TELEGEI

Home

Қасқыр

Мұхтар Әуезов

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Қасқыр

Қазақтың заңғар жазушысы, қоғам қайраткері Мұхтар Әуезовтің шығармашылығы XX ғасырдың қайталанбас құбылысына айналды. М.Әуезов шығармаларында халықтың тыныс-тіршілігін, арман-мақсатын, тарихи болмысы мен бүгінгі келбетін көрсетіп берді. Алғашқы жылдары жазылған көркем туындыларында елдің тұрмыс-т...

Әңгіме
(Аударма. Джек Лондоннан)

— Қасқыр! Қасқыр! Кәһ! Кәһ! Қасқыр! — деп Медж итін шақырып тұр еді.

Ирвин екі саусағын аузына сұғып тұрып, қатты ысқырып жіберді. Бұлар тұрған жерден аз жоғарыда шөп-шары қалың шыққан, бір жүндес төбешік бар еді. Соның жота жағында шөп судырлап, қурай сынғандай болды да, бір кезде төбе басында Қасқырдың басы мен кеудесі көріне қалды. Шығысымен бір кішкене тасты аяғымен түртіп домалатып жіберіп, сол Медждің алдына барып түскенше, құлағын тігіп тұрды. Содан соң Қасқыр өзінің иелеріне қарап, аузын ашып, жоғарыдан тұрып жымиғандай болды.

Мына екеуі де дауыстап:

— Әй, Қасқыр, Қасқыр, неткен жақсы Қасқырсың сен! — десті.

Бұл үндерді естігенде ит құлағын жымитып, басын төмен салды. Бір көзге көрінгісіз қолға өзін сылатып, сипатып тұрған тәрізді. Қасқырдың бұлар келе жатқан соқпаққа түспек болып, қиялап кеткенін иелері көріп қалды. Бірер минуттан соң ол бір мүйістен сумаң етіп шыға келіп, жолға түсті. Сырғанай түскен ізінен ұсақ тас, топырақ қоса ағылған еді. Иелерінің еркегі мұны арқаға қағып, құлағының түбін қасығанда, әйелі одан ұзағырақ еркелетті. Аздан соң Қасқыр соқпаққа түсіп ап, алға қарай шауып жөнелді. Аяғы жерге тиер-тимес боп, ешбір күш салмай, нағыз қасқырша жүгірді. Дене бітіміне, жүндестігіне қарағанда да бұл нағыз үлкен орман қасқырының өзі еді. Ит дегізетін жалғыз-ақ жүнінің түсі. Қасқыр жүні бұл өңдес болмайды. Мұның сырты қара-қоңырлау да, бауыры мен шап тұсы қызғылт-жирендеу. Бүйірі шабдарлау еді. Мойыны ақ мойнақтау болса да, онысы айқын емес. Көзі алтын іреңденіп тұратын. Әлгі еркек пен әйел бұл итті аса жақсы көрісетін. Тым жақсы көрулеріне бір жағынан, иттің бұларға тез үйір болмауы себеп болған сияқты. Қасқыр бұлардың таудағы үйіне әлдеқайдан, өздігінен келді. Ашығып, бұралып келісімен, бұлардың көзінше бір үй қоянын жеп қойды. Содан өзенге бұралып барып, бір қарақат түбірінің көлеңкесіне жатып қалды. Артынан Уолт Ирвин шақырусыз келген қонақтың жайын білейін деп барып еді, ырылдап маңайлатпады. Біраздан соң Уолттың әйелі Медж үлкен тегешті сүт пен нанға толтырып сыбаға апарып еді, оған да жаңағыдай ырылдады. Қасқыр кісіге үйір болмайтын қияс төбет болып шықты. Еркелеткенің керек емес. Бір жерін сипайын десе, тісін ақситып, жүнін үрпите қоя береді. Бірақ сүйтсе де кеткен жоқ. Өзен жағасында жатады да ұйықтай береді. Әкеп қойған тамақтан түк қоймайды. Бірақ өзі жалғыз қалғанда ғана жейді. Бөгелгені қатты арығандықтан болу керек.

Сонымен біраз күн өтіп, әл жиып алған соң, жоқ боп кетті.

Осымен іс бітуге де мүмкін еді. Бірақ осы штаттың Терістік жағында Ирвиннің бір шаруасы боп, соған жолға шықты. Жолда Калифорния 1 мен Орегон арасындағы шойын жолдың бір станциясында терезеден қарап тұрса, өздерінің әнеугі қонағы жол жағалап жортып келеді дейді. Қасқыр бітімдес қоңырқай ит. Өзі шаршаған, үстін шаң басып былғанған, бірақ қажу жоқ. Екі жүз шақырымдай жол жүріпті. Келесі станцияда Ирвин поездан түсіп, қаланың шетіндегі қасапшыдан ет сатып алып, жаңағы қаңғыбасты ұстап апты. Қайта қайтқан сапарда Қасқыр багаж вагонына мініп қайтыпты.

Сонымен таудағы үйге Қасқыр қайта оралып келді.

Бұл жолы оны бір жұмадай шынжырлап қойысты. Ері мен әйелі кезек-кезек күтіп барынша құштар болды. Бірақ бұлар барынша жақсы көріп сөйлесе де, ол ылғи ырылдай қоя береді. Бөтенсіп бойына дарытпайды. Өзі еш уақытта үрмейді. Мыналар бірде-бір үрген дыбысын естімеді. Оны бойға үйір қылу өте ауыр болды. Бірақ Ирвин осындаймен арпалысуды жақсы көруші еді. Ол қарғы жасатып, соған: "Калифорния, Сонома елкесі, Глин-Элендегі Уолт Ирвинге қайтарылсын" деген жазу жаздырып, иттің мойнына кигізді. Содан кейін шынжырдан босатып еді, ит сол сәтте жоқ болды. Арада бір күн өткен соң, Мендосино өлкесінен телеграмм келді. Жиырма сағат шамасында Қасқыр жүз шақырым жерге кетіпті. Беті ылғи Терістік. Жолда ұстап алмаса — кете беретін. Оны жүк поезымен тағы қайта әкелді. Үш күндей шынжырда тұрып, төртінші күн босатқанда тағы қашты. Бұл жолы Орегонға жеткен жерден ұстап қайтарыпты. Келесі жолы қашқанда бұл қаңғыбас Калифорнияның жарымын кесіп өтіп, Орегон штатынан асып, Вашингтон штатының да көп жерінен асқанда барып ұсталыпты. Жүрісінің жылдамдығы тіпті ғажап! Тынығып, тамақтанып, әл жиып алған сайын шырқап жөнеледі. Қашатыны ылғи Терістік. Бірдеңе бастағандай, ұдайы солай тартады. Ақыр аяғы бір жыл бойы қаша-қаша құтылмайтын болған соң, әйтеуір кеп көнді. Бір кезде терезенің түбіне кеп, асыранды қоянын жеген, таудағы үйді енді мекен етті. Сонда да еркелетуге көп заманнан соң барып көнді. Ирвин мен әйелі бұған жеткенде қатты қуанысты. Үйткені бұлардан өзгені маңына дарытпайтын. Өзі кісіні талғайды. Бұл үйге кеп жүретін адамның бірде-біріне жылы ұшырамайды. Бөгде кісі маңайлайын десе, ырылдай қоя береді. Кейбіреулері ерленіп жабыса берсе, Қасқыр ернін ыржитып азу тісін көрсете бастайды. Гүрілдей бастайды. Бұдан көрші ферманың барлық иті қорқатын. Үйткені олар жай иттің ырылдағанын естігені болмаса, Қасқырдың үнін естіген емес еді. Ирвиндер Қасқырдың бұрынғы иесі кім екенін біле алған жоқ. Бұларға сүт әкеп тұратын көрші әйел миссис Джонсон бұл Клондайкадан 2 шыққан ит дей беретін. Бірақ онымен бұл жөнінде дауласқан кісі де болған жоқ. Шынында Қасқырдың екі құлағының ұшы бір кезде қатты үсіген екен. Сол жарасы әлі күнге жазылған жоқ. Түсіне қарағанда да бұл газет, журналдарға суреті басылып жүретін Аляска иттеріне ұқсайды. Уолт пен Медж мұның Қиыр Терістікте өткен бұрынғы өмірін өздерінше әңгіме ететін. Иттің сол жақты сағынатынына бұлар күдіктенбеуші еді. Үйткені ол кей түндерде ақырын жылайтын да. Кейде теріскей жел соғып, күн суыта бастаса, мұның тынышы кетіп, үн салып, мұңайып ұли бастаушы еді. Бірақ ешбір уақытта үрмейтін. Өздеріне үйір қыла жүріп Ирвин мен Медж Қасқыр бұлардың кіміне тиісті, кімін жақсы көреді деген жайда көп таласатын. Екеуі де өз жағын жақтап, Қасқырдың азғантай жылы ұшырағаны болса, соған мәз болып, айтысатын. Әуелде Ирвин жағы басым болды. Оның себебі — мұның еркектігі. Тегі Қасқыр өз өмірінде әйел күтімін көрмеген болу керек. Тіпті әйел дегенді түсінбейтін. Сондықтан Медждің ұзын көйлегі оған бір ырабайсыз нәрсе болып танылды. Оның судырының өзінен де қасқырдың жота жүні үрпиіп кететін. Ал, желді күні Меджді тіпті маңайлатпайтын. Бұған тамақты ылғи Медж береді. Медж ас үйде жүрген сағаттарда Қасқыр есік алдында мұны ұдайы тосып тұрады. Сонымен келе-келе ұзын көйлекті жақтырмайтынын қойды. Осыны байқаған соң, Уолт өзі жазу жазып отырғанда, қасқырды қасына жатқызып қоятын болды. Соған үйретем деп жұмысына бөгет тауып алса да, ол Қасқырды еркелетіп, оған тіл қатып та отыратын. Ақыр аяғында не болса да Уолт жеңді. Бір күні бұлар сейіл құрып. соқпақпен келе жатыр еді. Қалың түп тоғайдың арасымен бір жіп-жіңішке су ағып жатыр екен. Сол судың соқпақты кесіп өтіп жатқан жеріне бұлар жете бергенде, төмен жақтан бір дыбыс естілді. Аяғын дүріс-дүріс басып келе жатқан жаяудың дыбысы екен. Анда-санда тас та салдырайды. Бір мүйістен кісінің өзі де көрінді. Тер басқан, жалаң бас. Бір қолына жаңа шляпісі мен ақ жағасын ұстап, бір қолымен бетін сүртіп келеді екен. Жағасын жаңа шешіп қолына алған сияқты. Денесі сұлу, кесек адам екен. Бұлшық еттерінің қайратты қозғалыстарынан жаңа костюмі тырсылдап айрылып кететін сияқтанады.

Уолт амандасу ретінде тіл қатып:

— Күн ыстық, — деді.

Жүргінші тоқтап, бас изеп:

— Мен ыстыққа үйренгенім жоқ, — деп, ақталайын деген кісіше — маған жайлысы аяз, — деді.

Уолт күліп:

— Бірақ біздің жерде аязды таба алмайсыз, — деді.

Жүргінші:

— Өзім де солай ойлаймын. Табам деп дәмеленіп тұрғам жоқ. Жалғыз-ақ қарындасымды тапсам болар еді. Оның қайда тұратынын әлде сіздер білмес пе екенсіз? Аты-жөні Джонсон, Уильям Джонсон деген әйел, — деді.

— Япыр-ау, сіз әлде оның Клондайкадағы ағасысыз ба? — деп, Медж бұған қадала қарап, — ол сіз туралы бізге көп әңгімелер айтып еді, — деді.

— Сол ағасы менмін, — деп жүргінші баяу ғана жауап қатып, — менің атым Миллер, Скиф Миллер. Хабар-ошарсыз бір-ақ келіп қарындасымды таң қалдырмақ едім, — деді.

— Сіздің бетіңіз тура. Мынау жаяу соқпақ апарады, — деп Медж сайға нұсқап, — анау найзағай сындырған ағашты көрдіңіз бе? Соның қасынан жол оңға бұрылады. Қарындасыңыздың үйіне ең жақын жол сол. Адаспайсыз, — деді.

Ана кісі:

— Үлкен рақмет, ханым! — деп бұрылып енді жүрмекші болды да, бірақ қайтадан тоқтай қалды.

Медж:

— Біз сізден Клондайканың жайын естісек жақсы болар еді. Қарындасыңыздікіне біз бір күн баруға болар ма екен? Әлде, тіпті дұрысы, біздікіне түскі тамаққа келсеңіз қайтер еді? — деді.

— Үлкен рақмет, ханым! — деп, жүргінші қысылғандай боп, тағы алғыс айтып, артынан жедел, — бірақ мен көп тұрмаймын. Менің Терістікке қайтуым керек. Түнгі поезбен кетемін. Билетім де әзір, — деді.

Медж оныңыз жайсыз екен дегендей жауап қатқанда, ана кісі өз бетіне қарай жүре берді. Бағанадан бері тоғай арасында жортып жүрген қасқыр дәл осы кезде көрінекке шыға кеп еді. Скиф Миллердің жүзі жарқ еткендей болды. Ол итке қадалып қарап қалғанда, барлық денесі бір нәрсеге қатты ғажаптанғанның белгісін білдіргендей еді. Жай, салмақты үнмен:

— Міне, ғажап! — деді.

Мұның үні шыққанда Қасқырдың екі құлағы жымиып, езуі күлгенге ұқсап ыржия бастады. Ол жүргіншіге таман жүгіріңкіреп кеп, қолын иіскелеп, жалап алды.

Скиф Миллер иттің басын сипап қойып, тағы да жай салмақты үнмен:

— Міне ғажап! — деп тұрып, — ғафу етіңіз, ханым! Мен бек қайран болдым. Білдіңіз бе? — деді.

— Біз де аң-таңбыз, — деп Медж үн қатып, — біз Қасқырдың бөтен кісіге бүйткенін көріп тұрғанымыз осы! — деді.

— Сіздер мұны Қасқыр атандырғансыз ба? — деді Скиф Миллер.

— Ия, бірақ мен түсінбеймін, осы сізге неге еркелеп тұр? Әлде сіздің Клондайкадан келгеніңізден бе екен? Білесіз бе, мұның өзі де Клондайкадан шыққан ит.

Миллер салғырт қана:

— Ия, ханым, — деді де Қасқырдың алдыңғы бір аяғын қолына алып, табанын басып-басып қарап тұрып, — жұмсап кетіпті, көптен мұз баспағаны көрініп тұр, — деді.

— Бәтір-ау, Қасқырдың осыншаға ерік беріп тұрғаны несі? — деп Уолт таң қалды.

Скиф түрегелді. Жаңағы дөкірлік пішіннен із де қалмапты. Енді іскер адамша қысқа қайырып:

— Сіздерге қашан келді? — деді.

Дәл осы уақытта мұның аяғына сүйкеніп тұрған ит тұмсығын көтеріп үріп қоя берді. Қуанып үрген тәрізді. Шолақ-шолақ қайырып, жат түрде үрсе де, мұнысы нағыз ұру.

— Міне, мынауың бір жаңалық екен, — деді Скиф Миллер.

Уолт пен Медж біріне-бірі қарай қалды. Таңғажайып, Қасқыр үріп тұр.

— Мұның ең алғаш үргені осы, — деді Медж.

— Рас, мен де үргенін естіген емен! — деді Миллер.

Медж күлді. Мынау адам қалжыңбас кісі екен, — деп
ойлап кеп:

— Әрине, естімессіз! Сіздің ең алғаш көріп тұрғаныңызға бес-ақ минут болды ғой! — деді.

Скиф Миллер Меджге байқастап бір қарап қойды да:

— А, мен сіздер ұққан шығар деп ем, — деп саспай ғана, — мұның мені көрген жердегі мінезіне қарап, сіздерге түсіну керек еді. Ит менікі. Аты Қасқыр емес, Жирен! — деді.

— О, Уолт! — деп Медж қысылғанынан байына қарады. Уолт тікесінен омырауға салып:

— Бұл иттің сіздікі екенін қайдан білдіңіз? — деді.

— Менікі болған соң, менікі, сол? — деді анау.

Уолт қатаң үнмен:

— Оны немен дәлелдейсіз? — деді.

Скиф Миллер бұған салмақпен кезін салып тұрып, Медж жаққа иек қағып:

— А, сіз мынау кісінің өз әйеліңіз екенін қайдан білесіз? "Өзіңдікі болған соң өзімдікі сол" дейсіз. А, мен сізге: "дәлеліңіз не десем, қайтесіз?" Ит менікі. Өзім асырап өсіргем. Танымай қоям ба? Қазір, міне, көресіздер, — деді де:

— Жирен! — деп қалып еді, ит құлағын жымитып еркелегендей болды. Сонымен анау — ти! — дегенінде шыр айналып оңға қарап тұра қалды. — Енді тура тарт деп еді, ит басында қалт етіп тұра қап, артынан тұп-тура ағыза жөнелді. Содан иесі айқайлағанда бір-ақ тоқтады.

— Ысқырсам да сүйтеді, — деп Скиф нығыз сөйлеп, — ол менің жегін иттерімнің басшысы, — деді.

Медж дауысы қалтырап тұрып:

— Бірақ енді алып кетпейсіз ғой? — деп еді, анау болмайды дегендей қып басын шайқады.

— Сонау, сұмдық Клондайкаға шын әкетесіз бе? Ондағының бар көргені қорлық қой? .. — деді.

Миллер тағы да басын шайқап:

— Онда оншалық жаман емес. Мені көрсеңізші, мығым емеспін бе, ә? — деді.

— Бірақ иттің күні қандай? Ұдайы қиыншылық қой! Бейнет ауыр. Аштық, аяз ... Мен кітаптан оқығам, білем.

— Болуын болады. Бір уақыт "Кіші балықты" деген өзеннің жағасында мен мұны жеп те қоя жаздадым, — деп түнеріп тұрып, Миллер, — бірақ мен сол күні бір тышқан ұстап алдым да, мынау аман қалды, — деді.

— Мен үйткенше өлер едім! — деді Медж.

— Мұндағы өмір басқа. Итті жеп не қыласыз? Бірақ, ана жерде, шегіне жеткенде, сөз басқа болады.

Медж барынша күйініп:

— Бәсе десеңізші. Калифорнияда ит желінбейді. Қалдырсаңыз неңіз кетеді? Мұнда жемі жеткілікті, оны білесіз. Аяздың да азабын шекпейді, жұмыс та істемейді. Бұнда жылы да майда. Адамы да, табиғаты да солай. Ешбір жан қол да тигізбейді. Күні рахат, қар да болмайды.

— Бірақ айыпқа бұйырмаңыз, жаздарыңыз тозақ, — деп Скиф Миллер күліп жіберді.

Медж жанын сала сөйлеп:

— Сіздің мұныңыз жауап емес. Терістікте сіз оған не жақсылық көрсетесіз? Не бересіз? — деді.

— Бар болғанда ас берем. Ас көбінесе болып тұрады.

— Болмағанда қайтесіз?

— Болмағанда — жоқ.

— Жұмысты қайтесіз?

— Жұмыста тыным жоқ, — деп Миллер шыдамсызданып, —Жирен маған ерсе тыным алмай жұмысты істейді, ашығады да, тоңады да, басқа бейнетті де көреді. Бірақ ол сонысын сүйеді, үйренген. Оған сондай өмір жағады. Сонда туып, сонда өскен. Сіз онда болған жоқсыз, біздің тіршілікті білмейсіз. Ал, ол өз жеріне ырза дегенде, Уолт нық байлап: — Ит мұнда қалады. Таласатын сөз жоқ, — деді.

Миллер қып-қызыл болып кетіп, қабағын түйіп ап:

— О не деген сөз? — деді.

— Мен ит мұнда қалады деймін. Байлау сол. Бұл ит сіздікі дегенге мен сенбеймін. Болса бір жерде көргеніңіз бар болар. Әлде иесінен бір жолға жегінге де алған боларсыз. Сіздің даусыңызды тыңдағаны еш нәрсеге дәлел емес. Аляскада жұрттың бәрі солай дауыстайды. Ол жақтан келген иттің бәрі де ондай дабысқа бағынады. Тегі Қасқыр қымбат бағалы ит шығар да, сіздің текке алғыңыз кеп тұрған шығар. Иесі екендігіңізді анықтамай болмайды, — деді.

Скиф Миллер бойын тежеп кең ұстап, шытырайған ақынға сызданып бір қарап алды. Жалғыз-ақ қабағы бұрынғысынан да түйіле түсіп, беті де қызара берді. Қара пиджактің астынан бұлшық еттері ойнай сірескен сияқтанады.

Жүзіне жирене қарағанның белгісі шығып:

— Шынын айтқанда, осы итті қазір алып кетсем кім бөгейді? — деді.

Уолт қып-қызыл болып ап, жұдырығын түйе бағады. Бірақ Медж араға түсіп:

— Мүмкін, Миллер мырзаныкі дұрыс шығар, — деп бастап, — оныкі тіпті шын болу керек. Қасқыр оны танитын сияқты. "Жирен" деген атқа шынымен елең етеді. Миллер мырзаға тоқталмай салып барды. Бүйткенін, өзің білесің, ешқашан көрген емеспіз. Үргенін қайтесің! Тіпті қуанғаннан есі шығып кетті. Неменеге қуанды? Тегі Миллер мырзаны көргеннен болу керек.

Уолт күдерін үзіп, қолын бір-ақ сілтеп:

— Сенікі рас, Медж, — Қасқыр Қасқыр емес, Жирен. Және Миллер мырзаға тиісті екені рас, — деді.

— Әлде Миллер мырза оны бізге сатар? Біз сатып алайық, — деп Медж бір ұсыныс жасап еді, Скиф Миллер басын шайқады. Бірақ жауласқан кісі сияқтанбай жұмсақ мінезге о да жұмсақтық істеп, жылы шыраймен белгі етіп:

— Менің бес итім бар еді. Жирен аш боп жүрді. Аляскадағы ең жақсы жегін менікі еді. Жарысқанның бәрі қалатын. 1898 жылы бес итіме бес мың сом берсе де сатқам жоқ. Рас, ол жылы ит тегі қымбат еді. Иттерімді өзім де жақсы көруші ем. Сол бес иттің ең жақсысы Жирен болатын. Соңғы қыста оның жеке басына мың екі жүзді берісті, сатсам сонда сатар ем, ал қазір сатпаймын. Жиренді жақсы көруім ерекше. Іздегеніме үш жыл болды. Біреулер ұрлап әкетіпті дегенде, дертті бола жаздадым. Пұлы үшін емес, өзін жақсы көруім ерекше еді. Жаңа көргенде өз көзіме өзім сенбедім. Түсім сияқтанды. Білесіз бе, асырап жетілткен өзім ғой. Кеш сайын төсегіне жатқызып, қымтап салатұғынмын. Шешесі ерте өліп қалған соң, сауытын екі сомға сатып алып, қою сүтпен асырап ем. Өзім кофені сүтсіз ішіп, осыған беруші ем. Шешесіндей болғамын. Ылғи саусағымды сорушы еді, мына саусағымды, — деп Скиф Миллер өзінің мұңды сөзін тоқтатып, сұқ қолын көтерді.

— Осы саусағымды, — деп зорға айтып, өзінің меншіктілік правосын және итке өзін жақсы көргізетін правосын даусыз етіп көрсетіп тұрғандай болды.

Медж сөйлей бастағанда да бұл сол саусағына қараумен тұр еді.

— Бірақ итті қайтесіз? Иттің қамын ойлаңызшы! — деді Медж.

Скиф Миллер бұған таңданып қарай қалғанда, ол тағы да:

— Оның да қамын ойлаңызшы,— деді. Миллер:

— Сіздің не айтқалы тұрғаныңызды түсінбедім! — деді.

Медж өз сөзін аяқтатпақ боп:

— Иттің де таңдайтын правосы бар емес пе? Оның да өзіне жайлысы, өз тілегі бар ғой. Сіз оның жайын ойламайсыз, оған таңдатпайсыз. Аляскадан Калифорнияны артық көрсе қайтесіз? Сіз өз қамыңызды ғана ойлап тұрсыз. Ал, оны бір қап картоптай, я бір құшақ шөптей ғана көресіз, — деді.

Бұл бір тың мәселе еді. Миллер ойланып қалды. Медж сол халмен пайдаланып:

— Егер сіз оны шын жақсы көрсеңіз, оған жайлы болғанды, өзіңізге де жайлы деп санар едіңіз, — деді.

Скиф Миллер өзімен өзі алысқан адам сияқтанып тоқырап қалды. Медж жеңген адам сияқтанып күйеуіне қарағанда, күйеуі де мұны қостап бас изеді.

Сүйткенде Миллер кенеттен:

— Ия, ал несі бар? — деді.

Бұл жолы Медж қысылыңқырап қап:

— Не айтпақшы боласыз? — деді.

— Сіздің ойыңызша, оның Калифорнияда қалғысы келеді деп білесіз бе? — деді.

Медж басын изеп:

— Даусыз солай, — деді.

Скиф Миллер иттен көзін алмай ойланып тұрып:

— Қызметі қандай еді? Маған зор еңбек етті. Ақылы қандай! Қандай ақылды десеңізші! Жалғыз-ақ сөйлемегені болмаса, бар нәрсені ұғады. Қазір міне, көресіз бе? Осының жайын сөз ғып отырғанымызды түсініп жатыр, — деді.

Ит Скиф Миллердің қасында, тұмсығын алдыңғы аяқтарының үстіне салып қойып жатып, сөйлесіп тұрған адамдарға кезек-кезек қарайды. Скиф Миллер бір-екі рет әлде бір нәрсе айтайын деп аузын ашса да, сөйлемей тоқтады. Ақырында бекінді білем:

— Енді былай болсын. Ханым, сіздің сөзіңіз тіпті дұрыс та шығар. Бұл иттің өз өмірінде көп қызмет қылғаны рас. Әлде ол да шынымен жұмсақ төсек тілейтін болар. Олай болса өзі таңдасын. Өзі не тілесе, сол болсын. Сіз екеуіңіз осы арада отырып қалыңыз, мен қоштасып кетейін. Егер маған еріп кетсе, кеткені болсын. Бірақ мен шақырмаймын, сіздер де шақырмаңыздар, — деді де Меджге күдіктеніп қарап ап:

— Бірақ ойын таза болсын! — Мен кеткен соң мұны бірдеме деп айналдырмаңыздар, — деді.

Медж: — Біз де таза ойнайық. Мұныңызға рақмет, Миллер мырза, — деді. Оған Миллер:

— Маған несіне рақмет айтасыз? Әлі Жирен қалай шешеді... Сіздер маған ренжімеңіздер. Мен ақырын басып кетемін. Жүз қадам барған соң, қарам да көрінбейтін болады, — деді.

— Біз оны бөгемейік, мен соны сізге уәде қылайын! — деді Медж.

— Дұрыс. Ал, мен кеттім, — деді Скиф Миллер.

Осыны естігенде Қасқыр басын жұлып алды да Медж бен Миллердің қол алысып жатқанын көрісімен атып тұрды. Ол артқы екі аяғымен тұрып, алдыңғы аяқтарын Меджге тіреп тұрып, Скиф Миллердің қолын жалап алды. Еркектер қоштасып жатқанда тағы соны істеді.

Скиф Миллер бұрылып aп, соқпақпен жүре берді.

Қасқыр басында қайта оралар дегендей ғып оған қадала, дәмелене қарап еді, аздан соң ақырын ғана қыңсылап ап, тұра жөнелді. Барып қуып жетісімен, ананың қолын ернімен қысып, барынша жалынып, жабысып тоқтатқысы келді. Онысы болмаған соң ағызып отырып мыналарға кеп, Уолт Ирвинді жеңінен тістеп, тартып Миллердің артынан жүргізбек болды. Қасқырдың қысылуы ұлғая берді. Мұның бір уақытта екі жерде бірдей болғысы келеді. Бұрынғы иесін де, жаңа иесін де қимады. Ал, бұл екеуінің арасы болса, алыстап барады. Иттің тынышы кетіп аласұрды. Бекіне алмай қиналғаннан, біресе онысына, біресе мұнысына ұмтылды. Қайсысын таңдарын білмегендіктен қыңсылап, өкпесін соқты. Ақырында шоқиып отыра ғап тұмсығын аспанға көтерді. Аузын бір ашып, бір жауып кеп, ақырында қылғынған сияқтанып аузын арандай ашты. Тамағының қарысуы күшейе берген сияқты еді. Артынан өте ащы үн естілді. Адамның құлағын жарғандай ащы еді. Мұнысының бәрі ұлудың алдындағы әзірлік еді. Бірақ Қасқыр сонда да ұлымады. Арандай ашылған аузын тез жаба қойып, кетіп бара жатқан адамға қадала қалды. Аздан соң Уолт жаққа бұрылып, оған да сондай қадалды. Тілегіне жауап болмады. Қасқыр өзін қалай ұстау туралы не бір сөз, не бір нұсқау, не бір белгі естімеді. Бұрынғы иесіне бір қарап еді, мүйіске жақындап қапты. Қасқырдың қайтадан тынышы кетті. Қыңсылап атып тұрғанда, енді бір жаңа ой келді ғой дейім Меджге бұрылды. Бұл уақытқа дейін оны тіпті елең қылған жоқ еді. Енді екі бірдей иесі жәрдем қылмаған соң, жалғыз үміті Медж болды. Соның алдында келіп, екі тізесінің арасына басын салып, тұмсығын қолдарының арасына тықты. Бұрын бір нәрсені сұрағысы келгенде осылай ете беруші еді. Аздан соң шетке таман жүгіріп барып секіріп, бұралып, ойнап кеп, алдыңғы екі аяғымен жер тырмалап, құлағын жымитып, құйрығын былғаңдатты. Қысқасы, барлық қалпымен өзінің тынышы кеткендігін білдірмек сияқты еді. Аздан соң онысын да тастады. Бұрын еш уақытта мұндай салқын боп көрмеген адамдардың мынандай суықтығы оған қатты батты. Ешқайсысы үн қатпайды, жәрдем етпейді, тіпті елемейді. Өлі жандар сияқты. Аз уақыт бұларға сырт қарап тұрып, ескі иесіне қадалды. Скиф Миллер мүйіске жақындап қалыпты. Енді бір сәтте ол көзден ғайып болады. Бірақ солай болса да ол артына бір қарамастан, салмақпен жай басып кетіп барады. Артында не боп жатқанымен жұмысы жоқ сияқты. Сүйтіп барып, мүйістен бұрылып кетті. Қасқыр тағы да көрінбес пе екен дегендей ғып бір минуттай күтіп тұрды. Үндемей, тапжылмай тастай қатып тұрып күтіп еді. Бір рет ақырын үріп қалып, тағы күтті. Сонан соң Уолт Ирвинге жетіп кеп, қолын иіскеледі де мүйістен көзін алмаған бойында, жанына жата қалды. Майда тастың арасымен ағып жатқан жіңішке су енді қатты сарқырап аға бастағандай көрінді. Торғайдың сайрағанынан басқа тыныштық бұзған ешбір дыбыс жоқ, үлкен сары көбелектер үнсіз ұшып, күн көзінде жарқылдап барып, көлеңкеге батып жатыр. Медж күйеуіне қуана қарады. Бірақ енді бір азда Қасқыр қайта тұрды. Барлық қозғалысында бекінгендік белгісі бар. Еркек пен әйелге көз де салмады. Барлық ықыласы соқпаққа ауған тәрізді. Ол бекінді. Мыналар да түсінді. Сынның енді басталғанын ұққан еді. Қасқыр жүгіре жөнелді. Медж үйреншікті ысқыруына салып қайтарып алмақ боп, ернін соза бастап еді. Бірақ ысқырмай тұрып байына көз салғанда, ол кіналай қарап тұр екен. Медж қатты күрсініп, отырып қалды. Қасқыр басында жортақтап бара жатыр еді, енді шаба жөнелді. Артына бір де бір қараған жоқ. Бұйығы қасқыр құйрықтанып созылып кетіпті. Мүйістен бір-ақ секіріп айналғанда, көзден ғайып болды.

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙