан ұдай
Берекесіз шақта бұлай
Иманы жоқ адамдарға
Иланудан сақта, Құдай!

Жүйрік аттай жүйіткиді жылдар ағып
Өтпейді екен өмірің гүлге оранып.
Ащың менен тәттіңді тату үшін,
Дүние, есігіңнен бір қарадық.

Талпынсақ та төріңе тынбай талап,
Кімге бердің сыртыңды
Кімді айқалап.
Бәріміз де жабамыз сол есікті

– Жалғансың.

– Жалғансың! – деп мың қайталап.

Қаптайды екен қайтадан күнеске гүл,
Қартаяды күн үшін күрескен ұл.
Жалғасады тіршілік, алмасады,
...Кім келіп, кім кетпеген бұл ескі өмір.

Дейсің:

– Хал қалай?

Шіркін, жалған-ай!
Тірлік төс болса,
Басым балғадай!

Көзім шырақтай,
Сөзім сынаптай.
Қажай бергенді
Қалам ұнатпай!

Қолым көсеудей,
Жанбай,
Не сөнбей
Жүрген өмірім

Өгей шешемдей.

Үміт сөнбейді,
Ісім өнбейді.
Қажып жүрсем де
Өлгім келмейді!

Жандай ұрда-жық
Жүрем зыр қағып.
Күлем сұрланып,
Кірем ұрланып.

Нарық дегенің
Тұзақ – көгенің.
Ілді мойынға,
Ілбіп келемін.

Көптің бірімін,
Әзір тірімін.
Тонап өзімді
Жүрген ұрымын.

Мініс аттаймын,
Желем, шаппаймын.
Көрге кіргенше
Тыным таппаймын!

Қара шашым ағарады.
Ағарсын,
Ағардың деп қалай кінә тағарсың,
Қайрылмасқа кеткен қайран күндерден,

Келіп жатқан ақ сауытты хабаршым...

Қара жер де көгереді.
Көгерсін,
Көгерсе де, көнерсе де көнерсің.
Пыр-пыр ұшқан көп күндерім көгершін,

Ұясына оралмаса – не дерсің...

Ақша бетім қызарады.
Қызарсын,
Қызармасаң қызығымды бұзарсың.
Киіз үйдің іргесінде көлеңкем,

Сенің күнің түскен жақтан ұзарсын...

Көк жапырақ сарғаяды.
Сарғайсын,
Сарғайғанның бәрін қалай қарғайсың.
Жаз белгісі қалды ма деп бір жерде.

Күзгі бақтың қуыстарын шарлайсың.

Көңіліме салып талай қаяуды,
Оңып жатыр бояуларым аяулы.
Уақыт па?
Уақыт сұм – дальтоник,

Тек сол ғана айырмайтын бояуды!

ПЫР-ПЫР ҰШҚАН

КӨП КҮНДЕРІМ КӨГЕРШІН

Бетім қайтқан кезімде
Тау шағылған,
Аулақ жүрсем деп едім дау-шарыңнан.
Алтын ғой деп салғаным алақанға,

Құм боп қайта саулайды саусағымнан.

Әлін білмес әлекке бәлесі мың,
Сөз – әлемнің ашып ем сәл есігін.
Қара өлеңнің телмірген қазанына
Дәмі кеткен ауыздың дәмесімін.

Дәнеңе жоқ дәмеге бұйыратын, –
Сақа сөзің болмаса шиыратын.
Ұйымаса иланып исі қазақ,
Иманыңды ендеше үйір ақын.

Үйір, үйір, үйірге үйірсегім,
Келмейді ғой үйірсіз күйің сенің.
Нең бар еді қу сөздің шиырында,
Шеше алмасаң тобықтай түйіншегін.

Ит жейдедей тарылып шап-шақ өмір,
Шырмалтудың шарасын тапса небір.
Сықырлаған тағында отыра алмай,
Сынып-сынып кетеді патша көңіл.

Қадіріңді қараша қайдан білсін,
Шытынайды алтын бас ойдан тылсым.
...Шайыр болсаң шынымен, өлеңіңді
Өгіз-пенде өлмеске шайнап жүрсін!

ЭЛЕГИЯ

Аруақтарыма – құрбан шалуға
Ауылға келіп тұрған шағымда
Қобалжып менің көңілім сынды
Жүйіткиді жүйрік қырдан сағым да.

Ескі ауыл – сынған, көшкен, жаңарған,
Кетпеуші ең ойдан, естен, жанардан.
Елес боп қалдың ертегі дәурен,
Көңілден бірақ өшкен жоқ арман.

Мектептің жұрты – біздер оқыған –
Сөйлейді барлық іздер атынан.
Сұйылып кеткен шашыма менің
Төгеді нұрын – күзде де рахман.

Басқа терезе.
Басқа, қақпалар.

– Кетейік, жүр, – деп дос та қақпалар.

Көзден кеткенді көңілден сызып
Өшіріп мәңгі тастамақ па олар?

Жалмауыз уақыт жалмап түменді
Алмай қоймасын аңдатты ма енді.
Қамықпай қайтем – қараша жұртта
Қалқатайымнан қалмапты белгі.

Жетеме дейін жетіп бар аңыз
Ауылдан тағы кетіп барамыз.
...Сығалай бермей саңлаудан барлық
Сабаққа жөнел, кетік, қара қыз!

ҰЛЫТАУҒА БАРДЫҢ БА...

Ұлытаудың ұраны – ұлар, ұлар,
Ұлары жоқ,
Бұл таудың мұнары бар.
Ұлы тастың алдында ұяттымыз, –

Кім ауырар ұяттан, кім арылар?!

Ұлытауға бардың ба? Ұлар қайда?
Ұлы қайғың уылжып тұнар бойда.
Ұры тісің секілді у сезімің
Уын жайып уілдеп тұрар ма ойда...

Арқар ауып кеткен соң, ұлар ұшып,
Қолға түспей қасқыр да қылар ішік,
Кілең темір құрсанған құрбыларым
Киігімен даланың жүр алысып.

Ұлытаудың ұлдары-ау, Ұлытаудың,
Құлағыңа жете ме үні таудың?
Ұлар қашқан күндерді ұмыт, аулым,
Үнжырғасы түспесін ұлы таудың!

Ұлытауым, ұлығым,
Ұлтым менің,
Ұран ілер басына бұлт ілмеген.
Ұларыңды ойлама, ұлыңды ойла,

Бауыры бүтін бар дейсің бұл күнде кім,
Ұлытауым, ұлығым, ұлтым менің!

ҮШЕУ

Қайдағы бір қасіреттер іш өртеп,
Заһар ғой деп,
Зарыққанда ішер тек,
Ұлытаудың етегінде,

Күн бата,
Үш шөлмекті ішіп тұрмыз үш еркек.

Таужуаның түбірімен тіс қажап,
Сөнген өрттей басылсын деп ішкі азап,
Үш жүзіңнің басын қосқан бөктерде
Үш жүз грамм ішіп тұрмыз үш қазақ.

Үш кісіміз – сыңарындай үшемнің,
Үш баласы секілдіміз үш елдің.
Үшбу сөздер ажыратса араны,
Шарап емес,

Үш шөлмектен ішем мұң!

Бөліну де,
Бірігу де осалдық,
Осалдықтан оңдырмастай өш алдық.
Ағымыздың адалдығы үшін деп

Алдыменен ақ қылып бір тос алдық.

Бұрылмасқа не солға да, не оңға,
Сөйлейміз кеп,
Сөйлегендей ООН-да.
Ортаншының ордасы аман болсын деп,

Толғап тосты бағыштадық оған да.

Бұзылуын байқап тұрмын түсімнің,
Байқасам да шөлмекке қол ұсындым .
Інім, сенің үстем болсын мерейің
Деп бір іштік құрметіне кіші ұлдың.

Үшеумізге ішкен сайын түсті ақыл,
Ішкен сайын ұзарғандай қысқа тіл.
Найзаларын кезенетін тәрізді
Шөлмектердің сыртындағы «Үш батыр».

Ез тірлікте кетіп еді есем көп,
Елдің қамын Едігедей жесем деп,
Екеуіне ақыл айтып тұрдым мен
Өзімше бір кемеңгер боп, көсем боп.

Тағы талай мәмілеге келістік,
Мәмілелер мәңгі болсын деп іштік.
Ұлытаудың ұшар басы бұлдырап,
Көз алдымда дөңгеленді кеңістік.

Дөңгеленсе дөңгеленсін, күнім-ау,

Шараппенен шешілер ме ұлы дау?
Ұрпағымның ұлағатын қара деп
Қабаратын секілденді Ұлытау.

О, тәңірім, бастыра гөр істі оңға,
Үшеумізді таба қылма дұшпанға.
Табысқанның белгісі осы болсын деп
Бос шөлмекпен салып кеттік үш таңба!

...Құрысыншы қайдағы бір уайымдар,
Екі туыс, жолығуға дайындал.
Ұлытауда быт-шыт болған басымды
Алматыда жазып жүрген жайым бар!

ЖЫҢҒЫЛДЫ КӨҢ

Аңсап ем айлар бойы бұл күнді мен,
Ақыры жеттім саған,
Жыңғылды көң.
Иіскесем шашақталған шырпыңнан бір

Жаныма болатындай мың күндік ем.

Өткізем жыңғыл кезіп бұл күнді мен,
Жұпары құдіредей жыңғылдың ем.
Қайырбай Зәкіровтың қаламына
Ылайық ойдым-ойдым күлгін кілем.

Төріме түбі сенің үлгіңді ілем.

Бебеулет баяғымды, ізгі күйшім!
Кеткен бе көңмен көшіп біздің үй шын?
Жыңғылдың шыртылдаған шоғын қаузап,
Сезініп отырушы ем күздің исін...

Қалпыңды таппасам да сол баяғы
Белгілер мен білетін мол ғой әлі.
Көзімді жұмсам болды –
Бір қара шал

Менен құран дәметіп,
Қол жаяды!

Жыңғылды көң.
Картада жоқ ондай ат.
Көңілден келесің тек жоғалмай-ақ,

Ей, інім, отырмысың ағаңды аяп?
...Байғыздар там ішінде жағы сембей
Бағыштап отырғандай маған да аят!

ҚЫСТАУДАҒЫ КӨКТЕМ

Ұзақ пен таған тақылдап,
Жасырып бойын ұрланбай,
Күннің де көзі жақындап,
Қол созым жерде тұрғандай.

Марғаусып кәрі төбет те
Шуақпен жүрек жалғайды.
Шаңыраққа жайған көп етке
Көзінің қырын салмайды.

Шиқылдап есік топсасы
Қажалса жүйке дертіне
Қауқарсыз шалдың бопсасы
Кірмейді ұлдың кертіне.

Қазтабан жерден қылтиып,
Ғұмырын қыстың шектейді.
Аспан да заңғар – тым биік,
Түтіннің бойы жетпейді.

Маяның түбін ұйлығып,
Мауыздай өңкей мәліктер
Жұмсайды иттің құйрығын:

– Барып кел,

– өзің...

– Алып бер!

Шашпаға қойып бар малды
Қойшы дос қиял ойлайды.
...өлеңім шыққан журналды
Сауатсыз бұзау шайнайды!

Сағынышым!
Болып едің аз күн бақ,
Бақытымды жеткізе алмай мазмұндап,
Қара жолдың жиегіне қиғаштап,

Ақ қайыңның балтырымен жаздым хат.

Қара өлеңнің қайымындай жұпталдым,
Мұңлығыңның мінәжатын ұққан кім.
Менің үшбу сәлеміміді оқи гөр
Жанарымен құлап түскен шықтардың.

Мен бүгін ішпегенде қайда ішемін?
Кенезең кеуіп қапты-ау, байғұс ерін!
Жұтайын толғап-толғап тойғанымша
Көмілсін арақпенен қайғы-шерім.

Ішімде шемен болып көп алаңым.
Ішемін. Ішіп жүрмін... жоқ амалым...
Түбіне батып мына шөлмектердің
Құримын, көрінбеймін, жоғаламын.

Жоғалам өзімді-өзім жыраққа алып,
Жетпесім мәлім болса мұратқа анық.
Көл-көсір көп арақтан қанып ішіп,
Есімінен қалайыншы бір-ақ танып.

Танайын, есі құрсын, керегі не,
Сырқатпын, шүпілдетіп бер еміме.
Не таптым бұл алдамшы дүниеден
Ділгер боп жүргеніммен дерегіне.

Бәрін де ұмытайын. Ұмытылсын.
Ессіздің, есіріктің күні тусын.
Өзектің отын солай суарайын,
Өртеніп кеткен болса үмітім шын...

Жалғанды басайын бір жалпағынан,
Сол артық алтындаған хан тағынан.
Құтырып жүрмеймін бе арғымақтай
Құтылған мойнындағы арқанынан.

Секілді елдің бәрі құрдас маған,
Менімен жан қалмасын сырласпаған.
Әне бір маскүнемге – өзім сыңды –
Мен үшін құйыңдаршы бір тостаған.

Менікі сияқты емес маған денем,

Кім екен осы арақты жаман деген.
Сөйлесіп келем қазір өз тілінде
Осынау есі ауысқан заманменен!

ТҰСАУКЕСЕР

Жалғызға жая қойсын кім құшағын –
Сынбайтын жерлерден-ақ сынды сағым.
Апатай, есіңде ме – бұл балаңның
Жасында кесіп еді кім тұсауын?

Дей көрме – қайдан келді бұл ой саған:
Әрнені ойлайды екен мұңайса адам.
Мен неге тегіс жерде сүрінем де,
Құламас жерлерімде құлай салам?

Бары анық аяғымда бір ілгіштің:
Ылғи сол – құлағышпын, сүрінгішпін,
Жығылмай мен орындап көргенім жоқ,
Ылайық маған деген бірін де істің.

– Жоқ! – деген қатқыл жауап жүр құлақта,

Тарс жабық қайда барсам тұрды қақпа.
Талпынып шыға алмадым бір биікке,
Шарқ ұрып жете алмадым бір мұратқа.

Сапарға шықтым талай батаңды да ап,
Түксиген тағдыр маған қатал бірақ.
Шалынып бір аяғым бір аяққа
Апатай, неге үнемі жатам құлап?

Болатын қарап жүріп кісі әумесер
Бұл да бір тағдырымның ісі-ау кесел.
Сүрініп-қабынғаннан құтылам ба –
Қайтадан жасашы, апа, тұсаукесер!

Менің сорым – қалың сор,
Жоқ ашылар дерегі.
Жүрегімнің қанын сор,
Сол ғой саған керегі.

Ұр төбемнен қос қолдап,

Бастан қиқу кетпесін.
Кетсін мені дос та алдап,
Көздің жасы кеппесін.

Аңды басқан ізімді,
Қой сөзіме қарауыл.
Шығар барлық қыжылды,
Айт өкпеңді бар ауыр.

Төзем. Қашан төзбегем,
Сол болса ойың көздеген,
Аңдысайық көзбенен,
Атысайық сөзбенен.

...Сыйластықтың сыбырын
Долы дауыл үрлеуде.
Қысқа жіптей ғұмырым
Келер ме екен күрмеуге?

Қаламды әкел, қарманып жазайын жыр,
Жаным төсеп жазғаным азайып жүр.
Ылһамымды ұйытқан наурыз айы
Мақамыммен ұмытқан көзайым ғыл.

Жазушы едім наурызда жап-жасыл жыр,
Биыл осы дағдым да алжасып жүр.
Сиқырымен тербейтін сөз-қазынам
Тиындайын қағады ол да сылдыр.

Ақыл апшып қалғанын, сезім бұғып,
Отырамын ішімнен өзім біліп.
Базар баққан бәдіктер ортасында
Кісі де жоқ тұшынар сөзіңді ұғып.

Бір күніңнен аумайды бір күніңіз,
Жамалатын түрі жоқ жыртығымыз.
Саңырауға беретін сәлемдей-ақ
Кімге дәрі осы өлең шіркініңіз?

Таба алмай көркем қисынын жырдың

Иінім түсіп, исініп жүрмін.

Қиуым қашып, қиындады ма іс –
Ойымда – Муза, миымда – дыбыс.

Шылдырлап бақыр тиындай сөзім,
Өлеңге сыймай құйындай сезім.

Қаламның бүгін неге аз міндеті –
Айдындай таза қағаздың беті.

Есімі Муза жақпай сұлуға
Татайын десең, таппайсың у да!

КҮДІК

Жалғыз қайықпын,
Жалпылдап келем желкенім,
Не болар екен,
не болар екен ертеңім?!

Астында өстім жамау да жасқау көрпенің,
Сынық қобыздай сыңқылдап
бір күй шертемін.
Намысым, сені нығыздап кейде сөйлетем,

Кейде артық түсем,
Кейде кем түсем,
Кейде – тең.
Алшаңдай басып араларында жүргенге

Біреулер мені патшаның ұлы дей ме екен?

Оңаша жылап,
Оңаша отқа өртендім,
Балалық дәурен, мен үшін сен де ерте өлдің.
Уысым менің бақытқа толып көрмепті,

Көсілу үшін қысқасын білдім көрпемнің.

Сүрініп кетсем
Сүйейтін кісім жоқ қой деп,
Жұбандым жалғыз,
Көзімнің жасын төкпей көп.

Көпшілік басын қосатын жерден тартындым,
Денемді қарып жоқшылық деген от көйлек.

Мінсем де ерте арманның атын қанатты

Жасымнан бағып үйрендім қас пен қабақты.
Арқамнан ешкім қақпаған кезін ойласам –
Бұл өмір маған болыпты талай абақты.

Арманым алыс,
Баратын жерім шалғайда,
Білмеймін әлі – адастырмайтын жол қайда?
Сұрқия өмір сақпанын тартып қалғанда

Тоқпағы талай сарт етіп тиді маңдайға!

Жасыған жоқпын,
Келетін күнге құлшындым,
Жарақатымды жасырып жұрттан қымсындым.
Сұп-сұр боп түсіп

сыр бермей келе жатқанда
Ішімде қандай қасірет барын білсін кім!

Жалғыз қайықпын,
Жалпылдап келем желкенім,
Не болар екен,
Не болар екен ертеңім?

Менің де бір күн өсер ме екен өркенім?
Шашылып қалсам,
шашар ма күлін өртеңім?
Не болар екен,

не болар екен ертеңім...

Жиырма бес те өтіп кетті от қармар,
Келе жатыр демі суық ақпандар
Не бітіріп жүрген жанмын деп кейде,
Шырт ұйқыдан оянатын шақтар бар.

Көмейімде тұншықтырып ой легін,
Берекесіз сөзді де көп сөйледім.
Түк бітірмей озды бастан қанша жыл,
Түк бітірмей тозды қанша көйлегім!

Сауал болып қарсы алдымнан
шықты әр күн,
Енді қалай жауабымды жұптармын.
...Ыбырайдың музейінде кетпен тұр,

Қаламсап тұр мұзейінде Мұхтардың.

Қисық басқан қадамымды құптар кім,
Оп-оңай-ақ мені шалып жықты әр күн.
Өңменіме тірелетін найзадай,
Зәремді алды қаламсабы Мұхтардың!

Бір жұмысым жетер жерге жетпеді!
Арқалаумен келем қарыз-өкпені.
Түсімде ылғи төніп келе жатады
Тас төбемнен Ыбырайдың кетпені!

Қызықтырмас алтын-күміс мүлкің де,
Ызаменен араласты күлкім де.
Аспан асты – жердің үсті тарлық қып
Аласұрған бір адаммын бұл күнде!

Бей-шарамын,
Шара-сызбын ұққанға,
Менің ісім баспай қойды тіпті оңға.
Жақсылармен мың жасармын деп едім,

Ұқсамай-ақ қойдым хакім Лұқпанға!

Иінімнен басып-жаншып тас ғасыр,
Ақ жарылып айта алмадым досқа сыр,
Үкідейін үлпілдеткен көңілді
Табанға сап таптап кетті көп тасыр.

Тасыр қайдан тани алсын тектіңді,
Жарқылдасам – жайдақ екен деп күлді.
Көңілімді көпшіліктен жасырып
Күдірейіп құр өткіздім көп күнді.

Қылығымыз жоқ екен-ау тіпті оңар,
Ақымақ көп – арамдыққа сұқтанар.
Жүрегімді жайып салып көріп ем,
Бүкпесі жоқ бейшара деп ұқты олар.

Көңіл-сарай ортаймасқа ортайды,
Өмір солай қартаймасқа қартайды.
Алтын басты мен неғұрлым еңкейтсем,
Боқты көтім одан әрі тоңқайды!

Сөйте-сөйте арамдыққа ет өлді,
Омырауды өртемейді от енді.
Қасиетім қор болғанда, қайтейін,
Қараулықпен қарыздарым өтелді!

Өткеніңді өлшеп көрсем жобалап,
Өзіңе де,
Сөзіңе де обал-ақ.
Өзің өрге сүйремесең кеудеңді,

Алтын басың жерде қалар домалап!

Жұлдызым биік жанса да,
Тауқімет өмір тартты алға.
Сағатым өлді қаншама
Сабылып аэропорттада.

Жаныңды ұғам десе де
Мұңыңды достар аңдар ма.
Кештерім өлді нешеме
Дуылды ресторандарда.

Сол ма еді менің бақытым,
Сөзіме кім бар иланған:
Өтті екен қанша уақытым
Көсемсіп теледидардан?

Көлгірсіп доспын дегенге
Көрінген сөзін тыңдадым.
Қайтарам қалай өлеңге
Зая бір кеткен жылдарым?!

Өмірім – өлең дегенмен,
Шығарсың қайтып асқарға.
Не пайда елеңдегенмен
Ұзап бір кеткен достарға.

Жүректің қаны тамшылап
Айтатын болсам ақталмай:
Ит мініп, ирек қамшылап
Өмірім өтіп жатқандай!

Ей, өмір!
Менде алмаған өшің бар ма,
Жармасып жүргізбейсің көшімді алға.
Белімді қайыстырып теңдеген жүк,

Елімді таба алмадым есім барда.

Қомдасам қанатымды
Самғамаққа,
Мен ылғи түсіп кетем жанған отқа.
Шіреніп тұра алмадым шың басында,

Тіреліп қала берем жарқабаққа.

Айналдым дегенімде ерге азулы,
Алдымнан тұрады ылғи ор қазулы.
Ноқтаңды нұқып-нұқып кигізесің
Арбаға жегу үшін өр басымды.

Ей, өмір!
Сен не деген қатыбас ең,
Күйдірдің қайта-қайта отыңа сен.
Сен егер мектеп болсаң,

Мен – миғұла,
Ең соңғы сыныбыңды оқымас ем!

Құттықтап қармен, қолды қыс,
Өлмеген құлға болды қыс.
Жалаңашымыз жаураймыз,
Қутыңдағанмен тондымыз.

Сағыныппыз-ау ақ қарды
Шаңғымен заулар шақтарды,
Шөп тартар шалым жоқ бірақ
Шанаға жегіп аттарды.

Иесіз қалды қол шалғы,
Көңілге уайым жол салды.
Биылғы қарды баспаған
Сағынып жүрмін сол шалды.

Қысқа да кейде құштармыз,
Қарақұм төрін қыстармыз.
Сопайып сорлы басымыз

Соғымның басын ұстармыз.

ҰШАҚТА

Ұшып барам үстіңнен, туған ауыл,
Сенде жайма-шуақ па?
Мұнда – дауыл.
Мамыражай қалпыңда сен жатасың,

Қуға – жолдас,
Болдым мен сұмға – бауыр.

Жүрегімді сағыныш жаралы етіп,
Барам ұшып,
Үстіңнен барам өтіп.
Өңменімнен біреудің сөзі өтеді,

Біреулердің барады арағы өтіп.

Артық едің, ауылым, көп тұрақтан,
Сезінеді жүрегім дертті батпан.
Терезеден емініп қарасам да
Көрінбейді қырдағы төрт құлақ там.

Көрінбейді қырқа да, бел де жасыл,
Буырқанды-ау армандар мендегі асыл.
Әрі-бері төбеңнен ұшам, ауыл,
Болмайын деп бұйығы елге масыл.

Менің мінім болса егер – толды өзіңмен,
Қара маған, ауылым, оң көзіңмен.
Өтіп барам үстіңнен.
Тек бір күні

Өтіп кетіп жүрмесем болды өзімнен.

Ақын, әкім болуы міндет кімнің?
Мен осынау сауалды індеттірдім.
Ешкім болмай,
Туған жер, бір тауында

Аршаң болып келеді гүлдеп тұрғым.

Көз тойғанша көруші ем қырдың гүлін,
Қыр гүлінен көшірдім жырдың нұрын.
Ешкім болмай,

Туған жер, жапандағы,
Неге бола салмадым бір жыңғылың.

Іздеп шыққан жан едім жыр құмарын,
Қайталаумен келемін қырдың әнін.
Адам болып алдамшы күн кешкенше
Суалмайтын болсамшы бір бұлағың.

Бәдік етіп,
Басымнан өттің нелер,
Айта алмайды мұратқа жеттім деп ер.
Сенен өнген өскін ем,

Ей, туған жер,
Қайта айналып өзіңе кеткім келер!

«АЙТЫСПЕН» ҚОШТАСУ

Уәзір – ез болғанда,
Хандар – қатаң,
Зәулімдікті көрмедім заңғарға тән.
Мен өзімді «Айтыспен» жұбатамын,

Мен өзімді «Айтыспен» алдарқатам.

Жандырам деп шырағын
сол «Айтыстың»
Тәлкегіне тағдырдың талай түстім.
Жағаласып жүргенде жалмауызбен,

Қарайласар қалмапты маңайда ешкім.

Ширек ғасыр болды
«Айтыс» алданышым,
Рақмет – алданыш болғаны үшін.
Талай төрде ту етіп желбіретті,

Тоз-тоз болған қазақтың ол намысын.

Қуғандай боп елесін әлде ненің
Жүргенде,
Жетімсіреп қалды өлеңім.
Біреулер Асан қайғы дейді мені

Ғұмырын кешіп жүрсем
Хан –Кененің!

Сен талайдың мерейін еттің асқақ,
Тұра қашу ескі өнер – бетті баспақ.

Сен арқылы мұратқа жеткен жандар
Өтіп алып өзеннен – кетті тастап!

Суалғандай өнердің бір бұлағы,
Саудагердің араға кірді лаңы.
Құлагердің құшақтап қу басынан,
Базарыңды тарқатып жүрмін әлі!

Сен қазақтың арманын үстем етің,
Сен талайдың бармағын тістелеттің.
Мыңмен жалғыз алысар шама қайда,
Бақаны бар бандыға не істемекпін?!

Қымыздай боп ашыған сабасында,
Шырақ жақтың ұлтыңның санасында.
Алпауытпен алысып жүргеніңде
Қолың кетті биліктің жағасында.

Менен дәрмен кетті енді.
Кешір мені!
Сенсіз алға жылжиды көш ілгері.
Бар қазақтың аузына құм құйғаны –

«Айтыс», сенің үніңді өшіргені!

«Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек»,
Бұл елге болды өнердің шикісі ермек.
Даңғазаның ішінде қазағымның
Шошимын – сыбағасын ит ішер деп.

Таңдайыңа тамшыдай тамызбай нәр,
Шын пиғылын танытты нағыз байлар.
Аңыз еді «Айтысым», жүрген жерің,
Енді өзің де жоғалып,

Аңызға айнал!

* * *
Қараймын да өткелге,
күмәнданам:
Апырай-ай, өтер ме екем мұнан да аман.

Өмір деген кіл өткел екендігін
Сапарының басында кім аңдаған?

Өмір сенің болмаппын сырыңды ұғып,
Екі жолдас:

Бірі – үміт,
Бірің – күдік.
Күдік мені алысқа жетелесе,
Қапияда үміт жүр сүріндіріп!

МАСКҮНЕМ

Жұртым бір жыр тоса ма,
елім – бір ән.
Бүтінделіп болған жоқ менің мұрам.
Тағдырымды тар жерде қияр ма екен

Артық ішкен жүз грамм,
елу грамм.

Тегеуріні болар ма мұнша қатты,
Қоя алмадым, апыр-ай, бұл шарапты.
Құрметі деп көрсеткен бағаладым,
Саптаяқпен ұсынса кім шалапты.

Ақылдан да,
Ардан да күшті бір ас,
Іш десе тартынбадым.
Іштім. Рас.

Уақыт та өлді талай тілге келмей,
Бақыт та басымдағы ұшты біраз.

Ішіппін таныспен де, бейтаныспен,
Лағнет бәріне енді айтам іштен.
Бүлкілдеп бауырымды сорып жатыр
Шарабым үріп ішкен, шайқап ішкен.

Таста деп ұрысты жар,
Ұрысты апам.
Қоямын.
Денсаулықты дұрыстатам.

Қою да оңай емес.
Қою үшін
Тағы да құйып жібер бір стакан!

БАЯЛЫШ

Біледі бүгін кім атын,

Бізге де бұл бір баяғы іс.
Тастақтау жерге шығатын
Бұтаның аты – баялыш.

Бұлдырап қалған елес ең,
Зәуіде жүрек сыздатқан.
Нәсілі бұта демесең,
Баялыш ауыр – жүз батпан.

Ауылдың алсам дерегін
Кетеді шарлап ой алыс.
Қайқаңдап қоя беремін
Арқама батып баялыш.

Көз емес,
Көңіл тапқандай
Елесті сол бір аяныш.
Арқалап келе жатқандай

Шешеміз қырдан баялыш.

Шығарам қалай оны ойдан –
Апашым үйге бір келмей,
Сорғалап тері самайдан
Баялыш шауып жүргендей.

Тұрмыс та жүдеу,
Қол қысқа.
Жоқ бізде өзге таяныш.
Не болар едік сол қыста

Болмаса тау-тау баялыш.

Жанатын маздап ошақта
Бытырлап қара баялыш.
Үрпиген сәби болсақ та.
Ұшатын самғап ой алыс,

Сөнбейтін шоғы бір таңға
Болғанмен ақ қыс,
салқын күз.
Баялыш, сенің арқаңда

Оттылау болдық бәлкім біз.

Табына оттың қақталып,
Албырап кешкен шақ қандай.
Жылуың бойда сақталып,

Қыздырып келе жатқандай.

Жылдардан кейін соншама
Санама менің жетті нық:
Нәсілің бұта болса да,
Бар екен сенде тектілік.

Әкемнің көзі деп біліп,
Шешемнің өзі деп біліп,
Отырмын енді отыңа
Көзімнің жасын кептіріп!

БАЙҒАЗЫ

Жүрген шақта сөз суырып,
ой қазып,
Бола қоймас енді бізге бәйге азық,
...Бала кезде жақсылықтың бәріне

Дәметуші ек бар ауылдан байғазы.

Жоралғыға жоқ ештеңе тең келер,
Жақсы ырымға жори білсең –
дем берер.
Тайға тұңғыш тақымымыз тигенде

Байғазымен бақ тілеген жеңгелер.

Қуанышта кетпегендей есеміз,
Шат күндердің шабындығын кешеміз.
Әкемізден дәметуші ек байғазы,
Сиса көйлек тігіп берсе шешеміз.

Байғазы да берілмейді бекерден,
Сұрайды оны тек көңілі жетерден.
Тақырбасқа тарақ берсе бір жеңге,
Бір жеңгеміз алдаушы еді шекермен.

Бұл дәстүрді бәлкім біреу ерсі дер,
Мейлі, бәрін естісін жұрт, көрсін ел.
«Еңбек жолы» басқанда
алғаш жырымды,

Байғазымен бақ тілеген көршілер.

Байғазының ұқтым мәнін енді айқын,
Ол суытпай көңілдерді жалғайтын.

Байғазымен байып кеткен ешкім жоқ,
Ешкім және кедейленіп қалмайтын.

Алдық оны ауылдастан, ағадан,
Байғазың деп қыздар гүлін қадаған.
Осы күні
«Қане, құтты болсын» деп

Байғазысын ұсынатын жоқ адам!

Дос-жарды ойлап маңымдағы көп пысық,
Көкірекке отыр енді от түсіп.
Сен озғанда –
бермек түгіл байғазы,

Қолыңды алып қуанатын жоқ кісі!

Сескенбей-ақ дүлдүліңнен, күштіңнен,
Сан бәйгеге тәуекел деп түстім мен.
Шын риза болып жүрем жолдасқа –
Арыз жазып жібермесе үстімнен.

Белгілі ғой жалған достан пайда азы,
Ақын да – өзі,
Әкім де – өзі,
Бай да – өзі.

Сыртымыздан сүйінер жан табылса,
Мен өзім-ақ берер едім байғазы!

ДЕУШІ ЕДІ БІЗДІ ЖАС АҚЫН

Күтірлетіп белдеуді
Күнде тұлпар жыр тарпып,
Күмбір-күмбір кеудеден
Күбір-күбір сыр тартып.

Құпиялы жыр – сезім
Құйылатын шақ қандай.
Бір сөзіңнен бір сөзің
Асып түсіп жатқандай!

Жүгіресің шапқылап,
Естіртуге даусыңды.
Судың бәрі – ақ бұлақ,
Шудың бәрі – ән сынды.

Жан көрінбей көзіне
Ой ойлайсың не түрлі.
Қыздың бәрі өзіңе
Құмартатын секілді.

Өртесе өлең өзекті
Өзіңдікі – бұл ғалам.
Өлеңің бар газетті
Оқитындай күллі адам.

Таңғалмасқа таң қалдық,
Көз сүзбеске көз сүздік.
Бұл не деген аңғалдық,
Бұл не деген ессіздік!

...Биік ұстап еңсені
Тасымасқа тасатын,
Сағындым-ау мен сені,
Жайраңдаған жас ақын!

ДОСЫМ ЖОҚ МЕНІҢ...

Мұқағали

Серілік құрып,
Сергелдең өмір кешсем де,
Адамның бәрі досым деп
кейде бөссем де,

Адуын ақын,
Сөзіме менің еш сенбе
Досым жоқ менің –
болмағанындай дос сенде...

Досым жоқ менің...
Болады бұған не істеуге?
Досым жоқ менің,
Дос іздеуге енді кештеу ме...

Қасымда жүріп қарақтағандар
қаншама, –
Бармайды дәтім бірін де соның дос деуге!

Досым жоқ менің сырымды сөзсіз ұғатын,
Досым жоқ менің алдымнан аңсап шығатын.
Досым жоқ менің сүрінгеніме қан жылап,
Қайғырып бірге ішінен үнсіз тынатын.

Досым жоқ менің арманымды айтар
қол жетпес,
Досым көп менің дулы кештерде шөлмектес.
Досым көп менің атымды мініп кететін,

Досым көп менің қасіреттеріме селт етпес.

Досым жоқ менің қуанышымды да бөлісер,
Жоқ болса қайтем, –
Қаумаламасын мені шер.
Шықпаса шаңым шықпай-ақ қойсын, қайтейін.

Жалғыз-ақ асам – алдымнан шықса еңіс-өр.

Досым жоқ менің,
Қайтемін досым жоқ болса,
Оңаша күйем –
өзегімді өртеп от толса.

Досым жоқ менің –
Күндеушілерім де жоқ шығар –
Баянсыз бақыт басыма
бір күн кеп қонса...

Мешел достар қайтарып меселімді,
Кеселімен желкеме неше мінді.
Датталумен
сарсытып құлағымды,

Ақталумен өткердім неше күнді.

Ақтығыма сендірер жоқ па амалым?!
Ант-су ішіп,
Қарғанып,
Ақталамын,

Өмір емес өмірім,
Достарымның
Көңілінен шығу ма деп қаламын.

Кінәлі кім?
Жөн кімде?
Кім аңдаған,
Мұның бәрін бейбәлім, тұман маған.

Дос дегенім – досым ба, дұшпан ба екен,

Айыра алмай арасын күмәнданам.

Өрге жүріп тұрған жоқ тасым да онша,
Маңайымнан неғып жүр қасым болса?
Досым болса, ұқпай ма көңілімді,
Ғайбатына әркімнің бас ұрғанша.

Бірақ дос жоқ осыдан өзге менде,
Төзе берем,
Қайтемін төзбегенде.
Ақиқатқа өлсе де иланбайды,

Өтірікке сенеді сөзге келмей.

Солар бірақ тұсымнан салған дүбір,
Маңайымнан табылып – болғанда іңір.
...Шап қаптырып қай жерде кетеді деп,
Жалтақтаумен өтер ме қалған ғұмыр?!

Қайтем, жаным, қасіретім болса емсіз,
Айықпайды,
Айықпайды ол сенсіз.
Саған деген менің ынтық сезімім

Аспан толған ауа сынды –
өлшеусіз.

Таппай қойдым бұл дертіме дауаны,
Талабымның шағылғандай тауаны.
Саған деген менің ықыласымды
Аңғармайсың –

жұтқаныңдай ауаны.

Аңғармайсың.
Аңғармасаң – аңғарма.
Мен өзіңді балай берем заңғарға.
Терезеңнен төгілемін шуақ боп

Сен қуанып оянатын таңдарда.

Гүл боп тұнам –
сен жүретін жолдарда,
Нұр боп толам –
сен кіретін залдарға.

Сапар шегіп сан қияға барғанда,

Мен алдыңнан шыға келсем – таңғалма

Аңғармайсың.
Аңғармасаң – аңғарма,
Дүниеде мен де бармын – сен барда!

БЕЙТАНЫС АРУ

(И. Крамской. Майлы бояу)

Сыртында көне қала мұнарланған,
Соңында сал серілер құмарланған.
Шаншылған тастөбемнен тәкаппар қыз,
Бір сәтке түсермісің арбаңнан!

Түспейсің.
Түсші деген сөзім де артық,
Сен тіпті күлмейсің де езу тартып.
Сабылған беймағыма дүниеден

Жөн шығар санағаның өзіңді артық.

Ілетін назарыңа кісі қайда,
Бәрінің сөзі –шала,
Ісі – майда.
Болғанмен көзің – бізде,

Көңілің – алыс,
Беймәлім отырсың-ау түсіп ойға.

Құпия қиялдайын тұрар түлеп,
Қол жетпес қиядағы құмар тілек.
Қазір-ақ көзден ғайып боласың-ау,
Жайыңа сенің жұмбақ құмартып ек.

Нұрыңды төгіп түгел маңайыңа,
Жігіттің болдың арман талайына.
Сен әлі уылжыған қалпыңдасың,
Ал менің қырау түсті самайыма...

Нақыш боп төгіліпті-ау нәзік арман,
Қайрылмай кете алмайды көзі бар жан.
Қапыда қабағыңды қағып қалсаң
Қозғалып кететіндей қазір арбаң.

Кетпеші!
Кетпеші деп шыр-пыр болам.

Сен енді жолықпассың мүмкін маған.
Жан-жақтан анталаған жанарлардан
Жасырып өтермісің күлкіңді аман.

Алдыңа келуші едім көктемді аңсап,
Құпия сырлары көп өткенді аңсап.
Бұл өмір сапарында аз ба менің
Жалт етіп жақсы арманым жоқ

болған сәт!

...Тұратын жанарыңнан ұрлық іздеп
Көңілді қалдырмайтын құрбы қыз көп,
Бекінген тас қамалдай тәкаппар қыз,
Мен сені тар дүниеден жүрмін іздеп!

КЕЛІНШЕКТЕРГЕ КЕҢЕС

Қарамайды қыздарға кім таңданып,
Жүресіңдер жігітке гүл таңдатып.
Басқа жаулық түскен соң – бәрі басқа,
Әйел болу – ұлы өнер, үлкен бақыт.

Жаулық деген – жұмбақты бір бас киім,
Үлпілдеген қалпында тұрмас күйің.
Кеше аппақ жейделі жігітіңнің
Бүгін жуып жүресің кір нәскиін.

Белді бекем бейнетке буу керек,
Жанарыңды жаспенен жуу керек.
Еркектердің жұмысы – ләззат алу,
Ал әйелге ұл мен қыз туу керек.

Су сепкендей көңілің мұздай қалып,
Рас, кейде жүрегің сыздайды анық.
Соның бәрін ұмытып, көрпесіне
Кіру керек – қылықты қызға айналып.

Еркек деген, белгілі, жынды емес пе,
Айналады Күлмесхан,
Үндемеске.
Жер басқанын міндетсіп, өз үйіне

Ол қонаққа келеді күнде кешке!

Сен дегенде сөз таппай, тіл байланып,

Жүруші ең ғой қасында күнге айналып.
Аспандағы көңілің жерге түсіп
Бір-ақ күнде кетесің күңге айналып.

Сонда намыс тұлпарын астыңа мін,
Айту керек жасқанбай жастық әнін.
Ерің жәйлі өсекті естісең де
Естімеді деп ойла тас құлағың!

Көрсет әйел жанының өлерменін,
Ұмыт бәрін – не көрдің, не көрмедің.
Қонаққа бар жүр десе – ерегеспей,
Бояй салып көзіңнің көгергенін.

Жүруші едің ішінде гүлдестенің,
Кім біледі – қай сордың мінгескенін.
Дос дегенің кезінде болған шығар,
Енді бәрі өзіңнің күндестерің.

Болғанымен төр басқа, есік басқа,
Кеткің келер бір елге көшіп басқа.
Бір әйелдің сырғасы артық болса,
Құлағыңды түбінен кесіп таста!

Жарылқаймын деп сені серт етті ме –
Қуыра біл табаға еркекті де.
Айы оңынан тумасын басқа әйелдің,
Ол бетпақтың несі артық?

Жер тепкіле!

Адастырса қапыда үміт – қазық
Табылады қашанда күдікке азық.
Әйел алып несі бар бейшараның:
Төбесінен су шығар құдық қазып.

Болушы еді осыған тимеуіңе,
Осыншама тозаққа күймеуіңе.
өз обалы өзіне – сені сүйген,
Көндіре бер қамырдай илеуіңе.

Жағасын жырт жанына жетіп барып,
Тон да алып береді,
Етік те алып.
Шашыңды жұл!

Салдырлат ыдысыңды!
Тек масқара боп жүрме – асығыста
Ашуменен төркінге кетіп қалып!

ҚАРҚАРАЛЫДАН ҚАЙТАРДА

Қызықпасы белгілі бөтен халық,
Құлшынбады Тұманбай көкем неғып?
Тау басында тылсыммен тербетілген
Шайтанкөлге бармадық.

Жете алмадық.

Көл бар еді биікте, қайқаң белде
Шынымен-ақ шомылмай қайтам ба елге?
Хор қыздары шабақтай шолпылдаған
Бармай кетіп барамыз Шайтанкөлге.

Етегінде тұрғанмен толып халық,
Тауға біреу шықпады өліп-талып,
Шайтанкөлдің киесі бар деуші еді
Иесіне біреуміз жолықпадық.

Шың басына, аршалы жоталарға
Беттемеді Сәкен мен Софы ағам да.
От бар еді түбінде Шайтанкөлдің
Жеткізер ме сайтанның оты адамға.

Кетпесін деп бұйырған нәсіп текке
Жүре бердім жөңкілген ілесіп көпке.
Шайтанкөлді Асқар да іздемеді,
Іздемеді Темірше, Несіпбек те.

Шайтанкөлден сүзбедік шайып күміс.
Киесі ұрып кетсе біз лайықтымыз.
Көрінбесе оттары – кінәліміз,
Арбамаса сиқыры – айыптымыз.

Тау төбеден қарайды ызбарланып,
Жер шұқиды біз үшін қыздар налып.
Шайтанкөлдің сиқыры бар деуші еді,
Дәуітәлі барыпты, Біз бармадық.

Қырдан асып думанның жоғалса үні

Басылмайды көңілдің қобалжуы.
Оңдырмаса қайтеміз, о құдірет,
Таудың таңдайындағы обал суы?!

ӨРТЕНГЕН ОРМАН ОРНЫНДА

Қара орманды жырлайтын, ақша бұлтты
Ақындар да бүгінде жоқ шабытты.
Қарқаралы басында – жалғыз арша,
Жапырағын жалмаңдап от шалыпты.

Қарағай мен шыршасы қапсырмалы
Талайларға осы орман бақ сыйлады.
Ақ балтырлы қайыңдар ажал құшып,
Көрден шығып жатқандай ақ сыйрағы.

Қара орманды қалың өрт жаусатқалы
Қаусап-қаусап қалғандай тау шатқалы.
Көрсетеді шошайтып аспан жақты
Қарағайдың күйелеш саусақтары.

Арса-арса болыпты аршалары,
Борша-борша болыпты шыршалары.
Қарағайдың шалыпты ұшар басын
Шайтанкөлдің шоршыған бір шабағы,

Менің аппақ көңілімді кір шалады...

Серік ақын, сен неткен көнтерлі едің,
Арманыңның көріпсің өртенгенін.
Орман күйіп жатқанда төбесінен,
Шайтанкөлді сен неге төңкермедің?!

ЖОЛ ҮСТІНДЕГІ КАФЕ

Сырғалы қыз!
Телміріп қанша болды тұрғалы біз.
Мұңаясың несіне ойға шомып,
Біздің де түгел емес тұрманымыз.

Әншейін қыз алдында жігерліміз,

Әйтпесе, түсау түгіл, шілдерліміз.
Қара түнек қабарған қалпыңызбен
Су түбіне бізді де жібердіңіз.

Қарағым, қапаланба,
Қабағыңды аш,
Ашыққан жолаушыға тамағыңды ас.
Байқамаған болайық біз қайғыңды,

Жігітпіз жатқа қызды таба қылмас.

Мұңайма!
Бәрі жалған, жалған, құрбым,
Жолығар жаңа бақыт алдан бір күн,
Татымас сақылдап бір күлгеніңе

Қапыда қабағыңды шалған кірбің.

Жетпейсің мақсатына шер толғатып,
Қымтайды өз қолымен көрпеңді уақыт.
Бақыт деп балағаның – ертеңгі сор,
Бүгінгі сор дегенің – ертең бақыт.

Алтыннан көзіндегі тамшы қымбат,
Алыпсың қымбатыңды сәл шығындап.
...Кетейік жабырқамай жолға шығып,
Қолыңды соңымыздан қалшы бұлғап?!

АСЫҚПА ЖАНЫМ

Жүректің отын назыңмен үрлеп жағасың,
Қамықса көңіл, қалауын іздеп табасың.
Ғажайып сәтім ғайып боп кетсе, қайтемін,
Асықпа, жаным,

Асығып қайда барасың?

Сағыныш болып сарсаңға мені саласың,
Қиялмен кезем аспан мен жердің арасын.
Тасыған көңіл таба алмай жатыр сабасын,
Асықпа, жаным,

Асығып қайда барасың?

Күлімдеп келіп тарқатып көңіл наласын,
Күнімдей болып көгімде менің жанасың.
Сен ғана мені серпілтіп ойдан аласың,

Асықпа, жаным,
Асығып қайда барасың?
* * *

Өлең қаузап, жыр жазып неше түрлі,
Мен ұйықтамай өткердім кеше түнді.
Сабылысқан Алматы сап болды да,
Қозғалыстар тыйылды,

Көше тынды.

Түн тым-тырыс,
(Бұл өзі мүмкін дұрыс),
Тауып жатқан шығар-ау жұртым тыныс,
Оттар өшті. Дыбыстар доғарылды,

Тіршіліктен белгі жоқ. Түн тым-тырыс.

Қара түннің құшағы қаусырғанда,
Ғайып болып кеткендей тау-шыңдар да.
Құлаққа ұрған танадай бұл не сұмдық,
Бәрің өліп қалғаннан саусыңдар ма?

Жөтелмей шал, жыламай жас бала да,
Өмір тоқтап қалғандай астанада.
Ояна ма Алматы енді қайтіп,
Қызу тірлік қайтадан бастала ма?

Шарпығандай түн болып бетімді мұң,
Сездім жалғыз пенденің жетімдігін.
Ығы-жығы Алматы көшіп кетіп
Жұртта қалған мен ғана секілдімін.

Көнер ме уақыт ырыққа
Құрықты жалған сырыққа
Бақ-дәулет іздеп жүргенде
Келіп те қаппыз 40-қа.

Бұрылмай кейде тұныққа
Түкірдік талай құдыққа.
Отызда ойран сап жүріп
Келіп те қаппыз қырыққа!

Беймезгіл жолға шығып та
Тонғанбыз талай суыққа.
Ағалап жортып жүргенде
Өзіміз кеппіз қырыққа.

Қарауыл қойып қылыққа
Мөңірейміз бе енді тұлыпқа.
Шынымен келіп қалдық па
Атаның жасы 40-қа!

Қызыққа енді құнықпа
Құлыпта, бәрін құлыпта.
40-қа келдің, 40-қа,
Ұмытпа енді, ұмытпа!

40-қа келдік, 40-қа,
Атадан қалған ғұрып па...
Тағы да жортар ма екенбіз
Іздемей сылтау сыныққа...

Заманның жүгі иықта,
Адамның мұңы миықта
Қырқаға шыққан ғұмырды
Тіреме, тағдыр, тұйыққа!

Дос дейтін дос та қалмады,
Санама түсті салмағы;
Шын досты ажал жалмады.
Алдамшылары алдады.

Құлағанымды күтіп жүр
Қарақтап қасымда қалғаны
Оң жаққа мені салғалы,
Үш жерден буып-таңғалы.

Сүйегіме түсіп сол күні,
Тонымды қалап алғалы!

ДАУЫСЫҢДЫ БЕР

ҚАЗАҚСТАН!

Айбар болар алашқа таусылды ма ер,
Намыс оты лапылдап, жансын жігер.
Көк байрақтың астында табысуға
Ата қазақ сен бізге даусыңды бер!

Сағым сынып, жүрмесін назым өтпей
Соқпағында саясат жазым етпей,
Дауысыңды бер сен бізге билік құр деп
Әйтеке мен Төле би, Қазыбектей.

Терезеңнің дауыс бер теңдігіне,
Керегеңнің дауыс бер кеңдігіне.
Дауысыңды бер тәуелсіз Қазақстан
Еңсең түспес егемен елдігіңе!

Күтер болсаң арайлы таңды асыға
Жығылмасқа тағы да жамбасыңа
Дауысыңды бер, айбарлы Әнұранға,
Дауысыңды бер еліңнің таңбасына!

Өзгермесін өңімен өлкем неге
Гүл шығатын еді ғой ертеңге де.
Дауысыңды бер, қазағым, өзгеге емес,
Өзің аңсап табысқан төл теңгеңе!

Ортағында ауа, су, Отан көпке
Отанына болмасын ботаңда өкпе.
Дауысыңды бер, ағайын, Абайыңа,
Қасымыңа, Мағжан мен Махамбетке!

Дауысыңды бер бостандық бөбегіне
Ділгер болса бөбегің көмегіңе.
Саңқылдасын мерейлі мінберлерден
Дауысыңды бер қазақтың өлеңіне!

Қадамымды құптасаң басқан ілкі
Үйірілмес тағдырдың басқа бұлты.
Таба болма деп тіле дұшпаныңа,
Және тіле болма деп досқа күлкі.

Маңғаз елім, мезгілсіз мазалатпа,
Жайсаңыңды жазықсыз жазалатпа.
Бақытыңның байрағын желбіретсін
Дауысыңды бер намыскер азаматқа!

Ашылса деп жарқырап сірә маңдай
Болды ма ақын берместі сұрағандай.
Өзгеге емес, өзіңе, Қазақстан,
Өзіңе бер дауысыңды бір адамдай!

БӘСІРЕ СӨЗ

Көз ашқалы
Көргенім – сөз астары.
Әр көңілдің болса егер өз аспаны,
Әр сөздің де болады өз асқары.

Сөздің батпан салмағын сездің бе, ұлым,
Әр сөз өзі кеседі өз кіндігін.
Көздің құнын сұрама сұрамасаң,
Сұрау керек алайда сөздің құнын!

Бір сөз үшін азапқа төзгенде адам,
Сөз бағасын қапысыз сезген бабаң.
Аттан жығыл жығылсаң – оқасы жоқ,
Жығылуға болмайды сөзден, балам!

Қазақ елі секілді зерек елде
Сөз қадірін ұғыну керек ерге.
Шашқың келсе – дүние, малыңды шаш,
Тек сөзіңді беталды бере көрме!

Төмен болмақ өлеңнің бәсі неге?
Сөзіңді бақ,
Өрнекте.
Әсіреле.

Сөз мінгіздім мен саған алшаңдатып,
Ат мінгізсе ел ұлына бәсіреге.

Ххх

Жалт-жұлт етіп көшеді жарық ғалам,
Қиялдан да ұшқыр ол шарықтаған.
Секіреді төбемнен киік күндер,
Аузымды ашып,

Аңырап қалып барам.

Жетпесімді білсем де – армандаймын,
Өтпесімді бұлдаған сормаңдаймын.
Бар мен жоқтың қапылдым арасында
Шуылдайды беймезгіл орман-қайғым.

Түйіледі төбемнен бұлты үрейдің,
Жауа алмаймын,
Әншейін күркіреймін.
Тастөбемнен мұзбалақ шүйілгенде

Жата кеткен шалқалап түлкідеймін.

Бірақ – бармын,
Мен осы жалғандамын,
Толғанғаным – секілді алданғаным.
Ішірткідей өлеңге езіп берем

Апиынның аузымда қалған дәмін!

Ххх

Сен әбден қажыдың ба менен, қарғам,
Көбейді кемістігім сен аңғарған
Келіп ем арман қуып,
Енді бүгін

Билік те, байлық та арман,
өлең де арман.

Арманға алаңдасам-
ас батпайды,
Мұңайсам –
басымнан кеп баспақ қайғы.

Жақындап қалдым десем бір арманға
Сайтанның отындай боп қашқақтайды.

Білмеймін – шайырмын ба, шайқымын ба,
Түгел сөздің түбінде Майқымын ба?
өзімді өзім ұқпай жүргенімде
Сыртымнан сансыз ғайбат айтылуда.

Үмітін артып еді ел де маған,
Көбейіп бара жатыр мендегі алаң.
Сен әбден қажыдың-ау.
Ал мен, мен ше?

Мен қажымай жүр ме екем?

өл де маған!

Ххх

Парыз да көп мойында өтелмеген,
Сөз шығындап,
Жазамыз бекерге өлең.
өмір деген – шөліндей Кербаланың,

Жеткізбейді жеріңе жетем деген.

Мейлі, сенсің қазақтың біртуары,
Баламысың
Баспаған мұртын әлі:
Тағдыр деген – қағазы туалеттің,

Жыртылмайтын жерінен жыртылады!

Ххх

Ақыннан ес кететін,
жырдан –маза
Керегі не дақпырттың құр даңғаза:
Таңда мақшар болғанда, әр пендеге

Анық болса бір әділ тұрған жаза?!

Даңқымды емес, тәңірім, антымды бер,
Болжамасам халімді – халқым күлер.
Кешейін қойдан қоңыр тірлігімді –
өзінің шамасы мен шарқын білер.

Жайдақталып кеткенмен замана тым
өңмендеумен шықпасын жаман атым.
Шұға жауып жатса да көктен жерге
Қалғып кетпе, қазақы қанағатым!

ҚАРАСАЗ. ҚАРАШАЛ. ҚАРҒЫБАУ.

(Мұқағалидің ақырғы түсі)
Қаракөздің қойнында
Қарасөзге тойдым ба.
Қаратүнек ойдың да

Қарғыбауы мойнымда...

Қара бұлтты жамылып
Қара жолдың үстінде
Қарасөзден жаңылып
Қара өлеңге түстім бе.

Қарасазға бардым ба
Қара шалғын кештім бе.
Қара шалдың алдында
Қара өлеңдей естім бе.

Қара, қара, қара өлең,
Қарайғанның бәрі өлең
Қарасаздың қары өлең,
Қара өлеңдей кәрі емен.

Кәрі еменім – қара шал,
Қара шалым –кием ең.
Қара шекпен жарасар
Қартыма кеп сүйенем.

Қартымды ойлап қамығып,
Қара нардай ыңырсып
Қарғанудан жалығып,
Қара көңіл тымырсық.

Қара суға шөл қанбай,
Қарманғанмен ем қонбай,
Қарасарға ел болмай
Қаңсылаймын арландай...

Қаракөздің қойнында
Қарасөзге тойдым ба
Қара түнек ойдың да
Қарғыбауы мойнымда.

Қарасаздың қары алыс
Қайда кетіп барамыз
Қара шалым тарамыс –
Қалбаңдаған қара құс.

Қара шалым күрсініп
Қара орманын іздеді-ау.
Қараң қалғыр тіршілік

Қарғыбауын үзбеді-ау!

Ххх

Таң қалмаймыз қиянат іске ғажап
Бізге ертегі – басыңа түскен азап
Тойыңа кеп, төріңде шалқаямыз
Әңгіме айтып сені әлі күстаналап!

Мейлі, саған күмбез де салынбасын
...Таба алмаймыз біз енді оның басын.
Тек тыныштық беріңдер аруаққа –
Жер шарында енді аға дамылдасын!

Тоқтатыңдар, күңкілдер доғарылсын,
Ақын ұлдан өлгенде сор арылсын.
Мейманасы тасыған ұрпағыңды
Кешір, аға сұрқия заман үшін!

Жер бетінде Сәкеннің моласы жоқ,
Тербетуге Сәкеннің баласы жоқ.
Моласы мен баласы жоқ болса да
Ештеңеге Сәкеннің таласы жоқ.

Зобалаңда айналған адам аңға
Алтын басың қалды ма Магаданда.
Қайда барып аятты бағыштаймыз
ғайып болған, моласы жоқ адамға.

Сол қапия тағдырың мұңайтады,
Атар ма екен ақынды бұлай тағы.
Боралдайда қалды ма сай түбінде,
Кім айтады, хабарын кім айтады!

Жолдас етер иманын мүмкін, Алла?
Бір тербелсін аруақ бұл күні ол да.
Моласы жоқ ақынға тие берсін
(қол жайыңдар)

Жер шарына оқиық... құлқу Алла!..

Ххх

Бір кіріп, кірмей мүлде есім бір күн
өлеңнің дариясын кешіп жүрмін.

Қазақтың кең даласын шолып қайт деп
Ұшырдым балақбауын шешіп жырдың.

Біліп қайт, кісі бар ма сөз ұғатын,
Бейнетке жүр ме бекер төзіп ақын.
Түбінен құлағымның сөз зуылдап,
Бәйгеден күнде келем озып атым.

Демеймін тегеурінге төзбейді уақыт,
Отырам қақпақылдап сөзді ойнатып.
Қара өлең нөпірімен қаптап берсем
Тастаймын сыйқыршыдай көз байлатып.

Бес қойын баға берсін бақса ағайын,
Мен үшін емес енді ақша да уайым.
Әлемнің әміршісі секілденіп
Отырам билік құрып патшадайын.

Таппадым қазынаны сөзден артық,
Қолыма ілінбейді өзге алар түк.
Асау сөз шаң қаптырып шабандозға
Бір күні кетер ме екен көзді ағартып?

Ішіне кіріп алып ойдың қалың
Еліккен, желіккеннің қойдым бәрін.
Көтерген дүниенің төбесіне
Тарқама, жыр-жәрмеңке, той-думаным!

Ххх

Шешен десе – біз басты дауға бердік,
Көсем десе – көрсеттік жауға да ерлік.
Көрешекті көргені аз болғандай,
Енді ақынға қалғаны – саудагерлік.

Қорлансаң да, күйініп, жиренсең де,
Сатуға алып шық бәрін үйден сен де.
Жұрттың сені сатқаны аз болған жоқ,
Енді, ақыным, сатуды үйрен сен де.

Ал, сат, ақын, өлеңді, сөзіңді сат,
Алпауытқа телміртіп көзіңді сат.
Жалындаған, лаулаған сезімді сат,
Бәрін де сат,

Алдымен өзіңді сат.

Кезің болды заманнан үлгі алатын,
Бұлданатын түгі жоқ, тұлданатын.
Алып сатар қоғамның күні туды
Нең бар еді, ақыным, пұл болатын?

Мініп пе едің ауылдан – атыңды сат,
Жатыңды сат, алдымен жақынды сат.
Күндіз сауда жаса да қан базарда,
Түнде... түнде.. өлең жаз ақынға ұқсап!

Ххх

Мына заман, қай заман – залым заман,
Кешегіден бүгінгі халім жаман.
Үмітіміз күл болып көкке ұшты да,
Жігеріміз құм болды жалындаған.

Алдым қара түнек те,
артым – іңір,
Алданумен өтіпті жарты ғұмыр.
Кіріп-шығып,

Жүргенмен барып-келіп,
Жаным өліп қалғандай,
тән тірі құр.

Тағдырының тізгінін пері ұстаған
Мына заман, қай заман – теріс заман?
Сайтан адам алшаңдап өмір сүріп,
Қорғалайды күн үшін періште - адам.

Талпынам да, тұсалып, тежелемін,
Төзген, төзбек, бәріне төзеді елім.
Сәбиімдей мен сені әлдилеймін,
Сен аман бол, киелі сөз өнерім!

Ххх

Нешеме жыл өтсе де, неше ғасыр
Қарға қыран болмайды, есек – асыл.
Бір сілкінбей қойдың-ау, ей, ағайын,
Бүгін басыр көздерің кеше басыр.

Жібімей ме жаратқан жаппар әлі:
Айырмай-ақ қойдың-ау ақ-қараны.
Табағыңа түсетін сыбағаңды
Тағы біреу қымқырып ап барады.

Нұқымаған кім қалды, жекімеген –
Қозғалмайсың сен оған етіп елең.
Аят оқып аңырап отырасың
Перзентіңнің басында шетінеген.

Болғаны ма басыңа баянды азап?
Батыр – сенің қасыңда қоян ғажап.
...Басыңа кеп мен азан шақырайын:

– Бастырылып жатырсың, оян, қазақ!

ххх

Сырыңды алып іргеңнен
Күле қарап кіргенмен
Осал жерден көздейтін
Заман мынау сұр мерген.

Өз басымен жол ашар
Мен екенмін сол осал:
Көне салдым – көн десе,
Болдым – десе бола сал.

Төзім бітті, жоқ тоба,
Түсем енді отқа да.
Ақыл айтқың келе ме –
Аузыңды жап! Оттама!

Ақыл тыңдап болғанмын,
Тоғандайын толғанмын.
Тыңдай-тыңдай миғұла
Болуға да сәл қалдым.

Жөні бар деп мұңаяр
Біз байғұсты кім аяр?
Жүрек айнып жиренем
Күлкілерден кіл аяр.

Елдің мұңын екшедім,
Көсегемді көкседім.

Үміт те жоқ менде енді,
Арман да жоқ.
Жоқ сенім!

ххх

Меңдегенде сөз-індет
Тұтанады сезімде от.
Шолам сонда жан-жақты
Өзімменен өзім боп.

Айта алмаймын арзан ән –
Кейде жоқтан бар жаман.
Жібереді заржақ қып
Залым заман, зар заман.

Уға толып жыр-кесем
Шүпілдейді үрлесем.
Осыны да місе тұт
Дейді маған бір көсем.

Тұта алмаймын, тұтпаймын!
Қашанғы енді шықпайды үн?!
Неге саған бас шұлғи
беру керек? Ұқпаймын.

Еркі өзінде егемен
Ел боламыз деген ең.
Жұрт бал жалап жатқанда
У ішемін неге мен?!

Кім басымды кеміткен,
Кім бөтенге теліткен?
Өз қасығым аузымды
Таба алмайды неліктен?!

Жан-жағына жалтақтап
Жасық қалай жол таппақ?
Жалпақ шешей боламыз
Қашанғы біз жалпақтап?!

Тістей-тістей тілімді
Тілім әбден тілінді.
Ата қазақ, туып па ең

Бұға бер деп ұлыңды?

Қоң етіңді бұздырмас
Жем болғанша құзғынға аш
Неге құрбан болмайды
Сіздің бас пен біздің бас?!

Шырмауыққа шатылдық.
Сатып біттік. Сатылдық.
Қанжар жатса қалтада
Кімге дәрі татулық?

Сен жүресің жасанып,
Елің мынау – аш-арық.
Жандайшабың шаршатты
Шаш ал десең – бас алып.

Кімді жүрміз аяп біз –
Ата жұртта саяқпыз,
Қамшы емеспіз – таяқпыз,
Бас емеспіз – аяқпыз.

Тұз сепкендей жараға
Сөздің соңын сарала:
Доңыз үріп қораға,
Құл жүреді жораға.

Көрінгенге имей бас
Қайыршыға тимейді ас.
Дейсің бізге қашанғы
Аяғыңды билей бас.

Бұғын десең – бұғындық,
Жығыл десең – жығылдық.
Аярлықтың майынан
Жүрек кілкіп, шығындық.

Ойсыраған ойымды ұқ:
Теспей бітеу сойылдық.
Шөліркедік шындыққа,
Өтірікке тойындық.

Болса әбден жігер құм –
Мықтысы ғой шідердің.

Көкбөрідей қазақты
Қоян етіп жібердің.

Тұйыққа кеп тірелдік,
Керек енді бір ерлік:
Адырнадай керіліп,
Жебедей боп шірелдік.

Жетер, жетер, жетті енді!
Қабындырма өкпемді.
Қоям сөздің соңына
Найзадай ғып леп белгі!

КИЕЛІ ТҮС

...Кісі екенмін бұдан гөрі тұрмысты,
Және күнде жазады екем жыр күшті.
Қанжығаңды қандап жүр деп осымен
Абай ағам бере салды бір құсты.

Содан кейін... Алла оңғарып жолымды
Жақсылармен толтырыппын тобымды.
Иығыма шапан жауып Тұмағам,
Қадыр ағам қысып жатты қолымды.

Қорамдағы түйем қоңды, жылқы ішті,
Жақсылыққа жориыншы бұл түсті.
Шаңқ еткенде Абай берген қыраным
Ауызынан түйдек-түйдек гүл түсті.

Қыр басында салып тұрмын қиқуды,
...Бұл не деген әдемі түс сүйкімді.
Ит өмірге оянбай-ақ қояйын,
Бұзбаңдаршы, бұзбаңдаршы ұйқымды!

АЛМАТЫДАҒЫ АРБАКЕШ

Алшы түспей асығым
Ашқаннан соң қарыным
Арбакеш боп тасыдым
Алматының жарымын.

Тұман ағам үйреткен –
Таудағы елді тасыдым.
Қоржындарын сүйреткен
Саудагерді тасыдым.

Түн ішінде қаңғыған
Маскүнемді тасыдым.
Бірін-бірі аңдыған
Қаскүнемді тасыдым.

Ертелі-кеш бітпейді
Арбакештің жұмысы.
Жолаушы да күтпейді –
Таңбозы не түн іші.

Пысынадым, мұздадым,
Кедейлікпен айқасып.
Қабақ шытты қыздарым:
«Кеттің-ау деп май сасып».

Тек көңілім кірленбе,
Білем әзір бағамды:
Жұрт сөз тасып жүргенде
Мен тасыдым Адамды!

ҰЛЫҚ ПЕН ҚЫЛЫҚ

Табам ба деп ыңғайын бір ұлықтың
Ұрынбайтын жұмысқа ұрыныппын.
Өзімді-өзім салдым да қияметке,
Іріліктің

Иілмес сырын ұқтым.

Міндетке алып қас-қабақ күзетуді
Доғарып ем қисығын түзетуді,
Борышың деп, бәтшағар, біледі екен
Үлкен ғой деп жасаған ізетіңді.

Ибаңды да ұғынбай, иманыңды,
Тарыдайын қауызға сыйғаныңды
Құлдық ұрып тұрғаның дейді екен-ау

Қонақ қой деп,
қолға су құйғаныңды.

Көкіректі тұрғанмен өлең кернеп
Миғұлаға болдым ба мен енді ермек?
Бір шұлғысаң басыңды
Сол ақымақ

Ойлайды екен өзін бір кемеңгер деп.

Атасының басы.
Енді құнықпаспын!
Ұлығың да құдайын ұмытпасын.
Сен де мені кеше гөр –

Төрелердің
Төбесінен түсірме ұлық басым!

АЛЛАДАН ТІЛЕК

Жүреді ғой әмірің
Тілекті бер, тәңірім:
Енді маған көрсетпе
Дүмділердің зәбірін.

Кемісін бер қапымның,
Жемісін бер ақылдың.
Тілін кесіп ала гөр
Шайпау, долы қатынның.

Жылқымды бер алалы,
Күлкімді бер шамалы.
Арсылдатпай бетіме
Адалдан бер баланы.

Заман болса – бұзылды,
Адам біткен – қыжылды.
Ақ бетімді қызартпай
Ұяттан бер қызымды.

Қинадым ба мен сені,
Сол – тілектің өлшемі.
Тізерлетпей, тұқыртпай,
Елімді бер еңселі.

«Жарлы емеспін, зарлымын...»

Көше алмайтын бар мұңым.
Бір тілекті бермесең,
Бермей-ақ қой барлығын!

ххх

Арадағы сөзге еріп
Бір досым жүр өзгеріп.
Өкпелесе арман не
Құлақ естіп, көз көріп.

Ұғар сөздің нарқын кім,
Шарқ ұрдым да, сарқылдым.
Әйел сеніп әуре етті
Өсегіне әркімнің.

Ағайынның сұмдығын
Әшкерелер кім бүгін?
Керегі жоқ ешкімге
Менің айдай шындығым.

Бәрі жалған, жасанды,
Аярлықпен өш алды.
Кімге барып дәлелдеп,
Ақталасың қашанғы?!

Болмаса да жазығым
Қарғанумен қажыдым.
Шыркөбелек айналам
Шындығымның қазығын.

От емеспін, түтінмін,
Сынығымын бүтіннің.
...Бүйткен ақиқатыңа
Мен де ендеше

түкірдім!

ЕМХАНАДА

Хал сұрауға келдің бе?
Кел, қарағым.
Айтып отыр ауыл мен ел хабарын.
Тұрғынымын тұрақты емхананың

Дертке қашан кім білсін ем қонарын...

Өмір көші сүйрейді кімді ілгері
Бір күн әрі боламын,
бір күн бері.
Үмітімнің шырағы қалтырайды

Көңіліме осы бір мұң кіргелі...

Үміт еді үзілмес бар байлығым
Байлығымды алмақ боп арбайды күн.
Бір сұмдықтың боларын сезеді ме –
Бүкіл іші-бауырды қармайды мұң.

Қайда кетті шоқылар, шыңдар әлгі?
Таудан түсіп келе ме түн қараңғы.
Шуылдаған ағаштар тыныш тауып
Төңірегім қоп-қою мұңға оранды...

Мұң, мұң, мұң, мұң...
қай жақтан келді осы мұң?
Ашып қойшы айқарып бөлме есігін.
Тәңір өзі тербетіп жатыр ма екен

Жер бесігін қажыған пендесінің...

Мініп алды зілдей боп иыққа мұң,
Басым мең-зең, қалғандай ұйып қаным.
Енді қайтып мұңайып оянбасқа
Ұйықтағым келеді, ұйықтағым...

ххх

Дөңбекшіп емхананың төсегінде
Шырақтай майы біткен өшемін бе...
Шынымен қабыл болмай қалар ма екен
Тілегі тоқсандағы шешенің де?

Адыра қалар ма екен жар тілегі?
Тағдырдың қолай көрсе нарқы мені
Бұдан да (Мұқаң айтқан) қан майданның
өтінде оққа ұшқаным артық еді...

Пайда жоқ – өкінсең де, өтінсең де,
Қаласың жыр-перзентім, жетім сен де.
Жүректен тамып түскен бірер шоқтай
Жүрсе екен сенде біраз отым сөнбей.

Кімге опа беруші еді бос уайым,
Бекерге бұл сапардан шошымайын.
Тәуірлер тізіміне қоспаса да
«...мезгілсіз...» дегендерге қосылайын.

Жанында бір орын бар Жәнібектің...
(Апыр-ай, келмейді ғой әлі кеткім.)
Кеңшілік, Жұматай мен Жүрсін деген
Ішінде жүрермін бір мәліметтің...

Ал, балам, енді ертерек «ордер» ізде,
Кеңсайдан кім қияды төрді бізге.
...Достарға жеткізер ем сәлем айтса,
Айтовтың бір соқпауын көрдіңіз бе...

МҮШАЙРА

Тағдырыңа тәуба де
Жібермесе жазалап:
Тұғыр барда бәйгеге
Ілікпейсің, қазан ат.

Көкектің кім екенін
Көрсетеді бұл білгіш:
Жүлде сенің не теңің –
Аузыңды жап, бұлбұл құс!

Болғаныңмен данышпан
Ұғынам деп бас қатыр.
Су жүрек қой арыстан,
Қоян – нағыз қас батыр.

Таппай ойға тиянақ
Болма, ақыным, пұшайман:
өлеңдегі қиянат –
өмірдегі мүшайраң!

ххх

Санаспай ескі салтыммен,
Қоштасып көне ғұрпыммен,
Төредей осы қалпыммен

Іш десең – ішем. Іркілмен.

Бұрмаймын қырын бетімді,
Демеймін – неткен қаһарлы ең.
Ішімде жанған отымды
Сөндірем осы заһармен.

Тауысам деп орыс арағын
Кезікпей кетсек – қош, өлең.
Сандалып кетіп барамын
Сайқалдар толған көшемен!

ххх

Санап қылған достығың
Қуантқан жоқ,
қосты мұң,
Сәл нәрседен сеземіз

Арамыздың бостығын.

Достық жайлы мол аңыз
Айтып жатса баламыз
Әңгімені өзгертіп,
Естімеген боламыз.

Қылықтарды жасаңды
Жасырамыз қашанғы.
Өрге баспай өтірік
өкіндіріп өш алды.

Тек осыдан танбаймыз,
Тату-тәтті жандаймыз.
Сырмінез боп сырт көзге
Бәрін жұрттың алдаймыз.

Көңіл алаң, көз алаң
Қанша көніп төзе алам?
Ала мысық арадан
Жүгіргелі не заман?!

Баладай ек бір туған
Бұтадаймыз шырпылған.
Жалғанбайды үзілген,
Жамалмайды жыртылған.

Болғаннан соң кеме бір
Дейді ақылым – көне біл.
...Тоз-тоз қылып тонымды
Тонап жатыр мені өмір.

ҚАЛА ТҰРҒЫНДАРЫ

Қаладағы біріміз көп байғұстың,
Шақырмасақ есікті қақпайды ешкім.
Әзір асқа тік қасық бала шағаң
Тіптен оңай ыдығын таппайды істің.

От жақпаймыз күйелеш күл шығарып,
«Құдығымыз» көрген жоқ бір суалып.
Көршің итпен тілдесіп отырады
Иланбасаң үйіне кірші барып.

Елдегілер еткенмен осыны аңыз
Біз ішінде жүрген соң шошынамыз.
Төрт қабырға қыстауың,
ал жаз шықса

Балкон деген жайлауға асығамыз.

Ие болар кезіңде бір атаға
Мейманыңа берерің құр атала.
Желдегенде барарың саяжайың,
Шөлдегенде табарың сырахана.

Сыйлы қонақ үй іңде теледидар,
Қыз қызығып, қызынып көреді ұлдар.
Жарым соған телміріп қалған кезде
Мен ойлаймын – кімге осы керегім бар?

Қалалықтар бір басын күйттейді аса,
Аулайтын бар аңымыз – титтей маса.
Иттен көрі жанымыз сірілеу ме
Тұрмас еді осында ит байласа...

Ауытқымай бір қадам не бір сүйем
Міне осылай жасанды өмір сүрем.
...Төсегінде бүк түсіп жатыр анам
Оттың исін сағынып көңірсіген...

АТА ЖҰРТЫМ БЕСКЕСІК

Түргізіп тастап бабам кешке есігін
Санаған қайта-қайта Бес кесігін.
Бес тармақ жыр жолындай қайталаймын
Осынау бес белестің ескі есімін.

Бескесік бес биігім бес мінбердей,
Келемін жалғыз өзім ешкімге ермей.
Бесінде бауырыңа бұға қалсам
Болады бабам даусы естілгендей.

Жатамын шалдарымның естіп үнін,
Бескесік жұмбақ сырлы бес биігім.
Бес тармақ жұлдыздардан аман қалған
Баянды ғұмырыңның шеш түйінін.

Бескесік бесқияндай бес белесім,
Түсесің қайта-қайта еске несін?
Тарихын тар заманның тиеп алып
Теңізге жүзіп шыққан бес кемесің.

Бесбиік, мен сендерді ес тұтамын,
Қапия сынбаса екен еш бұтағың.
Бұланты балалары оқысын деп
Текшелеп жиып қойған бес кітабым.

Ішіне кіріп алып шырғалаңның
Жүрсем де астанада – қырға алаңмын.
Бескесік бес бесіктің амандығын
Құдайдан сұрап жүрген бір балаңмын.

ххх

Сұмдықтар көп сіз бенен біз білмейтін,
Құдірет жоқ және оны тізгіндейтін.
Ертең тәуір болар деп елеңдеуші ек,
Ертеңнен де күдерді үздім кей күн.

Өкпелегіш болсаңдар – өкпелеңдер
Өңкей қолдан жасалған көп кемеңгер:
Есін танған ел-жұрттың есесі үшін

Енді жазбай жүре алман кекті өлеңдер.

Болып қалды сөз сояу, өлең сабан,
Әділдігің қайда әлгі ел аңсаған?
Бір әділет салтанат құрады деп
Құр емексіп қашанғы сенем саған?

Ию-қию қоянжым айла-шарғы
Қилы-қилы қиямет ойға салды.
Қара суға қамалып халық қанша,
Асау керек біреулер май қашанғы?

Алшаң-алшаң басатын ана сұмдар
Момын елге дей қоймас аласыңды ал.
Басқа тартсаң ашылып ақ сирағың
Миың қатып, миғұла боласың дал.

Титықтады қалың ел.
Тұралады.
Қалың елдің бар шығар бір обалы.
Келетіндей көресің бір құдірет

Бар сұраққа бір жауап сұрағалы.

Белгісіздеу келері, келмесі оның,
Мойығандай мойындап ел де сорын.
Не боларын кім білсін мұның соңы...
Бұл өлеңнің жазбаймын мен де соңын...

СҮЮШІ ЕМ СІЗДІ...

(А.С.Пушкиннен)

Сүюші ем Сізді – әлі де, бәлкім, қаталап
Жүректің оты маздаған күйі сөнбейді.
Мазаңызды енді алмасын сол бір махаббат,
Ештеңемен де мұңайтқым Сізді келмейді.

Сүюші ем Сізді үмітсіз, тілім байланып,
Қызғанышымды сездіруге де әл келмей.
Сүюші ем Сізді аялап, іштей айналып,
Сүйгізсін тәңір біреуге Сізді дәл мендей!

А.С.ПУШКИН

Я вас любил: любовь еще, быть может,

В душе моей угасла не совсем;
Но пусть она вас больше не тревожит;
Я не хочу печалить вас ничем.

Я вас любил безмолвно, безнадежно,
То робостью, то ревностью томим;
Я вас любил так искренно, так нежно,
Как дай вам бог любимой быть другим.

ххх

Күн жылы.
Күннен түн жылы,
Сусаймын неге шөл қанбай
Өмірдің бітіп мың жылы

Мың біріншісі қалғандай.

Теңселіп тұғырым мына
Көңілге күдік кіргендей
Мың жылдық ғұмырымды да
Басқа бір адам сүргендей.

Сүйдім бе жанның дауасын,
Күйдім бе қапы сан отқа.
Жұттым ба өмір ауасын
Бармын ба, жоқ па санатта?!

Санамда болмай секемім,
Жүгірдім, тұрдым, жығылдым.
Өмірдің өгей екенін
Жалт еткен сәтте ұғындым.

Су етіп жүрек бір сәтке
Суынса көңіл не ғыласыз.
Мәңгілік үшін мен бейбақ
Ноқат қанамын. Мағнасыз.

Шалшыққа басқан ізіме
Қадайды сұғын сұңғыла Ай.
Келе сап жалған жүзіне
Кетіп барам ба?

Сұмдық-ай!

Ххх

Қуанбаймын бұл күні
Қосылады деп жасқа-жас:
Мәңгіліктің мылтығы
Мені бейғам тастамас.

Азайғандай аптығым,
Басылғандай ыстығым.
Шөлге айналып шаттығым
Көңіліме түсті мұң.

Қасіреттің көгенін
Қайратым жоқ елемес.
Күліп тұрмын дегенім
Жылағаннан кем емес.

Өміріңді жалмаймын
деп сағатым зырлайды
Қуана да алмаймын
Ішті тесіп бір қайғы.

Уыты бар көңілде
Жазылмайтын жараның:
Неге келдім өмірге?
Неге кетіп барамын?

Шықтым жұрттан жалығып,
Мазаң болды мінезім.
Жер бетінде жабығып
Жүргендеймін бір өзім...

Қызуы жоқ жардың да,
Қызығы жоқ малдың да.
Мақсатым жоқ алдымда
Ұқсаймын ба малғұнға...

Ұзап бара жатқандай Келешектің кемесі. Удың дәмін татқандай Уылжимын. О несі?! ххх

Ажалдың барын ал да еске,
Қосыла берме дүрмекке.
Өзіңді өзің әлпеште,
Өзіңді өзің құрметте!

Тіршілік - емес мәңгі сый,
Сыйласу ғана басты бақ.
Өзіңді сүйген жарды сүй,
Сөзіңді ұғар досты тап.

Сырыңды берме сыртыңа,
Қадірің кетсе масқара.
Өкпелей берме жұртыңа,
Өзеурей берме досқа да.

Көрінсе көңіл жыртығы,
Қамықсаң қамық.
Көне біл.
Шашылып қалсаң бір күні

Шаңыңды қағар жел – өмір?

ххх

Ашуыңның ақ бораны соқса да
Менде саған өкпелейтін жоқ шама.
Біздің үйдің босағасы – өзіңсің,
Мен есікпін ілінулі топсаға.

Мен есікпін.
Ашылам да, жабылам.
Тек әйтеуір сол топсадан табылам.
Мен құланмын,

Құлан қайтіп күн көрер
Жеріп кетсе су ішетін қағынан?!

Мен қыранмын.
Сенсің биік заңғарым.
Өзіңе аян саған қарай самғарым.
Сен күн болсаң,

Шуағыңмын мен сенің,
Мен түн болсам,
Сенсің арай таңдарым.

Біз әйтеуір жалқы емеспіз.

Сыңармыз.
Қатар тұрып тербетілген шынармыз.
Мен құласам, сен де күйреп түсесің.
...Түбі солай тынатын да шығармыз!..

ххх

Шырақтай сөніп,
Шырпыдай жанам,
Жар бола көрші бір құдай маған!
Тұтанбай қалсам суланып білтем

Түнекке толар бір күні айналам!

Жылата қоймас аруды бекер,
Қолтықтап біреу жарымды кетер.
Мәпелеп гүлін өсірген бақты
Шаруа біреу шабындық етер.

Сезермін,
Қайсы бірақ та шамам?
Қураған тәннен жырақта санам.
Кеудемнен басып тұрғызбас мені

Көр дейтін мәңгі тұрақ босағам...

Сыбағам осы тәңірден жазған,
Туған жоқ пенде өмірден озған.
Опынып бірақ таппайсың айла,
Қайратым барда қабір де қазбан!

Қиратпас ешкім тәңір қамалын,
Сындырмас суық қабырғаларын.
Құдіретіңе жүгінем, Аллаһ,
Тұрғанда тасып тамырда қаным!

Айбек Қалиевке

Ақылман ақын едің бай көңілің,
Айтысты не қыламыз, Айбек інім?
Сес көрсетіп сұрланған бұл биліктің,
Көңілінен шығамыз қай бегінің?!

Серттей сөзің жеткенмен әр ауылға
Жауығатын жандар көп жарау ұлға.
Бәйтеректің басында мерген отыр
Әр сөзіңді ілдіріп қарауылға.

Заманақыр етпеді мұңды кімді,
Көріп жүрміз қулық пен сұмдығыңды.
Ертеңіміз не болар деп жасқанбай
Айтып жүрсің алашқа шындығыңды.

Айтып жүрсің айтыста ғажаптарды,
Таң атуға, – дейсің сен, – аз-ақ қалды.
Құлағының түбінен мылтық атып
Оятумен келесің қазақтарды.

Оянбайды ұйқыдан мешел қоғам,
Дарытыпты жазылмас кеселді оған.
Балтырыңды тістелеп шәуілдейді
Ит қалды ма шайырдан өш алмаған?!

Айтысыңды жіліктеп, бұтарлаған
Бұл қоғамда қылыш жоқ жұқармаған.
Абылайхан сөзіне қонақ берген
Сенен гөрі бақытты Бұқар бабаң!

Аяр заман бітіріп ақшаға бақ,
Жүректерге қанжарын жатса қадап,
Жүрегіңнің түгі бар болмаса егер
Айтар ма едің қасқайып патшаға дат?!

Сыртымыздан қарайды ел бақылап,
Саңырауға сөзің қор, жеңді ақымақ.
Жиырма жыл тауымыз шағылмаған
Сен де ақымақ, Айбекжан, мен де ақымақ!

Сөз – сүйектен деуші еді, өнер – қаннан.
Үміт үзбей жүреміз келер таңнан.
Сені арқаңнан қағармын мен өлгенше,
Қағатын жан бар ма екен мені арқамнан!

БЕГЖАН ӘШІРБАЙҒА

Өлеңге құмбыл інімсің, Бегжан Әшірбай.
Сыртыңнан тілеу тілеймін тек жанашырдай
Ізетпен келдің өнерге біреулер құсап
Найзаңды бұлғап, беліңе қанжар асынбай.

Өлеңге көркем айналып шіркін балалық
Саған да келіп қалды ма бір күнде ағалық?
Кеше емес пе еді ән жазып жүргенің мұңды
Көршінің қызы көшкенде жұртында қалып.

Уайым баса қойыпты еңсеңді міні,
Зулайды солай уақыттың өлшемді күні.
Сәрсенбі күні түсініп жүргенбіз деуші ем
Айтыста айтқан сөзіңді сен сенбі күні.

Әніңнің сірә өлеңге пайдасы басым,
Әуенің әсем өлтірмей ойды асырасын.
Жүре тұр осы жайлауда қызығын қуып,
Күз сенен қашар деймісің.

Қайда асығасың?

9 «А» КЛАСЫ

Бұл күнде біз қапы кетпес мергенбіз,
Періге де,
Серіге де ергенбіз.
...Қайда жүрсің, 9-шы «А» класта

Үнсіз ғана мені жақсы көрген қыз?

Сен жайлы жыр айналды енді сұраққа,
Үздігемін бұлдыраған жыраққа.
Менің жарым – тінтіп сөздің астарын
Қызғанбай-ақ қойсын сенен бірақ та!

Қызғанбасын,

Тергемесін сөзімді,
Тауыспасын онсыз да аз төзімді.
Бүлдіршін қыз, сағынғанда мен сені –
Сағынамын сені сүйген ӨЗІМДІ!

Сағынамын мен өзімді сондағы,
Шыққан жоқ ем бұл шырғалаң жолға әлі.
Армандарға асығушы ем белгісіз,
Алтын жез боп көрініпті-ау қолдағы.

Ей, сүйкімді ұл!
Ішінен сол елестің,
Неге асықтың?
Неге есейдің?

Неге өстің?
Мен ешкімді алдап көрген жоқ едім,
Сан соқтырған жоқ еді онда мені ешкім.

Көкіректі әлдилеп тек бір үміт,
Арман болған тек ірілік,

ІРІЛІК.

Құмар едім жақсылықтың бәріне,
Көрген жоқ ем қапияда сүрініп.

Күндерім-ай, алыс жолға үздіккен,
Таңның бәрі жарқын еді біз күткен.
Адал еді достарым да риясыз,
Ару болып көрінетін қыз біткен.

Бекер екен!
Енді аңғардық көп сырды,
Уақыт-дауыл талдырғанда топшымды.
9-шы «А» кластағы бүлдіршін,

Енді сенен аңғал ешкім жоқ сынды!

Көшпейді екен адам өмір-көгалды,
Көгілдір сәт көк тұман боп жоғалды.
Тоғызыншы кластағы бүлдіршін,
Ұқтым, ұқтым қадіріңді, бағаңды!

Тірлік дәмі татығанда таңдайға,
Келіп жүрміз мүлдем басқа енді ойға.
Қапелімде жіберген бір қателік,
Қиянат боп сарт еткенде маңдайға!

Аяр сөздер осып өтсе жағынан,
Қыңқ етпеген ездігімді неғылам.
Сені ойлаймын,
Және сенің алдыңда

Ары таза өзімді де сағынам.

Көп нәрсеге ашты өмір көзімді,
Енді бекер тауыспаймын төзімді.
Жолдарымды бұрып мына шиырдан,
Мен іздеуге шықтым енді ӨЗІМДІ!

– Көңілінен от тұтатып ақынның,

Сүйкімді елес, тағы қайда шақырдың?

– 9-шы «А» класы, мен сенен

Өзімді-өзім іздеп келе жатырмын!

МАХАББАТТЫҢ АЛМАСЫ

Баллада

Байыбына бармай істің, сірә біз,
Ажарлауға сөзді дайын тұрамыз.
Бұқарада болған жағдай екен деп,
Жетісайда айтты маған бір аңыз.

Ақындардың қиялы ұшқыр,

жаны ізгі,
Дәл сол қиял отқа да май тамызды.
Жетісайда болған жағдай екен деп,
Әйеліме айтып келдім аңызды.

– Ах, Жетісай!

Жеткеніңді көрейін!
Жетісайда толған екен мерейің...
...Түсінікті болу үшін бұл шатақ
Сол аңызды сіздерге айтып берейін.

Біз созбақтап отырғанмен өлеңді,
Аңыз дейтін ұзақ та емес ол енді.
Баяғыда болған екен бір әмір,
Бұқараға телмірткен бар әлемді.

Елдің қамы қасірет боп тұнса ғой,
Сол әмірді қинар еді мың-сан ой.
Бар білгені – салдырыпты өзіне
Құмар түннің мекеніндей бір сарай.

Бар өмірі сауықтарға арналған,
Беті қабыл патшаңызда бар ма арман.
Ақ сарайдың ортасында һәуіз тұр
Аспан түстес қашалған көк мәрмәрдан.

Сөздің жайын түсін, мейлі түсінбе,
Патшаңыздың патшалық бар ісінде:
Ай мен күндей шомылады арулар
Һәуіз толған көгілдір су ішінде.

Ал патшаңыз қамықпасқа қамықпай,
Сол һәуізге телміреді жалықпай.
Азияның арулары аршын төс
Су ішінде шүпірлейді балықтай.

Патша бейне осалдығын танытпай,
Телміреді жалындамай, жанықпай.
Алма мойын арулардың, дүние-ай,
Үлбірейді тамақтары мамықтай!

Қараса да жасы аққанша көзінің,
Патшаңыздың өрт шалмайды сезімін:
Һәуіз толған айдай аппақ арулар

– Басыбайлы кәнизәгі өзінің.

Басыбайлы бәрі өзінің зайыбы,
Арулар – көп,
Патша жалғыз – айыбы.
Қай аруды қуантады бұл түні –

Осы ғана әміршінің уайымы.

Махаббаттан басқа күйді толғама,
Махаббаттан басқа жырды жалғама.
Қай арудың бағы жанып тұр екен

– Арулардың уайымы сол ғана!

Патша жалғыз һәуіз толған обалға,
Лажы жоқ баспайтындай амалға.

Әміршінің қолында бір алма бар

– Бақыт болып қонатын да сол алма!

Әміршіңіз болу керек ол да сұм,
Дегендей-ақ бір қиянат болмасын.
Кетерінде лақтырады һәуізге
Қолындағы жалғыз қызыл алмасын.

Кәнизәктәр шу етеді ұмтылып,
Жалғыз алма – бәрінің де ынтығы.
Сол алманы қағып түскен аруға
Бұйырады махаббаттың бұл түні!

Махаббаттан басқа күйді толғама,
Махаббаттан басқа жырды жалғама.
Әміршінің көзі – алма-қыздарда,
Арулардың көзі – жалғыз алмада!

Бұл аңызды маған айтқан көп құрбы

– Ертегінің аяғы жоқ – деп күлді:

Көздің жауын алатындай арулар
Жетісайдың көк алмасын жеп тұрды...

Басталарын біліп тұрып шатақтың,
Осы аңызды жарыма айтып, не таптым?

– Көңілдегі күмәніңді байқадым,

Енді саған ақ жарылып айтарым:

Тергеме де,
Тексерме де мені мың,
Суымасын, суымасын сенімің.
Уысыңнан шығармасаң алмаңды

Саған ғана ауар патша – көңілім!

ЖИЫРМАСЫНШЫ ҒАСЫРДЫҢ

ҚЫПШАҚТАРЫ

Жалаң қолмен жаратын қабыланды
Біздің арғы бабамыз – Қобыланды.
...Қобыланды құсадан өлер еді,

Көрсе өзінен тараған көп ұланды.

Ұрпағы жүр – белгісіз жоқ-барлығы,
Өмір дейтін шықпайды көкпарда үні.
Сездірмейді ішінде не жатқанын,
Жуастығы беймәлім, сотқарлығы.

Ел қатарлы демейді атқа мінем,
Тұмсығымен тауықтай тапқан үнем.
Бажырайып бетіңе қарамайды
Сүйегінен сөз өтіп жатқанымен.

Сүйінгені белгісіз, күйінгені,
Олжасының үлкені – киінгені.
Досы да жоқ сеніскен, қасы да жоқ,
Бар дұшпаны қатыны – үйіндегі.

Санатта жоқ, санда бар құр масылың,
Тізіміне қоса сал ұрғашының.
Ел мен жердің тағдырын не қылады
Түгел болса ұпайы бір басының.

Қажытқан соң тағдырдың тас қамалы
Таусылды ма сорлының басқа амалы.
Қобыландыдан тараған тек едім деп
Айтуға да естіртіп жасқанады.

Жалаң қолмен жаратын қабыланды
Біздің арғы бабамыз – Қобыланды.
Тіріліп кеп қалмасын сол бабамыз,
Салар еді, кеп қалса, көп лаңды!

ЖАРЫҚҚА ОДА

Қара түн
Құшағыңда тарықтым мың,
Есігін қақсам екен барып кімнің.
Үрей боп уілдеген қараңғылық

Қадірін ұқтырады жарық күннің.

Білмеймін – қаймығасың басқа кімнен,

Қамығып қараңғыдан жасқандым мен.
Қыбырлап көзін ашқан тіршілікке
Алланың шамы керек аспанға ілген.

Кел, жарық – қараңғыны тілгілеген,
Гүлге де жарық керек үлбіреген.
Жабықтан түскен жарық сәулелерге
Арнар ем алтын кірпік бір-бір өлең.

Тауға да,
Жарық керек сай-салаға,
Жарықта кісі өлімнен тайсала ма?
Өлең боп уілдейді көкірегім

Жарыққа көзім әбден тойса ғана.

Бұза алмай қара түннің тас қамалын
Қарманып, қараңғыдан жасқанамын.
Кел, жаным,
Қара түнді бөлісейік,

Сенің де қалған жоқ-ау басқа амалың...

АЙТЫС

Көңілімде сілкінгенмен қыран құс,
Зыр жүгірдім – баладай боп тіл алғыш.
Түн жамылып қайттым үйге мен талай
Бір адамнан ести алмай бір алғыс.

Жеткізем деп жүректерге жыр үнін,
Жеткізем деп елге айтыстың дүбірін.
Бар ғұмырды осы айтысқа арнадым
Бар секілді менің артық ғұмырым.

Шүберекке түйдім талай жанымды,
Сонда менің кім сұрады халімді.
Шатқаяқтап ішіп келген ақындар
Шарап емес,

Ішті менің қанымды!

Түлетем деп дәстүрім мен салтымды
Мысыңды – мыс,
Алтын дедім – алтынды.
Көрінгеннің күңкіліне түкірдім

Қуантуға жарап жүрсем халқымды.

Өмір деген – тартыс,
Кейде – төбелес,
Тауқыметін аямады менен еш.
Рас, талай сұрап алдым машина,

Тартып алған кездерім де жоқ емес!

Айтыс үшін – жылпоспын мен, ептімін,
Айтыс десе – тау жығардай екпінім.
Сайтанмен де тіл табысқан кезім бар
Осы айтысқа тиер болса септігім.

Сауға сұрап оқпанынан озбырдың
Талай-талай табалдырық тоздырдым.
Бағы жанбай жүрген талай жүйрікті
Топқа салып, Тайбурылдай оздырдым.

Шын жүйріктер шықпай қалса финалға
Арқасынан қағып, дедім «қиналма!».
Дұшпаным да көбейгенін білемін
Қазыларды қайрылтам деп иманға.

Айтыс десе – алаңдамас қай кісі,
Неге керек қылыштардың қайқысы,
Неге керек – мылтықтардың мықтысы –
Аман болса ақындардың айтысы!

Қайран айтыс – қазағымның сертіндей,
Сенің күйің қалмаса екен шертілмей.
Сені ешкім де жоя алмайды, айтысым,
Ең алдымен бізді жоқ қып өлтірмей!

ӨНЕР БӘЙГЕСІ

Күдікпенен, қарар кімдер,

Сенер кім?!
Жыр-сайыста жүрек жұтқан мен ермін.
Қобыланды боп шүйлігемін
Ордасын

Шабамын деп өлең атты өнердің.

Тұлпарымның тері көзге құйылды-ау,
Ісім өнбей, күшім және сұйылды-ау;
Қамалына басып кіру өнердің,
Көбіктімен жауласудан қиындау!

Кім біледі – қашан, жаным, жай табам?
Қашан жеттім мақсатқа деп айта алам.
Ең қиыны – бүгін жеңген жауымды,
Ертең тағы жеңу керек қайтадан!

Жалтақтаусыз,
Жортақтаусыз,
Аяңсыз,
Сынға түсу керек күнде аяусыз.

Уақыттың маған деген пейілі
Қараманның достығындай баянсыз.

Батыр да боп көрінермін жұртқа мен,
Батыл да боп көрінермін сыртқа мен.
Тайбурылдың алынбаған бір тері,
Бар екенін білетін сен Құртқам ең!

ДАНЫШПАН

(Қадыр Мырзалиевке)

Жасап жүрсің жырда сен арыстандық,
Арыстандық деуге оны – намыстандық?!
Тірілерден пенделік – күтеріміз,
Өлгендерден іздейміз данышпандық.

Шегесімен шындық – жыр шегенделдік,
Ақиқатты ақиқат деген де – ерлік!
Көрмеген боп, жұмамыз көзімізді
Қасымызда жүрсе де кемеңгерлік.

Ақиқаттың пердесін бердің ашып,
Жырыңды оқып жылайды шерлі ғашық.
Сені бірақ данышпан демейді ешкім –
Жүрмейтіндей данышпан жерді басып.

Ғайбаттайды сені әлі, дуылдайды,
Жырдан бірақ жүрегің суынбайды.
Бар жазығың – тірісің,
Өліп кетсең –

Ұлы ақын деп бәрі де шуылдайды.

Арқаңа сап бейнетін сан алыптың
Даланы ұққан көңілмен қаланы ұқтың.
Жұрт не десе, о десін!
Сен жүре бер

Жырын жазып мәңгі өлмес даналықтың!

1982 ж.

СҰЛУЛЫҚҚА КӨЗҚАРАС

Қардай борап соңынан туар аңыз
Сұлу көрсек – бозарып, қуарамыз.
Тамағына,
Мүсін мен жанарына

Көзімізді ұрланып суарамыз.

Шықпаса да ол гүл басқан қырымызға,
Ортақ емес болса да сырымызға
Есімін де білмейтін сол сұлуды,
Енгіземіз жетелеп жырымызға.

Бұрқылдайды сонан соң жыр қазаны,
Осы дейміз сезімнің сырбаз әні.
Өмірдегі сұлу қыз – жырымызда
Сұлу болмай қалады бір ғажабы!

Арнап ек қой бар сөзді бір басына,
Бар еді ғой жүзігі, сырғасы да.
Таңғаламыз – сұлу қыз оқырманның
Айналмады қалай деп сырласына.

Өнердегі сұлулық – бір өткелек,
Сыншылар да орынды жүр өкпелеп.
Сұлулықты көруге – көз де керек,
Көзден бұрын – ынтызар жүрек керек!

СЕНІМ

Сын сәттерде сүйенер ер еңсем ең,
Сенім, сенім! Айырылмай келем сенен.
Сену қиын нәрселер аз емес-ау,
Сену қиын...

Әйтсе де, сенем, сенем!

Сенемін мен жүйрікке – шалдырмас деп,
Қыран болса – құзғынға алдырмас деп.
Жауыма да сенем мен – шын жауықса
Жайбарақат мені әсте қалдырмас деп.

Серттей сенім жоғалса, – біз өлер ек,
Біз өлер ек, күніне жүз өлер ек.
Соғысқа да сенем мен – жойылар деп,
Тентекке де сенемін – түзелер деп.

Еріп келем сенімнің жетегіне,
Не жетеді сенімнің бекеміне.
Адам түгіл сенем мен құстарға да,
Оралар деп өзінің мекеніне!

Сене білсең – сұңқардай жетілесің,
Сене алмасаң – сынасың, кетілесің.
Алдай алсаң, алдай бер – сенемін мен:
Соның үшін бір күні өкінесің!

Сенімімді жоғалтсам, не істер едім?
Ешкімге де болмас-ау еш керегім.
Қандай жақсы сенімнің бар екені,
Сенбейтіндер, сендерден сескенемін!

ТЕМІРТІКЕН ГҮЛІ

Тәңірім ең, далам-ай, тектім едің,
Тұлпарларың озса екен деп тіледім.
Өзің жайлы тәтті ойым – сәтті ойымды,
Темірқалам ұшында кептіремін.

«Мен қаласыз бір тәулік тұра алмаймын» –
Деп өзімді күніне бір алдаймын.
Бірақ далам, ойымда сен жүресің
Жолын тосып тұрсам да трамвайдың.

Тапжылмаудың тапқандай мен бір емін,
Сезімімді төзімге жеңдіремін.
Тегеурінім – темірдей,
Қаттымын деп,

Берікпін деп өзімді сендіремін.

Түскен темір тәртіпке өмір бекем,
Ойлар келіп-кетсе де небір бөтен.
Мызғымаймын мен бірақ, өз үйімнің,
Қабырғасы секілді темір-бетон.

Төңіректе дуылдап өмір-дүкен,
Басқа ойларды басымнан мен үркітем.
Тереземнің алдында – темір қалбыр,
Темір қалбыр ішінде – теміртікен.

Темір жайлы жаза алмай темір өлең,
Тереземнің түбінде тебіренем.
Темір емес жүрегім, содан шығар –
Теміртікен гүліне еміренем!

ФЛОМАСТЕРМЕН ЖАЗЫЛҒАН ЖЫР

Өзің жайлы жыр жазуға оқталам,
Оқталам да, амал құрып, тоқталам:
Түн ортасы,
Ел ұйқыда,

Ал менде,
Жыр жазатын жоқ қарындаш,

жоқ қалам.

Қаламым жоқ,
Бар жалғыз-ақ азабым:
Сағындым мен!
Сағындырды наз әнің.

Өзегімді өртеген бұл өлеңді
Түрлі-түсті бояумен-ақ жазамын.

Көктөбеде жалғыз жарық. Ояу – мен,
Ұқтым, жаным, қалай маған аяулы ең.
Өзің жаққа алып ұшқан көңілді,
Жеткізейін қандай ғана бояумен?!

Шаттығым ең, шаттық нәрін ішіп ем,
Бұлдырайсың енді елестің ішінен.
Алау-жалау сезімімді

алқызыл
Бояумен-ақ ақ қағазға түсірем!

Бояуларым, бояуларым, сөйлегін!
Қалқашымның мен болып қақ әйнегін.
Жасыл бояу көз алдыма әкелші
Желмен ойнап желбіреген көйлегін!

Шаттық нұры шалқып тағы жанарда
Қимас сәтін көңіл қайта табар ма.
Қызыл бояу, қызыл тілің сүйреңдеп,
Қызғаныштың қызу дертін хабарла!

Сенсіз өмір сергелдеңін сездім шын,
Сары бояу сағынышымды сездірсін.
Құлазыған көңілімдей қап-қара
Қара бояу қара өлең боп көзге ұрсын.

...Қара түнді таң арайы қаусырды,
Тағы бір күн өтер аңсап даусыңды.
Тереземнен қызғылт шұғыла түскенде,
Менің қара бояуым да таусылды!

ӨКІНІШ

Жайдары жүрегіме ораған мұң,

Мен сені қимай барам, Қарағандым.
Шілтері шымылдықтың ар жағында
Телміріп ту сыртымнан қараған кім...

Сол ғой, сол!
Жүрегімді отқа бөлеп,
Қосылып кетіп еді-ау топқа бөлек.
Алаңдап қайтсін маған, арман – дүние,

Алаңсыз қызық қуған ақ көбелек!

Қайтейін, біз жүретін жолдар бөлек,
Жолы бөлек болғанмен, соңғы арман ед...
Мен талай дулы топқа араластым,
Ішінде жазатайым сол бар ма деп.

Жоқ екен...
Көңіл бірақ тыншымады,
Тұтанып сағыныштың мың шырағы,
Жырланбай қалған соңғы, соңғы сәттің

Жеткендей құлағыма сыңсып әні.

Аққуым – айдын суын ұрып ұшқан,
Сол кешті ұмыттың ба сыр ұғысқан?
Жаутаңдап тана көзің, жарығым-ау,
Неге шыға келмейсің бұрылыстан.

Таппады-ау сағыныштың Жүрсін емін,
Сыршыл едім,
Амалсыз күрсінемін.
...Қолаң шашың төгіліп, тым болмаса

Жырларымның ішінде жүрші менің!

Қамығып жүрмін.
Қалжырап, басым қаңғырды.
Сағынып жүрмін жапан түзімді жаңбырлы.
Киік те келіп, қайтатын еді көктемде, –

Болмағаным ба аң ғұрлы?!

Құлаққа келіп жеткендей мөлдір су үні,
Қараша қаздың ауаны тілген суылы.

Қабаржып көңіл,
қажытты мені сенсеңдер
Қарбалас қала шуылы.

Тұрмысқа жайлы қаланы әбден төркін ғып,
Жүрсек те тойлап,

жегідей жеген дертімді ұқ:
Ең жайлап өскен еркелеу ұлға жетпей жүр
Даладай шетсіз еркіндік.

Қатыгез ұл деп мен жайлы, ауыл, айт өсек:
Шықпады тағы барам деп құрған ойша есеп...
Байқоңыр биыл тағы да тасып толды ма,
Ұшты ма тағы бәйшешек.

Жайдары жазын қарсы алған шығар жылғалы,
Құрғаған шығар қопалы жердің ылғалы.
...Бәрінен гөрі батып жүр маған шешемнің
Балконды мекен қылғаны!

ГҮЛРУХСОР

ГҮЛмісің,
РУХымбысың,
СОРымбысың?!
Бәрібір, қалқам маған қолыңды ұсын.

Қаталап жүргенімде,
қанатыңмен
Су сепкен өзің ғана керім құсым.

Кәусарым енді сенсің сусар менің,
Сағынған саумал желім,

жусан лебім!
Жолыма сенен басқа кім шашады
Хош иіс райхан гүлін Душанбенің.

Жайсаңын сендей көрген жоқпын қыздың,
Сен маған қарағым деп ат мінгіздің.
Жел толып құшағыма қуаныштан
Келешек күндеріме қақтым тізгін.

Жүргем жоқ кедергінің бірін де елеп,

Білмегем қалай сенен бұрын дерек.
Жетуім керек менің мақсатыма,
Тілеулес жан тұрғанда сүрінбе деп!

Қара түндерде жұлдыз боп,

түзді есіме алып,

қырға ақтым,
Біз басып өткен жолдардан ізді кесіп алып,

жырла, ақ түн.
Айырылып жолың кетсе де,

қайырылып маған бейуақта,
Сыздап бір үнсіз көкейің үздігесің бе әлі,

ырғақтым?!

Сызылтып аққу – ән салсаң,

есіңде арман шығармын,
Шықпайсың неге сәуірдің кешінде

алдан, шынарлым?
Маужырап мақпал кештерде,

тосушы ек арман – төсті өрге,
Солқылдап мүмкін мен сенің төсіңде қалған

шығармын?!

Сағыныш құсы сенделіп,

тағы ұшты-ау аспан жолдармен,
Қамығу жырын гөй-гөйлеп,

бағы ұштаспаған жандармен.
Қасымда болсаң қарайлап,

қарағым мені қолдар ма ең,
Қай жаққа кетіп барамыз

тоғыспас тарау жолдармен?!

ЭКСПРОМТ

Шаянның бойы –

шалғынсыз,

Шалғынсыз жерде шалғы үнсіз.
Шаянның бойы –
салқын-сыз,
Салқын-сыз белде шал да үнсіз.

Шал да үнсіз,

үнсіз жеңгей де,
Үнсіздік жетті деңгейге.
Үнсіздік тілеп тұрушы ең
Үдерген көңілім сен кейде.

Үндемей енді сен де қал,
Үдерер жоқ-ау менде амал.
Қалауын таппай қалғанда
Қиналған көңіл –

кембағал.
Шаянның бойы –

шалғынсыз,
Шалғы үнсіз,

жеңгей, шал да үнсіз.
Күлкісін шашып жібермей
Қарашаш ол да қалды үнсіз...
Апыр-ай,

неткен салқынсыз,
Сұп-суық бейне алтынсыз.

ДЕМЕУ

Құрманхан Қалабаевқа

Дөкей емен,
Ірі емен,
Кішкенемін,
Кішкенелік, сен маған не істемедің?!

Ойым жеткен жерлерге бойым жетпей,
Бармағымды қаншама тістеледім!

Жарқыратып жүрсе де күлкімді түн,
Көңілдегі көшірер бұлтымды кім?
Бір жақсылық жасайын деп ойласам
Келмей қойды, Құдай-ау, мүмкіндігім.

Бере алмадым қарыз да сұрағанға,
Ырза болмай ісіме жүр ағам да.

Ықыласым болғанмен мың адамдық
Шарапатым тимеді-ау бір адамға!
Біреу үшін су кешіп, от оранып,
Құтқарғам жоқ төнгенде қатер анық.

Ат мінгізе алмадым бір адамға,
Бір адамға бергем жоқ пәтер алып!

Аппақ-аппақ арманым ұрланды мың,
Адамдар-ай! Болар ем құрбандығың.
Қалай ғана сездірем

өздеріңе
Жүрегімнің елжіреп тұрғандығын!

ЕЛЕГІЗУ

Өмір мені өзекке теппейтіндей,
Шаттығымның шарасы кеппейтіндей.
Ақымақ та,
Сырқат та сияқты емен,

Бірақ маған бірдеме жетпейтіндей.

Үйлесіп-ақ тұрғандай мінез бен іс,
Жабыдаймын – жабыққа үйездегіш.
Күйбеңдеген күйкентай тірлігімде
Болу керек сияқты бір өзгеріс.

Дей алмаймын ешкімнен ырысым кем,
Есер де емес – сындымын ірісінген.
Тек... бәріңді таңдантар секілденем,
Таңғажайып, ғаламат бір ісіммен!

Қадамымды санамай қия аттаған,
Ырза болар асқар тау, мият далам,
Достарымды қуантып, сүйіндіріп,
Мен бір ерлік жасайтын сияқтанам.

Сиқырым жоқ,
Жоқ менің кереметім,
Еңбегім де жоқ мүлдем еленетін.
Бірақ, бірақ, ғажайып қазынаға

Сияқтымын бір күні кенелетін.

Қыран-ғұмыр қиялдап жетілген ем, –
Қырандыққа жоқ әлі кепілдемем.
Кешіп жүрген өмірім – әншейін де,
Бәрін қайта бастайтын секілденем!

ЖЕРҰШЫҚ

Жотамнан шықпай жатыр қарысып тер,
Демеші маған тағы дәрі ішіп көр.
Дәріден дәру болмас секілді ғой –
Бәйбіше,

Енді маған жерұшық бер!

Несі бар жерұшықтың кісі ұқпайтын,
Санама сәулесі оның түсіпті айқын.
Баяғы бала кезде,
Сәл ауырсақ,

Шешеміз Жермен бізді ұшықтайтын.

Салт шығар түсініксіз сауға бірақ,
Ырыммен басымыздан аумады бақ.
Таза жер топырағымен қағушы еді,
Ауылдан алып шығып аулағырақ.

Шешеміз қалбаңдаған бір көбелек,
Күн бата
Кіріп мүлде түрге бөлек,
Ұлы Жер рухымен тілдесетін

Күбірлеп бірдеңе де бірдеңе деп.

Не дейтін?
Оны біздер қалай ұқтық?
Бетіме баса көрме оны айып қып.
Әйтеуір жерұшықтың арқасында

Сырқатты сілкіп тастап, сан айықтық.

Сол күндер!
Көз алдымда тұрсын менің.
Сырқаттан қалғанымен құр сүлдерім,
Құшақтап туған жерді жатқанымда

Естуші ем жүрегімнің дүрсілдеуін.

Өзінің жасап солай бір амалын
Анашым айтушы еді жорамалын:
«Таза бас туған жердің топырағын,
Жете гөр қадіріне Жер – ананың!».

Көңілді бастық бүгін өрекпіген,
Білемін енді басқа деректі мен.
Ұшынған ұлы дәуір сырқатымен
Ұшықтау Жердің өзін керек білем!

Жер дертін жазар қандай есеп-айла,
Күдіктің қалың бұлты көшеді ойда:
Атомын қойнындағы ауырсынған
Ұшықтар ата жұртты шеше қайда?!

...Деуші едім – дәрі-дәрмек бәрін бекер,
Болмады көнбесіме –
әлім кетер.
Жер – анам дәтке қуат бола алмады,

Бәйбіше, қайтем енді...
Дәріңді әкел!

САУРАН

Көне қала ұйықтап жатыр Сауранда,
Қорықпайды анталаған жаудан да,
Торықпайды қауесет пен даудан да.
Қатыспайды теріміне мақтаның,

Жалған ақпар жолдамайды ауданға,
Көне қала ұйықтап жатыр Сауранда.

Ұйықтап жатыр ұйқысымен алыптың,
Жұмысы жоқ дақпыртында даңқтың.
Таласпайды товарларға дефицит
Шағымы да жоқ мұндағы халықтың.

Ереуілдеп көшелерге шықпайды,
Естілмейді даңғазасы сауықтың.

Шаңға айналып
шуылдаған шаһардан
Ұйқтап жатыр

шығып енді қатардан.
Шыңғыс ханның көмейіне кептелген
Шығыстағы қамал еді қаһарман.

Қамал еді...
Жатыр енді қансырап,
Ошақтарда көмілгендей сан сұрақ.
Қара сирақ балалары Сауранның

Қайтер едік қынқылдаса нан сұрап...

Сұрамайды,
Сездірмейді сынғанын,
Ешкімге де естіртпейді мұңлы әнін.
Етпетінен түсіп жатқан секілді,

Бауырына басып алып жұмбағын...

АПА

Сен өмірдің тауқыметін көп тарттың,
Көп тарттым деп кімге бірақ өкпе арттың:
Бар сырыңды бүгіп, апа, ішіңе
Қатарында келе жатсың көп қарттың.

Уақыттың қарасаңшы озбырын:
Бел бүгілді,
әлсіреді көз нұрың.
Күннен күнге бара жатыр сұйылып

Бөз жаулықтың астындағы боз бұрым.

Сен түсесің ертелі-кеш мың ойға,
Мұңайма деп қалай айтам, мұңайма.
Мәңгі қолың жетпес армандарыңа
Жеткізуге табады енді кім айла?!

Ей, тағдыр-ай, тағы да құм қаптырған,
Бірде – аспанға,
Бірде – жерге лақтырған.
Қайтсем аман алып қалар екенмін

Үмітіңді – үзілуге шақ тұрған? –деп

күйзелем.

Күйзелем де сенделем,
Тек мықтырақ болып шықтың сен менен:
Келер жаздың қамын ойлап жүресің
Шырақ етіп үмітіңді сөнбеген.

Көптей алда көретін күн, татар дәм,
Бәрі қайтып келетіндей сапардан,
Ошағыңа от тұтатып жүресің
Қайратыңнан айналайын қаһарман!

Сезіміңді төзіміңе билетіп,
Қиындықтың қабырғасын күйретіп,
Сен әлі де жүрсің маған, аяулым,
Өмір үшін күресуді үйретіп!

Көңіліме күдік-құзғын ұялап,
Таппай қойды ойым бүгін тиянақ:
Күтпеп едім мен ешкімнен қастандық,
Күтпеп едім мен ешкімнен қиянат!

Арман етіп аппақ-аппақ мақсатты,
Азаматпын деп жүр едім жақсы атты.
Біреу менің аяғымнан шалды да,
Сұлатып сап,

аяусыз қан қақсатты.

Зұлымын-ай!
Қапияда басты аңдып,
Қан қақсатты.
Тұрмын енді бас мәңгіп.

Мен ешкімге жасамап ем қиянат,
Және ешкімнен тоспап едім қастандық.

Құлагермін деп өзімді алдаман, –
Бірақ көңіл бір нәрсеге болды алаң:
Батыраштар болады екен жанкешті –
Ғұмыры ұзақ қараулыққа таң қалам.

Тарқата алмай күдікті ойдың тұзағын,
Тынышымды талқандаймын, бұзамын.

Ашулы жыр жаздым, міне,
қаламды
Малып алып сиясына ызаның!

Сезім – сәуле лып еткенде қас-қағым,
Талай өлең бастадым да,
тастадым.
Бір мұңымды көшіргенше қағазға

Көңіліме қонып жатты басқа мұң.

Шалыс болды аяғымды басқаным,
Алыс болды келер-ау деп тосқаным.
Ұғынар деп ұлық тұтқан достарым
Артылмады қамдағаннан бас қамын.

Жанашыр деп жалбаңдаған туысым
Көңілінің көрсетеді қуысын.
Ару ғой деп аңсағаным болды аяр –
Алдауға да,

арбауға да ол даяр.

Үлкенім деп үздіккенім ұры екен,
Мен тұлыпқа мөңіреумен жүр екем.
Қасіретім қамап мені қасқырдай
Адымымды қойды мүлдем аштырмай.

Күдіктерім қалт еткізбей тұрса аңдып,
Күңіренбей қайтсін кеуде-сырсандық.
...Бұлбұл – өлең безіп бара жатады
Ол да менің ауызыма бір саңғып!

МИРАС

(триптих)

1. ЕКІ МЕТР БАРҚЫТ

Дүниенің жоқ кезі ғой онда артық,

Жоқшылықты тұрған бәрі аңғартып.
Жауды жеңіп оралғанда Зәбида
Ала келді екі метр панбарқыт.

Сақи еді көрмеген түк малданып,
Жеңгелері жүрді қатты таңданып:
Бар сыйлығын бөліп беріп ауылға
Панбарқытты бермей бірақ қалды алып.

Жұмысы жоқ –
өкепелі ме ел,
ырза ма.
Бір сараңдық кірді сақи –

мырзаға:
Талай тәуір жеңгелері жалынып
Сол барқыттан ала алмады бір жаға!

Көк камзолмен көріне аламай көпке
артық
Әйелі де жүрді оған өкпе артып.
Бар ауылдың болып алды көз құрты

Жаудан келген екі метр көк барқыт.

Панбарқытты ұстай алмай мүлкі етіп
Келіншегі көз жасын да іркетін.
Ал Зәбида –
уәкіске малып ап

Көк барқытпен керзі етігін сүртетін!

Шындық осы. Жоқ титтей де
артық-кем.
Бойға сінген жауынгерлік тәртіппен
Керзі етігін жылтыратып қоятын

Ысып-ысып күнде жаңа барқытпен!

Сол барқыттан бір жағалық сұраған
Жеңгелері кетті өкпелеп сірә оған.
Майдангердің оқшау осы мінезін
Түсінбеді, түсінбеді бір адам!

Қанды кешкен, небір сұмдық
жайды ұққан,
Қырғыныңнан жүрегі әбден шайлыққан,
Зәбең болса байлықта деп бар

індет,
Бар пәлені көруші еді байлықтан.

Жеңілді жау. Одан асқан жоқ бақыт.
Қуанғанмен Зәбең бөркін көкке атып,
Сұм соғысқа себеп болған байлыққа
Көкейінде қалған еді кек қатып.

Бейбіт күннің, тыныштықтың нарқы
өтіп,
Жас өмірін келгеннен соң сарп етіп,
Қолға түскен екі метр байлықты

Жүр еді ол мазақ қылып, тәрк етіп!

Сәл көбейтіп ақындардың санатын
Атау керек шығар бәлкім оны ақын:
Байлықпенен жылтыратқан етігін
Егінжайдың шаңдағына ол салатын!

...Ел қатарлы ғұмыр кешіп
артық-кем
Өткен жазда өлді Зәбең сарқып дем.
Қарт солдаттың бетін жаптық...

көк емес,
Екі метр өрттей қызыл барқытпен!

2.ШАЛ МЕН ШАҢЫРАҚ

Шопан емес,
Емес шофер, кенші иә,
Қоңыр дүкен болған оған енші – ұя.
Екінші топ мүгедегі

алатын
Елу бір сом елу тиын пенсия.
Қоңыр дүкен,
қара көлік,

іскенже...

Қапсағай шал қапыл емес күштен де,
Шойыныңыз шығатұғын бұйым боп
Төс пен балға арасына түскенде.

Соғыстан кеп,
қолына бір тиді ырық,

Құба талдан күлдіреуіш идіріп,
Көмірді де қолдан жасап алатын
Құлжанбайдың көк түзгенін
күйдіріп.

Бізге ертегі сияқты еді сол шақтар.
Тез қасында жатушы еді қаусап тал.
Жидеңізді отыратын нанша илеп
Күлдіреуіш секілденген саусақтар.

Кім біліпті,
бар екен не тәсілі,
(Ұсталық та талант болар нәсілі).
Көк жидені құрастырып құрсаулап

Шаңырақ жасау еді басты кәсібі.

Жиделікті тезге салып төңкеріп,
Ернеулерін зер айшықпен көмкеріп,
Жасайтын ол жас шаңырақ,
Сондағы

Дәнекері – қайыс пенен көн тері.

Отау тігу ұлға қажет болса егер
Алыс демей, ел осында жол шегер.
Қарақұмда қанша киіз үй болса
Сонша шаңырақ жасаушы еді сол

шебер!

Шаңырақ керек – ең далада құрсаң
бақ,
Өз отыңсыз шалқымайды жыр
самғап.

Тың көтерген жылы көшіп келгенде
Иванға да жасап берген бір
шаңырақ.

Қара тері құйылса да көзіне,
Ол ақы-пұл сұрамайтын тезіне.
Елу бір сом елу тиын молынан
Жететұғын кемпірі мен өзіне.

Қара көрік ертелі-кеш күпілдеп,
Ұстахана тұрушы еді түтіндеп.
Отыратын қоңыр дүкен ішінде ол

Бүкіл елдің баспанасын бүтіндеп.

(Өмір заңы кейде мүлдем
сорақы-ау) ,
Көңілінде ұрпақ жайлы бар ақау.
Қарт шеберге болған жалғыз

жұбаныш –
Елі-жұрты көтерген жас әр отау!

Өтті сол шал дүниеден бір күні,
Бір-ақ қағып кемпіріне кірпігін.
Өшті мәңгі қоңыр дүкен түтіні,
Тынды мәңгі қара көрік күрпілі.

Жүректерді өзге өнерге ғашық қып
Тіршіліктің тыңдарына асықтық.
Сол ауылдан шықпады ешкім
қайтадан

Шаңырақ жасап таратуды кәсіп қып.

Енді жаңа үй көтеру күш тіптен:
МТМ-да тынады бар іс біткен.
Шайқалады шал жасаған
шаңырақтар

Қара дауыл соғып өтсе түстіктен.

Күрсінеміз ұста түскен шақ ойға,
Өткендерді оралтатын жоқ айла.
Өсіп келе жатыр жаңа шыбықтар
Шал жиделік қиятұғын тоғайда!

3.ЗЕРГЕР

Болғандай ғып айтуға енді болғанды
Жыр-жүрегім тағы бүгін толғанды...
...Кемпірі өліп, келін-бала қолында
Жетпістегі ұста зергер шал қалды.

Қу жалғыздық кетсін кімді
жасартып,
Нұр өмірге қолында жоқ қосар түк,
Жиһаз толған жасаулы үйде шал

өзін
Көріп жүрді мүліктей бір басы артық.

Кәрі көңіл сезбейтінді сезеді,
Ұлды ойласа уылжиды өзегі.
Үйге сыймай, ұзап және шыға алмай,
Қарт зергердің кәріп болған кезі

еді.

Дей алмайсың оны өмірден жеріді,
Қарияның осы еді бір берігі.
Бір серігі – таусылмайтын ойлары,
Немеренің бесігі – бір серігі.

Тербеп жүріп немеренің бесігін
Тапты бір күн жұмбақ ойдың шешімін:
Қартайғанда қайта қолға алды шал
Көз қарығып, қойып кеткен кәсібін.

Болмаса да келін мазаң, тіміскі,
Үлгермеген болып әлі сіңісті.
Сол келінге жүзік соға бастады ол
Қалт-құлт етіп, төгіп-шашып

күмісті.

Балдағына алтын шапқан, мөрі
айқын
Жүзік қандай – бір қараға
жарайтын.

Немеренің ұстата сап қолына
Шал келінге жаутаң-жаутаң қарайтын!

Шын өнердің ашқан бастау-тұмасын
Шал емес қой, қазына ғой бұл
асыл!
«Біздің әкей – маладес», – деп

міңгірлеп,
Әйеліне күлімдейтін жуас ұл.

Қара шал-ай, жасап өткен көп ерлік,
Қуат тапты ол нақыш-зерін төгер
нық.
Бекітуге жас отаудың іргесін

Жұмсалатын болды бүкіл шеберлік!

(Отау бүгін үй боп кетті іргелі,

Өзгелерден жоқ ол үйдің бір кемі.
Жалғыз ұлдың есімі еді арабша –
Келінінің зер-нақыш деп жүргені).

Таппады ма жұбатудың басқа
емін –
Қара шалға қара есігін ашты өлім.
Қос жүзіктен салып әрбір қолына

Қызмет қып жүрді сол күн жас
келін.

Жуас ұлға жылы сөзбен дем бердік,
Жасамайды шал ол үшін енді ерлік.
Жетімсіреп қалды бала ... және де
Төр үйдегі бұйымдары зергерлік!

Жетім қалды нәскүрік, біз, төс,
көрік,
Соларды ұлы жүрді біраз ес көріп.
Дәнекерлеп жүр екен ғой қара

шал –
Жүре келе, келінге бар көшті ерік!

Айтайын деп... айта алмай...
іркіліп,
Жуас ұлдың күрмелумен жүр тілі.
Шалдың бүкіл жиған әбзел-сайманы

Ауыз үйге шығып қалды бір күні.

Оттың басы – шатынаған шар айна,
Шар айнаңыз шарпысуға жарай ма:
Шалдың мүлкі шығып қалды далаға
Біраз жатып сенек пенен сарайда.

Жөн-ақ шығар. Дегдар болып өс
дейміз,
Жақсы женге, бірақ мұны
кешпейміз.

Татулықтың зергеріндей қара шал
Көңілден де шығып қалса
не істейміз!

Ақыннан ес кететін

жырдан – маза
Керегі не лақпырттың құр даңғаза:
Таңда мақшар болғанда, әр пендеге
Анық болса бір әділ тұрған жаза?!

Даңқымды емес, тәңірім, антымды бер,
Болжамасам халімді – халқым күлер.
Кешейін қойдан қоңыр тірлігімді –
Өзінің шамасы мен шарқын білер.

Жайдақталып кеткенмен замана тым,
Өңмендеумен шықпасын жаман атым.
Шұға жауып жатса да көктен жерге
Қалғып кетпе, қазақы қанағатым!

ЖАМБЫЛ, СТАЛИН ЖӘНЕ БІЗ

Тас тұғырға байланып,
Тас ғұмырға айналып,
Отырмысың ойланып –
Тағдыр кетті қайда алып?

Орып ойдың пішенін
Саған жиі келем, шал.
Аруақты кісі едің,
Аузыма өлең сал.

Гомер дейді ел сені,
Бірақ Гомер емессің.
Теңіз жырдың өлшемі
Саған өзі теңессін.

Ішінде елең-алаңның
Төте жолды таптың, шал.
Көсем емес заманның
Арқасынан қақтың сәл.

Толықсыған ақылдың

Толып болған кезі еді.
Тоқсандағы ақынның
Тобық болған кезі еді.

Тағдыр деген зұлымнан
Тықыр келіп іргеңде
Майдандағы ұлыңнан
Хабар күтіп жүргенде,

Арманыңды жалғамай
Арманда өтсе Алғадай
Қайтушы едің қарғамай,
Арман, арман, арман-ай!

Адыра қап арманың,
Өртенген соң арманың,
Адамды да қарғадың.
Заманды да қарғадың.

Өртенгенін өзегің
Сеземін мен, сеземін.
Сүйінбайдың көзі едің,
Сұңғыланың өзі едің.

Қайдан ұқсын етікшің
Ішіңдегі қыжылды.
Теріс қарап кетіпсің
«Ұрайын, – деп, –қызыңды».

Сөзіңді иттей қақшыды
Керегінде Сталин.
Ит жейдедей апшыды
Қалбаңдаған қысқа күн.

Даусың асқақ естілді
Сөзін айтсаң кеңестің.
Түсінбедің ешкімді,
Түсінбеді сені ешкім.

...Сүңгісі емес, сүйменнің
Ұңғысы да кінәлі.
Саған тілі тигеннің
Кесіледі тілі әлі!

ЖАМБЫЛДЫҢ ЖАҢА ЕСКЕРТКІШІ

Ескерткішің жаңарды.
Өзің-ескі.
Даңқыңа да дүдәмал сөз ілесті.
Тойларыңа өңмендеп ұмтыламыз,

Ойларыңнан жүрсек те безіп есті.

Ақын едік – қызулау қаны бірге,
Ақындардың өтеді зары кімге.
Саған тиген сөзден мен жараланам,
Ал өзіңе, шынымен, бәрі бір ме?

Алатаудай байсалды ақ бас аға,
Селт етпейсің мақтаса.
Даттаса да.
Қуанбайсың сөзіңді ел жаттаса да,

Қайғырмайсың – қисынсыз оттаса да.

Қозғалмайсың орныңнан бір отырған,
Айнымайсың ақындық мұратыңнан.
Жүрегінің басынан қан ақпайтын
Артық білем тас ақын – тірі ақыннан.

Күнәсізге мені жұрт қоспайды анық,
Бас қатырып жүргенше босқа ойланып,
Баса киіп бөркімді, тәуекел деп,
Кетсем бе екен тезірек тасқа айналып?

АРБАЛЫ КЕРЕЙТ

Темірше Сарыбайұлына

Ағайын күнде сыйлап бас тарта ма,
Қағайын қара өлеңмен досты арқаға,
Өзге емес, өзің жайлы ендігі өлең,
Ал, Темке, шақшаңды әкел, таста ортаға.

Жарасар егіз – қойға, жалқы – нарға,
Тас бұлақ қауғаласаң тартылар ма
Арбалы ауылының баласы едің

Сүйреткен күміс күпшек алтын арба.

Елеңдеп есті жырға есі кеткен
Жасыңнан өлең қуған тесік өкпең.
Әр сөздің жалын сүзіп отырасың
Үйірге қосатындай осы көктем.

Алашқа аян болып жүрсе атағың
Жамылмай шайырлықтың құр шапанын
Балқытып көңілдегі қорғасынды
Құясың омпысына жыр – сақаның.

Маңызы – соңғы иінді, сарқындының,
Аңызы – көк бұзаушық алқындының,
Көргем жоқ, естігем жоқ басқа ақынды
Шығарған кітабынан даңқын бұрын!

Өлеңге керегі жоқ күш – айланың,
Сөзіңді жебей сауып, іш айранын.
Қазақта өзге ақынды мен білмеймін
Қызығын көрген бүкіл мүшәйраның.

Қулықпен ұпай алса жаппай жүлік
Мырза деп, сақи десіп мақтайды жұрт.
Жүресің көрінгенге қолқайыр ғып
Өзіңнің жол-пұлыңды таппай жүріп.

Үйінен шығуға да жұрт ерінсе,
Ізет қып
жүр келінше
бір Темірше.

Қағылған-соғылғанды тауып алып
Тұрасың кеңес беріп Күлтегінше.

Сыйлассақ, біз ғой саған ағасың дер,
Жүреді бар мен жоқтың арасында ер.
…Оқимын осы өлеңді сен өлгенде,
Ал, Темке, тірлігіңде бағасын бер!

Тоқтайды ақыл өзі тоқтарында,
Мәселе сол ақылдың жоқ-барында
Ақылым ағыл-тегіл деп ойладық
Жастықтың шауып жүріп көкпарында.

Аңғармай аңғал баста ой аздығын
Кешірдік аптап күн мен аязды күн.
Қыр асып кеткеннен соң сезіп жүрміз
Сұмдық-ай, сол ақылдың саяздығын.

Жұртқа айттық сол ақылды білгірсініп,
Орнына отырудың мың күрсініп.
Адамдар өз шамасын жобаласа
Оңайлау болар ма еді бұл тіршілік.

Ақымақ болады екен кісі неге –
Жөн айттық үлкенге де, кішіге де.
(өкініп жүргенімді өткен үшін
Білмеймін, солар енді түсіне ме?)

Кім білген, бастан дәурен озатынын,
Ат арып, қамқа тонның тозатынан.
…Несіне менен ақыл сұрайсыңдар –
Жетпей жүр енді өзіме өз ақылым.

*** Көрінбей жұртқа жақсы атты Шынымды айтсам жасырмай: Жоғалтып алғам мақсатты Кенесарының басындай.

Кенедей қайсар жан тумас,
Мақсатыма да обал-ақ:
Алашқа сыймай, алтын бас,
Қай жерде қалдың домалап?!

Тасынып теңіз болмаспын,
Айтайын сөзді тиесі.
Кетті ме ұрып сол бастың,
Біз іздемеген киесі?!

САҒАН

Мен әлі жер бетінде бар шығармын,
Жоғалсам – жақұт тастай аршып алғын.
Нөсердің нөпірінен жолықпасам,
Табылам тырсылынан тамшылардың.

Қарасын қылығыңа дос таңданып:
Елеңде – егінжайды басқанда бұлт.
Желпимін желегіңді самал болып,
Жұпар боп жайыламын аспанды алып.

Мен кейде жырларың боп – жаза алмаған,
Мен кейде сырларың боп – сезе алмаған
Алдыңнан шыға берем алаңдатып,
Мен сенің әлі талай мазаңды алам.

Бейуақ болмасам да шырқар әнің
Жетеді, жетеді әлі бір хабарым.
Сапарлап кеткен жанды сағынғандай
Сен менен күдер үзбей жүр, қарағым!

Аузына қажет сөздің түспей бірі
Қиналып еріндерін тістейді іні.
Босбелбеу бозбалалық күндеріммен
Мен тұрмын салыстырып іштей мұны.

Үлбіреп бүлдіршін қыз гүлге айналып,
Қапыда гүлдің тілін білмей налып,
Бақыттан тұрушы едік бас айналып
Дүңкілдеп жүрек соғып, тіл байланып.

Бұл күнде қол да көсем, тіл де көсем,
Бозбала, ағаңды тек күндеме сен:
Бейкүнә бақыт қайта жолықса егер
Қайтейін, мен де өзіңдей үндемес ем.

Білмеймін жебегенін күштің қандай:

Бейнеттің сусынанан іштім қанбай.
Пейілім ортаймады саған, жаным,
Ішіне пері кірген мыс құмғандай!

Өмірім секілді еді той-думандай,
Шөлдесем, сусыным бір қойды қанбай.
Өлгенше ұмытпаспын деген сәттер,
Отырмын енді бірін мойныма алмай!

Мерт болу халқым үшін – пешенем дер
Менің де бабам еді-ау кешегі ерлер.
Ұлдарың құлдарыңа айналмаса
Кім сенің көгертеді көсегеңді ел?.

Басынан өткерсе де неше сүргін
Қазақтың босатпады-ау кесесін мұң.
Атойлап ат ойнатып мен шықпасам
Бұл елдің әпереді есесін кім? –

деп кейде қойып алға ірі міндет
Жүректің баса алмайсың дірілін көп.
Мойындау қандай қиын өзіңді өзің
Ездердің етекбасты бірімін деп.

Ақырып шыға келсем Қабанбайлап
Апыр-ай, бітер ме екен маған да айбат?
Жоқ, әлде бұғып тағы қалайын ба
Жұлқыссам жыртылатын жағамды ойлап.

Басымды тәуекелге тағы байлап
Шынымен көрсем бе екен Абылайлап?
Соңымнан ерер ме екен жанкештілер,
Жырқылдап күлер ме екен ауыл-аймақ?

Қиқулап сұрасам ба ел теңдігін?
Сұрасам...не болады ертеңгі күн?
Одан да... тыныш жүре бермеймін бе
Сылтаулап ел момынын, жер кеңдігін.

Құлақпен құтылсаң да – олжа деген,
Одан да опынған боп, ал жаз өлең.
Қазақтың жалғыз ұлы мен емеспін

Шешесі ұл тудым деп, қалжа жеген!

Күпініп не жетпейді осы маған –
Тамақ тоқ, бауыр бүтін, басым аман...
Деймін де, кетем қойдың кезегіне.
Итпіз ғой бір тамағын асыраған!

Заманым берер емес мүлде тыным,
Білмеймін түсетінін кімге күнім.
Шошынып көзім көрген сұмдықтардан
Келеді кәлимаға күнде тілім.

Әйтеуір жан-жағымда бір арпалыс,
Кісі жоқ қулықтардан тұрар қалыс.
Қай сөзіне сенесің ақиқат деп
Адамның бірі –айлакер, бірі арбағыш.

Жүрмін деп ел қамын жеп ойда кілең
Басады бірі сұсты айбатымен.
Тілдесіп тісін ашса-түсінесің,
Екенін сол көсемнің пайдакүнем.

Айтқансып ошақ жайын, бесік қамын
Бір шешен тастайды істің шешіп бәрін.
Мінбеден түсе сала сездіреді
Оның да құлқынында тесік барын.

Жолығып жол үстінде күнде ажалға
Шығады қыстан біреу жылда зорға.
Ит түгіл, битін сатып, боғын бұлдап
Тағы бір жанкештілер жүр базарда.

Тіреліп тиынына уайым-қайғы,
Қуып жүр қу-кедейді, байың-байды.
Жолына біреуінің тұра қалсаң,
Бауыздап кетуден де тайынбайды.

Жасырып қоянжымға қақпаныңды,

Сен де, ақын, тамаққа тық тапқаныңды.
Құнығып көзі аларған түрі жаман
Қайтеді қазақ сенің «тақпағыңды».

Бөтенің жоқ, бөгдең жоқ, бәрің қандас,
Кінәлауға бәріңді арым бармас.
Қолым сынса оқа емес жең ішінде,
Бөрігімнің астында жарылған бас.

Сағым сынса, мейлі ғой, ол да ішімде,
Ақылыма ақпаның болды шілде.
Көпке деген сенімім солқылдамай
Қалса болды әйтеуір сол күшінде.

Бітер қолдың сынығы, жазылар бас,
Шәй орамал көңілдің назы қалмас.
Айтып-айтып алдыңда арылайын
Халық емес едік қой сөз ұға алмас.

Күнде елерген сөз тимей мінбелерден
Мына заман етпеді кімді өлермен.
Айналады түбінде дана халық
Өз құны мен сөз құнын білген ерден.

Бір жанмын ғой онсыз да елге тулақ,
Болайын деп ойлап ем мен депутат.
«Көресіңді көргенің аз болды ма»
деп көнбеп ең, бәйбіше, сен де тулап.

Көсеумін ғой жалаңаш от көсеген,
Кигізбін ғой кісіге көп төсеген.
Аянатын нем бар деп кірісіп ем,
Қалармын деп қалбаңдап жетпесе өрем.

Бұйырмаса, сорды да болмайды аңсап,
Тимейді екен ақынға ондай мансап.
Өкпелеуге бола ма, өзеуреуге
Көпшіліктің сынына толмай қалсақ.

Кінәламан түстің деп көмескі ізге,
Жоғын айтсақ неге айттың демес бізге.
Ақын болсақ тәңірім қуат берген
Біз мәңгілік депутат емеспіз бе?!

Мұңын мұңдап, сол көптің сөзін айтып
Өлең жазсақ оянбас езі қайтіп?
Жікшілдігін кешегі ұқсын бүгін,
Оралады содан соң өзі қайтіп.

Сайланбай-ақ қояйын сайланбасам,
Арылады бірақ бас ойдан қашан?
Қаламымды кезеніп мен осынау
Халық үшін бәрі бір майдандасам!

Басайын деп сусаған жырдың шөлін
Өзегіңе өлеңнің бұрдым селін.
Жырым-жырым жүрегім қансыраса
Жыртығыңа басармын бір күн сенің!

БӨРІ ЖЫРЫ

Тас қараңғы түнде жортқан
Құмның шие бөрісі едім.
Аңқаумын деп міндет артпан:
Апиының бер – ішемін!

Жапан түзде жалғыз заң бар,
Толықтыру болмайды онда:
Қас дұшпанға алғызбаңдар,
Жолықсаңдар қан майданда.

Ол адамның осалдығы –
Қулық-сұмдық жасаса адам.
Көлегейлеп қойса болды –
Қақпаныңды баса салам.

Зорлық күтіп зорлығыма
Түсінеді кім шерімді.
Көнбеу үшін қорлығыңа
Қиып кетем тірсегімді!

Асырмайын амалымды,
Бөрілермен ғұрыптас қыл.
...Үйге келсем, табанымды,
Жылытады тұлып-қасқыр!

БАУЫРЖАНҒА

Қатынға бір жалтақтап, кеңсеге бір,
Жүргенімде басады еңсені өмір.
Қалт-құлт еткен ағаңның қаламынан,
Қарағым-ау, күтесің сен шедевр.

Шынымен-ақ сен менің шәкіртімсің,
Жалғастырып араны жатыр тылсым.
Құдай сүйер қылығың жоқ сенің де,
Ішіңмен де, сыртыңмен жақынсың тым.

Сен емессің сыпайы, жорға бала,
Кейде құрып қоясың торды ағаңа.
Сені ойласам, менің де дейтінім бар:
«Сорқұдыққа қондым-ау сорға бола».

Көздеріңнің ұнайды оты маған,
Отсыз сөніп қалмай ма ақын адам.
Сен айтысқа шыққанда уайымдаймын,
Кетсе екен деп аман-сау сахнадан.

Сен де қырсық, Бауыржан мен де қырсық,
Мені жөнге салады жеңгең ұрсып.
Артық кеткен жерлерім еске түссе,
Дөңбекшимін төсекте енді ыңырсып.

Өгіз өлді демейсің, арба сынды,
Өрге сүйреп жүресің өр басыңды.
Сен айтыста ойнайсың ажалменен,
Бүркітпенен ойнаған қарға сынды.

Бауыржан көп, әлі де жоқ ұшығы,
Солар жақтан жетеді соғыс үні.
Ибрагимов, Жақыпов, Омаров, сен,
Бәрің бір-бір секілді Момышұлы.

Бәрі дайын мылтықты бір атарға,
Атыңа сай бола алсаң – мұрат ол да.
Ойнап жатыр ағаңның тағдырымен,
Бір Бауыржан (Байбеков) «Нұр Отанда».

Табаннан су өткенмен бауырдан сыз,
Ешкім бізге дей қоймас, тәуір жансыз.
Бауыржансыз оңайлау болғанымен,
Өмір мәнсіз секілді Бауыржансыз!

Мені ұстаз тұтасың. Рахмет,
Ұстазды да таңдайды бір-ақ рет.
Саған ұстаз болу да – бір қиямет,
Маған шәкірт болу да – бір ақырет!

ЕСКІ ЭЛЕГИЯ

(Д. Кәпұлына)

Домбыраң – тағдырласың, жан серігің,
Сыйқыр бар уілінде әр шегінің,
Сен маған сарқытындай көрінесің
Қазақта қалған ақын, сал–серінің.

Өзің де көне дыбыс, мұңлы күйсің,
Күйінсең, көкірегің шын күйінсін.
Тынысың ашыла ма – жұтқаныңда
Жылқының жалындағы күннің исін?

Серінің көңілінің бәрі осалдан,
Қаяу көп жүрегіне жара салған.
Қамығып қараша үйде есейдің бе
Қасірет күйін тыңдап қара шалдан?

Сол ғой, сол – сендегі шер, мендегі шер,
Жолықпай жан жарасын емдегіш ер,
Жүреміз жалғыз-жарым саяқ құсап
Жарымес болмаған соң демге пісер.

Жүр дейсің дертке сендей ұшырап кім,
Қырға шық, қамау терін түсір аттың.
Қағаз шай, ащы насыбай табылмаса,

Қымызын құнығып іш қысырақтың!

Сонан соң ер-тұрманын сайла атыңның,
Қалмаған алтын басы қайда ақынның.
Сүңгіп кет туған жердің қойнауына
Төсегінен тұрсаң да қай қатынның!

Киіп ап түлкі тұмақ, саптама етік,
Қасқыр қағып қайтуға тоқтам етіп,
Қарагердің белінде қайқая шап
Жар демей, жыра демей таптап өтіп.

Құла дүз, қу даладан құбыла тап,
Алмаған кісідей боп ғұмыры атақ,
Қарайып көк жиекке сіңген қандай,
Жалғызға жалғыздықта шын рахат!

...Биіктен сорғалаған мұзбалағым,
Тағдырлас тағысы едік біз даланың.
Сарқыты серілердің деп мен сені
Қаланың шуылынан қызғанамын!

Нансаң да, шыным осы, нанбасаң да,
Саяқ қой сертке туған жан қашанда.
Баяғы бабалардың елесіндей
Төбеңді көрсетіп жүр анда-санда.

АРМАНДЫ АЗҒЫРУ

Шығып жатса сөкпеңіз өктем үнім,
Көрешекті көруде көптен інің.
Ұлытауға оралған сіз сияқты
Көкшетауға мен де , аға, өкпелімін.

Көңілімнің келмей тұр күйі неге,
Бостан босқа бұл інің күйіне ме.
Біржан салды байлаған кендір арқан
Мазалайды түсімде жиі неге.

Әлде бір күн мойныма киіле ме?

Сіз қалдырған жалғанам ізге қалай ,
Ашық күнде адастым түзде талай.

Тағдырымды тәңірге тапсырып ем,
Құдай мені жолдады сізге қарай.
Енді аға, жүр дейсіз бізге қалай?

(Арман Бердалиннің маған жазған смс хатынан)

Ей Арман, немересі Бердалының,
Білдің бе баянсызын ер бағының.
Арқырап аламанда жүруші едің,
Басылып қалғандай ма енді арының.

Басыңды тауға да ұрып, тасқа да ұрып
Сен іздеп жүруші едің басқа ғұрып.
Кісінің басына бұлт айналғанда
Қалады басқа түгіл дос та құрып.

Біледі есер шақта кім шамасын
Аға деп енді маған мұң шағасың.
Қарағым, көрешектің бәрі алдыңда –
Жасисың, жұқарасың, жұмсарасың.

Сақасын қазақ біткен теріс атып
Білмейді жүргендерін нені шатып.
Көзіміз көп нәрсеге жеткен біздің
Жүргенде айтыскерлер мені сатып.

Ей Арман – немересі Бердалының,
Себебі арақ деп ең сен бәрінің.
Қазақтың жауы жалғыз арақ емес,
Жазғырып не қыласың ер қаруын.

Сенімен тұрғаным жоқ керіскелі,
Ісімнің толып жатыр терістері
Періштені ұмытып, сайтанға ерем
Шемен боп қалған кезде шер іштегі.

Ей Арман – немересі Бердалының
Айтайын базынаның енді ауырын:
Іштегі қыжылдарды басу үшін,
Толғап-толғап тартайық, кел бауырым!

Тағы да туған күнің, Мұқа, сенің,
Тойлауда, қуануда тұтас елің.
Сыртыңнан таудай болып көрінгенмен
Ішінде ақындардың жұқасы едің.

Жырларың жанарға жас алғызатын
Жабырқау жанымызға болды жақын.
Жүрегіңнің басынан қан тамшылап
Жүрекке жол таба алған жалғыз ақын.

Жүректің жазылса деп жарасы аз күн
Баласы болып едің баласы аздың.
Аймалап жатыр сенің арманыңды
Қан жылап қара суы Қарасаздың.

Қасыңда құрғанымен күнде кеңес
Қазағың қадіріңді білді өте кеш.
Бір өлең жарата алса жүз жасайтын
Ақынға жүзге келу міндет емес.

Кеттім деп қапаланба тым ертерек,
Өмірге жүрер мәңгі кім еркелеп.
Жүрегін жылту үшін мың адамның
Жүрегін жарып берер біреу керек.

Иесі өзің болдың сол жүректің
Езілттің, еңіреттің, елжіреттің.
Тұтатып кеттің талай жүректерге от,
Айтады енді сені өлді деп кім?!

Күмәнсіз құдіретті енді ақынсың,
Аңыз боп тарап жатыр елге атың шын.
Қатыгез қайырымсыз ағалардан
Жаныма жылуыңмен сен жақынсың!

ХХХ

Жүректе – жыр,
Көңілде – күй тұрғанмен,
Өтіп жатыр өмірім ит-ырғаңмен.
Уайыммен оянам таңғы ұйқымнан

Оянудың орнына сыйқырлы әнмен.

Уақыт – зая,
самалдай жыр еспеген,
Тағдырым да секілді бір ескі өлең.
Өтіп жатыр түндерім қамығумен,

Өтіп жатыр күндерім күреспенен.

Айтылғанда өтірік бет қызармай
Ызаланам бәріне кекті жандай.
Бәрін алып-сататын қанбазарда
Шындығымды жүремін өткізе алмай.

Ию – қию шығарар есебін кім,
Әділетпен толмаса есе бір күн.
Несі қымбат қорлықпен өткен күннің,
Несі аяулы өксіген осы өмірдің?..

ТУҒАН КҮН

Жақсы сөзін арнап жатыр жар маған,
Жар дегенім – жар ғана емес:
Бар ғалам.
Бүгін менің туған күнім,

Нешеге
Келгенімді айтуға да арланам.

Қыздың жолы секілденіп жіңішке,
Өмір таяп келе жатыр финишке.
Тұлпар едім – тұяғы жер тарпыған,
Тұғыр болдым,

Жарамайтын мініске.

Туған күнім...
Қатерлі күн бұл күн шын,
Демейді ешкім
топ жаратын дүлдүлсің.

Алғы сөзді жазған Мақсұт Бәйсейіт,
Соңғы сөзді кім жазарын кім білсін?

Ажал бір күн келіп қалса шақырмай
Ағайынға құным болмай бақырдай
Шығарып сап фоесінен Одақтың
Оразалин сөз сөйлер ме, апырмай?!

МАЗМҰНЫ

Ұлытаудың қымызы Іздеу салу Қазақ баласын қайрау Ақынның үйі немесе Қ.Аманжоловтың үйін қирату Ақынның жары Қарағанды Құлжанбай құмының жұртында «Райы баяғыдан басқа күздің» Әйелге ода Тұрмағанбеттен тәржіма Ертеректеу ержетіппін Күзгі жыр Екі сурет Нәпсі деген кеселдің Ырғай жыры М.Әуезов қабірінің басында жазылған жырлар Терісаққан Ертегі Дилемма Абай ескерткіші Абайға мұң шағу Әке Бақытжамалға Менің бабам – Тілеулі Амангелді Ермегияевқа Қонаевқа Сәкен Сейфуллинге Төлеген Айбергеновке Райымбек батыр Данышпан Сәкен Иманасовқа Т. Молдағалиевке Тұмағаңа Қазақ радиосына

Жыр – аманат
Қамшы өріп бер
Т. Сарыбайұлына
Мырзатай Жолдасбековке

Суретші Марат Нүсіповке
Жамбылды қорғау
Серік Ақсұңқарұлына
Ақселеу Сейдімбектің қазасы

Оразалы
Мүйіз кесу
Сабырхан Асановтың қазасы
Кеңшілік Мырзабековты Алматыдан аттандыру

Демеу
Әпке
Мақұлбек Рысдәулетовке
М. А – ға

Өмірзақ Сәрсеновке арыз
Ұлытаудан оралдым
Ер сыбағасы
Пейіл

Көпенге ақыл-кеңес
Даламдай дарханым, теңіздей тереңім
Ұлы Отан соғысының ардагері Әбсат Ермановқа
Қызғалдаққа

Бақытжамалға
Мақатаевқа
Үш перзент
Бәйкен Әшімовпен қоштасу

Махамбет және біз
Нияз Тілеуліұлының жаңа күмбезі
Ғани Мұратбаев туралы жыр
Қазыбек бидің шапаны

Ғалым Жайлыбайға
Тұрсын Жұртбаевқа
Қозы көрпеш-Баян сұлу мұнарасы
Омашевқа ода

Қызыма
Белгі
Тілеубаевтарға
Кеңес Аухадиевке

Ардақты аға Ерсайын
Сейіт Қасқабасовқа
Жарыма
Ананы құрметтеу

Таңға табыну Сапар ағаға Оңалбай Садықовқа Намыс найзағайы Мұхаметжан Әуезовке Әбдіжаміл Нұрпейісовке Кенжебек Омарбаевқа Серік Қирабаевқа Сәкен серіге Құсайын Омаровқа Академик Әлия Бейсеноваға Ж. Шаштайұлына Кедейшілік Стоматолог Мүсілім Дайырбековке Қымбатқа Қолқа Өскемен Тәуелсіздік тарихына таласу Тәуелсіздік тойы Дарханға Түнгі такси Бақ пен сор Талғар таулары Тәуелсіздікке тәуелділік БАС Мұстафа Шоқай Абайға өкпелеу Бауыржан Жақып Сайлау Байбосын Қасым өзі туралы Тұманбай Молдағалиев «Бұлантының жоқ бұланы» «Жүйрік аттай жүйіткиді жылдар ағып» «Дейсің» «Қара шашым ағарды» Пыр-пыр ұшқан көп күндерім көгершін Элегия Ұлытауға бардың ба Үшеу Жыңғылды көң Қыстаудағы көктем Сағынышым «Мен бүгін ішпегенде қайда ішем?» Тұсаукесер

«Менің сорым қалың сор»
«Қаламды әкел, қарманып жазайын жыр»
«Таба алмай көркем қисынын жырдың»
Күдік

Жиырма бесте өтіп кетті от қармар
«Бей – шарамын»
«Жұлдызым биік жанса да»
Қазыбек бидің шапаны

«Ей, өмір»
«Құттықтап қармен, қолды қыс»
Ұшақта
«Ақын әкім болуы міндет кімнің?»

«Айтыспен» қоштасу
«Қараймын да өткелге»
Маскүнем
Баялыш

Байғазы
Деуші еді бізді жас ақын
Досым жоқ менің
«Мешел достар қайтарып меселімді»

«Қайтем, жаным, қасіретім болса емсіз»
Бейтаныс ару
Келіншектерге кеңес
Қарқаралыдан қайтарда

Өртенген орман
Жол үстіндегі кафе
Асықпа, жаным
Өлең қаузап, жыр жазып

Көнер ме уақыт
Дос дейтін
Даусыңды бер Қазақстан
Бәсіре сөз

Жалт-жұл етіп көшеді
Сен әбден қажыдың ба
Нәпсі деген кеселден
Парыз да көп мойында

Ақыннан ес кеттін жырдан маза
Қарасөз. Қарашал. Қарғыбау.
Таң қалмаймыз
Бір кіріп, кірмей мүлде есім

Шешен десе
Мына заман қай заман
Нешеме жыл өтсе де
Сырыңды алып іргеңнен

Меңдегенде сөз індет
Киелі түс
Алматыдағы арбакеш
Ұлық пен қылық

Алладан тілек
Арадағы сөзге еріп
Емханада
Дөңбекшіп емхананың төсегінде

Мүшайра
Санаспай ескі салтыммен
Санап қылған достығың
Қала тұрғындары

Ата жұртым бескесік
Сұмдықтар көп сіз бен біз білмейтін
Сүюші едім сізді
Күн жылы

Қуанбаймын бұл күні
Ажалдың барын алда еске
Ашуыңның ақ бораны соқсада
Шырақтай сөніп

Айбек Қалиевке
Бегжан Әшірбайға
9 «А» класы
Махабаттың алмасы

Жиырмасыншы ғасырдың қыпшақтары
Жарыққа ода
Тұрмағамбеттен тәржіма
Айтыс

Өнер бәйгесі
Данышпан
Сұлулыққа көзқарас
Сенім

Теміртікен гүл
Фломастермен жазылған жыр
Өкініш
Қамығып жүрмін

Гүлрухсор
Қара түндер де
Экспромт
Демеу

Елегізу
Жерұшық
Сауран
Сен өмірдің тауқыметін көп көрдің

Көңіліме күдік – құзғын ұялап
Сезім – сәуле лып еткенде қас-қағым
Мирас
Жамбыл, Сталин және біз

Жамбылдың жаңа ескерткіші
Арбалы Керейт
Тоқтайды ақыл өзі тоқтарында
Көрінбей жұртқа жақсы атты

Саған
Аузына қажет сөзің түспей бәрі
Білмеймін жебегенін күштің қандай
Мерт болу халқым үшін

Заманым берер емес мүлде тыным
Бөтенің жоқ бөгдең жоқ
Күнде елерген сөз тимей мінбелерден
Бөрі жыры

Бауыржанға
Ескі элегия(Д. Кәпұлына)
Арманды азғыру
Тағы да туған күнің Мұқа сенің

Жүректе жыр, көңілде күй тұрғанмен
Туған күн

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙