АЙ ТАРАНҒАН ТҮН
Светқали Нұржан
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
АЙ ТАРАНҒАН ТҮН (жыр кітабы) ІҮ-том
АЙТ-МАН
(жыр кітабы)
ІҮ-том
І-бөлім
ҒАФЫЛ-ЖАЛҒАН
КӨКІРЕГІМ – КӨНЕ КІТАП
Көкірегім – көне кітап.
Сұр тысты.
Қырық қазына, мың мағына – қыртысты.
Қиялым бар жетпіс түрге құбылған,
Көздеріңмен қарамашы бір түсті.
Оқымай-ақ отқа салма мені сен,
Керегіңе жарата алсаң – келісем.
Залым-сұмнан сағың сынған налаң мен
Ауырсынған жараң болса, – бөлісем.
Сыңар көзбен қарай берме сен өйтіп,
Бөлісе алам шаттығыңды – көбейтіп.
Бөлісе алам қайғы-мұңды – азайтып,
Айлы түнгі айдыныңды кеңейтіп...
Бұл кітапта саңқылдаған қыран бар,
Алып өткен Антымды аман мұрам бар.
Бұл кітапта – шырқай-шырқай шығанға
Шыңға ілініп қалатұғын бір ән бар.
Бұл кітапта даналардың сөзі бар,
Бабалардың, аналардың көзі бар.
Сазын – бұлбұл, назын жұлдыз жұптаған
Бұл кітапта арулардың өзі бар.
Арқалаған адам болсаң ар жүгін,
Өзіңменен бөлісемін барлығын.
Жел-желікпен аша көрме, тек оны,
Пенделіктің шаша көрме зәр-жынын.
Өйтер болсаң, айналамын тасқа сұр,
Қасыма кеп тамыр басып, ашпа сыр.
Бір-біріне тарс жабылып өтеді,
Сұп-сұр түсті, сұп-сұр тысты – қос басыр.
Бұл кітапқа кір жұқтырман – көрге енсем!
Түсін бұзбас – жапқан шапан, берген шен.
Мұны өйткені, Ел оқиды – әуелі,
Елден алып Жел оқиды – өлген соң...
04.06.2003 ж.
Шынжыр.
ҚАЗАҒЫМ
«Қазағым», – деп Әбубәкір Кердері
Жұлып ашты жүректегі пердені.
Осы өлеңді естіп өстім шалдардан,
Етегімді жабуға әлім келгелі.
Содан кейін, Абай, Ақан Серіден
«Қазақ» деген талай сөзді теріп ем.
Қоректенген қанын жалап жанымның
Ауру болды ол бірге өлетін менімен.
«Қазақ» десе, кірпігімнің жасы мөлт
Етер болды! –
Қайтер екен осы дерт? –
«Мен – қазақтың баласы!..» деп
тәкаппар
Дүниені жалт қаратқалы Қасым-өрт!
Сәл ес жиып,
кірпік сүйеп шамдалға
Нұрды жалғап отырғанда таңдарға –
Жан-қоңырау қоя берді сыңғырлап,
Қуан-ағам: «Мен – қазақ!..» – деп қалғанда!
«Қазақ» десе – үн бітердей кереңге,
«Қазақ» десе – тіл бітердей тереңге!
Телегейім қоя берді сайқалып,
Жұбан-ағам: «Мен – қазақпын!» дегенде...
Айналамды қамағанмен мол кезбе,
Мен қазақтан танымадым елді өзге.
Түрмесіне –
Міржақып пен Мағжанның
Әлі сәуле түспеп еді ол кезде...
«Өз қазағын жек көрер, – деп, – арыс қай?! –
«Қазағым-дап» сөйлеп бақтым қалыспай.
Қазақты айтса, сырт айналып кететін
Таң қалушы ем ағаларға талыстай.
«Қазағым!» – деп туды алғашқы ғазалым,
Сол халыққа бардай әлі жазарым.
Тілек айтам мінәжатты түндерде:
«Қазағымның алдында ал, – деп, – Ажалым!.. »
Көк байрағым тұрғанымен төбемде,
Жан-Азамды айтып жүрмін көп елге:
«Мен – өлейін! Жоғалайын!..
Қазағым,
Сенің атың қалмағай, – деп, – Өлеңде!.. »
...Қазағымның алдында алып Ажалым,
Топырағымды жап қолыңмен, Қазағым!
Құлпытасым:
«Қазағым!..» – деп күбірлеп,
Тұрса болды ортаңызда – Мазарым!..
08.06.2003 ж.
Шынжыр.
ӨЛЕҢІМ
Өлең, сенен өлсем қашып құтылман,
Жабысқан бір дерт болдың ғой тұқымнан.
Жүрегімнің тереңінде бір жел бар,
Жеткен маған зыңыранып зытымнан...
Қабағымда жатты талай торып түн,
Сонда маған Құбыла болып жолықтың.
Өлең! – Сені тірі сақтап қалам деп,
Талай жерде қорықпастан қорықтым...
Көкірегіме сәуле малып таңғы ыра,
Оятқасын – басқа амалым қалды ма?
Өлең! – Сені есен алып өтем деп,
Қанша бардым малғұндардың алдына.
Қасқа қазақ болған шақта қара бақ,
Жаудың оғы сені кетті жаралап.
Желтоқсанның қан атқанда көзінен,
Аман қалдың тар қаңқамды паналап.
Талай мәрте ит кісінеп, жылқы ұлып,
Періштемнің берген сыйын, жын тығып;
Апан-түнге адастырып апарды –
Ай-сүйекті тістей қашқан түлкі-бұлт...
Алтын сарай соға алмаспын мен саған,
Сенің арқаң – айналама келсе жан.
Жүрегімнің лүпілімен қанатын
Бірге қаққан, бозша торғай, болшы аман!
Бастан өтті – мұздай күндер, оттай түн,
Сонда өзіңмен бірге болдым – көпке айқын.
Бейітімде шырақ болып шырылдап,
Мен өлгенде – тек өзіңсің жоқтайтын!
Аман болса атажұрттың ақ тасы,
Мәңгіліктің жабылар-ау қақпасы!..
Құлып-Тастың құлап түсіп түбіне,
Шырлай алмай шалажансар жатпашы!..
08.06.2003 ж.
Шынжыр.
ДӘУРЕН КӨШКЕН
Кез қайда жаз жәнатын қусырмаған? –
Көзімнен жібек құмдай сусыр ғалам.
Барады тас төбемнен Дәурен көшіп,
Қанаты құлағымда сусылдаған.
Кез қайда қусырмаған жаз жәнатын? –
Қалқамның әр қылығы наз болатын.
Сыңсыған, Айлы Дәурен, көштің қайда
Басымда қонақтаған аз ғана түн?
Қош, қалқам – әнді жалған, өлең-жалған,
Кеудемде әрең жанған сөнерде арман –
Саз қылып, самал қылып тарқатармын
Сарқытын сағыныштың сенен қалған...
Ай-дарақ, болғай жұлдыз-бұтаң да аман!–
Деп тілеп, саусағыма тұтам қалам.
Соңымда саз-самалым қалса аңқылдап,
Алдымнан күтер, бәлкім, ЖҰПАР-ҒАЛАМ?..
ЖАРЛАУ
Жарқ етіп көшті жаз-дәурен,
Жаңғырды талай жыр-көшем.
Жанумен,
жана жаздаумен
Жетіппіз жырақ жылға есен.
Жылаулы жылдар қалды артта,
Жалаулы шақтың бәрі есте.
Жайласам жазғы Жәннатта, –
Жасаған жазды емес пе!
Жуалы жонас, сайыңнан
Жай ұрған талай жоғалды із.
Жұлынға жұғы жайылған –
Жұпарлы жалбыз, көк андыз.
Жанымды жүрген жадылап –
Жамбасқа жұққан топырақ.
Жосылды жолдар жамырап,
Жерімнің жақтым отын ап.
Жапан қыр, жалғыз отанды
Жауладым жырмен, қиялмен.
Жерлендім жалпақ жаһанды
Жарығы жылы ұяммен.
Жанарға жылдар жақса үміт,
Жондағы гүлдей қысылдым.
Жолдаған жанға жақсылық –
Жырымды жазған ұсындым.
Жүрекке дәйім жағып шам,
Жанында жүрдім Арымның.
Жыламай жалған –
жабықсам,
Жарығын жұттым жанымның.
Жарылмас досым – өлеңім,
Жүз жолдас жидым қасыма.
Жастықтың жасыл желегін
Жұбайдың жаптым басына.
Жолығар жанға – аза-сын,
Жазуым бітіп кенеттен,
Жаратқан жазып жазасын,
Жазымыш жетсе, – жоқ өкпем!
Жемітін жұтсын шата сұм,
Жолығар алдан Ар-түрме.
Жендеттің жемей жапасын,
Жеткей жан Мүңкүр-Нәңкірге!
Жоғалтқан Арын – қарын жеп,
Жанынан аулақ – боқ-байдың!..
Жаббардан жақын Жарым жоқ,
Жұртымнан жырақ жоқ Қайғым!
Жазықсыз, қалай тұл қалмақ,
Жалпыға жиған қазынам?! –
Жоқ арман –
жатсам жыр жолдап,
Жәннаттың жұпар жазынан!..
05.06.2003 ж.
Шынжыр.
ЕР ДОСПАМБЕТ АҒАҒА
Айнала – бұлақ, басы – Тең,
Азаулының Ыстамболдан несі кем?!
Доспамбет.
Айнала – қырат, төсі – кен,
Маңғыстаудың Ыстамболдан несі кем?!
Ер Доспамбет ағадан
Кем бе еді менім-дағы несібем?!
Әлі асқанның азуында кетті Азаулы,
Жаратқанның жазуында кетті Ажалды,
Жарақты елдің қазуында кетті Хазарлы.
Еніп алып Есіме,
кіріп алып Түсіме,
ей, Ер Доспамбет ағамыз,
қоймадыңыз-ау қажауды!..
Ер Доспамбет ағамыз,
назар салып қараңыз, –
кәпір оғы қыл майқаннан қарып түскенде,
тұлпар-жалғаннан жұлдыздай ағып түскенде –
сөнген жоқ еді ғой санаңыз.
Сол жығылғаннан тұрғаным жоқ әлі мен,
ғұмыр кешем залымдардың заңымен.
Шах Мамайдың төрткүліне шығамын,
шығамын да бұғамын,
дұшпан сұғын қадар деп, –
қорыққаным – кәпірлердің кәрінен.
Кейінгі қалған көп көпек
аруларымның белін шешіп – ие боп,
Сенен қалған ардың туын күйелеп;
тіннің бәрі шым-шытырық шие боп,
қақ сүйекті қан қақсатып тиеді оқ!..
Жатып жиған тезегімнің ығында
бұраламын үйелеп.
Құтылдым деп орыстан,
тұтылыппын борышқа! –
Анау жылы –
кәрін шашқан бағы қашқан қонысқа
погондылар Мәскеу жақтан ұшып кеп,
жұлдыздары иығында күшіктеп,
зілді ызғары миығында ісік боп,
жүруші еді біздің мынау болыста.
Өзгергенмен өңдері –
қимылдары дәл солардан аумайтын,
Арманыңды салмағымен жаулайтын:
нәсілі жоқ, ұлты жоқ,
кәсібі көп – ғұрпы жоқ
отаршылдар тағы басты – сауға айқын!
Сенен қалған мертік шалған Қаңқамды
Енді кімдер көкпар қылып тартар-ды?
Ебірейдің тақасымен езгілеп,
католиктің Папасымен езгілеп:
«Сен – олардың досысың!» – деп Ант алды.
Біздің ауру Өксіктің
көмейіне тас тыққан
құтылмадым сонау «ұлы достықтан»!
«Достық», сірә, жетер менің түбіме,
аман шыққан анау жылғы Аштықтан!
Қастық – хан боп төрге озғанда талтаңдап,
бас бұққан көп,
бастыққан бек – жас жұтқан.
Мынау ненің нышаны? –
Аспан толы азат елдің ұшағы.
«Достық – менің байлығым!..» – деп қаңқылдап,
Біздің қаздар барша әлемге ұшады.
Шүршітті де құшады,
жөйітті де құшады,
жөгіні де, зәңгіні де қысады.
(Неткен кең ед құшағы!)
Құшағының кеңдігі – етегіндей, мысалы.
Үміт үзіп мына біздей зарықтан,
мұңаяды ғаріп Таң:
«Ертең қандай Ел шығар, – деп күбірлеп, –
Қас пен Досты айырмайтын халықтан?!»
Бұлақтарды жылатады жалбыз-мұң,
Құрақтарды жұбатады андыз-мұң.
Әруақтардың нышандарын ұғатын
Үнін қашан естіртіп ем – Жалғыздың?!
Жалғыздардың төбесінде – бар құзғын.
Құранымды өш – Арамға аудартып,
Ұранымды есі Алаңға салғыздым.
Көз жазып қап замананың көшінен,
Сарыарқадан босып ем.
Алатаудың төсінен
сүренді от боп өшіп ем.
Қаратауда қаралы күй шертіп ап,
Құм Нарын мен Ақ Жайықты
толарсақтан кешіп ем.
Өткенім мен Жетпегім,
Бүгінімнің Есіне ен!
Ене алмасаң – кешігем.
Желге ұшарын,
жер құшарын хақ деп біл,
жерге сыймас есіл де менің несібем!
Айнала – қырат, төсі – кен,
Маңғыстаудың Ыстамболдан несі кем? –
Несі кемдігінің Себебі:
Ер Доспамбет ағаның
артында қалған баланың
шықпайтын болсын Есінен!..
Жұпар қырға төккен боқ
Қисық Тақа басады ғой өктемдеп,
Сол Тақаны сүрінтер
түбір болсам өкпем жоқ! –
Ер Доспамбет ағаның
Жүрегінен жеткен Кек –
«Сіздің естен кеткенмен,
Біздің ЕСТЕН кеткен жоқ»!..
04.06.2003 ж.
Шынжыр.
«ХАССАҚ ҰЗАНЫНЫҢ ОҒЫЗ ҚЫЗЫНА ОЗАЛЫ»
топтамасы немесе «жеті күлше Құдайы»-жыр
1.Жан әлдиі
Сенің нұрың – менің әппақ кебінім,
Сол кебінге оранса еді өлігім.
«Жан-әлдиім – өзіңіз!..» – деп, Ақ ханша,
Жаназамды оқыса ғой ерінің...
О сол шақта күрт өзгеріп мына әлем,
Күлер еді ең әдемі КҮНӘМЕН.
Нұр-кебінге оранғасын,
мәңгілік
Өзіңе арнап Өлең оқып тұрар ем...
«Өзің!..» – деші,
көкірегіңе гүл қадап,
Кірпігіңнің әрбір талы бүр жамап.
Жаназа мен Жыр қиғанда некесін,
Періштелер той жасайды іңгәлап.
Аспан-Жерді шат шыраймен қаусырам,
Балқып кетпей тұра алмайды сау Шыдам.
Табар ғалам – әнін, сәнін жоғалтқан
Періштенің іңгәлаған даусынан...
«Жан-әлдиім – өзің!» – деші...
2.Тылсым жұлдыз сүйегі
Сүйегі мәрмәр Ақ ханша, мәртебең биік,
Төменнен саған көз салып өртенем күйіп.
Жан-теңізімде жүзесің Тылсым жұлдызша,
Әппақ сәуледен басыңа сәукелең киіп.
Уыздай нұрың жұққанда кермек ерінге
Тамсана берем,
білмеймін шөлдегемін бе?
Махаббат күйі ыңырсып қоя береді,
Сен саусақ бассаң, толқынның пернелерінде...
Пәнері жұлдыз Ақ ханша – оғыздың қызы,
Сен десем, үн боп тамады қобыздың мұзы.
Қобыздың мұзы тамғанда –
сыбырлап сырын
Албырап қоя береді теңіздің жүзі.
Жүректің қызыл құмына күйіп табаным,
Алдыңа сенің еңсемді иіп барамын.
Киіп барамын кебінін сағынышымның:
«Есіркей гөр, – деп, – мәртебең биік қарағым!..»
Ақ сәулең жанды шақырып жырақтан арбай,
Телмірем тылсым төріне – мұрат табардай.
Өзіңдей Нұрды сүйгеннің, мүмкін бе, сірә,
Күнәһар жерде қалуы – жұмаққа бармай?!
Оғыздың қызы!
Сен айтсаң аңызға нанам,
Тағы бір Аңыз жаралсын Абыз-Даладан –
Жұмақта жүздескенімде қайырып берем,
Уыз-нұрыңнан қия гөр қарызға маған!..
Талпынып Тылсым жұлдызға – киеліме мен,
Жазғанмын қобыз-көңілдің жиегіне өлең –
Уызыңа ерін жетпесе,
Нұрыңа – қолым,
Ақ мәрмәр сүйектеріңе сүйеніп өлем...
3.Пәруана жыры
О, Ақ ханша, жұлдызың тым жоғары,
Сен жүрген жер – Ағрафтың* көгалы.
Сенің үнің саңылауыма сіңгенде,
Жүрегіме бал жұққандай болады.
Мен жолаушы ем – басын, қасын қапқан шаң,
Жуды нұрмен көзіме өзің жаққан шам.
Періштелер патшасының ақтығы ең,
АЛЛА саған арзу қылды, Ақ ханшам.
«Мен» дегенде, дәтің – мықты, діт – берік,
«Сен» дегенде, біздік төзім бітті өліп:
Жүрегімнен қызыл-жасыл жас саулап,
Сүйегімнің сәулелері түктеніп!..
Сену керек өле ғашық – аңғалға,
Сөну керек көбелекше шамдалда.
Сендей жанға ынтық болған шайырдың
Моласынан шырақ жанса,
таң қалма!
О, Ақ ханша!
Сенсің ғасыл мұратым,
Мұратына жеткен емес бір ақын.
Өзің ғана –
әуейілеу ғашықты
Әулиеге айналдырып тынатын.
Беу, Ақ ханша!
Шыдай тұршы сәл ғана,
Кеңиді әлі-ақ біздер сіңген тар мола.
Мерт болады дұға қылып біздерге,
Шырағымнан шырқ айналған пәруана...
02.06.2003 ж.
Шынжыр.
-------------------------------------------
Ағраф* – жәннат пен тозақтың арасы.
4.Хәл
Сен! – десем болды,
жанымнан тың ырғақ табам,
Сен! – десем, сөйлеп кетеді сыбырлап ғалам.
Сен! – десем, жұлдыздардан да жұпар аңқиды,
Сен! – десем, тарта жөнелед бұталар күйді.
Сен! – десем, қара тастар да елжіреп қалып,
Көздерін сүртіп жатады жел-жібекті алып.
Жапырақтардың жанары жиі шықтанып,
Көбелек шөлі гүлдермен сүйісіп қанып;
Көбелек түгіл, қанаты дегелектің де
Тұтанып кетіп, жанады от керемет, мүлде;
Суылдап судың бетімен жалын жүгіріп,
Тал аяғына ақ самал талып жығылып;
Қанаты талып құстардың, діңкесі құрып,
Айдын екен деп, құлайды құм төсін ұрып.
Төсіне құмның құпия діріл жайылып,
Тарайды бір үн қобыздың қылындай ұлып.
Бозторғай барлық бұлбұлмен үн жарыстырып,
Жыландар таңдай қағады қырдан ысқырып.
Сүт-сәуле жуған сұлулық – көзді құрсап бар,
Бу болып ұша жаздайды боз құлыншақтар.
Күлкісін шашып ақ бұлақ – таудан жыр сұрап,
Ай-тегененің ернеуін саумал-нұр шылап;
«Құс жолы» – түннің қанаты...
Сөгіле қозғап,
Қисая жаздап дүние,
төгіле жаздап...
Құныға қарап бәріне – жан-ақы қалып,
Көкжиек жатад кірпігін қанатып алып.
Дүниенің өзі осындай:
«Сен!» – деп қалғанда,
Жайымды менің ұға бер – мен боп толған да!..
Осынау сырды өзіңе ақтарсам дедім,
Осынау ғалам астында, Ақ ханшам, менің!..
02.06.2003 ж.
Шынжыр.
5.Нұр перзенті
Тегіңді сенің таратып айта аламын ба? –
Руың жоқ-дүр түріктің тайпаларында.
Салорларында да, баяттарында да,
Қашқари жазған жұлдыз бен ай аттарында да;
Аусарылар мен емірлеріңде де,
Еңкулеп жортқан Темір легінде де;
Ерсарылар мен селжұқтарда да,
Маңғыттар түгіл, таңғұттарда да;
Жер-түптен жеткен оғызыңда да,
Қорқытпен жеткен қобызыңда да –
Сенің атың кездеспейді, Ақ ханшам! –
Есімің жоқ –
тоғанақты ақтарсам.
Күлген сағымға ілесіп,
мүрдем сарынға,
Есіміңді іздеп ес кетіп жүрген шағымда,
Күп-күрең тастың астынан қабаржып маған,
Шопан-Атада тіл қатты Оғаржық қаған:
«Ешқашан сені түсірмес – дастандар ізге,
Шын сүйсең –
ОНЫҢ ІЗДЕРІН АСПАННАН ІЗДЕ!..»
Мен содан бері тау жаншып, тастарды да езіп,
Сені іздеп жүргем, Ақ ханша, аспанды кезіп.
Бір күні, таңғы шұғыла тұнған ғаламнан
Үн шықты:
«СЕНІҢ СҮЙГЕНІҢ НҰРДАН ЖАРАЛҒАН!..»
Кірден жаралған пендеге қиын сын болды,
Нұрдың Перзенті біздейге бұйырсын ба енді?
Тез ғайыптан тіл қатпасаң, Ақ ханшам,
Шайылады шыңнан – шырай, бақтан – сән...
Ғайыптың ісі...
Жыр ма бұл елге сыйлайтын? –
Мен сүйген жанның әдеті ед жерге сыймайтын.
Әй, бәсе!
Менің сүйгенім төбемнен балқып,
Түссе керек-ті қанаты өлеңмен қалқып.
Мен жүре берем –
қыпшақ та, оғыз да атанып,
Өзіңнің артқан қайғыңды қобызға таңып.
Ақ ханша!
Жолың бар екен мызғымас та айқын,
Тірліктің түнектерінен бізді бастайтын.
Қарармын саған қарашық талмай,
Ізіңнен жүрсем адасып қалмай...
... Армансызбын, Нұр Перзенті – Ақ ханшам! –
Нұрды сүйген жанды кейде жадқа алсаң...
Сол жетед маған – жадыңа бір сіңсем болды! –
Өртейді демің ғаламды – күрсінсең де енді!..
03.06.2003 ж.
Шынжыр.
6.Шамдал нұры
Жел үрген шам емес пе – ұрынса жан,
Жетті әзер тіл қатуға бүгін шамам.
Ұсындым – дауыл ұрып тамырымды,
Жанымның нұрға ораған жырын саған.
Үй сырты төбет-жел жүр саңқып үріп,
Үркесің – кірпігіңе жан тығылып.
Майшам тұр пеш үстінде – жел үнінен
Шишасын білтедегі от шалқып ұрып...
Қымтанып кірпігіңмен қымсынғанмен,
Көзіңде – тылсым-дәрмен түн сынды әрмен.
Күзгі түн, қоңыр төрге ыңыл жағып,
Кеудеме сурет салдың мұңсіңді әнмен.
Күрсінсең – қоңыр түнше күрсін, қарғам,
Қалдырмас кімді арманда бұл сұм жалған!..
Жұпарын септі кенет,
өтті жебеп
Сезімің – жанарыңда бүршік жарған.
Ілебінен таңғы күннің исі күлген,
Айналдым, бүршік жарған түйсігіңнен!..
Осылай иемденіп кеткем сені,
Жанардан жанды оқитын қисыныммен...
Сырт-Ие – өтті жылым... аптам солай,
Соғар ем саған жазған хаттан сарай...
Ұшында кірпігімнің қалып қойдың,
Жанды уға малып қойдың, Ақ ханшам-ай!..
Ғұмырым бұлқынады тар шеңберде,
Япырмай, біздей ме екен бар шерменде? –
Кетерсің кірпігімнен от боп тамып,
Білтесі бір жалп етіп – Жан сөнгенде!..
04.06.2003 ж.
Шынжыр.
7.Ғашықтар көші
Ғашықтар Елі көшіп барады жырақта,
Мінәжат Түні тиеді даусы құлаққа.
Мән бермес едім: «Өшкен бір дәурен-дағы», – деп,
Оғыздың қызы, сен барсың онда, бірақ та.
Сол Көшке кейін дәп қылып алдым еруді,
Қызыл да жасыл ғажап керуен шерулі.
Пендені, бірақ ішіне қарай өткізбес
Кемпірғосақтың көпірі жатыр керулі.
Бір көрсең оны – қоймайды қайта көрмеске,
Ол Көштің даусы жанға енді тыным бермес те.
Салып барады жұлыныма байлап әндерін,
Аңыздан жеткен арудың бәрі сол Көште.
Тоқтайтын жері, беймәлім бағыт-мекені,
Даламнан мынау дүбірлей көшіп өтеді.
Қанағат тұтып, қала барамын артында,
Бір көріп қалсам өлердей сүйген көкені.
Мезі етіп кейде мыйсыз мәжіліс, кер кеңес,
Аржағына өтем –
пайда болғанда перде-елес.
Жұмақтай көріп, жұртында түнеп жатар ем,
Ол Көштің жолы аспанда да емес, жерде емес.
Шуақша шашып көздегі Нұрдың шарабын,
Оғыздың қызы, мен жаққа кейде қарадың.
Бір мәрте Көштен қала жаздадың жырылып,
Қалмай жүгірген мені аяп кетіп, қарағым.
Жүрсеңдер болды, шығармай, соғып, елді естен,
Қалармыз біздер сырымызды айтып желге ескен.
Бейіш-Мекенге біржола көшіп жеткенше,
Оғыздың қызы, ажырай көрме сол Көштен...
09.06.2003 ж.
Шынжыр.
ЖАПЫРАҒЫ ЖАНЫМНЫҢ
Бөлек боп тағдыр таңбасы да ені,
Жыраққа сүйреп жол қашып еді.
Жолымыз біздің ажырағанда
Жапырағы жанның жап-жасыл еді...
Ғасырлар салып ізіңнен жеттім,
Күз уілдеп тұр...
Жүзіңнен де өптім.
Кірпігіңнен көріп тізілген көп мұң,
Мөлтілдеп барып... үзілген жоқпын.
Сезімнің сөлі сарқылмаған-ау,
Жанарда жатты жарқылдап алау.
Ғасырлап жұтқан сағыныш жасын
Қандай қиын ед алқымға қамау?!
Жиналдық зорға – сөгіліп барып,
Көңіл көбесі көмігіп тамып.
Сонша сүр-сартап сарқынды сабыр
Ұялта жаздад – төгіліп қалып.
Көңілшектенбей көңіл шектеліп,
Кеткен екенбіз шегіншек болып.
Жылдарға сіңіп жоғалған сынды
Үрпек қыз үркек келіншектеніп.
Күз жетті...
Дауыл сапырарына
Көз жетті – тағы аһ ұрарына.
...Ішіме жұтқан тамады жасым
Жанымның күрең жапырағына...
02.03.2003 ж.
Шынжыр.
ӨҢ МЕН ТҮС
...Мен Жұмақта жатырмын...
Жасыл шалғын.
Тізесіне һүрлердің басым салдым.
Айналамда құстар жүр жібек қанат,
Әндеріне қосылдым жүрек қалап.
Дүниеде кір де жоқ, көлеңке жоқ,
Бұлақ былдыр қағады көп еркелеп.
Жасыл шалғын сөйлейді жұпарлы үнмен,
Қанғанымша сол үнді жұтам гүлден.
Мамық ғалам.
Салмақ жоқ білекті үзер,
Тікен де жоқ жүректі шым-м еткізер.
Саусағымда сыңсыған қауырсынның
Тасқа тамған көз жасын ауырсындым...
Ауырсындым, көз жасын тастан оқып,
Жалғап кеттім арғарай дастан етіп.
Тас та балқып,
жанардан жас та балқып,
Кемпірғосақ исінен аспан аңқып;
Бұлтсыз көктен жауып тұр жұпар жаңбыр,
Шырақ жақты жаңбырдан тұтанған гүл.
Сол шырақты кеудеге қададым да,
Қарғып тұрдым – жалт ойнап жанарымда.
Әдетім ед От көрсем тұра алмайтын,
Бір пәле бар сол отта –
Құранға айқын.
Жанарымның жалтынан тастар күйіп,
Ала қойды жұпарын Аспан жиып...
Бір күш мені ылақтырды жыраққа ала,
Сыймайды екем мен байғұс Жұмаққа да.
Бар алғаным – жатқанда құлап бара,
Кеудемдегі сөнбеген шырақ қана...
Есім жисам, келемін қара қырда,
Күзгі жаңбыр құйып тұр қабағымда.
Тікен жарып, табанды тастар кесіп,
Турап жатыр жасындар аспанды осып...
Саусағымда сарнаған қауырсынның
Жанға тамған көз жасын ауырсындым...
Содан кейін тығылып бір қуысқа,
Шөлім бастым, толтырып жырды уысқа.
Шырақ аман.
Қалды артта ауыр сыным,
Саусағымда сыңсиды қауырсыным.
Жібек қанат құс емес –
көбелектер
Шыраққа кеп – түсіп жүр көп әлекке ел...
Өң де, Түс де кешкенің –
кешіремін, –
Бар көргенім өмірде осы менің...
07.06.2003 ж.
Шынжыр.
ЖАЙЛАУДАҒЫ ЖҰРТ
Жете алмай жапанына кезген сағым,
Жоғалған жырақ жәннат кезді аңсадым...
Жәудіреп қалып едің жайлауыңда,
Жанарың көзіндей боп боз наршаның.
Жайлатқан жазымды аңсап Айды уысқа,
Жүрегім қолын қанша жайды құсқа.
Жан жоқтап жұпар-жарық жанарыңды,
Жазған құл жүгірмеді қай қуысқа...
Жабыңқы күз сарғайтып көк қырқаны
Жатқанда, жолға түсіп көп бұлтаңы,
Жандардан жүз-өңі бар, жүрегі жоқ
Жалығып, өзіңді іздеп жеттім тағы.
Жолығып қалар-ау деп қай қауымнан,
Жоқ іздеп қойлы ауылдан, тойлы ауылдан –
Жұртыңа жеті айналып жеткенімде,
Жарыла ел көшіпті жайлауыңнан.
Жылаған күз қалыпты мекеніңде,
Жүз басқан із қалыпты кетеріңде.
Жүзімді бұра алмадым іздеріңнен,
Жүрсің деп кімнің ғана жетегінде?..
Жоқ па деп жолығудың бір амалы? –
Жай айттым жапыраққа тұмадағы...
Жатырқап жекенді сай, жалбыз-бұлақ,
Жабыққан жағыдайымды сұрамады...
Жанардан жанұшырып безген сағым
Жетектеп жетті аңсатқан кезден сарын.
Жылаған жел ме, мен бе, Құдайым-ау,
Жетеді-ей, даусы қайдан боз наршаның?..
Жамалын түздің желі опалаған
Жұртыңнан жалғызсырап кетем әмән.
...Жанымнан, жез бұйда-жыр, жырақтама,
Жанары жер түбінде боталаған!..
08.06.2003 ж.
Шынжыр.
СӘЙКЕССІЗДІК
«Пай, пай, түлеп кеткен екен мына қыр!
Көктем екен мен көрмеген, сірә, бұл.
Қалай қиып өкпелетем гүлдерді –
қауызында жанып тұрған шыра-нұр?!
Жатыр бүгін ілебіме тас жібіп,
жоқ білемін қалған тірлік бас бұғып.
Көп аңсатқан мекен ең ғой,
құлақ сал,
кетем бүгін бәрін жырмен мас қылып!
Мондалақ пен көсік қазған шағылдан
із көремін... айналайын, табыңнан!..
Көрмегелі көп болды ғой,
менің де
шығарсыңдар жырларымды сағынған?!»
Осылайша, бояуды алып көздегі,
солғын жерге жағып көрдім сөздегі.
Байқап тұрсам,
шаруасы жоқ менімен,
барлық дүние өздерімен өздері...
Саусағымен құмның бетін сызғылап,
тәлімсиді төмен қарап қызқұлақ –
илан-мырза желкесінен иіскеп,
мазалайды омырауын мыжғылап.
«Мен бар жерде, – деп, – туымды кім алмақ?!» –
Барлығын бір хош қылмақ ем жыр арнап! –
Қолтығында қоңырбас пен еркектің
ыраң біткен билеп кетті бұраңдап.
Сақтап келген жырыңды енді бұлтқа шаш!
Сырыңды анау мөрі көшкен жұртқа шаш!
Саған ешбір алаңы жоқ! –
Изеннің
құшағында құлап жатыр құртқашаш.
Мына дүние зәру деп пе ең, не, саған?! –
Есің барда еліңді тап, Есалаң!..
Қызғалдақты бүктеп басқан бауырына,
қазір менен айбындырақ ошаған.
Өз қызығы өзіндегі гүлдерге
өткізетін жағыдайым жоқ жырды емге.
Табиғаттың тікен болмай көзіне,
қой, кетейін,
маған не бар бұл жерде?!.
06.06.2003 ж.
Шынжыр.
ЖҰМАҚ-ТҮННІҢ ЖҰПАРЫ
Лүпілін жүрегімнің бұлаққа ілдім,
Деміне құлақ түрдім қырат-қырдың.
Ай – құлып.
Жұлдыз-кілтпен бұрап тұрмын,
Қақпасын ашпақ болып жұмақ-түннің.
Жұмақ-түн.
Жұмбақ әуен.
Шырын ғалам,
Түйсікпен аулап келдім сырыңды әман.
Ақтарып жеті ықылым құпиясын,
Сөйлейді жұлдыз ғана бүгін маған.
Мен кешкен ғажап ғұмыр осы-ай, жалған!
Бақыттан бұл бір дәурен бас айналған.
Жыр емес, көмейімнен нұр тамады,
Жұлдыздар сиқырына масайғаннан.
Лапылдап тамырымда ұшқалақ қан,
Сәулеге ілесердей тұстан аққан...
Сусылдап естілердей,
періштенің
Дыбысы қанатының қысқа қаққан.
Шырышы бұзылмаған думан қырда
Бойыңды шайтан шөлі – шуға алдырма!
Үні бар Періштенің –
тыңдап қара,
Дәл бүгін жүрегімнен туған жырда!
Бұл дәурен маған тиген бәсіре екен,
Асыл жоқ жалғаншыда бәсіне тең.
Жұлдыздай ағып шығып,
жан-жағыма
Жұпарын жұмақ-түннің шашып өтем!..
04.06.2003 ж.
Шынжыр.
БІР ҮЗІК... БАЛАЛЫҚ
«Әйтшу, әйтшу, қызыл нар,
Бесқалаға түзу бар...»
Бала кезден құлақта
Қалып қойған ызың бар.
Дүйсенбек Қанатбаев.
«Әйтшу, әйтшу, қызыл нар...» –
Осы өлеңді
Айтпайтұғын боп кетті шешем енді...
«Целинадан» ағамыз кеше келді,
Тың жайлы әнмен жан-қоймам еселенді.
«Тербеледі тың дала» деген әнді
Шырқайды кеп апамыз менен әлді.
Тысқа шықсам...
қызыл нар келеді әлгі,
Қақ айырып тіземен кере қарды.
Бесқаладан ұн артып тірі жеткен
Тұратындай еске алып күнін өткен.
Босап қалған жандайын қызыметтен,
Қарамайды ешкім де құрыметпен.
Көптен бері бұйырмай жем-сыбаға,
Шеттей беред қызыл нар ерсі, дара.
Ән арнамас «жол қарап», ол, сірә да,
Көре қалса тас атад көрші бала.
Керуен ед қызыл нар үшін байрақ,
Қалмағандай талыстай мүсінде айбат.
Қайдағы бір суық мұң ішін жайлап,
Ыңырсиды желіде тісін қайрап.
Өндіріс кеп,
қысқарды ұзын өріс,
Үркіп, қонбай ұшқан-ды тізіле құс.
...Ақырып тұр әркімге –
жүзі кейіс
Қызыл нардан кіші емес қызыл орыс.
...Көтеріле бергенде төбеге Ай тік,
Буыршын-жел астымен желеді айқып.
Оралғанда өрістен келе қайтып,
Қарсы алады қызыл нар «өлең» айтып...
«Әйтшу! Әптшу!..»
Осы еді қысқы қызық...
Соғым сойдық содан соң...
құс тізіліп.
...Қызыл қарда – қызыл нар...
Түсті бұзып
Қып-қызыл шоқ ішімнен түсті үзіліп.
«Әтшу! Әтшу!..»
Қызыл қардан ұшады ақ шұбақ бу...
Қалғаны есімде жоқ...
07.05.2003 ж.
Ақтау.
КӨШ-КЕРУЕН
Не деп маған ыңырсисың, нар-мекен? –
Ол-дағы бір... біздей болған зарлы екен...
Сенің барлық қасіретіңді сіңірген
Бізден шерлі, бізден желді бар ма екен?
Іңген-далам, мая-далам, нар-далам,
Тағы қандай өкпе-арызың бар маған?
Бозторғайдан бағам төмен мен байғұс,
Сенің тамшы көз жасыңды талмаған.
Боздай бермей тоқтай тұршы, бота-дөң,
Көшкен жұрттың өшпей жатыр оты әрең...
Көзім жұмсам... бұлт шудалы керуен
Босып кетіп баратады жотамен.
Көктем уыз ақтарғанда күбіден,
Көз, құлақты ала алмаймын күнімен –
Ыңыранған айырқанат ізінен,
Зыңыранған зымыранның үнінен.
Шығарғанда тылсым шыған, жапан үн,
Жүрегімде боздайтыны-ай ботаның...
Оралар ма... бізді жұртқа қалдырып,
Аспан жаққа көшіп кеткен Отаным?
Бұйда-мұңды жұлқыласа нар-мекен,
Көкірегімнен естілетін ән бөтен.
Түн баласы жұлдыз ағып тынбайды,
Жүрегімді жырып кеткен қан ба екен?..
Нар-мекеннің көшіп кеткен қазағы
Қайта оралып, төріне әлі озады –
«Темірқазық» тапжылмай тұр, өйткені,
«Құсжолының» бұрқырайды тозаңы...
05.05.2003 ж.
Ақтау.
БІРЕУ
«Қорлайды, – деп, – қадірімді білмей жұрт», –
Күрсінеді есек құлақ, пілдей қырт.
Әрбір сөзін шығарады күйелеп
Мүйіз тұмсық астындағы зілдей мұрт.
Қара жерге түкірігін былш ұрып,
Барлық түгін тікірейтіп тыңшы ғып,
Күйзеледі,
ұрлап жиған боғына
Елдің бәрі қылмайды деп құлшылық.
Ындын – аран,
нәпсі – құрдым,
еңсе – құз,
Бұл жоласа, – босаға – арық, төр – семіз.
Місесі өліп батпақтанған санаға
Тас батпайды,
оқ өтпейді сенсеңіз!
Бет базданып,
шек қозданып,
шат талып,
Ол тұр, міне, сөгілуге шақ қалып.
Қиын жалап – ділі кеткен боқтанып,
Тиын жалап – тілі кеткен таттанып.
«Қай нәсілден жаралған?» – деп, сірә, алаң
Болып жүрме! –
Пайда болған бұл адам:
Қарынбайдың қорын құйған ұрадан,
Шығайбайдың боғын жиған жырадан.
Қор заманға қолай келген сорлы ағаң
Ұлттың ұры ұрығынан – ең һарам!
Бұл өмірге келген күні,
жиіркеніп
Жер бетінде бір періште болмаған!
Кіндік кесіп, мұның атын қойған жын,
Бұған жұғад шәйтани-шәр кей қалжың.
Құрсақ қылын қозғамайтын шаруаға
Сөзі салғырт,
көзғарасы қоймалжың.
Аяғында жатқаннан соң ас ырғын
Бұл зұлматқа мен де талай бас ұрдым...
Отап келед егінімді көк өскін –
Ең кесапат арам шөбі ғасырдың!
Бірге ас жеген нәйіспенен, наспенен
Ол барар жер – біз кірмейтін басқа әлем...
Ол басқанда – ойбайлайды Жер байғұс,
Бірақ ешкім естімейді – тас керең!
Оған деген күлкің болса – күлмей құрт!
Оған деген түрпің болса – ілмей жырт!
«Қорлап жүр, – деп, – қадірімді білмей жұрт», –
Тас төбемде талтайып тұр пілдей қырт...
Жібек-бұлтты жеп тауысып күйе-күн,
Жалмайды кеп, талмайды көкжиегін...
Пілдей қырттың табанының астында
Сықыр... шықыр... шыңғырады Сүйегім...
Маусым, 2003 ж.
Ақтау.
ҚОШАҚАН-ДАЛА
Беу, менің, қоңыр қошақан-далам,
Неге маңырайсың көргенде мені?
Бұралқыларға тас ата алмаған
Мен де бір күздің шерменде желі.
Босағаныңмен кеше көгеннен,
Мойныңда жүр әлі бұршағың.
Жолыңды ындын-құрт кеседі өлермен,
Толтыра алмаған кәрі құрсағын.
Қорқатын болдым жең түрінгеннен,
Құрбан шалардай араны аш құлдар.
Бұлт емес анау жөңкіліп өрген,
Өзіңді аңдыған қара қасқырлар.
Шығатын болдым жылап түнімен,
Өшердей қырдың думан әндері.
Үңгір қазып ап құлақ түбінен,
Әулігіп жатыр шулаған бөрі.
Жатқандай қорқам сені қоршап ап
Кілең шибөрі түнек-көзденген...
Маңырай жүгіріп мені көрсең-ақ,
Не таптың, қозым, жүректі езгеннен?!.
...Жауым жоқ, шүкір, шаңырақты ұрған,
Есім де бүтін, аятым анық.
Тек... қоңыр қозы маңырап қырдан,
Жүреді ылғи да оятып алып...
09.06.2003 ж.
Шынжыр.
БОЗБАЛА КЕЗДІҢ БОЗ ДАЛАСЫ
...Барып қонды көп жылдар көзден жырға,
Бар ма елестер – біз кеше кезген қырда?
Бозғыл айдың астында, боз көйлек қыз,
Бозбалаға боз атты кез болдың ба?
...Бұрымыңмен көзді орап әуре қылдым,
Құлағыңа сырға қып сәулені ілдім.
Өзі екенін сол түннің білмеппін-ау
Екі қайтып оралмас дәуренімнің.
Сәттер есте байланған сәтке тілім,
Сипап тұрдың ондайда ат кекілін.
Есімде әлі – Мұқаңның «Бозқараған»,
«Боздаласын» Қадырдың жатқа оқыдым.
Жан едің ғой сен сұмдық жырға ғашық,
Кеттік өлең көгінде бірге адасып.
Бара жатты екеуміз қосыла айтқан
«Желсіз түнде жарық ай» қырдан асып...
Құсжолы боп теңселген арман-шынар,
Жұлдыз емес шашқаны, маржан шығар!..
Бізді көрген сол түні жан болса егер,
Періште иә... солай деп қалған шығар!
Жүрек жырдан лапылдап, көз – құмардан,
Өте шыққан сол ғажап кез бір арман.
...Айлы қырды кезсем-ақ,
боз көйлекпен
Қалқып шыға келесің боз мұнардан.
Бөліп кеткен жолдардың бұралаңы
Жыр-хатымды жеткізбей шұбалады...
Сол бір қырда сол қалпы елесің жүр,
Кешір...
жиі қатынап тұрам әлі...
08.06.2003 ж.
Шынжыр.
АДАЙДЫҢ АҚЫРҒЫ «БАНДЫСЫ»
Баллада
Жеген етім қабырға,
Жылқы жайдым шағырға.
Барсаң, сәлем дегейсің
Біздің Айман тамырға.
«Банды» Ұзақбайдың өлеңі.
«...Сонау өткен отыз бірдің жылында,
Үстірт үсті, Самның орғыл құмында
Ту көтерді Мырзалы* мен Боқмаш* «хан»,
Майдан ашып бәлшебектей зұлымға.
Мендегі жел жабысып ед жатында,
Кете бардым сол ерлердің сапында.
«Елмен бол!» – деп басып берді сонда әкем
Құмай торы ат, бесатарды тақымға.
Жыршылар бар, қарайтын бар жауырын,
Байқастаймыз ел дыбысын, жау ыңын.
Хабар жетті:
«Елу-алпыс «Күпу»* кеп
Басты, – деген, – Тұрман ахун* ауылын!..»
Жау емінсе, сау елінде жатар ма? –
Сау етістік Самның таңы атарда!
Қырып салдық шошқаларша шыңғыртып,
Бәйбішені кергенде иттер бақанға.
Содан бастап, алағай да бұлағай,
Бұл дүбірден кім қалушы ед, сірә, жай!
Жүз жігіті түрмеде еді Адайдың,
Ақкетікке* тарттық содан шыдамай.
Тура шауып құрып қойған ажалға,
Ақкетікті айналдырдық мазарға.
---------------------------------------------------------- Мырзалы*Тынымбайұлы, Боқмаш* Шоланұлы – 1929-31-ж.ж. болған «Адай көтерілісінің» қолбасшылары. «Күпу»* – мемлекеттік саяси басқарма ГПУ-ді (ОГПУ) ел осылай атаған. Қырықмылтық Тұрман ахун* – белгілі дін иесі. Ақкетік* – қазіргі Форт-Шевченко қаласы.
Қалған жағын ту-талақай қылғанмен,
Алдырмады әскері бар казарма.
Ай, сол күні кеме қаптап теңізден,
Пулемет – жүз, айырпылан сегізден,
Оқтан шашу шашты дерсің! –
Теріп жеп
Бір тойындық, басқа жұрттан неміз кем!..
От ішінде салып жүріп алысты,
Амалсыздан, қолдан бердік намысты.
Кете бардық, қанмен жуып ат жалын,
Жауға алдырып екі жүздей арысты!
Содан соңғы...
Сол Қараған-Босаға,
Ат тізеден батқан жері жосаға.
Балуанияз*, Тұрмамбетке* сыйынып,
Жауға тидік күтіп тұрып тасада.
Ері – құрбан, ел тұйыққа тірелсе,
Арпалыстық, амал қанша, бір ерше.
Алдырар ма ек, қаруымыз тең болып,
Әр Адайға он орыстан жіберсе!
Біздей ерді таба алмайсың – жерді ашшы!
Оғымыз жоқ! –
Сол запыран болды ащы...
Біздің жақтан Мырзалы хан шаһит боп,
Өлді олардан Фетисовтей қолбасшы.
Қанша шаптым ерлігіме бегеніп,
Өң алдырмад қасқыр-тағдыр безеріп...
Айырпылан береді де меже ғып,
Мәшін мінген жау жетеді кезеніп.
Тағы кеттік, сағы ерлердің сынғасын,
Сонда білдім бұл сүргіннің тынбасын.
«Топ-топ болып соғысайық!» – деп тұрған
Көріп қалдым Тоқабайдың Құрмашын*.
--------------------------------------------------------------
Балуанияз* Мүсірепұлы, Тұрмамбет* Төлеғожаұлы – халық батырлары.
Қараған-Босағаға жерленген.
Құрмаш* Қосжанұлы – халық батыры. Қызылдардың оғынан мерт тапқан.
Қиын екен оқ жауғаны аспаннан,
Булыойыққа* кіріп кеттік сасқаннан...
«Көшкен – жұттан,
қашқан жаудан құтылар!» –
Әлі қашып келемін сол қашқаннан.
Сөйтіп, көптен аулақ салдым іргемді,
Одан бері заман неше түрге енді;
Арт жағымда кілең қызыл шибөрі –
Мен қашқалы жетпіс екі жыл болды!
Кезіме тап болып тұрсың қартайған,
Баяғыдан бой қалды тек қаңқайған...
Бізді көріп, орынынан тақ тұрған
Жөнейіттің* Бас сардары Шалтай* хан!
Маған тура келген емес жан адам,
«Көн тулағын көтке ұрғанға» қараман.
Дұшпанымды таңдап аттым қалаған,
Қамдап аттым шашар жерін қара қан!
Айдалада мал да айдадым мыңғыртып,
Қай жағада сұлу құштым сүмбілтіп...
Маған оғы сәлем беріп өтеді,
Нысанаға байлап атса мың мылтық!
Кейде онға, кейде жүзге татыдым,
Аттан ауып көріп пе екен тақымым?!
Тартып алдым, ат көтінде қыңсытып
Жеті бірдей кәмөнестің қатынын!
Иттей қырдым қызылдардың солдатын,
Жоқ-ау деймін кеткен жерім қанға ақым.
Менің кәрі сіңірімді кесіп ал, –
Мен – Адайға таңып берген «банды» атын!
Басқа жол жоқ шыққалы әлгі анамнан!
Кәпірге өтті –
байтақ отан, қара орман!..
-------------------------------------------------------------
Булыойық* – жер аты. Жер асты көлі бар үлкен үңгір.
Жөнейіт* – түркмендердің ханы. Совет өкіметінің хас дұшпаны.
Шалтай* – түркмен тайпасынан шыққан әскер басы – сардар.
Ажалынан өлген жалғыз мен ғана
Дүрегелі Атағозы* бабамнан!..»
...Әлі өзінің өлмегенін ұмытып,
Қарайды шал өңін сәл-пәл жылытып.
Сосын шөптің түрін айтып кетеді,
Қына басқан тасты аударып бұғы түк.
«Мынау – илан,
бұл – қантепер,
бұл – андыз,
Мына аңшөптен артын қысад құяң-құз.
Қантеперің – қанқыспаның дауасы,
Ал ақберен – қылтамаққа ем жылан жүз.
Қасқа бала, үйреніп қал мен барда,
Зар боласың ертең біздей шалдарға!
Бірақ жүзге жетпей, атсаң – өлмеймін,
Солай болад!
Таң қал, мейлі таң қалма!
Түйетабан, жаужұмыр мен қызылша
Жараға – жұт! –
Іші-сыртың бұзылса.
Қаражалбыз – мың да бір ем сусаққа,
Тобылғы бар – қарын іріп қызынса.
Мың қазына – асты мынау жалдардың,
Ерді өлтірмес иір шөпті жолға ал-ғын.
Еркекмағыз...
Ішкен шөбі баяғы
Тоқсанында тоқал алған шалдардың!
Ерқұны – анау,
анау – арпамедиен,
Қасиеті бірге өледі-ау менімен...
Тіфә! Тіфә!
Сақта, Тәңір, өлімнен! –
Сен жасай бер уа, Маңғыстау – кең ием!..»
Дейді дағы:
«Алайық, – деп – аң атып»,
Мылтықты ілед қанды ауызын жалатып.
«Қосшылыққа қалайсың!» – деп күледі,
Менен озып тауға шығып баратып.
Тоқсан жеңіп, шөккенімен нар тұлға,
Жиырма бестің желігі бар қартыңда.
...Тауға өрмелеп келе жатам мықшаңдап,
Ең ақырғы «Банды Адайдың» артында!..
07.06.2003 ж.
Шынжыр.
--------------------------------------------------------
Атағозы* Айтқұлұлы (ХVІІІ ғ.) – халық батыры.
«ЖЫРЛАЙДЫ ЖАЙЫҚ»
жыр-шоғырынан
1.Қараой қасіреті
Қапыда сіңіп күні ғайыпқа,
Мертігіп қалған талай нар,
Бірі – Маңғыстау, бірі Жайықта –
Қазақта екі Қараой бар.
Шаң-кебін киген өлік мекені
Мүлгімейді үнсіз әр уақта, ал –
Дауылды түні өріп кетеді
Қос Қараойдағы әруақтар.
Аққанда Жайық жарғабақ тіліп,
Тартқанда дала ағайран –
Басы жоқ ақын тарлан ат мініп
Шығады түнгі Қараойдан.
Аяқ астынан күбініп мекен,
Жатқанда дауыл жар турап –
Кенеттен мен де тіріліп кетем,
Тамырды қара қан тырнап.
Көзімді түнгі от қаната қарып,
Үскірік ұрып бетіме;
Ышқынып ұлып Маната қалып,
Ұзаймын Үстірт шетіне.
Қара жаяумын...
Етегім желге
Толып ұшамын аулаққа.
Қарсы келеатқан
Жетемін мен де
Тарлан ат мінген әруаққа.
Көңіл қабаржып, көз де шықтанып,
Шық тамып шыт-шыт ерінге,
Тұрамын Оған кездесіп қалып
Алғидың ала дөңінде.
Қанымыз ағып... сіңдіріп ізге,
Күрең жылға боп түйісті із.
Түйіскеннен соң бір-бірімізге
Бірдеңе деуге тиіспіз!
Не деген шексіз жолым қасірет! –
Дауылға не айтам есірген? –
Бірдеңе деуге... ОНЫҢ БАСЫ ЖОҚ,
Ал менің... ТІЛІМ КЕСІЛГЕН!
Қос ақын – мынау басыр қырға әйгі,
Түртіп оятпақ тұқымын...
Ол болса менің басымды ымдайды, –
Көрсетем тілдің тұқылын.
Тергейді Дауыл сұрақты беріп,
Қанжарша қырды тілгілеп.
Бір жаяу менен бір атты болып
Кеземіз түнгі қырды кеп.
Қуғандай жұртты жауым басынып,
Өтеді көзден көш қашып...
Сөйтіп жүргенде дауыл басылып,
Тұрамыз үнсіз қоштасып.
Шақырмай елді ұранға тағы,
Басылып желмен бар айбар –
Егіліп үнсіз жылап жатады
Артымыздағы Қараойлар.
Қалады Жайық жарғабақта ұлып,
Жым болып желік-сайтаны...
Жалғыз Жолаушы тарлан ат мініп
Өз МОЛАСЫНА ҚАЙТАДЫ.
Өз Моласына барады аяулым,
Жерлейді тағы қоғам боп...
Айтсаңшы, дала! –
Қара жаяумын! –
Мен қайда барам? –
Молам жоқ!
Соңымнан ит боп үре тұр, уайым! –
Үнсіз жатады қыр қанша?! –
Кебінімді шешпей жүре тұрайын,
Тағы бір Дауыл тұрғанша!..
04.04.2003 ж.
Ақтау.
2.Қараой. Махамбет басы
Жүректерін бұрғылап сұрапыл мұң,
Басы бұрын жүреді шын ақынның.
Бұрын жүрген Бастарды жалмамаққа,
Қараойларды қалқалап бұғатын Жын.
Бас жоқ мынау жалғанда киелі ондай,
Жүрегімен өз елін сүйеді оңбай.
Болашаққа мойынын соза-соза,
Қалады ақыр Басына ие болмай.
Бәсігі бар Бастың да, асқағы бар,
Асқағының көз жасы Тасқа жұғар.
Иесізді қапысыз шалатұғын
Жын көп мынау далада –
Басқа құмар.
Жын арбасып,
Жындағы құмар да артып,
Ай көзіне қан жұғып туар балқып.
Кесілген Бас...
жүзінен есілген жас
Тұманында Қараойдың тұрар қалқып.
Жыным жақын жүрген соң, қасым жуық,
Шаңырағым шатынап, шашылды уық...
Суыменен Жайықтың жасын жуып,
Шын ақындар өтеді Басын қуып.
Жалқы Жүрек, Жетім Ел киесі боп,
Бай кісінеп жырына, би есінеп;
Мен де қуып келемін Өз Басымды,
Оның да енді, әрине, Иесі жоқ!..
06.06.2003 ж.
Шынжыр.
3.Жағасында Жайықтың
Көк тоғайдың көмейі лоқсып алып,
Жайық кетіп барады өксіп ағып.
Көркем ең ғой, Ақ Жайық,
жағып қойған
Көк теректі көзіме көк шыра ғып.
Түбіртегін қалдырып тұл ағаштың,
Неге менен жүзіңді бұра қаштың?
Өксіп-өксіп аласың өрт жұтқандай,
Жыламаспын деп едім, шыдамаспын!
Неге жұбау дидарың? –
Шырайлы едің,
Шықпашы, еркем, алдымнан бұлай менің...
Ақ қайыңдар білегі аймалаған,
Тайғанаған құшақта, қынай белім.
Бұлай көрем деп пе едім бейнелімді,
Жел сөйлеп тұр ызалы, кейде мұңды.
Жанарымның нұрымен жамап тұрмын
Дал-дұл қылған әлдегім көйлегіңді.
Тіл қатар деп ақ еркем, көп шыдадым,
Тұнжыраған барады өксіп ағын...
Түнек басып қалмай ма бұл даланы,
Төбеңдегі сөнген күн – Көк Шырағың?!
Ақ Жайығым, өзіңнен аңыз ұқтық,
Кетпесе игі ед жағаңнан қара үзіп құт...
«Көк Шырағың төбеңде сөнбесін!» – деп,
Көз жасымды тамызам тамызық қып...
06.06.2003 ж.
Шынжыр.
4.Үңілгенде Жайыққа
Айналайын Ақ Жайық,
Бұл даланың аспанын
Турап-турап, жарып-жарып жоғалмай,
Неге иріле, неге үйріле бересің?
Қай иінге қайраңдатып тастадың
Кескекті ерлердің кемесін?..
Көйлегіңді түріп кеше басыңа,
Сенің әппақ тәніңді
Жабыла кеп көрген кезде көп кәпір,
Жер таба алмай қоятұғын жанымды,
Қойып кеткем отқа ақыр!
Әлі шыға қойғам жоқ
Сол бір күрең жалыннан,
От тамызад түн ұйып.
Не қалды екен қызыл түйір қанымнан?
Сөндірудің орынына,
жымиып,
Сылаң қағып өте шықтың жанымнан.
Айналайын Ақ Жайық,
Жүрегімде ауырған
Бір бозторғай бебектейді безілдеп:
«Шыннан сүйсең,
жауыңнан
Тартып неге алмай жүрсің өзің?» – деп.
Сол Сауалдан күйреп тағы Дәрменім,
Жер бауырлап жығыламын жағаңа.
Күйік шалған тұла бойым қан менің,
Шоқып жатыр шулаған көп шағала.
Бұйырмашы айыпқа,
Тым тереңнен шақырғанда қиянға Ай,
Тас-санама терең-терең ой салшы!
...Махамбеттер жасын жуған Жайыққа
Мен де үңілем ұялмай! –
Құдайдың қорлығын қойсаңшы!..
06.06.2003 ж.
Шынжыр.
БУРАБАЙДА ҚЫСҚЫ ТҮН
Ай саусағы айдынға түрлі із салып,
Құлпырады мұз үсті құндыз сарып.
Ақ бөкебай кіл кербез қарағай тұр,
Шекілдеуік орнына жұлдыз шағып.
Сықыр-сықыр дүние – сырлы ғалам,
Оқжетпесті бауырға ап түн құлаған.
Әлдеғайдан сыңсыған үн шығады,
Жұмбақтасты тасалап кім жылаған?..
Қарасам-ақ жан-жаққа жұмбақ ашам,
Жағып қойған кім екен шыңға да шам?..
Арманыма бүгін түн жетпес пе екем,
Айды байлап аяққа сырғанасам??
Абылайдың жайғасып тас-тағына,
Әңгіме айтсам нетеді Аспаныма?
Бүгін мені бар қазақ ұғар, бәлкім?..
Жә, жә! Барып қайтеміз бас жағына?!
Сурет ойнап шығады көз тіккеннен, –
Анау қандай көлеңке тез тіктелген?..
Бүгін түнде оянып кетер сынды
Жеке батыр – бет-аузы боз түктенген...
Әсерге еріп әртүрлі, жат өңденіп
Елти берем, бұл неткен әпенделік?!
Бір жаққа ертіп дәл қазір әкетердей
Біржан, Ақан, Мағжан мен Сәкен келіп.
Ай – пәруана. Көл – шырақ. Мың құбылды Ай.
Ол шыдар ма шыраққа құлдық ұрмай?!
...Сүйегіме сиқыры барады өтіп,
Қой, кетейін, тұрғанда жынды қылмай!..
02.02.2002 ж.
Шынжыр.
КӨКШЕ АҢЫЗЫ
«Әл-қисса» деп бір аңыз бастағалы
Отырмын мен,
тыңдарман, қоста, кәні!
Қарағайлар құлағын түрері анық,
Тыңдары анық болса егер тас та жаны!
Болмасам да абыз-би, нағыз көсем,
Сенер болсаң, – мағына-маңызға сен!
Алдыңызға ұсындым осы кепті,
Шындық десең өзің біл,
Аңыз десең!..
...Көкшетаудың аспаны абың-гүбің,
Есін алар той болмақ сабырлының.
Періштелер сұлтаны осында әкеп
Түсіретін көрінед қалыңдығын.
Көп періште білдірмей жымын, жігін,
Бар өнерін салыпты бүгінгі күн –
Ақ қайыңнан өңіне өрнек тоқып,
Қарағайдан тігіпті шымылдығын.
Аспан Елі жатыпты жота кернеп,
Болар тойдың күн сайын атағы өрлеп.
«Жұмбақтастай» кейуана – жаулық салып,
«Жеке батыр» қария бата бермек.
Тойдың сәнін айта алман таратып мен,
Көнегөз жоқ қозғайтын саға-түптен.
Күйеу менен қалыңдық кіретұғын
«Оқжетпес» ед отауы дара тіккен.
Тірі еді онда толқыны «Бурабайдың»,
Күні-түні ән салған шулап айдын.
Қанаттарын аққулар жия алмапты,
Ажарына арзу боп судағы Айдың.
Әрбір дыбыс әуеден күй боп төккен,
Аққуларға ән арнап үйрек көктен,
Махаббаттың маусымы басталған соң,
Шыдай алмай, қайыңдар билеп кеткен.
Ақ көбігін – бөрігін ылақтырып,
Тойға асықты мыңдаған бұлақ күліп.
...Той біткен соң, қалдырмақ көрінеді
Осы араны –
Жердегі Жұмақ қылып...
Қос періште, хош делік, түсті жерге,
Сейіл құрды (бізше айтсақ – скверде).
...Жырлап тұрған Табиғат,
о, ғаламат,
Аяқ асты тап болды күшті желге.
Мұнар басып әп-сәтте ашық күнді,
Сұлулықты аспанға шашып тынды...
Жұмақ тойын жерге әкеп жасатпасқа –
Ібілістің әскері басып кірді.
Ібілістің әскері жетті үрейлі,
Қарулары қолдағы от күрейді...
Қалыңдықтың айнасы тасқа түсіп,
Сексен жаққа шашырап кетті дейді!..
Күл-парша боп қирады асқақ Бақыт,
Қос періште көкке ұшты тастап тақыт.
Ібілісті ішіне енгізбеске,
Қалды ілезде дүние тас боп қатып!
Байғыз айтад сол жайлы Ай батқаннан,
Бұлбұл соны жырлайды сайрап таңнан –
Ібілістер көп дейді сол жерде әлі,
Жеңіп алған жеріне жайлап қалған.
Мейлі, тауда қаңғыған бір аңыз де, –
Құлақ салып көнелеу тұрам ізге.
Жұмақ бола жаздаған мекен мынау,
Сәл жатырқап қарайды мына бізге.
Қалатындай тағы бір дүлей келіп,
Неге, қалқам, қарайсың үрейленіп?..
Екеуміздің бүгінгі Бағымызды
Судағы аққу,
шыңдағы тілейді елік.
Жә! Осымен осы жай тынсын делік, Көне сөз ғой.
«Неге-леп» күрсінбелік.
Ырас болса,
Жетім Ай жүзген кезде,
Періште кеп айнасын жүрсін көріп.
Ібіліске таптатпай ізімізді,
Аққулармен жүрсек тек жүзіп ізгі.
Аспан жаққа қаратып өлсек, шіркін,
Сексен көлге жуылған жүзімізді!..
04.06.2003 ж.
Шынжыр.
ДАЛАДАҒЫ ДАУЫСТАР
Қандай Сөз айтылмады мына қырда!
Талайы қалды менің құлағымда.
Ауаның ағысынан әңгіме аулап,
Отырам жүрек тосып жылы ағынға.
Тартылған талай ғасыр демі ішіне,
Аралас қылған емес мені ісіне.
Жеті жұрт...
Жеті Жұт пен Жеті Дәуір... –
Сөзінің түсінбеймін көбісіне.
Ауаны құлағымен бос қармаған,
Шынында, мына отырған қасқаң – надан...
Алдаймын өзімді-өзім:
«Олар жайлы
Кейіндеу оқып алам Тас-Таңбадан!..»
Содан соң... қанаты бар көп күлікті Ер –
Алапат даусы шығад көкті бүктер.
Соңында көк бөрінің дүркіреген,
Жөнелед күркіреген көк түріктер!
Жан-жақтан ақиқат пен аңыз қыстап,
Кептірем көз жасымды қобызға ұстап.
Қорқытты қырық жыл қуып ажал болып,
Жатады жарғыласып оғыз-қыпшақ.
Көзімнен аққан қанды тіске жағып,
Қайтемін –
өткенімді күстәна ғып.
Хан Шыңғыс, Сайын, Темір...
Он сан ноғай
Жарқылдап жоғалады тұстан ағып.
Бір жақтан башқұрт бүктеп, татар мақтап,
Қызылбас қыр уызын жатар қақтап;
Бір гуіл тағы өтеді абыржыған,
Қалмақ пен орысыңды қатар боқтап.
Кейбір Сөз –
уілдейді белгілі ән боп,
Кейбір Сөз –
күбірлейді көн құран боп.
Сарнаған даусы естілед әлдегімнің:
«Қайткенде, бұл қазақты ел қылам?!» – деп.
Содан соң...
Басталады Ұлы Аңшылық,
Сұр заман ысқырады жылансынып.
Ай болып ақ күмбезден құран сынып,
Үстіне құтырынған ұран шығып!
Талайлар ауызымен құс тістеген,
Астында сол ұранның мұшты иіскеген.
Өтеді көп белсенді «піш-піштеген»,
Кетеді қалың қойшы «кіш-кіштеген...»
Бұл қырда – өткен талай өткелектен
Осындай дауыстар бар көкке жеткен.
...Тағы бір үн шығады түсініксіз,
Япырмай, сөйлейді ғой өктем-өктем!
Кеткеннің дауысы тұр құлағымда,
Жеткеннің ізі жатыр құба құмда.
Біле алмай ертеңіме не айтарымды,
Тас-мылқау мен де отырмын – мына қырда!
Ызғардың сесі шығад кешкі кермек,
Сызғырып құлағымнан есті жел кеп...
Қорқамын шығаруға үн:
«Ертеңіме
Дауысым қандай күйде естілер?..» – деп...
05.06.2003 ж.
Шынжыр.
КӨНЕ ҚЫСТАУ – 3
Я – последний поэт деревни...
С. Есенин.
Ат тағалап, атан қомдап ер жеткен
Ең соңғы ақын мына мен ем бұл маңда...
Есенғали.
Әлдеғашан шіріп кеткен шатыры,
Ық жағында сынық ауыт, ақыры –
Тап осы үйде өсіп еді бір кезде
Мына тұрған қырдың соңғы ақыны.
Мен жайлаған жұмақ еді тау іші,
Есте әжемнің: «Түбәй*, түбәй»... «Кәуісі*».
Сосын тағы –
бұрқыраған қою шаң,
Шұрқыраған көп жылқының дауысы.
Басқаларын басқа жырда жазғанмын,
Өзімді өзім қайталауға аз қалдым!..
Көне жолға түсіп алса, –
шықпайтын
Әдеті ғой ақын деген жазғанның!..
Оттан көйлек киіп алған көбелек! –
Тап осы үйден қашып шықтым, не керек!..
Алматының бір-ақ түстім аузына,
Ақын болып қайтамын деп керемет.
Сөзім есте... жұртқа жаққан аздаған,
Сезім есте сөнген, кейін маздаған.
Кезім есте ағаларға еліктеп,
Ақын емес, қоқым бола жаздаған.
Қалқып шығып сезім деген сағымнан,
Кездеріме көз жіберсем сабылған –
Салтанатты сарайлардың өзінде
Осы қыстау шықпай қойды жадымнан...
Ей, қаламсап, қауырсынды ырғай түс!..
Жүрек-торғай, тағы, тағы шырлай түс!..
------------------------------------------------------------------- *Қойды «түбәй-лап» сауады, түйені «кәуіс-теп» шақырады.
...Келсем.., осы тас молаға тап болдым,
Әлдеғашан болған екен қыр қайтыс...
Қырым өлген.
Артын ала мен өлгем,
Ащыласып адыра қалғыр өлеңмен –
Жетім қалған кер далаға «қош-қош» деп,
Қайта шықпас көр-қалаға жөнелгем..
Мен өлгенмен, өлмейтін бір жүрек қой,
Қалмайды әлі дала көрсе дір-р етпей.
Мынау да сол,
балалықтың жұртына
Аят оқып келіп тұрған ірет қой...
Соңғы кезде, жылай бермей қорланып,
Сол ырғалғыш қаламсапты қолға алып,
Жүрер болдым көр-ханамның ішінде
Қырдың соңғы ақынынша толғанып.
Деме: «Қырды –
несібесін тауысты?!» –
Кейде осылай жеңдірмейді дау ішкі.
Қалғып кетсем,
бұрқыраған шаң көрем
Және естимін шұрқыраған дауысты...
Ат үстінде қалып қойған тақымы
Біздейлердің түсінде де аз ақылы...
Тәубә! Тәубә! –
Сыбырлап жүр бір бала:
«...Сіз емессіз – қырдың соңғы ақыны!..»
07.06.2003 ж.
Шынжыр.
ЖАЛҒЫЗ БАЙҒЫЗ ЖАЙЛЫ
ЖЫРАҚТАҒЫ ЖЫР
Баллада
«...Жалғыз байғыз, құлақ сал кеңесіме,
Не пәленің ересің елесіне?
Ымырт түсе сұңқылдап жанды жейсің,
Қонып алып күмбездің төбесіне.
Намаздыгер – намазшам арасында,
Қанды өртейсің, зарлы әнге саласың да...
Өтінемін, шақырма жаманшылық,
Мен де өзіңдей жалғызбын! –
Нанасың ба?
Иен тау тұр.
Тым қашық қала, сірә?
У себесің жалғыздың жарасына.
Алты жасар сәби ем –
Ел көшкенде
Тастап кеткен баласыз нағашыма...
Сен тағыңа мінесің екінді ауа,
Көне күмбез – көн қобыз секілді о да.
Сенің тылсым үніңнің тұтқынында –
Жапандағы жалғыз үй, жетім мола.
Қоя қойшы, көңілге салғызбай мұз,
Үнің шықса, далаға андыздаймыз...
Өлі әруақты көрінде жатқызбастай
Не жазығы бар еді, жалғыз байғыз?..
Қырылған мал – дәлу мен үттің жолы,
Жағадан ап буып тұр жұттың қолы.
Бөрі менен желі тұр талас ұлып,
Бір басылмай түнімен, тіпті, үндері.
Үңірейіп төнгенде түн апаны,
Жалғыз байғыз, кім бізді жұбатады?..
Болар ма екен бұл тауда бір жақсылық –
Күле қойшы, кәнеки, мұраталы?!.
Қаңтар-ақпан – таулардың тонын бүрген
Жұртта қалған жалқы үйді торыр мүлдем.
Мұратты-құс*, япырмай, өлеміз бе,
Бір естімей үніңді сенің күлген?!.
...Сені бізге тап қылған қайсы Құдай?..
Өшір енді үніңді, әй, сұмырай!..
Сенің үнің шағылып сәулесіне,
Құлап түссе қайтесің Ай шыныдай?!.»
...Тозып бітті бойдағы төзім-көйлек,
Түнгі пештің көмейі...
Безілдейді от.
Пеш үстінде жалқы шам тұр бәжбиіп,
Моладағы байғыздың көзіндей боп.
Шымылдық-пеш сан сөнді, неше маздап,
Елегізіп жүргендей шешем аздап...
Кәкем жатыр дерт жеңген,
маңдайынан
шыны сынып,
шырағы өше жаздап.
...Ай шыныдай сынған жоқ.
Құлаған жоқ.
Кәкем өлді...
пештегі жылағанда от.
Алты жасар мен қалдым.
Шешем қалды...
Алай-түлей жапанда – тірі адам жоқ!..
Ажал алғаш жолықты түрі суық,
Оған қоса байғыз тұр үн ұшырып...
Қанша түстім қақпанға содан бері,
Сол Ақпаннан кеткелі тірі шығып...
Тірі шығып кеттім мен сан қақпаннан,
«Тентек дәлу», қаһарлы қарлы ақпаннан.
Жалғыз байғыз, бармысың, есіңде ме –
Жалғыз кемпір, жалғыз ұл зарлап қалған?..
Дулы қала, шулы күз мынау келген
Естіртпейді үнімді сұрау берген.
-------------------------------- Мұраталы, Мұратты-құс* – байғыздың атаулары. Әсіресе, жас келіндер оның атын осылай «тергейді». Ол күлсе – жақсылық, шақырса жаманшылық болады.
Шырағданым лыпылдап, елегізіп,
Терезеден телмірем қырау көмген...
Күз үнінен жатқандай Дүлей қоздап,
Тұр шаһарды демімен күрей жаздап.
Бір Жалғыздық кетпейді көкірегімнен,
Үміт сөніп көзімде,
Үрей маздап!..
Құзғын талап жатқандай қуды сақар –
Бір Үн мені төсектен қуды саһар...
Шырағданның шырмайды ол сәулесімен,
Естімейді, ал ол үнді шулы шаһар!..
...Тас қалада тозғанда жалбыздай жүз,
Ескі елесті есіме салғызды-ай күз.
Күмбезіне жанымның қонып алып,
Сұңқылдайды, жазған-ай, жалғыз байғыз!..
Күлші, кәні...
08.06.2003 ж.
Шынжыр.
ТҰТҚЫН
Құдайы жүрегіне Ай қадамаған
Қамаған айналамды қара надан.
Шәулігіп шибөрідей шабалаған,
Әулігіп албастыдай абалаған.
Жаратқан тастаған соң нас қоғамға,
Туысып кештім ғұмыр тас-наданға.
Жоқ, әлде хайуандығы құтыра ма,
Адамзат жынға айнала бастағанда?
Сәуле жоқ жанарында, қолда шамы,
Тобырдың түнек кезген мол жасағы –
Қидалап жыртып сүлде – суретімді,
Жанымның қанын сорып шөл басады.
Білмеймін,
түн – дүбіліс,
күн – күбініс,
Бастаған пенде бар ма пірлі бір іс?!
Тас байлап,
Басқа Әлемге сүңгір едім,
Шығады-ау тағы алдымнан жын-жыбылыс.
Мыналар таптырар ма моламда жай? –
Шұбырып келед тағы маған қарай.
...Шаншыла құлап барад құлпытасқа,
Басына жүрегімнің қадалған Ай...
02.06.2003 ж.
Шынжыр.
СҰР ДАЛА. КҮЗ
Не дегелі келді екен мына бір күз?
Қабағында бар сынды, сірә, бір мұз.
Қандай жұттан мерт тапты өлі-дала,
Кімді шоқығалы тұр құладын-құз?..
Не күйде деп келіп ем сері далам,
Жұт қарсы алды алдымнан ілебі жаман.
Мұз-азуын далама ақситып тұр,
Ақшитып тұр тұз-көзін бөрі-заман.
Әуселеңді дегендей көріп алдым,
Жел жалмап жүр жаһанды тегі – малғұн.
Қаңқасының ығына үйріледі
Сорлы қаңбақ сордағы өлі нардың.
Құзың да сұр,
құздағы ызың да сұр,
Сұр елестер салып жүр түзімде асыр.
Табиғатты сұрғайтып жібергендей
Қызыл ғасыр сұр тілді – мыжың, басыр.
Тұқайымен таптардай түкті жын кеп,
Сұп-сұр түгін жүйкемнің бітті ызың жеп.
Сұр шөмеле-бұлттардың тасасында
Күн үреді –
дауысы қып-қызыл боп...
04.06.2003 ж.
Шынжыр.
ЖАН ЫШҚЫНҒАН
Салып жатқан жын барлық жүректе асыр,
Маған тағы тап келді түнек ғасыр!
Жұлдыз жұққан Жан-Арын жұртқа тігер,
Тағы өтем бе жете алмай тілекке асыл?
Көзім – басыр, бас – ісік, ұйқым – шала,
Қиқым, шала илеген шикіл сана...
Итін сана жабысқан балағымның,
Талағымның қабысқан битін сана...
Шерт – шідерсіз. Серт – иесіз. Сөз – бұйдалы. –
Қашты неге жұртымның көзде иманы?
Кімнің тағы кетеді телімінде,
Өздеріне бұйырмай – өз қилары?
Бұттың безін Көз Уы қышқылдаған,
Қышқырады қаптаған ышқыр-надан.
Іш тырнаған қайғымды жел кеп түтіп,
Күнім бар ма оңаша ышқынбаған?!
Жөйіт жалмап ырысын, өзбек терген
Далам жатыр – ұртына сөз кептелген.
Қыстырмайтын –
сөйлесем Көз боп Көрден,
Билігім бар: тас көзді, без беттенген!
Қайда асығып барасың, аптығып құр? –
Төріңде де Көріңде жат құлып тұр!
Жиренбеңіз –
тұныққа құла маймыл,
Жирен доңыз құдыққа шаптырып тұр!..
Жайлап алып қаланы, қырды ызғырық,
Табыттардың ығында жүрміз бұғып.
...Жатыр тағы тау-бұлттар тасасында,
Хақ-Тілегім – көзіне жұлдыз жұғып...
08.06.2003 ж.
Шынжыр.
ШЕНДЕСТІРУ
Мен мына күнге не кешіп келмедім! –
Бабамыз жүрген жол кәдімгі.
Теңсіздіктермен егесіп көргенмін,
Қисайтып жіберді жағымды.
Жаныма жақпай асқынған заңы ғұмырдың,
Туладым асаудай шалқалап.
Баққан Иемнің кәріне іліндім, –
Тастады көз-қыры жаңқалап...
Жанға қарамай көзімнің аласыменен,
Сияқты жүремін мінгі мәш.
Топылған тобырдың арасына енем,
Жал – жығық,
көз – жұмық,
жұп-жуас.
Жуасығасын жырақтады мұң,
Өзді-өзім күн кешем бұйығы.
Көлеңкелерінде тұрып ап құлақтарының,
Ақырад есектер үйірі.
Қанатсыз болса шеніме жоламас та еді,
Не шара, қиған соң Алла бақ?! –
Келемеш қылады жаңбырда жалаңаш мені
Шинелін қымтанған жарғанат.
Аққудың қалды дауылда зарлап ауылы,
Теңкиіп теңіздің мұзында.
Той жасап жатыр қарға қауымы
Үмедей қилардың ығында.
Дәметпе менен.
Мен қазір өлікпін, Құсым! –
Жол берем доңызға тоқтап, шын.
...Осы айтқаныма сеніп тұрмысың?
...Оттапсың!..
08.06.2003 ж.
Шынжыр.
«ТҮРКІСТАН» ДЕСЕ
Иманның қабы – таза тілектің
Бабалар өткен: «Жалған!..» – деп.
Көк күмбезіне Қожа-Ахметтің
Бір жетіп өлу арман боп.
Қыран баптаған аңыздар қалған,
Тұраным – бағзым, Түркістан.
Құран жаттаған абыздар қалған –
Қыламын тағзым, Түркістан!
Ерлердің қашан наласы артпаған? –
Қасықтап ішіп қас қанын!
Түркістан – мың жыл аласартпаған
Қазақтың байтақ аспанын!
Бабадан жеткен сәруар үнмен
Маңдай бұр жұмақ-шаһарға –
Түмен бап түгел – жан уа ділмен
Мақтаған Хақты саһарда!
Ізіндей Пірдің гүл құшқан көше,
Сарқылмас сазды ертек пе ең?! –
Тамырым тулап: «Түркістан!» – десе,
Көзімнің оты мөлт еткен...
Шындыққа қарсы алысқан жаттың
Туралық беріп құлқына,
Құрма-Аманаты Арыстанбаптың
Бұйырғай дағы жұртыма!
Қабылдап Хақтан Сәлемді ғажап,
Бір мақамменен толғайық...
«Әмин!..» – деші, кәне, енді, Қазақ,
Түркістан жаққа қол жайып!..
Мамыр, 2005 ж.
ҰЛАР ЖЫРЛЫ ҰЛЫТАУ
Ұлытау еді арқауы сырдың,
Аңыз гүлдеген әр қырқасында.
Ортағы менен Кертағы шыңның
Тағдырым жатыр тарғыл тасында.
Шыңына бардым, сырына қандым, –
Арылмайды екен төсі мұнардан.
«Алаша» атанған ұлы Қағанның
Ұлытау ғой бұл бесігі болған.
Бүгеді сырын – текті ұлына аян,
Кереге түрмей кереметің кей...
Күй шалған белдер Кетбұғы ноян
Күмбірлеп ала жөнелетіндей.
Күмбезіне кеп Жошы-ханымның,
Бүгілген белді зорға жазармын.
Өшпеуі ескі несі сарынның –
Жұртынан шыққан Ордабазардың?..
Шашырағанда от-намыс қанға,
Өрт кешкен ерлер арыстан жалды.
Ер Едіге мен Тоқтамыс хан да
Осында... өліп табысқан мәңгі.
Тәуекел, Есім – дабылы-ай қалған! –
Қиялды сүйрер елесі арыға.
Әбілқайыр мен Абылайлардан
Дарыған ерлік Кенесарыға.
Бебеулі желден ұғар сыр бар ма? –
Жатқандай бағзы нарларым боздап.
Шақырғанда ұран ұлар шыңдарда,
Қандағы сөнген әруағым маздап...
Жарасқан айбар далама ғажап,
Өрінен шыңның үміт аумады.
Шын ұлы халық бола ма қазақ,
Болмаса егер ұлы таулары?!
Маусым, 2006 ж.
--------------
Ордабазар* – Ұлытаудағы қазақтың көне астанасының бірі.
ТЫНЫС ТАРЫЛУ
Ит-арбаға жегілген мехнатта
Өтіп жатыр жесір күн, жетім апта.
Шеті жоқ па, Құдай-ау, бұл азаптың,
Жаңалық жоқ жер мен көк – жеті қатта?!
Біткені ме осылай ғұмырнамам? –
Тірлікке ортақ бір жанбыз қыбырлаған.
Пері де жоқ – тамырда шымырлаған,
Періште де – құлаққа сыбырлаған.
Айтқан кезін ұмытып шырқау өлең,
Көтереді кірпігін сырқау әрең –
Мен қарасам бетіне,
маған қарап
Бәжбиеді түйсіксіз Мылқау Әлем.
БАСТАЛМАЙ МА, ШЫНЫМЕН, ҰЛЫ БІР ІС?..
Жүректегі құс қайда үні күміс?..
Өлі бұрыш – тұрағым.
Тұншығамын
Ести алмай ғаламнан Тірі Дыбыс.
Арман, түйсік, ой, сезім, мұң маталған
Қай түрмеге түстім мен – үн қақалған?
Жүрек те үнсіз.
Жүректің дүрсілі де
Құмығады тамшыдай құмға тамған...
17.01.2008 ж.
Шынжыр.
АНТ-ҚАУЫРСЫН
Өлең деген бұлттан да ақша құс еді,
Сен де өлеңсің – аумай тартқан түс-өңі.
Менің жүрек-айдыныма сол құстың
Қауырсыны қалқып келіп түседі.
Сол түскен сәт, шіркін, қандай аяулы-ақ,
Ырғалады жағасында баяу бақ.
Сәлден кейін қауырсынның орынында
Нұрға малтып жатады әппақ Ай аунап.
Сонда, ақын қыз, бөленеді жан жырға,
Ырза болам маған жазған тағдырға.
Дүниеге таратады сәулесін
Жүрек-айдын – шүпілдеген ақ нұрға.
Ақша құстың жанарынан жалт көрем,
Аппақ Айдың табағынан қант терем.
Көмейге – уыз,
тіліме – бал құйылып:
«Пәктік, Сені сүйемін!» – деп Ант берем!
Аспанында ақша құсы қалқыған,
Айдынында қауырсыны малтыған,
Жүрегінде аппақ Айы балқыған
Ақын –
айнып көріп пе екен Антынан?!.
17.01.2008 ж.
Шынжыр.
ӨТКЕН КҮННІҢ ЕЛЕСІ
Жәутең көзді, пәк қарағым,
Түсесің сен неге есіме?
Қырды кезсем,
тап боламын
Өткен күннің Елесіне.
Қол бұлғайды қырқада әман,
Қолға жаңа қалам ұстап,
Кекілдерін күн тараған
Көк жейделі балалық шақ.
Тілдесуге оқталамын,
Сипағым кеп маңдайынан.
Кетуге еріп шақ қаламын,
Жармасып ап шалғайынан.
Өзек күйіп, қысылар дем,
Кірпігімде білте жанып.
Өтем үнсіз тұсынан мен
Жанарымды бүркеп алып.
Бір белесте –
әз болашақ –
Көздерінде жарқыл жанып –
Ақ көйлекті бозбала шақ
Жолығады аңқыл қағып.
Күйдіргенде өңімді шық,
Шақты көріп сәлемі – өлең;
Қалғым келіп қолын қысып,
Кідіремін әрең-әрең.
Бозбалаға қарай алмай –
Жүрегінің дүрсілі аңыз,
Өтіп кетем жанай (Алла-ай!) –
Ол да, мен де... қымсынамыз.
Жан сияқты қорқамын кеп
Асау мінген тізгіні осал. –
Біз тілдесер ортақ үн жоқ,
Ортақ жол жоқ бізді қосар.
Құлыны – шат,
бота – мұңсыз
Жастық шақтың даласымен
Өтіп бара жатам үнсіз –
Кілең Елес арасымен.
Күзге жеттім – жаз өтіп ед,
Сені аңсадым жанып ішім,
Еш пендеге қажеті жоқ,
Қайран менің сағынышым!
Көзіме ыстық әр сай, белең,
Көшіп жатыр көш-дүрмек боп.
Неге сені аңсай берем,
Жүрегімнен жас дірдектеп?..
Мен тіріде соғам мұнда,
Кетпегей тек қашып Елес.
Мына қырда моламның да
Тұрар күні қашық емес!..
Жалбарынам Тәңіріме –
Пәк жүзінде бір секем жоқ
Сол елестер қабіріме
Келіп-кетіп жүрсе екен деп...
19.01.2008 ж.
Шынжыр.
БАС ТОҒЫСТАҒЫ ҚАУЫШУ
Бас Тоғыс бүгін.
Құдая, тәубә! –
Ақшулан дәлу арсылдап...
Сен қыстан, інім, сұрама сауға,
Балағын жазсын баршындап.
Жеті қат көкті тінте қараңыз,
Мүмкін бе жұлдыз-қар ұшпау?! –
Ай-қалыңдық пен Үркер-ағамыз
Өліп те талып табысты-ау.
Дәурен ғой бұл да түстегі ғафыл,
Арбайды ғарыш сағымы.
Құс төсек құсап Құсжолы жатыр,
Бұрқырап бұлттың мамығы.
Пердеден тұрмын Айды шақ тауып,
Сұқтанып сәуле-сынаға.
Жолықты екеуі айғұшақ қауып,
Не болды сосын? – Сұрама!..
Ұлғайды кеуде-сарайдағы үрей,
Сескендім жандай соғар сең.
Аспанның асты алай да дүлей
Болды да кетті содан соң!
Көрпесін Ай ма, қыз ба бүркенген? –
Жарайсың, Үркер – мәрт аға!..
Қаламыз ба енді біз-дағы Үркерден,
Жетейік Айдай қалқаға?!
Қайта оралғаны бастан ұшқан сән
Бақ па, әлде сор ма, ай, Тәңір? –
Толғатады әлем Бас Тоғыстан соң
Бір перзентіне, әйтеуір!
Туад деп Көктем түзді түлеткен,
Сол арманға елтіп жан-тәнім –
Қағып тұрмын мен ізгі тілекпен
Есігін Айдай қалқаның...
22.01.2008 ж.
Шынжыр.
КҮЗГІ ҚҰРБАН
Сары күз жүр соңымда салбыр балақ,
Кәрі құз тұр алдымда жалбыр қабақ.
Көз шоламның кіреуке алдын қамап,
Құстар кетті сусылдап шалғын-қанат.
Сүйегімді бір суық кеміреді,
Жүрегімнің жыртығын жаңбыр жамап.
Соғар ма екен сілесі сары күздің,
Ұрар ма екен жоқ, әлде кәрі құздың?..
Күз күлкісі емі емес жанымыздың,
Қылымсыған кейпіндей кәрі қыздың.
Келер күзде қалмаймыз –
сіз де, біз де,
Кетуін-ай, қара ағаш, сәніміздің...
Кім кетпей жүр?! –
Артында із қалмаған
Соңы біз бе құрбанның күз жалмаған?!
Бауырын – мұз,
сауырын сыз қарнаған
Күз күлкісі – зары екен бізге арнаған.
Өтпесіңе қоя ма, кетпесіңе,
Сайдан аптап ұрғылап, құздан боран!..
Әлі сәби – жел үні іңгәлаған,
Ұлитын шақ жеткен жоқ шыңдағы аран.
Сол аранның аузына сырғанаған
Жеткізбей-ақ қойса екен күнге қаран.
Осы күзде-ақ кетейік, кел, ендеше,
Ізімізді қыс қалсын тырналаған.
Тауып алып көктемде мүрдемізді,
Басымызға көтерер дүрбемізді.
Еңірете беред деп түнде құзды,
Екеумізден күз күдер мүлдем үзді.
Дүрбемізді паналап жас бұтақтар,
Тырнап жүрсін бейбақ-жел іргемізді...
03.02.2008 ж.
Шынжыр.
ТАСҚА КӨШУ
Жүректен – нұр, жанардан аспан өшіп,
Біздің ауыл баратыр тасқа көшіп.
Шетінеген бауырдың тумай жатып
Басында тұр жел тербеп қасқа бесік.
Көш алмасып жатқандай Екі Ғалам,
Ортасында табыт жүр қатынаған.
Жетім анам жылайды: «Не жаздық? – деп, –
Әлде жердің, әлде елдің ниеті жаман...»
Дегеніммен: «Өлгенге кінә тақпан», –
Бірі арақтан мерт тапқан, бірі апаттан.
Кілең – патша, табытын елге артып ап,
Ана таққа ауысад мына тақтан.
Жалмап келед бір тажал тапап бәрін,
Қарсы қояр амалын апатқа кім?
Түк бітірмей тірліктен өткен бейбақ,
Құлпытаста қалдырған атақтарын...
Байлап жүрген кім біздің ұрғынға кек? –
Әлде шындап төбеден ұрдың ба, Көк?..
Біздің ауыл қырылып жатыр бүгін...
Заман – тыныш. Сүргін де, қырғын да жоқ...
Жылан жалап жатқанда төңірегін,
Еңірерім болмаса, не білемін?
Садақаға шалынып, бұл бетімен
Жер бетінен көше ме менің елім?..
Бәрі өшуде – делі дос, ізгі бауыр,
Сыпырып жүр сапырып түзді дауыл.
...Ертең қырда жоқ болып шықса, қайтем,
Тас бетіне орнаған Біздің Ауыл?..
Бағзы күмбез әлі тұр әспетімен,
Тарихымды оқимын хасбетінен.
...Түнде Сүлдем тентіреп жүрмегей тек –
Көшіп кеткен Елді іздеп тас бетінен!..
03.02.2008 ж.
Шынжыр.
ҚАРА ТҰМАН
«...Болмасын еш күмәнің мен сұрағың,
Мына тұман – менің ғана тұманым.
Таңда түнгі табытымнан тұрамын,
Қара торын жамылып ап күнәнің.
Атқан таңым ақ таң емес, қара таң,
Маған түкке қажеті жоқ – ел, отан.
Көксегенім – жалғыз басым қарақан,
Жалған сөйлеп, жалған күліп баратам.
Екенімді сезінбеймін елге өгей,
Мені еріне қылады үлгі жеңге кей:
Қарақанда тұманы жоқ пендедей,
Жан-апанда күмәні жоқ пендедей.
Тұманыма жанасса егер шамалы,
Су қараңғы бітеледі жанары.
Өңешімнен өткені тек – бағалы,
Бәрі бір бәс – харамы не халалы.
Өзі білсін, кімдер мені жек көрсе,
Тұманыма кірмей кетер кектенсе.
Күндіз өмір сүрер адам жоқ менше,
Түнгі қара табытыма жеткенше...»
...Қара тұман келеді, ойбай, жолама! –
Жоласаң-ақ, кетеді ертіп молаға...
Біздің үшбу қасиетті далада –
Осындай да бір адамдар болады, ә?..
...Келтіре гөр тілді, Тәңір, тобаға!..
03.02.2008 ж.
Шынжыр.
БАЯНАУЫЛ БАСЫНДА
Шықтың алдан ақыры, Баянауыл,
Арманда едім жете алмай саяңа бір.
Неткен шер бұл толғағы тарқамайтын –
Баяғыша бұлттардың аяғы ауыр?..
Бұлтқа малтып, қаққанда Ай қанатын,
Сыңсып, жұлдыз,
жанардан тайғана, түн...
Ұл екен ғой төсіңде туған төлің –
Атажұрттың аспанға жайған атын!
Күйші екен ғой құрағың, бұлағың да,
Биші екен ғой шынарың, шырағың да.
Бұқар қалай тумасын, Мәшһүр қалай,
Сенің мынау жұпарлы жұмағыңда?!.
Алқасындай Ақбаян сардаланың,
Тауды кезіп жүр тылсым зарлаған үн. –
Жеткізердей жел Сұлтанмахмұтқа
Бағиланың* Алтайдан салған әнін...
Артық екен Баянның төрі тақтан,
Айналайын қазақтан сені тапқан!
Шыршаларға жұлдыздар бек жарасар,
Қолазыдай үкіге сері таққан.
Сұлулық-ай, даланың шетін керген,
Буға оранам үш көлдің бетін көмген!
Шың басында шоқ қайың тербеледі,
Жаяу Салдың үкісі секілденген...
Жолығардай қалқамен сағынысып,
Жүрек неге баратыр алып-ұшып –
Қарағайдың бүріне тұнған шыққа
Ай сәулесі жатқанда шағылысып?!.
Тарқамайтын мұңы бар Баянауыл,
Баяғыша бұлтыңның аяғы ауыр...
...«Ақбоз үйге сүйеніп қарап тұрар»,
Қай жерде екен қызы бар саяқ ауыл?..
-------------------------------------------------
Бағила* Әбдікерімқызы Ережепнемересі – Сұлтанмахмұттың арманды
ғашығы. Ақын, әнші. Алтайдың Қосағашына ұзатылып кеткен.
Аңыз қалған Ақбаян саласында,
Шіміркентер шындық та бар осында...
Арман болып алдымнан шығып едің,
Арман болып артымда қаласың да...
Арман болып қаласың, Баян елі,
Сая белі, мөлт еткен ая көлі!
«Ауылыңның сыртынан аттандырып,
Қара да тұр»!
Ұмытпа!
Ая, мені!..
04.02.2008 ж.
Шынжыр.
БӘРІН КӨРДІМ
Бәрін көрдім. Не көрмеді бұл басым? –
Шүкір, Алла, бергеніңе деймін де.
Елестетсем өткенімнің сұлбасын,
Назырқаймын өңсіз өткен кей күнге.
Мен елшісі бола алдым ба Шындықтың,
Жүрегімнен шықты ма екен ақ Кәлам?..
Қамытынан құтылғанмен тірліктің,
Тағдырымның табытына тап болам.
Келешекке салсам көңіл-дүрбіні:
Жолым шалғай – сор мен дауыл, аңызақ.
Ағаш атқа мініп алып бір күні,
Аттанамын сапарыма ең ұзақ.
Махаббатпен жаратқан соң адамды –
Жар да сүйдім, қыз да сүйдім, ұл сүйдім.
Бабам жатқан, балам туған даламды
Зар еңіреп жылап сүйдім, шын сүйдім!
Тәубасы жоқ тәкаппар мен менменнің
Тәңір өзі жетер жерін шектеген.
Мына дүние – елін сүйген ерлердің
Жанарының жасыменен көктеген!
Байтақ Отан, айналайын атыңнан,
Жүрегімде жыр боп тулап, бұрқаншы! –
Менің шексіз, өртті махаббатымнан
Ғаламға Нұр қосылады бір тамшы.
Ұлы жолға буып қойғам белімді –
Бір тамшы Нұр қостым ғой деп Ғаламға.
Сәулелейді ол –
тірліктегі жолымды,
Шырақ болып жанады ертең – моламда!..
04.02.2008 ж.
Шынжыр.
ОШАҒЫМНЫҢ ҮШ БҰТЫ
Қаңқамды кеміргенмен кілең құзғын,
Келмейді келер күннен күдерді үзгім.
Кісенді құлбаулыдан өнбеп ем ғой,
Ау, қашан үзіледі шідер біздің?!.
Қорамнан қуып сүзіп көк бұқа кіл,
Қаусатып қабырғамды сөкті тағы.
Қыла ма шыннан талақ топырағымды,
Тереңге тін байлаған текті тамыр?
Жүр әлі бастан байлап, ұрып малғұн,
Көгімнен көшпей қойды кіріптар күн.
Сұйылып ұлт құрсағы тынғаны ма
Көлденең көк аттыдан – сідік-қарғын?..
Не түсті, ал сарнағанда, зарлағанда? –
Еститін кім бар, айтшы, шар-ғаламда?..
«Құдайдың сыны, – деуші ед бұрынғылар, –
Пенденің тап болмағы тар заманға».
Төбемнен бұл неғылған көшпейтін Сын? –
Сәулесіз жатыр неге, сеспей Тылсым?..
«Тіріліп кетерің – хақ!» – деді бірде,
Жүрекке мөрін басқан – Өшпейтін ШЫН.
Кеудемді зарға бекер қабір қылдым,
Қабірге енді үміттің шамын да ілдім.
ШЫН жалған сөйлемейді! –
Топырағымнан
Оянад жырын айтып Тамыр бір күн.
Бұза алмақ Тәңірімнің әмірін кім?! –
Барша жан ағылады әлі бір күн –
ШЫНЫМА шідерленіп,
ТОПЫРАҒЫМНАН
ШЫН ЖЫРЫН тыңдау үшін – ТАМЫРЫМНЫҢ!!!
04.02.2008 ж.
Шынжыр.
ІНІ ҚАРЫЗЫ
Сан түсіп көрдім мен әбес жолға,
Әрайна, інім, әрайна! –
Мен ішкен уға сен әуес болма,
Сен әуес болма, жарай ма?!
Көрсетер жан жоқ шам жағып бағыт,
Бағытсыз кетті көп есем.
У жұту деген – алданып қалып,
Ақылдың ісі емес ол.
Түзден де үріктім, ізден де үріктім,
Ет жүрек кеуде тепкілеп.
Қылымсығанның бәрін –
қыз деп жүріппін,
Тәлімсігеннің бәрін –
текті деп.
Шыққанда кейін түлкі боп тектім,
Жұтқандай болды ішім от.
Кісінегеннің бәрін –
жылқы деп кеппін,
Есінегеннің бәрін –
кісі деп.
Кісі дегенім –
кісәпірленіп,
Кісінегенім –
доңыз боп,
Улап өлтіріп «мүсәтір» беріп,
Тірілдім талай қоңыз жеп.
Кісәпір доңыз құша түргеліп,
Аямай тепті, ант атқыр!
Қаңғыдым сосын мүсәпірге еріп,
Жаныма жинап жалтақ құл.
Жүректен атты дәлдеп мергені,
Сауытымды бұзды – әл кеміп...
У болып шақты –
бал деп бергені,
Нәр деп бергені –
зәрленіп.
Мен өткен жолға түсе көрмеші,
Құланмын қашқан қағынан.
Мен ішкен уды іше көрмеші,
Шағынам, інім, жалынам!
Көз жазып қалма –
Жәлал-Аллаңнан,
Шайтаннан басты аршып ал.
Сыны бар шығар саған арналған,
Сыйы да, бәлкім, бар шығар...
Бұл менің, інім, –
арманым, сырым,
Кіргенше көрге айтам мен:
Арқалап өлгін –
АЛЛАНЫҢ Сынын,
Бал жалағанша –
шайтанмен!..
05.02.2008 ж.
Шынжыр.
БАБЫРДЫҢ ТАҒЫ
Жырын оқып Шах Бабырдың,
Өкпеледім еншіме.
Менің де енді таққа мінгім
Келсе, – мұным ерсі ме?..
Әмір қылса, – Тәңір қылды,
Мен де таққа шығар ем.
Ганга жақта Бабыр жүрді,
Қаңға* жақта – мына мен.
Шах Бабырды Ганга жақта
Жебеп еді Хақ-Тәңір.
Маған, бірақ Қаңға жақта
Не демеді «Октябрь»?!.
«Мұңғылстан», «Мұңалстан»,
«Моғолстан» – мұңстан...
Құлдар кеше құрақ ұшқан
Билікке ие – зымыстан!
Ганга, Қаңға – Мұңал елі,
Болған ордам жауға отын.
Кем деп пе едің мына мені,
Қор деп пе едің зәузатым!?
Кімнен көрем? –
Маңдайдағы
Сордан көрем бес елі.
Бабыр-бауыр шалғайдағы
Ұлысты алды, есебі.
Ал мен болсам,
өз апанын
Жауға алдырған қасқырмын.
Не бетім бар, әз отаным,
Қара албасты басқырмын?!
Мен қасқырмын ырылдаған,
Жүрген –
ізін шиырлай.
------------------------------------------------
Қаңға*(Қаңға-баба) – Сөз Иесі туған жер.
«Моғолстан» түгіл, маған
Қазақстан бұйырмай.
Баста жоқта сарай тәуір,
Болмаса да түк қайғым,
Бір теңсіздік бар, әйтеуір,
Не теңсіздік? –
Ұқпаймын!..
Жоқ бабамның оты қанда,
«Тақ» дегенім далбаса! –
Бабыр жырын оқығанда
Талпынғаным болмаса.
Гүл-баққа да Қадыр кірген
Ене алмадым иіліп...
...Қалар ма, әлде Бабыр мінген
Жырдың тағы бұйырып?..
05.02.2008 ж.
Шынжыр.
«ҚҰДАЙЛАР» ҚАҒАНАТЫНДА
Алла – жалғыз!
Тәңір – тақ! –
Жерде, бірақ «құдай» көп.
Мен отырмын таңырқап,
Наным, таным ылай боп.
Қаптап кеткен «құдайлар»
Шабады олай, былай кеп;
төбет-«құдай» түгі – айбар,
тісі сұсты құмайда еп.
Мінгені – тақ,
асы – боқ,
доңыз-«құдай» жер сүзер.
Онсыз елдің басы жоқ,
Ел болмайды онсыз ел.
мүйізтұмсық, піл-«құдай»,
тышқан-«құдай» – долы, нән.
Тапап кетер, құрғыр-ай,
Ығысайын жолынан.
тауық-«құдай» шақырса,
Түсінеді тілін нақ –
есек-«құдай» ақырса,
мысық-«құдай» пырылдап.
Келсе «құдай»-арыстан,
түлкі-«құдай», тап тілін.
барыс-«құдай» бағы ұшқан
Баса алмай жүр аптығын.
Мазалайды шұқид та
Бір-бірін – ит, бит-«құдай».
Сыйыспай жүр мұхитқа –
шабақ-«құдай», кит-«құдай».
Жұмыс – қауырт,
сын да көп,
Тірлік бірақ түрме емес:
қыран-«құдай» – шыңда жоқ,
жылан-«құдай» – інде емес.
Әрбір «құдай» өз заңын
Жүргізіп тұр ұлысқа –
Азғаның мен тозғаның
Түк қажетсіз, дұрыс па?!.
борсық атты «тәңірім»
Семіріпті шық баспай...
Нанымым мен танымым
Қалды қазір түкке аспай.
Шығыршықта ойнаған
маймыл-«құдай» – ол да бар.
...Кілең «құдай» – айналам...
Болғайсың да, Алла, Жар!..
05.02.2008 ж.
Шынжыр.
ТАҒЫ ДА ТҮН
Жүрмін қанша аңсап азып,
Маған шексіз қымбат құны –
Сонша қатал, сонша нәзік
Боз даламның жұмбақ түні.
Босаға жоқ, төр деген не,
Шаңырақ – шақ, кереге – тар.
Ей, тағдырым, мен дегенде
Болдың екен неге қатал?
Қалай шерін тарқата алам? –
Соған күш жоқ – қыл аяғы:
Ұл-келінсіз қарт ата-анам
Шам түбінде мұңаяды...
Тірліктегі мұратым не? –
Шықты бәрі сандырақ боп!
Олар өтсе...
Мына түнге
Кетемін ғой мәңгі жат боп...
Шамды түннің табы ұрады,
Қос көлеңке қозғалады.
Олар өтсе...
Шаңырағы
Нар-қобыз боп боздар әлі.
Зарла, байғыз!
Жырла, бота! –
Сен әзірге желідесің.
Шәрге сіңген біржолата
Шерлі шәйір еңіресін...
Кетпейді үні құлағымнан,
Мұңы ма екен бар ақынның?..
Менің жұмбақ жұмағымнан
Күнде алыстап баратырмын.
Жүрек керек есітуге,
Түсінбейді ылай-таным.
Бұл ғаламға осы түнде
Бар сықылды бір айтарым.
Жан лап етед сезімнен мың,
Қырдың самал тисе ілебі.
Неткен ыстық боз інгеннің
Бырт-бырт етіп күйсегені?!
Ошақтағы от өзі сөнген,
Ақ отаудың шамы сөнбей.
...Саулық шығар қозысы өлген,
Маңырайды жағы сембей.
Қырдың бөлек бүгін сәні,
Әр жүректің лүпілі анық.
Шіңгірлесе құлыншағы,
Шабады ене шұқыранып.
Самал ұрса сайдан желпіп,
«Құс жолы» тұр түбіт шашып. –
Бұлттан шыққан Айдан қорқып,
Ақкүшік жүр үріп қашып.
Ұмыт болып жан-арпалыс,
Кірген сынды жүрегіме әр.
Осы түнде маған таныс
Бір тылсымның ілебі бар.
Дала түні – дертім сіңген,
Саған шаттық, құрбан – қайғым.
Жалғастырар сол Тылсыммен
Жұмбақ жайда тұрғандаймын.
Мен арзумын ымыртқа шын...
Алыс ұшып кетпе менен, –
Ақ отауын – жұмыртқасын
Тербеп басқан, кептер-әлем!..
05.02.2008 ж.
Шынжыр.
БЕЙУАҚ
Дүние тағы құлазулы –
Тіс қайрап жүр кіл азулы.
«Бал жұтқызам, – деп, – еліме», –
Біз де ішіппіз біраз уды.
Шын қалмады шыңғырмаған,
Естімейді тұлдыр ғалам.
Қаптап барад қанды көз ит
Шынжырлары шылдырлаған.
Көзден жұғып көгіме қан,
Сезген бүлік – көңіл алаң.
Шынжыры иттің шылдырласа,
Бұға қалад менің ағам.
Ағамыздың қорыққанын
Біліп алған жеміт-залым –
Майқандап жүр,
сойқандап жүр
Бабамыздың қорықтарын.
Сақылдаса жегі-құлқын,
Төзім – іркін, сезім – үркін:
«Қай азуда кетеді, – деп, –
Менің қоңыр қозы-жұртым?..»
Көрді тінтіп, сүйек ашқан
Обырлықтан мый адасқан.
Күйелі аспан – көретінің,
Өлі дала – кие қашқан.
Сілкінсейші шамалы, аға,
Бермей маза барады, аға! –
Тіріге де, өліге де,
Қалаға да, молаға да.
Сілкінбестей сорлы емес ек,
Не болажақ – ел, келешек, –
Қисықтарды жөндемесек,
Дертімізді емдемесек?!.
Тірі мүрде – түспей лахат,
Ессіз елді күштейді апат.
Бал ұсынсаң, – жүрегі айнып,
Уды көрсе, – тістей қатад...
Қорқауға да, құзғынға да
Қоныс болды біздің дала.
...Осындай сын басыңызда
Болып па еді сіздің, Баба?..
07.02.2008 ж.
Шынжыр.
ЕСЕ ТҮГЕНДЕУ
Өр рухы оянбай бабаңның
Қаныңнан атойлап –
Төсек боп біткені далаңның,
Төбеңде жат ойнап.
Кешегі тау-баба ұрпағы
Тынды ма кесек боп? –
Құл тәнін құшақтап ұлт Ары,
Ұл тағы есек боп.
Төріңе Жүрегім жақсын шам,
Жеңілдеп жүгің мың –
ЖАДЫМДЫ қайтеді жапсырсам,
ЕСІНЕ БҮГІННІҢ?..
Оянсын тамырдан есіл Жад,
Жиналсын Ес енді!
Ие бол, туыңа, асылзат,
Жібермей Есеңді!
Ер бабаң кем емес ешкімнен,
Жатқа енді қалмашы аса таң.
Бәрінің мекені ес білген
Баяғы – тас апан.
Бәрінің жатары – бір қабір,
Ата-анаң – қара жер.
Тек олар дәурендеп тұр қазір,
Оянам – шама бер!
Жүректер жүр қазір шам жағып
Байтаққа осынша.
Ертеңің болады жап-жарық –
ЖАД пен ЕС қосылса!
Ал әзір, бірге ішем уыңды,
Қалсам да жолымнан! –
Көрейін, сол кезде Туыңды
Алғанын – қолыңнан!!!
07.02.2008 ж.
Шынжыр.
ТҰМЫЛДЫРЫҚ
Мылқау түнек тұтып тұр.
Тас-жаңғырық...
Жаңғырықтар ішінде бас қаңғырып;
Нас, қар қылып –
еркегін, ұрғашысын,
Сақылдайды Сайтанат астам күліп.
Астанаға ас, Семей қаш, Алматы бар –
Иманда мөр қалмады, арда тұмар.
Бұт пен шатын шайтанға итаяқ қып,
Шығады өріп алдыңнан салдақы қар.
Ұрпақ келді – Тәңірім Мөр баспаған,
Менің еншім – Сайтанат! – Ең нас қоғам.
...Сенің ерте кеткенің дұрыс болды,
Бейбақ әжем, дәретсіз жер баспаған...
Жол-жобамды Ібіліс сызған барлық,
Қиыс кетсең, өлесің құздан қарғып.
Бұзған барлық шегара-жосыныңды,
Ұлдан – зорлық күтпей көр, қыздан – қарлық.
Іс адалы қалды ма, ас адалы?.. –
Не істемей жүр дұшпаным тасадағы!..
Мені әуелде АЛЛАМНАН айырғанда,
Нас пен қар ед кәпірдің жасамағы...
Мылқау түнек тұтып тұр...
Меңірей-түн –
Перғауынның бұзауы мөңірейтін!..
Еңірейтін жер таппай Алласына,
Портреттен егілед – Өлі Кейпім...
19.02.08 ж.
Ақтау.
ШӘМШІ МЕН ТӨЛЕГЕННІҢ
МАҢҒЫСТАУ САПАРЫ ТУРАЛЫ ЖЫР
Гүлнәр Салықбайға
Қарадым көкке кезелген
Мұнараларға міз бақпай.
Жетібай менен Өзеннен
Шатырлап өттім түзгі оттай.
Т. Айбергенұлы.
Көгілдір қырдың қанатын керегем керіп,
Тыраулап тырна бастаған төбеден жорық.
Мұнаралы қырдың жұпары бұрқ етті бір күн,
Алматы жақтан Шәмші мен Төлеген келіп.
Таңғы шық біткен талдардың бұтағын ашып,
Таңырқай қарап, көз жасын жұтады жасып.
Маңғыстау лоқси жеркеніп мұнай мен газдан,
Жатқан шақ еді ол даланың жұпары қашып.
«Ару залдарға» –
қос ерке саңқылдап тұрған,
Гәккулі қаздар мойынын қаңқылдап бұрған.
«Бұрымдай қара дария» бұрала жүйткіп,
«Ақ ерке – Жайық» аққаны-ай аңқылдап қырдан.
Күлтелеп жалын қыраты сағым даланың,
Өңіне сепсіп қан тепті сабырлы ағаның.
«Жағалбайлы жігіт» ән айтса, сілкініп сезім,
Тірілді әруақтар жырына «Табын баланың».
Аупарткомдардың жыр жаулап кеңсесін өктем,
Адуын ырғақ аумастай өлсе, осы беттен.
Мұңайған шыңдар қайтадан шарқатын байлап,
«Ұран-от» жақты қарт таулар еңсесі кеткен.
Ересе құздар сарбаздай кежеуілді сап,
Еркек шөп үкі байлаған селеуін құшад.
Езіліп қалған ез дала ес жинап сәтке,
Есіне түсті баяғы ереуілді шақ.
Ән қалды түнгі аққудың сұңқылында аққан,
Жыр қалды талдың бүрінде кірпігін қаққан.
Төлеген-жыр мен Шәмші-әнге елітіп сонда,
Сәби ек біздер бесікте бұлқынып жатқан.
Жүрек едік біз –
сол оттан тамызық алған,
Ән менен Жырдың қыламыз әлі ізін арман.
...Талайлар келіп жатыр ғой, талайлар кетіп...
Егіз жүрекке татыр ма аңызы қалған?!.
Ән мен Жыр болып біз енді толғанамыз да,
Қараймыз толқып мұнарлы сал даламызға.
Бастаймыз сосын сапарды –
жалғанамыз да
Төлеген менен Шәмшіден қалған Аңызға...
Бастадық сапар – қанатын кеме қаққанда,
Толғанған сыр бұл көгімнен өлең аққанда –
«Каспийдің толқын тауында» Гүлнәр-қызбенен
«Ақ ерке – Жайық» әнін сап келе жатқанда!..
13.03.08 ж.
Ақтау.
БАҚҰЛДАСУ
Терең ойсыз кей арамтер:
«Өлімнен соң өмір жоқ», – дер.
Өкініп, қайғымен өтер,
Мойын ұсынбаған көңіл!
Шаһ-Кәрім қажы.
Гүл-жастық көшті түзге жарасқан,
Армандар қайда бізден адасқан?..
Иесі тауып алған да шығар,
Енді күлкіңді іздеме қашқан.
Талай кәлләны құзғындар жеуде,
Келгенін байқа күздің де әудемге.
Жалған күлмеген –
арман бүрлеген
Өкпең бар ма әлі Біздің Дәуренге?..
Жол қамын жейік,
сапар бар алда,
Сақтағай дейік қаһардан Алла!
Аттансақ болды дүрмекпен бірге,
Озып та кетпе, қатардан қалма.
Жомартқа мәлім сақидың сыры,
Фәнидей болмас Жат Үйдің сыны...
Көкті көмкеріп, іргені қымтап,
Жақындап қалды Бақидың Түні.
Қап-қара түннің құрсағын жарып,
Ақ күмбез алда тұр шамын жағып.
Ғаршы қайығы қылт-қылт етеді,
Шамнан құлаған нұр сағымданып.
Барармыз кешке қайыққа жанай,
Аптықпа, көңіл, байыптап ал-ай...
Қайыққа мінсек –
сағым-толқынмен
Жөнелеміз ғой Ғайыпқа қарай.
Өткен-кеткенді екше де, Көңіл,
Гүл-жастығыңды көксеме, Көңіл.
Хақиқи Шыны нәсіп боп Хақтың,
Бақидың сыны өтсе де, – жеңіл.
Көктемнің күлте сағымы сынды
Жалап барады жалын ішімді.
Хош! Фәни-Дәурен! –
Иеме жетіп
Басайын кәусар сағынышымды...
05.02.2008 ж.
Шынжыр.
ІІ-бөлім
ҒАШЫҚ-ЖАЛҒАН
«ЯСАУИ» ТОБЫ КЕЛГЕНДЕ
КЛУБТЫ ҚҰЛЫПТАП ҚАШЫП
БАРА ЖАТҚАН ШЕГІРҚҰМНЫҢ
ӘКІМІ ЖЕБІРҚҰЛҒА АЙТҚАН
ҚЫЗАНДЫҚ ҰЗАННЫҢ ТОЛҒАУЫ:
Затың – әкім, атыңды да жақсы ғып
Қойған екен – жақсылыққа тапшы ғып.
Жан атанып жүрсің әттең,
мал болсаң, –
Иең «етке» жіберер ед тапсырып.
Ал ит болсаң, –
айналар ең көпекке,
Өле-өлгенше байланар ең жетекке.
Садаға кет төбеттіктен! –
Шәуілдеп
Жат құлыпты күзетер ең кетекте.
Төр не теңің! –
Шермендесің,
Шерменде! –
Кірер едім – болмай қалды көр менде!
Жер қылдың ғой –
сергелдеңнен сексен жыл
Ясауидің Нұрын алып келгенде.
Иманың – жоқ,
жиғаның – боқ,
дау бар ма! –
Сен рухыңды сатқан жансың жауларға.
Ит кетектей клубыңды құлыптап,
О, зәнталақ,
зытып кеттің ауданға!
Сен қашпадың, қашқан сенің сайтаның,
Көріп тұрмын, білгеннен соң айтамын.
Тойлатар ең төрің емес, төбеңде
Жөйіттердің жалаң бұтты сайқалын.
Ұрпақ қолын жеткізбейтін кенішке –
Ел билеткен кім сен сынды кеміске?!
Сайтан біткен безіп берді сол күні,
Жеткеннен соң жеті бірдей періште.
Топастықтың топанына сал құлаш! –
Ей, сәбетқұл, ісің енді мандымас.
Шырлап тұрды – қонатын жер таба алмай
Жыл құсымен жеткен жеті қарлығаш.
Сен қашқанмен, тырна келді тыраулап,
Құм да келді – төрт түлігі құраулап.
Сексен жылдай сеспей жатқан көрінде
Әулиелер түсті сол күн бір аунап!
Дәл сол күні Нұр құйылды аспаннан,
дәл сол күні Жыр құйылды дастаннан;
дәл сол күні – қаша берсін қашқан жан,
дәл сол күні – саса берсін сасқан жан, –
гүл жырлады қауыздарын ашқаннан,
тарам-тарам жас білінді тастардан.
Сексен жылғы ғимаратым бос қалған,
ендім саған, енді ешкімнен жасқанбан!
Сексен жылғы сетінеген соқпағым,
түстім саған, жоқ-дүр менде басқа арман!
Түркістан мен Оғыландыға тап салған,
Мекке менен Мәдинадан басталған, –
Хақты көрер бұл соқпақты басқан жан,
Бақты көрер бұл қақпаны ашқан жан!
Айдар ишан*, уа, Сәт-еке*, түрегел!
Сендерге енді қуып жеттім, міне, көр! –
Үн төгіп тұр жеті бұлбұл көгімде,
Бар ғаламның Иесінің Нұры еді ол!
«Төбет қашса – өлекшінге!..» осы да,
Қой, көңілім, итке өкпелеп жасыма!
Жеттім, шүкір, «Қариша ахун»* қасына,
Төлеудейін халифаның* тасына.
Несібек-Нұр*, Әуеталық-Қожырдан*
Көшкен Бақыт қонды қайта басыма!
Алды-артымды күндіз-түні торыған
Қашсын шайтан –
Ақиқаттың жолынан!
--------------------------- Айдар ишан*, Сәт-еке* (Сәттіғұл Жанғабылұлы), «Қариша ахун»* (Ермағамбет Төлешұлы), Төлеу халифа*, Несібек-Нұр*, Әуеталық-Қожыр* – оқиға өтіп жатқан аймақтағы әулиелер.
Мен қумаймын Ясауиден қашқанды,
Қуамын мен бабаларды – соңынан!
Ол бабалар кіргізеді Жәнатқа,
Жүргізеді, енгізеді санатқа.
Жарқ етеді ЖҮРЕГІМНІҢ ЖАНАРЫ,
ЖАН БІТЕДІ СЕМІК ШАЛҒАН ҚАНАТҚА!
Түйгіштеген түрен менен кетпен құр
Тіріл сен де, кенезесі кепкен қыр.
Өлі Әруақты, Тірі Рухты оятар
Ясауидің хикметі төккен нұр.
Тебірен, тау!
Теңсел, төбе!!
Ұлы жер,
Күнің туды сапқа тұрар, бірігер.
Басталады шын құрылыс – бір ұлы іс,
Біріккесін Өлілер мен Тірілер.
Ол құрылыс жүргізбейді маңынан
Жаралғанды – шайтандардың шаңынан.
Ол Ұлы Істі тірі өліктер көрмейді,
Мақұрымдар – әулиелер зарынан.
Таяды әлі-ақ талтаңдатқан тағынан,
Құр қалғандар – Құайдың хақ заңынан!
Сол Ұлы Істі қолың барда қолдап қал,
Үнің барда сәлеміңді жолдап қал.
...Платонның «Троглодиті»* сықылды
Айтқанменен еш сенбейді көрбақтар.
Жұтатыны – зымиянның заһары,
Зытатыны – шайтандықтың шаһары.
Қай ауданға қашар екен ол бейбақ,
Қысқан күні Қадир*-Хақтың қаһары?!.
Мәләкүл-Мәуіт* салған күні қармағын, Жалмауыздай қарманады ол жан-жағын. ----------------- «Троглодит»* – Платонның «Республика» атты кітабындағы үңгірде өмір сүретін кейіпкерлер. Олар – абайламай жарық дүниеге шығып кетіп, осынау жарық дүние туралы «осындай өмір бар екен» деп хабарын айтқан адамға сенбей, оған қастық қылады. Қадир* – АЛЛА-Тағаланың құдырет сипаты. Мәләкүл-Мәуіт* – Ажал періштесі.
Әулиеге жалынады ол содан соң,
Ыңырсиды ол атын атап Алланың.
Әулиелер жүзін бұрып теріске,
Көз салмайды бұл баратын өріске.
Жетпейді оған сәлемін ап Алланың
Жебеуші боп жеті бірдей періште!
Ол әзірше – Троглодит! –
Ұқпайды,
Тас қараңғы зынданынан шықпайды.
Періштелер әкелердей жұт-қайғы,
Клубтардың құлыптарын құнттайды.
Ясауидің хикметінен қашарда –
Өзінен де зор шайтан бар шаһарда,
Соның барып көлеңкесін ықтайды.
Ал әзірге... керез-сөзді айтам құр,
Әкім біткен шаһарларда шайқап жүр.
...Клубтарда құлыптар тұр қап-қара,
Жүректегі мөрі құсап шайтанның!..
Сәуір, 2007 ж.
Ақтау.
ОМАР ҺӘЙАМ АЛДЫНДА АҚТАЛУ
Омар Һәйам, обалым сізге деймін,
Шалқып кеттік сізге ұқсап біз де кей күн...
Шайтанға шәкірт шалдуар
шайырдың шатпағынан.
Кешір, Һәйам,
Сүйген құлы Алланың! –
Мен жұтыппын залымдардың қармағын.
Сенің ішкен шарабыңнан шатасып,
Ібілістің зәрін бал деп талмадым.
Он жетімде –
белім шығып бесіктен,
Кең дүниеге сығалап ем есіктен.
Еліктіріп ертіп ала жөнелді
Ессіз тобыр атағымды есіткен.
«Бұл неткен жұрт – тумай жатып танығыш?!» –
Бәрі – бауыр.
Бәрі – пырақ.
Бәрі – құс.
Таңырқап та үлгермедім,
десті олар:
«Ақынды енді аспан жаққа алып ұш!» –
«Бұл – алтын», – деп, тостақ берді сары мыс –
Жанарыңды жарқылымен қарығыш.
Әлденені аңсаушы едім жанып іш,
Сол Аңсарға жеткеніне нанып іш,
Босай берді алдымдағы бар ыдыс.
Туғаннан-ақ Жасыл Жалын жанығыш
Біздік жүрек –
лүпілдеген жарылыс,
Біздік жүрек –
шүпілдеген сағыныш.
Нұр-сағыныш ұқсап қара қайғыға,
Жасыл жазбен некелесті кәрі қыс.
Содан соң ба?..
Қол жеткенмен жүлдеге,
Оранбадым үлде мен бүлдеге.
«Аспан мен Жер менікі!» – деп айқайлап,
Сол Айқайым талай тықты түрмеге!
Құрсын менің салғаным да бүйтіп ән,
Жүрген жерім қызылшеке – шиқыман.
Шиқыманнан шалажансар шықтым сан,
Сана – соқыр,
жүрек – мылқау,
мый – тұман.
«Аспан жаққа алып ұшар» құт-мұрат
Достар қашты.
Құстар, қит, қит!
Зыт, пырақ!..
Түстім талай – ұшамын деп аспанға,
Қара тасқа шүйдемменен тік құлап.
Аспан да жоқ.
Достар да жоқ.
Құстар да! –
Өтті бәрі – біттімәттан жіттімәт!
Дос дегенім – есегі екен сайтанның,
Жар дегенім – төсегі екен сайқалдың.
Көкпар құсап түстім талай кергіге,
Дауылдағы көк тал құсап шайқалдым.
Молаға сан жамырадым – жын ұрып,
Жалғыз көзді диюларға ұрынып.
Безден беріш, тастан шемен жұдырық
Шақырғанда – кете алмадым бұрылып.
Періштемнің атын алып аударып,
Перілерге беріп жүрдім сауда ғып.
Бар жасаған күнәм менен кінәмді
Кеттім талай, Һәйам, сізге аударып.
Жеткізер ме – саңырау жел, тау ғаріп
Жүгінсем мен алдыңызға тәуба ғып!..
...Сол бір кірлер өшер емес Есімнен,
Сол бір зілдер көшер емес Көшімнен:
Үш күн іштім –
«тұңғыш мұнай атқызған
шалдың» ұлы Бәли-Сәкен досыммен!
Атышулы Жаңаөзендей шаһарда
Үш күн, үш түн мелдектедім зәһарға.
«Һәйамды айтшы, – дейді досым, –
Һәйамды айт!..» –
Күн батарда,
жатарда,
таң атарда!
Бас «жазыла»:
«Һәйамды айт! – деп, – Һәйамды айт!..» –
Досым менің Һәйам десе аянбайд!
Елге тұтқа қос жампоздың артында
Осы болды жамағатқа жаяр жәйт!
Қудай емес, удай даусым тарантып,
Әр демімнен ән емес-ау, зәр аңқып,
Һәйам сөзін домбыраға қосамын,
Дос алдында көтеріліп бағам тік.
Таптырды ма – пәмді пәни, сау жалған?! –
Алған кітап – барған жолы ауданнан –
Жаттап алған жырым еді жасымнан
Шаңғытбаев Қуан-ағам аударған.
Иесіз пәтер.
Үш-төрт жанбыз.
Жыршы өзім.
Мас болсам да ұмытпаймын бір сөзін.
Һәйамды айтсам, көзден көшіп жатады:
Гүлдер, һүрлер, шарап, шаттық – кіл сезім.
Қақаған қыс.
Иесіз пәтер, саяңда
Болған жәйтті шыннан жұртқа жаям ба? –
Бір шәйір мен бір мұнайшы – сол жолы
Біздер сұмдық құмар болдық Һәйамға!
Үш күннен соң...
Шыққанымды білмеймін,
Қай бағытқа зытқанымды білмеймін...
Бастан талай өткен зілдей күндерден
Жан-ошақта қалып қойды күлдей мұң...
«Омар ішкен.
Абай шеккен нашаны,
Әйел болған және олардың осалы», –
деген сөзге есімізді алдырып,
сан жандырып шықтық отқа шашаны.
Кешір, Һәйам! –
Сүйген құлы Алланың! –
Аяусыз-ақ жұтқан екем қармағын.
Жар Нұрына ғашық болған ардағым,
Жар Дидарын көру бопты арманың!
«Шарап» деген –
Нұры екенін Алланың
Енді ғана ұғып тұрмын,
әруағым.
Адасыппын нұр балқыған ізіңнен,
Жұтамын деп жөйіттіктің қармағын.
Кәлимолла пайғамбардың «үмбеті» –
Шайтанға – қар қылу бізді міндеті.
Қашан шығып болар екен бойымнан
Ішке түскен Ібілістің індеті?...
Сол Індеттен:
ұл – есанау, қыз – арсыз.
Ұлтым, ғұрпым дертті екенін ұғарсыз.
Күмәнаға ілескен соң күмәнсіз,
Сор-батпақтан қалай аман шығарсыз?..
Хан – қорғансыз,
данышпаным – құралсыз,
Қандай кеңес бересіңіз бұған, Сіз:
Қытай-қыздың қармағына ілінген
Үйсіндердің Күнбиіндей мүжәлсіз!..
Жар Дидарын көру болып арманым,
Мен де сенің жолыңды ақыр таңдадым.
Көп адасып,
түстім сенің ізіңе,
Желбезектен жұлып шайтан қармағын.
Мен ояндым! –
Ұрықсат жоқ жатуға! –
Кешір, Һәйам, жүрсе сөзім ғафуға.
Кешетінім – ДАРИЯСЫ ҒЫЛЫМНЫҢ,
Ішетінім – Нұр-«Шарабан таһура!»*
--------------------------------------------
Шарабан таһура* – Жәннат шәрбаты.
Өзендегі,
әлемдегі достарды
Шақырамын Нұрдан бірге татуға...
Берме иманды Ібіліске сатуға,
Қазір үкім шығарса да атуға!
Ұйықтап жатыр Астана, Ақтау, Алматым...
Шайтан ояу! –
Жайсыз осы жанға тым.
Ғайыби илхам* – жәрдеміңді бер, шайыр,
Нишапурге жетсе менің зар-хатым.
Жар Нұрына толтырады жүректі
Таңда саһар зарлап тапқан ЖӘННАТЫМ!
Сол ЖӘННАТҚА кіргізейік Ғаламды,
ҚҰДАЙ СҮЙГЕН арлы әулие, зарлы ақын!
Кешір, Һәйам! –
Келмесең де хәл сұрап,
Мен алдыңа жығыламын қансырап,
Саусағымда – таспихтың тастары
Періштенің көз жасындай тамшылап!..
14.01.2008 ж.
Шынжыр.
------------------------------------------------
Ғайыби илхам* – ғайыптан келетін хабар.
БІЗДІҢ КӨШ
...Аспанды нажағайдың тырнағы осып,
Астында жөңкіледі тырна жошып.
Адайы таңба құсап үшкілденіп,
Барады біздің ауыл қырға көшіп.
Пай! – деген, біздің елдің көші қандай?! –
Мен сені тұра алмаспын есіме алмай.
Көп жылқы жер табандап жылжымайды,
Бұл көкте былтыр кеткен өші бардай.
Тоң кетіп, көкіректен күрсінді ұрлап,
Жатқандай тамырыңда Тылсым жырлап.
Көшеді бозторғайдың көмейіне,
Қарағай тамырынан бүр сыңғырлап.
Сол үнді жұтса, шіркін, Ындын қарпып,
Кетер ед Фәни құны бір күнде артып –
Жүректің бұтағынан жыр бүршіктеп,
Жаныңның жұпарынан бұлбұл балқып!
Салғанда жез бұйда бұлт желе сүркіл,
Қағады қорлы көлдің көбесі ыңқыл.
Керілген адырнадай жеті аққудан
Қадалып көкірегіңе – жебе-сұңқыл.
...Жан-жақта Алатау мен Алтай қалып,
Көш жетед Сарыарқаға жарты айда анық.
Таң, Үзе, Азау, Қобан, Еділ, Жайық –
Қонады біздің құстар тарқай барып.
Талда емес, сол бір құстар, қанда сайрап,
Сардарлар шауып шықса жалға атойлап, –
Жөңкиді құлан мінген кіл оғылан
Тауларды еңіретіп – «Алла-һай-лап!»
Басқұрдай кемпірғосақ шыңға ұстаған,
Түтіндеп өрмек-сағым қырды ыстаған.
Көшбасы биылғы жыл – Мүде шәнүй,
Қосбасы соңғы көштің – Шыңғыс қаған!
Біздің көш қара жердің үстін керіп,
Аттанды Ясыға үш күн қонып –
Жеткенде жеті аққудан жебе-сұңқыл
Адайы таңба құсап үшкілденіп.
Қанаты түндіктей боп құзғын көшкен,
Соқса да қанша дауыл – тізгін кескен,
Балапан талпынады сынық қанат,
Адасып қалмайын деп БІЗДІҢ КӨШТЕН!..
Сол КӨШ жоқ!..
Айтпас жөнін кәрі қырат,
Бір КӨШТІ күтер сойды бәрі, бірақ...
...Шынымен, сол КӨШ келмей кетер ме екен,
Соңында тек шаңы мен сағымы қап?..
Сол бір КӨШ оралардай сап құраған,
Үн жұтам көктемгі ақ түн – ақ тұмадан:
Шырлайды сынық қанат балапаным,
Қанатын ұясында қаққылаған!..
14.01.2008 ж.
Шынжыр.
ТАМЫРДАҒЫ ҮН
Тамырымда бебеулейді мың ғасыр,
Жүрегімді мың ғасырлық үн қасыр.
Ол үндерді естімейді ешқашан,
Қаны қалғып кеткен мынау кіл басыр.
Басыр аспан.
Басыр дала.
Басыр шың,
Жеті асылын жерге бүккен насырсың.
Селт етпейсің – кемпірғосақ асылсын,
Міз бақпайсың – жанарымның жасы ұрсын!
Неге мылқау мына ғалам? –
Тәңірім
Қашан айтар: «Оян!» – деген әмірін?!
Тар шекемді солқылдатып баратыр,
Мың ғасырдың үні керген тамырым.
Жолбарыс боп жаралғанмын басында,
Мысықтардың неғып жүрмін қасында?..
Осы сауал мың ғасырлық үн болып,
Түнде Сізді қинамай ма, ырасында?..
Жолбарысқа асқар керек, шың керек,
Мысықтарға тышқан керек, ін керек.
Тамыр бірге, таным бөтен болғасын,
Екеуінде арман бөгде, мұң бөлек.
Дертім ауыр, күндіз – ауру, түнде – сау,
Бізге біткен төзім тентек, мұң да асау.
Мың ғасырдың үнін жиған тамырым
Ай астында бір жарылмай тынбас-ау!..
Ол жарылса – адыра қап мол сабыр,
Күткен күн кеп қанша ғасыр, сонша жыл;
Ай – азуша, жұлдыз – тісше сақылдап,
Аспан асты азан-қазан болса бір!
Болса, шіркін, дәл осылай, дәл солай! –
Сілкінер ед шыңдар біткен аңсағай!
Түннен іңкәр,
Үннен жұпар жұтар ед,
Шығып алдан жұлдыз самсап, аңсап Ай!..
Дәл сол күнге жетер ме екем, шіркін, мен?! –
Дәл сол күні мерт боп кетем, мүмкін, мен:
БАР ТАМЫРДА МЫҢ ҒАСЫРЛЫҚ ҮН САЙРАП,
БАРЛЫҚ ҒАЛАМ ТІЛДЕСКЕН КҮН БІР ТІЛМЕН!..
15.01.2008 ж.
Шынжыр.
ШӘКӘРІМ ШОШАЛАСЫНДА
Шұбар дала.
Шұбар тау.
Шұбар аспан.
Шұбар жел жүр етектен жұла қашқан.
Шімірігіп әлдебір кінәлі істен,
Шемен тастың беттерін қына басқан.
...Шыңғыстауға бет түзеп Баршатастан,
Шұбартаудан шақ еді әнсат* асқан.
Шағырмақ күн –
тасқа ұрған шекесі ісіп,
Шұғыласын шыңдарға қанша шашқан...
Шаққа таптық қажының шошаласын,
Қолмен ұстап қираған босағасын.
Топырағын сүйкедік көзімізге,
Көңіл шіркін қабаржып босағасын.
Таптағанда дүниені тиран мысы,
Тұрды мұнда «Ар-Ілім» жиған кісі.
Тау ішінде жартыкеш шошала тұр,
Тажал тепкен Хақ-Кәләм қирандысы.
...Бошалама, шұбар бұлт,
бошалама,
Әзер жеттік бошалап осы араға...
Бар Ғаламның ғылымын жиды қажы,
Мына тұрған титімдей шошалаға.
Бошалама, шұбар жел, бошалама,
Інім, сен де сабыр ет.
Босама, аға!..
«Жауға – қатын, жақынға – жалмауыздар»
Сол ғылымды өртеді осы арада.
Әулиені –
атанған Дала Соты
Қара-сарты соттады, шала сопы.
Сол Ғылымның шайтандар шашқанда отын,
Түтінінен қарайды ана шоқы.
-----------------
Әнсат* – оңай.
Дегдарларды тыққандар түрме, көрге
Ұлық Соттың алдында құнды өтер ме!..
Даналық пен надандық қабат туып,
Кетеді олар сыя алмай бір мекенге.
...Күн де батты...
Отырған кім-ей, зарлап?..
Келеатқандай дүниені дүлей жалмап –
Бошалаң жел кезгенде шың арасын,
Жүректі алды сұп-суық үрей қармап.
Көз меземнен күннің де үздім нұрын,
Шыңды қамап түн келед құзғын-құрым.
Иесіз тауда қалуға қажы құсап,
Аздық етед, әрине, Біздің Білім.
Шұбартау мен Шыңғыстау босағасын
Зарға бөлеп, суық жел бошаласын.
Жүргендей ғой шың кезіп қажы әруағы –
Қалдырайық өзіне шошаласын!..
Құлатардай құрдымға киесіз жалған,
Түршігіп тұр тұла бой жүйесіз зардан.
...Шулы шәрде қинайды-ау еске түсіп,
Иен тауда жалғыз үй – иесіз қалған...
15.01.2008 ж.
Шынжыр.
ТОП ПЕН ТАЛАП
Ұқпайды алакүдек сана мұны,
Шайырдың емес және жаңалығы.
Тәмсілі әулиенің ырас болса,
Үш топқа бөлінеді –
Адам ұлы.
О, жо-жоқ, күмән бар ма ырасына?! –
Сөз болды-ау сәл асығыс бұ да, сірә...
Арасын ажыратам Топ, Талаптың,
Көз салып уәлидің мұрасына!
Қосқанға аламанға атын тарап,
Анаған жақындама ақын санап.
Атақ пен есілдертін дүние жеңген,
Оныкі:
Еркек емес – қатын-талап.
Артып тұр жүкті аяусыз сын-ғасырың,
Тек Сізге мағұлым қылар бұл да сырым:
Құдайға жақын келсін –
ақын болса,
Құрысын – ісін қылса ұрғашының!
Ал анау, дауды жүндей сабап тұрған,
Сапсиған сақалдары балақты ұрған –
Жәннаттан жұрттан бұрын орын алмақ
Діндар топ –
Ахиретті талап қылған.
Пендеге Құдайдан-дүр әр несібе,
Талап қыл Жан-Аллаңды ал да есіңе...
Көп діндар Еркек емес, –
қызтеке-қар,
Алданба таспих пен сәлдесіне.
Балтасы Ібілістің мый жаңқалап,
Қоңыздай күн өткізбе қиды арқалап.
Дүниені, жәннатты да қалдыр әрі,
Ер болсаң, топқа қосыл –
ДИДАР-ТАЛАП!
Індеті Ібілістің ұлғайғанда,
Шын ерді сыныменен шыңдайды Алла.
Жер келді екі талай – Ер сыналар:
«Кім тұрып қалар екен бұл майданда?!.»
Дос – сайқал,
жақын – жалдап,
балдыз – малғұн,
Ер болсаң, өтіне қой жанды ызғардың.
Жапанда жалғыз қалғын, шермін десең,
Дәметіп Дидарынан –
ЖАЛҒЫЗ ЖАРДЫҢ!
Алдыңда түленді түз,
пері бар құз,
Сең соғып, бұтты барад керіп әр мұз...
Жолында ДИДАР-ТАЛАП жаңғыз қалсаң,
ЖАН-АЛЛА қалдырмайды сені жалғыз!..
Ортақпын ендеше, дос, күйігіңе,
Дұға етем: «Шыққай-ды, – деп, – Биігіне!» –
ЖАН-АЛЛА Жамалына жолықтырып,
Мәңгілік қосылғайсың үйіріңе!..
16.01.2008 ж.
Шынжыр.
ДОСЫМ САЛҒАН
«СҮГІРЕТ» ХАҚЫНДАҒЫ ХИКАЯ
«Қасқырдың өз азуымен қызыл қанын сигектетіп, омырауына басқан жемтігіне көзін тігіп, мойынын созған құзғындай мысық бет, қысық көз, селкеу мұрт,сірке сақалдар ел ішінде бар екен әлі де!..»
Шал-шауқанның авторлығымен
досым салған «портреттен» фрагмент.
«Сүгіретімді» салды досым тапсынып,
қарғыс айтып,
әруақтарға тапсырып.
Автор атын жасырды, әттең,
үстіне
шал-шауқанның сақал-мұртын жапсырып.
Боғын солай жасыратын мысықтар,
«лоғын» солай жасыратын «құсықтар».
Пысқырмай-ақ кетер едім бұл кепке,
бірақ әрбір сөз ұшында ұшық бар.
Сол ұшықты тойтарсам деп бұрылдым,
қарғыс оғын қайтарсам деп бұрылдым.
Боққа тайып, оққа ғайып боп кетсем,
біле жүрсін қанша екенін құнымның.
Жүректері мені көрсе мұздардай,
кімге жаздым – тіс еттері сыздардай?..
Басып келем...
Шашып келем жалғанды
Ит түгілі,
Киттен жемтік қызғанбай!
Теке-көзбен мекіренген тоқтыға
шал-шауқанда обал... иә, жоқ кінә:
Есек болып үйренген ол – боқтыға,
төсек болып иленген ол – оқтыға!
Обал... – сенде!
Сен, өйткені, досымсың! –
Күнәлі жан дар алдында шешінсін!
Бетпердесін шешсін қазір мешін сұм,
Ар қанжары қан-жүрекке есілсін!
Шындық-гүрзі бір ұрмасын, бес ұрсын!
Қастық қылсам, – түйіскен төс тесілсін!
Жалған айтсам, – бірге атқызған таң ұрсын,
бірге өткізген түндер менен кеш ұрсын!
Сені сатсам, – керуен соқсын, көш ұрсын,
Қособада маңдайдан қан жосылсын!
Шежіре-тарих шебер тілден шешілсін,
соны ұмытсаң, – Жадым ұрсын, Ес ұрсын!
«Кербез қырат нені айтад, – деп, –
жасыл шың?» –
Атажұртты түс танытқан бас ұрсын!
Төстеріне аңыз жазған шың ұрсын,
Беттеріне бәдіз жазған тас ұрсын!
Мені де ұрсын!
Сені де ұрсын! –
Қоса ұрсын!
Талша – мойыным,
қылша қолың кесілсін!
Ойдан қосқан – той үстінде осырсын!
Шыннан қашсам, – ойынымыз осылсын!
Қылбұрау сап шыңғыртқанда тұрмыс-хәл,
бөле жеген... нанды біздің тұңғыштар.
Сол күндерді сен ұмытып кеткенмен,
Мен қиянат жасай алман бір мысқал!
Еске түсір – тоңды қопар, бұлт аршы,
Болдым қанша өзің үшін итаршы:
Саған суық тимесін деп – бір уыс,
Саған салмақ түспесін деп – бір тамшы!
Не қыламын қаза беріп ар жағын?! –
Түс таныдым – сырың, шының жалғанын,
тым тереңде бұғып жатқан қармағың,
қапысыз кеп қапқандығын «арманын»!
«Һікаяның» қозғар болсам ең түбін:
Мен «бөрінің қызғаныппын жемтігін!..»
Құзғын екем!..
Азғын екем!
Оңбағыр! –
Ит боғының қылындай көп кемтігім!
Тәрекеге* тым ылайық түс-тұлғам,
мен екенмін жер бетінде міскін жан.
«Қараңғыда» көп «қапырық» іс қылған –
ышқынғанда бойы аспайтын «ышқырдан»!..
Ышқыр көрсе, – еш тыя алмас ынтығын,
Ұшқын берсе, – күкірті екем шырпының.
Қар-бәчәлар кезесе сәл кірпігін,
Қасқа екенмін төсей қояр «мылтығын»!..
Деп жүргенде: «Ай астында жауым жоқ!» –
Дау-індет кеп бас салысты қауым боп.
Мәлін біткен қыр астынан мәуілдеп,
Шибөрілер шың астынан шәуілдеп!
«Сүгіретті» көрсеткен соң көзіме,
Мен осындай сұрақ қойдым өзіме:
«Хас пырақтың неге тұрдың жолына,
«қасқыр-ақтың» неге кірдің торына –
Тәңірдің де түспей кетер тезіне?!»
Аршыланның –
«тіреу» салған аспанға,
«құдай» салған... «жан бітіріп» тастарға –
озған «даңқын»,
қозған құртын күндердей
не болып жүр –
қара албасты басқан ба?! –
Дегенменен, «сүгіретті» қатырып
салған екен – бояуға әбден батырып.
Жасағанның «жалғызының» қолынан
бейнең қалу – бұл да мәңгі тақырып!
Тұсыма іліп қояр едім бұйымға,
маған, әттең, сатпайды ғой тиынға...
Қолдан «құдай» соғып,
салған пұтхана
«шын шеберге» біздің бейне қиын ба?!
«Сірке сақал, қысық көзді, мысық бет» – ---------- Тәреке* – әмеңгерлікке көнбеген жесірдің мал-мүлкін ағайындардың талап алуы.
«кейпім» – осы!
Жақтырмасаң, ішіп кет!
Боларымды білсем мұндай сұмпайы,
шешемізден қалар ма едім түсік боп?!
Ит пен құстың бөлісе алмай жемтігін,
түнде аунақшып баса алмайтын «ентігін»
албастыны ардақ тұтып осынша,
кімді бай ғып келгенсің сен, кемпірім?..
Өз бейнеңді өзге көзден таныған –
оның да бар ләззаты молынан.
Кейде, бірақ... тасасында «сүгіреттің»
бұғып тұрған шын кейпімді сағынам.
Жылы жерде жатқан мысық сілкінбей,
жазар ма деп қорқып жүрмін бір күн бой.
Оның тегі –
мысық та емес, тышқан да,
Арыстан боп шығуы да мүмкін ғой!
Биге батпақ жұқтырмай-ақ, қыртқа кір,
Кімдігіңді Құдай таныр, жұрт таныр.
Дегенменен, қымтай бермей қабақпен,
Шын Бейнені көрсетейік сыртқа бір.
Жау жоқ жерде бөрі болып ырылдап,
боқ көмесің... мысық болып пырылдап.
Оқ көмесің... кектенесің тазы боп,
түлкі-заман қашқан кезде бұлыңдап.
Артық «бояу» қоса алмаймын мен түк те,
енді еш сылау ем бола алмас мертікке.
Бөрісінбе! –
Кім білмейді,
бөрі емес,
қорқау құмар келетінін жемтікке!
Талай сырды бүгіп жатқан астына,
бәрін біліп тұр қаланған тас мына.
Атақ үшін шаласың сен құрбанға:
Құдайды да!
Халықты да!!
Досты да!!!
Таразысын құрған шақта бір АЛЛА:
«Өтірік!..» де, қолың қойып құранға!
«Түф, кәпір!..» – де, келмесе осы айтқаным:
айналмасаң, – қара шұбар жыланға!
Шындық осы – Саттар-Аллам қостайтын! –
Мынау да шын – мысқал жалған қоспайтын:
Қандай жерде қандай хайуан боларың
Хаққа мәлім,
сосын біздей досқа айқын!
«Атам!..» десең, – атысуға тұра алам,
«Алам!..» десең, – алысуға тұра алам! –
Сен туғанда – қорқау біткен зар илеп,
құбақандар нанын ойлап жылаған!
Бірақ бірде бұйрық болып ғарыштан,
шашадан – шаң, тырнағынан зәр ұшқан –
мысық қой деп «сүгіретке» салғаның,
қайтесің сен, болып шықса, – Арыстан?!.
Арға тисе, арыстан да шамшыл-ақ,
«Ар-р!..» еткенде кірпігімен қар сыбап –
құйрығыңмен тығындап ап бұтыңды,
зытпайсың ба –
тауға қарай қаңсылап?!.
Желден жүйрік,
жұлдыз-құйрық,
ай-төсім,
зытқан кезде жиылар ма қайта есің?..
Пана болар –
пұтханаңның ішінде
«құдайың» да жоқ боп шықса қайтесің?..
16.01.2008 ж.
Шынжыр қыстағы.
ФАЛЛОС ТУРАЛЫ ХИКАЯ
(Мениппея)
(Қиял-құбыжық ғаламында көрген түс
немесе «бұл фильмдегі кейіпкерлер мен
оқиғалар ойдан шығарылған»)
– Қазіргі жұрт табынбайды пұтқа, – деп, –
Аға, бекер қабағыңды шытпа көп.
Тауға барып Фаллос салған күніңді
Ұмыттың ба –
бас та,
қол да,
бұт та әлек?!
Е, солай ма? –
Түсті білем енді еске! –
Өткен күндер жоғалмайды келмеске.
Есауандау ағайынның алдында
Есіп-есіп сөйлеп ек қой сол кеште.
– Иә, иә!
Еске түсті!
Ырасында,
Сен де, мен де жүріп ек қой қасында.
Шынында да ұқсайды екен ұқсауын...
Бәрі қалай басталып ед басында?
– Біздің Масы* ойлануға мәстір-ді,
Ойлап-ойлап, бірде алашты састырды:
«Болашақты қылу үшін баянды,
Тірілту шарт, – деді ол, – өткен Дәстүрді!
Ал ол үшін шыңға шығар Атаны,
Сол атаның сақтады ғой шапаны.
Жел демігіп,
ел де еліріп тұрғанда,
Кәне, шалдар, бер біздерге батаны!..
Алаш атам өкпелемес шал білем,
Бергі жағы тірілу шарт алдымен!
-------------------------------------------------------------
Масы* – мастықтың асқынған түріне ұшыраған пенде.
«Мына халық –
осы Шалдың тамшысы!» –
деп бекітіп тастау керек жарғымен!..»
Сол-ақ екен, ұқсап қара тасқынға
Шаптық қой бір,
аяқ – анда,
бас – мұнда!
Әулиелер шыққан шың ед,
қалды ақыр
Әуейілер табанының астында!..
Сол шапқыннан көтерілді тозаңдар,
«Күлтөбеде күнде жиын» – озан бар:
«Қолда тұрса, –
болашақтың баяны,
Бұл шаруадан аянатын не жан бар?!» –
Дестік біздер! –
Бөскенде біз не дестік? –
«Аламанға жел бердік» те – кеңестік:
«АЛЛА Үйіне айналады түбінде», –
деген жалған әңгімеге емексіп...
Осы сөзім жалған ба, аға, қата ма? –
Жалған болса, жарға қойып ат, аға!
Көтерілген әлгі нәрсе жотада
Атаға, ырас, кетті ұқсамай, о, тоба!
Өйткені оның авторы еді – жан-масым,
Ел жиылып,
пұл құйылып (олла, шын!) –
Көптен бері ұмытқалы АЛЛАСЫН,
Сұмдық жақсы көруші еді –
Фаллосын!
Айтты талай қаусырма жақ, екі ерін:
Пәм мен парық, ой мен сезім мекенін –
Автор егер нені сүйсе жанымен,
Шығармасы соған ұқсап кетерін!
«Алла деген –
кім ол бізді жасаған? –
Біреу шығар қарап жүрген тасадан.
Сыйынам деп көрінбейтін Құдайға,
Өле ме енді жерде жүрген аш адам?!.
Құдай – тәмәм.
Біз жаралдық Фаллостан! –
Фаллостікі –
шыңда айтылған алғашқы ән.
Фаллосқа жау –
Алашқа жау –
жармасқан! –
Мендік тамыр –
Бас Тамырға жалғасқан!..»
Ол осындай ой қорытып алғасын,
Жылы жауып қойды мүлде Алласын.
«Көптен – көмек»...
Шыңға әкеліп салғасын,
Ертелі-кеш мәпектейді Фаллосын.
Шыңда – Фаллос! –
Басы да ұқсап кетеді,
Кей жерлері шашына ұқсап кетеді.
Дөңгелекпен өткен кезде жанынан,
Әйелдердің дөңгелейді етегі...
Аруларды қойсақ та ұлтқа үлгі ғып,
Талай әйел көрсетіп жүр жын-қылық...
Мың үй тігіп,
шың үйтіліп, дүрлігіп
«Фаллос-тойды» тойлағанда күллі жұрт;
«Жаса, Фаллос!» – деп қатындар,
шыңға ұрып
Шарап толы шишаларды сындырып,
Көйлектерін көрінгенге түрдіріп,
О, сол түні бастаған-ды шын бүлік!
Тауды түгел тырнағымен түн бүріп,
«Отты ошаққа» «өрт» қойғанда кіл жүлік,
Инси-шайтан үске дәрет сындырып,
Жатты әруақтар көр ішінде шыңғырып!
Бірақ оны Масы жоқ-тын естіген,
Өлді он адам құлап шарап-бөшкіден...
Күллі қазақ қалса да енді қырылып,
Іс біткен соң шаруасы жоқ!
Бәс тігем!
Жүрегіне салғалы ұя нас-түлен,
Қазағына жібімейді қасқыр-өң!
Бар қазақтың төне қарап үстінен,
Тауда жүрген көріп қалам Масты мен!..
Тұр тіс қайрап таудың тарғыл тасына:
«Енді қайсың жарайсың, – деп, – асыма?..»
«Мен де оның «жалғызы» екем», – деп сеніп,
Жалғыз қозым,
бара көрме қасына!
Шыңға «шығып» – кетті шөгіп арманы:
Қымбат оған – тек үрпінен тамғаны!
Аман болсын: отбасы мен «көт-тасы»,
Есеп емес!
Кесел-елес қалғаны!..
Табанын – сыз,
маңдай жағын мұз қарып,
Масы шыңда жүред дейді сызданып.
Қалад дейді кейде, бірақ Фаллосын
Өткеннен де, кеткеннен де қызғанып.
Бірақ бекер қызғанады! –
Сезімге
ерік беріп,
ырық бермей төзімге.
Кімнің қандай шаруасы бар бұл жақта? –
Әркімнің бір Фаллосы бар – өзінде!..
Кіл «қайраткер» достарымен бастаңғы
Жасағанда,
кейіпке еніп мас, бәңгі,
Мақтанатын көрінеді:
«Фаллосым
Тіреп тұр, – деп – шың басында аспанды!»
Қой-қазақты таламаққа қасқырша,
Ырылдайды – тау басынан тас құрсақ...
Шалбар түгіл, шыңды жыртып шығады,
Ол «пәлекет» шыныменен асқынса!..
Бұл мүшеңіз неге сонша ардақты ед?! –
Қырылдық қой – өлі-тірі әруақ боп!..
Әлек дейді,
күзететін әлгісін
Бес қарулы бір жауынгер салмақ боп.
Біз сөзіне бола алмаймыз сарашы,
Ойы – жүйрік,
тапқан жерін қарашы:
«Фаллос-атам шың басында жалғыз тұр,
Күзету шарт – Алаш-атам баласы!..»
Еш хақым жоқ көруге оны «түзетіп»,
Дегенменен,
табанынан сыз өтіп,
Алашың да соры арылмас қасқа екен,
Фаллосты әлгі қалса мәңгі күзетіп!..
Бөтен іске болмаса да түк мұрғам,
Биік Ұғым бар-тын менде – жұтқыннан! –
«Фаллос-жанды» шың басында қалдырып,
Алаш-шалды құтқарған жөн тұтқыннан!..
Мен онымен қона алмаспын іргелес,
Ортағым жоқ – Масы жеткен жүлдеге еш!
Кіре түсу үшін, бірақ «ажары»,
Қосып көрсем қайтер екен бір кеңес:
– Ақыр пұтқа табынғасын,
дұрыстап
бас ұрған жөн,
қашпай енді жылыстап!
Фаллостың да «дәмі» кіре түспей ме –
Үнді «уыттап»,
берсе қытай «бұрыштап»?!
Жылыстамай, көнші, достым, ыңғайға,
Жеңіл-желпі қарамау шарт бұл жайға!
Ойлашы өзің, бола ма осы әділдік,
«Ян»* дайын,
қалмақ сонда «Инь»* қайда?!
Әлі ашыла түсу үшін шын мәні, Әрлеу керек шыңда тұрған «тұлғаны»! ------------------------------------------------------------------ Ян* – қытай пәлсапасында ердің; инь* – әйелдің символы.
Шыныңды айтшы,
жараса ма – қақиып,
«Лингамның»* «Йонисіз»* тұрғаны?!
О, ендеше, тілеп біз де Пұтқа – сәт! –
Шіркін, Фаллос!
Құламастай мықтасақ!
Салып қойсақ, қатып әбден кетпей ме –
«Тұтқа-саптың» қасына әкеп «құтты ошақ»?!.
Міне, идея!
Бас бармақтай!
Мынадай!
Тап бұларға теңесе алар мұра қай?!
«Құтты ошағы» болса маңда,
«тұтқа-сап»
Тұра бермек миллион жыл «құламай»!..
Жырда әуелі шыққанымен жақсы аты,
Масы қазір қуып кетті ақша-ақы...
Осы «идея» ұнар оған,
өйткені
«Құламау» ғой Фаллостың бар «мақсаты»!..
«Идеямды» бермей енді еселей
Тоқтатайын!
Тілімнен, сөз, өш – өгей!
Таза ұстайын,
Жүрек деген – кесе ғой,
У құймасын есірік дәт, есер ой!..
...Елең алма, Жаратушы – Хақ-Тәңір,
Жағып алсам, –
Еске нәжіс, Жадқа кір?!
Шылауыма қалған сөз ед оралып,
«Қайғы менен Ыза қысқан» шақта бұл!
Өзің оңда, Жан жасаған – Құт-Тәңір!
Ісі осылай – жинағанның Бұтқа Бұл.
Құдайсыздар Қағанатын құлатып,
Заманаға қайта оралдық – ПҰТҚАҚҰЛ!
----------- Лингам* – көпқұдайшыл үнділер танымында еркектік құт-белгі; йони* – әйелдік құтбелгі.
Осы жырды мен бекер-ақ бастадым,
Бірақ маған қайғы ма екен Бас қамым?!
Ал көп болса, – жұлып алып...
Басыма
Тастай салар –
ТІРЕП ТҰРҒАН АСПАНЫН!..
17.01.2008 ж.
Шынжыр.
УӘЗІН
Бәйіт пе бұл,
аруз ба, әлде
ғазал ма? –
Қайнаған сөз –
біздің жүрек-қазанда.
Ілінгені осы уәзін назарға –
Үшбу жырды ақ қағазға жазарда...
Не боп кетті адамзаттың баласы?
Не боп кетті мұсылманның алашы?
Туған да нас,
жиен де нас,
нағашы! –
Настана ма заман шындап азарда?..
Қандай таза сөз өтеді нас ұлға?! –
Іс шынымен шапқан сынды насырға!
Топырағына тартпаушы ма ед асыл* да? –
Рухымыз Нұрдан еді озалда!
Жердің жаман сығындысы – нәпсіміз,
Нәпсіге ерді жаманымыз, жақсымыз.
Қуырылып бара жатыр апшымыз –
Сайтан бізді тоғытты отты қазанға.
Жеркендім мен:
рухы пәс жақыннан,
Ышқыры ылас – төсекқұмар қатыннан,
Ұсқыны нас – атаққұмар ақыннан! –
Үшеуінің басы бір бәс – базарда.
Салдақының іздейтіні – күйт-құшақ,
Әлгі ақының боқ қуып жүр битті сап...
Жылан көзбен, ине жұтқан ит құсап,
Досым, бекер маған қарап сазарма!
Қалды қандай өміріңнің тамтығы? –
Бәлду-бәлду... –
өткен күннің жарқылы.
-------------------------------
Асыл*(усул – ар.) – тамыр.
Алған демің,
басқан қадам арқылы
Біздер сәтке жақындаймыз – Ажалға.
«Сөккен сөзді сүйгеннен» соң айтам да,
Мейлің білсін – қайтар уәж, қайтарма! –
Мола салып, тығылсаң да қай тауға –
Тоғысар күн жақын қалды мазарда!..
Бәйіт пе бұл, аруз ба, әлде ғазал ма? –
Қайнаған Сөз – біздің жүрек-қазанда.
Ілінгені осы уәзін назарға –
Үшбу жырды ақ қағазға жазарда...
Осы уәзін біздерге өлшеп тартылған,
Бұл өлшемді бұза алмайды шарқ ұрған!..
Зар тілегім:
ерген халық артымнан
Жеркенбесін қабірімді қазарда!..
16.01.2008 ж.
Шынжыр.
САТҚЫН
Ақ сатқын,
құла сатқын,
қара сатқын,
Маңайда кіл сатқын жүр алашапқын.
Абырой, атақ алмақ бай-манап боп,
Иесі өзі болмақ Болашақтың.
Біреуі – туған тұлпар құласұрдан,
Біреуі – туған сұңқар ылашыннан.
Әйтеуір, қарапайым біреуі жоқ,
Бәрі де оқпан-шыңға құлаш ұрған.
Біреуі –
дәстүріме салады ауыз,
Біреуі –
Бас піріме салады ауыз.
Аянып қалғысы жоқ бірінің де,
Алқымға тісі жетсе – ала жауыз.
Біреуі – иқтибасты* арабтан ап,
Тәлімсіп Таймияны* парақтамақ.
Пірлері біреулердің – сарт пен түрік,
Аузымен үлестіріп қазаққа «бақ»...
Дарыса жат жуынды арда күш боп,
Мысықтың көргісі бар жолбарыс боп.
Сәуле жоқ ар-намыстан санасында,
Туларын көтереді –
«Ар», «Намыс» деп.
Біреуі ру атын ұран қылып,
Жасайды тасасында жылан-қылық.
Халқына жылап жүріп зорлық қылып,
Әр басқан іздерінен ылаң кіріп.
Келмейді мынау заман – заман дерге,
Ұшты ақыр Хақтан жеткен Кәләм желге...
Партия солдаты сол салдақы шал
Айналды бүгін «заңғар қаламгерге»...
--------------------------
Иқтибас*(ар.) – үзінді.
Таймия*(ибн Таймия) – 12-ғ.-да өмір сүрген араб діндары.
Ақ сатқын, құла сатқын, қара сатқын,
Маңымда кіл сатқын жүр алашапқын.
Бедері осы болса болашақтың,
Жақындап қалғаны шын Ғарасат күн...
Сатып жүр біреу елден жарық ұрлап,
Сатып жүр бірі аурудан дәріні ұрлап.
Дұшпаны адамзаттың –
ӘЗӘЗІЛГЕ
Сатып жүр бірдеңесін бәрі бұлдап.
Салмаса өзі жөнге Хақ-Тағала,
Кіл – мүртет!
Адам деген аттан ада.
Хақ сатқан атқа бола – ақын да жүр,
Ел сатқан әкім де жүр... – боққа бола.
Е, мейлі, жерді сатсын, арды сатсын,
Сатқынның бәрі бір бәс – Жарды сатсын!
Сатқынның жер басуға хақысы жоқ,
Барлығын (мені де қос!) – ҚАРҒЫС АТСЫН!..
Құл Айт-Ман, тірі тартып жүргенше айып,
Қойынына қара жердің кіргенше айық!..
Көрсетіп Қаһарын Хақ –
Ақырдемде
Жібергей
БАР ЖҮРЕКТІ НҰРМЕН ШАЙЫП!..
16.01.2008 ж.
Шынжыр.
САЙРАН КЕШІНДЕГІ
СҰХБАТТАР
(Үштаған)
Кеше:
– Қармағымды түртесің,
Түртесің де үркесің.
Неге жақтың, қарағым,
Сөнген шамның білтесін?
– Салып сізді әуреге,
Ұрынсам ба деп едім.
Білтедегі сәулеге
Тығылсам ба деп едім.
– Пәруананың ынтығын
Қабыл алып, сүйеді от...
Былғанады-ау кірпігің,
Қанаттарың күйе боп...
– Өртті мен де сүйемін,
Дерттің емін тап, аға.
Қанат түгіл, сүйегім
Жылуыңа – садаға!
– Кәне, ендеше, жай қанат! –
Күйге салып не түрлі,
Жалыныммен аймалап,
Жағам барлық отымды.
– Пәруанамын арбалған,
Кейінгілер үлгі алсын, –
Мынау қара жалғаннан
Соңымызда күл қалсын!..
...Құл Айт-Ман, шырмалдық,
Шапағаттан құр қалдық...
Жанып жатыр жаныңда
Тағы да бір құрбандық...
Бүгін:
– Неге жұбау – қабағың?
Неге төмен – жанарың?
Қармағымды қададым,
Ер соңымнан, қарағым.
– Мен – көбелек тап ұрған,
Тағы да отқа салма, аға. –
Сіздің жаққан жалыннан
Жаным – қара, тән – жара.
– Ол от пенен бұл оттың
Парқы басқа, ұқ, қарғам! –
Бұл – жалыны жүректің,
Хаққа жетер тұтқан жан.
– Жас ағады іріңше,
Бір дауасын тап, аға! –
Өлген жүрек тірілсе,
Қалған ғұмыр – садаға!..
– Ғашықтықтың мәнін ұқ,
Сен де барсың – Хақ барда.
Ғаффарға* әбден жалынып,
Жалғанамыз Саттарға*.
Сен ұйықтасаң, – қалғыр шың,
Сілкін! –
Ғалам жаңғырсын! –
Жүрегіңе әл кірсін,
Сүйегіңе жан кірсін!
... Құл Айт-Ман, іңірден
Қауышасың кіміңмен? –
Шапақтайды... қанатын
Ақ Нұр ... – күлден тірілген...
-----------
Ғаффар* – АЛЛА-Тағаланың Кешіруші; Саттар* – айыптарды
Жасырушы сипаттары.
Ертең:
– Мен де іліндім қармаққа,
Сен де іліндің қармаққа.
Қос жүректің жарығын
Шашып тұрмыз жан-жаққа.
– Сіз де, біз де – қармақта,
Жан – рахат, тән – бақта...
Сансыз бауыр самсаған
Сонда, сыртта қалмақ па?
– Жанарды жас түймелеп,
Хаққа ғашық күй бөлек.
...Шайтан жаққан шамдалға
Шарпылуда ел үймелеп.
– Сыймайды ышық қанаға...
Бір амалын тап, аға! –
Қалса халқым далада,
Жәннатым да – садаға!
– Ел сәулесіз сандалды,
Жарық көрсе жүгірмек.
Шайтан жаққан шамдалды
Өшір, онда, Нұр үрлеп!..
Бассаң – көңіл пернесін,
Ашсаң – жадтың зердесін,
Жыртсаң – нәпсі пердесін,
Жақсаң – Хақтың сәулесін,
Неге халық ермесін?!
...Құл Айт-Ман, таңғалма,
Көз алдыңда жанғанға –
Жайрап жатыр Жалқы Нұр,
Күлпарша боп... – шамдал да...
02-04.09.08 ж.
Ақтау.
ТАҢНЫҢ ЛАҒЫЛ ЖҰЛДЫЗЫ
Лаулап жатыр қалың жұлдыз,
Жаулап жатыр бәрін бір мұз.
Саулап жатыр жүрегіме,
Жеп барады жанымды ындыз...
Деп ем: көктің әрін кіргіз,
Танымаппын жанын күндіз, –
Жалғыз Айды өсек қылып,
Сыпсыңдайды қалың жұлдыз.
Сыпсыңдайды қалың жұлдыз,
Жұтуда үнсіз шаңын кіл құз.
Ал Ай болса, аспанды әрлеп,
Салып барад шағыл құмға із.
Кеміріп жеп жанымды ындыз,
Жанарымды қарыр бір мұз –
Ай кеткен түн аспанымнан,
Сықсиғанда қалың жұлдыз.
Қара құрдым – қалың жұлдыз –
Кәрін білгіз, бәрін де үргіз! –
Ай кетеді аспанымнан,
Сағым сынғыз, санымды ұрғыз!
Хақ саһарын – Таңын кіргіз,
Көкіректің шамын күлгіз, –
Қалың жұлдыз соңында қап,
Мұңаятын лағыл-жұлдыз...
02.09.08 ж.
Ақтау.
НЫШАН
Күйзелмейін кеудені күрсін қарып,
Тұрған сынды түскелі Тылсым Жарық.
Алып дарақ – түн деген.
Аспанды өлке.
Жұлдыздары қалыпты-ау бүршік жарып.
Жұлдыздары қалыпты-ау бүршік жарып,
Еліктіріп,
ерітіп,
тыншымды алып.
Бұтағына дарақтың өрмелемей,
Аузыңды ашып, ау, досым, тұрсың нағып?..
Аузыңды ашып, әй, досым, тұрсың нағып?
Жербетілік тірлікке жүрсің налып.
Жаратқанның сыйына шүкір қылмай,
Тәбет-тәннің қиына діл шырмалып.
Тәбет-тәннің қиына діл шырмалып,
Кектенбеші әркімге ырсың қағып.
Қалай-қалай құбылад Күнекей-Көк,
Айды тағып құлаққа нұр-сырға ғып.
Айды тағып құлаққа нұр-сырға ғып,
Күнекей-көк мұңды үнмен сыңсыр ғаріп.
Байқайсың ба,
түнгі әлем теңселіп тұр
Сәукелесі сәулелі гүлше ырғалып.
Сәукелесі сәулелі гүлше ырғалып,
Жүрегіңе сол гүлден сусыр жарық.
Тылсым Жарық жыраққа шақырып тұр...
...Жүрген кім-ей, қанаты сусыл қағып?..
17.01.2008 ж.
Шынжыр.
КӨҢІЛ КЕСЕСІ
Запыранын –
жанымның зәрін ішіп
Тереңімде жатыр бір сары мысық.
Мияулайды, бейбақ-ай, бейуақытта
Жасыл көзі жүрекке шағылысып.
Болмысымды тағдырдың мазағы ұрып,
Құнсыз жазып қойғаны жазалы ғып.
Тарғыл сары тырнағын батырғанда,
Аза бойды кетеді қаза қылып.
Біздің жүрек – у толы лағыл керсен,
Біл де сеспей қатар ед зәрін берсем.
Запыранға мелдектеп сары мысық,
Жолбарысқа айналған шағын көрсең...
Тарғыл сары кеткен күн тереңімнен
Табысамын айғұшақ мен еліммен.
Неге естіліп қаларын ұқтың ба енді
Тарғыл-тарғыл дыбыстар өлеңімнен?..
Көк бақшасын кеудемнің гүл өсірген
Жаншығандар кетпей жүр кіл есімнен.
Көп ұзамай Иесіне қайтарамын
Жүректегі Сайтанның үлесін мен!
Ох, сол күні жүректен жалын ұшып,
Ділдің Көзі Ғаршыға шағылысып,
Аңқасына қаңқасын табыт қылып,
Қалқып бара жатады сары мысық.
Шәйіп дәйім шараппен – қадірлесе,
Көрсетеді жәннатын Тәңір неше! –
Күнге – күміс сыйлайды,
Айға – алтынын
Кеудемдегі Нұр толы лағыл кесе!..
17.01.2008 ж.
Шынжыр.
«АЛТАЙ БҮРЛЕРІ»*
топтамасынан
1.БАЯН-ӨЛГЕЙ. БӨКЕН ТАУ
Бай-Өлкенің Бөкентау төрі делік,
Дидар-ғайып сол төрге келіп едік...
Бөкентаудың өрінен баяғыда
Жатады екен қисапсыз өріп елік.
Алты алаштың бесінші төлі болып
Еліне құт қоныпты, желіге – жұп...
Өздері жоқ, әредік даусы ұрады
Аңғар қуған Қобданың желіне еріп.
Бұлт айғыздап, түнгі аспан ағал-жағал,
Ағал-жағал көңілім. Маған да обал.
Сыңар мүйіз Ай туса тау үстінен,
Маңырайды-ай алыстан... санамда зар.
Өлең жазған тасына – Қағанға обал,
Бар білерім ол жырдан – сараң қабар...
Шынтақтағым кеп кетті кенет тауды,
Құйып ішіп ай-мүйіз – шағанға бал.
Мұң бар екен бұл тауда шың-құзды үккен,
Түнде айтады тау сырын күндіз бүккен.
Қаған ба, әлде шаған ба?.. –
Тасқа түсіп
Шашыраған жаңқасы-ау жұлдыз біткен.
Желпігенде Қобданың желі келіп,
Тым алыстан үн жетті меңіреніп.
Менің жетім жанымның сыңары боп,
Маңырап тұр Бөкентау мені көріп.
Сыңар мүйіз Бөкентау, сені көріп,
Сырқырайды мүйізім жегі-кемік.
...Аспанын ба, білмеймін, тастарын ба,
Құшақтағым кеп кетті-ай еңіреніп...
01.02.2008 ж.
Шынжыр.
-----------------------------------------------
Бүрлер*(алт.) – жыр, ән деген мағынада.
2.СӘМБІ-ҒӘРІП ШЫҢЫ.
БӘЙГІ-ТӨБЕ БАУЫРАЙЫНДА
Бай-Өлкеде бір шың бар – Сәмбі-ғәріп,
Қардан түндік жамылған мәңгі жабық.
Ақ Ордаға ұқсайды ол бір қарасаң,
Шаңырағын сәулелеп қарлы жарық.
Қымыз келіп алдыға, шешілгесін
Қазақ қалай кішкене көсілмесін?..
Етегіне бес жүз үй тігіп қойған –
Кішірейген сол шыңның көшірмесін.
Кеуде кернеп бір сезім тылсымнан кеп,
Мезі қыла бастайды ыршынған көп.
Биіктеткің келеді бауырларды:
«Асқақ болған Ордамыз бұл шыңнан!» – деп...
Шапқан аттың қосылып сүреніне,
Сенің де ептеп жел кіред жүрегіңе.
Тап болғандай нәғайып күй кешесің
Хан Шыңғыстың Ордалы күреніне.
Айығасың содан соң, арыласың,
Тарынасың қаралай, қамығасың.
Жайлаудағы жиынды көріп тұрып,
Қай-қайдағы қиырды... сағынасың.
Өңсізденіп кенеттен өлі жалған,
Өшігесің жандайын кегі қалған.
Мына жүрген кімге айтып ұқтырарсың:
«Мына шыңдай еді, – деп, – Менің Ордам?!.»
...Ымырт қонды. Төбеге Ай – шамды жағып,
Көз алдымда түледі Сәмбі-ғәріп.
Алдыма алып бал қымыз отырғанмен,
Улы өксік бар баратқан жанды жарып...
Жеткен жері сол болды дәрменімнің,
Судағы Айды көк таспен дәлдеп ұрдым!..
...Ай астында шашылып ауыл қалды
Жанарының жасындай... әлдегімнің...
01.02.2008 ж.
Шынжыр.
3.БЕСБОҒДА ТАУЫ. КӨШ
Бесбоғданың етегі – Сырғалы көл,
Сырнайлы жел мекені – тырналы бел.
Атанға артып өтенін, сарлыққа* артып,
Көшіп жатыр жайлауға ырғалып ел.
Жел-несібе жетектеп, сауға-нәсіп,
Атқа мінген көп Керей қауманы ашып;
«Араласып бұлтпенен таудан асқан,
Көшіп кетіп барады таудан асып».
Жолдарынан қиқулап тырна қашып,
Көшіп барад көп Керей қырдан асып.
Селеңгі мен Байкөлден – Сырға қашып,
Көкшетаудан – Бай-Өлке, Шыңжаң асып.
Көліктері жарау ат, қоңды атан боп,
Қаңғы ағылшын қарайды ол да таң боп...
Белден асып барады белдемпая,
Көшпендіні ақырғы қомда тербеп.
Су толтырған ақ метей, қара меске,
Менің бала күнімді салады еске.
Елегізи беремін неге ғана
Мен болуым керектей ана көште.
Кетерім бар бала боп кейде менің,
Жыртық бұлттар – баяғы жейделерім.
...«Қонбаса екен соңғы көш таудан аспай,
Көш көлікті болса екен!..» – дей беремін.
01.02.2008 ж.
Шынжыр.
------------------------
Сарлық* – қодас.
4.АЛТАЙ-СҰМЫН.
АДАЙ-ТӨРЕ ҚЫСТАУБАЙ
Алтай-сұмын*, бізше айтқанда, ит қиян,
Бай-Өлке кеп шектесер шек Шыңжаңмен.
Кер тұлпармен таудан тіке ытқыған
Жеттік ақыр, шегір қабақ шыңдармен.
Әңгімені қозғар болсақ жебей сәл,
«Ел!» – деп жүрміз,
жан емеспіз пәнайы.
Қалбалақтап қарсы ап жатыр Керей шал,
Құдды сонау Маңғыстаудың Адайы.
Біреу алып қойған сынды ырқыңды,
Қарап тұрып шыңның салқар көшіне,
Осындайда болады адам бір түрлі,
Артта қалған елі түсіп есіне.
Керей шалдың маған құсы түсті аумай,
Сөзшеңі екен жан біткеннің жағы айыр:
«Арғы атамыз – Адай-төре Қыстаубай,
Ежен ханға болған, – дейді, – Адайыр»*.
Солай болды. –
Құй наныңыз, нанбаңыз,
Кетті кеңіп кенет көңіл іргесі.
Сұрап қалдым:
«Қандай ед, – деп, – таңбаңыз?» –
«Жебе таңба – Шыңғыс ханның Сүлдесі».
Жошты көңіл, түсті есіме «Мұңал-Жар»,
«Мұңал-Ошақ» қазған сонау Қазығұрт.
Мұңғұл емес,
самсап сансыз мұңалдар –
Ордам орнап, толғандай-ақ – Жазы-жұрт.
Сом жүрегім тар кеудеме сыйды әрең,
Мендік енді –
мынау жүз шың, мың жыра...
Келіндерім сәлем салды ибамен,
Қысты бауыр қабырғамды сындыра...
---------------------------
Сұмын* (мұңғ.) – ауыл.
Адайыр* – ресми шен.
Ей, түркінің құт қазаны, ортайма,
Көшкен бақ-құт қонар қайта байланып.
Қонағы боп келіп едім Алтайға,
Қайтып барам қожасына айналып.
Қайта түлеп – көк төрүктің құндағы,
Аллам қолдап, аян берер Пір тағы:
Аман болса –
Өр Алтайдың шыңдары,
Адай-төре Қыстаубайдың ұрпағы!..
01.02.2008 ж.
Шынжыр.
5.АЛТАЙ КӨШІП БАРАДЫ
Бағыттады, кім білсін, Алла қайда? –
Алтай көшіп баратыр әлдеғайда.
Түйдек көшкен бұлттарға қарсы жүйткі,
Көшпек түгіл, сонда тау самғамай ма?!
Көк көбелек ұшатын отқа жақын,
Жасыл жалын шарпыған сәт болатын...
Алтай ұша жөнелді әлдеғайда,
Аласұра қаққылап көк қанатын.
Алтай жөңкіп баратыр айналамнан,
Қиқулаған мың құсы – сайрақ-орман.
Жасыл жұпар жанардан кіреді ағып,
Жәннат демі ол ғайыптан пайда болған.
Бір өзіңе бұйырып мұншама бақ,
Шың басынан шапқан су нұрша борап;
Су сабалап қашқанда тәжді тырна,
Қымтайды оны – көзіңді шырша қамап.
Назданғандай кілең қыз-балдыз шулап,
Қалды қайың, кірпігін жалбыз сулап.
Мөлт-мөлт ете қалады оймақтай көл,
Тамып кеткен өлеңдей жалғыз шумақ.
Шыққан сері сықылды қалқасы алдан,
Әнге салсаң – жаңғыртад жартас әрмән.
Ұстап қала жаздайды шылбырыңнан,
Ақша бұлттан ару-шың алқа салған.
Бұйрық болса –
тіреген шыңдары көк
Тау да көшед –
толтырып нұрға жүрек.
...Қалғың келед – һүрлерді ертіп кіріп,
Сол көшпелі жәннаттың Ғылманы боп...
02.02.2008 ж.
Шынжыр.
6.КҮЛТЕГІН ҚАҒАННЫҢ БАСЫНДАҒЫ
НАСЫР МЕН НАЗЫМНЫҢ БАСЫНАН ӨТКЕН
УАҚИҒА ЖАЙЛЫ ХИКАЯ
(Бүгінгі аңыз)
Мұхтар Мағауинге
Қабаржып тұр Қарағорым аспаны,
Арнасына сыймай Орқұн, Керулен.
Іздегені – ата-баба тастары,
Қос қаламгер болды бүгін ерумен.
Қымыз бен құрт – қоржындағы қорегі,
Елестетіп баяғының батырын;
Бірі – Насыр*, бірі – Назым* шері еді,
Тігіп жатты бүгінгінің шатырын.
Бірі – Алматы,
Бай-өлкеден, ал бірі,
Екеуі де Керей-Атам баласы;
Қастарында шер-шежіре сандығы –
Тасқа айналған тұр Күлтегін бабасы...
Кейін маған Назым айтад:
«Шошынып
Ояныппын;
нөсер үні – барабан.
Күлтегін мен Шыңғыс қолы қосылып,
Жөңкіп өтіп баратқандай даладан.
Елегізіп шатырына үңілсем,
О, сұмдық-ай, төсегінде Насыр жоқ.
Қара нөсер.
Қара түнде жүгірсем,
Қайдан табам? –
Кетті иманым қасым боп!..
Безіп бердім.
Болушы еді маза қай? –
Кейін кетіп басқан аяқ ілгері...
Құдірет-ай, жарқ еткенде нажағай,
Көріп қалдым тыр жалаңаш сүлдені!
---------------------------------------
Насыр* – проза, назым* – поэзия.
Шешіп тастап жидіп кеткен кебінін,
Тұттай сүлде қабірінен шыққандай.
Кәлимаға жуыспай қап ерінім,
Сәлден кейін болдым бір сыр ұққандай.
Түн – қап-қара,
ал Сүлденің түсі аппақ,
Көк жарылып, жарқ етеді төңірек...
Күлтегіннің қара тасын құшақтап,
Насыр ағам жылап отыр еңіреп.
Кілең дің-тас.
Түннің мынау шағында
Естіп, шыдау мүмкін емес, зар-үнін.
Бар сөзі, ырас, жазылған жоқ жадымда,
Айтып тұрмын қалған шала сарынын:
«Тұлыбың бар – тұрқың қайда,
Күлтегін?
Құлыбың бар – кілтің қайда,
Күлтегін?
Ұрығың бар – Рухың қайда,
Күлтегін?
Ұғымың бар – ұлтың қайда,
Күлтегін?
Жұрының бар – жұртың қайда,
Күлтегін?
Уілің бар – бұлтың қайда,
Күлтегін?
Өртім қайда? –
Шырпым қайда,
Күлтегін?
Төркін қайда? –
Түркім қайда,
Күлтегін? –
Ұлы Ордаңды қылды қазір құл телім!..
Құлға шоры*–
Ұлы Ұғымнан тұл төлің!..
Өліп барам!
Сөніп барам!
Күлтегін!
------------------------
Шоры* – күң, тексіз.
Ұлы Нұрдан қалған соңғы білтемін!..
Енді осылай өлемін бе, сөнем бе?..
Маған құлдық өмірдің жоқ керегі!
Туа шөгіп,
шіріп жатыр көгенде
Сенен өрген ЕР ТӨРҮКТІҢ бөбегі.
Қашан, Бабам, оянасың күркіреп? –
Көзбен көріп тоз-тоз болған ұлтыңды.
Өлі ұйқыдан жұлып алып сілкілеп,
Берші, Баба,
Құлпыңды ашар Кілтіңді!
Жер бетінде қалмай мысқал адал зат,
Өтіп болдық –
доңыз жүрген беткейге.
Көк ТӨРҮКТЕР оянбаса,
адамзат
Құртқа айналып, азып-тозып кетпей ме?..
Қаласың ба бір тіл қатпай сен маған,
Неғып тұрмын қара түнде қасыңда?!.
Тілегімді берші маған,
Ер Қаған,
Бір көрінші мынау азғын ғасырға!..»
...«Суық тиіп қалады», – деп жалындым,
Ағам солық басып болған жоқ әлі.
«Сен қорықпа, – деді, – іштегі жалынның
Бұл нөсерден қызуы сәл жоғары...»
Ертесіне ол ұқсап түнгі тасқынға
Жөңкіді-ай бір,
сайрады-ай бір бұлбұлша.
Сағат бойы қара нөсер астында
Тұрған ағам – түшкірмеді тым құрса.
«Ұл боп тусаң, – тап осылай жалын жұт!» –
деп ойладым бетке алғанда шаһарды.
...Соңымыздан келеді өріп қалың бұлт –
Күлтегіннің сарбазындай қаһарлы...»
02.02.2008 ж.
Шынжыр.
7.ЖАЗОТЫР ЕДІ ЖАЙЛАУЫМ
Үкек суы құяды Жазотырға,
Иманды адам қосылар нұрдан нұрға.
Халық өлеңі.
Жүргенге – дем, Өр Алтай,
білгенге – кен,
Қалып қойғым келеді түрмеңде мен...
Жазотыр* мен Үкектің* қоспасына
Ат қойыпты қазақтар «Бірдем»* деген.
«Бірдем» – жұмақ, кептелген көзіме кеп...
Шерленеді Найман-шал шежірелеп:
«Отызыншы жылдардың аяғында
Қосып алған Ресей өзіне», – деп.
Өксік қапты кеудені...
Ой бөлінді:
«Түгесерсің түгендеп қай жоғыңды?!.»
Алтын жаулық Мұзтауға шағылысып,
Мұңға бөлеп Алтайды Ай көрінді...
Шыра жағып әр шырша,
самала шың,
Не боласың жан-жақтан қамағасын?
Қарағайдың бүрі боп шыққа толған
Осынша көз, қиын-ау, қарағасын.
Жата кетіп аршаның арасына,
Сурет құям көзімнің шарасына.
Мұзтау-әжем күмпітед
Ай-ожаумен
Қымыз пісіп Арғұттың* сабасына.
Шыршалардың басынан шыра жанса,
Күбірлейді самырсын тірі адамша...
Асығады Алтайдың барлық суы
Құшағына «Қатынның»* құлағанша...
Күйкі үн қараң қалсыншы,
қиқым-ғалам,
Аңсағаным – осы түн ұйқы ұрлаған.
---------------------------------------------------------------
Жазотыр, Үкек, Бірдем, Арғұт, Қатын* – өзен аттары.
Еріп кеткім келіп тұр енді мәңгі,
Сұқсыр* түнге санамды сиқырлаған.
Бұраңдаса көк бұлақ сәйкілікпен,
Маңдайымды тасқа ұрам тайқы үмітпен.
«Очи бала қадынның*» қасы құсап
Қиылады Ай қылыштай қайқы біткен.
Сонша ғажап езгенде иығымды,
Қиналамын шеше алмай түйінімді.
Құшам тасты,
күбірлеп бабам құсап:
...«Мен қайтейін, Өр Алтай, биігіңді...»
Мен қайтейін?..
Еңсеме ауды жүгі,
Жанды бүрі аршаның – жауды нұры.
Дүрс-дүрс ұрып жүрегі қара тастың,
Естіледі өксіген таудың үні...
02.02.2008 ж.
Шынжыр.
--------------------------------------------------------- Сұқсыр* – ойрат тілінде сұлу деген мағына береді. «Очи бала қадын»* – ғылымда «Үкек аруы» аталады. Үкек бойындағы әулие әйел мүрдесі.
8.КҮЛТЕГІН МЕН ЯСАУИДІҢ ҮМІТІ
Ағажай, Алтайдай жер қайда-ай?..
Халық әні.
Қайран Алтай –
менің шерлі дастаным,
Менің зарым – оған жауған сан жаңбыр...
Тастан шығып,
аралап жүр аспанын
Жолдық-тегін, Тоныкөктен қалған жыр.
Бола алмадым дұға оқитын жел құрлы,
Күлтегінге жете алмадым жарты айда...
Көк бөрі мен құстан басқа ол жырды
Жан қалған жоқ түсінетін Алтайда.
Мата түгіл, малданатын бөз даңқын
Ұрығың жоқ.... –
Мыйын малғұн шоқыған.
Ұрпақтары ұмытып қап өз қарпін,
Оны да енді ебір... опа оқыған.
Иесі жоқ Бабам айтқан Кәламның,
Не барқадар табам қара жалғаннан?!
Бәрі мылқау боп кеткесін Ғаламның,
Тас сөйлейді...
бас сөйлейді балбалдан.
Бір күндері беріп Тәңір әмірін,
Тас жүректің түбіндегі Сөз жанса, –
Бүлкілдер ме ед менің метім-тамырым,
Балбал-бабам қопарыла қозғалса?..
Ұрып жүрмін мен Алтайдың жартасын,
Жыр жазуға... балға, шапқым түсіп қап, –
Көк ТӨРҮКТІҢ ТІРІЛТЕМ ДЕП ҚАҢҚАСЫН,
ЯСАУИДІҢ ХИКМЕТІМЕН ҰШЫҚТАП!
Жыр оқимын жолыққанда ауылдар,
Бітіргім кеп бөрі-тіс пен құс-қанат.
Балбалдарға аумай тартқан бауырлар
Бажбияды – жүректерін ұстап ап.
Балбал Бабам –
аңғал Бабам ұрғыны*
Маңқияды түк мән бермей кір-шаңға.
Жүрегіне қолы жетсе, – бір күні,
Оянып та кетер, мүмкін...
Иншалла!..
02.02.2008 ж.
Шынжыр.
-----------------------------------
Ұрғын* – ұрпақ, тұқым, зәузат.
9.СӘЛЕМ АЙТА БАР АЛҚАМҒА
Жарасқан Алтай тұлғасына керім,
Бай-Өлке деген аймақтан;
Алқам аталатын құрдасыма менің
Сәлем айтыңдаршы, қой баққан.
Керейді –
бағзы қалпында қалған
Сол күйде көргің келе ме? –
Алқам шығады аңқылдап алдан,
Қарауыл қойып төбеге.
Іргесі – сүтті,
іш-төрі – құтты,
Көрмеген Алқам түк мұқап.
Жұбайы жылда іштегі жүкті
Босатып, қазақ ытқытад...
Қосылды ма екен көшіне көрік,
Қиянда қалған мұң-ұям? –
Кейбір қылығы есіме келіп,
Еріксіз іштей жымиям.
...Алғандай бейне шарапқа қызып,
Дүниенің бәрін кезіп кеп,
Кейде осы біздің Самат та қызық,
Қояды сұрақ ежіктеп.
«Бай-Өлке (қойды соңғы сұрағын) , –
Теңізден қанша биік-дүр?» –
Саңқылдайды Алқам:
«...енді, шырағым,
Аспаның мынау – тиіп тұр».
Ұмыт боп намаз –
екіндің, шамың,
Сұрайды Самат қалмай кеп...
Таба алмай отыр метрдің санын:
«Дардай-ау, дардай, дардай!» – деп.
Құбылып көзі – шамшырағы мың,
Айтуға Алқамым оқталды:
«50-60 метр бар шығар, інім! –
Дардай ғой, енді!» – деп қалды.
«Бес мың метрді» күтіп отырған –
Шайына халық шашалып,
Астарын тастап жұтып атырған,
Күлкіден көзге жас алып!
Өлмейді-ау Самат қақалып, Алла-ай,
Борпылдағына талқанның...
Теңізіңде сенің шатағы қандай,
Ау, шаруасы қанша – Алқамның?!
Өзіне күннің жылынады бұл,
Бұлттар жүр маңып маңында.
Туып отырған жылына бір ұл
Жұбайы да бар жанында.
...Шұғыласы көктің
алқабын, көлін
Бояған шақта нұрларға,
Жүрсе екен аман Алқамым менің,
Сонау бір қарлы шыңдарда.
Жылқысы жұнт боп, сарлығы шелдеп,
«Ахуал солай, құрдас!» – деп;
Жатса екен малы –
барлығы төлдеп,
Теңіз де, тау да – бір бәс боп.
Ақ орда тіккен шың басына керім,
Сол арқылы өткен – атар таң,
Сәлем деңдерші –
құрдасыма менің,
Ұмыта көрмеші, аты –
Алқам!..
07.02.2008 ж.
Шынжыр.
«АЙ КӨРДІМ – АМАН КӨРДІМ»
(памфлет)
«Ай көрдім – аман көрдім,
Бұрынғыдай заман көрдім.
Ескі айда – есіркей көр,
Жаңа айда – жарылқай көр!..» –
Жап-жарық тілегі еді қараңғы елдің.
Халқымның сол тілегі жан-сыбаға,
Жеткен ол Күрсіге де, Ғаршыға да.
Сол арман арқасында өтіп едік,
Жем болмай арабқа да, парсыға да.
«Табынған айға, күнге – пұтқақұл» деп,
Жұртты енді адастырма, сансырама.
«Қазақта дін болмаған! –
Ол – «ширк!» – деп,
Өш болдың неге сонша, әнші бала!
Ұрындың не пәленің елесіне?
Қандай у жұққан сенің өңешіңе?
Әкелген сені өмірге –
осы қазақ,
Сол қазақ –
тұтқан сені төбесіне.
Келені бұзбақшысың көрт үлекше,
Қосқан соң келесіне –
Кеңесіне!
Қылығың –
тышқан-тірлік,
суыр-сұмдық,
Ұсынба жаттың берген уын шын ғып.
Келемнің Киесі бар,
Иесі бар! –
Сен, бала, жасай берме буыршындық!
Тартсаң шын Хақ ұсынған сыйыңнан бас,
Соңыңда із түгілі, құйын қалмас!
Ботам мен қотанға әлек буыршынды
Тарттырып жіберуі қиын болмас!..
Тіліңмен бір қазақты үш бөлесің,
Тұрады сыртқа теуіп іштегі өшің.
Сен кейде тереземнен тіл безейсің:
«Сақтан! – деп, – сатқындардан!..» –
тістенесің.
«Сатқын» деп құлды айтады Бақ бермеген,
Жемтігін жасырынып жаттан жеген.
Шынымен, ұлтыңды аяп бара жатсаң,
Демейсің неге ендеше:
«Сақтан – менен!»
Жемтігің жаттан жеген айбат беріп,
Отырсың отты түртіп ойнап көріп.
Сөйлейсің қаймақ болып сүт бетінде,
Жүргендей халыққа асын шайнап беріп.
Құдайсып кетерің бар кейде, тіпті,
Қазақты қолдан жасай қоймақ болып.
Сендегі бесік басқа,
жөргек бөтен,
Қолыңды сөйлей берме сермеп, көкем!
Қазақты қазақ қылмай, араб қылу
Қолынан Жасағанның келмеп пе екен?!
Тірінің жеп қоярдай несібесін,
Өліге неге сонша өшігесің?
«Моланың қажеті жоқ мұсылманға,
Садақа – сандалбай!..» – деп есіресің.
Есірте берсем сені –
бұл бетіңмен
Алашты Саудияға көшіресің!.
Аз деп пе ең осы көрген азабымды? –
Сен, бала, доғар енді мазағыңды!
Сенсіз де жүргендер көп жер бетінде,
Моласыз қалдырмақ боп қазағымды.
Бөсе бер уаһһабиге –
бөскің келсе,
Есе бер салафиге –
ескің келсе.
Аулақ жүр менің Бақ-Құт-тұрағымнан,
Өзің өш –
моласыз қап өшкің келсе!
Бата алған Әзірет Сұлтан – Бас Пірінен,
Жұртыма Көк Қақпасын ашты кілең.
Кішісі үлкеніне тәжім қылған
Елімнің садаға кет Дәстүрінен!
Тасадан әулиеме тас атасың,
Әулие өлтіргендей неше атасын.
Сол тасың қайта айналып тиген кезде,
Өзің де жердің бетін босатасың.
Рухты жеткізетін Азаттыққа
Қолында әулиенің ғажап тұтқа.
Адамзат Азаттыққа жете алмайды,
Әуелі жетпей тұрып – қазақтыққа...
...Деп жүріп «ол да «ширк», бұл да «ширк»,
Айналып тындың, шіркін, мазақ-пұтқа.
Шайтанға шәргілдіктей еріп қашқан
Бағыңды бала болдың төгіп-шашқан!..
Тұрғанда жүрегінде Жан-Алласы,
Құдайға қазақ бар ма «серік қосқан»?!
«Ширігің» – кеудеңдегі нәпсі-жауың,
Түсірген торға сені торып бастан!
Орнатқан өз жұртыңа басыңа бақ
Түкірсең – ол бетіңе шашырамақ...
«Шайтанның мүйізіне» мүйізінен
Байланған тұл бейбаққа несібе жат!
Құдайға ғашық араб жүрегімде,
У жеген қажет емес сасық араб.
«Ай көрдім – аман көрдім...»
Көреді елім.
Тілектен басқа еліме не беремін?! –
«Ескі айда есіркей көр»,
Жаббар-Алла,
«Жаңа айда жарылқай көр!..» – деп өлемін...
03.02.2008 ж.
Шынжыр.
АХУАЛ
Торлағанда сөйте ме екен жұт мәңгі? –
Сырттан, әлде іштен шыққан жау көп пе? –
Ясауидің «Хәл ғылымын» тұтқанды
«Сектант» деп жүр мына біздің Дәулетте.
Қорлағанда сөйте ме екен халықты? –
Бұдан артық қандай жаулық табасың?!
Үш жүз жылғы бітеп қойған Жарықты
Сілкіп ашып көре алмай ма алашым?..
«Жүрек көзін ашамын да қазақтың,
ХАҚИҚАТТЫ көрсетемін көзіне», –
Деген ҰСТАЗ өтінде жүр азаптың,
Кәпірлердің түсіп талқы-тезіне.
Жеткеніне шын қуанған Азат Күн,
Халық едік Хақтан күткен Аянды.
Неге соры қалың болды қазақтың,
Бәлкім, бағы болар енді баянды?!
Азат емес, азап болдың, дәуірім,
Енді қанша дұшпанға ерем нас жеген? –
Жылан көзді зымиян сұр бауырым
Қорқытады, ұрамын деп таспенен.
«Мұның не?» – деп жақ ашпайды даналар,
Көп білімнен көзәйнегі буланған.
«Ұлт қамқоры осы!» – дейтін ағалар
Атеизм індетімен уланған.
Дін-масым бар – жеген жемі саудікі,
Ойшыл, тойшыл, арабшылдау аздаған.
Бір ай еді – пайғамбардың Мәуліті,
Алпыс жасын алты ай тойлап озды одан!..
Шабақ-қызым әлсіз ғана бұлқынды,
Қапқан шақта сайтан-секта қармағы.
«Қырықсідік» қылып болды ұлтымды
«Исламның» жетпіс екі тармағы.
Әнші, заңшы, ақын, ғалым – тас атпақ,
Тиген елге – «түрт шайтан күн түлен боп»! –
Тістенеді:
«Ясауиге қосақтап,
Бекетіңді бульдозермен сүрем!» – деп.
Осыны естіп өлмей шыдап отырған
Бұл қазаққа (қалса егер де) – сот керек!
«Шәкәрімсіп сөгесің», – деп, оқырман,
Сен де тағы қаласың-ау өкпелеп.
Көріп қап ем кеше біздің ағайды,
Біраз еңбек сіңірген жан елге енді.
Бет-аузыма күдіктене қарайды:
«Сектант» атап жатыр ғой, – деп, – сендерді».
Елемеспін не десе де епті сұм,
Жүрегімде Құдай Мөрі – Текті Ант бар.
Жеп жүріп-ақ жендеттіктің тепкісін,
Өсіріп ед «сектант кемпір», «сектант шал»!
Білем Хақтың жеткізерін тілекке,
Мейлі, заман шырмаса да қараңғы.
ҚҰДАЙ Нұрын құйып кеткен Жүрекке
Мен ешқашан сата алмаймын Бабамды!
Мен ешқашан сата алмаймын даламды,
Тұрған сыңсып – әулиелер орманы.
Сол орманды нұрлы өрт алып,
Ғаламды
Шарпиды ертең УӘЛИДІҢ АРМАНЫ!
Мейлі торлап, жер тұлданып жау келсін,
АШЫЛАДЫ АҚИҚАТТЫҢ ҚАҚПАСЫ. –
«Пайғамбардың бауырлары»* сау болсын,
Аман болсын «Ясауидің сектасы»!..
04.02.2008 ж.
Шынжыр.
--------------------------------------- *Бұл жерде Пайғамбардың(с.ғ.с.): «...Ей, менің ақырдың алдында келетін бауырларым!..» деп келетін хадисі меңзеліп отыр.
МОМЫШҰЛЫНА СӘЛЕМ БЕРЕ БАРҒАН
ТӨРТ ШАЙЫР ЖАЙЛЫ ХИКАЯ
ҚазМУ – набыт...
Төрт ақынбыз өр кеуде,
Алатауды қалған шақ ед алып боп.
«Момышұлын көрсетем, – деп, – сендерге», –
Ертіп барды ағайымыз Мамытбек.
Несін бүгін жасырайын, халайық,
Желке шашым көрсететін сес-айбар;
«Бауыржан ба?..
Сәлем бере салайық...» –
Айтпасақ та ішімізде осы ой бар.
Сәл дарылдап,
кірсек керек жалындап,
Кірпігінен «Ұлы Отанның» қаны ұшқан,
Алдымыздан шыға келді арылдап,
Айуанбақтан босап кеткен арыстан.
Төрт ақын ек бөрі болып жортатын,
Мысық болдық...
Сондай да бір өтті шақ.
Түк пайдаға аспай қалды төрт ақын,
Танк тапап талқан қылған доп құсап.
Сәлеміміз су тигендей божырап,
Сауалымыз у тигендей қожырап;
Бас – кеудеден,
тілім жақтан ажырап,
Қарсы алдымда арыстан тұр азынап.
Өз ұямда –
тіреп жатар аспанды
Сирағым да... тырнағым да бар еді.
Баршын бүркіт бас салғанда қашты әлгі,
Қос қанат қып –
Үрей менен Зәрені.
Арман болды, ал аман қайту енді елге,
Ағай жақтан күтіп едік бір тірек:
«Ұстаздарың мынау болса,
сендер де
Оңбайсыңдар!..» – деп тастады күркіреп.
Түк қайрансыз күле беред далбаса –
Бонапарттың жанындағы Талейран.
Мынадан соң,
Хақтан жәрдем болмаса,
Қайран жоғын байқап қалдық ағайдан.
Шығарға есік, тесік те жоқ кіретін,
Нұр да қашып, жауып қалды бетті күл.
Жайшылықта бұлтты шайқап жүретін
Мүйізіміз киіз болды көк тұқыл...
«Қарақтарым... –
Сенбейін бе, сенем бе? –
«Арыстаннан» кенет жылы үн шықты, –
Дастарханға жақындаңдар», – дегенде,
Шөже-жүрек ұясында тұншықты.
«Меймандардың» байқап көріп әр қырын,
Шешілді-ай бір шемен-шерлі шежіре.
Қан кешуден өткен қазақ тағдырын
Сол күйінде әкеп қойды көзіме.
«Соғыс жайлы сұрамаңдар, ақылым,
Соғыс жайын енді ешкімге үйретпен.
Талай сары генералдың қатынын,
Бар болғаны, жігітпен мен билеткен!
...Атағым да бар адаммын.., шатағым,
Менің жанды жарама көп соқпаңдар.
Бермей жүрген маған «батыр» атағын,
Шамаң жетсе, ЦК-ны анау соттаңдар!
...Қазақ жатыр табанында Тажалдың,
Соңғы демін суырған жоқ Алла әзір.
Жиырмаға кеп – үйленбесең, ажалдым,
Осы жерден қуып шығам дәл қазір!
Көбейіңдер!
Бос жүрмеңдер ырбаңдап!..
Нешедесің? –
Маған назар бұр, бала!..»
Әлгі жерде қол-аяғым тырбаңдап,
Жаным қалды –
жасым жетпей жиырмаға.
Бұлбұл қонған бұтағындай ағаштың
Көкіректен керуен-керуен төкті-ай жыр.
Әсіресе,
Арыстарын алаштың
Жоқтағанда күңіреніп кетті-ай бір.
«...Оңашада жатқанды ұнатамын,
Елімді ел қылмасын ерте сезіп.
Жауға – қатын, жақынға – жалмауыздар
Жалықпай көк малтасын жүрсін езіп!..» –
«Бұл – Шәкәрім!
Ұлы Абайдың тұнбасы,
Құдайды іздеп, бөлек кеткен тобынан.
Құлап түскен оның таудай тұлғасы
Қарасартов-қарақшының оғынан!..»
«Қайғыдан, Қарқаралы, жуылмаған,
Айдай бер, қалса адамың қуылмаған!..» –
«Бұл – Ахмет!
Ұлт көсемі – кемеңгер,
Жұтты басын –
өткізбеді аран-шеп...
Академик Қосақбаев дегендер
Орынына өскен соның арам шөп!..»
«Міржақып – төменгінің аласасы,
Сөзінің бар ма, жоқ па тамашасы?
Жылтырап тесік моншақ жерде қалмас,
Қазақша бір роман жаза салшы!..» –
«Бұл – Міржақып! –
Қызыл тілдің шешені,
Бар қазақты қаңғып жүріп оятқан.
Біздің тұңғыш романның иесі еді,
Өтті өмірден, – басы айрылмай таяқтан».
«Сұм өмір абақты ғой саналыға,
Сондықтан жаным менің жаралы да.
Ақында адамзаттан дос болмайды,
Жалғыз-ақ сүйенеді қаламына!..» –
«Бұл – Мағжан ғой! –
Назым сөздің зергері,
Антына да берік болды, даңқына.
Айды алқа ғып, жұлдыз-жақұт тергені
Бұйырмаған өзін туған халқына!..»
«Сыртынан көреміз де сүйінеміз,
Жүсіпбеков жолдастың үйіне біз.
Қашан түсіп қалғанша хатшы болмай,
Ақын болып туғанға күйінеміз!..» –
«Бұл – Қасым ғой!
Сом Қасым ғой!
Сол Қасым! –
Алматыда сүрді өмірін қан жұтып.
Сөзі де ерек, өзі бөлек болғасын,
Құл-қазақтар қойған оны қаңғытып!..
Қарақтарым!
Ұлттың ары – осылар,
Намысыңды тұтат Ардың отымен.
Ақтап алар келеді ұрпақ есі бар,
Оттай берсін қазіргі көп көкіген!..»
...Төрт ақынды жібергендей түзеп сын,
Алты сағат мазалаған атасын.
«Ар мен Намыс болғай, – деп, – қос күзетшің!» –
Берді батыр бізге сонда батасын.
Қоштасарда:
«Затыңда емес, атыңда
Кінәрат бар... –
маған қарап оқталды, –
Жараспай тұр қазаққа һәм ақынға,
«Жарқынғали» атанарсың!» – деп қалды...
Шықтық, сөйтіп, батыр-шалдан бата алып,
Қалашыққа жеттік жаяу дем алмай.
«Бауыржаннан бата алғандар» атанып,
Көпке дейін өзімізге келе алмай.
...Батыр жайлы естелік бұл ең соңғы,
Бізден кейін кезіккен жоқ ешкіммен.
Жиырма алты жыл өткеннен соң
еңсемді
Көтеріп ап, шақта жаздым ес кірген.
Жасаттырмай жан қуырған дертіне ем,
Ұлт алдында барлық ісін атқарып;
«Қазақстан Ресейге «еркімен»
Қосылған» күн – кетті Еліне аттанып...
Кетпейді естен –
келе жатқан «ісініп»
Төрт ақынның шайтандарын шалған күн.
Ұлт Ары үшін шын шайқасқа пісіріп,
Өз қолымен қайран Баукең салған күн!
Ылайықты іс қылмасам да даңқына,
Марқаямын көргеніме батырды...
...Иә, айтпақшы, осы жырдың артына
«Жарқынғали» деп жазайын атымды...
05.02.2008 ж.
Шынжыр.
ТӨРҮКТЕН МЕНДЕ НЕ ҚАЛДЫ?..
Төрүктен өзі не қалды менің тұрқымда?
Қандай ырым бар,
қандай жұрын бар ғұрпымда?..
Дулығалы шалдың сауыттары қалды құлпында,
Дулығалы нардың ауыттары қалды жұртында.
Не қалды деймін,
не қалды менде, шынында? –
Қалған жұғынды тауып бер маған ырымға.
Этнограф достың қосқанын айтпа ұғымға,
Археолог достың қосқанын айтпа ғылымға.
Ол ұғым, бәлкім, жарасар қызып бөскенде,
Ол ғылым, бәлкім, жарасар сәнді кештерге.
Төрүктің Арын қорғамай тұрып жүрекпен,
Төрүктің тәрін тұтына алмайды еш пенде!..
Қалғаны менде – сынтас пен балбал, дікілтас,
Обыропа мен Ресей жұтқан тұқыл тас...
Даламның теңі,
Бабамның тіні кесіліп,
Ағамыз – азғын,
ініміз – қызғын,
тұқым – пәс.
АЛЛАНЫҢ Мөрін өшіріп шайтан Қалыптан,
Дананың кенін алады тартып халықтан.
Азғын мен қызғын айналып сосын құзғынға,
Жемтікқұл болад –
жаңылып Бақи-Бағыттан.
Жинаймын деп те ЖОҒАЛҒАН НҰРДЫҢ ЖАҢҚАСЫН,
Қыршындар талай кептіріп өлді Аңқасын.
Бейітте – құлып...
Жөйіттер іліп-тартқылап,
Өлген Рухтың қимай жүр маған ҚАҢҚАСЫН.
ТӘҢІР Иенің кеудеге жазған Мөр-Хатын
Оқи алмайтын –
шықпай-ақ қойсын елге атым...
Шайтанның шөлі жүрегін жүрген қуырып,
Түйістірмек болад балбалмен тостақ сорлы ақын...
АЛЛАНЫҢ Нұры арнасын тауып құйылса,
Құнжиған – құрып,
Нұр жиған ерлер жиылса;
Балбал-бабаның тостағын сол күн тауыссақ,
Таңбаның Мөрі танылып қалар, бұйырса!..
05.02.2008 ж.
Шынжыр.
ТЕМІРТІКЕН
Бұта ма, әлде гүл ме өзі теміртікен,
Шағып алар, жоласаң, жебір тікен.
Оқшау отау оңаша жатқанымен,
Осында тұр қайнаған өмір-дүкен.
«Темірсің» деп орынсыз түйме қабақ,
Қалады аумай кей кезде күймеден ақ.
Сыр алдырмай жатады сынай қарап,
Омырауын гүлімен түймелеп ап.
Омырауын тұрғанда түймелеп ап,
Аңқымасы есіңді билеп алад.
Көгілдір Нұр сықылды көгілжім гүл
Еліктіріп шағады – ине қадап.
Инесі мың, шіркіннің түймесі мың,
Қарасайшы Құдайдың үйлесімін.
Неткен ғажап! –
Темірден Өмір тарап,
Гүл шығады ұшынан инесінің.
Түнде қара, көр мейлі түсте барып,
Түсіреді тылсым гүл ішке жарық.
Саған тегін бермейді ол, айрылмайды
Тікендері гүлдерін тістеп алып.
Қалай, бала, саусағың қанады ма?
Жас дөңгелеп кетті ғой жанарыңа.
Көбелек жүр қанатын жыртып алып,
Мас боп қалып тылсым гүл шарабына.
Аңқымасы кеудеге қамалғанда,
Кете алатын жанынан шамам бар ма?! –
Жанарыңнан жас емес, қан ағады
Инесі кеп жүрекке қадалғанда!
...Мен – пәруана, жабысқан бұтағыңа,
Қарамаспын сан ине жұтарына.
Жас дірдектеп жанардан,
жүректен – қан,
Жетем, Алла, бір күні – ЖҰПАРЫҢА!..
05.02.2008 ж.
Шынжыр.
ДЕРТ ПЕН ДАУА
Оғыз қызы,
Сен шәйірдің әуресі,
Қабағымнан жұлып алдың ұйқымды.
Қол бергенде –
саусағыңның сәулесі
Сүйегіме сурет салды сиқырлы.
Сенші маған! –
Сөзімнің жоқ жалғаны,
Саған келем қабағымды шықтатып.
Сенің сәулең суретін салғалы,
Сүйегімнің өзі кетті сүт татып!
Сол суретті қымтаймын деп түрмем – көр! –
Бекер ұстап қалған екем қолыңнан –
Ертең менің сүйегіме кіргендер
Еріп кетіп жүрсе қайтем соңымнан? –
Деп жүргенде, –
сүйектегі сурет
Таңба болып шықты кенет қап-қара.
Пенде болдым –
таңбасы бар, құны жоқ,
Өзегімді барады өртеп жат жара.
...Мен кабакка жылап кіргем,
шарабын
Құйып тұрып, басу айтты Пірмұған*:
«Дертің – қалың.
Үміт те бар, қарағым,
Тамырыңа ұя сапты сұр жылан.
Кетсін десең сүйектегі таңбаңды,
Удай мас бол – ертелі-кеш еңіреп.
Судай шашқын мынау қара жалғанды,
Тұмандансын, борандансын төңірек!
Түк дәрменсіз жаннан аққан моншаққа,
Ібілістің Қаннасы* мен Парнасы*.
---------------------------------------------------
Пірмұған* – шарап құюшы, яки рухани ұстаз.
Қаннас*, Парнас* – Ібілістің балалары.
Сүйегіңнен жоғалады сол шақта
Оғыз қыздың басып кеткен таңбасы!»
...Мен мас болдым. –
Қашты қара, ақ пері,
Еңіредім таң атып, күн батқанда.
Жүрегіме шықты сонда –
Хақ Мөрі,
Сүйегімнен кетті жоқ боп дақ-таңба.
Мас болғанда –
тәнге суық, жанға сыз
Батпайды екен! –
Қызу бойда күшейіп.
...Жалғанда әлі шайырлар бар таңбасыз,
Солар үшін, кәне, шарап ішейік!..
06.02.2008 ж.
Шынжыр.
ХӘЛ
Тыпырлап ұясында балапан-жан,
Зарладым шарап ішіп ала таңнан.
Талпынып ақ көгершін көкірегімде,
Көз жасым гүлге айналды жаңа тамған.
Гүлдерді нұрға қақтап –
қырға қаптап,
Жасынан жанарымның дала қан-қан.
Күмбірін шанақ-кеуде тиекке артып,
Сол тиек керуен-сазды тиеп тартып,
Жәннаттың жұпарында жүрек қалқып,
Көз жастың исі ұрады үйекке аңқып.
Гүлдерге малтыған нұр –
аңқыған қыр,
Іш қайнап,
ет езіліп,
сүйек балқып.
Арылып кеудеден – кек, бастан – қайғы,
Адамда ғашық болған ес болмайды.
Жұқса егер сағынышым барша жанға,
Ғаламда секем, сес, шер, өш қалмайды.
Мас болып махаббаттан – атады ақ таң,
Күн жетіп шекістірмес қос торғайды!
Басында берген шайтан басып таңба,
Кетіпті жүрек толып сасық қанға.
Шайғасын саф алтынмен –
көкірегің
Бағады махаббатын шашып маңға.
Қалдырмас сол махаббат жанда тағат,
Дүние қардер боп тұр ғашықтарға.
Шайтанның таңбасы өшсе қанда жегі,
Жүректен көрінеді Алла Мөрі.
Қанынан жанарымның гүл көктесе,
Құрбан қыл – садақаға шал да мені.
Пенденің жаралғалы бар арманы:
Жәннатқа айналатын Жалған еді!..
06.02.2008 ж.
Шынжыр.
Бұл бір ғажап түн болды-ау – Ай таранған,
Құшып алған шыңдарды айқара орман.
Киесі бар бұл түннің, Иесі бар,
Айта көрме әбес сөз, байқа, қарғам!
Үр-жұлдыздар тағып ап Ай шашағын,
Құс жолында кілкиді майса сағым.
Тербеліп тұр бар Ғалам... осы қазір
Мәді-мақам шығардай, Ғайса-сарын.
Аспан – құртты сорпаға езген кесе...
Сенбес едім, бұл түнді көз көрмесе.
Кеш болуы мүмкін-ау қалса ертеңге, –
Бүгін түнде дүние өзгермесе.
Жердің бетін таптаған, паршалаған
Көшкен заман қажытты қанша қаран.
Үмітінің иегін түнге сүйеп,
Бір жаңалық күтіп тұр Барша Ғалам.
Құс жолымен келеді ақ тулы Айым,
Бар бір қанға тараған тәтті у мәйін.
Құбылаға сәжде қып сыңсып жатыр,
Шұғылаға шомылған аққу-қайың.
Көз алдыңа көшіп кеп қияндағы,
Бұл бір ғажап түн болды-ау қиялдағы.
Имам қылып шыңдағы шынарға ұйып,
Мүлгіп қалған көп ағаш қиямдағы.
Бүгін түні еншіңді ал, аласыңды ал,
Әйтпесе ертең мәңгі кеш қаласыңдар.
Қар-сәлдеге ай-сәуле зер жүгірткен
Тегін емес мүлгуі баба-шыңдар.
Жұлдыз жылжып,
жинап ап Ай шашағын,
Толқындана бастады майса сағым.
Жүрегіңнің аш көзін! –
Мәді-мақам
Естілмей ме, тыңдашы, Ғайса-сарын?..
06.02.2008 ж.
Шынжыр.
«КӨНЕ ҚОРЫМДАҒЫ ЖЫРЛАР»
топтамасынан
1.БАҒЫ ДАЛАНЫҢ НАЛАСЫ
Көз алдым – жанды қинаған жара,
Не болған мәңгі панама?
Қырымның бәрі – қираған мола,
Жайраған күмбез-сағана.
Құлпытастағы ҚҰДАЙДЫҢ ЖЫРЫ
Құл-табандарға басылып;
Қашанғы жатпақ құмай жүн қыры
Бұралқыларға бас ұрып?!
Бітер ме ед Қырдың Қаңқасына Тіл! –
Аңқасына Тіл тұр сыйып.
Жендет-заманның балтасы жатыр,
Жаңқасы жатыр ырсиып.
Бітер ме ед қырдың моласына тіл? –
Айтар ма ед, шіркін, жан жырын?
Зұлым ғасырдың наласы жатыр,
Жарасы жатыр қанды ірің...
Жеткенде талай әлекті ала жұт,
Қалған кім кетпей қиылып? –
Мешіттерімді дәретхана ғып
Жүрген жалдапқа сыйынып!
Құлпытастардан тоған жасаған,
Қой қора соққан моламнан:
«Мал аман болсын! –
Молаң ба – саған!..» –
деп жүрген кеше көп айуан –
Тәуелсіз елдің ардагері боп
Төрде отыр тағы табытты.
Қызыл ғасырда қанға жерік ед,
Иманға шөлдей қалыпты!..
Жат Көлеңкеге –
кие қонардай
Жалбақтағанын көргенмін!..
Моласына да ие бола алмай,
Шерменде соққан елденмін.
«Жазбағай, – деп те, – асылыққа Аллам!» –
Селкілдеп үнсіз иегім,
Жүремін жинап,
шашылып қалған
Даламның қаңқа – сүйегін.
Аржағы тағы көбең қырқаның
Айналып кетті көкпарға.
«Тарихым қайда?» – дегенде ұрпағым,
Қарайтын менде бет бар ма!?
Көрімді қазып қуырды, жеді,
Көмбеді қайта бұрылып.
...Түнімен мені қуып жүреді
Есекжемелер шұбырып...
07.06.2003 ж.
Шынжыр.
2.«ҚҰСШЫ-АТА». ҚҰС-ТАҢБАЛАР
Үстірттің үсті – қаптаған қорым,
Көрінсе-ақ, жетем бұрылып.
Талай жыр оқып, жаттаған жерім –
Құлпытастардан мүк үгіп.
Қарайсың, досым, неге таңдана –
Үш бірдей шықса – «Құсшы-Ата»?!
Айтар ем сырын! –
Көне таңбаға
Алмай жүр әлі тіс бата.
Сырлары, бәлкім, ұшқан құсқа әйгі,
Жырлары көкке жалғанар.
Білерім,
түрлі құстарға ұқсайды
«Құсшы-Атадағы» таңбалар.
Таңбалар жатыр қайдан бас алып? –
Тарихтың сынық кісені.
Бір ұқса, ұғар Тайжан Досанов* –
Екі-үш атасы құс еді!..
«...Құсымның сырын аңғарып қас та,
Қорлап жүрер деп дұшпаным», –
Өлерде Баба, –
таңба ғып тасқа
Байлапты дейді құстарын.
Сол күннен бастап ажырап қалған –
Аспан мен Жердің арасы.
Жоқтайды соны азынап таңнан
Үстірттің қара даласы.
Адамдар жұмақ масатыны аңсап,
Биіктеу ойлап жұтқыннан,
Сайрар ед Ғалам –
босатып алсақ,
Құстарды құлпы – тұтқыннан!
Осы арманменен тағы да қайтып
Барамын елге – ылдиға.
-----------------------------------------------
Тайжан Досанов* – белгілі таңбатанушы.
Қара тастарға сағым ән айтып,
Ұша ма, қалай, жылжи ма?..
Тереңнен тербеп, күй туды алыстан,
Тұсымнан құстар жиі ақты:
Құлпытастардан қиқулап ұшқан
«Адай-таңбалар» сияқты.
Досым талықсып, дұшпан таң қалар,
Болмаса Өң мен Түс қата! –
Әлдене дейді
ҰШҚАН ТАҢБАЛАР!..
...Желей гөр, иә, Құсшы-Ата!..
03.06.2003 ж.
Шынжыр.
3.ҚҰЛПЫТАСТАҒЫ БІРІНШІ ЖЫР
Тәңір берген байлыққа
Аяғы жерге тимеді...
Талайы жөнге келмеді.
Ақыл берген халқынан
Иманлылық көрмеді.
Хижра – 1267 санада.
(Милади – 1846 жыл).
Құлпытастағы жыр.
Сияқты екен күрең қошқыл мүгі қан,
Қанжар сынды шықпай қалған қынынан...
Осындай бір жыр сыңғырлап түскені,
Сүртіп қалсам –
құлпытастың қырынан.
Мен өлеңнен сыр оқыдым, сездім мән,
Оқитын сыр толып жатыр боз қырдан.
Ій-ти болып,
итін ирек қамшылап,
Пенде болды-ау өкінішпен көз жұмған.
Тар сағана,
күмбездер де кіл асқақ
Осы ойымды құптайтындай ырастап...
Самның құмын,
кең Үстірттің даласын
Қандай қайыр кешкеніңнен құлаштап!?
Пешене – бұл,
өтеді өмір дүрмекпен,
Кешкен күндер көшкен құммен бір кеткен.
Ақыл түгіл, алтын құйып берсең де,
Имандылық көріп еді кім –
Көптен?!
Көптің берер бар иманы – жиғаны –
Көзіңе әкеп көр-топырақ құйғаны!
Құсни-хатпен өлең жазып өрнектеп,
Сағанаңа бір құлпытас қиғаны.
Ал қалғаны...
Ал қалғаны қиын сын, –
Артық алған бұйымым болса – сый ұрсын!..
Тайпаң – Табын,
Жалтырұлы Тілеубай,
Көптен емес,
Хақтан иман бұйырсын!..
Осылай деп дұға қылдым ішімнен,
Күрсінісім күйіп шықты тісімнен.
Көне қорым тіл қатпайды –
Көп құсап
Менің берген ақылымды түсінген.
Кешір мені, адал үрей, пәк секем,
Данышпанша солқылдап тұр қақ шекем.
Көні көрге құламаған Тіріден,
Өлілерге ақыл берген жақсы екен!..
Кейде осылай...
Сәуле саулап санада,
Күй – сағада,
жүріп қалам далада...
Жыр жаттаймын –
жапандағы молада,
Қайтқым келмей халқым қалған қалаға...
04.06.2003 ж.
Шынжыр.
4.ҚҰЛПЫТАСТАҒЫ ЕКІНШІ ЖЫР
Бұл дүния – ғұмыр ханы-дүр,
Ғұмыр екен сәні-дүр.
Ғашықтық еді екіге серт, –
Ақырғы өмір әні-дүр.
Жазушы Меңдібай молла-сақи.
Қыдырбай халалы Қызбақыттың
құлпытасындағы жыр. 1831жыл.
Некенің бір ұшы – алты қат аспанға, бір ұшы жеті қат жерге байланған. Көпірі – кемпірғосақ. Неке жібін үзсең, – періштелердің күймесі күйрейді. Көне наным.
Мойынына жырдан қазына таққан
Құлпытас түсті назарға.
Сұлудың есіп назы лақаттан,
Елтідім ғашық-ғазалға.
Құлпыға басқан мөрді жаңа ұқтық,
Сыр ашпағанмен табыт түк –
Жүз жетпіс жылдан көрді жарық қып
Жатқан да шығар, жарықтық!
Шын Ғашық кетпес жым-жылас құрып? –
«Ырас-дүр», – дейді кәрі дөң.
Қызбақыт-ару қырды мас қылып,
Өткен де шығар сәнімен!
Кетті екен сол бір қайда ауып Ғалам,
Түбіне жетті сайқал жау...
Орамал салып оймауыттаған,
Мына бір белде жайқалды-ау!
Шұғыла шашып түзде атып таңдай,
Сезімі кеткен тақыт боп,
Армансыз еді Қызбақыт қандай,
Қыдырбай неткен бақытты ед?!
Қос ғашық –
мәңгі өлтірмес Антты,
Жырлары жетіп жыраққа –
Көпір ғып өтіп Кемпірғосақты,
Жүр олар, шын ғой, жұмақта!
Қондырдым сырын жаныма шық қып,
Сезімге бар ма қашықтық? –
ӨМІРДІҢ АҚЫРҒЫ ӘНІ – ҒАШЫҚТЫҚ,
Екіге серт-дүр –
ғашықтық!
...Ажырап жатқан үйлене салып
Бауырым түсті неге еске? –
Періште мінген күймеге сарып,
Қоқыстарға атқан нәресте!..
Аруларым-ау, қара көзіңе
Елестеп жүрген не пәле? –
Әлде, қызыға қарап өзіңе,
Жын куә болды некеңе?!.
Жанды Ібіліске билетіп алсақ,
Жын ойнақ салар санаңда.
Кемпірғосақты күйретіп алсақ –
Қайтпекпіз тұлдыр ғаламда?!
Жолынан тура
Алла бұрмасын! –
Халалдан болсын ұл мен қыз.
Ұлттың анасы –
жан-қарындасым,
Аршып ал, кәне, кірден жүз.
Жақпайын бөгде бояуды қалың,
Жетерсің сөздің парқына.
Жырымды осынау, аяулы жарым,
Жаздырып кетші артыңа!..
...Қызбақыт жүзін бұрды халқына –
Жап-жасыл жәннат – ахирет! –
Мен де енді мынау жырдың артына
Қол қоям:
«...молла-сақи!..» – деп...
07.06.2003 ж.
Шынжыр.
5.ҚҰЛПЫТАСТАҒЫ ҮШІНШІ ЖЫР
Фәни жаһане биғамле бил ким, жиһани утар,
Амуал жаһе берма, көңіл ол да утар.
Бир дам жиһанда сен бил бу тарклик қиматин,
Бирмаслар ики һәр ким о да бир заман утар.
Дүнияда иуқ уфа уа имас ғумириң бақа,
Бу биуафада ил кеби ғумриң рауан утар.
Джисмиң уинде жан ке ғазиз меһман ирур,
Тут хурматни уәжіп ушул меһман утар.
Дуния бұзұқ сарай ил керуен кеби,
Қылғыл ирағ заһида иа керуан утар.
Шақпақ-Ата ғимаратының
қабырғасындағы хикмет.
Шақпақ-Ата –
Шахрухұғылы Шахмардан,
Рахмет жаусын! –
Берген саған Хақ тәлім.
Қалған, бәлкім, сахабадан, бабтардан
Мына жырды неше ғасыр сақтадың?
Саған келген әрбір сәтім – нұрлы шақ,
Осы жырды сыйладың сен күйге орап. –
Қара тасты жарып өскен гүл құсап,
Қара тасты жарып шыққан ғимарат!
Бәлкім, пірің – Құл Қожа Ахмет таңбасы?
Хакім-Ата – Бақырған ба қалдырған? –
Кім жазса да –
«Хәл ғылымның» арнасы –
Жан уа ділде зікірмен шөл қандырған!
«Тудым-өлдім» – тіршіліктің баянын
Мағұлым қылған бергіге де арғыға –
Тасқа жазған Хақтың осы аянын
Жеткізер ме мен жасаған тәржіма:
«Фәни – жалған! –
Қызығына байланба,
Бақ пен таққа берме көңіл – ол да өтер.
Бір-ақ ірет келдің тірлік-майданға,
Хақ! – деп зар шек!
Ел! – деп қан төк!!
Жерге – тер!!!
Үшбу жанды тірлігіңде ардақта,
Құрымет – уәжіп, ол да мәңгі жүрген жоқ.
Сол ғазиздер жарасады жәннатқа,
Ер – соңынан! –
Алданба өмір сүрген боп.
Адам – қонақ, жаның мейман денеңе,
Мейманыңа қызымет қыл!
Біл, шырақ! –
Жаның кетер, тәнің қалар төбеде,
Сынар Аллаң,
шығар алдан шын сынақ!
Дүние деген бұзық сарай пішінде,
Өмір деген жел-керуен! –
Тұр, бейбақ! –
Қапы шекпе бұзық сарай ішінде,
Керуеннің көшетінін білмей қап!..»
Осы менің ескі жырдан ұққаным,
Мағынасы – жаңа адамға арналған.
Сипап көріп, ала алмай жүр түк тәлім
Шақпақ-Ата мешітіне барған жан.
«Софысың» – деп, үрсе де иттер өшігіп,
Таба алмаспын бұдан артық Бақты мен.
Осы жырды –
қабырғадан көшіріп
Жүрегіме ойып жаздым –
шапқымен!..
06.02.2008 ж.
Шынжыр.
6.ҚҰЛПЫТАСТАҒЫ ТӨРТІНШІ ЖЫР
Бұдан иаңа сайран итмар аржун
иахши бұ Маңғышлақ,
Қарид ана игит рана дерази
жана бұ Маңғышлақ.
Шақпақ-Ата ғимаратының
қабырғасындағы бәйіт.
«Көргендерді таң қалдырар,
көрмегендер арман қылар
Сенен ғажап мекен бар ма шартарапта, Маңғыстау?!
Сұңғақ бойлы сұлу жігіт сенде ғана сайран құрар,
Кеудесіне шам жандырар салтанатта, Маңғыстау!»
Тасқа жазған осы жырды,
жұмбақ ақын, есіміңді
білу маған бұйырмапты;
қалған олжа – жыр ғана.
Бар білгенім,
жан екенсің өле сүйген бесігіңді! –
Жанарыма қосығыңды моншақ қылдым дүрдана.
«Маңғыстау!» – деп жыр жазатын
қаптап кеткен ыржаң-ақын –
қамап қойсам бір ғана түн –
Шақпақ-Ата басына.
Дүрсінетін тұлғалы ақын,
пірсінетін құл да қатын,
Жыр қоймасы – ғимаратым, не дер еді тасыңа?
Бүлік кіріп бастарына,
сідік сіңіп астарына,
ұлып тұрып қашпағына бола аламын мен кепіл!..
Мөр ғып басқан аспаныма –
Құдай куә!
Күн-ай куә –
ол заманда тастарыңа жыр жазған кіл Елге – пір.
Болмай тұрып Хаққа ғашық,
жыр жазған кім тасқа басып? –
Аяқ кетті бастан асып! –
Сөздің бәрі сандырақ.
Қара қазан – қақпағы ашық,
қазынасы – жатқа нәсіп,
сұлу жігіт – боққа ғашық! –
Қор болдың-ау, Жан-Жұмақ!
Маңғыстауын мақтан еткен,
Салтанатты шақта кеткен,
Елін сүйіп Хаққа жеткен,
ақын, жоқ-дүр арманың! –
Таяқ жеген жат нәлеттен,
жанын кәпір таптап өткен,
бар асылын жоқтап өткен менде салмақ, бар ма құн?..
Тербетіпсің бесігін – Сен,
күзетіппін есігін – мен,
Ел жоқ менде есі кірген! –
Айырмамыз сол ғана.
Сән-салтанат көші – бүлген,
дауыл қалды төсін үрген,
иттер қалды иесіне үрген! –
Өңсіз-сөлсіз сор-дала.
Сүйіп өлем сонда да мен,
«Маңғыстау» деп толғап өлем,
Отқа түсер пәруанаң ем,
Аруана-әлем боздаған!
Пірлерімнің «Алла!» – деген,
ізін мен де жалғаған ем,
Өзің жүрген жолда келем –
Басқа бақыт жазбаған!
Шын жылап ем жасқа малтып –
сән-салтанат басқа қайтып,
Бара жатыр аспан аңқып –
жалғыз шумақ өлеңнен.
Шын сүйе алсам Хақты, отанды
(неғыламын астам айтып),
Жүректен жыр тасқа балқып түсеріне сенем мен!..
07.02.2008 ж.
Шынжыр.
МЕНІҢ ЖАЛҚЫ ЖҰЛДЫЗЫМ
Сүйектері саудырап,
Жатыр өліп тау-қырат.
Менің жалқы жұлдызым
Төбемде тұр жаудырап.
Тас төбемде ол барда
Жанады нұр ордамда.
Орманда да адаспан,
Зәру емен қорғанға.
Елемеймін жауды онша,
Торласа да дау қанша.
Шығады ертіп жетелеп,
Жалқы жұлдыз сау болса.
Шыңда жүрсем – шынарым,
Қырда жүрсем – құрағым.
Жаббар Алла төбемнен
Жағып қойған шырағым.
Маңдайды ұрып тас боп түн,
Жүрдім кейде мас боп тым.
Әспеттімнен айырылып,
Мен де кейде жас төктім.
Төзім болып булықтым,
Сезім болып шулықтым.
Ән орынына зар төгіп,
Бал орынына у жұттым!
Жан ілініп сол шақта
Кірпіктегі моншаққа,
Талқыдағы тағдырым
Жүгіргенде сан-саққа –
Аңыз болып шарлаған,
Абыз болып барлаған,
Жалқы жұлдыз,
ғайыптан
Қолың создың сен маған!
Бұлт торына түстің бе? –
Көрінбесең үш күнге,
Зәрем ұшып кетеді,
Тілек – сенің үстіңде.
Аға көрме көгімнен,
Тама көрме көзімнен.
Желісінде мезгілсіз
Боздамасын боз інген.
Ажыратпай енді Алла,
Жолықтырғай жолдарда! –
Сен барда мен адаспан,
Мен де бармын – сен барда.
Сен бар жерде өң кіріп,
Көрінбесең сөнді үміт...
Жан-Аллаға – мың шүкір,
Қойған мені мөрлі ғып.
Тірлігің де – далбаса,
Өлгенің де – далбаса, –
Тас төбеңде тұратын
Бір жұлдызың болмаса!...
07.02.2008 ж.
Шынжыр.
ТӘУБӘ ТАБУ
Ей, пенде!
Құдайдың жұпар иісі бар –
Сенде!
Құшағын ашты жар! –
Жүректі – қан,
кірпікті жас шылар!
Өртенсең ышықтан шырқырап,
Сол Иіс бұрқырап –
Ғаламды мас қылар!..
Мұхаммед Икбал Лаһори.
Сапырып сырлы тостағын,
Жас дәурен өтті – қас-қағым.
Мас болып жүріп,
тобынан
Адасып қалған қасқамын.
Жүрмеуші ем жұтпай әсте де у,
Әдет-тін жалғыз жас төгу.
Жараспаушы еді пәстену,
Арманым-тұғын мас болу!
Шаңын да қақтым даланың,
Қанын да таттым қаланың.
Тарадым басты Айменен,
Тартып ап бұлттың тарағын.
Шыңдардан анау сұраңыз,
Қалған-ды бізден кіл аңыз.
Қаздарды бастап ұшатын
Мен болдым талай құлабыз...
Жұғатын жүзге жұлдыздар,
Ұғатын бізді гүл-қыздар.
Жылынып алып кеудеме,
Шығатын түзге түнгі ызғар.
Темір ме, тас па – өтетін
Өткірлеу болдық өте тым.
Ұстаған нәрсем қолыма,
Өртеніп сәтте кететін!
Сондай да өтті басымнан,
Бәрін де бүгін жасырман.
Ашатын досым жүрегін,
Қашатын болды қасымнан.
Тірліктен таппай түзу мән,
Көз ашпай жөндеп-бұзудан;
Бұзудан болды барлығы,
Бәрі де – артық қызудан.
Жастық та сөнді жын қуған,
Достық та семді дыр-думан.
Отырған мен бе, басқа ма –
Жүректің көзін мұң буған?..
Қап-қара түнге қамалып,
Мүмкін бе қалу омалып?
Қолыма жүрек-шам алып,
Іздеймін Басқа Жаңалық!
Жараспайды әсте – пәстену,
Аңсарым еді – мас болу!
Ол үшін жанды қан бөлеп,
Жанарды керек жас көму!..
Бағзыдан қалған бар дерек,
Алуым қажет жан-қорек!
Ажарын сатпас Дос керек,
Базары қашпас Жар керек!
Болуың оңай боқташақ, –
Жақындамасақ Хаққа сәт,
Жүректің көзін ашпасақ,
Өзге бір Қызу таппасақ.
Кәусардан енді татпасақ,
Жүректің өзін тат басад –
Шайтанның отын сөндіріп,
Алланың нұрын жақпасақ!..
Бұрынғы қызу – жын-қызу,
Бүгінгі қызу – шын қызу.
Рухқа нәпсіні ұрғызу,
Шайтанды өртеу – бұл қызу!..
Дүміңді көрдім, жалған-боқ,
Қорықпан енді алдар деп...
Қыза да қыза жүрегім,
Өртеніп кетсем – арман жоқ!..
Жүректі дар-дар жыртып ап,
Өртенем шырақ шырқырап.
Құдайдың Иісі мендегі
Мас қылар қырды бұрқырап!
Жетеді боздап аруана,
Кетеді маздап пәруана!
Керегі маған сол ғана,
Қажетсіз – басқа жарнама!
Мен нұр боп көкке жоғалған
Кетпейді құстар со маңнан! –
Жұпары нұрдай бораған
Жанғанда шырақ – моламнан!..
07.02.2008 ж.
Шынжыр.
ШЫҢҒЫС ХАННЫҢ
СОҢҒЫ ШЫРАҒЫНЫҢ
ҚАЛАЙ СӨНГЕНІ ЖАЙЛЫ ХИКАЯ
...Шоқан келді Петрдің қаласына,
Қос-қос атты жектіріп шанасына.
Жиен де жоқ, жоқ мұнда нағашы да,
Қаумалаған кешегі алашы да.
Бір түрлі өзі, адамға қарасы да,
Алтындатқан атының тағасы да.
Жанға бармай, әуелі сәлемдесті
Ғұбайдолла* –
Жәңгірдің баласына.
Жолда мас боп Шыңғыстың* ақшасына,
Түнеді аздап Мәскеудің бақшасына –
Сарыайшық пен Сарайдан сәулет ұрлап,
Ватиканның салынған ақшасына!
Қалды Арқада оралмас дариға-күн,
Барады өртеп өзегін фәни-жалын.
Жақсыларын орыстың кетті аралап,
Шайын ішіп алған соң Маринаның*.
Алғаш бәрі көрісті.
Қайыл қалды, –
Жан беруге Шоқанға дайын болды.
Көп ұзамай гу етті қала аспаны
«Киргизский князь» жайында енді...
«... Бір түрлі өзі, адамға қарасы да...»
«...Теңсінбейді, қарамай шамасына...»
«...Сене ме екен генерал ағасына?..»
«...Кетсін әрі қаңғырып даласына!..»
«...Бір нәрсеге таласса дес бермейді,
Көзі сыймай кетеді шарасына...»
«...Құтырады, какой-то, бұратана,
Қою керек түсіріп сабасына!..»
----------------------------- Ғұбайдолла* Жәңгіров – кейін генерал-лейтенант, Ресей телеграф департаментінің бастығы болған. Шыңғыс* – Шоқанның әкесі. Марина* Саввина – Ғұбайдолланың әйелі, орыстың атақты актрисасы.
«...Әкесінің аты да Шыңғыс екен,
Ұқсағысы келеді-ау бабасына?..»
...Ал ақсүйек қатындар... естері жоқ,
Арзу болып қазақтың баласына.
Кетті осылай басталып ішкі күрес,
Асты қорыс қоғам-ды, үсті күнес.
Түсті «күрес» жолына қазақ үшін,
Еркетотай шолжыңдар ышқыры бос!..
Дос болмады Федор* да хат жазғанмен,
Өмір сүріп жүр Шоқан оқшау заңмен.
«Шыңғыс ханның елесі!..» – депті артынан,
Шыққаннан соң жүздесіп патша ағзаммен.
Бұл сөзден соң...
Тым сойқан мына желік,
Қатын біткен жолына тұрады өліп.
Тапса болды қапысын,
оңашада
Шылым шегіп арбайды, сыра беріп.
Түгесіліп төзімі,
шыдамы өліп,
Дегдарлар жүр ізінен ылаң өніп.
Сансыратып кетті, ырас, талай жерде
Шыңғыс ханның елесі шыға келіп.
Патша – күн де,
шонжарлар – күнбағыс-ты,
Пікірлерін үйренген тыңдап ішкі.
«Құтыламыз!..
Әйтпесе, ұтыламыз», –
Осылай деп паң қала ым қағысты.
Шоқан өтсе болғаны жандарынан,
Сән-салтанат қашады маңдарынан.
Шыңғыс ханның елесі –
сұп-суық боп,
Атой салып оянад қандарынан.
Елесінен Шыңғыстың қашқан бейбақ –
Іштен ойлап шешкені, бастан байлап:
-------------------------------------------------------------
Федор* – орыс жазушысы Достоевский меңзеліп отыр.
«Жыбырлаған құмырсқа тірі шықпас» –
Жіберісті Шоқанды Қашқарға айдап.
«Ах, сволочь!..
Келіп тұр одан да аман»,
Жағырапиялық беріпті Қоғам да мән.
Жаңалығы ғылымға қосқан, ашқан –
Сұмдық дейді – тоғысқан сан арнадан!
Жанарымен жолдағы жасқап елді
Шоқан келсе – сан бегзат қасқа болды.
Ебіропа –
«Шыңғыс хан елесіне»
Назарларын аудара бастады енді.
Содан соң ба?..
Сақтаулы мұрағатта,
Қаттаулы тұр, қараңыз, міне, хатта:
«Түркістанды қайтпаққа бағындырып»,
«Шырнай-паша»* жандарал мінеді атқа!
Дүмділердің айналып ермегіне,
Бейбақ Шоқан аттанды, ол да егіле:
Көрсетпекші қарлығаш-достығын ол,
Көген кимек біржола сорлы еліне.
Содан кейін...
Түркістан...
Қанды боран...
Сәби үні...
Аналар зар жылаған.
Жалап жатты,
армансыз талап жатты
Жабадансыз* төбеттер – қарғылаған.
Еңіреніп Ер Сыздық* аһ ұрғанмен,
Түркістаннан таусылды ақыр дәрмен.
...Шықпай қойды Бас жендет –
заңды алға сап,
Шоқан қанша дуэльге шақырғанмен.
---------------------- «Шырнай-паша»* – патша жандаралы Черняевті жергілікті жұрт солай атаған. Жабадан* – тұмылдырық. Сыздық* – Сыздық сұлтан Кенесарыұлы. Орыс отаршыларына қарсы күрес қаһарманы.
Сарттар сатып Сыздықты, Шоқанды орыс,
Бұқар да өріс болмады,
Қоқан қоныс.
У боп тиді есіл ер жүрегіне
Әулиеата-шәрдегі зәһар-жеңіс!
Ер жетім бе – бола алса халқы кемел?! –
Шоқан енді қайғыға малтып өлер.
Қайынжұртқа аттанды. –
Ордасы орнап,
Қойған нәм ед Хан Шыңғыс – «Алтынемел».
Мен жанымнан қосқам жоқ...
Олла, шыным! –
У бергенін естідік қолбасының...
...«Шыңғыс ханның елесі» сөнді сөйтіп,
Шыңғыс ханның жұртында... ордасының...
...Түнде келмей жолаушың, күндіз күткен,
Құтыла алмай біз де енді жүрміз жүктен.
Сол Елесті, сол Отты тірілтпек боп,
Сол араға құлайды жұлдыз біткен...
Қалғанмен мен көз жазып арманды ерден,
Тоқтамайды тұсыма жалған-керуен.
Таулар үрлейд – сол Отты тұтатпақ боп,
Хан Шыңғыстың Елесі қалған жерден!
Айтшы, Бабам от жаққан ғашық-мекен,
Біз күткен күн әлі де қашық па екен?..
...Жұлдыздарға шағылып тұтанар деп,
Жанарымның жарқылын шашып кетем!..
07.02.2008 ж.
Шынжыр.
САМНЫҢ ҚҰМЫ. САРБАЛА
Сенде бір сиқыр бар, нар-далам-ай,
Кеш батса, шам құсап арбаған Ай. –
Пәруана парлайды шамға қарай,
Сарбала самғайды Самға қарай.
«Күнімен Бейнеудің бытқылында,
Қалдым ғой нәндердің тұтқынында».
Осы оймен Сарбала құлайды кеп
Жөргегі салқар Сам – құтты құмға.
Күні-түн Сам желі азынаса,
Баланың қоймайды мәзі қаша.
Жүрегі тартады төмен қарай,
Бір елі құмынан ажыраса.
Құлағы дыбысын түздің шалған,
Сөзге олақ – алысқа тізгін салған.
Қозғасаң Сахара, Қобы жайлы:
«Қалай, – деп сұрайды, – біздің Самнан?»
Тыңқытып домбыра, ояр тиек,
Тұсына аспабын қояр сүйеп.
Бар көрген алашы – бес үй Бөкен,
Бар көрген ағашы – қоянсүйек.
Жорналшы қыз мыжып: «Алда, – дейді, –
Арманың басқа да бар ма?» – дейді. –
«Бірер жыл қой бағып,
қатын алсам,
Біржола қалам ғой Самда!» – дейді.
Пәруана – от жана шамды айтады,
Сарбала тек қана Самды айтады.
Сыңсиды Ай туа – қоянсүйек,
Тыншиды керіліп кең байтағы.
Туған жер – жандағы наным-сенім,
Бақыт қой дүниеде барың сенің. –
Өзіңе қалсыншы Самың сенің,
Сөнбесін мәңгілік шамың сенің!..
07.02.2008 ж.
Шынжыр.
ҮШ ҚИЯН
Адыра қалғыр Үш қиян,
Үшеуін де алғаны...
Мұрат Мөңкеұлы.
Еділдің бойы – елді қиян,
Жайықтың бойы – жанды қиян,
Маңғыстау бойы – малды қиян,
Мажыра-жалған – Үш қиян.
Сондай да Дәурен болған-ды,
Кеңеске – тыныс белеске тігіп қонғам-ды
Шаңырағы – алтын,
уығы – күміс,
керегесі құрыш ордамды.
...Жадымда қалды сол мәңгі...
Бұзаудай бұлды ботташығы тұрды белдерде,
Тоқтыдай сынды сазаны жүзді көлдерде.
Ісінің бәрі – кісілік,
бұзбай бір құлан пісіріп,
әруақ боп қонған дөңдерге –
Кездесер қайта күн бар ма, –
дейді де мендей шерменде,
Зілдей шайқалып,
білдей найқалып атаннан түскен ерлерге?!
Нұрына Хақтың шөлдеген,
Шеніне дұшпан келмеген –
Төріне шықпақ түгілі,
Босағасын да көрмеген!..
Талайсыз екем мен деген,
сондай бір шақта өлмеген!..
...Еділдің бойы – қанды қиян,
Жайықтың бойы – шаңды қиян,
Маңғыстау бойы – мұңды қиян,
Адыра қалған – Үш қиян! –
Өткізгем бастан со Сынды,
Кеңестен – бұғып,
еңеске тігіп қосымды,
Керегесі – мырыш,
дөдегесі – күміс,
төгеріші пүліш көшімді...
Жатқа көрсетер сесімді –
Жинай алмадым қосынды.
Жұртта қалдырып
үш бұты үш жаққа кеткен мосымды,
Дұшпаным тіліп қорабасы бар месімді,
Қайтара алмадым Кек түгіл, кеткен өшімді...
...Жаралайды әлі Есімді!
Шатынай қирап ағалар кірген –
арайыланған Басты Орда,
Шатырлай сынып қаралар кірген –
қалайыланған қасты Орда,
Қазтуған көкем Еділді тастай қашқанда,
Есіңде бар ма, Көк Еділ?
Жадыңда жүр ме, Ақ Жайық?
Ойыңда тұр ма, Маңғыстау? –
Көк бөріленіп ұлып едім ғой аспанға?!
Сіңіпті сол үн дастанға...
Ұмытып Хақтың пәрменін,
Сұйылып қуат-дәрменім,
Перінің түнеп қасына,
Шайтанның жайлап шәрлерін
Жүрдім-ау кеше, –
обалым қандай бар менің?!
...Еділдің бойы – нұрлы қиян,
Жайықтың бойы – жырлы қиян,
Маңғыстау бойы – пірлі қиян,
Таң-Ыра қонған – Үш қиян! –
Келеді сондай бір шағың!
Бір таңың атып қалды әне, жарып
қап-қара түннің құрсағын.
Аспанға тігіп – баса алмай көңіл құрсанын,
Шаңырағы – шапақ,
уығы – сәуле,
керегесі жауһар отанды –
Тербетіп тұрар нұр-сағым.
Берді аян кеше пір-шалым:
Осылай дейді ғайыптан жеткен үн-сарын!
...Алланың нұры – бұршағым...
Тек білікті тұтар анты ғып,
Тектілікті тұтар салты ғып,
Келеді, міне, Шын Ұрық –
Маңдайы Хаққа бұрылып –
Мәділік Нұрға малтығып!
Құрсаққа бекер жата да бермей нан тығып,
ЖҮРЕККЕ НҰР ҚҰЙ! –
Соңынан жүгір алқынып.
Дидарына Хақтың шөлдеген,
Шеніне шайтан келмеген,
«Хақ!» – деген, сосын «Ел!» – деген,
Асқардың басын,
Аспанның астын жерлеген
Билейді ертең бір ұрпақ –
АЛЛАНЫҢ ӨЗІ МӨРЛЕГЕН!!!
...талайсыз екен бабалар
Сол күнді көзбен көрмеген!..
Құй енді, Нұрым!
Қайт бері, Құтым!
Баян тап, Бағым!
Орал, Сән! –
Зікірім де осы,
пікірім де осы,
шүкірім де осы – сене алсаң, –
Қайталап айтқан тобам сан:
Алтын да бесік Өр Алтай,
Жәннәти пұшпақ Жетісу,
Жырлы Сыр,
Сазды Сарыарқам,
Ата да қоныс – Үш қиян! –
Арманым жоқ-дүр жалғанда,
Сол бір Күн келіп қалғанда –
Жолына шашқан шашу боп мәңгі
ЖОҒАЛСАМ!!!
07.02.2008 ж.
Шынжыр.
БОЗДАЛАМЕН БАҚҰЛДАСУ
Кетті есерлік, оралды есті шағым,
Жарамайды бізге енді ескі сарын.
Пенделіктің тойына тойып болдым,
ЖАР Жұпарын сағынам, ДОС Құшағын!
Келемін мен көзімнен ән шықтатып,
Етегімді жалайды қаншық-бақыт.
Қаншық-бақыт дегенім – пенделік мұң,
Бәрі мәнсіз – тағар шен, таңсық тақыт.
Шер толғандым, –
жатса да құпталған боп,
Астары мен қатпарын ұққан жан жоқ.
Көрдім бәрін – өткіздім жүрегімнен,
Мен қарайлар жалғанда түк қалған жоқ.
Тек, боздала... шомылған боз мұнарға,
Сені Тәңір бақида кез қылар ма?..
Осы сурет қинайды-ау қимасым боп,
Көз алдымда тұрып ап көз жұмарда.
Боз даламнан басқа енді қимасым жоқ,
Қалады, ырас, ұл-қызым мирасым боп.
Ал отанның қайғысы – бақида да
Жыртып шығып жүректі, мыйға сіңбек...
Істейтін іс қалмады ақынға түк,
Жақтым – бағым, жүректі лапылдатып.
Фәни менен бақидың шегарасын
Әр дем сайын келемін жақындатып.
Бағыштасам ақырғы сөзді ЖАРҒА,
Бір қарармын артыма көз жұмарда. –
Жаным – ХАҚҚА аманат,
Тәнім – тақта,
Тербетеді боз далам боз мұнарда...
08.02.2008 ж.
Шынжыр.
СЕРГЕЙ ЕСЕНИН
МАСКҮНЕМДЕР МЕМЛЕКЕТІНДЕ
Есенин, сені өлтірткен – Бронштейн,
«Сұмырайлар елін» жазғасын.
Күнәңді санап тағы да тұрады ішкі ойым,
Ақындарға, бірақ аз ба сын?!
Басқадай кінәң – орыстың мұжығын сүйдің,
Шұжығын сүйдің содан соң.
Қазды кабактың тұйғын боп қызығын шүйдің,
Кінәлі емессің оған сен.
Бес-алты адамның, әрине, тұмсығын бұздың,
Өздеріне ғана керекті.
Елемей кеттің бес-алты қыңсылын қыздың,
Өздері емес пе кілттемей жүрген сенекті?!
Есігін ұрдың басыңмен түрменің барып,
Іс шауып кенет насырға...
Сен жаттың талай мас болып кірге былғанып,
Жалған отанда – тыңшы жөйіттің қасында.
Ресей – отан,
болғанмен Бөтеннің құлы,
«Антисемит» деп сот жасап...
...Ұстар ма екен-ай маған да көкемнің жыны,
Осыларды айтып оттасақ?!.
«Ақ түндер» қайда? –
Кім жаққан түніне кірді? –
Жұқты ма, бәлкім, ақынның қанды наласы? –
Есенин, сені сол түні ұрып өлтірді –
Ұзын патша мен қортық көсемнің қаласы!
Шығып ең, Сергей, сен аман мың төбелестен,
Отан жабылса кетеді ме екен әл қашып? –
Қаңғы-мекерлер өз боғын бүркемелескен,
«Англетерде» мылжалап қойды дарға асып!..
Жоқтыққа сіңді жылдардың сырғып мұнары,
Уақыт-балта шындық-орманды жаңқалап.
«Өзін өлтірген!..» –
Осынау сұмдық күнәні
Сексен жыл бойы келесің, шайыр, арқалап!..
Пері ақындарын, қызық-ай, сүйеді ел де осы,
Жынына тиген Пешковтың.
...Сен қабақты, аға, мен жаққа түйе бермеші,
Білгеннен басқа не істеппін?!..
Ех, Сергей, әттең, келмедің біздің кабакқа,
Бар еді нағыз бал-шарап.
Қарайлап жүріп сен, әлде құзғын қабаққа,
Желкеңді қиып,
тастады ма екен паршалап?..
Ергеніңде ғой қайынатаң Арыстан-шалға,
Болмайтын еді дәл бұлай –
Пәруаналарын сол шақта жабысқан шамға,
Жарылқаушы еді Жан-Құдай!
Һәйам мен Хафиз құлы еді шын таза тілектің,
Ене алмай кеттің бағына.
Сайрамда сайран сан құрған Құл Қожа Ахметтің
Елтімедің ғой зарына.
Нұр көктеп сонда райханның бүріндей жанда,
Малғұнның бұзып некесін;
Шайтанның уын қайтарып сіңірмей қанға,
Таза Мастықтың көрер ең нағыз көкесін!..
Шығысқа қарап, іздедің Шаганэні де,
Чагиннің қайттың жанынан.
Кіре алмай қойдың, қайтейін, Хақ әлеміне,
Торлы қоғамның тарынан.
Жегі қоғамда ақынсың ажалы піскен,
Айтылмай нағыз өлеңің.
Жан екенсің, бірақ
АЛЛАНЫҢ НАЗАРЫ ТҮСКЕН,
Айтамын қазір себебін.
Бақи бұлбұлы, кәнеки, бақтан жырла, тұр,
Жатпайсың көрде боза аңқып.
Білмей қап кәпір – жәннатқа аттандырды ақыр,
Қаныңмен жуып тазартып!..
Жырға қарсылық бар жерде – мұң да баршылық,
Менің де сол-дүр басымда...
...Мас болып жүрген шығарсың –
Нұрға малшынып,
ШЫН ОТАНЫҢДА –
хас шайырлардың қасында?!.
Өліге дұға дариды, дарымайды өкпе,
Дұғам бұл саған – талайдан жүрген ойымда:
Жолыға қалсақ, тілеймін, танығай деп те,
Шын шайырлардың тойында!..
Сол тойда, Сергей, енгейміз жәнәти-баққа,
Асатын одан қандай бір арман бар, сірә?!
Айналып сосын біржола – «фәна-филлаһ-қа»,
Кетейік сіңіп Ғаршыға!..
08.02.08 ж.
Шынжыр қыстағы.
------------------ Фәна-филлаһ* – софылық санада Аллаға сіңу ұғымын білдіреді. Бұл ең жоғарғы рухани дәреже.
СҰЛТАН ҚҰББИ –
БАЛАСЫ ХАКІМ-АТАНЫҢ
Бақырғаннан сапарға шықсам,
Тәуап етіп Қағбамды.
Босағасын сахарда тұтсам,
Көріп Ханнан-Маннанды.
Сүлеймен Бақырғани.
...Қоңырат түні...
Толған Ай – нұр тұнған зерең,
Кіреді бала кепеге шырағын ала.
– Неғылған қан-дүр? –
Неліктен жыртылған денең? –
Мезгілсіз қайдан жүрсің? – деп сұрады баба.
Байыппен жауап берді ұлы Хакім-Атаға:
– Сұрағаннан соң адамдар Хақтан дәмелі;
Жылағаннан соң барлығы жеті нотада,
Сүйреп шығардым теңізге батқан кемені...
Бұл – Сұлтан Құбби, баласы Бақырғанидың,
Ясауиден алған ижәзат* – пәк фәна* міндет.
Бір күні келіп қасына жақындап үйдің,
Бата сұрады:
– Сапарға аттанамын, – деп.
– Сөзіңді, балам, келмейді сандырақ дегім,
демеймін, – алыс сапарға неге бекінді?
Батамды алуың үшін де сен, бірақ менің,
Көзіме көрсет әуелі –
Кереметіңді!..
Жұпарлы дала.
Толықсып Ай тұр таранған,
Нұры ұшад түскен шәйнектей мосыдан жаңа...
– Бүгінгі бамдат намазын Байтүл-Харамнан
Оқытсам, келісемісің осыған, баба?..
Жұлдыздар жарып қауызын, аңқыған бүрі,
Жүректің гүлі шешегін атады ел жата...
--------------------------------------------------------------------- Ижәзат* – рұқсат алу, яки пірден рухани бағдар-жолдама алу. Фәна* – сіңу, жоғалу, бұл жерде ұстазға сіңу мағынасын білдіретін рухани мақам.
...Таңертең тыста Қағба тұр шалқыған нұры,
Намазын оқып, ұлына бата берді Ата...
...«Махаббат дариясында* Ғаууас»* атанған,
Басында тұрмын мен де енді Сұлтан-Үпінің*.
Түсер деп келдім дертімнің дауасы атамнан,
Айы таранған төбемде тұр тағы түнім.
Мен бүгін, Баба, аттандым жиынып бермен,
Сапар алдында салсын деп іңкәр түн күйге.
Теңізге шыққан кемелер сыйынып келген
Тақ Сүлейменге, содан соң Сұлтан Құббиге.
Теңізімді апат жайлады.
Ерлерім – опат,
Сол сенімінен кәпір кеп ажыратқалы.
Ібіліс торы алғалы пендені матап,
Тұр, әне, пірсіз көп кеме азынап тағы.
Ей, Сұлтан Құбби,
Су пірі құба шыңдағы,
Жағаға қойдым, әнеки, кемемді апарып.
Махаббат дариясына құлаш ұрғалы,
Кетуге келдім, уа, Баба, сенен бата алып.
Кете алман, Пірім, қоятын шартыңды елемей,
Мәлім-дүр саған жандағы күрсін төркіні.
...Тербеліп Ай тұр теңізде алтын кемедей,
Ұрады жарға Құлзымның* тылсым толқыны...
08.02.08 ж.
Шынжыр қыстағы.
--------------------------------- «Махаббат дариясында...»* – Бұл тіркес Қ.А.Ясауи (р.ғ.)-ден алынды. Ғаууас* – рухани дәреже, яки рух дариясының сүңгуірі. Сұлтан-Үпі* – маңғыстаулықтар Сұлтан-Құбби (р.ғ.)-ді осылай атайды. Құлзым* – Каспий теңізінің ескі атауларының бірі.
ШАЛДЫҢ БАЛАСЫ
– Біссіміллә рахман-рахим! – деп айт әуелі,
Бұл, балам, нағыз Ғылымның сөзі мәуелі:
Жүрегімде – зікір-салауат,
көңілімде – пікір-дәләлат,
тілегімде – дидар-талап,
ойымда – Алла-тәбәрак,
көзімде – Нұр-Мұхамбет,
аузымда – кәләм-шаһадат,
қолымда – қайыр-сахауат,
бойымда – мейір-махаббат,
мойынымда – парыз-сүннет, уәжіп-мұстаһаб,
кеудемде – жан-аманат,
талайымда – бақ-сағадат,
сарайымда – саф-кәмәлат,
маңдайымда – сәжде-ғибадат,
пешенемде – тағдыр-қиямет... –
Біссіміллә! – деп айт әуелі...
Сары шал отыр құймақ боп мыйға сәуені,
Немересіне күнде үйрететін әуені.
– Баланың басын қатырып... – дейді баласы,
Келінімен де бітпей жүрген бір дау еді.
Немере – жалтақ, әке-шешеден мұш көрген,
Жұбатады ата, өксігін тыйып іш керген:
– Оқыған жанның көрмедім, – дейді, – оңғанын
Келмеске кеткір сәбеттік сары үшкөлден!..
Ішкендері – арақ,
жегендері – нәжіс-кәлбәсә,
Не болар Құдай назарын түзу салмаса?..
Қасыңда – Жәләл-Құдірет,
басыңда – тәж-дәулет,
құлағыңда – азан-қаумет,
мұрыныңда – ырзық-жәннет,
жүзіңде – иба-әдеп,
қалыбыңда – иман-әдет,
иығыңда қос періште – ой-берекет,
беліңде – кемер-қуат,
тізеңде – ізет-құрымет,
рухыңда – ақыл-парасат,
нәпсіңде – сабыр-қанағат,
аяғыңда – жол-шариғат,
алдыңда – ақ құбылаң пір-тарихат,
діліңде – сыр-мағрифат,
мақсатың – дүр-хақихат болмаса,
Сүрген ғұмырың, көрген қызығың – далбаса.
Бата алған пірден атамнан қалған сөз еді,
Үйреніп ал, балам, көп жүре қоймаспын мен де аса...
Әке қайғысы – тазармай жатқан қора-көң,
Шешенің зары: «Сабаққа үлгеред ол әрең...»
Шырғаға түсіп бала жүр,
кетсе қасынан:
«Ертең өлем», – деп, қорқытады ата моламен.
...Ұзамай саршал аттанып кетті молаға,
Баласы қалды ие боп өзі қораға.
«Қақ!» – деп қалғанда атасының түскен аузынан»
Сарбала ұзақ жылап жүреді далада.
Өткен бір жолы, өлтіріп шеше сабасын! –
Ата жоқ, сірә, көрсетер ығын, панасын.
Көрші кемпір кеп айырып кетті, әйтеуір:
«Өй, өңшең қарлар!
Ұрма, – деп, – шалдың баласын!..»
Әке – қытымыр, көбейген шаруа енапат,
Шеше – көгайыл, әкесіне айтып сабатад.
Мектептен шыға –
үйіне қайтпай сарбала,
Молаға қарай еңіреп жылап баратад.
Өлімі шалдың соққы болды бұл ғаламат...
Шамның түбінде сабақ оқиды қабағат.
...Қалғып баратып, түйіп қалғанда шешесі,
Жыбырлайды еріні:
«Жүрегімде – зікір-салауат!..»
08.02.08 ж.
Шынжыр қыстағы.
САЛЫСТЫРУ
Ақ қарға не, көк қарға не? –
Бәрі де бір боқ қарға,
Дүние – нәжіс, барлығы да салмақ соны көкпарға.
Жаса, дана!
Жаса, бала! –
Құтты болсын көкпарың! –
Құдай-құлдық, сізде – билік, тоқ-таным мен боққарын!
Ақ есек пе, қара есек пе? –
Бәрі де сол бір есек,
Осқырады құлақ жымып, теппекші өзі – мінесек.
Бабалардың тастап кеткен ырас болса нақылы:
Топастықтың құлағы ұзын, қысқа, бірақ ақылы.
Қара итің не, сұр итің не? –
Бәрі де сол бір итің,
«Мүршит»-төбет ыршып беред, кінәласаң «мүритін».
Дүбәрә-дін, шұбар-ағым бірігеді боқ көрсе,
Жем боп жатыр Адамұлы сынық қанат кептерше.
Бар дүр мысық, тарғыл мысық, бәрі, әрине, бір мысық,
Бақандағы боққа қарай бара жатыр тырмысып.
Ішіп-тышып, ішіп-құсып, алған соны машық қып,
Барлығын да біріктірген –
Боққа шексіз ғашықтық.
Көт қасыған – махаббат па?
Кек тасыған – арман ба?! –
Түкірдім мен нәжіс басқан,
боқ сасыған жалғанға!
Осыны да атап жүрсің, –
міне, нағыз өмір деп,
Көрем ертең тозақ-пеште жанғаныңды көмір боп.
Көрген жүрек тітіркенген,
басқан табан тілінген
Тікен өсіп шығады ертең сенің қалған күліңнен.
Ажыратпай жүріп жатсың түнді, яки күндізді,
Доңыз, бірақ ешқашанда көре алмайды жұлдызды!
Иә, айтпақшы, қара доңыз, сары доңыз – бір доңыз,
Әлгілерді доңыздардан бөлек қой деп жүрмеңіз...
Сенің зарың – менің зарым! –
Сені де, інім, түсінем,
Ұрттам сәуле таппай жүрген нәжісхана ішінен.
Жүрегімде шырағым бар,
қалай жатам бұлқынбай!? –
Кілең қортық жалмап барад Иәжуж-Мәжуж* жұртындай.
Ұрттам сәуле, жұтым нұр жоқ – тастай түнек төңірек,
Жастан ғана шапақ ұшад – жылағанда еңіреп.
Жанарымнан құлап түскен көз жасымның сынығы
Бомбы болып жарылғанда, атар дүние тығыны.
Тығын көкке атылғанда бұзып аспан-шыныны,
Кеуделерге сіңер сонда Ұлық Ие ұғымы.
Тіріледі ЖАД жұпары, оянады ЕС иісі,
Нәжіске өсіп шыққан гүлдің болады ерек – хош иісі!..
08.02.08 ж.
Шынжыр қыстағы.
-----------------------------
Иәжуж-Мәжуж жұрты* – заманақырда жер бетін жалмайтын қауым.
АҚИҚАТТЫҢ АҚ ТАҢЫ
немесе
аярлар ғаламында Таңды күту
«Ұлт қаңқасын күзетіп,
Айға қарап ұлыған
Бұл ғаламда бар ма екен менен басқа тірі жан?
Менен басқа жан бар ма?
Кім қалды өзі жалғанда? –
Мен боламын қасында –
Соңғы қазақ қалғанда!
Мен, өйткені қазақты жалғызымдай сүйемін,
Қазағымның әр қызын балдызымдай сүйемін.
Перизаттай қатынға жалған айтсам, жарамас,
Періштедей балаға ішкізбеймін арам ас!..
Көре алмаған көп жаман сырттан сөйлеп қыртады,
Көк бөрінің мен болам –
тартып туған ұрпағы!..»
Осылай деп тепсініп сөйлеуші едің, бауырым,
Ұмытыпсың қазақты –
жазылған-ау жауырың.
Жыртып кетті, керісінше, жүрегімнің жарасын,
Дегеніңде ақшиып:
«Қазағыңның анасын!..
Қалсын қазақ қырылып, қажет емес қалғаны,
Маған жалғыз адайым аман болса, болғаны!..»
Уа, әсекет, ақ тобам!
Ылайық сот жоқ маған! –
Азаматты көрдім-ау өз АНАСЫН БОҚТАҒАН!
Таусылатын жер еді – тамырдан қан тамшылап,
Сол қорлықты көріп те жүр-ау біздің жан шыдап.
Сідік болды – қан емес, қазақ үшін тамбаса,
Менің де енді сөзімнің түк құны жоқ – далбаса!..
ӨЗ АНАҢДЫ БОҚТАДЫҢ! –
Сықылдандың қарбаша,
Қайтер едің сол АНАҢ егер сені қарғаса?!
Ұмытыпсың ұлтыңды, ендігі ұран –
РУЫҢ,
Бірте-бірте ұсақтап, басталады құруың!
Жезөкшелік бұл неткен? –
Бүтінделсе дамбалы,
Тарс ұмытып қалатын –
Қазақ пенен АЛЛАНЫ?!
...Мінбеде тұр сілкініп тағы да әне бір ағам,
Цитатпенен сөйлейді оннан-мұннан құраған.
«Қазағым!» – деп аһылап,
қалған кезде қақырап,
Кете ме деп қорқасың көзәйнегі шатынап.
Қолтықтары сөгіліп, ауы айрылып шалбардың,
Абыройсыз қалар деп, бұтты қысып, қармандым.
Қам жемей-ақ қой оған, оған тіпті таңғалма,
Көзәйнекке, көйлекке, зақым келмейд шалбарға.
Салмақ түспейд жүйкеге, жүрегіне бір тамшы,
Жыртықкеуде бейбағым, өз іргеңді қымтаншы!
Қазақ көрсе ұрсатын төрде отырып тапсынып
Көкемнің де кей сөзі танытпай тұр жақсылық...
Үйлерінде кекіріп,
мінбелерде жекіріп
Сарнап жүрген ерлердің талай сөзі – өтірік.
Сүйгені де – өтірік,
күйгені де – өтірік,
Көп алдында бастарын игені де – өтірік.
Күйбеңі шын, бірақ та қара бастың қамы үшін,
Қу құлқынның қайғысы жеп тауысқан намысын!
Маймыл болып жайылып доңызбен бір аңғарда,
Ер атанып, еріп жүр нәпсі деген заңғарға.
Дәл бүгінгі қазақтың батыры да ақыны –
Еркек десе, иланбан! –
Ылғи шайтан қатыны!
Ұрғашысын, жігітін
Малғұн илеп күні-түн,
Сұм нәпсіге құл қылып, байлап қойған үмітін...
Мекіренед ағасы, болып соған құнаса,
Ышқыры бос қарындас ішін басып жыласа.
Жәдігөйде – есеп бар,
ішкі сырын бүкпелеп,
Абыройсыз бейбақтың бар лыпасын үптемек!
Жасырарда әуке мен мүйіздерін бұқашым,
Перде қылад бетіне қарбашаның лыпасын!
Менде де бар мысқалы –
болса егер де көпте айып! –
Аша бермей айыбын, осы жерден тоқтайық!
Садаға кет, жалғандық, жалғыз тамшы Шындықтан, –
Жүрегіне – Нұр жұққан,
Жанарына – Мұң жұққан!
Жүректері – Нұр жұтқан,
Жанарында – Мұң бұққан,
ШЫНДЫҚ, сенің босайтын шағың қашан құлдықтан?..
Шындық деген – шарана,
Пана болар саям қай?.. –
Ержетпейді ол
АЛЛАНЫҢ Ақиқаты оянбай!
Босанбайды ол құлдықтан,
тұра алмайды ол жөргектен,
Тепкі жейді тақасы тарсылдаған жендеттен.
Күтіп жүрміз, маңдайға бұйырар деп Сол БАҚЫТ,
Жатыр ҒАЛАМ дәл қазір
АҚИҚАТҚА толғатып!!!
Туған күні АҚИҚАТ –
Шырқап Шындық-Шарана,
Ағыл-тегіл әппақ НҰР жайылады далаға.
Жайылады қалаға –
Ақ Шұғыла жамырап,
Сұм нәпсінің қаңқасы қалар сонда қаңырап.
Шаттанады сол күні –
Нәпсіден РУХ ажырап,
«Нас»* жұқтырып малғұнға,
Бүкіл ғалам мажырап.
Лаухыда жазылған,
Бар тарих бұл – Кәламда:
Оянады ЕР ҚАЗАҚ –
ҮЛГІ ШАШЫП ҒАЛАМҒА!
«Тірілтем, – деп, – ұлтымды», –
пайда қуған Қор құрып,
Абыройсыз қалады-ау тап сол күні көп жігіт.
Қазақ көрсе ұрысқан,
ит терісі құрысқан
Көкеміз де сол күні көріне ме бұрыштан?..
Шетке сатқан елінің шырылдаған баласын,
Қай тесікке тығылып жан сақтайды ана сұм?!
Бар байлығын жерінің жатқа теліп жіберген
Туысым да босанып шығар ма екен шідерден?..
Бәрін қойшы!..
Бауырым қалар ма екен Сотта аман, –
Жалған айтып: «Сүйем!» –
ӨЗ АНАСЫН –
БОҚТАҒАН?!.
Мен кездесіп қалмайын жол бойынан –
сасқанда,
Тастай салып руын,
ұлтқа қарай қашқанда...
Бәрін қойшы!..
Жалғаннан кеттім мүлде мезі боп,
--------------------------------------------
Нас* – Ібіліс қауымына жұғатын індет.
АҚИҚАТТЫҢ ХАҚ ТАҢЫ атсын деші тезірек!
Тұр ғой әзір құл сөйлеп,
Қалтасында пұл сөйлеп! –
Бұл өткінші ЖАЛҒАННАН өтсек екен –
ШЫН Сөйлеп!..
Ашып ділдің зердесін,
Басып тілдің пернесін,
Сыпырайық тезірек жалғандықтың пердесін!
Жалғандықтың пердесін жыртқан күні ХАҚ-ПАНА,
Тұтып Әлем Дидарын жүрек тұрар қап-қара!
Таң шапағы – қандауыр, шелін сылып Түнектің,
Сасық қанын ағызар ТАСТАН ҚАРА ЖҮРЕКТІҢ!
Тіріөліктер ылаңы, бәрі мәлім ХАЙҒА* ана! –
О, сол кезде ТАС-ЖҮРЕК айналады АЙНАҒА!
Қандай ғана күй кешер мына мендей шерменде –
Сол Айнаға шағылған ШЫН БЕЙНЕМДІ көргенде?!.
08.02.08 ж.
Шынжыр қыстағы.
ҚАРАМАН-АТА БАСЫНДАҒЫ АНТТАСУ
«Түркпен» деп жүрген, әрине, түбі түркі еді,
Түркінің қазір тоқсан тарап боп тұр төрі.
Аруаналардың қомында туған,
Арғымақтардың жалында туған
Бұл да бір тағы сынды жұрт еді.
Түркі еді дедік – түбірі,
Жылқы еді дедік – түлігі.
Түркпеннің өзін екіге жарып баратыр
Бұқардан келген нақышпандия сүлігі*.
...Аттары қалып,
адайлар келіп бәйгіден,
Түркпеннен бүгін кетіпті қашып айдын, өң.
Аты озбай қалса, – атасы өлгендей болушы ед –
Шөгермесі шөгіп,
шөкелеп отыр қайғымен.
– Жетті енді! –
Маңғыстауыңды қанжығасына бөктерді.
Құлыныңды ұрлап, бәйгіңді тартып алады, –
Дүрдімұрат бек дүрдие сөйлеп кеткен-ді. –
Кешегі бәйгі ат –
айнымай қапты бітімі,
Баяғы біздің «Суынғараның» тұқымы.
Байрағын алсын,
бәйгі атын, бірақ қайтарсын,
Түркпеннің басқа болмайды, – деңдер, – Бітімі!..
Пәтуа – осы! –
Жаушы жіберді жолға сап,
Адай деген ел – ол да сақ.
Қарамаяның тауынан күтіп,
қайтарған
Сүйінғараның соңында шұбап мол жасақ.
– Шақшабасыңа сәлем айта бар! –
Шатпасын!
Дәмесі болса, бері қарай енді аттасын!.. –
-------------------------------------
Cүлік* – сопылық психотехника, бұл жерде «жол» деген мағынада.
Депті де батыр тарс жауыпты қақпасын,
Жапқаны емей не, шорт бұрып кетсе ат басын?!.
...Келеге түсті билердің не бір ақылы,
Кергіге түсті ерлердің темір тақымы.
Адалдығын ақтап,
Қараман-Ата басында
Адай мен түркпен анттаспақ болды, ақыры.
Мұндай күн туса, салушы ед елге салт қыспақ,
Нар орынына жібере алмайсың көрт-құспақ.
Бәле-жаладан арылып елің шығу шарт –
Ең ардақтыңның ең аяулысын Антқа ұстап.
Түркпен де тейлі ел, –
Адайдың баққан осалын,
Айнымай тапты Қожаназардың Қошанын.
Жетпіс бесінде Қошан ед көрген қызығы,
Он бесінде алып Ақшолпан атты қосағын.
Қос Назар кеткен,
Адайдың соңғы Назары*
Сексеннен асып, тарқаған шақ ед базары.
Оңалтпай басып, омалтып кете жаздады
Екі елдің түскен назары.
Қошанын ертіп жетекке,
Қожаназар бай Оғыландыға тартты – Бекетке.
– ...Хақ пайғамбардың сүлбілінен едің, Ақ Пірім,
Ел мен ағаңның өтінішін енді екі етпе!
Қартайғанда көрген Қошаным еді – ақтығым,
Ел-жұртыңды ақта!
Қошанды сақта, Ақ Пірім! –
...Дүниенің ісіне араласпаушы ед,
шара не,
– Болсын! – деді Пір, ағаның басып аптығын...
...Қараман-Ата басы еді... Қара атты Қошан алтынды тұрман қасы еді. Қазақ пен түркпен самсап кеп қарсы қонысты... ...Қалай, оқырман, бар ма өзі сізге әсері?.. -------------- *Бұл жерде «алашқа қайыры тиген адайдың үш Назары» – Назар Жарыұлы, Саназар Құдайназарұлы, Қожаназар Жаңайұлы меңзеліп отыр.
Көздері шоқты,
кірпіктері – мұз,
сыз қабақ,
Екі жақта да кек жалыны жүр жүз жалап.
Күбірледі Пір:
– «Қара» десең, Алла, қара атты ат,
«Біз» десең, – бізді ат! –
Жіберді ол ерге біз қадап.
Қара атпен Қошан үш өтуі шарт алаңнан,
Садағын қамдап түркпен мерген тұр жаланған.
Жөнелді бала:
– Жар бола гөр, – деп, – ЖАН-АЛЛАМ! –
...Құралай елік қарғып барады араннан.
Қалқып барады оқтан.., жоқ, оттан көбелек,
Қанатын қазір шарпып өтеді жебе кеп.
Сарғалдақ еді қауызын жарған –
қара тас
Төбеден ұрып тастайды мәңгі шегелеп!..
Сақтады Құдай! –
Бірінші оқ кетті далаға,
Екінші жебе бізді ұрды, тимей балаға! –
Үшінші өткенде – жалп етті қара ат! –
Бала аман,
Бай айтты Пірге:
– Кетейін сенен садаға!...
Бектұрлы ишан-дүр түркпеннің дауын ұстаған,
Бекетке келіп,
тоқтады жетпей үш қадам:
– Өзіңе тартып кеткенің қалай, Пір Бекет,
Бұл емес Хақтың біздерге жолы нұсқаған?!
Нариза боп тұр жиылған түркпен осында:
«Анттасамыз, – деп, – Шайх Күбірәнің* басында!..»
– Болсын! – деді Пір. –
– Ендеше, таңғы намазды
Оқиық бірге гүжім-ағаштың қасында!
-----------------
Шайх Күбірә* – Көне Үргеніш шәріндегі киелі орын.
Осы сөзді айтып, ішінен, бірақ Бектұрлы:
«Суынға мініп шабамын қазір», – деп тұрды.
«Жалғыз құлынның дауына сонша бүлініп?!» –
Сансырап самсоз ойларға кетті көп түрлі.
– Болсын! – деді Пір, Қошанды алды да арқалап...
Екі елдің ойы:
«Бұл жиын қалай тарқамақ?..»
Дүр сілкінді Пір –
аққудың еніп кейпіне,
Жым-жырт боп алап,
тыншыды тылсым шартарап.
Дүние кетті бозарып,
Халықтың тегіс түскендей болды көзі ағып!
Аққудың мойынын құшақтап алған Қошан тұр,
Алты-ақ жастағы титімдей бала – өзі арық.
Гу етіп бір үн –
жүректен ұрды төтелеп,
Бектұрлы ишан кеп жығыла кетті шөкелеп:
– Ақ Пірім – сенсің!
Аққуым – сенсің, Пір Бекет,
Ақ туым – сенсің! –
Баста елді Хаққа жетелеп!..
Шайтаным қашты –
Рухымды алған некелеп,
Хақ жолын таптым! –
Өтемін енді мәпелеп...
...Қалпына келді Пір Бекет сәтте,
ал Қошан
Қожаназарға жүгіріп кетті «көкелеп!»
Тағы да қырда тіктеді туын ұлы ұғым,
Біржола басып екі елдің ішкі бүлігін.
Тәрк етті ишан, тәрк етті түркпен сол жерде –
Сарттардан сіңген нақышпандия сүлігін!
Дау солай бітті...
...Ертегі емес бұл, шырағым,
Аққу-піріме бар ма әлі қояр сынағың?..
Тарасты қос ел – ұстасып Хақтың құранын,
Ясауидің жүрекке жағып –
Шырағын.
Сол Шырақ еді бәледен қорғар Тұмарым,
Бәріне куә –
Маңғыстау мекен – мұнарым...
...Келеді, әнеки, аламанның тағы алдында
Қошаннан өнген шақырып ұрпақ ұранын,
Көсілте шауып –
Бабадан қалған пырағын!..
09.02.08 ж.
Шынжыр қыстағы.
РАБИЯ БАЛҚИЯ МЕН БАСРАЛЫҚ ХАСАННЫҢ
КЕЗДЕСУІ ЖАЙЛЫ ХИКАЯ
(Фәрид-ед-дин Аттардың* баяны бойынша)
Күн шаңқиып қарап тұр,
жағасы еді Фараттың,
Отыр Хасан дем алып саясында дарақтың.
Рабия Балқия келе жатты күбірлеп,
Қос құмыра қолында:
бірінде – су, бірінде – от.
Мұны көріп Хасанның кетті сабыр, шыдамы,
Сәлемнен соң көмейден ағытылды сұрағы:
– Күнің мынау – күйіп тұр.
Суың мынау – тиіп тұр, –
От пен суды қайтпексің? – деді басын иіп бұл.
– Сөндірер ем су құйып – болса рұқсат Алладан,
Жеті бірдей тозақты –
жанның бәрін жалмаған!
Ал, керісінше, жәннатты өртер едім отпенен,
Жаббар Хақтың пәрмені болмай тұр ғой, әттеген!
«Неге?» – деген Хасанның көзінде тұр сауалы,
Мынау еді, ал арудың берген сонда жауабы:
– Жан көбейді мұнафық, талақ қылған мұратын,
Қалмай барад кәміл жан шын құлшылық қылатын.
Дін ұстап жүр көбісі қорыққаннан азаптан,
Үміттеніп жәннаттан, құтылмақ боп тозақтан.
Жәннат пенен тозақтан ада болса ана бет,
Дін жолында шын ізгу жандар ғана қалар ед.
Дүниені былғамай, басқа кәсіп табар ед,
Діннің атын жамылып елді алдаған қара бет!..
----------------------------------------------
Фәрид-ед-дин Аттар*(1161 – 1239 ж.ж.) – Нишапурда туған уәли.
– Тәнті болдым сөзіңе.
Қанық едім даңқыңа,
Басраның Хасаны мен боламын, Балқия.
Ұзақ күнді кеш қылған құр сөз, бірақ не беред? –
Шын Балқия болсаң сен, – көрсет, кәне, керемет! –
Деп Басри жайнамаз жайды-дағы толқынға,
Оқып шықты намазын хас тақуа қалпында.
Жан-Аллаңды шын сүйсең, тап осылай шабыт тап! –
Рабия аспанда сәжде қылды қалықтап.
Әуеде оқып намазын,
түсті жерге Балқия,
Таң ғап қарап тұрғандай күннің өзі шаңқия.
– Басраның Хасаны, шын жолыңды анықта,
Сен жасаған Керемет – таңсық емес балыққа!
Мен жасаған керемет – қиын емес құстарға,
Нені мұрат қыласың – құс боп көкке ұшқанда?..
Балқиясыз кетердей кенет тар боп кең ғалам,
Хасан сонда жалынды:
– Ерге шық, – деп, – сен маған!..
– Саған ерге шығар ем, –
жауабыңды бер маған,
Мұратың һәм Талабың қандай сенің таңдаған?..
– Үмітім бар – жәннаттан! –
Сөзіме сен, қарағым,
Іздеп келем мәңгілік – АХИРЕТТІҢ ТАЛАБЫН.
Үміттеніп Басри қарсы алдында тұр сұлық,
Сөйлеп кетті Балқия ауырсына күрсініп:
– Татын жалап тиынның, алдамшыға үздігер
Дүние-талап қылғанды «қатын» дейді ізгілер.
Түсінбепсің, Басри, сөздеріме бастапқы,
Ахиреттің Талабы санаңды улап тастапты.
Әңгімеге көшейік, Хасан досым, біз төте,
Ахиреттің Талабын іздеген жан – қызтеке!
Жүрегіңнің аш көзін! –
Кеңге шығар сананы,
Шын ЕРЛЕРДІҢ Талабы –
ЖАББАР АЛЛА ЖАМАЛЫ!
«ЕРКЕК» дейді даналар – ДИДАР-ТАЛАП тұтқанды,
Көріп пе едің еркектен қызтекеге шыққанды?!
Үлес алдым – Сырынан,
Өттім аман – Сынынан,
Шүпілдеп тұр жүрегім – Ұлық АЛЛА Нұрынан!
Кешір мені, Басри, қарсы ала алман «Теңім», – деп,
Жан-АЛЛАМА ғашықпын, басқа жанға орын жоқ!
Махаббатым аңқып тұр – сөзімде һәм көзімде,
Жек көре алман мен, тіпті, Ібілістің өзін де!..
...Жүріп кетті Балқия –
қарамады ол артына,
Өтті өмірден сол күйі сызат түспей Антына.
Жоқ екен ғой шын ғашық жүректердің тіпті емі,
Екі аяқты пендеден кез болмады күткені...
Көкке жазған хат құсап үшкілденген тырналар,
Келе жатқан көктемнен жеткізеді-ау бір хабар!
Ағып түскен сәуледей қапияда ғарыштан,
Қонбаушы ма ед көлге аққу қанаттан нұр-шаңы ұшқан!
Десең егер: «Көк құсы қона бермес қолға аса!» –
Ал мына бір суретті елестетші, болмаса.
Көктеменің көгалы жатады-ау бір сайда аңқып,
Құйылады-ау сол сайға уыз болып Ай балқып.
Ал немесе, керісінше, Құсжолында Ай қалқып,
Алтынбалық -жұлдыздар жүзеді-ау бір жай малтып.
Сондай сәтте нәғайып –
қолға қалам алайық,
Балқияның балқыған ізіне бір қарайық.
Қарайықшы бәріміз –
жасымыз һәм кәріміз,
Санаса екен ЕРКЕК! – деп таңдап алған жарымыз.
Арға күйе жұқтырмай жалғаншының жүзінен,
Қол ұстасып кетейік – ШЫН Ғашықтар Ізінен!..
20.02.08 ж.
Ақтау.
ҰСТЫН ТУРАЛЫ ХИКАЯ
(Мәуләна Жәләлладдин Румидің* ізімен)
Хақ расулы Мұхаммет Мәдинаға барғанда,
Барлық әнсар* жүрегін сары алтынға малғанда,
Пәруанадай кимелеп,
үймелеген шамдалға,
Ұстын тіреп шаңыраққа Расул үйін салғанда;
Уағыз айтып халқына,
тілден мың сан күй өніп,
Сол ұстынға Пайғамбар тұратын-ды сүйеніп.
Жәрдем қылып әнсарлар,
мінбар жасап кейіннен,
Шықты соған Пайғамбар насихат қып бейілмен.
Пайғамбардан ажырап, қалғанына шегініп,
Ұстын ағаш жылайтын адам құсап егіліп.
Уағыз тыңдап жылаған ағаш жайын аңғарып:
«Бұл қалай?!» – деп сұрасты сахабалар таңғалып.
Түсті сонда ағашқа Пайғамбардың шырағы:
«Неге жылап тұрсың сен, ей, ұстын?» – деп сұрады.
«Іші-бауырым қан болды Сіз кеткелі жанымнан,
Күл болатын түрім бар жанды өртеген жалыннан!
Сізге ғана зарланғам, ей, Жаһанның Жан-Нұры,
Сізге ғана жалғанған барша ғалам тағдыры.
Тұрушы еңіз сүйеніп мен сияқты мұндарға,
Мені тастап кеттіңіз, шықтыңыз да мінбарға».
Айтты сонда Расул:
«Шықтың шындық шыңына,
Бақыт жолдас болыпты шын құпия сырыңа!
Ей, Бақыттың Иесі! ------------------------------------------------------------------------------ Жәләладдин Руми*(1207 – 1273) – Шығыстың жеті жұлдызының бірі. Әнсар* – жәрдемшілер.
Болсын сенің тілегің,
Екі жол тұр алдыңда, таңда, кәне, біреуін.
Бірі – фәни-дүниеде жасыл желек жамылып,
Бар тіршілік жетеді жемісіңді сағынып.
Екіншісі – жәннәтта дәмің тілді үйіріп,
Дарақ болып тұрасың бұтақтарың иіліп».
Ұстын сонда зар етті мас қып шаттық шарабы:
«Болайын, – деп, – мәңгілік ақыреттің дарағы!»
Ғафыл қалма, біл, таны,
ей, адамның ұрпағы,
Кемсің бе осы ағаштан, айналаңнан Сыр таны?!
Бақи үшін көрдің ғой фәни-бақты қиғанын,
Ұқ та өзің салмақта Жаратқанның сыйларын.
Жансыз ағаш зарлайды, көрсем деп Хақ Дидарын,
Халифасы Құдайдың, қайда сенің иманың!?
Былғанба енді нәжіске,
безін дүниеқоңыздан,
Іздемесек Құдайды, –
неміз – адам, неміз – жан?!
Ғибрат ал – шындықтан,
ғибрат ал – аңыздан,
Зікір ету Алланы – ғаламдағы ең ізгі ән...
Содан кейін Пайғамбар ұстынды алып пәк сырлы,
Арулады ақ жуып, жер қойынына тапсырды.
Жерледі оны адамша, сырын соқыр таныр ма? –
Тұру үшін тіріліп – қияметтің таңында!
Бұрып егер назарын, жарылқарда кімді Алла! –
Дүниенің кірімен әсте сені былғар ма?
Ақыреттің ләззаты – енші саған, ұқ мұны,
Хаққа жетсең, – дүниенің бола алмайсың тұтқыны!
Байлық іздеп ұлыған
құтқар дүние құлынан,
Үлес алу хас бақыт Ұлық Алла сырынан!
Жүрек көзі көрсоқыр жайы мәлім міскіннің:
Ертегі деп ойлайды – жылағанын ұстынның.
Ал кейбіреу көлгірсір сенген болып, сезген боп,
Айтпасын деп өзін жұрт:
«Бұл – Құдайдан безген!» – деп.
Сансыз шүкір Аллаға,
шынымды айтсам өз басым,
Шырақ қылдым жолыма ұстындардың көз жасын!
Наурыз, 2006 ж.
Ақтау.
ТҮРКІСТАНҒА ТАҒЗЫМ
«Аллаға бағыныңдар, оның елшісіне
бағыныңдар және өздеріңнен болған әмірге
бағыныңдар».
Құран-Кәрім. «Ниса» сүресі. 59 аят.
Құл Қожа Ахмет! –
Бүгінге жетті іздерің,
Астасты ақыр Ғаршыға Көк Күмбезің.
Аштың мәңгі түркінің көкірегінде
Ібіліс-шайтан – дұшпанға кектің көзін!
Қаратауға Нұр егіп – қара шыңға,
Сарай соқтың сан ұрпақ санасында.
Мен аспанға басылған мөрді көрдім –
Ясы мен Сайрамның арасында!
Түмен баптың соңында – пәруарым,
Сансыз саптың алдында – сәруарым,
Көк күмбезді қобыздай күңірентіп,
«Жан уә Ділде» тірілді әруағың!
Фәни менен Бақидың Қаһарманы,
Мыңсайрамсың Мәңгілік баһардағы*.
Үн келеді, Аллаға мадақ айтып,
Зікірменен зарлаған саһардағы.
«Ара зікір», «ду зарба», «шар зарбадан»*
Мас болады әлемнің шаһарлары!
«Қарға адым, – деп, – арасы Ақырет, Фәни», –
Пір үні өрттей жетеді көкірек қари.
Құтып-ул Әктаб – дүниеге Темірқазық,
Ғаламдағы өзіңсің – «Ахмет сәни!»*
«Басса – таулар шегінген, түрілгенім»! –
«Бақса – Қағба көрінген» Пірім менің!
«Хәл ілімі» берілген»* – Білім-Кенім,
Миғражда шалынған Нұрым менің! –
-------------------- Баһар* – көктем. «Ара зікір», «ду зарба», «шар зарба»* – исламдағы жария зікір түрлері. Ахмет сәни* – екінші Ахмет, яки Расулден (с.ғ.с.) кейінгі екінші Ахмет. Жоғарыдағы үш жол С.Бақырғанидан (р.ғ.)
Темір тырнақ тажалдар таптаса да,
Өшпей қойған, өшпейтін үнім менің!..
Қаратау тұр бар сырды таңбалаған,
Қазір Бабам өтердей сар даладан:
Он екі мың ханзада қасына еріп,
Сансыз мүрит соңында: «Аллалаған!»
Зарым осы – ерте-кеш құлдық ұрар,
Көкірек бер, Жан-Алла, сырды ұғынар!
Сәуле сіңді санама Пір ізінен,
Қияметте жүзімді нұрлы қылар.
Бұған куә кәрі тау, қартаң аспан,
Жүмілә куә жиылған алты алаштан.
Пір көшкесін жалғаннан,
сол Сәулені
Өшірем деп сан дұшпан жанталасқан.
Сол Сәулеге барлық Кір тап-тап беріп,
Сол бір Ізге құл-құтан батпақ төгіп,
Сартауылдар самсады сақарама,
Суаяқ сұпы, жалған пір қаптап келіп.
Ақиқаттың айнасын шаң басқалы,
Нұрлы қырдың жүзінен қан қашқаны.
Кенет... жасын жарқ етті көкжиектен:
«Қаһар қылыш – Алланың алдаспаны!»
Сол бір Жасын жарқ етті жан отымнан,
Жалын шашқан қан саулап қанатымнан.
Ара тұрған Шындыққа Шыңғыс еді ол,
Ұлық Қаған – ақ Нұрдан жаратылған!
Қаған қолы – толқындай арыстан жал,
Ғарық болды қарсы кеп қарысқандар.
Солай дейді Сүлеймен Бақырғани*,
Сәдір шейхтың оғылы Дәніспан-жар*.
Қаған кетті ар – қанын тасқа төгіп,
Гүл шықты оған қауызы жасқа толып.
---------------------------------- Сүлеймен Бақырғани* (р.ғ.), Мұхаммет Дәніспан Зарнұқи (р.ғ.) – Қ.А.Ясауидің халифа-шәкірттері. Шыңғыс ханның замандастары.
Тағы ұмтылды нұр-гүлді таптамаққа,
«Бәчабазы» – нақыштар* бас көтеріп.
Түркістанның ұяттан тасы күйіп,
Күлбеттеніп сұрғайды жасыл үйік...
Келді бірде мүриті Берекенің*
Әмір Темір Көреген басын иіп.
Басын иіп... кенеттен қарғып тұрып,
Қарлы қара тауларды қарлықтырып:
«Әзірет Сұлтан күмбезін көк аспанмен
Астастыр!» – деп бұйырды жарлық қылып.
Бермесе егер қуатын Құдай қолға,
Тұрар ма еді көк күмбез бұлай жолда? –
Көк күмбезді аспанмен астастырды
Мәулен Садыр түс шебер – Үбәйдолла.
Жамағатты торламай қайғы азаннан,
Түсті жерге бір шырақ Айда жанған.
Түгел түркі дәм татты, иісі ислам
Әбдул Әзіз қорытқан тайқазаннан.
Көк күмбез бұл – түркідей құсқа пана,
Саясына тағы да қыстата ма?..
Тайқазандай қайнатқан жүрегімді,
Түркі Рухын сомдаған ұстахана!
Көк күмбез бұл – толғатқан дастанымды,
Тірі-өліде құраған бастарымды.
Көк күмбез бұл – мәңгілік асқақтатқан
Аласарып баратқан Аспанымды!
Баяғы бел,
баяғы өң,
баяғы мең,
аялы көл,
жая-жон,
саялы дөң...
Менің осы көгілдір Аспанымды
Таптамақшы дұшпан көп аяғымен.
------------------
Бәчабазылық* – ер баланы ермек қылатын азғындық.
Нақыш* – нақышпандия жолын ұстанушылар.
Аспанымды торлап жүр қасқа құзғын,
Мөрін тырнап бабалар басқан іздің.
Іздері еді ол Бәйдібек, Қарабура,
Бабатүкті ізі еді ол Шашты Әзіздің!
«Алла-һумен» саһарда нұр іздеген,
«Алла-һайы» жатарда – шын ізгі өлең.
Өзбек, Керей, Жәнібек, Қасым, Есім,
Хақназар мен Тәуке өткен бұл ізбенен.
Үміттерін Қазыбек, Төле, Әйтеке,
Әбілқайыр, Абылай бір үзбеген.
Үзілмеген үмітті жырлайды әлі
сырнай-қамыс,
қобыз-тал,
сыбызғы-емен.
Бұл іздерден бұрқырап бұлақ шығып,
Тас та жатты көз жасын жылап сығып.
Бастағы бақ, астағы тағын тастап,
Қылған Есім бұл жерде шырақшылық!..
Таты таптап, жан-жақтан сарт та қаптап,
Алдан арбап, ниеті жат арттан атпақ.
Көк күмбезді күлпарша қылмақ болып,
Тоқтамыстар көз салған Анттан аттап!
Балапаны ұяда бүршік талмап,
Бұтақтарға бозторғай ыршып қонбақ.
Бозаңдағы ұямды жұта алмады,
Көк күмбезден айбынып шүршіт, қалмақ.
Көк күмбездің көзінен мұң байқаса,
Күзетті әруақ сан ғасыр қылмай таса.
Бұза алмаған қаруын құрып қойып,
Бұрып қойып топтарын* Шырнай-паша.
Айтыс бөлек, ендігі тартыс бөлек,
Залым шықты мұз көзді, қан-тісті ерек.
Өшірмекке баба ізін балшабектер
Көк күмбезді тонады тал түсте кеп.
Сұр жүздері жадымда, көк көздері –
Жатты далам тоғытып көп кезбені.
------------------
Топ* – зеңбірек.
Шаңырағымды қиратпақ сан зымыстан,
Күлпарша боп бақиға кетті өздері!
Өртесе де даласын от-тозақ қып,
Бақты қазақ арманын ақбоз ат қып.
Көк күмбезге қадаған көк байрағын,
Көктің жүзін көмкерген жетті Азаттық!
Әзірет Сұлтан, айналдым әруағыңнан! –
Сенсің бағдар – атырған таңды оңымнан.
Өзің жебе! –
Жеңгенде зымыстанды,
Миллиард дұшпан тап берді жан-жағымнан!
Алдымда екен заманның зіл батпаны,
Дін қаптады мәлімсіз – жын қаптады.
Ызы-қиқы озанның ортасында
Тұншығады жанымның ырғақтары.
Тұра қашар едім мен тұл даладан,
Көк күмбез тұр көк туын бұлғап әмән...
Шүршіт-шүрім, сарт-сауан, жөйіт-жөгі –
Жер қалмады тұмсығы былғамаған!
Қысты заман жанымды қылбұрау боп,
Сұр қабақты, қоршап тұр кіл дырау бет.
«Туыспын» деп түрік жүр тіміскілеп,
Уын араб ұсынды: «Дін – мынау!» – деп.
Мың жыл баққан қапымды кәрі залым
Тудырмақшы басыма тағы да күн.
Көк туымды құлатып,
Көк күмбездің
Ортасына түсірмек шаңырағын!
Түркістанның тағы да тасы күйіп,
Шөжіп кетті шыңдар да жасыл иық.
Барды сонда Пір-Сұлтан мазарына,
Бағы биік ел-сұлтан басын иіп.
Көк күмбез тұр қазақтай құсқа пана,
Дәуір бізге бұйдасын ұстата ма?..
«Осы, – деді ол, – түркіні тұтастырған
Ұлт Рухын сомдаған ұстахана!
Осы іліммен болады таза ғалам,
Әулиелер сыйлайды маза маған.
Құл Қожа Ахмет ілім – Құбыламыз,
Аман тұрса Көк күмбез, – Қазақ аман!»
Солай деді ел-сұлтан...
Сар даладан
Пірдің даусы естілді «Аллалаған»!
Дала жатыр мөр қылып көкірегіне
Көк күмбезді мәңгілік таңбалаған.
Гүліменен қымтанып қырқаларым,
Күтіп жатыр Тәңірдің бір хабарын –
Біледі олар жүрегін адамзаттың
Балқытатын бұл жерден нұр тарарын!
Біледі, ырас, Тәңірдің үніне елтіп,
Осы жерде – Жүрегі Тіріні ертіп,
Ер Мәдінің сарбазы сап құрарын
Аспан астын, жер үстін күңірентіп!
Балапан ғып ұйқымды шайқап ашқан
Жаса мәңгі, абат жер, байтақ аспан! –
Баба дала төсінде Көк күмбез тұр,
Көк аспанның өзімен тайталасқан!
Достан үрей ұшпайды, қастан зәрем,
Көк күмбезден құдайлық дастан көрем, –
Келеді ертең бас иіп барша адамзат,
Астасып тұр себебі ол –
АСПАНМЕНЕН!!!
2007 ж.
Ақтау.
ІІІ-бөлім
ДАСТАНДАР
ТАРҒЫЛ ТАҒЫ
Дастан
Алағыр, Арқа, Маңғыстау,
Қаразым, Жаңғақ – көлемнен,
Жарыса көшіп жаз жайлап,
Тырнадай шулап күз қайтып –
Сарыарқа сала өзеннен;
Ақырап жұлдыз туғанда
Тұнық су ішіп тереңнен;
Жеді жұлдыз туғанда
Маңғыстауды паналап,
Қонысқа Адай бөленген.
Сәттіғұл Жанғабылұлы.
Доспамбет би ауылы.
Бәймәмбет. 1869 жыл. Күз
Бисмиллә-һир-рахмаанир-рахиим!
Бидің ауылы Қиянды аңғарында,
Түйемойын-Шаппаның Сам жағында...
Мейман отыр көргенін мағұлым қылып
Теккедегі* ұлыққа барғанында.
– ...Қабылдады «Ереже»* патша ақыры,
Үлкен елдің, әрине, мақсаты ірі.
Қазақ қасқа сойылар ешкі болды
Алқымына тақаған ақ сапыны.
Жер-әлемге сыймаушы ек кергі-жын боп,
Бұл-бұл ұшты еркіңше енді жүрмек.
Мал есебі алынбақ, жан есебі,
Қазынаға барлық жер ендірілмек.
Патша заңын темірдей тұр ұстанып, Өздері үшін бұлжымас дұрыс бағыт. Ел болыс пен ауылға бөлінеді, Ру қалып, бұрынғы ұлыс қалып. -------------------------- Текке* – Орал қаласы. Ереже* – «Уақытша ереже» («Далалық облыстарды басқару жөніндегі ереже») 1868 жылы 21 қазанда бекітілді.
Ояздық сот – ендігі үкімші анық,
Жүре алмайсың би алып, бітімші алып.
Болыстар мен ауылнай сайланады,
Көбейеді екі есе түтін салық...
– Қарсылассақ...
– Күткені сол емес пе?! –
Тоймайтын ел туғаннан төбелеске.
Исатай мен не болды Кенесары?
Сырым қайда?..
Барсыз ғой сол егесте!
Қарсыласты Теке мен Торғай жағы,
Қан-қасапта қырылып сор қайнады.
Сейіл* менен Беркіндер* тұтқында отыр,
Сылынды елдің тағы да, мен – қаймағы!
Ойлап кетсең ар жағын ой тұмандар,
Көкжиектен көрінді жойқын аңдар...
Қаналылар* басымен қайғы болып,
Оққа ұшыпты Қобылан*, Кейкімандар*.
Әскерімен толтырды Шағадамды*,
Ойыл, Жайық, Жем бойын қамал алды*.
Жарты әлемде – орысқа бағынбаған
Адайың мен Хиуа ғана қалды.
Ел болдық қой жазылмас қанды қотыр,
Қыл көпірден жіңішке – алғы көпір.
Осы жолы адайлар қайтеді деп,
Қаптауы мен Орынбор аңдып отыр.
Осы жолы... түндікті қырық тіліп, Аузымызды ай жаққа ұлыттырып; Бағынбасақ, – бұқтырмақ қырып тұрып! Ұғынбасақ, – ұқтырмақ ұрып тұрып!! ------------------------------------------------------------- Сейіл, Беркін, Қаналы, Қобылан, Кейкіман* – Байұлының батырлары. 1869 жылғы «Ел ауа» көтерілісінің басшылары. Шағадам* – Красноводск (қазіргі Түркменбашы) қаласы. Көтеріліс кезінде онда 3600 орыс әскері болды. *1868-1869 ж.ж. Ойыл, Қиыл, Жем, Сағыз сынды адайлар жайлайтын өзендер бойына әлденеше қамал-қорғандар салынып, оған бірнеше мың әскер әкелінді. Жағыдайды Кавказдан Ұлы князь Михаил, соғыс министрі Милютин, Орынбор генерал-губернаторы Крыжановский, Орал әскери губернаторы Веревкин қадағалап отырды.
– Өзің қандай ой таптың?..
– Тапқан ойым:
Ұрпақ керек білім мен хатқа бейім.
Хаққа мойын бұратын әл қалды ма,
Ұсынғасын біржола жатқа мойын?
Ендігі ұлға керек-дүр екі тұрақ –
Елге сонда жанады жеті шырақ.
Оқытқан жөн орысша балаларды,
Мұсылманша қалыбын бекітіп ап.
Неміс, орыс, ар жақта ақ қылшығың,
Бізден ұлық деп пе едің, тап бір шыным!
Жат білімін алдымен игермесең,
Қалай ғана білесің жаттың сырын!?
Қазақ та енді сойылмақ бір бағылан,
Айрылмағай жұртынан, жұрнағынан.
Қырық жылғы алдымды көруші едім,
Орыс әзір шығармас тырнағынан!
Кіріп жүріп сондықтан ұлыққа ана,
Көмейіне пұл тығып, ұрып пара, –
Оқытуға келістім – қырық жыл бойы,
Әр жыл сайын іріктеп қырық бала!
Мен осылай алдыма меже қойдым,
Не болса да бойымды тежемеймін!–
Оқу-шығын сол жылдар ішіндегі,
Ішіне әлгі кіреді «кеженейдің»*.
Жатты, білем, жанына ақша, бәлем! –
Иліккендей Веревкин қақсал әрең.
Адайларды көндірсем «Ережеге»,
Бұл жайында келіспек патшаменен!
Қой боғындай оқ кірмей қаңқа басқа, Тірі қалсақ осы бір жанталаста, Қырық жылда қазан да азан жаңа, Ел боламыз үлгі ұрған алты алашқа! -------------- ЕСКЕРТУ: Отаршыл жендеттердің есім-ныспылары әдейі көрсетілмей, тек қана фамилиялары алынды (Сөз Иесі). «Кеженей»* – салық түрі.
Көз ашпаған бұлағай-алағайдан,
Ақылы артта жұрт едік – ала майдан.
Құптар ма екен, би ата, талабымды,
Шынымды айтсам, қорқамын сол Адайдан?!
– Қалған ел ғой, қайтерсің, дөңде жортып,
Ұстатпаған бұйдасын пендеге еркіп.
Бәймәмбет-жан*, сен емес,
Адайыңнан
Жүзге келген отырмын мен де қорқып.
Ізет кеткен еліңнен, ыза басым,
Екі телі тыңдамас жүз ағасын.
Жүректерін арам қан билеп барад,
Пір Бекеттің заманы ұзағасын.
Жат көзінше, жұқпайды жұмбақтасаң,
Ұқтырарсың ұқпасты – ымдап қашан?..
Саған қауіп болады-ау, қарағым-ай,
Өзім барып Адайды тыңдатпасам!..
...Би Доспамбет* деміне діріл қосып,
Жүрмек болып қамданды, түрілді есік...
Доспамбеттің алдынан,
Адай түгіл,
Өткен жоқ ед Байбақты Сырым кесіп.
Ішін тартып тұрған жел тісін тығып,
Үнсіз қалды дүние, дүсір тынып.
Орамалы жағынан сыпырылып,
Тұра алмады қарт баба үш ұмтылып...
– Көтерем қудай талпынғам – жандалбаса,
Кімге өкпе айтам, қимылдар хәл қалмаса?
Жазбапты ғой бізге енді бір жүруді,
Бір Аллаң мен Пір Бекет жар болмаса!..
...Бастап ала жөнелді түздің жолы, Өшіп жатыр әп-сәтте іздің мөрі... -------------------------------------------- Бәймәмбет (Баймұхамбет) * Маяұлы – би. Адайдың Мұңал-Бәйімбет аталығынан. Жоғарғы дистанцияның басшысы. 1868 жылы Ресей өкіметі адайларды Жоғарғы, Төменгі дистанцияға бөлді. Көшкі Доспамбет* Қыдырбайұлы – атақты би. Адайдың Жеменей-Көшкі аталығынан.
Еңкілдеген қарт қалды төр алдында,
Әупілдеген үріп тұр күздің желі...
Хантөрткүлдегі кеңес.
Исаның ауылы
Бұл ұлық көрінгеннен, жанымды алды,
Сұрамай өрісімнен малымды алды.
Атан-нар, арғымақ ат – азаматтан
Өзіне керегінде – бәрін де алды.
Иса* Тіленбайұлы.
Қара күз.
Аяқ жағы қарашаның,
Кетіріп тынған кезі дала сәнін.
Жыйылған Адайдың бар жақсылары,
Елінің кеңеспекке болашағын.
«Бас Шорым»,
«Аяқ Шорым»,
«Орта Шорым»
Сайлаған Хантөрткүлге ортасы орын.
Бір жақта Алаторпа-Қошақ жатыр,
Ежелден бермейтін жер торқасы өңін.
Жамылған торқаларын тоғыз қабат,
Өңшең би барыс көзді, өгіз қабақ –
Ортаға Бәймәмбетті орап отыр
Исаның ордасында сегіз қанат.
Теңселмес терек сынды ырғағанда,
Бұлардан мықты бар ма бұл далаңда!
Сардиған салуалы сақаданы
Запызың шырын табар тыңдағанда!
Нән басы керегеден аса төніп,
Өзінің бітіміне аса сеніп;
Бәрінен жасы да үлкен, жолы да үлкен
Еңменді Мәмбетнияз* баса шөгіп.
---------------------- Иса Тіленбайұлы* – би. Адайдың Мұңал-Бәйімбет аталығынан. Көтеріліс басшыларының бірі. Мәмбетнияз Төлепұлы* – би, Бәймәмбеттің бел-немере ағасы.
Арғымақ жайтақтар ма жар келгенге,
Албөрі байқастар ма қан көргенде!
Қуырып әр қиянға тықсырмай ма,
Қарт бура келені айдап – кәрленгенде!
– Әй, Бәймеш! – Сөйлеп кетті асқан зілмен,
Інісін байқалады жасқау бірден. –
Алшайып біз тұрғанда Маңғыстауда,
Адайды орыс ала ма астау мінген?!
Адайға Құдай берген айбат, көрік,
Тұрған жоқ дәл қазір де қайрат кеміп...
Одан да келіп тұрмын демейсің бе,
Кәпірге қол-аяғын байлап беріп?!
– Ақкөке-ай, қарасаңшы қадамыңа,
Ел-жұрттың қаламыз ғой обалына.
Жалаң қол – найза, қылыш боқ қыла ма,
Орыстың жалын құсқан жарағына?!
– Тұра тұр, ей, Бәймәмбет, құрақ ұшпай!
Ұштың ғой орыс десе, сірә, құстай...
Дұшпаның келіп тұрып, көріп тұрып,
Жығылған кімді көрдің бір алыспай?! –
Ер еді би Ермембет* еңіреген,
Туғаннан тейі қатты, тегі – берен, –
«Дұшпаннан көргеніңше қорық»! – деген,
Мен өзім дұшпанымды көріп өлем!..
Бәймембет қарады оған аңтарылып,
Қалғандай дос сөзіне қаңтарылып.
Жан досы – бар сенгені Ермембет-тін,
Жүрегін жіберді ол да занта қылып.
– Жүруші ед ел жолында ниетің бұрын,
Бұрылды қайда, Ер-еке, бетің бүгін?
Көрмесең, – дүниені алған дұшпаныңды,
Жан-құрдас, шын екен ғой соқырлығың*!
– Құдайдан – жер жүзіне құйса әлемет! –
Бұйрықпен зауалын да тыйса керек... –
-----------------------
Ермембет Тұрұлы* – атақты би. Адайдың Жеменей-Есен аталығынан.
*Ермембеттің бір көзі соқыр болған. Би соны меңзеп отыр.
Отырған үнсіз тыңдап үй иесі,
Тамағын сөйлеп кетті Иса кенеп:
– Кім үшін сонда барлық төккен терің? –
Бір жақтан көбеңді орыс сөккен сенің.
Бір жақтан Хиуа талап,
бақтың тағы
Қанқабақ Нұралының* көп тентегін.
Баяғы кімге дәрі буралығың,
Кешкенің жүрегіңнен туғалы мұң.
Иемдеп Еділ, Жайық, Жем, Сағызды,
Теңіздің тартып алды қу балығын!
Ал енді, су түгілі, жерді алады,
Билейді кер даланы көр қамалы.
Қатының, ұлың, қызың – бәрі ортақ боп,
Бұланттап жеріңді алса, нең қалады?!
Салықпен титықтатып тағы басты ол,
Айналды жаз-жайлауға жарымасқа ел.
Адайға ерулікке келген жоқ қой
Жайлаған Жем, Сағызды қалың әскер...
Қайтесің бір-біріңе текке өкпелеп,
Түзеу жөн тар өткелден өтпекке бет.
Бірігіп осы жолы жөн таппасақ,
Көкке ұшып, жерге кіріп кетпек керек!
– Заманның төнгені ырас жұты нағыз!
Мен басқа көрмей тұрмын құтылар із.
Күштімен күрескенше бел кетіріп,
Ұтпасақ уақыттан – ұтыламыз.
Ел едік ордасы – құт, күймесі – иман,
Жерге енді сыймайды ине, түйме сыйған.
Апырмай, неге аблыға бересіңдер,
«Халыққа хан болмай ма – үйге сыйған»?!
Елім – от. Мен – сол оттың көбелегі,
Өлуден басқа қолдан не келеді?
Алдымды жорып емес, көріп тұрмын,
Күйдіре бересіңдер неге мені?!
---------------------------------------------------
Нұралы*(1704 – 1790) – Кіші жүз ханы.
Мен кеше ерің едім бек қалаған,
Бұралқы итпін бе енді көп талаған?..
Соңымнан басты байлап еріңіздер,
Иншалла, өтем алып оттан аман!..
Көз алмай самаурынның сылабынан,
Бәймәмбет сөйлеп отыр шын арыған.
Ер Досан, бағанадан тіл қатпаған,
Қылышын қозғап қойды қылабы қан.
– Бай-еке! –
Ер гүр етті арыстандай,
Жарқ етті қанды көз бен қарыс маңдай. –
Отыр ем бағаналы –
нұр түкірген
Билермен болмайын деп жарысқандай...
Ал сонда нендей үміт ертеңімнен?
Не қайыр жадыланған өркенімнен?
Иманым, жиғанымды кәпір алса,
Кімге би,
кімдерге ие,
серкемін мен?
Қызықтап кәпірге ерген ұл-қызымды,
Далама қаптатам ба түрлі жынды?
Жатса ертең әулиеме жын артылып,
Нәлет де өйткен менің тірлігімді!
Жер – талақ, шағалалы көлмен көркем!
Көл – талақ, жағадағы елмен көркем!
Пір Бекет, 360 әулиенің
Алдына не деп барам өлгенде ертең?!
Түсімде дала көрем – денесі қан,
Үзілер сойды* бүгін көне шыдам...
Өтейін босағаңда құлың болып,
Бай-еке!
Жауап берші тек осыған!..
Бәймәмбет үнсіз қалды тас түйіліп,
Осы еді өзінде де басты күйік...
------------------------------------
Сойды* – сынды, сықылды.
– Күн үшін көніп едік, –
гу етті жұрт, –
Дін үшін өлу керек басты қиып!
– Құл қылар қор қылды әбден шарт жасалып,
Не сұмдық – жасқа салық, қартқа салық?!
Патшаға берім бермей мерт болуға,
Кәнеки, құран ұстап анттасалық!..
– Қашанғы итшілейміз – қан-қан борша! –
Алысып өлген артық арландарша.
– Кеудеңнен жанды алғанша жағалас сал,
Хақтан – нұр,
бабаңнан қан қалған болса!..
Кетті енді өңі өзгеріп күрт бәрінің,
Үйіріп шыға келді ұртқа зілін.
Қозғанда көп әруағы,
орынынан
Тұрды Иса баса сөйлеп жұрт дабырын.
– Далаңның кешері хақ қара қанды,
Алыспай өлгенде не пана қалды?
Ығында қылышының өтейін мен,
Бастаса Досан жауға аламанды!
– Бастаймын!
Құс қонатын оба ғұрлы
Кием бар. –
Көргендер сан тоба қылды.
Көтеріп кіріп кетем қара жерге,
Жамағат, артсаң маған обалыңды!
Қадалса көкірекке қанды сүңгі,
Демеймін: бел бүгілді, жан қысылды.
Өтейін не де болса,
қан-қамаудан
Арқалап алғысың мен қарғысыңды.
Тумаған қазақты да құлдық үшін,
Мерт тапсақ, – қияр далаң бір қуысын.
Самсаған сары орысты жеңбесем де,
Өлгенше сілтеп өтем дін-қылышын!
Отырман боқ илеген күрек бағып,
Мендегі тілек те анық, жүрек те анық.
Жауымды жеңе алам деп соғыспаймын,
Тек артқа кетерім хақ бір от жағып.
Қалмаса сол от сөніп мына қырда,
Атойлар әлі талай құлағыңда...
Торғайдай тозып кетпей топ түскенде,
Болады бірге жүрсең ұранымда!..
Досан тұр серт-дауысын түнге қарып,
Келгендей бір байламға дүрмек анық.
Келісті, амал өте Пір Бекетке
Садақа шалмақ болып бірге барып.
Бәймәмбет тұрды, көзін шел қамаған:
– Жоқ екен маған орын енді арадан...
Ей, Адай!
Алты ай шыда!
Тапсаң көрдім
Тірі жан осы отырған кер даладан!..
Бәймәмбет кетті шығып қалжыраған,
Қамын жеп қазағының қан жылаған.
...Еңкілдеп құла түзге безіп барад,
Әупілдеп жел үреді әр жырадан.
...Көп мейман – тұлпар мінген таң астырып,
Иса тұр – көзіменен жал астырып.
Қысымен қару-жарақ қамдамаққа,
Күбініп елдеріне тарасты жұрт.
Бұлтты жел жітіргенде алысқа ырғап,
Жатқандай іргеліктен барыс тырнап.
Қатайып әупілдеген желдің үні,
Батыстан келе жатты қар ұшқындап...
Үшауыз шайқасы.
1870 ж. 22 науырыз
Кездескен жері – Үшауыз,
Шығанақ теңіз – Айналма...
Сәттіғұл.
Кездескен жер – Үшауыз шығанағы,
Арасында қос таудың сына-дағы.
Қаракеуек-Шүлдір мен Емді тау тұр,
Ақмая мен Бөлектау – мына жағы.
Кілең шыңның арасы – ашық алаң,
Талай жұққан тат басқан тасына қан.
Шығанаққа қанжардай шаншылады
Күн сәулесі шыңдардан шашыраған.
Қарайтын жер жай кезде құмар басып,
Тауға соққан әр дыбыс шығанға асып.
Жердің буын көтеріп күннің нұры,
Тұрады ылғи қоймалжың мұнар басып.
Тұрады ылғи қоймалжың мұнар басып,
Сай-салаға сүт сынды тұман қашып.
Суға түскен өзінің суретімен
Қарап қалған кіл ожар шың арбасып.
...Іштен сарбаз, сырттан шың қамап алып,
Әулігіп тұр Рукин шабаланып.
– Басурмандар! Құртамын тұқымыңды! –
Деген сөзін жел кетті талап алып.
Коменданты – Торғайдың қамалының,
Келгеніне осында шамалы күн.
Торғай жақтың қазағын тоз-тоз қылған,
Әлі қаны кепкен жоқ жарағының.
Пристав боп, полковник шенін алып,
Тұла бойын жүр еді желік алып.
Екі жылдың салығын бір жинамақ,
Сол шаруаға кірісті өңі жанып.
Көз алдына көгіс бір ісік жүріп,
Қарар еді көп жұртқа түсін бұзып.
Мағынасын «Уақытша Ереженің»
Тағыларға қайтпақ ед түсіндіріп.
Әрбір ісін әркімге мақтан қылған
Империя төлі еді – ақтан құрбан.
«Зытады, – деп, – қырғыздар мені көрген!..» –
Ғафурға* да мақтанған – сақтандырған...
------------------
Ғафур* Қалбин* – би. Төменгі дистанция басшысы. Зауряд-хорунжий.
Кіжінеді сол шері әулігіп бір,
Үнін басып баратыр жау бүріп бұл.
Бар оғымен көзінің қазақты атып,
Бар білетін қарғысын жаудырып тұр.
Басын шайқап пендеге имейтұғын,
Жаудырады боқтықты, түйрей тілін.
«Киргизге» атқан «оғының»,
қайдан білсін,
Бұл жердегі қазаққа тимейтінін?!
Бұрып қойған жан-жаққа жарақты еппен,
Жүр пристав жау жаққа қарап кекпен.
Коменданттан қосымша көмек сұрап
Фортқа кеше шапқылап Қабақ* кеткен.
Орал жаққа үлгерсе беріп хабар,
Әскерді алып ұзамай келіп қалар.
О, сол кезде шұбырған шибөрінің
Бойындағы жын ұрған желік тарар.
Қосым* келген тығылып, жыраны ықтап,
Шенді алдында қашанда ол құрағытпақ...
Қабақпенен бір кеткен қылышкерді
Ұстап апты бір «киргиз» бұғалықтап*...
Қалың қол боп басардай қалың шың кеп,
Сындырғандай болды енді сағын сын жеп.
Ғафур менен жұмсады Бәймәмбетті:
«Иса-Досан тез маған бағынсын!» – деп.
Дүрбісімен Рукин жатыр бағып,
Барды екеуін, әнеки, батырға алып...
Көп ұзамай Бәймәмбет қырға тартты,
Қойды қолдың ішінде Ғафур қалып.
– Сатып кетті!.. Сілімтік жабайылар!– Төкті төре сөздерін анайы бар. ------------------------ Қабақ Ермәмбетов* – патша сенімінде өткен адам. Қосым Мырзабаев* – отаршылдар қызыметшісі. *Багайдинов деген қылышкерді Бәйімбет-Медет руынан шыққан Қалдыбекұлы Есбай бұғалықпен ұстап алған.
Бәймәмбеттің соңынан қуып біреу
Мылтық атты!* –
Мұнысын қалай ұғар?
Боқтап тұрған Рукин сатқындарын
Түсінді енді тағдырдың тап қылғанын.
Досан қуып ақырды әлгі адамға,
Құшып кетті Бәймәмбет аттың жалын.
Жылжығандай аждаһа – обатын жал,
Шырпып келіп ұқсады соғатынға, ал...
Бұйрық берді Рукин:
– Зеңбіректі ат!
Шапшаң, барлық қарудан оқ атыңдар!..
Барабандар кеудесін ұрып кекті,
Дар айырды сол дауыс тұнық көкті.
Ұлып кетті зеңбірек қайта-қайта,
Жер аспанға әп-сәтте шығып кетті!
«Қашар, – деген Рукин, – сасар», – деген,
Қаһарменен топ айтқан осал ма өлең!
Шаң сейіле бергенде...
О, сұмдық-ай,
Келіп қапты ағызып Досан деген!..
Кірпік ұра бергенде, қас қағыла
Досан келіп қалыпты қастарына.
Жалт бұрылды құйындай,
солдатының
Екі-үшеуін найзалап тастады да!
Досан бұған үш шапты сол шапқаннан,
Көк сауыт бар үстінде моншақтанған.
Үшіншіде... жер құшты зеңбірекші,
Быт-шыт болып солдаттар қоршап қалған.
«Ух, дьявол!.. Бұл өлмес – сайтан өлсе!..» Мұндай сиқыр көрмепті, айта берсе. Баратқандай болад та аттан ауып, Ат үстінде келатад – қайта көрсе! -------------- *Бәймембет Маяұлының өлімін Бақытжан Қаратаев: «орыстардан болды», – деп дәлелдейді. Ал дастанда ел жадындағы дерек пайдаланылды (Сөз Иесі).
Шайқас көрген мұны да көк күйрейтін,
Жезайырдың добымен көпті илейтін.
Солдаттардың кетті енді есі шығып:
«Адам емес, сайтан, – деп, – оқ тимейтін!..»
Бұйырғандай Досанға оңаша бақ,
Барады да қолына – дара шабад.
Бес жүз сарбаз ығысқан зеңбіректен
Бұл қызықты тұр үнсіз тамашалап.
Сойқан болды мынау бір – соғысқа жат,
Талай көзде үрей мен тоғысты азап.
Ойқандап жүр жалғыз ер:
«Кімдігімді
Біле жүрсін, – дегендей, – орыс-қазақ!..»
Тамашалап тұрған қол жаңа ғана
Қаптай ұшты...
Мыңғырған шағала ма?..
Рукиннің жанары кетті ақшаңдап,
Лаулап келе жатқандай қара дала.
Жаңа ғана ер еді жарағы қан,
Салмақшы еді бұл мимырт далаға ылаң.
Аз өмірде кешкен көп қызықтары
Өте шықты жарқылдап жанарынан.
Кеше ғана...
патшадан шен алғалы
Көбелектей билеген көгалдағы.
Оятпақ ед ұйқыдан «түземдерді»,
Көп арманы құриды-ау, обал-дағы.
«Неткен ел, – деп, – өрбіген жын-аралдан?» –
Адайларды өзіне сұрап алған.
Тұрғызбақ ед мылтықпен мылқау қырды,
Әділетсіз не деген мына жалған?!
Зор болам деп келгенде – сор қайнады,
Бара жатыр тартылып борбайлары...
«Қырғыздарды» жүргенде «тәрбиелеп»,
Бір оқиға түсті еске Торғайдағы.
Кеше ғана танытып біразға атын,
Таптап жүрген піл болып жуәз*-жатын...
Қарынын жарып қылышпен жібергенде,
Тілін тартпай қарғаған буаз қатын.
Жабайылар көзінен ұшқын ұшып,
Құлай берген сорлы әйел ішті қысып.
Шар-шар...
Қан-қан құлаған шарананы
Атып жатты солдаттар қышқырысып.
Сол оқиға түсіп тұр неге есіне?
Қарғыс құйып тұрғандай төбесіне.
Қабындаған бір дауыс барады алып,
Шарылдаған сәбидің елесі ме?..
Рукиннің жанарын қан шалды да,
Тез өтсе деп тіледі сарсаң мына...
Қайта ашқанда кірпігін...
Көк сауытты
Досан келіп қалыпты қарсы алдына.
Жетті Досан атқалы қаһар-тасын,
Қан жуғандай Рукиннің сақал-шашын, –
Жаналғышқа жанары жалын кұсқан
Кезей берді қолдағы тапаншасын.
Тапаншасы шаңқ етті...
Тиді кімге? –
Ол жағы енді Тәңірдің билігінде...
Қырық солдат, бес төре жайрап қалды
«Инебуазқұмардан» шүйгінінде...
Шыңды жалап теңіздің қанды тілі,
Басты қырдың тағы бір шаңды түні.
...Рукиннің жасанған жасағынан
Қосым-тыңшы жалғыз-ақ қалды тірі...
--------------------------------
Жуәз* – тышқанның баласы.
Ақкетік қырғыны
«...20 жыл... офицер бола жүріп, талай соғыстарды өткере
жүріп, мұндай табанды да көзсіз шабуылды күткен жоқ едім...
Осындай бірнеше шабуыл Форттың тағдырын шешіп кетуі әбден
мүмкін еді. Онда... немен аяқталғанын елестетудің өзі қорқынышты
болды».
Қала коменданты Зелениннің жазбасынан.
«Маңғышлақтағы жағыдай қиын. Қырғыздар түгел көтерілді...
Көмек керек!..»
Граф Кутайсовтың Кавказдағы ұлы князь
Михаилға, ұлы князьдың патшаға жіберген
телеграммасынан.
Жыр қылып кім алғанын қай жендетті,
Көп сарбаз қырдан құлап, сайды өрлепті...
Маяның қасына әкеп –
Түбіжікке
Жерледі ел кешегі өлген Бәймәмбетті.
Бұйырмай бауырынан басқа бақыт,
Бейбақ ер тыныс тапты тасқа жатып.
Досанның:
«Тиме!» – деген сөзін ұқпай,
«Сатқын!» – деп бір туысы тастады атып...
Белгісіз – кімде қалды қарғыс, кінә,
Жүрегін туысының ар қысты ма?..
Ер Досан жауды жайғап жеткен шақта,
Бәймәмбет... жүре берді... қан құсты да.
Қан құсты ең соңғы ірет құса-жүрек,
Досан тұр:
«Мынау ненің нышаны?» – деп.
...Тауларды жатты көктің пышағы іреп,
Жалған бұл – нышаны мен мысалы көп.
Шекесі ай-пышақтың кетік аздап,
Жөнелді сарбаздардың оты маздап.
Еңіреп елін сүйген бар айыбы,
Қоштасты үнсіз ғана екі боздақ.
...Жібімей жүректегі қатқан қаны,
Тұр, міне, Ақкетікке аттанғалы...
Дуылдап қалың сарбаз шыға келді
Қуылдаң жал астынан қапталдағы.
Қашаннан тітіреткен тепкісі қыр,
Жарадың, кекті сүйек, текті сіңір!..
Соңында шұбап төрт жүз аламаны,
Баласы Ер Шабайдың жетті Сүгір.
Досанның құдасы әрі құрмаласы
Ер Сүгір – әруақты елдің бір баласы.
...Шайылып көңілінің кір-наласы,
Кеткендей толып демде қыр-даласы.
Тағы бір қосылғасын ері келіп,
Баратыр боздақтардың жері кеңіп.
Қауышқан қақақулап көп дауысқа
Қаңғаның тауы жатты тебіреніп...
Көп жігіт сыймай жөңкіп жер төсіне,
Кетікке жетті желіп ертесіне.
...Баратты әлдеғайда таулар көшіп,
Бұлттарды теңдеп алып өркешіне...
Ер Досан қабақтарын түйді кенет,
Айналды қолбасыға билігі ерек...
Алдында темірсауыт тұрды қамал,
Тоқтады мың аламан Шүйліге кеп.
...Күбініп түніменен, таң атты ақыр,
Әскерін келе жатыр қарап батыр.
Әлібай, ағасы Алғи, Диқан, Шүрен,
Өтеген, Жұбанияз, Барақ та тұр.
Жан кіріп жүре берді алапқа ақыр,
Бітеді көп ұзамай жараққа тіл.
Қосақ пен Ожыр, Қиыр – кіл көкбөрі,
Демеген, Бықыл, Қазан, Орақ батыр.
Тулап кеп тірі қан боп тәмәм дала,
Түспекші өз еркімен аранға ана –
Қарасай, Көпмағамбет, Қарамұрат,
Күмісбек, Жарас пенен Жаманбала.
Жұққанда бұлт көзінің шыңға жасы,
Бұланып қоя берді жылға басы.
Кірпікпен тас қамалды кеміріп тұр
Құтжан мен Тілеуберген – Құлбаласы*...
-------------------------
Құлбаласы* – ру аты.
Алмауыт жер сүзгенде жүген керіп,
Тағы бір, кім бар, кім жоқ, түгенделік.
Алқалап Ер Досанды ортаға алған,
Жаулының үш баласы* түгел келіп!
Пір шыққан ауыл ед деп, бұл да аты бар,
Ел қарар Асар* тұтқан туға шұбар.
Сол туды ап жетіпті ол да –
Ер Досанды
Баулыған жастайынан Піл Көтібар*!
Естіліп баба-сарын кер даладан,
Қамалға ажал болып төнді аламан.
Тапсынып – Нар Тұрмамбет*, Дүр Ақбала*,
Жас Мәтжан*, Қарт Алушы*, Ер Баламан*.
Дәл қазір отқа түсіп күйермен боп,
Естілед көп ішінен күй өңмендеп.
Қалнияз* домбырасын бебеулетіп,
Тыңдап тұр Иса менен Би Ермембет.
Күй ертіп бара жатыр тыңдағанды,
Түнде әскер ақын айтқан жырға қанды.
Оңғалбай, Көреғұлдар* күйініп жүр:
«Біз салып беріп ек, – деп, – бұл қамалды!..»
Жалына күрең күннің жалын өрген
Таң атып келе жатыр сары белден.
Ескі дос – мылтығына тұр сүйеніп,
Әруақты Айназардай* кәрі мерген.
Сәуірдің сай бойынан желі кеулеп,
Бабаурап тоқтады күй, еңіреулеп.
Сүгірдің ту сыртында сазарысқан
Кіл Ақпан, Құнанорыс* – темірөң бет.
----------------------------- Жаулының үш баласы* – Ескелді, Қосқұлақ, Жары. Адайдың Мұңал тақтасынан тарайтын аталықтар. Асар* сұпы Жәрмембетұлы – Қосқұлақ аталығынан. Бекет-Ата ұрпағы. Тубегі. Көтібар Жаулының – Қосқұлақ; Тұрмамбет, Ақбала – Ескелді; Мәтжан, Алушы, Баламан* Жары аталықтарының би-батырлары. Қалнияз Шопықұлы* – Адайдың Қосай-Шалбар тайпасынан. Жорық жырауы. Оңғалбай, Көреғұл Қаражүсіп балалары* – Жары аулының мөрлі шеберлері. Айназар Тасқынбайұлы* – Адайдың Тобыш-Бәубек аталығынан. Әруақты мерген. Ақпан, Құнанорыс* – ру аттары.
...Қан жағып жаңа шыққан гүлді көкке,
Қызғалдақ, елден бұрын дір-дір етпе!..
Көп найза қан-шапаққа айналды да,
Көтеріп шығарды еппен күнді көкке.
Тас қамал тас табытқа айнала ма?
Бұл сапар бастар екен қайда ғана?..
Күн бүгін үркітердей кей көңілді,
Қан тамып әр жерінен айналаға.
Саңқ етті Досан:
– Алдым жаңа хабар,
Шашыпты Қосым-тыңшы қалаға жар.
18 зеңбіректі 300 солдат –
Сақадай сай тұр екен ана қамал!
Жүрмеңдер оған бола әсте өкініп,
Жауыңды әлсіз көру – мәстекілік!
Орыстар қалашығы* көседегі*,
Алыпты «Әрмән-қала»* тас бекініп.
Ерлерім, қалмап еді қайда басың,
Бүгін бір қайрат қылып пайдаға асың?!.
Талқандап мәйек, пошты, нән базарды,
Қамалдың тазартамыз айналасын.
Тегістеп кәпірлердің жын ұясын,
Шашамыз желге барлық дүниясын.
Қалдырмай жанды жауға,
осы жерге
Тапқанда ораламыз күн ұясын.
Тас қамал болады ертең ермегіміз,
Деймісің орыстың да көргені біз!
Далаңа тамыр жайып кетпей тұрып,
Бүгін бір Ібілістің өрмегін үз!
Ел-Адай!
Танушы еді атыңды алаш,
Болса егер таныр ма еді затың қораш?!.
--------------------------
Орыстар қалашығы* – Николаевск станицасы.
Көсе*– мүйіс.
Әрмән-қала* – армяндар слабодкасы.
Жазықсыз мерт болмасын қатын-қалаш,
Ұл-қызын теліміңе ал, тақымға бас!
Тексіз ит төбеңде ойнап тұлғаланып,
Төріңде шірігенше құр қамалып,
Жаралған атаң – нұрдан,
өле кетсең,
Қайтадан қосыласың Нұрға барып!
Шын жауды көріп жеттің арманыңа,
Ілінсін қанды шеңгел қармағыңа.
Бір қолды мен бастаймын, бірін – Сүгір,
Алланың өзі ие ғой қалғанына!..
...Батырлар кетті қолды дүрк көтеріп,
Жіберді бұлт көз жасын күпке* төгіп,
Көрді де бұлтпен көшкен көп сарбазды,
Қақырап, қалды қамал күрт жөтеліп.
Бастауын анау қара дөңнен алып,
Жарқылды қылыш жүзін желге жанып;
«Аллалап» көп аламан қоя берді,
Қамалды екі жақтап сел боп ағып.
Теңіздің балығына тегін шөккен
Көп көпес, –
жері жоқ-тын шегіншектер.
Әр үйді айналдырған тас қамалға,
Жасанып келген баста келімсектер.
Төндіріп солдатқа еріп қоса апатын,
Қарашы мыналардың машақатын!..
Қашаннан келімсектің әдеті еді
Тасаңнан байырғы елге тас ататын!..
Тұр еді «армян-базар» хас қалқан боп,
Қалыпты аспан астын басқан шаң кеп.
Екі сең алма-кезек соққан шақта,
Кеткені жел қайықтай тас-талқан боп!
Ушығып жүректегі жанған жара,
Күннің де жүзі күйді қаннан қара...
---------------------------------------------
Күп* – су сақтайтын табиғи суат-қойма.
Тұсынан «түземдерді» өткізбейтін,
Тұлпарға тулақ болды «Әрмән-қала»!
Аламан ойрақан сап шәрлі жерге,
Бойдағы ырық берді кәрлі желге.
Аттанып су түбіне почта-кеме,
Маякты екі бірдей алды демде.
Шаһардың отқа оранып көшелері,
Сарбаздар күшін қайта еселеді.
«Ит кіріп, қырғыз ғана кірмейтін жер» –
Қалды алда «орыс-қала» көседегі...
Тұрған жер – теңізге енген тұрғыны алып
Келгенін сезген сынды қырғын анық...
Екі қол бірікті де – нән кемені,
Мысалы, жар-толқын боп ұрды барып!
Нән кеме... кетті қирап сықыр етіп,
Қаусатып толқын барад түтіп өтіп.
Жөнелді жалын жалмап – жылым жұтып,
Көп орыс қолға түсті құты кетіп.
Нән кеме бара жатты күйреп-сынып,
Аспанға түтін-желкен билеп шығып.
Алқынған аламан жүр
әрбір үйден
Жалқын шаш қыз-қатынды сүйреп шығып.
Күн батты көкжиекке балқып ағып,
Үйлердің жатыр қазір арты жанып...
Өңкиген нән орыстар сигектеп тұр
Алдында «киргиздардың» қалтыранып.
Қан құсап көк теңізді көмген арай...
Жерге ұрып біраз жауын жеңген Адай –
Қозғалып бара жатты желе-жортып
Шүйлінің сыртындағы дөңге қарай.
...Тапсырып шейіттерді даласына,
От жағып жатыр тағы бәрі асыға.
Кей жігіт «құтты болсын» айтысып жүр
Бүгінгі соғыста алған жарасына!
Сабулап уақытша қалың үркін,
Түн басты терең қазып қабірін тым.
Жалғаннан барады өтіп жалын-қанат
Түтінін тауға тыққан тағы бір түн.
Бұл түн де өтті заулап жалын-қанат,
Күн шықты тырнағының қанын жалап.
Шеп түзеп тас қамалға тартты сарбаз,
Төсінде туған жердің дамылдап ап.
Кетпепті түтін исі аймақты алған,
Тілінген бауыр сынды айлақ қан-қан.
Кешегі шулы шаһар жатыр алда,
Бір күнде тып-типыл боп жайрап қалған!
Кепкенде шөп басынан шамал жаңа,
Азынап кетті кенет аран-дала.
Төрт құлаш биіктіктен қан түкіріп,
Тіл бітіп жүре берді қамалға да.
Жер де ойран,
тауың да ойран,
аспан да ойран,
Сәт жеткен қос жаққа да бастар майдан.
Топ түсіп – атқан шақта жерді аспанға,
Шыңғырып шыңға карай қашқан хайуан.
Тас қамал от құсады ысылдаған,
Барады түтін басып ішін жаман.
Бетінің шіркеуі бар,
көріп тұрып
Қандасқа кеше қолын ұсынбаған.
Әрине, қазақтарда шығын басым,
Осылай өлген дұрыс – қырылғасын!..
Тас қамал аясын ба,
арда қазақ
Өзі кеп нысанаға ұрынғасын!
Қазақтың ойы жоқтай бір де іркілмек,
Тауысты қара бұлтты күн жыртып жеп.
Ұртына қызыл тілі сыймай ісіп,
Тас қала қас далаға тұр зіркілдеп.
Адайың жатпайды екен бой тасалап,
Дұшпанмен өлу мұрат айқаса қап.
Тұрса да оқпен қырқып, топпен ойып,
Шегінген болады да қайта шабад!
Неткен ел – жетуге асық қорымына?!
Тұтады сонда бұлар нені мұра?..
Іліп ап мерт болғанын кетеді де,
Бірі өлсе, – оны ұмтылад орынына!
Бұйырса ырза сынды бүйтіп өлім,
Біледі басына елі үй тігерін...
Аңдасып атыс салған мергендер жүр,
Қамдасып қырлысы мен шитілерін.
Шөл басар шербеттей-ақ қалқыған қан,
Кіл мұндар безіп алған пәркі-жаннан.
Пайдаға бүгін асқан сыңайы бар
Көп мылтық – кеше жаудан тартып алған.
Әлі де баспағанмен іс ілгері,
Ызаны бір шығарды тісіндегі.
Қос мерген тас обаға шығып алып,
Жауды атып жатыр қамал ішіндегі.
Қылтадан қиып атып карайғанын,
Патшаның жер құштырған талай нәнін –
Тасалап бір тұрғыда Айназар тұр,
«Тазалап» зеңбіректің маңайларын.
Оқпенен құмды естіріп, тау тестіріп,
Қаншама ышқынғанмен жау сес қылып,
Күркірі зеңбіректің үнін басып,
Қалады Ер Досанның даусы естіліп!
Шынымен қалған сынды апат төніп,
Жатқан жоқ солдаттар да тақат көріп...
Шегінді есіл ерлер амал таппай,
Қамалға әлденеше тақап келіп...
Көрген жоқ мұндай шайқас төсі қырдың, Белгісіз айтатыны кесігін кім. Жалғасты осы қырғын кешке дейін, Кеш емес, үш күн болды осы қырғын*!.. --------- Қамал* – шабуылдың соңғы 8 сәуірдегі үшінші күні әр мылтықтан екі мың патрон, әр зеңбіректен 25 снаряд атқан (Соғыс мәліметтерінен).
Дұшпанға осы бетпен бермесе ырық,
Тас қамал құлайтындай жерге сынып...
Болды әмір үшінші күн шегінуге,
Бір күндей ес жинамақ кеңге шығып.
Ақыры байлаған соң басты ажалға,
Түспейді осы жолдан басқа жолға.
Ағаштан әлденеше саты жасап,
Арғы күн түнде шаппақ тас қамалға.
Батырлар бір-біріне «торықпа» деп,
Тоқтады Берке, Арықша-Қорыпқа кеп.
Шүйлінің сайларынан ағаш кесіп,
Жігіттер қамданбақшы жорыққа бек...
Граф Кутайсовпен шайқас
«...өлке түгел көтерілген... орасан шығындарына
қарамастан.., еңселері түспейді. Олар төтенше күшті..,
Құдайға шүкір, тек қарулары нашар. Олармен бірінші
кездескенде қатты шошыдық, бір де біреуі қанша атсақ та
құламайды. Шауып келеді, шауып келеді, өлі-тірісін айырып
болар емес, сөйтсек, олар өздерін ерге таңып тастайды екен.
Адам шошырлық аласат. Мұндай аласапыранда әскердің бас-
аяғын жинап ұстау өте қиын еді».
Граф Кутайсовтың Дағыстандағы
армия қолбасшысы генерал-майор
Меликовке телеграммасынан.
Дәл сол түні, қаупі жоқ ештеңеден,
Жатты сарбаз самалда еспелеген.
Дәл сол түні... әйгілі Кутайсов
Келіп түсті жағаға қос кемемен.
Өзі граф, патшаның жандаралы,
Қандағалы қапысыз сары даланы –
Жалдамалы 150 әскері бар,
Төрт рота –
«кавказдық таңдамалы».
Болған жайға түнімен қан қақырып,
Маңайының бәріне болды ақырып.
Дауылпазын шалдырып шықты қырға,
Әзер-алда дегенде таңды атырып.
Жүре бермей мал бағып әуресімен,
Жаңылыпты малғұндар тәубесінен.
Зеңбірекпен төмпештеп, оқпен сабап,
Кетпестей ғып үйретпек мәңгі есінен!
Сенуші еді граф та өзіне бек,
Жарап тұрған бурадай кезіне кеп.
Адайларды бұтарлап тастамаққа,
Келе жатыр «бір көрсет көзіме!» деп.
Жорық әні күркіреп жан-жағынан,
Жел еседі еспелеп алдарынан...
...Жауды көріп жасанған,
бір топ жігіт
Жалт бұрылды Шүйлінің аңғарынан.
Сына кірмес сықылды саптарына
Қарап граф, көз тіккен қапталына.
Шошып кетті...
Самсаған сарбаздар тұр,
Бәрі мініп үлгерген аттарына.
Жауға келген байқамай таяп қалай? –
Қақпанына бір түссең, – аяп па Адай!..
Әскерінің үндері өшті демде,
Айтып келген әндерін аяқтамай.
Қанша айтқанмен жат өлке, жат аймақ бұл,
Солдаттар да қалғандай тоқайрап кіл.
Көк сауытты біреу тұр қол алдында,
Біреу биік басында атойлап тұр.
Тастамақ ед Адайды құнсыз күреп,
Қазір қалай сыр берді бұл сыз жүрек?
– Анау – Досан, –
Қосым кеп сыбырлады, –
Жекпе-жекке шақырып тұр сізді! – деп.
«Шығып еді дәл бүгін не тіленіп?..»
Сарбаздар тұр – аспанды шеті керіп.
– А ну, жоғал!.. –
«Қандасы қанша айтқанмен,
Сыбырлайды сатқын ит екіленіп!..»
– Меніменен шықпақ па? –
Бетсіз – неден?!
Айт анаған:
«Сөйлеспен көп сізбенен!
Мен – ақсүйек.
Патшаның бегзадасы,
Ақсүйектер шықпайды тексізбенен!..»
Қосым барып оралды төмен түрмен,
Досан бір-ақ кесіпті берен тілмен:
«Таңдаулысын шығарсын!..
Айтпақшы, әлгі,
Ақсүйек пе ед Рукин де мен өлтірген?..»
«Көрсетермін, а ну, гад, өлтіргенді, –
Жең түргенді!
Қол бастап желпінгенді!
Шыңғыс хан мен Темірлан – арман саған! –
Содан жұққан мен жазам дертіңді енді!..»
– Ах, жауыздар!
Жаралған жынмен егіз,
Сөйлесерміз, бұйырса, түрмеде біз.
Шық, Трифонъ!
Жәукемдеп таста ананы,
Оған дейін шеп құрып үлгереміз!
Трифонъ да жөнелді мұртын бұрап,
Жирен аты жүгенін жұлқып жырақ.
Кавказдағы әйгілі қылышкер-тін,
Жүрген талай бұлқынған сылқымға ұнап.
Көк теңселді – дауыстан:
«Бекет-теген!..» –
Қалнияз тұр көз жасын етектеген:
«Бір шал өтті Адайда Бекет деген,
Пендесінің тілегін екі етпеген!..»
Ұмтылғаннан Ер Досан өтті ақырып,
Көздерінен көк-жасыл өт қақырып.
Бір-біріне қос жалын ағып жетіп,
Өрелесіп қалғандай көкке атылып.
Трифонъды әп-сәтте оншақты ұрып,
Тасқа шашты қылышын моншақ қылып...
Бауырында жиреннің кетті бейбақ,
Алқымынан алкүрең қан шаптырып...
Алғы қатар мызғымай самсап тұрып,
Шебін орыс үлгерді қоршап құрып.
Қасасындай айғырдың зіл-зеңбірек
Қоя берді жапанға зәр шаптырып.
Қолға көшіп бар қайрат арқа қысқан,
Запыранды шақ келді сарқа құсқан.
Дүниеғайым орнады жер бетінде,
Майдан сынды мың дию арпалысқан!
Көзден мейір безініп, ойдан иман,
Өрт-тасқындай екі әскер – сайға құйған.
Жанталасты – «таңдаулы патша әскері
Барлық соғыс өнерін бойға жиған».
Қуат алған сарынды даласынан
Адайды да кем деме дәл осыдан.
Әрбірінің қолында жарқылдап жүр
Қалған құрал баяғы бабасынан!
Жердің шаңын аспанға шаншып өріп,
Қылыш ұрып жатыр жұрт сәл шіреніп.
Мына қырда шарпысқан шақ еді бұл
Штык пенен көк найза қарсы келіп.
Енді келді ешкімді аямас жер –
Жауын көрсін! –
Шаңытпай, баяу ес, жел!
...Соғыспақ ед тәсілмен Кутайсов,
Араласып кетті атты, жаяу әскер.
Жаннан күдер бәрі де үзді білем,
Қызыл қаннан жапқандай түзді кілем.
Кутайсов ортада алақтап жүр,
Айрылып қап соғыстың тізгінінен.
Мана ғана мажырап жатқан аймақ
Өре тұрып кеткендей қаптағайлап.
Адай деген нәлеттер соғысқанда
Тастайды екен өздерін атқа байлап.
Тірі, сірә, салып жүр бұлағайды,
Өлісі де атпенен сыналайды.
Болады адам – кентавр кездескендей,
Атса дағы, шапса да құламайды.
Шекесіне көздерін шатынатып,
Шебін бұзып өтердей қақыратып –
Шауып келед,
тоқтаусыз шауып келед,
Түгесерсің қайсының атын атып!..
Көрген жоқ ед бұрын ол ар күйелеп,
Сан шайқастың жеңісін алды иелеп.
Аты шыққан ер еді Кутайсов –
Талай шешен, шеркесті «тәрбиелеп».
Енді мынау.., болмай тұр ойлағаны,
Келе жатыр жау қамап айналаны.
Бірін тірі қалдырмас бұл түрімен,
Тығылмаса қамалға – қайда амалы?..
Жаңа да бір найзадан жаны қалды,
Төніп келед ақ қылыш тағы қанды.
Барлық қолдың кететін үнін басып
Досанның да дауысын танып алды!..
Қылыш, найза төнгенде нажағайлап,
Үлгеріп жүр алды-артын азар ойлап...
«Бандиттерді» қамалдан күтіп алмай,
Шыққан шығар дәл бүгін ажал айдап...
Тыныш тұрсаң тісіңе тіл шегелеп,
Шығуыңа далаға кім себеп ед?..
...Жақын жерден шықты енді Досан даусы,
Өзін іздеп ол дию жүрсе керек?!
...Алдаспаны Досанның – түйе мойнақ,
Ажал болып жауына тиеді ойнап! –
Перзентінің сүйсініп қимылына,
Арқаланып жатқандай киелі аймақ.
Жел күшейді,
қимылын құп алып дөң,
Қара қанға қақалды жыра біткен!..
Зеңбіректі –
маңайын тоз-тоз қылып,
Сүгір сүйреп кетті, әне, бұғалықпен!
Түңілетін күн болды жат жанынан,
Әлі бірі ауған жоқ ат жалынан.
Алғи, Орақ ұмтылса,
Диқан, Шүрен,
Қарамұрат жетеді қапталынан.
Ақырғанда Ер Досан – алқақыран,
Жібереді қоздырып арқаны ұран.
Кірген жерін күйретіп жүре беред
Бес бағылан –
соңында алты оғылан...
Қанмен бүгін қанғандай дала шөлі,
Бір биіктеп қалғандай аласа өрі.
...Сергей деген ұлықты бауыздап, бүгін
Көпмағамбет* атанбақ «Қарасері»!
...Екі жақ та қансоқта – қидаланып,
Сан боздақты қыршыннан қиғаны анық...
Кутайсов шегінді кенет бірден,
Әскерінің аяғын жинап алып.
Кіл Адай жат – тигенде бұлағайлап,
Ар-шынжыры үзілді шыдамай қап...
Бегзадалық намысын сыртқа тастап,
Қашып кірді қамалға тырағайлап.
Жұрт алдында насыры он бүгіліп,
Тырағайлап қамалға келді кіріп.
Қанталауға тап болып жан көрмеген,
Әскерінің ширегін қолды қылып..
Таңда кеткен биік боп бар кісіден,
Кешке келді... қуды ажал шалғысымен.
Сары қолдың самсынан үрейі ұшып,
Тас қамалды құлыптап алды ішінен!..
...Қолда тұрған айрылып жендетінен,
Тиген сынды Досандай ерге түлен.
--------------------------------------------------------
Байшағыр Көпмағамбет Бәйтерекұлы* – батыр.
Күркіретіп, сарбазын дүркіретіп,
Екі шапты қамалға сол бетімен!
...Қоңызды алып оқтары – доңызды атқан,
Басты өкініш ерлерді тоғыз батпан. –
Көкжиекті көмкеріп көп пароход,
Келе жатты көп әскер теңіз жақтан*.
Нар қамыстай теңселіп желді күнгі,
Алғаш ірет еңселіп ер бүгілді.
...Бәймәмбеттің неліктен қан құсқанын,
Тар қыспағын дүниенің енді білді.
«Еш кетті, – деп, – неше күн еткеніміз, –
Өкінішті Иса тұр өкпелі жүз. –
Алдан шықты-ау әнеугі қарбаласта
Оғыландыға бара алмай кеткеніміз!..»
Жатыр дала тазалап төсін желмен,
Шегінді қол, алдында көсілген дөң...
Кәрі жолдас – мылтығын жанына алып,
Мерт тауыпты Айназар – есіл мерген.
Шайқас өткен манағы араға кеп,
Шейіттерін қалды алып – дала бөлеп.
«Қырғынтөбе» қос бірдей қала барды,
Бірі – «Айназар», біреуі – «Қараоба» боп...
Қырдағы қида
Жаз жайлау Сарыарқаны алды орыс,
Қыс қыстау Маңғыстаудан бермей қоныс.
Солдаты алды-артымды бірдей қамап,
Ерулеп отырмадым бір күн тыныш...
Иса.
Қыр жатыр. Сол баяғы жалаңаш бел, Қан құсты торлы аранда қара-қасқа ел. Орынбор, Орал, Кавказ, Шағадамнан Адайды алды түгел қамап әскер. --------------- *9 – 12 сәуір аралығында Фортқа бірнеше кемемен Кавказдан әлденеше рота әскер келіп жетті.
Көп әскер от боп жалмап жүрген жерін,
Далаға жасап бақты білгендерін.
Жыртқыштың жұртқа істеген жазасынан
Қашардай әруақ тастап кірген көрін.
«Киргиздің қуырылды отқа жаны,
Тозақта өлгенде де қақталады». –
«Сәуегей» орынборлық губернатор
Министр Милютинге мақтанады.
Қара шың – мына тұрған көзі көрді,
Жат салмақ бара жатыр езіп елді.
Маңғыстау әскеріне қолбасшы боп
Князь Меликовтың өзі келді!
От жағып табанынан, қақтап күллі,
Қазақты қолға түскен топтап қырды.
Байковтай жендетінен өзі шошып,
Патша ақыр жаналғышты соттап тынды!
Бұғатын бұта таппай аймақ енді,
Қазарын қалды білмей қайда көрді.
Дұшпаннан шен алғанын даңқ көрер
Тойтық пен сімсік сатқын пайда болды...
Досан жүр.
Жаудың қолы жағасында,
Қақырап қылыш қайрап қара шыңға.
Жандасты жеті мәрте –
Мәстек құдық,
Мәлібек,
Манатаның арасында!
Ашылған сайын жаудың араны әрмен,
Дос таппай, көмек күтпей бар әлемнен –
Қанша ірет жау қосынын бөріктірді
Алты мың артындағы аламанмен.
Күнінде күнге шапты, төске өрледі,
Шығынған шу тарпаңдай бас бермеді...
Түрі жоқ таусылатын орысыңның,
Тажалдай балалайды әскерлері.
Жақындап келді қыспақ жанды қысқан,
Тыңшылар тіміскіп жүр әр бұрыштан.
Қасында алпыс жігіт –
бір ауылда
Алғиды қапияда алды дұшпан*.
Жоқ енді бұл далада тығылар жай,
Біржола тынбас орыс құнын алмай.
Қалайда аман сақтап қалмақ керек,
Халықты соңындағы қырып алмай.
Қалмаса ұранға да қан қызар әл,
Жұртына келтірмеу жөн мәңгі зарар.
Қол асты Хиуаның –
бұл ғаламда
Топаннан аман тұрған жалғыз арал.
...Күйкеннің тұр тұнжырап төңірегі,
Әупілдеп аңғарынан жел үреді...
«Өтеміз Хиуаға!» –
Бір ауыздан
Осылай шешті Кеңес жедідегі...
Күйкеннен аттанарда
Көк қабақ ала шыңның көрінгені-ай,
Манашым, жөңкіп астым беліңнен-ай.
Қосарқан-Шақан, сенен жөнелгенде,
Ақылдың алпыс екі бөлінгені-ай...
Иса.
Желдің сөзін жөнелед құйын ала,
Елдің сөзі күйікті, күйі – нала.
Он мың сарбаз қорғаған айналасын
Жөңкіп көшті үш мың үй Хиуаға.
Еңкіп көшті көлбеген ала шыңнан, Мөңкіп көшті көлденең Манашыңнан. Елі көшіп, бебеулеп желі жосып, Жетім қалып баратыр дала шыннан. -------------------- *Досанның ағасы батыр Алғи Жәлімбетұлы кейін Итжеккенде жүріп өлген.
Көк қабақ шың, Сам құмы алтын қабақ,
Сарбаздарға қалыпты салқын қарап.
...Бір топ батыр тұнжырап тұр иіріліп,
Желкілдеген жігіттің артында қап.
– Ерді өлтіріп,
Адайды Тәңір ұрды!
Обалым жоқ түздегі тағы ғұрлы! –
Мәмбетнияз жуып тұр ақ сақалын, –
– Жаңа білдім, Бәймеш, – деп, – қадіріңді!..
Қалды қоныс, ата-жұрт қияндай тұл,
Жан-жараға байланды тие алмай тіл.
Ат үстінде бүгіліп би-батырлар,
Маңғыстауын басқаға қия алмай тұр.
Қырық жыл қашқан ажалдан Қорқытқа анық,
Қашып барад тажалдан қорқып халық.
Шарасыздық жегі боп жанын жеген
Досан бейбақ түзелді толқып барып.
Тағы әупілдеп жедінің кетті желі,
Жүрек қылын жегі-мұң жеп күзеді.
Ер Досанның сондағы толғанғанын
Жел былай деп біздерге жеткізеді:
«...Айналайын тарғыл шың,
Тарыға-тарыға қал солай.
Даусым сенде жаңғырсын,
Таусылмайтын аңсар-ай.
Айналайын орғыл құм,
Жұмақ едің сен бұрын.
Жұмағыңа жын-шайтанды ендірдім,
Бұл да болса – кемдігім.
Жетім қаңбақ қаңғырған,
Саған айтар наз, көкем:
Менің қайғым көк Еділін алдырған
Қарға бойлы Қазтуғаннан аз ба екен!
Ей, жесір құс жез қанаты қайрылған,
Меніменен сен бе тең! –
Ақжайық пен Құм Нарыннан айрылған
Махамбеттен менің мұңым кем бе екен?!
Орақ, Мамай, Телағыс,
Сен де қаштың бұл қырдан.
Өздеріңнен көшпеген екем мен алыс, –
Жұртыңда қалып шыңғырған.
Қалай қалам бұл көштен,
Қалай қиям бұл жерді?
Қара арбаға мінгескен
Қара жұртқа қайғысы бөтен құл келді.
Қаруды қарға ілгенмін,
Ірімеуін тілеп іргемнің.
Тап осылай болатынын білгенмін,
Қара бурыл атқа қаһарланып мінген күн!
«Әулиемді әзәзілге бастырман!» –
Деген кеше орындамай Сертімді,
Босып барам бос қырдан,
Елге беріп еркімді.
Кешіре гөр, 360 әулие!
Кешіре гөр, Пір Бекет! –
Сен бола гөр жауға ие,
Үміт үзіп жүрме тек!
Жан моншағын көкке үзсем,
Қанатыңмен сүртем деме, ей, құсым!
Мына жұртты бір қараға жеткізсем,
Қарап жатар деймісің!
Тұлпарымды ең ақырғы тойға жаратып,
Болған шақта боран күн –
Алдаспанның азуларын Айға жалатып,
Бір айналып соғармын!
Қош, Маңғыстау, менің жұпар тозағым!
Жұмағыңа жын үйір!
Тірі жетсе тоз-тоз болған тозаңым,
Қотаныңа құм иірме, шың иір!
Сатқын да шығар,
жат айтқан үйретіп өлеңін,
Дұшпаныммен қос болман.
Өзіңе келіп кебінімді сүйретіп өлемін! –
Қош, әзірше!
Қош, жалған!..»
...Көш жолына біржола бетті бұрып,
Досан атын тебініп кетті жүріп.
Жел үреді жабысып шалғайында,
Маңдайында қабысып көк тұр ұлып...
Хиуада
Біз кеттік қапылыста қырға қарай,
Хиуа, Бесқала мен Сырға қарай.
Қалың ел – Маңғыстауым, қош бола тұр,
Бақыттың маңдайымда тұрмағаны-ай.
Иса.
...Хиуа!
Сол баяғы Хиуасың,
Сен неге бүгін мұнша бұйығасың?..
Ерітіп таңдайыңда отырсың ба
Базардың жүзімі мен миуасын?..
Хиуа!
Сол баяғы шаһарсың сен,
Кейде бал, ал кей кезде зәһарсың сен!
Кей кезде қыздан жұмбақ моп-момақан,
Кей кезде зәрін шашқан қаһарсың сен!
Сен кейде дәруіш боп сенделесің,
Сен кейде ғалым болып тербенесің.
Өзіңе шырқ айналып келе берем,
Өзіңдей бір шаһарды бермегесін.
Қазақтың теспей сорған ту даласын
Жетемін жәрмеңке боп шулағасын.
Толтырам сенен қоныш-қоржынымды,
Ту далам сендей шаһар тумағасын!
Сықылды ең бір жақын тумаласым,
Күлесің,
мұңаясың,
қуланасың.
Шақырып аласың да күмбезіңе,
Сен кейде үзеңгіме у жағасың!..
Бәз бірде сұлу қыз боп қасың қағып,
Бәз бірде жендет болып тасырланып,
Өткенсің талай менің қойынымнан,
Кеткенсің мойынымнан басымды алып!..
...Хиуа.
Сәнді шаһар сол баяғы,
Үзіле қоймағандай борбайы әлі.
Алдырып ата-жұртын ауып келген
Адайға қайыршылар қол жаяды.
Күмбездер күмбірлейді – ат кісінеп,
Тас көше.
Тағасыз ат.
Жат кісі көп.
...Сүгірдің алақаны қышып келед,
Тұратын шаһар көрсе шапқысы кеп!
Қызыл үй – қызғалдақтай қауызы қан,
Қышқырып төбесінде тауық-ұзан;
Сыңсып тұр көк моншақтай қалың күмбез
Аспанның түсіп қалған ауызынан!
Хиуа жақынға да, жатқа да ынтық,
Күмбезін берер сынды Хаққа жыртып.
...Азаннан мұнарада мәзін айтқан
Келеді кейбірінің аттары үркіп.
...Мәссаған!
Пәрәнжілі қызды қара!–
Аяғын шапшаң басып үзді қара...
Аллаға сәлемдерін жеткізердей
Аспанға сіңіп кеткен жүз мұнара.
«Қалтасын қаламын, деп, қалай үптеп?!» –
Бұларды қызықтаған халайық көп...
Кідірді:
«Кежі* менен Құлбараққа*
Алдымен дұға қылып алайық», – деп...
--------------------------------------------------------- Кежі* Үргенішбайұлы, Құлбарақ* Табылдыұлы – халық батырлары. Бастары Хиуада жерленген.
Шәр таңсық сахараның Адайына,
Өтеді үрке қарап маңайына.
Беттерін ат үстінде сипап келед,
Тәжім ғып Палуан Махмұт* сарайына.
Жетті ақыр Атажан хан сарайына,
Ысқыра ызғар шашқан маңайына.
Тұрғандай мұнара да үрке қарап,
Жапаннан жаңа жеткен жабайыға...
Най семіз – домаланған доп құсаған
Тақтағы Атажанға жетті содан –
Ермембет, Иса, Ғафур, Мәмбетнияз
Бастаған ел келесі – жетпіс адам.
Әуелі қарсы алды хан тымырайып,
Ботасы теріс келіп – қыңырайып.
Пенде боп дәргәһына кеп тұрғасын,
Арда Адай көрмегендей мұны да айып.
«Тап қылды-ау бұл қорлыққа, Құдай алмай,
Болмап ем шыны мүсір бұлай, Алла-ай...»
Алдында «тәңір» тұрса тайсалмайтын
Қалнияз сөйлеп кетті шыдай алмай:
« – Уа, тақсыр, хан ием! –
Берейін жүріс дерегін.
Мен жайымды білдірсем,
Түсінерсің себебін.
Сахыра жайлау, кең қоныс –
Еркін өскен ел едім.
Бұл күндері болғанда,
Болмай тұр менің дегенім.
Дәуімшар мен Құдабай –
Жығылғасын өренім;
Исатай мен Махамбет –
Қолға түсіп қорланып,
Құлағасын тіреуім.
Доп пенен оққа дәрмен жоқ,
Табады екен керегін.
Жеңіліп емес, шегініп,
Алдыңа келді, мінеки,
Досан мен Иса беренім.
---------------------
Палуан Махмұт* – шығыстың софы-шайыры (13-ғ.)
Көріп жеттік армансыз
Ақ патшаның әлегін...
...Аржағым Алаш ұранды,
Ел едік байтақ – құралды.
Құралым тарқап бүгінде,
Көргенмін қиғаш заманды.
Атақоныс – Маңғыстау,
Орыс алды даламды.
Туын жығып ерлердің,
Жылатып қатын-баламды.
Орыстан қашып ығыстап,
Жетіп едік жеріңе –
Сағалауға панаңды.
Өзімсініп келгенде,
Қимайсың ба қараңды?
Хан көтерген қазақ ек
Шыңғыс хан – арғы бабаңды!..*»
– Жә, жә, жә!..
Ұғынықты. Дүштім* бәрін,
Зор шайыр, енді маған мұшты ұрмағын.
Бүгінше меймансыңдар.
Ертеңгі күн
Шешерміз бірге отырып істің мәнін...
Жатқам жоқ алдарыңда мен шіреніп,
Қалмаңдар жаңағымды ерсі көріп.
Кішкене шаршаңқырап отыр едім,
Парсы мен ағылшыннан елші келіп...
Бітпес-дүр мұнымен де біздік шұрқан,
Демеңіз, қазақ ұлы, сіздік сыр таң, –
Кеп-кеше осы жерден кетті аттанып
Баласы Хан Кененің Сыздық сұлтан...
«Ер Сыздық?!.»
«Кетті аттанып?..»
Әттегене!..
Есіл ер енді қайтып тап келе ме?..
Өңшең ер өкінішпен қарап қапты,
Өңкиіп тақта отырған жат төреге...
------------
*Бұл жыр Атажан ханға айтқан Қалнияздың өз толғауынан үзінді.
Дүштім* (түркм) – түсіндім.
...Тар жерде Қалнияздай көкжендет жоқ,
Тез жақты тілмен көсеп сөнгенді от боп.
Ертесін – Досан батыр түменбасы,
Ғафур би шықты ханнан – Беглер-бек боп!
Көздері үйренісіп ерсі сәнге,
Қонды енді тұмақ пенен қоңсы сәлде.
Баяғы Дәулеткерей Бек* өлетін –
Би Иса әмір болды Борсы*-шәрге!..
...Ұмыт боп көптен көрген бүгін жапа,
Арқайын күлді көп жұрт тығынды ата.
Үлкендер қам ойлап жүр:
«Хиуа бұл –
Бермеген Махамбет пен Сырымға опа...»
Кешеден мәйін сөйлеп салған құрық
Хан сырын отыр билер болжал қылып:
«Ғафурға салықты артып,
ал Досанды
Жұмсамақ орыстарға қанжар қылып...»
Сүгірдің өлімі. Итібайдағы ұрыс
Кешегі үзеңгілес ерлерімнен
Көнеде Сүгір менен Есен қалды...
Қалнияз.
...Жетім тастап кетсе де қасқа белді,
Бір қараға жеткізді астана елді...
Айналадан ақ патша торын кұрып,
Хиуаны бұлт торлай бастады енді.
Сүйенгенмен ақ мойнақ – береніне,
Жалаң қайрат енді елге береді не?
Қорғалаған сасқандар бұтағына –
Жасыл түсер сықылды терегіне.
Тартып топан тұңғұйық тереңіне, Жүргізерге жеткендей дегеніне. ---------------------- Дәулеткерей Бек* – қабарда бегі, 1-Петр патшаның әскербасы А.Бекович-Черкасский. Хиуа ханы Шерғазының қолынан Хорезмдегі атақты «бес қаланың» бірі Борсыда (Порсы) опат тапты (1717 ж.)
Сеніп мінген қайығы Хиуа еді,
Сызат түсті құрсаулы кемеріне.
Жын-зеңбірек күркілдеп аттап бермен,
Жететіндей бір қауіп қаптап белден.
Тәңір теріс айнала бастағандай
Хиуаны неше ірет сақтап келген*.
Атажанның шырағы әрең жанып,
Жүрген жайы бар әзір сәлемді алып.
Ақ патшаның дабысы күннен-күнге
Бара жатыр дүңкілдеп әлемді алып.
Жөнге көшіп екі елдің арапшысы,
Тұр Досанның маңайға тарап сұсы.
Мұның аты естілсе, жым болады
Түркпендердің түн баққан қарақшысы..
Жазаланып – жүргендер арандатып,
Жалдаптарды тастатты табанда атып...
Жем, Үстіртке жортуыл салды неше,
Жан бермекке бола ма қарап жатып!
Жатқан сәтте даласын отқа орап сұм,
«Елім» деген ер қалай текке жатсын!
Қимай қарап, биғамал қайрылады,
Көз ұшынан көрінсе көк балақ шың.
Көк қабақ шың...
Жүр ме екен арқары аман? –
Күн туар ма оралар ортаңа аман?..
...Шықты батыр сан мәрте түріп айдап,
Әскерлерін патшаның ел талаған...
Тажал келед жақындап тап-тап беріп,
Жалғыз қарпып барлығын қаппақ келіп.
...Осы жолы аттанды
Жем бойында
Жарақтанған қамалды шаппақ болып.
---------------------------------- *Ұзын Петр патшадан бастап, Русия тарапынан Хиуаға әлденеше жорық жасалып, бәрі де түрлі сәтсіздіктерге ұшыраған. Орыс мемлекеті ресми түрде «полоса отчуждения» деп атап кеткен Адай даласы – босағасы Хиуадан басталатын шығыс елдерін орыс экспансиясынан бірнеше ғасыр қорғап келгенін талай тұлғалы тарихшылар мойындаған.
Текке отырмай «орыс кеп қалды ғой» деп,
«Тоқтай берсін, – деген ой, – алды ірейлеп».
Бес жүз жігіт шықты ертіп бар болғаны,
Ер Сүгір бар – жолдасы қанды көйлек.
Біріктірмей орыстың жеті күшін*,
Шама жетсе, шаппақ кіл бекінісін.
Аз аламан ертіп жүр –
жәукемдей сап
Көз жаздырып тезірек кету үшін...
...Қас та жалған, дүние-ай, дос та жалған! –
Орындала бере ме бастағы арман...
Мың қаралды қалтаман тап бергені,
Қырға шығам дегенде Қасқажолдан!
Елді дұшпан жатқанда қабат қамап,
Жабысуы-ай бұлардың жараққа жат.
Кәпір бастан шалғанда,
«мұсылманы»
Қалмақшы ғой ол да енді балақтан ап.
Бүктетіле жазылып Ақтаңгері
Сүгір қолға ақырып:
– Аттан! – деді...
Қаны қатқан сыртынан қарақшылар
Осы болды қапысын тапқан жері.
Шыққан жебе – кірістен зыңыранып,
Барып қалды дұшпанға Сүгір ағып.
Шыдай алмай, Досан да тебінді атын,
Кетпекші-тін әскерін бұрып алып.
Жауды көрсе, кететін өлгенше еркі,
Қайран Сүгір, қайрылмас сөнгенше өрті.
Ұстап қалған Досанды:
«Мұсылманға
Қол көтермен!» – деп баста берген Серті.
Таңдаушы еді келген күн қаза нені?!
Күйрер болды-ау алаштың азалы елі. –
----------------------------- *Орынбор, Орал, Кавказ, Түркістан, Жем бойы, Маңғыстау, Шағадамдағы орыс әскерлері меңзеліп отыр.
Сүгір құлап баратты аттан ағып,
Қағындысын дәл тауып ажал оғы!
«Алым көріп жүр екен мені бұлар,
Әлі сендік Досанның желігі бар.
Садаға кет – дінімнен!..
Бұл – кәпірлік!..
Сүгір өлсе, Сертімнің не кұны бар?!.
Шонданайы шойрылса кәрі қасқыр,
Танытпай ма иттерге танымас түр?
Танымас түр танытсам түсінбейсің,
Көрсетейін,
Сертімнің кәрі басқыр!..»
Көзін ердің қан басты – Сүгір өліп,
Көк сауытын кеуденің түгі керіп.
Бұлағайды салғанда ақырып кеп,
Қоя берді күдер шың күңіреніп!
Қара бұлтша ала шаң тұтып көкті,
Тұтқан бұлтты бір жасын түтіп кетті –
Ту-талақай қылып жүр түріп айдап,
Өзегіне құлаған жұтып кекті.
Бар әруағы батырдың кетті қысып,
Бойға жиған дұшпанға кекті құсып...
Бурыл тұлпар шойрылды тұңғыш ірет,
Бұра қашқан біреуге соқтығысып.
Алғаш ірет сүрінді ат жолда жүріп,
Шығып па еді осы жол сорға мініп?..
Атты жықпай найзамен қалды тіреп,
Кетті найза тұрағы қолға кіріп...
Жатпаса да тап қазір туы құлап,
Жаман ырым бастады буырыл ат.
Алақанын айырып қан шапшытқан
Қайта ұмтылды найзаны суырып ап...
Тағы қанмен шайынып майса дала,
Қан тіленіп көрінді Ай-шағала...
Өлгені – өлді.
Қалғаны қарақшының
Сіңіп-сіңіп жоғалды сай-салаға.
Баяу боздап желменен түйе-қырат,
Бір-біріне шөгіпті сүйеніп ап...
«Ноғай-Ишан»* қауымға коймақ болды
Етін аршып, Сүгірдің сүйегін ап.
Жан серігін қиюшы ед кім өлімге?–
Тек жұбаныш – өлді елдің тілегінде!
Деді Қиыр*, сүйекті тазалаған:
«Үш тал қыл бар басы айрық – жүрегінде!..»
«Бәсе, бәсе!
Ер Сүгір – сенген ерім,
Қалай жерге сыйғансың, –
Сенде – не мін!..
Сен – шейітсің!
Нышанмен жаратады
Құдай өзі қалаған пенделерін!..»
...Түн тыныстап,
басқанда қыр аптығын,
Жатты сарбаз төсеніп құмақ түгін.
Таң Шолпаны тамып тұр...
Ұйқысынан
Досан батыр оянды жылап бүгін.
Ер даусынан шошынып оянды жұрт,
Күн қылтиды кез таудан қоянжырық...
Қос серігі – Иса мен Ермембетке
Отыр Досан көргенін баян қылып.
– Ей, жігіттер!
Қорғаған ел намысын,
Қашты әруағым! –
Салғандай Алла қысым.
Безді бүгін! –
Бар еді жебеп жүрген
Қос аққу мен жанымда жолбарысым...
Жолбарысым – жонының түгі қара
Қашты теріс, құйрықпен ұрып ала.
---------------- Ноғай-Ишан* – Көне Үргеніштегі әулие. Қиыр Жүсіпұлы* – батыр. Досанның туысы. Өте бірбеткей адам болған.
«Досан!
Серттен сен тайсаң,
біз де тайдық!» –
Деп қос аққу кетті ұшып Құбылаға.
Кескен сынды біржола кесімді Алла,
Сендерді енді ұстаймын несін жанға?! –
Өйтіп-бүйтіп орыстың аузын алып,
Ел табыңдар, жігіттер, есің барда!..
Қалған Досан бүгіліп – қаңқадай жат,
Кетті тағы кісінеп тарпаң аймақ –
Кеше кеткен шолғыншы «жау шаптылап!» –
Жетті шауып атой сап сартабайлап.
Талып жетіп, атынан түсті ерініп,
Бойын әзер жинады үш керіліп:
– Кеншін-атам ауылын Итібайда
Қамап жатыр жандарал Үскөбіліп*!
– Сауап болған!.. –
Жанары бұршақтана,
Тұрды Қиыр жүзін кек құрсап қара, –
Тең жартысы солар ед – кешегінің,
Мен бармаймын, жау емес, жын шапса да!
Туысқан деп, қапыда тағы қалдық,
Кәпірге қос болар ма ары бар жұрт?!
Қайрайды да жүреді қара қанжар,
Ел-Адайдың ең әлсіз шағын аңдып.
Шеккен содан, ұмыт па, сонша қайғым? –
Кешегіні айт!
Басқасын соң санаймын! –
Текебай мен Жандәулет, кеше – Сүгір! –
Үш перзентін мерт қылды Ер Шабайдың!
– Ашуыңа, ей, Қиыр, арын қоспа, Жағаласа жатарсың жалың боста. Жауықса да – жат емес, қарындас қой, Өкпе жүрер, кек жүрмес – қарындасқа!.. ------------- Үскөбіліп* – М. Д. Скобелев (1843 – 1882). Әзір полковник, кейіннен орыстың ұлы қолбасшысы атанды.
Қанға тағы, жігіттер, боянамыз,
Қалды жаудан аяйтын қай арамыз!..
Қарындастың дауысын естіп тұрып,
Қалай жатқа талатып қоя аламыз!.. –
Деді Досан, біржола түйін бекіп,
Жүріп кетті жүз бұрмас күйінде тік.
...Аттың жалын күйдіріп ыза жасы,
Қол соңында баратты Қиыр кетіп...
Жараған ат бұланып қатты желіп,
«Бере гөр, – деп, – бір Алла, сәтті жорық!» –
Шерулеген әскерге Итібайда
Шыға келіп кезеңнен, шапты келіп.
Қыз-қатынға ермекке саудырып қой,
Офицерлер жүр еді әулігіп кей.
Жер астынан ағызып шыға келген
Қапы қалды орыстар жауды күтпей.
Көкмойнақтар келеді ақтарылып,
Бұл бетімен өтердей таптап ұрып.
Елді тастап, сытылып шыға берді
Үлгергені солдаттың атқа мініп.
Ала шаңнан аспанға бұлт үйіріп
Жетті аламан,
желісін жылқы қиып...
Ақбоз атты жандарал ойнақтап жүр,
Әскерінің алды-артын шырқ иіріп.
Оқ жетер жер солдатпен арасы анық –
Мылтықтарын мергендер ала салып,
Атып жатыр...
Гүрс етті Ер Досанның
Қолындағы «қолтосар-қарашабық»*.
Қара бұған Құдайдың тап қылғанын! –
Жеп жүрген жан патшаның, тақтың қамын,
Қанмен жуып ақбоздың омырауын,
Құшып кетіп баратты аттың жалын*.
-----------------------------------------------
«Қолтосар-қарашабық»* – мылтық түрі.
*Скоблев алғашқы және соңғы жарақатын осы Итібайда алды.
Тірі кетті.
Әккі екен амалы мол,
Бірақ бүгін жетпеді талабына ол.
Қанды басын тартқызбай қойды бері –
Қашқан әруақ.
Шелді көз.
Жаралы қол.
Алып қашты төрені қанаты – аты...
Марқайтса да сан шайқас марапаты –
Әлі талай шығады сыздап, бірақ
Алғашқы әрі ең соңғы жарақаты!
Аламанның жеткенде дүбірі анық,
Жөңкіп берді көп солдат бұғып алып –
Қолбасшыны қаумалап ортасына,
Жараланған жандарын іліп алып.
Солдаттардың соңына жол тіреліп,
Ұмтылғанмен егесе қол тіленіп,
Ары қуа беруге болмады, әттең,
Қалды ар жақтан «Дағыстан полкы» келіп!..
Болған жайды жадынан мүлде өшіріп,
Жатыр тағы керенау қыр көсіліп...
Аман қалған ауылды алға салып,
Аламандар баратты түнге сіңіп...
Хиуаның құлауы
«...орыстардың Үстірттен өте алмайтынына
сенімді едім. Бірақ сіздер Қоңыратта Орынбор отрядымен
біріккесін, жақсы қаруланған 12 мың қазақ атты әскерінен
айрылып қалдым.
Олар соғысуға сөз бергенмен, уәделерін орындай алмай
қалды».
Атажан ханның айтқаны.
Ротмистр Алиханов-Аварскийдің
«Хиуаға жорық» кітабынан.
Бойдағы кеміп бітті шіркін дәрмен! –
Обыр ел Адайды алып, сілкінді әрмен.
Ақ патша айналасын шырмап болды,
Хиуа торда қанша бұлқынғанмен.
Шақ туды жан берісіп, жан аларман,
Баяғы шайқап төгер шама қалған...
Төнді әскер Орынбор мен Орал, Кавказ,
Түркістан, Маңғыстаудан, Шағадамнан.
Хиуа – жау алмаған кішкене арал,
Ол да енді тәтті болды тіске жағар.
Кауфман*, Перовский,* Веревкин –
Үш жақтан бастап шықты үш генерал.
Кем емес Бесқала жақ өрт кіргеннен,
Бір уыс болды ғалам төрткүлденген.
Шығыпты Маңғыстаудан Ломакин
Жасанған екі кеме, төрт мың қолмен.
Билей ме жарты әлемді осал халық?! –
Елеске кепті Атажан бос алданып.
Бағытын өзгертпеді Ломакин,
Тигенмен екі мәрте Досан барып.
Жауынан шегінгенмен – насыр құлап,
Ер Досан отыра алмас жасын бұлап.
Соңғы ірет хас дұшпанмен қандаспаққа,
Сарбаздың жатыр қайта басын құрап.
Білгенмен ақыр түбі өлетінін,
Қорлыққа білмеуші еді көнетінін.
Қайтадан көкке шапшып қарабурыл,
Соңына жиылды ері – он екі мың.
Орыстар Қоңыратқа тақағанда,
Дүние айналмақшы топалаңға.
Байласып келді соңғы уағдасын,
Ғафур мен Иса барып Атажанға.
«Би-кеңес» шақырды олар келе салып,
Қалыпты шоқтықтары аласарып.
– Қайыр жоқ Атажаннан, – деді Ғафур, –
Босап тұр кемесінің шегесі анық.
Сең соқса-ақ – бар ұлысын қарап қылмақ,
-------------
Кауфман* – Түркістан генерал-губернаторы.
Перовский* – орыс қолбасшысы.
Кірпікпен қарай беред қабақ тырнап.
Көмекке әскер, қару бермек түгіл,
Біздерді отқа итеріп қарап тұрмақ.
Күні ертең патша әскері қосылады,
Жылжиды аждаһадай сосын ары.
Соңынан түре тиіп нені ұтамыз,
Ер Досан, қалай болмақ осы жағы?
Шықты алдан тағы түйін шатысы көп,
Тап болды тарғыл заман тақысы көп.
Көп дейді орыс бізден жарым есе
Және де қаруының қапысы жоқ.
Сом жүрек сарайында тыншымайды,
Сұр күшік күдік деген қыңсылайды.
Адайдың аламанын қырып алсақ,
Күн туса, – құнымызды кім сұрайды?..
– Айтыңдар, кәне, Иса, Ермембет, жөн! –
Гүр етті Досан даусы төнген көктен. –
Сендердің айтқандарың маған – бұйрық! –
Басымды қолдарыңа берген жоқ па ем?!.
Жетеді Бәймәмбетпен алжасқаным,
Сенсіңдер – Хақтан соңғы жолдастарым.
«Халыққа бұл – пайда!» – деп, – істе соны! –
Жолым жоқ басқа жүрер мен қасқаның!
...Би-батыр әрі ырғасып, бері ырғасып,
Отырды біраздан соң демін басып.
Айтылды ақырында соңғы байлау,
Ғафур мен Иса екеуі көп ымдасып.
– Дос-еке, ана жолы айтып едің... –
Ғафурдың қайғы басты қайта іреңін, –
«Орыстың үйтіп-бүйтіп аузын алып,
Тапсын, – деп, – жігіттерім қайтып елін...»
Айта алмай сөздерінің түбін жұптап,
Қиналған Ғафур отыр күмілжіп қап...
Кешірсе орыс мұны осы жолы,
Біржола ереуілдің туын жықпақ.
– Соғысып жеңбейтінің білінгенсін,
Жігіттер жөнін тапсын – күнін көрсін.
Кұдайым, бірақ мені деп жаратқан:
«Айтқан сөз, берген серттің түбінде өлсін!»
Бір өлсе – қайта тумас қасқаң едім,
Қарғама қызыметімді, астана елім.
Күн туып қайтып келсең,
жаным – ашық,
Сендерден жақыным жоқ басқа менің!
Үмітін мен болайын үзген сорлы,
Дәметіп менен қанша жүздер солды.
Қапысыз бір қармандым!
Арманым жоқ! –
Жүріңдер елге ие боп бізден соңғы.
Әркімнің бөлген Алла несібесін,
Ұмытсаң осы күнді – Есіңе сын!
Ұлықсат Алладан-дүр, менен емес! –
Ең соңғы байлау болсын осы кесім!.
Соны айтып шығып кеткен Ер Досанға
Айналды «қош» дей алмай ел босауға.
...Еңкілдеп төр алдында қалды Ермембет,
Әупілдеп жел үреді анда-санда...
…Әупілдеп жел үреді анда-санда,
Шалғайдан қалмайды ол жел –
самғасаң да...
«Өзіңмен қайда өлсең де бірге өлем», – деп,
Еріп жүр оншақты адам Ер Досанға.
Жанына жеткен сынды жұт қиялап,
Кетті елге Иса өзінен ықтияр ап...
Алды аулын орыс шауып өзі жоқта,
Жалғанда қалмады енді түк тиянақ.
Айтпақшы, амалдары дұрысқа аспай,
Дұшпанмен қанқұйысқан – қылыштаспай;
Хан болып, Хиуа болып қоқырайған
Атажан көнді орысқа бір ұстаспай!..
...Ел-жұрттың сол болған соң қалағаны,
Тарқаған бірі қалмай аламаны...
Тұр Досан Хаққа бұрып көкірегін
Балбалдай жапа-жалғыз даладағы.
Балбалдың тыңдап көрсе жүрегін ел,
Айтар ед ең ақырғы тілегін ол...
Балбал тұр көкірегін қолмен қымтап,
Әулігіп шалғайында үреді жел...
Қанды қақпан
«Досан күшті қарсылық көрсетті. Әлденеше
жерден қылыш тиіп жараланғанына қарамай жағаласты.
Ол ұйықтап жатқан киіз үй аударылып тасталды. Оның
үстінде... сауыт бар екен... қансырап қолға түсті.
Солдаттардың: «Сіз осындай кішкентай ма едіңіз!» –
деп таңданысқан сұрақтарына: «Алтын үлкен болатын
ба еді?!» – деп жауап берді».
Подполковник Аничкиннің мәлімдемесінен.
Бір жыл өткен Хиуа құлағалы,
Мас орыстың шаһардан шығады әні...
Досан жортқан, мысалы, ақсақ құлан,
Айналасы патшаның мың араны.
Жатыр жүні жығылып жазалы дөң,
Салса да жат оқ атып мазарына ен.
Досанды іздеп жосып жүр түзді кезіп
Аничкин екі жүз казагымен.
Кеудедегі баяғы арман өліп,
Маңда көрік қалмады,
жанда желік.
«Атажұрттан топырақ бұйырар!» – деп,
Досан батыр тоқтады Самға келіп.
Асып кетпек күні ертең Самды басып,
Анттан ауар жөні жоқ, арды басып.
Қаратөбе* басына туын тігіп,
Мерт болмақшы сол жерде жарғыласып!
О бастағы мұраты асқақ еді,
Жер табандап жығылды асқар өрі.
«Хақ жолында кәпірден шәйіт кету» –
-------------
Қаратөбе* – Бозашыдағы Жары аталығының қорым-пантеоны.
Арманы сол! –
Жоқ енді басқа жолы...
Бағындырып баршасын орыс жеңіп,
Бастапты енді арқайын қонысты еміп.
Рукиннің Қабақ би асын* беріп,
Иса, Ғафур сайланған болыс болып.
Қалған сынды бастығып асау дала...
Мархамы көп ақ патша – осал ма о да?! –
Бүлікшінің барлығын кешіріпті,
Көрінеді заңнан тыс Досан ғана!
Патша таққан жез қылып ар-тұмарын,
Медаль ілген салып жүр шалқып әнін.
Біліп алған біраз жан – халқын сатса,
Омырауының көбірек жарқырарын...
Асау қырды алғасын бір бұқтырып,
Артын патша не қылсын дүрліктіріп...
Досансыз-ақ білгендей өлмейтінін,
Кеткен екен ел-жұрты тірлік қылып.
...Ұлы кеткен ел жаққа Ораққа еріп,
Айналаны Құрша* жүр қарап келіп.
Досан жатыр бес-алты жігітімен
Қаражігіт аулына қонақ болып.
Тыныш өтер түрі бар бүгін түннің,
Жатыр дейсің кім қазып түбін құмның?.
Қадірменді қария Қаражігіт
Жеті ұлының соңғысы Қырымқұлдың.
Көңіліне кіргенмен алаң ептеп,
Маңайында жау жоқтай шаба кетпек.
Жылдан бергі серігі Құрша келді:
«Ат жетерде – ұшқанда қара жоқ!..» – деп.
Көптен бері төсегін жеңге салып,
Ұйықтап кетті, арқасын кеңге салып.
-------------- *Алиханов-Аварскийдің аталмыш кітабында хорунжий Қабақ Ермәмбетовтің көтерілісшілер қолынан өлген пристав Рукинге «ас» бергені жайлы айтылады. Құрша* – сатқынның есімі белгілі себептермен сәл өзгертіліп алынды.
Түс көріпті, мешітте отыр екен,
Терісінен аққудың сәлде салып.
Сауыт тәнін жүр екен құрсаулап құр,
Жанын езген қалыпты зіл салмақ тұл.
Ақ көйлегі айналып ақ қанатқа,
Ақ қанаттан қанқызыл нұр саулап тұр.
Өртке айналды кенеттен... тұтанған нұр,
Сетінеді көйлегі – жұқарған-дүр...
Қағып ұша жөнелді өрт-қанатын
Жаққа қарай – жауатын жұпар жаңбыр.
«Тұр, Досан!..» – деп сол сәтте ышқынды аспан,
Ұшқан сәті ед Бақ деген құстың бастан.
Жанталасып Ер Досан қарғып тұрды,
Сілкіп тастап малғұнды үстін басқан.
Қарғып тұрды есіл ер «әруақтап!»-ақ,
Топырлап жүр жендеттер жан-жақта жат.
Бірден ұқты – үй ішін, ауыл үстін
Алған екен сыңсыған солдат қамап.
Батыр қапы қалғанын бір-ақ біліп,
Бұлағайды салды кеп құлап-тұрып.
Бұрап, бүріп тап берген дұшпандардан
Тазартты үйді – тулақтай ылақтырып.
Төніп тұрған Аничкин ішке қарап,
Он солдатын орасан күшке балап.
Желкеден ап ылақтырған күшік құсап,
Шықты барлық солдаты үш домалап.
Подполковник қалды сәт милауланып,
Таяп қалған қайықтай қирауға анық.
Жанұшырды:
–Үлгермей қаруланып,
Тастаңдар, – деп, – жабылып үйді аударып!
Әлмеғайым сәт басқа туды, ырасы,
Ер жүрегін ызаның жуды жасы.
Ақ ордасы бабаның түсті құлап,
Құлап түсті даланың дулығасы.
Ердің даусы жаңғыртып жал-құзды алыс,
Жау есіне әрнені салғызды арыс.
Жұлқысып жүр шұбырған шибөрімен
Тарғыл барыс – жаралы жалғыз барыс!
Жұлып алып жұлқысқан адамды ерден,
Аршылан-тын алдына сан өңгерген.
Еріккенде түлейден* қайтқан талай
Жолбарысты соғып ап жалаң қолмен!
Дәмесі жоқ жанкешті ед «жан-сауғадан»,
Қысқан сайын кұтырды қоршаулы аран...
Жаралы аққу сермеп жүр ақ қанатын,
Қанатынан нұр емес,
қан саулаған.
Атқа мініп үлгерсе – дос табылып,
Ерік бермей кетер деп қасқа қылып;
Ер тізесін бүктірді Аничкин,
Ағып келіп артынан бастан ұрып.
Ер тізесі бүгілді...
Жеңілді аймақ.
Қапы кетті есіл күш, тегін қайрат...
Қасында тұр Досанның Аничкин,
Қолын байлап алған соң – көңіл жайлап.
– Басылды ма, ал қалай, батыр, екпін? –
Ерлігіңе сөзім жоқ. –
Қапы кеттің.
Сені, бірақ болмайды бос қоюға,
Төнді мәңгі басыңа ақырет-күн.
– Арманым жоқ.
Адаммын ақымды алған,
Алар жаза Алладан – сатылған жан!
Өкінішім – Өзімдей ерден емес,
Жеңілгенім – өзіңдей қатындардан!..
Досан үні жөнелді шарлап қырды,
Жетім күшік – жел байғұс аулақта үрді.
...Аничкин Құршаны қақты арқадан...
Қаражігіт қалтылдап қарғап тұрды...
----------------------------
Түлей* – сексеуіл тоғай.
Абақты азабы
Қарайды қырық солдат сыртымызда,
Қанды су қатып қалды мұртымызға...
Орақ Байдалыұлы.
Досан:
– Сен әкімсің бе?
Түрме бастығы:
– Иә.
Досан:
– Онда сенің қатын-балаң да әкім шығар?
Түрме бастық:
– Жоқ.
Досан:
– Ендеше, мен – тентек, ал қатын-балам тентек
емес шығар?
Түрме бастық:
– Әрине...
Досан:
– Олай болса, жазықсыз бала-шағамен жауласу
патшаға ылайық емес. Оларды босат!..
Абақтыдағы әңгіме.
...Тас түрме.
Отыр тордан қарап қыран,
Жанды – шер,
басып қалған қанатты қан...
Патшаға дән ыразы – бір сөзі үшін
Босатқан ұл-қыздарын абақтыдан.
Уайым бола алмайды, ал қалғаны,
Қалғаны... енді оралмас арман-дағы.
...Үйшікте* бір жыл қамап,
ақырында
Әкелді Ақкетікке жанды алғалы.
Көбелек боп шықты бұл отқа бейім,
Ұсынып қатып қалған Хаққа мойын...
Жасаған қылмысы үшін ақ патшадан
Кешірім сұратпақшы сотқа дейін.
---------
Үйшік* – бұрынғы Гурьев, қазіргі Атырау қаласының ескі атауы.
Тергеуші келді талай андыздап-ақ,
Ашудан қарс айрылып қарбыз-қауақ,
Долырып басын ұстап шығып кетед,
Тұтқыннан естиді де жалғыз жауап.
«Кірдіңдер сұр жылан боп қойыныма,
Жабыстым содан кейін сойылыма.
Ешкімнің қатысы жоқ бұл бүлікке,
Жазыңдар жалғыз менің мойыныма!
Халықты қырып салған құралы жоқ,
Сенсіңдер – хас қылмыскер, шын әбілет...
Барлығын мен бастадым! –
Және өзімді
Ешқашан санамаймын кінәлі деп.
Әйтпесе, жау ізденіп жын ұрып па ед,
Неміз бар тері жыртып, сыдырып бет?!
Жерің жоқ әрі мені жеңіп алған,
Қапыда қатынша алдың тығылып кеп.
Бір мәрте әлі мені қолдайды Алла,
Өлейін ер үстінде – қалмай жолда.
Атым мен қаруымды беріңдер де,
Алыңдар, ер болсаңдар, қан майданда!..
Бесіктен белім шыға майдан көрдім,
Еліме еңсе кетпес айбар бердім!
Майданда ал – бағынайын!
Әйтпесе, ердің
Қатынға бағынағанын қайдан көрдің?!.»
Кімге де бар айтары осы ғана,
Ошаққа асып көрді, мосыға да.
Жалғыз сөз алмаған соң қосып ала,
Бастайды жендеттер кеп өшін ала.
Мірғазап* жеткенімен небір машық,
Шығады тауы қайтып, көңіл жасып.
Түтігіп бітіпті әбден өздері де,
Қыздырып қайта-қайта темір басып.
Қаншама қорлағанмен қамақта асып,
------------------------
Мірғазап* – жендет.
Тұрады жанар отын қадап шашып.
...Мерт қылып екі бірдей күзетшіні,
Құтылды кеше тағы Орақ* қашып.
Орақтың кімдігі де жауына анық,
Тапқай да туған жердің тауынан ық...
Досанға «қош, қош» айтып өткен кеше,
Құршаның қанын ішпек, тауып алып.
Долданды шашын жұлып жендет әрмен,
Құтылып кетіпті Орақ иен қатерден. –
Егеудің кәдеге асқан сыңайы бар
Қазының ішіндегі Кенже* әкелген...
Қарсы алып тағдырының тастай түнін,
Тұнжырап қабағының ашпай түгін,
Ер Досан кесіп айтты дос-дұшпанға,
Кәпірден енді ешқашан қашпайтынын!
Абақта «қашпайтын жау» – қалды Досан,
Айтары жалғыз жауап – жарғыласаң.
Күледі тергеушіге:
– Есіңде ме,
Төбеңде боратқаным шаңды қашан?!.
Қарайды тордан ғана мекеніне,
Көз жетті бастан дәурен өтеріне...
Тағы да кәміл сенді –
дұшпанының
Хас кәпір,
шын ібіліс екеніне!
«Мен енді көрмейін, – деп, – сені, жалған!» –
Тарс жұмды екі көзін кегі жанған.
Бас тартты астан-судан:
– Енді қайтып
Кәпірдің татпаймын, – деп, – қолынан дәм!..
--------------------------------------- Орақ* Байдалыұлы (1822 – 1910) – Досанның серігі. Батыр, ақын, балуан, әнші. Кейін жасы ұлғайып өз ажалынан өлген. Кенже* – Бәймембет Маяұлының кіші әйелі. Досан мен Орақты қашыруға әрекет жасаған. Жары аулының қызы.
Ер ажалы
«1876 жылы 11 ақпанда... Досан Тәжиев...
таңғы сағат 6-да сусақ ауруынан өлді».
Батыр өлімі туралы актіден.
Бермей кетіп баратыр малғұнға күш,
Хаққа ғана жүрегін алдырды арыс...
Бүгін түнде қасына қайта келді,
Сабап кеткен құйрықпен тарғыл барыс.
Өрттей демі қасы мен шашын шалып,
Кеудесіне жатты кеп басын салып.
Тас қапасты кеміріп кетті сосын
Көз бен тісі шағылып жасынша ағып.
Тордан көрер түн емес жұлдызы жат,
Баяғыдай аспан да тұр быжынап.
Қазір барыс қапасты құлатад та,
Кетеді алып жонына мінгізіп ап.
Кетеді алып жапанға – жасыл шалғын,
Көргеннен-ақ келетін асыр салғың...
Досан қайта сәби боп,
отырады
Ертек тыңдап түбінде басыр шамның.
Сәулесінен сол шамның қанат байлап,
Жұлдыз жауған жетеді алапқа ойнап.
Мамық бұлтқа қонады сәл шаршаса,
Айдың әппақ нұрынан жалап қаймақ.
Айналада таң атса-ақ шағыл балқып,
Жұпар жуып кетеді жаныңды аңқып.
Әлдеғайда тағы ұшып жөнеледі
Қанатының астында сағым қалқып...
Жасыл шалғын үстінде – кіл ақ орда,
Періштелер тіккен-ау, сірә, жолға.
Ақ ордалар ішінде мың сан Досан
Мүлгіп отыр ақ киіп – шыра қолда...
Көтерем деп дос дертін, жат күйігін,
Алып еді жаралап қатты иығын.–
Ақ шыраның сәулесі қызғыш нұр боп,
Қайта-қайта жуады ақ киімін...
Жыртып-жыртып ылақтырып тас-кебінін,
Сәулеледі осы елес пәс көңілін.
«Иншалла, ұрпақ сапына кіреді екен
Қайым күні Ер Мәді әскерінің!..
Сұм-жалғаннан шағында мәңгі кетер
Нышан болды-ау бұл өзі әңгіме етер.
Қаным нұр боп саулап жүр! –
Уа, Жасаған,
Төкпегенім болды ғой қанды бекер?..
Нұр кіргізіп торынан тұтам аспан,
Кетіп барам – кәпірден мұқамастан.
«Дәрежесі шейіттің әулиеден
Артық», – деуші ед бағзылар кітап ашқан.
Жүрегіне байлаған құран кілтін
Қалады екен иелеп шырамды ұрқым.
Шыра ұстасам, ақ киіп,
шейіттіктің
Нышанасы шынымен шығар, мүмкін!..
Кешіре гөр, әулие-әмбиелер,
Мен құсатып артқа да тәрбие бер.
Жүрегімді билетпей ібіліске,
Берер болдым Аллама мәңгі иелер!..»
...Басты көзін тағы кіл майда сурет,
Тастаған-ау тынымсыз ой басын жеп...
Жанғабылдың* мініп ап інгеніне,
Тартты:
«Қаратөбем-ау, қайдасың?!» – деп.
Боздай беред боз інген боз айналып,
Бозашыға жетер ме аз айда алып?..
«Түйе деген – әруақ һәм ауыртпалық,
Нышаны екен бұл ненің?» – деді ойланып.
Шешіп тастап етігін жұлығы қан, Жақты бірде құмының құлығынан... ---------------------------- Жанғабыл* Дабылұлы – Сәттіғұл ақынның әкесі. Досанның сүйегін Қаратөбеге апарып жерлегендердің бірі.
...Бәймәмбет пен Ермембет, Иса, Ғафур
Су беріп тұр Мәстектің құдығынан.
«Бармысыңдар, жалған-ой, жарқындарым? –
Іздеріңді сағындым, алтындарым!..»
Жалап қойды ерінін кеберсіген,
Сезіп жатыр демінің алқынғанын.
Ішіп жатыр Мәстектің суын алып,
Таңғы шықтың кірпікте буы жанып...
Діріл буа бастады кенет бойын,
Жілігі мен жұлынын суық алып.
«Әзірейіл, ал енді жанымды, кел,
Уа, Тәңірім, бере гөр сабыр, жігер!
Дұшпандарым көрмесін тоңғанымды,
«Қорқып жатыр» деп ойлап қалып жүрер!..»
Жарып өтті ақ сәуле жарды кенет,
Сәулесінің жұпары жанды демеп.
Ұшып кіріп баяғы егіз аққу,
Қанатымен батырды алды бөлеп.
«Жеттіңдер ме?..
Айналдым қанатыңнан! –
Көр түнек пен тас түнде таң атырған.
Сендер қайда барсаңдар – мен сондамын,
Қалдырмаңдар мені енді санатыңнан!
Бұл қапаста қалдырма – текке өлемін,
Әкетіңдер жанымды көкке менің.
Айтыңдаршы, айтпақшы, маған деген
Басылды ма баяғы өкпелерің?..»
«Жерден іздеп өзіңді, көктен іздеп,
Әзер таптық – теріміз көк теңіз боп.
Досан!
Саған мәңгілік ыразымыз,
Енді біздің өзіңе өкпеміз жоқ!..
Жаңылмаймыз сертіміз, сөзімізден,
Таса етпейміз сені енді көзімізден!
Шашу үшін далаға нұрлы жұпар,
Ертіп мәңгі кетеміз – өзімізбен!..»
...Алып ұшты батырды қос қалқан боп,
Жұлдыз шашты жолына дастархан-көк.
...Тордан шыға үш аққу,
Қара қамал
Қирап бара жатырды тас-талқан боп!..
Нұр-тісімен кеміріп таң қырқаны,
Шәр-қаңқаны мүжиді қанды ұрты, әні...
...Құйрығымен сабалап қырды оятып,
Жерде жортып баратты –
Тарғыл Тағы!..
2003 – қой жылы.
Маусымның 11 – 16-жұлдызы.
Шынжыр қыстағы.
ЕҢСЕГЕЙ БОЙЛЫ ЕР ЕСІМ
Дастан
Бисмилләһи-р-рахмаани-р-рахиим!.. ...Біздің заманымыздың VІІІ-ғасырының басы. Осыдан 12(он екі) ғасыр бұрын Ескендір Зұлқарнайынның ғаскері жөңкіп келген жолмен араб халифатының қолбасшысы Құтайба ибн-Мүсілім Сойқандарияның жағасына жетіп тоқтады. Жүріп өткен жолының бәрі: қираған қала, опат болған орда, өртенген дала, қырқылған бас, күйреген сүйек, туралған тән, шашылған қан еді. Расулдан соңғы төрт Дос өмірден озып, дін бұзылған кез-тін. АллаТағаланың қасында қабыл болған дін – исламды араб басқыншылығының құрал-қолжаулығына айналдырған, қасиетті Қағбаны манжынықпен атып қиратпақ болған залым Хажжаждың Бас қолбасшысы Құтайба, сөйтіп, Сейхунға тірелді. Алда – түтіні түзу ұшқан түркінің елаты, қордалы құт қонысы жатыр еді. Иә, Алланың ақырғы пайғамбарының өзі: «Түркілер – исламның қылышы. Түркімен соғыспаңдар!» – деп аманаттап кеткен мөрлі жұрт, арлы қауым! Құтайбаның: «Кәпір ордасын ойрандаңдар!..» – деп бұйрық бере бергені сол еді, алдан дулығасы бұлт жайқаған, табаны алты айшылық жер сойқаған айырауытты құба нар мінген, тізесі нардың топшысын қаққан алып адам көрінді. Шудақақпай жүріспен асықпай келеді. Бойында жігіттің жеті жарағы түгел сай: асфаһани – сиырма қылыш, сары ырғай садақ, құрұғұлығы тола болат йасышты сарнама жебе, қатұғ оқ, құрыш башақты сегіз қырлы қималы найза, шомақ гүрзі, береңгілі айбалта, болат қалқан, қырпы жығалы ашұғ-дулыға, үстінде – аймауыт-сауыт!.. Жасанып тұрған қалың қолға қырық қадам қалғанда түйеден түсті. Дүңк ете қалған жоқ. Тайдан сыпырылғандайақ. Сонау қарта-тереңнен күңіреніп шыққан ерен дауыспен келте сауал қойды: – Елмісің? Жаумысың?!. Мынау аспан-жерді алапаты басып тұрған Ерге жауап бермеуге Құтайбаның әдді қалмағандай: – Мен – Құтайба ибн-Мүсілім, жер бетін кәпір қауымынан тазартушы, Аллаһтың хақ дінін жер бетіне қылыштың жүзімен таратушы, Аллаһтың пәрменімен әрекет етуші сардармын. Өзің кімсің? – Мен – Есекей-мерген, Алланың құлымын, содан соң түркінің ұлымын!.. Қылыштың жүзінен дін тарамайды. Дін – жүректен тарайды. Қылыштың жүзінен тек қана обалдың қаны мен көздің жасы ғана ағады. Саған біздің даламызда орын жоқ. Есің барда – елің тап!..
----------- Ескерту: дастандағы көне сөздердің бәрі уақиға өтіп жатырған кезеңдегі қазақ қауымы қолданған сөздер болып табылады. – Сөз Иесі.
– Қалай Аллаһтың құлысың!.. Аллаһтың сүйген жұрты араб қылышының жүзінен харам қаның дірдектеп ақпай тұрып, сен қалай Аллаһтың құлы болмақсың?!. – Мен – әл-Мисақтан мұсылманмын. Біз Озған пайғамбар жұртынанбыз. Ол мүбәрәктың Аманат етіп кеткені бойынша, Хақ Расул Мұхаммед Мұстафа (с.ғ.у.)-ның даңқы жеткен күні өз еркімізбен ол Ұлық Затқа үмбет болғанбыз! – Сенің қонысыңда Ібілістің ордасы бар. Пұт-құдайлар бар. Біз соны өз қолымызбен ойрандауымыз керек. Ол – Аллаһтың бұйрығы!.. Сендер Аллаһқа серік (ширк) қосасыңдар! – Ібілістің ордасы – сенің жүрегіңде. Аллаға серік қосушы – өзің! Ол cерік – сенің қанға қанбас, малға тоймас ындын-нәпсің! Ал біздің даламызда ешбір пұт-құдай жоқ, болған да емес! Өліге құрымет, тіріге үрмет үшін қойылған белгі-тастар мен сол тастарға – ұрпаққа үлгі болсын деп қашалған, «Елім!»– деп еңіреп өткен ерлердің ерлік істерінің баяны ғана бар. Ол – біздің шежіреміз. Шежіремізді кеудеде жан тұрса, ешкімге таптата алмаймыз. Сөз – тәмәм! Ашудан жарылардай болып өңі қарталақтанып кеткен Құтайба жанын қарманды. Қолы қылышының балдағына бара бергені сол еді, Есекей-мергеннің арт жағындағы жаңа ғана жым-жырт, моп-момақан күйде монтиып жатқан өлі далаға жан бітіп жүре берді. Әуелі Ұлы Сарын естілді. Сосын: «Аллаһу!», «Алла-һай!»-лаған күңіренген үн аспан астын алып кетті. Артынша: «Әр-руақ! Әр-руақ!! Әр-руақ!!!»-таған алапат дауыс көк шынысын күлпарша қыла жаздады. Өлі даланың бетінде осы мәурітте жерден өсіп шыққандай – кілең-бұздай кілшейген көк темір құрсанған жауынгерлер пайда болды. Қосын туын көтерген туғашының соңынан тоғыз түменнің: ақ ту, қара ту, қызыл ту, ала ту, көгала ту, шұбар ту, жасыл ту, аққарабас кіс ту, айкөнелі айдынала тулары бой түзеп тұра қалды...
Шарасы таусылған Құтайба т ұ ң ғ ы ш і р е т атының басын кері бұрды. Жыландай ысқырынған дауыспен: – Сартауылдар мен соғдыларды талқандаймыз!.. Дінге кіргіземіз. Мұсылман қауымына қосамыз!.. – деді. «Әлқисса, – дейді кәрі тарих, – содан бері Алланың Хақ дінін өз еркімен, жүрек қалауымен қабылдаған Халық ешқашан тура жолдан айнып көрген жоқ. Ал қылыштан қорқып мұсылман болғандар, кейін Зымиян-Тор ордасы жасап берген әр түрлі азғырынды ағымдарға ілесіп, әлі күнге дейін ылаң салумен, адасумен келеді».
1.Ақсыны алу
Миләди – 1624, хижраның – 1033-ші, қазақ санасында – ит жылы.
Қоңыр күз. Ферғана жазығы. Ақсы шаһарының түбі. Еңсегей бойлы Ер
Есімнің қосыны.
Сөздің басын бастайық «біссімілләдан»,
«Біссімілләсіз» мұсылман іс қылмаған...
Қан жосадай егілген – үш күн боран
Қырғын өтті –
Құдайым түс қылмаған.
Бұқар қолы шегініп қамалға еніп,
Ақсы қалды маңдайда – үш қырлы аран.
Имамқұлы* қашыпты Калан-Шарға*,
Дертін көміп жүрекке іш тырнаған.
Ферғананың жазығы ту сақталған
Шақ еді бір қанға әбден сусап, қанған.
Жүз алпыс мың ғаскері тәжік-сарттың
Осы үш күнде қазақтан жусап қалған!
Бұқар қолын Тәңірдің батпаны ұрды,
Бір сау сарбаз қалмады сапта күллі.
Жүз алпыс мың ғаскердің үштен бірі
Азып-тозып қамалға шаққа кірді.
Жайда азуын ақситып күлетұғын
Жиып алды езуін қақпа зілді.
Деген осы «желкеден сапыны ұрма!» –
Бұл іс мұндай боп шықты ақырында.
Жүз елу жыл қаржасқан қазақ пен сарт
Кезек аунап ажалдың тақымында.
Талай опық жеп еді Алаш Ері,
Сенемін деп сан ірет таты-құлға.
«Жатынында ұшынған тексіз телі,
Ақырыңда айтылмас «бақұлың» да!
Таты-құлға беремін соңғы соққы,
Анықтап ұр сапыны –
қапы қылма!»
Арыстандай алшайып,
осы ойменен
Есім отыр өзінің шатырында.
Есім отыр алшайып арыстандай,
Көрейінші тұрпатын, қағыс қалмай.
Шекесіне тыққандай қос жұдырық,
Бунақ-бунақ құлжа бас қарыс маңдай.
-------------------------------
Имамқұлы* – Бұқар ханы.
Калан-Шар* – Бұқардағы хан сарайлары.
Келген адам жанына сонша қораш –
Арыстанның қасында барыс қандай?!
Мысы басып кетеді кім-кімді де,
Шөншік* қандай, мысалы, талыс* қандай!
Саусақтары – азудай бұтаға қас,
Ұстағанын қолына тұтады оғаш.
Құлжа басты кеудеге жалғастырған
Жыға керген мойыны – мықан ағаш*.
Адырнадай керілген сәнді дене
Жарасады қандай дүр әңгімеңе.
Бексауытты теуіп тұр жұлынтұта,
Жауырынына сыймайды қанды көбе…
Құдай өлшеп бітімін зор дененің,
Өз орнына қойғандай әр керегін.
Мәужімі* ұрса топанның тебіренбес
Шеңберіндей ауданды нән кеменің.
Пендем еді Ер Есім көрсем деген,
Сыйғыза алман пенделік өлшемге мен. –
Шынар десең жарасар шыңға біткен,
Дауыл ұрса еңседен теңселмеген.
Қылаудан кір табатын,
сынадан – мін
Дық таппайды сыншыңыз – сынаған күн.
Дөмпеш таудай тұрады төбесі асып,
Ортасына кіргенде мың адамның.
Дарқан күліп, айбынтып салқам қылық,
Аң-таң қылып көргенді, тарпаң жүріп;
«Үй жығар» деп ат қойған жеңгелері,
Маңдайшасын сан үйдің талқан қылып.
Аумай қонған басына қыдырша-бақ,
Ширатады шаруасын шығырша орап.
Қабыландай самдағай, қимылы ерен,
Білем-білем бұлшықты – сіңір-садақ.
----------------------------
Шөншік* – бұзау терісі.
Талыс* – өгіз терісі.
Мықан ағаш* – дарақ ағаш.
Мәужім* – толқын.
Қиғаш керіп қастарын қыран қанат,
Тұңғұйық көз жаныңнан сыр аңдамақ.
Сынарға – жат, зіл түссе иығына,
Қашан көрсең тағыдай тұрар жарап.
Шатырда отыр атандай еңселі Есім,
Жүрегінен суырып шер шегесін.
Көрсе елесін түсінде – жау үріккен,
Айдынданып кететін – көрсе досың.
Өтті өмірі Ай құсап бұлт кешкен,
Шақтар болды жан сөнген, үміт те өшкен.
«Қоңыраулы ақсақал» атанған шақ,
Былтыр өтті қайраулы қырық бестен!
Самарқанға әмір боп жиырмасында,
Аламаны жиырма мың бір басында,
Тәуекелдей ағаның арқасында
Тумай жатып түскен-ді бұл да сынға.
Бәрі есінде.
Ұмытсын Есім нені,
Көшіп жатыр көп елес есіндегі.
Мөрлі хаттай санада қаттаулы тұр
Естен кетпес сан бұлғақ мешіндегі.
...Осы шығар Алланың қалағаны,
Көкіректен сүр-кектің тарағаны. –
Абдолла хан сарбазын опат қылып
Тәуекелдің жүз он мың аламаны;
Он күн болды –
Бұқардың көп қақпасын
Аламаны қазақтың қамағалы.
Ырза шығар сан боздақ арманда өткен –
Ұрпағына шынжырын жалғап жеткен.
Шайбанидің күйретпек шаңырағын
Керей менен Жәнібектен қалған кекпен!
Таңба бар ед өшпес боп Арда қалған,
Ескі кек-тін дарыған қанға зардан.
Қанмен жумай тазармас, ағармас-дүр
Қалған кек ол –
Қасым мен Хақ-Назардан.
Тұрақтайды жүрекпен тұта алса құт,
Тамыр менен сүйекті жұпар шалып.
«Жерден көкке Хақ діні көтерілген»
Қасиетті шаһар бұл – Бұқар-Шәріп.
Мұнарасын Алланың Нұры көмген,
Хақтың асыл шайхылар сырына енген;
Ыңылаған азанын муәзіні,
Әулиесі сахарда күңіренген
Шаһар еді –
әмірді Пірі берген,
Сыбай қонған өлілер – тірілермен!
Талмай оқып талағы битті оғылан,
Шаһар еді шыққан шын биікке құран.
Бірақ біздер тым жиі ұмытамыз
Болатынын «жерлерге өш ит қорыған».
Ұмытамыз –
дұшпанның ор қазарын,
Түсірмекке қапыда көрге залым;
Жаратқанның қай жерге Нұры келсе,
Ібілістің сол Нұрға тор жазарын.
Бұл жерге де Зымиян-Тор құрылған,
Досты досқа айтақтап сорлы қылған.
Хақтың дінін ірітіп іштен кеулеп,
Ірінді енсе болғаны – ел қырылған!
Бұл шаһарды –
тегі жат тезік-тебір, –
Көп заманнан жүр еді кезіп тобыр.
Зұлқарнайын Ескендір ғаскерінен
Қалып қойған бар еді жеміт-жемір.
Жеміт-жебір құрған тор шырмап болды
Ел қалдырмай –
жүретін ерікке бір.
Тура келмес кәпірлік танымына
Арда жұрт бар, әрі ер, әрі бұла.
Зымиянның арманы –
дінді ірітіп,
Балта шабу түркінің тамырына...
Сол түркіңіз бұлт құсап торлағасын,
Төгер сойды –
армансыз шер-наласын.
Тезге басын ұрмай ма қыңыр ағаш,
Түзелмей ме қисық та морлағасын?!.
Абдолла хан құсадан өліп кетті –
Торға басын бір ұрып,
жарға басын.
«Атанам деп екінші Әмір Темір»,
Көтеріскен Кешеннің* ол да басын.
АТА-ЖОЛДАН адасып орта жолда,
Қылмақ болды сарттекі –
сорлы алашын!
Шәр-қаласын иемдеп нақышпандтар,
Төнді қатер қазақы Ордаға шын!..
«Жұтам, – деуші ед, – қазақты!» –
уды жұтып,
Кетті имансыз – ниеті оңбағасын!
Ясауиді құртам деп –
тапты ақыры
Бахаубаддин пірінің көрханасын.
Шын шайхылар дүрбесін харап қылған
Шықты өзінің «төріне» көрбала сұм!
Шын қаһары ұстады Тәуекелдің,
Жеміттердің тығам деп көрге басын! –
Тезік-тебір кәззаптар –
Бұқардағы
Әулиелер қабірін қорлағасын!
Жауып кетті Бұқардың шаһарын қан,
Жер де, көк те көріп тұр қаһарын таң.
Осы жолы Зымиян-Тор ордасын
Талқан қылмақ –
Тәуекел бахадүр хан!..
Бұқар-Шәріп – ислам сая-бағы
Өз нұрымен келбетін боянады.
Бұдан былай –
Минардың мұнарасы
Алаш туы астында оянады!..
--------------- *Заманында «екінші Әмір Темір» атанған Бұқар әмірі Абдолла хан Түркістандағы Қ. А. Ясауи (р.ғ.) кесенесінің бітпей қалған маңдай бөлігін көтерген. Бұл жерде сол уақиға меңзеліп отыр.
Осы арманға жетуге сәл қалғанда,
Ажал оғы әкетті ерді арманда.
Ер Тәуекел – мәликул мүслимин
Кете барды сыя алмай кең жалғанға.
Аға өлімін есітіп қаны суып,
Есім жеткен Бұқарға жанұшырып.
Әзірет Сұлтан жанына ақ шейітті
Жөнеліпті жерлеуге бәрі суыт.
...Содан бері – Бұқарды бағындыру
Болып қалған Есімге алыс үміт.
Дегенменен, деме ердің еңбегі кем,
Еш кетпеді қан кешу мелдегінен.
Ғажам, Ауған, моғолдар босап шықты
Абдолланың зәһарлы шеңгелінен.
Содан соң-ақ,
Әндіжан, Самарқандар
Шыға алмады қазақтың шеңберінен.
Бас қолбасшы Есімнің әруағын
Мойындады бар дәулет танығанын.
Әбдімумин* тынды ақыр, ұстай алмай,
Шатынатып Шайбани шаңырағын.
Арқаланды қазақты дос тұтар көп,
Ер ісіне ессіз – қор, есті таң боп.
Тәуекелдің қалды ұстап туын жықпай
Шығай ханның ұғылы Ес-Мұхаммет*.
Шыны бұйрық келген күн Хақ-Тәңірден
Сор да сеспей қатады,
Бақ та мүрдем.
Жат жебірмен жалғасқан жең ұшынан
Абдолла да үлесін тапты өлімнен.
Хақ-Тәңірден алатын үлес басқа,
Аттанады қара да – ақ кебінмен...
Ұлыс қалды көзедей қақ бөлінген,
Тақ кемірген зәре ұшты жат жебірден.
Қақпаны ілген тышқан жоқ, бөрі түгіл,
Сумаңдады сұм пиғыл – жатқан іннен.
---------------------------------------------
Әбдімумин* – Абдолла ханның баласы.
Ес-Мұхаммет* – Есім ханның шын есімі.
...Шырғалады Есімді
Бұқардағы
Тоқай-Темір әулеті таққа мінген.
Алып қалған атадан бойтұмарын
Жоғалтпаған –
сатушы ед қайтіп арын?! –
«Елшіміз» деп кілең сарт келді бірде,
Сұпысынған салқы төс, қайқы қарын.
«Тура жолға түсірмек Ер Есімді», –
Көздерінде ойнайды сайқы-жалын.
Исқақ қожа шығарды айқыған үн...
Монтаны «пір» болғасын айтып «әнін»,
Түріп айдап шықты Есім ордасынан
Нақышбанды жолының «шайхыларын».
Бұл айдаудың артының қызығы бар,
Бұзық білмес кеп еді, түзік – ұғар.
«Күн де желкем, жер шалғай, – деді Есім хан, –
Шайхы, кәне, бой жылыт, қызынып ал!
Еріп кетер кез-келген ұлтан-құлға
Мен, немене, бұралқы-бұрқанмын ба?! –
Құдай сүйген шын шайхы болсаң егер
Көрсет кереметіңді –
кір тандырға!
Һаяр болсаң, –
Кәләмі бағытың жоқ
Мына тандыр қалады табытың боп.
Қара тәнді тазартсын қызыл жалын,
Түсір түгел түймеңді, ағыт ілгек.
Шын өртенсең тірлікте, – тозақ харам,
Шықпайды алдан Ахирет тағы түн боп.
Қаптап кетті пірсініп қыршитын сұм, Түседі отқа ойланбай, – кім сүйсе ұлтын. Бауыршы бек*! – Тандырды өрте, жандыр, Тамұқтағы малғұн мен жынша үйтілсін! Ырши тұрсын шайтаны қалғанының, От ішінен байқайық пір сиқын шын. ------------------- Бауыршы бек* – орданың, соғыс жағдайында қолдың ас-су жабдығын басқаратын бек.
Әулиенің көрейік кереметін,
Сабыр қылып жамағат тынши тұрсын!
Отқа жанбай,
тандырдан тірі шықсаң,
Мен – мүритің, бірадар,
мүршитімсің!»
Шаңқылдап тұр хан-қыран бұлтқа шүйіп,
Шешіміне ыразы жұрт бас иіп.
Қызыл жалын тандырды көрген кезде,
Исқақ қожа жіберді бұтқа сиіп.
«Қайтара гөр, Тәңірім, бұ қаһарды, –
деп қарманды Бауыршы – Бұзахарды. –
Босағасын көрмейін Түркістанның,
Түсімде де көрсетпе мына шәрді! –
«Пір» қалшылдап құлады жерді құшып, –
Тақсыр, біздей кеше гөр күнәһарды!..»
«Мен кешпеймін күнәңді –
Хақ кешірсін! –
Қараңды өшір, мұнафық, зәтте сұмсың!
Бұл «тозақтан» кетерсің тірі өлік боп,
Шын тозақта кім, сірә, отты өшірсін?!
Тәңірді алдап,
халықты жалмап жүрген,
Жүзіқара! –
Басыңнан Бақ кесілсін!
Жолың – анау!
Сәлем де ханшығыңа,
Шер кеулесе кеудесін, – таққа осырсын!
Елшіге өлім жоқ еді – Ұлық Істе,
Елші емессің! –
Көршісің – Ібіліске!!
Ханшығыңа айта бар,
ендігәрі
Абыройсыз жекпесін пірін іске.
Тұрған сенің ығыңда кісіге обал,
Бірге ас ішкен –
мезетте ұшынады, ал...
Жез құманын бірадар ұмытпасын,
Былай шығып тазарар – ғұсыл алар!..»
Қарқ-қарқ күлді хан ием шырқай қарап,
Безіп барад «елшілер» сұрқай қабақ.
Әзірет Сұлтан қарайды арқаланып,
Қаратаудың қарынан күн тайғанап...
...Көп ұзамай, Ғирақ па, Иран түбі,
Зымиян-Торға шырмалған иман тіні,
«Шежіреде» – «Темірдің әулетінен»
Бұқараға хан болды Имамқұлы.
Содан соң ба? –
Секілді тоғысқан сең
Шәр-талау мен жан-талан – қоныста өңшең.
Жеті мәрте жандасты қазақ пен сарт
Тәуекел хан өлетін соғыстан соң.
Бұқар қолы алты ірет ойрақан боп,
Қазақ жеңді – Алласы болысқан соң.
Еңсегей бой Есім жүр қол алдында,
Аң патшасы сықылды – арыстан-шен.
Бөлмей берсін Тәңірім, ылғи берсін,
Бақыт басын қазаққа шұлғи келсін!
Қанға тоймас кәрі жер қылғи берсін,
Көрмеген боп көз жұмып мүлгиді өр шың.
Ер Есім жүр, шүйгенде – қырғи дерсің!
Жауға жебе тигенде – шырғұй* дерсің!!
Жұтты соғыс! –
Жайсаң мен жақсыны алды,
Жұлды соғыс шыңдағы тақ шынарды.
Қақшып алды – жалқының жалғыздарын,
Көп қорымнан оқшау тек бақсы қалды.
Күллі хандық қазаққа тізе бүкті,
Алынбаған –
Бұқар мен Ақсы қалды.
Ең сайдауыт Бұқардың бұлықтарын
Тоз-тоз қылды, иншалла, түріп таңын.
Көзіменен кеміріп Есім отыр,
Қыран-шабыт –
шаһарға тігіп кәрін.
-------------------------------------
Шырғұй* – жебенің болат ұшы.
Жауды көрсе қуанған Есім еді,
Бексауыты күлдірлеп, есінеді.
Ғарық қылмақ қанына Бұқар қолын,
Қамап қойып Ақсыға осы жолы!
Ферғананың жазығы – жұпар әлем,
Көтеретін жемісін бұтағы әрең.
«Осы жолы Ақсыны еншілесек,
Сосын жеке сөйлесем – Бұқарамен!..
Құдай бізді ермексіз құр қоя ма?!» –
Қосын жатыр қанатын қырға жая...
Қарғып тұрып, шашты Есім жарлық қылып:
– Қолбасшылар жиылсын, Бұлғай-аға*!..
Аба-Тарқан*, майсара*, майменесі* –
Келді бәрі – атына сай денесі.
Неше күнгі қырғыннан, шүкір, Алла,
Жоқ бірінің жүзінде қайғы елесі.
– Тәңір ұрмай – жау оғы еңсеге енбес,
Жүйрік пе екен – өр көрсе өршеленбес?!
Ғазиларым, бақұл бол, шейіт кетсек,
Жетті, міне, ойыммен өлшеген кеш.
Қынымыздан шақ келді сурылатын,
Ешқашанда қынында семсер өлмес!
Қылыш өлмес ешқашан қынабында,
Көріп алдық тағдырдың сынағын да.
Жүрегінде иман жоқ кәпір сарттың
Үнің қалсын, тым құрса, құлағында!
Ағыншы топ* үкекке* басып кірсін,
Сәті келді іске асар – тұраның* да.
Жүз жігіттен келеді – он кісіге,
Адырнаңды, бұқаржа*, енді шіре!
Шайтандардың шәріне өрт қоятын
---------------
Бұлғай-аға* – хандықтың ішкі ісін басқарушы бек.
Аба-Тархан* – Бас қолбасшы.
Майсара* – ханның сол қолы;
Маймене* – оң қолы.
Ағыншы топ* – тосын шабуылшы топ.
Үкек* – қарауыл мұнара.
Тұра* – жылжымалы мұнара.
Бұқаржа* – садақ түрі.
Осы шайқас, болады соңғы сүле*.
Ең әуелі, сарнатың сарнаманы*,
Ұйқысынан оятсын Перғананы.
Күй күңірент қандағай* мүйізінен,
Мықый* келіп шүйгендей тарбағаны*.
Содан кейін ыңырант ысқырманы*,
Іш-құндағын қарнасын тіс-тырнағы.
Жеміттердің тоқалы –
тезік-сарттың
Мықты болса, ұстасын ышқырлары!
Зар еңіреп соңынан қатұғ* кетсін,
Маңдайынан дұшпанның батық* тепсін.
Жәһаннамға аттанған имансыздар
Зәһарынан қатұғтың татып кетсін!
Кідірмейміз –
жауса да от-қорғасын,
Отқа түсіп құриық –
жоқ болғасын!
Дәт қалмасын дұшпанда қарсы тұрар,
Қылшан*, толай*, құрманда* оқ қалмасын!
Тоқтамаймыз –
төбеден от құйылса,
Шатынатып шаһарды соқ құйынша!
Доп түйілсе – басыңмен қағып жібер,
Көп түйілсе – шырқ айнал ақ тиынша...
Бақ бұйырса – аламыз бүгін түні,
Ертең туды тігеміз –
Хақ бұйырса!
Ханы қашып,
қан жасып төрелері,
Бұл шаһардың босап тұр шегелері.
-----------------
Сүле* – соғыс.
Сарнама, ысқырма* – жебе түрлері.
Қандағай* – бұғы.
Мықый* – жыртқыш құс.
Тарбаға* – суыр.
Қатұғ* – зәһарлы (улы) жебе.
Батық* – шоқпар түрі.
Қылшан, толай, құрман* – қорамсақ түрлері.
Неше күнгі қырғыннан титықтаған
Әскерінің –
қан-түбіт көбелері.
Аттаныңдар, кәне, енді, сардарларым,
Шаттаныңдар Бақты алып төбедегі!
Сәруар пірдің басшысы –
Қожа Ахмет
Рахметолла ғалей-һи,
жебе мені!..
Ферғананың басқанда түні келіп,
Кетті көкті Есімнің үні керіп.
«Әмин!» – деп сардарлар жайды қолын,
Бата берді Ақ Сейіт күңіреніп...
Ұлпа самал түртеді құмның үрпін,
Күлте кекіл жатқандай құлын еміп.
Даттанған бір қанжардай қында жатып,
Ай да туды күп-күрең – сырға батып.
«Түсінбедім, адамдар, қылығыңды», –
Дейтін сынды тылсым бір мұңға батып.
Мұндай шақта – сезім де, ой да жырақ,
Назар салған пенде жоқ Айға, бірақ.
Адамдықтан адамдар алыс түн бұл,
Сол жеңеді – болса кім айуанырақ.
Тұра тұрсын айта алмай Ай да зарын,
Естілмейді бұл түні сайраған үн.
Қамал да тұр,
білмейді ертеңгі күн
Молаға, әлде қалаға айналарын.
Болған кезде бір белгі шығауылдан*,
Жылжып берді шаһарға тұра қырдан.
Жерден өніп шыққандай көп мұнара
Жаны бар зат сықылды зыбан ұрған.
Дырау ұрған көпектей болсын дұшпан,
Босан енді, сұр жебе, бұғауыңнан!
Ай жанары қан-жасқа шүпілдесін,
Бірін-бірі пенделер түтіп жесін.
Лыпылдасын шырадай тамырда қан,
------------------------------
Шығауыл* – шолғыншы.
Жүрек біткен кеудеде лүпілдесін.
От байланған қасалы* зымғап кіріп,
Өрт шыпылдап, шаһар да түтіндесін...
Не де болса, осы бір уақиғаны
Тамашалап өтеді бүкіл кешің...
Тұра-қалқан* тізіліп тұра қалған,
Садақшылар шаруасын бітіргесін.
Сыңсып өтті ақ құтан, тырна көктен,
Мекеніне асығып жылда кеткен.
Жақсылыққа жорып тұр Есім мұны:
«Хабары, – деп, – Жеңістің бұл да жеткен.»
Баспалдақпен қамалға көтеріліп,
Ағыншы топ барады зымғап еппен.
Шаһарды оңай алатын тәсіл еді,
Шыңғыс-баба тұсында сыннан өткен.
Көзапара кеткендей шөжіп, шөгіп,
Кеуде керіп нән шаһар тұрған өктем.
Баспа қойып,
қамалға арқан асып,
Үкекті алды ағыншы тарпа басып.
Сын сағаттың соққанын сезген сарт та
Жандәрменгүн қарманды жанталасып.
Аларман боп қамалға жаңа ғана
Төніп барған ертауыл* жорта қашып,
Тасты қардай боратты манжынықпен*,
Қазақ қолы әп-сәтте ортаны ашып.
Өтесің-ау қапыда, қасқа жалған,
Бағаламай бақытты басқа қонған.
Қазақ-қалмақ жатқанда қидаласып,
Осы сарттар балақ пен бастан алған.
Он жыл бұрын қалды сарт табанында –
Қаратаудай қайғы мен Аспара-арман,
Өлсе есінен кетпейді Ер Есімнің
Қарындасы – кірпігін жасқа малған.
«Сартқа қатын болман!» – деп шыңнан ұшқан
«Хан қызы» деп ат қалды – жас маралдан.
Осы жолы, иншалла, сарттың Есім
----------------------------
Қасалы* – жебенің түрі.
Тұра-қалқан* – жылжымалы бекініс.
Ертауыл* – әскердің алды-артын қорғаушы жасақ.
Манжынық* – тас ататын құрал-қондырғы.
Елестерін оятад есте қалған.
...Шәр ішінде қалың сарт сансырап жүр
Отқа оранған үйлер мен тас бораннан.
Әлсіз жерін қазақтың көздеп бағар,
Сарт қасында – түркпен де, өзбек те бар.
Ғирақ, ауған, қызылбас, тәжік те жүр,
Пушту, урду, бұлыш пен безбет хазар.
Қазақ қанын ішпекші кіл шибөрі:
«Әкелді, – деп, – қай Құдай?!» – безгек қағар.
Іздеп табар әркім де несібесін,
Табар* тауып тамырын – кез кепті ажал.
Мейірім қашқан қазақтан,
Хақтан – медет,
Қолдамай тұр Пәуеден* жатқан жебеп.
Имамқұлы тығылды кетегіне,
Жоқ мысқалдай келетін арттан көмек.
Не де болса, өліспей-беріспеуге
Шапқан да әлек, әрине,
сарттар да әлек.
Ақсы қазір қазандай қайнап жатыр,
Көшті қамал ішіне майдан да ақыр.
Қайрап жатыр азуын жыртқыш-қамал,
Мұнара-тіс қазақты шайнап жатыр.
Ажал – Торын,
Ай – Нұрын жайған ғафыл
Бұл да – дәурен, бітірген ойранға тіл.
Талай жайсаң бастары мылжаланып,
Отқа үйтіліп кетті сан қайран батыр.
Тайған ғафыл басынан ғұмыр-дәурен
Құйып жатыр қан болып сайларға ақыр.
Бұл қандай кеп –
Ақ-Қара алысса да,
Қызыл Қаны табанда жайрап жатыр?!
Ғажап сынды ед бөтен кент, өзге бау-бақ,
Бұл кенттің де басынан безген-ау бақ.
Ажал-Сүлде тап беріп аяқ-асты,
Кетіп жатыр Айлы аспан көзден аунап.
------------------
Табар* – балта.
Пәуеден* – Бахаубаддин Нақышпанд (1318 – 1389).
Осы соғыс қашаннан жүр есімде,
Тастай алман есімді күресінге.
Қарағасын сан ғасыр биігінен,
Қылығына Бабаңның күлесің бе?
Жылайсың ба жоқ, әлде, ұлисың ба? –
Айтшы, не бар –
өзіңнің үлесіңде?!
Жатқан аңқау қазақты,
несібесі –
Жер мәуесі, малының сүмесінде,
Орынынан тұрғызып ертіп қойған
Қандай күш ол,
барлығын – бір Есімге?!
Сол соғыста АРЫМНАН ӨРГЕН НАМЫС,
Енді менің қанымнан түгесілме!
....Ферғананың жазығын,
Ақсы аспанын
Кезіп жүрген түн еді ол Сүле-Сүлде!
Сүле-Сүлде Ақсының көшелерін
Жүр аралап – өрт алған неше жерін.
Сартты қазақ бауыздап жүр сақалдан ап,
Сан ғасырлық қайтарып еселерін.
Күңіренген Сүлденің сазы жаман,
Жан сауғадан үміт жоқ, базынадан.
Әр бұрышта астына бүктеп басып,
Түлкі-өмірді тамақтап тазы-заман;
Ажыраған кеудеден бас домалап,
Тастап шығып ұясын қазына-жан;
Құшып жатыр қазақтың аяғын сарт
Өгіздейін өкіріп, азынаған!
Хақ қара күн туғызса пендесіне,
Әддің бар ма тәубаға келмесіңе?!
Келлесімен жер сабап жатыр әка,
Түскен сынды Алласы енді есіне.
Ақсы үстінде Ажал тұр үнсіз барлап,
Қорғаушысын шаһардың құнсыз жалмап.
Қазақ қанын ішіне тартып алған:
«Дінді сарттан жақсы, – деп, – дінсіз қалмақ!..»
Баршын-түні Ақсының, байсын-кеші
Қара мақпал қанатын жайсын деші!
Қан-дарияда дірдектеп аунап жатыр
Аққан қаннан жеркенген Ай сүлдесі.
Бұл түн жайлы бізде де бар ғой дерек,
Айта аламыз ешкімнен алмай көмек.
Тұз – тамақтың иманы, сурет – сөздің,
Уақиғаны айтайық сәл бейнелеп:
Отқа оранды толған шәр боқташаққа,
Туралғандай, мысалы, ет қасапта.
Қара қазан-аспанды жалап тілі,
Қала қазір айналды отты ошаққа.
Сол түн жайлы айтқанда жыршы-дала,
Дөң күрсіне түсіп сәл, тыншыр о да.
Қазандағы – Ай-қазы, жұлдыз-сорпа
Қайсымызға бұйырар бұл сыбаға?!
Шығармайтын кеп-ті бұл мәңгіге естен,
Шақ болды бір санадан әңгіме өшкен.
Сыбағасынан құр қалған тарихтың
Отты ошақта ерлер ед қанды кешкен.
...Артқы көште қалған Ер – ескерусіз,
Хабарыңды естірміз – алғы кештен...
Біраз болды шыққалы хан шатырдан,
Отты ошаққа қарап тұр қан сапырған.
«Жазадан тыс – балдар мен әйелдер!» – деп,
Хас-Хажибке* әлгінде жар шақырған.
Жалын бір сәт аспанға шырқады ерек,
Бетін басты түтінмен бұлты ала көк.
Неше ғасыр шіреніп тұрған шаһар
Көз алдында күйреді шілпара боп.
Жалын тілі –
тат басып қалған көкті
Тазартуда ысқылап зімпара* боп.
Күндегіден таң бүгін жайлап атты,
Бұлтпен жүзін жасырып Ай да батты.
Күрең шайдай астында кілкіген қан, –
Сүт-қаймақ боп сәулесі сайға қатты.
---------------------------------
Хас-хажиб* – Есік ағасы бек.
Зімпара* – тат кетіргіш құрал.
Күн де шықты.
Алапқа қарады аң-таң,
Дала қан-қан болғанда,
қала талқан.
Хабарлады қаланың бас игенін
Ер-Жалаңтөс бахадүр –
Аба-Тарқан.
Біржолата соғыстың тыншыды үні,
Қанын сүртті қамалдың күн сынығы.
– Йәсірлерді* қайтеміз?...
– Қыр еркегін! –
Құрсағыңды аздырад құл сідігі!
Баяндауда сардарлар біріндеп кеп:
– Болжалыңыз, хан ием, қырын кетпед...
...Таңұқ* таққан басына алаш туы
Тұғырына орнады дүрілдеп кеп!
– Қын біледі қашанда қанжар құнын,
Ел біледі –
Кек пенен Арман құнын!.. –
Қарқуардай саңқылдап өргек дауыс,
Жүмілаға таратты –
Хан жарлығын!
– Ауру басын көтерер, ару қасын
Шайқас болды –
Ар менен қаруға сын!..
Алаш туы астында болады Ақсы! –
Кел-Мұхаммет! –
Өзіңсің – даруғашым*!..
2.Бұқар шәрі.
Имамқұлы хан ордасы
...Жаман хабар Ақсыдан алды жаңа,
Бүгінгі таң жеткендей тарлық ала.
Қалды бүгін бір түрлі бүгежектеп,
--------------------
Йәсір* – тұтқын.
Таңұқ* – туға тағылатын белгі, бұл жерде Жеңіс белгісі.
Даруғашы* бек – мирасқор билеуші бек.
Күнге созған мойынын сан мұнара.
Күпі шықты уәзір, апы кіріп,
Сөніп тынды сөзінен соқыр үміт.
Әншейінде аспанды тіреп тұрған
Шаһар бүгін құлардай опырылып.
Алқымынан алғандай дүлей жендет,
Бара жатыр өн бойын үрей меңдеп.
Ақ қара бас құрт құсап жанын улап,
Аласұрып бір ойын бір ой жеңбек.
Бөлмеді ойын кәнизәк ақ шағала,
Тұрса – дертті жүрегі,
жатса – жара.
Тіпті бүгін тәбеті тартпай қойды
Шорта бегі* әкелген бәтшаға* да.
Алтын сарай астына
қара басы
Сыймай барад – қорқыныш аран ашып.
Мақтанышы – Минардың мұнарасы
Сықылданып көрінді дар ағашы.
Бұқар көрген қиямет аз ба, тоба?! –
Көпке қорған қоныс ед,
азға пана.
Қуды көздеп,
бұл тағы қазды ата ма? –
Қорға күлкі бола ма,
езге таба?..
...Жайшылықта бұралған ару-Мулиян*
Жұтатындай –
айналып аждаһаға!
Дос жақыннан тамсанған,
жат алыстан,
Қос аққу ед Бұқардан қатар ұшқан –
Регистан – құрырдай отқа оранып,
Шаңырақтай шатырлап – Шахаристан.
------------------------------------
Шорта бегі*(сахиб-аш-шурта) – тәртіп басшысы бек.
Бәтша* – сарт сарайларындағы билеушілер ермек қылатын ер бала.
Мулиян* – Бұқардағы өзен.
Қорқыныш пен сүйегін ұят қарып,
Отырмайды тағында мият тауып.
Бұқараның он екі қақпасы да
Он екі бас әбжылан сияқтанып.
Құтқармастай бұл жолы жау қаһардан,
Есім қазір –
қол жетпес зау қаһарман.
Қалар ма екен күл болып көз алдында
Мың сан бұлбұл жырлатқан нәубет-орман?..
Күрең жалын қалардай қамап қазір,
Шалқи кіріп лапылдап – Наубаһардан.*
...Есім болып жүргенде Алтайға алаң,
Қазақ жерін өзі еді майқандаған.
Сол қылғанын өзіне қылды Құдай,
Төнді қара басына сойқан заман...
– Ұрықсат па?.. –
Сәлдесі тандыр пештей
Исқақ қожа кірді ішке байпаңдаған.
Көз шоласын үрей мен күдік көміп,
Қарай беред піріне үміттеніп.
– Бахаубаддин бабамыз аян берді,
Қашық емес келер күн түрікке жұт!..
Шибөрідей шуылдап елге анталап,
Жалын шашып тілінен,
шел қанталап;
Қырып жатқан шығар-ау мұсылманды
Қаһар соққан Есім хан –
ол зәнталақ!..
Жібергендей шапалақ осып беттен,
Өз сөзінен пір отыр шошып кеткен.
Алақ-жұлақ қарайды жан-жағына,
Есім кіріп келердей есік беттен.
Хан түңілді пірінің жайын көріп,
Майда сөйлеп жүретін мәйін келіп,
Әншейінде дегдар-ақ адам еді,
Үргедек боп кетіпті уайым жеңіп.
-------------
Наубаһар* – Бұқардың он екі қақпасының бірі.
Болар ма деп жанына сая мына
Күткен пірі – жетпеді аяғына.
Бар айтары – бабасы Бахаубаддин,
Баяны да бітпейді, аяны да.
Бұқараның аспанын қайғы ұрғанда:
Самарқан мен Ташкенттен айрылғанда,
Шахрухийа түбінде қырғын тауып,
Тағы жамсап қалғанда Айғыр-Жарда;
Шахрхана бойында кілең шахит
Қанатынан қақырап қайрылғанда –
Қайда болды, –
қолдаса Бахаубаддин,
Әулие бар емес пе – ай, күн барда?!.
Ылғи Бұқар тап болад ажалды оққа,
Қайда – бұрған піріміз назар Хаққа? –
Ясауиге мүрит боп –
өлгеннен соң
Шығып ол да кетті ме қазақ жаққа?!
«Нақыш жолы – біздердің силсала-дүр», –
Деген сөзге иландық соншама жыл.
Қырып-жойып Ясауи мүриттерін,
Бұқарада қираттық қанша қабір?!
Жұқпалы дерт жұқтырып қаншасына,
Соншасына көрсеттік малша зәбір.
Кетпеді ме біздерді сіле соғып? –
Дегенге пір: «Бұлармен күреселік!» –
Жахри зікір* үстінде басып кіріп,
Қанша тықтық зынданға, дүре соғып!
Бірдей қылып талқандап есік-төрін,
Жендеттің де жібердік өшіккенін.
Ясауидің кітабын түгел өртеп,
Жаптық қанша текке* мен мешіттерін!
«Сүймейді, – деп, – бұларды ұлық Алла», –
Жел береді қолтыққа пірім ол да.
Қарға-құзғын қаншасын жемтік қылды,
Болмаса да зәбірі тірі жанға...
-------------------------------
Жахри зікір* – жария зікір.
Текке* – ясауилік рухани орын;
Соның бәрін естіпті Есім залым,
Ерсал айлап*, жасырмай өшін, зәрін:
«Піріменен қосақтап дарға асам!» – деп,
Көргендер бар Есімнің төс ұрғанын...
...Мұның бәрі ішкі сыр пір ала алмас,
Өле-өлгенше сыртына шығара алмас.
Түбі шикі өзінің – қылдыкөтен,
Пір кәріне шалынса, сірә да, оңбас!
Сондықтан да бір сыры шашау шықпай,
Жығадан бас шығарад, шырадан – жас.
Нұрлы жүрек жоқ пірде Тәңір шайған,
Біледі іші – емес бұл кәміл сойдан!..
...Дәл осы сәт, әй-шәй жоқ, ұрықсат жоқ,
Кіріп келді сарайға Жәбір-Шәйбам.
Қорлады-ау деп тыс таптап, іш басынып,
Қуып шықпақ еді бұл түс қашырып;
Жәбір-Шәйбам көзіне іліккенде,
Сұс жасырып, жым болды, мыс басылып!
Тінтіп Шәйбам шыныкөз жанарымен,
Айдап пірді жіберді қабағымен.
Байпаң қағып жөнелді Исқақ қожа,
Баратқандай сырғанап табанымен.
Пір кеткесін оралды хан қасына,
Сәп сап қарап қайғының таңбасына.
Назар тігед оқшау бір аянышпен
Ханның мынау алтынды ордасына.
– Неғып отсың жер болып, жігерің құм?
Қысқарды ма өрісі шідеріңнің?
Ақсыңды алып қазақтың,
естіп келдім
Құлағанын ақырғы тірегіңнің.
Төнді білем шын қатер Астанаңа?! –
Тап болар күн жуықта масқараға!
Жынын шашып күркіреп Есім келсе,
Баспанаға зарсың ғой, қасқа бала! –
----------------------------
Ерсал айлау* – жолдау.
Қарқ-қарқ күлді содан соң Жәбір-Шәйбам,
Жөн үйреткен ағадай жас балаға.
Сарай тар ма, білмейді түрме тар ма? –
Ұшырады хан бүгін кіл қаһарға.
Жәбір-Шәйбам пәтуа бермесе егер,
Сайланбайды бұл елде – пір де, хан да!
Ханды біраз жер қылып таптап алып,
Жәбір-Шәйбам отырды таққа барып.
– Қазір қуып жіберсем сыртқа сені,
Қашпайсың ба Есімге, боқтап алып?
Келем деме, бірақ сен есен-аман
Пірің құсап – артыңды боққа малып...
Жә! Өзіңе боғың да!! Тақ та саған!!! Жол таппайды тар жерде саппас адам. Сен саппасты хан қылған менде мый жоқ, Сендей құлға қор болған – Ақ босағам!..
Ашығына көшейік әңгіменің,
Жаралдың ғой сорыма мәңгі менің.
Жанды жерің қайда, айтшы, менде ме, әлде
Байланған ба таққа ана – жанды жерің?!
Жаушы жібер Қытайға түнде бүгін,
Қалмақтардың қозғасын іргелігін.
Қалмақ жаққа Есім хан аттанғанда,
Түркістанға Тұрсын хан кірмек ұрын.
Ұрын емес,
кіреді күн ашықта,
Есім жүрсін Алтайда – ылашықта.
Азып-тозып қалмақтан аман қайтса,
Тұрсын шықсын!
Алдынан, сірә, шықпа!
Бүлдіресің сен шықсаң, көрінсе Есім,
Бұтыңдағы тайғанап ыза-шыққа!..
Есім десе, Тұрсынның жыны бар сұм,
Бар билікті, мен десе, бүгін алсын!
Көптен қаны қатып жүр хан тағына,
Иесі жоқта қонжиып мініп алсын.
Жұлып алсын тәж-тағын бауырының,
Қойсын өртін –
жыланның іні жансын!
Баққұмар жан пайдалы біздер үшін,
Ал, әйтпесе, бірі өліп, бірі қалсын!..
Тірі жансың!
Ұмытпа!
Біздің ханның
Кірсін енді ажары, қыбы қансын!
Кешіріңіз, хан ием, міннен ада,
Мен де кейде боп кетем мүлде бала...
Екі бөрі жатқанда жарғыласып,
Ілінеміз, иншалла, бір қараға!..
...Кетті ханның кенеттен төрі кеңіп,
Шәйбам жаққа қарайды еміреніп.
Тебіреніп көз салды терезеден,
Жүрек жағын кемірген жегі кеміп.
Күн тұр көкте патшаны сүйіп беттен,
Мейірленіп бар нұры иіп кеткен.
Сан мұнара самғайды көкке қарай
Бұқараның аспанын биіктеткен...
3.Түркістан шаһары.
Есім хан ордасы
...Түркістанның қылау жоқ аспанында,
Нұрға балқып жатқандай тас та, құм да.
Әзірет Сұлтан күмбезін күңіренткен
Жамағат бар –
мүршиті қастарында.
Бозторғай құс шырлайды мігір таппай
Көктеменің бүр жарған жас талында.
Жаратқанға таң атпай мадақ айтқан
Құс ұмытқан секілді бас қамын да.
Бас жағыңда көгершін:
«Алла-һу-лап!»
Түсірердей бір сәуле тас-танымға.
...Есім отыр ордада елегізіп,
Балды қымыз жұтады аш қарынға.
Көптен жүрген бір ой бар тыншын алып,
Бақ та, сор да заман ғой қас-қағымда.
Шүкір, Моғол бас ұрды, Мәуреннахыр,
Бұқар басы көпшірмен* дау боп жатыр.
Шалыш, Тұрфан –
айналып базарына,
Үндістаннан керуен сау келді ақыр.
Дегенменен, жимаса етек-жеңін,
Өтпесіне кім кепіл дәурен ғафыл?!.
Қатаған – бүк.
Алшы тұр Ойрат жағы,
Қанды қара қылышын қайрап тағы.
Бекер болды, –
қалмақты бағынды деп,
Сарыарқасын қазақтың жайлатқаны.
Керіп кетті Арқаны өскен түлік,
Қозғалатын толқындай төстен тұнып.
«Отқа айдасаң есекті – боққа қашар»,
Артық емес дінсіз жұрт местен тұлып.
Исламға кіргізем деп жүргенде,
Шах-Мұхаммет сұлтанды көшті өлтіріп.
Жолы ылаңнан кетпеді-ау,
қолы – қаннан,
Көкіректе кетті өліп не бір арман.
Шідертіден шығына қашқан жауды
Қуып жетіп, ағаның кегін алған.
«Мінгені Есім ханның Алабел-ді,
Бойында Шідертінің қара көрді.
Көрінген сол қараны «Кертағы» деп,
Аттарын шідер салып, қала берді».
Сол күндерден осы бір өлең қалған,
Қалдырды артқа шындығын ел аңғарған.
Шүршіт жолын қалмақпен бөгемек ед,
Оның бәрі –
шерлі сыр, шеменді арман...
Түстік жақтың іргесі бүтінделсе,
Жәукемдер ед қалмақты ұтыр келсе.
---------------------------
Көпшір* – хан салығы.
Қалай да ойрат тыныш боп тұру керек,
Бұқарменен шаруасын бітіргенше.
Өрттің алдын алмасаң күнілгері,
Орысиет гүрлеп тұр бүгіндері.
Ту-талақай қылмақ бұл ақырдемде
Қамалдарды Еділ мен Сібірдегі.
Қиын боп тұр бүйірден Қатаған-сұм,
Амалың жоқ –
тамырдан матағансын.
Күні туса – асқардай жан асырмас,
Жайшылықта жымпиған жатаған шың.
Имамқұлы кәззапқа құрық берген
Туыс болмай Тұрсын хан,
қата қалсын!
Бұл – қалмақпен жатқанда қидаласып,
Сартпен бірге ел шапқан топалаңсың!
Керей, Жәнібек бабалар – алтын-көрік! –
Зәузатына бермепті парқын бөліп.
Атасының атымен ат оздырып,
Нәйісімен солардың даңқын көміп
Жүрген Тұрсын, –
бас иіп: «бауырым» деп,
Қылыш үсті құтылды Антын беріп.
Адырнаның қос басы тең шіреніп,
Тұрған шақ бұл – Бақ пен Сор қоңсы қонып.
Қырық рудан таңдап ап қырық жігіт,
Жаулы кеткен қалмаққа елші болып.
Сол елшілер кешіккен сайын, ханға
«Хауф-рижа»* бергендей енші бөліп.
Басына алтын айдарлы күллә киіп,
Еңкіп, ергек көйлекті тұлғаны иіп,
Ырым қылып ертеңгі істің жайын,
Отыр Есім дабылға тіллә иіріп.
Тыныштықтың ішегін шертіп қалып,
Естіледі емескі ентік талып.
Жар бола гөр, Жасаған! –
Дабылға кеп
---------------------------------------------------
Хауф-рижа* – қауіп пен үміт. Мүміннің хәлі.
Омпы тұрып қалды асық толқып барып.
Тұрды қарғып, деді де: «Берді Құдай!..» –
Бұлт жайқаған мүйізі кер бұғыдай...
Кіріп келді сол сәтте Тарғушы бек*:
– Қалмаққа елші жіберме енді былай!..
Кешір, Ием, болды ма мұным ерсі?.. –
Айдап салып ар жақтан ұлы көрші;
Қара-Құла қонтайшы отқа үйтіпті,
Опат бопты –
Жаулы мен қырық елші!
Сәтке ғана тұрды хан аң-таң қалып,
Алқымынан ыстық бір арқан қарып.
Әжептарқы дауысы,
өң қабаржып,
Іштен ұлып үн шықты жарқауланып.
Бойын ілез хан қайта жинап алды,
Сол баяғы дарқан жүз, салқам қалып.
– Қара-Құла бастады жаман ырым,
Елшіге өлім кеспеген Баба бұрын.
Дінсіздігін тағы да қылған екен,
Қалмағына сенген ғой қарақұрым.
Қара-Құла ойраттың тұрғысы еді,
Қырық рудың қарғысы ұрды сені!
Елшіге өлім кескенге қандай жаза
Қолданарын үйреткен –
Шыңғыс еді!
Ұшырайды ұзамай апатқа ордаң,
Елші өлтіріп ел бар ма атақ қонған?
Ұмыттың-ау,
елшіге қастық қылып,
Қаразымның Дәулетін –
опат болған?!
Қара-Құла бұл жолы бос қағынды,
Батырамын қаныңа қос қолымды.
Тас тағыңды төбеңе төңкерем де,
Қабыстырам –
-----------------
Тарғушы бек* – шенділер дауын шешетін қазы һәм мөр сақтаушы бек.
Алтай мен аспаныңды!..
Қалмақ біздің көрген жау! –
Ештеңе емес! –
Бұзып кетті демесең жоспалымды.
Аттанамыз!
Бұл бұлғақ бүгін емес! –
Оянып – кек, аттансақ, тіріледі – ес.
Жар шаш барлық Дәулетке,
жетсін бәрі,
Сәрсенбіде өтеді – Ұлы Кеңес.
Баталасып Әзірет дүрбесінде,
Жүргіземіз Алтайдың түбіне көш!..
4.Ойрат қонысы.
Қара-Құла қонтайшы қосыны
...Қаптай қонып Алтайдың балағына,
Ойрат жатыр жабысқан жарағына.
Орда тігіп Шарыштың жағасына,
Жасанып тұр қонтайшы Қара-Құла.
Осы жерде – дүрбіт те, торғауыт та,
Ұраңхай да, хошауыт, оймауыт та.
Хойыт, зақшын, білеуіт, қалқа, шорас
Күрен түзіп, айналған сайдауытқа.
Ойрат та жұрт жалпыға ерлігі әңгі,
Бітіспестей қазақпен енді мәңгі –
Қара бұлан терісін етік қылып,
Көлік қылып мінген ел кер құланды.
Озатын ел қашса – өрттен, қуса – желден,
Қыран баптап – қанатын туша керген;
Суша желген – жылжыса жазықпенен,
Құлан құсап торлаусыз жусап-өрген.
Шарыш өзен березе – түймедегі,
Бір жағында қалмақтың Ине көлі.
Қонтайшының жоңғары* – Байбағыс та,
Барұңғары* – атақты Шине-Бөрі.
-----------------------
Жоңғар* – сол қол.
Барұңғар* – оң қол.
Қара-Құла – бір мін жоқ тұлғасында,
Барұңғар мен жоңғары жүр қасында.
Қайткенмен де ада емес қобалжудан,
Абыржу бар аздаған бұл қосында.
Барұңғар да, жоңғар да – сай қаһарлы,
Жорықтарда жүргендер қайда қанды.
Осы жолы қойып жүр сыр алдырып:
«Ояттық-ау бекер, – деп, – айдаһарды...»
Бағынбаған Құдайға еркін халық
Семсеріне келеді сертін жанып.
Енді, міне, болғандай тілегені,
Жау келіп тұр іргеге –
жер тұлданып.
Ер Есім тұр іргеде күркіреген,
Бойы Алтайдың таласқан бұлтыменен...
Ел тағдырын болжамақ Орда бүгін,
Қара орын ед ежелден жын түнеген.
Білу үшін бұйырмыс сыбағасын,
Қонтайшы отыр жиып бар ғұламасын:
Кикан шаған, киску мен унзот, кишл,
Бұрхан, манжы, кура мен ламасын*.
«Я, бұрхан бахчи-леп», мал өлтіріп,
Кейін азық қылатын тығады асын.
«Сыбағасын» қазақтың бермек бәрі,
Атын елеп қонтайшы сұрағасын.
«Атас-Пірас»* киесі –
Ылат-Манат*
Орда үстінде жайып тұр жылап қанат.
Оттан қарғып жәдігөй-елбі кемпір,
Шыңғырады дауыспен құлаққа жат!
Салған сардан* өтеді биі де әрмән, Отқа таптап тәнінің иі қанған. Сәкәкүлі сайтандай сықылықтап, ----------------- Кикан шаған, киску, унзот, кишл, бұрхан, манжы, кура, лама* – қалмақ діндарлары. Атас-Пірас* – қазақтардың дінсіз жауына қойған аты. Ылат-Манат* – киесі. Сар* – бақсылар сарыны.
Қара түлкі қармалжық киіп алған.
Бітіргендей кіл бақсы шыраққа жан,
Мың қарғиды отынан бір аттаған.
Лама отыр бақырып:
«...уам мани
Батбах... хойур ғурбун да... шрах-таған!»
Шайтан – оны, ол – жынды дүрелеген,
Діңкелеген, шаршаған, сілелеген
Барлық бақсы жиылып,
қонтайшының
Алдында отыр қалпында жүрелеген.
Кетіпті-міс киелер аян беріп,
Айтылыпты ертеңгі іс баян болып.
Қашады-мыс бытырап келген қазақ,
Алдындағы бөрінің қоян делік!..
Соғыс сөйтіп жеңіспен аяқталар,
Қазақ бетін қанымен бояп бағар.
Өз қолымен Есімнің қанын ішіп,
Қара-Құла қонтайшы тоят табар!
Аузыменен жеңгізіп қалмақтарды,
Кетті барлық бақсылар зарлап бәңгі.
Бірін-бірі өлердей қостағасын,
Қара-Құла мардиып, марлаттанды.
Қарсы тұрар, әрине, аянға кім?! –
Баяндадым, мен-дағы аянбадым.
...Беріп жатты ақырғы бұйрықтарын
Жиып алып қонтайшы нояндарын...
5.Ойрат-Қазақ сүлесі
Миләди 1627, хижраның 1036 – қоян жылы.
Жазға салым.
...«Барсаң сәлем айта бар – Айсанғызға*,
Құласұрдан дәмем бар тайсам мұзға!..» –
Жиембеттің арманын көкке әкетті,
---------------
Айсанғыз* – Жиембет жыраудың бәйбішесі.
Жаңғырған үн соғылып қайсар құзға.
Боздады-ай бір Жиембет кәрі нарша,
Даусын жұтып беткейде қалың арша.
Өр Алтайды көргенде
Қазақ ұлы
Қалай үнсіз қалады, – жаны болса?!
Алтын бесік ата-жұрт Алтай мынау,
Сені аңсаумен көкірек қартайдым-ау.
Бұлғанғанда сенің бұлт-орамалың
Жетем қылып көн етік, шарқайды ылау.
Жаратқанға көрмеген сәжде қылып,
Тұрып сиіп төбеңнен талтайды жау.
Ай туғанда – бөрі боп ұлып көріп,
Бұлт болып еңіреп тарқаймын-ау!..
Жан дертіме, Өр Алтай, сен керегіп,
Жетер едім өзіңе делбе болып.
Көшіп өтіп жатасың көзім жұмсам,
Өтпелі бір дәурендей дөңгеленіп.
Қойыныңа түседі сыңғыр етіп
Аққан жұлдыз –
алтын бір теңге болып.
Аққайың жүр қарағай жетегінде,
Шыққан қыздай сейілге жеңгеге еріп.
Төрге қонып гауһар-Ай отырады,
Қызға көрік еншілеп, ерге – желік.
Шерге көміп шанағы қобыз-көлдің,
Зыңыранған шығады үн перне керіп.
Шыңырауқұс сыңсиды шыр айналып,
Боз мойынды сұр үйрек көлге қонып.
Құрқылтай да, күйкентай, сақалтай да,
Сұрқылтай да, тұрымтай, жағалтай да,
Тауқұдірет, бидайық – құс төресі,
Кезқұйрық та, әрине, бар Алтайда.
Жарасады қандай құс жазғы қырға? –
Сұңқылдайды торыала қаз зытымда.
Жайқалады көгерген көксынулар,
Көгалсынға қонақтап тәждітырна.
Құзға қонған хабар ал қарқарадан,
«Қауырсынын қарқара сан тараған».
Күміспенен шеңбері күмбезделген
Арқалаған шаңырақ арқар әмән.
Тарқамаған Алтайда бір той бар-ау,
Ақша бұлты мойынын алқалаған.
Алқасы бар ақ бұлттан ана шыңға
Арзу болып арманда қаласың да!
Панасында саялап күдір, құну,
Бұтақ мүйіз бұғы жүр саласында.
Тау ешкісі бақырып беткейге өріп,
Аюлары ақырып кетпей ме еріп?..
Кетпей қонып жататын күн болар ма,
Бұланы мен құланы шекпей жорық?! –
Балаусалы сайына ордам орнап,
Бетегелі беліне беттей қонып.
Ордаларым орнаған төскейінде
Қалды дәурен, қайтейін, көш кейінде...
Кәпір қалмақ Алтайды жатыр жалмап,
«Өш!» – дейін бе, не дейін, –
«Көш!» – дейін бе?!
Жасы кетіп барады жанарымның
Нар-таулардың бөктерген мескейінде...
Қойыныңа соңынан кіріп орыс,
Өліге сұс көрсетті, тіріге – күш.
Бүріне құс ұялар, діңіне кіс,
Табылар ма өзіңдей ұлы қоныс?!
Шертті күнім жеткенше сен жата тұр,
Түні – бейіш мекенім, күні – кеніш...
...Қос арыстап кідірді қазақ қолы,
Тап болғандай жәннатқа ғажап толы.
Мазақ төлі Алтайдың – қайда қалмақ? –
Келді Ер Қазақ –
Өр Алтай азаткері!
Жәннат көгі сықылды мына қоныс
Сәлден кейін болады тозақ төрі!
Бақ бұйырды – алда тұр аңсаған бел,
Сап тыйылды сарнаумен шаршаған жел.
Қамсыз ел ме ед қалмақ та,
алдан шықты
Самырсындай сап түзеп самсаған қол.
Кетті дала құрттаған қиға айналып,
Кезқұйрықтар төбеден шүйді айналып.
Сыймайды анық ойраттар көкжиекке,
Шымырлап тұр қазандай – мыйдай жазық.
Зыңылдап тұр жүйке-жіп! –
Сәл шыдасаң,
Қазақ-қалмақ қалардай ши байланып.
Бақсы болжап,
жеңерін пұт та нұсқап,
Қалмақтар тұр – беред деп құт қоныс бақ.
…Жаудың сырын білмекті Есім кеше
Сардарларға қойған-ды нық табыстап. –
Жетпіс мың қол дайын-дүр өлісуге,
«Тіл» шын айтса, әкелген тұтғақ* ұстап.
Қалмақтардың Алтай тұр арт жағында,
Ұзынайрық су жатыр қапталында.
Бел байлаған – өліспей-беріспеуге
Соңғы кержү* қалғанша сақпанында.
Шақ таянды қан кешер үзеңгіден,
Жаннан үміт қос жақ та үзер білем.
Күпсерменен* жізек-топ* судан өтті,
Кежеуіл* де айналды күзергіден*.
«Тілдің» айтқан дерегін ырастауда,
Бөлініпті жетіге түзем кілең.
...Дүрілдеп тұр, хан ием, туың мүлдем,
Сен – қарқуар*, айдыннан қуымды ілген...
Шалқақтайды Ер Есім қол алдында,
Тақымына алабел суын мінген.
Дидарында ойнайды нұр-шұғыла,
Жарқ-жұрқ етіп шекеде шырпы-күлә.
Күлдірлейді бексауыт береңгілі,
Ашұқ киген басына – қырпы жыға.
-----------------------------------------
Тұтғақ* – жаудан «тіл» әкелушілер.
Кержү* – сақпан тас.
Күпсер* – ағын судан өту үшін пайдаланатын үрмелі торсық.
Жізек-топ* – шолғыншы жасақ.
Кежеуіл* – шолғыншы әскер.
Күзергі* – өткел.
Қарқуар* – теңіз бүркіті.
Оқшаулана береді торысақ та,
Жатқақ*, жандар* қорып тұр оны шаққа.
Алтын тұрман салыпты, көннен – құяр*
Садақ-сирақ, күпшек-сан тобышаққа...
Адырнадай керіліп мезе-қасы,
Кетті Есімнің қиялы кезең асып.
Жақсы нышан танытып тұр Алтайдың
Ту байлаған ақ бұлттан еже басы.
Естен шыққан алдағы ну-қасірет,
Күркілдейді үлектей шудасы жоқ...
Орда бидің* алдына жетті еппенен
Айдынала ту ұстап Туғашы бек.
Түсті құлап боз бие ыршып барып,
Сапарға – құт садақа, қырсыққа – жұт.
Сілтеп қалды хан кенет (бауыздау-белгі)
Байрағдардың* қолынан бұншықты* алып.
Ыршып тамып қан жұқты ала туға,
Жел ду етті,
сәл ғана тыншып қалып.
Хан тістеді жалынан боз биенің,
Сыпыраның* ішіне қылшық малып.
Гу еткен жел енді сәл сумаңдасын,
Таушымылдық уілдеп, уқорғасын.
Барлығы да жақсы ырым, хан көріп тұр,
Орда би кеп баппенен ту қандасын!
Жел соққанда,
біткендей гүлге қанат
Қол шапақтап талпынды күнге қарап.
Бата тілеп Ер Есім содан кейін
Қолын жайды Ақ Сейіт пірге қарап.
Құран оқып Ақ Сейіт күңіренсін, Осы дауыс Алтайдың түбіне енсін! ------------------------------------------- Жатқақ*, жандар* – хан сақшылары. Құяр* – аттың сауыты. Орда би* – Шыңғыс хан заманынан бар, хан мен пірден кейінгі билік иесі. Байрағдар* – хан байрағын ұстаушы. Бұншық* – ат тұяғы мен жалынан жасалған хан құралы. Сыпыра* – ешкі терісінен жасалған, сусынды салқын қалпында сақтайтын ыдыс.
«Тәбәрәк» пен «Ясин» жетті өліге,
Енді әруақтың құлаққа үні келсін!
Жыны келсін кәпірдің естігенде,
Тебірен, тау!
Жыла, көл!!
Шімірен, шың!!!
«Жан шыдаса – ер шыдап»,
ақ шейіт боп,
Ту түбінде Ақ Сейіт тұрып өлсін!
Көріне енсін – сүймесе Құдай сөзін,
Жат дуалап ішінен іріген сұм!
Қосын туы болады Пір қолында,
Жыға алмайды жын, зілі – кімі келсін!
Қолға алды енді билікті арқалы Пір,
Дей алмаймын Пір жүгін тартады піл...
Басын ұрып алға-артқа, оңға-солға,
Бастады Пір сәлден соң «Алқа зікір*!»
Хақтың Нұрын жүрек пен жанға шайған
Қолдамасын қазақты Алла, қайдан?! –
Алтай шыңы еңірей тебіренді,
Жер тербенген –
«Алла-һу*»,
«Алла-һай*-дан»!
Үрейі ұша тыңдауда мұндар қалмақ,
Жүректерін кеткендей мұң-зар қарнап.
Қарағайлар бүгіліп қиямда тұр,
Қазақ үнін әкетті шыңдар жалғап.
Шыңдар даусын жаңғыртты бүкіл аспан,
Тау түндігін жел айтты түтіп ашқан.
Қалмақ біткен қамыстай қалтырады,
Жаннан – шайтан,
бойынан құты қашқан!..
Бұлбұл біткен үн қосты бақтарынан,
Көк кептер де қалды арнап Хаққа бір ән.
Жадқа құран оқыды хафиз-шынар,
Самырсынның самсаған саптарынан.
--------------
Алқа зікір* – жамағатпен салынатын жария зікір түрі.
АЛЛА-ҺУ* – ОЛ (БІР) АЛЛА;
АЛЛА-ҺАЙ* – АЛЛА МӘҢГІ ТІРІ деген Тәңірінің сипаттары.
Құрбақа да ырғыды батпағынан,
Тасбақа да жылжыды соқпағынан.
Жылан ғана тығылды тас астына,
Құзғын ғана бұл Жырдан таппады мән.
Қақта құлан кісінеп үнін қосты,
Жырын қосты сонау шың жақта қыран.
Көкке ұлыды тіленіп көк бөрі қан,
Дүр сілкінді бүйірі тоқ қабылан...
Кірпіктерін гүлдердің шыққа малып,
Шықты, ал ағып бұлақтар көп қобыдан...
Кек қарыған жүздерін кілең сарбаз
Құлай жаздап тұр қазір аттарынан.
Бетпағы заң ырқынан босап сәтке –
Таптағы би,
аттағы ер,
тақтағы хан!..
Есім еді пендеге мұң шақпаған,
Қорқып жылап тұр деп пе ең бұл соқтадан! –
Төңірегін алғандай құрсап боран,
Әлде жалын шалғандай тұмшап ғалам,
Бір Алладан басқаның бәрі безіп,
Жанын езіп – қоймасы нұр сақтаған;
«Илл-Алла-лап!» Есім тұр қол алдында,
Жұлдыздай жас жанардан бұршақтаған!
Көздерінен тамшылап мөр-қорғасын,
Көтерді енді сарбаздар зордан басын.
Бата берді Ақ Сейіт,
Зікірден соң
Пайғамбарға салауат жолданғасын!
Тамсанғанда барыс-бел, алыс бөктер,
Ыңыранды қапталда Шарыш, көк көл...
Сарбаздарды соғысқа сайлап жатыр
Қолбасылар, Жұртшы бек*, Шабұш бектер*.
Кенет керней шығарды ұлыған үн, Қосылды оған шың*, кепшік*, бұғықарын*. Дауылпаз тұр набатқа* үнін қосып, Сәкәкүлі селкілдеп дұдығаның*! ----------------- Жұртшы бек* – әскердің орналасу, қозғалуын басқаратын бек. Шабұш бек* – сапты түзеуші, тәртіп қадағалаушы бек. Шың, кепшік, бұғықарын, набат, дұдыға* – үн, сарын шалатын аспаптар.
Хан байқап тұр бәрін де таса қылмай,
Үшкүл түзем түзуге жасақ ыңғай.
Масағындай, мысалы, жебе десең,
Найза десең, қобылы башағындай*.
«Қадалармын кеудеңе бүгін, қалмақ,
Ант бұзғанды қойып па ед – қасам ұрмай?!»
Ханның қазір осындай ой-шамасы,
Қан боп ақпақ Алтайдың сай-саласы.
Көп ішінен айриып көзге ұрады,
Көп жұлдыздың ішінде Айша басы.
Майменесі – Жиембет дүлдүл еді,
Бұлбұл еді Марғасқа – майсарасы.
Кей серігін өтейік сүгіреттеп,
Осал деп ең қазақтың қайсы ағасы?!
Күйттемеген тірлікте бас қамы деп,
Қан жауса да жүздерін жасқары жоқ.
Өскен кілең тағыдай өрде жортып,
Бөрі сынды азуын тасқа білеп.
Сал бұғыны таудағы таңдап атқан,
Бетін бұрмас кіл жебе – жанған оттан.
Қайқы қара қан жұқпас болат құсап
Шығады ойнап қырғыннан қанға батқан...
Оқығандар хабардар көне жырдан,
Қара басы ханы үшін неге құрбан? –
Жерге – кие,
елінің иесі олар:
Қожа – сағым деген бар, төре – нұрдан!
Олжасы кем жері жоқ, есе – төмен,
Осында тұр нұр-текті неше төрең.
Шыңғысханнан тараған алтын шынжыр,
Соңғы жағы – Қасым мен Өсекеден.
Айбар жасыр жері жоқ, есе – бұғар,
Жастығы мұз жандар ед, төсегі – қар.
Тәуекелдің тоғызы, Келім сұлтан,
Ұзын оқты Онданның Көшегі бар.
------------------------------------
Башақ* – найзаның болат ұшы.
Адырнасын арқардай аңыратқан,
Шыңдағы ұшқан құсты атқан шаңырақтан –
Үйсіндегі Сүлеймен, қырғыз Тиес,
Алатау бар әруақты – Қоңыраттан!
Атқа – заты, өзі сай құралына,
Шауып өлген алаштың ұранына,
Қалмақ бүгін тап келді қазақ-жаудың
Шүйделі аяқ, көк шегір қыранына.
Ошыбай мен Жаубасар осы жолы
Айналады елінің ұранына!
Жақынға айдын қашаннан, жатқа да айбар,
Бар олжасын Хақ пенен таққа байлар,
«Найзасының ұшына жау мінгізген»
Наймандағы қандай-дүр Қаптағай нар?!
Тағы қыран Тобықты – алмасы зәр, –
Қожаберген, Сарыдай қолбасы бар.
Садырынан Найманның – Құдайберді,
Қаракесек-Арғыннан Олжашы бар.
Қаракесек Бошанның қалыңынан
Ер Байбөрі –
шыңдағы ол да шынар.
Төрт батырдың сұсы бар бір басында,
Қырық түрлі шарғы бар шырғасында –
Ер Жалаңтөс – Алшынның ұлыс бегі,
Жолбарыстай Жолымбет тұр қасында.
Садақкерлер, қылышкер, найзагерлер
Жауға басқан таңбасын тайға мөрлер.
Байұлының бектері Ақымбет бар,
Қалқаман мен Шоландай қайран ерлер.
Жаудан жүзін көрмеген бұрып кері,
Тақымында жүретін түрікпені –
Кілең-бұздай кілшейіп міз бақпайды
Жебе-таңба Адайдың жігіттері.
«Белгілі ерден Бегей бар» – кәрі шынар,
«Көкнайзалы Табынай» арысы бар.
Сәдуақас сақыдай Аталық пен
Жез айырлы Жаулының Жарысы бар.
Жақсылыққа қашаннан жаршы-жырым,
Ерлер даңқын даспанға жайшы бүгін.
Бұл ерлерді білген жоқ Еділ*, Сайын*,
Қоңсы Қырым көрген жоқ, байсын Ұрым.
Шығу бәрін адақтап мүмкін емес,
Тауысарсың мадақтап қайсы бірін?!
Қанағат қып, оқырман, осыны да,
Үңілейік Бабаның жосынына.
Адырнадан зу етер жебе құсап
Тұрған мына назар сал қосыныңа.
Қимылы таң Есімнің, ісі де ерек,
Ақыл сала бермейді кісіге көп.
Істеп жүрген дұшпанға бұл да қыры,
Әр түменде тұғзақтың* түсі бөлек.
Тұмар мойын тобышақ пырылдаған,
Тізгін сүзіп орынсыз ұрынбаған.
Тарпаң менен құланды будан қылып
Жасап кеткен пырақтың түрін Бабаң.
Айға қарап енесі буаз болып,
Күнге қарап келесі құлындаған.
Құдай қолдап Сейісті,
әруақ – алқап,
Араласқан жері бар суынға қан.
Зуылдаған үрейдей –
дұшпаныңның
Жүрегінің тұсынан суылдаған!..
Бір түменде –
тел шұбар шың қармаған,
Бір түменде –
шаңқан көк кір қонбаған.
Жез тұяқты жиренше – бір түменде,
Күміс тұяқ күреңше тіл жалмаған.
Қой мойынды құла бар мінген қаған*,
Ай мойынды ала бар – жыннан жаман!
Тобылғы мең торыға сын болмаған,
Туған түлік аяннан Пір қолдаған!
------------------
Еділ* – Аттила.
Сайын* – Батыр (Бату) хан.
Тұғзақ* – ханның соғыс алдында сарбаздарына мінгізетін өз аттары.
Қаған* – Шыңғыс хан.
Жарасады бәрі де ерге – мінген,
Қанаты мен құйрығы теңгерілген.
Қыннан алып зың етер селебедей,
Шыңға барып шың етер – кер керілген.
Сермеуіңнен қалдырмас семсер сынды,
Тұяғымен тасты ұнтап, жер кемірген.
Осыларға мінген кіл абадан бар,
Шоқтықтары шоқыға бара-бар нар.
Торғауытты* нояндар, бектерлі* бек,
Бөктергілеп аймауыт* Аба қамдар.
Батыр, баса бөктерген баданаңды ал,
Қазір кешіп өтетін қара қан бар.
Жалаңқатты* жас жігіт болады аңғал,
Қаттау* киген жөн сұра ағадан, бар!
Қызыл талға қынаған қызыл алмас –
Қия тартып жіберсең,
ізі қалмас.
Жанабынан жан шығып кетпей тұрып,
Сағағынан алшадай үзілер бас.
Сүйек қапқан ақ семсер –
шарайнаны*
Еттей турап кетуден жүзі жанбас!
Сары ырғай-шер қос басын иді неге? –
Қыран жемін көрмесе шүйліге ме?! –
Танып тұр ол құрбанын, сырлап салған
Қанды ауыздан сайланған сыйлы жебе.
Ексімімен баураған мәңгі мені Ойда жүрген бұл да бір әңгіме еді. Қол біледі ұстаған бұл қаруды, Қылып өткен тән-қамсау жан біледі. Қозыжауырын көкжендет* қылшанда тұр, Көбебұзар*, қасалы*, әндігені*. Он екі тұтам*, шай жібек*, ала білек* Тұр, қалмақтың қайда деп жанды жері! Бедеріңді бейнелеп бере алмасам, Күшіген жүн сайгез оқ*, аңды мені! ------------------------------------------------------------------- Торғауыт, бектер, аймауыт, жалаңқат, қаттау, шарайна* – сауыт түрлері. Қозыжауырын көк жендет, көбебұзар, қасалы, әндіген, он екі тұтам, шай жібек, ала білек, күшіген жүн сайгез оқ* – жебе түрлері.
Жанға қамсау Бабамыз құрал алған,
Өлтірмейтін, өлмейтін мұра қалған.
Сұрап алған әркімнен сөзім емес,
Кежім емес көр-жерден құрап алған.
Осы оқтардың барлығын Бай-Өлкеде
Өз көзіммен көргенмін Сұрағаннан*!
Бәрін тізу – артық жүк бір ақынға,
Емес және ол ең басты мұратым да.
Мүдіргенім емес дүр – кідіргенім,
Келмеп еді тез кіргім сұрапылға!
Атқан жебе қайтпайды кірісіне,
Шегінерге тағдыр жоқ,
шығатынға.
Қыратында таулардың қалмады орын
Мейірімге!
Ақылға!!
Рақымға!!!
Қолатында Алтайдың өткен іс бұл,
Болған іс бұл қалмақтың ылатында...
Бір-біріне қозғалды қол сүмеліп...
Түсер екен қай асық алшы болып?..
Пенделердің қылығын ерсі көріп,
Шың басынан қарайды паңсып елік.
Қоңсы қонып көк тасқа бедірейген,
Таңданады күн салып тал шіреніп.
Жұтып тынбай бір-бірін тоқтамайтын
Екі топан –
кетердей жаншып, обып.
Екі жақты –
соғыстың заңыменен
Жекпе-жекке шақырды жаршы желіп.
...Пір біледі, содан соң хан біледі,
Сұм жұлдызға* ойрат тұр қарсы келіп...
Кімге де айбат бергені, кімге – қайрат, Қалмақ – гу-гу, туына сүлде байлап. Ат ойнатып майданға шауып шықты, Құлан жалды құлаға мінген ойрат. ------------------------------------------------- Сұраған* Рахметұлы – Бай-Өлкелік ақын. Сұм жұлдыз* – он күнде айналып туатын жұлдыз. Ол жұлдызға қарсы жүрген ер адам жаманшылыққа ұшырайды.
Қағындыдан қарғыстың тисін де оғы,
Көре алмаған дұшпанның күйсін көгі! –
Не де болса, отырмын осы жолы
Ерлерімнің ісіне сүйсінгелі. –
Ханнан – алқау, алған соң Пірден бата,
Ер Сүлеймен жөнелді Үйсіндегі.
Жол – қашанда Алаштың үлкеніне,
Тілмен қолда, ішіңнен түйсін де оны.
Арыстандай астына тарпа бүктер
Сүлейменнің мінгені алпауыт кер. –
Еңіреген қалмаққа өлім тілеп,
Адырнадай шіреніп тарталық, кел!
Айта жүрер әңгіме келешекте,
Айдынды еді Сүлеймен не десек те.
Сүлейменнің жанында –
құлалы ойрат
Мінген жандай боп қалды кер есекке.
Әдісшілін! –
Қапелде орап шапты, ал,
Өрелесті – жеткенде кер ат қаптал!
Шөке түсіп қалды ойрат ат-матымен,
Тас төбеден ұрғанда шомақ шоқпар*!
Сүлейменді –
қазаққа қосқан бақты
Неше ғасыр біздің ел еске алмапты...
Осыдан соң бес ірет майдан беріп,
Жер тістетті қайран ер бес қалмақты!
Алтыншыда... түсті ауып батыр аттан,
Жебесінен жоңғардың қапыда атқан.
Өз қанымен үлгерді ол дәрет алып,
Шейіттіктің шарты сол!
Ниеті – Хақтан!
Солай өлу ерлердің арманы екен,
Пірлер айтса, –
үлгі алған жеті баптан.
Шатынатқан қайғы еді не де болса,
Қабырғасын қазақтың қақыратқан...
--------------------------------------
Шомақ шоқпар* – темір шоқпар.
Ер Алатау шықты енді майданға ойнап,
Арттан шығып найзасы сайған бойда-ақ.
Алатауға бір қайрат қыла алмады,
Тайғандай бақ басынан ойранды ойрат.
Деген бар деп «ер кезек үшке» дейін,
Жекпе-жектер болды ермек түске дейін.
Үшінші боп ортаға Жары шықты,
Шықты-дағы істеді іштегі ойын.
Нояндарға ат басын арнап бұрып,
Жекпе-жекке шақырад, сарнап тұрып.
«Кегін алдым Атаның!» – дей береді,
Жеті жоңғар батырын жер қаптырып!
Шаңдақ қылып барады жүрген жерін,
Кірген жерін... сайгез оқ қарнап кіріп.
Шаңбақ қылып бірінің басын шапты,
Ақ бұлттай әруағы торлап тұрып!
Жалғаны жоқ сөз еді, ерсісі жоқ,
Шалдар айтад:
«Басыпты Ер сұсы!» – деп.
Шаңбақ-басты байлапты қанжығаға:
«Елші өлтірген қалмақтың еншісі!» – деп...
Біткен істе мін бар ма – Ар алғасын?! –
Қанды сүңгі жауына қадалғасын.
Бұдан әрі Жарыны мақтай алман,
Кіндігінен сол шалдың жаралғасын!
Болғаны осы! –
Оң десін, теріс десін,
Мейлі мошқап бәз біреу келіспесін!
Тең ішкесін –
Бабамды жасыра алман,
Бал мен уын Есімнің бөліскесін.
Қоныстасын қумаған жан болыпты,
Құдайындай сыйлаған өрістесін! –
Айбалтасын булатқан алтынменен,
Көп үстінен шулатқан періштесін!..
...Жошты кенет екі жақ қарбаласып,
Керней үні таулардан сарнап асып.
Жекпе-жекте жыққан соң мерейі өсіп,
Баратқандай алаштың әруағы асып.
Бәр істі де шынында Алла жайлар,
«Мен істедім!» – деген тек пендеде ой бар.
Қосындары көгжиек керіп тұрған
Бұрынғыдай қалмақта қалмады айбар.
Елеусіздеу бұншығын сілтеді хан,
Кірді шеттен ойратқа алғадайлар*.
Кіріп кетті ойратқа – алғадайлар,
Күміс жыға, алтыннан салған айдар.
Састы қалмақ –
сатырлап мүйіздері
Қаптап келіп қалғандай қандағайлар.
Сегіз қырлы сұр найза, сүйек-саржа,
Астарында ақсирақ самдағай нар.
Шапқатарлап* шөгеріп,
түйелерді
Көрсетпеген Ер Есім алдан ойлар.
Телшесінде* кіл шолақ атпа-найза
Еңсесінде дұшпанның самғап ойнар.
Сартылдаған сақпаннан кержүлері
Жүзден ажар қашырад,
жаннан – айбар!
Алтай-ару үстінде қу сыңсыған –
Жібек көйлек секілді сусыр тұман.
Тұман, бірақ жазыққа төгілмеді,
Ағын-сәуле кеудеден қусын күмән!..
Сол тұманға кіріп ап ағыншы қол,
Қалмақты орап баратыр ту сыртынан.
Өзен беттен топ кетті шепті түріп,
Жасын ойнап ашықта көкті тіліп.
Түскен жерін опырып ойып барад,
Он екі құрсау жезайыр от түкіріп.
Шеттен қарнап жөнелген, бастан жалмап
Алғадайға бет бұрды сасқан қалмақ.
Қыр басында Ер Есім алшиып тұр,
Қалықтаған баршындай аспан барлап.
------------
Алғадай* – тосын шабуыл жасайтын арнаулы әскер.
Шапқатарлау* – түйені айқастыра тіздеу немесе тұрғызу.
Телше* – найза қыстырып қоятын белдегі жез құрал.
Баршын бүркіт...
Аспанды барлап тұрып,
Сілтеп қалды бұншықты қармақ қылып.
Қармақ қауып қалғанда –
жоңғар-шортан
Бұлқынды-ай бір құйрығын жан-жаққа ұрып.
Үшкіл түзем – сұр найза,
ойраттардың
Көкірегіне баратты зарлап кіріп!
Әруақ алқап қазақты,
күрт еңсеріп,
Бара жатыр қалмақты тілкем соғып.
Бұлт еңселіп кенеттен иығына,
Алтай тауы ұраннан тұр теңселіп...
(Тесілемін сол ғасыр түнегіне,
Шишам сынып қалмағай, білтем сөніп!..)
...Жеті түзем баспалап бірін-бірі,
Кеулеп барад ойратты – Үлкер шерік*.
Қан ба, шаң ба? –
Ылғанды есіл ауа,
Жау іздеген ерлерге осы дауа...
Осы жолы ойраттың оңалмасы
Мәлім бола бастады бесін ауа.
Төгілген қан гүл менен тасқа қорек,
Нұрмен шәйіп сол қанды аспан әлек.
Тау тұрғанмен қасында аспара-көк,
Бұл ойында бас бұғар баспана жоқ.
Екіндіде белгілі болып еді
Келмейтіні ойратқа басқа көмек.
Шайқасты хан тұр шолып асқақ көктен,
Шүрегейді тұйғындай жасқап тепкен.
Отыз мың қол –
ойратты барады орап,
Жыландының тауына тастап кеткен.
Кенет... Ойрат бүлінді сырт жағынан, ------------------ Үлкер шерік* – түземдер бір-бірінің артынан баспалап жылжып, дұшпанның ішіне кеулеп кіріп кететін әскери тәсіл.
Шыңғырысқан үн шықты ұрт жаныған.
Ағыншы қол тиіпті таудан асып,
Салмаушы ма ед ұясын бұлтқа қыран?!
Бұлтқа салған ұясын қыран тепсе,
Құланың да безбей ме күрт қағынан?!
Күрт қағынан жеріген құлан-қалмақ,
Бөрі алғандай күй кешті түп таңынан.
Осы мезет...
Шу етті шың бұзар үн,
Шыңды бұзып, өлгенді тұрғызар үн.
Ағыншы қол әлегі аз болғандай,
Қазақ енді тігіпті күллі зәрін. –
Қызыл жалын сықылды отыз мың қол
Келіп қапты тау беттен –
Мұндыз ағын*!!!
Түзді жалын осылай жайпаушы еді,
Аққанда айтып өледі жұлдыз әнін...
Жұлдыз әнін айтумен ағып келед,
Қандай қалқан – жолына тұрғызарың?..
Тұрғызатын қалмады қалқан да енді,
Мірдің оғы тигенде талқан болды.
Бақсыларға әлі де сеніп тұрған
Қара-Құла қонтайшы аң-таң болды.
Соғыс деуге...
жоқ мұны деуге болмас,
Жандай болды жолыққан жаумен алғаш.
Дал-дұл жыртып сауытын сөгіп барад,
Ажыратып басынан кеудені алмас.
Мына жақта мың ойрат барқыраған,
Ана жақта мың ойрат қорқыраған.
Ойрат қаны сайларға сарқыраған,
Сарқылмаса болардай арты жаман.
Жан қалмады қанына малтымаған,
Қан-толқында жүзіп жүр жарты ғалам!
Қосын – быт-шыт.
Бас та жоқ, аяқ та жоқ,
Түзейтінін біле алмай қаяққа бет.
Жылап жүрген жоңғар көп жынын құсып,
------------------
Мұндыз ағын* – тұтқиыл шабуыл тәсілі.
Қару түгіл, қолында таяқ та жоқ?
Аяп па кек –
кез келсе құныкері,
Қазақ бекер жасымен бояп па бет?!
Тыңдады ма зарлаған жанашырды:
«Ұйықтап жатқан жыланды оятпа!» деп.
Нықтап ұрды.
Қалмақты тап тықсырды,
Күйреп түсті күбісі қақсып сырлы.
Қара-Құла шайнап тұр өз бармағын:
«Бекер ертіп шықтым, – деп, – Ақсұқсырды!..»
Қыз перзенті ол. –
Батурдың* қарындасы,
Құрбан еді бұл үшін жарым жасы.
Ештеңеге Ақсұқсыр тұр түсінбей,
Жанарында шар ойнап лағыл жасы.
Қарап тұрып соғыстың алаңына,
Кеш қалғанын байқады Қара-Құла.
Айналасы теп-тегіс опат бопты,
Ие болар бір жан жоқ жарағына.
Ертөлесі* еңіреп жылай беред,
Жабысып ап жыландай балағына.
Жау көргенде қазақтай жауыз бар ма-ай?! –
Іс қылмайды Алласын ауызға алмай.
Жәрдемдесіп Алласы,
қонтайшыда
Бара жатыр тығылар қауыз қалмай...
Болып тұр бұл –
бақсылар қолға түссе:
«Иа, бурхан бахчи!» – деп бауыздардай!..
Болған іске өзі де ғажап қалад,
Бұл қорлықты көргенше тозаққа бат!
Қолға иелік ете алмай алжып тұрып,
Қалған екен ордасын қазақ қамап!
Өрт-шайқастың кеудеге табы ұрғанда, --------- Батур* – Қара-Құланың баласы, кейін Дүрбін-Ойрат қонтайшысы. Салқам Жәңгірмен, Жалаңтөс баһадүрмен соғысқан. Ертөле* – жасауыл.
Ақылда дәт қалмады, сабыр – жанда.
Нояндары қояндай безіп кеткен,
Бірі де жоқ – жоңғар да, барұңғар да.
Дәт қыла алмай қонтайшы ақылына,
Тастады атын жарасқан тақымына.
Ақсұқсырды қорғамақ болып сосын
Кірді ентіге жүгіріп шатырына.
Ойы ойран боп, отырды ақыл жасып,
Дәтке қуат – құтылды Батур қашып.
Ақсұқсырды қармана берген шақта,
Кіріп келді қазақтар шатырды ашып...
...«Бақ та, сор да келеді Құдайымнан,
Мені, бектер, қайтармаң ырайымнан.
Сәті келген бұл да бір дәурен еді,
Қалай сыртта қаламын бұл ойыннан?!» –
Қарғып мініп суынға таң асырған,
Ада-күде безініп жанашырдан,
Қойып кеткен хан Есім,
шайқастың да
Ең бір шырқау шағында аласұрған.
Оңдауының кемі жоқ сапарды Алла,
Несібесі бар екен татар қанда.
Шалғы орақпен шапқандай
сан дұшпанды
Аттандырды қолымен жаһаннамға!..
Батур қашты безектеп Бозкөжекпен,
Ордасына ойраттың тақалғанда.
Өзінің де сол еді көздегені,
Бұлтылдайды Батурдың Бозкөжегі.
«Жәңгір-жанның* бір жауын азайтайын,
Қолға дұшпан ілінген кезде», – деді.
Бықпырт тиіп Ойраттың тәмәм ері,
Көрген күні ендігі қаран еді.
Батур тайшы Шарышқа тіке тартты,
Бауыр жаза бергенде Алабелі.
---------------
Жәңгір* – Ер Есімнің ұлы Салқам Жәңгір. Қазақ ханы.
Жеткен білем шынымен шығынғыр шақ,
Үрей мұрсат бермеді-ау жұлын құрсап.
Аждаһадай өзенге қойып кетті,
Оба жұтып жіберді жылым бір сәт...
...Күн де қонды сол сәтте ұясына,
Ай ілінді Алтайдың қиясына.
Қара бетін тарихтың жазу үшін
Қан қосылды Шарыштың сиясына.
6.Ғанимат*.
Есім хан қосыны
...Кикан көмек болмады,
Бұрхан – себеп,
Қалың тоғай өрт алса – қылқанша жоқ.
Шаңырағы Ойраттың ордасының
Қирап түсті ортаға күлпарша боп.
Өзі оңдайды жолды Алла қамдарында,
Бақтың Құсы шырқанып самғарында.
Бір ай сүргін жорықтан
ақырында
Қалмақ қалмад Алтайдың аңғарында.
Бірі кетті Қобыға шыжынаған,
Бірі кетті Қобдаға ызынаған.
Хо-Үрлік босты батысқа,
шұбыртып ап
Хошауыт пен дүрбітін быжынаған.
Ызғындай ел әп-сәтте тып-типыл боп,
Қала барды Алтайдың құзы қараң.
Соғушы еді кімге оңай қаза-қырғын?! –
Сарқылатын күні жоқ аза-жырдың.
Опат тапқан қалмақтың құралынан
Шығыны да кем емес қазағыңның.
Жалын құсып, қан құсып қанша боздақ
Құшып қалды Алтайды нарша боздап.
Тұр Алтайдың безеріп құж тастары
Сәл езілсең еңсеңнен жанша жаздап.
-------------------------------
Ғанимат* – соғыс олжасы.
Жанса маздап Ай түнде тау үстінде,
Тұтанады астында арша қоздап.
Ай астында алмауыт күлдірлейді,
Сарыарқадай даласын аңсап аздап...
...Отыр бүгін бектермен шатырда Есім,
Таразылап шайқастың нәтижесін.
Өліге – аят, тіріге алқау арнап,
Жолға салды ырзалап Бақи-Көшін.
Сарпай* алмай сардардың қалғаны жоқ,
Батыр да Есім бұл күні, сақи да Есім.
Бата беріп Ақ Сейіт – хақ қазірет,
Мерейі өсіп ерлердің жатқаны көп.
Табанынан таусылды сый таратып
Бұларғашы бек* пенен Ақтәжі бек*...
Қорда қылмай қытайдың қауымына,
Орда қылмай орыстың сауығына,
Бұқар жақты бір жайлы қылғаннан соң,
Ел орнатпақ Өр Алтай сауырына.
Алтын бесік озалдан – алтын Алтай
Баспақ мәңгі перзентін бауырына.
Қоныс па бұл –
ойрат пен дүрбін алар?! –
Тау төсіне шырақ қып гүлді жағар.
Сырғып ағар сынаптай таудан төмен,
Қазақ төлі, бұйырса, қырды жабар...
Кіріп-шығып шатырға сабылып жүр
Кежеуілдер әкеліп түрлі хабар.
Қайран ерлер көзге ұрған кер тағыдай,
Басың қайда қалмады – жер танымай?! –
Хақас жақтың қалмағын қуып жүріп,
Опат бопты «Көк найза – Ер Табынай!..»
Батыры жоқ жортатын жазы-қырда,
Тұлданып тұр алмауыт қазығында.
Бет сипасты ел күрсініп:
«Ер Табынай
------------------------------------------
Сарпай* – хан қолынан алынар сый.
Бұларғашы бек* – әскери мүлікті басқаратын бек.
Ақтәжі бек* – әскерге қажет малды басқаратын бек.
Болғай да, – деп, – Алланың фазылында!..»
Шайқас өтті –
Орда-Ойрат шарта сынған,
Тарасын – қан,
шерінен тарқасын жан;
Айырықша ерлік пен еңбек қылған
Ер мен Бекті, ендеше, алқасын хан!
– Қарақалпақ, қырғыздай ағайынға
Алтын кемер қолымнан тағайын да! –
Салайын да жолыңа, қандас бауыр,
Қалса қандай қазына сарайымда:
Албан, Суан, Дулат пен Шапырашты,
Ысты, Ошақты, Сіргелі, Жалайырға.
Жөні бөлек Қаңлының сойыс берген,
Саған да ерек сый жасау бар ойымда...
Ғылмандарға қосылып Ер Сүлеймен,
Жүрген шығар Алланың пәнайында.
Ормандай көп Орта жүз, ері – сүңгі,
Сені көріп дұшпанның белі сынды.
Арғын, Найман, Тарақты, Керей, Уақ,
Қоңырат, Қыпшақ –
алашқа тегіс үлгі.
Қалмақтардан босаған Сарыарқадан
Қоныс беріп,
кеңейтем өрісіңді.
Ұлы Қаған* тағасы* – Қоңыратым,
Соңыратым толтырам кемісіңді!..
...Жекпе-жекте жол ашқан Алатауға
Өз қолымен хан ие тон ұсынды.
– Найзасының ұшы алтын Алшын-Кеншін,
Алшын емес, безбелді баршын дерсің.
Жан-серігім сен едің – жұқармаған,
Мұқалмаған беренім – сан сын келсін!
Бақты алмасын тірлікте қолдарыңнан!
Ақ жарылғап күн тусын жолдарыңнан! –
Бас сардары Адайдың Ер Бегейге
Алмас қылыш ұсынам қан жағылған.
--------------------------------
Ұлы қаған* – Шыңғыс хан.
Таға* – нағашы.
Имансыз ит – жанықас,
өзін қарнап,
Қара-Құла мерт тапты қанжарыңнан.
Марапат та, мадақ та, Адай, саған,
Қонтайшының ордасын олжа қылған!
Жары қайда? –
Мерт болған қалмақта атаң,
Жүкті артатын өзіңдей саңдақты атан.
Ерлігіңмен қырық ру кегін алдың,
Ұрпағыңа дарысын алмақ батаң!
Қара орыны Шыңғыстың – «Мұңал-Ошақ»,
Иығыңа жабамын қалғат-шапан!
...Көптен – алғыс,
ханынан қалғат алып,
«Бақ дарыған Жары» деп қалды атанып.
...Бақауылдың* орындап өтінішін
Хан алдына Жеменей келді Аталық.
– Барлықпен де пендені сынар Құдай,
Жоқтықпен де біреуді бұрар былай.
Сен барлықтың сынынан сүрінбедің,
Аталасың «Жомарт» деп бұдан бұлай!
Саған Хақтың бергенін – маған бердің,
Мен еліме құрбанға шалам дермін.
Ас-тамағын қамдадың, ат-жарағын,
Қажетіне жарадың тәмәм қолдың.
Маңдайыңа мал бітсе, – бақтың бақпен,
Таңдайыңа бал бітсе, – таттың баппен.
Асырадың ай бойы сарбазымды
Қарын қуырдақ,
сары жент,
аққұмдақпен*.
Қажет десең, белдеуден жарауымды ал,
Қидым саған, белімнен жарағымды ал!
Сен де – Жомарт,
дәл бүгін мен де – жомарт,
Кәне, менде қандайлық қалауың бар?..
--------------------------------------------
Бақауыл* – ханның асын бақылаушы.
Аққұмдақ* – ірімшік түрі.
Аталыққа қарады хан кідіріп,
Мәнді күліп, жүзіне қан жүгіріп.
Сән жүгініп алдына хан иенің,
Сөйлеп кетті Аталық сәл мүдіріп:
– Ақсұр атты мінбей бер! –
Малым дейін!
Ақсүңгіні ілмей бер! –
Сәнім дейін!
Ақсауытты кимей бер! –
Жаным дейін!
Ақсұқсырды сүймей бер! –
Жарым дейін!
Берер болсаң, қазір бер – бәрін дейін,
Берсең, –
тұтсын төбеге Тәңір дейін!
– Болсын! – деген дауысы шықты Есімнің,
Ханнан мұндай жомарттық күтпесін кім?!
Шатыр іші ду етті,
іште қалған
Кім тықпасын шығарып,
бүкпесін кім.
Әзіл-шыны аралас, назы басым,
Айтысуда әркімші базынасын:
– Әкетті-ау, – деп, – бұл Адай –
Хан үлесі –
Қонтайшының бар жиған қазынасын!..
Әзілдің де қырпысы, ызғары бар,
Байқамаса талайлар мұзға құлар.
Біреу топтан күңк етті:
– Бұл Байұлы
Қашаннан да олжа мен қызға құмар!..
Ескі кепті қозғау ма – сондағысы? –
Қайралсын деп отыр ма ел намысы? –
Таныды хан – таулы елдің жолбарысы
Көкіман би – қырғыздың Шоңбағышы.
(Кейбір ісін ерлердің құп аласың,
Кей қылығын жадыңнан шығарасың...
Тарихтан түкіріп тастамассың
Көкіманның ұсынған сыбағасын. –
Санташ деген асудан
Есім үшін
Соқты кейін Жеңістің Мұнарасын!..)
Қыбын тауып, тапжылтпай қапыда ұрар
Аңдамасаң, шетінен сапы бұлар.
Бетін бұрып жіберді әңгіменің –
«Ханда қырық кісінің ақылы бар».
Өтміш пенен кетмішті еске салып,
Кетуін-ай мынаның төске шауып.
Үндей қоймас Жиембет,
ал Жолымбет
Көкіманның көкуін кешпесі анық.
...Ханға көзсіз бағыну ерге міндет,
Өрлік те бар –
таққа өрлеп, төрге мінбек. –
«Хан олжасын» жолшыбай барымталап,
Өлімге де кесілген Ер Жолымбет.
Қарақшыдай олжаға тиер деп кім
Ойлап еді? –
Ұшы бұл түйер кептің.
Есіне алып Есім хан отыр қазір
Сондағы айтқан толғауын Жиембеттің:
«Әмірің қатты Есім хан,
Бүлік салып бұйырдың,
Басын бер деп батырдың,
Қанын ішіп қанбаққа,
Жанын отқа салмаққа.
Атадан жалғыз мен емес,
Хан ием, ісің жол емес.
Жолбарыстай Жолымбет
Құрбандыққа қол емес.
Жол тосып алып кетіпті
Қалмақтан алмақ сыйыңды,
Қаһарыңды басқалы
Қалың елім жиылды.
Бастап келген өзге емес,
Жиембет сынды биің-ді,
Малын салып алдына,
Әр саладан құйылды,
Он екі ата Байұлы
Бір Тәңірге сыйынды!
Еңсегей бойлы Ер Есім,
Ер Есім, сені есірткен
Есіл де менім кеңесім.
Ес білгенден, Есім хан,
Қолыңа болдым сүйесін,
Қолтығыңа болдым демесін...»
Естен танып тұрса да, өштен жанып,
Хан батырды танытты кешкен қалып.
Ханды еркіне қоймады, көндірді ақыр
Екі сөзбен Ер құнын шешкен халық.
Көрмеген хан –
тигенді ондай шамға,
Айыпқа да анжыға көнбей сонда,
Қос серігін ашумен ақырдәмде
Жер аударып жіберген Нор-Жайсаңға.
Аттанарда қалмаққа бағдар бұрып,
Жырау сөзін, ер ісін қардар біліп,
Екеуін де алдырған Түркістанға,
Деген Сертпен: «Хақ – куә, болғанды ұмыт!..»
Маймене ғып сайлаған Жиембетті,
Жолымбетті Алшынға сардар қылып.
Саңқ етті хан:
– Кәнеки, Ер Жиембет,
Күтіп жатыр қаруың: «Келді ием», – деп.
Көкіман, сен көр-жерді шұқи берме,
Шұқи берсең табылад қол күйерге от.
Жырау сөзі жарасад – Жеңістен соң,
Өр Алтайға дауысыңды серги өрлет!..
Қара қанжар – қарт жырау – кек кеппеген,
Тілі бар ма мұндайда от төкпеген?!
Жырау сөзі зымғады оқ боп берен,
Тиген суық, қалған дық кетті өкпеден.
Өр Алтайдан солқымдай орғып аққан,
Жар құлатқан толқындай төкпектеген.
– Ай!
Еңсегей бойлы Ер Есім,
Жырауың саған не десін!..
Кәпірдің бұздың қамалын,
Қалмақтың сөктің көбесін.
Дұшпанның есін кетірген,
Ер Есім, сенің елесің.
Тәуекел ханның ізінен
Пар-парлап ұшқан жебесің.
Ағаның салған жолынан
Айнымай сен де келесің.
Алашты сүттей ұйытты
Ауызыңнан шыққан кеңесің.
Кеңесің сенің жаққан соң,
Қырғыз да берді келесін.
Өзіңнің арқаң – көргенім
Алтайдың алтын төбесін.
Елді ертіп атақонысқа,
Бұлт болып бір күн шөгесің.
Ауызы түкті кәпірдің,
Шекесі шоқты қалмақтың
Шығардың шөре-шөресін.
Дін бұзар сартты майқандап,
Оның да ұрдың енесін!..
Топан да топан жау келсе,
Тебіренбес ауыр кемесің.
Дуадақ қонған басына
Мұнарлы, меңді төбесің.
Шыңғыс пен Жошы, Сайын хан,
Керей мен Жәнібек, Хақназар –
Әруағы қолдап жебесін!
Қолыңа болсын демесін,
Жолыңа болсын себесін.
Тентек пен телі тап болса,
Жаңылмай бердің төресін.
Өзіңнің арқаң, Ер Есім,
Менің де мынау көресім –
Қозыдай болып жамырап,
Маңырап тапқан енесін.
Ақ Сейіт пірдің ізінен
Жаңылмай, ханым, ересің.
Болмасын сенің жолыңа,
Иншалла, енді бөгесін!
Тайқыма Тәңір сынынан –
Дидарын Хақтың көресің!..
Көтеріліп бір елі бәрі жерден
Ел ду етті –
дерттідей дәрі берген.
Тәні көрген таршылық тәрк болып,
Салтанатты сәт еді сәні келген...
Осы сәтте шатырға келді кіріп
Бөгежелі Жақсығұл – кәрі мерген...
– Күтемін бе деп едім бәріңді елден,
Заман ғой бұл бал қосып зәрін берген.
Түркістан мен Орданы ойран қылып
Басып кірді Тұрсын хан қалың қолмен!
Шырмалып қап қайғыға хан құрсаған:
«Болмайды екен, – дей берді, – Ант ұрса адам!..»
Жидіп бара жатқандай жан-жүйесі
Түсіп кетті қолынан –
Алтын шаған*!..
7.Қатаған қырғыны
...Аңыз болып тараған көш-күлемге,
Қандай кеңес қалды екен ескілерде? –
Мәшекеңнің* айтысы:
«Хан – жынданған
Тұрсын ханның хабарын естігенде!..»
Өзі – Есім, ал сонда осал ма хан –
Бауыры сатып,
жауы атып,
досы алдаған?!
Тұлан тұтып тұрғанда тақтан тулап,
Қырық батыр жабылып баса алмаған!...
Бәрін сілкіп тастапты тымақ құрлы,
Тамыр тартқан текті сой – неше арнадан.
«Дінсіз қалмақ, құнсыз сарт – бәрі досым,
Шын дұшпаным – Тұрсын хан есе алмаған!
Қатағанды қырамыз – Тұрсынымен,
Қарбашасың* – сөзімді хош алмаған!..»–
Депті де Есім мініпті Алабелге –
Ерге – талқы, езге – тез,
о, сор заман!..
------------------
Алтын шаған* – «хан сарқыты – сары бал» ішілетін ыдыс.
Мәшекең* – Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы (1858 – 1931).
Қарбаша* – сарт сарайларындағы салдақы қыздар.
Ел басына туды шын албарлы күн,
Таңдар мыңын бұл қырғын, қарғар бірін.
«Тұрып сиер Қатаған қалмасын!» – деп,
Шашқаны шын елатқа хан жарлығын.
Жалмар жылым жақындап келе жатты –
Саялы сай, қазақтың сандал қырын.
Жалманды* қын жасырып тұра ала ма? –
Біле ала ма құлтекі қанжар құнын?!
Нұғара* бұл елді ұрған батпан шақтас,
Шаян ба екен қамсызды шаптан шақпас?!
«Ойланбаған іс – ойран», – деген бар ед, –
«Тиегіне тимесе, қақпан шаппас».
«Құра алмаған қақпанды – қасасын...» – деп,
Ойланбады Тәшкенде жатқан саппас.
Шайтан еді дәл көздеп атқан оны,
Түн күзетіп ол оқты баққан таппас.
Нысана бар қашанда – жүрек деген,
Сау болғай деп сол жүрек тілеп келем.
Досты көрсе, –
бал болып езіледі, ол,
Жауды көрсе, –
тарғыл тас дір етпеген.
Сол жүрекке дарыса шайтан оғы,
Күл болады Достық та қыл өтпеген...
Тұрсынды да, Есімді
Малғұн-мерген –
Екеуін де жайратты бір оқпенен!
Торға түсіп бұлқынған ор қояндай,
Сорлы жүрек, талписың сен де аянбай.
Кеткен шайтан кем де кем арамыздан,
Сол қоянмен қанжыға қандай алмай!
Құлағына Ақ Сейіт құйғанменен,
Арты ұйықтап жүр қазақтың, алды оянбай.
Қара маңдай қазақты тағы, міне,
Ата-дұшпан жүректен алды, ой, Алла-ай!..
Елін қорғап жүрген Ер өтті қанша,
Өз жүрегін –
дұшпаннан қорғай алмай...
---------------------------------
Жалман* – қанжардың ұшы.
Нұғара* – ауыртпалық.
...Кетті аттанып Ақ Сейіт Іләңгірге*,
Хан: «Тұрсынды, – деген соң, – қылам мүрде!..» –
Көзі көрмей,
құлағы қалды естімей,
Сөз кірмейді Есімге тұлам мүлде.
«Құнын менен Мақшарда сұрап жүрме,
Тығам мүлде, – дей беред, – жыланды інге!»
Іләңгірге осы қыс қыстамақ ед,
Тап болды ғой жылан-түн, ылаң-күнге.
Қайран Есім – қайтпаған мың сан қолдан,
Жүрегіне «елім!» – деп кір-шаң қонған.
Сен жауменен жүргенде жарғыласып,
Отын бопты арттағы инсанды Ордаң.
Қылшан қорған – жебеге, ер – еліне,
Екі талай күн болды-ау мұршаңды алған.
Той екен ғой –
қалмақпен өткен қырғын,
Арман енді сол бір күн құрсан болған*!
Кеуек қамыс көп екен, қуыс келең,
Шаппаушы ма ед арыңа туыс деген?!
Бауыр деген артыңды жаппаушы ма ед,
Ал мына бір қырғынды кім істеген?..
Қайда кетті кешегі арқайын күн:
«Елі қанбай – ерлері су ішпеген?!»
Қазақ – үш сан, қос сан боп Қатағаны, Жатпаушы ма ед бұғыдай қопадағы. Туыс теліп жүргенде, қуыс болып Шыққаның не? – Ел ең ғой батадағы! Жотадағы моламыз қатар еді, Өлі-тірінің шығады-ау топалаңы. Қапы соғып туысын талай берсе, Қайым күннің шынымен тақағаны. Сырттан талай сұқсаң да суық-найза, Ұмыттырып кетуші ед отамалы. Қапысыз кеп бұл жолы, қамсыз өртед ------------------------------ Іләңгір* – қазір жер аты, Ясауи (р.ғ.) рухани орталығының атауы. Ер Есім орда тіккен қоныстың бірі. Құрсан болу* – шат болу.
От тасушы –
сайтанның сапалағы.
Сан шапаттап бүгінде, қол шапақтап,
Шартылдап тұр шайтанның шапалағы.
Шөгел өлсе, қала ма балапан сау?
Босқан елге бола ма дала қамсау?
Ер жорықта жүргенде, ел қорықта
Харап бопты күллі елат – Қарақан Тау*.
Деп жатқанда, – желкемде жортар жау жоқ,
Сап тыйылған –
сазды азан, салқар қаумет.
Тұрсын жеткен тұлданып,
бар арманы –
Түркістанды тып-типыл талқандау боп!
Шалқар сәулет шатынай паршаланып,
Арсаланып өртенген Дарқан-Дәулет.
«Жаңқаң – жау!» – деп орманды ойрандаған,
Ойланбаған бар-ау деп тартар нәубет.
Жақсығұлдың жасағын майдан құрған
Жайпап өтіп, сота* боп Сайрамды ұрған.
Сүрен болып сайрандап Отырарда,
Түрен болып Ясыны ойран қылған!
Басып кіріп Әзірет дүрбесіне,
Айналдырған қазақтың түрмесіне.
«Қорғап көрсін әулиең!» – деп тістеніп,
Мүриттерді бауыздаған іргесіне.
Нақыш жолын тұтынған көп Қатаған,
Көк топалаң салып жүр мүлде өшіге!
Көптен күткен тойлары бүгін болып,
Жетті қолы ойдағы жүлдесіне!..
Кімге де оңай тимесін білем бұл сын,
Өңге қалай соны естіп ірең кірсін!..
Ясауиді құшақтап жанын берген,
Зікір айтқан күйінде кілең қыршын.
...Сол қырғынды көрсетем жамағатқа,
Қойнауына тарихтың түгел жүрсін!..
Ойранына халықтың шыдамаған –
Сезіміне төзімін шідер қылсын!..
-------------------------
Қарақан Тау* – отан.
Сота* – шоқпар түрі.
«Садақа, – деп, – Есімге шатқалдағы!» –
Құрбашының сол еді мақтанғаны, –
Зікір айта жөнелді:
«Илл-Алла-лап!..» –
Мүриттердің арықта аққан қаны.
Әңгіме емес –
күлкінің сап болғаны,
Мұғжиза да керемет Хақтан-дағы.
Сыймай қойды ақылға –
мүриттердің
Әлі тірі арықта жатқан жаны...
Түнге сіңіп жоғалды мірғазаптар –
Жарғанаттай қаптаған бақтардағы.
Айырмасы –
шыңғырған дауысы бар,
Барады ағып шылқылдап шаттан зәрі.
Жын қақтырып жіберді жендеттерді,
Қанақа боп Алланың қақан кәрі!
Сақтанғалы қозғасам осы кепті,
Сенбейсің сен, бауырым, жаттан да әрі…
Баққан малы, өйткені менікі емес,
Халал емес, әрине, татқан дәмі.
...Естігенде Ер Есім осы кепті,
Бір нажағай жүрегін осып өтті!
Осып өтті дудама* омырауын:
«Қанмен ғана жуам, – деп, – қасіретті!»
Қалқанына ұрғылап басын отты,
Іреп жатты қанжардай жасы бетті.
Жылау емес бұл жылау Алтайдағы,
Қанды жасын «Күйіктің*» тасына екті!
Қорғансыз ел, қамсыз жұрт, ол – баладай,
Пәруанадай –
талпынған шамға қарай.
Ханға қарай:
«Төкпейік бауыр қанын», –
Дейтін пенде болмады сонда қалай?..
Кешіп жүріп бауырдың күрең қанын
Жанға қалай қарарсың, малға қарай?!
Арға қалай батпайды сіле-қарғыс? –
--------------------------------
Дудама* – екі жүзді қанжар.
Күйік* – асу. Есім ханның осы күйігіне байланысты аталған.
Күре жарғыш –
шыдарсың зарға қалай?!
Ерге қалай қарайсың тұлын тұтқан?
Құнын жұтқан қарайсың жарға қалай?..
Сүрен соғып босып жүр кілең шонық* –
Ордаларын өрт алған тарбағадай*.
Кілең шонық босып жүр тырағайлап,
Көрсетер жан қалмады, сірә, қайрат.
Міне, қайрат! –
Есім мен Тәуекелдің
Бар әулетін баратыр түгел айдап.
Тігер айбат баланы бауыздай салад,
Мұндай қылған жоқ еді кілең ойрат.
Базары бар әйелді тап сол жерде,
Ажары бар қыздарды жүре жайлап;
Тегін түскен олжаға тояр емес,
Жүрген азғын ермекке күре байлап...
Шұлғау қылып аяққа ізгілікті,
Бауыздапты қатарлап жүз жігітті...
Теліміне тексіздің түсіп кетті
Ерініне бал құйған қыз қылықты.
Кілең жендет –
тимеген жүген-құрық,
Тиді шеттен қазаққа сүренді ұрып.
Жолындағы –
дертеден бойы асатын
Қазақұлын тастады түгел қырып!
Жан шошиды Қатаған былығынан,
Есі – қаран,
сесі – нас,
түрі – жылан.
Ат үстінен көрсетіп көргенсізін,
Жасап көред балауыз ұрығынан.
Насын езіп келеді бар білетін,
Хабары жоқ –
Құдайдың құрығынан.
Өзі бәңгі залымның ұғымы – бәң,
Бас алмайды қорқордан ұлығы нән.
------------------------
Шонық* – бейшара.
Тарбаға* – суыр.
Мен бұлардың шошығам қылығынан,
Адам деген аты бар тұлыбынан –
Жақсымбике ханымды тоқсандағы
Сүйреп алып шыққанда бұрымынан!
Өзі төрде болғанмен, көзі – көрде
Кейуананың жас ақты жұлығынан.
Тәуекел мен Есімнің әз анасы –
Тірі-Мұрам жан еді,
ділі – құран. –
Доңыздарға қор болып өлер шақта,
Зарлап барад –
сөзінің шығынынан:
«Сұлыбынан атаның жаралмап па ең,
Таралмап па ең ананың құлыбынан?!» –
Оны ұғатын маңайда тірі жан жоқ,
Сүлігі нақыш сарттекі,
сідігі – қан!..
Қырғынынан асты бұл Аспараның,
Тартып алды ішіне тас та қанын.
Бір жасады – құладын, қарға-құзғын
Етін ғана таңдап жеп жас баланың.
Бұқараның әскерін ол жолы да
Білесің бе Қатаған бастағанын?
Неге ұмыта бересің, қасқа қазақ,
«Жаны ыластың жүрегі тас» боларын?!
Бауырыңа тартасың қайта неге
Хас дұшпанды –
бір ірет шашқан арын?!
Ендігісін...
Қан айтар жерге сіңген,
Қан көктеткен дала айтар кең көсілген.
Өңге ісін мен айта алман аузым барып,
Суыра алман жүректен шөңгесін мен.
Мәңгі есімнен кетпейді сол бір зауал,
Шығармашы, Сайрамсу, сен де есіңнен!
Қыра берсін Қатаған... қыла берсін,
Біз әңгіме қозғайық енді Есімнен.
«Машат асар ауылым, Шақпақ қонып,
Шақпақ желі соғады тоқпақ болып.
Құс аспаған асудан мен асамын,
Қалқатайдың ауылын таппақ болып».
Арқау болған жер мынау осы өлеңге,
Басқа жерден тоны өзге,
төсегі өңге.
Осы жерге –
қайтқан құс қонып қалад,
Тап болғандай –
көрінбес кесе-керме.
Бірақ Есім тоқтамай асты асудан,
Сел ағызсаң бөгелмес неше жерге;
Көсегеңде –
бораннан бөгет соғып,
Дуал салсаң дауылдан көсе-дөңде!
Жөңкіп асты қалың қол Түлкібастан
Қырғауыл, қу нуында шұрқырасқан.
Шаңырақ-күн төбеде,
уық-шыңдар
Түлкібастың түндігін түртіп ашқан.
Келеді Есім көп қолдан алшағырақ,
Харап болған пендедей барша мұрат.
Күрсінеді шыңдарға қарап қойып:
«Халық – уық, – деуші ед деп, –
хан – шаңырақ».
Уықтарын ойлайды уатылған,
Жасын жұтып ішіне нарша жылап.
«Не болды екен, – дей беред, –
менсіз күнің,
Бөрі қуған бейбақ ел, малша аңырап?!»
Іштен шыққан дұшпанның ексімінен,
Келе жатыр таба алмай өксігіне ем.
Айдынында таранған аққу-жұрты
Соққы жепті аяусыз – көкшіліден!
Сертті бұзған,
Ант татқан,
Ар аттаған
Кіл шибөрі маңайың жалақтаған.
Тамақ харам кешегі бірге татқан,
Нең қалды енді, Қатаған, дәм атпаған?!
«Жаман айғыр шабатын жатындасқа»,
Тек «жалмауыз – жақынын қарақтаған!»
Келмей қалған «бұл қалай?» деуге шамаң,
Күн қоршады жылты кем, сәуле сараң.
Бөрі жеген бөксесін бейбақ елдің
Қалса болды, әйтеуір, кеудесі аман.
Келесіне түсіпті күйкіші-көрт*,
Шәр-даласын жалмапты жұлқысып өрт.
Соңы бітпей –
тауып жүр ілкі ісі мерт,
Сапары – серт!
Өмірі – өрт!!
Ұйқысы – дерт!!!
Ханға таныс бұл жердің әр төбесі,
Талай шыққан –
өскенде мәртебесі.
Ел келесі өткен жер – Ордабасы,
Ер кеңесі өткен жер – Мәртөбесі.
Ері шеру,
елі еру,
басы аманда
Құт тұр еді осы қос босағаңда.
Ясауи ілімін негіз қылып,
Бағыт алып, бап алып «Жасадан»* да,
Мекен болған тұрақ ед бұл Мәртөбе –
«Ескі жолын Есімнің»* жасағанда...
Шарлап келед хан бәрін қиялында:
«Өзге түгіл өзіме қиямын ба –
Сансыз Баптың тұрағы – қайран Сайрам
Сансыз сарттың қалмақ па тұяғында?!.»
Ұзын аққан Сайрамсу, Балдыберек,
Қасқасу мен «Хан қызы» қанды қорек.
Сәнді желек жамылған қарындасын
Қалған жер ол бесікке мәңгі бөлеп.
Қатағаннан құның да сұралмап ед,
Қарағым-ай, қайтейін, әңгіме көп.
Осы жолы еселеп қайтарармын,
Жібермеспін, иншалла, бәңгіге кек!..
...Жанды жебеп әлдене айтатындай
------------------
Күйкіші-көрт* – тегі нашар бір өркеш еркек түйе.
«Жаса»* – Шыңғыс ханның заңдар жинағы.
«Есім салған ескі жол»* – Есім ханның заңдар жинағы.
Қолтығынан қайыңдар талды демеп.
...Аят оқып «Сайрамда – сансыз бапқа»,
Аттан түсіп кідірді хан жүрелеп...
«...Уа, Қазығұрт! – «Басында кеме қалған, Ол әулие болмаса неге қалған?!» – Болып тұр ғой бір шығу саған арман, Етек – тістен босамай, жаға – қолдан. Құрсауымды қирата сықырлатып, Топан-толқын – мені де қамаған қан... Тіршілікті қайтадан жалғау үшін Тау едің ғой – Алла өзі қалап алған! Күн шығады төбеңнен нұр бұрқырап, Жаңа ғана шыққандай табадан нан. Адамзаттың қайғысын теңдеп алып Шөгіп жатқан аумайсың қара нардан. Бұлт көшкенде басыңнан сабап орман, Қағады-ай бір қанатын шағалам қан. Шудақақпай жүріске түсіп алып, Асып бара жатасың қаба жалдан. Сол бетіңмен қайрылмай желіп кетсең, Бақыт құсы ұшпай ма бар адамнан?!. Жыртқыштығын тыймай тұр Адам ұлы, Қазығұрттың басынан тарағаннан... Қолда мені, «Ғайып-Ерен – қырық Шілтен»*, Басқа менде жоқ енді шара қалған! Қолда мені, сансыз Бап – жаны ағарған, Қайтара гөр пәлені, Бәлегәрдан*! Ыбырайым атам-ай*, қорға мені, Жарлы менен жалқыға пана болған! Жалқың едім – шарасыз жарақ алған, Адастыра көрме тек сара жолдан. Қанмен жуып сол қанды тазартпасам, Жарадан тән арылмас, қарадан – қан. Бүгін жауды жоймасам тамырымен, Өртенбей ме күні ертең дарақ-орман?! --------------------------------------- «Ғайып-Ерен – қырық шілтен»* – Қазығұрт етегіндегі әулие. Ыбырайым ата* – Қ. А. Ясауидің әкесі, Сайрамда жерленген. Бәлегәрдан* – бәле қайтарушы, «жеті өлікке жан берген» әулие Бахаубаддин Испиджаби, 9-10-ғ.ғ.-да Бұқарда сүріп, Сайрамда жерленген.
Қала-қордам қайғы алған –
күл болмай ма,
Тұл қалмай ма –
Ай қонған алалы ордам?!
...Жізек келді. –
Көріпті күн байырда,
Тұтқиылдан тап беру ыңғайында –
Шатыртөбе басына шатыр тігіп
Жатыр Тұрсын –
Тоғыс пен Мыңбайырда.
Тұрсын шыға келгендей өші кеткен,
Хан әмірін тұжырды кесіп өктем:
– Тұтқиылдан шапқанды көрсетейін,
Таң алдында тиеміз осы бетпен! –
Ханның кенет бойына енді шабыт,
Жау көргенде келетін белгісі анық. –
Кешке шейін еруміз...
Ымырт түсе
Ат ерніне жылжимыз кергі* салып.
Тарағандай тамырға тағыдан қан
Шапшаң еді Ер Есім қабыланнан. –
Шолпан туа дұшпанға тиді келіп,
Семсерге – Серт,
Кекке – Дерт жаныған жан!..
«Қапыда алмақ» хан Тұрсын шапшып тұрды,
Шаптан шаян жан құсап шағып алған! –
Жұтып бара жатқандай жерден жылым,
Аспан астын жан шошыр сарын алған.
Төнді алапат құлақты зәрі жарған,
Өртенгендей қоршаған қалың орман.
Атқып шықты Хан Тұрсын шатырынан,
Дәмені үзбей самсаған батырынан.
Ірен-тозан дүние – ию-қию,
Алжастырып баратыр ақылынан.
Бапы-жылан еліне тап болғандай,
Жылжып кетті жылан-бақ тақымынан.
---------------------------
Кергі* – ат пысқырмау, кісінемеу үшін ерініне кергі салады.
Еске алғанмен пайда жоқ енді Алланы,
Көлден құсы көшіпті,
төрден – бағы.
Ем болмады Тұрсынның еткен ісі,
Тәңір Өзі атқаннан кем болмады!
Аспан асты алапат бұл көрмеген,
Көктен Ғайса,
Шыққандай жерден – Мәді...
Қара аспанды су алған сүргін екен,
Қара жерді құм алған қырғын екен.
...Қылдыкөтен Қатаған –
әруақтардың
Тап осылай ұрарын білді ме екен?!.
...Бұдан ары айтпаймын ежіктеп мен,
Төгілген қан қаламға азық деп пе ең!..
Бұл қырғынды Қазанғап Байболұлы*
Бастан-аяқ ежіктеп жазып кеткен...
Оқиғаның осы еді жұлын-тіні,
Осымен де тынбас-ты мұның түбі...
Қашып кірді Ташкентке Тұрсынға еріп
Опат болған әскердің сілімтігі.
Серт – сесінде баяғы, кек – кесімде,
Сертті бұзсаң, ант ұрып кетпесін бе?! –
Сөкпесін бе бір-бірлеп қабырғаңды,
Бура-қайғы үстіңе шөкпесін бе?! –
Қатағанды Бадамда харап қылған,
Санап қырған күркіреп жетті Есім де!
Бір ұрғанда – Ташкенттің тас қаласын
Талқан қылды –
шығарып масқарасын!
Дұшпан алған Тұрсын тұр баспанасын,
Тығатын жер таба алмай қасқа басын.
Қазақ деген өрт шығып жалмап барад,
Қырық мың үйлі Қатаған астанасын.
Тұрса қайда сыяды, жатса қайда?! – Қашып кірді ол ақыры Ақ Сарайға. ------------------------------------------------------------ Қазанғап Байболұлы* (1891 – 1945) – халық ақыны. «Еңсегей бойлы Ер Есім» дастанын жазған.
Соңғы күшін жинады ол,
Ер Есімді
Қарсы алмақ боп тағында – патша-жайда.
Босаттырып анасын, бейшарасын,
Кек кемірген келді Есім ой-санасын:
– Албастыға барман, – деп, – аяғымнан! –
Жіберді ішке маймене, майсарасын.
Кірді екеуі сарайға алтындаған,
Жаныңнан – жылт,
жанардан жалт ұрлаған.
Сарай іші – сары алтын,
өрт сықылды,
Пенде бар ма бұл өртке шарпылмаған?..
Шартылдаған қалың өрт келіп қалды,
Соңғы жаңқа Тұрсын хан өрт ұрмаған.
Шарасы жоқ оның да,
сарқылды амал,
Жалын көміп баратыр жалқындаған.
Қалпында аман,
тақта отыр қалтылдаған,
Көміп барад алдын – өрт, артын – боран.
– Нең қалды енді, ей, Тұрсын, Ант ұрмаған! –
Сөйлеп кетті Марғасқа саңқылдаған. –
Ей, Қатағанның хан Тұрсын,
Кім арамды ант ұрсын!
Жетім елді еңіретіп,
Жер тәңірісіп жатырсың.
Хан емессің – қатынсың,
Қазақ келді – қапылсың.
Хан емессің – қасқырсың,
Қара албасты – басқырсың.
Алтын тақта жатсаң да,
Ажалың жеткен пақырсың.
Көнбесең де көнерсің,
Иманыңды айт, өлерсің.
Еңсегей бойлы Ер Есім
Есігіңде келіп тұр:
Шашқалы тұр қаныңды,
Алғалы тұр жаныңды,
Кешікпей соны көрерсің!..*
---------------------------------------------------
*Бұл жыр Шәкәрім қажыдан толықтырылды.
Толғап келіп Марғасқа төркіндетіп,
– Алға түс! – деп бұйырды серпіндетіп.
Еңкілдетіп Тұрсынды алып шықты,
Өгіздейін өкіртіп, өңкілдетіп.
Хан Есімге –
тастай сап Марғасқаны:
«Бауырым!» – деп оқталған жармасқалы.
Қия тартып,
сыр-р етті бауырының
Көз ілеспей сурылған алдаспаны!
Жалт ойнады Ташкенттің аспанында,
Дым түсінбей қалды жұрт қас-қағымда.
Ер Есімге қолдарын соза бере,
Кеуде де тұр қозғалмай,
бас та орында!
Қазір-ау – сор, сәт келсе, әзір-ау – бақ,
Бас бөлінді сәлден соң, тәжі де аунап.
Тұрсын да өтті көз құртын тойдыра алмай,
Өзін жұтты – өз жұртын өзі жаулап.
Саңқ етті хан:
– Дидарлас, қатарласым,
Маталғасың менімен сапарда сын.
Татарға асым бірге еді сендерменен,
Қандырамын ал бүгін зәһарға шын.
Ал мынаның –
сақтасын мен барғанша,
Имамқұлы залымға апар басын!
Тағдыр – ғайып,
несіп – жел,
өлім – ғафыл,
Таусыламыз біз де өліп тегінде ақыр.
Маған жазған болды осы Хақ бұйрығы:
Қатағанның тағдыры қолымда тұр!
Өлінің де, тірінің жер тұрағы,
Белдеуде-дүр ажалдың кер пырағы.
Антын бұзды Тұрсын хан! –
Ант атты оны! –
Сертті бұзсам,
мені де Серт ұрады!
Аямаймын бала деп, балдырған деп,
Ол да ертең – жау!
Жауды аяп санды ұрған көп.
Семсер ұстап сендерге серт бергенмін:
«Тұрып сиер Қатаған қалдырман!» – деп...
...Хан бұрған жоқ ешқашан жүзін кері,
Қарашы тұр: «Хан үшін жан құрбан!» – деп.
...Ал қыздарын...
Қақ, Алла, қатеріңнен! –
Өріс табар құс қой ол жат өңірден.
Қоңырбике ханшаны Тұрсынқызы
Сары* алғанын оқырсыз Шәкәрімнен...
Табылады қызға ие,
шаршамаңыз,
Зар еңіреп кетпеді қаншама қыз...
Қызданбике, Айбике, Нұрбикені
Еншіледі Арғында Шаншар абыз...
...Қазақ тосын шайқасқа қамданды ұлы,
Қанға сүңгіп Ай, Күннің тамған нұры.
Хақ – әмірі,
тағдырдың жазуы – сол:
Екі болып көрген жоқ хан жарлығы!..
8.Ер Есімнің елесі
...Қатағанға төккен соң кәрін атам,
Хансыз тұрды он бес жыл алып отан.
«Есім қайда кетті, – деп, – сол жылдарда!» –
Тарихшы да, ақын да – бәрі де таң.
Тарихшыны тыңдадым, берері жоқ,
Шежірешіні тыңдадым, дерегі жоқ.
Дерегі де, берері – өздеріне,
Енді маған басқаның керегі жоқ...
...Аяқтала бергенде осы дастан
Жалт қарасам, кім-дүр деп есік ашқан? –
----------------------------------------------
Сары* – Абай, Шәкәрімнің арғы бабасы.
Есім атам еңсесі аспан тіреп
Кіріп келді cұсы мен cесі басқан.
Өң бе, nүс пе? –
Ол жағын айта да алман,
Әйтеуір, бір түн еді Ай таранған.
Болған жайт ед –
менің жан-шырағымның
Сөніп барып...
сәтінде қайта жанған.
Төрт ғасырдың түнегін тесіп өттім,
Зу-зу өтіп тұсымнан айпара-орман.
Ер Есімнің алдында тұр екенмін,
Әзірет Сұлтан төбемде –
Байтақ Ордам...
Хан иемнің айтқанын қайталайын,
Талай сырды ұғынар байқаған жан:
– Шығай ханның ұғылы Есіммін мен! –
Тірі шықтым –
не қырғын, не сүргіннен.
Жау үстінде –
пері боп есірдім мен,
Ел үстінде –
желі боп кесілдім мен!
Түркістанды қазаққа астана ғып,
Айды аспанға шығардым мешін жыл мен!
Басып қалған Сыр бойын қалың сарттан
Топырағымның тазарттым төсін мүлдем.
Қоқан, Ташкент, Бұқар мен Наманганда
Өз үйімнің төріндей шешіндім мен.
Жәлалабад, Әндіжан, Самарқанды
Өз ауламның бағындай кешіп жүргем.
Алтын бесік Алтайдан жау қалмақты
Жер түбіне бостырып көшірдім мен.
Үнді менен Қытайға керуен тартып,
Кеңге елімнің шығардым көшін бірден.
Қырым менен Орысқа серуен тартып,
Ұлы Орданың таныттым сесін мүлдем.
Қапыда ұрған қайталап Қатағанды
Жер үстінен біржола өшірдім мен!..
...Со сүргіннен мен неге тірі шықтым? –
Кетпедім деп назамын несін мүрдем?!
Тырнағы жоқ ажалдың тосын бүрген,
Кесілмесе қайтемін –
кесілгір дем?!
Ерлігіме бегеніп,
мас боп кеппін,
Соңғы қырғын, іс болды –
есім кірген!
Қорғаймын деп шет-шегін ұлысымның,
Он үшімде құрсанып қылыш ілдім.
Ұлы Сүргін басы екен сол сапарым,
Есігі екен –
енетін Ұлы Сынның.
Баудай түсіп сансыз сарт, қалың қалмақ,
Жалмауызы мен боппын бәрін жалмап.
«Мен жұтпасам,
елімді олар жұтад», –
Деп ақталсам, –
бәрібір көңіл нанбад.
Болмады, әттең, «Жәмшиттің тостағаны»*,
Дүниенің алатын өңін барлап.
Қан кешумен өзімді еттім мезі,
Қан-қан болып шалынад көк күмбезі.
Серттің жолы –
қара тас-метім екен,
Соқыр екен, білгенім –
кектің көзі!
Сол бетпенен,
сол көзбен,
сол Кекпенен
Айналыппын мезетте жендетке мен.
Қатағанды қынадай қырып салдым,
Қалмады еркек еңкейген, еңбектеген.
Тасқа шапқыр, адыра қылышыммен
Харап қылдым Қатаған ұлысын мен.
Сол бір қара күніме қарғыс айтам,
Қимылыммен!
Тіліммен!!
Тынысыммен!!!
-----------------------------
Жәмшиттің тостағаны* – ғаламның бар сырын көрсететін айна.
Арыстандай ақырдым, аласұрдым,
Сол-сол екен,
басталды аласүргін.
Ақ Сейіттің тұтпаппын әр кеңесін,
Зар-келесін ұқпаппын жанашырдың.
Зәр-кересін жұтамын өкініштің,
Қанды елесін тықпалап ана сұм күн.
Жапырыла жолымнан қашқанға жау,
Өзімді-өзім теңеппін асқарға анау.
Мыңға балап жүріппін бір басымды,
Мақтан соққан – бәң ұрған мастан да ары-ау!
Мардиыппын елге ие болғаныма,
Шыңдарға шам жаққандай,
аспанға – алау.
Қайда құны қандардың қыршын тамған?
Қайда сыры жүректің күрсін толған? –
Мың сыр толған түндерден мұң алмаппын,
Сыр алмаппын нұр керген тылсым таңнан...
Ол да қырды, содан соң мен қырыппын,
Сонда айырмам қай жерде –
Тұрсын ханнан!?
Келешекке көнемін – жақса қара,
Көрешекке сенемін – жапса жала.
Адастырып,
иттей қып таластырып,
Айдап кепті бұл күнге нәпсі әммара*
Күш барында тәнімді кернеп тұрған,
Сұс барында жауымды жер қаптырған:
«Жауды жеңген – жарты да,
өзін жеңген –
Бүтін батыр» дегенге бермеппін мән.
«Хал ғылымын»* санаппын жеңілдікке,
Жай нәрсеге балаппын ермек қылған.
Зікір нұрын құймаппын жүрегіме,
Әзірет Сұлтан дүрбесін тербеп тұрған.
Тіріге жол көрсеткен піріме қол
Тапсырсам да –
сынбапты сом боп тұлғам.
------------------------------------
Нәпсі әммара* – хайуани нәпсі.
Хал ғылымы* – жүрек ілімі.
Зікір, пікір, шүкірден алыстатып,
Шайтан –
Мені ақыры жендет қылған!..
Ертіс, Есіл, Еділ мен Жайығына
Барып өлген ерлердің жайы – мына:
Ауыт болып табыты –
Түркістанға,
Табыт болып жетеді қайығы да.
Неге Әзірет Сұлтанға жетіп өлед,
Мұның шындап бардым ба байыбына?...
«Аттатпан деп кәпірді Түркістанға!» –
Жеті мәрте жандасып жұлқысқанда,
Ордам тұрған шаһар деп шайқастым ба,
Боялғанда әр пұшпақ, қыртыс қанға?..
Ол, себебі, бұл жерге Құт қонғасын,
Құт бар жерде білді атам жұт болмасын.
Түркістаннан айрылсақ,
түк қалмасын
Түсінді олар, қазақтың тіпті оңбасын.
Тіккен басын бабамыз бұл жер үшін,
Шыңғыс қаған сол үшін тікті ордасын!
Бабалардың сөзіне иланасың,
Мен де сондай болсам деп қиналасың.
Сыймағасын содан соң өзіңе-өзің,
Тағы да бір жорыққа жиналасың.
Құт қорғаған жүрісте нәтиже жоқ,
Құттың нұрын жүрекке құймағасын.
Жимағасын тілекке Ізгілікті,
Болады аян бір күні ширамасың.
Ширамасаң,
шайтанға шырмаласың,
Жұрт көзінше әшейін қырланасың.
Бар нұрыңды әзәзіл ұрлағасын,
Ұрланасың өзіңнен,
тұлданасың.
Тұлданғаның – біткенің,
тұл боласың! –
Көп ұзамай нәжіске былғанасың.
Құдайға емес,
малғұнға құл боласың,
Үлесінен Алланың құр қаласың!
Тырбанасың өзіңше тірлік қылып,
Адам емес, сен, бірақ –
құлғанасың!..
Қайғысынан Бақидың ғафыл күнде
Пайдасы жоқ –
ханмын де, хакіммін де.
Тіфә! Тіфә!
Аулақ қыл айтқан жерден! –
Ұшырайсың «Әсфәлә саафилинге»*!
Сақта, Құдай! –
Мен ондай зымыстанға
Тілемеймін кіргенін кәпірдің де!
Артық, бірақ кәпірден қай қылығым? –
Бір ісім жоқ айтуға татыр мүлде!
Тек, әйтеуір, күнәсін мойындаған
Тақ түбінде жаны бар жатыр мүрде.
Тәубә қылдым!
Уа, Тәубә!!
Тәубә қылдым!!!
«Қайық қирап тәубәсіз аударылдым»*.
Мұрсат берсең,
қайтарам жемістерін
Шайтан тонап әкеткен бау-бағымның!
Тыс тарылды!
Түс қашты!!
Іш қабынды!!!
Мыс шағылды!
Сұс састы!!
Іс қағынды!!!
Менің жауды жеңгенім кімге дәрі,
Қумай тұрып жүректен дұшпанымды?!
Талақ қылдым жолыңа, Патша-Құдай,
Мендей настың табыты – мыс тағымды!
Бір бұлбұлым оянды жанда сайрап, Жүректегі сол әннің таңбасы әйбат. ------------------------ Әсфәлә саафилин* – тозақтан да төмен, Құдайдың қаһарына ұшыраған ең төменгі дәреже. «Қайық қирап тәубәсіз аударылдым»* – бұл жол Құл Қожа Ахмет Ясауи (р.ғ.)-ден алынды.
Мың жұлдызды тірілтем кеудемдегі,
Сахардағы зікірмен:
«Алла – һай-лап!..»
Шам масайрап әр түні жану үшін,
Ату үшін әр күні таң масайрап,
Мен – биліктен бас тарттым! –
Шықтым кеше
Салқам Жәңгір сұлтанды қалға* сайлап.
Қос арысы қираған арбаң ба едім,
Қазір сені әлім жоқ қорғар менің.
Ордам менің,
туғанда сәруар сәт
Жиылады төріңе сардар, бегім.
Жүрегіме Билігім жеткен күні
Оралармын өзіңе,
арманды елім. –
Алған демім Алласын аңсағанда,
Саялы бел сен боп қал,
самғар көгім.
Ибдағ уа Хайат уа Раббы Аллах*! –
Қылшы енді өлген жүректі нұр ағар бақ...
Әзірет Сұлтан ішіне кел, бауырым,
Ертең менің қолымнан шыра жанбақ.
Қырғын тапқан Қатаған бауырымның
Әр-біріне отырам құран арнап.
Мінәжатым,
болашақ – діл-азатым
Таң біліне оқыған дұға болмақ!
Шықтым ақыр Шындықтың самалына,
Мен ғашықпын –
АЛЛАНЫҢ Жамалына!
Нұрмен шаям жүректі,
қол жеткенше
Сидратүл мүнтәһа* дарағына.
Пайғамбардың жасына жетіп өлсем,
Жерлерсіңдер Пірімнің қадамына.
------------------------ Қалға* – ханның тірі кезінде орынына сайлап қоятын адамы. Ибдағ уа Хайат уа Рабб* – АЛЛАНЫҢ Жоқтан Бар қылушы, Тірі, Тәрбиеші деген сипаттары. Сидратул мүнтаһа* – Ғаршының дарағы.
Кешір, сырттан даттаған өшпендіні,
Оянсын де,
ЖҮРЕКТІҢ ӨШКЕН НҰРЫ.
Мен қазақты жатармын желеп-жебеп,
Әділ Алла күнәмді кешкен күні!..
...Осыны айтып Ер Есім болды ғайып,
Сыры келе жатыр ед енді байып.
Сесі қалды жүректе мөрге ылайық,
Сұсы қалды көзімде ерге ылайық.
Есіл Ерге –
Алладан кешу сұрап,
Дұға қылдым мен де енді қолды жайып:
– Хан Иемнің, Жан-АЛЛА, бер тілегін,
Бермей қойсаң, мен де онда мертілемін.
Ертіп елін түсірсін «Ескі Жолға»,
Жаңа жолда талпынған «еркін» Елін.
Төккен терім,
шеккен шер,
кешкен қаным
Елге берген ежелден Сертім едің.
Осы Серттің үстінде өлген үшін,
Тура бастар жәннатқа жол тіледім.
Сен тұр едің, Ер Есім, бір басында,
Бір басында сол Жолдың мен тұр едім.
Төркі көгін шаң, кірден таза сақтап,
Жұқтырмасам деп едім көркіне мін.
Дүниеге шашсам деп Жан Жұпарын,
Шын Иеме жетсем деп, ентігемін!
АҚИҚАТТЫҢ ашайық Ақ Сарайын,
Талқан қылып Жалғанның тор-түнегін!
Желпі желін, Жасаған, Бақи-Бақтың,
Серпіл, далам!
Тула, тау!!
Толқы, көгім!!!
Пір алдына жығылып манар басың,
Жалғаншының тәрк еттің харам-насын.
Тақ пен Зілден құтылып,
Дақ пен Кірден,
Нұрмен шайып кеудеңді ағарғасың!
Өтірік пен Жалғанның шабар басын
Қауырсынға айналғай ақ алмасың!
Саған да – ШЫН керек-дүр,
маған да – ШЫН,
Жанардасың, Хан Ием, ағар жасым.
Қауырсынның үстінде серттесейін,
Маған да – СЫН –
Ант пен Серт,
Саған да – СЫН!
Жанұшырған Жүректі Жаудан қорғап,
Күзетейін –
АЛЛАНЫҢ Ақ Ордасын!
ТАМЫРДАҒЫ АЙЫРЫП ӨРТТІ МҰЗДАН,
Суытайық Нұр сеуіп Дертті қызған.
Дертті құлдан –
бұл сырды жасырмайық,
Жасырмайық –
шайтанмен шертті қыздан:
Антты бұзған адамды –
Ант атарын,
Қан татарын қашанда –
Сертті бұзған!
Хош, Хан Ием!
Алла алдан жарылғасын! –
Дәрежеге жеткізгей зарың, жасың.
Қарақан Тау – күллі елат – Байтақ отан
Сенің тұтқан жолыңды қабылдасын!..
Жүрек – Азат болған күн, елат – Азат,
Барлық пенде Иесін сағынғасын.
Сол күн туса,
білемін Отанымның
Бір торғайы үсікке шалынбасын!..
...Ұғындыра бастасам осы жайды,
Түсінбейді жан досым, қарындасым.
Тастады хан – тәж, тағын Құдай үшін,
Қимасың бар қандайлық сенің, досым?
Хаққа қадам бір ірет аттамаған
Сен, ендеше, шайтанның тағындасың.
«Бауырларым сол тақты тастағай!» – деп,
Бұршақ салып тілеймін, ағып жасым!..
Қан құйсақ па?
Құлаққа зар құйсақ па?
Нәр құйсақ па Жүрекке,
бал құйсақ па? –
Бас – көгенде,
аспан бар тас төбеңде,
Бұзамын деп аспанды қарғи шаппа!
Әр тынысың Алланың есебінде,
Іс те, сөз де, амал да – бар қисапта!
Мал жисақ па олжа үшін кешке дейін,
Түске дейін Алла үшін жан қисақ па? –
Шыр айналып келесің Шын-Қазыққа! –
Хаққа берген Антың бар –
Әл-Мисақта!
Шыңыраудан Нұр тартып қауғаңды ұрсаң,
Бақ боп қонад басыңа ауған мың сән.
Жауған мың сан бәлеге тап боласың,
Ғамал қылмай,
дұшпанды сау қалдырсаң.
Тақ та, Бақ та, Отан да – бәрі де опат,
Ақ Ордасын АЛЛАНЫҢ –
Жауға алдырсаң!
Хан да, құл да ғұмырды жылап сүред,
Дәрежесін әлінше қылад сідет*.
Барады өтіп мың жоғын түгендемей,
Берілгені Жалғанда – бір-ақ сүрек.
Сұрақ тіреп алқымнан шыңғыртқанда,
Кімге айтарын білмейді: «Жұбатшы!» – деп.
Жұбататын адамды көрсетейін,
Еремісің соңыма, сұрақшы көп? –
Үлгі қалған Есімдей пірлі ханнан,
Ақ Ордасын күзеткен –
Шырақшы боп!..
...Ханнан да үлгі алмайсың, Пірден де үлгі,
Жегіп қойдың шайтанға Түн мен Күнді.
Мүлдем күлді төбеңе мінген дұшпан,
Мүрдем қылды! –
Сүрін боп іргеңді үрді.
Жан беретін Мүрдеңе сөзді ұқпайсың,
Көрмедің-ау сөзімді ит үрген ғұрлы.
Нұр мен Гүлді өшіріп жүрегіңнен,
Кешіп бара жатырсың кір мен күлді.
Кір мен шаңын жалғанның ылақтырып,
Илхамына Алланың құлақ түріп;
-------------------
Сідет* – міндет.
Ақ Ордасын жау алған бауырларға
Дұға қылып, көз жасын бұлап тұрып;
Әулиелер шығып жүр қабірінен,
Ізгі үн шыққан кеудені тұрақ қылып.
Құзғын шыққан көкірек көп болғасын,
Қабірлерге кетеді жылап кіріп.
Шыдай алмай,
түнекке қайта шығып,
Жүректерін жағады шырақ қылып.
Сен – көрмейсің.
Сенбейсің көргеніңмен,
Жүрек – соқыр.
Көзіңде – Сұрақ, Күдік.
Сұрақ, Күдік кемірген қуысыңда
Шайтан отыр –
сөндіріп шырақты үріп.
«Оянбасаң, ұрсын – Серт!
Атсын – Арың!» –
Дей алмаймын! –
Бауырым – шақ шыдарым.
Сені жаудың қалдырмай қапасында,
Шауық*-Ғалам Еліне ап шығамын.
Өз кеудеңді күйттемей,
жарығыңды
Бауырыңның жолына жақшы, жаным.
Сол Жарықтың ізімен жетектеп ап
Адастырмас Киеңе тапсырамын.
Сол Киенің қасында Нұр бар, Пір бар,
Жетіп өлген мекен бар – жақсыларым.
Сол жақсылар жанынан қарсы алады
Сені, мені Хан ием – дат сұрарым!..
Адастырмай ақыры жеткізеді
Қарсы алуға Алланың пәк сынағын –
Өрімдегі мөрлеген Баба-Күмбез
Төріндегі сөнбеген Ақ Шырағым!..
Зікір қылып АЛЛАНЫҢ тәтті Есімін,
Хақтың Тағын ақыры тапты Есімің.
Сол Шырақтың түбінде біз де, ендеше,
Пәк несібін татайық, Хақ кесімін.
Аруанадай ыңыранған Ана-дала
Тербетеді Құтыптың* Ақ Бесігін.
---------------------------------
Шауық* – рухани сағыныш.
Боздап қайтқан өрістен аруаналар
Үн сыйлайды жүрекке. –
Дәру ол алар.
Әзірет Сұлтан күмбезі – шыны-шырақ,
Сабалаған қанатын пәруаналар.
Соқыр болма көрместей сол ғажапты,
Ахмет сәни* шырағын жолға жақты.
Жолда жатты сан ғасыр топырақ боп,
Қазақ Оны қорғады!
Ол – қазақты!
Бар мақсұты Бабаның –
Хақтың Нұрын
Мұхамметке ақырғы* жалғамақ-ты...
Босата алмай қыр жатыр төсін шаңнан,
Ол шаң ізі ед індеттің кесір шалған.
Жаһанданған Жаһаннам аузында тұр –
Ескі жолға түскендер Есім салған.
...Сабалайды қанатын бір Ақ Сәуле,
Қырда жанған Көк Күмбез – жесір шамнан.
Аузында тұр ізгілер Жаһаннамның,
Буындырып демі дерт қаһар-малғұн.
Баһарлардың барады бағын өртеп,
Зәһар-шаңы шайтани шаһарлардың.
Зәһарлардың құтысын қиратайық,
Сақтау үшін шырағын татар балдың!
Өзің Жар бол, Жан-АЛЛА! Жұпар-АЛЛА! – Зікірім – Сен! Шүкір бер жұтағанға! Мұқағанға қайрақ бер һәм қайрат бер, «Ескі жолын Есімнің» тұта аларға. Бұты арамға былғатпа құрсағымды, Нұр шағылды – кірпігім тұтанарда. -------------------------- Құтып* – Темірғазық, яки әулиеліктің ең жоғарғы, жетінші сатысы – Қ.А.Ясауи (р.ғ.)-дің дәрежесі. Ахмет сәни* – күллі ислам әлемі Қ.А.Ясауи (р.ғ.)-ді Пайғамбардан (с.ғ.с.) соңғы екінші Ахмет деп бағалаған. «Ақырғы Мұхаммет»* – бұл жерде Ер Мәдінің (ғ.с.) есімі меңзелді.
Сол тұтанған жарықтың пәк сәулесін
Таратайық ғаламға – мұхарамға.*
Бай ма, бек пе? –
Қарама қас-қабаққа,
Қарт қонаққа хабар бер, жас талапқа.
Нас табаққа көз сатып жолдан қалып,
Алаң болып жүрмесін басқа баққа!
АҚ ШЫРАҚТЫҢ түбінде Ер МӘДІ тұр –
МАҒДАУИЯТ МАЙДАНЫН бастамаққа!!!
Ол басталса,
тіріліп өлік-ғалам,
Көрік табам –
ғажабын ел ұқпаған.
Шашыраған жолынан гауһарларды
Әшекейлеп аспанға теріп, тағам.
...Беріп маған жатқанда қазынасын,
Періштесін Ғаршының көріп қалам.
Бүтінделіп әйнегі сынық ғалам,
Күн туады Тажалды құрықтаған.
Ер Мәдінің шығады Жүсіптері
Құдықтардан босанып құлыптаған.
Куә болар ма екенмін, шіркін, мен де?! –
Шашады аспан шашу ғып бұлтын желге.
Барлық пұттар қирайды тас-талқан боп,
Жүрек біткен таулардай сілкінгенде*!
Күн жұтқызып кәусарын, Ай татырып,
Адам біткен анадан қайта туып;
Айта туып «жан-ділде Хай зікірін»,
Шәрбатымен шауықтың шайқатылып;
Шын ғылымға адамзат жолығады,
Толығады мазмұнға сай тақырып.
Кенет кеңіп қазақтың тар тұрағы, Шарқ ұрады жүрегі, талпынады! Елден бұрын АҚИҚАТ ТАҢЫН танып, Шапағына бірінші шарпылады. --------------------------------------------------- Мұхарам* – фәни-жалған, бұл жерде бүкіл, күллі ғаламға деген мағынада. *Жоғарыдағы үш шумақта Мұхаммед Иқбал Лаһури(р.ғ.)-дің сыр-сөздеріндегі мағдауият жайлы ишаралар пайдаланылды.
Алқынады,
аһ ұрып малтығады,
Адамзатқа жетектеп бал-тұманы.
Қанша ғасыр қан кешкен бейбақ қазақ,
Нұр кешеді сол күні шалқып әлі!
Сарқылады сарқыты сайқалдықтың,
Тексіздіктің теңізі тартылады.
Адамзатты шырмаған зымыян-тор
Тоз-тоз болып құрыйды тамтығы әлі!
Ер Есімдер алысып жеңе алмаған
Сап болады кәуірдің тантығаны!
Шаң-тұманы жоғалып дыюлардың,
Табады иман тағдырым талқыдағы.
Жүректердің жанғанда бар шырағы,
Жұмыртқадай дүние аршылады.
КҮЛЛІ ҒАЛАМ КҮЙРЕМЕЙ ТҮСЕДІ АМАН
КІРПІГІМНЕН ҚҰЛАҒАН ТАМШЫДАҒЫ.
«Айт мейрамын тойлайды СОЛ АҚ ТАҢДА
Жамағаты ЖАББАРДЫҢ Ғаршыдағы»*!
Екі ғалам қосылып мажыра боп,
Адыра ғап кәпірдің кәр-сынағы;
Шаршыға әлі толады кемел дүние,
Һүр, ғылмандар нұр-шыққа малшынады.
Сапарына Ер Мәді аттанғанда, Реушен боп дариды АҚ ТАҢ ҚАНҒА! Ақ батасын береді Әзірет Сұлтан Топырақ боп сан ғасыр жатқан жолда. Бар әулие-әмбие қолын жайып, «Бауырларын Расулдің»* баптар жолға. Пана болып Ғаффар* уа Саттар* жанға, Хәл береді ХАҚ ЖОЛДЫ ТАПҚАНДАРҒА. Сақтарда АЛЛА саясын сайламай ма, Қазинесін Құдайдың ақтарғанға?! Айтқан қарғыс, атқан оқ дарымайды Нұр-шарабан таһура* татқандарға. От бар қанда – өртейтін жәһілдікті, Кәпірлікті күйретер – оқ бар қолда! ---------------------------------------- *Бұл екі жол М.И.Лаһуриден алынды. *«Расулдің бауырлары»* – бұл жерде: «...ей, менің ақырдың алдында келетін бауырларым!..» – делінетін Пайғамбарымның (с.ғ.с.) хадисі негізге алынып отыр. Ғаффар*– АЛЛАНЫҢ Кешіруші сипаты. Саттар* – Жасырушы, яки перде тұтушы деген сипаты. Шарабан таһура* – пейіш сусыны.
Қарулары Тажалдың қурай құсап
Қурап, шіріп қалады оқпандарда!..
Жас парларда жанардан,
тау-тас балқып,
Құрғап қалған жан бітед ақпарларға.
Мұхит біткен аһ ұрад мадақ айтып,
Толқындарын сапырад шаттанғанда!
Сенбеймісің, діл-тейі қатты оқырман? –
Босамады-ау жүрегің тат, қоқымнан.
Хаққа құрбан боздақтар аттанарда,
Тым құрыса, болсайшы атқа тұрман!
Саф-Мақұлдан шапағат күтпесеңіз,
Қандай қайыр – баянсыз, жоққа құлдан?!
Боққа тұлғаң қапшық боп өтемісің,
Кетемісің үлгі алмай көп ғафылдан?..
Жат-жақыннан пайда жоқ.
Зәр-уынан,
Қаруынан пана жоқ от қақырған.
Кек шақырған хайла жоқ дұшпандықтан,
Қаһары ұрса АЛЛАНЫҢ Көк сапырған!..
«Расулдің үн шығып қабірінен»,
Ғайса түсед –
Төртінші Қатта отырған!..
«Ертегі айтпа!..» – деп маған тұтпа кінә,
Пұттарыңа сыйынып таққа құрбан.
Құй, нанбассың сөзіме, құй, нанарсың,
Қиналарсың хабардан зәтте қылған.
Жиналарсың Сапарға сен де, бәлкім,
Иланарсың, іс алып сәтте Ақылдан?..
Сөзіме сен, содан соң көзіңе сен,
Самсап шыққан кім, анау – Ақ шатырдан?..
Ер Есім бар ішінде... елесім бар,
Сардар-Мақсым үні бар көкке атылған!
Құс жолымен аттанбақ САПАРЫНА,
Ер МӘДІНІҢ сарбазы ол – сапта тұрған!..
Бар жүректі басқан соң қара дақ, тат,
Адамзатқа – нәбәдат, жәмәдат* жат.
Пәк ғаламды басты анық бәле қаптап,
Дүлейлікті жеңбессің балағаттап.
Он сегіз мың ғаламды тұншықтырып,
Құрдымына тартуда Қара Батпақ!
----------------------
Нәбәдат, жәмәдат* – он сегіз мың ғаламның өлі-тірі бөлшектері.
Қара Батпақ құрдымды түршіктіріп,
ТАҢ келеді, жамағат, жамалы әппақ!
Жамалы әппақ сол ТАҢДЫ қарсы алады,
Сағым күптеп соқпағын, самал аптап.
Нұрлы соқпақ Мекке мен Мәдинаға
Жеткен шақта, орнайды ҚАҒАНАТ-ТАҚ!
Қағанат, Тақ қасында тұрған ҰЛЫҚ
Адамзатқа сыйлайды сағадат*-бақ!
Ары аттанад Ер МӘДІ Қағанатты
Хазіреті Ғайсаға аманаттап!
Неше ықылым заманда жай таппаған
Байыз табад Жүрек пен Байтақ Ғалам.
Бір-біріне ит қылып Адам ұлын
Ібілістің үні өшед айтақтаған!
Бұл бір СЫР ед –
айтатын иланғанға,
Көкірекке қазына құйған жанға.
Мұндай Шындық өтпейді ешқашанда
Мыйлау мүфти, имансыз имамдарға!
Аққу әнін қай кезде ұғып еді,
Құрсағына қи-боғын жиған қарға?!
Құзғындарды қалдырып күресінге,
Жүресің бе, бауырым? –
Жинал жолға!
Үлесіңде –
АЛЛАНЫҢ Қазынасы,
Жүрегіңде мөрлеулі Иман барда!
Қарайлама жұтқа құл – үй-жан, малға,
Алаңдама – пұтқа құл тирандарға.
Қиғанда АЛЛА –
бір Саған Бар Байлығын,
Қайта түспес қолыңа Сыйдан қалма!
...Арғы жағын айтпаймын...
Айта да алман...
Соңғы Үміті ед Адамның қайта жанған.
Байтақ Ордам алдында – ШЫНЫМ ОСЫ,
Сырым – осы! –
Пәк түнде Ай таранған!
...Ақ сағымда малтыған сарбаздардың
Саптарында тұрған жан жай таба алған...
---------------------
Сағадат* – бақыт.
...Ер Есімнің қолында жанған шырақ
Алдан шығад –
Ай нұрын шайқап әрмән.
...Оян, өлік-ұйқыңнан! –
Тұр қатарға! –
Қалып қойма САПАРДАН! –
Байқа, қарғам!..
Хижраша 1428 (29),
Миләди 2008 – доңыз тыпырлап, тышқан тықырлап жатқан тұста,
қаңтардың 23 – 31-жұлдызының арасында
хатқа түсті.
Шынжыр қыстағы.
МАЗМҰНЫ
І-бөлім
ҒАФЫЛ-ЖАЛҒАН
Көкірегім – көне кітап---------------------------------------------------------- Қазағым---------------------------------------------------------------------------- Өлеңім------------------------------------------------------------------------------ Дәурен көшкен------------------------------------------------------------------- Жарлау----------------------------------------------------------------------------- Ер Доспамбет ағаға-------------------------------------------------------------- «Хассақ ұзанының Оғыз қызына озалы» топтамасы немесе «жеті күлше Құдайы»-жыр 1.Жан әлдиі------------------------------------------------------------------------ 2.Тылсым жұлдыз сүйегі-------------------------------------------------------- 3.Пәруана жыры------------------------------------------------------------------ 4.Хәл-------------------------------------------------------------------------------- 5.Нұр перзенті--------------------------------------------------------------------- 6.Шамдал нұры-------------------------------------------------------------------- 7.Ғашықтар көші------------------------------------------------------------------ Жапырағы жанымның----------------------------------------------------------- Өң мен түс-------------------------------------------------------------------------- Жайлаудағы жұрт----------------------------------------------------------------- Сәйкес------------------------------------------------------------------------------- Жұмақ-түннің жұпары----------------------------------------------------------- Бір үзік... балалық---------------------------------------------------------------- Көш-керуен------------------------------------------------------------------------ Біреу--------------------------------------------------------------------------------- Қошақан-дала---------------------------------------------------------------------- Бозбала кездің боз даласы------------------------------------------------------- Адайдың ақырғы «бандысы»---------------------------------------------------- «Жырлайды Жайық» жыр-шоғырынан 1.Қараой қасіреті------------------------------------------------------------------- 2.Қараой. Махамбет басы-------------------------------------------------------- 3.Жағасында Жайықтың---------------------------------------------------------- 4.Үңілгенде Жайыққа------------------------------------------------------------- Бурабайда қысқы түн-------------------------------------------------------------- Көкше аңызы------------------------------------------------------------------------ Даладағы дауыстар----------------------------------------------------------------- Көне қыстау – 3--------------------------------------------------------------------- Жалғыз байғыз жайлы жырақтағы жыр--------------------------------------- Тұтқын-------------------------------------------------------------------------------- Сұр дала. Күз------------------------------------------------------------------------
Жан ышқынған---------------------------------------------------------------------- Шендестіру--------------------------------------------------------------------------- «Түркістан» десе-------------------------------------------------------------------- Ұлар жырлы Ұлытау--------------------------------------------------------------- Тыныс тарылу----------------------------------------------------------------------- Ант-қауырсын----------------------------------------------------------------------- Өткен күннің елесі------------------------------------------------------------------ Бас тоғыстағы қауышу------------------------------------------------------------- Күзгі құрбан-------------------------------------------------------------------------- Тасқа көшу---------------------------------------------------------------------------- Қара тұман---------------------------------------------------------------------------- Баянауыл басында------------------------------------------------------------------- Бәрін көрдім-------------------------------------------------------------------------- Ошағымның үш бұты--------------------------------------------------------------- Іні қарызы----------------------------------------------------------------------------- Бабырдың тағы----------------------------------------------------------------------- «Құдайлар» қағанатында----------------------------------------------------------- Тағы да түн---------------------------------------------------------------------------- Бейуақ---------------------------------------------------------------------------------- Есе түгендеу--------------------------------------------------------------------------- Тұмылдырық-------------------------------------------------------------------------- Шәмші мен Төлегеннің Маңғыстау сапары туралы жыр------------------- Бақұлдасу------------------------------------------------------------------------------
ІІ-бөлім
ҒАШЫҚ-ЖАЛҒАН
«Ясауи» тобы келгенде клубты құлыптап қашып бара жатқан Шегірқұмның әкімі Жебірқұлға айтқан Қызандық ұзанның толғауы------------------------------- Омар Һәйам алдында ақталу-------------------------------------------------------- Біздің көш------------------------------------------------------------------------------- Тамырдағы үн-------------------------------------------------------------------------- Шәкәрім шошаласында-------------------------------------------------------------- Топ пен талап-------------------------------------------------------------------------- Досым салған «сүгірет» хақындағы хикая--------------------------------------- Фаллос туралы хикая (мениппея)-------------------------------------------------- Уәзін------------------------------------------------------------------------------------- Сатқын---------------------------------------------------------------------------------- Сайран кешіндегі сұхбаттар (үштаған) Кеше------------------------------------------------------------------------------------- Бүгін------------------------------------------------------------------------------------- Ертең------------------------------------------------------------------------------------
Таңның лағыл жұлдызы------------------------------------------------------------ Нышан--------------------------------------------------------------------------------- Көңіл кесесі--------------------------------------------------------------------------- «Алтай бүрлері» топтамасынан 1.Баян-Өлгей. Бөкен тау------------------------------------------------------------ 2.Сәмбіғәріп шыңы. Бәйгітөбе бауырайында---------------------------------- 3.Бесбоғда тауы. Көш--------------------------------------------------------------- 4.Алтай-сұмын. Адай-төре Қыстаубай------------------------------------------ 5.Алтай көшіп барады-------------------------------------------------------------- 6.Күлтегін қағанның басындағы Насыр мен Назымның басынан өткен уақиға жайлы хикая---------------------------------------------- 7.Жазотыр еді жайлауым----------------------------------------------------------- 8.Күлтегін мен Ясауидің үміті----------------------------------------------------- 9.Сәлем айта бар Алқамға---------------------------------------------------------- «Ай көрдім – аман көрдім»-------------------------------------------------------- Ахуал----------------------------------------------------------------------------------- Момышұлына сәлем бере барған төрт шайыр жайлы хикая----------------------------------------------------------- Төрүктен менде не қалды?..-------------------------------------------------------- Теміртікен------------------------------------------------------------------------------ Дерт пен дауа-------------------------------------------------------------------------- Хәл--------------------------------------------------------------------------------------- Ай таранған түн----------------------------------------------------------------------- «Көне қорымдағы жырлар» топтамасынан 1.Бағы даланың наласы-------------------------------------------------------------- 2.«Құсшы-Ата». Құс-таңбалар----------------------------------------------------- 3.Құлпытастағы бірінші жыр------------------------------------------------------- 4.Құлпытастағы екінші жыр-------------------------------------------------------- 5.Құлпытастағы үшінші жыр------------------------------------------------------- 6.Құлпытастағы төртінші жыр----------------------------------------------------- Менің жалқы жұлдызым------------------------------------------------------------ Тәуба табу------------------------------------------------------------------------------ Шыңғыс ханның соңғы шырағының қалай сөнгені жайлы хикая--------------------------------------------------------- Самның құмы. Сарбала-------------------------------------------------------------- Үш қиян--------------------------------------------------------------------------------- Боз даламен бақұлдасу--------------------------------------------------------------- Сергей Есенин маскүнемдер мемлекетінде-------------------------------------- Сұлтан Құбби – баласы Хәкім-Атаның------------------------------------------- Шалдың баласы------------------------------------------------------------------------ Салыстыру------------------------------------------------------------------------------ Ақиқаттың ақ таңы-------------------------------------------------------------------- Аярлар ғаламында Таңды күту--------------------------------------------------- Қараман-Ата басындағы анттасу-------------------------------------------------- Рәбия Балқия мен Басралық Хасанның
кездесуі жайлы хикая---------------------------------------------------------------- Ұстын туралы хикая----------------------------------------------------------------- Түркістанға тағзым-------------------------------------------------------------------
ІІІ-Бөлім
ДАСТАНДАР
Тарғыл тағы---------------------------------------------------------------------------- Еңсегей бойлы Ер Есім--------------------------------------------------------------
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру