TELEGEI

Home

Мысал ертегілер

Бабалар сөзі

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Мысал ертегілер

Мысал ертегілер

«БАБАЛАР СӨЗІ» СЕРИЯСЫНАН

193. Кім неден күшті?

Ертек-ертек ерте екен,
Ешкі жүні бөрте екен.
Қырғауыл жүні қызыл екен,
Құйрығының жүні ұзын екен.

Мүзға тайып жығылып,
Жанбасын сындырған екен. (Сол уақытта құдай тағала) сонда мұздан сұрапты:

– Мұз-мұз, сен неден күшті болдың?

– Мен күшті болсам, күн көзі жарқырап шыққаннан құрымас едім.

– Күн-күн, сен неден күшті болдың?

– Мен күшті болсам, бетімді бұлт басар ма еді?

– Бұлт-бұлт, сен неден күшті болдың?

– Мен күшті болсам, жауа-жауа жусанның басын көгертпес пе едім. – Жусан-жусан, сен неден күшті болдың?

– Мен күшті болсам, қошақан басымды жер ме еді?

– Қошақан-қошақан, сен неден күшті болдың?

– Мен күшті болсам, көтімді қасқыр тартар ма еді?

– Қасқыр-қасқыр, сен неден күшті болдың?

–Мен күшті болсам, мерген атып алар ма еді? – Мерген-мерген, сен неден күшті болдың?

– Мен күшті болсам, мылтығымның бауын тышқан қияр ма еді?

– Тышқан-тышқан, сен неден күшті болдьщ?

– Мен күшті болсам, ала жаздай тасыған азығымды құмырсқа те-ріп кетер ме еді?

– Құмырсқа-құмырсқа, сен неден күшті болдың?

– Менің күшім арқаммен алты батпан, желкеммен жеті батпан шойынды көтергендіктен күшті болдым дегенде:

– Е, сен құдайсыз күшті болған екенсің ғой, олай болса, – деп, белден қылышпенен бір салғанда, қылдай болған. Өзіндей бұйымды көтеру де содан қалған.

194. Үш дос немесе аққу, шаян, шортан

Ніл дариясындағы пәлен мың жасаған бір жайын Сүлеймен пайғамбардың ат басындай гауһарын жұтқан екен. Сол жайынға бір кездерде ажал уақыты жетіпті. Ол өте есті жайын екен, мендегі гауһар кісі ақысы еді, соны ақыретке арқаламай беріп кетуім керек. Ол үшін қайранға шығып өлейін. Бір кездерде жемтік арасындағы гауһарды бір адам көріп алар. Адам алса мен борыштан құтылғаным ғой деп ұйғарады. Сонымен жайын жағадағы қайранға шығып қаза табады. Бірнеше жыл ішінде оның жемтігін алдымен құс жеп тауысады. Жеуге келмейтін тек қана гауһар тас қалады. Бұл гауһардың жартысы су ішінде, жартысы бетінде көрініп жатыр. Су ішіндегі жарымын шортан мен шаян көреді. Су бетіндегі жартысын мойны ұзын аққу көреді. Бұлардың әрқайсысы да оны өздері алмақ болып қызығады. Шортан ойлайды: «Шіркін-ай, бұл тереңірек жерде болса су астында шам жанғандай жарық болар еді де, көзім бұдан да жақсы көрер еді. Соның арқасында тамағым тіпті тоқ болар еді. Жемді қиядан көрер едім», –дейді. Шаян өзінше пайдасын малданады. Ол: «Осы гауһар судан шығып тұрмай, жер астына қарай түссе, жер ішінде де сәуле болар еді. Менің балшық арасындағы балаларыма үлкен пайдасы тиер еді. Өзім де ұядан адаспай, тап басып отырар едім», – деп арман қылады.

Аққудың ойы бұлардан басқаша:

– Гауһар менің арқамда не мойнымда болса, сұлулығым бұдан да артар еді. Көл бетінің, көк жүзінің күні мен болар едім. Шынында бұл гауһар маған ғана лайық, маған ғана жарасады, – деп сеніп, гауһарда алайын деп келсе, шортан мен шаян да келіп, өзді-өзі алмақ болып керілдесіп жатыр екен. Аққу оларға:

– Сендер босқа арам тер болмаңдар, гауһарды мен аламын, ол маған ғана лайық, – дейді.

Олар оған көнбейді. Үшеуі жақ болып жанжалдасады. Ақырында олар:

– Осы қазына үшеумізге де жетеді. Бірлесіп бөліп алайық, пайдасы бәрімізге ортақ болсын, – деген тұжырымға келеді. Сонымен үш дос бірлесіп алатын болып, гауһарға жегіліп тартады.

Ә деп тартқанда аққу көкке қарай, шортан су түбіне қарай, шаян балшық арасына қарай үш тарап болып, үш жаққа тартады. Бірақ гауһар орнынан қозғалмайды. Осы ретпен, осы үшеуі көп уақыт үлкен машақат көреді. Не істесе де жүкті қозғай алмайды. Ақыр соңында олар ала алмай қояды. Себебін өздері де білмейді.

«Бірліксіз іс – бос, жұмсалған күш» болып қала береді.

195. Емен түбін жайлаған шошқа

Бұрынғы өткен заманда, ну жыныс қалың орманда бір шошқа мекен етіп тұрыпты. Оның қорек қылатын ағашы емен екен. Еменнің бүршіктеріне жеміс шығады, ол шошқаның атасының асы, ең сүйіп жейтін тамағы болады Шошқа әбден семіреді, тегін тамақ мол болғандықтан ашаршылықты көрмейді. Тамаққа тойып, емен түбінде күн шуақта жата береді. Ыстықта көлеңкесіне паналайды, суықта түбіндегі үңгірде жатады. Қысқасы, осы ормандағы дәу жалғыз емен шошқаның әрі орны, әрі азығы болып, барлық мұқтажын өтеп тұрады. Ашаршылық көрмеген, азық үшін еңбек істемеген семіз, күйлі шошқа әбден ерігеді, не істерін білмейді. Ақырында тұра салып еменнің түбін қаза бастайды. Шошқа бірнеше күн еріккен сайын, емен түбін қазатын болады. Еменнің тамырлары қиылып құлауға қарайды. Сол кезде оған емен тұрып тіл қатады:

– Әй, ақымақ, өлеріңді білмейтін сен доңыз, менің түбімді қазып, құлайтын халге жеткіздің. Құламаған күнде де тамырларым қиылды, көбін аршып тастадың, сондықтан мен аз жылда қуарып құрып бітемін. Ал бұдан былай да қаза берсең, мен көп ұзамай-ақ құлаймын. Сонда келесі жылы сен не жеп күн көресің, қайда, ненің түбінде паналайсың, – депті.

Оған шошқа: «Сенің қурап, құлағаның маған не қажет, мен еріккен соң жанымдағы сенің түбіңді қазбай, алыстан ағаш іздеп әуре болатын мені ақымақ деп ойлайсың ба? Сенің тұрғаның, құлағаның маған не керек, мен үшін сен емес, тек сенің жемісің ғана керек»,– деді де, бұрқыратып қаза бастады. Сонда емен тұрып: «Өлеріңді білмейтін ақымақ, сенің көзің де, көңілің де соқыр ғой. Мен болмасам жеміс шыға ма, әкесіз бала қайдан туады. Мен құрысам жеміс те құритынын неге сезбейсің, ал жеміс құрыса, сен де құрисың»,– депті. Оған шошқа:

– Сен мені алдап әурелеме, қызықты жұмыстан бөгеме, мен сенің ақылыңмен күн көріп жүргенім жоқ, – деп ашуланып, бар күшін салып қазады. Ақырында бірнеше күн азаптанып, еменнің түбін қазып құлатып, үлкен ата жауын мұқатқандай болып, игілікті зор жұмысты бітіргендей болып масаттанады. Күз бітеді, қыс келді, жаз да жетеді. Құлаған емен қурап жатады. Оған енді жеміс шықпайды.

Шошқа әбден ашығады, өткенге өкінеді, бірақ одан түк пайда шықпайды.

196. Көгершін ертегісі

Ілгері кезде бірнеше көк кептер, ішінде патшасымен бір жерде мекен қылып жатыпты. Күндерде бір күн араларынан бір топ кептерлер бір жаққа жолаушы барып келіп, мұндағы кептерлерге көрісіп, есендік сұрасып болғаннан кейін, барып келген жерлерінен хабар айтып, сөз арасында айтыпты:

– Бір керуен сарай бар екен, сол сарайдағы керуендер көшіп, сарайын қалдырып басқа жаққа кетіпті. Ол сарай иесіз қалыпты. Қанша заманнан бері халық мекен қылған жер сарайларында есепсіз дәндер төгіліп қалыпты. Енді бізге ұқсас құстар мекен қылуға тиісті болыпты, – деп, мұндағы кептерлерге айтып өтініпті. – Көптерің мақұл десеңдер, патшаға айтып, енді сол сарайға көшсек, үш-төрт күнде жетіп барып рахатта болар едік, – дейді. Оған баршасы барғандарын мақұл көріп, патшасына арыз қылыпты: «Сыйлы біздің патшамыз, бізден бірнеше кептерлер жолаушы барып келген еді, сол жолаушылар бір жақсы хош хабар айтып келді. Бір керуен сарай бар екен, сол сарайдың адамдары кетіп, сарайы босқа қалыпты. Қанша төгілген астықтары бар дейді. Мына көп жұртыңыз өтінеді, сізден рұхсат болса, сол сарайға көшіп барып, сол сарайда мекен қылсақ, үш-төрт күндік жол екен деп, сізден тілек қыламыз. Ендігі әмір өзіңізден», – деп сөздерін бітіріпті. Ол кезде патшасы жауап қылады:

– Сіздер бұл әңгімені қойыңыздар, осы үйренген жерімізде тұралық. Бұрынғы ризықты місе қылалық. «Пәлен жерде бақыр бар, барса бақыр тұрсын жаулау жоқ», «Артық боламын деп тыртық болыпты», «Сары ит сауға сұраймын деп дауға қалыпты» деген мақалдағыдай болмалық, – дейді.

Ол кезде көп кептерлер өтінеді: «Сүйікті патшамыз, барша бұқара халқыңыз өтінеміз, ол сарайдың адамдары кетіп қалыпты, сарай босқа қалған. Енді оны сіз бен біз, көп бұқара халқыңыз мекен қылып тұруға тиісті. Үш-төрт күндік жол мехнатын мойнымызға алып, зор рахатқа жетеміз», – деп өтініседі. Сонда патша айтады: «Көпшілік баруды мақұл десеңіздер де менің көңіліме ұнамайды. Алайда болса, көпшілік баруға ниет қылыпсыздар, енді баралық», – деп баршалары мақұлдасып, керуен сарайына қарата жол тартты. Баршалары ұшып, бір-екі күн жол жүріп келе жатқанда, жолда бір саятшы тұзақ құрып, қанша дәндерді шашып қойыпты. Келе жатқан кептерлер дәнді көріп, алданып нәпсі тұзағына ұйып, дәнді теруге баршалары қона қалады. Бірінен-бірі қызғанысып, бірін-бірі итеріп, бастығы патшасы болып тұзаққа ілінеді. Ол шақта тұзақ құрушы саятшы тұзақ басында жоқ екен. Бір қарға көріп, саятшыға хабар қылмақ үшін, қарқылдап жөнеледі. Қарғаның қарқылдаған даусымен, саятшы: «Қарға қарқылдайды, тұзаққа бір нәрсе түскен шығар» – деп, тұзағына қарай жүгіреді. Сол уақытта кептердің патшасы айтады:

– Ей, жарандар, мен айтқан едім, енді нәпсі тұзағына іліндік, қазір саятшы келіп, басымызды кесіп, етімізді қауап қылып, жүнімізді жастық қылады, – деді. Сол уақытта кептерлербаршалары жылап, жанынан үміт үзіп, қайғырысып тұрады. Сонда патша айтады:

– Енді маған бір ой келді. Баршаларың бір жаққа қарап, дем қосып, бәрің бірден қанат қағып ұмтылыңдар. Осылай істесек бәлки тұзақты үзіп алып кетер ме екенбіз, – дейді. Сонда бәрі бірге қосып, қанаттарын қақты. Тұзақты жұлып, аспанға шықты. Керуен сарайына қарата ұшып кете береді. Сол уақытта саятшы кептерлердің артынан жүгіріп, жете алмай қала береді. Бағанағы хабаршы қарға кептерлердің артынан ол да ұшып: «Бұл кептерлер қай жерге түсер екен, түскен жерін көріп, саятшыға хабар қылармын», – деп, артынан бірге ұшып жүре береді. Бұл кептерлер өздері шошып қалған нәрселер, еш жерге қонбастан, дамыл қылмайынша ұшып отырып, керуен сарайына келіп түседі. Қарға да бірге ұшып келіп, сарайдың тап алдына келіп қонады. Артына қайтып барып хабар қылуға саятшы алыс жерде қалды. Кептерлер сарайдың ішіне келіп қонды. Кептердің патшасы айтты:

– Әне бір көрінген үлкен орда-інге қарата мені жеткізіңдер, – деді. Сол кезде кептерлер патшасын орда-інге жеткізеді. Сонда кептер патшасы айтты: «Ей, тышқан бірадар, ініңнен шық!» – деді. Оған інінен тышқанның патшасы шыға келді. Екі патша есендесіп болған соң, кептердің патшасы айтты:

– Ей, бірадар тышқанның патшасы, мен қанша адамдармен нәпсі тұзағына ілініп, шерменде болып қалдым. Енді сіз маған бір жәрдемшілік қылып, мені ұшбу нәпсі тұзағынан босатсаңыз екен, – деп өтінемін дейді. Сол кезде тышқан патшасы әскерлеріне әмір қылып, кептерлердің тұзағын қырқып, барша кептерлерді тышқандар тұзақтан азат қылды. Барша кептерлер тұзақтан босанып, тышқан патшасына рахмет айтты:

– Ей, бірадар тышқан патшасы, рахмет бізден жетпейді, сіздің бізге қылған жақсылығыңыз дүние қазынасымен толсын. Енді белгілі мақал бар да «жақсылыққа жақсылық» деген. Мен өтінемін сізбен дос болуға, бір жақсылық қызмет қылармын деген үмітім бар, – деді. Онда тышқан патшасы жауап қайырды:

– Ей, бірадар кептер патшасы, мен сізге қылған жақсылықты міндетке қылмадым, бірақ мен сізбен дос болмаймын, өйткені «жақсылыққа жамандық» деген тағы бір белгілі мақал бар, – дейді. Кептер патшасы айтты:

– Ей, тышқан бірадар, сіз қате айтасыз, сіз мені өлім пәлесінен құтқардыңыз. Мен қалайша жамандық жасаймын, – дейді. Сонда тышқан патшасы айтады: «Ей, кептер, сіз ілгеріде жақсылыққа жамандық қылғанды естімегенсіз,-дейді. Сонда кептер патшасы айтты:

– Қалайша жақсылыққа жамандық бар екен, айтыңыз, естиін, – деді.

– Олай болса, мен сізге бастан-аяқ баян қылайын, сіз құлақ салып тыңдап тұрыңыз, – деді.

– Мақұл, сүйікті патша, баян етіңіз, – деді. Онда тышқан патшасы айтты:

– Ілгері уақытта бір топ саудагер жолға шығыпты. Бұлардың ішінде бірінің аты арық, өзі ғаріп, бір мүсәпір екен. Бір орманды жерге келгенде, баяғы мүсәпірдің арық аты болдырып жүрмейді. Онда қасындағы жолдас болған саудагерлер айтады:

– Сіз енді ақырын-ақырын атыңды қағып, біздің артымыздан келерсіз, сізге қарай алмаспыз, – деп, жолдастары тастап кете береді. Мүсәпір бишара жолдастары кеткен соң, көңілі жаман болып: «Ей, әгерде менің пұл-сомам болса, жолдастарымнан қалар ма едім», – деп, жапан-түзде өте зарығып, біраздан соң қараса, бұл отырған тоғай өртеніп келе жатыр, бір қатты шуылдаған дауыс шығады. Бұл шуылдаған дауыс немене деп қараса, бір үлкен жылан өрттен қашып, бір ағаштың басына шығыпты. Ол ағаштың түбінен жанып от басына қарай лаулап жанып келеді. Жылан оттан қорқып, ұшып кететін қанаты жоқ, енді өлдім-ау, деп, дауыс шығарып шуылдаған екен. Сонда мүсәпір саудагер ойлайды: «Ей, бұл жылан өлім шеңгеліне тұтылған екен, енді мұны құтқарайын, бұ да жаратылыстың мақұлығы, мұның жаны да менің жанымдай ғой, бәлкім, бір сауап алармын», – деп ойлап, бір қоржыны бар екен, өзі отқа жақын бара алмаған себепті, қоржынын бір ағашқа байлап алып, жыланға қарата ұсына береді. Сол кезде жылан қоржынға түсіп, мүсәпір саудагердің қолына келеді. Саудагер бишара, қоржынды мойнына салып, бір өрт жүрмейтін тақыр жерге алып келіп: «Ей, бишара жылан, енді өрттен құтылдың сенің жаныңдағы менің жанымдай, сені құтқарғаным үшін бір жақсылыққа жетер ме екенмін, – деп, – қоржыннан шық!» – деді. Сонымен жылан қоржыннан шығып, саудагер бишараның мойнына оралды, мүсәпір жолаушы: «Ей жылан, мұның қалай?» – деді. Жылан айтты:

– Мен саған кәдемді қыламын, оны ұқпасаң, шағамын. Өйткені жақсылыққа жамандық бар, – деді. Сонда мүсәпір саудагер айтты:

– Не себепті шағасың, мен сені өлімнен құтқарғаным үшін шағасың ба? – деді. Сонда жылан айтты:

– Әрине, сен мені өлімнен құтқарғаның үшін шағамын. «Жақсылыққа жамандық» деген деді. Онда саудагер айтты:

– Қой, жылан, «жақсылыққа әрқашан жақсылық» болады, еш уақытта жақсылыққа жамандық болған емес, – деді. Жылан айтты:

– Еш уақытта жақсылыққа жақсылық келмейді. Әрқашанда жақсылыққа жамандық келуі анық. Бұған разы болмасаң, біреуге барып жүгінейік. «Жақсылыққа жақсылық» келеді десе, мен өз жайыма болайын, егерде жақсылыққа жамандық бар десе, сен разы бол, мен кәдемді қылайын, – деді. Мүсәпір саудагер жүгінуге разы болды. Жылан мойнында, қоржын қолында, аты бір жерде қалды. Жүгінгелі бір мақұлық іздеп, мүсәпір қатты қайғырып келе жатты «қылған ісім айдай ашық, бар жазығым өлімнен құтқарғаным» деп, қамығып, жылап келе жатыр еді, жанды нәрседен түк бір мақұлық жолықпады. Қатты шаршап, маңдайынан тер ағып, бір өрік ағашқа сүйеніп отырып жылап: «Менің атым арық, өзім мүсәпір, жолдастарымнан жалғыз қалдым. Менің пұлым болса, қалар ма едім? Олардан қалған соң мұндай бәлеге кіріптар болдым», – деп, налып: «Ей, өрік ағашы, сенде жаратылыстың бір нуысың, мен мынадай бір қысылшаңға ұшырадым, осының билігін сен қылшы», – деп өтініп жылады. Одан кейін ғайыптан өрік ағашы тілге келіп айтты:

– Сендердің бұл істері «Жақсылыққа жақсылық» келмейді, «жақсылыққа жамандық» болады, – деді. Мүсәпір саудагер айтты: – Сіз тура айтпадыңыз, не себепті жақсылыққа жамандық келеді? – деді.

– Мен жақсылыққа жамандық келетінін айтайын, сен тыңдап тұр, – деді.

– Мен өзім өрік ағашы, менен жылда қанша миуа болушы еді. Мені бағушы ием бағбан (бақшашы) жемісімді алып, миуаларымды жеп, көлегейлеп отырып, қатын-баласымен әр жылда рахат көруші еді. Екі жыл болды мен қартайып, қуарып, миуа бере алмадым. Кеше мені бағушы бағбан келіп: «Мұнан енді миуа шықпайтын болды, мұны енді кесіп отын қылуға тиіс екен», – деп кетті. Мен ойладым: «Бұл жақсылыққа жамандық» деген осы екен. Мен бұған қанша жылдан бері миуа беріп жақсылық қылып едім, бұл мені отқа жақпақшы болды. Өз ажалым жеткенде жығылып өлсем болмас па еді, бұл мені азат қылса болмас па еді? Міне, бұл «жақсылыққа жамандық» емес пе?» – деді. Сонда мүсәпір разы болмай, және біреуге жүгінемін деп, мойнындағы жыланмен және тағы жүріп берді. Сонан мүсәпір саудагер келе жатса бір бақта, үлкен бір семіз өгіз оттап жүріпті. Сол жерде өгізге келіп арызын айтып, бастан-аяқ істерін баян қылды. Өгіз бұлардың арызын тыңдап: «Жақсылыққа жамандық бар», – деді. Мүсәпір саудагер айтты: «Қалайша жақсылыққа жамандық болады?» – деді. Сонда өгіз айтты:

– Сіздер тыңдап тұрыңыздар, мен өз басыма келген жақсылыққа жамандықты айтайын, – деді.

– Айтыңыз, – деп өтінді. Сонда өгіз айтты:

– Мен анамнан бұзау болып тудым. Туған заман мені емізгелі қоймай, мойнымнан байлап қойып, анамның сүтін сауып алды. Сол рет бойынша байлауда жүріп, анамның сүтін еркімше еме алмадым. Тана шыққан кезімде мұрнымды тесті, өкіртіп бордағымды кесіп алды. Одан үйретіп баласына міндіріп, бір тыным таптырмастан іске салды. Құнан өгіз шыққан соң қос айдады. Жаз қойына мінгізіп жайлады. Отын арту, су тарту, бәрі менде болып бір тыныштық бермеді. Бидай, тары менсіз шықпады, істің бәрі менімен ғана бітетін болды. Қысқасы, сол бейнетпен жүріп қартайдым. Бір жыл болды тым болмаса жақсы жем-шөп беріп еске алмады, тек қуа берді. Ойладым, мені туғанымнан бәрі жақсылық қызметімді көріп еді, енді мені қартайған соң аяп, босатар деген едім. Кеше менің ием бір қасапшыны ертіп келіп: «Қарашы осы өгізім қандай семірген, қанша пұл май береді», – деді. Енді байқасам мені сойғалы семірткен екен. Бұл жақсылыққа жамандық емес пе? Менің сонша қызметімді көріп еді, енді мені қартайғанда азат қылса болмас па еді? Мен өз ажалымнан өлсем болмас па еді? – деді өгіз. Жылан айтты:

– Енді болдың ба? – деді. Онда мүсәпір саудагер айтты:

– Жоқ, тағы біреуге жүгінемін, үшке шейін жақсылыққа жамандық келеді десе, сонан кейін разылық берейін, – деп, жыланмен тағы да бірге жүріп кетеді. Саудагер келе жатса бір түлкі өтіп бара жатыр екен.

– Ей, түлкі, біздің сізге айтатын бір арызымыз бар, – деді. Сонда түлкі адамзатты көріп, қорыққанынан қашып, бір қырға шықты да, жауап берді.

– Арызыңыз болса, солай тұрып айта бер, арызыңды баста, сұраушы биікте болады, – деді.

– Ей, түлкі, біздің арызымыз анау. Жақсылыққа жамандық бар ма? – деді. Сонда түлкі айтты:

– Не туралы? – деді. Сол уақытта саудагер бастан-аяқ жыланмен болған ісін баян етті. Түлкі айтты:

– Менен бұрын ешкімге жүгініп пе едіңдер? – деді.

Сонда саудагер айтты:

– Сізден бұрын екі мақұлыққа жүгіндік, олар жақсылыққа жақсылық жоқ, жақсылыққа жамандық келеді, – деді.

Онда түлкі ойға түсіп, қайла тұзағын ашып, ойлап тұрды да: «Бұл жылан өзі түскен қоржынға сия ма екен?» – деді. Сонда жылан айтты:

– Сиямын, – деді. Олай болса, мен бір билік айтамын: «Сен қоржынға түскін», – деді. Жылан: «Мақұл» – деп, саудагердің мойнынан жазылып, қоржынға кірді де, басын шығарып тұрды. Онда түлкі айтты: «Сиямын дегенің қайсы? Басың көрініп тұр», – деді. Жылан айтты:

– Басым да сияды, – деп, басын қайырып қоржынның түбіне алып кетті. Сонда түлкі айтты: «Ей, сорлы саудагер, неге жетісіп қарап тұрсың, қоржынның аузынан мықтап ұстап алып, алдыңғы тасқа ұрып, бәледен құтылмайсың ба?» – деді.

Саудагер бишара түлкі айтқан бойынша қоржынның аузынан ұстап, жыланды тасқа ұрып өлтіріп құтылды. Түлкі саудагерді әділетпен құтқармады, айламен құтқарды. Әгерде әділет қылса, жақсылыққа жамандық келуі анық, рас еді, – деп, тышқан патша сөзін бітірді. Онда кептер патшасы айтты:

– Рас, тақсыр, мұның шын екен, – деді. Бұл сарайдың иесі керуендер, не себепті сарайын қалдырып кеткен, мұның мәнісін білесіз бе? – деді.

Онда тышқан патшасы айтты: «Білемін, керуендердің сарайды қалдырып кеткенінің себебі бар. Осы сарайда бір керуен басы бір жақсы адам бар еді, бұл адамдар ас жегенде, біздер аңдып тұрып, тамақтарын алдына қойғанда оны біз тістей қашып, тамақ жегізбей, беймаза қылушы едік. Тамақтарың арам болды деп, тастап кей уақыттарда аш қалушы еді. Бір күні басқа жақтан бір адам қонаққа келді, бұл адам тамақ қылып, тышқандар тамаққа түсіп кетпесін деп, үй иесі керуен екі қолын шапалақтап бірін-біріне ұрды. Сол кезде қонақ айтты:

– Ей, керуен басы, біздің жорамыз бойынша қолды бірін-біріне ұрған жаман. Не себепті қолыңызды бірін-біріне ұрдыңыз, – деді.

– Жарайды, мейманым, мұның жайын айтайын. Осында ордалы тышқан бар, солар қаптап келіп асқа түсіп кетеді. Сіз ас ішкенде тышқандар келмесін деп қолымды ұрдым, – деді. Сонда қонақ айтты:

– Ордалы тышқан болса, олардың қазынасы болса керек. Кетпен жетсе жігіт жинап, ордасын қазып, қазынасын алыңыздар, – деді. Сонымен керуен басы мейманның айту бойынша жігіт жинап, кетпен тауып алып, біздің ордамызды бұзып, қазынамызды алды, біз бұларға ерегісіп, күндіз-түні ас-тамағына түсіп, жас балаларының құлақ-мұрнын жеп, жаман қылдық. Сонан соң керуендер бұл тышқандарды біз тауыса алмаспыз, бұлар ерегісіп бізді жаман қылды, бұл жерден кетелік деп, бұл сарайды қалдырып кеткенінің себебі сол», – деді. Кептер патшасы тышқан патшасымен қоштасып, екеуі айрылып әңгімелерін аяқтап, өздерінің тіршілігін қылып кете берді. Баяғы кептерлерге еріп келген қарға бастан-аяқ кептер мен тышқанның сөйлескенін, тышқандардың кептерлерді тұзақтан құтқарғанын, ту алдан көріп отырған еді. Қарға ойлап: «Бұл тышқанға мен дос болайын, бір тұзаққа іліне қалсам, бұл тышқандар құтқарады екен», – деп, інінің аузына келіп:

– Я, тышқан, шық! – деді. Ол жерде қарғаның даусымен тышқан шыға келіп: «Неге шақырдың?» – деді. Қарға айтты:

– Ей, тышқан, мен сенімен дос болғым келеді. Өйткені әлде қалай тұзаққа ілініп қалсам, сен құтқарушы екенсің, – деді. Сонда тышқан патшасы айтты:

– Ей, қарға, сенің жүзіңді тәңірім аулақ қылсын. Он сегіз мың әлемде сенен қара мақұлық жаратқан жоқ. Сенің сыртыңнан да ішің қарарақ. Не себепті сенімен дос боламын, – деп. Сонда қарға айтты: «Жоқ, жараным, мен сізге қара саналмаймын, әрқашан сіздің жәрдеміңіз бізге тисе керек», – деді. Онда тышқан айтты:

– Ей, қарға, көп сөйлеме, тәңірім сенің жүзіңді аулақ қылсын! – деп, тышқан ініне кіріп кетті.

Сол сарайда қарға бір жыл тұрып қалды. Ерте де, кеште де, тышқандар қарғаны көре берген соң, біріне-бірі үйір болды. Бір күні сөз арасында тышқан патшасы қарғаға айтты:

– Ей, қарға, менің бір мұратым бар. Сол мұратыма сен жәрдем

қылсаң, мен сенімен дос боламын,-деді. Қарға айтты:

– Айтыңыз, тақсыр, қолдан келсе, жан-тәніммен қызметіңіздемін, – деді. Тышқан патшасы айтты: – Ей, қарға, менің бір бақа достым бар еді, бір сағат бір-бірімізді көре алмасақ, отыра алмаушы едік. Сол досымды көрмегелі, міне, төртінші жыл болды. Қайғы-қасіретте қалдық. Құданың құдіретімен ортамыздан бір үлкен дария ағып кетіп, сол дариядан өте алмай қалдық. Енді өтінемін, сол досыма мені жеткізсең, мен сенімен дос боламын,- деді. Қарға:

– Мақұл, бұл міндетті жан-тәніммен мойныма аламын, – деді. Содан кейін тышқанды қанатына мінгізіп алып, қарға дариядан өте ұшып кете берді. Бірнеше күн ұшып, бір күні қанаты талып бір құрғақ аралға келіп, дем алып қонды. Қарға дем алып отырғанда тышқан патшасы қараса, аралдың ар жағында бір кішкене судың жанында дос бақасы тұрған екен. Сол жерде екі дос бірін-бірі көріп, жыласып, құшақтасып, қайтадан естерін жиып, аман-саулықтарын білісіп, бір-бірімізді көретін күн бер екен десіп, қалайша жеттің? – деп, тышқан патшасынан бақа сұрады. Тышқан патшасы айтты:

– Бір қарғамен дос болып, қарғаның қанатына мініп жеттім, – деді. Онда бақа айтты:

– Ей, достым, сіз қалайша қарғамен дос болдыңыз? Он сегіз мың әлемде қарғадай қара жаралған мақұлық жоқ, қарғаның сыртынан іші қара, – деді.

– Рас айтасыз, олай болса да сізді сағынғандықтан дос болып, сол қарғаның себебімен екеуіміз бір-бірімізді көріп, көрісіп отырмыз, – деді. Сонда бақа айтты: «Сіз бекер қылыпсыз, бұл қарға опаға жапа қылушыдан емес пе? Дос болғаннан кейін, дос үшін дос жанын қиса керек. Бұл қарға жанын қимақ тұрсын, қарны ашқан күні өзіңді жеп қояды. Сіз ілгеріде бірі үшін бірі жанын қиған бір төрт досты естімегенсіз бе?» – деді. Сонда тышқан патша айтты: – Айтыңыз, естиін,– деді бақа. Ханның баласы айтыпты: «Жол боларға бұ да жақсы ырым, ана бақаны ұстап алып келіп қоржынға салыңдар», – депті.

Сонда жолдастары бақаны ұстап алып, қоржынға салыпты. Мұны үйрек көріп, бұлардың дос бақасы болған соң киікке, киік дереу тышқанға хабар қылыпты. «Жайсыз болды, бақа досты ханның баласы ұстап, қоржынға салып алып кетті» – деп, үшеулері жылап, бұл үшін жанымызды қиып, бір айла қылалық, деп, кеңес қылысты. Сонда тышқан айтыпты: «Киік, сен ақсақ киік бол да, ханның баласының алдынан ақсап өте бер, міне, ақсақ киік кетіп бара жатыр деп, қоржындарын тастап қуа қалса, үйрек мені қоржынға жеткізіп бақсын, мен қоржынды тесіп, бақаны шығарармын. Сонан соң үйрек саған хабар қылсын, сен өз жаныңды құтқарарсың, қашып кетерсің», – депті. Баршалары бұл айланы мақұл көріп, киік ақсақ болып, ханзаданың алдынан өте беріпті. «Міне, ақсақ киік келе жатыр, қуып, соғып алалық», – деп, қоржын-кіселерін тастап, киікті қуа беріпті. Сонда үйрек тышқанды қоржынға жеткізіпті. Тышқан қоржынды қырқып, бақаны құтқарыпты. Бақа құтылғаннан кейін, үйрек барып киікке хабар беріпті. Киік бақаның құтылғанын естіп, өзінің әуелгі қалпынша қашып құтылып кете беріпті. Сондай айламен бақа үшін жандарын аямай, бақаны құтқарып алған. Дос болған соң соларға ұқсап, бірі үшін бірі жанын аямаса керек. Бұл қарға жанын қимақ тұрсын, қарны ашса, өзіңе қас болады. Мұнда опа бар ма? – деп бақа сөзін аяқтапты. Сол уақытта қарғаның қарны бек ашқан еді, бірер нәрсе табылар ма екен деп, жан-жағына қараса, еш нәрсе жоқ, көзі түсіп кетіп, уағдасы естен шығып, өзінің алып барған дос тышқан патшасын бас салып жеп қояды. Бақа қашып суға кіріп кетіп құтылыпты.

197. Бұлбұл, жарқанат және қарақұрт

Бұрынғы өткен заманда гүл-бәйшешегі жайқалған жалпақ бір аңғарда таңдайынан күй төгілген әнші бұлбұл болыпты. Өз тұқымының ішінде одан асқан әнші болмапты. Жалпақ аңғардағы орманда, ағаштан ағашқа қонып, күні-түні тыным таппай, сайрайды да жүреді екен. Мүлгіген тауды, қалғыған орманды, шық оранып, балбыраған гүлді әсем әнімен тербетіпті. Таң арайын, күн шұғыласын сұлу әнімен қарсы алады екен.

– О, құдіретті күн! Төк шапағыңды жалпақ аңғарға! Жайқалып, жандансын дала, жайнасын жалпақ өңір! Сен бар жерде өмір бар! Сен бар жерде тірлік бар! Бақыт та, шаттық та сенің мөлдір шұғылаңда! Түнекті түріп, қараңғылықты серпілтіп, бүкіл әлемге жарық сәулені себелейтін құдіретті күн өзіңсің! – деп, таң алдына саңқылдай жыр төгеді екен бұлбұл.

Таң атып келе жатқанда шалқыған әуен жасыл аңғардың үстінде қалықтайды. Сол маңдағы құстар мен аңдар, сықырлауық қанатты көбелек, қыпша бел инелік, гүл шырынын іздеген бал арасы, ызылдаған шіркей бұлбұл әнімен бірге оянып, күнделікті әрекетіне құлшына кіріседі екен. Сөйтсе де осы аңғардағы бір жартастың қуысын, қараңғы үңгірді мекендейтін бір жарқанат әлемді тербеткен бұлбұл әнін өлердей жек көріпті. Таң саз бергенде бұлбұл әні естілсе болды, өзінің қапас үңгіріне кіріп алып:

– Уа, үнің өшкір, үнің өшсін! Көмейіңе тас тығылсын! – деп, өршелене қарғайды екен.

Ал бұлбұл таңның нұрын, күннің шапағын жырға қосып, шаттық әнін шырқай беріпті. Жарықтан қорқатын жарқанаттың қолынан не келеді, қараңғы үңгірдің түбінде жатып:

– Қараңғылықтың құшағы жақсы ғой. Соны да түсінбейді. Қызық өмір менің үңгірімде, – деп күңкілдеп, күйініп отыра беріпті.

Бұлбұл әні тынбай: «Жарқыра күн нұры! Жадыра, кең дүние!» Бұлбұл әнінен осылай сыр ұғыпты.

– Қараңғылық құрсын! Бұлт баспасын көк жүзін! – дейді екен бұлбұл.

Саңқылдаған бұлбұл әніне жалпақ аңғардағы барлық әнші құс үн қосады екен. Күндердің күнінде Жарқанаттың үңгіріне қарақұрт кіреді де, екеуі сырласады. Жарқанат мұңын шағып, қарақұртқа жалынады:

– Айналайын, қарақұрт, – депті жарқанат қиылып, – екеуміз дос едік қой. Мен қараңғыны ұнатамын, сен біреудің қанын сорғанды жақсы көресің. Дүниеде сенің уыңнан шошымайтын жан иесі жоқ. Сен шақсаң таудай түйені де құлатасың...

Жарқанаттың мақтауына еліктеген қарақұрт:

– Маған не қыл дейсің? – деп сұрайды. Сонда:

– Үнін естіп жүрген шығарсың өзің де. Осы аңғарда бір заржақ бұлбұл бар. Ұйқы бермейді. Даусымен мезі етті әбден. Естісем, тұла бойым тітіркенеді. Құртшы соны, жойшы көзін! Мүлгіген қараңғыда тыныш өмір сүрейікші! – деп безілдепті жарқанат.

Бұлбұлдың әсем әні топас, қарақұрттың құлағына кіріп те шықпайды екен. Жалынып, жалбарынып тұрған соң жарқанаттың тілегін жерге тастамапты.

– Шағайын! Көзін жояйын! – деп, уәде беріпті.

Содан кейін ағаш бұтағында сайрап отырған бұлбұлға келіпті. Мұны көріп бұлбұл ойланып қалыпты. Қарақұртқа бұрылып, былай депті:

– Уа, қарақұрт, тыңда мені! Мен өмір бойы жер бетіндегінің бәріне жақсылық жасап келемін. Ойлағаным – ізгілік, жырлағаным – жақсылық нышаны. Ажалым сенен бе, кім білсін? Олай болса, өлер алдында саған да бір жақсылық жасаймын. Тақыр жерде тырбаңдап жүріп, бұл өмірден не көрдім дейсің?! Ұста менің құйрығымнан, Мен сені аспанға алып шығып, мынау жалпақ аңғардың тамашасын көрсетейін. Өміріңде есіңнен кетпейді.

Бұған қарақұрт келіседі де, бұлбұлдың құйрығына жабысып отырып алады. Бұлбұл қанатын жайып жіберіп, биікке самғайды. Жалпақ аңғардың үстінде шарлап жүріп, таң нұры мен күн шапағын әнге қосып, сайрай береді. Құмыр бұлбұлдың әсем әні қарақұрттың да тас жүрегін жібітеді. Балдай тәтті, әсем әнге балқып отырған қарақұрт байқаусызда бұлбұлдың арқасынан аунап кетеді. Құлдырай құлап, тасқа соғылады да, мылжа-мылжасы шығады. Сөйтіп, арамзалардың ойы іске аспапты. Жарқанат өз үңгірінде күңкілдеп жата беріпті. Ал құмыр бұлбұл осы күнге дейін таң нұрын, күн шапағын жырға қосып, тынбай сайрап келеді екен.

198. Торғай мен адам

Бір саятшы тор құрып, аң мен құс ұстап күн көреді екен. Бір күні құрып қойған торына бармақтай ғана торғай түсіп қалыпты. Саятшы торғайды тордан босатып алады да, уысына қыса ұстап, үйіне қайтады. Жолда келе жатқанда торғай адамға жалынады:

– Мен бармақтай ғана торғаймын, аузың толып асайтын етім жоқ. Союға жарамаймын, қабырғам қылтандай, сирағым шидей. Қапасқа қамап қойсаң, құсадан өлемін ғой босқа. Менің аспан астында шарықтай ұшып жүруім керек. Қанатымды сермеп, еркімше самғауым керек. Қоя берші мені, жіберші кең дүниеге. Торғайдың арманы мен тілегін қызық көрген адам:

– Босатып жіберсем не бересің? – депті әзілдей күліп. Сонда торғай айтыпты: «Өзім білетін екі өсиетім бар еді, соны үйретейін»

– Ал ендеше үйрет сол өсиетіңді, – депті адам сенер-сенбесін білмей, таң көріп. «Жарайды. Бір өсиетімді қолыңда тұрып-ақ, айтайын. Тағы біреуін сен босатқан соң, жерге түсіп тұрып айтайын. Әйтпесе сен қос қолдап, уысыңды қысып ұстап тұрғанда, өкпем аузыма тығылып, жөндеп сөйлей де алатын емеспін», – депті, торғай қиналып. Сонан соң адам торғайды уысынан босатып жіберіпті. Мейлі, қиналма, еркін тұрып-ақ айта ғой, – депті.

– Бірінші өсиетім, – депті торғай адамның уысынан босанған соң

бойын жазып. – Өткен іске өкінбе!

– Екінші өсиетім – көзіңмен көрмегенге еш уақытта сенбе!

Өсиетіңнің бар-жоғы осы ма? Оны өзім де білемін, – депті адам онша разы болмай. Жоқ, сен ештеңені де түсінбедің, – депті торғай. Бұған адам таң қалады. Қалайша, нені түсінбедің дейсің?

Менің бөтегемде жұдырықтай гауһар жатыр еді, – депті торғай күліп. Мұны естігенде адам қарсы алдындағы шөпке қонып отырған торғайды ұстамак, болып, тұра ұмтылады. Торғай пыр етіп ұшып, әр жерге бір қонып, ұстатпай қояды. Сонан соң адам өзін алдаған торғайға наразылығын білдіріп:

– Сен мені алдап соқтың, – деп, өкпе айтыпты. Сонда торғай: – Жоқ, мен сені алдаған жоқпын, сынадым, – депті сендіріп. – Менің жаңағы айтқан өсиетіме сен әлі түсінбеген екенсің.Өзің ойлашы, менің бүкіл тұрқымның бар-жоғы бармақтай ғана, оған жұдырықтай гауһар қалай сияды депті.

199. Қотыр торғай

Бұрынғы күнде бір қотыр торғай болыпты. Қотыр торғай шеңгелге қоныпты. Шеңгел қотырын жұлып алыпты. Торғай:

– Қап, сені ешкіге айтармын, – депті. Ешкі дегенін істемесе: «Қап,

сені қасқырға айтармын», – депті. Қасқырға айтса: «Өзім күшіктей алмай жатырмын», – депті. Торғай:

«Қап, сені байдың жылқышысына айтам»,– депті. Байдың жылқышысы: «Жылқы баға алмай жүрмін», – депті. Оны барып, тұрған байға айтыпты. Бай: «Бие сойып, соны жұмыстап жатырмын», – депті. «Қап, сені қабың тесетін тышқанға айтамын», – депті. Тышқан: «Ін қаза алмай жатырмын», – депті.

– «Қап, сені балаларға айтамын», – депті. Балалар: «Бұзау жая алмай жүрмін», – депті. «Қап сені шешеңе айтам», – депті. Шешесі: «Өрмек тоқи алмай жүрмін», – депті. «Сені құйынға айтам», – депті. Құйынға айтса, құйын өрмекті үзіпті. Өрмекші қатын баланы ұрыпты. Бала тышқанды ұрыпты. Тышқан қапты тесіпті. Бай жылқышысын ұрыпты. Жылқышы қасқырды соғыпты. Сонан барып қасқыр ешкіні талайды, ешкі шеңгелді жеген екен.

200. Қарға мен түлкі

Қалың орманда қақ жарып аққан өзеннің жағасында ауыл отырады екен. Ауылда бір аңқау кемпір бар. Ол күнде ірімшік қайнатып үйінің төбесіне жайып қояды, кешке аларда азайып қалады. Кемпір оны күн көзінен құрысқан ғой деп жүре береді. Шынында, бұл ірімшікті ұрлайтын орманға ұя салған ала қарға екен. Ол кемпірдің аңқаулығын пайдаланып өзі әбден тойып, балаларына да ала келіп жүретін болыпты. Бір күні бұрынғы дағдысы бойынша ірімшікті жеп тойғаннан артығын үйіне ала қайтады. Балаларын тойғызып болған соң артылған бір түйір ірімшігін жеп қоюды да, жоқ үнем қылуды да шеше қоймай, ойланып отырғанда, орман кезіп жүрген қу түлкі көреді. Оның көзі жайнап, аузынан сілекейі шұбырып ағашты айнала береді. Басына шығуға дәрмені жоқ. Ақырында ол ойлап-ойлап амал табады.

– Қарғаның бойын ерітіп, жүрегін жұмсатып мақтайын, сол кезде ол бір дыбыс берер. Егер де дыбыс шығарса аузын ашады. Аузы ашылса, ірімшіктен айрылады. Менің аш құрсағыма тамақ барады, – деп есепке алады. Сол ретпен мақтай бастайды.

– Шіркін-ай, дүние жүзіндегі құстарда сенен сұлу бар ма екен? Маңдайың жалтыр қара, ішің толған ақыл-сара. Қанаттарың гауһардай жарқырайды, екі көзің танадай жалтырайды. Барлық сұлулық бір өзіңнің бойыңа қалай үйлесіп, қалай жарасып біткен? Үміт сипатыңа қарай даусың да тамаша деседі. Соны естіген соң әдейі іздеп, алыстан келіп тұрмын. Естігенде құлағым тойып еді, көрген соң көзім тойып тұр. Неше күн сапар шегіп келген бейнетім орнына тұрды. Енді жарқыным, маған үніңді есіттір. Өмірде армансыз болайын, – деп жалынады.

Қарғаның түлкінің мақтауына көңілі өседі. Мейлінше шат болып масаттанады. Сөйтіп, бұл байғұстың сағын сындырып, жүдетіп қайтармайын, әдейлеп келген соң разы етіп қайтарайын деп барлығынша жағын керіп «қарқ» етеді. Сол кезде ірімшік аузынан жерге түсіп кеткен екен. Түлкі ірімшікті қағып салып:

– «Дәулеттінің дәмінен», – деген. Даусың ащы, ірімшігің тәтті екен, – деп, жортып жүре беріпті.

«Аңқау – аңқауды қарақтайды», «Аңқаулығың ала қарғадай екен», – деген мәтелдер бар.

201. Ұлар мен қарға

Бір таудың шағыл тасты бөктеріндегі арса-арса жартастың қуысын қара қарға мекендепті. Одан жоғары көгалды жерді ұлар жайлапты. Бұлар көрші болған соң, көпке дейін бір-біріне барыс-келіс жасап жүріпті. Екеуі ұзақ-ұзақ әңгімелеседі екен. Содан соң сөзден-сөз туындап, бір күні екеуі өз артықшылықтарын айтып, мақтана бастайды. Мақтан таласқа ауысады. Ақыры екеуі кімнің күшті, кімнің әлсіз екенін сынап көрудің амалын ойласады. Сөйтіп, ұлар мен қарға күресіп, күш сынасуға келіседі. Біріне-бірі былай шарт қойысады: жыққаны жығылғанын жеуге тиіс. Осылайша, ерегіскен екі құс алыса кетеді. Әрі ырғасып, бері ырғасып, бірін-бірі ала алмайды. Арпалыс жеті күн, жеті түнге созылыпты. Ешқайсысы жығылмапты. Сегізінші күні сәске кезінде өліп-талып, барын салып тұрған қарға сүрініп кеткен ұларды басып қалыпты. Кеудесіне мініп алады да:

– Енді мен сені жеймін! – депті қоқиланып:

Сонда ұлар: «Ей, қарға, серттен таятын өзің, мен емеспін, – депті қайсарланып. – Дұрыс, сен – жықтың, мен – жығылдым. Сен енді мені жеуге хақылысың. Бірақ бір өтінішімді орында».

Қарға сырлас, тату көршісінің көңілін қимай:

– Мен де тасбауыр емеспін. Өлер алдындағы тілегіңді айт ендеше, – депті.

Сонда ұлар ақтық өтінішін айтыпты:

– Қарға, сен жерге жатқанның бәрін талғамай шоқи бересің, рас па?

– Тамақ іздеген соң, шоқу керек қой, – депті қарға мойындап.

– Демек, содан тұмсығыңның кірі бес батпан. Менің етім сүттен ақ, қардан таза. Мені сол таза қалпымда жесең, өмірбақи аузыңнан етімнің дәмі кетпейді. Сондықтан бұлақ басына бар да, тұмсығыңды жуып, тазалап кел.

Ұлардың бұл өтінішін қарға мақұл көреді де, ұша жөнеледі. Сонан өзі су ішіп жүретін жіңішке бұлаққа барады. Көздей ғана жылып аққан судың жағасында отырып, алдымен өзінің шөлін қандырып алмақ болады да, суды сіміре бастайды. Күні-түні алысып, әбден қаталап қалған екен, бұлақтың бармақтай көзінен жылтылдап шығып жататын су таусылып, суалып қалады. Қарғаның тұмсығы қара батпаққа батып кетеді де, бұрынғыдан бетер былғанады. Енді еркін жуынатын үлкен су іздеп табу үшін таудан-тауды асып, сай-саланы кезеді. Ақыры түбінде мөлдір суы мөлтілдеп тұрған бір құдыққа тап болады. Құдықтың мөлдіреген тұнық суына қызығады. Одан суды қалай аларын білмей, басы қатады, ешбір амалын таппайды. Содан құдыққа өтініш айтады:

– Құдық досым, мына мөлдір суыңнан берші. Онымен тұмсығымды жуайын да, ұлардың тәтті етіне бір тояйын.

Бұған құдық қарқ-қарқ күледі:

– Мен бұл суды ыстықта шөлдеп, сусағандардың сусынын қандыру үшін сақтап отырмын. Олай-былай өткен жолаушылар соны ішіп, шөлін басады. Сенің лас тұмсығыңды батырып былғауыңа көне алмаймын. Егер керек болса, бар да шелек тауып кел. Соған құйып берейін.

Қарға шелекті қайдан аларын білмей, ойланып тұрады да, тәуекел деп, ұша жөнеледі. Күні бойы жерге қонбай қалықтап жүріп бір ауылға келеді. Ауыл үстін айналып біраз ұшады. Бір кезде күресінде жатқан түбі тесік көзеге көзі түсіпті. Қуанып кетіп, көзенің қасына барып қонады. Отыра салып:

– Көзе, досым бір жолға тілімді алшы. Саған құдықтың суын құйып тұмсығымды жуайын да, ұлардың тәтті етіне бір тояйын, – деп қиылыпты.

Түбі тесік көзе орнынан әзер тұрады да:

– Сен мені күресінде жатыр екен деп мазақтама, – дейді ашуға булығып. – Маған да талай күш, ақыл-ой, өнер жұмсалған!

Шошып кеткен қарға:

– Мен мазақтап тұрғаным жоқ. Сен маған өте қажетсің! – деп барлық сырын айтады.

Қарғаның мұңын естіп, көзенің жаны ашиды:

– Ендеше, сағыз топырақ тауып әкеліп, балшық иле. Сонан соң менің түбімді жама да, тесігімді біте. Одан кейін құдыққа барып, су құйып ал, – деп кеңес беріпті.

Қарға өлер-тірілеріне қарамай, сағыз топырақты іздейді. Оны бір адырдан табады да, қасына жүгініп отыра қалады.

– Досым сағыз, топырағыңнан берші. Онымен көзенің түбін жамаймын. Бүтіндеген соң құдықтан су алып, тұмсығымды жуайын да, ұлардың етіне бір тояйын.

– Тіленшіге берер балшығым жоқ, – депті сағыз топырақ сазара қырыстанып. – Менен көп адам көзе жасайды. Маңдай терін төгіп, өздері қазып алады. Алда-жалда өте қажет болса, киіктің мүйізін тауып әкеліп, өзің қазып ал!

Қарғаның амалы таусылып, қатты қиналады. Осымен-ақ қоя салайын десе, ұлар етінің тәттілігі құлқынын қышытып, өңешін жыбырлатады. Содан кейін тәуекелге бел байлап, тағы да құлшына қанат қағып, әлемді шарлап жүріп, жалпақ далада қос құралайын ертіп, жайылып жүрген киікке кездеседі. Қалбалақтап қасына жетіп барады. Жалынышты кейіппен:

– Киік досым, маған мүйізіңді берші. Онымен сағыз топырақты қазып алып, көзені жамаймын. Бүтінделген көземен құдықтан су тартып, тұмсығымды жуайын да, ұлардың тәтті етіне бір тояйын, – деп өтініпті. Қарғаның жалынышты үніне киіктің жүрегі елжіреп, жаны ашиды да, өзінің ақылын айтады:

-Әй, қарға-ай... мен мына шөл далада ылғи қауып-қатердің ортасында өмір сүремін. Оның үстіне, міне, көріп тұрсың, балаларым да жас, өз күндерін өздері көре алмайды. Сондықтан мүйізім балаларымды жыртқыштардан қорғау үшін өзіме де керек. Алайда сен соншама шалғайдан әдейі іздеп келген екенсің, меселіңді қайтармаймын, берейін. Ол үшін сен менің мүйізім қайта өсіп жетілгенше балаларыма жатып жейтін шөп жинап бер. Қарға істің барған сайын қиындап бара жатқанына күйінсе де, ұлардың тәтті етін ойлағанда таңдайы жыбырлап, еріксіз тамсанды. Басқа амалы болмаған соң, қайғысын басып, әрі қарай сапар шегеді. Бірнеше күн жерге қонбай ұшып, көгарай шалғыны жайқалған көгілдір тауға жетеді. Етегіне қонып, демін алған соң, тауға мұңын шағады.

– Тау досым, сенің шөбіңді киікке апарып берейін. Киіктің мүйізін алып, сағыз топырақты қазып, көзенің түбін жамайын да, құдықтың суын құяйын, сол сумен тұмсығымды жуып, ұлардың тәтті етіне бір тояйын.

Қалың шөбі толқындай ширатылған тау қарғаның зарын естіген соң:

– Шөпті мен саған қалай беремін? Адам баласы өз қолымен орып алады. Еңбек етеді, тер төгеді. Алыстан іздеп келген екенсің, егер қатты қажет болса, орақ тауып әкел де, қалағаныңша орып ала ғой, – депті ырзалығын беріп.

Орақ тауып келуден басқа амалы болмаған соң, орақ іздеп қарға тағы да ұшыпты. Ел-елді шарлап жүріп, егін орып жатқан бір орақтың үстінен түсіпті. Қуанып кеткен қарға:

– Орақ досым, – деп қиыла айтыпты өтінішін. – Сенімен шөп орып алайыншы. Сол шөпті киікке апарып берейін. Киіктің мүйізін алып, сағыз топырақ қазайын. Онымен көзенің түбін жамап, құдықтан су алайын да, тұмсығымды жуып, ұлардың тәтті етіне бір тояйын!

– Ей, қарғам-ай, мені тыңда, – депті орақ белін бүкірейтіп тұрып. – Мен өздігімнен орақ бола қалғаным жоқ. Менің темірімді ұста отқа салып қыздырған, шоқ балғамен соғып шыңдаған. Суға салып пісірген, маңдай терін сорғалатып, осы халге жеткізген. Сол ұстаға бар да, тілегіңді айтып, жаңа орақ соқтырып ал. Мұнда өзімнің де атқаратын жұмысым басымнан асып жатыр. Тілегіңді орындай алмаймын, ренжіме!

Қарға енді ұлармен күресіп, өзінің жыққанына қынжылыпты. Егер ұлар жықса ғой, бұл азапты сол шегер ме еді, қайтер еді. Ары ойлап, бері ойлап, қарға ақыры ұстаның дүкеніне барады. Ұстаға шеккен азабын айтып, зар еңірейді. Қарғаның көрген азабын естіген соң, ұстаның оған жаны ашиды. Сонан соң ұста:

– Орақ соғып берсем, қалай алып кетесің? – деп сұрайды. Қарға ұстаның сөзіне қуанып, өз білгенін айтады.

– Аяғыма қыстырып аламын ғой...

– Ол болмайды. Көтеріп кетуге әлің жетпейді, жерге құлап түседі. Шеңгелдеп ұстап жүретін қауқар сенде жоқ. Құлатып алсаң, жерге түсіп, біреуді жазым етерсің.

– Ендеше мойныма іле сал, – депті қарға орақты алып кетуге ынтығып.

– Жарайды қалағаның болсын, – деп күлген ұста қарғаның мойнына қылп етсе қыл қиятын өткір орақты іліп береді.

Енді барлық мақсаты орындалатынына масайраған қарға қуанышы қойнына сыймай, отырған жерінен ұмсына ұмтылып, көкке шапшиды. Жерден қарыстай көтеріле бергенде, алмастай өткір орақ қарғаның мойнын қырқып түсіпті. «Ақылсыздың істеген ісінің ақыры өзін көрге жығады», – депті мұны көргендер.

202 . Екі қаз, бір бақа

Ертегі заманда екі қаз су таба алмай жүріп, ыстық шілденің күнінде бір көлшікке келіп қонады. Ол көлшікті көптен бері мекен етіп жүрген бір бақа бар еді. Екі қазды қорқылдап жолатпай, көлшігін қызғанып, екі қазға су ішкізбеді. Екі қаз жалынды. Жалынса да бақа:

– Бұл азғана көлшік құрып таусылады, сіздер ұшып кетесіздер, мен бишара қанат, құйрығым жоқ, қайда барамын, – дейді. Қаздар айтады:

– Әгер де осы көлшік құрыса, сізді біз алып ұшып, бір жақсы көлге жеткізелік, – дейді. Бақа қабылдап, үшеуі шарттасып, бір жүре береді. Күндерде бір күн азғана көл суалып, қалған суы сасып кетеді. Екі қаз уәде бойынша бақаға: «Кетелі, бір жақсы суға жетелі», – дейді. Мұны бақа мақұлдады. Бір құлаштай ұзын ағашты алып келіп, бақаға дәл ортасынан тістетіп:

– Аузыңды ашпа, жағыңды қарастырып тұра бер, – деді. Екі қаз ағаштың екі шетінен аяғымен мықтап ұстап, бақаны аспанға алып ұшты. Бақа көктің үстіне шыққанға көтеріліп, көңілі өсіп, жердегі бақалардан өзін жоғары дәрежелі деп мастанды. Сөйтіп, аспанда бара жатып, бір үлкен шаһардың үстіне келіп еді, шаһар халқы көкке қарап қайран қалды:

– Бұл не зат? – деп. Біреулер: «Қасиетті бақа» деді. Біреулер: «Бақа емес басқа зат», – деді. Жұрттың сарынын естіген соң, бақа мақтанып: «Атымды айтпай, білдірмей кеткенім болмас», – деп, таңқалып тұрған елге.

– Мен – бақамын! – деп, аузын ашқанда ағаштан босап, жерге қарай құлдилап шыр айналып, сүзе соғып, далбаңдап келіп ат базардың ортасына тарс етіп түскенде, жарыстырып базарға салып жүрген аттар бақаның белін басып, өлтіріп кетті. Екі қаз: «ақымаққа жақсылық етіп болмас!» – деп, өз бетімен ұшып кете берді. Міне, бәз бір азаматтар, бақаға ұқсас елінен жоғары дәреже көрсе, менмендік пікір алады, өзінен басқаны пәс тұтады. Ол асылық, ол адамды надандыққа ұшыратады. Түбінде бақа құсап, дұшпанның аяғының астына түседі.

Бұл туралы Абай айтты деген бір сөз дәлел еді:
Жамандар істемейді әділ еңбек,
Ұрлық, қулық қылғанға қағар күлмек.
Арамдықтан жамандық таппай қалмас,

Мың күн тұрса, бір күні сынар шөлмек.

203. Пілдің ісі тышқанға түсіпті

Бұрынғы заманда асқар таулы, нулы орманды өңірде піл мен тышқан көрші әрі тату-тәтті дос болып өтіпті. Бірақ достықтары көп ұзамай бұзыла бастапты. Піл өзінің алып тұлғасына қарап, кішкентай тышқанды алымсынбайтын болыпты, тіпті онымен бірге жүруді ар көріпті. Пілдің бұл ниетін білген тышқан «Орайын тауып сазайыңды бір тарттырамын» деп әбден тісін басады. Піл мен тышқан осындай күрең қабақтасып жүргенде арыстан қызын ұзататын болып, пілді тойға шақырыпты. Піл тойға аттанғанда тышқан да ере жүреді. Бойын қызғаныш кернеген піл оған тап-тап беріп қуалайды. Арбаңдап жүрген пілдің абайсыздығында тышқан оның құлаштай ұзын танауына «сып» етіп кіріп, кетеді. Танауға кірген ол тыныш жатсын ба, арлы-берлі жүгіріп оның мазасын әбден алады. «Шық» деп зекиді піл. Тышқан ерегесе түсіп, бұрынғыдан әрмен жыбырлата тырналайды. Ақыры піл:

– Ағатай-ай! Танауымнан шықсаң, тату-тәтті өтейік, айтқаныңа көнейін – деп жалыныпты. Сонда ғана тышқан пілдің танауынан шығып, сып етіп ініне кіріп кетеді. «Пілдің ісі тышқанға түсіпті» деген тәмсіл осыдан қалса керек. Піл осыдан бастап тышқанның інін көрсе, оның аузын табанымен басып тұрып алатын болған екен. Пілдің осы ерекшелігіне қанық адамдар асау пілді үйреткенде алдымен жерге төрт қазық қағып, оны суырып алады екен де, асау пілді сол араға әкеліп байлайтын көрінеді. Піл қазықтың орынын тышқанның іні деп табанымен басып тұрғанда адам оған жүгін артып алады екен дейді.

204. Піл мен маймыл

Ну орманды мекендеп, бірімен-бірі сыбайлас боп қатар жүрген піл мен маймыл бір күні өз бойларындағы артықшылықтарын айтысып отырып, дауласып қалыпты.

– Менің бойым таудай. Күшім де көп, – деп мақтаныпты піл. – Ашулансам бар ғой, қандай жуан ағашты болса да тамырымен қопарып тастаймын. Ондай қайрат сенде жоқ!..

– Ал мен ептімін, ештеңе бөгет бола алмайды, – деп таласыпты маймыл. – Ағаштан-ағашқа ырғып, ну жыныстың арасымен сырғанап жүре беремін.

Осылайша піл мен маймыл өз бойларындағы артықшылықтарын айтып, ұзақ таласыпты. Бірінің айтқанына бірі көнбепті. Өздері бір бітімге келісе алмапты. Сонан соң бұл даулары туралы біреудің билігін естігілері келеді. Сөйтіп, екеуі жуан емен дінінің қуысында отырған үкіге барыпты:

– О, орманның ақылгөйі, – депті піл ұзын тұмсығын жоғары созып тұрып. – Мына маймыл екеуміздің таласымызға өзің төрелік айтшы!

– Не жайында таласып жүрсіңдер? – деп сұрапты үкі.

Сол кезде жыпылдаған маймыл сөзді іліп әкетеді:

– О, біздің ақылгөйіміз! Анығын айрып берші, күш-қайрат үстем бе, немесе епшілдік үстем бе?

Мұны естігеннен кейін үкі енді піл мен маймылдың не себепті таласқандарының сырын түсінеді де, ойланып қалады. Піл де күжілдей өтінеді:

– Соны айырып бер бізге!

– Мұны менің іс үстінде сынап көруім керек. Кесімін содан кейін айтамын, – депті үкі.

– Қалай сынамақсың? – деп сұрасады.

Үкі екеуін кезек-кезек қарайды да, аздан соң қалай сынайтын шартын түсіндіреді:

– Мына өзеннің арғы бетіне өтіңдер. Қалың ағаштың арасында биік өскен бір түп алма ағашы бар. Қазір жемісі уылжып пісіп тұр. Екеуің де өзеннен өтіп барып, сол алма ағашының алмасынан алып келіңдер. Мен сол алмаға қарап отырып, өздерің қалаған төрелікті айтамын.

Піл мен маймыл алма алып келу үшін өзенге қарай беттейді. Келсе, өзен арнасына сыймай, лықы толып, астан-кестен боп ағып жатыр екен. Өзеннен өте алмайтын болған соң маймыл мұңайып, қасірет шегеді. Сол кезде:

– Кел менің жотама мініп ал, – депті піл. – Мен таудан үлкенмін. Күшім де мол. Өзеннің ағысы мені ағызып кете алмайды.

Маймыл қуанып кетіп, пілдің жотасына өрмелеп шығып алады. Піл өзенді қақ жарып, ешбір қиналмастан арғы жағаға өте шығады. Содан кейін екеуі үкі айтқан алма ағашын іздеп табады. Қараса, алма ағашы зәулім биік екен. Жемістің бәрі мойын жетпейтін биікке өсіпті. Қанша созса да пілдің тұмсығына бірде-бір алма іліге қоймапты. Өзінің алма ала алмайтынын білген піл мұңайып, мөлиіп тұрған. Сол кезде маймыл:

– Мұңайма, – депті пілді жұбатып. – Қазір мен алма ағашына өрмелеп шығамын да, басындағы жемістерді жерге түсіремін. Сен жинай бер.

Маймыл бұтақтан-бұтаққа секіріп, алма ағашының басына өрмелеп шығады да, алмаларды үзіп, жерге тастай беріпті. Піл алмаларды теріп, бір жерге үйіп қойыпты. Сөйтіп, алмаларды алып болған соң, екеуі кері қайтыпты. Өзенге келген маймыл алған алмаларын құшағына қысып, тағы да пілдің жотасына мініп алыпты. Піл өзенді қақ жарып, балпаңдай басып, қамсыз өте шығады. Екеуі алып келген алмаларын үкінің алдына төгіп қойыпты да, қандай төрелік айтатынын тосыпты. Сонда үкі:

– Маймыл, сен мына ағыны қатты өзеннен қалай өттің? – деп сұрайды. Маймыл шынын айтыпты:

– Мені піл жотасына мінгізіп алды.

– Дұрыс. Өйткені оның бойы таудай. Күші де мығым. Өзен ағызып кете алмайды. Ал, піл, сен айтшы, биік ағаштың басындағы жеміске бойың қалай жетті?

– Менің бойым жетпеген соң, – депті піл де шынын айтып, – маймыл ағаштың басына өрмелеп шықты да, алмаларды үзіп, жерге түсірді. Мен жинап тұрдым.

– Міне, ұқтыңдар ма? – деп, үкі өзінен төрелік сұрап тұрған піл мен маймылға түсіндіре бастапты. – Күштен де, епшілдіктен де үстем нәрсе – біріңе-біріңнің көмегің. Селбесіп мақсаттарыңа жеттіңдер. Тек қана күштен немесе жалаң епшілдіктен пайда аз. Біріңе-бірің жәрдемдеспегенде екеуің де мына алманы алып келе алмас едіңдер. Демек, күш пен епшілдік қабысқанда ғана жарасып тұрады. Күшің болғанмен ебің болмаса, ебің болғанмен күшің болмаса, бәрі де бос әурешілік, еңбегің зая.

– Дұрыс, дұрыс! – деп, піл мен маймыл өздеріне айтқан үкінің төрелігіне бас шұлғысыпты. Сонда үкі:

– Піл, сен күшіңе сеніп даурықпа! Маймыл, сен епшілмін деп бөспе!

Әрқашан біріңе-бірің осылай жәрдемдесіп жүріңдер! – деп өсиет айтыпты.

205. Бөгелек

Ерте, ерте, ертеде жәндіктер өздерін-өздері мансапқа қойыпты. Сона – хан, бөгелек – уәзір, шіркей – жасауыл сайланыпты. Күндердің күнінде ызылдап ұшқан бөгелек өрісте жайылып жүрген жылқыны, сиырды, есекті кездестіреді. Қараса жылқыға жал, сиырға жая, есекке қоң біткен. Бөгелекті мүлде әкім екен деп танымайды. Бұған қаны қайнап, көзі алайып кеткен бөгелек ызыңдап, әрқайсысына бір төнеді. Оған жылқы да, сиыр да, есек те мыңқ етпейді.

Сонымен, әбден ыза болған бөгелек ұшып келіп, сона ханға арыз айтыпты:

– Осылай да осылай, хан тақсыр? Жан-жануарлар сізді хан деп елемейді, салығын төлемейді.

Мұны естіген сона хан кәріне мініпті. Шіркей жасауылдарын шақырып, жарлық беріпті:

– Бөгелекке еріңдер,

Салық жинап келіңдер.
Төлемесе салықты,
Сыбағасын беріңдер!

Сонымен, бөгелек уәзір бастап, шыбын-шіркей қостап, жан-жануарлардан салық жинауға аттаныпты. Бұлар дуылдап, ең алдымен жылқыға келіпті.

– Салығыңды төлемей, сона ханды елемей жүрген сенің сыбағаңды берейін, – деп, бөгелек пен шіркей тап бергенде, жылқы бұларды құйрығымен шықпыртып-шықпыртып, көлдің қалың құрағына қойып кетіпті.

– Қой, қанатымыз су болар, мұны көлден шыққан соң көрерміз, – деп, бөгелек енді есекке келеді.

– Әй, бақырауық, кәне, төле салығыңды! – деп, зіркілдей ұмтылғанда, есек:

– Қыс-қарт, қыс-қарт! – деп, құйрығымен басы-көзін сабалап, борпылдақ күлге аунай беріпті.

– Қой, мына бәленің астына түсіп, күлге көміліп қалармыз, жүріңдер, сиырды тауып алайық, – деп, салық жинаушы бөгелек өзінің жасауылдарын ілестіріп, сиырды іздеп әрі қарай жөнеледі. Сиырды тауып алып:

– Кәне, төле салығыңды, төлемесең, қаныңды түгел сорып, қу сүйегіңді қалдырамыз! – деп, төбесінен төне түседі.

Мұны естіген сиыр:

– Қане, бөгелегім, салығыңды қуып жетсең, аларсың! – деп, құйрығын көкке шаншып, зыта жөнеліпті.

Ештеңе өндіре алмаған бөгелек қайтайын десе, сона ханнан қорқып, әлі күнге дейін салығын ала алмай, сиырды қуалап жүр деседі.

206. Шымшық пен көгершін

Құламерген айдалада, жапан түзде аң аулап, сейіл құрады екен. Оның баласы Жоямерген әкесінің таяғын ұстап жастай-ақ аңсақ болған екен. Ол түрлі құстарға тор, тұзақ құрып ұстап алады екен. Бір күні құрып қойған торына кішкене шымшық оралып қалыпты. Ол сорлы тордан шыға алмайды, оралып жата береді, бір мезгілде оның қасына көгершін келеді. Бұның торға оралып жатқанын көреді. Ол анадай тұрып шымшыққа ұрсып табалайды:

– Әй, ақымақ, есалаң, қазір күн талтүс емес пе? Түн болса бір шарт. Күндіз торды көрмей оралып екі көзіңді шел қаптады ма? Аяғыңның астына қарап, ана сығырайған көздеріңді ашып жүрсең етті. Енді сен күшікті кім шығарып алады. Бәрібір бүгін мен сені әуреленіп шығарсам да сен есалаң ертең тағы шоқақтап, ебелектеп жүріп торға түсесің ғой. Күнде-күнде мен саған әуре болып жүремін бе? – деді де ілгері бір-екі аттап еді, өзі қол тұзаққа түсіп, шиқылдады да қалды. Оны көрген шымшық:

– Әй, данышпан, көзі бар досым, ақылшы апам, қазір түн бе, күн бе? – деп сұрапты. Өзі жанталасып буынып жатқан көгершіннің оған жауап беруге шамасы келмепті. Сонда шымшық оған тағы да:

– Әй, ақылгөй апа, мен торға түссем де қиналмай, дем алып жақсы жайда жатырмын. Сенің халің менен де нашар болды-ау, жаңа маған айтқан ақылыңды өзіңе неге істемедің? Өз басыңды алып жүре алмайтын болған соң басқаға ақыл айтып нең бар еді, – депті.

Біреуге күлсең өз басыңа келеді. «Табашының табаны тайғақ», «Өзіңе пайдасыз ақылды өзгеге айтпа!» деген мәтелдер осыған келеді.

207. Қырғи мен бөктергі

Қырғи мен бөктергі ойда жоқ жерде кездесе кетеді. Екі дос өткен- кеткенді әңгімелеп, кездесу құрметіне кеш өткізуді ұйғарады. Кештің керегіне әзірлеу үшін жиырма торғай ұстап әкелуге келіседі. Жиырма торғайдың жартысын ұстауды қырғи міндетіне алады, қалған он торғай бөктергінің үлесіне тиеді. Қырғи көп кешікпей 10 торғайды ұстап, төбе басында бөктергіні күтіп отырады. Бөктергінің келетін мезгілі өтіп, кешігеді. Ал бұлар кешті күн батпай бастауға уәде еткен. Ақыры шыдамы таусылған қырғи дерексіз кеткен бөктергіні іздеуге шығады. Қалың тоғай бойымен ұшып келе жатып, қырғи алыстан бөктергіні байқайды. Ол бір торғайды қуып, ылдиға ығыстырып барады екен. Сол сәтте қырғи бөктергінің соңынан ұшып жетеді. Оның қауырсындары терге малшынып, аяғын торғайды бүруге ілгері соза түсіпті. Бөктергінің шаршау кейпін көрген қырғи: «Тоғайда торғай қалдырмай қырған екен», – деп ойлайды. Сөйтіп, ол бөктергіден асығыс:

– Ау, Бөке, қанша торғай ұстадыңыз? – деп сұрапты.

Сонда бөктергі алдында ұшып бара жатқан торғайды нұсқап:

– Осыны алсам, тоғыз торғай қалады, – депті.

208. Екі бұғы

Бір күні тауда жайылып жүрген екі бұғы шөпке таласып қалыпты.

– Мен жеймін мұны, мен бұрын көрдім, – депті бірі.

– Мен жеймін, мен бұрын келгенмін бұл жерге, – депті екіншісі.

Екеуі жанжалдасып, бірін-бірі сүзе бастапты. Кейін шегіне түсіп сартылдата кеп мүйіздесе сүзісіпті. Аздан соң тіпті қызық болыпты. Бұғының мүйізін білесіңдер, талдың бұтағы сияқты болады. Ілініскенше әбден сүзіскен көрінеді. Бір кезде мүйіздері ілінісіп қалған бұғылар бірінен-бірі ажырай алмай әрлі-берлі тартысыпты. Мұны өтіп бара жатқан аңшылар көріп қалыпты да қуанып, дереу келіп бұғыларды арбасына салып, үйлеріне қарай жөнеле беріпті.

209. Әркімнің туған жері өзіне жәннат

Өткен заманның заманында торғай мен бұлбұл дос болыпты. Күндердің күнінде бұл екеуі бір-біріне туған мекендерін көрсету үшін қонақ шақырысатын болыпты. Алдыңғы кезекті бұлбұл алып, торғайды әнімен қарық қылып орман-тоғайдың ішімен бір жеміс бағына әкеліпті. Бұл кезде бұлбұлдың жағымды әні онан ары сорғалай түсіпті. Кеудесін қуаныш кернеген бұлбұл қанша сайрағанымен торғай қабағын бір ашпапты. Бұны байқаған бұлбұл:

– Ой, досым, неге қабағыңды ашпайсың? – деп сұрайды. Сонда торғай:

– Осыны да туған мекенім бар деп масаттанып төбең көкке жеткендей болып кеттің ғой, менің туған жеріме салыстырғанда бұл жерің неге тұрады? – дейді де отыра беруге тақат ете алмай, өзінің туған мекенін көрсету үшін алдыға түсіп пырылдап ұша жөнеліпті. Бұлбұл артынан қуа еріп отырыпты. Бұлар ұша-ұша талай шөл даладан өтіп, ес кетіп, жан шыққанда, ішерге суы, теруге түйір дәні жоқ құмдағы жалғыз бүргеннің түбіндегі ұясына алып барыпты. Сонда торғай екең:

– Міне, жердің жәннаты, кең дүние, көсіліп ұшқанға да... – деп ұясының маңайынан құрт-құмырсқаларды теріп жеп, қуанышы қойнына симай жырғап қалыпты.

Бұны көрген бұлбұл «Е, әркімнің туған жері өзіне жәннат екен ғой» деп ойлапты.

210. Қозы мен құлын

Қозы мен құлын жарысатын болып келісіпті. Жарысатын жері ұзақ жер екен, даяшылар оларды бір төбенің басынан тосып алатын болыпты. Жарыс басталып, а дегенде құлын озып кетеді. Біраз жер жүгірген құлын артына қараса, қозы көрінбей қалған. Сонымен, ол өз-өзіне марсиып, «Маған қозы өлсе де жете алмайды, босқа жүгіргенше дем алайын, қозы осы араға келгеннен кейін жүгірсем де, бәрібір озбаймын ба», – деп қозының келуін тосып жатады. Құлын туада ұйқышыл болады екен де, жата салысымен дереу ұйықтап кетеді. Содан ұйқысы қанып бір уақытта оянса, қозы әлі жоқ. Сонда құлын қозы әлі келмеген екен деп ойлап: «Бұл арада бүйтіп тосып әлектенгенше ертерек барып алмаймын ба, бәрібір жүлде менікі болғаннан кейін», – деп шауып отырып барса, қозы өзінен бұрын барып баяғыда жүлде алған екен. Сөйтіп, асқақтаған құлын артта қалыпты да, өзіне сенім артқан қозы озып келіпті.

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙