Таңдамалы шығармалары I
Мұстафа Шоқай
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Мұстафа Шоқай - «Таңдамалы шығармалары I» шығармасы.
ТҮРКИЯ-КЕҢЕС ДОСТЫҒЫ
(Уәли Нұралдин бектің мақалаларына орай) Ыстамбұлда шығатын «Хабар» атты газетінің (14 және 15 і желтоқсанда шыққан) екі санында Уәли Нұралдин бектің мақаласы басылып шықты. Олардың екеуі «Дүние жүзіндегі түріктер ...танысыңыз!», біреуі «50 миллион түрік бұқарасы қауіп астында» деп аталады. Аталған мақалалардың мазмұндары олардың аттарынан да анық көрініп тұр. Бұлар Нұралдин бектің кезінде «Яш Түркістанға» көшіріп басылған (48-санына) екі мақаласының жалғасы іспетті. Уәли Нұралдин бек түрік баспасөзі беттерінде түрікшілік мәселесін өз деңгейінде көтеріп, жүрген бірінші және қазіргі кезде бірден-бір түрік қаламгері... Түркия сыртында әмір сүріп жатқан түріктердің жағдайларынан хабар алып тұру, олармен қалыпты қарым-қатынас жасау мәселесі әлдекімге немесе Түркияның әлдебір елмен орнатқан саяси байланыстарына қарсы бағытталған дұшпандық әрекет емес. Осылай деп есептелетін болса, мұндай көзқарас Түркияның таяудағы, өткінші мүдделеріне болса, оның алыс болашақты көздейтін идеологиялық негіздеріне немқұрайды қарағандық болып шығар еді. Кеңес Одағы шекарасы ішіндегі Түрік автономиялары бастан кешіріп отырған қайғы-қасіретін кеңестік құрылым мен Түркия арасындағы достық - ынтымақ арқылы үйлестірмек болып жүрген Уәли Нұралдин бек мұны жақсы біледі. Кеңес құрылымы мен Түркия Республикасы арасындағы достық»... Бұл мақаламызда біз осы жөнінен бір-ақ сөз қозғауды жөн көріп отырмыз. Уәли Нұралдин бек Тәуелсіздік» газетінде (47-санында) «Кеңестік құрылым мен Түркия Республикасы арасында ешқандай да достық болуы мүмкін емес» деп пайымдаған Мырзабала бекті қырына алып былай дейді: «Біз көршімізбен (Кеңес Одағы) доспыз... Бұл достық екі жаққа бірдей пайдалы. Оған біз ылғи да сенумен келеміз...» Түркия — Кеңес достығы бүгінгі күннің шындығы екені рас. Оны теріске шығару жөн емес. Нұралдин бек ең жақсысы Түркия — Кеңес қатынасын қозғамағаны дұрыс болар еді. «Түркия мен Кеңес Одағы арасында ешқандай достық болуы мүмкін емес» деп жазғанда, Мырзабала бек Нұралдин бектің мақаласына арқау болған түріктік мәселесіне негізделген еді. Бұл тұрғыдан келгенде, Мырзабала бекке кінә тағу бек қиын. Кеңестік құрылым мен түркілік бір - біріне мүлде жанаспайтын екі басқа ұғымдар. Бірнеше мысал келтірейін. 1919 жылы мамыр айының соңғы күндерінде Ташкентте Түркістан түріктерінің «Коммунистік ұйымдары» өздерінін, бірінші құрылтайын шақырды. Бұл ұйымдар Кеңес үкіметі тарапынан құрылған және оның жауапты орындарына кеңестік идеологияға шын берілген адамдар қойылған болатын. Осы жолдарды жазып отырған біз және басқа да бірқатар түркістандықтар Түркістан ұлттық күштерін ұлттық автономия туы астына жинағанымыз үшін заңнан тыс деп жарияланып, үшпу құрылтайдан бұрын мемлекетімізді тастап кетуге мәжбүр етілген едік. Құрылтайға шартараптан келген коммунист — түріктер, татарлар, башқұрттар, қазақтар, қырғыздар, өзбектер, түркімендер өкілдері өздерінің ұлыстық аттарынан баз кешіп, біртұтас Түрік коммунистік партиясы деген атпен бірігуге және Түркістанды кеңестік Ресейдің шеңберінде Түрік Кеңестік Социалистік Республикасы деп жариялауға қаулы қабылдаған болатын. Бүкіл дүние жүзіндегі езілген ұлттарды өз тағдырын өздері айқындауға шақырып отырған Кеңес үкіметі мына қаулыны қалай қабылдағанын, мүмкін, сіз білмейтін боларсыз?! Көптеген дәлелдердің арасынан мен тек біреуіне ғана, орыс большевиктерінің түріктерге қатынасын барынша айқын көрсетіп тұрған біреуіне тоқталып етемін. Мураевский (Лопухов) деген біреудің «Орта Азиядағы төңкерістік қозғалыстар тарихы жөнінде» деген мақаласын мысалға аламын. Бұл кітапша Өзбекстан Мемлекеттік баспасы тарапынан Ташкентте 1926 жылы басылған. Кеңес партия мектептері мен сауда оқу орындары үшін оқулық ретінде бекітіліп берілген. Осы кітаптың 26-бетінен біз мыналарды оқимыз. «Жергілікті (яғни Түркістан) халық бұқарасының ұйымы ұлт мәселесі төңірегіндегі айтыстарымызды Кеңес үкіметінің ұлттық автономия саясатына орай қоздырып, ауыр зардаптарға апарып соғуы ықтимал аса қауіпті жолға түсті. Бұл «ұлттық қозғалыстар» тез арада пантүркизмге, Шығыстың езілген түріктерінің басын қосып біртүтас түрік ұлтын қалыптастыруға бағыт ұстады». Большевиктердің мұндай пайымдауларына талдау жасап отырмаймыз. Кеңестік түзім түріктердің ұлт ретінде бірігуіне және мұндай бірігулерін кеңестік Ресейдің қол астында жүзеге асыруға да жол бергісі келмейтіні осы мысалдан - ақ көрініп тұр. Жол бермеудің нәтижелері бұл күнде түркістандықтардың көз алдында. Түркістандықтар бөлшектелді. Біртүтас түрік ұлтын бір-бірінен айырып, араларына « Қытай қорғандары» соғылған бес бірдей «ұлттық республикалар» жасалды. Екінші дәлел: осыдан бірнеше жыл бұрын бір түркістандық түрік Түркия хақында бір мақала жазған болатын. Анкара көрінісін аса бір сүйіспеншілікпен суреттеген, Түркия Ұлт мәжілісін халықтың шынайы еркін білдіретін саяси құрылымы ретінде зор ілтипатпен атап көрсеткен осы мақаланың авторы пантүркизммен және кемализммен айыпталып, қудалауға түскен еді . Үшінші дәлел жақында ғана болып өткен бір оқиғаға байланысты. Түркия Республикасының кеңестік достары Түркияның ұлттық мерекесіне орай Түркістан түріктерінің, яғни өздерінің қандас бауырларының бір ауыз жылы сөз айтып құттықтау жолдауына да рұқсат етпеді (Бұл туралы да «Яш Туркістанның» бұрынғы сандарын қараңыз). Бұларға қосымша айта кететін тағы бір жәйт бар. Түркістанда «Түркия түрікшесінде» қолданылатын географиялық терминдер мен атауларға қатаң тыйым салынған. Ал «кемализм» болса ол жерде «бай құлақтың» мағынасында түсіндіріледі. Мұның саяси мағынасы Нұралдин бекке жақсы мағлұм деп ойлаймыз. Жоғарыда айтылғандардан Кеңес - Түркия достығының мән-мағынасы айқын аңғарылса керек. Қорыта айтқанда, ол: Түркия түріктері мен оның сыртындағы түріктер арасындағы табиғи байланыстардың әлсіретілуіне көніп, Кеңес қол астындағы түріктер мен Ана - долы түріктері арасына соғылып жатқан «Қытай қорғанына» мақұл болып, «кемализмді» «түрікшілдіктен» айыруға да келісіп, шағын ғана Әзірбайжанда 17 түрлі тіл, тегі бір Түркістанда 5 бірдей «Ұлттық Республика» жасалынғанына да ризашылық білдіріп, тұтас түрік бірлігі турасында жұмған ауызды ашпай өту деген сөз. Бүгін саясаттың өткінші мүдделері мұндай «жүрістерді» талап етеді. Тіпті мәжбүр де етеді. Уәли Нұралдин бектің мақаласына орай Түркия баспасөзінде ешқандай бір пікір айтылмауы, біздің ойымызша, осы себептерге байланысты болса керек. Нұралдин бек алдыңғы екі мақаласына («Яш Түркістанның» 48-саны) «орыс достарынан» жауап күткенін білдіріп «Хабар» газетінің 15 желтоқсан санына былай деп жазады: «...Соз сөйлесем де, мәлімдеме жасасам да, мақалалар жазсам да орыс достарымыздан қандай жауап болар екен деп көп күттім... Бірақ бір ауыз жауап болмады...» — дейді.
Уәли Нұралдин бек «Неліктен жауап болмады?..» деп сұрақ қояды. «Орыс достар» өздерінің баспасөздерінде Нұралдин бектің мақалаларына жауап қайыра қояр ма екен? Күмәнді. Жауап қайырған күннің өзінде, ол жауап «достардан» күткен соз бола қояры тағы да екіталай. «Большевик орыс достары» түріктердің ұлттық және мәдени тұтастығын көргісі келмейтінін, түріктер әлеміне тұрғызып жатқан «Қытай қорғанын» ешқашан бұзбайтынын, қайта бүл қорғанды ұзарта, қалыңдата беруге олар шын мүдделі екенін Уәли Нұралдин бек пен оның пікірлестері қалай ғана білмей, сезбей отырғанына еріксіз таңғаласың... Уәли Нұралдин бекке өзінің ой-пікірлерін не де болса ашық ортаға салғаны үшін шын жүректен рахмет айтамыз. Оның осылайша көрінуі екі жақтан пайдалы. Бірінші, өзінің «орыс достары» Түркияның ұлттық және мәдени идеологиясы — түрікшілдіктің бітпес жаулары екенін Түркия Республикасындағылар сезінулері тиіс. Екінші, біз — Түркияның орыс достарының тепкісінде жатқан түріктердің мұғажырдағы өкілдері — түрікшілдік үні атамекенімізде әлі өшпегенін анық көру мүмкіндігіне ие болып отырмыз. «Бір қарлығаш көктем болмас» деген сөз бар. Дегенмен, көктем лебі сезілмейінше қарлығаш та келе қоймайды...
1934 жыл, №50
АЛАУЫЗДЫҚҚА ОРЫН ҚАЛДЫРМАЙЫҚ
(Уәли Нұралдин бектің мақалаларына орай) Түркиялық қаламгер Нұралдин бектің «Яш Түркістанға» көшіріп басқан мақалаларын оқырмандар ұмытпаған болар. Ол мақалалар Кеңес Одағындағы түріктері арасына орнатылып жатқан «Қытай қорғаны» мен кедергілер туралы біздің бәрімізді де бейжай қалдырмайтын тақырыптар төңірегінде болатын. Уәли Нұралдин бек өз мақалаларында айтылған жәйттерге орай большевиктерден жауап күткен. Бірақ большевиктер, біз күні бұрын болжап айтқанымыздай, оларды жауапсыз қалдырған еді. Уәли Нұралдин бек мақалаларының біріндегі Кеңес Оқу-ағарту комиссары Бубновтың атына жолдаған сөздері де оның қаперіне ілікпеді... Ол аз болғандай, Уәли Нұралдин бек тағы «Бүкіл дүние жүзі түріктері... танысыңыздар!» және «50 миллион түрік бұқарасы қауіп астында» деген мақалаларын жариялады. Бүл мақалаларды да «Яш Түркістанға» басқан болатынбыз (50-санында). Уәли Нұралдин бектің мақалаларында ешқандай бір саяси мақсат көзделмегенін, сонымен катар Түркия - Кеңес достығына онан титтей де залал келмейтінін біз жақсы білетін едік. Біз оның мақалаларын өз басылымымызда жариялаған кезде, мұғажырдағы және Түркістанның өзіндегі бауырларымыз Кеңес Одағының түрікшілдікке, түріктердің бірлігіне қарсы бағытталған «Қытай қорғаны» мен «Кедергі қою» саясатының салдарынан өзара байланыстарын барған сайын әлсіретіп бара жатқаны туралы шындықты Түркия түріктеріне әйгілеп, Түркия баспасөзінің назарын аударуды мақсат еткен болатынбыз. Біздің одан басқа мақсатымыз жоқ еді. Алайда Уәли Нұралдин бек өзі бізден қашқақтап, жонын сыртқа салғысы келетінін байқатты. Ол «Хабар» газетінің 27-санына жарияланған келесі бір мақаласында оның материалдарына назар аударғанымыз, журналымызға көшіріп басқанымыз үшін рахмет айта келіп, «Сіздердің басылымдарыңыздағы Кеңес Одағына қатысты айтылған пікірлер маған да, менің мемлекетіме де пайдалы деп айта алмаймын» деген жолдарды қыстыра кетіпті. Уәли Нұралдин бек біздің Кеңеске қатысты айтылған пікірлерімізді құптай алмайтынын былай түсіндіреді: «Солтүстік көршіміз патшалық түзім үстемдік кезінде Ыстамбұлды алып, мемлекетімізді бөлшектеп жіберуге әрекет еткен еді. Ал Кеңес Одағы біздің ұлттық күресіміз басталғаннан бері бізге барынша адал, қалтқысыз қатынаста болып келеді. Ол біздің нағыз досымыз. Біз оның күннен - күнге күшейе беруін тілейміз. Соны көргіміз келеді...» Мына бір нәрсені алдын ала айта кетуге тиіспіз. Біз Уәли Нұралдин бек пен оның жақтастарын орыс пролетариаты диктатурасына қарсы күресімізде ешқашан әзіміздің саяси пікірлестеріміз ретінде көрген емеспіз. Кез келген ұлт-азаттық күрес езуші ұлтқа қарсы бағытталатыны дәлелдеуді керек ете қояр ма екен? Түркияның «ең жақын, адал досы» саналатын Кеңес үкіметі біздің ен залым жауымыз болуына таңғалудың қажеті бола қоймас. Біздің ұлттық қозғалыстарымызды жөргегінде тұншықтырып, тұтас түріктің арасына «Қытай қорғанын соққан», Уәли Нұралдин бекті және жалпы Түркиядағы саяси қайраткерлерді соншама «разы» еткен сол Кеңесіңіздің дәл өзі болатын. Басқаша айтқанда, Кеңес үкіметі орыс қызыл әскерінің қаруымен «түрік халықтарының жақындасып танысуына» кедергілер жасауда. Халқымызды тәни (физический) жақтан құртып жіберу бағытын ұстап отырған да тағы сол Кеңес үкіметі. Соңғы айтқанымды растай түсу үшін мен мына бір дәлелді келтіремін. 1917 жылда 6 миллион 600 мың болған қазақ түріктері 16 жарым жылдық кеңестік билеп-төстеуден кейін 6 миллионға жетпей отыр. Ал қазақ тұрғындарының өз жерінде орыстарға қарағанда азайып бара жатқаны өз алдына жеке әңгіме. Ақмола және Қостанай уәлаяттарында қазірдің өзінде қазақтар азшылық жағдайға түсіп қалды. Осы уәлаят Түркістанның қазақ бөлігіндегі ең шұрайлы жерлер. Олай болса бізге, түркістандықтарға, бодандық бұғауын кигізіп, тепкі көрсетіп отырған озбыр отаршыл үстемдік Түркияға қаншама дос, жақын болғанына қарамастан, біз оған қарсы күресімізді жалғастыра береміз. Түріктердің арасындағы рухани байланыстары нығайтылып, «Қытай қорғандарының» құлатылуын Уәли Нұралдин бек те көксейді. Оған бізде шүбә жоқ1 - Бірақ мұндай ізгі тілектің орындалуы үшін Уәли Нұралдин бек «Ашық хатын» Бубнов тәрізді төмен дәрежелі шенеунікке емес, саясат тізгінін қолында ұстап отырған Сталиннің өзіне қаратқаны әлдеқайда орынды болмас па еді? Кеңестік Ресейде өмір сүрген, одан қуғын көрген, кеңестік үкіметтің сыр-сипатын жақсы білетін Уәли Нұралдин бек мұндай «керемет» ерлікке бара алмайтыны бізге аян. Егер біз «Қытай қорғанын» құлату 50 миллион түріктерге төнген қауіптің алдын алу деп қарасақ, онда мұндай биік мақсаттарға жеткізген Ғылыми шаралар жөнінде ойлануға тура келеді. Алайда Уәли Нұралдин бек алуан түрлі шараларды қабылдаудан үзілді-кесілді бас тартады. Ол өзінің және Түркия атынан бауырлас түрік халықтары арасына «Қытай қорғанын» соғып отырған қара күштің «күннен-күнге күшеюіне ризашылық» білдіреді. Түрікшілдіктің ең бір қас жауын -Түркияның ең жақын досы деп санайды. Біздің ең ауыр ұлттық қасіретіміз де, міне, осыдан туындамақ. Бұл қасіретті Анадолыдағы түріктер сезінбегенімен, Түркістандағы түріктер оз бастарынан кешіріп жатыр. Біз түркиялық бауырларымыз аса жоғары бағалап отырған Ресейдегі кеңестік түзімге қарсы емеспіз, біз мемлекетіміз — Әзірбайжан, Еділ -Орал, Қырым және Түркістанда еңсемізді басып езіп тұрған орыс пролетариаты диктатурасына қарсы күресудеміз... Біз еркін және азат өмір сүргіміз келеді. Біз де Түркия тәрізді ұлттық билікке қол жеткізуіміз керек. Осы мақсатымызға жету үшін біз өзімізге қарсы келген күштермен күреспей тұра алмаймыз. Мақаламыздың соңында айта кетейік. Біз Уәли Нұралдин бектің мақалаларын өз мақсаттарымызға бола пайдаланудан аулақпыз. Біз Уәли Нұралдин бектің өзін немесе түркиялық туыстарымызды өзіміздің қас жауымыз болып табылатын Кеңес үкіметіне қарсы күресуге кедергі келтіретін күш ретінде қарамаймыз. Олай қарауға хақылы да емеспіз. Бұл жолдарды біз айтыс қозғау үшін жазып отырған жоқпыз. Ақиқатты айту үшін жазып отырмыз... Алауыздыққа орын қалдырмайық.
1934 ж., № 52
«ИНТЕРНАЦИОНАЛДЫҚ КЕҢЕС ГАЛСТУГІ»
ЖӘНЕ ТҮРКІСТАНДАҒЫ КЕҢЕС ШОШҚАЛАРЫ
«Галстук» еуропаша киімге жарасады. Бірақ біз бұл арада ол туралы айтайық деп отырған жоқпыз. Біз «саяси галстук» туралы айтпақпыз. «Саяси галстуктің» не екенін білгіңіз келсе, мына төмендегілерді оқыңыз. Көне Ресейде «Столыпинский галстук» деген бейнелі сөз бар болатын. Бұл сөз патшалық Ресейдің ең беделді министрлерінің бірі Столыпиннің көптеген адамдарды дарға асып өлтіруіне байланысты шыққан. Ол кезде «Столыпин галстугін киді» деген сөз, ол адамның дарға асылып өлтірілгенін білдіретін... Заман өзгерді. Столыпин түзімі тарихқа айналды. Алайда «Столыпин галстугі» деген бейнелі ұғым қолданудан әлі қала қойған жоқ. Заман талабына және орыс пролетариата диктатурасы тудырған жағдайларға сәйкес әлгі «Столыпин галстугі» енді бүгін түсін өзгертіп, «Интернационалдық Кеңес галстугі» болып шыға келді. Мұны пайдалану тәсілдері де бүл күнде көп өзгеріске ұшыраған. «Интернационалдық Кеңес галстугі» қазір түрікшілдікке, Түркістандағы түрік тілінің мойнына байланатын болды. Журналымыздың осы санында шағын үзіндісі жарияланған бір түркістандықтың хатынан Түркістаннан Соловкаға жер аударылғандар арасынан Бөріұлы Күмішәлінің есімін кездестіреміз. Бұл адамның Кеңес үкіметіне қарсы «қылмысының» ауырлығы сонша, Түркіменстан партия комитетінің 6-құрылтайында оның атына қарғыс жаудырмаған «жауапты қызметтердегі партия мүшелері» қалған жоқ. Солардың арасында партия комитетінің бас хатшысы Попов пен екінші хатшысы Ойліңұғылы Шарилер Күмішәлінің кеңестік ұлт саясатына қарсы жүргізіп келген «зиянкестері» туралы арнайы тоқталды. Ойліңұғылы Шаридің айтуынша, «Бөріұғылы Күмішәлі түркімен тіліне орнығып, қалыптасып қалған «пальто», «галстук» тәрізді интернационал сөздерді қолданудан бас тартып, олардың орнына «сырт киім», «мойын бау» тәрізді түркімендерде қолданылмаған, түрік құлағына жат сөздерді тілдік айналымға салған көрінеді...» Ойліңұғылы одан әрі былай деп жазады: «Біз тіл және ғылым саласында жергілікті (түрік) ұлтшылдардың халыққа сіңісті болып кеткен интернационалдық атаулардың орнына құлаққа түрпідей тиетін түрікшілдік (пантүркистік) атаулар мен сөздерді қолдануына қарсы күресімізді жалғастыра береміз...» («Туркменская Искра», 1934 жыл, 21 қаңтар). Көріп отырсыздар, әсілінде орыстың да сөзіне жатпайтын «пальто», «галстуктер» түріктерге сіңісті екен де, төркіні түрік «сырт киім», «мойын баулар» Түркістандағы түріктердің құлағына түрпідей тиіп, тілдерін бұзып, былғайтын жат сөздер екен. «Мойын баудан» олардың ат-тонын ала қашып отыруының себебі оны Анадолы түріктерінің қолданатынында болса керек. Осы айтылғандарға қарап отырып, біз Столыпиннің «қара мойынбауы» бұл күнде қызыл түске боялып, «түркіліктің және түрік тілінің мойнына байланды» деген қорытынды шығара аламыз. Және мұндай қорытынды шығаруға хақылымыз да.
* * * Түрік тілінің мойнына байланған «кеңестік интернационалдық галстук» орыс пролетариат диктатурасының Түркістандағы рухани саладағы табыстары болса, бұл диктатураның экономикалық саладағы табыстары да «жаман» емес. Оны біз Түркістандағы партия комитеттерінің соңғы құрылтайларының материалдарынан («Яш Түркістанның» 52-санында) анық көргендей болдық. Осы табыстарға байланысты Өзбекстан партия комитетінің бас хатшысы Акрамұлы Камал ауыл шаруашылық саласы бойынша Ташкентте шақырылған құрылтайда аса жалынды сөз сөйледі. Кезекті оның өзіне берейік: «Жалалқұдық ауданында Софы Қышлақ деп аталатын бір езбек колхозынан мен отыздай шошқа кердім. Осындағы бір колхозшы кемпірден:
- Сіздер шошқа етіне үйрендіңіздер ме? — деп сұрадым.
- Құдай сақтасын, біз шошқа етін жемейміз...
- Ендеше осыншама шошқаны неге бағып отырсыздар?
- Үкіметке өткіземіз. Ет салығына тапсырамыз... («Қызыл Өзбекстан», 34.11.23; «Правда Востока», 34.11.24.)». Тыңдап отырғандар ду күлді. Оларға қосылып Камал да рахаттана күледі. Ал бірақ шошқа бағуға мәжбүр болған әлгі өзбек кемпір мен қышлақтарында шошқалары қорсылдап жүрген Түркістан түріктері де шаттанып күле алар ма екен?
Салығынан құтылу үшін шарасыздықтан шошқа баққан Түркістан түріктері осындай үкіметтің экономикалық саясатына разы болып отыр деуге кімнің аузы бара алады? Бір кезде Сталин ұлт істері жөніндегі халық комиссары болып тұрған кезінде, Түркістандағы қазақ түріктерінен салықты шошқамен қайтаруды талап еткен большевик шенеуніктеріне: «Қазақтар — мұсылмандар. Олар шошқа бақпайды. Олардан шошқа талап ету ақымақтық», — деген болатын. Алайда үкімет басына Сталиннің өзі келген соң, әлгіндей «ақымақтық» мемлекеттік деңгейге көтеріліп, «Түркістан ұлттық экономикасының табыстары» ретінде салтанатты қол соғулар мен шат күлкілер ішінде қарсы алынды...
* * * Журналист доктор Таһир бек «Яш Түркістанның» осы санындағы бір мақаласында Түркістанды неліктен кеңестік Ресейдің «Қызыл отары» деп атайтынымыздың себептерін түсіндірді. Түркістандық ұлттық мүдделерді жалпы кеңестік Ресейдің мүдделеріне бола құрбандыққа шалып отырған саясатты бұдан басқаша атау мүмкін емес. Ленин мен Сталиннің өздері де осыны растайды. «Бір ұлттың рухани, экономикалық мүдделері екінші бір күшті ұлттың мүдделеріне құрбан етілуі отаршылдық болып табылады» деп олар да талай рет жазған болатын. Ендеше, Ленин мен Сталиннің дүние жүзіне кеңінен мағлұм осы теориясы бойынша Түркістан кеңестік Ресейдің отары екенінде дау жоқ. Сол себепті де түріктікке, түрік тілі мен түріктік рухқа «кеңес мойын бауы» салынып, орыс пролетариатының қажетін өтеу үшін Түркістан түріктері шошқа бағуға мәжбүр етілуде.
1934 ж., №53
МӘСКЕУ ЖӘНЕ ТҮРІК КОММУНИСТІК ПАРТИЯСЫ
Большевиктер партиясының баспа мекемесі «Шығыс коммунистік партиялары бағдарламаларына катысты құжаттар» атты бір кітап басып шығарды2 . Бұл кітапқа Қытай, Жапония, Үндістан, Үндіқытай, Филиппин, Араб өлкелері (Мысыр, Сирия, Палестин) және Түркия коммунистік партияларының бағдарламалары жинақталған. Кітап Маркс, Энгельс, Ленин институты тәрізді Кеңес мемлекетінің ресми органы тарапынан шығарылған. Бұл кітаптан бізді тек «кеңес достарының» Түркияға көзқарасын, «достығын» білдіретін тұстары ғана қызықтырады. Біз осы кітапты мұқият оқып шыққан соң, кеңестік Ресей өзінің қас жауы санап келе жатқан Жапония мен ең жақсы досы болып отырған Түркияны бір қатарға қойып, екеуіне бірдей қарайтынына анық көз жеткізе түстік. Әңгіме тек Түрік Коммунистік партиясының бағдарламасын басып таратып, оғaн рухани көмек көрсетілуінде ғана емес, ең бастысы, әңгіме Мәскеу большевиктерінің бүгінгі Кемал Түркиясына берген бағасы жайында болып отыр. Кітаптың кіріспесінде және Түркия Коммунистік партиясы бағдарламасының оң - терісіне байланысты айтылған пікірлерде Мәскеудің жайшылықта айтатын «достық» сөзін қимағаны былай тұрсын, тіпті Түркия халқына шындықты айтқысы келетін ой-ниеттің иісі де сезілмейді. Осы бір Мәскеу кітабы Кемал Түркиясын «жартылай тәуелсіз ел» деп сендірмек болады (Кітаптың алғы сөзі, 8-бет). Біз бұл сөздердің әскери комиссариат Ворошилов бастап Түркияға келген кеңестік беделді делегация қатысқан Түркия Республикасының 10 жылдық мерекесінің алдында ма, жоқ, әлде соңында ма, қашан, қалай айтылғанын білгіміз келді. 1933 жылғы 1 қарашада, яғни Түркия үкіметі кеңес делегациясын бұрын-сонды болмаған салтанатпен қарсы алып, түрік газеттері түрік - кеңес достығы хақында жарыса жазып, Ворошиловқа Измир қаласының құрметті азаматы атағы беріліп жатқан осы күндерде кітаптың әріптері теріле бастағанын естіген едік . Ворошилов Анкарада Түркия Республикасының, оның жолбасшысының және түрік парламентінің құрметіне тост көтерді. Әскери парадты қабылдады. Міне, дәл осы кезде Мәскеудің мемлекеттік басылымдарында «Түркия жұмысшылар табының болашақ диктатурасы», «Ақ террордың түрік коммунистеріне сұрапыл соққысы», «Түрік жастары, оқытушылары және армиясы арасындағы коммунистер әрекеті», «Төңкерісшілдердің түбіне жетіп жатқан кемалшылар зындандары», «Үкімет басындағы кемалшыл партиясына қарсы түрік коммунистерінің ымырасыз күресі», «Түркиядағы күрд, лаз және басқа да шағын ұлттардың Түркиядан бүтіндей бөлініп шығып, ез алдарына тәуелсіз мемлекет құру құқығы», Түркия Парламентінің «Кемал диктатурасының құралы» тәрізді толып жатқан материалдар баспаға әзірленіп жатқан еді. Түркияның «Кеңес досы» кітабынан үзіп - үзіп алынған осы жолдардың өзі-ақ көп нәрсені аңғартса керек. Түркия Коммунистік партиясына мүше болғандардың 90 проценті түрік бұқарасы екенін айта келіп, кітап авторлары түрік компартиясы күллі түрік халқына, түріктің төңкерісшіл демократтарына, жұмысшы, шаруа диктатурасы мен социализм құру жолындағы күресіне басшылық ете алатын деңгейге көтерілді деп пайымдайды. (Кітаптың 147-бетінде.) Осы кітапта тағы «Түркия Коммунистік партиясы кеңестік тәсілмен жүмысшы және шаруалар диктатурасын орнату үшін шарт - жағдай әзірлеуде» деп ашықтан-ашық жазылған. Барлық коммунистік партиялар тәрізді, Түрік Коммунистік партиясы да Мәскеудің агентіне айналғанын, Түркияның мүддесі үшін емес, кеңестік Ресейдің мүддесі үшін қызмет етіп отырғанын осы фактілерден - ақ көруге болады. Түркия Коммунистік партиясының бағдарламасы, міне, осы тұрғыдан жасалынған. Мәскеудің Түрік Коммунистік партиясы үшін қамқорсуы жәй әншейінгі бір кездейсоқ нәрсе емес. Ол ең алдымен кеңестік Ресейдің Түрік ұлттық төңкерісіне деген көзқарасын білдіреді. Сол себепті де Түрік Коммунистік партиясы бағдарламасына кіріспеде қазіргі түрік төңкерісіне Ресейдің көзқарасын білдіретін Сталиннің сөзін келтіреді. Біз Сталиннің осы сөзін бұрын да бір жерде келтірген болатынбыз. Тағы бір рет қайталаймыз: «Кемал төңкерісі империалистерге қарсы күрес тудырған тек буржуазия табының төңкерісі. Бұл төңкеріс өз табиғатында жұмысшы, шаруаларға және шаруа төңкерісіне жат». Түркия Коммунистік партиясының бағдарламасы Сталиннің осы сөздерін орыс большевик төңкерісі мен түрік ұлттық төңкерісі арасынан мұрат, мақсат бірлігін тауып, түрік оқырмандарын, әсіресе саяси күрес тәжірибесі жоқ түрік жастарын адастырып жүрген түріктің кейбір қаламгерлерінің есіне алғаны жон болар еді...
АСА ҚҰРМЕТТІ ҒАЯЗ БЕК!
Токиода Сізге бір топ бұзақылардың шабуыл жасағанын естіп аса бір жайсыз қайғыны бастан кешірдік. Сізді татар бауырларымыздың көрнекті қаламгері, түрік - татар әлемінің қоғамдық саяси қайраткері ретінде білетін және шын жүректен сүйетін барша қауыммен бірге өзіңізге деген ыстық ілтипатымызды, бұзақыларға шексіз өшпенділігімізді білдіреміз. Оларды қарғыс атсын. Ғаяз бек, көне Ресейдің қара малғұндары Сіздің әдеби жөне саяси қызметтеріңіздің халық арасындағы аса зор ықпалынан үрейленіп Вологда мен Архангел тәрізді табиғаты қатал уәлаяттарға жер аударды. Ал қара малғұндардың орнын басқан қызыл малғұндар Сізді Атамекеніңізді тастап кетуге мәжбүр етті. Мұғажырға шыққаннан бері де Сіз «Тәуелсіз Еділ - Орал» туын биік көтеріп, түрік жұртының бір үлкен бөлігін Ресей тепкісінен құтқарып, Ұлы Түрік бірлігіне енгізу жолында шаршап-шалдықпай тоқтаусыз жұмыс істеп келесіз. Сіздің Қиыр Шығыс саясатыңыз да осы мақсатқа жету жолындағы қажеттіліктен туған еді. Алайда Сіздің мұндай әрекеттеріңіз Токиодағы кейбір бұзақыларға ұнамайтыны табиғи нәрсе еді. Бұзақылардың кімдер екенін білу үшін «Жаңа жапон тілшісінің» 15-санына басылған кейбір материалдарға көз жүгіртіп шығу жеткілікті. Солардың арасындағы Ғабдырашиттің «Қияли есуастар» атты мақаласына назар аударайық. Автордың пайымдауынша, Ресей қол астындағы түрік атаулы «Құм адамдар тозаңынан» тұратындықтан, ұлттық мұраттар деңгейіне көтерілмеген. Еділ - Орал бойында мемлекетке тұтқа боларлық бір де адам жоқ. Қырымдағы әрекеттер жас баланың ойыны, Түркістан - қимылдауы қиын зілмауыр... «Жаңа жапон тілшісінің» мақаласы халқымыздың ұлттық рухын басып, еңсесін түсіруді көздейді. Осындай жолда жүрген Ғабдырашит пен оның «шәкірттері» кейбір бұзақы «шикі бастарды» Сізге қарсы қол көтеруге дейін баруға жұмсайтыны өз-өзінен түсінікті... Бұзақылардың Сіздей адамға шабуыл жасауы Сіз ұстанып келе жатқан бағыттың — тәуелсіздік бағытының дұрыстығын тағы бір рет дәлелдей түскендей. Біз түріктерді нұрлы болашаққа, ұлы түрік бірлігіне жеткізетін бірден-бір жол – ұлттық тәуелсіздік мұраттарының жер-жердегі түріктер жүрегіне терең ұялауында және осы бағытта қажымай-талмай күресе білуінде деп түсінеміз. Өрелі де салауатты идеяларға бастап келе жатқан Сіздің ұлттық қайраткерлік қызметтеріңізді шын жүректен жоғары бағалаушы - Мұстафа Шоқай.
1934 ж., № 53
БОЛЬШЕВИКТЕРДІҢ «ТҮРІК ДОСТЫҒЫ»
«Орыстан досың болса, жаныңда айбалтаң болсын».
(Аталар сөзі)
Күтпеген бір оқиғаға душар болған неміс ғалымы, профессор Яшкенің «Тәуелсізде» (55-саны, 1934.03.26) шыққан «Большевик құжаттарындағы Коминтерн және Түркия» атты мақаласы мен Түркия Республикасының оқу-ағарту өкілі Хикмет бек мырзаның Ыстамбұл университеті жанындағы Төңкеріс институтында оқыған дәрістеріндегі азаттық күресі дәуірінде ұлттық үкімет пен кеңестік Ресей арасында болған пікірталастары хақында жасаған мәлімдемесі («Милләт» газеті, 1934.03.22) кеңестік Ресейдің Түркияға қаратылған саясатындағы қалың оқырман қауымға беймағлұм кейбір жәйттерге сәуле түсірді. Профессор Яшке келтірген құжаттар болсын немесе оқу-ағарту өкілі Хикмет бек мырзаның сөйлеген сөздері болсын, кеңестік Ресейдің Түркияға «достық» қатынасы большевиктер Үкімет басына келген күннен басталғаны, Түркияда ұлттық қозғалыс өрістетілген кезде бүл достық тарихта бұрын-сонды көрмеген дәрежеде шынайы және қалтқысыз сипат алып, ең жоғары деңгейге көтерілгені туралы кәп айтылып, мұндайға өзі ғана сенумен коймай, басқаларды сендіруге тыраштанып жүргендердің әрекеттері көлденең тартылады. Кейбіреулер кеңестік достықтың адалдығын дәлелдеу мақсатымен Мәскеудің Түркияға өтеусіз заттық көмек көрсетіп келе жатқанын қайталауды ұнатады. Ол аз болса, кеңестік достықтың буына есі кетушілер арасында орыс большевик төңкерісі мен түрік ұлттық төңкерісі мұраттарынан ортақтық көре бастағандар да табылып жүр. Бұл, сөзсіз, адасушылық. Большевизм және ұлтшылдық бір-біріне ешқашан жанаспайтын екі басқа дүние. Большевизм ұлтшылдықты теріске шығаратыны тәрізді, ұлтшылдық та большевизмді теріске шығарады. Түркия Батыстың мәдениеті мен демократиясы жолына түскені туралы біз түрік төңкерісі басшыларының аузынан талай рет естуімізге тура келді. Ал мұндай жол орыс большевизмі жолымен қиысуы тағы мүмкін емес. Орыс большевизмі Батыс мәдениетін (оның техникасын пайдаланған соң) феодал, буржуазия, капитализм және ұлтшыл мәдениет ретінде теріске шығарып, оған қарсы рақымсыз күрес ашуға шақырады. Большевиктер теориясы бойынша «демократия» дегеніңіз «шіріген либерализм» саналып, оны түп тамырымен қопарып тастау үшін сұрапыл күрес жүргізу қажет деп есептелінеді. Большевиктер өздері негізінен теріске шығаратын ұлтшылдықты кейде мақсатқа жету жолындағы құрал ретінде пайдаланудан бас тартпайды. Мәселен, большевиктер еуропалықтарға қарсы қою үшін «қытай ұлтшылдығын» таниды және қолдайды. Ағылшындарға қарсы үнді ұлтшылдығын да онды құбылыс деп санайды. Сонымен бірге оларды мойындай, қолдай отырып, ұлттың ішкі бірлігіне іріткі салуды, ондағы күштерді өздерінің «пролетарлық төңкеріс» идеяларына қарай икемдеуді де ұмытпайды. Большевиктік ойынның ең бір жарқын мысалын біз қытай өмірінен өте-мөте анық көре аламыз. Бұл елде большевиктер сырт көзге Нанкин ұлттық үкіметімен достық қарым-қатынаста болып отырған сыңай танытуға тырысқанымен, тағы бір жағынан материалдық және моральдық көмек көрсету арқылы Контондағы Қытай Кеңес үкіметін күшейтуге барын салып бағуда. Большевиктердің Түркиядағы ұлттық күштерге көзқарасы да олардың Қытай ұлтшыл күштеріне қаратылған көзқарасына ұқсап кетеді. Алайда Түркия халқы өзінің рухы мен әзірлігі жағынан қытайлардан басқаша болып шықты. Түркия халқы және оның басшылары халықтың ішкі бірлігін сақтап, оны жан-жақтан төнген қауіп-қатерден қорғап қала алды. Түрік ұлттық қозғалысын іштен іріту жолында большевиктер қолдарынан келген іс-әрекеттерін іркіп қалған жоқ, большевиктер Түркияның әлсіз тұстарын қапысыз пайдаланып қалуға да барынша тырысты. Бұл жөнінен олар ең алдымен армян мәселесін қалай көретіні табиғи еді. Профессор Яшке үзінді келтірген, Хикмет бек түсініктеме жасаған «13-нәмірлі декрет» атты құжаттың аудармасын сол күйінде басуды ұйғарып отырмыз. Кеңестің Сыртқы істер комиссары Чечерин түрік жерінің бір бөлшегін армяндарға беру туралы ұсыныс жасағанда негіз болған осы декретте халықаралық сарапшылардың, тіпті патшалық Ресей кезіндегі деректердің көрсетулеріне қарағанда, армяндар ешқашан көпшілікті құрамаған («Яш Түркістанның» 40-санын қараңыз) осы уәлаяттардағы түріктердің құқығы хақында ештеңе жазылмаған. 1919 жылы 13 қыркүйекте «Түркияның жұмысшы және шаруаларына» арнап жарияланған Кеңес мәлімдемесінен үзінді келтірген профессор Яшке бұл мәлімдемеге Кеңес Сыртқы істер министрі қолы қойылғанын қысыла айтады. Біздіңше, бұл сөзде тұрған таңғаларлық еш нәрсе жоқ, өйткені «Кеңес үкіметі және Коммунистік интернационал бір ғимараттың ірге тасы мен қабырғасы іспетті» («Правда Востока», 1922 жылғы 11 қарашадағы санында). Тек «Көрмес түйені де көрмес» дегендей, бұл бірлікті көргісі келмейтіндер ғана көрмейді. «13-немірлі декрет» және 1919 жылдың 13 қыркүйегіндегі мәлімдеме Анадолы ұлт-азаттық күресінің от жалынды жылдарында ұлт пен мемлекет үшін үрей туғызған күннің өзінде, большевиктердің «Коммунистік интернационал» атты журналының жазғандарына қарағанда, маңызсыз бірдеңе болып табылады. Кейбіреулер о бастан-ақ Түркияның ең адал және ең сенімді досы болды деп жүрген орыс большевиктері 1920 жылы «Коммунистік интернационалдың» 12-санында: «Анадолы шаруалары! Сіздің паша және әпенділеріңіздің кейбіреулері Сіздерді жаттардың тепкісіне қарсы күреске шақырады. Ал сонымен бірге олар Сіздің оз атамекеніңізде билікті өз қолдарыңызға алуыңызға жол бермейді. Олар өздері жат жұрттармен ауыз жаласа отырып, Сіздің мойыныңызға құлдық бұғауын кигізеді», - деп жазған болатын. Осы оқиғалар тұсында большевик үкіметі өзінің құлақкесті агенті башқұрт Шәріп Манановты Анадолыда ұстап тұрған. Орыс большевиктері Мұстафа Сабаха мен оның жолдастарын да дәл сол кезде Түркия ұлттық қозғалысының ең қызған шағында жіберген болатын.
- Коммунистік интернационалдың» жоғарыда аталған сапында кемалшыларға қаратып жазылған мынадай жолдарды оқимыз:
- ІІІығыстағы ұлт-азаттық қозғалысын жақтаушыларды өзіміздің ең соңына дейін бірге баратын достарымыз деп есептей алмаймыз. Біз өз бағдарламамызды жүзеге асыру үшін олардың күшін пайдаланамыз. Ал егер төңкеріс талаптары қажет етіп жатса, біз қаруымызды кешегі одақтастарымызға қаратып кезеуіміз әбден мүмкін». Кеңес үкіметі мен орыс большевиктерінің Түркияға, оның ұлттық қозғалысына және капитализмге қалай қарайтынын бұдан ары дәлелдеудің қажеті бола қояр ма екен?
Алайда түрік халқының рухы және жолбастаушыларының көрегендігі большевиктердің ойлағандарындай болмай шықты. Жоғары ұлт мәжілісі армяндарға жер беру туралы большевиктер тарапынан жасалған ұсынысты қабылдамады. Түркияның жұмысшылары мен шаруалары Мәскеу арандатушыларының сөздеріне құлақ аспады. Түрік пашалары, әпенділері, яғни «Қуай милие» жол бастаушылары ұлт-азаттық қозғалысы барысында тарихтың өздеріне жүктеген ауыр да жауапты міндеттерін оз деңгейінде, тіпті артығымен орындады. «Анадолы соғыс» майдандарында және «Лозанн бітім» жиналысында жеңіске жеткен Түркия большевик орыстардың арандату қаскүнемдіктерін де жеңе алды. Кеңес үкіметі ұлы Арменстан үмітінен қол үзді. Түркияның жұмысшылары мен шаруаларына тастаған үндеулерінің өтпегенін көрді: «Нәтижеде қазір кейбіреулердің көзіне «адал, шынайы дос» болып көрінетін қалыпқа келіп түсуге мәжбүр болды. Олай болса, осы қалпына қарап Мәскеу кемализмді дұшпан санаудан бас тартты деп ойлауға болар ма? Әрине, болмайды. Олар кемализмді қазір де, сол бұрынғысынша, өздерінің идеялық жауы санайды. Бұған шүбә келтірушілер табылып жатса, ондайларды біз «Төңкерісшіл соғыс» журналының 6 – санындағы Фридов деген біреудің «Бүгінгі Түркияның бірнеше мәселелері» атты жазбалары мен сол журналдың 7- санындағы «Кемалшыл Түркия және фашизм», 8-сандағы «Иран дос-жолдасқа жауап» жазбаларын мұқият оқып шығуға шақырамыз. Осы мақалаларды көңіл қоя оқыған оқырмандар мәскеулік «достардың» кемализмге қалай қарайтынын анық аңғарады, көре де алады. Фридов кемализмді «буржуазия үстемдігінің ең ақырғы формасы болып табылатын фашизмге қосылып кетеді» деп дәлелдемек болса, Иран дос Түркияға кеңестік Ресей тарапынан көрсетілетін экономикалық көмек туралы айтады. Оның айтуынша, Кеңес үкіметі ендігі үмітін түрік төңкерісінің гегемоны түрік пролетариатының өсіп, күшейуімен байланыстыратын көрінеді'. Бір қызығы орыс большевиктері түрік халқының ұлттық қозғалыста қол жеткізген табыстарын өздеріне тәуелді етеді. Және соған өздері сенеді, басқаларды да сендіруге тырысады. Түріктің ұлттық қозғалысы орыстардың материалдық жәрдемін алды деп келсін - келмесін айтып жүргендер, түрік ұлттық төңкерісі мен орыстық большевиктік төңкерісі арасынан идеялық ортақтық іздеушілер большевиктердің беделін көтеруге қызмет етіп қана қоймайды, сонымен қатар, түрік дүниесінің басқа бөліктерінде тұрып жатқан түріктердің көз алдында капитализмнің абыройын түсіреді. Біз Түркияның өзіндегі түріктерден артық кемалшыл бола алмаймыз. Біз бұл жолдарды жазу арқылы кемализмді орыс большевиктерінің уысынан шығарып ала қоямыз деп те отырған жоқпыз. Өйткені оны Түркия түріктері бізден әлдеқайда артық істей алады және қазір істеп те жатыр. Біз өз атамекенімізде кемализмді қорғау тұрғысынан шыға отырып, кемализм жеңістеріне, әлдекімдер айтып жүргендей, орыс большевиктерінің материалдық және идеологиялық көмегінің арқасында емес, ең алдымен түрік қоғамының салауатты ұлттық негіз үстіне құрылуы арқасында, түрік халқының асқан ерлігі, жол бастаушыларының парасаты мен көрегендігі арқасында қол жеткенін міне, осы даусыз шындықты оз халқымызға барынша ашық айтып отыруды өзіміздің парызымыз деп санаймыз.
1934 ж., №54
БОЛЬШЕВИКТЕРДІҢ ТҮРКИЯМЕН «АДАЛ ДОСТЫҒЫНА»
КУӘ БОЛАРЛЫҚ БІР ТАРИХИ ҚҰЖАТ
Халық Комиссарлары Кеңесінің Түркия
Арменстаны хақындағы 13-нөмірлі декреті
(«Жұмысшы және әскерлер Кеңесінің хабарлары».
1918 ж. 3 қаңтар, № 3)
Халық Комиссарлары Кеңесі орыс армиясы тарапынан басып алынған Түркия Арменстанындағы армян халқының толық тәуелсіздік дәрежесіне дейінгі өзін-өзі билеу құқығын жақтайтынын бүкіл армян халқына мәлімдейді. Халық Комиссарлары Кеңесі бүкіл армян халқының еркіне сәйкес келетін ұлттық аппараттар құрылғанға дейін бірқатар қосымша шаралар қолдануды қажет деп санайды. Және сондай көмекші шаралар ретінде мына төмендегілерді атап көрсетеді: 1) Түркияның Арменстанды басып алған армиясын дереу шығарып, ол жерде адамдардың жеке басының қауіпсіздігі мен әлеуметтік тәртіпті қорғау үшін Армян халық милиция күштері құрылуы тиіс. 2) Армян босқындарының және басқа елдерде өмір сүріп отырған мұғажырларының Түркия Арменстанына кедергісіз оралып, орналасуын қамтамасыз ету лазым. 3) Соғыс кезінде Түркияның ішкі аймақтарына зорлап көшірілген армяндар Түркия Арменстанына ешбір кедергісіз келіп қоныстанатын болсын. Халық Комиссарлары Кеңесі Түркия үкіметімен өткізетін келіссөздерінде бұл мәселені қозғайтын болады. 4) Демократиялық сайлау жолымен Халық өкілдері Кеңесі және Армян комитеті түрінде Түркия Арменстанының уақытша мекемесі құрылады. Бірінші және екінші тармақтарды жүзеге асыруда Түркия Арменстаны тұрғындарына әр түрлі көмек көрсету және Түркия Арменстанындағы әскерді шығару үшін Махалла комиссарларын құру жұмысы Кавказия істері жөніндегі Төтенше комиссар Степан Шаумянға жүктеледі. Ескерту: Түркия Арменстанының жағрафиялық шекарасы армян халқының демократиялық жолмен сайланған өкілдері тарапынан армян емес тұрғындармен (мұсылмандар және басқалар) келісе отырып, Кавказ істері жөніндегі Төтенше Комиссарлардың қатысуымен белгіленеді Халық Комиссарлары Кеңесінің Төрағасы Ульянов - Ленин. Ұлт істері комиссары: Джугашвили - Сталин.
1934 ж., №54
ҰЛТТЫҚ КЕҢЕС РЕСПУБЛИКАЛАРЫНЫҢ ГАЗЕТТЕРІ ХАҚЫНДА
«БОЛЬШЕВИК БАСПАСӨЗІ»
Коммунистік партия Орталық Комитетінің Мәскеуде шығатын органы «Большевикская печать» («Большевик баспасөзі») журналы үстіміздегі жылғы бірінші санында Кеңес Ұлттық Республикаларында шығатын газеттерді сынай келіп, «Казахстанская правда», «Социалды Қазақстан», «Тәжік коммунисі» (орыс тілінде), «Красная Башкириялардың» (орыс тілінде) қателіктеріне айрықша ұзақ тоқталды. Мәскеу басылымының жазғандарына қарағанда, осы төрт өлке газеттері өздеріне жүктелген саяси кызметтің үдесінен шыға алмаған көрінеді. Бұлардың арасында әсіресе «Социалды Қазақстан» мен «Красная Башкириялардың» қателіктері тіпті ауыр тәрізді. «Социалды Қазақстанның» басты «айыпкері» осы газеттің бас редакторы Мұсаұлының өзі екен. Мұсаұлының кінәсі ретінде Мәскеу журналы оның «Бүтін Қазақстанда ұлтшыл топтардың пайда болуына шарт -жағдай жасаған бұрынғы экономикалық және саяси себептер жоқ. Қазір жағдай басқаша» деген сөзін көлденең тартады. Большевик баспасөзі Мұсаұлының әлгі сөздерін «ұлтшыл кері төңкерісшілдердің» пайдасына айтылған деп есептейді. Болашақта бұл тәрізді «жалған теориялардан» абай болуға әмір етеді. Мұсаұлы, біздіңше де, үлкен қателік жіберген. Өйткені Түркістанда кеңестік түзім, орыс пролетариатының диктатурасы өмір сүріп тұрған кезде ұлтшыл топтардың пайда болмай қалуы мүмкін емес. Бұл — заңдылық. «Красная Башкирияның» кінәсі — ол Башқұртстандағы ең басты қауіп татарлар үстемдігі деп жазады екен де, башқұрт ұлтшылдығын екінші орынға ығыстырады екен. Ал Мәскеу журналы осы екі ұлтшылдықты қатар қойып, оларға қарсы бірдей күрес жүргізу керек деп ақыл үйретеді. Мәскеу журналы мен жергілікті башқұрт коммунистерінің пікірінше, осылай еткенде ғана башқұрт бауырларымыз «ұлы орыс шовинизмінің» қаупінен құтыла алатын сияқты... Ұлттық» Кеңес Ресей республикаларының бас газеттері нұсқап отырған жол осындай болған соң, ол жолдың қайда .барып тірейтінін шамалап білу қиынға соқпаса керек.
1934 ж., №54
ТУРКИЯ ТУРАЛЫ БОЛЬШЕВИКТЕРДІҢ ЕКІ БАСЫЛЫМЫ
Түркия хақында Мәскеу большевиктерінің екі басылымы шықты. Оның бірі — «Екінші Түркия» («Земледельческая Турция») атты кітап. Авторы — профессор Жуковский, редакторы — академик Вавилов. Басып шығарған Кеңес Мемлекеттік Ауыл шаруашылық баспасы. 780 беттен тұратын осы кітаптың мыңнан аса данасы 160 беттік французша қосымшаларымен басылған. Бағасы 5 американ доллары. Демек, Кеңестер Одағында оны сатып алушылар коп болмайды. Кітапқа алғы соз жазған бұрынғы Сыртқы істер комиссарының орынбасары Қарахан: «Бұл кітап Түркия мен Кеңестің мызғымас, салауатты достық ынтымағына қызмет ететін болады», — дейді. Большевик газеттерінің жазуларына қарағанда, Кеңес үкіметі бүл кітапты Түркия Республикасының 10 жылдық мерекесіне тарту ретінде шығарған көрінеді. Профессор Жуковскийдің кітабын біз басынан аяғына дейін мұқият оқып шықтық. Бір нәрсені мойындауымыз керек. Онда большевиктердің «Таптық теориясы» жоқ. Түркия ауыл шаруашылығының болашақ дамуы қызықтыратын мамандарға бұл кітап, сөзсіз, пайдалы. Тағы бір басылым Мәскеуде шығатын - «Сборник МАИ», яғни «Международный Агрономический Институт» (Халықаралық ауыл шаруашылығы институты) журналында жарияланған Оский деген біреудің «Түркиядағы ауыл шаруашылығы мәселесі және шаруалар қозғалысы» («Аграрный вопрос и крестьянское движение») атты мақаласы Түркияның мәскеулік достары тарапынан түрік ұлттық төңкерісіне беріліп жүрген бағаның тағы бір ресми көрінісі десе де болады. Профессор Жуковскийдің кітабы түрік - кеңес достығының нығаюына кызмет етеді деп саналса, «Түркиядағы ауыл шаруашылығы мәселесі және шаруалар қозғалысы» атты мақала Кеңес Одағындағы «еріксіз» және бейбіт әлемдегі «ерікті» оқырмандардың санасына түрік ұлттық төңкерісіне қарсы дұшпандық, өштік ұрығын себетін құрал іспетті. Мақала авторы Түркия көйлерінде (шаруаларында) кемализм саясаты нәтижесінде туылуы тиіс «таптық жіктелуді» көрсету үшін көп күш салады. Мақалада жазылғандарға қарап отырсаңыз, бүл күнде Кемал Түркиясында кедей шаруалар бір жағынан байлар мен кулактардың тепкісінде, екінші жағынан үкіметтің ауыр салығы астында жаншылып жатқан сияқты. Кемалшылдардың шаруаларға қарсы бағыттап отырған осындай саясатының нәтижесінде соңғы жылдары шаруалар арасында «бандитизм» етек ала бастаған және тағы сол сияқтылар көбейіп кеткен көрінеді. Мәскеу журналының жазғандарына сенсек, 1930 жылы «Менеменде» көрініс берген оқиғалар кемалшылдардың жер саясатына қарсы бағытталған түрік шаруалар көтерілісінің бір айқын дәлелі екен. «Кемалшылдар үкіметі түрік шаруаларын аса ауыр жағдайға душар етті дейді», — мақала авторы одан әрі. Өздерін түрік шаруаларына Түркия үкіметінен де жақынбыз деп санайтын Мәскеу большевиктері кемализмнің ұлттық - буржуазиялық төңкерісін пролетариат социалиста төңкерісіне жылдамырақ айналдырып жіберу керектігін барынша ашық аңғартып келеді. Дегенмен, біздің білуімізше, Сталин кемализмге сәл басқаша қарайтын тәрізді. Сталин кемализмді пролетарлық - социалистік төңкеріске жылдам ұластыруды жақтамайды. Сталин сызып берген жоба бойынша Кеңес үкіметі Түркияны Мәскеудің саяси мақсаттарына пайдаланбақ, кемализмді Түркиядағы жүмысшылар мен шаруалардың көз алдында қаралап, оларға жау етіп көрсету арқылы Түркия ұлттық төңкерісінің мән-маңызын жоймақ. Сталиннің және жалпы Кеңес үкіметінің теориялық негіздерінен шыға отырып қарайтын болсаңыз, Түркия халқының бақыты тек пролетарлық төңкерісте тұрғандай әсерде боласыз. Жоғарыдағы екі басылым Мәскеу большевиктерінің Түркияға байланысты ұстанып отырған екі жақты саясатының көрінісі деуге болады. Профессорлар Жуковскийдің кітабы Кеңес үкіметі Түркияны өзінің саяси мақсатына пайдаланбайды деген мәлімдемелеріне дәлел іспетті болса, «О - скийдің» материалдары түрік төңкерісін бұрмалап көрсетіп, оның мән-маңызын жоюға қызмет етеді.
ШЫҒЫС ТҮРКІСТАН, СЫРТҚЫ ДҮНИЕ ЖӘНЕ БІЗДІҢ МІНДЕТТЕРІМІЗ
«Яш Түркістан» басқармасына Шығыс Түркістан ұлттық - қозғалысына байланысты алуан түрлі сұрақтарды арқалаған хаттap көптеп келіп түсуде. Оқырмандардан келіп жатқан хаттарда көбінесе Шығыс Түркістандағы ұлт-азаттық күрестің барысы және оның сыртқы дүниемен байланысы, қарым-қатынасы жөнінде өте-мөте көп сұралады. «Яш Түркістан» оқырмандарының Шығыс Түркістандағы оқиғаларға соншама көңіл бөлуі әбден табиғи және солай болуы тиіс. Өйткені ол жерде түрік тарихының беттері халқымыздың қанымен жазылуда. Күрестің бет алысы қандай? Қандай нәтижелерге жете алды? Сыртқы дүниемен байланысы ше? Бұл сұрақтар әлемнің қай түпкірінен қойылса да, шығыс түркістандықтарды мүлде бейжай қалдырмайды. Олай болатын себебі — Батыс Түркістандағы өз тағдырын өзі айқындау көп жағынан осы сұрақтардың жауабына байланысты. Өкінішке орай, келіп түскен осы хаттардың бәріне бірдей жауап қайыру мүмкін емес. Шығыс Түркістанның өзінен алынатын мағлұматтар өте сирек. Ондағы оқиғаларының барысын егжей-тегжейлі айтып беру үшін қажетті деректер қолымызда қазірге жоқ. Сол себепті де әлгі сұрақтарға қанағаттанарлық дәрежеде жауап беру бізге өте қиын. Қытай жерінде Шығыс Түркістан азаттық күресінің қарсы жағында екі күш тұр. Оның бірі -Орталық Нанкин үкіметі де екіншісі — Қытайдың Шанши, Гансу өлкелерінде өмір сүретін дұңғандардың біріккен күші. Дұңған күштері өндірдей жас генерал Мажұңидың басқаруында. Осы күштің қай-қайсысы болса да Шығыс Түркістан ұлт-азаттық күресін тұншықтырып тастауы ықтималдан жырақ емес. Шығыс Түркістанның сыртқы әлеммен байланысын білгісі келетін оқырмандарымыз негізінен үш елдің атын атайды. Олар - Кеңестік Ресей, Түркия және Англия. Кеңес үкіметі қозғалысқа ашықтан-ашық дұшпандық жасайды. Бұл туралы біз бұдан бұрын да бірнеше мәрте жазғанбыз. Орыс большевиктерінің қастандығы екі түрлі жолмен жасалады. Біріншіден, Шығыс Түркістан ұлт-азаттық күресін тұншықтыру үшін Қытай үкіметіне жан - жақтылы көмек көрсетеді. Екіншіден, Шығыс Түркістан ұлттық қозғалысы антикемалист (!) және панисламист сипат алғаны хақында жалған хабарлар таратады. Кеңес армиясы мен Кеңес қаруының күші арқасында 200 мың түріктің көзін жоя алған шыңжаң билеушісі Жың Шурын (бұл туралы Нанкинде шығып тұрған «Чини Түркістан ауазы» журналының 3-саны, 36-бетін қараңыз) Шыңжаң ұлт-азаттық күресінің антикемалист және панисламист сипат ала бастағаны туралы жалған хабарлар таратып, қозғалыс байланыс орнатуы мүмкін-ау деген елдерді сескендіріп, аулақтата алды.
Мажұңи не бары жиырма үш-ақ жаста еді.
Түркияның Шығыс Түркістан ұлттық күресіне көзқарасын, біз бұдан бұрын да «Яш Түркістанда» айтқанымыздай {51-сан), Түркия Сыртқы істер министрінің мәлімдемесі тайға таңба басқандай етіп көрсетіп берген еді. Қазіргі бейбітшілік жағдай және Шығыс Түркістанның Түркиядан шалғайлығы тәрізді объективті факторларға байланысты Түркияның Шығыс Түркістан ұлт-азаттық қозғалысына деген қазіргі көзқарасы да сол баяғы Тауфиқ Рашид бектің мәлімдемесінде көрсетілген күйде қалып отыр. Біз, түріктер, Түркияға қатысты мәселелерде аса абай болуға тиіспіз. Түркияның төл мүдделерімен, оның ішкі және сыртқы саясатымен қайшы келетін істерге бармауымыз лазым. Қазіргі қиын жағдайда Түркияның алдына орындалуы мүмкін болмайтын талаптарды қою арқылы біз жалпы түрікшілдіктің болашағына залалды наразылықтардың туылуына себепкер болуымыз ықтимал. Сол себепті де біз, Шығыс Түркістандағы болсын немесе басқа жерлердегі болсын, барлық түрік тұқымдас бауырларымызды осы бір түйінді мәселені дұрыс түсінуге, ағат басудан сақ болуға шақырамыз... Енді ағылшындарға келейік. Шығыс Түркістан ұлт-азаттық қозғалысына Англия қандай позиция ұстап отыр? Ағылшындар да Шығыс Түркістан ұлт-азаттық қозғалысына көмек қолын соза қоятындай сыңай танытып отырған жоқ. Ағылшындар да Шығыс Түркістан қозғалысының исламды сипаты бар деп сескенеді. Зерттеп, зерделеп қарасаңыз, мұндай ұғымның да түп төркіні кеңес баспасөздерінде жатқанын көру қиынға соқпайды. «Панисламизм» десе ағылшындардың да басының «сақинасы» ұстайды. Сол себепті ағылшындар Шығыс Түркістан ұлт-азаттық қозғалысына аса сақтықпен қарайды. «Чини Түркістан ауазы» ағылшындар Шығыс Түркістан ұлттық қозғалысына іш тартып болысып отыр деп жазады. Ал шын мәнінде олай болып отырған жоқ. Енді бірде тағы ол газет ағылшындар Шығыс Түркістанға тек католик дінін тарату тұрғысынан ғана мүдделік білдіреді дейді. Мұның өзі барып тұрған мағынасыз нәрсе. Өйткені, біріншіден, Шығыс Түркістанда ешқашан ағылшын миссионері болмаған және қазір де жоқ. Екіншіден, ағылшындар католик мемлекеті емес. Біз осы газеттен тағы ағылшындардың Үрімжідегі қытай әкіміне қару - жарақ бергенін де оқимыз. Олай болса, өзі қару-жарақ беріп көмектесіп отырған үкіметке қарсы бағытталған ұлт - азаттық қозғалысын ағылшындардың қолдауы мүмкін бола қояр ма екен? Өкінішке орай, ағылшындар Шығыс Түркістан ұлт-азаттық күресіне көмек көрсетуі былай тұрсын, оған сырттай жанашырлық та көрсетпейді. Шығыс Түркістан түріктері өздерінің ұлттық құқықтарын қорғау жолында орталық Қытай үкіметі, Дұнған күштері және Кеңес үкіметі тәрізді дұшпандардың бірлескен одағымен бетпе-бет келіп отыр. Олар өздерінің ұлттық күресін ешбір сырт күштің көмегінсіз, тек өз күштеріне сүйеніп жүргізуде. Бұған бола қорқып, үмітсізденбеу керек. Өйткені әр түрлі ұлттық қозғалыс тек ішкі күштерге, ұлттық күштерге мықтап арқа сүйегенде ғана күткен нәтижелерге жете алады. Жоғарыда баяндап өткен жағдайлар бізден айрықша сақ, абай болуды талап етеді. Біз Шығыс Түркістандағы оқиғаларды көз жазбай қадағалап келеміз. Шығыс Түркістан ұлттық қозғалысын орыс большевиктері тарапынан жапсырылған кемализм мен панисламизм туралы жалғaн жалалардан арашалауға тиіспіз. Шығыс Түркістан ұлттық қозғалысына кемализм тарапынан келетін зиянкестік туралы ертегілер қандай негізсіз болса, панисламдық зиянкестік туралы өсек - аяңдар да сондай күлкілі, түкке тұрғысыз бірдеңелер. Шығыс Түркістан халқы да, әлемнің басқа еркін, азат халықтары сияқты, өз тағдырын өзі айқындауын қалайды. Осы бір әділетті күреске көрсетіліп жатқан және көрсетілуі мүмкін кез келген көмекке біз шын жүректен алғыс айтамыз. Ұлттық күрестің мүддесі осы күреске белсене катысқан әрбір жеке адамның мүддесіне немқұрайды қаралмауын талап етеді. Кейбір адамдар күресті басқарады. Кейбіреулер түрліше себептермен сыртта тұрып сыртқы істерді қамтамасыз етеді. Ұлттық қозғалыстың жалаулары оның басшылары мен қосшылары хақында алуан түрлі өсек-аяң таратады. Достары шын сүйініп, шын күйінеді. Өкінішке орай, беделі бар адамдар тарапынан таратылған қауесеттерді былайғы жұрт қаузамай қабылдап жататыны болады. Қауесеттерді қаузамай таратушылар сол арқылы өздерінің қозғалысқа тигізіп отырған залалы жөнінде ойлай бермейді. Егер мұндай адамдарды басқа біреулермен ауыстыру мүмкіндігі болса, онда істі насырға шаптырмауға болар еді. Шығыс Түркістанда мұндайға мүмкіндік аз. Сондықтан біз қырағы, сақ болуды ұдайы ескеріп отыруға мәжбүрміз. Біз саяси қайраткерлерді оның ұрандарына қарап емес, іс-қимылдарына қарап бағалаймыз. Ол туралы пікір айтудан бұрын оны кіммен ауыстыруымыз мүмкін? — деген сауалға жауап табуымыз керек. Қазіргі жағдайда ұлттық қозғалыстарды басқарып, жетекшілік ететін жеке тұлғаларды қорғап қана қоймай, олардың беделін арттыруға да күш салуымыз керек. Жауларымыздың оларға қастандық жасауына жол бермеуіміз тиіс. Шығыс Түркістан ұлт-азаттық қозғалысының басшылары мен өкілдеріне сыртқы әлемнің назарын аудару, оларға халықаралық жұртшылықтың симпатиясын тудыру казіргі кездегі біздің ең маңызды міндетіміз болып табылады. Ұлттық мүдделеріміз осы міндеттің толық орындалуын талап етеді.
1934 ж., №56
«МЕН ПАТРИОТПЫН» («JE SUІS PARTOUT»)
ГАЗЕТІ ТҮРКИЯ САЯСАТЫ ХАҚЫНДА
Франция баспасөзі ара-тұра болса да Түркияға мойнын бұрып қояды. Париж басылымдары Түркия саясаты жөнінен ылғи да дұрыс мағлұмат бере бермейді. Түркия көбінесе Мәскеудің шылауында келеді. Дербес саясаты жоқ деп айыптайды. Осы тектес материалдар жиі жарияланады. Бір оқиғаны еске түсіріп көрейік. Ұлттар Ұйымының бір бас қосуында Түркияның шығанақтары мәселесі қозғалды. Ол кезде бүкіл Еуропа бұл мәселе Түркияның өз еркімен емес, Кеңес үкіметінің нұсқауымен қойылғаны туралы жарыса жазды. Сондықтан біз осы арада Түркияға сенімсіздік жариялағандар тобына кірмеген бір материалдан үзінді келтіреміз. Бұл материал Париждің беделді апталық газеттерінің бірі «Же сун партода» жарияланды. Түркияның әскери істерін жақсартуға тырысуы түрік қаупі ұғымын тудырмауға тиіс. Жас республика жалғыз қалған. Сондықтан ол ұрыншақтыққа бой ұрмай, өз мүддесін қорғауға қам жасағаны жөн. Одақтас үш мемлекет — Италия, Греция және Кеңес Одағы — оған өштікпен қарайды. Анадолының оңтүстік бай өлкесі Италияны, Тракия мен Ыстамбұл Грецияны қызықтырады. Кеңестік Ресей баяғы славян империализмі саясатын жүргізе отырып (біздіңше, дұрысы орыс империализм, Александрияға дейін жетіп, Ақ теңізге шығуды көздейді. Бұдан соң (Ақтеңіз жағасында отырып «И.Т.») батыста большевиктік бағдарламаларды жүзеге асыру тұрғысынан бүлік шығару олар үшін әлдеқайда оңайға түскен болар еді. Мұның нәтижесінде «И.Т.» Үндістан Англиядан, Үндіқытай Франциядан айырылып, оның есесіне бүкіл Азия құрлығы большевизм қолына өтіп, орыс колониясына айналар еді. Ол кезде Атилла мен Темірдің тепкісіне түскені сияқты, Батыс мәдениеті тағы бір жойқын соққыға тап болып, «әулие - машайықтардың» айтқандары келер еді. Осылардың бәрін ескергенде, Түркияның әскери саясаты өз қажеттілігіне сәйкес жасалып отыр деуге болады. Өз көршісімен (кеңестік Ресейді айтады «И. Т.») жақсы қатынаста бола отырып, Түркия сол баяғысынша коммунизм мұраттарына адал болып қалады. Мәскеудің ықпалында біржола қалып қояды, соның істегендерін қайталайды деп қорқудың қажеті жоқ. Күшті капиталы жоқ Түркия тәрізді мемлекетте капиталды ұлттандыру (мемлекет қолына алу) мәселесі күн тәртібіне қойыла алмайды. Анкарада қызыл түзім жариялап, өзін басқалардан оқшау ұстау Түркияның ұлттық мүддесіне сәйкес келмейді. Өйткені мұндай түзім ерте ме, кеш пе Түркияның өз
тәуелсіздігін жоюына алып келмей қоймайды.
* * *
«Мен - патриотпын» - Францияда күшті авторитарлық үкімет құру идеясын жақтаушылардың органы. Ол елдің ішкі саясатында көрнекті рөл атқарады. Біздіңше, түрік баспасөзі көптен бері көңіл аударып келе жатқан мына бір мәселеге, яғни Түркияға Италия жақтан төнетін қауіпті осы бір беделді Париж газетінің ашықтан-ашық жазуына өте-мөте назар аударуға тура келеді. Әлбетте, бұл қауіп туралы Франция Түркияға жаны ашығандықтан, түрік мүддесін қорғағандықтан айтып отырған жоқ. Анадолының оңтүстік жағына Италияның аяғы тисе, өздерінің Сириядағы мүдделеріне қауіп төнеді деп үрейленеді. Париж газеті бұл ретте Түркия мен Францияның арасында мүдде ортақтығы пайда бола бастағанын білдіріп ишара жасап отырған жоқ па екен деген ой туады. Егер қателеспесек, Париж баспасөзі бетінде Түркия жақты ала отырып, оған Италиядан төнетін қауіпті ашық, сөз еткен бірінші материал осы болса керек. Түркияның коммунизмге дұшпан екенін, Анкарада қызыл түзім жариялау түріктің түп мүддесіне сәйкес келмейтінін, Францияның кейбір баспасөзінде түріктердің коммунизмге достығы, кез келген уақытта Анкарада қызыл түзім жариялану ықтималы бар екені туралы соз болып жатқанын аңғартады. Біз атамекенімізді бұғауында ұстап отырған Мәскеу қызыл үкіметі мен бауырлас Түркия арасындағы достыққа қуана қоймағанымызды мойындаймыз. Сонымен қатар, біз Түркияның қызыл түзімге және коммунизмге деген түпкі, шын мәніндегі көзқарасына ешқашан шүбә келтірген емеспіз.
* * * Кеңестік Ресейдің бүкіл Батыс мәдениеті және Азияның келешегіне қауіп төндіруі Түркия тәрізді ез жерінде өзінің ұлттық мүддесін қорғап қалудың қамын күйттеп жатқан елмен достығына тіпті де байланысты емес. Керісінше, ол әлемнің әр жерінде түрліше мүдделер көздеген Батыс мәдениетінің жетекші елдері мен Кеңестік Ресей арасындағы күн санап күшейіп келе жатқан достыққа байланысты. Батыстағы ірі мемлекеттердің Батыс мәдениетінің қас жауы Ресеймен достасуға ұмтылулары Батыс мәдениетіне зауал төне бастағанын көрсетеді. Егер Париж газетінің ашық ишара еткеніндей, «әулие мен машайықтардың» айтқаны болып жатса, онда мұның жауапкершілігі Түркияға емес, бір жағынан, Анадолы жеріне көз алартып тұрған, екіншіден, большевиктермен достасуға бәсекеге түскен Батыстың жетекші мемлекеттеріне түседі.
АДАСҚАН ӘДЕБИЕТШІЛЕР
(Кербабаұлы Берді мен Бұрынұлы Қаражанның мойындау хатына орай) Өткен мамыр айының орталарында шыққан Ашхабад газеттерінен, солардың ішінде «Туркменская правданың» І OS. 17 санынан түркістандық әдебиетшілер Кербабаұлы Берді мен Бұрынұлы Қаражанның «мойындау хаттарын» оқыдық. Өздерін еркін, демократиялы ойлардың отаны ретінде көрсеткісі келетін кеңестік Ресейде, «Партияның бас жолынан» бір елі жаза басқан жандар большевиктердің көріне ұшырап отыратынын, ал одан құтылу үшін әлгі пұшаймандар» өздерінің кешегі жақын достарын, тіпті аташалары мен арғы бабаларына дейін қаралап, бет-жүздеріне күйе жағып, «мойындау хаттар» жаздыратынын жиі көріп тұратын болдық. Өздерінің бүкіл ғұмырын теріске шығарып, өзін-өзі өтірікші етіп көрсету кеңес «саясатшыларына» пәлендей бір ауыр іс болмағаны тәрізді, әдебиетшілер үшін де үйреншікті әдетке айналса керек. Әдебиетшілер көздерімен көріп, сапасында саралағандарын жазғанда ғана өздерінің нағыз қаламгерлік борышын өтей алады. Қаламгердің шығармалары сонда ғана халықтың рухани сұранысына жауап бере алатын болады. Шындықты жазудан бойын аулақ салып, «партияның сызып берген сызығы» бойынша қалам тербеп жүргендердің шығармалары қандай мүшкіл халге түскенін «Яш Түркістанның» өткен жылғы 55-санында Исен Тұрсын бек көрсетіп берген болатын. Орыстың жаңа дәуір қаламгерлері арасында айрықша шоктығы биік Есенин мен Маяковский де өздерін Мәскеудің «сызығына» сыйғыза алмай, өз өмірін өздері қиып тынды. Атақты Максим Горький де жазушыларға тек «өз көздеріңмен көргендеріңді, өз ақыл-парасаттарыңнан өткергендеріңді жазыңдар» деп талап қоюда. Коммунистік Партия Орталық Комитетінің тапсырмасы бойынша «партия сызығы» мен шығарма жазудың үлгісін көрсету мақсатында Түркістанға бірнеше мәрте «Кеңес әдебиетшілерінің бригадалары» жіберіліп, Түркістан өмірінен орыс тілінде шығармалар жаздырылды. Алайда Александр Сытин, Николай Тихонов, Борис Пильняк және басқа да көрнекті әдебиет қайраткерлерінің Түркістан сапарынан жазғандары, большевик билеушілердің айтуларына қарағанда, адам ойынан туғаны күмәнді жалған нәрселер, қайдағы бір «бықи -тықилар» болып шыққан көрінеді. Өйткені бұл мырзалар «партия сызығы» ішіндегі тақырыптарды таба алмаған тәрізді. Партияның талап етіп отырған нәрселерін Кербабаұлы да таба алмауы әбден ықтимал. Өйткені ол нәрселер Түркістанда мүлде жоқ және болуы да мүмкін емес. Айдауда жүрген Бердіұлы Бәкі, Бұрынұлы Күмүшәлілердің шындықты Лениннен ғана үйрендік дегендеріне иланып, бірдеңелерді бұтып-шатуға, Мақтұмқұлының жүзіне «түкіруге», «партия сызығын» қабылдауға болатын шығар, бірақ мұндай жолмен Түркістанның рухани сұранысын қанағаттандыру мүмкін бола қоймас. Оған дәлел керек болса, Фархаттың бастан кешірген «қасыреті» көз алдымда тұр. Өздерінің айтуларынша, «Түркімен әдебиетінде басты орынды иеленіп келген» Кербабаұлы мен Бұрынұлы бұл шындықты жақсы білсе керек. Бірақ олар орыс тарихшысы Куколь Яснопольский тәрізді, «Қожам айтса, құп дейміннің» кебін киіп отыр. Кербабаұлы мен Бұрынұлының «Мойындау хатын» оқығанымда есіме, міне, осы нәрселер түсіп еді.
1934 ж., №57
КАВКАЗИЯ ФЕДЕРАЦИЯЛЫҚ КЕЛІСІМІ
«Яш Түркістанның» өткен санында хабарлағанымыздай, Кавказия федерациялық келісіміне қол қойылуы тәуелсіздік жолында күресуші тілектес баспасөздер тарапынан зор қуанышпен қарсы алынады. Басқаша болуы мүмкін емес еді. Біздерге — Ресейден бөлініп, өзіміздің тәуелсіз мемлекетімізді құру мақсатында күресіп келе жатқан халықтарға, Ресейге қарсы бағытталған ұлттық күрестеріміздің мүддесі тұрғысынан қарағанда Кавказ мәселесі айрықша маңызды. Кавказ шебінің күші — бәріміздің күшіміз және әрқайсымызды жеке-жеке алғанда да — солай болып табылады. Кавказияның өзі де өзара бірлік түзіп қимылдағанда ғана тегеурінді бола алады. Осындай бірлескен тегеурінді шеп, міне, бүгін дүниеге келіп отыр. Біз бұл келісім таяу болашақта өз рөлін толық атқарып, атамекенімізді орыс империализмінің бұғауынан құтқаруға көмектеседі деген үміттеміз. Кавказия келісімінің бір ғана дұшпаны бар. Олар түрлі түстегі орыстар. Орыс өзінің дұшпандығын қазірдің өзінде көрсете бастады . Мұғажырдағы орыстар «Кавказия келісіміне Брюссельдің бір кабакханасында қол қойылыпты» десіп келеке етеді. Бұған не деуге болады?! Қол қойылған кез келген келісімнің мәні мен маңызы оған қол қойылған жермен байланысты болатынын кім көріпті? Осыдан тұп-тура 17 жыл бұрын елімізді тастап кетуге мәжбүр еткен коммунистердің алғашқы келісімдері де Еуропаның түкпіріндегі ыс басқан, елеусіз кабакханада жасамап па еді? Міне, енді өзіне қатысты кеше ғана болып өткен осы оқиғаны ұмытып, мұғажырдағы орыстардың қайдағы бір кабакхананы айтып күлетінін қайтерсің?! Келісімнің жасалған жерін өсекке қосып алған соң, орыстар енді, міне, оның басқа кем-кетіктерін іздей бастады. Олар көздеріне Кавказия келісімінің артында тұрған Түркияның сұлбасын елестетеді. Бұл орыстардың тұла бойын меңдеп алған «Түркия» дертінің салдары. «Түрік қатері» деп аталатын орыс ертегісі «түріктер Ақ теңізден Алтайға дейінгі аралықта ұлы түрік империясын құрмақ», түріктер өйтпек, түріктер бүйтпек тәрізді неше алуан алыпқашпа әңгімелерден тұрады. Орыстар ойдан шығарған осы «түрік жоспары» тіпті оның тек бізге көмегі хақында айтып жүргендерінің тым құрыса мыңнан бірі рас болғанда, біз өзімізді бақытты санар едік. Өйткені большевиктік Ресей тарапынан тарихта бұрын-соңды болмаған дәрежеде тепкіге түсіп жатқан бодан халқымызға Түркияның аздаған көмегінің, сәл ғана рухани қолдауының өзі түрікшіліктің көмегінен көп пайдалы болар еді. Өкінішке орай, олай болмай отыр. Біз енді Кавказ келісіміне Түркияның қатысы бар ма деген сұраққа жауап бере кетпекпіз. Біздің бұл турасында ой - пікірлеріміз ешбір құжатқа негізделмеген, тек өз пайымдауларымыздың нәтижесі екенін күні бұрын айта кетейін. Әңгімемізді Кавказия келісіміне Түркияның ешқандай қатысы жоқ екенін айтудан бастағымыз келеді. Бұл күнде Түркия кеңестік Ресеймен көп жақтылы шырма - шату байланысқа түскен ел. Сол себепті кеңестік Ресейдің беделіне нұқсан келтіретін, Кеңеске қарсы күштерге қолдаушылық көрсететін іс-қимылдарға ол әсте бармайды. Біздіңше, Түркия өзі барынша адалдық көрсетіп отырған солтүстіктегі көршісінің өзі туралы не ойлайтынын көбірек білуге бас қатырумен әуре. Осыған орай Түркия Мәскеу үкіметіне жақпайтын әрбір істі ұната қоюы да екіталай. Ал Кавказ келісімі — Мәскеудің ешбір жанына жақпайтын, басының «сақинасын» ұстатып, мазасын кетіретін оқиға. Түркия Ақ теңіз жақтан езін қауіпсізбін деп есептей алмайды. Сондықтан ол Қара теңіз бен Кавказ жағынан өзіне қолайсыздық тудыратын істерге бармайды. Біздің байқауымызша, Түркия Кавказ халықтарының Ресейге төтеп бере алатынына, өз тәуелсіздіктерін қорғап қала алатынына сеніңкіремейтін сияқты. Сол себепті Кавказ Ресейдің бөлінсе, оған «уақытша қорғау» түрінде еуропалық күштердің енуін қалайды. Егер осы «уақытша қорғаушылар» арасында Анадолының Ақ теңіз жағалауына көз алартып отырған күштер де бола қалған күнде, Түркия Анадолы байлығына қызығушы күштердің ортасына түсіп қалған болар еді. Жағдайы осындай болып тұрған соң, Түркия екі жақтағы көршілерімен барынша бейбіт тұруға айрықша мүдделі. Бейбіт өмір баянды бола түскен сайын, Түркия саясатының болашақ бағытын «Кеңес Одағы берік пе?», «Кеңестік Ресей қуатты ма?» деген сауалдарға жауаптан іздеуге тура келеді. Кеңес Одағы - дүние жүзіндегі ең бір күрделі де нәзік құрылымды мемлекет. Кеңестік Ресейдің әскери күші сенімсіз. Большевиктер күні кеше ғана өздері жүзіне түкірген Ұлттар Ұйымына, империалистік мемлекеттер мен олардың малайларына - лакейлеріне (большевиктер кіші Антанта мемлекеттерін осылай деп атайды) бүгін құрметпен қарауға мәжбүр болып отырған болса, бүл жаңағы айтқанымызға дәлел бола алады. Өзіне-өзі нық сенген үкімет өзі «ұрылар» деп атаған қауымдастықтың үстеліне отырмас болар. (Большевиктер Ұлттар Ұйымын «Ұрылар ұйымы» деп атап келген еді.) Кеңестік Ресейді большевиктерден сақтап қалудың бір ғана жолы ретінде сыртқы саясатты қолға алып жүрген Милюков өзінің «Кеңестердің сыртқы саясаты» атты француз тілінде жаңа ғана жарық көрген шығармасында Кеңес Одағының әлсіз тұстарын барынша анық, барынша ашық баяндап береді. Милюковтың Кеңес үкіметін Ресейдің біртұтастығын қорғаушы, Кавказ, Түркістан және басқа да отарларындағы үстемдігін қамтамасыз етуші күш ретінде бағалауы біздің бәрімізді күш біріктіре түсуге үндейді. Бұл тұрғыдан келгенде, Кавказия келісімі Кеңес және Милюков империализмінің отаршылдық саясаты тудырған істердің бірі деуге болады. «Прометей» журналының Кавказия келісіміне арналған соңғы (92-ші) санындағы бір мақалаға орай өз пікірімізді айта кетелік. «Прометейдің» бас редакторы Гуазованың мақаласын көзде ұстап отырмыз. Біздіңше, «Прометейдің» құрметті бас редакторы өзінің осы аталған материалында әлі азат болмаған Кавказияның байлығын Еуропа мемлекеттеріне күні бұрын саудаға салудан әрі аса алмаған. Мұндай орынсыз уағдалар Кавказға да Түркияның кебін кидіріп, оның байлығына қызыққан Еуропа мемлекеттерінің бұл аймаққа орнығуына ылғи да алаңдаумен келе жатқан жағдайын одан бетер тереңдете түспес пе екен? Кавказия байлықтары хақында мұндай ұсыныстар жасау Түркияның Кавказия жөніндегі шүбәсін қоюлата түспей ме? Әрине, азат болған барлық елдер сияқты билік тиген соң Кавказия да өз байлығын қалай пайдаланам десе де өз еркі. Еуропамен де экономикалық байланыстар жасауға хақылы. Бірақ бұл болашақтың шаруасы. Ендеше осы мәселеге бола күні бұрын «шандатып» әлдекімдердің күдігін қоздырып, әлдекімдердің сенімін азайтудың қажеті бола қояр ме екен?! Өз сезіміңді жақын көршілеріңнің көңіл әуенімен үйлестіріп отыру, олармен қалыпты қатынас жасау — жағдайынды жақсартудың алғышарты болып табылады. Біле - білсе, «Прометей» журналы да осы тұрғыда әрекет еткені жон болар еді.
1934 ж., №58
ҰЛTTAP ҰЙЫМЫ ЖӘНЕ КЕҢЕС ҮКІМЕТІ
Көптен бері күтілген Кеңестік Ресейдің Ұлттар Ұйымына кіру мәселесі сонымен өткен айдың 18-де орындалды. Большевиктердің бұған дейін Ұлттар Ұйымының атына жаппаған жаласы, тақпаған кінәсі қалмаған болатын. Оны халықаралық қарақшылар» одағы, «тонаушы империалистердің халықаралық тіл біріктіруі» және «танысу үйі» («Дом свиданий», «Maіson de vender — vous») деген тәрізді сөздермен сипаттауы ең жұмсартып айтқандары болатын. Большевиктер Ұлттар Ұйымының міндеттерін «империялық жаңа соғыс әзірлеу», «жалған айтып халық бұқарасын алдау», «Версаль келісімі жасаған тонаушылық шартын қорғау», «Кеңестік Ресейге қарсы шабуыл жасауды әзірлеу» деген тұрғыдан көрсетіп келді. Бұған дейін большевиктер әрбір елдің Ұлттар Ұйымына кіруін кеңестік Ресейге қарсы соғыс ашу, шабуыл жасау жауапкершілігінің бір бөлігін өз мойнына алғандық деп байбалам салып келген. Мәселен, кезінде Алманияның Ұлттар Ұйымына кіруіне байланысты большевиктер осындай насихат жүргізген. (Кіші Кеңес энциклопедиясын қараңыз.) Ал түріктердің Ұлттар Ұйымына кіруін қызыл мәскеуліктер «кемалшылдардың Еуропа капиталистері алдында тізе бүгуі» деп түсіндірсе, түркістандық орыс газеттерінің осы оқиғаға орай жариялаған мақалалары мұны «капиталистерге бас ию» деп атаған. Міне, сөйтіп біраз жыл бойы өздері барынша өшігіп сынаған Ұлттар Ұйымына Мәскеу өзі мүше болып кіріп отыр. Ең бір қызығы, осы халықаралық беделді ұйымға Мәскеу өзі «ең соғысқұмар милитарист мемлекет», «Кеңес Одағына қарсы соғыс әзірлеуші» деп айыптап келген Францияның көмегімен кіруі болып отыр. Ұлттар Ұйымы мүшелерінің көпшілігі, шындап келгенде, Кеңес үкіметіне емес, Франция және осы мәселеде Францияны жақтаушы Ұлыбритания, Италия үшін дауыс берген еді. Мүшелерінің көпшілігі (Ұлттар Ұйымының барлық мүшесі 52 мемлекет) Кеңес Одағын әлі мойындамай тұрған жағдайда, оны ұйымға мүшелікке кабылдау қолайсыздықтар туғызатын оқиға еді. Мәскеу большевиктерінің капиталист достары оны Ұлттар Ұйымына мүше қабылдаудың Қазірге дейін әрекет етіп келген барлық ережелері мен тәртіптерінен тыс, айрықша жағдайға қою үшін барлық қулық-сұмдықтары мен күш-жігерлерін жұмсап бақты. Олар Кеңес үкіметіне Ұлттар Ұйымының барлық мүшелері атынан шақыру жіберуді де ұйғарған еді, бірақ оған шамалары жетпей қалды. Перденің ар жағында апта бойы жүргізілген талас-тартыстардан соң ғана шақырудың заңды болуы үшін қажет көпшілік дауыс, яғни мүшелердің үштен екісінің қолы жиналды. Ұлттар Ұйымы Кеңесінде большевиктік Ресейге тұрақты мүшенің орнын беру үшін мәжіліске қатысқан мүшелердің бірауыздан қабылдауы, яғни қарсы дауыс болмауы тиіс еді. Осыған қол жеткізу үшін кейбір мүшелерді қарсы дауыс беруден бас тартуға, кейбіреуді жиналысқа келмеуге көндірді. Мұның өзі Ұлттар Ұйымының мақсат-мүддесімен қандайлық дәрежеде сәйкес келетіні және оның беделіне қандай әсер ететіні өз-өзінен түсінікті болса керек. Осы оқиғаға орай Еуропа, Ұлыбритания және Франция газеттері Ұлттар Ұйымын қатты сынға алды. Ұлттар Ұйымының Ресейді мүшелікке қабылдау жиынында Швейцария өкілі Мотта (Motta) Мәскеу большевиктерін айыптап сөз сөйледі. Оның сөзі осы ұйымның басында бұрын болмаған дәрежеде өткір және сұрапыл еді. Бірақ оған қарамастан, Кеңес Одағы мүшелікке өтті. Кеңес Одағы Ұлттар Ұйымына өзінің түпкі мақсаттарынан баз кешіп, негізгі принциптерінен біржола қол үзіп кірген жоқ, тек бұл ұйымның атына айтып келген айыптауларының дұрыс болмағанын мойындап кірді. Шынтуайтқа келгенде, Ұлттар Ұйымы Кеңес Одағына қарсы соғыс та, шабуыл да әзірлеген жоқ болатын. Керісінше, ол соғыстан, шабуылдан қорғануға қолайлы орын еді. Жапония мен Алманиядан қорыққанынан Мәскеу большевиктері Ұлттар Ұйымының қанаты астына енді, міне, өзі келіп кірді. Дүние жүзіндегі «ең соғысқұмар милитарист мемлекет Франция» және «ең ірі империалист мемлекет Ұлыбритания» енді бүгін қалайша «татулық тірегі» бола қалды? Мына бір нәрсенің басы ашық. Ұлттар Ұйымы өзінің буржуазиялық Версаль негіздерінен, ал Кеңес Одағы өзінің «дүниежүзілік төңкеріс» принциптерінен мүлде бас тартқан жоқ. Кеңес Одағы дүниежүзілік төңкеріс мақсаттарынан бас тартты деген сөз, ол өз болмысын түгелдей теріске шығарды дегендік болып табылар еді. Дүние бейбіт және тату тұрса, қазіргідей соғыс қарасы көрінбесе, большевиктер сол баяғысынша Ұлттар Ұйымын аузына келген сөзбен сынап, сыбап, масқаралауын жалғастыра берген болар еді. Енді, міне, соғыс қарасы көріне бастағанын сезген Кеңес үкіметі Ұлттар Ұйымының қолтығына келіп жиналады. Ленин өзінің «Коммунизмдегі солшылдықтың балалық ауруы» («Детская болезнь левизны в коммунизме») атты шығармасында: «Принимать бой, когда заведомо выгодно неприятелю, а не нам, есть преступление, и никуда не годны политики революционного класса, которые не сумеют проделать «лавирование, соглашательство, компромиссы», чтобы уклоняться от заведомо невыгодного сражения» дейді. Мәселені осылай қоюы себепті, Кеңес үкіметі өзіне тиімсіз бір қақтығыстан бой тасалаған. Сол себепті де «айналып өтуде, келісімпаздыққа баруда, ымыраға келуде». Кеңес үкіметі саясатындағы осындай тактикалық өзгерістерді Еуропадағылар түбегейлі өзгерістерге жорып ағат пайымдаулар жасайды. Кеңес үкіметін Ұлттар Ұйымына қабылдауға себеп болған екінші бір дәлел де сенімсіз және қате. Онда ылғи да Кеңес Одағында 170 миллион адам тұратыны көп дәріптелді және осы 170 миллионның бәрі де Кеңес түзімін оз еркімен қабылдағандай, соған разыдай «сер туғызуға барынша күш салынды. Егер Кеңес үкіметі өзіне қарасты жұрттардың қолдап қуаттауына сүйенетін болса, онда әлемде оны қорқытатын, ықтыратын ешқандай бір күш болмас еді. Большевиктерді «буржуазия ымырашылары» қоғамына кіруге асықтырған фактор дәл сол 170 миллион халық бұқарасының оларға жау болып отырғандығынан басқа ештеңе де емес. Бәрі біріксе 60 - 70 миллионға жететін Украина, Кавказия, Түркістан және басқа да түрік тұрғындары Мәскеудің қызыл деспотизміне қарсы (залым және озбыр) ашық күреске шығу үшін тек бір қолайлы сәтті ғана күтіп отырғанын большевиктер жақсы біледі. Осы күнге дейін адамгершілік орны болып келген Ұлттар Ұйымы кеңестік Ресейді өзіне қабылдау арқылы енді, міне, соғысқұмар ұйымға айнала бастағандай әсер тудыруы әбден мүмкін. Біздіңше, соғыс өрті шығу ықтималы кеңестік Ресейді Ұлттар Ұйымына қабылдаған күннен бастан шұғыл түрде арта бастады. Кеңес үкіметінің Ұлттар Ұйымына кіруіне байланысты қазір онша көңіл бөлінбей келе жатқан тағы бір мәселе бар. Дүние жүзі бейбітшілігінің ашық және ымырасыз жауы болып отырған Кеңес Одағын Ұлттар Ұйымына қабылдау кезінде Еуропа мемлекеттері өз араларындағы алауыздықтарын келіссөз арқылы шешуге дәрменсіз екендіктерін анық көрсетті. Мұның өзі отар және жартылай отар халықтардың көз алдында еуропалық беделдің күрт төмендеуіне әкеліп соқпай қоймайды. Англия мен Франция тәрізді дүние жүзіндегі ең ірі метрополия елдері оз арасындағы мәселелерді шешуде Кеңес үкіметін көмекке шақыруы өз отарларының түкпір - түкпірлерінде өздеріне қарсы күштердің Мәскеуден көмек пен қолдау табуына жағдай жасағаны болып шықпас па екен? Біз Еуропа мүддесін қорғамақ емеспіз. Ол біздің міндетімізге жатпайды. Тек оның саяси іс-әрекеттерінің бағыт бағдарын жіті қадағалауға, талдауға, одан тиісті қорытындылар жасауға біздің хақымыз бар және ол біздің міндетіміз де.
1934 ж., №59
«ЯШ ТҮРКІСТАН» ТҮРКИЯҒА КІРГІЗІЛМЕЙТІН БОЛДЫ...
(«Жығылғанға жұдырық») Бұлай болады деп ешқашан да ойламаған едік. Күтпеген жерден кездейсоқ соққыға душар болып отырмыз. Түркия үкіметінің 16 қазан күні шығарған қаулысымен «Яш Түркістан» енді Түркия жерінде таратылмайтын болды. Мұндай шара Түркияда тұрып «Яш Түркістанды» алып тұратын түркістандықтардың ғана емес, сонымен қатар, Түркияны өзінің екінші отаны санаушы барлық түркістандықтардың жүрегіне ауыр салмақ түсіріп отыр. Түркия үкіметінің мұндай шараға баруына не себеп болды? «Милләт» газеті 34.10.7 санында, Аданада шығатын «Түрік сөзі» газеті 34.10.8 санында «Үкіметіміз бен кеңестік І'есей үкіметі арасындағы қатынастарға байланысты Берлинде шығатын «Яш Түркістан» журналын елімізде таратуға тиым салынды» дейді. «Жұмһұрият» газеті 34.10.11. санында «түрік - орыс қатынасының қажетіне байланысты шек қойылды» дейді. Біз Түркия үкіметінің немесе басқа бір кез келген ел үкіметінің өз саясатына сәйкес қаулы-қарарлар қабылдауларына қарсы емеспіз. Олай етуге хақымыз жоқ. Біз сондай - ақ Анкара үкіметінің аталмыш қаулысын сынағалы да отырған жоқпыз. Біз тек бүл қаулы бізге қатысты болуы және Түркия үкіметі бізді Түркияның сыртқы саясатына сәйкес келмейтін істермен шұғылданып жүр деп кінәлауы себепті оз тарапымыздан қажетті түсініктеме беруді жөн санап отырмыз. Біз, ең алдымен, түрік - кеңес достығына қарсы баспасөз беттерінде ешқашан, ешқандай материал жарияламағанымызды айтып өтуге тиіспіз. Екіншіден, біз ешқашан түрік - кеңес достығын суыту мақсатын көздеген емеспіз. Біз бүл достықтың қандай жағдайда пайда болғанын және қандай факторлардың ықпалымен дамып нығайғанын өте жақсы білеміз. Түрік - кеңес достығының алғашқы жылдарында Антанта мемлекеттері арасында «түрік «Қоуай милиесі» басшылары большевиктеніп барады-мыс» деп кінәлайтын пікір қалыптаса бастаған еді. Ол кезде мен Түркістан түрік ұлттық ұйымдарының өкілі ретінде ағылшындардың Ыстамбұлдағы бас қолбасшылық штабына хат жазып, кемалшыларды большевиктік Ресеймен жақындасуға мәжбүр еткен себептерге талдау жасағанмын және енді жолға қойыла бастаған түрік - кеңес қатынасын Түркия мүддесі тұрғысынан жақтағанмын. Мен, әрине, бұларды бүгін бізге қарсы қатаң шара қолданып отырған Түркия басшыларының жүрегін жұмсарту үшін айтып отырған жоқпын. Біз сол кездің өзінде де саяси жағдайлардың қажетіне байланысты саяси міндеттемелер белгілей алатын, оған тиісінше мән бере алатын халде болғанымызды көрсету үшін айтып отырмын. Енді, міне, одан бері де 13 - 14 жыл өтті. Біз саяси жағдайларға талдау жасауда, мән беруде біраз тәжірибелер жинадық. Бүл күнде Америка Құрама Штаттары үкіметі және Еуропадағы ірі елдердің кеңестік Ресеймен жаңа қатынасы көз алдымызда құрылып жатыр. Кеңестік Ресей неліктен және қандай жолдармен Ұлттар Ұйымына қабылданғаны да ешкімге құпия емес. Қазіргі дүние жағдайы ертеңгі күннің бейбіт боларына кім-кімнің де сенімін азайта бастады. Осындай нәзік жағдайда түрік - кеңес қатынасын бұзуға тек саяси санасы тым темен адамдар ғана баруы ықтимал. Бүгін бүкіл дерлік Еуропа Мәскеумен достық қатынас орнатып отырған кезде, бізді түрік - кеңес достығына нұқсан келтіріп, Түркияны Еуропа мен Кеңес Одағы арасында жалғыз қалдыруға әрекет жасаушылар ретінде айыптауды ешқашан қабылдай алмаймыз. Біз оған дәлел боларлықтай ешбір материал жариялаған емеспіз. Біз «дүниежүзілік дағдарыс» және басқа да сол тәрізді кең көлемдегі саяси маңызы бар мәселелер төңірегінде тоқталғанымызда түрік - кеңес қатынасы туралы да жаздық. Біз бауырлас Түркияның атамекенімізді жаулап алған империямен достығына сүйіне алмайтынымызды ешқашан жасырған емеспіз. (Бұл туралы менің «Яш Түркістанның» 57-санында басылған «Le Suіs Partout» газеті «Түркияның саясаты хақында» атты мақаламды қараңыз). Мен бұдан 13 - 14 жыл бұрын түрік «Қоуай милиесі» жауларына тойтарыс беріп түрік - кеңec қатынасын жақтаған кезімде де шын сүйіну сезімін бастап кешірген жоқ едім. Ол кезде мені осылай етуге «нағыз дос басыңа іс түскенде білінеді» деген аталы сөз жетелеген еді. Рас, біз түрік - кеңес қатынасы хақында жиі-жиі жазып тұрамыз. Бірақ біз дипломатиялық тұрғыдан жазған жоқпыз. Дипломат болуға ұмтылмаймыз да. Біз қашанда Түркияның мәскеулік достары жүргізген большевиктік насихаты хақында жаздық. Біз орыс большевиктерінің түрік ұлттық төңкерісі мен кемализм жөніндегі көзқарастарын жаздық. Біздің бұл жазғандарымызда шындыққа сәйкес келмейтін сынық сөз жоқ. Бәрі де большевиктердің сөздеріне сілтеме жасай отырып негізделген. Біз ешқашан түрік - кеңес қатынасын суытуға ұрынған емеспіз. Біз түрік ұлттық төңкерісін большевиктік насихаттың жаласынан қорғадық. Мұны осы күнге дейін өзіміздің борышымыз деп санап келгеніміз сияқты, бұдан соң да солай ете беретін боламыз. Бізге «бұл сіздердің жұмыстарыңыз емес» дейтіндер бар шығар. Қателесесіз. Бүл біздің жұмысымыз да, мүддеміз де. Өйткені түрік ұлттық төңкерісі көтерген ұлт азаттығы мәселесі біздің де арман - мұратымыз. Түрік ұлттық төңкерісі көтерген ұлт азаттығы мұраты біздің халқымыздың азаттық күресіне де күш-жігер береді, Үміт дарытады. Міне, сондықтан да түрік ұлттық төңкерісіне көлеңке түсіріп, оны қаралап, оған жала жабуға дейін барған Мәскеу насихатына тойтарыс беруді, түрік ұлттық төңкерісін қорғау, ақтау және қолдауды өзіміздің ұлттық міндетіміз деп білдік. Мәскеу большевиктерінің қитұрқылықтарын әшкерелеу өзіміздің болашағымыз үшін де қажет деп түсіндік. «Ыстамбұлда шыққан бір газет Самарқанда оқылады» деген сөзді және Ресейдегі түрік тектестер мен Түркиядағы түріктің арасына «қытай қорғанын» соғып, бір халықты бөлшектеу екі ел арасындағы достыққа жатпайтыны туралы Кеңес үкіметінің есіне салу керектігін біз ол кезде түріктің беделді адамдарының аузынан естіп, Ыстамбұл газеттерінен оқығанбыз да. Кеңес үкіметі соғып жатқан «қытай қорғаны» күн санап қалыңдап бара жатқан қазіргі кезде Ыстамбұлда шыққан газет енді Самарқанда оқыла қояр ма екен? Кеңестік Ресейдің қол астындағы түрік елдері және ұрпақтарының көз алдында түрік ұлттық төңкерісін, оның мұраттарын қаралап, дүниедегі ең жиіркенішті нәрсе етіп көрсету үшін Кеңес үкіметі еш нәрсесін аянып қалмайды.
Сол үшін де «қытай қорғанын» ұзартып, қалыңдатып соға беретін болады. Біздің басылымдарымыз түрік - орыс достығына қарсы бағытталмаған еді. Осы достық төңірегінде туындаған мәселелер туралы болатын. Міне, біз сол үшін жазаға тап болып отырмыз. Анкара үкіметі, бәлкім, «қызым, саған айтам, келінім, сен тыңда» деген аталар сөзінің астарын түсінген болар. Бірақ мұны олардың мәскеулік достары аңғарар ма екен? Жоқ әлде мәскеулік большевиктер өздерінің кемализмге қарсы жүргізіп келе жатқан насихаттарын әшкерелеуші «Яш Түркістанды» енді қайта Түркияға жолатпау үшін осы бағыттағы іс-қимылдарын күшейте түсер ме екен?
Біз осы соңғы жорамал дұрысқа шыға ма деп қорқамыз.
Не де болса біз жазаландық. Енді «Яш Түркістан» Түркия жеріне аяқ баса алмайды. «Яш Түркістанға» тиым салынуы Түркияда тұрып жатқан түркістандықтардың атамекенімен байланысын бүтіндей үзіп алуына әкеп соғатын болды. Мұғажыр жерлестеріміз бен ел арасын жалғаған «Яш Түркістанныц» Түркия жаққа созылған қолы туыс Түркия үкіметі тарапынан кесіліп тасталынды. Сонымен Анадолы - Түркістан арасында салынып жатқан «қытай қорғаны» тағы бірнеше метрге ұзара түсті. Біз наразылық жариялай алмаймыз. Өйткені наразылық жариялай алатын күшіміз жоқ. Біз сынамаймыз да. Өйткені біздің сынымыз дәрменсіз, ықпалсыз. Ол — ол ма, бізге сын айту құқығы да берілмеген. Бізге сын айту құқығы ғана емес, большевиктік жалған қитұрқы насихатқа тойтарыс беріп, шындықты қорғау құқығы да берілмеген. Амал жоқ. Осы бір ауыр, естен кетпес соққыны да қабылдай отырып, біз оның жан дүниемізге салған терең іздерін қымтап ұстап, бұған да төзіп, жолымызды жалғастыра береміз.
1934, №60
ИШАН ҚОЖА
1917 жылғы төңкерістен бұрын Түркістанда ұлттық қозғалыс бастап, оған кызмет еткен түркістандықтар қатары барған сайын сиреп барады. Өткен жылы Мүнуар Қари, (Уалихан, Төлеген дамоллалар большевиктер тарапынан өлтірілгенін естіп қатты қайғырған едік. Енді, міне, Ишан қожаның опат болғанын естіп қайғырудамыз. Ишан қожа, Мүнуар Қарилармен бірге халқымызды азаттыққа шығару үшін «жол салушылардың» тағы қаншасы өлі, қаншасы тірі екенінен біздің толық хабарымыз жоқ. Ишан қожа — Түркістан ұлтшылдары қатарындағы ең іскер, ең табанды адамдардың бірі еді. Ол ұстаз және насихатшы ретінде өз маңына талапты, талантты шәкірттер жинай білді... Енді, міне, ол да, Мүнуар Қари тәрізді, өз отанына барлық күш-жігерін, ақыл-парасатын әлі де жұмсай беру мүмкіндігінен айырылды. Ишан қожа Шығыс Түркістан сынды отанымыздың бір түкпірінде зор үмітпен басталған, бәріміздің жүрегімізге шоқ тастаған ұлттық қозғалысқа белсене қатысу мәртебесіне ие болды. Ишан қожаның көрсеткен қызметі оны Шығыс Түркістан республикасында бірінші дәрежелі орынға шығарған еді... Алайда тағдырдың оған тартқан сыйы ұзаққа созылмады. Шығыс Түркістан туы түсіріліп, оның орнын Қытай мен Қызыл Ресей билігі басты. Ишан қожа қатты науқасқа шалдығып, Шығыс Түркістанды тастап кетуге мәжбүр болды... Ишан қожа ұлттық шайқас шебінде шәйіт болды. Оның жаны тәңірдің жәннәтінде, рухы, істеген істері тірілеріміздің жүрегінде, есінде сақталады.
1934 ж., № 60
ҚИЫР ШЫҒЫСТА
Соңғы кездері Еуропа баспасөзі беттерінде Шығыс Қытай темір жолын Манжу Го үкіметіне сатып беру жөнінде Кеңес үкіметі мен Жапония үкіметі арасында шарт жасалғандығы, келісімге қол жеткені туралы хабарлар басыла бастады. Бұл мәселе Жапония мен кеңестік Ресей қатынасындағы қатты түйткілдердің бірі болатын. Кеңестік Ресей Шығыс Қытай темір жолын Манжу Гоға сатып беретін болса, онда орыс - жапон арасында қақтығыс тудыруға себеп болатын факторлардың бірі жойылды деген сөз еді. Алайда мұнымен орыс - жапон мәселесі түгелдей шешілмейді. Біз орайы келген осы тұста орыс империализмінің Шығыстағы іс-әрекетінің бір көрнекті мысалы ретінде Шығыс Қытай темір жолы тарихымен қысқаша таныстырып өтеміз. Ресейдің Еуропа бөлігін Қиыр Шығысындағы Владивосток қаласымен жалғап жатқан осы Шығыс Қытай темір жолы бұрын Қытайдың бір бөлігі болып саналып келген, қазіргі Манжу Го мемлекеті аумағының солтүстік бөлігін басып өтеді. (Бұл жолдың ұзындығы 148 шақырым.) Өз аумағынан темір жол өткізуге Қытай үкіметі 1895 жылғы келісім-шартқа қол қойған еді. Ол кезде Қытай аса ауыр жағдайда тұрған. 1894 - 1895 жылдардағы соғыста жапондардан жеңіліп, «Симоносеки» шарты бойынша (1895.04.17) Ляудун жарты аралға, Манжурияның оңтүстігін, Формаз (Таюан) және Пескадор (Хайнон) аралдарын Жапонияға беруге мәжбүр болған. Бұған дейін Цин аумағы саналып келген Корея Қытайдан бөлініп шығып тәуелсіз ел ретінде шаңырақ көтергенімен, іс жүзінде Жапонияның ықпалына түскен еді. Бұлардан басқа Қытай орасан көп соғыс шығынын өтеуге тиіс болды. Осы шарттар өтеліп болғанша Жапония «Уей-һай-уейді» (Санхайуан) ұстап тұруға тиіс болды. Жапония тарапынан осыншама қорлық көрген Қытай өзіне дос, одақтас іздеуге кірісті. Сөйтіп, ол Ресейге тап болды. Жапонияның күшейіп бара жатқанынан сескенген Ресей Қытайға іш тартқан, болысқан болып, Франция мен Алманияны Жапонияға қарсы ультиматум тапсыруға көндірді (1895.04.23). Осы үш мемлекеттің тегеурінді қысымына төзе алмаған Жапония Қытайдың біраз аумағынан бас тартуға және 200 миллион соғыс шығынын 30 миллионға түсіруге мәжбүр болды. 1897 жылға келгенде Ресей Жапония тастап шыққан Ляудун жарты аралын өзі басып алып, Қытайға берген уағдасына опасыздық жасады. Содан бастап Ресей бүкіл Манжурия мен Кореяны өз бақылауына алды. Бір жағынан қорқыту, екінші жағынан алдау арқылы Ресей ақыры Қытайды көндірді (1898.03.15). Арап Уайтте өз жазбаларында осы мәселеге орай айта келіп, Кантон уәлаятын жаулап алу бұрынды-соңды болмаған қиянат еді» дейді. Орыстың жаулап алушылығы Еуропаның басқа елдерін еліктірді. Алмания «Циндаоны», Англия «Уей-һай-уейді» басып алды. Сонымен Еуропа мемлекеттерінің Қытайды бөлшектеуі басталды. Қытай үкіметінің Ресейге төтеп бере алмайтыны анық болды. Ресей Шығыс Қытай темір жолын сала бастады. Бұл жол 1903 жылы тамыз айында салынып бітті. Орыстың Қиыр Шығысқа опасыздықпен сұғынып кіруі Жапонияның өшпенділігін қоздырды. Соның нәтижесінде 1904-1905 жылдары орыс - жапон соғысы туды. Осы соғыста ойсырай жеңілген Ресей, «Процмаут» шартына сәйкес (1905.08.23), Манжурия темір жолының оңтүстігін, Ляудун жарты аралын Жапонияға беріп, Манжурия жөніндегі алуан түрлі талаптарынан баз кешіп, Жапонияның Кореядағы мүдделерін танудан сырт, Сахалин аралының оңтүстік бөлігінен де айырылуға мәжбүр болған. Ол кезде өзін дүниеге әлі де танытып үлгермеген, Еуропа елдерінің көбіне жеккөрінішті болған Жапония Ресейді Манжуриядан түгелдей қуып шығара алмады. Сол себепті де Ресей Шығыс Қытай темір жолының иесі болып қала берді. Мұның өзі шын мәнінде мемлекет ішіндегі мемлекет еді. Оның өзінде арнаулы мекемелері, полициясы, жандармы т. б. басқалары бар болатын. Ресей ерте ме, кеш пе Манжурияны өзіне қосып алудың барлық алғышарттарын жасаған еді. Қытай - орыс келісім-шарты бойынша, бұл тарихи құжатқа қол қойылған күннен бастап есептегенде 36 жыл өткеннен кейін Қытай үкіметі темір жолды сатып алуға хақылы еді. Қытай үкіметі жолды сатып алатын болса, оған салынған барлық қаржының өсімін сол кездің процентімен өтеуі тиіс болатын. Осы есепте сатып алу құқығы 1939 жылы тамыз айында басталатын. Немесе осы келісім-шарт бойынша темір жол оған қол қойылған күннен бастап 80 жылдан соң ғана, яғни 1983 жылы ғана Қытайға төлемсіз қайтарылуы тиіс еді. Егер Ресейдегі жалпы жағдай өзгеріске ұшырамағанда, Қытай аталмыш темір жолынан ғана емес, Манжуриядан біржола айырылып қалуы әбден мүмкін еді. Дүниежүзілік соғыс басталды. 1917 жылы көктемде төңкеріс бұрқ етті. Көп ұзамай үкімет басына большевиктер келді. Олар жаңа Кеңес үкіметі «ескі Ресей үкіметінің озбырлықпен жасаған шарттары мен алған жеңілдіктерінен бас тартқанын» мәлімдеді. Манжурия темір жолын салу жөнінде Қытай үкіметімен жасасқан шарт дәл осы мәлімдеменің ішіне кіретін. 1920 жылы Ресейде азамат соғысы жүріп жатқан кезде қытай халқына арнап мәлімдеме жасап, көне Ресейдің жеңілдіктерінен бас тартатынын ресми түрде білдірді. Кеңес үкіметі орыс империализмі тарапынан «Ресейдегі капитал иелерінің мүддесін көздеп салынған Манжурия темір жолы енді Қытай халқының қолына табыс етіледі» делінді. Бірақ бүл кезде ел ішін анархия жайлауы себепті, Қытай бұл мүмкіндікті пайдалана алмады. Ресейдегі азамат соғысы большевиктердің жеңісімен аяқталды. Қытаймен жаңа ойын басталды. Орыс үкіметі өзінің Манжурия темір жолы жөніндегі көзқарастарын өзгертті. Большевиктер енді бұл жол туралы айтқанда қытай халқының мүддесі тұрғысынан емес, орыс төңкерісі мүддесінен шыға отырып, Қиыр Шығыста Еуропа, Жапония және Америка империализмдерінің ықпалын әлсіретуді мақсат етіп қойды. Енді олар бұл жолды «орыс капитал иелерінің мүддесіне бола салынған» деп есептемейді. Енді олар мұны «орыстың төңкерісшіл шаруалары мен жүмысшылары еңбегі арқасында салынған жол» деп басқа бір әуенге сала бастады. Бұрын патшалық Ресейді күшейтуге кызмет етіп келген бұл жол енді қызыл Ресейді күшейтуге қызмет ететін болады. Осы жолды пайдалана отырып Кеңес үкіметі Моңғолстанды түгел басып алды. 500 миллион тұрғыны бар Қытай елінде коммунизмнің елесін асқындырды. Сонымен бірге Қытайда ұлтшылдық ағымы да күшейді. Ұлтшылдар Манжурия темір жолын қайтарып алу талаптарын қоя бастады. 1924 жылы темір жол Манжурия диктаторы Чан Солиннін қолына өтіп те болды. Кеңес үкіметі Қытаймен келіссөз столына келді. Келіссөз мына мазмұндарда өрбіді. Бұрынғы таза орыс басқаруының орнына орыс - қытай бірлескен басқармалары құрылуы тиіс. Полиция мен мекеме істері қытайлардың қолына өтуі лазым. Мерзімі біткен соң Қытай үкіметі жолды сатып алуына хақылы , ал темір жолдың ақысыз өту мерзімі 80 жылдан 60 жылға кемітілді. Мәскеу үкіметі Манжурия темір жолынан айырылмау үшін қолынан келгенінің бәрін де істеді. Қытайлар қайткенде де оны қайтарып алудың амалын қарастырды. 1927 жылы қытай - кеңес дипломатиялық қатынасы үзілді. 1929 жылы екі ел арасында қақтығыстар туды. Өз басындағы барлық ауыртпалықтарға қарамастан, Кеңес үкіметі патшалық Ресейден қалған империализм мұраларын қорғап, сақтап қалу жолында барлық күш-жігерін жұмсауда. Манжурия темір жолы Қытай, Жапония, күллі Қиыр Шығыста коммунизм насихатының орталығына айналды... Қиыр Шығыстағы тайталастар мен егестер нәтижесінде Жапонияның сүйемелдеуімен Манжу Го мемлекеті құрылды. 1933 жылға келгенде Жапония мен Кеңес үкіметі арасында темір жолды Манжу Гоға сатып беру мәселесі жөнінде келіссөз басталды. Темір жолдың бағасын Ресей барынша асырып көрсетсе, жапондар барынша арзанға сұрады. Ұзаққа созылған келіссөз әлденеше мәрте үзіліп қалып, қайта жалғасып келеді. Тынық мұхит аймағында Жапонияның тым күшейіп кетуінен қорыққан Америка мен Еуропа мемлекеттері оған қиғаш көзбен қарап отыр. Манжурия төңірегіндегі дау -дамайға байланысты Жапония Ұлттар Ұйымынан шықты. Соның нәтижесінде Жапония Америка Құрама Штаттарының, Ұлттар Ұйымының және кеңестік Ресейдің қарсы жағында жападан жалғыз қалды. Осыны пайдаланып қалғысы келетін Кеңес үкіметі Жапониямен түсіністік табу жолын қарастырып, темір жолды қымбат бағамен сатып беруге әрекет жасап отыр. Ресейдің Манжуриядан шегінуі аса маңызды оқиға болды. Біріншіден, Ресей Владивостокпен ең қысқа байланыс жолынан айырылады. Екіншіден, оның Қытайдағы ықпалы әлсірейді. Ресейдің орыс - жапон соғысынан басталған Таяу Шығыстан шегінуінің бірінші дәуірі осымен аяқталды. Біз орыс империализмінің Манжуриядан шегінуіне қуана қол соғамыз және осы процесс тоқтап қалмай, одан ары қарай жалғасын тауып, ең соңында орыс империализмінің Азиядан түгелдей қуылуын тілейміз. Біз, Азия халықтары, сонда ғана кең тыныс алып, ұлт-азаттық күресіміздің мақсаттарына жететін боламыз.
ӘЛИМАРДАН БЕК ТОПЧИБАШЫ
5 қараша күні арамыздан кеткен Әлимардан бек Топчибашы - марқұм Смағұл бек Ғаспыралы және басқа да кісілермен бірге Ресейдің қол астында қалған түркілерге жан аямай қызмет етіп келе жатқан көрнекті қоғам қайраткері еді. Ол «Ресей мұсылмандары» ұлттық қозғалыстары жетекшілерінің бірі және Ресей мұсылмандары құрылтайының тұрақты төрағасы болумен бірге, замандас серіктері арасында ең көп еуропалық білім алған адам еді. Осы бір шағын материалда көрнекті саяси қайраткер, көл - көсір білім иесі Әлимардан бектің өмірі мен қызметінің аз ғана бір бөлігін айтып берудің өзі қиын. Әлимардан бек 1862 жылы мамырда Тфилисиде дүниеге келді. Әлимарданның үлкен атасы Грузияда Топчи күштерінің бастығы және қала гарнизонының бастығы қатарлы маңызды орында қызмет атқарған. Әлимардан бектің аты-жөніне қосып айтылатын Топчибашы сөзі, бәлкім, содан қалған болуы да ықтимал. Әлимардан бектің бабасы Мирза Жапар бек атақты ғалым, шығыс тілдерінің үлкен маманы еді. Ол кісі 1919 - 1949 жылдар аралығында 30 жыл бойы Петербург университетінде парсы тілі мен әдебиетінен дәріс оқыды. Әлимардан бек алғаш рет бірінші Тфилиси гимназиясына түсіп оқиды. Гимназияны үздік тамамдаған соң, 1884 жылы Петербург университетінің табалдырығын аттайды. Ол алғашында тарих және филология факультеттеріне жазылып, лекция тыңдап жүреді де, бір жыл өткен соң құқық факультетіне ауысады. Әлимардан 1887 жылы төңкерісшіл студенттердің ұйымдарына қатысқаны үшін университеттен шығарылады. Алайда талантты жасқа зор үміт артқан оқытушылардың араға түсуімен оқуға қайта алынады. Әлимардан бек 1888 жылы университетті ең үздік бағамен бітіріп шығады. Әлимардан бектің талантына қызыққан құқық факультеті оны университеттің өзінде алып қалады. Бірақ сол замандағы орыс заңы бойынша христиан еместердің ғылыми карьера жасауына тиым салынғандықтан, Әлимардан бек ғылым жолынан кетіп, Тфилисиде мекеме қызметін атқаруға мәжбүр болды. 1894 жылы адвокаттыққа көшкен Әлимардан бек Бакуге қоныс аударады. Әлимардан бектің саяси, әлеуметтік қызметтері де, міне, осы жылдан басталады. Бакуге келген соң талантты құқық қорғаушы, бір жағынан, өзінің кызметтері арқасында, екінші жағынан, мұсылман болуы себепті көзге тез түседі. Сонымен Әлимардан бек ол кезде түрік - мұсылмандардың орыс тілінде шығатын жалғыз газеті «Каспийдің» бас редакторы болып тағайындалды. Төңкерістен кейінгі біздің қазіргі көзімізбен қарағанда, «Каспийдің» ол кездегі саяси және ұлттық қызметтері солғындау сияқты көрінгенімен, демократияның ең қарапайым нышандары да болмаған сол кездегі Ресей жағдайында Ресейдегі түрік мұсылмандары мәселелерін көтеруде, халықтың ой-санасын оятуда бұл басылымның атқарған кызметін кішірейтуге болмайды. Әлимардан бек өзінің ашық саяси қимылдарын 1905 жылдан бастады. Осы жылдан былай Ресейдегі саяси жағдайда шұғыл өзгерістер жүз берді. Ұлт мәселесін ашығырақ, өткірірек қоюға мүмкіндік туылды. Ресей түріктерінің түрлі жиналыстары ашыла бастады. Осы жиналыстарда ұлттық талаптар ортаға қойылып, бағдарламалар жасалды. Осы конференциялардың төрағасы және бағдарламалардың авторы Әлимардан бек болды. Әлимардан бектің 1905 жылғы төңкеріс кезіндегі қызметі журналымыздың бас редакторы Мұстафа бектің марқұмның қабірі басында сөйлеген сөзінде біршама айтылғандықтан, Әлимардан бектің өмірбаянына қатысты мағлұматтарды осымен доғарып, оның түрік қоғам қайраткерлігі хақында бір-екі сөз айтпақпыз. Егер сіз кеңес баспасөзінің Ресей қол астындағы түрік өлкелері ұлттық қозғалыстары хақында жазғандарымен таныс болсаңыз, Әлимардан бек деген бұл есім «панисламист», «пантүркист» деген сөздердің баламасы ретінде ең көп айыптауға ұшырағанын көрмеуіңіз мүмкін емес. Орыс большевиктері өздерінің саяси әдебиетінде бейнелеп көрсетіп жүргеніндей «пантүркизм» мен «панисламизм» өмірде ешқашан болған емес. Ресей қаласындағы түріктердің ұлттық мүдделері, проблемалары, арман - аңсары ұқсас болуы, қаны, жаны, тілі, діні бір болуы себепті, басын қосып тізе қоса қимыл жасау қажеттілігін тудырды. Осы бірліктің түп-төркінін, негізін жақсы білетін Әлимардан бек оны өз қимылының негізі етіп алды. Міне, сол себепті де, Әлимардан бек Әзірбайжандағысындай Қазанда да, Қырымда да, Түркістанда да бірдей құрметке, сүйіспеншілікке ие болды. Әлимардан бек жалпы Ресейдегі орыс емес ұлттардың бәріне ортақ қайраткер ретінде көрінді. Ол Ресейдегі бодан халықтардың ұлттық мүдделері мен күрес жолдарын жақсы түсініп, айқын көре алды. Сол үшін де ол бірінші мемлекеттік думада құрылған (1906), Ресейдегі барлық орыс емес ұлттарға өкілдік еткен «Автономия бірлігі» төрағасының орынбасарлығына сайланған еді (төраға польшалық Летнинский болатын). Әлимардан бектің осындай қасиеттері болуы себепті, 8 қарашадағы жаназа рәсіміне түрлі ұлттың өкілдері көп жиналды... Түріктерден басқа, украин, грузин, армян, солтүстік кавказдықтар, қазақтар, қалмақтар тағы басқа да толып жатқан ұлттың өкілдері осы бір аса құрметті қоғам қайраткерімен ең соңғы рет қоштасып қалу үшін асығуы, олардың қабір басындағы сөйлеген жүрек тебірентерлік сөздері орыс империализміне қарсы күресіп жатқан барлық халықтар қандай ұлы тұлғадан айырылғанын анық көрсеткендей еді.
1934 ж., № 61
МАРҚҰМ ӘЛИМАРДАН БЕКТІҢ ТАБЫТЫ БАСЫНДА «ЯШ ТҮРКІСТАН»
ҰЛТТЫҚ БІРЛІГІНІҢ ЕУРОПА ӨКІЛІ ЖӘНЕ «ЯШ ТҮРКІСТАННЫҢ» БАС РЕДАКТОРЫ ШОҚАЙҰЛЫ МҰСТАФА БЕКТІҢ СӨЙЛЕГЕН СӨЗІ
Әлимардан есімі Ресей қол астындағы түріктердің саяси, әлеуметтік іс-қимылдарымен тарихи сипатта тығыз байланған. Әлимардан бек саяси істер жүргізе бастағанда біздің алдымызда тұрған мәселелер қазіргіден басқаша түрде болатын. Ол кезде ұлттық күрес қазіргідей өткір емес еді. Ұлт азаттығы мәселесі Ресей аумағында орыстармен тең құқыққа қол жеткізу түрінде қойылатын. Ол кезде Әлимардан бек пен оның пікірлес жолдастарына ұлт мүддесі үшін қызмет атқару өте қиынға соғатын. Өйткені ол кезде орыс үкіметінің назарында орыстар үшін қалыпты нәрселер орыс еместер үшін қылмыс болып саналатын. Түріктерге орыстармен бірдей құқық талап еткені үшін Ресей үкіметі Әлимардан бек пен оның серіктерін «ислам фанатигі», «түрік фанатигі» деп айыптайтын. Ресей мемлекеті жағдайында «ислам фанатигі», «түрік фанатигі» дегеннен асқан айыптау жоқ еді. Өйткені олар түрікшілдік пен исламшылдықтан орыстарға, орысшылдыққа қарсы ұлтшылдық негіздерін көретін еді. Міне, осындай «исламшыл», «түрікшіл» фанатиктеp қатарынан біз марқұм Ғаспыралы Смағұл бекпен бірге Әлимардан бектің есімін кездестіреміз. 1905 жылғы төңкеріс дәуірі. Ресей түріктері патша үкіметіне қарсы бас көтере бастады. Өздерінің ұлттық, діни құқықтарын талап етті. Ұлттық күресіміздің екінші кезеңінде марқұм Әлимардан бектің есімі ең алдыңғы қатардан орын алады. Бірінші мемлекеттік думасы. Оған түрік өлкелері өмірінің ең беделді, ысылған адамдарын сайлап жіберді. Әлимардан бек те дума мүшесі болды. 72 күнге созылған қиян - кескі айтыстардан соң, дума патша үкіметі тарапынан заңсыз түрде таратылды. Оппозициядағы партиялар мен ұйымдар Финляндияның «Выборг» қаласына жиналып, Ресей төңкерісі тарихында елеулі рөл атқарған «Выборг» мәлімдемесін басып, халыққа үндеу таратты. Mінe, осы төңкерістік құжатқа қол қойғандар арасында Әлимардан бек те бар еді. Бұл үшін Әлимардан бектің ісі сотқа беріліп, жазаға ұшырайды, саяси құқықтарынан мақұрым етіледі. 1917 жылғы ұлы төңкеріс патшалық Ресейді құлатып, ұлт - азаттық істерімізге кең жол ашқандай болады. Бұл кезде біз Әлимардан бекті жалпы Ресей түріктері, кейінірек жалпы Кавказ ұлттық қозғалысының алдыңғы сапынан көреміз. 1918 жылы Әзірбайжан ұлттық тәуелсіздігін жариялағанда Әлимардан бекті әзірбайжан Ұлттық Парламентінің төрағалығына сайлады. Рақымсыз тағдыр өз дегенін істеді. Әзірбайжан тәуелсіздіктен айрылып, қызыл империяның бұғауына қайта түсті. Бұл кезде Әзірбайжанның Еуропадағы ұлттық өкілдігінің төрағасы міндетін атқарып отырған Әлимардан бек әзірбайжанның мұғажыры болып қала берді. Ол қайда жүрсе де ұлты мен атамекенінен басқа ештеңені ойламаған аса күрескер адам еді. Мұғажырлық өмірдің машақаты көп-ақ. Жасы егде тартқанда Әлимардан бек мұғажырлық өмірдің тауқыметін тартуға тура келді. Ол қандай күйде жүрсе де Әзірбайжан мен Кавказияның бостандыққа шығарына зәредей де күдіктенбеді. Кавказия конфедерациясы -Әлимарданның есімі берілген ең соңғы тарихи оқиға болды. Кавказияның болашағын айқындауда маңызды рөл атқаруға тиіс осы конференцияның туына Әлимардан есімі жазылары шүбәсіз. Біз, Түркістан түріктері, Әлимардан бекті аса көрнекті түрік қайраткері ретінде құрметтейміз. Әлимарданға түркістандық түрік те, қазандық түрік те, қырымдық түрік те өзінің әзери түріктерімен бірдей еді. Әзери түріктер Әлимардан бекті әздерінің ең ірі ұлттық тұлғасы және тәуелсіз Әзірбайжан Республикасының түңғыш Парламентінің төрағасы деп құрметтейді. Кавказдықтар болса Әлимардан бекті Кавказ федерациясының құрушысы деп еске алады. Түрік және Кавказия мәртебесін бір басына сыйғыза білу — бүл аса бақытты қасиет және Әлимардан бектің есімін асқақтата түсетін құдірет. Әлимардан бектің жатқан жері жайлы болсын. Құдіретті тәңірім жәннәттан орын сыйласын. Әлимардан бектің отбасына, туыстарына, жерлестеріне ауыр қаза әкелген қайғы-қасірет біздің баршамыздың осы бір ұлы адамға деген сүйіспеншілігіміз, құрметіміз арқылы жеңілдей түскей!
1934 ж., №61
БОЛЬШЕВИК СЕРГЕЙ КИРОВТЫҢ ӨЛТІРІЛУІНЕ ОРАЙ
Үстіміздегі жылдың 1 желтоқсанында Ленинград қаласында Ленинград Кеңесінің бастығы, большевик көсемдерінің бірі — Сергей Киров өлтірілді. Оны өлтірген Николаев есімді орыс жұмысшысы. Киров — Сталиннің ең жақын серіктерінің бірі еді. Соңғы 17-жалпы одақтық партия құрылтайында барлық билікті қолында ұстаған Саяси Бюроға мүше болып қабылданған еді. Кеңес газеттері, олардан көшірме жасайтын Еуропа баспасөздері Кировтың өлімі туралы «өтірікті шындай, шынды құдай ұрғандай» етіп көпірте жазуда. Большевиктер мен еуропалықтардан Кеңес үкіметінің Шығыстағы достары да қалысқан жоқ. Киров жолдастың өлімі оларды есеңгіретіп тастағаны байқалады. Біз Кировқа байланысты бұрмаланған шындықты қалпына келтіруді көздеп отырмыз. 1920 жылы қыркүйекте Кеңес үкіметі тарапынан Бакуде шақырылған Шығыс ұлттарының құрылтайы ешкімнің жадынан шыға қоймаған шығар. Осы құрылтайға Киров та катысқан және құрылтай сайлаған Атқару Комитетінің мүшелігіне тағайындалған. Құрылтайдан қайтқан соң Тфилисиге келген Киров (ол кезде ол Кеңес үкіметінің Грузиядағы елшісі болатын) орыс тілінде шығатын «Словода» өзінің көне жолдасы Коренов деген біреумен пікір сайысына түсіп, «шығыстағы дос халықтар» хақында мынадай сөздер сөйлеген: «Я не знаток востока. Но я знаю, есть такое качество у восточных людей, что они охотно идут на какие угодно съезды, особенно если их угостить при этом пловом...» Бұл күнде Кеңес үкіметінің азасына шын жүректен үн қосып отырған орыс большевиктерінің шығыстағы достары «Киров жолдастың» ол кезде өздеріне істегендерін еске алып, біраз ойланса еді. Кім біледі оған дәрмені, парасаты жетер ме екен?.. Кировтың өлтірілуі соңғы кездері «жұмсаңқырап» қалған қанқұйлы тізімді қайта қаһарына мінгізіп, террорды жандандыруға жол ашты. Кировты өлтірген жүмысшы Николаевтың ісі сотта қаралмады. Осы оқиғаға байланысты Мәскеу мен Ленинградта 66 адам атып өлтірілді.
1934 ж., № 61
АТАМЕКЕН ЖАҒДАЙЫ
Түркістанда қанды террор жүріп жатыр. Кеңес, оның ішінде Түркістан кеңес газеттері партиядан шығарылғандар, қамауға алынғандар, жер аударылғандар және өлім жазасына үкім етілгендер туралы материалдарға толы. Сот үкімдеріне, қаралау материалдарына қарасаңыз, ең алдымен көзге түсетіні — айыпталушының өз кінәсі емес, оның баяғыда өліп қалған атасының бай, саудагер, ғұлама, яғни кезінде іс басында болғаны немесе айыпталушының өзінің көне медреселерде оқығаны тәрізді нәрселер. Лениннің өзі орыс патшалық түзімі шенеунігінің ұлы еді. Сталин Грузиядағы рухани семинарияда оқыды. Оны әке-шешесі ортодокс клисасының попы болуға дайындаған. Енді өзіміздің Түркістанды алайық. Өзбекстан Комиссарлары Кеңесінің торағасы, Одақтық Атқару Комитеті төрағаларының бірі Файзолла қожа Түркістандағы ең ірі саудагердің бірі еді. Ал Өзбекстан партия Комитетінің хатшысы Камал Акрам көне медресенің түлегі - тұғын. 1917 жылы бүкіл Түркістан жастары алдында «шариғат тұрғысынан орыс төңкерісіне қалай қарау керек?» деген де сол Камал Акрам болатын. Осыншама қамалып, атылып жатқан түркістандықтар арасында сол Лениннің атасындай патшадан жер алып, ілтипатына бөленген бірде-бір адам жоқ. Солардың ешбірінің әкесінің, атасынын байлығы Файзолладан артық емес. Ал керітартпа деп аталған оқуы Камал Акрамдікіне жетпейді. Әкелері мен аталарының және өздерінің бай болғаны себепті олардың ең ауыр кылмыскер саналуы бұл адамдар жөніндегі айыптаулардың мүлде негізсіз екенін көрсетеді. Олар бұрынғы «рухани семинария» шәкірті тарапынан бекітіліп, бұрынғы бай баласы Файзолла қожа және медресе шәкірті Камал Акрам жағынан ешбір қарсылықсыз мақұлданған, іс жүзінде орындалуы мүмкін болмайтын қияли жоспарлардың құрбандары болып отыр. Бұл адамдар түркістандық болғандығы үшін ғана жазаланды. Олардың түркістандық болғаннан басқа ешбір кінәсі жоқ. Большевиктердің қанды террорына жауап ретінде көтеріліс нышандары көріне бастады. Осыған орай ағылшын газеті «Дейли экспрестің» 34.12.29 санында жарияланған телеграмманы назарларыңызға ұсынамыз. Түркістан кеңес баспасөзі ол туралы жұмған аузын ашпайтыны айтпаса да белгілі. Ағылшын газетінде көтеріліс Тәжікстан жерінде басталуы ықтимал делінген. Большевиктер Түркістанды екі жылдан бері «сұрапыл таптық күрес сахнасына» айналдырып келеді. Бұрынғы чекист Петере Тәжікстандағы кеңес үкіметі саясатын орыс жұмысшыларына қарағанда жергілікті ұлт жұмысшыларына 5—6 есе аз жалақы берумен сипаттады. («Правда Востока» газетінің 34.09.11 сандарын қараңыз.) Тәжікстан Комиссарлары Кеңесінің бастығы Рахымбаевтың «Известияда» (34.12.29) шыққан мақаласынан да бұл республикада төңкеріс туылуы ықтималы күшті болып отырғанын аңғаруға болады. Рахымбаев Тәжікстанды «социалистік құрылыстағы таптық күрестің сұрапыл майданы» деп атап көрсетеді. Рахымбаевтың пайымдауынша, «Тәжікстанның тарих процесіндегі ерекшелігі — мешеулігі, діни және ұлттық кертартпалығы — міне, бұлардың бәрі тап жауларының бүлдірушілік әрекеттеріне қолайлы жағдай жасайтын» көрінеді. Рахымбаев тағы Нүсіретолла Мақсұм мен Қожыбаевтар басқарып тұрған кезде Тәжікстан партия комитетінде қателіктерге жол берілгені туралы да айтады. Сөйтіп, ол республика тап болып отырған аса ауыр жағдайды қазір көзі тірі емес адамға аударып, оз жауапкершілігін жеңілдетпек болады. Рахымбаев өзінен бұрынғылардың қателігін, міне, осылайша «түзетеді». Біз, Түркістан ұлтшылдары, нахақтан өлтірілген, бойындағы барымен мекеннің, туған халқының ар-намысын қорғаған жерлестеріміздің күрескер рухына құрметпен басымызды иеміз.
1935 ж., №62 «Түркістанда көтеріліс» — Лондонда шығатын «Дейли экспресс» газетінің 34.12.29 санынан төмендегі телеграф хабарын оқыдық. «Кеңестік Түркістанның Ауғанстан шекарасына таяу жерінде Қызыл Армия мен жергілікті шаруалар арасында қарулы қақтығыс туылды. Осы қақтығыста 2 мыңнан аса адам қаза тапты. Түркістан шаруаларының үкіметке астық тапсырудан бас тартуы соғыстың туылуына басты себеп болғанын көріп отырмыз. Ауғанстан шекарасына жіберілген қызыл әскерлерді шаруалар қару кезеп қарсы алды. Соғыс тұп-тура бір күн жалғасты. Шаруалар тарапынан көрсетілген қарсылықтың күшті болғаны соншалық, үкімет оларды жаныштау үшін әскери самолеттерді іске қосып, улы газдармен толтырылған бомбылар тастады. Шаруалардың бір бөлігі Ауғанстан аумағына шегінді. Соғыс болған жерге «ГПУ» топтары жіберілді. Көтеріліс басшыларынан 14 адам атып өлтірілді. Шаруалардың қолындағы астығы тартып алынуда». Басқарма: Ағылшын газетінен ешбір өзгеріссіз келтірілген осы хабарды Мәскеу Қызыл үкіметінің органы «Известияның» сол күнгі санында (34.12.29) Тәжікстан үкіметінің бастығы Рахымбаевтың жоғарыда үзінді келтірілген мақаласымен салыстырып оқыр болсаңыз, Түркістанда жергілікті шаруалар мен Кеңес қызыл әскерлері арасында шынында соғыс болғаны растала түседі.
ЖҮЗЕГЕ АСПАЙ ҚАЛҒАН БІР ТӨҢКЕРІСТІК ӘРЕКЕТ
(Заки Валидидің бір шығармасына орай) «17 құм алты шаһары және Садири Мақсуди бек» атты мақаласында Заки Вал иди бек 1918 жылы Орынбор қаласында әзірленіп, бірақ жүзеге аспай қалған бір төңкерістік әрекет туралы айтады. Заки бектің жазғандарына қарағанда, башқұрттар, қырғыз «Алашорда» үкіметінің Торғай уәлиі және бір топ демократ казактардан тұратын бұл төңкерісшілдер Орынбор казактарының атаманы генерал Дутовтың үкіметін, әскери штабын құлатуды мақсат етіпті. 6 қараша күні жүзеге аспақ осы көтерілісті Әлиахмет Уәлиев атты бір татар жігіті сатып кетеді. Ол көтеріліске бірнеше сағат қалғанда генерал Дутовқа хабарлап қояды да, өзі қашып құтылады. Сонымен көтеріліс жүзеге аспай қалады (Шығарманың 14-беті). Заки бектің бүл мысалы, ол айта беретін «татар дауы» деген нәрсенің қандайлық дәрежеде жиіркенішті, пасық ойлардан туғанын аңғартады. Мен, әрине, бұл жерде Заки бек алға тартып жүрген «татар дауы» немесе «татар -башқұрт» және жалпы татарлар мен басқа түрік халықтарының байланысы хақында сөз қозғамақ емеспін. Менің бұл жолғы мақсатым - Орынбор көтерілісінің шындығымен оқырмандарды таныстыру ғана болмақ. Осы төңкерісті әзірлеуге менің де тікелей қатысым болуы себепті, оның жай-жапсарын бүкіл Түркістанда менен басқа білетін адам жоқ десем — қателеспеймін. Заки бек көне тарихымызды жазғанда біршама әділ сияқты көрінгенімен, соңғы, әсіресе өзімізге қатысы бар оқиғаларға қалам тартқанда «ұмытшақ», тіпті «бояушы» да. Орынбор казактарының атаманы Дутовқа және оның штабына қарсы бағытталған көтеріліс 1918 жылдың қараша айында емес, желтоқсан айында әзірленген. Атаман Дутовқа қарсы бүл астыртын әрекеттің жүзеге асуы адмирал Колчак үкімет басына келсе ғана мүмкін болушы еді. Адмирал Колчак 1918 жылы 18 қарашаның түнінде Омск директориясының басшылары Аргунов, Окцентьев, Зиновьев және басқа да бірқатар адамдарды қамауға алып, билік тізгінін қолына түсірді. Екіншіден, Заки бек айтқандай, 6 қараша күні Алашорданың Торғай уәлиі былай тұрсын, Алашорда үкіметінің өзі атымен жоқ болатын. Өйткені Алашорда үкіметі 22 қазан күні Омск директориясы тарапынан таратылып жіберілген болатын. Ендеше 6 қарашадағы астыртын жиналысқа Алашорда үкіметінің уәлиі қатыса алмайтыны өз-өзінен түсінікті болса керек. Бұл төңкеріс 1918 жылдың желтоқсанында әзірленіп, оған Орынбор казактарынан Кагаркин, полковник Махин3, орыс социалист - төңкерісшілі Вадим Чайкин, Заки бек және мен катысқан болатынбыз. «Орынбор төңкерісі» тарихына байланысты қойын дәптерімде жазылып қалғандардан төмендегілерді келтіремін. Колчак үкіметі тарапынан қолды болып, Екатеринбург (бүгінгі Свердловск) қаласынан Челябіге әкелінгенімізде, (1918.11.22) бізді уақытша қамап ұстаған темір жол вагонынан қашып шығып, желтоқсанның бас шенінде (1918 жылы) Вадим Чайкин екеуміз Орынбордан келіп шықтық. Большевиктерге қарсы күресте «ақ орыстармен» бірлесіп мақсатқа жете алмайтынымызды енді анық сезінген едік. Біз енді башқұрт әскерлері мен казактардың бір бөлігіне сүйеніп Түркістанды қызылдардан құтқарып алуға бел байладық. Орынбордан басқа жердегі казактардың соғысқа катысуын қаламайтын атаман Дутов біздің бұл жоспарымызға, әрине, қарсы болары табиғи еді. Казак басшыларынан бізді тек Кагаркин мен Махиндар қолдайтын. Олар Дутовты орнынан түсіруді көздейтіндерін жасырмайтын. Кагаркин Дутовтың орнын басуды ойлайтын. Махин социалист -төңкерісшілдерге жататын. Ол кезде ол Ақтөбе майданында қолбасшы еді. Башқұрттар оған сенетін. Жоспарларымыздың орындалар, орындалмасы ең алдымен башқұрт бауырларға қатысты болды. Басында Заки отырған Башқұрт үкіметі мен офицерлері алғашында бұл жоспарды шын ниетімен қабылдағандай және оның жүзеге асырылуына белсене кірісетіндей сыңай танытты. Ақтөбе майданынан Махинды шақырып алып, атаман Дутовты орнынан тайдырудың жолдары қарастырылды. Мұндай астыртын бас қосуларда Заки, Вадим Чайкин, Махин және мен қатысып жүрдік. Осындай жиналыстарға Заки ылғи да бір көмекшісін ерте келетін болды. Әрқандай төңкерістік әрекет аса құпиялықты талап ететіні, мұндай сәттерде бөгде адамдардан барынша абай болу керектігі кім-кімге де аян болуға тиіс. Петербургта жүргенде зілдей ауыр кітаптарды қаланың о шетінен бұ шетіне жаяу тасып зыр жүгіретін Заки батыр енді құпия мәжілісімізге керегі жоқ, салмағы бір мысқалдай ғана қол папкасын көмекшісіне көтертіп келетінді шығарды... Мен Закидің көмекшісіне күдік келтіріп отырған жоқпын. Алайда сол кездегі мазасыз жағдайда бір адамға папкасын қолтықтатқызып қасына ертіп жүру басқалардың назарын аудармауы мүмкін емес еді... ...Ақыры жоспарымыз ертең жүзеге аспақ болып, жүрегіміз алып-ұшып тұрған шақта арамыздан бір сатқын шыққанын білдік... Махинның қолды болып жазаланғанын, Кагаркиннің жасырынып қашып кеткенін естідік. Чайкин екеуміз Орынбордан тез кетуге мәжбүр болдық. Ал Заки Орынборда қала берді... Өмірімде басымнан өткен қайғылы оқиғалар арасында қабырғама әсіресе қатты бататыны осы Орынбор оқиғасы болуы себепті, мен ол туралы жиі-жиі ойлаумен келемін... Осыдан біраз уақыт бұрын Орынбор атаманының орынбасары, Закидің де жақсы сыбайласы, генерал Окулин Парижде шығатын «Возрождение» газетінде біз сөз етіп отырып оқиғаға соға отырып, көтерілістен сәл бұрын атаман Дутовқа бір башқұрт офицері келіп құпиялықты әшкере етіп бергенін жазды. Менің қасіретім бұрынғыдан бетер ауырлай түсті... 33.01.23-де мен генерал Окулинге хат жазып, башқұрт әскерімен, әсіресе Заки мен атаман Дутовтың араларында сол тұста қандай байланыс болғанын сұрадым. Маған қайтарған жауабында генерал Окулин башқұрт әскерлері Орынбор казактарының қазынасы мен қару-жарақ қоймасынан сол баяғысынша ақша және әскери қару - жарақтар алып тұрғанын, Дутов пен Закидің арақатынасы бұзылмаған күйінде қалғанын айтады... Көріп отырған боларсыздар, башқұрттың «татар жауы» офицер Әлиахмет Уәлидің әрекеті дейтіннің бүл арада ешқандай қатысы жоқ. Орынбор төңкерістік әрекетін дайындауға катысқан бес адамның төртеуінің басына күн туып кеткенде, Заки бек Дутовпен әмпей-жәмпей болып қала берген... Арада бірнеше ай өтті. Түркістанды қызылдардан құтқарыспақ болып Орынбор төңкерісін әзірлеуге қатысқан Заки бек башқұрт әскерін бастап қызылдар жағына өтіп кетті... Тағы біраздан соң орыс коммунистік партиясының қатарына кірді... Орыс большевиктерінің күшеюіне барынша қызмет көрсетіп, башқұрт әскерлерін Кеңес әскерлері қатарына қосып беріп, сонан соң Заки бек Түркістан басмашылары қатарына келді...
1935 ж., №62
САҒИДОЛЛА ТҰРСЫН ҚОЖАНЫ «ТАЗАЛАУҒА» БАЙЛАНЫСТЫ
Сағидолла Тұрсын қожаны «тазалау» кезінде партия комиссиясының алдына келіп куә болғандар арасынан Низамалдин, Маян Бөзірек, Ташболат Нарбота бек тәрізді бұрыннан белгілі адамдардың аттарын ұшыраттық. 1919 жылы 18 ақпанда Кеңес әскери комиссары Осипов бастаған бір топ большевиктер мен солшыл социалистер Кеңес үкіметіне қарсы көтеріліс жасағанда (кеңес баспасөзінде бұл оқиға «Осипов бүлігі» деп аталады) бүл оқиғаны Сағидолла күні бұрын біліп отырды дейді әлгі куәгерлер — Низамалдин мен Маян Бөзірек. Бұл екеуі большевиктердің құлақ кесті құлдары екенін алдын ала айта кеткеніміз жөн. Низамалдинді большевиктер кейде «екі жүзді» деп айыптаса, Маян Бөзірек өзбек әдебиеті тарихына катысты жазған бір шығармасымен большевиктердің қаһарына ұшыраған еді. Оған қарсы көптеген сын мақалалар жазылған. Алайда, соларына қарамастан, бұл екі «ұлтшыл жаулар» большевиктердің ең сенімді адамдары болып қала берді. Бүл тұста осы екі «жәдитшінің» куәгерлігі үшінші бір «жәдитшінің» суға батырылуы үшін керек болып отырғаны белгілі... Ташболат Нұрбота бек болса «досы Сағидолланы ауыр жағдайдан құтқарып алу үшін әрекет еткен» көрінеді («Правда Востока», 34.12.17). Алайда Ташболаттың дәлелдерінің жалған екенін дәлелдеу үшін «тазалау комиссиясының» торағасы бұрынғы чекист Петере папкасынан «бұрынғы Қоқан үкіметінің ресми газетін шығарып, Ташболаттың сол үкіметке мүше болғанын оқып беріпті - мыс». Бұдан еткен суайттық болмас! Ташболат Нарбота бек Қоқан үкіметіне мүлде қатысы жоқ адам. Петере Қоқан үкіметінің ресми газетінен оған дәлел тауып оқуы мүмкін емес. Егер ол бірдеңе оқыған болса, өтірік оқыды. Немесе басқа бір жалған газеттен оқыды. «Тазалау» кезінде Сағидолла Тұрсын қожа Әнджанға Мемлекеттік Думаның комиссиясы келген кезде «жергілікті халықтың патша үкіметіне наразылығын айту үшін амал іздегені, сонымен осы комиссияның құрметіне берілген қонақасыда төңкерістік сарында сөз сөйлеп, кейін масқара болып Әнджаннан қашып кетуге мәжбүр болғаны» туралы айтқан -мыс («Қызыл Өзбекстан», 34.12.15). Сағидолланың бүл сандырақтарын комиссия өтірікке шығарыпты. Оның өтірік екеніне мен де куә бола алар едім. Мемлекеттік Думаның Комиссиясы Әнджанға тамыздың 26-сында келген еді. Қала әскери түске енген. Алайда, соған қарамастан, Дума мүшелері — Құтлық Махмуд мырза Төкіл мен Керенский Әнджан мешітінің ауласында бір митинг өткізуге шешім қабылдады. 2-3 мыңдай адам жиналды. (Бәрі де түркістандықтар болатын.) Әнджан полициясының бастығы митингінің заңға қарсы екенін ескерткеніне қарамастан, Құтлық Махмуд мырза мен Керенский оның ескертуіне құлақ аспастан, сөздерін жалғастыра берді. Сағидолла Тұрсын қожа Керенскийдің сөзін және жергілікті өкілдерінің ашу-ызаға толы сөздерін екі тілге бірдей аударып беріп тұрды. Сол кездің жағдайында Сағидолланың мұндай әрекеті халыққа болысқандық, төңкерісшілдік болып саналар еді. Сағидолланың комиссия құрметіне берілген қонақасыда төңкерісшіл сөз сөйлегені де, Әнджаннан қашып кеткені де рас. Осыларға қосымша мынаны да айта кетуді жөн санаймын. Әнджанның беделді адамдары Құтлық Махмуд мырза және Керенскийлермен оңаша өткізген сұхбаттарында: «Біз Түркістан халқына патшаның жарлығына бойсұнын,- дар дей алмаймыз. Өйткені патша жарлығы біздің халқымызға қарсы бағытталған», — дейді. Сол себепті Петербургқа қайтып барған соң, Құтлық мырза Дума мүшелері мен Үкімет кісілеріне: «Түркістан халқының бәрі патша үкіметіне наразы екен», — десе, Керенский одан асып түседі. Ол: «Түркістан халқы патша үкіметіне түгелімен дұшпан екен», - дейді. Алайда түркістандықтардың тілегені болмады. Патша үкіметі қарулы күшке сүйеніп бізді жеңді... Осы тұста тағы бір шындықтың беті ашылып қалды. Түркістандағы орыс жүмысшылары мен орыс мұжығының бәрі біздің халыққа дұшпан екенін көрсетіп алды. 1917 жылғы төңкерістен соң, біз дұшпандықты достыққа айналдыру үшін көп еңбек еттік. Бірақ жағдай бәрібір өзгермеген күйінде қалды. Ақыры сол дұшпандық пиғыл «Түркістанда орыс пролетариат диктатурасының» орнауына алып келді... Орыстардың бізге деген дұшпандығы нәтижесінде 1916 жылы халқымыздың басына түскен шексіз ауыртпалық пен жәбір-жапаны, енді, міне, 1934 жылға келгенде, орыс пролетариат диктатурасы Түркістандағы ұлтшыл бұқараның мойнына жүктеп қоюға әрекет жасап отыр.
1935 ж.,№ 63
17 ҚАБАТ ЖЕР АСТЫНДА ҚАЛҒЫР БІР
ЖАРАМСЫЗ ҚЫЛЫҚ ЖАЙЫНДА
Заки Валиди бек мұғажырлықта Түркістан Ұлттық Орталығының мүшесі болып жүрген кезінде (25.12.24-інде) өзінің «бек сүйікті жолдасы» Сталинге жазған хатында — «Можно полагаться, что я совершенно ясно отличаю науку от политики» дегені бар. «Сүйікті жолдасы» Сталиннің оған сенген, сенбегені маған беймәлім. Ал мен өзім, шынымды айтсам, оған сене алмаймын. Өткен жылдың орта шамасында Ыстамбұлда басылып шыққан оның «17 құм алты шаһары және Садири Махсуди бек» атты кітабы менің осы күдігіме дәлел бола алады. Бұл кітапшаға ғылыми ат беріліп, оның сыртына «Түркістан білігі» деген сөз қоса жапсырылғанымен, ішінде ғылымға тиген орын өте аз. 60 беттік кітапшаның 20 беті ғана ғылымға тиесілі болып, 6 беті Заки Валидидің өмірбаянына, шығармаларының тізіміне арналған. Қалған 34 беті4 , яғни кітапшаның жартысынан астамы Закидің Садири Махсуди, Аяз Исқақи бектермен пікірталастарына және оның жалпы татар жауларына қарсы насихаттық сипаттағы сөздерімен толтырылған. Заки бектің «17 құм алты шаһары» хақындағы ғылыми мәселелерді ортаға қоюына қатысты себептерді біз білмейміз. Алайда Заки бектің көзде ұстаған саясаты бұрынға патшалық дәуірде Алматы полициясының бастығы болған Портиковтың идеялары Ғабдолла Құрбанғалиев тарапынан қабыл алынып отырғаны көңіл аударарлық. (Қурбангамиев тарапынан шығарылып жатқан «Жаңа жапон тілшісінің» 22-ші саны қаралсын.) Мен Заки бек пен Садири және Аяз бектер арасындағы жеке басқа қатысты дау-дамайларға араласудан аулақпын. Егер Заки бек бұл кітапшасын «Түркістан білігі» деген атпен шығармағанда, жалпы Ресей түріктерінің ұлттық қозғалысын қозғамағанда, мен өз жөніммен кете барған болар едім. Аталған мәселелердің Заки бекше қойылуы, ол туралы oй - пікірімізді білдіруге бізді де міндеттеп отыр. Заки бек бізді 1917 жылғы төңкерістің алғашқы кезеңіне кайта оралуға итермелейді. Ол сол кездегі сөйлеген сөздер мен істелген істерден біздің түрік тектестердің болашақ қатынасын айқындайтын заңдар шығаруға тыраштанады. Заки бек өзінің барлық күш-қуаты мен ақыл-парасатын «17 құм алты шаһардан» басқа кейбір татар қоғам қайраткерлерінің «қателіктері мен кінәларын» құмдар мен тұздар астынан қазып шығаруға жұмсаған. 1917 жылғы төңкерістің бас кезінде біз бәріміз де федералист, унитарист тәрізді ағымдардың ықпалында болдық. Бәріміз түгел берілген осы көзқарастар біздің орыс демократиясына шамадан тыс сенуімізден туған еді. Ресейдің төңкерісшіл демократиясына деген сенімнен туған федералистер мен унитаристер арасындағы пікір айырмашылығын оның біреуін империяға дос, ал екіншісін жау етіп көрсету жолымен түсіндіруге болмайды. Мұның екеуі де түрік тектестердің сол тұстағы жағдайына байланысты туылған көзқарастар. Егер біз, түркістандықтар (бұрынғы Түркістан уәлаятын айтып отырмын), 1917 жылдың басында-ақ ұлттық тәуелсіздік бағдарламасын ортаға қойсақ, оған халқымыз ішінен қарсылық шықпасына мен шүбәланбаймын. Бірақ біз бірден ол жолға түсіп кете алмадық. Өйткені, біріншіден, жоғарыда айтқанымдай Ресейдің төңкерісшіл демократиясына сеніміміз күшті болды. Екіншіден, өз күшімізге сене алмадық. Өз мемлекетімізді құрып жүргізіп кете алуға көзіміз жетпеді. Ресей аумағында қала отырып, атамекеніміздің ішкі істерін өзі басқаруына шақ келетін құрылым іздедік. Федерацияны жон көрдік. Еділ бойындағы татарлардың жағдайы бізден мүлдем өзгеше болатын. Ол кездегі жағдайда федерализм болған күштің өзінде түрік - татар халқының ұлттық-мәдени істерін өзі басқару құқығынан айырылып қалу қаупі бар еді. Ұлттық мәдени - автономия мәселесі (яғни «унитаризм») осы себепті туылып, Еділ бойы татарлары өздерінің ұлттық мүддесі мен құқықтарын тым құрығанда ұлттық мәдени әрекет түрінде сақтап қалуды көздеген еді. Заки бек Мәскеуде өткен жалпы мұсылмандар конференциясы туралы ұзақ-ұзақ айта келіп, осы конференцияда Ресейдегі түрік мұсылмандары өзара жауласуға дейін барған екі топқа — федералистер мен унитаристерге бөлінді дейді. Шынында солай ма еді? Осы жалпы Ресей жиналысы бір атқару комитетін сайлап тарасты. Осы комитеттің басына жеңген федералистердің емес, жеңілген унитаристердің басшысы марқұм Ахмет бек Салхты сайлаған еді. Бұл нені көрсетеді? Федералистер мен унитарист дегендеріміз, Заки бек жазғандай, бір-бірімен бітіспес жау емес, керісінше, «бірі - жаға, бірі - жең», бір-бірінен айрылмас туыстар екенін көрсетсе керек. Заки бек «татар империализмінің» ем қонбас үрейіне душар болған. Ол осы «татар империализмі» құбыжығымен түркістандықтарды, күллі түрік халқын, қала берді мұсылман әлемін қорқытпақ болады. Басқаларды қоя тұрайық та, Заки бектің 1934 жылға келгенде түркістандықтарды «татар гегемониясы» үрейімен қорқытпақ ойына тоқтала кетейік. Мұның өзі кішкене балаларды «құбыжықпен» қорқытқандай бірдеңеге ұқсайды. Заки бектің татарларға өштік сезімі шынында таңғалдырмай қоймайды. 1924 жылы Заки бек Берлинде Аяз бекпен араздасып қалып, маған «өмірінде татарша бір ауыз сөз сөйлемеске, жазбасқа ант ішкенін» айтқан еді. 1928 жылы Түркістан хақында жазған бір мақаласының «Түрік елі» кітабына енбей қалу себебін татар Ақчораұлы Юсуб бектен көріп, «башқұрт болған соң баспай қойды» деп жүретін. Башқұрт әскерінің офицері Әлиахмет Уәлиевтің сатқындығы туралы жазғанда да, ол кісінің татар ұлтынан шыққанын алға тартады. (Бұл туралы журналымыздың өткен санындағы арнайы жазылған материалды қараңыз). Ал сатқындардың сатқыны Шәріп Манатовтың опасыздығын Заки бек немен түсіндірер екен? Ол кезде Аяз Ысқақи бекті (жалғыз ол ғана емес) патша үкіметінің полициясына ұстап берген Анадолы ұлт-азаттық күресінің ен ауыр күндерінде большевиктердің ішіндегі түрік ұйымдарын арандату үшін күрескен адам дәл сол Шәріп Манатов емес пе еді? Осындай опасыздықтарды Манатов башқұрт болғаны үшін істеді деуге бола қояр ма екен? Профессор Заки Валидидің қисынына салғанда солай болғанмен де, бұлайша ойлап, бұлайша пайымдау адамдыққа, ар-ожданға қайшы келетін сорақы нәрсе. Өкінішке орай, осындай сатқындар қай халықта болса да бар. Солардың қатарында башқұрт, татар, өзбек, қазақ, қырғыздан шыққаны да бар және бұдан соң да шығады. Бір немесе бірнеше адамның қылмысын бүкіл халықтікі етіп көрсету үшін Заки бек тәрізді профессордың арнайы тәсілі керек. Тағы бір қызық мәселе. Заки бек кітабының 13-ші бетінде бірнеше татар бір жақ, Заки бек және бірнеше түркістандықтар екінші жақ болып жүргізілген бір пікірталасты тілге тиек етеді - 1920 жылы Мәскеудің Кремлінде болған осы оқиға кеңестік Ресейдің түрік бөлігіндегі әскери күштері жалпы Қызыл Армия штабына (Әскери қолбасшылық штабына) жекелеген жергілікті штабтар түрінде ме, жоқ әлде орталықтың «Азия бөлімшесі» ретінде ме, осы екеуінің қайсысы бойынша байлануы керек деген мәселе төңірегінде пікірталас тудырғаны рас. Заки бек пен бірнеше түркістандықтар соңғы пікірді қуаттаушылар болған. Егер Кремльдегі осы жиынға мен қатынассам, онда мен де Азия бөлімшесі түрінде Орталыққа бағынуды жақтаушылармен бірге болар едім. Ал енді осы оқиғадан болашақты көздеп қалай, қайтіп бір саяси нәтижелер шығаруға болады. Мен өзім әскери істер маманы емеспін. Алайда осы оқиғаға байланысы бар адамдардың бәріне, солардың ішінде маған да басы ашық бір нәрсе бар. Қалай байланса олай байлансын, әйтеуір 1920 жылы Мәскеудің Кремлінде түрік өлкелеріндегі ұлттық әскерлердің бүкіл ресейлік әскери ұйымы мен ұйымдық қатынасы қалай құру жайы сөз болғаны анық. Бүгін біз - кешегі федералистер мен унитаристер — бәріміз мұғажырлар майданында жүрміз. Бүгін бұрынғы федералистер де, бұрынғы унитаристер де тәуелсіздік үшін күресушілер. Ал енді бұрынғы федералистер бұрынғы унитаристердің бүгінгі істеріне, Заки бек өз кітабында жазғанындай, сенбестік білдірсе, күдікпен қараса ол кездегі осы бір қасіретті бөлінуге ешқандай қатысы болмаған бүгінгі жастарымызды өздерінің айтқандарына иландыра ала ма деген сұрау өз-өзінен туады. Бұл жөнінен келетін болсақ, түрлі түсті орыс партияларына, соның ішінде большевиктер партиясына кіріп алып, солардың сойылын соққандардың қандай моральдық хақысы болуы мүмкін? Біздің кезінде федералист, унитарист, Азия бөлімшесі жақтастары болған қасіреттеріміздің бәрі Ресейдің төңкерісшіл демократиясына деген сенімімізбен бірге әлдеқашан жерленген. Олар туралы енді бүгін тек тарихи естеліктер ғана жазған жөн. Ал оларды бүгін қайта жаңғыртып, саяси күрес, насихат құралына айналдырғысы келетіндер «демагогтардан» басқа ешкім де бола алмайды. Өкінішке орай, біздердің әлі де бұрынғыша пікір өзгешеліктеріміз, пікірталастарымыз бар. Олардың біразы жеке басқа қатысты нәрселерге жалпылық, халықтық сипат беруге ұрынушылық қылмысқа парапар болар еді. Мен мұны Түркия баспасөзіне шығарып, үкіметті жақтаушылар мен оған қарсы оппозиция түрінде көрсетуге тырысушылықты аса ауыр қателік деп есептеймін. Түрік басылымдарын қажет кезінде алдына барып жүгініп отыратын төреші ретінде көргеніміз абзал болар еді. Амал қанша, Заки бек мұндай маңызды кеңеске құлақ аспайды және құлақ асқысы да келмейді.
1935 ж., № 63
ҚЫТАЙЛАР МЕН КЕҢЕС ҮКІМЕТІНІҢ ШЫҒЫС ТҮРКІСТАНДАҒЫ ДОСТЫҒЫ
Шығыс Түркістанда ұлттық қозғалыс басталғанға дейін Үрімшідегі Қытай үкіметі Кеңестің қолындағы ойыншық іспетті бір нәрсе екені баршаға аян еді. Жағдай аздап өзгеріске ұшырады. Мәскеудің қолжаулығы Шың Шұрын мұсылман - түрік көтерілісі басталғанда қашып кетіп, оның орнына жаңа уәли, жаңа үкімет тұрғызылды. Бүл үкімет Мәскеумен байланысын «үзгендігі» туралы мәлімдеп, оған тіпті Қытайдың орталық үкіметін де сендіре алған еді. Шығыс Түркістан хақында жазғанда біз ылғи да Үрімші мен Мәскеудің байланысы сол бұрынғысынша жақсы күйінде қалып келе жатқаны туралы айтатынымыз оқырмандарымыздың есінде болса керек. Біздің осы айтқанымызды теріске шығаруға ұрынушылар аз болған жоқ. Тағы бір жағынан кеңестік Ресейді Шығыс Түркістанның нағыз досы деп көрсетуге тырысушылар да болмай қалған жоқ. Міне, енді «ауа райы» түзеліп келеді. Өткен қаңтар айында жапон парламентінде сөйлеген бір сөзінде Жапонияның Сыртқы істер министрі Хорито Мәскеудің Шығыс Түркістанға қол созып, бұл өлкені «кеңестендіруге» ұмтылып отырғаны туралы ашық айтты. Большевиктер жапон министрінің сөзін дереу теріске шығаруға әрекеттеніп, «Шығыс Түркістандағы қозғалысты ағылшындар мен жапондар тудырып отыр. Олар бұл өлкенің тағына отырғызатын «патшаларын» қазірдің өзінде тағайындап та қойды», — деп жазды. Большевиктердің өтірігі әшкере боп қалды. 27 қаңтар күні Еуропа газеттерінде жарияланған Шанхай телеграф агенттігінің хабарына қарағанда, Қытай Орталық үкіметінің сұрағына жауап ретінде Үрімші губернаторы Шың Шыңай Кеңес үкіметімен тығыз достық қарым-қатынас орнатып, большевиктерден түрлі кәсіптегі мамандар мен қызметкерлер шақырып, «Шығыс Түркістанның экономикалық дамуы» үшін олардан несие ала бастағанын мойындап отыр. Демек, Шың Шұрын тәрізді бүгінгі Үрімші үкіметі де Мәскеудің уысына түскені көрініп түр. Олай дейтін себебіміз — Мәскеу қызметкерлері, Мәскеу мамандары, Мәскеу қаржысы тек Мәскеудің мүддесі үшін ғана қызмет ететін болады. Оның үстіне Шығыс Түркістандағы Қытай үкіметі Мәскеуге ешқандай бір шарт қоя алатын халде емес. Оған шамасы жетпейді. Шығыс Түркістандағы «Мәскеу мүддесі» дегеніміз бұл өлке сөз жүзінде Қытайдікі, іс жүзінде Мәскеудікі дегеннен басқа ештеңе де емес. Шығыс Түркістанның тәуелсіздігін Кеңес Одағы ешқашан көргісі келген жоқ. Және көргісі де келмейді. Бұл күнде бұрын дүдәмалдау болған бір жәйттің басы ашылып қалды. Кейбіреулер «Шығыс Түркістан түріктерінің досы» деп жүрген кеңестік Ресей Қожанияз Ажымға ол Шығыс Түркістан Республикасының төрағасы болып тұрғанда көмектеспей, Республика туын түсіріп Қытай үкіметіне берілген соң ғана және дәл осыны шарт ете отырып көмектесетінін білдірді және солай етті де. Лондонда шығатын «Харалд трибун» газетінде (35.01.16) Шығыс Түркістанды аралап қайтқан итальян саяхатшысы Орландинидің (Orlandіnі) Шығыс Түркістанда орыс коммунистерінің қалай орын теуіп жатқаны туралы фактілерге толы бір материалы жарияланды. Осы мақаласында Орландини Үрімшінің жаңа үкіметіне болысып, орыстың 5000-дай әскері соғысқа қатысқаны туралы жазады.
ТҮРКІСТАНДАҒЫ СОҢҒЫ ТЕРРОРДЫҢ ЖАУАПКЕРШІЛІГІ
Журналымыздың желтоқсан және қаңтар айларындағы сандарында Түркістандағы большевиктік террор туралы жазған болатынбыз. Бірақ біз ол материалдарымызда орыс пролетариат диктатурасының құрбандары туралы жан - жақтылы, толық айтқан жоқ едік. Мәскеуге мақта тапсыру жоспарының орындалмауы жаппай жазалауларға себеп болып отырғаны оқырмандарымыздың есінде болса керек. Жақында өлген, Мәскеудің қанды қол жендеті Куйбышевтың қамшысынан қорыққан және Мәскеудегі қожайындарына қызмет көрсеткісі келіп тұратын Файзолла қожа мен Камал Акрам жергілікті жұмысшылар мен колхозшылар арасынан «ұлтшыл дұшпан элементтерді» саусағымен нұқып көрсетіп, оларды аяусыз қырып-жою, қамауға алу, жер аудару хақында арнайы қаулы шығарды. Аттары журналымызда жарияланғандардан басқа тағы көптеген адамдар өлім жазасын күтуде болатын. Ташкенттен шығатын «Қызыл Өзбекстан», «Правда Востока» газеттері олардың қылмысты істерін де жариялады. Бірақ артынан тым-тырыс қалды. «Мақта саясатының осы бір дұшпандары» хақында одан әрі ештеңе басылмады. Біз «Қызыл Өзбекстан» мен «Правда Востока» газеттері тарапынан өлім жазасы берілуі талап етілген түркістандықтардың одан арғы тағдыры қалай болатынын мұқият қадағалап келдік. Мақта жоспары бәрібір орындалмады. Олай болса өлім жазасын күтіп жатқан түркістандықтардың тағдыры немен тынар екен деген сұрақ туады. Бәлкім, олар да әлдеқашан атылып кеткен шығар. Біз олар туралы ештеңе білмейміз. Біле де алмаймыз. Алайда біз енді, міне, басқа бір нәрсені біліп отырмыз. Мақта жоспарының орындалмау себебін Файзолла қожа Кеңестер Одағы конференциясында ашық айтып берді. Оның сөздері Мәскеу мен Ташкенттің газеттерінде басылып шықты («Известия», 34.02.31, «Правда Востока» және «Қызыл Өзбекстан», 35.02.02). Файзолла қожа мақта жоспарының орындалмау себебін «жаңбырлы көктем мен ерте келген күзден» көрді. Сонымен қатар ол «кейбір аудандар мен ұйымдардың істі ойдағыдай жүргізе алмағанынан да болды» деген себепті қосып қойды. Егер «ойдағыдай жүргізе алмағандарға» жауаптыларды іздеу керек болса, ең алдымен Файзолла қожа және Камал Акрамдарды көрсетуге тура келер еді. Мәскеудің бұл құлақкесті құлдары табиғи жағдайдың нашар болатынын біле тұрып, мақта тапсыру жоспарын кеміту туралы Мәскеуге мәселе қоймағандығымен кінәлі. Файзолла қожа мен Камал Акрам ауа райының қолайсыздығын көре тұра мақта тапсыру жоспарын орындауды талап етумен болды. Оның нәтижелері енді, міне, көз алдымызда тұр. Мәскеу мақтаны жоспардағыдан 90 мың тонна кем алды. Сол үшін ешқандай жазығы жоқ ондаған түркістандықтар өлтірілді. Мақта жоспарының орындалмауында Түркістан шаруаларының ешбір кінәсі жоқ еді. Оған кінәлі көктемде жауын-шашынның коп болуы және күздің 20 - 25 күн ерте түсуі еді. Соған бола түркістандықтар жазаға тартылды. Осы сәтсіздіктердің нағыз себебі ауа райының қолайсыздығы екені анық бола тұрса да, Файзолла қожа кінәсіз түркістандықтардың бостан-босқа атылып жатқаны туралы неге жұмған аузын ашпайды? Қолайсыз ауа райының зардаптары үшін жазықсыз адамдардың жазаға тап болуын көре тұра, Камал Акрам неліктен үн-түнсіз отыра берген деген сауалдар әрбір түркістандықтардың ой-санасын мазалайтыны хақ. Әрине, орыс диктатурасының «құдайы» Түркістанда мақта жоспарының орындалмай қалғандығы үшін құрбандық шалатыны табиғи. Сол үшін ардан безген Файзолла мен Камал Акрамдар ондаған ұлтшыл түркістандықтарды қызыл империя «құдайының» аранын толтыру мақсатымен өлімге қиды. Ондаған адам атып өлтіріліп, Мәскеу диктатурасы кінәсіз түркістандықтардың қанына тойынған соң ғана, Файзолла қожа Мәскеудегі Кеңес конференциясы мінбесінен, бейне ештеңе болмағандай-ақ, мақта жоспарының орындалмауы көктемнің кеш келіп, күздің ерте түскенінен болды деп мәлімдеді. Кінәсіз түркістандықтардың атылуына Мәскеудің Қызыл диктатурасы тікелей жауапты. Ал Файзолла қожа мен Камал Акрамдар сол диктатураның сойыл соғарлары ретінде көрініп жүрген бейшара жандар.
БҮГІНГІ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЖАҒДАЙ
Парижде ең коп таралатын газеттердің бірі «Париж - мид» (Parіs-Mіdі) жақында шыққан сандарының бірінде (35.04.02) Еуропа мемлекеттерінің тыныштықты сақтау жолында жасасқан келісімдері туралы бір қызықты деректер жариялады. Газеттің көрсетуі бойынша 1925 жылы осындай бітімгершілік келісімдерінің саны 13 еді. Бұл сан 1926 жылы - 22-ге, 1927 жылы - 33-ке, 1928 жылы - 47-ге, 1929 жылы - 61-re, 1930 жылы – 72 -ге, 1931 жылы - 77-ге, 1932 жылы - 88-ге, 1933 жылы - 99-ға және 1934 жылы 115-ке жеткен. Алайда бір қарағанда бітімгершілік туралы салиқалы онды қорытынды шығаруға жетелейтіндей көрінетін осы бір «келісім-шарттар торы» өрмекшінің торынан да әлсіз, үлбіреп тұрған бір нәрсе. Осындай келісімдер 115-ке жеткеннен кейін де Еуропа бейбітшіліктің қамтамасыз етілгенін сезіне алмай отыр. Ол - ол ма, ешқашан дәл қазіргідей үмітсіздікке душар болып көрмеген Еуропа тығырықтан шығудың жаңа жолдарын іздеп аласұруда. Демек, өрмекшінің торы тағы да жайыла түсуі ықтимал. Бірақ онымен Еуропа бейбітшілігі нығая қояр ма екен? 116, 117, 1120 - ыншы «Бейбітшілік нақтылары» Еуропаның үмітін ақтап, соғыс қаупін жоя алар ма екен? Міне, бүгін адамдардың санасын сарылтып отырған бір сұрақ осы. «Бітімгершілік келісімдері» санының артуымен бірге соғыс туу қаупі де артып барады деп пайымдаушылардың жорамалы дұрысқа шыға бастағандай. Қазір бірнеше маңызды келісімдер сап түзеп тұр. Бұлардың бірі - Франция мен Англия арасында жасалуға қол жеткізіліп, Италия және Англия үкіметтерін қосылуға шақырып отырған «Әуе пакты». Онымен бір қатарда «Орта Еуропа», «Шығыс Еуропа» пакты тағы тұр. Бәлкім, дипломаттардың бастарында әзірленіп жатқан тағы бір келісім - шарттар бар шығар. Мына бір мәселені естен шығармаған жөн. Бітімгершілік сақтайтын «Ұлттар Ұйымы» күн сайын шиеленісіп бара жатқан оқиғалардың аренасына айналып қалғандай. Қарусыздандыру конференциясы да ештеңе өндіре алмай келеді. Мемлекет басшылары сөз жүзінде қарусыздануды жақтаған болып көрінгендерімен, іс жүзінде жанталаса қаруланумен шұғылдануда. Бір жағынан бітімгершілікті жақтап, екінші жағынан қаруланудың екі түрлі себебі бар. Біріншісі: Версаль келісіміне келген мемлекеттер бір-біріне ешқашан сенбейді. Олар бітімге қол қойғанымен, өзара көз алартуларынан ешқашан бас тартпайды. Бір топ мемлекеттер Версаль келісімі арқылы өзінің құқығынан айырылғанына наразы болып, оны бұзуға ұмтылса, екінші жақ оны сақтап қалуға мүдделі. Тағы бір жағынан жер жүзінің едәуір бөлігін басып алып, дүниежүзілік төңкеріс ұранын тастап, миллиондаған орыс емес халықтарды құлдық бұғауында ұстап отырған кеңестік Ресейдің арандатушылығы бар. Еуропа мемлекеттері тіпті өзара татуласып алды деген күннің өзінде, кеңестік Ресейдің өмір сүріп тұруының өзі оларды еріксіз қарулануға мәжбүр етеді. Осы күнге дейін соғыс пірлерін шақырып, бүкіл дүние жүзіне қауіп төндіріп келген кеңестік Ресей, қолы астындағы халықтарының қарсылығы күшейіп кетуі салдарынан, енді ғана мүләйім болып көрінуге тырысуда. Кеше ғана, яғни бұдан бір жыл ғана бұрын, Версаль келісімі персонаждары қатарында осы келісімге қарсы күрескен болып көзге түсіп, әлемді былықтыруға ұрынған кеңестік Ресей бүгін сол әлгі өзі «соғыс қайнары» деп атап келген келісімді жақтаушы болып, дүниені шиеленістіруге тырысып отыр. Міне, сондықтан да дүние жүзі бейбітшілігіне басты қауіп болып табылатын кеңестік Ресей мәселесі шешілмейінше, үміт оты лаулап жана алмайды.
1935 ж., №64
ЮСУБ АКЧОРА
Юсуб бек қайтыс болды. Түрік дүниесіндегі ұлы тұлғалардың бірі арамыздан кетті. Юсуб бек хақында коп адамдар жазатын болады. Олар марқұмның жеке және қоғамдық өміріндегі бізге беймағлұм талай нәрселерді алға тартады. Осыншама күрделі өмірде кейде кейбір адамдардың көзіне маңызсыз көрініп, назарын қаға беріс қылатын жәйттер де болмай қалмайды. Алайда кейде дәл осындай маңызсыз көрінген нәрселер адамның өмірі мен қызметіне қатысты аса бағалы және жалпылық сипатқа ие материалдар беретіні де болады. Біз осы бір шағын мақаламызда Юсуб бектің саяси тұлғасы хақында егжей-тегжейлі мәлімет береміз деген ойдан аулақпыз. Біз бұл ретте Юсуб бектің саяси өміріндегі басты-басты кезеңдерге ғана тоқталып өтеміз. Тек - төркіні Еділ бойынан шыққан Юсуб бек кең мағыналы түрікшілік қасиеттерді бір бойына жинай білген адам еді. Ол өзінің екінші атамекені Түркияда да ең алдыңғы адамдардың қатарынан орын алды. Юсуб бек қайда жүрсе де Еділ бойындағы атамекенін және түрік екенін ешқашан ұмытқан емес. Бұл күнде түрік дүниесінің көпшілігі ең ауыр және ең қасіретті күндерді бастарынан кешіріп жатқан кезде марқұм Юсуб бектің дәл осы қасиеттері бізге өте-мөте қажет болып отыр. Түркияның ең белсенді азаматы, ең білгір саяси газетшісі бола жүріп, Юсуб бек саяси күрес қажет ете қалған жағдайда өзінің байырғы атамекені Еділ бойына келіп, саяси күрес иіріміне сүңгіп кетуші еді. Бірінші орыс төңкерісі кезінде (1905—1906) Юсуб бек Ресейге келді және барлық түрік ұлттық күштерін ұйымдастыру ісіне белсене кірісті. Ол марқұм Смағұл бек Ғаспыралы, жақында қайтыс болған Әлимардан Топчибашы және басқалармен бірге «Ресей мұсылмандары құрылтайына» бастан-аяқ толық қатысты. Ресейге қараған түрік тектестерге орыстармен тең құқық әперуді көздеген кең көлемдегі референдумға материалдар дайындады. Ол кезде, яғни бұдан отыз жыл бұрын Ресейдегі түріктердің саяси талабы осыдан аспайтын. Егер Юсуб бектердің сол кезде ортаға қойған талаптары жүзеге асқанда, мына біздер бүгінгідей атамекеннен айырылып, қорғансыз күйге түскен саяси мұғажыр болмас едік. Ол кезде біздер бала болатынбыз. Ол кезде біздердің құлағымызға Ресей төңкерісінің күркіреген үні, сарыны ғана естілетін. Есейе келе алдыңғы буынның басып өткен жолдарымен таныс бола бастадық. Солардың арасында Юсуб бектің тұлғасы бізді айрықша қызықтыратын. Бұл күнде романтикалы болып көрінетін түріктік ұғымын ол кездегі біз сияқты жастардың көз алдында Юсуб бектің тұлғасы жандандырып тұрар еді. Арғы тегі Еділ бойынан шыққан бүл адам Түркиядағы ұлы тұлғалардың бірі, Ресейге қараған түріктердің жол бастаушы көсемі болып қалыптасты, танылды. Көне еуропалықтарда «әр адамның екі отаны болады. Оның бірі — туылған жері, екіншісі — Франция» деген тәмсіл соз бар. Сол тәрізді «әрбір түрік адамының да екі атамекені бар. Біріншісі - өзінің туылған жері, екіншісі — Түркия» дейді тағы бір аталы сөз. Юсуб бек ол кезде біз жас буындарға армандай болған осы ұғымды өз өмірімен дәлелдеп кеткен абзал жан. Ресей төңкерісі жеңілді. Патшалық түзім әлі де күшінде екенмін аңғартты. Ресей тепкісіндегі түріктердің өз құқықтары жолында жүргізген күрестері нәтижесінде азды-көпті жеңіп алғандары ауаға сіңіп жоқ болды. Юсуб бек Түркияға қайтып келіп, өзінің түрік туысқандығы, түрік бірлігі жолындағы қасиетті істерін жалғастыра берді. 1914 жылдың соғысы басталды. Ресей мен Түркия бір-біріне қарсы соғысты. Ресей текпісіндегі түріктер әліптің артын бақты. Империяның құлауын күтті. Соғыс кезінде жекелеген адамдардың патриоттық көрсетуі халықтың сол кездегі рухани ахуалын білдіре алмас еді. Ресей ішінде біздің үніміз әлсіз, айқайлауға шамамыз жоқ еді. Талап-тілегімізді ашық ортаға қоюға жағдай да, жол да болмады. Дүниежүзілік соғыс қызу жүріп жатқан кезінде Швейцарияның Лозет қаласында Ресей тепкісіндегі орыс емес халықтар өкілдерінің конференциясы шақырылды. Біздің онда баруға мүмкіндігіміз жоқ еді. Осындай жағдайда конференцияны ұйымдастырушылардың бірі - Юсуб бек біздің ұлттық талаптарымызды көтеріп, қорғауды өз мойнына алды. Кейінірек орыстың кейбір саясатшылары мен төңкерісшілері түркістандықтар тарапынан Юсуб бекті айыптайтын жазбаша көрсетінді алуға көп әрекеттенді. Бірақ біздің жас саяси қызметкерлеріміз оған бармай, өздерінің ар-ожданын таза күйінде сақтап қала алды. 1918 жылы Юсуб бекті мен өзім Уфада көрдім. Біз онда Кеңес үкіметіне қарсы бірыңғай майдан құрудың қамында жүрген болатынбыз. Бұл кезде Юсуб бек біздің бұл істерімізге қатыспады. Оған сенімсіздікпен қарады. Арада бірнеше жыл өткен соң Юсуб бекпен Ыстамбұлда жолықтым. Бұл кезде мен мұғажырда жүргенмін. Оның өз үйінде бірнеше достары арасында емін-еркін отырып, біздің істеріміз, Кеңес үкіметінің саясаты, үміттеріміз бен күдіктеріміз хақында айтып бердім... Ол кезде Түркия өз тарихындағы ең бір қиын күндерді бастан кешіруде болатын. Юсуб бек те Анадолыдан күн сайын бір жаңа хабар күтумен отырған. Ол кезде Юсуб бек: «Түркістанның да, басқа түрік өлкелерінің де егемендігі Түркияның егемендігіне байланысты, егер Түркия мемлекет ретінде сақталып қалса, Мұстафа Кемал амалын тауып Түркияны, Анадолыны құтқарып қала алса, бұл сіздің Түркістанды құтқаруыңыздың да басы болар еді» деген болатын. Кейін Түркия құтқарылып, тәуелсіздігі қамтамасыз етілген соң да Юсуб бекпен әлденеше рет жолығып жүрдік. Бұл кезде ол бізге Түркістанның құтқарылуын Түркиямен байланыстырғысы келмейтін сыңай танытты. Алайда Юсуб бек түрік бірлігінің күш-қуатына имандай сенетін. Бірақ енді бұл сенім бұрынғыдай саяси қайраткердің сенімі емес, тарихшы ғалымның сенімі болатын. Юсуб бек Түркістандағы оқиғаларды, басылымдарымыз бен қызметтерімізді көз жазбай қадағалап отырушы еді. Кейде біздің жазғандарымызға, әсіресе біздің большевиктік насихаттың Түркия жөніндегі материалдарына жасаған талдауларымыз мен бағаларымызды өзінің құптайтынын жасырмай айтып тұратын. Юсуб бектің жалпы түрікшілік қасиеттерін көрсетпек ниетте бола отырып, Түркістан жаққа бұра тартқаныма кешірім сұраймын. Біз тәрізді атамекенінен айырылып, сөзі де, өзі де қуатты әлемнен қағажу көріп келе жатқан мұғажырларға Юсуб бек сынды ірі тұлғаның ішке тартып, көңіл аударуына байланысты туылған мұндай әлсіздіктің жәйі түсінікті болса керек. Юсуб бек өмірінің ең ақтық сәтіне дейін жалпы түрікшілік идеясына шын берілген күйінде қалды. Ол бірінші түрік тарихи конференциясының (1932) торағасы болды. Одан бері қарай түрік тарихын зерттеу комитетінің төрағалығы қызметін атқарып келді. Юсуб бектің бейнесі біздің жүрегімізде мәңгі сақталады. Оның түрік бірлігі идеясы жыл өткен сайын оз жақтастарын молайта беретін болады. Марқұмның осы мұратының жүзеге асуын, рухының шат болуын тілейміз.
1935 ж., № 65
ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЖАҒДАЙ
Еуропада халықаралық жағдай соңғы кезде қатты шиеленісіп кетті. Еуропа өз жолбастаушыларының шолақ ой, тар көзқарасынан туған осы тақырыптан шығар жол іздеп жанталасуда. Бұл күнде күллі Еуропа «Соғысты болдырмауға болады ма?» деген сауалдың алдында тұр. 7 қаңтарда Румыния, Италия және Франция үкіметтері өкілдері арасында, 3 ақпанда Лондонда Англия мен Франция үкіметтері арасында келіссөз өткен соң, осы мемлекеттep өзара тіл табысып, тығырықтан шығу жолдарын бірге қарастыруға ниет еткендей еді. Кейбіреулер сонымен қатар, Еуропаны сауықтырып, бейбітшілікті қамтамасыз етудің бірден-бір жолы деп саналып келген Шығыс Еуропа шартын жасау жолындағы кедергілерді де жою туралы айтуда. Аталған Шығыс шарты жөнінде Алмания үкіметінің басшысы Адольф Гитлермен жолығып мағлұматтар жинап қайту үшін Англияның екі бірдей министрі Саймон (Sіmon) мен Иден (Eden) Берлинге сапар шекпек. Осы сапардың қарсаңында Англия үкіметі қарулануды күшейте түсу туралы шешім қабылдағанын да білдіріп қойды. Ол өзінің мұндай шешім жасауға бару себебін Алманияның жанталаса қаруланып жатқанына жауап ретінде түсіндірді. Сол себепті енді Англия мен Алмания арасында өтуге тиіс келіссөздердің жағдайы қиындай түсті. Ағылшын министрлерінің сапары, міне, осындай қажеттіліктерден туды. Наурыз айының бас шенінде жасалуға тиіс сапар айдың соңына қалдырылды. Осы аралықта 16 наурызда Алмания үкіметі Версаль шарты бойынша тиым салынған жалпы әскери қызметке шақыру мәселесін қайтадан қалпына келтіру туралы қаулы алғанын жариялады. Алмания үкіметі өзінің Версаль шартына қарсы осы қаулысын бетке ұстап, басқалар шартқа құлақ аспай жанталаса қаруланып жатқанын, Алмания жаппай қаруланып жатқан елдердің арасында алаңсыз отыра алмайтынын, әсіресе Ресей тарапынан большевиктік қауіп төніп отырғанын көре тұра қарусыз қала алмайтынын мәлімдеді. Алманияның Версаль шарты бойынша оз мойнына алған міндеттемелерден бас тартуына басқа бір бейбіт жағдайда болғанда, оған былайғы мүдделі елдер, бәлкім, жол бермеген де болар еді. Ал қазіргі жағдайда олай ете алмай қалды. Олай етуі мүмкін де емес еді. Қазіргі Еуропада «келісті», «бірлесті» делініп жүрген мемлекеттер арасында да шын мәніндегі ішкі бірлік жоқ. Кез келген мәселені алсаңыз, оған әр топ, әр одақ (мәселен, Үлкен Антанта, кіші Антанта, Балкан одағы) әр мемлекет оз мүдделері тұрғысынан қарап, баға береді. Рас, бұл одақтар мен елдер соз жүзінде татулықты сақтау қажеттілігін, ол үшін өз тараптарынан болатын барлық мүмкіндіктерді жұмсайтынын көп айтады. Ал татулықты сақтаудың нақтылы істерін атқаруға келгенде әрқайсысы тек өздерінің мүдделерін алға тартып, сол тұрғыдан өлшеп - кесуге кіріседі. Мұндай жарамсыз қылықтар «халықаралық татулық саясаты» сахнасына «Шығыс шартының» ең басты жақтаушысы кеңестік Ресей келген соң тіпті күшейді. Біз журналымыздың өткен сандарының бірінде «Шығыс шарты» деген нәрсе іс жүзінде кеңестік Ресейдің сыртқа ұстайтын қалқаны есебіндегі бірдеңе екенін айтқан болатынбыз. Бұл шартты, біріншіден, Польша, екіншіден, Алмания үшін қабылдауға болмайтыны анық. Соғыс бола қалған жағдайда Еуропа әскерлерінің кеңестік Ресейге, керісінше, кеңестік Ресей әскерлерінің Еуропаға жөңкілуі Польша аумағы арқылы жүргізілетіні себепті, Польша үкіметі бүл шартты мойындаудан бас тартты. Алмания (ұлттық социалистері) национал - социалист үкіметі большевиктік Ресей мен Кеңес үкіметінің өмір сүріп отыруы өзін алаңсыз етпей қоймайтын фактор деп біледі. Сол себепті де қауіпті тұзаққа мойын сұққысы келмейді. Польша мен Алмания кірмеген соң, Шығыс Еуропа шарты өзі көздеген мән-маңызға ие бола алмайды. Ол татулық факторы болудың орнына, осы екі елге қарсы әскери одаққа айналып қалады. Міне, осындай ауыр жағдайдан жол тауып шығу қажет болатын. Осы саясаттың нәтижелері қандай болды? Ең алдымен кеңестік Ресей, Польша және Алманиялардың «Шығыс шарты» жөніндегі көзқарастарын ымыраластыру мүмкін еместігі көзге анық көрінді. Кеңес үкіметінің татулыққа ұмтылуы басқалардың, яғни «Шығыс шартына» қарсылардың соғысқұмарлығынан туып отырмағаны өз-өзінен түсінікті болса керек. Кеңес үкіметі мен большевиктік Мәскеу «буржуазия келісімпаздығына» қарсы 16 жыл бойы күресіп, ақыры енді, міне, «Версаль шартының» ең белсенді жақтаушысы болып отыруының себебі - олар ұстанған өмірлік принциптерінің өзгергендігінен, енді бүгін ымырашыл, империализмшіл, капитализмшіл болғандығынан емес, қазіргі кездегі қақтығыстардың өзі үшін залалды екенін анық көріп отырғандығынан. Бұл күнде большевиктер соз жүзінде «халықаралық империалистер» қоғамының бір заңды мүшесі болғанына мәз. Кеңес болғалы Мәскеу қаласында бүл елдің Сыртқы істер министрі Англия қаруының құрметіне тост көтерді. Мұның өзі ішкі, мәнді принциптерге сәйкес келмейтін, тек әдіс - амалдардың сыртқы көрінісі болуы себепті Литвиновтың ағылшын қаруы үшін көтерген тостын газеттердің жазуына тиым салынды. Буржуазиялық Еуропаны аман сақтап қалудың жалғыз жолы — «Шығыс шарты» дегенге жұртты иландыру үшін Кеңес үкіметі барын салып бағуда. Ал шын мәнінде мұндай шарт кеңестік Ресейдің қауіпсіздігіне қажет болып отырғаны ешкімге құпия емес. Большевиктер Шығыс шартын Польшасыз және Алманиясыз жасауға да үмітті. 16 наурыздан кейінгі «Шығыс шарты» туралы таратып жүрген сөздерге мұқият құлақ асып көрсеңіз, Кеңес үкіметінің Версаль шартын бұзушыларға қарсы соғыс ашуды тілеп отырғанын аңғармауыңыз мүмкін емес. Бұл соғысты кеңестік Ресей бастамайды (өйткені оның Алманиямен тікелей жанасатын шекарасы жоқ), Версаль шартының бұзылуынан зардап шегіп отырған елдер бастайды. Осындай соғыс бастала қалса, Кеңес үкіметі өзінің Шығыс шартымен байланған елдеріне көмек көрсете ме? Бұл өзі айтуға қиын мәселе. Өзінің Алманиямен тікелей шекарасы жоқтығын сылтауратып өз сыбайластарына көмек беруден бас тартуы да әбден мүмкін. Бір жақсы жері, Еуропа Шығыс шарты дейтіннің қандай мақсатты көздейтінін түсіне бастаған тәрізді. Еуропаны мұндай түсінуге жеткізу үшін Польшаның атқарған қызметі көп-ақ. Егер осы бір қарғыс атқыр Шығыс шарты жоғалып, Еуропа қауіп отынан құтылардай болса, оған еңбек сіңірген бірден-бір ел Польша болып қала береді. Ал оз мүдделеріне келгенде Польша тағдырын ойына да алмайтын Еуропа мемлекеттері осы еңбектің жемісін жейтін болады. Ұлыбритания министрі Иден Алмания сапарынан қайтып оралған соң, Лондонда және Парижде Шығыс Еуропа шартын Польша, бәлкім, Алмания үшін де қабылдауға болатын жалпы еуропалық келісімге айналдыру ықтималы туралы айта бастады. Кеңес баспасөзі осы Еуропа келісіміне қарсы байбалам салуда. Мәскеуде шығатын француз тіліндегі Кеңес газеті «Le journal de Moscou» (35.04.06) мұндай «Жалпы Еуропа келісімі де, Ұлттар Ұйымы тәрізді, соғысқа тосқауыл қоя алмайды» дейді. Мәскеу мұнымен тоқтамай, Францияны «жігер», «күш» көрсетуге үндейді, татулықты жақтаушылар тарапынан осындай сәттерде табандылық көрсетілмеген жағдайда достарынан айрылып қалатынын да ескертеді. Күні кешеге дейін Францияны өзінің әлсіз достарын және Алманияны жәбірлеп отыр деп айыптап келген большевиктер енді бүгін Францияны «күш», «жігер» көрсетуге шақырып, олай етпегенде достарынан айрылып қалатынын айтып қорқытпақ болады. Большевиктер Ұлыбританияны да Алманияға жұмсақтық жасап отыр деп жазғырады. Жапониямен шайқаста Кеңес үкіметі әлсіздіктің тақсіретін тартты. Енді бүгін ол Алманиямен ұстасып қалудан қорқып, өзі үшін «қасиетті» саналатын принциптерін тәрік ете отырып, Англия, Франция тіпті фашистік Италия қатарлы империалистердің қойнына келіп кірді. Зәресі ұшқан Мәскеу «қаһармандары» жандарын сақтап қалу мақсатында өздерінің қандайлық масқара күйге түскендерін де аңғара алмай қалған. Кеңестік Ресейдің әлсіздігі салдарынан, оның Еуропадағы достары Шығыс Еуропа шартын жасау, жасамау жөнінде бір түйінге келе алмай, уақыт оздыруда. Большевиктердің аяқ астынан ымырашыл болып кеткені ешкімді сендіре алмайды. Егер кеңестік Ресей шынында қуатты ел болса, онда Шығыс Еуропа шартын Польшасыз да, Алманиясыз да жасау жолдарын әлдеқашан тапқан болар еді. Айталық, 170 миллион тұрғыны бар кеңестік Ресей мен қисапсыз бай ел Франция біріккенде, бүл одаққа Еуропада қандай күш қарсы тұра алар еді?.. Кеңестік Ресеймен татулықты жақтаушылары көп Францияда оған қарсы күштер де аз емес. Шығыс Еуропа шартын жақтаушылардың пікірін өзгертуге Польшаның қарсы болуы коп эсер етті. Газет хабарларына қарағанда, енді бүгін Англияда Шығыс Еуропа шартына қарсылар басымдылық ала бастағаны көрінеді. Мұның өзі Иден Мәскеуге барып келген соң күшейе бастағаны байқалады. Иден большевиктердің ымырашылдығына күмән келтіретін тәрізді. Өйткені ол большевиктердің Еуропа проблемаларын шешуге дәрменсіз және мүдделі еместігіне көз жеткізген болса керек. Міне, сондықтан да Иден және ол өкілдік етіп отырған Англия үкіметі аса ірі ел кеңестік Ресейге қарағанда әлдеқайда кіші және әлсіз, бірақ салауатты дамып келе жатқан Польшамен қатынасын бұзбай сақтап қалуға айрықша мән беретін сияқты. Көкектің 11 - інде Италияның Штреза деген қаласында Англия, Франция және Италия министрлерінің бас қосуы болмақ. Осы бас қосуда олар ортақ тіл таба ала ма? Шығыс Еуропа шартының ақыры немен тынбақ? Осы бір маңызды мәселелердің қалай шешілері таяу арада белгілі болуға тиіс. Кейбір ақпараттарға қарағанда, Англия Алмания мен басқа мемлекеттер арасында келісім табу жолын іздейтін көрінеді. Тағы сол ақпарат хабарларына қарағанда, Муссолини кеңестік Ресей рухында, соған жақын келетін бір формада батыл шаралар қолдануды жақтайтын көрінеді. Франция болса езінің нағыз бітімгершілігін көрсетудің сәтін күтіп отыр... 15 көкекте Ұлттар Ұйымы Кеңесінің төтенше жиналысы шақырылмақ. Бұл жиналыста Алманияның Версаль шартын бұзғандығы жөнінде мәселе қаралатын болады. Қорыта келе айтарымыз, біз қазір күрделі оқиғалармен бетпе-бет келіп отырмыз. Олардың арасында біздің назарларымызды ең көп аударатыны Шығыс Еуропа шарты мәселесі екені шүбәсіз.
1935 ж., №65
МАРШАЛ ИОЗЕФ ПИЛЬСУДСКИЙ
Өткен мамыр айының 12-інші күні Варшавада Ле (поляки) халқының жол бастаушысы -маршал Иозеф Пильсудский қайтыс болды. Заманымыздағы ең ұлы коғам және мемлекет қайраткерлерінің бірі дүниеден өтті. Біз оқырмандарымызды Пильсудскийдің өмірі және қызметімен қысқаша таныстырып өтеміз. Пильсудский өз халқын азат ету жолында қажымай-талмай күрескен аса көрнекті қайраткер болумен бірге, ол орыс империализмі тепкісінде жатқан барлық халықтардың бостандық алу жолындағы күресіне оң көзқарасын ашық білдіріп келген бірегей мемлекет адамы еді. Кеңестік Ресеймен келісім жасағанда кеңестік Ресей шекарасының ішінде қалған жерлер туралы үкімет немесе ұйым атынан дау айтушы күштер өз жерінде тұрғызылмайтын болсын деген баптың келісімге енгізілуіне үзілді-кесілді қарсы болған мемлекет қайраткері де осы Пильсудский болатын. Жалынды патриот, бүкіл ғұмырын өз халқының азаттығына бағыштаған күрескер Пильсудский орыс езгісіндегі басқа халықтардың қасіретін жан-жүрегімен сезіп, бұл халықтарға шынайы бостандық тілейтін нағыз адам еді. Егер Пильсудскийдің кеңестік Ресеймен келісім-шартты Алманиямен арақатынасы бұрынғы қалпында тұрған кезде жасағанын, соған байланысты Мәскеумен өтіп жатқан келіссөздердің үзіліп қалуы Польшаға аса қиын ауыртпалықтар тудыруы мүмкін екенін назарда ұстар болсаңыз, Польшаның маршал көсеміне деген құрметіңіз шексіз арта түседі. Бүгінгі біздің тағдырымызға деген немқұрайдылық, біздің ұлт - азаттық қозғалысымызға дұшпандық, ұлт - азаттық қозғалысымыздың әлсіз үнін өшіріп алмау қамындағы әрекетімізге қарсы жасалып жатқан кедергілер жағдайында маршал Пильсудский тарапынан көрсетілген шынайы жанашырлық сезімдері біздің жүрегімізде оған және оның халқына — поляктарға — мәңгі ұмытылмастай терең сүйіспеншілік тудырады. Иозеф Пильсудский 1869 жылы поляктардың патшалық Ресейге қарсы күресінде көрнекті рөл атқарған күрескердің баласы еді. Ол әке жолын қуып, қаршадайынан күрес жолына түседі. 18 жасында Пильсудский патша үкіметіне қарсы студенттердің астыртын ұйымына қатысқаны үшін Харьков университетінен қуылады. 1887 жылы (20 жасында) үшінші Александр патшаның өміріне қастандық жасауға қатысты деген айыппен айыпталып, Шығыс Сібірге бес жылға жер аударылады. 1892 жылы Сібірден қайтқан соң, Пильсудский Польшаның жас социалист партиясының басшысы ретінде аренаға шығады және «Жұмысшы» («Robotnіk») газетін ұйымдастырады. Алғашында көпке дейін газеттің мақалаларын жазатын да, газетті басып шығаратын да, тіпті тарататын да жалғыз өзі болды. Пильсудский «социалистік Польшаны» құру үшін ғана социалист болған жоқ. Ол сол кезде жұмысшылар мен еңбекші бұқараны тек социалистік идеялармен ғана баурап алуға болатынын жақсы түсінді. Пильсудскийдің өмірлік мұраты — Ресей, Алмания және Австрия - Венгрия - осы үш ірі мемлекеттер бөлісіп алған Польшасын құтқару болатын. Оның көз алдындағы ең қауіпті жауы Ресей еді. Сол себепті де ол барлық күш - жігерін Ресей империализміне қарсы күреске жұмсады. Орыс - жапон соғысы басталысымен, Пильсудский Токиоға барып, жапондардан Ресейге қарсы күреске жәрдем сұрайды. Одан ештеңе шықпаған соң, Пильсудский Еуропаға қайтып келіп, 1908 жылдан бастап поляк әскери кадрларын дайындауға кіріседі. 1914 жылы дүниежүзілік соғыс басталғанда, Пильсудский «легионерлерімен» (көңілді әскерлер) Ресейге қарсы соғысқа қатысады, Оған бұл тұста Алмания мен Австрия - Венгрия көмек көрсетеді. Пильсудский Польша жерінің бірнеше бөліктерін иемденіп отырған бұл елдерге белгілі бір есеппен ғана байланған еді. Ол Алмания және Австрия императорларына адал болу жөнінде ант ішуден бас тартады. «Легионерлеріне» де ант ішпеу туралы бұйрық береді. 1917 жылы 20 шілдеде Алмания әскерінің қолбасшысы Пильсудскийді Магдабург абақтысына қамап қояды. Онымен бірге Польшаны құтқару қозғалысының көптеген адамдары абақтыға жабылады. Пильсудский алмаудан дүниежүзілік соғыста Алмания жеңіліп, онда төңкеріс басталғанда ғана құтылады. 1919 жылы ақпан айында Польша парламенті Пильсудскийді жаңа құрылған мемлекеттің бастығы және бірінші маршалы етіп белгілейді. 1920 жылы Польша мен кеңестік Ресей арасында соғыс туады. Бұл кезде Польша Ресей, Алмания және Австрия тәрізді үш ірі мемлекет тарапынан жойылған мемлекеттік басқару органдарын әлі құрып үлгірмеген еді. Қаржы мен экономика жағдайы аса ауыр болатын. Сол үшін де Мәскеу большевиктері Польшаны Батыс Еуропада төңкеріс өртін тұтандыру үшін қолайлы плацдарм ретінде көретін. Бірақ олар қателескен еді. Пильсудскийдің әскери қамалдары большевиктердің жоспарлары мен үміттерін тас-талқан етті. Варшавада тұрған қызыл әскерлер тоз-тозы шығып қашуға мәжбүр болды. Тек 1921 жылы 18 наурызда Римде қол қойылған польша - кеңестік Ресей шартымен бүгінгі шекара тұрақтандырылды. 1923 жылы Пильсудский барлық қызметтерінен босанып, демалысқа шықты. Бірақ ол 1926 жылы шиеленісіп кеткен партиялық тартыстардың жас мемлекетке қауіп төндіруі мүмкін екеніне алаңдап қызметке қайта кіріседі. Сонымен ол бұл кезде Польшаның нағыз диктаторы ретінде көрінеді. Алайда Пильсудскийді басқа диктаторлардан айырып тұратын мына төмендегідей үш түрлі сапалық белгілері бар еді. ОІ-ІЫҢ біріншісі: Пильсудский парламенттің ұйғарымына сәйкес, ресми мемлекет бастығы лауазымын алмастан, әскери министрдің орнын қанағат тұтты. Екіншіден, Пильсудский бұған дейінгі партияларды таратпады және оз партиясын да құрмады... Үшіншіден, Пильсудкий көп сөйлеуді, кез келген жерде өсиет - уағыз айтуды жаны сүймеді. Өзінің осындай алуан түрлі қасиеттерімен Пильсудский Польшаның нағыз басшысы, поляктардың жұрт мойындаған көсемі ретінде танылды. Пильсудскийдің жетекшілігімен Польша бұл күнде Еуропа саясатында маңызды орны бар елге айналды. Пильсудский Алмания және Ресеймен Польшаның қатынасын 1535жаңа жағдайға сәйкес құра отырып, елге ішкі құрылыс істерін жүргізу мүмкіндігін туғызды. Кеңестік Ресеймен өзара шабуыл жасаспау туралы келісім-шарт жасасқан соң, Пильсудский, тіпті кейбіреулердің қоқан-лоқыларына қарамастан, бұл елмен енді бұдан ары байланысқа барудан бас тартты. Өйткені ол әлдеқандай бір қақтығыстар туыла қалғанда, кеңестік Ресей Польшаны өзінің сақшысы ретінде пайдаланғысы келетінін жақсы білетін. Пильсудскийдің осындай табанды және батыл саясаты большевиктердің жасамақ болған Шығыс Еуропа шар¬тын болдырмай тастады. Польша тегеуріні кеңестік Ресей - Франция одағына кедергі жасай алмағанымен, Польша қарсы болған жағдайда мұндай одақ қанша дегенмен де берік бола алмайтынын көрсетті... Большевиктердің және империялық пиғылдан құтыла алмаған кейбір орыс мұғажырларының Польшаны жек көретін себебі осыдан. Пильсудский кайтпас сапарға аттанды. Ол сияқты және Костюшко, Станислав Понятовский тәрізді ұлы тұлғаларды берген Польша халқы мәңгі жасайды. Поляк ерлерінің ерлік істері жалғаса береді. Біз поляк халқының ауыр қазасын шын достарша бөлісеміз. Польша елінің қуатты, гүлдеп - көркейген мемлекет ретінде танылуын шын көңілден тілейміз.
1935 ж., № 67
ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЖАҒДАЙ
2 мамыр күні француз - кеңес өзара әскери көмек көрсету келісіміне қол қойылды. Журналымыздың өткен сандарында, күні бұрын айтқанымыздай, бұл келісім большевиктердің күткендерінен басқаша болып шықты. О баста большевиктердің бүл келісімді өздері ойлағандай болады деп үміттенуіне себеп те бар еді. Өйткені олар алғашында келісім жасасқан екі жақтың біреуіне басқа бір мемлекет шабуыл жасаса, бұл шарт бойынша екіншісі дереу «әскери көмегін» Ұлттар Ұйымының шешімінсіз - ақ беретін болуы, екіншіден, осы шарт бойынша соғыс Еуропадан шығады ма, Азиядан шығады ма — ол жағына қарамастан, әскери көмек бәрібір берілуі тиіс еді. Осы шарт арқылы большевиктер басталуы ықтимал соғыс қаупіне күні бұрын әзірлік көріп, Еуропаның ең күшті мемлекеті Францияның көмегін қамтамасыз етіп алмақ еді. Еуропа мемлекеттерінің тонаушылық саясатынан туған «пара сенімсіздік, «дүниежүзілік төңкерісті» жақтаушы және орыс емес халықтарды бұрын-сонды болып көрмеген дәрежеде езіп - қанап отырған кеңестік Ресейдің өмір сүріп тұруы, үшіншіден, барған сайын үдеп бара жатқан жанталаса қарулану... Міне, осындай жағдайда қарулардың аяқ астынан «сөйлеп» қоя беруі ғажап емес. Соғысты қозғаған арандатушылар өздері тасада қалып, соғыс жауапкершілігін басқалардың, яғни соғысқа еріксіз қатысуға мәжбүр болған елдердің үстіне артуға ұрынатын мысалдар тарихтан көптеп табылады. Қазіргі дүниеде сабан астынан су жүгіртіп, соғыс арандатушылығын ұйымдастыруда Кеңес үкіметінің алдына түсетін ешбір ел жоқ. Қайсы бір мемлекеттің болса да коммунистік партиялары мен коммунистік интернационалдары Мәскеудің қолындағы құралы екенін ешқашан естен шығармауымыз керек. Мәскеу Ұлттар Ұйымын соғыстың қайнар көзі дей отырып, соғыс жауапкершілігін соның үстіне күні бұрын арта отырып, Франция - Кеңес шартындағы әскери көмек мәселесін Ұлттар Ұйымының қаулысымен байланыстырғысы келмеуі де сондықтан. Ішкі қоғамдық пікірінде қайшылықтың асқынуы, Англия, Италия және Польшамен болған байланыстарының күрделене түсуі, Версаль шарты төңірегінде Ұлттар Ұйымына қажетінің артуы — міне, осыларды түсіне отырып, Франция большевиктер ұсынған жолмен жүрмеді. 2 мамыр келісімін Ұлттар Ұйымының діңгегіне апарып байлады. Біз бүл арада соғыс туыла қалғандай болса, Франция - Кеңес келісім-шартының қандай түрге өзгеру мүмкіндігі жөнінде айтып отырмаймыз. Бұдан бұрын да жазғанымыздай, бүл келісім-шарт большевиктерге анағұрлым тиімді. Большевиктердің өздері мойындап отырғандай, халықаралық пролетариат және отар елдер төңкерісі саясатының сәтсіздікке ұшырауы (олай болмағанда большевиктер өздері «ұрылар» мен «тонаушылар» ұйымы деп атап келген Ұлттар Ұйымына мүше болып кірмеген болар еді. Өздері милитарист, соғысқұмар, шапқыншылардың шапқыншысы атап келген Франциямен достық шартын жасаспаған болар еді), Сталиннің партияда жоқтарға жалбарына сөйлеген бірінші мамырдағы сөзі, Кеңес үкіметінің колхозшыларды жасанды түрде тапқа бөлінуге мәжбүр еткен аса қиын жағдайларды бастан кешіріп жатқан тұста мұндай келісім-шарттың жасалуы Кеңес үкіметі үшін шынында да зор табыс болып табылады. Келісім-шартқа қол қойған екі жақ оған екі түрлі көзқараспен қарайды. Франция оны соғысты болдырмаудың бір құралы деп есептейді. Кеңес үкіметі оны өзі үшін «халықаралық фашизмге» қарсы күрес құралы ретінде көреді. 2 мамыр келісім-шартының ең осал, ең қауіпті жері — оны әр жақ өзінше түсініп, өзінше пайдаланбақ болатындығында... Франция - Кеңес келісім-шартынан соң, 16 мамырда Чехославакия - Кеңес келісім-шарты жасалынды. Бұл келісімшарт Франция - Кеңес келісім - шартындай маңызға ие бола алмайтыны өз-өзінен түсінікті. Чехославакия мен Франция арасында көптен бері үзілмей келе жатқан бір ынтымақ бар. Сол ынтымақ осы екі келісім-шартты өзара дәнекерлеп, оған Франция - Кеңестік Ресей - Чехославакия әскери одағы түсін береді. Мұнымен Еуропа дүниені соғысқа итермелейтін ескіше әскери одақтарға бірігу жолына қайта түсіп отыр. Ұлттар Ұйымының құрылуы және оған барлық елдердің жаппай мүше болуымен ескіше әскери одақтарға бірігу жолы керексіз боп қалғандай еді. Міне, енді сол баяғы қауіпті жол қайта жаңғыра бастаған тәрізді. Франция - Кеңес және Кеңес - Чехословакия келісім-шартының жасалуымен Еуропа бейбітшілігі қамтамасыз етілді деуге әсте болмайды. Жағдай күрделеніп барады. Күні бүгінгі дейін қаруланбауға мақұл болып келген Венгрия мен Болгария енді, міне, өздерінің қорғаныстарын күшейту қажетінен қарулануға ұмтылып отыр. Чехославакия, Югославия, Румыния, Греция және Түркиялардан тұратын Кіші Антанта және Балқан Одағы мемлекеттері Венгрия мен Болгарияның жанталаса қарулану бағытына қарсылық көрсетуде. Түркия 1923 жылы Лозанн шартымен шектелген шығанақтарға қайта үстемдік жүргізу талабын қоюға әзір тұр. Осыған орай біз тек мына бір мәселеге ғана тоқталып өтпекпіз. Түрік баспасөздерінің жазғандарына және Түркия мемлекет басшыларының айтқан сөздеріне қарағанда, Түркия Сыртқы істер министрлігінің өкілі осы мәселеге байланысты жазған мәлімдемесін тек бір ғана адам — Кеңес Сыртқы істер комиссары қолдағанын көреміз. Осыған қарап түріктер Кеңес үкіметін өздерінің адал досы деп сенім артпақ болады. Мына бір нәрсені білген жөн. Шығанақтар мәселесінде де кеңестік Ресей өз мүддесінен баз кешіп отырған жоқ. Керісінше алдымен өзін ойлап отыр. «Последние новости» газетінің 18 көкек санындағы бас мақаласында Милюков Кеңес Сыртқы істер министрінің шығанақтар мәселесіне орай жасаған мәлімдемесіне түсініктеме бере келіп, «Литвинов саясатының ұлттық сипатын» баяндап корсетті. Ол: «Кеңес дипломатиясы өзінің түрік «досының» тарапынан қолдаусыз қалмауына да мән беріп отырады. Көне орыс тактикасы, міне, осындай», — дейді. Ұлттар Ұйымының соңғы мамыр жиналысында, Италия - Хабашстан жанжалы өткен көкек айында Штразадада құрылған Англия – Франция - Италия бірыңғай майданының соншама «нәзік» екенін көрсетті. Хабашстан - Ұлттар Ұйымына мүше ел. Ол Ұлттар Ұйымына Францияның таныстыруы және кепілдігімен кірген. Ол кезде Франция мен Италияның арасы алшақ болатын. Франция осы арқылы бүл елді Италияның бодандыққа түсіруіне тосқауыл қоймақ болған еді. Одан бері жағдай көп өзгеріске ұшырады. Франция Италиямен достасты. «Алмания катеріне» қарсы тұруда бұл достық Италия үшін аса қымбат еді. Италиямен достық Францияға арзанға түскен жоқ. Италияның Хабашстанға қарсы ұстанып отырған саясатын Ұлттар Ұйымының принциптерімен үйлестіру мүмкін емес. Егер Хабашстанның шағымы Ұлттар Ұйымы Кеңесінде қаралатын болса, ол ҰҰ мен Францияны қиын жағдайда қалдырар еді. Өйткені Италия өзінің Хабашстанға бағыттаған саясаты айыпталатын болса, онда Ұлттар Ұйымын тастап кететіндігін айтып құқай көрсетеді. Біраз қиындықтарды артқа тастаған соң, Италия мен Хабашстанға өзара тіл табысып, татуласу үшін 23 тамызға дейін уақыт берілді. Егер ол уақыт ішінде тіл таба алмаса, онда Ұлттар Ұйымы жанжалды өз құзырына алып қарай бастайтын болады. Хабашстанды жақтауда Англия айрықша көзге түсті. Өйткені Хабашстан есебінен Италияның күш алып кетуі Ұлыбританияның мүддесіне қайшы еді. Италия мен Хабашстан жанжалының ақыры немен тынарын күні бұрын болжап айту қиын. Италия диктаторы Муссолиниді тыңдасаңыз, ол Хабашстан жөніндегі саясатын жүзеге асыру үшін ештеңеден де тайынбайтынын ашық айтып отыр. Алманияның елбасы Адольф Гитлердің 21 мамырдағы сөзі кеңестік Ресейден басқа елдерге күшті эсер етті. Гитлер батыспен тату болатыны туралы ашық және анық етіп ай¬тып берді. Сонымен қатар ол Франциямен достық қарым - қатынастар орнату жолдарын іздестіретінін де тілге тиек етті. Ол Франция және Англиямен әуе шабуылын жасаспау туралы келісімге отырғысы келетінін білдірді. Гитлер Италиямен арасын айырып тұрған Австрия мәселесі болып келгенін, енді оның да реті табылатынын айтты. Кеңестік Ресейге ешқандай көмек бермейтінін және одан ешқандай көмек алмайтынын да ашық мәлімдеді. Франция Гитлердің сөзіне онша сене қойған жоқ. Ал Англия мен Италияда ол басқашалау қабылданды. Олар Алманиямен келіссөздер жүргізу мүмкіндігі туралы айта бастады. Алмания үкіметі дипломатиялық белсенділігін арттыра түсуде. Оның көздеп отырғаны, бір жағынан, Англия - Франция және Италия одағын бұзу болса, екінші жағынан, Франция – Кеңес - Чехославакия одағына қарсы Албания – Венгрия - Болгария одағын шығару. Ол тағы Италияны өз тарапына тарту үмітіне де беріліп отырған тәрізді, Югославияны Кіші Антантадан бөліп алу ойы да жоқ емес. Бұл, әрине, өте қиындықпен жүзеге асатын іс болса да, бүгінгі Еуропа жағдайында мүмкін емес деп те айта алмайсыз. Ұлыбританияның бас министр! Болдоуин Еуропаны «жындыхана» деп атады. Оған, сірә, қазір бұл құрылықта досы қайсы, дұшпаны қайсы дәл басып айыру қиынға соғып отырған болса керек. Бәрі де күрделеніп кетті. Қайшылықтар шиеленісіп барады. Мазасыздық арта түсуде...
1935 ж., № 61
ЖАЛАЛАР МЕН ЖАЛҒАНДАРҒА ТОЙТАРЫС
Белгілі лениншілдер, көптеген мақалалар мен кітапшалар жазып, бастырып келген С. Брайнин мен Ш. Шафиро есімді екі кеңес зерттеушісі соңғы кезде «Алашорда тарихы төңірегінде» деп аталатын бір кітап жазыпты. Туынды марксизм-ленинизм елегінен өтіп, әбден екшелген. Қазақстан Маркс - Энгельс ғылыми-зерттеу институты, Кеңестер Одағы Орталық Атқару Комитеті жанындағы Коммунистік Академияның тарих институты тәрізді өткелдерден етіп, мамандардың сарабына салынып болған соң ғана Қазақстанның өлкелік партия баспасынан жарыққа шығарылған еді... Содан бері Қазақстан коммунистері «міне, біздің керітартпа алашордашылар хақында шығарған кітабымыз» деп өрепкіген сезімдерін баса алмай жүрген. Алайда олардың қуанышы мен мақтануы ұзаққа бармады. Мәскеудегі «Правда» газетінің редакциясы бұл кітапты Алашорданың ақтаушысы» деп атап, сұрапыл сынға алды. Неге? Қазақстандағы орыс пролетариаты - диктатурасының адал қызметкерлері Мирзоян, Исаұлы Ораз, Құлымбетұлы Ұзақбай, Құрамысұлы Ізмұхан қатарлыларды былай қойғанда, Брайнин, Шафиро және Ванагтар да, сондай-ақ Қазақстан өлкелік Орталық Комитеті, Қазақстан ғылыми-зерттеу институты, Орталық Коммунистік Академия — міне, осылардың бәрі шынымен «құбыжық» Алашорданың адал агенттері болып шыққаны ма? Әлбетте, олай емес. Олардың бәрі Лениннің адал пенделері, Сталиннің құлақкесті құлдары. Брайнин, Шафиро, Ванаг, партия комитеті және барлық марксизм-ленинизм институттары түгелімен Алашорданы қаралайды. Оған жер-көктегі бәле-жаланы үйіп төгеді... Олар өздерінің жапқан жалаларына жұртты иландыру мақсатымен Алашорда басшыларының сөздерінен кейбір үзінділер де келтірген болады. Бағдарламалары мен қаулыларына да сілтеме жасайды. Кітап авторлары Алаш қозғалысын большевиктік тәсілмен талдап бағалап болған соң, оқырмандарды осы қозғалыстың кейбір құжаттарымен, соның ішінде партия бағдарламасымен таныстыра кету пайдасыз болмас деп ойлаған. Сол себепті олар бұл құжаттарды өзгертпестен және оған түсініктеме беріп отырмастан, кітапқа енгізіп жіберген. Мәскеу «Правдасының» ашу-ызасын келтірген, кітапты «Алашорда ақтаушысы» деп атауына себепкер болған, міне, осы жәйт еді («Правда», 35.04.13). Брайнин мен Шафироның кітабын басып шығарған Қазақстан Орталық Комитеті «Правданың» соққысынан соң өздерінің аңқаулығын сезе қойып, кітапты қайта редакциялап, таралымды жинап алу туралы шешім қабылдады. Авторлар да ағаттықтарын мойындап, түзетіп, Алашорда құжаттарының бір бөлігі мен Алаш партиясы бағдарламасын бүкілдей алып тастап, қайта бастыруға уағда етті («Казахстанская правда», 35.04.18). Большевиктер «керітартпа» Алашордадан неге сонша қорқады? Патша үкіметінің небір кері төңкерісшіл құжаттарын, патшаның, патша айналасындағылардың, патша үкіметі министрлерінің және дипломаттарының естеліктері мен қойын дәптерлеріне дейін басып шығарғанда ешбір бөтен ойда болмаған большевиктер «Алашордаға» келгенде неге бұлай бұзылды? Орыстың ұлтшыл, кері төңкерісшіл партияларының бағдарламалары кеңестік Ресейде баршаға мәлім нәрселер. Олай болса большевиктер Алашорда бағдарламасын қазақтардан неге жасырады? Бүгінгі қазақ коммунистері мен еңбекшілері Алаш сынды «жауы» болғанын да білуі керек емес пе? Қазақ «пролетариатын» Алаш қалдырған кері төңкерісшіл бағдарламалармен таныстырып, Алашорда Үкіметі тарапынан шығарылған мәлімдемелерді, Алашорда басшыларының жазғандары мен сөйлеген сөздерін олардың алдына жайып тастауы тиіс еді ғой. Олар өздеріне сенсе осылай етуі лазым еді... Бірақ сталиндік Орталық бұған басқа жағынан келді. Олардың бұлай етпеске амалы да жоқ еді. Өйткені Алаш партиясының бағдарламасы, Алаш конференцияларының қаулылары, Алашорда басшыларының мәлімдемелері большевиктердің Алашорданы патша үкіметінің агенттері, қазақ халқының жауы етіп көрсетіп келе жатқан ертегілерінің күлін көкке ұшырар еді. Сөйтіп, олардың жексұрын бет-бейнесін ашып тастаған болар еді. Алаш партиясы — Ресей қол астындағы түріктер ішінен саяси партиялардың ең радикалы еді. Алаш бағдарламасының кейбір баптары (мәселен, жүмысшы заңдары хақындағы бап) социал-демократтардың бағдарламасымен ұп - ұқсас5 . Ал бағдарламаның халық ағарту және жер мәселесіне қатысты баптары большевик үкіметінің түп - негіздеріне турадан-тура қарсы бағытталған еді. Өйткені онда орыс мұғажырларының артықшылықтарына, озбырлықтарына шек қою туралы соз болады. Міне, сол себепті де Мәскеу «Правдасы» Алаш бағдарламасын басуға қарсы6. Сол себепті де олар бұл жаңа кітапты «Алашорда ақтаушысы» деп атап, оған қарсы шабуылға шықты. «Алашорда тарихы төңірегінде» атты кітап айналымнан алынып тасталынды. Енді оны өзгертіп шығармақ. Одан енді Алаш партиясының бағдарламасы түгелімен алынып тасталатын болады. Соған қарамастан бұл кітапқа байланысты басталған шабуыл әлі тоқтар емес. Өздерінің нағыз төңкерісшілдігін көрсетіп қалғысы келетіндердің осы орайды пайдаланып Алашордаға жаппаған жаласы қалмады. Солардың алдыңғы қатарынан біз Рысқұлұлы Тұрарды көріп отырмыз. Бұл жігіт көптен бері жым-жырт боп кеткен. Үстіміздегі жылы «Түрксібке» бес жыл толуына орай «Известияға» жазған мақаласы болмаса, Тұрар көптен бері Түркістан өміріне қатынаспай қалған. Қазақстанды ақымақ Голощекин билеп тұрған тұста, Тұрар аузын аша алмайтын күйде болатын. Өйткені Голощекин әр жолы сөйлеген сөзінде Тұрарды «ұлттық уклонист» ретінде сынамай өтпейтін. Бұл кезде Голощекиннің аузынан шыққан «Рысқұловшылдар» сөзі «түрікшілдік», «пантүркизм» деген сөздердің баламасындай естілетін. Мұның өзі большевиктік ұғымда «алашордашылықтан» да қауіпті болатын. Тұрар Сафаровтан да жасқанатын. Асылында, Тұрарды «пантүркист» ретінде алғаш рет айыптаған адам осы Сафаров болатын. (1919 жылы Ташкентте шақырылған мұсылман конференциясын еске түсіріңіз. Онда Тұрардың басшылығымен Ресей қол астындағы барлық түрік тектестерді Түркістан Кеңес Республикасына топтастыру бағдарламасы жасалған. Мұның өзі Ресей қол астындағы түріктер арасынан түрік бірлігін батыл көтеріп шыққан тұңғыш ұмтылыс еді). Голощекин мен Сафаров саясат сахнасынан ғайып болды. Олар кетісімен еркінси бастаған кеңестік «пантүркист» Тұрар өзі үшін үрейлі болған Түркістандағы ұлт мәселелері жөніндегі пікірталастарға қатыса бастады. Тұрардың «Казахстанская правданың» осы жылғы 10 мамыр санында жарияланған «Керітартпа Алашорда және оның қалдықтары» атты мақаласы қарсы жауап беру мүмкіндігі жоқ адамдарға негізсіз жала жауып, қаралау жағынан Түркістанда ойына келгенін істеп жүрген Мәскеу агенттерінен де асып түседі. Тұрар «Алаш» зиялыларын 1905 жылғы төңкерісте «екіжүзділік жасады» деп айыптайды. Ал бірақ «Алаш» зиялыларының төңкерісшіл ұлттық ұйым және саяси партия түрінде 1917 жылы ғана аренаға шыққанын ол өте жақсы біледі... Бұл ара дала қазақтарының 1905 жылы «төңкерісшіл күшке ие болуы» мүмкін бе еді? Мүмкін делінсе, оған қандай жолдармен жетуге болар еді деген сұраулар төңірегінде пікір таластырып отыратын жер емес. Тұрар «Алашорда тарихы төңірегіндегінің» авторларын «Алаш» партиясы басшыларының «1916 жылғы көтерілісті бастырудағы қызметтері» хақында жеткілікті дәлелдер келтірмегендігі үшін айыптайды. Брайнин мен Шафироға жала жабу жағынан үлгі көрсетіп, дәріс бергісі келетін Рысқұлұлы Тұрар «Бөкейхан, Міржақып Дулат және басқа да «Алаш» зиялыларының, баспалары қазақтардан жұмысшы алынған кезде байлардың балаларын құтқарып, олардың орнына кедейлерді жіберді» деген сөздерді ар-ожданы азаптанбай, шімірікпей жазып отыр. Тұрардың бұл сөздерінде шындықтың жұрнағы да жоқ. Байлар мен патша үкіметі мекемелерінің арасында делдалдық етушілер Кеңес үкіметін бірден - ақ қабылдаған Бақытжан Қаратайұлы мен оның жақындары болатын. Әлихан Бөкейхан, Міржақып Дулат, Ахметтер патша үкіметі мекемелерінің байлармен ауыз жаласқан іс-әрекеттерін әшкерелеушілер еді. Тұрар жала жабуда мұнымен тоқталмайды. Ол тағы «Алаш» зиялылары мен басшылары арасынан бірқатар адамдар мыңбасылар болып жұмысшылардың мойнына мініп алды. Олар осылай ету арқылы патша үкіметі билеушілерінің көзіне түсіп, назарына ілінуді қалады. Мамандығы бар біраз кісілер «көздеген мақсаттарына жетті де» деп жазды. Шылғи өтірік. Алашорда басшыларынан бірде-бір адам қазақ жүмысшыларының басшылық кызметіне кірген емес. Керісінше, көптеген қазақ мұғалімдері мен оқушылары Әлихан Бөкейханның жеке басын үлгі етіп, оның үндеуіне құлақ асты. Әлихан мен оның серіктері қазақ жұмысшыларының соңынан соғыс майданына барып, барлық ауыртпалықтар мен қауіп-қатерлерді бастарынан бірге өткерді. Сөйтіп, ауыр күндерде өз бауырларына шама-шарқы келгенше көмек корсетті. Алаш зиялыларының ешқайсысы ешқашан патшадан сый-сыяпат алған жоқ. Алуы да мүмкін емес еді... «Алашорда тарихы төңірегінде» атты кітаптың авторлары Брайнин мен Шафиро «Алаш» зиялыларын «қасақана пристав мекемелеріне кіріп алып, отаршылдық үстемдікке кызмет еткен шенеуніктермен теңестіру дұрыс емес» деп әділін айтса, Тұрар оны теріске шығарады және «Алаш» партиясы басшыларының көпшілігі, көптеген Алаш зиялылары қазақ халқын басқару мақсатында құрылған патша аппараттарында ірі әкімшілік қызметтер атқарды, ал Әлихан Бөкейхан Еділ бойындағы ірі банкілердің бірін басқарып тұрған еді дейді. Тұрардың мұнысы да шылғи өтірік. Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсын, Міржақып Дулат тәрізді «Алаш» партиясы лидерлерінің ешқайсысы да патша мекемелерінде ешқашан үлкен, кіші әкімшілік кызметтерде болған емес. Әлихан Бөкейхан, 1906 жылы Выборг мәлімдемесіне қол қойғандардың бірі болуы себепті, саяси құқықтан мақұрым етілген. Сол себепті де оның әкімшілікте қызмет атқаруы мүмкін емес еді. «Оян, қазақ!» атты кітап шығарғаны үшін саяси айыппен айыпталып, абақтыда отырып шыққан Міржақып Дулат та әкімшілікте қызмет етті дегенге ешкім сенбейді. «Саяси сенімсіз элемент» деген аты бар Ахметтің де ешқашан әкімшілік қызметте болмағаны баршаға аян. Рас, бір мезгіл Әлихан Бөкейхан Азов - Дон банкісінің Самара бөлімшесінде техник қызметші болып істегені бар. Бірақ оның банк басқармасымен ешқандай қатынасы болмаған. Майданға қазақтардан жүмысшы алатын хабарды естісімен Әлихан банкіні тастап, майданға аттанды. Содан банкіге кайтып оралмады. Мен осы сөз болып отырған жәйттерге орай, Лениннің жеке досы, Кеңес үкіметінің мүшесі, Лондон және Париждерде Кеңес елшісі қызметін атқарған Красинді мысалға келтіргім келеді. Красин Кеңес үкіметіне мүшелікке өткенге дейін әлемге әйгілі Алман капиталистік фирмаларының бірі Зименс - Галекеннің өкілі болған. Красин сол компаниядан байыған. Бұрынғы қызметі үшін үлес алып тұрған. Журналымызда басқа да материалдарға орын қалдыру үшін Тұрардың тағы толып жатқан бұтып - шатқандары, оның ішінде маған жапқан жалалары туралы айтып жатпаймын. Кейін реті келген тұста, бәлкім, кайта соғармын. Сөз соңында мына бір нәрсені айта кетпекпін. 1926 жылы Қызылорда қаласында еткен 5-партия конференциясы және Қазақстан Орталық Атқару Комитеті тарапынан қазақтар жерге қоныстанып болғанша орыс мұғажырларының келуін тоқтату туралы шығарылған қаулыны Тұрар да білетін болса керек. Осы қаулыны Ресей Комиссарлары Кеңесіне қабылдатқызу жұмысына Тұрар өзі де катысқан болатын. Ресей Комиссарлары Кеңесі, Қазақстанның 5-ші партия конференциясы және Қазақстан Орталық Атқару Комитеті тарапынан қабылданған осы қаулының «Алаш» бағдарламасымен ұп - ұқсас екенін де Тұрар жақсы білетін. Голощекиннің кәріне қарамастан, Кеңес үкіметіне осындай мәтіндегі құжат ұсынудың алдында қазақ коммунистері Әлихан Бөкейханмен астыртын кеңесіп те алған еді. Сол коммунистердің ішінде Тұрар Рысқұлұлы да болса керекті. Енді келіп «Алаш» және оның лидерлеріне, әсіресе Әлихан Бөкейханға осыншама арсыздықпен жала жапқанын қалай түсінуге болады?
1935 ж., № 68
ТҮРКІСТАН ТУРАЛЫ ФРАНЦУЗ ТІЛІНДЕ ЖАРИЯЛАНҒАН БІР МАҚАЛА
Парижде шығатын «Күнделік бюллетень» («Bulletіn Quotіdіen») журналының 3 маусым (125) санында Василий Петрович Никитиннің «Кеңестер қол астындағы Түркістанның саяси дамуы» («L'Evolutіon Polіtіque du Turkestan sous les Sovіets») атты бас мақаласы жарияланды. В. Н. Никитин Түркістандағы Кеңес түзімін үш кезеңге бөледі. Бірінші кезеңі — 1917—1920 жылдар; екінші кезеңі — 1920-1923 жылдар; үшінші кезеңі - 1924 жылдағы «ұлттық шекаралардан» кейінгі дәуір. Негізінен большевиктік, ішінара алман мен ағылшын деректеріне сүйеніп жазылған осы мақаланың авторы Кеңес үкіметін жақтай отырып, Түркістанда жүргізіліп жатқан «Ленинизм ұлттық саясаты» Кеңес үкіметі күткеніндей нәтижелер бере бастағанына сенетін кісінің райын танытады. Никитин сөз болып отырған материалында Кеңес үкіметінің Түркістан түріктерінің ұлттық құқықтарын аяқ асты етіп, құрылған күнінен бастап, саяси, экономикалық және ұлт мәселесі салаларындағы бағыт-бағдарларына дейін және оған қарсы көтерілген ұлттық қозғалыстар хақында да қысқа-қысқа шолып өтеді. Мақаласының соңында автор: «Кеңестік Түркістанда жүзеге асырылып жатқан түрі — ұлттық, мазмұны - социалистік өзгерістердің табыстарына жұрт сене бастады. Алайда большевиктер қолындағы осы бір қазіргі кезде оңтайлы көрінетін тәсілдің екінші бөлігі (социалистік даму жағы) келешекте жоққа шығуы ықтимал», — дейді. Мақаланың Түркістан халқының құқық талаптарына (ұлттық талаптарына) арналған бөлігінде В. П. Никитин марқұм Ибрайым бек Лақайлы мен бұрынғы Бұхара әмірі орыс генералы Сайд Мирғалым тарапынан «Түркістан халқына» бағыштаған үндеуін келтірген. Бұлар, әрине, Түркістан халқы екінші Николай патша тұсында бақытты әмір кешкені туралы ауыздарының суы құрып әңгімелейді. Біздің ұлттық мұраттарымыз бен талаптарымыз осы адамдар аңсап отырған арттағы дәуірге, яғни патшаның боданы болып өмір сүрген заманға қайту емес. Біздің ұлттық талаптарымыз — Түркістанды жат жұрттықтардың тепкісінен біржола құтқарып, оз тәуелсіздігімізді оз қолымызға алып, ұлттық мемлекетімізді құру. Большевиктерге қарсы жүргізіп жатқан күрестеріміз — біздің сол мақсатқа жету жолындағы іс-қимылдарымыз бен тәсілдеріміз болып табылады.
1935 ж., № 68
ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЖАҒДАЙ
Халықаралық жағдай барған сайын шиеленісіп барады. Тек басты-басты оқиғаларды санап көрсетудің өзі-ақ болашақ туралы әрқилы ойларға жетелейді. Күннен-күнге ушығып бара жатқан Италия - Хабашстан жанжалының ақыры соғысқа апармай қоймайтын тәрізді. Өте қиындықпен құрылған Англия – Франция - Италия бірыңғай майданы өз ішінен бүлініп ыдырауға даяр тұр. Қиыр Шығыста Жапония - Қытай қатынасы да жаңа бір түске ене бастады. Бұлар халықаралық жағдайдың анық көрініп тұрған жақтары. Сонымен қатар халықаралық жағдайда «онды» құбылыстар да жоқ емес. Алайда тереңірек үңіліп, пайымдап қарағанда осы «онды» құбылыстар қазіргі кезде соғысқа итермелеп бара жатқан факторларға төтеп бере алмайтындай күйге ұшырап отырған жәйі бар. І. Италия мен Хабашстан жанжалы өткен жылдың соңында басталды. Осы екі ел арасындағы жанжал екеуінің де Ұлттар Ұйымына мүше болуына байланысты және бір жағынан Хабашстан мәселесінде Франция, сондай-ақ Англияның да мүдделері болуы себепті күрделеніп барады. 1906 жылы (XІІ. 13) Ұлыбритания, Франция және Италия үкіметтері Хабашстанның (Эфиопия) тәуелсіздігін сақтауға сөз беріскен болатын . 1923 жылы Франция үкіметі инициативасымен Хабашстан Ұлттар Ұйымына мүше болып кірді ... Үміткер дауысқа түсер алдында Италия өкілі оның атына көптеген жылы сөздер айтты. Англия бейтарап қалды. 1928 жылдан бері Италия мен Хабашстан арасындағы достық келісімі бар. Осы келісімге сәйкес әрбір екі жақ шығуы ықтимал барлық келіспеушіліктерді саяси тәсілдермен реттеуге тиіс. Англия - Франция және Италиялар осы бір әлжуаз, момын елдің шаруашылық салаларына ішкерілей еніп алып, өз ықпалдарын орнықтыруына 1906 жылдағы келісім ешбір кедергі келтірген жоқ. 1) Мемлекеттің орталығы Адис - Абебаны Жиботымен байланыстыратын, ұзындығы 800 шақырым келетін елдегі бірден-бір темір жол Францияның қолында. 2) Жергілікті банкілер ұйымдастыру арқылы Хабашстанның қаржы жүйесін Англия шеңгеліне түсірді. 3) Хабашстанның почта - телеграф істері Италияның қолында. Хабашстанның Ұлттар Ұйымына мүше екені және Италиямен арасында 1928 жылы жасалған келісім бар екеніне келсек, олар да енді өзгерістерге ұшырауда. Италия енді Хабашстанды Ұлттар Ұйымынан қуып, оның үстінен өзіне мандат берілуін талап етуде және Африкаға үсті-үстіне әскери күштер жіберіп қоқан-лоқы көрсетуде... Италия диктаторы Муссолини Хабашстанға қарсы бағытталып отырған жоспарын жүзеге асыру үшін ештеңеден де тайынбайтынын, тіпті Ұлттар Ұйымынан шығып кетуге дейін баруға әзір екенін ашық мәлімдеумен келеді. Америка Құрама Штаттары, Жапония, Алмания және Италия қатыспаған жерде «халықаралық парламенттің» халі қандай болатыны өз-өзінен түсінікті. Ұлыбритания Хабашстандағы өз мүддесінің бір бөлігін қиып болса да Италияны тоқтатпақ болады. Әлбетте, Англия мұндай жол қоюшылыққа Хабашстан үшін емес, өз мүддесі үшін барады. Өйткені Хабашстан Италия тарапынан басып алынса, Африканың осы аумағындағы ағылшын мүддесіне қауіп төнеді. Францияда Италия мен Хабашстан арасында соғыс туып кетуін қаламайды. Соғыс туа қалса, Италияның жеңіп шығарына, Хабашстанға үстемдік етеріне күдікпен қарайды. Франция мұндай соғыс Италияны Еуропа мәселелерінен алыстатып жіберуі, онсыз да күрделі Еуропа жағдайын одан бетер қиындатуы және осы орайда Алмания Австрияны өзіне қосып алуы ықтимал деп қарайды. Сонымен катар, Чехославакия мен Румыния да қауіп төніп, Орта Еуропада Алмания гегемониясы пайда болады деп үрейленеді. Ұлттар Ұйымының бір мүшесі екінші бір мүшесін бодандыққа түсіру үшін ашықтан-ашық дайындық жасап жатыр. Салтанатты түрде қол қойылған келісім-шарттар қағаз жүзінде қалып қоюда. «Мәдениетті» Еуропаның күллі дүниенің көз алдында көрсетіп отырған үлгісінің түр - сиқы, міне, осындай. Италия - Хабашстан мәселесі Еуропа көрсеткен «үлгінің» тек бір көрінісі ғана. ІІ. Англия - Франция келісімі (1935, қаңтар), Франция - Италия келісімі (1935, ақпан) және Штреза келісімі (1935, көкек), ақырында Ұлттар Ұйымының мамыр жиналысы нәтижесінде Англия – Франция - Италия бірыңғай майданы құрылғаны жарияланды. Бірыңғай майдан құрған осы елдер дүние жүзі, соның ішінде Еуропа бейбітшілігін қорғау жөнінде күш біріктіре отырып, ортақ саясат белгілеуге уағда еткен еді. Олар сондай саясат арқылы Версаль келісімінен «аман» қалған тармақтарды ортақ күш шығара отырып қорғап қалуды, яғни Версаль келісіміне сәйкес белгіленген шекараларды және әскери күштер мөлшерін бір жақтылы бұзуға жол бермеу шарасын қарастыруды мақсат етті. Сонымен катар бұл мемлекеттер кең аумақты бейбітшілікті қорғау үшін Шығыс Еуропа, Орта Еуропа және Батыс Еуропа пактілерін жасау туралы келісті. Бүл шарттар бір-бірімен тығыз байланыста болуын оған қатысқан жақтар қатаң дәріптесті. Енді осы бірлескен Англия – Франция - Италия майданы хақындағы келісімдерден соң, Англия 18 шілдеде Алманиямен теңіз күштері жөнінде келісім жасады. Басқаша айтқанда, Ұлыбритания оз уағдаларын, сондай-ақ Версаль шартынан қалған әскери тармақтарын бұзды. Ағылшындар Алманиямен мұндай келісімге отырмаған күнде де, Алмания бәрібір әскери кемелерін жасауға кірісе берген болар еді. Ағылшындар Еуропаны, қала берді бүкіл дүние жүзін соғыс қаупінен құтқару үшін ез уағдаларын бұзуға мәжбүр болғандықтарын айтады. Англия - Алмания келісімі бойынша Алмания Англия соғыс кемелерінің 35 проценті мөлшерінде әскери кемелер жасай алатын еді. Су асты кемелерін 40 - 45 процентке жеткізе алатын. Бұл онша көп емес. Бірақ мына бір нәрсені есте ұстаған жөн. Ағылшынның теңіз күштері дүниенің шартарабына жайылып орналасқан. Ал Алманияның теңіз күштері негізінен Балтық және Солтүстік теңіз жағалауларына топтастырылмақ. Егер географиялық картаға қарап пайымдар болсаңыз, Алмания теңіз күшінің қаупіне ұшырайтын бір ел бар болса, ол ел — ең алдымен Ресей болмақ. Англия Шығыс және Орта Еуропа пактілері жасалуын күтпей-ақ, әуе күштері хақында да Алманиямен келісім жасау ойы бар екенін Франция мен Италияға сездірді. Мұндай келісім арқасында Алмания тығырықтан шығады, жағдайы жақсарады. Алманияның саяси жағдайы жақсаруымен бірге, Орта Еуропа мен аты шулы Шығыс Еуропа пактілері жайына қалуы әбден ықтимал. Ұлыбританияның бірыңғай майданды бұзып, Алманиямен ауыз жаласуы дүние жағдайына ешқандай бір онды өзгеріс әкелмейді. Кезінде күллі Еуропа кеңестік Ресейді мойындамай, оған қарсы үнсіз ұрыс жағдайында тұрған дәуірде онымен сауда-саттық келісімін жасап, іс жүзінде кеңес үкіметін жұрттан бұрын таныған ел — осы Ұлыбритания болатын. Ол кезде Англияның осы қылығына орай кейбір Еуропа мемлекеттерінің наразылығы мен сұрақтарына ағылшынның үкімет басшысы Ллойд - Джордж «Саудада шек болмайды» деп жауап қайырған. Алмания кеңестік Ресей емес. Оның жалпы қуаты, халқының материалдық және моральдық күші жоғары. Оны¬мен есептеспеген жағдайда Еуропаны алаңсыз ұйықтатпайды. Мұны Еуропа мемлекеттері арасынан алғаш рет Польша түсінді. Енді, міне, бұл жолға Англия да түсіп барады... ІІІ. Манжурия және Моңғолстан шекарасы бойында аяқ астынан шыққан кейбір оқиғалар соғыс туып кету қаупін күшейткен еді. Ішкі соғыстар қалжыратқан Қытай, Жапонияның талаптарын қабылдамасқа шарасыз болмады. Солтүстік Қытайда орныға бастаған Жапон ықпалы кеңестік Ресейдің басқаруындағы сыртқы Моңғолияға да біртіндеп жайыла бастады. Манжурияны жапондар басып алған кезде, Еуропаға үндеу тастап, көмекке шақырған Қытай бұл жолы жұмған аузын аша алмаған күйде қалды... ІV. Біз тағы оқырмандарымызды Чехословакия министрі Бенеш мырзаның маусым айында Мәскеуге жасаған сапарымен де таныстырып өткіміз келеді. 35. 05. 16-да Чехословакия -Кеңестік Ресей шартына қол қойылғаннан кейін, министрлер алма-кезек сапар шегіп, барды - келді жасап жүрген кезде, жеке Бенештің сапарын бөліп алып қарастырудың пәлендей бір ерекше мәні болмақ емес еді. Алайда қазіргі күнде бұл сапар басқаша бір оң алып отыр. Біз бұл арада Бенештің Кеңес үкіметі басшыларымен өткізген сұхбаттарына егжей-тегжейлі тоқталып отырмаймыз. Тек 35. 05. 08- інде Мәскеуде өткен кездесуде Литвинов пен Бенештің бір - біріне қаратып айтқан сөздерінің ұлт мәселесіне қатысты кейбір тұстарына тоқталып өтеміз. Литвинов Бенешті құттықтай келіп: «Чехословакия мен біздің одақ халықтары арасындағы бір-біріне болған сүйіспеншіліктің тамыры тарихтың терең қойнауларында жатыр» - дейді. Большевик министрдің славяндық белгілерді бірінші кезекке шығарып сөйлеген бұл сөзінен нәсілшілдік иісі аңқып тұрғанын сезінбеу мүмкін емес. Оған Бенеш былайша жауап қайырады: «Ғасырлардан бері біздің халық сіздің халықпен тығыз байланысы барын сезіп келді. Бұл байланыс саяси жақта әрдайым көріне бермегенімен, мәдениет пен тілде бекемделген біздің туыстық санамыз мәдени және идеялық байланыстарда ылғи да көрініс тауып отырды» («Известия», 35. 06. 09). Біз осы арада оқырмандарымыз назарын кеңестік Ресейдің қызыл астанасы Мәскеу қаласында большевик Литвинов пен халықшыл - социалист Бенештің екі ел арасындағы қатынасқа славяндык тұрғыдан мән беріп отырғанына аударғымыз келеді. Славян халықтары арасындағы туысқандық байланыс жөнінен сөз қозғау біздің түріктік сезімдерімізге тимейді. Бұл арада әңгіме басқада. Әңгіме — өздері славяндық тегін дәріптеп отырған большевиктер, біз — түріктердің жақындасуымызға тосқауылдар қоюында және осыны Түркиядағы кейбір бауырларымыздың көрмей - білмей отыруында. Славяндар бір-біріне симпатиясын ашық білдіріп жатқан кезде, біздің — түріктердің — мұндай күйде отырғанымыз жанға қатты батады. Әсіресе біздер сияқты, елінен, жерінен айырылып жүрген түріктерге өте-мөте ауыр тиетіні өз-өзінен түсінікті болса керек.
1935 ж., № 68
ОЗБЫРЛАР МЕН ОТАРШЫЛДАР ҰЯСЫ
Мәскеуден шығатын «Известия» газетінде «Эль - Регистан» деген бүркеншік атпен қол қойған біреудің «Озбырлар мен отаршылдар ұясы» (VІІ. 8-саны) деп аталатын мақаласы жарық көрді. Мақалада Түркістан өмірі сөз болатынын бірден - ақ аңғару қиынға соқпайды. Өйткені Кеңес үкіметі тарапынан озбырлық пен отаршылдық тақсіретін ең алдымен түркістандықтар тартпағанда, басқа кім тартушы еді? Эль - Регистан мақаласының ұзын-ырғасы мынадай: Ыстықкөлдің оңтүстік жиегінде бірнеше жолдастарымен кетіп бара жатқан бір тілші жыртық кітапшаларын қолтығына қысқан екі қырғыз баласын кездестіреді. Сұрастыра келе бұлардың техникумнан қашып шығып, тау арасындағы ауылдарына бара жатқаны белгілі болады. Эль - Регистан қашқындардың айтқанын анықтап білу үшін техникум орналасқан Қарақол қаласына баруға бел байлайды. Міне, ол енді техникум үйінің ішінде отыр. Автор осы тұста былай деп жазады: «Орыс оқушыларының тұрмысы қырғыздардан басқаша орналастырылғанын көргенімде, мен өз көзіме өзім сенбедім. Орыс балаларының бөлмелері таза, темір кереуеттер қойылып, аппақ төсеніштер төселген. Ал қырғыз балаларының бөлмелері лас, балалар құр жерге қалай болса солай тастай салған тақтайлардың үстінде жатады екен». Кеңес тілшісі сөзін одан ары сабақтай түседі: «Шәкірттердің біріне сұрау қоя бергенімде, мектеп директоры көзін алайта бастады. Оны көрген шәкірттер жанарымен жер шұқып, ауыздарын аша алмай қалды. Арада үш сағат өткеннен кейін барып Жетігенұлы атты бір оқушыны бақтан кездестіріп, Қырғызстандағы ұлттық мал дәрігерлерін дайындайтын осы оқу орны өмірінен кейбір мағлұматтар алу орайына ие болдым», — дейді тілші. Ол қандай мағлұмат? Тілші ол туралы қысқаша былай деп баяндайды: «Стипендиялар да, жатақхана тәрізді, әділетсіз бөлінген. Орыстар айына 50 сом алса, қырғыздар 30 сом алады екен. Қырғыз оқушылар ана тіліндегі оқулықтар сұраса, оның орнына тек орыс тіліндегі оқулықтар алады екен» және тағы басқалар. Балаларына 50 сомнан стипендия тағайындап, өздері ең тиімді орындарды иеленіп отырған он бес бай көне орыс отаршылдарының кейбіреулерін аты-жөнімен атай отырып, Эль - Регистан сұрақ қояды: «Бұл оқу орнында орыс шовинизмі неге сонша белең алған? Оқытушыларының даусы неліктен естілмейді? Ауылдық партия - кеңес ұйымдары қайда қарап отыр? Жоқ әлде олар осы техникум жағдайынан мүлде хабарсыз ба? Соңғы бірнеше ай ішінде техникум оқушыларының үштен бірі қашып кеткенін әлде олар білмей ме екен?» — дейді. Эль -Регистан коп жылдардан бері Түркістанда қызмет атқарады. Түркістан жағдайын жетік біледі. Ол, қаласа, жаңағы өзі қойып отырған сұраулардың жауабын да дәл басып айта алады. Бірақ Эль - Регистан олай етпейді. Сол себепті оның қойған сұрауларына біздің жауап қайтаруымызға тура келіп отыр. Қарақол техникумында орыс шовинизмінің кәрі күшті болатын себебі — Түркістандағы кеңестік жүйенің өзі тұтасымен сол орыс шовинизміне суарылған. Оқытушыларының даусы естілмейтін себебі, егер олар орыстар болса, онда олар директор Теричевтің пікірлестері. Егер оқытушылар жергілікті ұлт өкілдерінен болса, онда олардың «Түркістандағы пролетариат диктатурасының өкілі», ұлты орыс директорға қарсы шығуы мүмкін емес. Ауылдық партия - кеңес ұйымдарына келсек, олардың бәрі де өз органдарында отырып, Теричев тәрізді пролетариат диктатурасына адал қызмет көрсетуде. Оқу-ағарту комиссары қайда деп сұрасаңыз, ол да орнында. Алайда қырғыздан шыққан комиссар Жолдошұлы қырғыз балаларын жақтап шыға алар ма? Жақтап шыққан күннің өзінде Теричев оны құлағына қыстыра қояр ма екен? Түркістандағы орыс пролетариаты диктатурасының өкілдері арасынан жергілікті ұлттан шыққан комиссарларды тыңдайтындары табыла ма екен? Дәлел дейсіз бе? Онда назар аударыңыз. Орта Азияда партия қатарын тазалау комиссиясының бастығы, бұрынғы чекист Петере былай деп жазады: «Мен «Тәжікстан коммунисі» газетінің хатшысы Тәжікстан Комиссарлары Кеңесінің төрағасы Рахымбаевтың баспаға әзірлеп берген сөзін баспай қойғанына куә болдым. Автордың (ұлты тәжік) «Неге баспай отырсыздар?» — деген сұрағына газет хатшысы (ұлты орыс) «Материал тартымсыз болғаны үшін баспай отырғанын» айтады. Рахымбаевтың қайталай соққан телефонына әлгі хатшы: «Бізде сіздің сөзіңізден де маңыздырақ материалдар бар», — деп қана жауап қайтарған». Петерс тағы бір мысал келтіргелі деп сөзін ары қарай жалғайды: «Тәжікстан Орталық Атқару Комитетінің төрағасы Шахтемір (Тәжікстанның орталығы Душанбеде) станция әкімшілігінен алдынан өзі шығып қарсы алуға тиіс бір адамның вагонын сұрайды. Анау «білмеймін» деп жауап береді. Шахтемір әлгі станция әкімшілігіне тағы: «Мен Тәжікстан Атқару Комитетінің төрағасымын. Маған бұл адамның вагонын білу өте қажет. Тез тауып хабарлаңыз» дейді. Сонда станция әкімшілігінің қызметкері: «Сіздің кім екеніңіздің маған көк тиынға қажеті жоқ. Барыңыз. Керек болса, өзіңіз іздеп тауып алыңыз», — деп жөніне кетеді» («Правда Востока», 1934, 07. 21.166). Мінеки, көріп отырсыздар, республиканың Орталық Атқару Комитеті мен үкіметінің төрағасын сол республиканың ең төменгі буындарында жүрген қарапайым ғана бір орыс шенеунігі адам деп ескеріп отырған жоқ. Олай болса, Қырғызстандағы ұлты қырғыз комиссарлардың жағдайы Рахымбаевтан жақсы деп айта алармыз ба? Тағы бір автономиялы республиканың — Қазақстанның басшылары Исаұлы Ораз бен Құрамысұлы Ізмұханды алыңыз. Қазақстанды ауыр апатқа душар еткен Голощекин тұсында осы адамдардың қандай рөл атқарғандығы туралы түсінік берулерін сұрағанда, олар «біз бар болғаны Голощекиннің еркін орындауға мәжбүр болдық» деп қана жауап қайтарған. Сол кезде Исаұлы Ораз Комиссарлар Кеңесінің төрағасы, Құрамысұлы Ізмұхан Республикалық Жүмысшылар одағының бастығы болатын. Өлкелік партия комитетінің хатшысы Голощекиннің алдында Бүкіл Одақтық Комиссарлар Кеңесі төрағасының орынбасары Тұрар Рысқұлұлының қандай масқара күйге тап болғанын жұрттың бәрі біледі. Рысқұлұлы Голощекин қызметтен алынып, кері шақырып әкетілгеннен кейін ғана әрең-әрең дауысын шығара бастады. Қырғызстан оқу-ағарту комиссарының өзінен дәрежесі әлдеқайда төмен, өзінің тікелей қол астында істейтін орыс шовинисі Теричевтің алдында дәрменсіз болатын себептері, міне, осындай... Эль - Регистан әңгіме қозғап отырған техникум жағдайы бүкіл түркістандық сипат алып отырған жағдайдың тек бір ғана көрінісі. Мұның өзі Түркістанда билік құрған орыс пролетариата диктатурасының табиғатынан туындап жататын құбылыстар. Кеңес үкіметі өзі қорғаштап - қолпаштап келе жатқан «ұлы орыс шовинизмінің» өктемдігі мен озбырлығын бір сәтке болса да әлсіреткен емес. Ол қазір ұлттық кадрлар дайындайтын ұяларға да орнығып алды. Жоғарыда аты аталған Петерс Орта Азия Бюросының 34.09.05-індегі жиналысында Орта Азия республикаларында партия қатарын тазалау жұмыстарының жай-күйіне тоқтала келіп, «мен партия қатарын тазалауға қатысты материалдардан орыс шовинистерінің ұлттық кадрлар дайындау ісінде партия нұсқауларын дөрекілікпен бұзып отырғаны жөніндегі дәлелдерді қажетінше келтіре аламын», — дейді («Правда Востока», 34.09.11.210). «Озбыр отаршылдық» пен «орыс шовинизмнің» тамыры тереңде жатыр... Ол Түркістандағы кеңестердің бірінші адамына барып тіреледі. Ол кеңестік қаламгерлердің Түркістандағы большевиктік билікке тән шовинистік, отаршылдық сипаттарды жасырып, ақтап кызмет көрсетіп келе жатқанымен де байланысты. Мен бұл арада тазалығына шүбә келтіруге болмайтын екі коммунистің дәлелдерінен мысалдар келтіремін. Дмитрий Фурмановтың Жетісудағы большевик ұйымдары мен Кеңес үкіметі хақында жазған «Мятеж» («Бүлік») романындағы Вилецкийдің қырғыздарға байланысты айтқан мына сөздеріне назар аударамын: Вилецкий: «Қырғыз? Әлгі қырғыз қайда жүр? Сен мені қырғыздармен теңестірмексің бе? Мені кім деп ойлайсың? Мен алты жыл ордада қызмет еттім. Жоқ, мені қырғыздармен бір қатарға қойғаныңыз жарамайды»1. Петерстен тағы бір мысал келтірейін. Ол да сол кездің өмірінен алынған. «Мен (бұдан 12 жыл бұрын) Түркістан Республикасы үкіметіне, біздің партиямыздың қатарына түр-түсін өзгерткен жат элементтердің еніп алғанын көріп отырмын. Бұл үкіметке кімдер кірмеді десеңізші? Оған тіпті бұрынғы баукеспе ұрылар да кірген болатын. Оны жұрттың бәрі біледі. Біз бұл жағдайды түзету үшін күш салып, үкіметке пролетариат ісіне шын берілген адамдарды тартпақ болғанымызда, оларды көндіру қандай қиынға түсті. Олар отаршылдық үстемдіктен шексіз жәбір, езгі көргендіктен, үкіметке кіруден қорқатын еді» (Ташкентте өткен партия активтері жиналысында Петерстің сөйлеген сөзінен. «Правда Востока», 34. 05. 24. 118). Әділ айтылған сөз. Шынында Кеңес үкіметі мен большевик партиясының бір басты белгісі — оны құрысуға ұрылардың белсене ат салысуында, ал еңбекші халық бұқарасының одан аулақ қалуында еді. Әсіресе біздің Түркістанда солай болды. Кеңес үкіметі мен большевиктер партиясының бастау көзі лас. Сол себепті де одан ылғи да лас нәрселер ағады. 1920 жылдағы Вилецкийлер 1935 жылдың Теричевтеріне айналып отырады. Брайнин мен Шафиролардың 1934 жылдың соңында ғана жарық көрген «Жетісудағы Кеңес үкіметінің бірінші адамдары» атты кітабы большевиктік тұрғыдан жазылғанына қарамастан, сондағы абайсыз айтылып қалған «бір мысқал» ақиқат үшін сұрапыл сынға ұшырап, таралуына тиым салынбап па еді? Осының өзі-ақ бүгінгі мен болашақ Теричевтерге кең жол ашып бергендік болып табылмай ма? Түптеп келгенде, мәселе Теричевтерде де, оның техникумында да тұрған жоқ. Мәселе — ұрылар диктатурасында, орыс шовинизмінде, отаршылдық озбырлықта жатыр.
1935 ж.,№ 69
Фурманов Д. А. «Мятеж». M.-JL, 1930. 219 - б.
ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЖАҒДАЙ
Италия мен Хабашстан жанжалы халықаралық жағдайдағы басқа оқиғалардың бәрін екінші орынға ығыстырып тастады. Бүкіл дүние соғыстың туар сәтін күтіп қана отыр ілесе де болғандай. Италия үкіметі қару - жарақ артқан кемелерін Хабашстанға үсті-үстіне жөнелтуде. Италия диктаторы Бенито Муссолинидің соғысқа құмартқан сөздері де бірінің соңынан бірі жариялануда. Хабашстан императоры Иса соғысты айыптап, оны заңнан тыс деп мәлімдеген, 1928 жылғы «Бриян - коллег» шартына қол қойған мемлекеттерге ноталар жіберіп, Муссолиниге қарсы шаралар қолдануды сұрауда. Бақытсыз Хабашстан шағымына құлақ асып жатқан ешкім жоқ. Ал Италия диктаторының соғыс ниеті күн санап күшейе түсуде. Егер «Ұлттар Ұйымы Ұлы Румның мұрагері Италияны қайдағы бір Хабашстан дейтінмен қатар қоятын болса, онда Италия мұндай ұйымнан шығатындығын» ашық мәлімдеді. Италия Хабашстан жөнінде де өзіне мандат берілуін қалайды. Өйткені Хабашстан Ұлттар Ұйымына мүше болуға лайық емес. Ол бұл ұйымның сыртында тұруы тиіс. Оған Италия өкілдік етіп, мандат алуы лазым. Италияша осылай ету ғана «заңды» болып табылады. Басқаша айтқанда, Ұлттар Ұйымы Италияның заңсыз талаптарын заңдастыру арқылы Ұлттар Ұйымының 50-ден артық мүшелерінің еркіне қарсы барып, өз тамырына өзі балта шабуы керек тәрізді. ҰҰ мұндай сорақылыққа ашық бара алмайтыны белгілі. Дегенмен, оның кейбір беделді мүшелері Хабашстан есебінен Италияның талаптарын қанағаттандыруға баруы да ықтимал. Оған жағдай да жасалып қалған тәрізді. Біріншіден, ҰҰ - ның басында отырған мүшелері Италияның кедесшілік құқығын мойындайды. Мұның өзі Италияның Хабашстанға қарсы қойып отырған экономикалық және саяси талаптарын ҮҮ құқылы деп есептеді деген сөз. Екіншіден, Италия өзін жат нәсіл мен жат мәдениеттен Еуропа нәсілі мен Еуропа мәдениетін қорғаушы етіп көрсетуге тырысуда. Италияның нәсілшілдік саясаты Еуропаның көптеген елдерінен қолдау тапқанына куә болып отырмыз. Олар мұны ең ізгі қасиет және христиан мәдениетінің талабы ретінде көрсетпек болады... Италияның Хабашстанға байланысты бой көрсеткен нәсілшілдік саясаты дүниенің шартарабынан күтпеген наразылықтар тудырды. Американың қара нәсілді тұрғындары, егер қажет болса, Италияға қарсы соғысқа ерікті түрде қатынасатындарын білдірісті. Тіпті қаралар әуе флотын құруға кірісті... Жапонияның да үні естіле бастады. Жапония Италия мен Хабашстан жанжалында көрермен болып жайбарақат отыра алмайтынын, ақ нәсілдің Азия - Африка әлеміне үстемдігін орнатуды мақсат еткен күштерге қарсы өз тарапынан шаралар көрсететінін білдірді. Хабашстанның көршісі Мысыр да шет қалуды жөн кермеді. Баспасөз хабарларына қарағанда, Мысыр үкіметі соғыс қажеті үшін Италия агенттерінің Мысыр жерінен жұмысшы және жұмыс көлігін алуына тиым салған көрінеді. Үндістанда Ганди Италияға қарсы тұрып, Хабашстанды қорғау жөнінде жерлестеріне үндеу таратқан. Сонымен, Италия - Хабашстан мәселесі нәсілдік түс алып, әлемді нәсілдер арасындағы қақтығыстарға итермелеуде. Еуропадағы ірі мемлекеттер арасына да сызат түсті. Ұлыбритания қоғамдық пікірі мен үкіметі Ұлттар Ұйымының принциптеріне табанды болуды қатаң жақтады. Мұның өзі шын мәнінде Италияға қарсы тұрып, Хабашстанды қолдау деген сөз. Осы мәселеге орай Франция қиын жағдайға тап болды. Ол Алмания жақтан болуы мүмкін қатерді ойлағанда Италиядан болатын көмектен біржола қол үзгісі келмейді. Сол үшін де Франция солқылдақтық танытты. Ол бір жағынан соғыстың болмауын, екінші жағынан Италияның ҰҰ- нан шықпауын қалады. Италия - Хабашстан жанжалы тудырған тығырықтан қалай шығуға болатыны тек қыркүйек айында белгілі болуы ықтимал. Тамыздың басында өткен Ұлттар Ұйымының Кеңесі Францияның ұсынысы бойынша бір «ымыраласу» шарасын тапқандай болды. Яғни бұл мәселенің үзілді-кесілді шешілу мерзімін ұзартты. Муссолини ҰҰ тек 1906 жылы қол қойылған, үш мемлекет — Англия -Франция - Италия мемлекеттері қабылдаған қаулыны ғана қарауға келісті. ҰҰ қайшылықтарды біраз бәсеңдеткенімен, өзінің осы бірі — әлсіз, екіншісі күшті екі мүшесі арасындағы жанжалды біржола шешіп тастауға дәрменсіздік жасауда.
1935 ж., № 69
ОРЫС МИССИОНЕРЛІГІ
Мамыр айының соңғы күндері Алматыда Қазақстан оқу-ағарту жұмысшыларының құрылтайы болып өтті. Бұл құрылтай 4 қазанда өтетін Кеңестік Қазақстан Республикасының 15 жылдық мерекесіне орай «пролетарлық мәдениет саясатының табыстарын» әзірлеу мақсатында шақырылған болатын. Құрылтайда ұшы-қиыры жоқ сөздер сөйленді. Біз бұл арада большевик мылжыңдардың барлық сөздеріне егжей-тегжейлі тоқталып отырмаймыз. Басынан аяғына дейін мақтау, марапаттауға толы осы көпірме сөздер арасынан «өзін-өзі сынаған» дауыстар да естілмей қалған жоқ. Алайда дауыс көтеруге батылдық еткен осы «батырларыңыз», сайып келгенде, кінәнің бәрін не көне қазақ ұлтшылдарына, немесе ақымақ қырт Голощекин басқарған көне партия басқармасына артумен тынды. Айсаұлы Ораз, Құрамысұлы Ізмұқан және Жүргенұлы Темірбек тәрізді «қызыл сәуріктердің» бәрі де сол ақымақ Голощекиннің қасында жүріп есейгендер екенін большевиктер естерінен шығарып алған тәрізді. Олардың бәрі де Голощекиннің саясында жүріп Түркістан даласының Қызыл «жетекшілері», «жолбасшылары» деген атаққа ие болғандар еді. Олай болса Голощекин өткізген қылмыстардың бір бөлігі оларға да тән. Осыған қарамастан, бұл адамдардың комиссарлық және басқа да жауапты орында отырған күйі қала беруін Қазақстандағы орыс пролетариата диктатурасының оларды «оз адамы» деп есептеуімен ғана түсіндіруге болады. Енді Қазақстан Оқу-ағарту комиссары Жүргенұлының сөзіне азырақ аялдап өтеміз. Жүргенұлы өз сөзінде «түрі — ұлттық, мазмұны — пролетарлық» мәдениет саясатының соңғы жылдардағы табыстарын көрсетуге барынша тырысып баққан. Сөйлеген шешендер арасында Қазақстанның көне ұлттық кадрларына бәрінен коп жала жапқан да сол Жүргенұлы болып шықты. Большевиктер дәурен сүріп тұрған кезінде ұлтшылдарды қаралаудан басқа тағы қандай мәдениет болушы еді?! Ол Сталинді мақтап, марапаттаумен тынбай, Мирзоянның күсті табанын да рахаттана жалады. Иә, үлкенді-кішілі большевиктік «пұттардың» алдында бас иіп, тізе бүгуден басқа «социалист пролетарлардың» мәдениеті болды ма өзі?! Ең қызығы — Қазақстан Оқу-ағарту комиссары қазақ оқу-ағарту жұмысшылары алдында алдымен орысша сөйлеп, артынша онысын қазақшаға жығылып-сүрініп тәржімелеген болды . Ұлттық мәдениеттің соңғы кездегі жай-күйін, табыстарының деңгейін және Түркістанның бір үлкен бөлігінде оқу-ағарту істерін басқару үшін орыс большевиктері тарапынан тағайындалған адамның қадір-қасиетін білу үшін осы айтылғандардың өзі-ақ жеткілікті болар?! Жүргенұлы сөзіндегі қазақ ұлтшылдарына жала жабылған тұстарын алып көрейік. Ол алдымен Әлихан Бөкейханға жала жабудан бастайды. Оның сөзіне қарағанда (өткен жылдың жазында Сталин Мирзоянға Әлихан туралы былай депті), 1919 жылы Әлихан Сталиннің қасына келіп: «Қазақ халқы жойылып кетуге тиіс халық», - депті - мыс. Сталиннің: «Сіз неге олай деп ойлайсыз?» — деген сұрауына Әлихан Бөкейхан: «Өйткені бұл халықтың сөздік қорында орыстардың «движение» деген ұғымын жеткізіп бере алатын соз де жоқ», - депті - мыс. Әлиханды аз да болса білетін кез келген адамға мұндай сөздердің қып-қызыл жалғандығына көз жеткізу тіпті де қиынға түспейді. Әлихан ғана емес, мұндай соз жалпы есі дұрыс түркістандықтардың аузынан шыға қоймайды. Олай болатын себебі, біріншіден, орыс тіліндегі «движение» (әрекет) қазақ тілінде - қимыл. Мұны қазақшаны білетіндердің бәрі біледі. Екіншіден, егер Әлихан оз халқы туралы шынымен Жүргенұлы айтқандай пікірде болса, онда ол бірінші орыс төңкерісінен — 1905 жылдан бастап бұл халықтың ұлттық төңкерісінің басында тұрмаған болар еді. Үшіншіден, Қазақ ұлттық партиясы «Алаштың» негізін қалаған, Алаш бағдарламасының авторы болған, Алашорда үкіметін басқарған Әлиханның аузынан мұндай сөздің шығуы тіпті қалай десе де ақылға сыймайды. Өйткені кез келген халық үшін айтқанда, саяси партия дегеніміз - сол халықтың саяси қимылы (әрекеті) және оның өмірі мен болашағының бағыт-бағдарын таңдауы болып табылады. Төртіншіден, Әлихандай саналы адам бірді - екілі атаулы сөздердің бір халықтың ішінде болу-болмауы сол халықтың болашағын айқындай алмайтынын жақсы біледі. Мәселен, «Төңкеріс», «Социализм», «Пролетар», «Диктатура» және осылар тәрізді бұл күнде большевиктер үшін «аса қасиетті» болып отырған басқа да толып жатқан сөздер орыс тілінің сөздік қорында да атымен жоқ. Бірақ соған қарамастан Ресейде пролетариат диктатурасы орнады. Және социализм де өмір сүріп отыр. Әлихан басқаша айтқан. Әлихан Сталинге қазақ халқында «пролетарлық қозғалыс жоқ қазақ далаларында орыс пролетариат диктатурасының орнауы қазақ халқын апатқа душар етеді» деген. Біз мұны өте жақсы білеміз. Әлиханның Сталинге бұлай дейтін жөні де бар еді. 1919 жылды еске түсіріп көріңізші. «Москва правдасының» мәліметі бойынша (№ 133, 20.06.1920 жыл) «1919 жылы 1 миллиондай қырғыз (қазақ) қырылып кетті». Ол аз десеңіз, Түркістан ұлтшылдарына жала жабуда алдына жан салмай келе жатқан Рысқұлұлы Тұрардың мәліметіне назар аударыңыз. Тұрардың сөзіне қарағанда, 1919 жылы «Түркістандағы көшпенділердің (яғни қазақ-қырғыздардың) үштен бірі қырылып кеткен». Тұрар Түркістан кеңестерінің 7-құрылтайында жасаған баяндамасында (1919 жыл, наурыз): «Кейбіреулер, яғни орыс большевиктері Кеңес үкіметін Түркістанда бұқара халықтың сүйектері үстіне қыруды армандап отырғанын» айтады. Біз Тұрардың бұл сөздерін оның Кеңес үкіметі басып шығарған «Төңкеріс және Түркістанның жергілікті халқы» атты кітабынан (77-78-беттер) алып отырмыз. Рысқұлов сонымен қатар Түркістанда Қазан төңкерісінің беделді басшылары арасында «маркстік тұрғыдан экономикасы әлсіз қазақ-қырғыздардың жойылып кетуге тиіс екенін» теориялық жақтан негіздеуге тырысып баққандардың болғанын да тілге тиек етеді. (Жоғарыда аты аталған кітаптың 12-бетін қараңыз). Әлихан осылардың бәрін өз көзімен көрді. Ол өз халқына жат пролетариат қозғалысы мен пролетариат диктатурасының кесір - кесапаты жұрттың бәрінен бұрын сезді, түсінді. Ол Сталинге өзінің осы көрген-білгендерін батыл да ашық айтқан болатын. Одан бері көп жылдар өтті. Сталиннің енді 1934 жылы Әлиханмен болған сұхбатын еске алғансып, Мирзоянға айтқандары бүкілдей жалған. Сталин мен Мирзоянның арасынан ақиқат жасамақ болып Қазақстан Оқу-ағарту жұмысшыларының құрылтайында арам терге түскен Жүргенұлының надандығында шек жоқ десе де болады.
* * * Жүргенұлы Темірбек патшалық Ресей мәдениетінің ықпалы туралы айта келіп, миссионерлік міндет атқарғандар, яғни қазақтар арасына христиан дінін таратқандар арасында тілмаштардың да болғанына тоқталды. Рас, миссионерлік пен тілмаштық мәселесі Түркістандағы «орыс мәдениетінің» ең бір айқын көріністері еді. Сондай-ақ бұлар біздің атамекенімізде орыс отаршылдығының жаңа дәуірдегі сипатын да көрсетеді. Жүргенұлы «қазақтар арасына таралған миссионерлік мәдениет жемісінің мысалы ретінде Шоқан Уәлихановты» келтіреді. Бұл өте дұрыс. Сондықтан біздің ұлттық жол бастаушыларымыз одан өздерін аулақ ұстайтын7. Ал енді өзінің Қазақстандағы жұмысын қазақтар арасына христиан дінін таратудан бастаған Әліби Жангелдинді (христиандық аты — Иван Александрович Степнов) дала уәлаятына комиссар етіп тағайындаған Кеңес үкіметі туралы не айтуға болады? Миссионер, шоқынған Жангелдин бүгінде Қазақстан Орталық атқару комитеті төрағасының орынбасары. Асылында, халық арасына тек дін таратушы ғана емес, жат мәдениет таратушылар да миссионерлер болып саналады. Міне, бұл тұрғыдан келгенде Жүргенұлы Темірбек те және Мәскеудің сол тектес басқа агенттері де — миссионерлер. Олай болса тілмаштар туралы айтудың өзі артық. Жүргенұлы, Айсаұлы, Құлымбетұлы қатарлы большевиктердің қазақ арасынан шыққан көрнекті өкілдерін Тоғжанұлы Ғаббас өзінің мақалаларында тілмашқа балаған жоқ па еді?! Қазақстан Оқу-ағарту комиссары қазақ жұмысшылары бас қосқан жиналыста алдымен орысша сөйлеп, артынан өзін-өзі қазақшаға аударып арам терге түскенін көрген жандарға оның патшалық Ресейдегі тілмаштарды сынап-мінеген сөздері әсер ете қояр ма екен?!
1935 ж., №70
ТҮРКІСТАН, КАВКАЗИЯ ЖӘНЕ УКРАИНАНЫҢ НАРАЗЫЛЫҚ ХАТЫ
Түркістан, Кавказия және Украина Ұлттық Орталықтары атынан Ұлттар Ұйымына табыс етілген наразылық хатының мәтінін сол күйінде жариялап отырмыз. Бұл құжаттың саяси маңызы хақында ұзақ сөйлеп отырудың қажеті жоқ. Түркістан, Кавказия және Украина халықтары өз атамекендерінде үстемдік құрып отырған жат жұрттықтарға — орыс пролетариат диктатурасына қарсы наразылық жариялайды. Біз өткен жылы Кеңес үкіметі ҰҰ - на қабылданатын күні (34.09.18) наразылық білдірген едік. Біздің ендігі наразылығымыз — өз мүшесі Кеңес үкіметі тарапынан біздің халықтарымызға қарсы жүргізіліп жатқан ұлттық езгіде Ұлттар Ұйымының тікелей жауапкершілігі бар екендігі жөнінде болмақ. Жалпы саяси тұрғыдан қарағанда, бүл пікір біздің наразылығымызда ең басты мәселе емес, әрине. Біздің өткен жылғы наразылығымызға жауап ретінде ҰҰ - ның бірқатар беделді мүшелері Кеңес үкіметіне өзінің орыс емес ұлт аумақтарындағы саясатын озгерту, орыс емес ұлттардың талаптарын ескере отырып, сол талаптарға лайық келетін бір жол табу жөнінде айта бастаған еді. Біз мұндай сөздерге соны айтушылардың өздері де сене алмайтынын сол кездің өзінде-ақ айтқан болатынбыз. Алайда біз олардың мұндай дипломатиялық жауаптарынан біздің ұлттық істерімізге көңіл бөлгендіктерін және Мәскеудің ұлттық саясатына деген жақтырмаушылықтарын байқадық. Еуропаның және одан басқа дүниенің де қам-қайғысы бастан асады. Біздің мәселемізбен шұғылдануға олардың уақыты да жоқ. Бірақ, қалай дегенмен де, Еуропа Ресей тепкісіндегі Украина, Түркістан, Кавказия және басқа да орыс емес өлкелер мәселесімен ерте ме, кеш пе, әйтеуір бір бетпе-бет келетін болады. Біз сол күннің тезірек келуінен үміт етеміз. Біздің осы наразылығымыз да сол күнді жақындата түсудің қамындағы кезекті бір шара. Ұлттар Ұйымына кірер алдында Мәскеу большевиктері және олардың кейбір достары Кеңес үкіметінің ҰҰ ішінде атқаратын онды рөлдері хақында жақ жаппай жар салған еді. Олай болса Кеңес үкіметі қазір осы ұйым ішінде сондай онды ролді шынымен атқарып отыр ма? Ол қазір шын мәнінде қандай рол атқарып отыр? Біздің бүл жолғы наразылығымызға мазмұн болатын басты мәселе, міне, осы. Кеңес үкіметі ҰҰ - ға мүше болып, Англия, Франция тәрізді рол атқарады деген үміт қазірдің өзінде жоққа шығып отыр деп сеніммен айтуға болады. Оған дәлел ретінде ҰҰ -ның тұрақты мүшелерін сайлау барысында Кеңес үкіметінің өкілі Литвиновтың сайланбай қалғанын келтіруге болады. ҰҰ Кеңесінің тұрақты мүшелері боп саналатын ірі елдер өкілдерін төрағаның орынбасары етіп тағайындау бұрыннан келе жатқан дәстүр. Осы дәстүр бойынша Литвинов та тораға орынбасарының бірі болуы тиіс еді. Солай боларына оның өзі де, достары да ешқашан шүбә келтірген емес. Бірақ жеме-жемге келгенде олай болмай, керісінше болып шықты. Сәтсіздіктерді жөндеу үшін айлакерлік тәсілдер іске қосылды. Кеңестің тұрақты мүшелерін сол күйінде - ақ тұрақты комитет мүшелері ретінде кабылдау туралы ұсыныс жасалды. Мәселе бірінші комиссияның қарамағына берілді. Талқылау кезінде Польша өкілі сайлау нәтижесін өзгертпеуді үзілді-кесілді талап етті. Оны Испания өкілі қолдады. Дауысқа қойылғанда Литвиновқа 10 дауыс жақ, 20 дауыс қарсы болды. Англия өкілі қалыс қалды. Милюковтың «Последние новости» газеті (35.09.20) Кеңес дипломатиясының өкілі Литвиновтың ҰҰ тұрақты комитеті мүшелігіне өтпей қалғаны кеңестік Ресейдің беделіне зор нұқсан келтіргенін жазады. Милюковтың газеті сыртқы саясаттың көп мәселелерінде Кеңес үкіметін жақтап келе жатқан басылым. Милюков газеті Англия Сыртқы істер министрі Самуэл Гop (Samuel Ноаге) Женевада болған кезінде Польшаның (сыртқы істер министрі Бекпен (Beck) және Англия екінші -дәрежелі мән беретін басқа да бірқатар елдердің сыртқы істер министрлерімен кездесуге уақыт тапқанда, Литвиновпен жолығуға уақыт таба алмады деп жазады. Осы газеттің хабарлауынша, Франция Сыртқы істер министрі де солай еткен көрінеді. Мұның бәрі, әрине, алдын ала ойластырылып істелетін істер. Егер Англия мен Франция министрлері Литвиновпен жолығуды қаламаған болса, онда бұл дипломатиялық тәртіп бойынша осы елдер кеңестік Ресейге онша маңыз бермей отырғанын көрсетеді. Англия мен Франция елдерінің сыртқы істер министрлері осы жолы, тіпті кеңестік Ресейді шұғыл түрде хабардар ету лазым болған мәселелерді талқылағанда да, Литвиновпен есептеспеген. Ол тіпті ірі ел өкілдері мен Литва Сыртқы істер министрі бірлесіп Алманияға тапсыратын нотаны дайындау жұмысына да қатыстырылмады. «Ұлы Кеңес мемлекетінің» Ұлттар Ұйымындағы рөлі қазір, міне, осындай болып отыр. Біздің міндетіміз — бұл жәйттерді атамекенімізде Кеңес диктатурасына қарсы жүріп жатқан ұлттық күресіміздің мүдделеріне пайдалану. Біздің наразылығымыз да сондай шаралардың бірінен саналады.
1935 ж., № 71
ШЫҒЫС ТҮРКІСТАНДА
Жапония телеграф агенттігі «Ренго» 35. 09. 24. күні таратқан хабарында Шығыс Түркістанда Кеңестік Республика жарияланып, бүл елдің енді кеңестік Ресейге қосылғандығы туралы айтылады. Кеңестік телеграф агенттігі «ТАСС» бұл хабарды бірден теріске шығарды. «ТАСС-тың» бұлай етуі табиғи еді. Өйткені ол ылғи да Шығыс Түркістандағы ұлт - азаттық күресіне Жапония мен Англияның араласып отырғандығы, бұл өлкеде осы екі елдің жоспары жүзеге асырылып жатқаны туралы байбалам салумен келген болатын. Шығыс Түркістан шынымен Жапония мен Англияның ықпалындағы өлке болса, енді бүгін ол қалайша кеңестік Ресейдің қолына түсіп қалды? Большевиктер мен олардың адамдық бейнесін жоғалтқан достары мүмкін Жапония мен Англия Шығыс Түркістанды Кеңес Одағына сыйға тартты дейтін болар? Жоқ әлде марқұм Сұлтанбек Ғабдұлхамидтің тәлейсіз немересі Шаһизада Ғабділкәрім және оның жарымес серігі ағылшын мұсылманы Халид әпенділер Кеңес ГПУ - на жағдай әзірлеу үшін Шығыс Түркістанның саяси сахнасына шығарылған кісілер ме екен? Жапония мен Англияның Шығыс Түркістанға көз тіккені, Шаһизада Ғабділкәрім мен ағылшындық Халид әпенділердің жоспарлар жөніндегі қайдағы бір өсек-аяңдары тек большевиктердің ақпарларына сенген адамдарды ғана баурай алады. Шын мәнінде, Шығыс Түркістан ұлттық қозғалысына Жапонияның да, Англияның да ешқандай қатысы жоқ. Біз бұған кәміл сенеміз. Егер аталмыш екі ел Шығыс Түркістанға, дәл большевиктер айтып жүргендей, араласқанда, бұл өлкенің тағдыры мүлде басқаша шешілуі ықтимал еді. Шығыс Түркістан түріктерінің қытай билігіне қарсы ұлт-азаттық күресі басталған күннен бастап большевиктердің мазасы кетті. Өйткені Шығыс Түркістанда қытай отаршыл үстемдігін аударып тастап, тәуелсіз түрік мемлекетінің шаңырақ көтеруі қызыл орыс империализмінің Азиядағы мүдделеріне бүкілдей қайшы келетін. Сол себепті кеңестік Ресей әу бастан-ақ Шығыс Түркістандағы ұлттық қозғалысқа қарсы бағыт ұстады. Бүл қозғалысты жаныштау үшін большевиктер жергілікті Қытай үкіметіне алуан түрлі көмегін аямады. Сонымен катар большевиктер дүние жүзі жұртшылығын адастыру мақсатында, яғни әлем халықтарының назарын өздерінен басқа жаққа аударып жіберу ниетімен Жапония және Англия елдерінің Шығыс Түркістанға араласуы туралы ертегіні ойдан шығарды. Бұл қитұрқы саясаттың арты қалай ашылғанын біз, міне, енді көріп отырмыз. Сонымен, Шығыс Түркістан қызыл Ресейдің бұғауына ілікті. Әңгіме Шығыс Түркістанда Кеңес үстемдігінің ресми түрде жариялануында немесе жарияланбауында, оның кеңестік Ресейге ресми түрде қосылуы немесе қосылмауында емес. Моңғолстанды алыңыз. Ол ресми түрде кеңестік республика деп аталмайды. Большевиктер де оны Кеңес мемлекеті қатарына қосып көрсетпейді. Біздің Бұхарада «Тәуелсіз Халық Республикасы» құрылған алғашқы жылдарда да осыған ұқсас жағдайды бастан кешіргеніміз бар. Сол кезде большевиктер Бұхараны «Халық Республикасы» деп атағаны тәрізді, Моңғолстан да «Халық Республикасы» деп аталады. Алдыңғысы тәрізді, соңғысы да большевиктердің боданы екенінде ешқандай күмән жоқ. Сыртқы саясатта мұндайда өз отарларын «Кеңестік республика» деп атағаннан гөрі «Халық республикасы» деп атаған большевиктерге әлдеқайда тиімдірек. Шығыс Түркістан — Қытайдың тепкісінен құтылам деп жүріп орыстың бұғауына түсіп қалған қасіретті мекен. Шығыс Түркістан түріктерінің тәуелсіздік күресін жаныштаған қызыл орыс империализмінің жеңісін орыстың ең ұлтшыл канаты «Жас орыстар» («Младороссы») жақсылап мерекелеуде. Олардың органы «Бодрость» 48-санында (35. 09. 29.) осыған орай былай деп жазады: «Кеңестердің Шығыс Түркістанға енуі Солтүстік Манжурияның ең жақсы өтеуі. Біздің Қиыр Шығыстағы Манжурияға кіруімізге қарағанда, бұл өлкеге кіруіміз әлдеқайда «табиғи». Шығыс Қытай темір жолын салу арқылы біз Манжурияның сары нәсілдер тарапынан басып алынуына жағдай жасап бердік. Шығыс Түркістанда бұл сынды «кездейсоқ құбылыстардың» ықтималы жоқ. Шығыс Түркістан мен Ішкі Қытай арасында ұлы шөл далалар жатыр. Бұл өлкедегі тас жолдар (енді темір жол да бар) Шығыс Түркістанның Үрімші, Құлжа, Қашқар тәрізді орталық қалаларын Ресейдің «Түрксіб» темір жолы бар Орта Азиямен байланыстырады». Кеңестік Ресейдің Шығыс Түркістанды бодан етуіне орай «Жас орыс» империалист -ұлтшылдарының санасына сіңірілген ұғым - түсінік, міне, осындай. Шығыс Түркістан қасіретіне байланысты сөзімізді аяқтай келе, осы орайда аса маңызды және аса қызықты бір құжаттарға оқырмандарымыздың назарын аудара кеткіміз келеді. Оның бірі —1934 жылдың 2 наурызындағы Шығыс Түркістан Ұлттық Үкіметі төтенше жиналысының қаулысы. Екіншісі — Шығыс Түркістан Ұлттық қарулы күштері бас қолбасшысының орынбасары Сұлтанбек Бахтиярбектің осы жылы 3 наурызда Қожанияз ажыға жолдаған хаты. Шығыс Түркістандағы ұлттық қозғалыстарды біржола жерлеген Кеңес үкіметі мен Қожанияз ажы арасындағы келісім-шартты біз осы құжат арқылы ғана біліп отырмыз. Ол туралы бағасын оқырмандарымыз өздері бере жатар деген ойдамыз. Мына бір жәйтті де айта кетейік: Кеңес үкіметі мен Қожанияз ажы арасында жасалған келісім-шарт ұлтты құтқару күресінің ең қызу жүріп жатқан кезінде өздерінен қолдау күткен Шығыс Түркістан түріктеріне «ақ теңіз мәдениеті» атынан кеңестік Ресей империализмімен «дос» болу жөнінде уағыз айтушыларды қанағаттандыратындай болса керек. Қожанияз ажының осыншама сорақылыққа баруы сол әлгі біздің «ақ теңіз» уағызшылдарының да айтқандары бойынша болып отырған жоқ па екен?
1935ж., №71 Осыдан кейін аса маңызды екі құжат берілген. Бұл құжат - тар тарихшылар мен зерттеушілерге қазірге дейін мәлім емес тың дүниелер.
ПОЛЯК БАСЫЛЫМДАРЫНЫҢ ҮНІ
Бір кезде патшалық Ресейдің тепкісін бастан кешірген, бүл күнде кеңестік Ресей бұғауға қайта түсіру үшін орайын күтіп, амал іздеп жүрген Польшаның Солтүстік Шығыс Еуропадағы рөлі жұртқа жақсы мәлім. Кейбір Еуропа басылымдары: «Егер Кеңес үкіметі Балқанда Италияның ықпалына тосқауыл қойған болса, Солтүстік Шығыс Еуропа кеңестік Ресейдің қолына түсіп кетпеуі үшін Польшаның атқарған қызметі зор» деп жазғаны тегін емес. Мұндай қызметі үшін Польшаны большевиктерге қосылып, француздар да айыптайды. Ресейдің тарихи бәсекелесі Польша бір кездері Пруссия, Австрия және Ресей одағына қарсы келіп, жеңіліс тапқан еді. Осы үш ел жеңілген Польшаны үшке бөліп алған болатын. Польша халқы үшке бөлініп қалғанына қарамастан, өзінің ішкі бірлігін жоғалтпады. Елдігін ұмытпады. Дүниежүзілік соғыстан соң сол тәуелсіздігіне қайтадан ие болып, аз ғана уақыт ішінде әлем елдерінің арасында зор құрметке бөленді. 1920 жылы Польша Кеңес армиясымен шайқаста жеңіске жетіп, Еуропаны коммунизм апатынан қорғап қалды. 1935 жылы Польша кеңестік Ресейдің мүддесіне қызмет етуге тиіс Шығыс Еуропа келісімінің жасалуына тосқауыл қоя алды. Осы мысалдардан-ақ көне бәсекенің жаңа жағдайлардағы жалғасын көруге болады.
Біз бұл жолы Польшаның жеңіске жетуін шын көңілден тілейміз. Поляктардың ұлттық қаһарманы, марқұм маршал Иозеф Пильсудский кеңестік Ресеймен шарт жасасқанда олардың Кеңеске жау ұлттық - саяси ұйымдары Польша аумағынан аласталатын болсын деген талабын үзілді-кесілді тойтарып тастаған болатын. Маршалдың Кеңес үкіметіне қайтарған жауабы өте қарапайым және соншама нанымды еді. «Коминтернді асырап, оған ашықтан-ашық қолдау көрсетіп, дүние төңкерісін жасамақ болып отырған Кеңес үкіметінің бізге мұндай талап қоюға хақысы жоқ» деген еді ол. Ресей тепкісіндегі халықтар арасында онымен дәл осылайша сөйлескен жалғыз Польша ғана еді. Оның жөні де бар. Өйткені поляктардың Ресей тарапынан көрген қорлық -зорлығының дүниеде теңдесі жоқ еді. Сол себепті де поляктар Ресей езгісіндегі басқа халықтардың мұң-зарын өте жақсы түсінетін және олардың нағыз жанашыры еді. Поляктар — өзім құтылдым, өзгелер не болса, ол болсын» деп әсте ойламайтын, адамгершілігіне қаһармандығы сай ғажайып халық. Марқұм маршалдың айтқан сөзі — күллі поляктардың, оның басшыларының сөзі еді. Бұған мысал ретінде Варшавада шығатын «Восход» («Woshod») журналының (17-18) сандарында жарияланған осы журналдың бас редакторы пан Бончковскийдің «Заман мәселесі» атты бас мақаласын алсақ жеткілікті. Пан Бончковский осы мақаласында марқұм Пильсудскийдің пікірлерін тереңдетіп, нақтылай түскен. Ол бұл күндері «Прометей майданы» деген атпен топтасқан Ресейдегі езілген халықтар мәселесіне Польшаның қалай қарауы керектігін ашық айтады. Ең дұрысы Бончковскийдің өзін тыңдайық. «Прометей» мәселесі — жалпы Шығыс Еуропада, соның ішінде Кеңестер Одағы қол астындағы халықтардың азаттық қозғалысының жиынтық көрінісі. Бұл идеяға Еуропада өкілдік етушілер Ресей тарапынан жаулап алынған өлкелердің саяси мұғажырлары. Олар Кавказия конфедерациясына бірігуші — грузия, әзірбайжан және солтүстік кавказдықтар. Қызыл Ресейден тепкі көріп отырған Украина да осы майданға кіреді. Саяси іс-қимылдары азырақ болғанымен, Белоруссияны бұдан шет қалдыруға болмайды. «Прометей қозғалысына» көмек көрсету, қолдау керектігін идеологиялық жағынан негіздей келіп, пан Бончковский: «Кеше ғана өзімен тағдырлас болған бақытсыз халықтарды құтқару ісіне поляктар табанды болып қала беретін болса, оның идеологиялық негіздері мен саяси себептері бар. Осы себептер Польшаны Прометеймен» еріксіз байланыстырады. Сол себептердің бірі — кеңестік Ресейдің Коминтерн арқылы Польшаның ішінде жүргізіп келе жатқан бүлдіру әрекеттері» дей келе, пан Бончковский мақаласының соңында кеңестік Ресейдің «Тәуелсіз Кеңес Ұттық Республикалары» ойыны туралы тоқталады. Ол бұл туралы былай деп жазады: «Украина Кеңестік Республикасы Польша - Украина жерін біріктіруді көздейді. Белоруссия Кеңестік Республикасы да Польшаның Солтүстік Шығыс уәлаяттарынан дәмелі. Кеңестік Әзірбайжан Ирандағы әзірбайжандар қоныстанған мекендерге көз алартады. Өйткені бүл республикалардың бәріне Мәскеу осындай міндеттер жүктеген. Бурят - моңғол Кеңестік Республикасы сыртқы Моңғолстанды кеңестендіру және бодандыққа түсіру ісіне көмектесіп, өзіне жүктелген міндетін өтеп шықты». Пан Бончковский тағы былай дейді: «Егер Жапония большевиктердің Кореяны құтқару, жапон пролетариатын құтқару ұрандары мен Қытай кеңестендіру әрекеттеріне, Манжурияны коммунизмнен құтқару, Сібірия мен Қиыр Шығыстың бір бөлігін Ресейден бөліп алу жоспарын жүзеге асыру үшін большевизмге қарсы кең аумақты күрес ашумен жауап беретін болса, онда жаңағы себептермен Польша Коминтернді жақтауға тиіс болады». «Польшаның кеңестік Ресейге ұстанып келген саяси мәрттігі жұмсақтық, қорқақтық, әлсіздік ретінде танылып, ел ішінде астыртын большевиктік әрекеттердің күшеюіне себеп болды. Сондықтан Польша «Прометей майданына» Коминтерн тәрізді ашық және батыл қолдау көрсетуге тиіс». Поляк қаламгерінің «Восход» беттерінде ортаға салған ой-пікірлерінің қысқаша мазмұны, міне, осындай. Марқұм маршал идеясы өзі өлгеннен кейін де осылай жалғасын тауып отырғаны — бұл идеяның Польша топырағына қандайлық дәрежеде терең тамыр тартқанын көрсетеді. Жаңылмасақ, осы күнге дейін дүниенің ешбір жерінде, ешбір мемлекетте Мәскеу империализміне қарсы күресуші халықтар мәселесі дәл осындай ашық та батыл қойылған емес.
ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЖАҒДАЙ
Италия - Хабашстан тартысы мәселесі басталған күннен бері қарай Франция мен Англия Италияның талаптарын Ұлттар Ұйымының ережелеріне сәйкестендіру үшін бас Қатырып, соны дәріптеп келген еді. Өз әріптестері тарапынан пәлендей бір қарсылық көріп отырмаған соң, Италия диктаторы Муссолини оз жоспарларын ҰҰ - мен бірлесе отырып та, онсыз да, тіпті оған қарсы болса да жүзеге асырмай қоймайтынын ашық мәлімдеп келді. Міне, енді Шығыс Африкада соғыс басталып та кетті. Шын мәнінде бүл соғыс та емес. Отарлау мақсатында Хабашстан жерінің бір бөлшегін басып алу әрекеті ғана. Осы заманғы ең озық соғыс қаруларымен қаруланған, осы күнгі Еуропаның ең қуатты армиясының бірінен саналатын әскери күші бар Италия мен артта қалған мешеу ел, білімі де жоқ, қаруы да жоқ Хабашстан қалай ғана соғыса алсын? Қанша жанкештілік көрсеткенімен де, құр қол халық танкілерге және басқа да озық соғыс қаруларына төтеп беруі мүмкін бе? Міне, сол себепті Италия әскерлері еш тосқауылсыз дерлік алға жылжып барады. Бізді соғыс мәселелері қызықтырмайды. Ол тек бізді ғана емес, Италияның соғысқұмар топтарынан басқа ешкімді де қызықтырмайтын тәрізді. Бізді осы соғысқа орай жағдайда пайда болған өзгерістер көбірек қызықтырады. ҰҰ - ның Албания, Австрия және Венгриядан басқа барлық мүшелерінің қатысуымен өткен жиналысында Италияны ұйымның жарғысын бұзушы ел ретінде айыптап, оған жартыға сәйкес экономикалық және қаржы жағынан шара қолдану жөнінде қаулы алды. Сонымен бұл соғыс Италия мен ҰҰ арасындағы қатынасты айқындағандай болды. Ұлттар Ұйымы тарихында, тіпті дүние тарихында десе де болады, барлық елдер бір мемлекетті өздері тарапынан бекітілген ережені бұзғаны үшін айыптап, оған жаза қолдану туралы шешімге келді. Мұның аяғы немен тынарын күні бұрын болжап айту қиын. Дегенмен мұндай шара халықаралық жағдай жөніндегі саясаттардың болашағына ықпал етпей қоймайтыны анық.
* * * Көп адамдар ҰҰ - ның осы қаулысы Англияның ықпал етуімен шықты, Англия Италиямен өзі бетпе-бет келмей, оз орнына Ұлттар Ұйымын шығарып отыр деседі. Англия Шығыс Африкада, Мысырға жақын маңда және Имперном теңізі жолы үстінде Италияның күшейіп кетуіне мүдделі емес екені шүбәсіз. Бұл аймақтарда Англияның мүддесі барын ешкім теріске шығара алмайды. Сонымен қатар осы соғысқа келгенде Англия принципті ұстанып отырғанын да жоққа шығара алмайсың. Егер Англия өзінін «қитұрқы мақсаттарын» ҰҰ пердесінің ар жағына жасырып отырған болса, онда оған осындай орай туғызып бергендердің жауапкершілігі де аз болмайды. Ұлттар Ұйымының қуатты мүшесі Италияның оның әлсіз мүшесі Хабашстанға жасап отырған шабуылынан шағын елдер қатты үрейленуде. Егер ҰҰ Италияны оз ережесін бұзғандығы үшін айыптамағанда, онда шағын елдердің басына төнген үрей бұлтын сейілту мүмкін болмас еді. Өйткені мұның өзі күштілердің әлсіздерге жасайтын озбырлықтарын заңдастырғандық болып табылар еді. Ұлттар Ұйымы жарғысының үстіне құрылған халықаралық қатынаста шағын және әлсіз елдер мүдделерінің Англия тәрізді ұлы мемлекет мүддесімен бір жерден шығуы Италия ұстанып отырған бағыттың тым сорақылығын көрсетсе керек.
* * * Италия ҰҰ - ның жарғысын бұзғандығы туралы айыпталды. Осылай боларын күні бұрын көре, біле тұрып, шара қолданбаған ҰҰ мүшелеріне де моральдық жауапкершілік түсері сөзсіз. Италия Хабашстанға әскер кіргізетінін жасырмай айтып келді. Муссолини мен Италия баспасөзі өздерін құптамағаны үшін ҰҰ - ны кінәлап, жазғырып, отаршылдық мақсаттары туралы ашық жазып жатты. Рас, соғысты болдырмау, мәселелерді бітім арқылы шешудің жолдары да қарастырылды. Италиямен мызғымас достық туралы жар салынған кездер де болды. Алайда Еуропа дипломаттары: «Платон - менің досым, ал бірақ ақиқат одан да қымбатырақ» деген Сократтың сөзін естен шығарып алды. Егер о бастан Италиядан да құнды нәрсе барын, ол - БҰҰ жарғысы екенін естен шығармағанда, Муссолини тамыз айындағы Париж жиналысында Франция, Англия өкілдері тарапынан жасалған ұсыныстан үзілді-кесілді бас тартпаған болар еді деген ойдамыз.
* * * Италия - Хабашстан соғысы және ҰҰ - ның Италияға орай шығарған қаулысы Францияда жік тудырды. Мемлекеттік басылымдар бір-біріне қарсы екі топқа жарылды. Бір жақ Италияны жақтап, Англиядан кетуді талап етті, ҰҰ қаулысын қабылдағаны үшін үкіметті айыптады. Тағы бір жағы ҰҰ қаулысын жақтады. ҰҰ принциптерін қорғауда кейде солқылдақтық жасағаны үшін үкіметін кінәлады. Мұның бәрі Францияның ішкі істері болғандықтан, біздің оған араласуға хақымыз жоқ. Біз тек қана Италия - Хабашстан соғысы халықаралық саясатқа зор ықпал ете алатын Францияның коғамдық пікіріне қандай әсер еткенін ғана көрсетіп өтпекпіз.
* * * Италия - Хабашстан соғысы салдарынан кеңестік Ресейдің Еуропа саясаты майданынан шығып қалғанын да назардан тыс қалдыруға болмайды. ҰҰ - на мүше елдер арасынан тек Түркиядан басқа ешбір ел Кеңес үкіметімен достық қатынас орнатқан жоқ. Өткен жылы жазда Мәскеуге барып, кеңестік Ресеймен достық шартқа қол қойып келген Франция үкіметінің басшысы мсье Лауол да осы екі елдің арасы қазір салқындап қалғанын айтады. Ұлттық майданға, үкіметке және мсье Лауалдың жеке өзіне қарсы қимыл жасап жүрген француз ақпарат құралдарының сол қанаты, коммунист, социалист және солшыл радикалдардың төбе көрсету себептерінің бірі де осы болса керек.
* * * Қиыр Шығыстан төтенше оқиғаларға толық хабарлар келуде. Жапония мен Қытай арасы енді оңала бергенде әйтеуір бір «қамқоршылар» пайда бола кетеді де, бұзып тастайды. Жақында ғана Сун Ятсеннің жақын досы, ол өлгеннен кейін орнын басқан, Жапония -Қытай келісімінің жақтаушысы ретінде танылған негізгі адамға қастандық жасалды. Осы таяуда ғана газеттер бір жапон матросының қытайлар тарапынан өлтірілгені туралы жазды. Бұл екі оқиға өзара тығыз байланысты. Кеңес және Манжурия шекара күзет әскерлері арасында да жиі-жиі қақтығыстар болуда. Кеңес үкіметі Манжурия мен Моңғолстан арасында қалыпты қатынас орнатылуына жол бермейді. Өйткені ол мұнан өзіне қауіп келеді деп есептейді.
ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЖАҒДАЙ
Бұл күнде дүние жүзі ақпарат құралдарының назары Италия мен Ұлттар Ұйымы арасындағы қатынасқа ауып отыр. Мұның алдында тіпті осы шиеленісудің шығуына себеп болған Италия - Хабашстан соғысы да екінші қатарға ығысып қалды. Соғыс майданынан келіп түсіп жатқан хабарлар бір-біріне қарама-қайшы. Италия да, Хабашстан да оз жеңістерін айтып жар салуда. Италия күштерінің Хабашстан жеріне басып кіргеніне күмән жоқ. Сол сияқты ол онда аса күшті қарсылықтарға тап бола бастағаны да дау туғызбаса керек. Алғашында Италия Хабашстан соғысын екі-үш аптада аяқтамақ болған. Осы уақыт ішінде ол Хабашстанның бір жағынан кіріп, екінші жағына шығамыз деп есеп жасаған. Әне-міне дегенше істі тындырып, ҰҰ - н болары болған оқиғамен бетпе-бет қоямыз дескен. Сөйтіп, мәселені келіссөз жолымен шешуге қарсы болып келген. Алайда олардың ойлағаны болмады. Соғыс жалғасып жатқанына, міне, екі жарым ай толды. ҰҰ тарапынан Италияны тізгіндеу жөнінде қабылданған шаралар оның жағдайын ауырлатып жіберді. Италияға қолданылған экономикалық қысым барған сайын күшейе түсуде. Енді бұл елге мұнай, темір, болат материалдарын кіргізуге де тиым салынды. Кейбір басылымдар мұнайға тиым салу Италияны қарсы жағындағыларға соғыс ашуға мәжбүр етеді деседі. Егер Италия шынымен сондай шешім қабылдайтын болса, ол алдымен Англияға қарсы келеді. Мұның өзі іс жүзінде Ұлттар Ұйымына қарсы келгендік болып шығады. Өйткені мұнайға тиым салу мәселесі тек ҰҰ - ның шешімімен ғана жүргізіледі. Қаржы - экономикалық қысым туралы «Яш Түркістанның» өткен санына жазғанымыз себепті бұл арада оларға тағы тоқталып жатпаймыз. Италияның жағдайы шынында ауыр. Италия халқы айрықша тәртіптілік және төзімділік көрсетіп отырғанын атап айтқан жөн. Бұл бәрінен бұрын Муссолинидің және ол тұрғызған түзімнің қызметі нәтижесінде болып отыр. Біз кейбіреулердің Муссолини жұрт назарын ішкі қайшылықтардан басқа жаққа аударып жіберу үшін соғыс ашты деген пікірімен келісе алмаймыз. Олай емес. Өз еліне мықтап орнықпаған әрбір үкімет басқаларға қарсы соғыс ашуға баруы киын. Муссолини үкіметі — өз елінде берік орныққан үкімет болып шықты. Оның басқаруымен Италия дүние жүзіндегі ірі, қуатты мемлекеттердің біріне айналды. Өткен қараша айының орталарында Мысырда Англия саясатына қарсы көтеріліс бұрқ етті. Қазір үкімет басында отырған Нисим паша Мысырдың ең күшті партиясы, ұлттық төңкерісшілдер ұйымы «Офадтың» қолдауына сүйенетін. Ал «Офад» партиясы үкіметке шарт қоятын. Бұл шарт бойынша 1930 жылдан бері шығарылған заңдар 1923 жылғы заң негіздеріне қайтып оралуы тиіс еді. Нисим паша үкімет басына келісімен Құралға Англиямен жақындастыра түсетін бір заң негізін әзірлеу және 1923 жылғы заң негіздеріне қайта оралу керектігі жөнінде меморандум тапсырды. Құрал жаңа Парламент тарапынан енгізілуге тиіс кейбір өзгерістер мен көне заң негізіне қайтуға мақұл болды. Бұған Англия наразылық білдірді. Осыған байланысты Мысыр үкіметі, Англия бас комиссары және «Офад» партиясы араларында келіссөз басталды. Баспасөз хабарларына қарағанда, келіссөз екі жаққа бірдей үміт туғызатын нәтижелер бере бастаған көрінеді. Тек осы аралықта бастала қалған Италия - Хабашстан соғысы енді түзеле бастаған атмосфераны бұзып жіберді. Мысырдың заң мәселесі екінші қатарға ығысты. Италиямен қарулы қақтығысқа баратындай күн туса, Мысырдың қорғанысы не болады деген мәселе алдыңғы кезекке шықты . Мысыр өзінің жағырафиялық орны жағынан тоғыз жолдың торабы дерлік аса маңызды жерге орналасқан. Заң жөніндегі келіссөз барысында Англия Сыртқы істер министр! Гор («Samuel Наоге») Лондонда сөйлеген сөзіне көне заң негізінде қайтуға өз үкіметі келіспейтінін мәлімдеді. Мысыр Ұлттық партиясы «Офадтың» лидері Нихас паша, марқұм Зағлұл паша Англия бас комиссарына наразылық хат тапсырған күні 25 адамдық митингіде сөз сөйледі. Англия саясатына қарсы өткізілген осы митингіде сөйлегендер «Офад» партиясының үкіметі тек Англиямен бірге болмаған жағдайда ғана қолдайтынын білдірісті. Нихас паша өз сөзінде көпшілігін Мысыр халқы құрайтын «Офад» партиясы ағылшындарға кіріптарлық тудыратын кез келген іс-қимылдардан бас тартуы керектігін мәлімдеді. Мұның өзі іс жүзінде Англияға қарсы соғыс жариялауымен бірдей еді. Осының ертесінде көп адамдардың жаралануына, өлтірілуіне әкеліп соққан қақтығыстар болды. Мысырдағы оқиғалардың дамуы, міне, осындай. Бұл оқиғалар Мысырдың 1923 жылғы заң негіздеріне оңайлықпен оралмайтынын көрсетті. Оқиғалардың бұдан соңғы дамуы, болашақта қандай түс алатыны туралы алдын ала бірдеңе айту қиын. Бір ғана нәрсе — Мысырды ағылшындар тепкісінен құтқару күресі аяқталмағаны анық. Бізді Азияның шығысында болып жатқан оқиғалар алаңдатпай қоймайды. Жапония Манжурияда большевик қытайларға қарсы тосқауыл қою және Манжурия арқылы кеңестендіріліп жатқан Моңғолстанмен байланысқа шығу секілді жаңа саясат жүргізе бастады. Жапония өзінің жаңа Азия саясатымен тек кеңестік Ресейді ғана емес, сонымен қатар кейбір Еуропа мемлекеттерін де алаңдатуда. Олар Жапония тым күшейіп кетсе, өз отарларына қауіп төнетінін жақсы біледі. Еуропалықтар Қиыр Шығыстағы тонаушылық іс-әрекеттерін рухани және мәдени шаралармен бүркемелек болады. Еуропалықтардың салған осы рухани және мәдени жолымен Қиыр шығысқа орыс большевизмі келді. Батыс Еуропаның «мәденилендіру» тәсілі орыс большевиктерінің Қиыр Шығысқа енуіне және орнығуына аса қолайлы болып шықты. Біз Азияда Жапонияның орыс империализміне қарсы жүргізіп жатқан іс-қимылдарына сәттіліктер тілейтінімізді жасыра алмаймыз. Өйткені бұдан біз орыс империализмінің құлауына және Азиядағы отар халықтардың бостандық алуына мүмкіндік туғызатын жолдарды көріп отырмыз. Соңғы кездері кейбір Еуропа газеттері Жапония мен Алмания арасында достық - ынтымақ туралы келіссөз жүріп жатқанын жаза бастады. Осындай хабар бұрын да таралған. Бірақ бүл жолғысы шындыққа сәйкес келетін тәрізді. Жапония мен Алмания жағырафиялық жақтан қарағанда бір - бірінен алшақ елдер болғанымен, орыс большевизміне қарсы күресте бұлар ең жақын елдер саналады. Алмания да Жапония тәрізді ҰҰ – на мүше емес. Оның да әр жерде отарлары бар. Сол себепті бұл екі ел арасында араздасуға дәл қазір бәлендей бір негіз жоқ. Біз еткен жолғы бір материалымызда кеңестік Ресейдің ҰҰ - на мүше болуына және Кеңес - Франция одағының жасалуына байланысты соғыс катері күшейе түскенін жазған болатынбыз. Мұндай одақ өзіне қарсы одақ пайда қылатыны әбден табиғи нәрсе. Алмания - Жапония одағын мәлім мағынадан алғанда осындай себептен пайда болған деуге болады. Большевиктер өздеріне Алмания, Жапония және Польша шабуыл жасайды деп зәресі ұшып отыр. Егер сіз қазір кеңес баспасөзін мұқият қарасаңыз, большевиктер өздерінің насихаттық шабуылын осы үш мемлекетке қарсы барынша күшейтіп жатқанын көру киын емес. Бүл насихаттың әр нәрсені бояп, безеп көрсетудегі дөрекілігі мен арсыздығы сонша, оған тек қана арандатушы дегеннен басқа балама таба алмайсың. Кеңестік Ресейдің сыртқы қатынасына байланысты әрқалай бір дағдарыс туғанда орыс емес халықтар өлкелерінің Ресейге қарсы бас көтеруі басталады. Мұндай жағдайда отаршыл, қанаушы кеңестік Ресейдің қарсы жағында тұрған Ұлттар Ұйымы жәбір шеккен халықтар көтерілісін жаныштауға болысуы мүмкін бе, жоқ па? Уақыт көрсетеді. Греция королі екінші Георгий 12 жылдық қуғын - сүргіннен соң Греция тағына қайта шақырылды. Бұл оқиға да Еуропа тарихында едәуір маңызды. Греция королінің Англия корольдығымен туыстық жағы бар. Оның үстіне ол қуғын-сүргін дәуірін Англияда өткерді. Сондықтан оның Англия саяси көзқарастарының ықпалына ұшырауы, іргелі саяси істерде Англия жаққа бейім тұруы түсінікті. Ақ теңіз, Мәрмәр теңіз және Адрияд теңіздері жағалауын шайып жатқан Греция Англияның осы аймақтағы саясатынан, сөзсіз, маңызды орын алады.
1935 ж., № 73
1936 ЖЫЛ
Тағы бір жыл артта қалды. Бәрімізді де алдағы жаңа жылда бізді не күтіп тұр деген сұрақтың жауабы алаңдатады. Көпшілігіміз атамекенімізді тастап кетуге мәжбүр болған кезімізде, бірнеше айдан соң қызыл Ресейдің пролетариат диктатурасынан азат етілген Түркістанға қайта ораламыз деген ойда болдық. Алайда біздің ойлағанымыз болмады. Жылдар өте берді. Біз болсақ, жат елдерде қалып келеміз... Осындай жағдайда мен 1918 жылды есіме жиі аламын. Ол кезде мен Түркістанда, біздің автономиялы үкіметіміздің орталығы Қоқанда едім. Біз — жақын достар, пікірлестер жиналып, болашақ оқиғалар хақында болжаулар айтатын едік. Ол кезде большевиктік үкіметтің өмірі ұзақ болатыны туралы бірдеңе айту — бұл үкіметке іш тартқандық тәрізді болып көрінетін. Бізде ғана емес, жалпы Ресейдің өзінде де Кеңес үкіметі тез арада құлайды дейтін ұғым басым болатын. Ол кезде большевик үкіметін үш айдан артық өмір сүреді дейтіндер аз еді. Осындай жиналыстардың бірінде менің де пікір білдіруім сұралды. Менің жауабым ұзақ күлкіге себеп болды. Өйткені мен «Большевизм үш жылда құрыса да жақсы болар еді» дедім. Жиналысқа келушілер арасынан өте - мөте көп күлген менің досым Шаһ Исламбек Ахмет еді. Ол орыс социалист партияларының біріне мүше болатын. Социалистік бағыттағы газеттерге жақын араласатын. Сол үшін де ол біздің арамызда төңкерістік оқиғалар хақындағы «білгіш» саналатын. Енді бүгін осы Түркістан патриоты Шаһ Ахметбек қайда жүр екен? Душар болған қатерлі қыспақтардан аман өтті ме? Тірі ме? Білмеймін. Жағдайдағы өзгерістер ол кездегі ең көреген көзқарастардың өзін жолда қалдырып отыр. Міне, біз жаңа жылды 18-ші рет еліміздің сыртында қарсы алғалы жатырмыз. Атамекенімізден айырылғанымызға ұзақ жылдар өткеніне қарамастан, бізді отанмен, халықпен байланыстырған рухани тіндер соншама берік, соншама жансебіл. Француздың ұлы төңкерісшілі Дантон «Атамекенді етіктің табанына жапсырып жүре алмайсың» дейді. Ұлы Отан өз орнында, тәңір жаратқан жерінде, халық бұқарасы өмір сүріп отырған аумақта жатыр. Біз, мұғажырлар, жүздеп, мыңдап саналғанымызбен, миллиондаған халқымыздың аз ғана бір бөлшегіміз. Біздер атамекенді өзімізбен бірге әкеткен жоқпыз. Біз оған деген өзіміздің сарқылмас сүйіспеншілігімізді, үзілмес байланысымызды жүрегімізге түйіп алып шыққанбыз. Атамекенді сүю дегеніміз — өзіңнің жеке басыңның талаптарын қанағаттандыру немесе белгілі бір топтың не бір жеке адамның мүдделерін қорғау дегендік емес. Атамекенді сүю — оның тұтас мүддесіне қызмет ету, осы жолда әрқашан қызмет етуге, керек болса жан пида қылуға дайын тұру болып табылады. «Кім әділ болса, ол жеккөрінішті де болады» деген бір француз мақалы бар. Жалпы халық мүддесі кейбір адамдардан, кейбір топтардан жанпидалықты, тіпті өте ауыр жанпидалықты талап ететіні табиғи. Мына бір нәрсені де ойлаған жон. Жалпы ұлттық мүдде жеке топтар мүддесінің жиынтығынан тұрмайды. Мұны қарапайым мысалдармен дәлелдеп көрейік. Шаруа, тауар, сауда мүдделерін жеке-жеке алғанда олар ылғи да бір-біріне сәйкес келе бермейді. Тіпті олардың бір-біріне қарсы келіп қалатын кездері де болады. Шаруа оз қожалығының өнімін көтеріңкі бағамен сатып, тұрмыстық және өндірістік тауарларды төменірек бағамен алғысы келеді. Ал оз тауарларын көтеріңкі бағамен сатып, шаруалардың өнімдерін арзан бағамен алғысы келетін тауар өндірушілердің де ұмтылысы табиғи онды құбылыс. Осы бір-біріне қарсы мүдделерді қайтіп жалпы бір мүдде тұрғысынан үйлестіруге болады? Жауап өте қарапайым. Мұндай қайшылықтарды адамгершілік жолымен ымыраластыруға болады. Жалпы халық бұқарасы мен ұлттық мүдде тұрғысынан әділ саясат жүргізушілер кейбір жекелеген адамдарға және кейбір топтарға «жеккөрінішті» болып көрінуі ықтимал. Сондай-ақ мемлекеттік ұйымдар осы жеке топтар мүдделерін жалпы ұлттық мүдделермен бірлестіру кепілі бола алмайды. Біздің халқымыз кеңестік өмірді бастан кешіп келе жатқан ұзақ жылдарда жаңа өмірлік тәжірибелерге ие болды. Жалпы байлық қайта бөлінді. Жаңа мүлік иелену қатынастары туындады. Тұрмыста және мемлекеттік құрылыста бүтіндей жаңа көзқарас пайда болды. Большевиктер дәуірінде құрылған, жасалған нәрселерге қаншама сынай және жатсына қарағанның өзінде олармен есептеспей болмайды. Колхоз, совхоз және басқа да осылар тәрізді мемлекет қожалықтары тарапынан еріксіз түрде пайдаланылып келе жатқан құрылыстарды біз жаратпаймыз да, жақтырмаймыз. Біз оларды ұлттық мемлекет мүддесіне сәйкес келмейтіні үшін жаратпаймыз, жатсынатын себебіміз де содан. Әрине, большевик үкіметі тарапынан жасалған форманы жаратпағандық, оны қабылдамағандық, оған дейінгі форма ғана Түркістанның болашақ ұлттық мемлекет құрылысы негізіне алынуы керек деген ұғым тудырмайды. Кеңестік экономикалық және әлеуметтік құрылыстарды жасай жүріп, біздің халқымыз бұдан бұрынғы көне құрылыстарға сын көзбен қарауды да үйренді. Мұны теріске шығару - халқымыздың өмірлік тәжірибелерден сабақ ала білу қабілетін жоққа шығарумен бірдей болар еді. Шын мағынасындағы Түркістан ұлтшылдығы және халықшылдығы, атамекеншілдігі Кеңес үкіметі тарапынан тартып алынған жері, қожалығы, аты, арбасы, өгізі және басқа да жоғалтқандарымен бірге жоғалмақ емес. Нағыз Түркістан ұлтшылы енді қайтып оралмайтын өткен күндер мен бастан кешкендерді ойлап сары уайымға салынбайды. Ол қашан да оз халқының болашағы хақында ойлап, сол үшін қызмет ететін болады. Тарих рақымсыз. Ол ғұламаны да, білгірді де, өнер иесін де, хандар мен патшаларды да аямайды. Ол өз заңына қарсы келгендердің бәрін езіп-жаншып жүре береді. Тарих заңдары кері қайтуды білмейді және оны жаратпайды. Менің 1936-шы жылға орай жерлестеріммен бөліссем деген ой - пікірім, міне, осындай. Келген жыл бізге және біздің атамекенімізге не әкелерін күні бұрын болжап айту қиын. Тек біздің шын жүректен және асыға күтеріміз бір ғана нәрсе — ол атамекеніміздің орыс пролетариата диктатурасынан құтылуы. Біз барлық жерлестерімізді осы ұлттық мұратымыз жолында бір жан, бір тән болып жұмылуға шақырамыз. Біз барлық түркістандықтардың мына сөздерге ден қойып, санасына сіңіруін тілер едік. Жалпы ұлттың мүддесін жеке қожалықтар мен жеке топтардың мүддесінен жоғары қоя білген, өзінің белгілі бір түзімге белгілі бір себептермен қалыптасқан қатынасын, оған тәуелділігін жалпы ұлт мүддесі тұрғысына сәйкес, ұлттың жалпы жағдайына үйлесетін түзім жолында құрбан ете білген адамдар ғана нағыз ұлттық патриот және ұлтқа пайдалы қызметші бола алады.
1936 ж„ №74
ТАБЫС МЕРЕКЕЛЕРІ
Орыс атаулының, соның ішінде большевиктердің де ең бір жақсы көретін жазушысы Чехов «ұра берсе қоянға да сіріңке жағуды үйретуге болады» деген екен. Большевиктік режим тудырған жағдай Чеховтың тәмсілге бергісіз осы сөзін ақиқатқа айналдырып жіберді. Кеңес үкіметі қуғын-сүргінге ұшырату, азапқа салу, аштыққа душар ету, атып өлтіру тәрізді шаралармен өз жоспарларын жүзеге асырып келеді. Адам баласы мүгедектікке қалай үйренсе, кеңестік Ресейдің қол астында қалған тұрғындар кеңестік шаруашылық саясаты тудырып отырған қыспақтарға да солай көндігуде. Осындай жолдармен биыл Түркістанда бірінші рет мақта тапсыру жоспары орындалды. Бұл оқиғаға большевиктер қалай қарағанын білу үшін кеңес баспасөздеріне, әсіресе Мәскеуден шығатын баспасөзге көз жүгірту жеткілікті болар еді. Түркістан Республикаларының құрылуына орай өткізілген мерекелер де дәл осы мақта тапсыру жоспарының орындалуына байланысты ұйымдастырылған шаралардай салтанатты болған жоқ. Мәскеу мен Түркістан «ұлттық республикалары» арасында бірін-бірі құттықтаған телеграммалар ерсілі-қарсылы үздіксіз жіберіліп жатты. Барлығы жабылып Сталинді құттықтаумен болды. Кеңестік Ресейде бар нәрсе Сталинге байланысты. Шошқалар торайласа, сиырлар бұзауласа, бидай мен мақта мол өнім берсе — осының бәрі Сталиннің қызметі, Сталиннің істегені болып табылады. Демек бүл елде Сталинсіз шошқа торайламайды, бидай өніп-өспейді. Өзара құттықтаулардан кейін Түркістанның «ұлттық республикаларынан» мақта өсіру қаһармандары Мәскеуге ұшып барды. Сталин өзі бастап, Кеңес үкіметінің басқа да басшылары қостап жиналыстар өткізді. Осыған орай «Известия» мен «Правда» газеттеріне басылған материалдарды оқысаңыз — осынын бәрі тек Сталиннің жеке басын дәріптеп, оны тәңірге айналдыру үшін істелген бе деген ойға келесіз. Алдымен суреттер көзге ұрады. Сталин Қазақстан өкілдері арасында, Сталин Тәжікстан өкілдері арасында, Сталин қарақалпақтармен бірге, Сталин өзбектер ішінде, Сталин түркімендермен бірге, Сталин, міне, қазақ жұмысшыларымен жүздесіп тұр. Сталин, міне, кішкентай тәжік қызын көтеріп құшақтап тұр, оған алтын сағат сыйға тартты. Өзбектер Сталинге сый шапан кигізіп жатыр. Бір казак барыс терісін сыйлады... Сталин... Сталин... Сталин... Ол барлық торайлар мен бұзаулардың «құрметті атасы», мақта маманы... Мәскеудің «жаңа сара жолы» дегеніңіз — Сталинге табыну, басшыларға табынудан тұрады. Жеке адамның тарихтағы рөлін теріске шығаратын марксизм орыс большевизмінде осылайша керісінше көрініп отыр. Ертедегі Мысыр ферғауындары Алогит (№ 74.13) дәрежесіне көтерілгені тәрізді, енді бүгін орыс большевиктері де қолдарынан келіп тұрған шақта өз басшыларын дәл сондай төтенше алып арыстан — Алогитке айналдыру үшін тырысуда. «Интернационал» гимнінде: «Алла да, патша да немесе басқа бір қаһарман да бізге азаттық әпере алмайды», — делінеді. Дұға мен сүренің орнына осы гимнді оқып, осы гимнді айтатын кеңестік Ресейде «халықтар көсемінсіз» ештеңе болмайтыны, тіпті шошқалар торайламайтыны, сиырлар бұзауламайтыны, мақта да өніп-өсе алмайтыны шынында таңғаларлық... Сіз енді белсенділердің биылғы мақта егісінің табыстарын баяндап сөйлеген сөздерін оқысаңыз, бұл табыстың кепілі ретінде алдымен 1935 жылдан бері колхозшыларға үй маңындағы учаске мен бір сиыр ұстау құқығын берген сталиндік колхоз жарғысы аталады. Осы жарғыда колхозшылардың жеке меншік мұқтаждары ішінара ескерілген. Міне, бұдан біз колхоздардың бұрынғы талаптарынан аз да болса ауытқудың өзі биылғы табыстың кепілі болып отырғанын көреміз. Большевиктермен «бір майданға» бірігуді жақтаған меньшевик «Социалистический вестниктің» (35.12.28. № 23/24) мойындауынша, тағы бой көрсете бастаған террор мен қоқан-лоқылар болмағанда, шаруаларға жасалған әлгі аз ғана жол қоюлар биылғы жоспардың орындалуын қамтамасыз ете алмас еді. Біз Мәскеудегі жиналыста түркістандықтар тарапынан айтылған сөздерге егжей-тегжейлі тоқталып отырмаймыз. Олардың бәрінің де айтатыны мен мақтанатыны бір тектес, бір сарындас. Солардың арасынан Камал Акрамның сөздері көңіл аударуға тұрады. Әсілінде ақылсыз адам еместігін аңғаруға болатын Камал Акрамның айтқандарында да «хұп, тақсыр» рухы көрініп тұр. Өткен жылы оның осындай сөздерінің біреуін мысалға келтіргенбіз. Ол жолы Камал өзбек колхозында шошқа бағылып жатқаны туралы айтып, мұның өзі большевиктердің дінге қарсы күресінде қол жеткізген жеңістерінің бір айқын көрінісі ретінде дәріптелген болатын. Алайда шошқа бағып жүрген өзбек кемпірдің сөзіне қарағанда, олар үкіметтің ет салығын төлеуі мүмкін болмаған соң осылай етуге мәжбүр болған. Ол енді Мәскеуде сөйлеген сөзінде де осы тәрізді мәнсіз - мағынасыз бірдеңелерді бұтып-шатумен болды («Правда», 35.12.22.). Камал айтады: «Мен артта қалған Хорезмде болған едім. Онда бір қарт колхозшымен сөйлестім. Мен одан: «Қалай тұрасыздар? Шетке (мемлекеттен) шығып кетуді ойламайсыздар ма?» — деп сұрадым. Ол маған: «Бұрынырақ шетке шығып кетуді ойлаған едім. Енді кетпеймін», — деді. - Себебі? — деген сұрауыма әлгі қарт: «Менің енді аз да болса жерім бар. Таяуда бірер сиырым да болуы мүмкін», — деді. Камалдың сұрауы мен қарт колхозшының қайырған жауабын талдап көріңізші. Бұрынырақ шетке шығып кетпек (мемлекеттен) болған. Демек, колхозшы ол кезде өте нашар тұрмыс кешірген. Ендеше Камал да, басқа большевик басшылар да бұрын колхоз өмірін керемет етіп көрсеткенде, колхозшыларды Кеңес үкіметіне разы деп сөйлегенде шылғи өтірік айтқан болғаны ғой. Бұл — бір. Екіншіден, хорезмдік шаруаның шынымен шетелге кету ойында болған болса, ол өзінің мұндай ниетін кеңес агентіне, Камал сынды аты әйгілі түркістандық кеңес агентіне жайып салуы мүмкін бе? Мына бір нәрсенің басы ашық. Хорезмдік шаруа мұндай арандатушы сұрақтарға ешқашан ойындағысын айта салмайды. Қарт шаруа «тұрмысым түзеліп қалды» дегенде, ұлтарақтай жерге ие болғанын және жақында сиыры да болуы мүмкін екенін көлденең тартады. Камал Акрам және Түркістанның басқа да «төңкерісшіл басшылары» шағын учаске мен сиыр жеке мүлік екенін, меншіктің мұндай түрін большевиктер теріске шығарып, ұжымдық шаруашылықты соған қарсы қойғанын шынымен көрмей, сезбей отыр ма екен? Кеңес үкіметі шаруалардың жер мен сиырға ие болу талабына қарсы күресіп, миллиондаған шаруалардың көзін жойып жіберген жоқ па еді? Енді, міне, сол шаруаның талаптарын аз да болса орындауға мәжбүр болған большевиктер осы шаруа арқылы оларды бақытты еткендері жөнінде жалпақ әлемге жар салуда. Олай емес, біздің шаруаларымыз өздерін басып-жаншып тұрған большевиктік Ресейдің езгісін лақтырып тастағанда ғана нағыз бақытқа кенелетін болады. Түркістанда қандай түзім болса да, ешбір түркістандық өз жерін тастап сыртқа шығып кету ойында болмайтынына біз кәміл сенеміз
1936 ж., №74
1936 ЖЫЛ ІШІНДЕГІ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЖАҒДАЙ
Біздің Түркістанда мынадай бір халық мақалы бар: «Доңыз доңыздығын көрсетпей қоймайды» дейді. Өткен 1935 жылы біздің көне түрік есебі бойынша «доңыз» жылы еді. Сол себепті де өткен жыл 1936 жылға көңілсіз мұра қалдырғанында ешқандай шүбә жоқ. Италия - Хабашстан соғысының дүниежүзілік соғысқа айналып кету қаупі бар. Ол Ұлттар Ұйымы Жарғысының негізінде құрылған жаңа халықаралық қатынас жүйесін ауыр сынақтан өткізді. Халықаралық қатынаста кеңестік Ресейді де ақиқат пен моральдың сақшысы етіп көрсетуге тырысып отырған бұл ұйымға біздің сенуіміз қиын. Яғни біз өз мүшелері тарапынан Жарғысы бұзылып отырған Ұйымның ақтаушысы бола алмаймыз. Сонымен катар дүние жүзінде құқық пен әділеттілікті қорғау міндетін өзіне алып отырғандар тарапынан дәл сол құқық пен әділеттілік аяқ асты болып жатқанын көре тұрып, үнсіз қала да алмаймыз. Доңыз жылы мұрасы сол доңыз жылының соңына дейін (1936 жылдың көктемі) ұзарып кетпеуін және дүние жүзінде құқық пен әділеттілікке жол ашылуын үміт етеміз. Желтоқсан ішіндегі басты оқиғалар ретінде Италия мен Хабашстан арасындағы соғысты тоқтату мақсатында Ұлыбритания мен Франция арасында жасалған келісімді атап айтуға болады. Кейін мәлім болғанындай, Италиямен әмпей - жәмпей бола отырып, Хабашстанды шет қақпай қалдырып жасалған осы келісім бойынша Хабашстан жерінің жартысына жуығы Италияға берілуі тиіс деп ұйғарылған. Мұның өтеуіне Италия Хабашстанға өз отары (№ 74, 1936.30) «Эритрея» үстінен Қызыл теңізге шығатын бір «тар коридор» бермек болды. Бұл «тар коридорды», қаласа, Италия кез келген уақытта бекітіп қоя салатыны осы келісімді жасаған дипломаттардың ешбіріне құпия емес. Ұлыбритания мен Франция арасында Ұлттар Ұйымының Жарғысына қайшы келетін осы келісім Ұлттар Ұйымы Кеңесінің талқысына жетпей - ақ күшінен қалды. Ұлыбритания үкіметі оны бекітпеді. Оған қолын қойған Сыртқы істер министрі Samuel Ноаге қызметтен кетуге мәжбүр болды... Ұлыбритания мен Францияның Сыртқы істер министрлерін Ұлттар Ұйымының әлсіз мүшесіне қарсы осындай ұсыныстар жасауларына нендей нәрсе итермеледі? — Келісімге қол қоюшылар бұл сұрауға да жауап берді. Олардың сөзіне қарағанда, экономикалық қысым жасау саясатының бастамашысы болып танылған Англияға қарсы Италия соғыс ашып жібере ме деп қорыққан көрінеді. Осылай болуы мүмкін бе? — Бұл сұрауға «иә» деп те, «жоқ» деп те жауап берушілер бар. Дегенмен, соғыс ықтималы анық көрініп қалғандай. Англия үкіметі Франция, Греция, Түркия және Испаниядан, егер Италия Англияға қарата соғыс аша қалғандай болса, қандай позиция ұстанатындарын, Ұлттар Ұйымының Жарғысына сәйкес әрекет ету, етпеулерін сұрады. Олардың бәрі де Англияны қанағаттандыратын жауаптар қайтарды. Соғыс — бүгін барлық ауызда айтылып жүрген үрейлі сөз. Қуатты Италияның күшсіз, құралсыз Хабашстанға шабуыл жасауы, соның салдарын Ұлттар Ұйымы Жарғысының бұзылуы, айыпкер ретінде моральдық және экономикалық жазаға тартылуға тиіс Италияға керісінше Хабашстан есебінен артықшылық берілуі — барлық шағын мемлекеттерді қорқытты. Олардың Ұлттар Ұйымына деген сенімін жойды. Бұнымен бірге соғыс ықтималы күшейе түсті. Халықаралық қатынастарды уландырып, дүниені соғысқа итермелеп жатқан тағы бір фактор (бәлкім, ең басты фактор шығар) бар. Ол — кеңестік Ресейдің Ұлттар Ұйымында болуы. Кеңес үкіметі фашист емес мемлекеттерді фашистік Италияға, сондай-ақ национал - социалист Алманияға қарсы топтастыруға ашықтан-ашық ұрынып отыр. Большевиктер Ұлттар Ұйымына фашизмге қарсы күштерді топтастыру мақсатымен кірген. Осы мақсатпен большевиктер Францияда коммунист, социалист және солшыл радикалдардың одағын құра алды, коммунист және коммунист емес жүмысшы ұйымдарының да басын біріктіре алды. Мәскеудің қазіргі ұраны — «Барлық күштерді фашизмге қарсы күрес сапына жұмылдырайық», «Бәрі де Алман национал - социализміне қарсы бағытталсын» деген түрде көрінуде. Большевиктік ұрандар мен іс-қимылдардың нәтижелеріне қараңыз. Қазір Францияда солшыл социалистер ғана емес, оң канат социалистер де, тіпті радикалдар да Алманиямен жақындасқысы келмейді және Франция мен Кеңестің жақындасуын Алманияға қарсы жасалған Франция - Кеңес әскери одағы деп көрсетеді. Мәскеудің ресми партиялық басылым органы «Правда» және үкімет газеті «Известия» Алмания мен Франция арасында болымсыз бір жылылық нышаны байқалса болды, тіпті Берлиндегі Франция Елшісі Алмания мемлекетінің басшысы Гитлердің қабылдауында болса да — бұлардың бәрін Францияның Кеңеске жасаған дұшпандығы деп қабылдауда. Өкімет басшысы мсье Лауолға жақын адамдардың бірі болып саналатын мсье Фернанд Бриноның Гитлермен сұхбат өткізуі және осы кездесуден кейін Алмания -Франция келісімі туралы тараған қауесет Кеңестің ресми тілшісі Радекті сабырынан айырып жіберді. Берлин мен Париж сұхбатынан Радек француз үкіметі адамдарының моральдық тұрақсыздығын көреді. Оған қарамастан, Франция үкіметі басшысы және Сыртқы істер министрі мсье Лауолдың 35Л2.29-да Парламентте «Алмания мен Франция арасында жақындасу болмайынша, Еуропада бейбітшілікті қамтамасыз ету мүмкін емес» деген сөзі оның беделін арттыра түсті. Мұндай сөздер жауапкершілікпен айтылады. Мсье Лауол көрші екі мемлекет арасын жақындастыруға ұмтылып отырғаны осы сөздерден - ақ айқын көрініп түр. Алайда оған Франция - Кеңес келісімі үлкен кедергі тудыруда. Осыған орай бізге билік айту құқығын берсе, біз Берлин мен Парижді байланыстыратын жол Мәскеу арқылы емес, Парижден Берлинге төте салынуы Францияға да, бүкіл Еуропаға да, тіпті бүкіл дүние жүзіне де пайдалы екендігі хақында ашық мәлімдеген болар едік. Өйткені, қай жағынан алып қарағанда да, Париж - Берлин жолы Мәскеу арқылы өткен жолдан әлдеқайда қысқа және қолайлы... Өткен жылдың соңғы күндерінде Оңтүстік Америка Республикасы Уругвай кеңестік Ресеймен дипломатиялық қатынасын үзгені туралы хабарлады. Дипломатия тарихын¬да сирек кездесетін бүл оқиғаның туылу себебі кеңестік Ресей оңтүстік Америкада сепаратистік күштерді қолдап және мұны өзінің осы елдегі елшілігі арқылы жүргізіп отыруынан еді. Қиыр Шығыста Жапония өз жағдайын бекемдей түсуде. Солтүстік Қытайдың бір бөлігі, соның ішінде Пекин маңы автономия жариялады. Бұлардың орталық Қытай үкіметімен байланысы тек формальды түрде ғана болып қалды... Тағы бір жағынан Манжурия мен Моңғолстан арасындағы қатынас та айқын түс ала бастады. Манжуриямен қатынас алда дами түскен кезде істелетін істер хақында ақылдасу үшін және Мәскеу - Моңғол достығы үлгісін алға тарту мақсатымен кеңестік Моңғолстан үкіметінің басшысы Мәскеуге шақырылды. Моңғолстан Қытайдың бір бөлігі ретінде танылып келеді. Ендеше Моңғолстан үкіметінің бастығы ақыл-кеңес алу, Жапонияға қарсы күреске көмек сұрау үшін Нанкинге, маршал Чан Кайшиге бармай, Мәскеуге Сталинге барғаны қалай? Моңғолстанның осындай көмескі жағдайына байланысты Манжур үкіметі оны аймақтағы тұрақтылықты шайқалтатын күш ретінде бағалап, оған қарсы шаралар қолдануға мәжбүр болатынын мәлімдеді. Бұл сөздерді дипломатия тілінен жұрттың бәріне түсінікті тілге көшіргенде, Манжур үкіметі Моңғолстан үкіметінен өзінің шын бейнесін ашып көрсетуді, яғни өзін Қытайдың бір бөлшегі деп санай ма, жоқ әлде Ресейдің бір бөлшегі деп есептей ме? - осы арасын ашық айтуды талап етті. Кеңестік газеттердің беттері Жапония мен Алмания арасында кеңестік Ресейге қарсы бағытталған сұхбат өткізіліп жатқаны туралы материалдарға тола бастады. Бір нәрсенің басы ашық. Алмания мен кеңестік Ресей де және кеңестік Ресей мен Жапония да өзара ортақ тіл табыса ал¬май келеді. Егер Алмания мен Жапония арасында осындай одақ бола қалса, ол шынында кеңестік Ресейдің Еуропада, Қытайда төңкерісшіл күштерді Жапония мен Алманияның қаупіне қарсы топтау тәрізді арандату әрекетіне қайтарылған ең табиғи және ең дұрыс жауап болар еді. Мысырдағы қарсылықтар мен оқиғалар ойдағыдай шешілді деуге болады. 1923 жылғы қару қолдануға тиым салған негізгі заңды жаңадан жүзеге асыру туралы декрет шығарылды. Осыған орай «Офад» партиясы бастаған ұлтшылдардың қол жеткізген жетістіктері жөнінде айтпай кетуге болмайды. 1923 жылғы негізгі заң Мысырдың бүкілдей тәуелсіздік алғанын көрсетпесе де, мемлекеттің ішкі құрылысы мен тәуелсіздікке барар жолда, соз жоқ, маңызды рол атқарды. Тәуелсіздік жолы әлі ұзақ, әрі қиындықтарға толы десек те, Мысыр ұлтшылдарының елде тындырып жатқан жұмыстары өз елінің болашағы үшін орасан зор маңызға ие.
КӨПІРМЕ СӨЗДЕРГЕ КӨМІЛГЕН БАҒДАРЛАМА
Былтыр 6 ақпанда Кеңес үкіметінің бастығы Молотов Кеңестер Одағы Атқару Комитетінің конференциясында «Кеңестік жүйені жан-жақты демократияландыру» бағдарламасын ұсынған еді. Бүл бағдарлама Кеңестер елінде буржуа, капиталист таптары бүкілдей жойылып болғанға дейін жүргізіліп келген сайлау жүйесін аяқтап, ауылдық кеңестен бастап орталық атқару комитетіне шейін бүкіл Кеңес аумағында тіке жалпыға бірдей және жасырын дауыс беру арқылы жүретін сайлау жүйесі жолға қойылатынын алға тартты. Кеңес үкіметінің басшысы бағдарламасында «Кеңес парламентаризм!» қазіргі өмір сүріп келе жатқан парламентаризмнің ең кемелді баламасы екенін, ол тек Кеңес мемлекеті ішінде ғана емес, дүниенің шартарабында осындай бір кемелді құрылым болуын қалайтын барлық адамдардың жүрегін толық баурап алатыны жөнінде айтқан еді. Қазір Кеңес бұл бағдарламаны жүзеге асыруға асықпайтындай сыңай танытқанмен, ол кезде 1935 жылдың 6 ақпанында Сталин өзі басында тұрған бір комиссия ұйымдастырылды. Бүл комиссия жаңа заңның жобасын жасауға тиіс болатын. Комиссияның басында Сталиннің өзі тұрғаны оған бірінші дәрежелі маңыз беріліп отырғанын көрсететін. Осыған орай, дүние жүзі баспасөзі Кеңес жүйесін реформалайтын күннің де туып келе жатқаны туралы жарыса жазды. Жаңа «Кеңес парламентаризмін» Кеңес үкіметін Ұлттар Ұйымына қабылдаудың онды нәтижесі ретінде түсіндірушілер де аз болған жоқ. Кеңестік жүйені демократиялау бағыты мен бағдарламасы қазір не күйде? Біз Мәскеу мен Түркістан басылымдарын көз жазбай қадағалап келеміз. Содан бері ол бір-ақ рет еске алыныпты. 1935.07.07-де комиссия жиналып, өзіне көмекші боларлық 12 кіші комиссия тағайындап алды да, тарасты. Содан бері, міне, негізгі заңның реформасы туралы не Сталиннің өзіне тіке қараған комиссиядан, немесе 12 кіші комиссиялардан тырс еткен дыбыс естілмейді. Ай артынан айлар жылжуда. Бүкіл Кеңестер елі көшкен уақыт керуенімен бірге көпірме сөздер мұхитына батып бара жатқандай. Мәскеуде Кеңестер Одағының басшылары сөйледі. Одан соң олардың қазақтан шыққан итаршылары — ұлттық компартиялардың хатшылары сөйледі. Ол да аздық етті. Өнеркәсіп және ауыл шаруашылығының мамандары жиналып Мәскеуге жол тартты. Әрқайсысы әр түрлі нәрселер туралы айтты. Халықаралық саясат, төніп келе жатқан соғыс қаупі, кеңес Қызыл армиясының ерлік істері және осы тәрізді толып жатқан тақырыптар сөз болды. Макта мен бидайдан қанша өнім жиналғаны, гектар басына шаққанда қанша түсім болғаны шотқа салынды. Жүзім жөнінде де айтылды. Кеңес Қызыл армиясының «ақтарға» қарсы соғыстары да ұмыт қалмады. Міне, осы соз тасқыны арасынан кеңестік жүйені реформалау бағдарламасы хақында бірде - бір сөз естілмеді. Өткен жылғы бағдарламаны жария еткен Молотов та, ол туралы құрылған комиссияның бастығы Сталин де өздерінің осы «төлтумалары» туралы ештеңе айтпады. Бұлардың үн-түнсіз қалуы басқаларға «айтпаңдар» деп бұйрық берумен бірдей еді. Олар осы бағдарламаны және оған байланысты берген уағдаларын шынымен ұмытқаны ма? Ұмытқан жоқ. Сталин де, Молотов та оны есінде жақсы сақтаған. Бірақ қазір оларға керегі басқа. Қазір оларға халықтың назарын тіке, жеке және жасырын жолмен дауыс беру арқылы сайлаудан басқа жаққа аудару керек болып отыр. Сол себепті олар күні кешегі өздері алға тартқан бағдарламаны бүгін көпірме көбік сөздердің тасқынымен көміп тастауда. Сонымен сөйлеушілер осы соз тасқыны арқылы Сталиннің «Негізгі заңды реформалау» мәселесіне орай айтқандарына Сталинді аспанға көтеру, Сталинді Кеңестер Одағының, күллі әлемнің қызыл Аписы8 дәрежесіне көтеріп дәріптеумен жауап қайырды. Оны мінсіз, ешқашан қателеспейтін етіп дәріптеді. Олай болса парламенттің қандай қажеті болмақ? Тіке, жеке және жасырын дауыс беру жолымен сайлаудың не керегі бар? Тіке, жеке және жасырын дауыс беру жолымен сайлау — сайлаушының өзі қалаған адамына дауыс беруін қамтамасыз ететін ең қолайлы тәсіл. Парламентаризм көпшіліктің мүддесін үкіметтің озбырлығынан қорғайды. Егер жасырын сайлау жолымен құрылған Кеңес Парламенті «қызыл бұқа» Сталин тарапынан тағайындалған адамдарға сенімсіздік көрсетсе, не болар еді? Бұл деген сөз — Кеңес жүйесінің таратылуы, пролетариат диктатурасының құлауы болар еді. Сталин, Молотов және басқа да кеңестік басшылардың «негізгі заң реформасын» жүргізе алмайтын себебі, міне, осыдан. Сол себепті де большевиктер оны күллі елді қамтыған көпірме сөздің көк ала толқынына көміп тастады.
1936ж., №75
ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЖАҒДАЙДЫҢ БІР МАҢЫЗДЫ ТҮЙІНІ
Бұл күнде Францйяның ішкі және сыртқы саясатында кеңестік Ресеймен қатынасы бұрынғысынша маңызды рол атқарады. Кеңестік Ресеймен тығыз достық байланыс орнату мәселесі француз қоғамдық пікірінің сол және оң қанаттары арасындағы тартыстардың бір басты тақырыбына айналды. Мсье Лауол кабинетінің құлауында да бұл мәселенің рөлі айрықша болды. Франция — Еуропадағы, тіпті дүние жүзіндегі ең басты орында тұрған мемлекеттердің бірі ... Сол себепті халықаралық саясатта, сондай-ақ кеңестік Ресей тудырған проблемаларды шешуде көп нәрсе Францияға да байланысты. Сол себепті оқырмандарымызды Франция - Кеңестік Ресей қатынасы мәселесімен аздап таныстырып кетейік. 1935 жылы мамырдың 2-де Франция - Кеңестік Ресей келісіміне қол қойылды. Бұл келісім бойынша оған қол қойған жақтың біреуі үшінші бір мемлекет тарапынан шабуылға ұшыраса, екіншісі көмектесуге міндетті. Алғашында большевиктер бұл келісім екі мемлекет жерінің, шекарасының арғы шегін, яғни Еуропадағы және Азиядағы аумағын түгел қамтуын талап етті. Онымен ғана тынбай, осы келісімнің сиясы кеппей жатып, Кеңес үкіметі Франциядан үшінші бір елдің шабуылы туралы Ұлттар Ұйымының шешімдерін күтпей-ақ, оны автоматты түрде жүзеге асыруды талап етті. Әрине, большевиктер осылай ету арқылы Жапониямен араларында соғыс туылып кеткен жағдайда Францияның көмегін автоматты түрде алуға құқықтық жағдай жасап қоймақ болды. Мсье Лауол Кеңес үкіметінің мұндай талабын қабылдамады. Келісімге қосымша жасалған хаттамада оның қай жерде және қандай жағдайда жүзеге асырылатыны нақты белгіленді. Осы хаттамаға қарағанда, келісім тек Еуропа сахнасында болуы мүмкін оқиғаларға қатысты жасалған. Одан сырт бүл келісім бойынша көмек сұраған жақтың өтініш - талаптарына қарамастан, ол тек үшінші мемлекеттің шабуылы болғанда ғана, және ол Ұлттар Ұйымының тарапынан ресми түрде танылып, бекітілгенде ғана көмек ала алады. Большевиктер бұған қатты қынжылды. Сонда да келісімге қол қойды. Өйткені олардың жағдайында осындай бір келісімге қол жеткізу өте пайдалы болатын. Парижде осы келісімге қол қойылған соң, мсье Лауол Мәскеуге барып Кеңес Одағы басшыларымен кездесті. Сталин мен Лауолдың бетпе-бет жолығып сөйлескеніне екі жақ та айрықша мән берді. Ресми үкімет ақпаратының мәлімдеуіне қарағанда, осы кездесудің ең маңызды нәтижесі — Сталиннің «Франция үкіметі жүргізіп келе жатқан ұлттық қорғаныс саясатын мақұлдайтыны және дұрыс деп есептейтіні» болды. Француздар мұны ел ішіндегі коммунистердің іс-қимылын тоқтату туралы Сталиннің бұйрығы ретінде қабылдап, дән риза болысты. Бұған кеңестер де разы еді. Өйткені олар Кеңес үкіметі өзінен тәуелсіз жатқан француздардың Коммунистік партия мен Коминтерн басшысы Сталиннің сөздеріне осыншама мән беріп қабылдауын француздар Сталинді дүние жүзі пролетариатының көсемі ретінде таниды деп түсінді және Сталинді Франция үкіметі саясатының да жөн сілтеушісі деп пайымдады. Бұл жағдайды Кеңес үкіметі жақсы пайдаланды. Сталин француз коммунистеріне жолбике социалистермен ымырасыз жауласуын қойып, торилер мен социалистер, радикалдар мен фашизмге қарсы барлық күштерді біріктіріп, «бірыңғай майдан» құруға жарлық берді. Француз коммунистері мәскеулік басшысына бас шұлғып мақұл болды. Олар осы бұйрықты алысымен, күні кеше өздері жауласып келген буржуа демократиясының, «парламентаризмнің» және фашизмге қарсы бой көрсеткен барлық буржуазиялық элементтердің жақтаушысы, қорғаушысы ретінде өңін өзгертіп шыға келді. Асылында, француздар саяси тартыстарда қызу қанды келеді. Енді, міне, буржуазиялық демократиялық республикасы жүйесін қорғау деген жалған ұран бұл қызулықтың температурасын одан бетер көтеріп жіберді. Осындай жалған тудың астында бой тасалаудан коммунистер нағыз республикашылдардың ашық шабуылынан қорғанды. Ал халық бұқарасында коммунистер шынымен республикалық, демократиялық жолға түсіп отыр деген жалған ой туды. Сталиндік жарлықпен тандап алынған тактиканың нәтижесі де айтарлықтай. Коммунизмшілдердің қатары артып, «Юманитенің» тиражы өсіп барады. Мұнымен бірге Мәскеудің ойыны да ашылып, айқындалып бара жатыр. Кеңес үкіметінің түпкі ой-ниетін біліп алған мсье Лауол Франция - Кеңес Одағы келісімін кешіктіре бастады. Заң бойынша бүл келісім Республика Президентінің декретімен бекітіле береді. Ал Лауол болса, Парламентке бекіттірмек болды. Келісімге қарсылар осы орайды пайдаланып Парламент мінбесінен Кеңес үкіметінің қитығына тиетін сөздер сөйлеп, бұл құжаттың астарын ашып, оған байланысты ұлттық және халықаралық үрей тудырып, қоғамдық пікірде бұғып жатқан Кеңеске қарсы ескі дұшпандық сезімдерді қайта қоздырып жіберуі әбден ықтимал еді. Солай болды да. Мұның аяғы Лауолдың өзіне қарсы шабуылдың күшейіп кетуіне әкеліп соқты. Бұған кереғар пікірлер де жоқ емес еді. Францияның солшыл саясатшыларының арасында бұрыннан бері Кеңеске деген «махаббатымен» мәшһүр болған мсье Демонзы: «Франция - Кеңес келісімін Парламенттің бекітуі шарт емес, ол туралы парламент мінбесінен айтыс ұйымдастырудың да қажеті жоқ», — деп оз пікірін ашық жазып отыр. Мсье Лауол бұл мәселеге сәл басқаша қараған. Ол Франция мен Кеңес келісімін бүтіндей жоққа шығару ниетінде емес еді. Оның көздегені — келісімінің қуаты мен құнын әлсірету арқылы Алманиямен жақындасуға жол іздеу болатын. Лауол Италияның әлсіреуі Алмания тарапынан туылатын қауіп ұғымын арттырады, мұндай ұғым Франциядағы коғамдық пікірде Кеңестермен байланысты күшейту керек деген тілекті ұлғайтады деп пайымдады. Сайып келгенде, Лауолдың тактикасы Франция - Кеңес келісімінің бекітілуін кешіктіру, Алманиямен жақындасу жолын іздеу және Италияны тым әлсіретіп жібермеу болатын. Лауолдың жолы Францияда фашизм әрекетінің күшеюінен қорқушылардың көзіне тым үрейлі болып көрінді. Сол себепті олар қайткенде де Лауолды құлату керек деген көзқарас негізінде біріге отырып, ақыры Лауол үкіметін құлатып тынды. Коммунистер мен социалистер Лауол үкіметінің құлауына орай қуаныштарын жасырмайды. Енді Франция - Кеңес келісімі көп кедергісіз тез бекітіледі деп үміттенеді. Ол туралы ашық айтып та жүр. Радикалдың сол канаты да коммунистер мен социалистерден қалысатын емес. Өйткені олардың есебі бойынша жуырда өтуге тиіс жалпы сайлау кезінде үкімет тізгіні Лауолдың қолынан өз адамдарының қолына өтуі керек. Франция - Кеңес келісімін француз парламенті тездетіп бекітуі үшін септігі тиетін барлық тегершіктер іске қосылған. Осы насихат тасқыны ішінде Кеңес үкіметі ең момын, келісімпаз үкімет түрінде көрсетілуде. Ол аз болғандай, Алманиямен соғыс бола қалса, Кеңес үкіметі оған қарсы тұра алатын ең қуатты тосқауыл ретінде дәріптелуде. Большевиктер және басқа да барлық фашизмге қарсы күштер соғысты Алмания бастайды деп күтіп отыр. Франция - Кеңес достығы үшін келтірілетін ең маңызды дәлелдер арасында Бакудың мұнайы мен Түркістанның мақтасы да бар. Өйткені осы заманғы соғыс техникасы үшін мұнай мен мақта ең қажетті заттар саналады. Мұнай мен мақта мәселесін әсіресе солшыл радикал газет «Оуор» («Осиіте») қатты көтеруде. Ол (1936.26-27 нөмірлі сандарында): «Соғыс бастала қалса, кеңестік Ресей қуатты Қызыл армиясымен ғана емес, мұнай және мақтасымен де көмектесе алады», — деп жазуда. Францияның солшыл партияларға сүйенген жаңа үкіметі Франция - Кеңес келісімін Парламентке тез мақұлдатып алуы әбден ықтимал. Қазіргі кезде Францияның ең атақты саясатшыларының бірінен саналатын, Франция -Кеңес достығы мәселесінде осы келісімнің жасалуына көп ықпал еткен мсье Эррио (№75.1636-35 б.) өзінің жуырда сөйлеген бір сөзінде оңшыл қарсыластарына қарата: «Қорғаншақ буржуа өз қолымен өзін өлтіруде. Ол жаратылысынан ақымақ болатын...» — деген еді. Сталиннің, жалпы Мәскеу большевиктерінің қарсы жағында, большевиктердің сыртында тұрған барлық топтар не қорғаншақ буржуа, не оның кызметкерлері болып саналатынын мсье Эррио жақсы біледі... Франция - Кеңес одағын большевиктер пайдаланып келеді. Тіпті өте тиімді пайдаланады деуге болады. Ал Франция ше? Франция пайдалана алар ма, жоқ па? Бұл жағы шүбәлі.
КЕҢЕС ПАТРИОТИЗМІНЕН - ОРЫС ҰЛТШЫЛДЫҒЫНА
Осыдан бір жыл ғана бұрын Кеңес үкіметі «Кеңес патриотизмі» ұранын көтерген еді. Мұның өзі уақытша бір мезгіл дүние жүзі төңкерісі күресінен шегіне тұру үшін Сталин жасаған «социализмнің бір елде жеңуі» теориясының нәтижесі болатын. «Кеңес патриотизмі» кеңестік Ресейге қараған халықтар назарын дүние жүзі пролетариатының төңкерісі және отар халықтардың азаттық төңкерісі тәрізді нысаналардан бұрып, Кеңестер Одағына шоғырландыру қажеттігінен туған еді. Басқаша айтқанда, бұрын дүние жүзілік төңкеріс үшін бағытталған жанқиярлық іс-қимылдар ендігі жерде сол асыл мұраттардың орнын басқан Кеңестер Одағына жұмсалуы тиіс еді. «Кеңес патриотизмі» Кеңестер Одағының орыс емес өлкелерінде жергілікті «ұлттық патриотизмді» оятатынын біз өз кезінде айтқан болатынбыз («Яш Түркістанның» 66-санында). Біздің осы пайымдауымызды, журналымыздың өткен санында көрсетіп еткеніміздей, Қазақстан комиссарларының бастығы Исаұлы Ораздың сөздері растайды. Әрине, бүл «ұлттық патриотизмнің» алғашқы әлсіз қадамдары ғана. Исаұлы Ораз тәрізді кеңестік Ресейдің шын берілген пендесінің Орталық Атқару Комитетінің мінбесінен Түркістан халқының мүддесін Түркістандағы орыстық мүддеге қарсы қоюға батылы жеткен болса, мұның өзі халық және халықпен тығыз байланысы бар партия, әкімшілік жіктері арасында күшті бір ағым пайда болып, ұлғайып бара жатқанынан дерек береді. Өкінішке орай, біз бұл ағымның тегеуріні мен қарқынын тек Ораз тәрізділердің сөздерінен, кеңес саясатында бой көрсеткен кейбір тенденциялардан ғана пайымдауға мәжбүрміз. Кеңес үкіметі «кеңестік патриотизмнен» «орыс ұлтшылдығына» ашықтан-ашық көшті. «Жасасын интернационалшылардың» маркстік теориясы бойынша қарағанда, олардың ұғымына мүлде сәйкес келмейтін «тайғақ жолға» Мәскеудің қалайша түсіп қалғаны туралы бір-екі соз айта кетуді жон көріп отырмыз. Алдымен, орыс большевиктері және олардың итаршыларына қызмет етіп келе жатқан пролетариат диктатурасының орыс ұлтшылдығына қалай және қандай нысанда ауысып бара жатқаны хақында тоқталамыз. Өткен қаңтар айының соңғы күндерінде большевиктер орыс тарихының» құдіреті хақында спектакль көрсете бастады. Осы күнге дейін Карл Маркс пен Фридрих Энгельстің тәлімдеріне сүйенген большевиктер орыс тарихын отарлау мен қанау тарихы деп танып, Ресейді Энгельстің сөзі бойынша «ұлттардың ұлы түрмесі» деп атаған еді. Ресейде марксизм мен большевизмнің негізін қалаушылар «Ресей езілген халықтарға өзі істегендерінің жазасын тартатын, жауабын беретін уақыт келеді» десетін. Большевиктердің ең атақты тарихшысы, профессор Покровский орыс тарихы оқулығын марксизм-ленинизмнің осы таптық теориясы тұрғысынан зерделеп, қайтадан түзеген еді. Қазірге дейін кеңестік орта және жоғары оқу орындарында орыс тарихы Покровский жасаған оқулыққа сәйкес оқытылып келген. Большевиктік төңкерістің Ленин дәуірінде өмір сүрген теориялары Сталин дәуіріне келгенде жарамсыз болып қалды. Сталиннін тікелей талап етуімен Кеңес үкіметі орыс тарихына маркстік көзқарастан бас тарту туралы қаулы шығарды. Енді Покровскийдің оқулықтары «ленинизмге қарсы» деп жарияланып, қолданудан шұғыл түрде алынып тасталды... Сталиннің айтуынша, Ресей тарихын күштеп отарлау тарихы деп сипаттау дұрыс емес. Ресей империясының тарихы көрші елдермен онды қарым-қатынастар, өзара кірігулер нәтижесінде «табиғи түрде» жасалған тәрізді. Бүл көзқарас бойынша, Ресей Түркістанды да, Кавказды да немесе басқа бір орыс емес өлкелерді де отар етпеген көрінеді. Олардың бәрі жағырапиялық жағдайлар мен тарихи заңдылықтар жолымен Ресейге табиғи түрде қосылып кеткен сияқты. Бұрынғы социалист - төңкерісшіл бұл күнде Ресейді құтқару үшін «діни жолдар» іздеуге кірісіп кеткен Фундаминский - Бунаковтың да осы тәрізді бір теория шығарғаны бар . Ресейді Шыңғыс хан империясы билеген территория көлемінде христиандық мәдениет таратушы міндетін алған мұрагер ретінде дәріптеуші еуроазияшылардың көзқарасы да осыған ұқсайды . Кеңестік Ресейдің Ресей тарихы жөніндегі жаңа теориясы «Правда» және «Известияның» бірнеше сандарында жарияланды. Мәскеуде орыс газеттерінде орыс тарихын мадақтау және Ресейді құрған тұлғалардың рухын құрметтеу жөніндегі даурықпа насихат әдеттегідей және табиғи сияқты көрінгенімен, бұл науқан Түркістан газеттерінде басқаша сарын алып отыр. Бұлардың бәрінің де большевиктік басылым екенін біле тұра, олардың беттерінен Түркістанның болашағы саналатын жастарға Ресей тарихын осы мәскеулік жаңа бағдарламаға сәйкес, Түркістанның патшалық Ресей мен большевиктік империяға өз еркімен қосылғаны туралы жазылғандарды оқып, көріп, тыңдаудың өзі адам баласының жанын түршіктіріп, жүрегін мүжитін тым азапты жағдай. Сталиннің жаңа Ресей тарихы жөніндегі теориясы, міне, осындай болып отыр. Бұл теория осыған сәйкес келетін саяси науқандармен күшейтіліп, біржола үстемдік аларына ешқандай шүбә жоқ. Ол туралы «Правда», «Известия» газеттері өз мақалаларында жазды да. «Кеңестік республикалар арасында ұлылығы жағынан бірінші орында Ресей Федерациялық Республикасы тұрады... Кеңес Одағындағы барлық халықтар өз еңбектерінің жемісімен мақтана алады. Олардың бәрі де — ең ұлысынан бастап, ең кішкенесіне дейін — кеңес патриоттары. Осы тең құқықтылар арасында біріншілік орыс халқына, орыс жүмысшысына, орыс еңбекшілеріне тиесілі. Өйткені төңкерістің алғашқы жеңістерінен қазіргі күн сәулетті дәуірге дейінгі барлық істерде оның (яғни орыс халқының) рөлі айрықша» («Правда», 36.02.01.). Ең оңшыл ұлтшыл, өздерін екінші «Кеңес партиясы» атап жүрген «Младоросстар» («Жас орыстар») партиясының органы «Бодрость» (36.02.09. № 67) «Правданың» жаңағы жолдарын көшіріп басып, «Орыс халқының біріншілігі танылды» деп жар салған. Түркістанда большевиктік үкіметтің 18 жылдық дәуірі басынан аяғына дейін «орыс халқының біріншілігінің дәуірі» болып келді. Большевиктер Түркістандағы пролетариат диктатурасын «орыс пролетариатының үстемдігі» деп тегін атамаған. Бұл жөнінен алғанда Сталиннің жаңа Ресей тарихы теориясы Кеңес Одағы хақында біздің ылғи да ай¬тып келе жатқандарымызды растай түсетін тағы бір дәлел болып табылады. Бұл теорияның немесе Кеңес саясатындағы соңғы өзгерістердің бір басты маңызы — Мәскеу интернационализмінің бет пердесі жыртылып, «пролетариат диктатурасы» дегеннің не нәрсе екені бүкіл дүние жүзіне әшкере болып анық көрінді. Кеңестер Одағында орыс халқының біріншілік рөлін осыншама ашық, анық етіп көрсетуге Кеңес үкіметін мәжбүр еткен не нәрсе? «Дүниежүзілік социализм мен азаттық төңкерісіндегі» сәтсіздігі Кеңес үкіметін «аймақтық социализм» теориясына, соған сәйкес келетін «кеңестік патриотизм» жолына әкеліп түсіргені туралы жоғарыда айтқан болатынбыз. Сонымен қатар жоғарыда біз тағы осы «кеңестік патриотизм» Түркістанда түркістандықтар мүддесін орыстардың мүддесіне қарсы қою тәрізді «ұлттық патриотизмге» айнала бастағанын да атап көрсеткенбіз. Басқаша айтқанда, кеңес патриотизмінің Кеңес үкіметі мен кеңестік Ресейдің еркінен шығып кету қаупі байқалып қалды. Осыдан туған қауіп ұлғая келе оған қарсы қоятын бірдеңені ойлап табу қажеттілігі күшейді. Орыс халқының, орыс жүмысшысының, орыс еңбекшілерінің біріншілігі түрінде қойылған орыс ұлтшылдығы, міне, осындай «қауіптенуден» келіп шыққан еді. «Тең халықтар арасында бірінші!» Осы орайда патшалық үкіметтің Түркістандағы соңғы генерал губернаторы Куропаткиннің бір сөзі еріксіз еске түседі. 1916 жылы көтеріліс қызған кезде генерал Куропаткин де Ресейдің қол астындағы халықтардың тең құқықтылығы мен туысқандығы туралы айта бастаған болатын. Ол Түркістан халқының өкілдеріне: «Біз — орыстар және сіздер — Түркістан мұсылмандары - туыспыз. Біз — орыстар — аға болсақ, сіз — мұсылмандар — інісіздер. Сіздердің әдеттеріңізде бір жағымсыз қылығы үшін ағаның інісін жазалауы пәлендей бір айып емес екені тәрізді, ұлы туысыңыздың да (яғни орыстардың) өз інісін жазалау құқығын табиғи деп түсіну керек...» деген еді. Кеңес Одағы шығыстан да, батыстан да қауіп күтеді. Соғыс бола қалса, кейбір мемлекеттермен жасасқан әскери одағы Кеңес үкіметі мен большевиктерді қорғай алуы екіталай. «Кеңес патриотизмінің» ұраны орыс емес өлкелерде Кеңес үкіметінің жағдайын нығайтудың орнына «ұлттық патриотизмді» күшейтіп отыр. Мұндай жағдайда тек орыс халқы мен орыс Қызыл армиясының орыстық сезімі ғана Кеңес үкіметінің сүйеніші болып қалуда. Ол енді сол сезімді қоздырып отыруға мәжбүр. Бұған көз жеткізу үшін жоғарыда аталған «младоросстар» органындағы («Бодрость») «Орыс халқының біріншілігі мойындалды», «Орыстардың тарихына бас иіп, құрмет көрсетіле басталды», «Үкімет аппараттарын құру үшін орыс ұлтшылдығын ресми мойындау ғана қалып отыр» деген және басқа да осы тектес материалдарды оқу жеткілікті болса керек. Мәскеу тарапынан ашық дәріптеліп жатқан орыс ұлтшылдығы ағымына кеңестік Ресей бұғауындағы Түркістан, Кавказ, Украина және басқалар өздерінің күрескер ұлтшылдығымен жауап қайыра алар ма екен? Бұл кеңестік Ресейдің және оның тепкісінде жатқан орыс емес өлкелердің тағдырына қатысты маңызды сауал.
1936 ж., №76
ХАЛЫҚАРАЛЫҚ МӘСЕЛЕЛЕР
Франция мен Кеңес үкіметі арасында жасалған Өзара әскери көмек көрсету жөніндегі келісім 1936 жыл 26 ақпанда Франция Парламентінің төменгі палатасында бекітілді. Енді оны сенаттың бекітетіні шүбәсіз. «Яш Түркістанның» осы саны шығып, таралғанға дейін аталмыш келісім «заң күшін» алып үлгеруі ықтимал. Осы келісім жөнінде біз бұдан бұрын да жазған болатынбыз. Оның жалпы халықаралық, әсіресе, Кеңес пен біздің ата мекеніміз үшін маңызы зор. Сол себепті де біз ол туралы толығырақ тоқталып, оқырмандар назарын аудара түскіміз келеді. Дүниежүзілік соғыстан кейін халықаралық сипаты бар ешбір оқиға, ешбір келісім дәл осы Франция - Кеңес келісімі тап болғандай қарсылыққа ұшырамаған еді. Алғашында Францияның Сыртқы істер министрінің бастамасымен Еуропаның ірі, орта және шағын мемлекеттерін тұтас қамтитын одақ құру кажеттілігі тұрғысынан көтерілген идея, ақыр аяғында Франция - Кеңестік Ресей және Кеңестік Ресей - Чехословакия одағына айналды... Франция - Кеңестік Ресей одағы екі жақтың да бітімгершілікке деген зәрулігі негізінде емес, екі жақтың да бір мезгілде Алмания тарапы¬нан шабуылға ұшырау қаупі негізінде пайда болды. Францияның соғысты қаламайтынында шүбә жоқ. Алайда дүниежүзілік төңкерістің орталық ұйымы Коминтернмен тығыз байланысқан, сол арқылы дүниенің түпкір-түпкірінде азамат соғыстары мен толқулар тудыруға барын салып келе жатқан кеңестік Ресейдің соғысқұмарлығына шүбә келтіру, жұмсартып айтқанның өзінде, саяси көрсоқырлық болар еді. Біз Франция - Кеңес Одағының әскери жақтағы мән-маңызына тоқталып отырмаймыз. Бұл жөнінен алғанда мамандардың пікірі бір-біріне қайшы. Олардың кейбірі Кеңес К,ызыл армиясының күш-қуатын асыра дәріптейді. Басқа біреуі оны ұзаққа созылатын шабуыл соғысына жарамсыз деп есептейді. Еуропалықтарға беймәлім, тек біз ғана білетін бір нәрсе бар. Егер соғыс бола қалса, Ресейдің орыс емес аймақтарында Кеңес үкіметі мен Ресейге қарсы жаулық пиғыл шұғыл өрши түсетіні күмәнсіз. Кеңес үкіметінің жағдайы мен саясатындағы соңғы өзгерістер, Кеңес Одағы өмірінде орыс халқының үстемдігі хақында айтыла бастаған жарапазандар бүл елдегі орыс емес халықтардың социалис¬та отанын қорғауға деген сенімі мен үмітін жоғалтып отыр. Сол себепті Кеңес үкіметі басқа халықтарға орыстардың үстемдігін қамтамасыз ету мақсатымен көне патшалық Ресейдің отарлау тәсілдеріне жармасуда. Кеңес үкіметі соғыс бола қалса, Қызыл армияның көпшілігін құрайтын орыс ұлты өкілдері арасында орыстың ұлттық патриотизмін қоздыру, орыс артықшылығын дәріптеу арқылы қалыпты жағдайын сақтап қалмақ болады. Франция - Кеңес үкіметі одағы Кеңес Одағына бұрынғысынша тиімді күйінде қалып келеді. Өйткені осы одақтың нәтижесінде Кеңес үкіметінің іштегі үстемдігін нығайту үшін француздың миллиондары мен миллиардтары ағылуымен бірге, халықаралық саясатта Кеңес Одағына аса қажетті салмақ пен бедел жинау мүмкіндігі туып отыр. Сонымен қатар бұл одақ Еуропада шиеленіс пен қайғылы жағдай туындауына себепші болды. Бұл одақтың турадан-тура өзіне бағытталғанын жақсы білетін Алмания тарапынан көрсетілуге тиісті шаралар туралы айтпағанда, бұл одақ Францияның адал досы саналып келген Бельгияның да алаңдаушылығын тудыра бастады. Бельгия депутаттарының басым көпшілігі 1920 жылғы Франция - Бельгия әскери одағының бұзылғандығын сөз етуде. Ұлыбритания үкіметі бұл келісімге оң қарағанымен, елдегі қоғамдық пікір екіге бөлінді. Бұл оқиғаны, әрине, кеңестік Ресейден ұлы славян мемлекетін көргісі келетін Чехословакия да қуанышпен қарсы алды. Чехословакияда кеңестік Ресейге жаулық пиғылдағылар да жоқ емес. Англияның, кеңестік Ресейдің және ішінара Францияның да Хабашстан мәселесіне байланысты саяси ойындарынан әбден ызаланған Италия Франци -Кеңес келісімін бекіттірмей тастау үшін жалпы Еуропа мәселелерінің Версальдан кейінгі қойылысын түбірінен өзгертіп жіберуге тырысып отыр. Сырттан болып жатқан орасан зор қиындықтарға қарамастан, кеңестік Ресейді танымау позициясында берік тұрған Югославия Франция - Кеңес келісіміне байланысты әліптің артын бағуды жөн көрді. Румынияның да бірауыздылығы шамалы. Өзін Еуропаны татуластыру қаһарманы етіп көрсеткісі келетін Румыния Сыртқы істер министрі Титолеско өз мемлекетін кеңестік сыртқы саясат ықпал аймағына қарай сүйрегісі келеді. Франция - Кеңестік Ресей одағына қуана қол соққан бірден-бір мемлекет — Түркия болды. Түркиялық туыстарымыз орыс большевиктерінің сатқындық бейнесі мен арам пиғылын көрмейтін, сезбейтін және көргісі де, сезгісі де келмейтін тәрізді. Ақпанның 26, 27-сі түнінде Жапониядағы бір топ офицерлердің үкіметке қарсы әскери төңкеріске шығуы халықаралық өмірдегі екінші басты оқиға болды. Жапонияда жас офицерлер мен көне саяси қайраткерлер арасындағы тартыс бірнеше жыл бойы созылып келеді. Жас офицерлер көне саяси құрылым мен Жапония императорының рөлін Еуропа үлгісіне түсіргісі келеді. Жапонияның ескіден келе жатқан дәстүрі бойынша император биліктің түп қазығы іспетті. Ол бәрінен жоғары тұрады. Императордың ролін Еуропа корольдері үлгісіне түсіру бағытындағы жас офицерлердің іс-қимылдары әскерилер арасында қобалжу туғызды. Осы айтыс-тартыстар бірте-бірте Жапонияның Азия құрлығындағы ықпалын күшейтуге байланысты ашық күрес түріне енді. Жапонияның жас офицерлері жапон дипломаттарының мардымсыз әрекеттерінен, атап айтқанда, күштердің ара салмағы арқылы ғана шешілетін мәселелерді большевиктік Ресей тәрізді жаумен қайта-кайта талқыға салып, келісімпаздыққа бой алдыруына қатты наразы еді. Большевиктердің Қиыр Шығыстағы жағдайы осыдан төрт -бес жыл бұрын қазіргіден коп нашар болатын. Ол кезде кеңестік Ресей Ұлттар Ұйымына әлі кірмеген. Қиыр Шығыс шекарасына топтаған әскери күштер де біршама аз еді. Темір жол желісі де әлсіз болды. Қазір жағдай өзгеріп кетті. Ұлттар Ұйымына мүше болып алған кеңестік Ресей енді Жапония тарапынан шабуылға ұшырай қалса, жәрдем талап етуге хақылы. Қиыр Шығыста жеке армия жасақтады. Әуе күштерін күшейтті. Сібір темір жолын қос рельске айналдырды. Дегенмен, осылардың бәріне қарамастан, Қиыр Шығыста Жапония кеңестік Ресейден әлі де көп күшті. Осы басымдылық кем дегенде 3-4 жылға созылуы ықтимал. Ірі саяси қайраткерлерді де қамтып, әлденеше кісі өліміне себепші болған атышулы 26 ақпан қанды оқиғасының шығу негізі, міне, осындай. Жапония — дүние жүзі көлемінде оз мойнына аса зор міндет жүктеген мемлекет. Осы біраз жылдардан бері ол азиялықтарды жат жұрттықтардың тепкісінен құтқару керек деген пікірдің соңында келеді. Бұл тұрғыдан келгенде, Жапония тек кеңестік Ресейді ғана емес, бүкіл Еуропаны және Америка империализмін де баррикаданың ар жағынан көріп отыр. Біз жырақта жатқан Жапонияға қазіргі бастан кешіп жатқан проблемаларының ойдағыдай шешілуін, күллі Азия халықтарының қас жауы Ресейге қарсы жүргізіп отырған күресінде табыстан табысқа жете беруін, өзінің тарихи міндетін орындап шыға алатындай қуатты, құдіретті болуын тілейміз.
1936 ж., № 76
АМЕРИКА МЕН КЕҢЕС ҮКІМЕТІНІҢ ЖАПОНИЯҒА ҚАРСЫ ЖОСПАРЫ
Жуырдан бері дүние жүзі жұртшылығының назарын өзіне шұғыл аударған бір оқиға — 1 наурыз күні Мәскеуде Америка мерзімдік басылымдары коғамының төрағасы, сонымен бірге «Нью-Йорк ворлд телеграмм» («New-Yorld Telegram») газетінің редакторы Рой Ховард (Roy Howard) пен Сталиннің арасында өткен сұхбат болды. Егер дүниежүзілік саясатта барлық мәселелерді екінші қатарға ығыстырып тастаған 7 наурыз «Локарно дағдарысы» болмағанда, 26—27 ақпандағы Токио оқиғасына орай өткен осы сұхбатқа тең келетін ешбір оқиға болмаған болар еді. Біз Сталиннің дүниежүзілік төңкеріс хақында басқа елдерде ешқашан насихат жүргізген емеспіз деген суайттығына орай сөз шығындап отырмаймыз. Жапон - Алман қаупін көріп үрейі ұшқан Сталин орыс большевиктерін бейбітшілік бесігінде туылып, капиталистік бөрілер дүниесімен «тату және туыстық» қатынаста өмір сүруге құштар момақан қошақан бейнесінде көрсете бастады. Сталин американдық тілшіге кеңестердің бір партиялық жүйесі фашизм мен Алман национал социализмі тәрізді басқа елдердің бір партиялық жүйесінен түбегейлі парықталатыны жайында да айтты. Ал Рой Ховард мырзаны Мәскеуге алып келген мәселелер бұл емес болатын. Америка тілшісі бұл сұхбатта «дүние жүзі пролетарларының көсемінен» кеңестік Ресей мен Америка Құрама Штаттарын алаңдатып отырған Жапония хақында, оның Қиыр Шығыс саясатына қарсы ортақ тіл табысу жөнінде ой суыртпақтауды көздеген. Сол себепті сұхбат бірден - ақ Жапониядан басталды. Ховард Сталиннен Жапония Монгол Халық Республикасына қарсы шұғыл қимыл жасай бастаған жағдайда Кеңес Одағы қандай позиция ұстанатынын сұрады. Сталин: «Жапония Монғол Халық Республикасына шабуыл жасап, оның тәуелсіздігіне қауіп төндірген жағдайда, біздің Монғол Халық Республикасына көмектесуіміз қажет болады», — деп жауап берді («Правда», 36.03.05). Халықаралық саясаттан жақсы хабары бар Ховард тәуелсіз Монғолстан дегеннің іс жүзінде жоқ нәрсе екенін жақсы біледі. Біріншіден, Монғолстан ешқашан өз тәуелсіздігін жария етіп ресми мәлімдеме жасаған емес. Екіншіден, Қытайда оны тәуелсіз ел ретінде ешқашан танымаған, үшіншіден 1924 жылы 31 мамырда қол қойылған Кеңестер Одағы мен Қытай келісімінің 5-інші тармағында «Кеңес үкіметі Монғолстанды Қытайдың бөлінбес бір бөлігі екенін» растаған. Төртіншіден, Америка Құрама Штаттары болсын немесе дүниедегі басқа мемлекеттер болсын, ешбір ел Монғолстанды ресми түрде мойындаған жоқ. Ол — ол ма, әлемде Монғолстан атты ел барын білетіндердің өзі бірен-саран ғана. Осылардың бәрін жақсы білетін Ховард мырза Сталинге «Монғолстанның тәуелсіздігі қашан жарияланып еді?» деген сұрақты неліктен қоймай кетті? Ол, әрине, бүл сұрақты біле тұра, әдейі қоймады. Өйткені Монғолияның алдамшы тәуелсіздігі оның өз елі үшін де қажет болатын. Жапония мен кеңестік Ресей арасында соғыс туа қалса, Америка үкіметі өзінің кеңестік Ресейге көрсететін көмегін «Монғолстанның тәуелсіздігін» қорғау желеуімен бүркемелеуді көздейтін. Кеңестік Ресей мен Америка үкіметі арасында Жапонияға қарсы бірлесе қимыл жасау ұйғарымы бары күмәнсіз. Өткен жылы желтоқсан айында Монғолстан үкіметінің басшысы Гендиннің Мәскеуге келгені де есімізде. Большевиктер монғолстандық мейманды салтанатпен қарсы алып қошамет көрсетіп жүрген күндерде оған Мәскеудегі американдық тілшімен кездесу орайы келген еді. Гендин осы сұхбатын: «Монғолстан жапондар тарапынан шабуылға ұшырай қалса, ұлы Америка халқы біз жақта болатынына сенемін», — деген сөздерімен аяқтаған {«Известия», 36.01.03). Әрине, бұл арада Гендиннің аузымен Мәскеу большевиктері сөйлеген. Өйткені большевиктер өздерінің Қиыр Шығыстағы мүдделерін қорғап қалу үшін Жапониядан қауіптенетін Америка Құрама Штаттары мен басқа да империалистік мемлекеттердің көмегіне иек артпайынша, Жапониямен жеке-дара тіресе алмайтынына көздері жететін. Ховард мырза да Жапонияға қарсы барлық күштерді біріктіру жағында екенін өз сөздерімен ашық аңғартты. «Батыс мемлекеттері Жапонияның солтүстік Қытайдағы шапқыншылығының мән-жайына мұқият үңілетін уақыт келді. Жапон әскери басшыларының Солтүстік Қытайдағы тым қолайсыз жоспары күн сайын айқындала түсуде. Егер Қиыр Шығыста мүддесі бар ірі елдер өзара тіл табысып бірлесе қимылдамайтын болса, онда Америка Құрама Штаттары бүл аймақтағы ролін түгелдей жоғалтып алатын болады» («Известия», 36.01.03). Екі жағы да ұзақ дайындықпен келіп өткізген осы сұхбаттың негізгі мақсаты — Қиыр Шығыста мүддесі бар мемлекеттерді Жапонияға қарсы топтастыру еді. Егер Алмания Рейн бойындағы елді мекендерді басып алып, әлгі сұхбатта атап айтылған «негізгі мемлекеттердің» назарын түгелдей басқа жаққа аударып жібермегенде, біз, бәлкім, ендіге дейін барлық империалистік баспасөз Кеңестің жырын жырлап, Жапония мен Азияға қарсы бірыңғай майданға топтасқандығының да куәсі болар едік.
* * * Сталиннің соғысқұмарлығы Токиодағы әскери дүрбелең басылғанға дейін жалғасты. Сталин бірінші наурызда Жапонияда азамат соғысы басталады, соның нәтижесінде ол әлсірейді деп үміттенді. Сондықтан Жапонияға Моңғолстан арқылы құқай көрсетуге де оның батылы барды. Алайда Сталиннің үміті ақталмады. Жапондар асқан патриоттық көрсетті. Дүрбелең де тез тыныштандырылды. Өмір әзінің қалыпты арнасына қайта түсті. Соған сәйкес Кеңес үкіметінің дипломатиясы әуенін өзгертуге мәжбүр болды. Хирота үкіметі іс басына келгеннен кейін кеңестік Ресей мен Манжурия шекараларындағы жанжалдар жөніндегі келіссөздер Жапонияның мүддесіне тиімді бағытта жүре бастады. Егер Сталиннің американдық журналистпен еткізген сұхбаты бірінші наурызда, яғни Жапония әскери төңкерістік дүрбелеңге түскен кезде емес, кейінірек болғанда Сталиннің өзі сұхбат тақырыбынан Монголия Республикасы мәселесін шығарып тастаған болар еді. Сталин де Кеңес үкіметінің басшысы Молотовтың француз газеті «Таңға» берген сұхбатындағы тәрізді («Таң», 36.06.24) ымырашылдық сарынды тандап алуы ықтимал еді.
1936 ж., №77
ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЖАҒДАЙ
Халықаралық жағдай мүлде шиеленісіп кетті. Жұрт жиі жүгінетін «достық», «ынтымақ» тәрізді сөздердің де қадірі қашты. Тек кеңестік Ресей мен Түркияның арақатынасы ғана тұрақты, көлеңкесіз күйінде келеді. Екі жақтың да қоғамдық пікірі осы достық ынтымақты сақтап қалу қажеттілігін баса көрсетуде. Дәл қазір осы екі ел арасындағы достық -ынтымақ атмосферасы маужырап түр деуге болады. Ал басқа жақта достық, ынтымақ ұғымдары мейлінше көмескіленген. Мысал келтірейік: «Ұлы Антанта» деген бір одақ бар болатын. Оған Ұлыбритания, Франция, Италия және Жапония кіретін. Ұлттар Ұйымының көшін бастап жүретін осы одақ өзін бейне Алла тағала жер бетіндегі бейбітшілікке қарауыл етіп қойғандай сезінетін. Қазір сол Антанта қайда кетті? Жапония Ұлттар Ұйымынан шықты. Сонымен бір уақытта ол Антантадан да шыққан болды. Ұлттар Ұйымының жарғысына жүгінсек, Италия дәл қазір бұл Ұйыммен соғыс жағдайында түр. Антантаның басқа екі мүшесі Ұлыбритания мен Франция Италияға экономикалық қысым жасауда. Бұл бағыттағы іс - қимылда Англияның адалдығына шек келтіру мүмкін болмағанымен, Францияның оған еріксіз барып отырғанын көру киын емес. Антантаның бір кезде ауыз жаласқан мүшелері Ұлыбритания мен Франция бұл күнде дүние құбылыстарын екі басқа тұрғыдан көріп отыр. Әлемдік маңызды мәселелерде пікірлері алшақ жатыр. Ұлы Антантаның ішінен Югославия, Чехословакия және Румыниялар «Кіші Антанта» атты одақ құрғаны белгілі. Осы елдердің қай-қайсысы да Франциямен одақтас болатын және оның әскери жәрдеміне сүйенетін. Ұлы Антанта тату-тәтті тұрған кездің өзінде Италия мен Франция Кіші Антанта мемлекеттерінің жауы Австрия мен Мажарстанды жақтап келді. Соңғы кезде Италия осы екі елді жақтауын тіпті күшейте түсті. Австрия үкіметі Италияның қолпаштауына арқа сүйеп, «сензермен» келісімін бұзды. Өзінің әскери күштерін арттыру туралы қаулы қабылдады. Кіші Антанта елдері Австрия қабылдаған осы қаулыға наразылық білдіруден ары бара алмады. Міне, бұдан біз Ұлы Антантаның екі мүшесі осы ұйымның дағдарысқа тап болуына дейін-ақ бір-біріне жау тараптардан өздеріне жақтастар іздеуге кірісіп кеткенін анық көре аламыз. Іс мұнымен де тынбады. Кіші Антантаға көмекші ретінде Югославия, Румыния, Түркия және Греция елдерін қамтыған Балкан одағы дүниеге келді. Бұл мемлекеттердің де сыртқы саясаты бір беткей болған жоқ. Жоғарыда айтқанымыздай, Югославия мен Румыния Франция жақта тұрса, Түркия кеңестік Ресеймен дос болған күйінде келе жатыр. Франция - Кеңестік Ресей одағынан соң Балкан одағы мүшелері арасындағы кереғарлықтар аз да болса бәсеңсіді. Тек әліге дейін Кеңеспен дүрдараздығын сақтап келе жатқан Югославия ғана оқшау қалды. Орта Еуропада тұрақтылықты шайқалтпау, яғни бұл аймақта Алмания мен Италияның ықпалына тосқауыл қою жөнінен Кіші Антанта мен Балкан одағы бір пікірде көрінеді. Осыған орай осы құрылымдарға қарсы Италияның жаулық пиғылы да күшейіп бара жатқаны өз-өзінен түсінікті болса керек. Италия Австрия мен Мажарстанды өз ырқында ұстап отырғанына қанағаттанбайды. Ол Албанияға да қол созды. Осы бір шағын елдің жағрафиялық орны оның Италия саясатындағы, әсіресе Италияның Югославияға қарсы саяси бағытындағы маңызын арттырып отыр. Соңғы күндері газеттер Италия мен Албания арасында бір келісім жасалғаны, осы келісімге сәйкес Албанияға 300 мың Италия тұрғыны көшіп барып қоныстанатыны туралы хабарлар тарата бастады. 300 мың итальяндық - Албания тұрғындарының үштен бірі. Бұлайша қоныс аудару саясатының нені көздейтіні ешкімге құпия болмаса керек. Еуропада ықпалды мемлекеттердің бірінен саналатын Польшаға келейік. Польшаның қай жаққа шығуы жалпы Еуропа жағдайында маңызды рол атқарады. Польшаның Франциямен жақсы екені бұрыннан белгілі жайт. Кезінде Польша Францияның Еуропадағы басты бәсекелесі Алманиямен де дос болған. Польшаны кіші Антантаға кіргізу немесе жақындастыру жолындағы Францияның іс - әрекеттері нәтижесіз қалып келеді. Бұған Францияның тағы бір досы Чехословакия мен Польша арасындағы кейбір түсініспестіктер кедергі болып отыр. Франция Польшаның Алманияға жақындығын әлсіретіп, оны кеңестік Ресеймен тіл табыстыруға тырысқанымен, оның нәтижесі де ойдағыдай емес. Кеңестік Ресей мен Польша арасында өзара шабуыл жасаспау жөнінде келісім бар. Алайда қазіргі жағдай талабынан қарағанда, бұл келісім тым жеткіліксіз. Кіші Антантаның бір мүшесі Чехословакиямен дүрдараз Польша осы ұйымның тағы бір мүшесі Румыниямен тым жақын. Бұл екеуінің достығы Кеңеске қарсы бағытталған делінбеуі үшін Румыния бір жағынан кеңестік Ресеймен сол бұрынғыдай жақындық қатынасын сақтай отырып, тағы бір жағынан Польшамен де онды байланыстар орнатып келеді. Польша Кіші Антантамен, әсіресе Румынияның жауы Мажарстанмен тым жақын. Польша жалпы алғанда Ресейге, әсіресе кеңестік Ресейге қарсы бағытталған саясатымен белгілі. Сондықтан да ол Францияға оң қабағымен қарағанымен, кеңестік Ресейді ішіне алып құрылған одаққа кіру туралы оның ұсынысынан бас тартып келді. Ресми түрде дүниеге келген Ұлы және Кіші Антанта мен Балкан одағы тәрізді үш топтың ішкі көрінісі, міне, осындай. Жағдайдың мәз еместігі ап - анық көрініп тұр... Ұлы Антанта ыдырады. Әрқайсысы жеке-жеке түрде Франциямен байланысты болған Кіші Антанта мүшелерінің де сыртқы саясаттары әр қилы. Балкан одағы да сол жолмен бара жатыр. Осы орайда Түркияның жағдайына қатысты бір мәселені атап өткен артық болмаса керек. Мақаламыздың басында жазғанымыздай, Түркия мен кеңестік Ресей достығының аспаны баяғысынша ашық. Түркия — Балкан одағының мүшесі. Осы одақтың Түркиядан басқа мүшелерінің бәрі де француздармен дос. Өзара көмек келісімін жасасу туралы Түркия тарапынан қойылған ұсынысты Францияның неліктен қабылдамай тастағаны бізге түсініксіз. Түркия мен Франция арасындағы экономикалық байланыстар да қазір өте әлсіз. Осыған орай Парижде шығатын «L'ocuvre» газеті мақала жариялап (36.04.18), Түркия экспортының жүзден 49 процентін, яғни жартысына жуығын алып отырған Алмания Францияға тиесілі үлесті де қақшып кеткенін айтады. Газеттің жазуынша, мұның Францияға келтіретін екі түрлі залалы бар. Біріншісі — қоғамдық пікірінің бір бөлігі Алманияға бүйрегі бұрып тұрған Түркия, Югославиямен дос Румыния мен Греция жағдайына ықпалын енді-енді жүргізе бастаған Түркия шығанақтарын қаруландырып, үстемдігін нығайтып алған соң, ықпалын одан ары кеңейтуге кірісетін болады. Шығанақтар қаруландырылып болғаннан кейін, орыс күштерінің Еуропа жеріне аяқ басуы Түркияның еркіне байланысты болмақ.
Ұлы Антантаға қайта оралайық.
Үлкен Антанта баяғыда ыдырағаны мәлім. Оның ыдырау себептері де белгілі. Оны ыдыраудан сақтап қалу үшін 1935 жылы көктемде Италияның Стрезда қаласында Франция – Италия - Ұлыбритания арасында келісім жасалды. Олардың бірі Кіші Антанта мен Балкан одағын жақтаса, екіншісі Орта Еуропада қалыптасқан жағдайды сақтап қалу үшін күш салады. Мұның өзі Австрияның Алманияға қосылуына кедергі қоюы деген соз еді. «Стрезда майданы» деп аталған бұл одақ та көпке бармады. 1935 жылдың 2 қазанында Италия Хабашстанға қарсы соғыс бастады. Францияның енді, Ұлттар Ұйымының жарғысына сәйкес, Италияға қарсы қолданылатын экономикалық шараларға еріксіз қатысуына тура келеді. Италияның Хабашстанға соғыс ашуымен бірге Еуропа жағдайы түбегейлі өзгеріске ұшырады. Жаңа кезең басталды. Ұлттар Ұйымына мүше елдің өзі мүшесі болып отырған Ұйымның жарғысын бұзуы Еуропа саясатына кесірін тигізбеуі мүмкін емес еді. Италия — Хабашстан соғысы басталудан бұрын кеңестік Ресеймен келісім жасап алған Франция мына оқиғадан соң онымен қатынасын біржола нығайтуға бел байлады. Өйткені ол Алманиямен қақтығыс бола қалса, орыс күштерін пайдалануды ойлайтын. Бұған жауап ретінде Алмания Рейн бойына әскери күшін шоғырландырды. Бұл оқиғалар Италияның Хабашстанға жасаған шабуылының нәтижесінде туындап жатты. Ол кезде Ұлыбритания Ұлттар Ұйымының жарғысын бұзған Италияға қарсы қатаң шаралар жасауды талап ете бастаған. Ал Алманиядан ылғи да қауіп күтіп отырған Франция Италиямен араздасқысы келмегендіктен, Ұлыбританияның талабына қолдау көрсету былай тұрсын, қайта оған түрліше жолдармен кедергі келтірді. Өзін «бүкіл дүние жүзі езілген халықтарының қамқоршысы» етіп көрсетуге құмар кеңестік Ресей бүл тартыста Франция жағына шықты. Енді ол Италияның Еуропа істеріне, яғни Алманияны орап алу саясатына қатысу үшін соған сәйкес келетін шаралар іздестіруде («Таң» газетінің 36.04.29 саны). Шығыста кеңестік Ресей мен Жапонияның арақатынасы жаңа бір түс алып отыр. 1936 жылғы 8 сәуірде кеңестік Ресей басылымдары кеңестік Ресей мен сыртқы Моңғолстан арасында жасалған келісімді жариялады. Бұл келісімге сәйкес, қажет бола қалған жағдайда, екі жақ та бір-біріне көмек көрсететіні атап көрсетілді. Осы келісімнің жасалуы, ең алдымен, сыртқы Моңғолия кеңестік Ресейдің қақпанына мықтап түскенін, 800 мыңдай тұрғыны бар бұл ел Ресейдің Жапонияға қарсы әскери базасына айналғанын көрсетеді. Орталық Қытай үкіметінің кайта - қайта жолдаған ноталарына жауап ретінде Кеңес үкіметі өзінің осы аймақтағы мүддесін қорғап қалу үшін осылай етуге мәжбүр болғанын айтумен ғана тынды. Моңғолстан мәселесі Азия саясатының ғана емес, дүние саясатының да бір басты түйініне айналып отыр. Біз оған кейін тағы оралуға уәде бере отырып, бүл орайда тек қазірге дейін ешкім көңіл аудармаған бір ғана жәйтке тоқтала кетеміз: кеңестік Ресей үкіметі өзінің Моңғолстан Халық Республикасымен жасасқан келісіміне орай Орталық Қытай үкіметі тарапынан білдірілген наразылықтарға қайтарған жауабы арқылы бір мемлекеттің аумағына екінші бір елдің ашықтан-ашық қол сұғуын ақтады. 1918—1919 жылдарда бұрынғы Ресейдің, әр түрлі бөліктерімен келісімдер жасасқан Антанта елдерінде — Франция және Ұлыбританияда - Кеңес үкіметінің қазір Моңғолстанда істеп отырғандарына ұқсас іс-әрекеттер де болған еді. Алайда ол кезде Франция мен Ұлыбритания ол жерлердегі ұлттық қозғалыстарға қолдау көрсеткен және ешқашан ол жерлерді ез жеріне қосып алу мақсатын көздемеген. Ал кеңестік Ресейге келсек, ол Моңғолстанды көптен бері өзінің отарына айналдырып, өз ырқында ұстап келеді. Манжурияны тәуелсіз елге айналдыру мақсатын көздегені үшін Жапонияны Ұлттар Ұйымын тастап кетуге мәжбүр еткен ұлы Еуропа енді, міне, Моңғолстанды жалмап отырған кеңестік Ресейге қарсы ләм деп ауыз ашпауы былай тұрсын, тіпті оны бітімгершілік пірі, халықаралық әділеттілік пен моральдың көз алдымыздағы жанды үлгісі ретінде дәріптеп әлекке түсуде. Өз құқығын қорғай алмай отырған дәрменсіз Қытайды басынған большевиктер Еуропаны 1918— 1919 жылдарда Ресей аумағына көз алартты, басып алды, басып алмақшы болды деп жазғыратыны әмбеге аян. Біз бұл талдауымызда халықаралық саяси жағдайды тым үстірт қана шолдық. Осы айтылған қым-қуыт оқиғалардан тиісті қорытынды шығаруды оқырмандардың өздеріне қалдырғанды жөн көрдік. Күштінің озбырлығына тәуелді болған әділеттілік пен тең құқықтылық сынды қасиетті ұғымдарда қандай мән-мағына қалатынын Еуропаның данышпан білгіштері айта жатар.
* * * Италия - Хабашстан соғысының нәтижесі күткеніміздей болып шықты. Хабашстан армиясы жеңіліске ұшырады. Императоры шет елге қашып кетті. Италия әскерлері елдің астанасы Аддис-Абебаны басып алды. Қару-жарағы жоқ дерлік және әскери ғылыми-техникадан хабарсыз хабаштар өз отанын жеті ай бойы ерлікпен қорғады. Италияның жеңісі Ұлттар Ұйымына ауыр соққы болып тиді... Африкада орасан зор мүддесі бар Ұлыбритания мен Франция да Италияның жеңісіне мойынсал болды. . Бүгінгі Еуропа ұлылары өздері қол қойған келісімдер мен шарттарға адалдықтарын Хабашстан оқиғасынан кейін де ұялмай-қызармай айтып отырған болса, мұның өзін заманымыздың ең ұлы қасіреті демеске лажымыз жоқ.
1936 ж., №78
РЕСЕЙДЕГІ ЖАҒДАЙ ЖӘНЕ БІЗДІҢ МІНДЕТТЕРІМІЗ
Кеңестік Ресейде көптеген өзгерістер болды және болып жатыр. Олардың кейбірі жөнінде біз бұрын да жазған болатынбыз. Бұл өзгерістер кеңестік Ресейдің саяси, әлеуметтік және экономикалық өмірінің бүкіл салаларын, керек десеңіз, большевиктердің қабыланамасы — марксизм теорияларының да барлық тарауларын қамтыған. Большевиктер бір кездері өздері «зинақорлар ұйымы» деп атаған Ұлттар Ұйымына мүше болып, өздері «дүниежүзілік тонаушылар» деп атаған кісілердің қасынан орын алды. Мұның өзі «дүниежүзілік төңкеріс» идеясын тарату және оны ашықтан-ашық насихаттау негізінде құрылған большевиктік халықаралық саясаттың астан-кестен болуы деген сөз еді. Қызыл Мәскеудің «Қызыл бақсылары» жындарын шақырып, қанша ойнағанымен де дүниежүзілік төңкеріс туылмады. Ақыры дүниежүзілік төңкерістен күдерін үзген «қызыл бақсылар» өздері «тонаушылар» деп атағандардың тобына қосылып, «зинақорлар ұйымынан» бір-ақ шықты. Кеңес үкіметі бұл оқиғадан көп бұрын-ақ «дүниежүзілік социализм» теориясынан баз кешіп, әуелі бір аймақта социализм құру жолына түскен. Жаппай күштеп, мәжбүрлеу арқылы ұжымдастыру ісін қолға алған. Жеке мүлік атаулыны жойған. Соның салдарынан мемлекет байлығы талан-таражға түсіп, құрып суалуға айналды. Ашаршылық басталды. Ауыл тұрғындары бұрын-сонды болып көрмеген күйзеліске ұшырады. Мұның ақыры мемлекет шаруалардың үй маңындағы шағын учаске мен азын-аулақ мал-мүлікке иелік ету құқығын қайтарып берумен аяқталды. Оған қоса Кеңес үкіметі колхоздарға тиесілі жерді мәңгілік етіп бекітіп беру ісін бастады. Мұның өзі «жер — мемлекет мүлкі» деген теориядан аздап болса да бас тартқандықтың белгісі еді. Кеңес үкіметі тұрғындарын қажетті азық-түлікпен қамтамасыз ету мақсатында «талон жүйесін» енгізді. Жұмысшылар мен әкімшілік қызметкерлердің артықшылықтарын жойып, азық-түлікпен қамту ісінде оларды былайғы басқа тұрғындармен бір қатарға қойды. Талон жүйесі қазірге дейін социалистік қамтудың негізгі тәсілі ретінде дәріптеліп келе жатқаны айрықша көңіл аударарлық жай еді. «Мемлекеттік сауда» саласында да бұл принциптен ішінара бас тартуға тура келді. Олар алғашында «колхоз саудасы» дейтін тәсілге көшті. Одан соң біртіндеп жаңа-жаңа көктеп келе жатқан жеке сауда жолына бет түзеді. Бұдан кейін партия қатарын тазалау басталды. Партия мүшелерінің төрттен бірі партиядан шығарылды. Іс мұнымен тынбады. Қайткен күнде де партия мүшелерін қайтадан електен өткізіп, олардың арасындағы ұлттық, төңкерістік идеясы жағынан Сталиннің еркіне қайшы келетін элементтерді рақымсыз түрде тазалау ұйғарылды. Партиялық құжаттар мұқият тексерілді. Қазіргі кезде партиялық билеттерін ауыстыру деп аталатын үшінші бір қитұрқы науқан кетіп барады. Қайта-қайта өткелектен өткізу нәтижесінде партия мүшелерінің мөлшермен жартысы ғана партия қатарында қалды. Олар, әрине, Сталинге шексіз адал. Оның айтқандарын екі етпейтін құлақ кесті құлдар, Мәскеудің қызыл агенттері. Сталин мұнымен де тынбады. Жас коммунистерді (комсомол) дайындай бастады. Оларды мұрагерлер деп атады. Бұл мұрагерлер партияның үгіт-насихат істерін жүзеге асыратын қолқанаттары болды. Комсомол бірте-бірте іс басындағы ағаларының қызметтеріне сын көзімен қарауды үйренді. Ағаларының атқарған іс-әрекеттерін «құп» деп қабылдай бермеді. Тіпті басшылықтан өзіне тиісті орын талап ете бастады. Мұндай талап қоюға ол хақылы да еді. Оны сол үшін де дайындап жатқан болатын. Алайда Сталин комсомолдан да қауіптенуді шығарды. Енді комсомолға қарсы күрес бастады. Мұның аяғы «комсомолдың мүйізін қағумен» тынды {Бүл жөнінен журналымыздың өткен санындағы Ташбалтаның мақаласын қараңыз). Жаңа жарғыға сәйкес комсомол енді саясат пен партиялық жұмыстардан шеттетілді. Ол енді оқу, спорт тәрізді істерге ғана жегілді. Осыдан бастап комсомолдың аты ешқандай бір артықшылықты білдірмейтін болды. Партияның резерві деп те аталмай қалды. Бұдан былай партияға мүше болғысы келетін кез келген комсомол қоғамның басқа мүшелері тәрізді сталиндік тәртіптің өткелдерінен міндетті түрде өткізілетін болады. Сталинизм мұнымен де тоқтамады. Ол бүгінге дейін отбасы өміріне араласып, әрбір отбасын үрей құрсауында ұстап келген. Большевик партиясы мен Кеңес үкіметіне өздерінің адалдықтарын көрсету үшін балалар ата-аналарының үстінен шағым айтуы міндеттелген. Және осылайша тәрбиеленген. Енді, міне, мұндай тәсілден де бас тартып, балаларға ата-аналарының тілін алу жөнінде айтыла бастады. Партияның дін саясаты да өзгерістерге тап болып отыр. Сталиннің о бастағы жоспары бойынша 1937 жылға дейін Кеңес мемлекетінде дін атаулы қалмауы және оған сенетін адамдар да жойылуы тиіс еді. Өзі де солай болған. Енді, міне, большевиктер бұл майданнан да шегініп шықты. Кеңес үкіметінің дінге қарсы жұмыстарын басқаратын Ярославский бұл майданда да сәтсіздікке ұшырағанын мойындауға мәжбүр болды. Большевиктер Түркістанда мұсылмандардың дінін, діни мерекелерін келемеждеп, қорлауын қоймай отырғанымен, Ресейде мұндай сорақылықтар тоқтатылды. Ғибадатханаларға барып діни рәсімдерін өткізгісі келетіндерге бұдан былай кедергі жоқ. Соңғы хабарларға қарағанда, христиан шіркеулерінің қоныраулары қайта шалына бастайтын көрінеді... Кеңестер үкіметі маркстік - лениндік теорияға сәйкес туған пролетариат диктатурасы принциптерінен біртіндеп қол үзе бастағанына дәлел боларлық мұндай мысалдарды қажетінше келтіруге болады. Алайда большевиктердің идеологиялық және шаруашылық салаларындағы сәтсіздіктерінен мағлұмат беру үшін осы айтылғандар да жеткілікті болса керек. Шеттен қауіп күтіп, үрейлері ұшып отырған большевиктер ел ішіндегі үстемдігін сақтап қалу үшін осындай шұғыл шаралар арқылы қолайлы жағдай әзірлеп, өздеріне тілектестер қатарын көбейтуге мәжбүр болғанын жақсы сезді. Сталин «партиясыз большевиктер» туралы да айта бастады. Партиясыз большевиктер — Кеңестің мемлекеттік аппараттары мен шаруашылық жүйелерінде қызмет атқарып, еңбек етіп жүрген миллиондар. Жеңісті қамтамасыз ететін шешуші күш — солар — партиясыз большевиктер. Сталин осыларды өзіне сүйеніш етіп алғаннан кейін ғана, алдымен «Кеңес патриотизмі», одан соң «Орыс патриотизмі», «Кеңестер Одағында орыс халқының біріншілігі» туралы айтуға мүмкіндік алды. Кеңестік Ресейдегі орыс емес өлкелерде, соның ішінде Түркістанда да, Сталиннің осы соңғы саясатының қатты қауіпті көрінетін себебі осы. Төңкерістен бұрынғы дәуірде біздің техникалық маманымыз да, басқа маманымыз да жоқ еді. Мемлекет пен шаруашылық аппараттарының бәрі де партия мамандарының, ал олар жоқ жерде орыс ұлтшылдарының қолында болатын. Олардың бәрі «ұлы орыс шовинизмімен» уланған адамдар еді. Олар Түркістанды «Ресейдің бөлінбес бір бөлігі» деп санайтын. Ресейдің сырттан күтетін қаупі күшейген сайын (қауіп жақындап келеді) Сталиннің партиясыз большевиктері біздің атамекенімізге оның Қызыл Армиясынан да апатты болайын деп тұр. Олардың қай-қайсысы болсын, ұлттық кадр дайындауға немқұрайды қарайтын себебі де осыдан. Сталиндік түзімнің Түркістанға пайдасы да, мән-маңызы да жоқ. Сол себепті де түркістандықтар оның мұндай өзгерістері мен шұғыл шараларына пәлендей бір мүдделілік танытпай келеді. Біз большевиктік үстемдіктің жекелеген іс-әрекеттеріне қарсы күресумен ғана шектелмейміз, біз большевик пе, большевик емес пе - бәрібір, тұтас орыс биігіне қарсы күресеміз. Біздің шетелдерде жүргізіп жатқан күресіміз - атамекеніміздегі жалпы ұлттық күрестің бір әлсіз жаңғырығы ғана. Уақыты келгенде түркістандықтар ұлттық ту астына жиналып, ұлттық құқықтарын қорғай алатынына біз кәміл сенеміз.
1936 ж., №79
ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЖАҒДАЙ
Хабашстанның Италия тарапынан жаулап алынуы, Италия королінің Хабашстан императоры деп жариялануы онсыз да күрделі халықаралық жағдайды одан бетер шиеленістіріп жіберді. Қазір осы шиеленісті бәсеңдету мүмкіндігі соғыс болып жатқан кездегіден де азайып кетті. Ұлттар Ұйымы Италияны Хабашстаннан қуып шығып, бұрынғы жағдайын қалпына келтіруді талап еткенімен, осыншама шиеленісті бәсеңдету міндетін мойнына ала қоятын ел табылады дегенге сену қиын. Бүл - бір. Екіншіден, Италияның Хабашстанды өзіне қосып алғанын ресми мойындай отырып, Ұлттар Ұйымы өзіне мүше елдердің біреуі екіншісін отар етуге хақылы екенін де мойындаған болып шығады. Мұның өзі халықаралық, әділеттік, халықаралық келісімдердің қадір-қасиеті тәрізді құндылықтарды аяқ асты еткендікпен бірдей. Сонымен, Еуропа тұйыққа тірелді. Мұның жауапкершілігі ең алдымен дүние саясатының көшін бастаушы елдерге түседі. Олар сырт көзге Ұлттар Ұйымының жарғысына адалдықтарын айтып ант-су ішкенімен, іс жүзінде оның бұлжымастығын қамтамасыз етуге айтарлықтай құлықты болған жоқ. Біз оларды, әрине, моральға шақырмақ емеспіз. Егер біз Италия — Хабашстан мәселесіне қайта-қайта оралсақ, егер біз кейбір жетекші елдердің моральдық жауапкершілігін тергеп - текшесек, өздерін халықаралық құқық нормаларын қорғаушы етіп көрсеткісі келетін осы елдердің екіжүзділігін ашып әшкерелеуге әрекет жасаған болсақ, мұның бәріне біз өзімізге сабақ алу тұрғысынан ғана барып отырғанымызды атап көрсеткіміз келеді. Ойымызды одан әрі жалғастырып көрелік. Егер шағын халықтар (мемлекеттер) ертең Ұлттар Ұйымының жарғысын бұзған Италиямен өз мүдделері тұрғысынан келісім-шарттар жасап жатса, ендігі жерде оның еш оғаштығы болмайды. Өйткені халықаралық әділеттілік пен халықаралық құқықты бақылап күзетіп отыру шағын елдердің міндетіне жатпайды. Шағын мемлекеттердің міндеті — өздерінің азаттығын, тәуелсіздігін қорғаумен ғана шектеледі. Ождан, ар-намыс, ынсап, мораль тәрізді жалпыға бірдей ұғымдарды аяқ асты етіп, қорлап, келемеждеген большевиктерді халықаралық құқықтардың қорғалуын қамтамасыз ету мақсатында дүниеге келген Ұлттар Ұйымына мүше етіп қабылдаған екіжүзді елдер өздерінің әлсіз достарын кез келген уақытта сата салмасына кепілдік жоқ. Италияның Хабашстанды жаулап алуымен бірге, Ұлттар Ұйымының беделі нөлге дейін төмендеді. Ұлттар Ұйымының жетекші елдері — Франция мен Ұлыбритания. Осы екі елдің баспасөзінде соңғы кездері Ұлттар Ұйымын реформалау және Еуропа мәселесін реттеу жөнінде көп жазылып жүр. 26 сәуір мен 3 мамыр сайлаулары аралығында іс басында болған Франция үкіметі Ұлыбритания, Франция және Италиядан тұратын «Стрезда майданын» қайта қалпына келтіруге ұмтылыстар жасаған еді. Енді, міне, екінші интернационал жетекшілерінің бірі, француз социалистерінің бастығы Леон Бломның қолымен құрылып жатқан жаңа француз үкіметі үш ұлы «демократиялық» (біз «демократтар» сөзін кеңестік Ресей жөнінде де қолданылып отыруы себепті тырнақша ішіне алдық) мемлекет, яғни Ұлыбритания, Франция және кеңестік Ресей (?!) арасындағы тығыз байланыстар туралы жиі айта бастады. Әрине, қазірше мұның бәрі тек жобалар ғана. Ал енді осы жобалардың қалай жүзеге асатыны хақында күні бұрын бірдеңе деп сәуегейлік жасау қиын-ақ. Дүниежүзілік баспасөздерде Ұлыбританияға Еуропаны тәртіпке келтіру хақында ұсыныс пікірлер айтылуда. Алдымен большевиктер көтерген, артынан француз үкіметі қуана қабылдаған «ажырамас татулық», «туыстық, жалпы ұжымдық мүдде» теорияларын Ұлыбританияның жаны сүймейді. Ұлыбритания үкіметі Еуропаны аймақтарға бөліп тастап, сол аймақтар бойынша қауіпсіздікті қамтамасыз етпек болады. Еуропадағы халықаралық жағдай туралы нанымды мағлұматтар беріп келе жатқан француз газеті «L'ocuvre» (36.05.08) Ұлыбританияның әлгі жоспарын былай көрсетеді: 1) Батыс Еуропа — бұл топқа Франция, Ұлыбритания, Голландия, Бельгия және Алмания жатады; 2) Орталық Еуро¬па — оған Италия, Кіші Антанта елдері, Австрия және Мажарстан жатады; 3) Шығыс Еуропа — оған Ресей, Польша, Балтық мемлекеттері, Финляндия және Алмания жатады; 4) Балқан одағы - оған Югославия, Болгарстан, Греция және Түркиялар жатады; 5) Ақтеңіз аймағы - оған Ұлыбритания мен Франция және Ақтеңіз аймағы елдері кіреді. Ағылшындар ұсынған бұл жобаны Франция баспасөзі қарсы алған жоқ. Француз баспасөзінің жазуына қарағанда, осы жоба жүзеге асырылғандай болса, біріншіден, Англия — Австрия, Чехословакия, Югославия және Балкан мемлекеттеріне байланысты міндеттемелерінен азат етіледі. Екіншіден, Орталық және Шығыс Еуропада Алманияның еркін қимыл жасауына жол ашылады. Үшіншіден, Франция Алмания жағынан шабуылға ұшырай қалған жағдайда (Франция ылғи да осындай қауіппен өмір сүріп келеді), ол тек Англия, Бельгия және Голландиядан ғана көмек ала алады. Польша, Кіші Антанта және Балкан мемлекеттерінің көмегінен мақұрым қалады. Бұдан сырт, Франциямен одақтас болмаған Орта Еуропа мен Балкан мемлекеттері кеңестік Ресейдің көмекке келетін күштерін өз аумағынан өткізбейді. «Ажырамас татулық» пен «Жалпы ұжымдық қорғаныс» теорияларының құны Италия -Хабашстан соғысында мейлінше белгілі болды. «Татулық» дегені тастай берік емес екен. Ал «Жалпы ұжымдық қорғаныс» Италияның Хабашстанды жаулап алуына тосқауыл қоя алмады. Осындай жағдайда жалпы тұрақтылық туралы сөз болуы мүмкін бе? Қиыр Шығыс жағдайы да күрделі күйінде қалып отыр... Жапония Сыртқы істер министрі Орита 1936 жылы 6 мамыр күні парламент мінбесінен сөйлеген сөзінде Жапония - Кеңес қатынасына арнайы тоқталады. Ол былай деді: «Кеңестік Ресей мен Жапония арасындағы қатынастың казіргі жағдайы бізді алаңдатпай қоймайды. Кеңес үкіметінің Қиыр Шығыста орасан зор әскери күш ұстап отырғаны бұл аймақтағы тұрақтылыққа қауіп төндіруде. Сондықтан аймақта тұрақтылықты сақтау үшін оған қарсы шаралар қолданбай болмайтынын ашық айтқым келеді» (1936.05.08). Кеңес баспасөзі (демек Кеңес үкіметі) Қытайды Жапония империализмінен қорғау желеуімен Америка, Англия және Кеңестік Ресей одағын құру үшін сұрапыл насихат өрістетуде. Америкада Кеңестің кері ауыз кеңестеріне құлақ асатын адамдар да жоқ емес. Олардың арасында қоғамда белгілі бір дәрежеде салмағы бар адамдар да бар. Америкалық мырзалар өздері Қытайды екінші сорт (сары нәсілді, қысық көзді) деп санап, мемлекеттеріне қытайларды енгізбейді. Тағы бір жағынан сыртқы Монголия мен Шығыс Түркістанның кеңестік Ресей тарапынан жұтылып бара жатқанын көре, біле тұра, Қытайды Жапонияға қарсы қоймақ болады. Англия кеңестік Ресейді қолдау керек пе, жоқ па, әлде Жапонияны қолдау керек пе деген мәселеде әлі айқын позиция білдірмей келеді. Тек ағылшын парламентінің жақында болып өткен бір мәжілісінде Кеңестік Ресей - Моңғолстан келісімі хақында бір тілшінің қойған сұрағына орай, үкімет басшысы Англия Моңғолстанды Қытайдың бір бөлігі деп танитынын, сол себепті сөз болып отырған келісімге мән бермейтінін, оны мойындамайтынын мәлімдеді. Англия Кеңес үкіметі және кейбір еуропалық достары бара жатқан жолға да түспей, сонымен бірге кеңестік Ресейдің диірменіне су да құймай қалуы әбден мүмкін. Оны жоғарыда айтылған жобадан анық көруге болады.
1936 ж., №79
КЕҢЕСТІҢ НЕГІЗГІ ЗАҢЫ
Алманияның ұлы мемлекет қайраткері Бисмарк: «Әкімшілігінен ынсап кеткен жерде заңнан қайыр жоқ», — деген еді. Өткен шілде айының 12-де жарияланған Кеңес Конституциясын оқыған адам Бисмарктың осы бір қарапайым, бірақ терең мағыналы сөздерін еріксіз еске алады. Негізгі заңның мәтіні 11 шет тілге аударылып, 15 миллион тиражбен таратылды. Сонымен Кеңес негізгі заңын тек кеңестіктер ғана емес, дүниежүзілік қоғамдық пікір де талқыға салып жатыр. Осы негізгі заң жариялана салысымен күллі Кеңес адамдарының шексіз қуанышқа бөленгені туралы көпірте жар салып жатқан ресми насихаттың суайттығын сөз етудің қажеті жоқ. Олар кезінде «әскери коммунизмді» де дәл осындай сүйіспеншілікпен қарсы алған болатын. Одан соң НЭП - ті де сол сүйіспеншілікпен қабылдаған. Кеңес үкіметі Ұлттар Ұйымы мен Версаль шартына қарсы сұрапыл күрес ашқан кезде кеңес адамдары бұл бағытқа да «уралап!» қол соққан. Енді бүгін тағы сол кеңес адамдары Кеңес үкіметінің Ұлттар Ұйымымен достығынан туған сүйіспеншілік сезімдерін айтып тауыса алмай отыр. Тағы осы кеңес адам¬дары бүгін Версаль шартына да дәл осындай позиция ұстануда. Парламент таратылғаннан кейін шақырылған кеңестердің 3-конференциясында Ленин: «Буржуазиялық демократия — мемлекет формаларының бір түрі. Социализмнің барлық сатқындары соның соңынан ілеседі. Төңкеріс буржуазиялық құрылыс шеңберінен шықпаған кезде біз демократия жағында болдық. Тек төңкеріс барысында социализмнің алғашқы ұшқындары көріне бастаған шақта, біз пролетариат диктатурасы жолына түстік. Бұдан былай осы жолда берік тұратын боламыз», — деген еді. Одан бері де 18 жыл өтті. ...Лениннің мұрагері Сталин тарапынан дайындалған негізгі заң авторлары «пролетариат диктатурасы» деген сөзден баз кешіп, Ленин «буржуазиялық мемлекет формасы және социализм сатқындарының қалауы» деп көрсеткен демократияны тандап алды. Кезінде Ленинмен бірге демократияны тәркі етіп, оны бақытсыздық атаулының бас қайнары көрген кеңес адамдары бүгін Сталинмен бірге «жасасын демократтар» деп жар салып, қазірге дейін қасиетті саналған пролетариат диктатурасының орнына «демократияны» қойып, «демократияланып жатқан Кеңестер Одағы шын мәнінде жалпы халықтық мемлекетке айналғанын» айтып тауыса алмай жүр. Жаңа Негізгі заң жобасына байланысты кеңес адамдарының қуанышы мен сүйіспеншілігі туралы жар салып жатқан насихаттық көпірме сөздеріне мән бермеу керектігі, міне, осылардан туындайды. Сыртқы әлемдегі қоғамдық пікірде кеңес Негізгі заңына сенімсіздік күшті. Буржуазиялық газеттердің бәрі оны жаппай сынға алуда. Кеңеске дос басылымдардың бірінен саналатын француз Сыртқы істер министрлігінің органы «Таңның» (Lt Terms) кеңес Негізгі заңына орай білдірген сыни көзқарасына арнайы тоқтала кеткен жон. Бүл газеттің «Le Mіyage de la Constіtutіon Sovіe'tіque» деп аталған бас мақаласы француз Сыртқы істер министрлігінің ресми көзқарасы есептелетіні шүбәсіз. Француз социалистерінің органы «Поплер» («Le Populaіre») де осыған жақын пікірде. Еуропа коммунистерін қамтыған осы құрылықтағы коғамдық пікір кеңестік Негізгі заң жобасына осынша қарсы болуының себебі Кеңес үкіметінің өз өмірінде жатыр. Кеңестік Негізгі заңды біздің қалай қабылдайтынымызға келсек, біздің позициямыз өзіміздің ұлттық күресіміз тұрғысынан айқындалған. Осы тұрғыдан келгенде бұл заңның жекелеген тармақтары да, жалпы рухы да біздің тараптан қолдау таба алмайды. Біз Кеңестер Одағына белгілі бір жағдайлармен ғана жанасып отырмыз. Біз атамекенімізді қызыл бояумен бояйтын, оны қандай да бір формамен Кеңестер Одағына тәуелді ететін заңды мойындамаймыз. Өйткені әңгіме атамекеніміз бен халқымыздың тағдыры жөнінде болып отыр. Жобаның 2-ші бөлімінің 13-ші тармағында Кеңестер Одағы тең құқықты өз қалауымен біріккен «суверенді Кеңестік Социалистік Республикалардан» құрылған делінеді. Осы суверенді тең құқықты делінетін республикалар мыналар: 1. Ресей Кеңестік Социалистік Федеративтік Республикасы; 2. Украин Кеңестік Социалистік Республикасы; 3. Белоруссия Кеңестік Социалистік Республикасы; 4. Әзірбайжан Кеңестік Социалистік Республикасы; 5. Грузия Кеңестік Социалистік Республикасы; 6. Армения Кеңестік Социалистік Республикасы; 7. Түркіменстан Кеңестік Социалистік Республикасы; 8. Өзбекстан Кеңестік Социалистік Республикасы; 9. Тәжікстан Кеңестік Социалистік Республикасы; 10. Қазақстан Кеңестік Социалистік Республикасы; 11. Қырғызстан Кеңестік Социалистік Республикасы; Сонымен Кеңестер Одағы қазірге дейінгі жетінің орнына «тең құқықты» он бір Социалистік Республикалардан тұратын болады. Жаңа заң жобасы бойынша Түркістандағы екі Автономиялы Республикалар — Қазақстан және Қырғызстан — Одақтық Республикалар қатарына қосылды. Ресей Федерациясына қарап келген Қарақалпақ Автономиялы Республикасы Өзбекстанның құрамына енді (29-тармақ). 17-тармақта суверенді республикалар, егер өздері қажет тапса, өз қалауымен Кеңестік Республикалар Одағынан бөлініп шығу құқығы бары айтылады. Республикалардың Одақтан бөлініп шығу құқығы шын мәнінде декларация, мәлімдеме түрінде ғана. Суверенді деп аталған осы Республикаларға берілген мұндай құқық негізгі заңға жазылғанымен, оның шындыққа айналуына ешқандай негіз жоқ. Соған қарамастан, Негізгі заңда бөлініп шығуға дейінгі құқықтың мойындалуы онды құбылыс. Енді осы жансыз әріптерге жан бітіру ісі Түркістан коммунистерінің (және басқа да ұлттық өлкелер) ұлттық ұрандарынан әлдеқайда маңызды. Кеңес адамдарына берілген бостандықтың түр-түсін санап шығудың өзі мақаламыздан едәуір орын алған болар еді. Алайда бүл бостандық оларға тек «социалистік құрылысты нығайту» үшін ғана берілген. Басқаша айтқанда, социалистік құрылыс хақында большевизм бағдарламасында жазылғандардан ауытқып пікір айтуға тыйым салынған. Ал социализмді сынауға жол бермейтіні Кеңес шындығынан хабары бар жұрттың бәріне аян. Кеңес Негізгі заңының 126-тармағы айрықша көңіл аударуға тұрарлық. Оның толық мәтіні төмендегідей: «Еңбекшілердің мүдделеріне сәйкес, халық бұқарасы дербес ұйымдарға бірігу және саяси әрекеттерде оз еркін білдіру үшін Кеңес Одағы азаматтарының, серіктестер одағына, кооперативтік бірлестіктерге, жастар ұйымдарына, спорт, отанды қорғау ұйымдарына, мәдени, кәсіподақ ұйымдарына бірігу құқығы қамтамасыз етіледі. Жүмысшы табы және басқа да қоғамдық жіктердегі белсенді, ынталы, саналы азаматтар еңбекшілердің социализм құрылысы жолындағы күресінде, әлеуметтік және мемлекеттік істерінде жол бастаушысы болып келген Кеңестер Одағының Коммунистік партиясын құрайды». Осы тармақты мұқият оқып, оның мазмұнына ой жүгіртсеңіз, кеңестік заң азаматтарға берілген барлық «бостандықтарды» осы бір ғана тармақ арқылы жоққа шығарғанын көресіз. 41-тармаққа келейік. Бұл тармақта «сайлау өткізілгенде (кеңес сайлаушыларына) әлеуметтік және еңбекшілер ұйымдары: Коммунистік партия ұйымдары, серіктестік кооперациялары, Жастар ұйымдары және мәдени ұйымдар кандидаттар ұсына алады» делінген. Бір қарағанда, осында аталған ұйымдардың бәрі тең құқықты тәрізді болып көрінеді. Ал 126-тармаққа қайта оралып, онда атап көрсетілген «Белсенді, ынталы, саналы азаматтар ғана коммунистік ұйымдарға біріге алады» деген жолдарды еске түсірейікші. Мұның екінші мағынасы Коммунистік партияға кірмеген адамдар белсенді, ынталы және саналы болып саналмайды деген сөз. Коммунист емес 98 процент азаматтар, мәселен, ғалымдар, профессорлар, техникалық мамандар, инженерлер т. с. кеңестің Негізгі заңына сәйкес, екінші сорт адамдарына айналдырылып отыр. Олай болса, кеңестік қисын бойынша осы ынтасыз, санасыз, көпшілік тарапынан сайланған депутаттардың рөлі жөнінде не айтуға болады? Осындай санасыз адамдар тарапынан сайланғанын саналылар өзіне ар кермес пе екен? Шын мәнінде, сайлау дегеніңіз - жай әншейін көз алдау. Ал іс жүзінде кандидаттар Коммунистік партияның ұйымдары тарапынан белгіленетіні ешкімге құпия емес. Сонымен «жалпы халықтық» мемлекет тұсында да билік тек Коммунистік партияның қолында ғана қалып отыр. Бұрынғы орыс пролетариата диктатурасының барлық жағымсыздықтары жаңа Негізгі заңының тұсында өзгерістерге ұшыраған сияқты болғанымен, ол сол бұрынғысынша күшінде. Кеңес Негізгі заңы туралы осы жолдарды аяқтар алдында біз өзіміздің міндеттерімізді тағы бір рет еске алып өтейік: Бізді кеңестік заңдардың бірде-бірі қанағаттандырмайды. Түркістанның ұлттық мұраты — Ресейдің бұғауынан біржола құтылу. Кеңестік Негізгі заң біздің ұлт-азаттық күресімізді жалғастыруымызға, оның пәрменділігін арттыруымызға ешқандай кедергі жасай алмайды. «Біртұтас және азат Түркістан» — біздің кір шалмас қасиетті ұранымыз, міне, осы.
1936 ж., № 80-81
ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЖАҒДАЙ
Италияның жеңісі. Ұлттар Ұйымының шілде айындағы жиналысы Италия тек Хабашстанда ғана емес, Ұлттар Ұйымының өзінде де, тіпті анығырақ айтқанда, осы ұйымның көшін бастап келе жатқан жетекші мемлекеттермен егесте де жеңіске жеткенін әйгілеп тарасты. Бейшара Хабаш императорының осы жиналыста отырғаны, «ынсап», «ождан» және «әлсіздерді қорғау» жөнінен идеялық, моральдық уағыздар айтып және осы тәрізді уағыздар айтуды тек өздерінің ғана еншісі санап жүрген ақ нәсілді Еуропа дипломаттарының көзіне шыққан сүйелдей болып көрінді. Хабаш императоры Ұлттар Ұйымының мінбесінен (қайта-қайта қаулы шығарту арқылы) оны күші басым Италиямен соғысқа айдап салып, өздері шетте қалған елдерді өлтіре сынады. Егер саясатшылар мен дипломаттар ар-ұят пен намыс жауапкершілігінен де ажал табатын болса, онда дүние сая¬саты мен халықтар тағдырының тізгінін қолына ұстап келе жатқан Еуропа Хабаш императорының мына сөзінен соң, саясатшылар мен дипломаттарынан түп-түгел айырылған болар еді. Италияның жеңісі жалпы Еуропа және дүние жүзі саясатында жаңа кезеңнің басталғанынан дерек береді. Дүние жүзінде, сондай-ақ Еуропада да күштердің ара салмағы өзгеріске ұшырауда. Ірі елдер арасында екінші дәрежелі саналып келген Италия енді алға шықты. Әсіресе, Италияның Ақ теңізде (Жерорта теңізі) күшейіп кеткенін ерекше айтқан жөн. Күні кешеге дейін теңіз қожасы саналып келген Англия енді бүгін Италиямен есептесуге мәжбүр болды. Ұлыбританияны Үндістан және Қиыр Шығыспен байланыстыратын Суейш каналы қауіпті жағдайға түсіп қалды. Соғыс бола қалса, Италия Ұлыбританияның Үндістанмен байланысын коп қиындықсыз кесе салады. «Нью-Йорк тайме» газетінің (шілденің басында) жазуына қарағанда, Англия үкіметі Үндістан және Қиыр Шығыспен байланысын Атлант мұхиты аймағынан ашып, бүл жолды бақылауға алудың барлық шараларын қарастырып жатқан көрінеді. Африканың оңтүстік жағын айналып жүретін бұл жол Суейш каналы жолынан алыс және көп қымбатқа түседі. Италияның жеңісі Хабашстанды басып алып, аумақ кеңейтуде ғана емес, ең бастысы Франция және Англия тәрізді Еуропаны билеп-төстеп келген елдермен иық теңестіріп, саяси беделін арттырғанында. Әлбетте, Италия Хабашстанды отарлаумен ғана отырмайды, Еуропаға өзінің «ойын» ережесін тануға ықпал етеді, сөйтіп жеңісін молайтуға тырысады. Италия мен Алманияның жақындасуы. Италияны жоғарыда сөз етілген саяси мақсаттарына жеткізетін жол — Алманиямен жақындасу. Бұл екі елдің арасы енді-енді жақсарып келе жатқан уақытта Австрия национал - социалистерінің Үкімет басшысы Долфостың өлімі салдарынан аздап салқындаған еді. Ол кезде Италия Австрияны Алманияға қосылып кетеді деп қауіптенген болатын. Австрияның Алманияға қосылуы «Версаль жүйесін», соның нәтижесінде қалыптасқан Францияға дос елдер одағы - Кіші Антанта жүйесін, Француз - Кеңес, Кеңес - Чехословакия елдерінің одағын, Кеңес -Румынияның жақсарып келе жатқан онды байланыстарын тас-талқан етіп, Орта Еуропа мен Балқанда Алмания үстемдігін орнатып, осы аймақтағы Италияның мүддесін ығыстырып тастар еді. Италия - Хабашстан соғысы Еуропаның саяси ауа райын түбегейлі өзгертіп жіберді. Ұлттар Ұйымына мүше елдердің үшеуі, яғни Албания, Мажарстан және Австрия Италияға қарсы қолданылатын экономикалық шараларға қатысудан бас тартты. Ұлттар Ұйымына мүше емес Алмания Италияға байланысты бейтарап, жұмсақ, достық саясат ұстана бастады. Экономикалық қысым жасау аяқталған соң да көне достары Англия мен Францияның жалынып-жалбарынғанына қарамастан, Италия іргесін олардан аулақ салуға кірісті. Алманияға қарай жақындай берді. Осы аралықта (шілденің 11- інде) Италияның ара ағайындығы аркасында Австрия мен Алмания арасында бір келісім жасалды. Осы келісімге сәйкес Алмания Австрияның тәуелсіздігін мойындап, оны құрметтеуге уағда берді. Сонымен Италияны қатты алаңдататын мәселе — Алманияның Австрияны өзіне қосып алу мәселесі біраз уақытқа болса да күн тәртібінен түсті. Нәтижесінде Франция мен кеңестік Ресейге сүйенген Кіші Антанта және Балкан одағына қарсы Алмания - Италия майданы құрылды. Бүл арада мына бір нәрсені айта кеткен жөн. Италия - Алмания майданы Балкан одағына және Кіші Антанта елдеріне қарсы емес, ол негізінен кеңестік жүйеге, кеңестердің келісімпаздық саясат арқылы Еуропаға ішкерілей ықпал жаюына қолайлы жағдай тудырып беріп отырған кеңес - француз достастығына қарсы бағытталғанын баса көрсеткен абзал. «Қорыққанға қос көрінер» деген халық мақалы бар. Көптеген адамдар Италия мен Алманияның жақындасуынан Алмания – Австрия - Италия және Польша елдерін қамтыған Орта Еуропа («Mіtte - Europe») одағы құрыла бастағанын көріп отыр. Егер шынымен сондай бір одақ құрылатын болса, онда ол, сөзсіз, кеңестік Ресейге қарсы бағытталған болар еді. Біз бүл арада алда болатын оқиғаларға күні бұрын болжам айтып, сәуегейлік жасағымыз келмейді. Ол қажетте емес. Біз кеңестік Ресейдің еуропалық достарына бақыт пен бейбіт өмір тілей отырып, сонымен қатар халқымызды езіп, қанап, қанын сүліктей сорып жатқандардың жеңілуін қалайтынымызды жасыра алмаймыз. Еуропаның қазіргі жағдайын 22 шілдеде Лондонда болып өткен «марқұм Локарнога» адал Англия, Франция және Бельгия мемлекеттерінің жиналысындай ашық көрсетіп, айқындап берген бірде-бір оқиға жоқ. Осы жиналысқа шақырылған Италия оған қатысудан бас тартты... Италия оған қатысу үшін Алмания өкілінің де шақырылуын, сондай-ақ Хабашстан соғысы кезінде Ақ теңіз бойындағы елдермен өзіне қарсы жасасқан келісімдердің күшін жоюды шарт етіп қойды. Англия, Франция және Бельгия елдерінің өкілдері жиналып, қыркүйек айында Алмания және Италия елдері өкілдерімен кездесуге, одан соң біраз уақыт өткізіп барып, Польша, Кіші Антанта және кеңестік Ресей өкілдерінің қатысуымен бір конференция шақыру жайында бәтуаласып тарасты... Данышпан Еуропаның қандай қиын жағдайда қалғаны саясаткер немесе дипломат емес адамдар үшін де осы айтылған оқиғалардан ап-анық көрініп тұрса керек. Еуропаның бір бөлігінде Алман гегемониясы пайда болғанын көрген осы аймақтағы кейбір елдер кеңестік Ресейдің құшағына тығылды. Дегенмен мынадай бір мәселенің басы ашық болып отыр: Алманияны тең дәрежеде қатынастырып, онымен санаспайынша, Еуропада тұрақтылық болмайтыны, тағы бір жағынан кеңестік Ресей өмір сүріп тұрғанда ұзақ уақыттық бейбітшілікті сақтау мүмкін емес екені кім-кімге болса да барлық болмысымен мәлім. Бұғаздар мәселесі. Бұғаздар мәселесі дегенде Қара теңіз бен Мәрмәр теңіз арасындағы Ыстамбұл (Босфор) шығанағы, Ақ теңіз бен Мәрмәр теңізін жалғап жатқан Шонақ қала (Дарданел) шығанағы және Мәрмәр теңізі аймағын айтамыз. Еуропаның халықаралық саясатында маңызды орын алатын осы мәселенің тарихы жөнінде қысқаша тоқталып өтеміз. Осман империясының алғашқы жүз жылдығында шығанақтар басқа елдердің кемелеріне жабық болатын. Осман империясының басынан бақ тайып, халықаралық қатынастар дами бастаған шақта шығанақтар тағдыры талқыға түсіп, ақыры сауда кемелеріне есігін ашты. 1774 жылы Түркия мен Ресей арасындағы Күшік Қайнаржи келісімі жасалғанда, Ресей шығанақтардың орыс соғыс кемелеріне ашылуын талап еткенімен, дегеніне жете алмаған еді. Ол кезде шығанақтар Түркиядан басқа елдердің соғыс кемелеріне жабық болуы Еуропа елдерінің, әсіресе Англияның мүддесіне сәйкес келуі себепті, Түркия ол елдерден қолдау таба алатын еді. Мәселен, Түркия шығанақтарынан ешбір елдің әскери кемесін өткізбеу хақында Англиямен 1809 жылғы келісімде ерекше атап көрсетілген. Ресей тағы сол Англияның қарсы болуы себепті 1829 жылғы «Ердене келісімі кезінде Түркия шығанақтарынан соғыс кемелерін өткізу» құқығына тағы жете алмады. 1841 жылы Лондонда Түркия, Англия, Ресей, Франция, Пруссия және Австрия елдері арасында шығанақтар мәселесіне қатысты қол қойылған құжатқа сәйкес, шығанақтар Түркиядан басқа елдердің әскери кемелері үшін тағы жабық қалды. 1856 жылғы Париж және 1871 жылғы Лондон келісімдерінде шығанақтар тағдыры ешбір өзгеріске ұшыраған жоқ. Сонымен дүниежүзілік соғысқа дейін шығанақтар барлық шетелдердің соғыс кемелеріне жабық күйінде тұрды. Шығанақтар маңайын қорғау және қаруландыру Түркияның ешкім қол сұғуға болмайтын құқығы болатын. Түркияның шығанақтар құқығына 1918 жылдың қазан айында Антанта мемлекеттері күштеп қол қойдырған «Модрос Мытаркесі» (№ 79.54) алғаш рет соққы болып тиді. Міне, содан бастап шығанақтар билігі соғыста жеңіске жеткен Антанта елдерінің қолына көшті. Содан 1923 жылғы 24 шілдеде қол қойылған Лозанн келісіміне дейін Түркияға қайтпады. Бұл мәселе Лозанн келісімінде былай шешілді: 1) Шығанақтар соғыс бола қалғанда және бейбіт жағдайда да барлық елдердің әскери және сауда кемелері үшін ашық деп жарияланды. Барлық елдердің Қара теңізге ең қуатты әскери кемелеріне дейін енгізуіне құқық берілді. 2) Шанақ қала және ЬІстамбұл шығанақтарының белгілі бір екі жағы және Мәрмәр теңізінің Әмірәлі аралынан басқа барлық аралдары және Аталар теңізінің кейбір аралдары Түркияның бақылауында болмайды. Бұл маңдарда құрлық, теңіз және әуе күштеріне қарсы кедергілер жасалынбайды. Полиция мен жандармдардан басқа әскери күш ұсталынбайды. Ыстамбұл және оның маңындағы түрік әскері 12 мың адамнан аспайды. 3) Шығанақтар жөнінде белгіленген тәртіптің бұзылмауын қадағалау үшін Лозанн келісімінің осы мәселеге қатысты бөлігіне қол қойған елдер, яғни Түркия, Болгария, Греция, Румыния, Югославия, Италия, Франция және Англия өкілдерінен тұратын «шығанақтар комиссиясы» құрылды... Түркия үкіметі «Шығанақтар ережесінің» өзгерілуін, шығанақтар маңайын қорғау мен қаруландыру құқығының өзіне қайтарылуын талап етті. Шығанақтар мәселесін қайта қарап, жаңа ереже белгілеу үшін Швейцарияның Монтро қаласында маусымның 28-нен шақырылған конференция жұмысын аяқтады. Түркияның талабы орындалды. Түркияның жоғарғы ұлт мәжілісі шығанақтарды өз бақылауына алу ісін қамтамасыз етудің тұтас бағдарламасын қабылдады. Біз бауырымыз Түркияның бүл жеңісіне ондағылармен бірге қуанамыз. Сонымен қатар шығанақтарға жүргізетін билігіне бұдан былай ешқандай нұқсан келмей, баянды болуын шын жүректен тілейміз. Монтроде қол қойылған келісім Лозанн келісімінің нәтижелерін аяқтағанымен, соғыстан бұрынғы жағдай сол күйінде қалпына келтірілді дегенді білдірмейді. Соңғы бітім шығанақтарды тек сауда кемелеріне ғана емес, соғыс кемелеріне де ашық қалдырды. Соғыс кемелерінің шығанақтардан кетуі белгілі бір шарттарға байланысты болып отыр. Мына бір нәрсені де айта кеткен жөн. Жаңа бітімнен Түркиямен бірге кеңестік Ресей де пайда көріп қалды. Ресейдің Таяу Шығыс, Балкан және Ақ теңіз (Жерорта теңізі) жөніндегі саясатының негізгі бір мақсаты, бәлкім, ең басты мақсаты деуге де болар, орыс соғыс кемелерінің Қара теңізге еркін кіріп, еркін шығуына қол жеткізу болатын. Кеңес үкіметі осыған мүмкіндік алды. Бұған ол ең алдымен Түркиямен достық қатынасының және Франция тарапынан көрген қолдауының арқасында жетті. Монтро бас қосуына байланысты Түркия - Кеңес достығы аспанына бұлт үйірілген сәттер де болды. «Правда» (36.07.01) және «Известия» (36.07.02) газеттері түріктердің Монтродегі әрекеттеріне риза емес екенін өздерінің бас мақалаларында бадырайтып тұрып жазды. Бүл мақалаларды өлкелік газеттер жарыса көшіріп басты. Большевиктер аз ғана уақыт ішінде Түркияның іс-әрекеттеріне орай бүкіл кеңестік Ресей көлемінде шүбәлі көзқарастар тудырып үлгерді. Монтро бас қосуында кеңес - түрік қатынасында туылған салқындықты Парижден шығатын орыстың «Последние новости» газетінде осы газеттің француз аумағындағы тілшісі өте жақсы көрсеткен. Біз оның материалынан шағын үзінді келтіре кетуді жөн көрдік: «Мәскеу мен Анкара арасындағы кикілжіңнің қыжылы әлі басылған жоқ. Және ол ұлғаятын түрі бар. Сенбі күні (36.07.18) болып өткен мәжілісте сөйлегендер арасында Түркияның дұрыс және әділетті ісіне рақмет айтпаған жалғыз шешен тек кеңестік Ресейдің өкілі Литвинов қана болды. Осы тұсқа көңіл аударғандардың сұрауына Кеңестен келген өкілдердің біреуі «не себептен рахмет айтуға тиіспіз?» деп қана жауап қайырды. Тофиқ Рашиди де өзінің шетелдік әріптестеріне қарата сөйлеген соңғы сөзінде Литвинов™ бұрынғыдай «достым» деп атамай, әріптес деп қана атады. Түркияның Кеңес Одағымен қатынасының өзгеруі әбден табиғи. Мәскеу Ресейдің ұлттық мүддесіне сәйкес келетін саясат жүргізе бастағанда, Түркия оған құрмет көрсетіп, мақұлдады. Түрік саяси қайраткерлерінің біреуі бір ағылшын тілшісіне берген сұхбатында орыстардың ағы болсын, қызылы болсын — бәрінің көздеген мақсаты біреу ғана. Олардың ғасырлардан бері көксегені — Ақ теңізге емін-еркін шығу үшін шығанақтарға билігін орнату деген еді. Осыған байланысты Түркия енді XІX ғасырдың он бойында Ресей озбырлығына қарсы күрескен кезінде өзіне сүйеніш болған Англиядан қайтадан қолдау іздей бастады. Тарих қайталанады. Сырт қарағанда Кеңес - Түркия одағы сол баяғысындай көрінгенімен, Франция - Польша одағы сияқты бара-бара оның да мән-мағынасы жойылып кету ықтималы бар («Последние новости», 30.07.23). Ұзақ уақыттан бері жалғасып келе жатқан Кеңес - Түркия достығын қапысыз пайдаланып «жаман үйреніп қалған» Кеңес үкіметі Түркияның дербес сыртқы саясат жүргізуін жактырмайды. Шығанақтар мәселесі қойылуының өзі Еуропа мен Түркияда болып жатқан ұлы өзгерістерді өте-мөте анық көрсетіп тұрған тәрізді. Түркия достар таңдау мен сыртқы саясатын белгілеуде барған сайын дербестік танытуда. Италияның Хабашстандағы жеңісі, бұл оқиғаның Ақ теңіз тағдырына жасаған ықпалы, Англияның Түркияға он қарай бастауы, Италияның қауіпті күшке айналуы — міне, осылардың бәрі Монтроде түрік пайдасына шешім жасалу үшін қолайлы жағдайлар тудырған факторлар еді. Кеңестік Ресейдің Қара теңіздегі күші, әскери кемелері Түркияны алаңдатады. (Бұл туралы «Таймстың» 36.07.09 нөмірі санында шыққан бір маңызды мақаланы қараңыз). Сол себепті өз елінің мүддесін күйттеген Түркия үкіметінің өкілдері Англия үкіметімен жақындасуға ұмтылуда. Мұндай ұмтылыс орыстардың қытығына тиері өз-өзінен түсінікті. Монтро конференциясы аяқтала салысымен Англия - кеңестік Ресей арасындағы қатынастың қалыпты екенін көрсетеді. Олай болса кеңестік Ресеймен қалыпты қатынастағы Англияға Түркияның жақындауы Мәскеуді неліктен мазасыздандырады деген сұрақ туатыны табиғи. Оның себебі Мәскеу Түркияның сыртқы саясатын ылғи да оз ықпалында ұстағысы келетіндіктен болып отыр. Соңғы бірнеше аптадан бері Испанияда азамат соғысы қызу жүріп жатыр. Испаниядағы оқиғалар халықаралық саясат пен халықаралық қатынастар жөнінен айтқанда фашизм мен социализм - коммунизм бағыттары арасында күн санап өршіп бара жатқан тартыс салдарынан шиеленісіп кетті. Испанияда Мәскеуден басқарылатын Коминтерннің бұйрығымен фашизмге қарсы майдан құрылған еді. Осы майданға топтасқан партиялар жаңа сайлауда жеңіске жетті. Сәуірдің 7-де Испания мемлекетінің торағасы орнынан түсті. Жаңа құрылған Халық майданы үкіметі өзінің әлеуметтік жоспарларын жүзеге асыруға кірісті. Соның салдарынан қанды қақтығысқа дейін барған талас-тартыстар басталып кетті. Франция бір жаққа, Алмания мен Италия бір жаққа шығып, екіге бөлініп алған мемлекеттер Испанияға қарама - қарсы күштерге астыртын жәрдем беріп отырғаны белгілі болуда. Француз баспасөзінің үкіметке жақын сол қанаты Алмания мен Италияны Спаниел ұлтшылдарына астыртын қару бергенін әшкерелеп айыптаса, француз оңшылдары, яғни консерватор газеттер өз үкіметін социалистер ықпалындағы Мадрид үкіметіне қару берді деп жазғырады. Егер Испаниядағы бір-біріне қарсы күштерге осы айтылғанындай қару беріліп жатқаны рас болса, онда сол күштердің артында тұрған Италия, Алмания және Франция арасында соғыс басталып кету қаупі әбден ықтимал. Ондай қауіпті ең алдымен Франция мәлімдеді. Ол Англия, Алмания және Италия үкіметтеріне Испания мәселесінде бейтараптық сақтау туралы ұсыныс жасады. Кеңес үкіметі антифашистерге көмек жинауға кірісті. «Журнал де Женев» (36.07.31 «Le Journal de Geneve») және «Матен» (VІІІ. 7-8 «Le Matіn») тәрізді беделді газеттер Испания оқиғасына Мәскеудің қатысып отырғанын көрсететін маңызды материалдар жариялады'. Англия -Мысыр қатынасы — көптен бері жалғасып келе жатқан Англия мен Мысыр келіссөздері ақыры бір келісім жасап тынды. Осы келісімге сәйкес 1924 жылға (Англияның Мысырдағы бас әскери қолбасшысы өлгенге дейін) дейінгі жағдайды қалпына келтіру жөніндегі уағдаластыққа қол жетті. Яғни Мысыр қайтадан Суданды басқару ісіне қатынасу құқығына ие болады. Бұдан басқа келісім бойынша («Капитоласионларды » (№ 79.59) аяқтау, Суейш каналы бойын әскерсіздендіру) Мысыр тәуелсіздікке қарай аз да болса жақындай түсті. Халықаралық жағдайдағы соңғы өзгерістер, оқиғалардың Италия - Хабашстан соғысынан кейінгі дамуы мысырлықтардың ағылшын тепкісінен құтылу жолындағы қозғалысында ұлтшыл партия «Офадтың» атқарған рөлін ешқашан кемітуге болмайды. Палестиндіктердің қарсылықтары жалғасуда. Палестин арабтарының еврейлерге және еврейлер мүддесін қорғаған Англия саясатына қарсы шілде айында қатты шиеленісіп кеткен күресі енді сәл бәсеңсігендей болды. Бірақ бұл арабтардың өз талаптарынан баз кешіп, қаруларын тастап, күресін тоқтатқанын білдірмейді.
1936 ж., № 80-81
ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЖАҒДАЙ
Франция Сыртқы істер министрлігінің органы «Таң» газеті («Le Temps») Еуропаның қазіргі жағдайын «екі жаққа да үрейлі» кезең деп сипаттайды («Une peur generale et recіrogue»). Осы газеттің сөзіне қарағанда, Алмания үкіметі коммунизм насихатынан қорқады. Аса қитұрқы насихаттың ықпалына ұшыраған алман халқына Франция - Кеңес қатері төніп келе жатқан тәрізді көрінеді. Кеңестік Ресей болса Алмания жақтан қауіп күтіп, ішкен асы бойына тарамай отыр. Орта Еуропа елдері мен Польша бір жағынан коммупизмнен сескенсе, екінші жағынан Алманияға үрке қарайды. Италия Алманияның Адрият теңізі солтүстігіндегі жоспарларына және Ақ теңізде Англияның оған қарсы қолданылатын шараларынан күдіктенеді. Ұлыбритания өз әскери күштерінің әлсіздігін уайымдайды. Француздар да ұдайы үрей құшағында өмір сүруде («Таң», 3 қыркүйек, 1936 ж.). Ертедегі философтар қорқуды «жақсылықтың нышаны» деп жориды екен. Ал саяси адамдар оны «жамандықтың басы» деп есептейді. Біз саясилар заманында өмір сүріп отыруымыз себепті, олардың пікірлерімен көбірек есептесуге мәжбүрміз. Еуропаның «Жалпы және екі жақтылы үрейден» шығу жолын көрсетіп, әдіс - амалдарын айтып беру міндеті оны сырт көзбен бақылап отырған бізге жүктелмесе керек. Бұл Еуропадағы мемлекет қайраткерлерінің айналысатын төл ісі. Еуропаның саяси қайраткерлері елді, халықты шырмап алған үрейден құтқару үшін тура жол, дұрыс тәсіл таба алар ма? Жоқ әлде жамандыққа бастап, «қорқыныштың» жетегінде кетіп, соғысқа апаратын өзара жауласушы одақтар құру жолына түсе ме? Міне, бүгін дәл осы сұрақтың жауабы бүкіл дүние жүзінің назарын аударып отыр. Бүгін алмандықтар да, Францияның оң және сол қанатындағы саясаткерлер де «Алман -Франция келісімі жасалынбайынша, қалыптасқан жағдайды оңалту мүмкін емес» десуде. Ағылшындар да көптен бері осыны айтып келеді. Поляктардан да осыны естисіз. Францияның ең жақын досы, Чехословакия Республикасының торағасы, доктор Бенеш те Еуропада бейбітшілік болуы үшін, ең алдымен, Франция - Алмания келісімі жасалуы тиіс дейді. Бірақ Франция - Алмания қатынасы жақсаруы былай тұрсын, кайта бұрынғыдан бетер нашарлай түсуде. Осы екі ел қатынасының жақсаруына мүдделі емес күштер олардың өз іштерінде ғана емес, сыртынан да табылып отыр. «Таң» газеті осы маңызды мәселе туралы да оз пікірін білдіреді. Франция Сыртқы істер министрлігінің органы болып табылатын бұл газет Алмания - Франция қатынасының жақсаруына кеңестік Ресей барынша кедергі келтіріп отырғанын жазады. («...des essorts re'іteres pour empecher tout detente dans les relatіons Franco — alіemandes».) Егер біз қателеспесек, жұртқа баяғыдан мәлім осы шындықты Франция Сыртқы істер министрі бірінші рет ашық мәлімдеді. Франция Сыртқы істер министрлігі осылай деп жариялаған соң, Кеңес үкіметінің бейбітшілік сүйгіш саясаты дейтінінің қандай құны болмақ деген сұрау өз-өзінен туады. Кеңес үкіметінің Алмания - Франция арасындағы қатынастардың жақсаруына барынша кедергі келтіріп отырған әрекеті мен Сыртқы істер комиссары Литвинов™ кеңестік Ресейдің дүние жүзінің бейбітшілігі үшін бар күшін салып күресетіні жөнінде Ұлттар Ұйымы мінбесінен жасаған мәлімдемесін қалай, қайтып қиуластыруға болады?! Соз орайында өз-өзінен туатын осы сұраудың жауабы қазірге жоқ. Еуропаның қасіреті мынада болып отыр. Бұл күнде Франция - Алмания келісімінің жасалуын бейбітшілікті қамтамасыз ететін басты фактор ретінде көре бастаған сол француз мемлекет қайраткерлері кезінде осындай келісімді болдырмау мақсатында қолынан келгенінің бәрін істеп баққан кеңестік Ресейге шаң жуытпай, оны бейбітшіліктің әрі кепілі, әрі тірегі деп дәріптеуді өздерінің ең маңызды міндетіне айналдырғандар еді. Орасан зор күшпен жүргізілген насихат кеңестік Ресейді жақсы білмейтін еуропалықтар мен орта және ұсақ буржуазияның кейбір жіктері арасында Кеңес үкіметінің ел ішінде беріктігіне, Кеңестер Одағында демократияның бүршік жара бастағанына сенетіндер қатарын көбейткен еді. Кеңес үкіметінің түрткі болуы және көмектесуімен Францияда партияда жоқ жүмысшылардың конференциясы және коммунист жүмысшылардың конференциясы жалпы бір ұйымға — «Еңбек конфедерациясы» ұйымына («La Confederatіon Generale du travaіle») — біріккен соң, 2 және 3-интернационал партиялары арасында да барлық жүмысшыларды бір жұмысшы партиясына біріктіру, екі интернационалдың басын бір ұйымның шаңырағы астына қосу туралы пікір алысулар жүріп жатқан болатын. Жүмысшы конфедерациялары тәрізді бүл пікір алысулардың нәтижелері де коп ұзамай көрінуі әбден мүмкін еді. Мәскеу үкіметі Еуропадағы коммунистік партияларға, соның ішінде француз коммунистеріне де социалистерге шабуыл жасауды, оларды «фашист» деп атауды доғару туралы бұйрық түсірді. Кеңес үкіметінің дәл казіргі сыртқы саясат мүддесін көздеп белгіленген бұл тактикалық жүрістер «2-интернационалға» жататын социалистер іс басында отырған Францияда жақсы нәтиже берді. Осы арада атышулы «Троцкий - Зиновьевшілерге» сот процесі басталды. Зиновьев, Каменов тәрізді атақты төңкерісшілерге тағылған айыптарды Еуропа социалистері бүтіндей негізсіз жалған, ақылға сыймайтын бір нәрсе деп қабылдады. Француз социалистері маңызды орын ұстайтын екінші интернационал басшылары «Октябрь төңкерісі ардагерлеріне» аяушылық етуді, жазаны жұмсартуды сұрады. Мәскеу бұған келгенде «Алмания үрейіне» байланысты жамылып алған әлгі бет-пердесін дереу сыпырып тастап, Еуропа социалистерін баяғысынша айыптауға кірісті. Мәскеудің «Правдасы» мен Париждің «Популер» («Рориіаіге») газеттері арасында қызу айтыстар басталды. «Популердің» жалпы демократиялық елдерде қолданылып келе жатқан сот процестері туралы айтқан болымсыз сөзіне бола «Правда» оны жерден алып жерге салды. Француз үкіметінің осы органына «фашистердің итаршылары», Алманияның саяси агенті деген ауыр айыптар тақты. «Популердің» бас редакторы міндетін қоса атқаратын француз үкіметінің басшысы мсье Бломның орынбасары Брейк (Bracke) пен («Популер», 31-тамыз) осы газеттің қыркүйектің l - дегі санында жарияланған 2-ші интернационалдың бас хатшысы Отто Бауэрдің (Otto Baure) материалдары екінші интернационал социалистеріне тән қиялшыл осалдығын көрсетті. Алайда осы осалдықтарына қарамастан, Бауэр де Кеңес үкіметінің «ауыр қателескенін» атап көрсетті. Және бұл өзі барынша күш салып келе жатқан бірінші мен екінші интернационалдың бірігуіне кесірін тигізуі мүмкін екенін де жасырмады. Зиновьев, Каменов және Октябрь төңкерісінің басқа да ардагерлерінің өлтірілуі, сонымен бірге «Правда» газетінің бас редакторы Бухарин, Кеңес үкіметінің бұрынғы бастығы, бұл күнде «Почта - телеграф» комиссары Рыков, «Известияның» халықаралық шолушысы Карл Радек, Мемлекеттік Банктың бұрынғы бастығы Пятаков, бұрынғы Қаржы министрі, кейін Лондонда Елшілік кызмет атқарған Сокольников, сондай-ақ Серебряков, Оглананов және осылар тәрізді басқа да атақты коммунист - лидерлердің, үкімет пен партияда маңызды орындарды ұстап отырған ірі тұлғалардың «сатқын», «фашизм агенттері» деген ауыр айыптармен айыпталуы кеңестік Ресейдің еуропалық достары арасында «бұл елдің, сірә, жөні түзу басшысы жоқ шығар» деген ой туғызғаны шүбәсіз еді. Мәскеудегі сот процестері кеңестік Ресей бастан кешіріп отырған ауыр жағдайдың бетін ашып тастады. Мәскеудегі сот процестері әлі аяқталмай жатып, Қызыл армиядағы толқу мен Украинадағы көтеріліс туралы хабарлар тарады. «Правда» (19-қыркүйек) троцкийшілдердің Кавказиядағы, Түркістандағы (соның ішінде Тәжікстанда) төңкеріске қарсы әрекеттері туралы да жазды . Біз осы мәселе туралы біраз кеңірек тоқталуды жөн санап отырмыз. Өйткені кеңестік Ресейдің ішкі жағдайының қалай өзгеруі немесе Еуропадағы социалистік және коммунистік партияларды тек бір ғана жұмысшы партиясына біріктіру ісінің қалай аяқталуы бүкіл Еуропа жүйесіне түбегейлі ықпал ететін аса маңызды мәселе. Біз Еуропа социалистері Мәскеу жендеттерінен біржола қол үзе алады деген ойдан аулақпыз. Сонымен катар «Правда» мен «Популер» арасындағы айтыс социалист және коммунист партияларды бір ғана «Біріккен жұмысшы партиясына» айналдыру ісіне көпке дейін кедергі жасайтыны да шүбәсіз. Тамыздың 3-12-де Кеңес үкіметі әскер қатарына шақырылатындардың жас мөлшерін 21-ден 19-ға түсіру туралы жарлық шығарды. Білетіндердің айтуына қарағанда, мұндай шара Қызыл Армияның санын жарты миллионға көбейтеді екен. Мұндай шара қазіргі жалпы және қарама-қарсы жақтардың бәріне үрей туғызып отырған жағдайда жұрт назарын аудармай қалуы мүмкін емес. Кеңес үкіметінің осы әрекетіне Алмания бірінші болып жауап берді. Бұлай болуы табиғи еді. Егер сіз кеңестің кез келген газеттеріне үңілсеңіз, алман фашизміне қарсы күреске шақырмаған бірде-біреуін табуыңыз қиын. Испаниядағы, Франциядағы социалистер мен коммунистердің бірыңғай майдандарының бәрінде «Алмания қаупін» көтеріп, оған қарсы бірыңғай майдан құруға шақырған Мәскеу большевиктері іс-қимылдарының нәтижесі. Сондықтан Алмания үкіметінің басшысы Адольф Гитлер Кеңес үкіметіне жауап ретінде әскери қызмет өтеу мерзімін бір жылдан екі жылға ұзарту туралы жарлық шығарды. Кеңес үкіметінің әскери күштерін арттыруына орай тек хабар таратумен ғана шектелген Еуропа ақпарат құралдары енді, міне, Алманияға байланысты оны соғыс қаупін төндіруші ретінде айыптап жаза бастады. Әсіресе Франция көбірек алаңдаушылық білдіретінін корсетті. Ол да әскери дайындығын күшейтуге кірісті. Францияның позициясы онымен одақтас елдерге де ықпал етпей қоймады. Бұл ретте Кеңес үкіметінің әскер қатарына алынушылардың санын арттыруы бүкіл Еуропаны қозғалысқа түсірді. Еуропада әскери дайындықты күшейтпейінше, қауіпсіздікті қамтамасыз ету мүмкін емес деген ұғым туа бастады. Бір-бірінен қауіптену, өзара сенімсіздік атмосферасы қалыптасты. Кеңес үкіметі «Дүние бейбітшілігіне», міне, осылайша қызмет етуде. Қазіргі халықаралық саясатта тағы бір елеулі мәселе — Польша армиясының қолбасшысы генерал (№ 82. 39-6.) Ридзцимгалидың Парижге сапары болып отыр. Франция мен Польша арасында көп жылдар бойы жалғасып келе жатқан бір іштей ынтымақтастық бар. Өкінішке орай, француздың кейбір топтары арасында Польшамен есептескісі келмейтіндер де табылады. Францияда Польшаны Версаль келісімінен кейін ғана пайда болған ел деп, бойына тоғытпай жүргендер де аз емес, Польшаға бұлайша қарау мүлде дұрыс емес. Польша бір кезде Ресей, Алмания және Австрия - Мажарстан елдерінің қол астында бөлшектеліп өмір сүргенімен, поляктар өздерінің ішкі бірлігін сақтап, мемлекет құрылысын да ұмытпаған. Польшаның бодандық кезеңі мемлекет өміріндегі бір үзіліс қана болды. Дүниежүзілік соғыс аяқталып, Польша ұлттық мемлекеттілігін қайта тапқанда, әлгі үзілісті қайта жалғап алды да, мемлекеттік құрылысын әрі қарай жүргізіп кете барды. Сонымен, ол қысқа ғана уақыт ішінде Еуропа өмірінде маңызды рол ойнайтын елдердің қатарына қосылды. Кеңестік Ресей өміріндегі оқиғаларға да Польшаның ықпалы аз емес. Алмания мен кеңестік Ресей тәрізді екі ірі елдің ортасына орналасқандықтан, Польша саяси жағдайды реттеуде аса қажет тегершікті оз қолында ұстап отырғаны күмәнсіз. Бүл елді басқаратын кез келген басшы екі ірі көршісімен бірдей араздасуға әсте бармайды. Польша екі көршісімен де тату қарым-қатынаста болуды қалайды. Олардың қайсысы Польшаның мүддесіне көбірек құрмет етсе, соған жақынырақ болғысы келеді. Польшаның жағрафиялық жағдайынан туындаған сыртқы саясаттың жалпы сұлбасы, міне, осындай. 1934 жылы қаңтар айында Польша мен Алмания арасында бір достық келісім жасалды. Осы келісім бойынша екі жақ алдағы он жыл ішінде араларында алауыздықтар мен жанжалдар шыға қалған жағдайда, оны қару күшімен емес, саяси жағдаймен реттеуге және бір - біріне шабуыл жасамауға уәде берді. Сөз болып отырған келісім әсіресе Польшаға тиімді еді. Ол енді Алмания жақтан алаңсыз болып, өзінің ішкі мемлекеттік құрылысымен айналысуына мүмкіндік алды. Бірақ Польшаның Алманиямен жасаған осы келісімін француздар ең кем дегенде достыққа жатпайтын әрекет есебінде қабылдады. Сол себепті Франция мен Польша қатынасы нашарлай бастады. Франция - Кеңес келісімі Польша мен Франция қатынасын тағы да салқындата түсті... Польшаның әскер басы генерал Ридзцимгалидың Францияға сапары екі ел арасындағы түсініспестіктерді жойып, екі мемлекеттің бұрынғы достық жағдайын қайта қалпына келтіруді мақсат еткен еді. Кеңестік Ресейдегі ішкі оқиғалар, егер соғыс бола қалған жағдайда, бұл елдің шешуші рол ойнайтынына француздардың күмәнін күшейтті. Сонымен бір уақытта Польшаны алаңдататын Данцих мәселесі тәрізді оқиғалар да жүз берді. Осы жағдайлар Франция мен Польшаны жақындасуға, достық қатынастарын қайта жаңғыртуға мүдделі етті. Француздар Польшамен жақындасуға қаншама зәрулік танытып отырғанын ондағы коммунистердің позициясындағы өзгерістерден де өте-мөте анық көруге болады. Бұған дейін поляктарды бітіспес жау орнында санап келген француз коммунистері енді өздерінің «Юманите» газеті беттерінде басшысы Морис Торездің қолымен «Жасасын Польша!» деп ұран салып отырғаны соның айғағы болса керек. Француздың кейбір ақпарат құралдары Польша мен Францияның жаңартылған одағын Польшаның Мәскеу большевиктеріне ұстап келген қатынасына өзгеріс енгізуі мүмкін десіп жатты . Өткен айдың соңғы күндерінде Румынияда үкімет ауысты. Осыған орай бұл елдің сыртқы саясаты саласында белгілі бір дәрежеде өзгерістер болуы мүмкін. Румыниядағы үкімет ауысуы шетелдер үшін ғана емес, Румыния Сыртқы істерінің майталманы саналып келген осы ведомствоның бұрынғы министрі Николай Титолеско үшін де күтпеген оқиға болды. Титолесколар Францияның сенімді достары есептелетін және сыртқы саясаттарын Францияның райына к.арай белгілеп отыратын. Титолеско Кеңеске достығымен танылған адам. Румынияда басқа да күштер бой көрсете бастады. Еуропада большевиктерге қарсы тұруда ең қуатты күш саналатын Алманиямен жақындасуды талап етушілер де бой көрсетті. Үкіметтің саясатын осы бағытта өзгерткісі келетіндердің іс - әрекеттеріне Францияға арқа сүйеген Титолесконың тарапынан тежеу салынып келді. Енді Титолесконың өзі күтпеген жерден үкіметтен кетуіне тура келді. Кейбір ақпарат құралдары Румынияның сыртқы саясатында өзгерістер болады, Алманиямен жақындасу бағытын ұстайды деп пайымдауда. Өзгеріс болса — болатын да шығар. Алайда Ресеймен тікелей көрші отыруы себепті Румыния мұндай өзгерістерге бірден бара қоюы қиын. Дегенмен, Сыртқы істер министрі Титолесконың үкіметтен шеттетілуі қалай да бір өзгерістің болатынынан дерек береді. Сол үшін Франция Сыртқы істер министрлігінің органы «Таң» (36.09.04) өзінің досы болып келген Румыниясына мұндай өзгеріс бола қалған жағдайда оның әсері Франция үшін оңайға соқпайтынын достықтың жылы лебізіне бөлей отырып, бірақ қатаң түрде ескертіп өтті.
1936 ж., №82
«ҰЛТТЫҚ КЕРІТӨҢКЕРІСШІЛ МЕ», ЖОҚ,
ӘЛДЕ «ҰЛТТЫҚ ТӨҢКЕРІСШІЛ МЕ?»
Кеңестің Негізгі заңын бекітетін уақыт жақындап келеді. Кеңес Одағы көлемінде тазалау науқаны жүріп жатыр. Көп жылдар бойы партия қатарында болған сақа коммунистердің көпшілігі партия құжаттарын тексеру және ауыстыру науқаны кезінде өткелектен өте алмай қалды. Соған қарамастан, Мәскеудің «Правда» газеті «партия құжаттарын тексеру және ауыстыру жұмыстары жақсы жүргізілген жерлердің өзінде де жасырынып қалған жаулар жоқ деуге болмайды» деп жазды. «Правданың» не айтса да еркі бар. Шынында, партияда Сталин диктатурасына қарсылар аз емес. Мұндайларды диктатураның өзі де тудырып, көбейіп отырады. Партия ішіндегі «жасырынған жауларға» қарсы күрес, сайып келгенде, өзінің көлеңкесімен күресуден басқа ештеңе де емес. Ресейдің өзіндегі бітіспес жаулар мен орыс емес өлкелердегі бітіспес жаулардың өзгешелігі бар. Ресейде олар — троцкийшілдер, зиновьевшілдер түрінде көрінеді. Яғни олар Сталиннің жеке диктатурасымен келіспеген большевиктер. Олар «Сталин ленинизм негіздерін бұрмалады» деп есептейді. Қашанда төңкерісшіл таза ленинизмді қорғап қалмақ болады. Олар Сталин тарапынан «Кеңес патриотизмі» деген атпен жүргізіліп жатқан орыс шовинизміне де (Сталин жариялаған орыс халқының біріншілігі ұранын еске түсіріңіз) қарсы. Троцкий мен Зиновьевтердің пайымдауы бойынша, орыс үстемдігі мойындалған жағдайда орыс емес өлкелерде ұлтшылдықты асқындырады. Нәтижесінде дүниежүзілік төңкерісті жолдан тайдырады. Ал сталиншілдердің ұлт өлкелеріндегі жауларына келсек, мұнда олар ұлттық керітөңкерісшіл агент деп аталады. Кеңес үкіметі мұндайларды троцкийшілдер мен зиновьевшілдерден әлдеқайда қауіпті санайды. Олардың мақсат - мұраты Сталинді оған қарағанда лениншілдеу басқа бір адаммен ауыстыру немесе Кеңестің ішкі, сыртқы саясатын озгерту емес. Олардың ең көкейкесті мақсаты — өз атамекендерін Ресейдің бодандығынан құтқарып, тәуелсіз мемлекетін құру. Орыс емес партия мүшелері арасынан тапқан жауларын Кеңестің өзі де дәл осылайша айыптап отыр. Біраз уақыттан бері Түркістан кеңес баспасөзі «ұлттық керітөңкерісшіл агенттер» деген сөзді ұмытқандай болып келеді. Бұл большевиктердің кезекті бір арамза қулығы ғана. Олар бізді Түркістанда «ұлттық керітөңкерісшілдер» із-түзсіз жойылды деген ойға жетелегісі келген еді. Бірақ партия қатарын тазалау, партиялық құжаттарды тексеру және ауыстыру науқаны Түркістанда «ұлттық төңкерісшілдердің агенттері» жойылып кетпегенін және жойылып кетуі мүмкін емес екенін көрсетіп отыр. «Казахстанская правданың» 16, 21 шілде және 2 тамызда шыққан сандарында Қазақстан Орталық партия комитеті насихат бөлімінің бастығы Ілияс Қабылұлының «сәдуақасовшылдар», «қожанұлышылдар», «меңдешұлышылдарды» сынға алған көлемді үш бірдей материалы жарық көрді. Бұл материалдарда «ғылыми, рухани салаларда кең орын алған осы ұлтшылдық ағымдарға қарсы рақымсыз күрес ашуға» шақырылған. Мақала авторы аталған «ұлтшылдық ағымдардың» нақтылы қай түрде бой көрсетіп отырғанын анық жазбаса да, олардың «сәдуақасовшылдық», «қожанұлышылдық», «мендешұлышылдық» болып келуінің өзі-ақ осы науқанды ұйымдастырып отырғандар нені көздейтінін көрсетіп тұрса керек. Смағұл Сәдуақас, Қожанұлы Сұлтанбек және Мендешұлы Кеңес дәуірі орнаған кезде Кеңес үкіметін бірден жақтан шыққан адамдар болатын. Бірақ олар, өткен уақыт тәжірибелері көрсетіп отырғанындай, Кеңес үкіметіне тек қара басының қамы үшін ғана қызмет етпегенін біз жақсы білетінбіз. Сұлтанбек Қожанұлы қара басының қамын ойламайтын, халқы үшін қам жеп, ел үшін еңіреп туған азамат еді. Ол бұдан былай да осы қасиеттерінен айырылмайды деп сенеміз. Смағұл Сәдуақас та дәл сондай тұлға. Ал Мендешұлын өз басым білмейді екенмін. Бірақ оның да Сұлтанбек пен Смағұл тәрізді қайраткер екеніне шүбә келтірмеймін... Ілияс Қабылұлы ұлттық керітөңкерісшіл агенттерді қаралау үшін қара бояуды аямай-ақ жақты. Оларға «Түркістанды Кеңес Одағынан бөліп әкету үшін әрекет етті», «Тәуелсіздік идеяларын таратты» деген тәрізді айыптар тақты. Егер Сұлтанбек Қожан, Смағұл Сәдуақас және Мендешұлы шынымен Түркістанды кеңестік Ресейден бөліп алу ниетінде болған болса, біз оған қуана қол соғамыз. Алайда біз мәселе дәл осы Ілияс қойып отырғандай дәрежеде болмауы мүмкін деген ойдамыз. Өйткені Сұлтанбек Қожан, Смағұл Сәдуақас және Меңдешұлына байланысты большевиктік басылымдарда жарияланған көл-көсір материалдардан олардың, большевиктер айтып жүргендей, сепаратистік, яғни Түркістанды Ресейден бөліп алуды көздеген ой-ниеті мен іс-әрекетіне дәлел боларлық ештеңе кездестіре алған жоқпыз. Біздіңше, олар ұлттардың өз тағдырын өзі айқындауы туралы большевик көсемдері берген уағдалардың орындалуын ғана талап етті. Мұның мағынасы — Түркістанға өзінің ұлттық саяси құрылысын басқаруда көбірек құқық берілуін, орыс жүмысшылары мен солдаттары жүргізіп жатқан алуан түрлі озбырлықтардың тоқтатылуын, орыс мұғажырларын әкелуге шек қойылуын талап етуден ары бармайды... Сұлтанбек Қожан, Смағұл Сәдуақасұлы және Мендешұлы — түркістандықтар болуы себепті, оз халқының, атамекенінің жағдайын өте жетік біледі. Сол себепті де олар «қазақ ауылдарында таптық күрес отын жағуға» келіспеді. Оған қарсылық білдірді. Большевиктер Қазан төңкерісі қарсаңында берген уағдаларында тұрғанда, Түркістанның тәуелсіздік алуы әбден мүмкін болатын. Сол тұрғыдан жоғарыда аттары аталған үш түркістандықты Түркістанды Кеңестер Одағынан бөліп әкету үшін әрекет етті деген Ілияс Қабылұлының сөзінде шындық та жоқ емес. Бірақ Ілияс Қабылұлы Смағүл, Сұлтанбек, Мендешұлын айыптағанда, оларды большевик көсемдері берген уағдалардың орындалуын талап еткені үшін айыптамайды, бүл уағдаларды ұмыт қалдыра отырып, қайдағы бір ұлттық, керітөңкерісшіл топтармен байланыс жасап, Түркістанды Ресейден бөліп әкету жолына түсті деп жазғырады. Кеңестік Ресей тарапынан орыс емес өлкелерге берілген уағдалардың адалдықпен жүзеге асырылуы бұл өлкелердің Ресейден бөлініп шығуына жол ашқандық болып шығар еді. Олай болған жағдайда қызыл орыс империализмі өзін қорғайтын және өз жауларына қарсы жұмсайтын ең күшті қаруынан айырылып қалған болар еді. Міне, осыдан келіп Кеңес орыс империализміне орыс пролетариат диктатурасының жауларын «реакцион ұлтшылдықпен» айыптау кажеттілігі туған. Большевик партиясына бұдан қолайлы, бұдан лайықты нысана жоқ. Кеңес баспасөзі Смағұл Кеңеске «жау» Швецов есімді профессормен бірге Әлихан Бөкейхан ұйымдастырған экспедицияға қатысып, осы экспедицияның материалдарын қазақ ауылдарындағы социалистік құрылысқа қарсы пайдаланғаны туралы жазуда. Олардың «қазақ ауылдарындағы социалистік құрылыс» дегені, біріншіден, орыс мұғажырларын әкелу, екіншіден, қазақтың малдарын ұжымдастыру, үшіншіден, алашұбар нәсілден колхоз, совхоз шаруашылықтарын құру, ақырында жалпы Түркістандағы түрік тұқымынан жеке «қазақ» ұлтын жасау — міне, осы тәрізділер болып табылады... Нәтижесінде Қазақстандағы өзбек, түркімен, қырғыз және басқа да түрік тұқымдас бауырларымыз «өгей ұлттар» болып есептеледі де, оның есесіне орыс келімсектер Қазан төңкерісін жасаған «ұлы туыс», «бірінші орында тұратын бауыр», «көш бастаушы аға» деген атқа ие болады. Ілияс Қабылұлы Сұлтанбек Қожанұлына «Шоқайұлы Мұстафадан тәлім алды» деген де айып тағады. Ілияс «қожанұлышылдықтың» мағынасына тоқтала келіп, оны реакцион шоқайшылдар таратқан ұлттық - буржуазиялық - байшылдық идеясының өзгеше бір көрінісі ретінде сипаттады. Ілияс оз тұжырымын дәлелдеу үшін бірқатар мысалдар да келтіреді. «Қожанұлы о баста ескішіл реакцион ұлтшылдық лидері Мұстафа Шоқай тарапынан ұйымдастырылған Қоқан ұлтшыл автономияшылдарының қозғалысына қосылып кеткен. Одан соң автономия аяқталғанда қожанұлышылдар «Бірлік туы» газетінде Мұстафа Шоқай компаниясының таратылуы мен автономиясының құлауын аза тұтып жазған», - дейді. Ілияс Сұлтанбек Қожанұлын айыптауды одан әрі қарай жалғастыра келіп, «Қожанұлы 1922 жылы реакцион Ахмет Байтұрсынды Ташкентке шақырды және оған ұлттық қаһарман ретінде құрмет көрсетті. 1923 жылы 4 мамырда Қожанұлы және оның жақтастары «Ақ жол» газетінде Ахмет Байтұрсынды өздерінің «рухани, идеяуи атасы» деп жария етті...» дейді. «Шоқайшылдық» пен Ахмет Байтұрсын төңірегіндегі әңгіме осыдан кейін де екі жыл жалғасқанынан біз тағы осы Ілиястың жазғандарынан хабардар болдық. «Ақ жол» газетінің шоқайшылдыққа қарсы даурықпа насихаты 1925 жылғы Сталиннің ақ орыс мұғажырлары мен шоқайшылдық туралы сөзінен соң ғана тоқтатылды. Содан бастап газет мекемесі әуенін өзгертті. Сталиннің тікелей өзі араласқаны ол кезде Мұстафа Шоқайшылдық шынында ықпалды болғанын көрсете, енді, міне, 1936 жылдың шілде айында оған қарсы күрес зәрулігінің қайта туылуы күні бүгінге дейін жеткен осы «ұлттық керітөңкерісшіл идеяның» қаншалықты жансебіл екендігін әйгілеп тұрған жоқ па екен?! Мына бір нәрсенің басын ашып айтқан жон. Қоқан автономиялы үкіметі мен Алашорда заманындағы шоқайшылдық артта қалған кезеңге тән дүниелер. Ал бүгінгі шоқайшылдыққа келсек, ол Түркістанды Ресейдің шеңгелінен біржола құтқарып алуды ғана мақсат етеді. Сол себепті де қазіргі шоқайшылдық қозғалысы Түркістандағы орыс пролетариат диктатурасына, кеңестік Ресей империализміне, алуан түрдегі орыс үстемдігіне, орыс біріншілігіне, орыс басшылығына қарсы бағытталған ымырасыз күрес болып табылады. Біздің осы мақсат, осы бағыт, осы ісіміз, қызыл Мәскеудің көзімен қарағанда, «керітөңкерісшілдік» деп есептелетін болса, онда біз дәл соның өзі екенімізді ешқашан жасырмаймыз. Мәскеудегілер не десе о десін, бізге өзіміздің ұлттық идеяларымыз қымбат. Біз сол үшін күресеміз, сол үшін өмір сүреміз. Сол үшін де біз өзімізді ұлттық төңкерісшілдер деп санаймыз. Біз өз халқымызды жат жұрттықтардың империалистік үстемдігін аударып тастап, атамекенімізді азат етуге шақырып келе жатқан нағыз ұлттық төңкерісшілдерміз. Ілияс Қабылұлының аталмыш мақалалары біздің осы шақыруларымыз халқымыздан қолдау тауып отырғанын, атамекенімізде азаттық үшін күресіп жатқан күштер барын дәлелдейді. Әрине, біз атамекеніміздегі күрескер күштерді оз қызметіміздің нәтижесі деуден аулақпыз. Өйткені біз оз орнымызды жақсы білеміз. Біз — атамекеніміздегі Ресей империализміне қарсы тегеурінді қозғалыстың шет елдердегі қызметкерлеріміз. Бұл істің нағыз шындығы, міне, осындай.
1936 ж., №83
ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЖАҒДАЙ
Сонымен Еуропа жағдайы тағы да шиеленісіп кетті. Кей жерде кейбір елдер арасында пайда болған проблемалар енді шешіліп, келісімдер жасалып үлгергенше тағы бір жақтан басқа проблемалар шығып жатыр. Бұл проблемалар Еуропа саясатында салауатты ұғымдар мен әділет үкім сүрмегендіктен туылып отыр. Италия - Хабашстан тартысынан туған жараның уыты Еуропаның саяси кеңістігіне біршама жайылды. Ұлттар Ұйымы жарғысының рухы мен мәтініне сәйкес, Италия Хабашстанға шабуыл жасағандығы үшін айыпталып, экономикалық жазаға тартылған еді. Ұлттар Ұйымының қолдауынан рухтанған Хабашстан өзінен әлдеқайда күшті Италиямен соғысып, ақыры жеңіліп тынды. Хабашстанның жартысынан көбі Италияның қолына өтті. Императоры елін тастап қашты. Италия Хабашстанды өзінің отары деп жариялады. Және Италия королі Хабашстанның императоры атанды. Ерекше қауырт жағдай қалыптасты. Италия диктаторы Муссолини өзінің Ұлттар Ұйымы ісіне қатысуын, нақтырақ айтқанда, Франция және оның мүдделес елдерімен бірлесіп іс-қимыл жасауын, Италияныц Хабашстанда тәртіп орнату құқығын Ұлттар Ұйымының мойындауымен байланыстырды. Мұның аты — Ұлттар Ұйымы өзі заңсыз деп жариялаған нәрсені өзі заңдастырып, осы Ұйым мүшелері тарапынан қайта-қайта дәріптеліп келе жатқан «біртүтас тұрақтылық», «жалпыға бірдей бейбітшілік» тәрізді құндылықтардың күлін көкке ұшырды дегендік болар еді. Сол себепті ілікке алap мағынасы жоқ, құр сөз болғанына қарамастан, Хабашстанды жақтау Ұлттар Ұйымының принципін жақтау болып табылатыны өз-өзінен түсінікті болса керек. Әрине, Италия Ұлттар Ұйымының істеріне қатыспайынша, қазіргі жағдайда кейбіреулер үшін ең маңызды саналатын Орта Еуропада Алмания ықпалына қарсы жасалған жобалар жарамсыз болып шығар еді. Осы ауыр жағдайдан қалай шығуға болады? Франция Сыртқы істер министрлігінің органы «Тан» («Le Temps»): «Уақыт әміріне бой ұсыну керек», — деген уәж айтты. 22 қыркүйекте жиналған Ұлттар Ұйымы мәжілісіне қатысушылар осы мәселе төңірегінде пікір алысуға дайындықпен келген еді. Мына бір нәрсені де айта кеткен жөн. Қазір Франция үкіметінің басында өздері осы орынға келгенге дейін Хабашстанның Италия тарапынан жаулап алынғанын мойындамаған, тіпті Хабашстан мәселесіне байланысты Италиямен саяси қатынастарды үзуді талап еткен адамдар отыр. Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Англия ж»не Франция үкіметтерімен келісіп алған соң Римге барып, Муссолиниге Хабашстан өкілдерін мәжіліске қатыстырмау туралы уәде беріп келді. Муссолини де осы шартпен Ұлттар Ұйымының мәжілісіне қатысатын болды. Ұлттар Ұйымының мәжілісі ашылды. Англия мен Францияның жаңағы келісімі жайына қалды. Мандат тексеру комиссиясы ұзақ талқылаудан соң, Хабашстан өкілдері мәселесін шешуді Ұлттар Ұйымының жалпы жиналысына қалдырды. Орта және шағын мемлекеттер ірі елдердің (яғни Англия мен Францияның) Ұлттар Ұйымы жарғысын аяқ асты еткендеріне қарсы шықты. Англия мен Франция бүл жолғы мәжілісте өздерінін күні бұрын жасап қойған жоспарларынан бас тартуға мәжбүр болып, Хабашстан өкілінің мәжіліске қатысу құқығын таныды. Алайда бүл жәйт Ұлттар Ұйымында Италияның Хабашстан жөніндегі талаптарына біршама тойтарыс берілді деген соз емес. Орта және шағын елдердің Англия мен Франция одағымен тайталасуы да ұзаққа бара алмас. Италия - Хабашстан оқиғалары көрсетіп отырғанындай, ірі елдердің Ұлттар Ұйымы принципін қорғаудағы табандылығы мен адалдығына сену қиын. Сонымен бір уақытта Италияның күші артып барады. Италия Ұлттар Ұйымынан, Англия - Франция одағынан алыстаған сайын, Алманияға жақындай түсуде. Орта және шағын елдер ақырында Италияның Хабашстан жөніндегі талаптарын еріксіз мойындауға мәжбүр болады. Орта және шағын елдерді ол үшін сөгу орынсыз. Италия Ұлттар Ұйымының бүл жолғы мәжілісіне қатысудан бас тартты. Қазанның 19-ында «Локарнога» жиналмақ болған бес мемлекет, яғни Англия, Франция, Бельгия, Алмания және Италия уақытында келе алар ма екен? Осы конференцияға кеңестік Ресейді қатыстыру Францияның ойында болған еді. Кеңестік Ресейді Батыс Еуропа істеріне қатыстырмау жағында болып келген Алмания оған бірден қарсы шықты. Италия болса Алмания қатыспаса, Локарно мемлекеттері жиналысын шақыру пайдасыз екенін білдірді. Енді Ұлттар Ұйымы Хабашстан өкілдерінің құқығын таныса, Италия Локарно мемлекеттері жиналысына бармай қалуы мүмкін. Италияға жасалып жатқан жол қоюлар және оған Хабашстан есебінен беріліп жатқан жеңілдіктер, міне, осылардың бәрі оны «Локарно мемлекеттері» жиналысына әкелу және оның Алманиямен жақындасып кетуіне жол бермеудің қамы болатын. Еуропаның жаңадан жіктелуі шұғыл жүріп жатыр. Қазірге дейін ірі елдерді өзара көмек шарты арқылы байланыстырып тастау жоспары үстем болып келген еді. Осы идеяның иесі Францияның ойынша, «қаласа Алманиямен бірге, қаламаса Алманиясыз құрылуға тиіс» осы одаққа кеңестік Ресей сөзсіз кіруі тиіс болатын. Осылайша ойластырылған жоспардың тағдыры Англияны тарту мәселесіне келіп тірелген. Англияның не ойы барын біле алмаған соң, жұртшылық арасында түрлі қауесеттер тарай бастаған. Енді, міне, жорамалдар жоғалды. Істің басы ашылды. Англияның Сыртқы істер министрі Ұлттар Ұйымының мінбесінен өз үкіметі Ресейдің пайдасына жүретін ешқандай бір «міндеттемені» өзіне ала алмайтынын мәлімдеді. Англия министрінің сөзі бүкпесіз, ашық айтылды. Англия Шығыс Еуропада болуы мүмкін оқиғаларға қатысқысы келмейді. Басқаша айтқанда, Англия кез келген бір мемлекет пен Ресей арасында оқиға туыла қалған жағдайда, өзіне Ресейге пайда келтіретін ешқандай бір міндеттеме алмақ емес. Францияның жағдайы бұдан басқаша. Францияның бұрынғы министрі Полбонкордың сөзіне қарағанда, егер Алмания кеңестік Ресейге шабуыл жасаса, Франция - Кеңес шартына сәйкес, Франция Алманияның қарсы жағында болуға мәжбүр. (Париж «Cіrіnqoіreнің» 36.09.04 және 06.26. сандары қаралсын.) Францияның билеуші топтарына Англия министрінің сөзі күшті әсер еткен көрінеді. Англия Сыртқы істер министрінің Ұлттар Ұйымы жарғысын Версаль шартынан айыру жөніндегі ұсынысы, сөз жоқ, маңызды болатын. Ұлттар Ұйымының жарғысы Версаль шартының бірінші бөлімінің көшірмесінен тұрады (1-26 тармақтары). Версаль шартының кейбір елдерге күштеп таңған міндеттемелері өзінен-өзі Ұлттар Ұйымына қарсы бағытталған болып табылады. Ұлттар Ұйымында оған мүше болғандардың терезесі тең саналуы тиіс. Біз осы орайда Версаль шартының бұлжымастығын қуаттап келген большевиктердің осы Версаль шарты хақындағы пайымдауларын келтіре кетсек, ешкімнің көңіліне көлеңке түсіріп, мүддесіне нұқсан келтіріп алмаспыз деп ойлаймыз. Мәселен, Кеңес Сыртқы істер комиссариаты жағынан басылып шыққан «Версаль» атты бір кітапта: «Под напором множества центробежных сил арестантский халат Версальского мира, скроенный в угоду чисто временной комбинации международных сил, треснул по швам и то и дело лопается то в одном, то в другом месте» («Версаль». Изд. Литиздата НКНД. Москва, 1925). Сөз арасында мынаны да айта кеткіміз келеді. Англия Сыртқы істер министрінің екі жолғы сөзінің, яғни Еуропада өзара көмек келісімдерін жасау және Ұлттар Ұйымының Жарғысын Версаль шартынан айыру идеяларының негізінде Алманияға қарсы бағытталған саясат жатыр. Әрине, бұдан Англия мен Алмания арасында белгілі бір түсіністік бар деген ұғым тумаса керек... Тек басы ашық бір нәрсе — Англия Еуропа жағдайын тұрақтандыру жолындағы ең басты мәселелерде Алмания факторын есепке алып отыр. Испаниядағы азамат соғысы басталғалы, міне, үш айдан асып барады (соғыс 19-ыншы шілдеде басталған болатын). Испаниядағы азамат соғысы Ресейдегі азамат соғысынан да сұрапыл, үрейлі спектакльдер көрсетіп жатыр... Бұл елдегі соғыстың Ресейдегі соғыстан өзгешелігі испан халқының мінезінен туындайтын факторларға ғана емес, сонымен қатар үкімет пен көтерілісші күштердің идея айырмашылықтарына да байланысты. Бір тарапта коммунистер мен анархистердің, екінші тарапта фашистердің ықпалы жүруде. Бүл күнде Еуропада бір-біріне қарама-қарсы тұрған коммунизм мен фашизм дәл қазір Испания кеңістігінде соғысып жатыр деуге болады. Испаниядағы отан соғысының бірден халықаралық сипат алып кетуінің, түрлі мемлекеттер мен түрлі саяси топтар арасында күшті толқулар тудыруының себебі де осыдан. Бүл күресте социалист, коммунист, анархистер жеңе ме, жоқ әлде фашистер жеңе ме? Еуропада көптеген нәрселер осы сұрақтың жауабына барып тіреледі. Егер Испанияда Кеңес үкіметі құрыла қалса (қазіргі Мадрид үкіметі жеңіске жетсе, Испанияда Кеңес үкіметі құрылуы әбден ықтимал), Пиреней жарты аралы түгелімен кеңестеніп кету қаупі бар... Солшылданып бара жатқан Францияның жанынан кеңестік Испанияның пайда болу қаупі Алмания мен Италияны уайымға салмай қоймайды. Тіпті бұл жәйт Бельгия мен Англияны да ойландыра бастаса керек. Испания көтерілісшілерінің Италия мен Алмания тарапынан моральдық және материалдық көмек алу себебі, міне, осыдан. Испанияда фашизм жеңіске жетсе, онда Франция фашистік Испания мен Италияның және национа -социалист Алманияның арасында қалып қойғалы тұр. Франция, әсіресе, оның солшыл саяси топтары мұндай жағдайға түсіп қалудан қатты қорқып отыр. Мадрид үкіметінің Франциядан моральдық (тіпті материалдық та) көмек алуына себепкер болып отырған бір нәрсе осыған байланысты. Испаниядағы оқиғалардың Еуропаны үрей құшағына тоғытып отырған себебі де, міне, осыдан келіп туындайды.
1936 ж.,№83
ҰЛТ ЖОЛБАСШЫЛАРЫНЫҢ НАЗАРЫНА
Үндістанның Бомбей қаласынан түркістандық Әзім Ашыми әпенді журналымыз басқармасына « Ұлттық жолбастаушыларымыздың назарына» атты көлемді хат жолдапты. Біз осы хат жөніндегі әзіміздің ой-пікірімізді журналымыздың келесі санында білдіретін боламыз. Төменде хаттың Түркістан мұғажырларына қатысты бөлігін оқырмандарымыздың назарына ұсынып отырмыз: «Қызыл орыс отаршылдарының қыспағынан қысым кәріп, аяулы атамекеннен еріксіз айрылып, шет жұрттарға кеткен түркістандықтардың бірнеше мыңы көршіміз Ауғанстанда тұрып жатыр. Солардың бірнешеуіне жолығып сұхбаттастым, сырластым. Ауғанның үкімет адамдарымен де кездесіп, сөйлестім. Олардың ықылас, пейілдеріне дән риза болдым. Дін мәзабымыз жақын болуы себепті, мәртебелі Король біздің Түркістан мұғажырларына айрықша қайырымды екенін естігенде тіпті қатты қуандық. Алла тілеуін берсін деп дұға оқыдық. Үндістан газеттері Иранға паналаған түркістандықтар саны 50 мыңға жеткенін жазады... Қызыл Мәскеу мен коммунистерге бүйрегі бұратын бір Үндістан газеті Хижаздағы түркістандық қажылар саны 23 мың 535 деп хабар таратқанда, Үндістандағы «Түркістан мұғажырлар бірлігі»: «Олар қажы емес, мұғажырлар. Ресей тепкісіндегі мұсылмандардың дінге сенуіне тиым салынған», — деп тойтарыс берді... Мұғажырларымыздың кейбір қылықтары ұлттық болмысымызға қауіп төндіретіндей түрде көріне бастады. Егер сіз кейбір мұғажырлардан «Қай жерденсіз, қай ұлттансыз?» деп сұрар болсаңыз, олар төлқұжатына қарап тұрып ауғандықпын, қытайлықпын, ирандықпын немесе арабстандықпын деп жауап береді. Біз, әрине, оларды кінәламақ емеспіз. Тек пұшайман халін айтқымыз келеді. Хижазда Сабыр Қари, Ғабдолла Мосы, Юсубхан және солар тектес бірқатар адамдар большевиктер Елшісінің «асын ішіп, аяғын босатып» жүр. Осылардың қылығына орай мұғажырлар арасында алауыздық туылып, большевиктердің тағамы адал ма, жоқ әлде арам ба деген сұрақ төңірегінде жиі-жиі айтысып та қаламыз. Елшілікке барғандардың іс-әрекеті дініміз бен ұлттық намысымызды қорлайтынын, сондықтан мұндай арсыздармен барлық қатынастарды үзіп, аластап тacтay туралы мұғажырлар бірлігінің орталығы тарапынан парақшалар жазылып Хижазға жіберілген және Мекке - Мединенің қабырғаларына жапсырылған. Мұғажырлар оны оқып, сатқындардың өңешіне құм құйғандай болды. Араб өлкелерінде, Африка шөлдерінде, Үндістанда мыңдаған түркістандық мұғажырлар бар. Олардың жағдайы адам төзгісіз ауыр. Ағылшын отарларында өмір сүріп жатқан орыстар мен еврейлердің тұрмысы Түркістаннан қашып сонда барған біздің түрік мұғажырларының тұрмысынан көп жақсы. Ағылшын отарларында орыстар жалақы алады. Оларға ресми қызметтер де берілген. Сөздері де өтімді. Ал енді Үндістанға ғасырлар бойы үстемдігін жүргізіп, мәдениет үйреткен біздің түркістандықтардың бүгінгі ұрпағы көнеде қалып, иттің күнін көруде... Түркістан мұғажырларын мұндай халден құтқару қажет. Олардың жағдайын жөндеп, пұшайман халін өзгертудің шараларын қарастыру мақсатында Азияда жалпы конференция шақырған жөн болар еді... Mұндай үлкен іске кіріспес бұрын, алдымен бір елдің келісімі алынса... Құдайға шүкір, біздің халықты ешбір ел, ешбір ұлт жек көрмейді. Халықаралық жұртшылыққа үндеу жарияласақ, біздің ауыр да аянышты тұрмысымызға жанашырлық білдіріп, қол ұшын беретіндер табылып қалатын да шығар деген үміттеміз. Осы үндеуімді Түркістанның даңқын асырып, Түрік намысын қорғау үшін орыс большевиктері орнатқан тәртіпке қарсы күресіп жатқан иманды, ожданды ұлтшылдарымыздың назарына ұсынамын».
Әзім Ашыми
Бомбей, 1936 ж., №83
МҰҒАЖЫРИЯТТАҒЫ ҰЛТТЫҚ МІНДЕТТЕРІМІЗ
«Яш Түркістанның» өткен санында басылған Әзім Ашыми әпендінің үндеуі барлық түркістандықтардың алдына өте маңызды және өте қауырт мәселе қойып отыр. Әзім Ашыми Үндістандағы, Араб өлкелеріндегі, Ауғанстандағы және басқа да мемлекеттердегі мұғажырлар өмірімен танысып, өзін мазалаған ой-пікірлерін ортаға салған: 1) Егер сіз кейбір мұғажырлардан қайдан келдіңіз, қай ұлттансыз деп сұрар болсаңыз, олар төлқұжатына қарап тұрып ауғандықпын, қытайлықпын, ирандықпын немесе арабстандықпын деп жауап береді дейді. 2) Арабстанның Мекке - Мединесін қамтыған Хижаз тәрізді қасиетті жерінде кейбір түркістандықтар (аттарын атап көрсеткен) Кеңес Елшілігіне барып қонақасы жеп, Түркістан мұғажырларының қадір-қасиетін кетіретін әрекеттер де болып жүргені туралы айтады. 3) Араб өлкелерінде, Африка шелдерінде және Үндістанда өмір сүріп жатқан Түркістан мұғажырларының тұрмысы өте ауыр. Ағылшын отарларындағы еврейлер мен орыс мұғажырларының жағдайы бізге қарағанда көп жақсы. Олардың сөздері де өтімді. Ал енді осы елді ғасырлар бойы билеп, мәдениет таратқан түркістандықтардың бүгінгі ұрпақтары көшеде қалып сергелдеңге түсуде... Әзім Ашыми әпендінің үндеуіндегі басты түйіндер, міне, осылар. Біз де осы мәселелерге орай қысқаша болса да оз пікірімізді ортаға салсақ дейміз. Хижазда кейбір түркістандықтардың Кеңес Елшілігіне келіп жүргені туралы «Яш Түркістан» бірінші рет жазып отырған жоқ. Кеңес Елшілігіне жол салып берген кісі бұрынғы қазы Ғабдрашит Ыбырайым ақсақал болғанын естеріңізге сала кетейік. Кеңес елшісі, құдайсыздар қожасы Нәзір Төреқұлды араб басшыларына ертіп барған да осы қазы Ғабдрашит Ыбырайым болатын. Ол Нәзірдің құдайсыз бейнесін, мұсылмандардың өзіне көрсеткен сенімін теріс пайдаланды. («Яш Түркістанның» 68-ші санындағы Рашит қазының Нәзірмен қатар отырып түскен суретіне көңіл бөліңіз)х. Әңгіме Кеңес Елшілігінен жеген тамақта тұрған жоқ. Әсілінде мұндай адамдарды ұлттық тұрмысымыздан аластап тастауымыз керек еді. Ондай әрекетке баруды біздің түркістандықтардың жағдайы көтере қояр ма екен?! Біз бұл сұрауға кесіп бірдеңе айта алмай отырмыз. Өйткені мұндай іске бару үшін Мұғажыр жамиғатының ұлттық сана-сезімі қандай деген мәселеге келейін. Бұл сұрауға Әзім Ашыми әпендінің хатындағы: кейбір мұғажырларымыздан қай жерденсіз, қай ұлттансыз деп сұрар болсаңыз, олар төлқұжатына қарап тұрып: «ауғандықпын, қытайлықпын, ирандықпын, арабстандықпын» деп жауап береді деген жолдары жауап беріп тұрған сияқты. Осы сөздердің астарына үңіліп ойланып көрген жөн болар еді. Төлқұжат деген нәрсе «ұлт» бермейді, оның «ұлтын» өзгерте де алмайды. Төлқұжат деген нәрсе сол төлқұжат иесінің оны беруші үкіметке тәуелді екенін ғана куәландырады. Түркістан мұғажырларының қолында, мейлі, қандай төлқұжат болсын, ол бәрібір, қашанда түркістандық болып қала береді... Өзінің түркістандық екенін ұмытқан немесе саналы түрде бас тартқан адам Түркістан мұғажыры болып есептелінбейді. Әрине, мұғажырлық деген әлдеқандай бір артықшылық, жеңілдік беретін нәрсе емес. Ол бізді атамекенімізбен ылғи да байланыстырып тұратын мықты тіл. Егер мен өзімді мұғажырмын деп санасам, атамекенім мен халқымнан біржола үзіліп қалуға тиіс емеспін. Ылғи да отаныма қайту ойында жүремін және соған жету үшін тырысамын. Демек, атамекенімді құтқару үшін күресемін. «Қытайлық» болу былай тұрсын, тіпті араб немесе басқа бір ислам ұлтына тән болу да төлқұжат иесіне Түркістанның ұлт-азаттығы, ұлттық тәуелсіздігі үшін күресу міндетін жүктемейді және жүктей де алмайды. Түркістанды құтқару ісі күллі түркістандықтардың ғана қасиетті борышы. Сондықтан қажы болайық, яки мұғажыр болайық, бәрімізді Түркістанмен тығыз байланыстыратын нәрсе, міне, осы. Қолдарындағы төлқұжаттарына қарамастан, күллі түркістандықтар қашан да түркістандық болып қалуы, қасиетті мекенін құтқару жолындағы күреске қашан да еркімен аттануы, айналып келгенде ұлтымыздың азаттығы үшін. Ұлтты құтқару күресіміздің, «ұлт-азаттық ғасыры» аталған заманымыздың мәні мен маңызын жан - жақтылы ашып көрсету міндеті түркістандықтардың алдыңғы қатардағы өкілдеріне жүктелетіні өз-өзінен түсінікті. Әзім Ашыми әпенді «үндеуінің» 3-тармағына келейік. Бұл тұста Ашыми әпенді орыс пен еврей мұғажырларының біздің түркістандық мұғажырларға қарағанда тұрмысының көш ілгері екендігін жазады. Әзім Ашыми әпенді де, басқа түркістандықтар да мұның себебі неде деген сауал төңірегінде ойланғандары жөн болар еді. Орыстар мен еврей мұғажырлары Түркістан мұғажырларына қарағанда неліктен жақсы тұрады? Мұның себебі біздің түркістандық, ал олардың еврей немесе орыс болғандығында емес. Еврейлер мен орыстар шетелдерде өмір сүріп, еңбек етудің әдіс - амалдарына бізден гөрі жақсы қаруланған. Біздер осы таяу уақыттарға дейін техникалық білімдерді «сайтанның ойлап шығарған бірдеңелері» деп, одан ат-тонымызды ала қаштық. Түркістандықтардың көбі ата-бабаларының бастан кешіргендеріне көп мән береді. Бұл өте жақсы қасиет. Әсіресе ол жас ұрпақты тәрбиелеуде айырықша маңызды. Алайда бізді басып, жаншып тұрған озбыр күшке біз бүгін соның техникасы, соның қаруларымен және оған төтеп бере алатын білімі дайындықпен ғана қарсы тұра аламыз... Бір кездерде бүкіл дүниені қалтыратқан Темір империясының астында бүгін большевиктік Мәскеудің туы желбіреп тұрғанын естен шығармайық... Қызыл Мәскеудің атамекенімізге жүргізіп отырған үстемдігін орыстың солдаттары мен жұмысшылары орнатты. Бүл апаттан бізді ұлы Темірдің рухы мен ата-баба аруағы құтқарып қала алмады. Біз енді өз мекенімізде бейбіт өмір сүруге де зар болып отырмыз. Бір кезде ұлы империяның даңқын асырып, шартарапқа мәдениет таратқан атамекеніміз бен халқымыздың бүгінгі тағдыры осындай.
Тығырықтан шығар жол бар ма?
Әзім Ашыми әпенді алдымен бір елдің келісімін алып, жалпы мұғажырлар конференциясын шақыруды ұсынады. Бұл қозғалысымызға ықылас білдіретіндердің табылатынына сенеміз. Өкінішке орай, бізге іштей ең бүйрегі бұрып отырған елдердің өзі де конференция өткізу үшін көмектесе алатынына көзіміз жетпейді. Әрине, бұдан бұл бағытта әрекет етпей-ақ қою керек деген мағына шықпайды. Әрекет ету қажет. Тіпті пәрменді әрекет қажет. Сонымен катар біз осы бағыттағы жұмысты әрі оңай, әрі қолайлы жағынан бастағанды лайық көреміз. Әр елде шашылып жүрген мұғажырлар бірден бір елге жиналамыз дегенше, әр аймақта тұратындар сол аймақтары бойынша конференциялар шақырып, ұлттық орталықтар ұйымдастырып алсақ, содан кейін осы аймақтық ұйымдардың өкілдерінен жалпы түркістандық мұғажырлардың конференциясын шақырып, орталық басқарма құрсақ дейміз. Қай кезде де есте ұстауға тиісті бір басты нәрсе бар: оз өміріміз бен оз күшімізді танытатын қуатты ұйымымыз бен белсенді іс-қимылымыз болмайынша, басқалардан көмек дәмету орынсыз... Осы жолдарды аяқтай келе қайталап айтамыз, «төлқұжат ұлты» көзқарасына орай үгіт-насихаттар жүргізу әрбір саналы түркістандықтың қасиетті борышы дер едік. Мұндай күрес, әрине, ұрыс-соғыс түрінде емес, түсіндіру, иландыру, ұлттық ар-намысты ояту арқылы жүргізілуі тиіс.
1936 ж., №84
БАУЫРЛАС ЖӘНЕ МАЙДАНДАС БАСПАСӨЗ БЕТТЕРІНДЕ
Бауырлас Еділ - Оралдың ұлттық тәуелсіздік ой-пікірін таратушы «Жаңа ұлттық жол» («Жаңа милли иол») журналының қазан (103) айындағы санында жарияланған Аяз Исқақи бектің «Алғашқы қадамдар» атты бас мақаласы Еділ - Орал мұғажырлары көбірек шоғырланған жерлерде құрылған қоғамдар, махаллалар, мектептер және Қиыр Шығыстағы бауырларымыз тарапынан ұйымдастырылған «Ұлттық байрақ» пен көп қиындықпен дүниеге келген «Ұлттық жол» хақында егжей-тегжейлі мағлұматтар бере келіп, Берлинде Еділ - Орал баспасы үшін баспахана ашылуына байланысты былай деп сипаттайды: «Ұлттық жол» өзінің о баста айқындап алған бағыт-бағдарынан жаңылмай 8 жыл қызмет етті. Алайда оның тиражын арттыруына, баспасын кеңейтуіне өзінің типографиясы болмауы кедергі келтірді. «Ұлттық жолдың» өз типографиясын құру зәрулігі көптен бері алдымызды орап келеді. О л туралы әлденеше рет ықылас білдірдік те. Бірақ материалдық мүмкіндіктің тапшылығы, ал қолында бар кейбір адамдардың әз қара бастарын күйттеуден аса алмауы қол байлау болды. Қиыр Шығыстағы түрік - татар ұлтшылдарының дер кезінде қол ұшын беруімен басталған бұл ұлттық ісіміз басқа аймақтарда тұрып жатқан бауырларымыздың да ат салысуы арқасында және «Ұлттық жол» қызметкерлерінің тірнектеп жиған қаражаты қосылып, типография жабдықтарын сатып алуға мүмкіндік туылды. Сөйтіп біз оз баспаханамызды құруға кірістік. Ұзын-ұзын рәсимияттарын өтеп, аз ғана қаражатымызға коп салмақ түсірген шығындарға төзе жүріп, ақыры баспаханамызды іске қостық. Енді «Ұлттық жолды» өз баспаханамызда теріп жатырмыз... Өз баспаханамыз — өзіміздің табан ет, маңдай теріміздің жемісі. Мұғажырияттың ауыр жағдайында дүниеге келген ұлттық табысымыз. Баспаханамыздың өмірге келуіне қол ұшын берген ұлтшыл бауырларымыздың бәріне шын жүректен рахмет айтамыз. Олардың аты - жөні болашақта құрметпен аталатын болады».
«Ұлттық байрақ» бір жасқа толды
Қиыр Шығыста тұратын Еділ - Орал түріктерінің органы ретіне шығып келе жатқан «Ұлттық байрақ» газеті үстіміздегі айда бір жасқа толды. Әріптесіміз «Ұлттық байрақтың» ұстанған жолы, алға қойған мақсаты Түркістан мұғажырларына жақсы мәлім. Ұлттық сана-сезімге ие әрбір түріктің махаббаты мен сүйіспеншілігіне бөленген әріптесімізді бір жасқа толуына орай шын жүректен құттықтаймыз. Ұлы мақсаттары жолындағы қызметтерінде табыстан табысқа жете беруін және таяу болашақта өзінің атамекенімен қайта қауышуын ең ізгі ниетпен тілейміз.
1936 ж., №84
ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЖАҒДАЙ
Соңғы айларда мемлекеттердің арақатынасы аса ауыр саяси дағдарысқа тап болып отыр. Оны мына екі оқиғадан өте-мөте анық көруге болады. Біріншісі — Бельгия королінің 14 қазанда сөйлеген сөзі, екіншісі — Кеңес үкіметінің Испания мәселесіне байланысты іс-қимылдары. Бельгия королінің үкімет мәжілісінде сөйлеген сөзі «Жалпыға бірдей қауіпсіздік», «Бөлінбес және біртұтас бейбітшілік» тәрізді жұрт мойындаған ұғым - түсініктерге иек арта отырып, жүргізіліп жатқан Еуропа саясатына шағын елдердің не себептен алаңдайтынын барынша ашық түрде жайып салды. Дүниежүзілік соғысқа дейін Бельгия 1839 жылғы келісімге сәйкес бүкіл әлем елдері тарапынан мойындалған бейтараптық құқығын пайдаланатын. Дүниежүзілік соғыс басталысымен-ақ Бельгияның бейтараптығы Алмания тарапынан аяқ асты етілген еді. Дүниежүзілік соғыстың басынан аяғына дейінгі аралықта Бельгия жері оның жаулары мен бақталастарының табанында тапталды. Король де, үкімет те елді тастап кетуге мәжбүр болды. Соғыс аяқталды. Бельгия қайта тірілді. Өткеннің ащы тәжірибелерінен сабақ алған Бельгия енді бейтараптықтан бас тартты. Ол, Ұлттар Ұйымының жарғысына сәйкес, өзіне алған міндеттемелерінен басқа, Франциямен (1921) одақ жасады. Локарно келісіміне (1925) қатысты. Әлдеқашан күшін жойған осы келісім бойынша Бельгия, егер Франция мен Алмания арасында соғыс бола қалған жағдайда, шабуылға ұшыраған тарапты қолдап шығуға міндеттеме алған еді. Сонымен катар, Франция мен Алмания соғысса, Бельгияның соғыс алаңына айналып қалуы да табиғи еді. Соңғы жылдардың тәжірибесі осындай кепілдіктердің бәрі де іс жүзінде пайдаға аспай келе жатқанын көрсетті. Ұлттар Ұйымының өз мүшелерінің тең құқықтылығы хақындағы кепілдігі де бос сөз болып шықты. (Хабашстанның Италия тарапынан жаулап алынуы бәріміздің көз алдымызда түр). Локарно келісімі де керекке жарамай қалды. Бұл келісім тек сол жылғы наурыздың 7-де Алмания жағынан аяқ асты етілгені үшін ғана емес, оған бәрінен коп қатысы бар ел Францияның оны дұрыстап қорғай алмағаны үшін де керексіз етілді. Оның үстіне бүкіл Еуропада үрей тудырудан басқаға септігі тимеген Франция - Кеңес одағы Алмания мен Франция қатынасын барынша шиеленістіріп, осы екі ұлы мемлекет арасында соғыс туылу қаупін асқындыруға қызмет етті. Бельгияның басына үйірілген үрей бұлты қоюлана түсті. Бұл күнде күллі Еуропаны қырқыстыруға айналған Испаниядағы азамат соғысына Кеңес үкіметінің қандай дәрежеде араласып отырғаны ешкімге құпия емес (ол турасында алда тағы сөз етеміз). Сонымен, соғыстан аман қалу мақсатында Франциямен одақ жасаған Бельгия болуы ықтимал бір соғыстың таяп қалғанын және оған осы одақпен бірге өзінің де тартылатынын бұрынғыдан да күшті сезінуде. Осы жағдайлардың бәрін безбендей келе, Бельгия королі өзінің әйгілі сөзінде тәуелсіз сыртқы саясат жүргізетінін мәлімдеді. Мұның өзі Бельгия енді шабуылға ұшыраған елге, ол тіпті өзінің досы Франция болса да, көмек көрсетуден бас тартады дегендік еді. Бельгия королінің сөзінен Франция, егер Алмания тарапынан шабуылға ұшырай қалған жағдайда, Бельгиядан қайыр жоқ екенін, ол енді өз аумағынан, ондағы әскери әуе жайлардан да пайдалануға жол бермейтінін ұқты. Бельгия саясатындағы осы өзгерістер Францияға қандай әсер еткенін түсіну қиын емес. Бельгияны өзінің сыбайласы Франциядан және Франция - Кеңес тудырған «Жалпыға бірдей қауіпсіздік» пен «Бөлінбес және біртүтас бейбітшіліктен» айырып тастаған негізгі фактор — Франция - Кеңес одағынан төнген соғыс қаупі еді. Қалай дегенмен де, Бельгия саясатындағы өзгерістер Кеңес үкіметін өзіне мүше етіп қабылдаған Ұлттар Ұйымына деген сенімсіздіктің тереңдей түскенін көрсетеді. Халықаралық саясаттағы дағдарыстың тереңдетіп жіберген оқиғаларының бірі — Кеңес үкіметінің Испания мәселесіне араласуы болып отыр. Басқа Еуропа мемлекеттерімен бірге Кеңес үкіметі де Испания мәселесінде бейтараптық сақтау жөніндегі келісімге қол қойған болатын. Яғни бүл келісімге қатысқан мемлекеттер Испаниядағы күресіп жатқан күштерге — төңкерісшіл үкімет пен ұлтшылдарға — ешқандай көмек көрсетпеуге тиіс еді. Ұлтшылдардың күш-қуаты барған сайын артып бара жатқаны Кеңес үкіметін ғана емес, Еуропадағы басқа да кейбір елдердің (соның ішінде Францияның) солшыл күштерін қатты алаңдатты. Өздері Испания үкіметіне азық-түлік, қару-жарақ беріп, тіпті әскери мамандарын жіберіп көмектесіп отырған Кеңес үкіметі Алмания, Португалия және Италия елдерін Испания ұлтшылдарына көмектескендігі үшін айыптады... Мұнымен Мәскеу бейтараптық шартын бұзып, Испания үкіметіне көмек көрсетуде бұдан былай өзін ерікті деп есептейтінін мәлімдеді. Кеңес ақпарат құралдары Сталиннің Испания коммунистеріне Кеңес үкіметінің симпатиясын және жәрдем беруге әзір екенін білдіріп жолдаған телеграммасын жариялады. Лондонда бас қосқан «бейтараптық комиссиясы» Кеңес үкіметінің Алмания, Португалия және Италияға байланысты жасаған шағымын тексеруге кірісті. Өз кезегінде бұл елдер де Кеңес үкіметін айыптаумен болды. Кеңес үкіметі бейтараптық комитетінен шегініп шығуы да мүмкін еді. Бірақ шегінбеді. Франциядағы солшыл күштердің қысымы астында Франция үкіметі бағытын өзгертеді, Испания үкіметіне ашық жәрдем беруге кіріседі деп топшылаған Кеңес үкіметінің үміті де ақталмады. Франция өзінің бейтараптық саясатында берік тұра берді. Әрине, Кеңес үкіметі Испанияның төңкерісшіл үкіметі мен оны жақтап отырған күштерге ресми және ашық түрде көрсетіп жатқан көмегін көбейткен сайын, Италия мен Алмания да бұл елдегі ұлтшылдарды қолдауын арттыра түсері өз-өзінен түсінікті. Оқиғалардың осы бағытта дамуы тұтас Еуропаны соғысқа қатыстыратыны анық. Кеңес үкіметінің отпен ойнап отырғаны әмбеге аян болды. Франция Сыртқы істер министрлігінің органы «Таң» («Le Temps») газеті Ұлттар Ұйымының соңғы жиналысы мінбесінен сөйлеген Литвиновтың сөздеріндегі саяси ойынға қатысты тұстарын еске салып өтеді: «Жақында Женевада болып өткен пікір алысулар барысында бейбітшілікті сақтап қалу және жалпы Еуропа мүддесі тұрғысынан, бұл құрлықтағы елдерді бір-біріне тығыз байланыстыру жөнінде Франция мен Англия ортаға қойған саясатқа коп қиындықтармен мақұл болған орыс өкілдерінің алдында көңіл қобалжытарлық жағдайлар тұрған еді. Ресми түрдегі барлық мәлімдемелеріне қарамастан, Мәскеу үкіметі жалпы коммунистік төңкерістердің рухани дем берушісі болып қала береді. Оның қазіргі тандағы барлық іс-қимылы орыс - алман тайталасы тұрғысынан түсіндірілуде. Бұл процесс күллі Еуропаны қамтыған дағдарысқа айналып барады. Мәскеудің бүгінгі саясаты Батыс Еуропаның либерал және демократиялық мемлекеттерін, коммунист партиялар ықпалындағы халық бұқарасын идеологиялық қырқысқа сала отырып, Кеңес үкіметі жағына шығарып алып, авторитарлық үкіметтерге қарсы күреске айдап салу екені көрініп қалды. Біздіңше, Еуропаның көз алдымызда болып жатқан саяси қасіреті, міне, осындай» («Le Temps» 36.10.11.у.) Франция Сыртқы істер министрлігі органының бұл пайымдаулары түсінік беруді қажет етпейді. Біз осыдан тұп-тура екі жыл бұрын, Кеңес үкіметі Ұлттар Ұйымына мүше болған кезде, осы оқиғаға орай («Яш Түркістан», 59, 15/17): «Кеңес үкіметі дүниежүзілік төңкерістен бас тартқан жоқ», «Қазірге дейін дүние бейбітшілігін қорғау міндетін өзіне алып келген жалғыз ғана ұйым — Ұлттар Ұйымы кеңестік Ресейді өзіне мүше ету арқылы ендігі жерде соғыс одағына айнала бастағандай әсер туғызады. Біздіңше, кеңестік Ресейді Ұлттар Ұйымына қабылдаған күннен бастап соғыс қаупі бұрынғыдан да жақындай түскені шүбәсіз», — деп жазған едік. Франция Сыртқы істер министрлігінің органы кеңестік саясаттың келбетін тани бастағанын аңғартады. Ал енді тайға таңба басқандай айқын болып отырған осы оқиғалардан Франция үкіметі тиісті қорытынды шығарды ма? Өкінішке орай, бүл сұрауға қазірше жауап жоқ... Өткен айдың 20-да Италия Сыртқы істер министрі граф Чияно Берлинге келді. Бұл күнде Алмания мен Италия арасында идеологиялық жақындық бары баршаға аян. Алайда Италия Сыртқы істер министрінің сапарына тек осы идея жақындығы ғ,ана себепкер болып отырған жоқ. Саяси жағдайдағы өзгерістер, әсіресе Кеңес үкіметінің саясаты Алмания мен Италия арасын жақындастыра түсетін факторларды арттырды. Біз осы арада кеңестік Ресейдің көңілін күпті етіп келе жатқан бір мәселені айта кеткіміз келеді. Италия мен Алмания барлық уақытта, барлық жерде кеңестік Ресейге қарсы бағыт ұстау туралы келісім жасасты. Алмания мен Италия кеңестік Ресейді Батыс Еуропа елдерінің саяси форумдарына қатынастырмау, оны бүл ортадан ығыстырып шығару туралы шешім қабылдады. Еуропа ақпарат құралдарының хабарына қарағанда, Жапония да Алмания және Италия үкіметтерімен бір пікірде көрінеді. Әрине, бүл елдер арасындағы өзара түсіністіктің бағыты Франция - Кеңес шартына қаратылған. Халықаралық саясаттағы бүгінгі дағдарыс, міне, осылайша шиеленісіп, өзінің шырқау шыңына таяп барғанын анық көрсетіп отыр.
1936 ж., №84
«ЯШ ТҮРЕІСТАННЫҢ» 8 ЖАСҚА ТОЛУЫНА ОРАЙ
(1929 - ЖЕЛТОҚСАН 1936)
Қолдарыңыздағы осы санынан бастап «Яш Түркістан» 8 жасқа аяқ басты. Артта қалған 7 жыл Түркістан мұғажырларының өмірінде болсын, жалпы Түркістанның ұлттық күрес тарихында болсын көзге көрінерлік және есте қаларлық оқиғаларға толы кезең болды. Біз күні бүгінге дейін журналымыз беттерінде сүйікті атамекеніміздің жағдайынан, халықаралық ахуалдан, ет - жүрегі отан қасыретімен оралған мұғажыр жерлестеріміздің өмірінен - ұлттық қозғалысымыз үшін маңызды және пайдалы деп танығанымызды жариялап келдік. Қызметімізде олқылықтар аз болған жоқ. Оны, ең алдымен, өзіміз мойындаймыз. Олқылықтардың болу себебін, біріншіден, өзіміздің білім мен күшіміздің жетіспеушілігіне, екіншіден, материалдық және техникалық қиындықтарға, айналамызды қоршап тұрған жалпы саяси және басқа да жағдайларға байланысты түсіндіруге болады. Дегенмен, өзімізге де және басқаларға да басы ашық бір жайт бар. «Яш Түркістанды» біз түрлі партиялар мен топтардан аулақ ұстап, Түркістанның ұлттық мұраттары жолындағы қызметтерге ғана жектік. Бұл қызметтерімізді ұлттық тудың астынан ауытқымай жүргізіп отырдық. «Яш Түркістанды» бұдан соң да атамекенімізді азат ету жолындағы ұлттық күрес жолынан тайдырмауға барымызды салып тырысатын боламыз... Айтпай кетуге болмайтын және түркістандық, тіпті түріктігімізге мін боларлық бір аса жайсыз жайт — «Яш Түркістанның» әлі күнге дейін Түркия аумағына кіре алмай отыруы дер едік. Түркия үкіметі түріктіктің ана жұрты Түркістанның ұлттық күресіне көмек көрсете алмаса да, Түркиядағы Түркістан жастарын «рухани азықтан мақұрым қалдырар» деген ой үш ұйықтасақ түсімізге кірмеген еді...
Ғазиз атамекеніміз Түркістан жасасын!
Түркістанның ұлттық бірлігі күшейе берсін!
Түркістанның ұлт азаттығы және ұлттық бірлігінің қызметкері «Яш Түркістан».
1936 ж., №85
КЕҢЕС ОДАҒЫНЫҢ НЕГІЗГІ ЗАҢЫ ТӨҢІРЕГІНДЕ
(Кеңестердің Төтенше 8-ші құрылтайы) Кеңестер Одағының жаңа Негізгі заңын талқылау үшін шақырылған Кеңестердің Төтенше 8-ші құрылтайы 1936 жылы қараша айының 25-інде Мәскеуде ашылды. Осы «тарихи» құрылтайға қатысты материалдар қолымызға әлі түскен жоқ (36.12.09). Сол себепті ол жөніндегі егжей - тегжейлі мағлұматтарды журналымыздың келесі сандарына қалдыра тұрамыз. Құрылтай «Кеңестік Ресей дүние тарихында еңбекшілер бұқарасы үшін ешқашан болып көрмеген жәннатқа, нағыз демократиялы мемлекетке айналды» деп жар салып жүрген большевиктердің жалған бейнесін дүние жүзі жұртшылығының көз алдында тағы бір рет әшкереледі. Қазірше біз құрылтай туралы осымен шектеле отырып, оқырмандар назарына кейбір сандық мәліметтерді ұсынамыз (36.12.09). Құрылтайға 2016 өкіл қатысты. Олардың арасында 1310-ы Ресей Кеңестер Федерациясынан (олардың ішінде Татарстан Автономиялы Федерациясынан — 28, Башқұртстаннан — 29, Қырымнан —14), Қазақстаннан — 75, Өзбекстаннан — 65, Түркіменстаннан - 16, Тәжікстаннан - 14, Қырғызстаннан — 14 (Түркістаннан барлығы 184 өкіл), Әзірбайжаннан — 40, Грузиядан — 37, Армениядан - 40, Украинадан - 370, Беларуссиядан — 62, барлығы 2016 өкіл 62 ұлтқа тән деп көрсетілген. Бүл арада мына бір нәрсені есте ұстаған жөн. Большевиктер біздің біртұтас түрік ұлтын — татар, башқұрт, әзірбайжан, қырғыз, қазақ, өзбек, түркімен, қарақалпақ және басқа да жеке-жеке «ұлттарға» бөліп отыр. Өкілдердің мамандығы жағынан алғанда 289-ы жоғары білімді, олардың төрттен үші (74%) Кеңес дәуірінде білім алғандар екен. Құрылтайға қатысқан әйелдер саны — 419. Большевик¬тер саясаты тұрғысынан ең маңызды саналатын сандық мәліметтер мына төмендегілер. Әлеуметтік тегі жағынан алғанда өкілдердің 42 проценті жүмысшы, 40 проценті шаруа және 18 проценті интеллигенция арасынан шыққандар. Партия қатарындағылары - 72 процент, партиясыздары — 28 процент. Бүкіл кеңестік Ресей тұрғындарының 10 процентін ғана құрайтын жүмысшылардан 42 процент өкіл қатысқан. Бұл — бір. Екіншіден, партия мүшелері ел бойынша 4-5 процент қана екеніне қарамастан, құрылтайға қатысқандардың 72 проценті солар болып шыққан. Олай болса, 10-ды 42 % - ке және 4-5 % - ті 72 % - ке теңестіріп шақырылған құрылтай тарапынан бекітілген Негізгі заңның Кеңестер Одағында өмір сүріп жатқан халықтар мен ұлттарға демократия мен бостандық беретіндігі жөніндегі лепірме сөздерге тоқталып жатудың қажеті шамалы. Сонымен қатар, Кеңестер Одағы Негізгі заңына байланысты сөйленген көл-көсір сөздер мен Негізгі заңға жасалған «түзетулердің» кеңестік Ресей және оған кіріптар болған ұлттарға, соның ішінде біздің түріктерге де белгілі бір саяси ықпалы болмайды деу қиын. Міне, бүл мәселе турасында біз «Яш Түркістанның» келесі сандарында айрықша сөз ететін боламыз.
1936 ж., №85
БАТЫР БОЛЬШЕВИК АМАНГЕЛДІ ХАҚЫНДАҒЫ АҚИҚАТ
Түркістан қазақтары газеттерінің беттерінен көптен бері жиі кездесетін есімдердің бірі -1916-ыншы жылғы Торғай далаларында орыс үкіметіне қарсы көтерілген халық көтерілісінің басшысы — Амангелді Иманов. Ол турасында баспасөз беттерінде қисапсыз коп материалдар жарияланды. Ақындар толып жатқан өлең-жыр, дастандар шығарды, драматургтер сахналық қойылымдар дайындады және тағы да дайындап жатыр. Ол аз болса, Амангелді өмірінен фильм түсірілуде, оған арнап ескерткіш тұрғызылуда. Осы айтылған мақала, өлең-жыр, сахналық қойылым, кинофильм және ескерткіштердің бәрі «әліпті таяқ деп білмеген», Торғай өңірінен басқа жер, оз руынан басқа ел көрмеген қараңғы Амангелдіні дүниеде теңдесі жоқ төңкерісшіл, ұлт пен ұлтшылдықтан жоғары тұратын интернационал большевик, дінге дұшпан, Түркістан түріктігін орыс большевизмі және интернационалдық төңкерісшілдікпен табиғи түрде тығыз жымдастырған ірі тұлға ретінде көрсету идеясына қызмет етіп отыр. Ынсабы мен қаламдарын сатқан Майлыұлы Бейімбет пен Мүсірепұлы Ғабиттер орыс жазушысы Всеволод Ивановпен бірлесіп «Социалды Қазақстан» және «Казахстанская правда» газеттерінде жарияланған мақалаларында Амангелдінің большевиктік бейнесін жасауға тырысқан болса, халық ақыны Есенбайұлы Сағит дәл сол «Социалды Қазақстанда» жариялаған «Амангелдінің шабу жылы», «Ердің өлімі» атты жырларында Амангелді бейнесін шындыққа жақын суреттейді. 1916 жылы Амангелді сарбаздары Торғай қаласына шабуыл жасаған күндерде, Есенбайұлы Сағит Ақтөбе темір жолы бойындағы элеваторда жұмыс істеп жүрген жұмысшы - большевик болатын. Әрине, Есенбайұлы да Амангелдіні боямалап, бұрмалап большевикке жақындатпақ болады. Бірақ көздеген мақсатына жете алмайды. Өзін Амангелдінің саптасы ретінде көрсетуге тырысқан Есенбайұлының суреттеуінде батыр бейнесі таптан да, ұлттан да, құдайдан да безген біреу болып шыққан.
«Амангелдінің шабу жылы» атты жырдың бас жағында:
Қысым болып патшадан
Кең дүние болды тар
Өткен жұлдыз ішінде
Соғыс қылды дауанды
Сарбаз - солдат екі жар, —
деген жолдардағы ақынның сарбаз деп отырғаны - қазақ түріктері де, солдат дегені — орыстар. 339 жолдан тұратын осы ұзақ жырда «сарбаз» бен «солдат» шынында да «екі жар» (қарама-қарсы) болып тайталаста тұр. Ендеше кешегі Амангелді сарбазы, бүгінгі большевик жұмысшысы — ақын Есенбайұлының суреттеуінде, 1916-шы жылғы көтеріліс таптық күрес, яғни түркістандық кедей түріктердің орыс жұмысшыларымен бірлесіп, Түркістанның түрік және орыс байларына қарсы жүргізген ортақ күресі емес, керісінше, барлық Түркістан түріктерінің барлық орыстарға қарсы ұлт - азаттық күресі болып шыққан. Орыстардың түркістандықтарды ұлтқа айырмай қанағаны Есенбайұлының «Ердің өлімі» атты жырында біршама айқын көрінеді.
Қара сайдан қалың жау
Шыққанда елге уралап,
Көрінген қазақ баласын
Атып, талап, жаралап.
Балалар шулап «бабалап»,
Ата-ана зарлап «балалап»
Тұрғанда әтіред қамалап
Амангелді ал жетті
Бұл күнде большевик болып жүрген Есенбайұлы:
Жарығы болсын сарбазға
Солдатқа беріп тұманды, —
деген жолдар арқылы 1916-шы жылғы көтеріліс шын мәнінде орыстар мен Түркістан түріктері арасындағы ұлттық күрес екенін мойындайды.
«Өлсең шәйіт» ..., «рухыңа дұға, рахмет» ...
Арманда кетті қыршын жас
Кездессін ұжмақта қыз хорына...
Есенбайұлы бұл тұста өзіне-өзі қайшы келеді. Ол енді мына жолдар арқылы көтеріліс басшысы Амангелдінің (және большевик Есенбайұлының да) құдайсыз большевик бейнесін теріске шығарады. Өзінің сарбаздарына «Өлсең шәйітсің» деп жүрген Амангелдіні енді атеист деуге келер ме? Амангелдіні өлген соң большевиктер қатарына қосып алушылардың жалғыз ғана дәлелі бар. Ол оның 1919 жылы алашордашылар қолынан өлуі. Алашордашылар Амангелдіні большевик болғаны үшін өлтірген жоқ. Бұл оқиғаның шындығы былай. Амангелді қыпшақ руынан еді. 1917 жылдың көктемінде төңкеріс басталып кеткен соң, Түркістан түріктерін майдан жұмысына алу тоқтатылды. Уақытша үкімет тарапынан Торғай уәлаятына комиссар болып тағайындалған Әлихан Бөкейханов Торғай халқын көтерілісті токтатып, бейбіт өмірге қайтып оралуға шақырды. Әлиханмен бірге оның ең жақын достары болған ұлтшылдар — Ахмет Байтұрсын, Мирякуб Дулатұлы да халық бұқарасы арасына үгіт жүргізіп, дала уәлаяты тұрғындарын тыныштануға үндеді. Ахмет пен Мирякуб арғын руынан болуы себепті Торғай өңіріндегі арғындар олардың сөздеріне құлақ асты да, қыпшақтан шығып «хан» сайланған Әбдіғаппар мен Амангелдіні тыңдамады. Нәтижесінде кеше ғана орыс отаршыларына қарсы бірге соғысқан Торғай қазақтары енді қыпшақ пен арғын болып екіге жарылды... Бұл тұста халық арасына «төңкерістен соң орыс мұғажырлары Ресейіне қайтатын көрінеді» деген қауесет сөз тараған. Осыдан келіп орыстардан қалатын жерді болу туралы мәселенің төбесі көріне бастады. Тірі жүрген аюдың терісі үшін арғын - қыпшақ таласқа түсті. Әбдіғаппар хан мен Амангелді қыпшақтар жағын алып, арғындарға тізесін батырды. Рушылдыққа ешқашан бой ұрмаған Ахмет Байтұрсын мен Мирякуб Дулатқа қыпшақтар арғындардың басшылары деп қарай бастады... Әбдіғапар мен Амангелдінің рушылдық дерті әбден асқынғаны сонша, 1917 жылы Орынборда болған жалпы қазақ құрылтайынан соң және 1918 жылдың жазында Торғай даласын аралап жүрген кезімде маған да жақын кісілерін жіберіп, менің қыпшақ руынан екенімді есіме салып, төреден шыққан Әлихан Бөкейхан мен арғыннан шыққан Ахмет, Мирякубтарға қарсы күресте «бізге саяси жетекші болыңыз» деп өтініш жасады. Мен, әрине, олардың ұсынысынан бас тарттым. Өйткені мен Түркістандағы түрік адамы үшін, әсіресе Түркістанның ұлт - азаттық туын көтерген адам үшін арғын, қыпшақты былай қойып, тіпті, өзбек, қазақ, түркімен болып бөлінудің өзі Түркістан түріктерін бөлшектеп, өлімге бастайтын жол екенін жақсы білетін едім... Ақырында «алашордашылмын» деген жалған бүркеншік атты жамылып, қыпшақ руынан шыққан сатқын, шоқынды Степнов - Әліби Жангелдин Торғай даласына жетті. Өз басы қазақ даласына аттап баса алмас еді. Оның жанында орыс қызыл гвардиясы жүрді. Коп етпей Степнов - Жангелдин төреден шыққан Әлихан мен арғыннан шыққан Ахмет, Мирякубтарға қыпшақ Амангелдіні айдап салды. Степнов - Жангелдин мен Амангелді маңайына орыс қызыл гвардиясы мен орыс мұжықтарын топтап, қиян-кескі соғыс ашты. «Большевик» сөзін «қыпшақ» деп түсінген қараңғы Амангелді алашордашылармен болған бір шайқаста қаза тапты. Шындық, міне, осындай. Бұл күнде большевиктер «ба¬тыр большевик» Амангелдіні «ұлтшыл, керітөңкерісшіл Мирякуб Дулат өлтірді» деп жала жауып, Түркістан түріктерінің ең көрнекті, ең сыйлы өкілдерінің бірінен саналатын бір ірі тұлғаның көзін жоймақ болады. Бәлкім, большевиктер Мирякубтың көзін жойып та үлгерген шығар...
1936 ж., №85
ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЖАҒДАЙ
Өткен шілде айының 19-ында басталған Испаниядағы азамат соғысы, міне, бес айдан бері бәсеңсудің орнына барған сайын асқынып барады. Оның жалпы соғысқа айналып кету қаупі күшеюде. Мұндай қауіп казіргі кезде Кеңес үкіметінің социалист, коммунист, анархистерден тұратын Испания төңкерісшіл күштеріне ашық көмек көрсете бастаған алғашқы кездегіден де асып түсті. Алмания мен Италия большевиктердің арандатуына Испания ұлттық күштерінің жетекшісі генерал Франко үкіметін мойындау арқылы жауап кайтарды. Мұның нәтижесінде тарихта бұрын-сонды болып көрмеген жағдай туды. Испаниядағы азамат соғысы Францияның ресми, Англияның іс-жүзінде бейтарап тұруы себебінен ғана дүниежүзілік соғысқа айналмай келген еді. Испания үкіметі астанасы Мадрид қаласын тастап кетуге мәжбүр болды. Мадрид қазір орыс әскери мамандарының басқаруындағы Кеңес әскери ұшақтары, танктері, зеңбіректері, пулеметтерімен қорғануда. Испания бұл күнде шын мәніндегі халықаралық күрес алаңына айналды. Ондағы бір-біріне қарсы күресіп жатқан күштер жағында — ұлтшылдар мен төңкерісшіл солшылдар қатарында орыстар, француздар, итальяндар, алмандар және белгиялықтар бар. Испаниядағы азамат соғысының нәтижесінде Еуропа үшін өте қауырт мәселеге айналған Ақ теңіз төңірегінде ұлтшылдар мен (фашизм) төңкерісшіл күрескерлердің жететін жеңістері және оның мән-маңызы да шешілуге тиіс. Халықаралық саясат сахнасында азамат соғысынан да маңыздырақ бір оқиға болып өтті. Ол — Алмания мен Жапония арасында Коминтернге қарсы жасалған шарт еді. Коминтерннің не нәрсе екені бұл күнде ешкімге құпия емес. Коминтерн мен Кеңес үкіметі бір үйдің іргетасы мен қабырғалары тәрізді байланыста. Ал бұған «Яш Түркістандық» өткен сандарында жазылған Италия мен Алмания үкіметтері арасында Кеңес үкіметінің халықаралық саясаттағы ықпалына қарсы жасасқан келісімді, Австрия, Мажарстан және Югославияның Кеңес үкіметіне өшпенділігін, Батыс Еуропаны большевиктендіру қаупінен қорғау сақшысы рөлін атқарып отырған Польшаның қажырлы қызметтерін қоссаңыз, оқиғалар дамуында большевиктерді қобалжуға салатын, ал ұлттық күрестерге барған сайын тиімді болып келе жатқан негізгі факторларды аңғаруға болады. Англия мен Франциядағы қоғамдық пікірде Еуропаны бір-біріне қарсы екі идеологиялық майданға (коммунизм және фашизм) болу тенденциясы байқалып отыр. Осы орайды Кеңес үкіметі барынша пайдаланып қалуға тырысуда. Ол Еуропаны ғана емес, бүкіл дүниені «фашизм» және «антифашизм» майдандарына бөліп тастап, өзін бейне Коминтерн арқылы антифашистік майдан ұйымдастырып жүрген нағыз күрескер етіп көрсеткісі келеді. Қазірге дейін қызыл Мәскеудің антифашизм ағымын көрмеске салып келе жатқан Еуропа демократтары мен социалистері Алмания - Жапония шарты жөніндегі хабарды естісімен, антикоммунистік ағымның төбесі көрінбей тұрып-ақ зәресі ұшып кетті. Қазірге дейін Еуропаның түрліше елдерінде — Италияда, Алманияда, Австрияда, Мажарстанда, Грецияда және басқа да мемлекеттерде болып өткен коммунистер мен ұлтшылдардың қақтығысы қызыл Мәскеу жақтастарының толық сәтсіздікке ұшырауымен аяқталып келді. Орыс большевиктері тарапынан басқарылып келе жатқан антиұлтшылдық пен ұлтшылдық арасында көп өтпей шығуы ықтимал бір қақтығыстың төбесі көрініп қалды. Егер осы қақтығыс туа қалған жағдайда, біз ұлтшыл күштердің жеңіске жетуін және Еуропа мен дүние жүзінің жақсылыққа қарап бет түзеуін үміт етеміз. Халықаралық жағдайға талдау жасағанда бүгінгі Кеңес өмірін айналып өте алмайсың. Егер кеңестік Ресей большевиктер мен олардың еуропалық достары, әсіресе франциялық достары айтып жүргендей, шынымен қуатты мемлекет болса, онда Еуропа әлдеқашан соғыс өртінің ішінде қалған болар еді. Кеңес үкіметі бұл күнде оншалықты күшті мемлекет емес. Кеңес үкіметінің соғысқұмарлығын немесе оның, керісінше, бейбітшілік сүйгіштігін айтушылар тек жарты ақиқатты ғана айтады. Кеңес үкіметі Еуропада өзінің қатысуынсыз болатын бір соғыстың шығуын торт көзімен күтуде. Бұл үкіметтің осы құрлықтағы іс-қимылдары біздің осы айтқандарымызға ешқандай шүбә қалдырмайды. Кеңес үкіметінің ойынша, осындай соғыс бола қалса, бір жағынан, Алмания қаупінен құтылар еді. Екінші жағынан, Еуропа бірінің тісін бірі қағып әлекке түсер еді. Алайда Кеңес Одағы мұндай соғысқа өзінің де тартылуынан қорқады. Өйткені ондай соғыс бола қалса, Сталиннің «пролетариат диктатурасының» күні санаулы болып қалар еді. Мұндай жағдайда Кеңес үкіметінің құлау ықтималы өзіне де айқын көрініп тұрғаны тәрізді, бүл елдің ішкі жағдайымен жете таныс шетелдіктерге де күмән тудырмайды. Жақында, қарашаның 30-да, кеңестік Ресейде үш жыл қызмет атқарып келген бір дипломатпен ұзақ әңгімелесіп қалдық. Орыс тілін жақсы білетін бүл дипломат кеңестік Ресей аумағында еркін жүріп-тұру мүмкіндігін пайдаланып, көп нәрсеге көз жеткізген. Украинада, Кавказда, тіпті Ресейдің өзінде де халық бұқарасы, әсіресе Қызыл Армияның әлеуметтік негізі болып саналатын шаруалар өмір сүріп отырған тәртіпке қатты наразы... Соғыс тағдырын тек армия шеше алмайды. Соғыс тағдырын шешетін негізгі фактор резервтегі күш болып табылады. Бүл жағынан Кеңес үкіметінің көңілі күпті. Кеңес үкіметін алаңдатып отырған факторлардың бірі — жол және инфрақұрылымның өте мешеу болып отырғаны. Автомобиль жүретін тас жолдар жоқтың қасы. Әскер және азық-түлік тасымалы өте қиын. Польша мен Ресей арасын жалғап тұрған жалғыз тас жолдың өзі әбден тозған. Большевиктер осы айтылғандарды жақсы біледі. Сол себепті өздері қандай да бір соғысқа қатысудан қашады. Олар Алманияда ұлтшыл - социалистердің күш алып бара жатқанын, Еуропада коммунизмге, Кеңеске қарсы ағымдар ұлғайып отырғанын жақсы біледі. Сондықтан большевиктер өздерінен аулақ жатқан Испания жерінде Еуропаны өзара қырқыстыруға барын салып кірісуде. Француз коммунистерін арандатушылық іс-әрекеттерге - итермелегені үшін Мәскеуді айыптаған материалдар бұл күнде тек Францияның оппозициядағы оңшыл басылымдары беттерінде ғана емес, үкімет тараптары болып отырған радикал - социалист, тіпті социалист партияларының органдары беттерінде де көбейіп барады. Еуропадағы өзінің жалғыз досы Францияның іштен бүлінуі Кеңес үкіметіне не үшін қажет болды екен? Бұл сұраудың жауабы мынада. Көкек - мамыр айларындағы сайлауда жеңіп шыққан Франция Халық майданы үкіметі осы сайлау тұсында сіңірген еңбегі үшін кеңестік Ресейге борыштар еді. Алайда үкімет орнына отырып алған соң, кеңестік Ресейден біртіндеп суи бастады. Ол енді бір жағынан Англиямен байланысын нығайтып, екінші жағынан Алманиямен жақындасуға ұмтылыс жасап жатыр. Бүл, әрине, Мәскеуге ұнамайды. Ол Франциямен достық қатынасының сақталып қалуын және оның Алманияға қарсы әскери одаққа айналуын қалайды. Алайда Франциядағы оқиғалар кеңестік Ресейдің қалауына қарсы бағытта дамып барады. Сондықтан кеңестік Ресей не Францияны өз ырқына қайта көндіруі керек, немесе бүл елдің ішінде азамат соғысын тудыруы керек. Кеңестік Ресейдің пайымдауынша, осындай жағдай туа қалса, Алмания мен Италияның назары аз да болса кеңестік Ресейден Францияға ауатын болады. Мұның өзі уақытша болса да Алмания қаупінің алдын алуға септігін тигізеді.
1937 ЖЫЛ
Тағы бір жыл тарих қойнауына қарай жылыстап кетті. Бұл да өзінен бұрынғы 19 жыл тәрізді, біздерді атамекеніміз бен халқымыздың тағдыры туралы аса ауыр қайғы-қасіретке салған жыл болды. 1937 жыл Ресейдегі ұлы төңкерістің 20 жылдығы. Біз 1917 жылдың басында Ресейде болған төңкерісті «Ұлы төңкеріс» деп атаймыз. Өйткені ол патшалық отарлық жүйені тас-талқан етіп, оның тепкісінде езілген халықтардың өз тағдырын өзі билеуіне, өзінің ұлттық мемлекеттігін құруына жол ашқан еді. Амал не,ұлы төңкерістің 8-інші жылында орыстың тағы бір залым жүйесі пайда болды. Ол - Қызыл Қазан мен орыс пролетариатының диктатурасы еді. Орыс пролетариат диктатурасы біздің ұлттық мемлекет құру бағытындағы үмітімізді су сепкендей өшірді... Алайда біздің қасиетті үміттеріміз біржола өшкен жоқ, уақытша ғана бәсеңсіді. Қызыл империя үстемдігі 20 жылдан бері жалғасып келеді. Жиырма жыл халықтар тарихы үшін көзді ашып - жұмғандай ғана қас-қағым сәт. Бірақ біз және біздің ұрпақтарымыз тәрізді залым отаршылдарға қарсы күрес жүгін арқалаған адамдар үшін айтқанда — 20 жыл аз уақыт емес. Біз халқымыздың құқығы үшін, ұлттық мемлекетін құру сәтін жақындату үшін күресеміз. Біз ұлттық мемлекетімізге қол жеткенін көріп қана қоймай, оны құру істеріне де қатынасқымыз келеді. Біз үміттеріміз бен армандарымыздың орындаларына ешқандай шүбә келтірмейміз, сонымен катар сол бір бақытты күндер біз ойлағандай тез жақындамауына байланысты туған уайымымызды да жасырмаймыз. Сол үшін де біз барлық күш-қуатымыз бен ақыл-парасатымызды атамекеніміздің азат болатын күнін жақындатуға бұдан былай да жұмсай беретін боламыз. «Біз» дегенде — біз «Яш Түркістанды» басқарушылар мен оның жұмысына белсене қатысып жүрген адамдарды ғана айтып отырған жоқпыз. Бұл арадағы «біз» — күллі Түркістанның, қала берді мұғажыраттағы түркістандықтардың атынан айтылып отыр. Біз, түркістандықтар, барлық күш-қуатымыз бен мүмкіндіктерімізді атамекеніміздің азаттық ісіне жұмсағанда ғана, болашаққа деген айнымас сеніммен ортақтаса отырып, бір тудың астына топтасқанда ғана сүйікті Отанымызды залым отаршылдардың тепкісінен құтқара аламыз және оның келешегін қамтамасыз ете аламыз. Үміт, сенім, иман — ұлттық күреске бел байлап кіріскен адамдар үшін аса қажетті қасиеттер. Әрине, жалғыз осылармен ғана жеңіске жете алмайсың. Жеңіске жету үшін осы аталған қасиеттермен қатар, білім қуаты керек. Техникалық білімге ие болу, қару-жарақтарды емін-еркін қолдана білу керек. Олай болса, азаттық күреске аса қажет нәрселер — үміт, иман, сенім тәрізді рухани - моральдық факторлармен бірге ғылыми-техникалық білімнің өзара тығыз бірлігі. Азаттық күресте бұдан басқа тура әрі қысқа жол болмайтынын зердемізге тоқып, санамызға сіңіріп алғанымыз жөн. Түркістан мұғажырлары арасында ішкі қырқыстарға орын жоқ. Бізде партиялар, топтар болмады. Сол сияқты біз қара басымызды ғана күйттейтін, өзімізді өзгелерден жоғары қоятын індеттерден де адамыз. Біз бәріміз де түп-түгел Түркістанның ұлт-азаттығы мұраттарына қызмет ететін қарапайым ғана күрескерлерміз. «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді», ерік-жігеріміз артады. Ерік-жігер бірлігі дегенде, біз жеке адамдардың немесе жекелеген топтардың ерік-жігерін ғана айтып отырған жоқпыз. Бүкіл халқымыздың ерік-жігерін, қала берді мұғажырларымыздың ерік-жігерін айтып отырмыз... «Күрес» де¬генде, ең алдымен атқаратын міндет көзделеді. Мұғажырлар оның қандай нәрсе екенін жақсы біледі. Біз — Түркістан мұғажырларының алдында бір ғана міндет тұр. Ол — ұлт азаттығы жолында күресу міндеті. Ұлттық еркіміздің бірлігіне, ұлттық міндеттеріміздің орындалуына кесе-көлденең тұратын кез келген нәрсені қайткен күнде де жеңуге тиіспіз. Біз барлық отандастарымызды үміт, иман, сенім тәрізді моральдық күш пен ғылыми-техника күшін бірлестіре отырып, ұлт азаттығы жолында жұдырықтай жұмылуға шақырамыз. 1937 жыл жат жұрттарда сергелдеңде өткізген өміріміздің соңы, азат, еркін өміріміздің басы болғай.
КЕҢЕС ОДАҒЫНЫҢ НЕГІЗГІ ЗАҢЫ ТӨҢІРЕГІНДЕ
Кеңестердің жаңа Негізгі заңы өткен жылғы қарашаның 25-інен желтоқсанның 5-іне дейін жалғасқан Кеңестердің төтенше 8-інші құрылтайында бірауыздан мақұлданды. Осы заң қабылданған 5 желтоқсан бүкіл одақ көлемінде аталып өтілетін мейрам күні болып белгіленді. Кеңес насихаты осы оқиғаны адамзат тарихында айрықша маңызға ие тарихи оқиға ретінде барынша дәріптеуде. Олардың жазғандарына қарағанда, осы күннен бастап адам баласының өмірінде жаңа бір дәуір басталған көрінеді...
Осы Құрылтаймен және ол мақұлдаған Негізгі заңмен жақынырақ танысайық
Құрылтайдың сырт көрінісі туралы «Яш Түркістанның» өткен санында жазған болатынбыз. Сонда да болса, сол жолы келтірілген бір-екі сандық мәліметке оқырмандар назарын аудара кеткеніміз артық болмас. Кеңес Одағы тұрғындары санының не бары он процентін құрайтын жұмысшылар Құрылтайға қатысқан жалпы өкілдердің 42 процентін құрады. Ал ел тұрғындарының не бары 4—5 проценті ғана болып табылатын партия мүшелері өкілдердің 72 процентіне жетті. Мінеки, осылайша ұйымдастырылған Құрылтайдың қолымен жасалған көпшілік Мәскеудегі орыс большевик көсемдерінің қалауына сәйкес қарарлар шығармаса, мұның өзі бір түрлі жасанды болып көрінер еді. Шындыққа жүгінсек, Құрылтайдың аты болғанымен, заты болған жоқ. Өйткені онда заң жобасына ешқандай сын пікір айтылмады. Негізгі заң талқыланбады. Құрылтай дегендері күні бұрын сайлап қойылған адамдардың жиынтығы ғана болды. Олар «Жасасын!» деп жар салып, «Интернационал» әнін шырқаудан басқа ештеңе тындырған жоқ. Құрылтайға қатысушылар сахнада «бастықтарының» қарасы көрінісімен-ақ, бейне қуыршақтар сияқты, орындарынан қарғып тұрып, қол шапалақтап даурығып, залды бастарына көтеріп жатты. Құрылтайда сөз сөйлеген 50-ден аса депутаттар өнім өндірудегі табыстар, мәдениет саласындағы жетістіктерден бастап, сыртқы саясат, әскери күш тәрізді мәселелерге дейін қамтып, фашизм, Испания оқиғалары, Жапонияның іс-қимылы және Алманиядағы гитлершіл национал - социалистер тарапынан төніп келе жатқан қауіп -қатерге дейін түгел шолып шықты. Шешендердің бәрі де сөздерін «Сталин жасасын!» деген ұранмен аяқтап жатты. Өздері талқылауға жиналған Негізгі заңды талдау тұрғысынан арнайы сөйлеген бірде-бір адам болған жоқ. Сонша көп шешендердің арасында тек бір адам ғана Құрылтайдың басында және аяғында екі рет Негізгі заңды ауызға алып етті. Ол адам, әрине, Сталин болатын. Ол бірінші рет 1936 жылы қарашаның 25-інде сөйледі. Кеңес баспасөзі «данышпандық» деп бағалаған оның сөзінде бұған дейін оның өзі де, басқа жолдастары да талай қайталаған, бұқаралық ақпарат құралдары қайта-қайта жазып жауыр қылған буржуазиялық демократияны сынаудың баяғы сарыны, сондай-ақ Кеңестік демократия дейтіннің артықшылықтары хақындағы баяғы жарапазаннан басқа іліп алар ештеңе болған жоқ. Сталин әсіресе кеңестік жаңа заңға байланысты туралы айтылған буржуазиялық сын төңірегінде көбірек тоқталды. Бұған ол 10 минут уақыт жұмсады. Осыдан соң 14 минут Кеңестер Одағының «мемлекет қайраткерлері» тарапынан алғыс жаудырып, қол соғумен өтсе, 16 минут қол соғып алғыс жаудыруға арналды. Осы оқиғалар орыстанып кеткен украин жазушысы Гогольдің «Ревизор» атты шығармасы бойынша қойылған қойылымды еріксіз еске түсіреді . Бүкіл залды күлкі кернеп тұрған кезде, қойылымның бас қаһарманы Скозник - Демохановский орнынан атып тұрып: «Кімге күлесіздер? Өздеріңізге өздеріңіз күлесіздер», — деп айқайлайды. Қызыл Скозник - Демохановский, Сталин де өз жамиғаттарына «Кімге күлесіздер? Өздеріңізге өздеріңіз күлесіздер!» деп айқайлауы керек еді. Сталин оны айтқан жоқ. Дегенмен Кеңес «өкілдерінің», «Кеңес мемлекетінің ең таңдаулы адамдарының» күлкілері былайша есті жандарға өздерін өздері және «Ұлы Көсемнің» Негізгі заңын келемеж етіп жатқандай эсер тудырғаны шүбәсіз еді. Өйткені ол «буржуазиялық сыншыларды» масқаралай келіп, «Жаңа Негізгі заң бойынша Кеңестер Одағында жүмысшылар табының диктатурасы оз күшінде қалғаны сияқты, коммунистік партияның басшылығы да өзгермеген күйінде қалатын болады» деуге мәжбүр болды. Басқаша айтқанда, Сталин «буржуазиялық сыншыларды» теріске шығара алмады. Керісінше, оларды амалсыз мойындады. Өйткені бұл сыншылар большевиктердің сөздері, «ең кемелді демократия» жайындағы жылтырақ орауыштармен оралып жатқанына қарамастан, Коммуниста партияның басқаруындағы жүйеде ешқандай өзгеріс болмайтыны туралы күні бұрын-ақ өз байламдарын айтып қойған болатын. Сталиннің 1936 жылдың 5 желтоқсанында сөйлеген 5 минуттік сөзі шешуші роль атқарды. Оның бұл сөзі Құрылтайды өз ырқына бағындырғанын тағы бір рет дәлелдеді. Сонымен қатар оның осы 5-ақ минуттік сөзі Кеңестер Одағының жер-жерлерінде Негізгі заңның жобасын талқылау барысында өткізілген пікір алысулар, айтылған ой-толғамдар, сансыз коп митингілер, енгізілген толықтырулар, жасалған түзетулер мен өзгертулер, халық бұқарасының баспасөз беттеріндегі неше алуан уәжға толы сөздерінің бәрі жәй әншейінгі былжырақ екенін көрсетті. Сталиннің басшылығында жұмыс істеген негізгі заң жөніндегі комиссия Кеңес Одағы халықтарынан түскен әлденеше мыңдаған түзетулер арасынан тек 43-іне ғана көз тоқтатқан. Енді кеңестік ұғым - түсініктің көрсеткіші саналатындай осы 43-тің неден тұратынына көз жүгіртейік. Сталиннің өзін тыңдап көрелік. Ол былай дейді: «Келтірілген 43 түзетудің тек 6—7-сі ғана біршама көңіл аударуға тұруы ықтимал... Қалғандары маңызсыз. Тек сөз - сөйлемдерді қалай құрау жөніндегі ой-пікірлерден ғана тұрады. Меніңше, оларды талдап, зерттеудің қажеті жоқ». Сталиннің осы сөздері үшін Кеңес депутаттары «Сталин жолдас жасасын!» деп ұран шақырумен жауап қайырды. Енді Сталиннің атына айтылған осыншама сүйіспеншілік сөздердің мән-мағынасына түсініп көріңіз! Миллиондаған халық бұқарасын еріксіз жұмылдырып Негізгі заң жобасын талқылатты. Оған түзетулер мен өзгертулер енгізу туралы мыңдаған ұсыныстар жасалынды. Кеңес баспасөзі жұртшылық тарапынан айтылған осы ұсыныс-пікірлерді тілге тиек етіп, «Кеңес адамдарының саяси сана-сезімі қаншама жоғары екендігінің дәлелі ретінде көкке көтере дәріптеп жатты. Ал енді солардың бәрі Сталиннің алдында түкке тұрғысыз бірдеңелер болып қалды. Ол осылардың арасынан не бары 43-ін ғана қабылдады. Оның да 7—8-ін алып, қалғандарына уақыт шығындап отырудың қажеті жоқ деп есептеді. Негізгі заңның жобасы бойынша бес жарым айға созылған талқылаулар мен пікір алысулардың нәтижесі, міне, осылай аяқталды. Кеңестер Одағының екі мыңнан аса ең таңдаулы адамдары Сталиннің әлгі сөздерін есітіп қайту үшін ғана төтенше Құрылтайға келген болып шықты. Қожайыны беттеріне түкіргеніне қарамастан, «Жасасын!» деп жарапазан айтушылардың мұндай жиналысын тек адамдық қасиеттен жұрдай жерде ғана Құрылтай деп атауға болатын шығар. Әрине, орыс большевиктерінің билеуіндегі халықтарда казіргі күнде бұдан басқаша бірдеңе күту де қиын... Негізгі заң қабылданды. Бұл заң орыс большевиктерінің диктатурасын сақтап қалу үшін кызмет ететіні енді шүбәсіз. Сонымен қатар, сталиндік негізгі заң Кеңестер Одағындағы халықтар өміріне із түсірмей қоймайтыны да түсінікті. Ол туралы келер сандарда сөз болады.
1937 ж., №86
ЖАУЛАРЫМЫЗ БІЗ ТУРАЛЫ НЕ АЙТАДЫ?
Өткен жылы 25 қарашадан 5 желтоқсанға дейінгі аралықта Мәскеуде өткен Кеңестердің 8-інші төтенше Құрылтайында сөз сөйлеген Түркістан Ұлттық Кеңестік Республикаларының басшылары Файзолла Қожа, Исаұлы Ораз, Атабайұлы Қайғысыз, Рахымбайұлы Ғабдолла, Исақайұлы қатарлы шешендер Түркістанда ұлтшылдық атаулының әлдеқашан жойылғандығы, ұлтшылдықтың өзі былай тұрсын, елесі де қалмағандығы туралы жарыса мәлімдеген болатын. 1937 жылдың қаңтар айында Мәскеуде шақырылған Кеңестік Ресей Федеративтік Республикасының 17- құрылтайында Рысқұлұлы Тұрар да сөйледі. Мұндайда кім және не туралы сөйлеуді білетін Тұрар да жолдастарынан қалыспады. Осы қызыл батырлардың бәрі де лениндік - сталиндік интернационалдың сөзсіз жеңісі және мызғымастығы, Кеңестер Одағы халықтарының «ажырамас туыстығы» қамтамасыз етілгендігі жөнінде уағдалар берісті. Олар оз сөздерінде осы бағыттағы табыстарды шаруашылық саласындағы жаңа табыстармен еселей түсуге, «Стахановшы» кадрлар қатарын молайтуға, жүмысшылар және колхозшылармен тығыз байланыста болуға бар күшін салып, алған міндеттемелерін сөзсіз орындап шығатындарын айтты. Большевик шешендердің айтқандарын тыңдасаңыз, біз — ұлттық майдан күрескерлері — босқа арамтер болып жүрген сияқтымыз. Мемлекетіміз ішінде біз үміт артатын ештеңе қалмаған тәрізді... Сол себепті атамекен, ұлт туралы бас қатыруды доғарып, өзіміздің қара басымыздың қамын күйттеуіміз тиіс көрінеді. Алайда көп уақыт өтпей-ақ, әлгі қызыл батырлардың арынды сөздерінің ызыңы құлағымыздан кетпей жатып, біздер мүлде басқа шындықпен, Мәскеудегі Құрылтайда Түркістан Ұлттық Республикалары басшыларының айтқандарына бүтіндей сәйкес келмейтін шындықпен бетпе-бет келіп тұрмыз. Алматыдан шығатын «Казахстанская правда» газетінің 1936 жылғы 30 желтоқсан күнгі саны, міне, алдымызда жатыр. Осы санның бірінші бетіне қалалық кеңестің кеңейтілген жиналысының есебі жарияланыпты. Әдеттегідей, мұнда да алдымен Сталиннің атына мақтау, мадақ айтылған. Қоғамдық өмірдің барлық саласында қол жеткен табыстар санап көрсетілді, ұлтшылдықтың із-түссіз жойылғандығы, Түркістан түріктері сталиндік негізгі заңның нұр - шұғыласына бөленгендігі, «алашордашыл», «керітөңкерісшіл ұлтшыл автономияшылдың» аты өшкендігі, оларды қазір ешкім де есіне алмайтындығы баян етілген. Газеттің екінші бетін қарасаңыз, онан Қазақстандағы Кеңес үкіметі насихат істерінің бастығы Ілияс Қабылұлының «Қазақ ұлтшылдығын нысана етейік!» атты мақаласын кездестіресіз. Осы мақаланы оқып шықсаңыз, Алматы, Ташкент, Ашхабадтан Мәскеудегі құрылтайға қатысып сөйлегендердің суайттығына анық көз жеткізесіз. Ілияс Қабылұлы үлкен шындықтың бір кішкене шетін ғана көрсетіп алған. Оның жазғандарына қарағанда, жоспарлардың орындалғаны ылғи өтірік көрінеді. Сталиндік негізгі заңның бекітілгеніне орай, халықтың «шат-шадыман» болғаны да жалған екен. Түркістан ұлтшылдарының жойылғаны да өтірік болып шыққан. Мәселен, Қарсақпай кені мен Шымкент қорғасын зауытында және басқа да бірқатар кәсіпорындарда жоспар орын -далмай қалғанын біз Ілиястың мақаласынан анық біліп отырмыз. Сталиндік негізгі заң жобасы талқыға түскен кезде, оған Түркістан ұлтшылдары тарапынан сұрапыл қарсылық көрсетілгенін де біз осы Ілиястің мақаласынан аңғардық... Еңбек қаһармандары аталып жүрген жұмысшы және колхоз «стахановшыларына» шабуыл жасалуда. Енді осылардың бәрін істеп жүрген кімдер деген сұрауға келейік. Кеніштерде, Шымкент зауытында, басқа да кәсіпорындарда жоспардың орындалмай қалуына кім жауапты? Сталиндік негізгі заңға қарсы насихат жүргізіп жүргендер кімдер? Стахановшыл жүмысшылар мен колхозшыларға қарсы жұртты айдап салып отырған қандай күш? Осылардың бәріне кімдер, қандай адамдар, қандай ұйымдар басшылық жасап отыр? Ілияс Қабылұлы осылардың бәрін тұп-тура бізге — «Шоқайұлының фашистеріне» телиді. Автордың өзін тыңдап көріңіз: «1918-інші жылы керітөңкерісшіл Қоқан автономиясын құруға ұрынған атақты азулы алашордашылардың бірі - атышулы Шоқайұлы Қазақстаннан қуылып, ақ мұғажырлыққа кеткен болатын. Міне, сол Шоқайұлы шетелде жүрсе де, ішіміздегі алашордашылар мен қазақ ұлтшылдарының қалған-құтқандары өзінің арам ойларын өткізіп жатыр. Империалистерге сатылған осы Шоқайұлы троцкийшілдер және ұлттық тұрақсыз элементтермен бірлесіп шпиондар, зиянкестер, арандатушылардан тұратын шоқайшыл фашистер тобын ұйымдастыруға тырысып отыр... Осы айтылғандарды біздің түсті металл өндіретін кәсіпорындарымызда (Қарсақпай, Шымкент зауыты және басқа кәсіпорындарда) ашылған зиянкестік іс-әрекеттер анық дәлелдейді. Тұрақсыздық, шпиондық, зиянкестік, стахановшыл жұмысшы, шаруаларға жасалған шабуылдар — міне, осылардың бәрі Шоқай фашистеріне жататын алашордашылардың троцкийшілдермен бірге ұйымдастырған іс - әрекеттерінен басқа ештеңе де емес . Міне, бұлар большевиктердің Түркістандағы жағдайын анық көрсетіп тұрғандай. Ұлттық күрес жалғасуда. Ілияс Қабылұлының сезіне қарағанда, біздің күресіміз шпиондықта, зиянкестікте, бүлдіргі әрекеттерде және жұмысшы - колхоз белсенділеріне шабуыл жасауда көрінеді екен. Ендеше, мұның өзі күрес шұғыл түрде қанат жайып бара жатқанын көрсетсе керек. Ілияс Қабылұлының ел ішінде жүріп жатқан ұлттық күресті біздің атымызбен — «Шоқай фашистерімен» — байланыстырғаны, бәрінен бұрын біздің атамекендегі бауырларымыздан айрылып қалмағанымызды, олармен ішкі байланысымыздың күшті екенін тағы бір дәлелдейді. Біз, әрине, «Шоқай фашистерінің» троцкийшілдермен байланысы, шпиондық әрекеттері және басқа да осылар тәрізді большевиктік жалаларды қаперден тыс қалдырамыз. Мұның бәрі кеңес оқырмандарын шатастыру мақсатында большевик идеологтары тарапынан әдейі құрастырылған арзан қолды дүниелер. «Шоқай фашистері» — большевиктік орыс империализмінің өз жауларына беріп отырған жаңа бір есімі. Бүл күнде Кеңес Одағының ішкі жаулары троцкийшілдер мен фашизмшілдер деп аталады. Кеңестерге бітіспес жау болып келе жатқан біз де, әрине, солардың қатарында екеніміз өз - өзінен түсінікті... Большевиктер қанша тыраштанғанымен, Түркістанда орыстардың империалистік үстемдігіне қарсы сұрапыл күрес ұлғайып барады. Большевиктердің осы ұлтшылдық қозғалысты шоқайшылдарға теліп отырғандарына қарағанда, біздің істеріміздің текке кетпегенін, біздің сыртта жүріп айтқандарымыз атамекендегі ағайын - туыстарымыздың көңілінен шығып, жүрегіне жол тапқанын, бізді халқымызбен байланыстырып тұрған тіндердің соншама берік екенін көреміз. Мынаны да ұмытпаған жон. Большевиктердің шоқайшылдыққа «шоқайшыл -фашистік» сөзін жапсыруы ел ішінде күшейіп бара жатқан ұлтшылдықпен, ел сыртында «Яш Түркістан» насихаттап келе жатқан Түркістан ұлттық бірлігі ұйымының бірлескен әрекетін көздейді.
КЕҢЕС ОДАҒЫНЫҢ НЕГІЗГІ ЗАҢЫ ТӨҢІРЕГІНДЕ
(Басы 85 – 86 - сандарда) Бұл мақалада сталиндік негізгі заң Кеңес Одағындағы халықтарға қандай жеңілдіктер береді деген бір ғана сұрауға қайтарылатын жауап төңірігінде сөз болады. Біз бұл арада кеңестік негізгі заңды баптар бойынша қарастырып отырмаймыз. Өйткені оның «жаны» баптарында тұрған жоқ. Оның жаны — оның жалпы рухында, оны тудырған жағдайларда, оның мән-мағынасында жатыр. Жаңа кеңес заңы Ленин партиясы оз ішінен іріп-шіри бастағанда және сырттан соғыс үрейі күшейіп отырған жағдайда дүниеге келді. Соған сәйкес Кеңес үкіметі өзінің бұрынғы шептерінен кері шегіне бастаған жағдайда туды. Ішкі саясат бойынша Сталин екі бағытта шегініс жасады. Ол партия ішінде ортодокс марксизмге қарсы күрес бастады. Осы күрес барысында торт жыл бойы ұдайы партия қатарын тазалау науқанына алып барды. Ортодокс лениншілдер не атып өлтірілуде немесе партиядан қуылуда. Партия қатарына «еңбек қаһармандары», сталиндік бағыт-бағдарға адалдығымен көзге түскен адамдар алынуда. Сонымен Кеңес Коммунистік партиясы Сталиннің жеке басын да саяси құралға айналдыруда. Ортодокс марксизмге қарсы күрес Сталинге жеке меншікті мойындауға, колхоз тәртібін аздап болса да жұмсартуға, жеке меншік негіздерін қабылдауға және қолдануға мүмкіндік берді. Сыртқы саясатта Кеңес үкіметі (Франция мен Испаниядағы тәрізді) буржуазиялық демократия елдерімен тығыз байланыс орнатып, дүниежүзілік төңкеріс жолынан бас тартты. Маркстік - лениндік идеология майданындағы күрестің өте-мөте көңіл аударғаны — Кеңес үкіметінің саясатында, әдебиетінде, музыкасында, өнерінің барлық саласында рухани өмірді ғана емес, материалдық өмірді де тұтас қамтыған орыс ұлтшылдығын қайта орнықтырып, бекемдеуі болды. Журналымызда орын тапшылығы «Правда» мен «Известия» газеттерінен осыған дәлел боларлық үзінділер келтіруге мүмкіндік бермейді... Бұл арада біз тек орыстардың отаршылдық тарихы бұл күнде большевиктердің мақтанышына айналып отырғанын атап көрсетумен шектелеміз («Известияның» 11.23 және 1936. 12.18 сандарын қараңыз). «Жүрегіміз ұлттық мақтанышқа толы» атты бас мақаласында «Известия» {36.11.23): «Бұл күнде орыс мәдениеті Кеңестер еліндегі барлық халықтардың ортақ байлығы болып отыр. Кеңес халықтары оның сарқылмас қайнарынан өздеріне қажетті рухани нәр алуда. Орыс халқы кеңес халқының өзегіне айналды. Ол құқықта басқалармен тең, ал жұмыста көш бастаушы. Отаршыл ұлттың, Энгельстің сөзімен айтқанда, халықтар түрмесінің авторы орыс ұлтының тарихына басқаларды иландырып, бас игізу үшін жасалған сталиндік негізгі заңның ішкі мазмұны, міне, осындай. Осындай рухпен суарылған заң Кеңестер Одағы халықтарына қандай да бір жеңілдік әкелуі мүмкін бе? Әрине, мүмкін емес. Көзге ұрып тұрған ақиқатты орыс емес халықтар көрмейді, байқамайды деп ойлау ақылға қонымсыз болар еді. Украина, Кавказ, Түркістанның жергілікті халықтары өз атамекендерінің орыстар тарапынан басып алынғанын, соның нәтижесінде рақымсыз езгі мен қанауға тап болып отырғанын мақтан етеді деу, әрине, күлкілі. Түркістандағы кеңес газеттері, «Казахстанская правда» 1936 жылғы желтоқсанның 30-ындағы санында, ал «Социалды Қазақстанның» 1937 жылғы 1 қаңтардағы санында кеңестік жаңа негізгі заңның дүниеге келуіне байланысты Түркістанның жер-жерінде алуан түрлі ұлтшылдық, керітөнкерісшілдік іс-қимылдар күшейіп отырғанын жазды. Мұндай әрекеттер Түркістаннан басқа да орыс емес ұлт аймақтарында өріс алып барады. Кеңестік жаңа негізгі заңның рухын ашып көрсететін тағы бір нәрсе бар. Әңгіме — негізгі заңның 17-інші тармағы төңірегінде болып отыр... Бұл тармақта біздің назарымызды аударатыны - оның мәтіні емес, ол туралы Сталин тарапынан берілген түсініктеме. Осы тармақта бұрын 7, қазір 11-ге жеткен кеңестік егеменді республикалардың реформасы туралы айтылады. Мұнын өзі бір кезде большевиктер жариялаған ұлттардың бөлініп шығуға дейінгі өзін-өзі билеу құқығы туралы мәлімдемелерге байланысты болып отыр. 1921 жылы Сталин ұлттардың өзін-өзі билеу құқығын тек «Америка мен Еуропаның отарларына ғана сәйкес келеді. Ал Ресейге қараған халықтар Ресейден бөлінгісі келіп тұрған жоқ» деп түсіндірген болатын. Сонымен Сталин Қазан төңкерісінің осы бір «қасиетті ұранын» қайта түсіндірді. Енді оның пайымдауынша, Одақтан бөліну құқығы Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркіменстан, Тәжікстан қатарлы Түркістандағы бес ұлттық республиканы қамтыған жалпы 11 республикаға беріледі. Олай болудың бір басты себебі — егемен республикалар Одақ аумағының шет жағына орналасқан. Ал ішкі жаққа ірге тепкен Татарстан мен Башқұртстан қатарлы автономиялы республикалар бөліну құқығына ие бола алмайды. Өйткені оларды басқа кеңестік республикалар мен аймақтар қоршап тұруы себепті, Кеңестер Одағынан бөлініп кету мүмкіндігі жоқ. Көріп отырсыз, бұл арада ұлттық республикаларды белгілеу шарты жағрафиялық жағдайларға байланысты болып шыққан. Бұл ғана емес, Сталин өз сөзінде «кеңестік республика атын алған халық өз республикасында көпшілік болмауы да мүмкін. Мәселен, Қырым татарлары өз республикасы көлемінде көпшілік бола алмайды. Олар онда азшылық» дейді. (Сталиннің 1936 жылғы қарашаның 25-індегі сөзінен). Біздің татар, башқұрт туыстарымыз қашан және қандай жағдайда қазіргідей халге түсіп қалғанын, Қырымдағы туыстарымыз оз жерінде қалайша азшылыққа айналып қалғанын бұл арада айтып отырудың қажеті жоқ. Осының бәрі барлық халықтарға өзін-өзі билеу құқығын жариялаған кездің өзінде большевиктерге жақсы мәлім болатын. Сталин мен оның соңына ерген орыс большевиктері арада 19 жыл өткен соң, төңкерістің бас кезінде берген уағдаларынан бас тартып, орыс ұлтшылдығы мен орыс империализм! жолын қайта тапқанын, орыс империализм! тарапынан езілген халықтардың өз тағдырын өзі айқындау құқығына енді шек қойылатынын ашық айта бастады. Кеңес негізгі заңы негізінде ортаға ашық шыққан орыс империализмі бауырлас түрік туыстарымыздың кейбірінің тағдырын осылайша тәлкек етеді. Әрине, Түркістандағы егеменді аталған республикалар мен Әзірбайжанның Татарстан, Башқұртстан және Қырым автономиялы республикаларынан ешқандай айырмасы жоқ... Бүл жерде әңгіме қағаз жүзіндегі құқық туралы болса да, принцип жайында болып отыр. Кеңестік орыс империализмінің ұлы державалық мүддесі үшін орыс емес халықтардың құқықтарына қысым көрсетіліп, оларды құртып жіберуге ұрынулары біздерді, яғни бұл империяның тепкісінде өмір сүріп келе жатқан барлық бодан халықтарды ел ішіндегілер мен шетте жүргендерді өзара қол ұстасып, бірыңғай майданға бірігіп күрес жүргізуге міндеттей түседі. Енді-енді күш алып келе жатқан орыс империализміне қарсы күресте бірыңғай майданға бірігу кажеттілігі және мұның ең дұрыс жол екендігі кеңестік жаңа негізгі заңға байланысты тағы да айқындала түсті деген ойдамыз.
1937 ж., №87
ЖАУЛАРЫМЫЗ БІЗДІҢ ҚЫЗМЕТТЕРІМІЗ ТУРАЛЫ НЕ АЙТАДЫ?
«Яш Түркістанның» өткен санында арнайы сөз болған бір тақырыпқа қайта оралуды жөн керіп отырмыз. Өйткені соңғы кездері бізге тек Түркістандағы большевик ақпарат құралдары ғана емес, Мәскеу баспасөзі де шабуылын үдете бастады. Журналымыздың өткен санында сөз болған Ілияс Қабылұлының «Казахстанская правданың» 1936 жылғы 30 желтоқсандағы санында жарияланған мақаласынан басқа, тағы да сол Ілиястың бізге қарсы жазылған келесі мақаласы «Социалды Казақстанның» 1937 жылғы 12 қаңтардағы санында жарық көрді. Сонымен қатар, Қазақстан оқу-ағарту комиссары Темірбек Жүргенұлының бір материалы «Казахстанская правданың» 1937 жылғы 11 қаңтардағы санында басылды. Осы газеттің 1937 жылғы 27 қаңтардағы санындағы бас мақаласы да осы тақырыпқа арналды. Ақыр соңында 1937 жылғы 15 ақпанда шыққан Мәскеудегі «Большевик» журналының 4-санында Мирзоянның мақаласы жарияланды. Осы материалдардың бәріне біз арнайы бір кітапшамен жауап қайтаруды ұйғарып отырмыз. Сол себепті бүл жерде біз тек жалпылама шолып қана тоқталамыз. Түркістанның ұлт азаттығы қозғалысы төңірегіндегі біздің іс-қимылдарымызды большевиктік баспасөз ешқашан назарынан тыс қалдырған емес. Олардың біз туралы жазғандары өзінің «мінез-құлқы» жағынан бір-біріне ұқсас болып келеді. Тек осы жолы большевиктер әдепсіздік пен бұзақылықтың да шекарасынан шығып кеткені анық. Бүл күнде большевиктердің оз жаулары хақында ең көп қолданатын сөздері «троцкийшіл қанқұмар элементтер», «фашистер», «империализм малайлары» т. б. болып келеді. Большевиктер бүл сөздерді жалаң қолданбайды, олардың алды-артын «оңбаған», «қара ниет», «ит» секілді небір былапыт сөздермен орап, көмкеріп отырады. Бұлардың бәрі, әрине, большевиктік әдеби тілдің табыстары саналады. Большевиктердің өз жауларына тағып келген ат пен айдарына жаңа күшейткіш сөздер қосуына қарап, біз өзіміз өкілдік ететін «Яш Түркістан» арқылы таратып келе жатқан ұлттық идеяларымыздан қызыл Мәскеудің зәре құты қашып отырғанын анық байқаймыз. Бұған дәлел ретінде Қазақстан Коммунистік партиясының 1937 жылғы 7 қаңтарда еткен жалпы жиналысында «Ұлтшылдық мемлекет үшін қауіпті түс алып кетті» деп шығарған қаулысын келтірсек те жеткілікті. Большевиктер бізге қандай айып тағады? Біздің Түркістанда орыс пролетариата диктатурасына қарсы келген іс - әрекетіміздің бәрін қылмысқа жатқыза отырып, большевиктер оны былайша сипаттайды. Мектеп бағдарламасы орындалмай жатса, мұғалімдер Мәскеу тарапынан жүктелген міндеттерінің үдесінен шықпаса, осының бәріне біз жауапты екенбіз. Бір жерде әлдебір мектеп салусыз қалса, оған да «Яш Түркістан» тарапынан бұйрық беріліп қойған көрінеді. Біз «Яш Түркістан» беттерінде театр директорлары мен әртістерді өнерге қарсы күреске шақыратын көрінеміз. Қазақстанның оқу-ағарту комиссары Темірбек Жүргенұлының жазуына қарағанда, Мұстафа Шоқайұлының жақтасы, Қазақстан театрының директоры Дінмұхамет Әділұлының істемеген жамандығы қалмаған. Сол себепті ол атылған («Казахстанская правда», 37.1.11.). Кеңес ақпарат құралдары беріп жатқан хабарларға қарағанда, бірнеше рет кайта тазартулардан кейін де, жергілікті партия ұйымдары қатарынан Мәскеу диктатурасына қарсы элементтер шығуы тыйылар емес. Тіпті олар тікелей біздің бұйрығымызбен Кеңес үкіметінің іс жоспарларын сәтсіздікке ұшыратып жіберген тәрізді... Біздің агенттеріміз бірқатар кәсіпорындарда біздің нұсқауымызды орындап, диверсия жасаумен шұғылданып, жүмысшыларды уландыруға ұрыныпты т. с. с. Большевиктік насихаттың сиқы, міне, осындай. Екінші бір жағынан қарағанда, олардың айтқандарының бәрін бірдей теріске шығаруға болмайды. Мәселен, біздің «Түркістанды Кеңестер Одағынан бөліп алмақ болатынымыз рас. Оның солай екенінде күмән жоқ. Бірақ осыған тіркеп айтылатын «Түркістанды Жапонияның Манжу Госына айналдыруды көздейді» дегендері шылғи өтірік («Казахстанская правда», 37.01.27.) Біз, әрине, өзіміздің атамекеніміз Түркістанды кеңестік Ресейден де, басқа Ресейден де біржола бөліп алуды мақсат етеміз. Бұл — біздің ұлттық мұратымыз, ұлттық арман-мүддеміз. Біз тек осы идея ғана үшін қызмет етеміз. Атамекеніміздің ішіндегі және сыртындағы барлық ұлттық күштерімізді осы идея төңірегінде топтастыруға барынша тырысамыз. Біздіңше, Түркістан келешекте ешкімнің Манжу Госы болуға тиіс емес. Біз балалық аңқаулықтан, саяси шалағайлықтан әлдеқашан арылғанбыз. Түркістанның ұлт-азаттық күресі ауыр да, азапты да жолдардан өтіп келеді. Бұл күресте біз мемлекетімізді құру мен бекемдеудің алғашқы кезеңдерінде сырттың көмегіне мұқтаж боламыз. Бәріміздің құрметімізге бөленген Садыралдин хан әпендінің бізге арнап жазғандарында атап көрсетілгені сияқты, біз сырттың көмегін Түркістанның ұлттық тәуелсіздігіне нұқсан келтірмеу шартымен ғана алуға тиіспіз. Түркістанның тәуелсіздік мәселесі бұл күнде ешкімге құпия емес. Ол туралы біз «Яш Түркістан» беттерінде үздіксіз жазып келеміз. Ол туралы Сталиннің Алматыдағы агенті, Қазақстан диктаторы, армян ұлтының өкілі Мирзоян да өзінің Мәскеудегі «Большевик» журналында жарияланған мақаласында (37.02.15) өте дұрыс айтқан. Шынтуайтқа келгенде, «Бүгінгі кеңестік Түркістан — бір ғана түрік ұлтына тән Түркістан тұрғындарын ұлыстарға бөлшектеудің нәтижесі ғана», — деген еді Мирзоян мырза. Әрине, қызыл Ереван есектерінің тілегіне салсаңыз, біртүтас түрік ұлты ешқашан болмауға тиіс. Ал бізге, Түркістан түріктеріне, оз бірлігіміз — түрік бірлігі бәрінен қымбат. Бүл біздің таяудағы жылдарға арнап жасаған өткінші бағдарламамыз болмастан, ұлттық өміріміздің болашағы, мемлекеттік құрылысымыздың негізі болуы керек. Оның солай боларына ешқандай күмән жоқ.
1937 ж., №88
ОТАРШЫЛДАРДЫҢ МӘДЕНИ ҚАРУЫ
Көптен бері кеңес баспасөзі беттерінен түспей келе жатқан бір есім бар. Ол — Пушкин есімі, «Пушкиннің өмірбаяны», «Пушкин дәуірі», «Пушкин және декабристер», «Пушкин және бостандық», «Пушкиннің туған жері», «өлген жері», Пушкин... Пушкин... Міне, осылайша Пушкиннің атына байланысты жазылған материалдар бүкіл орыс баспасөзі беттерін ғана емес, орыс емес халықтар баспасөзі беттерін, сол қатарда біздің Түркістан басылымдары беттерін де жауып жатыр. Ол кім? Оның Қазан төңкерісіне, Кеңес үкіметіне сіңірген қандай еңбегі бар? Пушкиннің атасы африкалық қара нәсілден шыққан. Кейбіреулердің айтуларына қарағанда, хабаш (Эфиопия) болса керек. Ұлы атасы Анибалды бірінші Петр патша сатып алып, бір орыс ақсүйегінің қызына үйлендіреді. Сол себепті Пушкин ақсүйектер қауымына енеді... Пушкиннің Қазан төңкерісі мен Кеңес үкіметіне ешқандай қатысы жоқ. Ол тек орыстың ұлы ақыны болғандықтан, большевиктер оның атын өз мақсаттары үшін пайдалануды көздейді... Ұлтшыл, ақсүйек болғаны себепті, осыдан не бары бірнеше жыл бұрын кеңес баспасөзі Пушкиннің атын ауызға алудан қорқатын. Енді, міне, «жел басқа жақтан есе бастады». «Кеңес патриотизмі» желеуі астында орыс патриотизмін, орыс ұлтшылдығын дәріптеу бағыты үстемдік алды. Сонымен, кеңестік патриотизмге кызмет ету үшін жегілген бас тұлғалардың бірі — орыс ұлтшылдарының серкесі - Пушкин болып отыр . Үстіміздегі 1937 жылы, Пушкиннің өліміне 100 жыл толуына орай, Кеңес үкіметі Пушкин мерекесін өткізуге жарлық шығарды. Пушкинді тек орыстардың ғана емес, Кеңес Одағындағы барлық халықтардың ақыны деп мәлімдеді. Сонымен, барлық баспасөз Пушкин туралы жабыла жазуда. Барлық халықтар оны өздерінің «ең сүйікті халық ақыны» деп марапаттауда. Орыс емес халықтардың барлық ақын, жазушылары Пушкин шығармаларын өз халықтарының тілдеріне аударып бастыруға міндеттелді. Олар бірден іске кірісіп те кетті. Біздің түркістандық бір ақын «тіліміз тек Пушкин шығармалары аркасында байып, ажарлана түсті» деп көкіді. «Мәдени бодандықтың» бұдан өткен сорақы түрі, сірә, бола қоймас! Пушкин шынында талантты, бостандық сүйгіш ақын. Алайда ол — орыс ақыны. Осы күнге дейін еуропалықтарға жат саналып келген ол біздің түркістандықтар үшін де жат еді және бұдан кейін де солай болып қала береді. Пушкин езінің болмысы мен рухы жағынан Кеңес үкіметі мен большевизмге де жат. Романовтар әулетінен шыққандар арасында бостандықтың барып тұрған жауы бірінші Николай патша бостандық сүйгіштігіне және осы жолдағы іс-қимылдарына қарамастан, Пушкинді жақсы көруінің себебі - оның ұлы орыс ақыны, славян ұлтшылы болғандығынан еді. Цензуралардың әлегінен құтқару үшін бірінші Николай патша Пушкиннің жазғандарын өзі қарап отырған. Ол Пушкиннің өзіне «Сенің цензурың менмін» деп ашық айтқан да болатын. Енді, міне, бостандықтың Николай патшадан да өткен қас жауы, орыс пролетариат диктатурасының диктаторы Сталин Пушкинді уағыздауда алдына жан салмай отыр. Тегінде, жазушылар мен ақындар әлемге атын жаю үшін ешқандай бір күштеуге мұқтаж емес. Мәселен, Фирдоуси, Омар һайам, Сиғадилар бұған үлгі бола алады. Бүл күнде осы данышпан ақындардың өлеңдерін білмейтін, оны өз тілдеріне аудармаған халықтар кемде-кем. Орыс халқы Пушкинімен мақтануға хақылы. Пушкин де оған тұратын тұлға. Алайда Пушкин мұралары біздің халқымыздың таным-түсінігіне, рухани болмысына ешбір жанаспайды. Сол себепті оның шығармаларын күштеп аудартып, оның есімін балиғатқа толмаған жас ұрпақтарымыздың санасына зорлап сіңіруге бағытталған большевиктік іс-әрекеттер біздің халқымыздың басына орнаған мәдени және ұлттық бодандықтың ең жарқын белгілерінен басқа ештеңе де емес. Орыстың ұлы ақыны Пушкиннің тамаша поэзиясы, міне, осылайша орыс пролетариаты диктатурасының біздің халыққа қарсы жұмсайтын мәдени қаруына айналып отыр.
1937 ж., № 88
КОМСОМОЛ ҚАТАРЫНДА
Соңғы кездері кеңес баспасөзі комсомол қатарын тазалау науқаны жүріп жатқаны жөнінде хабарлар беріп келеді. (Ксерокспен көшіргенде бастапқы бес жолдың кей жерлері түспей қалуына байланысты мазмұнын беріп отырмыз. — А. Н.) «Социалды Қазақстан» газеті «Жастарды Ленин - Сталин интернационализмі рухында тәрбиелейік» атты бас мақаласында (37.02.02) соңғы оқиғаларға байланысты комсомол ұйымдарына жасырынған кеңес жаулары, ұлтшыл элементтер бар екенін айтып жар салуда. Орал қаласында жер-су мекемесінде қызмет атқаратын бірнеше комсомол колхозшылар арасында үкіметке қарсы үгіт таратумен шұғылданған көрінеді. Алматы Тау-кен институтында біреулер Кеңес - Сталин жүйесіне қарсы жазылған саяси әдебиет таратып жүргенде ұсталыпты. Ұлан аудандық комсомол ұйымының хатшысы Байжұманұлы алашордашылар мен бай элементтерді қолдап қана қоймай, ұлтшылдарға қарсы күресті үзілді-кесілді тоқтату талабын қойған. Уәли Ахметұлы деген бір жас қазақ коммунист жастар арасында алашорда идеясын таратумен шұғылданған. Байжұманұлы хатшылықтан алынған. Уәли комсомолдан қуылған. Осылар тектес мысалдарды келтіре келіп, кеңес баспасөзі «Бұлар нені көрсетеді?» деген сұрақ қояды да, «бүл фактілер бәрінен бұрын комсомол қатарының таза еместігі былай тұрсын, басшылық буындардың өзіне «троцкийшіл» және ұлтшыл элементтер кіріп жайғасып алғанын көрсетеді» дейді. Кеңес насихат құралдары комсомолдардың, жалпы партия мүшелерінің де білімі таяздығын коп жазады. Қазақстан Компартиясының партиялық жұмыстарын білмейтіні, оларға партия тарихын, Сталиннің негізгі заңын үйрету керектігі жөнінде уағыздар айтады. Жастар тәрбиесі мәселесіне тоқталып, бұл саладағы жұмыстардың тіпті сын көтермейтінін сөз етеді. Қазақстан өлкелік комсомол жиналысында жастарға большевиктік тәрбие беру туралы арнайы тоқталған Мирзоянның сөзінен ұзақ-ұзақ үзінділер келтіреді. «Мектептердегі және оқу-ағарту мекемелеріндегі жастар арасында Кеңес Одағының жаулары — ұлтшыл элементтер өз идеологиясын таратып жүр. Мұндайға жол берілудің себебі — Мирзоян жолдастың «жастарды Коммуниста рухта тәрбиелеу ісін аз да болса ұмыт қалдырсақ, дұшпандар бүл орайды дереу пайдаланып кетеді деген өсиетін естен шығарып алғандығымыздан», — дейді. Кеңестік насихат құралдарының әуеніне қарағанда, қазақ коммунистері мен комсомолдарының ең негізгі міндеті — барлық күш-жігерді қазақ ұлтшылдығына қарсы күреске жұмылдыру және оның троцкийшілдер, фашизмшілдермен бірге «Жапон империализмінің агенттері екенін» де қалың қазақ қауымына түсіндіру екен.
ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ӨМІРДЕН
Үндістанда 1935 жылдың жазында Британия парламенті бекіткен және басылып шыққан «Үндістан ана ясасы» («Brіtіsh Іndіa Act» - Британия-Үндістан акты) жүзеге асырыла бастады. Қаңтар айынан ақпан айының соңына дейін Үндістанның 11 өлкесінде үлкен парламентке депутаттар сайлау науқаны өткізілді. Сайлаудың толық нәтижесі әзірше белгісіз. Тек ағылшын ақпарат құралдарының мағлұматтарына қарағанда, «Үндістанның ұлттық конгресс партиясы», яғни Үндістанның тәуелсіздік үшін күресушілері 11 өлкенің 6-да басым дауысқа ие болған. Жаңа негізгі заң бойынша, егер өлке парламенттері Үндістан халықтарының «саяси санасының» ескендігін дәлелдей алса, онда Үндістан Ұлыбритания халықтар бірлігінде (Brіtіsh Commonxealth) Канада, Оңтүстік Африка, Австралия... тәрізді еркін мүше, яғни «Доминон» деңгейіне көтерілетін болады. Әрине, Англия басшылары Үндістан халықтарының «саяси санасын» оз елінің, яғни Ұлыбритания империясының мүддесіне сәйкес келетін өлшемдермен айқындағысы келеді. Ал мұндай өлшем Үндістанның ұлттық тәуелсіздігі үшін күресіп келе жатқан күштерді қанағаттандырмайтыны өз-өзінен түсінікті. Сол себепті Үндістан тәуелсіздігін жақтаушы «Конгресс партиясының» сайлауда жеңіске жетуі Англия мен Үндістан арасында жаңа проблемалардың туылуына себепкер болуы әбден мүмкін. Жаңа негізгі заңға сәйкес Үндістанның өлкелік үкіметтері өлкелердегі парламентте көпшілік санды құрайтын партия тарапынан құрылуы тиіс. Жоғарыда келтірілген мәліметке қарағанда, 11 өлкенің 6-да үкімет тәуелсіздік күштерінің тарапынан құрылатын болады. Басқа өлкелердегі үкіметтердің де тәуелсіздік күштерінің көмегіне зәрулігі артады. Осындай жағдайда негізгі заңның талаптарына сәйкес, өлкелік үкіметтер өлкелік уәлилермен тіл табысып кете алар ма? Тәуелсіздік үшін күресіп келе жатқан Үндістан ұлттық Конгресс партиясының бағдарламасы өлке уәлилерімен тіл табысып бірге істеуге қарсы. Өйткені тәуелсіздік күрескерлері өз бағдарламасын жүзеге асырғысы келеді. Ал өлке уәлилері негізгі заңға адал болып қалуға тырысады. Негізгі заң бойынша уәлилер өлкедегі парламенттің азшылық жағынан үкімет тағайындауға немесе парламента таратып жіберіп, бұрынғы тәртіпті қалпына келтіруге құқықты. Дегенмен жаңа негізгі заң талаптары шеңберінде тәуелсіздік күштері ағылшын үкіметімен бірлесіп істеу ықтималы да жоқ емес. Ондай жағдайда тәуелсіздік күштерінің соңынан ерген сайлаушылардың қандай мінез көрсетері белгісіз. Осы айтылған екі бірдей ықтималдан да — тәуелсіздік күштерінің ағылшын үкіметімен бірлесіп істеуден бас тартуынан да, немесе мақұл болуынан да - Үндістан өмірінде жаңа бір саяси кезең басталып келе жатқанын көріп отырмыз. Кейбір француз газеттерінің жазғандарына қарағанда, үстіміздегі наурыз айының соңында Түркия, Иран, Ирак және Ауғанстан үкіметтері арасында өзара көмек туралы келісім-шарт жасалмақ көрінеді. Парижде шығатын солшыл бағыттағы «Оуэр» газеті (34.03.01) соңғы кездері байқала бастаған Түркия - Италия жақындасуын және Франция мен Түркия Искандрия мәселесі төңірегінде айтысқан кезде Кеңес үкіметінің Францияны жақтап шыққанын айта келіп, Түркия – Иран – Ирак - Ауғанстан келісім-шарты Италияның пайдасына және Франция мен Англияға қарсы жұмыс істейтін ең пәрменді фактор деп жазды. Бұл арада «Оуэрдің» Кеңес үкіметіне ең жақын, дос газет екенін естеріңізге сала кеткіміз келеді... Өткен 1936 жылдың 26 тамыз күні Англиямен жасасқан шарт негізінде өзінің ұлттық тәуелсіздігіне қол жеткізген Мысыр енді, міне, Ұлттар Ұйымына мүше болып кіру үшін ресми түрде өтініш жасады. Мысырдың өтініші Ұлттар Ұйымының мамырдағы бас қосуында қабылданбақ. Мысырдың Ұлттар Ұйымына мүшелікке өтуін ең бірінші болып қолдаған ел Польша болғанын айрықша атап көрсеткіміз келеді. Сегіз айдан бері жүріп жатқан Испаниядағы азамат соғысын тоқтату мақсатында Еуропадағы ірі мемлекеттер өзара бәтуаласып бір қарар қабылдады. Осы қарарға сәйкес, Испанияға еріктілер армиясын және соғыс керек-жарақтарын өткізбеу мақсатымен Испанияның құрлық пен теңіз шекараларын Англия, Франция, Алмания және Италия елдері күзететін болды. Осының нәтижесінде Испаниядағы азамат соғысы жалпы Еуропа соғысына айналып кету қаупі бәсеңдеді. Франция баспасөзі беріп отырған мағлұматтарға қарағанда, Испанияда соғысып жатқан тараптарда шетелдердің 100 мыңға жуық ерікті әскері бар көрінеді. Демек, Испания жерінде нағыз халықаралық соғыс социализм және коммунизм мен фашизм және ұлтшылдықтың шайқасы жүріп жатыр. Италия үкіметі Англияның шұғыл түрде қарулана бастағанына жауап ретінде елді бейбіт жағдайда да әскери жұмылдыру халінде ұстап тұруға жарлық берді. Өздерін барынша бейбітшілік сүйгіш етіп көрсетуге тырысып келген Еуропа мемлекеттері енді, міне, жанталаса қарулануға ашықтан-ашық кірісуде. Наурыз айының орта шенінде Италия үкіметінің басшысы Муссолини батыс Африкадағы Италия отарларына сапар шекпек. Осы сапарда Триполидегі араб ханзадасы Салиман деген біреу Муссолиниге араб тұрғындары атынан Ислам қылышын сыйға тартпақ көрінеді... Егер осы шын болса, Триполидегі Салиман ханзада былайғы мұсылман дүниесінің көз алдында діннен безген болып көрінері сөзсіз. Жапония мен кеңестік Ресей қатынасы: Токиодан наурыздың 8-де берілген ресми телеграф хабарына қарағанда, Жапонияның Сыртқы істер министрі Сато парламентте сөйлеген сөзінде: «Жапония мен кеңестік Ресей арасындағы мәселелерді бейбіт жолдармен шешуге болады. Егер Кеңсе үкіметі Коминтернмен байланысын үзсе, онда екі ел арасындағы қатынас шұғыл түрде оңалуы мүмкін», — деп мәлімдеді.
1937 ж., №88
ҰЛТТЫҚ ЕРКІНДІК ЖӘНЕ АЗАТТЫҚ ЖОЛЫ
Өткен айда Ресей төңкерісіне 20 жыл толды. 1917 жылдың 12—16 наурыз күндерінде ескі тәртіп құлап, жаңа тәртіп орнағанын қуана қарсы алған біздер, ол кезде өзіміз зор қуанышпен қарсы алған осы жаңа тәртіп халқымыздың басына бұрынғыдан бетер қасірет әкелерін ойламаған едік. Халқымыздың басына түскен жаңа қасіретті патшаның тақтан тайдырылуымен байланыстыру және патшаның тақтан тайдырылуын оның себебі етіп көрсету тарихты бұрмалап, ақиқатқа қарсы келгендік болып шығар еді. Біздің басымызға түскен жаңа қасіретті патшаның тақтан құлауы әкелген жоқ. Керісінше, қарғыс атқан патшалық тәртіп біздің жаңа қасіретке душар болуымызға жағдай әзірлеп берді. Ресей империализмінің батысына, Еуропаның Балтық теңізі жағалауына орналасқан халықтар арасында орыстардан мәдениеті жоғары болып келген 30 миллиондай тұрғыны бар Польша және шағындау болса да идеологиясы салауатты, саяси санасы жоғары финдер ғана емес, тіпті кішкентай Эстония, Латвия, Литвалар да тәуелсіздігін алып, мемлекетін құрып, нығайып барады. Ескі тәртіптің құлауымен олар «халықтар түрмесінен» құтылды. Сонымен қатар олардың бодандыққа түсіп қалмауына халықаралық жағдайдың оң келуі көмектесті. Біздің төңкерістен кейін қайтадан құлдық бұғауға түсіп қалуымыз патшалық жүйенің күйреуі салдарынан болмағанын осы елдердің өмірі анық көрсетіп тұрса керек. Басқа бір жақтарда, сол қатарда біздің Түркістанда да оқиғалар басқа бағытта дамыды. Біз енді патшалық биліктің мұрагері орыс пролетариат диктатурасының тепкісіне түсіп қалдық... Бұған ең алдымен, әрине, патшалық тәртіп, оның отаршылдық саясаты кінәлі. Патшалық отаршылдық саясат басқа ешбір жерде дәл Түркістандағыдай қатігез болмағанын да естен шығармаған жөн. Орыс патшалығы халқымызды қараңғылық пен надандықта ұстауға, материалдық және рухани жақтан әлсіретуге барын салып бақты. Түркістанды орыс келімсектерімен толтырды. Атамекеніміздің ең шұрайлы жерлерін солардың иелігіне берді. Оқу-ағарту жолына қат-қабат кедергілер қойды. Мекеме басқару істеріне араластырмады. Патшаның құлауымен «ұлттар түрмесінің» есігі ашылды. Амал қанша, біз осы мүмкіндікті дұрыстап пайдалана алмадық. Қараңғы зынданнан жарық дүниеге шыға салып, біз өзіміздің ішкі бірлігіміздің әлсіздігін қатты сезіндік. Сегіз ай бойы (наурыздан қарашаға дейін) қаны, шаруашылық жүргізу тәсілі, тарихы бір халқымызды іштен іріткен індеттерге — надандыққа, көрсоқырлыққа, саяси сауатсыздыққа қарсы күресумен ғана шұғылдандық. Екі жер¬де екінің торт болатыны тәрізді, көзге ұрып тұрған ақиқатты түсіндіру үшін күресіп әлек болғандардың әрекетін көруден асқан қасірет болмаса керек. Біз осындай күйді басымыздан кешірдік. Содан бері жиырма жыл өтті. Атамекеніміздің барлық жерінде оз перзенттеріміздің қаны суша ақты. Өткен күндерді еске түсірудегі мақсатымыз: бастан кешкен қасіреттеріміздің себептерін саралау, халқымызды тәуелсіздікке бастайтын, өз тағдырын өзі айқындауға жеткізетін ең тура жолды анықтап алу болып табылады. Біздің бастан кешірген қасіреттеріміздің себептері, біріншіден, қарғыс атқан патшалық Ресейдің отаршылдық саясаты. Екіншіден, тағы сол патшалық Ресейдің зұлымдығы кесірінен туындайтын өзіміздің әлсіздіктеріміз. Енді, міне, патшалық Ресей келмеске кетті. Алайда ол қалдырған мирастар — біздің әлсіздігіміз, білім, ғылымнан артта қалғанымыз — тез арада жойыла қоймайды. Осы аралықта өткен жылдар текке кеткен жоқ. Артынан болған көтерілістер, өмір сүру, білім алу жолындағы азапты, тіпті кейде қан төгілуге дейін баратын талас-тартыстар барысында жинақталған тәжірибелер халқымызды ғайыптан болатын кереметтерге сенгіштік аңқаулығынан арылтты. Жауларымыздың баспасөздері жай халық бұқарасы арасында ғана емес, тіпті партия ұйымдары ішінде де Кеңес үкіметіне қарсы күштердің күшейіп бара жатқаны туралы байбаламға толы материалдарды көптеп жариялауда. Мұның өзі, әрине, халқымыздың ескі таным-түсініктен біржола құтылып, ұлт - азаттықтың тура жолына түскенін көрсетеді. Тура жолға түскендік жеңіске жету үшін қажетті барлық шарттардың кепілі бола алмайды. Халқымыздың арасында, сондай-ақ мұғажырларымыз ішінде де ешқандай қателеспейтін және халқымызды басқа түскен барлық азаптан құтқарудың барлық жолын білетін «ақылшылар» көп-ақ. Оларды тыңдасаңыз, халқымызды осы заманғы ең қатерлі жолға бастағылары келетінін аңғару қиын емес. Араб елдеріндегі, Үндістандағы және басқа жерлердегі жерлестеріміздің бізге жазғандарынан белгілі болып отырған бұл «жол» туралы бұл жерде егжей-тегжейлі тоқталып жатпаймыз. Біз ата-бабаларымыздың «алыстан арбалағанша, жақыннан дорбала» деген сөзін ұмытпағанымыз жон. Бәрінен бұрын өз қатарымызды, түркістандық бірлігімізді күшейтейік. Түркістанның жұдырықтай жұмылған ұлттық бірлігін Ресейден айырылу үшін күресіп жатқан басқа халықтардың ұлттық майдандарымен тығыз үйлестіре отырып, орыс империализміне қарсы қуатты күш ұйымдастырып, бірге қимылдайық. Орыс империализміне қарсы күрес майданындағылардың ұлтын, дінін, нәсілін, партиясын тергеп - текшемейік, алаламайық. Тек осындай жол ғана бізді ұлттық азаттыққа жеткізе алады... Бұған басқа жолдардың бәрі алдамшы, тұйық... Өзінің ішкі бірлігін нығайта алған халықтар ғана тәуелсіздігіне қол жеткізе алады. Және оны қорғап қала алады. Өз ішінде бірлігі жоқ мұратсыз ұлтты сырттағы күш, ол тіпті қандай жанашыр болса да, құтқара алмайды. Төрт жүз миллион тұрғыны бар Қытай көрінгенге жем болып жатыр. Кішкентай ғана Португалия мен Бельгиялар өздерін Қытайдың билеушілері ретінде сезінеді. Бір есептен ол солай болуға тиіс те. Кішкентай ғана Финляндияны патшалық Ресей біржола бойсұндыра алмағанына да куә болып отырмыз. Осы екі мысал түркістандықтардың көз алдында қашан болсын жарқырап тұрғаны абзал. Ресейдің анадай немесе мынадай бір саяси түзімі оның шет аймақтарына, соның ішінде біздің Түркістанға да сәйкес келетінін айтып жүрген адамдар да табылады. Францияның атақты төңкерісшісі де Санте Беуэден «Франция тағына Борбон, Орлиян, Бонапарттардың қайсысын лайық көрер едіңіз?» - деп сұрағанда, ол ойланбай-ақ: «Мен үшін мойныма кімнің мініп отыруын таңдау маңызды емес, мойныма ешкімді де мінгізбеу маңызды», — деген еді. Біздің жауабымыз да сондай болуы тиіс. Бізге орыстың әрқалай түзімінің қажеті жоқ. Біз өзімізге лайық еркін және тәуелсіз өмір құрғымыз келеді. Бізді азаттыққа және тәуелсіздікке бастайтын ең төте және ең қысқа жол - Түркістан ұлттық майданының ішкі бірлігін барынша нығайту және оны ұлт-азаттығы жолында күрес жүргізіп жатқан басқа халықтардың ұлттық орталықтарымен тығыз үйлестіру. Бұлай болмаған жағдайда азаттық пен бостандық туралы сөз болуы мүмкін емес. Төңкерістің жиырмасыншы жылында осы ақиқатты бір сәт еске алып, зердемізге мықтап түйгеніміз абзал.
1937 ж., №89
КЕҢЕСТІК ТҮРКІСТАН ГАЗЕТТЕРІНДЕ
(Бізге және жалпы Түркістан ұлттық қозғалысына қарсы
жазылған мақалалардан үзінділер)
1. «Небезызвестный предатель казахского народа, руководитель пресловутой буржуазной кокандской автономии, изгнанный с позором из казахской земли, в своем гнусном и жалком эмигрантском журнальчике «Яш Туркестан» мечтает об отторжении Советского Казахстана от великого Союза, о превращении цветущей Казахской Союзной Республики в своего рода Манчжоу-Го японского империализма, проповедует фашистские идеи панисламизма и пантюркизма. Раскрытая недавно история с японским шпионом Бека-рисовым, пробравшимся в Казахстан из-за границы, и ряд других фактов ярко показали, что Мустафа Чокаев не просто пропагандирует гнуснейшие свои идейки, но и посылает сюда свою агентуру. Установлено, что Бекарисов появился в Казахстане в качестве шпиона иностранных держав по прямому заданию этого гнусного предателя казахского народа». (Ильяс Кабулов. «Боевая задача казахских большевиков». — «Казахстанская правда», 18.02.1937.) Бұл жолдардың авторы — Қазақстан Компартиясы насихат бөлімінің меңгерушісі, сатқын Қабылұлы Ілияс. Осы «Казахстанская правданың» 1937 жылғы 24 ақпан күнгі санындағы бас мақаласында «Пятаков - Шокайулының» агенттеріне жоғарыда аты аталған Бекарыстан басқа «Келмансон, Ғабдолла, Нұртай, Наурызбайұлы» қатарлы адамдарды жатқызған. Есімі біздің құлағымызға мүлде жат естілетін «Келмансон» дегенді былай қойып, есімдері жылы естілетін басқалары бізге мүлде таныс емес адамдар. Қабылұлы Ілиясқа және сол тәрізді басқа да сатқындарға мына бір нәрсені қайталап ескерткіміз келеді. Түркістан ұлтшылдарының ой-пікірін таратушы «Яш Түркістанның» мақсаты — тек Қазақстанды ғана емес, күллі Түркістанды Ресейден бөліп алып, тәуелсіз Түркістан Түрік мемлекетін құру. Енді Қазақстаннан Түркістанның басқа бір шетіндегі Түркіменстанға келейік. Мұнда да Түркістан ұлтшылдығы Кеңес үкіметінің үрейін ұшырып отырғанын көреміз. Түркіменстан үкіметі бастығының орынбасары Құрбан Сағитұлы «Туркменская Искра» газетінің 1937 жылдың 26 ақпан күнгі санындағы «Халық жаулары — керітөңкерісшіл ұлтшылдардың көзін құртайық!» атты мақаласында осыдан бірнеше жыл бұрын ГПУ тарапынан әшкереленген «Түркімен азаттығы» деп аталатын бір астыртын ұйымның іс-әрекеті жөнінде айта келіп, осы ұйымның мүшелері Шамұратұлы мен Болат Атаұлы деген кісілердің сөздерінен үзінді келтіреді. Мәселен, Шамұратұлы былай депті: «Біздің мақсатымыз Кеңестер Одағындағы түрік - татар ұлыстарын бірлестіру, оларды Кеңестер Одағынан бөліп шығарып, тәуелсіз буржуазиялық мемлекет құру». (Шамурадов: «Мы имели своей целью объединение всех тюрко - татарских народностей, входящих в состав Союза, с обязательным выходом из Союза и образованием самостоятельного государства».) Болат Атаұлы: «Мақсатқа жету үшін біздің ұйымымыз екі түрлі бағытта әрекет етті, оның біріншісі: сырттан одақтас іздеу және шетелдердің көмегіне қол жеткізу; екіншісі: жаңа күштер ұйымдастыру болатын». (Булат Атаев: «Для достижения своих целей наша организация шла двумя путями: во-первых, искала внешних союзников и поддержку иностранных государств, во-вторых, проводила организацию новых сил»). Ұлттық қозғалыстың Түркіменстандағы қазіргі жағдайына тоқтала келіп, Құрбан Сағитұлы студенттердің астыртын ұйымдары барын айтады. Құдайберді деген бір студент Троцкийдің «1905 жыл» атты кітабын Ленин шығармаларының арасына білдірмей тігіп тастапты. Осы кітабында Троцкий Лениннің төңкерістік теориялары мен практикасын интернационализмге, социалистік төңкеріске қарсы бүлдіруші роль атқарады деп сынағанын естеріңізге сала кетейік. Тағы бір студенттен: «Марксизм классиктерінен қандай шығармалар оқыдыңыз?» — деп сұрағанда, студент: «Менің күресімді» («Меіп Kampf») оқыдым», — деп жауап берген. («...У студентов Худай-Бердыева на занятиях обнаружена книга Троцкого «1905 год», умело вшитая в сборник статьей В. И. Ленина. Когда одному из студентов задали вопрос: «Что вы читаете из классиков марксизма?», он ответил: «Моя борьба». (К. Сахатов: «Разгромить контрреволюционных националистов-врагов народа». — «Туркменская искра», 26.02.1937). «Менің күресім» кімдікі екенін білетін боларсыздар. Ол Алманияның мемлекет басшысы Адольф Гитлердің большевизмге, әсіресе орыс большевизмі мен Кеңес үкіметіне қарсы жазған, Алмания национал - социалистерінің бас кітабы. Күллі Кеңестер Одағында жалғыз түркістандық жігіт большевиктерден тайсалмай тұрып Гитлердің «Менің күресімін» оқыдым дегені — тым ерекше батылдық екенін атап айтуға тиіспіз. Отанымыз Түркістанның және Түркістан түріктерінің жарқын болашағы, большевиктердің жүзіне тура қарап тұрып «Менің күресімді» оқыдым деп именбей жауап қайырған, әлгі арыстан жүректі жас буынның қолында...
КЕҢЕСТЕР ОДАҒЫ ЖӘНЕ КАПИТАЛИСТА ЕЛДЕР
Кеңестер Одағы Ұлттар Ұйымына қабылданудан бұрын большевиктер өздерінің бүкіл әлемге жариялаған және жүзеге асырып келген мақсат - мұраттарына қарамастан, кеңестік жүйенің капиталистік елдермен бейбіт қатар өмір сүре алатыны жөнінде жаза бастаған еді. Кеңес газеттері бетінен капитализмге қарсы төңкеріс жасауға шақырған ұранды материалдар ғайып болды. Отар елдердің империализмге қарсы күрестеріне байланысты «Коминтерн» тарапынан ұйымдастырылатын түрлі конференциялар мен басқа да жиындардың материалдары күнделікті баспасөз беттерінен алынып, арнайы басылымдарға көшірілді. Большевиктер бет-бейнесін аса ұқыптылықпен бүркемелеуде. Тіпті Сталин бір американдық тілшімен өткізген әңгімесінде Кеңес үкіметі дүниежүзілік төңкеріс туралы бұрын да насихат жүргізген жоқ деуге дейін барды. Кезінде олар «Зинақорлар одағы», «Империалист тонаушылар одағы», «Капиталист албастылардың социализмге, Кеңес Одағына қарсы соғыс әзірлейтін базасы» тағы басқа да осылар тектес айыптармен айыптап келген Ұлттар Ұйымын енді «Бейбітшілік ұясы» деп атап, оған өздері мүше болып алды. Большевиктердің мұндай өзгерістерге баруы дүниежүзілік төңкерістен баз кешкендігінен емес, немесе капитализм хақындағы теорияларынан бас тартқандығынан емес, тек өздерінің арандатушылық саясаты кесірінен кеңестік Ресейге катер төне бастағанын сезгендігі себепті еріксіз шегініс жасауға, яғни, дәлірек айтқанда, бет-жүзін айлакерлікпен бүркемелеуге көшкені еді. «Демократия жөне фашизмнің күресі» деген мәселе төңірегінде, іс жүзінде болса да, Орта және Оңтүстік шығыс Еуропада ықпалын өткізу үшін екі ел арасындағы әскери дипломатия күресінен туған жалпы Еуропа шиеленісі нәтижесінде большевиктер өздері күткен мақсатқа қол жеткізді. Кеңестік Ресей Ұлттар Ұйымына мүше болды. Большевиктер Ұлттар Ұйымына кірген соң, не істейтіні күні бұрын белгілі болатын. Олардың жоспары екі бағытта жүруге тиіс еді. Біріншісі: Ұлттар Ұйымы ішінен фашизмге қарсы (яғни, Алмания мен Италияға қарсы) демократиялық мемлекеттер майданын құру, екіншісі: либерал - демократизм үстемдік құрып отырған мемлекеттер ішінде коммунист, социалист және демократ партиялардың басын қосып, фашизмге қарсы жалпы бірыңғай майдан —«халық майданын» ұйымдастыру. Франция мен Чехословакия арасында жасалған «өзара көмек шартынан» (Алманияға қарсы бағытталған) басқа, Кеңес Одағының антифашистік бірыңғай майдан құру әрекетінен ештеңе өнген жоқ. Алманияға қарсы ашықтан-ашық әскери одақ түсін алған және Еуропа бейбітшілігіне қатерлі көрінген Кеңес - Франция және Кеңес - Чехословакия шарттары мынандай нәтижелерге әкеліп соқты: 1. Алмания «Локарно шартын» теріске шығарды. 2. Бельгия Англия және Франциямен әскери одақ құрудан бас тартты. 3. Югославия да Франциядан алыстай бастады. Мұның нәтижесінде Францияның мүддесі және Югославия қатысып отырған Кіші Антанта елдерінің бірлігі әлсіреді. 4. Польша, Австрия, Мажарстан, Югославия, Румыния және Болгарстандардың кеңестік Ресейге қарсы бағытталған жаңа одағы қалыптаса бастады. Сонымен, большевиктердің «халықаралық антифашистік» майдан құру идеясы мен іс-қимылдары керісінше нәтижелер тудырды. Яғни қазіргі Еуропада әскери күш-қуаты жағынан бірінші орында тұрған Францияның беделіне нұқсан келе бастады. Сонымен бірге кеңестік Ресейге қарсы жаңа одақтың сұлбасы көрініп отыр. Жекелеген елдегі «фашизмге қарсы халық майдандары» да Мәскеу үкіметінің ойлағанындай болып отырған жоқ. Тұтас Еуропада тек екі-ақ мемлекетте — Франция мен Испанияда — халық майдандары құрыла алды. Испаниядағы «халық майданы» елді он айдан бері қанды соғысқа салып қойғанына куә болып отырмыз. Францияда «халық майданын» құрған коммунистер мен солшыл социалистердің елді төңкерістік жолға қарай итермелеу әрекеттері мұндағы қуатты демократиялық дәстүрдің және тұрғындардың көпшілігін құрайтын орта тап (ұсақ буржуазия) өкілдерінің қарсылығына тап болуда. Англия, Бельгия және Скандинавия елдерінде «халық майдандары» құрыла алмады. Швецияның кейбір кантондарында заңға сәйкес коммунистік партия таратылып жіберілді. Ал Польша, Югославия, Румыния тәрізді мемлекеттерде «халық майданы» деген нәрсенің құрылуы туралы соз болуы да мүмкін емес... Мәскеу үкіметі мен оған адал коммунистік ұйымдардың пайымдауларынша, «халық майдандарын» құрудағы мақсат — демократиялық күштерді қорғап қалу емес, фашизмге қарсы күрес желеуімен капиталистік жүйені талқандау. Жоғарыда айтқанымыздай, капиталистік жүйені өз ішінен бүлдіру жоспары жүзеге аспады. Мұны көрген Сталин енді капитализммен және капиталистік елдермен бітіспес жаудың тілінде сөйлесуге көшті. 3 наурызда өткен Коммунистік партия Орталық Комитетінің пленумында Сталин Кеңестік Ресей мен капиталистік елдердің арақатынасы жөнінде айта келіп, «...Біздің партиялас жолдастар Кеңестер Одағының капиталистік қоршауда өмір сүріп отырғанын естерінен шығарып алғандар... Капиталистер арасын¬да өмір сүру оңай іс емес. Бұл бізге аса қолайсыздықтар мен қиындықтар тудырады... Өзара бір - бірлеріне шпиондар жіберіп отыратын капиталистік мемлекеттер дүние жүзіндегі жалғыз социалистік елді аясын ба?! Олар шпиондарын бізге бәрінен көп жіберіп, бүлдірушілік әрекеттермен шұғылдануда. Капиталистік елдердің Кеңес Одағына қарсы жоспары - оған шабуыл жасап жойып жіберу, ең кемінде күш-қуатын әлсірету... - Сталин сезін онан әрі қарай сабақтай келіп: ...маңайымызды капиталистік мемлекеттер қоршап тұруы себепті, біздің ішімізде де алуан түрлі шпиондар, бүлдіруші элементтер және қаскөйлер болуы айдан анық емес пе?» — дейді («Правда» және «Известияның» 37.03.29 санында). Шынтуайтқа келгенде, Сталиннің «Кеңестік және капиталистік жүйе өзара бейбіт қатар өмір сүре алады» дегені капиталистік дүниені алдау үшін айтылған суайттық екені ап-анық көрініп тұрған жоқ па?
1937 ж., №90
КЕҢЕСТЕР ОДАҒЫНДАҒЫ ҰЛТТЫҚ МЕМЛЕКЕТ МӘСЕЛЕСІ
Украина – Түркістан - Кавказия халықтары достық комитетінің өтініші бойынша атақты тарихшы және ұлт мәселесімен көптен бері арнайы шұғылданып келе жатқан украин ұлтының өкілі Максим Антонович Славинский 8 мамыр күні Парижде орыс тілінде «Кеңес Одағындағы ұлттық мемлекет мәселесі» деген тақырыпта бір маңызды лекция оқыды. Париж жағырафиялық коғамының салтанатты залы келушілерге лық толған еді. Лекция тыңдауға келген санаулы орыстардың арасында Ресейдегі бұрынғы уақытша үкіметтің бастығы А. Ф. Керенский де отырған. Орыс газеттері өз тілшілерін жіберген болатын. Жиналыстың құрметті орнында «Достық комитетінің» төрағасы, Грузияның Париждегі бұрынғы елшісі Чиханкели, оның жанында комитет төрағасының орынбасары Шоқайұлы Мұстафа бек және Украинаның бұрынғы Сыртқы істер министрі А. Шульгиндер жайғасқан. Залдағы орыстар арасында бұл бас қосуды Украина – Түркістан -Кавказия ұлттық бірлігінің Ресейге қарсы бағытталған кезекті бір әрекетіне балаған сыбыс тарай бастады... Славинскийдің лекциясы терең мағыналы, тартымды болды. Украина, Түркістан, Кавказия және олармен бірге ұлттық тәуелсіздігі үшін кеңестік Ресейге қарсы күресіп келе жатқан халықтар мәселесі бір елдің ішінде азшылыққа айналып қалғандардың құқықтарын қарастыратын «ұлттық мәселемен» өлшенбейді. Олай болатын себебі: Украина, Түркістан, Кавказия және бүгін Кеңес Одағы тепкісінде жатқан басқа да халықтар мемлекет ішінде өздерінін жағдайларын жеңілдету тұрғысынан бейбіт талаптар қойып отырған жоқ. Олар Кеңестер Одағынан, дұрысы Ресейден біржола бөлініп шығып, өздерінің ұлттық мемлекеттерін құру жолында күрес жүргізіп отыр. Біздің халықтарымыз аз санды емес, ірі ұлттар қатарына жатады. Кеңестер Одағы ішінде өздерінің этникалық тұтастығын күшпен сақтап келе жатқандарын жақсы біледі. Жай ұлттық мәселе мен ұлттық мемлекет мәселесінің өзгешелігі, міне, осында. Славинский өз лекциясын: «Шығыс Еуропаның бұрынғы патшалық, қазіргі кеңестік Ресей тепкісінде келе жатқан бір бөлігінде ұлттық мемлекеттер құру үшін жүргізілген күрес жалғасып барады» деген сөздермен бастады. Шешен бұдан соң осы күрестің 1917 жылға дейінгі жағдайына тоқталды. Бұл кезенді Славинский былайша суреттейді: «Мемлекет басқа - ру шекаралары Ресейге қарайтын кейбір халықтарды басып - жаншып жүргізілген еді. Украиндықтар, Түркістан түріктері және басқа кейбір халықтардың бір бөлігі Ресейдің сыртында қалып, олардың өзара ұлттық байланыстары әлсіретілсе, тағы бір жағынан олардың Ресей ішіндегі бөлігі әкімшілік басқаруларға сәйкес Түркістан генерал-губернаторлығы, Дала уәлаяты, Бұхара, Хиуа хандықтарына бөлшектенген Түркістан түріктерінің жағдайы бұған анық дәлел бола алады... Мемлекет ішіндегі үстем ұлт — ұлы орыстарға келсек, ол елде көпшілік бола алмағанымен бірге, мәдениет жағынан да біраз халықтардан төмен еді. Мемлекет басқару тәртібі де отарлық езгідегі орыс емес халықтарға үрей тудырып отыру тұрғысынан жасалған. Соның ішінде әсіресе қауіптісі — орыс емес халықтардың жеріне орыс мұжықтарын орналастырып, жергілікті тұрғындарға оз ана тілінде мектеп ашуға, бала оқытуға тыйым салынуы еді. Осындай озбыр саясаттың нәтижесінде Ресейде дүниенің басқа ешбір жерінде болмаған бір ұлттың екі түрлі зиялылары қалыптаса бастады. Орыс мектептерінде оқып, орысша тәрбие алған орыс емес ұлт зиялылары, өздері меңгерген ғылым-білімдерін туған халқының игілігіне жұмсай алмай, орыс зиялыларының тобын көбейтіп, орыс білімін толықтыру үшін қызмет етті. Сонымен нағыз орыс империумі мағынасында емес, бір ұлттың өз ішінен шыққан империум зиялылар тобы түзілді... Империум зиялылар тобы арасында өзара мықты байланыс жоқ болатын. 1905 жылғы 1-ші орыс төңкерісі дәуірінде «империум зиялыларының» орыс емес бөлігі өзінің ұлтшылдыққа бейім екенін байқатты. 1917 жылғы төңкеріс «империум зиялылар» қатарының ұлттық тармақтарға бөлінуіне жол ашып берді. Орыс емес ұлттың орысша оқыған азаматтары өз ұлттарына қарай бет бұрып, Ресейден бөліну жолына түсті. 1917 жылдың тамыз айында орыс және орыс емес зиялылар (земірелер) арасындағы қайшылық шиелінісе келе Ресей мемлекетінің тұтастығына қауіп төндіре бастады. Ал большевиктер үкімет басына келісімен, орыс емес өлкелердің «автономия», «федерация» тәрізді мемлекет құрылымын сақтап қалуға деген ұмтылысына үзілді-кесілді тосқауыл қойылды. Орыс емес халықтар қарулы, қанды күрестермен қарсы алған большевизмді орыс халқы күрессіз қабылдады. Большевиктерге, ақтарға және демократиялық деп аталған Ресейге қарсы өрістетілген қанды күрестер орыс емес халықтар және олардың зиялылары мен орыс халқы және олардың зиялылары арасында түсіністікке ешқандай орын қалмағанын ашық көрсетіп берді. Бір мемлекет ішінде бірге өмір сүру мүмкіндігі бітті... Кеңестер Одағын құру және соның атынан жүргізілетін «ұлттық саясат» орыс емес халықтардың алды-артын орап тастаудан басқа ештеңе де емес болатын. Солай дегенмен де, кезінде Кеңестік Республикалар Одағының құрылуы орыс емес ұлттардың болашақ мемлекеттік құрылымы үшін қажет болатын алғышарттарды әзірлеуге септігі тиді. Орыс емес халықтар бұқарасының пікірінше, ұлтшылдықтың күшеюімен бірге бұрын болмаған ұлы орыс ұлтшылдығы да төбе көрсете бастады. Большевиктердің «тілі басқа, діні бір» негізінде жаңа «империум зиялылары», тіпті «империум ұлтшылдығын» жасау жолындағы тәжірибелері сәтсіздікке ұшырағаны жөнінде баяндамашы Славинский Украина, Кавказия, әсіресе Түркістандағы «ұлттық большевиктердің» Мәскеуге қарсы жүргізіп отырған күрестерінен дәлелдер келтірді. Баяндамашы мынадай қорытындыға келді: «Ең дұрысы екі жақ - орыс және орыс емес ұлттар бір-бірінен ұрыс - керіссіз, бейбіт түрде айырылып кеткендері жөн болар еді. Мұғажырдағы топтар орыс емес ұлттардың болашақ мемлекеттері мен Ресейдің бейбіт қатар өмір сүруі үшін қажетті кейбір тетіктерді жасауға көмектесер еді. Бірақ оған үміт арту қиын. Өйткені империалистік шамшылдық тез арада оп-оңай жойыла салатын нәрсе емес. Күрес жолы ауыр. Қан төгілуі де мүмкін... Орыстар мен орыс еместер арасында қан коп төгілген. Төгілген қан ұмытылмақ емес. Қан төккен халық ұлттық тәуелсіздік алмай қоймайды». Баяндамашы сөзін, міне, осылай деп аяқтады.
* * * Славинскийдің баяндамасы ғылыми негізге құрылған еді. Осы баяндамадан соң, Украина, Түркістан, Кавказия және Кеңестер Одағындағы басқа да өлкелерге арнап жеке - жеке баяндамалар жасалатын болады. Өзін бейтарап ұстауға тырысқан Славинскийдің баяндамасы бұдан кейінгі баяндамалардың жолашары іспетті болуы себепті, жекелеген өлкелер жөнінде нақтылы мағлұматтар берген жоқ. Тек орыстар арасынан қарсы сөйлеушілерге жауап берген кезде Славинский Кеңес үкіметінің Түркістанда жүргізіп отырған отаршылдық - империалистік саясатынан фактілер келтіріп өтті. Славинскийдің баяндамасына орыс басылымдары болмашы ғана орын берді. «Последние новости» (37.05.12) және Керенскийдің «Новая Россия» журналы (37.05.23) баяндамаға орай мақала басты. Кеңес Одағындағы ұлттық мемлекет мәселесіне байланысты Милюковтың газеті («Последние новости») не жазатынын біз жақсы білеміз. Милюков бүл күнде Кеңес үкіметінің сыртқы және ұлттық саясатының шапағатына бөленген. Милюков Кеңес үкіметін сөксе, екі мәселеде ғана сөгеді. Біріншісі: сыртқы саясатта өз беделін жеткілікті дәрежеде қорғай алмай отыр дейді (мәселен, Жапонияға қарсы тұруда), екіншіден, ұлт мәселесінде орыс емес ұлттарды тым еркінсітіп жіберді деп есептейді. Кеңестік Республикаларға қағаз жүзінде болса да бөлініп шығу еркі берілгенін Милюков Ресейдің болашағына аса қауіпті фактор деп санайды. Керенский сәл басқаша қарайды. Ол да, әрине, Ресейдің бөлшектенуіне қарсы. Дегенмен, Керенский Кеңестер Одағындағы халықтардың ұлттық психологиясында төңкеріс жылдары пайда болған өзгерістерді көріп, сезінген. Керенский орыстарды да, орыс еместерді де қазіргі кезде Лондондағы бас қосуға жиналып жатқан «Британия халық бірлігі» конгресінен үлгі алуға шақырады. Украина, Түркістан, Кавказия халықтары достық комитет! тарапынан ұйымдастырылған Славинскийдің баяндамасына жауап ретінде Керенский ортаға қойған бір мәселе хақында біз «Яш Түркістанның» алдағы сандарының бірінде арнайы тоқталатын боламыз.
1937 ж., № 91
КЕҢЕС СТАТИСТИКАСЫНЫҢ ӨТІРІКТЕРІ
Дүние жүзінде дәл Кеңес Одағындай статистикашыл бірде-бір ел жоқ. Сондай-ақ Кеңес үкіметінің статистикасындай жалған, алдамшы, суайт статистиканы да жер бетінен таба алмайсыз. Кейде бір автордың бір мәселе төңірегіндегі статистикалық мәліметтерінен екі түрлі қорытынды шығаруға болады. Мәселен, Кеңес Одағы халық шаруашылығы орталығының органы «План» («Жоспар») журналының үстіміздегі жылғы 3-ші санында басылған кеңес статистикашысы Месяцевтің сандарға лық толы «1937 жылдағы ауыл шаруашылығы» атты мақаласын алыңыз. Месяцевтің мақсаты еш жерде жарияланбай, жасырып қалынған 1936 жылғы егін өнімінің мөлшерін анықтау еді. Әрине, жасырып қалынған сандарға негізделіп болашақ үшін дұрыс статистикалық мағлұмат белгілеу большевик сарбаздарының да қолынан келмейтін іс. Ол үшін кеңестік статистик ғалым Месяцевтің 1937 жылғы егін өнімі жөніндегі «көріпкелділігін» қоя тұрып, оның 1936 жылғы егін өнімі жөніндегі ақиқатты бұрмалап тұрған өтірік мағлұматтарына назар аударайық. Месяцев келтірген кейбір санды мәліметтерден 1936 жылғы егін өнімі 748 млн центнер болса, тағы бір жерде 840 центнерден көбірек деп көрсетеді. Көріп отырсыздар, бір адамның бір материалында бір мәселе жөнінде екі түрлі мағлұмат беріліп отыр. Мына бір мәселеге де назар аударған жон. Ұлттар Ұйымы тарапынан ай сайын жарияланатын дүние жүзілік статистикалық мағлұматтарының жинағынан Кеңес Одағының үстіміздегі жылдың өткен айлар ішінде өндірген өнеркәсіп, автомобиль, қағаз ақша және алтын қорына қатысты мағлұматтарды кездестірмейсіз . Мұның өзі Кеңес Одағы жоғарыда айтылған салалардағы шындықты дүние жүзі жұртшылығынан жасырып қалуға мәжбүр болғанын көрсетсе керек.
1937 ж., №91
БОЛЬШЕВИКТЕРДІҢ ҚҰТЫРЫНҒАН ШАБУЫЛДАРЫ
Большевиктер бізге қарсы құтырына шабуыл жасауда. Олардың шабуылы Қазақстан баспасөзі беттерінде көбірек көрінуде. Оның неге бұлай болып отырғанын аңғару қиын емес. Кеңестендіріліп жатқан Моңғолияның шекарасына жақын орналасқан Қазақстан — Кеңестер Одағының маңызды әскери - өнеркәсіп ошақтарының бірінен саналады. Жапониямен арада соғыс бола қалған жағдайда Кеңес Одағы Түркістанның осы тұсына өте-мөте алаңдайды. Большевиктер: «Қазақстан шекараға жақын республика болуы себепті, Кеңес жаулары оған көз алартып, жан-жағынан шпиондар жіберіп жатыр» деп байбалам салуда. Олардың «жау» деп отырғаны кімдер? Большевиктер оған біздерді жатқызып отыр. «Казахстанская правданың» 37.04.22-ші санында «жеңілген ұлтшылдар сатқын троцкий - зиновьевшіл фашистермен бірлесіп Жапонияның әскери топтарына жалданып, олардың тапсырмасын орындап келеді» деп жазады. Большевиктердің кезекті бір «саяси науқанына» сәйкес ойдан шығарған жалаларына бола уақыт шығындап отырудың қажеті де жоқ. Осыдан біраз бұрын Кеңес үкіметі бізді Англия, Франция әскери топтарының жалданбалы агенттері деп айыптаған болатын. Ол науқан өтті. Бұл күнде Кеңес үкіметі Франциямен дос. Ал Англияның соңынан қалмай, етегіне жабысып жүр. Енді Кеңестер Одағы өзінің бірінші нөмірлі жауының бірі ретінде Жапонияны нысанаға алуда.. Сол себепті большевиктер бізді Англия мен Францияның бюджетінен шығарып, жапон фашистерінің «бюджетіне» теліп отыр. Большевиктердің осыншама арсыздықпен жапқан жалаларынан белгілі бір қорытынды жасауға болады. Мұның өзі, олардың өздері де айтып жүргеніндей, Түркістанда ұлтшылдық әрекеттер күшейіп, «мемлекеттік қауіпке» айнала бастағанынан дерек береді. Түркістан ұлттық қозғалысын біз ойлап тапқан жоқпыз. Патшалық Ресей дәуірінде пайда болып, большевиктер үкімет басына келген соң күшейе түскен Түркістан ұлттық қозғалысы соңғы кездері орыс большевиктерінің ұлы орыстық патриотизмі науқанына байланысты бұрынғыдан бетер ұлғайып, Кеңес үкіметіне қауіп төндіретін тегеурінді күшке айналғаны рас. Кеңестік империализм туралы тынбай жазып, оны өлтіре әшкерелеп, түркістандықтарды ұлт-азаттық күреске шақырып және тағдырдың жазуымен осы күресте ту көтеруші болып келе жатқанымыз себепті, большевиктер Түркістандағы Кеңес үкіметіне қарсы барлық іс-қимылдардың жауапкершілігін біздің мойнымызға жүктегісі келеді. «Яш Түркістан» және оның бас редакторы болмағанда, Түркістан түріктері орыс кеңес тепкісін үнсіз қабылдап, Түркістанның Ресейге бодан болғанын қуанышпен тойлайтындай көрінеді большевиктік насихаттың жазғандарынан. Біз тек оз халқымыздың ғана перзенттеріміз. Біз ұлттық ар -намысымыз қабыл көрген және атамекеніміздің мүддесі үшін пайдалы деп таныған істерімізбен ғана шұғылданып келеміз. Біз бұрын Англия мен Франция әскери топтарымен ешқандай бір байланыста болмағанымыз сияқты, бұл күнде Жапония әскери топтарымен де ешқандай байланыста емеспіз. Ал біздің троцкий - зиновьевшілдерге деген «сүйіспеншілігіміз» сталиншілдерге деген деген «сүйіспеншілігімізден» онша ұзап кетпейді.
Қанша пәрменді көрінгенімен де, тек «жалаңаш» жалалар жеткіліксіз. Оның залалын арттыру үшін оған негіз боларлық «оқиғалар» мен «тарихи тамырлар» табуға тура келеді. Қажетті оқиғалар дайын: 1. Өнеркәсіп салаларындағы өнім өндірудің жаппай дерлік сәтсіздікке ұшырауы. 2. Большевиктердің көзіне біздің адамдарымыздың бейне партия мен үкіметтің барлық мекемелеріне жайғасып алғандай болып көрінуі. 3. Кеңес жоғары оқу орындарында Кеңеске және орысшылдыққа қарсы қарсылықтың қауырт күшеюі. 4. Діни үгіт-насихаттың да жандана бастауы. Кеңес баспасөзінің айтуынша, осы торт салада біз көбірек жеңіске жеткен тәріздіміз. Мәселен, Қазақстанның өнеркәсіп орындарының бірде-бірі жылдық жоспарларын орындай алмапты. Жергілікті партия мен үкімет басшылары ұлтшылдарға жәрдемдесіпті, жоғары оқу орындарының студенттері ұлтшылдардың агенттері болыпты. Ал Түркістан түріктері үшін аса қасиетті Қожа Ахмет Йасауи кесенесі діншіл - ұлтшылдардың астыртын бас қосатын мекеніне айналыпты. «Казахстанская правда» мен «Социалды Қазақстан» газеттері былай деп жазады: «Мұстафа Шоқайұлының әмірімен шетелден келген жапон шпионы Бекарысұлы тұп -тура Қожа Ахмет Йасауи мешітіне келіп түскен. Осында бас қосқан керітөңкерісшіл ұлтшылдарға зиянкестікпен шпиондық әрекеттер жүргізу жөнінде нұсқаулар берген (?!)...» Біз бұл оқиғаны растай алмайтынымыз тәрізді, теріске де шығара алмаймыз. Тек олардың шындыққа сәйкес келуін қалаймыз. Енді біз өзіміздің Жапониямен байланысымыздың тарихына келейік. «Біз» дегенде алдымен Қоқан автономияшылдары, одан соң «алашордашылар» деп түсінген жон. Большевиктер бізді қаралау үшін біздің Колчак, Деникин, Дутов және басқа да ақ орыстармен байланысымызды дәлелдеуге өздері қажет санаған барлық материалсымақтарын жариялап болған тәрізді. Қоқан құрылтайы Түркістан автономиясын жариялаған жиналысында Оңтүстік Шығыс Одағы мен Түркістан арасында ешқандай байланыс болмайтынын ашық білдірген болатын. Осыған қарамастан, большевик тарихшылары Түркістан автономияшылдарын «Оңтүстік Шығыс Одаққа кіру туралы шешім қабылдады» деп жазып келеді. Ұлттық Түркістан автономиясының басшысы Батыс Сібірде жүрген кезінде Колчак үкіметі тарапынан тұтқындалып, атып тастауға үкім шығарылған еді. Соны жақсы біле тұрса да, большевиктер Түркістан автономияшылдарын Колчак жағында еді деп шімірікпей жала жабады. Алаш үкіметі — «Алашорда» 1918 жылдың қазанында, Колчак үкімет басына келуден бір ай бұрын, Омбы директориясы жағынан таратылып жіберілген. Бірақ большевиктер сонда да, «Алашорда» басшылары Әлихан Бөкейхан мен Мұхамеджан Тынышбайды Қазақ үкіметі атынан Колчак үкіметімен бірлесіп кызмет етті деп жазуын қояр емес. Біз тарапынан реті келген жерде қашан да тойтарыс алып келе жатқан жалаларды большевиктер енді не көзі жойылған немесе қазір тірі болғанның өзінде жауап қайтаруға мүмкіндігі жоқ адамдарымызға жауып отыр. Өзінің «Казахстанская правдада» жазған мақаласында Феликс атты біреу біздің жапон фашистерімен байланысымызды Әлихан Бөкейханның барон Унгерн фон Штенбергпен (Baron Vngern von Stenberg) қатынасы арқылы дәлелдемек болады. Кезінде патшалық үкіметтің офицері болған барон Унгерн фон Штенберг Кеңес үкіметінің алғашқы жылдарында Моңғолстанда тұрып, ақ орыстардың әскери күштерін дайындап, большевиктердің тынышын кетірген болатын. 1921 жылдың 21 тамыз күні ол большевиктердің қолына түсіп, атып өлтірілген. Унгерннің жазғандары түгел жарияланды. Оның өмірі мен қызметі жөнінде құпия қалған ештеңе жоқ. Енді, міне, 1937 жылдың сәуір айында большевиктер бізді жапон фашистеріне байланыстырған соң, араға 5-6 ай салып барон Унгерн фон Штенбергтің 1921 жылдың бас шенінде Әлихан Бөкейханға жазған хаты дейтін тағы бірдеңе ойлап шығарды. (Барон Унгерн шынында Жапониямен байланыста болғанын естеріңізге сала кетеміз.) Осыған орай алдымен туатын сұрақ: барон Унгерн шынымен Әлихан Бөкейханға хат жазған ба? 1921 жылы «Алашорда» Кеңес үкіметіне қарсы күресін тоқтатқан. Әлихан Мәскеуде болатын. Егер тіпті барон Унгерн Әлиханға хат жазған күннің өзінде, мұны Әлиханға бәлендей бір қылмыс есебінде таңуға болмайды. Өйткені Әлихан казактың және казак жерінін, тағдырын ешқашан барон Унгерннің әрекетімен байланыстырған емес. Феликстің жазғандарына қарағанда, Әлихан мен Мұхамеджан Тынышбайлардың басқаруындағы Қоқан және Алаш автономияларынан түзілген Жетісу және Дала уәлаяттарындағы ұлттық әскерлер жапон офицерлерінің жетекшілігінде болып, жапон қаруларымен қаруланған көрінеді (?!) Міне, бір өңкей осы тектес өтіріктерді бізге таңа отырып, большевиктер бізді жапон фашистерімен байланыстырып тастағысы келеді. Феликстің суайттығы оның мақаласындағы «Әлихан Бөкейхан 1917—1918 жылдары, одан кейінгі уақыттарда да хан тағынан үмітті екенін жасырмайтын» деген сөздерінен тіпті анық көрінеді. Әлиханды өмірі көрмеген, білмеген біреу болмаса, мұндай сандыраққа оны білетіндердің сенуі мүмкін емес. Бір кезде «Еңбекші қазақ» газеті «Мұстафа Шоқайұлы Қоқан хандығын қайта тұрғызу ниетінде еді» деп жазғаны бар. Әлихан Бөкейханға таңылған «хан тағы» мен Мұстафа бекке жапсырылған «Қоқан хандығын тұрғызу» жөніндегі жалаларды большевиктер біздің қозғалысымыздың беделін түсіру үшін, бізді ескішіл идеологияны малданып жүрген өресіз кертартпа жандар етіп көрсету мақсатында ойлап шығарған. «Еңбекші қазақтың» өтірігі көп өмір сүре алмағаны тәрізді, «Казахстанская правдадағы» Әлихан Бөкейханға жапсырылған «хан тағы» хақындағы жала да ұзаққа бармақ емес. Барон Унгерн фон Штенбергтің «хаты» — ол да әлі-ақ ұмыт болады. Ал ешқашан естен кетпейтін, тіпті большевиктерден соң да жадымызда жасай беретін нәрсе бар. Ол — біздің Түркістан түріктерінің ұлттық қозғалысы, Түркістанның тәуелсіздігі жолында опат болған ғазиз жандардың аяулы есімдері мен асыл рухы.
1937 ж., №91
РЕСЕЙДЕГІ ҰЛТТЫҚ МЕМЛЕКЕТ МӘСЕЛЕСІНЕ ОРАЙ
«Кеңестер Одағындағы ұлттық мемлекет мәселесі» жөнінде Славинский жасаған баяндамаға орай жазған мақаламызда («Яш Түркістанның» 91 - санында) осы баяндамадан соң Керенский ортаға қойған бір мәселе бойынша сөз болып отырған тақырыпқа қайта оралатынымызды ескерткен едік. Керенский осы тақырыпқа жазған мақаласында «Кеңестер Одағы аумағында өмір сүріп жатқан ұлттарды тең құқықты ету үшін өткізілетін келіссөздердің негізгі шарттары» деп, төмендегі екі мәселе төңірегінде ойлануға шақырады: 1. Келісімге қатысушы тараптар өздерінің көзқарастарын негіздеген дәлелдер мен дәйектер арасынан қару қолдануды шығарып тастауға тиіс. 2. Келісімге қатысушылардың бәрі де ұлттық мемлекетін, саяси тәуелсіздігін қорғауда тең жағдайда болуы, бірінің ұлттық мүддесіне дұшпан болып отырған әрқалай күшпен екіншісі келісім жасамауы шарт етілуі лазым. Керенский осы ұсынысында одан әрі «орыстар, орыс еместер, тіпті сталиншілдер де (сол кезде) Лондонда жиналатын Британия халықтар одағы империумы конференциясынан ғибрат алуы керек» деп есептейді және оларды соған үндейді. Керенский мен біз бір-біріне қарама-қарсы екі майданда тұрмыз. Біздің атамекеніміз Керенскийдің ұлты тарапынан бодандыққа түсіріліп, қазір соның тепкісінде жатыр. Егер бүгін Ресей оз атымен аталмай, Кеңестер Одағы деп аталып отырған болса, бұл істің мәнін өзгерте алмайды. Біздің еліміз қазір де бұрынғы патшалық Ресей шекарасының ішіне алынғаны сияқты, сол Ресей патшасы құрған мемлекеттің езгісінде қалып отыр. Басқаның желкесінде отырған адам астындағы адамның азабын түсіне бермейді. Сол тәрізді халықтарымыз бастан кешіріп жатқан қасіреттерді Керенский де жете сезінбеуі әбден табиғи. «Тең құқықты ұлттар» туралы айтылған талай сөздердің желге ұшып кеткені және бұдан соң да солай бола беретіні, міне, осыдан. Қашан біздің мойынымыздан орыс империализмінің жүгі лақтырылып тасталғанша, басқаша айтқанда, біздің еңсемізді езіп, бойымызды жаздырмай келе жатқан орыс үстемдігі жоғалғанға дейін бүл жағдай осы күйінде қала беретін болады. Керенскийдің «Кеңестер Одағы шекарасы ішіндегі тең құқықты ұлттар» деп отыруының өзі бұл тақырыпта онымен пікірсайысын жасауға ешқандай бір орын қалдырмайды. Біздің халықтарымыз Кеңестер Одағының болсын немесе бұрынғы Ресейдің болсын шекараларына қатысты мұндай әңгімелерге әсте құлақ аспайды. Кеңестер Одағының шекарасы туралы айтқан пайымдауымен Керенский өзінің басқа бір жағдайлар астында кейбір өткір мәселелерді негіздеуге мүмкін болатын, әр түрлі талқылауларда басшылыққа алынуы тиіс деп есептеген «негізгі шарттарының» да құнын жойып жіберді. Біздің қарсы алдымызда тұрған орыстар, бүгін ол большевик болғанымен де, бәрібір орыс. Қызыл диктатор Сталин, орыстың мұғажырияттағы көрнекті өкілі Милюковтар өз тұжырымдамаларында Россияның «тарихи жеңістері һәм мемлекет шекаралары» қару күшімен құрылды және қару күшімен сақталды деп отырған жағдайда, Керенскийдің біздің өз дәлелдеріміз бен дәйектерімізден қару күші мәселесін шығарып тастауды талап етуі ақылға сия қояр ма екен?! Айталық, Керенский біздің атамекеніміздегі халықтарымызға кеңестік Ресей билеушілері тарапынан ешқандай қару қолданылмайтыны жөнінде кепілдік бере алар ма? Мұндай сұрақтың жауабы ешқашан екі ұшты болуы мүмкін емес. Бұл күнде орыстардың бұғауында отырған біздің халықтарымыз орайы келген тұстарда қолына қару алатыны шүбәсіз. Егер орыстарға құдай ынсап беріп, біздің атамекенімізден өз еркімен шығып кетсе, онда әңгіме басқа. Амал қанша, ондай күнді қиялдау қиын. Демек, қару күші мәселесі өз күшінде қала беретін болады. Біздің атамекеніміз Ресейдің қол астына қару күшімен енгізілді. Және де оларды Ресей қару күшімен ұстап отыр. Ендеше оған қайтарылатын жауап сол қару күшімен берілуі әбден табиғи. Енді Керенскийдің ұсыныстарындағы екінші мәселеге — саяси құқық, ұлттық тәуелсіз елдердің мүдделерін тең тұрғыдан құру және біреуінің өмірлік мүддесіне жау күштермен екінші біреуі келісім жасамау жөніндегі тұжырымдамасына келейік. Тарихи дамуымыздың қазіргі кезеңінде орыс емес халықтардың мемлекеттігі мен тәуелсіздігіне жау жалғыз ғана ел — Кеңестер Одағы. Ендеше біз онымен ешқандай келісімге келе алмайтынымыз өз-өзінен түсінікті. Ол — ол ма, біз Кеңестер Одағының жыртысын жыртып, оның шекараларының мызғымастығы жөнінде сәуегейсіп жүрген кез келген елмен, мейлі, ол батыстық болсын, мейлі, шығыстық болсын, келісе алмаймыз. Бұл күндері біздің мемлекеттерімізде ұлттық тәуелсіздік мәселесі былай тұрсын, саяси және ұлттық бостандықтың ең қарапайым нышандары туралы соз болуы мүмкін емес. Біз бостандық пен тәуелсіздікті жеңіп алуға мәжбүр болып отырмыз. Содан соң біз ұлттық тәуелсіздігімізді құрметтеп қана коймай, бізбен тең тұрғысы келетін күштермен ғана келісім жасау жөнінде пікір алысулар өткізуге әзір екенімізді мәлімдейміз. Өз ұсынысында Керенский біздің алдымызға көлденең тартқан «Британия халықтар одағы» түрінде бірдеңе құру мүмкіндігі болғанда, ол туралы әңгіме қозғауға тұрар еді. Ресей шекарасы ішінде Ресейдің өзімен бірлесе отырып, Британия одағы тәрізді одақ құру, сірә, мүмкін бола қояр ма екен?! Біз оны мүмкін емес деп, үзілді-кесілді теріске шығарамыз. Біздің халықтарымыз орыс отаршылдарының езгісінде отырған және оған қарсы күрес жүргізіп жатқан кезде мұндай қиялдарға берілу орынсыз болып қана қоймай, аса залалды да. Егер Ресейде шынымен Британия халықтар одағы тәрізді бірдеңе құру мүмкін болса, онда кейбір халықтар үшін ұлт-азаттық күресі күн тәртібінен түсіп қалған болар еді. Өйткені Британия империуміндегі Канаданың жағдайын алсақ, бұл ел қай жағынан алғанда да, Еуропа мен Америкадағы шағын мемлекеттерді былай қойып, Австрия мен Чехословакия тәрізді іргелі мемлекеттерден де әлдеқайда жоғары. Ресеймен Британия халықтар одағы тәрізді құрылым жасау мүлде мүмкін емес. Мұндай қиялға берілгендер Британия халықтар одағына біріккен елдердің бәрі дерлік англо - саксон нәсілінен екенін естерінен шығарып алады. Канада, Австралия, Оңтүстік Африка, Жаңа Зеландия — олардың бәрі де англо -саксон нәсілі мәдениетінің ошағына айналып гүлденген жерлер. Британия халықтар одағы — Британияның мемлекеттік және саяси мәдениетін таратады. Ал мұндай мәдениет орыс халқында жоқ. Ағылшындар мен орыстардың ұлттық мемлекеттігінің мәнінде, менталитетінде, құрылымында өзгешеліктер коп. Ағылшындар, ең алдымен, саны онша көп болмаған саудагер халық. Олар өздері бодандыққа айналдырған халықтарының жерлеріне көшіп барып, ол жерлерді біржола қосып алуға ұрынбайды. Ағылшындарда миллиондаған жұмыссыздар барын білеміз. Ағылшын үкіметі осы жұмыссыз жүрген тұрғындарының бірде-бірін өз отарларына еріксіз апарып қоныстандырған жоқ. Ресей — мүлде басқа. Орыс халқының басым көпшілігі шаруалар. Орыстардың саны да коп. Олар көшуден де жалықпайтын көшпенді — мұғажыр отаршылдар. Қашан да орыс солдатының соңынан орыс мұжығы ілесіп отырады. Басып алынған жерде орыс билігі орнаған соң-ақ, пұшайман халықтың жері тартып алына басталады. Британия халықтар одағы құрылымындағы басты фактордың бірі — еркін сауда байланысы болса, орыс халқының әдеті — басқалардың жерін басып алумен қоймай, оны орыстың жеріне айналдырып жіберуді көздейді. Сол себепті осындай жолмен біріктірілген мемлекет ішінде ұлттардың ерікті түрдегі тең құқықты одағын құруға ешқандай орын қалмайды.
«СОЦИАЛДЫ» МА, ЖОҚ, ӘЛДЕ «СОЦИАЛИСТІК» ПЕ?
Кеңестер Одағы Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің үстіміздегі жылғы 23 сәуірде қабылданған қаулысына сәйкес, Қазақстан және Қырғызстан өлкелік партия ұйымдары «тәуелсіз» Коммунистік партиялар дәрежесіне көтерілді. Қазақстан мен Қырғызстан автономиялы республикалардан тәуелсіз республикаларға айналған соң, осыған орай «Социалды Қазақстан» газеті 1 мамырдағы № 99 санынан бастап өз атына өзгеріс енгізіпті. Бұдан былай ол енді «Социалды Қазақстан» емес, «Социалистік Қазақстан» болып аталмақ. Қазақстандағы қызыл ақымақтардың «социалды» дегені сияқты, «социалистік» деуі де түрік тілі тұрғысынан орынсыз. Дегенмен, «Социалдыға» қарағанда «социалистік» деуі олардың аз да болса алға басқандығын көрсетеді. Түп төркіні француз тілінің грамматикасында жатқан «тік» соз аяғы Анадолы түріктерінің диалектісіне көбірек енген. Оны соңғы кездері біздің өзбек «ұлттық» коммунистері де жиі қолдана бастады. Мәселен, олар енді Өзбекстан Кеңестік Социалистік Республикасы деп жазатын болды. Біздің түрік тілінің ережесі бойынша «Өзбекстан, Қазақстан... Кеңес Социалистік Республикасы» болып жазылуға тиіс. Сол себепті «социалистіктің» «социалдыға» қарағанда тәуір болатын себебі — біздің тілімізге келмесе де, әйтеуір түрік диалектілерін қабылдағанында болып тұр. Қазақ түрік «ұлттық коммунистерінің» «автономиялы» Республикадан «тәуелсіз» Кеңес Республикасына өтпей жатып көрсеткен бұл ерлігі Түркістанның бүгінгі ұлттық саясатында еркіндіктің бір елеулі нышаны саналса керек.
1937 ж., №92-93
СТАЛИН СОЦИАЛИЗМІ - ТОНАУШЫЛЫҚТЫ
ҚАМТАМАСЫЗ ЕТЕТІН САЯСИ ЖҮЙЕ
Кеңестер Одағында орнаған Сталин социализмі — үкіметтің халық бұқарасын қанап -тонауы үшін қызмет ететін саяси жүйе екені ешкімге құпия емес. Ленин өз социализмін мемлекеттің бұрын жиналған байлық қорына сүйеніп құрған болатын. Оның көбі орынсыз жұмсалып таусылды. Мемлекеттің жаңа қазынасын молайту зәрулігі туды. Социализм оны молайта алмады. Тұйықтан шығу үшін Ленин шаруаларға еркін кәсіппен шұғылдану мүмкіндігін беріп, оны Жаңа экономикалық саясат (орысша қысқартылып НЭП) деп атады. НЭП - тің онды нәтижелерін көрген Сталин шаруаларды кулак, орташа, кедей деп бөліп жатпастан, жаппай қудалауға ала бастады. Өйткені Сталиннің ұжымдастыруы шаруа қожалығын жаппай тонауды көздейтін шара болатын. Осы шараға сәйкес ұжымдастырылған барлық шаруа қожалықтары большевик партиясының бақылауына өтті де, партияның экономикалық жоспарларын орындауға жегілді. Төңкерістің бас кезінде социализм үшін буржуа — мүлік иелері талауға түскен болса, енді социализм үшін еңбекші халық бұқарасы талан-таражға түсті. Кеңес Одағынан басқа ешбір елде ешқашан халық бұқарасы дәл осындай талан-таражға түскен емес. Оған мына төмендегідей дәлелдер келтіруге болады. Большевиктер үкімет басына келместен бұрын, «жалпы халық бұқарасы пайдаланатын алуан түрлі мал-мүліктен салық алу еңбекшілердің мүддесіне қарсы келеді. Мұндай салық күшін жоюы тиіс» десетін. Ал өздері үкімет басына келген соң, «социалистік мемлекеттің қаржысы негізінен мемлекет қожалықтарынан жиналады» деп, мүлде басқа әуенге басты. 1919 жылы 8-ші партия құрылтайы бекіткен бағдарламада осылай деп атап көрсетілген. («КОКП қарарлары мен шешімдері» атты жинақ. І том, 302 — 303-бет.) Енді Кеңестер Одағының 1937 жыл үшін қабылдаған бюджетке байланысты сандық мәліметтеріне бір назар аударып көрелік (Мәскеу газеттерінің үстіміздегі жылғы 15—16 қаңтар сандары). Бюджетте барлық кіріс 98 млрд сом делінген. Онда сауда салықтары 76 млрд 7 млн сом болып көрсетілген. Ол қандай салықтар деп сұрар болсаңыз, жауабы: «астық, ет, қант, май, мата, жер бажысы, темекіден алынатын салықтар» екен.
Жұмысшылар мен шаруалар осыншама ауыр салықтар төлеуге мәжбүр болып отыр. Жақында Кеңес үкіметі өзінің 20 жылдығын мерекеледі. Бүл мереке — осы 20 жыл ішінде халықтың қан - сөлін сүліктей сорған мемлекеттің мерекесі. Социализм атымен халықтың талан-таражға түсіп жатқанын біле түсу үшін ресми түрдегі салықтардан басқа ал¬уан түрлі «мемлекеттік алымдарды» есте ұстаған жон. Осындай алымдардың қаншама тонаушылықпен жүргізілетінін астық мәселесінен өте-мөте анық көреміз. Шаруалардан ең жоғары дегенде әр пұтын (16 кг) І сом 40 — 1 сом 50 тиыннан сатып алған астықты жұмысшы - шаруалардың өздеріне бір килограмын бір сомнан сатады. Астықты большевиктер спекуляция товарына айналдырып алған. 1937 жылғы бюджетке астықтан кіретін кіріс 24 млрд деп көрсетілген. Кеңестер Одағында үстемдік құрып отырған социализмді тонаушы дейтін себебіміз, міне, осыдан. (Мақала аздап қысқартылып алынды. — А. Н.)
1937 ж., №92-93
ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ӨМІРДЕН
Кеңестік Ресейде. 1934 жылы Николаев есімді бір комсомолдың Коммунистік партия көсемдерінің бірі Кировты өлтіруіне байланысты өрістетілген жазалау жорығы әлі жалғасуда. 1936 жылдың тамыз айында Коминтерннің бұрынғы төрағасы Зиновьев, Лениннің орынбасары Каменов және басқа да көрнекті большевиктер жазаға тартылды. 1936 жылдың желтоқсан айында Пятаков және басқалар өлтірілді. Кеңес тілінде жалпы алғанда троцкийшілдер деп аталып келе жатқан «зиянкестер», «халық жаулары және шпиондарға» қарсы күрес көп жағдайда қантөгіспен жүргізілуде. Большевиктерге салсаңыз, «халық жаулары мен шпиондардың» ықпалына түспеген үкімет пен партия қызметкерлері қалмаған тәрізді. Барлық комиссарлықтар, тіпті ГПУ - ға дейін тазалаудан өткізілді. Осы күнге дейін Кеңес үкіметінің ең адал қызметкерлері саналып келген адамдар — комиссарлар, дипломаттар және алуан түрлі жауапты орындарды иеленіп келген шенеуніктер — зиянкес¬тер, халық жаулары т. б. айыптармен жаппай айыпталып, қатаң жазаға тартылды. Еуропа байқаушыларының берген мағлұматтарына қарағанда, осы тектес айыптармен айыпталған партия мүшелерінің саны 700 мыңға жеткен көрінеді. Әр күні 10, 20, 50-ден көзі жойылып жатқан адамдардың нақтылы дерегін ешкім білмейді. Сталиннің осы күнге дейін жаппай жазалауынан тыс қалып келген жалғыз сала — ар¬мия болатын. Өйткені Қызыл армия кеңестік диктатураның ең сенімді, ең адал тірегі есептелетін. Соңғы кезде Кеңес Одағының Еуропада жасалынған бірқатар келісімдерге осы Қызыл армияның айбаты мен қуаты арқасында қол жеткенді. Міне, 11 маусымда Кеңес Одағының маршалы Тухачевкий мен Қызыл армияның атақты 6 генерал қолбасшысы өлімге үкім етілді. Олардың бәрі де шпиондықпен айыпталды. Сталин мұнымен де тынбады. Енді аузын баспасөзге салды. Шпиондар мен зиянкестерді іздеу бүкіл Кеңес Одағы көлемін түгел қамтыды. Кеңестік баспасөздің жетекші серкелері «Правда» мен «Известия» да тексеруден етті. Кеңес телеграф агенттігінің бастығы Долецкий зиянкес, шпион деген айыппен жазаланды. Шығармашылық интеллигенция — жазушылар мен драматургтер т. б. — зиянкестер мен шпиондардың көкесі солар болып шықты. Кеңестік Ресей қол астындағы халықтардың жас кеңес жазушыларын тәрбиелеу мақсатында жұмыс істеген шығармашылық одақтары іс жүзінде «зиянкестер» мен «шпиондарды» дайындайтын орынға айналып қалыпты. Тегі полыпалық коммунист, атақты кеңес журналисі Броно Ясенский де шпион делініп жазаланды. Кезінде кеңес әдеби сыны ең үлгілі шығармалардың қатарында атап келген «Адам өңін өзгертеді» («Человек меняет кожу») атты шығармасы енді, міне, шпиондық шығарма деп айыпталуда. Кеңестер Одағында жүріп жатқан жазалау науқандары дүние жүзі жұртшылығы тарапынан қатаң айыпталуда. Шпиондықпен айыпталып, көзі жойылған кеңес маршалы Тухачевский осыдан бір жыл бұрын Францияға келіп қайтқан. Дос мемлекет армиясы қолбасшыларының бірі болуы себепті, Францияда оған лайықты құрмет көрсетілген. Осыған бола ол Францияның шпионы деп айыпталды. Ал егер Тухачевский Францияның құпиясын Кеңес Одағына айтып қойған болса, онда кімнің шпионы болар еді? Кеңес Одағы басшылығындағы осындай қым-қуыт шатасулар Еуропа мемлекеттерінде қатты алаңдаушылықтар тудырып отырғаны әбден табиғи. Бүкіл ғұмырын төңкерістік істерге арнаған, осы жолда барын салып жанқиярлық жұмыстар тындырған адамдар енді келіп, аяқ астынан, шпион, зиянкес болып шыққандарына өздері де қайран қалуда. Мұның себебін іздеп, бас қатырып жатудың қажеті жоқ. Біз орыс большевиктерінің философиясын зерттеумен айналыспаймыз. Бізге оның қажеті шамалы. Біз тек дүние жүзі жұртшылығының көзін мына бір ғана нәрсеге жеткізгіміз келеді. Орыс большевизміне, басшылары сатқын, шпион аталып, тұрақсыздық жайлаған мемлекетке қарсы халқымызды, атамекенімізді құтқару жолында жүргізіп жатқан біздің күресіміз, сөзсіз, әділетті күрес. Жапон - қытай қақтығысы. Жапония мен Қытай арасында жаңа қанды қақтығыстар туа бастады. Күн шығыс тарап¬та соғыс жүріп жатыр. Екі жақ та қыруар әскери күштер жұмылдырды. Жапондар Пекинді, ішінара Тянцзинді де басып алды. Төңіректі соғыс өрті жалмап барады. Жапон - қытай қатынасының қыр-сырын жақсы білетін «Таң» газетінің шолушылары екі ел арасында жылымықтың нышаны пайда болғаны туралы жаза бастаған еді. Бірақ аяқ астынан соғыс бұрқ ете түсті. Соғыстың тұтануына әлдебір себептердің түрткі болуы екінші дәрежелі маңызға ие мәселе. Ең бастысы — екі ел қатынасы мейлінше шиеленісіп, жар жағасына тірелген болатын. Соғыс солтүстік Қытай өңірінде жүріп жатыр. Жапония бүл жаққа көптен көз тігіп келе жатқан. Солтүстік Қытайдың Шахар мен Хубей өңірінде Жапонияның талабына сәйкес соңғы екі жылдан бері өзгеше бір автономия құрылған. Содан бастап бүл екі уәлаят Қытай жері саналғанымен де, іс жүзінде Жапонияның ықпалына өткен еді. Жапония Солтүстік Қытайдың қалған үш аймағы — Сюань, Шандун және Шаншейлерді де ерекше автономиялы аймақтарға айналдыруды көздейтінін ешкімнен жасырып отырған жоқ. Бұл өңірлер Жапонияда жоқ мақта, темір, көмір, тұз тағы басқа да заттарға өте бай. Бұдан басқа Солтүстік Қытай әскери стратегиялық жақтан да аса маңызды орын алады. Осы өңірде өз ықпалын нығайтып алса, Жапония Манжоу Гоны Қытайдың басқа өлкелерінен оқшаулап ұстауына қолайлы жағдай жасап алатын болады. Оның үстіне ол кеңестік Ресей ықпалында отырған Моңғол Халық Республикасымен турадан тура шектеседі. Оқиғалардың дамуынан көрініп отырғандай, бұл жолғы қақтығыста Жапонияның Қытайды жеңуі әбден ықтимал. Алайда қытайлар жеңілгенімен, өзінің пұшайман халын біржола мойындай қояр ма екен?! Кеңестік Ресей мен жалпы Азия мәселесінде Жапонияға орай айтылып жүрген әңгімелердің түйіні, міне, осы сұрақтың жауабында жатыр. Азия келісімі. Қиыр Шығыста Жапония мен Қытай ара¬сында қарулы қақтығыс өршігені туралы қайғылы хабарлар таралып жатқан кезде, Азияның екінші бір бөлігінен көңіл жұбатарлық хабарлар келіп түсуде.
1937 жылдың 8 шілдесінде Тегеранда Иран шахының Сейіт Абет сарайында Түркия, Иран, Ауғанстан және Ирак өкілдері тарапынан Азия келісіміне қол қойылды. Достық және өзара шабуыл жасаспау жөнінде жасалған мұндай мемлекетаралық келісімдер аз емес. Еуропаның өзінде жасалған осы тектес бірнеше келісімдер бар. Соның бірі — Чехословакия, Румыния және Югославиялардан тұратын Кіші Антанта одағы, екіншісі — Түркия, Румыния, Югославия және Грециялардан тұратын Балкан одағы. Бұл одақтардан басқа еларалық келісімдер тағы бар. Демек, Азия келісімінің маңыздылығы Балкан және Кіші Антанта келісімдері тәрізді болғандығында емес, бұл келісімнің Азиядағы осы құрлықта өмір сүрген ұлттар арасында тұңғыш рет болып отыруында. Барлық елдер келісімдерге сәйкес айқындалған шекаралары ішінде бейбіт өмір сүріп жатқан кезде, бұл елдер бір-бірімен жағаласып, жұлысып келеді. Осы мемлекеттердің көпшілігі күні кешеге дейін оз алдарына тәуелсіз сыртқы саясаты жоқ, жартылай отар елдер болатын. Осман империясының бір бөлігі саналып келген Ирак дүниежүзілік соғыс кезінде Сұлтан Халифатына қарсы бас көтерді. Міне, енді сол Ирак Түркиямен дос елдер қатарында тең құқықты келісім жасап отыр. Біздіңше, осы келісімнің 10 тармағының ең негізгі тармағы 3-тармағы болып отыр. Келісімге қол қойған елдердің ортақ мүдделеріне қатысты болған мәселелерді кеңесіп шешу жөнінде түзілген осы тармақ бәрінен бұрын осы мемлекеттер сыртқы саясатының бір бағытта екенін көрсетсе керек. Біз, әрине, бүл келісімдерді тармақ - тармақтары бойынша қарастыруды мақсат етіп отырған жоқпыз. Олай ету бүл жолы біздің міндетімізге жатпайды. Біз мұны батыс Азиядағы мұсылман халықтары арасында бой көрсете бастаған ұлттық және саяси жетілудің онды нышандары ретінде көріп отырмыз. Палестинаны бөлшектеу мәселесі. Бұл күнде халықаралық оқиғалардың ең бастылары қатарына Палестинаны бөлшектеу жобасын қосуға болады. Палестина шығыс бөлігін ішіне алған түрде Англияның мандатына қарайды. Англия үкіметі Палестинада еврейлердің ұлттық ошағын құруға уәде берген. Және бұл жөніндегі пікірін Ұлттар Ұйымының назарына ұсынған. Осы жоспар жүзеге енді асырыла бергенде, проблемалар да шыға бастады. Еврейлер «ұлттық ошақпен» қанағаттанбады. Араб жері болған барлық Палестина аумағын еврейлердің ұлттық ошағына айналдыру идеясын көтерді. Арабтардың қатты қарсылық көрсеткеніне қарамастан, еврейлерді шақырып әкеліп қоныстандыруға кірісті. Соғысқа дейін Палестинада 50 мыңға жуық еврейлер бар еді. Қазір бұл сан 400 мыңға таяды. Еврейлер дүние жүзіндегі қандастарынан жиналған көмек және Англия үкіметінің қолдауы арқасында Палестинадағы еврейлер ошағы мәселесін шын мәнінде жалпы еврей мемлекеті мәселесіне айналдырып қойды. Арабтар оған қатты қарсылық көрсетті. Екі жақтан көптеген адамның өмірін қиюға әкеліп соққан қанды қақтығыстар болды... (3728, 3722-ші беттері жоқ. Сол себепті М. Шоқайдың бұл материалы қалай аяқталғаны белгісіз. — А. Н.)
1937 ж., № 92-93
ҒАБИТЖАН МАХМУД
Ғабитжан Махмудтың Ташкентте қайтыс болғанынан хабардар болып отырмыз. Бұл қайғылы хабар Ғабитжан Махмудты білетіндердің жүрегін сыздатып, жанын жаралайды. Оны түркістандықтар түгелдей біледі. Тегі қоқандық ол Түркістанның шартарапына мәшһүр адам еді. Ғабитжан Махмудтың атағы әсіресе 1917 жылғы төңкерістен соң бұрынғыдан бетер кең жайыла түсті. Мен онымен 1917 жылғы сәуірде Түркістан әлеуметтік төңкеріс ұйымдарының құрылтайында танысып, достасқан едім. Бүл форумға ол Қоқан өкілі ретінде қатынасқан. Төтенше ұйымдастырушылық қабілеті мен табысты қызметі оны бірден - ақ жұрт көзіне түсірді. Содан бастап Ғабитжан уәлаяттық және өлкелік форумдарымыздың бәріне қатысып жүрді. Қоқандық сауда және жалпы іс басқару органдары да оны жақсы білетін және ерекше құрметтейтін. Қоқан — Түркістанның мақташылық орталығы, ең бай қаласы саналатын. Орыстың ең ірі өнеркәсіп фирмалары мен банкілерінің Қоқанда филиалдары жұмыс істейтін. Сол себепті мұнда сауда мен жұмыс жағынан жұрт назарына іліну онша оңайға түсе қоймайтын. Ғабитжан өзі ағып тұрған шешен адам емес еді. Бірақ әрбір адамның алдымен қолынан іс келетіндігіне, жұмысты атқарғыштығына және қиын түйіндерді шешудің әдіс - амалдарын тапқыштығына көбірек қарайтын. Осы қасиеттері үшін Қоқан тұрғындары Ғабитжанды өте жақсы көретін, жоғары бағалайтын. Оған тағылған «шатақ» деген жанама ат іс жүзінде оның мінез-құлқына тіпті де сәйкеспейді. Ол ешқашан шатақшыл емес еді. Қайта бір жерде шатақ шыға қалса, соны дереу реттеп, жөнге салып жіберетін. Оның қырылдаңқырап шығатын дауысы, коп қызынып айқайлап сөйлеп шаршап-шалдыққан адамның даусын еске салар еді. Ғабитжан Қоқан қалалық басқармасының төрағалығына сайланған. Оның осы орындағы қызметі өте табысты болды. Ол ескі қаланы жаңа қаламен теңестіру үшін көп еңбек сіңірді. Ғабитжанның қала бастығы Гурьевичпен бір жолғы пікір сайысына мен өзім де куә болғанмын. Олар көптен таныс сыйлас адамдар болатын. Пікірталас жаңа қаланың бірнеше көшелеріне тас жатқызу төңірегінде өрбіген. Ғабитжан қала бастығының ойын бөліп жіберді. Ол мәселені жалпы Қоқан қаласының құрылыс істерін жаңаша жүргізу тұрғысынан қоя отырып, көне қаланың көшелерінде тас түгел, шам да жоқ екенін алға тартты. Сол себепті мұндай құрылыстарды ескі қаладан бастау керек. «Біз — сіз екеуміз — көне достармыз. Енді бұдан әрі айтыссақ, арамызды ашып алармыз. Одан да жөнге келейік те, жол құрылысын ескі қаладан бастайық», — деді. Ғабитжанды бұрыннан жақсы білетін Гурьевич маған қарап күле сөйлеп: «Бүл бостан-босқа «шатақ» аталмаған. Мұнымен сөз таластыру қиын. Мұны енді алған бетінен қайтара алмайсың», — деп Ғабитжанның ырқына көнген болатын. Ғабитжан, міне, осындай кісі еді. Ғабитжанды орыс жүмысшылары, әсіресе солдаттар жек көретін. Оның солай болары табиғи еді. Өйткені Ғабитжан олардың біздің халқымызға жүргізіп отырған озбырлықтарына күшті тосқауыл іспетті болатын. Билік большевиктердің қолына өтіп кеткен соң да Ғабитжан өзінің халық мүддесі жолындағы қызметін босаңсытқан жоқ. Ол жаңа төңкеріске біздің көзқарастарымызды жалпы халық бұқарасының көңіл ауанына үйлестіру үшін ұлттық конференция шақыруды жақтады. Қоқанда біз ылғи да Ғабитжанның үйінде жиналатынбыз. Ол үйде біз кейде танды таңға жалғaп мәжіліс құратынбыз. Осындай бас қосулар кезінде Ғабитжан қашанда жаңа идеяларымен, ой-пікірлерімен көзге түсетін. Ол Түркістан автономиясын жариялаған комиссияның мүшелігіне сайланған. Артынша Уақытша Ұлттық Кеңеске кірді және Үкіметтің Азық-түлік министрі болып тағайындалды. Большевиктермен қарулы қақтығыс туылған кезде Ғабитжан Қоқанда жоқ болатын. Астық алып келу үшін Солтүстік Кавказға жолға шыққан Ғабитжанның жол ортада — Бұхарада кідіруіне тура келді. Бұхарада ол текке жатпады. Түркістанның Ресейден бөлінуін ұнатпайтын Әмір Мирғалым және оның төңірегіндегілермен жалпы ұлттық мемлекеттік құрылым хақында пікіралысулар жүргізді. Солтүстік Кавказияға аттанып кеткеннен кейін, яғни 1918 жылдың қаңтар айының бас кезінен соң, мен Ғабитжанды көре алмадым. Алайда мен алыстан болса да оның тұрмысы мен қызметінен хабар алып отырдым. Ол бір мезгіл қамауда да отырды. 1921—1923 жылдар аралығында большевиктер атамекеніміздегі қоғам қайраткерлерімен есептесуге мәжбүр болған кезде Ғабитжан қызметке белсене кіріседі. Түркістан комиссиясы мүшелерінің арасында большевиктерді көбірек сынға алып, Кеңес үкіметінің Түркістандағы саясаты түбірінен өзгертілуі тиіс екенін ашықтан-ашық көтерген санаулы адамдардың бірі — осы Ғабитжан еді. Ол кезде Ғабитжанның да, Мұнуар Қари сияқты, мемлекеттен шығып кетуіне болатын. Алайда ол сонда қалуды лайық көрді. Ғабитжан да, Садыралды хан әпенді және Нәдір хан төре тәрізді, ұлттық істерімізге жан-тәнімен берілген, халқымыздың сенімін арқалаған азамат еді. Бұл адамдар біздің ортақ асыл мұраттарымызға тек өздері сеніп қана қоймай, сол сенімге басқа да отандастарының көзін жеткізу үшін күрескен қажымас күрескерлер еді. Амал қанша, аяулы азамат ұзақ өмір сүре алмады. Ол өзі барынша сенген, барынша сүйіп берілген ұлт-азаттық идеясының жеңісін көре алмай кетті. Оның есімі Түркістанның азаттық қозғалысы тарихында лайықты орын алатыны тәрізді, оның жарқын бейнесі Түркістан ұлтшылдарының көңілінде мәңгі жасайды. Біз оның ғазиз рухы алдында басымызды иіп, топырағының торқа болуын тілейміз.
1937 ж., № 92-93
РАДЛОВ ХАҚЫНДА
Мәшһүр түрік танушы ғалым Радловтың туылғанына 100 жыл толуына байланысты кеңес баспасөзінде бірқатар материалдар жарық көрді. Осы материалдардың авторлары Радловтың түріктану ғылымы саласында сіңірген еңбектерін баяндап қана тынбай, сонымен қатар оның орыстығын, орысшылдығын және Ресейді сүйетіндігін де атап көрсетті. Жазғыштар Радловты тағы түріксүйер етіп шығаруға тырысты. Радловтың ірі түріктанушы екенінде шүбә жоқ еді. ОІІЫҢ «Түрік ұлыстары халық әдебиетінің үлгілері», «Түрік диалектілері» тағы басқа да бірқатар еңбектері біз үшін ең бағалы ғылыми мұралар екені даусыз. Алайда Радловтың орыстық сүйіспеншілігі мен түріктік махаббатын асыра дәріптеу қисынға келіңкіремейді. Радлов, қай жағынан алғанда да, орыс емес. 21 жастағы неміс жігіті Вильгельм Радлов 1858 жылы Ресейге келіп, Ресей азаматтығына кіреді. Орыс академиясының академигіне дейін көтеріледі. Алайда ол өмірінің ең соңғы сәтіне дейін (1918) неміс болып қалды. Орыстар оны Василий Васильевич деп атағанымен де, ол өзін Вильгельммін дейтін. Оның орысша сөзінде күшті неміс акценті бар болатын. Радлов еңбектерінің көбін неміс тілінде жазды. Оның «Түрік ұлыстары халық әдебиетінің үлгілері» атты еңбегі немісшесімен бірге жарияланды. Сібір және Орта Азия халықтары этнографиясына арналған «Сібір» атты еңбегі неміс тілінен орыс тіліне әлі аударылған да жоқ. Осы бір ғана фактінің өзі-ақ Радловтың орысшылдығы хақындағы жалған ұғымды түзетуге жетіп жатса керек. Мен Радловпен 1910 жылдан бері таныс едім. Оған мені осы күнгі кеңес академигі Самойлович таныстырған еді. Радлов маған құқық факультетін тастап шығып, шығыс тіліне бар деп біраз уақыт бойы ұсыныс жасап та жүрді. Мені өзінің осы ұсынысына көндіргісі келгеннен болса керек, ол маған өзінің академиялық сөздігін сыйға тартқан. Иә, мен егер ғалым болуды мақсат еткенімде, ол нұсқаған жолмен кетуім әбден ықтимал еді. Алайда мен жас кезімде өзім тандап алған жолымнан таймадым. Бұл жолда ерекше еңбек сіңірмесем де, осы жолымды жөн санап келе жатырмын. Сонымен Радловтың менен күткен үміті ақталмай қалды. Радловтың маған тартқан сыйын онымен арақатынасымды көрсету үшін ғана еске алып отырғанымды айта кетейін. Радлов орыстарды жақсы көрген емес. Ол орыстарға қашанда жоғарыдан қарап, бойына тоғытбайтын. Оның орыстарды жек көретіні әсіресе дүниежүзілік соғыс кезінде анық көрінді. Ол Ресейдің Германиямен соғысқанына қатты наразы болатын. «Мемлекетін құрып берген немістерге қарсы соғыс ашқан доңыздар» деп, ешбір екіленбестен орыстарды жазғыратын. Ол ылғи да: «Орыстардың еңсесін көтерген біз — немістерміз», «Оларға ғылым жолын ашып берген де біз едік», «Ресейде түріктанудың негізін қалаған жалғыз менмін. Ресейде ислам тарихын үйрену ісін жолға қойып, қазіргі деңгейге көтерген де менмін. Енді, міне, орыстар менің Германияма қарсы соғыс ашып отыр» деген сөздерді ашына айтатын. Варшаваны Германия әскерлері басып алғаны туралы хабарды ғылым академиясының кітапханасында естіген Радлов Германияның мемлекеттік гимнінен «Германия бар жағынан басым» деген жолдарды аса бір зор қуанышпен оқығаны бар. Тағы бір оқиға есіме түсіп отыр. Бір күні мен Радловтың үйінде отырғанмын. Ригадан келген бір неміс ондағы немістердің қысымға ұшырап ығыстырылып жатқанын, кейбір адамдар қаладан қуылғанын хабарлады. Бүл хабарды естіген соң Радлов «Немістер Риганы алғаннан кейін, Ригада және бүкіл Балтық бойында орыстың ізін де қалдырмау керек. Немістер Петербургті де басып алып, орыстарды онан да қуып шығу керек» деп тістене сөйледі. Радловтың орыстарды және орысшылдықты жек көретінін біраз орыстар да білетін. Петербургтегі оңшыл газет «Новая время»: «Немістігін қоймаған академик» атты сын мақала да жариялаған. Радловтың орысқа жаулығын Самойлович те жақсы білетін. Радлов орыстарға, Ресейге қарсы сөйлей бастаған кезде ұстазы алдында шәкірттік этиканы сақтауға мәжбүр болған Самойлович, ештеңе айта алмастан, амалы құрып, ол арадан кетіп қалатын. Радловты түріктердің де кереметтей жанашары етіп көрсету артық. Ол Ресейде өзім іргесін қаладым деп санайтын түріктануды шынымен сүйетін. Мәселен, бір биолог ғалымның көбелектерді зор ынтамен жинап коллекция дайындағаны тәрізді, Радлов та бізді дәл сондай зерттеу объектісі ретінде ғана көрер еді. Ол бізге сол тұрғыдан ғана мән берер еді. Оның түріктерге сүйіспеншілігінің бар-жоғы осы ғана болатын. Радлов халықтарды күшті және әлсіз деп екі топқа бөлетін. Осы арқылы ол орыстардың бізді билеп - төстеуін заңды құбылыс деп көретін. Бір кезде Әлихан Бөкейхан Радловқа Ресейдің қатыгез саясатын және мұғажыр мекемесінің озбырлығын айтып шағынған. Оны тыңдап болған соң Радлов: «Күштілердің әлсіздерді билеп төстеуі мемлекетаралық қатынастардың табиғи заңдылығы» деп жауап қайтарған болатын. Әлихан Радловтың мына сөзіне төзе алмай шығып кеткен. Содан кейін Әлихан оның атын естісімен, тыжырынып біртүрлі жайсыз күй кешетін. Радловпен саяси тақырыптарда пікір таластыру пайдасыз еді. Ол саяси мәселелерге бармайтын да. Тек күштінің әлсіздерді билеп-төстеуін езінің түріктану саласындағы теориялары сияқты ақиқат деп сенетін. Орыс академигі Радловтың орыстарға және бізге деген таным-түсінігі, міне, осындай болатын. Радловтың түріктанудағы аса құнды еңбектерін, сөзсіз, білуге тиіспіз. Алайда одан қайдағы бір түрік сүйіспеншілігін, әсіресе біздің империализм тепкісіндегі ауыр халімізге жанашырлығын іздеудің тіпті де қажеті шамалы.
1937 ж., № 94
«ЖҰМҺҰРИЕТ» ЖӘНЕ «ПРАВДА» ГАЗЕТТЕРІНІҢ
ДОСТЫҚ ЖАНЖАЛДАРЫ
Ыстамбұлдың «Жұмһұриеті» мен Мәскеудің «Правдасы» арасында жанжал шықты. Оған Испанияға кетіп бара жатқан кеңестің кемесіне белгісіз бір суасты кемесінің шабуыл жасауы себеп болды. Кеңес үкіметі мен кеңес газеттері бұл суасты кемесін Испанияныкі десіп, Италияны теңіз қарақшысы деп ашықтан-ашық айыптауда. «Жұмһұриет» газеті бүкіл дүние жүзі бұқаралық ақпарат құралдарымен бір жерден шығып, кеңестік Ресейдегі әріптес достарынан өзгеше позиция ұстанды. Нақтылы дәлел болмай отырғанда әлгі суасты кемелерін бір мемлекетке тели салу, сол елмен оз елі арасындағы саяси және дипломатиялық қатынастарды аса қиын жағдайға қояр еді. Осыны жақсы білетін «Жұмһұриет» халықаралық қатынастардың әдеп - нормаларын сақтап, әлгі сүңгуір кемені «Кімдікі екені беймәлім» деп атады. «Жұмһұриет» бастаған түрік баспасөзінің үлкен бір бөлігі ылғи да кеңесшіл болып келгеніне әбден дағдыланып алған Мәскеу «Правдасына» түркиялық әріптесінің өзгеше пікірі қалыптан тыс көрінді. Және ондайға өзінің төзе алмайтынын танытты. Сонымен ескі досы Юне Нади бектің «кінәсін» дәл большевиктік тәсілдермен айыптауға кірісті. Мәселен, «Правданың» 27 тамызда жариялаған «Юне Нади шын мәнінде кімге қызмет етіп отыр?» атты мақаласы мен 2 қыркүйек күні жариялаған «Юне Нади және оның сыбайластары кімге қызмет етіп отыр?» атты материалы осы айтқанымызға дәлел бола алады. Орыс большевиктерінің «Жұмһұриетті» жазғырғанда қолданған небір былапыт сөздеріне бұл арада тоқталып жатпаймыз. Большевиктер Юне Надиды «Түркияның ұлттық мүддесін сатты, Италия фашистеріне қызмет етті» деп айыптады . Осыған жауап ретінде «Жұмһұриетгің» 31 тамыздағы санында жарияланған Юне Надидың мақаласы мына мазмұндарды қамтиды: Халықаралық тәртіпті және өзінің теңіз аумағының шырқын бұзып жүрген кеме кімдікі екенін түріктер білсе, оған не істеу керектігі жөнінде большевиктерден ақыл сұрап отырмас еді. Юне Нади екі жақ үшін де пайдалы дей отырып, өзінің орыс - түрік достығынан айнымайтынын, осы достық үшін бұдан соң да қызмет ете беретінін білдіреді. Біз, әрине, Юне Нади бек пен оның мәскеулік достары арасындағы шекісулерге араласудан аулақпыз. Олар күні бүгінге дейін ауыз жаласып келген. Бүгін тебіскенімен, ертең татуласып жүре береді. Достар арасында ондай - ондай болып тұрады. «Жұмһұриет» пен «Правда» арасындағы пікір таласы және оған себеп болған суасты кемесі басқа бір жәйтті қозғап отыр. Әңгіме орыс большевиктерімен болған достықтың мәнінде және бұл достыққа екі жақтың түрліше көзқарасында болып отыр. Кез келген буржуазиялық журналистер тәрізді, Юне Нади бек те Мәскеу большевиктерімен арадағы достықты екі жаққа да пайдалы болсын деген тұрғыдан түсіндіруге тырысады. Ал Мәскеу большевиктері бұл достық тек өздерінің ғана мүддесіне қызмет етуі керек деп түсінеді. Бір мемлекетпен достық туралы келісім жасаған соң-ақ большевиктер одан қандай да бір мәселені өздерінің талаптарына сәйкес келтіруді талап ете бастайды. Мүндай талаптары аз да болса орындалмай жатқанын көрсе болды, қарсы жақты кінәлауға кіріседі. Беймәлім сүңгуір кемелер жөнінде басқаша пікірде болғаны үшін Юне Нади бекке ауыр сөздермен кінә таққан Мәскеу «Правдасы» француз Сыртқы істер министрлігінің органы «Таң» газетін де оңдырмайды. «Таң» газеті маршал Тухачевский бастаған бес генералды ең ауыр жазаға тартқаны үшін большевиктермен келіспейді. Бұл үшін большевик «Правдасы» өзінің франциялық әріптесін Геббельске, яғни Герман национал - социалистеріне қызмет етіп отыр деп айыптайды. Большевиктер түрік ұлтының кейбір көрнекті адамдарын, тіпті түрік үкіметін де бұған дейін-ақ Түркияның ұлттық және мемлекеттік мүддесіне қиянат етті деп айыптап келген. Әсіресе Түркия - Италия келісімі жасалған тұста сондай шабуыл күшейген еді. Кейін, Түркия Ұлттар Ұйымына мүше болып қабылданар кезде, тағы да солай болған. Олар Түркияны бір жағынан фашизммен айыптаса, тағы бір жағынан Түрік үкіметі қалталы империалист мемлекеттерге бас иеді деп жазғырады. Большевиктер өздерінің Италиямен түсіністік табу жолында жасаған қадамдары туралы, әрине, жұмған ауыздарын ашпайды. (Мәселен, Кеңес үкіметі Хабашстан оқиғалары тұсында Италияға қарсы экономикалық жаза қолдануды талап ете отырып, сонымен катар өздері Италияны мұнай және астықпен қамдауын жалғастыра берді.) Сондай-ақ Кеңес үкіметі өздерінің бұрынғы принциптерінен бүтіндей баз кешіп, Ұлттар Ұйымындағы қалталы империалистердің құзырына кіруден де ұялған жоқ. Большевиктер бір жағынан түрік басылымдарында өздерін мақтаған материалдар жариялауды ұйымдастырса, тағы бір жағынан өз басылымдары арқылы Түркістан түріктерінің санасын уландыруға күш салып келеді. Олар өз баспасөзінде өзіне дос мемлекет саналып келген Түркия туралы аз да болса жылы лебіз білдірген адамдардың түгел көзін құртты. Кеңес - Түркия достығы большевиктердің өз басылымдарында түрік жауларының материалдарын жариялауларына және түрік коммунистерін материалдық -моральдық қолдауларына ешқандай кедергі қойылған жоқ. Ол — ол ма, Түркия үкіметі бұған қоса Түркістанның ұлт-азаттығын жауып тастады. Анадолы түріктерінің Түркістандағы бауырларымен табиғи байланысына да шек қойып, сол үшін қызмет етіп келе жатқан біздің ұлттық басылымымыздың Түркияға таралуына тыйым салды. Онымен де тоқтамады. Түркияда большевиктік Ресейдің «оқуы» соққан кейбір ресми адамдар ұлт - азаттық істеріміздің кей тұстары өздеріне ұнамайтынын айтып жүргені де мәлім. Түркістанның ұлт-азаттық қозғалысының себептерін ұлттық сезім мен ұлттық бостандық тәрізді қасиетті ұғымдардан іздемей, оны бір топ кеңес жауларының іс-әрекетіне жатқыза салу шынында сын көтермейді. Міне, енді большевиктер Юне Нади мен Яламан тәрізді түріктің ірі журналистерін Түрік -Ресей достығына қиянат жасаған, Түркияның ұлттық мүддесін сатқан қылмыскерлер ретінде айыптауда. Большевиктер тарапынан «сатқындық» пен «қиянатта» айыпталу дегеніңіздің нендей нәрсе екенін түркиялық бауырларымыз, әсіресе Юне Нади бек пен оның қаламдас әріптестері, әлі де болса түсіне алар ма екен, қайтер екен? Халықаралық жағдайда бой көрсеткен белгілі бір мәселеде Түркияның орыс большевиктеріне басқаша пікірін білдіргені үшін өркениет елдерінің баспасөзінде болып көрмеген лас тәсілдермен айыпталған біздің түркиялық бауырларымыз кеңестік Ресейдегі әріптестерінің бүл қылығынан тиісті қорытынды шығара алар ма, кім білсін?
1937 ж., №95
ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ӨМІРДЕН
Қазіргі халықаралық оқиғалардың ең елеулісі — Қиыр Шығыста жүріп жатқан жапон -қытай соғысы екенінде шүбә болмаса керек. Бұл соғыс басталғалы бері де бірнеше айдың жүзі болды. Екі жақтан да 100 мыңнан аса әскери күш жұмылдырылуда. Ақпарат құралдары майданға күн сайын жаңа күштер жөнелтіліп жатқаны туралы хабарлар таратуда. Қалалар қирап, адам қаны судай ағуда. Дегенмен, Жапония мен Қытай арасындағы дипломатиялық қатынас әлі үзілген жоқ. Жапония елшісі Нанкинде, Қытай елшісі Токиода әлі отыр. Егер қарсы жақ келіссөзге отыруды қаласа, қашан да әзір екенін екі жақ та тынбай айтумен келеді. Соғыс жалғасып жатыр. Соғыс басталғаннан кейін оның себептері мен факторларын қарастыру тарихшылардың еншісіндегі шаруа. Жапония империализмі бұл күнде тұс-тұстан айыпталуда. Дүние жүзі тарихына көз жіберсеңіз, ірі мемлекеттердің империализм дертіне шалдықпағандары, сірә, табыла қояр ма екен? Мәселен, Қытайдың өзін - ақ алайық. Қытайдың ежелгі аумағы ұлы қорғанның ішімен шектелетінін білу үшін қытайтанушы ғалым болудың қажеті шамалы. Ұлы Қорғанның сыртында жатқан өлкелер, мәселен, Манжурия, Моңғолстан, Тибет және Шығыс Түркістандар Қытай империализмі тарапынан жаулап алынған өлкелер. Ал енді Қытайды империализмнің шабуылынан қорғаштамақ болып отырған елдерге көз жіберсеңіз, олардың бәрі де империализм мен отарлау арқылы құрылған нығайған мемлекеттер. Олар Қытайға арашашы болғанда, шынымен Қытай мүддесін ойлап отырған жоқ. Өздерінің империалистік мүдделерін ойлап отыр. Шұғыл ақпаратпен аты шыққан Париждің «Моуа» («Le Moіs») атты басылымы, бүл күнде Қытайға болысып отырған елдердің Қытайдағы экономикалық мүдделерін көрсететін сандық мағлұматтар жариялаған. Осы сандық мағлұматтардың тек бірнешеуін ғана келтіре кетейік. Ұлыбританияның Қытайдағы капиталы 250 млн ағылшын лирасы мөлшерінде. Оның 170 млн тек қана Шанхайдың үлесіне тиеді. Сол себепті де соғыс Англияға аса ауыр зиян келтіреді. Мәліметтерге қарағанда, соғыс басталғаннан кейінгі бірнеше апта ішінде-ақ Англияның тартқан зияны 31 млн лираға жеткен. Қытайдағы американ капиталының анық мөлшерін көрсету қиын. Қалай дегенмен де, оның мөлшері 200—300 млн доллардан кем емес. Америка — Қытаймен саудаға көп мән берген ел. Қытайдың шетелдерден әкелетін товарларының бестен бірі, яғни 30 проценті Американың еншісіне тиеді. Ал Американың Қытайдан алатын товарларының жалпы мөлшері Англия, Алмания және Жапонияларды қоса есептегендегі деңгейге жетіп отыр. Біз сөз етіп отырған басылым Францияның Қытайдағы капиталын дәл басып айта алмайды. Алайда оның да аз емес екені жұртқа мәлім. Францияның Шанхайдағы конценсионында 370 мың адам тұрады. Францияның Қытаймен сауда айналымы 7—9 млн франк төңірегінде. Оның үстіне империалист демократтар дүниесінің Қытайдағы капиталы түгел дерлік осы соғыс жүріп жатқан аумаққа шоғырланғанын есте ұстаңыз, олардың Қытайға не үшін болысып, Жапония империализмін не үшін айыптап отырғаны айқындала түседі. Қытайдың тағы бір төртінші жанашыры — кеңестік Ресейге келсек, ол Моңғолстан мен Шығыс Түркістанды Қытайдан бөліп алып, өзіне тәуелді етуді көздейді. Кеңестік Ресей Қытайда коммунизм идеяларын таратып, Қытай ұлттық төңкерісінің партиясы Гоминданды іштен ірітуге тырысуда. Ол — ол ма, кеңестік Ресей мұнымен де тынған жоқ. Қытайдың 20 млн тұрғыны бар аумағында Кеңес үкіметін құрып, бұл елді ұшы-қиыры көрінбейтін азамат соғысына сүйреп түсірді. Орыс большевиктері қытай коммунизмінің орталығы Кантон қаласын екінші Мәскеу деп атайды. Олар қытай коммунистерімен бірге күрес жүргізе отырып, Америка және Еуропа капиталдарын Қытайдан, жалпы Азиядан ығыстыруды, Жапонияны кеңестендіруді мақсат ететіні туралы жасырмастан айтып жүр. Қытайға болысып жатқан достарының жай-күйі, міне, осындай. Испандықтарда: «Құдай мені достардан сақтасын, дұшпанымнан өзім де сақтана аламын» деген мақал бар. Осы бір халық даналығын есте ұстап, қытайлар қуатты көршісі жапондармен тіл табысу жолын іздестіргені жөн болар еді.
* * * Жапон - қытай соғысы орыс большевиктерінің жанына жағып отыр. Олар мұндай соғыс өздеріне Жапония тарапынан төнетін қауіпті әлсірететінін жақсы біледі. Жапония қытайларды жеңетініне большевиктер де шүбәланбайды. Жапония Қытайға малтығып жатқан кезде, Еуропа жақтағы қимылын арттыра түсу большевиктердің ойында болып отыр. Егер Жапония Қытай мәселелерімен әуреге түспегенде, Кеңес үкіметі Италия мен Алманияға қазіргідей қатаң тілде сөйлей алмаған болар еді. Кеңес үкіметі жапон - қытай соғысының ұзаққа созылуына мүдделі. Сондықтан да ол Қытайға түрлі жолдармен көмектесуге және Америка мен Еуропаны Жапонияға қарсы соғысқа тартуға барынша күш салып бағуда. Соңғы кездері Палестина мәселесі біршама шиеленісіп кетті. Палестинаны араб және еврей мемлекеттеріне болу жоспары күн тәртібіне шыға бастады. Ұлттар Ұйымының мандат комиссиясы Палестинаға арнайы өкілдер жіберіп, ондағы жағдаймен танысу туралы шешім қабылдады. Соған қарамастан, Ұлттар Ұйымы осы бір ежелгі араб жерін екіге бөліп жіберетінінде күмән жоқ. Палестинаны бөлшектеп, оның бір бөлігінде еврей мемлекетін құруға еврейлер көбірек қоныстанған Еуропа мемлекеттері өте-мөте мүдделі. Өйткені мұндай жағдайда оған еврей тұрғындарын мұғажыр ретінде болса да қоныс аударып орналастыру мүмкіндігі туады. Палестинаны болу жөніндегі жоспарға Ұлттар Ұйымына мүше елдерден Мысыр, Ирак, Иран өкілдері ашық қарсы шықты. Олар өз елдерінің Палестина арабтарымен бір пікірде екенін ашық білдірісті. Палестинадағы ағылшын әкімшілігі ондағы беделді араб басшыларын қамауға алып, Үнді мұхитындағы бір аралға жер аударды. Палестин муфтиі жоғарғы мұсылмандар кеңесінің төрағалығынан түсірілді. Палестина сол бұрынғысынша араб жері болып қала бере ме, жоқ әлде оның бір бөлігі еврейлерге беріле ме деген мәселе төңірегіндегі айтыс қазір бұрынғы кездегіден де өткір қойылуда. Арабтар өздерінің ұлттық мүдделері талап етіп отырған деңгейден көріне алар ма? Оған дайын ба, жоқ па? Оны уақыт көрсетер. Ал біз атамекенін қорғап қалу күресінде арабтарға іш тартатынымызды жасырмаймыз. Кеңестер Ресейінде сотсыз, тергеусіз жазаға тарту науқаны сол бұрынғыдай жалғасып отыр. Жуырда Грузияның атақты коммунистері Боудау Мадиуани Акуджава, Карсюадзе және Илияуалар өлімге үкім етілді. Мажарстанның басшылары да солардың ізімен жөнелтілді. Осы адамдардың бәрі де өздерінің атамекендерін Ресейден бөліп әкетпек болды, шет мемлекеттерге шпиондық жасады деген айыптармен айыпталды. Әсіресе ұлт республикаларын жапон шпиондарынан тазарту науқаны барынша қатаң түрде жүргізілуде. Хабарларға қарағанда, жапон шпиондары Бурят - Моңғол Республикасынан да, Карелиядан да ұсталып жатқан көрінеді. Баспасөздің айтқаны рас болса, күллі Сібір мен Қиыр Шығыс жапон шпиондарына толып кеткен тәрізді. Бір қызығы, жапон шпиондары — жапондар емес, большевиктер және олардың 95 проценті партия мен үкіметтің жауапты қызметінде отырғандар болуы. Соңғы кездегі басты оқиғалардың бірі — Италия басшысы Муссолинидің Германияға жасаған саяхаты болып отыр. Бүкіл Еуропа баспасөзінің «Еуропа тағдыры Муссолини мен Гитлерден тұрады» дегені рас болса, онда осы екі мемлекет басшыларының кездесуі, сөзсіз, маңызды бола түседі. Екі жағы да Кеңес үкіметінің Еуропа саясатына араласуын ұнатпайтыны, оған жол бермеуге тырысатыны туралы қатаң түрде мәлімдемелер жасады. Түркия Республикасының торағасы Кемал Ататүріктің «оң қолы» және Түркияның орны толмас үкімет бастығы саналып келген генерал Исметтің отставкаға кетуі Еуропада әр алуан қоғамдық пікірлер тудыруда. Ататүрік пен Исмет Еуропа жұртының назарында бір-бірінен айрылмастай жақын тұлғалар еді. Енді, міне, Еуропа дағдарысы мейлінше тереңдеп отырған кезде, Еуропада саяси толқулар асқынып, осы толқулар арасында Түркияға өз рөлін көрсетіп қалу мүмкіндігі туылған шақта, Исмет паша отставкаға кетті. Неге, не себептен деген сұрауларға қазір табан астында жауап қайыру қиын. Түрік баспасөзіндегі хабарларға қарағанда, Республика төрағасы Ататүрік пен Үкімет басшысы Исмет паша арасында кейбір мәселелерге байланысты алауыздық туғанға ұқсайды. Исмет пашаның орнына бұрынғы экономика өкілі Жалел паша келеді деген соз бар.
1937 ж., № 95
КЕҢЕСТІК РЕСЕЙДІҢ ДҮНИЕ ЖҮЗІ САЯСАТЫНДАҒЫ ҚЫЗМЕТІ
Халықаралық жағдай шиеленіскен сайын кеңестік Ресейдің ірі елдер арасындағы ең жақын досы ретінде танылған Франция да Мәскеудің екіжүзді саясатына көзі жетіп, оны ашық сынай бастады. Франция Сыртқы істер министрлігінің органы «Таң» газеті осы тақырыпта екі бірдей бас мақала жариялады. Испаниядағы азамат соғысына катыспау жөніндегі комитеттің қазан айындағы Лондон қаласында болып өткен жиналысындағы кеңестердің елшісі Майскийдің іс-әрекетіне орай «Таң» газеті былай деп жазады: «Мсье Майский Лондон комитетінің жұмыстарына барынша кедергі жасап келді. Комитеттің кешегі жиналысында ол келіссөзді қиын жағдайға душар ететін шарттар қойды. Өздеріне турадан-тура қатысы бар Қиыр Шығыс мәселесіне келгенде төтенше салғырттық танытатын Кеңес үкіметі Еуропада отқа май құюға дайын отыр». Ұлыбритания мұндай ойыннан бойын аулақ ұстағысы келеді. Франция Ұлыбританиямен бірге болуды қалайды. Кеңес үкіметінің Лондондағы іс-әрекеттері Ресейдің халықаралық саясатын жүзеге асыруда Италия мен Алманияны бейтарап қалдырудан басқа ештеңеге де қызмет етпейді. Лондон комитетіне жататын мемлекеттермен бірге болу немесе болмау Мәскеудің оз еркінде. Тек бір нәрсенің басы ашық. Соғысқа қатыспау жөніндегі одаққа қол қойған елдердің арасынан біреуі бұл саясатты болдырмай тастайтын масқара ойынға салынуына әсте болмайды. Осы мәселелерге Испаниядағы азамат соғысына, Жапония - Қытай соғысына және осыған байланысты Бельгияның астанасы Брюссельде жиналған 19 мемлекеттің бас қосуына орай жазылған бас мақаласында «Таң» газеті: «Өзінің сыртқы әлем үшін әзірлеген идеологиялық азықтарына қарамастан, Кеңес Одағы ылғи да сырттан шабуыл жасалады деген үреймен өмір сүріп келеді. Мұндай шабуылды ол не Алманиядан, не Жапониядан күтеді. Сол себепті Кеңес үкіметінің басшылары бір жағынан Еуропада Алманияны тізгіндейтін амалдар қарастыруға, тағы бір жағынан Қиыр Шығыста Жапонияның әскери күшін өзінен басқа бағытқа аударып жіберуге, әлсіретуге күш салып келеді. Кеңес Одағының осы екі мақсатына Испания мен Қиыр Шығыстағы оқиғалар аса тиімді болып отыр. Сондықтан Кеңес үкіметі Испаниядағы азамат соғысына қатынаспау қозғалысын барынша қиындықтарға душар етуге тырысады. Сондықтан Кеңес үкіметі Ұлттар Ұйымы арқылы барынша көбірек мемлекеттерді қатыстыра отырып, қытай -жапон қақтығысын асқындыра түсуді көздейді». Мәскеуге дос ел Францияның сыртқы саясатын таратушы «Таң» газеті көтерген осы пікірлер Италия мен Алмания үкіметтерінің коп жылдардан бері айтып келе жатқандарын, яғни «кеңестік Ресейді еуропалық және жалпы халықаралық қатынастардан тысқары ұстаған жөн» дегендерін дұрысқа шығарып тұрған жоқ па екен?!
1937 ж., № 96
АЛМАНИЯ, ИТАЛИЯ ЖӘНЕ ЖАПОНИЯНЫҢ КЕҢЕСТЕРГЕ ҚАРСЫ БАҒЫТТАЛҒАН КЕЛІСІМІ
Алмания, Жапония және Италия үкіметтері арасында 6 қарашада Римде қол қойылған Коммунизмге қарсы келісім соңғы кезде халықаралық жағдайдағы ең маңызды оқиға екені шүбәсіз. Алмания мен Жапония арасында осындай шарт жасала қалса, оған Италияның да қосылатыны туралы айтыла бастаған еді. Міне, енді сол сөз расқа шығып отыр. Рим келісімі батыс пен шығыс мәдениеті әлемінде бейбітшілік пен тұрақтылыққа қауіп төндіруші коммунистік интернационалға қарсы күресте Алмания, Италия және Жапония елдерінің күш біріктіруге әзір екенін білдірді. Берлин келісімі тәрізді, Рим келісімі де коммунистік интернационалға қарсы күрес туралы айта отырып, Кеңес үкіметі мен кеңестік Ресейге қарсы күресу қажетгілігі туралы жұмған аузын ашпайды. Кеңестік Ресей мен Кеңес үкіметі дегеніңіз Коммунистік интернационалдан айыруға болмайтын біртұтас ұғымдар екені ешкімге құпия емес. Сол себепті Коммунистік интернационалға қарсы күрес сонымен бір уақытта кеңестік Ресей мен Кеңес үкіметіне қарсы күрес болып табылады. Коминтернге қарсы күресті бұдан басқаша түсіндіруге тырысу, оны Кеңес үкіметінен айыруға әрекет жасаулардың бәрі Қазан төңкерісін, яғни орыс төңкерісін орыс пролетариат диктатурасынан айыруға ұрынумен бірдей өнбейтін іс. Ендеше мұндай күрес, сайып келгенде, кеңестік Ресейге және жалпы орыс империализміне қарсы күрес болатыны өз-өзінен түсінікті. Қорыта айтқанда, Коминтерн — Ресей үкіметі — орыс империализмі бір ғана ұғым. Сол себепті Алмания, Италия және Жапония үкіметтерінің Коммунизмге қарсы жасаған келісімдері іс жүзінде Кеңес үкіметіне қарсы жасаған келісімге, сөзсіз, айналады. Біз Рим келісіміне осы тұрғыдан қараймыз және оған осы тұрғыдан табыс тілейміз.
1937 ж.,№ 96
ҚОҚАН АВТОНОМИЯСЫ
(1917-1937)
Осы мақаланы 20 жылдығына арнап отырған Қоқан автономиясы үкіметі бар болғаны екі ай төрт күн ғана өмір сүрген еді. Ол 1917 жылдың 10 желтоқсанында құрылып, 1918 жылдың 13 ақпанында таратылды. Қоқан үкіметінің не офицері, не ақшасы, не әскері болған жоқ. Почта, телеграф, темір жолдардың бәрі де жау қолында болатын. Осындай жағдайда дүниеге келіп, осындай қысқа ғана ғұмыр кешкен Қоқан үкіметі Түркістан халқының ұлттық талаптарын қанағаттандыру жолында көзге көрінерлік ешқандай бір жұмыс тындыра алмағаны табиғи еді. Тіпті бұл үкіметтің осындай жағдайда құрылып, 64 күн өмір сүре алуының өзі таңғаларлық құбылыс деуге болады. Әрине, Қоқан автономиясы — Түркістан мәселесін шешудің мақсаты да, формасы да емес. Ол тек Түркістан азаттық қозғалысының сол бір кезеңде басып өтуге тиіс болған кезекті бір қадамы ғана болатын. Егер ол кезде Түркістанға, Украина мен Кавказиядағы сияқты, қолайлы сыртқы саяси жағдай туыла қалғанда, ол өзінің тәуелсіздігін ешбір екіленбестен -ақ жариялап жіберген болар еді. Біз тарихи ұқсастығы көп кездесе бермейтін бір дәуірде өмір сүрдік. Көмек алып, үміт артатын көршіміз болмады. Соған қарамастан, мына бір шындықты айта кеткеніміз жөн болар еді. Кене Ресейге қараған өлкелер, кейіннен кеңестік Ресейдің де бұғауына түсіп қалған өлкелер арасында тәуелсіз ұлттық мемлекеттілік үшін күресу жолына түңғыш рет Түркістан түсіп отыр. Қоқан автономиясының бір ерекшелігі — сол кездің өзінде Түркістан ұлттық бірлігінің нағыз формасын бере білгендігінде еді. Біздің ұлт-азаттық қозғалысымыз тарихында «Қоқан автономиясы» өзінің осындай ерекшелігімен терең із қалдырып кетті. Большевиктер үкімет басына келгеннен кейін 20 жыл өткен соң да «Қоқан автономиясы» туралы жазуы тегін емес. Олар тарапынан бұл күнде «ұлттық буржуазия өкілдері» деп айыпталып, жазаға тартылып жатқан адамдардың бәрі дерлік «Қоқан автономиясымен» байланыстырылуда. Ал осылардың басым көпшілігі қызыл Мәскеудің мектебінде тәрбиеленген Қазан төңкерісінің тол тумалары. Олай болса, Қазан тумаларының да Қоқан автономиясымен байланыста болып шығуы, осы қозғалыс басшылыққа алған ұлттық идеяның өміршең күшін, ықпалын көрсетсе керек. Осы арада мына бір нәрсенің де басын аша кеткен жон болар еді. Камал Акрам, Ғабдолла Рахымбай тәрізді кісілердің Қоқан автономиясымен байланыстырылуы Қоқан автономиясы үкіметінің қайтып оралуы мүмкін екенін білдірмейді. Бұл күнде дәл осындай ойда жүрген адамды Түркістанның ішінен де, сыртынан да табу мүмкін емес. Бұл күнде Қоқан автономиясымен рухани сабақтастық дегеніміз — Қоқан автономиясы тұсында бой көрсеткен, қалыптасқан Түркістан ұлттық бірлігін қайтадан жаңғырту, нығайту болып табылады. Камал Акрам да, басқалар да өздерінің орыс пролетариат диктатурасы үшін істеген кызметтері тәжірибелерінен «түрі — ұлттық, мазмұны — пролетарлық» деген принципті басшылыққа алғанда, өз ұлтына ешқандай бір пайда келтіре алмайтынын, ұлттық тәуелсіздік үшін күрестің түрі де, мазмұны да ұлттық болуы тиіс екенін жақсы түсінеді. Ұлттық тәуелсіздіктің кез келген жоқшысы, ерте ме, кеш пе, әйтеуір бір осы жолға түспей қоймайды. Бұдан басқаша болуы мүмкін емес. Камал Акрам, Ғабдолла Рахымбай, Айтақұлы Надырбай, Қайұлы Ғайса, Құлымбетұлы Ұзақбай және басқалардың осылай ойлаған, ойламағаны бізге беймәлім. Тіпті мұның өзі қазір пәлендей бір маңызды да нәрсе емес. Ең маңыздысы - Мәскеу өзінің «интернационалдық сандырақтарына» төне бастаған қауіпті сезіп, соның алдын алу үшін күні бұрын қимылға көшкендігінде болып отыр. Егер Мәскеу мұндай қауіпті кермегенде, сезбегенде, Түркістанда тәуелсіздіктің қадір-қасиетін енді-енді түсіне бастаған, тіпті түсінуі мүмкін деген сөз адамдарының бәрін аяусыз тазаламас еді. Мәскеу осы адамдардың бәрін дерлік біздің атамекеніміз сыртындағы ұлттық ұйымымыз «Яш Туркестан» мен Қоқан үкіметінің бұрынғы басшысымен байланыстырып, солардан нұсқау алып отырды деп айыптады. Мұның өзі біз жүргізіп келе жатқан қызметтердің қаншама ықпалды екенін тағы бір рет дәлелдеп отырған тәрізді. Қоқан автономиясының 20 жылдығына орай біз, түркістандықтар, бізді нағыз тәуелсіздікке апаратын және азаттық күреске жеткілікті дәрежеде күш-қуат дарытатын ұлттық бірлігімізді нығайта түсуге ұмтылуымыз тиіс.
1937 ж.,№ 97
«ЯШ ТҮРКІСТАННЫҢ» 9-ыншы ЖЫЛЫ
(1929. 12-1937)
Қолымыздағы осы санымен «Яш Түркістан» 8 жасын артта қалдырды. Еуропа елдерінің кеңпейілділігін пайдаланып шығарып келе жатқан осы бір ұлттық басылымымызды өзіміздің тәуелсіз Түркістанымызда шығаруымыз керек еді. Онда біз өзімізді қазіргіден әлдеқайда бақыттырақ сезінер едік. Тым құрығанда біз бұл басылымымызды өзімізге қаны мен жаны бір елдердің бірінде шығарғанымызда ғаріптік пен пұшаймандықтың жәбірін азырақ тартар ма едік, қайтер едік. Өкінішке орай, тағдыр бізді басқаша ортаға душар етті. Біз — түрік, мұсылман, азиялық бола тұра, осы үшеуінің біреуі де жоқ Еуропадан ғана пана тауып отырмыз. Мұның себептерін бұл арада тәптіштеп түсіндіріп жатпаймыз. Олай еткенде жаңсақ ұғымдар мен күмәнді нәтижелер туылуы мүмкін... 8 жыл! Егер «Яш Түркістан» сегізінші аптасында өз атамекенімізде шыға бастағанда, біздің қуанышымызда шек болмас еді. Амал не, тағдыр оған ұзақ уақыт бойы шет жұртта болуды жазыпты. Алайда осындай тағдырына қарамастан, ол өз оқырмандарымен ұдайы жүз көрісіп келе жатқаны үшін, біз тәңірге мың да бір шүкір дейміз.
* * * Түркістанның мұғажырлары басқа өлке халықтарының мұғажырларына ұқсамайды. Біз ешқандай бір саяси ұйымы болмай тұрып мұғажырлық халге түсіп қалдық. Біздің мұғажырлықта не ұлттық үкіметіміз, не саяси партиямыз, не бір саяси топтарымыз болған жоқ. Еуропа бізді танымайтын және танығысы да келмейтін. Біз үміт артқан кейбір топтар бізге көмектесуі былай тұрсын, бізді тыңдағысы да келмеді. Тек тарихи тұрғыдан өзін көрсете білген Түркістан мәселесі өзіне жол таба алды. Бұл жол әсіресе алғашқы кезде адам айтқысыз қиындықтарға толы болды. Осындай жағдайда кең мағыналы күреске шығу үшін ешқандай бір мүмкіндік болмауы себепті, бір мезгіл тамыр-таныстардың ара ағайындығын пайдалануымызға тура келді. Біздің кейбір достарымыз осындай істерге бола бізді жазғырады, кінәлайды, аяғымыздан шалады. Тәңірім ондайлардан сақтасын!
* * * «Яш Түркістан» Түркістан мұғажырлығы саяси түс алып, саяси ұйымға — «Түркістан ұлттық бірлігіне» біріккен соң шыға бастады. «Яш Түркістанның» шығуына тағы бір аса маңызды фактордың ықпалы аз болған жоқ. Еуропада бүл кезде шынымен-ақ «яш түркістаншыл ұлттық кадр» дайындала бастаған еді. Бұлар — 1922 жылдың соңында аса қиын жағдайға душар болған Кеңес үкіметі халықтың орыс пролетариат диктатурасына деген наразылығын жұмсарту мақсатымен Алманияға оқуға жіберген бір топ жастар болатын. Камал Акрамның орнына Өзбекстан партия комитетінің бірінші хатшылығына тағайындалған Ғұсман Юсупұлы «Правда Востоканың» 1937 жылғы 30 қыркүйектегі санында жариялаған «Керітөңкерісшілдер тобын ең соңына дейін жою керек» атты мақаласында осы мәселеге арнайы тоқталады. Күні кешеге дейін орыс пролетариат диктатурасына адал кызмет етіп келген, Ленин -Сталиннің төл шәкірті Файзолла Қожа мен Камал Акрамдарды енді бүгін Кеңес үкіметінің қауіпті жаулары санап, олардың аталмыш қылмыстарын көзінен тізген Юсупұлы Ғұсман сондай қылмыстардың бір бастысы ретінде Түркістан жастарының Еуропаға оқуға жіберілуін атап көрсетеді. Юсупұлы Ғүсман былай дейді: «Керітөңкерісшілдер күш жинауға, кадр дайындауға айрықша көңіл бөлді. Осы мақсатпен олар Еуропа елдеріне буржуазиялық ұлтшылдықпен уланған жастарды оқуға жіберіп, олардың оқу қаражатын біздің халқымыздың алтынымен төледі. Артынан бұл жастар «фашист шпиондары» болып шықты». Файзолла Қожа, Камал Акрам және Түркістанның сол тұстағы басқа да басшылары түркістандық бір топ жастарымызды Алманияға оқуға жіберуіне қандай себептер итермелегенін тағы бірде егжей-тегжейлі жазатын боламыз. Бұл жолы біз Юсупұлы Ғұсманның осы жастар арасынан «фашист шпиондары дайындалды» дегеніне тоқтала кеткіміз келеді. Бұл күнде кеңес сөздік қорында «фашист» сөзі көбіне-көп орыс пролетариаты диктатурасының бітіспес жауларына, ұлт-азаттық күреске шынайы берілген ұлтшылдарға қолданылады. Түркістандықтарға қаратып айтылған «фашист», «шпион» сөздері сол адамдардың Түркістан ұлт - азаттық күресіне берілгендігін, сол күрестің алдыңғы сапында келе жатқандығын көрсетеді. Бұл орайда Юсупұлы Ғұсмандікі дұрыс. Алманияда оқыған түркістандық жастар шынында Түркістан ұлт-азаттық күресінің алдыңғы сапынан көріне білді. «Яш Түркістан» соларға және Түркиядағы жастарға арқа сүйеп дүниеге келді. Осы жастардың белсене ат салысуының арқасында ол қазір де оз ісін жалғастырып келеді. «Яш Түркістанды» ұлт-азаттық күрестің жаршысы ете алған да осы күш. Сондай-ақ осы күш «Яш Түркістанды» тек шетелдердегі түркістандық мұғажырлардың өзара байланыс құралы ғана емес, шетелдердегі мұғажырларымыздың атамекенімізбен байланысын да қамтамасыз ететін құралға айналдырды. Юсупұлы Ғұсман мұны өте жақсы біледі. Оның қожайындары да мұны жақсы біліп, сезіп отыр. «Яш Түркістанның» атамекенімізбен байланысын үзу Камал Акрам мен Файзолла Қожалардың қолынан келмегені сияқты, Юсупұлы Ғұсманның да қолынан келмек емес. Түркістандағы большевиктік басылымдардың «Яш Түркістанға» толассыз шабуыл жасауы, орыс большевиктері Тимофеев пен Браниндердің Мәскеуде оқыған түркістандық жастарды «Мұстафа Шоқайдың агенттері» деп айыптаулары (бүл туралы осы тақырыпта арнайы жазылған мақаланы қараңыз), Юсупұлы Ғұсманның мұғажырияттағы жастарымызға «фашист», «шпион» деген жалалар жабуы — осылардың бәрі Түркістан жастары тарапынан дүниеге келіп, жұмысын жалғастырып жатқан «Яш Түркістан» басылымының ұлт-азаттық күресіміздегі маңызын, алатын орнын айқындап тұрғандай. Орыс пролетариата диктатурасының зұлымдығына ұшырап отырған Түркістан азаттық қозғалысының күрескерлері жасасын! Ұлттық күресіміздің алғы шебіндегі Түркістан жастары жасасын!
1937 ж., № 97
БОЛЬШЕВИКТЕР 12 ЖЫЛДАН СОҢ МОЙЫНДАҒАН БІР АҚИҚАТ
Журналымыздың осы санында жарияланып отырған «ашық хат» бұдан 12 жыл бұрын 1925 жылдың 4 қараша күні «Еңбекші қазақ» газетінде басылған еді. Енді, міне, 1936 жылғы 3 қазанда «Социалистік Қазақстан» газетінде басылған Тимофеев пен Бранин деген орыс коммунистерінің мақалалары сол бір маңызды оқиғаны қайтадан еске салып отыр. Ол кезде, яғни бұдан 12 жыл бұрын, Қазақстан большевиктерінің басшылары (ол кезде олардың ең үлкен басшысы, қазір Сталиннің ең жақын серігі болып жүрген Ежов еді) қазақтың жас коммунистері жазған бұл ашық хаттың мән-маңызын түсіне алмаған еді. Менің «День» газетінде 1926 жылғы 5 қаңтарда жариялаған мақаламнан кейін ғана хаттың мазмұнын аңғарып қалған большевиктер оның авторларына шындап көңіл аудара бастады. «95—99 проценті малшылар мен диқандардан тұратын қазақтар арасында маркстік - лениндік теориямен қаруланған коммунистер болуы үшін қандай шарттар лазым» деп сұраған хат авторларына жауаптар кейін қайтарыла жатар. Қазірше хат мәтінін ғана жариялаумен шектелеміз»,— дейді «Еңбекші қазақ» газеті 1926 жылғы 29 қаңтардағы санында. Содан бері 12 жыл өтті. Хат авторлары — жас коммунистер ержетіп, есейіп, кеңестің жауапты қызметкерлеріне айналды. Олардың арасынан (Тоғжанұлы Ғаббас, Жансүгірұлы және басқалар) бірнешеуі жоғары орындарды иеленді. Ол кезде олар қойған сұрақтарға Коммунистік партия жау¬ап бере алмаған болса, оған, міне, уақыттың өзі жауап беріп отыр. Жастар ашық хатында атын атап көрсеткен Қазақстан Компартиясының сол тұстағы басшылары түгелге жуық «буржуазия ұлтшылдары», «партияның қас жаулары» қатарына қосылды. Әлгі хаттың авторлары да осы қауымның ішіне кірді. Сонымен большевиктер бұл хаттың не үшін жазылғанын және оның қандай мән-маңызы барын енді ғана аңғара бастағандай. Тимофеев пен Браниндер «Буржуазияшыл ұлтшылдар — партияның қас жаулары» атты мақаласында («Социсиіистік Қазақстан», 1937 жылғы 3 қазан) былай деп жазады: «Бұл хаттың керітөңкерісшіл хат екенінде шүбә жоқ. Оны Шоқайұлы бірден қостағаны тіпті де тегін емес. Хат «Еңбекші қазақта» жарияланысымен, Шоқайұлы оны дереу аударып, ақтардың «День» газетінде жариялады. Өйткені Шоқайұлы оның не нәрсе екенін, яғни партия ішіндегі агенттерінің хаты екенін жақсы біледі. Бұл хат Қазақстандағы Коммунистік партия басшылығы мен кеңестік үкіметтің заңдылығына күмән келтірген хат болатын». Тимофеев пен Браниндер дұрыс айтады: хат шынында керітөңкерісшіл мазмұнда жазылған. Және ол Түркістандағы көңіл күйді дөп басып білдірген. Оның солай екенін біз бүгінге дейін жалғасып келе жатқан саяси қуғын-сүргін науқандарынан анық көріп келеміз. Егер Түркістанда Коммунистік партия мен Кеңес үкіметінің өмір сүруі ондағы жағдайлар мен мүдделерге сәйкес келіп жатса, партия мен үкімет басшыларының жаппай жау болып шығуын немен түсіндіруге болады? Мәскеу большевиктерінің бұл хатты сол кездегі партия мен үкіметтің жауапты адамдарын «жау» деп жариялаған қазіргі кезде ғана еске алуы неліктен? Осының бәрі хат авторлары көтерген мәселелердің бәрі ақиқат екендігінен болып отырған жоқ па? Егер өмір олардың сонау бір жас, албырт кездерінде айтқандарын теріске шығарып жатса, ол үшін бұл адамдарды бүгін айыптаудың қаншама қажеті бар еді?! Тимофеев пен Браниндер жазғанындай, мен бүл хат қолыма түсісімен - ақ авторларының дұрыс бағытта екенін бірден сездім. Алайда оларды өз агентім ретінде санау менің ойыма кіріп те шыққан емес. Мен Түркістанда агенттер дайындау туралы бас қатырып жатпаймын да. Мен жақсы білетін бір нәрсе бар. Өзім қызмет етіп келе жатқан армандар мен мұраттар менің атажұртым Түркістанда мен тәрізді әлі талай агенттер әзірлейтін болады. Өмірдің өрге тартар үрдісі осындай. Біздің күшіміз де сонда. Мемлекетімізде заңсыздықпен өмір сүріп келе жатқан Коммунистік партия мен Кеңес үкіметіне қарсы қажымас күресімізде бізге таяныш болатын да осы күш.
ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ӨМІРДЕН
1938 жылға ауыр мирастар қалды. Өткен жыл «бейбітшілік пе, жоқ, әлде соғыс па?» деген сұрауға бүкіл әлем болып жауап іздеген күйінде бізді 1938 жылға алып келді. Испанияда 1936 жылы басталған азамат соғысы бірден – ақ коммунизм мен коммунизмге қарсылар, яғни фашизмшілдер арасындағы идеологиялық күрес формасын алды. Бұл соғыс барған сайын ұлғайып, өршіп барады. Испандықтардың өз ішінде болып жатқан азамат соғысына сырт күштерді араластырмау немесе ықпалын өткізбеу бағытындағы іс - әрекеттерінен ештеңе шықпады. Мұның өзі Еуропаны іштей жеп жатқан жегіқұрттың бір нақтылы көрінісі болып табылады. 1937 жылдан қалған мұралардың бірі — Қиыр Шығыста жалғасып келе жатқан жапон -қытай соғысы. Қытай Жапонияға жалғыз өзі төтеп бере алмайтынын жақсы түсінеді. Қытай соған қарамастан қарсылық көрсетіп отырған болса, Францияның Сыртқы істер министрлігі басылымы «Таңның» 2—3 қаңтардағы сандарында өте дұрыс айтылғандай, олар Қытайда мүддесі бар мемлекеттер өздерінің қазіргі жағдайларын сақтап қалу үшін көмектеседі деп үміттенеді. Ұлттар Ұйымының жарғысын және Қытайдың мемлекеттігін сақтау бойынша 1922 жылы Вашингтонда жасалған «9 дар келісімін» жүзеге асыру туралы Қытайдың өтініштері, өзінің тепкісіндегі халықтардың көз жасы мен қанына боялған «демократиялық жүйенің адвокаты» — кеңестік Ресейдің мәлімдемелеріне қарамастан, аяқсыз қалып келеді. Қытайда ен көп мүддесі болып отырған елдер - Америка мен Ұлыбритания кезінде өздері белсене жақтаған және басқалардың да жақтауын талап еткен Вашингтон шартын толық күйінде орындаудан бас тартып, Қытайда тек өздерінің тар мүдделерін қорғаумен ғана шектелгісі келеді. Қытай немен тынарына көзі жетпей отырған үмітсіз соғысты кеңестік Ресейдің көмегіне сүйеніп жүргізгісі келеді. Ресейдің 1812 жылғы Отан соғысы кезінде Наполеонға қарсы қолданған тәсілдерін қолдана отырып, жауды ішке кіргізіп алып әлсіретуді, сонымен қатар қайткен күнде де Америка мен Еуропаны мүдделі ете түсуді көздейді. Мұндайда ара ағайындыққа жүргіштер көп табылатыны белгілі. Әсіресе большевиктердің іздегені де сол. Олар арандатудың ең қарапайым түрінен бастап, сары нәсіл — жапондар мен ақ нәсіл — еуропалықтардың арасында нәсілдік тартыстар шығаруға дейінгі ең жексұрын түрлерін іске қосудан тайынбайды. Және бұндайға олар аса шебер. Еуропаның кейбір баспасөзінде (бұл арада Франция баспасөзі туралы) ақ нәсілдерді қорғау туралы мәлімдемелер жасала бастады. (Француз тілінде шығатын «Lі Oeuvze» газетінің 1938 жылғы 2 қаңтардағы санында жарияланған «Әттең, өзара түсінісе білгенімізде ғой!» атты мақаланы қараңыз.) Кезінде Алманияның императоры екінші Вильгельм «сары қатер» деп аталатын теория ойлап шығарған болатын. Ол кезде оған Еуропадағы демократияшыл жәмиғат түгел дерлік қарсы болған еді. Енді, міне, «сары катер» туралы әңгімелер дәл сол демократиялы елдерден көбірек естіліп отыр. Еуропа демократтары ақ нәсілдердің қауіпке ұшырап отырғандығы туралы байбалам салғанда өздерінің отарларын, соның ішінде Қытайды да ықпал жүргізетін аймақтары ретінде бөлісіп алуды көздейді. Мұны олар, яғни осы «демократпыз» дейтін елдер, демократиялыққа, адамзат қоғамының ең жоғарғы принциптеріне жатқызады. Тағы бір жағынан Еуропа мерзімдік баспасөзі жаппай жариялаған Жапония Ішкі істер министрі, адмирал Сосцогоның 3 қаңтарда жасаған мәлімдемесіне қарағанда, Жапония қайткен күнде де, тіпті соғыс арқылы болса да, ақ нәсілдердің сары нәсілдерге жүргізіп отырған өктемдігін біржола жоюға бел байлағандығы анық аңғарылады. Бүл орайда дүниежүзілік соғыс орыс, Еуропа демократиялық елдері және Америка мемлекеті мүддесі мен сары Азияны Еуропа және Америка ықпалынан құтқаруға бел байлаған Жапония мүдделерінің Қиыр Шығыстағы шарпысуынан тұтанып кетуі әбден мүмкін. Егер бір жағынан Алмания – Жапония - Италиялардың антикоминтерн (дұрысы мұны антикеңестік деп оқыған жөн) шарты болмағанда, екінші жағынан Ақ теңізде немесе Ақ теңіз жағалауларында болсын Италия - Англия, Италия - Франция бәсекелестігі болмағанда, қытай - жапон мәселесі алдымен ауызға алынған болар еді. Антикоминтерн шарты Кеңестік Ресейдің сыртқы өктемдіктеріне тосқауыл болып тұрған жағдайда, Италия бақталастығы Англия мен Францияның, әсіресе Англияның империя жолы саналған Ақ теңізде үстем болуын қамтамасыз етеді. Италияның Ұлттар Ұйымынан шығуына байланысты Еуропа жағдайы біршама күрделілене түсті. Италияның жақын достары, сыбайластарының ешқайсысы оның соңынан кетпегенімен де, Орта және Оңтүстік шығыс Еуропадағы Италия көршілері Италиямен тығыз қатынасын сақтауға мәжбүр болуы себепті, Ұлттар Ұйымының жарғысына сәйкес қандай да бір қаулы қабылданар кезде олар осы қаулыға Италияның қалай қарайтынымен есептеспей тұрмайды. Мұның өзі 1938 жылы Ұлттар Ұйымы бұдан бұрынғы қай кездегіден де дәрменсіздене түскенін көрсетеді. Ұлттар Ұйымына ешқашан кірмеген Америка Құрама Штаттарын айтпағанда, Алмания, Жапония және Италиялар да Ұлттар Ұйымына мүлде тәуелді болып қалған елдер емес. Біздің ойымызша, Ұлттар Ұйымының ең маңызды қорғаушысы Кеңес үкіметі болып отырғаны — оның ең ұлы трагедиясы. Кеңес үкіметі саясатының салдарынан Ұлттар Ұйымы орыс большевиктері мен оларға қарсы күштердің ашық идеологиялық күрес жүргізетін алаңына айналу қаупі туып отыр. Араб дүниесінде де елеулі оқиғалар болып жатыр. Сирия өткен жылы «француз майданынан» ресми түрде шықты. Енді Ұлттар Ұйымының тең құқықты мүшесі болуға әзірленіп отыр. Мысыр да шетелдіктердің шеңгелінен құтылып, толық тәуелсіз ел ретінде танылды. Ирак үкіметінің Түркия, Иран, Ауғанстанмен бірге Шығыс Одағына кіруі - осы бір жас араб мемлекетінің өзіне тән тәуелсіз бағыт ұстана бастағанын көрсетеді. (Бұл туралы «Яш Түркістанның» 92—93-сандарын қараңыз). Араб дүниесіндегі осы онды өзгерістер туралы соз еткенде, ондағы проблемаларды да назардан тыс қалдыруға болмайды. Палестина соңғы екі жылдан бері арабтар мен арабтардың мекеніне көшіп келіп қоныстанып жатқан еврейлердің қанды қақтығыс майданына айналды. Палестин арабтарының ұлттық күресін басқарып келе жатқан жоғары муфти хажы Аламин әпенді Сирияға қашып барып паналауға мәжбүр болды. Соңғы кездері Палестинада еврейлердің арабтарды, арабтардың еврейлерді өлтіріп кету оқиғалары үйреншікті жағдай болып қалды. Палестина сыртындағы араб дүниесі палестиналық бауырларының қанды күресіне тек қаулы-қарарлар шығаруда мардымсыз материалдық көмек көрсетуден арыға бармай отыр. Француздар мен ағылшындардың кейбір басылымдары жазып жүргендей, «Пан араб» қозғалысының туғандығына дәлел боларлық нақтылы іс-қимыл жоқ. Араб әлемі өзінің ішкі бірлігін қамтамасыз ете алмай келеді. Соңғы айларда Францияның қол астындағы Марокко, Алжир тәрізді солтүстік Африкадағы арабтардан да наразылық дауыстары естіле бастады. Өмір сүріп отырған жүйеге, билеуші топтарға қарсы бой көрсетулер мен көше шерулері жиілей түсті. Полиция мен ереуілшілер арасында қақтығыстар болды. Француз үкіметі француз отаршылдарының артықшылықтарын сақтай отырып, жергілікті араб тұрғындарының кейбір талаптарын қанағаттандырудың амалдарын қарастыруда. Тағы да кеңестік Ресей туралы бір-екі сөз. Кеңестік Ресейдің ішкі дағдарысы жалғасып және барған сайын тереңдеп барады. Кеңестің бірқатар дипломаттары мен елшілері кеңес отанының мүддесін шетелге сатқан сатқындар деп айыпталды. Токиодағы, Берлиндегі, Варшавадағы, Анкарадағы, Нанкиндегі және Балтық өлкелеріндегі елшілер, Финляндия, Румыния, Грециядағы елшілер де сатқындар қатарына қосылды. Көптеген әскери дипломаттар, сыртқы істердің ең жауапты орындарында отырған адамдардың бәрі де сатқындар болып шықты. Дипломаттарының бәрін «сатқындар» мен «шпиондардан» тағайындап, маңайын осындай адамдармен толтырған министр Литвинов мырзаның өзі кім екені және орнында қалай отырғаны белгісіз? Осы науқандар нәтижесінде кеңестік Ресей Қызыл армиясы, әуе және теңіз флоты күштері басшысыздандырылған, партиясы қансырап, дипломаттары қырғынға ұшыраған күйде 1938 жылдың есігін ашты. Большевиктер болсын немесе олардың зұлымдығы астында өмір сүріп жатқан тұрғындар болсын, өздерінің бас амандығын сақтап қалу үшін бірін-бірі көрсетіп, бірін-бірі қаралап, бірін-бірі ұстап беруде. Ұлттар қатынасы, яғни орыс емес халықтар мен кеңестік Ресей арасындағы қатынас барған сайын шиеленісе түсуде. Орыс емес республикалардың барлық партия мен үкімет басшылары, дәл Сталин мен оның достары айыптап отырғандай, кеңестік Ресейді сатты, ұлт республикаларын бөлшектеп әкетуге жаппай әрекет жасады дегенге нану қиын. Дегенмен біздің түркістандық ұлттық большевиктерде, Кавказия, Украина, Белоруссия және басқа халықтар арасынан шыққан большевиктерде, дәл сол кеңес баспасөзіндегідей, «буржуазия ұлтшылдығы» болмағанмен де, әр түрлі формадағы антикеңестік, орталық Ресейге қарсылық, республикаларының саяси-экономикалық және ұлттық мүдделерін құтқарып қалу жөніндегі талпыныстары болған болуы ықтимал. Осы ұмтылыстар болашақта қалай дамиды? Басшылары жазаға тартылып болған соң ұлттық талпыныстар да солармен бірге жоғала ма, жоқ әлде халық бұқарасының оппозициялық көңіл-күйі ұлғая келе Сталиннің жаңа жұмысшылары да «ұлтшылдық» жағына өтіп кете ме? Біздіңше, сыртқы қақтығыстар ғана кеңестік Ресей тепкісіндегі халықтарға өз талаптарын ашық қою, өз мойындарындағы бұғауларын лақтырып тастау мүмкіндігін береді. Кеңестік Ресей тепкісіндегі барлық халықтар төрт көзімен күтіп келе жатқан осы сыртқы қақтығыс үстіміздегі 1938 жылы туа қояр ма екен?! Міне, көп күттірмей жауабы беріліп қалуы ықтимал бір басты сұрау осы. 1938 жыл басталудан бірнеше күн ғана бұрын Румынияда үкімет ауысып, кеңестік Ресейдің көршісі осы елде фашистерге идеялас саяси ағымның үстемдік алуы Италия мен Алманияның позициясын күшейтеді. Еуропа баспасөзі бұрыннан бері келе жатқан Польша - Румыния әскери одағының кайта жанданып күшейе бастағаны туралы пайымдауларын жазуда. Бұл одақ кеңестік Ресейге тікелей қарсы қойылмағанымен, оны еуропалық достарынан айыруға апаруы әбден мүмкін. Сонымен бір уақытта Францияның кеңестік Ресеймен қатынасында салқындық сезілуде. Осы салқындықтың нышандары әсіресе 12 желтоқсанда өткен сайлаудан соң анық көріне бастады. Мәскеу шарлағандарының сайлау қитұрқылығына Франциядағы ықпалды топтар қалай қарағандығын білу үшін Франция Сыртқы істері министрлігінің басылымы «Таң» газетінде 12 желтоқсанда басылған бас мақаланы оқу жеткілікті. Мәскеу «Правдасының» (1938.12.26) Франция Сыртқы істер министрі Делбостың Польша, Румыния, Чехословакия және Югославия жөніндегі саясатына бағасы, яғни осы газеттің жыл басы санында жарияланған «Ұлттар Ұйымы және татуластық жаулары» атты мақаласында Франция үкіметінің Ұлттар Ұйымына ұстанған саясаты туралы жазғандары Мәскеу большевиктерінің француз достарына деген қыжылын анық байқатты. 1938 жылға аяқ басқанда кеңестік Ресейдің ішкі және сыртқы саясаты, міне, осындай халде еді. Кеңес үкіметінің, сонымен бірге орыс империализмінің ордасы ойран болар күнді төрт көзімізбен күтіп отырған жәйіміз бар.
1938 ж., №98
КЕҢЕС САЙЛАУЛАРЫ
Кеңестер Одағы Жоғарғы Кеңесінің («Одақ кеңесі» мен «Ұлттар кеңесінің») сайлаулары аяқталды. Және күні бұрын әзірленіп қойылған нәтижелер жарияланды. Тазартудан өткен партия ұйымдары ұсынып, ГПУ тарапынан мақұлданған кандидаттар сайланды. Мұндай сайлаудың сыр-сипаты туралы біз күні бұрын талдап жазған болатынбыз. Осыдан екі жыл бұрын Сталин өзі Америка журналисімен өткізген сұхбатында бұл сайлау дүние жүзіндегі ең демократиялы сайлау болатыны жөнінде уәде берген болатын. Сайлау науқаны дегенімізде, әдетте, сайланушы кандидаттардың еркін ұсынылуы және сайлаушылардың өз дауыстарын қалаған кандидатқа еркін түрде беруі көзде ұсталады. Сондай-ақ нағыз демократиялы науқан үгіт-насихат еркіндігін, сайлаушыларға өздеріне ұнамаған кандидаттарды тізімнен шығарып тастау еркіндігін де қамтамасыз етеді. Кеңестік Ресейдің сайлауында мұның бірі де болған жоқ. Сайлау учаскелерінде, жаңа негізгі заңда көрсетілгендей, сайлаушыларға сайланатын кандидаттардың тізімі берілмеді. Бір ғана парақта кандидаттың аты-жөні көрсетілді де, сайлаушылар соған дауыс беруге міндетті етілді. Мұндай жағдайда батылы жеткен азамат не сайлауға қатыспай қалуы немесе сталиндік кандидаттарды ретін тауып сызып тастауды лайық көрді. Мұндай істің екеуі де аса ауыр зардаптарға апарып соғуы мүмкін еді. Әдетте сайлаушылар паспорттарын қалталарына салып жүрулері керек. Сайлауға қатысқанда паспорты бойынша тіркеуге алынады. Сол себепті азаматтың сайлауға келмей қалуын білу қиынға соқпайды. Ал мұның өзі Кеңес үкіметін, Сталин саясатын жақтырмағандық, тіпті оған өзін жау санағандықпен бірдей болатын. Соған қарамастан, ресми мағлұмат бойынша 3 млн 25 мың 7 кісі сайлауға қатыспай қалған «Одақ кеңесі» сайлауына қатынасып, сайлау парақшасындағы кандидаттардың аттарын өзгертіп жазуға батылы барғандар саны 636 мың 808 адам болған. Ал кандидаттардың аты-жөнін сызып тастағандар 632 мың 84 адамға жеткен. Сонымен сайлауға қатысқандар арасында сталиндік кандидаттарға 1 млн 268 мың 882 адам қарсы дауыс берген. «Ұлттар кеңесінің» сайлауы мұнан да қызық жағдайда өткенін көреміз. Бұл сайлауда 1 млн 487 мың 582 сайлаушы ресми кандидаттарды сызып тастап, олардың орнына басқа адамдардың аты-жөндерін жазған. Ал тек ресми кандидаттарды сызып тастаумен ғана шектелгендер — 562 мың 402 адам болған. Демек, «Ұлттар кеңесінің» сталиндік кандидаттарына 2 млн 49 мың 984 адам қарсы дауыс берген. Егер мұқият көңіл аударсаңыз, «Ұлттар кеңесінің» кандидаттарына қарсы дауыс берушілер «Одақ кеңесінің» кандидаттарына қарсы дауыс берушілерден 881 мың 102 адам артық болғанын көреміз. Кеңестік Ресейдің аумағы тұрғысынан қарағанда, бұл сан пәлендей коп болмағанымен, кеңестік террор жағдайынан алғанда мұның өзі орыс емес өлке халықтарының кеңестік Ресейге қарсы қандайлық жанкештілікпен қарсылық көрсетіп жатқанынан толық дерек бере алады.
Енді Түркістанға келейік.
Түркістандағы барлық сайлаушылардың саны — 5 млн 810 мың 5 адам.
Сандық мәліметтерге қарағанда, Түркістан сайлауға қатыспау жағынан (қатыспағандар, өздері қалаған адамдарды көрсету және сталиндік кандидаттардың аты-жөнін өшіріп тастау жағынан) Кеңестер Одағы бойынша ең бірінші орынды иеленіп отырғанын көруге болады. 1937 жылғы 12 желтоқсанда жүрген сайлауға он бір Одақтас Республикалардан қатысқандардың проценттік көрсеткіші мына төмендегідей: Украина — 97,5%, Белоруссия — 97,3, Ресей Федерациясы — 96,5, Грузия - 95,9, Әзірбайжан — 90,5, Түркіменстан — 90,3, Арменстан — 90,2, Тәжікстан — 94,5, Қазақстан — 93,9, Өзбекстан — 93,5, Қырғызстан — 93,1. Егер алуан түрлі шаралармен қысым жасалынбағанында, Кеңестердің өз заңы бойынша өткізілген өз сайлауы өз диктатурасына қарсы жұмыс істеуі шүбәсіз еді. «Кеңестік демократияның» сыр - сыйпатын және большевиктердің өздері жасаған заңға өздері қандайлық дәрежеде құрмет көрсетіп отырғанын Түркістанның Түркіменстан бөлігінен кандидаттығы ұсынылған, партия комитетінің хатшысы Андреевтің Ашхабад қаласында 1937 жылғы 9 желтоқсанда сайлаушылар алдында сөйлеген мына сөзінен анық аңғаруға болады. Түркістанды Ресейден бөліп әкетпек болған Ресей жаулары - «буржуазия ұлтшылдары» хақында айта келіп, Андреев: «Әлі де әшкереленбей отырған дұшпандар -жуан жұдырықтар, байлар, молдалар мен діндарлар - сайлау алды науқаны кезінде тып-тыныш отырды дей аламыз. Олар Одақ Кеңесі сайлауында оз кандидатураларын ұсына алмағаны белгілі. Олар оз кандидатураларын заң жол бермегендігі үшін ұсына алмай қалған жоқ, жұмысшыларымыз бен шаруаларымыз жол бермегендігі үшін ұсына алмады. Ал заң әрқандай кандидатты ұсынуға кедергі жасамайды», — дейді. («Известия» және «Правдалардың» 1937 жылғы 11 желтоқсандағы саны). Көріп отырсыздар, заң құқық береді. Ал кеңестік Ресейде «заң шығарушылар» ретінде аталатын жұмысшылар мен шаруалар мұндай құқықтан пайдалануға жол бермейді. Осындай да заң, осындай да заң шығарушылар болады екен-ау? Қарапайым тілмен айтқанда, мұның аты — өз бетіне өзі түкіргендік деп аталады. Енді бір сәт Түркістаннан және басқа да түрік республикаларынан сайланған кеңестік депутаттардың сандық салыстырмасына көз жүгіртейік.
Барлық сайлау - шылар
Сайлауға қатысқан
- дар
Қатыс – паған - дар
«Одақ кеңесі» сайлауы - на қатысу - шылар
Сайлауға қатыспа - ғандар мен қарсы дауыс бер - гендер
«Ұлттар кеңесі» сайлауына қатысушы - лар
«Ұлттар кеңесі» сайлауына қатыспау - шылар мен қарсы дауыс берушілер
Өзбекстан
Қазақстан
Қырғызстан
Тәжікстан
Түркіменстан
3548441
2995367
799408
774864
691925
3 319216
2 901072
753549
738099
651962
22925
94295
45 859
36 765
39 963
3386897
2882844
731 395
728 656
647 345
32 319
18 228
22 154
9 443
4617
3 274 473
2 862 726
733 480
726 064
644 329
44 743
38 346
20 069
12 035
7 633
Түркістанда
8810005
8363 898
44617
8277137
86 761
8 241 072
124 826 «Ұлттар кеңесіне» Түркістаннан сайланған 141 депутаттың 35-і, яғни төрттен бірі (25 процент) түркістандық еместер. Одақ кеңесіне сайланған 53 депутаттың 26-сы, яғни тең жартысы түркістандық еместер. Солардың арасында Кеңес Одағының жол комиссары Каганович, Орталық партия комитетінің хатшысы Андреев, ГПУ бастығының орынбасары Вельский, Коминтерн басқармасының мүшелерінен Мануильский, Интернационал серіктестігінің бастығы Лозовский, Орта Азия әскери күштерінің қолбасшысы Логитнов, оның орынбасары Городовиков, Түркістан Кеңес Республикалары Ішкі істер комиссарлары (бұл комиссарлықтың басында Түркістанның жергілікті ұлт өкілінен бірде-бір адам жоқ) қатарлы адамдар бар. Басқа түрік республикаларының да жағдайлары оңып тұрған жоқ. Әзірбайжанда Одақ кеңесіне сайланған 11 өкілдің үшеуі — орыс, біреуі — грузин. Ұлттар кеңесіне сайланғандардың үшеуі — орыс, біреуі — армян. Башқұртстаннан Одақ кеңесіне сайланған 10 адамның алтауы, яғни жартысынан астамы басқалар, Ұлттар кеңесіне сайланған 11 өкілдің бесеуі басқалар. Татарстаннан Одақ кеңесіне сайланған 10 адамның бесеуі, Ұлттар кеңесіне сайланған 11 адамның бесеуі басқалар. Әзірбайжанға тән Нахичуан Автономиялы республикасынан «Ұлттар кеңесіне» сайланған 11 өкілдің біреуі — орыс. Ал Карабах Автономиялы уәлаятынан сайланған 5 өкілдің бәрі де армяндар.
Кеңес сайлауларының жалпы көрінісі және оның нәтижесі, міне, осындай.
1938 ж., № 98
ТҮРКІСТАНДЫҚТАРДЫҢ СҰРАҒЫНА ЖАУАП
Парижде француз тілінде шығып келе жатқан «Прометей» журналының өткен желтоқсан айындағы санында Түркия мен Кавказия шекарасы хақында басылған бір қарарға орай түркістандық оқушыларымыздан: «Мұқабасында Түркістанның да аты тұрған «Прометей» журналы үшін Түркістан ұлттық бірлігі (ТҮБ) және жекелеген түркістандықтар өз мойындарына жауапкершілік ала алар ма?» — деген сұрақ түсті. Оған былай деп жауап қайтарамыз: «Прометей» журналы үшін ТҰБ да немесе жекелеген түркістандықтар да ешқашан жауапкершілік алмайды. Асылында кавказдықтардың (Әзірбайжан, Грузия, Солтүстік Кавказия) органы болып есептелетін «Прометейдің» жұмысына түркістандықтар 1938 жылдың қаңтар айынан бастап қатыспайтын болған.
1938 ж., №99
САНЖАР АСПАНДИЯР
( Түркістандағы орыс большевиктері шовинизмі құрбандарының бірі) Түркістанда орыс большевиктері құрбандарының арасында ең бір қайғылы күйге тап болған адам — доктор Санжар Аспандияр. Түркістан уәли мекемесінде ұзақ жылдар бойы тілмаштық кызмет атқарған оның атасы полковник Сейтжағыпар Аспандиярдың есімі күллі Түркістанға мәшһүр еді. Сейтжағыпардың төрт бірдей ұлынан тірі қалғаны осы Санжар ғана болатын. Санжардың үш туысы да қасіретті өлімге душар болды. Олардың бірі — Париждің өнеркәсіп академиясының студенті — 1916 жылғы көтеріліс кезінде өлтірілді. Көтерілісшілер оны орыс үкіметінің шенеунігі деп көзін жойған. Санжар Ташкендегі «Реал» атты гимназияда оқыды. Оны тәмамдаған соң Петербургтегі әскери академияға оқуға түсті. Міне, сол Петербургте оқып жүрген кезінде біз онымен жақындасып достастық. Отбасындағы орысша тәрбие Санжардың түркістандық сезіміне көлеңке түсіре алмаған еді. Ол қай кезде де өзін нағыз түркістандықтарша көрсете білуге тырысты. Әскери академияны бітірген соң (жаңылмасам, 1912 жылы), Санжар әскери дәрігер болып Түркістанға оралды. Ол жерден оны соғыс майданына алып кетті. Бір шайқаста басынан жараланған Санжар немістердің қолына түседі. Тұтқынға түскен оны бүгінгі Польшаның Алманиямен шекарасындағы Торон қаласындағы тұтқындар лагеріне жөнелтеді. Немістер Санжардың түркістандық екенін білген соң, лагерьден босатып қоя береді. Лагерьден шыққан соң Санжар Түркістанға қайтып оралып, төңкеріс болғанға дейін Термизде әскери дәрігер болып кызмет атқарды. 1917 жылғы төңкеріске Санжар ерекше бір сеніммен катысты. Ол төңкеріске біз құсап ұлттық күрес, ұлттық бағдарлама арқылы келген жоқ. Жұмысшы және солдат депутаттарымен бірге солшыл төңкерісшіл ретінде келді. Ол осы бағыттағы күштерді төңкерістің азаткерлік ұрандарын жүзеге асырушы ұйым ретінде көрді. Санжар біздің ұлттық форумдарымыздың ешбіріне қатыспады. Бұхара әмірінің стипендиясымен оқыған Санжар Аспандияр жұмысшы - солдат кеңестерімен бірге Бухара әміріне қарсы күрес ашты және оның орнында жұмысшы - солдат кеңесі үстемдігін орнатуға ат салысты. Төңкерістің он бойында мен Санжармен бір ғана рет кездестім. Ол кездесу 1918 жылы қаңтардың бас шенінде Қоқанда болған еді. Санжар Қоқанда ашылатын Түркістан шаруалары мен жұмысшыларының конференциясына қатысу үшін келген болатын. Ол осы конференцияны ұйымдастыру комитетінің мүшесі. Осы конференция Түркістан ұлттық автономиялы үкіметін мемлекеттің бірден-бір үкіметі ретінде танып, осы жөнінде шығарған қаулысын Орталық Кеңес үкіметіне жолдаған және одан ұлттық үкіметтің мойындалуын, Түркістанға жат әскери күшке сүйеніп құрылған Ташкенттегі Кеңес үкіметінің таратылып жіберілуін сұраған еді. Орынбордан жолға шыққан мен Қоқанға конференция жұмысын аяқтаған күні ғана жеттім. Сол себепті оған қатысқан адамдардың ешқайсысымен жолыға алмай қалғанмын. Санжар екеуміз көне достарша кездестік. Бірақ әңгімеміз тым қысқа болды. Содан кайтып онымен кездесу сәті түспеді. 1919 жылы Санжар большевик партиясына кірді. Оның большевиктер партиясына бүкпесіз ниетпен кіргені де шүбәсіз. Өйткені Санжар ғұмырында жәдитшіл де, алашшыл да болған жоқ. Ол өзінің әлеуметтік істерге араласа бастағаннан бергі уақытын кеңестердің «қазанында қайнап» өткізді. Қоқан конференциясына Санжарды орыс жұмысшылары мен солдаттарының кейбір сорақы озбырлықтарына байланысты туған наразы көңіл күйі алып келген болатын. Санжардың есімі алуан түрлі уклонистік топтардан, айталық не «аңғамшылдар», не «сұлтанбек қожаншылдар» немесе «сәдуақасшылдар» қатарынан кездескен жоқ. Ол большевиктік төңкерісті бар болмысымен қабыл алды және «ұлтшыл уклонистер» тәрізді сын айтып, талап қойған да емес. Осының бәрі күмән туғызбастай анық нәрсе болатын. Санжар төңкеріске халықтың қалың ортасынан келмеді. Халықтың қалың ортасынан келгендер оның мұң-мұқтажын, талап-тілегін білер еді. Сол үшін де олар көтеріліске қатынаса бастағанда-ақ халықтық сұраныстар мен талаптарды көтеріп, большевиктерге «керітөңкерісшіл» болып көрінетін. Қысқасы, ондайлар төңкерістен (Кеңес үкіметінен) халықтың мұң-мұқтажын талап етер еді. Санжар халықты білмейтін. Халықтың тұрмысынан бейхабар болатын. Оның білгені тек төңкеріс ғана болды. Сол себепті ол халықтан төңкеріс қажеттерін қанағаттандыруды талап етті. Санжардың ұғымында халықты төңкерістің еркімен қажетіне бой ұсындыру тиіс. Олай болмаған жағдайда «халықтың басына апат төнеді». Сұлтандар әулетінен шыққанына және атасының патша генерал-губернаторы жанында ұзақ жылдар бойы тілманттық жасағанына қарамастан, Санжардың Түркістандағы кеңес билеушілері арасында салмақты орындардың бірін иеленіп отыра алуының түп себебі де, міне, осында жатыр. Ол барлық тазалау науқандарынан аман-есен өтті. Түрлі комиссарлықтарда жауапты қызмет атқарды. Түрлі құрылтайларға төрағалық жасады. Түрлі әлеуметтік топтар атынан конференцияларға қатысты. Кейінгі кездерде Санжар ғылыми жұмыстармен айналысты. Бірақ ол өз мамандығымен емес, тарихпен шұғылданды. Атеистік талаптарынан шыға отырып, ислам тарихы хақында көптеген орынсыз нәрселер жазды. Санжар орыс миссионерлерінің айтқандарын қайталап, Мухаммед пайғамбарды «жаңа туып келе жатқан араб капиталистерінің агентінен басқа ешкім де емес» деп те сандырақтады. Санжар Түркістандағы ұлттық төңкеріс қозғалысының тарихына да қалам тартты. Ол қылмыс атаулының бәрін Түркістандағы бұрынғы ұлттық төңкеріс қозғалысының басшыларына үйіп-төккенімен, бәрібір бір маңызды мәселені теріске шығара алған жоқ. Ол — Түркістан ұлтшылдарының шын мәніндегі төңкерістік рөлі болатын. Осының өзі-ақ большевиктер үшін мыңдаған түркістандықтардың қанын судай ағызған себеп-сылтаулардан кем соқпайтын еді. Санжардың осы көзқарасын большевиктер оның «өмір кітабының» «күнәкәр» бетіне түртіп қойған еді. Санжар мұны сезіп қалды да, қатесін тез түзетті. Ол енді саясаттың өткір мәселелерімен шұғылданудан бас тартты. Ол «Ең көне замандардан бергі Қазақстан тарихы», «Қазақстанның бастан кешкендері: деректер мен материалдарда» атты еңбектер жазды. Сонымен қатар «Ұлттық мәдениет зерттеу институты» ғылыми басылымының директорлығын да мойнына алды. «Ең көне замандардан бергі Қазақстан тарихы» атты шығармасымен Санжар Аспандияр өз халқының тарихын жақсы білетін білікті ғалым ретінде көріне алмады. Автор Маркс, Энгельс, Ленин, Сталин шығармаларының аясынан шыға алмай қалғаны еңбектің он бойынан көзге ұрып тұрады. Санжар өзінің туған халқының тұрмыс-тіршілігімен тек кітап жүзінде ғана таныс. Осы әлсіздігі «мен мұндалап» тұрған еңбектерінде Санжар өз пікірін, өз көзқарасын, өз пайымдауларын айтуға тиіс тұстарда шындыққа көпекөрінеу көз жұмып, марксизм классиктерінен үзінділер келтіруге көшеді. Осы орайда ауылдасым Қоңыратбайдың бір сот процесі кезінде сөйлеген сөзінен мына бір үзінді есіме оралып отыр. «Мен заңның дұрыстығына сенемін. Тек оны біздің өмірімізді мүлде білмейтін адамдар біздің дала тұрмысына сәйкес келмейтін басқа бір ортаға лайықтап жазуынан қорқамын. Табиғи заң қашан да әділетті. Алайда бір халықтың өміріне лайықтап жасалған заң екінші бір халықтың мүддесіне кызмет етуі мүмкін бола қояр ма екен?» деген еді ол. Әліпті таяқ деп білмейтін Қоңыратбай осылай деген болатын. Халықтың нағыз тұрмысынан хабары жоқ маркстік ғалымдар мұндай пайымдауларға бара алмайды. Осылайша өмір шындығымен бетпе-бет келіп қалған Санжар алдымен «лениндестіріліп», артынан «сталиндестіріліп» екі мәрте айныған марксизм теориясымен туған халқының тарихын түсіндірмек болып әуреге тусті. Ол қазақ халқының XVІ ғасырда қалыптаса бастағанын дәлелдемек болады. Ол келтірген материалдардан қазақ ұлты қазір де, орыс пролетариата диктатурасының қамқорлығына қарамастан, әлі қалыптасып болмағандығы аңғарылады. Сталиншілдер Санжардың бұл ағаттығын кешіре алмады. Өйткені Сталин үкіметі дәуірінде қазақтар орыс пролетариатының басшылығымен «дербес ұлт» болып үлгергені туралы жазылуы тиіс еді. Олай болмаған күнде Кеңес үкіметінің Түркістандағы «түрі — ұлттық мазмұны — пролетарлық» саясаты құнын жояр еді. Санжар пайымдағандай, қазақтардың XVІ ғасырда басталған ұлттық қалыптасу процесі осы күнге дейін аяқталмаған болса, «Қазақ ұлтының» құрылуындағы большевиктердің ролін қалай түсіндіруге болады және бүл процесс қашан аяқталады? Осы процесті аяқтап, қазақтарды ұлт дәрежесіне жеткізу үшін тағы нелерді істеуге тура келеді? Санжар бұл сұраулардың байыбына бара алған жоқ. Санжар мұндай іргелі мәселені о бастан түсіне алмады. Оның шығу тегін де көре алмады. Сол себепті «қолды» болып қалды. «Қазақ тарихын ұлтшылдықпен бұрмалағаны үшін» айыпқа тартылды. Оның атына ең ауыр «қылмыстар» таңылды. Оны «Жапонияның шпиондары» мен «рысқұлшылдар» қатарына апарып қосты. Өйткені оны партия қатарына Тұрар Рысқұлұлы тартқан екен. Ен соңында Санжар — Мұстафа Шоқайдың сыбайласы болып шықты. Қалай? Қайтіп? Санжар қашан, қай жерде менің сыбайласым болып еді? Бұл сұраулардың жауабы тым қарапайым. Түркістан ұлттық қозғалысына мұрындық болғандар жаппай қараланып жатқан кезде, Санжар мен туралы ештеңе айтпаған. Тіпті менімен айналыспаған. Сталиндік әдіс бойынша мұндайда Мұстафа Шоқайды айрықша бөліп атап, халық жауы деп қараламасаң, «Мұстафа ІІІоқай Түркістанға патшалық жазалау дәстүрін әкеледі» деп жазбасаң (Ташкент газеттері осындай сандырақтарды жазуға дейін барды), онда сен — оның жақтасы, агенті, сыбайласы, Жапонияның, тіпті Жапония -Алманияның шпионы болғаның! Санжар қолды болды. Халық жауы, Жапонияның шпионы деп жарияланды. Санжардың қасіреті тым ауыр. Ол халыққа төңкеріс арқылы жақындағысы келді. Бірақ халқымен бірге бола алмады, халқын түсінбеді. Ол орыстың Қазан төңкерісіндегі большевик шовинизмін де көре, сезе алмады. Нәтижесінде орыс большевиктік шовинизмінің құрбаны болды. Түркістан оны ұлт азаттығы жолында құрбан болғандардың қатарына қоса қояр ма екен? Бұл да бір бөлек мәселе.
1938 ж., № 100
ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ӨМІРДЕН
Англияның Сыртқы істер министрі Айдынның 20 ақпан күні отставкаға кетуі халықаралық саясатта елеулі оқиға болғаны шүбәсіз. Өйткені бүл оқиға бір министрдің орнына екінші бір министр келіп жататын үйреншікті жағдай болмастан, Англияның сыртқы саясаты бағытының өзгеретінін білдіреді. Сонымен қатар мұндай өзгеріс Англиямен ғана шектелмейді. Айдынның отставкаға кететіні туралы хабар естілісімен, Франция Сыртқы істер министрінің де қызметінен кететіні жөнінде сыбыс тарай бастауы бұл оқиғаның қаншалық маңызды екенін әйгілеп тұрса керек. Айдынның отставкасына орай Франция парламентінде өткен пікір сайыстары осы оқиғаның көлеңкелі жақтарына аз да болса сәуле түсіргендей болды. Айдын Ұлттар Ұйымына және Ұлттар Ұйымының «Ұжымдық қауіпсіздік» теориясын қорғап қалған немесе қорғап отырғандай болып көрініп келген Еуропадағы сирек саясатшылардың бірі еді. Мүдделеріне сәйкес келеді делініп жүрген орта және шағын мемлекеттердің өздері осы «ұжымдық қауіпсіздікке» сенімсіздік білдіріп, күдікпен қарай бастауы біраз нәрсені аңғартады. Ұлттар Ұйымы кеңесінің 100 - ші жиналысы кезінде социалистер тарапынан басқарылып келе жатқан Швеция мен Норвегия Сыртқы істер министрлерінің және Голландия солшыл демократ үкіметі өкілінің «ұжымдық қауіпсіздікке» қарсы шыққаны да тегін емес. Бельгия Сыртқы істер министрі социалист Спак 27 ақпанда сөйлеген сөзінде «ұжымдық қауіпсіздік» теориясы сыртқы саясатының іс жүзінде негізі бола алмайтыны туралы ашық мәлімдеді. Осы орайда Францияның солшыл газеттерінің «ұжымдық қауіпсіздікке» тек «фашист мемлекеттер» ғана қарсы болады деген пайымдауының теріске шыққанына да куә болып отырмыз. Кеңес үкіметі мен оған жақын мемлекеттер саясатының тұрғысынан келгенде «ұжымдық қауіпсіздік» орта және шағын елдер өміріне қауіп төндіретін идеологиялық күрес құралына айналып қалатыны анық еді. Ұлттар Ұйымына мүше елдердің, дәлірек айтқанда, ұжымдық қауіпсіздік саясатын жақтаушы елдер мен ұжымдық қауіпсіздік шартын жасаудан бас тартушы Ұлттар Ұйымына мүше болмаған елдер арасындағы кереғарлық ұлғайды. Бір жағы — Англия, Франция және кеңестік Ресейден, екінші жағы — Алмания мен Италиядан тұратын осы екі топ арасында қалған Еуропа елдері қатты абыржып, әрқайсысы өзіне пайдалы, қолайлы көрінген жолдарды асығыс таңдай бастады. Олардың бір бөлігі «ұжымдық кауіпсіздік» келісімін кеңестік Ресеймен одақ болу, яғни кеңестік Ресейге қауіп төнсе, оған жәрдем беру, керісінше — өздеріне қауіп төнгенде кеңестік Ресейден жәрдем алу деген мағынада түсінді. Бұл жолға Орталық Еуропада тек Чехословакия ғана түсті. Польша кеңестік Ресейге жәрдем бермейтінін және одан жәрдем алғысы келмейтінін ашық айтты. Жақында ақпан айының соңында ғана қабылданған Румынияның негізгі заңында Румыния жерінде қандай да бір сылтаумен шетел әскерін ұстауға тыйым салынатыны туралы ашық жазылған бір тармақ лайда болды. Ұлттар Ұйымының жарғысында осы ұйымға мүше елдердің бірі екіншісіне көмекке жіберген күштерді өз аумағынан өткізуге міндеттейді. Егер кеңестік Ресей Ұлттар Ұйымына мүше болмағанда, осы елдердің «ұжымдық қауіпсіздікті» қабыл етуі күмәнсіз еді. Англияның отставкаға кеткен Сыртқы істер министрі Айдын көпшілік елдердің көңілінен шықпаған «ұжымдық қауіпсіздік» жүйесін жақтағаны себепті, Англия мен Италия арасындағы қатынасты шиеленістіріп жіберді. Айдын Италияға бірқатар талаптар қойды. Соның бірі — Италия Испаниядағы еріктілер мәселесінде ол жағдайды өзгертпейінше, диалогқа бармайтынын мәлімдеумен келді. Ағылшынның бас өкілі Чемберлин Айдынды алған бағытынан тайдыруға қанша тырысқанымен, онысынан еш нәрсе өнбеді. Сонымен Айдын отставкаға кетті. Айдын отставкаға шығысымен-ақ Англия - Италия арасында келіссөз басталды. Сонымен бір уақытта Англия - Алмания арасында пікір алысулар жүріп жатты. Чемберлин пікір алысу, талқылаулар өткізу үшін болатын кездесулерді Италияға ешқандай шарт қоймай-ақ өткізуге кірісті. Ен қарапайым бір нәрсені шешу үшін де алдымен жүзбе-жүз сөйлесу тиімді екенін ірі мемлекет қайраткері Чемберлин жақсы білетін. Чемберлин Ұлттар Ұйымының дәрменсіз күйге түсіп қалғанын, Еуропа бейбітшілігі Англия, Франция, Алмания және Италия арасында татулық келісімін жасауға тікелей байланысты болып отырғанын ашық айтты. Ол кеңестік Ресейді әдейі атамады. Біздің ойымызша, осы төрт мемлекеттің қатарында кеңестік Ресеймен көрші және Еуропа ірі елдері тарапынан ірі елдер қатарына қосылады деп танылған Польшаның да болғаны жөн. Англияның сыртқы саясаты болашақта қай бағытта дамитынын және қай жағадан шығатынын болжап білу қиын. Айдынның отставкаға кетуіне байланысты басы ашылған бір жәйт бар. Англия енді Ұлттар Ұйымын және оның қамқорлығындағы «ұжымдық қауіпсіздік» жүйесін пәлендей бір қасиетті нәрсе ретінде көрмейтіні анық. Англияның сыртқы саясатындағы осы жаңа өзгерістер бір жағынан Ұлттар Ұйымына, екінші бір жағынан кеңестік Ресейдің Еуропадағы ықпалына, сөзсіз, ауыр соққы болып тиді.
* * * Англияның сыртқы саясатындағы өзгеріс Еуропаның ішкі өміріне де эсер етпей қалған жоқ. Франция Парламентіндегі соңғы пікір сайыстары кезінде кеңестік Ресеймен жасасқан шарттан бас тарту және Франция - Алмания келісіміне апаратын жолдарды іздестіру туралы әлсіз де болса дауыстар естілді. Көптеген француз саясаткерлерінің алдына «Берлинмен бе, жоқ, әлде Мәскеумен бе?» түрінде қойылып келген сұрау, енді «Лондонмен бе, жоқ, әлде Мәскеумен бе?» деген тұрғыдан жаңаша қойылды. Осындай түрдегі сұрақ қойылуының өзі француз саясатын жасаушылардың санасында қалай дегенмен де бір онды өзгерістердің нышаны барын байқатады. Англия - Италия пікір алысуларының басталуы ақпан айының соңғы күндері Анкарада бас қосқан Түркия, Греция, Румыния және Югославия — осы төрт мемлекеттен туратын Балқан одағы елдерінің шешімдеріне де эсер етпей қойған жоқ. Жиналыс Одақ мүшелерін Италия империумын, яғни Хабашстанның Италия тарапынан басып алынғанын мойындауға және ұлтшыл Испаниямен (Франко үкіметімен) байланыс орнатуға шақырды. Хабашстан мен Испания мәселелері Италия саясатында маңызды орын алатыны баршаға мәлім. Айдын да осы мәселеге байланысты Италиямен ешқандай бір диалогқа бармауды жақтап келген болатын. Ол кеткен соң, Англия үкіметінің ешбір шарт қоймастан Италиямен келіссөздер өткізуге кірісуі басқа елдер саясатына әсерін тигізбей қалмағаны анық көріне бастады. Біз Чемберлин үкіметіне кеңестік Ресейге қарсы Еуропа бейбітшілігін орнықтыруда кеңестік Ресейсіз табысқа жетуін тілейміз. Өйткені кеңестік Ресейдің қатысы болған қандай бір іс болмасын — бейбітшілік болмақ емес.
* * * Ұлттар Ұйымының жақында болып өткен 100-інші жиналысы осы бір мәртебелі ұйымның бастан кешіріп отырған дағдарысын барынша ашып көрсетті. Дүниежүзілік соғыстан соң, халықаралық құқықтың құрметтелуін қамтамасыз ету және қандай да бір себептермен соғыс шығып кетуінің алдын алу мақсатында құрылған осы халықаралық орган өзіне жүктелген негізгі міндеттердің үдесінен шығуда дәрменсіздік корсетті. Ұлттар Ұйымы құрылғаннан бері оның «шапағатымен» халықаралық құқық бұрынғыдан бетер аяқ асты етілді. Дүниенің шартарабында — Америкада, Африкада, Азияда және Еуропада соғыстар болды және қазір де болып жатыр. Ұлттар Ұйымы «жалпыға бірдей қарусыздану» туралы инициатива көтерген болатын. Онысынан ештеңе өнбеген соң, «қарулануға шек қою» дегенге көшті. Ал дүние жүзі жанталаса қарулану майданына айналып қалды. Қазіргі кездегі қарулану мен армиялардың қасында 1914 жылғы соғыс қарсаңындағы қарулану мен армиялар баланың ойынына ұқсайды. Ұлттар Ұйымының трагедиясын айқындайтын факторлардың кейбіріне назар аударып көрелік. Ұлттар Ұйымын құру идеясы ең алғаш Америка Құрама Штаттарының президенті Ойлсон тарапынан ортаға қойылды. Бірақ Америка Құрама Штаттарының өзі Ұлттар Ұйымына кірмеді. Мұның өзі әкенің өз баласын мойындамағаны тәрізді бірдеңе еді. Оңтүстік Американың ең ірі елі — Бразилия Ұлттар Ұйымынан шығып кетті. Оңтүстік Американың басқа бірқатар елдері де Ұлттар Ұйымымен қоштасты. Біраз уақыт болғаннан кейін Алмания да мүшеліктен бас тартты. Сонымен Ұлттар Ұйымының беделіне едәуір дәрежеде нұқсан келді. Ұлттар Ұйымының белді мүшелері саналған Италия мен Жапония да одан бас тартты. Бұл екі елдің кетуі Ұлттар Ұйымын мүлде есеңгіретіп тастады десе де болатындай еді. Ұлттар Ұйымында оның ірі, беделді мүшелерінен тек Англия мен Франция ғана қалды. Ұлттар Ұйымынан шығып кеткендер бұл екеуін ұйымды өздерінің саяси орындарына, гегемондық мақсаттарына пайдалануды ғана көздейді деп айыптайды. Олардың мұндай сын айтуы негізсіз де емес еді. Соның бір айқын көрінісі ретінде Францияның кеңестік Ресейді Ұлттар Ұйымына алып келу үшін көтерген бастамасы мен қолданған айла-тәсілдерін айтса да жеткілікті. Кеңес үкіметінің Ұлттар Ұйымына ымырасыз дұшпандығы кімге де болса мәлім нәрсе. Большевиктер о бастан-ақ Ұлттар Ұйымын соғысқа әзірлеу мектебі деп атап, оған қарсы ұрыс жариялаған болатын. Соған қарамастан, олар Ұлттар Ұйымына мүшелікке өткен болса, мұның өзі большевиктердің позициясын өзгерткендігін көрсетпейді. Большевиктер Ұлттар Ұйымына кіріп алып, оны өздерінің интригаларына, Еуропа елдерінің арасын бұзу және жалпы дүниенің саяси жағдайындағы тұрақсыздықты күшейту тәрізді арам пиғылдарына пайдалануды көздейді. Ондай пиғылын Литвинов Ұлттар Ұйымының жиналысында сөйлеген бірінші сөзінде - ақ ашық білдірген болатын. Кеңестік Ресей Ұлттар Ұйымына кірген күннен бастап, бүл ұйым езінің ең адал мүшелерін де сескендіре бастады. Ұлттар Ұйымының мінбесі Кеңес үкіметінің насихат жүргізетін орнына айналды. Кеңес үкіметі Ұлттар Ұйымының мінбесін пайдаланып Еуропаны Италияға қарсы соғыс ашуға итермеледі. Кеңес үкіметінің Ұлттар Ұйымының мінбесінен жүргізген насихатының салдарынан Испаниядағы азамат соғысы Еуропа соғысына айналып кетуге шақ қалды. Енді қазір ол Еуропа мен Америка Құрама Штаттарын Жапонияға қарсы соғыс ашуға барынша итермелеуде. Кеңес үкіметі өзі Шығыс Түркістан мен сыртқы Моңғолияны басып алып отырғанына қарамастан, бүкіл дүние жүзі елдерін Жапонияға қарсы тұрып, Қытайды қорғауға шақыруда. Ұлттар Ұйымының 100-ші жиналысында бұл ұйымның жоғарыда атап көрсетілген әлсіздіктері барынша анық көрінді. Швейцария, Швеция, Норвегия және басқа да бірқатар елдер Ұлттар Ұйымы жарғысында ең маңызды тармақтардың бірі саналып келген 17 тармаққа өзгеріс енгізу туралы ұсыныстар жасады. Шығыс Еуропа мәселелерінде маңызды рол атқарып келе жатқан Польша Жапония - Қытай жанжалы тәрізді принципті мәселелерді Ұлттар Ұйымы кеңесінің сыртында және кеңес өкілі қатысқан бөлек бір ортада қарағаны үшін Ұлттар Ұйымының «беделді басшыларын» айыптады. Ұлттар Ұйымының жарғысына өзгерістер енгізу туралы ұсыныстар бұл жолы өтпеді. Ол Ұлттар Ұйымының қыркүйек айындағы жиналысында қаралатын болды. Ұлттар Ұйымы кеңесінен Жапонияға қарсы тұрып, Қытайды жақтау, яғни, түсініктірек айтқанда, Қытайды жақтап, Жапонияға қарсы соғыс ашу жөнінде бір қаулы шығарту жолындағы іс-әрекеті де нәтижесіз қалды. Жиналыс ешкім жеңбегендей және ешкім жеңілмегендей әсерде тарағанымен, Польша, Швейцария, Швеция және басқа да бірқатар елдер тарапынан Ұлттар Ұйымының жарғысын реформалау, Ұлттар Ұйымын кейбір елдердің саяси күрес құралына айналдырып жібермеу жөніндегі ұсыныстары өз күшінде қалды. Большевиктердің Ұлттар Ұйымына көмегі — дарға асылған адамға оның мойнындағы арқанның жасаған көмегіндей бірдеңе екені күмән тудырмайды.
ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ӨМІРДЕН
Халықаралық жағдайдың соңғы айдағы басты оқиғасы - Австрияның Алманияға қосылуы болғаны шүбәсіз. Соғыстан кейінгі Версаль шарты өмір сүрген кезеңде Еуропа дипломатиясы осы екі елдің қосылуына жол бермеу үшін ең коп күш шығарған болатын. Алманияның күш-қуатын бірден арттыруға апаратын мұндай «бірлесу» Еуропадағы бұрынғы соғыс жеңістерінің саяси гегемониясына қауіп төндірер еді. Бұрынғы жеңген орталықтар ылғи да «Австрияның Алманиямен бірігуі жаңа бір жалпы соғыстың басталуы деген соз. Біз мұндайға жол бермейміз» деумен келе жатқан. Алманияда Адольф Гитлер бастаған национал - социалистер үкімет басына келген соң, Еуропадағы ірі елдер Австрия тағдыры төңірегінде шындап мазасыздана бастады. Орта Еуропа мәселелеріне қатысты барлық жоспарлар бірыңғай неміс ұлтынан тұратын осы екі елді қайткен күнде де біріктірмеу тұрғысынан жасалды. Осындай жағдайда торт жағын бірдей дос емес көршілер орап тұрған, дербес өмір сүру қабілетінен айырылған Австрияның халі шынында аянышты еді. Сондықтан ол неміс бауырларымен бірлесіп күш жинап, бірге болуды қалады. Тарих дипломатия және саяси ойындармен есептеспеді: өмірдің табиғи ағысы — 1938 жылы 13 наурыз күні Австрияның Алманиямен біріккені — шындыққа айналды. Тарихи маңызы мен бағасы жағынан айрықша бір жағдайда жүзеге асқан осы оқиғаның бір тал оқ атылмай, бір тамшы қан төгілмей бола салғаны да ерекше көңіл аударуға тұрарлық жәйт. Дүние күнтізбесінің соңғы дәуіріндегі осы бір айрықша маңызды оқиға туралы келесі бір жолы арнайы тоқталамыз. Өткен айдын тағы бір маңызды оқиғасы — Польша - Литва қатынасынын оңалуы болды. Ірі ел Польша мен шағын ғана Литва — көрші мемлекеттер. Өткенге көз жіберсек, бұл екі халық бір мәдениет пен бір мемлекет түрінде өмір сүріп келді. Соған қарамастан, тарих оларды айырып жіберді. Соғыстан соң Польша оз перзенттерінің отаншылдығы, жанқиярлығы және маршал Пильсудскийдің данышпандықпен басшылық етуі арқасында, ал Литва болса Ресейдің шамадан тыс титықтауы салдарынан, мүлде күтпеген кездейсоқ жағдайда тәуелсіздіктерін алды. 1920 жылы Польша мен Литваның шекарасы әлі айқындалмай тұрған кезде, Литва жерінін ішінде тұрған Ойлно қаласын Польша басып алды. Талас тудырған осы аумаққа, тарихи тұрғыдан келгенде, Польша мен Литваның қайсысы көбірек хақылы екенін айырудың өзі қиын мәселе еді. Міне, содан бері Литва Польшамен дипломатиялық және басқа да қарым-қатынастарын доғарып тастады. Екі ел қатынасы соғыс жағдайында турды. Ойлно қаласы Польшаға өтісімен-ақ, Литва оны өзінің астанасы деп жариялады. Және оны қайтарып алмайынша Польшамен ешқандай бір диалогқа бармайтынын мәлімдеді. Сонымен күтпеген жерден соғыс туылып кетуі мүмкін жағдай қалыптасты. Кеңес үкіметі осы жағдайды Польшаға қарсы бағытталған саясатында барынша пайдаланды. Өткен наурыз айында Польша мен Литва шекарасында қақтығыс болып, Польшаның бір әскері өлтірілді. Осы оқиғаға орай Польша үкіметі Литваға нота тапсырып, екі ел арасында дипломатиялық және саяси басқа да қарым-қатынастарды жолға қоюды талап етті, егер олай болмаған жағдайда Польша армиясы Литва жеріне кіретінін ескертті. Басқа амал таусылған жағдайда неғұрлым ықпалдырақ тәсілге сөз берілетіні табиғи нәрсе. Ойлноны Польшаның өз күшімен ұстап тұра алмауына күмәнмен қараған Литва, Польшаға қарсы күштердің көмегіне сүйеніп, оны қайтарып алу ойында болып келген еді. Енді, міне, ондайға орын қалмады. Оны сезген Литва Польша тарапынан қойылған шарттардың бәрін қабылдады. Онымен қалыпты көршілік қатынас орнатуға келісті. Кезінде бейбітшіліктің шырқын бұзуға шақ қалған осы мәселенің өзара түсіністік жолымен шешілгеніне қуануымыз керек. Осы тұрғыдан келгенде Польшаның бұл жолғы жеңісінің бүкіл Еуропа көлемінде алатын маңызы зор болмақ.
1938 ж., № 101
АВСТРИЯ МӘСЕЛЕСІ
11—13 наурыз күндерінде шындыққа айналған Австрияның Алманияға қосылуы мәселесін көкектің 10-да неміс халқы бір ауыздан дерлік қолдап шықты. Енді ол кері бұрылмайтын тарихи процеске айналды. Осы мәселенің Еуропа саяси бағдарламасынан жоғалуымен бірге, Версаль және онымен байланысты болып келе жатқан даулы мұралардың бірі де күшін жойды. Бұрынғы Австрия - Мажарстан императорлығынан жаңа ұлттық мемлекеттер бөлініп шыққанда, оның жұртта қалған бөлігінде Австрия және Мажарстан деп аталатын екі шағын мемлекет шаңырақ көтерген болатын. Австрия мемлекеті ондағы халықтың еркі мен ұмтылысы нәтижесінде емес, дүниежүзілік соғыстың жеңісінен туған қысым нәтижесінде пайда болған. Австриядағы немістер Алманияға қосылғысы келетіндігін сол кездің өзінде ашық білдірген болатын. Бірақ ол кездегі жағдай оған мүмкіндік бермеді. Қосылуға қарсы мемлекеттер Алманияның күшейіп кетуінен қорқатын еді. Оларға тәуелсіз Австрия Алманияны Югославия және Мажарстанмен жақындастырмау, оның оңтүстік шығыс Еуропаға ықпал жаюына тосқауыл қою үшін керек болған еді. Әрине, Алмания Австрияның өзіне қосылуын өзінің ұлттық қорғанысын нығайту тұрғысын бағалағаны шүбәсіз. Ол туралы Алмания басшысы Гитлер 11 наурызда Муссолиниге жазған хатында: «Бүл мәселені Алман ұлттық қорғанысының табиғи қажетінен басқа ештеңе деп санамаңыз...» — деп жазады. Австрия мәселесінің «Алмания ұлттық қорғанысының қажеті» тұрғысынан қойылуы әсіресе кеңестік Ресей Ұлттар Ұйымына кіріп алып, Чехословакия және Франциялармен өзара көмек жөніндегі шарттар жасасқан соң өткір сипат алды. Өйткені мұндай шарттар ең алдымен Алманияға қарсы бағытталып жасалғаны ешкімге құпия емес еді. Кеңес үкіметі өзінің Ұлттар Ұйымына мүшелігін де, Чехословакия және Франциямен жасасқан одағын да «фашизмге қарсы» деген саясатына ептілікпен пайдаланып келеді. Мәскеудің «фашизмге қарсы» деген атпен әлемге әйгілі болып отырған бағыты кей аймақтарда «халық майданы» деген атпен белгілі бола бастады. Алмания өзінің орыс большевизмі — коммунизма, сол себепті де кеңестік жүйеге дұшпандық ой - ниетін ешкімнен жасырмайды. Сол себепті де ол Кеңес үкіметінің Чехословакияны өзіне қарсы саяси күрес майданына және езіне қарсы нақтылы іс-қимыл орталығына айналдырып қойып қарап отыра алмайды. Міне, сол себепті де Алмания бүкіл неміс халқының көптен бергі талап -тілектеріне сәйкес, бәрінен бұрын Австрияның қосылу мәселесін шешуге бел байлады. Австрияның Алманияға қосылуымен бүкіл Еуропаның саяси құрылымында маңызды өзгеріс жүз берді. Еуропаның Версаль шарты негізінде қалыптасқан тепе-тендігі енді Алманияның пайдасына қарай ауытқыды. Мәселенің осылай шешілуіне Алмания - Италия достығының көп септігі тиді. Үш жыл бұрын Италия Австрияның тәуелсіздігін жақтаушылар жағында тұрып, Гитлердің Австрияны Алманияға қосып алу жоспарына ашықтан-ашық қарсы шыққан еді. Одан бергі оқиғалардың даму барысы Италияның позициясына өзгерістер енгізді. Италия енді Австрияның Алманияға қосылуын ашық жақтамаса да, бұрынғы позициясынан біртіндеп бас тартты. Және Орта Еуропада Алмания ықпалының артуына түсіністікпен қарайтынын сездірді. Австрияның Алманияға қосылуымен Италия - Алмания достығы жаңа сапалық деңгейге көтерілді. Алмания мемлекеті басшысының мамыр айының басындағы Италияға жасаған сапары және сапар барысында талқыланған мәселелер осы айтқанымызға дәлел бола алады. Осы екі мемлекет Еуропада Кеңес үкіметі ықпалының ұлғаюына ашық қарсы шығып келе жатқаны және «Коминтернге» қарсы шарт жасасқаны әлемге аян. Австрияның қосылуымен күші артып, қызыл Ресейге (басқа түстегісіне де солай болуын үміт етеміз) қарсы күреске шыққан Алманияның Ресейдің ағын да, қызылын да ымырасыз жау санап келе жатқан Польшамен достық қатынаста болуының өзі бұл оқиғаның маңызын одан бетер арттыра түспек. Австрияның Алманиямен бірлесуіне байланысты мына бір жәйт айрықша көңіл аударады. Осы оқиға жүзеге асып жатқан кезінде немесе одан кейін де Ұлттар Ұйымына мүше елдердің бірде-бірі Австрияның тәуелсіздігін қорғап, осы ұйымның мінбесінен дауыс көтерген жоқ. Мұның өзі неміс халқының біртұтас ұлы Алмания аумағына бірігудей табиғи талпынысын кеш болса да түсінгендік және оны мойындағандықты көрсетсе керек. Ұлтшыл - социалист Адольф Гитлер үкіметі Алманияны бес жылдан бері басқарып келеді. Осы жылдар ішінде Алмания көп өзгерді. Дүниежүзілік соғыстан жеңіліп, Версаль шарты нәтижесінде ырықсыздандырылған Алмания қазір соғыстан бұрынғы кезеңмен салыстырғанда анағүрлым күшейді. Елдегі мұндай өзгерістерді неміс халқы басшысы Адольф Гитлер тарапынан көтерілген ұлттық мұраттармен байланыстырады.
ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ӨМІРДЕН: АНГЛИЯ-ИТАЛИЯ КЕЛІСІМІ
16 көкек күні Римде Англия - Италия келісіміне қол қойылды. Осыған орай әр елдің қоғамдық пікірінде бұл келісімнен «Кім ұтты? Ол кімге қарсы бағытталды?» деген тәрізді сұраулар туылуда. Осы тәріздес сұраулар қойылуының өзі Еуропаның қазіргі кездегі жағдайында қалыпты ұғымдарға сыймайтын ерсіліктер барын көрсетеді. Өйткені мұндай сұраулардың қойылысынан бұған дейін Еуропада жасалған келісім-шарттар басқа бір елге қарсы бағытталмағандай әсер туылады. Халықаралық келісімдерде бір жақтың көбірек артықшылық алып кететіні болып тұратын құбылыс. Келіссөзге келген екі жақ ешқандай жол берулерге бармайтыны туралы күні бұрын іштей бекіп алған болса, онда мұндай келіссөзден ешқандай нәтиже шықпақ емес. Англия мен Италия келіссөзі кезінде де осындай ахуал байқалды. Сырт көзге осы келісімнен Италия жағы көбірек артықшылықтар алып шыққан сияқты. Англия Ақ теңіз бен Қызыл теңіз аумағында Италияны өзінің тең құқықты әріптесі ретінде таныды. Күні кеше ғана Италияның Хабашстанды басып алғанына барынша қарсы тұрып, оған қарсы Ұлттар Ұйымынан қатаң жаза қолданылуын талап еткен Англия енді, міне, аяқ астынан өзгеріп, Ұлттар Ұйымының Хабашстандағы Италия императорлығын мойындауын талап етіп отыр. Бұл да Италияның бір үлкен жеңісі екенінде күмән болмаса керек. Алайда Италияның бұл жеңісі Англия есебінен емес, Ұлттар Ұйымының есебінен болып отыр. Англия - Италия келіссөзі Испания мәселесін де қамтыды. Испания азамат соғысында ұлтшылдар жағында соғысқан «Италия ерікті әскерлерінің» азамат соғысы біткенде ғана елге кайтып оралатынына келісу арқылы Англия өзінің бейтараптық саясатының да құнын жойды. Сонымен Англия не тапты? Бұл сұрауға жауап беруден бұрын «Оның қалауы не еді?» — деген сұрақтың қойылғаны жөн болар еді. Англия бәрінен бұрын өзінің жер шарында бытырап жатқан отарларын басқару үшін бейбітшілікке зәру еді. Ол осыдан шыға отырып «империя жолы» табанындағы «Ақ теңіз», «Қызыл теңіз» аймағында тыныштық болуын қалар еді. Осы жол үстінде жатқан Италияның да күшеюі заңды құбылыс болатын. Мұндай жағдайда Италияны тек соғыс жолымен ғана тізгіндеу ықтималдау көрінетін. Ал ондай соғыс Англия - Италия арасында ғана туылуы мүмкін еді. Енді, міне, сол соғыстың ықтималы коп азайды. Англия жаңа ашулар жасағысы келмеді. Бейбітшілік пен келісім арқылы шешуге болатын мәселені соғысқа дейін апару парасаттылыққа жатпайтын іс еді. Англия соғыс жолына түсуден үзілді-кесілді бас тартты. Сол себепті жалғыз ғана жол — Италиямен түсіністік табу жолы - бейбітшілік жолы қалды. Енді «Англия не тапты?» деген сұрауға келсек, «ол өзі үшін де, басқалар үшін де бейбітшілік сыйлады» деген жауап қайыруға болар еді. Соз болып отырған Рим келісімін тек Мәскеу үкіметі ғана Англияның атына сәйкес келмейтін, оның беделін түсіретін фактор ретінде көреді. Әрине, большевиктер Англияның бет - беделі мен қадір-қасиетіне жаны ашып отырмағаны белгілі. Оларды алаңдатып отырған жәйт мүлде басқа, яғни 16 көкектегі Рим келісімінің кімге қарсы бағытталғаны. Рим келісімі Ұлттар Ұйымына пәрменді соққы болып тигені жөнінде жоғарыда айттық. Сонымен бірге бұл келісім көптен бері сөз болып келе жатқан «ұжымдық кауіпсіздік» жүйесіне берілген ауыр соққы болды. «Ұжымдық қауіпсіздік» жүйесі дейтіннің ең белсенді жақтаушысы Кеңес үкіметі екені баршаға мәлім. Ендеше Рим келісімі ең алдымен Кеңес үкіметінің халықаралық саясатына қарсы бағытталғаны өз-өзінен түсінікті. Бұл мәселенің идеологиялық жағы. Оның тағы практикалық жағы бар. Мәскеу большевиктерінің ең қорқатыны да осы жағы. Англия - Италия келісімінен кейін Англия, Франция, Италия, Алманиялар арасында кең ауқымды келісімдер жасау ықтималы соз бола бастады. Рим пікір алысулары кезінде Англияның артында Франция, Италияның артында Алмания тұрғаны ешкімге құпия емес еді. Әрине, келіссөзге Англия да, Италия да оз достарының мақұлдауын алмайынша келе алмас еді. Рим келісіміне қол қойылған күннің ертесінде дәл сонда қаралған мәселелер бойынша келісім жасау мақсатымен Франция - Италия арасында пікір алысулар басталды. Франциямен тіл табысып алған Италия оны оз досы Алманиямен де жақындастырмауы мүмкін емес еді. Негізінде Алмания мен Франция арасында кедергі болатындай елеулі мәселе жоқ та болатын. Еуропадағы төрт бірдей елдердің табан астында тіл табысып қалуы кеңестік Ресейді алаңдатпай қоймайтын жәйт еді. Өйткені Кеңес үкіметі өзінің Еуропадағы саяси ойындарын негізінен осы торт мемлекеттің арасындағы алауыздықтарды пайдалану арқылы жүргізіп келген болатын. Енді осы төртеудің қатарына Польшаның да қосылмақ болып отырғанын қоса пайымдасаңыз, Кеңес үкіметінің не себептен мазасызданатынын онан сайын айқынырақ ұғынасыз. Егер Еуропадағы ұлы елдер арасында осындай бір келісім жасалатындай болса, оған, біздіңше, Польшаның да қатысқаны жон болар еді. Идеология жағынан — кеңестік Ресейге ымырасыз жау, географиялық жағынан - оны Батыс Еуропадан айырып тұрған Польшаның Алмания және Италия тәрізді елдермен бірге Англия және Франциялармен келісім жасауы жалпы Еуропаның саяси ауа райына эсер етпей қоймас еді. Мұны жүзеге асыруда Кеңес үкіметінің қаскөй шараларына тойтарыс беріп, оның бет - пердесін ашып тастаған жон болар еді. Рим келісімінің әліге дейін өзіне қоғамдық пікірдің назарын жеткілікті дәрежеде аудара алмай келе жатқан бір себебі бар. Италиямен тіл табысуы Англияны «империя жолы» Ақ теңіз, Қызыл теңіз аймағына алаңдаушылықтан құтқарды. Енді Англия оз назарын Қиыр Шығысқа шындап аударуға мүмкіндік алды. Қиыр Шығыста Жапония күшейіп кетсе, жапон - қытай соғысынан онсыз да залал шегіп отырған Англияның Тынық мұхит аймағындағы мүдделерінен мүлде айрылып қалу қаупі бар. Қиыр Шығыс майданындағы болуы мүмкін өзгерістерді алдын ала сезген соң, Англия сол тарапқа көбірек көңіл аудару қажетінен Италиямен келісімге асықты деген ойдамыз. Кейбіреулердің Англия Италиямен тіл табысып, оның Алманиямен арасына жік салғысы келеді деген тұрғыдан жасаған долбарларын біз Англия саясатының сол тұста бейбітшілік пен татулыққа деген зәрулігін көре алмаудан туған сыңар жақты пайымдау деп есептейміз. Еуропаның бір-біріне қарсы және өзара бәсекеге түскен екі топқа бөлінуі Англияның да, жалпы Еуропаның өзінің де мүддесіне сәйкес келмейді. Мұндайды тек орыс большевиктері ғана ұнатады. Орыс большевиктері Еуропаның іштен бүлініп бір-бірімен қырқысып жатқанын қалап келді және бұдан соң да соны қалайтын болады.
ХАЛЫҚАРАЛЫҚ САЯСАТТАҒЫ КЕҢЕС ҮКІМЕТІНІҢ БҮГІНГІ РӨЛІ
Кеңес үкіметі халықаралық саясатта маңызды рөл атқарған бір дәуір артта қалды. Жағдайдың мәжбүрлеуімен Кеңес үкіметі және оның Еуропадағы ең ірі бақталастары сая¬си бағыттарын өзгертіп, қайта жіктену жолын іздестіруге мәжбүр болды. Большевиктер өздерінің дүниежүзілік төңкеріс және Еуропаны соғысқа итермелеу саясатының сәтсіздікке ұшырағанын көрді. Қиыр Шығыста оларды Жапония Манжуриядан ығыстырды. Большевиктер Қиыр Шығыстағы жерлеріне қауіп төне бастағанын сезді. «Раполло» шарты бойынша Ресеймен дос саналып, онымен жақын қатынаста болып келген Алмания ұлтшыл - социалистік жолға түсіп, өзінің орыс большевизміне, Кеңес үкіметіне дұшпан екенін ашық жариялады. Оның үстіне Кеңес үкіметінің екі бес жылдық жоспары күткендей нәтиже бермеді, керісінше, елдің ішкі ахуалын күрделендіріп жіберді. Коммунистік партия басшылары, Қазан төңкерісінің көсемдері, Қызыл армия басшылары және атақты кеңес дипломаттарының атып өлтірілуі, орыс емес өлкелерде ұлтшылдық қозғалыстардың күшеюі тәрізді оқиғалардың бәрі қосылып, Кеңес үкіметін өзінің буған дейін жүргізіп келген сыртқы саясатына өзгерістер енгізуге, «Версаль» қожайындарымен тіл табысу жолдарын іздестіруге және өздері күні кешеге дейін қаралап келген Ұлттар Ұйымына кіру үшін өтініш жасауға мәжбүр етті. Дүниежүзілік дағдарыстар, демократиялық әлем тап болған материалдық және рухани -моральдық тығырықтар, яғни Версаль шарты келтіріп шығарған дағдарыстар, Алманияның күшеюі және соның салдарынан Орта Еуропа жағдайында жүз берген өзгерістер демократиялық елдердің империалистік мүдделеріне қауіп төндіре бастаған Жапонияның Қиыр Шығыс саясаты, Италияның Хабашстанды жаулап алуы, Алмания, Италия және Жапониялардың Ұлттар Ұйымынан шығуы және олардың Версаль шартының рухына қарсы бағыт ұстана бастаулары тәрізді оқиғалар Версаль қожайындарының кеңестік Ресейге деген позициясын өзгертуге және кеңестік Ресейдің созған қолын қақпай, оны Ұлттар Ұйымына алып келуге көмектескен факторлар еді. Ақыр аяғында Кеңес үкіметінің Еуропадағы ірі елдермен жақындасуы басталды. Алайда мұндай жақындасулар мүдделер бірлігі негізінде жүрген жоқ. Әр жақ өз мүдделерін қорғау кезінде іс-қимылдардың кездейсоқ бір жерден шығып қалуы тәрізді уақытша, өткінші үйлестік еді. Насихатқа келгенде алдына жан салмайтын большевик¬тер «шапқыншыларға қарсы күресу» ұранымен ортаға шықты. Халықаралық конференциялар мен Ұлттар Ұйымының мінбелерін өздерінің насихаттық жұмыстары үшін барынша тиімді пайдалана отырып, Кеңес үкіметі «ұжымдық қауіпсіздік», «біртұтас бейбітшілік» және «шабуыл жасаспау шарттары» жөніндегі ой-пікірлерін кең ауқымда қоя алды. Мұндай ой-пікірлердің орталығы басқа емес, Ұлттар Ұйымының дәл өзі болуы тиіс еді. Амал қанша, Ұлттар Ұйымы оны ұқсата алмауы себепті, бойынан жаны кете бастаған әлгі сөздер Кеңес үкіметінің аузынан данышпандықтың керемет куәсіндей болып естіліп жатты. Бірінен соң бірі балалаған осындай идеялардың арқасында Кеңес сыртқы істер комиссары Еуропа, тіпті дүние жүзі саясатының ірі тұлғаларының бірі болып көріне бастады. Ұлттар Ұйымының большевиктер келгенге дейін-ақ сүмірейіп қалған саясаты, бұл ұжымға большевиктер мүше болып келгеннен кейін қайбір оңа қойсын?! Бұл туралы соз қозғаған ешкім болған жоқ. «Біртұтас бейбітшілік» және «ұжымдық қауіпсіздік» шарты турасындағы бағдарлама жобасын Кеңес үкіметі Сыртқы істер комиссарының тықпаламаған жері жоқ. Алайда Кеңес үкіметі мүше болысымен-ақ, Ұлттар Ұйымы беделінен айырыла бастады. «Біртұтас бейбітшілік» және «ұжымдық қауіпсіздік» идеяларының жоғалтқан беделі кеңестік сұрапыл насихаттың күшімен де қалпына келмеді. «Версаль» жүйелерінің қожалары және Ұлттар Ұйымының төңірегінде жүрген орта және шағын елдер кеңестер тарапынан пәрменді түрде насихатталып келе жатқан «ұжымдық кауіпсіздік» пен «біртүтас бейбітшілік» идеясына сақтықпен қарап, одан өздерінің бас амандығы үшін қауіптене бастады. Міне, сондықтан орта және шағын елдер халықаралық саясатта кеңестер әсерінен туылып қалуы ықтимал қатерден өздерін қорғап қалудың амалдарын іздестіруге кірісті. Осы бағыттағы ең ірі қадамды бірінші болып 1934 жылы Алманиямен 10 жылдық шартқа қол қойған Польша жасады. Сонымен жекелеген елдер арасындағы екі жақты келісімнің маңызы барған сайын арта түсуде. Міне, көріп отырғандарыңыздай, кеңестердің «ұжымдық қауіпсіздік» хақындағы насихаты қатысты елдер арасындағы өзара келісімдердің маңызын арттырғаны тәрізді, олардың «біртұтас бейбітшілік» жөніндегі теориясы Версаль Еуропасын екі топқа бөліп жіберді. Осындай саясаттың «жемісін» кеңестік Ресей емес, оның жақын досы Франция теріп жеп отыр. Франция Сыртқы істер министрінің өткен жылғы Польша, Чехословакия, Югославия және Румынияға жасаған сапары Франция үшін қанағаттанарлық болған жоқ. Чехословакияға келген Франция Сыртқы істер министрі елдің астанасында жай достық рәсімдермен ғана қарсы алынды. Польша болса кеңестік Ресеймен қандай да бір жақындасуға барғысы келмейтінін жасырмады. Франция министрі кетер – кетпестен - ақ, оның досы саналып келген Татаресконы қызметінен алып, орнына Алманияның жақтасы Гога кабинетін әкелді. Франция министрі Югославияға келер алдында бұл елдің бас өкілі Франциямен арасы жақсы емес екені белгілі болып отырған Италияға барып келді. Енді біраз ауқымдырақ тұрғыдан Балқан атырабындағы елдерге келетін болсақ, олар да Ұлттар Ұйымының саясатына онша сенім артпай, Испания ұлтшылдарымен дипломатиялық қатынастар орнатуға асыққанын, Италияның Хабашстандағы үстемдігін мойындағандықтарын көреміз. Мұның өзі Ұлттар Ұйымының көшін бастап келе жатқан демократ мемлекеттерге қыр көрсетуден басқа ештеңе де емес еді. Ақырында, Австрияның Алманияға қосылуы және аяқ астынан соншама жылдамдықпен жасалған Англия - Италия келісімі кеңестердің Ұлттар Ұйымына қатысуымен халықаралық саясатта жүз берген өзгерістерге тығыз байланысты оқиғалар екені сөзсіз. Кеңестік Ресейдің Еуропа саясатына араласуы аса залалды екенін оның осы құрлықтағы коммунист достары да сезіп отыр. Олар соғыс туыла қалса, кеңестік Ресейден қол үзуге әзір. Олар қазірдің өзінде кеңестердің кеңесіне құлақ аспайтын болды. Кеңес үкіметінің «Алмания шабуыл жасай қалған уақытта Чехословакияға көмектесу» жөнінде пікір алысу конференциясын шақыру туралы жасаған ұсынысы басқалар тарапынан қолдау таппады. Көптеген елдер Кеңес үкіметін Еуропада қалыпты жағдай жасалуына кедергі келтіретін күш ретінде қарай бастады. Францияда Франция - Кеңес достығы туралы бұрынғы леппен айтылатын сөздердің арыны басылды. Демократтардың арасында кеңестік Ресейдің әскери көмегіне сенімсіздік күшейді. Өйткені олар кеңестік Ресейдегі әскери күштердің жағдайын көріп-біліп отыр. Елдің көп бөлігін құрайтын орыс емес өлкелерді сепаратизм толқыны жапқан, армиясы басшысыздандырылған, дипломаттарының бәрі шетелдердің шпионы деп айыпталып жаппай жазаланған, азаматтары өздерінің ертеңгі өмірлері үшін алаңсыз бола алмаған елдің әскери қуатына сену қиын. Кеңестік Ресейдің халықаралық саясаттағы бүгінгі рөлі маңызсыз да құнсыз дейтін себебіміз, міне, сондықтан.
1938 ж., №102
ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ӨМІРДЕН
Қытайдағы Алманияның әскери мамандары кері шақырылып алынды. Кезінде Қытайдың әскери ұйымдары тарапынан шақырылған Алманияның әскери мамандарының өкілдері атақты генерал Фонзектің басшылығында жұмысын жалғастырып жатқан-ды. Олар қытай армиясын Еуропа үлгісінде қайта құрумен шұғылданып жатқан болатын. Қытай армиясын қайта құрумен айналысып жатқан Алмания мамандары Жапонияға дұшпан елдің ішінде болуы және оларды немістің атақты генералдары басқарып отыруы жапондар тарапынан наразылық тудырмай қоймас еді. Әскери өкілдерін кері шақырып алу арқылы Алмания осындай қолайсыздықтан құтылды. Қытай әскерлерінің соғыс майдандарындағы кейбір жеңістері осы алман кеңесшілерінің қызметімен байланысты болатын. Олай болса, олардың кері шақырылып алынуы қытай армиясының ұрыс қимылдарына да эсер етпей қоймайды. Кеңес және Қытай достығы. Еуропа газеттерінің соңғы хабарларына қарағанда, Қытай төңкерісінің көсемі Сун Ятсеннің ұлы Сун Фу бірталай уақыттан бері Мәскеуде тұрып, Қытай үкіметі атынан Мәскеумен бір келісім жасаған көрінеді. Осы келісімге сәйкес, Мәскеу Қытайға көрсетіп келе жатқан түрлі жәрдемдерін, соның ішінде қару-жарақ жәрдемін ұлғайтатын болды. Ал Қытай оз кезегінде Кеңес үкіметіне әр түрлі саяси құқықтар беретін және одан әскери кеңесшілер шақыратын болды. Жапонияның жаңа кабинеті. Телеграф агенттіктері Жапонияда кабинет ауысқаны туралы хабарлар таратты. Осы хабарларға қарағанда, үкімет мүшелігіне бірнеше жаңа әскери адамдар енген көрінеді. Жаңадан тағайындалған әскери министрлер арасында даңқты генерал Аракидің де есімі бар. Бұл есім Жапонияда әрқашан антикеңестіктің символы болып келген еді. Торт жыл бойы үкіметтің сыртында қалған Аракидің үкіметке қайтадан кіруі Жапонияның кеңеске қарсы саясаты күш ала бастағанынан дерек береді. Генерал Аракидің министрлікке шақырылуына орай кеңесшіл Париж газеті «Ауор» (Lі Oeuvre) 29 мамырда генералдың Токиодағы Италия тілшісіне берген сұхбатын басты. Онда былай делінеді: «Бәрінен бұрын коммунизмге тосқауыл қою керек. Біздің Қытайдағы әрекетімізді антикоминтерншіл Еуропа елдері жақсы түсінуге тиіс. Қытайдағы соғыс шын мәнінде антикоминтерн соғысы болып табылады. Чан Кайшидің Мәскеу қызылдарының жетегінде кеткенін көріп тұрып, төзуге болмайды. Біздің Қытайда жаңа құрылған уақытша үкіметті бақылауға алуымыз бұл елде коммунизм ықпалы үзілді-кесілді жойылғанға дейін жалғасатын себебі, міне, осында». Кеңестер Одағының өзіне тоқталғанда, генерал Араки онымен ешқандай бір келісімге келу мүмкін болмағанын айтты. Түркия - Англия қатынасы. Соңғы кездері Түркия үкіметінің өкілдерімен Англия арасында несие жөнінде пікір алысулар жүріп жатқан еді. Жақында осы келіссөздердің онды нәтижелермен аяқталғаны туралы хабардар етілді. Осы келісім бойынша Англия Түркияға 16 млн ағылшын лирасы шамасында несие бермек. Осы несиенің 6 миллионын қару-жараққа жұмсау көзделінген. Несиенің қалғанына Түркия үкіметі Англиядан қажетті товарлар алатын болады. Мұндай сауданың астарында саясат жатқаны өз - өзінен түсінікті. Мұның өзі бәрінен бұрын Түркия мен Англия арасындағы достық қатынастың анағұрлым тереңдей түскенін көрсетеді.
СЕГІЗБАЙҰЛЫ СҰЛТАН - ХАЛЫҚ ЖАУЫ
Өзбекстан Комиссарлары кеңесінің төрағасы Сұлтан Сегізбайұлы да халық жаулары қатарынан орын алды. Сонымен Файзолла Қожадан соң комиссарлар кеңесінің екі төрағасы саяси сахнадан тайдырылды. Сұлтан Сегізбайұлының алдында бұл орында Ғабдолла Керім отырған еді. Басмашылыққа қарсы күреске белсене қатысқан және оны ұйымдастырған Ферғана ЧК - сының бастығы Ғабдолла Керімұлы бір мезгіл оқу-ағарту комиссарлығында қызмет істеп, одан кейін Комиссарлар кеңесінің төрағасының орынбасарлығына тағайындалған. Өзінің осы басып өткен мәнсап жолында Ғабдолла Керім тәжірибелі, беделді, адал сталиншілдердің бірінен танылған еді. Бірақ ол өзін Комиссарлар кеңесінің торағасы етіп тағайындау жөнінде шығарылған жарлықтың сиясы кеппей жатып «халық жаулары» қатарына қосылып, хабар-ошарсыз жоғалып кетті. Файзолла қожа мен Ғабдолла Керімнің қайғылы сабақтарынан соң, бүл орынға отыратын келесі үміткер алдыңғылардың керітөңкерісшіл - ұлтшылдықтарына қарсы күресте көзге түскен таза коммунистер арасынан таңдап алынуы тиіс болатын. Сегізбайұлы Сұлтан осындай өткелдерден өтіп келіп, халық комиссарларының креслосына отырған. Сегізбайұлы Сұлтанның Кеңес үкіметі тарапынан айрықша ілтипатқа бөленуі — Одақ Жоғарғы Кеңесіне мүше болып сайлануынан және Одақ Парламентінің бірінші жиналысында сөз сөйлеу құрметіне ие болуынан да анық көрінген. Сайлау науқаны басталған күннен бастап оның «Коммунист және партиясыз сталиншілдер» тобында Өзбекстан Жоғарғы Кеңесінің мүшелігіне кандидат болып тұруы — Ежовтың (ГПУ) агенті ретіндегі қызметін де жалғастырып келе жатқанын білдіретін. Өзбекстан Жоғарғы Кеңесінің мүшелігіне кандидаттар тізімі жарияланған 8 мамырдан бастап кеңес баспасөзі Сегізбайұлының есімін күн сайын насихаттаумен болды. Оны «Еңбекшілдер Республикасның ең беделді ұлдарының бірі», «Өзбек халқының адал перзенті» деп мақтап, марапаттады («Правда Востока», 5—23 мамырдағы сандарын қараңыз, яғни газеттің 11, 12, 17, 18, 21, 23, 24 мамырдағы сандарында). Жарияланған материалдар Сегізбайұлы Сұлтанды темір жол жұмысшылары, қызыл әскерлер және колхозшылардың кеңес сайлаушыларының осы үш бірдей беделді тобының сүйіктісіне айналғаны туралы жар салып жатты. Оның партиядағы беделі де жоғары болатын: 29 мамыр күні Ташкент қалалық және 8 маусым күні уәлаяттық партия конференцияларында президиум мүшесі болып сайланған. Тек уәлаяттық партия конференциясының 5-ші күні дегенде, яғни 11 маусымда Сегізбайұлының басына бұлт үйіріле бастады. Дәл осы күні Өзбекстан партия Орталық Комитетінің хатшысы Ғүсман Юсубұлы уәлаяттық партия конференциясының мінбесінен Сұлтанды айыптады. Оның сөзіне қарағанда, Сегізбайұлы Ташкент маңындағы Аққорған ауданына қарасты «Азат», «Жаңа тұрмыс», «Қызыл жұлдыз», «Жаңа күш» қатарлы колхоздарға еніп алған бұрынғы басмашы, ишан, жуан жұдырықтарды жақтап қорғаған көрінеді. «Правда Востока» газеті өзінің 1938 жылғы 12 маусым күнгі санында Ғұсман Юсубұлынын сөздеріне сілтеме жасай отырып, былай деп жазады: «Осы озбырлар тобының қорғаушысы — өзі де аққорғандық, Өзбекстан Комиссарлар Кеңесінің төрағасы Султан Сегізбайұлы болатын. Конференцияға қатысқандар Сегізбайұлының жуан жұдырықтарға қарсы адал колхозшылардың әділетті күресін қолдамағаны былай тұрсын, өзі сол жуан жұдырықтардың қорғаушысына айналып қалғанын айғақтайтын көптеген дәлелдер келтірді. Сегізайұлы партия орталық комитеті тарапынан берілген ескертулерге құлақ аспастан, партияға қарсы жаққа өтіп кетті». Осыдан соң уәлаят партия конференциясының 10 маусымда қабылдаған қарарында Аққорған ауданындағы дұшпандар мен саяси күмәнді адамдарды қорғап - қолпаштап, партияға қарсы жаққа өтіп кеткені, дұшпан және саяси күмәнді адамдарды жауапты орындарға қызметке қойғаны, большевиктік жұмыстарда ұжымдық негізге нұқсан келтіргені үшін Өзбекстан Комиссарлары Кеңесінің бастығы Сегізбайұлына саяси сенімсіздік білдірілді. Конференция Өзбекстан партия Орталық комитетінен Сегізбайұлының партияға қарсы іс-әрекеттерін анықтап шара қолдануын сұрады («Правда Востока», 38.06.18). Сонымен, Сұлтан Сегізбайұлы да «халық жауларының» қатарына барып қосылды. Енді оның да өмірі қыл үстінде тұр деуге болады. Өйткені «жау элементтерді»
қорғады деген айыппен айыпталғандарға аяушылық болуы мүмкін емес. Біз шынайы фактілерді білмеуіміз себепті, тек кеңес басылымдарының мәліметтеріне сүйенуге мәжбүрміз. «Правда Востоканың» 1938 жылғы 21 маусымға дейінгі сандарына көз жүгірткенімізде, Сегізбайұлының партияға қарсы іс - әрекеттеріне байланысты материалдарды кездестірмедік. Ол туралы 11 маусымда Ташкент уәлаяттық партия конференциясында ғана айтылды. Партия Орталық комитеті Сұлтан Сегізбайұлының өзіне қарсы іс-әрекетін біліп отырған болса, онда сол Орталық комитеттің өзі оны неге Өзбекстан Жоғарғы Кеңесінің мүшелігіне кандидат етіп ұсынды және оны «ең беделді адамдардың бірі», «өзбек халқының ең адал ұлы» деп мақтап, марапаттап келді? Сегізбайұлы неліктен Ташкент қалалық және уәлаяттық партия конференцияларының делегаты болды? Сегізбайұлының атына тағылған айыптардың бәрі қып-қызыл өтірік екеніне көз жеткізу үшін жоғарыда айтылған сұраулардың өзі-ақ жеткілікті. Сұлтан Сегізбайұлының жалғыз айыбы — оның шыққан жері Аққорған басшыларының - партия ұйымының хатшысы, атқару комитетінің торағасы және колхоз бастықтарының көпшілігі «керітөңкерісшіл - ұлтшылдар» болып жазалануына байланысты. Екі жылдан бері жалғасып келе жатқан толассыз тазалаулардан кейін аудан мен колхозда тағы сондай «халық жаулары» шығып жатқан болса, оның жауапкершілігі Сұлтан Сегізбайұлына жүктелмейді. Оған ұлт жауы — Кеңес үкіметі жауапты. Нағыз халық жаулары — Сегізбайұлы сияқтылар емес, кеңестік жүйені ойлап тауып, оны халыққа таңып отырған адамдар. Ал Сегізбайұлы сияқтылар болса, солардың қолындағы қолжаулықтары ғана... Сұлтан Сегізбайұлының артынан Өзбекстан Халық комиссарларының және Өзбекстан Жоғарғы Кеңесіне кандидаттардың бірі — Шахмұхамет Айтметұлы да «халық жауы» деп жариялану алдында түр.
ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ӨМІРДЕН
Түркия - Франция. Үстіміздегі жылдың басынан бастап Искендрия мәселесіне байланысты Түркия - Франция қатынасында салқындық пайда бола бастаған еді. Ұлттар Ұйымының қаулысына сәйкес жергілікті парламент сайлауын әзірлеу үшін Санжаққа жіберілген «бейтарап комиссияның» әрекеті жергілікті түрік халқының және түрік үкіметінің наразылығын туғызды. Түркия үкіметі Ұлттар Ұйымының комиссиясын Санжақтағы түрік тұрғындарының санын азайтып көрсетуге ұрынды деп айыптады. Франция жағы өздері тексеретін аумақтағы түрік тұрғындары мен оларға іш тартқан адамдарға ашықтан-ашық құқай көрсеткені, тіпті күш қолдануға дейін барғаны атап көрсетілді. Жергілікті түріктер мен жандарм арасында қанды қақтығыстар да болып өтті. Түрік пен француз баспасөзі қиян-кескі айтыс бастады. Түркиядағы үкімет пікірінен хабары бар газеттер Түркияның Ұлттар Ұйымынан шегінуі ықтимал екенін болжап, Түркия өзінің Санжаққа қатысты талаптарын орындау үшін ештеңеден тайынбайтынын, тіпті соғысқа дейін баруы мүмкін екенін жазды. Түркия үкіметі Ұлттар Ұйымының комиссиясымен байланысын үзді және оның кері шақырылып әкетілуін талап етті. Жағдай тағы да күрделілене түсті. Баспасөзде қызу пікір сайыстары жүріп жатты. Өткір тілді журналистер бүл оқиғаны сан жаққа жүгіртіп жатқан кезде, абайшыл дипломаттар оны талқылауға кірісті. Француз Сыртқы істер министрі Жорж Бонне Түркияның Париждегі елшісімен күн сайын жолығып тұрды. Дәл сондай кездесулер Анкарадағы Франция елшісімен Түркия Сыртқы істер министрі Тауфиқ Рашид арасында да өтіп жатты. Анкара мен Париж Сыртқы істер министрліктерінде өткен пікір алысулар кезінде қаралған және қол жеткен мәселелер туралы кейбір дипломаттар мен баспасөздер жасаған пайымдаулар ақталмады. Түркия мен Франция үкіметтерінің беделіне және екі ел халықтарының бақытына қарай көкжиектен төніп келе жатқан қара бұлт сейілді: тіл табысылды. Ұлттар Ұйымы істі сәтсіздікке ұрындырған комиссиясын кері шақырып алды. Санжақ мәселесін Ұлттар Ұйымынсыз - ақ, екі ел өзара талқылап шешуі туралы Түркия жасаған ұсынысты Франция қабыл алды. 1938 жылдың 13 шілдесіне белгіленген Санжақ Парламентінің сайлаулары кешіктірілді. Париж бен Анкара арасында тете келіссөз басталды. 1938 жылдың 1 шілдесінде Санжақ мәселесі төңірегіндегі барлық талас-тартыстардың негізгі түйіндері бойынша келісімге қол қойылды. 1938 жылы 3 шілдеде Анкара сыртқы істер министрлігінің үйінде Түркия Сыртқы істер министрі мен Франция елшісі 10 жылдық мерзімге Франция - Түркия достық шартына қолдарын қойысты. Сонымен Искендрия төңірегіндегі талас-тартыстарға нүкте қойылумен катар, дүниежүзілік соғыс салдарынан үзіліп қалған Франция - Түркия қатынасының жаңа кезеңі басталды. Искендрия мәселесінде талапкер Түркия болатын. Ол мақсатына жетті. Түрік үкіметінің бүл дипломатиялық жеңісі тек қағаз жүзіндегі жеңіс емес еді, ол шын мәніндегі іс жүзіндегі жеңіс болатын. Санжақта енді бұдан былай француздардың әскери күшімен қатар, дәл сондай мөлшердегі түрік әскери күштері де тұратын болды. Франция туының қасында Түркия туы да желбірейді. Санжақ — Сирия аумағында тұрғанымен, онда өзін-өзі басқаратын жергілікті түрік мемлекеті құрылатын және оның үкіметін түрік пен француздардың әскери күштері қорғайтын болады. Франция - Түркия достық шарты Түркияны соңғы жылдары Еуропа саясатында бұрынғыша маңызды орын ұстап келе жатқан Ақ теңіз мәселесінде алдыңғы қатарға шығарды. Бұған тағы 17 млн фунт ағылшын несиесіне қол жеткізген Англия - Түркия шартын, Балқан төңірегіндегі Түркияның рөлін қоссақ, жалпы саясатта Түркияның иеленетін орнының маңызы жеткілікті дәрежеде айқындалатын тәрізді. Искендрия мәселесінің шешілуімен бірге жаңа екі мәселе келіп шығады. Оның бірі — Ұлттар Ұйымының беделіне, екіншісі Түркияның беделіне катысты. Ол Ұлттар Ұйымының беделіне қатты соққы болып тиді. Ұлттар Ұйымының комиссиясы кері шақырылып әкетілген соң, Санжақ мәселесі Франция - Түркия үкіметтері арасында тікелей өткізілген келіссөздер арқылы шешімін табуы Ұлттар Ұйымын өте қолайсыз жағдайға қойды. Мұның өзі осы бір халықаралық беделді ұйымды нотариалдық кеңсенің деңгейіне түсіріп жіберді. Екінші мәселе — Түркияның беделіне қатысты дедік. Енді соған келейік. Түркия бұрын өзін бұлайша көрсете алмайтын еді. Қазіргі жаңа Түркия сияқты Франциямен иық теңестіруге бара алмайтын. Франция да бұрынғы көне Түркияға қарата бүгінгі жаңа Түркияға ұстанып отырғандай мәміледе бола ал мас еді. Өйткені көне Түркия әлсіз болатын. Сондықтан онымен басқалар онша есептескісі келмейтін. Оған әрі ақыл айтатын және оның аумағы жөнінде күшті мемлекеттер өзара саудаласып жататын. Қазіргі Түркия болса — мүлде басқа. Қазіргі Түркияның тұрғындары түгел дерлік түріктер болуы себепті — елдің ұлтшылдық рухы күшті. Ол енді ешкімді басындырмайды. Және оған жететін күші де бар. Түркияның қазіргідей батыл қимылдары дүние жүзіне оның күш - қуатымен бірге, қадір-қасиетін де көрсетіп отыр. Искендрия мәселесі — Түркияның ұлттық рухы мен күш-қуатын дүние жүзіне әйгілей түсті. Жапония - Ресей қақтығысы. Көптен бері Жапония мен кеңестік Ресей арасында бір қарулы қақтығыстың туылуын кейбіреулер үреймен, кейбіреулер үмітпен күтіп келе жатқан болатын. Шілденің 30-нан 31-не қараған түні, сол көптен күткен қақтығыстың тұтанғанын көргенде дүние оз көзіне өзі сенбегендей күй кешті. Осы екі ел арасында соғыс туылуын тілеп келген баспасөздер енді, міне, соғыспен бетпе-бет келгенде не айтарын біле алмай қалды. Осының өзі - ақ бұл соғыстың қандайлық дәрежеде үрейлі екенін дәлелдеп тұрса керек. 30—31 шілдедегі оқиғаның қысқаша тарихы мынадай: 11 шілде күні кеңестік Ресей Манжу Го жоне Корея шекарасында жатқан «Хасан» көлінің қасындағы «Жангофанг» («Зоозерная») және «Шансапинг» («Безымянная») деп аталатын екі төбені басып алды. Осы аралықта Кореяның бір жандармы тағы большевиктер тарапынан өлтірілді. Жапония үкіметі наразылық жариялап, әлгі басып алынған төбелерден большевиктердің кері шегінуін талап етті. Кеңес үкіметі, 1887 жылғы 22 шілдеде патшалық Ресей мен Қытай үкіметі арасындағы қол қойылған «Хунчуань» шартына сәйкес, бүл төбелердің Ресейге тән екенін көлденең тартып, оларды басып алуға хақылы екенін дәлелдеумен болды. Қытай - жапон соғысының ен қызған кезінде стратегиялық жақтан маңызды саналатын осы орында кенеттен орыс әскери күштерінің пайда болуы жапондарды қатты алаңдатты. Орыс большевиктері тарапынан қытайлардың жапондарға қарсы соғысына көмек көрсетіліп жатқанын білетін жапондардың мұндай алаңдаушылығы заңды да еді. Міне, сол себептен жапондар орыстардың өздері басып алған төбелерден кері шегінуін қайта-қайта талап етумен болды. Наразылықтары нәтиже бермеген соң және большевиктердің арам мақсатын қапысыз аңғарып отырған жапондар ақыры шілде айының 30-нан 31-не қараған түнде, бірнеше сағатқа созылған соғыс нәтижесінде, орыс әскерлерін қуалап тастап, төбелерді өз бақылауына алды. Содан бері қарай Жапония мен Ресей әскерлері арасын¬да қарулы қақтығыс жалғасып келеді. Екі тарап та ауыр артиллерия, танк және әуе соғыс күштерін іске қосты. Екі жақтан да жүздеген, мыңдаған адамдар құрбан болды. Таласқан екі төбені өздеріне қаратып алғаннан кейін, Жапония үкіметі кеңестік Ресей үкіметінен, жанжалды бейбіт жолмен шешу үшін, екі жақтың әскерлері де аталмыш төбелерден кері шегінуін талап етті. Ал Кеңес үкіметі Жапониямен келіссөз столына отырудан бұрын даулы төбелерден әскерін алып кетуін шарт етіп қойды. Яғни большевиктер 30 шілдеге дейінгі жағдайға қайтып оралуды көздеді. Аталмыш жағдайда екі жақтың дипломатиясы келіссөздер жүргізіп жатқан кездің өзінде қарулы күштер арасында атыс тоқтаған жоқ еді. Франция Сыртқы істер министрлігінің органы «Таң» газеті мұны «жарияланбаған соғыс» деп атады. Екі мемлекет арасындағы осы «жарияланбаған соғыс даулы төбелер төңірегімен ғана тына ма, жоқ, әлде Жапон - Ресей соғысына айналып кете ме?» деген сауал әлем жұртшылығының алдында өткір тұрған еді. Жапон ақпараттарына сүйеніп талдау жасаған сарапшылардың айтуларына қарағанда, қақтығыстың соғыс арқылы шешілуі немесе бейбіт жолмен шешілу мүмкіндіктері бірдей көрінеді. Дегенмен екі төбе оқиғасына дейін-ақ бір-бірімен жау және бәсекелес екі елдің егесі мейлінше асқынып, шегіне жетіп тұрғанын да ұмытпағанымыз жөн. Егер большевиктер жапон әскерлерін төбелерден қуып шыға алса, онда олар аз да болса жұмсарып, дипломатиялық тәсілдерін көбірек іске қосар еді. Ондай жағдайда Жапония жанжалды келіссөз арқылы шешуге мүдделі емес болып көрінер еді де, қолайсыз күйге тап болар еді. Сонымен, шағын төбелерге байланысты туылған қақтығыстардың аяғы үлкен оқиғаларға ұласып кету қаупі әбден мүмкін. Даулы төбелерді басып алған әрекетін ақтау үшін Кеңес үкіметі 1882 жылғы Ресей-Қытай арасында жасалған «Хун - чуань» шартын көлденең тартқаны туралы жоғарыда айтқан болатынбыз. «Правда» мен «Известия» газеттерінің 3 тамыз күнгі санында осы төбелердің Ресейге тән екенін дәлелдейтін қарталар мен көріністер түсірілген суреттер басылды. Осылай ету арқылы Кеңес үкіметі кезінде патшалық Ресей тарапынан Қытайға күштеп танылған әділетсіз шарттарды заңдастырып алуды да көздеді . Көріп отырсыздар, Кеңес үкіметіне патшалық Ресейдің «зорлық-зомбылық саясаты» өздерінің төңкерісшіл заңдарынан да артық, бағалы болып отыр. Ұлы Еуропаның империалистік демократиясы Кеңес үкіметінің Жангофанг және Шансапинг аралдарын басып алуын толық қолдап шықты. Еуропаның империалистік демократиясын білдіруші Лондонда шығатын «Саней TaftMc»(«Sunday taіms») апталығының бас редакторы Скрутатордың айтуына қарағанда, осы жүріп жатқан жапон - орыс жанжалында орыстардың жеңілуі Англияның мүддесіне қауіп тудыратын көрінеді. Өйткені Англия болсын немесе Қытайда мүддесі бар басқа империалистік мемлекеттер болсын, олардың осы елдегі «құқықтары мен мүдделері» кезінде патшалық Ресей тарапынан Қытайға зорлап таңылған, қазір кеңестік Ресейдің қолында дипломатиялық құралдың рөлін ойнап отырған «Хун - чуань» шарты тәрізді шартгарға1 негізделген. Кеңестік Ресейді Жапонияға қарағанда қуатты ел деп дәріптеп, дәлелдеген Алмания национал және Италия фашистері тәрізді Жапонияның да жермен-жексен болуын құдайдан күндіз-түні тілеп, тұс-тұстан жарыса жар салып келген кеңестік үкіметтің адал достары қазіргі қақтығыстың ұзаққа созылмауын, келіссөз жолымен тезірек шешілуін ай¬тып, тағы да жұрттың алдын бермей отыр. Олар, әрине, келісімпаз болған соң немесе Жапонияның тағдырына алаңдағандықтан осылай етіп отырған жоқ, өздерінің достары — дүниенің ең күшті мемлекеті саналып келген кеңестік Ресейдің қуатына сене алмағандықтан осылай етіп отыр. Егер Кеңес үкіметі Жапониядан жеңілетін болса, Еуропадағы кейбір «кеңесшіл» демократтардың фашизмге қарсы күресте орыс большевиктеріне артып отырған үміті жоққа шықпақ. Өз ішінде халық бұқарасының көтеріліп кетуіне ылғи да алаңдап отырған Кеңес үкіметі, соғысқа біржола бел шешіп кірісуден жасқанады. 1937 жылғы шілде айында Амур өзені бассейніндегі аралдарды жапондарға тастап шығуға мәжбүр болған Кеңес үкіметі қазір жапондарға күш көрсетіп отырған болса, бұл оның шынында қуатты ел екенін көрсетпейді. Бүл Жапонияның Қытай соғысы салдарынан әлсіреуінің нәтижесінде болып отыр. Кеңестік Ресеймен соғысқа белсене кіріп кетуден жапондар да именеді. Өйткені екі майданда бірдей соғыс жүргізу оларға да оңай емес. Дегенмен Жангофанг және Шансапинг аралдарынан большевиктердің Қызыл армиясын қуып шыққан жапондар, егер қажет болып жатса, екі майданда да соғыс жүргізуге әзір екендіктерін де көрсетті.
Осы мақала жазылған кездегі жағдай, міне, осындай
Даулы төбелерге байланысты басталып кеткен кеңестік Ресей мен жапон қақтығысы кең көлемді соғысқа айнала ма, жоқ па — ол арасы әзірге белгісіз. Біз - Ресейдің жеңілуін тілейміз. Басқалардың Қытайдағы құқықтары мен мүдделері бізді тіпті де қызықтырмайды. Біздің ойлайтынымыз — тек өз халқымыздың ұлттық мүддесі мен ұлттық құқығы. Біздің халқымыздың ұлттық мүддесі мен ұлттық құқығы тек кеңестік Ресей жеңіліп, тас-талқан болғанда ғана жүзеге асатын болады. Ескерту: Мақала журналға теріліп кеткен соң, Жапония мен кеңестік Ресей арасындағы қарулы қақтығыс тоқтатылып, екі жақ та даулы мәселелерді келіссөз арқылы шешуге келісіп, орыс, жапон, манжу өкілдерінен туратын бір комиссия құрғаны туралы хабар келіп тусті. Чехословакия мәселесі. «Яш Түркістанның» өткен санында сөз болған «Чехословакия мәселесі» өзіне Еуропа қоғамдық пікірінің назарын шұғыл аударып, Ресей - Жапон қарулы қақтығысымен бір қатарға шығып отыр. Чехословакияға қарасты «Совет» өлкесінде өмір сүріп жатқан оз қандастарына Алмания тарапынан тым жақын қатынас жасалғаны себепті Чехословакияда туылған ұлттық наразылықтар әуел бастан-ақ Чехословакия мен Алмания арасында дүрдараздыққа айналған еді. Бүкіл Еуропа алғашқы бір аптаны соғыс үрейімен өткізді. Чехословакияның сыбайластары — Франция мен кеңестік Ресей, егер Алмания оған шабуыл жасай қалатын болса, көмектесуге әзір екендіктерін білдірісті. Алманияға тым қатты кетпеу жөнінде мәслихат бере отырып, Англия үкіметі сонымен қатар Содет немістерінің ұлттық мүдделеріне де лайықты көңіл бөлінуі хақында Чехословакияға ақыл айтумен болды. Ал Чехословакияның мәскеулік достары болса, осы бір шағын елді Алманияға қарсы айдап салып, Англия мен Францияны Алмания пайдасына әрекет жасауда деп жазғырды. Чехословакиядағы ұлт араздығы мәселесі, шынында, бұл елге қатер төндіретін халықаралық мәселеге айналып барады. Франциямен келіскен соң, Англия үкіметі Чехословакия үкіметіне кеңесші ретінде, ал Чехословактар мен Содет алмандары арасында арашашы етіп Ұлыбританияның атақты саясаткері, бұрынғы министр Лорд Ренисменді (Lord Rvncіman) жіберді. Бұдан біз Англия мен Чехословакияға бірдей жақын Францияның да Содет алмандарын Чехословакиямен тең дәрежеде қойып отырғанын, сөйтіп, ұлттық қайшылық бұрын ойға келмеген жаңа бір дәуірге аяқ басқанын көреміз. Өзінің Содеттегі қандастарына көмек көрсету үшін әзір екенін сәт сайын мәлімдеп қоқандап тұрған Алманияның қысымы жағдайында мемлекетінің беделіне нұқсан келетінін біле тура, Чехословакия ағылшындық кеңесшіні қабылдамауға батылы жетпеді. Чехословакия картасына қараңызшы, не көрер екенсіз! Оның 3 мың шақырымнан аса шекарасы Алманиямен, 930 шақырымы Польшамен және 830 шақырымы Мажарстанмен шектеседі. Тек 200 шақырымдай шекарасы ғана Чехословакияға дос Румыниямен шектесіп жатыр. Олай болса, сіз Польша мен Мажарстан да өздерінің Чехословакиядағы қандастарына Алманияның Содет немістеріне ұстап отырған позициясындай позиция ұстанып отырғанын ескерсеңіз, онда Чехословакияның жағдайы шынымен ауыр екеніне көзіңіз бұрынғыдан бетер жете түседі. Лорд Ренисмен Чехословакияның орталығы Прага қаласында бірнеше күннен бері Чехословакия және Содет немістерімен кездесулер өткізіп, істің анық - қанығына көз жеткізіп жатыр. Лорд Ренисмен тек қана Чехословакияның ғана емес, күллі орта Еуропаның, сондай-ақ Англияның саяси-экономикалық мүдделерін де есте ұстайтын болады. Чехословакиядағы Содет немістерінің мәселесі тебе көрсетуі сол екен, Англия үкіметі оған араласуға асықты. Англияның әрекеті нәтижесіз де болмай қалған жоқ. Чехословакия сонымен Лорд Ренисмендей «бейтарап және бейресми» ағылшын ақылшысына «жарып» қалды. Ағылшын ақылшысының Содет немістеріне және Чехословакия үкіметіне кезек кеңес беруі арқасында ағылшын үкіметінің беделі мен ықпалы артатынына да шүбә болмаса керек. Ұлыбританияның күллі дүние жүзіне мәлім болып отырған саяси мақсаты — Чехословакияның сыбайласы Франциямен достық ынтымақ қатынасын сақтай отырып, Алманиямен де жақындасу... Осыншама кереғар жатқан аралықтарды бір-бірімен жақындастыру оңай шаруа емес. Алайда осы машақатты жұмыстың негізгі ауыртпалығы бәрінен бұрын Чехословакияға түсетініне күмән жоқ. Словактардың Чехословакия үкіметі жөніндегі шағымы. Америкадан Чехословакияға келген, Америкада тұратын словактар қоғамының бастығы, доктор Гетко журналистерге берген сұхбатында: «Содет немістерінің мәселесінен де маңызды Словакия мәселесін шешуге келгенде Чехословакия үкіметі ешқандай ықылас танытпай келеді. Словакия халқы өзінің автономия құқығы жолындағы күресін жалғастыра беретін болады», - деп мәлімдеді. Осы хабарды таратушы Париж газеті Польшаның телеграф агенттігі «Патқа» сүйеніш, словактардың автономияшыл партиясы словак халқына берген уағдасында тұрмағаны үшін Чехословакия үкіметін Гаага қаласындағы халықаралық сотқа бермек екенін жазады («Таң», 1938 ж., 12 тамыз). Польша және Ұлттар Ұйымы. Варшава газеттерінің хабарына қарағанда, Польша үкіметі өзінің Ұлттар Ұйымының қасындағы өкілдігін таратуға шешім қабылдаған көрінеді. Кейбір Еуропа газеттерінің айтқанына сенсек, Польша үкіметі Ұлттар Ұйымы кеңесінің мүшесі болуға да онша құмартып отырған жоқ сияқты. Польша — Ұлттар Ұйымы кеңесінің тұрақты мүшесі саналғанымен, Еуропа саясатында ойнап отырған роліне байланысты үш жылда бір рет сайлану құқығына ие болған еді. Егер жоғарыда келтірілген хабарлар рас болса, Ұлттар Ұйымынан суынып, көптен бері тәуелсіз сыртқы саясатын жүргізіп келген бүл ел, сол өзіне ұнаған тәуелсіздік бағытын жалғастыра беруге бекем бел байлағанын көрсетеді. 1938 жылы 23 шілдеде Данияның астанасы Копенгаген қаласында бас қосқан Бельгия, Люксембург, Голландия, Дания, Швеция және Норвегия үкіметтерінің өкілдері Ұлттар Ұйымының негізгі заңындағы 12 тармаққа сәйкес Ұйым мүшелеріне жүктелген міндеттерді орындау сөзсіз деп танылмайтыны жөнінде шешім қабылдады. Бельгия мен Швеция Ұлттар Ұйымына мүшелігін сақтай отырып, дүниежүзілік соғыстан бұрынғы бейтараптық позициясына қайтып оралуын Ұлттар Ұйымы тарапынан мақұлдата алды. Польша үкіметі өзінің соңғы қарарымен Ұлттар Ұйымының беделі мен ықпалына едәуір соққы берді.
1938 ж.,№ 104-105
КЕҢЕСТІК РЕСЕЙДЕ ҚАНША АДАМ ТҰРАДЫ?
Бұл шынында маңызды мәселе. Коммунизм мен кеңестік Ресейге дұшпан бола тұра, кейбір француз ұлтшылдары Кеңес үкіметімен достық және тіпті әскери сыбайластық қатынас орнатуды жақтап отырған болса, олардың көбіне-көп келтіріп отырған дәлелі — кеңестік Ресейде 170 миллион адам тұратындығы. 170 миллион!.. Шынында керемет сан. Алайда Кеңес үкіметі бұл санға да қанағаттанбай, қолы астындағы тұрғындарын онан да көбейтіп көрсетуге тырысады. Саяси мақсаттарына сәйкес келмеуі себепті кеңес басшылары ресми санды жасырып, мемлекеттік статистика мекемесінің басында отырған мамандарды «халық жауы» деп жариялап, енді тұрғындарының санын қайткенде де 170 миллионға жеткізетін жаңа санақ жүргізуге әзірленіп жатыр. Сонымен, Кеңестік Ресейде қанша адам бар? 1926 жылғы 17 желтоқсанда өткізілген санақтың ресми нәтижелеріне қарағанда, кеңестік Ресейдегі халықтың жалпы саны 147 миллион 27 мың жан болған. Онан кейін ресми санақ жүргізілмеген. Тек кәсіпорындағы жұмысшылар, мемлекет және жеке меншік мекемелердегі қызметкерлер, оларға қаладан және ауылдан салық төлеуші тұрғындарды қосып, оның үстіне мөлшермен жыл сайын 2,5 миллион табиғи өсім бар деп есептеп, 1929 жылдың қаңтарында Кеңес үкіметі өзіне қарасты бүкіл жан санын 154 миллион 800 мың адам деп жариялады. Ақырында 1935 жылы қаңтарда Мәскеуде шақырылған Кеңестердің жалпы 7-ші партия құрылтайында Кеңес үкіметінің төрағасы Молотов «Краваль жолдастың басқаруында Кеңес статистика қызметкерлері тарапынан дайындалған төтенше маңызды деректерге» сүйеніп, 1934 жылдың 1 қаңтарында Кеңестер Одағында 168 миллион адам барын айтқан болатын. Демек, 1934 жыл Кравальдың мекемесі Кеңестік Ресейде жалпы халық санағын жүргізді. Бұл елде шынында қанша адам барын білу үшін күллі Еуропа санақ нәтижесін торт көзімен күтті. Көпке дейін жым-жырттық орнады. Ақырында осыдан бірнеше ай ғана бұрын профессор Краваль «халық жауы» деп жарияланып, оның басқаруында өткізілген санақтың нәтижелері «залалды» болып шықты. Өйткені Краваль жүргізген санақ кеңестік Ресейдегі халық санын Кеңес үкіметі басшыларының күні бұрын межелеп қойған деңгейіне жеткізе алмады. Сонымен Кеңес үкіметі 1937 жылғы санақтың нәтижелерін жасырды. Бірақ шындықты бәрібір жасырып қала алмады. Атақты орыс экономисі және статистика маманы профессор Прокопьевич пен Юрьевский (екеуі де мұғажыриятта өмір сүруде) кеңес дерек көздеріне сүйеніп, Кеңес үкіметі жасырған ақиқатты дүние жүзіне паш етті. Прокопьевич мөлшермен «2—3 миллион артық-кем болуы ықтималын» ескерте отырып, «1937 жылдың қаңтарына дейін кеңестік Ресейде 154 миллион 686 мың жан бар деді , Юрьевский болса кеңес дерек көздеріндегі «жұмысшы, қызметкерлердің саны 53 миллион 438 мың адам болып, бүл барлық тұрғындар санының 34 процентін құрайды» деген мәліметі бойынша кеңестік Ресейдегі жалпы халық санын (1937 жылдың қаңтарына дейін) 156 миллион 882 мың деп есептейді . Прокопьевичтің 2-3 миллион мөлшерде артық-кем болуы мүмкін деген ескертпесін ескере отырып, Юрьевскийдің есебімен салыстырып қарасаңыз — екеуінің арасынан алшақтық көрмейсіз. Сонымен, 1934 жылдың 1 қаңтарында 168 миллионға жеткен халық 1937 жылдың қаңтарында 156 миллион 882 мыңға құлдыраған. Кеңестік Ресейдегі халық саны үш жыл ішінде 11 миллионнан аса адамға кеміп кеткен. Олай болса Кравальдың «халық жауы» болып шығуы, ол жүргізген санақ жұмысының «залалды» болып саналуы өз-өзінен түсінікті болса керек. 1934 жылы кеңестік Ресейдегі халықтардың санын 168 миллион деп мәлімдегенде Молотов қандай дерекке сүйенді екен? Краваль де өз есебін Кеңес үкіметі мен партиясының сол тұстағы мәліметтеріне сүйеніп шығарған болатын. Прокопьевич пен Юрьевскийлер 1929 жылдан 1938 жылға дейінгі аралықта кеңестік Ресей халқының саны коп кеміп кеткенін көрсетеді. Юрьевский: «егер халықтың жыл сайынғы табиғи өсімін көзде ұстағанда, кеңестік Ресей халқы 1929—1937 жылдар аралығында 16 миллион 800 мың адамға артуы тиіс еді. Алайда осы уақыт ішінде мөлшермен не бары 2 миллион ғана артқанын көріп отырмыз. Ендеше 14 миллион 800 мың адам қайда кетті деген сұрақ туады. Бұл сұраққа жауап беру үшін 1929 жылдан 1934 жылға дейінгі аралықта жүргізілген күштеп ұжымдастыру, оған қарсылық көрсеткен ауыл қыстақ тұрғындарын қырып-жою, ашаршылыққа душар ету тәрізді кеңестік зауалдарды еске түсірген жон»,— дейді. Ол жылдар «бес жылдық жоспар» кезеңі болатын. Демек, 14 миллион 800 мың адам Кеңес үкіметінің «бес жылдық жоспар — күштеп ұжымдастыру» саясатының құрбаны болып кеткен! Келесі халық санағы 1939 жылдың 1 қаңтарында өткізілмек. Ол кезде, әрине, Кеңес үкіметі талап етіп отырған 170—180 миллион қамтамасыз етілетініне де күмән жоқ.
1938 ж., № 106
ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ӨМІРДЕН
Ұлттар Ұйымы Кеңесінің 10 қыркүйекте ашылған мәжілісі мен 12 қыркүйектегі жалпы жиналысы жұрт назарын онша аудара қойған жоқ. ҰҰ - ның қыркүйек жиналысы бұрын дүние жүзі қоғамдық пікірінің негізгі арқауына айналушы еді. Соңғы жылдары Жапония, Алмания және Италия Ұлттар Ұйымынан шығып, кеңестік Ресей оған мүше болып кіргеннен бері бұл ұйымның базары тарап, қадірі қашып тұр. Қазіргі кезде дүние жүзінің назарын Чехословакия мәселесі өзіне шұғыл аударып отыр. Әлем оны қалай балар екен? Соғысқа ұласып кетер ме екен, жоқ әлде бейбіт жол¬мен реттелер ме екен деп күтуде. Өткен жолғы бір мақаламызда Содет немістерінің ұлттық тараптары Чехословакия көлемінен шығып, халықаралық мәселеге айналды деген болатынбыз. Енді, міне, сол айтқанымыз келді. Бұрын шымылдықтың ар жағында бой тасалап тұрған Алмания ашық күрес майданына шықты. Күллі Еуропа үрей құшағында. Чехословакия үкіметі де Содет немістерінің ұлттық талаптарына қарай ойыса бастады. Күні кеше ғана Чехословакияның бет - беделіне, ұлттық мүддесіне нұқсан келтіреді деп танылған нәрселер бүгін Прага үкіметі тарапынан онды шаралар есебінде танылып, Содет немістерінің пайдасына қарай шешілуде. Міне, енді Чехословакия үкіметі Содет немістерінің талаптарына жауап ретінде «4-ші жоспар» дейтінді ұсынып отыр. Чехословакия үкіметінің «бар береріміз осы, бұдан арыға бара алмаймыз» деп отырған осы жоспары Содет немістерінің «Карлсбад бағдарламасындағы» талаптарына жақындағанымен, бірақ оған олар қанағаттанбайтындықтарын білдіруде. Осы аралықта Чехословакия мемлекетінің төрағасы Бенештің 1919 жылғы Версаль жиналысында Содет немістері туралы берген уағдасы әшкере болып қалды. Англия үкіметінің бұрынғы бастығы, «Версаль конгресінде» көрнекті рөл атқарған Алоид Джорждың жақында баспадан шыққан «Естеліктеріне» қарағанда, 1919 жылдың мамыр айында жана шаңырақ көтерген Чехословакия мемлекетінің шекарасын айқындар кезде бүл елдің ішінде 3,5 миллион немістерді қалдыру Еуропадағы бірде - бір елдің ойында жоқ болатын. Содет немістерінің Чехословакия аумағында қалуы жаңа құрылған осы ел мен Алмания арасында араздық тудыруы ықтимал екенін сол кездің өзінде Еуропа елдері білген. Алайда Бенеш Содет немістеріне «Чехословакиядан айрылғысы келмейтіндей бақытты өмір орнатамыз», «Чехословакия Швейцария сияқты мемлекет болады» деп уәде беріп, жұртты сендіруге тырысқан соң, Версаль конгресіне қатысқандар оның сөзіне сеніп, келісім берген еді. Алайда Чехословакия мемлекеті ұлттардың тең құқығын қамтамасыз еткен конфедеративтік немесе федеративтік құрылымға бармай, тек бір орталықтан ғана басқарылатын демократиялық республика болып шықты. Бенештің 1919 жылғы Версаль конгресіндегі уағдасын есіне салушылар Чехословакия мемлекетінің дұшпандары қатарына жатқызылатын болды. Ақыры, міне, бүгінгі күнге келіп жетті... Неміс және басқа да халықтардың ұлттық талаптарын орындаудан бас тартып отырған Чехословакия үкіметі кеңестік Ресей тарапынан қолдау тауып отыр. Содет немістері мәселесі соғысқа апара қалған жағдайда Чехословакияға әскери көмек көрсетуге әзір екенін білдірумен бірге, Кеңес үкіметі тағы бір жағынан «Англия Чехословакияны Алманияға сатып жіберді» деп Чехословакия үкіметін Алманияға қарсы айдап салуда. Чехословакия мәселесінен туған бүгінгі Еуропа дағдарысының себепкері де сол кеңестік арандатушылық болып отыр. Прага мен Мәскеу арасындағы саяси достық пен әскери одақтың қаупі бүл күнде барша жұртқа әйгілі болды.
Алмания Содет өлкесіндегі бауырларына көмектесетінін ашық мәлімдеді. Чехословакия үкіметі болса, кеңестік Ресей, Франция және Англиялардың көмегінен үміттеніп, Содет немістерінің талабын жеріне жеткізе орындаудан бас тартуда. Кеңестік Ресей Чехословакияға әскери көмек көрсетуге әзір екені туралы жоғарыда жаздық. Ал Франция — Чехословакиямен ол құрылғаннан бері әскери одақ болып келе жатқан ел. Демек, соғыс бола қалса, Франция оған әскери көмек көрсетуге міндетті. Алайда Франция жанжалды соғысқа жеткізбей, бейбіт жолмен шешуге барынша тырысып отыр. Англияның Чехословакиямен жеке басының байланып тұрған жері жоқ. Тек өзінің азаматы Лорд Ренисменді Чехословакияға кеңесші етіп жіберу арқылы Англия бұл елмен моральдық және саяси жағынан байланысты болып отыр. Егер Лорд Ренисмен тарапынан Содет немістеріне ұсынылған бағдарлама оларды қанағаттандырмайтын болса, онда Англия оз қатынасын жаңаша қайтадан айқындауға мәжбүр болады. Соңғы кездері Ұлыбританияның бас газеті «Таймс» Чехословакияны іштен де, сырттан да ала көңіл етіп отырған, сонымен қатар күллі Еуропаны соғыс үрейі құшағында ұстаған Содет немістеріне байланысты мәселені ойдағыдай шешу үшін олардың Чехословакия аумағында болғанынан гөрі Алманияға қосылып кеткені пайдалырақ емес пе деген пікір тарата бастауы Ұлыбританиядағы қоғамдық пікірдің әлі күнге бір түйінге келе алмағандығын көрсетеді. Егер Еуропада осындай бір соғыс шыға қалса, оның ақыры қайда апарып соғарын күні бұрын болжап болмайды. Италия Алманиямен бір. Польша болса, Франциямен әскери одақтас болуы себепті, тек сырттан Францияға шабуыл жасала қалған жағдайда ғана француздар жағына шыға алады. Ал егер Франция өзінің сыбайласы Чехословакияны жақтап соғысқа кірсе, онда Польшаның қай жаққа шығарын қазір айту қиын. Тек бір ғана нәрсенің басы ашық. Ол — Польша Чехословакияға көмекке баруға тиіс Кеңес әскерлерінің өз жерінен өтуіне жол бермейді. Чехословакияның жақын сыбайласы Румыния Кеңес әскерлерін өз жерінен өткізбейтінін бұрыннан білдіріп келе жатқан болатын. Тіпті мемлекетінің негізгі заңына да осындай мағынада өзгеріс енгізген. Алайда соңғы кездері Румыния кеңес әскерлерін оз жерінен өткізе ме, өткізбей ме деген мәселе қайта көтеріліп, кейбір екі ұшты пікірлер таратыла бастады. Чехословакияның Кіші Антантадағы тағы бір сыбайласы Югославия болса, Чехословакияға қарсы соғыс ашқан жақта Мажарстан болған жағдайда ғана өз сыбайласына көмекке келетінін айтуда. «Еуропада соғыс шыға қалған жағдайда, оның аяғы неге апарып соғарын күні бұрын болжап болмайды» деген сөзімізді осы арада тағы бір қайталаймыз. Еуропадағы кейбір газеттердің жазғандарына қарағанда, Чехословакияның астанасы Прага қаласы соңғы кездері тек кеңестік насихаттың ғана емес, «Массондар» насихатының да орталығына айналып бара жатқан көрінеді. Еуропадағы саяси пікірталастары барысында массондар қызылдар тарапында келе жатқаны баршаға мәлім. Жалпы ұлтшылдық атаулыға қарсы массондар Содет немістерінің және Чехословакияда өмір сүріп жатқан басқа да ұлттардың талаптарына қарсы болатыны да табиғи. Әрқайсысы оз алдына ұлт мәселесінің жауы болып келе жатқан большевиктер мен массондар енді бірігіп, бір жерден шығып жатса, мұның өзі ұлт мәселесінің қарсы жағында тұрған жаулары күшейіп бара жатқанын көрсетеді. Большевиктер мен массондардың бітіспес жауы Алманияның Прага үкіметіне қарсы батыл қимылға көшіп отырған себебі де, міне, осы.
1938 ж., № 106
ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ӨМІРДЕН
Чехословакия мәселесі. Еуропаға қара бұлт төндіріп, ақыры соғысқа жақын алып келген Чехословакия мәселесі 29-30 қыркүйекте Мюнхенде жиналған Англия, Алмания, Франция және Италия елдері басшылары тарапынан шешімін тапқандай болды. Осы бас қосуда қабылданған қарарға сәйкес Содет өлкесі Алманияға қосылатын болып келісілді. Ал поляктар қоныстанған өлке мен мажарлар қоныстанған өлкелердің тағдыры жөнінде Чехословакия үкіметі осы елдердің басшыларымен келіссөздер өткізбек. Егер алдағы үш ай ішінде Чехословакия, Польша және Мажарстан өзара келісім таба алмаса, онда әлгі торт ірі мемлекет қайта бас қосып, соңғы шешімін қабылдамақ. Алайда Польша үкіметі Мюнхен одағы белгілеген мерзімді күтіп отырмай, 30 қыркүйекте Тешин өлкесін өзіне қайтарып беру туралы Чехословакия үкіметіне нота тапсырды. Чехословакия ультиматум талаптарын орындауға келісті. 2 қазанда Польша әскерлері Тешин өлкесіне кірді. Польшадан соң Мажарстан да Чехословакияға нота жолдады. Осы мақала жазылып жатқан кезде, яғни 10 қазанда, Чехословакия мен Мажарстан үкіметі даулы өлкелер жөнінде келіссөз жүргізіп жатты. Келіссөз нәтижесі Мажарстанның талабына сәйкес шешілеріне ешқандай күдік-күмән жоқ. Ақыр соңында словактар мен Карпат украиндары Прагадан көптен бері талап етіп келе жатқан саяси автономиясын жариялады. Сонымен, Еуропаның төсін мекен еткен ұлттардың өз тағдырын өздері билеу құқығынан айырған Версаль шарты күшінен қалды. Чехословакия мемлекеті жолсыздықпен иемденіп келген Алман, Поляк және Мажар өлкелерінен айырылды. Чехословакия — чех, словак және Карпат украиндарынан құрылған федеративтік республикаға айналды. Дүниежүзілік соғыстан соң шаңырақ көтерген елдер арасында Чехословакия біршама дұрыс ел деп танылатын. Елдің ірге тасын тұрғызған және оның бірінші төрағасы болған Митофи. Масарик пен оның жақын көмекшісі және ізбасары — оның орнына Республика төрағасы болып сайланған Эдуард Бенеш Еуропа демократиясының ең озық тұлғалары қатарынан орын алатын. Дегенмен, еуропалықтар мен Еуропа демократтары тұрғысынан солай делінсе де, біз — түріктер мен мұсылмандар, бұл пікірге қосыла алмас едік. 1918 жылы «Жалпы демократиялық келісім және Еуропаның жаңа картасы» атты атышулы мақаласында профессор Масарик түріктердің Еуропадан бүкілдей ығыстырылуын, ислам дініндегі мемлекеттің христиан мемлекетгері үстінен билік жүргізуіне ешқашан жол берілмеуін жаңа демократиялық Еуропаның заңы түрінде ортаға қойған еді. Профессор Масариктің ойынша, ислам мәдениеті христиан мәдениетінен төмен көрінеді. Еуропа Масариксіз де солай етіп көрді. Бірақ онысынан ештеңе шықпады. Масарик пен Бенештердің басқа елдің басына тілеген жамандығы, міне, бүгін өздері басқарып отырған елдің басына келіп отыр. Шынтуайтқа келгенде, алман, поляк және мажарлардың чехтарға қарағанда мәдениеттірек екенінде шүбә болмаса керек. Олай болса, мәдениеті өздерінен жоғары осы ұлттар үстінен билік жүргізуге чехтардың қандай хақысы бар? Осындай жолсыздыққа барғаны себепті Чехословакия үкіметі әлгі ұлттардың өзін-өзі билеу туралы талаптары мен ұмтылыстарына қайтіп тосқауыл қоя алмақ? Мюнхен келісімінен соң. Мюнхен келісімінің маңызы тек Чехословакиядағы азшылықтағылар мәселесінің шешілуімен ғана шектелмейді. Чехословакия бір жағынан орта және оңтүстік Еуропа жаққа қарай Алмания ықпалының жойылуына кедергі жасап келген болса, екінші жағынан кеңестік Ресейдің ықпалын Еуропаға өткізу үшін өткізгіштік рөл атқарып келді. Осы міндетінің үдесінен ойдағыдай шығу үшін Чехословакия бір жағынан Франциямен, екінші жағынан кеңестік Ресеймен әскери одақ жасаған еді. Чехословакияның біраз жері, соның ішінде қазір Алманияға қайтарылатын жерлер де бар, кеңестік Ресейдің әскери ұшақтарына арналған аэродромдар мен полигондарға берілген болатын. Мюнхен келісімінен соң, Чехословакияның осындай екі жақты роліне тосқауыл қойылды. Енді ол Алманияның жолын тоса алмайтыны сияқты, кеңестік Ресейге де көпір бола алмайды. Франция мен кеңестік Ресей арасында жасалған әскери шарт та құнын жоя бастады. Енді ол күшінен қалу алдында тұр. Ең бастысы - Алмания мен Польшаның пайдасына бай өлкелерінен айрылған Чехословакия коп өтпей-ақ экономика жағынан Алманияға тәуелді болуға мәжбүр. Чехословакия бұрын Алманияның Орта оңтүстік және Шығыс Еуропаға ықпал етуіне кедергі болып келген болса, енді бұдан былай өзі соған көпір болуы ықтимал. Мюнхен келісімі Еуропа саясатында жаңа шаралардың әзірленуіне жол ашқандығы көрініп тұр. Еуропадағы жетекші газеттердің жазғандарына қарағанда, Польша Мажарстанмен жақындаса түсуге ұмтылып отырған көрінеді. Мұның өзі Чехословакияның Карпат (Украина) өлкесінің Мажарстанға қосылуына апарып соғуы мүмкін. Польша үкіметі екі бағытта қимыл жасап отыр. Оның бірі — Мажарстан және Румыниямен бірлесіп кеңестік Ресейді Еуропадан бүтіндей бөліп тұратын қорған жасау, екіншісі - Орта, Оңтүстік және Шығыс Еуропаға ықпалын жаюға ұмтылып отырған Алманиямен бірыңғай майданға бірігу. Мюнхен келісімі Еуропаның басына төніп келген соғыс бұлтын сейілтті. Бір жақта — Англия, Франция, екінші жақта Алмания, Италиялар өзара бәтуаға келе алатындарын корсетті және сондай мүмкіндікке жол ашты. Соңғы кездегі жағдайда оқыс, оғаш құбылыстар да бой көрсете бастады. Франция - Италия қатынасына жол салынды. Франция - Италия, Италия - Франциялар өзара елшілер тағайындайтын болысты. Демек, бұл - Франция Италияның Хабашстанды жаулап алғанын ресми түрде мойындайтын болды деген соз. Алмания мен Франция арасында да қалыпты қатынас орнау мүмкіндігі бары айтылып жүр. Чехословакияның әлсіреуімен бірге, Кіші Антантаның рөлі де әлсіреп, кеңестік Ресейдің Батыс Еуропаға қарай ықпал жаюына ең басты кедергі болып табылатын Польша күш алып кеткелі тұр. Біздіңше, жоғарыда аттары аталған торт ірі мемлекетке Польша барып қосылмайынша, Еуропадағы жалпы саяси жағдайдың түзеле қоюы екіталай. Мюнхен келісімі нәтижесінде кімдер жеңді, кімдер жеңілді? «Ұлттардың өз тағдырын өзі айқындауын» жақтаушылар мен бейбітшілікті жақтаушылар жеңіп шықты. Ал ұлттардың құқықтарын мойындағысы келмейтіндер мен соғысты жақтаушылар жеңілді. Жеңіліс тапқандардың басында Кеңес өкіметі тұрды. Осы арада мына бір нәрсеге айрықша көңіл аударған жон. Чехословакия мәселесін шешу барысында бүл елдің жақын сыбайласы Мәскеуді де тарту туралы ешкімнен ешқандай ұсыныс болған жоқ. Ал Чехословакияның Сыртқы істер министрі өздерінің сыбайласы Мәскеуден неге көмек сұрамағаны жөнінде былай дейді: «Егер біз Франция мен Англияның Мюнхенде алған міндеттемелерін біле тұрып кеңестік Ресейден көмек сұрасақ, онда бүкіл Еуропа, соның ішінде достарымыз да (Англия мен Франция), бізді Еуропаға большевизмді әкеле жатыр деп бір ауыздан айыптаған болар еді», — дейді. Кеңестік Ресейге Еуропа қалай қарайтынын бұдан артық айтып жеткізу мүмкін болар қояр ма екен?
1938 ж., №107
АТАТҮРІКТІҢ ҚАЗАСЫ
1881.13.03-1938.10.11 Журналымыз басылып жатқан кезде қайғылы хабар келіп жетті. Мұстафа Кемал Ататүрік қайтыс болыпты. Түрік нәсілінің тарихында ең басты орындардың бірін иеленетін, ең ұлы тұлғалардың бірі — Мұстафа Кемал Ататүрік сынды көсем - қолбасшының, ұлы реформатор және мемлекет қайраткерінің 57 жасында дүниеден өтуі қандай ауыр, қандай қасіретті десеңізші! Ататүріктің қандай дарынды ұйымдастырушы және қандай ұлы қолбасшы болғанын білу үшін дүниежүзілік соғысты, Мондрос дағдарысын және «Сәуір» келісімінен соңғы Түркияны еске түсірген жон болар еді. Ол кезде Түркия «Эли баба» атымен мәлім болған, тозығы жеткен императорлықтың бір бөлшегі ғана болатын. «Ұлттардың өзін-өзі билеуі» дауымен одан Ливан, Сирия, Ирак, Палестина, Хижаз... бөлініп кеткен. Тоз-тозы шыққан түрік жерінде «Ұлы Армения» және «Тәуелсіз Күрдістан» тәрізді мемлекеттер шаңырақ көтерген. Түркияда бүл кезде тек Ыстамбұл қаласы ғана қалған болатын. Ол кездегі ЬІстамбұл бір елге астана болудан гөрі, қоқыс төгетін аулаға көбірек ұқсайтын. Түркияға Анадолыдан мемлекеттің негізін қайта қалауға, оны нығайтып бекемдеуге жетерліктей ештеңе қалмаған еді. Ол кездегі түрік ұлтының басына түскен қасіретті созбен айтып жеткізу мүмкін емес. Түркия ел ретінде тәуелсіздіктен, түріктер ұлт ретінде еркіндіктен айырылған-ды. Түркия мен түріктерді осындай халден Ататүрік құтқарды. Түрік халқының Анадолы далаларында қарусыз бастаған және үш жыл бойы тарихта бұрын-сонды болып көрмеген ұлтты құтқару күресі дүниежүзілік соғыстың қасіретті нәтижелерін Түркияға күштеп таңушыларды ақыры еріксіз Лозанн шартын (1923. 08. 11) қабылдауға мәжбүр етті. Араб өлкелерін еркіне жібере отырып, Түркия Анадолыдағы өзінің байырғы мекендерін қайтарып алды. Кавказиядан баз кешіп, оның есесіне Қарыс, Ардаған және Артойындарды қайта иемденді. Бұғаздарды да бауырына қайта басты. Түркия мен түрік халықтарын басынып қорлайтындар жым болды. Соғыс аяқталды. Бейбіт еңбек пен бейбіт құрылыстың заманы басталды. Кешегі жеңімпаз қолбасшы енді мемлекеттің басына келіп, ел басқаруға кірісті. Ғазы Мұстафа Кемал Ататүрік болып атанды. Ататүрік реформалары... Бұл ұлы адамның дарыны мен қабілеті соғыс майдандарындағы шайқастарда көбірек көрінді ме, жоқ әлде аяқ асты болған Түркияны осы заманның жас та салауатты ұлттық мемлекеттер қатарына қосқан реформалары кезінде көбірек көрінді ме? Ол жағын дәл басып айту киын. Ататүрік басшылық еткен соңғы 10 жылдық реформа барысында Түркияда қол жеткен онды өзгерістерді; бәлкім, дүние жүзінде ешбір ел бастан кешірмеген шығар. Бұл реформалар елдің сыртын ғана емес, ең бастысы ішін, түрік халқының таным - түсінігін, ойлау жүйесін өзгертті. Ататүрік - дарынды қолбасшы және данышпан реформатор болумен катар, аса білікті дипломат та еді. Балкан одағы шартымен (34.02.09) Түркияны Балкан мемлекеттерінің лидеріне көтері ен Ататүрік Сайдабат шарты арқылы (37.07.08) жаңа ұлттық өмірге қадам басқан Ислам лидері, Ирак, Иран және Ауғанстандардың да көшбастаушысы етіп қоя білді. Қайғылы хабар бойды билеп отырған сәтте жазылған осы бір қысқа мақалада біз Ататүріктің өмірі мен қызметі хақында толық мағлұмат бере алмай отырғанымызды білеміз. Ол туралы журналымыздың келесі сандарында әлі тапай жазатын боламыз. Осы жолдарды аяқтай отырып, түрік халқының ұлы перзенті Ататүріктің ғазиз рухы алдында басымызды иеміз. Жатқан жері жайлы, артына қалдырған мұралары мәңгі болсын!
1938 ж., № 108
ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ӨМІРДЕН
Мюнхен келісімінен соң, Еуропаның ірі және шағын елдері дүниежүзілік соғыс пен Версаль шарты нәтижесінде пайда болған халықаралық қатынастарын қайта қарай бастады. Версаль шартының туындысы болып табылатын ең ірі халықаралық ұйым — Ұлттар Ұйымының беделі мен қадір - қасиетінің қандайлық деңгейде түскенін білу үшін Чехословакия дағдарысы кезінде және күллі Еуропа соғысқа дайындалып жатқан тұста оның атын тек кеңестік Ресейдің өкілі Литвиновтан басқа ешкімнің де ауызға алмағанын еске түсіру жеткілікті болса керек. Алмания мен Чехословакия арасындағы жанжалды Ұлттар Ұйымында қарау жөнінде Литвинов білдірген емеурін Ұлттар Ұйымына мүше елдер тарапынан қабылданбады. Мұның өзі оларға «арандатушылықтай» болып көрінді. Алманияның Орта және Оңтүстік Шығыс Еуропаға қарай ұмтылысына тосқауыл қою тұрғысынан құрылған Чехословакия - Югославия және Румыния одағы — Кіші Антанта өзінен-өзі жоғалды. Сондай-ақ тағы сол «Алмания қатеріне» қарсы құрылған Франция -кеңестік Ресей одағы да ырықсыз күйге түсіп қалды. Версаль шарты қалыптастырған қатынастардың қираған жұртында жана қатынастар жасау әрекеті байқалады. Мұндай әрекеттердің бағыт-бағдарын бір жағынан Алмания мен Италия, екінші жағынан Англия мен Франция айқындап отырған. Олар енді араларындағы қырқысты доғарып, тіл табысып бірге қимылдау шараларын іздестіруде. Еуропа елдері қабылдаған осы жаңа саясаттың ең маңызды түйіні — одан кеңестік Ресейдің шеттетілуі болып отыр. Мюнхен келісімі кезінде ол елеп-ескерусіз қалған еді. Бүл келісімнен кейін де солай болды. Кеңес үкіметі шеттетілген жағдайда ғана Франция мен Алманияның арақатынасын жақсартуға мүмкіндік туылады. Ал Еуропадағы осы екі елдің арақатынасы жөнделмейінше, бүл құрлыққа бейбітшілік орнауы қиын. Олай болса Еуропаға іріткі салу арқылы пайда тапқысы келетін кеңестік Ресей, қайткен күнде де, Франция мен Алманияның арасын жақындатпау үшін барын салып бағары сөзсіз. Мажарстан мен Чехословакия арасындағы жанжалды Алмания мен Италия үкіметтері араға түсіп, шешкендей болды. Мажарстан Чехословакиядан талап еткен аумақты түгел дерлік қайтарып алды. Сонымен көптеген жылдар бойы Еуропаның саяси ауасына ауық-ауық бұлт үйірген Чехословакия мәселесі шешімін тапты. Бұрынғы Чехословакия енді жоқ. Оның орнында Чех, Словак және Карпат Украинасынан құрылған Федеративтік Республика шаңырақ көтерді. Жаңа үкімет сыртқы саясатын, Сыртқы істер министрі Хвалковскийдің айтуына қарағанда, бұрынғыша Франция мен кеңестік Ресейге иек артпай, Алмания мен Италияға сүйеніп жүргізбек көрінеді. Өткен қазан айында Жапония Қытаймен жүргізіп жатқан соғысында екі ірі жеңіске жетті. Қытайдың екі ірі қаласы — Кантон мен Ханхоу жапондардың қарамағына өтті. Сонымен Қытайдың төрт бірдей ірі орталығы — Пекин, Нанкин, Кантон, Ханкоу — жапондардың қолына өткен болып шықты. Ханхоуды алу арқылы жапондар Еуропа мен Америкадан Қытайға әкелінетін жүк тасымалдың жолын кесіп тастады. Чан Кайши үкіметі Жапонияға қарсы соғысты жалғастыруға бел байлап отырғанымен, табиғи байлықтың 80 процентінен айрылып отырған ел қанша уақытқа төзе аларын айту қиын. Жапония үкіметі Ханхоуды басып алған соң, Америка және Еуропа мемлекеттерінің Қытаймен араларында жасасқан келісім-шарттарын күшінен қалдыратын уақыт жақындап келе жатқанын мәлімдеді. 1936 жылғы сәуірде басталған Палестин арабтарының көтерілісі соңғы 4-5 ай ішінде мүлде шиеленісіп кетті. Француз тіліндегі «Таң» газетінің (1938.02.11) Палестинде шығатын «Раіесііпе Росі» атты газеттен алып басқан мағлұматтарына қарағанда, үстіміздегі жылдың шілде айынан бері қақтығыстар кезінде 1358 адам өлген. Олардың 219-ы — еврей, 42-сі — ағылшын азаматы, қалған 1092-сі — арабтар. 1162 адам жараланған. Олардың 452-сі — еврейлер, 138-і ағылшын азамат, 472-сі — арабтар. Тек қазан айында ғана өлгендердің саны 560 адам бол¬тан. Олардың арасында 376 араб, 58 еврей және 14 ағылшын азаматы бар. Жараланған 240 адамның 113-і араб, 61-і - еврей, 66-сы ағылшын азаматтары екен. Бұл мағлұматтардан қаза тапқандар мен жараланғандардың басым көпшілігі арабтар екенін көруге болады. Біз қай тарабын қолдайтынымызды айтып жатудың қажеті бола қоймас. Біз, әрине, Палестин арабтары мен жалпы арабтар жағындамыз. Арабтар көтерілісінің себебі мен мақсаты оқырмандарымызға мәлім. Арабтар Палестинаның еврей мемлекетіне айналып кетуіне қарсы. Сол себепті Палестинаға еврей мұғажырларын келтірмеуді талап етеді. Соғыстан бұрын 50 мың ғана болған еврейлердің саны қазір 400 мыңға жеткен. Бұл жолғы көтеріліске Англия үкіметінің Палестинаны араб және еврей мемлекеттеріне болу туралы бағдарламасы себеп болды. Бұған арабтар қарсы. Олар Палестина тәуелсіз араб мемлекеті болу керек, еврейлер азшылық болуы себепті, өзіне лайық келетін құқықтарын пайдаланып өмір сүруі тиіс деп есептейді. Арабтарды еврейлермен соғысудан басқа, ең бастысы ағылшындармен араздасуға баратыны қатты қинап отыр. Палестин арабтарының қаһармандық күресіне Сирия мен Ирактан басқа қол ұшын беріп отырған ел жоқ. Осы орайда «Ислам бірлігі» жөнінде коп айтып жүрген оқырмандарымыздың назарын мына бір мәселеге аударғымыз келеді. Өткен жылы қазан айында Палестина арабтарына көмек көрсетудің жолдарын қарастыру және еврейлердің дүниежүзілік бірлігіне Исламның дүниежүзілік бірлігін қарсы қою мақсатында Мысырдың астанасы Каир қаласында «Ислам құрылтайы» шақырылды. Осы құрылтайға Африкадағы және араб өлкелеріндегі бірқатар елдердің өкілдері қатысты. Біздің айтпақ болып отырғанымыз — өзінің ұлтын құтқару жолындағы күресте Палестина арабтарына діни қандастары тарапынан үнемі көмек көрсетіле бермейтіні.
1938 ж., № 108
ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ӨМІРДЕН
26 қарашада Мәскеуде жарияланған мәлімдемеде Польша мен Кеңес үкіметі арасында 1932 жылдан 1945 жылдардың арасын қамтыған өзара шабуыл жасаспау және бір - біріне дұшпан одақтарға қатыспау туралы шарттың ресми мақұлданғаны білдірілді. Ешқандай жаңалығы жоқ, тек баяғыда жасалған шарттың ресми түрде мақұлданғанын білдірген осы мәлімдеменің дипломатия мен қоғамдық пікірге осыншама ықпал етуі неліктен? Соңғы кездері Польша мен кеңестік Ресей 1932 жылғы шартты елеп-ескермей, бір-бірінен алыстай бастаған еді. Кеңес үкіметі Польша үкіметін өзіне қарсы, тіпті жау ретінде айыптауға көшкен. Кеңес баспасөзі беттерінде Польшаның Сыртқы істер министрі Бек жөнінде неше алуан келемеж суреттер, Польшаның ішкі-сыртқы саясаты жөнінде дөрекі мақалалар басылып келді. Ресейдің Орта Еуропада Алманияға қарсы қойып келген жалғыз досы — Чехословакия дағдарысқа тап болған кезде, Кеңес үкіметі Польша үкіметіне 1932 жылғы шартты «күшінен қалдыратынын» айтып қоқан-лоқы да жасаған. Чехословакияның бөлшектеніп, Алмания жаққа қарай ойысуына Польшаның да қатысы бары Польша мен кеңестік Ресей қатынасының бұзылғандығынан дерек беретін еді. Міне, сондықтан ұмытылуға шақ қалған 1932 жылғы шарттың мәлімдемеде қайта жаңғыртылуы, тіпті бұрынғыдан да артығырақ қуатталуы жұрт назарын өзіне шұғыл аударған еді. Большевиктер және олардың Еуропадағы достары, орыс мұғажырларының сол қанат демократтары 26 қарашадағы мәлімдемеге қатты разы. Олар бұл мәлімдемені Алманияның Украина жөніндегі саяси бағдарламасына қарсы Польша мен кеңестік Ресей арасында құрылатын достық майданның сынтасы деп есептейді. Өйткені Алманияның көмегімен құрылуға тиіс «улы Украина» — кеңестік Украина, Польша және Румынияның украиндар туратын өлкелері және Чехословакия мемлекеті ішіндегі Карпат Украинасын қамтып құрылмақ көрінеді. Шынында солай ма? Яғни Чехословакия бөлшектеніп, Алманияның ықпалына түскен соң, ортада қалыптасып отырған жаңа жағдай 1932 жылғы Польша - Кеңес келісім-шартына жаңа серпін бере алар ма? Бұл сұрауға ең дұрыс жауапты таяу болашақтың оқиғалары беруге тиіс. Кеңестік Ресей мен Польшаның қатынасында бізге жақсы мәлім бір нәрсе бар. Ол — Польшаның, қандай Ресей болсын, жалпы Ресейге қарсы тарихи дұшпандығы. Дипломатиялық тіл табысулар болып жатар. Бірақ қанға сіңген тарихи дұшпандық сезімі оңайлықпен жоғала қоймас.
* * * Халықаралық жағдайдағы екінші басты оқиға — Парижде 12 маусым күні Алманияның Сыртқы істер министрі фон Рибентроп пен Францияның Сыртқы істер министрі Бонне қолдарын қойған Франция - Алмания мәлімдемесі. Аталған мәлімдемеде Франция мен Алмания арасындағы жер дауының көрініс бермеуі. Бұл екі ел қазіргі шекарасын сақтай отырып, екі жаққа бірдей тиімді мәселелер бойынша мемлекетаралық қатынастарын жақсартуға, егер халықаралық жағдайдың өзгеруіне байланысты екі ел арасында егес, дау туа қалатындай болса, оны бейбіт жолдармен реттеуге деген ұмтылысқа жол ашады. Мәлімдемеге қолдарын қойған министрлер өз сөздерінде Франция мен Алманиядай екі ұлы елдің арасында бейбіт жолмен шешуге болмайтын ешқандай бір дау-дамайдың жоқ екенін білдірісті. Алмания - Франция мәлімдемесі — осы екі елдің арасын¬да 80 жылдан бері дау туғызып келе жатқан мәселеге нүкте қойды. Сондықтан 12 маусым мәлімдемесін бүкіл дүние жүзі жұртшылығы қанағаттанған сезіммен қарсы алды. Иә, оған тек бір ғана мемлекет наразы болды. Ол — кеңестік Ресей. Большевиктер Франция мен Алманияның жақындасуын қаламайды. 1933 жылға дейін Кеңес үкіметі Алмания жағында тұрып, Версаль шартына, Локарно келісіміне және Францияның мүддесіне қарсы қимыл жасап келген болатын. 1933 жылы Алманияда үкімет басына ұлттық социалистер (гитлершілдер) келген соң, Кеңес үкіметі бағытын өзгертіп, Франция жағына өтті. Енді ол Версаль шартын дәріптеп, Францияны Алманияға қарсы қоюдың қамына кірісті. Кеңес үкіметі қайткен күнде де Франция мен Алманияның арасын ашып, егер мүмкін болып жатса - екеуін өзара жауластырып, тіпті соғыстырып жіберудің амалын күндіз-түні ойлаумен болды. Міне, енді большевиктер өздерінің «халықаралық сатқындықтарына» соққы болып тиген 12 маусым мәлімдемесін Кеңес үкіметіне қарсы бағытталған деп байбалам салуда. Біз дипломатиясының қитұрқысын біле бермесек те, Франция - Алмания достық мәлімдемесі большевиктердің өктемдігіне күшті соққы болып тигені даусыз екенін білеміз. Алмания мен Франция арасындағы келісім Еуропа бейбітшілігін қамтамасыз етуде оңды рол атқарумен бірге, кеңестік Ресейдің Еуропаға ықпал өткізу жөніндегі жоспарларына күшті тосқауыл қояды.
* * * Біраздан бері Кеңес Одағы Ішкі істер комиссары, ГПУ- дің бастығы Ежовтың тағдыры жөнінде әр түрлі сөздер таралып жүрген еді. Енді, міне, Мәскеуден келіп жеткен ресми ақпараттарға қарағанда, ол қызметінен алынып, оның орнына грузин Лаврентий Берияның тағайындалғандығы белгілі болды. Сталин бұл орынға өзінің отандасы, оз ұлтының өкілі Берияны ғана лайық көрді. Сонымен Кеңес өкіметінің тізгіні екі грузин — Сталин мен Берия, бір еврей — Каганович және бір армян — Микояндардың қолында тұр.
1939 ЖЫЛ
Отанымыздың сыртында өткен тағы бір жыл apттa қалды. Біз әр жолы жаңа жылды үміт және сеніммен қарсы алып келдік. Бірақ үмітіміз ақталмады. Соған қарамастан, біз үмітімізді жоғалтқанымыз жоқ. Сеніміміз де жылдан - жылға күшейіп келеді. Осы өшпес үміт пен берік сенімнің сарқылмас қайнар кезі қайда десеңіз, ол — атамекенімізде, атамекеніміз Түркістанды құтқару жолындағы күресіміздің әділетті, қасиетті күрес екенінде. Біздің ұлттық құқықтарымызды дұшпандарымыздың ездері де мойындайды. Бірақ олар оны өздерінше түсіндіріп, әздерінің империалистік мүдделеріне құрбан етеді. Біз атамекеніміздің әділетті құқығы мен ұлттық мақсатымыздың айқындылығына кәміл сенеміз. Алайда сенім дегеніміз нақтылы іс-қимылда көрінуі тиіс. Сол себепті біз толассыз іс-қимыл жасауға міндеттіміз. Ал іс-қимыл жасаған кезімізде жан-жағымызға қарап, абайлап, нені істесек те біліп істеуге міндеттіміз. Жауларымызға деген өштік сезіміміз көзімізді көлегейлемейтін болсын. Біз бүгін қызыл орыс империализміне қарсы бірінші немесе екінші жылы күресіп жатқан жоқпыз. Біздің күрес жүргізіп келе жатқанымызға 21 жылдан асып барады. Осы ұзақ жылдар ішінде мемлекетімізде болсын немесе оның сыртында болсын, жағдай мүлде өзгерген. Сол себепті іс - қимылымыздың жолы мен тәсілдері де өзгеріске ұшырайтыны табиғи. Ұлттық күресіміздің алғашқы кезеңінде біз атамекенімізді басып жатқан қызыл жендеттерге қарсы күресте, олардың оппозициядағы кейбір топтарымен арман - мүддеміз бір еместігіне қарамай, бір майданда жүруге мәжбүр болдық. Сондай-ақ халық бұқарасы кім мұсылман болса, соны өзіне жақын тартып жүрді. Қазір жағдай басқа. Орыс большевизмінің оппозициясы немесе жаулары бәрі бірдей бізге жақын тілектес немесе дос бола алмайды. Орыс большевизміне дұшпан адамдардың бәрін біз өзімізге тілектес немесе дос санамауымыз керек. Біздің жауымыз жалпы орыс империализм!, орыс үстемдігі деп білгеніміз жон. Осы пікірімізді екінші бір қырынан қойсақ, мұсылман атаулының бәрі де бізге жақын тілектес, дос бола алмайды. Біз бүгін діни жиһат емес (оның заманы өткен), саяси және ұлттық күрес жүргізіп жатырмыз. Түркістандық оқырмандарымыздың назарын журналымыздың өткен санындағы Мәжиталдин Ахметтің «Бұрын болған бір айтыстың нәтижесі» деп аталатын мақаласына аударғымыз келеді. Ол мақалада аты аталған отандасымыз Түркістан басмашылары арасында ең бір көзі ашық делінетін құрбашылардың бірі еді. Шынымен сондай еді. Міне, осы «көзі ашық» адам мұсылман атаулының бәрін өзіне дос санап жүріп, ақырында түркістандықтардың нағыз жаулары қатарына қосылып кетті. Біз — түркістандық күрескерлер үшін бұдан өткен қасірет болуы мүмкін бе? Түркістанның ұлттық күресін жүргізушілер, әсіресе Түркістанның ұлтын құтқару және болашақтағы мемлекеттік құрылысы істерінде өзіне күні бұрын орын сайлап жүргендер бізге кімнің дос, кімнің жау, кімдердің жай тілектестер екенін тани алмай қалды. Біз — түркістандықтар ғана қателескен жоқпыз, басқалар да қателесті. Және қазір де қателіктер өткізуде. Бірақ басқалардың өткізген қателіктері олардың төңкерістік іс-қимылдарына дәл біздегідей залал келтіріп отырған жоқ. Неге? Бұл сұрақтың жауабы баяғыша тым қарапайым. Географиялық картаға қараңызшы. Біздің көршілеріміз кімдер? Сырттан келетін көмек ең алдымен Украина, Қырым және Кавказға жетеді. Біз Ресейге ауыр соққы бере алатын қаржы көздерінің бәрінен қашықта жатырмыз. Олай болса, біз — Түркістан ұлтшыл егеменшілдері — басқаларға қарағанда әлдеқайда сақ болуға, әрбір қадамымызды андап басуға тиіспіз. Өйткені мұғажырлар сыртта жүріп мемлекетке азаттық жеткізе алмағанымен, жіберген қателіктері азаттық істеріне ауыр залалын тигізе алады. Жіберген қателіктеріміз келешек істерімізге сабақ болсын.
Жаңа 1939 жылды біз үзілмес үміт, шексіз сеніммен қарсы алайық. Егер біз ішкі бірлігімізді сақтап қала алсақ, дұшпанымыз кім, досымыз кім екенін қатесіз айыра алсақ, үмітіміз бен сеніміміз еселеп артатын болады. 1939 жыл бізге — түркістандықтарға және майдандас достарымызға - мұғажырияттағы ең соңғы жыл болсын!
Тәуелсіз және егемен Түркістан жасасын!
Ресей империализм! жойылсын!
АТАТҮРІКТІҢ РЕФОРМАЛАРЫ
«Яш Түркістанның» 108-санында ұлы түрік реформаторы Ататүріктің қазасына байланысты жазған мақаламызда: «Соңғы 10 жылда Ататүрік жүргізген реформа барысында Түркияда жүз берген онды өзгерістерді дүние жүзінде ешбір ел, бәлкім, бастарынан кешірмеген шығар. Бұл реформалар Түркия мемлекетінің тек сыртқы көрінісін өзгертіп қана қойған жоқ, ең бастысы түрік халқының таным-түсінігін, ойлау жүйесін өзгертті» деп жазған болатынбыз. ІІІынында Түркияда жағырапиялық атаулардан басқаның бәрі өзгерді. Мемлекеттік түзімнен бастап, халықтың тұрмыс салты, киім киюіне дейін — бәрі өзгерді. Ататүрік реформалары туралы елдің сыртында тұрып тон пішу кейбір ағаттықтар тудыруы әбден ықтимал. Сонымен қатар бұл реформада кейбір ескішіл адамдардың сезіміне қысым түсіретін жәйттер де бар. Сол себепті біз Ататүрік реформаларын егжей-тегжейлі соз етпей-ақ, оның мән-маңызы хақында ғана тоқталуды жөн көреміз. Бәрінен бұрын Ататүрікті реформаға апарған себептердің басын ашып алу лазым. Мұның өзі әсіресе, біз — түркістандықтар үшін ерекше қажет. Өйткені көне Түркияны көктетпей, ақыры терең және жан - жақтылы реформалар жасамаса болмайтын жерге алып келген кеселдер біздің Түркістанда да жеткілікті. Тіпті ондай кеселдер мұғажырда жүрген жерлестеріміздің де бойынан табылады. Бастан кешкен қасіреттерімізден сабақ алмай, демагогияға бой алдырып жүрген «саясатшы» мұғажырларымыз да кездесіп қалады. Түркия кезінде (16—17 ғасырларда) 6 миллион шаршы шақырымнан аса аумақты иеленген, 40 миллион мұсылман, жалпы 70 миллион тұрғыны бар мемлекет еді. Маңайындағылар одан именетін, оны құрметтейтін. Түркияның осындай өркендеу дәуірінен кейін тоқырау, ақыры кері қайту кезеңі басталды. Оған бағынышты халықтар бірінен соң бірі бөлініп кетіп жатты. Қырсықтың көкесі одан да басқада жатыр еді. Өйткені ұлттық еркіндік пен азаттыққа талпыну табиғаттың болмай қоймайтын заңы тәрізді нәрсе. Егер оған сәл мүмкіндік туыла қалған жағдайда, ол, сөзсіз, өзін көрсетпей қоймайды. Әңгіме Еуропа саяси-экономикалық және әлеуметтік өмірдің барлық саласында қарқынды қадаммен алға басып, дамып, өркендеп бара жатқанда Түркия мұбтилардың ескі дүңгіршектеріне бекініп алып, төңірегінде болып жатқан өзгерістерден бейхабар отыруында, бұрынғы құрметті Түркияның енді көрінгеннен көз түрткі көре бастауында жатыр еді. Көне Түркияның қасіреті — аумағы жағынан жоғалтуларға тап болуында ғана емес, сонымен қатар оз мемлекетіне оз билігі толық жүрмейтін пұшайман күйге түсіп қалуы еді. Бұрын ірі әріптермен жазылатын «Ұлы түрік» сөзі «сорлы түрікке» айналды. 19 ғасырдың екінші жартысында Түркияның осындай халге түсіп қалғанын көре білген мемлекет қайраткерлері реформа жолын ұстанды. Бірақ ол кездегі «реттеу» реформасы ешқандай нәтиже берген жоқ. Одан кейінгі 1908—1914 жылдар аралығындағы «үйлестіру мен дамыту» реформасы да нәтижесіз аяқталды. Өйткені ол реформалардың екеуі де мемлекеттің ішкі өмірін қозғаусыз қалдыра отырып, тек сырттай өзгеріс жасауға бағытталған болатын. Яғни ол реформалар ескі киімге жамау салған тәрізді ғана болатын. Ал Түркия қоғамы түбегейлі өзгерістерге зәру еді. Осындай зәрулік дүниежүзілік соғыстың қарсаңында өте-мөте анық көрінген еді. Бұл тұста Түркияны кезінде данққа бөлеген соғыс өнері де тоқырап, шет елдердің көмегіне мұқтаж бола бастаған. Ал экономика мен қаржы салалары баяғыда-ақ жат қолына өтіп кеткен. «Дімкес адамның» мирасы оның тірі кезінде-ақ бөліске түсе бастады. Арабтар Халифа Сұлтанға қарсы бас көтерді. Мекке, Медине тәрізді исламның қасиетті орталықтары арабтардың Түркияға қарсы қозғалысының орталығына айналды. «Смағұлшылдардың» лидерлері Аға хан үнді мұсылмандарын Түркияға қарсы соғысуға шақырды. Сонымен, ислам бірлігін дәріптеуші Халифаға қатты соққы берілді. Дүниежүзілік соғыс аяқталды. Соғыс нәтижесінде жасалған шарттар Халифаны жеңген елдердің қолындағы ойыншыққа, жартылай отар елге айналдырып қойды. Көне Түркияның сол тұстағы қасіретті жағдайынан шығу үшін «Американың көмегіне» қол жеткізу қажеттілігі барынша ашық сезілді. Міне, сол кезден марқұм Мұстафа Кемал Ататүрік тарапынан құрылған ұлттық қорғану ұйымы түрік халқының ұлт-азаттық күресі тарихында жаңа бір ерлік дәуірін бастап жіберді. Алайда ұлтты құтқару күресі сыртқы жауды жеңіп, туған жерін азат етумен ғана шектелмейді. Ұлтты көтеру көбіне-көп ішкі реформаларға байланысты болатын да, реформаның қарқыны ұлттың бойындағы дерт - дербездің қандайлығына тәуелді еді. Мемлекетті қасіретке душар еткен дерт - дербезден құтқаруға бекем бел байлаған адам кез келген кедергіні жеңіп, алға қойған мақсатқа қарай батыл қадамдар жасауға тиіс. Ұлт үшін азаттық пен тәуелсіздіктен артық тағы қандай қасиетті нәрсе болмақ? Түркия өз қадір-қасиетінің даңқын қайта көтерді. Түркияны пұшайман халге түсірген нәрсе — оның мемлекеттік құрылымының негізінде бір берік ұлттық тұғырдың жоқтығы еді. Осы ұлттық тұғыр жолындағы күрес «Ұлттық Анадолы» күресінен де ауыр машақатты еді. Халықты көзге көрініп тұрған сыртқы жауға қарсы көтеру көзге көріне бермейтін, әдет-ғұрып, салт-сана, ұғым мен танымға орнығып алған «жауға» қарсы котеруден әлдеқайда жеңілге түсетіні белгілі. Күні өткен көнеліктер жойылмайынша, оның орнына жаңа нәрселерді орнатуға болмайды. Ескі Осман империясының ғимараты қираған кезде онымен бірге кейбір пайдалы нәрселер де зиянға ұшырамай қалмайтыны белгілі еді. Алайда бүгінгі Түркияны сәуір шарты кезіндегі Түркиямен салыстырғанда кез келген түрік қанша жоғалтулары болса да өткеніне өкінбесе керек. Ұлы реформа барысында зақымға ұшыраған кейбір ұлттық құндылықтар болса, Түркия салауаттанып күшейген соң оларды қайтадан жетілдіріп, дамытып әкететін болады. Әлем халықтары тарихында ондай мысалдар аз емес. Ататүрік оз халқын шексіз сүйетін еді. Өз халқын сүю деген сөз оның бойындағы кемшіліктерін, жаман, жат қылықтарын да сүю дегендікті білдірмейді. Ататүрік Түркия тарихының бағытын өзгертті. Оның реформалары Түркия тарихының жаңа бет - бұрысына кызмет етіп, оның табыстан табысқа жете беруіне кепілдік беретіні шүбәсіз. Ататүрік реформасының нағыз бағасын тарих өзі беретін болады. Бұл күнде Түркияда болып жатқан оңды өзгерістерге қарап, бүл елдің болашағына енді ешқандай күдік - күмән жоқ екенін сеніммен айтуға болады.
ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ӨМІРДЕН
Франция—Италия қатынасы. 29 қыркүйекте Мюнхен қаласында жасалған келісімнен соң, Франция—Англия бір жақ, Алмания - Италия екінші жақ болып бөлінген Еуропадағы ірі елдер арасында араздықтан татуласуға қарай бет бұрған нышан байқалған еді («Яш Түркістанның» 107-санын қараңыз). Оқиғалардың қазір даму беталысы ол үміттің ақталмайтынын көрсетіп отыр. Жағдай бір жерде түзеліп жатса, бір жерде бұзылып жатыр. Алмания мен Франция үкіметтері арасында 38 жылдың 6 желтоқсанында қол қойылған және көп үміт күттірген мәлімдемені пайдаланып, Италия баспасөзі Франциядан жер талап ететін материалдарды жариялай бастады. Италияның талаптары Францияның Африкадағы Тунис, Сомали, Жибути қатарлы отарларына және Еуропадағы Сауой, Корсика тәрізді аралдарына қатысты болып отыр. Италияның бұл талаптарына қарап отырып, осылар қазір шынында күн тәртібіндегі мәселелер ме еді деген сұрақ қоюына тура келеді. Өйткені қазір Франция Италияның талаптарын қабылдай қоятындай басына күн туып тұрған әлжуаз мемлекет емес. Ол қазір де күшінде келе жатқан Еуропадағы ең ірі және қуатты елдің бірі. Сондықтан Италияның мұнысын «бір түйір нан алу үшін айды талап еткені» тәрізді бірдеңе деп түсінген жөн. Кеңестік Ресей және Еуропа Мюнхен келісімі жасалып, Чехословакия бөлшектенген соң, кеңестік Ресей қанша тыраштанғанымен де, Еуропадан өз орнын таба алмай-ақ қойды. Оның Польшаның сеніміне кіріп алып, сол арқылы Еуропаға өту жоспары да нәтижелі болмай тұрған сияқты. Польша — Чехословакия емес. Ол кеңеске көпір бола алмайды. Өйткені Польшаның баз кеше алмайтын тарихи міндеттері бар. Ол міндеттің орындалуы үшін Ресей барынша әлсіретіліп, Еуропадан ығыстырылуы керек. Сондықтан өзара шабуыл жасаспау туралы 1932 жылғы шарттың ұмытылып барып 1938 жылғы 26 қарашадағы Польша — кеңестік Ресей мәлімдемесінде қайта жаңғыртылуы мүдделердің уақытша үйлесіп қалуынан туған өткінші нәрсе, бір дипломатиялық жүріс қана деп білген жөн. Франция мен кеңестік Ресей қатынасында шұғыл дағдарыс жүз бере бастады. Мюнхен келісімінен кейін кеңес баспасөзі қазіргі француз үкіметінің басшыларына, әсіресе үкімет төрағасы Даладие мен Сыртқы істер министрі Боннеге қарсы өршелене шабуыл жасауда. Кеңес газеттерінің әдепсіздігі мен дөрекілігі шектен шығып кетуі себепті — (француз үкіметі Кеңес Сыртқы істер министрлігінің органы «Журнал де Мәскеуді» Францияға енгізбеу жөнінде шешім қабылдады. Францияның сыртқы саясатын жақсы білетін «Последние новостидің» тілшісі Неманов Мәскеудегі француз елшісі Колондр Кеңес Сыртқы істер комиссары Литвиновпен келісе алмауы себепті Мәскеуден кеткенін жазады. Мұндай жағдай дипломатия тарихында сирек кездеседі. Тағы сол Немановтың сөзіне қарағанда, Франция үкіметі Париждегі кеңес елшісіне егер Кеңес үкіметі Францияға қарсы насихаттық шабуылын тоқтатпаған жағдайда, екі ел арасында одақты бұзатыны жөнінде ескерткен көрінеді («Последние новости», 38.12.30). 1935 жылы 2 мамырда жасалған Франция - Кеңес шартын күшінен қалдыру туралы дауыстар француз қоғамдық пікірінен және жоғарғы саяси топтар арасынан да естіле бастады. Мәселен, сенат комиссиясында сыртқы істер бюджеті талқыланған кезде Францияның бұрынғы үкімет төрағасы Лауол да бұл одақтан шығу қажеттілігін айтты. Париж беделді басылымдарының бірі «Ревью де Париж» журналында «Орыс армиясы не үшін қажет?» деп аталатын бір маңызды мақала басылды. Кеңес армиясын жетік білетін мақала авторы қазір бұл армияның қиын жағдайда екенін, көрнекті әскери қолбасшылардың бәрі дерлік «шпион», «халық жауы» деген айыптармен айыпталып, жаппай жазаланғандарын, қазір кеңес армиясы үшін Еуропа соғыс майдандарында әрекет ету мүмкіндігі жоқтығын аса нанымды дәлелдермен талдап берді. Автор, 1938 жылғы 26 қарашадағы мәлімдемеге қарамастан, Польша кеңес әскерлерін оз жеріне ешқашан аттап бастырмайтынын атап көрсетеді. Мұндай жағдайда Франция - Кеңес одағы Франция үшін пайдасыз ғана емес, залалды да. Сол үшін де оны күшінен қалдыру керек дейді. Бұл шарттың әрекет ететін мезгілі 1940 жылдың 2 маусымына дейін болатын. Егер бұл шартты күшінен қалдыру керек болса, онда соны талап еткен тарап сол жылдың 2 маусымына дейін өз ұсынысын білдіруі тиіс. Мақаладан біз келтіріп отырған осы үзінді Францияның Сыртқы істер министрлігінің органы «Таң» газетінің 2 - 3 қаңтар сандарынан алынды. Қытай - Жапон соғысы да барған сайын асқынып барады. Пекин, Нанкин, Кантон, Шанхай, Ханкоу тәрізді ірі қалаларынан айрылған Қытай Еуропа мен Америкадан әскери қару-жарақ, тағы басқа да қажетті нәрсе, керектерді импорттайтын тасымал жолдарын үзіп алып, жеңілістен соң жеңіліске тап болуда. Қазір Қытайды әскери қару-жарақтармен тек кеңестік Ресей ғана қамтамасыз етіп отыр. Жапонияның қайта-қайта жеңіске жеткенінен сескенген Америка енді Қытайға коп мөлшерде несие беруден де бас тартуы мүмкін. Дәл қазіргі кезде соғыс бір мезгіл саябыр тапқан тәрізді. Чан Кайши жаңа армия жасақтап жатса, Жапония да басып алған жерлеріндегі басқару аппараттары мен экономиканы тәртіпке келтіру шараларын жүргізіп жатқан көрінеді. Соңғы кезде ерекше маңызды тағы бір оқиға көрініс берді. Қытай саяси кеңесінің төрағасы, Халық Құрылтайының басшысы, Гоминдан партиясы төрағасының орынбасары, Қытай төңкерісі тарихында Сун Ятсеннен кейінгі екінші орынды иеленетін, қазіргі кезде Чан Кайшиден кейінгі екінші тұлға саналатын Ван Чжэнвэй өзінің Чан Кайшиден айрылып, Жапония үкіметінің бастығы Коной (38.12.22) жасаған ұсыныс негізінде бітім жасауды жақтайтынын мәлімдеді. Ван Чжэнвэй де осал адам емес. Оның бүл әрекеті де қытай қоғамына ықпалын тигізбей қоймайды. Әрине, ол жалғыз емес. Оның да оз жақтастары бар. Қытай төңкерісі хақында бірқатар еңбектер жазған Ван көп жылдар бойы Қытайдың сыртқы істерін басқарып келді. Ол Америка мен Еуропаның Қытайдағы гегемониясына қарсы еді, олардың Қытаймен жасасқан әділетсіз шарттарын жоюды жақтайтын. Сондай-ақ Ван Чжэнвэй Жапонияның да Қытайдағы мүдделеріне қарсы болатын. Алайда ол Америка мен Еуропаның гегемониясынан құтылу үшін Жапонияның көмегіне сүйенбей болмайды деп түсінді. Сондай-ақ ол кеңестік Ресей мен Коминтерннін ықпалынан құтылмайынша, Қытайдың ұлттық дамуын қамтамасыз ету мүмкін емес деп есептеді. Жапония үкіметі басшысының 1938 жылғы 22 желтоқсандағы арнайы мәлімдеме түрінде жарияланған бағдарламасы Қытай, Манжу Го және Жапония арасында Жапония -Алмания - Италия арасындағы антикоминтерн келісімі тәрізді бір келісім жасап, Коминтернге қарсы тізе қоса отырып күресу қажеттігін атап көрсетеді. Ван Чжэнвэйдің мәлімдемесі дүние жұртшылығының назарын өзіне шұғыл аударды. Көптеген байқаушылар мұны Чан Кайши диктатурасының соңы, қытай - жапон бітімі мен келісімінің таяп қалғаны деп пайымдады. Иран үкіметі Франциямен дипломатиялық қатынасын өзгертетінін білдірді. Оған бір француз газетінде Иран шахының беделіне нұқсан келтіретін материал жарияланғаны себеп болды.
1939 ж.,№ 110
ФУАТ БЕК ТОҚТАР
«Жаңа ұлттық жолдың» соңғы санынан Фуат бек Тоқтардың 1938 жылдың 19 желтоқсанында қаза болғаны туралы хабарды оқыдым. Фуат бек Түркияға қоныс аударғаннан бері жолығудың сәті түспеді. Дос-жарандардан және өзінің анда - санда жазған қысқа-қысқа хаттарынан оның ауыр науқасқа шалдыққанын білетін едім. 1937 жылы Анкарадағы оған барып жолығып, халін сұраған біздің Тахир жөнінде ол маған былай деп жазған болатын: «Алманияда жас уыздай студент кезінде көрген Тахир бекті мен енді кемелденіп, саяси істерге әбден төселген кезінде көріп қуанып отырмын. Қасыңызда Тахир сынды тағы бірнеше жастардың барын білемін. Сол үшін де Сізді бақытты деп есептеймін. Науқас болсам да, адамдық сезімі сәл де болса ортаймаған адал жүректен Сізді құттықтаймын... Жол түсіп Түркияға келе қалсаңыз, көне досыңыз Фуатты ұмытпаңыз. Жолықпай кетпеңіз!..» Ван Чжэнвэйге байланысты «Яш Түркістанның» өткен санында әңгіме болған шығыс түркістандық Айса бек Юсуб бектің қытайшыл іс-қимылын еске алмай болмайды. Қытайдың басына төнген зауалды қытай төңкерісінің басшысы Ван өзін Чан Кайшидің қас жауы және Жапониямен бітімге келу тараптарын мәлімдеді. Ал Айса бек болса, өз атамекеніндегі қытай және орыс большевиктерінің шеңгелінен қашып шығып, Чан Кайшидің агенті екенін мойындап, сол Чан Кайши өкіметімен бірлескен орыс большевиктерінің Шығыс Түркістан түріктеріне істеп жатқан зұлымдығын мұсылман дүниесінен жасырып, шығыс түркістандық азаматтардың намысы көтере алмайтын сөздерді айтып жүр. Егер Жапония, Алмания, Польша немесе басқа бір ел кеңестік Ресейге соғыс ашып, біздің біреу орыс мүддесін қорғамақ болып ортаға шықса, Айса бектің казіргі қылығына ұқсар еді. Түркістаннан шыққан осындай орыс патриотын біз не деп атаған болар едік. Бүл сұрауға жауап беріп отырмаймыз. Өйткені ондай адамды не деп атау керегін кез келген түркістандық жақсы біледі. Жол түспеді. Мен Түркияға бара алмадым. Міне, енді оның рухына бағыштап осы жолдарды жазуға тура келіп отыр. Фуатпен мен 1917 жылғы төңкеріс кезінде жақын танысқан едім. Біздің шын мағынасындағы жақындығымыз 1918 жылдың күз және қыс айларында болды. Ол кезде Фуат та, мен де Еділ - Орал және Түркістан түріктері атынан орыс төңкерісшіл демократтарымен бір шеп құрып, Ресейдің мәжіліс думасы мүшелерімен бірге Екатеринбургте болдық. Ол — «татар ұлтшылы», мен — «Түркістан ұлтшылы» ретінде пікір таластырып қызыл кеңірдек болатынбыз. Ақырында екеуміз де түрік төңкерісшілі екенімізді еске алып, Ресей империализміне қарсы күресте бір жерден келіп шығатынбыз. Адмирал Колчак 1918 жылы қарашаның 18-нен 19-на қараған түні мәжіліс өкілдерін большевизммен айыптап, қамауға алуға бұйрық берді. Олардың арасында атып тастауға жіберілген 10-ға тарта адамның қатарында (адмирал Колчактың өзі «Ресей мемлекетінің дұшпаны» деп үкім шығарған) мен де бар екенмін. Фуат екеуміз бір түнді қамауда өткіздік. Ертесінде мені Чехословакия әскерлері күзетпен Челябіге әкетпек болды. Сол арада Фуат екеуміз «Алла тағы жолығуға несіп етсін» десіп, ал ішімізде енді қайтып жолығарымызға күдікпен айрылғанбыз. Алла біздерді жолығуға несіп етті. Фуат екеуміз 1921 жылы Парижде кездесіп қалдық... Екеуміз бұрынғыдан бетер жақын болып кеттік. 1923 жылдың көктемінде Фуат Берлинге қоныс аударды. Одан кейін бірнеше жыл өткен соң ол Түркияға барып орналасты.
Марқұмның жасы елудің мөлшерінде болса керек.
Рухы мәңгі, топырағы торқа болсын!
1939 ж., №111
ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ӨМІРДЕН
Күллі Еуропаны екі жарым жылдан бері үрей құшағында ұстаған Испаниядағы азамат соғысы ақырында ұлтшылдардың жеңісімен аяқталуда. Осы жолдар жазылып жатқан кезде Испания Республикасының торағасы, Испанияның үкімет бастығы Негрин және басқа министрлер мен 150 мың адамнан тұратын үкімет армиясы Испанияны тастап, қонақжай Францияда тұрып жатыр. Испанияда әлі де кейбір күштер ұлтшылдарға қарсылық көрсетіп отырғанымен, енді ондай қарсылық азамат соғысының ұлтшылдар қолына өтіп болған нәтижелеріне ықпал ете алмайды. Осыншама ұзақ уақытқа созылып, көптеген құрбандықтарға апарған бүл қанды қырғын соғыстың жауапкершілігі Мәскеудің азғыруымен Испанияда большевиктік басқару жүйесін жүзеге асырмақ болған Испания Республикалық үкіметінің мойнына артылады. Орта және Оңтүстік Шығыс Еуропада Чехословакиядан басқа ешбір сүйеніш таба алмаған Кеңес үкіметі Еуропадағы төңкеріс отын сөндірген фашизмге қарсы саясатын жандандыру ниетімен, Еуропаның оңтүстік батыс бөлігіндегі Испанияға қол жүгіртіп, Испания үкіметін Ресей тәжірибелерінен үлгі-өнеге алуға азғыра бастады және оны соған көндірді де. Сонымен Испанияда азамат соғысына негіз жасалынды. Соғыс әлі басталмай тұрып-ақ, Ресейден Испания үкіметіне соғысқа қажетті алуан түрлі керек-жарақтар ағылып келіп жатты. Ондай көмектің көптігі сонша, тіпті оның мөлшерін дәл басып айту қиын болды. Кеңестің әскери мамандары, саяси кеңесшілері Испанияға толып кетті. Большевиктердің ЧК - сы да Испания жеріне тамыр жайып алды. Осының бәрі Кеңес үкіметінің кеңесімен «Еуропа фашизміне қарсы күрес» желеуімен жүргізілді. Тағы бір жақтан генерал Франко үкіметі басшылық еткен Испания «ұлтшылдарына» жомарттық жасап Италия және ішінара Алмания жәрдем қолын созды. Сонымен Испаниядағы азамат соғысы орыс большевизмі мен Еуропа фашизмі арасындағы соғысқа айналып, ақыры фашизмнің жеңісімен аяқталды. Испаниядағы Республикалық үкіметтің жеңілуін біз, міне, осы тұрғыдан ғана бағалаймыз. Мәскеу қызыл большевиктері қайда және кімдермен соғысса да, біз олардың жеңіліске ұшырауын тілейміз. Өйткені сыртта жеңілген большевиктер ел ішінде, біздің Түркістанда да жеңілмей қалмайды. Кеңестік Ресей мен Мажарстанның дипломатиялық қатынасының үзілуі. Мажарстанның Антикоминтерн одағына қосылуына байланысты Кеңес үкіметі Мажарстанмен дипломатиялық қатынасын үзгендігі туралы ресми мәлімдеді (39.02.02). Коминтернге қарсы болғандығы үшін Мажарстанмен дипломатиялық қатынасын үзу арқылы Кеңес үкіметі өзінің Коминтернмен бір екенін тағы бір рет дәлелдеді. Мажарстанмен ат кекілін кесіскен мәскеулік батырлар әлі Антикоминтерн одағын құрып, басқаларды төңірегіне топтап отырған Жапония, Алмания және Италиялармен неге дипломатиялық қатынасын үзбеді екен? Иә, түсінікті. Кеңес үкіметінің оған батылы бармайды. «Гауас» телеграф агенттігінің Мәскеуден таратқан хабарына қарағанда, Мажарстанды «жазалау» арқылы Кеңес үкіметі Балқандағы шағын мемлекеттерді Антикоминтерн одағына қосылып кетпесін деп құқай көрсетіп отырған көрінеді. Тағы сол агентгіктің білдіруінде Кеңес үкіметінің күдіктеніп, қорқытып қоймақ болып отырған елдері — Болгарстан, Румыния, Чехословакия және Түркия көрінеді (французша «Таң» газеті, 39.02.04). Азия елдері конгресі. Жапонияның астанасы Токиодан 1939 жылы 5 ақпанда таратылған телеграф хабарына қарағанда, Жапония – Италия - Алмания достық комитеті үстіміздегі жылдың 20 қыркүйегінде коммунизмге қарсы күреске тартылып отырған Азия мемлекеттерінің конгресін ашуға шешім қабылдаған еді. Осы конгреске Жапония, Манжу Го, ішкі Монголия , Филиппин, Үндістан, Бирма және Францияның, Үндіқытайдың өкілдері қатынаспақ. Мұндай конгресс коммунизмге материалдық және рухани қайнар болып отырған кеңестік Ресейге ауыр соққы болып тиюінде шүбә жоқ. Палестин конгресі. 1939 жылдың 7 ақпанында Лондонда Палестина мәселесін қарап шешу үшін жиналыс шақырылды. Палестин арабтарының өкілдері екі топқа бөлінді: Бір топ — ағылшындардың араласуына қарсылар да, екінші топтағылар — ағылшындармен тіл табысуға тырысатындар. Конгреске бұлардан басқа Таяу Шығыстағы тәуелсіз араб елдерінің өкілдері де қатысуда. Англия үкіметі Палестинаның бір-біріне қарсы екі тобын татуластыруға күш салып отыр.
1939 ж.,№ 111
ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ӨМІРДЕН
Соңғы айларда Еуропаның халықаралық жағдайы бүтіндей өзгеріп кетті. Дүние жүзінің назарын өзіне аударып келе жатқан Испания мен Орта Еуропа мәселелері сабасына түсіп, саябыр тапқандай болды. Испаниядағы азамат соғысының ақырғы күндері жүріп жатыр. Испания Республикасының төрағасы отставкаға кеткен соң, солшыл социалистер мен коммунистердің партияларына арқа сүйеген үкімет Испания халқының қысымымен тарап кетуге мәжбүр болды. Испанияның орталығы Мадрид қаласында коммунизмге қарсы күштер жиналып билікті қолдарына алған соң, енді өзара бітімге келу үшін ұлтшыл күштердің басшысы генерал Франкоға ел басқару туралы ұсыныс жасауда. Осы жолдар жазылып жатқан кезде Испанияда екі топ арасында тіл табысуға ұмтылыс бары байқала бастады. Испания ұлтшылдар үкіметі Еуропаның жетекші елдері тарапынан ресми танылды. Испания мәселесінің шығуы мен оның қазірге дейінгі процесіне талдау жасағанда, Кеңес үкіметінің атқарған рөліне айрықша мән беру қажет. Испанияда азамат соғысының туылуына Кеңес үкіметінің қалай араласқаны туралы біз «Яш Түркістан» беттерінде әрдайым жазып келдік. Испаниядағы азамат соғысы республикашылдардың жеңілісімен аяқталған соң, Кеңес үкіметі елді тастап кетуге мәжбүр болған халық бұқарасы былай тұрсын, тікелей өздерінің басқаруында құрылған қарулы күштердің басшылары мен коммунистердің лидерлерін де мұғажыр ретінде өз қамқорлығына алудан бас тартты. Францияға бас сауғалап шыққан испандықтарға күн сайын 7 миллион франк жұмсауға мәжбүр болып отырған француз үкіметі оларды азық-түлік, киім-кешек, дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету және орналастыру үшін басқа елдерден, соның ішінде Кеңес үкіметінен де көмек сұрады. Күні бүгінге дейін Испания күресін өз күресі етіп көрсетіп келген Кеңес үкіметі ұялмай - қызармай 5 миллион франк беріп қана қарап отыр. Орта Еуропа жөнінде айтқанда, біз шешімін тапқандай болған Чехословакия оқиғасына аздап аялдай кетеміз. Өткен жылы қыркүйек айында өзінің қол астында болып келген Содет өлкесін Алманияға беруге мәжбүр болған Чехословакия 15 наурызда тәуелсіздігінен де айырылды. Бұрынғы Чехословакия Республикасы Чех, Словакия және Карпат Украинасы деген атпен үшке бөлініп, олардың алдыңғы екеуі Алманияның ықпал аймағына өтті де, соңғысы Мажарстанға қосылды. Орта Еуропа жағдайындағы мұндай өзгерістер жалпы Еуропаның халықаралық қатынастарын бүкілдей өзгертіп жіберді. Осы өзгерістер нәтижесінде Алмания жаң саны, аумағы, экономикасы жағынан Еуропадағы ең ірі елге айналды. Карпат Украинасының Мажарстанға қосылуымен Польша мен Мажарстанның көптен бері көздеп келе жатқан мақсаты жүзеге асты. Шекара мәселесі шешімін тапты. Осы күнге дейінгі шекараны Ресейдің Батыс Еуропаға өтуіне тосқауыл ретінде көріп дәріптеп келгендер сол шекараның ендігі қалпына қандай уәж айтар екен? Соңғы кезге дейін ұлы Украинаның ұйытқысы саналып келген Карпат Украинасының картадан жоғалып кеткені, осы таяуда ғана басты мәселелер қатарында тұрған Украин мәселесінің екінші қатарға ығыстырылуы қазірше украиндықтардан басқа ешкімді алаңдата қоймайтын тәрізді. Журналымыздың өткен санында айтылған, Лондондағы Палестин конгресі Англия мен еврейлердің ойлағанындай нәтиже берген жоқ. Еврейлердің көздеген мақсатына жете алмай қалуы, сондай-ақ Палестин мәселесін шешу жөнінде Англияның кешенді бағдарламасының болмауы Лондондағы жиналыс арабтардың пайдасына қызмет етті деп топшылауға негіз береді. Шынында осы жиналыста арабтардың талап-тілегі жүзеге асатындай сыңай байқалды. Біз ежелден араб жері болып келген Палестинаның бұдан былай да араб жері болып қала беруін тілейміз.
1939 ж., №112
ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ӨМІРДЕН
Жалпы жағдай. Еуропадағы халықаралық қатынастардағы дау-дамайлардың бейбіт жолмен шешілуіне қолайлы жағдай жасады делінген Мюнхен келісімінен жарты жыл өтпей жатып ештеңе де қалған жоқ. Осы келісімге қол қойысып бәтуаласқан мемлекеттер — бір жағында Алмания мен Италия, екінші жағында Англия мен Франция — бұл күнде бір-бірінен қайтадан алшақтап барады. Жалпы Еуропа мәселесіне және соғыс қаупіне тосқауыл қою тұрғысынан жүргізілетін түрлі келіссөздерге Мюнхен келісімімен Еуропадан ығыстырылған кеңестік Ресей қайта қатыстырыла бастады. Кеңестік Ресейдің халықаралық саясатқа белсене араласа бастауы Еуропада оған қарсы тұрарлық иммунитеттің әлсіреп кеткенін көрсетеді. Еуропа шынында ауыр науқасқа шалдыққан. Оның алыс-жақын себептерін саралап, науқасын емдеп айықтыру жөнінде сәуегейлік жасау біздің міндетімізге жатпайды. Сонымен қатар біз Еуропаның кез келген істерінде, бейбіт құрылыста болсын немесе бір топ елдердің екінші бір топ елдерді бағындырып ырқына көндіруі болсын — осының бәрінде кеңестік Ресейдің ешқандай үлесі болмағанын қалар едік. Өйткені кеңестік Ресей араласты деген соз — қалай дегенмен де оның «азаткерлік» рөлі мойындалғандық болып шығар еді. Бұл арада мына бір нәрсені естен шығармаған жон. Кеңестік Ресейдің Еуропа істеріне қатынасуын кейбір елдердің қоғамдық пікірі талап етіп отыр. Ал Польша үкіметі оған барынша қарсы болып келеді. Әрине, мұндай жағдайда Польша кеңестер тарапынан болатын көмектен қол үзетіні өз-өзінен түсінікті. Ол солай болды да. Кеңестік Ресей жағынан көрсетілетін көмектен баз кешу арқылы Польша Шығыс Еуропадағы өзінің тарихи міндетін өтеуге сол бұрынғысынша адал екенін тағы бір рет растады. Біз Польшаның басына түсіп отырған қиындықтардан тез арылуын, батыс көршісімен өзінің қадір-қасиетіне лайық деңгейде тіл табысып, берік ынтымақ орнатуын шын жүректен тілейміз. Чехословакия Алманияның ықпал аймағына өткен соң жүз берген маңызды оқиғалар. Франция, Англия, Солтүстік Америка Біріккен Республикасы және Кеңестік Ресей Чехословакияның Ұлы Алмания мемлекетінің ішіне алынуын «танымайтындарын» білдірісті. Англия мен Франция, қайта оралу мерзімін көрсетпестен, Алманиядағы елшілерін кері шақырып алды. Мұның өзі осы мемлекеттер арақатынасының шиеленісе бастағанының дәлелі болып табылады. 22 наурызда Алмания, 1910 жылдан бері Литваның қарамағында болып келген, Балтық теңізі жағалауындағы ірі қалалардың бірі саналатын Мамалды өзіне қосып алды. Ежелгі Алман қаласы болып табылатын Мамалдың Литваға өту тарихы Версаль шартымен байланысты еді. Ендеше оның өз иесіне қайтарылуы табиғи нәрсе. 23 наурызда Алмания мен Румыния арасында экономикалық келісім жасалды. Бұл келісімге сәйкес, Алмания Румыниядан астық және басқа алуан түрлі шикізаттарды алумен қатар, өзі көптен бері көздеп келе жатқан «Балқан бағдарламасын», әріптестерінің қарсылығына қарамастан, жүзеге асыруға кірісті. 1 сәуірде Англия мен Польша арасында өзара әскери көмек көрсету туралы келісімге қол қойылды. Шығыс Еуропа елдерімен әскери келісім жасауға ешқашан бармай келген Англия Польшамен әскери келісім жасау арқылы өзінің бүл аймақтағы саясатына маңызды өзгеріс енгізді. Сондай-ақ жалпы Еуропа істерінің барысы мен шешілуінде Польшаның ерекше рол атқаратынын аңғартты. Соңғы күндердегі қайғылы оқиғалардың бірі — Еуропа картасынан Албания корольдығының жоғалып кеткендігі дер едік. 1467 жылдан 1913 жылға дейін көне Түркия империясына бағынышты болып келген Албания 1913 жылы, Түркия үшін бақытсыз нәтижелерге апарып соққан Балкан соғысынан соң, өз алдына тәуелсіз корольдық жариялаған болатын. Ірі мемлекеттер тарапынан Албания корольдығына тағайындалған Алман принці Уайдты албан халқы қабыл алмады. Дүниежүзілік соғыстың қарасы көрінген кезде Уайд Албаниядан қашып кетті. Дүниежүзілік соғыстан соң Албания тәуелсіз ел болды. 1920 жылы Ұлттар Ұйымына мүше болып қабылданды. Бірнеше жыл бойы үкімет дағдарысын бастан кешірген Албанияға 1924 жылы әрі жас, әрі жігерлі, бұрынғы түрік офицері Ахмет Зого тораға болды. Арада төрт жыл өткен соң, 1928 жылы, Ахмет Зого Албания корольдығын жариялады. Өз алдына дербес Республика жарияланысымен, Албания және оның басшысы Ахмет Зого Италиямен жақындасып, 1927-1936 жылдар аралығында жасасқан бірқатар келісім шарттары нәтижесінде фашистік Италияның ықпал аймағына өткенімен, өзінің дербестігін сақтап қала алды. Соңғы кезде, туылуы ықтимал соғыстың алдын алу желеуімен, Адрият теңізінің Ақ теңізге қосылатын жерінде, стратегиялық маңызды орында тұрған Албанияны өзіне біржола қосып алу үшін «досы» Италия оған кейбір талаптар қойды. Алайда король Ахмет Зого мен Албания парламенті Италияның талаптарын қабылдай алмайтынын білдірді. 1939 жылы сәуірдің 7-де Италия Албанияға әскер аттандырды. Албанияда Италия әскерлеріне қарсы тұрарлық күш жоқ еді. Бірнеше күнгі қанды соғыстан соң Италия Албанияға үстемдігін жүргізетін болып алды. Король Ахмет Зого мемлекетін тастап, Грецияға кетті. Албанияның Италияға қарсы соғыса алмауының себептерін төмендегі дәлелдерден көруге болады. Албанияның аумағы 27539 шаршы шақырым. Халқының саны 1миллионға жетер-жетпес. Халқының көпшілігі мұсылмандар. Әскері 16 мың. Олар 14,5 мың мылтықпен қаруланған . Бұдан басқа 13 тапанша, 36 пулемет, 32 зеңбірек және 2 ұшақ бар. Ал Италия Албанияның осы әскери күшіне 30 мың шамасында әскер және 300-дей ұшақты қарсы жұмсады. Күштердің ара салмағындағы мұншама алшақтықтан соң, соғыс нәтижесі кімнің пайдасына шешілгендігі туралы соз етудің өзі артық болса керек. Міне, біз енді Еуропа картасынан бір ислам мемлекетінің жоғалғанына куә болып отырмыз. Осыдан бір-екі жыл ғана бұрын Италия диктаторы Муссолини өзін «Исламды қорғаушы» деп жариялап, «ислам қылышын» беліне таққан еді. Міне, енді сол ислам қылышы Еуропа жеріндегі жалғыз ислам мемлекеті Албанияның басын кескеніне куә болып отырмыз. Жоғарыда біз Албанияның жағырапиялық орны аса маңызды стратегиялық маңызға ие екенін айтқан болатынбыз. Италия Албанияны басып алу арқылы Югославияны «Италия көліне» айналдырылған Адрият теңізіне қамап қойды. Греция мен Түркияға қауіп төндіретін мүмкіндікке қол жеткізді. Кезінде Румыния бір жағынан Мажарстанның, екінші жағынан Болғарстанның қысымына ұшыраған еді. Демек, Чехословакияның жоғалуымен бірге Кіші Антанта таратылған болса (Югославия, Румыния және Чехословакия бірлестігі), Албанияның ғайып болуымен бірге, Еуропадағы демократиялық мемлекеттердің сүйеніші болып саналатын Балкан антантасы (Түркия, Румыния, Югославия және Греция бірлестігі) да қауіп астында тұр. Газет хабарларына сенсек, Албанияның Италия тарапынан басып алынуына жауап ретінде Англия Польшамен одақ құрғаны сияқты, Греция және Түркиямен де әскери одақ жасау жөнінде шешім қабылдаған көрінеді. Егер осылай бола қалған күнде, Алмания мен Италия тарапынан оған қандай жауап берілер екен? Күллі дүниені күпті етіп тұрған сұрақ, міне, осы.
1939 ж., №114
TYPІК БІРЛІГІ ХАҚЫНДА
Түрік бірлігі — турасын айтқанда «мұғажырияттағы түрік топтарын бірлестіру» мәселесі өз алдына жаңа мәселе болып түр. Ол қазірге дейін ауызекі әңгімелеріміз бен жазған мақалаларымыздың бір басты тақырыбына айналды. Осындай бірлік жасау үшін ұмтылыс та болмай қалған жоқ. Өкінішке орай, мұндай ұмтылыстар осы күнге дейін ешбір нәтиже бермей келе жатқан болса, ол түрік топтарының осындай бірлікке ықыласы жоқтығынан (ықылас жоқ болса, онда мұндай ұмтылыс та болмас еді) емес, өмір сүріп отырған жағдайдағы соған барғызбай жатқан себептерінің үстем болуында еді. Бәрінен бұрын мына бір мәселені біліп алған жон. Түрік топтарын бірлестіру мәселесі — саяси мәселе. Сол себепті оның шешілуі де шарт - жағдайларға тәуелді. Құтқаруда, Нұхұлы айтқандай, «Палестин мәселесіндегі арабтар бірлігі» біздің шарт - жағдайымызға келе бермейді. Алайда одан үйренетін нәрселер де аз емес. Нұхұлы түрік пен араб арасындағы айырмашылықтарды көрсетуге баса назар аударған. Нұхұлы келтірген дәлелдерді бұл жерде қайталап отырмаймыз. Өйткені ол туралы «Яш Түркістанның» өткен жолғы санында жеткілікті түрде айтылды. Нұхұлына мақала жаздырып отырған адам Аяз Исқақи бек екенін де білеміз. Біз бұл ретте сол Нұхұлы мақаласындағы бір мәселеге ғана тоқталамыз. Ол — оның «Геополитика» хақындағы пайымдаулары. Біздің түрік дүниесі «Геополитика» жағынан қарағанда біртұтас бірлік түзуге қолайсыз екені белгілі. Ресейге қараған түрік дүниесінде тек Түркістанның геополитикалық жағдайы ғана оның түріктік талаптарына сәйкес келеді. Онда кең байтақ географиялық және экономикалық тұтастықта жатқан қалың түрік бұқарасы бар. Ал басқа бөліктерімізде әйтеуір бірдеңе жетіспейді. Мәселен, Әзірбайжанды алайық. Ресейдегі большевиктік төңкерістен соң, бірінші болып тәуелсіздігін жариялаған осы бір түрік мемлекетінің өлкесі «Кавказ географиялық бірлігінің» бір бөлігі болып саналады. Ұлтты құтқару күресінің мүдделері әзірбайжан бауырларымызды өзінің жағырафиялық орнына қарай Түркістаннан гөрі Кавказ және кавказдықтарға көбірек байланыстырады. Ашығын айтайықшы: Әзірбайжан өзінің қалың түркі отырған Түркістанмен бірге кетуі керек пе? Жоқ әлде шағын және алуан нәсілді Әзірбайжанды да ішіне қамтыған кавказдықтармен бірге кетуі керек пе? Бұл сұрауды біз, түріктер, әзірбайжан бауырларымызға емес, оның тәуелсіздігін өз тәуелсіздігіміздей сүйетін өзімізге қоямыз. Оған қайырар біздің жауабымыз барынша ашық және барынша адал болу керек. Әзірбайжан түріктері өзінің жағрапиялық және содан туындайтын басқа да жағдайлары жағынан Кавказ жеріне және Кавказ халқына тығыз байланысқан. Бүгінгі күресіміз тұрғысынан қарағанда, тәуелсіз Кавказ халықтарының ешқайсысы, соның ішінде әзірбайжан да, жеке-дара тәуелсіздікке қол жеткізе алмайтынын ауыр болса да айтуға тиіспіз. Егер біздің әзірбайжан хақындағы осы пайымдауларымыз дұрыс болса (біздіңше, дұрыс), біз, түріктер, Кавказ геополитикасынын заңдарына сәйкес келе отырып, Әзірбайжан түріктеріне кез келген уақытта және кез келген жерде рухани - моральдық көмегімізді көрсетіп, ұлтты құтқару жолындағы күресінде түрік дүниесімен, түрік бауырларынан рухани - моральдық қуат алатын мүмкіндік туғызуға тиіспіз. Мұның өзі Әзірбайжан түріктерінің рухын өсіріп, жігерін жаниды. Оларға сарқылмас күш-қуат береді. ЬІқылас, ыждағат болса, осындай көмекті түрік дүниесінің басқа бөліктеріне де көрсетіп отыруға болады. Және ол солай болуға тиіс те. Біз Ресей империализміне қарсы күресіп жатқан халықтар ұйымдастырған «Прометей» майданымен де есептесуге тиіспіз. Бүл майданға бүгінгі қызыл Ресейдің қол астындағы түрік халықтарынан басқа түріктер де, тіпті мұсылман емес халықтар да кіреді. Бізде өз азаттығымызды осындай бір жалпы майданнан бөлек жүзеге асады деп қарай алмайтынымызды дәлелдеп жату қажет бола қоймас. «Прометей» майданының мүшелері жеке-жеке — Түркістан, Украина, Кавказ тәрізді ірі өлкелер де өз беттерімен Ресейге төтеп бере алмайды. Ұлттық құлдық бұғауын тек осы халықтар арасындағы дінге, нәсілге қарамай, барынша адалдықпен ұйымдасқан бірыңғай майдан ғана үзе алады. «Прометей» майданынан бөлек және онымен параллель ұйымдық құрылымдардың құрылуы, мәселен біздің құлағымызға жағымды естілетін «Түрік бірлігінің» құрылуы, «Прометей» майданының нығаюына қызмет ете ала ма? Бұл мәселе геополитикадан гөрі, сөздің шын мағынасында, жағдайдың өзінен туған «күрес стратегиясы», «саяси конъюнктура» мәселесі болып табылады. «Ұйымдар» мен «бірліктер», егер күрес талабына сәйкес келіп жатпаса, азаттық ісімізге көмектесе алмайды. Мұндай жағдайда кез келген салыстырулар да пайдасыз болып шығады. Қандай жолдармен және тәсілдермен саяси нәтижелерге қол жеткізгендіктері бізге белгісіз кейбір өлке мен халықтар ішіндегі оқиғалар да бізге жол нұсқап жарытпайды. Мәселен, сол әлгі «Палестин мәселесіндегі араб бірлігін» алайық. Біздің түрік дүниесінің кез келген бөлігінде жағдай Палестинадағыға ұқсамайды. Оның жақсы, жаман болуы екінші мәселе. Алайда басы ашық бір нәрсе бар. Түрік дүниесінде Палестин мәселесіне ұқсайтын бірде-бір мәселе жоқ. Сондай-ақ Палестин мәселесі төңірегіне жиналған Араб өлкелері тәрізді тілектестіктің іс жүзіндік көріністері біздің түрік өлкелерінің бірде - біреуінде жоқ. Ирак, Мысыр және басқа араб өлкелері жартылай тәуелсіз, жартылай отар болғанымен, ұлттық түсінігі жағынан біздің өлкелерімізбен салыстыруға келмейтіндей қолайлы жағдайда тұр. Араб өлкелері геополитика жағынан сыртқы бір күшке қарсы түру үшін бөгде күштердің жәрдеміне зәру емес. Арабтар арасына кіріп қалған араб емес халықтардың өкілдері болса, Араб мұхитының ішінде тұрып араб бірлігі пікірінен қол үзуге дейін бара алатын ұйымдық бірлік, тіпті ол уақытша болса да құра алмайды. Жоғарыда түрік топтарының бірлігі туралы айтылғандардың бәрі тек шарт - жағдайдың өміріне байланысты және белгілі бір саяси дәуірге тән нәрселер. Олар «Түрік бірлігі» мәселесінің салдарына ешқандай ықпал ете алмайды. Қазіргі саяси жағдайда өмір сүріп отырған түрік топтары — Түркістан, Әзірбайжан, Еділ -Орал, Қырым — орайы келген жердің бәрінде өздерінің рухани жақындығын көрсетуі, өзара бір-біріне жәрдемдесуі қалыпты құбылыс саналады. Мәселен, біз — Түркістан түріктеріне Қырым және Қырым түріктерінің Украина және украиндықтарға қарағанда жақынырақ екенін білдіретін факторлармен бетпе-бет келгенде, оған ешбір украин шамданбайды, оған қарсы күреспейді.
ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ӨМІРДЕН
Жалпы күрес. Еуропа тұп-тура соғысқа қарай кетіп бара жатыр. Қазіргі жағдайда жауапты мемлекет басшылары тезірек ақылға келіп, соғыс машинасының жылдам айналып бара жатқан доңғалағын тоқтатпаса, Еуропа бұдан 35 жыл бұрынғы зауалдан әлдеқайда ауыр апатқа ұшырағалы тұр. Біз барлық тіндермен Азияға байланғанымызға және «жүзде - жүз» азиялық болғанымызға қарамастан, Еуропа жөнінде көп айтамыз. Және Еуропаға қарай «бет бұрып» отырмыз. Неліктен солай? Жауап: олай болатын себебі — бізге тепкі көрсетіп отырған ұлттық жауымыз Ресей (кешегі патшалық, бүгінгі кеңестік, ертең қандай атпен шығарын құдай білсін) Еуропада, сондай-ақ біздің отанымыз бен халқымызға шынайы жанашырлық танытатын жақын достарымыз да Еуропадан табылып отыр. Сондықтан азиялық бола тура, біздің тағдырымыз Еуропамен байланысып жатыр.
Соңғы кездегі өзгерістерге қысқаша тоқталып өтейік. 1. Англияда міндетті әскери кызметтерінің жолға қойылуы; 2. Польша мен Алмания қатынасынын шиеленісуі; 3. Еуро¬па жанжалына кеңестік
Ресейдің қатынасуы.
Жер жүзінің және жер жүзі тұрғындарының төрттен бірін иеленген Англияда міндетті әскери қызмет өтеу тәртібі ешқашан болған жоқ еді. Англия армиясы тек еріктілерден ғана құрылып, бейбіт кезде 150-200 мыңнан аспайтын. Сонымен қатар дүниежүзілік соғыс кезінде Англия соғыс майдандарына 13 миллионнан аса әскер шығара алған. Міндетті әскери кызмет тәртібінің болмауына және әскер санының аздығына байланысты, соңғы кездері кейбір елдер Англияның әскери көмек көрсету жөніндегі уағдаларына күмәнмен қарай бастады. Сол себепті Англия үкіметі күтілмеген жағдайға күні бұрын әзір болу және әскери көмек туралы уағдаларының бос соз емес екенін білдіру мақсатымен 26 сәуірде өткен Парламент мәжілісінде міндетті әскери қызмет жөнінде заң шығаруға қаулы алғанын жариялады. Англияның ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан дәстүрін бұзуға дейін баруға мәжбүр болуы халықаралық жағдайдың қандайлық дәрежеге дейін ушыққанын көрсетіп тұрса керек. Дүние жүзіндегі соғыс тарихын зерттеуші тарихшылар мен саясаткерлер: «Егер 1914 жылы Англия соғысқа қарсы шара қолданған жағдайда, дүниежүзілік соғыс болмас та еді», - дейді. Бұлай деу, мүмкін, дұрыс та шығар. Міне, енді Англия төніп келе жатқан соғыс қаупіне қарсы күні бұрын шаралар қолдана бастады.
* * * Қазіргі халықаралық жағдайдағы ең қауіпті және ең өткір түйін — Польша мен Алмания қатынасы екенінде шүбә болмаса керек. Осы екі көрші ел арасындағы қатынас Польшаның мемлекет басшысы, марқұм маршал Пильсудский мен Алмания мемлекетінің басшысы Гитлер арасында 1934 жылы 26 қаңтардағы келісім бойынша қаланған болатын. Мерзімі 10 жылға деп жасалған осы келісімге сәйкес оған қолдарын қойған екі тарап даулы мәселелерді жасанды түрде ұшықтырмауға, араларында келіспеушілік туыла қалған жағдайда даулы мәселелерді тек келіссөз жүргізу жолымен реттеуге, екі жақта бір-бірінің мемлекеттік мүдделеріне қарсы бағытталған ешбір одақтарға қатыспауға, келісімдер жасаспауға тиіс болатын. 1934 жылғы 26 қаңтар келісіміне қол қоюдан бұрын Польша кеңестік Ресеймен «өзара шабуыл жасаспау және бір-біріне қарсы дұшпан топтарға қосылмау» жөнінде және Франциямен әскери одақ жөніндегі келісімдерге ие болатын. Ол кезде осы келісімдер, соның ішінде Франциямен әскери одақ құрған келісімі де бар, Польшаның Алманиямен жақындаспауына кедергі жасамаған және жасайды деп танылмаған еді. Чехословакияның Еуропа картасынан жоғалып кетуі, сондай-ақ Мамал қаласының көзді ашып-жұмғанша Литвадан Алманияға қосылуы және басқа да өзгерістер күллі Еуропаны, әсіресе оңтүстік шығыс еуропалық жағдайын шұғыл өзгертіп жіберді. Италияның Албания королін тұтқынға алуы онсыз да ушығып тұрған Еуропа жағдайын одан бетер асқындыра түсті. Дүние жүзі елдері Шығыс Еуропаның, әсіресе Польшаның басына өлім қаупі төнгенін көріп, сезіп отыр. Міне, осындай жағдайдың итермелеуімен Америка Құрама Штаттарының Президенті Рузвельт 1939 жылы 10 сәуірде Алмания мемлекетінің басшысы Гитлер мен Италия мемлекетінің басшысы Муссолиниге үндеу жолдап, олардан ешбір елге шабуыл жасамау туралы уағда беруін талап етті. Америка Президентінің үндеуі туралы билік айту — біздің шаруамыз емес. Біздің айтпағымыз — Рузвельттің мұндай әрекетке баруы дүние жүзіне төніп келе жатқан соғыс қаупінің қаншалық үрейлі, қаншалық шын екенін көрсетіп өтумен ғана шектеледі. Әлем жұртшылығының едәуір бөлігін қуанышқа бөлеген осы «оқиға» Алмания мен Италиядағы қоғамдық пікір тарапынан қатты сынға ұшырады. Осы аралықта Алмания мен Польша арасында Гданск қаласына байланысты дау туды. Ерекше статусы бар Гданск қаласы Висла өзенінің Балтық теңізіне құйылатын жеріне орналасқандықтан, ол Польша үшін өмірлік маңызға ие еді. Версаль шарты бұл қаланы Ұлттар Ұйымының бақылауына берген болатын. Ұлттар Ұйымының жоғары комиссарлығы қарамағында өз алдына құрылған автономиялы Сенатпен басқарылатын Гданск қаласы Алман қаласы ретінде Польшамен «кеден бірлігін» құрайтын еді. Гданскінің Польша үшін қаншама маңызды екені осыдан-ақ көрініп туратын. Алманияның король, улы Фридрих бас болған мемлекет қайраткерлері «Висла өзенінің теңізге құяр тұсына билік жүргізе алса ғана, Польша егемен ел болып тура алады» деп есептейтін. Гданскінің Польша үшін айрықша маңызды екенін Алманияның бүгінгі басшылары да бұрынғыларынан кем мойындамайды. Олай болса, Гданскінің, яғни Висланың теңізге құяр тұсының Алманияға біржола өтіп кетуіне Польшаның оңайлықпен көнбейтіні өз-өзінен түсінікті. Иә, Алмания үкіметі Гданскіні алған соң, оны Польшамен бұрынғыша байланыстыратын шарттар жасаймыз деп сендірмек болады. Алайда аралары ашылған екі мемлекеттің қатынасы құрғақ уәделерге байланып тура алмайды. Бұл — біздің заманымыздың қасіретті шындығы. Алманияның мемлекет басшысы Гитлер 1939 жылғы 28 сәуірде Рузвельттің үндеуіне жауап ретінде сөйлеген сөзінде Польша мен Англия арасында жасалған шартты Польша - Алмания (Пильсудский - Гитлер) келісіміне қайшы, тіпті Алманияға дұшпандық деп танып, Польша - Алмания келісімінің күшінен қалдырылғанын мәлімдеді. Сонымен оқиғалардың дамуы мынаған келіп тіреліп тұр. Алмания «Гданскіні аламын» дейді. Польша «Гданск қолдан кетсе — ажалдың жеткені, сондықтан бермейміз» дейді.
* * * Соғыс жылдары Еуропа істерінен ығыстырылған кеңестік Ресей бұл құрлықтағы саяси аренаға қайта шыға бастады. Дәрігерлердің айтуынша, «улы заттар қосылмайтын қоспа болмайтын» көрінеді. Осы тұрғыдан қарасақ, Еуропа мәселелеріне Мәскеу қызыл албастыларының араласуы кейде табиғи да сияқты. Тек Еуропадағы саяси «дәрігерлердің» большевизмнің улы заттарын дәрі-дәрмегіне шамадан тыс мөлшерде қосып жіберіп, былай да дімкес Еуропаны емдеудің орнына, біржола уландырып тастамаса жарар еді. Мәскеу мен Лондон арасында соғысқұмар елдердің шабуылынан «қорғану» жоспарына кеңестік Ресейдің де қосылуының шарттары талқылануда. Келіссөздің нәтижесі бүгін -ертең белгілі болады деп тұрған шақта Мәскеуден жаңа хабар келіп жетті. Сыртқы істер министрі Литвинов қызметінен кетіп, оның орнына Сталиннің ең адал атқосшыларының бірі— Молотов тағайындалыпты. Литвинов кеңестік Ресейді Англиямен барынша жақындатқысы келетін. Франция, Англия және кеңестік Ресей әскери одағын құру тараптары болатын. Халықаралық жағдайдың қазіргі кезеңінде және Литвинов жақтаған бағдарламалар талқыланып жатқан шақта оның қызметтен алынуы Еуропадағы демократиялы мемлекеттерге ой салмай қоймаса керек.
1939 ж.,№ 114
КӨЗІН АШПАЙ, АУЗЫН АШҚАН
(Украиндық Ковалъскийдің «Теризов» журналында жарияланған бір мақаласына орай) Бірыңғай майданымыз ішінде өзара айтыс-тартыс оздыруға қашан да қарсы болып келгеніміз сияқты, ондайды қазір де құптамаймыз. Түркістан, Кавказия, Қырым, Еділ -Орал және «дербес казактардың» қазіргі кезде бір ғана ортақ жауы бар. Ол — кеңестік Ресей, орыс империализма Бәріміз жұдырықтай жұмылып, барлық күш-қуатымызды осы ортақ жаудан құтылуға жұмсауымыз тиіс. Осындай ой - пікірге мықтап берілуіміз себепті, біз мұғажырлық өмірге төзе алмай, кешегісін аңсаған, кейде бір бақытсыз кездейсоқтықтар нәтижесінде өз бойларына шақ келмейтін «саяси тұлға» ролін ойнап жүрген жеке адамдардың көзге ұрып тұрған оғаш қылықтарын көрмегенсіп, білмегенсіп келе жатырмыз. Өкінішке орай, мұндай бой көрсетулерге кейде көз жұма беруге болмайтын, оларды оз орындарына қоюға мәжбүр болатын кездерің де болады. Украина азаматы Ковальскийдің Украинаның ресми ұлттық пікірін таратушы орган «Теризов» журналында (10—14-сан. 1939.04.09) жариялаған мақаласы сондай бой көрсетулердің бірінен саналады. Ковальский мырза «Свойм Шляхом» атты мақаласында ұлы Украинаның батыс пен шығыс аумақтары туралы жаза келіп, «аумағымыздың (өлке) аттарын анықтап атап өтуді қажет деп есептейміз... шығыстағы жерлеріміз (өлке) деп біз алдыңғы Кавказия , Закавказия, Түркістан, Сібірия және жырақ шығыстағы отарларымызды айтамыз. (Көріп отырсыздар, ұлы Украинаның «Шығыс өлкелер» дейтін жерлері бар екен. Оған Кавказия, Түркістан және күншығыстағы отарлары жатады екен! Мұқият зейін қойып қарасаңыз, Украина орталығының ресми басылымында шығып отырған Ковальский мырза «Украина отарлары» дегенде Украинаның сыртында тұрып жатқан диаспорасын айтып отырған жоқ. Өйткені Украина диаспорасы Франция, Алмания қатарлы әлемнің бірқатар елдеріне жайылған. Әңгіме — жер (территория) жөнінде болып отыр. Мәселен, ол «біздің Шығыс өлкелеріміз» деп Әзірбайжан мен Түркістандағы диаспорасын меңзеп отырған жоқ, Әзірбайжан мен Түркістанның жерін айтып отыр. Ковальский Түркістан мен Кавказияны қандай қисынмен «Украина өлкелеріне» жатқызатыны жөнінде айтып отырудың қажеті жоқ. Бұл туралы орыстың мұғажырдағы империяшыл мырзалары соңғы кезде көп жазып жүр. Орыс - украин қатынасы жөнінде маман профессор Odіnetzgі мысалға алайық. Odіnetzgі мырза «миллиондаған украин шаруаларына Кавказия, Түркістан, Сібірия және Қиыр Шығыстан жер алып бергені үшін Украина ұлтшылдары тарапынан Ұлы Ресей империясына алғыс білдірілуін» талап етеді. Келімсектерге біздің халқымыздың, мейлі ол кім болса ол болсын, қалай қарайтыны жөнінде айтып отырудың қажеті болмаса керек. Біздің халқымызға олар жат. Төңкерістің алғашқы кезінде біздің және бізбен пікірлес отандастарымыздың насихаты нәтижесінде Түркістан халқы келімсектерді украиндықтар және «нақ орыстар» деп екіге бөліп, украиндықтарды орыс отаршылдарына қарсы күресте өзіне әріптес ретінде тани бастаған еді. Біздің күресіміздің тұп мағынасы — жер үшін күрес. Түркістанның ұлтарақтай жері де ешкімнің отары болуға тиіс емес. Егер Ковальский мырза және сол сияқты ой - пікірде жүрген басқа да мырзалар Түркістанды Украинаның отары деп есептейтін болса — ауыр қателеседі. Түркістанда Түркістан халқының аққан тері, төккен қанымен суарылған жерлерін тартып алып, отарына айналдырған орыстар мен украиндар бар. Біз, міне, сол жерлерді қайтадан Түркістан халқының өз мүлкіне айналдыру үшін күресіп жатырмыз. Біз орыстарды жау санап отырған болсақ, олардың «Иван, Степан...» аталғандықтары үшін емес, біздің жерімізді тартып алып, орыстардың мүлкіне айналдырғаны үшін жау санаймыз. Орыстардың бізге істегендерін ағылшын, француз, алман немесе басқа біреулер істесе, біз оларды да дәл сондай жау санаған болар едік. Украина мен украиндықтарға біз доспыз. Біздің жерімізге орыс мұжықтарымен бірге әкелініп жатқан украиндықтарға орыстарға қарағандай қарамаймыз. Ковальский мырза «Түркістандағы Украина отары» жөнінде айта отырып, ол өзі білсін, білмесін түркістандықтар алдына украин отаршылдарын (азшылықты) орыс отаршылдарымен бір қатарға қойды. Ұлы Украинаның қарасы көрінбей тұрып, «Теризов» журналында «Біздің шығыс өлкелер» туралы дау көтерген мырзаларға не айтуға болады. Оларды «көзін ашпай, аузын ашқан» дегеніміз жөн шығар. Украина орталығының ресми журналы «Теризовта» басылған және бізге осы жолдарды жазуға мәжбүр еткен Ковальский мырзаның мақаласынан туындайтын көңілсіз жәйттерге украиндық достарымыздың назарын аудара кетуді өзіміздің борышымыз деп білеміз.
1939 ж., №115
ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ӨМІРДЕН
Еуропа жағдайының қазіргі қалпын төмендегідей көрсетуге болады: Алмания мен Италияның саяси және дипломатиялық достығы 22 мамырда Берлинде қол қойылатын Алмания - Италия әскери одағына айналдырылатын болды. «Құрыш одақ» аталған осы одақтың құжатында «өздері үшін өмірлік аумақ жасау және бейбітшілікті қорғау жолында итальян халқы мен алман халқы бұдан былай күштерін бекем біріктіріп, қол ұстасып әрекет жасауға бел байлады» . Коминтернге қарсы күрес қажетінен шыға отырып, бұл одаққа Жапония да кіру үшін келіссөз жүргізіп жатыр. Берлин - Рим одағына Мажарстан да бүйрегі бұратындығын ашық білдіріп отыр. Бұл одақтан Югославия да «кет әрі» емес. Ол Болгарстан, Румыния және Грециядан тасып келе жатқан территориялар жөніндегі үмітін Алманим - Италия одағына артып отыр. Еуропаның оңтүстік-батыс пұшпағында жатқан Испания да Италия мен Алманияға саяси жақтан жақын екені баяғыдан белгілі. Алмания мен Италияның «Құрыш одағының» қарсы жағында Англия мен Франция одағы тұр. Бұл одаққа Англиямен де, Франциямен де одақ түзген Польша және 12 мамырда Англиямен достық келісімін жасаған, жақын аралықта Франциямен де достық қатынасын нығайтуға ұмтылып отырған Түркия да тән. Италия мен Алмания шабуыл жасай қалған жағдайда Англияның (демек Францияның да) әскери көмегін алатын болып уағдаласқан Румыния мен Грецияны да осы одақтың ішінде деп санаған жөн. Англиямен арақатынасы өте жақсы Португалия да осы одақтан тыс қалмағаны өз-өзінен түсінікті. Америка Құрама Штаттары Англия-Франция одағына көптен бері-ақ іш тартып келеді. Осы майданға кеңестік Ресейді де тарту үшін Англия мен Франция Мәскеу большевиктерімен келіссөздер жүргізіп келеді. Еуропадағы саяси дағдарыстың ең қиын түйіні — Алмания мен Польша арасындағы Гданскіге байланысты туылған жанжалға барып тіреліп тұрғаны себепті — дүние жүзінің қоғамдық пікірі Англия мен Францияның кеңестік Ресеймен жүргізіп жатқан келіссөзіне көз тігіп отыр. Наурыз айында да басталып, біздің топшылауымыз бойынша, нәтижелі аяқталуға тиіс болған осы келіссөз барысында отыздан артық келісімнің жобасы талқыланды. Бірақ олардың бірде - бірі Кеңес үкіметінің мақұлдауынан өтпеді. Англия мен Франция тіл табысу, бітімге келу жағын іздеп қанша күш шығарған сайын, кеңестік Ресей басшылары сонша саудаласып, Еуропа демократиясына деген достығының бағасын өсіріп бұлданумен болды. Екі арадағы қиындықтың түпкі себебіне келсек, бір жағынан Англияның орыс большевиктеріне сенбеуі, екінші жағынан Еуропада бір - біріне бәсекелес екі күш (Франция мен Англия және Италия мен Алмания) теке тірес жағдайында тұрған кезде, осы егесті барынша ушықтыра отырып, бітімге, түсіністікке апаратын жолдарды кесіп тастау үшін большевиктер неше алуан айла-шарғыларын іске қосуда. Кеңестік Ресей Еуропа елдерін өзара қырқыстырып, олар әбден қалжыраған шақта соғыс аланына шыққысы келеді. Сталин партияның 18 құрылтайында Берлин - Рим одағының «өмірлік мүдделер территориясын іздеу» бағдарламасы Франция мен Англияға қарсы бағытталғандықтан, бұл елдердің үкіметтері өздеріне төніп келе жатқан қатердің бетін басқа жаққа аударып жіберу үшін Алманияны кеңестік Ресейге қарсы айдап салып, Алмания - Ресей соғысын тудыруға барынша тырысып отыр деп пайымдау жасаған еді. Большевиктер осылайша Еуропа соғысынан тыс қалғысы келіп жанталасса, Еуропа майданын түзетушілер оларды Берлин - Рим шартының аясына тартып әкелгісі келеді. Мұның себебі, біріншіден, кеңестің әскери күшін пайдалануды көздесе, екіншіден, ол Еуропа соғысынан тыс қалып, артынан әлсіреген елдерге тап беріп, бас салмасын деген ойдан да туған болуы тиіс деп топшылауға болады. Демократиялы Еуропаның қазіргі кезде қолданып отырған жаңа саясатының бір қыры, міне, осындай. Еуропаның мұндай саясатына мұғажырдағы орыс патриоттары қатты разы. Бұрынғы Ресей Уақытша үкіметінің басшысы Керенский «Новая Россия» журналының 30 мамыр күнгі санында осыған орай былай деп жазды: «Келешек тұрғысынан қарағанда және Сталиннің табаны астында жатқан бүгінгі Ресейдің мүмкіндігін есте ұстағанда, кім не десе о десін, батыс демократиясының Ресейге қарай бұрылуына біз өзіміздің ең терең ұлттық сүйіспеншілігімізді білдірмей тұра алмаймыз». Иә, Еуропа демократиясының Ресейге бағыттаған «жаңа саясатына» орыс патриоттарының ризашылық білдіретін жөні бар. Олай болса, біз Түркістан, Кавказия және де басқа орыс емес өлке ұлтшылдары батыс демократиясының Ресейге қарай бет алуына байланысты қандай позиция ұстануымыз керек? Дүниежүзілік соғыс кезінде Ресей (патшалық Ресей) батыстағы демократиялық мемлекеттердің майданында болатын. Осы соғыс нәтижесінде Ресей жеңіліске ұшырап, патшалық түзім құлаған еді. Алла жазса, батыс демократиясы бұл жолы кеңестік Ресейді де сақтап қала алмас. Ол да патшалық Ресейдің кебін киер.
1939 ж.,№ 115
ОРЫС ИМПЕРИАЛИЗМІ ХАРАБ БОЛСЫН!
Төңкерістен бұрынғы ұлттық бағдарламамыздың негізгі баптарының бірі — атамекенімізге орыс мұғажырларының тасқынын тоқтату болатын. Ол кезде бұл мәселені турадан - тура қою мүмкін емес еді. Сол себепті Әлихан Бөкейхан мен оның ізбасарлары — біздер — бұл саладағы талабымызды алдымен түркістандықтардың өзін орналастырайық, ал орыс мұжықтары мәселесі түркістандықтар орналасып болғанша және Ресейдің өзінде жер мәселесі шешілгенше тоқтатыла тұрсын деген түрде қойып келгенбіз. Біз мәселені осылай қойғанымызда жергілікті халықтарды жерге орналастырып болғанға дейін он неше жыл уақыт керек болады. Осы уақыт ішінде Ресейде төңкеріс болмай қоймайды деген ойда болатынбыз. Біз орыс келімсектерін біржола тоқтата алмайтынымызды жақсы білетінбіз. Бірақ осы талапты қою арқылы орыс келімсектеріне атамекеніміздің келбетін өзгертуге ықпал ете алатындай тосқауыл қойылады деп сенетінбіз. Мұғажыр мәселесі атамекеніміздің далалық аймақтарында өткір қойыла бастаған еді. Халқымыздың жерін тартып алғанын заңдық тұрғыдан негіздемек болып Ресей үкіметі күллі Түркістан даласын мемлекет мүлкі деп жариялап, Ресей мемлекетінің меншігіне айналдырды да, сол жердің байырғы иелері қазақтар мен қырғыздарға өз жерін өзіне жалға берді. Қазақтар мен қырғыздар көшпелі мал шаруашылығымен шұғылданатындықтан, олар жерге иелік ете алмайды деп жариялады. Мұның өзі барып тұрған қате тұжырым еді. Түркістандағы қазақ, қырғыздар арасында дәл осылай көшпелі тұрмыс кешіп жүрген тұрғындар коп болса 3 - 4 процент ғана болатын. Дала халқының басым көпшілігі баяғыдан - ақ тек мал шаруашылығымен ғана емес, сонымен бірге егіншілікпен де айналысатын. Ал кейбір жерлерде тіпті егіншілік басым еді де, мал шаруашылығы қосымша рол атқаратын. Мал шаруашылығына пайдаланылатын жерлер көп жағдайда егіншілікке мүлде жарамсыз болып келетін де, жұрт егін егуге шарасыз күйде қалатын. Әлихан бізге ылғи да: «Ұлтқа пайдалы адам болғыңыз келсе, бәрінен бұрын орыс үкіметінің атамекеніміздегі жер саясатын мұқият зерттеп үйренуге тырысыңыз. Сізге не істеу керектігін осы саясаттың өзі-ақ көрсетіп береді», — деуші еді. Біз — ол кезде орыс мектептерінде оқып жүрген түркістандық жастар мен аздаған жәдит мектептерінде оқып жүрген жәдитші жастар — бәріміз де бүкіл ынта - шынтамызбен «мұғажыр мәселесін» үйренуге кірістік. Мемлекетіміз үшін ең үрейлі қатердің қайдан келе жатқанын сонда ғана түсіндік. Түркістан бойынша орыс үкіметінің мұғажыр саясатын жақтап шыққандардың арасында Бақытжан Қаратаев айрықша көзге түсетін еді. Сталин мен Кривошейндерді және олардың тонаушылық саясатын мақтап - марапаттап жазған да сол имансыз Бақытжан болатын. Түркістан далаларына орыс үстемдігін алып келген Әбілқайыр әулетінен екенін алға тартып, «қазақ-қырғыздарды татар саудагерлерінің жемі болудан құтқару үшін олардың атамекендеріне орыс крестьяндарын әкелу процесінің тездетілуін» сұрап Ресей патшасына өтініш жасаған да осы қара бет Бақытжан Қаратай еді. 1917 жылғы төңкерістер кезінде біздің барлық конференцияларымыз бен жиындарымыздың бағдарламаларында мұғажыр мәселесі бірінші баптан түскен емес. Ресейдің алғашқы төңкерісшіл үкіметінен түркістандықтар жерге орналасып болғанша мұғажыр әкелуді тоқтату туралы уағда да алған болатынбыз. Соның нәтижесінде ақпан төңкерісі кезінде Ресейден Түркістанға мұғажыр тасқын тоқтады. Мұның өзі төңкеріс берген мүмкіндікті пайдаланып жеткен біздің алғашқы жетістігіміз еді. Большевиктер заманында мұғажыр мәселесі қайта көтерілді. Большевиктердің өздерінің мойындауларына қарағанда, 1922 жылы «Түркістан буржуазияшыл ұлтшылдарын» үкімет істеріне тартуға мәжбүр болған кездерінде іс басына келген әлгі жергілікті кадрлардың алдымен қойған талабы да осы мұғажыр келтіру процесін тоқтату болған және Кеңес үкіметі ол кезде олардың талабын қабыл алған. Осыдан біраз өткен соң, 1925—1926 жылдардағы Түркістан партия құрылтайында бүл мәселе заң жобасы түріне келтірілді. Осындай шешім Қазақстан, Қырғызстанды өз ішіне алған Ресей Федерациясы Орталық үкіметі мен атқару үкіметінің қарарларынан да орын алды. Бірақ көп өтпестен осы Орталық үкімет пен атқару үкіметі орыс мұғажырларына қайта жол ашты. Мұның өзі Түркістандағы барлық «ұлттық коммунистерді» Кеңес үкіметінің партия ішіндегі жаулары деп жаппай айыптауға және 1937 - 1938 жылдардағы жаппай қудалау мен жазалауларға алып келді. Кеңестер қатарына алғаш рет қосылған түркістандықтардың бірі — Қадырғалиұлы дағдарысқа тап болды. Ол Мәскеуде өзін-өзі өлтірді. Қадырғалиұлы өлім алдында жазып қалдырған ақырғы сөзінде Түркістанға ағылып келіп жатқан орыс тас -қыны жөнінде айтқан және Кеңес үкіметіне наразылық білдірген. «Яш Түркістан» беттерінде қатты сынға алынып келген түркістандық коммунистердің бәрі, Смағұл Сәдуақасов және Сұлтанбек Қожан тәрізді Кеңес үкіметінің отаршылық саясатын ашық айыптап шығушылардан басқа, Файзолла, Камал Акрам, Ғабдолла Рақымбай, Тұрар Рысқұл, Мұрат Айтақұлы, тіпті Исаұлы Ораз және сол тектестерге дейінгілердің бәрі де Түркістанға орыс мұғажырларын әкелу саясатын ашық қолдаудан бас тартты. Бүл адамдардың бірде - бірінің Бақытжан Қаратаевтың деңгейіне дейін құлдырамауының себебі — халық талабымен есептесуге мәжбүр болуынан еді. Алайда Кеңес үкіметі өзінің жиырма екінші жылында тағы бір Бақытжан Қаратаевты тауып алды. Ол — бүгінгі Қазақстан үкіметінің бастығы Нұртас Ондасынов. Алдыңғы Бақытжан мен кейінгі Бақытжанның бір ғана ұқсамайтын өзгешелігі бар. Бақытжан Қаратаев өзінің қара басының қамы үшін өз халқының мүддесі мен мұраттарын өз еркімен, өз қалауымен сатқан болса, Нұртас Оңдасынов сатуға мәжбүр болып отыр. Алайда ол да онысын ақтай алмайды. Екеуінің де илегені бір терінің пұшпағы. Қызыл Бақытжан - Нұртас Оңдасынұлы «Мәскеу правдасында» (39.07.08) «Қазақстан мұғажыр күтеді» атты мақаласын жариялады. Автордың айтпақ ойын мақала атының өзі-ақ айтып тур. Мақала Кеңес үкіметі мен Сталинді мақтаудан, оларға «Қазақстан халқының атынан» алғыс жаудырудан бастап, артынша большевиктердің біздің атамекенімізге жасаған «жақсылықтары» тізбеленеді. Бұлардың бәрі қазір ешкімді қызықтырмайтын, жұртты әбден мезі қылған сандырақтар. Кеңестік Бақытжан мақаласының қызығы осыдан кейін барып бой көрсетеді. Ол «жері аз кеңестік республикалардан мұғажырлар келуін торт көзімен күтіп отырған Қазақстандағы бос жатқан жерлерді» санап, өлшеп шығады: «Шелек ауданының Корам тоғаны бойында 3 мың гектар суармалы жер, жалпы Алматы уәлаятында 24 мың гектар жер, Оңтүстік Қазақстан уалаятында 5 мың қожалық орналастыруға болатын 30 мың гектар жер, Шу өзені алқабында — Қордай ауданында 100 мың гектар, Қостанай, Қарағанды және Солтүстік Қазақстан уәлаяттарында 200 мың қожалық сиятын 3 миллион гектар жер бар» дей келіп, қызыл Бақытжан Қазақстан бойынша «91 миллион гектар бос жатқан жер барын» хаттап - шоттайды. Егер оның 3 миллион гектар жерге 200 мың қожалық орналастыруға болады деген есебі бойынша келетін болсақ, 91 миллион гектар жерге 6 миллион қожалық орналастыруға тура келеді екен. Ал егер оның 40 мың гектар жерге 5 мың қожалық орналастыруға болады деген есебі бойынша келсек, онда «91 миллион» гектар бос жатқан жерге 11 миллион 375 мың қожалық орналастыруға болады екен! Кеңестік Бақытжанның «жері аз кеңестік республикалар» деп отырғаны қай республика екенін білу де қиынға соқпаса керек. Ол, әрине, ең алдымен Ресейді, ондағы орыс мұжықтарын көздеп отырғаны ешкімге құпия емес. Әрине, большевиктер сталиндік 3 бесжылдық жоспар кезінде өздерінің қызыл Бақытжандарының аузына соз салып отырғаны айтпаса да түсінікті. Біз енді оған тоқталып уақыт оздырмаймыз. Көне Рим әскери қолбасшыларының бірі ұлы Катон өзінің әр жолғы сөзін «Карфаген хараб болсын» деп тамамдайды екен. Және де қол астындағылардың бәрінен тамақ жеудің алдында осы сөзді қайталауды талап етеді екен. Сол сияқты біз — түркістандықтар да орыс империализмінің құлауын, хараб болуын қалаймыз және тілейміз. Сол үшін барлық ақыл-парасатымыз бен күш - жігерімізді аямай жұмсаймыз.
Ескерту: Осы арада 1917 жылы Петербургте уақытша үкімет тарапынан мақта мәселесін қарау үшін шақырылған мәслихат мәжілісі есіме түсіп отыр. Осы жиында мұғажыр мәселесі де көтеріліп, алдағы 25 жыл ішінде Түркістанға мұғажыр әкелмеу туралы шешім қабылданған еді. Осы уақыт ішінде түркістандықтардың өзін жерге орналастыру ісі жүргізілетін болған еді. Біз орыс үкіметі тарапынан 1905 - 1906 жылдардан соң Түркістанға әкеліп орналастырған мұғажырлардың кері қайтарылып әкетілуін талап еттік. Орыстар оған барынша қарсылық көрсетті. Тек кейбіреулері ғана 1914 жылдан бастап келген мұғажырлар жөнінде ойланып көруге болатынын зорға білдірісті. Қатты айтыс-тартыс болды. Осы талас-тартыстар кезінде мен бір ұсыныс жасадым. Менің ұсынысым мәжіліске қатысқандарды, соның ішінде түркістандықтарды да тұйықтан шығаратындай болып көрінді. Жұрт көңілінен шыққандай болған осы ұсынысымда мен Ресейге қайтарылатын орыстардың орнына татарлар мен башқұрттар жіберілуін сұрадым. Мен будан да арыға барып, егер болашақта Түркістанға мұғажыр келтіру мәселесін мақұл көрсек, соның өзінде тек татарлар мен башқұрттардың келуіне ғана келісім береміз деген едім. Жиналысты басқарып отырған прогресшіл министр менің ұсынысыма орай: «Бұл ұсынысты жүзеге асыру — Түркістанды шын мәнінде пантуркизм ошағына айналдыру болар еді», — деген болатын.
Түркістанға орыстардың орнына татарлар мен башқұрттарды әкелу мәселесін мен будан соң да өзіміздің бірнеше жиындарымызда көтерген болатынмын. Сондай жиналыстардың бірінде тіпті біреулер реплика жасап: «Мұстафа — татар - башқұрт» деп жұртты күлдіргені де бар. Далалық өкілдердің бірі: «Біз Мұстафаның татар - башқұрттарды әкелу бағдарламасын құптасақ та, сол келушілердің арасында Аяз Исқақи болмаса екен дейміз», — деп өз тілегін білдірген. Мұның өзі дала қазақтарының өздерінің күрескер жолбасшысы Әлихан Бөкейханға Аяз Исқақидың өз газетінде жапқан жаласына қайтарған жауабы болатын. Әлиханға жала жауып, қара күйе жағып, Бақытжан Қаратайды жақтап жүрген кезінің тарихын «Жаңа милли иол» беттерінде баяндап беруді Аяз Исқақидың өзіне қалдырамын. Мен тек ол кезде Әлиханға Аяқ Исқақи жағынан жабылған жалалардың ылғи өтірік екенін айтып беруді ғана өз мойныма аламын. Аяз Исқақидың сол кездегі істерін мен есімде өте жақсы сақтап қалыппын. Оның сол бір кездегі «ерлігі» Әлихан Бөкейханды көре алмай сыртынан ғайбат айтып, жала жауып және Бақытжан Қаратайға деген сүйіспеншілігін жер-көкке сиғыза алмай жүруінен көрінетін еді. Менің іс-әрекеттерім мен жазғандарымды жақсы білетін татарлар арасынан мені түрік бірлігі дұшпандарының қатарына қоятындар шыға қоюына сене алмаймын. Дегенмен, сондай біреу бар екен! Ол адам өмірінде ешкімнен көрмеген сый - құрметті менен көріп келе жатқан Аяз Исқақи болып шықты. Мен оған құрмет көрсетіп жүрген кезімде оның Әлиханға жапқан жалаларының сандырақ, жалған екенін білетінмін. Бірақ соның бәрін біле тура, мен Аяз Исқақидың дәл бүгін, кездейсоқ болса да, татар бауырларымыздың арасындағы ұлттық қозғалыстың өкілі екенін көзде ұстап, түрікшілік мүддесінен шыға отырып, білгендерімді ұмытқандай сыңай танытып, оған шынайы құрмет көрсетіп келген едім. Бүгін де сол бір өткен істі қайта қозғағаным үшін татар бауырларымнан ғафу өтінемін. Түркістандық отандастарымнан татар бауырларымызға олардың қазіргі «жетекшісі» Аяз Исқақидың іс-әрекеттеріне қарап баға бермеулерін атап айтқым келеді.
1939 ж., №116-117
ТҮРІК БІРЛІГІ ТӨҢІРЕГІНДЕ КӨТЕРІЛГЕН ОРЫНСЫЗ АЙТЫСҚА ОРАЙ
Аяз Исқақи әпендінің «етінен етіп, сүйегіне сіңген», көзі жұмылғанша қалмайтын, өзінен басқа ешкімді иландырмайтын мен туралы және мен өкілдік етіп келе жатқан Түркістан ұйымы жайындағы мақаласына («Жаңа ұлттық жолдың» үстіміздегі жылғы 6-шы саны) жауап қайырып, онымен пікір таластырғым жоқ болатын. Аяқ Исқақи әпендінің біздің Түркістан ұйымының кейбір мүшелерін келеке етіп, тіпті ұйымымыздың туына тіл тигізгенін естіп - біліп жүрсек те, оның мұндай әбестіктері не де болса оз ішімізде қалсыншы, сыртқа жайылып кетпесінші деп жауырды жаба тоқып келген едік. Мен оның жасы үлкен адамға жараспайтын, қоғам қайраткері аталған адам үшін өлімнен де ауыр, ұят «саяси әрекеттерін» біліп тұрсам да және одан жеке оз басыма қатысты, қазір де жаныма батып отырған зардаптарды сезіп отырсам да, «отбасынан» шығарғым келмеген еді. 1939 жылы 7 қаңтарда Берлинде оған үш түркістандық, екі еділ - оралдық азаматтардың көзіне батырып - батырып айтқандары жеткілікті шығар деп ойлағанмын... Біз Аяз Исқақидың татар түріктері мен Түркістан түріктері арасына жік салатын талай-талай соз әрекеттерін жасырып, қымтап келдік. Өйткені біз аузына ие бола алмайтын Аяз әпендімен айтысамыз деп ол «өкілдік етем» деп жүрген татар туыстарымыздың көңілін қалдырып жүрмейік, бізге былай да қисық көзбен қарайтын жат жұрттықтар алдында бір-біріміздің көзімізді шұқып масқара болмайық деп ойладық. Біз ата-бабаларымыздың «бас жарылса — бөрік ішінде, қол сынса — жең ішінде» деген сөзін есімізде ұстадық. Аяз әпендімен айтыстың соңы пайдасыз жанжалға апарып соғарын да жақсы білемін. Өйткені Аяз әпенді баспасөз этикасымен есептесу дегенді білмейтін, өзінің де, езімен айтысқа түскен қарсы жақтың да ақ қағазға қара сиямен жазғандарын қалауынша бұрмалап, көпе-көрінеу өңін айналдырудан тайынбайтын адам. Оның үстіне бір бауырлас түрік ұйымының басында отырған, пайғамбар жасындағы осы бір қартты өзім бұрын баспасөз беттерінде ылғи да жақтап, таудай қателігін тарыдай етіп көрсетуге тырысып келуім себепті, енді онымен айтысқа шығу мен үшін қандай қолайсыздықтар тудыратынын да шамалап білу киын емес еді. Егер мұғажырдағы кейбір түрік басылымдары Аяз әпендінің жазғандарында көзге ұрып тұрған ағаттықтарды елемей, оған көмекке ұмтылғанын көрмегенімде, мен бүл жолы да мұндай айтысқа бармай, өз жөніммен кете берген болар едім. Мінекей, көріп отырсыздар, ара ағайын да қалған жоқ. Өкінішті... Олай болса Аяз әпендінің жазғандарына жауап қайыратын уақыт жеткен сияқты. Ал бұл жауап айтысқа айналып кетсе, онда ол айтыс Аяз әпенді көздеген жерге жетпей тоқтамайды. Менің «Яш Түркістанның» 114-санында жариялаған «Түрік бірлігі» хақындағы мақаламда көтерілген идеяларға қарсы жазған материалдарында Аяз әпенді әр шөптің басын бір шалып, не болса соны айтып қалуға тырысқан. Мәселен, Аяз әпенді «келісім және даму» үкіметінің оз кезінде жүргізген «Космополит саясаттары», «Кемалист дәуіріндегі түрікшілік» идеясының ру, ұлыстарға бөлмейтін тұтастығы, «марқұм Әнуар пашаның Түркістандағы әскери ұйымы», «Прометей майданы» және бейне бір соған қарсы құрылды делініп жүрген «Үміт майданы» (?!), тағы осылар тәрізді толып жатқан мәселелерден ботқа жасап, «Жаңа ұлттық жол» оқырмандарын шатастыру үшін тырысып-ақ баққан. Ол Түркістан ұйымының үй ішіндік жұмыстарына қол сұғып қана қоймайды, сонымен бірге «МЧ түріктерді күшейтіп көрсетуге ұрынады» деп, жоқ нәрсені бардай қылады. Осылардың бәрін қозғай отырып, соз таластыру үшін Аяз әпендінің жасынан да көбірек қағаз беттерін толтыруға тура келер еді. Сол себепті мен бүл жолы Аяз әпендінің өз бағытын қалай өзгерткені туралы, менің ақ қағазға жазғандарымды қалай бұрмалағаны жөнінде және «Прометей майданына» қарсы құрылған «Үміт майданы» хақында айтқандарына ғана тоқталумен шектелемін. Ал қалғандары жөнінде айтар болсақ, оларға да бармаса болмайтын жағдайды көп ұзамай Аяз әпендінің өзі-ақ әзірлеп беретін болады. Әңгімені «Үміт майданынан» бастайық: Аяз әпендінің «Үміт майданына» арнап жазған материалдарын оқыған адам («Жаңа ұлттық жол», 6-8-сандар) Еділ - Орал мен Қырым ұйымдарын шетте қалдырып, «Прометей майданына» қарсылардан құралған «Үміт майданы» деп аталатын бір ұйымның пайда болғаны және оған «Прометей майданынан» тек менің ғана қатынасқаным туралы әсерде болады. Аяз әпендінің көздеп отырғаны да осындай эсер тудыру болып отыр. «Үміт майданы» деген нәрсе ешқашан болған емес. Прометей майданындағы Кавказия, Түркістан және Украина ұйымдарының өкілдерінен «Кавказия, Түркістан және Украина халықтарының достық комитет!» құрылған. Аяз әпендінің «Үміт майданы» деп жүргені осы «Достық комитеті». Бұндай комитет құру идеясын прометейшілдер ұсынған және оның бағдарламасы да Прометей орталығының төрағасымен бірге жасалынған. Онда «Достық комитетінің» 11 мүшесі болды. Әзірбайжан орталығынан — 2, Грузия орталығынан - 2, Солтүстік Кавказия орталығынан - 2, Украина орталығынан — 2, Түркістан орталығынан — 1 (Өйткені Парижде менен басқа түркістандық жоқ), Бас прометейшілдерден — 1. Бұлардан басқа Әзірбайжан, Грузия, Солтүстік Кавказ және Украина орталық ұйымдарының төрағалары құрметті мүшелікке сайланған және олардың кейбіреулері сол жиналыс үстінде қолма-қол ұсынылған. Достық комитеті құрыла салып, шет мемлекеттерге және Ұлттар Ұйымына меморандум тапсырған және бұл меморандум Прометей басшылары тарапынан мақұлданған... Осы Достық комитеті Прометей майданының қызметіне пайдалы болғаны сонша, ақырында оған Еділ - Орал және Қырым ұйымдары атынан кіру үшін Аяз әпенді мен Жағыпар Сейіт Амет бектер өтініш білдірген. Адам баласының қолынан шыққан кез келген нәрседе кемшілік болмай қалмайды. Достық комитетінін де кемшіліктері болды. Алайда оны Прометей майданына қарсы деу Еділ -Орал және Қырым өкілдерінен басқа Прометейге тән және Прометейді құрғандардың бәрін сол өздерінің Прометейіне қарсы қою болып шығар еді. Егер Достық комитеті Прометей майданына қарсы болса, Аяз әпенді оған не үшін кірмек болды екен? Аяз әпендінің өтінішіне орай, Еділ - Орал және Қырымды қабылдау мәселесінде Достық комитеті мүшелерінің, арасында бірауыздылық болмаған. Саяси қозғалысқа қатысқан адам «өз дегенім болмады» деп, өзі қатысып жүрген ұйымының есігін тарс жаба салмайды. Егер сіз әр түрлі топтардан тұратын бір майданға қатысқан екенсіз, онда сіз де сол майданның, тағдырына жауапты болуға тиіссіз. Сіз мұндай жағдайда кейде өзіңіз жақтырмайтын, тіпті кейбір «қате әрекеттерге де» төзуге мәжбүр боласыз... Бір күні Достық комитетінің төрағасы — украиндық Шульгин Аяз әпенді мен Жағыпардың өтініштерін комитет жиналысына салды. Комитеттің 11 мүшесі түгел қатысқан еді. Осы кезде ойламаған жерден екі адам: «Біз бұл мәселе жөнінде өзара бір шешімге келе алмадық. Сол себепті Еділ - Орал және Қырымның өтінішін кейінге қалдыра тұрсақ» деген ұсыныс жасады. Сонымен кейінге қалдырылды... Мен комитет жиналысынан кейін екі-үш күн өткен соң - ақ бүл істің шын сырын біліп үлгердім. Шындықты жасыруға болмайтыны рас болса, бұл шындықты да жасыру мүмкін емес. Аяз әпенді Достық комитетіне кіре алмағаны үшін оны «Прометей майданына» қарсы «Үміт майданы» деп атап, өзі мен Қырым ұйымын наразы еткен орындалмаған өтініштерінің жауапкершілігін маған артып, мені «Жаңа ұлттық жол» оқырмандарына «Прометей майданына, Еділ - Орал және Қырым ұйымына қарсы адам, міне, мына Мұстафа екен» деп саусағымен нұқып көрсетпек болады... Достық комитетке қатысты жоғарыда айтылғандардың бәрі Аяз әпендіге аян. Тек ол кісі, мені «Жаңа ұлттық жол» оқырмандарына бірінші нөмірлі жау етіп көрсетуі керек болуы себепті, шындықты көпе-көрінеу жасырып, бұрмалап, боямалап отыр.
* * * «Яш Түркістанның» 114-санында жарияланған менің «Түрік бірлігі» туралы мақаламның «түрік топтарын бірлестіру мәселесі шын мәнінде саяси мәселе» деген жері Аяз әпендінің қитығына тиген көрінеді. Аяз әпенді былай дейді: «МЧ әпендінің бұл сөзінен «мемлекеттік түрік бірлігі» көрінеді. Орыстар айыптаған «саяси пантүркизм» жөнінде жазған мақалаларымыздан бас тартып, «Мәдени бірлікке» көшкенімізді МЧ әпенді білмей ме? Осыдан бірнеше жыл бұрын армян Зарсуан Әмин екеумізді осындай мақалаларға негізделіп Кавказ, Қырым, Еділ - Оралды Түркияға қосу ойында жүр деп айыптағанынан да ол хабарсыз ба екен? Франция мәдениетін ұстанған Женева, Лозанн французына Швейцария мемлекеті ішінде толық құқықты мүше болып өмір сүруі мүмкін болғанда, Арзы түріктерінің түрік мәдениетін берік ұстануы олардың Кавказ федерациясына кіруіне кедергі бола алар ма? Тагилердің француз болғаны сияқты, арзылардың түрік болуына қандай кедергі бар? Кедергі болмаса, Кавказдың түрік емес халықтарына желік беретін мұндай сөздерді жазу ненің қажетінен болды екен?»1 Алдымен бір сауал қояйын. Аяз әпендіге емес, ол кісі «кереңге сәлем берсең, атаңның басы» дейтіні тәрізді, лағып кетеді. Сауалды оқырмандарға қоямын. Егер мен өз тарапымнан «түрік бірлігі — саяси мәселе» десем, бұл бірлікті «мемлекеттік бірлік» ретінде көріп, орыстар айыптайтын «пантүркизмді» ойлаған болсам, мұнан Аяз әпендіні пантүркизммен айыптаған мағына қалай шығуы мүмкін? Аяз Исқақидың пантүркизм мен мемлекеттік түрік бірлігінен қорқатыны сонша, менің бұларға ешқандай қатысы жоқ сөздерімнен Зарсуан шығарғандай мағына шығарып, өз басын күні бұрын арашалап, түрік оқырмандарына: «Міне, көрдіңдер ме, мемлекеттік түрік бірлігі мен пантүркизмді шығарып отырған мен емес — Мұстафа» дегісі келеді. — Ол мұндай қылмыстан ада мына мені — өздеріңіздің Аяз әбзейлеріңізді де мемлекеттік түрік бірлігімен қараламақ болды. Түрік туыстар, Мұстафаға сенбеңіздер. Мемлекеттік түрік бірлігі мен пантүркизмді дәріптеп жүрген соның өзі!» — деп бар дауыспен жар салуда. Менің «түрік бірлігін саяси мәселе» дегенімнен Аяз әпенді өлердей қорқады. «Күні кешеге дейінгі мақалаларымызда мәдени бірлік жөнінде ғана әңгіме болып келе жатқанын МЧ білмей ме екен?» дейді. Аяз әпенді алаңдамай-ақ қойсын. Мен білемін. Тек Нұхұлы бауырымыздың «араб бірлігі саяси фактордан гөрі мәдени факторға сүйенуде» деп ескертуінде және менің мақала жазуыма себеп болған «Палестина ішіндегі араб бірлігін» үлгі, өнеге етіп көлденең тартқан наурыз айындағы мақаласында «түрік бірлігі» мәселесін ортаға қалай алып шыққанын «ұлы саяси қайраткеріңіздің» өзі сезді ме екен? Түрік бірлігі үшін үлгі ретінде келтірген араб бірлігін ұстаз әпенді тек саяси тұрғыдағы саяси («мемлекеттік» — М. Ш.) бірлік деп қана түсінеді. Ол өзінің араб бірлігі хақында жазған 6 беттен тұратын және «Араб бірлігі мен араб ұлттық бірлігі» деп аталатын мақалаларында Аяз әпенді бірде-бір рет болса да «мәдениет» сөзін қолданбаған. Аяз әпенді араб бірлігі жөнінде айтқанда кілең саяси фактілер мен дәлелдерді ғана қолданады. Аяз Исқақи әңгімені 1910 жылғы Хижаз шарифі (кейін королі) Хүсейін мен ағылшындар арасында қол қойылған келісімнен бастайды. Бұл келісімге сәйкес, Түркия сұлтаны қол астындағы Хижаз, Палестина, Шығыс Алардин және Сирия тәрізді араб өлкелерін ұлттық араб мемлекеттеріне айналдырмақ болатын. Аяз әпенді Лондонда болып өткен соңғы конференция кезінде араб өкілдері тарапынан ұсынылған «торт тармақты талапты» келтіреді. Ол талапта Палестинадағы мемлекеттік құрылысты жолға қою туралы айтылады. Онан арғысын Аяз әпендінің өз сөзімен жалғастырайық: «Палестин тартысында арабтар еврейлерді қойып, ағылшындарды да жеңіп шығады. Және Палестинаны иелігіне ала алады. Сөйтіп, олар араб бірлігінің алғашқы негізін қалап, арабтарды бір патшалыққа, бір халифатқа қарайтын бір саяси мемлекет құрудың негізін қалайды» («Жаңа ұлттық жол», 3-сан, 5-бет). Аяз әпенденің түрік бірлігіне ұсынған үлгісі, міне, осындай. Ол аз болса, Аяз әпенді араб бірлігін саяси ту қылып көтеріп (дұрысы — панарабизмді): «бізде арабтар құрлы мемлекеттік идея жоқ болғаны ма?.. Елдік бағытымызды арабтар құрлы айқындай алмағанымыз ба?» — деп, өзін де, езгені де қамшылайды. Құрметті оқырмандар, араб бірлігі туралы мәселені осылайша түсініп, осылайынан қойып отырған адам түрік бірлігі жөнінде не айтып, қалай қойған болар еді? Менің бұл сауалымның жауабы Аяз Исқақидан басқалардың бәріне түсінікті. Әрине, көне жазбаларында «түрік бірлігін — мәдени бірлік» деп түсіндірген Аяз әпенді өзі суреттеген араб бірлігін (мемлекеттік бірлік) түрік бірлігі үшін үлгі етіп алмауы керек еді. Өйткені көйлек үлгісімен дамбал тікпес болар! Демек, Аяз әпендінің бұрынғы жазбаларын ұмытқан бір адам болса, ол — соның өзі. Аяз Исқақи өзінің бұрынғы жазғандарын ұмытып, панарабизм үлгісін неге ұсынады? Әлде бұл үлгіні ол пантүркизмді асқындырып (Аяз әпендінің өз тәсілін қолданғаным үшін ғафу өтінемін), Кавказияның түрік емес халықтарына теріс эсер тудыру үшін ұсынып отыр ма? Мен, шынымды айтсам, бүл сұраулармен Аяз әпендіні айыптағым келмейді. Жоқ, мен өзім және азшылықтағы түркістандықтар тарихта Ресейдің басына бұрын-сонды көрмеген қара бұлт төнген кезенді пайдаланып, ұлттық географиялық (қаласаңыз — «геосаяси») шарттар мүмкіндік берген шекара ішінде (Кавказия тәрізді маңызды және ұлы бірліктің конфедерациясы ма, жоқ, әлде басқа бір түрдегі бірлескен мемлекет болса да мейлі) мейлінше ұлы «түрік мемлекеттік бірлігінің» құрылуын ешқашан көзден таса еткен жоқпыз. Және 1917 жылдың жазында осы бағытта алғашқы қадамдарымызды да басқанбыз. Мұғажырлыққа көшкен кезімізде де (мәселен, 1929 жылы) осы бағытта тәжірибе жасап көргіміз келген. Бірақ түркістандықтардың еркіне қарсы әлдебір себептермен іске кірісе алмай қалдық. Міне, көріп отырсаңыздар, «мемлекеттік түрік бірлігі» десе болды, Зарсуанды көмекке шақыратын Аяз әпендінің келешекте де маған қарсы жасаған жоспарларының орындалуына жеңілдік тудыру үшін өзімнің қол-аяғымды өзім байлап-матап беріп отырмын. Жоғарыда Аяз әпендінің араб бірлігі үлгісінде түрік бірлігі туралы жасаған пайымдауларын еске түсірудегі мақсатым — ол кісінің сол өзі түрік бірлігі хақында наурыз айында айтқандарын маусым айына келгенде мүлде өзгертіп, өзін-өзі қалай теріске шығарғанын көрсету болатын. Басқаша айтқанда, наурызда «біз, түріктер, арабтардай арыстан бола алмаймыз ба?» деп жігерін жаныған Аяз әпенді маусым айына келгенде «мен араб арыстаны туралы айтқанда — түрік қоянын көзде ұстаған едім» деп күмілжиді. Мен осы орайда Аязды тұқыртып алайын деп отырған жоқпын. Өйткені «мәдениеттен» басқада ісі болмайтын адам жыртқыш арыстанға залалсыз қоян байғұсты құрбандыққа оңай шалдырады. Аяз әпенді өз сөздерін өзгертумен ғана шектелмеген, ол менің ақ қағазға қара сиямен жазғандарымды да қалауынша бұрмалап, өңін айналдырып жіберуден ұялмаған. «Түрік бірлігі» хақындағы мақаламда: «Мынаны да ашық айтуымыз керек. Болашақта түрік топтарының бірлігін қалыптастыруда ар жағында түрлі аурулары жасырынған салыстырулардан гөрі, сол Нұхұлының мақаласы әлдеқайда пайдалы» деген сөйлем бар («Яш Түркістан», 114-сан, 5-бет). «Саяси ұстаз» және «түрік бірлігінің баһадүры» Аяз әпенді осы сөйлемді қалай өзгертіп жібергенін білесіз бе? Ол сөйлемнің: «... салыстырудан гөрі сол Нұхұлының жазғандары пайдалырақ» деген бөлігін кесіп тастаған («Жаңа ұлттық жол», 6-сан, 5-бет). Сөйтіп, менің «ар жағында түрлі аурулары жасырынған салыстырудан» дегенімді «түрік мәдениеті бірлігінің ұстазы» Аяз әпенді «болашақтағы түрік топтары бірлігінің ар жағына түрлі аурулар жасырынған» деп теріс айналдырып жіберген. Яғни мен болашақтағы түрік топтарының қалыптасуына кесел келтіретін салыстырулар қолданбасын деймін. Ал Аяз әпенді оны Мұстафа «болашақтағы түрік топтары қалыптасуының ар жағында аурулар бар дейді» дегенге өзгертіп жіберген. Аяз әпенді барып отырған осындай әрекеттің баспасөзде не деп аталатыны қаламымның ұшына келіп тұрса да, мен оны жазудан іркіліп отырмын. Алайда Аяз әпенді өзінің түрік тіліндегі мақаласын орыс тіліне бұзып аударғаны үшін армян Зарсуанға қаратып, Керенскийдің басылымы «Днидің» редакциясына жазған наразылық хатында: «мұндай әрекет ақиқатты дөрекілікпен бұрмалағандық және баспасөз этикасын аяқ асты еткендік болып табылады» деген еді («Дни», 1930 жыл, 12 қаңтардағы 71-саны). Енді, міне, армян Зарсуан мен орыс газеті басуға дәті бармаған сандырақтарды өзін түрік әдебиетшісі, түрік редакторы, Еділ - Орал түріктерінің «саяси ұлттық жол бастаушысы», «түрік моралінің ұстазы» етіп көрсеткісі келетін Аяз Исқақи ұялмай-қызармай жариялап отыр. Аяз әпенді Зарсуанның әдепсіздігіне наразылық білдіргенімен, мен оның Зарсуанның қылығынан да өткен қылықтарына ондай наразылық (протест) білдіре алмаймын. Және олай еткім де келмейді. Мен тек оның істеп отырған істерін түрік оқырмандарына қаз-қалпында айтып берумен шектелемін. Аяздың қылықтары Зарсуандікінен де өтіп кеткен деуімнің себебі неде? Енді соған келейін. Аяз — түрік. Ол және біздің мұғажырдағы түріктердің ақсақалы. Міне, сол үшін де оның Зарсуанның ізімен кетуінің өзі Зарсуан салған соқпақтан зардаптырақ. Екіншіден, Зарсуан Аяздың мақаласын өзгертіп аударғанда, ол автордың түрікшілігін қоюлата түскен болатын. Ал зарсуандық тәсілмен маған қарсы аттанған Аяз әпенді менің мақаламдағы түрікшілік мазмұндарды кемітіп жіберген. Мәселен, мен мақаламда астын сызып тұрып мынадай тұжырымдаманы алға тартқанмын: «Жоғарыдағы түрік топтары хақында айтылғандардың бәрі тек шарт жағдайға байланысты айқындалатын белгілі бір саяси дәуірге тән және «түрік топтары бірлігі» мәселесінің нәтижесіне ешқандай бір әсері болмайды». Демек, мен мұғажыриаттағы түрік ұйымдарының бірлесе алмай келгенін уақытша біздің еркімізден басым болып тұрған жағдайдың нәтижесі дегенмін. Содан кейін «бүгінгі саяси жағдайда өмір сүріп отырған түрік топтары — Түркістан, Әзірбайжан, Еділ - Орал, Қырым сәт сайын өздерінің рухани мәдени байланыстарын көрсетулеріне, білдірулеріне тура келгенде бір-біріне қажетті мөлшерде көмектесуге тиіс» деген болатынмын. Бұл айтқандарымның мағынасында ешқандай бір күңгірттік жоқ. «Бір ұйымға бірікпеген қазіргідей жағдайдың өзінде тұрып-ақ Түркістан, Еділ - Орал, Қырым өзара мәдени-рухани байланыстарын көрсете береді» деген жолдарда қандай тұманды тұстар болуы мүмкін. Осы ұлттық байланыстарды онан әрі айқынырақ көрсете түсу мақсатында мен мақаламды мынадай жолдармен аяқтағанмын: «Мәселен, біз — Түркістан түріктеріне Қырым және Қырым түріктерінің Украина мен украиндықтарға қарағанда жақынырақ екенін көрсететін факторларға бетпе-бет келгенде оған ешбір украин шамданбайды, оған қарсы күреспейді». Түрік бірлігі туралы менің қашаннан бері дәріптеп келе жатқан уәжім мынадай: бізге қатыссыз және біздің еркімізбен жоғалып кетпейтін себептерге байланысты біз қазіp бір түрік ұйымына біріге алмай отырғанымызда, осы күнге дейін өзіміз қатысып келген «Прометей майданына» адал болып, соның ішінде тұрып та түркістандықтар, еділ-оралдықтар және қырымдықтар дос - дұшпанның көз алдында бір-бірімізбен мәдени-рухани байланыстарымызды нығайтып, әйгілеп жүрейік дегендік еді. Менің ақ қағазға қара сиямен жазылған осы пікірімді Аяз әпенді «МЧ Түркістан ұлттық қозғалысын «ұлттық бірліктен» тыс көрсетуге тырысады» деп шімірікпей бұрмалайд. Мен мақаламда «түрік бірлігі мәселесі саяси мәселе болуы себепті, бүгінгідей саяси мұғажырияттағы жағдайда оны жүзеге асыру кейбір қиындықтарға жолығуда» дегенмін. Аяз әпенді осы «саяси мәселе» дегенімнен Зареуанның да ойына келмейтін үрейлі мағына шығарып, біз бұрыннан бері түрік мәдени бірлігін жақтайтын едік» деп ақталады. Солай-ақ болсын. Сонда осы мәдени бірліктің «Саяси іс-қимылдарды қажет етпей ме? Оны жүзеге асыру үшін де «саясат» керек емес пе? Аяз әпенді жөн болған күннің өзінде (мен басқаларды қатыстырғым келмейді), ол менің түрік бола тұрып, бір ұйымға біріге алмай келе жатқанымызға себеп болып отырған жағдайлар туралы тұспалдап айтқандарыма орай, «МЧ - нікі дұрыс емес немесе МЧ жалған айтады» деп өз дәлелдерін келтірсе, соның өзінде пайдасы шамалы мұндай айтыстан қалыпты пікір жарысы туылар еді. Meн бізге кедергі болып келген жағдай туралы сөз қозғағанымда, басымыздан өткен тәжірибелерді көз алдыма келтіpe отырып жазғанмын. Ол кезде мұғажырияттағы түрік бірлігі ұйымдары атынан қол қойылған түрік бірлігі бағдарламасы бар болатын. Бұл бағдарлама Түркістан ұйымы ТМБ («Түркістан милли бірлігі») тарапынан мақұлданған. Міне, осы бағдарлама жылдар бойы басылып жатыр. Неге? Түрік еместерге секем алдыратын «пантүркизм» былай тұрсын, түрік бірлігінің мемлекеттік формасынан да алыс жатқан (егер «саяси мемлекеттік түрік бірлігі» болса, онда Аяз әпендінің қол қоймайтыны, міне, енді ғана мәлім болып отыр), біз бәріміз апталар бойы талқылап барып қабылдаған сол бағдарлама қазір қайда? Оның басылып қалуы әлде біреуіміздің адалдық таныта алмауымыздан ба, жоқ әлде басымыздан кешіріп отырған саяси жағдайдың кесірінен бе? Байқап қарасақ, Аяз әпенді Прометей майданын «уақыт пен тұраққа байланысты пайда болған, уақыты мен заманы өткен соң ыдырап, сөгіліп кететін жолаушылар бірлігі» («Жаңа ұлттық жол», 6-сан, 8-бет) деп санайды екен. Және Прометей майданы хақындағы менің пікірімді ағаттық деп түсінеді екен. Мен оған қол қойған өз атымнан және оны мақұлдаған ТМБ атынан сол бағдарламаның қайда екенін және неліктен жүзеге аспай қалғанын, оның қандай күйде екені неліктен айтылмай келгені жөнінде сұрау салып, бізден гөрі «іс басына» жақынырақ жүргендерден түсініктеме берілуін талап етуге хақым бар және талап етуге тиістімін де. Аяз әпендінің Зареуаннан да өткен сорақылықпен маған тиісіп жазған мақаласынан кейін түрік бірлігі мәселесі баспасөз беттерінде айтыс тақырыбына айналған болса, одан түрік оқырмандарының ақиқатты білгені жөн. Біздің мұғажыриаттағы түрік бірлігін қалыптастыруымызға «сырттан» ешқандай кедергі жоқ. Мәселе тек адалдыққа келіп тіреліп тұр. Олай болса біз — түркістандықтар (ТМБ) дәл сол адалдықты талап етеміз. Қосымша: Мақалам басында ойлағанымнан гөрі ұзақтау болып кетті. Соған қарамастан, Аяз әпендінің жамап-жасқап ұсынған пікірсымақтарының жартысына да жауап қайыра алмадым. Оның да реті келетін шығар. Сөзімнің соңында мына бір нәрсені атап айтқым келеді. Аяз әпенді мақаласының соңында маған қарсы бағыттаған жазбаларын Түркістан ұлттық қозғалысы мен менің ортама төрелік айтып жік түсіруге ұрынады: «...мұғажыриятта жолыққан, сөйлескен, мұңдасқан түркістандықтар бір ғана нәрсені — тек ынтымақты ғана айтады. Ресей төңкерісі кезінде жолыққан түркістандықтардың ауыздарынан да сол сөздерді ғана еститінбіз. Иншалла, мұғажыриятта жүрген мыңдаған түркістандықтар бұл пікірімді қуаттайды деген сенімдемін», — деп сендірмек болады. Мөлшермен осыдан бір жарым жыл бұрын ғана Аяз әпенді сол баяғысынша менің сыртымнан мені мақтап: «Түркістанның Мұстафадан басқа бірде-бір мемлекеттік саяси қайраткері жоқ» деп жүретін еді. Ендеше Аяз әпенді «Ресей төңкерісі кезінде жолыққан жүздеген түркістандықтардың өз ауыздарынан естігендерін ұмытып, мұғажыриятта жолығып, сөйлесіп, мұңдасып жүрген түркістандықтарына қиянат жасап, мен туралы әлгіндей сөздерді айтып жүргенін қалай түсінуге болады? Аяз әпенді Қиыр Шығыс сапарына аттанар алдында ТМБ - нің сол кездегі төрағасына бармай, маған келіп, кейбір ортақ істер жөнінде түркістандықтар атынан да сөйлеу үшін өкілдік сұраған еді. Мен ТМБ - нің Аяз әпендіні ұнатпайтынын білсем де, Қиыр Шығыстағы шетелдіктер алдында Түркістан мен Еділ - Орал тым болмаса кейбір саяси емес мәселелер жөнінде бір шептен көрінсін деген мақсатпен хат жазып, өкілдік берген болатынмын. Осыным үшін Түркияда тұрып жатқан түркістандықтар маған наразы болған еді... Жалпы алғанда, біздің түркістандықтардың Аяз әпендіге,. бұл кісінің өзі айтып жүргеніндей, «бөлектеп» қарауының себебі... «Ресей төңкерісі кезінде түркістандықтардың оның оз аузынан естігендеріне» байланысты болатын. Мұғажыриятта, әсіресе ТМБ арасында, Аяз әпендіні түркістандықтарға, дұрысы — түркістандықтарды Аяз әпендіге ептеп жақындастырған да мен болатынмын. Түркістандықтар Аяз әпендіні орыс мұғажыр саясатын жанын сала жақтасқан сатқын Бақытжан Қаратаевты қолдағаны үшін «атын өшірсе» , Түркістаннан басқа аймақтағы түріктер оны орыс төңкерісінің алғашқы кезінде Мәскеуде шақырылған «Ресей мұсылмандарының құрылтайында» Расулзада Мәметимин бектің бастауымен феодализмге қарсы ымырасыздығымен көрініп, унитаризмді барынша жақтағаны үшін жек көретін. Алманияда оқып жүрген түркістандық жастар Аяз әпендінің «Тұран қоғамы» ішінде істегендерін ешбір ұмыта алмайтын.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру