Әлемдік саясаттану антологиясы 3 том
Әшімбаев Мәулен
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Мазмұн: Ч. Беккариа Қылмыстар мен жазалар туралы Ж. П. Марат Құлдық бұғауы Т. Джефферсон Жалпы конгреске жиналған Америка Вирджиния штаты туралы жазбалар И. Г. Гердер Адамзат тарихының философиясына идеялар И. Бентам Заң шығару принциптері Заң шығарушы жиналыстардың тактикасы Ч. Голл Өркенияттың ықпалы туралы В. Годвин Саяси әділет туралы М. Робеспьер Революциялық үкімет приницптері туралы Г. Бабё
МЕМЛЕКЕТТІК “МӘДЕНИ МҰРА”
БАҒДАРЛАМАСЫНЫҢ
КІТАП СЕРИЯЛАРЫ
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ТҰҢҒЫШ
ПРЕЗИДЕНТІ НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВТЫҢ
БАСТАМАСЫ БОЙЫНША ШЫҒАРЫЛДЫ
“МӘДЕНИ МҰРА” МЕМЛЕКЕТТІК БАҒДАРЛАМАСЫН
ІСКЕ АСЫРУ ЖӨНІНДЕГІ ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕСТІҢ ҚҰРАМЫ:
ҚҰЛ-МҰХАММЕД МҰХТАР, ТӨРАҒА
ДОСЖАН АРДАҚ, ТӨРАҒАНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
АСҚАРОВ ӘЛІБЕК, ЖАУАПТЫ ХАТШЫ
ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕСТІҢ МҮШЕЛЕРІ:
АБДРАХМАНОВ САУЫТБЕК
АЯҒАН БҮРКІТ
ӘБУСЕЙІТОВА МЕРУЕРТ
ӘЖІҒАЛИ СЕРІК
ӘЙТІМОВА БІРҒАНЫМ
ӘЛІМБАЙ НҰРСАН
ӘУЕЗОВ МҰРАТ
БАЗЫЛХАН НӘПІЛ
БАЙПАҚОВ КАРЛ
БИЕКЕНОВ КЕҢЕС
ЕРТІСБАЕВ ЕРМҰХАМЕТ
КЕНЖЕҒОЗИН МАРАТ
ҚАСҚАБАСОВ СЕЙІТ
ҚОЙГЕЛДИЕВ МӘМБЕТ
НЫСАНБАЕВ ӘБДІМӘЛІК
ӨМІРБЕКОВ БАЙТҰРСЫН
САЛҒАРА ҚОЙШЫҒАРА
САРИЕВА РЫСТЫ
СЕЙДІМБЕК АҚСЕЛЕУ
СҰЛТАНОВ ҚУАНЫШ
ТАЙМАҒАМБЕТОВ ЖӘКЕН
ТҰЯҚБАЕВА БАЯН
ХҰСАЙЫНОВ КӨБЕЙ
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ МӘДЕНИЕТ
ЖӘНЕ АҚПАРАТ МИНИСТРЛІГІ
АҚПАРАТ ЖӘНЕ МҰРАҒАТ КОМИТЕТІ
Мемлекеттік “Мәдени мұра” бағдарламасы
ӘЛЕМДІК
САЯСАТТАНУ
АНТОЛОГИЯСЫ
3-том
Алматы
“Қазақстан”
ББК 66.0
Ә 52
Ә 52
“Әлемдік саясаттану антологиясы”. 10 томдық. “Мә-
дени мұра” бағдарламасы. Алматы:– ЖШС “ Қазақ-
стан” баспа үйі”, 2005 ж. – 384 бет.
ІSBN 9965-10-043-8
ББК 66.0
ІSBN 9965-10-043-8
ІSBN 9965-10-033-0
© ЖШС “Қазақстан” баспа үйі” – Аударма және безендіру
“Әлемдік саясаттану антологиясы” он томдығының түпнұсқа
мәтінін құрастырған Мемлекеттік “Мәдени мұра”
бағдарламасының “Саясаттану” секциясы
Секция құрамы:
1. ӘШІМБАЕВ Мәулен Сағатханұлы – Секция жетекшісі, саясат ғылымының кандидаты, 10-томды құрастырушы. 2. БАЙДІЛДАНОВ Лайық Әмірұлы – философия ғылымының докторы, 5-томды құрастырушы. 3. БЕЛГІБАЕВ Серік Талғатұлы – ҚР Президент жанындағы ҚСЗИның әлеуметтік-саяси зерттеулер бөлімінің меңгерушісі, 4, 5-томдарды құрастырушы. 4. ИВАТОВА Ләйла Мырзалықызы – саясат ғылымының докторы, 1, 2, 3, 8-томдарды құрастырушы. 5. КӨШКІМБАЕВ Санат Қайырсіләмұлы – саясат ғылымының кандидаты, 7, 9-томдарды құрастырушы. 6. ЛАУМУЛИН Мұрат Тұрарұлы – саясат ғылымының докторы, 8томды құрастырушы. 7. ТАСТЕНОВ Әлішер Жақсыбекұлы – ҚР Президент жанындағы ҚСЗИ-ның аға ғылыми қызметкері, 10-томды құрастырушы. 8. ШОМАНОВ Асқар Жұмабайұлы – философия ғылымының кандидаты, 6, 9-томдарды құрастырушы.
Түпнұсқа мәтінінің қазақшаға аударылып, редакциялануын басқарған, “Қазақстан” баспа үйі” мойынсерігінің директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Нұрмахан ОРАЗБЕК.
Аударма сарапшысы – филология ғылымының докторы, ҚР Мем-
лекеттік сыйлығының лауреаты Жұмағали ЫСМАҒҰЛОВ.
МАЗМҰНЫ
Алғысөз .
Ч. Беккариа
Қылмыстар мен жазалар туралы
Ж. П. Марат
Құлдық бұғауы
Т. Джефферсон
Жалпы конгреске жиналған Америка
Вирджиния штаты туралы жазбалар
И. Г. Гердер
Адамзат тарихының философиясына идеялар
И. Бентам
Заң шығару принциптері
Заң шығарушы жиналыстардың тактикасы
Ч. Голл
Өркенияттың ықпалы туралы
В. Годвин
Саяси әділет туралы
М. Робеспьер
Революциялық үкімет приницптері туралы
Г. Бабёф
Тұрақты кадастр
Плебейлер манифесі
Басқару туралы декреттен
К. А. Сен-Симон
Женева тұрғындарының замандастарына... .
Американға хат
Меншік пен заң шығаруға көзқарас
Қоғамдық ұйымдар теориясы
Б. А. Констан де Ребек
Қазіргі адамдардың бостандығы мен
И. Г. Фихте
Қазіргі дәуірдің негізгі белгілері
В. Гумбольдт
Мемлекеттік қыЗметтің шегін белгілеу тәжірибесі
Р. Оуэн
Жаңа инсаният әлемі туралы
Адам баласының санасы мен қызметіндегі...
К. Клаузевиц
Соғыс туралы
Н. М. Карамзин
Ресей мемлекетінің тарихы
В. О. Ключевский
Тарихи портреттер
Давид Юм
Адам табиғаты туралы трактат
\М. Кондорсе
Адамзат парасаты прогресінің тарихи картинасы
А. Шопенгауэр
Ырық бостандығы
Мораль негіздері
Ойлар
Б. Франклин
Ұлы империядан қалай кішкентай мемлекет
Алғысөз
XVІІІ ғасырдағы әлемдік саяси ойдың даму тарихы бір жағынан ағартушылық, либералдық һәм консерваторлық идеялардың одан әрі дамуының, екінші жағынан – жаңа саяси пәндердің пайда болуымен сипатталады. Бұл кезде олардың философия мен тарихтан енші алуының, саяси білімнің шіркеу ықпалынан арылу, оны қасиетті пошымдардан азат ету, саяси ғылым проблематикасының ара-жігін ажырату мен дәлдей түсудің қосар тенденциясын дамыту, оның әдістемесін талдап жасау процесі қызу жүріп жатты. Ғылымның сонау Қайта Өрлеу дәуірінің өзіндеақ білімнің дербес саласы ретінде қалыптаса бастаған әдістемесі Жаңа заманда қайтадан таразыланып, толыға, молыға түсті. XVІІІ ғасырға қарай эмпиризм гносеологиялық ілім ретінде жаратылыстану ғылымдары саласынан танымның негізгі әдістерінің бірі ретінде әлеуметтік-саяси салаға көшірілді. Танымның эмпиристік әдісінің қабылдануы ортағасырлық схоластикамен салыстырғанда саяси ілімдер тарихында ілгері қарай жасалған ірі қадам болды. Алайда Жаңа заман саяси ілімі схоластикалық әдістеме мұрасын еңсере отырып, тек эмпиризммен шектелген жоқ, XVІІІ ғасыр гносеологиясының рационализм (ұтымдылық) секілді жетістігін де бойына сіңіре білді. Ұлы Француз революциясы мен оның идеялық ізашарлары Еуропаның көптеген елдеріндегі сословиелік теңсіздік пен деспотиялан арылуға тырысқан радикалдық, демократиялық күштерді жандандыра түсті. Француз революциясы XVІІІ ғасырдың екінші жартысында Германияда да саяси ойдың дамуына елеулі ықпал етті. Ескі басыбайлылық режимге қарсы оппозицияның жетекшісі – неміс буржуазиясының алдында іргелі ететін үш проблема тұрды: олар – ұлттық бірлікке қол жеткізу, мемлекеттік құрылысты демократияландыру және басыбайлылықты жою. Алайда өздерінің саяси көзқарастарында олар
халықтың қалың бұқарасына сүйенуден қорқып, толғағы жеткен мәселелердің өзектілігін жұмсартып көрсетуге тырысып, солқылдақтық, жалтақтық танытты. Дегенмен де, неміс буржуазиясының идеологиясы XІX–XX ғасырлардағы өз ізбасарларының саяси көзқарастарының дамуына зор ықпал етті. XVІІІ ғасырдың екінші жартысы мен XІX ғасырдың бас кезіндегі ұтымдылықтың көрнекті өкілдерінің қатарына Р. Декарт, Б. Спиноза, И. Канттармен бірге И. Г. Фихте және Г. В. Ф. Гегель жатады. Олардың әлеуметтік-саяси көзқарастары саяси ой-пікір эволюциясында аса маңызды теориялық-әдістемелік рөл атқарды. Аса көрнекті неміс философы һәм саяси қайраткері Иоганн Готлиб Фихтенің көзқарастарында неміс бюргерлерінің жалтақтығы, қарамақайшылығы анық көрінді. Француз социал-утопистері теориясының әсерімен жазылған “Томаға-тұйық сауда мемлекеті” деп аталатын еңбегінде И. Г. Фихте парасат пен шынайы бостандық негіз етіп алынған мінсіз мемлекетті көрсетеді. Осындай мемлекетті армандай отырып, Фихте Германиядағы қоғамдық-саяси қатынасты сынайды. Әйтсе де, ол мемлекетті түпкі мақсат емес, мінсіз құрылысқа жетудің құралы деп біледі. Германияның ұлттық қайта өрлеуін Фихте әлеуметтік жаңарумен, бір орталыққа бағынатын мемлекет құрумен, буржуазиялық-демократиялық негіздегі ішкі өзгерістер жүргізумен байланыстырады. Сөйте тұра, Наполеон әскерлерінің Германияға басып кіруіне орай, Фихте мемлекеттер арасындағы қатынаста бейбітшілік пен әділетті, мемлекетаралық қатынастарды қолдап отыратын халықаралық ұйым құруды жақтайды. Жалпы алғанда, Фихте өзінің саяси көзқарастарында мемлекеттің феодалдық тұрпатына сын көзбен қарап, республикалық мемлекеттік құрылысты жақтайды Шығармашылық жетістіктері бүкіл философиялық һәм саясиқұқықтық ой-пікір тарихындағы елеулі белес болып табылатын ғалым – кемеңгер ойшыл Георг Вильгельм Фридрих Гегель. Оның саяси
философиялық жүйесінің құрамдас бөлігі – құқық және мемлекет философиясы. Өзінің саяси-құқықтық философиясын Г. В. Ф. Гегель тұтас қалпында “Құқық философиясы” және “Рeх феноменологиясы” еңбектерінде баяндап берді. Гегельдің саяси теориясының ұйтқысы – оның мемлекет тұжырымдамасы. Гегель мемлекетті құрылған бірдеңе деп қарастырмауға шақырып, сол арқылы қоғамдық шарт дегеннің ұтымдылық схемасына мемлекеттік мекемелер заңдылығы идеясын қарсы қояды. Алайда шартты жоққа шығара отырып, Гегель тіпті де ілгері емес, кейін кетеді. Ол мемлекетті құдайдың құдіретінің көрінісі деп біледі. Ол азаматтық қоғам мен саяси мемлекетті бөліп көрсетеді. Гегель азаматтық қоғамды қарамақайшы мүдделер қырық пышақ ететін антагонистік қоғам, баршаның баршаға соғысы ретінде бейнелейді. Гегель – монархизмнің идеологы. Шындап келгенде, монархия Гегельге басқарудың ең парасатты пошымы. Көпшіліктің немесе халықтың билігін ол мойындамайды. Гегельдің заң шығарушы өкімет пен өкілдік жайындағы идеялары жартылай феодалдық монархия шеңберінде қалып, тіпті Локкты былай қойғанда, тартыншақ Монтескьёден де көш кейін қалады. Заң шығаушы өкімет құрамдас үш бөліктен: корольден, үкіметтен және өкілдікті органдардан тұрады. Ең соңғы шешімді король айтады. Жалпы алғанда, Гегель “конструкциясы” конститутциялық монархия деңгейіне жете алмайды. Бұл – парламентті пошымдарды “оқымысты абсолютизмнің” қатаң құрылымына бейімдеу, пруссиялық тәртіпті көкке көтеру. Гегельдің халықаралық қатынасқа және соғысқа көзқарасы назар аудартады. Мемлекетаралық қатынас өрісін Гегель мемлекеттік сыртқы құқық көрінісі ретінде түсіндіреді. Мемлекеттер бір-бірімен қатынаста жаратылыстық ахуалда болады деп білетін Гегель, халықаралық құқық приципінің өзін және мемлекеттер арасында құқықтық, шарттық қатынастардың болу мүмкіндігін жоққа шығармайды. Мемлекеттер бір-
бірін егемен және тәуелсіз деп білуге, бір-бірінің ішкі істеріне араласпауға, дербестігін өзара құрметтеуге тиіс. Осылайша Гегель қарама-қайшылықты тұлға болды. Ол әдістемелік тұрғыдан көптеген құнды іс тындырып, өзінен кейінгі ойшылдардың бәріне ықпал етті. Тарихтың заңды барысы, диалектика, қарама-қарсы бастаулар күресі идеялары философиялық һәм саяси теориялардың дамуына зор ықпал етті. Алайда Гегельдің саяси ойшыл ретіндегі ең осал тұсы мынада: оның диалектикалық әдісінің қуатына ол ұсынған мемлекеттік-құқықтық доктринаның үргедек қағидалары мүлдем сай келмейді. Ол бар болғаны жартылай феодалдық полициялық мемлекет қызметіндегі қанағатшыл реформист, сөз жүзінде ғана конституциялық деп аталған, өкіметтер бөлінісін де, халық өкілдігін де, азаматтар бостандығын да феодалдық абсолютизм шыңдап шығарған бюрократия құрбандығына айналдырған монархияның жақтасы еді. Соған қарамастан, Гегельдің философиялық-құқықтық ілімі өзінен кейінгі саяси-құқықтық ой-пікір тарихына орасан зор ықпал етті, Гегель философиясы консервативтік те, оппозициялық та көзқарастарды негіздеу үшін едәуір кең өріс берді. Мұны гегельшілдіктің кейінгі тарихы және Гегельдің құқық философиясын әрқилы идеялық-теориялық тұрғыдан түсіндіруі айқын көрсетеді. Либерализм идеяларының эволюциясы В. Гумбольттың, И. Бентамның, Б. Констанның және басқа ойшылдардың еңбектерінен көрінді. Соңғы ғасырлардың тарихи тәжірибесі либерализмнің негізгі идеяларына балама болмағанын және жоқ екендігін көрсетеді. Саяси ғылымда либерализмнің аталары Дж. Локк, Дж. Милль кеңінен жайып салған бостандық тұжырымдамасы барлық либералдық басты құндылықтардың басын біріктірген субстрат болды. Саяси ғылымда либерализмнің ой еркіндігі, саяси-әлеуметтік құндылықтар мен нормалардың ортақ адамзаттық және ортақ азаматтық сипаты, демократизм мен гуманизм секілді белгілері бөліп көрсетіліп, талдап
зерттеле бастады. Мемлекеттік-саяси өрісте де либерализм, жекелеген авторлардың оны тәпсірлеудегі айрмашылықтарына қарамастан, бірқатар ортақ талаптарды көздеді. Мемлекетті демократияландыруға, өкіметтер бөлінісіне, адам мен азаматтың жаратылыстық, етене құқықтары деп саналатын құқытарын мойындап, сақтауға ерекше мән берілді. Либерализм теоретиктері экономикалық бостандықсыз саяси бостандыққа да қол жетуі мүмкін емес деп санап, экономика мәселелеріне де көп көңіл бөлді. Меншік және кәсіпкерлік қызметті өрістетуге мемлекеттік өкімет енгізген шектеулерді алып тастау проблемасы олардың еңбектерінде басты орын алды. Саяси теорияда басбостандығы қоғам принципі мен мемлекет мүддесіне қарсы қойылып, өңі айналдырылып жіберілетін. Неміс либерализмінің бастауында И. Кантпен бірге Вильгельм Фон Гумбольдт тұрды. Оның ең басты саяси шығармасы – “Мемлекет қызметінің шекарасын белгілеу тәжіибесі” атты еңбегінде ғалымның мемлекет жөніндегі негізгі позициясы – гуманистік индивидуализм позициясы білдірілді. Мемлекет ешбір қарама-қайшылықтар мен жанжалдарға көнбейтін жоғарғы өеіметті бейнелейді. Мемлекет тіршілігінің мақсаты – қоғамға қызмет ету. Өзіне жүктелген рөлді дұрыс атқаратын мемлекет өз қызметінде азаматтардың ішкі және сыртқы қауіпсіздігін қамтамасыз етуден басқа ештеңені көздемеуге тиіс. В. Гумбольдтың пікірі бойынша мемлекеттік құрылыс әрдайым бостандықты шектеумен байланысты. Бірақ ол өзінің “Тәжірибесінде” кейбір саяси институттар атқаратын кейбір әлеуметтік-күзетушілік қызметтердің пайдалылығы мен қажеттілігін ескеріп, азаматтарды мемлекет заңдарын құрметтеуге шақырады. Мемлекет ролін мойындау Гумбольдт либерализмін көптеген анархистік ілімдерден ерекшелеп тұрады. XVІІІ ғасырдың екінші жартысында саяси көзқарасты дамытуға неміс
философы, саяси идеолог һәм тарихшы Иоганн Готфрид Гердер даусыз үлес қосты. Өзінің “Адамзат тарихы философиясына қатысты идеялар” аталатын ірі ғылыми еңбегінде ол тарих, философия, дін мәселелерімен қатар, И. Г. Гердер саясат, мемлекет және құқық проблемаларын да қарастырды. Гердер Азиядағы, Африкадағы, жер шарының басқа да елдеріндегі деспотизмнің, отаршылдық режимнің, соғыстың, қудалаудың, бүліктің зиянды зардаптарын көрсетті. Сонымен бірге, ол әлемдік тарих пен мемлекеттер саясатының эволюциясына оптимистік тұрғыдан қарап, шынайы гуманизмнің, мемлекеттік өнердің, оқу-ағарту ісінің өсуіне қарай мағынасыз қиратқыш соғыстар әлдеқайда сирей түседі деп ойлады. Феодалдық-абсолюттік саяси жүйеге ымырасыз қарсы шыға отырып, ол пруссиялық саяси тәртіпке, ел ішін әбден жайлап алған милитаризм мен шенеуніктік бюрократизмге де сын көзімен қарай білді. Англиядағы, Солтүстік Америка мен Франциядағы революциялар ықпалымен Гердер антифеодализм, дұрысын айтқанда, біржуазиялық мемлекеттік құрылыс идеясын ұсынды. Жаңа отаршылдық империяларға, басқыншылық соғыстарға, өзінің тарихи дамуында артта қалып қойған халықтарды езіпжаныштауға қарсы шыға отырып, ол Германияда ұлттық бытыраңқылық пен өзара соғыстың ауыр зардаптарын, ұлттық бірігу мен бірліктің қажет екендігін көрсетті. Тағы бір неміс теоретигі һәм тарихшысы Карл Филипп Готфрид Клаузевиц Германияның ұлттық азаттығы бағдарламасын ұсынды. Бұл ғалымның еңбектері Жаңа заманның әскери-саяси ой-пікірінің тұтас бір дәуірін құрады, солардың ішіндегі ең бастысы – “Соғыс туралы” кітабы. Клаузевицтің сіңірген еңбегі ең алдымен мынада: ол саяси ғылымда бірінші болып саясат пен соғыстың өзара байланысы, соғыстың саяси мәні туралы қағидаларды тұжырымдап берді. Саясат, соғыс және соғыс өнерін ол өзара байланыста, өзара тәуелділікте және даму тұрғысынан қарастырды. Клаузевицтің әйгілі формуласы бойынша, “Соғыс деген саяси
акт қана емес, саясаттың шын құралы, саяси қарым-қатынасты" басқа, яғни зорлықшы құралдармен жалғастыру. Соғыс жүргізу дегеніңіз өзінің негізгі нобайларында “қаламды қаруға айырбастаған, соған қарамастан өзінің төл заңдарымен ойлауын тоқтатпаған саясаттың нақ өзі”. Клаузевиц соғыстың ешқашан саяси қатынастан бөлек қаралмайтындығын, тек сол қатынастардың бір бөлігі екенін атап көрсетті. Ол саясаттың мүмкіндігі кеңіген сайын түптің-түбі жаппай сипатқа ие болатын соғыстың да ауқымы ұлғая түсетінін болжап айта алды. Бұл болжамды тарих дәлелдеп шықты. Клаузевицтің соғыс туралы қағидалары соңғы кезде тарихшылардың, саясаткерлердің және әскери мамандардың арасындағы қызу айтыс-тартыстың, әсіресе осы заманғы саясатты жаппай қырып-жоятын қару қолданылатын соғыс жалғастыра ма, жоқ па деген мәселе төңірегіндегі айтыстың өзегіне айналып отыр. Мемлекет теориясын дамытуға неміс философы Артур Шопенгауэр айрықша үлес қосты. А. Шопенгауэр кез-келген мемлекеттің өз азаматтарының молшылығына ұмтыла отырып, әділетсіздік пен құқық бұзушылыққа қарсы күресе отырып, өмірге деген ерік-жігерді қайрай түсетінін мойындайды. Ол адамдарға әу бастан тән эгоизмді парасатты шектен шығармауға ұмтылатын қоғам мен мемлекеттің сақшылық қызметінің мәнін жоққа шығармайды. Шопенгауэрдің саяси ой-пікірінде түпқазық – әділетсіздік ұғымы. Қоғамдық шарт теориясын қолдайтын Шопенгауэр мемлекет дегеніміз – адамдар арасындағы шарттық келісімнің нәтижесі деп анықтайды. Шарт теориясына Шопенгауэр кез-келген қылықтың қозғаушы күші ретіндегі эгоизм туралы түсінікті таяныш ете отырып жүгінеді. Шопенгауэр мемлекеттің утилитарлық табиғаты тұжырымдамасын ұстанады. Мемлекеттің саяси пошымдарының тарихи дамуын, оның моральдық міндеттемелерін терістей отырып, Боден мен Гоббстың оқымысты абсолютизм жайындағы идеяларын жақтай отырып, ол іс жүзінде демократия мен эгалитаризмнің қарсыласы болып шықты, мұрагерлік монархияның сойылын соқты. Шопенгауэр мемлекеттің міндеті
ішкі және сыртқы жаулардан қорғау, азаматтардың құқығын қорғау деп санады. 200 жылға жуық созылған тоқыраудан соң, XVІІІ ғасырдың екінші жартысында Италияда ағартушылық һәм либерализм идеялары, экономикалық қызмет пен қоғамдық өмір жандана түсіп, жаңа өрлеуге жол ашылды. Халық бұқарасының феодалдық мекемелерге наразылығын пайдалана отырып, сол кезде қалыптаса бастаған буржуазияның идеологтары өз еңбектерінде капиталистік өндірістің дами түсуіне жағдай туғызудың қажеттілігін дәлелдей бастады. Алайда, итальян буржуазиясы өткеннен толық қол үзіп кетуден қорқып, көбіне-көп клерикалдық-феодалдық ортамен ымыраға бара беретін. Дәл осындай екідай саяси бағыт ұстанғандардың бірі әйгілі “Қылмыстар мен жазалар туралы” еңбектің авторы, итальян ағартушысы Чезаре Беккариа еді. Жаратылыстыққұқықтық доктринаның жақтаушысы Ч. Беккариа өз кітабында толассыз соғыстар мен жүгенсіздіктен халықтың әбден мезі болғанын, оның қауіпсіз де тыныш өмір сүруі үшін бірігуі қажет екенін атап өтеді. “Қылмыстар мен жазалар туралы” еңбегінде дамытылған Беккариа идеяларының маңызы қылмыстық құқық пен сот жүргізу проблемалары ауқымынан әлдеқайда кең. Бұл идеялар адамның бостандығы, ар-намысы мен абыройы секілді әмбебап құндылықтарды, дөрекі күштің жазалауымен емес, ең алдымен әділ заңдар, индивидтердің жоғары саналылығы мен ішкі тәртібі арқылы қамтамасыз етілетін қоғамдық тәртіп қорғайды. Беккариада адами әділет мемлекет билігінің шегін белгілейтін қоғамдық шартқа негізделеді. Бірақ адами әділет туралы надандық түсінік мемлекет заңдарының елеусіз азшылықтың қолындағы қаруға айналуына жетеледі. Алайда Беккариа жеке меншікті жою және қоғамды бүтіндей қайта құру жайын ауызға да алмайды. Оның бар үміті оқымысты монархта. XVІІІ ғасырдың екінші жартысындағы Италияның әлеуметтік-саяси жағдайының ерекшеліктері оның саяси-құқықтық идеологиясының негізгі
бағыттарын белгілеп берді. Ағартушылық идеялар негізінен абстракциялық теориялық түзілімдерге айналды да, іс жүзінде орын алып отырған саяси құрылыстың ыңғайына жығылды. Дегенмен, мемлекеттікқұқықтық теорияның теологиялық қабыршықтан арылуы, кісі, дін ұстану, көзқарас бостандығы және гуманизм (әсіресе Беккариада) идеяларын жаратылыстық құқыққа сілтемемен негіздеу қоғам дамуының толғағы жеткен қажеттерінің көрінісіне айналды. XVІІІ ғасырдың екінші жартысындағы Францияның көрнекті саяси қайраткері, ғалымы және публицисі Жан-Поль Марат болды. Ол Ұлы Француз революциясы кезіндегі якобишілер көсемдерінің бірі болатын. Өзінің саяси көзқарастарының ең жүйелі баяндалуын ол 1774 жылы “Құлдық бұғаулары” памфлетінде ұсынды. Ж-П. Марат шығармаларының негізгі тақырыбы – деспотизм: оның шығу тегі, деспоттық билік орнатудың әдістері мен құралдары, оның зардаптары, онымен күрестің жолдары мен пошымдары. Мараттың сенімі бойынша, саяси қоғамдастықтың мақсаты – халықтың есендігі мен құқықтарын жүзеге асыру, мемлекеттік заңдар орнату болуға тиіс. Өз ғұмырын тек саяси қызметке бағыттаған француз революционері монархияға қарсы күресте барлық демократиялық күштерді біріктіру талабын ұсынды, саяси келісімпаздарға қарсы шықты, ымырасыз революциялық көзқарасты жақтады. Мемлекет зорлық-зомбылық нәтижесінде құрылған деп санаған Марат халықтардың деспотизмге қарсы көтерілу құқығын негіздеді, қарулы көтеріліс тактикасын жасады, революциялық диктатура тезисін ұсынды, сөйтіп іс жүзінде таптық күрес идеясына таяп келді. Ол қалыптасқан мемлекеттік-құқықтық тәртіпті реформалау жолымен деспоттық режимді жоюға болады дегенге сене қоймады. Мараттың көзқарастарында халық егемендігі тұжырымдамасы билікті бөлу принципін қорғау, мемлекетті басқару механизмдеріне тежеу мен қарсы күш жүйесін жасау туралы ой, адам құқықтарына шаң жуытпау
және жүгенсіздікті сынау революция жағдайындағы бәрін жалғыз билептөстейтін диктатор және ештеңеден шіміркпейтін индивид идеяларымен соншалық өрескел тоқайласып жатады. Марат идеяларына ұқсас либералдық-демократиялық және авторитарлық идеялардың симбиозы Ұлы француз революциясы дәуірінің басқа да толып жатқан саяси доктриналарына да тән. Олардың арасындағы үстемдерінің бірі Максимилиан Робеспьердің мемлекеттік-құқықтық көзқарастар жүйесі. Атай кету керек, М. Робеспьердің якобишілер қозғалысының саяси жетекшісі әрі идеологы ретіндегі аса белсенді қызметімен салыстырғанда оның саясат, құқық, мемлекет және заң проблемаларын теориялық жағынан зерттеуі салыстырмалы түрде шынжау. Робеспьердің саяси көзқарастарының мағыналық ұйтқысы мемлекеттік өкімет туралы, мемлекеттің аппараты туралы, оны құру мен қызмет етуінің принциптері туралы қағидалар. Саяси салада Робеспьер халық егемендігі мен саяси тепе-теңдік идеяларын жақтады, олар 1793 жылғы Конституцияда бейнеленді. Халықтың егемендігі туралы және өзінің әрбір мүшесін езгі мен жүгенсіздіктен азат етпеген қоғамның бостан болуы мүмкін еместігі туралы тезистер прогресшіл саяси ой-пікірдің бағалы жемісіне айналды. Робеспьердің феодалдық-монархиялық нұсқауларды үзілді-кесілді сынауы, ол дамытқан республикалық көзқарастардың жауынгер демократизмі якобишілер көсемін Жаңа заманның саясат пен билік, құқық пен мемлекет жайындағы ілімдер тарихындағы көрнекті тұлға қатарына қосады. Робеспьердің саяси ойшыл ретіндегі дербестігі мен өзгешелігі оның өзі талдап жасаған конституциялық және революциялық үкімет тұжырымдамасына негізделген. Осы тұжырымдаманы ұсыну салдарынан Робеспьердің саяси идеяларының бүкіл шоғыры өзгеріп шыға келді. Оларда билеп-төстеудің авторитарлық пошымына бүйрек бұру барған сайын айқын көріне бастады. Робеспьер Конституциялық режим мен
тәртіпті якобишілер диктатурасымен алмастыруды талап етті. Құқықтық нигилизм бостандықты қиратып, халық революциясын тығырыққа тірейді. Робеспьердің трагедиясы якобишілер диктатурасының трагедиясы – көптеген жағдаяттар тоғысуының заңды қорытындысы. Саяси ой-пікірлер тарихында республикалық демократия тұжырымдамасын, конституциялық құқық теориясын жасаушылардың бірі француз ағартушы-философы, әлеуметтанушы, белсенді саяси қайраткер Жан Антуан Николя де Кондорсе. Кондорсенің саяси идеялар жеке кісінің абыройы мен құндылығы принципіне сүйенеді. Саяси бостандық елдің саяси тірлігіне араласу бостандығында, ол халық егемендігі принципімен тығыз байланысты. Кондорсе өкіметке заң шығарушы және атқарушы қызметтерді нақ халық беруге тиіс деп санады. Кондорсе халық егемендігінің тікелей көрінісі жалпыға бірдей сайлау құқығы деп есептеді. Ағартудың және жаратылыстық-шарттық мектептің прогресті саяси ой-пікірі тек Еуропада ғана емес, Солтүстік Америкадағы Британ отарларында да кеңінен таралды. Бұл жерде саяси теорияға қызу құштарлық капиталистік қарым-қатынастың қауырт өркендеуіне, отарлар мен метрополия арасындағы саяси күреске байланысты еді. Американ отарлаушыларының метрополияға қарсы қозғалысы демократиялық идеялардың дамуына, мемлекеттің шарттық шығу тегі идеяларын насихаттауға қуатты серпін берді. Ұсақ буржуазияның неғұрлым прогресшіл идеяларын Т. Джефферсон, Б. Франклин және Т. Пейн жақтады. Олар ұсақ өндірушілердің қалың бұқарасының мүддесін білдіріп, халықтың демократиялық жеңістерін жақтады. Ірі буржуазияның саяси мүдделері мен көзқарастарын білдірген федералистер лидерлері А. Гамильтон, Дж. Мэдисон, Дж. Вашингтон елдің саяси құрылысына ағылшындық үлгі лайық деп танып, орталықтандырылған (федералдық) күшті билікті жақтады. Екі жақтың арасындағы күрес негізінен жаңа мемлекеттің саяси құрылысының негізгі мәселелері: мемлекеттің пошымы мен мемлекеттік өкімет шегі; мемлекет пен халық арасындағы қатынастың
сипаты; кісінің демократиялық құқықтары мен бостандықтары мәселелері өрбіді. Американың аса көрнекті саясаткері һәм ағартушысы Томас Джефферсон болды. Т. Джефферсонның саяси көзқарастары Құрама Штаттар Тәуелсіздігінің декларациясында барынша жарқын баяндалды, ол халық егемендігін мемлекеттік өмірдің негізі деп жариялаған ең алғашқы мемлекеттік акт болды. Тәуелсіздік декларациясында Джефферсон буржуазиялық ағартудың іргелі үш доктринасын: адамның жаратылыстық құқықтарының теңдігі туралы; саяси өкіметтің негізі ретіндегі “қоғамдық шарт” туралы; деспоттық үкіметті революциялық жолмен құлату құқығы туралы доктриналарды білдірді. Өзінің мемлекет тұжырымдамасын Джефферсон адамның жаратылыстық құқықтар идеясының негізіне құрды. Оның негізгі ойы, мемлекет – қоғамдық шарттың жемісі. Мемлекетті құрғанда халық егемендіктің бірден-бір иесі болып қала береді. Джефферсонның саяси доктринасындағы негізгі проблемалардың бірі – кісінің құқықтары проблемасы мен соған байланысты мемлекеттік өкіметті демократиялық тұрпатта ұйымдастыру мәселелері. Кісінің құқықтарын үкімет құқықтарына қарсы қоя отырып, ол мемлекеттік өкімет қызметін оның бетімен кету мүмкіндігі тумайтындай етіп шектеу идеясын алға тартады. Джефферсон демократиялық режим теориясы мен АҚШ-та демократияның қалыптасу практикасына елеулі үлес қосты. Джефферсон Штаттардың бостан, тең құқықты федерациясы секілді мемлекеттік құрылысты жақтады. Ол басқарудың ең жақсы пошымы өкіметтер бөлінген республика ең жақсы саяси режим – демократия деп санады. Джефферсон өкіметтердің тең ара салмағын сақтап отырудың әралуан шараларының кешенін ұсынды, бұл олардың бірінің деспоттық басқаруын орнату мүмкіндігіне жол бермейтін еді. АҚШ-тың федерализм негізінде құрылуы Джефферсоннның алдына орталық пен жергілікті басқарудың
демократиялық ара қатынасы туралы мәселені де көлденең тартты. Осылайша, Джефферсон саяси ой-пікір тарихына АҚШ-тың Тәуелсіздік декларациясының авторы ретінде енді, ол сол тұстағы ең озық саяси және құқықтың идеяларын жариялады. Өзінің саяси көзқарасы жағынан американ ағартушысы Бенджамин Франклин республиканы жақтайтын, мұның өзі оны отарлар тәуелсіздігін жақтайтындармен жақындастырады. XVІІІ ғасырдың 60-шы жылдарының соңына қарай Б. Франклин еңбектерінде Британ империясының біртұтас саяси құрылысы жөніндегі сыншыл ескертпелер пайда болды. Франклин оған гомрул идеясын қарсы қойды, мұны ол Солтүстік Америка провинцияларының өзін-өзі басқаруы мен саяси жағынан өзін-өзі билеуі деп білді. Франклин саяси ғылымның дамуына елеулі үлес қосты, алғашқылардың бірі болып Солтүстік Америка провинцияларын штаттар (мемлекет) деп атай бастады. Алайда Франклин түбегейлі саяси өзгерістерді жақтай қоймайды. Сөз жоқ, американ ойшылдары Батыс Еуропалық саяси-құқықтық доктринаны насихаттауға, кейбір қағидаларды тәуелсіздік жолындағы соғыс жағдайына және одан кейінгі АҚШ-тың конституциялық хатталуына, атап айтқанда, тәуелсіз мемлекет құру құқығын негіздеуге жаңаша қолдануға айтарлықтай еңбек сіңірді. АҚШ-тағы тәуелсіздік жолындағы соғыс және әсіресе Франциядағы революция Англия саяси ойшылдарына елеулі ықпал етіп, ағылшын радикализміне қосымша қуат берді. Бұл билеуші топтардың ымырасыз консервативтік реакциясын туғызды, ол XVІІІ ғасырдағы ағылшын ойшылы Эдмунд Берктің “Француз революциясы хақындағы толғамдар” атты кітабында бәрінен айқын көрінді. Э. Берк осы заманғы консерватизмнің рухани атасы деген беделге ие болды. Оның көзқарастарынан Франциядағы революцияға байланысты үстем тап саясатында болған елеулі өзгерістер көрінеді. Ағылшын
зерттеушілері оны жаңа консерватизмнің негізін қалаушылардың бірі һәм идеологы деп орынды қарастырады. Берк қайтыс болғаннан кейінгі 20 жыл бойы оның якобишілдерге қарсы ашық айтқан ойы Англияның саяси өмірінде үстемдік құрып тұрды. Берктің “жаңа консерватизмінен” тартылған желі XІX ғасырдағы ағылшын консерватизмінің көрнекті идеологтары С. Кольриджге, Б. Дизраэлиге, Т. Карлейльге, одан әрі “тарихилықтың”, әлеуметтік әділет пен мемлекеттік реттеудің қарсыластары, XX ғасырдың ортасында
консерватизмнің қайта өркендеуіне өз еңбектерімен үлес қосқан Ф. Хайек пен К. Попперлерге дейін созылып жатыр. Революциямен күрес идеясын барынша айқын көрсету арқылы Э. Беркті халықаралық мәні бар тұлғаға, консерватизм классигіне айналдырды. XVІІІ ғасырдың екінші жартысындағы саяси ой-пікірдің дамуына елеулі ықпал еткендердің бірі шотланд (британ) философы, саясаткері, құқықтанушысы және тарихшысы Дэвид Юм. Д. Юмның саяси көзқарасы феодализмге қарсы бағытымен де, мемлекеттің пайда болуы жөніндегі буржуазиялық шарт тұжырымдамаларын қабылдамауымен де ерекшеленеді. Оның ойынша, қоғам отбасының ұлғая түсуінен туындайды, саяси билікті ол халық бағынуа дағдыланған әскери көсемдер институтынан шығарады. Юмға сәйкес, саяси биліктің заңдылық пен беріктік дәрежесі басқару мерзімінің ұзақтығына және жеке меншік принципінің сақталуына тәуелді. Адамзат қоғамының “баршаның баршаға қарсы соғысы” ретіндегі "жаратылыстық ахуалы" тұжырымдамасына қарсы шыға отырып, Юм адамға тән неғұрлым күшті инстинкт ынтымаққа, ынытмақтастыққа жаратылыстық ұмтылыс деп білді. Ағылшын саяси ой-пікірінің өкілдерінің бірі – Иеремия Бентам. Оны кейде XVІІІ ғасырдың, Ағарту дәуірінің ең соңғы өкілі деп те атайды. Ағылшын ғалымы Еуропалық либерализмді жақтаушылар сапында болды. Оның либерализмінің негізінде индивидтердің бостандығы, қызметтің автономдық кеңістігі, индивидтің жеке меншік пен саяси-заңдық
нұсқаулар қамтамасыз ететін өзін-өзі орнықтыруы жатыр. Ол сонымен бірге Гоббс, Локк, Юм, XVІІІ ғасырдағы француз материалистері (Гельвеций, Гольбах) идеяларын өз бойына сіңірген утилитаризм теориясының атасы болды. Бентам өз өмірін қоғамдық проблемаларды, оның ішінде ең алдымен мемлекет пен құқықты зерттеуге арнады. Қоғамдық шарт оның ойынша, ақыр түбі бұлғаққа апарып соғатын балдыр-батпақ бірдеңе. Мемлекет зорлықтың күшімен орнайды, ал бағынуға дағды оның іргесін бекіте түседі. Оның саяси-заңдық көзқарастары, саясат пен мемлекетті талдауы “Заңдар принциптері”, “Үкімет хақындағы фрагменттер”, “Барлық мемлекеттерге арналған конституциялық кодекстің жетекші бастауы” және т. б. еңбектерінде баяндалған. Мемлекеттік өкіметті ұйымдастыру мәселесінде Бентам демократиялық тұғырда. Мемлекеттің өкімет негізінен үш тармаққа (заң шығарушы, атқарушы, сот) бөлінуге тиіс республикалық құрылысын жақтайтын ол монархия мен мұрагерлік аристократияны айыптайды. Өзінің “Конституциялық кодекс” атты кітабында Бентам іргелі саяси принциптерді негіздеді, басқарудың классикалық үш пошымына баға берді, нашар басқарудың механизмін талдады, жаңа мекемелерді ұйымдастыру мен олардың қызметінің ережесін ұсынды. “Жоғарғы өкімет халықтың қолында болады” деген принципте Бентам қоғамдық шарт мектебінің көптеген өкілдерімен, соның ішінде өз отандастары Э Сиднеймен, Дж. Локкпен ортақтасады. Осылайша, Бентамның "конституциялық кодексі" демократиялық конституцияның аса елеулі жобасы, азаматтардың бостандығы мен құқықтық теңдігіне, заңның үстемдігіне, мүлтіксіз жұмыс істейтін жауапты әкімшілікке, қоғамдық пікір ықпалына негізделген. Бентамның саяси көзқарастары өз заманынан озып кетіп, түбегейлі өзгерістер бағдарламасы қызметін атқарды. Оның позитивизмі алға қарай жасалған елеулі қадам болды. Саяси және құқықтық ой-пікірлер тарихына
ол Англия ғана емес Еуропа мен Латын Америкасының феодализм қалдықтарымен күрес міндеті төтенше маңызды басқа да елдеріне зор ықпал еткен утилитаризм мектебінің негізгін қалаушы ретінде енді. Парламентаризмді, заңдылықты, саяси бостандықты, қоғамдық пікірді дамыту, басқару мен құқық жүйесін жетілдіру, сайлаушылар корпусын кеңейту оның есімімен етене байланысты. Көптеген зерттеушілер либерализмнің рухани атасы деп Анри Бенжамен Констан де Ребекті атайды. Саясат, өкімет мәселелерін, мемлекет туралы либералдық ілімді А. Б. Констан өзінің “Конституциялық саясат курсы” деп аталатын белгілі кітабында жүйелі пошымда баяндайды. Констанның саяси-теориялық конструкциясының өзегі – индивидуалдық бостандық проблемасы. Ол тек жеке тәуелсіздікті, дербестікті, қауіпсіздікті көздейтін бостандықтың, мемлекетті басқаруға ықпал ете алатын құқықтың қажеттігін дәлелдейді. Осы заманғы бостандық пен антик бостандық ұғымдарын қарсы қою Констан шамамен Кантпен бір мезгілде тұжырымдаған және қазір кеңінен мәлім теорияның – құқықтық мемлекет теориясының негізін құрайтын көптеген іргелі идеялармен тығыз байланысты. Бұл өзі, тегінде, XVІІІ ғасырдың басы мен ортасындағы ағартушылық ой-пікірмен салыстырғанда Констан арқылы либералдық ой-пікір айтарлықтай ілгері қадам жасаған басты бағыт. “Конституциялық саясат курсы” кітабында Констан Монтескьёнің өкімет бөлінісі теориясын дамыту әрекетін жасады. Биліктің атқарушы және заң шығарушы тармағының үстінен ол жоғарғы – корольдік билікті қойды. Және де Констан заң шығарушы тармақты тағы да екіге – тұрақты өкілдік (мұрагерлік пэрлер палатасы) пен қоғамдық пікірді білдіретін сайланбалы төменгі палатаға бөледі. Сот билігін қосқанда олар бес тармақ құрайды. Өкімет бөлінісінің Констан ұсынған нұсқасы саяси теорияда Монтескьёнің үш бөліктен тұратын нұсқасындай кеңінен қолдау таба қойған жоқ. Дегенмен, бес бөліктен тұратын схеманы биліктің тағы бір
бөлігімен – муниципиялық билікпен толықтыру қажеттігі туралы қорытындысы, өкіметті бөлшектей түсу идеясы көптеген адамдарға Францияның мемлекеттіктілігінің негізінің өзіне қаскүнемдік секілді көрініп, ол практикада іске асу үшін көптеген онжылдықтар қажет болды. XVІІІ ғасырдағы саяси ой-пікірдің дамуында социалистік утопия идеологтарының саяси көзқарастары ерекше орын алады. Олардың ішінен Сен-Симонды, Р. Оуэнді, Т. Бабефді бөліп айту керек. Француз социал-утопистерінің ішінде Клод Анри де Рувруа СенСимон кеңінен мәлім болды. Өзінің идеяларын ол “Адам туралы ғылым очеркі”, “Өнеркәсіп жүйесі”, “Өнеркәсіпшілер катехизисі” сияқты басты еңбектерінде негіздеді. Сен-Симонның қоғамды басшылық жасаудың ғылыми арнасына көшірген бойда, әлеуметтік-саяси проблемалар бірден жойылып кетеді дейтін идеясы утопия болатын. Басқа да утопистер сияқты Сен-Симонның қоғамды қайта құру жоспарлары барша әлеуметтік проблемаларды бейбіт жолмен шешу идеясынан туындайды. Ол революциялық зорлық, тап күресі жолын үзілді-кесілді теріске шығарады. Болашақ “өнеркәсіптік” құрылыстың саяси ұйымы жөніндегі өз жобаларында Сен-Симон мұрагерлік король билігін, Министрлер Кеңесі мен қос палаталы парламенттік жүйені сақтайды. Француз ойшылы феодалдық жүйеден, адамдарды емес, қоғамдық өндірісті басқаратын жаңа, әділетті “өнеркәсіптік” жүйеге көшудің ең оңай, ұтымды, қантөгіссіз жолы корольдік өкімет елді басқаруға оқымысты өнеркәсіпшілер мен ғалымдарды тартуы деп санады. Сен-Симон билік басындағы топтың экономикалық һәм саяси мүддесін ескерместен, реформаларды жоғарыдан, корольдің еркі мен билігі арқылы жүзеге асыруға болады деп үміттенді. Оның теориялық ізденістері де қарама-қайшылықты. Алдына паразитизмді еңсеруді, халықты қанау мен езгіден, қайыршылықтан құтқаруды мақсат етіп қоя отырып, ғылыми прогресс пен мемлекеттік реттеуге үміт арта отырып, ол
мемлекеттің таптық табиғатын елемеді, мінсіз құрылысты бейнелей отырып, халықтың бостандығы мен демократияны көзге ілмеді. Ағылшын социалистік ой-пікірінің дамуына Роберт Оуэн елеулі үлес қосты, ол мемлекет шығаратын заңдар көмегімен еңбекшілерге көмек ретінде ауқымды реформалар жүргізуге біршама жақындауға болады деп санады. Р. Оуэн революцияның зорлық-зомбылыққа толы төңкеріссіз, тек қана бейбіт түрде біртіндеп жасалатын өзгерістер жолымен жүргізілуін қалады. Қолында коммунистік мекендер орнатуға қажет дүниенің бәрі бар, ізгі ниетті басшылыққа алатын адамдар нұрлы парасат патшалығын құруға көмектеседі деп топшылады. Болашақ құрылыстың бірліктері – өзін-өзі қамтамасыз ететін коммуналар, “ортақтық мекендері”, олар әуелі ұлттық ауқымдағы федерацияларға топтасады, содан кейін халықаралық ауқымда бірігіп, бүкіл дүние жүзіне тарайды. Жер бетінің халқы тұтас бір отбасына айналады. Мұндай топшылаудың утопизмі көзге ұрып тұр. Еуропалық Ағарту дәуірінің социалистері (коммунистері) арасындағы ең көрнекті тұлғалардың бірі Гракх Бабёф болатын. Г. Бабёфтің Морелли мен якобишілдердің идеяларын негізге алған көзқарастар жиынтығын XVІІІ ғасыр соңындағы революциялық Франциядағы социалистік ой-пікір дамуының шарықтау шегі деуге болады. Бабёф демократиялық институттарды құптайды, бұл орайда жариялылыққа айрықша мән береді. Француз революционер-коммунисі революция кезеңі аяқталысымен пайда болатын республика шын мәніндегі демократиялық жолмен құрылған корпорацияның үлгісіне айналады деп кәміл сенді. Бабёф үшін демократияның мәнісі, оның еңбекшілер жөніндегі эмансипациялық мағынасы – жеке меншікті ымырасыз жою, ұжымшылдық пен эгалитаризмнің салтанат құруы. Жалпы алғанда Сен-Симонның, Оуэннің, Бабёфтің, Голлдың, Годвиннің мұрасы социалистік ой-пікірдің олардан кейінгі өкілдеріне, ең
алдымен К. Маркс пен Ф. Энгельске, сондай-ақ саяси әлеуметтанудың қалыптасуына елеулі ықпал етті. XVІІІ ғасырдағы саяси ой-пікірдің дамуына Ресей оқымыстылары, тарихшылары мен саясаткерлері маңызды үлес қосты. Легитизмнің орысша үлгісі аса көрнекті орыс жазушысы әрі тарихшысы Н. М. Карамзин еңбектерінен барынша айқын көрінеді. Өзінің әйгілі көп томдық “ Ресей мемлекетінің тарихы” атты еңбегінде Карамзин монарх пен халық бірлігінің пошымы ретінде самодержавиенің мызғымайтындығын негіздейді. Карамзин бойынша “ шынайы самодержавие” – Ресей үшін басқарудың жаратылыстық пошымы, ол орыс халқының рухы мен дәстүріне сай келеді. Монархияны шектеуге бағытталған кез-келген әрекетті айыптай отырып, Карамзин Бірінші Александр патшаға өкілдікті басқару олигархиялық тенденциялардан зардап шегетінін, жалпы мемлекеттік басқаруда өкілдік идеясының өзі қате екендігін ескертеді. Карамзин мемлекет пошымының аумақ үлкендігіне тәуелділігі жөніндегі Монтескьё идеясын қолдап, дамыта отырып, кең байтақ Ресей мемлекеті үшін тек қана монархия мүмкін де хақылы дегенді кесіп айтады. Орыстың тағы бір ғалымы, Ресей мемлекетінің әйгілі тарихын жазған тарихшы, орыс либералистік-буржуазиялық тарихнамасының аса көрнекті өкілі Василий Осипович Ключевский. Оның өмірі мен қызметі XІX ғасырға келгенімен, осы “Антологияны” құрастырушылар ғалымның негізгі еңбектерінде орыс мемлекетінің құрылуы, қалыптасуы, оның ішінде XVІІІ ғасырдағы тарихи дәуірі сөз болғандықтан оның еңбектерін үшінші томға енгізу орынды деп тапты. Ключевский саяси ғылымда жаңа “әлеуметтанушылық бағыттың” жұрт мойындаған негіз қалаушысы ретінде танылған. Ғалым мемлекет және азаматтық қоғам ұғымдарын бірінші болып ажыратты. Ол мемлекеттік қызметті базисі жасанды одақтар, яғни азаматтық қоғамның дамуы болып табылатын тарихи процестің ақырғы кезеңі ретінде
қарастырады. Ключевский сыртқы қауіпсіздік пен ішкі тұрақтылықты
қамтамасыз ету қызметін мемлекетке жүктейді.
Осылайша, XVІІІ ғасырдағы Ағарту дәуірі ойшылдарының саяси
көзқарастары либерализм, консерватизм, социалистік утопия сияқты
әрқилы идеологиялық бағыттарды қамтиды. Тегінде, олардың әлемдік
саяси ой-пікірді дамытуға даусыз үлесі де осында.
Мемлекеттік "Мәдени мұра" бағдарламасының
“Саясаттану” секциясы
Чезаре Беккариа
(1738–1794) – итальян ағартушысы, заңгер және публицист. Иезуиттер коллегиясында оқыды, Павия университетінде құқық докторы дәрежесін алды. Француз ағартушылары идеяларының ықпалында болып, оларды қылмыстық құқық саласына енгізді. “Қылмыстар мен жазалар туралы” атты әйгілі еңбегінде (1764) ол тұңғыш рет сол кездегі қылмыстық заңдар мен оларды қолдану практикасының бүкіл жүйесін сыншыл тұрғыдан талдап шықты. Беккарианың жасалған қылмыстың ауырлығына жазаның сай болуы қажеттігі туралы идеялары, сословиелердің қылымыстық құқық саласындағы теңдік принципі жолындағы күресі қылмыстық құқықтың одан әрі дамуына зор ықпал етті. Ол феодалдық сот ісін жүргізуге тән болған “дәлелдеудің” азаптау және басқа да тәсілдеріне үзілді-кесілді қарсы шықты. Беккарианың еңбектері еуропалық мемлекеттердің ХVІІІ–ХІХ ғасырлардағы қылмыстық құқығының буржуазиялық-демократиялық принциптерінің қалыптасуында, қылмыстық құқықтың классикалық мектебінің дамуында елеулі рөл атқарды.
ҚЫЛМЫСТАР МЕН ЖАЗАЛАР ТУРАЛЫ
§ І Жазаның пайда болуы
[...] Бостандықтың ортақ игілікке құрбан етілген барлық бөлшектерінің жиынтығынан ұлттың жоғарғы өкіметі құралып, егемен олардың сақтаушысы мен басқарушысына айналды. Бірақ бостандықтардың мұндай қоймасын жасау жеткіліксіз еді, оны талантараждан күзету де керек болды, өйткені әркім-ақ өзінің бергенін қайтарып алып қана қоймай, басқалардың үлестеріне қол да салғысы келді. Адамдардың қоғам заңдарын тәрк етіп, алғашқы қауымдық заман былығына қайта оралуға деспоттық ұмтылысын тыя алатын тіксіндіру амалдары талап етілді. Заңдарды бұзушыларға қарсы белгіленген жазалар нақ сондай тіксіндіру амалдары болды. [...]
§ ІІ
Жазалау құқығы
Абсолютті қажеттіліктен туындамайтын кез-келген жаза, ұлы Монтескьё айтқандай, тирания жаза болып табылады. Бұл қағиданы неғұрлым жалпылама айтуға да болады: адамның адамға билігінің абсолютті қажеттіліктен туындамайтын кез-келген көрінісі – тираниялық озбырлық. Осылайша, егеменнің қылмыс үшін жазалау құқығы ортақ игілік қазынасын жекелеген адамдардың қаскүнемдігінен қорғау қажеттігіне негізделді. Және қауіпсіздік неғұрлым қасиетті де ұлық бола түскен сайын, егемен бодандарының бостандығын неғұрлым көбірек сақтаған сайын, жаза неғұрлым әділетті бола түседі. [...] Бірде-бір адам өз бостандығының бір бөлігін жалғыз ғана ортақ игілік үшін құрбан етпеген, – мұндай құбыжық тек романдарда ғана бар. Керісінше, біздің әрқайсымыз, егер бұл тек мүмкін болса, шарттың бізді емес, басқаларды шырмағанын қалар едік; әркім өзін жалғандағы қатынастардың кіндігімін деп біледі. [...]
§ ІV
Заңдарды тәпсірлеу
[...] Қылмыстық заңдарды тәпсірлеу билігі қазыларға олар заң шығарушы еместігінің өзімен-ақ тиесілі бола алмайды. Заңдар қазыларға ата-бабамыздан отбасылық әфсана немесе ұрпақтарының тек бағынуын талап ететін өсиет ретінде қалған жоқ. Қазылар оларды жанды қоғамнан немесе оның өкілі ретінде, қолдағы ортақ ырықтың сақтаушысы ретінде егеменнен алады. Қазылар заңдарды ежелгі келісімнен туындайтын міндеттемелер ретінде қабылдаған жоқ. Ондай келісім жалғанда эоқ ырықтарды матап, жарамсыз болар еді, адамдарды қоғамдық ахуалдан үйір ахуалына түсіріп, әділетсіздік болар еді. [...]
[...] Қылмыстылық шекарасының айқындалмауы заңдарға қайшы инсаният туындатты, бір заңдардың басқаларына кереғарлығына, ең ақылды жанның ең қатаң жазаға ұшырауына апарып соқтырды. Жамандық пен жақсылық ұғымы бұлдыр да құбылмалы бола түсті, өзіңнің тіршілігіңе сенімің шайқалып, мұның өзі саяси күштерді летаргия мен тажалды ұйқыға жетеледі. Ұлттың заңдары мен шежірелерін философ ретінде зерттейтін кісі “жақсылық” пен “жамандық”, “жақсы азамат” пен “қылмыскер” сияқты сөздердің мағынасы ғасырлар бойы өзгеріп отырғанда, мұның себебі елдің ортақ мүдделерге сай келетін өзгеруінің жағдайының салдары емес, әрқилы заң шығарушылардың бірінен соң бірінің бойын билеп алған нәпсі мен адасулардың пәрмені болғанын көрер еді. Ол бір ғасырдағы нәпсі көбінесе келешек ғасырлар инсаниятының негізіне айналғанын, қатыгездік пен жігерлену туғызатын, барлық тәндік және моральдық құбылыстарды теңестіретін уақыт әсерінен әлсіреп, жұмсаратын алапат нәпсілер айлакер де күшті адамдардың қолында азаздап кемеңгерлік пен пайдалы қаруға айналатынын көреді. [...] [...] Бірақ егер осынау өкімет барша азаматтардың қолындағы заңдар бойынша емес, жүгенсіз қарекет жасайтын болса, онда тиранияның жолы ашылады, ол саяси бостандықтың әрбір қырын әрқашан төңіректейді де жүреді. Мен әрбір азамат өзінің қай кезде жазықты, қай кезде жазықсыз екендігін білуі тиіс деген жалпы ережеден ешқандай бұлтаруға жол бере алмаймын. Егер әлдебір мемлекетте жүгенсіз қарекет жасайтын орталықтар немесе жалпы алғанда өкімет қажет болса, онда бұл жақсы құрылған басқарудың қасиеті емес, оның құрылысының әлсіздігінен туындайды. Өзінің тағдырына сенімсіздік жасырын қимылдайтын тиранияға ашық та салтанатты түрде көрінетін тирания талап еткеннен әлдеқайда көп құрбандық берді. Ашық тирания қорлық сезімінен гөрі адамдардың ашу-ызасын көбірек туғызады. Нағыз тиран әрқашан қоғамдық пікірді езіп-жаншудан бастайды. [...]
§ ХХ
Зорлық-зомбылық
Бір қылмыстар кісіге қарсы, енді біреулері дүние-мүлік жөнінде жасалады. Бұлардың алғашқылары сөзсіз жеке жазаға тартылуға тиіс: атақты да, бай да байғұстар мен кедейлерге қарсы жасаған қылмыстары үшін ақшамен құтылып кетпеуге тиіс. Керісінше болса, заңдардың демеуінің арқасында еңбекқорлықтың өтемі болып табылатын байлық тиранияның тірегі болып шығар еді. Заңдар белгілі бір жағдайларда адамның кісі болудан қалып, зат ретінде қарастырылуына жол берсе, ол жерде бостандық жоқ. Мұндай жағдайда сіз күштілер заң өздерінің мүддесі үшін белгілеген қағидаларды пайдаланып қалуға бар қайратын жұмсайтынын көрер едіңіз. Бұл амал азаматтарды малға айналдыратын сиқырлы таяқша, ол мықтының қолында бейқам да әлсіз жандардың аяққолын мықтап матайтын шынжыр. Бостандықтың барлық белгілері бар секілді көрінетін кейбір басқарулар тұсында жасырын түрде тирания үстемдік ететіні немесе ол заң шығарушы ұмыт қалдырған әлдебір қуысқа бой тасалап, сол жерде елеусіз күшейіп, тарала беретіні міне сондықтан. Адамдар әдетте бүкпесіз тиранияға ең берік тосқауылдар тұрғызады. Бірақ олар тоғанды мүжіп, жойқын тасқынға жол ашып жатқан елеусіз құртқа назар аудара қоймайды, ал ол неғұрлым жасырын болған сайын, соғұрлым қауіпті. [...]
§ ХХІV
Арамтамақтар
Кім қоғамдық тыныштықты бұзса, кім заңдарға, яғни адамдар шығынға да ұшырайтын, пайдасын да көретін шарттарға бағынбаса, қоғамнан шығарып тасталуға, яғни аластатылуға тиіс. Міне сондықтан есті үкіметтер еңбек пен қызмет алаңында қатал уағызшылар бейнетпен
жасалған байлықтан өрбитін қол бостықпен, қоғамның өсу және оған көбірек бостандық беру шамасына қарай қажетті де пайдалы бола түсетін қол бостықпен теңестіретін саяси арамтамақтықтың шешек атуына төзбейді. Мен саяси арамтамақтық деп не еңбегімен, не байлығымен қоғамға пайда әкелмейтін, ешқашан ұтылмай, қайта әрқашан ұтып шығатын, қара халық мән-мағынасыз қошеметпен жалбақтайтын, ал данышпан оның құрбандарына жиренішпен күйзеле қарайтын арамтамақтықты айтамын. Бұл арамтамақтық өмірлік игіліктерді сақтап, еселей түсу мақсатында қажет қызметке итермелемейді, және алауыздықтардан туындайтын күші жағынан, басқаларынан кем түспейтін нәпсіні қоздырады. Өз ата-бабаларының жамандықтарының немесе жақсылықтарының жемісін теріп жеп жүргендер, өкіметпен аяғы немен тынары белгісіз қантөгіс соғыс орнына байлықпен үнсіз бейбіт соғыс жүргізетін бейнетқор кедейліктің талғажауына өз рахатының өтеуі үшін нан мен қаражат бергендер саяси арамтамақтар емес. [...]
§ ХХV
Үйелмендік рух туралы
[...] Қоғамның ұлғая түсу шамасына қарай оның әрбір мүшесі бүтіннің барған сайын кем бөлшегіне айнала береді және нақ сол шамада, нығайтып отыруға заң қамқорлық жасамаса, республикалық рух та әлсірей береді. Адамның тәні секілді қоғамға да белгілі бір шек қойылған, одан асып кету қажетіне қарай оның күшінің тепе-теңдігін бұзады. Тегінде, мемлекеттің көлемі оның азаматтарының қабылдағыштық қабілетіне кері қатынаста болуға тиіс секілді. Әйтпесе, бұл олардың екеуі де бірдей өскен ретте, жақсы заңдар осы заңдармен жасалған игіліктің өз ішінде қылмыстарға жол бермеуде кедергілерге ұшырайды. Тым байтақ республика тек бір одаққа біріккен бірнеше федерациялық республикаға бөлініп қана деспотизмнен құтыла алады. Бірақ бұған қалай қол жеткізуге болады?
Мұны Сулланың ержүректігі және оның жойқын кемеңгерлігіне тең жасампаздық кемеңгерлік дарыған деспоттық диктатор жасай алар еді. Егер ондай адакм атаққұмар болса, онда оны мәңгілік даңқ күтіп тұр; егер ол философ болса, мұның үстіне ол өз отандастарының жақсылықты білмейтіндігін жалпы қаперге ілмейтін адам болмаса, олардың жақсы батасы ол үшін биліктен айырылудың өтеуі болып шығады. Бізді ұлтпен байланыстыратын сезім әлсіреген сайын, бізді қоршаған заттарға ықыласы күшейе түседі. Міне сондықтан ауыр деспотизм тұсында достық бәрінен ұзақ болады, ал ылғи да орташа деңгейде болатын отбасылық жақсылық бәрінен көп тараған немесе бірден-бір құбылысқа айналады. [...]
§ ХLІ
Қылмыстың алдын қалай алу керек
Жазалағаннан гөрі қылмыстың алдын алған жақсы. Кез-келген жақсы заңдардың басты мақсаты да сол, егер өмірдегі жақсылық пен жамандықтың жалпы түйіні туралы айтар болсақ, заң дегеніміз адамдарды мүмкіндігінше көбірек бақытқа немесе мүмкіндігінше кем бейбақтыққа жетелеу өнері. [...] Заңдардың көп бөлігі артықшылықтардан, яғни аз ғана адамның пайдасы үшін баршаға салмақ салудан басқа ештеңе емес. Қылмыстың алдын алғыңыз келе ме? Заңдарды анық та ұғынықты, ұлттың бүкіл күші соларды қорғауға жұмылатындай және осынау күштің бірде-бір бөлігі оларды жоюға бағытталмайтындай етіп жасаңыз. Заңдар адамдардың өзіне көбірек, сословиелерге азырақ қамқорлық жасайтындай етіңіз. Адамдар заңдардан, тек солардан ғана қорқатын болатын етіңіз. Заңдардан қорқу шапағат, ал адамнан қорқу тажалды және қылмыстарды балалатады. Езілген адамдар бостан адамдарға қарағанда қашанда неғұрлым тәттіге әуес, бұзылған және қатыгез болады. [...]
§ ХLІІ
Ғылым туралы
Қылмыстың алдын алғыңыз келе ме? Ағарту бостандықпен қол ұстаса жүретіндей етіңіз. Білімнен туындайтын жамандық оның таралуына кері қатынаста, жақсылық төте қатынаста болады. Надан халық ешқашан кәдуілгі адам болмайтын айлакер алаяққа табынады, ал көзі ашық халық оны маңайлатпайды да. [...] [...] Белгілі бір уақыт өткен соң өзінің басты дәуірлерінде қайталанып отыратын тарихқа ден қойған адам, надандық түнегінен философияның нұрына, тираниядан бостандыққа жетелейтін қасіретті, бірақ қажетті өтпелі кезеңдерде келешек ұрпақтар қамы үшін тұтас бір ұрпақ құрбандыққа шалынатынын көреді. Бірақ дүрбелең басылған кезде, ұлтты езіп-жаншыған жамандықтан оны тазартқан өрт басылған кезде, әуелі ақырындап, сонан соң өз салтанатына қарай қарыштай қадам басатын ақиқат таққа монархтармен қатар жайғасқан кезде және оны құрметтеп, республикалар парламенттерінде оған михрабтар орнатқан кезде, сол кезде бұқараның санасын түлеткен сәуле түнектен зияндырақ, адамдар жақсы ұғынған шынайы да ақ көңіл қатынастар олар үшін тажалды деп кім айта алар? [...]
§ ХLІІІ
Билік
Қылмыстардың алдын алудың тағы бір құралы – заңдарды атқарушы алқаның оларды бұзудан гөрі, сақтауға көбірек мүдделі болуы. Оның мүшелерінің саны көп болған сайын, заңды қара басының қамына пайдалану қаупі кеми түседі, өйткені бірі-бірін бақылап отыратын адамдарды сатып алу қиынырақ, және де олардың әрқайсысына тиген биліктің бөлшегі, әсіресе параның қауіптілігімен салыстырғанда, қаншалық аз болса, олар өз билігін күшейтуге соншалық кемірек мүдделі
болады. Егер егемен өкіметке сыртқы айбар беру, қатаң жарлықтар шығару, өздерін езгіге түстік деп санайтындар тарапынан орынды да орынсыз шағымдар жасалуына тыйым салу арқылы бодандарын заңдардан гөрі өкіметтен көбірек қорқуға үйретсе, онда бұдан жеке және қоғамдық қауіпсіздіктен гөрі өкімет көбірек ұтады. [...]
§ ХLҮ
Тәрбие
Ақыр соңында, қылмыстардың алдын алудың ең дұрыс, бірақ ең қиын да құралы тәрбиені жетілдіру, бұл мен белгілеген тақырып шегінен шығып кететін тым ауқымды мәселе. Бұл мәселе, тайсалмай-ақ айтайын, басқару табиғатымен тым тығыз байланысты, демек, ол жаппай бақытты заман орнайтын тым алыстағы ғасырларға дейін тек анда-санда азын-аулақ кемеңгерлер ғана өңдейтін тұл даланың өзі болып қала береді. Өзін қуғынға ұшыратқан адамзат санасына жақсылық ұрығын себетін бір данышпан тәрбиелеудің адамдарға шын пайдалы тәрбиенің басты ережелерін егжей-тегжейлі баяндап берді. Тәрбие пәндердің түк бермейтін көптігінде емес, қайта оларды дәл таңдай білуде, тәрбие жан дүниесі бұзыла қоймаған жеткіншекті алдынан кездейсоқ немесе қасақана ұшырай кететін моральдық та, тәндік те құбылыстардың көшірмесімен емес, нақты өзімен таныстыруға тиіс. Тәрбие оларды жақсылыққа жетектеуге тиіс, ол сезімдердің оңай жолын пайдалана отырып, оларды жамандықтан тек жорта әрі бір сәттік мойынсұну ғана туғызатын екідай бұйрықтар арқылы емес, сөзсіз туындайтын зиянды зардаптарға көзін жеткізетін жаңылдырмас жолы арқылы жирендіруге тиіс.
"Беккариа Чезаре. О преступлениях и наказаниях. М., 1939" басылымынан қазақшалаған Ақайдар ЫСЫМОВ.
Жан Поль Марат
(1743–1793) – француз саяси қайраткері, ХҮІІІ ғасырдың соңындағы Ұлы француз революциясы кезінде якобишілер көсемдерінің бірі, ғалым әрі публицист. Швейцарияда қарабайыр күн кешкен сызбашының отбасында дүниеге келген алты баланың бірі. Бала жасынан шет тілдерді үйренуге бейімін байқатып, негізгі еуропалық тілдерді, сондай-ақ латын және грек тілдерін меңгеріп алады. 16 жасында Францияға қоныс аударып, 1765 жылға дейін Бордода және Парижде жаратылыстану, саясат пен философия ғылымдарын зерделеді. Ж. Ж. Руссо мен Ш. Л. Монтескьёнің идеялық-саяси ықпалына түсті. Англияда жылдай тұрып, жаратылыстану мен медицинаны меңгерді; 1775 жылы Эдинбург университеті Маратқа медицина докторы жоғары ғылыми дәрежесін берді. Оның алғашқы саяси еңбегі “Құлдық бұғауы” 1774 жылы ағылшын тілінде бүркіншік атпен жарық көрді. Осынау елеулі еңбегінде Марат деспоттық абсолютизм халықтар үшін жат, тажалды құбылыс деген идеяны өрбітті. Сондықтан да халықтардың озбыр билеушілерге қарсы күресі, тіпті қарулы көтеріліс заңды да әділетті. Ол 1776 жылы Парижге біржола қоныс аударып, ғылыммен айналысты, король сарайы дәрігерлерінің бірі болды. Бұл оған король төңірегін, саяси практиканы жақсы танып-білуге мүмкіндік берді. Революция басталғаннан Марат саяси қызметке бірыңғай берілді, барлық демократиялық күштер мен қозғалыстарды монархияға қарсы күресте бірігуге шақырды. 1793 жылғы 13-шілдеде Шарлотта Корденің қолынан қаза тапқан. Мараттың өлімі бүкіл Францияны дүр сілкіндірді, жерлеу “Халық досын” жақтаушылардың орасан зор саяси наразылығына айналды.
ҚҰЛДЫҚ БҰҒАУЫ
Шексіз билікке құштарлық туралы
Жақсы тақсыр дегеніңіз Жаратқанның туындыларының ең абзалы ғой, ол адам табиғатын көкке көтеріп, хақ тағала табиғатн асқақтата түседі. Бірақ жалғыз жақсы тақсырға әлемде қаншама құбыжық келеді деңіз! Олардың бәрі дерлік надан, тәкаппар, менмен, сауық-сайран мен ләззатқа жерік. Олардың көпшілігі мақтан етерлік ешқандай тірлікке, ешқандай да бір ізгі сезімге қабілетсіз, жалқау, қорқау, дөрекі, өркөкірек
пенделер. Олардың кейбіреулері іскерлік құлық, таным, қабілет, талант, батылдық, рақымшылдық байқатады; бірақ корольдар жақсылығының төресі – әділет дегеннен бәрі де мақұрым. Ақыр соңында, ең бір жақсы бейімдер дарып туғандардың, сол бейімдер барынша дамығандардың, арасынан да өзінің билігін кеңейте түсуге өз қалауынша билеп-төстеуге енжар қарайтын біреуі; деспот болуға ұмтылысында тиранға айналуға дайын емес біреуі табыла қояр ма екен. Шексіз билікке құштарлық, кез-келген жағдайда бірінші болуға ұмтылатын адам жүрегіне, әрине тән. Міне, билік иесі жасайтын астамшылдықтың негізгі бастауы міне осы; адамдар арасындағы құлдықтың қайнар көзі осы. [...]
Деспотизм туралы
Тақсыр шексіз билікке қол жеткізген бойда, халық мүддесі туралы сөз жайына қалады, ендігі бар әңгіме тек оның беделі туралы, тәждің мәртебесі туралы, оның мансапқұмарлығы туралы, оның қыңырлығы туралы; сол кезден бастап ол мемлекетті өзінің мұрасы, ал қоғамдық қаражатты өзінің кірісі тәрізді көреді; ол мансаптарды, қалаларды, провинцияларды саудаға салады; ол өзінің бодандарын сатады және ұлттың бүкіл қуатын қалауынша жұмсайды. Тартып алынған өкімет өзін тек әскермен қорғайды, ал әскер тек ақша төленсе ғана адал болып қалады; сондықтан тақсыр өз жалдамалыарын асырау үшін өз бодандарын тонайды, ең бай азаматтардың мал-мүлкін тәркілейді. Осы қиянатқа күйінген азаматтар шағымдана бастамай ма, бой көрсетпей ме, заңдылықты талап етпей ме? Тақсыр бет пердесін сыпырып тастайды, қожайын секілді сөйлей бастайды, өзіне аңдаушылар емес, адал берілгендер керектігін айтып айғай салады, олардың барлық
петицияларына “Маған сол ұнайды” деп жауап қайтарады. Оған қарсы шықпай ма? Онда ол өжеттерді жаныштау, наразылардың дөрекілігін жазалау туралы ғана айтады. Шағымдар бос әурешілік болып шығады, ал тақсырдың құдіреті орныққан бойда, оның әмірі қандай болса да, тек құлдық ұрып, бағыну ғана қалады. Енді саяси бостандық жоқ; енді тақсыр ғана бар, мемлекет – түк те емес. Дегенмен, жекелеген кісілер, базбір қауымдар, бодандардың кейбір таптары әлі өздерінің артықшылықтарын пайдалана тұрады, бірақ көп ұзамай олар да мұның бәрінен айырылады. Заң шығару билігіне ие болған тақсыр барлық кедергіні жоюға ұмтылады; ол өзінің әділетсіз биліп-төстеуінің дұшпандарын үрейлене жіті қадағалап, олардан құтылуға асығады; содан кейін ол мемлекетте әлі де қандай да бір билікті сақтап қалғандарға алара қарап, түрлі желеумен оны тартып алуға тырысады; ол бостандық достарын жаныштайды, ол құдіретті адамдарды қорлайды, ол солардың өкілеттігін шектейді, ол азаматтарды құқықтарынан айырады. [...]
ҚЫЛМЫСТЫҚ ЗАҢДАР ЖОСПАРЫ
Бірінші бөлім
Жақсы заңдардың негізгі принциптері туралы
Қоғамдық тәртіп туралы
Тәртіп – мемлекеттің тірегі; оны бұзатындардың бәрі жазалануы тиіс. Тіпті толғамға шамалы ғана бейім болғанның өзінде, алдымен қоғамдық тәртіп дегеннің өзі не екенін анықтап алмай, оны бұзуға не жетелейтінін зерттеп білу мүмкін емес. Осылайша, қоғамды
байланыстырып тұратын нәрсені анықтауға кіріскенде, оның мүшелерінің арасында келісім болғандығымен сөзсіз келісуге тура келеді. Тең құқық, өзара пайда, өзара көмек – сол келісімнің тұғыры міне осылар болуға тиіс. Бостандық, әділет, бейбітшілік, татулық, бақыт оның жемісі міне осылар болуға тиіс. Ал бұл екі арада мен халықтар шежіресінің бетін ашсам болды-ақ, менің ақыл-парасатымның жанарына әркелкі түрде ілігетін жалғыз нәрсе – бір жағынан, қиратушылық, екінші жағынан құлдық. Солай-ақ болсын, дейді маған біреу-міреу, бірақ жеңіп алынған соң өкімет заңды болып, зорлық-зомбылықты құқық алмастырады ғой. Расында да, революция жасалған соң қоғам оның жемісінің дәмін тату қажет болады, ал бұған тек жақсы заңдардың көмегімен ғана қол жетеді. Мен бұған келісемін. Шынында да, жаулап алушылар бәрін жойып, қиратып және өкіметті басып алып, өз жеңістерін өрескел пайдалануға жүрексінеді де, өз үстемдігін неғұрлым байсалды етіп көрсеткісі келіп, сырт көзге заңдылықты сақтайтындай болып көрінеді. Бірақ узурпатор жоғарғы билікті уысынан шығармай, оны тек жандайшаптарымен ғана бөліседі ғой. Жер бетін жайлаған халықтардың көпшілігіне көз жүгіртіңізші, не көрер едіңіз? Тек бейшара құлдар мен билеуші байбатшаларды көресіз. Ал онда қолданылатын заңдар әміршілердің жарлықтары ғана емес пе? Олар өздерінің сол туындыларын қадірлесе ғой! Бірақ олар, өздеріне тиімді кезде, оларды ауыз жабуға мәжбүрлейді; олар қаймықпастан оларды табанымен таптайды, ал сонан кейін өздерін қандай да жазғырудан қорғау үшін айналасын мызғымас қабырғамен қоршайды, ал сіз оған маңайлай да алмайсыз. Жүгенсіздік кемдеу мемлекетте билік басындағылар заңнан жоғары тұрмағанымен, әйтсе де әрдайым оны оп-оңай айналып өте алады және кек қаһарына ұшырамау үшін олардың көбіне өз қылмыстарын ауырлата түсу жетіп жатыр. Тіпті әбден ширыққан бодандар қамытын сыпырып тастай алған елдердің өзінде әлі қаншама сұмдық теңсіздіктер, қаншама өрескел шектен
шығушылықтар сақталып қалған деңіз! Оларда сіңірілген еңбекті күншілдер аяусыз таптайды, адал адам жылпос сұмпайының алдында қорғансыз, кедейдің күні байдың қолында, данышпен залымның уысында; ақыр соңында, заңдар, заңдардың өзі күштілердің сөзін сөйлейді және тек әлсіздер үшін міндетті. [...]
Заңдар туралы
Қылмыстарды жазалау туралы ойламас бұрын, өзіміздің солар туралы белгілі бір түсінігіміз болуы керек. Қылмыс деген не? – Заңдарды бұзу. Алайда, сол заңдардың ішінде кез-келген мемлекетте қасиетті заңдар бар ма және қабылдануына мемлекеттің бірде-бір мүшесі қатыспаған қаулыларды сондай деп есептеуге бола ма? Осындай атауға ие болған нәрсе тәкаппар әміршінің өкімінен басқа бірдеңе ме? Осынау өкімдердің үстемдігі, осылайша ат төбеліндей ғана азшылықтың көпшілікке бүркемелі тираниясы ғана. Бірақ осынау құпия нәрселерді де пердемен жауып тасталық; маңайлатылмайтын адамның жанары жетпейтін аңыз кеме іспетті. Бірақ, түптеп келгенде, заңдарды кімнің шығарғаны маңызды емес, тек олар әділ болса болғаны, және олардың кімнің қорғауында екені бәрібір, тек солардың атқарылуы қамтамасыз етілсе болғаны. [...] Ақыр соңында, күллі адамзат баласына нұқсан келтіріп, аз ғана адамдардың бақытқа бөленуі үшін жасалған жүгенсіз заңдардың күні қараң болсын, халықтың бір табын басқаларына жау ететін, ат төбеліндей азшылықтың дәулетіне көпшіліктің күйіне қарауына, сол ат төбеліндей азшылық көпшіліктің дәулетінен үрейленуіне жетелейтін жексұрын айырмашылықтардың күні қараң болсын!
Заңдарға бағыну міндеті туралы
Әлемде заңды деп тануға болатын бірде-бір үкімет жоқтықтан, заңдарға мойынсұну борыштан гөрі бақайесеп емес пе? Бірақ бізді бірбірімізбен жалғастырып тұрған әлсіз байланысты үзбей-ақ қоялық; анархияның тақсіреті деспотизм қасіретінен де асып түсер еді. Барлық мемлекеттер зорлық-зомбылықтың, қырып-жоюдың, талаудың көмегімен құрылғанына шүбә жоқ және бастапқыда өкіметте күштен басқа ешқандай өкілеттік болған емес. Өкіметті тым жеккөрінішті етпес үшін оның тирандығын кемітуге тырысқан еді, енді оны тым әділетсіз етпеуге тырысуда, ал келе-келе, бәлкім, оны жалпыға бірдей игілік үшін пайдаланатын да күн туар. Қазіргідей ахуалда заңдарға мойынсұнуға не міндеттей алатынын қарайық. [...] Кілең бөтендердің иеліктері жайлап алған, кедей-кепшік ештеңе иелене алмайтын жерде аштан өлу ғана қалады. Қоғаммен тек зиянды байланысы бар олар қалайша оның заңдарын сыйлауға міндетті? Міндетті еместігіне күмән жоқ. Егер қоғамның өзі оларды тағдырдың тәлкегіне қалдырса, олар өзінің әуелгі жаратылыстық ахуалына қайтып оралады. Және де олар өздеріне барынша мол пайданы қамтамасыз ету үшін ғана тартып алатын өз құқықтарын қалпына келтіруді күшпен талап етсе, бұған қарсы шығатын кез-келген өкімет тираниялық өкімет, ал оларды өлім жазасына кесетін қазы қаныпезер жендеттен басқа ешкім де емес. Егер өзін-өзі сақтап қалу мақсатында қоғамның өз мүшелерін орын алып отырған тәртіпті сыйлауға мәжбүрлеуіне тура келсе, ол ең алдымен оларды мұқтаждықпен байланысты пиғылдан арылтуға тиіс болады. Қоғам оларды тамақпен, жөнді киім-кешекпен, науқастанған кезде, қартайған шағында толық қамқорлықпен қамтамасыз етуге міндетті; өйткені олар қоғам өздеріне жаратылыстық ахуалдағыдан неғұрлым артық тағдыр қамдайтын болса ғана, өздерінің жаратылыстық құқықтарынан бас тарта алады. Сонымен, өзінің барлық мүшелеріне қатысты міндеттемелерін тиісінше орындай алғаннан кейін ғана қоғам өз заңдарын бұзғандарды жазалауға қақылы болады. [...]
Меншік қорғалмаған жерде өнеркәсіп те болмайды. Егер өнім басқаға бұйыратын болса, кім жер өңдемек, егістік бостан бос жатар еді. Жұмыскерге өз еңбегінің жемісі бұйырмайтын болса, кәсіпшілік те болмас еді; саудагерден оған өңдеуге берілген шикізатты даулайтын болсаңыз, сауда да құрдымға кетер еді. Ертең айырылып қалатын нәрсені бүгін қорғаштау кімнің ойына келмек? Егер ертең балаларыма тамақ тауып бере алмаспын деп қорықса, кім қатын алмақ? Мұндай жағдайда жер көп ұзамай орасан зор шөл далаға айналып, қоғам да өмір сүрмес еді... Бірақ қоғамның адам баласын бақытты ететіндіктен ғана өмір сүруге хақысы бар. Қоғамның көпшілігі ылғи да ат төбеліндей ғана азшылық үшін құрбандыққа шалынатындығына күмән келтіруге бола ма? Қарапайым пақырдың күйі не болмақ! Ол мемлекетті өзінің тіптен қатысы жоқ бақыттылар табының мекені деп біледі; ол қауіпсіздік өзі үшін емес, солар үшін орнатылғанын көреді; ол өзінің жаны қорлықтан көз ашпай жүргенде, әлгілердің жаны жәннатта шалқитынын сезінеді. Қайдағы-жайдағыны айтып кеттіпін-ау! Бейнет, қауіп-қатер, мұқтаждық, ашқұрсақтық, жиреніш, күйініш, сан қилы жәбірлеу – оның алдынан тосып тұрған жазмыш осылар. [...] Кемеңгер мемлекеттік басқару тұсында қандай да болсын желеумен қайыршыларға төзуге тіптен болмайды, өйткені олар қашан да мемлекетке жүк. Қайыршыға берген садақа оларды жамандыққа дағдыландыра түседі, және де жалқаудың өзінің бейшара тіршілігін жалғастыра беруі үшін жүргіншіден тиын-тебен тілеуіне мүмкіндік беру, дүниедегі ең қасиетті нәрсе – арын аяқ асты етуіне жол беру күйінішті емес пе? Адамдарға жамандық ап-айқын, бірақ оны жою үшін не істелді? Қайыршыларды кезбелер деп біліп, қамап тастайды. Ақымақтық саясат: бұл арада оларды үкімет бостандықтан осылай айыруға хақылы ма дегенді анықтап жатпай-ақ қояйын, бірақ оларды отырғызатын абақтылар тек қоғамның есебінен ғана тіршілік ете алатынын және олар нәр беретін жалқаулық рухы жекелеген адамдардың кедейлігін азайту орнына,
әрқашан ортақ кедейлікті ұлғайтпай қоймайтынын ескерте кетемін. Бірақ мұның бәрін қалай түзетуге болады? Міне былай: қайыршы жалқауларды тамақтандырмаңыздар, оларды жұмысқа тартыңыздар, оларға өздеріне жетіспейтінді өз еңбектерімен табуға мүмкіндік беріңіздер. Оларды әйтеуір бір кәсіпке үйретіңіздер, сөйтіп бостандықта өмір сүре берсін. Бұл үшін оларды қабылдайтын бірнеше қоғамдық шеберхана ашу қажет. [...] Шіркеулер өз кірісі қаншалықты жақсы жұмсалса да, олар паналататын кедейлердің саны қаншама көп болса да, ең жақсысы – паналайтын кедейлердің тіптен болмағаны. [...] Мен өзім ұсынып отырған мекемелер көптеген кедергілерге тап болатынын білемін, және ол жоя алатын жамандықтардың көп ұзамай тиыла қоярын көретініме де сенбеймін. Өйткені әміршілер тек құлдар жұмсағасы келетінін қоймайынша, оларға бодан ретінде ләззаттан азғындаған байлар да, мұқтаждықтан есеңгіреген кедейлер де керек. Бірақ мен бостан адамдар үшін жазып отырғанымды ұмытқан жоқпын ғой.
Қылмыстық заңдар туралы
Мемлекетте әділетті де данышпан қылмыстық заңдар болсын! Қылмыс пен жазаға көзқарастарда күңгірт, әрі-сәрі, жүгенсіз ештеңе болмағаны маңызды, өйткені әркімнің заңдарды жетік меңгеріп, оларды бұзса, не нәрсеге бас тігетінін білгені маңызды: нақ соның салдарынан қылмыстық кодекс ешқашан тым дәл бола алмайды. Ол мүлдем қарапайым да бола алмайды. Заңдар тек қоғам анық мүдделі нәрселерге ғана қатысты болуға тиіс; олар адамдардың бостандығын қажетсіз тарылтпасын. Заңдарды қоғам игілігі үшін мәнсіз өкімдермен сықай беру оларды құнсыздандырар еді. Пайдасыз немесе рұқсат етілген нәрсеге тиым салатын нұсқаулармен ұшыраса берсең, заңдарды бос және жүгенсіз нәрсе деп санауға үйреніп кетесің де, оларды елемеумен аяқтайсың.
Заң қоғам игілігімен байланысты нәрселерді ғана қозғауға тиісті болғандықтан, оның қажеттілігі біткен бойда, оның күші дереу жойылуға тиіс. Бұл ескі заңның орнына жаңасын шығарғаннан немесе оны ұмыт қалдырғаннан әлдеқайда жақсы. Олай істеу көп ұзамай заңдардың дәл қолданудан қалуына апарып соқтырар еді. Мұның үстіне, зымиян адамдар пайдаланып кетуі мүмкін құбыжықты орнында қалдыруға болмайды. Қылмыстық заңдар жасалғаннан кейін оларға құрметті сіңіруге мейлінше сәйкес келетін жағдайда жариялануға тиіс.
Заңдар санкциясы туралы
Заңдардың әділ, анық және дәл болуы жеткіліксіз; әлі олардың сақталуын қамтамасыз етудің мейлінше жақсы жолын да табу керек. Ең кемеңгерлікпен басқарылған ежелгі мемлекеттерде заң шығарушының мақсаты әрқашан да адамның табиғатын жетілдіру болды. Ол азаматтарға әсіресе инсаният ережелерін дарытуға және оларға бала жасынан жақсылыққа сүйіспеншілікті сіңіруге ұмтылды. Осы заманғы мемлекеттерде заң шығарушы қоғамды бүлдіретін қылмыстардың жолын кесуге ғана ұмтылатын секілді. Бұрынғы замандарда сот төрелігі бір қолына семсер, екінші қолына гүлдесте ұстайтын. Ал қазір сот төрелігі тек сесермен қаруланған. [...] Жақсы ұйымдастырылған кез-келген қоғамда қылмыстарды жазалағаннан гөрі, олардың алдын алған әлдеқайда маңызды және көбінесе мұнда күш аз жұмсалып, нәтиже көп болады. Осынау екі мақсатты айыру жақсы заңдардың міндетін жаман түсіну екендігі күмәнсіз.
Жазалар туралы
Қоғамның мүддесі үшін жаза әрқашан қылмысқа лайық болуы керек, өйткені қоғам тек қоғамдық тәртіпті бұзатын қылмыстардан гөрі, сол
тәртіпті бүлдіретін қылмыстардан сақтандыруға мүдделі. Заңдарды жеңіл-желпі бұзуды қатаң жазалау өкіметтің беделін босқа жұмсаумен тең, өйткені ұсақ бұзақылар қатаң жазаға ұшыраса, нағыз зұлымдарды ауыздықтауға не қалады? [...] Егер жазаны қылмыспен сәйкестендіру әділет ісі болса, олардың ешқашан қатыгез болмауын қадағалау адамшылық ісі. Сондықтан да мақсатқа жеткізіп жатса, ең жұмсақ жаза абзал. Жазықтыны жазалай отырып, сот төрелігі аяққа басылған заң үшін кек алудың емес, оны бұзуға желігетіндерді тежеудің амалын іздестіруге тиіс. Солай! Біз барлық уақытта қалайша варвар болып қала бермекпіз? Мұнымен біз не ұтамыз? Жазасы тітіркентер қылмыстар осыдан кейін азая ма? Зұлымды өлімнің қаталдығы қашанда іркеді деп ойлау қате: өйткені ол тез ұмытылады ғой, ал тұрақты мұқтаждық байғұстың ізінен қалмайды. Егер оңтайлы сәт соқса, ол мұқтаждықтың ұлыған үніне ғана құлақ асады да, тәуекелге бел буады. [...] Жаза кескенде, сот төрелігін қанағаттандыру жеткіліксіз, жазықтыларды түзету де керек. Егер олар түзелмейтіндер болса, оларды жазалау ісін қоғамның мүддесі үшін пайдаланып қалу қажет. Олар қоғамдық жұмыстарға, жиреніш туғызатын, денсаулыққа зиянды, өмір үшін қауіпті жұмыстарға жегілсін...
Сот төрелігі қалыс болуға тиіс
[...] Бірдей қылмыс үшін құқық бұзушы бірдей жазаға кесілуге тиіс. Алайда бұл заң теңдікке негізделген, мүшелері шамамен бірдей құқықтарды пайдаланатын мемлекетте әділетті болар еді. Ал табиғат, жазмыш одан да әрі, адамдар арасында соншалықты ірі айырмашылықтар орнатқандықтан, сот төрелігі жазықтының тіршілік жағдайларын – оның ісін ауырлатуы да, жеңілдетуі де мүмкін жағдайларды әрқашан да ескеруге
тиістігі кімге де болсын түсінікті. [...]
Жаза жеке сипатта болуға тиіс
Кез-келген жазаның жеке сипатта болғаны жақсы. Алайда, жазаның, тым болмағанда жазықтының отбасын да ішінара шарпымауы мүмкін емес белгілі бір оқиғалар кездесіп қалады. Ақшалай айыппұлдар мен тәркілеу оқиғалары осындай. Жазаның бұл түрінен бас тарту керек пе? Әрине, жоқ! [...] тек оны асыра пайдалануға бөгет жасау жеткілікті. Феодалдық анархия заманында тақсырлар өздерінің сотталған бодандарының мал-мүлкіне қол салатын – бұл әрі пасық, әрі тажалды салт болатын. Қылмыстан өзіне кіріс жасау дегеніңіз сот төрелігін саудаға салу, ең мейірімді адамдарға тұзақ құру, олардың аяғының астынан ор қазу, демек барлық жерден құрбандық іздеу және төлей алатын қылмыскерлерге жазадан құтылуды сату деген сөз. Расында да, мемлекет қазынасын қайғы жұтқан отбасын тақырға отырғызу есебінен толтыру қандай масқара! Сондықтан да тәркілеу қандай жағдайда да қазынаның пайдасына жүргізілмеуге тиіс, өйткені өкіметті жамандық жасауға еліктірмеу және оған әлсіздерге қысым жасайтын желеу бермеу керек. Бірақ ол қаражатты қалай пайдалану қажет? Ол қаражат мен салуды ұсынып отырған баспана үйлерді ұстауға жіберілуі тиіс. Қылмыскерді жазалау тым болмағанда жазықсыздарды қолдауға қызмет етсін. Ақыр соңында, қылмыскердің жақындары жоқ болса да, оның барлық мал-мүлкін тәркілемеу керек. Ол бас бостандығынан айырылмайтындықтан оны қайыршылық пен түңілу құшағына итеріп жібермеу керек.
Заңдар бұлтартпайтын болуға тиіс
Адамдар сөзсіз болатын жамандықтан қорқады да, анық төніп
тұрмаған қатерді елей бермейді. Заңды қауқардан айыратын – жазаның жұмсақтығы емес, қылмыстың жазаланбауы. Заңдарды жасау кезінде тым бейтараптылыққа жол беруге болмайды екен, оларды атқару кезінде де артық қаталдықты қою керек. Заңдар бұлтартпайтын болсын. Бірақ қылмыскерге кешірім жасау талап етілетін де оқиғалар болады. Лажсыз амал! Бұл құқық тақсырға тек заңның олқылықтарын толықтыру үшін ғана берілген. Заң шығарушының шаруасы – осындай жағдайларды ескеру және осындай кеңшілік жасалатын теріс қылытар туралы қаулылар шығару.
"Антология политической мысли, М., 1997"
басылымынан қазақшалаған Ақайдар ЫСЫМ.
Томас Джефферсон
(1743 – 1826) – Ағарту дәуірінің америкалық ойшылы, саяси қайраткер, АҚШ-тың негізін қалаушылардың бірі әрі үшінші президенті. Бай жер иесінің отбасында дүниеге келген. Бала жасынан жан-жақты білім алып, жас күнінде-ақ өзінің туған жері Вирджинияда кеңінен танылды. 26 жасында Вирджиния заң шығару ассамблеясына депутат болып сайланады. 1775 жылы Континенттік конгрестің депутаты болды, осы конгресс Солтүстік Америкалық отарлардың Англиядан бөлінуі туралы тарихи шешім қабылдады. Джефферсон Америка тарихындағы аса іргелі құжаттардың бірі – Тәуелсіздік декларациясы мәтінінің негізгі авторы. Жоғары мемлекеттік қызметтерді атқарды. 1779–1781 жылдары Вирджиния губернаторы, 1790–1793 жылдары – Джордж Вашингтонның бірінші үкіметінде мемлекеттік хатшы, 1796 жылы – АҚШ вицепрезиденті, 1800 және 1804 жылдары екі рет президенті болып сайланды. Джефферсоннан Америка Құрама Штаттарының құрылуын жариялаған әйгілі “Тәуелсіздік декларациясы” енген “Өмірбаян”, сондайақ “Вирджиния штаты туралы жазбалар” кітабы қалды.
ЖАЛПЫ КОНГРЕСКЕ ЖИНАЛҒАН
АМЕРИКА ҚҰРАМА ШТАТТАРЫ ӨКІЛДЕРІНІҢ
ДЕКЛАРАЦИЯСЫ
[...] Біз, Америка Құрама Штаттарының өкілдері, Бас Конгреске жиналып және Хақ Тағаланы өз ниетіміздің адалдығына куәлікке шақыра отырып, біздің отарларымыздың шапағатты халқының атынан және соның билігімен салтанатты түрде әрі баршаға жар сала, құрама отарлар бұдан былай азат та тәуелсіз Штаттар болады және құқық бойынша болуға тиіс те, олар Британ Тәжіне адалдықтан толық азат болады және олар мен Ұлыбритания мемлекеті арасындағы барлық саяси байланыс толық үзіледі, [штаттар Ұлыбритания корольдеріне, сондай-ақ келешекте солардың көмегімен, солардың қолдауымен немесе нұсқауымен осыған дәмеленетіндердің барлығына қандай да бір бодандық пен
бағынуды тән алмайды және күші жоқ деп жариялайды. Біз осыған дейін біздің және Ұлыбритания халқының немесе парламентінің арасында болып келген саяси байланыс атаулыны толық үземіз. Және, ақырында, біз отарларды азат та тәуелсіз штаттар деп орнықтырып, жариялаймыз] және азат та тәуелсіз Штаттар ретінде олар соғыс жариялауға, бітім жасасуға, одақтарға кіруге, сауда жасауға және құқық бойынша тәуелсіз мемлекеттер жасай алатын барлық басқа актылар мен бастаманы жасауға өкілетті деп жариялаймыз. Осы Декларацияны қуаттай отырып, Құдай Көрегендігінің қамқорлығына нық сене отырып, біз өзара серттесіп, өзіміздің ғұмырымызды, өзіміздің дәулетімізді және өзіміздің қол сұғылмас абыроймызды бір-бірімізге сеніп тапсырамыз. 4-і күні қол қойылған осы Декларация сонан соң пергаментке көшіріліп, оған 2 тамызда қайтадан қол қойылды. [...] Көп ұзамай біздің екі кемеміз бен олардың экипаждарын бербер кемелерінің басып алуына байланысты Жерорта теңізіндегі саудасаттығымызға қатер төнді. Мен заңдарды аяқ асты ететін осынау пираттарға алым төлейтін еуропалық қорлық әдетпен келісуімізді қаламадым да, осындай шабуылдар мен тонауларға ұдайы ұшырап жүрген мемлекеттер одағын құруға ұмтылдым. Осы мақсатпен мен арнайы конвенция баптарын әзірлеп, оларды тиісті үкіметтердің қарауы үшін сол мемлекеттердің Париждегі елшілеріне бердім. Шартты мен мынадай нұсқада дайындамдым. Берберлердің пираттық елдерімен соғыс ахуалындағы мемлекеттердің келісілген іс-қимылдары туралы ұсыныстар. 1. Берберлердің пираттық елдерімен соғыс ахуалындағы бірнеше мемлекеттің немесе тиісті ниеттегі екі немесе одан да көп мемлекеттердің сол елдерге, бірінші кезекте Алжирге қарсы бірлескен іс-қимыл жүргізу туралы конвенцияны жасасуы ұсынылады. 2. Бұл конвенцияға келешекте кез-келген уақытта ниет білдірген кез-
келген мемлекет қосыла алады. Тараптар қосылу сәтінде қалыптасқан жағдайларға сәйкес осындай қосылу шарттарын анықтау құқығын сақтайды. 3. Конвенцияның мақсаты – пираттық елдермен қандай да бір ымыраға бармай, оларды мерзімсіз бітімге мәжбүрлеу және әрбір тарапқа осындай бейбітшілікке кепілдік беру. 4. Осынау бітімге қол жеткізу үшін пираттық елдер жағалауының өн бойы теңіз күштерімен ұдайы торуылдануға тиіс, олардың құрамы келісіммен белгіленеді. Бұл күштер конвенцияға қатысушыларды титықтататындай соншалықты елеулі болмауға тиіс. [...] 5. Жеткілікті деп саналатын күштер белгілі бір квота негізінде құрылады, оның мөлшері де белгіленуге тиіс. Келісімге әрбір қатысушының үлесі жағдайды парасатты бағалауға сәйкес болады деп күтіледі. 6. Сәтсіздіктер көбінесе түрлі елдер офицерлерінің арасында келісудің жеткіліксіздігінен болатындықтан, тараптар әуелі мына мәселені талқылап, шешіп алуға тиіс: олардың өз үлестерін ақшалай қосқаны жөн болмай ма, ол қаражат ортақ келісіммен таңдап алынған тараптың кемелер отрядын жарақтауға және оның жауынгерлік дайындығын қолдап отыруға пайдаланылар еді. 7. Конвенцияға қатысушылардың үкіметтері бір-бірінен алыс болып, консультация алмасу үшін кездесуге мүмкіндігі болмай, оларды бөлек өткізетін болғанда кездесетін қиындықтар мен кідірістер мынадай сұрақты көлденең тартады: олардың осынау мақсат үшін барлық қажетті өкілеттіктерді қандай да бір еуропалық сарайдағы өздерінің елшілеріне немесе елшілеріне бергені жөн болмас па екен, сонда олар осы конвенцияны жүзге асыратын комитет не кеңес құра алар еді. Бұл ретте осындай кеңестің әрбір мүшесінің дауысы іске оның егемені қосқан үлеске барабар болуы, және осы конвенция аясындағы барлық мәселе осылай есептеп шығарылған көпшілік дауыспен шешілуге тиіс. Осы мақсат үшін
Версаль сарайын таңдау ұсынылады, өйткені ол Жерорта теңізіне таяу орналасқан және оның жанында осы конвенцияның ықтимал қатысушысы бола алатын мемлекеттердің өкілі бар. 8. Бұл кеңесті мансап сұрайтын жеке өтініштермен байланысты қиыншылықтардан құтқару үшін, және конвенцияға қатысушылар бөлген қаражат көзделген мақсатқа ғана жұмсалатынына олардың көздерін жеткізу үшін қызметті атқару аталған кемелер үстінде болуды талап ететін мансаптардан өзге, кеңес үшін айлық ақылары немесе артықшылықтары бар комиссарлар, хатшылар және солар сияқты штаттағы мансаптар да, басқа қандай да бір тиімді мансаптар да тағайындалмайды. 9. Егер конвенцияның екі мүшесі арасында соғыс басталса, ол бұлардың конвенцияға қатысуына жүрмеуі және оны үзбеуі тиіс. Олар бұл тұрғыда бейбітшілік ахуалындағы елдер деп саналуы тиіс. 10. Алжир бітімге мәжбүр етілгеннен кейін, басқа пираттық елдер, егер олар пираттықпен айналысуын қоюдан бас тартатын болса, қолайына қарай, кезек-кезегімен не бәрі бірден конвенцияны қолдану нысаналарына айналады. 11. Конвенцияға қатысушылар мен бербер мемлекеттері арасындағы қатынастарда қолданылатын шарттармен конвенция кереғар болып шыққан жағдайларда, ондай шарттар басым болуға тиіс және конвенцияның ондай қатысушысының сол мемлекетке қарсы операцияларға қатыспауына рұқсат берілуге тиіс. [...] Тағы бір түзету болды, ол туралы кезінде біздің ешқайсымыздың ойымызға келген жоқ еді және осынау ағаттыққа жалпыұлттық мәселелерді шешуде федералдық үкімет арқылы көрінетін жалпымемлекеттік өкімет пен тек штаттардың жекелей алғандағы мәселелерін шешудегі штаттардың тәуелсіз өкіметтерінің сәтті ұштасуын жойып жібере алатын ұрық жасырынып жатты. Ағылшын революциясының зор жеңісі – бұрын король қалайтын мерзімге берілетін қазылар патентінің енді олардың қылығында мін байқағанға дейінгі
мерзімге беріле бастауы еді. Корольдің айтқанынан шыға алмайтын қазылар осынау атқарушы билік басшысының қолындағы ең деспоттық қару болып шығатын. Сондықтан да ескі жүйені қазыларды қылығында мін байқалғанға дейінгі мерзімге тағайындаумен өзгертуден басқа ештеңе де артық бола қоймайтын еді, бұл орайда қазының қылығы туралы мәселенің шешімі парламенттің екі палатасының жай көпшілік дауысымен анықталатын болды. Революцияға дейін біздің бәріміз өзіміздің бостан принциптерімізде және атқарушы билік басшысына қатысты қауіптерімізде ойымызда жамандық жоқ адал ниетті ағылшын вигтері болдық. Бұл қауіп біздің штаттарымыздың барлығының да конституциясында анық байқалады, ал жалпыұлттық үкіметке келсек, бұл жерде біз ағылшындардың сақтығынан да асып түсіп, қазыларды орындарынан алу үшін палаталардың бірінде дауыс беру кезінде үштен екі көпшілік дауыс болуын талап еттік. [...] бұл бақылау қалыс болуы үшін оны штаттың өкіметі мен федералдық өкімет бірлесіп жүзеге асыруға тиіс. Қазы етіп адал адамдарды тағайындау жеткіліксіз. Біз мүдделілік адамның ақылына қалай ықпал ететінін және осы ықпалмен оның ойы қалай бұзылатынын білеміз. Бұған “жақсы қазының құқығы өзінің құзыретін қашанда өзі кеңейте алуында” және жауапкершілігінің болмауында деген принцип пен кредо ұстанатын esprіt de corps ұғымын қосыңыз. Бірақ қазылардың өздері елеулі бөлігі болып табылатын федералдық өкімет пен олар ештеңе күтпейтін және олар қорқатын ештеңесі жоқ жекелеген штат арасындағы дау кезінде олар әділ шешім қабылдайды деп қалай күтуге болады? Біз сондай-ақ барлық жағымды мысалға кереғар олардың өз биліктерін кейін кеңейте түсуіне ілік болуы үшін өздері шешетін мәселе аясынан шығып кету дағдысы бар екендігін де көрдік. Оларды тәуелсіз штаттар құқығын күл-талқан қылып, бүкіл билікті жалпыұлттық үкіметтің қолына шоғырландыруға табандылықпен ұмтылған саперлер мен минерлер жасағы деуге болады, өйткені олар сол үкіметте соншалық маңызды, тәуелсіз жағдайға ие. Бірақ үкімет билікті топтастыру немесе
шоғырландыру нәтижесінде емес, оның бөлінісі нәтижесінде жақсы болады. Егер біздің байтақ еліміз штаттарға бөлінбеген болса, оны бөлшектеу керек болар еді, бұл әрбір штат өзіне тікелей қатысты нәрсенің, алыстағы өкіметтен гөрі өзі әлдеқайда жақсы істей алатын нәрсенің бәрін өзі атқаруы үшін керек. Әрбір штат әрқайсысы өз шекарасының аясындағы нәрселерге қамқорлық жасайтын графтықтарға бөлінген. Әрбір штат өз кезегінде күнделікті істерді басқару үшін өз ішінде округтерге немесе “жүздіктерге”, ал әрбір “жүздік” өзінің жеке қожайындары басқаратын фермаларға бөлінген. Егер қашан тұқым себу және егінді қашан жинап алу керектігі туралы нұсқау бізге Вашингтоннан түссе, онда біз көп ұзамай астықсыз қалар едік. Жауапкершілікті жалпыдан жалқыға нақ дәйектілікпен бөлудің арқасында жалпыға ортақ игілік пен гүлдену үшін қыруар шаруаның орындалуына басшылықты аса жақсы қамтамасыз етуге болады. Қайталап айтайын, мен қазыларды ойына келгенін істейді және қасақана қателік жібереді деп айыптап отырғаным жоқ, бірақ ниет адал бола тұрып қателесудің де, оларға төзімділік қоғамға зиян келтіретін жерде, алдын алу керек. Қоғамның қауіпсіздігі үшін біз адал есуастарды жындыханаларға жөнелтетініміздей, бұзық ниеті бізді күйреуге жетелейтін қазылар да өз орынтақтарынан айырылуға тиіс. Әрине, бұл олардың атақтарына немесе кірістеріне нұқсан келтірер, есесіне республиканы құтқарады, ал бұл – ең жоғары, бұлжымайтын заң. [...]
ВИРДЖИНИЯ ШТАТЫ ТУРАЛЫ ЖАЗБАЛАР
Алдын ала хабардар ету
Бұл шағын жазбалар 1781 жылы Вирджинияда жазылған еді (және
1782 жылғы қыста біршама түзетіліп, толықтырылды.) [...]
ХІІІ мәселе
Конституция
Штат Конституциясы және оның кейбір хартиялары
[...] Қаруға шақыру отарлардың басын біріктірді. Олар өздерін тәуелсіз штаттармыз деп жариялады. Олар үлкен бір республикаға бірігіп, осы арқылы өздерінің барлық күштерінің біріктірілуінің артықшылықтарын әрбір штатқа қамтамасыз етті. Әрбір штатта жеке-жеке басқарудың жаңа пошымы орнатылды. Атап айтқанда, біздің басқару пошымымыз жалпы алғанда мынадай. Атқарушы билік жыл сайын сайланатын губернатордың қолында, ол бұл қызметте әр жеті жылдың үш жылынан артық отыра алмайды. Оған сегіз мүшеден тұратын кеңес көмектеседі. Сот билігі бірнеше соттың арасында бөлінген, ол туралы кейінірек айтылады. Заң шығару билігін ассамблеяның екі палатасы жүзеге асырады. Депутаттар палатасы деп аталатын біреуі барлық графтықтан екіекі өкілден тұрады, оларды өмірлік иелігінде 100 акр қоныстанбаған жері немесе үй-жай түрінде мүлкі орналасқан 25 акр жері немесе әлдебір қалада үйі, жер телімі бар азаматтар жыл сайын сайлайды. Сенат деп аталатын екінші палата 24 депутаттан тұрады, оларды да сол сайлаушылар төрт жылға сайлайды, ол үшін 24 округ құрылады. Заңды қабылдау үшін екі палатаның да келісімі қажет. Палаталар губернатор мен кеңесті, жоғары соттар қазыларын, аудиторларды, бас прокурорды, қазынашыны, жер кеңсесінің тіркеушісін және конгреске делегаттарды тағайындайды. Штаттар аумағын межелеу еш уақытта тиісінше бекітілмегендіктен, қайта керісінше, барлық кезде наразылықтар мен шағымдар тақырыбы болып келгендіктен, бұл тұрғыда бізде ешқашан былқылдақтық болмас үшін әрі біздің жаңа конфедерациямыздың жарасымы бұзылмас үшін Мэрилендке, Пенсильванияға және екі Каролинаға да жер кесіп беру бекітілді. Бұл конституция біз басқару ғылымында тәжірибесіз жаңа бас-
таушылар болған кезде жазылған еді. Оның үстіне бұл бүкіл Құрама Штаттарда жасалған тұңғыш конституция болатын. Сондықтан уақыт пен сынақ оның елеулі кемшіліктерін көрсетіп бергеніне таңырқауға болмайды. 1. Штатқа салық төлейтін және штат үшін күресетін еркектердің көпшілігі легислатураға енгізілмеген: дауыс беру құқығы бар бостан жер иеленушілердің тізімі, әдетте, милицияның немесе салық жинаушылардың тізіміне енгізілгендердің жартысын да қамтымайды. 2. Өкілдік етуге құқығы барлардың өкілдігі тым тең емес. Мысалы, небәрі жүз жасақшы шығаратын Уорик графтығының өкілдігі 1746 жасақшы беретін Лаудон графтығымен бірдей. Сөйтіп, штатты басқаруға Лаудонның 17 еркегінің ықпалы қандай болса, Уориктегі бір еркектің ықпалы сондай. [...] 3. Сенат өзінің құрамы жағынан Депутаттар палатасымен өте біртекті. Өйткені сол бір сайлаушылар бір мезгілде сол бір кандидаттардың арасынан сайлайтын болғандықтан, таңдау, әрине, жағдайлары бірдей адамдар ішінен жасалады. Заң шығарушы әртүрлі палатаны құрудағы мақсат – түрлі мүдделер мен қилы принциптердің ықпалын қамтамасыз ету. Мәселен, Ұлыбританияда конституция қауымдар палатасының адалдығы мен лордтар палатасының кемеңгерлігіне сүйенеді дейді; егер адалдықты ақшаға сатып алуға болса, ал кемеңгерлік мираспен берілетін болса, бұл, әрине, көкейге қонар еді. Американың кейбір штаттарында делегаттар мен сенаторларды, біріншілері – адамдардың өкілдері, екіншілері – меншіктің өкілдері. Бірақ бізде байлық пен кемеңгерлік екі палатаға да сайлану мүмкіндігі бірдей. Сондықтан біз легислатурамызды екі палатаға бөлгеннен принциптердің тиісті штастырылуы бере алатын және алауыздықтар салдарынан туындауы мүмкін берекесіздікке жол бермейтін пайданы көріп отырмыз. 4. Биліктің барлық тармақтары – заң шығарушы, атқарушы және сот тармағы – заң шығарушы органда тоғысады. Олардың бір қолға шоғырлануы деспоттық басқаруды білдіреді. Егер бүкіл осы билік көп қолда болғаннан ештеңе жақсара қоймайды. 173 деспот та сол бір деспот секілді басып-жаншитыны сөзсіз. Бұған күмәнданатындар Венеция
республикасына қарап алсын. Біз оларды сайлағаннан не таптық? Сайланбалы деспотизм – біз күрескен басқару пошымы емес-ті. Біз қалаған басқару пошымы мынадай еді: ол бостандық принциптеріне негізделіп қана қоймай, онда билеуші биліктің бірнеше институты арасында бөлініп, теңестірілуге тиіс болатын, бұл олардың бірде-біреуі өзінің заңды өкілеттігі шегінен шыға алмауы үшін, олай етсе қалғандарының тарапынан тиімді тежеуге және қарсы қимылға ұшырауы үшін қажет еді. Осы себептен де үкіметті құру туралы қаулы қабылдаған конвент оның негізіне заң шығарушы, атқарушы және сот билігін айқын бөлу принципін алды, бұл бірде-бір адам биліктің бір пошымынан артығына ие болмау үшін істелді. Бірақ биліктің осы түрлі тармақтарының арасына ешқандай кедергі қойылған жоқ. Сот билігі мен атқару билігі жүктелген адамдар өздерінің осы мансапқа ие болуында заң шығарушы өкіметке тәуелді болып қалды, ал олардың кейбіреулері заң шығарушы өкіметтің құрамы сақталып қала беруіне мүдделі болып шықты. Сондықтан егер заң шығарушы өкімет өзіне атқарушы және сот қызметтерін де қосып алғысы келсе, онда мұнысы қарсылыққа ұшырамауы әбден ықтимал еді, ал ұшырай қалғанның өзінде ол қарсылықтың тегеурінді болуы екіталай-ды, өйткені бұл жағдайда заң шығарушылар өз шешімдерін заңдамалық акт пошымына айналдыра алатын, сонда бұл шешімдер өкіметтің басқа тармақтары үшін міндетті болып шығар еді. Олар көп жағдайда нақ осылайша соттың талқылауына қалдырылуға тиіс мәселелер бойынша шешімдер қабылдады; осылай бүкіл сессия уағында атқарушы билікке басшылық ету олар үшін үйреншікті де таныс іс болып кетеді. Және бұл ешқандай теріс ниетсіз жасалады. Заң шығарушы органдардың қазіргі мүшелерінің көзқарастары мүлдем адал. Оларды өздерінің қызмет өрісінен тек басқа адамдардың ептілігі немесе олардың өздерінің аңғалдығы ғана шығаруы мүмкін. Тағы бірсыпыра уақыт осылай жалғаса да берер, бірақ ұзаққа бармайды. Адамдар көп ұзамай өздері ие болып отырған немесе ие болуы мүмкін кез-келген құқықтан және өкіметтен пайда көруге үйреніп алады. Көп ұзамай [...] бір қолға шоғырланған қоғамдық ақша мен қоғам
бостандығы соған ие болған адамдардың байлығы мен үстемдігінің қайнар көзіне айналып шыға келеді. Бұл арада бір еліктіргіш қасиет бар: иелену құралы мен мақсаты бұл арада бірігіп кетеді. Ақша болса, адамдар да болады деген ғой Цезарь, ал адамдар болса, ақша да болады. Біздің ассамблеямыз да өзінің төл мақсаттарының адал екендігіне алданбауы керек және осыдан осынау шексіз мүмкіндіктерді ешкім де ешқашан теріс пайдаланбайды, өйткені біздің өзіміз оны теріс пайдалануға бейім емеспіз деген қорытынды жасауға тиіс. Жемқорлық біздің елде де, біздің түп тегіміз шыққан елде де билік басында тұрғандарды қамтып, олардан бүкіл халыққа таралатынын, бұл олар халықтың дауысын сатып ала бастаған және оны өзінің бағасы үшін толық төлеуге мәжбүр ететін кезде болатынын күту керек, ол уақыт алыс та емес. Адамның табиғаты Атлант мұхитының екі жағында да бірдей, және ол бір ғана бірдей себеп ықпал еткен тұста бірдей болып қала береді. Жемқорлыққа және тиранияға қарсы олар бізді билеп алмай тұрып күресе бастау қажет. Дұрысы – қасқыр қой қораға кірген кезде оның тісін қағып, тырнағын жұлып аламын деп үміттенгеннен гөрі, оны сол қораға жалпы жолатпау керек. Бұл пікірлерімізге неғұрлым анық көз жеткізу үшін біз қосымша мыналарды ескеруге тиіспіз: 5. Кәдімгі легислатураның өзі-ақ конституцияны өзгерте алады. Ассамблеяларды шақыру доғарылуына байланысты оларды әлдебір басқа, басқарудың әдеттегі мәселелерінде білікті және штаттың барлық күшін Ұлыбританияға қарсылықты жалғастыру үшін жұмылдыруға қабілетті институтпен ауыстыру қажеттігі пайда болды. Сондықтан әр графтықтан екі делегаттан тұратын, бәрі бірге жиналып және өздері орнына келген бұрынғы Қалалықтар палатасының үлгісі бойынша бір палатаны жасақтаған конвенттер құрылды. Бастапқыда депутаттар әр сессияға жаңадан сайланып отырды. Бірақ 1775 жылғы наурызда олар халыққа конвентті тұтас бір жылға сайлауды ұсынды. 1775 жылғы сәуірде солай істелді де, ал шілдеде конвент депутаттарды жыл сайын сәуір айында
сайлап отыруға қаулы етті. 1775 жылғы шілдеде Ұлыбританиядан бөліну және республикалық басқару орнату әлі ешкімнің басына келе қоймағаны жақсы мәлім. Сондықтан әлгі шешім бойынша сайланған конвент сол шешімді қабылдағандардың ешқайсысының да ойына әлі келе қоймағаны айдан анық мақсаттар үшін сайланған еді деуге болмайды. Соған сәйкес жыл сайынғы сайлауда 1776 жылғы сәуірде конвент биылғы жылға сайланды. Тәуелсіздік және басқарудың жаңа пошымын орнату әлі халық бұқарасының мақсаты бола қойған жоқ-ты. Ақпан айында вирджиния газеттерінде “Естілік” атты памфлеттің үзінділері жарияланып, памфлеттің түпнұсқа даналары бірнеше адамның қолына түсті. Бірақ идеяның өзі сәуірде әлі халық бұқарасына жете қойған жоқ болатын, және халықтың көңіл күйі сол ойды қолдауға бейім еді деуге болмайтын. Сөйтіп, 1776 жылғы сәуірдегі сайлаушылар тәуелсіздік пен республика орнату туралы ой тұрғысында 1775 жылғы шілдедегі заң шығарушылардан асып кете қойған жоқ болатын және бұл депутаттарға сондай өкілеттіктерді немесе заң шығарушылардың әдеттегі өкілеттіктерінен өзгеше әлдебір басқа өкілеттіктерді жүктеуге ниеттене алмайтын еді. Біздің қарсылығымызды тегеурінді ету үшін уақытша басқару ұйымы қаншалықты қажет еді, бұл ұйымның пәрменді күші қаншалық еді. Құрылуы кезінде конвент әрбір легислатураға беріліп келген және қашанда берілетін биліктен басқа ештеңе алған жоқ. Сондықтан ол басқа легислатуралардың өкілеттіктерінен асып кететін әлдебір актты жасай алмайтын. Егер қазіргі ассамблея әлдебір заңды қабылдап, оның күшін кейінгі ассамблеялар жоя алмайды деп жарияласа, онда мұндай мәлімдеме жай ғана жарамсыз болып шығар еді, ал заңның өзінің, басқа заңдар сияқты күші жойыла алады. Конвент делегаттары үлкен емес, нақ осындай, бұрынғыдан көп емес өкілеттіктерді ғана алып, “Конституция, яғни Басқару пошымы” деп аталған қаулымен үкімет құрды. Оның осы сессияда қабылданған басқа қаулылардан артық күші жоқ болатын; онда қаулы мәңгі күшінде қалады және оны кейінгі легислатуралар өзгерте алмайды делінбеген; конвент
делегаттары өздерінің билігін өздерімен өкілеттіктері бірдей болатын кейінгілердің билігінен артық деп санаған жоқ. Олардың бұл құжаттың өзгертілуі мүмкін екендігін мойындауы, онда қарсы тұрғыдағы ештеңенің жоқтығы ғана емес, олардың өздерінің практикасы да көрсетеді, өйткені дәл сол конвент сол жылдың күзінде Бас ассамблеяның отырыстарында Депутаттар палатасы ретінде жаңа Сенатпен бірлесіп, басқару туралы осы қаулыға қайшы келетін актылар қабылдады және содан бері қазіргі уақытқа дейінгі әрбір ассамблея осылай етіп келді. Сондықтан конституцияның өзін кәдімгі легислатура өзгерте алады деп кесіп айта аламын. Бұл пікір естіліктің негізінің өзәне сүйенгенімен, кейбір адамдар басқа бір нәрсені кесіп айтады. 1. Өйткені, дейді олар, конвенттер Ұлыбританияға пәрменді қарсылық көрсету үшін қажет кез-келген өкілеттікті алды. Бірақ бұл уәж неғұрлым көз жеткізерліктей болуы үшін олар бұдан да әрі барып, содан кейін Ұлыбританияға пәрменді қарсылық тұрақты да өзгермейтін легислатура басқару пошымын орнатпайынша мүмкін болмас еді деуге тиіс еді, ал бұл дұрыс емес. Ерте ме, кеш пе өзінің діттегеніне жетуге тиіс қарсылық тұрақты институтқа мұқтаж емес-ті, ал құрылысының кемшіліктері байқалған сайын олар түзетіліп отыратын үкімет құрылысы, мұндай түзетіп отыруға жол бермейтін үкімет секілді, пәрменді қарсылық жасай алатын еді. Мұның үстіне, ассамблеяларға да, дәл конвенттер секілді, қарсылықты ұйымдастыру үшін қажетті барлық өкілеттік берілген еді. Сондықтан егер осы өкілеттіктер бір жағдайда басқару пошымын құру құқығын қамтитын болса, оны басқа жағдайда да солай қамтиды. Осылайша, ассамблеялар да, дәл конвенттер секілді үкімет құрылысын қалыптастыра алады, яғни олар басқару туралы қаулыны өзгерте алады. 2. Қарсы уәж айтушылар егер конвент бұл құжат та оның басқа қаулылары сияқты өзгертілуге тиіс деп санаса, оны қаулы деп атар еді дейді. Бірақ олар оны конституция деп атады, бұл “кәдімгі легислатура билігінен жоғары тұратын акт” деген сөз дейді. Мен бұған: constіtutіo,
constіtutum, statutum, lex – бірін-бірі алмастыра алатын мағыналас терминдер деп жауап беремін. Конституция деп император жасаған нәрсе аталады. Қаулы – император қайталаған не міндеттеген нәрсе. Статут деп заңды да айта береді. Конституция мен статут бастапқыда азаматтық құқықтың терминдері болатын және шіркеу иелері оларды ағылшын құқығына енгізгді. [...] Конституция терминінің физикада және саясатта көптеген басқа да мағыналары бар; бірақ заңнамада легислатураның кезкелген актысына қолданылған әрбір жолы, ол әрдайым статут, заң немесе қаулы дегенді білдіреді, мына жағдайда дәл солай болып отыр. Мұндайда осылай аталған актыны қабылдау фактысынан бұл терминнің өзге мағынасы туралы қандайда бір қорытынды жасалмауға тиіс: қайта, оған қаулының немесе статуттың синонимі – сол терминді қосып, делегаттар оны қаулы әрі статут болады деп ойлады деген байлам жасай аламыз. Бірақ егер олардың өздерінің өкілеттігі терістелетін болса, олардың не ойлағанының қандай мәні бар? Егер олар өздерінің құқықтарынан артық бірдеңе істеуге ниеттенген болса, бұл оларға қажетті өкілеттіктер бере ме? Заңды міндетті ететін атауы емес, өкілеттіктер. [...] [...] Оның (конституцияның) негізгі принципі – штаттың республика ретінде басқарылуға тиістігі. Конституция республикалық құрылысты көздейді, ерекше құқық атауын жамылып, заңмен белгіленбеген кез-келген билікті жүргізуге тыйым салады. Біздің заңдарымыздың бүкіл жүйесі осыған негізделеді; конституция оларды біртұтас біріктіре отырып, олар не бәрі бірге жұмыс істеуге, не біржолата жойылуға тиіс тәртіпті орнатады. Ол жүйе тым болмағанда бір заңның қолданылуы тоқтатылуы мүмкін ешқандай міндеттемені көздемейді және ондай жағдайдың пайда болу мүмкіндігіне де жол бермейді. Біздің ежелгі заңдарымыз кімде-кім анаумынау емес – тек депутат болса, өкілеттіктерін атқаруы кезінде есті пайым мен адалдық талап етілетін ол міндеттерін басқаларға беруге тиісті еместігін кесіп айтады. Әлде, бәлкім мұндай ұсыныс оның авторларының сын сағатта өз қызметін тастап кете алу хақысын күйттеуі негізінде
дауысқа салынған болар? Дәл әлгіндегі заңдар тіпті әдеттегі жағдайдың өзінде бұл қызметті тастап кетуге және оның үстіне халықпен кеңеспей тұрып билікті басқа қолға және басқа институттарға беруге тыйым салады. Заңдар ешқашан халықтың өз ырқына жүгінбей тұрып, өкілеттікті қойлар немесе өзге үй малдары сияқты қолдан қолға беруге тыйым салады. – Осының бәрі қажеттіліктен туып па еді? Қажеттілік үкіметті таратып жіберуді талап еткен кезде ол өз өкілеттігін олигархияға немесе монархияға бермейді. Қажеттілік халық бұрын берген бүкіл билікті қайтадан оның қолына қайтарады, сөйтіп адамдарға индивидтер ретінде өз бетінше қимылдау мүмкіндігін береді. Лидер өзін ұсына алады, бірақ өзін халыққа таңа немесе таңдыра алмайды. Оның үстіне халықты мойынын соның қылышының астына төсеуге, өмірін оның ырқы мен әздектігіне бағындыруға міндеттеуге болмайды. [...] Мен мынадай пікірдемін: орын алып отырған қиындықтар кезінде үкіметтің көмегімен көбірек нәтижелерге қол жеткізу мақсатында оны нығайтқаннан және көтермелегеннен гөрі, конвент шақырып, үкімет дөңгелегі қайтадан жақсы айналып кеткенше, басқаруды олар нашар жұмыс істесе де, графтықтарды басқару комитеттерінің қолына берген жөн болар еді. Және осынау абдыру қандай қатыгез сәтте туындады, отандастарымыздың республикалық құрылысқа адалдығы қандай сынға түсті десеңізші! Осы шараларды ізгі ниетпен құлшына жақтаушылар (ал ондайлар бұлардың ішінде көп-тін, мен ол адамдарды тікелей танимын, ортақ іс үшін күресте олармен қанаттас жүрдім және олардың принциптерінің адалдығына талай көз жеткіздім) арасында өз ой-пікірлерінде жағдайы мен құрылысы тіптен өзгеше антик республика мысалына еліккендер болды. Олар осындай үлгіні Рим тарихынан іздеді, оны жалғыз содан ғана табуға болатын әрі ол түптің түбінде өзінің жазмыштығын дәлелдеген-ді. Олар бүліктер мен жауыққан топтар арасындағы бітіспес күрестен қажыған, қатыгез де мейірімсіз ақсүйектер билеген, кедейшілік пен бейшаралықтан күйзелуден ашынған халықтың толқуын қысталаң жағдайларда бір ғана деспоттың
қалтырамайтын қолымен жаныштап басқаруға болатын республиканы өнеге етіп алды. Сондықтан олардың конституциясы Диктатор деп аталатын уақытша тиранның билігін орнатуға жол берді және бұл уақытша тиран бірқатар үлгіден кейін тұрақталып қалды. Олар осы үлгіні мінезқұлқы жұмсақ, сын кездерінде төзімді, жалпыға бірдей бостандыққа ұмтылыста біртұтас, өз көсемдеріне берілген халыққа тән деп теріс түсінді. Егер Рим мемлекетінің конституциясы сенатқа өзінің бүкіл құқығын бір адамның қолына тапсыруға жол берген күнде де, осыдан Вирджиния ассамблеясының да осындай құқығы бар деуге бола ма? Біздің конституциямыздың қандай бабы басқа баптармен көзделмеген жағдайларға қатысты қосымша ережелермен осы орайда римдік конституцияны алмастырады? [...] заң шығарушы, атқарушы және сот билігі арасында ешқандай кедергі тұрмағандықтан, легислатура бәрін өз қолына жиып ала алады. Бәрін басып алып әрі өз кворумын белгілеу құқығына ие бола отырып, ол оны бір адамға дейін түсіре, оны төраға, спикер, диктатор немесе кез-келген басқа қалаған атаумен атай алады. – Біздің жағдайымыз шын мәнінде қауіпті және отандастарым мұны түсінеді әрі қажет болған кезде лайықты құралды қолдана алады деп үміттенемін, ол құрал – конституцияны бекіту, оның кемшіліктерін жою, биліктің түрлі тармақтарын заңдармен шектеу, ол биліктер өз актыларымен шектен шығып кеткен кезде, осы кейінгі актылардың күшін жою үшін конвент шақыру. Конвент халыққа жүгіну қажеттігін жояды немесе, егер өзгеше айтсақ, халықтың бағыныштылығын ол өз құқықтарынан бас тартуға дайын деп түсіну қаупі тумас үшін халықтың құқығы бұзылған әрбір жағдай бойынша көтерілу қажеттігін жояды.
"Джефферсон Томас. Автобиография. Заметки о штате Виргиния. Л., 1990" басылымынан қазақшалаған Ақайдар ЫСЫМ.
Иоганн Готфрид Гердер
(1744–1803) – неміс әлеуметтік философы, тарих пен әдебиет теоретигі. Кенигсберг университетінің теология факультетін бітіргеннен кейін Ригада пастор, одан соң Бюккебург пен Веймарда сарай уағызшысы болған. “Адамзат тарихының философиясына идеялар” деген ірі еңбегінде (4 бөлімнен тұрады; 1784–1791) түрлі тарихи дәуірлердің және мемлекеттік құрылыстардың өзіндік ерекшелігі болатыны туралы қағиданы ұсынды. Адамзат дамуының ең асқақ принципі гуманизм принциптерін жүзеге асыру деп санады. Ол тарихи дамудың, саясат, мораль және өнер сияқты салалардағы қайшылықтардың заңды сипатын атап өтті; буржуазиялық өркенияттың олқылықтарын көрсетті; прогресс дегеніміз, оның ойынша, табиғи дамудың жалғасы. Гердер ХҮІІІ ғасырдың соңындағы Ұлы француз революциясын әрі-сәрі қабылдағанымен, оны құптады, өйткені ол адамның феодалдықабсолюттік саяси жүйе езгісінен азат болуына жол ашқан еді. Пруссияның саяси тәртібін қатты сынады, оған мемлекеттік құрылыстың антифеодалдық идеяларын қарсы қойды; Германияның ұлттық бірлігін жақтады; сонымен қатар ұлттық езгі, отаршылдық соғыстар мен жорықтар саясатына қарсы шықты.
АДАМЗАТ ТАРИХЫНЫҢ ФИЛОСОФИЯСЫНА ИДЕЯЛАР
Екінші бөлім
Тоғызыншы кітап
ІV Басқару пошымдары – адамдар арасында орнатылған тәртіп, әдетте оның мирасқоры дәстүр
Адам үшін жаратылыстық ахуал дегеніміз – адамдар қоғамы; адам қоғамда дүниеге келеді, қоғамда тәрбиеленеді, жастық шақта ояна бастайтын әуестіктер де адамды қоғамға жетелейді, ал адам үшін ең тәтті есімдер – әке, бөбек, аға-іні, әпке-қарындас, сүйікті, дос, асыраушы –
жаратылыстық құқық дәнекерлері, және адам тұрмыс-тіршілігінің кезкелген бастапқы, алғашқы қауымдық адамдық бірлесіп өмір сүру сол дәнекерлермен байланысты. Солармен бірге адамдар арасындағы басқарудың алғашқы пошымдарының – отбасы тәртібінің негізі де қалыптасты; адам тұқымы отбасынан тыс өмір сүре алмайды – бұл табиғаттың өзі берген және оның өзі шектейтін заңдар. Оларды басқарудың жаратылыстық пошымдарының бірінші санаты деп атайық, дәл солар ең жоғары да ақтық пошым болып қала береді. Қоғамның табиғат қалаған іргетасы осы; адам зейініне яки адамдар қажетіне осы іргетасқа өз ғимаратын тұрғызу мүмкіндігі берілген. Тайпалар мен рулар бөлек-бөлек тіршілік ететін өңірлерде олар бір-біріне деген қажеттілікті сезінбейді, олар тайпаның өміріне де ешқалай қатыспайды, олар сондықтан саяси құрылыстың ауқымды ғимаратын тұрғызуға да бас қатырмайды. Балықшылар өмір сүретін теңіз жағалауларындағы елдер, малшылар өз табындарын жаятын шалғындар, аңшылар тіршілік ететін ормандар осындай, – егер оларда барлық нәрсе әкенің және үйдің билігіне бағына бермесе де, адамдар арасындағы содан былайғы барлық қатынас шартқа және тапсырмаларға негізделген. Тайпа аңшылықпен шұғылданады дейік; егер онда өздерін әлдекімнің басқаруына қажеттілік туындаса, онда олардың көсемі ең әбжіл бас аңшы болады, олар соны тыңдайды, өйткені оны өз еріктерімен сайлады және ортақ мақсат, рудың тіршілігі – аңшылықтың өзі осыны талап етеді. Мұндай жетекшілер табын-табын болып өмір сүретін жануарларда да болады; жалпы, егер тіршілік иелері көп болса, олар ортақтасып не істесе де – көшіп жүрсе де, қорғанса да, шабуылдаса да – бәріне басшылық жасап отыратын көсем керек. Қоғамның мұндай құрылысын басқарудың жаратылыстық пошымының екінші санаттағы пошымы деп атайық; бұл өз қажеттерін ғана қанағаттандыратын, және біз жаратылыстық ахуалда өмір сүреді дейтін барлық халықтарда кездеседі. Халық тіпті қазылар сайласа да, олар бәрібір осы санатқа жатады, өйткені олар ең үздіктерден, ең
ақылдылардан белгілі бір істі шешу үшін сайланғанымен, іс шешілген соң олардың билігі де аяқталады. Бірақ үшінші санаттың – биліктің соңғы пошымдарының жағдайы қаншама бөлекше десеңізші! Мұнда табиғат заңдары қай жерде аяқталады, қай жерде басталады? Егер ең әділ де ең ақылды адамды оның серіктері қазы етіп сайласа, және ол халық сенімін ақтаса, тіпті тамаша, – ол қартайғанша қазы болып қала берер еді – бұл жаратылыстық. Бірақ егер қария қайтыс болса, онда оның ұлы неліктен қазы бола салуы керек? Оны жарық дүниедегі ең ақылды да әділ әке тудырғандықтан емес қой; ол ұлын дүниеге келтіргенде оған ақыл мен әділдікті сіңіре алмайды ғой. Және істің өзінің табиғаты да сондай, халық оны бір кезде әкесі осындай қызметке сайланғаны үшін ғана қазы деп тануға міндетті емес, өйткені ол өз басының қасиеттері бойынша сайланған-ды, ал ұлы әкесін қайталай бермейді ғой; оның үстіне, егер тіпті әлі дүниеге келмеген ұлдар қазылар деп саналсын деген заң қабылданса да, тіпті әлі дүниеге келмеген ұл қазы, халықтың көсемі және жолбасшысы, яғни ең ержүрек, әділ әрі ақылды адам деп әркім танитын болсын деп уағдаласқан күнде де, билікке мирасқор болу жөніндегі мұндай шартты құқық принциптері былай тұрсын, тіпті парасатпен бітістіруге болмас еді. Табиғат ең ізгі таланттармен тіпті де отбасыларды жарылқамайды ғой, және әлі тумаған адам әлі дүниеге келмеген барлық басқа адамдарға билік жүргізетін қан құқығы дегеніңіз мен үшін адамзат тілінің ең күңгірт формулаларының бірі. Адамдар арасында мұралық билікті енгізу үшін басқа себептер болғаны анық, және тарих ондай мысалдарды жасырмайды. Билік пошымын Германияға кім берді, мәдениетті Еуропаға – кім? Соғыс. Варварлар ордалары бүкіл Еуропаны басып алды, варварлардың көсемдері мен байбатшалары жерлер мен адамдарды өзара бөлісіп алды. Кінәздіктер – осыдан лендік (феодализм заманында вассал атқарған қызметі үшін сеньордан алатын жер телімі мен белгілі бір табыстар – Баспа) телімдер,
феодтар (мұның мағынасы да ленмен бірдей – Баспа) – осыдан; бағындырылған халықтардың басыбайлы тәуелділігі – осыдан; жаулап алғандар меншікке ие болды, ал содан бергі өзгерістер, өз кезегінде, төкерістермен, соғыстармен, дүниенің билеп-төстеушілері күштер арасындағы уағдаластықтармен шешіліп отырды, – басқаша айтқанда, бәрін күш шешті. Тарих осындай корольдік билік жолымен ілгерілеп келеді, ал тарихи фактыларды теріске шығару мүмкін емес. Күллі әлемді Римге, Грекия мен Шығысты Александрға бағындырған қандай күш? Сезострис пен ертегідей Семирамидаға дейін ұлы монархияларды орнатқан қандай күш? Соғыс. Құқық емес, зорлық-зомбылық, жаулап алу; және жаулап алу да болары болып, бояуы сіңгеннен кейін немесе біздегі мемлекет теоретиктері айтатынындай, үнсіз келісімге орай құқыққа айналды, ал бұл жерде үнсіз келісім дегеніңіз бір ғана нәрсені білдіреді: күші тасыған адам қалағанының бәрін алады, ал әлсіз адам береді де көнеді, өйткені ол ештеңені өзгерте алмайды. Сонымен, кез-келген өзге иелік құқығы секілді, мирасқорлық басқару құқығы да дәстүрлер желісімен байланысты: алғашқы шекаралық бағанды жерге күш немесе оқиға қақтырады және осы желіні де соза түскен күш немесе оқиға, тек андасанда ғана даналық пен қайырымдылық араласып отырды. Мирасқорларға, мұрагерлерге әулет атасы қарпып қалған дүние-мүлік тиді, ал сай-сайға, бай-байға құятыны бесенеден белгілі, бұл жер мен адамға бастапқы ие болудың жаратылыстық салдары. Айтқандарымыз тек монархияларға, олардың сұмдық жаулап алуларына ғана қатысты деп ойлап қалмаңыздар, немене бастапқы мемлекеттер өзге жолмен пайда болып па еді, өзге жолмен пайда болған мемлекетті қайдан көріп едіңіздер? Әке өз отбасын билеген кезде, ол әке болып қала беретін, оның ұлдары да әке болған кезде, бұл оларды тек ақыл-кеңеспен бағыттап отырды. Тайпа халықтың белгілі бір істерімен айналысу үшін ерікті түрде өздеріне қазылар мен көсемдер сайлап алып отырған кезде, сол адамдар тек ортақ мақсаттарға ғана қызмет етті,
жалпыхалықтық жиналыстарды басқарды, ол кезде “қожайын”, “патша”, “король”, өзінің ырқы ғана білетін жалғыз билеп-төстейтін мирасқор деспот деген атақтарды ешкім естіген де емес. Бірақ егер халық марғау болып, қойшының қой баққаны сияқты әкелер, көсемдер, қазылар халықты бағуы үшін бүкіл билікті өздерінің әкелеріне, көсемдеріне, қазыларына берсе, ақыр соңында оларға биліктің мұралық скипетрін олардың еңбегі, қайраты, байлығы үшін, тағы қандай себептермен болсын, тапсырса, онда бұл орайда басқарушылар мен халық арасындағы бір текті ғана қатынасты: бір жағынан әлсіздікті, екінші жағында құдіретті, күштінің құқығын ғана көруге болады. Нәмрут аңдарды өлтіріп, одан кейін адамдарды бағындырғанда – ол біріншісінде де, екіншісінде де аңшы. Мекеннің орданың адамдар жануарлар секілді артынан еріп жүретін жетекшісі көп ұзамай олармен қарым-қатынасында адамның жануарларға құқығын пайдалана алатын. Халықтарды тәрбиелеген әміршілер мен жағдай осылай болды; олар халықты тәрбиелеп жүргенде олар жұрттың әкесі, асыраушысы еді, олардың қолында заңдар жалпыға ортақ игілікке қызмет етті; бірақ олар өзінікін ғана жқн санай бастағанда, әсіресе мирасқор әмірші болып шыққанда күш солардың қолына көшті де, әлсіздер соларға қызмет ете бастады. Талай рет арыстанның орнын түлкі басты, бірақ сонда да күш соның қолында болды; күш – тек қаруда ғана емес, зәлімдікте, зымияндықта, қулық-сұмдықта, кейде зымияндықтың күші бәрінен асып жатады. Қысқасы, адамдар арасында олардың рухына, ақылына, бағына, дене бітіміне, қандай елде тұрып жатқанына, қандай тұрмыс салтын ұстанатынына, қанша жасқа келгеніне қарай орасан зор айырмашылық жатты, осы айырмашылыққа сай жер бетінде қанаудың, озбырлықтың көптеген түрі қалыптасты, кейбір елдерде бұл алуан түрлі пошымдар, өкінішке қарай, тек бірін-бірі алмастырумен тынды. Мәселен, жауынгер тау халықтары бөктерлер мен жазықтарды жайлап алды; климат, қасірет, зарығу оларды шынықтырды да, олар неғұрлым жылы елдерде сәнсалтанатқа бой алдырғанша, оларды басқа халықтар бағындырғанша бүкіл
жер бетінде үстемдік құрды. Біздің ежелгі Теллус Жерімізді осылай басып алды, оның тарихы қарақшылық жорықтардың, адамдарды аулаудың қасіретті тарихына айналды. Елдердің арасындағы кез-келген дерлік шекара, дәуірлердің кез-келген дерлік белесі құрбандықтардың қанымен, езілгендердің көз жасымен суарылған, олар уақыт кітабына солай жазылып қалды. Адамзат тұқымының осынау жендеттерінің, тәж киген, тәж аңсаған жендеттердің арасында аса әйгілі есімдер бар, және одан да қасіреттісі – аса ізгі жандар тағдырдың жазмышымен осы қаралы тақтарда тұруға мәжбүр болып, өз бауырларын езіп-жаншыды. Жер беті патшалықтарының тарихы парасатты түпкі нәтижелермен сирек жазылатыны неліктен? Оның себебі – жер бетіндегі оқиғалар сондай – олар ілуде бір парасатты нәтижелер беретін, жерді адамшылық рухы емес, нәпсі жайлап алды, және сол нәпсі халықтарды жабайы хайуандар сияқты ұйлықтарды, сол нәпсі оларды бір-біріне айдап салды. Егер Жаратқан бізді ең жоғары тіршілік иелері билегенін қалағанда, тарих қаншалық басқаша болап еді деңіз! Алайда оқиғалар арқауын аямай шіреп тартып, тоқуды қаһармандар, яғни атаққұмар, күшті немесе қу және жылпос адамдар қолға алды. Егер біз тұтас бүкіләлемдік тарихта адамзат баласының ездігін еш байқамасақ, адамдардың бүкіл ездігін бізге басқару пошымдарының тарихы жайып салар еді; егер соған қарап бағаласақ, Жерімізді Жер деп емес, өз балаларын жұтып қоятын Марс не Сатурн деп атаған жөн болар еді. Не істеу керек? Жер шарының әр аймағы соншалықты әр алуан болғаны, ал табиғат сыйы адамдар арасында соншалықты әркелкі бөлінгендігі үшін Жаратқанды айыптаймыз ба? Бекер қамығамыз, бекер шағынамыз, өйткені мұндай шағымдар Жаратқанның ниетіне анық қайшы келер еді. Өйткені жерге қоныстандыру үшін тауларды тұрғызу керек болды, ал тауларда айбатты тау халықтары қоныстанды. Ал осы тау халықтары бөктерге түсіп, сән-салтанатқа бой алдырған ойпатты басып алғанда, сол ойпат негізінен сол тағдырға лайық еді; осынау адамдар, жазық жердің осынау тұрғындары өздерін құлға айналдыруға неліктен
мүмкіндік берді, олар табиғат аялаған тәндерін неліктен соншалық болбыр етті, балалық жалқаулық пен бос әурешілікке неліктен берілді? Тарих принципі деуге болады: өзін бағындыруға жол бермейтін халықты, құлдыққа мойынсұнбайтын халықты ешкім де бағындыра алмайды. Тек қорқақ – тумысынан құлды ғана, ақымақты ғана табиғат ақылдыға қызмет етуге жеккен, бірақ ақымаққа қызметші болғаны жақсы, егер оның маңдайына әмір беру жазылса, ол бейбақ жанға айналар еді. Мұның үстіне, адамдар табиғаты бойынша бір-бірінен соншалықты кем емес, олар тәрбиенің арқасында кем болып шығады, мұны бір халықтың әртүрлі басқару пошымы тұсындағы мысалынан-ақ көруге болады. Деспотизмнен қасірет шеккен ең ізгі халықтың өзі ізгілігінен айырылады, оның жіліктерінің майы сорып алынады, ал оның ең нәзік те ең тамаша таланттары жамандыққа жұмсалып, жалғандық пен алдауға, жарамсақ құлдыққа және аста-төк өмірге қызмет ете бастаған екен, халық өз қамытына үйреніп, өз бұғауларын өбіп, гүлмен әсемдей бастайтынына қайран қалуға бола ма? Өмірде және тарихта адамдардың мұндай тағдыры қаншалықты аянышты болғанымен, үйреншікті шыңыраудан, үйреншікті құлдықтан шығу ғажайыпты бастан кешу, яғни толық қайта дүниеге келу деген сөз, бірақ, дегенмен, мұндай зұлматтар табиғаттың жасағаны емес, адамның қолымен жасалған іс. Тек отбасылар ғана табиғатпен етене, ал бұдан әрі табиғат адамазат тұқымына адам өнерінің ең нәзік шығармасы – қоғам орнатуда толық еркіндік берді. Адамдар жақсы жайласып кетсе – тамаша; олар тиранияны таңдап алса, басқарудың жаман пошымына көндіксе – онда бастарына түскенді көре берсін. Және ізгі Табиғат ана адамдарды парасат, тарихи дәстүр арқылы және, ақырында, ауырсыну сезімі арқылы, өзінің байғұс тіршілігін сезінуі арқылы үйрете алатын. Демек, адамзат қоғамының іштей азғындауы ғана адам өміріне басқарудың жаман да бұзық пошымдарын енгізді, өйткені деспотизм қандай қатыгез, қандай ауыр болсын, қызметші олжаны өз мырзасымен бөліспей ме, деспот ең пасық құл емес пе?
Бірақ қажымайтын қайырымды Табиғат ана өз балаларын олар әбден азғындап кеткенде де тастамайды, құлдықтың ащы сусынын оны ұмыттырумен және дағдымен тұщытады. Халық сергек болып тұрғанда, олардың қайраты тасып тұрғанда, олар өздерінің маңдай терімен тапқан нанын табиғат беріп тұрғанда, бойкүйез сұлтандарға орын жоқ; тұлдыр жер, мейлінше тарыққан өмір – міне халықтар бостандығының қамалы. Бірақ халық табиғаттың жұмсақ аясында мүлгіп кетсе, егер өздеріне тасталған торға қарсы көтерілмесе, онда табиғат оларға көмектесуге, оларды жұбатуға асығады, ол адамдарға көнбістік сыйлайды; өйткені деспотизм әлдебір әлсіздікті, болбырлықты, өмірлік жайлылықты күні бұрын қалайды, ал мұндай жайлылық табиғат сыйынан немесе өнерден тарайды. Өкімет басында деспоттар тұрған елдердің көпшілігінде табиғат адамдарды асырайды, киіндіреді, сөйтіп адамдарға қарны тоқ әрі киімі бүтін болуы үшін күш-жігер жұмсауына тура келмейді, сөйтіп адамға тек бейімделу, соғып жатқан дауылды бастан өткеру ғана қалады, ал сонан соң саф ауаны сіміре жұтып, шүкіршілік етуіне және рахаттана өмір сүре береді. Жалпы алғанда, адамның басына түсетін жеребе, оның өмірде бақытты не бақытсыз екендігіне қарамастан, адамның патшылық етуіне немесе құлдықта қызмет жасауына тіптен байланысты емес. Өйткені кедей өзін бақытты, ал бұғаудағы құл өзін азат сезінуі мүмкін, ал ең бейбақ әрі лайықсыз құлдар – деспот және оның ырқының құралдары, көбіне-көп деспоттардың тұтас бір тұқымдары мен әулеттері. Мен қозғаған барлық жағдайларды тарихтың өзі мәнісі бойынша түсіндіруге тиіс болғандықтан, оларды тарихи шолуда өрбітуге тура келеді. Әзірге кейбір жалпы ескертпелерді ғана жасауға болады: 1. Адамзат тарихының философиясы үшін жеңіл, бірақ жаман принцип мынадай: “Адам – қожайынға мұтаж және өзінің түпкілікті міндетінің бақытын өзінің қожайынынан немесе мырзалардан күтетін хайуан”. Керісінше пікірді келтірейік: “Қожайынға мұқтаж адам – хайуан; ол қалай адам болады, солай, турасын айтқанда, қожайынға мұқтаж
болмайды”. Гәп мынада: табиғат адамзат баласына ешқандай қожайынды көздемеген, тек адамның хайуандық міндері мен нәпсілері сондай, қожайынға қажеттік туындайды. Әйелге – еркек, еркекке әйел керек, әлі тәрбие көрмеген сәбиге – оны тәрбиелейтін ата-ана, науқасқа – дәрігер, дауласушыларға – қазы, тобырға басшы қажет. Мұның бәрі жаратылыстық қатынастар және олар табиғаттың өзінде көзделген. Бірақ адам табиғатында ол үшін қажет әлдебір деспоттың – деспот-адамның қажеттігі туралы ұғым көзделмеген. Алдымен былай ойлап көрейік, адам – әлжуаз, сонда оған қорғаушы керек, адам – мәңгі бала, сонда оған қамқоршы керек, адам – тағы, сонда оған бас білдіруші керек, адам – дәйіс, сонда оның жаман істерін жазалайтын періште керек. Сонымен, адамдар арасында бар барлық басқару пошымдары мұқтаждықтан туған және олар мұқтаждық болған соң ғана бар болып отыр. Бірақ қолынан ештеңе келмейтін әке ғана өз ұлын ол өмір бойы сәби күйінде қала беретін, сөйтіп қамқоршыға мұқтаж етіп тәрбиелейді, тек малғұн дәрігер ғана науқасқа сырқат адам көрге түскенше дәрігерсіз күн көре алмайтындай тамақ береді, – мұны адам баласын тәрбиелеушілерге, отанның аталарына және олардың тәрбиеленушілеріне қолдану ғана қалды. Не ол тәрбиеленушілер сәл де болса жақсаруға тіптен қабілетсіздер, не түрлі басқару пошымдары қолданылған мыңдаған жылдар ішінде адамдар едәуір жақсаруға тиіс еді және әкелері оларды не үшін және қандай мақсатпен тәрбиелегені айқын көрінуге тиіс-ті. Кейінірек бізге мұндай мақсаттар әбден анық болады. 2. Табиғат адамдарды отбасы ретінде тәрбиелейді және ең жаратылыстық мемлекет – бір ғана халық, бір ғана өзіне тән ұлттық мінезімен өмір сүретін мемлекет. Бұл мінез мыңдаған жылдар бойы сақталды және халықтың табиғи тақсыры осыны ойласа, онда мұндай мінез мейлінше табиғи түрде дамитын болады; өйткені халық – отбасы сияқты жаратылыстық өсімдік, тек отбасының бұтағы аз. Сонымен, басқару мақсаттарының өзіне мемлекеттің орынсыз ұлғаюынан, бір скипетрдің түрлі адам тұқымының және тайпалардың бейберекет
араласуынан өткен кереғарлық жоқ секілді. Скипетр тым шағын да дәрменсіз, сондықтан оған қарама-қайшы бөліктерді ұластыра алмайсың, сөйте тұра оларды қалай болса солай желімдей салады да, одан беріктігі шамалы машина пайда болады, оны мемлекеттік машина деп атайды, онда ішкі өмір жоқ, оның жекелеген бөліктері арасында іш тартатын байланыс жоқ. Мұндай патшалықтар ең жақсы деген монархтың өзіне “отанның әкесі” деп лайықты атану мүмкіндігін қиындатады, олар тарихта монархияның пайғамбар елестеткен әлпеті іспетті: басы арыстан, құйрығы айдаһар, қанаты қыран, тұяғы аю – бәрі бүтінге біріктірілген, бұл бүтінде отаншылдық қасиет дегеніңіз жоқ. Осынау алыптар бейне Троя тұлпарлары сияқты жақындасады, бір-біріне ажалсыздыққа уәде етеді, бірақ олар ұлттық мінезден жұрдай, оларда өмір жоқ, бір-біріне күштеп біріктірілген бөліктерді тек тағдырдың тәлкегі ғана мәңгілік етпек, өйткені оларды туғызған мемлекеттік басқару өнері халықтармен және адамдармен бейне жансыз тіршілік иелеріндей ойнайды. Бірақ тарих бізге адамның кеудемсоқтығы сияқты мұндай құралдар балшықтан жасалғанын және кезкелген балшық сияқты, жерде топырақ пен шаң-тозаңға айналып кететінін көрсетіп отыр. 3. Кез-келген адамдық одақтың басты мақсаты – өзара көмектесу, қауіпсіз тіршілікті қамтамасыз ету, сондықтан мемлекет үшін ең жақсысы – жаратылыстық тәртіп, оның тұсында әркім табиғат өзін не нәрсеге арнаса, соны орындайды. Әмірші Жаратқанның орнын алуға ұмтылып, нәпсінің қамшылауымен адамды өзінің қалауынша қайта жасауға тырысқан, оны жаратқан-құдай жасағаннан басқа болуға мәжбүрлеген бойда, көкке әмірін жүргізбек болған осынау деспотизм былықтың әкесіне және барлық мемлекеттерді қамтымай қоймайтын зұлым тағдырдың әкесіне айналып шыға келеді. Дәстүр бойынша орныққан адамдар сословиесі белгілі бір түрде өз сыйын ешқандай сословиемен санаспай ұсынатын табиғатқа қарсы әрекет ететіндіктен, халықтардың көпшілігі басқарудың барлық мүмкін пошымдарын байқап көргені, әрқайсысының
ауыртпалығын бастан кешкені, түптің түбінде күдер үзіп, өздерін машинаға айналдырған басқаруға, деспоттық және мұрагерлік басқаруға қайта оралғаны таңдандырмайды. Халықтар өзіне жазаның үш түрі ұсынылған еврей патшасы сияқты ойлады, ол: “Адамның қолына түскенше, Жаратқанның қолына түскенім жақсы” деген екен; халықтар Жаратқан әмірші етіп кімді жіберетінін күтіп Жаратқаннның жарылқауына берілді, өйткені аристократия – аяусыз тирания, ал қарашаның басқаруы – нағыз Левиафан. Барлық христиан әміршілер өздерін “құдай мархабатымен тақсырламыз” деп атайды, сонысымен-ақ тәжді былай қойғанда, өздері дүниеге келгенге дейін әңгіме етуге де болмайтын сіңірген еңбектерінің арқасында емес, Жаратқан өздерін дүниеге осылай келтіргендігінің арқасында алғанын мойындайды. Ал олардың Жаратқан өздерін жоғары мәртебеге лайықты еткендігін ақтау үшін өз еңбектерін сіңруі керек, өйткені тақсыр атағы асқақ, ол бейне адамдар арасындағы құдай, адам кейпіндегі ең биік данышпан іспетті. Өздерін адамдар арасынан аңдап, тағдыр бұйыртқанын түсінген аз ғана әміршілердің өзі бейне бұлт басқан күңгірт аспандағы жұлдыздардай жарқырайды, олар адамзаттың саяси тарихының беттерімен өздерінің машақатты саяхаты кезінде адасқан жолаушыны жұбатады. Аһ, егер екінші Монтескьё келіп, бізге жұмыр Жерде тым болмағанда ең әйгілі ғасырлар мен замандарда қолданылған заңдар мен басқарудың рухын сездірсе ғой! Біз одан ешқашан тап бірдей болмайтын басқару пошымының үш немесе төрт атауын құр атап шығуын ғана күтпес едік, біз одан мемлекетті басқарудың ұтымды прициптерін баяндап беруді күтпес едік, өйткені мемлекет бір ғана сөз жүзіндегі принциптерге құрылмайды, (бұл арада мұндай принциптер сақталмайтынын өзінің барша ахуалдарында және барлық уақытта тұрақты бола бермейтінін былай қоя тұралық) және біз одан түрлі халықтарға, замандарға және елдерге қатысты үзік-үзік мәліметтерді күтпес едік, өйткені тіпті жердің Данышпанының өзі осындай бейберекет ретсіздіктен бүтінді жасай алмас
еді, бірақ біз азаматтық тарихтың, бізге қаншалықты сүреңсіз көрінсе де, ештеңе екі рет қайталанбайтын тарихтың философиялық әрі қызғылықты баянын күтер едік, – онда біздің адамдар тұқымының, әміршілеріміздің жамандықтары мен жақсылықтарының зәреңді ұшыратын әрі тағлымды көріністері, барлық замандарда және барлық халықтарда ұдайы өзгеріп отыратын көріністері, ұдайы құбылып тұратын, ұдайы бір ғана нәрсе болып шығатын көріністер тұнып тұр.
Үшінші бөлім
Он үшінші кітап
VІІ Грек тарихы туралы жалпы пайымдаулар
Біз жер бетінің осы бір тамаша өңірінің тарихын жан-жақты қарастырдық, адамзат тарихыныі философиясы үшін ол әлемнің барлық халықтарының арасында өзіндік бірден-бір тақырып ретінде оқшау тұрады. Гректер бөгде ұлттардың қоспасынан тазалығын бүкіл сымбатында, бүкіл дене бітімінде өздеріне тән сырт келбетін сақтап қалғанын былай қойғанда, олар мәдениеттің ең елеусіз бастауларынан бастап, барлық жас мөлшері мен кезеңдерін, бүкіл өмірлік жолын жүріп өтті, тарихтың кез-келген басқа халқына ұқсамайтын, сирек кездесетін толыққанды жолды жүріп өтті. Олай болатыны, материкте тұратын ұлттар не өздерінің заңдары мен ғұрыптарында табиғатқа кереғар қатып-семіп, мәдениеттің бастапқы белестерінде бөгеліп қалды, не, өздерінің мәнмағынасын танытып үлгерместен басқыншылардың құрбаны болып кете барды: гүл шешек атпай жатып, шалғы қиып түсті. Грекия, керісінше, барлық дәуірді бастан кешірді және бәрінің дәмін ақырына дейін татты; ол бойындағы өркен жая алатынның бәрін дамытты, ал мұндай мінсіздікке
тағы да орайы оңынан туған жағдайлар жәрдемдесті. Материкте болса Грекия, сөз жоқ, көп ұзамай-ақ өзінің азиялық бауырларындай, жаулап алушылардың олжасына айналар еді; егер Дарий мен Ксеркс Грекияда өз мақсаттарына жеткенде, Периклдің дәуірі де тумас еді. Ал егер гректерді деспот патша басқарса, ол деспоттардың әдеті бойынша бөгде елдерді өзі жаулап ала бастар еді, сөйтіп, Александр секілді, өзен суларын аталастарының қанына бояйтын еді. Жат жұрттықтар бұлардың елдерінде олармен араласып кетер еді, ал өздері жат жерлерде жеңіске жете жүріп, күллі дүниеге пышырап кетер еді... Осының бәрінен гректерді олардың күштерінің мардымсыздығы, тіпті сауда-саттықтың мардымсыздығы сақтап қалды, өйткені олар ешқашан Геркулес бағаналарынан, бақыт бағаналарынан әрі жүзіп шығуға бел байлаған жоқ. Жаратылыстанушы өсімдікті тұқымынан және өскінінен бастап, оны гүлдегенге және солып қалғанына дейін білгенде ғана тұтас қарастыра алатыны секілді, грек тарихы да біз үшін сондай гүл, және тек грек тарихы, ешқашан әдеттегі Рим тарихы тәрізді бұтарлана талданбағаны ғана өкінішті. Ендігі менің міндетім – осы айтылғанның бәрінен кейін адамзаттың жалпыға ортақ тарихына гректер қосқан, бақылаушының назарын ең алдымен аударатын маңызды атаулының баршасының белгілі бір қырларын бөліп көрсету; алдымен тарихтың өзінің ұлы принципін қайталап шығайын. Біріншіден. Адамдар патшалығының аталмыш халыққа, уақытқа, жерге тән жағдайларға сәйкес болуға тиіс нәрсе нақты және болмай қоймайды; Грекия осының ең бір толыққанды әрі тамаша дәлелі. Біз физикалық табиғатта ешқашан ғажайыпқа иек артпаймыз: біз табиғатта заңдардың қарекетін бақылаймыз, олар барлық жерде бірдей, айнымастан, дәл, тиянақты қарекет жасайды; күш-қуаы, өзгерістер, нәпсілер тән адамзат патшалығы туралы не айтуға болады, – ол табиғаттың осынау ұлы желісінен шынымен-ақ шығып кете бере ме? Грекияға қытайлықтарды орналастырыңызшы, біздің Грекия болмас та еді; гректерді Дарий тұтқын эретриялықтарды алып кеткен жаққа көшіріп
жіберіңізші, олар Спарта да, Афина мемлекетін де құрмас еді. Бүгінгі күнгі Грекияға қараңызшы, сіз бұл жерден ертедегі гректерді де, кей ретте тіпті олардың жерлерінің өзін де таба алмайсыз. Егер олар өз тілінің қандай да бір жұрнағында сөйлемесе, егер олардың ақыл-ойы, өнері, қалалары көміліп жатқан қирандысын аңғармасаңыз, егер сіз Грекияның бұрынғы өзендері мен тауларын көрмесеңіз, онда ертедегі Грекияны да Калипсо аралы немесе Алкиноя аралы секілді қиялдан туған бірдеңе деп ұйғарар едіңіз. Жаңа дәуірдің гректері де бірте-бірте, тұтас бір себептер мен салдарлардың арқасында қалыптасты, көне гректер де, жер бетінде өмір сүріп жатқан кез-келген ұлт та дәл солай қалыптасты. Адамдардың бүкіл тарихы – адамдық күш-қуаттың, қарекеттердің, елігудің таза табиғи тарихы, уақыт пен орынға барлық нәрседе сәйкес келетін тарих. Бұл принцип қаншалықты қарапайым болса да, ол көп нәрсенің басын ашады және әртүрлі халықтардың тарихын қарастырған кезде пайдалы болады. Таңырқай көз жүгірту және халықтардың аттарын жөн-жосықсыз жаттап алу тарихпен айналысу емес десем, кез-келген тарихшы менімен келіседі, солай екен, онда кез-келген тарихи құбылысты бақылай отырып, ой толғай білетін парасат табиғат құбылыстарын бақылаған кездегідей, оған өзінің бүкіл зейінін аударуға тиіс. Сондықтан, тарихтың барысы туралы әңгімелей отырып, оқиғалардың байыбына бара, бағалай отырып, парасат одан аса ұлы ақиқатты іздейтін болады, ол оқиғалардан мейлінше толық өзара байланысты табуға тырысады, бірақ барды және өтіп жатқанды тіптен жоқ әлдебір басқа бірдеңемен түсіндірмейді. Осынау қатаң принципті енгізген бойда, кез-келген тұспалдар, сиқырлы елдің кезкелген нышандары ғайып болады; біз сонда барлық жерден барды ғана, оны бүкіл қаз-қалпында көруге тырысатын боламыз, ал көрген кезде, онда көбінесе бар нәрсе неліктен өзге бола алмағандығының себебін де аңдаймыз. Біздің ақылымыз тарихқа көзқараста осындай дағдыны сіңірген кезде, ол жаратылыстық тарих пен математикадан өзге еш жерден табуы неғайбыл неғұрлым салаутты философияға жол табады.
Нақ сол философиядан таймай, біз бірінші кезекте және ең алдымен тарихтың нақты оқиғаларына бізден жасырын ерекше ниетті – әлдебір беймәлім пиғылды – қоса салудан, оның үстіне, егер әңгіме табиғат құбылыстары туралы болса, еске алуға да батылымыз бармайтын көрінбес дүлейлердің, рухтардың сиқырлы ықпалын телуден сақтанамыз. Тағдыр өзінің ниетін не нәрсе және қалай болатындығымен-ақ көрсетеді; сондықтан тарихты бақылушы оның ниеттерін нақты бар нәрседен және өзін ақырына дейін көрсететін нәрседен шығарады. Жер бетінде оқымысты гректер неліктен өмір сүрді? Өйткені гректер өмір сүрді, өмір сүргендіктен, олар сол бір жағдайларда тек қана оқымысты гректер бола алар еді. Александр Үндістанға неліктен аттанды? Өйткені ол Александр болды, Филиптің ұлы болды, өз әкесінің пиғылына, өз халқының тірліктеріне, өзінің жасына және мінез-құлқына сәйкес, оның үстіне Гомерді көп оқып, бұдан жақсы айналысатын іс таппады. Бірақ біз Александрдың батылдығын құдіретті күштің құпия ниеттерімен, оның жігерлі ерліктерін жолы болғыштықпен және Тағдырмен түсіндіретін болсақ, онда біз бір ретте Александрдың ең сұмдық жауыздықтарын құдайдың түпкі мақсаты етіп көрсетуге, ал басқа бір ретте оның өз басының жүрек жұтқандығы мен қолбасшылық дарынын кемітуге және кез-келген ретте барша оқиғаны тұтасымен алғанда табиғилықтан айыруға тәуекел етер едік. Жаратылыстық тарихта кімде-кім ертегілерге сенсе, кімде-кім көрінбейтін рухтар раушан гүлін жайнатып, оның қауызын күміс шыққа толтырады деп ойласа, кімде-кім сәуленің титімдей рухтары жарқырауық қоңыздың денесіне айналады және тауыстың құйрығында жылтылдап ойнайды деп ойласа, ол бәлкім тереңнен толғайтын ақын болар, бірақ жаратылыстанушы немесе тарихшы болып жарыта қоймайды. Тарих дегеніміз тағдырдың жұмбақ ниетіне сәйкес болуы мүмкін нәрселер туралы емес, нақты болған нәрсе туралы ғылым. Екіншіден. Бір халық жөніндегі рас нәрсе өзара байланысты бірнеше халық жөнінде де рас болып шығады; оларды уақыт пен орын
байланыстырғанындай, олар тіршілік етеді және, жанды күш-қуаттың өзара байланысы орайластырғанындай, бір-біріне өзара ықпал етеді. Гректерге азиялық халықтар ықпал етті, ал гректер өз кезегінде азиялықтарға ықпал етті. Римдіктер, готтар, түріктер, христиандар гректерді еңсерді, римдіктер, готтар, христиандар гректердің арқасында білім алды, – осының бәрі қалай өзара байланысты? Бәрін де орын, уақыт, жанды күш-қуаттың табиғи ықпалы айқындайды. Финикиялықтар Грекияға әріп әкелді, бірақ оларды гректер үшін ойлап тапқан жоқ, жай ғана осында ала келді, өйткені Грекияда өз мекендерін салды. Эллиндер де египеттіктермен осылай түйісті, гректер де Бактраға аттанғанда осылай болды, – адамдар гректер қолынан Музаның барша сыйын осылай алды. Гомер біз үшін шырқаған жоқ; бірақ ол біздің ортамызға келгендіктен, бәрімізге ортақ және біз одан үйрене аламыз. Уақыт өте келе жалғыз ғана жағдай, бізден қаншама жайсаң жанды алып кеткені сияқты, Гомерді де алып кетсе, дүниеден өтудің табиғи себептерін көре тұра, тағдырдың тылсым сырымен кім таласпақ? Жоғалған және сақталған шығармалардың тізімін қайта қараңыз, біреулері неліктен сақталып қалғанын, ал басқалары жоғалып кеткенін біліңіз, ал содан кейін тағдыр бір жағдайда қирататын, енді бір жағдайда сақтап қалатын ережені атауға тәуекел етіңіз. Аристотель жерге көмілген жалғыз дана шығармасымен жетті, басқа шығармалар жертөлелер мен сандықтарда сақталып аман қалды, мысқылшы Аристофан әулие Иоанн Златоусттың жастығының астында сақталып келді, ол соған қарап уағыз құрастыруды үйренді; біздің бүкіл Ағарту осындай неғайбыл сүрлеулерге тәуелді. Ал Ағарту – бүкіл әлемдік тарихтағы даусыз ұлы оқиға: ол барлық дерлік халықтарды оятты, енді Гершельмен бірге көктегі Құс жолын қат-қабатқа бөлуде. Бірақ біздің Ағартуымыз қайдағы бір ұсақ-түйекке, болмашы нәрселерге байланысты десеңізші: қолымызға әйнек те кездейсоқ түсті, бірнеше кітап та ойламаған жерден қолымызға түсті, – әйтпесе біз ертедегі бауырларымыз, мәңгі скифтер тәрізді әлі күнге өзіміздің арба үйлерімізде әйел, бала-шағамызбен
жер бетін кезіп жүрген болар едік. Егер оқиғалар тізбегі солай түзіліп, бізде грек әріптерінің орнында моңғол әріптері болғанда, біз қазір моңғолша жазып жүрер едік, ал Жер өзінің ұлы жолымен жылжи берер еді, жылдар өтіп, бір циклды бір цикл ауыстырар еді, сөйтіп бәрі де табиғаттың, жер-анамыздың құдіретті заңдарына сай өмір сүріп, тіршілік ете берер еді. Үшіншіден. Халықтың мәдениеті дегеніміз оның болмысының гүлі, оның мәнінің әсем де өтпелі әрі нәзік көрінісі. Адам дүниеге ештеңені білмей келіп және білгісі келгенінің бәрін үйренуге тиіс болатыны сияқты, мәдениетсіз халық та өзінен-өзі жаттығып немесе басқа халықтармен араласып үйренеді. Бірақ адам білімінің әрбір түрі үшін өз аясы, яғни өз табиғаты, уақыты, орны, өмірлік кезеңі бар; грек мәдениеті уақытпен, орнымен, тақырыптарымен байланыста өсті және солармен бірге құлдырады. Поэзия және басқа да кейбір өнер философияның алдында жүрді және егер бір жерде поэзия мен шешендік өнер өркендесе, бұл сол жерде әскери іс пен отаншылдық ерлік дамыды деген сөз емес; афиналық шешендердің шабыты мемлекет құлдырауға бет алғанда, ал адал құлық өткеннің сарқыншағына айналған тұста өршіді. Бірақ Ағарту адамдар арасында қандай текте көрінсе де, ол әрқашан мінсіздікке ұмтылады және егер жекелеген жағдайларда оған қолайлы жәйттердің арқасында жетсе, онда осы жоғары нүктеде тұрып қала алмайды және оған екінші рет қайта орала алмайды, сол жерден ылдилау басталуға тиіс. Егер адамдардан тек мүлтіксіздік талап етілсе, ең мүлтүксіз шығарма – бұл бір өзіндік ең жоғары нүкте; мүлтіксіз нәрсе жасалған екен, одан кейін тек еліктеу немесе қол жеткенді басып озуға тыраштану ғана қалады. Гомер шырқап жатты, одан кейін екінші Гомердің келуі мүмкін емес еді; ол эпика гүлдестесінің тек гүлін терсе, одан кейінгілер оның жапырақтары тигеніне риза болысты. Грек трагиктерінің басқа бір саланы таңдағаны сондықтан; олар, Эсхилдің сөзімен айтқанда, Гомер дастарқанының сарқытын талғажау етті, бірақ өз заманына басқа бір той
әзірледі. Олардың кезеңі де өтті: трагедиялық сюжеттер таусылды да, енді ұлы ақындардың ізбасарларына олардың өңін айналдырып жырлау ғана қалды, өйткені ең үздік пошымға грек драмасының ең биік сұлулығына – неғұрлым бұрынғы үлгілерде қол жетті. Өзінің бүкіл моралына қарамастан, Еврипид Софоклге маңайлай алмады, оның үстіне оның өнерінің мәнісімен Софоклден асып түсу ол үшін мүмкін емес еді, ал Аристофан өзіне өзге саланы таңдап алды. Грек өнерінің барлық жанрында істің жайы осылай еді, барлық халықтарда да осылай болып отырады, ал гректер өздері дәуірлеп тұрған шақта осы табиғи заңды ұғынды да, осы ең биіктен одан да әлдеқайда жоғары бірдеңемен асып түсуге ұмтылмады, олардың талғамының қателікке ұрынбауы және оның дамуының бүкіл сан алуандығы осымен түсіндіріледі. Фидий өзінің құдіретті Юпитерін жасаған кезде, одан да өткен асқақ Юпитерді ойлап табу мүмкін емес-ті; алайда осынау идеалды басқа құдайларға көшіру мүмкін болатын, сөйтіп оның айрықша сипаты әрбір құдайға тән болып шықты, – осы өнердің барлық саласы осылай толтырылды. Егер біз адам мәдениетінің қандай да бір тақырыбын сүйсек, онда осы тақырып жүзеге аса алатын жалғыз ғана қас қағым сәтке жаратылысқа жат мәңгілік сипатын беру үшін осы сүйіспеншілікті құдіреті күшті Жаратқанға да таңу ұсақтық әрі бейшаралық болар еді. Жаратқанға осы бір сәтті мәңгі ет деп жалбарыну біз уақыттың өзінің мәнісін және ақтық дүниенің бүкіл табиғатын жоюды қалаймыз деген сөз болып шығар еді. Жасөспірім шақ бізге қайтып оралмайды, сондықтан біздің рухани күшқуатымыздың балғын қимылы да бізге қайтып келмейді. Гүл шешек атты, бұл көп ұзамай оның солып қалатындығын білдіреді; ол өсімдіктің тамырларынан бастап бүкіл күш-қуатын өзінің бойына жинады, ал гүл өлген кезде оның артынан өсімдіктің өзі де өледі. Егер Перикл мен Софоклды дүниеге әкелген заман жағдай тізбегімен анықталған ұзақтықпен салыстырғанда бір ғана сәтке ұзарса, онда бұл бақытсыздық болар еді де, сол кез Афина үшін тарихтың қатерлі, төзгісіз кезеңі болды
деу керек болар еді. Егер Гомер мифологиясы адамдар жанында мәңгі өмір сүріп, грек құдайлары мәңгі билей берсе, афиналық Демосфендердің күркіреген үні үнемі гүрілдеп тұрса, онда бұл тар әрі шектеулі өріс болып шығар еді. Әрбір өсімдікке гүлдеп болу бұйырған, бірақ гүлдеу аяқталған соң өсімдік тұқым шашады, сөйтіп жанды туынды қайта жалғасады; Шекспир – Софокл, Мильтон – Гомер, Болингброк – Перикл болған жоқ, бірақ ежелгілер өз орнында, өз жөнінде болғаны секілді, бұлардың да әрқайсысының өз орны мен өз жөні бар еді. Сонымен, әркім заттар тізбегінде өз орнында тұра алатындай болуға ұмтылсын; әркім тек сол ғана болуға тиіс, өзгеше болуы мүмкін де емес. Төртіншіден. Мемлекеттің есен-саулығы мен ұзақ ғұмыры оның мәдениетінің дамуының ең жоғары нүктесіне емес, оның жанды шығармашылық күштерінің кемеңгер немесе бақытты тепе-теңдігіне сүйенеді. Осынау жанды ұмтылыста ауыртпалық кіндігі неғұрлым төмен орналасса, мемлекет соғұрлым мығым да ұзақ өмір сүреді. Ежелгі мемлекеттердің негізін қалаушылар неге сүйенді? Марғау тыныштық пен қозғалыстың барынша шарықтауына емес, тәртіпке және мәңгі сергек, ешқашан мүлгімейтін күш-қуаттың дұрыс бөлінуіне сүйенді. Ежелгі данышпандар басшылыққа алған принцип адам табиғаттан алған шын мәніндегі кемеңгерлік болатын. Ал мемлекет жебе ұшына қойылған әрбір жолы, бұл қандай таңдай қақтырар себеппен жасалса да және қандай тамаша қайраткер жасаса да, мемлекет қатерге ұшырады, оған күйреу қатері төнді, және ол зорлық құралдарын сәтті қолдана білудің арқасында ғана өзінің әдеттегі жай-күйіне орала алатын еді. Персиямен соғыс жүргізіп жатқанда Грекия жебе ұшында болды және бұл жағдай өте-мөте қауіпті еді; Афина, Лакедемон, Фива бар күштерін жұмсап, аянбай қарсы тұрғанда да солай болып, бұл түптің түбінде Грекияның бостандығынан айырылуына апарып соқтырды. Дәл сол секілді Александр да тамаша жеңістерінен кейін өз мемлекетінің бүкіл құрылысын жебе ұшына байлады; ол өлді, пирамида құлап, саудырап түсті. Афина үшін Алкивиад
пен Перикл қаншалықты қауіпті болғанын олардың өмірбаяндары дәлелдейді; алайда осындай сын сәттері сәтімен тез өте шықса, онда олар жойқын қуаттың сыртқа шығуына мүмкіндік беріп, тереңде бұғып жатқан алапат күшті қозғалысқа түсіретіні де рас. Грекияның бүкіл кереметі көптеген мемлекетердің тынымсыз қызметімен, жанды күштердің қызметімен жасалған, ал грек талғамы мен грек құрылысына тән бүкіл мәңгілік пен салауаттылық керісінше барша күш пен қуаттың кемеңгер де бақытты тепе-теңдігінен туындаған еді. Грекияның барлық сәтті құрылысы олар адамгершілікке, яғни парасат пен әділетке көбірек сүйенген сайын ұзақ та игілікті болды. Бұл арада – біздің алдымызда грек мемлекеттік құрылысы туралы, Грекия өз азаматтарының игілігі үшін және күллі адамзаттың игілігі жолында өзі енгізген жаңалықтарымен және құрылыстарымен не істегенін ой елегінен өткізу үшін кең өріс жатыр. Алайда мұндай толғаныстар қазір әлі де ертелеу. Бізге алдымен анық нәтижелерге жақындау үшін әуелі талай басқа дәуірлер мен халықтарды қарастыру қажет.
Үшінші бөлім
Он төртінші кітап
Үстемдіктің әскери және саяси ғимаратының құрылысы
Ромул өз халқын есептеп шығарып, оны трибаларға, курияларға және центурияларға бөлді; ол егін жайларды өлшеп, жерді культ, мемлекет және халық арасында бөліп берді. Ол халықтың ішінен текті адамдар мен қала тұрғындарын бөліп алды; алғашқылардан ол сенат құрды, ал мемлекеттегі бірінші дәрежелі мансаптарды қасиетті абыздық жораларды атқарумен
ұштастырды. Салтаттылар әскері сайланды, ол кейінгі замандарда сенат пен халық арасындағы өзіндік бір орташа сословиені құрады, ал осы екі негізгі сословие патрон мен клиент қатынастарымен өзара бұрынғыдан да тығыз байланыстырылды. Рим этрусктерден алып, жоғарғы биліктің қорқынышты белгісі – фасциялармен, айбалтамен қаруланған ликторларды енгізді, кейін олар жоғары шенеуніктердің, олардың міндеттерінің аясына қарай біршама айырмашылықтармен, бәріне берілді. Қаланы Римнің өз құдайы ғана сақтап тұруы үшін Ромул бөтен құдайларды қуып шықты, ол халық дінін соғыс істерімен, мемлекет істерімен тығыз байланыстырып, авгурияларды және басқа да түрлі бал ашуды енгізді. Ол күйеі мен әйелінің, әкесі мен балаларының қатынастарын белгіледі, қалада тәртіп орнатты, триуфтар өткізіп тұрды; ол өлтірілгеннен кейін, оған дәл бір құдайдай табынатын болды. Осының бәрі Римнің кейінгі бүкіл тарихының дөңгелегі тоқтаусыз айналып тұратын нүктелер еді. Егер келе-келе халық таптары көбейсе де, өзгерсе де, сөйтіп өзара жауыға бастаса да, егер әр таптың немесе санаттың, Рим халқының міндеттері қандай екендігі туралы қатты айтыс-таластар туындаса, егер алым-салықтардың өсе түсуі және байлардың езгісі салдарынан қалалықтар арасында мазасыздықтар туындай бастаса, егер трибундар халықтың тұрмысын жеңілдетуге септігі тиетін көптеген ұсыныстар жасай бастаса, ал ортага сословие – салтаттылар жерді қайта бөлуді және соттың іс жүргізуін жақсартуды ұсынса, егер сенат, патриций және плебей сословиелерінің аражігі туралы даулар, тектер арасындағы түрлі айырмашылықтар мүлдем жойылып кеткенше, бірде олай, бірде былай пошым алып отырса, – осының бәрінен біз бір ғана нәрсені: тұрпайы құрастырылған жанды машина еріксіз тап болатын кездейсоқ ахуалдарды көреміз, – бір қаланың ішіндегі Рим мемлекеті тек осы машина ғана бола алатын еді. Халықтың, жеткен жеңістердің, басып алынған елдердің саны өсуіне және мемлекет мұқтажының артуына қарай мансап иелерінің саны көбейе түскен – нақ сол машина; Рим құлқы мен ақыл ауанының әрқилы дәуірінде триумфтарды,
ойындарды шектейтін және көбейтетін, сән-салтанатты күшейтетін, еркек пен әкенің билігін нығайтатын – нақ осы машина, – осының бәрін Ромул ойлап шығарған жоқ, бірақ қатаң қолмен енгізген бұрынғы тәртіптердің реңктері болатын, сондықтан олар кейін де, императорлардың билігі тұсында да, тіпті біздің бүгінгі заманға дейін де Рим құрылысының негізі болып қала бере алды. Ол негіз мынау: S. P. Q. R.1 – сиқырлы төрт сөз; олар әлемді бағындырады, олар қиратады, сөйтіп түптің түбінде Римнің өзіне қасірет әкеледі. Өз тамырынан өркен жайған дарақ іспетті Римнің күллі тағдыры тарайтын Рим құрылысының аса маңызды сәттерін атап өтейік. 1. Рим сенаты да, Рим халқы да – бәрі ерте заманнан жауынгер болатын; Рим өзінің жоғары мәртебелі мүшелерінен бастап, қажет болған жағдайда, төменгі бұқарасына дейін жауынгер мемлекет еді. Сенат кеңес беріп отырды, әрі патрицейлер арасынан әскербасылар мен елшілерді де тағайындады; он жетіден қырық алты жасқа, тіпті елу жасқа дейінгі дәулетті азаматтар әскери міндетті болды. Он жорыққа қатыспаған адам, мемлекеттік мансапқа лайықсыз саналды. Римдіктердің шайқастарда отаншылдығы, мемлекеттік істердегі жауынгерлік рухы міне осыдан. Римдіктер өздері жөнін білетін істер туралы ақылдасып отырды, ал олардың шешімдері іске айналып жатты. Римнің елшісі патшаларды құрдай жорғалатты, өйткені ол әскерді шайқасқа бастай да алатын, патшалықтың тағдырын сенатта да, шайқаста да шеше алатын. Жоғары центуриялардың азаматтары – дөрекі қара халық емес, өйткені жоғары сословие дәулетті әрі істің көзін білетін, шайқастарда шыңдалған, ел-жер көрген адамдардан құралады; кедейлеу центуриялардың үні де соншалықты салмақты шыға қоймайтын, тәуір замандарда олар тіпті соғысқа да шақырылмайтын. 2. Римдіктің, әсіресе текті әулеттердің бүкіл тәрбиесі әскери қабілетке бағындырылды. Онда істерді талқылауға және сөз сөйлеуге,
1 Рим сенаты және Рим халқы.
дауыс беруге және тобырды басқаруға үйретті; жасөспірім кезінде-ақ римдік триумфтарға, марапаттарға, мансаптарға өзінің жолын ашу үшін соғысқа аттанатын. Рим тарихының да, рим шешендік өнерінің де, тіпті құқықтану мен дінінің, философиясы мен тілінің мүлдем ерекше сипаты осыдан,– оларда мемлекеттіліктің, іс-қимыл мен ерліктің, ержүректік пен өжеттіктің рухы, шыңдалған, айлалы, залым рух жатыр. Егер иудей, қытай және рим тарихын, иудей мен рим шешендік өнерін салыстырсақ, көп айырмашылықты аңғару мүмкін емес. Бірақ римдіктер рухы, тіпті Спартаны қоса алғанда, грек рухынан тіптен бөлек, өйткені рим рухы неғұрлым қатаң болмысқа, неғұрлым көне дағдыға, неғұрлым берік принциптерге негізделген. Рим сенаты ешқашан өлген емес, оның шешімдері, оның пайымдары, Ромулдан мұра болып қалған римдік мінез мәңгілік болатын. 3. Римдіктерде қолбасылар көбіне консулдар болатын, олардың билігі, әдетте, бір-ақ жылға жүретін: сондықтан олардың триумфпен оралуға асығуына тура келетін, ал олардың ізбасарлары дәл сондай құдайға көрсетілгендей құрметке жетуге асығатын. Сондықтан римдіктер соғысты елден ерек шапшаң жүргізетін, ал соғыстар саны көбейе беретін: бір соғыс екіншісіне ұласып, бірі екіншісін тездетіп жатты. Римдіктер тіпті соғысты бастау үшін түрлі сылтауларды келешекке сақтап отырды, сөйтіп, қалай алдыңғысы аяқталады, олар соғысты бейне табыстың, бақ пен абыройдың жиналған қоры секілді өз пайдасына жарата білді. Сондықтан римдіктер басқа халықтардың тұрмысына ден қойды, одақтастықты немесе оларға қорғаныш болуды әлде ара ағайындықты ұсынды, әрине, мұны адамды жақсы көргендіктен істеген жоқ. Римдіктермен достық немесе одақ олардың қамқоршылығын білдірді, кеңесі – бұйрыққа, шешімі – соғысуға немесе бағындыруға айналып отырды. Басқа халықтарға өздерінің ырқын таңатын римдіктердегідей ешқашан мақтаныш соншалық дөрекі, батылдық – арсыздық болған емес; римдіктер бүкіл әлемді өздеріне тиесілі деп ойлады және әлем солардікі бола бастады.
4. Сөйтіп Рим сарбазының үлесіне де қолбасыға көрсетілгендей құрметтер мен наградтар тиіп жатты. Азаматтық ерліктің құны асқақтап тұрған алғашқы кездерде римдіктер жалақыға қызмет еткен жоқ, кейін де жалақы аз-аздап қана төленіп жүрді; алайда жаулап алу артқан сайын, трибундардың қолдауы арқасында халықтың жағдайы жақсара түскен сайын, жалақы да, марапаттар да, олжалар да көбейе түсті. Бағындырылған халықтардың егінжайлары көбіне сарбаздарға бөліп беріліп отырды, және Рим республикасында наразылық ертеден және көбінесе нақ жердің дұрыс бөлінбеуінен туындап отырғаны белгілі. Кейінірек, Рим бөтен елдерді жаулап ала бастағанда сарбаз қолбасының триумфына қатысты, олжадан үлес алатын болды және құрметке бөленді, мол сый-сыяпатқа кенелді. Римдік азаматты құтқарғаны, теңіз шайқасында жеңгені, қала қамалын алғаны үшін гүлдесте берілді. Луций Дентат: “жүз жиырма шайқасқа қатысып, сегіз рет жекпе-жек айқаста жеңіп шықтым, қырық бес мәрте кеудемнен жараландым және бірде-бір рет арқамнан жарақат алмадым, отыз бес рет дұшпанның қаруын тартып алдым, сөйтіп он сегіз бүтін найзамен, жиырма бес ат әбзелімен, сексен үш алқамен, жүз алпыс білезікпен және жиырма алты гүлдестемен, атап айтқанда, оның он төртімен, сегізі – алтын, – Рим азаматын құтқарғыным үшін, үшеуімен – қала қамалын алғаным үшін, біреуімен – құтқарғаным үшін, бұлардан басқа – ақшамен, он құлмен және жиырма өгізбен марапатталдым” деп мақтана алатын. Рим әскері Рим мемлекеті өмір сүрген бүкіл соншалықты ұзақ уақыт бойы біздің тұрақты әскерлерімізде абырой мәселесі бар екендігінен – атап айтқанда, бізде ешкім атағынан төмендетілмейтіндігінен, еңбек сіңірген жылдарына қарай үнемі жоғары көтеріліп отыратындығынан тіптен бейхабар болды, өйткені римдік қолбасы соғыс басталмай тұрып өзіне трибундарды, ал трибундар кіші бастықтарды таңдап алатын, – осыдан құрметті және басшы мансаптарды алу үшін әлдеқайда еркін бәсеке туындап жатты; қолбасы, бастықтар және әскер арасындағы неғұрлым тығыз өзара байланыс осымен түсіндіріледі.
Бүкіл әскер тұтасымен нақ осы жорықты жасау мақсатын алға қойған тастүйін организм еді, осы біртұтас дененің ең елеусіз мүшесінің тұлғасында өзінің орынбасарлары арқылы әрекет ететін әскербасының өзі тұрды. Ал Рим патрицейлері мен халқын бөліп тұрған қабырға сөгілген сайын, әскери табыс пен ерлік барлық сословиелер үшін мемлекеттегі құрметті мансаптарға, байлыққа және билікке қол жеткізудің құралына айнала берді; неғұрлым кейінірек Римнің алғашқы айбынды билеушілері Марий мен Сулла халықтан шыққандар еді, бірақ ақырында тіпті ең есерсоқ адамдардың өзі аса мәртебелі мансаптарға ие бола бастады. Дау жоқ, бұл Рим үшін тажалды болатын, ал Рим республикасының бастапқы кезеңінде патрицийлердің мақтаныш сезімі мемлекеттің тірегі қызметін атқарған-ды, тек шонжарлардың бірте-бірте өктемсіген кеудемсоқтығы Римдегі барлық ішкі сілкіністің себебіне айналды. Рим мемлекетінің бүкіл құрылысында сенат пен халық, патрицийлер мен плебейлер арасындағы тепе-теңдік мәселесі даулы түйін болып келді, бірде ана жақ, енді бірде мына жақ басым түсіп жатты және осы алауыздық түптеп келгенде еркін мемлекеттің түбіне жетіп тынды. 5. Егер Рим мемлекетінің жымдасқан әрі бекем құрылысын қаперге алмасақ, мақтаулы римдік ерлік түсініксіз болып қала береді: қалай мемлекет құрылысы өмір сүруін тоқтатты, ерлік те тиылды. Патшалардың орнын басқан консулдар көнеден келе жатқан үлгілерді ұстануы, патшалық рухты, әсіресе римдік рухты көрсетуге тиіс болатын; мұндай рух барлық мансапқа, әсіресе цензорлық мансаптарға тән болды. Ежелгі римдіктердің әділеттілігі, риясыз кеңпейілдігі, іскер өмірі қайран қалдырады, – жұмыс елең-алағңанан, одан да бұрын басталып, қас қарайғанша жалғасатын. Қаланың барлық азаматтарын етене жақындастырған Римнің азаматтық өмірінің осынау іскерлігіне, осы қатаңдығына жарық дүниеде, тегінде, бірде-бір қала қол жеткізе алмаған секілді. Рим халқы жер бетіндегі ең өркеуде және халықтар арасындағы ең алдыңғы халық болуына барлық жағдай жәрдемдесті – қаланың үздік әулеттерінің даңқты есімдерінде
бейнеленген ізгілік те, қалаға сырттан үнемі төніп тұрған қауіп-қатер де, мемлекеттің өз ішінде бір-біріне қарсы тұрған халық пен байбатшалар арасындағы үздіксіз тартыс та, және, керісінше, оларды тығыз дәнекерлермен ұштастырған патрон мен клиент қатынастары да, және базарлардың, үйлердің, мемлекеттік храмдардың баршаға ортақ қамқарекеті де, жақындық, мұның үстіне патрицийлер мен халыққа тиесілінің шебер бөлінген ара жігі, тығыз отбасылық өмір – римдік бала жастан осының баршасының қоршауында өсті. Рим ақсүйектері атағы дардай әрі өзінің мекен-жайынан шықпай өмір сүретін жалқау байбатшаларға ұқсамайтын; Рим әулеттеріне отбасылық, азаматтық, отаншылдық мақтаныш рухы тән еді, отаны оларға өзінің мызғымайтын тірегі деп арқа сүйей алатын, – қашанда іскер, қашанда айнымас өзара байланыста, осы бір ғана әрі мәңгілік мемлекет аясында көрінетін осынау рухты әкелері мен аталарынан ұлдары мен немерелері мұра етіп қабылдап отырды. Рим үшін ең қатерлі кезде де бірде-бір римдік өз мемлекеті құриды деп ойламағанына кәміл сенемін: римдіктер өз қаласына құдай тағала мәңгілік өмір бергендей, өздері қаланы сақтап қалуға жаратылған құдай тағаланың қаруы іспетті қызмет етті. Және тек бұрын-соңды болмаған бақ римдіктердің ержүректігін даңғойлыққа айналдырған кезде ғана Сципион Карфагенді қиратар алдында өз отанын да Трояның тағдыры күтіп тұр деген Гомердің бір өлеңін оқып беріпті. 6. Римде дінді мемлекетпен біріктіру оның азаматтық және әскери айбынына жәрдемдесті. Дін әу бастан және республиканың ең даңқты кезеңдерінде аса құрметті әулеттердің, саясаткерлер мен қолбасылардың өздерінің қолында болды, сондықтан тіпті императорлардың өзі абыздық мәртебеден тартынбады, және дін өзінің жораларымен культтерді өырғидай жайлайтын дерт – жиіркеніштен аман қалды, одан сақтап қалуға сенат бар амалын қолданып отырды. Дана саясаткер Полибий римдіктердің көптеген жақсылықтарын, ең алымен олардың сатылмайтын адалдығы мен шыншылдығын дінмен түсіндірді, ол дінді соқыр сенім деп атады, және іс
жүзінде де римдіктер өздерінің соқыр сеніміне берілгені, тіпті кейінгі құлдырау заманында да ең жүгенсіз, есер қолбасылар құдаймен тілдесіп жүргендей кейіп көрсетіп, дінмен жігерленген олар, оның көмегімен тек адамдардың жанына, әскерге ғана емес, тіпті бақ пен сордың өзіне әмір жүргізе аламын деп ойлады. Барлық мемлекеттік акт, бүкіл әскери қимыл тікелей діни ғұрыптармен сөзсіз ұштастырылды, сөйтіп дін барша болып жатқан оқиғаға батасын беріп отырды; міне сондықтан атақты әулеттер плебейлермен ең қасиетті артықшылық ретінде абыздық мансаптар үшін күресті. Бұл күрес құстарға және жануарлардың ағзаларына қарап бал ашу, яғни діни алдау жолымен оқиғалардың барысын өзіне қажетті бағытқа бұрып жібере алатын ақсүйектердің саяси көрегендігімен түсіндіріледі; мен мұны жоққа шығармаймын – алдау да орын алды, бірақ басқа да нәрсе бер еді. Барша римдік ата-бабаларының діні, Римнің көне құдайларының діні – бақыттың тірегі, Римнің басқа халықтардан артықшылығының кепілі, тұтас әлемдегі жалғыз мемлекет – Рим мемлекетінің киесі деп сенді. Римдіктер бөгде жерлерде құдайларға рахым жасағанымен, бөгделердің құдайларын мойындамады, – Римнің өзінде Римнің осылай Рим болуын жебеген көне құдайларға табыну ғұрпы ештеңеге қарамастан сақталуы тиіс еді. Бұл құдайларға сыйыну ғұрпына әлдебір өзгерістер жасау мемлекеттің ұстындарының өзін шайқауды білдіретін, нақ сондықтан да сенат пен халық сыйыну жораларын өзгерту билігін толық иеленді, бұл бүліктердің және айрықша, оқшау абыздар сословиесінің айла-шарғыларының жолын кесті. Дін мемлекеттік әрі әскери еді, римдіктердің бұл діні азаматтарды әділетсіз соғыстардан қорғамады, есесіне ол әділетсіз соғыстарға әділет кейпін беретін; құстарға қарап көріпкелдік жасау және бал ашу ғұрыптарын орындай отырып, дін соғыстарды құдайлардың еркіне берді және оларды құдайлардың көмегінен айырмады. Римдіктердің нағыз саяси өнері кейін, көне ережеге кереғар, бөтен құдайларды өз іштеріне кіргізіп, оларды өздеріне тартуынан да көрінді. Бірақ ол кезде мемлекет шайқала бастаған-ды және соншалықты орасан жаулап алулардан кейін өзгеше
болуы мүмкін де емес еді, алайда сол кезде де дінге мемлекеттік тағаттылық римдіктерді жат елдер культтерінің қуғынынан қорғады, мұндай қуғын тек императорлар кезінде ғана басталды әрі бөтен құдайларға өшпенділіктен және көз көріп тұрған ақиқатты құптағандықтан емес, мемлекеттік ыңғайдағы себептерден басталған еді. Жалпы алғанда, егер діндер мемлекеттің өзіне тиіспесе, Рим оларға қарайласа қойған жоқ: бұл орайда римдіктер адамшылық, философиялық тұрғыдан пайымдап жатпай, азаматтар, жауынгерлер, жаулап алушылар тұрғысынан келді. 7. Римдіктердің әскери өнері туралы не айтуға болады? Ол өз тұрғысынан алғанда ең мінсіз өнер болатын, ол сарбазды да, азаматты да, қолбасыны да, саясаткерді де біртұтас етіп біріктірді; әрқашан сақ, әрқашан икемді, әрқашан жаңа бола білетін, ол, кез-келген дұшпаннан үйренді. Әскери өнердің әуел бастағы негізі қаланың құрылуымен бір мезгілде қаланды, және Ромул есебін алып отырған халық, Рим армиясының бірінші легионы болды; римдіктер келе-келе өздерінің жауынгерлік орналасу ретін өзгертіп отырудан тартынған жоқ, ежелгі фаланга неғұрлым ширақ бола түсті, соның арқасында сол кездегі әскери өнер үлгісі македондықтардың жауынгерлік орналасу тәртібі талқандалды. Римдіктер латындардың бұрынғы қару-жарағын тастап, этрусктер мен самниттерден өздеріне ыңғайлының бәрін алды; Италияда ұзақ уақыт жортуылдаған римдіктердің әскери өнері үшін ауыр сын болған Ганнибалдан олар жорық сапын түзуді үйренді. Әрбір ұлы қолбасы, ал қолбасылар ішінде Сципиондар, Марий, Сулла, Помпей, Цезарь бар, әскери іске өзінің бүкіл ғұмырын арнап, оны өнер деп білді; жанкештілік, батылдық және күш қайрат берген алуан түрлі халықтарға өз өнерін қарсы қолдануға мәжбүр болғандықтан, олар әскери өнердің барлық бөлімінде төтенше көп жетістіктерге жетті. Римдіктердің күші тек қару-жарағында, жауынгерлік орналасу ретінде және қосындарды орналастыруында ғана емес, қолбасшыларының қаймықпайтындығында, римдік жауынгерлердің жігері мен әбжілдігінде де еді; олар аштықққа да, ыстыққа да, қауіп-
қатерге де төзе алатын, олар қаруды бейне өз дене мүшесіндей меңгергенді, найзаның тықсыруына төтеп бере тұрып, римдік шолақ семсерді дұшпанның жүрегіне қадайтын, жау бұл семсерден фаланганың қақ ортасында да құтыла алмайтын. Ержүрек римдіктің қолындағы осы римдік шолақ семсер күллі әлемді жаулап алды. Римдіктер қолданған әскери ереже қорғануды емес, шабуылдауды, қоршауға алуды емес, жеңуді, жеңіс пен даңққа мейлінше төте де тіке жолмен жетуді көздеді. Бұл ережеге римдіктердіңбұлжымас принциптері, олардың алдында бүкіл дүние бас иген принциптер қызмет етті, олар: жау тас талқан етілгенше тоқтамау, әрқашан тек бір ғана дұшпанмен шайқасу, қолайсыз жағдайда, пайдасы жеңістен артық болса да бітім жасаспау, өз мақсатынан айнымау және жолы болған жеңімпазға қасарыса қарсы тұру; соғысты риясыздықпен бүркемелеп, қиналғандарға қол ұшын берген сияқты кең пейілдікпен бастау, одақтастарға әмірін жүргізу сәті соққанша сондайларды іздеу, сөйтіп достарды да, жауларды да езгіге салу. Римдік өркөкіректіктің, яки, керек десеңіз, бекемдік пен дана қаһармандықтың осы және осы сықылды принциптері тұтас әлемді Рим провинциясына айналдырды, осыған ұқсас заман және осыған ұқсас халық дүниеге келгенде әрқашанда осылай бола бермек. [...]
Төртінші бөлім
Он алтыншы кітап
ІІІ Неміс халықтары
Біз бойшаңдығымен және дене күшімен, соғыстағы әбжілдігімен, батылдығымен және төзімділігімен, батырлық рухымен, бұйрыққа мойынсұну, көсемдері қайда бастаса да, оларға ілесу және бағындырылған
жерлерді олжа ретінде өзара бөлісе алу қабілетімен ерекшеленетін тайпаға тақадық; сөйтіп бұл тайпа өзінің молынан жаулап алуының арқасында, барлық жерде олар неміс үлгісі бойынша құрған құрылыстың арқасында дүниенің осы бөлігінің соры мен бағына барлық басқа халықтардан көбірек ықпал етті. Немістер Қара теңізден бастап күллі Еуропаның зәреқұтын алды; заманында готтар империясы Еділден Шығыс теңізге дейін созылып жатты; түрлі замандарда түрлі неміс тайпалары Фракияда, Мезияда, Паннонияда, Италияда, Галлияда, Испанияда, тіпті Африкада өмір сүріп, өз патшалықтарын құрды; римдіктерді, сарациндерді, гэлдерді, кимврларды, лаптарды, финдерді, эстерді, славяндарды, прустарды, куруларды және бірін-бірі жайласқан жерлерінен қуып шыққан осылардан басқа ешкім де емес еді, олар Еуропада күні бүгінге дейін өмір сүріп жатқан барлық патшалықтардың негізін қалады, солар қазіргі бар сословиелерді белгілеп, олардың заңдарын бекітті. Олар Римді талай рет алды, оны жаулап алып, тонады, Константинопольді талай рет қоршап, онда да өктемдік жүргізді, олар Иерусалимде христиан империясын құрды; олар қазір де дүниенің барлық төрт бөлігіне әмірін жүргізіп отыр – не ол елдерде Еуропаның тақтарына өздері отырғызған тақсырлар патшалық етуде, не тақтың өзін бұлар орнатты, не бұлар жерге иелік қылады, не ол жерлерде кәсіппен шұғылданып, сауда-саттық жасайды. Бірақ себепсіз салдар жоқ, сондықтан салдарлардың осынау адам айтқысыз желісінің де өз себебі болуға тиіс. 1. Ол тек халықтың өзінің мінезінде ғана жатпағандай: ұлттың физикалық та, саяси да жағдайы, бұдан басқа, жинақтап алғанда солтүстік халықтың бірде-бірінің басында болмаған көптеген жағдаят олар жасаған тірліктердің басқалай емес, нақ солай жасалуына жәрдемдесті. Биік бой, мығым дене, сұлулық пен сымбат бітім, зәрені алатын көк көздер – осының бәріне адалдық, ұстамдылық нәр беріп тұрады; немістер үлкендерінің айтқанын екі етпейді, шабуылда өжет, қауіп-қатерде
шыдамды, сондықтан да олар барлық халықтарға, әсіресе азғындап біткен римдіктерге бірде дос, бірде қатерлі жау еді. Немістер Рим әскерінде ертеден қызмет етті, императорлардың жеке күзеті үшін олардан асқан жауынгер табылмайтын; жан-жағынан қоршап алынған империя жау алдында дәрменсіз қалғанда, өзгелер емес, нақ неміс әскерлері жалақы үшін кез-келген жаумен, тіпті өз бауырларымен де шайқаса беретін. Бұлайша жалданып қызмет ету ғасырлар бойы жалғасып жатты, сондықтан көптеген халықтар басқа варварлаға әбден жат әскери ғылым мен тәртіпті игеріп қана қоймай, римдіктердің үлгісімен, олардың осал тұстарын жақсы біле отырып, жаулап алу мен жорықтар жасауға дәнікті. Егер қазір соншалық азғындап кеткен мынау Рим халықтарды бағындыра алса, дүниенің әміршісі бола алса, біз неге бағындыра алмаймыз, – өйткені біздің қайратты қолымыз болмаса, Римнің өзінің ештеңеге қауқары жоқ қой? Сонымен, тевтондар мен кимврлардың шапқыншылықтарын ескермесек, тапқыр да ұсынықты Ариовисттен, Марбудтан және Германнан бастап есептесек, Рим иеліктеріне алғашқы соққыны шекаралас халықтар, римдіктердің әскери тәсілдерін жақсы білетін және Рим әскерінде талай қызмет еткен, яғни Римнің, кейін Константинопольдің де осал тұстарына тамаша қанық көсемдер берді. Кейбір халықтар сол кезде тіпті Риммен одақтас та болатын, бірақ олар Рим үшін сақтап қалғынды өздеріне қалдырғанды жөн көрді. Дәрменсіз бай мен күшті кедейдің көршілігі, байдың кедейсіз күні қараңдығы, кейінгінің алғашқыдан артықшылығы мен үстемдігін туғызады: сөйтіп римдіктердің өздері билікті Еуропаның қақ төріне жайғасқан және көп ұзамай өз мемлекеті мен өз әскеріне қабылдауға мәжбүр болған немістердің қолына берді. 2. Көптеген неміс халықтарының Римге ұзақ уақыт қарсылық көрсетуі оларды тиісінше күшейтті, олардың ата жауға өшпенділігін туғызды, римдіктер соларды жеңгенін басқа кімді болсын жеңгенінен артық мақтан тұтатын. Рейнде де, Дунайда да римдіктер немістер үшін қатер еді; немістер Римнің галлдарға және басқа халықтарға қарсы
соғысында қаншама көмектессе де, олар Римге оның құлы сияқты қызмет еткісі келмеді. Август заманынан бастап Римнің немістермен ұзақ соғыстары міне осыдан басталды, – империя әлсіреген сайын бұл соғыстар көбіне тонаушылық шапқыншылықтарға айнала берді, сөйтіп бәрі де тек Римнің жеңілісімен аяқталар еді. Римге қарсы көптеген тайпалардың Маркоман және Шваб одағы, ең шалғай тайпаларға дейін тараған және әрбір еркекті жауынгерге айналдырған әскери міндеттілік, – осы және басқа да көптеген салттар бүкіл халыққа германдар немесе алемандар, яғни одақтас қарулы халықтар деген атау мен құрылыс берді, – бұл бірнеше жүздеген жылдан кейін бүкіл Еуропаға тарайтын жүйенің варварлық бастауы еді. 3. Осындай тұрақты әскери құрылыс тұсында немістерде өздерінің басты бейімдігі немесе басты қажеттілігі – соғыстың пайдасына еш қынжылмастан мансұқ еткен басқа жақсылықтар сөзсіз жетіспеуге тиіс еді. Олар егіншілікпен құлшынып айналыса қойған жоқ, тіпті жер үлестерін жыл сайын қайта бөліп, әлдекімдердің өз меншігі болғанынан және жерді жақсы өңдегендігінен ләззат алуына бөгет жасап отырды. Тайпалардың кейбіреулері, әсіресе шығыстағылар, татар халықтары – аңшы және бақташы халықтар болды және ұзақ уақытқа солай болып қалды. Қауымдық жайлаулар мен ортақ меншік жайындағы тұрпайы идея осы көшпенділердің сүйікті идеясы еді және олар мұны өздері басып алған жерлер мен мемлекеттерге де енгізді. Сөйтіп, Германия ұзақ уақыт шалғынды да батпақты орман елі болып қала берді, немістермен – осынау қаһарман адамдармен қатар баяғыда құрып біткен бұландар мен турлар тіршілік етті; неміс тайпалары ғылым дегенді білмеді, онсыз болмайтын аздаған кәсіптермен әйелдер және көбінесе ұрлап әкелінген құлдар айналысты. Мінез-құлқы осындай халықтарға өзінің меңіреу ормандарын тастап, неғұрлым жайлы елдерге кету немесе жалақыға бола қызмет ету жақсы еді, – оларды кек қайтару, тарығу, зерігу, науқан немесе қандай да бір ілік жай таптырмады. Сондықтан тайпалардың көбісі бір-бірімен
жауығып немесе бір-бірімен одақтасып, үнемі беймаза өмір сүрді. Ешбір халық (аз ғана егінші тайпалардан басқасы) осы неміс тайпаларындай жиі көшіп-қонбады; егер бір тайпа аттана қалса, онда әдетте көптеген басқалар соған қосылып, бір шоғыр немесе бір топ адам әскерге айналып шыға келетін. Көптеген неміс тайпаларының – вандалдардың, свевтердің – атаулары құрлықта да теңізде де сапар шегуден, қаңғып кете беруден шыққан. Татардың өмірі дегеніңіз сол ғой.
Немістердің ежелгі тарихын талдағанда бір нәрседен – біздің қазіргі заманғы мемлекеттің таңдап алған жерлерінің біріне қазық қағудан сақ болу керек: ежелгі немістердің бұл мемлекетке ешқандай қатысы жоқ; олар халықтардың басқа легімен көшіп жүрді. Батыста олар бөтен тайпалардың ортасында қалып қойғанға дейін бельгтер мен гэлдерге тыныштық бермеді; Шығыста олар Шығыс теңізге дейін жетті, және олар бұл жерде тонайтын ештеңе таппады және оны жүзіп өте де алмады, ал құмдауыт жағалауларда қорек таппады, сөйтіп сәтіне қарай оңтүстікке, ешкім қоныстанбаған жерлерге қарай жылжыды. Рим империясына көшіп қонған ұлттардың көбісі әуелде Шығыс теңіздің жағасында тіршілік еткен еді, – бірақ олар неғұрлым варвар ордалар еді және олардың империя аумағына келіп жайғасуы империяның жойылуын жеделдете қойған жоқ. Оның құлауының себебі әлдеқайда алыста, Шығыста – Азияның Моңғолиясында жатты; онда батыс ғұндарды ұйғырлар мен басқа да халықтар ығыстырды: ғұндар Еділден өтіп, Дон бойында аландарды кездестірді, Қара теңіз жағалауында скифтердің зор патшалығына кез болды, енді оңтүстік неміс халықтары, батыс және шығыс готтар, вандалдар, аландар, свевтер қозғалысқа түсті, – олардың ізін өкшелей ғұндар келе жатты. Сакстарда, франктарда, бургундарда және герулдарда тіршілік жайы басқаша қалыптасты, – осылардың кейінгісі өз қанын сататын қаһармандар ретінде
көптен римдіктер беретін жалақымен күн көретін. Бірақ осы халықтардың бәрінде бірдей құлық және бірдей мәдениет болды деп ойлаудан сақтанған жөн; бұған кереғар нәрсені олардың өздері бағындырған халықтарға жасағаны дәлелдейді. Британияда жабайы сакстар, Испанияға шапқыншылықтарын жасаған аландар мен свевтер бірдеңе істесе, остготтар Италияда және бургундтар Галлияда тіптен басқаша істеді. Рим империясымен шекарада, Рим отарларымен және сауда қоныстармен қатар батыста және оңтүстікте ұзақ тұрған тайпалар солтүстік ормандарынан шыққан және теңіздердің бос жатқан жағалауларынан келген халықтарға қарағанда неғұрлым жуас, неғұрлым көнбіс болатын; егер кез-келген неміс ордасы скандинав готтарының аңыздарын иемденуге ниет етсе, бұл естімеген зорлық болар еді! Бұл готтар қай жерлерге аяқ баспады, өз аңыздарын қай жолдың үстінде жаңаша баяндамады! Ал алғашқы қауымдық неміске оның бүкіл ержүректігіне қарамастан Теут (әлде Туисто), Манн, Херта және Воданнан басқа, – әке, батыр, жері және көсемнен басқа рухани ештеңе қалмайды. Әрине, бері салғанда, бауыр ретінде, бізден соншалықты алыс жатса да неміс мифологиясының осындай қазынасы, – жұрт жайлаған дүниенің бір қияны Исландияда (мен солтүстік Эдданы айтып отырмын) сақталған әлде туындаған және, сірә, нормандар мен христиан оқымыстылары байыта түскен қазына бар екендігіне қуана аламыз. Неміс тайпаларының бірінің тілі мен ой лау тәсілінің дәлелдерінің жинағы ретінде ол, әрине, біз үшін де аса қызықты. Зерттеуді қалай бастауға байланысты осынау солтүстік халықтарының мифологиясын грек мифологиясымен салыстыру – тағлымды әлде бос әурешілік бола алады; бірақ скальдтар арасында Гомер якиОссиан шығады деп күту – бекершілік. Жер барлық жерде бірдей жеміс бере ме? Және де ең дәмді жемістер – халықтар мен уақыттың ұзақ қалыптасатын әрі өте сирек кездесетін жағдайының туындысы емес пе? Сонымен, бұл дастандар мен әпсаналарда біз өзіміз
табатын – өңделмеген, өркеуде поэтикалық шығармашылықты, күшті де мөлдір сезімді, адалдықты, өзегінде өз тіліміз жатқан тілдің шебер қолданысын бағалайық; бізге осынау ұлттық қазынаны сақтап, жеткізгендердің, оларды жаппай да ең жақсы қолданылуына жәрдемдескендердің әрқайсысына рахмет. Бұрынғы және кейінгі замандарда оның пайдасына еңбек сіңіргендердің2 арасынан мен адамзат тарихы үшін де талай еңбек сіңірген исландық Зумның есімін алғыспен, асқақатата атаймын. Соның арқасында осы солтүстік шұғыласы біздің алдымыздан жаңаша нұр шашты; Зум және басқалар оны біздің ортамызға енгізіп, осы қазынаны пайдалана білуді үйретуге ұмтылып отыр. Өкінішке қарай, біз, немістер, өз тіліміздің көне қазыналарымен3 мақтана алмаймыз: бардтардың әндері ұмытылды, сөйтіп қаһармандық тілдің емені жаңа өскінмен ғана әсемделген. Христиандықты қабылдап, неміс халықтары ол үшін өз корольдері мен дворяндары үшін күрескендей күресті, және антқа осынау адалдықты неміс халықтарынан алемандардан, тюрингтерден, баварлардан, сакстардан басқа байғұс славяндар, прустар, курлар, ливтер мен эсттер де өз басынан кешірді. Бірақ немістердің даңқы мынада: олар варварбасқыншыларға қарсы мызғымас жанды қамал болып тұра алды, және осы қамалға ғұндардың, венгрлердің, моңғолдардың және түріктердің шексіз қаһары соғылып, кері қайтты. Дәл немістер, басқа ешкім де емес, Еуропаның басым бөлігін жаулап алып, өз үлгісімен өңдеп, қайта жайластырып қана қоймай, оны күзетіп, қорғай да білді; әйтпесе Еуропада осындай өсіп-өркендеу болмас еді. Еуропаның өзге халықтарының ішінде немістердің жағдайы, олардың әскери одағы, олардың тайпалық сипаты – Еуропаның мәдениеті, бостандығы мен тәуелсіздігі орныққан тұғыр; олар өздерінің саяси жағдайымен осы мәдениеттің баяу өркендеуінің себептерінің бірі болмады ма екен, бірақ бұған жауапты бізге риясыз куә –
2 Сэмунд, Снорро, Резениус, Ворм, Торфеус, Стефаниус, Бартолин, Кейслер, Ире, Гёранссон, Торкелин, Эрихсен, Магнеустер, Анхерсен, Эггерс және басқалар. 3 Шильтердің “Тезаурус”'ында біздің бүкіл дерлік байлығымыз жиналған, бірақ бұл мардымсыз.
Тарих береді.
Славян халықтары
Славян халықтары тарихтан гөрі жер бетінде көбірек орын алған, оның себептерінің бірі – олардың римдіктерден алыста өмір сүргендігі. Біз оларды ең алдымен Донда, сонан соң Дунайда, Донда – готтар арасынан, Дунайда – ғұндар мен болгарлар арасынан кездестіреміз: әдетте өздері көмектескен немесе қызмет еткен басқа халықтармен бірге жорыққа аттана салатын олар Рим империясын талай әбігерге түсірді. Жасаған ерліктеріне қарамастан, славяндар ешқашан немістер сияқты жаугер, қызық қуған халықтар болған жоқ; дұрысырағы – олар немістердің артынан жүріп отырып, олар қалдырған орасан аумаққа – Доннан Эльбаға дейін, Шығыс теңізден Адриат теңізіне дейін жайлап алды деген жөн болар. Карпаттың бергі бетінде олардың қоныстары Люнебургтен бастап Мекленбург арқылы, Померанияға, Бранденбургке, Саксонияға, Лаусницқа, Богемияға, Моравияға, Силезияға, Польшаға, Ресейге жайылды, ал Карпаттың арғы бетінде олар баяғыдан Молдавия мен Валахияда өмір сүріп келді және барған сайын өз иеліктерін кеңейте берді, бұған талай жағдай жәрдемдесті, ақыр соңында, император Ираклий оларды Далмацияға қоныстандырды да, олар Славония, Босния, Сербия, Далмация патшалықтарын орнатты. Олар Паннонияда да өте көп еді; олар Фриулядан Германияның оңтүстік-шығыс шетін қоныс етті, сөйтіп, олардың мекені Штейермаркпен, Каринтиямен, Крайнамен аяқталды, – сөйтіп Еуропада бір ғана ұлт осыншалықты сұмдық мол кеңістікті мекендеді, олардың көп бөлігін бүгінгі күнде де алып жатыр. Славяндар барлық жерде басқа халықтар қалдырған жерлерге орнықты – саудагер, егінші, бақташы олар жерді өңдеп, игілігін көрді; сөйтіп, олар қоныстанғанға дейінгі бүкіл қаңыраудан, барлық жорықтар
мен шапқыншылықтан кейін олардың тып-тыныш, ың-шыңсыз өмірі олар қоныстанған жерлер үшін игі болып шықты. Олар егіншілікті ұнатты, мал бағып, егін өсіруді жақсы көрді, көптеген үй кәсіпшілігін білді, барлық жерде өз елдерінің бұйымдары, өз өнер туындыларын сатумен айналысты. Шығыс теңіздің бүкіл жағалауында олар Любектен бастап теңіз қалаларын салды; Рюген аралындағы Винета осы қалалардың ішінде славян Амстердамы болды; олар прустармен, курлармен және леттермен одақ құрды, бұған осы халықтардың тілдері дәлел. Днепрде олар Киевті, Волховта Новгордты салды және осы екі қала да көп ұзамай гүлденген, Қара теңізді Шығыс теңізбен жалғастырған әрі тауарларды Шығыстан Солтүстік және Батыс Еуропаға жөнелтіп отырған сауда-саттық қалаларына айналды. Германияда олар кен қазумен айналысты, металл балқытып, оларды қалыпқа құя білді, тұз қайнатты, мата тоқыды, бал ашытты, жеміс ағаштарын өсірді және өз мінез-құлықтарына сай көңілді, сазды өмір сүрді. Олар қайырымды, барын жайып салатын қонақжай болды, ауылдың еркін өмірін ұнатты, бірақ жуас та көнбіс, қарақшылық пен тонаушылықты жек көрді. Осының бәрі олардың езгіге түсуден қорғануына көмектеспеді, қайта оларды езгіге салуға жәрдемдесті. Өйткені олар күллі әлемді билеуге ұмтылмағандықтан, оларда жаугерлік рухы бар мирасқор билеушілер болмады да, өздерінің жерлеріне тиіспегені үшін салық төлегенді қош көрді, сондықтан олар жөнінде көптеген халықтар, соның ішінде бәрінен де немістер ұлы күнә жасады. Ұлы Карлдың кезінде-ақ жаулап алу соғыстары басталды, христиан діні желеу ретінде пайдаланылғанымен, ол соғыстардың себебі саудасаттықтан түсетін пайда еді; әрине, жаугер франктарға еңбекқор, егіншіліпен және сауда-саттықпен айналысып жатқан ұлтты құлша жұмсау ол кәсіптерді өздері үйренгеннен гөрі әлдеқайда тиімді еді. Франктар бастаған істі сакстар аяқтады; славяндар тұтас аймақта жойылды немесе басыбайлыларға айналды, олардың жерлерін еспископтар мен дворяндар бөлісіп алды. Теңіз саудасын солтүстік германдар күйретті; Винетаның
күні қараң болды – оған даттар соққы берді, ал славяндардың Германиядағы қалдықтары қазір испандардың Перуді мекендегендерге істегенін еске түсіреді. Егер осыншалық жүздеген жылдар бойғы езгіден кейін өздерінің христиан билеушілері мен тонаушыларына әбден қаны қарайған бұл ұлт өзінің жұмсақ мінез-құлқын құлдың арам да қатыгез жалқаулығына өзгертпесе, таңдандырмай қоя ма? Алайда, барлық жерде, әсіресе, славяндар біршама еркіндікте өмір сүретін елдерде олардың бұрынғы мінез-құлқының сілемін аңғаруға болады. Бұл халықтың бейбақтығы – олардың буырқанған қарсылық көрсету сәттерінде ерлік қасиеттері аз болмаса да, өздерінің тыныштығын сүйіп әрі үй шаруашылығын күйттеп, ұзақ мерзімді әскери құрылыс орната алмағандығында еді. Славяндардың бейбақтығы – олар халықтардың арасында орналасқан жері бойынша бір жағынан немістермен іргелес жатса, екінші жағынан, олардың ту сырты шығыс татарлардың шапқыншылығы үшін ашық-шашық жатқандығында еді, бұлар татарлардан, тіпті моңғолдардан көп зәбір-жапа шекті. Бірақ бәрін өзгертіп отыратын уақыт доңғалағы тоқтаусыз айналып жататындықтан және славян ұлттарының көбісі Еуропаның ең шұрайлы жерлерін мекендегендіктен, осы жерлердің бәрі өңделген кезде (басқаша болуы мүмкін де емес, өйткені Еуропаның заңдары мен саясаты уақыт өте келе алаңсыз еңбекті және халықтар арасындағы бейбіт қарым-қатынасты барған сайын қолдайтын болады, тіпті басқаша жасай да алмайды), сонда әбден езілген, бір кездегі еңбекқор әрі бақытты славян халқы, ақырында өзінің ұзақ ауыр ұйқысынан оянып, құлдық бұғауын лақтырып тастап, жердің өздеріне тиесілі шұрайлы өңірлерін – Адриат теңізінен бастап Карпатқа дейін және Доннан Мульдаға дейін өңдеуге кіріседі де, сөйтіп, өздерінің байырғы тыныш еңбек пен сауда-саттық салтанатын мейрамдайтын кез келеді. Түрлі елдерде славян халқының тарихы бойынша пайдалы, тамаша
еңбектер4 жазылғандықтан, олардың олқылықтары басқа көздерден толықтырылғанын, жойылып бара жатқан славян салт-дәстүрлері, әндері мен әпсаналары жиналуын, ақырында, адамзаттың жалпы баяны талап етіп отырғанындай, осы тайпаның тұтас тарихы жасалғанын тілеу ғана қалады.
V Еуропадағы бөгде халықтар
Жоғарыда қарастырылған халықтардың бәрін, жалғыз венгрлерден басқаларын, біз Еуропаның түпкілікті байырғы ұлыстары деп санай аламыз, – олар есте жоқ ескі заманнан бері жер дүниенің осы бөлігін мекендеп келеді. Егер бұлар бір замандарда Азияда тіршілік етсе де (түрлі тілдердің туыстығы осылай болжауға мүмкіндік береді), бұл мәселені зерттеу де, Нұқ пайғамбар кемесі заманнан бастап осы халықтардың бәрі жүріп өткен жолдарды ізерлеу де, біздің баяндап отырған тарихымыздың аясынан тыс жатыр. Бірақ аталғандардан басқа Еуропа үшін бөгже халықтар аз емес, олар Еуропаның бағы мен сорына бұрын да белгілі ықпал етті, тіпті қазіргі кезде де солай ықпалын тигізіп келеді. Мұндай халықтарға ғұндар жатады, олар Еділ (Атилла) патша кезінде орасан кеңістікті баса-көктеп өтіп, бағындырды, ұйпа-тұйпасын шығарды; олар қалай дегенде де, сондай-ақ Аммианның сипаттауына қарағанда, моңғол тайпалы халық секілді. Егер ұлы Еділ Римнің жалынышын жерге тастамай, әлемнің астанасын өз патшалығының астанасына айналдырмағанда, Еуропаның бүкіл тарихы мүлдем өзгеше, мүлдем сұмдық болар еді! Ал қазір оның талқандалған халықтары өздерінің даласына қайтып кетті де, құдай жарылқап, өздерінен кейін Еуропада қалмақ халқының Қасиетті Рим империясын қалдырмады!
4 Фриш, Попович, Мюллер, Иордан, Штриттер, Геркен, Мезен, Антон, Добнер, Таубе, Фортис, Зульцер, Россиньоли, Добровски, Фойгт, Пельцель және басқалар.
Ғұндардан кейін Шығыс Еуропада бұлғарлар сойқан рөл атқарды, бірақ ақырында, венгрлер сияқты, оларды да ауыздықтаудың сәті түсті, олар христиандықты қабылдады, сөйтіп, келе-келе, славян тілін игеріп, басқа халықтар арасында көптің бірі болып кетті. Олар валахтармен бірге орнатып, Хемус тауында жариялаған жаңа патшалық та ыдырап тынды; олар дакия-иллирия-фракия өлкесінде мидай араласып тұрып жатқан орасан мол халықтар жұртшылығына сіңіп кетті: ол халықтың мінез-құлқы қазір ештеңемен ерекшеленбесе де, түрік империясының бір аймағы әлі күнге болгар атымен аталады. Біз Шығыс, тіпті Батыс Рим империясына маза бермеген хазарларға, аварларға, печенегтерге және басқа да көптеген халықтарға готтарға, славяндарға және өздерінен кейін баянды ештеңе қалдырмай, не Азияға оралған, не өзге халықтар арасына сіңіп кеткен басқа халықтарға соқпай өтеміз. Дегенмен, баяғы иллирийлердің, фракийлердің және македондардың жұрнақтары – албандарға, влахтарға, арнауттарға тоқталуға тура келеді. Олар жат жұрттық емес, Еуропаның ежелгі тайпалары; бір заманда олар негізгі ұлттар болған-ды, ал қазір олар – түрлі халықтар мен тілдерден қалған, араласып кеткен жұрнақ қана. Бізге Шыңғыс хан мен оның мұрагерлері тұсында Еуропаны қан қақсатқан кейінгі ғұндар тіптен жат. Бірінші жаулап алушы, Шыңғыс Днепрге дейін жетті де, кенет райынан айнып, кері қайтты; от шашып, қылышын жалаңдатқан оның мұрагері қырып-жойып сонау Германияға дейін жетті, бірақ беті қайтты. Шыңғыс ханның немересі Ресейді бағындырды, ол ел моңғолдарға бір жарым ғасыр бойы алым-салық төлеп тұрды; ақырында Ресей моңғол үстемдігінен құтылып қана қоймай, ол халықтарды өзі билеп-төстей бастады. Азия үстіртінің жыртқыш қасқырлары моңғолдар талай рет жер бетінің ойран-топырын шығарды; бірақ бірде-бір рет Еуропаны өздерінің даласына айналдыра алмады. Олар тіпті мұны қалаған да жоқ, іздегендері тек олжа болды. [...]
Сонымен, жер бетінің осы бөлігінде ұзақ не шамалы уақыт иеліктері болған немесе басқа халықтармен бірге тұрған халықтар туралы айту қалды. Ол халықтар мыналар. 1. Алдымен арабтар туралы. Дүниенің үш бөлігінде Шығыс империяға алғашқы ауыр соққы берген осы халық қана емес, бірақ арабтар 770 жыл Испанияны билегендіктен, ұзақ уақыт бойы Сицилияда, Сардинияда, Корсикада және Неапольда тұтасымен немесе ішінара патшалық құрғандықтан, және өз иеліктерінен бірте-бірте, аз-аздап қана айырылып отырғандықтан, әрине, барлық нәрседе, тілде және ойлау салтында, олар енгізген салттар мен мекемелерде олардың іздері қалды, ол іздер не әлі күнге жойылған жоқ, не өздерінің сол кездегі көршілеріне қатты ықпал етті. Сол кезде әлі жабайы Еуропаның талай жерінде олар білім шырағын жақты, тіпті крест жорықтары заманында да шығыс ағайындармен қауышу Еуропа үшін игілікті болды. Олардың көпшілігі христиандықты қабылдағандықтан, олар Еуропаның құрамына Испанияда, Сицилияда және өздері тұрып жатқан барлық жерде табиғи түрде сіңіп кетті. 2. Түркістаннан шыққан түріктер үш жүз жылдан бері дүниенің осы бөлігіне жайғасса да, Еуропада әлі күнге бөгделер болып қалып отыр. Олар мың жылдан астам өзі үшін де, жер үшін де ауыртпалық болып келген Шығыс Рим империясының түбіне жетті, сөйтіп олар ешқандай ескертусіз, ықылассыз өнер мен кәсіпшілікті Еуропаның батысына тықсырып тастады. Еуропа державаларына шабуыл жасай отырып, олар жүздеген жылдар бойы мемлекеттерді қырағы, ержүрек болуға мәжбүр етті; олар бұл жерлерде ешқандай дара билікке жол бермеді, – орасан жамандықтың титтей бір шарапаты осы, – өйткені Еуропаның тамаша шұрайлы жерлерін олар құлазыған дүзге, ал бір замандағы данышпан халықтарды – грек
тайпаларын – сенімсіз құлдарға, бейбастақ варварлаға айналдырды. Қаншама өнер туындысын надан түріктер қиратты! Ешқашан орны толмайтын талай нәрсе құрып кетті. Олардың империясы – сонда тұрып жатқан еуропалықтар үшін орасан зор абақты; уақыты келгенде ол да құлап түседі. Бұл жат жерліктер Еуропада кімге керек, қаншама ғасыр өтсе де әлі варвар болып қала бергісі келетін бұл азиялықтар кімге керек? [...]
Он сегізінші кітап
ІІ Остготтар мен лонгобардтар патшалықтары
Бұларды баяндауға кіріспес бұрын біз күллі дүниені қалтыратқан құдайдың қаһары, Еуропа аспанында аққан жұлдыздай өте шыққан ғұндар патшасы Еділге тоқталмай кете алмаймыз. Татариядағы жерлерінен үдере көтерілген ғұндар бүкіл неміс халықтарын қозғалысқа түсіргенін біз бұған дейін атап өткенбіз; бұл халықтардың соңғы елеулі қоныс аударуы еді әрі Рим империясының түбіне жетті; Еділдің тұсында ғұндардың күш-қуаты Еуропада өзінің ең жойқын шегіне жетті. Шығыс императорлары Еділге алым-салық төлеп тұрды; ол бұларды өз құлдарының қызметшісіндей жек көрді, өзіне жыл сайын 2100 қадақ алтын төлеп тұруға мәжбүр етті, сөйте тұра өзі зығыр киім киіп жүрді. Оған готтар, гепидтер, аландар, герулдер, аказирлер, тюрингтер және славяндар қызмет етті; оның өзі солтүстік Паннонияда кіп-кішкентай, адамы аз мекенде, ағаш үйде тұрды.5 Оның серіктері мен қонақтары алтын ыдыстан, ал оның өзі ағаш аяқтан ас ішті, ол алтын мен асыл тастарды бойына жолатпады, оның қылышы, оның атының әбзелдері алтынмен апталмады, күміспен күптелмеді. Ол әділ,
5 Еділдің мінез-құлқының ерекшеліктері Присктің елшілік жазбаларында ашып көрсетілген, бірақ, әрине, ол бойынша оның бүкіл өміріне толық қаныға алмайсыз. Ол жазбаларға және сол замандағы халықтар құлқына түсіндірмелер Ф. К. Й. Фишер тауып, басып шығарған “De prіma expedіtіone Attіlae. Lіps. , 1780" дастанында және “Еуропалықтардың V–VІ ғасырлардағы құлқы мен салттары. Франкфурт, 1784" кітабында жинақталған.
өзінің бодандарына өте қайырымды, дұшпандарына секемшіл, асқақтаған римдіктер алдында паң болды; тіптен оқыстан, сірә, вандалдар патшасы Гейзерихтің өнегесімен, ол барлық ұлыстардан құралған бес жүз мың әлде жеті жүз мың адамдық қолды үдере көтеріп, Батысқа бет алып, бүкіл Германияны құйындай басып, Рейнді көктей өтті, Галлияның жартысын қиратты – ақырында батыс халықтары жасақ жинап, оған қарсы шыққанға дейін бәрі оның алдында бас иді. Еділ айла-амал тұрғысынан өте көрегендік жасады, өз әскерін шегініп кетуге қашанда жол ашық жататын Каталаун даласына жинақтады; оған қарсы римдіктер, готтар, леттер, армориктер, бреондар, бургундар, сакстар, аландар, франктар шықты; шайқасты оның өзі басқарды. Кескілескен шайқас жүрді, вестготтар патшасы майдан даласында ажал құшты; сансыз сарбаз қырылды, шайқастың ақырын болмашы сәттер шешіп кетті. Еділ Рейннен кері өтті, ешкім оны өкшелей қуған жоқ; келесі жылы ол тың күшпен Альпы арқылы Италияға аттанды, оны барлық бағытта шарлап, Аквилейді қиратты, Миланды тонады, Павияны өртеді, сөйтіп бүкіл Рим империясын жою үшін бар күшін Римге төкті. Сол жерде Рим епископы Лев қаланы мүсіркеуді өтініп, қиыла оның алдынан шықты. Ғұндар патшасы аттың басын кері бұрып, Альпыдан асып кетті, Галлияда жеңіліп қалған шайқас үшін кек қайтаруға қамданып жүргенде, кенет ажалы жетті. Ғұндар оны қабырғалары қайыса жерледі; онымен бірге олардың сұмдық қайраттары да қайтты. Көп ұзамай оның ұлы Еллақ та қайтыс болды; патшалық ыдырады, ғұндардың қалдықтары Азияға қайта оралды немесе пышырап кетті. Еділ түрлі неміс халықтарының дастандарында баяндалатын, тойтомалақтарда ақындар оның ата-бабаларының ерліктерін жырға қосқан батыр Этцель корольдің нақ өзі; сонымен бірге медальдар мен картиналарда басына мүйіз салған, халқы орман жындары мен тамыры адам кейіптес өсімдіктерге айналып кететін жалмауыз да сол. Сәтін салғанда Лев қайысқан қолдан болмаған қайырды жасай алды, – ол Еуропаны қалмақтың табанынан құтқарды, өйткені Еділ моңғол
тайпасынан еді, бұны оның мәдениетінен, тұрмыс салтынан, дәстүрлері мен ғұрыптарынан білуге болады.
* * * Герулдер патшалығы туралы да айта кету керек, өйткені ол Батыс империяның түбіне жетті. Герулдер басқа да немістер сияқты талайдан римдіктердің жалдамалы жауынгерлері еді, империя әлсіреп, жалақы төлеуді тоқтатқан кезде олар ақыларын өздері қайтарды; Италияда жердің үштен бірі бұларға берілді, ал скирлердің, ругтардың және герулдердің басшысы, жолы болғыш авантюрист Одоакр Италияның тұңғыш королі болып шыға келді. Соңғы император Ромул мұның қолына түсті, бірақ оның жастығын және сымбатын ескерген Одоакр оған аяушылық жасап, оған зейнетақы тағайындап Кампаньюдағы Лукулла вилласына жөнелтті. Одоакр Сицилияны қоса алғанда бүкіл Италияны он жеті жыл басқарды, ел түрлі қасірет пен күйзелістен арыла алмаса да, ол жаман басқармады. Ақырында олжаға құныққан вестготтар патшасы жас батыр Теодорих одан Константинополь сарайында өзіне Италияны беруді талап етті, Одоакрды жеңді, қорлық мәмілеге барғысы келмеген Одоакрды өлтірді. Остготтардың Италияға үстемдігі осылай басталды.
* * * Теодорих остготтар корольдігінің негізін қалады, халық оны Дитрих Бернский деген атпен аңыз етеді; ол сымбатты денелі, ақыл-парасатты адам болған; ол кепіл ретінде Константинопольде тұрған, сонда тәрбиеленген және Шығыс империя үшін көп еңбек сіңірген. Константинопольде жүргенде-ақ оған патрцей және консул атақтары берілген; оның құрметіне король сарайының алдына мүсіні қойылған; ол Италияда бұдан да артық даңққа бөленді, бейбіт те әділ басқарды. [. . . ]
Еуропадағы неміс мемлекеттерінің тұрмыс салты туралы
жалпы пайымдау
Егер қоғам құрылысы адами рухтың, адами еңбекқорлықтың аса ұлы туындысы болса, егер жағдайдың, уақыттың, мекендеген жердің, нақты жағдайлардың бүкіл жиынтығына негізделген қоғам құрылысы ұзақ та алуан астарлы өмірлік тәжірибенің, ұдайы қырағылықтың нәтижесі ғана бола алса, немістерде Қара теңізде немесе солтүстік ормандарда қалыптасқандай кез-келген өміршең жайласу орнығып болған өмір салты немесе сән-салтанат яки соқыр сенімге негізделген мәдениет салдарынан бұзылыр біткен халыққа ауысқан кезде тіптен өзгеше салдарлар берді. Бұл халықтарды жеңу оларды басқарудан немесе олардың ортасында өзгермей қалудан гөрі оңай еді. Міне сондықтан, әртүрлі жерде құрылған неміс мемлекеттері көп ұзамай не жойылып кетіп отырды, не іштей ыдырап біткені соншалық, олардың бүкіл кейінгі тарихы әуел бастан теріс құрылған бүтінді жамап-жасқау ғана болып шықты. 1. Неміс халықтарының бүкіл жаулап алғандары қауымдық меншікті құрады. Бүкіл ұлт бір адамдай болды; соғыстың варварлық құқығына сәйкес жаулап алынғанның бәрі халықтікі болды және олар бәрібір ортақ меншікте қалатындай етіп бөлінуге тиіс еді. Бұған қалай қол жеткізуге болады? Даладағы көшпелі халықтар, ормандағы аңшылар, жортуыл кезіндегі әскер қолына түскенді өзара бөліске де, біртұтас бүтін күйінде қала алады; бірақ егер халық бөтен жерлерді басып алып, кең өріске қоныстанса, онда бұған қол жеткізу енді қиындау соғады. Әрбір жауынгер жаулап алынған жердің, өз телімінің иесі болады ғой; оның соғысқа бару міндеті және мемлекетке қатысты басқа да міндеттері мойнында қала берді; алайда біршама уақыт өткеннен кейін, ондағы қауымдастық рухы әлсірейді; ол енді халық жиналыстарына бар бермейді және енді өзі үшін мойынға артылған салмақ секілді соғысқа шақырудан жалтарып кетуге тырысады, сөйтіп оның орнына өзіне өзге міндеттемелер қабылдайды.
Мысалы, франктарда солай болды; еркін қауым енді мәслихат алаңына жиналмайтын болды, сөйтіп барлық шешім король мен оның қызметшілерінің ұйғарымына берілді, тіпті енді әскер жинау аса машақатты іске айналды. Сонымен, уақыт өте келе бостан адамдар барынша ұсақтады, өйткені әскерде қызмет етуді олар енді мол ақы үшін соғысқа аттануға әзір рыцарьларға тапсырды, ал ұлттың ең негізі, ең өзегі дәрменсіз бойкүйездікке бой алдырып, суы молайған сайын көптеген тармаққа тарамдалып кететін өзен сияқты қожырай берді. Егер енді, жаппай бойкүйездену дәуірінде, осындай іргетасы орнатылған мемлекетке қуатты соққы берілсе, оның күйреп түсетініне таңғалуға бола ма? Егер осы жолды ұстанған бостан жандардың ең жақсы құқықтары мен иеліктері бөгделердің қолында – олардың өкілдері болып әрі алмастырып жүрген адамдардың қолында өтуі үшін сыртқы жаудың да қажеті жоқтығы таңдандыра қояр ма екен? Бәрі де мамыражай өмірге, алаңсыз еңбекқорлыққа емес, тұтасымен алғанда соғыстар жүргізу үшін, барлығы да қозғалыс үстінде болатын өмірге лайықталған-ды. 2. Король бір елді басып алғанда, онымен бірге бұл жерге байбатшалар да ере келетін, сөйтіп король өзіне тиесілі жерлерден өзінің осынау серіктері мен вассалдарына, өзінің қызметшілері мен бодандарына жер телімі түрінде сауға таратып отырды. Бастапқыда ол ғұмыр бойына берілді, күнкөріс үшін үлестірілген мұндай иеліктер келе-келе мұраға қалдырылатын болды; тақсыр жерлерді өзіне ештеңе қалмағанша, өзі жұрдай болғанша үлестіре берді. Мемлекет осылай құрылған болса, әдетте вассалдар өзінің сюзеренінің, құлдар өзінің қожайынының бүкіл сөлін сорып алуға тырысатын, ал мемлекет әлі де өмір сүріп жатқандықтан, корольдің өзінде ешқандай артықшылықтар мен кірістер қалмайтын да, сөйтіп ол ақырында бүкіл корольдіктегі ең шыр бітпеген, ең кедей адам болып шыға келетін. Бірақ егер кәдуілгі қисынға салсақ, ұзақ соғыстар кезеңдерінде байбатшалар ұлттың, бостан қауымның негізін шайқалтпай қоймайтын еді, жоғарыда көргеніміздей бұл бостан
жандардың өздері байбатшаларға айналмаса болатын; осыдан-ақ мұндай уақыттарда сол кезде өте қажетті даңқты рыцарьлық кәсіп қаншалықты асқақтай алатынын көруге болады. Жаугер ордалар тұтас патшалықтарды басып алып жатты; кім әскери өнерге ұзақ машықта, сол семсердің көмегімен алуға болатын ештеңе қалмағанша ала берді, ала берді, ала берді. Ақыр соңында сюзеренде ештеңе қалмайтын, өйткені ол бәрін таратып беріп қойған-ды, ал еркін қауымда ештеңе болмады, өйткені бостан жандар не тым кедейленіп кетті, не өздері тектілерге айналып шыға келді; сонымен, бәрі бір-бірінің құлы болды. 3. Егер корольдар өз халқының ортақ иелігін аралап тұрса, дәлірек айтқанда, солай етуге тиіс болып, бірақ ол бір мезгілде барлық жерде бола алмайтындықтан, уәлилерсіз, герцогтар мен графтарсыз күн көре алмайтын. Ал немістің тұрмыс салтына сәйкес заң шығарушы, атқарушы және сот билігі әлі бөлінбегендіктен, осыдан сөзсіз дерлік мынадай жағдай туындайтын: уақыт өте келе әлсіз корольдар тұсында үлкен қалалардың, шалғай провинциялардың уәлилері өздері тақсыр немесе сатраптар болып шыға келетін. Готикалық құрылыс бөлшектері секілді, олардың шағын иелігінде үлкен иеліктегі нәрсенің бәрі болатындықтан, көп ұзамай, жағдайға қарай, олар сословиелермен сөз байласа алатын еді де, әлі тұтас мемлекетке тәуелді болса да, шағын патшалық пайда бола кететін. Ломбардия мен франктар империясы осылай бөлінді, және олардың бірлігі қыл үстінде, корольдің атымен ғана тіршілік етіп жатты; готтардың және вандалдардың корльдіктері де егер ұзағырақ өмір сүргенде, осы кепті киетін еді. Ал осы бытырап кеткен, кез-келген бөлігі дербес болудан үмітті бөлшектерді қайта біріктіру үшін Еуропаның неміс үлгісімен құрылған мемлекеттеріне бес жүз жыл керек болды, және кейбіреулері бұрынғы өз мүшелерін қайта біріктіре алмай-ақ қойды. Оқшаулану ұрығы мемлекеттік құрылыстың өзінде жатыр еді: мемлекет – полип, оның әрбір жеке, оқшау бөлігінде бүтіннің барлық сипаттары бар. 4. Осынау тұтас организмде бәрі бір тұлғаға тірелгендіктен, маңдай
алды жан, яғни король, және де билігі шексіз емес тұлға, осы организмде өзінің үйі және шаруашылығы арқылы тұтас ұлттың өкілі болды. Сондықтан оның тұтас алғандағы қадыр-қасиеті, былайша алғанда мемлекеттің атағы, оның сақшыларына, қызметшілеріне, құлдарына да ауысты. Корольге көрсетілетін жеке қызмет ең бірінші мемлекеттік міндеттер деп қаралды, өйткені корольді қоршап жүретін капеллан, атбегі, аспаз мәжілістерде, кеңестерде және тағы басқаларда корольге көмектесіп, қызмет етті. Құлық дөрекі де қарапайым кезде, бұл орынды нәрсе болатын, бірақ осы капелландар мен аспаздарды империядағы шын өкілдікті тұлғалар, мемлекеттегі ең маңдай алды адамдар деп білу, немесе, одан да сорақысы – ұрпақтан ұрпаққа берілетін, сөйтіп ғасырлардан ғасырларға созылып жататын құрметті мансаптар деп білу тіпті де орынсыз еді; соған қарамастан, орны ұлттың әкесінің, басшысының, қазысының сарайында емес, әлдебір татар ханының аста-төк сауықшыл шатырларына лайық сәнсалтанатты варвар нөкерлер, осынау сән-салтанатты варвар нөкерлер – Еуропаның кез-келген герман мемлекетінің өмір салтында бірінші әрі негізгі тұлғалар болып келді. Мемлекеттің ежелгі шарттылығы лыпасыз ақиқатқа айналды – бүкіл мемлекет корольдің сауықшыл дастарқанына, ат қорасына, ас үйіне айналып кетті. Қандайлық қайран қалдыратын құбылу! Корольдің әлем-жәлем малайы әлдебір құл мен вассалды білдірсе білдіре алар, бірақ ұлттың тіпті де жан-тәні бола алмайды, өйткені ұлт бірде-бір бостан мүшесімен корольдің құлы болған емес, оның қанаттасы, серіктесі болды – корольдің малайы ұлтты еш білдіре алмайды. Осы татар құрылысы еш жерде франктардағыдай өркендеген емес, еш жерде осы империя топырағындағыдай шешек атқан емес, осы арадан оны нормандар Англияға және Сицилияға көшіріп екті, императордың тәжімен бірге Германияға, ол жерден солтүстік корольдіктерге көшті, ал Бургундиядан сән-салтанатымен Испанияға көшіріп отырғызылды және барлық жерде уақыты мен орнына қарай жаңадан шешек атты. Мұндай мемлекеттік фантазиялы әміршінің үй шаруашылығын бейнеге, ұғымға, бүкіл
мемлекеттің жиынтығына айналдыруды гректер де, римдіктер де, Александр да, Август та білген емес, ал бұл поэзияның шыққан жері Жайықта немесе Енисей бойында, бұлғын мен ақкістің таңбаға баланып, елтаңбаларға әр беруі кездейсоқ емес. 5. Мұндай мемлекеттік құрылыс Еуропада, орнығып, бекіп қалмас еді, егер осы варварлық құрылыс осы одан да бұрын пайда болған варварлық мекемемен ұшыраспаса, бір-бірімен тіл табысып, орныға кетпес еді – сонымен ұшырасып, жараса кетті; ол мекеме – варварлық рим папалығы еді. Өйткені дін иелері сол кезде ғылымның жұрнағына иелік етті, онсыз тіпті варварлар да Еуропада күн көре алмайтын, сондықтан варварларда жер жаулап алумен бірге ғылымды да жаулап алу бірден-бір амал болды және бұл амал – епископтарды өз қатарларына тарту еді. Солай жасалды да. Байбатшалармен бір дін иелері де империяның сословиесіне айналды да, сарай малайларымен, сарай қызметшілерімен бірге олар сарай дінбасылары болып алды, сарай қызметшілері секілді дін иелеріне де түрлі бенефицийлер, артықшылықтар, жер үлестірілді, ал дін иелерінде дүниауи адамдармен салыстырғанда кейбір қосымша артықшылықтар болғандықтан, папалық үшін нақ осыдан артық бағалы да қымбат бірде-бір мемлекеттік құрылыс болған жоқ. Империяның дін басылар сословиесі құлықтарды жұмсартып, белгіленген тәртіпті орнатуға жәрдемдескенін теріске шығаруға болмағанымен, бірақ, екінші жағынан, екі құзіретті енгізу, тіпті мемлекет ішінде мемлекет пайда болды деуге тұратын нәрсе, империяның негізінің өзін шайқалтты. Рим папалығы және неміс құлқы мен салты рухынан өткен бір-біріне жат екі нәрсе жоқ: папалық олардың кейбір сипаттарын өзіне сіңіргенімен, олардың негізін ұдайы бүлдіріп, ақыр соңында барлығын да рим-неміс бейберекеттігіне айналдырды. Бұрын неміс халықтарының зәресін зәр түбіне кетіретін нәрсе енді олар үшін ұнамды да сүйкімді нәрсеге айналды, – олардың өз принциптері өздеріне қарсы қолданылды. Шіркеу мемлекеттен алған иеліктер бүкіл Еуропа бойынша біртұтас иелік етілді де, осы иеліктерін Рим епископы
кейбір дүниауи тақсырлардан неғұрлым қатаң басқарып, шашау шығармай сақтап отырды. Бұл қарама-қайшылыққа және өзара тартысқа толы мемлекеттік құрылыс еді. 6. Жауынгерлер мен монахтар елді асырамайды; ал сипатталған мемлекеттік құрылыста еңбекшілер бұқарасының қамы көп толғандырмайтындықтан, керісінше, барлығы да бүкіл дүниені епископтар мен байбатшаларға басыбайлы тәуелділікке айналдыруға бағытталғандықтан, әркімге аян: мемлекеттен ең жанды серіппе – адамдардың еңбекқорлығы, олардың іскер, тапқыр, бостан рухы ұзақ уақытқа атртып алынды. Жауынгер жер өңдеуді өзіне лайық емес деп санады, нәтижесінде ол азғындай берді; байбатшалар мен монастырьлар басыбайлы жандардың көбірек болғанын қалады, ал басыбайлылық ешқашан жақсылыққа жетелемеген. Жер, игілік өзінің әрбір бөлігінде, өздері құрайтын бүкіл тәнінде пайдалы, табиғи нәрсе деп емес, тәжге, немесе шіркеуге, немесе атақты тектің болмысына тиесілі бөлінбейтін өлі байлық, тіркелген құлдарымен қоса берілген жер телімі ретінде қарастырылатын тұста, жерді дұрыс пайдалану да, адам күшін шынайы бағалау да тым қиын болатын. Жердің көп бөлігін мардымсыз қауымдық жер құрады, адамдар, бейне хайуандар сияқты, осы жерге байланып қалды, ал қатаң заң олардың одан әйтеуір бір бөлініп кетуіне қатаң тиым салды. Кәсіпшілік пен өнерпаздық та осы жолмен дамыды. Онымен әйелдер және балалар айналысты, және де ол талай уақыт құлдардың жұмысы болып қала берді; рим дүниесінің тәжірибесі бойынша кәсіпшіліктің пайдалы екендігін біліп, монахтар оларды монастырьлар қабырғасына жақындатқанда да, императорлар қолөнершілерге қалалық цехтар артықшылығын бере бастағанда да іс жүзінде ештеңе өзгере қойған жоқ. Егіншілік сондай құлдырауда болса, өнер қалай көтерілмек? Егер байлықтың ең бірінші көзі – адамдардың тәуелсіз, пайда түсірер еңбегі сарқылса, сонымен бірге сауданың және еркін кәсіпкерліктің барлық жылғасы сарқылса, егер елде тек поп пен жауынгер ғана билеп-төстесе,
мүлікке, байлыққа тек солар ғана ие болса, тек солар ғана бұйрығын жүргізсе өнер қалай өркендемек? Уақыттың рухына сәйкес өнер де ортақ иелік (unіversіtates) пошымында, яғни цехтар пошымында ғана – сол заманда қауіпсіздік үшін қажет болған дөрекі пошымда ғана енгізіле алатын, ол адам рухын да тұсады, өйткені рух цех аясынан тыс жерде көріне алмайтын еді. Мұндай тәртіптерге біз ғасырлар бойы жер өңдеумен айналысып келген елдерде әлі де болса құнарсыз қауымдық жерлер ғана қалғаны, біржолата орнатылған цехтар, ордендер, бауырластықтар бұрынғы соқыр сенімдер мен адасушылықтарды мызғымаған күйінде сақтап қалғаны үшін қарыздармыз. Бүкіл адам рухы бір өлшеммен өлшенді, ол бір цех сандығына сиып кетті. 7. Осы айтылғанның бәрінен көрінетіні мынау: немістің өмір салты идеясы, шамасы жеткенінше табиғи да ізгі идея ежелден келе жатқан мәдениеті бар ұлан-байтақ елдерге, рим-католик дініндегі елдерге, оның үстіне жаулап алынған елдерге қолданылған кезде тек батыл эксперимент болып қана қалды, және оны қаншама ауытқушылықтар мен бұрмалаушылықтарды бастан кешіру күтіп тұрды; азды-көпті берік құрылыс қалыптасқанша, солтүстік және оңтүстік дүниенің халықтары ұзақ уақыт бойы саналы түрде осы идеяларға үйренісуі, осы ұғымдарды талай мәрте тексеріп, дамытуы керек болды. Шағын қауымдарда, сотта және істің мәні жанды тіршілікке тірелетін жалпы барлық жерде неміс өмір салты өзін аса жақсы көрсетті, және бұған дау жоқ. Ескі неміс принциптері – адамды атағы өзіне тең адамдардың соттауы, сот төрағасының құқықты алқабилерден ғана алатыны, кез-келген қылмыстың қауымдық өмірді бұзу ретінде жазалануын талап ету және оның заң әрпі бойынша емес, істің мәнісіне сергек көзқараспен бағалануға тиістігі, – осынау принциптер, сондай-ақ бірқатар басқа да сот, цех салттары мен өзге де салттар немістердің байыптылығы мен әділетті ақылын паш етеді. Ал егер мемлекет туралы айтар болсақ, немістердің ортақ меншікке, жалпыға ортақ әскери міндеттілікке, ұлттың баршаға ортақ бостандығына
көзқарасы ұлы да ізгі принциптер болатын; алайда дененің барлық мүшелеріне бірлік бере алатын, олардың арасында дұрыс қатынас орната алатын, бүкіл бүтінді жалғыз көзқараспен жандандыра алатын адамдар қажет болды, ал мұндай адамдар үлкендік құқығы бойынша дүниеге келе салмайды, сондықтан да болар іс болды: дененің бөліктері, ұлттың мүшелері, бой бермес күш-жігерге елігіп, ыдырап кетті, барлық қауқарсыздар басып-жаншылды, сөйтіп ақыл-ой мен еңбекқорлықтың жетіспеуі ұзақ уақыт бойы татар берекесіздігімен өтелді. Алайда герман халықтарының қауымдық өмір салты бүкіл әлемдік тарихта берік қорған болды, оның ішінде бұрынғы мәдениеттің қалдықтары дауылдар мен аласапырандардан аман қала алатын еді, оның ішінде Еуропаның қоғамдық рухы, бұл жер бетінің барлық бөлігіне өзінің ықпалын жасау үшін баяу да жасырын дами берді. Әуелі ұлы елестер, рухани елестің және басқаша монархияның елесі келді, бірақ бұл кейінгі елестер өздері жүзеге асыру үшін құрылған мақсаттарды емес, мүлдем өзге мақсаттарды жүзеге асыруға жәрдемдесті.
Он тоғызыншы кітап
Есімді жай ғана ауызға алудың салдары бұрын-соңды әулие Петрге бағышталған сөздің салдарындай зор болмаған секілді, ол мына сөз: осынау тасқа негізделіп ешқашан еңсерілмес шіркеу құрылды да, көктегі патшалықтың кілті соған беріледі. Жұрттың бәрі ойлағандай, Петрдің тағында, оның қабірінің жанында отырған епископ бұл сөзді өзіне арналғандай етіп түсіндірді де, жағдайлардың орайласуы нәтижесінде, ол христиан шіркеулерінің ішіндегі ең ірісінің басына келген кезде, ол діни бұйрықтар мен нұсқаулар беру құқығына ие болған, соборлар шақыру және соларда шешімдер шығару, догматтарды бекітіп, қорғау, кешіруге болмайтын күнәларды кешіру, өзінен басқа ешкім де рұқсат бере алмайтын нәрсеге рұқсат беру билігіне ие болған, қысқасы, ол құдайдың жердегі
билігін қолға алған кезде, ол осы діни монархиядан, бұдан кейін табиғи түрде келетін дүниауи-діни монархияға дереу көше қойды. Егер ол бұрын епископтар билігін тартып алатын болса, енді тақсырлардың билігі оның алдында дәрменсіз болып шықты. Ол батыс империяның тәжіне билігін жүргізді, өзі оны мойындауға ділгер болмады. Шіркеуден аластау, құдайға құлшылыққа тыйым салу – оның қолындағы үрейлендіру құралдары осылар еді; ол патшалықтар құрып, тарту етіп отырды, корольдерді осқылап та, олардың күнәларын кешіріп те отырды, тұтас бір елдердің құдайға құлшылығына тиым салды, бодандар мен вассалдарды өздерінің міндеттерінен босатты, бүкіл дін иелерін әйел алып, бала таптыру құқығынан айырды – қысқасы, ол ұзақ ғасырлар бойы шайқалтылса да, құртып жіберілмейтін жүйе құрды. Мұндай құбылыс назар аударуымызға әбден лайық, дүниенің бірде-бір билеушісіне биікке өрлеу Рим епископы секілді қиындыққа түспегендіктен, ең болмағанда бір нәрсеге лайық – біз ол туралы кез-келген басқа мемлекеттік құрылыс туралы айтқанымыздай, еш қынжылыссыз және ашу-ызасыз айтуымызға лайық.6
Қасиетті Рим билігі
Біз ғимарат салынған екен, онда оның негізінде белгілі бір жоспар жататындығына дағдыланғанбыз; бірақ саяси құрылыста бұлай сирек болады, өйткені мұнда ғимаратты тек уақыт қана тұрғызады. Егер Римнің рухани ұлылығын бөліп алатын болсақ, егер әуел бастан көзделгені тек осы мақсат болса, тіпті соған жалпы қол жеткізілгеніне де күмән келтіруге болады. Кез-келген басқа тахыт сияқты Рим тағында талай-талай епископтар отырып кетті, тіпті құрал тамаша болғанымен, уақыт кей-кейде
6 Сарпи мен Пуфендорф кезінен бері папалық тарихының жекелеген сәттері талданды, бірақ бұрмаланбаған, ақиқат тарих әлі күнге жасалған жоқ.
тым ауыр болды. Бірақ бұл тақтың мемлекеттік өнері, соның арқасында ол соншалық нығайып, асқақтай түскен өнер мынада еді – тіпті ауыр кезеңнің өзінен, сондай-ақ ізашарлар мен дұшпандардың қателіктерінен де пайда таба білу керек. Біз тек кейбір тарихи жағдайлар мен Римнің ұлылығы сүйенетін принциптерді ғана қарастырамыз. Ең басты нәрсені бізге “Рим” сөзінің өзі айтады: Рим – дүниенің ежелгі астанасы, халықтардың тәжі, ол епископты да өзінің рухымен еліктірді, оған лайық болатын түрінде халықтарға бас болу ойын сіңірді. Әрі епископ, әрі шейіт Петр туралы барлық аңыз Антиохияда немесе Иерусалимде көне де мәңгі Римнің дәуірлеп тұрған шіркеуіндегідей саяси ықпал ете қоймас еді, – епископ осы лайықты қаладан өзін өзінің еркінен тыс асқақтататын қаншама қасиет тапты! Рим халқының ештеңе түп тамырымен құрта алмаған, қаншама император оның алдында аяғын тартқан асқақтығы жер бетіндегі бірінші халықтың дін басшысы оны да алқалап ала жөнелді, ағылған ғылым мен дипломатиялық өнердің осынау жоғары мектебінде бір нәрсені, тіпті христиандық заманында жұртты осында ағылдырған нәрсені – Рим заңдарын үйрену ойына жетеледі, бұл, ежелгі римдіктер секілді, өз заңдарын шығара отырып, өз құқығын таңа отырып, бүкіл дүниені басқару үшін керек еді. Рим епископының көз алдында пұтқа сән-салтанатты табынушылық тұрды, ал Римнің мемлекеттік құрылысы абыздық және басшылық өкіметін ұштастырғандықтан, халық өзінің христиан епископы да, бұрын болып келгеніндей, бірден понтифекс максимус та, аруспекс те, авгур да болады деп күткен-ді. Триумфтарға, мереке-мейрамдарға, мемлекеттік актыларға дағдыланып кеткен халық христиандық дін молалар мен үңгірлерден шығып, өткен замандарға лайық ұлы ғибадатханаларға көшіп алып жатқанын ризашылықпен көрді, – рәсімдер, мереке-мейрамдар, салттар Римді екінші рет халықтар иесіне айналдырып жіберді. Халықтарға өз заңын беретін Рим даналығы ерте кездің өзінде-ақ оның шіркеудің бірлігін, ілімнің тазалығын, православиелік және
кафоликтік рухты талап етуінен көрінді, шіркеу ғимараты соның негізінде ғана тұрғызыла алатын еді. ІІ ғасырдың өзінде-ақ Виктор азиялық христиандарды, егер олар пасханы өздерімен бір мезгілде мерекелемейтін болса, онда оларды өз бауырлары деп танымайтындығын кесіп айта алды; ол-ол ма – шіркеудегі христиан-иудейлер мен христиан-пұтшылдар арасындағы алғашқы бөлінуді нақ Рим еңсерді: Павел мен Петр осы қалада дау-дамайсыз қатар жатыр. Жалпыға ортақ кафоликтік иман ілімі Рим тағында өмір сүріп жатты, кейбір папалар өздеріне ілімнен ауытқыды деп тағылған айыптан бастарын әзер арашалап алса да, олардың мұрагерлері әрбір жолы ақиқаттың жолын тауып, православиелік шіркеуінің билігін қайтадан қолға алыр отырды. Еретикалық ілімнің тегеуріні қаншама күшті болғанымен, Рим ешқашан ересь алдында илікпеді: шығыс императорлары, остготтар, вестготтар, бургундтар, лонгобардтар арийлар болды, олардың кейбіреулері Римде билік жүргізді, бірақ Рим католиктік болып қала берді. Рим кейінірек, грек шіркеуі дүниенің жартысына те болып жатса да, еш бұлтақсыз, онымен ірге ажыратты. Әлбетте, мұндай негіз – мызғымас тазалық, жалпыға ортақтық, кесіп айтылатындай Қасиетті кітап пен хадистерге негізделген кафоликтік иман, – мұндай негіз, қолайлы жағдайда, әлбетте, рухани қазы орынтағын орнатпай, оны қолдамай тұра алмайтын еді. Және де ондай қолайлы жағдайлар туды. Император Римнен қашып шықты, империя бөлшектерге бөлініп кетті, варварлар ағылып келді, олар талай мәрте Римді басып алып, тонады, осындай жағдайда епископтың қаланы талай рет құтқаруына тура келді. Ол қашып кеткен император астанасының бас иесіне айналды, Римнің ұлылығын құрметтейтін варварлар, оның жоғарғы абызынан қорқатын еді. Еділ шегініп кетті, Гейзерих мәмілеге келді; лонгобардтардың адуын корольдері Рим епископына ол Римнің қожайыны болмай тұрып-ақ бас иген-ді. Ол варварлар мен гректердің арасында ұзақ уақыт тепе-теңдікті ұстап тұра алды, – ол кейіннен өзі билеу үшін, бөлшектей білетін-ді. Мемлекеттік
өнер – бөлшектеу көмектеспеген кезде, ол өзіне көмекке келе алатын католиктік Францияны әзірлеп қойған еді; Рим епископы Альпіден өтіп, өзінің азаткерінен тілегенінен де көп нәрсе алды – өзінің епископтық астанасын да, экзархаттың барлық қалаларын да алды. Ақыр соңында Ұлы Карл Рим императорына айналғанда, бір Рим, бір император, бір папа дей бастады! Бұл ажыратуға болмайтын үш есім еді – халықтың бұдан былай бағы да, соры да осылар еді. Рим епископы өзін жарылқаушының ұлының өзіне-ақ адам естімеген нәрсені істеді, – бірақ оның кейінгі мұрагерлерін одан да қилы заман күтіп тұр еді. Епископ императорларды татуластырды, оларға бұйрығын жүргізді, оларды биліктен айырды, олардың басынан тәжді жұлып алды, өйткені оны бұлардың басына кигізген өзім деп ойлады. Үш жүз елу жыл бойы Римге осы тәбәрік үшін қатынап, тәж үшін өз халықтарының қанын құрбандыққа шалып отырған ақкөңіл немістер папалардың менмендігін осындай зәрін шашқан шекке дейін өздері жіберіп алды. Неміс императоры болмаса, оның империясы осындай бейшара түрде құрылмаса, дүниеге ешқандай Хильдебранд келмес еді, – Германия осы уақытқа дейін өзінің бейшара құрылысының салдарынан Рим тәжі жайғасқан жастық қызметін атқарып келеді. Пұтқа табынатын Рим өзінің жаулап алулары үшін оңтайлы, христиандық Рим өзі үшін сәтті орналасқан еді. Солтүстік және Шығыс теңізден, Қара теңіз жағалауларынан және Еділден сансыз халықтар ағылды да, Рим епископы, олар католиктік православие өлкесінде алаңсыз өмір сүруі үшін, оларды крестпен ұшықтауға тиіс болды, ал келмегендерді оның өзі іздеп тапты. Ол халықтарға дұғалар мен ладан жіберді, ал олар оған есесіне алтын мен күміс жөнелтті, оның көптеген қызметшілеріне егістіктер, ормандар, шалғындар бөліп беріп отырды. Бірақ олар тартқан ең тамаша сый – олардың ашық қарапайым жүрегі еді, олар өздері білетін күнадан көбірек күна жасайтын, сөйтіп папаның күнаны кешіруі үшін папа қолынан олардың тізбесін алды. Осы орайда Петрдің кілттері іске қосылып, олардың сыңғыры ағыл-тегіл тарту әкелді. Готтардың,
алемандардың, франктардың, ағылшындардың, сакстардың, даттардың, шведтердің, славяндардың, поляктардың, венгрлердің және прустардың жерлері дін иелері үшін қандай тамаша олжа еді! Халықтар көк патшалығының қол астына неғұрлым кеш кірсе, олар бұл үшін солғұрлым қымбат төледі, тіпті өздерінің жерлері мен бостандықтарын қиған кездері аз болмады. Солтүстікке алыстаған сайын, Шығысқа қашықтаған сайын илігу баяулай берді, есесіне жан-тәндерімн қатты берілді: халық иманды қиындау қабылдаған сайын, иманға ықыласпен құлады. Сөйтіп, ақырында Рим епископының рухани үйірі Солтүстікте Гренландияға дейін, Шығыста Дунай мен Днепрге дейін және Батыстың ең алыс тау бөктерлеріне дейін жайылды. Немістерді христиандыққа кіргізген Винфрид, яғни Бонифаций епископтардың үстінен папаның билігі нығаюына кез-келген императордан артық жәрдемдесті. Пұтқа табынушылар елінде епископ болған ол папаға адалдық антын берді, – кейіннен талап ете әрі үгіттей отырып, басқа епископтарды да осылай ант беруге көндіре алды, сөйтіп ақыр соңында, ант беру католиктік елдерде заңға айналды. Каролингтер тұсында жер қайта-қайта бөліске түсті, епископтық епархиялар бөлшектеле берді, сөйтіп олардың епархияларын билеу үшін папада қолайлы сәттер аз болмады. Ақыр соңында, Жалған Исидордың декреталийлер жинағы, франктар империясы мен Каролингтер тұсындағы немістер империясы аралығында алғаш рет пайда болған жалғыз кітап папаға императорлар тапсырған ондаған грамоталардан көп қызмет етті, – надандықтан, зейінсіздіктен, қулықтан осы кітапта жазылғанның бәрі ақиқат деп танылды, сөйтіп осы арқылы көне құқық та, жаңа қулықсұмдықтар да бекітіліп кетті; өйткені надандық, соқыр сенім әулие Петрдің ауымен жан-жүректерді аулаған байтақ та терең теңіз еді, ал бұл теңіз бүкіл батыс дүниесін алып жатты. Рим епископтарының мемлекеттік кемеңгерлігі ең алдымен аса жайсыз, ең жағымсыз жағдайлардың өзін өздеріне қызмет етуге мәжбүрлей
білуінен көрінеді. Оларды ұзақ уақыт бойы Шығыс империясының императорлары, сонан соң батыс императорлары тұқыртып отырды, алайда Константинопольдің кафоликтік епископ атағын нақ Рим епископына тиесілі деп тануына тура келді, нақ сол Германиядан империяның дін басыларына атақ беру құқығын алды. Грек шіркеуі Римнен бөлініп кетті және бұл да папаға пайдасын тигізді, папа оны да ешқашан батыстағыдай беделді бола алмас еді, – енді ол батыс шіркеуін мықтап қолға алды. Мұхамбет пайда болды, арабтар оңтүстік Еуропаның едәуір бөлігін басып алды, олар Римнен онша қашық емес жерге тақап келіп, сонда құрлыққа түспекке ниеттенді, бірақ бұл алапат та папаға пайдалы болды, өйткені ол грек императорларының әлсіздігін де, Еуропаға төнген қауіпті де пайдалана білді, – ол шайқас даласына өзі аттанды, Еуропаның құтқарушысы болып шыға келді, содан былай христиандық бөтен діндегілермен қасиетті соғыстың туына айналды. Бұл сұмдық соғыстар еді: папа аластаумен, тиым салумен қорқытып, осы соғысты бастауға мәжбүрлей алатын, – оның өзі соғыстың дем берушсісі ғана болып қоймай, қолбасшысы да, қазынашысы да болған кездер бірталай. Ол нормандардың арабтармен шайқастағы табыстарын да пайдаланды; ол өзіне тиесілі емес жерлерді соларға бөліп берді, соның арқасында басты мақсаттардан таймау үшін өзіне тылды қамтамасыз етті. Басында қай жерге дейін жетерін білмесе де, уақыт беріп отырған кез-келген артықшылықты қатаң ережелерге сай пайдалана алған жан бәрінен де алысқа жетеді деген сөз дәл айтылған.
Рим куриясы өзінің пайдасына жаратқан осы ережелердің кейбіреуін байыппен, сүйсінбей де, күйінбей де атап өтейік. 1. Римнің үстемдігі иманға, жерде де, көкте де жаныңды құтқаруға жәрдемдесуне тиіс иманға сүйенді. Адамдардың жанын бағыттап отыруға
көмектесетін барлық құралдар осы жүйеге кіруге тиіс болатын және Рим сол құралдардың бәрін таба алды. Адам барлық уақытта, анасының құрсағында жатқаннан көрге енгенше, тіпті тозақ алдында да шіркеудің қол астында қала берді және шіркеудің өктемдігенен қаһарға ұшырамай құтылуға оның титтей де үміті болмады; шіркеу адамның ақыл-ойын қалыптастырды, ол оның жүрегін өрекпіте де, тыныштандыра да алды, тәубе айту адамның жан сырының кілті еді, оның ар-ожданының, оның бойындағы барша құпияның кілті-тін және осы кілт шіркеудің қолында болды. Шіркеудің қаһарының астында діндар жан бүкіл өмір бойы сәби күйде қала берді және күнасына өкінген әрі сый-сыяпатқа жомарт адамды неғұрлым жомарттықпен кешіру үшін шіркеу өліммен қорқытып, оны жеті қабат жіппен матап тастады. Кедейлер мен патшалардың, серілер мен монахтардың, еркектер мен әйелдердің күні осылай болды, – өздерінің ақыл-парасатын да, өздерінің ар-ожданын да пайдалануға батпай, адамдар шіркеуге жүгінді және олардың әрбір қадамын бағыттап отыруда кемістік болған жоқ. Ал адам өзінің жан дүниесінде жалқау болғандықтан, жан жөніндегі христиандық қамқорлыққа үйреніп, енді онсыз қадам баса алмайтын еді, қайта өзінің ұрпақтарына мұраға шіркеудің қамытын бейне науқасқа мамық төсегендей қалдырып отырды – шіркеудің билігі адамның жан дүниесінің өзін билеп алған еді. Шіркеу діндар жанның ақыл-ойы мен ар-ожданын арбап алған бойда, бәрі де соның қолына көшті, ал оның рухани дән сеуіп, нақты жеміс жинағаны маңызды емес еді, – діндар жандардың шіркеуге мұндай адалдығы кезінде ол адамның тірі уағында-ақ оның бүкіл жан дүниесін билеп үлгерген еді. 2. Адамның иманын бағыттап отыру үшін шіркеу ең ұлы да маңызды құралдарды қолданған жоқ, қайта ең елеусіз әрі ең ұғынықты құралдарды пайдаланды, – шіркеу адамдардың діни сезімдерін азын-аулақпен-ақ оңай қанағаттандыруға болатынын білді. Крест, сәбилі құдай-ананың бейнесі, месса, тәспих аса тамылжыта ой толғаудан гөрі өз мақсатына дөп жетіп жатты және шіркеу осындай үй бұйымдарының өзін мейлінше үнемді де
аз-аздап қолданды. Месса жеткілікті жерде шоқындырудың қажеті болмады, жәй ғана месса жеткілікті жерде музыкаға ділгірлік болмады; наннан ауыз тиген жерде шараппен ауызданбауға болатын еді. Осындай үнемнің арқасында шіркеуде сансыз еркін кетушілікке рұқсат ету және тіпті де қымбат емес тарту жасау мүмкіндігі пайда болды; ең ұқыпты, үнемшіл қожайыннан ол судан, наннан, шараптан, бірнеше ойыншықтан, жүннен, миррадан және крестен шіркеудің жасағанынан артық жасай алар ма едің деп сұрауға болар еді! Бұл формулаларға, дұғаларға, рәсімдерге де қатысты. Шіркеу еш уақытта ештеңені босқа ойлап таппады және міндеттемеді; жаңа заман жаңа формулаларға қажеттілікті сезінгенімен, бұрынғылары қала берді; тақуа ұрпақ өздерінің ата-бабалары рахатқа батқанындай рахатқа кенелуге тиіс болды. Оның үстіне шіркеу өзі жасаған қателіктерді ешқашан мойындамады; егер олар тым барша елдің көз алдында жасалған болса, онда жасалған нәрсе жойылып отырды және ең жымысқы мәнерде жойылды, – басқа жағдайда бәрі бұрынғыша қала берді және жақсармады, қайта еселене түсті. Шіркеу осыншалықты пайымды жолмен жүре отырып, аспан әлемі әулиелерге толмай жатып-ақ байлық пен ғажайыптарға толды, ал әулиелер жасаған ғажайыптарға келсек, бұл жерде әңгімешілердің қиялында тоқтау жоқ еді. Бір нәрсе қайта-қайта қайталанады, бәрі де жалпыға ұғынықтылық, түсініктілік, қарапайымдылық принципіне құрылады, өйткені оқиғаның болуы мүлдем мүмкін еместігі жағдайында, оны еш қымсынбастан жиі қайталау, ақыры, оның ақиқаттығына сенуге мәжбүр етеді, – сөйтіп ондай әңгімелерге талай рет осылай сендіретін. 3. Өзінің ең азын қолдану принципіне жүгіне отырып, Рим мемлекеттік өнері ең нәзік пен ең тұрпайы нәрселерді біртұтас жымдастыра білді, сондықтан қай жағынан алғанда да шіркеуден асып түсу қиын. Аласапыран ауыр уақыттарда немесе мінезі жұмсақ, құлаққойғыш адамдармен әңгіме кезінде Рим папасынан өткен жуас, ұстамды, жан елжіретіп жалбарына білетін адам болмайтын, – бірде әулие
Петрдің, енді бірде қамқор әкейдің үні естіліп жататын, бірақ егер қажеттілік туа қалса ешкім де ол сияқты ашық, солай анайы, солай батыл да қатаң қимылдамайды. Папалар еш уақытта ештеңені талқыламайды – олар нұсқайды, бұйырады және әрбір ретте – олар жалынып, өтінген кезде, талап қойғыш, қоқан-лоққы жасаған, қасарысқан, жазалаған кезде – айлашарғыға толы батылдық жол ашып береді; бұл орайда өзіне теңдесі жоқ рим-католиктік буллалардың тілі сондай. Ежелгі Рим заңдарының үніндегі абыройдан аса сипатты өзгешелігі бар Орта ғасырлардағы шіркеу заңдарының, жолдауларының, декреталийларының ауаны, мүлдем өзіндік ауаны осындай; Христтың құлы бодандарымен, дүниауи адамдармен өзінің дұрыстығына кәміл сеніммен сөйлесіп үйренген, ол өзінің сөздерін қайтып алмайды. Әкенің абыройымен көмкерілген қасиетті деспотизм бейшара сарай қулық-сұмдығының ешкім сенбейтін бос ізеттілігінен дүниеде әлдеқайда көп іс тындырды. Папа өзіне не керек екендігін білетін, мойынсұнуды қандай тілмен талап етуді білетін. 4. Рим мемлекеттік өнері азаматтық қоғамда ештеңемен айрықша бөлек айналысқан жоқ, ешнәрсеге артықшылық берген жоқ – папалық курия өзі үшін өмір сүрді, өзіне бағыныштының бәрін пайдаланды, өзіне қарсы шыққанның бәрін де құртып жібере алатын, өйткені ол үшін бүкіл мәніс оның өзінде болатын. Христиандық державалардың есебінен өмір сүрген діни мемлекет, егер өзінің мақсаттары талап етсе, бірде ғылымға, бірде инсаният пен тәртіпке, біоде диқаншылыққа, көркем өнерге, саудаға пайда тигізбей отыра алмайтын, бірақ папизм ешқашан таза ағартуға да, үздік мемлекеттік құрылысқа жету жолындағы прогреске де, осы мақсаттар үшін не қажеттің бәріне де ешқашан қамқорлық жасаған емес, Орта ғасырлардың бүкіл тарихы көрсетіп отырғанындай, ол осының бәрін ойлап бас қатырған емес. Ол жаңа қылтиып шыққан ең тәуірдің өзін, егер жаңа нәрсе қауіп төндіретін болса, таптап тастай алатын, және неғұрлым оқымысты Рим папасы өз пікірін жасыруға немесе онысы папа тағының мәңгілік мақсатынан тым алшақтап кетсе, оларды жағдайға бейімдеуге тиіс
болды. Ал сол мақсатқа жәрдемдесетін нәрсенің бәріне, – өнерге, пайыздарға, бүлік шығарып, көтеріліс жасап жататын муниципиялық қалаларға, шіркеуге сыйға тартылған егістіктер мен жерлерге, – мұның бәріне шіркеу қам жеп, осының бәрін Құдайдың даңқын арттыра беру мақсатында басқарып отырды. Төңіректегі дүние қандай қозғалысқа түсіп жатса да, шіркеу ғаламның тапжылмайтын кіндігі болып қала берді. 5. Ал мұндай мақсат үшін Рим державасына оған пайдалының бәрі – соғыстар да, семсерлер де, өрттер де, қапастар да, ғайбат шығармалар да, өтірік ант ішу де, инквизиция соттары да, тыйым салулар да, қасірет пен сор да, жер мен көкті жайлаған зорлық та – қызмет етті. Елді оның тақсырына қарсы қою үшін жаназасын шығарудан басқаның бәрін, рахатқа бөлер барлық құралдарды сыпырып алуға болатын; әулие Петрдің кілттерін ұстай жүріп Құдайдың өсиетін де, адамдардың өсиетін де, халықтар мен азаматтардың құқықтарын да билеп-төстей беретін. 6. Шіркеу көп ұзамай тамұқ қақпасын ашуға тиіс болғандықтан, канондық нұсқаулардың осынау бүкіл жүйесі тек қана мәңгілікті, бір ғана мәңгілікті уағыздайтындықтан, кілттің матайтын және рұқсат ететін күшін, қасиетті рәміздер билігін, Петрден оның ізбасарлары мен оған қол тапсырған пірадарларға өтетін рух сыйын ескерсек, адамдар өміріне тереңірек енген державаны кім көрсете алар еді? Священниктер оған жантәнімен берілген, мәңгібақи оның малайлары – олардың шаштары сыпырылған, олар берген анттарынан айнымайды. Шіркеу мен священникті матаған дәнекерді ешкім де шеше алмайды, шіркеу священниктен әйелін, балаларын, әкесін, ұрпағын алып қояды; адам тұқымының мәуелі ағашынан кесіп алынған ол мәңгілікке кеуіп қалған шіркеу ағашына ұластырылады, – оның абыройы енді бұдан былай мәңгі шіркеудікі, шіркеудің пайдасы – оның пайдасы; райдан қайту мүмкін емес, жасағаныңа өкіну мүмкін емес, тек өлім ғана оның құлдық қызметін аяқтайды. Барлық алып қойылғанының орнына шіркеу осынау тұтқындарына олар іздей алатын кең өрісті – баспалдағы көп биік сатыны
көрсетті, онда бай, өктем құлға, барлық бостан адамдардың, әлемнің бүкіл ұлыларының қожайынына айналуға болады. Шіркеу атаққұмарды қошеметпен, діндарларды тақуалықпен еліктірді, бәріне де тегін олжа мен марапат табылды. Мұның үстіне, бүкіл осы заңдарға мынадай бір ерекшелік тән: сол заңдардың қалдықтары болса да сақталып отырған кезде, ол бола береді және тұтас күйінде бола береді – адам бір принципті ұстанады екен, ол барлығын да ұстануға тиіс; жан-жүректерді тозбайтын аумен ұстап алатын Петр тасы осындай, тіпті жеребе тастаған жауынгерлер арасында тек біреуіне ғана тиетін бөлінбес киім осындай. 7. Ал Римде, қасиетті алқаның басында тұрған сол біреу кім еді? Оған сайланатын бесігінің жанында тұрып, оған адал болуға, оның болашақ қыңырлықтарының бәрін мақұлдауға ант берілетін жылап жатқан сәби емес, болашақта оның көңіл күйінің нәуетек фавориті болу үшін барлық бозбалалық тентектігін елемей сеніміне кіретін, ойыншықпен әуре бала емес болатын, оған әрқашанда, әдетте, шіркеу істеріне әбден қаныққан, қызметкерлерді шақыру керек алқапты жақсы білетін еркек, қария сайланатын. Не бұл қария өз заманындағы тақсырлармен туыс болатын да, сын сәттерде қиындықты шешу үшін ғана шақырылатын. Оның өмірінің аяқталуына көп жыл қалмайтын да, ол өзінің мұрагерлері үшін байлық жинай алмайтын, ол тіпті оны жинай алған күннің өзінде христиандық понтификаттың байтақ әлемінде тіпті ілуде бір ғана еске алуға лайық болатын. Рим тағының мақсаты өзгермейтін және де тәжірибесі мол қария болған оқиғаларға тек өзінің атын беруге ғана тиіс болатын. Талай-талай папа өзіне жүктелген парыз ауыртпалығының астында көз жұмды, есесіне басқа біреулері, батыл да табанды адамдар, тәжірибелі құқықтанушылар, парасатты мемлекет қайраткерлері бірнеше жылдың ішінде әлсіз үкіметтер жарты ғасырда жасағаннан артық нәрселерді тындыра алды. Егер біз тек ең көрнекті, лайықты, ұлы папаларды ғана атауға ниет қылсақ, есімдердің ұзын тізімін келтірер едік, оларды еске алғанда, әрбір жолы олардың өзге мақсаттар үшін еңбектене алмағанына өкініш білдіруге тура келеді. Рим
тағында нәуетек даңғойлар дүниауи тақтағыдан аз болды, және олардың көбісінің кемшіліктері олар тек Рим папасының кемшіліктері болғандықтан ғана көзге ұрып тұрады.
Шіркеу иерархиясы Еуропаға қалай ықпал етті
Ең алдымен, христиандықты қандай бүркеме көлегейлеп тұрса да, ол өзінің табиғаты бойынша әкелуге тиіс жақсылықты айтқан жөн. Жарлылар мен теперіш көргендерге жанашырлық білдіре отырып, христиан діні оларды тіпті жабайы варварлық заман тұсында да өзінің қорғауына алды, – Галлияның, Испанияның, Италияның, Германияның талай әулие епископтары осындай жанашырлық көрсетті. Олардың үйлері мен ғибадатханалар қуғын-сүргінге ұшырағандардың панасына айналды; олар құлдарды сатып алды, ұрлап әкетілген жандарды босатты және сұмдық тағылық құл саудасына шамасы келгенінше кедергі жасап бақты. Христиандықтың бұл абыройын жоққа шығара алмайсың; өзінің принциптеріне адал ол адамзаттың езілген бөлігіне рақымшыл да шараптшыл болды; христиандық әуел бастан-ақ адамдарды құтқаруға қол ұшын беріп отырды, мұны тіпті саясаттан аулақ талай, Шығыс Рим императорларының заңдары қуаттайды. Ал Батыс шіркеуі осындай жарылқаушылық істерден тіпті де шет қала алмайтындықтан, папаларды былай қойғанда, испан, галл, неміс епископтарының талай декреттері осыны айғақтайды. Сол секілді ертеңгі күніне жаппай сенім жоқ дәуірде храмдар мен монастырьлар тыныш еңбектің, сауданың, егіншіліктің, өнер мен қолөнердің қасиетті панасы болғанын да жоққа шығаруға болмайды. Дін иелері жәрмеңкелер ұйымдастырды, олар солардың құрметіне әлі күнге дейін немісше “мессалар” деп аталады, және де олардың қауіпсіздігіне
тіпті император мен корольдің пәрмені де кепілдік бере алмайтын кездерде де, оларды құдайдың қызметшілері панасына алды. Суретшілер, түрлі кәсіптер баршаны басыбайлыға айналдырғысы келген дворяндардан қорғаныш іздеп, монастырь қабырғасына ағылды. Монахтар өз қолдарымен және басқалардың қолдарымен қараусыз қалған жерлерді өңдеді; олар монастырьға қажеттің бәрін өздері дайындады немесе бері салғанда монастырьлық құлшыныс пен еңбекқорлықты көтермелеп отырды. Антик авторлардың аман жеткен шығармалары да монастырьдан құтты орын тапты, – оларды аракідік көшіре отырып, келер ұрпақтар үшін сақтап қалды. Ақыр соңында, Латын тілін пайдаланатын құдайға құлшылықтың көмегімен өткенмен әлсіз байланыс та сақталып, ол байланыс кейін болашақтың игілігіне жаңа, жөн ақиқатты шығару үшін өткен тарихқа, ежелгілердің әдебиетіне жөн сілтеді. Сондай замандар монастырьлар қабырғаларын қажет етеді, зиянат етуші одан қорғаныш пен тамақ, баспана, жанына жайлылық, сенімді мекен таба алады. Мұндай зиянатшылық пен саяхатшылық елдерді алғаш рет бейбіт жолдармен байланыстырды; семсер де сақтай алмайтындарды асатаяқ сақтап қалды. Саяхаттардың арқасында бөтен елдер туралы алғашқы, балалық түсініктер де пайда болды, бұдан басқа аңыздар, әңгімелер, романстар мен дастандар туды. Мұның бәрі рас, ешкім де бұны теріске шығара алмайды; бірақ осы айтылғандардың көпшілігі Рим епископынсыз-ақ жасала алатындықтан, Еуропаға осынау рухани ағзам қандай пайда әкелгенін қарайық. 1. Пұтқа табынатын көптеген халықтар хистиан дініне кіргізілді. Бірақ қалай? Көбіне-көп қару-жарақ күшімен, құпия соттар, қырып-жойған соғыстар көмегімен. Соған ілік тауып берген Рим епископы емес демеңіз, ол бұларды құптады, солардың жемісін пайдаланды, ал мүмкін болған ретте, өзі де соларға ұқсады. еретиктерді псалом шырқап тұрып жазалау міне осыдан шықты, пұтқа табынушыларды мойынсұндыру мақсатын көздеген крест жорықтары міне осыдан, олжа әкелген жорықтар міне
осыдан, сол олжаларды папа мен тақсырлар, ордендер, прелаттар, ғибадатхана басшылары, уағызшылар өзара бөлісіп отырды. Тірі қалғандар басыбайлыға айналды және күні бүгінге дейін басыбайлы болыпр келеді, – христиандық Еуропа осылай құрылды, папа бата берген империялар осылай қаланды, ал кейінірек тақтайға шегелеп керіп тастау күллі дүниеге таратылып, ол кісі өлтірудің белгісіне айналды. Америкада әлі күнге дейін онда өлтірілген адамдардың қаны сасиды, Еуропаның бұғауланған халықтары өздерін христиандыққа көндірген зорлықшыларға әлі қарғыс айтады. Ал, Оңтүстік Франциядағы, Испаниядағы, әлемнің басқа да түпкірлеріндегі инквизицияның сансыз құрбандары, сіздердің күлдеріңіз көкке ұшты, сүйектеріңіз топыраққа айналды, бірақ сіздерге жасалған сұмдықтардың тарихы – сіздер арқылы қорланған адамзат атынан тағылар мәңгі айыптау. 2. Иерархияға Еуропаның барлық халықтарын бір христиан республикасына біріктіру еңбегі телінеді; бірақ олқандай республика? Барлық халықтар шегелеп керу алдында тізе бүгіп, бірдей мессаны тыңдайтыны, – әрине, бірталай тірлік, бірақ көп те емес. Рухани істерде барлық халықтарды бірдей Рим биледі, және мұның халықтарға пайдасы шамалы, өйткені Римге төленетін алымдар, және монахтардың, клириктердің, нунцийлардың, легаттардың қисапсыз саны Еуропа елдерінің мойнына артылған ауыр жүк болды. Еуропа державалары сол дәуірде бейбітшілік дегенді білген емес, – бұл, басқа себептермен қатар, нақ папаның Еуропаға жалған мемлекеттік жүйені таңуынан да еді. Христиандық птқа табынушылардың теңіздегі тонаушылығына үзілдікесілді бөгет болды, бірақ азулы христиан халықтары бір-бірін де аяусыз талады, олардың әрқайсысың өз ішінде де алауыздық толып жатыр еді және дүниауи, рухани істерде әлдебір тонаушылық көңіл күйі жайлап алған болатын. Нақ қос державалықтың өзі – әрбір мемлекеттің төріндегі папалық мемлекет – бірде-бір империяны өз бастауын таба алмайтындай күйге түсірді, оларға бұл туралы ой папалық жоғарғы билік уысынан
сытылып шыққаннан кейін ғана алғаш рет келді. Сөйтіп, Еуропа пұтқа табынушылар алдында ғана христиандық республика еді және бұл оның даңқын асыра қойғаны шамалы, өйткені крест жорықтарында эпик ақындар үшін де мадақтай қояр нәрсе жоққа тән. 3. Рим иерархиясының даңқы оның дүниауи тақсырлар мен дворяндар деспотизміне өзін қарсы қойып, төменгі сословиенің еңсе көтеруіне көмектескендігінде деген пікір бар. Бұл өзінше алғанда дұрыс, бірақ көп жағынан шектеуге болатын пікір. Неміс халықтарының бастапқы салтына деспотизмнің жат болғаны соншалық, неміс корольдері деспоттықпен билеп-төстеуді, егер осындай жан дертін үйренуге болады десек, епископтардан үйренді деп кесіп айтуға болады. Бас иеге көзсіз бас ұру туралы осынау бір шығысқа және монахтарға тән түсінікті халықтардың заңдарына, олардың тәлім-тәрбиесіне сіңірген нақ епископтар, олар мұндай ұғымдарды өз сословиесінен, Римнен алып, теріс түсіндірілетін Киелі кітаптан тапқан еді; епископтар тақсырлардың қызметін түк істемейтін қадыр-құрметке айналдырды, ал тақсырдың өзін құдіретті құқықтың елейімен сылап, баршаны атаққұмар құлқының қалауынша билеп-төстеуге бата берді. Корольдер өздерінің деспоттық билігінің бастауының көзін ашу үшін нақ дінбасыларының көмегіне жүгінді, дінбасыларына сый-сияпаттар, артықшылықтар берді, сонда басқа адамдардың мүдделерін мансұқ етуге жол ашылатын еді. Жалпы алғанда, өздерінің билігі мен артықшылықтарын көбейте отырып, дүниауи тақсырларға үлгі көрсеткен епископтар емес пе еді, тақсырлар солардан өнеге алған жоқ па? Заңсыз олжаны ақтаған солар емес пе. Ақыр соңында, корольдердің қазысы және деспоттардың деспоты сол папа бәрін де құдіреттің құқығымен шешіп отырды. Каролингтер, франктар заманында, шваб императорлары заманында ол бұрын-соңды болмаған талаптар қойды, – егер осындай бірдеңеге дүниауи тақсыр жол берсе, бұл жаппай наразылық туғызар еді; бұған қоса шваб корольдері әулетінен бір ғана ІІ Фридрихтың өмірі, оның қамқоршысы аса оқымысты құқықтанушы Рим
папасы болған бала күннен бергі өмірі, ол өлгенге дейінгі және оның немересі Конрадин өлгенге дейінгі өмірі – папалар Еуропаның тақсырларына қалай қазы билігін жүргізгені туралы жалпы айтуға болатын нәрсенің барлығының қорытындысы болуға тиісті. Осынау әулеттің қаны апостолдық таққа тамшылады. Бүкіл христиан әлемінің атынан барлық корольдерді, барлық елдерді соттау қандай сұмдық айбын! Бұның ділмар дәлелі – бірегей жан VІІ Григорий, одан әрі – ІІІ Иннокентий, VІІІ Бонифаций... 4. Рим иерархиясының ірі діни институттарының ықпалы барлық елдерде анық көрініп тұр; егер ежелгі қасиетті дастарқаннан қалған сарқытты талғажу етпесе, бәлкім ғылым баяғыда-ақ жүдеп-жадап бітер еді. Алайда мұнда да көне замандар рухын жалған түсініп қалу қатері бар. Монахтың тақуалығынан гөрі ең бастысы егіншілік туралы қам жеген бенедиктшіл болған емес. Ол жұмыс істемеуге болатын сәт соққан бойда жұмысты тоқтататын, ал олар тапқан қандай ірі ақша Римге және тіпті де маңайламауға тиісті басқа жерлерге де түсіп жатты десеңізші! Бенедиктшіл монахтар зор пайда беріп отырса, олардың соңынан Рим иерархиясы үшін өте тиімді, бірақ ғылым мен өнер үшін, мемлекеттер мен адамзат үшін салмағы өте ауыр басқа ордендер де пайда болды, – бұл ең алдымен қайыршылықты ұстанған ордендер еді. Және де, қайырымдылық бауырлары мен қарындастарынан басқа барлық осынау монахтар мен монах әйелдердің орны тек қатыгез, қаратүнек, варварлық заман ғана. Осы күні кім қасиетті Бенедикттің өнегесі бойынша жерді өңдеу үшін монастырь құрып жатыр, кім жәрмеңкелер өткізу үшін соборлар салып жатыр, кім мемлекеттік шаруашылықты жақсы жүргізуді Рим епископынан, мектеп ұйымдастыруды кім монастырьдің кәдуілгі схоластынан үйренбек? Сол бір көне замандарда ғылымның, инсанияттың, тәртіптің, қайырымдылықтың дамуына ішінара болса да жәрдемдескеннің бәріне баға жетпейтін еді. Бірақ ешкім де некеден күштеп тартыну анттарын, жұмыс істемеуді,
монастырь қайыршылығын сондай игі істерге жатқызып жүрмесін! Бірдебір діни партия олай жасамасын! Өйткені бұл анттар папа тағы үшін, жоғары билігі бар папа үшін өмірлік қажетті еді – шіркеу малайларын, олар біржолата тек папа мемлекетіне қызмет ету үшін, тірі тіршіліктен тартып алу қажет болды, – бірақ адамзат үшін бұл анттар жат және пайдасыз еді. Өзі қалаған адам, солай істей алатын адам жұбайсыз жүре берсін, қайыршылық жасай берсін, псалом әндете берсін, өз денесін өзі соққылап, тәспиғын санай берсін, бірақ тұтас айрықша цехтар, жалпы жұрттың қамқорлығын пайдалануы үшін, оларды қолдап отыру және әулиелік пен сіңірген төтенше еңбегі кейпімен адамдардың еңбекқорлығы мен жалпыға пайдалы ынтасы есебінен, жеке отбасылық өмірді және тіпті біздің табиғи бейімдеріміз бен әуестіктерімізді мансұқ ете отырып, өмір сүруін, олардың түрлі артықшылықтарға, түсімді орындарға ие болып, мәңгі әлпештелуін кім құптай, кім мақтай қояр екен? Науқас монах әйелдердің махаббаттан елжіреуі, монахтардың өз құпиялары болуы, дін иелерінің жасырын күнаға анық батуы, неке дәнекерлеріне дақ салуы, шіркеудің қайтыс болған жалғызбастылардың байлығын қарпи беруі, оқшауланған діни сословиенің дертті даңққұмарлығы солардың бәрінен нәр алғаны, – осының бәрі, ақыл-ойдың басқа да адасуылары секілді VІІ Григорийді алаң ете қойған жоқ, бірақ тарихтың ашық кітабы мұндай асыра сілтеушіліктердің неге апарып соқтырғанын бізге анық көрсетіп отыр. 5. Сонымен, қасиетті сандалбайлар жасаған зиянатты да мақтай алмаймыз: егер осы кезбеліктен сауда-саттыққа пайда түскенін, егер олар жаңа жерлерді білуге көмектескенін айтпасақ, онда олар елдермен және халықтармен танысуға тек ішінара ғана әрі мүлдем қарадүрсін жәрдемдесті. Әрине, пилигримнің киімімен жолға шығу, барлық жерде қорғаныш пен қамқорлық көру, жомарт монастырьлардан тамақ пен түнемелік жер табу, барлық жерде жолдас табу және, ақыр соңында, қасиетті тоғайдың немесе ғибадатхананың көлеңкесінде мауық басу мен
күнәсіне кешірім алу қолайлы еді. Бірақ егер тәтті қиялшылдықты байыпты нақтылыққа бұрсақ, онда аса ауыр қылмыстарын қасиетті киімкешек киіп алып жер бетінде жеңіл қыдырыспен жуып-шайғысы келетін зұлымдардың талайы кезіп жүретінін, бүкіл дүниені шарлап жүрген зияратшылар өздерінің бар иелігін тастап, таратып берген, өз сословиесінің басты міндеттерінен, адамзат алдындағы парызынан бас тартқан, киімін айналдырып киген есуастар екенін көруге болады, – олар енді мәңгі түзелмейтіндер, даңғой, ысырапқор, бұзылған ақымақтар. Зияратшылардың пәк өмір сүргендері сирек, ал олардың басты зиярат ету орындары орналасқан кейбір мемлекеттерге келтіретін шығындарының сомасы ол елдерді тақырға отырғызады. Адамдарды Иерусалимге жетелейтін осы тақуалық дертінің бір өзі крест жорықтарын бастап берді, бірнеше діни орденді дүниеге әкелді, сөйтіп мүлдем адамдарсыз қалған Еуропаны қаңыратты – осының бір өзі-ақ оған қарсы жақсы айғақ; ал егер осы дерт желеуімен Шығысқа христиан миссионерлері сұғынған болса, онда олардың түпкі көздегендері соншалықты кіршіксіз екені неғайбыл. 6. Ақыр соңында, бүкіл рим-католик елдерін біртұтас етіп байланыстырғаны күмәнсіз дәнекерлердің де түйіндері болмай қойған жоқ, өйткені монахтардың латын тілі Еуропа халықтары тілдерінің дамуына ғана емес, Еуропа халықтарының өздеріне де бөгет жасады, ол барлық басқаларымен қатар, халықты ортақ мәселелерді шешуге қандай да бір қатысудан айырды, өйткені халық латын тілін түсінбеді. Ал халықтық тіл ұлттың ортақ істерінен ығыстырылып шығарылғандықтан, онымен бірге ұлттық рух та ығыстырылғанан кейін, монахтық латын тілімен бірге монахтық құдайшылдық та өмірге енді, – монахтар жарамсақтықпен, қулықпен және тіпті жалғандық жолымен көздеген мақсатына қол жеткізе білетін. Барлық мемлекеттік актылардың, барша заңның, шешімнің, бүкіл мирастық өсиеттің, грамотаның, сауда мәмілесінің ғасырлар бойы латын тілінде жасалып келгені және тарихи оқиғалардың да латынша жазылғаны дін иелеріне, яғни оқымысты сословиеге өте тиімді болса, халықтың өзіне
тек зиян келтірді. Өйткені халық тек ана тілінің мәдениетімен ғана варварлықтан көтеріле алады, ал Еуропаның ұзақ уақыт варварлық күйінде қалғанының себебі бөтен тіл мың жылдай олардың сөйлеу мүшелерін буып келді, халықтан олардың жазба ескерткіштерінің қалдықтарын тартып алды, сөйтіп ұзақ уақытқа оларды отандық заңдар жинағынан, өзіндік құрылыстан және тарихтан айырды. Тек бір ғана халықтың тарихы ана тілінің ескерткіштеріне негізделген – бұл Ресейдің тарихы, бірақ мұның нақ осылай болған себебі бұл мемлекет Рим иерархиясынан тыс қалғандықтан: папа нунцийын Владимир қабылдамады. Еуропаның басқа елдерінде монах латыны мүмкін болғанның бәрін ығыстырып шығарды, егер ол бірдеңе үшін мақтауға лайық болса, ол қажетті сәтінде ежелгі әдебиеттің жақсы заманға өтуінің тар көпірі қызметін атқарғандығы ғана. Әдетте Орта ғасырларға айтылып жататын мадақтауларды шектегенде, мен мұны тым ықылассыз істедім, өйткені Рим иерархиясының көптеген мекемелері біз үшін әлі күнге сақтап отырған құндылықтарды терең сезінемін, қандай ауыр мұқтаждық уағында олардың құрылғанын көремін, және жан дүниесінің құтын қашырған, қадірлі көне ғимараттар мен құрылыстарды тұмшалаған жартылай түнекпен қимай қоштасамын. Рим иерархиясы варварлардың шапқыншылығына төтеп беруге қабілетті дөрекі қауашақ секілді өзінде ғана сақтала алатын дәстүрге баға жетпес қызмет көрсетті; ол бұған көп жақсылық сіңірген адамдардың күші мен ақылын айғақтайды, бірақ тек онда мызғымайтын позитивті мән-маңыз, тегінде, болмаса керек. Жеміс піскен кезде оның қауашағы жарылады ғой.
ІІІ
Шіркеудің дүниауи қамалдары
Бастапқыда неміс тайпалары мен халықтары өз корольдерін сайлап
алатын және бұл корольдер қолбасшылар, халықтың көсемдері, жоғарғы қазылар еді. Корольдерге епископтар тәж кигізе бастаған кезде, корольдер Құдайдың сылап-сыйпағандарына, өз елдерінде Шіркеудің қамқорына айналды; сонымен, Рим императорына папа тәж кигізе бастағанда ол императорды өзінің көмекшісі етіп тағайындағандай болды: папа – күн, император – ай, ал басқа корольдердің бәрі рим-католик Шіркеуінің аспанындағы жұлдыздар болып шықты. Мұндай жүйе қараңғы түнекте ойластырылды, бастапқыда ол Құдайдың жарлығына қаракөлеңкеде ғана көріне алатын, бірақ көп ұзамай жалпыға жария болды. [...] [...] Ұзақ уақыт бойы империяның барлық мекемелері осынау түсінікке тек бағына алатын – Шіркеу мемлекеттің ішінде емес, мемлекет Шіркеудің ішінде болды. 1. Діни және дүниауи кісілер империялық сословиелер болғандықтан, барлық аса маңызды салттар, мемлекеттік актылар, рыцарьлыққа қабылдау, жер бөліп беру Шіркеу мөрімен бекітілуге тиіс болды. Шіркеу мейрамдарына корольдер өзінің ауқымды сарай нөкерлерін жинады, олар ғибадатханаларда ұлықталды, Інжіл ұстап, әулиелер мәйітіне иіліп ант берді, олардың киім-кешегі дұғамен тазартылды, олардың тәждері мен семсерлері киелі саналды. Олар өзінің императорлық мәртебесі бойынша Шіркеу малайлары деп қаралды және негізінен діни атақ артықшылықтарын пайдаланды. Барлық салтанатты мемлекеттікактылар, әдетте, дінмен, құдайға құлшылық етумен байланыстырылды. Рыцарь алған алдаспан қасиетті дұғамен апталды, ал рыцарь атағы орденнің салтанатты рәсімдерімен ұштастырылған кезде, рәсімнің үштен бірі діни ғұрыптардан тұрды. Абырой мен сүйіспеншілік сезімі діндарлықпен астастырылды; қорланған пәктік пен жақсылықты өзіңді қорғағандай, христиандықты семсеріңмен қорғау, міне, бүкіл рыцарь ордендерінің мақсаты, өздері мәлімдегеніндей, осы ндайеді. Христос пен апостолдар, Құдай анасы және басқа да әулиелер христиандықтың, әрбір сословие мен мансаптың, жекелеген цехтардың, шіркеулердің, аббаттықтардың,
замоктардың, әулеттердің жебеушілеріне әлдеқашан айналған-ды, көп ұзамай олардың бейнелері байрақтарға, туларға, мөрлерге салынды, олардың есімдері жауынгерлік ұранға және парольға айналды. Інжіл оқыла отырып, қолға қару алынды; шайқасқа бара жатқанда дұға әндетіліп оқылды. Осындай көңіл күйімен дүниеге келген ғұрыптар еретиктермен, пұтқп табынушылармен және кәпірлермен соғысқа дайындалуға қызмет етті, енді тек баршаға жар салып, үлкен шайқасқа аттандау ғана қалып еді, жалаулатқан, серттескен бүкіл Еуропа сарациндерге, альбигойларға, славяндарға, прустарға, поляктарға қарсы аттанып кетті. Рухани рыцарьлық ордендерде – осынау одағай құрылымдарда бір адам әрі рыцарь әрі монах бола алатын: кейбір жағдайларда епископтар, аббаттар, тіпті папаның өзі ел баққан асатаяғын жиып қойып, қолына семсер алатын. [...] 2. Барлық мемлекеттерде сотта іс қарау қатаң католиктік тәртіпте болды. Халықтардың заңдары, олардың салттары папалардың жарлықтарына және Шіркеу ұлы жиналыстарының шешімдеріне сөзсіз жол беруге тиіс болды; тіпті Рим құқығы таралған кездің өзінде канондық құқық одан үстем тұрды. [...] Аббаттар мен епископтар Құдайдың жер бетіндегі бітістіруші қазылары болды, дін адамдары соттарда істі қағазға түсіріп отырды, заңдарды, жарғыларды, капитулярийларды жазды, аса маңызды істерде олар көбіне-көп тақсырлардың елшілері болды. Олар солтүстіктегі пұтқа табынушылар арасында сотта орасан зор беделге ие болатын және бұл бедел кейін, құқық докторлары сотта епископтарды ығыстырып шығарғанға дейін, христиандыққа ауысты. [...] 4. Ғылым мемлекеттен гөрі, Шіркеуге қарады. Шіркеу нені қаласа, соны оқытты және сол қағазға түсті; білім біткеннің баршасы монастырь мектебінен тарады; демек, Орта ғасырларда дүнеге келген біршама рухани туындыларда да тақуалық ойлау салты тұнып тұрды. Тіпті тарихтың өзі мемлекет үшін емес, Шіркеу үшін жазылды, өйткені дін басыларынан басқа оқи алатын жұртшылық аз ғана-тын, сондықтан Орта ғасырлардың үздік жазушыларында да поптық таным іздері сайрап жатыр. [...]
2. Рим иерархиясының езгісі бәлкім Орта ғасырлардың тұрпайы халықтарын матап ұстау үшін қажетті қамыт – шынжыр болған да шығар; ол болмаса, тегінде, Еуропа моңғол шөлі болмаса да, деспоттардың олжасына, мәңгі қырқыс алаңына айналар еді. Сондықтан Рим иерархиясы мақтауға да лайық – ол тепе-теңдік қызметін атқарды, бірақ ылғи тек осы күш, тек осы серіппе ұстап тұрса, Еуропа тибеттік үлгідегі шіркеулік мемлекет болып шыға келетін еді. Бірақ ықпал мен қарсы ықпал тараптардың бірде-бірі ойламаған салдарды туғызды; мұқтаждық, қауіпқатер, қажеттілік өмірге үшінші сословиені алып келді – ол алғашқы екі сословиенің арасынан өсіп шықты және осы жаңа сословие күллі орасан зор жанды организмге тіршілік нәрін берген қанға айналды, әйтпесе, организм семіп, жидіп кетер еді. Бұл ғылымға, пайдалы еңбекке, талпыныс пен бәсекеге негіз болған сословие; осы сословиенің арқасында рыцарьлық пен поптық өмірлік қажетті сословиелер болған дәуірдің баяу да болса, біржолата күні бітті. 3. Еуропаның жаңа мәдениеті қандай болуы мүмкін екендігі алдыңғы айтқандардан туындайды. Ол адамдардың өздері қандай болса және қандай болуды қаласа, тек сондай мәдениет, іскерлік, ғылым, өнер туғызған мәдениет бола алатын еді. Кім еңбекті, ғылымды, өнерді жек көрсе, кім оларға қажеттілікті сезінбесе, кім оларды бұзса және бұрмаласа, бұрын кім болса, сол қалпында қала берді; мәдениет барлық елдердің – барша сословиелердің және халықтардың – тәрбиесіне де, заңдарына да, тұрмыс салтына да біркелкі әрі жаппай сіңді, – Орта ғасырларда бұл туралы ой әлі жоқ-тын, оны ойлауға мұрша бола қоймаған-ды. Әйтсе де, адамдық парасат, адамдардың ынтымақпен еселенген еңбегі, тіпті жемісін көрер заман әлі туа қоймаса да, тежеуді білмей, ұдайы алға басып отырады және бұл жақсылыққа баланады.
"Гердер И. Г. Избранные сочинения. М., Л.,
1959"
басылымынан
қазақшалаған
Ақайдар
ЫСЫМ.
Иеремия Бентам
(1748–1832) – ағылшын құқықтанушысы, саяси ойшыл, моралист һәм философ-утилитарист. Адвокат отбасында туған. "Басқару туралы фрагмент" аталатын алғашқы ғылми еңбегі мемлекеттік билікті теократиялық һәм абсолютистік тұрғыдан түсіндіруді сынауға арналған; үкімет өзінің тіршілігін қоғамға пайда тигізетінімен ақтауға тиіс. Пайда принципі кейіннен автордың бірқатар басқа еңбектерінде, оның ішінде "Деонтология, немесе мораль туралы ғылым" (екі томдық) және "Мораль мен зан шығару принципіне кіріспе" ("Заң шығару принциптері" – осы шығарманың құрамды бөлігі) деген кітаптарында жан-жақты дәйектеліп, негізделе түседі. XІX ғасырдың басындағы өнеркәсіптік төңкерістен кейін Англияда орнаған қоғамдық һәм мемлекеттік құрылысты Бентам басқа да елдер үшін табиғи және
тартымды үлгі деп санады. Ж. Ж. Руссоның мемлекеттік құрылыстың бастау көзі ретіндегі қоғамдық шарт идеясына қарсы шықты. Бентам адамдардың моральдық мінез-құлқының негізгі дем берушісі пайда деп есептеді. Ең жақсы қоғамдық-саяси жүйе – заңдар сақталып, азаматтың жеке утилитарлық мүддесі қанағаттандырылатын деспократия.
ЗАҢ ШЫҒАРУ ПРИНЦИПТЕРІ
І тарау
Пайда принципі
Заңдардың түпкі мәні қоғамның игілігі болуы тиіс: ортақ пайда заңдар саласындағы кез-келген пайымдаудың өзегі болуға тиіс. Ғылым дегеніміз – аталмыш қоғамның игілігі неде екенін білу, өнер дегеніміз – осынау игіліктді жүзеге асырудың құралдарын табу. Жалпылама және бұлыңғыр пошымда білдірілгендіктен пайда принципіне дау айтыла бермейді: оған тіпті мораль мен саясаттың әлдебір таптаурын дүниесіндей қарайтындар бар. Бірақ мұндай бірауызды келісім – сырт көзге ғана. Бұл принциппен әрдайым бірдей идеяларды байланыстыра бермейді; оған әрдайым бірдей мән бере бермейді; ол дәйекті де бірсарынды пайымдау жүйесінің қайнар көзі де бола бермейді. Ол ие болуға тиіс күштің бәрін оған беру үшін, басқаша айтқанда – одан ортақ теорияның негізін жасау үшін үш бірдей шартты орындау керек. Бірінші шарт – осынау "пайда" сөзін анық та дәл ұғымдармен байланыстыру керек, соларды пайдаланатындардың барлығы үшін олар мүлдем бірдей күйінде қала беруге тиіс. Екінші шарт – осы принциптің бірлігі мен тәуелсіздігін орнықтырып, оған жат нәрсенің барлығын қатаң бөліп тастау керек. Бұл үшін бар
болғаны оны ортақ пошымда қабылдау керек; ешқандай солқылдақтыққа жол беруге болмайды. Үшінші шарт – моральдық арифметика әдісін тауып, соның көмегімен біркелкі нәтижелерге қол жеткізу. (...) Табиғат адамды ләззат пен азап билігіне бағындырған. Барлық идеяларымыз, барлық шешімдеріміз соларға байланысты. Осынау тәуелділіктен бостанмын дейтін адам не көкіп отырғанын өзі де білмейді: ол барша қызық-ләззаттан бас тартқан немесе ауыр азапқа бас байлаған сәттің өзінде де, оның бірден-бір мақсатын сол ләззатқа ұмтылып, азапқа ұшырамау құрайды. Осынау мәңгілік те еңсерілмес сезім моралистің де, заң шығарушының да басты зерттеу тақырыбы болуға тиіс. Пайда принципі барлығын да осынау екі қозғаушы күшке бағындырып қойған. Пайда дегеніңіз – дерексіз ұғым. Ол қандай бір заттың әлдене жамандықтан күн ілгері сақтандыра алуын немесе қандай да бір игілікке жеткізу өнерін яки қабілетін білдіреді. Жамандық дегеніңіз азаптану немесе азаптың себебі. Жақсылық дегеніңіз ләззат немесе ләззаттың себебі. Индивидуумның пайдасына немесе мүддесіне сай келетін нәрсенің бәрі оның дәулетінің жиынтығын құрайды. Қоғамның пайдасы мен мүддесіне сай келетін нәрсенің бәрі өзін құрайтын индивидуумдар дәулетінің ортақ жиынтығын ұлғайтады.
ІV тарау
Осынау принциптердің заң шығару саласындағы қарекеті
Барлық принциптер ішіндегі үкіметке барынша мол ықпал еткені – ұнау мен ұнамау принципі болды. Шынында да, тіпті мейлінше ізгі атауларман аталса да, бірақ бірден-бір және даусыз мақсат – бақытты көздемей жүргізілетін нәрсенің бәрін осы принципке жатқызу керек, олар – жақсы құлық, теңдік, бостандық, әділет, құдірет, жағылымдық тіпті дін;
бұлардың бәрі заң шығарушы ескеруге тиіс қастерлі, бірақ оны тым жиі адастыратын да нәрселер, өйткені ол бұларды мақсатқа жету құралы емес, мақсаттың өзі деп қарастырады. Ол бұларды бақыт іздеуге бағындырудың орнына, бақыт іздеуді солармен алмастырады. Мәселен, саяси экономия саласында үкімет бар назарын тек сауда мен байлық қамына аударып, қоғамға тек шеберхана, ал адамдарға өндіріс құралы деп қарайды да, соларды түсіндіре алатынын малданып, оларға азап тартқызатын нәрселерді ескере бермейді. Кедендер, банктер, мемлекеттік қағаздар оның бар назарын билеп алады. Ол өзі айықтыра алатын толып жатқан қасіретке немқұрайды қарайды. Ол тек ләззат алудың құралдары көбірек өндірілуінің қамын ғана күйттейді де, сөйте тұра ләззат алу мүмкіндігінің өзіне жаңа бөгесіндерді үздіксіз туындата береді. Енді бір үкіметтер мемлекеттің бақ-дәулеті айбындылығы мен даңқында деп біледі. Бейбіт беймәлімдік жағдайында бақыт дәмін татып отырған мемлекеттерге менсінбей қарайтын олар, құлық-сұмдыққа, келіссөздерге, соғысқа, жаулап алуға құмар. Олар бұл даңқтың қандай қасіреттерден құралатындығына, өздерінің қанды жеңістері қаншалық құрбандықтармен дайындалатындығына көңіл бөліп жатпайды. Жеңіс жаңғырығы, әлдебір облысты жаулап алу олардан өз елінің күйзеліске түскенін көлегейлеп, әміршінің ақиқат мақсатын ұмытып кетуге мәжбүр етеді. Көп адамдар мемлекет жақсы басқарылып отыр ма, заңдар мүлік пен кісіні қорғай ала ма, сайып келгенде, халық бақытты ма – осыларға көңіл бөлмейді. Олар үшін ең маңыздысы – саяси бостандық, яғни мүмкін болғанынша саяси билікті барынша теңдей бөлісу. Өздерінің сүйікті басқару пошымын кезіктіре алмаған жердің бәрінен олар тек құлдарды көреді; және де, сол құлдар өз жағдайына разы болса, оны өзгерте қоюға құлқы жоқ болса, саяси бостандықты жақтаушылар оларды жек көріп, жержебіріне жете бастайды. Өздерінің фанатизміне құлай берілген олар ұлттың бүкіл дәулетін азамат соғысында бәске тігіп, сұмдық
надандығының салдарынан биліктен өз ажалының құралын ғана жасай
алатындардың қолына өкіметті беруге әрдайым әзір тұрады. [...]
V тарау
Қосымша түсіндірулер – пайда принципіне қарсы ең келелі
пікірлер
Ымыра үшін саясатты моральдан бөле қарап, біріншісінің принципі пайда, екіншісінің принципі әділет деп мойындайтындар, өздерінің әрі-сәрі ұғымдарымен істі тек шатастырып бітеді. Саясат пен моральдің бүкіл айырмасы мынау ғана: біріншісі үкіметтер қызметін, екіншісі жеке кісілер мінез-құлқын бағыттап отырады; бірақ олардың ортақ пәні – бақыт. Үлкен сандарға қолданылғанда дұрыс болып кіші сандарға қолданылғанда бұрыс бола алмайтын арифметика ережелері секілді, саясаттағы жақсы нәрсе, моральда жаман бола алмайды.
X тарау
Саяси жақсылықтар мен жамандықтарды талдау
Кез-келген үкімет дәрігер секілді; оның бар шаруасы жамандықтың түрін таңдауға саяды; кез-келген заң жамандық, өйткені кез-келген заң бостандықты бұзу деген сөз; бірақ, қайталап айтамын, үкіметтің міндеті жамандық түрін таңдауға саяды. Осынау таңдау кезінде заң шығарушы қалай қимылдауға тиіс? Ол ең алдымен: 1) өзі алдын алуға тырысатын әрбір оқиға, қандай жағдайда жасалғанына қарамастан, шын мәнінде жамандық екендігіне; және 2) бұл жамандық оның алдын алу үшін пайдаланғысы келетін жамандықтан әлдеқайда елеулі екендігіне көз жеткізіп алуы тиіс.
Осылайша, екі нәрсені ескеру керек: олар – қылмыстың жамандығы және заңның жамандығы – дерттің зияны және дәрінің зияны. Жамандық жалғыз жүрмейді. Бір адамды билеп алған зиян одан, бір орталықтан тарағандай-ақ, әдетте жан-жаққа тарала бастайды. Осынау таралу кезінде ол әртүрлі пошымға ие болады: біз бір текті зиян басқа текті зияннан туыындап жататынын, тіпті пайдадан зиян, зияннан пайда туындап жататынын жиі көріп жүрміз. Осынау өзгерістердің бәрін ажырата білу қажет; тіпті заң шығарудың мәнісінің өзі нақ осында деуге болады. [...]
XІ тарау
Моральді заң шығарудан бөліп тұратын шектер туралы
Мораль дегеніміз жалпы алғанда адамдардың қарекетін түптің-түбінде бақыт неғұрлым көбірек болатындай етіп бағыттап отыру өнері. Заң шығарудың нысанасы да дәл осындай болуға тиіс. Бірақ осынау екі өнердің немесе осынау екі ғылымның мақсаты бір болғанымен, олар көлемі жағынан мықтап өзгешеленеді. Адамның қоғамдық та, жеке де қылықтарының бәрі мораль билігіндегі дүние. Мораль – адам өмірінің барлық жағдайында, оның жақындарымен барлық қарым-қатынасында дұрыс жол сілтейтін жолбасшы. Мораль әрбір адамға қоғамға пайдалы нәрсені жасауға міндеттейді, мұның ішінде, әрине, сол адамның өз пайдасы да бар, бірақ қоғамға пайдалы, алайда, заңдардың оларды адамдарға міндеттеуге құқығы жоқ толып жатқан іс-қарекеттер бар. Дәл сол секілді заңдар тиым сала алмайтын, ал мораль тиым сала алатын толып жатқан зиянды қылықтар бар. Қысқасы, заңдар мен моральдің түп қазығы бір де, шеңберлері жанаспайды. [...]
ІV тарау
Заңдардың орнын ауыстыру олардың кемшілігін анығырақ
көрсететіндігі хақында
Ағылшын заңдарының конституциялық бөлігі көп жағынан тәнті етеді. Заң шығарушы мекемелердің ұйымдастырылуы мінсіздіктің үлгісі дерлік. Бері салғанда, көптеген есті де қалыс адамдардың пікірі осындай, және біз осы конституцияның елдің жағдайы мен осындай жеткілікті бағалана қоймаған артықшылықты пайдаланып отырған халық өмірінің жай-күйіне қатысы жөнінен көбірек зерттей бастасақ, бұл пікірдің әділ екендігі неғұрлым анық бола түседі. Заңдардың сол біріншісімен тығыз байланысты әрі бірқатар негізгі бастаулары бойынша мақтауға тұрарлық екінші бөлігі –сот жүргізудің жариялылығы, саяси істердегі алқалық сот, баспасөз бостандығы, habeas corpus (кісінің ұлықтығы), жиналыстар мен петициялар құқығы, қоғамдық және жеке бас бостандығын қорғайтын басқа да заңдар. Заң шығарудың осынау негізі, сөз жоқ, оның маңызды бөлігі болып табылады, бірақ барлық заңдар жиынтығымен салыстырғанда ол жүзден бір бөлігін де құрамайды. Ал бұл екі арада конституциялық бөлік ие болған құрмет, қиялдың қарапайым да оп-оңай жолымен, әсіресе, ықыластың арқасында, қалғанының барлығына да табиғи түрде таралатынын оп-оңай түсінуге болады. Жақсылық жамандықтың күзетінде тұрады. Осындай ғаламат зандармен бірге олардың іске алғысызы да барау деген ой адамдардың үш үйықтаса түсіне де кірмейді. [...]
Иеремия Бентам
ЗАҢ ШЫҒАРУШЫ ЖИНАЛЫСТАРДЫҢ ТАКТИКАСЫ
І тарау
Грек тілінен енген, әскери іске қарата айтылуынан жұрттың бәрі білетін “тактика” сөзінің төл мағынасы – ретке келтіру өнері. Ол сөз армия қимылын басқара білу тұрғысында қолданылатыны секілді, саяси корпус операцияларын басқару өнеріне де жатқызыла алады. Реттеу сөзінің астарында бұл жерде – мақсат жатыр. Демек, саяси жиналыстардың тактикасы дегеніміздің өзі ғылым, ол жиналыстың қарекетінде реттілікті сақтау арқылы оны өзінің шақырылу мақсатына қалай жетелеу керектігін үйретеді. Басқарудың бұл саласында, көптеген басқа салаларындағыдай, мақсат, былайша айтқанда, енжар сипатта болады. Оған жету үшін қолайсыздықтан қашып, қиындықтарды алдын ала көре білу керек, өйткені қиындықтар бірлесе кеңесу ұйғарылған көпшілік қатысатын әрбір жиналыста кездеседі. Заң шығарушының өнері олардың қызметін еркін де жоспарлап орындауға зиянын тигізетін нәрсенің бәрін аластаумен шектеледі. Жиналыстың пайдасы не зияны басты-басты екі шартқа тәуелді. Олардың ең елеулі де ықпалдысы – жиналыс құрамы, одан кейін – оның қарекет тәсілі. Дәл осы шығарманың пәні де негізінен саяси жиналыстардың қарекет тәсілі болып табылады. Жиналыс құрамы, оның мүшелерінің саны мен сапасы, оларды сайлау тәсілі, сондай-ақ жиналыс мүшелерінің халық пен мемлекетке қатысы – мұның бәрі саяси құрылыс саласына жатады. Бірінші дәрежелі маңызы бар осынау мәселелер бойынша мен мынаны ғана көрсетемін: заң шығарушы жиналыстың құрамы, халықпен жанасу нүктелері неғұрлым көп болса, солғұрлым жақсы болады. [...]
ІV тарау
Заң шығарушы корпусты екі палатаға бөлу
Заң шығарушы корпусты екіге бөлу және шығарылған декрет заңды күшке ие болуы үшін олардың өзара келісімін талап ету керек пе? Мұндай бөлуді "қостап" та, "қарсы" да дәлелдер келтіруге болады. Осының екеуін де қарастырып көрейік. Заң шығарушы корпусты бөлудің төмендегідей қолайсыздықтары бар: 1. Бұлай ұйымдастырылғанда азшылық дәл көпшілік секілді маңызға ие болуы мүмкін, өйткені бір палатада тіпті бірауыздан қабылданған мәселе, екіншісінде бір ғана дауыс артықшылығымен өтпей қалуы мүмкін. 2. Мұндай бөлу палаталар құрамына қарай әрқилы екі бағыттың өрбуіне жәрдемдеседі. Шынында да, егер олар әрқилы сословиелердің мәселен, дворяндар мен қауымдардың өкілдері болса, мұның салдары бір таптың мүддесін бүкіл халық мүддесіне қарсы қоятын бір жағының әділетсіз басымдығы болып табылады. Ал егер екі палата да өзара ештеңеде бәсекелеспесе, мұның өзі мемлекеттік принциптердің құлдырауына жетелейді: бір палатадағы көпшілік дауысқа ие болатындар екіншісін мүлдем көзге ілмейтін болады. 3. Әрбір палата жиналыс біртұтас кезінде ие болатын мәліметтің бір бөлігінен айрылады. Бір ғана уәжді екі палатаны бірдей иландырып өткізу қиын болады. Бір палатада өз жағыңа шығару үшін келтірген уәждердің екіншісінде естен шығып кетуі де мүмкін. Мәселенің аныққанығын әбден зерттеп, ұсыныс енгізген автор өзіне қарсы шығатын жиналысқа қатыспайды. Сөйтіп ең мүдделі адамдардың пікірі тыңдалмай-ақ істің тағдыры шешіледі. 4. Мұндай бөлу істің барысын сөзсіз баяулатады. Екі палата бір мезгілде бір мәселемен бірдей шұғылдана алмайды, бері салғанда түпнұсқа құжаттар көрсетілуге немесе куәгерлерден жауап алуға тиіс болатын барлық жағдайларда солай болады да, соның салдарынан бір істі екі рет істеуге тура келеді, ал мұның өзі екі мерзімді қажет етеді. Мұндай жиналыстар бәсекелесіз тіршілік ете алмайды. Білгіргілік мәселесі туындайды да, олар келіссөзге итермелейді, көбіне-көп араның ашылуына
апарып соғады. Олардың кұқық пен артықшылықтар жөніндегі таластартыстары, солар туындататын қолайсыздықтар мен уақыт рәсуасын былай қойғанда, жиі-жиі жалпы тоқырауға соқтырады. Оның мысалын біз француз Бас штаттарынан көре аламыз. Сарай сословиелер арасындағы алауыздықтың отына май құйып, сол алауыздықтың негізінде штаттарды таратып жіберу ілігін әрқашан тауып отырды. 5. Мұндай бөлісудің ақтық нәтижесі құқықтарды жаңадан бөлісу болып шығады да, ол бір жиналысқа бастаманы, ал екіншісіне тек теріс қарау құқығын қалдырады. Осылайша ала қойды бөле қырқу орнысыз оппозицияның, дау-дамайдың, енжарлық пен тұрақты заңсыздықтардың ілігі болады да шығады. Тәуелсіз екі жиналыс түптің-түбі күш сынасып байқамай, ұзақ уақыт қатар өмір сүре алмақ емес. Оның үстіне іс басқарушылар да белгілі бір жобасыз, белгілі бір күшке сүйенбей қарекет жасай алмайды. Олар екі палатаның қайсысында істі бұрын бастау керектігін алдын ала шешіп алуға тиіс; егер олардың біреуінің екіншісіне қарағанда ықпалы зор болып көрінсе, ең маңызды ұсыныстардың барлығы соған жолданады. Тепе-теңдікті жоюға осының өзі жеткілікті. Іс жүзінде екі күштің айырмашылығы орнығады да, олардың біреуі ылғи бастамаға ие болады, екіншісі жай ғана теріс күш болып қала береді. Шынында да, егер жеке мүдде дейтінмен (ол жағы қашан да басым болады) санасар болсақ, онда жай ғана теріс күш болып қалған палата мүддесі кез-келген ұсынысты қабылдамай қоюға саятыны хақ. Терістей отырып, ол өзінің маңызын көрсетеді; келісе берсе, түкке алғысыздығын байқатады. Басты рөлді ойнау дегеніңіз – билеп-төстеу; екінші рөл – өзіңді басқаруға беру. ықпалға қол жеткізу тәсілдерінен айрылған бұл енжар палата бірте-бірте жұмысқа ынтасынан айрыла бастайды: енді ол тек ауыртпалық қана болып шығады. Ол енді ең оңай істі ғана – бәріне қарсы шығу ісін ғана сақтап қалады, айтпақшы, ол қоғамдық пікір алдында абыройдан жұрдай болып, өзінің жақсы беделінен айрылып қалатын жағдайларда олай істемейді. [...]
Екі палатаға бөлу мәселені шешерде тым асығыстыққа және ықтимал кездейсоқтыққа жол бермеудің төте жолы. Рас, бір палата болғанда да тиісінше ереже қабылдап, соның негізінде аса маңызды істерді бірнеше рет қарауға болады. Қауымдар палатасынан біз нақ осыны көреміз, онда үш оқылым, әртүрлі мерзімде үш рет талқылау, комитетте заң жобасын баптар бойынша талқылау, комитеттің баяндама жасауы, сол баяндаманы қарау, айрықша мүдделерді қорғайтын барлық адамдардың петиция беруі, сондай-ақ осы петицияларды қарайтын арнайы құн белгіленген. Осынау ортақ сақтық шараларымен және осылар тектес басқа да шаралармен кездейсоқтыққа қарсы күресіп, талқылаудың кемелдігіне қол жеткізіледі. Соған қарамастан бір палаталы жүйеде жоғарыдағы ережелердің орындалуы ештеңемен қамтамасыз етілмеген. Тәжірибе мынаны дәлелдейді: Палата белгіленген ережелерді көпе-көрнеу елемейді, ал жағдай әрқашан оның үстем партияның ығына жығылуына, яғни күн талабына жығылуға даяр ілік болып шыға келеді. Екі палата жағдайында, керісінше, барлық формальдылықтар қатаң сақталады, өйткені палаталардың бірі ол ережелерді бұзса, осы арқылы ол екінші палатаның кез-келген даулы жобаны қабылдамауына заңды ілік берер еді. Оның үстіне істі бір палатада ғана бірнеше рет қарау әртүрлі корпуста қарау сияқты кепілдік бере алмас еді. Істі жан-жақты қарау үшін мүдделер мен көзқарастардың, соқыр-сенімдер мен әдеттердің айырмашылығы қажет. Ұзақ уақыт бойы бірге істеген адамдар бірдей көзқарасқа, өзге қоғамдық мекеме табиғи балама болып шығатын белгілі бір корпоративтік рухқа ие болады. Сонымен, екінші палатаны іс алғаш қаралғаннан кейінгі жүгініс соты ретінде қарастыруға болады. Екінші артықшылық – біртұтас палатаның билігін шектеу. Халық сайлаған және өзгертіліп отыратын өкілдер палатасы осының салдарынан өзін сайлаушылардың еркімен санасуға мәжбүр ететін біршама
тәуелділікте болғанымен, біз, екінші жағынан, мүлдем ерікті де орынды сайлау және өзгертіп отыру жүйесін орнатуға болар еді деп топшылғанымызбен, сөйтсе де заң шығарушы жиналыс әрқашан өз пікірі жөнінде ғана жауапты болып қала береді, ал мұның өзі билікті теріс пайдалануға қарсы тіпті де мүлтіксіз кепілдік бола алмайды. Әртүрлі құрылған екі палата болған тұста оның біреуі екіншісінің табиғи ауыздығы болып шығады. Оның үстіне, бұл демагогия қатерін азайтады, өйткені бірде-бір адам екі палатада бірдей ықпалға ие бола алмайды. Ақыр соңында таланттылық пен халық сеніміне ие болу жағынан жарыс туындайды. Тіпті палаталардың біреуінің қызғанышы бұл жағдайда екіншісінің заңсыз ұмтылыстарына қарсы қорғаныс болып шығады да, әртүрлі бағыттағы нәпсілер күресінің салдарынан конституцияның мұрты бұзылмай сақталып қала береді. Үшінші артықшылық – дворяндар мен қауымдарды ажырату. Егер мемлекет ішінде, мысалы, дворяндар мен дін иелері секілді құдіретті де әлпештеулі сословиелер бар болса, бір палатадағы халық депутаттарымен қосқаннан гөрі, олардың өкілдеріне өз алдына жеке жиналыс ашып берген абзал. [...] [...] Палаталар құрамы қандай екендігіне қарамастан заң шығарушы корпусты бөлу реформаларға күшті бөгет жасайды. Мұндай жүйе жаңаны жасаудан гөрі, бұрынғыны жақсырақ сақтап қалады. Бірақ бұл әбден бекіген конституция тұсында оның қаншалықты қажет екендігін ғана дәлелдейді. Екі зәкірмен бекітіліген мемлекеттік кеме сол арқылы басқа ешқандай тәсілмен қол жеткізуге болмайтын қарсылық күшіне ие болады. [...]
"Бентам И. Тактика законодательных собраний. Спб., 1907" басылымынан қазақшалаған Сәкен ИМАНАСОВ.
Ч. Голл
ХVІІІ ғасырдағы ағылшын ойшылы, Англиядағы социалистік идеялар идеологтарының бірі. Голл шығармаларына фабрикалардың пайда болуына орай туындаған сол кездегі жаңа жағдаяттар ерекше әсер етті. Голл пайымдауларының түп негізі аграрлық жағдайлардан бастау алғанымен, әлеуметтік қарым-қатынастарды терең түсінуіне өнеркәсіп әлемін бақылаудың әсер еткені анық байқалар еді. Оның байлық дегенді тек игіліктердің жиынтығы емес, қоғамдық билік – бағыныштылық қатынастары деп білетіні, сондай-ақ билік – байлық қатынастарынан биліктің барлық басқа түрлерін шығаратыны көп нәрсені аңғартады.
Өх тұсындағы қоғамдағы өоғамдық қарама-қайшылықтарды тілге тиек ете отырып, ол осынау қарама-қайшылықтардың одан әрі сөзсіз ұлғая түсетінін, сонымен байланысты революция мен әскери диктатура қатері төніп келе жатқанын атап көрсетеді.
ӨРКЕНИЯТТЫҢ ЫҚПАЛЫ ТУРАЛЫ
Халықтың екі тапқа бөлінуі
Егер Солтүстік Америкада туған адам әйтеуір бір еуропалық ұлттың ортасына тап болып, бұл қоғамда адамдардың қандай ахуалда, қандай жағдайда өмір сүретіндігімен таныса қалса, ол олардың кейбіреулерінің арасындағы ас та төк ысырап пен сән-салтанатқа және қалғандарының барлығының арасындағы қайыршылық пен түнекке таң қалар еді де, оған бұл жағынан алғанда аталмыш өркениятты халық, баршасына біркелкі тұрмыс тән өз елінің адамдарынан көп өзгешеленетіндей болып көрінен еді. Сол себептен де ол, сөз жоқ, ахуалын өзі байқап көрген сол халықты екі тапқа, атап айтқанда – байлар мен кедейлерге бөлер еді. Біз де дәл солай бөлуге тиіспіз; және де адамдар тіршілік ететін ахуалдың айырмашылығы өркенияттың ұлы салдарына жататындықтан, біз бұл таптардың әрқайсысының жағдайын жеке-жеке қарастыруға тиіспіз. Біз ұлттардың ахуалын заң шығарушы жиналыстар жүргізетін зерттеулер жайында жиі естиміз; бірақ мұндай зерттеулер өте шектеулі сипатта болады. Егер бұл зерттеулерді қаржы министрлері жүргізсе, олар корольдіктің қаржылық жағдайының, кірісі мен шығысынан өзге ештеңені білгісі келмейді; егер соғыс министрі зерттесе, зерттеу тақырыбы армияның жағдайы; егер коммерсант зерттесе – өнеркәсіп пен сауданың жағдайы. Бірақ ұлт үшін осы мәселелердің кез-келгенінен әлдеқайда маңызды тағы бір тақырып бар, ол тақырыпты зертеу ешқашан және ешкімнің ойына кіріп-шықпайтын секілді көрінеді, ол – халық бұқарасының ахуалы мен жағдайы: ол немен күн көреді, не киінеді, қандай
үйлерде тұрып жатыр, отын-сумен қалай қамтамасыз етіледі, оны қалай оқытады, қысқасы – ол қандай тәндік, ақыли, тіпті рухани жағынан қандай артықшылықтарды пайдаланады немесе олардың қандайынан тұлдыр. Кедейлер, яғни халықтың қалың бұқарасы жөніндегі осындай егжейтегжейді білу – шын мәнінде ұлт жағдайын білу деген сөз. Өркеният жағдайындағы халықты көптеген әртүрлі таптарға бөлуге болады, бірақ оның жаны мен тәнінің саулығын сақтауға қажетті заттарды қаншалықты пайдаланып отырғанын, немесе олардан мақрұм қалғанын зерттеу үшін оны тек екі тапқа, атап айтқанда: біз жоғарыда істегеніміздей, байлар мен кедейлерге бөлу қажет; өйткені меншікке бірдей қатынастағы адамдар мұндай жағдайда бірдей тиімді мүмкіндіктерді пайдаланады, бұл оларды осындай жағдайға қоятын қаражаттың жер иеліктерінен, шіркеу кірісінен, заңгерлік қызметтен немесе қандай да бір басқа кәсіп не жұмыстан алынатындығына байланысты болмайды.
Байлықтың табиғаты мен салдарлары жайында
Өзінің мұқият талдап жазған "Халықтар байлығының табиғаты мен себебі" дейтін еңбегінің еш жерінде д-р Смит байлыққа қандай да бір анықтама бермейді. Біз жоғарыда айтқанымыздай, әдетте, байлық дегеніміз адамзат белгілі бір құндылық деп санауға келіскен, жер, мал, алтын, күміс, асыл тастар, т. б. секілді заттарға ие болу деп топшылайды. Бірақ сондай заттардың байлықтың мәнісі мен табиғаты ретінде қарастырылуы күмәнді секілді көрінеді, өйткені соларға ие болу кей-кейде олардың иесі үшін ешқандай құндылықты құрамайтын жағдайлар да кездеседі, мысалы Американың иен жатқан өңіріндегі жерлер сондай. Алтынның, күмістің, асыл тастардың және басқа да сол секілді заттардың көптеген жағдайларда, тұстарда олардың иелері үшін көк тиын құны, пайдасы болмауы әбден мүмкін; оларды сол заттардың иесі мұқтаж болған немесе аңсары ауған
заттар үшін төлем ретінде талап етілетін, айырбас ретінде кәдеге жарайтын жерлерде ғана байлық деп қарастыру керек (қазақтың "алтын, күміс тас екен, арпа, бидай ас екен" деген мәтелін еске түсіріңіз, – Ред.), ал әлгі заттардың бәрі адам еңбегінің туындысы болып табылады. Ендеше, адам еңбегін алуға болатын мүлікті және солардың көмегімен сол еңбекке үстемдік етуге болатын заттарға иелік ету ғана байлық деп қарастырылуға тиіс. Демек, байлық дегеніміз – адамға билік жүргізуге һәм оның еңбегіне үстемдік етуге мүмкіндік беретін нәрсеге ие болу; осылайша, байлық дегеніміз билік, ол сайып келгенде, сол билікке, тек соған ғана саяды... Байлықты құрайтын заттардың бүкіл сомасына ие болып отырған адамдардың жиынтығы өздігінен алғанда солардың біреуінің иелігіне жатпайтын адамдарға билігін жүргізіп, солардың еңбегіне үстемдік ететіндігіне жұрттың бәрі келіседі. Жарлы-жақыбайлардан бірде-бір индивид байлардан шыққан индивидтердің белгілі біреуіне қызмет етуге міндетті еместігі де рас; бірақ ол солардың біреуіне жұмыс істеуге міндетті болады, өйткені олар оған күн көру үшін қажетті нәрсені бермей қою қатері төнеді. Ол А, Б, В немесе Г-ге жұмыс істеуге міндетті емес, бірақ әйтеуір солардың біреуіне, бірі болмаса екіншісіне жұмыс істеу оның сөзсіз қажетіне айналады, және жұмыс істегенде де сол адам талап ететіндеей етіп істеуге тиісті болады. Гәп кедейлердің еңбегіне келіп тірелетіндіктен, байлардың осынау билігі жер бетінде бұрын-соңды өмір сүрген ең абсолютті монархтың билігі секілді күшті де нақты болып келеді; шындығына келсек, бұл билік, тегінде, тіпті одан да зор, өйткені бұрын-соңды орын алған барша басқару салты тұсында халық басына байлар орнатқан дәл осындай қаратүнекке ұқсас билік бола қойды деудің өзі дүдамал нәрсе. Соншама адамды кеніштердегі жұмысқа байлап беру, соншама көп адамды мұндай жиіркенішті, титықтататын, зорықтыратын, күйрететін жұмыспен шектеу – бұл дегеніңіз жер бетіндегі қандай да бір патша билігі де теңесе алмайтын ауыртпалық. Мұндай жазаларды жүзеге асыру үшін өзінің саны жағынан сол жазаға тартылған адамдар санына
парапар тұтас бір армия керек болар еді. Тирандар қолданатын жазасы әдетте олардың өз маңындағылармен шектеледі; ал байлықұ билігі бүкіл елге түгел жайылып, әрбір кедей адамды өз үстемдігіне бағындырады... Байлыққа, немесе, дұрысы, оның тең бөлінбеуіне жоғарыда көрсеткеніміздей, сондай зардап ілесе жүретіндіктен, оның шығу тегін, сондай-ақ оның әділеттігі мен орындылығын қысқаша зерттей кету қажет. Біз Еуропа халықтарынан ұшырататын меншік жүйесі Германияның ормандары мен жайылымдарында пайда болған, деп санайды, Монтескьё. Үйір-үйір мал иелері мен бақташылардың сол бір тайпалары өз елінде жүрген кезде кейбір жерлер әрбір тайпаның көлеміне қарай оларға телініп, бекітіліп берілді де, бүкіл тайпаның ортақ пайдалануында болды, бірақ жекелеген адамдардың иелігін құраған емес. Кейіннен, олар көрші жатқан Италия, Франция, Британия сияқты елдерге лап қойғанда, өздерінің жаулап алған жерлерін бекітіп алу және жаулап алынған адамдарды бағынышты етіп үстау мақсатында, өздері ие болған жерді бөліп беру қажетті іс деп ұйғарды... Д-р Джильберт Стюартқа сенсек, орданың королі немесе көсемі ол әлдебір римдік провинцияны (ол кезде бүкіл Еуропа солардан тұратын) жаулап алғаннан кейін өзінің жоғарғы мәртебесіне лайық үлестің ең елеулісін өзіне қалдыратын болған, сол үлес оның доменін (феодалдың тікелей меншікті жері яки корольге тиесілі жерлер – Ред.) құраған. Әрбір жауынгер өз дәрежесіне қарай тиісінше үлеске немесе жер теліміне ие болып, сол аллодтық (жерге тікелей меншік – Ред.) құрылысты туындатты. Жеке адамдарға бөлініп берілмеген жерлер, олардың ежелгі көзқарасына сәйкес, бүкіл қауымға тиесілі жерлер деп саналды, және ондай марка жерлері деп аталады. Монарх сол жерлерді де бөле бастап, мұны оған ие болған адамдардың өзінің әмірімен шақырылған кезде әскери қызметке келуімен байланыстырды. Сол кезден бастап жерге ие болу монархтың шақыруымен әскери қызметке келу міндетімен бірге көсемдерге көшті. Көсемдер де
жерді өз жақтастарына осындай аманатпен бөліп беретін болды да, мұның өзі, оларға жер алғандардың көмегін мәңгілікке қамтамасыз етті7. Осындай жолмен бүкіл жер, соған байланысы бар барша мүлікпен бірге алғашқы жаулаушыларға және содан кейін көп ұзамай олардың орнын басқандарға бөліп берілді. Жер мен ондағы мүлік сол кезде бүкіл меншікті яки байлықты құрайтындықтан, жаңағыдай бөлістің пәрменімен, халықтың бүкіл бұқарасы қандай да бір меншіктен жұрдай болып шыға келді. Жаулап алушылар санының қанша болғанын анықтау мүмкін емес, бірақ олар қанша болғанымен, жергілікті тұрғындарға шаққанда аз ғана бөлік болды; сол кезден бастап бірден және дәл қазіргідей сол мөлшерде тең емес меншік ахуалы орнатылды да, сол әлі күнге дейін Еуропаның көптеген мемлекеттеріндегі меншік жүйесінің негізі болып келе жатыр... Германдықтардың Рим провинцияларына басып кіргеніндей басып кіру болған жерлерде жекелеген адамдардың жердің бір бөлігіне ие болуы, тегінде, ол жайында жазып қалдыратын қандай да бір тарихшы пайда болғаннан бұрын да болған секілді. Бұл қалай және қандай принциптер негізінде жүзеге асқанын... бүгіндері қолмен қойғандай айтып беру мүмкін емес. Ең көне және барынша сенімді деректер бойынша Еуропаның көп бөлігінде алқап-алқапқа бөлінген жер сол кездің өзінде ірі аллодтық лордтар мен басқа да ірі меншік иелерінің қолында болған. Мұның бәрі қандай да бір сауда немесе кей-кейде ірі мекен-жай қазіргідей қолдан қолға өтетіні секілді басқа жолдар пайда болудан әлдеқайда бұрын орын алғандықтан, олар төмендегіге біршама ұқсас жолдармен пайда болуы әбден ықтимал. Мына жарық дүниеде адамдар алғаш пайда болған кезден бастап, ұзақ уақыт бойы, олардың барлығы үшін жер ортақ болғаны даусыз, қазіргі кезде де, жер шарының көптеген бөліктерінің – Солтүстік Американың, Татарияның және т.б. тұрғындарында жер ортақ игілік болып отыр, соған қарамастан, оларды варвар немесе жабайы адамдар дей
7 Жерді осылайша бөлу, оны ойлап табушылардың ойынша, халықты бағынышты етіп ұстау мақсатындағы әскери құрылысқа негізделген еді; содан қазіргі кезде де нақ сондай нәтиже әлі күнге дейін алынуда.
алмайсың. Осындай жағдайда өр мінезді бірнеше адам пайда болып, олар жердің кейбіңр бөліктерін өздері үшін ғана тартып алды, содан кейін оларға еліктейтіндер де пайда болады. Бұл, тегінде, жерге төте меншіктің бастапқы тұғыры болған сыңайлы, әйтпесе, басқаша қалай топшыламақпыз? Алғашқы жағдайдағыдай, жер ортақ болған кезде бірде бір жекелеген кісінің жердің қандай да бір бөлігіне төте құқығы болуы мүмкін емес еді, егер қоғамдық қызметінің пәрменімен, сіңірген еңбегі үшін қоғамнан сый ретінде жер алған кейбір белгілі адамдар болды деген топшылауды ескермесек солай болып шығады. Сонау бір көне замандарда, бері салғанда бұқара үшін, тегінде мұндай ештеңенің болуы мүмкін емес еді; немесе егер, бұл аздаған адамдар жөнінде орын алған күнде де,мұндай сый-сияпат күші соған келісім берген адамдар ғұмырынан ұзаққа созылуы мүмкін бе еді? Өйткені олардың болашақ ұрпақ есебінен ондай тарту жасауға ешқандай жаратылыстық құқығы болмайтын, себебі әрбір жаңа ұрпақтың жер пайдалану құқығы алдыңғы ұрпақпен бірдей. Демек, бастапқы кезде жердің қандай да бір бөлігіне ешкімнің төте құқығы болмайтын, бұл арада, бәлкім, өзін және өзінің жерін тіршілігіне керек өніммен қамтамасыз етуге жететін жер мөлшеріне ие болу кұқығын қосудың қажеті жоқ, өйткені ондай өнім үлесін иемденуге адамның жер ортақ игілік болған кезде де құқығы болған. Бұл уәждің даусыз екендігі соншалық, оны дәлелдеуді ешкім талап етпейді, бұған, әрине жергетөте меншік идеясын ана сүтімен бірге сіңірген, сөйтіп бұл идея ешқандай талдаусыз, өздерінің өмірінің қалған бөлігі бойында жадында қала беруіне жол берген адамдар, немесе өздерінің жеке мүддесіне құлай берілгені соншалық, ең анық ақиқаттың өзін көрмейтін басқа да адамдар жатпайды. Демек, дәлелдер түсіне білетін адамдарды иландыруға дәрменсіз: егер сол дәлелдердің бірінен нәтиже шығатындай болса, ол адамдарды өз мүддесінен гөрі әділетті артық көруге итермелей аллатындай болуы тиіс8.
8 Егер жерге төте де мәңгілік меншік принципі әділетті болса, соған ие адам, оған шексіз билігі болғандықтан, оны мүлдем тұл қалпында жата беруге арнай алар еді; егер бір жер иесінің сондай құқығы
Бірақ табиғи түрде тұтас бір халыққа тиістілі жер мен меншік деп аталатын басқаның санаулы ғана адамдардың қолына түсуін әділет пен парасат принциптері негізінде қорғауға бола ма, болмай ма – мұны, дейді бізге, орындылық немесе пайдалылық принциптерімен негіздеуге болады. Осылайша, егер меншікті сатып алуға немесе сіңірген еңбегі мен ықыласы үшін марапат ретінде беруге болмаса, онда адамзат өзінің күш-жігерін көрсетуге себеп таппай, жалқау, бойкүйез болар еді, деген желеуді көлденең тартады. Менің түсінігімше, бұл өмірде не болып жатқанына мүлдем қарамақарсы пікір. Игілік атаулының бәрі иемделіп, белгілі бір адамдардың қолына түсіп болып, заңдармен оларға түбегейлі бекітіліп берілгендіктен, олар үшін бұқара мүддесіне алуға болатын пайданы есептен шығарып тастауға тура келеді, және де білімі немесе байланысы жоқ адамның (азаматтың, көпшілік бұқарасының жағдайы сондай) өз тағдырын өз күшжігерімен жақсарту мүмкіндігі мыңнан тоғыз жүз тоқсан тоғыз жағдайда оған үзілді-кесілді қолайсыз болып шығады да, ондай қарекет жасау ниетін мүлдем басып тастайды. Ал, егер әрбір адамның белгілі бір жер үлесі болса, оның мұқтаждары мен қажеттері оны сол телімін дұрыстап өңдеуге табиғи түрде ынталандырар еді, сол жер, өзі көріп отырғанындай, сол қажеттерін сөзсіз қанағаттандырар еді9. Бірақ, егер меншік, яки байлық дегеніміз – билік болса, егер ол өркениятты мемлекеттердің көпшілігінде халықтың қалың бұқарасының қамын ойламайтын билік болса, онда оны қандай принциптің негізінде – әділеттілік немесе орындылық негізінде – қорғауға болатынын дәлелдеу оңайға түспес еді...
болса, баршасының да сондай құқығы болады, ендеше олар осылай қалған адамзатты құртып жіберуге құқықты болғаны. Бірақ бұл түйін сандырақ болғандықтан, оның алғышарттары да жалған болуға тиіс. 9 "Меншік қоғамның игілігіне негізделген; егер біз осыдан ауытқысақ, ол мүлдем негізінен айрылған болып шығады". (Hume s Essays, vol. ІІ, note T, page 253). Өз еңбегінің жемісінен ештеңе де күтпей және оның оннан сегізі басқа адамдарға кететінін білетін, бір шиллинг үшін күні бойы жұмыс істейтін диқан, деймін мен, өзінің меншікті жерінде еңбек етіп, өзінің өніміне – сол еңбегінен өнетін астыққа, шарапқа және майға құқығы болатын кездегідей жұмыс істей ме? Қазіргі жүйеде, жер иелерінің саны аз болғандықтан, жерге иелік еткендіктен сонда жұмыс істеуге шамалы адамдар ғана ынталандырылады. Ал меншік атаулыдан жұрдай адамдар қалың бұқара болғандықтан, қалың бұқараны рухтың құлдырауы билейді, өйткені оларда меншік жоқ.
Өркениятты мемлекеттердің көпшілігінде орнатылған меншікті сирек қолданылатын тұрғыдан да қарастыруға болады. Жерге, малға, астыққа және жерден өнетін басқа да игілікке ие болу оның иесіне пайда мен табыс әкеле отырып, сонымен бірге жері жоқтарға нұқсан келтіреді, зиян тигізеді; ол – бір жағдайда пайда, екінші жағдайда – сор. Оған қоса, бұл жер иесінің жері жоқтарға ықпал етіп, билік жүргізуіне мүмкіндік береді. Ол жері жоқтарды жері барлардың ықпалына түсіріп, билігіне бағындырады, ал мұның зардабы жері жоқ үшін тым зиянды. Байлықтың жер иесіне пайдалы болатыны ол жері жоқ адамға дәл сол пропорцияда зиянды болатындығынан. Егер байлық оған ие емес адамға ешқандай талап қоймайтын, оған ешқандай билік жүргізбейтін, ешқандай зиян тигізбейтін болса, байлық иесінің де дәмесін ұлғайтпас еді, оған ешқандай билік бермес еді, жалпы ешқандай пайда бермес еді. Байлық иесінде бар нәрсе – байлық иесі емес адам айрылып қалған нәрсе. Байлардың жағдайы мен кедейлердің жағдайы, алгебрадағы қосу мен алу термині сияқты, біріне-бірі ұдайы қарама-қарсылықта болады да, бірін бірі құртып отырады. Демек, бастапқы жерге ие болу немесе меншіктеп алу әділетті болу үшін сол жер тарту етілген немесе меншіктеп алған адам тарапынан еңбек сіңіруді, сол жердің құнына тең еңбек сіңіруді, ал жері алынатын адамның немесе қоғамның тарапынан кінәсі, олар жерге құқығынан айрылатындай кінәсі болуын талап еткен. Екі жағдайда да дәлелдеу – бірде құптайтын, екіншісінде құптамайтын дәлелдеу, – жерге төте билікті бастапқы негіздеудің әділеттілігін қорғауға дәмеленетіндердің міндеті. Бірақ оны қалай істеуге болады? Ең алғашқы ірі жер иеленуші ұлттың жерінен және сол жерде тұратын адамдар еңбегінен соншалық ірі үлес алатындай еңбек сіңіру үшін ол халық алдында қандай қызмет атқарғанын немесе қандай жақсылық жасағанын қалай анықтауға болады? Екінші жағынан, тұтас бір халықты жерге құқығынан айырарлықтай, ол қандай қылмыстар жасапты? Немесе, сол қылмыстарды жасай алғанның өзінде, әлгі дәмелілер сол халық дәулетті тұрғанына қалай сене қоймақ?
Адам өз қолымен өзіне тиесілі жер үлесінен алынған материалдардан қандай зат жасамасын, оны өз меншігі ретінде пайдалануына рұхсат берілуі керек, ал егер сол затты жасаған адам оны пайдаланбаса, бұл заттарды жинай беруіне керек немесе оларды басқа адамдар жасаған және соларға тиесілі басқа затқа, олардың сол затты жасауға жұмсаған еңбек мөлшерін дәл анықтай отырып, айырбастауына болады. Осындай жолмен жасалған немесе жеке айырбас арқылы алынған және жинап-терілген заттарды балаларына қалдыруға не басқа адамдарға беруге болады. Осындай жолмен алынған тауарларды, мүлікті немесе, айта салынатындай жеке мүкамалды ірі мөлшерде қысқа уақытта жинай алмайсың. Басқа бір адам жасап, сақтап қалған жылжитын мүлікке мирас ретінде ие болған адам оған енді тек өз қолымен жасаған, және өзі пайдаланбай, жинап-терген нәрсесін ғана үстей алады. Және де бірін бірі алмастыратын бірнеше буын ұрпақтың бәрі бірдей осындай дәйекті еңбекқор бола бермейтіндіктен, жинап-терген нәрсе ешқашан елеулі болмайды. Бірақ біз бірнеше ұрпақ қолымен жасалған жылжымайтын мүлік белгілі бір адамдардың қолына шоғырланды деп топшыласақ та, ол ешқандай ірі жайсыздық тудыра қоймайды. Заттар сол иесіне ешқандай билік бермейтін залалсыз үйінді қалпында қала берер еді де, соның пәрменімен бұл байлық тек залалды ғана болар еді, өйткені әрбір адамның жер телімі болса, халықтың еңбегі бостан күйінде қалып, оның өзінің қарауында бола берер еді де, тіршілік үшін қажет қаражатқа әркімнің-ақ қолы жетер еді; және, әрине, өркениятты ұлттардың көпшілігінде кездесетін меншіктің қазіргі жағдайына байланысты қасіреттердің бірін де көрмес еді. Дәулетті өзіндік бір аралық жолмен де, яғни байлықты жоғарыда баяндалған тәсілмен жер иелену арқылы жинау және адамның тек өз еңбегімен жасалған заттарды жинау арасындағы орташа жолмен де
жинауға болады. Бұл үшінші немесе аралық әдіс сауда арқылы жүзеге асады. Сауда дегеніміз – кедейлер өндірген затарды сатып алу мен сату және содан түсетін пайда. Бұл заттардың бәрі диқандар, мануфактуралар жұмысшыларының еңбегінің жемісі, олар әлгілерден өзінің толық құнынан кем бағамен алынады, әйтпесе олардан пайда түсіру мүмкін болмас еді. Яғни, сауда үлеске араласып, кедейлер еңбегі жемісінің бір бөлігін алады. Бұл әдіспен байлыққа ие болудың әділеттілігі жоғарыда айтылған екі жағдайдың соңғысы секілді айқын емес. Саудагерлердің кедейлер еңбегінің бір бөлігін иемденуінің құралы олардың капиталы, ол қолөнершілер пайдаланатын материалдарды жеткізіп отыруға, оларды күнделікті қажет нәрселермен қамтамасыз етуге жететін күш береді; және де осы негізде саудагерлер де жұмысшылар қолынан шыққан заттың бір бөлігіне ие болуды әділ талап етеді деп топшыланады. Осылайша, сол капиталдың табиғатын зерттеу қажеттігі туындайды. Саудагерлер капиталы өздеріне жұмыс істейтін қолөнершілер еңбегі арқылы эасалатын заттардың айналымға жіберілетін қорынан құралады. Оларда басқа да байлық болуы мүмкін, бірақ ол байлық осы зерттеудің пәні бола алмайды. Сол қордағы заттармен олар соған мұқтаж адамдарды жабдықтай алады. Осынау адамдардың өте үлкен бөлігі жер иелері немесе жерді жалға алушылар, яғни күнделікті қажет заттардың иелері болып табылады; осылайша, саудагерлер немесе мануфактуралар иелері – олар күнделікті қажет заттардың иелері өте мұқтаж болып отырған немесе соларды алғысы келетін заттардың иелері болғандықтан – сол күнделікті қажет заттардан дәмелі екендігін мәлімдейді; сондай саудагерлер мен мануфактура иелеріне белгілі мөлшерде жер үлесі не немесе оның өніміне ие адамдар деп қарауға болады. Олар, жерге меншігі бар заклад иесі соны кепілге қойып аванс ретінде берген соманың пайызына тең талап қоятыны секілді, оған талап қоя алады, яғни аталмыш жердің жыл қорытындысы
бойынша берген өнімінің белгілі бір бөлігіне құқығы болады. Сол капиталист немесе мануфактура қожайыны, осылайша, шын мәнінде жер иесі болып табылады, сөйтіп жер иесі ретінде күнделікті қажет заттардың белгілі бір бөлігін қарамағына алып, оған билік жүргізеді және, оның акционері деп атауға болатындар секілді, оларды біреуге бере де, өзінде ұстап тұра да алады. Демек, біз жоғарыда көрсеткеніміздей, жер иелері немесе күнделікті қажет заттардың иелері секілді, өзінің жұмысшыларын өзіне жұмыс істеуге және олардың жұмысымен өндірілетін өнімнің белгілі бір үлесін беріп отыруға мәжбүр етеді, өйткені кедейлер қажеттілік езгісімен ол ұсынған шарт бойынша жұмыс істеуге немесе тіршілігі үшін қажет заттарсыз жөніне кетуге мәжбүр болады. Олардың сол адамға немесе қоятын шартының одан еш айырмасы жоқ басқа бір адамға жұмыс істеуден өзге амалы қалмайды. Бұл арада екі жаққа да бірдей пайдалы ерікті келісім жоқ, бары – қожайындар тарапынан жасалатын абсолюттік қысым мен жұмысшылар тарапынан ұсынылған шартқа көнудің абсолютті қажеттігі; ал мұның өзі, демек қожайын жұмысшыдан бірдеңені тартып алатынымен парапар, және осындай жолмен жиналған дәулет әділетті жиналған дәулет бола алмайды. Саудагердің дәулет жинауы іс жүзінде жер меншігіне қатысудан басқа ештеңе еместігін оп-оңай байқауға болады, жер кез-келген байлықтың негізі, бастауы, мәнісі болып табылады және байлық атаулы соған саюға тиіс. Өркениятты мемлекеттердің көпшілігінде байлықтың кез-келген дерлік биліктің себебі болатыны жайыңда
Біз байлық дегеніміз кедейлер еңбегіне билік екендігін көрсетуге тырыстық. Бірақ байлық деген тек байлардың кедейлер еңбегіне билігінің белгілі бір түрі ғана емес, ол сондай-ақ өзінің иелеріне жалпы өркениятты мемлекеттердің көпшілігінде бар билік түрлерін түгел дерлік алып беріп,
қамтамасыз етудің ұлы құралы да болып табылады. Ол мемлекеттердің бай бөлігі заң шығарушы, атқарушы және сот билігі сияқты биліктердің бәрін және солардың тармақтары болып келетін шіркеу, сот, әскери билік және тағы басқаларын өз қолында жиып алған. Кедей адам белгілі жағдайларда дауысқа ие болғанымен, әдетте бұл салалардың бірімен тіпті де таныс емес, және де кедей адамның дауысы байлар тарапынан жасалатын қандай да бір ықпалмен бағытталып отырады. Тіпті солай болмағанның өзінде де, өкілдер немесе делегаттар әдетте кедейлер табына қарама-қарсы таптардан сайланады. Осылайша, бұл мемлекеттердегі байлар аристократияны құрайды, нағыз билік те солардың қолында, өйткені әрбір ұлттарда орнатылған басқару пошымдары әртүрлі бола алатындығына қарамастан, олар шын мәнінде емес, сырт көзге ғана әртүрлі көрінеді. Осынау басқару пошымдары не монархиялық, не республикалық пошымдар. Олардың біріншісіне, яғни абсолюттік монархияға келсек, билік өздігінен ешқандай жеке адамнан да, немесе, бері салғанда жекелеген адамдардың мұрагерлік алмасуынан да қандай да бір жеке немесе өзіне тән құралдың көмегімен тірек таба алмайды. Билік күш-қуаты барларға, біз көрсеткендей, бай болып табылатын және оны аталмыш жағдайда ұстап тұруға арнайы мүддесі бар адамдарға сүйенеді, өйткені солардың бәрі билікті қолдай отырып, соның есесіне сол биліктің өзі олар соны қорғауға күш-қуат алатын заттарды күзетуге пайдаланылады деп күтеді. Мұндай билікке ие және осынау мақсат үшін күш қолданатын жеке кісі емес, билікке күш беріп, соны оның бойында қолдап отыратын кісілер; олар шын мәнінде елдің әміршілері; әрбір дерлік өркениятты елдерде олар – байлар, яғни аристократия. Республикалық басқару тұсында бұл тым анық байқалып тұрады, өйткені ондай жағдайда нақ байлық билікті өзіне ие адамдардың қолына тапсырады.
Азшылықтың байлығы мен билігінің және бұқара ішінде
кедейшіліктің өсуі
Байлықтың табиғатының өзіне сәйкес ол соған иелердің қолында ғана ұлғая түсетіні, ешкімнің назарынан тыс қалып көрген емес. Байлық одан да көп байлыққа ие болу үшін жасайтын қолайлы жағдайлар орасан мол әрі айдан анық. "Тиыннан теңге құралады" – дейтін ескі мәтел де бар. Байлықтың іс жүзінде, молайды және молая түсуде, бұған өркениятты ұлттардың көпшілігі үшін бізде едәуір сенімді айғақтар бар. Біріншіден, жер рентасының еселеп өсуі – оның иелері үшін байлықтың мықтап ұлғаюы деген сөз, бұл өсу байлықтың өсуімен байланысты барлық салдарларды ілестіре жүреді, мұны біз қазір көреміз. Екіншіден, ұлттық қарыздың ұлғая түсуі байлықтың ұлғая түсуі деген сөз, қарыздың ұлғаюын байлықтың ұлғаюы деп атау қаншалықты қисынсыз көрінсе де, тап солай; бірақ іс жүзінде, барлық жағдайда байлықтың сипаты мен табиғаты сондай, атап айтқанда – бір кісі жағында талап ету тұрса, екіншісі жағында міндеттену тұрады. Бұған қоса, біз мынаны ескеруіміз қажет: кейбір мемлекеттерде өнеркәсіпте және сауда жолымен немесе өзге бір жолдармен өздері жасаған дәулеттің арқасында бірнеше жүздеген миллионнан тұратын сұмдық қарыз бере алатын адамдар шықты, сөйте тұра, олар кәсіпорындарға немесе жерге жұмсаған капитал азайған жоқ немесе тіпті өсе түсті. Үшіншіден, өркениятты мемлекеттердің көпшілігінде кәсіпкерлік қызметтің барлық дерлік салаларында капитал өсе түсуде деп ойлауға барлық негіз бар. Тегінде, мұндай пікірді бәрі де қуаттайды. Магазиндер, тауар қоймалары, машиналық құрал-жабдық, фабрикалар, верфьтер, флот, доктар, кеме жүзетін каналдар, экспорт пен импорт, демалыс орындары, сән-салтанат және жалпы ысырапшылдық, және тағы басқалар – осының бәрі барлық дерлік елдерде мықтап өсті. [...]
"Предшественники современного социализма"
басылымынан қазақшалаған Сәкен ИМАНАСОВ.
Вильям Годвин
(1756–1836). Ұлы француз революциясы дәуірінде Англиядағы радикалдық қозғалыста ірі рөл атқарған, еуропалық саяси ой-пікірге терең де ұзақ ықпал еткен ағылшын жазушысы. Саяси әліппенің етене бөлігіне айналған көптеген ұғымдарды, тіркестерді, терминдерді алғаш рет тұжырымдап, кеңінен таратқан да Годвин. Пастордың ұлы дін
қызметіне дайындалып, кальвинизм рухында қатаң тәрбие алады. Әйтсе де, кальвинистік колледжде оқып жүріп-ақ теологиядан гөрі, қоғамдықсаяси мәселелерге жақын екенін байқатты. 1882 жылы шіркеуден біржола безіп, Лондонда интеллигенттер үйірмесінің жетекшісіне айналады. Өз ойларының нәтижесін ол “Саяси әділет туралы зерттеу” трактатында (1791–1793) баяндады. Анархо-коммунист Годвин өз тұсындағы қоғамдық тәртіпті жамандықтың ошағы деп білді. Мемлекет пен оның заңдары – адамзаттың бір бөлігін екінші бір бөлігінің қанау органы. Меншік – адамзатты азғындау жолына түсіреді. Дін – езіп-жаншу құралы. Жамандық себебі – ақиқатты білмеу. Монархтар мен аристократия құриды. Меншік пен теңсіздік аласталады. Соғыс болмайды. Алайда, ондай жарқын болашақтың жолы революция емес, зомбылық.
САЯСИ ӘДІЛЕТ ТУРАЛЫ
Меншіктің ақиқат жүйесінің очерктері
Меншік туралы мәселе саяси әділет орнатуды аяқтайтын темірқазық болып табылады. Бұл мәселе жөніндегі өз көзқарасымыздың дұрыстығы негізінде біз үкіметсіз қоғамның қарапайым пошымы туралы түсінік қалыптастырып, бізді оның күрделі пошымына матап қойған соқыр сенімдерді серпіп тастай аламыз. Біздің пікірлеріміз бен көзқарастарымызды мүліктік игілік жөніндегі қате түсініктен артық ештеңе де соншалық бүлдіріп көрсете алмайды. Ақыр соңында, мәжбүрлеу мен жазалау жүйесін біржола аластайтын заманның тууы меншік туралы мәселенің дұрыс жолға қойылуымен тығыз байланысты. Меншікті жұмсау саласына ешқандай дау тудырмайтын сипаттағы әрқилы қулық-сұмдықтар еніп алды. Олардың әрқайсысы ерекше зерттеу тақырыбы бола алар еді, бірақ осы еңбекте олардың бәрін жеке-жеке қарауды қалдыра тұрып, біз алдымызға меншікті жұмсау барысындағы қулық-сұмдықтың жолай туындайтын ерекше түрлерін емес, осы орайда ылғи дерлік басшылыққа алынып келген және қате болғандықтан да жоғарыда көрсетілген қиянаттардың ғана емес, осынау қысқа тізімге
кіргізу үшін тым әрқилы және қолға түспейтін басқа да сан жетпейтін қиянаттардың қавйнар көзі секілді ортақ негізін ғана зерттеуді міндет етіп қойып отырмыз.
Басқару хақында
Үкіметтің заңды міндеті екеу ғана, олар – қауым ішінде жекелеген адамдар жөнінде әділетсіздікке жол бермеу және сырттан жасалатын шабуылға қарсы ортақ қорғаныс. Осы міндеттердің бізге үздіксіз талап қойып отыруға жалғыз өзінің ғана хақысы бар алғашқысы өзінің көлемі бойынша қауым ішіндегі жеке адамдардың теріс қылықтарын қарауға, сондай-ақ меншікке қатысты туындауы ықтимал мәселелер мен дауларды шешуге арналған ар сотын құруға мүмкіндік беретін ассоциацияның болуымен жеткілікті қамтамасыз етіледі. Іс жүзінде қылмыскердің мұндай соншалық ұсақ окургтің қолы жетер шектен тысқары жерде бой тасалауы қиын бола да қоймайды, сондықтан бастапқы кезде көрші қауымдар мен окургтердің де бізге ұқсас тәсілімен басқарылуы немесе олар, басқарудың кез-келген пошымында бола отырып, ең болмағанда дағдысы бізге де, оларға да бірдей залалды қылмыскерді аластау немесе түзету ісінде бізге жәрдемдесуі қажет болуы мүмкін. Алайда осынау мақсатқа жету үшін ерекше келісімнің де, өкіметтің ортақ болуының да қажеті жоқ. Ортақ әділет пен өзара пайдалылық қол қою мен мөрден гөрі адамдарды бұрынғыдан да біріктіре түсуге таптырмайтын құрал болып шығады. Бұл арада, ассоциация әуелгі кезде болған күнде де, қылмысы үшін жазалау мақсатымен қылмыскерді қудалаудың қажеттігі көп ұзамай тоқталар еді. Теріс қылық жасау іліктері ілуде бір ұшырар еді; оларды жасаудағы жырындылық одан да сирек кездесіп, қаталдық керексіз болып қалар еді. Жазалаудың басым мақсаты – қоғамның қауіпті мүшесін ауыздықтау; бұл мақсатқа шектеулі округ мүшелерінің мінез-құлқын ортақ та өзара қадағалау арқасында, сондай-ақ ешқандай қалтарыс-қатпары, эмпиристігі
жоқ адами пікірлерге тән нәрсеге айналатын байыптылық пен естіліктің арқасында жетуге болар еді. Бірде-бір адам айналасындағылар арасында толық мойындалған салауатты пікірге қарсы шығу үшін жамандық жолында қасарысып қалмас еді. Олай істеу мүлдем түңілуге немесе, ең абзалы, пиғылын өзгертуге жетелеуге тиіс болар еді. Таяқ пен бұғаудан әсері кем емес күш мінез-құлықты өзгеруге мәжбүр етер еді. Бұл очеркте саяси басқарудың негіздері қарадүрсін айтылды. Көрші қауым арасындағы даулар мүлдем ессіздік болар еді, өйткені тіпті омақа белгілеу туралы мәселе туа қалғанның өзінде, сол жер телімін өңдеп жүрген адам қай округке қарағысы келетіні мәселесіндегі ең қолайлы қазы екендігін әділет бізге дереу үйретер еді. Әділет парасат ережелерінен таймайтындықтан да, бірде-бір адамдар ассоцияциясы өз аумағын кеңейтуге мүдделі болмайды. Егер біз бір ассоцияция арқылы байланысқан адамдардың ілтипатына іліккіміз келсе, онда біз әділет пен ұстамдылық әмірін орындаудан артық ең дұрыс жолды таба алмаймыз; ал егер бұл күндердің күнінде ойдағыға жеткізе қоймаса, онда бұл кез-келген қоғамда мүше болуға лайық емес адамдар басында ғана болар еді. Қоғамның қылмыскерді жазалау міндеті қылмыскердің жазаға адамның сенуі қиын дайын тұруына емес, амалсыз қорғану (өзін-өзі қорғау) міндетіне негізделген. Алайда, мұндай қоғамдық құрылыста көрші екі қауымның арасындағы дау қаншалық парасатсыздық болғанымен, соған қарамастан, ол да ықтимал нәрсе. Сондықтан соншалық өрескел оқиғаның алдын алу үшін сақтық шараларын жасау қажет. Мұндай кездейсоқтықтар өзінің табиғаты жағынан жатжұрттықтардың басқыншылығына ұқсайды. Оларға қарсы әділет талабын мәлімдейтін – болғанда оны іспен қуаттайтын – бірнеше округ арасындағы келісім жолымен шара қолдануға болады. Жалпыға ортақ мүдде үшін біріге қарсылық көрсетуді талап ететін бұл екі кездейсоқтық, яғни, көрші екі окургтің өзара жауығуы мен жатжұрттықтардың шапқыншылығы жөнінде туындайтын ең көрнекі
пайымдаудың бірі мынадай: – олар өзінің табиғаты жағынан шынында да кездейсоқ, сондықтан оларға қарсы қолданылатын сақтық шаралары да, сіздің шын мағынасында, тұрақты болмауға тиіс. Басқаша айтсақ, ұлттық жиналыстың Францияда осы кезге дейін қолданылып келе жатқан перманенттігі тыныштық кезінде қажетті деп мойындала алмайды, бәлки, ол тіпті зиянды да болар (Book V. ch. XX). ... Осынау пайымдаулар бізге мынадай байлам жасауға жеткілікті негіз береді: ұлттық жиналыстар, немесе, басқаша айтсақ, екі міндеті бар жиналыс екі округ арасындағы дауды басатын және сырттан жасалатын шабуылды тойтарудың ең жақсы жолы жөнінде кеңесетін жиналыс кейбір жағдайларда оларға жүгіну қаншалық қажет болатындығына қарамастан, бәрібір мәселенің табиғаты қаншалық мүмкіндік беретіндігіне қарай соншалық сараң пайдаланылуға тиіс. Олар ежелгі Римдегі диктаторлар секілді, не төтенше жағдайларда ғана сайлануға, не ара-тұра мысалы, жылына бір күн мәжіліс құруға тиіс, алайда оның өздерін сайлаған сайлаушылардың шағымдары мен ұсыныстарын тыңдау үшін өз сессиясын белгілі бір шекке дейін соза алатын құқығы болуға тиіс. Көрсетілген тәсілдердің біріншісі көп артық. Айтылып кеткен пайымдаулардың кейбіреуі, өз табиғатының пәрменімен, қажет жағдайда болмаса, сайлауды да қолданбау керектігін көрсетуге арналған. Ұлттық жиналыстарды заңды түрде шақыру тәсілдерін ұсыну ешбір қиын емес. Тәжірибеге және өткеннің дағдысына сәйкес, жалпыға бірдей сайлауды округтердің белгілі бір саны талап еткенде ғана өткізу бәрінен қолайлы болар еді. Қатаң әділет пен қарапайымдылыққа бәрінен сай келетіні осынау шараны өткізуді ұсынған округтердің дәл санына сәйкес екі немесе екі жүз округ үшін өткізу. Басқарудың жаңа ғана нобайланған пошымына қолданылғанда демократияға қарсы бәрінен де қатты естілген үндердің мүлдем басылатынын терістейтін ешқандай парасатты негізі жоқ. Бұл арада шексіз билікке елірген бұқараның айқай-шуына, тираниясына, ат төбеліндей ғана
таптың саяси атаққұмарлығына немесе басқалардың мазасыз іштарлығы мен күманына ешқандай мүмкіндік қалмайды. Бұл арада бірде-бір демагог қалың тобырды өз мақсатының көрсоқыр құралына айналдырудың қолайлы сәтін таба алмас еді. Мұндай қоғамдық құрылыста адамдар өзінің құт-берекесіне көзі жетіп, оны қастерлей алар еді. Адамзаттың қалың көпшілігі жиі-жиі алаяқтардың алдап-арбауының құрбандығы бола беретіндігінің шынайы себебі әлеуметтік жүйенің күрделі де құпия табиғатында жатыр. Егер тек басқарудың көзбояушылық амалдарын құртып жіберсек-ақ, мемлекетті билеп-төстеп жүрген, оны алдап түсіруге тырысатын шулерлердің қулық-сұмдығын байқауға ең қарабайыр түйсіктің де дайындығы жеткілікті болар еді (Book V, ch. XXІІІ).
Үкіметті жою туралы
Бізге енді өзгертілген тұрпаттағы ұлттық жиналыстарға жүктеу қажет болатын біздің жүйеміз жол беретін өкімет шегі қандай екендігін қарастыру қалды. Олар федерацияның әрқилы мүшелеріне бұйрық беруге тиіс пе? Әлде олар ұсынылып отырған шаралардың парасаттылығына иландыра отырып, оларды ортақ пайдаға жәрдемдесуге шақыруы жеткілікті ме? Алғашқы кезде осылардың алдыңғысы қажет болар еді. Кейінірек екінші тәсілмен шектелу жеткілікті болады. Грециядағы амфиктондар кеңесі өзінің жеке беделінен туындайтын биліктен өзге ешқандай билікке ие болмаған-ды. Партиялық рухтың аласталуына, қоғамдық толқулардың бәсеңдеуіне және саясат механизмінің оңайлана түсуіне қарай – парасат үні барған сайын анық естіле бастайды. Жиналыстың әрқилы округтерге үндеуі барлық парасатты адамдардың құптауына сөзсіз ие болар еді, тек ол үндеуде тіпті, оның сәтсіздігін тілейтіндей көрер көзге өрескел күмәнді нәрсе болмасын деңіз. Осынау ескертпе бізді тағы бір қадам ілгерілеуге итермелейді. Біз жаңа ғана ұлттық жиналыс хақында тілге тиек еткен бұйрық пен шақыру
арасын айыруды жеке жиналыстарға немесе ар сотына неліктен қолданбасқа? Айталық, бастапқы кезде билік пен зорлықтың біршама мөлшері қажет те болар. Алайда бұл қажеттілік адам табиғатына тән нәрселерден емес, сол табиғаттың азғындауына түрткі болған нұсқаулардан туындайды. Өздігінен алғанда адам пәк. Ол өзіне айтылған ақыл-кеңеске құлақ қоюдан немесе оларға иланудан бас тартпас та еді, егер тек ол солардың бәрін екіжүзділік деп санауға, көңіліміз риясыз тек сенің ғана пайдаңды яки рахатыңды ойлаймыз дейтін өзінің көршісі, өзінің туысқаны, өзінің саяси билеушісі шындығында өз мүддесін көздеп, менің мүддеме нұқсан келтіреді деп топшылауға дағдыланып кетпесе. Күрделілік пен құпиялылықтың қатерлі нәтижесі осындай. Қара басының пайдасы мен атаққұмарлықтан басқа себептердің барлығы табандап талап етіп отырғанындай әлеуметтік жүйені оңайлата түсіңіз; әділеттің шын әмірі оңай түсінілетіндей етіңіз; құрғақ сөзге илану қажеттігінен арылтыңыз – сонда бүкіл адам баласы парасатты да шарапатты болып шығады. Сонда ар соттарына, дауларды бітістірудің қандай да бір тәсілін, оны міндетті етпейақ, жай ғана ұсыну жеткілікті болады. Оларға тәртіп бұзушыларды кінәсін жууға шақырудың өзі-ақ жеткілікті болады. Кейбір сирек жағдайда олардың ақыл-кеңесі іске алғысыз болған күннің өзінде, содан туындайтын зардап, өз пайымдарының көріністеріне қарсы жасалған үздіксіз зорлықзомбылықтан туындайтын зардаптардан бәрібір кем болар еді. Ал іс жүзінде, ешқандай залал-зардап та болмас еді, өйткені парасат ұлықтығы жаппай мойындалған тұста қылмыскер не аталы сөзге бас иіп тоқтар еді, не, оның тарапынан қарсылық жасалатын болса, ол ешқандай қысымға ұшырамаған күнде де, қоғамдық пікірдің қырағы көзінен және ашық жазғыруынан қайда қашып құтыларын білмей, өзін соншалық ыңғайсыз сезініп, өзінің қателіктеріне неғұрлым жақын басқа бір қоғамға жылыстап кетер еді. Бұл айтылған пайымдаулардан шығарылатын ақтық қорытындыны оқырман, тегінде, біліп те отырған болар. Егер ар соттары келе-келе қаулы
шығаруды қойып, тек шақырумен ғана шектелер болса; егер сенім иланымға ғана білдіріліп, жазалау бірте-бірте тоқтатылатын болса, – онда біз күндердің күнінде ар соттарының өздері де, көпшілікке арналған басқа нұсқаулар да қажетсіздіктен жабылып қалар еді-ау деген байламға келмес пе едік? Парасатты бір адамның пайымдаулары он екі адамның пайымдауларындай иланымды болып шықпас па? Қандай да бір адамның көршілерді басқару қабілеті ешқандай сайлаусыз-ақ неліктен жеткілікті анық көрінбейді? Толып жатқан кінараттарды түзетіп, көп қыңырлықты еңсеруге неліктен тура келмек? Адамзаттың жетіле түсуінің ең айтулы сатыларының бірі осындай болмақ. Саяси басқару, осынау дөрекі қару, адам кінараттарының біртұтас ежелгі қайнар көзі жойылғанда адамзаттың әрбір білімпаз досы бақытты болашаққа қандай қуанышпен көз жүгіртер еді деңіз, ал саяси басқаруға осы еңбектің өн бойында дәлелденгеніндей, әрқилы кесел-дерттің бәрі ежелден етене тән және оған оның тамырына балта шабудан басқа ешқандай ем жоқ! (Book V, ch. XXІV)
Заңдар туралы
Бәлкім, бұл арада ұсынылып отырған қоғамдық құрылысқа әділеттілікті біртіндеп енгізу ісіне жасалған шолу ғибраты шамалы көрініс болар. Алғашқы кезде қабылданған шешімдердің кейбіреулері мүлдем қисынсыз, тіпті қорқынышты да болуы мүмкін. Бірақ сол шешімдердің дем берушілері сайып келгенде өздері тілеп алатын жиіркеніш пен масқарадан тірі өлікке айналады. Іс жүзінде, заңдардың бастапқы қайнар көзі қандай болғанымен, көп ұзамай олар қысым жасауға мүмкіндік беретін тұтқа ретінде ретінде қадірлене бастайды. Олардың бұлыңғырлығы қасірет шеккендердің өткір жанарын басқа жаққа аударуға мүмкіндік береді. Олардың ежелден келе жатуы өшпенділіктің елеулі бөлігін әділетсіздікті қолдағандардан заң
шығарушыларға аудара салуға, одан да сорақысы – өшпенділікті соқыр сенімге негізделген қорқыныштың топтастығымен қарусыздандыруға ілік болады. Боямасыз, бүкпесіз езіп-жаншу өзінің көрін өзі қазатыны бесенеден белгілі болатын. Бұл байламдарға, әрине, корпорациялар көбіне-көп жазғырудан құтылып кете беретін, дос көңілмен көп адам ортақтастатын масқара ешкім үшін де тым ауыр болмайды деп дау айтуға болады. Бұл ескертпенің иландырар күші едәуір, бірақ ол аталмыш жағдайға жарамсыз. Көрсетілген тектегі қиянат үшін не сандағы басымдық, не құпиялылық қажет болады, сондықтан ондай қиянаттарға қарсы жеткілікті сақтандырғыш қару – құзірет жүретін өрісті айтарлықтай шектеу және барлық істерді жария түрде, егжей-тегжейлі қарау. Заңдардың күші жойылған бойы, шығарылған сот шешімдері олар үстемдік құрып тұрған кезде шығарылған шешімдерден тым өзгешелене қоймас еді. Олар соқыр сенімдер мен ескішілдікке толы болар еді. алайда өзін қолдап трған тірегінен айрылса, ескішілдік те өз қарекетінің дұрыстығынан айрылар еді. Әлдебір жәйтті қарау сеніп тапсырылған адамдар, мәселенің бүкіл мәнісі өздерінің талқылауына берілгенін жиі еске түсіріп, сол кезге дейін ешкім дау айтпайтын принциптердің түп-тамыры жөнінде өздерін дереу сөзсіз тексеріп отырар еді. Олардың өздеріне жүктелген сенімнің қаншалықты маңызды екендігін, сонымен бірге өз зерттеуінің шектеусіз еркіндігін сезіне түсуіне қарай олардың түсініктүйсігі де кеңи берер еді. Мінеки, қазіргі тірі жүргендердің ешқайсысы немен тынарын білмейтін, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған құрылыс осыдан бастау алар еді, соқыр сенімнің күйреуі мен еш нәрсе көлегейлей алмайтын әділеттің орнауы осыдан бастау алар еді. Енді заңдардың күшін жою меншік мәселесінде қалай сезілетінін қарастыруға көшеміз. Адам баласының ақылы қазіргі құрылыстың немқұрайды бірсарындылығынан сәл де болса арылған бойда олар әділет іздей бастар еді. Айталық, оларға бес бірдей мұрагер арасында дау болып
отырған мүлікті бөлу туралы істі талқылау жүктелді және бұрынғы заңдар бойынша ол мүлік олардың әрқайсысына теңдей мөлшерде бөліп берілуге тиіс. Олар алдымен талапкерлердің әрқайсысының жағдайы мен қажеттері жөнінде анықтама жинаудан бастар еді. Айталық, олардың біріншісінің абырой-беделі жеткілікті, тіршілікте де жолы болғыш адам: ол қоғамның сыйлы мүшесі, және баи түсу оған оншама артық пайда немесе ләззат бере қоймайды. Екіншісі – жоқшылық пен басына түскен пәлелерден өлмеші болған бейшара. Үшіншісі, кедей де болса, тыныш күн көреді; алайда оның жақсылықтары дәметуге құқық беретін, сол жерде ол төтенше пайдалы бола алатын орын бар, бірақ ол орынға ие болу үшін оған мұраға қалған барлық дәулеттің бестен екісі қажет. Талапкерлердің бірі – енді бала табу көзден бұл-бұл ұшқан жастағы бойдақ әйел. Тағы бірі үлкен отбасы өзіне ғана қарап қалған, тапшылық тауқыметін тартып отырған жесір. Осы жерде мүлікті бөлу толығымен өз қолына берілген қалыс адамдар өздеріне ең алдымен қоюға тиіс сұрақ мынадай: осы күнге дейін істеліп келгеніндей, мұраны тепе-тең бөліп беру титтей де әділетті ме? Меншіктің үстем болып отырған жүйесіне сызат түсіре алатын алғашқы пайымдаулардың бірі осындай. Осы тарауға көз жүгірту кезінде оқырман назарынан тыс қала алмайтын бір нәрсе мынадай: заңдар тек саяси билік негізінен нәр алады, сол билік қажет болмай қалған күннен бастап, олар да сөзсіз жан тапсыруға тиіс болады, егер тек ақиқат ықпалы оларды адамзаттың күнделікті тіршілігінен соған дейін-ақ шығарып тастап жүрмесе болғаны. Шынайы меншік жүйесін енгізу тәсілдері туралы
Ғаламат картинаның ең басты белгілерін ештеңені бүкпестен, ештеңеден қысылмастан көрсетіп бергеннен кейін, бізге енді тағы бір мәселені ғана қарастыру қалып тұр. Адамзат қоғамының осынау қызғылықты жетілдірілуі қандай тәсілмен орындалады? Осы мақсат үшін қолданған жөн болатын басқа бір қадамдар жоқ па? Амалсыз
жасалатын кейбір қадамдар жоқ па? Өтпелі кезең қажеттілік бойынша жамандықтың біршама қоспасын бойына жұқтырып алмай ма? Көптеген адамдардың ақыл-ойында олардың өздері теңгермешілік ереже деп атайтын нәрсенің кеңінен таралуының салдарынан туындауға тиіс қасірет туралы түсініктен басқа ешқандай ой соншалық зор үрей туғызып көрген емес. Олар “бұл ережелере қара халықтың ойын онға, санасын санға жүгіртіп, сол ойды жүзеге асырсам деген тәуекел түбі талай бір сорақылықтарға ұрындыратын болады” деп топшылайды. Олар “адамзаттың көп нәрседен хабарсыз һәм тұрпайы бөлігі, шектеу атаулыдан арылған бойда, ештеңенің парқын байыптап жатпайтын болады. Білім мен талғам, ақыл-ой жетістіктері, данышпандар ашқан жаңалықтар, поэзия мен өнер сұлулығы атаулыны варварлар аяқпен таптап, құртып жібереді. Ол готтар мен вандалдардың екінші қайтара шапқыншылығы боады, бір ғана айырмашылығы бізді тіл тартқызбай шағып өлтіретін жыланды біз өз қойнымызға салып жылытамыз" деп біледі. Олар “қырып-жоюдан басталады" деп елестетеді. Олар “құрбандыққа алдымен шалынатындар ұлы, даңқты және жұрт ішінде дараланып тұратын адамдар”. Сыйлап-құрметтеудің ерекше сыпайылығымен, айтар сөзінің не істер ісінің күшімен дараланатындар қызғану мен қызғаныштың сөзсіз нысанына айналады. Жапа шеккендерге елден бұрын көмекке ұмтылатындар немесе ең қажетті, бірақ естір құлаққа тіпті жақпайтын ақиқатты жұрт алдында жария етер адамдар құрбандыққа шалынады”. Осы кітапта нобайланған теңдік жүйесіне қаншалық бүйрегіміз бұрса да, әлгі сөздермен салынған суреттен басымызды ала қашпауымыз керек. Қойдай бауыздау революция тұсында тым жиі болады, және, бәлкім, қысқа уақытқа ғана созылатындығына қарамастан, қойша бауыздау қиял ғана жасай алатын ең сұмдық картина. Жеңілгендердің үрей мен үмітсіздікке толы күтісі мен жеңіп шыққандардың қанқұмар ашу-ызасы барып тұрған сұмдық, оны тозақ қойнауы туралы айтылғаннның бәрі басып оза алмайды. Тіпті қылмыстық юстиция атынан жүзеге асырылатын аспай-саспай қойша
бауыздаудың өзі де әлі сұмдық салдарлардан кем соғып жатады. Заңдардың атқарушылары мен қару-құралдарының әбден дағдыланып, өздері жасайтын сұмдық істерге еті үйреніп кеткені сондай, олар осы хайуандықпен байланысты ала-құйын сезімдерді ойға да алмастан, сол жантүршігерлік хайуандықтарға қатыса береді. Қойша бауыздауды орындаушылардың тұла бойын жын-шайтан жайлап алған. Олардың көздерінен жындану мен қанқұмарлықтың ұшқыны шашырайды. Олар өздерінің құрбандарын көшеден-көшеге, үйден-үйге қуғындайды. Олар құрбандарын жар құшағынан, ата-ана бауырынан суырып алады. Олар варварлықпен қорлаудан қомағайлана нәр алып, өздері жасаған азаптаулардан жан түршіктірерлік қуаныш табады. Міне біз осы бір сұмдық суретті баяндап шықтық, одан енді қандай байлам жасағанымыз жөн? Біз парасаттан, әділеттен, жақсылық пен бақыт атаулыдан бас тартуымыз керек пе? Ақиқатты жариялаудың сөзсіз салдары жаңа ғана сөз еткен жәйттің уақытша белең алуы екен делік; сонда біз соны жариялаудан бас тартуға тиістіміз бе? Әділ бағасын берсек, оның зардабы болатын қылмыстар ақиқаттың нәтижесі емес, оның алдында болған қателіктердің нәтижесі. Қалыс зерттеуші оларды өліп бара жатқан деспотизмнің соңғы рет тұяқ серпуі деп қарастырар еді, сол деспотизм ғайыптан тайып өлмей қалса, жаңа қасіреттер туындатып, олар жасалған сәттерінде әлгі айтылғандардан да сұмдық және оның ұзақ уақыт жасала беруінің салдарынан салыстыруға келмейтін дәрежеде неғұрлым тажалды қасіреттер болып шығар еді. Егер біз дұрыс таразылағымыз келсе, онда, тіпті, жоғарыда келтірілген жағымсыз жорамалды ескере отырып, біз сұмдық пен қасіреттің бір сәтіне тұтас ғасырларға созылар шат-шадыман тірлікті қарсы қоюға тиіспіз. Егер меншікті оның шын мәніндегі негізіне орай белгілей алсақ, содан туындайтын ақыл-ойдың табыстары мен жақсылықтың баяндылығын жеткілікті шамада елестетуге ешқандай қиялдың дәрмені жетпейді. Ал ақиқатты ауыздықтап ұстаудың және кейбір адамдар қалайтын
шарапатты елтуді, жай тапқызар есуастықты жандандырудың құралдары қандай? Барлық үкіметтердің ғасырлар бойғы саясаты тым жиі-жиі осындай болып келді. Бізде құлдар бар ма? Оларды надан қалпында ұстап отыруға бар күшті жұмсау қажет. Бізде отарлар мен провинциялар бар ма? Біз олардың халқы тым көбейіп кетуіне, дәулетінің артып кетуіне бар күшімізбен бөгет жасауымыз керек. Бізде бодандар бар ма? Біз оларды дәрменсіз күйде, қайыршылықта ұстап, көнбіс етуіміз керек: молшылық оларды тек қияңқы, қырсық және бүлікшіл етеді. Егер қоғамдық тәртіптердің ақиқат философиясы осындай болса, біз одан зәреміз ұшып, қаша жөнелмей тұра алмаймыз. Адамға кемеңгерлік дарытатын нәрсенің бәрі сонымен бірге оны ережеден айырып, бұзуға тиіс болса, адамзат баласы қандай сұмырай болып шығар еді! Алайда бір сәт болса да осы мәселеге қалыс ой жүгірткен адамның ешқайсысы бұған сене алмас еді. Ақиқат, әділетті тану, соның әмірін орындау ниеті адамзет баласы үшін қалайша тақсіреттің қайнар көзіне айналмақ? Көкірек көзі ашылып, ақылсананың оянуының бастапқы кезеңіне келеңсіздіктер ілесе жүреді деп елестетуге болар, бірақ дұрыс ойлана білетін әрбір адам, бұлғақтан кейін тәртіп пен молшылық орнайтынын мойындайтын болады. Тіпті ықпалының картинасы шындыққа сәйкес болғанның өзінде, осынау дәріден бас тарту, бұғанасын шығарып алған адамның ауырады деп сүйегін орнына қайта салудан бас тартуымен парапар болар еді. Адамзат жақсылық пен молшылық соқпағынан ауытқып кеткеннің өзінде, оның біржола адасып кетуіне жеткілікті негіз жоқ. Біз өз қателігімізді мойындаудан, тіпті солардан шығатын қадамдардың кейбірін қайта жүріп өтуден де бас тарта алмаймыз. Осыған орай тағы бір сұрақ туындайды. Ақиқаттың аузына құм құю біздің қолымыздан келе ме? Тынымсыз ақыл-ой табыстарын тежеу біздің қолымыздан келе ме? Иә дегеннің өзінде, олай етуге ең бір шектен шыққан деспотизм ғана бел буар еді. Ақыл-ой ұдайы өре түрегелуге ұмтылады. Оның ақиқат жолына тек сәт сайын кедергі тұрғыза алатын күш қана оған
бөгет жасай алады. Осы мақсатқа жету үшін қолданылатын шаралар міндетті түрде қантөгісті тирандық шаралар болады. Солар, туындататын қаракет, басқаша емес, бейшара да жиіркенішті ғана бола алады. Олардың салдары – ақыл-ой топастығы, именшектік, құлдық пен екіжүзділік қана. Бар балама осы, егер жер басып жүрген кінәздар мен үкіметтер ырқына осы балама бағына қойса, онда: олар не зерттеу рухын барып тұрған зорлық шаралары арқылы басып-жаншуға тиіс, не әрбір адамға өзінің көзқарастарын тыныш та толық қауіпсіздік ахуалында жайып салып, қорғауына мүмкіндік беруге тиіс. Сөз жоқ, үкіметтердің міндеті – осынау маңызды мәселеде барынша бейтараптық сақтау. Сөз жоқ, жекелеген адамдардың міндеті – ештеңені бүркеп-бүкпестен ақиқатты жариялау, оны, ешқандай құйтырқыға бармай, шынайы қалпында жариялау. Ақиқат неғұрлым жариялана түскен сайын, ол біртіндеп емес, неғұрлым толық күйінде белгілі бола түскен сайын, оның адасушылық пен келісімге келу немесе олардың тажалды салдарларына өріс қалдыру мүмкіндігі соғұрлым азая түседі. Адамды шын сүйетін адам талқылауға бөгет жасамайды, қайта айналада болып жатқан оқиғаларға пәрменді араласуға, ақиқатты іздеуге өзінің бар күш-жігерін, қабілет-қауқарын жұмсауға және өзінің күш-жігерімен ойдың әрі терең әрі татымды болуына жәрдемдесуге ұмтылатын болады. Ақиқат ештеңеге қарамастан айтылуға тиіс екендігін жеткілікті айқын дәлелдеп, еді оның қаншаға түсетінінің толық есебін шығаруға көшеміз, бұлғақ пен зорлық ақыл жүзеге асырғысы келетін өткелекпен қаншалық байланысты екендігін қарастырамыз. Бұл арада қасірет пен жамандықтың ой жетістігімен тіпті де етене байланысты еместігі айдан анық көрінеді. Біз білім алып, бір ақиқаттан соң бір ақиқатты жіпке тізіп жүрген кезімізде тікелей тәртіпсіздікке ешқандай ұмтылу әлі байқала қоймайды. Жамандық тек бір ақылдың екінші ақылмен қақтығысынан, қоғамды құрайтын адамдардың бір бөлігінің табысты түсінуде басқалардан озып кетіп, өзі ұшырайтын қарсылықтарға тағатсыз қарайтындығынан туындайды.
Ақыл өз тарихының шынайы дағдарысына жеткендей болатын осынау төтенше кезеңінде қоғамның әрбір бөлігінің үлесіне зор міндеттер тиесілі болып шығады. Ең алдымен ақиқатқа жақындай түсу жолындағы ізашарлар болуға қабілетті оқымысты да құдіретті ақыл иелеріне салмақ түседі. Олар белсенді, төзімді, риясыз болуға міндетті. Олардың парызы – желөкпе сөзден, өшпенділік пен кекшілдіктің, кез-келген көрінісінен тартыну. Қандай да бір үкімет осы тұрғыда өзін қазымын деп жариялап, ой еркіндігі мен әдептілік өлшемін көрсетуге тырысса, мұнысы есерсоқтық болып шығар еді; бірақ дәл сол себептен де, өз ойын қалың елге жеткізуге тырысатын адамдар, өздерін өздері қатты қадағалауға міндетті. Бостандық пен теңдік туралы хабар – барлық сославие адамдары үшін ізгі хабар. Ол шаруаны рухынан айыратын езгіден, ал байбатшаларды өздерін азғындатып жіберетін сән-салтанат пен деспотизмнен құтқарады. ... Осылайша данышпандар мен оқымыстылар дағдарыс кезінде не істеуі керектігін қарастырып болып, енді назарымызды қоғамның басқа бір табына, алпауыттар мен ауқаттылар табына аударамыз. Ең алдымен мынаны айта кетелік: бұл адамдар ішінен теңдікті жақтаушылар табу мүмкіндігінен күдер үзуге бізді жетелейтін нәрсе – мүлдем жалған есеп. Сатириктер мен сарай маңындағылар ойлайтындай, адамзат соншалық бір анайы өзімшіл емес. Біз ең алдымен осының өзі әділеттілік тұрғысынан қалай еді деп байыбына барып алмай, ешқандай да қарекетті қолға алмаймыз. Біз өзіміздің ықыласымыз ауған нәрсеге кірісерде алдымен оның әділетті де адал екендігіне көз жеткізіп алуға тырысамыз. Демек, егер әділеттілік мәселесі адамзат ақыл-ойында соншалық ауқымды орын алатын болса, онда әділет жайындағы күшті де иланымды көзқарас әрбір қадамымыздың себебі болатынына күмән келтірудің ешқандай реті жоқ. Сөйтіп біз әлдене себеппен қалап алған жақсылық мыңдаған басқа себептерге байланысты көп ұзамай жанымызға жақын да, қажетті де бола түседі. Осындай жолмен біз ақылымыздың қарекетін құптайтын жақсы атаққа, артықшылыққа, қанағатқа және айтып болмас ләззатқа бөленеміз.
Алпауыттар мен ауқаттылар ортақ берекет көрінісіне тіпті де немқұрайды қарамайды, сол көріністер оларға мүмкін болғанынша барынша анық та қызықтырарлықтай болсын. Олардың ақыл-ойы сұмдық бір кемшіліктен ада. Оларды тирания ашындырған, жоқшылықтың тұрақты қысымы есеңгіреткен емес. Олар қол жетпейтіндіктен әрдайым ғажап болып көрінетін сән-салтанат пен ләззаттың қайырсыздығын ерекше сезінуге қабілетті. Көбіне-көп былай да болып шығады: егер ұзақ жылдар бойы әбден еттері үйреніп, сүйегіне сіңіп қалмаған болса, олар -сәнсалтанат секілді нәрсеге әбден немқұрайды қарауы да мүмкін. Егер оларға солардан келісті дер мархабатты бас тартудың еліктіре алатын жағын көрсетсе, бас тарту ешбір қарсылықсыз-ақ орын алады. Егер тек мұндай қарекет белсенді ақыл иесінің назарына іліксе болды, ол оны сөзсіз істейді; тумысы құқығы бойынша өзіне қалған көл-көсір дүниеден алынатын бойкүйез ләззатқа ғұмыр бойы алданып қалатындай енжар адамдар тым көп емес. Бір кездері жас дворяндарды жауынгерлік оқиғалар жолына алып шыққан рух осынау таптан әділет жолындағы күрескерлер жасауға оп-оңай пайдаланыла алар еді; осынау ерліктер жолындағы көбірек жақсылық пен ақиқаттың тартымдылығы тиісті ықпал етпейді деп санамау керек. Алайда, алпауыттар мен ауқаттылардың елеулі бөлігі бәрібір тек қана өздерінің қара басының пайдасы мен рахатын күйттейді делік. Сондай жағдайдың өзінде де олар табанды қарсылық көрсете қоймайтынын дәлелдеу қиын емес. Сөз жоқ, болашақ тыныштық немесе адамдар арасындағы бұлғақ тұрғысынан алғанда көп нәрсе халықтың осы бір бөлігінің мінез-құлқына байланысты болады. Оларға мен былай дер едім: “Ақиқатқа қарсы алысу бос әурешілік, олай ету мұхит толқынын адам қолымен тоқтата қоям деумен парапар. Дер кезінде райдан қайтыңыздар. Сау қаламыз десеңдер ымыраға келіңіздер. Егер сіздер саяси әділет туы астына топтасуды қаламасаңыздар, өздеріңіз ешқашан жеңе алмайтын дұшпанмен бері салғанда келісімге бел байлаңыздар. Сіздерге көп нәрсе, тіл жетпес көп нәрсе байланысты. егер сіздер парасатты болсаңыздар,
данагөй болсаңыздар, егер сіздер монополиялардың жаппай күйреуі мен есуастық арасында ең болмағанда аман қалып, төл бостандықтарыңызды сақтап қалғыларыңыз келсе, көкірек көтермеңіздер, ызаландырмаңыздар. Егер сіздер ақылға жығылсаңыздар, бұлғақ та, кісі өлтіру де болмайды, бір тамшы қан төгілмейді, өздеріңіз де бақытқа кенелесіздер. Егер сіздер тасқынның алдына көлденең жатып алып, сау бастарыңызға сауға тілейтін болсаңыздар, тіпті соның өзінде де, ортақ тыныштық бұзыла қоймас деп үміттену керек. Бірақ егер керісінше болып шықса, содан туындайтын зардаптардың барлығы үшін ең алдымен сіздер жауап беретін боласыздар. Бәрінен ең бастысы өздеріңізді ұшқалақ қамсыздық ахуалына дейін тербетуге жол бермеу. Біз болсақ, көп нәрсені танып-біле алатын және одан да көп нәрсені бұлыңғыр көре алатын, бірақ барлығын тайсалмас қырағы көзбен зерттеуге батылы бармайтын қазіргі ақылгөйлердің екіжүзділігі мен тұрақсыздығы сол қамсыздықты ұлғайта түсуге бағышталғанын көргенбіз. Алайда одан да елеулі қатер бар. Берік ұстанымы жоқ адамдардың парықсыз және баршаға ортақ секілді айғайына сеніп қалып жүрмеңіздер. Барлық замандарда үндеулер мен жолдаулар адамдардың болашақ мінез-құлқын таразылаудың тым ағат өлшемі болып келген. Өздеріңізді жақтаушылар мен қызметшілеріңізден құралған қалың нөкерге сеніп қалып жүрмеңіздер. Оларға шамалы ғана сенуге болады. Олар да адам, адамзат талабы мен мүддесіне тас керең болып қала алмайды. Қара басының қамы көрсетіп тұрғандай болса, олардың кейбіреулері сіздерден айрал қоймайды. Бірақ сіздің ісіңіздің берекесі кете бастағандай көрінген сәтте сол қара бастың қамы оларды жау туының астына жетелей жөнеледі. Олар таңғы шықтай тез кеуіп кетеді”. ... Оқырманның ойына орала қалар сұрақты да назардан тыс қалдырмау керек. “Егер меншікті теңестіру заң бойынша, ереже бойынша немесе нұсқау бойынша жүргізілмей, жекелеген адамдардың жеке сенімінің негізінде ғана жүргізілетін болса, онда ол неден басталмақ?”. Бұл сұраққа жауап бергенде, кез-келген республикашылдық, сословиелер мен
артықшылықтарды кез-келген теңестіру меншікті теңестіруге мықтап жәрдемдеседі деген соншалық қарапайым қағиданы дәлелдеп жатудың қажеті жоқ. Мәселен, Спартада осы соңғы ереже әбден-ақ қабылданған болатын-ды. Афинадағы қоғамдық байлықтың көл-көсір болғаны соншалық, азаматтарды қол еңбегімен айналысу қажеттігінен мүлдем дерлік босатуға жетерліктей еді; ауқаттылар мен алпауыттар өздерін ерекшелейтін артықшылықтармен келісуге бір ғана нәрсемен – өздері жинаған қордың аузын тек жомарттықпен ашып қоюмен мәжбүр етті. Римде аграрлық заң туралы мәселе қайта-қайта жаңадан көтеріліп отырды, бұл теңдіктің болмашы да сәтсіз алмастырылуы еді, алайда оның да түбірі теңдікпен бір болатын. Егер адамдардың парасат-пайымы жетіле беретін болса – бүгінде табысқа жетуді тежеп отырған, нашар құрылған үкіметтер құрып жіберілген кезде, бұл ерекше жылдамдықпен жүретіндігіне ешқандай күмән жоқ – сословиелерді ажыратудың әділетсіздігін айқындаған уәждер оларға бір адамның екінші бір адамдағы оның дәулетіне береке қоса қоймайтын затқа ділгір болуының әділетсіз екендігін көрсете алады. әдеттегі қателік мынадай: әділетсіздік содан зардап шегетін төменгі сословиелерге сезіледі, сондықтан оны түзетудің бірден-бір жолы зорлықзомбылық деп санайды. Бұған, біріншіден, бұл орайда бәрі де: дәулеті шалқыған байлар да, бәріне мұқтаж кедейлер де зардап шегеді деп жауап беруге болады. Екіншіден, көбіне топшыланатындай, жұрттың бәрі түптүгел өзімшілдікке бой алдырмағаны осы еңбектің ұзына бойында айқын дәлелденді. Өзімшілдердің байи түсуге сезімдік ынтыққа немесе сүйіспеншілікке бой алдырмағаны, жұрттан ерек шығып, үстемдік ету тілегі де, әртүрлі дәрежеде болса да, кең тараған нәпсіқұмарлық болып табылатыны, мүмкін болғанынша, одан да айқын дәлелденген болатын. Үшіншіден, және ең алдымен, ақиқаттың қарышты шеруі барлық себептердің ең күштісі. Теория сөздің ең жақсы мағынасындағы практикамен байланысты емес деп ойлаудан өрескел ештеңе жоқ. Біз анық
та дәл сеніміміз бойынша мойындайтын нәрсе біздің мінез-құлқымызға сөзсіз ықпал етеді. Біздің ақылымыз үстемдік үшін өзара арпалысқан әртүрлі қабілеттің қойыртпағы емес; қайта керісінше, ырық барлық жағдайда түптің түбінде парасат жасаған қорытындыға сәйкес болып шығады. Адамдар сән-салтанаттың барып тұрған есуастық екендігіне анық көз жеткізген кезде, олардың көршілерді де оған сондай жиіркенішке бой алдырған кезде, олардың бұрынғыдай қорқаулықпен соған жетуге ұмтылуы мүмкін болмайды. Осы заманғы Еуропаның варварлықтан мәдениетке қарай дамуы процесінен меншікті теңестіруге ұмтылыс тенденциясын байқау қиын емес. Феодалдық дәуірде, қазіргі Үндістан мен басқа да елдердегі сияқты, адамдар қоғамда өзіне тиесілі белгілі бір орнын алу үшін туатын да, жиқан яки шаруа адамы үшін тектілікке көтерілу мүмкін емес дерлік еді. Тектілерден басқа байлар болмайтын, өйткені ішкі сауда да, сыртқы сауда да әлі балаң еді. Осынау бір мызғымастай көрінген бөгеттің талқанын шығарған, саудамен айналысатындарды өздерінен айырмашылығы бар тіршілік иелерінің ерекше дегенге құлай сенетін шонжарлар соқыр сеніміне соққы берген тетіктің бірі сауда болды. Білім екінші және неғұрлым қуатты тетік болды. Шіркеуде ол тіршілік еткен барлық ғасырлар бойы ең төмен тектен шыққан адамдар ең жоғары дәрежеге дейін көтеріле алады. Сауда байлыққа рыцарьлар сауытын киген адамдар ғана емес, басқалардың да жете алатынын дәлелдеді; білім болса, төмен тектен шыққандар өз қожайындарынан асып түсе алатынын дәлелдеді. Бұл идеялардың прогресті маңызын зерек байқаушы оп-оңай аңғара алады. Білім өз қуатын көрсете бастағаннан кейін де ұзақ уақыт бойы оның адепттері құлдық төменшіктеудің қорлық салттарына – қазір бірде-бір адам таң қалмай қарай алмайтын салттарға бағына берді. Тек күні кешелері ғана адамдар интеллектуалдық артықшылық ешбір қамқоршысыз-ақ өз бетінше көздеген мақсатына жете алатынын түсінді. Бүгін таңда өркениятты да саналы адамдар арасында айтарлықтай байлығы жоқ, бірақ
мол интеллектуалдық қуаты, берік те анық ақылы бар адам әрқашан ілтипат пен құрметке ие; және де, өзінің әмиянының қалыңдығына кеудесіне нан піскен оның көршісі, әлгі адамға менсінбей қарамақ болса, өзінің заңсыз дәмесіне сөз жоқ тойтарыс алады. Әлдеқашан тамыр жайған соқыр сенімдер тым баяу еңсеріліп жатқан қияндағы деревняның тұрғындары оқыған адамдар арасында ілтипат дәрежесі байлыққа байланысты бола бермейтінін көргенде қандай таңырқар еді... Бір кездері дөрекі де надан ақыл иелері үшін ұмтылыстың жалғыз мұраты байлық болатын. Болашақта адам назарынан әрқилы мұратмақсаттар: бостандыққа сүйіспеншілік, теңдік сүйіспеншілік, эстетикалық ұмтылыс, білімге құштарлық орын алады. Бұл мақсаттар, қазіргідей, санаулы адамдардың ғана қолы жетер нәрсе болмайды, олар бірте-бірте баршаға түсінікті болады. Бостандыққа сүйіспеншілік адамды сүюге тікелей жетелейді; жақсылық тілеу сезімі күшейе түседі, ал тар, дүниеқоңыздық сезімдер өз маңызынан айрыла бастайды. Ақиқаттың жаппай таралуы мінсіздікке жаппай жақындауға жетелейді; адамдар әрбір объектіні шын құнына қарай бағалайтын көзқарасты күн өткен сайын игере береді. Бұған қосып айтарымыз, біз айтқан мінсіздікке жақындау индивидуалдық емес, баршаға ортақ болады. Прогресс дегеніміз баршаға ортақ прогресс. Әркім өзінің әділет пен адалдық сезімі өз көршілерінің сезімінде үндестік тауып, қолдау да, күш қосу да алатынын көретін болады. Осынау принциптерден жалтару мүлдем мүмкін болмай қалады, өйткені одан жалтарған адам өз санасының ғана емес, айналасындағы барлық адамдардың алдында да жазғырылады.
Қорытынды
Осынау пайымдауларды оқып шыққанан кейін бір ескертпе
көлденеңдейді. “Егер даусыз табыстар мен жетілдірулер қинамайтын
жолмен меншікті теңестіруге жетелейтін болса, онда бұл мәселені
адамдардың қарауына айрықша міндет ретінде қоюдың қанша қажеті бар еді?”. Бұл қарсылыққа жауап беру оп-оңай. Тілге тиек болып отырған табыс ақиқатты танып-білуде жатыр. Алайда жалпыға бірдей әділеттің осынау кең саласы оның бір бөлігіне айналмайынша, біздің біліміміз балаң күйінде қала береді. Кез-келген ақиқат пайдалы; барлық басқаларына қарағанда, бәлкім неғұрлым іргелі осынау ақиқат қалайша пайда бермейді.? Біздің парасатымыз өздігінен-ақ ұмтылатын пән қавндай болмасын, біз үшін осынау пән туралы анық түсінікке ие болу бәрінен де маңызды. Осылай еткенде біздің табыстарымыз жеделдей түседі. Мінсіздік мұрат еткен адам, оған ешқашан жете алмайтын болса да, мінсіздіктен ауылы алыс нәрсені қанағат тұтатын адамға қарағанда табысқа тезірек жетеді деген мораль ережесі жақсы белгілі. Біздің аса ұлы мақсатымыздың бірі ретінде теңестіру жолында қол жететін игіліктеріміз бесенеден белгілі. Мұндай көзқарас қазірдің өзінде бізді риясыз етуге мықтап жәрдемдеседі. Ол бізді сауда-саттық мәмілелеріне, қалтаның қалыңдауы мен пайда көздеуге мейлінше құлықсыз қарауға үйретеді. Ол бізге адамның неге қабілетті екендігі және оның мінсіздігі неден құралатыны туралы дұрыс ұғым береді де, біздің атаққұмарлығымыз бен біздің пәрменділігімізді лайықты мақсаттарға бағыттайды. Біздің ақылымыз өз табиғатына орай ірі де даңқты жетістіктерге ұмтылмасын, өз жолындағы кейбір белестерден өтпей, оған жақындай алмайды; және де сол белестер неғұрлым тезірек белгіленсе және олар неғұрлым анық көрінсе, оған жету де ойдағыдай бола түседі деп санау әбден парасатты. (Book VІІІ, Ch. VІІІ).
"Предшественники современного социализма"
басылымынан қазақшалаған Сәкен ИМАНАСОВ.
Максимильен Мари Изидор Робеспьер
(1758–1794) – XVІІІ ғасыр соңындағы Ұлы француз революциясының саяси қайраткері, якобишілер көсемі. Париж университетінің заң факультетін бітірген, адвокатурамен айналысқан. Оған Жан-Жак Руссо идеялары ерекше ықпал етті. 1783 жылы Аррасс Ғылым және өнер академиясының мүшесі болып сайланады. (1786 жылдан сол академияның
президенті). Осы кезеңде Робеспьер адамның жаратылыстық құқықтарын қорғап, француз заңдарын сынады, кейінірек Бас штаттар депутаты, Құрылтай жиналысының мүшесі болды. 1793 жыддан бастап Қоғамдық құтқару комитетін тікелей басқарады. Якобишілер үкіметінің нақты басшысы ретінде 1794 жылғы термидоршылар төңкерісінен соң сотсыз басы кесілді. Франциядағы үшінші тап өкілдерінің мүддесін қорғап, халықтың тәуелсіздігі мен саяси тендігін жақтады. Христиан дініне қарсы шығып, қоғамдық мораль нормаларын уағыздайтын жаңа, "жаратылыстық", немесе республикалық дін қажет деп тапты. Саяси теория мен практикада революциялық демократия диктатурасының қажеттігін негіздеді. Мемлекеттік құрылыс, заң шығару және құқық саласында жалпыға бірдей сайлау құқығын енгізуді, мүліктік ценз енгізу туралы заң жобаларын қайта қарауды жатады.
РЕВОЛЮЦИЯЛЫҚ ҮКІМЕТ ПРИНИПТЕРІ ТУРАЛЫ
1793 жылғы 25 желтоқсанда Конвентте жасалған баяндама
Республиканың орғаушылары Цезарь ережесін қабылдайды: олар егер әлі де бірдеңелер істеу керек болса, онда ештеңе де тындырылмағаны деп санайды. Бізде әлі де толып жатқан қатерлер бар, олармен күрес үшін біздің бүкіл күш-жігеріміз қажет. Ағылшындар мен опасыздарды жеңу біздің республикалық жаужүрек солдаттар үшін аса қиын емес. Бұдан да маңызды және бұдан да қиын шаруа бар: біздің бостандығымыздың дұшпанының шексіз айла-шарғысын шаршамайшалдықпай ұдайы әшкерелеп, қоғамның гүлденуіне негіз болуға тиіс принциптердің салтанат құруына жол ашуымыз керек. Қоғамдық құтқару комитетіне өздеріңіз жүктеген алғашқы міндеттер осындай. Біз қазір революциялық үкіметтің принциптерін дамытып, оны орнату қажеттігін көрсетеміз; содан кейін оны тумай жатып тұншықтыру ниетінің шын себебін көрсетеміз. Революциялық басқару теориясы оны тудырған революция секілді жап-жаңа. Ол теорияны осынау революцияны болжап біле алмаған
жазушылардың еңбектерінен де, өзінің өкіметін асыра пайдалану мүмкіндігінен қанағат тауып, оның заңды болуына қам жемеген тирандардың заңдарынан да іздестіріп әуре болудың қажеті жоқ. Бұл сөз ақсүйектер үшін үрейдің немесе ғайбаттың тақырыбы, тирандар үшін тек қана ашу-ызаның тақырыбы; көптеген адамдар үшін – жұмбақ; бұл сөзді бері салғанда ниеті түзу адамдарды қоғамдық мүдде принциптері төңірегіне топтастыру үшін жұрттың бәріне түсіндіру керек. Үкіметтің міндеті – ұлттың моральдық және тәндік күштерін ол құрылған кезде белгіленген мақсатқа бағыттау. Конституциялық үкіметтің мақсаты – республиканы сақтап қалу; революциялық үкіметтің мақсаты – соны құру. Революция дегеніміз – бостандықтың өз жауларына қарсы соғысы; конститутция дегеніміз – жеңімпаз да бейбітшіл бостандық режимі. Революциялық үкіметке, ол соғыс жүргізіп жатқандықтан да, төтенше белсенділік көрсету керек. Ол әрдайым біркелкі, әрдайым бұлжымас бола бермейтін заңдарға бағынады, мұның себебі, ол қым-қуат жағдайларда қарекет жасайды, ол үнемі қозғалыс үстінде, әсіресе тағы бір себебі, ол жаңа ресурстарды үздіксіз, шапшаң іске қосып отыруға мәжбүр, өйткені жаңа қауіп-қатер туындайды, ал олармен күресті кейінге ысырып қоя алмайсың. Конституциялық үкімет негізінен азаматтық бостандықпен, ал революциялық үкімет – қоғамдық бостандықпен шұғылданады. Конституциялық режим тұсында индивидуумдарды қоғамдық өкіметтің қиянатынан қорғау жетіп жатыр десе де болады, революциялық режим тұсында қоғамдық өкіметтің өзі тап-тап беретін барлық сұрқиялардан өзін қорғауға мәжбүр. Революциялық үкімет адал азаматтарға ұлттың қамқорлығын көрсетуге, халықтың жауларына ажал себуге тиіс. Бұл ұғымдар біз революциялық заңдар деп атайтын заңдар табиғатының шығу тегін түсіндіруге жеткілікті. Осы заңдарды жүгенсіз
немесе тираниялық заңдар деп атайтындар – қарамас қарсы нәрселерді сапырылыстырып жібергісі келетін ақымақ яки азғындап біткен софистер: олар бейбітшілік пен соғысты, сау мен сырқауды бір ғана режимге бағындыргысы келеді, яки, дұрысы, олар тек тиранияның қайта орнауын қалайды және отанына ажал тілейді. Олар конституциядық ережесымақтарды бұлжытпай орындауға сілтеме жасаған күнде де, мұны тек соларды ешқандай жаза тартпай бұза беру үшін ғана істейді; олар арам жендеттер; республиканы бесігінде оп-оңай тұншықтырып өлтіру үшін олар оны бұлыңғыр ережелермен байлап-матап тастауға тырысады, олардың өздері олардан оп-оңай құтыла алады. Конституция кемесі үнемі верфьте тұра беру үшін жасалған жоқ; бірақ дауыл соғып тұрғанда оны теңізге шығарып, жел өтіне айдап салуға бола ма? Сол кемені жасауға қарсы шыққан тирандар мен олардың құлақкесті құлдарына керегінің өзі де осы, бірақ француз халқы сіздерге теңіз тынышталғанша күте тұруға бұйырды; ол бірауызды қалауын білдіреді: аристократия мен федерализм жақтастарының ойбайына қарамастан, сіздер әуелі оны жауларынан азат етуге тиіссіздер. Құдайлар ғибадатханалары киелі орынды ыластаушылар тығылсын деп салынбаған, ал конституция оны құртып жіберуге асық тирандардың қаскүнемдіктерін желеп-жебесін деп жасалмаған. Егер революциялық үкімет өз қарекеттерінде кәдуілгі үкіметке қарағанда неғұрлым белсенді болуға, өз қимылдарында неғұрлым еркін болуға тиіс болса, бұдан оның әділеттілігі, оның зағдылығы кеміп қала ма? Жоқ, ол барша зандардың ең қастерлісі – халық игілігіне, ең даусыз құқықтарға, қажеттілікке сүйенеді. Оның өзінің де ережелері бар, солардың бәрі әділет пен қоғамдық тәртіптен нәр алады. Оның анархия мен тәртіпсіздікке үш қайнаса сорпасы қосылмайды; керісінше, оның мақсаты сол екеуін де жаныштап, заңның үстемдігін енгізіп, орнықтыру; оның жүгенсіздікпен үш қайнаса сорпасы
қосылмайды. Оны жеке адамдардың нәпсісі емес, қоғамдық мүдде бағыттап отырады. Революциялық үкіметтің принциптері олар қоғамдық бостандыққа бөгет жасамай, қатаң қолданыла алатын барлық жағдайда әдеттегі принциптерге жақындай түсуге тиіс. Қаскүнемдердің арсыздығы немесе зұлымдығы революциялық үкімет күшінің өлшемі болуға тиіс; ол жаман адамдарға қандайлық қатал болса, жақсы адамдарға соншалық мейірімді болуға тиіс; жағдай оны қажетті қаталдық шараларын қолдануға көбірек итермелеген сайын, ол бостандыққа бекер қысым жасайтын және қоғамға титімдей пайда келтірмей, жеке мүдделерді қозғайтын шаралардан тартына түсуге тиіс. Революциялық үкіметтің міндеттерін көрсете отырып, біз оған төнетін қауіп-қатерді атап өттік. Оның билігі неғұрлым көбірек болған сайын, оның қарекеті неғұрлым бостан да шапшаң болған сайын, оларға адалдық соғұрлым көбірек басшылық жасауға тиіс. Сол билік арам да, опасыз адамдар қолына тиген күні бостандық көзден бұлбұл ұшады, оның есімі контрреволюцияның өзін ақтаудың ілігіне айналады, оның қуаты сойқан уға айналады. Француз халқының Ұлттық конвентке сенімі ол көрсеткен мінезге негізделген. Барша билікті сіздердің қолдарыңызға тапсырып, халық сіздер құрған үкімет патриоттарға қаншалық мейірімді болса, отанымыздың жауларына соншалық қаһарлы болады деп күтті. Ол сіздерге соларды жаныштау үшін, ал ең бастысы біздің арамыздағы сіздер өздеріңіздің ұлы тағдырларыңызды жүзеге асыру үшін мұқтаж болатын одақты қолдап отыру үшін қажет бір мезгілдегі батылдық пен саясатты өрістету міндетін жүктеді. Француз республикасын құру – баланың ойыны емес; ол еркеліктің немесе бейғамдықтың тірлігі де, жеке адамдар мен революциялық
элементтердің ниеттерінің кездейсоқ нәтижесі де емес. Ғаламды құруға күш те, кемеңгерлік те басшылық жасаған. Өз ортаңыздың мүшелеріне отан тағдырын ұдайы бақылап отырудың алапат міндетін жүктеп, сол арқылы сіздер бір заңды мойынға алдыңыздар, ол заң бойынша сіздер оларға өз күштеріңізбен және өз сенімдеріңізбен қолдау көрсетуге тиіссіздер. Егер революциялық үкіметке халықтың барлық өкілдері күш-жігерімен, білімімен, патриотизмімен, тілектестігімен жәрдемдеспесе, ол үкімет өзіне шабуыл жасаған Еуропаның күш-жігеріне және жан-жақтан жармасқан бостандық жауларының күш-жігеріне тең жасампаз күшті қайдан алмақ? Егер біз өзімізді бір-бірімізден ажыратып барып қана жеңе алатын жауларымыздың қара ниет жалаларына жан дүниемізді шалқасынан ашсақ, күніміз қараң?! Егер біз өзара байланысымызды нығайта түсу орнына, одан айырылатын болсақ, егер жеке мүдде, егер қорланған атаққұмарлық бізге отан мен шындықтан маңыздырақ болса, күніміз қараң! [...] Ұлттық конвенттің өкіметті бүкіл Еуропада сайланатын болуы қажет; Конвентті қорлау үшін, оны құртып жіберу үшін тирандар өз саясатының барлық ресурстарын аямай жұмсауда, қазынасын аямай жұмсауда. Конвент өзінің төл үкіметін Лондон үкіметінен де, еуропалық сарайлардан да артық көруге берік шешім қабылдауы қажет; өйткені Конвент басқармаса, тирандар патшалық құрады. Олар республикаға қарсы жүргізіп жатқан осы соғыста барлық артықшылық – қулық-сұмдық пен жемқорлық – солардың жағында болмай ма? Жамандық атаулының бәрі солар жағында; республика жағында тек соған эаны ашитындар ғана. Жаны ашитындар қарапайым, момын, кедей, көбіне сауатсыз, кейкейде дөрекі адамдар; бұлар сорлылардың пешенесіндегі жазу және халықтың жаратылысты мұрасы да сол. Ал жамандықты алуан түрлі асыл қазына қоршап алған, нәпсі ләззатының дуасы мен зұлымдықтың барлық
жеңсігі әспеттеген, барлық қауіпті таланттар солардың соңында, қылмыс та солардың соңында. Тирандар біздің осал тұстарымызды ғана емес, тіпті отаншылдығымызды да қаншалық өнермен бізге қарсықоя біледі десеңізші! Олар біздің арамызға тастап жүрген алауыздық ұрығы, егер біздер кезінде тұншықтырып отырмасақ, қандай шапшаң өсіп-өнер еді десеңізші! Бес жыл бойы жалғасып келе жатқан опасыздық пен тиранияның салдары, тым зор аңғырттық пен тым зор аңғалдықтың салдары, күш қолданудың кейбір көріністерінен азар да безер болып, қорқақтық өкініштәуба салдары мынау болды: Австрия, Англия, Ресей, Пруссия, Италия Францияда француз үкіметімен бақталас жасырын үкімет құрып үлгерді; олардың сондай-ақ өз комитеттері, өз қазынасы, өз агенттері бар. Бұл үкімет біз өз үкіметімізден тартып алып жүрген күш-қуатқа ие болуда, онда біз баяғыда айрылып қалған бірлік, бізге онсыз да күн көре алатын секілді көрінетін саясат, дәйектілік пен біз ешқашан қажетсінбеген бірауыздылық бар. [...] Біз сіздерге біз соғысып жатқан тирандармен ауыз жаласқаны үшін айыпталған шетелдіктер мен генералдарға жүргізіліп жатқан сотты қазірден бастап жеделдетуді ұсынамыз. Отанымыздың жауларын қорқытып қою жеткіліксіз, оны қорғаушыларға көмек көрсету керек; сондықтан біз сіздердің әділ қазыларыңыздан бостандық үшін жан аямай күресіп, азап кешіп жүрген жауынгерлер пайдасына кейбір шаралар қолдануды өтінеміз. Француз армиясы тирандардың зәресін ұшырып қана қоймайды; ол ұлт пен адамзаттың жаңқы болып отыр. Жеңіске ұмтылған олар: "Республика жасасын!" – деп айқайлайды; жау оғынан құлап бара жатып та: "Республика жасасын!” – деп айқайлайды. Олардың сол соңғы сөзі – бостандыққа мадақ; олар ақтық демі қалғанша отан қамын ойлайды. Егер барлық басшылардың құны сол солдаттардың құнындай болса, онда
Еуропа әлдеқашан тізе бүгер еді. Армияға әрбір жанашырлық актысы – ұлттық алғыс актысы. Отан қорғаушылар мен олардың отбасына көрсетіліп отырған көмек бізге соншалық мардымсыз болып көрінеді. Біз оны үштен бір есе көбейтудің ешқандай қиындығы жоқ деп санаймыз. Республиканың орасан мол қаржы-қаражат ресурсы бұған мүмкіндік береді, отанымыз соны талап етеді. Біздің ойымызша сондай-ақ, мүгедек болып қалған солдаттар отан үшін құрбан болғандардың жесірлері мен бала-шағасы заң жүзінде өздеріне тиесілі артықшылықтарды пайдаланғысы келгенде, осы заңның формальдықтарына, өзге де көптеген талаптарға, ал кейде тіпті бірқатар ұсақ әкімсымақтардың немқұрайдылығына немесе мейрімсіздігіне тап болады. Мұның өзі жоғарыдағы аталмыш адамдардың өздеріне тиесілі артықшылықтарды пайдалануына бөгет жасауда. Біз мұны түзетудің құралы Конвенттің ресми қорғаушылар тағайындауы деп ойлаймыз, олар әлгі адамдардың өз құқықтарын қорғауына көмектесер еді.
"Робеспьер М. Избранные произведения. В 3-х
т. Т. 3. М., 1965" басылымынан қазақшалаған
Сәкен ИМАНАСОВ.
Бабёф Гракх
(шын аты Франсуа Ноэль). (1760–1797) – француз утопиялық
коммунисі. 1789–1793 жылғы француз революциясына дейін Руа
қаласындағы жер мұражайында істеген. Ол абсолюттік феодализм
құрылысын өлердей жек көрді, ең бір мүлтіксіз “теңдік" орнатуды қаяусыз жақтады. Ол өзінің ең алғашқы, революция басталған жылы жазып, елдің Құрылтай жиналысына табыстаған “Тұрақты кадастр” атты еңбегінде бірқатар өзекті әлеуметтік-саяси қағидаларын ұсынды. Революция жылдарында жерге меншікті жоюды жақтады, теңгермешілдік “аграрлық заңды” қорғады, феодалдық құқықтарды ешқандай өтемсіз толық жоюды, ірі жер меншігін құртып, мұқтаж адамдардың бәрінің бірдей жер телімдерін ғұмыр бойы пайдалану құқығы болуын ұсынады. 1791 жылы король қашып кеткеннен кейін Бабёф республика құруды талап етті, термидорлық төңкеріс кезінде қамауға алынды, қоғамды коммунистік қайта құру мақсатында астыртын ұйымды басқарды, ол әшкереленген соң басы кесілді. Бабёф идеялары мен оның бағдарламасы кейінгі коммунистік утопиялардың туындауына жәрдемдесті.
ТҰРАҚТЫ КАДАСТР
(...) Жаратылыстық ахуалда барлық адамдар тең. Бұл ақиқатпен келіспейтін ешкім жоқ. Алайда, қоғамдық ахуалдағы сорақы мүлік теңсіздігін ақтау үшін былай деп көкиді: тіпті жабайылық ахуалында да, бұрмай айтсақ, барлық адамдар абсолюттік теңдікпен пайдаланбаған, өйткені табиғат олардың әрқайсысына сезімталдықты, ақылды, қиялды, еңбекқорлықты, белсенділік пен күш-қуатты бірдей дәрежеде бөліп бермеген; демек, табиғат адамдарға өз бақыты үшін жұмыс істеп, сол бақытты қамтамасыз ететін игіліктерге ие болудың бірдей құралдарын бермеген. Бірақ қоғамдық шарт шынында да парасат негізінде жасалған болса, оның мақсаты жаратылыстық заңдардағы мінді де әділетсіздік атаулыны жою болуға тиісті емес пе еді? [...] Жаратылыстық тәртіп бұрмалана, өзгертіле, шайқатыла алады, бірақ оны толық қиратудың өзі соны қалпына келтіруге жетелейді. Егер адамдардың көпшілігі жерден мүлдем айрылғаннан кейңн, олар өз еңбегімен тығырықтан шығу мүмкіндігінен де айрылса, сонда олар қандай шешім қабылдайды? “Меншікті құрметтеу керек!”. Бірақ егер жиырма төрт миллион адамның он бес миллионында ешқандай меншік болмаса, өйткені қалған тоғыз миллион адам олардың құқығын аяққа таптап, тым құрығанда
күн көрісі үшін де ешқандай дүние қалдырмаған болса, сонда қалай, әлгі он бес миллион адам өздерін тақыр-таза тонап алғандарға деген разылықтан аштан өлуі керек пе? Тегінде, олар мұны разылықпен істей қоймас, сондықтан байлар табының олардың әбден түңіліп біткенін күтпей, солардың алдындағы парызын өз еркімен өтегені жөн болар еді. Біреудің айтқаны бар: “Әрбір адамның өзіне жұмыс тауып алу мүмкіндігі болуы керек, ал заңдар төленетін ақы оның тіршілік етуіне жеткілікті болуын қадағалауға тиіс”. Біз өзімізге өзіміз мынаны қайталауға тиіспіз: белгілі бір қызмет түрлері үшін қисапсыз өтем берілген дейтін таптаурын пікірдің арқасында ғана адамдардың азғантай тобы дүниенің бәрін бауырына баса алды. Бұл ескертпе феодалдық режимнің ықпалы мен дінбасылардың айлакерлігін меңзеп отыр. Егер барлық кәсіптердің көздегені ортақ пайда болса, олардың бәрі бірдей бағалы және жақсылығы бір басына жетерлік әрбір адам өз кәсібінің мәртебесін арттыра түседі деген сенім әрқашан сақталып қала берсе, мүліктің теңсіздік дәл осындай өрескел шетіндікке жетпес еді.
ҰЛЫМА ХАТ
14-і Блювиоза (1794 жылдың 12-ақпаны)
Бауырым, Құқықтар декларациясындағы: басқа біреудің өзіңе істеуін қаламайтын нәрсені өзің де өзгеге жасама дейтін принципті мақтағаның орынды. Бұл барлық ережелердің ең тамашасы. Егер адам атаулы соны қаяусыз ұстанса, онда олар шетінен бақытты болар еді. Мен өзіме қажетті нәрсенің бәрін пайдаланғым келеді, бірақ дәл өзім секілді барлық адамдар да өзіне қажет нәрсенің бәрін пайдалануын қалауға тиіспін деген сөзі әркім-ақ: айтар еді. Ендеше, мен әркімнің өз қабілетіне қарай қоғам пайдасына
істелетін еңбекке қатысқаны үшін қоғамның әрбір мүшесіне беруге болатын сыйақы мөлшеріне ғана ие болуға тиіспін. Сонда, теңдік салтанат құрып отыр, адам атаулы – бауыр деуге болады. Сонда кедейлерді қорлайтын тасбауыр байлар болмайды. Сонда қолында тұлдыр да жоқ, және өзінің бейшара тіршілігі үшін өз қызметін байларға сатуға, солардың құл-құтанына айналуға, айтқанына көніп, айдауына жүруге мәжбүр кедейлер де болмайды. Жан досым, асқақ принципі сені тәнті еткен соншалық қымбат теңдік менің моралім, сенің әкеңнің діні, соның конституциясы, соның негізгі заңы, соның ең қымбаттысы және де ол адамдар осынау жүйеге көшкенше, олардың арасында бейбітшілік те, молшылық та, әділет те болмайды деп біледі. Осы бір жүйенің кіршіксіз әділдігін және соны ұйымдастыру қаншалық оңай екендігін әлі де санасына жеткілікті сіңіре қоймаған көптеген адамдар мұның екеуіне де қарсы. Бірақ оларды өздерінің пікірі негізсіз екендігіне сендіріп, жақ ашпауға мәжбүр оп-оңай. Міне, мен саған нақ осыны барынша айқын дәлелдеп беріп, сонымен бірге мынаны ұғындырғым келеді: француз халқы революциясын бақытты нәтижеге дейін, осынау мінсіз теңдік жүйесін орнатқанға дейін жеткізуі әбден ықтимал, сол мінсіз теңдік жалпыға бірдей бақытты қамтамасыз етеді, ал ол бақыт ешқашан мызғымайтын негізге құрылатындықтан да соншалық тамаша болады. Тек сол мақсатқа қол жеткенде ғана біздің республикамыздың мұрат-мүддесі орындалады. Сені құшып сүйген әкең Г. Бабёф ПЛЕЙБЕРЛЕР МАНИФЕСІ
Халық трибуны, яки адам құқығының қорғаушысы Гракх Бабёфтің
жобасы
Қоғамның мақсаты – жалпыға бірдей бақыт
Француз революциясының мақсаты да – жалпыға бірдей бақыт. Мен тайсалмастан өз мойныма алған трибунның ардақты еңбегі менің француз халқына сол тәтті мақсатқа жеткізе алатын жолды көрсетудің асқақ парызын жүктейді. Тек олар менің соңымнан ерсін, сонда олар осы жолға қойылған сансыз көп бөгеттерге, роялизм мен патрициаттың барлық айлаамалына, қулық-сұмдығына, астыртын қаскүнемдігіне қарамастан соған жете алады. Термидордың тажалды революциясынан кейін патрициат пен роялизм халықты қарама-қарсы нысанға – жаппай бақытсыздыққа қарай бұрып жібере алды. Қазір халық әбден титықтады. Оның халі тым аянышты, тым сұмдық. Оны тиятын уақыт әлдеқашан жетті. Шын халықтың қорғанышымын және алтынмен апталып, күміспен күптелген халықтың хас жауымын деп жүрген адам езілген 24 миллион адамға өздерін сатып кеткеннен кейін қалай қарсылық көрсетуге болатынын, революцияны қалай жалғастыра беруге болатынын түсіндіруге, қаншалықты қаһарлы көрінсе де, шынайы мақсатқа, бірден-бір әділетті мақсатқа, бүкіл қоғамдық ұйымның мақсаты – ортақ бақытқа жетуге тосқауыл бола алатын ешқандай күштің жоқтығын көрсетуге міндетті. Адамдарға қандай құралдармен қозғау салуға болатыны жайында біз де бірдеңе білеміз. Ең жақсы тетік – олардың мүддесі. Ең соңғы тирандар, ашаршылықты ұйымдастырғандар, жаппай қырып-жоюдың басшылары соны тамаша білген. Олар бостандықтың басқаруы дегеніңіз қорқынышты құбыжық, оны неғұрлым ұзартуға тырысқан сайын соғұрлым құлдықтың, ашаршылықтың, қуғын-сүргіннің, ажалдың алуан түрі алқымнан ала береді ... демек абсолютті билік режиміне қайта оралуға жұрттың бәрі мүдделі дегенді халық санасына жатпай-тұрмай сіңіріп бақты. Біз де адамдардың жеке мүддесін пайдаланамыз, бірақ біз мұны неғұрлым адал, заңсыздыққа бармастан, қорқытып-үркітпей істейміз. Біз барлық отандастарымызға бостандық дегеннің бостандық екенін ... Республика барша тирандардың,
барлық сұмдық қасіреттердің жиынтығы емес екендігін... халықтың басқаруы әрбір адамның молшылық пен бақытын, қоғамның барлық мүшелерінің мызғымас дәулеттілігін қамтамасыз етуге тиіс екендігін және қамтамасыз ете алатынын дәлелдеп береміз. Халықты ғайбаттайтындар ол бойкүйез, қорқақ, демек, езгіде болу – оның пешенесіне жазылған дейді. Ауыздарыңды жабыңдар, ақымақ әміршілер! Сендер де ауыздарыңды жабыңдар, арам құл-құтандар! Халық өзінің тіпті де бейқам еместігін сендерге көрсетеді. Оны оятып жүргендер оған революцияның игілігі неде екенін көрсеткен кезде... жалпыға ортақ бақыт жауларының барлық қарсылықтарына қарамастан бұл революция ол үшін сайып келгенде не болуға тиісті екендігін оған анық та көрнекі түсіндірген кезде ол өзінің қолынан не келетінін сендерге біржола көрсетеді. Қайран қалып, зәрелерің зәр түбіне кеткен сендердің көз алдыңда халық өзінің ештеңеден тайсалмайтын керемет күшін көрсететін болады, ол мұның қандай маңызды да ұланғайыр мақсат үшін істеп жатқанын білген кезде, мұны ол өзінің құқығы бойынша ие болуға тиіс жағдай үшін істеп жатқанын білген кезде, ... (түптің түбінде барлық пердені жұлып тастап, мәніс неде екенін айтқанымыздан) мұның бәрі қоғамның әрбір мүшесіне орнықты әл-ауқат, баршаға молшылық ахуалына, билеп төстеушілердің дарынсыздығына, инсаниятсыздығына және қастық пиғылана тәуелді болмайтын молшылыққа кепілдік беру үшін істеліп жатқанын білген кезде ... барлық замандардағы тирандардың ырқымен адамдардың көпшілігі тап болған тұрақсыз, бейшаралық жағдайды құртуға болатынын білген кезде істейді. Сонда жолындағысының бәрін жапырып келе жатқан халық тасқынына тиранияның бірде-бір бөгеті бұйым ғұрлы болмайды. Мен бар дауыспен өзімді соның апостолымын деп жариялайтын ілім осындай. Француздар! Бостан да әділетті әлеумет! Осынау жаңа інжілден таймауға әзір болыңдар; мен оның моралі таза ма, жоқ па деп әрдайым өздеріңе жүгінетін боламын. Менің алғашқы тәжірибемді құп көрген
сіздердің барлығыңыз тым текті де жанашырсыздар: онда мен сіздерге ақиқаттың жартысын да айтқан жоқ едім. Енді мен сіздерге табиғаттың ұлы ақиқаттарын ашып көрсетпекпін. Мен өзімнің бетбақтырмас өжет қылқаламымды тұп-тұнық әділеттің, періште шындықтың бояуына маламын. Теріскей мен Күнгейдің республикашылдары, жо-жоқ, сіздердің салыңыз суға кетпейді. Сіздер корольді немесе басқа бір тиранды бұрынғы орнына қонжитатындай ұсақтап кетпейсіздер... сіздер езіп-жаншудың қандай да бір пошымы халықтардың игілігі мен тыныштығы үшін қажет деген ойдың белең алуына жол бермейсіздер. Біреулер айтып жүргендей, сіздер тіпті де қажыған жоқсыздар; мұны сіздер күні кешелері ғана дәлелдедіңіздер. Сол таяудағы уақиғалар сіздер бұрынғыдай қуатты емессіздер деген сөздің де жалған екенін көрсеттіңіздер. Пасық пиғылды сабауға да, сұмдық қан төгістерге қарамастан, сіздер құлдықтың жақтаушыларынан әлі де артықшылықтарыңызды сақтап келе жатырсыздар. Сондықтан да сіздер сол құлдықтың қандай да бір түрде болсын орнығып қалуына жол бермейсіздер. [...] [...] Толып жатқан мысалдарға негізделген толғаныстар мені ақиқат дегенің тек қана анық та бүкпесіз болуға тиіс деген байламға алып келді. Шындықты әрқашан айтып отыру керек, оны жаһанға жариялау керек, халықтың ең маңызды мүддесіне қатысты нәрсенің бәрін оған жеткізіп отыру керек. Әртүрлі бұралаң жолдар, қандай да бір жәдігөйліктер, аядай ортада немесе корифейлер дейтіндердің арасында өтетін сан қилы бүкпесіз әңгімелер күш-жігерді құмықтыруға, қоғамдық пікірдің сансырауына, әрісәрі күйге түсуіне, тартыншақтай беруіне, бейғамдығы мен құлдық ұруына апарып соғады да, мұның өзі тиранияның бөгетсіз нығая түсуіне жетелейді. Халықпен бірге болмай ешқандай ұлы нәтижеге қол жеткізу мүмкін емес деген қағиданы қалтқысыз басшылыққа ала отырып, мен сондай-ақ онымен бірге бір нәрсені тындыру үшін оған бәрін де айтып отыру, не істеу керектігін ұдайы көрсетіп отыру қажет, және айлакер саясаткерлер пайдаланып жүрген жариялылықтың жайсыздықтарынан
қорқудан гөрі, қилы-қилы саясаттың бәрін де түптің-түбінде жеңіп шығаратын орасан күшке иек артқан жөн дер едім... Егер қоғамдық пікірді енжар, нәрсіз де мақсатсыз қалдырсақ, қаншама күш-қуат ысырап болатынын, ал олардың белсенділігін қоздырып, санасын оятып, белгілі бір мақсатқа жұмылдыра алсақ қаншама күшке ие болатынымызды ұмытпау керек. [...] Ақиқатқа көз жұмбайық. Жалпы алғанда революция дегеніңіз не? Атап айтқанда, Француз революциясы деген не? Ол – патрицийлер мен плебейлер арасындағы, байлар мен кедейлер арасындағы ашық соғыс. Осымен біз негізгі мәселеге таядық. Соның бірқатар қырларын қарастырайық. Жетесіз де әділетсіз мекемелер ұлттың көпшілігі тұлдырсыз қалатын, қорлықта болатын, ауыр қыспатан еңсе көтере алмайтын жағдайға жеткізген кезде; көпшіліктің тіршілігі адам төзбес азапқа айналған кезде, дәл сол кезде әдетте, езілгендердің езушілерге қарсы көтерілісі бұрқ ете түседі. Адамдар тап болған езгі олардың өз жағдайын жақсартуға ұмтылып, қозғалысқа түсуіне, қоныс аударуына себеп болады. [...] Біз қоғам мүшелерінің көпшілігі өз құқығынан айрылып қалғанын, ішер ас, киер киімге де жарымайтынын байқаймыз. Егер халықтың ең саусаламат, ең еңбекқор, ең көп бөлігі ішер ас, киер киімге жарымай отырса, бұған табиғат тіпті де жазықты еместігіне көз жеткізу үшін ұзақ зерттеудің қажеті жоқ. Табиғат ешқашан мейірімсіз болып көрген емес, ол өз перзенттерінен ештеңесін аямайды... Егер солар оның сыйын өзара дұрыс бөлмей жатса, оған табиғат жазықты емес. Солардың біреулері айналасын үптей беретін қылмыскер де арсыз, екіншілері өздерін тонап жатқанда да тұяқ серіппейтін әлжуаз да ақымақ болса, оған табиғат жазықты емес. Олай болса, көпшілікке жетіспейтін дүние азшылықта артығымен бар екендігі бесенеден белгілі. Демек, сол азшылық мемлекет ішінде басқыншылардың, зорлықшылардың кастасын құрап отыр. Бұл кастаның
мүшелері аузы қисаймастан бізге бауырларымыздың көпшілігін заңды жолмен тонап алдық дейді. Бірақ көп ұзамай мұның өзі үкімет құрған сұрқия мекемелердің көмегінің арқасында ғана мүмкін болғандығы анықталды. Сонда сол үкіметтердің қызметтері зерттеле бастады да, олардың сол басқыншы-патрицийлардың сыбайластары екендігі мәлім болды. Көп ұзамай-ақ көпшілікті жаппай тонау сол мекемелерді құратын заңдардың келісілген қарекетінің салдары ғана екендігі ешбір күмәнсіз анықталды. Дәл сол заңдар үркердей ғана топтың дүниенің бәрін қарпып қалуына мүмкіндік берген. Осылай болған екен, демек, сол заңдар талаудың сұмдық кодексінен басқа ештеңе емес, олар ортақ байлықты басқыншылар бандасының қарпып қалғанын тіпті де заңдастыра алмайды, сол банда сол байлықты өзі ғана уысында ұстап отыр. Себептерді індетпейақ, салдарларды қарастыру жетіп жатыр. Егер ұлттың ең пайдалы бөлігінің қолында ешқандай меншік болмаса, онда мұндай жағдай құлқынқұмарлық пен атаққұмарлық отына май құятын заңдардың арқасында жүзеге асырылған бірқатар комбинациялардың ғана нәтижесі болғаны даусыз. Олар – адамға жат заңдар. [...] Қарсы тұру керек болатын екі нәрсе бар, олар – бастапқы шарттың бұзылуын бекіткен заңдарға және солаодың салдарларына қарсы тұру. Ордалы отбасының әрбір мүшесінің құқығы мен қажеттілігін мәңгілік толық қамтамасыз ете алатын сол бір қастерлі шарттарды қалпына келтіру керек. Францияда 1789 жылы жарияланған манифестің, тонаушыларға соғыс жариялаған манифестің мағынасы нақ сондай екендігіне күмәнданбауға болады. Плебейлердің патрицийларға қарсы салтанатты декларациясы және көтеріліс пен революцияның байыпты прологы сондай. Плебейлер мен патрицийлардың, яки байлар мен кедейлердің осынау соғысы ол жарияланған сәттен басталмайды. Ол мәңгілік соғыс, ол қоғамдық мекемелер біреудің бәрін қарпып қалуына, екіншілердің бәрінен мақұрым қалуына жәрдемдескен сәттен басталады. Тегінде манифест жарияланғанға дейін, патрициат плебейлер көтерілісінен қауіптене
қоймайтын секілді. Байлаға олар сырт көзге өздерін қауіпсіз сезінетіндей етіп көрсетсе, кедейлердің санасына олардың ахуалы табиғат заңдарының өзінен туындайды-мыс деген пасық ойды сіңіре берсе, олар кедейлер тарапынан болатын бірдеңелерге ең жақсы тосқауыл қоя алғандай болып көрінеді. Бірақ, көтеріліс жарияланғанда, күрес қатты ширығады да, белдескен партиялардың әрқайсысы жеңіске жету үшін барлық құралдарды қолданады. Плебс жақсылық атаулыға: әділетке, адамгершілікке, риясыздыққа сүйенеді. Патрициат жамандық атаулыны: қулық-сұмдықты, екіжүзділікті, қорқаулықты, менмендікті, атаққұмарлықты көмекке шақырады. [...] Қылмыстың зәресін ұшыру және ДЕМОКРАТИЯЛЫҚ басқару жүйесіне, қайта түлеген француз халқына лайық бірден-бір басқару жүйесіне, олардың ұзақ жылдарға созылған ауыр еңбегіне, олардың республика құру жолындағы даңқты ерлігіне лайық бірден-бір марапатқа, олар әрқашан ие болуға ұмтылып келген және бір жолы қолы жетіп те қалған басқару жүйесіне оралу қажет. [...] Біз революцияны тек дүниені түршіктірген қайғы-қасіреттен құтылу үшін, әрбір адамды өзінің құқығы бойынша ие болуға тиіс орнына қою үшін, сұрқия мекемелер туындатқан тәртіпсіздіктер мен жаппай қайыршылықты жою үшін, зардабын көпшілік тартып отырған сұмдық тапшылықтың орнын толтыру және азшылықтың езіп-жаншитын артық дәулетін құрту үшін, қоғамның жалпыға ортақ бақытты көздейтін мақсатына жету үшін жасағанымызды еске түсірейік. Иә, бұл революцияның мақсаты – баршаға дәулет, баршаға білім, баршаға теңдік, бостандық, бақыт. Біздің мақсатымыз осындай. Біз жетуге шақ қалған нәрсе міне сол; біз тағы да қол жеткізуге тиісті нәрсе міне сол. Бостандық солдаттары! Сіздерге берілген салтанатты уәделердің орындалмай қалуына жол беруге болмайды... соншалық ерлікпен және төгілген қанмен сіздер лайық болған өтемнен сіздерді айыруға болмайды!.. Балалар, әйелдер,
қариялар, кемтарлар, жарлы-жақыбайлар, сіздер де өздеріңізге уәде етілген және біреулеріңізге тек әділ өтем болатын, енді біреулеріңізге мемлекеттік жәрдем болатын көмектен тыс қалмайсыздар. Қуат-күші бойындағы еразамат! Қарулы да жігерлі қолдар! Сіздер қоғам үшін соншалық пайдалы еңбектеріңізге күн көріске жетерлік те бірдеңе ала алмай қаламыз-ау деген ойдан арыласыздар. [...] Ал сіздер, халық өкілдері, осынау қозғалысқа тіпті де бөгет болмай, қайта оған көмектесуді ғана ойлаңыздар! Сіздер үшін бұл құтқарылудың бірден-бір жолы. Халықтың үніне құлақ түріп, тек солардың ырқын орындаумен болыңыздар! Сіздер оның жалпыға ортақ бақытты қалаймыз деген үнін еститін боласыздар; соны заңды жолмен жеіп алуға көмектесіңіздер. [...] Біз ештеңе бұйырмаған аш-жалаңаш бауырларымыздың арасында уағыздауға батылымз барған қатал теңдік діні, ол қаншалық табиғи болғанымен, тіпті, солардың өздеріне де оқыс нәрсе болып көрінеді; оларға бұл, қайталап айтайын, оқыс көрінетін себебі, біз өзіміздің үйреншікті, ежелден келе жатқан варварлық та сөлекет мекемелерімізге етіміздің үйреніп кеткені сондай, олардың басқа да неғұрлым әділ, қарапайым түрлері бар-ау деп ойлауымыз қиын. [...] Әлдеқашан уақыт жетті. Аяқ асты болып, құрып бара жатқан халықтың қайыршылықтың таңдақтарынан ғана емес, жанама салдарларынан ғана емес, соның өзін құрту үшін өзінің ырқын бұрынғы қай кездегіден де неғұрлым ұлағатты, неғұрлым салтанатты, неғұрлым ортақ етіп білдіретін уақыты әлдеқашан жетті. Халық өз Манифесін жарияласын. Ол манифесінде халық өзі қалайтын, қатаң принциптерден шыққанда ол қандай болуы керектігі көрсетілген демократияның анықтамасын берсін. Ол сонда дәулеті шалқып-тасып жатқандарға демократия дегеніңіз тұрмысы нашарлардың кем-кетігін бүтіндеу міндеті екендігін, осы соңғылардың бүкіл зәрулігі оларды алдыңғылардың тонап алғанынан туындап отырғанын дәлелдеп
берсін. Заңды негізде, керек десеңіз, яғни, соңғы режимдер кезінде де, неғұрлым бұрынғылары тұсында да әртүрлі айла-шарғыға жол берген қарақшылық заңдардың негізінде; қазір де күшінде бар заңдар секілді заңдардың көмегімен; мен күн көру үшін әрдайым үйдің кәкәр-шүкірінен бірдеңе сатуға, ең соңғы шүберегімді сол заңдар қорғайтын ұры атаулыға апарып беруге мәжбүр болатын заңдардың көмегімен тонап алғанын дәлелдесін! Халық қолды болып кеткен сол дүниенің қайтарылуын, байлар кедейлерден масқаралықпен тәркілеп тартып алған дүниенің қайтарылуын талап ететіндігін жарияласын. Бұлай қайтарып алу, әрине, эмигранттардың мүлкін қайтарып беру сияқты заңды болады. Демократияны қалпына келтіру арқылы біз, біріншіден, өзіміздің ескі-құсқымызды, ескірген жиһазымызды қайтарып алмақпыз, екіншіден, бізден соларды тартып алғандарды бұдан былай сол сұмдықтарын қайталау мүмкіндігінен айырмақпыз. Содан кейін біз демократияның көмегімен, жоғарыда көрсеткеніміздей, қандай да бір дұрыс идеяны түсіне алатын адамдардың бәрі ұмтылған нәрсеге қол жеткізбекпіз. [...] [...] Тағдырды ауыздықтау керек; қоғамның әрбір мүшесін сәттілікке, қолайлы-қолайсыз жағдайларға кіріптар болмайтын ету керек; әрбір адамға, қаншама көп болса да, оның ұрпағына молшылықты, басқа ештеңе де емес, тек қана молшылықты қамтамасыз ету керек; сөйтіп кімде-кімнің табиғат пен еңбек туындыларынан өзіне тиесілі үлестен артық бірдеңе алуының барлық мүмкіндігін мәңгілікке жою керек. Бұл мақсатқа жетудің бірден-бір тәсілі ортақ басқару жүйесін құру: жеке меншікті жою, әрбір адамды өзінің қабілетіне сай қолынан келетін іске жегу; өз еңбегінің жемісін сол күйінде ортақ қоймаға өткізуді міндеттеп, мүлікті бөлудің қарапайым әкімшілігін, азық-түлік әкімшілігін құру, ол барлық азаматтарымыз бен барлық бұйымның есебін алып, сол бұйымдарды аса қатаң теңдік негізінде бөліп, оны әрбір азаматтың тұрғылықты жеріне жеткізіп береді. [...] Мұндай басқару жүйесі кезінде омақа белгіленген шарбақтар,
қабырғалар, есіктегі құлыптар, өсек тасушылар, айтыс-тартыс, ұрлыққарлық, кісі өлтіру – қысқасы қылмыс атаулы; соттар, абақтылар, дарлар, жазалау, барлық осы зұлматтар туындататын түңілу; күндеу, қызғаныш, қомағайлық, кеудемсоқтық, алдау, екіжүзділік, сайып келгенде жамандық атаулы құрып бітеді; бұдан әрі (бұл енді ең бастысы) ертеңгі күні, бір айдан кейін, бір жылдан соң, қартайғанда не күтіп тұр, балаларымыз бен немерелеріміздің күні не болмақ деген әрқайсымызды іштей ұдайы кеміре беретін жегі болмайды. Біз француз халқының езгідегі көпшілігіне ұсынып отырған сұмдық Манифестің қысқаша мазмұны осындай; біз халық алдын-ала түсіне берсін деп, осынау Манифестің алғашқы нобайын ұсынып отырмыз. Халықтың басшылары жоқ дейді. Келсін солар, сонда халық бірден-ақ өз бұғауын быт-шыт қылып үзіп, өзі үшін де, ұрпағы үшін де нанын тауып алады. Тағы да қайталайық: қайғы-қасірет атаулы шегіне жетті; бұдан жаман болуы мүмкін емес; тек толық төңкеріс қана жағдайды түзей алады!!! Сонымен, бәрі араласып кетсін!.. Барлық стихия бытысып, мидай аралассын, өзара қақтығыса түссін!.. Бәрі келіп әбден былықсын да, сол былық арасынан анадан қайта туғандай болып жаңа өмір шыға келсін!.. [...] 1.
Француз революциясы және таптар күресі
[...] Ұлы халықта езушілер мен езілгендер арасындағы ұлы дауды тек қана адвокаттар жүргізе алады. Тайталасқан жақтар партиялардың бірінің жеңісі сол өкілдердің моральдық бет-бейнесіне байланысты болуы тмүмкін екенін жақсы білетіндіктен, олардың әрқайсысы сайлау кезінде өз жағына өзінің ісін дұрыс аяқтай алатын қорғаушыларды неғұрлым көбірек тарту үшін барлық күш-жігерін жұмсайды. Шынында да, жалпы қорытындыда жақсылық өкілдері жамандық өкілдерінен басым түссе, әділет салтанат құруға тиіс. Егер қылмыс күші
шындық күшінен басым түссе, керісінше болып шығады. Осынау пікірлерді француз революциясына қолдана отырып, мен бұл арада тұтас бір тарихи ұқсастықты аңғарамын. 1795 жылғы декларациядан басқа барлық құқық декларациялары мәңгілік әділеттің ең бірінші аса маңызды принципін қуаттаудан басталады: қоғамның мақсаты баршаға ортақ бақыт. Содан кейін логикалық қорытынды ретінде мың сан рет қайталанған мына бір аксиома жарияланады: қоғамның адамзат тайқып кеткен бастапқы міндетін жүзеге асыруға тиіс революцияның мақсаты да баршаға ортақ бақыт болып табылады. Белгілі бір шаққа дейін Франция оған қарышты да жедел қадаммен жақындай түскен болатын; сол сәттен бастап қоғамның мақсатына, революция мақсатына қарсы бағытталған, баршаға ортақ бақытсыздыққа, үркердей ғана азшылықтың игілігіне бағытталған кері қозғалыс басталды. Сол бір бетбұрыс сәтін анық көрсетіп берейік. Тайсалмай айтайық: барлық бөгеттер мен қарсы қимылдарға қарамастан революция 9-термидорға дейін ілгерілей берді, сол сәттен бастап ол кері бұрылды. (“Халық трибуны” ІІ, 11–14 беттер)
2. Қарсылыққа жауап
Жеке меншікті жоюдан бас тартқаныңызды ақтау үшін оның ғасырлар бойы өмір сүріп келе жатқанына сілтеме жасаудың қажеті жоқ. Адамдардың меншікке алдамшы құқығына қатысты жаңсақтықты түзетуден тұратын миссиямызды жүзеге асыру үшін бұлайша тым кеш тумағанымыз пайдалырақ болар еді деген пікірмен10 келісе алмаймын. Нақ осы заманғы дәуір осынау міндетті орындау үшін неғұрлым қолайлы, бұл тұрғыдан алғанда бұл дәуір бізге дейінгі мың жыл бұрынғы дәуірден әлдеқайда қолайлы деген пікірден мені кім қайтара алмақ? Ең алдымен,
қандай да бір жамандықты тоқтату үшін, әдетте оның жағымсыз жағы сезіле бастағаннан әлдеқайда бұрын ойлана бастаушы ма еді? Ал адамдар жеке меншік құқығының туындауына жол берген кезде, өздеріне тән аңғалдықпен, ол құқықтан болашақта туындайтын жайсыздықтардың бәрін көре алған жоқ. Олардың сол кездегі ақыл-ой деңгейі, тәжірибесінің аздығы оларды ондай алғырлыққа әлі жеткізе қоймаған болатын. Тіпті сол кезде оларға біреу-міреу: “Егер сендер жердің жемісі баршаға ортақ, ал жердің өзі ешкімдікі емес екендігін ұмытсаңдар, құрығандарың” – деп айғай салса да, олардың сол кеңесті тыңдай қоятындығына немесе илана қоятындығына күмәнім бар. Және де, осы институттың қайғылы зардаптары бірден-ақ ауырсынатын түрде сезіле қоймағандықтан, оны реформалау жөніндегі ұсыныс бірнеше ғасырдан соң да мақұлдана қоюы неғайбыл еді. Содан кейін, жамандық анық сезілген кезде, қоғамның бүкіл тұла бойына елеусіз ғана еніп алған болатын, содан да адамдар әбден-ақ түсінікті себептерге орай оны мүлдем жаратылыстық нәрсе деп білді, көп жағдайда оның тегін де ұмытып кеткен-ді. [...]
4. Теңдестер манифесі
Шын теңдік – әлеуметтік ғылымның ең басты мақсаты
Кондорсе.
Франция халқы! Сен он бес ғасыр бойы құлдық тауқыметін тартып келдің. Құлдық – сор. Міне, алты жыл болды, сен тәуелсіздікті, бақытты және теңдікті алқына күтіп келесің. Теңдік! Табиғаттың бірінші талабы, адамның ең өзекті қажеті, әрбір заңды ассоциацияның ең басты буыны. Франция халқы! Сенің жағдайың қасіретті жерді мекендеген ұлттардың ешқайсысынан артық болған жоқ.
Адамзаттың пұшайман ұрпағы қашан да, қай жерде де атаққұмарлардың, азды-көпті алаяқ кісі жегіштердің ойыншығы, кез-келген тиранияның жемтігі болып келді. Қашан да, қай жерде де халық сылдыр сөзбен алдандырылып келді, ешқашан, еш жерде сөз іспен ақталған емес. Есте жоқ ескі заманнан бері бізге екіжүзділікпен “адамдардың бәрі бірдей” делініп келеді, және есте жоқ ескі заманнан бері жан түршігерлік һәм рахымсыз құлдық адамзат баласын арсыздықпен тұншықтырып келеді. Азаматтық қоғам дүниеге келгеннен бері адамзаттың ең әдемі алқасы деп танылған теңдік – әлі ешқашан жүзеге асып көрген жоқ; ол әрқашан заңдардың әдемі де тұл өтірігі ғана болып келеді. Қазір, біз теңдікті зор дауыспен, үзілді-кесілді талап ете бастағанда, бізге: “Өшір үніңді, байғұстар! Шын мәніндегі теңдік – бос қиял ғана, шартты теңдікті: заң алдында бәрің бірдейсіңдер, деген теңдікті қанағат етіңдер”, дйді. Қара тобыр, саған тағы не керек? Бізге тағы не керек? Заң шығарушылар, ел билеушілер, байып алған, меншік иелері, енді сендер тыңдаңдар! Бәріміздің тереземіз тең ғой, солай ма? Бұл қағидамен ешкім де таласпайды, өйткені тек есуас қана аспайсаспай күнді түн дей алады. Ендеше міне! Біз бұдан былай өзіміз жаралған теңдік жағдайында өмір сүріп, сол жағдайда өлгіміз келеді. Бізге керегі шын мәніндегі теңдік немесе өлім, міне, бізге керегі осы. Және біз ештеңеге қарамастан сол шын теңдікті жеңіп аламыз. Сол теңдік жолында бізге ұшырасқандардың күні қараң! Біздің талабымызға қарсы шыққысы келетіндердің күні қараң! Француз революциясы – неғұрлым ұлы, неғұрлым салтанатты, ең соңғысы болатын басқа революцияның күркірі ғана. Халық өзіне қарсы бірігіп шыққан корольдар мен поптарды табанымен таптап тастады. Олардың орнын басқан жаңа тирандар да, жаңа саяси сұрқиялар да солардың кебін киетін болады.
Бізге құқық теңдігінен басқа тағы не керек? Бізге керегі Адам мен азамат құқықтары декларациясында жарияланған теңдік қана емес, бізге керегі өзіміздің арамыздағы, шаңырағымыздың астындағы теңдік. Теңдік үшін біз ештеңеден аянбаймыз, біз жер бетіндегінің бәрін тас-талқан етіп, тек теңдікті темірқазық етеміз. Қажет болса, өнер атаулы құрып кетсін, бізге тек шынайы теңдік қалса жеткілікті. Заң шығарушылар мен басқарушылар – ақылы арынан да мүшкіл адамдар, және де ар-ұяттан жұрдай байлар, сендер: “Олар тек бұрынғылар да талай рет талап еткен аграрлық заңның қабылдануын ғана қалайды”, деп біздің қастерлі ісімізді жер жастандыруға бекер әуре боласыңдар. Жалақорлар! Енді табиғат әмір ететін әділетке негізделген біздің талаптарымызды жақ ашпай, үрейлерің ұша тыңдау кезегі сендерге келді. Аграрлық заң немесе жер бөлісі бірнеше санасыз солдаттың, халықтың парасаттан гөрі инстинктке бой алдырған кейбір топтарының бір сәттік тілегі болатын. Біз неғұрлым асқақ та әділетті мақсатқа ұмтыламыз: біздің мақсат – ортақ игілік яки игіліктің ортақтығы. Жерге жеке меншік жойылуға тиіс. Жер – ешкімнің меншігі емес. Біз жер жемісін ортақ пайдалану құқығын жариялаймыз, соны талап етеміз: жер жемісі баршаға тиесілі. Біз ат төбеліндей азшылықтың рахаты үшін көпшіліктің арып-ашып жұмыс істей беруіне бұдан былай төзу мүмкін емес деп мәлімдейміз. Бір миллион ғана адам өздері сияқты, өздеріне тең жиырма миллион адамға тиесілінің бәрін тым ұзақ уақыт бойы пайдаланып келеді. Болашақ ұрпағымыз сенбейтін бұл сұмдық енді тиылсын. Ақыр соңында, байлар мен кедейлер, үлкен мен кіші, қожайындар мен малайлар, басшылар мен бағыныштылар арасындағы қорлық айырмашылықты түптамырымен жоялық. Адамдар арасында жасы мен жыныс айырмашылығынан басқа ешқандай айырмашылық болмасын. Барлық адамдардың қажеті де, қадір-
қасиеті де бірдей, ендеше оларға бірдей тәрбие, бірдей тамақ берейік. Барлық адамға күн де ортақ, ауа да ортақ, ендеше біз неге тамақтың сапасы мен саны жағынан олардың арасында айырмашылық жасауға тиіспіз. Бірақ енді осынау ең бір анық табиғи тәртіптің жаулары бізге қарсы айғай-шу шығарып әлек. Басбұзарлар, бүлікшілер, дейді олар бізге, сендер қан төгу мен оңай олжаға құмарсыңдар! Франция халқы! Біз оларға жауап беріп жатпаймыз, қайта саған айтамыз: біз қолға алған қасиетті істің азамат соғысын тоқтатып, халықты қайыршылықтан құтқарудан басқа ешқандай мақсат-мұраты жоқ. Бұдан қомақты жоспар жасалған да, орындалған да емес. Мұны тек оқта-текте бірен-саран кемеңгер адамдар, бірен-саран данышпандар дауыстары дірілдеп, сабырлай айтып қоятын. Олардың ешқайсысының да шындықты түгел айтуға батылы жеткен жоқ. Ұлы шаралар заманы туды. Жамандық шырқау шыңына шығып, жер бетін тұмшалап алды. Саясат дейтін былық жер бетін жайлап алғалы қай заман. Енді бәрі де ретке келтіріліп, өз орнына қойылуы керек. Теңдік мақсатында жер бетінде әділет пен бақыт салтанат құрады. Бүкіл адамзат үшін есігі шалқасынан ашық баспана – тең адамдар Республикасының іргесін көтеретін уақыт жетті. Ортақ түлеу күні туды! Бейбақ, байғұс отбасылар, табиғат өз перзенттерінің бәріне жасаған ортақ дастарқан басынан орын алыңдар. Француз халқы! Сенің маңдайыңа асқақ даңқ жазылған, сен бірінші болып дүниеге осынау ғажап көріністен ләззат алу мүмкіндігін бересің. Ескі дағдылар мен соқын сенімдер терезесі тең адамдардың Республикасын құруға бөгет жасайды. Бәлкім, мұндай шынайы теңдік – тек бір өзі ғана қажеттерді өтей алатын теңдік, ешқандай құрбандықты қажет етпейтін теңдік бастапқыда жұрттың бәріне бірдей ұнай қоймас.
Эгоист, атаққұмар жындана түршігеді. Арам меншік иелері әділетсіздік деп ойбай салады. Үрлеп ішіп, шайқап төгіп әдеттенген, біреудің есебінен тойынып, сән-салтанатқа әбден еті үйреніп үркердей топ барлығынан жұрдай болғанын айтып, өкініштен өзектері өртенеді. Абсолюттік билікті жақтаушылардың, жүгенсіздіктің сұрқия жандайшаптарының шынайы теңдік талабына бағындырылған өз көсемдерінің сүмірейген түрін көріп, құты қашады. Танауының астынан арғыны көрмейтін олар болашақ ортақ бақытты аңғара алмайды; бірақ күңкілдеген бірнеше мың ғана адам, соншалық ұзақ іздеп, сарсылған молшылық жолының осыншалық оңайға түскеніне таңырқаған қалың бұқараға қарағанда неге татиды. Осынау нағыз революциядан кейін көп ұзамай адамдар қатты таңырқап: апыр-ау, ортақ игілікке жету үшін бір ғана тілегіміздің жеткілікті болғаны ма, дейтін болады. Мұны бұрын неге тілемегенбіз, ұзақ жылдар бойына үгітке неге көнбегенбіз? Иә, әлбетте, тең дәрежелі адамдар ішінде неғұрлым құдіретті де бай бір ғана адамның болуыеың өзі сор және қылмыс, бұл – теңдіктің құрдымға кетуі.
Франция халқы! Бір конституцияны екіншісінен артық санау үшін сен нені басшылыққа алмақсың? Тек бастан-аяқ шынайы теңдікке негізделген конституция ғана сенің барша талабыңның үдесінен шығады. 1791 және 1796 жылдарғы аристократиялық хартиялар сенің бұғауыңды талқандау орнына, беркіте түсті. 1793 жылғы хартия зор қадам жасап, алғаш рет теңдік принципіне жақындай түсті, бірақ ол өзі салтанатпен жариялаған халық игілігі мақсатына жете алмады. Франция халқы! Көзіңді де, көңіліңді де мол рақатқа аш, бізбен бірге теңдестер Республикасын танып, талап ет. (Buonarottі, Conspіratіon de Babeuf, ІІ, pіece 7.).
5. Бабёф доктринасын талдау
1 бап
Табиғат өзінің барлық байлығын пайдалануға барша адамға бірдей
құқық берді.
Осы бап бойынша туындаған жарыссөзден алынған уәж: 1. Жер бетінде адамдар бірлескен қоғамдық өмір сүре бастағанға дейін, олар табиғат молынан берген байлықтың бәрін тең шамада, пайдаланып келген. 2. Қоғамға біріккен адамдар арасында өңделмеген жер жемісін пайдалану құқығында не нәрсе теңсіздік орната алатын еді? Олардың табиғи айырмашылықтары ма? Бірақ адамдардың бәрінің органдары да. қажеттері де бірдей ғой. Бәлкім біреулердің екіншілеріне кіріптарлығы болар? Бірақ өзі сияқтыларды құл ете қоятындай ешкім де соншалық күшті бола қойған жоқ, өйткені бір-біріне титімдей де наразылық адамдарды тағы да бытырап кетуге мәжбүр ете алатын еді, ал өзара көмек пен жақсы қатынастың пайдасын түсіну оларды көрші-қолаңның құқығын, – яғни, табиғаттың өзі сыйлаған құқықты құрметтеуге мәжбүр етті. Әлде жүректерінің селт етпейтіндігі ме? Бірақ жанашырлықтың өзі адамдардың ұйыммдасуымен тікелей байланысты және қатыгездік нәпсінің тасбауырлығынан туындайды ғой. Бәлкім, тумысынан төменіктік пен құлдыққа бейімдіктен болар? Бірақ тіпті ең жабайы адамдар титімдей айырмашылықтың өзін ауырсына сезінеді, ол да күндестік пен жек көрудің қайнар көзі болып табылады ғой. 3. Құрылып жатқан қоғамның ең алашқы үлгісі отбасы болса, онда соның тіршілігінің өзі әңгіме болып отырған құқықтың жарқын дәлелін береді. Теңдік – бақытты отбасы өмірінің кепілі. Жақсы сыйластық және балалар бақыты, ата-ана мейірімі отбасында теңдік құнымен орнығады.
Теңдіктің бұзылуы реніш пен қызғаныш туғызып, отбасының берекесін кетіреді, зорлық-зомбылықты туындатады. Сонда бәрі де – тіпті атаананың мейірімі – балалар бойында қызғаныш туғызады; ата-ана отбасында қауіпті реніш туғызудан сақтанып, балаларына өз махаббатын да білдіре алмайды. 4. Аса қатал теңдік алғашқы шарттармен белгіленуге тиіс болатын, өйткені бұрын қандай да бір даралаудың дұшпаны болған адамдарды ештеңе де тапшылық пен бағыныштылыққа көндіре алмас еді. 5. Теңдіктің маңыздылығы мен қажеттілігі санасын жоғалту адамдар арасына бақыт жөнінде жалған ұғым; зинақорлық азғындық; зорлықзомбылық, бұлғақ соғыс; бір жағынан тирания, екінші жағынан езіпжаншу; әділетсіздікті қолдай отырып, түптің-түбінде ұзаққа созылған бұлғақтан соң қоғамды күйрететін толып жатқан азаматтық, саяси һәм діни мекемелер енгізді. Біреулерді асқақтату, сән-салтанат, қол жетпес рахат көріністері бұқара үшін азап пен қасіреттің сарқылмас қайнарына айналады. Тек бірен-саран кемеңгерлер ғана әзәзілдіктен сақтана алады: қанағат бұқараның көкейіне қонбайтын игілік, өйткені ол қанағаттан айрылып қалған. Жекелеген адамдар өзі үшін бұқараға беймәлім жаңа қажеттер мен нәзік ләззат ойлап табады. Қарапайымдылық өз маңызын жоғалтты, белсенді өмірді, жан рахатын ешкім де бақыт деп білмейді, марапат пен ләззат асқар игілік деп саналады, өзінің жағдайына барша наразы, теңсіздік қоғамнан аластаған бақытты барша босқа іздейді. Марапат көбейген сайын, соған құмарлық арта түседі, күндеу мен нысапсыздық соғы-ұрлым көбірек қоздырылады. Небір есалаң жобалар жасалатыны осыдан; алтын мен билікке тойымсыз да қылмысты құмарлық осыдан; өшпенділік, зорлық-зомбылық, кісі өлтіру осыдан; жаулап алуға құмарлықтан және саудадағы бәсекелестіктен туындайтын, бәрінен жұрдай адамзатқа бір сәт тыныштық таптырмайтын қантөгіс соғыстар осыдан.
Осынау идеялар анархиясы тұсында бойкүйездік пен күреске қабілетсіздік адамзаттың бір бөлігінің түбіне жетуде, екінші бөлігін әлсіретіп, қоғамға оны қорғауға мүлдем қауқарсыз ұрпақ дайындауда. Марапатқа құштарлықтан, ол қоздыратын қызғаныш пен наразылыққа қарамастан, оны сақтап қалу шаралары қолданылады; ол сақтық шаралары – тағылық заңдар, басқарудың айрықша пошымдары, діни жалғандық, құлдық мораль – қысқасы, бір жағынан тирания, екінші жағынан езгі. Ал табиғаттың үнін өшіру мүмкін емес, ол ке-кейде өзінің қайырымсыз перзенттерін қан қақсатады, ол адамзат көз жасының кегін өзінің күркірімен қайтарады, және де оған оқта-текте адамзат құқығын қалпына келтірудің сәті түссе де, сайып келгенде ол өзінің заңын ұғына қоймаған қоғамдарды құртып жібереді. Егер материалдық теңдік біздің органдарымыз бен қажеттеріміздің теңдігінің салдары болса, егер халықтың да, жеке адамның да қасіреті, қоғамның күйреуі теңдіктің бұзылуының табиғи салдары болса, онда теңдік адамның жаратылыстық құқығы екендігі айқын.
ІІ бап Қоғамның мақсаты – жаратылыстық ахуалда күштілер мен ызақорлар аяққа таптайтын сол теңдікті қорғау және ортақ күшпен ортақ игілікті еселей түсу.
Уәждер: 1. Бұл арада қоғам деп шарттармен реттелетін ассоциацияны айтылып отыр; жаратылыстық ахуал – заңға бағынардан бұрын адамдар тұруға мәжбүр болған кездейсоқ һәм жетілмеген қоғам ахуалы. Теңдіктің бұзылуынан туындайтын нақ сол ыңайсыздықтар жаратылыстық ахуалға наразы адамдарды заң дегенді ойлап табуға мәжбүр еткені айдан анық. Қалай болғанда да ассоциацияның мақсаты – теңдікті сақтап отыру, өйткені тек теңдік қана біріккен адамдарды бақытты ете алады.
2. Өз күштерін біріктіріп, адамдар неғұрлым аз күш-қуат жұмсап, өздеріне мәлім игілікке соғұрлым молырақ ие болуға ұмтылды. Жер игілігінің молдығы оларды пайдалану мүмкіндігін қамтамасыз етеді және сол молшылық қоғам мүшелерінің еңбегімен қамтамасыз етіледі. Еңбек баршаның арасында бөлінген кезде, әркімнің талайына еңбектің аз мөлшері тиетіні белгілі.
ІІІ бап
Табиғаттың ырқы бойынша барлық адамдар еңбек етуге міндетті.
Уәж: І. Әрбір адам үшін еңбек – табиғаттың өсиеті. 1. Өйткені, шөл далаға тап болған адам еңбек етпесе өз қорегін тауып жей алмайды. 2. Өйткені, қалыпты еңбек туындататын белсенділік ахуалы адам үшін денсаулық пен көтеріңкі көңіл-күйдің қайнары. ІІ. Қоғам бұл міндеттемені өзінің барлық мүшелері үшін де, жекежеке әрқайсысы үшін де босаңсыта алмайтын. 1. Өйткені, қоғамды сақтап қалу осы міндеттемені сақтап қалуға тікелей байланысты. 2. Өйткені, еңбекке барша қатысса, әркімнің еңбегі барынша аз болып шығады. ІV бап Еңбек пен рахат баршаға ортақ болуға тиіс.
Түсініктеме: Бұл дегеніміз жұрттың бәрі еңбектің бірдей бөлігін өз мойнына алып, одан бірдей мөлшерде пайда алуға тиіс деген сөз. Бұл принциптің әділеттілігі І және ІІ баптарда келтірілген дәлелдерден көрінеді. Бірақ еңбектің ортақтығы дегенді қалай түсінеміз?
Бұл барлық азаматтарды бір ғана іспен шұғылдануға мәжбүр ету деген сөз бе? Жоқ, бірақ еңбекті қоғамның еңбекке жарамды бірде-бір мүшесі жұмыссыз қалмайтындай етіп бөлу керек. Еңбекшілер санын молайту, сол арқылы елде молшылық жасалуына және жеке еңбектің кемуіне кепілдік беру қажет; екінші жағынан, жұрттың бәрі өз отанынан табиғи қажетті нәрсесін, сондай-ақ жасанды нәрсенің шамалы, қоғам қанағаттандыра алатын бөлігін алуы қажет. Бізге мынадай дау айтылар: сонда өнер мен өнеркәсіп туындыларын – данышпанның және табанды ұзақ еңбек өнімін қалай етеміз? Оларды көтеріңкі бағаламасақ, қоғам зиянына олардың мүлдем құрып кету қатері төнбей ме? Бұл софизм! Қай жерде де, қай заманда да данышпандарды байлыққа құштарлық емес, даңққа құштарлық жетелеп келген. Егер біз қайдағы бір мейірімсіз бастықтың қыңырлығына көніп, күн сайын басын өлімге тіккен миллиондаған бейшара солдаттарды көріп жүрсек, онда теңдік пен отанға деген махаббат, бақыт сезімі, сондайақ кемеңгер саясат ықпалы адам жүрегінде қандай ғаламаттарды туындата алатындығына күмәндануға бола ма? Егер біз теңдік заңымен өмір сүру бақытына қол жеткізсек, өнердің жарқырағы мен сән-салтанаттың әлемжәлемінің керегі не?
V бап Егер біреу ақ тер, көк тер болып еңбек етіп, бірақ бәрінен мақұрым қалып жатса, ал енді біреу бұта басын сындырмай-ақ байлыққа батып отырса, – езгі дегенің сол.
Уәж: 1. Теңсіздік пен езгі – синоним сөздер: егер біреу-міреуді езу заңды оған қарсы бұзу десек, онда теңсіздік салдарының ауыртпалығынан көтеретін жандар – езгідегі жандар, өйткені теңсіздік – адам заңы тіпті де бәс бола алмайтын жаратылыс заңын қорлау. 2. Езу дегеніңіз әлдекімнің құқығын шектеу немесе оның қасіретін
ұлғайту; міндеттері бәрінен көп адамның қуаныш-қызығын азайтатын
жағдай нақ сол теңсіздік арқылы жасалады.
VІ бап
Кімде-кімнің жер игіліктерін немесе өнеркәсіп туындыларын
пайдаланудың айрықша құқығын иеленіп алуы қылмыс.
Түсініктеме мен уәж: Егер біз тек осынау айрықша пайдалану құқығын иемденіп алу теңсіздік туындататынын дәлелдей алсақ, онда адамдар арасына менікі мен сенікі айырмашылығын енгізгендердің қылмысы дәлелденгені. Меншікке айрықша құқық жер бөлісінен кейін іле-шала пайда болған. Әркім өзінің үлесіне тиген жер мен өзі айналысатын кәсібі бергенінің толық қожайынына айналды. Бәлки, күнделікті қажет заттарды жасайтын адамдар, жерді пайдалануға уақыты болмағандықтан, жер иелігінен мүлдем құр қалған шығар. Осылай, біреулер тіршілік етуге қажет заттардың қожайыны болып алды да, енді біреулері өздеріне төлеу келісілген жалақы құқығымен ғана қалды. Бірақ дегенмен сол өзгеріс еңбегі үшін ақы алатындар саны жер иелері санынан асып түскенге дейін игіліктерді бөлісуге анау айтқан жаңалық енгізе қойған жоқ. Бірақ табиғи жағдай, үнем немесе кейбіреулердің айлакерлігі, екінші біреулердің ысырапқорлығы мен қабілетсіздігі жер меншігін аз ғана әулеттер қолына шоғырландырған бойда, өз еңбегіне ғана ақша алатындар көпшілік болып шықты да, өз дәулетіне мастанған меншік иелерінің құрсауында қалды, сөйтіп олар жұрттың ең қоры ретінде күн көруге мәжбүр болды. Сол бір төңкеріс зпаманынан бірінші бапта баяндалған теңсіздіктің қаһарлы зардаптары басталды. Адам шыдамас әділетсіздік туындады: бұта басын сындырмайтын кержалқау қажу мен жоқшылықтан әбден тарыққан еңбекшілердің қаны мен маңдай тері есебінен күн көре бастады; бай адам
мемлекетке ие болып шыға келді де, жоқшылықтан азап шеккен, надандықтан қорлық көрген және дін алдап түсірген кедейлерге қожайын құқығының өзінің тирандық заңын таңа бастады. Теңсіздік бақытсыздық пен құлдықты туғызады, ал өзі меншіктен туындайды. Сөйтіп, меншік – қоғамның ең зиянды кесапаты. Ол шын мәнінде – қоғамдық қылмыс. Бізге меншік құқығы сол құқықты қорғау үшін құрылған қоғамнан әлдеқайда бұрын енгізілген дейді. Бірақ меншік иелеріне өз еңбектерінің жемісі шарттар күшімен бекітіп берілмей тұрып, ондай құқық туралы ой қалай пайда болмақ? Қоғам өзінің тіршілігі үшін қоғамдастық атаулыны барынша бұзатын институтқа қарыздар болуға тиістілігі қалай? Еңбекшілер өз еңбектері үшін молшылық пен дәулетке бөгуге тиіс, ал жұмыс істемейтіндер кедейшілікпен жазалануға тиіс дейтін әңгімені қоятын уақыт жетті. Әрине, әділетке жүгінсек, өз парызын өтеп жүрген еңбеккерге отаны өз мүмкіндігіне орай керегінің бәрін беруге тиіс; әділет осыны талап етеді; қызметіне қарай, ол қоғамның алғысын әбден-ақ күте алады, бірақ өз отанын қорғау жолында ерлік көрсеткен солдат оны езіпжаншу құқығына ие болмайтыны секілді, бұл оған өз елін азғындату құқығын бермейді; өмірдің тауқыметін тартқандардың бәрі бірдей өздерінің міндерінің арқасында ілдалдалап күн көріп жүргендер (ондайлар да бар) санатына жатқызыла алмайды. Ешкім аямайтын диқандар мен жұмысшылар бұқарасы қайдағы бір сұмпайы азғынның кешегі қатыгез әкесінен қалған мирас арқасында шалқып-тасып өмір сүруіе, немесе қайдағы бір миллионер-фабриканттың біздің сибарит-жатыпішерлерді араб әтірімен және қырғауылмен жабдықтайтын елдерге кездемесі мен сылдырмақтарын арзан бағаға сатуына мүмкіндік беру үшін қатқан нан мен қара суға қарап отыр. Қоғамның оңбаған мүшелерінің бар болуының өзі үшін біз кінараттар мен есуастыққа қарыздармыз, әлгілерді сол міндерге біздің қоғамдық мекемелеріміздің құрылысының өзі итермелейді.
VІІ бап
Дұрыс қоғамда байлар да, кедейлер де болмауға тиіс.
VІІІ бап
Қолындағы артығын жоқ-жітікке беруден бас тартатын байлар
халықтың жауы болып табылады.
ІX бап Басқаны өзінің бақыты үшін қажет білім алу мүмкіндігінен айырудың барлық құралдарын өз қолына ешкім жиып ала алмайды. Білім жалпыға бірдей болуға тиіс.
Уәж: 1. Сондай жиып алудың салдарынан еңбекшілер әрбір жақсы азаматқа қажетті білім ала алмайды. 2. Халық кең ауқымды білім алуға мұқтаж емес, бірақ алаяқтар мен не түрлі жалған оқымыстыларға жем болмауы үшін оның талай нәрсені білуі қажет. Ол өзінің құқықтары мен міндеттерін жақсы білуі қажет.
X бап
Революцияның мақсаты – теңсіздікті жойып, ортақ дәулетті қалпына
келтіру.
Дәлелдер: Бірде-бір адал адам өз отандастарын бұрынғыдан да бақытсыз ете түсу үшін немесе түбі барып түп-түгел құрып бітетін жағдайға душар ету үшін саяси революцияның қауіп-қатері мен азабына айдап салуға бел байламас еді. Реформа үшін қажет сәтті дұрыс таңдай білу – ержүрек те шебер саясаткердің ең басты міндеттерінің бірі.
XІ бап
Революция аяқталған жоқ, өйткені барлық игілік пен айрықша билікті байлар басып алды, ал кедейлер басыбайлы құлдарша еңбек етуде, қайыршылықта азапталып отыр және мемлекетте ешқандай рөл атқармайды.
XІІ бап 1793 жылғы конституция – француз халқы үшін шынайы заң, өйткені халық оны салтанатпен қабылдады; өйткені Конвенттің оны өзгерту құқығы болған жоқ; өйткені Конвент оның орындалуын талап еткен халықты оққа байлады; өйткені Конвент сол заңды қорғап, өз парызын өтеген депутаттарды өлімге байлады; өйткені халыққа қарсы террор және эмигранттар ықпалы жылғы конституцияны жасап, жалған қабылдануына жәрдемдесті, ол 1793 жылғы конституцияға берілген дауыстың ширегін де жия алмады, өйткені 1793 жылғы конституция азаматтарды бөліп-жармастан барлығына бірдей заңдарды мақұлдаудың, өздерінің саяси қызметін атқарудың, жиналып алып, өздері пайдалы деп санайтын нәрсені талап етудің бұлжымас құқығын, білім алу құқығын, аштан өлмеу құқығын – 1795 жылғы контрреволюциялық акт ашық бұзған құқықтардың бәрін берген болатын.
XІІІ бап
Әрбір азамат 1793 жылғы конституцияда бекітілген халықтың ырқы
мен бақытын қалпына келтіруге һәм қорғауға міндетті.
XІV бап
1795 жылғы конституция бойынша құрылған барлық өкімет
органдары заңсыз әрі контрреволюциялық органдар деп саналады.
XV бап
1793 жылғы конституцияға қаскүнемдігі үшін кінәлі адамдар халық
құқықтарын бұзғаны үшін кінәлі деп саналады.
Басқару туралы декреттен үзінділер
1-бап Отан үшін ештеңе істемейтін адамдар ешқандай саяси құқықты пайдалана алмайды; олар – Республика меймандостық көрсетіп отырған шетелдіктер.
2-бап
Отан үшін ешқандай пайдалы еңбекпен айналыспайтындар ол үшін
ештеңе істемейді.
3-бап Пайдалы деп заң мынадай жұмыстарды санайды: – ауыл шаруашылығына, мал шаруашылығына, балық шаруашылығына, кеме жүзгізуге қатысты нәрсенің бәрі; – механизм арқылы және қолмен атқарылатын жұмыстың бәрі; – бөлшек сауда; – тасымал кәсібі; – әскери қызмет; – оқытушылық және ғылми қызмет.
4-бап
Ғылыммен және оқытушылықпен айналысатын адамдар олардың
еңбегі пайдалы деп танылуы үшін белгіленген мерзімде өздерінің
азаматтық адалдығының айғағын беріп отыруға тиіс.
5-бап
Науқастануына немесе революция жағдайына байланысты пайдалы
қызметі тоқтаған адамдар өздерінің саяси құқықтарын сақтап қала береді.
6-бап
Шетелдіктердің көпшілік жиналыстарына кіруіне тиым салынады.
7-бап Шетелдіктер тікелей ең жоғары әкімшіліктің бақылауында болады. Ең жоғары әкімшіліктің шетелдіктерді олардың әдеттегі тұрғылықты жерінен көшіріп, түзету мекемелеріне орналастыруға хақысы бар.
8-бап
Республика меймандостық көрсеткен әрбір шетелдік, егер ол ұлттық
қауым мүшелері санатына жататын болса, толық құқықты азаматтыққа
кандидат болады; оның толық құқықтығы адалдық туралы куәлік
тапсырған сәттен бастап күшіне енеді.
9-бап
Заң мерзім белгілеп, содан бастап ұлттық қауым мүшесі болып
табылмайтындардың ешқайсысы азаматтық құқықпен пайдалана алмайды.
10-бап
Азаматтардың бәрі қаруландырылады.
11-бап
Өлім жазасы қатерімен шетелдіктер өз қаруын революциялық
комитеттерге тапсыруға міндетті.
(Buonarottі, ІІ, pіece 28).
"Предшественники современного социализма"
басылымынан қазақшалаған Сәкен ИМАНАСОВ.
Клод Анри Сен-Симон
(1760–1825) – француз ойшылы, саяси қайраткер, әлеуметтанушы, социалист-утопист. Үйінде білім алған. 1789–1794 жылдардағы Ұлы француз революциясын құттықтап, якобишілер өкіметіне іш тартқан, содан кейін революциядан көңілі қалған ол өзінің әлеуметтік-саяси шығармаларында ұтымдылық қоғамын ("өнеркәсіп жүйесіндегі") құру бағдарламасын, адамзат тарихы эволюциясының теориясын жасаумен шұғылдана бастады. Саясатты тарихтың өзімен ұштастырады. Саясат саласында ол революциялар мен басқа да бұқаралық қозғалыстардан гөрі эволюция, реформалар жағында болды, негізгі рөлді
көрнекті жеке тұлғалар атқарады деп білді; Төменде Сен-Симонның әр жылдары жазған шығармаларынан үзінділер беріліп отыр. "Женева тұрғынының замандастарына жазған хаттары" дейтін еңбегінде (Женева, 1802) ойшылдың қоғамдағы таптар мен өкімет жайындағы көзқарасы баяндалса; "Американға хаттарда" (1817) автордың Франциядағы революция, Америка халқының тәуелсіздік жолындағы күресі жайындағы ойлары бар. "Меншік пен заң шығаруға көзқарас" (1818) – өнеркәсіпшілердің, банкирлер мен заңгерлердің әлеуметтік дамудағы рөлі сөз болады. "Қоғамдық ұйым теориясы туралы" дейтін еңбегі (1819) қоғамның саяси құрылысының тарихи пошымдары талданады. Сен-Симон Франция, Германия, Ресей, Италия және басқа елдердегі саяси-қоғамдық ойдың, демократиялық һәм социалистік идеялардың дамуына зор ықпал етті.
ЖЕНЕВА ТҰРҒЫНЫНЫҢ ЗАМАНДАСТАРЫНА ХАТТАРЫ
[...] Мен ғұмыр бойы болмысты жіті бақылап, ойланумен келемін; және менің еңбектерімнің мақсаты сіздердің бақытыңыз болды; мен жоспар жасадым, ол меніңше, сіздерге пайдалы болатын секілді, сондықтан баяндап берейін. [...] Адамзат игілігі үшін еңбек ету – қандай ғанибет іс десеңші! Қандай ұлы мақсат! Адамның тәңірге жақындай түсуінің бұдан артық қандай жолы болмақ? Және, осы бағытта ол ауыр еңбегінің толымды өтеуін өз бойынан табады. [...] Өз жобамды мен тікелей адамзатқа арнадым, өйткені тұтас алғанда сол ғана оған көңіл бөлуге тиіс, бірақ мен тіпті де ессіз үмітке елігіп, ол оны жүзеге асыруға бірден-ақ кіріседі деген ойдан аулақпын; менің қашанғы ойым: табыс дегеніңіз бұл орайда адамзатқа бәрінен көп ықпалы бар адамдар бел байлауға тиіс азды-көпті жігерлі қарекетке байланысты. Оларды өз жағыма тартудың төте жолы осы мәселені мүмкіндігінше толық түсіндіре білу болар; адамзаттың әртүрлі топтарына сөз арнағандағы менің мақсатым да міне осы, мен оларды үш тапқа бөлемін: олардың біріншісі – сіз бен біз бар тап; ол адамзат рухының прогресі туы астында сап түзеген, ғалымдар, суреткерлерден және либералдық идеяларды қостайтын барлық
адамдардан құралған тап. Екіншілерінің туында: ешқандай жаңалыққа жол берілмесін! – деген жазу бар. Бұл тапқа біріншіге кірмейтін барлық жеке меншік иелері жатады. Үшінші, теңдік идеясымен біріккен тап адамзаттың қалған бөлігін қамтиды. [...] Тумыстық кұқығы бойынша берілетін артықшылықтарды жою ескі ұйымның керегесін қиратқан күш-жінерді талап етті, және бұл қоғамды қайта құруға бөгет бола алған жоқ; бірақ қоғамның барлық мүшелеріне үкімет міндетін атқаруға шақырған үндеу табысқа жеткізе алмайды. Өкіметті надандар қолына берген теңдік принципін осылай қолданудың әбден-ақ табиғи зардабы болған сұмдық қатыгездікті былай қойғанда, ол сайып келгенде мүлдем жарамсыз басқару пошымын құрды, өйткені ел басқаруға жоқ-жітікті қатыстыру үшін барлығы да ақылы болған басқарушылардың саны ұлғайып кеткені сонша, басқарылатындардың еңбегі оларды ұстап тұруға әрең-әрең жетті, ал мұның өзі, жоқ-жітіктің тұрақты арманы: салықты азырақ төлеу арманына мүлдем қарама-қарсы нәтижеге апарып соқтырды. [...] Менің ойымша мынадай құрылыс орнатылғанда қоғамның барлық топтарына жақсы болады: рухани билік – оқымыстылар қолында, дүниауи билік – меншік иелерінің қолында; адамзаттың ұлы көсемдерінің міндетін атқаратын адамдарды таңдау билігі – бүкіл халықтың қолында; билеушілерге төленетін жалақы – құрмет. [...]
АМЕРИКАНҒА ХАТТАР
Егер мен француз революциясын тудырған қандай нәпсі еді және қоғамның қандай табы оған басқалардың бәрінен қаттырақ берілді деген сұрақ қойсам, оған: теңдікке құштарлық, және де соңғы тапқа жататын адамдар, өздерінің надандығының пәрменімен де, өздерінің мүддесінің пәрменімен де соған жаныға берілді деп жауап берер едім. Теңдікке
құштарлықтың салдары дүмпу сәтіндегі әлеуметтік ұйымды талқандау болды. Енді мынадай сұрақ қоямын: егер бәрі де қиратылып, жаңа құрылысты жеделдету үшін енді басқа бір құштарлық керек емес пе, немесе басқаша айтсақ: революцияны аяқтайтын құштарлық па, тартыншақтық па? Ескі мекемелер сіңірген дағды шын мәніндегі жаңа құрылыс орнату жолындағы зор кедергі. Мұндай орнату ұлы философиялық еңбекті және зор ақшалай құрбандықты талап етеді. Тек бір ғана құштарлық адамдарды зор күш-жігер жұмсауға жұмылдыра алады. Тартыншақтық – пәрменді күш емес, оның табиғаты ұяңдау, және қалыптасқан дағдыларды қиратудан алыс тұрған ол, оларды сақтап қалуға ұмтылады. Тартыншақтық абсолюттік һәм теологиялық мекемелер сіңірген дағдыларды еркін де өнеркәсіптік идеялармен және мекемелермен келістіруге ғана тырысады; алайда бұл соңғыларының шындап келгенде ерекше сыйпаты бар: олар жеңіп шыққанға дейін, олар жат элементтерден, олардың серіппелерінің жұмысын қиындататын осынау тоттан әбден арылып біткенге дейін ештеңе де бола қоймайды. Француз революциясы феодалдық және теологиялық өкіметтерді түпкілікті қиратты деу – асырып айту ғана; революция оларды жойып жібере алған жоқ, ол бар болғаны оларға тұғыр болып келген принциптерге сенімді едәуір кемітті, сондықтан енді ол өкіметтерде қоғамның шырмауы боларлық жеткілікті күш пен сенімі жоқ. [...] Ең алдымен шектеулілігімен ұлттық сипатымен ерекшеленетін революциялар болады; тек әлдебір әлеуметтік мекемені ғана қозғайтын ішінара революциялар да болады. Осынау дәйекті революциялар кейіннен жаппай революцияның жасалуына жәрдемдеседі. Философиялық тұрғыдан – арабтар Еуропаға тәжірибелік ғылымдарды енгізген кезден бастап, ал саяси тұрғыдан – қауымдардың азат болуынан бастап адами парасат жаппай революцияға қарай ойысқан
сыңайлы, яғни өз ол оның тіршілік етуі айтарлықтай ортақ жақсаруды сезінуге тиіс жағдай орнатуға қарай бағытталады. [...] Үкіметтер енді адамдарды басқармайды, олардың міндеті пайдалы жүмысқа бөгет жасайтын кедергі атаулының бәрін жоюмен шектелетін болады. Олардың құзырында енді өкімет те аз, ақша да аз болады, өйткені мақсатқа жету үшін аздаған өкімет пен аздаған ақша әбден жеткілікті. Пайдалылығы, мол немесе аз жұмысқа қажет қаржыны ерікті жазылушылар береді, сол жазылушылардың өздері ол қаржының қалай жұмсалып жатқанын да бақылайтын болады. [...] Бізді құртқан ортақ идеялардың жоқтығы, және біз тек ортақ идеялар көмегімен ғана шын мәнінде қайта түлейміз. Ескі идеялар кәудіреп бітті, енді жасара алмайды, бізге жаңа идеялар қажет. [...] Біз саяси жазушылардың осынау летаргиялық ұйқысын бұзу қажеттігін, олардың назарын енді басқа бағытқа аудару және философтар алдына жаңа ғасыр, индустрия ғасыры жүктейтін міндетті қою қажеттігін сезіндік.
МЕНШІК ПЕН ЗАҢ ШЫҒАРУҒА КӨЗҚАРАС
[...] Парламенттік үкімет пошымы барлық өзге пошымдардан едәуір артық, бірақ бұл пошым ғана, ал меншікті құру – соның мәнісі, тек сол институт қана қоғамдық ғимарат іргетасы қызметін атқарады. Осылайша, шешілуге тиісті ең маңызды мәселе бостандық тұрғысынан да, байлық тұрғысынан да бүкіл қоғамның ең мол игілігі үшін меншік қалай ұйымдастырылуға тиіс деген мәселе. [...] Өнеркәсіптің өркендеуі мен табысының барысына қысқаша шолудан мыналар шығады: 1) саяси тұрғыдан алғанда өзі туындаған кезде құлдық жағдайында болған өнеркәсіптік тап, бірте-бірте еңсесін көтеріп, өзінің қоғамдық
болмысында биіктей түсті де, ақыр аяғында, қазіргі кезде бүкіл билік тізгінін өз қолына ала алатын ахуалға жетті. Оның себебі, алым-салық белгілеуге айрықша құқық берілген қауымдар палатасы орасан зор қоғамдық билікке ие болды, басқалардың бәрі соған тәуелді. [...] 2) азаматтық салада нақты күш қазіргі кезде өнеркәсіптің қолында, ал феодалдық тап, өзінің барша жоқ-жітігін жамау тұрғысынан соған кіріптар болып отыр. [...] Біз билікқұмарлығы мен саяси батылдығы арта беруін тілейтін қоғамдағы жалғыз тап, атаққұмарлығы пайда беретін, батылдығы қажет болып отырған жалғыз тап, жалпы алғанда өнеркәсіпшілер табы болып отыр, өйткені олардың жеке мүддесі жағдай пәрменімен ортақ мүддеге әбден сәйкес келіп отыр. Осынау ақиқат тұрғысынан өнеркәсіпшілер ісін біз шын мәніндегі өркеният орталығы һәм ошағы ретінде шолып өттік. [...]
ҚОҒАМДЫҚ ҰЙЫМДАР ТЕОРИЯСЫ ТУРАЛЫ
[...] Жаңа саяси құрылыста қоғамдық ұйымның бірден-бір және тұрақты мақсаты адамның қажетін қанағаттандыру үшін ғылым, өнер және кәсіптер тапқан білімді мүмкіндігінше жақсы пайдалану, сол білімді тарату, оларды жетілдіре түсу және соны мүмкін болғанынша молайта беру – қысқасы, ғылым өнер және кәсіп салаларындағы барлық жекелеген жұмыстарды мүмкін болғанынша неғұрлым пайдалы ұштастыру болуға тиіс. [...] Белгілі бір мақсатпен – ғылымның, өнердің, қолөнердің көмегімен гүлденуге ұмтылу мақсатымен ұйымдастырылған қоғамда, қоғам бет алуға тиісті бағдарды белгілеуден құралатын ең маңызды саяси актты енді қоғамдық мансапқа ие болып отырған адамдар жасамайды – оны қоғамдық организмнің өзі жасайды. [...] Басқару ісі сонда, ол бұйрық беруден ғана тұратындықтан, нөлге немесе нөлге дерлік саяды. Мұндай саяси жүйе тұсында шешілуге тиісті барлық мәселелер, атап айтқанда: ғылым, өнер
және қолөнер саласындағы осы заманғы білім көмегімен қоғам қандай шаралар арқылы өзінің әл-ауқатын ұлғайта алады, сол білімдерді тарату және мүмкін болғанынша оларды кеңірек дамыта түсу үшін қандай шаралар қолдану қажет, ақыр соңында, осынау әрқилы міндеттер барынша аз шығынмен және тез арада қандай амалдармен жүзеге асырылады – міне, осы мәселелердің бәрі, дейміз біз, сондай-ақ солар туындататын барлық мәселелер сөз жоқ оң сипаттағы әрі талқылана алатын мәселелер; оларды тек адамның жүгенсіз араласуынан мүлдем тәуелсіз және жеткілікті шамада білімді баршаның талқылауына болатын, ғылыми уәждер негізінде ғана шешуге болады. [...] Осындай жағдайда қазіргі саяси жүйенің барлық үш кеселі: жүгенсіздік, қабілетсіздік, өзара кикілжің жойылады. [...]
Қазақшалаған Сәкен ИМАНАСОВ.
Клод Анри Сен-Симон
(1760–1825) – француз ойшылы, саяси қайраткер, әлеуметтанушы,
социалист-утопист. Үйінде білім алған. 1789–1794 жылдардағы Ұлы
француз революциясын құттықтап, якобишілер өкіметіне іш тартқан,
содан кейін революциядан көңілі қалған ол өзінің әлеуметтік-саяси
шығармаларында ұтымдылық қоғамын ("өнеркәсіп жүйесіндегі") құру
бағдарламасын, адамзат тарихы эволюциясының теориясын жасаумен
шұғылдана бастады. Саясатты тарихтың өзімен ұштастырады.
Саясат саласында ол революциялар мен басқа да бұқаралық қозғалыстардан гөрі эволюция, реформалар жағында болды, негізгі рөлді көрнекті жеке тұлғалар атқарады деп білді; Төменде Сен-Симонның әр жылдары жазған шығармаларынан үзінділер беріліп отыр. "Женева тұрғынының замандастарына жазған хаттары" дейтін еңбегінде (Женева, 1802) ойшылдың қоғамдағы таптар мен өкімет жайындағы көзқарасы баяндалса; "Американға хаттарда" (1817) автордың Франциядағы революция, Америка халқының тәуелсіздік жолындағы күресі жайындағы ойлары бар. "Меншік пен заң шығаруға көзқарас" (1818) – өнеркәсіпшілердің, банкирлер мен заңгерлердің әлеуметтік дамудағы рөлі сөз болады. "Қоғамдық ұйым теориясы туралы" дейтін еңбегі (1819) қоғамның саяси құрылысының тарихи пошымдары талданады. Сен-Симон Франция, Германия, Ресей, Италия және басқа елдердегі саяси-қоғамдық ойдың, демократиялық һәм социалистік идеялардың дамуына зор ықпал етті.
ЖЕНЕВА ТҰРҒЫНЫНЫҢ ЗАМАНДАСТАРЫНА ХАТТАРЫ
[...] Мен ғұмыр бойы болмысты жіті бақылап, ойланумен келемін; және менің еңбектерімнің мақсаты сіздердің бақытыңыз болды; мен жоспар жасадым, ол меніңше, сіздерге пайдалы болатын секілді, сондықтан баяндап берейін. [...] Адамзат игілігі үшін еңбек ету – қандай ғанибет іс десеңші! Қандай ұлы мақсат! Адамның тәңірге жақындай түсуінің бұдан артық қандай жолы болмақ? Және, осы бағытта ол ауыр еңбегінің толымды өтеуін өз бойынан табады. [...] Өз жобамды мен тікелей адамзатқа арнадым, өйткені тұтас алғанда сол ғана оған көңіл бөлуге тиіс, бірақ мен тіпті де ессіз үмітке елігіп, ол оны жүзеге асыруға бірден-ақ кіріседі деген ойдан аулақпын; менің қашанғы ойым: табыс дегеніңіз бұл орайда адамзатқа бәрінен көп ықпалы бар адамдар бел байлауға тиіс азды-көпті жігерлі қарекетке байланысты. Оларды өз жағыма тартудың төте жолы осы мәселені мүмкіндігінше толық түсіндіре білу болар; адамзаттың әртүрлі топтарына сөз арнағандағы менің мақсатым да міне осы, мен оларды үш тапқа бөлемін: олардың біріншісі –
сіз бен біз бар тап; ол адамзат рухының прогресі туы астында сап түзеген, ғалымдар, суреткерлерден және либералдық идеяларды қостайтын барлық адамдардан құралған тап. Екіншілерінің туында: ешқандай жаңалыққа жол берілмесін! – деген жазу бар. Бұл тапқа біріншіге кірмейтін барлық жеке меншік иелері жатады. Үшінші, теңдік идеясымен біріккен тап адамзаттың қалған бөлігін қамтиды. [...] Тумыстық кұқығы бойынша берілетін артықшылықтарды жою ескі ұйымның керегесін қиратқан күш-жінерді талап етті, және бұл қоғамды қайта құруға бөгет бола алған жоқ; бірақ қоғамның барлық мүшелеріне үкімет міндетін атқаруға шақырған үндеу табысқа жеткізе алмайды. Өкіметті надандар қолына берген теңдік принципін осылай қолданудың әбден-ақ табиғи зардабы болған сұмдық қатыгездікті былай қойғанда, ол сайып келгенде мүлдем жарамсыз басқару пошымын құрды, өйткені ел басқаруға жоқ-жітікті қатыстыру үшін барлығы да ақылы болған басқарушылардың саны ұлғайып кеткені сонша, басқарылатындардың еңбегі оларды ұстап тұруға әрең-әрең жетті, ал мұның өзі, жоқ-жітіктің тұрақты арманы: салықты азырақ төлеу арманына мүлдем қарама-қарсы нәтижеге апарып соқтырды. [...] Менің ойымша мынадай құрылыс орнатылғанда қоғамның барлық топтарына жақсы болады: рухани билік – оқымыстылар қолында, дүниауи билік – меншік иелерінің қолында; адамзаттың ұлы көсемдерінің міндетін атқаратын адамдарды таңдау билігі – бүкіл халықтың қолында; билеушілерге төленетін жалақы – құрмет. [...]
АМЕРИКАНҒА ХАТТАР
Егер мен француз революциясын тудырған қандай нәпсі еді және қоғамның қандай табы оған басқалардың бәрінен қаттырақ берілді деген сұрақ қойсам, оған: теңдікке құштарлық, және де соңғы тапқа жататын адамдар, өздерінің надандығының пәрменімен де, өздерінің мүддесінің
пәрменімен де соған жаныға берілді деп жауап берер едім. Теңдікке құштарлықтың салдары дүмпу сәтіндегі әлеуметтік ұйымды талқандау болды. Енді мынадай сұрақ қоямын: егер бәрі де қиратылып, жаңа құрылысты жеделдету үшін енді басқа бір құштарлық керек емес пе, немесе басқаша айтсақ: революцияны аяқтайтын құштарлық па, тартыншақтық па? Ескі мекемелер сіңірген дағды шын мәніндегі жаңа құрылыс орнату жолындағы зор кедергі. Мұндай орнату ұлы философиялық еңбекті және зор ақшалай құрбандықты талап етеді. Тек бір ғана құштарлық адамдарды зор күш-жігер жұмсауға жұмылдыра алады. Тартыншақтық – пәрменді күш емес, оның табиғаты ұяңдау, және қалыптасқан дағдыларды қиратудан алыс тұрған ол, оларды сақтап қалуға ұмтылады. Тартыншақтық абсолюттік һәм теологиялық мекемелер сіңірген дағдыларды еркін де өнеркәсіптік идеялармен және мекемелермен келістіруге ғана тырысады; алайда бұл соңғыларының шындап келгенде ерекше сыйпаты бар: олар жеңіп шыққанға дейін, олар жат элементтерден, олардың серіппелерінің жұмысын қиындататын осынау тоттан әбден арылып біткенге дейін ештеңе де бола қоймайды. Француз революциясы феодалдық және теологиялық өкіметтерді түпкілікті қиратты деу – асырып айту ғана; революция оларды жойып жібере алған жоқ, ол бар болғаны оларға тұғыр болып келген принциптерге сенімді едәуір кемітті, сондықтан енді ол өкіметтерде қоғамның шырмауы боларлық жеткілікті күш пен сенімі жоқ. [...] Ең алдымен шектеулілігімен ұлттық сипатымен ерекшеленетін революциялар болады; тек әлдебір әлеуметтік мекемені ғана қозғайтын ішінара революциялар да болады. Осынау дәйекті революциялар кейіннен жаппай революцияның жасалуына жәрдемдеседі. Философиялық тұрғыдан – арабтар Еуропаға тәжірибелік ғылымдарды енгізген кезден бастап, ал саяси тұрғыдан – қауымдардың
азат болуынан бастап адами парасат жаппай революцияға қарай ойысқан сыңайлы, яғни өз ол оның тіршілік етуі айтарлықтай ортақ жақсаруды сезінуге тиіс жағдай орнатуға қарай бағытталады. [...] Үкіметтер енді адамдарды басқармайды, олардың міндеті пайдалы жүмысқа бөгет жасайтын кедергі атаулының бәрін жоюмен шектелетін болады. Олардың құзырында енді өкімет те аз, ақша да аз болады, өйткені мақсатқа жету үшін аздаған өкімет пен аздаған ақша әбден жеткілікті. Пайдалылығы, мол немесе аз жұмысқа қажет қаржыны ерікті жазылушылар береді, сол жазылушылардың өздері ол қаржының қалай жұмсалып жатқанын да бақылайтын болады. [...] Бізді құртқан ортақ идеялардың жоқтығы, және біз тек ортақ идеялар көмегімен ғана шын мәнінде қайта түлейміз. Ескі идеялар кәудіреп бітті, енді жасара алмайды, бізге жаңа идеялар қажет. [...] Біз саяси жазушылардың осынау летаргиялық ұйқысын бұзу қажеттігін, олардың назарын енді басқа бағытқа аудару және философтар алдына жаңа ғасыр, индустрия ғасыры жүктейтін міндетті қою қажеттігін сезіндік.
МЕНШІК ПЕН ЗАҢ ШЫҒАРУҒА КӨЗҚАРАС
[...] Парламенттік үкімет пошымы барлық өзге пошымдардан едәуір артық, бірақ бұл пошым ғана, ал меншікті құру – соның мәнісі, тек сол институт қана қоғамдық ғимарат іргетасы қызметін атқарады. Осылайша, шешілуге тиісті ең маңызды мәселе бостандық тұрғысынан да, байлық тұрғысынан да бүкіл қоғамның ең мол игілігі үшін меншік қалай ұйымдастырылуға тиіс деген мәселе. [...] Өнеркәсіптің өркендеуі мен табысының барысына қысқаша шолудан мыналар шығады:
1) саяси тұрғыдан алғанда өзі туындаған кезде құлдық жағдайында болған өнеркәсіптік тап, бірте-бірте еңсесін көтеріп, өзінің қоғамдық болмысында биіктей түсті де, ақыр аяғында, қазіргі кезде бүкіл билік тізгінін өз қолына ала алатын ахуалға жетті. Оның себебі, алым-салық белгілеуге айрықша құқық берілген қауымдар палатасы орасан зор қоғамдық билікке ие болды, басқалардың бәрі соған тәуелді. [...] 2) азаматтық салада нақты күш қазіргі кезде өнеркәсіптің қолында, ал феодалдық тап, өзінің барша жоқ-жітігін жамау тұрғысынан соған кіріптар болып отыр. [...] Біз билікқұмарлығы мен саяси батылдығы арта беруін тілейтін қоғамдағы жалғыз тап, атаққұмарлығы пайда беретін, батылдығы қажет болып отырған жалғыз тап, жалпы алғанда өнеркәсіпшілер табы болып отыр, өйткені олардың жеке мүддесі жағдай пәрменімен ортақ мүддеге әбден сәйкес келіп отыр. Осынау ақиқат тұрғысынан өнеркәсіпшілер ісін біз шын мәніндегі өркеният орталығы һәм ошағы ретінде шолып өттік. [...]
ҚОҒАМДЫҚ ҰЙЫМДАР ТЕОРИЯСЫ ТУРАЛЫ
[...] Жаңа саяси құрылыста қоғамдық ұйымның бірден-бір және тұрақты мақсаты адамның қажетін қанағаттандыру үшін ғылым, өнер және кәсіптер тапқан білімді мүмкіндігінше жақсы пайдалану, сол білімді тарату, оларды жетілдіре түсу және соны мүмкін болғанынша молайта беру – қысқасы, ғылым өнер және кәсіп салаларындағы барлық жекелеген жұмыстарды мүмкін болғанынша неғұрлым пайдалы ұштастыру болуға тиіс. [...] Белгілі бір мақсатпен – ғылымның, өнердің, қолөнердің көмегімен гүлденуге ұмтылу мақсатымен ұйымдастырылған қоғамда, қоғам бет алуға тиісті бағдарды белгілеуден құралатын ең маңызды саяси актты енді қоғамдық мансапқа ие болып отырған адамдар жасамайды – оны қоғамдық организмнің өзі жасайды. [...] Басқару ісі сонда, ол бұйрық беруден ғана
тұратындықтан, нөлге немесе нөлге дерлік саяды. Мұндай саяси жүйе тұсында шешілуге тиісті барлық мәселелер, атап айтқанда: ғылым, өнер және қолөнер саласындағы осы заманғы білім көмегімен қоғам қандай шаралар арқылы өзінің әл-ауқатын ұлғайта алады, сол білімдерді тарату және мүмкін болғанынша оларды кеңірек дамыта түсу үшін қандай шаралар қолдану қажет, ақыр соңында, осынау әрқилы міндеттер барынша аз шығынмен және тез арада қандай амалдармен жүзеге асырылады – міне, осы мәселелердің бәрі, дейміз біз, сондай-ақ солар туындататын барлық мәселелер сөз жоқ оң сипаттағы әрі талқылана алатын мәселелер; оларды тек адамның жүгенсіз араласуынан мүлдем тәуелсіз және жеткілікті шамада білімді баршаның талқылауына болатын, ғылыми уәждер негізінде ғана шешуге болады. [...] Осындай жағдайда қазіргі саяси жүйенің барлық үш кеселі: жүгенсіздік, қабілетсіздік, өзара кикілжің жойылады. [...]
Қазақшалаған Сәкен ИМАНАСОВ.
Бенжамен Анри КОНСТАН де РЕБЕК
(1767-1830) – француз саяси қайраткері, жазушы, публицист. Оның саяси қызметі XVІІІ ғасырдың соңындағы Ұлы француз революциясы кезеңіне тұспа-тұс келіп, ол оңшылдарды (роялистер) да, солшылдарды (якобишілер) да жақтамай орталық позиция ұстанды. 1799-1802
жылдары заң шығарушы Трибуналдың мүшесі болды. Бірнеше жыл эмиграцияда болып (1803-1814), елге қайта оралғанда І Наполеон оған конституцияға толықтырулар әзірлеуді тапсырды. жылы депутаттар палатасына сайланып, он жылдай либералдық оппозицияның көшбасшысы болды. 1830 жылғы революция барысында билік басына Луи Филипптің келуіне септесті, сол жылы Франция Мемлекеттік кеңесінің төрағасы болып тағайындалды. Төмендегі мәтіннен көрінетіндей, Констан азаматтардың саяси құқықтары мен бостандығын қорғайтын либерализм теоретигі ретінде танылды. Алайда ол ұлттық-мемлекеттік құрылыСТның идеалы республика емес, ағылшын тұрпатты конституциялық монархия деп білді. Констанның саяси көзқарасы феодализмнен буржуазиялық құрылысқа көшуге байланысты болған күрделі өзгерістерді бейнеледі.
ҚАЗІРГІ АДАМДАРДЫҢ БОСТАНДЫҒЫМЕН
САЛЫСТЫРҒАНДА ЕЖЕЛГҢ АДАМДАРДЫҢ БОСТАНДЫҒЫ
ТУРАЛЫ
Кейбір ежелгі халықтардағы, мысалы, Лакедемон11 республикасындағы немесе біздің бабаларымыз – галлдардағы, өкілдікті басқарудың іздерін танып-білу әрекеттері болғаны, бірақ олардың нәтиже бермегені маған мәлім. Лакедемонды діни-касталық аристократия басқарды, бірақ онда ешқандай өкілдікті басқару болмаған. Патшалардың билігі шектеулі болатын, бірақ оны шектейтін бүгінде біздің бостандығымызды қорғаушыларға сайлау арқылы берілетін өкілеттіктер сияқты өкілеттігі бар адамдар емес, эфорлар12 еді. Әрине, патшалар эфораны енгізгеннен кейін оның мүшелерін халық атаған. Бірақ эфорлар тек бесеу ғана болатын. Олардың беделі әрі саяси сипатта, әрі діни сипатта болды; олар үкіметтің қызметіне, яғни атқарушы билікті жүзеге асыруға қатынасты; алайда, антик республикалардағы барлық халықтық магистраттардағыдай,
11 Лакедемон – Спарта. 12 Эфорлар – бес эфордан тұратын магистрат – Спартада азаматтар одақтары жүйесінің барлық қызметін үйлестіріп, бағыт-бағдар беріп отыратын негізгі орган.
эфорлардың екеркше құқығы тиранияға тіпті де тосқауыл бола алмайтын, қайта кейбір жағдайда адам төзбес тиранияны бейнеледі. Белгілі бір партия бізге таңғысы келетін режимге соншалық ұқсас галлдардың режимі әрі теократиялық, әрі әскери режим болатын. Дін қызметкерлерінің билігі шексіз болды. Әскерилер табының, немесе шонжарлардың құлақ естімеген барша үшін қыспақты артықшылықтары болатын. Ал халықта ешқандай құқық та, кепілдік те болмады. Рим трибундарының миссиясы кейбір шамада өкілдік сипатта болатын. Олар қай заманда да бірдей болып келетін олигархия патшаларды құлатып, аяусыз қанауға ұшыратқан плебстің органы іспеттес болған. Дегенмен халық тікелей саяси құқықтардың көп бөлігіне ие болатын. Ол заңдар үшін дауыс беруге, айыпталған патрицийларды соттауға жиналатын; осылайша, Римде өкілдікті жүйенің өте елеусіз нышандары ғана болды. Бұл жүйе – замандастарымыздың ашқан жаңалығы, және, мырзалар, антик дәуіріндегі адамзат баласының ахуалы басқарудың осынау түрін енгізуге немесе тереңдетуге қолайлы болмағанын өздеріңіз көресіздер. Ежелгі халықтар оның қажеттігін де аңғара алмас еді, оның артықшылығын бағалай да алмас еді. Олардың әлеуметтік ұйымы оларды бізге осы сияқты жүйе беретін бостандықтан мүлдем басқа бостандықты қалауға мәжбүр етті. Біздің мынау кешкі лекциямыз осынау ақиқатты дәлелдеуге арналады. Алдымен, мырзалар, өзімізге мынадай сұрақ қоялық: қазіргі кезде бостандық ұғымына ағылшын, француз немесе Америка Құрама Штаттарының тұрғыны қандай мағына береді? Бұл әркімнің тек қана заңдарға бағыну, бір яки бірнеше индивидтің жүгенсіз әрекеті салдарынан қиянатқа ұшырамау, тұтқынға алынбау, абақтыға жабылмау, өлім жазасына кесілмеу құқығы. Бұл әркімнің өз пікірін айту, өз ісін таңдау және онымен айналысу; өз меншігін өз еркінше, тіпті теріс пайдалану; бір жерлерге барып-келу үшін ешкімнен рұқсат
сұрамау және өз қылығының сарыныжөнінде ешкімге есеп бермеу құқығы. Бұл әркімнің не өз мүдделерін талқылау үшін, не өзі және пікірлестері таңдаған культ рәсімдерін жүзеге асыру үшін, не жай ғана өз бейімі мен қиялына сәйкес өзінің күндері мен сағаттарын қалауынша өткізу үшін басқа индивидтермен бірігу құқығы. Ақыр соңында, бұл әркімнің барлық яки кейбір шенеуніктерді тағайындау жолымен, яки өкімет белгілі бір шамада ескеруге мәжбүр болатын өкілдіктер, петициялар, сауалдар арқылы басқарудың жүзеге асырылуына ықпал ету құқығы. Енді осы бостандықты ертедегілердің бостандығымен салыстырып көріңіз. Соңғысы тұтас алғандағы жоғарғы өкіметтің бірнеше қызметін ұжымдық түрде, бірақ тікелей жүзеге асырудан – қоғамдық орында соғыс пен бейбітшілік, жатжұрттықтармен одақ жасау мәселелерін талқылаудан, заңдарды дауысқа салудан, үкім шығарудан, магистраттардың шығындары мен актыларын тексеруден, оларды жария етуден, сондай-ақ олардың қарекеттерін айыптаудан немесе ақтаудан құралатын. Бірақ ежелгі дүние адамдары бостандық деп аталған осының бәрімен бір мезгілде, бостандықтың ұжымдық түрімен астасатын н!рсе ретінде индивидтің қоғамдастықтың беделіне толық бағынуына жол берді. Сіздер олардан біздің замандастарымыздың бостандығының мазмұны болып табылатын құқықтардың іс жүзінде бірде-бірін кездестірмейсіз. Барлық жеке қарекеттер қатаң бақылауда болды. Жеке бастың тәуелсіздігі пікірге де, шаруаға да, әсіресе дінге таралмайды. Өз дініңді таңдау мүмкіндігі, біз өз құқықтарымыздың ішіндегі ең қастерлісінің бірі деп қарастыратын мүмкіндік көне заманда қылмыс және күнаһарлық болып көрінер еді. [...] Өкімет ең әдеткі үй шаруасына да араласты. Лакедемондық жігіт өзінің зайыбына рұқсатсыз бара алмайтын. Римде цензорлар отбасылық өмірді назардан қағыс қалдырмайтын. Құлықты заңдар басқарды, ал құлықтар барлық нәрсеге таралатындықтан заңмен реттелмейтін ештеңе болмайтын. Осылайша, ертедегі халықтарда қоғамдық істерде егемен дерлік индивид жеке өмірде құл болып қала берді. Азамат ретінде ол соғыс пен
бейбітшілік мәселелерін шешеді; жеке кісі ретінде ұдайы бақылауда болады, өзінің барлық талап-ниеттерінде шектеліп, жаншылып отырады; ұжымдық организмнің бір бөлшегі ретінде ол өз магистраттарын не басшыларын сұрақтардың астына алады, кіналайды, әшкерелейді, жер аударады немесе өлім жазасына кеседі; бірақ, ұжымдық организмге бағынатындықтан ол өзі бір бөлшегі болып табылатын қоғамдастықтың жүгенсіз қылығымен өз кезегінде жағдайынан, абыройынан айырылуы, қарғысқа ұшырауы немесе өлтірілуі мүмкін еді. Ал біздің замандастарымызда, керісінше, жеке өмірінде тәуелсіз индивид саясатта тіпті ең бостан деген мемлекеттердің өзінде сырттай ғана егемен. Оның егемендігі шектеулі, әрқашан дерлік тұғырдан айрылған; және тіпті ол белгілі бір, жеткілікті сирек кездесетін уақытта, алдын-ала сақтанудың әрқилы шараларымен, бұғаулармен матаулы болғандықтан, әлгі егемендігін іске асыра алады деген күнде де, мұны сол егемендіктен бас тарту түрінде ғана істей алады. Мырзалар, мен осы арада сіздер маған жасай алатын ескертудің алдын алу үшін сәл бөгелуге тиіспін. Антик заманда индивидуалдық тіршілік ұжымдық организмге бағыну жоғарыда мен айтқандай толық бола қоймаған республика өмір сүрген. Бұл барлық республикалардың ең атақтысы болатын, – сезіп отырған шығарсыздар, мен Афина туралы айтып тұрмын. Мен бұл мәселеге әлі ораламын және, фактының өзінің әділдігін мойындай отырып, оның себебін түсіндіре кетемін. Ертедегі барлық мемлекеттердің ішінде қазіргі мемлекеттерге неғұрлым ұқсасы неліктен Афина екенін көреміз. Барлық басқа мемлекеттерде қоғамдық құзырет шексіз болды. Кондорсе айтқандай, антик заман адамдарында индивидуалдық құқықтар туралы ешқандай ұғым болмаған. Олар тек жүрісін заңдар реттеп отыратын машиналар болды. Нақ сол бағыныштылық Рим республикасының алтын ғасырын да сипаттайды; индивид бір шамада жалпы ұлтқа, азамат – полис-қалаға сіңісіп кеткен болатын.
Енді біз бен ертедегілердің арасындағы соншалық елеулі айырмашылықтардың түп-тамырына үңіліп көрейік. Ертедегі республикалардың барлығы тар шекаралардың аумағында болды. Олардың ішіндегі ең халқы көбін, құдіреттісін және елеулісін көлемі жағынан қазіргі ең ұсақ деген мемлекетпен салыстыра алмайсыз. Сол республикалардың сондай көлемінің сөзсіз салдары олардың жаугершілік рухы болды; әрбір халық ұдайы өзінің көршілерін талқандап немесе өзі талқандалып отырды. Амалсыз қарама-қарсы қойылған бұл халықтар үздіксіз не соғысып, не бір-біріне қатер төндіріп отырған. Тіпті жаулаушы болғысы келмегендердің өздері жауланып алу қаупіне байланысты қару-жарағын тастамаған. Барлығы өз қауіпсіздігін, өз тәуелсіздігін, өзінің бар тіршілігін соғыс құнымен қамтамасыз еткен. Ол антик замандағы еркін мемлекеттердің тұрақты мүддесі, үйреншікті дерлік ісі болды. Ақыр соңында, осындай өмір салтының даусыз салдары ретінде барлық мемлекеттерде құлдар болды. Жұмыстың механикалық түрлері, ал кейбір халықтарда өндіргіш істер де, кісенделген қолдарға тапсырылды. Бүгінгі әлемдегі көрініс мүлде басқаша. Қазіргі біздің мемлекеттердің ең кішкентайы бес ғасыр бойғы Спарта мен Риммен салыстырғанда анағұрлым аумақты. Ағарту ғасырының арқасында Еуропаның көптеген мемлекеттерге бөлініп кетуінің өзі нақтылықтан гөрі сыртқы көрініс қана. Егер бұрын әрбір халық тумысынан басқаларға жау боп келетін ерекшеленген отбасыны құрса, қазір әртүрлі атпен өмір сүрген, әлеуметтік ұйымның әртүрлі тәсіліне ие бола отырып, адамдардың орасан зор топтары өз табиғаты жағынан біртекті болып табылады. Әрі осынау табиғаттың қуаты варварлардың қоқайынан қорықпайтындай жеткілікті. Әрі соғыстың ауыртпалығын түйсіну үшін оның білімділігі де жеткілікті. Ол түптүгелімен бейбітшілікке ұмтылады. Аталмыш айырмашылықтан мынау шығады. Соғыс коммерцияның алдында жүреді, себебі соғыс пен коммерция дегеніміз бір мақсатқа – қалаған нәрсеге ие болуға – қол жеткізудің екі түрлі тәсілі ғана. [...] Соғыс
– арпалыс, сауда – есеп. Бірақ нақ сол себептен де соғысты сауда алмастыратын уақыт тууға тиіс. Біз осындай уақытқа жақындадық. [...] Соғыс – әлі де ниетті жүзеге асырудың ең тиімді жолы. Бірақ ол енді индивидтерге де, ұлттарға да бейбіт еңбек пен тұрақты айырбастың нәтижелерімен салыстырарлықтай пайда бермейді. Ертедегілерде сәтті соғыс қоғам мен жеке адамдарды құлдармен, салықпен, жермен байытатын. Біздің замандастарымызда тіпті сәтті соғыс бергенінен әлдеқайда көп жалмайды. Ақыр соңында, коммерцияның, діннің, адам баласының интеллектуладық және инсанияттық өрлеуінің арқасында Еуропа халықтарында енді құлдар жоқ. Еркін адамдар барлық кәсіптермен айналысуға, бүкіл қоғамдық қажеттіліктерді атқаруға тиіс. [...] Ақыр соңында, коммерциямен айналысу адамдар бойында жеке тәуелсіздікке ұмтылыс туындатады. Коммерция өкіметтің араласуынсыз-ақ олардың мұқтаждарын қанағаттандырады, тілегін атқарады. Ол-ол ма, өкіметтің мұндай араласуы әрқашан дерлік (неге «дерлік» деп отырғанымды өзім де білмеймін) кедергі әрі ауыртпалық. Ұжымдық билік жекенің көздегеніне араласқысы келгенде, бұл тек адамның мазасын алады. Әміршілер біз үшін біздің шаруамызды тындырғысы келгенде ылғи да мұны бізден анағұрлым нашар әрі ысыраппен істейді. [...] Біз бұдан былай ұжымдық билікті іске асыруға ұзақ та тұрақты қатысудан тұратын антик бостандық тұрпатына ере алмаймыз. Біздің бостандығымыз жеке тәуелсіздікті бейбіт пайдаланудан құралуға тиіс. Антик заманда әркімнің ұлттық егемендікті жүзеге асыруға қатысуы бүгінгідей бос абстракция емес-тін. Әркімнің ырқының нақты ықпалы болатын, осынау ырықты іске асыру шынайы да ұдайы қанағат беретін. Сол себепті антик заманының адамы өзінің саяси құқықтарын, мемлекетті басқару ісіне қатысудағы өз үлесін сақтап қалу үшін көп құрбандыққа бара алатын. Әркім өз дауысының бағасын мақтанышпен сезініп, өзінің жеке басының маңыздылығын түйсінуден үлкен қанағат табатын.
Біз үшін мұндай қанағаттану ендігі жерде жоқ. Тобырға сіңіп кеткен адам ешқашан дерлік өзінің ықпалын байқамайды. Оның ырқы жалпы ағында іс-түзсіз жоғалып кетеді, оның ортақ іске қатысы барлығын білдіретін ешқандай белгі қалмайды. Осылайша, біздің саяси құқықтарды жүзеге асыруымыз бізге ежелгі дүниедегілер басынан кешкендей қанағат сезімінің бір мысқалын да бермейді. Сонымен бірге, өркенияттың прогресі, дәуірдің коммерциялық самалы, халықтар арасындағы байланыстар жеке бастың бақуаттылығына қол жеткізудің жолдарын мейлінше көбейтіп, алуан түрлі ете түсті. Бұлардан шығатын қорытынды – біз жеке басымыздың тәуелсіздігін ертедегілерге қарағанда анағұрлым қастерлеуіміз керек. Ежелгілер саяси құқықтары үшін осы тәуелсіздігін құрбандыққа шалғанда, үлкен нәрсеге қол жеткізу мақсатында кіші нәрсені мансұқ еткен; ал біз мұндай құрбандыққа барсақ, үлкен нәрсені кіші нәрсе үшін қиып жібергеніміз болып шығады. Ежелгілердің мақсаты – қоғамдық билікті елдің бүкіл азаматтарының арасында бөлу болатын. Міне осыны олар бостандық деп атаған. Біздің замандастарымыздың мақсаты – жеке өрістің қауіпсіздігі; сондықтан олар бостандық деп осы мақсатта қоғамдық институттар жасаған кепілдіктерді айтады. [...] Бостандық заңдары тирандардың аяусыз езгісінен мыңдаған есе қатаң. Ұлт мұндай қатаң заңдарды қалаған жоқ болатын да, әбден титықтаған кездерде кейде бұдан тирандардың езгісі жеңіл шығар дегенге сенуге бейім тұратын. Жинақталған тәжірибе бұл қате екенін көрсетті. Адамдардың жүгенсіздігі ең жаман заңдардың өзінен әлдеқайда жаман екендігіне ұлттың көзі жетті. Алайда заңдардың да өз шектеулері болуға тиіс. Егер мен сіздерді, мырзалар, өз тұжырымдарымның дұрыстығына – ал бұлар жоғарыда келтірілген деректерден туындайтынына сенемін – көздеріңізді жеткізе алсам, онда сіздер маған қосыла төмендегі принциптердің ақиқаттығын мойындайсыздар.
Жеке тәуелсіздік – қазіргі заманғы қажеттіліктердің ең бастысы. Демек, саяси бостандық орнату үшін одан ешқашан құрбандық талап етпеу керек. Бұдан шығатын түйін – ежелгі республикаларда жеке бостандықты шектеген көптеген әрі тым мадақталған институттардың бірде-біреуі қазіргі заманға қабыспайды. Бір қарағанда, мырзалар, осынау ақиқаттың басын ашып алудың өзі артық сияқты. Бүгінгі кейбір үкіметтер антик республикаларды қайталауға бейім емес секілді. Сөйте тұра, олардың республикалық институттарға іш тартуы қаншалықты аз болғанымен, менің мүлде түсінбейтінім – олардың кейбір республикалық салттарға бүйрегі бұратыны. Ең өкініштісі, олар нақ адамдарды қуғындауға, жер аударуға, тонауға мүмкіндік беретін салттар. Менің есіме 1802 жылы арнайы трибуналдар туралы заңға Францияда гректік остракизмді (елден аластау – Ред.) енгізетін бапты кіргізіп жібергені түсіп отыр. Бұл баппен келісуге мәжбүр ету үшін бізге Афинаның бостандығы және осынау бостандықты сақтау мақсатында адамдар жасайтын барлық құрбандықтар туралы қаншама тілін безеген шешендердің сөйлегенін бір құдайдың өзі біледі (айтпақшы, кейін бұл бап алынып тасталды). Сол сияқты таяуда ғана қорқақ үрейшіл өкімет сайлауды өз қалауына бұрып жібергісі келгенде, республикашылдыққа тіпті де шалдықпаған беймәлім, бір газет қауіпті кандидаттарды ығыстырып жіберу үшін Рим цензурасын қайта тірілтуді ұсынды. Айқанымды дәлелдеу үшін тым мақталатын осынау екі институт туралы бірер сөз айтсам, тақырыптан ауытқып кетпеспін деп ойлаймын. Афиналық остракизм қоғам өзінің мүшелеріне толық билік жүргізеді дегенге негізделген. Осылай топшылау тұсында остракизмді ақтап алуға болады. Және де, өзінің құрметтелетіндігіне иманы кәміл, өзінің клиентеласы (патрондарға тәуелді, құқықтары жартыкеш адамдар – Ред.), өзінің атақ-даңқы бар индивидтің ықпалы адамдар бұқарасының құдіретімен жиі теңесетін шағын мемлекетте остракизм пайдалы боп
көрінуі мүмкін. Бірақ біздің жағдайда индивидтерге қоғам сыйлауға тиіс құқықтар берілген, және, мен айтып кеткендей, жеке-дара ықпал көптеген басқа тең немесе қуаты басым ықпалдарға кірігіп кеткені соншалықты, кезкелген қысымның, оған жаңағы ықпалды әлсірету қажеттігі себеп болса да, пайдасы жоқ, демек, әділетсіз. Егер кәдімгі сот азаматқа жазулы заңның жер аударуды көздеген тиісті бабына сәйкес үкім шығармаса, ешкімнің оны жер аударып жіберуге хақысы жоқ. Азаматты оның отанынан, меншік иесін – оның жерінен қууға, саудагерді оның ісінен, ерлі-зайыптыны – бірбірінен, әкені – балаларынан, жазушыны – оның терең ойларынан, қартты – оның дағдыларынан айыруға ешкімнің хақысы жоқ. Кез-келген саяси жер аудару – саяси қылмыс. Қоғамды құтқару деген жалған желеумен ассамблея жария еткен кез-келген жер аудару – тек қана заңмен санасатын, сан алуандықты сақтайтын және кепілдіктерді қолдайтын қоғамдық құтқару ісіне қарсы сол ассамблея жасаған қылмыс. Остракизм секілді Рим цензурасы да билікпен байланысты. Азаматтары бір қалада тұратын, әдет-ғұрыптары кедейшілік салдарынан тым қарапайым күйге түскен, өздері назарларын мемлекеттік істерден аударатын қандай да бір кәсіппен шұғылданбай, тек қоғамдық биліктердің тұрақты көрермендері мен үкімшілеріне айналған республикада цензураның, бір жағынан, ықпалы басымдау болса, екінші жағынан, цензорлардың жүгенсіздігін азаматтар тарапынан жасалатын өзіндік моральдық бақылау тежеп отырды. Алайда республика шекарасының кеңеюі, қоғамдық байланыстардың күрделенуі мен мәдениеттің кемелденуі цензураның негізі, сонымен қатар шектеушісі болып табылатын сипатын жойысымен-ақ осынау институт тіпті Римнің өзінде де құлдырауға ұшырады. Демек, жақсы құлықты тудырған цензура емес, құлықтардың қарапайымдылығы цензураның қуаты мен пәрменділігін сүйемелдеп отырды. Францияда цензура сияқты соншалық озбыр институт әрі ықпалсыз, әрі төзімсіз болар еді. Қоғамның бүгінгідей жағдайында құлық
соншалықты нәзік, сусымалы, байқалмайтын реңктерден тұратындықтан, егер бұдан гөрі қатаң қалыпқа салуға талпыныс болса, олар өзінің мәнісін мыңдаған рет өзгертер еді. Оның табиғаты сондай болғандықтан тек [қоғамдық] пікір ғана оларға үстемдік жүргізе алады, құлықтарға баға береді. Пікір өзіне одан гөрі айқындық бергісі келетін кез-келген өкіметке қарсы көтерілер еді. Егер қандай да бір халықтың үкіметі Рим цензорлары сияқты жүгенсіз шешім шығарып, азаматты қаралағысы келсе, бүкіл ұлт өкіметтің шешімін бекітпей, аталмыш үкімге наразылық білдірер еді. Цензураны қазіргі заманға телу жөніндегі айтылғанның бәрін әлеуметтік ұйымның басқа да көптеген элементтеріне бағыштауға болады (бұл элементтер туралы әңгіме болғанда бізге көне заманды үлгі етіп жиіжиі әрі көпірте айтады). Мәселен, тәрбиені алайық. Өскелең ұрпақты өз қалауынша қалыптастыру үшін мемлекетке мүмкіндік беру қажеттігі туралы бізге не айтпайды, біздің білімпаздар бұл теорияны негіздейтін нешеме дәйектер келтірмейді! [...] Біз қазіргі заманның адамдарымыз, әрқайсымыз басқаларға кедергі келтірмей өз құқықтарымызды пайдаланғымыз, өз қалауымызша қабілеттерімізді дамытқымыз келеді; біз өз балаларымыздың бойындағы қабілеттердің дамуын өзіміз бақылап отырғымыз келеді, бұл табиғат санамызға сіңірген балаларға деген сүйіспеншілік қой, ал сүйіспеншілік неғұрлым ыстық болса, соғұрлым білімді боп келеді. Бұл арада біз өкімет жинақтай алатын жалпы тәрбие жолдарын қабылдап алу үшін ғана сол өкіметке мұқтажбыз. [...] Қайталап айтайын: жеке бостандығы – осы заманғы шынайы бостандық міне осы; саяси бостандық оның кепілі. Бірақ қазіргі халықтардан ежелгілердегідей саяси бостандық үшін өзінің бар жеке бостандығын құрбандыққа шалуын талап ету – халықтарды жеке бостандығынан бас тартуға мәжбүрлеудің ең сенімді тәсілі; мұның сәті түскен бойда көп ұзамай оларды саяси бостандығынан да жұрдай қылады. [...]
Мен саяси бостандықтан тіпті де бас тартқым келмейді, бірақ оның басқа пошымдарын дамытумен қатар мен азаматтық бостандықты талап етемін. Үкіметтердің заңсыз билікті өзіне теліп алу құқығы ерте замандағыдан көп емес. Бірақ заңды негіздерге сүйенетін үкіметтердің адамдарға жүгенсіз билік жүргізу құқығы бұрынғыдан аз. Біз өзімізде баяғыдан бар құқықтарға – заңды дүниемен ғана келісу, өз мүдделеріміз туралы толғану, қоғамдық организмнің етене бөлігі болу сияқты – мәңгілік құқықтарға бүгін де иеміз. Бірақ үкіметтерге жаңа міндеттер жүктелген. Өркенияттың прогресі, ғасырлар бойғы даму енгізген өзгерістер өкіметтен индивидтердің дағдыларын, сезімдерін және тәуелсіздігін көбірек сыйлауды талап етеді. Және өкімет бұлардың бәрін абайлап, салмақ сала бермей істеуге тиіс. Өкіметтің ең қатаң міндеттерінің бірінің санатындағы осы сақтық, әрине, оның өз мүдделеріне де сай келеді; қазіргі заман адамдарына жарамды бостандық ежелгілердің бостандығынан өзгеше болған екен, онда антик заманда мүмкін болған деспотизмді жаңа заманға сүйреу миға қонбайтын нәрсе. Біз көбіне саяси бостандыққа тиісті дәрежеден кем мән беретіндігімізден, күнделікті тірлікте оны тиісті дәрежеден кем құрметтейтіндіктен саяси бостандық беретін кепілдіктерді бекер елемейміз деген байлам жасауға болады. Бірақ сонымен бірге, біз жеке бастың бостандығын ежелгілерден гөрі көбірек бағалайтындықтан, оны қаскүнемдіктерден анағұрлым табанды да шебер қорғаймыз. Және де оны қорғау үшін бізде көне заманда болмаған құралдар бар. Сауда ұлғайған сайын біздің тіршілігімізге жасалатын жүгенсіздік те бұрынғыдан неғұрлым езіп-жаншитын бола түседі – мәмілелеріміз сан алуан бола түскен сайын олардың бәрін қамту үшін жүгенсіздік те көбейе түсуге тиіс. Сонымен бірге, өкіметтің әпербақандығынан оңай жалтаруға мүмкіндік беретін нақ сауда, өйткені ол меншік табиғатын өзгертеді, ол көптеген өзгерістерден кейін толық дерлік сытылғыш болып алады. Сауда меншікке айналым дейтін жаңа сапалық қасиет дарытады. Онсыз меншік – тек пайдалану ғана. Өкімет әрқашан пайдалануға ықпал
ете алады, өйткені ол иелікті тартып ала алады. Ал айналым болса қоғамдық биліктің мұндай әрекеттеріне көрінбейтін және еңсерілмейтін тосқауылдар қояды. Сауданың ықпалы бұдан да кең: ол тек индивидтерді бостан етіп қана қоймайды, несие арқылы өкіметтің өзін тәуелді етеді. Ақша, бір француз авторы айтқандай, деспотизмнің ең қауіпті құралы, сонымен бірге ақша ол үшін ең мықты тізгін де: несие пікірге бағынады, күштен пайда жоқ, ақша жасырылады немесе қашып кетеді, мемлекеттің барлық операциялары тоқтайды. Ежелгілерде несиелік қарым-қатынастың мұндай ықпалы болмайтын: олардың үкіметтері жеке кісілерден анағұрлым қуатты болатын. Бүгіндері жеке адамдар саяси өкіметтен күштірек: байлық дегеніңіз қай жерде болсын есік ашық, барлық мүдделерге қатысы бар, сондықтан дегеніне көндірмей қоймайтын нақты күш. Өкімет қорқытады, байлық сыйлайды; өкіметті алдап, одан сытылып кетуге болады; байлықтың шапағатына бөлену үшін оған қызмет ету керек;сжәне осы соңғысы бәрінен үстем болуға тиіс. Дәл осы себептердің салдарынан индивидуалдық тіршілік саяси өмірге азырақ тәуелді болады. Индивидтер өз қазынасын алыс жерлерге көшіре алады; олар әрқашан жеке өмірінің бар игілігін жанында сақтайды. Сауда ұлттарды жақындастырды, олардың құлықтары мен салттарын ұқсас дерлік етті; мемлекет басшылары бір-біріне жау бола алады, ал халықтар – отандастар. Өкімет, ақырында, осындай жағдайға мойын ұсынсын – ал бізге керегі бостандық, және біз оған қол жеткіземіз. Бірақ бізге қажет бостандық ертедегілердің бостандығынан өзгеше болғандықтан, ол көне замандағы бостандыққа сай ұйымдастырудан басқа ұйымдастыруды талап етеді. Антик заманда адам уақыты мен күшінің көбін неғұрлым өзінің саяси құқықтарын жүзеге асыруға арнаса, солғұрлым өзін еркінмін деп есептеген. Ал бізге жарамды бостандық түрінде саяси құқықтарды жүзеге
асыру жеке басымыздың мүдделері үшін неғұрлым көп уақыт қалдырса, біз үшін бостандық сонысымен қымбатырақ. Осы айтылғандардан, мырзалар, басқарудың өкілдікті жүйесінің қажеттігі шығады. Өкілдікті жүйе дегеніміз ұлт өзі атқарғысы келмейтін немесе атқара алмайтын нәрсені бірнеше адамға жүктейтін ұйым. Кедейлер өз шаруасын өздері атқарады, ал байлар өз ісіне басқарушыларды жалдайды. Ертедегі халықтардың да, қазіргі халықтардың да тарихы осындай. Өкілдікті жүйе дегеніміз өз мүдделерінің қорғалуын қалайтын, бірақ сол мүдделерін ылғи өзінің қорғауына уақыты жоқ халық бұқарасының адамдардың белгілі бір санына сеніп тапсырған өкілеттіктер. Бірақ бай адамдар, егер олар ақымақ болмаса, басқарушыларды жалдап алғаннан кейін салақтықтың, епсіздіктің, сатқындықтың алдын алып отыру үшін олардың өз міндеттерін орындауын ұдайы және қатаң бақылап отырады. Өз уәкілдерінің жұмысын таразылауға мүмкіндігі болу үшін ұқыпты байлар өздері басқаларға жүргізуді тапсырған істің байыбына өздері барып отырады. Сол сияқты өздеріне етене жақын бостандықты пайдалану мақсатында өкілдікті жүйені қабылдаған халықтар өздерінің өкілдерін тұрақты әрі белсенді бақылап отыруы керек және белгілі бір уақыт өткеннен кейін (бұл уақыттың тым көпке созылмағаны жөн), егер олар үмітті ақтамаса, орнынан алып тастап, теріс пайдаланған өкілеттіктерінен айыру қажет. Қазіргі бостандық антик замандағыдан басқаша болғандықтан, оған басқа қатер түрлері төніп тұрады. Антик бостандыққа төнетін қатер – тек қоғамдық биліктің бөлінуін қамтамасыз етуден қолы тимейтін адамдар индивидуалдық құқықтар мен игіліктерді тиісті назардан тыс қалдыруда болатын. Қазіргі заман бостандығына төнетін қатер – жеке тәуелсіздігімізді пайдаланудан сіңбіруге мұршалық болмай, өзіміздің жеке мүдделерімізді күйттеп кеткендіктен, біз саяси билікті жүзеге асыруға қатысу құқығымыздан тым жеңіл бас тартуымыз мүмкін.
Билік басындағылар бізді осыған итермелеу сәтін босқа жібермейді. Олар бізді салық төлеу мен мойынсұнудан басқа кез-келген машақаттан босатуға асығып-ақ тұрады. Олар бізге: «Сіздердің бар әрекеттеріңіздің мақсаты неде, еңбек етуге ынталы ететін қандай арман? Бақытты болу емес пе? Сол бақытты орнатуды бізге тапсырыңыздар, біз сіздерді бақытты етеміз!», – дей алады. Жоқ, мырзалар, біз сіздерге соны істеуге жол бермейміз! Сіздердің қамқорлықтарыңыз қаншалықты жан тебірентер болса да, біз өкіметтің өз шеңберінде қала беруін сұраймыз. Ол әділ болумен ғана шектелсін, біз бақытты болуды өз мойнымызға аламыз. Егер біздің игіліктерімізге берілген кепілдіктерден айрылсақ, қолдағы игілігіміздің арқасында бақытты бола аламыз ба? Және біз бұл кепілдіктерді, егер саяси бостандықтан бас тартсақ, қайдан табамыз? Одан бас тарту, мырзалар, есалаңның тек қана екінші қабатта тұрғысы келетіндіктен, құм үстіне іргетассыз үй салмақ ойына ұқсас. [...] Ал саяси бостандық кемелденудің құдай тағала бізге сыйлаған ең қуатты, ең батыл құралы. Саяси бостандық азаматтардың ең ардақты мүдделерін олардың өздері зерттеп, қарастыру үшін күн тәртібіне шығарады, ақыл-ойын өрістетеді және ізгілендіреді, адамдар арасында халықтың қуаты мен даңқын құрайтын өзіндік интеллектуалдық теңдік орнатады. [...] Заң шығарушының арқасында халықтың өмірінде тыныштық орнағанымен, оның жұмысы аяқталмайды. Халық разы болғанның өзінде әлі өте көп жұмыс күтіп тұрады. Қоғамдық институттар азаматтардың инсанияттық тәрбиесін тәмамдауға тиіс. Солай бола тұра, аталмыш институттар олардың жеке басының құқықтарымен санаса, тәуелсіздігін қорғай отырып, олардың ісіне мүлде араласпай-ақ қоғамның игілігі үшін азаматтарға өзінің батылдығымен және дауыс беруімен билікті жүзеге асыруға (оның орнына ерік білдіру арқылы бақылау һәм қадағалау құқын кепілдікке беріп) шақыру мақсатында сол қоғамға ықпал етуге тиіс; институттар адамдарды іс жүзінде жоғары қызметтер атқаруға дайын
болатындай, бір мезгілде оларға мүмкіндіктер беріп және осы іспен
айналысуға иландыра отырып, тәрбиелеуге тиіс.
"Констан Б. О свободе у древних в ее
сравнении со свободой у современных людей /пер. с
фр. / Политические исследования. 1993. № 2"
басылымынан қазақшалаған Ғосман ТӨЛЕҒҰЛ
Иоганн Готлиб ФИХТЕ
(1762-1814) – неміс идеалист-философы, қоғам қайраткері, әдебиетші және педагог. Йена және Лейпциг университеттерінде философияны, діни ілім мен филологияны оқыған. Ой еркіндігін жақтағаны үшін Йена университетіндегі жұмысынан (1794-1799) айрылған. Берлинге қоныс аударғаннан кейін Берлин университетінің профессоры және ректоры қызметтерін атқарған (1810-1812). Ғылым туралы өз ілімінің шеңберінде адамзат тарихына ерекше көзқарасын дамытқан. «Қазіргі дәуірдің негізгі белгілері» атты кітабында (1806)
Фихте «тек бір-бірімен қатар тұрғанда және бірінен-бірі туындағанда ғана түсінікті болатын» бес тарихи дәуірге талдау жасайды. Фихте феодалдық құрылыстның тарихи әділетсіздігі мен шектеулілігін көріп, капиталистік қарым-қатынастардың дамуы құқықтың, заңның, бостандық пен парасаттың салтанат құруына алып келуін жақтады.
ҚАЗІРГІ ДӘУІРДІҢ НЕГІЗГІ БЕЛГІЛЕРІ
[...] Жер бетіндегі тіршіліктің бес негізгі дәуірі бар; олардың барлығы кісілерден басталатындықтан, тек өмірінің дәуірлеріне айналу үшін олардың әрқайсысы біртіндеп барлық индивидуумдар сана-сезіміне сіңіп, баурап алуға тиіс, сондықтан да айтарлықтай ұзақ мерзімді болуға тиіс, соның салдарынан бүтін өзара араласып кеткен және ішінара бір мезгілде өтетін дәуірлерге айналады. Бұл дәуірлер мыналар: 1) инстинкттер арқылы парасаттың сөзсіз үстемдік ету дәуірі – адамзат баласының бейкүнәлік ахуалы; 2) парасатты инстинкт сыртқы мәжбүрлеуші беделге айналатын дәуір; бұл – дүниетанымның және өмірді түсінудің оң ыңғайдағы жүйелерінің, ең соңғы тұғырларға ешқашан жетпейтін, сондықтан да көз жеткізе алмайтын, бірақ мәжбүрлеуге ұмтылатын және көзсіз сену мен мүлтіксіз мойынсұнуды талап ететін жүйелер заманы, – басталып келе жатқан күнаһарлық ахуалы; 3) арылу дәуірі, тікелей – әмірші беделден, жанамалай – парасатты инстинкттің, жалпы кез-келген пошымдағы парасаттан арылу дәуірі – қандай да болсын ақиқатқа сөзсіз немқұрайдылық және қандай да болсын басқарушы арқаудан ада болу, барып тұрған жүгенсіздік заманы – шыңына жеткен күнаһарлық ахуалы; 4) парасатты ғылым дәуірі, ақиқат ең жоғары және бәрінен де сүйікті бастау деп мойындалатын заман – басталып келе жатқан ақталу ахуалы; 5) парасатты өнер дәуірі, адамзат сенімді де нық қолымен өзінен өз парасатының дәл көшірмесін жасайтын заман – толығымен ақталу және нұрлану ахуалы. Адамзат бұл дүниеде өтетін бүкіл жол – әу баста өзі
тұрған сатыға қайта айналып келуден басқа ештеңе де емес; бастапқы ахуалға қайтып оралу бүкіл процестің түпкі мақсаты. Бірақ бұл жолды адамзат өз аяғымен жүріп өтуге тиіс; ол тек өз күш-қуатымен өзін бұған дейін өзінің ешқандай қатысуынсыз болған жағдайына жеткізуге тиіс, міне нақ сондықтан ол әуелі өзінің бастапқы жағдайын жоғалтуы керек. Егер ол өзін-өзі өз күш-қуатымен жасай алатындай ахуалда болмаса, ол тіршілік иесі болмас еді, мұндай жағдайда жалпы ешқандай да өмір болмас еді, қайта бәрі де өлі, қозғалыссыз, сірескен болмыстың шырмауында қалар еді. [...] Адамзат баласының өмірі көрсоқыр кездейсоқтыққа тәуелді емес және, үстірт пайымдау жиі топшылайтындай, әрқашан болған және қазір қандай болса, әрқашан сондай болатын, өзіне-өзі тең бірдеңе емес, – ол мызғымас жоспар бойынша қарышты қадаммен алға баса береді, ол жоспар қажетті түрде жүзеге асырылуға тиіс және сондықтан күмансіз жүзеге асырылады. Ол жоспар мынау: адамзат өзінің бұл жалғандағы өмірінде өзін парасаттың таза көшірмесіне еркін айналдырады. [...] Және де дәуірдің, ойлау, пайымдау жөніндегі шүбәсіз бостандығына, жариялылыққадәмесімен де келіспеуге болмайды, ол тек мына принципке саятын болсын: басқа адамдардың, егер олар құлықты болса, өзін салдақыға айналдырып, сайқымазақ еткісі келсе, оларға ешкім бөгет жасамауға тиіс. Адамдардың осылай етуіне кімнің кедергі болғысы келмек? Мемлекет емес – бері салғанда өзінің шынайы пайдасын түсінетін мемлекет емес. Мемлекет өз азаматтарының сыртқы қарекеттерін бақылап, оларды мәжбүрлейтін заңдарға бағындырады, ол заңдар, егер тек аталмыш халықтың ахуалына шын мәнінде сәйкес келіп, сол халық оларды бұлжытпай орындайтын болса, белгіленген тәртіпті сөзсіз орнықтырып, сақтап отырады. Азаматтардың пікірлері дегеніміз, олар тіпті қауіпті болса да, қарекет емес; егер тек заң бұзудан кейін іле-шала соған тиісті жаза қолданылатын болса, онда азаматтар өз пікіріне қайшы болса да, қылмыс жасаудан тартынар еді. Ал егер мемлекет өз пайдасы үшін халықтың
пікірін өзгерткісі келсе, онда оның ішінара шешілмейтін мәселені қолға алғаны, ішінара өз заңдарының ұлттың қалыптасқан, оның пікір жүйесін де қамтитын ахуалына бейімделмегенін, немесе, өзі ұйымдастырған басқару мен бақылаудың жеткіліксіз екендігін және осы мәселелерді өз күшімен шеше алмайтындықтан сырттан қолдауға мұқтаж екендігін, бірақ оны ешқайдан ала алмайтынын аңғарады. Ақыр соңында, мемлекет – бәлкім билеушілердің парасат үстемдігін жүзеге асыруға шынайы, кіршіксіз ниетпен ұмтылуынан – үстем пікірлермен сыртқы күштердің көмегімен күресе бастайды: мұндай жағдайда ол өзінің алдына мүлде орындалмайтын мақсат қояды; өйткені бұл орайда баршаның бойына мемлекет пошымдық жағынан әділетсіздік жасап отыр деген сана сіңеді де, қуғынға ұшыраған көзқарас өзіне жасалған әділетсіздіктің және оның құқығының бұзылуының арқасында жаңа жақтастар табады, ал өз хақысын түсіну оған қарсыласу үшін тың күш береді; сонымен іс мемлекетті көнуге мәжбүр етумен тәмамдалады, бұл оның әлсіздігін тағы бір рет әшкерелейді. [...] Адамдар қарым-қатынасының бірде-бірі мемлекеттен артық бізге азырақ бостандық қалдырып, күштірек матай алмайды. Мемлекеттің ахуалын оны құрайтын кісілердің бүкіл бұқарасы тап болған ахуал айқындайды, өйткені бұл ахуал нелер ақыл иелерінің, шексіз-шетсіз биліктің қолын байлап, олардың жоспарларының орындалуына шек қояды. Осылайша, белгілі бір дәуірдің мемлекеттік құрылысы оның ілгергі тағдырының нәтижесі, себебі сол тағдыр оның қазіргі ахуалын, бұл ахуал өз кезегінде оның мемлекеттік құрылысын айқындайды. Демек, мемлекеттік құрылыс өз дәуіріміздің тарихынан ғана түсінікті бола алады, онда да түсіну дегенді біз өз дәуірімізді ұғынуға ұмтылыс деп білетін болсақ қана. [...] Мен тарихтың мәнісіне анықтамамды метафизикалық қағидадан бастаймын; соңғының дәлелі парасат ғылымында беріледі және біздің баяндауымыздың көпшілікке бағышталған сипатына қарай бұл жерде оны келтіріп жатуға болмайды; бірақ одан басқа осынау қағиданы
жаратылыстық ақиқат сезімі де айғақтайды, және мұны мойындамай, біз бүкіл білім патшалығындағы таянышымызды жоғалтамыз. Бұл қағида мынадай: шын мәнінде бар нәрсенің бәрі шүбәсіз қажеттіліктен бар және шүбәсіз қажеттіліктен тек сол бар күйінде ғана бар болады; ол бар күйіндегідей болмаса немесе басқаша болса, бар бола алмас еді. Сондықтан ақиқат бар нәрседе пайда болу, өзгерістер немесе өз бетінше негізделу жоқ. – Бір ақиқат бар және өзі арқылы шүбәсіз бар нәрсе, барлы тілдерде Құдай деп аталатын нәрсе. Құдайдың болмысы білімнің тұғыры немесе себебі (немесе осы тақылеттес бірдеңе) емес, демек ол болмысты білімнен бөліп алуға болмайды, ол болмыстың өзі нақ білімнің өзі; Құдайдың болмысы мен білім – бір нәрсе; білімде Құдайдың бар екендігі дәл оның өз-өзінде бар болуы, – сөзсіз өзіне негізделген күш ретінде болуы секілді; біз «ол бар» десек те, немесе, «білім бар» десек те, – екі тұжырым да бір мағынаны мегзейді. [...] Тарихпен философ ретінде айналысатын философ бұл орайда ешқандай тарихсыз-ақ өзіне белгілі әлемдік жоспардың априори (даусыз) арқауын басшылыққа алады; және де ол тарихты сол арқылы бірдеңені дәлелдеу үшін емес (өйткені оның қағидалары қандай да болсын тарихқа дейін-ақ және одан тәуелсіз дәлелденіп қойған), тек тарихсыз-ақ белгілі дүниелерді түсіндіру және тірі өмірде көрсету үшін ғана пайдаланады. Сондықтан ол бүкіл зымыраған уақыттан тек адамзатты өз мақсатына шын мәнінде жақындататын сәттерді ғана бөліп алады, және басқаның бәрін ысырып тастап, тек осы сәттерге сілтеме жасайды, әрі бұл жерде адамзат үшін осынау жолмен жүру қажеттігін тарих тұрғысынан зерттеуге бармайақ, мұны бұдан бұрын философия тұрғысынан дәлелдегендіктен, енді осыны тарихтың қандай жағдайында болатынын ғана түсіндіреді. Әрине, жалаң деректерді жинаушы мүлде басқаша қимылдайды және солай қимылдауға тиіс те (оның жұмысы философияға осылайша қарама-қайшы болуы себепті біз үшін тіпті де түкке тұрғысыз боп көрінбейді; егер бұл жұмыс дұрыс істелсе, онда біз оны ең жоғары дәрежедегі, абыройлы іс деп
мойындаймыз). Мұндай жинаушыда жылдар мен ғасырлардың, олардың мазмұнына ешқандай қатысы жоқ болғандықтан, сыртқы сабақтастығынан басқа ешқандай тиянақ нүктесі, ешбір жол сілтер арқауы жоқ; ол тарихи тұрғыдан белгілі бір уақыт аралығында тауып алуға болатын нәрсенің бәрін тізіп шығуға тиісті. Ол – анналист. Қайсыбір жекелеген деректі ескермей кетсе, ол өз өнерінің ережелеріне қарсы шықты деген сөз, сондықтан білмейді немесе үстірттік деген жазғырумен келісуге тиіс болады. Бірақ ол үшін өзінің ішкі мағынасымен емес, дәйектілігімен ғана айқындалатын сабақтас дәуірлердің әрқайсысында оған тек философ қана немесе философ болса өзі ғана түсіндіре алатын сан түрлі мазмұн қатар орын алып, қым-қуыт араласып жатады: алғашқы қауымдық жабайылық түйткілдері, бастапқы, әлі жайыла бастамаған мәдениет түйткілдері, өркенияттың барлық төрт баспалдағының түйткілдері мен алдын ала сезілулері, және ақырында, шын дамып келе жатқан және қарышты қозғалыс үстіндегі өркенияттың өзі. [...] Философ бұрын-соңды мүлде болмаған нәрсені болды деп тұжырым жасаған жағдайда ғана жазғырылуға лайық болар еді (ол бұған бармайды, өйткені тарих ғылымының нәтижелеріне сүйенеді де, одан тек ең ортақ қорытындыларды ғана алады, ал егер оның осындай қорытындылардың өзі күмәнсіз болмаған болса, онда сол ғылымның өзі үшін қасірет болар еді); ал жекелеген оқиғалар жөнінде ол үндемеген болса, онда оны еш жазғыруға болмайды. Оның мақсаты – әлемдік оқиғалардың ішкі мағынасы мен маңызын түсіну, және соларға қатысында ол тек солардың болғандығы фактысын еске салады; ал солардың қалайша болғандығы (ал олардың бұл болу салтының өзі бұдан да басқа болу жолдарының аса көптігін көрсетеді) туралы мәселені шешуді ол эмпирист тарихшының еншісіне қалдырады. Және егер, де жағдайды егжей-тегжейлі біле бермей-ақ жекелеген жағдайларды әлдеқайда егжейтегжейлі білетін адамға қарағанда қандай да бір фактыны оның ортақ әлемдік жоспармен байланысында әлдеқайда жақсы біліп, түсіндіре алған
болса, онда оған мұнысы үшін кінә артуға болмайды, өйткені ол нақ сол үшін де философ. [...] Абсолюттік мемлекет өзінің пошымы жағынан, біздіңше, жасанды мекеме, оның мақсаты – бүкіл индивидуалдық күш-қуатты тектің тіршілігіне бағыттап, оларды сол текке сіңіріп жіберу, яғни, идеяның жоғарыда жеткілікті түсіндірілген пошымында индивидуум бойында сырттай жүзеге асуын және көрініс табуын беру. Бұл орайда адамдардың ішкі өмірі мен олардың жан дүниесіндегі идеяның алғашқы қызметі есепке алынбайтындықтан (бұл көзқарас тұрғысынан идея шеңберіндегі өмір туралы біз алдыңғы сөздерімізде айтқанбыз) және, керісінше, біз айтып отырған мекеме кісілерге сырттан ықпал еткендіктен (олар бұл орайда риза бола қоймайды, қайта өзінің индивидуалдық өмірінің текке құрбан етілуіне қарсы ашу шақырады) аталмыш мекеменің мәжбүрлеуші мекеме екендігі түсінікті. Бойларында идея өзінің дербес ішкі өмірімен шешек атқан, өзінің өмірін тек мүддесіне құрбан етуден басқаға құлықты емес кісілерге қатысты ешқандай мәжбүрлеудің қажеті болмас еді, ондай мәжбүрлеу олар үшін жоқ нәрсе: және мемлекет тек тұтас дүниені ұдайы жоғарыдан шолып отыратын, тектің бірінші және ең таяу мақсатын жариялап, түсіндіріп отыратын, сондай-ақ ерікті қимылдайтын күшке оған сәйкес орынды көрсетіп отыратын бірлік болып қала берер еді. Біз мемлекет жасанды мекеме дедік. Қатаң мағынасында ол өзі үшін бостан да айқын өнердің мекемесі, бірақ, әрине, ол тек парасат ғылымының дәуірі оның мақсаттарымен оларды жүзеге асыру жолдарын ғылыми тұрғыдан пайымдағаннан кейін ғана, парасат өнерінің бесінші дәуірі туғаннан кейін ғана сондай бола алады. Бірақ бұдан басқа ол өзге мағынадағы да жасанды мекеме: ең жоғары табиғатта, яғни адам баласының тағдырында, текті оның өзінің санасы мен құлқынан тыс шынайы мақсатқа жетелейтін орынды процесс бар; бұл процесті табиғаттың өнері деуге болар еді, және мен тек осы мағынада ғана адамзат тарихындағы алғашқы дәуірлер мемлекетін жасанды мекеме деймін. [...]
Ілгерілей түссек, абсолюттік мемлекеттің мәнісі барлық индивидуалдық күштердің тек тіршілігіне бағытталғандығында, және әу баста тек дегеніңіз мемлекет үшін оның азаматтарының тұйық жиынтығына саяды. Бұдан екі салдар шығады: біріншіден, мемлекет бірін қалдырмастан барлық кісілерге бірдей талаптар қоюға тиіс; екіншіден, мемлекет әрбір кісіден оның бүкіл, ештеңесін де қалдырмастан, индивидуалдық күшін сарқа пайдалануын талап етуге тиіс. Осындай құрылыста кісі ретінде барша текке құрбан етілетіні, сонымен қатар бірін де қалдырмастан әр кісіге оған тиесілі бүкіл құқықтар шеңберінде барлық басқа кісілер құрбан етілетіні, – бірінші қағидадан өзінен-өзі туындайды. Өйткені барлық күш неменеге беріледі? Текке. Бірақ мемлекет үшін тек дегеніміз не? Оның бірі де шашау шығарылмайтын барлық азаматтары. Егер кейбір кісілер ортақ мақсатқа қызмет етуге тіпті де тартылмаса немесе басқаларға кереғар бүкіл күші толық тартылмаса, онда олар бірігудің бүкіл артықшылықтарын, оның ауыртпашылықтарын көтермейақ, пайдаланған болар еді де, бұл теңсіздік болып шығар еді. Теңдік баршаны бірде-бірі шет қалмай мемлекетке бойындағы бүкіл күш-қуатын беретін жерде ғана болмақ. Мұндай құрылыста баршаның индивидуалдылығы баршаның тегіне сіңісіп кетеді; және әркім өзінің ортақ күш жиынтығына қосқан үлесін барлық басқалардың ортақ күшінің өсуінен қайтарып алады. Оқшауланған кісінің мақсаты – өзінің ләззаты, сондықтан ол өзінің күш-қуатын осы мақсатқа жету құралы ретінде пайдаланады; тектің мақсаты – мәдениет және; соның шарты ретінде, материалдық тұрғыдан лайықты күн көру: мемлекетте әркім өз күшқуатын тіпті де өзі рахат табу үшін емес, тектің мақсаты үшін сарп етеді, бірақ бұл орайда тектің бүкіл мәдени байлығын алады және, мұның үстіне, материалдық тұрғыдан лайықты тіршілік етеді. Бірақ мемлекет туралы ол әртүрлі индивидуумдарға немесе ол тек кісілерге негізделіп, солардан ғана құралады деп ойламау керек (бұл әдеткі философтардың бүтінді елестете алатын бірден-бір тәсілі ғана). Мемлекет дегеніміз дерексіз және көзге
көрінетін бірдеңеге саймайтын ұғым; біздің алғашқы лекцияларымызда адамзат баласын сипаттағанымыздай, ол жекелеген кісілерге саймайды, керісінше, бұл кеңістікте тіршілік етіп жатқан жекелеген кісілердің үздіксіз де өзгермелі еңбегімен орнатылатын тұрақты қарым-қатынасы. Осылай, – өз ойымды мысалмен түсіндіре кетейін, – мемлекет тіпті де тек билеушілерге саймайды; олар – дәл басқалар сияқты тек оның азаматтары ғана; және жалпы алғанда мемлекетте оның азаматтары болмайтын кісілер жоқ. Басқа барлық азматтар сияқты, билеушілер де бүкіл күш-қуатын өзінің біле-білуі аясында өздері басқарып отырған азаматтардың – бұлар да өз бетінше мемлекет түзушілер емес – күш-қуатын ұдайы ортақ мақсатқа бағыштауға тиіс, және де қарсыласушыларға мәжбүрлеу арқылы ықпал етуге тиіс. Билеушілердің басқару қызметінен және олар басқарған азаматтардың жұмысынан барлық адамдар үшін туындайтын нәтижені ғана біз дәлме-дәл ұғымда мемлекет деп атаймыз. Бұл арада тек жалғыз қарсылықты ескерген жөн, мен енді соған көшемін. Мынадай сұрақ тууы мүмкін: жекелеген адамдардың барлық мақсат-мүдделері мемлекеттің мақсат-мүдделеріне қызмет етуге неліктен бағышталуы керек? [...] Бірақ мінсіз мемлекетте бүтіннің жоспарына кірмейтін және оның шаруасы болмайтын бірде-бір әділ жеке мақсат болмаға тиіс. Ақыр соңында, мынадай сөз де айтылуы мүмкін: бұл күштер кісінің өзінің еркін де тыныш дамуына жұмсалуға тиіс. Бұған мен былай жауап беремін: қоғамнан, яғни, барыншы қатаң мағынасында айтсақ, мемлекеттен туындамайтын даму болмайды, және де бұл даму өз кезегінде қажеттілікпен соның өзіне қайтып оралуға тырысады; сондықтан кісінің дамуының өзі – мемлекеттің мақсаты, және де мінсіз мемлекеттің өздігінен-ақ кісіге осындай даму (тиісті шеңберде) мүмкіндігін беруді өзіне мақсат етіп қояды. Кейінірек біз өз ойымыздың болмысқа қолданыста қате қолданылмауы үшін қажет түсініктер береміз; ал қазір біз мінсіз мемлекет туралы айтып отырғандықтан оған айтқанымыз шүбәсіз қолданылады.
Біртіндеп еркін даму арқылы өзінің пошымы жағынан парасат талап ететін адами қатынас ретінде абсолюттік мемлекет дәрежесіне көтерілу адамзат баласының маңдайына жазылған. Мұндай біртіндеп өрлеу қалыпты халық арасындағы пәктік ахуалында да, жабайылар арасындағы бастапқы мәдениетсіздік ахуалында да болмайды. Оның алғашқы ахуалда мүмкін еместігі, осынау сатыда адамдар ең мінсіз қоғамдық құрылыста өмір сүреді де, мәжбүрлеуге немесе қадағалуға мұқтаж болмайды; мұнда әркім табиғи түрде бүтін үшін әділетті, пайдалы нәрсені істейді, бұл туралы оның өзі де, ол үшін басқа біреу де бас қатырмаса да, ол өмір сүріп жатқан құрылыс адамдардың өз өнерімен де, белгілі бір табиғи процестің нәтижесінде де жасалмаса да, жалпы, бұл арада ол генетикалық құрылыс болмаса да солай істейді. Сол секілді жоғарыда айтылған абсолюттік мемлекет дәрежесіне көтерілу екінші ахуалда да дүдамал нәрсе, өйткені ол ахуалда әркім тек өзі туралы, және атап айтқанда өзінің бірден-бір бастапқы хайуандық қажеттіліктері туралы ғана ойлайды да, ешкім басқа бір асқақ ұғымға көтеріле алмайды. Сондықтан да мемлекеттің дамуы біздің тегіміздің екі жартысы да өз мағынасындағы тарихи адамзат баласында тоғысқанда ғана басталып, жалғаса алатын еді. Мемлекеттің ең қажетті шарты және ол туралы біз жоғарыда келтірген ұғымның бірінші маңызды нышаны – ол бостан адамдардың басқа адамдардың ырқы мен қадағалауына бағынуы. [...] Парасат мәдениетінің асқақ салалары – дін, ғылым, жақсылық – ешқашан мемлекеттің мақсаттарына айнала алмайды. Дін ондай мақсат бола алмайды; біз бұл арада адамға өшпенді тіршілік иесі ретіндегі құдайдың алдындағы соқыр сенімге негізделген үрей, ежелгі халықтарды халық атынан құдайдың көңілін табу, сөйтіп ұлттық дін ашу жөніндегі ойға жетелеген үрей туралы айтып отырған жоқпыз. Шынайы дін дүниенің өзі сияқты бағзы, сондықтан қандай да болсын мемлекеттен көп көне. Біздің тұқымымыздың өсіп-өркендей беруіне қамқор жазмыш осынау
шынайы дін қажет болған кезде қайтадан беймәлімділіктен шығып, мемлекетке бағынудан бостан болу дәмесін алға қойған және сол діннің аясына қабылдаудың шарты ретінде билеушілерден олардың Құдайға бағынуын әрі оның алдында өзінің бодандарының қай-қайсысымен де тең екендігін мойындауын талап етіп, мәдениет патшалығына тарайтынын күні бұрын айқындап қойған; осы дінді сақтап, тарату бұл тұрғыдан мемлекетке тәуелсіз қоғамға, шіркеуге тапсырылған. Және бұл жағдай жалғанның ақырына дейін өзгеріссіз қалмақ, өйткені билеушілердің өздері ешқашан діннің қажеттігінен арыла алмайды.
Дәл сол секілді ғылым да мемлекеттің мақсаты бола алмайды. Тек жекелеген билеушілердің немесе басқару ісіне қатысы бар адамдардың өз ниеті мен мүдделері бойынша ғылым мен өнерге ететін қызметтерінің бұл ережемен қамтылмайтынын мойындау керек. Ал жалпы әрі тұрақты ереже бойынша, мемлекет өзінің пошымын неғұрлым жетілдіре берген сайын және ол азаматты неғұрлым толығырақ өзінің құралы ете берген сайын, күнделікті тіршіліктен көп биік тұратын және соған тікелей ықпал етпейтін таза ғылым оған соғұрлым жат болып көрінуі керек, мемлекеттің тікелей пайдасы үшін әлдеқайда жақсы пайдаланылуға жарамды күш-қуат пен уақыттың текке кеткені секілді боп көрінуі керек; сондықтан таза ақыл таразысы деген ұғым уақыт өте келе барған сайын жазғырудың анық нышанына айнала береді. [...] Ақыр соңында, жақсылық та мемлекеттің мақсаты бола алмайды. Жақсылық дегеніміз тұрақты, ештеңені тыс қалдырмай билік жүргізетін, бүкіл күш-қуатымен адамзат баласының мақсатына қызмет етуге және әсіресе мемлекет ішінде оның мүдделері мегзейтін тәсілдер арқылы жоғарыдағы мақсатқа септесетін ізгі ырық; бұл – қуаныш әрі осындай қызметке сүйіспеншілік және өзге сипаттағы кез-келген басқа қызметке еңсерілмес жиіркеніш. Ал мемлекет болса, өзінің елеулі сипаты жағынан мәжбүрлеуші билік болғандықтан, ізгі ниеттің, яғни жақсылықтың кем болып, жаман ниеттің көбірек болғанын көздейді; жазалаумен қорқытатын
ол біріншісінің жетіспеуінің орнын толтыруға және екіншісінің көріністерін басып-жаныштауға тырысады. Осынау шеңбер аясын қатаң ұстанатын, ол жақсылыққа үміт артып, өз мақсаттарына жету үшін соған жүгінуге мұқтаж емес. Егер мемлекеттің барлық мүшелері ізгі жандар болса, онда ол мәжбүрлеуші сипатын мүлде жоғалтып, тек өз ырқын еркін білдіретін адамдардың басшысы, жол бастаушысы және сенімді кеңесшісі ғана болып қалар еді. Алайда, ондай мақсатты саналы да ашық түрде, немесе басқа бір мақсатты жамыла отырып, алдына қоймай-ақ мемлекет өзінің тіршілік етуімен-ақ адамзат баласы арасында жақсылықтың жаппай өсіп-өрбуін мүмкін етеді, сырттай жақсы құлықтар мен сыртқы инсаниятты, олар, әрине, тіпті де жақсылықты құрамайтын болса да, өмірге келтіреді. Қатаң жүйемен азаматтардың сыртқы құқықты бұзуын түп-түгелімен қамтитын заңдар және заңмен белгіленген жазаны сөзсіз туындататын шын құқық бұзушылықты ешқашан назардан тыс қалдырмайтын немесе ілуде бір ғана елемейтін үкімет нәтижесіз және сөзсіз болатын жазаға жетелейтін нәрсе ретінде құқық бұзу туралы кез-келген пиғылды ұрығында көктетпейді. [...] Рим басқаруының арқасында бүкіл өркениятты дүниеге азаматтық бостандық, барлық еркін туған адамдардың құқыққа қатысуы, заңға сай сот, белгілі бір принциптерге негізделген қаржылық басқару мен бодандарының тіршілік етуіне шынайы қамқорлық, неғұрлым жұмсақ та адами құлық, барлық халықтардың салттарына, дініне және ойлау машығына құрмет таралды, бері салғанда, іс жүзіндегі басқаруда бұл принципке кереғарлық оқиғалары болғанымен, осынау бастаулар мемлекетке құрылысқа енді деген мағынада таралды. Ежелгі мәдениет шешек атқан шағында жеткен құрылыс осындай болатын; бұл (бері салғанда, пошымы жағынан) құқықтық құрылыс болды; адамзат дамудың жаңа фазисін бастай алатын ахуалға жету үшін соған дейін өрлеуге тиіс болды. Жаңа фазис құрылысқа жеткен бойда басталды. Жібі түзу халықтың шынайы діні бұған дейін оны тарих көзінен жасырып
келген мекенінен шығып, ешқандай дерлік кедергі кездестірместен, сәтін салғанда бір мемлекетті құраған мәдениет әлеміне тарады. Осынау біртұтас мемлекет принциптерінің бірі әу бастан-ақ бағындырылған халықтардың діни көзқарастарына немқұрайдылық болатын, және ол бұл дінді түсінуге әрі сол дін болашақта өзіне дайындаған тағдырды болжауға мүлде қабілетсіз еді; егер христиан діні императорлардың кескіндерін пір тұту талабымен кездейсоқ бетпе-бет келмегенде, ол, сөз жоқ, әлі көп уақыт назардан тыс қала беретін еді. Өри түскен күрес барысында дінге сайып келгенде сырттай жеңіс те тиді; ол үстем мемлекеттік дінге айналды. Бірақ ол дінді құрған сол мемлекет болмағандықтан, дін де ол мемлекетті құрмағандықтан, дін бөгде бір қосалқы нәрсе болып қала берді де, ешқашан мемлекетпен тығыз астасып кететін ахуалда болмады. Осынау діннің өзі жаңа мемлекеттің творчестволық бастауы болғысы келді және солай етуге тиіс те еді; сондықтан ескі, жаңаруға қабілетсіз мемлекет қирауға тиіс болатын. [...] Діннің мемлекеттен осынау толық бостандығы және оның одан жоғары тұруы екеуінен де бір-бірінен толық бөлінуді және бір-бірімен қандай да болмасын тікелей байланысты жоюды талап етеді. Дін мемлекеттің мәжбүрлеу шараларына ешқашан бармауы керек; себебі дін де, жақсылыққа сүйіспеншілік сияқты, көзге көрінбей-ақ жүректің түбінде болады және ешқашан сыртқы қарекеттерде (олар тіпті заңмен келісетін күнде де, мүлдем басқа пиғылдардан туындауы мүмкін) көрініс бермейді; ал мемлекет тек көзге түсетінді ғана басқара алады. Дін дегеніміз сүйіспеншілік, мемлекет дегеніміз мәжбүрлеу, және сүйіспеншілікке күшпен қол жеткізуге тырысудан асқан ессіздік жоқ. Дәл сол сияқты мемлекет те өз мақсаттарына жету үшін дінді пайдалануға тырыспауы тиіс; өйткені мұның ол өз дәмесін билігінен тыс дүниеге негіздейді және сондықтан күткен үміт мүлде ақталмауы мүмкін, нәтижесінде, есеп дұрыс болмай, мемлекет діттеген мақсатына жете алмайды деген сөз болар еді. Ол өзі қалайтын нәрсені күшпен мәжбүр ете алатын болуы, мұның үстіне,
сондай жолмен қол жеткізетін нәрседен басқа ештеңені қаламауы қажет. Діннің мемлекетке немесе, дұрысы, олардың бір-біріне өзара теріс ықпалының мәні осында жатыр: дін мемлекетті оның өз шеңберіне енгізеді де, өзін одан қатаң түрде бөліп алады. [...] [...] Мемлекеттің оның өз көзқарасы тұрғысынан қарағанда мақсаты болып табылатын нәрсені дін мақсат ретінде оған қайтадан көрсетеді; діннің мемлекетке оң ыңғайдағы ықпалы осында: ол оған жаңа мақсаттар бермейді (өйткені бұл жаңа ғана қарастырған құзіреттердің ара-жігін ажырату ісіне қарама-қайшы), бірақ оның өз мақсатын өзіне іштей жақындастыра түседі әрі сол мақсатты жүзеге асыруды жеделдетуге ынталы етеді. Әрине, дамудың қос бағыты да – дұрыс діни көзқарастардың дамуы мен саяси мекемелердің дамуы – баяу және белгілі бір дәрежеге дейін бірқалыпты ғана ілгерілейді; солай бола тұра бірінші бағыттың, бері салғанда жекелеген кісілерде, екіншіні басып озып, ішінара оған жетек болуы да мүмкін. Мемлекет тек өз аясында тұйықталған нәрсе ретінде және тек өзінің өз азаматтарына қатынасы тарапынан ғана елестетілгенде, дін мен мемлекеттің қарым-қатынасы осындай. Ал бұдан тыс біртұтас шынайы дін аясында бірнеше әлгідей тұйықталған егеменді мемлекеттер құрылса немесе, бұл да сол сияқты, мәдениет пен христиандықтың біртұтас мемлекеті ыдырап, христиан мемлекеттері республикасына айналса (бұлардың әрқайсысы басқалар тарапынан тікелей мәжбүрленбей-ақ, олардың ұдайы бақылауы мен сынына ұшырап отырмақ), христиан ілімінде мынадай басқа мемлекеттерге, сондай-ақ төл азаматтарына қатынаста не нәрсенің жақсы екені, не нәрсеге жол берілетіні және не нәрсеге мүлдем жол берілмейтіні, және жалпы ештеңеде шектелмеген егемен, тіпті төл азаматтарын ауыз ашпауға мәжбүр еткен күнде де, егер оған ар-намыс сезімі тән болса, көрші мемлекеттер мен солар жол көрсететін ұрпақтардың айғақтары мен пікірлерінен қымсынуға тиіс болатын, ал егер ол өзін ондай сезімнен арылта алса, сенім атаулыдан
жұрдай болудың зардабынан қауіптенуге тиіс болатыны туралы мәселелерді шешу үшін қоғамдық канонның негізі қаланады. Осылайша, христиан дінінің арқасында, тұтас бір мәдениет патшалығының қоғамдық пікірі туындайды, ол пікір егемендердің маңызы зор егеменіне айналып, олардың жақсылық жасауына толық бостандық береді, бірақ олардың жамандыққа бейімділігін өте жиі шектеп отырады. Міне, христиандықты және оның осы ықпалын абсолютті мағынада алатын болсақ, христиандықтың мемлекетке ықпалы осындай. [...] Барлық кісілердің мемлекеттілікті бойына қаяусыз сіңіруі және сонымен бірге – мемлекеттегі баршаның теңдігі тек барлық адамдардың құқықтарын мүлдем теңестіру арқылы ғана жүзеге асады. Демек, шынайы жақсы құлық дегеніміз барлық адамдардың құқықтарының осынау теңдігі, бері салғанда жүзеге асырылуға тиіс нәрсе ретінде көздеуден, және әрбір адамға осыған сай қатынас жасаудан, сонымен бірге соған сай қатынасты оның тарапынан да күтуден құралады. Осыдан-ақ құқықтардың болмауы жаман құлықтың нағыз қайнар көзі, ал осынау теңсіздік мәңгілік қажетті ахуал деп үнсіз топшылау жаман құлықтардан басқа ештеңе еместігі ап- *айқын. [...] Әрбір адамның өмірдегі міндеті мен құндылығы оның өзін, бойындағы барын, бүкіл қабілет-қарымын текке, яғни, (өйткені тек ділгір болып отырған қызмет түрін мемлекет белгілейді) мемлекетке қызмет етуге жұмсауында. Мұны кісі қай салада істейді және ол саланы оның өзі таңдап алды ма немесе мемлекет нұсқады ма – бәрібір; маңыздысы тек оның осы қадамы; және адамдар олардың қызмет саласы қандай екендігіне байланысты емес, олар өз орнында өз ісін қандай дәрежеде жүргізіп жатқанына қарай құрметтелуге тиіс. Тіпті өзінің осынау міндетін орындамайтын немесе мүлде нашар орындайтын адамды да соны орындауға мүмкіндігі бар және әлі, бәлкім, бір кезде орындауы мүмкін адам ретінде құрметтеу керек; және сол адамға біздің көзқарасымыз соған сәйкес болуға тиіс. Дәл сол секілді ешкім де осындай негізге сүйенбей
басқалардан құрмет пен сыйластық талап ете алмайды, және баяндалған осынау көзқарасты басшылыққа алмай, адамдар арасында қандай да бір беделге ие болудан дәмете алмайды. Және осындай жолмен адамдардың арасындағы қатынасқа сословиелік айырмашылықтардың қандай болсын ықпалы мүлдем жойылады, сөйтіп мемлекеттің барлық азаматтары, ал сайып келгенде бүкіл адамзат баласы бірдей өзара сыйластық және бірбіріне сыйластық өзек болған қатынас арқылы бірігетін болады, өйткені мұндай сыйластықтың бірдей және барлық адамдар үшін тең дәрежедегі негізі болады.
"Фихте И. Основные черты современной
эпохи. СПб., 1906" басылымынан қазақшалаған
Ғосман ТӨЛЕҒҰЛ.
Вильгельм Гумбольдт
(1767-1835) – неміс философы, саяси публицист, жазушы және мемлекет қайраткері. Одердегі Франкфуртта, содан кейін Гёттингенде іргелі білім алған, заң және қоғамдық ғылымдарды оқып-үйренген. 1801 жылы Пруссия үкіметінің ұсынысы бойынша Римдегі папа сарайының жанындағы резидент-министрдің орнын қабылдап алған. Бұдан кейін оған Пруссияның культтер және ағарту министрлігін басқару тапсырылады. Осы қызметте жүріп ол Берлин университетін құруға көп күш жұмсаған. жылы Мемлекеттік кеңестің, алғашқы (іске аспаған) конституцияның жобасын әзірлеу жөніндегі комиссияның мүшесі болып, өзінің еркін ойшылдығымен көзге түскен. 1819 жылы Пруссия ішкі істер
министрі болып тұрғанда ішкі буржуазиялық-либералдық реформалар жүргізуге талпынған. Гумбольдт – неміс классикалық гуманизмінің аса көрнекті өкілдерінің бірі. Ол тарихтың мақсаты «адамгершілік» идеалын жүзеге асыру деп есептеген. Мемлекеттің мақсаттарын ол сыртқы шекараларды қорғауға және ішкі құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге әкеліп тіреген.
МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТТІҢ ШЕГІН
БЕЛГІЛЕУ ТӘЖІРИБЕСІ
ІІІ
Өзіндік мағынасындағы зерттеуге көшу. Оны мүшелеу.
Азаматтардың оң, әсіресе физикалық ыңғайдағы игілігіне
мемлекеттің қамқорлығы
Әбден жалпы формула тілімен айтқанда, мемлекет қызметінің толық көлемі деп оның жоғарыда көрсетілген бастауды бұзбай қоғам игілігі үшін атқарар ісінің барлығын айтуға болар еді; осыдан келіп бір азаматтың құқықтарын басқа біреу тікелей бұзбаған жағдайлардың бәрінде азаматтардың жеке қарым-қатынасына мемлекеттің кез-келген араласуына жол берілмеуі керек деген келесі қағида туындар еді. Сонымен бірге – ұсынылған мәселені барынша толық қарастыру мақсатында – атап айтқанда мемлекеттің әдеттегі немесе ықтимал қызметінің түрлі бөлімдерін дәл қарастыру қажет. Атап айтсақ, мемлекеттің мақсаты екі жақты бола алады: ол бақытқа жәрдемдесуді қалай алады немесе тек не табиғат тарапынан, не адамдардың өздерінің тарапынан жасалатын жамандықтың алдын алуға ғана тырыса алады. Егер ол соңғысымен шектелсе, онда тек қауіпсіздікті іздегені, және де азаматтардың оң ыңғайдағы игілігі деп жалпы атаумен нобайланатын мемлекеттік қызметтің барлық басқа ықтимал мақсаттарына осынау қауіпсіздікті біржолата қарсы қоюыма рұқсат етіңіздер. Мемлекет
қолданатын құралдардың айырмашылықтары да оның қызметінің көлемін өзгертеді. Ол өзінің мақсаттарына тікелей жетуге тырысып, бұл орайда не мәжбүрлеуді (оң ыңғайдағы бұйрықтар, тыйым салатын заңдар мен жазалау) қажетке жаратады, не марапаттау мен үлгі көрсету арқылы, немесе осы екі құралды да бірге қолданып, азаматтарды оның мақсаттарына қолайлы болатын жағдайға қояды, және де басқаша қарекет жасауға жол бермейтіндей сыңай байқатады, ақыр соңында, жүрекке де, ақылға да ықпал ете отырып, тіпті азаматтардың бейімдерін де жоғарыдағы мақсаттарға сәйкестендіруге тырысады. Бұлардың біріншісінде мемлекет азаматтардың тек кейбір жекелеген қарекеттерін, екіншісінде – олардың қызметінің көп бөлігін, ал үшіншісінде, ақыр соңында, – тіпті олардың мінез-құлқы мен ойлау тәсілін де белгілейді. Сондықтан бірінші жағдайда шектеу ықпалы бәрінен аз байқалады, екіншісінде ол ықпал арта түседі, үшіншісінде бәрінен көп болады; бұлай болатыны бұл арадағы, ішінара мемлекетке адамдардың әртүрлі қарекеттері бастау алатын қайнар көздерге ықпал етуіне тура келетіндігімен, ішінара, сондай-ақ мұндай ықпал ету мүмкіндігінің өзі шаралар санының көбірек болуын талап ететіндіктен. Мемлекеттік қызметтің жекелеген салалары қаншалықты әрқилы болып көрінсе де, солардың бірнешеуіне бір мезетте қатысы болмайтын бірде-бір мемлекеттік мекеме кездесе қоймайды. Мысалы, қауіпсіздік пен әл-ауқат бір-бірімен тығыз байланысты; ал қауіпсіздік жөніндегі қамқорлық, тіпті жекелеген қарекеттерді анықтағанның өзінде, бір нәрсені жиі-жиі қайталай беру арқылы дағдыға айналады да, бүкіл мінез-құлыққа ықпал етеді. Сондықтан бұл жерде бүтінді бөлшектеудің зерттелу барысына дөп келетін тәсілін табу өте қиын. Бәрінен дұрысы, тегінде, мемлекет ұлттың оң ыңғайдағы игілігін есте ұстауы керек пе әлде тек оның қауіпсіздігін есте ұстауы керек пе деген мәселені қарастырудан бастап, содан кейін оның жекелеген шараларына, негізінен олардың мақсаты не екендігіне, салдары қандай болатынына баса назар аудара отырып, көшу болар; сонымен бір
мезгілде жоғарыда аталған екі мақсатты қарастыра отырып, мемлекеттің қолдануға құқығы бар құралдарын да зерттеу қажет. Сондықтан да мен бұл арада мемлекеттің оң ыңғайдағы әл-ауқатын көтеруге жалпы ұмтылысын; оның халық санын өсіру және тұрғындарды материалдық тұрғыдан, ішінара тікелей – шапағатшыл мекемелер арқылы да, ішінара жанама – егіншілікке, өнеркәсіпке және саудаға көмектесу арқылы да қолдау хақындағы қамқорлығын; жоғарыда айтылған мақсатты көздейтіндіктен барлық қаржы және ақша операциялары, сырттан алып келудегі және сыртқа алып шығудағы тыйым салу тарифтері, т. с. с. мәселелерді; ақыр соңында, табиғатқа байланысты себептерден болатын залалдардың алдын алумен немесе түзетумен айналысатын барлық мекемелерді, – қысқасы, ұлттың игілігін арттыруға септесетін яки оны қолдауды мақсат тұтатын әрбір мемлекеттік мекемені тілге тиек етіп отырмын. Инсанияттық игілікке көбіне-көп соның өзі үшін емес, басқа мақсат үшін, атап айтқанда қауіпсіздік үшін қолдау көрсетіледі, сондықтан мен мәселенің бұл қырына кейінірек көшемін. Мен барлық аталған мекемелердің зиянды салдары бар және асқақ, бірақ әрқашан тек адамдар көзқарасынан туындайтын шынайы саясатқа сай емес деген байламға келдім. 1. Осынау мекемелердің әрқайсысында әрқашан үкіметтің рухы үстемдік етеді, бірақ, бұл рух қаншама кемеңгер де шапағатты болғанымен, ол қалай дегенмен де біркелкілікке жетелейді және ұлтқа оған жат қарекет тәсілін таңады. Мұндайда адамдар өз күш-қуатын одан әрі дамыту үшін қоғамдарға бірігу орнына (мейлі бұл жағдайда мүлікке толық иелік пен пайдалану жойылса да) сол күш-қуатына нұқсан келтіре отырып, байлық жинай бастайды. Көп адамның одағынан туындайтын сан алуандық қоғам беретін орасан зор игілік, бірақ осы сан алуандық мемлекеттің араласуы шамасында, сөзсіз, жоғалтыла береді. Мұндай жағдайда бір мақсатпен өмір сүретін бір ұлт мүшелері жоқ, тек мемлекетпен белгілі бір арақатынаста, яғни, мемлекеттің үкіметіндегі
үстем рухпен арақатынастағы – мемлекеттің басып-жаныштаушы билігі күштердің еркін көрініс беруіне кедергі болатын арақатынаста болатын жекелеген бодандар ғана бар. Бірдей себептердің ықпалы да бірдей. Мемлекет белгілі мақсаттарға қол жеткізуге неғұрлым көп жәрдемдессе, қызметтің өзі ғана емес, оның нәтижесі де соғұрлым біркелкі бола береді. Бірақ мемлекеттің тікелей мақсатының өзі нақ сол. Оған керегі әл-ауқат пен тыныштық. Бірақ бұлардың екеуіне де жекелеген бірліктер арасындағы қақтығыстар неғұрлым аз болса, соғұрлым оңай қол жетеді. [...] Мемлекеттік шаралар әрқашан азды-көпті мәжбүрлеумен қабаттаса жүреді; бірақ ондай мәжбүрлеу болмаған жағдайда да, олар адамды тығырықтан шығар жолды өзі іздеуге емес, басқаның кеңесіне, басқаның басшылығына, басқаның көмегіне иек артуға шамадан тыс үйретеді. Мемлекет азаматтарға ақылшы бола алатын бірден-бір тәсіл мынада: ол бір нәрсені ең жақсы нәрсе және бұл өз ізденісінің нәтижесі деп жариялайды да, азаматтарды мұны заң арқылы тікелей, немесе қандай да бір байланыстырушы қаулы арқылы жанама қабылдауға мәжбүр етеді; бұдан әрі ол осынау жақсы нәрсені өзінің беделімен қолдап, марапаттау және басқа да мадақтау шаралары арқылы оны қабылдауға ұлтты тарта алады; ақыр соңында, ол әртүрлі уәждер негізінде жаңағы жақсы нәрсені ұсына алады. Бірақ мемлекет осы айтылған жолдардың қайсысымен жүрсе де, ол бәрібір шынайы үйрете алудың үздік тәсілінен алшақтай береді; бұл тәсілдің мәні, сөз жоқ, мәселені шешудің сан алуан түрін, адам осы қазіргі жағдайда ең тиімді шешімді өздігінен таңдап алуы үшін, немесе бұдан да дұрысы, жаңағыдай шешімге бүкіл кедергілерді бүге-шігесіне дейін анықтау арқылы қол жеткізуі үшін ұсынуда жатыр. Мемлекет бұл әдісті ересек азаматтарға қатысты тек теріс ыңғайда қолдана алады, яғни, оларға бостандық береді, ал бостандық беру дегеніміз – бір мезетте кедергілер жасау және сонымен қатар оларды жоятын күш пен білгірлік тудыру. Оң ыңайдағы әдіс шынайы ұлттық тәрбиенің көмегімен тек өскелең ұрпаққа қатысты қолданыла алады. Біз бұл жерде
туындауы ықтимал келіспеушілікті кейін кеңірек қарастырамыз, яғни, сөз болып отырған мәселелерді жүзеге асыруда істің жалпы атқарылғаны оны атқарушының өзі үшін сабақ алғанынан маңыздырақ, салыстыра айтсақ, мысалы, алқаптың жақсы өңделгені диқанның нағыз іскер қожайын екендігінен көп маңызды. Бірақ мемлекеттің шектен тыс қамқорлығынан жалпы қарекет қуаты мен инсаният сипаты бәрінен зор зардап шегеді. Бұған қосымша дәлелдің де керегі шамалы. Біреудің қол астында жиі әрі көп болған адам өз дербестігінің қалдығын өз еркімен құрбан ететін жағдайға оп-оңай жетеді. Ол қамқорлықтың бөтен қолға берілгенін көрген соң өзін одан адамын деп есептейді және өзі үшін басшылықты сырттан күту мен соның жетегінде жүру жеткілікті деп ойлайды. Осы арқылы оның сіңірілген еңбек пен жазықтылық туралы көзқарасының дұрыстығы бұзылады. Біріншісінің идеясы оны шабыттандырмайды, соңғысын қинала сезіну барған сайын кеми береді, өйткені ол мұны өзінің жағдайына және осындай жағдайға душар еткен адамға оп-оңай аудара салады. Егер бұл орайда ол мемлекеттің мақсатының шынайылығына күман келтірсе, мемлекет мұның пайдасын ғана емес, басқа да бір бөтен, бөгде мақсатты көздейді деп ойласа, онда оның күш-қуаты ғана емес, инсанияттық ырқының абыройы да зардап шегеді. Ол өзін мемлекет оған тікелей және анық жүктемеген кез-келген міндеттен және өз басының жағдайын жақсарту қажеттілігінен азатпын деп есептейтін болады және де оның үстіне ол кейде осындай жақсартудан мемлекет тағы да пайдаланып қалатын жаңа ұрымтал сәт ретінде қорқуы да мүмкін. Тіпті ол мемлекеттің заңдарын мүмкіндігінше айналып өтуге тырысады және мұның орайы келген әр сәтте өзін ұтып кеттім деп есептейтін болады. Егер біз мемлекеттің заңдары мен қаулылары ұлттың біраз бөлігінің инсаният көлемін айқындайтынын ескерсек, онда бірден-бір адамдар ғана кейде қасиетті міндеттер туралы айтатын және неше түрлі еркін өкімдер беретін (әдетте бұл міндеттер мен өкімдердің орындалуы бірдей жаза қолдану арқылы қамтамасыз етіледі)
фактысының басып-жаныштаушы әсері болмай ма?!. Жоғарыда айтылған зиянды ықпал азаматтардың өзара қарым-қатынастарынан да көрініс табатыны айдан анық. Әркім өзі үшін мемлекеттің қамқорлық көмегіне қаншалықты сенім артса, ол соншалықты, тіпті бұдан да зор түрде, сол көмекке отандастарының тағдырын тапсырады. Бұл азаматтардың өзара жанашырлығын, бір-біріне көмектесу тілегін әлсіретеді. Қоғамдық жәрдемнің күші дүниенің бәрі өзіме тәуелді деген сезім орнаған жерде өтемөте басым: халықтың нағыз қаналған, үкіметтің назарынан тыс қалған бөліктері әрқашан өзара тығыз байланысты екенін тәжірибе көрсетіп отыр. Азаматтар бір-біріне немқұрайды қарайтын жерде ерлі-зайыптының арасы да, отағасының өз отбасына көзқарасы да салқын. Бүкіл қарекеті мен шаруасында соқа басы қалса, өздері қол жеткізе алмайтын істе сырттан ешқандай көмек көре алмаса, адамдар, әрине, өз кінәсінен немесе кінәсіз-ақ сорға ұшырар еді немесе қиындыққа тап болар еді. Бірақ адамның маңдайына жазылған бақыт ол өз күш-қуатының көмегімен ғана қол жеткізетіннен басқаша бола алмайды; ал жоғарыда айтылған қағида нақ парасатты айлалы етіп, мінез-құлықты қалыптастырады. Мемлекет өзінің шектен тыс араласуымен дербес әрекет етуді жоятын жерде мұндай жамандық кездеспей ме? Олар сондай жерде де кездесіп, бөтен күшке сенуге дағдыланған адамды одан бетер үмітсіз тағдырға душар етеді. Күрес пен нәтижелі еңбек бақытсыздықты қаншалықты жеңілдетсе, оны үмітсіз, жалған күтушілік соншалықты, тіпті бұдан да зор дәрежеде, ауырлатады. Тіпті ең сәтті жағдайда мен сөз етіп отырған мемлекеттер ауыр ахуалды ұзартып, өлімді кейінге шегерген дәрігерлерге тым көп ұқсайды. Дәрігерлер пайда болғанға дейін адамдар тек деннің саулығы мен ажалды ғана білген. 3. Адам немен айналысса да, мейлі ол тек қана өзінің тәндік қажеттіліктерін тікелей не жанамалай қанағаттандыруға немесе жалпы сыртқы мақсаттарына жетуге бағышталсын, мұның бәрі оның ішкі сезімдерімен тығыз байланысты. Сыртқы мақсатпен көбіне-көп ішкі
мақсат қатар жүреді, және де осы соңғысы, шындап келгенде, басты назарда тұрады, ал алғашқысы онымен тек қажет болғанда немесе кездейсоқ байланыста болады. Адамның тұтастығы неғұрлым салмақты болса, соғұрлым ол таңдаған сыртқы қарекет оның ішкі әлемінен еркінірек шығады және осы сыртқы қарекет оның таңдауы қиындықтар құрсауына ұрынғында өзінің ішкі өмірімен жиірек әрі тығызырақ байланыста болады. Сондықтан азғындамаған, жан сарайы мәнді де мағыналы адам қандай жағдайда, қарекетте болмасын тыңғылықты да, мағыналы да болып қала береді; сондықтан оның дамуы өзінің мінез-құлқына сәйкес өмір салтында мінсіздіктің аса биік дәрежесіне дейін көтеріледі. [...] 4. Мемлекеттің азаматтардың оң ыңғайдағы игілігі жөніндегі қамқорлығының тағы бір зияндылығы – ол аралас бұқараға бағышталған да, осының салдарынан өзінің шаралары арқылы жеке кісіге залал келтіреді, өйткені мұндай шаралар әрбір жеке адамға қатысты елеулі қателіктерсіз болмайды. 5. Адам құқықтың басты негізін жалғыз өзі құрайтын бастаулардан тайқымайтын кезде, яғни, асқақ та барынша өздігімен дамуға өзін де, өзгелерді де ұмтылдыратын кезде, барлық жерде осынау кіршіксіз мақсатты басшылыққа алып, барлық басқа мүдделерді ешқандай сезімдік қоспасыз соған бағындыратын кезде, инсанияттық және жалпы практикалық өмірде ол қамқорлық адамның даралығы мен өзгешелігін дамытуға кедергі жасайды. Алайда адам өз бойында дамыта алатын барлық қасиеттер өзара ғажап, тығыз байланыста болады; бұл байланыс ақыл-ой әлемінде физикалық әлемдегіден гөрі тығызырақ болмаса да, одан едәуір анығырақ та бедерлірек көрінетіндіктен, ол инсаният әлемінде әлдеқайда бедерлі көріне түседі. Сондықтан адамдар өздерінің өзгешелігін жоғалту үшін емес, оқшаулану мен менмендіктен қашық болу үшін бірбірімен одақтасуға тиіс; одақ бір тіршілік иесін екінші тіршілік иесіне айналдырмауға тиіс, ол біреуіне екіншісінің жан дүниесіне үңіле алатындай жағдай жасауы керек; әркім өз бойында барын өзгелерден
алатынымен салыстыруға тиіс және осыған сәйкес бөтенге өзінікін
жаныштатқызбай өзінікін өзгертуге тиіс. [...]
Қазақшалаған Ғосман ТӨЛЕҒҰЛ.
Роберт Оуэн
(1771 – 1858) – ағылшын әлеуметтік және саяси ойшылы, социалистутопист. 10 жасынан бастап өз күнін өзі көрген, өздігінше білімін жетілдірген, ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында 20 жасында тоқыма өнеркәсібіндегі белгілі өндіріс меңгерушісіне айналған. 1812 жылы ол алғаш рет баспасөзде көрінді. 1815 жылдан бастап фабрика заңнамасы және жұмыс күнін шектеу жөніндегі қозғалыстың белсендісіне, жұмыссыздықпен күрес жөніндегі науқанның бастамашысына айналды. Көп ұзамай Англияда оның жақтастарының қозғалысы кең жайыла бастады, оның идеяларынан қуат алған кооперативтік ұйымдар дүниеге келді. Бірақ қозғалысқа көңілі толмаған Оуэн оны 1835 жылы тастап кетті. Өмірінің соңында Оуэн жұмысшы қозғалысынан бас тартты, әр елдің билік басындағыларымен кеңінен хат
алмасып отырды, қоғам қайраткерлерінің, «әлем реформаторларының»
конгрестерін ұйымдастырып, онда өзінің адамзатты моральдық және
әлеуметтік тұрғыдан қайта құру теориясын насихаттады.
ЖАҢА ИНСАНИЯТ ӘЛЕМІ ТУРАЛЫ
Бүгінде қоғам өзіне қажет болған бойда қарапайым да парасатты шаралар көмегімен кез-келген уақытта артық игілікті жұмсай алады. Соңғы ғасырда жасалған өнертабыстар мен ашылған жаңалықтардың арқасында ғылыми негізде ұйымдастырылған және теңдік пен әділеттің қарапайым, есті принциптерінің көмегімен басқарылатын қоғам төрт сағатқа да жетпейтін уақыт ішінде пайдалы да жағымды іске саятын жұмыс нәтижесінде ең жоғары сапалы игіліктерге кенеле алады. Сондықтан енді байлық жолында күрес немесе жарысу үшін онда парасатты негіз жоқ. Жаратылыстық өмір ағысына сай бұл күрес тоқтатылуға тиіс уақыт туады. Мұндай заман туады, – ал Еуропа мен Америка үшін ол заман тез арада тууы мүмкін, бұл үшін үкіметтер қоғамды қайта құру ісіне ынты-шынтысымен, жүрек қалауымен бірігуі керек, мұны олардың өз биік мүдделері талап етеді; бұл істі кейінге қалдыра тұруға немесе одан қашқақтауға болмайды, олай етсе жаппай зорлық-зомбылық жайлайтын революция бас салады, революция адамдардың баю жолындағы ессіз күресі салдарынан еңбекші таптар көріп отырған езгі мен адам төзгісіз азаптан туындайды. Жеке меншік адам бастан кешетін қисынсыз қылмыстар мен қасіреттердің себебі болып келген және болып отыр, сондықтан ол ғылыми жетістіктер мен барлық адамдардың бойында мінсіз мінез-құлық қалыптастыру тәсілдерін игеру жеке баю үшін күресті жалғастырудың артық қана емес, барша үшін әбден зиянды екендігін көрсететін ғасырдың туғанын қуана құттықтауға тиіс. [...]
Жеке меншік адамдардың ақыл-ойын бір-бірінен алшақтатады, қоғамда дүрдараздық туындауының тұрақты себебі, адамдар арасындағы алдау мен алаяқтықтың өзгермейтін қайнар көзі болып табылады және әйелдер арасында жезөкшелікті тудырады. Ол адамзаттың бізге белгілі тарихындағы барлық дәуірлерде соғыстардың себебі болып, сансыз қырғынға итермелеген. [...] Дұрыс құрылып, ғылыми негізделген қоғамдық меншік жүйесі тұсында бірдей біліммен баршаның бірдей тұрмысы жағдайы тұсында есеп-қисапқа негізделген яки тең емес некелер, тумысынан бұзылған балалар болмайды; егер бүгін таңда өмірдің барлық жағын дендеп алған, оның үстіне жүгенсіз жайлап алған дөрекілікті қоғамдық жүйе деп атауға болса, онда қазіргі жүйенің қателіктерінен туындайтын жамандықтардың бірде-біреуі болмайды. [...] Қазіргі кезде жеке бастың баюы үшін жүріп жатқан күрес қоғамның барлық бөлімдерінде орасан зор үйлесімсіздіктер мен ысырап туындатады және адам табиғатының ең жақсы да, ізгі қасиеттерін бұзады, сонымен бірге бүкіл пасық сезімдер мен нәпсілерді өрбітіп, қолпаштай түседі. [...] Сондықтан қазіргі күшінде бар жүйе шын мәнісінде адамдар табиғат заңдарына кереғар жасаған жазалау мен ынталандыру жөніндегі ережелердің көмегімен қолдау тауып, басқарылатын жүйе болып отыр. Ол қолдан жасалған жүйе және әрдайым қылмыстар мен қасіреттерге жетелейді, олар барған сайын өсе түсуде, сондықтан да қоғамға ескі заңдар сөзсіз тигізетін залалдарды түзету үшін жаңа заңдарды талап етеді. Сөйтіп, адамдар табиғат заңдарына қарсы қою үшін өз заңдарының санын шексіз өсіре береді, бірақ бұл ешқашан табысқа жеткізбейді. Табиғаттың тамаша да шарапатты заңдары, егер олар солармен толық сәйкес жағдайда дәйекті қолданылатын болса, адамдар арасында білімнің, жақсылық пен бақыттың ұдайы тарала беруіне жетелейді. Табиғат заңдарына мызғымайтын кереғарлықта тұратын адамзат заңдарын барлық елдердің халықтарына зорлап таңудың және қисапсыз
алдыңғы заңдарды түзету мақсатындағы бос әурешілікпен сол заңдардың санын ұдайы еселей түсудің салдарынан дүние қылмыскер болып шықты, солай болып та отыр, және де осынау адамдар заңдары көбейген сайын қылмыстар да көбейе түсуде. [...] Парасатты Қоғамдық Жүйе өзінің принциптері мен практикалық амалдарында біртұтас та бөлінбейтін жүйе болып табылады; оның әрбір бөлшегі бүтін үшін елеулі. Бұл – біртұтас, өзгермейтін және іштей жарасым тапқан, барлық адамдардың мінез-құлқын қалыптастыруға, олардың істерін басқаруға арналған жүйе; негізінен – жекелеген жазалау мен көтермелеуді, олар қаншама әділетсіз де зиянды болса, соншама басы артық дүние ететін, жамандық атаулының алдын алу жүйесі. [...] Егер қоғамдық жүйеде тек ішінара ғана өзгерістер жүргізілсе, жамандық жойылмайды да, адам парасатты да бақытты күн көру ахуалына жете алмайды. Қазіргі бар жүйе өзінің бүкіл қоғамды ұйымдастыруымен, бөлшектеуімен және жеке адамдарды марапаттау мен жазалаудың әдістерімен не ол туындататын азаптарымен, қасіреттермен, күресімен, құлдырауымен, қисапсыз абыржу-абдырауымен бірге сақтала беруге тиіс, не өзінің принциптерінде шынайы және қарекеттерінде шарапатты жаңа жүйеге орын босату үшін түгелімен жойылуға тиіс; толық жүзеге асқанда бұл жүйе алғаусыз бақытты жекелеген адамдарға емес, бір халыққа немесе жер шары халқының бір бөлігіне емес, бүкіл адамзаттың барлық буындарына өмір бойы қамтамасыз етеді, және де осынау бақыт, шегініс дегенді білмей, әрбір келер буын сайын өсе түсетін болады. [...] Бүкіл әлемдегі қоғамның осы заманғы ахуалы адам баласы ешқашан адам, қоғам, табиғат не екенін түсінбегендігін дәлелдейді; әу баста есті принциптерді мойындап, соларды практикада жүзеге асырудың орнына ол адамзат, қоғам және табиғат жөнінде жалған принциптер жасап, соларды мүмкіндік шегіне жеткенше жүзеге асырып отырды; осының салдарынан ол адам табиғатымен тікелей кереғарлыққа ұрынды, қоғамға құбыжық
пошымдар берді және бұл тұрғыдан табиғаттың анық та түсінікті жалпы заңдарына пысқырып та қарамады. [...]
Өнімді барлық адамдар үшін мейлінше пайдалы етіп мінсіз
бөлудің практикалық тәсілі туралы
Кез-келген қоғам өмірінің екінші маңызды да тұрақты элементі өндірілген игілікті өмірді қолдап отыру, бақытты ұлғайту мақсатында бөлу болып табылады. Барлық халықтарда бөлудің өз тәсілі бар, ол әрбір кезеңде барлық елдерде өзгеріп отырады. [...] Ақша қолданысқа енгізілген тұста және содан кейінгі бірнеше ғасырлар бойы ол өте тиімді болды, алайда одан соң өзі беретін артықшылықтардан сан есе артып кететін жамандықтарды алып келді. Қазір ақша өрескел әділетсіздіктің қаруына және адамды қанаудың, әсіресе өздерін бәрінен сауаттымыз деп есептейтін халықтарда, қанаудың құралына айналды. [...] Парасатты тіршілік етудің осынау бірінші сатысына қол жетіп, адамдар өмірлік қажеттіліктің бәріне қорықпай-ақ, әуре болмай-ақ, өз денсаулығы үшін қажетті мөлшерде ала алатын кезде, олар дүниеге келген сәттен бастап жақсы тәндік, ақыли, инсанияттық және практикалық тәрбие алатын және нашар жағдайлар жақсы жағдайлармен алмастырылған кезде, міне, сонда адамдар лайықты да парасатты түрде өркенияттың келесі сатысына көтеріле алады; олар өз уақыты мен қаражатының артылған бөлігін тұрмыс жағдайын шексіз көркейтіп, жақсарта түсуге пайдаланады, себебі бұған қоғамдағы білім мен құралдар мүмкіндік береді. [...]
Қоғамды оның мүшелерінің жасы мен тәжірибесіне, сондай-ақ
адамзаттың мәңгілік заңдарына сәйкес жаңадан топтап жіктеу туралы
Барлық адамдар дүниеге надан да тәжірибесіз күйінде келетіндіктен және танымды не туа бітті алған, не оларды қоршап тұратын, олардың өздері жасамаған жанды-жансыз заттардан алатын табиғи инстинкттерді пайдалану арқылы алуға тиіс болатындықтан, олардың табиғаттан алатын құқықтары бірдей. [...] Таптар мен қоғамдық жағдайдың айырмашылығы қолдан жасалған; ол адамдар әлі надан, тәжірибесіз, парықсыз кезде ойластырылып, қабылданған. [...] Әділеттің негізгі принципі мынадай болуы керек: «ешбір адамның басқа біреу үшін өзі істей алмайтын нәрсені оның істеуін талап етуге хақысы жоқ», немесе, басқаша айтқанда, «барлық адамдар табиғатынан тең құқықтарға ие». Қоғамның жаратылыстық және парасатты бөлшектелуі жүргізілгенде, ол әлгі құқықтардың мызғымастығын біржолата қамтамасыз етеді; бүкіл адамзаттың сан алуан мүддесі үшін және оның бақыты үшін мұндай бөлшектеу барлық жерде қабылдануға тиіс, өйткені ол жаман нәпсіні тыяды, жеке де, қоғамдық та, жеке адамдардың арасындағы да, халықтар арасындағы да дау-дамайды тоқтатады және берекесіздік пен былықшылықтың орнына адамдардың барлық ісіне тәртіп пен кемеңгерлік енгізеді. [...] Қоғамды жаратылыстық және парасатты бөлшектеу дегеніміз оны адамдардың жасына қарай бөлшектеу, және де әрбір топ өзінің жасына қарай табиғатына дөп келетін жұмыс алуға тиіс. [...]
АДАМ БАЛАСЫНЫҢ САНАСЫ МЕН ҚЫЗМЕТІНДЕГІ
РЕВОЛЮЦИЯ, НЕМЕСЕ АЛДАҒЫ УАҚЫТТА
ПАРЫҚСЫЗДЫҚТАН ПАРАСАТТЫЛЫҚҚА КӨШУ
Алғысөз
Қоғамның өткендегі, қазіргі және болашақтағы ахуалы
Қазірге дейін барлық үкіметтер қажеттігіне қарай олардың өздері қойылған жағдайлар (бұлардың ішінде сол үкіметті құрайтын адамдарды қоршаған әрі олардың мінез-құлқын қалыптастырған жағдайлар да) қалай мәжбүр етсе, солай қарекет жасап отырды. Олардың алдағы уақытта да дәл солай қимылдауына тура келеді; сондықтан, парасатты таразыласақ, оларды жазғыруға болмайды, қайта осынау қиын жағдайдан шығуының жолын табуына көмектесу қажет. Үкіметтердің іс-қимылдарын тиісті бағытта өзгерту және олардың ахуалын мықтап жақсарту тек олардың қазіргі қате көзқарастарын түзетіп, сипатын өзгертетін жағдайлар болғанда ғана мүмкін. [...] Британ үкіметі сол баяғы нашар оқытудың және білімінің жеткіліксіздігінің салдарынан өзара қарым-қатынастардағы тілектестіктің жоқтығы мен жанашырлықтың жеткіліксіздігінің, қаншалық байқала қоймайды десек те, империя бодандарын қапаландыратын пасық та зиянды нәпсілердің тікелей я жанама себебі болып табылады. [...] Сізде аса қарапайым, кәдуілгі естілік нұсқайтын шаралар қолданып, қазіргі қоғамдағы келеңсіздіктердің бәрін түзету арқылы, біртіндеп, бейбіт түрде баршаға қажет және игілікті нәрсені жасаудың орасан зор мүмкіндіктер мен билік бар. [...] Қазір барлық үкіметтер мен халықтар ауыр да терең дағдарыс үстінде. Адам баласы білімсіз, тәжірибесіз кезде оны басқарған, әу бастан адамның мінез-құлқын бұзған ескі иррационалдық жүйе іріп-шіруде. Бұл адамзат бұрын-соңды бастан өткізбеген ересен өзгерістердің басы; бұл әртүрлі дәрежеде баршаға өзара қаскөйлік пен кедейлік тудыратын ең парықсыз жүйеден әркім үшін өзара тілектестік пен бақыт түзейтін ұтымды жүйеге көшу болады. [...]
Үшінші тарау
Жалғандықтың, қайыршылықтың және бақытсыздықтың қазіргі
ұсқынсыз жүйесінен ақиқаттың, байлықтың және бақыттың ізгі
жүйесіне бейбіт көшудің практикалық шаралары
Еуропа мен Американың кәсіби мемлекет қайраткерлеріне
Жалғандықтан шындыққа, өтіріктен ақиқатқа, қанаудан әділетке, алдау мен қасіреттен түп-түзу адалдық пен бақытқа жетелейтін революция басталып та кетті. Оқиғалардың осынау қарышты қадамын жер бетіндегі ешқандай күш тоқтата алмайды, және әрбір адам үшін оның берік игілік екендігіне көз жеткізу үшін оның мәнісін түсіну жеткілікті. [...] Өндіргіш таптарды ешқандай парасатты мақсатсыз тонап, өлтіретін және олар үшін, осыған дейін болып келгендей, өте нашар, зиянды, пасық жағдайлар жасайтын үкіметтердің орнына, олардың есалаң қарекеттерінің әділетсіздігі мен аяусыздығы және сол қарекеттерде қандай да бір кемеңгерліктің мүлдем жоқтығы анық көрінген қазіргі кезде әлемнің барлық елдеріндегі өмірлік маңызды істердің жүргізілуіндегі өрескел надандық пен кінаратты жою мақсатында жаңа тәртіптер енгізуге міндетті екенін парасатты көрегендікпен түсіне алатын жаңа үкіметтер қажет екендігі анық көрініп отыр. [...] Талап етіліп отырған өту тәсілі жай ғана өмірдің барлық салаларында қазіргі зиянды да жаман шарттарды жақсы да тамаша шарттармен алмастыру, және де мұндай алмастыру тек қоғамдық өмірдегі бүкіл сыртқы тәртіптерді түп-тұқиянымен өзгерту арқылы ғана жүзеге асырыла алады. Аталмыш ауысу тек қана бейбіт жолмен және кемеңгер көрегендік көмегімен іске асырыла алады. Үкіметтің немесе қоғамның сипатын өзгерту үшін зорлық-зомбылыққа жол беруге болмайды. Шектен шыққан зорлық-зомбылық пен өліспей беріспейтін күреске дейін жететін әрқилы
сатыдағы ашу-ыза тек соған сәйкес келетін есалаңдық пен жындану сатыларының айғағы ғана. [...] Осынау өтпелі тәртіптер бейбіт те парасатты тәсілдермен, неғұрлым аз қолайсыздықтармен әрі барша үшін барынша пайдамен енгізілуі үшін оларды бүгінгі пошымына қарамастан қазіргі үкіметтер енгізуі керек. Сонда өзгеріс біртіндеп, бейбіт жолмен, байсалды, көрегендікпен, салиқалы кемеңгерлікпен жүргізіледі. Бұл мақсат үшін парасатты үкіметтер орнатып, олар шектен шыққан парықсыздығы мен іс жүзіндегі зияндылығын тәжірибе дәлелдеген қазіргі үкіметтерді біртіндеп алмастыруға тиіс. Бірақ ескі үкіметтердің тұсында жасалған мінез-құлықтардың көңіл көншітпейтіні соншалық, адамдардың парықсыз болып шыққаны соншалық, олардың практикалық қызметінің зиянды болып шыққаны соншалық, оқыту мен тәрбиелеудің жаңа жүйесінсіз жұрт өзін-өзі парасатты басқаруға немесе басқалардың парасатты басқаруына даярланбаған болып шығады. [...]
Төртінші тарау
Табиғаттың өзгермейтін заңдарына негізделген әмбебап ұтымды
конституция [...]
Кіріспе
Табиғаттың адамдар ашқан заңдарына негізделген және адамның мінез-құлқын өзгертуге әрі жер шарының халқын оның ұдайы жетіліп, бақытты бола түсуі үшін бірігу мен бейбітшілік рухында басқаруға арналған баянды парасатты қоғамдық жүйе енгізілетін дәуір тез жақындап келеді; ешқандай адами күш бұл өзгеріске ұзақ қарсыласа алмайды.
Сондықтан бүкіл әлемнің үкіметтері өзін-өзі сақтап қалу мүддесі үшін, анархияға, соғыстар мен қасіреттерге душар болмау мүддесі үшін осынау неғұрлым мінсіз жүйені қабылдауға мәжбүр етіледі. Бұл өзгеріс бүкіл әлемде надандық, қайыршылық, адамдар арасындағы бақастық, дүрдараздық пен ұлттық соғыстар ұрығын сепкен ескі, жарамсыз және бейшара жүйені түп тамырымен жұлып тастап, біржолата құртады. Оның орнына бәсекелестік, жанжалдар мен соғыстар біржола тоқтатылатын, адамдар құртақандайынан бір-бірінің бақытты болуына жәрдемдесуге үйренетін парасатты қоғамдық жүйе енгізіледі. Бұл жүйенің бастауы үкіметтерді сол жүйеге негізделген принциптердің ақиқаттығына сендіру жолымен жасалады. Сондай-ақ ол жүйенің адамға жанашырлығының, мейірімділігі мен сүйіспеншілігінің шынайы рухын игере алған және оны іс жүзінде қолданудың ең жақсы тәсілін зерделеген адамдар саны жеткілікті болуға тиіс. Бұл адамдар сондай-ақ, надандық туындататын соқыр сенімдер өз жолына қоятын кедергілерден аттап өту үшін, шыдамды да сабырлы болуға тиіс. Ең бастысы, олар біртұтас болуға, бір-біріне толық сеніммен қарауға және бір жүрек, бір ақыл басқаратындай болуға тиіс. [...] Парасатты үкімет сондай-ақ адам бақыты үшін қажет шарттарды түсінеді және оларды әр адам үшін қамтамасыз ету шараларын қолданады, өйткені қоғамдағы білімнің деңгейі және оның қолында бар құралдар мұны жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Ол үкімет адамдардың бақытқа жетуі үшін мынадай шарттар талап етілетінін түсінеді: 1. Дүниеге келген сәттен жақсы ұйымдастырылу және өзінің органдарын, қабілетін, бейімін, қасиеттерін дәл біліп алу. 2. Осынау ұйымдастыруларды жақсы ахуалда сақтау үшін қажетті нәрсенің бәрін қалауынша алып отыру мүмкіндігі болу және барлық адамдарды қанағаттандыру үшін тіршілік ету құралдарын өндіру мен таратып беру тәсілдерін білу.
3. Дүниеге келген сәттен өзінің табиғи – тәндік, ақыли, инсанияттық және тәжірибелік – қабілеттерін жақсы дамыту мүмкіндігіне ие болып, басқаларға дұрыс бағыт-бағдар бере отырып, тәрбиелей білу. 4. Өз жақындарының берекетін ұдайы және тұрақты арттырып отыру үшін тиісті білімге, мүмкіндіктерге және мен бейімділіктерге ие болу. 5. Өзінің білім қорын ұдайы ұлғайтып отыру үшін бейімділік пен мүмкіндіктің болуы. 6. Жақсы қоғамнан ләззат алу мүмкіндігі болу, әсіресе, өзің ерекше сыйлайтын әрі ұнататын адамдармен қалауыңша араласу мүмкіндігінің болуы. 7. Қай кезде де қанағат сезімімен саяхат жасау мүмкіндігінің болуы. 8. Барлық мәселелер бойынша өз ойыңды айтудың толық бостандығы болуы. 9. Қоғамдық игілікке сәйкес келетіндіктен жеке қарекет бостандығының барынша мол болуы. 10. Барлық жағдайда біз көзқарасымызбен, сөзімізбен және қарекетімізбен тек бір ғана шындықты айтатындай, басқа адамдардың сезіміне, ой-пікірлеріне және қылықтарына кешірімділікпен қарайтындай және кез-келген адамға шынайы тілектес болатын мақсатта қалыптасқан мінез-құлықтың болуы. 11. Соқыр сенімнен, табиғаттан тыс күштерден қорқудан және ажал үрейінен бостан болу. 12. Заңдары, мекемелері және тәртіптері адам табиғатының заңдарымен үйлесімді, жақсы құрылған, жақсы ұйымдасқан және жақсы басқарылатын қоғамда өмір сүру; осындай қоғам құру үшін қажет барлық шарттарды іс жүзінде ұштастыруға болатын тәсілдерді білу. [...]
"Оуэн Р. Избранные сочинения. В 2 т. Т. 2. М. ;
Л. , 1950" басылымынан қазақшалаған Ғосман
ТӨЛЕҒҰЛ.
Карл Филипп Готфрид Клаузевиц
(1780–1831) – неміс әскери теоретигі және тарихшысы. «Сенімнің үш рәмізі» атты құжаттың авторы, онда Ресеймен одақтасу арқылы Наполеонға қарсы халықтық соғыс идеясы ұсынылған. 1812–1813 жылдары орыс әскерінде қызмет еткен. 1813 жылы – біріккен орыс-прусс корпусының штаб бастығы. Өмірінің соңында поляк шекарасындағы прусс әскері штабының бастығы. Клаузевицтің дүниетанымына неміс
классикалық философиясының ықпалы зор болды. Оның саяси көзқарастарының қалыптасуына XVІІІ ғасырдың аяғындағы Ұлы француз революциясы, Еуропа халықтарының ұлт-азаттық қозғалысы әсер етті. Күні өткен феодалдық әскери жүйеге қатты қарсы болды. Ол 130-дан аса соғыстар мен жорықтарды зерттеп, «Соғыс туралы» үш томдық кітап, басқа да бірқатар әскери-тарихи еңбектер жазды. Тұңғыш рет соғыстың саяси мәні, саясат пен соғыстың өзара байланысы туралы атақты тұжырымын жасады («Клаузевиц формуласы»). Клаузевицтің еңбектері Жаңа заманның әскери-саяси ақыл-ойының дамуында, соғыс стратегиясы мен тактикасында тұтас дәуірді құрады.
СОҒЫС ТУРАЛЫ
Бірінші бөлім
Соғыстың табиғаты
І тарау
Соғыс деген не?
1. Кіріспе
Біз алдымен тақырыбымыздың жекелеген элементтерін, содан кейін оның бөлшектерін, ақыр аяғында, ішкі байланыстарымен қоса бүкіл тақырыпты тұтас қарастыруды, яғни қарапайымнан күрделіге ауысуды мақсат етеміз. Алайда бұл жерде барлық басқа жердегіден бүтіннің (соғыстың) мәнісіне көзқарастан бастау қажет; біздің тақырыбымызда, басқа тақырыптың қай-қайсысында да, бөлшекпен бірге бүтін әрқашан ойда тұруға тиіс. 2. Анықтама
Біз соғысқа зілмауыр мемлекеттік-құқықтық анықтама бермек емеспіз; біздің басшылыққа алатын арқауымыз оған тән элемент – жекпежек болмақ. [...] Біз соғысты құрайтын сансыз көп жекелеген жекпежектерді бір бүтін ретінде ойша елестеткіміз келсе, онда ең дұрысы көз алдымызға екі балуанның белдесуін елестету керек. Олардың әрқайсысы қара күштің көмегімен екіншісіне өзінің дегенін істеткісі келеді; оның қазіргі мақсаты – қарсыласын бүктеп-жаншып, одан әрі қарсыласуға дәрменсіз ету. Сонымен, соғыс – дұшпанға біздің ырқымызды орындауға мәжбүр етуді көздейтін зорлық-зомбылық актысы. Зорлық-зомбылық дәл сондай зорлық-зомбылыққа қарсы тұру үшін өнердегі табыстар мен ғылымдағы жаңалықтарды пайдаланады. Зорлықзомбылық халықаралық құқық салттары ретінде өз мойнына алғатын байқалмайтын, тіпті айтуға да тұрмайтын шектеулер зорлықзомбылықэффектін шындап келгенде жеңілдетпей-ақ соған қосақтала жүреді. Осылайша, физикалық зорлық-зомбылық (өйткені мемлекет және заң туралы ұғымдардан тыс моральдық зорлық-зомбылық жоқ) құрал, ал мақсат – дұшпанға өз ырқымызды таңу. Бұл мақсатқа айқын жету үшін біз жауды қарусыздандырып, оны қарсыласу мүмкіндігінен айыруға тиіспіз. Тікелей соғыс қимылдарының мақсаты туралы ұғымның өзі осы соңғысына саяды. Ол соғыстың мақсатын бүркемелейді әрі соғыстың өзіне тікелей қатысы жоқ нәрсе секілді белгілі бір дәрежеде кейінге ығыстырады. 11. Соғыстың саяси мақсаты тағы да алдыңғы қатарға шығады
Бұл арада біздің зерттеуіміздің өрісіне біз бұрын қарастырған тақырып: соғыстың саяси мақсаты тағы кіріп кетеді (2-тармақ). Ақтық заң – дұшпанды қарусыздандырып, талқандау ниеті – бұған дейін белгілі дәрежеде осы мақсатты бүркемелеп келді. Бірақ саяси мақсат алдыңғы
қатарға тағы да шыққан кезде, ақтық заң өз күшін жоғалтады да, сонымен бірге жауды талқандауға ұмтылыс та шегінеді. Егер күшті қажетінше жұмылдыруды талқылаудың бәрі белгілі бір тұлғаларға және жағдайларға негізделген ықтималдықтарды есептеуге ғана сайса, онда алғашқы себеп ретіндегі саяси мақсат осынау кешенде өте елеулі фактор болуға тиіс. Біз өз жауымыздан талап ететін құрбандық неғұрлым аз болса, біз одан соғұрлым аз қарсылық күтеміз. Бірақ, біздің талаптарымыз неғұрлым елеусіз болса, біздің дайындығымыз да соғұрлым әлсіз болмақ. Ойымызды жалғастырсақ, біздің саяси мақсатымыз неғұрлым елеусіз болса, оның бағасы да біз үшін соғұрлым кемиді және оған қол жеткізуден бас тарту да соғұрлым жеңілге түседі, сол себепті де біздің күш-жігеріміз де соғұрлым елеусіз болады. Осылайша, соғыстың бастапқы сарыны болып табылатын саяси мақсат әскери қимылдар арқылы қол жеткізілуге тиіс мақсат үшін де, қажетті күш-жігердің ауқымын анықтау үшін де өлшем қызметін атқарады. Біз дерексіз ұғымдармен емес, нақты нәрсемен істес болып отырғандықтан, саяси мақсатты да абстрактылы түрде, өздігінен алып қарастыруға болмайды; ол екі мемлекеттің өзара қарым-қатынастарына тәуелді. Бір ғана саяси мақсат әртүрлі халықтарға ғана емес, тіпті бір халықтың өзіне әртүрлі дәуірде мүлде әртүрлі ықпал етуі мүмкін. Сондықтан саяси мақсатты тек ол қозғау салуға тиіс халық бұқарасына тигізетін ықпалын айқын елестете отырып қана өлшем ретінде қабылдауға болады. Міне сондықтан, соғыста осынау бұқараның табиғи қасиеттерімен санасу қажет. Бұқарада соғыстың шиеленісуін жоғарылатуға не төмендетуге ықпал ететін элементтер басым ба, жоқ па дегенге байланысты біздің есептеріміздің нәтижесі төтенше әрқилы болуы мүмкін екендігін түсіну опоңай. Екі халықтың, екі мемлекеттің арасындағы қатынастың шиеленісіп кететіндігі соншалық, оларда дұшапн элементтер санының көбейіп кететіндігі соншалық, соғыс ашудың тіпті түкке тұрғысыз саяси себебі сол
іліктің мәнінен анағұрлым басым шиеленіс тудырады да, шын қопарылыс бұрқ ете қалады. Мұның бәрі екі мемлекетте де саяси мақсат туындататын күш-жігерге, сондай-ақ әскери қимыл алдына қойылатын мақсатқа қатысты. Кейде саяси мақсат әскери мақсат, айталық, белгілі бір облыстарды басып алу, үйлесе кетуі мүмкін. Кей-кейде саяси мақсат әскери қимылдар мақсатының көрінісі қызметін атқаруға өздігінен жарамсыз болып шығады. Ондайда соңғысы ретінде көзделген саяси мақсатқа барабар және бітім жасалған тұста айырбастауға жарамды бірдеңе ұсынылуға тиіс. Бірақ бұл орайда да мүдделі мемлекеттердің өз ерекшеліктерін есте ұстау қажет. Саяси есе беруге қол жеткізу үшін сол барабар нәрсе қойылатын талап көлемінен едәуір көп болуға тиіс жағдайлар да болады. Бұқара соғысқа неғұрлым немқұрайды қараса және басқа мәселелерде екі мемлекет арасындағы қатынаста шиеленіс кемірек болса, соғыстың ауқымы үшін саяси мақсаттың маңызы соғұрлым шешуші болмақ. Екі жақтың күш-жігер дәрежесін жалғыз сол ғана айқындайтын жағдайлар да болады. Әскери қимылдардың мақсаты саяси мақсатқа барабар болуға тиіс болғандықтан да, соңғысы төмендеген сайын алғашқысының мәні де төмендей береді, және де саяси мақсаттың үстемдігі молырақ болған сайын бұл үрдіс күшейе түседі. Соғыс өзінің табиғатын зорламай, жаппай қырыпжоятын соғыстан бастап, қарапайым ғана қарулы бақылау жасап отыруға дейін мәні мен қауырттығы жағынан сан алуан пошымдарда көріне алатыны осымен түсіндіріледі. Соңғысы бізді жаңа мәселеге жетелеп әкеледі, біз оны әлі дамытып, оған жауап беруге тиістіміз. [...]
23. Соған қарамастан соғыс әрқашан елеулі саяси мақсатқа жетудің
елеулі құралы болып қала береді.
Соғыстың ең таяу анықтамасы
Соғыс дегеніңіз осындай, оны басқаратын қолбасы дегеніңіз осындай және оны реттейтін теория дегеніңіз осындай. Бірақ соғыс – ермек емес, ол жай ғана тәуекел мен сәттілік сыналатын ойын емес, еркін шабыттың туындысы емес; ол – елеулі мақсатқа жетудің елеулі құралы. Соғыста кездесетін бақыттың бүкіл сан алуан бояулары, нәпсінің бүкіл толқулары, ержүректік, қиял, оның мазмұнына кіретін шабыт – мұның бәрі құрал ретінде тек соғыстың өзіндік ерекшеліктері. Адамзат қоғамындағы соғыс – тұтас халықтардың, және де өркениятты халықтардың соғысы – әрқашан саяси жағдайдан шығады және тек саяси сарындардан туындайды. Осылайша, ол саяси акт болып табылады. Егер ол біз дерексіз ұғымнан шығып анықтағандай, зорлықтың мінсіз, ештемеден шектелмеген, абсолютті көрінісі болса, онда ол басталған сәттен-ақ өзін туындатқан саясаттың, содан мүлде тәуелсіз дүние сияқты, орнын ала қояр еді. Соғыс саясатты ығыстырып тастап, өз заңдарымен жүре отырып, жарылған мина секілді ешқандай басқаруға және ешқандай басшылыққа бағынбас еді де, тек оны дайындаған ұйымға ғана тәуелді болып қалар еді. Осы күнге дейін саясат пен стратегияның сәйкессіздігіндегі кемшіліктерді теориялық тұрғыдан бажайлау талпынысы жасалғанда мәселе ылғи да осылай түсіндіріліп келеді. Алайда мәселенің мәні мүлде басқаша, сондықтан жаңағыдай түсіндіру өзінің негізінде мүлдем жалған. Жоғарыда айтылғаннан көрінетіндей, шын соғыс дегеніңіз өзінің шиеленісін бір ғана бұлқыныспен шеше алатын шетін нәрсе емес. Ол тіпті де бірдей және біркелкі өрбімейтін күштердің ықпалында болады; кейде бұл күштердің лықсып құйылуы оған инерция мен үйкеліс көрсететін қарсылықты жою үшін жеткілікті, ал кейде тіпті ешқандай ықпал жасауға дәрменсіз болып шығады. Соғыс дегеніңіз белгілі бір дәрежеге дейінгі зорлық-зомбылықтың бұлқынысы, оның ағысы бірде буырқанып, бірде баяулайды, демек, шиеленісті не тез, не баяу шешеді, күшті де солай сарқылтады. Басқаша айтқанда, соғыс тез болсын, баяу болсын әйтеуір мәресіне жетеді, бірақ, қалай дегенмен, оның ағысына
белгілі бір бағыт беру үшін, яғни, оны басқаратын парасатты ырыққа бағыныштылығын сақтау үшін, жеткілікті ұзаққа болады. Егер соғыстың бастауында белгілі саяси мақсат тұратынын ескерсек, соғысты тудырған сарындар, әрине, соғысты басқарушылар санасуға тиісті бірінші әрі жоғарғы пиғыл болып қала береді. Бірақ бұдан саяси мақсат деспот заң шығарушыға айналады деген қорытынды шықпайды; Оның өзі қолданатын құралдың табиғатымен санасуына және осыған сәйкес өзінің түбегейлі өзгерістерге жиі ұшырауына тура келеді; соған қарамастан саяси мақсат ең алдымен ескерілуге тиіс нәрсе болып қала береді. Осылайша, саясат бүкіл соғыстың өн бойына негізгі арқау болып қала береді және оған тұрақты ықпал етеді, әлбетте, бұл ықпал соғысты тудырған күштердің табиғаты жол беретін дәрежеде болады.
24. Соғыс дегеніміз тек саясатты басқа құралдармен жалғастыру
Сонымен, біз соғыс дегеніңіз тек саяси акт қана емес, саясаттың нағыз қаруы, саяси қарым-қатынастарды жалғастыру, оны басқа құралдармен жүргізу екенін көреміз. Егер онда өзіндік бірдеңе қалатын болса, ол тек оның құралдарының ерекшелігіне ғана қатысты. Тұтас алғанда соғыс өнері және қолбасшы әрбір жекелеген жағдайда саясаттың бағыты мен ниеті соғыс құралдарына кереғар келмеуін талап етуге хақылы. Бұл талап тіпті де елеусіз нәрсе емес, бірақ саясаттың ниетіне оның ықпалы қаншалықты күшті болғанымен, бәрібір бұл ықпалды саясаттың түрін өзгертуші деп қана білу керек, өйткені саяси ниет – мақсат, ал соғыс тек құрал, сондықтан құралды ешқашан мақсаттан бөліп алуға болмайды.
25. Соғыстың түрлері
Соғыстың сарындары неғұрлым қомақты да күшті болса, олар
халықтардың бүкіл болмысын соғұрлым көбірек қамтиды; соғыстың
қарсаңындағы қатынастар неғұрлым шиленісті болса, соғыс соғұрлым өзінің абстракты пошымына көбірек жақындайды, мәселе соғұрлым жауды күйретуге көбірек саяды, соғұрлым әскери және саяси мақсаттар көбірек үйлеседі; соғұрлым соғыс көбірек таза әскери, кемірек саяси реңк алады. Соғыстың сарындары мен шиеленіс неғұрлым әлсіз болса, әскери элементтің (зорлықтың) табиғи бағыты саясат бұйыратын бағытпен соғұрлым азырақ сәйкесетін болады, демек, соғыс өзінің табиғи бағытынан соғұрлым елеулі ауытқиды. Саяси мақсат мінсіз соғыстың мақсатынан неғұрлым көбірек алшақтаса, соғұрлым соғыс саясиландырылған секілді болып көрінеді. Бірақ бұл жерде біз оқырманды шатастырмау үшін мынаны ескертуіміз керек: соғыстың табиғи тенденциясы дегенде біз қақтығыс үстіндегі шын күштердің тенденциясын емес, тек философиялық, таза логикалық тенденцияны айтамыз; мұны, мысалы, шайқасушылардың бүкіл рухани қуаты мен сезімдері деп түсінбеу керек. Рас, соңғылар кейбір жағдайларда оларды саясат белгілейтін шекте ұстау қиынға түсетін еліру ахуалында болады; алайда көбінесе мұндай кереғарлық туындай бермейді, өйткені мұндай күшті импульстер орын алса, соған сай ересен саяси жоспарларда дүниеге келер еді. Ал жоспар болмашы мақсатты көздегенде, әдетте бұқараның рухани күшінің көтерілуі мардымсыз болады да, мұндай бұқараны тежеуден гөрі итермелей түсуге тура келеді.
26. Соғыстың барлық түрі саяси қарекет деп
қарастырыла алады
Сонымен, басты мәселеге қайтып оралар болсақ, егер соғыстың бір түрінде саясат мүлде жоқ секілді көрінетіні, ал басқа бір түрінде айқын көрініс беретіні шындық болса, онда соғыстың бірінші түрі екінші түрі сияқты соншалықты саяси сипатқа ие деп тұжырым жасауға болады. Өйткені, егер саясатқа мемлекет кейпіндегі парасат деп қарасақ, онда оның
есебіндегі ұштастыруларға бірінші түрдегі соғысты тудыратын қарымқатынастардың сипаты бар ұштастырулар да кіруі мүмкін. Егер саясат деп шартты түрде жан-жақты сіңуді емес, ашық күш қолданудан қашатын, сауысқаннан сақ, аяр, тіпті жалған данасынуды айтсақ, онда тек сол жағдайда ғана соғыстың екінші түрі саясатпен молырақ қамтылады деп есептеуге болар еді.
27. Осынау көзқарастың соғыс тарихын түсіну үшін және
теорияның негіздері үшін салдарлары
Сонымен, көріп отырғанымыздай, біріншіден, біз қандай жағдайда болсын соғысты саясаттың құралы емес, дербес бірдеңе деп түсінбеуге тиіспіз; тек осылай түсінгенде ғана бүкіл соғыс тарихына кереғарлықтан құтылуға болады. Тек осылай түсінгенде ғана осынау ұлы кітап парасатты түсінуге бой береді. Екіншіден, нақ осы түсінік қана бізге соғыстар өзінің сарындарының сипаты мен оларды туындататын жағдайларға қаншалықты айырмашылықты болуға тиіс екендігін көрсетеді. Мемлекет қайраткерінің әрі қолбасшының пешенесіне жазылған алғашқы, ең ұлы, ең батыл пікір – осы тұрғыдан алғанда оның өзінің басталатын соғысты дұрыс танып білуінде; ол соғысты аталмыш жағдайда болмайтын нәрсе деп қабылдамауға және оны табиғатына қарсы өзгертуге тырыспауға тиіс. Бұл – барлық стратегиялық мәселелердің біріншісі әрі әмбебабы; біз оған төменде, соғыстың жоспарын қарастырғанда, толығырақ тоқталамыз. Әзірше біз соғысқа және оның теориясына негізгі көзқарастың басын ашып алумен шектелеміз.
28. Теория үшін қорытынды
Сонымен, соғыс әрбір нақты жағдайда табиғатын өзгертіп отыратындықтан, нағыз хамелеон болып қана қоймайды, сондай-ақ өзінің жалпы пошымдарында ондағы үстем тенденцияларға қатысында оғаш үштік ретінде көрінеді, олар: өзінің бастапқы элементі ретінде зорлықзомбылықтан, өшпенділіктен және дұшпандықтан құралады, оларды көрсоқыр табиғи инстинкт деп қарастыру керек; ықтималдық пен кездейсоқтық ойынынан құралады, мұның өзі оны еркін жан қызметі етеді; құрал ретінде саясатқа бағыныштылығынан құралады, соның арқасында ол қарапайым естілікке бағынады. Осынау үш жақтың біріншісі көбіне халыққа, екіншісі – көбіне қолбасы мен оның әскеріне, ал үшіншісі – үкіметке бағышталған. Соғыс кезінде лапылдай түсетін нәпсі халықтардың бойында ол басталғанға дейін болуға тиіс; ықтималдық пен кездейсоқтық патшалығындағы ержүректік пен талант ойынының құлашы қолбасшының жеке қасиеттеріне және әскердің ерекшеліктеріне тәуелді; ал соғыстың саяси мақсаттары тек қана үкімет құзырында. Заңдардың әрқилы үш қатары іспетті осынау үш тенденцияның тамыры тақырыптың өзінің табиғатына терең жайылған әрі сонымен бірге көлемі жағынан құбылмалы. Олардың біреуін елегісі келмеген немесе олардың арасында қисынсыз арақатынас орнатқысы келген теория бірден болмыспен қарама-қайшылыққа ұрынар еді де, өзінің моласын өзі қазар еді. Сондықтан, теорияның мақсаты – тартылыстың үш нүктесінің арасындағы сияқты осы үш тенденцияның арасындағы тепе-теңдікті сақтау. [...] ІІ тарау
Соғыстағы мақсат пен құралдар
Соғыс нәпсінің көзсіз актысы еместіктен, онда саяси мақсат үстемдік ететіндіктен, сол мақсаттың құндылығы оған қол жеткізу үшін біз шалатын құрбандық көлемін айқындауға тиіс. Мұның құрбандық шалудың көлеміне де, ұзақтығына да бірдей қатысы бар. Осылайша, саяси мақсаттың құндылығынан асып түсетін күш шығындау қажет болса, ондай мақсаттан бас тартуға тура келеді; нәтижесінде бітім жасалады. Екі жақтың екеуі де дұшпанын қарсыласу мүмкіндігінен айыра алмайтын соғыстарда екі жақтың да бітімге келу сарыны болашақ жеңістің ықтималдылығын бағамдауға және жұмсалатын күштің қажеттігіне байланысты не ұлғайып, не кішірейіп отырады. Егер екі жақтың да сарын салмағы бірдей болса, онда олар өздерінің саяси талаптарының орталық межесінде бәтуаласар еді; бітімге келуге бір жақтың негізі ұлғайғанда, екінші жақтікі әлсіреуге тиіс; бірақ екі жақтың да сарындарының қосындысы жеткілікті болған бойда, бітім жасалады, әрине, мұндайда бітім жасасу ниеті кемірек жақ үшін бұл пайдалы болмақ. [...] Соғыс барысында бастапқы саяси ниеттер әжептәуір өзгерістерге ұшырайды да, ақыр соңында тек қана қол жеткен табыстарға және олардың ықтимал салдарларына байланысты мүлдем басқа болып шығуы мүмкін. Осы орайда «табыстың ықтималдылығына қандай жолмен ықпал етуге болады?» деген сұрақ туады. Ең алдымен, әрине, талқандау құралдарының көмегімен, – жаудың қарулы күштерін жою және аумақты басып алу; бірақ бұл құралдардың біз талқандауға ниет еткендегіден біршама айырмашылығы бар. Біз дұшпанымызға шабуыл жасағанда оның бүкіл қарулы күштерін күйрету үшін алғашқы соққыдан кейін тағы да бірқатар соққы беру есебі мен жаудың өзіне деген сенімінен түк қалдырмайтын жеңісті қанағат тұтуды, оған өзіміздің артықшылығымызды білдіруді, сөйтіп, болашағына қауіп төндіруді мақсат ету – мүлде бірдей дүние емес. Егер мақсатымыз осы болса, онда біз жаудың күшін талқандауға сол мақсаттың қажеттілігіне сай тырысамыз.
Егер біз жауды күйретуді мақсат етпесек, онда оның жерін басып алу басқа дәрежедегі шара болмақ. Талқандау жөніндегі шын операциялардың мәнінің өзі жаудың қарулы күштерін жою болып табылады, ал аймақтарды басып алу тек мұның салдары ғана. Қарулы күштерді талқандамай тұрып, аумаққа иелік ету – әрқашан да қажетті жамандық деп қарауға тура келеді. Керісінше, егер мақсатымыз жаудың қарулы күштерін жою болмаса және біз оның даулы мәселені майдан даласында шешкісі келмейтініне, тіпті бұдан қорқатынына сенімді болсақ, онда нашар қорғалатын не мүлде қорғалмайтын аймақты басып алу белгілі түрде пайдалы болып табылады. Егер бұл табыс жауға ол үшін соғыстың аяғы өте қауіпті болатынын сездіретіндей қомақты болса, онда ол бітімге келудің ең қысқа жолын ұсынуы мүмкін. Енді біз тағы бір өзіндік құралға тап боламыз – ол жаудың қарулы күштерін талқандамай-ақ, табыстың ықтималдылығына ықпал ету. Бұл – саяси қарым-қатынастарға тікелей қысым жасауға бағытталған шаралар. Кейде жаудың одақтастарын бөліп әкетуге немесе берекесін қашыруға, өзімізге жаңа одақтастар тартуға, өзіміз үшін тиімді саяси комбинациялар жасауға және т. с. с. мүмкіндік беретін операциялар жүргізудің сәті түседі; мұның бәрі табыстың ықтималдылығын ұлғайтады, және де мақсатымызға жеткізетін бұл жол қарулы күштерді талқандаумен салыстырғанда анағұрлым қысқа болуы мүмкін. [...] Сонымен, соғыста мақсатқа апаратын жолдар көп және әрбір жеке жағдайда жауды күйретудің қажеттігі бола бермейді. Дұшпанның қарулы күштерін қыру, оның жерлерін басып алу, сол аймақтардың барлық құралдарын пайдалану үшін оларды уақытша оккупациялау, саяси қарымқатынастарға тікелей қысым жасауға бағытталған шаралар, ең ақырында, жаудың соққысын енжарлықпен күтіп отыру, міне, мұның бәрі – соғыс жүргізудің жолдары, бұлардың қайсысы болсын қарсыластың сағын сындыру үшін нақты қалыптасқан жағдайдың ерекшеліктеріне қарай пайдаланыла алады. [...]
[...] Дағдарыстан қан төгу арқылы шығу, дұшпанның қарулы күштерін жоюға тырысу – соғыстың әуелгі бел баласы. Аса сақ қолбасшы саяси мақсаттар түкке тұрғысыз, сарындар әлсіз, күш жұмсау мардымсыз болғанда майдан даласында жүріп не қызмет бөлмесінде отырып, бейбітшілікке апаратын жолды шебер нобайласын, ірі кикілжіңсіз және қан төгусіз жаудың әскері мен үкіметінің айрықша әлсіз жақтарын пайдалансын. Егер оның топшылауы негізді әрі табысқа жеткізетіндей болса, онда біздің оны сөгуге хақымыз жоқ, бірақ ол айналма жолмен келе жатқанын, бұл жолда соғыс құдайының қаһарына ұшырауы мүмкін екенін ұдайы есінде ұстауын талап етуге тиіспіз. Қолбасшы бір сәтке де жауын көзден таса қылмауы керек, өйтпесе ол қолында сән үшін ұстаған сапысы ғана бола тұрып, соғыс семсерінің соққысына тап болуы ғажап емес. [...] Соғыс – қан төгіспен шешілетін күрделі мүдделердің текетіресі, оның басқа қоғамдық дау-дамайлардан айырмашылығы тек осында ғана. Өнерлердің ішінде соғысты тек саудамен ғана салыстыруға келер еді, өйткені ол да адам мүдделері мен іс-әрекетінің кикілжіңі; соғысқа саясат анағұрлым жақын, оны ірі деңгейдегі өзіндік сауда деп қарастыруға болады. Оның үстіне, соғыс сол саясаттың аясында өрістейді; саясатта соғыстың сұлбасы ұрықтағы тірі жәндіктің қасиеттері сияқты жасырын түрде көзделіп тұрады. [...]
Б. СОҒЫСТЫҢ САЯСИ МАҚСАТЫНЫҢ ЖӘНЕ
ШИЕЛЕНІСТІҢ АУҚЫМЫ ТУРАЛЫ
Біздің дұшпанымызға көрсететін зорлығымыз өзіміздің саяси талаптарымыздың, сондай-ақ жаудың талаптарының көлеміне сәйкес болады. Соңғылар белгілі болатындықтан, екі жақтың да күш-жігерінің деңгейі анықтала алар еді. Алайда саяси талаптар әрқашан айтарлықтай айқын бола бермейді, екі жақтың қолданатын құралдарының әртүрлі болатындығының басты себебі осында.
Мемлекеттердің жағдайлары біркелкі емес – бұл екінші себеп болуы мүмкін. Сол сияқты билік басындағылардың да ырық күші, мінез-құлқы және қабілеттері бірдей емес; бұл – үшінші себеп. Осы үш себеп біз ұшырайтын қарсылық жөніндегі есебімізге, демек, пайдаланатын құралдарға және өзімізге қоятын түпкі соғыс мақсатына қарай жасалған есебімізге белгілі дәрежеде екіұшты сипат береді. Соғыста күш-жігердің жеткіліксіздігі жоспарды жүзеге асыруға тосқауыл ғана болып қоймай, тікелей нұқсан келтіретіндіктен, бұл екі жақты да құралдарды дайындауда бір-бірінен асып түсуге итермелейді, осыдан келіп белгілі бір дәрежедегі өзара ықпалдастық пайда болады. Соңғысы шиеленістің ақтық шегіне, егер мұндай шекті белгілеу мүмкін болса, жетер еді. Бірақ онда саяси талаптардың көлемінің мәні жойылар еді, құрал соғыстың саяси мақсатына сәйкестігін жоғалтар еді, ал шиеленісті соңғы шегіне дейін жеткізуге ұмтылыс көп жағдайда өз еліндегі қарсылыққа тап болып, быт-шыты шығар еді. Осылайша, соғысты бастаушы жақ тағы да ортаңғы жолға түсуге мәжбүр етіледі, сонымен жүре отырып, ол белгілі бір дәрежеге дейін – соғыста саяси мақсатқа қол жеткізу үшін жеткілікті құралдарды ғана пайдалану және ақтық әскери мақсатты ғана қою принципі бойынша қимылдайды. Осы принципті ұстанғанда соғысушының сөзсіз табысты қамтамасыз етуден және неғұрлым кеңірек мүмкіндіктерді пайдаланудан бас тартуына тура келеді. [...] Осылайша, соғыс үшін дайындайтын құралдардың шамасын мөлшерлеуге келгенде біз оның саяси мағынасын өзіміз үшін де, жауымыз үшін де ойластырып алуымыз керек; біз жаудың және өзіміздің мемлекетіміздің күші мен ішкі жағдайына, жаудың да, өзіміздің де үкіметіміз бен халқымыздың мінез-құлқы мен қасиеттеріне, ең ақырында, басқа мемлекеттермен саяси қарым-қатынастарға және соғыстың оларға жасауы мүмкін ықпалына баға беруге тиіспіз. Осынау барлық бір-бірімен
қым-қуыт араласып жатқан жағдайларды таразылау зор міндет екенін түсіну оп-оңай; тез арада дұрыс түсінік қалыптастыру үшін шынайы данышпандық көрегендік қажет, өйткені мұндай сан алуан деректерді тек мектеп деңгейіндегі ойлау көмегімен игеру мүлдем мүмкін емес. [...]
VІ тарау
А. САЯСИ МАҚСАТТЫҢ АҚТЫҚ ӘСКЕРИ МАҚСАТҚА ЫҚПАЛЫ
Біз басқа мемлекеттің мүддесін қорғамақ болған мемлекет оның мүддесіне шын мәнінде өзінікіндей көзқарас танытатын бірде-бір жағдайды кездестірмейміз. Әдетте ол ортша мөлшерде көмекші әскер жібереді; егер ол сәтсіздікке ұшыраса, бүкіл істі жиып қояды да, одан неғұрлым аз шығынмен құтылуға тырысады. Еуропа саясатында мемлекеттер бірлескен қорғаныс және қарулы қарсылық одақтарын құрғанда бір-біріне өзара қолдау көрсетуге міндеттенетіні әлдеқашан салтқа айналды; алайда, мұндайда бір одақтастың дұшпандығы мен мүддесі екіншісі үшін міндетті емес; қолдау тек мемлекеттердің соғыс объектісіне де, жаудың күш-жігеріне де көңіл бөлместен, бір-біріне белгілі дәрежеде, әдетте мардымсыз әскери көмек беру жөніндегі уәдеге саяды. Одақтастық борыш осылай орындалғанда одақтас өзінің дұшпанмен қарым-қатынасын нағыз соғыс ахуалы деп қарастырмайды, өйткені соғыс міндетті түрде оны жариялаудан басталып, бітім жасаумен аяқталуға тиіс. Алайда бұл ұғым еш жерде айқын білдірілмеген, ал іс жүзінде аталмыш мәселеде тайғанақтық орын алады. [...] [...] Мемлекет жеке дара жүргізген соғыстарда да саяси іліктер оны жүргізу тәсіліне орасан зор ықпал етіп отырған.
Егер біз дұшпанымыздан шамалы ғана құрбандық алғымыз келсе, онда соғыс көмегімен шамалы өтем алуды қанағат тұта аламыз, ал бұған көп күш жұмсамай-ақ қол жеткізуге болады деп есептейміз. Біздің жауымыз да шамамен солай ойлайды. [...] Осындай жолмен өзара ықпал, бәсекелестік, соғыстағы бүкіл құдірет пен арынды нәрсенің бәрі дәрменсіз дәме батпағына батып кетеді де, екі жақ белгілі қауіпсіздікті сезіне отырып, тым тар аренада қимыл жасайды. Егер саяси мақсаттың соғысқа ықпалы осындай ғана болсын десек, ал бұлай ойлау орынды, онда бұл ықпалдың шекарасын анықтау мүмкін емес, сөйтіп, амалсыздан мәні тек жауға қауіп төндіру үшін – келіссөздерге көмек ретінде – жүргізілетін соғыстарға баруға тура келеді. Философиялық тұжырым болғысы келуге және солай болып қалуға тырысатын соғыс теориясы бұл жерде мүшкіл жағдайға тап болатыны айтпаса да түсінікті. Соғыс ұғымына енетін қажетті нәрсенің бәрі теориядан сусып шығып кетеді де, оған ешқандай тірек тиянағы қалмайтындай қауіп төнеді. Бірақ көп ұзамай табиғи қақпа ашылады. Соғыс қимылдарында қанағатшыл негіздер неғұрлым көбейген сайын, немесе, шынтуайтында, қимылдау ниеті неғұрлым әлсіз болған сайын, соғұрлым қарекет керенау күйге көше береді, ол беретін нәтиже соғұрлым азая береді, және де оның басқарушы принциптерді қажет етуі соғұрлым азая түседі. Бүкіл соғыс өнері қарапайым сақтыққа айналады, соңғысы ең алдымен тұрлаусыз тепе-теңдіктің аяқ астынан біз үшін зиянды болып бұзылмауына, ал жартыкеш соғыс нағыз қырғынға айналмауына бағышталады.
Б. СОҒЫС – САЯСАТТЫҢ ҚҰРАЛЫ Біз соғыс табиғатының және жеке адам мен қоғамдық одақтардың басқа мүдделері арасындағы кереғарлықтарды олардың бірде-бір элементі ескерусіз қалмауы үшін жан-жақты қарастырдық; бұл қайшылықтың түп тамыры адамның өзінде, сондықтан оны философия шеше алмайды. Мұны
тәмамдағаннан кейін, біз енді өмір тәжірибесінде жаңағы қайшылықтың элементтері кейде бірін-бірі бейтараптандыра отырып, ұштасатын бірлікті іздестірейік. Егер аталмыш қайшылықтарды алдын-ала айқындап алу және түрлі элементтерді жеке қарастыру қажеттігі болмаса, біз әуел баста-ақ бұл бірлікті атар едік. Бұл бірлік мынаған саяды: соғыс тіпті де дербес бірдеңе емес, ол саяси қарым-қатынастардың бір бөлігі ғана. Соғысты тудыратын тек үкіметтер мен халықтар арасындағы саяси қарым-қатынастар екенін, әрине, жұрттың бәрі біледі; бірақ олардың түсінуінше, соғыс басталысымен бұл қарым-қатынастар тыйылады да, тек өзінің ерекше заңдарына ғана бағынатын мүлде басқа жағдай пайда болады. Біз керісінше тұжырым жасаймыз: соғыс дегеніміз саяси қарымқатынастарды басқа құралдарды араластыру арқылы жалғастырудан басқа ештеңе де емес. Басқа құралдарды араластыру дегенде біз мынаны ерекше айтамыз: бұл саяси қарым-қатынастарды соғыстың өзі тоқтатпайды, мүлдем басқа бірдеңеге айналмайды, бірақ олар пайдаланатын құралдар қандай пошымға енбесін, шын мәнінде жалғаса береді, сол қарымқатынастармен байланыстағы соғыс қимылдарын дамытатын бағыттарды бейбітшілік орнағанға дейін соғысқа ықпал ететін саясат белгілейді. Мұны басқаша елестетуге бола ма? Түрлі үкіметтер мен халықтардың дипломатиялық қарым-қатынастары дипломатиялық нота жарияланғаннан кейін үзіліп қала ма екен? Соғыс дегеніміз олардың ойын білдіретін жазу мен айтудың басқа түрі ғана емес пе? Соғыстың, әрине, дербес грамматикасы бар, бірақ дербес логикасы жоқ. Демек, соғыс ешқашан да саяси қарым-қатынастардан бөле-жара қарастырылға алмайды, және егер басқа бір жерде солай болып жатса, байланыстырушы арқаулар үзіліп, мағынасыз да мақсатсыз бірдеңе болып шығады. Тіпті соғыс тек соғыс үшін ғана жүргізілген, тек дұшпандылық індеті тізгінсіз көрініс берген күнде де жаңағыдай көзқарасты назардан тыс
қалдыруға болмайды. Шынтуайтында, соғысқа негіз болатын және оның басты бағыттарын айқындайтын (І тараудың 1-бөлімінде біз айтып өткендей, өзіміздің күш-қуатымыз, жаудың күш-қуаты, екі жақтың одақтастары, екі жақтың халықтары мен үкіметтерінің сипаты, т. с. с. ) факторлардың бәрінде саяси табиғат бар емес пе және олар барлық саяси қарым-қатынастармен өте тығыз, ажыратылмастай байланысып жатқан жоқ па? Шынайы соғыс, ол туралы ұғым солай болса да, ешқашан дәйекті түрде өзінің соңғы шегіне ұмтылмайды, бірақ ол шын мәнінде жартыкеш, іштей қарама-қайшы дүние; ол өзінің таза соғыс заңдарымен ғана жүре алмайды, тек басқа бір тұтас дүниенің бөлігі ретінде ғана қарастырылуы керек, ал ол тұтас дүние – саясат. Міне осыларды назарда ұстағанда, жоғарыдағы көзқарастың қажеттілігі одан сайын арта түседі. Саясат соғысты пайдаланғанда сол соғыстың табиғатынан туындайтын бүкіл қатаң қорытындылардан тайқып отырады, түпкілікті мүмкіндіктерді ойластырмай, тек таяу тұрған ықтималдылықтарды ғана қарастырады. Осыдан келіп, барлық іс әжептәуір күңгірт сипат алады, демек, соғыс өзіндік бір ойынға айналады; ал мұндайда әр үкіметтің саясаты бұл ойында өзінің өнерімен және көрегендігімен қарсыласынан басым түсу үмітін үкілейді. Осылай соғыстың бар дүниені күйрететін сұрапылын саясат өзінің қарапайым құралына айналдырады; екі қолмен көтеріп, бар күшті салып, бір ғана қайталанбас соққы беруге арналған қуатты алмас алдаспан саясаттың салдарынан қолға ойыншықтай көрінетін жеңіл семсерге, тіпті сапыға айналады да, ол семсерлесу өнерінің бүкіл ережелеріне сай іске жұмсалатын болады. Табиғатынан жасқаншақ адам баласы араласып кететін соғыс машақатының қарама-қайшылықтары осылайша өз шешімін табады – егер мұны шешімнің табылуы деп айтуға тұрса. Соғыс саясаттың бір бөлігі болғандықтан, ол соның қасиеттерін де қабылдайтын болады. Саясат неғұрлым орасан да қуатты болған кезде,
соғыс та сондай болмақ; және де осынау өсу шарықтау биігіне жеткенде соғыс өзінің абсолютті бейнесіне ие болады. Осылай, түсінудің көрсетілген тәсілі тұсында бізге соғыстың осынау бейнесін қағажу қалдырудың қажеті болмайды, қайта, ол әрқашан кейінгі қатарда сезіліп тұруы керек. Осындай түсінік болғанда ғана соғыс қайтадан бірлікке айналады, барлық соғыстарды тек бір текті нәрсе деп осылай қарастыруға болады, сондай түсінік болғанда ғана біз пайымдау үшін дұрыс әрі айқын тиянаққа және көзқарасқа ие боламыз; ірі жоспарлар құрғанда және оларға баға бергенде осы көзқарасты басшылыққа алу керек. Әрине, саяси элемент соғыстың бар ұсақ-түйегінің тереңіне бойлай бермейді; бекеттер мен торуылшылар саяси пиғылмен қойылмайды, алайда бүкіл соғыстың жоспарын, науқанның жоспарын және тіпті шайқастың жоспарын жасағанда саясат элементінің ықпалы соғұрлым шешуші бола түседі. Сондықтан біз әуел бастан осы көзқарасты алға тартуға асықпадық. Оның жекелеген құбылыстарды қарастырғанда бізге көмегі шамалы болар еді, тіпті белгілі бір дәрежеде біздің назарымызды басқа жаққа аударып әкетер еді; бірақ соғыстың және науқанның жоспары туралы мәселе қарастырғанда ол өте қажет. Өмірдегі ең маңызды нәрсе – барлық нәрсенің түсінікті болуына және бағаланатынына сеп болатын көзқарас табу; және осы көзқарасты ақырына дейін ұстану; өйткені құбылыстардың бүкіл жиынтығын біртұтас нәрсе ретінде тек біртұтас көзқарас тұрғысынан қамтуға болады, тек көзқарас бірлігі ғана бізге қарама-қайшылыққа ұрынбаудың кепілі бола алады. Демек, егер соғыс жоспарын жасағанда баға беруде екі немесе бірнеше көзқарастың, мәселен, солдаттың, әкімшінің, саясаткердің және т. с. с. болуы мүмкін емес десек, онда: басқаның бәрі бағынатын көзқарас нақ саясат болуы қажет пе? – деген сұрақ туындайды.
Біз саясат ішкі басқару мәселелері, сондай-ақ адамгершілік және философия алға тартатын басқа да мәселелер сияқты барлық мүддені біріктіреді және үйлестіреді дегенді басшылыққа аламыз, өйткені саясаттың таза өзін алсақ, ол түкке тұрмайды, ол тек басқа мемлекеттер алдында барлық жаңағы мүдделердің өкілі болып табылады. Саясаттың теріс бағытта болуы, негізінен атаққұмарлыққа, жеке мүдделерге, билеушілердің даңққұмарлығына қызмет етуі – мұнда кірмейді. Соғыс өнері ешқашан саясат үшін айқындаушы фактор болмайды, сондықтан біз бұл жерде саясатты тек қоғамның тұтастай алғандағы күллі мүдделерінің өкілі ретінде ғана қарастыруымыз керек. Сонымен, мәселенің мәні тек мынаған саяды: соғыс жоспарын жасағанда саяси көзқарас таза әскери көзқарасқа (егер осындай көзқарастың өзі болатын болса) бейімделуі керек пе, яғни, не мүлде жойылуы, не оған бағынуы тиіс пе, я болмаса саяси көзқарас үстемдік етіп, әскери көзқарас оған бағынышты болуы керек пе? Соғыс басталысымен саяси көзқарас жайына кетуге тиіс деген пайымдау, егер соғыс тек жаулықтың салдарынан өмір үшін емес, өлім үшін қырғын болса, сонда ғана мүмкін болар еді; ал өмірде шын мәнінде жүргізілетін соғыстар, біз жоғарыда көрсеткендей, саясаттың көрініс беруінен басқа ештеңе де емес. Саяси көзқарасты әскери көзқарасқа бағындырудың мәні жоқ, өйткені соғысты тудырған саясат. Саясат – бұл парасат, ал соғыс – тек құрал, керісінше болмайды. Демек, әскери көзқарасты тек саяси көзқарасқа бағындыру ғана қалады. Шын соғыстың табиғаты туралы ойланайық және осы бөлімнің ІІІ тарауында айтылғанды еске түсірейік: кез-келген соғыс ең алдымен өзінің ықтимал сипаты және саяси шама мен қарым-қатынастардан туындайтын басты көріністері тұрғысынан қарастырылуға тиіс; бүгін таңда біз көп жағдайда сеніммен былай дей аламыз – соғысты құрамдас бөліктерін ажыратуға болмайтын органикалық бүтін ретінде қарастыру керек, яғни, онда әрбір жеке қарекет бүтінмен ұштасуы және сол бүтіннен
туындауға тиіс; бізге соғысты бағыттап отыру үшін қажет ең жоғарғы көзқарас тек қана саясаттың көзқарасы болу керек екендігі, бағыттың басты жетекшілері соны басшылыққа алуға тиістігі осыдан түсінікті де айқын болып шығады. Егер біз осы көзқарасқа сүйенсек, барлық жоспарлар біртұтастық сипат алады, түсіну мен бағамдау жеңілдейді әрі табиғи бола түседі, сенім артады, ниеттер анағұрлым сәйкес, ал тарих неғұрлым түсінікті бола түседі. Осындай көзқарас тұсында саяси және әскери мүдделер арасындағы дау-дамай олардың табиғатынан туындамайды; сондықтан, егер дау туа қалса, оған кәдімгі естіліктің жеткіліксіздігі деп қана қарау керек. Әрине, саясат соғысқа орындалмайтын талаптар қоя алмайды; бұл саясат өзі пайдаланғысы келетін құралды біледі деген аса қажет те табиғи алғышартқа қайшы келер еді. Егер ол әскери оқиғалардың барысын дұрыс таразыласа, онда соғыстың мақсаттарына қандай оқиғалардың және оқиғалардың қандай бағыттарының неғұрлым сәйкес келетіндігін айқындау – түгелдей саясаттың ісі және тек қана соның ісі бола алады. Қысқасы, соғыс өнері өзінің шарықтау нүктесінде, ноталар жазып жатпай, мәселені шайқаспен шешетін саясатқа айналады. Осынау көзқарасқа сүйенсек, ірі әскери оқиға немесе операция жоспары таза әскери жағынан талқылауға жол ашады деген айырмашылықты енгізуге болмайды; бұл тіпті зиянды да; оны былай қойғанда, таза әскери көзқарас тұрғысынан үкіметтердің не істеуі керектігі туралы өз ойларын айту үшін әскерилерді соғыс жоспарын талқылауға тарту қарапайым естілікке кереғар болып табылады; теоретиктердің соғыс құралдарын қолбасшыға тапсыру (қолбасшы соларға сай соғыстың немесе науқанның таза әскери жоспарын әзірлеуі үшін) жөніндегі талабы бұдан да жосықсыз. Дәл сол секілді біздің бүкіл тәжірибеміз, осы заманғы соғыс өнерінің санқилы дамуына қарамастан, қайткенмен де негізгі басқарушы бағыттарды кабинеттер, яғни, дәлірек
айтсақ, әскери ведомство емес, саяси орган айқындап, белгілеуі керектігін көрсетеді. Бұл әбден табиғи нәрсе. Соғыс үшін қажет негізгі жоспарлардың ешқайсысы да саяси жағдайды ескермей жасалмайды. Әдетте соғысты жүргізуге саясаттың зиянды ықпалы туралы айтқанда (бұл жиі орын алады), айтқысы келгеннен басқа бірдеңе айтылады. Бұл жағдайда саясаттың осынау ықпалын емес, саясаттың өзін күстаналау керек. Егер саясат дұрыс болса, яғни, ол өз мақсатына жетелесе, онда соғыс үшін оның тиісті ықпалы тек игі болмақ; ал оның ықпалы бізді мақсаттан алыстататын жерде, пәленің бәрін тек саясаттың қателіктерінен іздеу керек. Саясат кейбір ұрыс құралдары мен шараларын олардың табиғатына сай келетін қолдануды күтетін жағдайларда ғана ол қателікке ұрынып, өз шешімдері арқылы соғысқа зиянды ықпал етуі мүмкін. Басқа бір тілді жөнді білмейтін адамның кейде айтқысы келетінін айта алмайтыны сияқты, саясат та тіпті ойлау барысы дұрыс болғанымен өзінің көздегеніне сай емес мақсаттар қоюы мүмкін. Соңғы жайт өмірде сансыз рет орын алды, мұның өзі саяси көсемдерге соғыс өнерінің қыры мен сырын білгеннің еш артықтығы жоқ екенін дәлелдейді. [...] Соғыс саясаттың көздегеніне толық сай болуы, ал саясат сол көздегенін қолда бар соғыс құралдарына шендестіріп отыруы керек. Егер саясаткер мен солдат бір адамның бойынан табылмаса, онда бұған қол жеткізудің бір-ақ жолы бар – ол жауапты кезеңдерде үкіметтің мәжілістері мен шешімдеріне қатысып отыру мақсатында бас қолбасшыны үкімет мүшесі ету. Ал мұндайда барлық мәселелерді шұғыл шешу мүмкін болуы үшін үкіметтің өзі соғыс қимылдары жүріп жатқан жерге жақын орналасуы керек. [...] Сонымен, соғыс өнеріндегі нақты өзгерістер саясаттың өзгеруінің салдары болып табылады; бұл бірінен-бірін (соғыс өнерін саясаттан) бөліп
алуға болатындығының дәлелі емес, керісінше, олардың тығыз бірігуіне күшті уәж болып табылады. Сонымен, тағы қайталаймыз: соғыс – саясаттың құралы; оған соңғының сипаты сөзсіз тән болуға тиіс; оны саясаттың өлшемімен өлшеу керек. Сондықтан соғыс жүргізу дегеніміз өзінің басты белгілерінде қаламды семсермен алмастырған, бірақ бұдан өзінің дербес заңдары бойынша ойлауды тоқтатпаған, саясаттың нақ өзі.
"Клаузевиц. О войне. Т. 1 М. , 1937" басы-
лымынан қазақшалаған Ғосман ТӨЛЕҒҰЛҰЛЫ.
Николай Михаилович Карамзин
(1766–1826). Симбирск маңында кем дәулетті помещик отбасында
туған. Мәскеу университетінде оқыды. Преображенск полкында қызмет
етті. Отставкаға шыққан соң Н. И Новиков үйірмесімен жақындасты. Аудармамен айналысты. Ұлы революция кезеңінде Францияға бару оған зор әсер етті. 1803 жылы тарихнамашы қызметіне тағайындалып, оның алдынан мұрағаттар мен кітапханалар есігі ашылды. Сол кезде-ақ оның өмірінің басты еңбегі – “Россия мемлекетінің тарихын” жазу жұмысы басталып кетті. 1811 жылы бұл жұмыстың үлкен бөлігі жазылып та қойды. Содан кейінгі “Ежелгі және жаңа Ресей туралы оның саяси және азаматтық қарым-қатынастары тұрғысындағы жазбалар” деген белгілі еңбегі үшін ол статский советник титулына ие болып, бірінші дәрежелі Әулие Анна орденімен марапатталды. “Тарихтың” жарыққа шығуы оқыған орыс қауымының өмірінде үлкен жаңалық болды. Карамзин зерттеу принциптерін жасап, өз жұмысында соны басшылыққа алды: Ол тарихи процестің басты қозғаушы күші өкімет, мемлекет деп білді.
РЕСЕЙ МЕМЛЕКЕТІНІҢ ТАРИХЫ
І том
[...] І. Славяндар мен Чудь шақырып алған үш Варяг князінің есімдері – Рюрик, Синеус, Трувор – даусыз Нормандық есімдер: 850 жыл шамасында (бұл атап өтуге лайық) жазылған Франк шежіресінде үш Рюрик туралы айтылады: бірі Даттар Көсемі, екіншісі Норман Королі (Rex), үшіншісі жай ғана Норман деп аталады, олар Фландрия, Эльба, Рейн жағалауларында соғысқан. Саксон Грамматикасында, Стурлезонда және Исланд жылнамаларында Скандинав Князьдары мен Витязьдары есімдерінің арасынан Рурик, Рерик, Трувор, Трувр, Снио, Синия есімдерін табамыз. ІІ. Варяг Князьдарының қол астында болған орыс Славяндары Еуропада Нормандар деп аталған: бұл оныншы ғасырда Константинопольде екі рет Елші болған Кремон Епископы Лиутпрандтың айғағымен қуатталады. “ Русстарды, дейді ол, Нормандар деп те атаймыз". ІІІ. Оныншы ғасырдың басында Грек патшаларының Варягтар деп аталған, өздерінше Wärіngar деп атаған атын ерекше оққағарлары болған, олардың көбісі Нормандар еді. Vaere, Vara сөзі – ескі Готф сөзі және одақ
деген мағынада: бақыт іздеп Ресей мен Грекияға аттанған Скандинав витязьдарының тобырлары одақтастар немесе жолдастар мағынасында өздерін Варягтар деп атауы әбден мүмкін. Осы жалпы есім жалқы есімге айналып кеткен. ІV. Оныншы ғасырда патшалық құрған Константин Багрянородный Империямен қоңсылас жерлерді суреттей келіп, Днепр табалдырықтары туралы айтады, олардың аттарын Славян және Орыс тілдерінде хабарлайды. Орысша аттар Скандинавтарша секілді: бері салғанда басқаша түсіндіру мүмкін емес. V. Варяг Князьдары біздің Мемлекетімізге берген заңдар Нормандікіне өте ұқсас. Орыс Шындығында кездесетін Тиун, Вира және басқа сөздер шындап келгенде ежелгі Скандинавтар немесе Неміс сөздері (ол туралы өз кезегінде айтамыз). VІ. Нестордың өзі Варягтар Балтық теңізінің бойында батысқа қарай мекендеген және олар әртүрлі халықтар: Урмяндар, Свие, Англяндар, Готтар дейді. Бірінші атау Норвегтерді, екіншісі Шведтерді білдіреді, ал Готтар деп Нестор Швед Готиясының тұрғындарын айтады. Англяндарды оның Варягтарға қосатыны – олар Константинопольде Нормандармен бірге Варяг жасағын құраған. Сонымен біздің өз Жылнамашымыздың айтқандары Варягтар Скандинавтар деген ақиқатты қуаттайды. Бірақ Даттардың, Норвегтердің, Шведтердің осынау ортақ есімі Тарихшының ізденісін қанағаттандыр алмайды: біз ісіресе Русь деп атана отырып, біздің отанымызға алғашқы Тақсырларды да, атаудың өзін де қандай халық бергенін білгіміз келеді, тоғызыншы ғасырдың соңында-ақ Грек Империясына қорқынышты болған. Ежелгі Скандинав жылнамаларынан түсінікті текке іздейміз: онда Славяндарды билеуге шақырылған Рюрик пен оның бауырлары туралы бір сөз де жоқ; алайда Тарихшылар Нестор айтқан Варяг-Русьтер Швед Корольдігінде тұрған деп ойлаудың мықты себебі бар деуге бейім, ондағы теңіз жағалауындағы бір аймақ ертеден Росса, Ros-Lagen деп аталады. Оның тұрғындары VІІ, VІІІ
және ІХ ғасырларда көрші жерлерде сол ерекше атпен белгілі болуы мүмкін. Готландтарды Нестор сол секілді Шведтерден ылғи да бөліп айтады. Швецияның басқа аймақтарынан гөрі Рос-Лагенмен көбірек араласқан Финдер оның барлық тұрғындарын қазірге дейін Россалар, Ротсалар, Руатсалар деп атайды. Осы пікір қызықты тарихи деректермен де негізделеді. Дюшен бастырып шығарған Бертин Жылнамаларында 839 жылы болған оқиғалар арасында мынадай жағдай суреттеледі: “Грек Императоры Феофил Франк Императоры Людовик Благонравныйға Елшілерін және солармен бірге өздерін Росса, ал өздерінің корольдерін Хакан (немесе Гакан) деп атаған, Империямен достық келісім жасау үшін Константинопольге келген адамдарды жіберді. Феофил өзінің грамотасында Людовиктен солардың өз отанына қауіпсіз қайтуына жағдай жасауды өтінеді; өйткені олар Константинопольге жетер жолда көптеген жабайы, варвар, қаһарлы халықтардың жерлері арқылы өткен, сондықтан Феофил енді олардың тағы да сондай қауіпке ұрынбауын қалайды. Людовик осы адамдарды сұрастыра келе, олардың Швед халқына жататынын білді”. Гакан, сол кезде кішкене аймақтарға бөлінген Швецияның Иелерінің бірі екендігі сөзсіз, және Грек Императорының даңқын естіген ол оған елшілерін жіберген. Басқа бір пікірді де дәлелдерімен қоса хабарлайық. XVІ ғасырдың Дәреже кітабында және кейбір ең жаңа жылнамаларда былай делінген: Рюрик бауырларымен Пруссиядан шыққан, онда баяғыдан-ақ Кур шығанағы Русно деп, Неменнің немесе Мемельдің солтүстік қолтығы Руссо деп, оның айналасы Порусье деп аталып келген. Варяг-Русьтер бұл жаққа Скандинавиядан, Швециядан, Рос-лагеннің өзінен ауып келуі мүмкін, Пруссияның ең ежелгі Жылнамашыларының хабарлары оның алғашқы қауымдық тұрғындары Ульмигандар немесе Ульмигерлер азаматтық ахуалда Скандинавиядан шыққандардан құралған, олар оқып, жаза білген деп сендіреді. Латыштардың арасында көп тұрған олар славян
тілін түсінетін болуы, сол арқылы Новгород Славяндарының салттарына ыңғайлану олар үшін оңай болуы әбден мүмкін. Ежелгі Новгородтағы көп тұрғынды көшелердің бірі Прусская көшесі деп аталуы осы арқылы жақсы түсіндіріледі. Равенна Географының куәлігін де ескерелік: ол VІІ ғасырда өмір сүрген, ол Висла өзенінің теңізге құяр сағасына жақын жерде Роксолан деген мекен бар деп жазады: ол біздің Росстар отаны болуы, олардың иеліктері Кур шығанағынан Висла сағасына дейін созылып жатқан болуы мүмкін деп ойлайды. Ықтималдықтың аты ықтималдық: бері салғанда біз мынаны білеміз, Швед халықтарының бірі 839 жылы, Варяг Князьдар Новогород пен Чудь жеріне келмей тұрғанда, Константинополь мен Германияда Росстар деп аталған. Жалпы Варягтар кім болған және әсіресе Варяг-Русьтер кім болған деген сұрақтарға жауап беріп болып, Нестор хронологиясы туралы өз пікірімізді айтайық. Варягтар Балтық теңізінен Меря деген халық жайлаған Ростовқа дейінгі кең өлкені жылдам ала қоймаған; барлық тұрғындарға салық салатындай ол жерлерге жылдам орныға да қоймаған; жаулап алушыларды қуып жіберу үшін Чудьтар мен Славяндар кенеттен біріге де қоймаған, бәрінен де өздерін құлдықтан азат еткендер, кенеттен жатжұрттықтар билігіне қайтадан беріле салды дегенді елестету қиын: бірақ Жылнамашы Варягтар 859 жылы Балтық теңізінен келді және 862 жылы Варяг Рюрик пен оның бауырлары солтүстік Ресейде билігін жүргізіп тұрды деп хабарлайды... Өзара қырқыс пен ішкі тәртіпсіздіктер Славяндарға халық басқаруының қатерлілігі мен зияндылығын аңғартқан да шығар; бірақ ғасырлар бойы содан басқаны білмеген олар бірнеше айдың ішінде оны өлердей жек көріп, Самодержавие пайдасына жаппай сене салғаны ма? Ол үшін салттар мен құлықтар өзгеруге тиіс секілді, көп жылдық қасіреттер тәжірбиесі болуға тиіс секілді: Нестордың сөзі бойынша, оған дейін ежелгі ата-баба заңдарын қанағат тұта білген олардың салттары мен құлықтары Варягтар билеген екі жылда өзгере қалуы мүмкін емес. Оларды Норман басқыншыларына қарсы көтерген не? Тәуелсіздікке
құштарлық. Кенет сол халық Билеп-төстеушілерді талап ете қойып па? Тарихшы бері салғанда күмәнін білдіріп, кейбір оқымыстылардың Нормандар 859 жылдан бұрын Чудь пен Славяндардан салық алып тұрған деген ойының ықтимал екендігін мойындауы керек. Нестор өз заманынан 200 және одан да көп жыл бұрынғы болған оқиғаларды қалай біле алмақ? Соның өзінің хабарлауынша, славяндар ол кезде әлі әріп қолданудың не екенін білмеген: демек оның қолында біздің ежелгі Тарихымыз үшін ешқандай жазба ескерткіштер болмаған, ол жылдарды, оның өзі айтқандай император Михаил заманынан санай бастайды, өйткені Грек Жылнамашылары Росстардың Константинопольге алғашқы шапқыншылығы Михаил патшалығының тұсына жатқызады. Осыдан мынадай байлам жасауға тиісті секілдіміз: Нестор тек қана болжалға сүйеніп, тек қана Византия хабарларының ықтималдығына сүйеніп, бастапқы оқиғаларды өз жылнамасына хронология түрінде енгізген. Рюриктер заманы мен одан кейінгі замандарды баяндағанда оның сол замандар туралы ол тек қана әрқашан қысқа қайырылатын ауызша әңгімелерге сүйеніп айтқан деп ойлауға мәжбүр етеді. Содан да біздің Жылнамашының басты оқиғалар жөніндегі толғамдары шындыққа бәрінен жақын. Өйткені осы қысқалық оның жалғандыққа барғысы келмегенін дәлелдейді: бірақ жыл санау күмәнді. Ұлы Князьдар сарайында, олардың таңдаулы жасағында және халықтың өзінде Варяг жаулаушылығы және алғашқы Ресей Тақсырлары туралы зерде сақталуға тиіс болатын; бірақ әңгімелері біздің ежелгі жылнамамыздың негізі болған ақсақалдар мен Князь Боярлары әрбір оқиғаның жылын дәл айтып беруі мүмкін бе еді? Пұтқа табынған Славяндар жылдарды әлде бір белгілермен белгілеп, дұрыс Хронология жасады делік: оны Христиандықпен бірге қабылданған Византия Хронологиясымен сәйкестендірудің өзі біздің алғашқы Жылнамашымызды қателікке ұрындырмады ма екен? Айттпақшы біз де Нестордың жыл санауын қатесіз басқасымен ауыстыра алмаймыз; оны үзілді-кесілді теріске шығара да, түзете де алмаймыз, сондықтан соған
барлық жағдайда сүйене отырып, Ресей мемлекетінің тарихын 862 жылдан бастаймыз. Бірақ Ресей Славяндарының Тарихы бізге анық та, қызықтырақ та болуы үшін алдымен жалпы Славяндар халқының ежелгі сипаты туралы ұғымымыз болуы керек. Сол замандағы Византия және басқа сенімді Жылнамашылар хабарларын, Нестордың біздің ата-бабаларымыздың әсіресе құлықтары туралы айтқандарын қоса кетейік.
ІV Тарау
Рюрик, Синеус және Трувор
862-879 жылдар
Варяг Князьдарын Ресейге шақыру. Монархия құру...
Ресей Тарихының басталуы бізге таң қаларлық және жылнамаларда бой көрсетпеген дерлік оқиғаны береді: Славяндар өздерінің ежелгі басқаруын ерікті түрде жойып жіберіп, өздерінің жаулары болған варягтардан Тақсырлар талап етеді. Күштілердің семсері немесе атаққұмарлардың қулығы барлық жерде Дара билік енгізген (өйткені халықтар заңдарды қалаған, бірақ құлдықтан қорыққан): Ресейде ол азаматтардың ортақ келісімімен орнықты, біздің Жылнамашымыз солай баяндайды – сөйтіп шашыраңқы Славян тайпалары Мемлекет құрды, ол қазір жұмыр жердің үш бөлігін өз шегімен қамтып, ежелгі Дакиямен, Солтүстік Америка жерлерімен, Швециямен, Қытаймен шектеседі. Ұлы адамдар сияқты ұлы халықтардың да балалық шағы болады, және оған ұялмау керек: Нестор жылнамасы бойынша 862 жылға дейін ұсақ аймақтарға бөлшектелген, әлсіз біздің отанымыз өзінің ұлылығы үшін Монархиялық билікті сәтті енгізуге қарыздар. Осынау маңызды оқиғаны біршама дұрыс түсіндіруді қалап, біз содан
бірнеше жыл бұрын Чудтар мен Славяндар елдеріне ие болған Варягтар оларды қанаусыз, зорлықсыз биледі, жеңіл-желпі салық салып, әділ басқарды деп ойлаймыз. Теңіздерде үстемдік еткен, ІХ ғасырда Рим алапатының орнында жаңа мемлекеттер құрылған, Христиандықтың адамгершіл рухымен ауыздықталған тағылықтың қанды іздері азаматтық өмірдің бақытты еңбегінің арқасында ұмытыла бастаған Еуропаның Оңтүстігімен және Батысымен қарым-қатынас жасаған Варягтар немесе Нормандар Солтүстіктің жабайы шегінде қысылған Славяндар мен Финдерден сауаттырақ болуға тиіс еді, оларға жаңа өндіріс пен сауданың халыққа мазалы кейбір пайдасын үйрете алатын еді. Өздерінің билігін құртып жіберген басқыншылар билігіне наразы Славян боярлары бәлкім, осынау ақкөңіл халықты дүрліктірген, оларды бұрынғы тәуелсіздік атымен еліктірген, Нормандарға қарсы қаруландырып, ақырында оларды қуып шыққан болар; бірақ жеке-жеке қырқысымен бостандықты қасіретке айналдырды, ежелгі заңдарды қалпына келтіре білмеді, отанды өзара қырқыс қасіретінің тұңғиығына батырды. <Варяг Княздарын Ресейге шақыру>. Сонда азаматтар, бәлкім, Нормандардың пайдалы да тыныш басқаруын еске алған болар: тыныштық пен жайлылыққа мұқтаждық халық намысын ұмытуды бұйырды, сонда Славяндар, аңыздың айтуынша, Новогород ақсақалы Гостомыслдың ақылын алып, Варягтардан Билеушілер болуын талап етті. Ежелгі жылнама осынау парасатты кеңесшіні ауызға алмайды; бірақ аңыз шын болса, Гостомысл біздің Тарихымызда мәңгілікке қалып, даңққа бөленуге лайық. Новогородтықтар мен Кривичтер сол кезде өздері бірге варягтарға салық төлеген фин тайпаларымен одақтас болған секілді, бірнеше жыл тағдырлас болған, бір халықтың заңына бағынған олар өзара достық қатынастарын тез орнықтыра алатын еді. <862 жыл>. Нестор былай деп жазады: Новогород Славяндары, Кривичтер, Весь және Чудь теңізінің арғы бетіне, Варяг-Русьтерге елшілік жіберіп, оларға: Біздің жеріміз кең әрі бай, бірақ тәртіп жоқ, бізген князь болып, билеңіздер деген сөздерді айтуға
тапсырды. Қарапайым, қысқа күшті сөздер! Не тегімен, не ісімен шыққан атақтары Рюрик, Синеус, Трувор дейтін бауырлар еркіндік үшін шайқаса білгенімен, оны пайдалана білмейтін адамдарды билеуге келісім берді. Таңдап алынған Тақсырлардың билігін семсермен орнықтыруға дайын көп санды Скандинав жасағы қоршаған атаққұмар бауырлар отанын мәңгілікке тастап шықты. Рюрик Новогородқа, Синеус Фин халқының Весь аймағындағы Белоозероға, Трувор Кривичтер қаласы Изборскіге келді. Кривичтер мекендеген Смоленск және Полоцкінің өзі әлі тәуелсіз болып қала берді және олар Варягтарды шақыруға қатыспаған болатын. Сонымен туыстық және өзара пайда дәнекерімен біріккен үш Иенің Державасы Белоозеродан тек Эстонияға және Славян Ключіне дейін созылды, бұл арадан қазір біз ежелгі Изборскінің қалдықтарын көреміз. Қазіргі Санкт-Петербург, Эстляндия, Новогород және Псков Губернияларының осынау бөлігі Варяг-Русь Князьдарының атымен сол кезде Русь деп аталды. Бұдан басқа ешқандай анық мәліметті білмейміз, халық өзінің азаматтық жарғыларының өзгергенін мақұлдады ма? халық қоғамдарында сирек кездесетін бақытты тыныштықтан ләззат алды ма? әлде ежелгі еркіндігін аңсады ма? бұлардан ештеңе білмейміз. Дегенмен жаңа Жылнамашылар Славяндар көп ұзамай құлдыққа қарсы өре түрегелді, Ержүрек атанған Вадим деген біреу көп серіктерімен бірге күшті Рюриктің қолынан Новогородта қаза тапты дейді – әбден ықтимал оқиға; еркіндікке үйренген адамдар басшысыздық сұмдықтарынан күйініп, Билеушілерді қалауы мүмкін, бірақ егер Варягтар, Рюриктердің жерлестері әрі достары оларды қыспаққа салса, бармағын тістеуі де мүмкін – бірақ бұл хабар ежелгі Нестор әңгімелеріне негізделмегендіктен жай ғана болжал, өтірік секілді көрінеді. <864 жыл. Монархияның құрылуы>. Екі жылдан кейін, Синеус пен Трувор өлген соң, олардың ағасы солардың жерлерін өз Князьдігіне қосып алып, Ресей монархиясын құрды. Енді оның шегі шығыста қазіргі
Ярославль, Нижегород губернияларына, ал оңтүстікте Батыс Двинаға дейін жетті; енді Меря, Мурома, Полочандар Рюрикке тәуелді болып қалды: өйткені Дара билікке ие болған ол Белоозеродан басқа оның өзі не бауырлары жаулап алған деп ойлауға болатын Полоцк, Ростов және Муром қалаларын өзінің атақты жерлестеріне берді. Осылайша жоғарғы Князьдық билікпен бірге Ресейде Феодалдық, Поместьелік, Уделдік жүйе құрылған секілді, бұл жүйе Скандинавияда және Герман халықтары үстемдік еткен бүкіл Еуропада жаңа азаматтық қоғамдарға негіз болған еді. Монархтар әдетте Байбатшалар мен сүйіктілеріне тұтас бір өңірлерді сыйлай салатын, олар монархтардың бодандары болып қала бергенімен өз Уделдерінде Тақсыр секілді билік құрды: бұл жүйе бір Держава иеліктерінің арасында ыңғайлы қатынас жоқ, не ортақ әрі қатаң жарғы жоқ, не азаматтық дәрежелерде тәртіп жоқ кезде, өз тәуелсіздігінен табандап таймайтын адамдар тек өз бастарына семсерін төндіріп тұрғандарды ғана тыңдайтын кезде жағдайға және заманға сай келетін жүйе еді.
V тарау
Билеуші Олег
879-912
Олегтің жаулап алған жерлері...
<879 жыл>. Рюрик, жылнама сөзі бойынша, ұлы жас болғандықтан,
билікті Олегке тапсырды. Игорьдің осынау аталығы өзінің
ержүректігімен, жеңістерімен, парасаттылығымен, бодандарының
сүйіспеншілігемн даңққа бөленді.
<882 жыл. Олегтің жаулап алған жерлері>. Рюрик пен оның
бауырларының бақытты табысы туралы хабар, солардың жаулап алу
жорықтарына қатысу ниеті және баю үміті көптеген Варягтарды Ресейге тартқаны сөзсіз. Князьдар өздерінің сенімді, батыл жасақтарын күшейткен отандастарын қуана-қуана қарсы алып отырды. Батырлар даңқы желік берген Олег сол әскерді азсынып, оған толып жатқан Новогородтықтарды, Кривичтерді, Весь, Чудь, Меряларды қосып алды да, 882 жылы Днепр бойының елдеріне аттанды. Еркін Кривичтер қаласы Смоленск қарсылықсыз берілген секілді, бұған Олегке қызмет етіп жүрген тайпаластары жәрдемдескен болуы керек. Алғашқы табыс кейінгілерінің кепілі болды: ержүрек Князь Смоленскіні Өз бояриніне тапсырып, Теріскейлер аймағына басып кіріп, Днепр бойындағы көне қала Любечті алды. Бірақ басқыншы тәбеті мұнымен тояттаған жоқ: Аскольд пен Дир құрған тәуелсіз Держава туралы хабар, бәлки, әңгімелерде әсірелей көрсетілген Малороссияның жанға жайлы климаты мен басқа да табиғи пайдасы Олегті Киевке жетеледі де тұрды. Күшті жасағы бар Аскольд пен Дир өз еркімен беріле қоймайтындығының ықтималдығы және әскери істерге бірдей жетік өз жерлестеріммен шайқасамын деген жағымсыз ой оны қулыққа баруға мәжбүр етті. Әскерін артқа қалдырып, жас Игорьмен, санаулы ғана адамдармен ежелгі Киев тұрған Днепрдің биік жағалауына жүзіп жетті; қарулы жауынгерлерін қайықтарға жасырды да, Новогород князі Грекияға жөнелткен Варяг көпестері сіздерді достары мен отандастары ретінде көргісі келеді деп Киев Тақсырларына жеткізуді бұйырды. Аскольд пен Дир алданғанын білмей, жағалауға асығып жетті: Олегтің жауынгерлері оларды тез қоршап алды. Билеуші Олег былай деді: “Сендер князь емессіңдер, шыққан тектерің де төмен, Князь мен", содан кейін Игорьді нұсқап, Міне Рюриктің ұлы!” деді. Осы сөздермен-ақ өлім жазасына кесілген Аскольд пен Дир семсермен шабылып, өлі денелері Олегтің аяғының астында жатты... ІХ ғасыр құлқына тән аңғалдық жалған көпестердің Киевтің Иелерін солай шақырып алуы мүмкін екендігіне сендіреді; бірақ сол замандардағы жаппай тағылық та асқан қаталдықпен, зұлымдықпен кісі өлтіруді ақтай алмайды. Бейбақ Князьдардың денесі
Нестор заманында Ольма сарайы тұрған биік қырқаға жерленді; Дир сүйегі әулие Ирина храмының артында тыныш тапты, Аскольд моласының үстінде әулие Николай шіркеуі тұрды, Киев тұрғындары қазірге дейін Днепрдің тік қабағындағы, Николай монастырінен төмен, сол орынды әлі де көрсетеді, сол жерде жартылай көміліп қалған шағын ескі шіркеу әлі тұр. Ерлігімен атақты жазықсыз Князьдардың қанына малынған Олег олардың қаласына жеңімпаз ретінде кірді де, оның зұлымдығының өзінен және күшті әскерінен қорыққан тұрғындар оны заңды Тақсырымыз деп мойындады. Қаланың аса бір қолайлы жерге орналасуы, кеме жүзе алатын Днепр, әртүрлі бай елдермен – Грек Херсонымен, Козар Тавридасымен, Болгариямен, Канстантинопольмен – қатынас, сауда жасау немесе соғыс жүргізуге қолайлылық Олегті қызықтырып, бұл Князь: Киев Ресей қалаларының анасы болсын! деп жариялады. Білімді халықтардың монархтары астананың Мемлекет ортасында болғанын қалайды, біріншіден, оның жалпы басқарылуын жақсырақ қадағалап отыру, екіншіден, өз қауіпсіздігін ойлап солай істейді: басқа да жерлерді жаулап алуды ойлаған Олег болса, жат жерлерге шабуыл жасауға ыңғайлы шекарада тұрғысы келді; көршілерден қорқуды емес, олардың зәресін ұшыруды ойлады. Шалғай аймақтарды ол байбатшаларға тапсырды; қалалар немесе әскерлерге арнап жылжымайтын қоныстар салуға бұйырды, олар сыртқы жауларға да, ішкі бүлікшілерге де қаһарлы болуға тиісті еді; сондай-ақ ортақ салықтар енгізді. Славяндар, Кривичтер және басқа халықтар Ресейде қызмет етіп жүрген Варягтарға алым-салық төлеуге тиіс болды: Новогород оларға жыл сайын Ресейдің сол кездегі ақшасымен 300 гривен беріп тұрды: бұл 150 қадақ күмістің құнына тең еді. Нестордың айтуынша, бұл алым-салықты Варягтар Ярослав өлгенше алып тұрған; сол заманнан бастап біздің жылнамалар олардың Ресейдегі қызметі туралы ештеңе демейді. Кең байтақ Ресей иеліктерінің арасында әлі тұрақты байланыс жоқ еді.
Ильмень Славяндары Весьпен, Весь Мерямен, Меря Муромамен және Кривичтермен шектесті; бірақ Новогород пен Киев аралығында күшті, Ресейден тәуелсіз халықтар тұрып жатты. <883 жыл>. Ержүрек Князь әскерін тынықтырып алып, Припеть өзенінің бойына асықты, онда қалың орман ішінде қаһарлы Древляндар еркіндіктен ләззат алатын, солар оны қарумен қарсы алды; бірақ жеңіс Олег жағында болды, аңға бай ол халық алым-салықты қара сусармен төлейтін болды. <884–885 жыл>. Келесі екі жылда Ресей Князі Днепр Теріскейліктері мен соларға көрші Радимичтер жерлерін басып алды. Ол біріншісін жеңіп, оларды козарлар билігінен құтқарды да, мен сендерге емес, оларға жаумын деп, аса жеңіл салықты қанағат тұтты, Теріскейліктердің сенімі мен адалдығы оған бәрінен бұрын Ресейдің оңтүстік облыстары мен солтүстік облыстарының қауіпсіз қарымқатынасы үшін керек еді. Сож бойының тұрғындары Радимичтер козарларға не төлесе, Росстықтарға да соны төлеуге өз еркімен келісті: яғни әр соқадан бір щляг яғни ұсақ мәнет беретін болды. Осылайша, жаулап алу жолымен Киевті Новогородпен жалғастырып, Олег Козар Ханының Витебск және Чернигов губернияларындағы үстемдігін жойды. Солтүстікті бағындырған Ресей Князі сәтті қаруын енді оңтүстікке кезеді. Днепрдің сол жағында, Сула бойында Ресей Державасынан тәуелсіз Черниговтықтармен тайпалас Славяндар тұратын еді: солардың елін, сондай-ақ Подольск және Волынь губернияларын, Херсонның бір бөлігін және бәлкім, Галицияны жаулап алды: өйткені Жылнамашы оның бодандарының арасында сонда тұратын Дулебтерді, Тивирліктерді және Хорваттарды атайды.
VІІІ тарау
Ұлы князь Ярополк
972-980 ж. ж
Князьдардың өзара қырқысы. Владимирдің алғашқы істері...
<973 жыл>. Святослав өлген соң, Ярополк Киевті, Олег Древлян жерін, Владимир Новогородты билеп тұрды. Мемлекетте бір державалық билік үзілді: Ярополк өз бауырларының Уделдеріне билігі жүрмеген секілді. Көп ұзамай мұндай бөліністің тажалды зардабы байқалып, бауыр бауырға қарсы шапты. <975 жыл>. Бұл дұшпандыққа жазықты даңқты Воевода, Игорь мен Святославтың серігі Свенельд еді. Ол Олегке өш болатын, өйткені Олег оның ұлы Лютті өз иелігіндегі жерде саят кезінде ұшырасып қалып, өлтіріп кеткен болатын: сол кездегі дөрекі құлық бойынша жекпе-жекке шақыруға не зұлымдықпен өлтіруге бұл жеткілікті себеп еді. Свенельд ұлы үшін кек алмақ болып Ярополкты Древлян Князіне соғыс ашып, оның аймағын Киевке қосып алуға көндірді. <977 жыл. Князьдардың өзара қырқысы>. Олег бауырының ниетін біліп қалып, әскерін жиып алды да, оған қарсы шықты: бірақ Ярополктан жеңіліп қалған ол Древляндар қаласы Овручқа қашып құтылуға тиіс болды: оның жау қуған жауынгерлері қала қақпасы алдындағы көпірде сығылысып, өз князын терең орға құлатып алды. Ярополк қалаға кіріп алған соң, бауырын көргісі келді: оны өзінен кейін көпірден құлаған көп аттар мен адамдар жаншып тастаған еді. Жеңімпаз өзінің көз алдында кілемде жатқан жансыз, қан жуған мүрдеге қарап, жеңіс қуанышын ұмытты да, өкінішін көл қылған көз жасымен білдіріп, өлі денені қасіретпен нұсқап, Свенельдке: саған керегі осы ма деді... Нестор заманында Олегтің моласы Овруч маңында болатын, оны қызыққұмар саяхатшыларға қазір де көрсетеді. Жазық алаң сол кезде Иелікті Князьдарға бейіт еді, ал мола үстіндегі биік төбе Мавзолей болды. Новогород князі Владимир бауырының ажал құшқанын Древлян облысы жаулап алынғанын естіп, Ярополктың билікқұмарлығынан
қорқып, теңіздің арғы бетіндегі Варягтарға қашты. Ярополк осы жағдайды пайдаланып, Новогородқа өз Уәлилерін яғни Посадниктерін жөнелтті де, сөйтіп Ресейде Бірдержавалы Тақсыр болып шыға келді. <Владимирдің алғашқы істері...> Бірақ Владимир күшті де атақты болып оралудың жолдарын іздеп жатты. Ол ата-бабаларының ежелгі жұрты Варягтар жерінде екі жыл болды; барлық Еуропа теңіздерінде жалауы желбіреп, Германиядан Италияға дейінгі елдерді ерлігімен тітіренткен Нормандардың батыл жорықтарына, бәлкім, қатысқан да болар; ақыр соңында өз туының астына көптеген Варягтарды жинады; <980 жыл>. Сол жасағымен Новогородқа келді, Ярополк Посадниктерін алмастырып, оларға мақтанышпен былай деді : “Бауырыма жөнеліңдер: оған қарсы қаруланғанымды білсін, мені тойтаруға дайындала берсін!”
ІХ Тарау
Шоқындырылғанда Василий атанған Ұлы князь Владимир
980-1014 ж. ж.
Владимирдің қулығы. Пұтқа табынуға құштарлық. Қатынқұмарлық.
Галицияны жаулап алу... Мемлекеттің бөлшектелуі...
<980 жыл>. Владимир Мемлекетке зұлымдықтың және ержүрек Варягтардың көмегімен ие болды; бірақ тез арада өзінің ұлы Тақсыр болу үшін жарағанын дәлелдеп берді. <Владимирдің қулығы>. Осынау өркөкірек Варягтар өздерін Киевті жаулап алушылармыз деп санап, әр тұрғыннан екі гривна алым беруді талап етті: Владимир оларға бірден қарсы болмай, өзі қолданған шаралардың арқасында олар астанаға қауіп төндірмейтіндей болғанға дейін уәдемен алдап-сулап келді. Варягтар алданғанын анық көрді; бірақ Киевтегі Ресей әскерлерінің өздерінен күшті екендігін де байқап, бүлік
шығаруға батпады да, өздерін Грекияға жіберуді мүләйім өтінді. Владимир бұл қауіпті адамдардан қуана құтылды да, олардың лайықтыларын Ресейде ұстап қалып, оларға көптеген қалаларды басқаруға таратып берді. Бұл екі арада оның елшілері Императорға бүлікшіл Варягтарды астанада қалдырмай, қалаларға таратып беруге және ешбір жағдайда Ресейге оралуына жол бермеуге кеңес берді. <Пұтқа табынуға құштарлық>. Владимир өз билігін беркітіп алған соң, пұт-құдайларға табынуға барынша ден қойды; Перунның басы күміс жаңа балбалын жасатып, қасиетті төбедегі ағаш сарай маңына, басқа балбалдармен бірге орнатты. Ол жерге, дейді Жылнамашы қараңғы халық жиналып, жер құрбандықтар қанымен суарылатын. Бәлкім, Владимирге ар-ұждан маза бермеген болар; бәлкім, оның өз бауырын өлтіргеніне ренішті құдайларға қанмен жағынғысы келген болар: пұтқа табыну Нанымының өзі ондай зұлымдыққа төзбейтін... Новогородты басқаруға жиені жіберген Добрыня да Волхов жағасына келісті Перун балбалын орнатты. <Қатынқұмарлық>. Бірақ Владимирдің осы құдайшылдығы оның қатынқұмарлық рахатына бөленуіне кедергі жасаған жоқ. Оның бірінші зайыбы Рогнеда болатын, ол Изяславтың, Мстиславтың, Ярославтың, Всеволодтың және екі қыздың анасы; бауырын өлтіріп, ол жүкті келінін нақсүйер етті, одан Святополк туды; басқа бір заңды чех яки богем әйелінен ұлы Вышеслав болды, үшінші әйелінен Святослав пен Мстислав; Болгарияда туған төртіншісінен Борис пен Глеб өмірге келді. Егер жылнамаға сенсек, одан басқа Вышегородта 300, қазіргі Белогородокта (Киев маңында) 300, Берестов селосында 200 нақсүйері болды. Келісті келіншектер мен қыздар оның нәпсіқұмар көздерінен қорқатын: ол неке адалдығы мен пәктіктің қасиеттілігін мойындамайтын. Қысқасы, Жылнамашы оны қатынқұмарлықта екінші Сүлеймен деп атайды. Владимир көне және жаңа заман Батырлары секілді әйелдерді ғана емес, соғысты да ұнатты. <981 жыл>. Польша Славяндары, Ляхтар, Ресей
славяндары секілді жүгенсіздік еркіндіктен жеріп, Дара билікке бұрынырақ көнді. Өз жерінде Христиандықты енгізуімен Тарихта аты қалған Тақсыр Мечислав сол кезде поляк халқын билейтін: кезінде Галицияда Олег жаулап алған, бірақ кейін, бәлкім, дәрменсіз Ярополктың тұсында, Польша мемлекетіне өтіп кеткен жерлерді, тегінде, қайтарып алу ниетімен, Владимир оған соғыс жариялады. Ол Червень (Хелм маңында), Перемышль және басқа қалаларды алды, сол кезден бастап Ресей меншігі болып келе жатқан олар Червендік деп аталып жүр. <982-983 жылдар>. Келесі екі жылда ержүрек Князь алым-салық төлегісі келмеген Вятичтер бүлігін басты және Ятвягтар елін, Литва мен Польша аралығындағы ормандарды жайлаған жабайы, бірақ ержүрек Латыш халқын жаулап алды. Бұдан кейінгі Солтүстік-Батысқа қарай ол өз иеліктерін Балтық теңізіне дейін жеткізді. <Мемлекеттің бөлшектелуі>. Владимирдің 12 ұлы болды, олар әлі бозбала еді. Біз олардың тоғызын жоғарыда атадық: Станислав, Позвизд, Судислав кейінірек туылған секілді. Балаларым мықты тірек болады деп ойлап, немесе дұрысы, сол кездегі сормаңдай әдетке беріліп, Владимир Мемлекетті облыстарға бөлді де, Удел етіп Новогородты Вышеславқа, Полоцкіні Изяславқа, Ростовты Ярославқа берді; Вышеслав өлген соң Новогородты (?), ал Ростовты Бориске, Муромды Глебке берді; Древлян жерлері Святославқа, Всеволодқа Волынь Владимирі, тегінде, батыр бабасы жаулап алған Тмуторакань немесе Грек Таматархасы Мстиславқа, Святополкқа Туров тиді, ол осы күнгі Минск губерниясында бар және кезінде осы облысты билеп-төстеген Варяг Тур есімімен аталған. Владимир бозбала князьдарды әрқайсысына арналған Уделдерге жөнелтіп, оларды жасы жеткенше парасатты аталықтарға тапсырды. Ол Мемлекетті бөлшектейін деп тіпті де ойлаған жоқ және ұлдарына тек Уәлилердің құқығын берді, бірақ оның өзі өлген соң не боларын ойлауы керек еді. Удел князі әкесіне, бүкіл Ресейдің дара билеуші Тақсырына бағынады, бірақ оның мирасқорына, яғни өз бауырына бағына ма?
Святославтың балаларының өзара қырқысы керісінше екендігін көрсеткен болатын; бірақ Владимир сол тәжірибені ескермеді, өйткені ең ұлы адамдар да өз заманының ойлау салты мен ережелеріне бағынады.
Х тарау
Ертедегі Ресейдің ахуалы туралы. Шекаралар. Басқару. Азаматтық
заңдар. Владимирдің шіркеу жарғысы. Әскери өнер. Флот.
Шенді бастықтар және ішкі әскери құрлым...
<Шекаралар>. Дүниеге келуінің ең алғашқы ғасырынан бастап Ресей кең байтақтығымен сол кездегі Еуропа Мемлекеттерінің бәрінен дерлік асып түсті. Олегтің, Святославтың, Владимирдің жаулап алулары оның иеліктерін Новогород пен Киевтен Батыста Балтық теңізіне, Двина, Буг өзендері мен Карпат тауларына дейін, Оңтүстікте Днепр табалдырықтары мен Киммерия Воспорына дейін жеткізді; Солтүстік пен Шығыста ол Финляндиямен және Чуд халықтарымен, қазіргі Архангельск, Вологда, вятка губернияларының тұрғындарымен, Мордвамен және Қазан Болғарларымен шектесті, одан әрі Каспий теңізіне қарай олардың діндестері мен тайпаластары Хвалистер тұрды (сол теңіздің сол кезде Хвалынь немесе Хвалис теңізі деп аталғаны сондықтан). <Басқару>. Новгородтықтар мен оларға одақтас халықтардың, бізге Жылнамашы жеткізген “Князь керек, бізге ие болып, заңмен басқарсын” деген сөздері Ресейдегі алғашқы мемлекеттік жарғының яғни монархиялық жарғының негізі болды. Бірақ Князьдар көптеген тәуелсіз Варягтарды ертіп келді, олар Князьдарды Тақсырлар деуден гөрі өздерінің жолдастары деп санады, және Ресейге бағыну үшін емес, билік жүргізу үшін аттанды. Сол Варягтар алғашқы шенеуніктер, атақты жауынгерлер және азаматтар болды;
таңдаулы Жасақты және жоғарғы Кеңесті құрады, Тақсыр билікті солармен бөлісті. Біз Ресей Елшілері Грекиямен шартты Князь бен оның боярлары атынан жасағанын көрдік; Игорь жалғыз өзі Императормен одақты бекіте алмағанын және Князь жасағы қасиетті төбеде Князьбен бірге ант бергенін көрдік. Славян халқының өзі Князьдарға бағынғанымен, еркіндіктің кейбір салттарын сақтап қалды, маңызды істерде, немесе мемлекетке қауіп төнгенде жалпы кеңеске жиналып отырды. Печенегтер ығыстырған Белогородтықтар не істеу керек деп Вечеде ақылдасты. Осынау халық жиналыстары Ресей қалаларында ежелгі салт болатын, ол азаматтардың басқаруға қатысқанын дәлелдейді және оларға қатаң, шексіз Дара билік Державаларында беймәлім батылдықты бере алатын. Мәселен, Новогородтықтар Святославқа ұлыңды Әмірші етіп жіберуіңді талап етеміз, немесе, оған көнбесең өзімізге ерекше Князь сайлап аламыз деп жариялады. Соғыста Тақсырдың құқығы жауынгерлердің дүниеқұмарлығымен шектеледі: ол олжаның тек бір бөлігін алып, басқасын жауынгерлердің бөлісуіне беретін. Мәселен, Олег, Игорь гректерден әрбір жауынгері үшін алым алды; онда мерт болғандардың туыстарының да үлесі болатын. Древляндар жерін жалғыз өзі тонағысы келген Игорь әскерді қайтарып жіберді: демек Князьдар сәтті соғыстың олжасын ғана емес Ресей қоластына түскен халықтардан жиналатын алымдарды да жауынгерлермен бөлісіп отырған. Айтпақшы бүкіл Орыс жері Ұлы Князьдардың, былайша айтқанда, заңды меншігі болды: олар қалаған адамына қалалар мен болыстарды бөліп бере алатын. Осылай көптеген Варягтар Рюриктен Удел алды. Осылай Игорьдің әйелі Вышегородты иемденді, ал Рогволод Полоцкіде князьдық құрды. Поместье жүйесінің шарттары бойынша қалаларды иемденген Варягтар Князь атағын алды: Олегтің Грек Императорымен шартында сол
көптеген Ресей князьдары ескеріледі. Олардың балалары Тақсырдың ілтипатына ілігіп, дәл сол уделдерін ала алатын: Рогнеданың әкесі князьдық құрған Полоцкіні Владимир Боярлары оның мұралық қазынасы немесе атамекені деп атады. Бірақ Ұлы Князь Тақсыр ретінде жеке князьдықтардың бәріне әмірін жүргізді: Владимир Рюрик заманынан Норман Байбатшаларының уделі болып келген Ростов, Муром және басқа облыстарды өз ұлдарына берді. Басқа қалалар мен болыстар Ұлы князьға тікелей тәуелді болды: оларды ол өз Посадниктері немесе Уәлилері арқылы басқарды. Ішкі басқарудың осы салты сол кездегі қарапайым құлыққа сай келетін. Бір ғана адамдар әрі әскери, әрі азаматтық шенеуніктер болды: Тақсыр земство мекемелері туралы ержүрек жасақпен ақылдасып отыратын. Жоғарғы заң шығарушы және сот билігі соның қолында болды: Владимир өз ырқымен өлім жазасын тоқтатып, кейін қайтадан енгізді. Нестор жасаған жасымен, парасатымен, абыройымен сенімге кіріп, халық істерінде қазы бола алатын қала ақсақалдары туралы еске алады. <Азаматтық заңдар>. Ресей Славяндарының тәуелсіздігі заманында азаматтық әділ соттың негізі ұждан және әсіресе әрбір тайпаның ежелгі салттары болды; бірақ Варягтар Ресейге өздерімен бірге ортақ азаматтық заңдарды ала келді, олар бізге Ұлы Князьдардың Гректермен шарттарынан мәлім және олар барлық жағынан ежелгі Скандинавия заңдарымен дөп келеді. Мысалы: бұлардың екеуінде де өлтірілген кісінің туысқаны өлтірген адамды өлтіруге құқығы бар, азамат өз еркімен берілмеген ұрыны өлтіре алады; семсермен, найзамен, немесе басқа қарумен әрбір соққаны үшін ақшалай пеня төлеуге міндетті деген ережелер бар. Отанымыздың осынау алғашқы, Ярослав заңдарынан да көне заңдары антқа сенуге, демек адамдардың ұжданына, әділетке негізделгендіктен сол заман мен халықтың мінез-құлқына абырой береді: егер жазықты, төлеуге жағдайым келмейді деп ант берсе, пенядан босатылған; ұры кінәсіне сай жазаланған, кез-келген ұрлығы үшін екі-үш есе артық төлеген, азамат бейбіт еңбекпен
жиған байлығын өлерінде өзінің жақындары мен достарына қалдыра алатын. Осынау жарғылар бір ғана ауызша аңыз арқылы халық жадында сақталып қала берді дегенге сену қиын. Тіпті Славяндарда болмаса да, Ресей Варягтарының ІХ және Х ғасырларда жазылған заңдары болғаны әбден мүмкін, өйткені Руникалық жазуды пайдалану олардың ежелгі отанында, Скандинавияда Христиандықтан бұрын мәлім болған. <Владимирдің шіркеу жарғысы>. Бізде Владимир жарғысы деп аталатын ескі жарғы да бар, ол бойынша Грек Номоканондарына сәйкес Монахтармен, шіркеу қызметкерлері, ғибадатханалар, мейманханалар, зияратшылар түнейтін үйлер, тәуіптер және барлық жарымжан адамдар дүниауи мекемелерден бөлінген. Олардың істеріне тек қана Епископтар билік айтты: оларға сондай-ақ қаладағы салмақ пен өлшем құралдары, ерлі-зайыптылардың жанжалдары, опасыздығы, заңсыз некелер, сиқыршылық, уландыру, пұтқа табыну, балағат сөздер, балалардың атаанасына жасаған жамандығы, туысқандар тартысы, храмдарды арамдау, өлген адамның киімін шешіп алу, тағы талай басқа істерді қарау тапсырылды. Христиандықтың алғашқы кезеңінде Ресей Дінбасылары шіркеу істерін ғана емес, ұжданға және Жаңа діннің инсанияттық ережелеріне қатысты көптеген азаматтық істерді де қарағаны даусыз (бүкіл Еуропада солай болды); бұл арада көрсетілген соттардың соған тиесілі болғаны даусыз (олардың кейбіреуі әлі күнге соған қарайды): бірақ бұл Жарғы кейін жасалған, оған дәлел Владимир Патриарх Фотий оған алғашқы Митрополит Леонды берді деп жазады; ал Фотий осынау ұлы князьдан 90 жыл бұрын өлген. <Әскери өнер>. Біздің ата-бабаларымызға заң берген Варягтар әскери өнерде де олардың ұстазы болды. Өздерінің Князьдары бастаған Ресейліктер ежелгі Славяндар тәрізді тығыз қатарласып, тәртіпсіз топырлап соғыспай, қатарға тұрып, өздерінің туларының немесе жалауларының астында, әскери кернейлер дабылымен шайқасатын болды, өздерінен құралған немесе жалдамалы атты әскері және күзет отрядтары
болды, олардың артындағы тұтас әскер өзін қауіпсіз сезінетін еді. Шайқастарға дайындау кезінде олар әскери ойындармен айналысу үшін ашық алаңға жиналатын: шапшаң, қатарын бұзбай шабуылдауға, жеңіске жеткізетін үйлесімді қимылдарға үйренді; жарақат алмас үшін ауыр сауыт, шошақ дулыға киді, қалқан ұстады. Олардың қаруы – екі жүзді семсер, найза мен жебе болды. Қалаларды дуалдармен қоршады, олар ағаштан тұрғызылса да, Ресейдің сол кездегі жабайы көрші халықтары ала алмайтын биік болды, ата-бабаларымыз өзгелердің қалаларын қалай алуды, қоршауға алған кездегі жер қазу жұмыстарын білетін, қауіпсіздік үшін өздерінің қорғандарын ғана емес дала қостарын да терең орлармен қоршайтын. <Флоттар>. Басқа да Славяндар секілді құрлықта қаһарман олар Варягтардан теңізде жүзу өнерін үйренді, тек қорқынышты Грек оты ғана Царьградты Игорь флотынан сақтап қалды: сол үшін де Ұлы Князьдар сол оттың құпия құрамын білгісі келді; бірақ қу Гректер ол отты Аспан Періштесі император Константинге берген, оны христиандар ғана пайдалана алады деп сендірді. Ол кездегі Ресей кемелері ескекті ғана болатын, үлкен желкендер орнатса тым жүрдек еді, оларға 40-тан 60-қа дейін адам отыратын. <Шенді бастықтар және ішкі әскери құрылым>. Ертедегі әскердің шенді бастықтары мен ішкі құрлымы туралы бізге мынау мәлім: Князь суда да, құрлықта да әскердің Қолбасшысы болды; одан кейін Воеводалар, Мыңбасылар, Жүзбасылар, Онбасылар тұрды. Князьдың жасағын тәжірбиелі батырлар мен Боярлар құрады, олар князьдың өмірін қорғап, басқаларға ерліктің үлгісі болды. Владимир оларды қаншалық жақсы көріп, сыйлағанын білеміз. Игорьдің жасағы ол өлген соң да соның есімінен айрылған жоқ. Бұл жалпы атпен кейде таңдаулы жас жауынгерлер, – Князь жанында қызмет еткен Бозбалалар, Гридналар да аталды: біріншілері екіншілерінен атақты саналатын. Мысалы Игорьдің Воеводасы Свенельдтегі секілді бас Воеводалардың да өз Бозбалалары
болды. Варягтар Ярослав заманына дейін ерекше әскер болды: олар және Гридналар, немесе Семсершілер қазынадан жалақы алып тұрды, басқалар тек олжа бөлісіне қатысатын. [...]
"Николай Михайлович Карамзин. История
государства Российйского. В двенадцати томах.
Москва., 1989" басылымынан қазақшалаған Ахмет
ТӨРЕҚҰЛ.
Василий Осипович Ключевский
(1841–1911). Діни қызметкер отбасында туды. Діни училищелер мен діни семинарияда оқыды. 1861 жылы Мәскеу университетіне түсті. “Шетелдіктердің Мәскеу мемлекеті туралы аңыздары” деген шығармасы үшін алтын медальмен марапатталып, кафедрада қалдырылды. Магистрлік диссертациясын 1872 жылы қорғады. Кейінірек
Россияның әлеуметтік тарихы туралы көптеген еңбектері жарыққа шықты. Ол ел тарихын сословиелердің бір-бірімен және мемлекетпен қарым-қатынасының даму процесі ретінде көрсетуге ұмтылды. С. М Соловьев қайтыс болған соң, оның орнына Мәскеу университетінде орыс тарихының курсын оқыды. Ол сондай-ақ “Орыс тарихының әдістемесі”, “Орыс тарихының терминологиясы”, “Ресей сословиелерінің тарихы”, “Петрден кейінгі Ресейге Батыстың ықпалы” атты арнаулы курстар жүргізді. Ключевский өзін белсенді қоғам қайраткері ретінде де көрсетті. Ол көптеген ғылыми қоғамдардың мүшесі және төрағасы болумен қатар, Ғылым академиясы мен Ресей университеттері атынан Мемлекеттік кеңес мүшесі болды (1906 жылдан).
ТАРИХИ ПОРТРЕТТЕР. ТАРИХИ ОЙ ҚАЙРАТКЕРЛЕРІ.
ИВАН ГРОЗНЫЙ ПАТШАНЫҢ СИПАТТАМАСЫ
[...] Билік идеясы
Иванның басында саяси ойдың ерте оянғаны соншалық, ондай ой мәскеулік ата-бабаларының миына балалық шақтағы ойын кезінде де, толысқан кездегі қым-қуат шаруа қамында да келген емес. Бұл ой үнсізтүнсіз, айналадағылардан жасырын толыса берген, олар жас тақсырдың мазасыз ойы қайда бет алғанын ұзақ уақыт байқамай да қалған секілді, егер байқаса, тегінде, оның кітапқа сабырлы шұқшиюын құптамас та еді. 1546 жылы он алты жасар Иван үйленгісі келетінін, бірақ үйленерден бұрын ата-бабаларының салттарын білгісі келетінін, өзінің ата-бабалары болған патшалар мен ұлы князьдардың және тегі бір Владимир Всеволодович Мономахтың патшалыққа, князьдық құруға қалай келіскенін білгісі келетінін кенеттен айта бастағанда, олардың қатты таңырқағаны сондықтан еді. Тақсырдың оқыс ойына қайран қалған боярлар, деп қосады жылнамашы, тақсырдың жап-жас болып аталар салтын білгісі келетіндігіне таң қалды. Иванның алғашқы көздегені боярлардың үкіметтік қамқорлығынан шыққаннан кейін, патша атағын қабылдап, патша тәжін салтанатты шіркеу салтымен кию еді. Патшаның саяси ойлары да, оның
күрделі мінезі секілді, төңірегіндегілерден құпия қалыптасты. Айтпақшы оның шығармалары бойынша оның өзін-өзі саяси тәрбиелеу барысын біршама дәлдікпен қалпына келтіруге болады. Оның князь Курбскийге жазған хаттары – жартылай патша билігі туралы саяси трактаттар және жартылай боярларға қарсы әрі оның өзінің ниеттері жайындағы памфлеттер. Оның бірінші ұзын-сонар жолдауын үстірт қана шолып шығыңызшы – ол сізді мазмұнының көпе-көрнеу ала-құлалығымен, жүйесіздігімен, автор мұқият жинаған, шексіз парақтарға жомарт кітаби материалдың сан алуандығымен, тәнті етеді. Онда қандай есімдер, мәтіндер, мысалдар бар, қысқасы не жоқ дейсіз! Қасиетті кітап пен Шіркеу аталарының ғақлияларынан ұзынды-қысқалы үзінділер, ежелгі пайғамбарлар Мұсаның, Дәуіттің, Исаның жаңа өсиеттік інжілдік шіркеу ұстаздары Ұлы Василийдің, Григорий Назианзиннің, Иоан Златоустың, лебіздерінен алынған қысқа жолдар мен тұтас тараулар, библиялық есімдер Иисус Навин, Гедеон, Авимелех, Иевффайлармен қатар, классикалық мифология мен эпостан Зевс, Аполлон, Антенеор, Эней бейнелері, Еврей, Рим, Византия тарихынан алынған,
тіпті хронографтардан оқып алынған, вандал “Зинзирих”, готтар, савроматтар, француздар есімдері бар, орта ғасырлық батыс еуропалық халықтар тарихынан алынған эпизодтар және, ақыр соңында кей-кейде орыс жылнамаларынан әлдеқалай қоса салынған белгілер жүр – және бытысып кеткен, анохронизмге толы, калейдоскоп секілді алабажақ, логикалық дәйектілік аңғарыла бермейтін, автордың ойы мен қиялының әнтек бұрылыстарына көніп, оқырманның көз алдына көлденеңдей қалып, ғайып болып жататын осының бәрі және осынау тіліме орала кеткенін кешіріңіз, ғылыми ботқаның бәрі өңмеңдеп сұғына беретін діни немесе саяси афоризмдермен суарылып, кей-кейде елеусіз ғана мысқылмен яки өңменнен өтер, кейде дөп тиетін әжуамен тұздықталған. Қандай былыққан, не болса содан құралған зерде еді деп ойлайсың осынау хатқа көз жүгіртіп шыққанда. Князь Курбский Иванның бұл хатын қатын өсек деп босқа
атамаған, өйткені онда Қасиетті кітаптан алынған мәтін әйелдердің іш киімі мен төсегі туралы әңгімемен қойындасып жүр. Бірақ мәтіндердің, толғамдардың естеліктердің, лирикалық шегіністердің осынау көбігі қалың тасқынына ден қоя үңіліңізші, сонда осынау, тегінде, реттеле қоймаған беттердің бәріне өзек болған негізгі ойды оп-оңай аңғарасың. Автор бала кезінде-ақ жаттап алған сүйікті библиялық мәтіндер мен тарихи мысалдардың бәрі бір тақырыпқа саяды, бәрінің айтатыны патшалық өкімет, оның тегі құдайдан екендігі, мемлекеттік тәртіп, кеңесшілермен және бодандармен қарым-қатынас, көп билік пен көп бастық жайлаған кездің тажалды зардаптары. Құдай берген өкіметтен басқа өкімет жоқ. Әрбір пенде сол өкімет иесіне бағынсын. Биі көп қаланың немесе қалалардың күні қараң және т.с.с. Сүйікті мәтіндерін үңіле оқып, олар туралы қайта-қайта ойлана жүріп, Иван олардан бірте-бірте әрі елеусіз өзінше бір мінсіз дүние жасап алды да, күнделікті өмірдің қорқыныштары мен реніштерінен қашып, өз тауына кетіп қала беретін Моисей сияқты, сол дүниесіне барып демалатын. Ол құдайдың осынау көнеінжілдік сүйіктілері, алқалаған пенделері Мұсанығ Саулдың, Дәуіттің Сүлейменнің ғаламат бейнелеріне сүйсіне көз жүгіртетін. Бірақ сол бейнелерден ол, айнадан көргендей, өзін-өзі, өзінің патшалық тұлғасын көргісі келетін, өз нұрының шағылысын байқауға тырысатын немесе олардың нұры мен ұлылығының жарқылын өзіне көшіргісі келетін. Оның өзіне-өзі сүйсіне қарағаны, мұндай көріністе оның өз ата-бабаларының, қарапайым мәскеулік қожайынкнязьдардың түсіне де кірмеген нұрмен ұлылыққа бөленгендей көрінетіні түсінікті нәрсе. Иван ІV Мәскеу тақсырларының өзін нағыз библиялық мәндегі құдай қалаған патша деп көріп-білген алғашқысы еді. Ол үшін бұл саяси аян еді, содан бастап оның патшалық "мені" ол үшін құдайшыл табынудың пәніне айналды. Ол өзіне-өзі киелі болып алды да, өзінің ниетінде өзінің патшалық өкіметінің ғылыми теориясы түрінде саяси тұрғыдан өзін-өзі қадірлеудің тұтас бір кітабын ойша жасап шықты. “Бүлігі басылмайтын адами талаптан емес,
құдайдың қалауымен бүкіл Русьтің патшасы және ұлы князі болған Біз, тәубәлі Иоанн” деп жазады ол өзінің жауы Стефан Баторийге бітім туралы келіссөз кезінде Көктен түскен шабыт әуенімен және сонымен бірге оның сайлау арқылы ие болған өкіметін әдеттегі мысқылмен көзге шұқып.
Оны іс жүзінде пайдалануға ыңғайлаудағы кемістіктер
Алайда ақыл мен қиялдың соншалықты жұмылдырылуынан патша тек патша өкіметі туралы практикалық қортындысы жоқ, қарапайым, жалаң идеясын ғана шығарды, ал әрбір идея сондай қорытындыны талап етеді. Теория мемлекеттік тәртіпке, саяси бағдарламаға айналдырылмады. Дұшпандық пен ойдағы үрейге елігіп кетке ол мемлекет өмірінің практикалық мақсаттары мен қажеттерінен көз жазып қалды және өзінің дәйексіз теориясын жергілікті тарихи шындыққа бейімдей білмеді. Практикалық жағын талдап әзірлемегендіктен де оның жоғарғы өкімет туралы асқақ идеясы дара биліктің қыңырлығына айналды, дара ашушаңдықтың, досықсыз жүгенсіздіктің құралы болып шыға келді. Сондықтан мемлекеттік тәртіптің кезекте тұрған практикалық мәселелері шешілмей қалды. Жас шағында, біз көргендей, мемлекет тізгіні қолына тиген бойда, патша өзінің таңдаулы кеңесшілерімен бірге батыл ішкі және сыртқы саясат жүргізе бастады, сондағы мақсаты бір жағынан Балтық жағалауын қолға түсіріп, батыс Еуропамен тікелей сауда және мәдени қарым-қатынасқа кірісу, екінші жағынан заңдарды бір ізге түсіріп, облыстық басқармалар енгізу, жергілікті жерлер қауымдарын құрып, оларды жергілікті сот-әкімшілік істеріне ғана емес, орталық өкімет қызметіне де қатысуға шақыру еді. 1550 жылы алғаш рет шақырылған Жерлер жиыны дами келе, басқару құрамына кәдуілгі орган ретінде кірігіп, уделдік вотчинник орнына санаға жерлік (жергілікті) патша идеясын нығайтуға тиіс болатын. Бірақ патша өз кеңесшілерімен сыйыса алмады. Секемшіл де өрекпіген билік сезіміне бой алдырған ол турасын айтқан
жақсы кеңесті өзінің асқақ құқығына қаскүнемдік деп санады, өзінің жоспарларымен келіспеуді – күнаһарлықтың, астыртын қаскүнемдіктің, сатқындықтың нышаны деп білді. Адал кеңесшілерін шеттетіп, ол кезкелген жерде жамандық, қастық бар деп білетін өзінің сезікшіл, сыңаржақ саяси ойларына бой алдырды да, тақсырдың боярларға көзқарасы туралы ескі мәселені – өзі шеше алмайтын, сондықтан қозғамау керек мәселені ойланбай көтерді. Гәп, тарихи қалыптасқан қарама-қайшылықта, боярлардың үкіметтік жағдайы мен саяси көңіл-күйінің және Мәскеу тақсыры өкіметінің сипаты мен саяси сана-сезімінің арасындағы келіспеушілікте еді. Бұл мәселе ХVІ ғасырдағы Мәскеу адамдары үшін шешілмейтін мәселе болатын. Сондықтан да оны туғызған қайшылықтың тігісін парасатты саясат құралдарымен жатқызып, оны сәті соққанға дейін қозғамау керек еді, ал Иван ғылыми айтыстарда тезистердің төтесінен, бірақ қолайсыз қойылатыны сияқты, мәселені бірден шешкісі келді де, өзінің сыңаржақ саяси теориясына сүйеніп мәселені көлденеңінен қойып, қайшылықтың өзін шиеленістіріп алды. Жоғарғы биліктің төтенше оқшау әрі шыдамсыз, дерексіз идеясын мықтап сіңірген ол мемлекетті әкесі мен атасы секілді боярлардың көмегімен басқара алмаймын деп ұйғарды, бірақ басқаша қалай басқару керек екендігін өзі де білмеді. Тәртіп туралы саяси мәселені адамдармен бітіспес дұшпандыққа, мақсатсыз да жүгенсіз қырғынға айналдырып, ол өзінің опричнинасымен қоғамға сұмдық бұлғақ әкелді, ал ұлын өлтіру арқылы өз әулетінің жойылуын дайындады. Бұл екі арада ішкі жаулықтың парықсыз шиеленісуі кесірінен ойағыдай басталған сыртқы істер мен ішкі реформалар қожырап кетті, аяқталмай қалды. Оның билігін басынан кешірген замандастарына патшаның екі жақты көрінуі содан. Солардың бірі патшайым Анастасия өлгенге дейінгі патшаның даңқты істерін баяндай келіп: "Содан соң сырттан жеткен сұмдық боран соққандай, оның мейірімді жүрегінің тыныштығы бұзылды, және мен, оның асқан ақылы мен қаһарлы мінезінің қалай өзгергенін білмеймін, әйтеуір ол өз мемлекетінде бүлікшіге айналды" деп жалғастырады. Басқа
бір замандасы қаһарлы патшаны сипаттап, былай деп жазады: ол “ойы тыс таңсық, кітапты құрметтеу ғылымына білгір де ділмар, жасаққа келгенде аса айлалы және өз отаны үшін ештеңеден тайынбайтын, құдай берген құлдарына мейрімсіз, қан төгуге келгенде бет қаратпайтын аяусыз ер еді, өзі патшалық құрған кезінде жас-кәрі демей талай адамды ажал құштырды, өзінің көптеген қалаларын тұтқын етті, әрі өз құлдарына басқа да талай қорлық көрсетті; бірақ дәл осы Иван патша көп жақсылық та істеді, өз әскерін аса жақсы көрді және оның мұқтажына өз қазынасынан аямай қаржы беріп отырды”.
Иван патшаның кәдірі
Сонымен, ойлары мен бастамаларына, қызметі туындатқан айқайшуына қарап бағаламағанда ойлауға болатынындай, Иван патшаның мемлекетіміздің тарихындағы ұнамды маңызы тіпті де соншалық үлкен емес. Қаһарлы патшаның бітіргенінен ойға алғаны көп болды, өз заманындағы мемлекеттік тәртіптен гөрі замандастарының қиялы мен жүйкесіне күштірек әсер етті. Мәскеу мемлекетінің өмірі Ивансыз-ақ одан бұрын жәе кейін қалай құрылса, солай өте беретін еді, бірақ оның кезіндегідей және одан кейінгідей емес, жеңілірек әрі бірқалыпты қалыптасатын еді: аса маңызды саяси мәселелер ол дайындаған дүрбелеңсіз-ақ шешілетін еді. Бұл биліктің жағымсыз жағы маңыздырақ. Иван патша тамаша жазушы, тіпті алғыр саяси ойшыл еді, бірақ мемлекеттік іскер болмады. Оның саяси ойының біржақты, өзімшіл және секемшіл бағыты оның шатқаяқ жүйкесімен қосылып, оны практикалық әдептен, саяси көрегендіктен, болмысты сезінуден айырды, және, атабабалары негізін қалаған мемлекеттік тәртіпті біржола орнықтыруды ойдағыдай бастағанымен, өзі де байқамай, сол тәртіптің іргетасының өзін шайқалтып кетті. Карамзин Иванның патшалық құруының – басталуы жағына ең тамаша патшалықтың бірі – ақтық нәтижесіне қарап, монғол
шапқыншылығы мен уделдік заман қасіреттеріне теңестіргенде тым артық кете қойған жоқ. Патша өзін де, әулетін де, мемлекет игілігін де дұшпандық пен жүгенсіздіктің құрбандығына шалды. Оны ғимараттың шатырында отырған жауларын жайрату үшін, соны өзінің үстіне құлатқан көне інжілдегі соқыр дәумен салыстыруға болады.
А. Л. ОРДИН-НАЩОКИН
Алексей патшаның қызметкерлерінің арасында, ХVІІ ғасырдағы Мәскеу мемлекетік адамдарының ең тамашасы Афанасий Лаврентьевич Ордин-Нащокин тұлғасы ерекше көрінеді. ХVІІ ғасырдағы мәскеу мемлекеттік адамы! Осынау тіркестің өзі қазіргі саяси терминологияға қиянат болып көрінуі мүмкін. Мемлекеттік адам – бұл дегеніңіз кемел саяси ақыл, қоғамдық қозғалыстарды түсіну, байқап-бақылап отыру, және бағыттау қабілеті, заман көлденең тартқан сұрақтарға тәуелсіз көзқарас, әзірленген іс-әрекет бағдарламасы, ақыр соңында белгілі бір саяси қызмет өрісі – ескі мәскеу мемлекетінде болар деп біз тіпті ойлап дағдыланбаған бірталай шарттарға сай келетін адам ғой. Ия, ХVІІ ғасырға дейін Мәскеу дара билік мемлекетінде бұл шарттар шынында да байқалмаған, олардың сарайынан мемлекеттік адамдарды іздеудің өзі қиын. Ол кезде мемлекеттік істер барысы белгіленген тәртіп бойынша, патшаның еркімен бағытталып отырды. Жеке ақыл тәртіптің көлеңкесіне бой тасалады, адам тек патша ырқының құралы ғана болды, бірақ тәртіп те, сол ырықтың өзі де салттың, аңыздың күшті ықпалына бағынды. Алайда ХVІІ ғасырда Мәскеу мемлекеттік өмірі өзіне өзгеше жол сала бастады. Көне салт, қалыптасқан тәртіп шайқалды; ақылға дара күшке қатты зәрулік туды, ал Алексей Михайлович патшаның ырқы ортақ игілік үшін барлық күшті және ізгі ниетті ақылға бағынуға дайын еді. ХVІІ ғасырдағы орыс қоғамында өзгерістер көңіл күйін туғызған
Алексей патша дедім ғой. Сондай көңіл күйіне берілген мемлекеттік іскер адамдар арасында бірінші орын Алексей патша қызметкерлерінің ең көрнектісі, оның заманындағы өзгерістер пиғылының барынша жігерлі жаршысы боярин Афанасий Лаврентьевич Ордин-Нащокин үлесіне тиетіні даусыз. Бұл іскер қайраткер бізге екі жағынан қызықты, өйткені Ұлы Петр реформаларын екі жағынан дайындады. Біріншіден, ХVІІ ғасырдағы Мәскеу мемлекеттік қайраткерлерінің ешқайсысы сол сияқты сонша көп өзгерістер идеялары мен жоспарларын айтқан емес, оларды кейін Петр жүзеге асырды, мұнан соң Ордин-Нащокин жаңаша қимылдап қана қоймай, өз қызметінің жағдайын өзі жасады. Шығу тегі жағынан ол өзі ортасында қызмет еткен қауымға жатпайтын. Мәскеу мемлекетінде саяси қайраткерлердің пұрсатты ұясы, қаптаған провинциялық дворяндарға менсінбей қарайтын көне текті боярлар болатын. Осынау менмен ақсүйектер тобына жол салған алғашқы провинциялық дворян ОрдинНащокин еді, көп ұзамай боярлар аристократ идеясының тығыз қатарынан саңлау тапқан оның провинциялық туыстары шұбатылып келе бастады. Афанасий Лаврентьевич тым қарапайым Псков помещигінің ұлы еді; Псков пен жақын Торопец уездерінде ХVІ ғасырда Мәскеу сарайында қызмет атқарған бір көрнекті адамнан тараған аталас бірталай Нащокиндер қысылып-қымтырылып тұрды. Атасынан соң жүдеген осы ұядан біздің Афанасий Лаврентьевич шықты. Ол Михаил патша тұсында-ақ белгілі болды: ол талай рет Швециямен шекараны межелеу жөніндегі елшілік комиссиясына тағайындалды. Алексей патшалық құра бастағанда ОрдинНащокин Мәскеу үкіметінің көрнекті қайраткері, жігерлі қызметшісі саналатын. 1650 жылы Псков бүлігі кезінде көтерілісшілердің оны өлтірмек болғаны сондықтан. Мәскеу полктарымен осы бүлікті басарда Ордин-Нащокин көп жігер, білгірлік танытты. Содан бастап ол өрлей берді. 1654 жылы Польшамен соғыс басталғанда, оған төтенше қиын міндет жүктелді: аз ғана әскери күшпен ол Литва мен Ливония жағындағы Мәскеу шекарасын күзетуге тиіс болды. Ол өзіне жүктелген міндетті өте
жақсы орындап шықты. 1656 жылы Швециямен соғыс басталып, патшаның өзі Рига түбіне жорыққа аттанды. Мәскеу әскерлері Двина бойындағы ливон қалаларының бірі Кокенгаузенді (бір кездерде Полоцк князьдеріне қараған көне орыс қаласы Кукейнос) алғанда, Нащокин осы және басқа жаңадан жаулап алынған қалаларға воевода болып тағайындалды. Осы қызметте Ордин-Нащокин маңызды әскери және дипломатиялық істер атқарды: шекараны күзетті, ливон қалашықтарын алды, Польша өкіметімен хат алысып тұрды; бірде-бір маңызды дипломатиялық іс оның қатысуынсыз өтпеді. 1658 жылы оның күш-жігерімен Швециямен Валиесар уақытша бітімі жасалды, оның шарттары Алексей патшаның күткенінен де асып түсті. 1665 жылы Ордин-Нащокин өзінің туған Псковында воевода болып отырды. Ақыр соңында ол Мәскеу үкіметіне өзінің ең маңызды да қиын қызметін көрсетті: Поляк уәкілдерімен әбден қажытқан сегіз айлық келіссөзден кейін, 1667 жылы қаңтарда Андрусовода Польшамен уақытша бітім жасалды, сонымен екі жақты да ойрандаған 13 жылдық соғыс аяқталды. Осы келіссөзде Нащокин өзінің дипломатиялық әбжілдігін, шетжұрттықтармен тіл табыса алатынын танытып, поляктардан Смоленскі мен Север жерлерін, шығыс Малороссияны ғана емес, батыс Киевті маңайымен бірге қосып алды. Андрусово бітім шартын жасау Мәскеу үкіметінде Афанасийдің абыройын қатты көтерді, оған зор дипломатиялық атақ әкелді. Осы істерді тындыра жүріп, Нащокин шенеуніктік сатымен тез көтерілді. Атамекені, шыққан тегі жағынан қала дворяны Нащокин аталған уақытша бітімді жасаған соң, боярлар қатарына өткізіліп, “патшаның үлкен мөрін және мемлекеттік ұлы елшілік істерін сақтаушы” деген атақпен, Елшілік приказдың бас басқарушысы етіп тағайындалды, яғни мемлекеттік канцлер болып алды. Нащокиннің қызметтік өсу жолы осындай. Оның тағдырында туған жерінің біршама мәні болды. Ливониямен шекаралас Псков өлкесі көрші немістермен және шведтермен ертеден тығыз қарым-қатынас жасап келген-ді. Шет жұрттықтармен ерте танысып, олармен жиі араласу
Нащокинге Батыс Еуропаның Ресейге жақын елдерін мұқият бақылап, зерттеуге мүмкіндік берді. Ордин-Нащокиннің жас кезінде әйтеуір жақсы білім ала алғаны да жағдайды жеңілдетті: ол математиканы, латын және неміс тілдерін біледі деген сөз айтылатын. Қызмет мәнісі оны поляк тілімен де танысуға итермеледі. Осылай ол Мәскеу мемлекетінің еуропалық батыспен қатынасындағы қайраткерлік рөліне ерте және тиянақты дайындалды. Оның қызметтес жолдастары ол “неміс ісін және неміс салттарын да біледі” дейтін. Жат жұрттық тәртіпті мұқият бақылап, оны өз отанындағы тәртіппен салыстырып отыру дағдысы Нащокинді Батыс Еуропаға риясыз құрметтеуші және отандық тұрмысты аяусыз сынаушы етті. Осылай ол ұлттық тұйықтық пен менмендіктен арылып, өзінің ерекше саяси ойын қалыптастырды: ол бізде бірінші болып “жақсыны жаттан, тіпті өз жауларыңан үйрену ұят емес” деген ережені жариялады. Оның артында әртүрлі саяси мәселелер бойынша бірқатар қағаздар, қызметтік хабарламалар, жазбалар, патшаға баяндамалар қалды. Бұлар Нащокиннің өзін және сол кезеңдегі өзгерістер өрісін сипаттайтын аса қызықты құжаттар. Автордың ділмарлығы мен қаламының жүрдектігі көрініп тұр; Афанасийдің “қатырып" жатық жаза алатынын жауларының да мойындағаны тектен-тек емес. Оның сирек кездесетін тағы бір қасиеті болатын – сезімтал, тұтқыр, сыйымды ақылмен ол аталмыш жағдайды тез бажайлап, мезет талабын өз бетімен жылдам байланыстыра алатын алғыр зерделі, қормалды ақыл иесі еді. Ол өзгеше және оқыс саяси тұжырымдар жасаудың шебері болатын. Онымен айтысу қиын болатын. Аңғарғыш та тапқыр ол кейде келіссөз жүргізіп жатқан жат жұрттық дипломаттарды тағаттан айыратын да, олар онымен істес болу қиын деп оның өзін кінәлайтын: болар-болмас ағаттықтың өзін, дипломатиялық диалектикадағы қандай да дәйексіздікті қалт жібермейді, аңғырт немесе тауық соқыр қарсыласын дереу қағытып, тұйыққа тірейді, қарсыласының өзі ұялатқан адал ниетінің ойран-ботқасын шығарады, осы үшін де бірде келіссөз жүргізіп жатқан поляк комиссарлары оған кінә таққан. Ақылдың
мұндай ағымы оның кіршіксіз ұжданмен, адамдардың аңғалдығын көзге шұқып көрсету әдетімен ұштасып жататын. Шындық пен естілікті жақтап күңкңлдей беруді ол өзіне парыз санап, тіпті содан үлкен ләззат алатын. Оның патшаға жазған хаттары мен баяндамаларында бір әуен бәрінен қаттырақ естілетін: оларда Мәскеу адамдары мен Мәскеу тәртібіне үздіксіз, кейде тіпті ащы шағым өріп жүреді. Ордин-Нащокин үнемі беймаза, бәріне наразы: үкіметтік мекемелерге, приказдар салтына, әскери құрылысқа, қоғамның ұғымдарына наразы. Басқалар құптай қоймайтын оның ұнататындары мен ұнатпайтындары Мәскеу қоғамында оған ыңғайсыз, екіұшты жағдай туғызды. Оның батыс еуропалық тәртіптерді ұнатуы және өз елінің тәртіптерін жазғыруы оған жақынжасқан жат жұрттықтарға ұнайтын, олар Нащокинді біздің салттарымызға “есті еліктеуші” деп мүсіркей мойындайтын. Бірақ нақ осының өзі оның отандас дұшпандарын көбейтіп, оның мәскеулік қырбайларының оны келекелеп “жатжұрттық” деп атауына ілік берді. Оның жағдайының екіұштылығы оның шыққан тегі мен мінезіне байланысты да күшейе түсті. Өз отандастары да, өзгелер де оны алғыр ақыл иесі деп, алысқа шабады деп мойындайтын, сонысымен ол көптеген өзімшілдермен қақтығысып қала беретін, мұның үстіне ол өзінің шыққан тегіне қарай әдеттегі жолмен жүрмеді, ал қатал да біршама беймаза мінезі сол қақтығыстарды жұмсарта қоймайтын. Нащокин мәскеулік қызметкерлер қауымына жат еді және саясаттағы жаңа адам ретінде өзінің қызмет жағдайын күреспен жеңіп алуға тиіс болатын, әрі өзінің әрбір қадамы өзінің жауларын, әсіресе, мәскеулік бояр байбатшалар арасында дұшпандарын көбейте беретінін сезінетін. Осында жағдай оның өзіне дұшпан қауым арасында өзін-өзі ұстауының өзіндік мәнерін қалыптастырды. Ол өзінің жалғыз тірегі тәкаппарлықты ұнатпайтын патша екенін білетін, сондықтан сол таянышынан айырылмау үшін патшаның алдында Нащокин өзінің дұшпандарынан қажып біткен адам ретінде, өзін-өзі қорсынатын, көнбіс жан ретінде қорғанды. Ол өзінің қызметсымағын да бағалай қоймайды,
бірақ байбатша жауларының қызметін де өзінікінен жоғары қоймай, әрқашан олардың үстінен зарлана шағым айтады. “Бүкіл жұрттың алдында, – деп жазды ол патшаға, – сенің мемлекеттік ісің үшін менен жеккөрінішті ешкім жоқ”, өзін “жаманатты, жек көрінішті, күнәлі басын қайда қоярын білмейтін адамсымақпын” деп атайды. Қиналып қалған немесе ықпалды дұшпандарымен қақтығысып қалған әрбір жолы ол патшаға мемлекет мүддесіне тек зияны тиетін ыңғайсыз және олақ қызметкер ретінде өзін қызметтен босатып жіберуді өтінеді. Патшаға “маған бола, сенің құлақкесті құлыңа бола, мемлекет ісін жек көреді” деп жазып, “жиіркенішті малайыңды іс маңына жолатпа” деп өтінді. Бірақ Афанасий өз бағасын білетін, және оның жалған момындығы паңдықтан бетер еді, ондай момындық оның өз басын бұл дүниенің адамы емес деп санауына тіпті де бөгет болған жоқ: “Егер мен осы дүниенің адамы болсам, өз дүниемді сүйер едім ғой” деп жазады ол патшаға, өзіне жасалып жүрген жалпы жаманшылыққа шағымданып. Дума адамдарының оның жолдаулары мен ақылын тыңдау жиіркенішті, өйткені “олар шындық соқпағын көрмейді және жүректері қызғаныштан қатайып кеткен”. Өз тегінің нашарлығымен салыстырғанда бояр байбатшалардың үкіметтегі артықшылығын патшаға жазғанда оның сөзінен ызалы кекесін сезіледі. “Дума адамдарының ешқайсысына менің керегім жоқ, мемлекеттің ондай ұлы істерінің керегі жоқ... Ондай істердің басы-қасында жақын боярлар болғаны жөн: тектері зор, достары көп, барлық нәрсенің аужайын да, өмір сүре де біледі; ұлы мәртебелі тақсыр, крест сүйіп тұрып берген антымды өзіңе қайтарамын, менің ақылым жетпейтіндіктен оны ұстап тұра алмаймын” Патша бірбеткей де қызба қайраткерді ұзақ уақыт, табанды түрде қолдап келді, оның мезі қылған шағымдары мен жазғыруларына сабырмен шыдады, қорқатын ештеңе жоқ, сені ешкімге сатпаймын деп сендірді, Афанасиймен жауласқаны үшін аяусыз жазалайтынын айтып, дұшпандарын қорқытты, оның қызметіне ұлан-ғайыр өріс берді. Осының
арқасында Ордин-Нащокин өзінің әкімшілік және дипломатиялық талантын көрсетуге мүмкіндік алып қана қоймай, саяси жоспарларын жасап, ішінара жүзеге асыра да алды. Патшаға жазған хаттарында ол өзінің жоспарын баяндаудан гөрі, орын алып отырған жағдайды айыптайды немесе дұшпандарымен айтысады. Алайда оның артында қалған қағаздарынан идеялар мен жобалардың айтарлықтай қорын табуға болады, олар парктикалық тұрғыдан тиісінше талдап әзірленсе ішкі және сыртқы саясатта ұзақ уақытқа басшылыққа аалынатын негіз бола алатын еді және солай болды да. Нащокин табандап жақтаған бірінші идея мынадай болатын: барлық істе Батыстан үлгі алу, бәрін “алыс жат жерлер үлгісімен” жасау керек. Бұл оның өзгеріс жасау жоспарының темірқазығы; бірақ басқалардан бәрін талғаусыз ала беруге болмайды. “Бізге жат жұрттықтардың салты неме керек, – дейтін ол, – олардың киімі бізге, біздің көйлегіміз оларға қонбайды”. Ол нені алуға болады, нені алуға болмайды деп ойланған, жалпы еуропалық мәдениетті ұлттық ерекшеліктермен үйлестіру жолын іздеген аз батысшылардың бірі еді. Сондықтан да Нащокин Мәскеу әкімшілігінің рухымен, әдетімен бітісе алмады, өйткені оның қызметінде қандай да бір қайраткерге тапсырылған мемлекет ісінің мүддесінен гөрі бас араздық пен жеке қатынас тым көп басшылыққа алынатын. “Бізде, – деп жазады ол, – істі жақсы көру немесе жек көру іске емес, сол істі атқаратын кісіге қарай: мені ұнатпайды, сондықтан менің ісіме де жүрдімбардым қарайды”. Патша Нащокиннің қандай да бір қызғаншақ байбатшамен кикілжіңіне реніш білдіргенде, “Афанасий олармен қара басымның жаулығы жоқ, бірақ "мемлекет ісіне жүрегім ауырады, мемлекет ісіне біреудің селқостығын көргенде үнсіз қала алмаймын” деп жауап берген. Сонымен, гәп адамдарда емес, істе, – Нащокин ұстаған екінші ереже осындай. Оның басты қызмет өрісі дипломатия болатын, және ол, замандастарының, тіпті шетелдік замандастарының мойындауынша, ең ұлық дипломат болды; бері салғанда, ол орыс мемлекеттік адамдарының
ішінен алғашқы дерлік болып шет елдіктерді өзін сыйлауға мәжбүр етті. Алексей патшаның дәрігері ағылшын Коллинс Нащокинді тұп-тура Еуропа министрлерінің ешқайсына есе жібермейтін ұлы саясаткер деп атаған. Есесіне ол өз ісін қатты ұлықтаған. Оның пікірі бойынша, дипломатия мемлекеттік басқарудың ең басты қызметін құрайды, және ондай іске тек лайықты адамдар ғана бара алады. “Мемлекеттік іске, – деп жазады ол, – мемлекетті жан-жағынан кеңейтуге ой жанарын тіккен мінсіз де таңдаулы адамдардың ұмтылуы керек, ал бұл тек қана Елшілік приказдың ісі”. Нащокиннің өзінің дипломатиялық жоспары, Мәскеу сыртқы саясатының міндеттеріне өзіндік көзқарасы болды. Оның мәскеу мемлекетінің Польшаға, Швецияға бітіспес жаулығына нәр беріп отырған ең қиын мәселелер, Малороссия, Балтық жағалауы туралы мәселелер төтесінен қойылған сәттерде қарекет жасауына тура келді. Жағдай Нащокинді осынау мәселелер тудындатқан қатынастар мен қақтығыстардың нақ ортасына қойды. Бірақ осы иірімде ол естен танған жоқ: шиеленіскен істерде ол маңыздысын айқай-шулысынан, алдамшысын пайдалысынан, қол жетерлігін арманнан ажырата білетін. Сол кездегі жағдай мен мәскеу мемлекетінің қолдағы қаржысы жағдайында ол үшін толық көлемінде шешілмейтін мәселе, Малороссия мәселесі, яғни оңтүстік-батыс Русьті Великороссиямен қайта қосу мәселесі еді. Міне сондықтан да ол Польшамен бейбітшілікке, тіпті тығыз одақтастыққа бейім болды, өзі айтқандай “тым айнымалы, мейрімсіз, тұрақсыз поляк халқын” жақсы біле тұра, сол одақтан әртүрлі пайда күтті. Осы одақ туралы естісе, деп ойлады ол, Түрік қоластындағы христиандар, молдавандар, волохтар түріктерден бөлініп шығады, Дунайдың өзінен бастап Ұлы Ресей шегіне дейін жайлаған, қазір дұшпан Польша бөліп тұрған барлық шығыс шіркеу балалары Мәскеу провославиелік патшасының қамқорлығы астында сансыз христиан халқы болып бірігеді, сонда тек орыс-поляк қырқысынан ғана мүмкін болатын швед қастандығы да өзінен-өзі тоқтайды. 1667 жылы Андрусово келісімін қуаттау үшін
Мәскеуге келген поляк елшілеріне шабыттана сөйлеген сөзінде Нащокин, егер Адриатика теңізінен Неміс теңізіне және Солтүстік мұхитқа дейінгі аралықтағы біздің мемлекеттерімізде тұратын, славян тілінде сөйлейтін тайпалар біріксе, барлық славян халықтары қандай даңққа бөленер еді және қандай ұлы істер ойдағыдай жүзеге асар еді, славян халықтарын басқарып, бір державаға біріккен екі мемлекетті келешекте қандай даңқ күтіп тұр деген арманын өрбітті. Ата жауымен тығыз одақтасуды күйттеп, тіпті Мәскеу патшасының немесе оның ұлының билігі астында Польшамен династиялық бірігуді армандап, Нащокин Мәскеудің сыртқы саясатында төтенше күрт бұрылыс жасады. Оның іс барысындағы осындай өзгерісті ақтайтын өз ойлары болатын. Малороссия мәселесі оның көзқарасынша әзірше екінші кезектегі іс еді. Егер черкастар (казактар) сатып кете беретін болса, оларды қорғап не керек деп жазды ол. Шынында да шығыс Малороссияны қосып алған соң, бұл мәселенің басты түйіні шешілетін, Днепрдің жоғарғы және орта ағысында нық тұрған Мәскеу үшін Польша қауіпті болудан қалатын еді. Және де халықаралық өтірікке бармай, Андрусово уақытша келісімін бұзбай, уақытша берілген Киевті ұзақ ұстап тұру және батыс Малороссияны қосып алу мүмкін емес еді. Нащокин сирек кездесетін арлы дипломаттардың бірі еді, ондай қасиетке сол кезде-ақ дипломатия зауықсыз төзетін. Ол шындықсыз ешнәрсе істегісі келмейтін: “Шындыққа қарсы іс істегенше, менің қара ниет өмірімнің қиылып, мәңгі бостан болғаны жақсы”. Сондықтан батыс Малороссия гетманы Дорошенко Польшадан бөлініп, түрік сұлтаны жағына шыққанда, содан соң Мәскеу патшасының құдіретті қол астына кіруге келіскенде, Дорошенконы бодандыққа қабылдауға бола ма деген Мәскеу сұрағына Нащокин келісімді бұзуға үзілді-кесілді қарсы болды, тіпті оған осындай әдепсіз сұрақ қойғаны үшін ашу-ызасын білдірді. Оның пікірі бойынша істі: поляктардың өздері өз мүддесі мен Мәскеудің мүддесін парасатпен
салмақтап, басурмандарға қарсы орыс-поляк одағын нығайту және Украинаны тыныштандыру үшін мәскеуге Киевті де, тіпті барлық батыс Малороссияны да өз еркімен беретіндей етіәп жүргізу керек еді, “ал Польшаға бұл туралы дөрекі жазу мүмкін емес”. Андрусово уақытша келісімінен бұрын-ақ Нащокин: Польша королімен “шамалап қана татуласу керек”, кейін поляктар өш алудың алғашқы мүмкіндігін күтпес үшін қанағатшыл шарт керек: “Полоцк мен Витебскіні алайық, бірақ поляктар қасарысса, ол қалалардың да керегі жоқ” екеніне патшаның көзін жеткізгісі келді. Польшамен тығыз одақ жасаудың қажеттігі туралы баяндамасында Нащокин одақты нығайту үшін тіпті батыс Малороссиядан ғана емес, барлық Малороссиядан бас тарту мүмкіндігіне абайсыз тұспал жасады. Бірақ патша өз сүйіктісінің бұл босаңдығына барынша қарсы шығып, өзінің ашуын қатты-қатты сөздермен білдірді. “Бұл бапты, – деп жауап қатты оған патша, – алып қалып, лақтырып жіберуге бұйырдық, өйткені масқара бап, тіпті ол баптан бір толық парасат пен жел шайқаған жарты парасатқа ие болсақ та ұят. Ит провославие нанының бір жапырағын да жеуге лайық емес (поляктар батыс Малороссияға ие болмауға тиіс): бірақ бұл біздің ырқымыз солай болғандықтан емес, күнәсі үшін солай. Ал егер киелі нанның екі жапырағы да итке бұйырса – соған жол берген адам, апырау қалай ақталмақ? Оның жазасы – құтылмас тозақ, сұрапыл от, аяусыз азап. Байғұс-ау! патшаның төте жолынан тайма, қалай бастасаң, солай аяқта, оңға да, солға да бұрылма; құдай жар болсын!”. Сөйтіп бірбет адам кейде тыңдай да бермейтін өз патшасының тәубашыл күрсінісіне бағынды да, провославие нанының екінші жапырағына да қатты жармасып, Андрусовода поляктардан шығыс Малороссияға қоса, батысынан Киевті де суырып алды. Барлық славяндарды, Мәскеу мен Польшаның тату басқаруымен біріктіру Нащокиннің саяси идиллиясы еді. Практикалық қайраткер ретінде оны неғұрлым іскерлік тұрғыдағы мүдделер көбірек қызықтырады. Оның дипломатиялық жанары жан-жақты түгел шолып, қазына мен
халыққа жаңа пайданы мұқият аңдып немесе қамқорлықпен іздеп отыратын. Ол Персиямен және Орта Азиямен, Хиуамен және Бұхарамен сауда қатынастарын орнатпақ болды, Үндістанға елшілік дайындады, Қиыр Шығысқа, Қытайға көз тастап, Амур бойына казактар отарын орнатуды да ойлады. Бірақ осы ізденістердің алғы шебінде, оның көз алдында, жақын батыс жақ, Балтық теңізі тұрды. Ұлттық-саяси мәселелермен қатар, халықшаруашылық мәселелері туралы ойларын да басшылыққа алған ол бұл теңіздің Ресей үшін сауда-өнеркәсіптік және мәдени маңызын да түсінетін, сондықтан да оның назары Швецияға, әсіресе Ливонияға ауды, соны, оның пікірі бойынша, қалай да алу керек еді: соны алудан ол орыс өнеркәсібі мен патша қазынасына зор пайда болатынын көре білді. Өз қайраткерінің идеялары еліктірген Алексей патша да сол жақтан көз айырмады, бұрынғы орыс иеліктерін қайтаруға, “теңіз мекендері” – Нарваның, Иван-қаланың, Орешектің гаваньдар және Нева өзенінің бүкіл бойын, кейін Петербург салынған швед бекінісі Канцамен (Ниеншанц) қоса қолға түсіруге тырысты. Бірақ Нащокин бұл арада да мәселеге кеңірек қарады: ұсақ-түйекке бола басты мақсатты естен шығармау керек, Нарва, Орешек – бұлардың бәрі маңызды пункт емес; тікелей теңізге жетіп алу керек, Ригаға ие болу керек, оның айлағы Батыс Еуропаға тікелей жол ашады деп дәлелдеді. Ливонияны тартып алу үшін Щвецияға қарсы коалиция құру арманы Нащокиннің дипломатиялық жоспарының өзегі болды. Сол үшін ол Қырым ханымен бітімге келіп, батыс Малороссияны құрбандыққа шалып, Польшамен тығыз одақ құруға тырысты. Бұл ой жүзеге аспады, бірақ Ұлы Петр әкесінің министрінің ойларын түгелімен мұра етті. Айтпақшы, Нащокиннің саяси ой өрісі сыртқы саясат мәселелерімен шектеліп қалған жоқ. Мәскеу мемлекетіндегі ішкі басқару тәртібіне де Нащокин өзінше қарады: ол осы басқару құрлысына да, барысына да наразы болатын. Ол Мәскеу басқаруында үстемдік еткен басы артық шектеулерге қарсы шықты. Мұнда барлығы да жоғары орталық
мекемелердің бағынышты атқарушыларға барынша қатаң ьақылауында болды: атқарушы органдар жоғарыдан берілген тапсырманы орындаушылар ғана еді. Нащокин атқарушыларға белгілі бір кеңшілік беруді талап етті: “барлық мәселеде патша жарлығын күтіп отыруға болмайды, – деп жазды ол, – барлық жерде істі воеводаның қарауы керек”, яғни уәкілдің өз ақылымен қимылдауы қажет. Ол батыс үлгісін нұсқады, онда әскер басына білікті қолбасы қойылады, ол астанадан не болса соған жарлық күтпей, өзіне бағынышты бастықтарға өзі жарлық жібереді. “Көзің көріп, құлағың естіп тұрса, іске шұғыл кірісу керек” – деп жазды ол. Бірақ атқарушыларға дербестік талап ете отырып, Нащокин оларға зор жауапкершілік те артады. Әкімшілік жарлық бойынша, салт пен дағды бойынша емес, жағдай сәтіне байланысты қарекет жасауы керек. Қайраткердің өз алғырлығына негізделген осындай қызметті Нащокин “кәсіп” деп атаған. Қара күштің тындырары шамалы. “Барлық күштен кәсіп артық; гәптің бәрі адамның көптігінде емес, кәсіпте; адам көп, бірақ кәсіп еткен адам жоқ, ендеше ештеңе де өнбейді; мына шведтің барлық көрші тақсырлардан адамы аз, бірақ барлығынан кәсібімен үстем; онда кәсіпкердің ырқын бұзуға ешкімнің батылы бармайды, жасақтың жартысын сатып, кәсіпкерді сатып алсақ та, – сол пайдалырақ”. Ақыр соңында Нащокиннің әкімшілік қызметінде бізді баурап алатын бір ерекшелікті байқаймыз: ол – талапшылдықпен, мүлтіксіз атқарушылықпен қатар Мәскеудің басқару ісінде теңдесі жоқ бағыныштыларға ілтипат, басқарылатындарға адамгершілікпен қарау сезімі, олардың күшін аяуға ұмтылыс, олардың аз күш жұмсап, қоғамға көбірек пайда келтіре алуына жағдай жасау. Шведтермен соғыс кезінде бағынған Батыс Двина бойында, орыс патшасына ант бергеніне қарамастан, тұрғындарды орыс рейтарлары мен Дон казактары тонап, азаптай бастаған еді. Сол кезде Кукейноста воевода болып отырған Нащокин соғыс жүргізудің мұндай қарақшылық әдісіне шын жүректен қатты ашуланды; тоналған халықтың шағымдары жүрегін қан жылатты. Ол патшаға, дұшпанға ғана қарсы емес, өзіміздің
тонаушыларға да қарсы қол жұмсауға мәжбүрмін деп жазды. “Тек жазықсыз жандардың судай аққан қаны төгілгенін көргенше, өзімнің жараланғаным жақсы еді, адамдарға жасалған мұндай жауыздықты көргенше, босатпайтын абақтыда отырғаным, мұндай жерде тұрмағаным жақсы еді”. Алексей патша өз қызметкерінің осы қасиетін бәрінен жақсы бағалай білетін. 1658 жылғы грамотасымен Нащокинді думалық дворян дәрежесіне көтергенде, патша оны “аштарды тойындырады, шөлдегенге су береді, жалаңаштарды киіндіреді, жауынгерлерге мейірімді, ал ұрыларға аяусыз” деп мақтайды. Нащокиннің әкімшілік көзқарастары мен амалдары осындай. Ол өз идеяларын іс жүзінде қолданбаққа бірнеше рет әрекет жасап көрді. Батыс Еуропа өмірін бақылап отыру, оны мәскеулік мемлекеттік басқарудың басты кемшілігін түсінуге алып келді, ол кемшілік елдің өндіргіш күштерін дамытуға емес, тек қана халықтың еңбегін қанауға бағытталған болатын. Халық шаруашылық мүддесі фискалдық мақсаттардың құрбандығына шалынып, үкімет оны қазына толтырудың қосалқы құралы ғана деп бағалады. [...]
Ұлы Петр өз қызметкерлерінің арасында
Біз Ұлы Петрді ойшылдан гөрі қайраткер деп елестетуге дағдыланып кеткенбіз. Замандастары да әдетте солай деп білген. Петрдің ғұмыры қарекет жоспарын алдын ала, асықпай ойлауға бос уақыт қалдырмайтындай болып қалыптасты, ал қызу қандылығы оған ықылас қоюға да мұрсат бермеді. Жұмыстың асығыстығы, тағат таба білмеу, кейде оның мүмкін еместігі, ақыл ширақтығы, әдеттен тыс тез аңғарғыштық – осының бәрі Петрді салған жерден жоспар құруға, қобалжымай шешім қабылдауға, істің жай-жапсарын іс үстінде ойлануға, сәт талабын жылдам аңғарып, шаруаны тындыру жолдарын тез табуға үйретті. Петрдің қызметіндегі асықпай ақылға салғанда аңғарылатын, ойланып келгенде
шашырап кететін секілді көрінетін осынау сәттер табиғи-өмірлік етенелікпен, дәйектілікпен бірі-бірінен туындап, біріге қимылдайтын. Байқастаған адамға Петр үнемі қарбалас іс үстінде, көптеген адамдармен іскерлік қарым-қатынаста, тоқтаусыз алмасып жататын әсерлер мен әрекеттер ортасында көрінетін; оны топырлаған адам толы, шулы шеберханада емес, тыныш кабинетте жападан-жалғыз отырғанын елестету бәрінен қиын еді. Бұл Петрде адамның ойлау салты құралатын, жалпы басшылық жасайтын ұғымдар жоқ еді деген сөз емес; тек Петрде бұл ойлау салты сәл басқаша, егжей-тегжейлі ойластырылған іс жоспары немесе өмір талаптарына сан қилы дайын жауаптар қоры ретінде емес, өмірдің қилы талаптары туындаған бойда сәт сайын жауап беруге дайын ұдайы сергек ойдың кездейсоқ импровизациясы, оқыс жарқылы секілді көрінетін. Оның ойы кәсіптік, әскери, мемлекеттік істердің ұсақ-түйегі, практикалық қызметі үстінде шыңдала беретін. Оның дерексіз заттар туралы жүйелі ойлауға бос уақыты да, дағдысы да болған жоқ, тәрбиесі де соған бейімділікті дамытпаған еді. Бірақ алғаш ұшыратқан машинаның құрылымы мен қызметін өткір көзбен тез аңғаратыны секілді, ағымдағы істер барысында ондай зат кездесе қалса, ол өзінің төтесінен тартатын салауатты ойымен ол туралы байламын оп-оңай, қиналмай жасайтын. Бірақ онда біз байқай қоймайтын ықпалдармен жас кезінен мықтап қалыптасқан оның ойлау салты мен қарекетінің екі негізі ылғи да дайын тұратын, бұл ортаймайтын борыш сезімі және Отанның ортақ игілігі туралы ылғи да ширығып тұратын мазасыз ойлар, әлгі борыштың өзі соған қызмет етуден құралатын. Оның өзінің патшалық билігіне көзқарасы да осы негіздерге сүйенетін, бұл негіз көне орыс қоғамына мүлдем таңсық болатын, бірақ оның қызметінің бастапқы, түп қазықтық сәті және сонымен бірге оның негізгі реттеушісі еді. Бұл тұрғыдан алғанда ежелгі орыстық саяси санада Ұлы Петр күрт өзгеріс, үзілді-кесілді дағдарыс бейнесі еді.
Петрдің жақын ізашарлары, арғы атасы таққа әкенің мирасқоры ретінде емес, халықтың сайлауымен ие болған жаңа әулеттен шыққан Мәскеу патшалары, әрине бұрынғы әулеттен шыққан тақсырлар сияқты өздері басқаратын мемлекетке өз иелігім деп қарай алмайтын. Бұрынғы әулет мемлекетті өз уделдерінен құрған болатын және ол әулет біз мемлекет үшін емес, мемлекет біз үшін орнатылған деп ойлай алатын, мұның өзі қожайын үй үшін емес, үй қожайын үшін дегендей нәрсе болатын. Жаңа әулет таққа сайлау арқылы отырғандықтан да, мемлекетке уделдік көзқараспен қарай алмайтын, мұндай көзқарас Калита ұрпақтарының саяси санасының негізін құрайтын. Алқалы жиын арқылы сайлау жаңа әулет патшаларының билігіне жаңа тұғыр, жаңа сипат берді. Жерлер жиынынан патшалық сұраған Михаил емес, патша болуға Михаилды шақырған жерлер жиыны. Демек, мемлекетке патша керек, және мемлекет тақсыр үшін құрылмаса да, бірақ онсыз өмір сүре алмайды. Тақсыр туралы ұғымның бүкіл саяси мазмұны мемлекеттік тәртіптің негізі ретінде билік идеясымен, осынау қайнардан шығатын өкілеттіктер жиынтығымен аяқталатын. Өкімет, егер тек түк істемейтін өкімет болмаса, қарекеттің сапасына қарамастан өзінің міндетін атқарады. Өкіметтің міндеті басқару, ал басқару дегеніміз бұйыру және жазалау. Жарлықты қалай орындау – атқарушылардың міндеті, олар атқару үшін өкімет алдында жауап береді. Патша ең жақын атқарушыларымен, кеңесшілерінен, тіпті бүкіл жер бетінің арлы адамдарынан, Жерлер жиынынан кеңес сұрай алады. Бұл оның ықыласынан және үкіметтің немесе саяси әдептің толып жатқан талабы. Сұрағанда кеңес беру, іс жайында өз пікірін айту Боярлар думасы мен Жерлер жиынының саяси құқығы емес, адал бодандық міндеті. Жаңа династияның алғашқы патшалары өзінің өкіметін солай түсініп, солай іске асырған; бері салғанда солардың екіншісі Алексей өзінің өкіметін солай түсініп, солай жүзеге асырған, ол тіпті өзінің әкесі секілді боярларға, Жерлер жиынына емес, тек қана боярларға крест сүйе тұрып берген бұлдыр, ешқашан жарияланбаған,
саяси жағынан ештеңемен амтамасыз етілмеген міндеттемелерді де қабылдаған емес. 1613 жылдан 1682 жылға дейін Боярлар думасында да, Жерлер жиынында да жоғарғы биліктің шегі жөнінде мәселе көтерілген емес, өйткені барлық саяси қатынастар 1613 жылғы сайлау жиыны бекіткен негізге сай белгіленіп отырды. Патшалыққа шақырған өздерің, патшалық құру құралын да өздерің беріңдер – жаңа сайланған патша Михаилдың грамоталарындағы жиынға негізгі талабы, міне осындай. Әрине, жаңа патша әулетінің шыққан тегі бойынша да, биліктің христиандық қоғамдағы жалпы мәні бойынша да христиандық ой ХVІІ ғасырдағы Мәскеу самодержавиесінің құрамынан да, бүкілхалықтық игілікті қорғаушы ретіндегі патшаның парызы идеясын және заңдық тұрғыдан болмаса да, инсаният тұрғысынан оның құдай алдында ғана емес, жер алдындағы жауапкершілік идеясын таба алатын еді; ал кәдуілгі естілік мынаны нұсқайтын: өкімет таза өздігінен мақсат та, ақтау да бола алмайды және өзінің міндеті – халық игілігіне қызмет ету міндетін атқаруды қойған бойда түсініксіз болып шыға келеді. Осының бәрін, тегінде, ХVІІ ғасырдағы мәскеу патшалары, әсіресе, патша Алексей Михайлович секілді ақкөңіл де құдайшыл билік иесі сезінгендей. Бірақ өз сарайында ауыр рәсімдік сән-салтанатпен қоршалған, сол кездегі жұмсартып айтқанда, қатал құлық пен басқару амалдары тұсында халық алдында әлдебір ассириялық патшалардың жер бетінде орынсыз ұлылығы кейпінде көрініп, соның бәрін өз бодандарына болар-болмас қана сезіндіріп отырды. Дәл сол ақ ниетті Алексей патшаның өзі, бәлкім, өз билігінің сыңаржақтығын түсінген де болар; бірақ халыққа өзінің өкіметінің басқа, екінші жағын түсінік етіп көрсетуге ғасырлар бойы қордаланып, оны қоршап алған шартты ұғымдар мен ғұрыптардың қалың қабатын бұзып-жарып шығуға оның күші жетпеді. Бұл XVІІ ғасырдағы Мәскеу тақсырларының өздері басқаратын қоғамға инсанияттық-тәрбиелік ықпалын көрсетуіне жол бермеді, ал мұндай ықпал өкіметтің ең жақсы міндеті әрі ең жоғары сапасы. Өздерінің басқару салтымен, олар басқарылатындарға сіңірген
сезімдермен бодандарының мінез-құлқын айтарлықтай тәртіпке салды, оларға біршама сырттай ұстамдылық сіңірді, бірақ олардың құлқын болмашы ғана жұмсартты, ал саяси және қоғамдық үғымдарын тіпті аз айқындады. Ұлы Петрдің қызметінде биліктің нақ осы халықтық-тәрбиелік қасиеттері тұңғыш рет жарқырап көрінді, бұлар оның ізашарларында әреңәрең байқалатын, көбіне өшіп те қала беретін. Петрдің өз бойында Мәскеу тақсырының саяси санасының астарын қандай сыртқы ықпалмен немесе ойдың қандай ішкі процесімен төңкере көрсете алғанын айту қиын; жоғарғы өкімет құрамында тек сол ғана патшаның “тиістілігін”, міндеттерін бәрінен де айқынырақ түсініп, ерекше анық сезінді, оның сөзі бойынша, бұл міндет “басқарудың қажетті екі ісіне” саяды: олар – тәртіп, яғни іщкі жағдайды түзету, және қорғаныс, яғни мемлекеттің сыртқы қауіпсіздігі. Атамекеннің игілігі, туған жердің, орыс халқының немесе мемлекеттің ортақ игілігі осында – бұлардың бәрі бірінші болып Петр ұғынған, қоғамдық реттіліктің бастапқы, аса қарапайым негіздерін барынша анық білдіретін ұғымдар еді. Самодержавие – осы мақсаттарға жетудің құралы. Петр атамекен туралы ойдан еш жерде, ешқашан арылған емес; бұл ой оны қуаныш сәттерінде де, қасірет сәттерінде де сергітіп, оның қарекеттерін бағыттап отырды, және қолынан келгеннің бәрімен атамекенге қызмет ету жөніндегі өзінің міндеті туралы ол жай ғана, пафоссыз, байыпты, бірақ табиғи және қажетті іс ретінде айтатын. 1704 жылы орыс әскерлері Нарваны алып, бірінші жеңілістің масқарасын жуыпшайды. Қуаныш үстінде Петр жорықта бірге болған ұлы алексейге оның, мирасқордың жауды жеңіп шығу үшін әкесінен үлгі алуы керектігін, қиындықтан да, қатерден де қорықпауы керектігін айтты: “Атамекеннің игілігі мен ар-намысына қызмет ететін нәрсенің бәрін сүюің керек, ортақ игілік үшін аямай тер төгуің керек; ал менің кеңесім желге кетсе, сені ұлым деп санамаймын”. Кейін, осынау ескертуді орындау қаупі төнгенде Петр патшазадаға былай деп жазды “Өзімнің атамекенім мен өзімнің халқым
үшін жанымды аяған емеспін және аямаймын да; мен ынжық туған сені неге аяуым керек? Сен менің өз халқымның адамдары үшін өз денсаулығымды аямай істеген істерімді жек көресің”. Бірде Петр кеме жасайтын ағаш ретінде жақсы көретін емен жаңғағын Петергоф жолы бойына бар ынтасымен отырғызып жатқанын көрген бір байбатша мырза күлімсіреген екен, “Ақымақ адамсың, – депті оның күлімсірегенін байқаған, мәнін де түсінген Петр: – Бұл өскенше, өзің де өліп қаласың деп ойлап тұрсың-ау. Мен өзім үшін емес, мемлекеттің келешек пайдасы үшін еңбек етіп жатырмын ғой”. Өмірінің соңында, ауырып жүріп, ауа райының нашарлығына қарамастан Ладога каналындағы жұмысты көру үшін жолға шыққан, сонысымен ауруын асқындырған ол, лейб-медик Блюментростқа былай деген: “Ауру қыңыр, табиғат өзінің ісін біледі; бірақ біз де әліміз барында мемлекет пайдасын ұмытпауымыз керек”. Өкіметтің сипатына сай оның жағдайы да өзгерді: Кремль палаталарының, сарайдағы сәнсалтанатты ғұрыптар мен киімдер орнына Преображенскідегі жаман үй, жаңа астанадағы шағын сарайлар, көзкөрген біреудің айтуынша, көпестер де астана көшесінде мінуге ұялатын қарапайым экипаж; өзінің үстінде орыс шұғасынан тігілген қарапайым кафтан, аяғында тозған кебіс пен жамалған шұлық – Екатерина заманының жазушысы князь Щербатовтың айтуынша, бүкіл киімі “Қарапайым екендігі соншалықты, қазір ең кедей адам да оны кимес еді”. Мемлекет пен атамекеннің пайдасы мен даңқы үшін, өмір сүру, ортақ игілік үшін денсаулығыңды, керек болса өміріңді аямау – ұғымдардың мұндай ұштасуы ежелгі орыс адамының әдеттегі санасына оншалықты түсінікті және оның күнделікті өмір практикасына оншалықты дағдылы бола қоймайтын. Ол мемлекетпен, қоғамға қызмет етуді үкіметтің тағайындауы немесе қоғамның таңдап алуы бойынша қызмет ету ретінде түсінді, оған міндетті нәрсе немесе өз басы мен отбасының әл-ауқатын түзетудің құралы ретінде қарады. Құдайдың лебізі жақыныңды өзіңді сүйгендей сүй деп уағыздайтынын, өз жаныңды досың үшін қи дейтінін ол
білетін. Бірақ ол үшін жақынның да ең жақыны өзінің отбасының адамдары мен туысқандары деп білетін; ал өзімнің достарым деп барлық адамдарды, бірақ тек олар бірікке қоғамдар ретінде емесе, жекелеген адамдар ретінде санады. Қауіп-қатер баршаға және әрбір адамға төнген бүкілхалықтық қасірет сәттерінде ол атамекен үшін жан пида етуге міндетті екенін түсінетін және оған дайын екендігін сезіне алатын, өйткені баршаны қорғай отырып, ол өзін де қорғайтын, ал баршаның әрқайсысы өзін қорғай отырып, оны да қорғайтын. Ол ортақ игілікті әркімнің жеке мүддесі ретінде түсінді. Ал Петр ортақ мүддеге сай келмейтін нақ жеке мүддені түсінбеді, жеке, үй ішілік істер аясында қамалып қалу мүмкіндігін түсінбеді. “Осы сендер үйде не істейсіңдер? – деп сұрайтын ол кейде айналасындағылардан: – мен үйде іссіз қалай отыруға болатынын түсінбеймін”, яғни қоғамдық, мемлекеттік істерсіз қалай қарап отыруға болатынын түсінбейтін. “Күніміз күн емес! Ол біздің мұқтажымызды білмейді” деп шағынатын үй шаруасынан ылғи да бөліп алып кететін оның қызметтік талаптарынан шаршағанс адамдар: “Ол өз үйіне қараса ғой, сонда білер еді, бізге не ағаш, не басқа бірдеңе жетпейтінін, сонда біздің үйде не істейтінімізді білер еді”. Ежелгі орыстық ақылдың түсіну қиын осынау қоғамдық игілік туралы ұғымды Ұлы Петр өзінің өнегесімен, өкіметке және оның халық пен мемлекетке қатынасына өзінің көзқарасымен күшейтуге тырысып баққан еді. [...]
ХVІІІ ғасыр ортасындағы орыс мемлекеті...
Императрица Елизавета. Император Петр ІІІ.
ХVІІІ ғасыр ортасындағы орыс мемлекеті... 37 жеті жыл ішіндегі алты патшалық Петр өлгеннен кейінгі оның өзгерістер ісінің тағдырын анықтады. Ол өз ісінің өзі өлгеннен кейінгі жалғасын өзі танымас еді. Ол деспоттарша қимылдады; бірақ ол өзі арқылы мемлекетті бейнелеп, өз ырқын халық ырқы деп біліп, –
мемлекеттің нағыз және бірден-бір мақсаты – халық игілігі екенін өзінен бұрынғылардың бәрінен анық түсінді. Петрден кейін мемлекеттік, заңдық және инсанияттық байланыстар бірінен кейін бірі үзілді, және осынау былық арасында мемлекет идеясы да өлеусіреп, үкімет актыларындағы бос сөз ғана болып қалды. Орныққан династиясы жоқ, тек құрып бара жатқан патша үйінің кейбір қалдықтары ғана бар, әлемдегі ең самодержавиелік мемлекет; заңды тақ иесі жоқ мирасқа қалатын тақ; кездейсоқ және жиі ауысатын қожайындары бар сарайға қамалған мемлекет; құрамы ойданқырдан жиылған текті немесе үлкен шеңді, бірақ өзі де мүлдем құқықсыз, сәт сайын сапырылыстырылып жататын билеуші тап; сарай қулықсұмдығы, гвардия бүліктері және полицейлік тіміскі – елдің саяси өмірінің бар мазмұны осы; құқық атаулыны басып-жаныштаған жүгенсіздіктен жаппай қорқыныш: орыс сарайында тіркелген шетелдік елшілерге көрінетін құбылыстар, осындай, олар мұнда минут сайын бәрі өзгеріп жатады, үкімет туралы титімдей сөз бола қалса, бәрі көлеңкесінен қорқады, ешкім ештеңеге сенбейді, қай әулиені пір тұтарын білмейді деп жазды. Сол тұста билік жүргізуші топта тым аз болған ойлы адамдар мемлекеттің қауіпті жағдайын түсінетін, ол құқықпен емес, жанама фактымен, механикалық жалғастықпен ішкі не сыртқы алғашқы соққыға дейін қалтқұлт етіп күн көрді. Тәртіптің мықты заңды негіздеріне және үкіметтің өзі басқаратын қоғаммен жақындасуына қажеттілік сезіліп тұрды. И. И. Шувалов императрица Елизаветаға “Іргелі заңдар туралы” жобасын ұсынды, граф П. И. Шувалов Сенатты “қоғамдық пікірді еркін таныпбілудің” мемлекетке пайдасы туралы жобасымен таныстырды, бірақ мұндай жобалар Сенат мұрағатынан мәңгілік тыныштық табатын. Негізгі заңдарды жасау секілді қиын іс қана емес, шығарылған жарғылар мен жарлықтарды жай ғана ретке келтірудің өзі Алексей патша тұсында әрең тындырылса, батыс еуропалық ғылымның жетістіктерін пайдалануға болатын келесі ғасырда үкіметтің шамасы келмейтін іске айналды. 1700 жылдан бастап жаңа Уложение жасау ісі дәрменсіз жүріп жатты, бұл үшін
тек қана шенеуніктерден немес сословие өкілдерінен ведомствоаралық және жай ғана ведомстволық арнаулы комиссиялар тағайындалып отырды. Остерманның ұсынысы бойынша тіпті бір неміске орыс заңдарының бүкіл кодификациясын жасау тапсырылды. Бір жолы, 1754 жылдың 11наурызында, императрица қатысып отырған, коллегиялар мен канцеляриялардың мүшелері қатысқан Сенаттың салтанатты отырысында, сот жүргізу ісіндегі сұмдық былықтар тілге тиек болды. Әрқашан сөзуар граф П. И. Шувалов қайғыға тек заңдар жинағымен көмектесуге болатынын, бірақ ондай жинақты құрастыруға ештеңе жоқтығын, өйткені жарлықтар көп болғанымен, жұрттың бәріне айқын да түсінікті заңдардың өзі жоқтығын ұғындырды. Әділ сотқа қолы жетпей жүрген адал бодандарына жаны ашитынын білдіре келіп, императрица Елизавета ең алдымен анық заңдар жасау керектігін айтты, сонан кейін құлық пен салт уақыт өте келе өзгереді, сондықтан заңдарда өзгеріс керек деп толғанды, қортындысында “періштенің қабілеті болса да” барлық жарлықтарды егжей-тегжейлі білетін адам болмайды деп ескертті. Осыны айтқаннан кейін Елизавета орнынан тұрды да шығыпм кетті, ал Сенат анық және түсінікті заңдар жасау керек деген қаулы қабылдады, оларды 80 жыл бойы жасады, бірақ ештеңе де тындыра алған жоқ. Айтпақшы, бұл іс үшін бірден-ақ Сенат жанынан комиссия құрылып, оның құрамына бір “десьянсакадемия прфессоры” кірді. Жылдан аса уақыт ішінде комиссия заңдар жинағының екі бөлімін жасады, бірақ оның жұмысының заңдық мәні мен дайындығы болмашы ғана екенін аңғарып, оның еңбегін іске қосуға батпады. Адамдарға шексіз билік жүргізе тұрып, тәртіп алдындағы именшек дәрменсіздік (осы дәуірдегі біздің барлық үкіметтердің ерекшелігі) – бұл көше беті еуропаша әсемделсе де, конструкциясы шығыс азиялық мемлекеттің ерекшелігі. Осы ерекшелік және бір істе – сословиелер арасындағы қатынасты анықтау ісінде көрінді, оны Петр бастап, аяқтауды өзінің ізбасарларына қалдырған болатын. Бұл арада ол мемлекет ісіне міндеттілік тұрғысынан теңгермешілік талпыныстарға жат
болмады. Ол кейбір арнаулы таптық міндеттерді бірнеше тапқа таратты, мысалы, холоптықтың барлық түріне алым енгізді, ал әскери міндеттілік тіпті барлық сословиелер үшін енгізілді. Міндеттілікті осылай жалпыға бірдей ету уақыт өте келе қоғамдық таптарды құқықтық теңестірудің негізіне алынуға тиіс болатын. Бұл теңестіруге төменнен бастау, шаруалардың міндеттерін, әсіресе басыбайлы шаруалардың қожайындарына төлемдері мен жұмысын заң арқылы бекітуден бастау көзделіп еді. Бұл мәселе Посошковтың шығармасынан көрінетіндей, Петрдің тұсында-ақ халық арасында сөз болып жүрді, Екатерина І тұсында Жоғарғы құпия кеңесте, Анна тұсында Министрлер кабинетінде талқыланды, Сенаттың обер-прокуроры Маслов шаруалар мұқтажын тынбай қорғаушыға айналды, шонжарлардың ойын сан-саққа жүгіртті, бірақ Петрдің басқа да барлық қоғамдық реформалары сияқты өшіп тынды. “Жұрттың көбісі әлдене мұқтаждық жөнінде әңгіме қозғала қалса өкінішін, жаны ашитынын білдіріп қалуға құштар, ал тікелей іске келгенде өзінің риясыз еңбегін жұмсайтын ешкім жоқ” деп жазды Ягужинский І Екатеринаға. Үкіметтің дәрменсіздігінен іс үстем күш бағытталған стихиялық жолға түсті. Абсолютті билік өз иесінің оны ақтай алатын жеке қасиеттері болмаған жағдайда әдетте не өзінің айналасындағылардың, не өзі қорқатын, өзі тірек еткісі келетін қоғамдық таптың малайына айналады. Жағдайға байланысты бізде ондай күш басында гвардия тұрған дворяндар болып шықты. Еркіндік алған дворяндар бұқарасы басыбайлы халықтың жеке басы мен еңбегіне бақылаусыз билік жүргізу құқығымен немесе мүмкіндігімен селолардағы өз ұяларына жайласып алды. Дворяндардың шаруалармен осы мекендік жақындасуы инсанияттық алшақтық процесіне ең ащы ағысын қосты, ол процесс ХVІІ ғасырдан-ақ заңдық негізде басталып, бірте-бірте кеңейе түсті де біздің қоғамдық өмірдің күш-қуатын жеміріп, қожайындар мен қара халық арасына жатып алды, бізге дейін де жетті және қазіргі тірілердің бәрінен кейін де жалғаса береді. Сонымен бірге қоғамдық құрам өзінің құрамдас элементтерінің теңдігін жоғалтты.
Екінші тексеру бойынша (1742–1747 жылдар) Ресейдің Сібірді қоса есептегендегі сол кездегі 12 губерниясында 6660 мың салық төлеуші болған. Орыс сарайындағы Пруссия елшілігінің хатшысы Фоккеродт Петр І өлгеннен кейін он үш жылдан соң жасалған Ресейді суреттеуінде, орыс қоғамының салық төлемейтін топтары туралы сандық мәліметтерді хабарлайды, ол мәліметтер Анна патшалығының соңына тура келеді, және, тегінде, ресми көздерден алынған. Оның көрсетуінше, жаңадан қосып алынған провинцияларсыз-ақ империяның негізгі облыстарында ата-бабасынан бергі дворяндар еркек-әйелін қосқанда жарты миллионға жуық, приказ адамдары, дербес дворяндар 200 мың, ақ және қара деп бөлінетін дінбасылар, алғашқыларының отбасы мүшелерімен 300 мыңдай болған. Бұл көрсеткіштер, әрине, шамамен алынған, тіпті де дәл емес мәліметтердің құнын көрсетеді. Салық төлемейтін таптардың осы цифрларын екінші ревизияда анықталған жан басына салық төлейтін халықтың санымен салыстырсақ қаладағы және селодағы 100 салық төлеуші еркек-әйелі аралас 15 салық төлемейтін адамды тікелей немесе жанама асырайтынын көреміз. Салық төлеушілердің мойынан түскен осы салмақтың ауырлығы, егер біз сол таптардың тұрғындарының басым көпшілігін орыстар құрайтын Еуропалық Ресейдің 43 губерниясындағы (Остзей, Висла маңы, Литва губернияларын, Финляндия мен Бессарабия облысын қоспағанда) содан 127 жыл кейінгі сандық ара қатынасымен салыстырсақ, бізге тіпті анық бола түседі. Еркек жынысты 100 салық төлеушіге тура келетін екі жыныстан да салық төлемейтіндер ара қатынасы мынадай: 1740 ж
1867 ж
Ата тегінен дворяндар
7,5
1,5
Дара дворяндар мен қызметшілер 3,0
1,0 Дінбасылар
4,5
2,3
ХІХ ғасырдағы негізгі Ресейді артықшылықты таптары шамалы ғана елдер санатына қосуға болмайды: мысалы 1867 жылы провославиелік орыс
губернияларында дінбасылар католиктік Висла бойына қарағанда алты есе, протестанттық остзей губернияларына қарағанда алты есе дерлік артық болды. Алайда халық өмірінің табиғи өсімі мемлекеттің зорлықшыл әлеуметтік жұмысына қарсы қимылдай отырып, салық төлеушілер мойнынан солардың еңбегімен күн көріп келгендердің үштен екісін алып тастады. Таңдаулы таптарға ұзақ және зорыға жұмыс істеген жұмыскер халықтың мәдени қоры неліктен өте аз жиналғанын осыдан түсінуге, тіпті жанашырлық білдіруге болады. 1762 жылғы 18 ақпандағы заң кесірінен туындаған бұл ауырлық басыбайлылар үшін әділетсіздік, салмақты алақұла бөлу салдарынан одан сайын ауырлай түсті. Бұрын басыбайлылар басқа салық төлеуші таптармен бірге сыртқы қауіпсіздік, ішкі тәртіп және рухани жетекшілік деген желеумен әскерді, приказ адамдарын, дінбасыларды асырап келді. Мұның үстіне, басыбайлылар өз помещиктеріне олардың міндетті әскери қызметі үшін бөлек төледі, ал ондай помещиктер отбасы жандарын қосқанда 100 еркек басыбайлыға 14 адамнан келді (екінші ревизия бойынша С.-Петербург губерниясын қоспағанда помещиктердің 3 миллион 449 мың басыбайлы жанына әйелеркегі аралас 500 мың дворян). Бірақ дворяндардың міндетті әскери қызметі алып тасталғаннан кейін де қандай желеумен олардың басыбайлылары оларды өздерінің міндетті еңбегімен асырай берді, сонымен бірге басқа салық төлеушілермен қатар салық төлемейтін басқа үш таптың зейнеткерлерін асырап келді? Салық төлейтін халық екі ревизия арасында 18% өскен; бірақ бұл өсім салық төлейтін таптар арасында тым ала-құла бөлінген. Қала халқы 24 пайыздан астам, ал мемлекеттік шаруалар саны тіпті 46 пайыздан астам ұлғайғанда, басыбайлы халық саны шамамен 12 пайыз ғана ұлғайыпты; мұның басты себебі басыбайлылық ахуалдан бас сауғалап жаппай қашу болуы мүмкін еді. Басқа бір нышан шаруалар көтерілісінің күшейе түсуі болды. Халық бұқарасы өзі құрбандығы болатын қоғамдық әділетсіздікке төзе қоймайды. Елизаветаның патшалығы кезінде жалпы салыстырмалы ауқаттылық
тұсында басыбайлылар арасындағы ұсақ толқулар тым ұлғайып кете қоймаса, содан кейін, 18-ақпан манифесі жарияланған заматта кеңінен өрістегені соншалық, ІІ Екатерина таққа отырған бойда 100 мыңға тарта помещиктік және 50 мыңға тарта зауыт шаруаларын басып-жаншуына тура келді.
Ұлы Петр реформаларының тағдыры
Петр өзінің өзгертушілік қызметіне жалғыз өзінің күш-жігерін ғана жұмсап қоймай, мемлекет туралы ұғым, ғылымға мемлекеттік құрал ретіндегі көзқарас секілді бірқатар идеяларды және ішінара мұраға қалған, ішінара өзі тұңғыш рет алға қойған бірқатар міндеттерді енгізді. Ол идеялар мен міндеттер өз-өзінен едәуір кең көлемді бағдарламаға айналды. Петр өз халқын бай және білгір еткісі келді, бұл үшін білім көмегімен оның еңбегін мемлекеттік мұқтаж деңгейіне, тіпті мүмкін болғанынша батыс еуропалық деңгейге дейін көтергісі, Балтық жағалауын жаулап алу арқылы сол еңбек туындыларына батыс базарларына еркін де тікелей жол ашуды, ықпалды халықаралық жағдай арқылы өз еліне Батыспен араласуды және сол жақтан техникалық және мәдени құралдардың ағылып келіп жатуын қамтамасыз етуді қалады. Ол осы бағдарламаны орындай алмағанын жақсы білді, мемлекетті неғұрлым күштірек те дәулеттірек етті, бірақ халықты байытып, сауаттандыра алмады, және, 1721 жылы Швециямен жасалған бітімді тойлау үстінде Сенатқа ендігі шаруа – халық жеңілдік алатын шаралар қолдану екендігін айтты. Әскери-қаржылық реформа жасалды, ол өзінің жалғасын тауып, қоғамдық ынтаның көмегімен өндіргіш күштерді дамытуға бағытталған әлеуметтікэкономикалық реформаға айналуы керек еді. Ол тіпті істің солай жалғасуын дайынай да бастады: саяси, әскери және қаржылық істерді әрқилы тектерден және тіпті әрқилы халықтардан өсіп шыққан білгір мамандардан құралған бюрократтық орталық басқаруға жүктеп, ол халық
шаруашылығы мен көркейту жөніндегі шаруаны жергілікті басқаруға көшіруге, өз бетінше жұмыс істеуге екі сословиені: дворяндар мен көпестерді тартып, оған қоғамдық сипат беруге тырысты. Бірақ іс алға баспады: Петрден кейін өнеркәсіп елеулі табыстарға жете алмады, жатжұрттықтар қолындағы сыртқы сауда енжар күйінде қалды; көпес үйлері мен мүліктерін тізімдеу арқылы төленбеген салықты жинаудың жосықсыз амалы күйзелткен ішкі сауда құлдырады; өздерінің салықты түгел төлемегенін ақтауға тырысып, көп адамдар сауда жасауды қойды. Басқару да Петр оның алдына қойған қос міндет рухына жат бағытта да қайта құрылды. Ол қарулы көмек алды: сыртқы қауіпсіздік күзетінде тұрған әскердің беті ішке қарай бұрғызылды, гвардия өз билігін тартып алу ретінде қарастырған үкіметтерді қорғауға, армия салық жинауға, қарақшылықпен күреске, қашқан шаруаларды ұстап, олардың толқуларын басуға жұмылдырылды. Орталық басқару не құрамы жағынан аристократиялық, не іскерлік даярлығы жағынан бюрократиялық бола алмады: оны байбатша шляхтичтер ұрпағы мен әр текті адамдар жүргізді; бірақ олардың қай-қайсысы да, ілуде біреуі болмаса, қолдан жасалған әкімдер еді, олар туралы сол кездегі пікір бойынша, олар өз ісін үстірт, жүрдім-бардым ғана білді. Сенаттың өзі салақтығы мен олақтығы үшін жоғарыдан талай сөгіс алды; басқарудың ең жоғары басшысы, өзіне бағындырылған іске олақ адамдарды алғаны сонша 27 жылдың (1730–1756 ж.ж.) кірісі мен шығысының, қалдық пен жиналмаған салықтың есебін олардан еш ала алмады. Облыстық басқару да қайта құрылды. Екатерина І тұсында губернаторлар мен воеводаларға бағындырылған қалалық магистраттарды Елизавета бұрынғы күйінде қалпына келтірді, губернаторлар жанындағы дворян ландраттарының кеңесі Петр І кезіндеақ таратылып, уездер бойынша дворяндар сайлайтын “жергілікті комиссарларға” жол берді. Петр І-ден кейін дворяндардың жергілікті басқаруға қатысуы бұрынғыдан да шектеліп, помещиктер усадьбаларына бытырап кетті, олар басыбайлылық сот-полиция учаскелерінің
орталықтарына айналды. Сөйтіп губерниялық, содан кейін уездік дворяндар қоғамдары нығаймай жатып, усадьбалық ұяларға бытырап жіберілді. Атақты және жоғары шенді шляхтичтер жоғарыда орталықта үстемдік жүргізсе, төменгі және орта буын провинцияларға, басыбайлылық түбіне сіңісті. Айтпақшы, сол усадьбалық село бастықтарын сословиелік қоғамға қайта біріктіру, сөйтіп олардың билігін басыбайлы село шеңберінен әрі өрістету ойы болды: 1761 жылы Сенат помещиктерге өз ортасынан қалаларға, сол қалаларға жақын деревнялардан воеводалар сайлау құқығын берді. Сөйтіп дворяндардың сайланған өкілдері сайланбалы дворяндар тақ шенеунігінің орнына отыратын болды. Шамамен сол кезде жаңа Уложение құрастырып жатқан кодификациялық комиссия дворяндардың “провинциялар бойынша Жерлер съездері” деген бірдеңені жобалады, тек ол туралы ереже жасап үлгермеді. Бұл екі арада үкіметтік топта әкімдер мен қазылар дайындаудағы кемшілікті жою мақсатында дворяндарды басқаруға жалпы жіберу жоспары да болды. Сол кездегі үкіметтік орындарда іс тұтқасы қолында болған мансапты импровизаторларды “қабілетсіз әміршілер” деп атаған граф П. И. Шувалов олардың зияндылығын басқалардан жақсы түсінді. Халықты сақтап қалу туралы Сенатқа 1754 жылғы көлемді жазбасында ол “губернияларды, провинцияларды және қалаларды басқаратын адамдар даярлауды, сол арқылы басты үкіметке даярлауды” қалай ұйымдастыру керек екенін түсіндіреді. Облыстық басқару “Ресей юриспруденциясына жаттығатын жастар училищесіне” айналуға тиіс. Сондықтан губерниялық мекемелерде дворяндардан шыққан “юнкерлерді” ұстау керек, олар іс үйренуді ең төменгі шендерден бастап, табысына қарай бірте-бірте хатшы, воевода, губерниялық кеңесші, губернаторға дейін, сонан соң орталық басқарудың жоғарғы дәрежесіне дейін көтеріле алатын болады. Шуваловтың жоспары Петр І ойларын өрістету ғана болатын, ол да коллегиялар жанына іске даярлау үшін дворяндар бозбалаларынан юнкерлерді жинап, хатшылар тек дворяндардан тағайндалсын деп тапсырған. Бұл оның қол астында дайын
тұрған әкімшілік материал еді; бірақ ол азаматтық қызметті дворяндар монополиясына айналдырғысы келген жоқ, керісінше дворяндарды еңбегі сіңген әртектілермен толықтырғысы келді. Шуваловтың дворяндық мандаринаты Мәскеудің ескі сословиелік-бюрократиялық басқару тұрпатын қалпына келтіретін, дворяндардан шенеуніктердің ортаймас дүкенін жасайтын, бұрын жер асырап келген оларға енді қосымша сословиелік мансап емшегін де беретін. Бұл жоспардың тамырын Петр шараларынан емес, Аннаның самодержавиесін қалпына келтірген шляхтичтердің өздеріне орталық және облыстық басқару ең жоғары мансаптар беруді сұраған өтінішінен іздеу керек. Дворяндар туралы осынау жекелеген шаралардан, жоспарлардан, жобалардан сол кездегі бүкіл шым-шытырықтан өніп-өсіп шыққан ірі ортақ факт өзіне қолайлы құқықтың пошым іздеген еді; ол – дворяндар билігінің басталуы. Бұл факт – Петр реформасынан күрт бет бұрудың бір нышаны: еуропалық мәдениет құралдарымен халық еңбегінің өнімділігін арттыруға бағытталған іс, күшейтілген фискалдық қанауға және халықтың өзін полицейлік тонауға айналды. Петр еуропалық мәдениетті орыс қоғамына енгізуші еткісі келген сословие осынау бет бұрудың құралы қызметін атқарды. Елизавета уақытының адамдары өзгертуші нұсқаған жолдан бұрылып кеткенін сезген-сезбегенін айту қиын. Бірақ білімді граф Кирилл Разумовский, фавориттің ағасы, кейінірек сәті соққанда осы сезімді білдірген еді. 1770 жылы атақты шіркеу ділмары Платон Чесмен жеңісіне орай Петропавл соборында императрица мен сарайлықтар қатысуымен уағыз айтып тұрып, аса таяғымен Ұлы Петр мазарын бір соғып, тұр орныңнан, көр сүйікті флотыңды дегенде, Разумовский жаппай тәнтілік тұсында жанында тұрғандарға: мынау не айтып тұр, ол тіріліп келсе, бәріміз көресімізді көреміз деп сыбырлай қойған. Былай болып шықты: әкесінің қасиетті өсиеттері туралы көп айтатын нақ Елизавета үкіметтің соған дейін қоғамды басқарудағы дағдылы құралы болып келген сословиеде үкімет көмегімен қоғамды өзі басқаруға ұмтылыс пайда болуына жәрдемдескен
жағдайды дайындады.
Императрица Елизавета
Императрица Елизавета 20 жыл, 1741 жылдың 25-қарашасынан 1761 жылдың 25-желтоқсанына дейін патшалық құрды. Оның патшалығы тұсында даңқ та, тіпті пайда да болды. Оның жастық шағы әй дейтін әже, қой дейтін қожасыз өтті. Петрдің назардан тыс екінші отбасында өскен патшайым онан қатал тәртіп те, тәтті естелік те алып шыға алмайтын еді, онда бала үйренетін алғашқы сөздер тятя, мама, солдат болатын, ал анасы қыздарын тезірек күйеуге беруге асығып тұратын, өйткені әкесі өле қалса, олар таққа таласатын бәсекелес болмауы керек еді. Өсе келе Елизавета қыздар бөлмесінде ғана тәрбие алған бойжеткен секілді көрінетін. Ол ғұмыр бойы қашан тұру, киіну, тамақтану, ұйқыға жату уақытын білгісі келген емес. Оған күңдерінің тұрмысқа шығу тойы бәрінен рахат болатын: ол қалыңдықты өзі киіндіріп-жасандыратын, тойға келген қонақтардың қалай көңіл көтеретініне сығалап мәз болатын. Біреумен сөйлескенде ол бірде өте қарапайым және мейірімді, бірде болмашы нәрсеге қатты ашуланып, малай болсын, сарай қызметкері болсын, бетжүзіне қарамай балағаттай беретін, әсіресе фрейлиналарға айтпайтын сөзі болмайтын. Елизавета екі мәдени ағымның тоғысына тап болды, еуропалық жаңа ағым мен отандық көне тақуалық ағым арасында тәрбиеленді. Ол екеуінің де ықпалы өз таңбасын салған еді, сондықтан екеуінің де ұғымдары мен талғамдарын өз бойында ұштастыра алатын: шіркеудегі кешкі құлшылықтан балға, балдан таңсәрідегі намазға үлгеретін, орыс шіркеуінің киелі заттары мен ғұрпын қастерлейтін, Парижден Версаль сарайындағы банкеттер мен фестивальдар суреттелген журналдар жаздырып алатын, француз спектакльдерін құлай сүйетін, орыс кухнясының барлық гастрономиялық құпияларын егжей-тегжейлі білетін. Өзінің руханы ұстазы Дубянский әкейдің тілалғыш қызы, француз
танцмейстері Рамбурдың шәкірті өз сарайында оразаның бұлжытпай ұсталуын қадағалады, сондықтан тамақсау канцлер А. П. БестужевРюминнің тек Константинополь патриархының рұқсатымен ғана қозықұйрық жемеуіне мүмкіндік жасалды, бүкіл империяда менуэт пен орыс биін императрицадан жақсы ешкім орындай алмайтын. Діни көңіл күйі оның бойында эстетикалық сезіммен ұштасып жатты. Француз королінен бастап өзінің жиеніне дейін талайлардың қалыңдығы деп саналған, императрица Анна кезінде монастырь мен Саксенкобуремейнинг герцогының құжырасынан Бирон сақтап қалған ол өз жүрегін Чернигов казактарынан шыққан сарай әншісіне ұстатты да, сарай саз үйіне айналды: Малороссия әншілері де, итальян әншілері де шақырылып жатты, көркемдік әсер тұтастығын бұзбас үшін олар ғибадат әнін де, операны да қосылып шырқай беретін. Елизаветаның мінезі мен өмір салтындағы сүйкімді немесе оқыс қайшылықтар тәрбие ықпалының екі жақтылығымен түсіндіріледі. Қағілез де көңілді, бірақ өзінің бойын күтіп ұстайтын, мұның үстіне ірі әрі сымбатты, әдемі дөңгелек жүзді, екі беті гүл-гүл жайнап тұратын ол ұнамды әсер қалдыруды сүйетін, және өзіне еркектер костюмы ерекше жарасатынын білетін ол сарайда маскасыз маскарад ұйымдастыратын, оған ерлер әйелдер киімімен, кең юбкаман, әйелдер еркекше сарай киімімен келуге міндетті болатын. Петр І мұрагерлерінің ішіндегі ең заңдысы, бірақ таққа бүлікшіл гвардияшылар найзасымен отырғызылған оған әкесінің қажыр-қайраты тән еді, тәулігіне жиырма төрт сағат бойы сарайлар салдырды, екі тәулікте Мәскеуден Петербургқа дейінгі сол кездегі жолды жүріп өтіп, зорыққан әлдебір аттың құнын ұмытпай төлеп отырды. Бейбітшіл және бейқам ол өз патшалығының жартысын соғыспен өткізуге мәжбүр болды, сол заманның бірінші стратегі ұлы Фридрихты жеңіп, Берлинді алды, Цорндорф пен Кунерсдорф майданындағы сансыз солдаттарынан айрылды; бірақ Софья патшаның басқаруынан кейін Русьте осындай қайғысыз тұрмыс болған емес, және 1762 жылға дейінгі бірде-бір патшалық өзінің артында осындай
жақсы естелік қалдырған емес. Батыс Еуропаны қалжыратқан екі үлкен коалициялық соғыста Елизавета өзінің 300 мыңдық әскерімен еуропа тағдырын шеше алатын секілді еді; Еуропаның картасы оның алдында ашық күйінде жатты, бірақ оның соған ілуде бір ғана көз салғаны соншалық, ол ғұмыр бойы Англияға құрлықпен бару мүмкіндігіне сеніп өтті, және сол Ресейдегі алғашқы нағыз университеттің – Мәскеу университетінің негізін қалады. Жалқау әрі еркетотай, кез-келген байсалды ойға үрке қарайтын, нақты іспен айналысуды жек көретін Елизавета сол кездегі Еуропаның күрделі халықаралық қарым-қатынастарына көңіл қойған жоқ, өз канцлері Бестужев-Рюминнің дипломатиялық айлашарғысын түсіне алмады. Есесіне өзінің тыныстайтын бөлмелерінде тегін тамаққа әуестер мен әңгімешілдерден, өсекшілерден ерекше саяси топ құрды, оның басында ынтымақшыл интимдік кабинет тұрды, оның премьері бізге белгілі өнертапқыш әрі жоспар жасағыштың әйелі Мавра Егоровна Шувалова тұрды, мүшелері императрицаның туысқаны, қыз кезінде Скавронская деп аталатын Анна Карловна Воронцова, қайдағы бір жай ғана Елизавета Ивановна болды, оны тұп-тура сыртқы істер министрі дейтін: “Барлық істер тақсырға сол арқылы жетеді” деген бір замандасы. Бұл кабинеттің тындыратыны әрқилы әңгімелер, өсек, жамандау, сарай маңындағылардың түрлі айла-шарғылары мен қулық-сұмдығы болатын, осының бәрінен Елизавета рахат табатын. Бұлар сол заманның “өрістері” еді; осы жерден мәртебелі шендер мен табысы мол істер орындар таратылып жатты; осы жерде мемлекеттік ірі мәселелер шешіліп жатты. Осынау Кабинет жұмыстары мейрамдарға ұласатын, Елизавета жасынан арманшыл еді, ұлы княжна кезінде бірде ойы басқа бірдеңеге ауған ол шаруашылық іс қағаздарының біріне өз есімінің орнына От жалыны... деп қойғаны бар. Таққа отырған соң, ол қыз кезіндегі армандарын таңғажайып шындыққа айналдырғысы келді; көз қарықтырар жарқылымен, жүрек айнытар сән-салтанатымен естен айыратын спектакльдер, сайрандау сапарлары, куртагтар, балдар, маскарадтар бірінен соң бірі үздіксіз жалғаса
берді. Кейде бүкіл сарай түгелімен театр фойесіне айналып кететін: күнбекүн тек француз коммедиясы, итальян комедиялық операсы, оны ұстаушы Локателли, интермеццалар т.б. тілге тиек болатын. Бірақ салтанатты залдардан шыққан соң сарай тұрғындары баратын тұрғылықты бөлмелер тарлығымен, жиһазының күйкілігімен, ыбырсып жататындығымен көңіл құлазытатын: есіктер жабылмайды, терезеден ызғар соғады, қабырға қаптамаларымен тамшы сорғалайды, бөлмелер өте дымқыл; ұлы княгиня Екатеринаның жатын бөлмесіндегі пеш жарық-жарық болатын; бұл жатын бөлменің жанындағы аядай бөлмеде 17 күң тұратын, жиһаз жұтаңдығы соншалық, айналар, төсектер, үстелдер, орындықтар сарайдан сарайға, тіпті Петербургтен Мәскеуге тасыла беретін, сындырылатын, талқандалатын, сол күйінде уақытша орындарына қойылатын. Елизавета алтындалған қайыршылықта өмір сүріп, патшалық құрды, ол өзінен кейін гардеробта 15 мың көйлек, 2 сандық жібек шұлық, бір үйме төленбеген есеп қағаздарын, 1755 жылдан 1761 жылға дейін қазіргі 10 миллион сомды жұтып қойған, бірақ әлі бітпеген орасан зор Қысқы сарайды қалдырды. Өлерінің алдында оның сол сарайда тұрғысы келді, бірақ құрылысшы Растрелли оның ең болмаса өзінің тұрғын бөлмелерін әрлеп бітіру жөніндегі өтінішіне құлақ асқан жоқ. Француз галантерея дүкендері кейде жаңа мода тауарларын сарайға қарызға беруден бас тартатын. Соның бәріне қарамастан өзінің алдындағы курляндиялық ізашарындай емес, соқыр сенімдердің, жаман әдеттің, бұзылған талғамның қалың қабатының астында әлі де адам өмір сүріп жатқан-ды, ол кейде сыртқа атылып шығатын, ол тақты басып алғанда өлім жазасына кеспеу жөніндегі анттан, сол антын бұзбай оны 1744 жылғы 17-мамырдағы жарлығымен жүзеге асырудан, сөйтіп Ресейде іс жүзінде өлім жазасын алып тастаудан, 1754 жылғы Комиссия құрастырған Уложениенің аса қатыгез, өлім жазасының неше түрі көзделген, Сенат мақұлдап қойған қылмыстық бөлімін бекітпей тастаудан, Синодтың императрица берген анттан бас тарту жөніндегі әдепсіз өтініштеріне жол бермеуден, ақыр соңында, сол бір Синодтың
қулық-сұмдығымен қабылданған әділетсіз шешімге бола жылай алу қабілетінен көрінді. Елизавета ХVІІІ ғасырдағы ақылды да, мейрімді, бірақ реттілік дегенді білмейтін, өз дегені болмаса көнбейтін орыс барынясы еді, оны тірі кезінде орыс әдеті бойынша көптеген адамдар жерден алып, жерге салды және ол өлгенде кейін тағы да орыс әдеті бойынша көз жасын көлдетті.
Император Петр ІІІ
Оған жыламаған бір ғана адам еді, өйткені ол орыс емес еді, жылай да білмейтін, ол – Елизаветаның өзі тағайындаған тақ мұрагері – императрица Елизавета артына қалдырған жағымсыз істің ең жағымсызы еді. Бұл мұрагер, Елизавета босанар кезінде өліп кеткен үлкен әпкесінің ұлы Голштин герцогы, ол біздің тарихымызда Петр ІІІ атымен мәлім. Кездейсоқтықтың қиыннан қиыстырар ойынының әмірімен осы принц арқылы ХVІІІ ғасыр басындағы екі ұлы бақталас өлгеннен соң татуласты. Петр ІІІ Петр І-нің қызының ұлы, Карл ХІІ-нің әпкесінің немересі еді. Осының салдарынан, кішкентай Голштин герцогтік иесіне екі үлкен тақтың, орыс және швед тақтарына мұрагер болу қаупі төніп тұрды. Алдымен оны швед тағына дайындап, лютеран катехизисін, швед тілін, латын грамматикасын зорлап оқытты. Бірақ Елизавета, орыс тағына отырған соң, оның өз әкесінің ұрпағында қалуын қалап, майор Корфты аттандырды да оған, жиенін Кильден Петербургке қалай болғанда да жеткізуді тапсырды. Петербургте Голштин герцогы Карл-Петр-Ульрих ұлы князь Петр Федоровичке айналдырылды да, орыс тілі мен православие катехизисін үйренуге мәжбүр етті. Бірақ тағдыр мейірімді болғанмен, табиғат оны жарылқай қоймаған екен, жат және үлкен екі тақтың ықтимал мұрагері қабілеті жағынан өзінің кішкентай тағына да лайық емес еді. Ол нәрәнжік болып туып, солай жүдеу және қабілетсіз болып өсті, қабілетке де жарымады. Мейрімсіз табиғат өйтіп-бүйтіп берген бірдеңені жосықсыз
Голштин педагогиясы сыпырып алды. Тым ерте тұлдыр жетімге айналған Петр Голштинияда надан сарай қызметкерінің басшылығымен түкке тұрмайтын тәрбие алды, әлгі тәрбиеші оған дөрекі сөйлейтін, адамды қорлайтын және тіпті денсаулыққа зиянды жазалар қолданатын, тіпті принцті дүрелейтін. Қай нәрседе болсын қорлық көретін, қыспаққа алынатын ол жаман талғам мен әдеттерді үйренді, ашуланшақ, ұрысқақ, қыңыр, жалғаншыл болды, өтірікті ұялмай-қызармай айта беретін, онысына өзі де сене беретін болды, Ресейге келген соң естен танғанша ішуге дағдыланып алды. Голштинияда оның тым нашар оқытылғаны сонша, о Ресейге 14 жасар мүлдем сауатсыз бозбала болып келді, тіпті императрица Елизаветаның өзін надандығымен таң қалдырды. Жағдайдың және тәрбиелеу бағдарламаларының тез өзгеруі онсыз да миғұла басты естен айырды. Бірде анаған, бірде мынаған ешқандай байланыссыз, жосықсыз оқуға мәжбүр етілген Петр ештеңе үйрене алмай-ақ қойды, ал Голштин мен орыс жағдайының бір-біріне ұқсамауы, Киль мен Петербург әсерлерінің мәнсіздігі оны ол айналасындағыны түсінуден мүлдем мақұрым қалдырды. Оның ақыл-есінің дамуы бойының өсуінен бұрын тоқтады; ержеткен кезінде ол бала күйінде қалды, ойы өспей, бойы өсті. Оның ой және қарекет салты жұмбаздай салынған, онысы да аяқталмаған бірдеңе секілді еді. Маңызды нәрселерге ол бала көзімен қарады, ал балалық ермекке үлкен кісіше байыппен қарады. Ол өзін ересекпін деп ойлайтын балаға ұқсайтын; іс жүзінде ол біржола бала болып қалған ересек адам еді. Ресейде, үйленген соң да ол өзінің сүйікті қуыршақтарынан арыла алмады, оның сол қуыршақтармен ойнап отырғанын сарай адамдары талай көрген. Мұрагерлі иелігі жағынан Пруссияның көршісі болған ол Фридрих ІІ әскери даңқы мен стратегиялық кемеңгерлігіне елікті. Бірақ оның титімдей миына үлкен идеал ұсақ-түйек ойыншықтарға бөлініп қана қона алатындықтан, бұл жаугершілік еліктеу Петрде Пруссия батырын әжуалауға, қарапайым ойыншық солдаттар ойынына айналды. Ол орыс әскерін білмеді, білгісі де келген жоқ, ал нағыз
солдаттар оған тым үлкен көрінгендіктен, ол өзіне балауыздан, қорғасыннан, ағаштан кішкене солдаттар жасап беруді бұйырып, оларды өз кабинетіндегі үстелдерге орналастырды, арнайы көмекші құралдар жасатты, олардың жібінен тартып қалса, Петрге атылған мылтық үні естілгендей болатын. Арнаулы күндері ол малайларын жиып алып, әдемі генерал мундирін киіп, ойыншық жіптерден тартқылап, шайқас дыбыстарына рахаттана құлақ түріп, әскерлердің парад байқауын өткізіп те жүретін. Бірде Екатерина күйеуінің кабинетіне кіріп келіп, көрген көрініске қайран қалады. Төбеден тартылған жіпке дәу егеуқұйрық ілініпті. Бұл не деген Екатерина сұрағына Петр егеуқұйрық әскери заңмен аяусыз жазаланатын сұмдық қылмыс жасады: ол үстелде тұрған картон қорғанға кіріп, крахмалдан жасалған екі күзетшіні жеп қойды, деп жауап берген. Қылмыскерді ұстап алып, әскери-далалық сотқа берген, сот дарға асуға үкім шығарған. Елизавета жиенінің мінезі мен құлқынан қатты түңілді, ренжусіз, ашу-ызасыз, тіпті жиіркенішсіз сағаттың төрттен бірін де онымен бірге өткізе алмайтын. Өз бөлмесінде жиені туралы сөз туындай қалса, императрица құдай маған осындай мұрагер берді деп көз жасын көлдетіп, шағынып жылайтын. Жаратқанды ауызға алмай сөйлемейтін оның тілінен жиені туралы “қарғыс атқан жиен”, “менің жиенім сұмпайы, сайтан алғыр” деген тіпті құдайға жат сөздер шығатын. Мұны өз жазбаларында Екатерина айтады. Оның сөзіне сенсек, сарайдағылар өмірінің соңында Елизаветаға жиенін Ресейден кетіріп, оның 6 жасар ұлы Павелді мұрагер деп жариялау туралы ұсыныс жасалса, оның көнуі ықтимал деп санаған, бірақ оның осындай ойы бар фавориттерінің бұған батылы бармай, қайта сарайдағылар әдетінше күрт аунап түсіп, келешек императорға жағынуға кірісті. Осындай қатер ойына да келмеген, нағашы апайының қарғысты батасын алған, жақсылық пен жамандық туралы түсінігі бытысып кеткен осынау жадағай адам орыс тағына қонжиды. Ол бұл жерде дөзі тәрбиеленіп өскен ойы мен мақсатының бүкіл қасаңдығы мен ұсақтығын
көрсетті. Оның голштиндік тар ақылы күтпеген жерден қолы жеткен шексіз империяның географиялық шамасына қарай, тіпті де кеңейе алмады. Керісінше, орыс тағындағы Петр үйіндегіден бетер голштиндік болып алды. Оған келгенде сараң табиғат оған аяусыз жомарттықпен берген бір қасиет ерекше күшпен бой көтерді: ол алаңғасар бейқамдықпен ұштасқан қорқақтық еді. Ол Ресейдегі барлық нәрседен қорықты, оны қарғыс атқан ел деп атады және осында сөзсіз опат болатынына сенімін өзі білдірді, бірақ жай-жапсарға қанып, онымен жақындасуға тіпті де тырысқан жоқ, онда ештеңені білген жоқ және бәрін жатсынды; атшаптырым бос бөлмеде жалғыз қалған балалар қалай қорқатын болса, ол да елден солай қорықты. Өзінің талғамы мен қорқыныштарын басшылыққа алған ол бұ тұрғыдан таңдап-толғап жатпайтын Петр І тұсында да ешкім көрмеген қоғаммен қоршады, өзінің шағын ғана әлемін жасап, өзіне сұмдық үрейлі Ресейден сонда тығылуға тырысты. Қай-қайдағы халықаралық қағылған-соғылғандардан ерекше голштин гвардиясын құрды, бірақ оның ішінде бірде-бір орыс боданы болған жоқ, олар көбінесе Пруссия әскерінің сержанттары мен капралдары, княгиня Дашкованың сөзімен айтсақ: “неміс етікшілерінің балаларынан құралған малғұндар” еді. Фридрих ІІ әскерін өзіне үлгі тұтқан Петр прусс солдатының мәнері мен әдеттерін бойына сіңіруге тырысты, шамадан тыс темекі тартып, шамадан тыс сыра іше бастады, онсыз “нағыз айбынды офицер” бола алмайсың деп ойлады. Таққа отырғаннан бастап Петр кешке ілуде бір сау жететін және әдетте дастарқанға шала мас болып келетін. Осынау Голштин қоғамында күнде той, күнде жиын болып жататын, кейде оларға сенделген құйрықты жұлдыздар, кезбе әнші және әртіс әйелдер қосылатын. Осынау тобыр ортасында, император, оны жақын жерден көріп жүретін Болотовтың айтуынша, “аузына келгенін айтып, ойына оралған сандырақты” соғатын да, шетел министрлері алдында отандастардың жүрегі қан жылайтын: кенет орындалуы мүмкін емес өзгеріс жоспарларын құра бастайды, енді бірде эпикалық екпінмен Киль түбінде цыган таборына жасаған керемет
жеңімпаз шабуылын шаттана баяндайды, немесе бір маңызды дипломатиялық құпияны жаяды. Жығылған үстіне жұдырық дегендей, император скрипка ойнауға құмар болатын, өзін асқан шебермін деп санайтын, тіпті үлкен комедиялық талантым бар деп біліп, аузы-басын қисаңдатып шіркеудегі священниктерді әжуалайтын болды, сарайдағы кексе бәйбішелердің ыңғайсыз книксендерін мазаққа айналдыру үшін сарайда ежелгі орыс тағзымын француздың тізе бүгуіне алмастырды. Ол өзінің бет-бейнесін тыржыңдатып көңілін көтергісі келген бір ақылды әйел мынау тақсырға тіпті ұқсамайды деген екен. Оның патшалығы кезінде бірнеше маңызды жарлықтар шығарылды, мысалы, Құпия кеңсені тарату туралы, шетелге қашқан жікшілдерді қуғындауға тиым салып, Ресейге қайтаруға рұқсат беру туралы жарлықтар сондай. Бұл жарлықтарға мұрындық болған діни тағаттылықтың немесе кісіні ғайбаттан қорғаудың дәйексіз бастаулары емес, Петрге жақын адамдардың – Воронцовтардың, Шуваловтардың және басқалардың практикалық есептері еді, олар өздерінің жағдайын сақтап қалу үшін патшаның рақымы арқылы императордың жақсы атын нығайта түскісі келді. Дворяндардың еркіндігі туралы жарлық та осындай пиғылдан туындады. Бірақ Петр өзінің жағдайын ойлай бюермейтін, өзінің қарекет салтымен қоғамда бірауызды күбір-сыбыр туғызды. Ол барлық таптар мен дінбасыларды өзіне қасақана қарсы қойғысы келетіндей қарекеттер жасады. Ол Шіркеулік православие салттарын менсінбейтінін жасырмай, керісінше, ашық көрсетіп қоқиланды, орыстардың діни сезімін көпшілік алдында мазақ етті, сарай жанындағы шіркеуде құдайға құлшылық ету кезінде өз кабинетіндегідей әрі-бері теңселіп жүріп, елшілерді қабылдады, айқайлап сөйлеп, дін қызметкерлеріне тілін шығарды, бірде троица күнінде жұрттың бәрі тізерлеген кезде, қарқылдап күліп, шіркеуден шығып кетті. Синодқа алғаш рет тағайындалған Новогород архиепископы Дмитрий Сеченовке “орыс шіркеулерін тазарт”, құтқарушы мен құдай анасының иконаларын ,пнп қалдырып, басқаларының бәрін шығарып тастаңдар, орыс священниктері
сақалдарын қырып, лютеран пасторлары сияқты киінсін деген бұйрық берді. Бұл бұйрықтарды орындау шегеріле тұрды, бірақ дінбасылар мен қоғам: “Люторлар келе жатыр!” деп қатты әбігерленді. Петр ІІІ-нің шіркеудің жылжымайтын мүлкін мемлекет меншігіне алмақ болған ниеті қара киімді дін қызметкерлерін ерекше ашуландырды. Оны басқаратын, бұрын Синодқа қарайтын, экономика коллегиясы енді тікелей Сенатқа бағындырылып, шіркеу жерлері, монастырьлар мен архирейлерге жер жыртатын құралдармен бірге шаруаларға берілуге, шіркеу вотчиналарынан түсетін табыс есебінен шіркеу мекемелеріне шектелген штаттық окладтар бөлу міндеттелді. Бұл шараны Петр іске асырып үлгермеді; бірақ одан әсер туындап үлгерді. Орыс қоғамының кінәмшіл де менмен бөлігі гвардияның ашынуы әлдеқайда қауіпті еді. Таққа отырысымен-ақ Петр өзінің Фридрих ІІ-ге шексіз табынатынын танытуға тырысты. Ол көптің көзінше құлшылықпен корольдің мүсінін сүйді, сарайдағы бір салтанатты ас үстінде жұрттың көз алдында оның портреті алдында тізерлеп отырды. Таққа отырысымен ол прус мундирін киіп, прус орденін тақты. Алабажақ әрі тар прус мундирі орыс гвардиясында да енгізіліп, Петр І енгізген қою жасыл кең кафтанды алмастырды. Өзін Фридрихтың әскери шәкірті санап, Петр ІІІ шамалы босаңсыған орыс әскерінде де аса қатаң тәртіп ендірмек болды. Күнде әскери экзерциялар жүріп жатты. Шені де, жасы да ешкімді сапта жүруден босата алмады. Плацты көрмегеніне көп болған, мұның үстіне буыны ісініп, сүйегі сырқырайтын мәртебелі адамдар прус офицерлерінің әскери-балет муштрасына бағынып, барлық әскери артикулдарды жасауға тиіс болды. Фельдмаршал Сенаттың бұрынғы генерал-прокуроры қарт князь Никита Трубецкой гврадия подполковнигі дәрежесінде жаттығуларға келіп, солдаттармен бірге қадамдауға тиіс болды. Заманның қалай өзгергеніне, Болотовтың тілімен айтқанда, ауру да, сау да, ең қарттар да аяқтарын көтеріп, жас солдаттармен бірге жер тепкілеп, балшық езіп, әскери жүрістер үйренгеніне замандастар шексіз таңданысты. Бәрінен де жәбірлісі, Петр қағылған-соғылғандардан құралған
голштин гвардиясына барлығында артықшылықтар беріп, орыс гвардиясын янычарлар деп кемсітті. Ал орыс сыртқы саясатында Петр сарайында барлығын билеп-төстеген прусс елшісі қожайындық жасады. Таққа отырғанша прус шабарманы болған, жеті жылдық соғыс кезінде Фридрих ІІ-ге орыс әскері туралы астыртын мәліметтер жеткізіп тұрған Петр орыс тағына отырған соң, шын берілген прус министрі болып шыға келді. Ұлттық намысы қорланғандардың көз алдына қайтадан екінші жексұрын бироновщина елесі келді, ол сезімді орыс гвардиясы әскер полктарына таратылады деген қорқынышпен қоздырылды, Бирон дәл солай деп қорқытқан болатын. Оның үстіне бүкіл қоғам үкіметтің қарекеттеріндегі алмағайыптық пен қыңырлықты, ортақ ой мен белгілі бағыттың жоқтығын сезінді. Үкімет механизмінің бұзылып тұрғаны баршаға айқын еді. Осының бәрі бірауызды реніш туғызып, ол жоғарыдан төмен қарай құйылып, бүкіл халықтық наразылыққа айнала бастады. Полициядан қорыққанды қойып, тілден тиек кетті; көшелерде патшаны ешқандай именбей жазғырып, наразылығын ашықтан-ашық айғайлап білдіретін болды. Сыбыр-күбір жасырын әскери қаскүнем ұйымға айналды, ол жаңа төңкеріске алып келді.
Императрица Екатерина ІІ (1729-1796) Екатерина ІІ тарихтың еншісіне айналды. Бұл оның қызметін талқылауға бой ұрған ойға кейбір ерекше міндеттер жүктейді, тақырыпқа белгілі бір қатынас орнатады, көзқарастың қандай болуы керектігін айтып береді. Оның қызметінде ағаттықтар, тіпті ірі қателіктер болды, оның өмірінде өшпес дақтар бар. Бірақ біз бен оның арасында тұтас жүзжылдық жатыр. Осындай уақыт өткенде көкіректен жамандықтың өшпеуі қиын, және Екатерина ІІ-нің қайтас болғанынан бері екінші жүзжылдық басталғаны ойға оралғанда зердеде еске түсіргіміз келмейтін нәрседен гөрі,
оны не үшін есте сақтауымыз керек нәрселер анық көрінеді. Екатерина ІІ патшалығы – тарихымыздағы тұтас бір дәуір, ал тарихи дәуір дегеніңіз адам ғасырының шеңберіне сыймайды, өз жасампаздарының ғұмырымен аяқталмайды. Екатерина ІІ-нің заманы да оның өзінің өмірінен ұзақ болып шықты, қалай десек те төрт жылдық үзілістен кейін, оның екінші мирасқорының манифесімен ол ресми түрде тірілтілді, бұл мирасқор өз әжемнің заңдарымен, жүрек қалауы бойынша билік жүргіземін деп жариялады. Екатерина өлген кезде де оны мақтаушылар да, даттаушылар да болды, бұл тірі адамды оның қызметін қолдау немесе өзгерту мақсатында айтылатын мақтау мен даттау секілді болатын. Ажалсыздықтың соншалық әдеткі қайғылы түрі – адамдарды өлген соң да мазалап, араздастыратын түрі Екатерина екіншіні де айналып өткен жоқ. Оның аты оның саяси бағытының қарсыластары немесе жақтастарына қарсы полемикалық көздеудің нысанасына айналды. Оның моласының басында жанды мүдделер мен пікірлер шайқасып жатты. Оның бюстін қолдан түсіріп алу немесе тұғырында ұстап тұру ол кезде өмірге ана немесе мына бағыт беру деген сөз болатын. [...] [...] Өзінің міндеттері мен шегін жете түсінбейтін, абыройы шайқалған, материалдық және инсанияттық құралдары жұтап біткен өкімет, жеке және ұлттық ар-ұят жайына қалып, анекдоттар мен өсекаяңнан нәр алған қоғамдық пікір, бүкіл тәртіп қорқыныш пен жүгенсіздік уысында болып, Н. Паниннің сөзімен айтқанда мемлекеттік орындардың құзырымен емес, жеке кісілердің күшімен” бағытталып отырған, азаматтық сезім мен ортақ мүддені түсіну өте төмен болған, атамекенге сүйіспеншілік жоқ билік – уақытша біреулер мен кездейсоқ үкіметтер дәуірінен Екатерина ІІ-ге қалған мұра, сол заман адамдарының айтуынша. Жалпы алған осылай елестер еді. ХVІІІ ғасырдың екінші жартысында өмір сүрген, білімі мен қоғамшылдығы жағынан өз әкелерінен артық екенін соншалық мақтан ететін адамдар, әрине, күні кешегінің жарқын жақтарын ұмытып, қараңғы
жақтарын көбірек көруге бейім еді. Бұл бейімділік қоспасыз алғанда Екатеринаға тек қолайлы еді: өйткені таққа отырған бойдағы оның алғашқы қадамдарын оның алдындағылардың ісімен салыстырып бағалау керек болатын. Осы тұрғыдан бір ғана Петр ІІІ патшалығының өзі не тұрады! Одан кейін жұртқа жаға қоймайтын патшалық жүргізе білу керек болатын. Бірақ Екатеринаға өкіметті бұрынғыша пайдалануға болмайтын еді. Бұрын өкімет тәртіптің ең сенімді тірегін күш пен қорқытудан, халықты ауыздықтап ұстаудың ең пәрменді құралы – жазалаудан іздеуге әдеттенген болатын. Екатерина тәртіптің ондай тіректері мен құралдарын ықпал етудің мүлдем басқа амалынан іздеуге, қамшы мен жер аударудан неғұрлым ізетті, тәркілеуден неғұрлым әділетті басқа халық тәрбиесі амалына жүгінуге тиіс еді. Дағдылы туземдік, тарих дайындаған соқпаққа бірден түсуге ол өзінің шыққан тегі, өзінің тәрбиесі, өзінің тағдыры, ақыр соңында өзінің ойлау машығы жағынан Ресей үшін тым жаңа адам еді. Мұны оның өзі түсініп, патшалық құруының алғашқы жылында француз елшісі Бретейльге менің бодандарым маған үйренуі үшін талай-талай жылдар керек деген. Мұның үстіне 28-маусымдағы еліктіргіщ оқиға өзіне қарсы қайталанбауының алдын алу үшін оның өз жағдайын ақтайтын көп нәрсе істеуі керек болатын. Ондай жолмен қолға түсірілген өкіметті сыбысын білдірмей пайдалануға болмайтын. Бірақ қылмыстық құқық саласындағы халықпен әдеттегі әңгіме де жеткіліксіз еді. Қоғаммен тікелей, бүкпесіз түсінісу, тіпті мұндай түсінуді басқарудың әдеттегі тәртібіне айналдыру керек болатын, бұл, Н. Панин кеңес бергендей, “саясатты жұртшылық алдында дұрыстап ақтау” үшін керек еді. Қысқасы инстинктке емес, адамдардың жүрегі мен ақылына жол табу керек болды. Өкіметті халықпен байланыстыратын қатынастар көгенінде маңызды бір буын жоқ еді, ол буынды Петр І кіріктіруге тырысып баққан-ды, бірақ одан кейін беркітілмей, ұмыт қалды. Ол буын – бір жағынан ортақ игілікті түсінуден, екінші жағынан осы сананы сіңіріп, ортақ игілікті құрайтын қажеттілікті қанағаттандыруға бел шеше кірісе алатындығы мен соған
қабілеттілігіне сендіре білуден құралатын халықтың сенімі, өкіме пен қоғамның бірлескен іс болатын. Мемлекеттік шаралардың табысты болуы үшін оларды халық түсінігімен жарастырудың қаншалықты маңызды екенін Екатерина білді. Вольтерге өзінің “Аманатының” кейбір қағидаларын түсіндіре келіп, ол, – “заң шығарушының баршаны парасат үнін тыңдауға мәжбүр етудің бірден-бір амалы – жұрттың бәрі ділгір және пайдасы баршаға мәлім қоғамдық тыныштықтың негіздерімен оның талапатры сай келетіндігіне оның көзін жеткізу” – деп жазды. Петрдің әрекетін жалғастыра отырып, ол күш-жігерін нақ осыған бағыттады. Бірақ, халық парасатына жүгіне отырып, Екатерина оның бойында ақыл-есті заң шығарушы жағына одан да күшті бұра алуға қабілетті сезімдерді де оятты. Халық сеніміне ие болуды көздеген Екатеринаның белгілі науқаны осылай басталды. Бұл науқан көпшілік адына шығу, сапарға аттану, әңгімелер өткізу Сенат отырыстарына жиірек қатынасу, бәрінен көп жарлықтар мен манифестер арқылы жүргізілді. Таққа отыру туралы 1762 жылғы 28-маусым және 6-шілде жарлықтарынан бастап, әрбір ыңғайлы жолы – парақорлық туралы, Сенатты департаменттерге бөлу туралы жарлықтарда, қаскүнемдік ұйымдастырушылар жасаушылар туралы манифесте орыс елшілері мен губернаторларға ашық хаттарда, тіпті жеке сұхбаттарда жаңа үкіметтің шығу тегі туралы, оның ниеттері мен қамы туралы, ол қызметін қалай түсінетіні және халыққа көзқарасы туралы табанды түрде айтып отырды. Ең алдымен қолға тиген өкіметтің қайнар көздерін анықтап беру керек еді. Қоғамдық пікір жаңа үкіметті қызу қолдады да, қоғамдық пікір заңды саяси фактор, халық үні, оның антпен бекітілген құттықтауы халық болып сайлаудың пошымдық актысы деп жарияланды. 28-маусым манифестінде былай деп хабарланды: бұрынғы патшалық барлық адал бодандарға қатер төндірілгендіктен, “әсіресе біздің барлық адал бодандарымыздың соған ашық та риясыз тілегін көргендіктен”, императрица таққа отыруға мәжбүр етілді, сондықтан тақ, таққа отыру туралы Берлиндегі орыс елшісіне сондағы сарайға хабарлау
үшін жазылған ашық хатта қосып көрсетілгеніндей, “біздің адал бодандарымыздың жаппай және бір ауызды тілегі мен өтініші бойынша” қабылданды. Ойында жамандық жоқ Бецкий 28-маусымда әдеттегі гвардиялық төңкеріс болды, оған гвардияшыларды үгіттеп, халыққа ақша шашып, өзім де жәрдемдестім деп ойлаған, соған ең басты күнаһармын деп санаған болатын. Бірде Екатерина алдына кіріп келіп, тізерлей тұрып, ол өзін таққа отырғаны үшін кімге қарыздармын деп санайтынын сұрады. “Құдайға және мені сайлаған халыққа” деген жауапты естіген Бецкий мүлдем түңіліп кетті де, өз еңбегінің осылай бағаланғанына лайық емеспін деп санап, Александр лентасын шеше де бастаған. Манифестің сөзі бойынша тақтағы өзгеріс бұрынғы патшалық төндірген қатерден атамекенді құтқару үшін, православие дінін сергелдеңнен, орыс даңқы мен намысын жойылып кетуден, ішкі тәртіптерді талқандалудан, бір құжатта сенатор А. П. Бестужев-Рюмин айтқандай “осы империяны сөзсіз дерлік қиратылу қатерінен” құтқару үшін жасалғандықтан Екатеринаны таққа отырғызу салтанатына арнайы шығарылған медальға: “Дін мен атамекенді құтқарғаны үшін” деп жазылды. Шіркеу уағызшылары, әсіресе Новогород архиепископы, қасиетті синодтың ең басты мүшесі Димитрий Сеченов Екатеринаны одан да асыра, асқақтата мадақтап, оны діннің, ізгі ниет пен атамекеннің қорғаушысы, өз бодандарының ар-намысы мен абыройын қалпына келтіруші, “біздің барлық қасіретіміз бен мұңымыздың аяқталуы деп жариялап, 28-маусым оқиғасын құдайдың ісі, адам ақылы мен күшінен тыс, құдайдың білдірмеген тағдырлары мен оның кемеңгер кеңесінің кереметі деп мойындады. “Осынау кереметті уағызшылар дәріптейді, – деді таққа отырғызу салтанатындағы сөзінде архиепископ Димитрий, – тарихшылар кітаптарына жазады, ғалымдар қызыға оқиды, сауатсыздар сүйсіне тыңдайды, ең төмен тектер де ұрпағына баяндап, құдайдың ұлылығын мадақтайды”. Екатерина, әлбетте, 28-маусым ісіне уағызшылардың көзқарасын ықыласпен бойға сіңіріп, оны айтулы тарихи факт ретінде заң жүзінде есте қалдырғысы келді: таққа мирасқор болу
туралы өз қолымен жазылған манифест жобасының алғашқы нұсқасында ол, жаратқанның кереметі “біздің қолымызға осы империяның самодержавиесін ми жетпейтін ғажабымен адамдар қолымен тапсырды” деп жазыпты. Асқақтай айтылған құттықтауларға Екатерина құлаған үкіметті айыптаумен, ауқымды бағдарламамен және басталған патшалықтың мүлдем жаңа бағытын жариялаумен жауап берді. Манифестер мен жарлықтарда жұрт дара биліктің зияны мен айттым бітті, кестім үзілді дейтін, бетімен кеткен және ешқандай адамдық соттың шамасы келмейтін билеп-төстеушіден де туындамайтын сұмдық зардаптар туралы оқып жатты. Тақ биігінен құдай алдында бүкіл жарық дүниеге: “бүкілресейлік тақты құдай қолынан өзімнің төл рахатым үшін емес, оның даңқын өсіре беруге, біздің сүйікті отанымызда жақсы тәртіп енгізу және әділ сотты орнықтыру үшін алды” делінді, мемлекеттің иелері өзіне бағынышты халық кесепаттардан, әсіресе оның үстінен қойылған бастықтар мен әміршілерден шаршап-шалдықпаса ғана тыныштықтан барынша ләззат алады деген даусыз ереже мәлімделді, “өзіміздің таққа көтерілгеніміз үшін қарыздармыз деп мойындайтын халқымыздың сүйіспеншілігіне лайықты болуға қаншалықты ұмтылатынымзды” тікелей іспен дәлелдеуге шынайы да риясыз тілек жарияланды, берік заңға негізделген мемлекеттік мекемелер құруға император сөзімен барынша салтанатты түрде уәде берілді, осы арқылы “бұрынғы бақытсыздықпен біршама күйзелген” империя мен самодержавиелік өкіметті тұтас күйінде сақтап қалуға, “өз отанына шынымен жаны ашып тыным таппайтындарды пұшаймандықтан шығарып, қорлаудан құтқаруға” үміт артылды. Және осының бәрі “ортақ жақсылық” жөніндегі күн сайынғы аналық қамқорлыққа сендірумен баяндалды. Өкіметке құқық жолындағы төңкеріспен емес, Елизавета патшалыққа отырғызылған кездегідей теріс шеттетілген әулет адамының қайтып оралуындай емес, басып алумен қол жеткен болатын, бұл құқықтың өз орнына оралуы да емес-ті. Мұндай актты әйтеуір бір амалмен
ақтау, қоғамды онымен қалайда бір келістіру керек қой. Екатерина мұның екеуіне де істеген жоқ: қолға қонған өкіметті ақтау дегеніңіз оған ие болудың дұрыстығына күмән туғызуға ұрыну еді; онымен қоғамда келістіру дегеніңіз қарсыластар алдында мүләімсу, оларда қолға түскенді сұрап алу, болған оқиғаның қажетсіздігі туралы ой туғызу, екі жағдайда да өкіметтің беделін түсіру болатын. “Аманат” алғашқы жылдардың манифестері мен жарлықтарын мәлімдеген бастаулардың жүйелі баяндалуы, 1762 жылғы 6-шілдедегі манифесте берілген, басқару дәл де тұрақты заңдармен жүргізілетін мемлекеттік мекемелер туралы аса салтанатты уәдені орындауға кіріспе еді. Ондағы көп нәрсе тақырыбының сонылығы бойынша оқырмандардың көпшілігіне түсініксіз, кей нәрсе – оқыс көрінуі мүмкін еді. Автордың өзі кейбіреулер “Аманатты” оқып шығып: мұны кім көрінген түсіне бермейді дейтінін күні бұрын көре білді. Саяси ойлауға дағдыланбаған ақылға саяси бостандықтың біреуі терістеуден, үшеуі құптаудан тұратын төрт анықтамасын ұғынып, біріктіре алу қиын еді. “Аманат” бойынша мемлекеттік еркіндік дегеніміз: 1) әркімнің қалағанының бәрін істей беруінен құралмайды, 2) әркімнің істегісі келетінін істей алу мүмкіндігінен, істегісі келмейтін нәрсесін істеуге мәжбүрленбейтінінен құралады, 3) ол заң рұқсат берген нәрсенің бәрін істей алу құқығы, және 4) азаматтағы өзінің қауіпсіз екендігіне сенімділіктен туындайтын рух тыныштығы. Орыстар ақылы тұңғыш рет мемлекеттік еркіндік туралы, діни тағаттылық туралы, азаптаудың зияны туралы, тәркілеуді шектеу туралы, азаматтардың теңдігі туралы, азамат деген ұғымның өзі өзі туралы ойлауға шақырылды, бұлар соған дейін қарапайым адамдардың ойлануының қажеті жоқ тақырыптар деп саналатын, ал оларды ойлауға тиісті адамдар оларды тиіп-қашып қана сөз ететін. Орыс оқырманын “Аманаттағы” өкімет өзіне-өзі анықтама беретін айыптауына, өзінің міндетін және бодандарына қатынасын білдіретін баптар бәрінен бұрын таң қалдыруға тиіс болатын. Айтылған сөз өздігінен ұлы мәртебеліге тіл
тигізген қылмыс болып табылмайды; самодержавиеде басқарудың есендігі ішінара момын да кешірімшіл басқарудан құралады; өз пікірін ешкімнің еркін айта алмауы мемлекет үшін сұмдық сор; өкімет өзін өзі белгіленген шектермен шектеуге тиіс жағдайлар болады; тақсыр тек жігер беретін болғаны және тек заңның қорқытқаны жақсы; тақсыр өз арманын заңнан жоғары қойса самодержавие қирай бастайды; жарамсақтар әміршілерге халық солар үшін жаралған деп қақсайды, “бірақ біз халқымыз үшін жаралғанбыз деп ойлаймыз және осылай деу даңқымыз деп білеміз, және сол себептен де халыққа шындықты айтуға міндеттіміз”. “Монархтар бұған дейін ешқашан бодандарымен осылай баурап алатын жұмсақ тілмен сөйлескен емес” деп тәнті болады Карамзин өзінің “Мадақ сөзінде”, “Аманатты” оқыған алғашқы орыс оқырмандарының әсерін келтіре отырып. Және өкіметтің өзі Ресейде Екатеринаның алғашұы жылдарғы жарлықтарындағыдай әрі осы “Аманаттағыдай”бейнеде ешқашан көрінген емес, қоғаммен осындай қатынасқа түскен емес. Ол тек құрбандық талап етуге әдеттенген болатын; енді ол өзін халыққа құрбан етуді даңқ деп санайтын болды. Бұрын өкімет асай беретін ортақ игілік, енді сонда бейнеленетін болды. Екатерина не өзіне қабылдаған міндеттерін мойындап, не енді өзі басшылыққа алатын бастаулар мен ұғымдарды уағыздап тікелей халыққа жүгінетін болды. Оның жарлықтары бұйрық райлы заңдардан гөрі көбіне бірлесіп өмір сүру негіздерін баяндау, саяси салмақтылық сабақтары немесе шенеуніктік және қоғамдық кеселдерді әшкерелеу: олар, сол кездің тілімен айтқанда, қарекетті міндеттеуден немесе қатынас орнатудан гөрі ақылға көбірек сана құю, ырықты жақсылыққа жетелеу. Ортақ игілік дегеніміз мынада, бізде анау да, мынау да жаман, мен күні-түні ортақ игілікке қам жеймін, ортақ игілікті ойлап қалай істеу керектігін әрбір азамат білетін болсын – сол жарлықтар мен манифестердің мағынасы мен ауаны осындай. Полициялық сақтық шаралары, орындалмағаны үшін жүрдім-бардым, ықылассыз айтылады; қазымен сот приставы орнына парасат пен ұждан шақырылады. Заң
шығарушы бодандарына келешек қылмыскерлер ретінде емес, нағыз азаматтар ретінде сөз арнап, оларға былай дегендей болады: мемлекет казармаларда немесе кеңселерде емес, сендердің өздеріңде, сендердің үйлеріңде, сендердің ойларыңда, сезімдеріңде және қатынастарыңда. Мемлекет малайларын мемлекет азаматтарына айналдыру көзделді, олармен тәрбие сақтарында оларға кәдуілгі азаматтар ретінде қарады. Өйткені “жұртшылық” пікірін білу үкіметке пайдалы деп саналды: 1766 жылы Екатерина сенатқа мына мәселені талқылауға бұйрық берді: дворян банктары туралы жаңа ережені оны күшіне енгізуден жарты жыл бұрын жоба ретінде жариялаған, сөйтіп ынтасы бар адамдар тіпті өз есімдерін көрсетпей-ақ түзетулері мен қосымшаларын хабарлай алғаны жақсы емес пе? Біз пікірімен санасатын адамдар біздің бойымызда бар жақсы қасиеттерімізді жоққа шығарса, біз әдетте олардан қалғандай жасып кетеміз, ал біз өзімізден байқамаған қасиеттерді телісе, біз жігерленіп, соларға ие болуға тырысамыз. Өкімет алдында құлдық кемсітуге үйреніп қалған адамдармен осынау өкімет азаматтар, бостан халық ретінде сөйлесе бастағанда, олардың бойында өздеріне көрсетілген құрметті ақтағандай болып, соған дейін жасырынып немесе қалғып келген сезімдер мен ұғымдар ояна бастады. Бұл жоғарыдан, өкіметтің айналасындағылардан басталып, кеңейе түсті де, орнықты қоғамдық көңіл күйіне айналды. Сенат ішкі кеденді жойғаны үшін императрица Елизаветаға алғыс айтқанда, ол былай деп жауап қатқан: өзімнің қуанышым үшін “бодандарымыздың пайдасын көретін боламын”. Сонымен, төл пайдасы мемлекет немесе халық пайдасынан салтанатты түрде бөлектелді. Осындай бөлінуге сәйкес Елизавета, одан кейін Петр ІІІ ақшаны жинай беріп, қазынаның табысын өздерінде ұстады, мемлекет қажетіне ештеңе бөлмеді, сөйтіп қызметшілердің ілуде біреуі ғана жалақы алып тұрды. Олардан мемлекет қажетіне ақша сұрағанда ашуланып: “Қайдан тапсаңдар одан табыңдар, ал сақтап қойылған ақша біздікі” дейтін. 1754 жығы Лефорт палаталарындағы
өрт кезінде императрица Елизаветаның сонда қойылған күміс теңгелер сақталған сандықтары да шығарыла бастаған-ды; олардың көбінде түп жоқ болып шықты да, шашылған ақшаға ұмтылған халықты найзамен түрткілеп қуып шығуға тура келді. Екатерина ІІ таққа отырған алғашқы күндері оған ақшаға аса мұқтаждық туралы баяндалғанда, императрица Сенаттың толық құрамдағы жиналысында өзі мемлекет адамы болғандықтан, өзіне тиесілі нәрсенің бәрін мемлекет меншігі деп санайтынын, бұдан былай мемлекет мүддесі мен өз мүддесінің арасында ешқандай айырмашылық болмайтынын жариялап, өзінің бөлме ақшасынан мемлекет мұқтажына қанша керек болса, сонша ақша беруге бұйырды. Барлық Сенаторлар көзіне жас алды; бүкіл жиналыс орнынан тұрып, императрицаға кең пейілді ой машығы үшін бірауыздан алғыс айтты. Мұны Екатеринаның өзі айтқан. Өкіметтің басты органы және басқару жетекшісі ретінде Сенат жаңа бағытты бірінші болып қабылдап, бағынышты жерлерге хабарлауға тиіс болды: азаптауға қарсы көтеріліп, Екатерина оған қылмыскерлерді ештеңені бүкпей мойындауға қатаңдықтан, азаптаудан гөрі неғұрлым мейірімділікпен, ұялтумен көндіруге, істі халық қиналмайтын етіп, жаңа салық енгізбей жүргізуге, жаңа шығындарды “басқа, аса жақсы тәсілдермен жабуға” бұйырды. Сенаттың генерал-прокурорына аса құпия нұсқау арқылы ең жоғары басқармада “тек қана кеңсе пошымдары ғана орындалатын, әлі кейбіреулер тура ойлаудан именетін, сөйтіп мемлекет мүддесіне нұқсан келетіні” ескертілді, ал губернаторларға қысым көрген адамдарды қорғау қайтақайта тапсырылды. Мұндай нұсқаулар жетпеген немесе манифестерде бәрін бірдей түсіне бермейтін қарапайым адамдар жаңа үкіметтің рухы мен бағытын азаптау мен тәркілеуді шектеу туралы ұзынқұлақ әңгімеден, монополия мен парақорлыққа қарсы өкімдерден, сауда еркіндігі мен тұз бағасын арзандату туралы, жан басының санағын салмақ болып түсетін әскери командаларсыз жүргізу
туралы жарлықтардан, қала заставаларында бөгеуді және басқа ұсақ қысымдарды алып тастаудан біліп
отырды, ондай қысымдарды жою, алайда, бірлесіп өмір сүруді едәуір жеңілдетіп, башмақ бұрынғыдан азырақ қысатынын жұрттың бәрінің сезіну мүмкіндігін беретін. “Барлық жандар тынышталды, барлық жүздер күлімсіреді” – дейді Карамзин қоғамда ол сол кезде бастан өткеріп жатқан соншалық соны әсерлерден бірте-бірте қалыптаса бастаған көңіл күйін суреттей отырып. Осы көтеріңкі көңіл күй Екатеринаның халықпен кездесуі кезінде, әсіресе 1767 жылы Еділмен жасаған саяхаты кезінде ерекше көрінетін. Екатерина жол бойынан тіпті еріп жүрген “басқа тайпалар” да, яғни дипломатиялық корпус халық оны қандай қуанышпен қарсы алғанын көргенде көздеріне жас алғанын, Костромада граф Чернышев жергілікті дворяндардың “әдеппен және ерекше мейрімділікпен ” қарсы алғанына елжіреп, салтанатты ас үстінде көз жаына ие бола алмағанын, Қазанда кілем орнына өздерін оның аяғының астына төсеуге дайын болғанын, бір жердің шіркеуінде мұжықтар патша-анамыздың алдына қойыңдар деп балауыз шамдар бере бастағанын жазады: бұл Царьское Село Минервасы деп ұлықталған Париж философтарының асқақ бағасына қарапайым халықтың жауабы болатын. 1767 жылы Комиссияда “Аманаттың” оқылуын депутаттар тәнті болады, көбісі жылады. [...] Императрицаны қарсы алғанда, оның манифестері мен “Аманатын” оқығанда жылады, ол қатысқан салтанатты астарда жылады, өткендегі Ьирон заманы енді қайтып оралмайды деген ой келгенде қуанғаннан жылады; [...] Бұл көз жастарында байыпты нәрсе көп еді: оның ар жағында қоғамның өкіметке және оған өзінің қатысына жаңа көзқарас тұр еді. Сөз етудің және ойлаудың өзі қорқынышты, тек қана жазалауға әзір тұратын қаһарлы күштен өкімет айтып та тауыса алмайтын, мақтап та тауыса алмайтын мейірбан, қамқор күшке айналды. Саяси сезімталдық адамдар бойын алдағы жақсылықты бұлыңғыр түйсінумен толтырып, бірте-бірте олардың еңсесін жаза бастады. Осынау көтеріңкі көңіл күйі 1767 жылғы Комиссияда ерекше байқалды. Бүкіл мемлекеттен 550-ден астам әртүрлі
дін, тіл, тайпа, дәулет, ой-пікір өкілдері жиналды, олардың арасында қасиетті синодтың аса білімді өкілі, Новгород митрополиті Димитрийден бастап, Исет провинциясының қызметші мешерлерінің депутаты молда Абдулла мырза Тавышевке, Комиссияда қалай түсіндірсе де заң деген не, ол осынау адамдарға неге керек екенін түсіне алмай-ақ қойған самоедтерге дейін болды – бұл өзінің құрамымен адамзат мәдениеті өткен барлық дерлік сатыларды көрсететін бүкіл ресейлік этнографиялық көрме еді. Депутаттар жергілікті “мұқтаждары мен кемістіктерін” ала келіп, “қиын да мұқият шаруа – сол мұқтаждықтар мен кемістіктерге сай заңдар жасау” үшін шақырылды. Комиссияға кіре отырып, депутаттар бірдей формуламен ант қабылдап, сол ант арқылы “құдайға жағатын, адамды сыйлауды енгізетін, адамзат баласының рахаты мен тыныштығына бастайтын ережелерді” жасау ісіне кірісіп, аяқтап шығуға уәде берді. Алғашқы қадамынан бастап-ақ депутат өзінің жергілікті ғана ділгірлігімен бірден адамзаттың асқақ мұраттары өрісіне көтерілді. Комиссия ашыларда императрица атынан сөз сөйлеген вице-канцлер депутаттарды өздерін және өз ғасырын даңққа бөлейтін, және болашақ ғасырдың алғысына ие болатын жағдайды пайдаланып, ортақ игілік, адамзат баласы мен өздерінің сүйікті отандастарының рахаты үшін тер төгуге шақырды. “Күн астындағы барлық халықтар сіздерге қарап тұр, олардың барлығының жанары сіздерге тігілген” – деді ол. Екі аптадан соң Комиссия маршалы Бибиков әуенді одан сайын әуелетіп, Екатеринаның өзіне арнаған сөзінде “жақсылық жағынан біз бәрінен алдамыз” дей келіп оған Комиссия атынан атамекен анасы титулын берді де, бұл жерде бүкіл адамзат баласының өкілдері тұрып, оған халықтар анасы титулын беруі керек еді деп қосып қойды. Кейіннен мұндай сөздер сезімді алмастыратын таптаурын сөздерге айналды; ал өз кезінде бұл сөздер таза көңілден құйылып жатты немесе ондай сезімдерді таза көңілдерге құйды. Ауа шарларымен жоғары көтеріліп кеткен секілді болған депутаттар өз жетекшілерімен бірге өздерінің туған уездерінің, тіпті ресейлік көріністерден биіктерге
көтеріліп, сол бас айналдырар биіктерден оларға құшаққа сыймас кең көкжиектер, болашақ ғасырлап, халықтар, бүкіл адамзат баласы көрінді. Бұның бәрі біршама жаттанды, ойын сияқты; бірақ осының бәрінен отанға қарапайым сүйіспеншілік көрінетін, өзіне сіңіріліп жатқан ұлттық абырой мен патриоттық жағдайдың жетімсіздігінен бе, әйтеуір, жай ғана білдіру дағдысының жоқтығы байқалатын. Ақыр соңында, ойындағыдай жүріп үйрену жақсы жүре білмейтіндерді қаздаңдап жүруді үйретеді ғой. Бірақ отан үшін мақтаныш оның лайықты перзенті болуға міндеттейді; онсыз бұл жай ғана мақтан, одан басқа түк те емес. Екатерина заманының адамдарына әділетті болған жөн: олар халық мақтанышы қатер төндіретін бір қауіптен сескенді, бойымда өсіріп көрсетем деп, аяғының ұшымен бірге жүрді, бұл кеудесіне нан піскендікті ұлттық сана-сезім деп қабылдауға жол бермеді. Өз отанының маңызды мәнін сезінген олар үлкен сахнаға шығуға дайын екендігін байқау үшін өздеріне мұқият қарап алуға асықты. Олар Еуропа сахнасына өз танының абыройын талап ететін дәрежеде шыға алмайтынын, Екатерина шетелдіктерге қайталаудан жалықпайтын империяның ұлылығы мен құдіреттілігі әділін айтқанда халық бұқарасының күшіне сүйенетін, ал олар, өз халқының парасатын білдіруге тиіс оқыған, басшылық жасайтын таптар, әзірге оның лайықты білдірушілері бола алатын ахуалда еместігін байқай алатын және адал мойындай алатын. Екатерина тұсында журнал және театр сатирасы соншалық өткір сөз бастаса, оның қайнар көзі сол санада жатқан болатын, ол қызулық сол дәуірдің жарқылы мен табыстарына тіпті де сай келмейтін. Өзін-өзі әшкерелеу дұрыс бағытталғант патриоттық сезімнің тікелей салдары болатын: отанға сүйіспеншіліктен өздерін, оның лайық емес ұлдарын әшкереледі. Бұл сатира тұрмыс деңгейін айтарлықтай көтере қойған жоқ: жеке және қоғамдық кемшіліктер мен кеселдер өз орнында қалды, бірақ олар әшкереленіп, санаға сіңді, яғни жұқпалылығы кеміді, ал мұның өзі балалар өздерінің тоңмойын әкелерінен бәрін бірдей мирас ете қоймас деген үміт оятты. Есесіне ой ғажап жанданды, бұл әдеби
қозғалысқа өзі де қызу қатысқан Екатрина әсіресе әдебиетте берген “тіл бостандығының”, өрістің арқасында мүмкін болды. Отандық кеселдерді әшкерелей отырып сол заманның ойлы адамдарды көп нәрсені ой елегінен өткізді, және олар туралы ойлауға бейімділіктің өзі ақыл-ойдың айтарлықтай жетіле түскендігінің нышаны болып табылатын тақырыптарды ой елегінен өткізді. Бұл орайда оларға, әрине, ағартушылық әдебиеттің ықпалы көмектесті. Порошин мен винскийдің жазбаларынан бұл ықпал білімді және тіпті жартылай білімді адамдардың бойында саясат пен моральға, мемлекет құрылысы мен адамдар қоғамының құрамын зерттеуге құштарлық туғызғанын көреміз. Ұлы князь павелге математикадан сабақ берген Порошин өз шәкіртімен Монтескьёнің, Гельвецийді шығармалары туралы әңгімелесті, ұлы князь үшін “Мемлекеттік механизм” атты кітап дайындай бастап, онда “мемлекетті алға бастыратын әртүрлі бөліктерді көрсеткісі, мысалы, қанша солдат, қанша диқан, қанша көпес және т.б. керек екендігін, жаппай жақсылыққа кім қандай үлеспен жәрдемдесе алатынын, бұл шендегілер асып-тасып басқалар елеусіз қала берсе, мемлекет ешқашан жақсы бола алмайтынын түсіндіргісі келді”. XVІІІ ғасырдағы орыс адамдарының ең білімді де ізгі ниетті бірінің ойға алған шығармасын жазып кете алмағанына қатты өкінуге тура келеді, ол шығарма сол ғасырдағы орыс саяси ойының өскендігінің тамаша көрсеткіші болатын еді. Екатерина заманындағы білімді адамдардың тағы бір еңбегі болашақ ұрпақтар ойына талғажау болған көптеген маңызды мәселелерді көтергені еді, олар Ресейдің Батыс Еуропаға, қатынасы, жаңа Ресейдің ежелгі Ресейге көзқарасы туралы, ұлттық мінез-құлықты зерттеу туралы, ұлттық ерекшеліктерді жалпы адамзаттық құндылықтармен, өзіндік халықтық дамуды озып кеткен халықтарға еліктеу қажеттілгімен үйлестіру туралы мәселелер болатын. Ойдың мораль, саясат, бірлескен өмір мәселелері жөніндегі соны жұмысының ықпалымен заң шығарушылық және тіл философиялық-моральдық реңкке ие болды, бірлесіп өмір сүрудің
инсанияттық негіздері мен байланыстарын білдіретін академиялық ділмарлықтың дәйексіз терминологиясымен молықты. “Жақсы ниет” немесе “ізгі ниет”, “азамзат”, “адамды сүю”, “ортақ игілік қамын жеу”, “ортақ және жеке рахат”, “атамекен”, “азаматтар”, “сезімталдық”, “адам жүрегінің лүпілін сезіну”, “игі жандар” деген т.б. сөздер айналымға енді. [...] “Қоғам” және “адамзат баласы” деген сөздер ең сүйікті сөздерге айналды. [...] Екатерина тұсында “Ресей қоғамы” деген сөзді де кездестіре бастаймыз; Сенаттың императрицаға баяндамасында “Барлық адал берілген бодандар қоғамы” туралы айтылады, 1785 жылғы сый грамоталарында “дворяндар қоғамы”, “қала қоғамы” деген терминдер орнықты, ал 1767 жылғы депутаттар аманаттарында барлық сословиелер кірген Жергілікті корпорация ретінде “қазыларды бүкіл уездің бүкіл қоғамымен сайлау” туралы өтінішті де көреміз. Осылай ынтымақ идеясы бірте-бірте қоғамдық жіктерді, баурай бастады, бұрын олардың арасында бірлесу байқалмайтын. […]
“В. О. Ключевский. Исторические портреты.
Деятели исторической мысли. М., 1990”
басылымынан қазақшалаған Ахмет ТӨРЕҚҰЛ.
Давид ЮМ
(1711–1776) – ағылшын философы, құқықтанушы және тарихшы. Шотланд помещигінің отбасында дүниеге келген, Эдинбург университетінің заң факультетінде оқыған. Біраз уақыт Парижде ағылшын елшілігінің хатшысы ретінде дипломатиялық қызметте болды. Оны француз Ағартуының қайраткерлері (Дидро, Д'Аламбер, Гельвеций, т. б.) жылы шыраймен қабылдады. Юмның саяси көзқарастары антифеодалдық бағыт-бағдармен де, мемлекеттің пайда болуының буржуазиялық шарттық тұжырымдамаларымен де келіспеуімен ерекшеленді. Қоғам, Юмның ойынша, отбасылардың өсіп-көбеюі, нәтижесінде пайда болды, ал саяси өкіметті ол халық “бағынуға
дағдыланған” әскери көсемдер институтынан шығарды. Оның пікірінше саяси өкіметтің заңдылығы мен беріктігінің деңгейі билік құрудың ұзақтығы мен меншік принципінің сақталуына байланысты. Философия тарихында Юм скептицизм принципін ұстанушы ретінде белгілі; саяси салада бұл мемлекетсіз қоғамдардың өмір сүру мүмкіндігіне күмәндануынан көрініс тапты. Саяси өмірде Юм үшін бастысы – азаматтардың меншігі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ететін заңдардың салтанат құруы.
АДАМ ТАБИҒАТЫ ТУРАЛЫ ТРАКТАТ
Үшінші кітап
Мораль туралы
ІІ бөлім
Әділет пен әділетсіздік туралы
8 тарау
Адал бодандықтың қайнар көзі туралы
Мемлекеттік өкімет адамзат үшін өте пайдалы, ал кейбір жағдайларда тіпті мүлдем қажет туынды болғанымен, алайда ол барлық жағдайда қажетті емес; және де адамдардың осы секілді туындыға жүгінбей-ақ біраз уақыт қоғамдық құрылысты сақтап тұра алуы әбден-ақ мүмкін нәрсе. [...] Адамдар мемлекеттік өкіметсіз қоғам құра алмайды деп санайтын кейбір философтармен тіпті де келіспеймін; қайта, мен былай деп кеміп айта аламын: мемлекеттік өкімет ұрығының қайнар көзі бір қоғам мүшелерінің арасындағы дау емес, әртүрлі қоғамдар адамдарының арасындағы даулар. Осы кейінгі жағдайда дау біріншіге қарағанда онда байлық мөлшері
кемірек болғанда туындауы мүмкін. Бүкіл қоғам кірісетін соғыстар мен зорлықтар кезінде адамдар өздері тап болатын қарсылықтардан ғана қорқады; бірақ оны бәрі бірдей бастан кешіретіндіктен, ол қарсылық аса қорқынышты болып көрінбейді; ол жатжұрттықтар тарапынан төнетіндіктен, ол салдарлары жағынан соншалық тажалды болып көрінбейді, қайта олардың біреуі қарым-қатынас жасау өзі үшін пайдалы және онсыз күн көре алмайтын адам тарапынан жаулыққа ұшыраса, сол қауіптірек көрінеді. Бірақ үкіметі жоқ қоғамның сыртқы соғысы міндетті түрде азаматтық соғыс тудырады. Адамдарға қандай да бір айтарлықтай игілік беріңізші, сол сәтте олардың арасында ұрыс шығады, оның үстіне әркім зардабын ойлап жатпастан, өзіне ұнайтын нәрсені қарпып қалғысы келеді. Сыртқы соғыста ең маңызды игіліктер – өмір мен денсаулыққа қатер төнеді; сондықтан әркім қауіпті қызметтен қашқалақтайды, ең жақсы қаруға ие болуға ұмтылады, шамалы ғана жарақат алса болды, шайқастан жалтарады; демек, адамдар тып-тыныш өмір сүріп жатқанда едәуір жақсы сақталатын заңдар адамдар еліріп тұратын беймаза шақта күшінен айрылады. [...] Мемлекеттік өкімет жоқ қоғамдық құрылыс – адамдардың ең жаратылыстық ахуалы, ол көптеген отбасылар біріккен кезде де сақталып, алғашқы ұрпақтан көп ұзақ жасауға тиіс. Тек байлық пен иеліктің көбейе түсуі ғана осы құрылыстан бас тартуға мәжбүр ете алады; бірақ барлық қоғамдардың бастапқы қалыптасу кезінде жабайы да надан болатындығы соншалық, олардың байлығы өсіп, өздерінің мүшелері рахат табатын тыныштық пен татулықты бұзатын шамаға жеткенше, көп жыл өтуге тиіс. Бірақ шағын да мәдениеті төмен қоғам үкіметсіз де өмір сүре алатын болғанымен, бірде-бір қоғам әділеттілікті жүзеге асырмай және меншіктің тұрақтылығына, оның келісімімен біреуден біреуге өтуіне және уәденің орындалуына қатысты негізгі үш заңды сақтамай сақтала алмайды. Демек, бұл заңдар үкімет құрудан бұрын, және тіпті азаматтық өкіметке адал бодан болу парызы жөніндегі ой тууынан да бұрын пайда болып,
адамдарға міндеттер жүктеп үлгереді. Мен тіпті бұдан әрі барып, мынадай долбар жасар едім: үкімет алғаш құрылғанда өзінің міндеттілігін дәл осы заңдардан, және соның ішінде уәдені орындау жөніндегі заңнан алады. Адамдар тыныштықты сақтап, әділетті жүзеге асыру үшін үкіметтің қажет екендігін байқаған бойда, олар, әрине, жиылып, әміршілерді сайлайды, олардың өкіметін анықтайды. оларға бағынуға уәде береді. Уәде бұрыннан қолданыста бар және инсаниятпен қатар жүретін міндеттеме немесе кепіл деп топшыланатындықтан, оны үкіметтің бастапқы санкциясы, оған мойынсұнудың әуелгі парызының қайнар көзі деп қарастыру керек. [...] Мемлекеттік билік пен үстемдік келісім арқылы ғана орнығуы мүмкін еді. Мемлекеттік өкімет және жоғары тұру тек келісім жолымен құрыла алады. Адамдардың келісімі, мемлекеттік өкімет құрып, олардың өздеріне жаратылыстық заңдарға беймәлім жаңа міндеттер жүктейді. Сонымен, адамдар өз әміршілеріне соған уәде бергені үшін ғана бағынуға міндетті, және, егер олар дауыстап не үнсіз қалу арқылы адал бодан болуға уәде бермесе, онда бұл ешқашан олардың инсанияттық борышының бір бөлігіне айналмас еді. Алайда осы тұжырым барлық дәуірлердегі және барлық жағдайдағы мемлекеттік өкіметке қатысты қолданылса, ол мүлдем қате болып шығар еді; сондықтан да мен мынаны кесіп айтамын: егер адал бодандық борышының қайнар көзі әу баста шынында да берілген уәденің міндеттілігі болса және белгілі бір мерзімде сол міндеттіліктен қолдау тауып отыратын болса, онда сол борыш көп ұзамай өздігінен тамыр жайып, ешқандай шартқа тәуелсіз дербес міндеттілікке және беделділікке ие болады. Бұл өте маңызды принцип, әрі қарай ілгерілемей тұрып, біз мұны мұқият зейін қойып зерттеп алуымыз керек. Әділет – адамдар арасындағы келісімдерден бұрын дүниеге келетін жаратылыстық жақсылық деп санайтын философтар әрбір азаматтық бодандықты дәйекті түрде уәденің міндеттілігіне саяды да, тек біздің өз келісіміміз ғана өкіметке мойынсұнуға міндеттейді деп тұжырымдайды.
Кез-келген үкімет таза адами туынды болғандықтан және үкіметтердің көпшілігінің шығу тегі тарихтан белгілі болғандықтан, біздің азаматтық міндеттеріміздің (егер ол міндеттерге моральдық жаратылыстық міндеттілік тән дейтін болсақ) қайнар көзін табу үшін биігірек көтерілуіміз керек. [...] Біздің мүддеміз қашан да өкіметке мойынсұну жағында жатады; тек ортақ нақты пайда ғана бізді ызаландырып, біз үшін қоғамда тыныштық пен тәртіпті сақтауға байланысты жырақ мүдделерімізді елемеуге мәжбүрлейді. Бірақ жеке мүдде осылайша біздің өз қылықтарымыз жөнінде көзімізді байлап тастай алатын болғанымен, өзгелердің қылығы жөнінде мұні істемейді және олардың сол қылықтарын шынайы кейпінде, яғни қоғам мүддесі мен біздің жеке мүдделеріміз үшін мейлінше қауіпті кейпінде көруге кедергі болмайды. Бұл, әрине, түрлі бүліктер мен қырбай қылықтарды көргенде бойымызда жағымсыз сезім тудырады және соны кеселділік пен инсанияттық азғындық идеясымен байланыстыруға мәжбүр етеді. Бұл бізді жеке (prіvate) істердегі кез-келген әділетсіздікті, әсіресе уәдеде тұрмауды жек көруге мәжбүрлейтін принциптің тап өзі. Біз кезкелген уәде бұзуды жазғырамыз, өйткені бостандық пен адамдардың кеңінен араласып құраласуы уәдеге адалдыққа бүтіндей байланысты деп білеміз. Біз өкіметпен кез-келген қырбайлықты жазғырамыз, өйткені меншіктің тұрақтылығынан, оны келісіммен беруге болатындығынан және уәдеде тұрудан көрінетін әділетті жүзеге асыру үкіметке бағынусыз мүмкін емес деп білеміз. Бұл арада мүлдем әрқилы екі мүдде көрініп тұрғандықтан олар бір-бірінен соншалық бөлек тәуелсіз екі инсанияттық міндетке негіз беруге тиіс. Дүниеде уәде секілді ештеңе болмаған күннің өзінде бәрібір үлкен, мәдениетті қоғамдарға үкімет қажет болар еді; ал егер уәдеге оның өзінің жеке міндеттілігі ғана тән болып, оны үкіметтің арнайы санкциясымен қолдау қажет болмаса, әлгіндей қоғамдарда олардың пәрменділігі тым шамалы ғана болар еді. Бұл біздің азаматтық және жеке міндеттеріміздің шекарасын белгеілейді де, жеке міндеттердің азаматтық
міндеттерге көбірек тәуелді екенін, керісінше еместігін көрсетеді. Тәрбие, сондай-ақ саяси қайраткерлердің өнері заңды сыйлауға бұрынғыдан да зор инсанияттық құндылық береді де, қандай да болсын бүлікті қылмыс пен масқара ретінде бұрынғыдан да күштірек әшкерелейді. Сондықтан мемлекет қайраткерлері өздерінің мүддесін тым қатты қозғайтын істе мұндай ұғымдарды бодандарына соншалық шебер сіңіретіндігіне таң қалуға болмайды. [...] Әміршілердің өз беделінің де, бодандарының бағыну борышының да қайнар көзі уәде мен бастапқы шарт деп санаудан ат-тонын ала қашатыны соншалық, олар өз өкіметінің шығу тегін халықтан, әсіресе қара бұқарадан қатты жасырады. Егер мұндай мемлекеттік билік санкциясы осындай шығу тегінде жатқан болса, біздің әмршілеріміз ешқашан үнсіз уәдемен қанағаттанбас еді, ал мұның өзі бұл жағдайда дәметуге болатын нәрсенің ең үлкені, өйткені үнсіз де елеусіз ғана берілетін уәде ешқашан қатты дауыстап, жария берген уәдедей адамзатқа ықпал ете алмайды. Үнсіз уәде дегеніміз ырық сөз арқылы емес, неғұрлым бұлыңғырлау белгілер арқылы берілетін нәрсе; алайда ырықтың болуы бәрібір бұл жағдайда да қажет, және ол қаншама үнсіз де елеусіз жасалса да оны білдірген адамның санасынан жасырынып қала алмайды. Бірақ сіз мүшелерінің көп бөлігінен өз әміршілеріңіздің билік жүргізуіне қашанда бір келісім беріп пе едіңіз және оларға бағынуға уәде етіп пе едіңіз деп сұрап көрсеңіз, олар сіз жөнінде оғаш бір пікір түйіп, бұл біздің келісімімізге байланысты емес, бізге осындай мойынсұну тумысымыздан маңдайымызға жазылған деп жауап беретіндігіне күмән жоқ. Осыған сәйкес олар дәл қазіргі сәтте қолында еш билік, бедел жоқ және ең ессіз адам өзіне әмірші етіп сайламайтын кісілерді өздерінің табиғи әміршісі деп білетінін жиі көруге болады, бұлай деп білуінің жалғыз себебі, сол әміршілер бұрын ел билеген адамдардың ұрпағы болып табылады және солармен әрқашан мирасқор болу құқығын берген туыстық дәрежесінде болып шығады, мұндай туыстық сол адамдарға бағынуға уәде берген адамдардың тірі қалғаны
табыла қоймайтын бағзы заманға қатысты болса да солай болып шығады. Алайда бұл, үкіметтің мұндай адамдарға билігі жүрмейді, өйткені олар ешқашан бұған келісімін бермеген және тіпті еркін сайлау өткізу әрекетінің өзін арсыз, арам қылық деп санай алады деген сөз бе? Біз тәжірибеден білеміз, үкімет ондай адамдарды сатқындық пен бүлік шығарушы деп санап, оп-оңай жазалай салады; бірақ бұл аталмыш теорияға сәйкес, тікелей әділетсіздік болып табылатын секілді ғой. Егер сіз аталмыш үкімет иелігіндегі жерлерге қоныстанып, бұл адамдар сонысымен-ақ оның өкіметін мойындады дер болсаңыз, мен мынадай жауап беремін: егер олар бұл өзіміздің таңдауымызға байланысты деп ойлайтын болса ғана солац болар еді, алайда, мұны бірнеше философтан басқа ешкім ешқашан ойлаған емес. Қандай да бір бүлікшілді, ол кәмелетке толғанан кейінгі бірінші актысы мемлекет басшысына соғыс жариялау болғаны, немесе ол бала кезінде өзін келісіммен матай алмаған, ер жеткен соң өзі жасаған алғашқы қылығымен-ақ мойынсұну борышын алуға ешқандай ниеті жоқ екендігін көрсеткені үшін кешіруге тырысқан емес. Қайта, азаматтық заңдар өздігінен-ақ ондай қылмыс үшін, біздің келісуімізді күтпей-ақ, басқа кез-келген қылмыс үшін жазалайтындай, дәл сол жаста, яғни адам парасатқа ие болған жаста жазалайтыны көріп жүрміз; бұл екі арада атлмыш қылмысқа байланысты белгілі бір өтпелі кезеңге жол берген орынды болар еді, ондай кезең уақыты ішінде бодандар өкіметке бағынуға бері салғанда үнсіз келісім бере алар еді. Бұған мынаы қосуға болар еді: абсолютті басқарудағы мемлекетте өмір сүретін адам сол басқаруға бағынуға міндетті болмағаны дұрыс, өйткені өзінің табиғаты жағынан оның қайнар көзі келісу емес. Бірақ ол, кез-келген өзге басқару түрі секілді, табиғи және әдеттегі басқару түрі болғандықтан, ол, сөз жоқ, бодандарына белгілі бір міндеттемелер артуға тиіс, және оған бағынышты адамдар әрқашан дәл солай ойлайтыны тәжірбиеден айдан анық. Мұның өзі әдетте біз өзіміздің адал бодандығымыздың қайнар көзі өзіміз келісім немесе уәде деп санамайтынымызды айқын дәлелдейді; мұның тағы бір
дәлелі мына факт: қандай да бір себепке байланысты берген уәдемізді орындауға мәжбүр болатын біз әрқашан екі міндеттемені дәл айырып, бір уәдені қайталап бергеннен гөрі, олардың бірі екіншісіне көбірек күш береді деп санаймыз. Егер уәде берілмесе және бұзылмаса, адам өзінің жекеістердегі адал деген абыройын төгетін үкіметке қарсы көтерілу фактысын қисапқа жатқызбайды, бірақ көрсетілген екі міндетті – адалдық пен адал бодандықты – бір-бірінен өзгеше бөлек нәрселер деп біледі. Бұл екі міндеттің біріктірілуін жоғарыда аталған философтар өтебір шебер туынды деп мойындады; бірақ жаңа ғана айтылған нәрсе оның шындыққа жанаспайтындығының бұлтартпас дәлелі, өйткені бірде-бір адам оны түсініп алмай тұрып, уәде бере алмайды және оның санкциясымен, міндеттілігімен өзін матай алмайды.
9-тарау
Адал бодандықтың шегі туралы
[...] Күллі адамзаттың ортақ пікірі барлық жағдайда да белгілі бір беделге ие, бірақ бұл арада, мораль мәселесінде, ол пікір, сөз жоқ кіршіксіз. Және оның кіршіксіздігіне адамдардың оны негіздейтін принциптерді дәл анықтай алмай жүргені бөгет жасамайды. Ьөмендегі толғамдар тізбегін тек азғантай адамдар ғана дәйекті жүзеге асыра алады: мемлекеттік өкімет, қоғамның мүддесін көздейтін, жай ғана адамзат туындысы болып табылады; егер әміршілердің тираниясы бұл мүддені бұзатын болса, ол сондай-ақмойынсұнудың жаратылыстық міндеттемесін де бұзады; инсанияттық міндеттеме жаратылыстық міндеттемеге негізделеді және сондықтан осы соңғысы тоқтатылған кезде ол да тоқтатылуға тиіс, әсіресе егер қарастырылып отырған факт жаратылыстық міндеттеме тоқтатылуы мүмкін екенін алдын-ала болжауымызға бізді мәжбүр ететіндей болса, және бізді мұндай
жағдайларда өзіміздің мінез-құлқымызды реттейтін қажет ортақ ереже секілді бірдеңені орнатуға жетелесе солай болуға тиіс. Бірақ, осындай толғам тізбегі тобыр үшін тым күрделі болғанымен, адамның бәрінде ол туралы түсінік бұлыңғыр екені және олар үкіметке қоғамдық мүдде үшін ғана бағынуға міндетті екенін, сондай-ақ адам табиғатының әлсіздіктер мен аффектілерге берілгіштігі сонша, олар мемлекеттік өкімет институтын оп-оңай өзгертіп жіберіп, әміршілерді тирандарға, қоғамның жауларына айналдыра алатынын түсінетіндігі күмәнсіз. Егер қоғамдық мүддені түсіну біздің бағынуымыздың бастапқы себебі болмаса, онда иен қуана-қуана былай деп сұрар едім: адам табиғатының басқа қандай принципі адамдардың жаратылыстық атаққұмарлығын басып тастап, осындай бағынушылыққа көндіре алады? Бір ғана еліктеушілік пен дағды жеткіліксіз, өйткені мынадай сұрақ әлі де қала береді: біз еліктейтін бағыну оқиғаларын алғаш рет туғызатын себеп және дағдыны құрайтын қарекет тегі қандай? Бұл арада қоғамдық мүддеден басқа ешқандай өзге принциптің рөлі жоқ екендігі айқын; бірақ егер үкіметке бағынуды алғаш рет мүдде туғызатын болса, онда мүдде өте күшті дәрежеде және едәуір көп жағдайда бұзылған бойда мойынсұну борышы тоқталуға тиіс.
10-тарау
Адал бодандық объектілері туралы
Бірақ, кейбір жағдайлар жоғарғы өкіметке қарсылықты есті саясатпен де, моральмен де ақтау болатындығына қарамастан, адам істерінің әдеттегі барысында ештеңе де одан артық тажалды да қылмысты бола алмайтыны күмәнсіз; әдетте революцияға ілесе жүретін дүрбелеңдерді былай қойғанда мұндай қарекет үкіметті құлатуға жетелейді және адамзат арасында жаппай анархия, жаппай бұлғақ туындатады. Байтақ та өркениятты қоғамдар үкіметсіз өмір сүре алмайды, ал жұртты өз кезегінде үкіметтің
өзіне қатаң мойынсұнусыз түкке пайдасы жоқ. Біз әрқашан өкіметтен алатын артықшылықтар мен одан келетін зиянды салыстырып отыруға тиістіміз; соның арқасында біз өкіметке қарсылық туралы доктринаны практикада қолдануда неғұрлым сақ қимылдайтын боламыз. Ортақ ереже өкіметке бағынуды талап етеді; асқан тирания, асқан қанау ғана қарсыласуға жол ашады. Сонымен, егер біз әдетте өкіметке көзсіз бағынуға міндетті болсақ, келесі сұрақ мынадай: біз кімге бағынуға міндеттіміз, кімді заңды билік жүргізуші деп тануға тиістіміз? Бұл сұраққа жауап беру үшін біз үкімет пен мемлекеттің шығу тегі жөнінде айқындаған нәрсені еске алайық. Әркім өзіне өзі қожа болып, өзінің нақты мүддесі немесе нақты пиғылына орай қоғам заңдарын бұзатын не сақтайтын жағдайда қоғамдағы нық тәртіпті сақтау мүмкін есестігіне тәжірибеде адамдардың көзі жеткен бойда олар табиғи жолмен үкіметті ойлап табу шешіміне келеді де, қаншалық мүмкін болуына қарай, өздерін өздері қоғамдық заңды бұзу билігінен айырады. Сонымен үкімет адамдардың ерікті келісімінен дүниеге келеді, және де, үкіметті құрайтын дәл сол келісім басқаруға тиіс болатын адамдарды да айқындап, бұл жөнінде барлық күмәндар мен бұлдырлықты біржола жояды. Өкіметтердің беделі әу баста бодандардың бағынуға міндеттенуіне негізделетіндіктен бұл арада адамдардың ерікті келісуі бәрінен көп маңызға ие болуға тиіс, кез-келген басқа келісімшарт немесе шарт кезінде нақ солай болады. Сонымен, адамдарды белгілі бір кісіге мойынсұнуға міндеттейтін дәл сол уәде оларды белгілі бір кісіге бағындырып, соны олардың адал бодандығының объектісіне айналдырады. Бірақ үкімет сондай негізде едәуір уақыт өмір сүріп, біз үшін мойынсұнудан тұратын ерекше мүдде ерекше инсанияттық сезімдерді тудырғаннан кейін іс түбегейлі өзгереді де, ендігі жерде уәде әміршіні анықтауға жарамсыз болып қалады, өйткені ол уәде мемлекеттік өкіметтің тұғыры деп қарастырылуын қойған. Біз енді, әрине, өзімізді бағынуға туған жандар деп санаймыз да, белгілі бір адамдардың бізді басқаруға құқығы
бар, ал біз өз тарапымыздан бағынуға міндеттіміз деп ойлай бастаймыз. Құқық пен міндет жөніндегі осынау ұғымдардың қайнар көзі тек қана біз үкіметтен алатын пайда, біздің өзіміздің бойымызға оған қарсыласпау ниетін сіңіретін және ондай қарсыласу мысалдарын басқалардан көрсек, біздің бойымызда жақтырмаушылық туындататын пайда. Бірақ бір тамашасы ендігі жаңа жағдайда, мәселе бұрынғыдай уәдемен шешілетін кездегідей емес, үкімет құруға бастапқы берілген рұсат, яғни мүдде біз мойынсұнуға тиісті адамдарды ендігі жерде анықтай алмайды. Рас, уәде сол адамдарды барынша анық көрсетіп, белгілейді; бірақ адамдар мұндай жағдайда өздерінің қылықтарын қоғамдық немесе жеке мүдде жайындағы пиғылдарды басшылыққа алатын болса, олар таусылмайтын қарамақайшылықтарға малтығып, қандай үкіметті болса да белгілі бір дәрежеге дейін жарамсыз етер еді. Әркімнің жеке мүддесі әрқилы, ал қоғамдық мүдде өздігінен-ақ әрқашан бірдей болғанмен, алайда ол да соншалық зор келіспеушіліктердің қайнар көзі болып шығады, өйткені жекелеген адамдар ол мүдде жөнінде әрқилы пікір ұстанады. Сонымен, бізді өкіметке бағындыруға жетелеп әкелетін сол бір мүдде әміршіні таңдағанда өзімізді өзімізден бас тартуға мәжбүр етеді; ол бізді басқарудың белгілі бір пошымы мен белгілі бір адамдарға бағындырып, екі жағдайда да сөзсіз мінсіздікке иегіміздің қышымауына мәжбүр етеді. Бұл арада мәселе тұптура меншік тұрақтылығына қатысты жаратылыстық заңдар мәселесі секілді. Қоғам үшін меншіктің тұрақты болуы тиімді, тіпті мейлінше қажетті; мұның өзі бізді тиісті ережені орнықтыруға жетелейді; бірақ біз, егер біз жеке тұлғаларға иелік тағайындауда да сол пайданы көздейтін болсақ, өз мақсатымызға жете алмайтынымызды және әлгі ереже арқылы жол берілмеуге тиіс былықты тек мәңгілік етер едік. Сонымен біз меншік тұрақтылығы туралы жаратылыстық заңның түрі өзгергенде ортақ ережеге жүгініп, ортақ мүддені басшылыққа алуға тиіспіз. Және де оның түрін өзгертетін мүдделердің алдамшы болмашылығының салдарынан осы заңға адалдығымыз әлсірейді деп қорқатын ештеңе де жоқ. Рухтан шығатын
серпілістің қайнар көзі – өте күшті мүдде; басқа, неғұрлым ұсақ мүдделер тек қимылды бағыттайды, бірақ оған ештеңе қоса да, не ала да алмайды. Үкіметке қатысты мәселесі де осындай; қоғам үшін осы туындыдан артық тиімді ештеңе жоқ және осынау тиімділік одан белсене, қуана-қуана айрылмауымызға жетіп жатыр, дегенмен кейін келе біз үкіметке берілгендігімізді соншалық елеулі емес пиғылдармен реттеп, бағыттап отыруға, сондай-ақ өз әміршілерімізді, сондай таңдауымыздан әлгіндей пайда алуға үміттенбей-ақ, сайлауға мәжбүр боламыз. Мен мемлекеттік өкіметке ие болу құқығының қайнар көзі ретінде атап келетін принциптердің біріншісі – әлемде барынша орныққан үкіметтердің барлығының беделін негіздейтін принцип, атап айтқанда басқарудың қандай да бір пошымы тұсында немесе билеушілер сабақтастығы тұсында өкіметке ұзақ уақыт ие болу принципі. Егер біз кезкелген ұлттың бастапқы шығу тегін зерттеуге кірісетін болсақ, онда бастапқы қайнар көзі өкіметті басып алу мен көтеріліс болмаған және құқықтары әу баста тым күмәнді де шын болмаған король әулеті немесе мемлекеттік құрылыс пошымы табылмайтыны күмәнсіз. Ол құқықтарды тек уақыт қана беркітеді: адамдардың рухына бірте-бірте ықпал етіп, уақыт адамдарды кез-келген өкіметпен татуластырады, сөйтіп оған әділеттілік пен парасаттылық сипатын береді. Кез-келген сезімді бізге ерекше күшті ықпал етуге мәжбүр ететін немесе қиялымызды кез-келген объектіге ерекше күшті бағыттайтын әдеттен басқа не болмақ? Егер біз ұзақ уақыт бойында белгілі бір адамдар тобына бағынуға әдеттеніп алсақ, онда лоялдық инсанияттық міндеттілікпен қабат жүреді деп топшылауға бейім бізге тән инстинкт пен бейімділік көрсетілген бағытты оп-оңай қабылдап, аталмыш адамдарды біздің адал бодандығымздың объектісі ретінде таңдап алады. Ортақ инсаният мүддеден туындайды, бірақ оған жеке бағытты әдет береді. Осы тұста мынаны айта кету керек: бір ғана уақыт бөлшегі біздің рухымызға ықпал етуінің айырмашылығына қарай біздің инсанияттық
сезімдерімізге әрқилы ықпал етеді. Бізге бәрін де салыстыру арқылы бағалау тән, және егер біз корольдіктер мен республикалар тағдырын қарастырғанда ұзақ уақыт бөлшегін қамтитын болсақ, онда шағын уақыт бөлшегі аталмыш жағдайда біздің сезімдерімізге басқа кез келген объектіні қарастырған тұста ықпал ететіндей ықпал ете алмайды. Бізге ат міну немесе костюм кию құқығын қысқа мерзім ішінде алуға болатын секілді көрінеді, бірақ жаңа үкіметті беркітіп бодандардың санасында ол жөніндегі қандай да бір күмәнді сейілту үшін тұтас бір ғасырдың өзі жеткілікті бола қоймайтын шығар. Бұған мынаны қосыңыз. әміршінің өзі тартып алған қосымша билігіне құқық сыйлау үшін уақыттың кемірек мөлшері жеткілікті, бұл уақыт мөлшері оның өкіметке жалпы құқығын беркітуге қажет уақыттан кем, өйткені жалпы алғанда ол билік тартып алу жолымен келген. Француз корольдары олардың соңғы екеуінің билік жүргізуі кезеңінде ғана абсолютті билікке ие болды, соған қарамастан француздарға олардың бостандықтары жөнінде тілге тиек етуден артық ақымақтық жоқ секілді болып көрінер еді. Егер біз меншікті еселей түсу туралы біз айтқанды есімізге түсірсек, бұл құбылысты түсіндіру бізге оңайға түседі. Егер ұзақ уақыт өкіметке ие болуға негізделген басқару пошымы болмаса, ондай өкіметті алмастыру үшін оған нақты ие болу жеткілікті, оны мемлекеттік өкіметтің екінші қайнар көзі деп қарастыруға болады. Өкіметке ие болу құқығы дегеніміз қоғамдық заңдар мен адамзат мүддесі кепілдік беретін өкіметке тұрақты ие болудан өзге ештеңе де емес; және осынау тұрақты ие болуды жоғарыда айтылған принциптерге сәйкес нақты ие болуға қоса салудан артық табиғи не болуы мүмкін? Егер аталмыш принциптерді жеке адамдардың меншігіне қолдануға болмайтын болса, бұл оларға қарсы күш қызметін өте елеулі мүдделер атқарғанымен түсіндіріледі, өйткені біз мұның өзі кез-келген меншік құқығын қалпына келтіруді мүмкін етпей, кез-келген зорлық-зомбылықты ынталандырып, қолдап отыруға жетер еді. Дәл сол себептер мемлекеттік өкіметке қолданылғанда да күшке ие болатын секілді көрінгенімен, алайда олардың
ықпалы бейбітшілікті сақтаудан және қандай да бір өзгерістерден қашқалақтаудан тұратын қарама-қарсы мүддемен бейтараптандырылады, рас, ондай өзгерістер жеке істерде оп-оңай жасала алады, есесіне іс қоғамға келіп тірелгенде, сөзсіз қантөгіс пен бұлғақ туындатады. Жалпы жұрт қабылдаған кез-келген этикалық жүйенің көмегімен нақты әміршінің құқығын ақтау мүмкін емес деп тауып, соның негізінде ол құқықтың инсанияттық санкциясы жоқ дегенді кесіп айтып, сол құқықты үзілдікесілді теріске шығаруға бел байлаған кім көрінгенді – дәл сондай кезкелген адамды орынды түрде өте оғаш парадоксты қолдаушы және естілікке қарсы, адамзаттың орынды пікіріне қарсы адам деп санар еді. Адам өзі өмір сүретін елдің үкіметіне сабырмен бағынуды, бағынғанда сол үкіметтің шығу тегі мен бастапқыда қалай орнағанын қазбалап жатпай-ақ бағынуды талап ететін ереже секілді бір де бір ереже кемеңгерлік пен инсаниятқа дөп келмейді. Әлгіндей қатаң сынаққа ілуде бір үкіметтер ғана шыдай алар еді. Әміршілері өзінің билігін нақты ие болуымен ғана демесек, басқаша жолмен негіздей алмайтын патшалықтар мына жалғанда қазіргі кезде қанша және тарихтан олардың қаншасын табамыз? Рим империясымен және Грекиямен ғана шектелейікші; римдік бостандықтың жойылуынан бастап, түріктер жаулап алған соң империяның түпкілікті құлауына дейін патшалық құрған императорлардың ұзыннан ұзақ тізбесінде өз билігін басқаша негіздеуге дәмеленетін әмірші табылмайтыны айдан анық емес пе? Сенаттың сайлауы жай ғана формальдылыққа айналатын, ол әрқашан легиондар таңдауынан кейін өтетін, ал легиондар түрлі провинцияларда орналасқандықтан әрқашан дерлік әртүрлі таңдау жасайтын да, мұндай алауыздықты тек семсер ғана жоя алатын. сөйтіп, әрбір император өз құқығына тек семсермен ие болып, сонымен қорғайтын, сондықтан біздің: бізге белгілі бүкіл дүние не көптеген ғасырлар бойы үкімет дегенді білген емес, ешкімге бағынған емес деуімізге тура келеді, немесе қоғамдық істерде күштінің құқығы, егер оған өзге бір құқық қарсы қойылмаса, заңды және инсанияттық санкцияға ие
деп санау керек дегенге жол беруімізге тура келеді. Жаулап алу құқығын үкіметтік өкіметтің үшінші қайнар көзі деуге болады. Бұл құқық нақты иелік құқығына қатты ұқсайды; тек оның күші көбірек, өйткені біз басқыншыларға таңатын даңқ пен абырой идеялармен қуатталады, ал узурпаторлар біздің бойымызда өшпенділік пен жиіркеніш сезімін туындатады. [...]
11-тарау
Халықаралық құқық туралы
Адамзаттың көп бөлігінде азаматтық өкімет орнап болған кезде, бірбірімен сабақтас түрлі қоғамдар құрылған кезде осынау көрші мемлекеттерде олар бір-бірімен жасайтын қатынастардың табиғатына сай жаңа міндеттемелер санаты пайда болады. Саяси мәселелерді түсіндіретін жазушылар бізге кез-келген қатынаста әрбір мемлекеттік дене (body) жекелеген тұлға ретінде қарастырлуы керек дейді; бұл тұжырым шынында да дұрыс, себебі әртүрлі ұлттар да, жеке адамдар сияқты, өзара көмекке мұқтаж, сөйте тұра олардың эгоизмі мен атаққұмарлығы соғыс пен жанжалдың мәңгілік қайнар көзі болып келеді. Бұл тұрғыдан алғанда ұлттар индивидуумдарға ұқсағанымен, өзге жағынан алғанда олар индивидуумдардан қатты ерекшеленеді; сондықтан олардың өзге ережелерге бағынатындығына таң қалуға болмайды, мұның өзі халықаралық құқық деп аталатын жаңа заңдар жинағын туындатады. Бұған елші кісіге ешкімнің тиісе алмайтыны, соғыс жариялау құқығы, умен суарылған қару қолданудан тартыну және әртүрлі мемлекеттер арасында қалыпты қатынасты қолдап отыруға бағытталған басқа да сондай міндеттемелерді жатқызуға болады. Бірақ бұл заңдар жаратылыстық заңдарға қосымша болып табылса да, әлгі заңдар жаратылыстық заңдарды толығымен ығыстыра алмайды,
сондықтан да негізгі үш әділеттілік заңы, яғни меншік тұрақтылығы, оның келісім негізінде берілуі және уәдені орындау тақсырларға да, олардың бодандарына да бірдей міндетті деп байыпты түрде кесіп айтуға болады. Екі жағдайда да мүдделер ұқсастығы бірдей салдарларға жетелейді. Меншік тұрақтылығы жоқ жерде соғыстан көз ашпайсың. Меншікті келісім негізінде беру болмаған жерде сауда жоқ. Уәде сақталмайтын жерде лигалар мен одақтар мүмкін болмайды. Осылайша, бейбітшілік, сауда және өзара көмек беретін пайда бізді индивидуумдар үшін міндетті әділет ұғымдарын мемлекеттерге де таратуға итермелейді. Дүниеге кеңінен таралаған бір ереже бар, және оны бірен-саран ғана мемлекеттік қайраткерлер мойындауға бейім болғанымен, ол барлық замандар практикасымен әспеттелген – ол тақсырлар үшін айрықша инсанияттық жүйе бар, және ол жеке адамдарды басқаруға тиісті жүйеден гөрі әлдеқайда еркін жүйе болып табылады дейтін ереже. Мұны мемлекеттердің қоғамдық парызы мен міндеттерінің көлемі кем екен деп түсінуге болмайтыны айдан анық; дәл сол секілді ең салтанатты шарттардың тақсырлар арасында күші жоқ деген парықсыз сөзді кесіп айтуға ешкім де тәуекел ете алмас. Өйткені іс жүзінде бір-бірімен жасасатын сол тақсырлар ғой, ендеше олар сол шарттардың орындалуынан белгілі бір пайда күтуге тиіс және болашақты да пайда табу мүмкіндігі оларды міндеттеменің өзіне тиесілі бөлігін орындауға бейімделуге, яғни тиісті жаратылыстық заңды жүзеге асыруға жетелеуге тиіс. Осылайша, жоғарыда айтылған саяси ереженің мәні негізінен мынадай: тақсырлар үшін міндетті инсанияттың көлемі жеке адамдардың инсаниятпен бірдей болғанымен, оның күші бірдей емес, яғни біріншілерге арналған инсаният болмашы себеппен заңды негізде бұзыла салуы мүмкін. [...] Бірақ мүддеге негізделген дәл сол жаратылыстық міндеттілік тәуелсіз мемлекеттер арасында да бар және нақ сол инсанияттың бастауыш береді, сондықтан бірде-бір адам, ол инсаният тұрғысынан қаншалық бұзылған адам болғанымен, жүгенсіздікпен, өз бастамасымен уәдесінде тұрмаған не
шартты бұзған тақсырды құптамайды. Бұл арада, алайда, мынаны атап өту бөгет емес: әртүрлі мемлекеттердің арасындағы аралас-құраластық секілді қажет және өте тиімді және кейде тіпті қажет болғанымен, ол индивидуумдар арасындағы аралас-құраластық секілді қажет және тиімді емес, индивидуумдар арасындағы ондай аралас-құраластықсыз адамзат мүлдем өмір сүре алмас еді. Бірақ егер әділеттілікті сақтаудың жаратылыстық міндеттілігінің мемлекеттер үшін
индивидуумдар міндеттілігіндей күші болмаса, онда ол туындататын инсанияттық міндеттілікке, оның әлсіздігі ортақ болуға тиіс, сондықтан біз қажетіне қарай тақсырға немесе министрге, ол басқа тақсырды не министрді алдаған кезде, уәдесінде тұра алмаған жеке адамнан гөрі, кешірімшілдеу қарауға тиіспіз. Егер инсанияттың көрсетілген екі түрі бір-біріне қандай арақатынаста болады деген сұрақ қойылса, мен бұл біз ешқашан дәл жауап бере алмайтын сұрақ деген жауап берер едім: өйткені біз олардың арасында анықтауға тиіс болатын арақатынасты сан арқылы білдіру мүмкін емес қой. Мынаны кесіп айтуға болады: мұндай ешбір өнерсіз, адамдар тарапынан жасалатын күш-жігерсіз орнайды, мұны тегі өзге көптеген мысалдардан оп-оңай көруге болады. Өмірдің практикасы біздің борышымыздың әртүрлі дәрежесіне бізді ілгері-кейінді ойлап табылған ең бір мінсіз философиядан әлдеқайда жақсы үйретеді. Және бұл мынаның бұлтартпас дәлелі: жаратылыстық және азаматтық құқыққа қатысты айтылған исаният заңдарының тұғыры жайында барлық адамдардың түсінігі бұлдыр және олар азаматтық құқықтардың тек қана адами шарттардан, сондай-ақ біз үшін бейбітшілікті, тәртіпті сақтаумен байланысты мүддеден пайда болатынын түсінер еді. Өйткені бөтен жағдайда мүдденің кемуінің салдары ешқашан инсанияттың әлсіреуі болып, бізді бір боданның екінші боданмен жеке аралас-құраластығындағы әділеттің бұзылуынан гөрі тақсырлар мен мемлекеттердің әділетті бұзуына әлдеқайда оңай кешіріммен қарауға көндірмес еді.
"Юм. Д. Трактат о человеческойц природе...,
М., 1995" басылымынан қазақшалаған Асхат
ӘБІШЕВ.
Мари Жан Антуан Никола Кондорсе
(1743–1794) – француз саяси қайраткері, философ-ағартушы, математик. Адамзат прогресі теориясының атасы, 1789–1794 жылдардағы Ұлы француз революциясына дем берушілері мен идеялықcаяси көсемдерінің бірі. Тарихшы және публицист. 1790 жылы “Қоғамдық қайраткердің кітапханасы” атты саяси шолуды ұйымдастырып, оның тарихи-философиялық және саяси мақалалары жарық көрді. 1791 жылы Заң шығарушы жиналысқа сайланып, хатшы және вице-президент ретінде оның жұмысына белсене қатысты. Конвент саясатына қарсы шығып, француз конституциясының жобасын әзірледі, республиканың якобиші басшылығын қатты сынады. Конвент жобаны қабылдамай тастады да, құғын-сүргін басталды. Бұл кезеңде Кондорсе өзінің атақты “Адамзат парасаты прогресінің тарихи картинасының экскизін" (1794
ж.) жазды. Көп ұзамай Кондорсе қамалып, абақтыда у ішті. Ғалым ретінде геометрия, интегралды есептеулер және астрономия секілді салаларда өзінің еңбектерімен белгілі болып, Ғылым академиясының мүшелігіне ұсынылды (1773 жылдан Академия хатшысы). Саяси ғылымда тарихи, қоғамдық-саяси және ғылыми прогрестің бірлігі идеяларын қорғады. Кондорсенің қоғамдық-саяси қызметі, әсіресе қоғамдық прогрестің жалпы теориясына қатысы бар бөлігінде қоғамтанудың одан әрі дамуына ықпал етті.
АДАМЗАТ ПАРАСАТЫ ПРОГРЕСІНІҢ ТАРИХИ
КАРТИНАСЫНЫҢ ЭСКИЗІ
Оныншы дәуір
Адамзат парасатының болашақ прогресі туралы
Адамзат баласы ахуалының болашақта жақсаруына үмітіміз маңызды үш қағидаға саяды: олар – ұлттар арасында теңсіздіктің жойылуы, бір халықтың әртүрлі таптарының арасындағы теңдіктің прогресі, ақырында, адамның шындап кемелденуі. Барлық халықтар неғұрлым білімді, неғұрлым бостан, соқыр сенімдерден неғұрлым арылған ұлттар француздар мен англо-американдар жеткен өркениятқа жақындауға тиіс пе? Осы ұлттарды корольдарға бағынған ұлттардың езіп-жаншылуынан, африкалық тайпалардың тағылығынан, жабайылардың мешеулігінен бөліп тұрған осынау зор ара қашықтық бірте-бірте жойылып кетуге тиіс пе? Жер шарында табиғат тұрғындарына ешқандай бостандық рахатын көрмеуге, ешқашан өз парасатымен өмір сүрмеуге бұйырған ел бар ма? Осы уақытқа дейін өркениятты халықтардың әрқайсысының әртүрлі таптарының арасында байқалатын білімдегі, қаржы-қаражаттағы немесе байлықтағы осынау айырмашылық, қоғамның әу бастағы прогресі ұлғайтқан және былайша айтқанда, дүниеге әкелген осынау теңсіздік, өркенияттың өзінен немесе әлеуметтік өнердің осы заманғы
кемістіктерінен туындаған ба? Ол айырмашылық әлеуметтік өнердің соңғы мақсаты – іс жүзіндегі теңдікке, тіпті қабілеттердің жаратылыстық айырмашылығының зардаптарын да кеміте отырып, баршаның мүддесіне пайдалы теңсіздікті, өркенияттың, білім алудың, өнеркәсіптің прогресіне қолайлы болатын және тәуелділікке, қорлауға, кедейлене түсуге апарып соқтырмайтын теңсіздікті ғана қалдыратын теңдікке орнын беру үшін үздіксіз әлсірей беруге тиісті емес пе? Қысқасы, өзінің күнделікті істерінде өзін төл парасатына сәйкес ұстай білуге және оны соқыр сенімдерден бой тартқызуға, өзінің құқықтарын жақсы біліп, оларды өз парасаты мен ұжданына сәйкес жүзеге асыруға қажет білімді барша игеретін; өзінің қабілетін дамытудың арқасында өзінің қажеттерін қанағаттандырудың сенімді құралдарына барша ие болатын; ақырында, нақұрыстық пен қайыршылық қоғамның бір бөлігінің әдеттегі ахуалы емес, тек кездейсоқтық болатын ахуалға адамдар жақындай ала ма? Ақыр соңында, адамзат баласы ғылымд мен өнерде және – қажетті салдар пәрменімен – жеке әл-ауқат пен қоғамдық молшылықты жасаудың құралдарында ашылған жаңалықтардың арқасында, немесе мінезқұлықтың моральдық принциптерін дамытудың арқасында, немесе, ақыр соңында, интелектуалдық, моральдық және тәндік қабілеттердің шын мінсіздігінің (бұл мінсіздік не осы қабілеттердің интенсивтілігін ұлғайтатын және олардың пайдаланылуын бағыттайтын құралдардың мінсіздігінен туындайды) арқасында жақсара түсуге тиіс пе? Осынау үш сұраққа жауап беру үшін біз өткеннің тәжірибесіне, ғылым мен өркеният осыған дейін жүзеге асырған прогресті қадағалауға, адамзат парасатының қарышты қозғалысы мен оның қабілеттерінің дамуын талдауға жүгініп, табиғат біздің үмітімізге ешқандай шек қоймағанына сенуге итермелейтін ең күшті себептерді табамыз. Егер жер шарының қазіргі ахуалына көз жүгіртсек, біз ең алдымен, француз конституциясының принциптерін Еуропада білімді адамдардың барлығы игергенін көреміз. Біз ола принциптердің бұл арада тым кең
таралғанын және тым зор дауыспен мойындалатынын, демек, тирандар мен священниктердің өз құлдарының лашықтарына сол принциптердің біртіндеп енуіне бөгет жасау жөніндегі күш-жігерінен ештеңе шықпайтынын көреміз; және осы принциптер көп ұзамай бұл жерде естіліктің соңғы қалдығы мен іштей наразылықты оятатынын көреміз, ол наразылықты езілгендердің жан-дүниесінде қорлану әдеті мен қорқыныш басып тастай алмайды. Одан соң әртүрлі ұлттарды шолып шығып, біз олардың әрқайсысында осы революцияға қандай жеке кедергілердің бөгет жасайтынын немесе қандай жағдай оған қолайлы жағдай жасайтынын көреміз; біз өз үкіметтерінің, кешігіп біткен болса да, кемеңгерлігінің арқасында ол революция бейбіт жолмен жүргізілуге тиіс елдер мен үкіметтерінің қарсылығының салдарынан революция неғұрлым аяусыз болып, олардың өздерін өзінің сұмдық та шапшаң қимылымен дедектете жөнелетін елдерді ажырата аламыз. Еуропалық ұлттардың кемеңгерлігі немесе парықсыз алауыздығы олардың отарларының баяу болса да, төте прогресіне қолайлы болып, көп ұзамай жаңа дүниенің тәуелсіздігін жасайтындығына күмәндануға бола ма? Және сонда еуропалық халық осынау ұлан-ғайыр аумақта тез көбейіп, ол жерде әлі ұшы-қиырсыз өлкені иеленіп отырған жабайы халықтарға білім беруге немесе басып алусыз-ақ кетіп қалуға мәжбүр етуге тиіс емес пе? Африкадағы немесе Азиядағы біздің кәсіпорындарымыздың, біздің мекемелеріміздің тарихын ақтарып шығыңыз, сонда сіз біздің сауда монополияларымыз, біздің сатқындықтарымыз, терісінің түсі басқа немесе діні басқа адамдарға біздің қанға біткен менсінбеушілігіміз, біздің басып алуларымыздың ар-ұятсыздығы, біздің священниктеріміздің жосықсыз прозелетизмі немесе қулық-сұмдығы әу баста біздің біліміміздің артықшылығы мен біздің саудамыздың пайдасы біз жөнінде туғызған құрмет пен ілтипат сезімін басып кеткенін көресіз.
Бірақ, оларға тек азғындатушылар мен тирандарды көрсетуді қойып, біз олар үшін пайдалы кеңесшілер мен кең пейілді азат етушілер болатын сәттің жақындап келе жатқанына күмән жоқ. […] [...] Тегінде өздерін ағарту құралдарымен қамтамасыз етуімізді күтіп отырған және еуропалықтардан олардың достары мен шәкірттеріне айналу үшін бауырларын көруді аңсайтын халықтар толып жатыр; ана жерде – рухани деспоттар немесе мақау жаулап алушылар езіп-жаншыған ұлттар, олар міне бірнеше ғасырлар бойы азаткерлерді шақыруда; басқа бір жерде – өз елінің климатының қатаңдығы салдарынан өркенияттың игіліктерінен айрылған жабайы дерлік тайпалар, бұл арада дәл сол қатаңдық оларға өркенияттың артықшылықтарын түсіндіргісі келетіндерді де, күштен өзге заңды, тонаудан өзге кәсіпті білмейтін жаулап алушылар тобырларын да бірдей шошытады. Осынау екі соңғы санаттағы халықтардың прогресі неғұрлым баяу болады, зор дүрбелеңдер қосарлана жүретін болады; бәлкім тіпті өркениятты ұлттардың тегеурінінің шамасына қарай, сан жағынан барған сайын азая түсіп, сайып келгенде олар еленбей-ақ жойылып кетуі немесе өркениятты ұлттар арасына сіңіп те кетер. Біз осы оқиғалар қалайша Еуропа прогресінің ғана емес, тіпті француз және солтүстікамерикан республикалары шын мүдделі және жүзеге асыруға мүмкіндігі бар Африка мен Азиядағы сауда бостандығының сөзсіз салдары болатынын көрсетеміз; біз олардың не еуропалық ұлттардың жаңа кемеңгерлігінен, не олардың саудадағы соқыр сенімдерді қыңырлықпен сақтауынан сөзсіз туындауға тиіс екенін де көрсетеміз. Біз жағдайлардың тоғысуының өзі-ақ, татарлардың жаңа шапқыншылығы осы революцияға кедергі жасай алатынын және енді мұндай ештеңе мүмкін еместігін көрсетеміз. Сонымен бірге, бәрі де ұлы шығыс діндерінің тез арада құлауын дайындап жатыр, ол діндер барлық жерде халық құзырына берілгендіктен, өзін ұстанушыларының қорлануына ортақтасатындықтан және енді көптеген елдерде халықтың күшті элементтері оларды саяси туынды ретінде ғана
қарастыратындықтан, бұдан былай адам парасатын үмітсіз құлдықта және мәңгі нәрестелікте ұстау қатерін төндіре алмайды. Мешеу халықтардың қозғалысы біздікінен неғұрлым шапшаң және неғұрлым төте болар еді, өйткені олар біз ашуға мәжбүр болған нәрселерді бізден дайын күйінде алар еді және біз ұзақ адасудан кейін ғана танып-біле алған осынау қарапайым ақиқаттар мен айқын әдістерді игеру үшін олардың мәнісі мен дәлелдерін біздің сөздеріміз бен кітаптарымыздан аңғара алуы жеткілікті болар еді. Егер гректердің прогресі басқа ұлттарға бұйырмай кетсе, бұл үшін халықтар арасындағы байланыстың жоқтығын және римдіктердің тираниялық үстемдігін айыптау керек. Бірақ өзара қажеттілік барлық адамдарды жақындастырған кезде, ең күшті ұлттар, жекелеген адамдар арасындағы теңдік сияқты қоғамдар арасындағы теңдікті өздерінің саяси принциптерінің дәрежесіне көтереді және әлсіз мемлекеттердің тәуелсіздігін құрметтеуді надандық пен қайыршылыққа адамгершілік көзқарас дәрежесіне көтереді; адам қабілеттерінің күшін басып-жаншуды көздейтін ережелер олардың көрініс беруі мен күшқайратына қолайлы болатын ережелермен алмастырылған кезде, нақ сол кезде жер шарында ағартудың құлашы жетпейтін, деспотизм менмендігі ақиқатқа ұзақ уақыт бойы еңсерілмейтін кедергілер қоя алатын кеңістіктер қалады деп қорқу мүмкін бола ма?! Осылайша, күн өзінің парасатынан өзге қожайынды мойындамайтын, тек бостан адамдар мекендейтін жерге жарық беретін; тирандар мен құлдар, священниктер мен олардың ақымақ немесе жарамсақ қолшоқпарлары тек тарихта және театр саханаларында ғана қалатын; олармен тек олардың құрбандары мен алданғандары жөнінде аяныш білдіру үшін, олардың эксцестерінің сұмдығы ылғи да қырағы күзетте болудың қажеттігін еске салып отыруы үшін, егер соқыр сенімдер мен тирания бір кездері қайта көрінуге бел байлатын болса, олардың ең әуелгі ұрықтарын танып-біліп, өз парасатының күшімен жаныштап тастау үшін айналысатын сәт туады.
Қоғамдардың тарихын шола отырып, біз азаматтардың заң мойындайтын құқықтары мен олар шынында да пайдаланатын құқықтар арасында; саяси мекемелер орнатқан теңдік пен іс жүзіндегі теңдіктің арасында көбіне зор айырмашылық болатынын көрсетеміз; біз бұл айырмашылық ежелгі республикаларда бостандықтың жойылуының басты себептерінің бірі болғанын, оларды шайқалтқан дауылдар мен әлсіздікті тудырғанын, мұның өзі бұл оларды жатжұрттық тирандардың олжасына айналдырғанын дәлелдейміз. Бұл айырмашылықтар басты үш себептен туындайды, олар: байлықтың әркелкілігі, өзіне қамтамасыз етілген күн көріс құралдарының мұрагерлікпен оның отбасысына көшетін адамның дәулеті мен сол құралдарға ие болу оның ғұмырының ұзақтығына немесе, көбінесе, оның ғұмырының ол еңбекке жарамды бөлігіне тәуелді болатын адамның дәулеті арасындағы әркелкілік, ақырында білімнің әркелкілігі. Демек, нақты теңсіздіктің осынау үш түрі үздіксіз кеми беруге (алайда жойылып кетпей) тиіс екендігін (өйткені олардың себептері табиғи және қажетті себептер), оларды жою парықсыздық және қауіпті болатындығын, теңсіздіктің олардан да мол қайнар көздерін ашып бермей адамдар құқықтарына одан да неғұрлым тікелей және тажалды соққы бермей тұрып, олардың салдарларын түгел жоюға тырысудың өзі мүмкін еместігін көрсету қажет болады. [...] Жаңалық ашу немесе, дұрысырағы метафизиканың, мораль мен саясаттың негізгі принциптерін дәл талдау жақында ғана жасалғандықтан және оның алдында көптеген екінші дәрежелі ақиқаттарды тану жұмысы жүргізілгендіктен, бұл ғылымдар өзінің соңғы шегіне жетті деген қате пікір қалыптасты; білімнің осы салаларында енді істейтін ештеңе жоқ деп елестетті, өйткені бұдан былай дөрекі адасуларға қарсы күресіп, негізгі ақиқаттарды анықтаудың қажеті болмай қалды. Бірақ адамның интеллектуалдық және моральдық қабілеттеріне жасалатын талдау әлі қаншалық шалағай екенін, оның өз қарекеттерінің өзі
секілділердің әл-ауқатына, өзі мүшесі болып табылатын қоғамға ықпалын білуді талап ететін өз міндеттерін білуі сол ықпалды бұрынғыдан неғұрлым ұзақ, неғұрлым мұқият, неғұрлым дәл бақылау арқылы қаншалық кеңейтіле алатынын; адамның жеке құқықтарының және әлеуметтік құрылыс әркімге қатысты баршаға беретін құқықтардың көлемін дәл білу үшін қаншама мәселенің шешімін табу керек екенін; қаншама әлеуметтік қатынастарды зерттеу керек екенін көру оңай! Соғыс кезіндегі әртүрлі қоғамдар арасындағы осынау құқықтардың да, сол қоғамдардың олардың арасында болып жататын дау-жанжалдар кезінде өзінің мүшелеріне құқықтарының да шегі осы кезге дейін тым болмағанда шамамен көрсетілді ме немесе, ақыр соңында, тәуелсіз жиналыстар бастапқы және бостан құрылған кезде немесе қажет болып, олар бөлінген кезде оларға қатысушылар құқықтарының шегі белгіленген бе? Егер енді осы принциптердің қолданылуына басшылық жасауға және әлеуметтік құрылыс өнеріне негіз болуға тиіс теорияға көшсек, өздерінің абсолютті ортақтығында осы негізгі ақиқаттар жете алмайтын дәлдікке қол жеткізу қажеттігін көрмейміз бе? Біздің барлық заң шығарушылық актыларды алдамшы саяси пайда жөніндегі бұлыңғыр беймәлім және бейберекет пікірлерге емес, дәлелденген және мойындалған пайдалылығының әділеттілігіне негіздей алу мүмкіндігіміз бар ма? Біз теңдік пен жаратылыстық құқықтардың ортақ принциптері сақталатын ықтимал комбинациялардың шексіз дерлік санының арасынан сол құқықтардың сақталуын көбірек қамтамасыз ететін, оларды пайдаланып, ләззат алуға көбірек өріс қалдыратын, кісілерге тынығу, әл-ауқат үшін, ұлттарға күш, тыныштық және есендік үшін көбірек кепілдік беретін біреулерін қобалжымай таңдап алуға жол ашатын дәл ережелерді белгіледік пе? [...] [...] Математикалық және физикалық ғылымдар біздің ең қарапайым қажеттерімізді қанағаттандыру үшін пайдаланылатын өнерлерді жетілдіруге қызмет ететіндігі секілді, дәл сол секілді табиғаттың қажетті
тәртібімен моральдық және саяси ғылымдардың прогресі біздің сезімдеріміз бен қылықтарымызға басшылық ететін себептерге дәл сондай ықпал етуге тиіс емес пе? Осы ғылымдардың прогресінің тікелей салдары, заңдарды, қоғамдық мекемелерді жетілдіру, осы жетілдіру әркімнің мүддесін баршаның ортақ мүддесімен жақындастыруға, ұқсастыруға ұмтылмай ма? Әлеуметтік өнердің мақсаты осы мүдделердің алдамшы қарама-қарсылығын жою емес пе? Және конституциясы мен заңдары парасат пен табиғаттың ырқына неғұрлым дәл сәйкес келетін ел, жақсы істерді жасау оңайырақ болатын, жақсылық жолынан бұрылып кету әрекеті мейлінше сирек және мейлінше әлсіз болатын ел емес пе? Шығу тегі мен басты себебін елдің заңдарынан, мекемелерінен, соқыр сенімдерінен табуға болмайтын кеселді әдет, жаман салт, тіпті қылмыс қайда бар, сол әдет немесе сол салт байқалатын, сол қылмыс жасалған елде емес пе? Ақыр соңында, дұрыс теорияға сүйенетін пайдалы өнерлердің прогресінен, немесе саяси ғылымдардың ақиқаттарына негізделетін әділетті заңдар прогресінен келіп шығатын әл-ауқат адамдарды гуманизмге, шараптшылдыққа және әділеттілікке бұрмай ма? Ақыр соңында, біз шығарманың өзінде өрістете түсуді көздейтін осынау барлық байқаулар, дәл сол байқаулар адамның ұйымдастырылуының қажетті нәтижесі – оның моральдық қайырымдылығын барлық басқа қабілеттер сияқты, шексіз жетілдіре беруге болатынының және табиғат ақиқатты, бақытты және жақсылықты үзілмес желімен байланыстырып қойғанын дәлелдемей ме? [...] Ең білімді халықтар өздерінің өмірі мен өздерінің байлықтарын дербес билеу құқығын жеңіп алғаннан кейін, соғысты ең тажалды дойыр, ең зор қылмыс деп қарастыруға біртіндеп үйренеді. Бірінші болып ұлттардың жоғарғы билігін тартып алғандар оларды алдамшы мұрагерлік құқықтар үшін тартатын соғыстар тоқтатылады.
Халықтар өз бостандығынан айырылмай, жаулап алушы бола алмайтынын, өздерінің тәуелсіздігін сақтап тұрудың жалғыз ғана амалы мәңгі одақтар екенін, олар құдіреттілікті емес, қауіпсіздікті іздеуге тиістігін білетін болады. Бірте-бірте коммерциялық соқыр сенімдер жойылады, алдамшы сауда мүддесі жер бетін қанға бөктіретін не ұлттарды байыту сылтауымен оларды күйзелтетін сұмдық күшінен айрылады. Халықтар, ақыр соңында, саясат пен мораль принциптерінде жақындасатындықтан, олардың әрқайсысы өздерінің жеке басының пайдасы үшін жатжұрттықтарды табиғат немесе өз өнеркәсібі берген игіліктерді неғұрлым бірдей бөлісуге шақыратындықтан, осының пәрменімен ұлттық өшпінділікті қоздырып, оған нәр беретін барлық себептер біртіндеп жойылып кетеді; олар жаугершілік қаһарына азық та, сылтау да бермейтін болады. Кейбір философтардың жанын жұбатқан мәңгілік бейбітшілік жобаларына қарағанда, жақсы ұйымдастырылған мекемелер ұлттардың осы бауырластығының прогресін жеделдетеді; және халықаралық соғыстар, кісі өлтіру секілді, табиғатты қорлап, ашуландыратын, жылнамасына солар арқылы дақ салынған ел мен ғасырға масқаралық таңбасын ұзақ уақытқа басатын құлақ естіп, көз көрмеген аяусыздық санатында болады. [...] Саяси ғылымдарда, әсіресе бостан халықтарда (яғни, барлық халықтардың кейбір ұрпақтарында), жалпыға белгілі және жалпы мойындаған кезде ғана пайдалы бола алатын бірқатар ақиқаттар бар. Осылайша, осынау ғылымдардың прогресі, ұлттардың бостандығына, есендігіне ықпалы белгілі бір тұрғыда қарапайым ғана білім берудің арқасында баршаға танылатын осы ақиқаттардың санымен өлшенуге тиіс. Осылайша, сол ғылымдардың сөзсіз прогресімен байланысты қарапайым ғана білім берудің әрдайым өскелең прогресі бізге адамзат баласының тағдырын жақсартудағы кепіл қызметін атқарады, ол жақсару шексіз нәрсе түрінде қарастырыла алады, өйткені оның шегі тек осынау қосар
прогрестің шегі ғана болады. Енді бізге өнеркәсіп өнері мен ғылымдардың жетіле түсуіне бір мезгілде ықпал етуге тиіс ортақ екі құрал туралы айту ғана қалды: олардың біреуі – техникалық әдістер деп атауға болатын нәрселерді неғұрлым кең және неғұрлым мінсіз пайдалану; екіншісі – бүкіләлемдік тілдің пайда болуы. [...] Барлық бұғауларынан босатылған, кездейсоқтық билігінен де, оның прогресінің дұшпандарының үстемдігінен арылған және ақиқат, жақсылық пен бақыт жолымен берік те дұрыс қадаммен шеруге шыққан адамзат баласының осынау картинасы жер беті әлі арамдалып жатқан және ол жиі құрбандыққа шалынатын адасушылықтан, қылмыстардан және әділетсіздіктерден есеңгіреген философ үшін қаншалықты жұбанышты көрініс бола алады? Ол өзінің бостандықты қорғау үшін парасаттың салтанат құруына бағытталған күш-жігеріне жасалған марапат – нақ осы картинаны тамашалау деп біледі. Сонда ол сол күш-жігерін адам тағдырының мәңгілік желісіне қосуға именбейді; нақ сонан ол жақсылығы үшін шынайы марапатты, жазмыш соқыр сенімдер мен құлдықты қайта қалпына келтіріп, бұдан былай тажалды қарсы қарекетпен жойып жібермейтін берік игілік жасадым деген сезім ләззатын табады. Бұл тамашалау ол үшін баспана, онда ол өзін қуғындайшыларды есінен шығарады; онда ол табиғатына сай келетін құқықтары қалпына келтірілген адаммен бірге ойша өмір сүріп, ашқарақтық, қорқыныш немесе қызғаныш азапқа салып, аздыратын замандас адамды есінен шығарады; нақ сонда ол өзімен ұқсастармен, зінің парасаты жасай алған және оның адамзатқа махаббаты таза ләззатпен безендірген біршама жұмақта шынайы тіршілік етеді.
"Кондорсе Ж. А. Эскиз исторический картины прогресса человеческого разума. М., 1936" басылыман қазақшалаған Асхат ӘБІШЕВ.
Артур Шопенгауэр
(1788–1860) – неміс философы. Данциг қаласында (қазіргі Гданьск) ауқатты саудагердің отбасында туған. Геттинген университетінде жаратылыстануды және философияны зерттеумен айналысқан, 1820 жылдан Берлин университетінің приват-доценті болып істеген. 1831 жылы Майндағы Франкфуртқа көшіп барған. Негізгі шығармасы – «Ерік және елес ретіндегі әлем» (екі томдық). Субъективті идеалистік және иррационалистік көзқарастар ұстанған. Канттық философияны платонизммен және волюнтаризммен ұштастырып отырған, соңғы ілімді өз философиясының басты, әмбебап қағидаты деп есептеген. Шопенгауэрдің пікірінше, тануға құштар адам үшін өмірге деген қайратжігер оның болмысының негізі болып табылады, басқа адамдар осы жігерге тәуелді етілуге тиіс. Қоғамда, саясатта, адамдар арасындағы
қарым-қатынаста биік белесте тұратын эгоизмді жеңу өнер мен мораль салаларында жүзеге асады. Бірақ бұл да адамды бақытты ете алмайды және оны мына тұрлаусыз тіршіліктегі азап шегуден құтқара алмайды. Әлеуметтік-саяси ұйым ретіндегі мемлекет жеке бастың эгоизмін жоя алмайды. Саясат пен мемлекеттік қазмет салаларында оның философиясы қоғамның өмірі үшін ауыр салдарлары бар субъективтік бассыздыққа бағдарлайды.
ЫРЫҚ БОСТАНДЫҒЫ
Шешімін табу үшін Норвегия академиясы ұсынған сұрақ: Num lіberum homіnum arbіtrіum e suі іpsіus conscіentіa de monstrarі potest? яғни, Адам ырқы бостандығының дәлелін сана-сезімнен шығару мүмкін бе?
І Ұғым анықтамасы
Бүкіл орта және жаңа философияның басты проблемасымен елеулі жақтарында дөп келетін осынау маңызды да қиын мәселеде, әрине, ең алдымен сол мәселеде кездесетін негізгі ұғымдардың дәл мағынасын және талдауын айқындап алған бәрінен орынды. 1) Бостандық деген не? Дәл қарастырғанда бұл ұғым теріс тұрғыда көрініс береді. Біз оны тек ешқандай бөгет пен кедергінің жоқ екендігі деп түсінеміз. Күш тудырушы ретінде осынау соңғысы оң тұрғыдағы ұғым деп саналуға тиіс. Осынау кедергілердің ықтимал қасиеттеріне сәйкес бостандық ұғымының әбден әрқилы үш түрі бар: олар – физикалық, интеллектуалдық және инсанияттық бостандық. а) Физикалық бостандық дегеніміз қандай да бір материалдық кедергінің жоқтығы. Сондықтан да біз: еркін ой өрісі, бос кеңістік, бос орын, бос (химиялық байланыстағы емес) жылу, бос электр, таулармен. шлюздармен бөгетілмеген жағдайда өзеннің еркін ағысы және т.б., деп
айта береміз. Тіпті еркін жүріп-тұру, еркін баспасөз дегеніміздің өзі кіріптарлық шарттар жоқ деген сөз, олар әдетте, ләззат алуға кедергі ретінде әлгілерге ере жүреді. Бірақ бостандық ұғымы біздің ойлау жүйемізде предикат ретінде, тірі жануарлардың қажет нәрсесі ретінде бәрінен жиі көрініс береді, олардың өзіндік бір өзгешелігі – олардың қозғалыс-қимылдары өздерінің ырқынан туындайды, қалауынша жасалады, сол себепті де, материалдық кедергі болмаған жағдайда, бұлар бостан қимыл-қозғалыстар деп аталады. Бұдан кейін, сол кедергілер сан алуан бола алатындықтан, ал олар қыспаққа алатын нәрсе – әрқашан бір ғана ырық болатындықтан, оңай болуы үшін ұғым (бостандық) оң тұрғыдан тезірек игеріледі және бұлай деп тек өз ырқымен қозғалатын, қарекет жасайтын нәрсенің бәрі түсініледі. Ұғымның бұлай түсінілуі, шын мәнісінде, ештеңені өзгертпейді. Демек, бостандық ұғымының осынау физикалық мәнінде жануарлар мен адамдар бостан деп аталады, мұндай жағдайда олардың қарекеттерін қандай да бір тізгін, я болмаса абақты, немесе майып болу, жалпы ешқандай физикалық, материалдық кедергі тежемейді және әлгі қарекеттер олардың ырқына сәйкес жасалады. Бостандық ұғымының осынау, физикалық мәні әсіресе тіршілік иелерінің предикаты мағынасынадағы мәні – бастапқы, тікелей, сондықтан да ең жиі қолданылатын мән. Бұл мәнінде ол ешқандай күдік келтірмейтін немесе кереғарлық тудырмайтын нәрсе, әрі оның нақтылығы әрдайым тәжірибемен қуатталады. Тіршілік иесі тек өз ырқымен қарекет жасайтындықтан, қарастырылып отырған мәнісінде, ол бостан; бұл орайда ырықтың өзіне ықпал ете алатын нәрсенің бәрі есепке алынбайды. Өйткені бостандық ұғымы өзінің бастапқы, тікелей, демек, жұртқа белгілі мәнісінде тек мүмкіндік мәселесіне, яғни, нақ қарекетке физикалық кедергілердің жоқтығына саяды; құс ауада, аң орманда өзін бостан, адам табиғаттан бостан, тек бостан жан ғана бақытты, дейтілетіні сондықтан. Сондай-ақ, «бостан халық» деген сөз де бар, бұл орайда оның өздері жасайтын заңдар арқылы басқарылатыны меңзеледі, өйткені мұндай жағдайда ол әрқашан
тек өзінің төл ырқына бағынады. Сол себепті саяси бостандықты физикалық бостандыққа жатқызу керек. Бірақ біз осынау физикалық бостандықтан қашықтап, оның басқа екі түрін қарастыра бастаған бойда, біз ұғымның көпшілік білетін мағынасына емес, философиялық мағынасына тап боламыз, ал бұл көптеген қиындықтарға жол ашатыны белгілі. Ол бір-бірінен мүлде өзгеше екі түрге: интеллектуалдық және инсанияттық бостандыққа бөлінеді. [...] Жоғарыда айтылғандай, физикалық бостандық тек материалдық кедергілерге дейін ғана орын алады да, олардың жоғында бірден пайда болады. Бірақ кейбір жағдайларда адам ешқандай материалдық кедергілермен маталмай-ақ бір ғана сарындардың – мысалы қорқыту, уәде, қауіп және т.б. – сарындардың пәрменімен өзінің ырқына сәйкес қимылдаудан тартынатыны байқалған. Осының салдарынан мұндай адам шынымен әлі бостан ба? немесе, шынында да қуатты тежегішсарын, нақ физикалық кедергі сияқты, шынайы ырыққа сай қылықты тоқтатып, оны мүмкін етпеуге қабілетті ме? деген сұрақ туған. [...] Интеллект немесе танып-білу қабілеті дегеніміз сарындар ортасы, нақ солар сол орта арқылы адамның өзегінің өзін құрайтын ырыққа ықпал етеді. Бұл орта қалыпты жағдайда болып, өз қызметін дұрыс атқарса, сондықтан да ырыққа таңдау үшін сарындарды бұрмаланбанған түрінде, яғни, сыртқы шынайы дүниедегідей ұсынса, – тек сонда ғана ырық мәселені өз табиғатына, яғни, адамның өзіне тән мінез-құлқына сәйкес шеше алады, демек, тек төл мән-мағынасы бойынша кедергісіз көрініс бере алады. Сонда адам интеллектуалдық тұрғыдан бостан, яғни, оның қылықтары оның ырқының нақты дүниеде басқаларға қалай көрінсе өзіне де солай көрінетін сарындарға реакциясының таза нәтижесі болып табылады. Осының салдарынан адамның қылықтары үшін жауапкершілік инсаният тұрғысынан да, заң тұрғысынан да оның өзіне жүктеледі. Осынау интеллектуалдық бостандық не сарындар ортасы, танып-білу қабілеті біржола немесе уақытша бұзылғанда, не сыртқы жағдайлар
жекелеген тұста сарындарды түсінуді бұрмалағанда тоқталады. Бұлардың біріншісі жындану, еліру, пароксизм тұсында және ұйқыдан кенет оянғанда; екіншісі – мүлдем бейкүнә қателескенде, мәселен, дәрінің орнына у бергенде, немесе, түн ортасында кіріп келген малайды қарақшы екен деп атып тастағанда және т.с.с. – орын алады. Бұл екі жағдайда да сарындар бұрмаланып кетеді, сондықтан ырық интеллект оларды оған дұрыс берген жағдайда әдетте жасайтын шешімін мұндайда жасай алмайды. Сондықтан да осындай жағдайда жасалған қылмыс заң бойынша да жазалануға жатпайды. Себебі заңдар ырық моральдық тұрғыдан бостан емес, қандай жағдайда оны бағыттауға болмайтын еді, бірақ ол сарындар арқылы мәжбүрлеуге бағындырылады деген дұрыс жорамалдан туындайды; сондықтан да заңдар қылмыстың неше түрлі сарындарына жазалаумен қорқытатын одан да күштірек қарсы сарындар қоюға тырысады, яғни, қылмыстық жарғы дегеніміз тұп-тура қылмыстық қарекеттерге қолданылатын қарсы сарындардың тізбесі ғана. Бірақ егер осы қарсы сарындар өздері көмегіне сүйеніп қарекет жасауға тиіс интеллект оларды қабылдап алып, ырыққа жеткізуге қабілетсіз болып шықса, онда олардың ықпалы да мүмкін болмас еді: олар интеллект үшін жоқ есепті. Бұл арада бәрі машинаны қозғалысқа келтіретін бір арқаудың үзіліп қалғанына пара-пар. Мұндай жағдайда кінә ырықтан интеллектке ауысады; бірақ осы соңғысы ешқандай жазалауға жатпайды. Заң, мораль сияқты, тек ырықпен істес. Адамның өкілі ерік қана; интеллект тек соның органы, соның қармалауыштары, яғни, сарындардың оған ықпалының медиумы. Сондай-ақ мұндай қарекеттер моральдық жағынан да есепке алына бермейді. Олар адам мінез-құлқының белгілерін құрамай ды. Адам не топшылағанынан өзге әрекет жасайды, не ол қарсы сарындарды іске қосуға, яғни, өзін қылықтан тартындыра алатын нәрсе туралы ойлауға қабілетсіз. [...]
МОРАЛЬ НЕГІЗДЕРІ
Тақырып: Моральдың қайнар көзін және тұғырын қайдан іздеу керек: тікелей сана-сезімде (немесе ұжданда) жататын инсаният идеясынан ба және содан шығатын басқа, негізгі инсанияттық ұғымдарды талдаудан ба; әлде танып-білудің басқа тұғырынан (принципінен) ба? [...] Шынайы бостан жақсылық ретіндегі әділеттің де қайнар көзі, бір қарағанда қаншама аз көрінсе де – жанашырлық. Әлдекімге бұл топырақ, соншалық ұлы да әбден нағыз іргелі жақсылық тек соған ғана негізделе алуы үшін бәрібір тым құнарсыз көрінсе, онда ол адамдар арасындағы шынайы, ерікті, риясыз және бояусыз әділет өлшемінің қаншама түкке тұрғысыз екендігін; әділдіктің әрқашан тек таңғажайып ерекшелік ретінде көрініс беретінін, сапасы мен саны жағынан алтын мен жездің арақатынасындай, қарапайым парасатқа негізделген жұртқа мәлім және кең жарнамаланатын әділеттің өз туындысы іспеттес екендігін жоғарыда айтылғандардан есіне түсірсін. [...] Сол себепті әділетсіздік, немесе надұрыстық, қай кезде болмасын басқа біреуге зиян келтіру болып шығады. Демек, надұрыстық оң ыңғайдағы ұғым болып табылады және ол тек басқаға зиян келтірмей, яғни надұрыстық көрсетпей жасайтын қылықтарды білдіретін теріс ыңғайдағы құқық ұғымының алдында тұрады. Бұған ойға алынған надұрыстыққа жол бермеу бірден-бір мақсаты болып табылатын барлық қылықтар кіретінін байқау оңай. Өйткені басқа біреуге ешқандай оң қабақ, оған ешқандай жанашырлық ешқашан мені оның маған зиян тигізуіне көнуіме, яғни надұрыстыққа төзуіме итермелей алмайды. [...] Әділетті талап ету тек теріс ыңғайда болғандықтан, оған тек көндіруге болады, өйткені «ешкімге зиян тигізбе» ережесін баршаның бірден орындауы мүмкін. Бұл үшін мәжбүрлеуші мекеме мемлекет болып табылады, ал оның бірден-бір мақсаты – жекелеген адамдарды бір-бірінен және бүтінді сыртқы жаулардан қорғау. [...]
Зиянкестік пен зиянкессіздік, бұзу мен бұзбау (бұған сондай-ақ зиянкестік пен бұзуды жою кіреді) ұғымдарымен мағыналас надұрыстық және құқық ұғымдары кез-келген оң ыңғайдағы заңдардан мүлдем тәуелсіз әрі одан бұрын тұрады: осылайша этикалық, немесе табиғи құқық және таза, яғни, барлық оң ыңғайдағы қаулылардан тәуелсіз құқықтану бар. [...] Құқық туралы ілім, құқықтану дегеніміз моральдың, егер басқа біреуге зиян тигізгің келмесе, яғни надұрыстық жасағың келмесе, жасауға болмайтын тірліктерді атап көрсететін бір бөлігі. Осылайша, мораль бұл орайда мәселенің белсенді жағын назарда ұстайды. Ал заңдар болса моральдың осы қырын алады да, оны керісінше пайдаланады, яғни енжар жағын назарда ұстай отырып, сол қарекеттердің өзін басқаға ауыстыруға болмайтын (өйткені ешкімге әділетсіздік жасалмауға тиіс) қарекеттер ретінде қарастырады. Мемлекет мұндай қарекеттерге қарсы заңдардан тұратын, оң ыңғайдағы құқық түріндегі қуатты тірек жасайды. Оның мақсаты – ешкім әділетсіздікке ұшырамауы керек. [...] Христиандық мораль Еуропада қай замандарда болсын тіршілік еткен барлық басқа діндердің моралінен әлдеқайда асқақ; бірақ кімде-кім сондықтан еуропалық инсаният дәл сол шамада жақсарып кетті әрі бүгін таңда бүкіл осы заманғылардан артық тұр деп ойлағысы келсе, онда ол адамның көзін мұсылмандардың, еврейлердің, үнділер мен буддистердің бойынан еуропалық халықтардағы сияқты соншалық адалдық, берілгендік, шыдамдылық, қайырымдылық, мейірімділік, тектілік және жанқиярлық сияқты қасиеттердің табылатынына көп ұзамай жеткізуге болар еді. Ол-ол ма, тіпті оны христиандықтың пайдасына жасалған қорытындысына күдікпен қарауға мәжбүр етуге болар еді, бұл үшін оған қисапсыз діни соғыстарда адам айтқысыз қатыгездіктер, есуастық кресшілер жорықтарында, Американың түпкілікті халықтарын қырып-жоюда және сол құрлыққа зорлықпен әкелінген, құқық атаулының титімдей елесінсіз отбасы мен атамекенінен айырып, мәңгілік азапты жұмысқа жегілген африкалық негр құлдардың тағдырында, еретиктерді аяусыз қудалауда,
сорақы инквизициялық соттарда, Варфолемей түнінде, Альбаның 18000 нидерландтықтың өмірін қиюы,нда және тағы басқалаырнда христиандық жасаған хайуандық қаныпезерліктің ұшы-қиырсыз тізімін көрсету жетіп жатыр. Жалпы, егер христиандық, сол сияқты азды-көпті әрбір дін уағыздайтын тамаша моральды оларды жақтаушылардың практикасымен салыстырып, дүниауи өкімет қылмыстарды тежеп отырмаса, оның қай жерге жететінін және егер бір күнге ғана барлық заңдардың күшін жойсақ, біздің қауіптенуіміз керек екенін елестетер болсақ, онда діндердің инсаниятқа ықпалы елеусіз ғана екендігін мойындауға тура келер еді. Бұған, әрине, діннің әлсіздігі кінәлі. Теория жүзінде және іс әзірше пәк ойлау шеңберінде қалып тұрғанда әркімге оның ұстанған діні берік те, мықты да көрінеді. Алайда іс біздің бүкіл сенімімізді мықтап сынау сәтіне тірелсе, егер оны үлкен құрбандық және қиямет қиындықтар арқылы дәлелдеуге тура келсе, міне, сонда дін өзінің әлсіздігін анық көрсетеді. [...] Отаны үшін жан қиятын адам тіршілікті тек өзінің жеке басымен шектейтін адасудан арылады: ол өзінің төл мәнісін отандастарына және тіпті солар үшін өзі жанын қиған олардың ұрпақтарына таратып, олардың бойында өмір сүре береді, және де ол өлімді көру үшін еш кедергі жасамайтын қас қағым сәт деп біледі. Басқалардың баршасы өзіне ұдайы Мен-емес болып көрінетін адам, ақиқат нақты нәрсе деп тек өзін танитын, ал басқаларға, керісінше, фантом ретінде қарап, оларды салыстырмалы ғана тіршілік иелері деп білетін, өйткені олар мұның өзінің мақсаттарын қолдау немесе қолдамау үшін ғана дүниеде бар, деп білетін адам мен барлық Мен-еместердің арасында өлшеусіз айырмашылық, түпсіз тұңғиық бар; демек, кімде-кім тек қана өзінің жеке басы аясында тіршілік етсе, ол өлімге өзінің өзіндігінің, сондай-ақ барлық дүние мен нақты болмыстың жоққа айналуы деп қарайды. Керісінше, басқалардың баршасының тіпті барлық тіршілік иелерінен өзін, өзінің мәнін көре білген, сондықтан өзінің тіршілігі барша
тірі дүниемен астасып жататынын білген адам, өлгенде өз тіршілігінің аз ғана бөлігін жоғалтады: ол өзін басқалардың болмысынан ұдайы танып, өзін және өзінің болмысын солар арқылы сүйе білгендіктен, сол басқалардың бойында өмір сүруін жалғастыра береді, ол үшін тек өзінің сана-сезімін басқалардың сана-сезімінен бөліп тұрған өтірік қана жойылады. Ерекше қайырымды адамдардың және жауыз адамдардың өлім сағатын қарсы алардағы айырмашылығының негізі, толығымен болмаса да, көп жағдайда, міне, осында жатыр. […]
ОЙЛАР
Этикаға қосымша
[...] Әрбір адамның бойында бәрінен бұрын құқық шекарасын сұмдық оп-оңай аттап жүре беретін ғаламат эгоизм ұялаған, оны ұсақ-түйек мәселелерде күнделікті өмір көрсетсе, ірі ауқымда тарихтың әрбір беті дәлелдейді. Шынында да, соншама мұқият аяланатын еуропалық тепетеңдіктің барша мойындаған қажеттілігінің негізінде адам – өзіне кездескен әлсізді бас салатын жыртқыш хайуан деген фактыны түйсіну, соны уағыздау жатқан жоқ па? және ұсақ-түйек жағдайларда осынау фактының күн сайын қуатталытын көріп жүрген жоқпыз ба? Бірақ біздің табиғатымыздың шексіз эгоизміне әрбір адамның бойында азды-көпті бар өшпенділік, ашу, қызғаншақтық, кейіс пен кекшіл өштік қосылады; олар жыланның тісіндегі у сияқты жинала береді және қаһарланып, зәрін шашу үшін шынжырын үзген жын-пері сияқты бұрқ етіп босанатын сәтті ғана күтеді. [...] Адам басқаларды еш мақсатсыз қинауға, азап шектіруге дайын тұратын бірден-бір хайуан. Басқа хайуандар аш болғанда немесе күрес қызуына түскенде юолмаса, мұндайды ешқашан жасамайды. Егер жолбарысты жегенінен қырғаны көп деп жазғырсақ, ол шын мәнінде
соның бәрін тек жеу үшін ғана өлтіреді, ал бұл жағдайды француз мәтелі дәл берсе керек: ses yeux sont plus grands que son estomac («оның көзі асқазанынан үлкен»). Ешбір хайуан тек азаптау үшін азаптамайды; адам ғана солай істейді – міне, оның мінез-құлқының нағыз жан түршігерлік қыры осында жатыр, әрі ол кәдімгі хайуандікінен әлодеқайда сорақы. [...] Сонымен, әркімнің жүрегінде шын мәнінде жыртқыш хайуан отыр, ол басқаларды, егер олар жолына кесе көлденең тұрса, тек зар қақтыру немесе жою үшін оңтайлы сәтті ғана күтеді; міне, оның күреске және соғысқа деген құштарлығы нақ осыдан туындайды, нақ осыған байланысты ол өзін тізгіндеп, белгілі шеңберде ұстайтын серігіне – сана-сезіміне – үнемі салмақ түсіріп, жұмыс істетіп отырады. [...] Материяның екі күштің, ұлғаю мен сығылудың, қарама-қарсы әрекеттерінің нәтижесінде өмір сүретініндей (Кант ілімі бойынша), адамзат қоғамы да өшпенділіктің, немесе ашу-ыза мен қорқыныштың қарама-қарсылығына негізделген. Себебі біздің табиғатымыздың өшпенділіктігі, егер онда белгілі шеңберде ұстау үшін қорқыныштың бір мысқал мөлшері болмаса, күндердің күнінде кімді болсын кісі өлтіруші етер еді; сол сияқты егер адамның бойында ашу-ызасы әрқашан әзір және қорған боп тұрмаса, тек қана қорқыныш әркімді кез-келген балақайдың қолжаулығы мен ойыншығына айналдырар еді. Бірақ адам табиғатының ең жаман қыры – аяусыздыққа өте-мөте жақын тұрған табалаушылық болып қала береді, оның алдыңғыдан айырмашылығы теорияның практикадан айырмашылығындай ғана. [...]
"Свобода воли и основы морали Артура
Шопенгауэра. Две основные проблемы этики. Спб,
1896" және "Шопенгауэр А. Афоризмы и максимы.
Л., 1991" басылымдарынан қазақшалаған Ғосман
ТӨЛЕҒҰЛ.
Бенджамин Франклин
(1706–1790) американ саяси ойшылы, ғалым және қоғам қайраткері. Американ революциясының, өз халқының Англия үстемдігіне қарсы тәуелсіздік үшін күресіне белсене қатысушылары мен жетекшілерінің бірі. Бірқатар маңызды экономикалық және саяси уәждерді алға тартып, құлдықты жоюға қызу шақырды. Тарих пен экономика саласында терең білімімен ерекшеленді. А. Смитке дейін жарты ғасыр бұрын құн теориясының негізгі ережелерін тұжырымдады. Оның тарихи еңбектері, оның ішінде Америкадағы ағылшын отарларының тарихы туралы еңбектері нақты саяси бағытымен ерекшеленді. Басқа заң шығарушылармен бірге Франклин әйгілі АҚШ Тәуелсіздік декларациясының (1776) авторы болды. АҚШ-тың қалыптасуы мен дамуында зор рөл атқарған осы құжатта Франклин ұсынған халықтың
революцияға құқығы туралы қағида орын тапты; онда барлық адамдар
тең, республиканың әрбір азаматының өмірге, бостандыққа және
бақытқа талпынуға етене құқығы бар деген принципті идеялар болды.
Франклин құлдықты жою ісіне де өз үлдесін қосты. Оның адамзат
мүддесі үшін соғыстардан бас тарту және оларға түрткі болатын
себептерді жою туралы талаптары қызықтырады. Франклиннің қызметі
АҚШ-та ғана емес, басқа да елдерде ғылыми әлеуметтік-саяси ойдың
дамуына игі әсерін тигізді.
ҰЛЫ ИМПЕРИЯДАН ҚАЛАЙ КІШКЕНТАЙ МЕМЛЕКЕТ
ЖАСАУҒА БОЛАДЫ. МИНИСТР ӨЗІНІҢ ҚЫЗМЕТІНЕ КІРІСЕР
КЕЗДЕ ЕСКЕРТІЛГЕН ЕРЕЖЕЛЕР
[...] Мен сөзімді ұлан-ғайыр иеліктерді басқаратын, олардың көлемінің өзінен-ақ басқару тым тынымсыз іске айналып, жұмысының көптігінен скрипкада ойнауға уақыт таба алмай жүрген барлық министрлерге арнаймын. 1. Ең алдымен, джентельмендер, үлкен империяны, үлкен пирогтай шетінен кесіп алып кішірейту бәрінен оңай екендігін ескерулеріңіз керек. Сондықтан алдымен өздеріңіздің ең қашық провинцияларыңызға назар аударыңыздар, сонда сіздер одан құтылғаныңызда, басқаларының солардың артынан біртіндеп кете беруі оңай болады. 2. Осылай бөліну мүмкіндігі ұдайы бола беруі үшін провинциялардың метрополиямен ешқашан біріге алмауына, олардың тап сол ортақ ережелерді, тап сол сауда жеңілдіктерін пайдаланбауына; олардың сіз ғана шығаратын неғұрлым қатаң заңдармен басқарылуына ерекше қам жасаңыз, оның үстіне олардың заң шығарушыларды сайлауға қатысуына қайткенде де жол бермеу керек. 3. Бәлкім осынау қашық провинциялар, метрополия тарапынан көмексіз, тек қана қоныстанушылардың өздерінің немесе олардың атабаларының күшімен қосылған, сатып алынған немесе жаулап алынған болар. Ал егер, мұның өзі метрополияны оның соғыстарына қатысуға
дайын халық санының өсуі арқасында күшейтуге; оның өнеркәсіп өнімдеріне отарлардағы сұранымның артуы пәрменімен оның саудасының кеңейе түсуіне; немесе оның кемелері мен теңізшілерінің неғұрлым кеңірек пайдаланылуының нәтижесінде оның теңіз қуатының өсуіне жетелейтін болса, онда провинциялар, тегінде, бұл ішінара біздің де еңбегіміз, сондықтан біздің де қандай да бір рақым дәметуге хақымыз бар деп ойлап қалуы мүмкін, сондықтан сіздер барлық осы жағдайларды ұмытып кетулеріңіз немесе, олар сіздердің намысыңызға тигендей, бұлқан-талқан ашулануларыңыз керек. Егер провинция тұрғындары революциялық принциптерде тәрибеленген мойымас вигтер, бостандық достары болып шықса, онда осының бәрін оларға абырой әпермейтін нәрсе ретінде есіне салыңыздар да, оларды жазалауға тырысыңыздар; өйткені революция толық бекіп алған соң, мұндай принциптерден пайда жоқ; ол-ол ма – олар жеккөрінішті де жиіркенішті принциптер болып шығады. 4. Сіздердің отарларыңыз сіздердің үкіметтеріңізге қанша жерден бейбітшіл бағынбасын, сіздердің мүдделеріңізге қандай да берілгендік көрсетпесін, өздерінің реніштерін қаншалық шыдамдылықпен көтермесін, сіздер олар әрқашан бүлік шығаруға бейім деп топшылауға, сөйтіп оларға тиісінше қарауға тиіссіздер. Өзінің озбырлығымен қарапайым халықты көтеріліске арандата алатын әскеріңізді сонда орналастырыңыздар да, ол көтерілістерді сол әскердің оғымен, найзасымен басып жаншыңыздар. [...] 5. Қашық провинцияларда губернаторлар мен қазылар болуға тиіс, олар корольдің өзінің өкілі болсын және барлық жерде өз өкілеттіктерінің шеңберінде корольдің міндеті мен билігін жүзеге асыратын болсын. Сіздер, министрлер, үкіметтің күші көбіне-көп халықтың пікіріне байланысты екенін, ал осы пікір – тікелей оның үстінен қарайтын әміршілерді таңдауға байланысты екенін білесіздер. Егер сіздер оларға губернаторлар ретінде отаршылардың мүдделеріне құлақ түріп, олардың әл-ауқатына жәрдемдесетін кемеңгер де, жақсы адамдарды жіберсеңіздер, олар өздерінің королін кемеңгер де, жақсы адам екен деп санап, ол өзінің
бодандарына жақсылық тілейді деп ойлатын болады. Егер сіздер оларға қазылар ретінде білімді де адал адамдарды жіберсеңіздер, олар корольді әділетті жақтайтын адам екен деп санайтын болады. Мұның өзі сіздердің провинцияларыңызды король үкіметіне күштірек матайтын болады. Сондықтан сіздер осы мансаптарға ұсынатын кісілеріңізді таңдауда сақ болуларыңыз керек. Егер сіздер өз байлығын төгіп-шашып тауысқан ысырапқорларды, карта ойынымен немесе биржадағы ойынымен төсерге тулағы қалмаған құмарпаздарды таба алсаңыздар – олар губернаторлар мансабына әбден лайық адамдар; өйткені олардың өңеші тым кең болады да, өздерінің сұрамсақтығымен халықты қоздыратыны айдан анық [...]. Жоғарғы қазылар мансабына адвокаттардың хатшылары мен Ньюгейт жылпостары, әсіресе олар өз қызметінде сіздер қалағанша отыратын болса, жарап жатыр, және солардың бәрі сіздердің үкіметіңіз туралы, сіздер осы үкіметтен бас тартуға мәжбүр еткіңіз келетін халыққа лайық пікірлерді езуге жәрдемдесетін болады. 6. Осынау пікірлерді беркітіп, оларды тереңірек сіңіру үшін, реніштілер жаман басқаруға, жасалған қысымға, әділетсіздікке шағымымен астанаға келген барлық жағдайларда ондай шағымданушыларды ұзақ сөзбұйдамен, орасан шығындармен және қысым жасаушының пайдасына шығарған түпкілікті үкіммен жазалаңыздар. Бұл барлық жағынан тамаша әсер етеді. Жаңа шағымдар жасалуының ыңғайсыз мүмкіндігінің жолы кесіледі, ал губернаторлар мен қазылар үшін бұл қысым мен әділетсіздіктің жаңа қадамдарына ынтыландыру болады; осыдан келіп халықтың наразылығы бұрынғыдан да өсіп, ақыр соңында, мүлдем үміт үзуге дейін жетеді. 6. Сондай губернаторлар сандықтарын сықап алып, халықтың өзіне шексіз өшпенділігін тудырып, сөйтіп ол жерде өзіне қауіп төндірмей тұра алмайтындай жағдайға жеткенде, оларды шақыртып алыңыздар да, зейнетақымен марапаттаңыз. Сіздер оларды сондай-ақ баронет қыла аласыздар, тек осы құрметті титулға ие болғандар оған ренжіп жүрмесе
болғаны. Мұның бәрі жаңа губернаторларды тап сол практиканы жалғастыруға ынталандырады және жоғарғы үкіметті халыққа жексұрын етіп көрсетеді. 8. Егер, сіздер соғыс жүргізіп жатқан кезде, сіздердің отарларыңыз сіздердің бір өтініштеріңіз ғана бойынша ортақ жаудан қорғану үшін сіздерге адаммен және ақшалай жомарт көмек көрсетуде өзара жарысып, өз мүмкіндіктерінен де артық беретін болса, олар шын көңілмен берген фунттан гөрі сіздер олардан тартып алған бір пенни сіздерге көбірек абырой әперетінін ұмытып кетпеңіздер; сондықтан олардың ерікті сыйын менсінбей, оларды жаңа салықтармен титықтату туралы шешім қабылдаңыздар. Олар, тегінде, ішінде өкілдеріміз жоқ мекеме бізге салық салып отыр және бұл әдеттегі құқыққа қайшы, деп сіздердің парламентіңізге шағымданатын болар. Олар сіздерге әділетке шақырған петициямен жүгінетін болар. Парламент, олардың талаптарына назар аудармасын, петицияларын теріске шығарсын, тіпті олардың оқылуына жол беруден бас тартсын, арызшыларды алапат менсінбеуімен титықтатсын. Өздерің қалайтын шеттетуді туындату үшін ештеңе дәл осындай жақсы нәтиже бере алмайды; өйткені көптеген адамдар қорлауды кешіре алғанымен, менсінбеуді ешкім ешқашан кешірген емес. 9. Сол салықтарды енгізгенде аймақтардың халқы қазірдің өзінде мойнымен көтеріп отырған ауыртпалықтарды ешқашан ескермейтін болыңыздар, олар өз шекарасын қорғап отыр, өзінің провинциялық төл үкіметін асырап, жаңа жолдар салып, көпірлер, шіркеулер, басқа да қоғамдық ғимараттар тұрғызып жатыр, Ескі дүние елдерінде оларды сіздер үшін сіздердің ата-бабаларыңыз тұрғызып кеткен, бірақ жаңа елдерде олар халықтың әмиянына барған сайын жаңа талаптар қояды. Сіздер өздеріңіздің пайдаңызға бола олардың саудасына жасап отырған қиянаттарыңызды, осы саудаға монополия сіздердің тойымсыз саудагерлеріңізге беретін артықшылықтарды ұмытыңыздар. Осы саудагерлер мен сіздердің фабриканттарыңызға отарлармен сауда беретін
байлық туралы да, осы арқылы олардың өз отанында салық төлеу қабілеті артатыны туралы да, өз тауарларының бағасына олар сол салықтың елеулі бөлігін енгізетіні, сөйтіп осылайша өздерінің алармандарынан жинайтыны туралы да ештеңе ойламаңыздар; сіздердің осының бәрін, сондай-ақ отаршылар сіздердің мыңдаған кедейлеріңізге жұмыс беріп, асырап отырғанын мүлдем ұмтыуларыңыз керек. Бірақ сіздер өздеріңіздің деспотиялық салықтарыңызды провинцияларыңыз үшін мүмкіндігінше ауыр қылуды ұмытып кетпей, салық салудағы өздеріңіздің өкілеттіктеріңіздің шегі жоқ екенін, ашық жариялаңыздар, сонда сіздер олардың еркінен тыс әр фунттан бір шиллингтен алғаныңызда сіздердің қалған он тоғызына да анық құқықтарыңыз бар болып шығады. Бұл тегінде, олардың өз мүлкінің сенімділіген барлық үмітін әлсіретіп, мұндай үкімет тұрғанда олардың еш нәрсені өзімдікі дей алмайтынына көзі жеткізіледі; мұның бәрі нағыз игілікті салдарларды туындатпай қоймайды! 10. Әрине, олардың кейбіреулері әлі де болса өздерін жұбатып, былай деуі мүмкін: “Бізде дүние-мүлік болмаса да, бізде бәрібір құнды бір нәрсе қалып отыр; біз конституциялық адам және ұждан бостандығын пайдаланымыз. Бізді біліп, мұңымызға ортақтасуға тегінде, бізден тым алыс жатқан король, лордтар және қауымдар палатасы кісі ұлықтығы (Habeas corpus) туралы біздің актымызды немесе көршілерімізден құралған алқа сотқа құқығымызды олар бізден тартып ала алмайды; олар бізді өз дінімізді ұстану құқығынан айыра алмайды, біздің шіркеулік тәртібімізді өзгерте алмайды, тіпті, ондай пиғылы болып жатқанның өзінде, бізді папашыл не мұхаммедшіл болуға мәжбүрлей алмайды”. Осынау жұбанышты олардан тартып алу үшін тиісті заңдар қабыдау жолымен жаттап алып, орындау мүмкін емес ұшы-қиырсыз қаулылар арқылы олардың сауда жасауын қиындатыңыздар: сол қаулыларды кез-келген бұзушылық үшін олардың мүлкін тәркілеуді міндеттеңіздер, осындай мүлік жөніндегі істерді қарайтын алқа сотын жапқызыңыздар да, елдегі ең алаяқ адамдар санатынан өздеріңіз тағайындайтын деспотиялық
қазылардың қолына беріңіздер, олардың жалақылары мен табыстарының қайнар көзі баж салықтары немесе сотталғандардан тәркіленген мүлік болсын және оларды сіздер қалаған кездеріңізде алмастыра алатын болыңыздар. Содан кейін екі палатаның ресми декларация қабылдауына қол жеткізіңіздер, онда сіздердің жарлықтарыңызға қарсылық мемлекетке опасыздық жасау болып табылады және мемлекетке опасыздық жөнінде сезікке ұшыраған провинциядағы адамдар тұтқындала алады (қандай да бір ескірген заңға сәйкес) және сотқа тартылу үшін империяның астанасына жөнелтіледі деп көрсетілетін болсын; және парламент кейбір өзге заң бұзушылықтар үшін айыпталатын адамдар бұғауланып, қылмыстық айып тағылған адам ретінде дәл жоғарыдағыдай сотқа тартылу үшін оларды дос-жарандары мен өз отанынан жыраққа жөнелту туралы заң қабылдасын. Содан соң оларда қарулы күштері, ондай сезіктілердің бәрін теңіз асырып жіберуге нұсқауы бар жаңа тергеу сотын енгізіңіздер; егер олар өзінің жазықсыздығын айғақтауға отанынан куәлар шақыратын болса, оларды зор шығынмен титықтатыңыздар немесе, олардың куәлар шақыруға жағдайы келмесе, оларды жазықты деп тауып, дарға асыңыздар. Ал адамдар сіздіерді бұдан әріге тіпті де бара алмайды деп ойлап қалмас үшін басқа бір салтанатты декларациялық акт қабылдаңыздар, онда “корольдің, лордтар палатасы мен қауымдар палатасының парламентте өкілдері жоқ провинцияларға арнап, ешқандай алғаусыз барлық жағдайларда міндетті болу үшін жеткілікті күші мен пәрменділігі бар заңдар шығаруға бүкіл толық өкімет пен өкілеттіктерге ие болған, ие болып отыр және құқығы бойынша ие болуға тиіс” деп жариялансын. Бұған шіркеу заңдары да, дүниауи заңдар да кіретін болады, және өзінің жиынтығында олар сіздердің мақсаттарыңызға керемет қызмет етуге тиіс, өйткені олар отаршылардың көзін олар бүгіндері Қасиетті Кітапта айтылатын өкіметке біршама ұқсас өкіметке бағынатынына, олардың тәнін ғана өлтіріп қоймай, – егер қаласа ібіліске бас июге мәжбүрлеп, – жанын да мәңгі қарғысқа ұшырататын билікке бағынатынына жеткізеді.
11. Өздеріңіздің салықтарыңызды одан сайын жиіркенішті әрі қарсылық тудыра алатындай ету үшін олардың жиналуын бақылауға астанадан өздеріңіз таба алатын ең дөрекі, көргенсіз және арсыз адамдардан құралған шенеуніктер бюросын аттандырыңыз. Олар бопсалау жолымен тапқан табыстан орасан мол жалақы алатын болсын және еңбекші халықтың маңдай тері мен қанынан құралған бүкпесіз, менмұндалап тұрған сән-салтанатпен өмір сүрсін, еңбекші халықты олар жоғарыда айтылған табыстар ісі бойынша деспотиялы қазылар алдында негісіз және қымбат тұратын індету арқылы тежеусіз титықтата беруге тиіс – осының бәрі айыпталушы ақталса да, солардың есебінен алынсын, өйткені король ештеңеге шығынданбауға тиіс. Бұл шенеуніктер сіздердің бұйрығыңызбен, олардың өздері де, мүлкі де аталмыш провинция заңдарының қорғауында болса да, сондағы әдетте алынатын салықтар мен ауыртпалықтардың бәрінен босатылсын. Егер табыстарды жинау жөніндегі қандай да бір шиеленістер халық жөнінде титімдей де жұмсақтық байқатты деген сезікке ұшыраса, оларды босатып тастаңыздар. Егер басқаларына әділетті шағым жасалса, оларға пана болып, марапаттаңыздар. Егер кіші шенеуніктердің біреуі халықты ширықтырып, таяқ жейтіндей ахуалға жеткізсе, оны жақсы мансапқа ауыстырыңыздар; бұл басқаларды да сондай арандатуларды көбейтіп, кеңейту жолымен өзіне соншалық тиімді таяқ жеуге ынталандырады, ал осының бәрі жалпы алғанда өздеріңіз ұмтылатын мақсатқа жетулеріңізге жәрдемдеседі. 12. Сіздердің салығыңызды жек көрінішті етудің тағы бір жолы – жиналған ақшаны жамандыққа жұмсау. Егер бастапқыда ол ақша провинцияны қорғауға, үкіметті жақсырақ ұстап тұруға және қажет болған жерде сот төрелігін атқаруға арналса, енді ол ақшаны қорғанысқа жұмсамаңыз; оны қажеті жоқ нәрсеге – отаршыларға дұшпандығымен не оларды тақсырға жамандаумен көзге түскен губернаторлардың жалақысын немесе зейнетақысын ұлғайтуға жұмсаңыз. Бұл оларды сол салықты барынша құлықсыз төлеуге және салықты жинайтын, салықты енгізген
адамдармен керілдесуге неғұрлым бейім етеді; ал мұның бәрі жалпы алғанда сіздердің өздеріңіздің мақсатыңыздың ойдағыдай орындалуына – халық арасында сіздердің басқаруыңызға наразылық сезімін туғызуға жәрдемдеседі. 13. Қандай да бір провинцияның халқы өздерінің төл губернаторлары мен қазыларын молшылықта ұстауға дағдыланып кетсе, сіздер мұның өзі ондай губернаторлар мен қазыларды халыққа жақсылық ойлап, әділет бойынша төрелік айтуға ұмтылдыруы мүмкін екендігінен қауіптенулеріңіз керек. Алынатын табыстың бір бөлігін сондай губернаторлар мен қазылардың жалақысын арттыруға жұмсау керектігінің тағы бір себебі осы, және де олардың осынау мол жалақыны алуы да, өз мансабында оытра беруі де тек сіздің қалауыңызға тәуелді болады; олардың өз провинцияларынан қандай да бір жалақы алуына тыйым салыңыздар, бұл халық енді өз губернаторлары тарапынан қамқорлық көруге немесе өз қазыларының тарапынан әділет көруге (қылмыстық іс оқиғасында) үміттенбейтін болуы үшін керек. Осылайша бір провинцияда жамандық үшін пайдаланылған ақша барлық провинцияларда бопсалап алынатын болғандықтан, олардың бәрі мұндай қиянатқа ызаланатын болады. 14. егір сіздердің провинцияларыңыздың парламенттері әділеттік талап етуге не сіздің басқаруыңызға қарсылық білдіруге бел байласа, оларды талай рет таратып жіберумен берекесін қашыруға бұйырыңыз. Егер қайта-қайта бір адамдар сайлана берсе, олардың жиналысын отырыс өткізетін үйде таба алмайтын әлдене бір ауылға көшіріп жіберіңіздер де, оларды сонда өзіңіз қанша қаласаңыз сонша ұстаңыз, өйткені бұл, өздеріңіз білесіздер, міздердің ерекше құқығыңыз – және де тамаша ерекше құқығыңыз, өйткені, сіздер оны халық арасында наразылық туғызу үшін, оның құрметін кеміту үшін, оның жақтырмауын күшейте түсу үшін пайдалана аласыздар. 15. Сіздердің әскери-теңіз флотыңыздың ержүрек, адал офицерлерін бейшара кеден агенттері мен отарлардағы кеден шенеуніктеріне
айналдырып жіберіңіздер. Соғыс кезінде өз отандастарының саудасын қорғап, бейбіт уақытта оны өзінің олжасына айналдыруға үйренсін. Олар ірі, нағыз контрабандистерден пара алып үйренсін, бірақ олар өзінің жан аямай жұмыс істейтіндігін көрсету үшін сіздердің отарларыңыздың бүкіл жағалаулары бойында барлық шығанақтарды, гаваньдарды, өзендерді, жылғалар мен қолтықтарды қарулы шлюпкамен тіміскілеп шықсын; олар әрбір каботаж кемесін, ағаш тиеген әрбір кемені, әрбір балықшы қайығын тоқтатып, бөгейтін болсын; олардың бүкіл жүгін, тіпті балластын аямай тінтіп, астын үстіне шығарсын, егер олар бұл орайда реестрге енгізілмеген құны бір пенни шеге таба алса, бар мүлік түгел тұтқындалып, тәркіленсін. Осылайша, отаршыларыңыздың саудасы соғыста жаудан көрмеген зардапты бейбіт кезде достарынан көбірек шегеді. Содан кейін сол шлюпкалардың экипаждары өздерінің жолында кезіккен фермаға шабуыл жасап, жеміс бақтарын тонасын, шошқасы мен құсын ұрласын, оның тұрғындарын қорласын. Егер қорланған, ашынған фермерлер әділеттілікке өзге жолмен қол жеткізетін амалы таусылып, агрессорларға шабуыл жасап, оларды ұрып-соғып, қайықтарын өртеп жіберсе, сіздер мұны мемлекетке опасыздық және бүлік деп атап, олардың өңіріне флот пен әскер жіберіп, құқық бұзушыларды дарға асу, ат құйрығына байлау немесе бұтарлау үшін үш мың миля қашықтыққа жөнелтеміз деп қорқытыңыздар. О, мұныңыздың ықпалы ғаламат болады! 16. Егер сіздерге отарларыңыздағы наразылық туралы айта қалса, оның жалпы наразылыққа айналғанына, оған жазықты сіздер екеніне ешқашан сенбеңіздер; сондықтан өйтіп-бүйтіп жағдайды түзеуге және отаршыларды қорлайтын қандай да бір шараны жоюға тіпті де тырыспаңыздар. Оларды жаңа шағымдар жасауға ынталандырмас үшін ешқандай шағымын қанағаттандырмаңыздар. Олар сіздерге басқа, жосықсыз өтінішпен жүгінбес үшін бірде-бір парасатты, әділетті өтінішті қанағаттандырмаңыз. Отарлардың жағдайы туралы барлық мәліметтерді оларға дұшпан көзбен қарайтын губернаторларыңыз бен
шенеуніктеріңізден алыңыздар. Осынау сыбырлақтарды (leasіng-makers) ынталандырыңыздар; олардың жалған айыптауларын, оларды теріске шығару мүмкін болмас үшін, тығып қойыңыздар, бірақ, солар нақ бір өте анық, айғақ секілді, соларға сүйеніңіздер; ал халық достарынан естігеніңіздің біріне сенбеңіздер. Олардың барлық шағымдары ойдан шығарылған және ат төбеліндей демагогтар арқылы таратылып жүр, соларды ұстап алып, дарға асып тастаса, бәрі де тынышталады деген топшылауды басшылыққа алыңыздар. Сондықтан олардың бірнешеуін ұстап алып, дарға асыңыздар – пақырлардың қаны сіздің ісіңізге ғажап көмектеседі. 17. Егер сіздер сіздермен бақталас елдер сіздердің провинциялармен жіктеріңіз алшақтап бара жатқанына қуанып, соған жәрдемдесуге тырысатынын көрсеңіздер; егер олар сіздердің наразы отаршыларыңыздың барлық шағымдарын тәржімалап, жариялап, оларға қол соғып жатсас сонымен бірге сіздерді бұрынғыдан да қатаң шаралар қолдануға жасырын итермелеп жүрсе – оған қыңбаңыздар. Әрбірден кейін, бұл сіздерді неге мазалауға тиіс, егер сіздер бір мақсатты көздеп отырсаңыздар? 18. Егер әлдебір отар өз портын жат жерлік жаудың флотынан қорғау үшін өз қаражатына қамал салып алған болса, сіздер өз губернаторларыңыздың ол қамалды өз қолыңызға өткізуге мәжбүр етіңіз. Провинцияға оның құнын төлеп жүрмеңіз, өйткені бұл бері салғанда әділетке белгілі бір құрмет болып көрінер еді; бірақ оны жергілікті тұрғындарды қорқытып, олардың саудасын бақылап отыратын қамалға айналдырып жіберіңіз. Егер олардың ондай қамалда өздері сатып алып, сіздердің жаулап алуларыңызға жәрдемдесу үшін пайдаланған қаруды орнатса, оны түгелімен тәркілеңіздер; бұл тонаушылық үстіне жамалған опасыздық секілді ықпал етеді. Осындай операциялардың тамаша бір нәтижесі кез-келген өзге отардың ондай бекініс салуға ынта-жігерін құм етеді, осылайша олардың және сіздердің жауларыңыз олардың шегіне оңайырақ басып кіре алады, бұл сіздердің үкіметіңіздің сұмдық масқарасы
болады, және, әрине, сіздердің жобаңыздың одан әрі табысты бола түсуіне жәрдемдеседі. 19. Олардың елдеріне, оның тұрғындарын қорғау желеуімен әскер жіберіңіздер; бірақ басып кіруге кедергі жасау мақсатында әскерді шекара форттарына гарнизон ретінде орналастырудың орнына ол форттарды талқандаңыздар да, әскерді елдің ішіне жабайыларды оның шекарасына шабуыл жасауға ынталандыратындай етіп, ал әскер тұрғындардың қорғауында болатындай етіп, жөнелтіңіздер. Бұл сіздердің қара ниеттілігіңіздің немесе надандығыңыздың нәтижесіндей болып көрінеді де, отарларыңыздың бойында сіздер оларды басқаруға енді қабілетсіз деген пікірдің туындап, нығаюына бұрынғыдан да күштірек жәрдемдесетін болады. 20. Және, ақыр соңында, провинциялардың армияңыздың қолбасшысына зор және бейконституциялық өкілеттіктер беріп, оны тіпті өз губернаторыңыздың да бақылауынан азат етіңіз. Оның қарауындағы әскер жеткілікті болсын, барлық қамалдар соған қарасын; және кім білсін, оның басына осыны өз мүддесіне пайдалана салу ойы келе қалмасына (сіздер туғызған жаппай наразылыққа үміт артқандықтан; Рим империясының провинцияларындағы кейбір қолбасшылар солай еткен)? Егер ол мұны шынымен істей қалса және сіздер менің қарапайым да тамаша ережелерімді мұқият іске асырсаңыз, онда сіздерге уәде берейін: барлық провинциялар оған бірден қосыла кетеді де, сол күні (егер бұл одан да ертерек болмаса) сіздер оларды басқарудың мазасыздығынан және олармен сауда, байланыс жасаудан туындайтын барлық азаптан біржола құтыласыз.
ҚҰЛДЫҚТЫҢ ЖОЙЫЛУЫНА ЖӘНЕ ЗАҢСЫЗ ҚҰЛДЫҚТА
ҰСТАЛЫП ОТЫРҒАН БОСТАН НЕГРЛЕРГЕ ЖӘРДЕМДЕСУ
ЖӨНІНДЕГІ ПЕНСИЛЬВАНИЯ ҚОҒАМЫНЫҢ ХАЛЫҚҚА
ҮНДЕУІ
[...] Құлдық дегеніңіз адам табиғатын аяусыз қорлаудың ең сорақы түрі, сол себепті оны түбірімен жоюдың өзі, егер ол барынша сақтықпен жүргізілмесе, кейде елеулі кеселдердің қайнар көзі бола алады. Хайуан секілді ұсталған сорлы адам тым жиі азып-тозып, адамдық абыройдан айрылып қалады. Оның тәнін матаған ауыр шынжыр оның ақыли қабілеттерін де құрсаулап, оның жүрегінің қоғаммен байланысын әлсіретеді. Ол қожайынының ырқымен машина тәрізді қозғалып үйренген; оның ойлануы доғарылады; оның сайлау құқығы жоқ; себеп пен салдар оның құлқына болмашы ғана ықпал етеді, өйткені оны көбіне қорқыныш сезімі басқарады. Ол жарлы, оның достары жоқ, ауыр жұмыстан, жасаған жасынан, сырқаттардан титықтаған. Осындай жағдайларда бостандық дегеніңіз ол үшін көбіне бақытсыздық болып шығуы мүмкін, бұл қоғамға тажалды болады. Бостандық берілген негрлерге қамқорлық біздің ұлттық полицияның қолында болар деп үміттену қажет; бірақ біз осынау бостауды жүргізуге жәрдемдесіп жүргендіктен, бұл қамқорлық бізге де жүктелген елеулі міндет екендігі айқын, оны біз мүмкіндігінше жақсырақ орындау ниетіндеміз. Азаматтық бостандықтарды пайдалан алу бостандық қайтарылған адамдарды оқыту, даярлау; оларға еңбекқорлық дағдысын сіңіру, жынысына, жасына, талантына және басқа жағдайларға сай келетін жұмыс беру; олардың балаларына кейінгі өміріне пайдалы білім беру – мұның бәрі біз жасаған, қоғам игілігіне және осы уақытқа дейін мүлдем ескерусіз қалып келген бауырларымыздың бағына қызмет етеді деп ойлайтын жоспарымыздың негіздері. [...]
"Франклин Б. Избранные произведения. М.,
1956" басылымынан қазақшалаған Асхат ӘБІШЕВ.
ӘЛЕМДІК САЯСАТТАНУ
АНТОЛОГИЯСЫ
3-том
“Мәдени мұра” бағдарламасы
Редакторы Н. Оразбек.
Суретшісі Н. Наурызбаев.
Компьютерде беттеген Қ. Оразбек.
ИБ № 99.
Басуға қол қойылды 24.05. 06. Пішімі 84х108 1/32
Қаріп түрі “Таймс”. Қағазы офсеттік. Басылым офсеттік.
Есепті баспа табағы 24,0.
Таралымы 3000 дана. Тапсырыс №
ЖШС “Қазақстан” баспа үйі”
Алматы қаласы,
Прокофьев к-сі, 226/1.
Тел./ факс (327-2) 41-25-47.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру