Табысу
Төлеу-Мұхаммед Орашбаев
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Төлеу-Мұхаммед Орашбаев - «Табысу» шығармасы.
Үш әңгіме
Қожанияз
Тағдыр соқпағы оларды қазықшының жұпыны баспанасында табыстырды. Ақан алқабына береке ерте енді: тәрнек пен жәмшелері қолмен қойғандай тұра қалды, жеген сайын түйнектер қаулап шығады. Диқан дарқаншылығы: еркін жеп, еселеп жеп, қарқ болды да қалды. Қара жолақты сап-сары жәмшелер көздің жауын алады, дәмді-ақ, тілді үйіреді; еті қап-қалың – тұқымын қысып тастаған, тып-тығыз. Атабас түйнектерге ен салынған: арнайы кесіліп, тұқымы алынады.
Бұған сүйсінген Ақан:
– Қауын толыса пісті – игертер емес, базарға шығарса да болады, – деп желпіне түсті. Ақанының ығын ала қолтығына жел бергенді ұнататын Айдан:
– А-а, жарықтық-ай, жердің күші мен ердің күші тең келген ғой, қайтсін, жеткізген екен. Үш жылдық тыңайтқыш төгілді. Биыл кетпенін де терең шаптың – жер қыртысын аударып тастадың. Қарығы әсем шықты: тіп-тік, арна дерсің. Көйлегіңнің жауырны бір терледі ғой. Ә-әй, кемі жоқ – деді.
Шал көңілденді. Шегір көз ұшқындап, жан-жағынан өзін қолдаушы күш іздеді: жас келіншегінің биязы үні жанына жағып барады – жылылықты аңсай түсті.
– Ағасы, – деді Айдан. Ақан жалт қарады. Тұла бойымен құлаққа айналды. Кірпік те қаққан жоқ. – Арқыраған айғыр есектерің бар. Жүк көтереді, балаңа дәптер пұл болсын – Тақта не Жыландыға шығып қайтсайшы. Жиырма шақырым ғой. Ешкілеріңе өзім-ақ қараймын. Елеусін де бар.
Айдан ұлын бетке ұстай қолқа салды. Ақан ұрты томпайып, бір сәт қыймылсыз қалды. Ойланды. Шегір көзін Айданға қадап, шамалы үнсіз отырды. Кем-кемнен көзіне жылылық лебі тарқала бастады. Аузындағы нанын шалалау шайнады да, түйіле жұтып жіберді. Кеңірдектегі түйіні жоғары-төмен бұлтыңдап зыр жүгірді.
– Қапшықтар, арқан да дайын. Жәмшелерді Сарбала жұлып, қаптап береді. Шайды ерте ішсең, өзім Арқаштан өтірісіп саламын. – Айдан шалына күле қарады. Маржандай ап-ақ ұсақ тістері жарқ ете қалды. Ақан келіншегіне қадала қарады: көз қарашықтары ұштаса кетті. Ақан мұртын сыйпалап, шоқша сақалын саумалады. Жүрегі шым ете қалды: бір ыстық леп тұла бойын қуалап, миына шапты. Ақан қутың қақты: өкшесі жеңілдеп, желпіне түсті. Көзі сығырайды. Айданға мейірлене ықыласты назар салды, – Есектеріңді өзің жайғастыр. Ертелеу дем аларсың. Балдарға шаруаны тапсырамын.
Арқаштан өткенше есектер қисаңдады: ауылдан ұзағысы жоқ, үйге бұрыла береді; қайыс қамшы бір-ер рет артқы тірсектерін жалап өткен соң, таныс жолға түсіп, мөлтеңдей бастады. Таң нұрына малынып, көкпен тіресе Шығыста Ызмұхширдың шомбал ескі қорғаны мұнартып тұр: Күннің алтын сәулесі кем-кемнен көкжиекті аппақ нұрға бөлеп келе жатты. Ақан ескі қорғанға жалтақ-жалтақ қарап қойды. Ойына еріксіз-ақ сол бір кезең орала берді... 1932 жылдың зобалаңында ығысып, Ақандар осы қорғанның шығысына Қарапорсаң жеріне қоныс басып еді. Отырықшы түркмен шаруаларымен тез тіл табысқан-ды, аз жұқанамен келсе де, өріс пен егіс керек болды да, Маякеткен көлінің шығысына ығысты, одан жылжып отырып, Қарақұмның нақ етегіне барып қоныс басты: жер де жақсы – боз, су да мол – тастөбеден құяды. Ақан мұртынан күліп қойды. Ақан көліктерін орналастырып, бір-ақ ес жиды: қапшықтарын атүсті көзден өткізді де, қазықшының баспанасына көз салды, өзін жіті бақылап отырған бұйра сақалдыға тігіле қарады. Қарулы, орта жасар, иықты еркек те Ақанды бақылап отыр екен, түрегеліп, қарсы жүрді. Сәлем берді. Ақан қолын созды. Мүйізденіп қатып қалған алақаны жап-жалпақ екен: саусақтары темір қысқыштай қап-қатты.
– Амансың ба, інім, – деп Ақан тіл қатты. Көзіне қадала қарады: қой көз – қос жанары мөлдіреп, жалын шашып тұр екен. Өзіне икемдей тіл қатты. – Диқаншылық. Жыландыны көріп қайтайын деп шығып едім. Осы келген бетім...
– Ә-ә, жақсы болған. Жәмшені шығарыпсыз. Жақсы, жақсы, Алла зият етсін. Мен де диқанмын: жемістің иісінен кете алмай отырғаным кіндігімнен байланып.
Ақан мерейлене қарады. Қожанияз қауыншының селдір сақалына көз қыйығын жүгіртті де, қапшыққа қарады.
– Ауыр шығар. Иығыма демеп жібер, – деді.
Қауын базарда Ақанның мерейі үстем келді: Қожанияз саудаға жатық екен, қас қағым сәтте шаруаны жайғап тастады. Ақан бес жәмшені тақымына басып қалды. Қонышынан селебесін суыра беріп еді, Қожанияз шыр ете қалды.
– А-ға, жәмшені қанжармен кеспеңіз, обал-ды, болат пышақпен жару керек, – деп қынынан сүйек сапты сүйемдей үшкір кездікті жарқ еткізіп суырып алды. Үш бұрышты жәмше тұқымы домаланып түсті.
– Атаңа мың рахмет, міне, кетпені жеткен қауын – жұмақтың жемісіне де әрі тұр дейді. Кемің жоқ. Жаратқанием қуат берсін, аға! – Қожанияз жәмшенің кеспесін үнсіз дәмдеп шайнады. Ақан жігіттің шеберлігіне таңдана отырып, жай жапсарды сұрады. – Шабаттың бойында тұрамын. Қызым бар, тұрмыста. Жалғызбын...
Жәмше жеп болған соң, Қожанияз ас қайырды. Ақан ойын ортаға тастады.
– Ауылға жүр, інім. Жақын, демде жетіп барамыз. Диқаншылығымызды көр.
Қожанияз ойланды: мұртын сипады, бұйра сақалын қасыды, басындағы жатақбөрікті ілгері-кейін жылжытты. Ақанға шаншыла қарады: қошқар тұмсық, сұйық сақалды, жұқа өңді қапсағай денелі шағыр көз қауыншы тайсалмастан тігіліп отыр екен. Қапшықтарын жинап алыпты, үш жәмше иіріліп тұр. Ақан тіл қатты.
– Мыналарды алып жүр. Немерелеріңе. Құтқанаңнан шай ішіп, жолға шығамыз.
Қожанияз жанқалтасынан насыбай қабақты шығарды. Тығынын алды да, үңірейген аузын Ақанға қарата ұсынды. Ақан басын шайқады. Қожанияз жалпақ алақанына мол шөкім насыбай үйді. Аузын кере ашып, тіл астына тастап жіберді. Ақан көзі шалып қалды: қарулы тістері бүп-бүтін, қаладай екен. «Қара күштің қабысың-ау, – деп ойлады Ақан. – Алақаның қышып тұр ғой, жігітім. Қалаға қамалып, алақандай жерге үңіліп, діңкең құрып жүрсе керек: Ызмұхширдың боз топырағында ойнақ салсаң, көп нәрсені бітіресің әлі. Саған арнап, диқан бел де соқтырамын. Әбдіраман соғады. Күш сенен, демеу менен, Жер иесін тапса жақсы...» Олар қара талдың астында құтырынып аққан Шабаттың ылай суына мерейлене қарап қойып, көк шайға қанып алды. Қожанияз кесік құлақ, шолақ құйрық қара есекке қоржынын артты. Арқаштан бір шоғыр қараны көрді де, Айдан қалт тоқтап қалды: базаршысы екен – есектер де елге жеткеніне қуанысып, еселеп аңқырып жатыр. Ақан көңілді екен: даудырлап, хабарларын айтып жатыр. Қожанияз да қабаттаса келіп, Айданмен амандасты.
– Іні таптым, Қожанияз. «Талын көріп, тоғайын таны» деген: Ызмұхшир жемісін көрді де, топырағына жүгініп, қайта берді. Қожекеңнің өзі екен – Гүлжан қызымыз рұқсат етті. Диқаншылығымызды көрмекші. – Ақан жаңалығын жайып салды. Жуынып-шайынып шайға отырды. – Қара шай ішеміз.
Қожанияз қара шайға алғаш үрке қараса да, тез бауыр басты: Айданның бабына келтіре құйған кеселерін ізді-ізіне жедел босатып, нанды алақанына салып отырып жеді. Сарта жүгініп алған отырысынан айныған жоқ. «Дініңе берік жансың-ау, шамасы, – деп ойлады Айдан. – тігіліп те қарамайды, бекзаттығы ғой. Өзіне сенімді: тағдыр желі айдап, несібе теріп жүрген-дә.» Елеусін шай үстінде-ақ Қожаниязға жуыса түсті: нас қабақтың шашақты тығынына қызыға қарап, көп отырды. Насыбай атқан соң, Қожанияз сыртқа шықты. Елеусін ерді: алғашқы көзқарастан-ақ ескі таныстардай ұғыса түскен екеу егістікке бет алды. Бас түйістіріп бара жатқан ұлына сүйсінген Айдан Аллаға мінәжат етті. «Пейіліңе берсін, қуатым, адам жатырқамайды. Жақсыға жаттық жоқ – атаның ізіне ерсе, үйренері бар. Иманжүзді екен. Болаттұяқ диқан ғой, Елеусін ілесіп алыпты. Тіфә-тіфә. Өмірлі бол, қуатым...»
Олар егістікке ендеп сіңіп бара жатты.
Қәтеп ауылы
1998 барыс жылы, маусым-мамыр
Оразмұхаммед
Айдан шындап қысылды: ұшып-қонып жүрген Бақтылы қалпақтай ұшты – кешке іңір қараңғысы түсе құр сүлдерін сүйретіп алқап жұмысынан діңкелеп келгенде, үш жасар қызы соңғы демін санап, сұлқ жатыр екен. Тек көкірегінде пысы бар: екі иығынан дем алады, көзін тас қып жұмып алған, қусырылған қос танауы пыс-пыс етеді. Түскі шайға келгенінде, басын көтере алмай жатқанын көрсе де, мойын бұруға шамасы бармады: уақыт есептеулі – бригадір дігір қағып, зәрін шашып тұрғаны көз алдына елестеді де: «Күн өткен шығар, суға көп шомылады. Кешке басына шекиде тартсам, ертең ойнап кетеді ғой» деп көңілін кеңге салған-ды. Бақтылының жатысы ана жүрегін солқ еткізді: өлімді көп көрген, талай перзентін бауырына басып отырып көзкөреке жан тапсырғанына куә болған Айдан сең соққан балықтай теңселді. «Шал-ау, қайдасың?! Мына қыз кетіп барады ғой» деп еңіреп жіберді. Ақан тіс жармады, жанарын төмен алып, іркіліп бір шама отырды да, сыртқа шықты. Аспанға көз салды: жұлдыздар шыға бастаған екен, жымыңдасып тұр. «Қыз енді өлмейді. Осы сәттен аман қалды. Таң ата... Жаратқанның өзі сақтасын. Қолдан не келеді. – Торыға ой кешті де, Ақан ешкілерін саралап кетті. Жілігі татитыны бар ма өзі. Пышақ малын табу да қиын қазір: төлдеген жандықтың шыры жоқ. Ерте төл десек те әлі піспеді – жылбысқы. Кәрімбайда не бар екен...» Көршінің үйіне қарай бұрылды. Ақан кешкі шайдың үстіне дәл келді: төрт көздері түгел ас ішіп отыр екен, Кәрімбайдан жоғары Оразмұхаммедтің шалғайын баса орналасты. Кішкентайлар жылысып, көрші бөлмеге шықты. Ақан дастарқанға ыңғайланды: наннан ауыз тиіп, кесені алдына қойды; көз астынан көршілерінің жүзіне назар тастап шықты. Кәрімбайға жанарын қадады.
– Пышаққа жарайтын нең бар? – деді.
Кәрімбай аузына апара берген кесесін қалт тоқтатып, Ақанға қадала қарады.
– Жайшылық па?! – деді.
– Қыз ауырып... әлдеқалай дегенім ғой.
– Кім? – деді Бибі қалың қасының астынан дөңгелене бота көзі үрейлене сәуле шашып. – Ә-ә, не болды?
– Бақтылы. Сары қыз.
– Ы-ы... ә-ә... сол көзіме түспеген еді. Ауырып қалды ма? Ә-әй, пәлекет, дым пысық қой, көз тиді ме екен. Ауылға Құлман келіп пе еді, – деп Бибі жан-жағына қарады. – Қой, жоқ! Мен үйде болдым. Айдан жұмыста-ау...
Тездетіп алдындағы кеселерді шайға толтырды да, аққұманды Кәрімбайға ысырды.
– Құя бер. Айданға барайын.
Бибі бөлмеден шығып кетті. Ер азаматтар үнсіз қалды: Оразмұхаммед те, Кәрімбай да тұнжырап отыр. Ақан кесені дөңгелентіп ойға берілді... Сол ретте Ызмұхширға Ақан Ділауар арқылы тікелеп тартып еді: қырқыншы жылдардағы аяқкөліктің дені есек – тақым артқан Сұржорға елге бағыт алғанын сезуден-ақ барын салды, талай тұқымдастарын сұйық ақ шаңына көміп өте шықты. Сұржорғаның аяқ тастауын Ақан бір ғасыр бұрын өткен Құлагердің сілтеуінен кем көрген жоқ: ыңылдап ән ырғағына салды, сөзін білмеген соң, тек ықылас болып шықты. Кенет Сұржорға аяқ алысынан жаңылысты: құлағын қайшылап, кібіртіктеп, тоқтауға ниеттенді. Ақан жүрегі зірк ете қалды: қорымға жақындаған екен, жалма-жан айналасына көзін жүгіртті; жанары қарсы маңдайында өзіне тіп-тіке келе жатқан қапсағай денелі, жоталы егде адамға түсті. Шылбырын артты, тақымын қысты. Сұржорға тұрған жерінде қатып қалды. Ақан жедел үзеңгіден аяғын босатты да, ерден сыпырылып түсті: бас жіпті тастай салып, қос қолын соза алға ұмтылды. Жол үстіндегі жаяу да кең құшағын жайып келе жатыр екен – Оразмұхаммед. Ескі досы. Зейнептің қара ойында қақпан құрып, қоңыр күздің талай әсем түндерін бірге өткізген досы: тізе қоса жүріп, Қарақұмның ор қояндарынан несібелерін бірге терген досы. Жаңа ғана қаладағы қасапханасына барып, таба алмай, жұртын сипап қайтып еді – жол үстінде ақсия күліп тұр. Дидар ғайып деген осы-дағы.
– Дүкенге соғамын – сен жоқсың, бүгін де бір түртіп өттім – жабық. Ал, қайда жүрсің? – Төс қағыстырып қауышқан соң, жай-жапсарды Ақан сұрай бастады. – Амансыңдар ма?
Оразмұхаммед Ақаннан көзін алмастан қадалып тұрған-ды – езуіне күлкі оралды.
– Өзбегімді жоғалтып алдым де. Бармын, ауылдамын. Мал бағып жатырмын.
Ақан таңдана қарады.
– Қайда? Қалай бағып жатырсың? Қаланың етегінде жайлау бар ма, таршылық емес пе?
– Ептеп. Байлап шөп, жем береміз.
Ақан ойланып, сәл кідірді де, Оразмұхаммедтің иығына қарулы қолын салды.
– Еп-септі қой. Таңдайыңа тартып отырғандары қалсын. Басқасын Ызмұхширға айда: Маякеткен көлінде қамыс пен жоңырышқа шаш етектен, баспана жеткілікті.
Оразмұхаммед жеңіл қоспен Ызмұхширға көшіп келді: Ақан отырған үлкен үйдің шығысынан есік ашты, шеберхана іске түсті – ағаштан түйін түйетін шебер, әрі атайы аңшы Оразмұхаммед күні-түні тізе бүкпестен іске кірісті. Диқаншылығы да тұра қалды. Жол үстінде табысқан тағдырлас достар ертелі-кеш аяқ-табақ араласып жүріп жатқан-ды. Оразмұхаммед шалғайын жиып, тұруға ықылас білдірген: қылпылдап отырған Ақан да, Кәрімбай да өре түрегелді. Үлкен кісілер келгенде, иықтарына су кетіп, Айдан да, Бибі де Бақтылының бетіне үңіліп отыр екен – кейін серпіліп, жол ашты. Оразмұхаммед қыздың қасына тақала отырды. Сұлқ жатқан қолын ұстады: шидей екен, саусақтарын сыртынан сипалап, сәл кідірді де, тамырын қуалай бастады. Бөлмені өлі тыныштық иелеп алды: бәрі де Оразмұхаммед бетіне қадалып қалған – үнсіз, демдерін іштерінен алады. Оразмұхаммед Ақанға бұрылды.
– Қазір. Қызым қиналып қалыпты-ау, қазір. Құман алып кел.
Бибі ұшып тұрып, жез құман мен жез ләгенді дайындады.
– Кәрімбай, бәкіні белбеуіңе жанып-жанып алып кел. Әйкелбай, баланың шашын жібіт. – Тапсырыс сол сәтте орындалды. Оразмұхаммед Айданға қарады. – Күйген сары май бар ма?! Жылыт. Қанжылым болсын: сәл бататын жылылық керек. Әйкелбай, Бақтылының еңбегіндегі шашты сыпыр.
Оразмұхаммед Бибіге қарады. – Балам, жұмыртқаның қарамындай бидай қамыр иле. Бақтылының еңбегі жылтырап шыға келді. Бибі қамырды еңбекке дөңгеленте жамсырды. Төрт шиқасық сары май сол сәтте еңбекке сіңіп кетті.
– Әйкелбай, белбеуіңмен орап басын қыс, – деді Оразмұхаммед. Тапсырма лезде орындалды. – Бастың төрт тарапынан жұдырығыңмен әсте соқ. Ә-ә, болады. Белбеуді жіберіп алма. Ә-ә, қызым жақсы ғой, қане, күшпен еңбектен қатты сор, ұлым! Болды, болды. Алла зият етсін. Айдан, қызыңды жатқыз, балам! Ұйықтасын. Дем ала беріңіз. Бақтылы таңертең ойнап кетеді.
Қолқаға алқына тығылған жүректер сабасына түсе бастады: Айдан көзіндегі жасты сүртіп Бибіге қарады.
– Атам айтса, болды. Қорықпа, – деді Бибі досын құшақтады. – Ақан айтқанда зәрем ұшып кетті ғой.
– Қорықпай, не, зәрем қалмады. Көзі шүңірейіп ұясына сіңіп кеткен екен. Әкесі өлдіге жорыды. Састық.
Арадан күн өтпей-ақ, Бақтылы ойнап жүрді: ессіз өлім аузында жатқанын есіне түсіре алмаса да, ұжымшар кеңсесінде кішкене есепші болып істейтін жеңгесінің қатты түйілген тас жұдырығының қақ маңдайына дәл тигені күні бүгінге шейін көз алдында – сол сәттегідей миы солқ ете қалады. Айдан бәрін де сезіп еді: тіс жарған жоқ, жұмыстан сіңірі созылып діңкелеп шаршап келсе де, қара шаңыраққа енген соң қабағы жазылып жүре береді. Жуынып-шайынып ас қамына кірісті. Осы ретте Айдан дастарқанын әдеттегіден де кеңірек жайған-ды: Бибі өрмегін қырықты – алғаш рет Ызмұхширда мата тоқитын мәшине – қозақ боз тауар шығарды; Елеусін мен Жұманияз ақ бөзден көйлек-дамбал киіп, байғазы сұрап шықты; Құметектегі алқапта істеп жүргендерге де барды, қызыға қарап, таңдай қаға көз сүзісіп, жақсы тілектерін айтып жатты. Ол кезде тауар қасқалдақтың қанындай қыт еді – ұшпайтын Өрмектой көңілді өтті: Бибі мен Айданның шеберліктеріне бас июшілер көп болды. Оразмұхаммед марқайып қалды: мақта мамығын шитінен айыратын қарапайым мәшине де, иіру ұршығын да, құрал-саймандарын да өз қолымен соққан-ды. Оразмұхаммед марқаның басын ұстай отырып, қасы-қабағын бағып, ыңғайына елпең қағып, аяқ жолына ақ ниеттерін төсеп жүрген адамдарға сүйсінді: «Тарығып, киелі жерлерге зияраттап жүргенімде жақсы адамдарға тап болған екенмін – кіндігі бір нақ қандастарымдай өздері: жер де, ел де жақсы. Көптің ықыласы мол: қырықтың бірі – Қыдыр. Мына көгенкөздердің арасында араласып жүрсе кім біліпті? Басыма бақыт құсы қайта оралатын шығар...» Күнқақты болып, еңбек даласынан келген ауылдастарының тобылғы торы жүздеріне көз астымен назар салды: алмалықтарында қызғыш нұр ойнап, жазық маңдайларынан жылт-жылт еткен тер моншақтары сәуле төгеді. «Бақытты адам ажарлы болады, – деп ойлады Оразмұхаммед. – Сол осылар ғой. Көкіректерінде ине жасуындай кінарат жоқ – ақеден адамдар жиналған екен Ызмұхширға: ашы – тойған, жалаңашы – киінген, топырағына нұр құйылған жер жаннаты екен ғой...» Оразмұхаммед сыртқа шықты: қолбалтаның алмас жүзін саусақтарының ұшымен әсте сипады – қылпып тұр екен, арбаның белдігін қолына алды; ағаштың ұсақ жаңқалары бұрқырап жан-жаққа шашырай бастады. Шебер асығулы еді...
Қәтеп ауылы
1998 барыс жылы, мамыр
Қоныс
Опасыз жан – бір күн ойнап күлгенше,
Бұралқы ит – әркімге бір үргенше,
Өзге елде сұлтан болып жүргенше,
Өз еліңде ұлтан болған көп жақсы.
Мақтымғұлы
– І –
1932 жылдағы ұлы ылаңнан ел еңсесін енді-енді көтере бастаған кез еді: Ызмұхшир қойнындағы сыңсыған аңы да, тобарысып жатқан топырағы да ығысып келген шоғыр қазақтарды жатсынбады; құшағын айқара ашты: аң аулады – қазан қайнатты, тұқым септі – ырғалаған егін тұра қалды. Қоныс соңғы кезде құлази бастады – кешегі туыстарын, достарын, көңілдестерін сағынды; мұңайып, дөң қабағын түйіп алды да, жадырамай қойды; жауырны да дөңестеніп, еңкіш тартып бара жатты. Қоңырша Қоныстағы күрт өзгерісті қапысыз сезді: тоң мойын, бірбеткей дөкір еркек «Бір бәлеге ұшырап қалар-ау» деген сезік бас көтерді; әлде қырағы көздер анадағы бір оңашалықты іліп қалып, Қонекесіне жеткізді ме? Сонда... Қоңырша қара көзі мөлдіреп төмен қарады. Екі бетінің шығыңқы алмалығына қызғыш нұр ойнап шыға келді: жүрегі дір-дір етіп, тұла бойында үрейлі қалтырау ма, селкілді ме – еріксіз бір құбылыс туа қалды. Жіңішке, сүйріктей саусақтары дір-дір қалтырады: селкілдей бастаған оң қолымен аузын басты да, үстінен тас ғып ұстады. Көзі шатынап, ұясынан шыға қаңырап тұрған жұпыны бөлмені тінтіп кетті. Көз алдына сондағы осындай оңашалығы елестеді... Қарапорсаңнан қазақтар көтеріле көшкенде, Қоныс меңіреу жандай селт етпеді: Қоңырша оттан көйлек киіп, бір кірді, бір шықты – жалтақ-жалтақ ерінің бетіне қарай берді. Қоныс басын бауырына алып, отыра берді. Үй тұсынан есекке тиелген көш өткен сайын Қоңырша қара көзі боталап, үй алдына шығып, ұзақ-ұзақ қарады. Жылап та алды. Көпке ере түскісі кеп, оқтала түсіп – оқтала түсіп те қалды; екеуі, аяғына тұсау да жоқ – Қонысты қимай іркілді. Жұртта ұмыт қалғандай сезінді: ерінің мойнына асылып, солқылдап, өксіп-өксіп ұзақ жылап алды. Қоныс сұрғылт көзін ежірейте қарап, отырды-отырды да:
– Непесті қимаймын. Бір үзім нан көзден бұлбұл ұшып тұрғанда, таңдайыма ас ұсынып, маңдайымнан сүйеді. Ұра келе көшсем – «Аш кездегі жеген құйқаның дәмін ұмытқаным». Қашқан боламын. Ойланайықшы...
Қоныс қалтасын сипалап, насыбай шақшасын тауып алды: қошқар тұмсықтың кең танауына қара қошқыл насыбайдан ытқытып-ытқытып жіберді де, қатты түшкірді. Үй солқылдағандай болып сезілді – ой басып отырған Қоңыршаның өзі шошып түскен еді. Ерге қарады да, көзімен жер шұқыды: іштегі қайнаған аласапыран сезім оты мөлдір жас болып төгіле берді. Қоныс тоңқайып теріс қарап жатып қалды. Жылап-жылап іші босаған соң Қоңырша қыбырлап, үй тіршілігіне айналысты. Ойлану ұзаққа созылды. Ызмұхшир адамдары Дашховузға базарлай шықса, Қарапорсаң үстін басып өтеді: тіке соқпақ та, сәл бұрыс иірімді арба жол да сенбі, жексенбі күндері бос болмайды – таңғы ала көлеңкеде-ақ, жүргіншілерге көз сүрінеді: мал, дән алып бара жатқаны; түстіктен ауған Күнге маңдайын тосып, түйдек-түйдек қайтып келе жатқандары. Қоңырша алыстан көзін ұзақ қадап қала береді. Қоныс та арасында базарға шығады: тауық, жұмыртқа сатып қайтатыны бар. Насыбай алады. Базаршысын тосып терезеден соқпақ жолға қарап тұрғанында есік ашылды: төгіле тарқатылған бұрымдарын қақ айырып, арасынан қараса – Непес: дөңгеленген қос жанары самаладай жанып, кірпік қақпастан қарап қалыпты; толқын-толқын бұйраланған қалың қара шаштың ар жағынан Қоңыршаның мөлдір көзі жылт-жылт сәуле шашады: жанарлар тоғыса кетті. Непес иегін қышыр еткізіп бір сипады да кейін шегіне берді – Тәңірдің тал түсінде көріп тұрған сұлулықтан араны ашпаса қиын жағдайға тап боларын тұнық зердесі бірден ұқты. Сол кездесуден қысқа қара мұртты, төсімен тұтаса өскен қалың сақалды, иықты жігіт Қоңыршаның санасында нық орын алып қалды: отты жанар да, сымбатты дене де көз алдында көлбең қаға береді. Жігітке сыртынан тесіле қарап, көз суарып алатынды да шығарды: есі кетіп қалады, бота көзі мөлдіреп, аңсары ауып қарайды. Қоныстың аумақты денесі, жалды мұрны, дөң қабағы кем-кемнен көмескі тарта бастады. Қоңырша өзіне қарап, киім-кеншегіне ықылас аударды: ақ көйлек, қара кәмзол жиі-жиі жуылатын болды. Қоныс тіксінді: әйелінің өкшесі жеңіл көшіп алды, көзінде ұшқын жылт-жылт сәуле шашатынды шығарды. Кейін ала оңашаға қашатын әдет тапты. Ұйықтағанда тісін қайрап, қиналып жатады. Қоныс әдеттегідей ерте жатты: сол бойда қалың ұйқыға шомды. Дауыс па, тықыр ма – бір қимылдан Қоныс оянып кетті: таң атып келеді екен, шығыстағы жалғыз терезеден бөлмеге ақ нұр құйылып тұр. От жағында жатқан Қоңырша тісін қайрады да, керіле түсті, күбір-күбір сөйлегендей болды. Қоныс тұла бойымен құлаққа айналды: ұйқы арасында сөйлеп жатқан Қоңырша екен. «І-иі, Не-пе-с-с...» деді де, ошаққа қарай қырындап кетті. Қолы төсеулі ешкі терінің үстіне сылқ ете қалды. Жіңішке саусақтарымен теріні сипалай бастады. Қоныс әйелінің қимылын кірпік қақпастан бақылап жата берді. «Түс көріп жатыр, – деп ойлады Қоныс. – Көзіне жігіт елестеген. Ит, күні бойы ойлап жүрген ғой. Үстіне ентелеген еркекті көріп жатыр-ау: «Итер» деді ме?! Бәрібір әйел шайтаны болмайды...» Қоныстың ұйқысы шайдай ашылды: күміс шақшасын алып, танауға насыбай жіберді де, қатты түшкірді. Қоңырша көзін ашып алды: жалма-жан тез-тез киінді де, үн-түнсіз орнынан тұра берді. «Түшкіріп, ләззатты сәтімнен айырдың деп өкпеледі-ау, бағұс. – Қоныс төмен қарап отырып, ойға берілді. Басын көтермеді. – Бұл жерден кетпесек әйелден айырыламын. Елге жеткен жақсы...» Қоныс жақ ашпастан сыртқа шықты.
– ІІ –
Қоныстың маңдай тірегені – Ақан-ды: аңшы, диқан, өжет, бірбеткей, өркөкірек адам-ды. Айдан жылы қабақпен күтіп алды: Қоныстың астына арнайы көрпеше төседі, шайды жаңартып қайта демдеді. Тұнжырап отырған қонағына көз астынан жиі-жиі назар тастап қояды. Қоныстың аман-түгелден әріге зауқы соқпады. Айдан жігіт басына туған күннің салмақты екенін сезді. Сол аралықта Ақан, Қожанияз келіп, бір шама серігіп қалды. Шай үстінде-ақ ауыл адамдары – Мұса, Құлтума, Қойбас сау етіп құйыла кетті. Туыстардың төбелері көкке жетті: сағынысып-ақ қалған екен, қайта-қайта сұрасып, мауықтарын баса алмай жатыр.
Кесе-аяқты жинап отырған Айдан Қонысқа тіке қарады.
– Құрдас, қабағыңда қату бар ғой. Неге ашылыспайсың?! Қоңыршаны сұрасақ сырғақси бересің. Немене, айырылып қалғаннан саумысың?! Әлде, төбелесіп, ұрып-жығып кеттің бе? Сенің ондайың жоқ еді ғой. Жас келіншегіңе ықыласты едің. Не болса да, тіл астында бір бәле бар, – деді Айдан. Еркектер де елең ете қалды: бір-біріне көз астымен қарасып алды. Жеңіл көшетін Мұса шақ ете қалды.
– Бі-бі-реудің қо-қолтығында қ-қ-қалған ж-жаман ба-бататын. Ә-ә-келу керек, – деді. Көзі шақырайып жан-жағына қарады.
– Алладан биліксіз еш нірсе жоқ, бірадарлар. – Ауыл молдасы Құлтума төмен қарап отырып ойын ортаға тастады. – Адам шашылған несібесін тереді. Қоныс ендігі несібелерін Ызмұхширдан термекші болса, талабын Алла келістірсін. Ағайынға бүтіндік жарасықты-дүр.
Қоныс үн қатпады: оны отырғандар келістіге ұйғарды. Ақан ойын ортаға тастады.
– Қоныс келді. Бұлардың қос-қоламын артатын көліктері де жоқ. Бір-екі жігіт көлікпен барып, Қоңыршаны алып қайтыңыз. Сыртқа дабыра қылмай-ақ, өздеріміз шеше салайық.
– Мақұл сөз, – деді Қойбас. – Үлекті қазір жазылаймын.
– Кімдердің барғаны мақұл, – деді манадан бері үн қатпай отырған Қоныс.
– Мен, Қожанияз барады. Мұса інім, сен Қонекеңмен үйді дайында. – Ақан Мұсаның шыртылдаған мінезінен сескеніп, қауіптенді. – Қойбас, Құлтума үйді көшіріседі.
– Мақұл, мақұл, бірәдар, барайын. Тілдесетін жан кезіксе, тамырын басып көрерміз, – деп Құлтума да құлшына түсті.
Бас көтергендердің ыңғайын сезген соң, Айдан да бір қәуіптің ұшын шығарды.
– Отанды ел ғой. Әлде... нашар адам... көзге шөп тастайтын қару да көтеріңіз. Атысыңыз дегенім емес, табысыңыз. Кемді күн татқан тұздың дәмін ұмытпаймыз – жесіріміз қолды болмаса болды, – деп барып тоқтады.
– Ақан а-а-ағам қы-қырлысын ал-алсын, – деді Мұса.
– Жөн, жөн сөз. – деп Қойбас та қоштады.
– Бірәдарлар, әр істі ақыл көзімен істеген мақұлдүр. – Құлтума сөзге араласты. – Жаман түс көргенім жоқ. Құдайға мінәжат қып аттаналық: іншалла, ойлағанымыз болар.
Ақан қырлы мылтығын аударып оқтады: сүмбімен киіз тығынды алды да, бытыраларын төгіп тастады, орнына қой құмалағындай қомақтылау жалғыз қорғасын оқ салды. Ұлы сәскеде Қоныстың баспанасына қара үлегін бақылдата желдіріп Қойбас жетіп келді. Есектер елге жеткенін сезіп, жарыса ақырып жатты. Ақан қырлы мылтығын кесе көлденең қолына алып, көліктерге бас-көз болып сыртта тұрды. Қожанияз, Құлтума үй қостарын сыртқа шығарды. Қойбас үлекке жүкті теңдеп артты да, ортасына Қоңыршаны отырғызып, бұйданы тартты. Ойбайын салып, бақылдап, Қойбастың қара үлегі ізінен мөлтеңдеп ере берді. Ақандар жан-жағына тесіле қараса да, селт еткен жан көзге түспеді: баяғы ауыл соңғы көшке маұңая қарап, ауыр тыныстап жатқандай еді. Ызмұхшир ауылына және бір шаңырақ қосылды: қалың халық «Келген – дәулет» деп қуанысса да, сол Қоныстың қырық жыл осы елді басқаратынын сезген жан жоқ-ты.
Қәтеп ауылы
1998 барыс жылы, қыркүйек
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру