Октябрь үшін
Мұхтар Әуезов
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Қазақтың заңғар жазушысы, қоғам қайраткері Мұхтар Әуезовтің шығармашылығы XX ғасырдың қайталанбас құбылысына айналды. М.Әуезов шығармаларында халықтың тыныс-тіршілігін, арман-мақсатын, тарихи болмысы мен бүгінгі келбетін көрсетіп берді. Алғашқы жылдары жазылған көркем туындыларында елдің тұрмыс-т...
(пьеса)
Төрт перделі, тоғыз суретті пьеса
ОҚИҒАҒА АРАЛАСАТЫНДАР:
Фурманов – Түрік фронт уполномоченныйы.
Беляев – үшінші дивизия штабының начальнигі.
Мартынов – командирлердің біреуі.
Патриесов – облыстық атқару комитет бастығы.
Барайнок – дивизияның политкомы.
Быковский – трибунал бастығы.
Ная – Фурмановтың әйелі.
Люба – Быковскийдің әйелі.
Шағабутдин – облыстық әскери комиссар, татар.
Масанчин – әскери командирдің бірі, дүнген.
Ерескин – бұрынғы Жетісу партизандарынан.
ӨтеповТәшен – ескі жұмыскер, партия мүшесі.
Қуатов – жас коммунист жігіт.
Шағидуллин – әскери жігіт, татар.
Хакима Қасымова,| Қадиша Амантаева – татар қыздары, партияның | жас мүшелері
Есенов – қырғыз, оқыған жігіт, партия мүшесі.
Бәрібаев – партияға жаңадан кірген жас жігіт, Есенов екеуі де әскери бөлімдердің политкомдері.
Сәрсембаев – облыстық атқару комитеті бастығының орынбасары.
Сүлейменов – қырғыз.
Жарболов, Есеналин – балалары, партия мүшесі. |
Жанұзақов Төреғұл – қырғыз манаптарынан. Турцик уполномоченныйы
Масқұт қожа, Ысмайыл Қүсенов, Розахон Байжұман – шала қазақ, тараншы,
казак көпестері
Никифор Евсеевич (Мекапaр), Филипп Кузьмич Остапов – Орыс көпестері. Талғар казак-орыстарынан. Мәмедов – төртінші кавполктегі текетүрікпен эскадронының бастығы (түрікпен жігіт). Қарабаев.
Чебисов.
Иванов Григорий (Гришка).
Черных.
Крестьяндар, кулактар, қызыл әскерлер. Түрікпен, казак, орыс, тараншы, дүнген, татар, қырғыз партизандары.
БІРІНШІ ПЕРДЕ
Бірінші сурет
Сахна екі бөлме. Бірі – ревком бастығының, екіншісі – хатшысының кабинеті. Екі бөлмеден де сыртқа шығатын есіктері бар. Оның үстіне аралық есік. Бөлмелер келісті. Сол жақта үлкендеу бөлмеде мәжіліс: Бұл – бастық бөлмесі. Шымылдық ашылғанда шаң-шұң, дабыр-дүбір сөз естіліп жатады. Содан кейін, перде ашылғанда тартылып жатқан темекі түтіні. Столдар үстінде портфельдер, қағаздар, дударланған шаштар. Түйілген қабақтар байқалады. Жұртта нервность бар. Бастық столына тиіп отырған көлденең столдың айналасында көбінесе әскери адамдар. Араларында: Фурманов, Беляев, Барайнок. Арттағы қатарда өзге адамдар. Бұл мәжіліске бастық: Сәрсембаев. Қатшы: Есеналин; Отырғандар: Беляев, Патриесов, Өтепов, Бәрібаев, Шағабутдин, Есенов, Қуатов, Хакима, Қадиша, Мартынов, Черных, Жарболов, Жанұзақов, Сүлейменов. Аталған адамдардың кейбірі шығып кетіп, кейбірі Фурмановтарға сөйлесіп отырысады. Шымылдық ашылғанда Жанұзақов сөйлеп тұрады. Ол бастық қасында. Сөзін аяқтап келе жатқан кезі.
І көрініс
Жанұзақов (сенімді, қатты сөйлеп). Міне... босқындарға жәрдем беретін Турцик комиссиясы осындай істер істеп жатыр. Аз іс емес, әлі істелмегені де көп, тілесеңдер, танысыңдар, Пржевал, Тоқпақ, Пішпек, Лепсі уездерінде біздің өкілдер не істеп жатыр екен? Көріңдер, біліңдер! Бірақ мәселе осыны біліп, көріп қана қоюда емес, Жетісудың облыстық үкіметі осы іске барынша жәрдемдесуге міндетті еді. Ал, анығында біз не көріп отырмыз. Ашық айту керек, сендерден (тырнағын көрсетіп) мынадай жәрдем көріп отырғанымыз жоқ. Көргенде көргеніміз қайта бар шамаларыңмен бөгет салып, кедергі жасағандарыңды көріп отырмыз. Өтірік пе осы?!
Барайнок. Дәлеліңіз бар ма? Оларыңызды неге айтпайсыз?
Жанұзақов. Дәлел, дәлел бар!
Беляев. Бар болса, сол дәлеліңізді айтыңыз?!
Фурманов. Кәне, айтсын дәлелін! Неге бөгет жасалыпты, кім жасапты?..
Сәрсембаев (Жанұзақов бұған қараған соң қыбыжықтап). Жолдастар! Тәртіппен, я.. (Жанұзақовқа қарайды.) Жанұзақов. Дәлелі керек болса, босқан елді алып келдің, кеңес өкіметі көгертеді, бұрынғы қожа болған казак-орыс крестьянмен теңестіреді дедің. Жә, сол келген елге Турцик комиссиясы берген жәрдемінен басқа не бердіңдер?!. Барайнок. Турциккомиссиясының берген жәрдемі тегі кеңес өкіметінің жәрдемі ме! Жоқ, Жанұзақовтың ғана істеп отырған жақсылығы ма?!. Жанұзақов. Кеңес өкіметінікі болса да, кіндіктікі. Облыс сендердікі емес. Сендерге сол босқан елдің жерін қазірден бастап крестьян кулагынан қайтып әперейік, жерге орналастырайық, осы жазғытұрымнан олар да егіске, отырықшылыққа кірсін. Кулак қазақ, қырғыздан тартып алған жерін қайырсын дедік. Сендер осыған не дедіңдер? Қарсысыңдар! Алысып келесіңдер осымен... Шағабутдин. Бұған негізінде қарсы шыққан кісі жоқ. Жалғыз-ақ қазақ, қырғыз егінші емес, өзі аш-арық тозып, жүдеп келген ел. Бергенмен де қазір жазға салым егінге кірісіп кете алмайды. Кулактан алған жерді пайдаланып, егін екпесек, облыс халін жүдетеміз. Бұл зор шаруашылық, саяси мәселе. Мұнда сол босқан елдің қамын ойлау да бар. Беляев. Мұны ат үстінен шешуге болмайды. Бұл күнде жер бергенмен, сол елге соқа-сайманды түгел тауып бере алмайсың. Жанұзақов. Бұл сылтау. Бұл сол Жетісу кулагының амандығын қимағандық. Жер бермесең неге әкелдің, босқынды! Барлық жерін переселен алып қойған, ол қайда орналаспақ? Екінші, көп жерлерде, поселкелерде босқындарды қайта қырып жатыр. Соған не істедіңдер?.. Өтепов. Сен, Жанұзақов, босқан елге шын жаның ашыса, сөзді демагогияға айналдырма, білдің бе?..
Сәрсембаев. Олай сөйлемеңдер, жолдастар?! Иә..
Өтепов. Әр нәрсені өз атымен атау керек! Мынау сол демагогия... Қазақтың переселен алса егіндігін алды, таудағы жайлауын алған жоқ. Қазір күн жаз, күзге шейін шыдауға болады.
Жанұзақов. Малы жоқ, аш-арық несімен барады жайлауға?
Есеналин. Иә соны айту керек. Барса малы бар, амандау қалған ауқатты бай барады. Босып жүрген кедей қайда барады. Өтепов. Рас, ойлағанда, осыны ойлау керек... Бірақ бұдан да шығыс бар: енді бар қаражатты сол елге сауын әперуге жұмсау керек. Сен жер әпергенде соқа-сайман, ат-көлік те шығындамақшысың ғой?.. Бірақ Жетісуда қазіргі жалпы қиыншылық үстінде ондай арба-соқаны таба алмайсың. Оның есебіне сауын малын сатып әперу де оңай. Астықтай жәрдем беріп, ішерлігін жиып беру оңай, үстін бүтіндейтін пұл, мата беру оңай... Беляев. Дұрыс айтады. Мәселені мемлекеттік жөнімен шешу дұрыс, шешу осылай болу керек. Черных. Маған сөз беріңізші! (Түре келеді, Сәрсембаев басын изейді.) Мен бағанадан бергі сөздерді естіп, қайран қалып отырмын, мына қырғыздың сөзі не?.. Мына центрден келген бірен-саран жолдастар, біздің... Бұлардың сөзі не?.. Біз кеңес жерінде отырмыз ба, жоқ әлде біз қазақ хандығының ішінде отырмыз ба? Семиречиннің крестьяны... Семиречинде төңкеріс жасамай, мына қырғыздар келіп осы шетті шауып алған ба, әлде?!
Патриесов. Бұл не деген сандырақ!.. Не айтпақ мынау?..
Жанұзақов. Ол осындағы іс пен саясаттың шынын айтқалы келеді, айтсын...
Черных (ашуланып кетіп). Рас, шынды айтсам... айтсам, мынау, жаңа, ең әуелі Жетісу крестьянының жерін қырғызға әперем деген сөз былшыл!.. Екінші, Қытайға қашып кеткен, ақ боп кеткен қазақты алып келіп, оны енді әлпештеймін деу былшыл! Білемісіңдер, он алтыншы жылы осыны істеген, осы қырғыздар, жоқ, Бұл нөмер өтпейді, біліп қойыңдар, өтпейді! Жетісу крестьяны оны істетіп қойып, бос қарап отырмайды. Беляев (қатты). Тоқтатсын мынау сөзді!.. Бұлайша ақтар, контрреволюционерлер ғана сөйлейді.
Черных. Бос қарап отыра алмайды, отырмайды. Біліп қойыңдар!
Мартынов (жарыса). Далой! Далой!.. Керегі жоқ сөзінің!?. (Шу, көпшілік қызып қалды.) Өтепов. Міне, мұның да аты кеңес қызметкері... Жоқ, жолдас, сенің де кім екеніңді анықтап тану керек. Біз танымаймыз... табармыз... және... Фурманов. Черныхтың сөзі бұрынғы Семиречный сайлаған нағыз қара реакция адамының, патша чиновниктерінің сөзі. Черных (тепсініп). Сендер кімнің чиновнигі?! Сендер қырғыз үкіметіне жағынам деген чиновник!.. Фурманов. Жап аузыңды! Сен кеңестің досы емес, дұшпаны! Игілік сол. Бұл мәселені кеңес өкіметі сенің ақылыңмен шешпейді... Кімсің сен!? Кім болғаның сенің осыдан белгілі болып тұр!
Беляев. Мұның жайындағы сөзді қысқарту керек!
Черных. Жоқ, жаңылысасың! Қысқарта алмаймын.
Фурманов. Мұның мәселесін тезінен зерттеу комиссиясына беру керек.
Көпшілік. Дұрыс, дұрыс...
Фурманов. Мұндай адам біздің ортамызда және жалпы кеңес ішінде болмайды, бола алмайды. Черных. Көрермін кім боларын. (Атып тұрып, есікті тарс жауып шығып кетеді. Аз тым-тырыс. Фурманов, Беляев, Өтепов, Шағабутдиндер сыбырласып, жайласады, содан кейін.) Фурманов. Иә... жолдастар! Жаңағы Черных сөзі зерттелетін сөз... Ол өзгеге жайған уытты жұғыны болса, сол барлық тамырымен қырқылатын пікір. Ол солай істеледі. Енді негізгі әңгімеге келсек, жаңағы Өтепов айтқандар уақытша шара. Уақытша деймін, өйткені мұнымен қанағаттанбай, күздігүні барды салып, не қылсақ та кулактан қазақ, қырғыздың жерін қайта алып береміз. Оны кеңес өкіметі істейді, істемей қоймайды. Барайнок. Кәне, осы істердегі енді отаршылдық қайсы? Жанұзақовқа істеген бөгет қайсы?..
Патриесов. Кәне... басқа тағы не бөгет жасадық?!.
Жанұзақов. Басқа бөгеттерің тағы бар: жаңағы шараларды істеп жүрген уезд-уездегі біздің өкілдерімізге іс істетпейді осы облыстың кейбір адамдары. Сол адамдардың жер-жердегі агенттері...
Қуатов. Ол кімдер? Кімге қандай істер бөгет қылыпты?
Жанұзақов. Істеп жүрген адамдарымыздың артынан ылғи тыңшы салып, кездессе – кедергі жасап, сенімсіздік білдіріп, істерін бұзып, бұйрықтарын орындатпай отыратын адамдар бар. Сол адамдар осы облыс кіндігінде!
Есенов. Ол кімдер?! Ата! Айт атын?..
Барайнок. Болмаса бос жаланы қой! (Жұрттың қызуы артады.)
Жанұзақов. Ол адамдар өздері беттерін ашпайды, көрінбейді. Өзгенің тасасында отырып іс қылады. Беляев (қатты). Жолдас Жанұзақов, енді жетті төмендетуің, ата қазір ол кісіні! Біз атын атауыңды шарт қып қоямыз! Кім? Мен бе?.. Жанұзақов. Жоқ, жолдас Беляев, сіз емес. Мен сіз туралы айтып отырғаным жоқ... Патриесов. Болмаса, мен бе? Ревком бастығымын, мен шығармын?.. Атын айтуды требовать етеміз.
Өтепов. Иә... Бұл бос демагогия болмаса, атауға міндеттісің?! Жанұзақов (атып тұрып, ашулы). Атаймын! Сол жаңағының бәрін істеп отырған Реввоенсоветтің уполномоченныйы мынау отырған (қолын созып) Фурманов! (Жұрт тегіс ашулы, қатты қарсылық білдіреді. Соңғы сөздің қақ ортасында мылтық атылғандай әсер болады. Стол басындағы отырғандар қағаз, қарындаштарын лақтырып тастап, орындарынан атып-атып тұрып кетеді.) Фурманов (салқын пішінмен орнынан тұрып). Жанұзақов, сен осы сөздеріңді кіндік алдында дәлелдеймісің? Айтқан сөзіңе ие шығарсың?!
Жанұзақов (сасыңқы). Ие... ие... әрине...
Фурманов. Мен мәселені қазір телеграммен кіндік алдына қоямын. Хатшы жолдас (Есеналинге.) Протоколге тіркедіңіз бе жаңағы сөзді? Есеналин. Иә... бар сөз тіркеліп отырмаса да, есітті ғой жұрттың бәрі... әрине... (жиылыс тарауға айналады. Ашулы жұрт бәрі портфелін алысады.)
Патриесов. Жиылыс бітті ме? (Сәрсембаевқа қарайды.)
Сәрсембаев. Біте қоймаған сияқты, меніңше... Білмеймін...
Барайнок. Жә, жетті, болды енді!..
Мартынов. Жабу керек, осы да жетеді.
Екеуі шығып кетеді.
Жанұзақов. Жетсе жетеді... бізге де...
Портфелін алып ауыз үйге шығады. Осының аз алдында бұл бөлмеге Ысмайыл, Розахон, Байжұман келіп отырған. Мынаның алдынан бұл үшеуі түгел орындарынан тұрып, қарсы шығады. Жанұзақов жауланыңқы, аяғын сарт-сұрт басады. Артынан Есеналин, Жарболов, Сүлейменов шығады.
ІІ көрініс
Жанұзақов (Ысмайылдарға). Ие, немене?
Ысмайыл. Бағанағы бір нәрсенің иесі біраз тың сөздер шығарып тұр, ала алмадық...
Жанұзақов. Қай нәрсе? (Ысмайыл бөгеліп қалады.) Байжұман. Әлгі... мүйіз деген бар емес пе еді... (Бәрі де бұған жаман қарап қалады.) Жанұзақов. Ой, сөзің бар болсын! (Теріс қарайды.) Жә... үйде сөйлесерміз... Қоя тұрыңдар!
Розахон. Біз кете берейік пе?
Жанұзақов. Жоқ, әзір тоса тұрыңдар! (Есеналинге.) Әлгіні протоколге жазба! Сәрсембаев, сен де менің сөзімді мақұл демейсің бе?
Сәрсембаев. Кім біледі, қатты айтысып қалдыңдар ғой.
Жанұзақов. Е, айтыспай қайтушы ем, еш нәрсе айтпай, алдынан шықпай, өздеріңе бай қып алғансыңдар сендер! (Сәрсембаевқа). Сен олардың кіндікке жазатын шағымын қостама! Мен де жазамын (Өзгелеріне қарап.) Жиылыста болған сендер, барлығың менің сөзімді сүйеңдер!
Хакима, Қадиша кіреді.
ІІІ көрініс
Жанұзақов. Мінеки, мына қарындастарым да бар. Бұлар да менің сөзімнің дұрыстығын біліп отыр. Сендер де мені қостамайсыңдар? Кіндікке біз жазбақпыз...
Қадиша. Жоқ, біз сізді қостай алмаймыз.
Жанұзақов. Неге? Қорқасыңдар ма?!
Xакима. Қадиша дұрыс айтады. Сіз кіндік адамы бола тұра өзінің партиясы мен сол кіндік үкіметінен интересіңіз басқа кісіше сөйлейсіз... біз сізді әзір түсінбейміз... білмейміз... Қадиша. Рас, сол есепті қостамаймыз. (Өзгелерге қарап.) Қостағандар болса, өздері біледі. Жанұзақов (қуланып, күліп). Ойпырай, сіздер қандай қыз ішінде қып-қызыл қыздар едіңдер!? Мен мұндай балаларды жақсы көретінмін. И какие вы красные, прекрасные девушки? (Сылқ-сылқ күледі, өзгелер де күледі.)
Xакима. Сіз кіндік адамы екеніңізді ұмытпаған боларсыз?
Жанұзақов (құбылып, аяғын capт еткізіп тағзым қылып). Құп! Әміріңізше! Алдияр! Тоташ! (Есік жақты басымен. нұсқағандай болып.) Жолдарыңыз болсын!
Қадиша. Жүр, кетейік, Хакима!
Xакима. Жоқ, тіпті, кетпейміз, біз де боламыз мәжілісте. (Ерегісіп барып, орындыққа отырады, Қадиша да күліп барып қасына отырады.) Жанұзақов. Дұрыс. Жақсы олай болса. (Өзгелерге бұрылып.) Мен сендерге жақын күндерде (Есеналинге қарағандай.) осындағы мұсбюроның жиылысын шақыру керек деген ұсынысын жасаймын. Сонда осы бүгінгі жайды да, басқа осыған ұқсаған әңгімелерді де толық сөйлесеміз. Дұрыс емес пе? Жарболов. Әбден дұрыс. Өзара толық ұғынысып алу керек. Бүгін әлі еш нәрсе айтылған жоқ.
Сүлейменов. Рас. Мұсбюроның жиылысын шақырайық.
Жанұзақов. Бұлар кіндіктен біз партия, үкімет өкілдеріміз, облыс саясатын біз жақсы біліп, жақсы басқарамыз деп өзгенің бәрінің аузын буып отырмақ қой! Қыңқ етіп дыбыс шығаруға да жарамайды. Отырған әне бір қырғыз, қазақ жігіттері... бұ не?.. Сендердің сөз біріктіріп алып, батыл өткір болуларың керек...
Жарболов. Айттым ғой, сөз көп... Сонда сөйлесерміз...
Есеналин. Олай болса жиылысты шақырайық. Қашан, қайда жиыламыз?
Сәрсембаев. Өзгелерге де сөйлесу керек емес пе?
Есеналин. Сөйлесу қажет емес. Мәселе аштарға жәрдем әңгімесі... Кіммен ақылдасу керек? Сүлейменов. Иә... осы тұрған ел де жетеді шақыруға, жалғыз-ақ бәрін хабарландырайық. Жанұзақов. Дұрыс. Олай болса, байланды ендеше... Келесі жексембі күні сағат алтыда, менің пәтеріме жиналыңдар. Үй кең, жайлы, оңаша, мақұл ма? (Жағалай қарайды, Жарболов, Есеналин мақұл-мақұл дейді.) Есеналин (Ысмайылға). Ысмайыл, есіттің бе? Қымызың, семіз тоқтың... тағы-тағыларың... өзің білесің ғой... дұрыс па? Ысмайыл. Құп... құп... айтқаныңызша! (Сұрқиялықпен жорғалай күліп.) Әміріңізге жан пида!..
Байжұман. Иә... дәм ғанибет, дидар ғанибет. Келіңіздер, келіңіздер...
Жанұзақов. Жә, болды, жүріңдер енді!
Бұл бөлмедегінің бәрі шығып кетіседі.
ІV көрініс
Бастық кабинетіндегілер бұл уақытта бұрынғыдан азайып қалған. Беляев, Патриесов, Фурманов, Шағабутдин, Өтепов, Қуатов, Есенов, Бәрібаев қағаз жазып өзара сөйлеседі. Анда-санда бұларға Шағабутдин, көбінесе Өтепов, Қуатовтармен әңгімеде. Бәрібаев, Есенов өзара сөйлесіп отырады. Аздан соң. Фурманов (қағаз жазып болып). Сәрсембаев бар ма екен? Мынаған ол да қол қоюы керек. Шағабутдин (хатшының есігіне таман барып). Сәрсембаев, Сәрсембаев! (Есікті ашып қарап.) Ізі де әлдеқашан суып қапты. Жоқ.
Барайнок, Мартынов қайта кіреді.
Фурманов. Дұрыс, кейін тауып алармыз оны. Жолдастар, қазір осы жерде ревком ғана емес, осы отырған бәріміз облыстық партия комитетінің мүшесіміз. Шағабутдин. Дұрыс. Енді мәжіліс ревком фракциясы мен обком партияның біріккен мәжілісі деп саналсын.
Дауыстар. Дұрыс, дұрыс. Беляев бастық болсын.
Беляев бастық орнына отырады.
Фурманов (Есенов, Бәрібаев). Иә... Бәрібаев, Есенов жолдастар, Жанұзақов партия мүшесі емес, кім екені де мәлім. Бірақ сіз екеуіңіз, сол Жанұзақов сөз қылып жүрген қазақ, қырғыздың қызметкері сіздер біздің қазіргі қолданып отырған бағытымыз туралы, сіздердің жаңа, қазір, осында отырған облыстық партия басшылығын жүргізіп отырған жолдастар, сіздердің де ашық пікірлеріңіз қажет (Бәрібаевқа.) Жаңа үндемедіңіздер, егер сіздер де Жанұзақовша ойлап үндемеген болсаңыздар, онда хал қиындайды. Біз сіздерді басқаша бағалаймыз. Сіздермен ұғынысуымыз керек.
Шағабутдин. Ақиқат, дұрыс айтасыз!
Бәрібаев. Айтып болыңыз.
Фурманов. Жанұзақов айтқанды қазір істеуге болмайды дейміз. Оны істетпейтін облыстың бүгінгі саяси халы... Келген елді жерге орналастыру бұйрықпен, сөзбен істелмейді. Өтепов. Әрине, олай деп Жанұзақовтың өзі де ойламайды. Оған құр даурық керек. Фурманов. Оны істегенде алдымен әскер күшіне таянып отырып істеу керек. Ал, бұл күнде Жетісудағы әскер кім? Ол – граждан соғысында Жетісуда бір тарихи іс істеген партизандар екені рас. Бірақ ол әлі партия басшылығын және қызыл әскердің тәртіп, тәрбиесін көріп шыққан іскер емес. Сондықтан арасында кулактың әсері таусылмаған, аз ретті қызыл әскер мұнда жоқ. Беляев. Оның үстіне, қазір де Жетісудың кулактарының арасында және солар арқылы жаңағы әскер арасына тараған бірнеше жаман сөздер бар. Білесіңдер. Мұндағы ұлттар арасы жақсы емес... Бүгінгі әрбір қадамды есептеп баспасақ, сол елдер арасының қырғынын жасаймыз. Шағабутдин. Сонда таяқты кім жейді? Қарусыз аш-жалаңаш қазақ, қырғыз жейді. Әрине, мұның бәрі соншалық ашық, айқын мәселе, так что кімде-кім осы ұлттардың тағдырына қайғыратын болса, Жанұзақов пікірін не только демагогия, қайта провакация деп түсіну лазым. Патриесов. Бізге, анығында, Жанұзақов сөзі еш нәрсе емес, сіздерге де, біздерге де мемлекеттік негіз бен партия басшылығының түзулігі қымбат. Мұндағы ұлттар арасы ауыр мәселе. Сіздер соны дұрыс шешуге көмекші болсаңыздар. Бұл – міндет. Есенов. Ең әуелі сіздер бізді Жанұзақов сөзінің әсерінде шығар деп ойласаңыздар, қателесесіздер. Оның сөзі партия бағытына қандай жат көрінсе, бізге де сондай жат. Бірақ ол сөздердің қазіргі біздің көпке әсері бар... адастыруы, қаңғытып әкетуі мүмкін. Сондықтан бұған қарсы алысуға да зор саяси сақтық керек. Осы естерінде болсын. Бәрібаев. Және, кіндіктен келген партия мен үкіметтің ұлы бағытындағы сіздерді біз түсінеміз де толық бағалаймыз. Бұл жақтағы бұратана ұлттардың сенері де, сүйенері де кіндік! Басқаны таңдары жоқ. Бірақ орыстан шыққан осындағы партия көпшілігі көп қызметкері бар. Олар оңшылдыққа қарсы, ұлы орысшылдықтан да caу деп білмеңдер, жаңағы Черных сөзін естідіңдер ғой?..
Фурманов. Патриесов. Әрине, ол даусыз. Рас.
Беляев. Черных сияқтының пікірімен біз алдымен алысуымыз керек. Аянбай алысу керек. Фурманов. Оның тамыры Жетісудің кешегі күніне барып шырмалып жатыр. Партия оны алдымен құртуы керек. Бәрібаев. Сіздер бұл сөзді жақсы бастадыңыздар. Партия жолына жат, екі түрлі залалды теріс бағыт бар: бірі – ұлтшылдық, бірі – ұлы орысшылдық. Соның екеуімен де алысайық. Бірігіп ақылдасып отырып алысайық. Әрқайсымыз өз ішімізде де сондай настроениелер болса, жеңіп қояйық. Бұл жайды меніңше, осыдан артық сөйлеу қажет емес. Ал, Жанұзақов туралы біз сіздің пікіріңіздеміз.
Беляев. Дұрыс болды. Бұл мәжіліс осымен бітті енді.
Өтепов (Бәрібаевқа). Пікірлерің солай болса, неге сөйлемейсіңдер жаңа?! Сендер, революциялық совесть нені айт дейді? Оны ойламайсыңдар. Интеллигент емеспісіңдер? Мынауым сыпайы, мынауым сұлу шығарма деп алдымен соны ойлайсыңдар ғой? Сендерден төңкерісшіл большевик шығарып алу үшін басқа да, көтке сабап отыру керек, ылғи сол ғой тілегендерің?!.. Рас емес пе? (.Айналадағылар күледі.) Бәрібаев (күліп). Е... ондайға өзің тұрған жоқпысың?.. Адам боламыз да сенің жетегіңмен! (Жүріп-жүріп тарасады, күледі.)
Шымылдық
Екінші сурет
Жанұзақов тұрған Масқұт қожаның үйі. Сахнаның халыққа қараған шеті шарбақты. Бояулы жасыл терраса... Сол террасадан әрі екі бөлме бар. Сол жақтағысы Жанұзақовтың қонақ үйі. Оң жақтағы Масқұт қожаның өзінікі. Террасадан бөлмелер биік, іштері сөнді. Терраса айналасында гүлдер. Шымылдық ашылғанда биік стол айналасында, террасада Жанұзақов, Масқұт қожа, Ысмайыл, Розахон, Байжұман отырысады. Орталарында күтуші Ысмайыл. Ішкендері қымыз.
І көрініс
Ысмайыл. Әткешшілік ісін осы кезде қиын атайды. Соңғы мүйіз бен апиын өткізіп жатқандар қырғыздың әткешшілеріне ілесіп зорға өттік дейді. Байжұман. Қиындығын атап сұрамаңыз. Бихисап болса керек. Жақында мынау тау арқасындағы Асының қызыл берігінен он бес кісі аттанып, бесеуі оққа ұшыпты. Жанұзақов. Әткешшілікті істесе, қару-сайманды қамдап алып, ер жігіттер істесін.
Розахон. Әлбетте, соғысып, жарып өтеді ылғи... Бұған келгенде қырғыздар ер. Жанұзақов. Е... қырғыз мынау Байжұманның маңқа қазағы деймісің? Атаң кері... несі бар, ол границадағы солдатың қорықпаса болады да?! Байжұман. Мырза, қазақты да қорламаңыз. Бұл күнде сол әткешшілікпен Жаркент, Алматы қазағы да жал жиып, ауқаттанып қалды. Жанұзақов (күліп). Е... қойшы, білемін ғой... оларың ылғи қырғыздың салған жолымен жүреді (Өзгелерге көзін қысып қойып.) Қазақтың ежелден ер адамы болған ба тіпті осы? Ауылдағы қазақ не дейді?! Ол: асық ойнаған – азар, доп ойнаған – тозар, бәрінен де қой жайып, көтен жеген озар, – дейді. "Есектің көтін жусаң да мал тал" дейді. Есе қуғанда сөйтіп қуа ма? Табыстың бәрін де ерлікпен ал демейді, қорлыққа шыдап ал деп үгіттейді. Сондай елден ер шыға ма? (Өзгелер күледі.)
Масқұт (күліп). Шәрдегі оқығандарды, мына Байжекеңдерді қайтеміз. Жанұзақов. Оқығандарын қой, олар ежелден орыс ұлының алдында қайығын төсеп, байпаңдап тұратын тілмаш. Менің де аяғымнан алып отырғанын көрмеймісің солардың бірталайының...
Масқұт (күліп). Иә... Байжекеңді не дейсіз?
Жанұзақов. Тіпті, бар қазақтың ішінде іске жарар, іліп алары осы. Алматы шала қазағы сенің өкіліңді көріп, Әндижанға қой айдап, сауда қылып, мал тауып байып отыр. Ешкімге жалынбайды. Қорлық та көрмейді. Шын іске татыры осы Байжұман ғана!.. Байжұман. Айтарсыз... айтарсыз... (Розахонмен бірге күліп.) Сөз сіздікі ғой!.. Бірақ осы күнде әткешші қазақтардың ерліктерін естіп, өзім қуанып жүрмін.
Розахон (Жанұзақовқа). Иә... Төреғұл мырза!..
Сүлейменов, Жарболов, Есеналин кіреді.
Жанұзақовтан басқалары орындарынан тұрып қол алысады, отырысады.
ІІ көрініс
Жанұзақов (Розахонға). Ие... ие... не айтпақ едіңіз?
Розахон. Қазір осы үкімет халықтың ата-анасы хақында. Бірақ сонда халықтың саудасын неге тоқтатады? Әсіресе мына Қытаймен істеп отырған сауда қазақ-қырғызға ас та, киім де боп отыр ғой. Ол болмаса қырылар еді. Осыны неге тоқтатады. Мен қайранмын соған. Ысмайыл. Япырай десеңізші!.. Бір жағынан жақсы сөйлейді, екінші жағынан сол сөзіне қарсы қатты іс істейді өзі!.. Есеналин. Е... Бұл кісілерің мұны өздеріне, байларға сауда істетіп қойса дейді екен ғой?.. (Күліп.) Жағалап келістерін қарашы!.. Байжұман. Бай деп, бай қанша дейсіз!.. Халықты айтсаңызшы! Қазір аш халықтың бәрінің күн көрісі сол болып отыр ғой... Соларды неге ойламайсыздар? Жанұзақов. Ә... Розахон әке!.. Гәп қылмаңыз... әлі алдымызда жақыннан да, алыстан да кездесетін көп-көп кезеңдер, тартыстар бар. Сөз – сөз, іс – іс!.. Жарболов. Бәсе, бәсе!.. Жақсы сөйлеп отырып та, өзі білмей жаман істер істеп қоюға мүмкін... (Басын изейді.) Әңгіме сонда!.. Жанұзақов. Мен бұл жақтағы езілген ұлттардың байы, кедейі, жуаны, жіңішкесі деген жіктерін тыңдамаймын. Қырғыз, қазақ қолына қару ұстап, әткешшілік қылып, шынығып, шекті жарып барып, Қытайдан мал тауып қайтып жатса сол болады! Сол жақсы. Өздерің де орамға келгенді ұрып, жұлып алып қал!.. Білдің бе?.. Гәп сонда!.. Сүлейменов. Сіз байманапқа да қару беріп қойдыңыз ғой (Күліп.) Мұныңыз қалай?
Масқұт қожа. Ие... соны айтыңыз. Центрдің өкілі қалай-қалай сөйлейді бұл? Жанұзақов (террастан жүріп кетіп). Байдың керегі жоқ, ұлтшылдық құрысын! Центрдің Фурмановы бастасын, сол центрдің жұмысшысы жетектесін деп жақсы атты мақтаулы жігіт болса, ана Бәрібаев, Есенов, Жандосовтар бола берсін! Меніңше барлық жайды ондай ақ көйлектік шешпейді... Іс пен күш шешеді. Бүгінгі халде кім әкімшілік басында тұрса, соны өкшелеп, алқындырып өзіне салмақ салып отыратын күшің, ісің болу керек,
Сүлейменов. Олай болғанда не істеу керек енді?
Жанұзақов. Олай болғанда бүгін сол Фурмановтың тәубесін есіне түсіретіндей қылып, қысып отыруың керек. Сүлейменов. Біз онда центр басқаруына қарсы топ жинап, күш құрайтын боламыз ба?! Жанұзақов. Ие... есебін өзің тауып, өзің құра. Болмаса өзге құраса, ат салыс, көмекші бол. Бұған наразылығыңды сен де көрсет!.. Кейін жұмсарады да түзеледі.
Есеналин. Өзге болғанда, біз қандай күшті пайдаланамыз?
Жанұзақов (Масқұт қожаға қарайды, Масқұт басын изейді.) Әрине, мұны түптамырымен аударып тастаймын демейсің. Мыналар сияқты, бастықты, осылайша кезенуге кім қолайлы келсе, тіпті талмай-ақ уақытша пайдалансын. Білдің бе? Ұқтыңдар ма, менің пікірімді?
Жарболов. Ұқтық қой, меніңше мақұл айтасыз.
Сәрсембаев, Өтепов, Хакима, Қадишалар шығады. Жанұзақов орнынан атып тұрып, құрметпен қарсы алып, оларды өз бөлмесіне қарай кіргізіп жіберіп, Есеналинді ұстап қалады.
ІІІ көрініс
Жанұзақов. Әнеугі мәжілістің протоколы қалай жазылды? Сені мыналар кінәлап жүр деп еді ғой? Есеналин. Мен сенің сөздеріңді кіргізгенім жоқ. Кінәласа кінәлай берсін, көнбедім.
Жанұзақов. Дұрыс. Ал, Сәрсембаев ше? Ол қол қойды ма, жіберген телеграмға? Есеналин (күліп). Сондай сөз болды ма, болмады ма, болған да сияқты еді, білмеймін... Бірақ есімде жоқ деп, қойшы әйтеуір, бұлтылдап жүріп қол қоймай аман шықты (Екеуі де күліседі.) Жанұзақов. Жақсы болыпты. Мен де бүгін Турцикке жібермекшімін. Ол маған үлкен сүйеу ғой. Іздеп жатсын өтірікшіні!.. Кәне, жүр! Үйге Есеналин кіре береді, Өтепов қайта шығады. Сол уақытта Бәрібаев, Есенов келеді. Амандасады.
ІV көрініс
Жанұзақов (Өтеповке). Е... неге шықтыңыз? Осында отырамыз.
Өтепов (отырған байларға). Ту... мынау Алматының бар тұздығы ғой?.. Әй.. әй.. ә? Масқұт қожа-ай!.. Өзің қалайсың бұл?.. Болған, оқыған мына Төреғұл сияқты жақсы жігіттермен ғана болып қойсаңшы. Мынау не? Бір қолыңды қазақ, қырғыздың оқығандарына артып, тағы бір қолыңды мына Байжұмандар сияқты саудагерлерге артып отырғаның?.. Шіркін, тағы бір қолың болар ма еді!.. Оны тағы әлдекімге артар едің?.. Масқұт қожа (күліп). Сөзің дұрыс, Тәшен! Асылған салмақты көтеретін иық болса, біз солай артып тұрамыз. Шынымды айтам, өйтпегенде сен мені еңбекші деп партияға алып жатырмысың? Ысмайыл (қошаметтеп). Тәшен жолдас, сөйтіп, қатты айтып түйреп қояды. Бізді көргенде қызығып тұрады (Өзгелері күледі.) Жанұзақов. Айтсын... айтсын. Бұл замандағы сөзі болды еркеміз де, жуанымыз да осы, көтере беріңдер. Өтепов. Е... Төреғұл, сен бұл сөзді бекер айтасың. Не манаптың баласы болмасам, не Турциктің уполномочныйы болмасам, жуандық маған қайдан келсін?.. (Өзгелері басын шайқап күледі.) Жанұзақов (басын шайқап күліп). Қарашы тілін.. Тілін қарашы? Кәне, жүріңдер үйге!
V көрініс
Масқұт қожа (Ысмайылға). Қымыз беріңдер!
Бір күтуші мен Ысмайыл тегенелеп қымыз, дастарқан, кесе апарып жаяды. Екі көпес Никифор Евсеевич, Филипп Кузьмич шығады.
VІ көрініс
Мекапар (аттарын созып айтып). Байжұман, Розахон, Ысмайыл байғұс – бәрі баяғы ескі көздер екен ғой. Әй, Масқұт қожа-ай, өзгең өзге болса да осының жақсы-ау. Ұйтқы боп анда-санда болса да, басымызды бір қосып қоясың, осындайың болмаса, тоз-тоз боп кетпес пе едік?..
Розахон. Дұрыс айтасыз. Қазірде мұның өзі үлкен іс болып қалды.
Ысмайыл Масқұт қожаның үйіне ас жайып, арақ жасатып жатады.
Байжұман. Рас, бізге, тіпті, қиын болып кетті ғой, Мәкапар бай!
Мәкапар. Оны, шырағым, атап сұрама! Большевиктің дүниедегі ең жек көрген жауы біз болыппыз ғой, қайтерсің... міне енді қу далаға безіп шығып, иесіз қу жотада ұлып табысқан қасқырдай болып отырғанымыз, түге! (Бәрі күліседі.) Шын айтам, содан неміз артық...
Байжұман. Апырай, байдың қазағуары-ай! Сөзін қарашы! Жік-жігімен түседі. Масқұт қожа. Бәрекелді. Өйтпесе Меңкедей бай бола ма? Көп шабылған кәрі шор-аяқ емес пе бұ кісілер!? Мәкапаp. Шырағым-ай, бұл сөз де үнемі шыға бермейді. Мына мұңы бір сендерді көрген соң шығып отыр әншейін...
Розахон. Рас айтасыз, бәрекелді.
Байжұман. Кітап сөздеріндей осынысы.
Мекапар. Шынында, өзің ойлап қарашы, мынау Филипп Кузьмич Талғардың көпесі... мен – алматылық. Мынау Розахон қашқарлық (Байжұманға.) Сен бір жағыңды елге тартқан дала байы, мына Масқұттар болса Әндіжан, Жетісу, Қашқар – бәріне ортақ. Қайдан табыстық?.. Бәріміздің мұңымыз бір. Жеген таяғымыз бір болған соң, табысып отырмыз. Ысмайыл. Рас-ау... әйтпесе, сен – орыс, анау – тараншы, мынау – қазақ, шала қазақ десіп жүрмес пе едік?..
Қарабаев, Чебисов келеді. Отырғандар амандасады.
VІІ көрініс
Мекапаp. Міне, енді сол жанның жүзінен соққы жеп жүргенде орыс баласынан үміт қылғаным жалғыз осы жастар! Мынау, өзімнің жақыным, тентек Петькам еді. Бүгінде әскер басы, мынау кешегі өздеріңнің бәріңе мәлім, Назаровтың күйеуі Чебисов!.. Розахон. Ә... ә... Назаровтың күйеуі ме? Жақсы, жақсы. Біз де бөтендерің емеспіз... Байжұман. Байғұс, Назаровтан да бір жақсы көз бар екен, шіркін қандай жақсы бай еді?
Филипп. Бұл кісі большевик, бірақ сонда да өзгелердей большевик емес...
Розахон. Әлбетте... әлбетте... дұрыс айтасыз.
Мекапар. Большевик деген атын қойшы... ендігі не де болса, үміт қылғаным осы жастар... Өздерінен де естірсіңдер, тек жолдары болсын...
Қарабаев (Чебисовке). Қандай шырмауықты орап жатыр байекең?! Көрші міне!.. Чебисов. Сен оны тыңдай бер, жалғыз-ақ... (Ысмайыл Масқұтқа келіп сыбырлайды.) Масқұт қожа. Кәне, қонақтар, мынау үйде біраз ас бар еді, соған кірейік, жүріңіздер!
Бәрі Масқұт бөлмесіне кіреді. Ішіп-жемге кіріседі, араласады.
VІІІ көрініс
Жанұзақов бөлмесіндегілер өзара сөйлесіп отырады. Қымыз ішеді, бұнда күтуші жігіт бар. Анда-санда Ысмайыл келіп кетеді. Ол көбінесе Масқұт бөлмесінде.
Өтепов. Жә... неге жиылдық? Не сөз бар? Сөйлей отырыңдар!..
Жарболов. Ие... сөйлесек те болады ғой!.. (Жанұзақовқа қарайды.)
Есеналин. Кәне, олай болса, Төреғұл, бастасаңшы!
Xакима. Мұсбюроның бастығы, сіз өзіңіз неге сөйлемейсіз!
Есеналин. Бұл арада ондай формальность жоқ. Жалпы пікір ауысу. Беседа, официально ашылатын жиылыс та жоқ.
Бәрібаев. Жә... не сөздерің бар, тыңдайық? Кәне, айтыңдаршы!.. Жанұзақов. Айтсақ, әнеугі.. Фурмановтармен біздің дауымыз негізгі мәселе: қазақ, қырғызды жерге орналастыру әңгімесі. Соған жергілікті елдердің жауапты қызметкерлері, сендер қалай қарайсыңдар? Менің пікірімді дұрыс десеңдер, осы көптің атынан Тәшкенге бір бөлек пікір жібереміз, қарсылық білдіреміз. Соны қостаймысыңдар? Мәселе сол, әңгіме ашық (Отырғандар өзара екі-үштен сөйлеседі.)
ІX көрініс
Терраска Шағабутдин, Қуатов шығады. Масқұт бөлмесінің алдында әңгімеге елтіп тұрған Ысмайылды көріп, аяқтарын ақырын басып, сырттан барып қарасады. Ол бөлмеде бұл уақытта бір-бірлеріне бастарын түйісіп отырғандар тегіс бір әңгімеге кіріскен. Шағабутдин таңданып тұрып. Шағабутдин (қатты). Ту, Масқұт қожаның компаниясы қандай еді?.. Мынау бір жылы ғана компания екен!.. (Отырғандар үрпиісіп қалады. Қарабаевты, Чебисовты көріп, таңданып.) Е... Қарабаев, сен біздің әскери адам, сен неғып отырсың? Бұл байдың, көпестің компаниясында? Сен де, Чебисов? Қарабаев (қатты тікірейіп). Е... осында келсең, сен де байдан алыс жүрмепсің ғой, несі бар екен?
Шағабутдин. Мен мұнда келгем жоқ.
Қарабаев. Мұнда келмесең де, жағалап жүріпсің ғой? Әлде мені алдап жүрген особый отделдің шпионы шығарсың?.. Бәрібір екеуінде де бізге таңданар дәнеңең жоқ, бәлем, мақтаулы жігіт бола алмайсың.
Шағабутдин. Жарар.... Сенімен бұл жерде сайыспай-ақ қоямын...
Қарабаев. Қай жерде кездесем десең де ықтиярың, білдің бе?..
Шағабутдин, Қуатов кетіп, Жанұзақов бөлмесіне барады.
X көрініс
Шағабутдин. Ғажап!.. Анда көпестер, мұнда партейцтер... қалай жақсы түйіскен бастары?!
Жанұзақов. Жә, кел отыр. Осы сен ноғай да асқақтай бердің-ау?!
Жарболов. Жаңағы әңгімеге кірісейік.
Өтепов. Ал, сөйлеші сен!..
Жарболов. Сөйлесем, біз мұндағы бірталай жолдастар және басқа да келген бірталай партия мүшелері бар. Барлығымыз Төреғұл жолдастың пікірін қостаймыз. Тәшкенге мұның істеген ісі, мұның тұтқан мақсаты, программасы дұрыс, соны біз де қостаймыз деп бірге қағаз жазу керек деп білеміз. Бәрібаев. Фурмановтардың, Авиревком көпшілігінің пікірін қабылдамай, бұлай деуіндегі дәлелің не? Есенов (Жарболовқа). Және... жаңағы сен айтқан сөзді біз не үшін қостайық? Теріс те болса, Жанұзақов айтты, ол қырғыз деп-ақ көз жұмып қостай салайық па?.. Жарболов. Біздің дәлеліміз бар, неге болмасын. Мұндағы ұлттар арасын улықтырып отырған сол Фурманов, Быковскийлер... Трибунал орыс байларын неге көп атады? Сол үшін орыс қазаққа улығып отыр. Міне, бұл ең залалды саясат. Бәрібаев. Жанұзақовтың, тегі, жалпы саяси бағыты мен істеп жүрген ісі де, мінезі де қате. Оны қостау саяси адасқандық болады. Бұған мұсбюроны араластырып, шатыстыруы тіпті теріс. Өйтіп жіктенетін жер емес бұл. Есенов. Ие... партия мен кіндіктің руководствосының қасынан мұсбюроны жырып алып шығу лайықсыз болады. Бәрібаев. Жеке адамдар қостаймыз десеңдер, ықтияр өздеріңізде. Мұны мұсбюро болып әңгіме қылу керек емес. Жанұзақов. Ие... ие, айтыңдар!.. Мен еш нәрсе айтпақ емеспін. Жалғыз-ақ, сендердің не дейтіндеріңді білмек едім (Өзі шығып кетеді.) Шағабутдин. Тыңдамақпын дейді. Өзі шығып кетеді. Жігіт де шіркін, Бұл келісін...
XІ көрініс
Жанұзақов террасқа шығып, Масқұт қожаның үйінің есігінен қарайды. Масқұт қожа шығады. Жанұзақов (өз үй жағын қолымен нұсқап). Бұлармен түгел келіспеспіз. Бірталайы жағынудан аса алмайды. Бірақ мыналарымен байланысып, нығайтып қал. Қостайтын, айтқанында нық тұратын жігіттер бар, білдің бе?
Масқұт басын изейді. Екеуі айрылып кетеді. Жанұзақов өз бөлмесіне кіреді.
XІІ көрініс
Шағабутдин. Мен жаңағы Бәрібаев айтқандай қылып та қалдыру керек емес деймін. Бұл мәселені тілеген жолдас Жанұзақовты қостасын деп айтпаймыз біз. Бәлки, ешкім қостамас оны. Центрдің басын шатастырушы партейцтер болмасқа керек. Жанұзақовты қазірде қостау – ол мұндағы барлық жауапты саяси қателеріне мандат беру, сол қатені бірге мойынға алу болады. Ол дұрыс партейцтің жолы емес. Өтепов. Дұрыс пікір осы. Бұл сөзді осыдан әрі сөйлеу керек емес. Тоқтату керек. Тіпті, енді жиылысты жабу керек. Жүр кететіндерің. Тұрады. Қалғандары да тұрып, шығуға айналады. Артынан Жарболов, Сүлейменов қалады. Жанұзақов солармен сөйлесіп қалады, өзгелері кетеді.
XІІІ көрініс
Масқұт бөлмесіндегі сөздері піскендей, енді олардан Қарабаев, Чебисовтер де жүруге қамданады. Көпестер қалталарынан ақшалар шығарып беріп жатады. Қарабаевтар жүреді. Қарабаев (Масқұт, Ысмайылдарға). Әңгіме сол... Енді сөз байланды. Қысқасы, берген ақшаларың бізге зор жәрдем... Сендер пұлмен де, іспен де қатынасасыңдар. Әскер арасындағы адамдарыңыз, мұсылмандарыңыз, партшколдағыларыңыз тағы басқаларыңыз біз көтерілген күні тура ешбір оқ атпайтын болсын! Командаға бағынбасын, біз қайда барып жиналсақ, сонда келсін! Ысмайыл. Дұрыс, біздің адамдардың міндеті сол ғана ғой!.. (Масқұтқа қарап.) Қиын емес қой?..
Байжұман. Несі қиын оның? (Масқұт басын изейді.)
Чебисов. Қалғанын артынан көрерміз. Өзара сөйлесіп, келісіп ұғынамыз.
Мекапаp. Қалғанын қойшы... Біз Масқұт қожа Байжұмандармен ата-бабамыздан бері бір жасасып келеміз. Қырсықпай-ақ, араздаспай-ақ ұғынысатынбыз... Байжұман. Бізге жамаушының керегі жоқ де, шіркін, Алматының баяғы орысы-ау! Қашан ұрысып-таласып ек осылармен?.. Ұғыныспайтын жеріміз болушы ма еді?.. (Мылқау көрініс: Қарабаев, Чебисов бұл бөлмеден шыққанда, Жарболов, Сүлейменов, Есеналинді ертіп Жанұзақов шығып, Жарболов, Сүлейменовтың қолдарын алып келіп, Чебисов, Қарабаевпен ұстастырып тұрады. Мекапар, Филипп, Масқұт қожа шалқайып арақ көтеріп жатады).
Шымылдық
Үшінші сурет
Штаб. Екі бөлме. Сол жақтағысы кішілеу, онда аппарат. Ная сол бөлмеде аппараттан хабар алып отыр. Екінші бөлме үлкендеу, онда Фурманов, Беляев, қабырғада Жетісу картасы, алдында кішілеу карталар, соған қарасып тұр.
І көрініс
Мартынов (кіріп, асығыс басып келіп). Қалада әскер арасында жаман белгілер байқалып тұр. Естідіңдер ме? (Отырғандар орындарынан тұрысады.)
Беляев. Қандай белгі?
Мартынов. Бастықтарына сөйлеспейді, айтқанды тыңдамайды, өздерінің не істемектерін айтпайды. Бірнәрсеге қамданған сияқты.
Фурманов. Қай әскерлер? Жетісу бөлімдері ме?
Мартынов. Иә, барлық гарнизонның әр бөлімдерінде де хал біртүрліге ұқсайды.
ІІ көрініс
Барайнок (жүгіріп кіреді). Жетісу партизандары Бүлік бастағалы қамданып жатыр.
Фурманов. Неғыпты? Қандай белгілері бар?
Барайнок. Жәркент батальоны қару-жарағын түгел алып, казармадан шықты.
Фурманов. Қайда шықты?
Барайнок. Әзір қайда екені мәлімсіз... крепоске жетпесе керек.
Фурманов. Бастығы қайда? Симонов қайда.
Барайнок. Ол қашып келді. "Өзімді жауып қоя жаздады, зорға құтылдым, сөздері жаман" дейді... Фурманов. Олардың жолын тосу керек. Қазір жеткізбей, қаруларын алу керек. Қандай сенімді бөлімдер бар?
Барайнок. Үшінші интернационал ротасы бар.
Фурманов. Сенімді ғой олар?
Мартынов. Сенімді жігіттер.
Фурманов (Мартыновқа). Бар, олай болса, сен тез сол ротаны алып, аналарды жолдан тос! Қаруларын ал, жалғыз-ақ шектен аспай оқ шығарма!.. Бар! (Мартынов кетеді.)
ІІІ көрініс
Есенов (жүгіріп кіреді). Быковский хабар қылды ма?
Фурманов. Жоқ, немене? Не хабар қылмақ еді?
Есенов. Комендантскийге жаңа екі кісі жүгіріп кеп, "түнде мылтық екі атылады, сол сигнал, содан кейін тік көтеріліңдер" деп кетіпті.
Фурманов. Олар кімдер екен? Қайда кетіпті?
Беляев. Неге ұталмаған?
Есенов. Айта сала қашып кетіпті... Ұстай алмай қалыпты..
Фурманов. Мұны кім айтты?
Есенов. Быковский. Трибунал біліп отыр мұны...
Фурманов (телефонға барып). Трибуналды беріңіз! Трибунал! Быковский!.. Фурманов, келмекпісің?.. Жет қазір, қазір жылдам!..
ІV көрініс
Шағабутдин, Бәрібаев кіреді.
Шағабутдин. Гарнизон бірі артынан бірі казармаларын тастап, қаланың шетіне қарай кетіп жатыр... Не істеу керек? Не істеп жатырсыңдар?
Беляев. Сабыр етіңдер! Қарауыл батальоны қалай, ол қайда?
Шағабутдин. Ол орнында, басында сенімді кісілер бар. Масанчин, Шағидуллин, Есенов мына Бәрібаев екеуміз әдейі сендерге келдік. Фурманов. Барлығы да сенімді ме? Араларына сөз жүргізуші болмап па? Қаншасы мұсылман? Шағабутдин. Мұсылман жүздей, тараншы, қазақ, татар, дүнген бұлар сенімді, қалғаны мәлімсіз.
Фурманов. Қалғандарының аузында бөтен сөз бар ма?
Шағабутдин. Әзір білінбейді. Бірақ бұл көп топтың көптен жүріп қамданған ісі сияқты. Партизан отрядтарының ішіндегі қазақ, тараншы жігіттері, ескі пулеметшілер де кетіпті. Бәрібаев. Бұлардың бәрі емес, қалғандары да бар, ол қалғандары бізге келіп отыр.
Фурманов. Олар қанша?
Бәрібаев. Отыз кісі.
Быковский кіреді.
V көрініс
Быковский. Естіп жатырсыңдар ғой халді?
Фурманов. Ие, тағы не бар?
Быковский. Тағы бір сыбаға – Сарқанттан келе жатқан қару-жарақты қызыл әскерлер жолшыбай ұстап, талап алыпты. Фурманов (бәріне). Жә... жолдастар! Обкомның бар мүшесі осы жерде түгенденсін. Ендігі басшылық партиянікі. Сенімді жігіттердің барлығы осында жиылсын! Тез хабар қылындар! Патриесов, Шағидуллин, Есенов, Қуатовтар қайда? Қалалық партия бастықтарын, жастарды тез телефон арқылы шақыртыңдар! Жұрт жинала бастайды. Ная, Люба, Шағидуллин, Қуатов, Қадиша, Хакима, Есенов, Сәрсембаев. Жолдастар! Бұл бүкіл Жетісу кулактарының ісі. Әскер солардың жетегіне еріп, құралы болғалы отыр.
Өтепов. Олай болса бұл ұлттар арасының қырғынын жасауға беттеген ісі.
Шағабутдин. Ақиқат, аздан соң соны күту керек.
Өтепов (ұлт қызметкерлері жаққа қарап). Жә... Бұл оқиғаның арты не болатынын ұғып, біліп тұрсыңдар. Енді біз зор сынға іліндік! Осы тұрған бәріміз енді мынандай болып жұмылуымыз (қолын түйіп) керек! Іс, басшылық партиянікі. Қазірден бәріміз партия мобилизациясындамыз! Осы тұрғанның көбі обком мүшесі. Обком қазір боевой штаб! Беляев. Дұрыс. Ендігі іс, сөздің бәрі жауапты. Сондықтан, іске кірісуден бұрын, қазір бәріміз анттасуымыз керек! Фурманов. Дұрыс. (Ортаға шығып, жазып тұрып.) 12 июнь түнгі сағат онда, үшінші дивизия штабының жасырын мәжілісінде болған біз төменде қол қоюшы партия мүшелері, арамыздағы сөз, іс, бұйрықтың барлығын жасырып сақтап, ешкімге сыр шашпай, тапсырылған міндеттен ешқайсымыз бас тартпай орындаймыз. Осының төңкеріс үшін ерекше қажеттігін еске алып, бұдан былай осы антты бұзсақ, өзіміздің атылуымызға ризамыз. Бас бұрмаймыз. Кәне, қол қойындар, жолдастар! Біздің ендігі ісіміз үшін шарт та, міндет те, шешім де осы (Бәрі қол қойып жатады.) Сәрсембаев соңында қалтырап). Мен де... мен де қоям ба? Қоймасам да орындаймын ғой... мынау қатты ғой!.. Өтепов. Қой қолыңды сандырақтамай! Күн ашықта мойнында, күн жауында қойнында болғың келеді ғой!
Бәрібаев (Сәрсембаевқа). Кісі емес екенсің ғой өзің, қой енді!..
Сәрсембаев. Қоям... қоям ғой (қояды.)
Телефон сылдырлайды. Фурманов барады.
Фурманов. Мартынов! Не дейсің? Үшінші интернационал ротасы... түгел қосылып кетті ме?.. Ішіндегі мұсылмандары да кетті ме? Олар да кетті?..
Барайнок. Сенімді деген осы емес пе еді, бұ да кетті ме?
Фурманов (тымтырыстан соң). Қазіргі уақытта уақиғаның тасқыны асқындап барады. Енді әрбір қадам санаулы, әрбір минөт қымбат. Шағабутдин, сен Есеновты алып, қарауыл батальонына бар! Барайнок, Бәрібаев, сендер партшколға барыңдар, осында келіңдер! Өтепов, сендер қаладағы қазақ, тараншы, дүнгенмен байланыс жаса! Сенімді адамдар арқылы жайды түсіндіріңдер! Үрікпесін, өздері іс бастамасын. Біздің хабарымызды күтсін. Және екеуің қаланың партия ұйымын жинап бастап әкеліңдер. Ная, Люба, Шағидуллин, Қуатов және Қасымова, Амантаева, сендер, үнемі связда болыңдар! Жарым-жартың әскер қайда болса, сонда барып араласыңдар. Өзгелерің бергі жерден жалғасып тұрыңдар. Ал, тез тараңдар!
Тарап жөнеледі. Сәрсембаев бірге кетіп бара жатады.
Беляев. Сәрсембаев, сен мұнда бол, кетпе! (Амалсыздан қалады.)
VІ көрініс
Быковский. Тәшкеннен көмек сұрасақ қайтеді?
Фурманов. Оқиға асқындаса сұралады. Бірақ қашан кеп жетпек? Бізге енді саспау керек, күш аздығын білдірмеу аса қажет.
VІІ көрініс
Ная (жүгіріп кіріп). Әскерлердің бәрі бір араға жиналып жатыр.
Фурманов. Қайда?
Ная. Крепоске.
Амантаева кіреді.
Ие, Амантаеваның тағы да хабары болу керек? Жаңағы қазаққа сөйлесіп қалған... Қадиша. Крепостен хабар бар. Шағидуллин, Қуатов сонда барыпты, солар жіберген кісі келді.
Фурманов. Ие... не айтады?
Қадиша. Әзір жиналғандар "арсеналды" талқандап, қаруланып жатыр дейді.
Быковский. Ой, антұрғандар!.. Әскерден басқа бар дейді ме?
Қадиша. Маңайдағы бір-екі қаланың крестьяндары да бар дейді.
Беляев. Қай қалалар?
Қадиша. Әзірше Талғар... Шамалған. Қаруды солар алып жатса керек. Бричкелерге тиеп әкетіп жатыр дейді. Басқа хабар жоқ.
Фурманов.Жақсы. Бар қайтадан. Осылай істеңдер.
Сәрсембаев (Хадишаға бұрыла бергенде). Қарағым, мені де ала кетші!.. (Фурмановтарға.) Мен бұл жерде не істеймін? Рас-ау... тіпті. Тіпті Хадишаның қасында жүріп, елеусіз боп жүріп хабар әперейін, қазақша киініп ап...
Быковский (ақырын). Қорқып тұр. Түк істей алмайды, бүлдіреді қайта.
Беляев. Жоқ. Сені танып қояды, отыр. Бізбен бірге ақылдасуға керексің.
Хадиша кетеді. Ная жүріп бара жатқанда.
Фурманов. Ная, проводқа шақырып тұр ма деймін, білші.
Ная (отырып). Тәшкен шақырып тұр сендерді!
Фурманов, Беляев барады.
VІІІ көрініс Мына бөлмеде Быковский, Сәрсембаев қалады.
Сәрсембаев. Быковский, сенің не білгенің бар?
Быковский. Иә... сөйлеші сен?..
Сәрсембаев. Бізде күш жоқ. Олар көбейіп кетті. Енді түнде осында шабуыл жасаса қайтеміз? Сонда алдымен особый отдел, сені іздейді. Біліп қой, бәрінен саған жаман болады.
Быковский. Иә... рас, ал, қайт дейсің сонда?
Сәрсембаев. Қашу керек...
Быковский (қатты). Кімге қашу керек?
Сәрсембаев. Бәрімізге де кету керек.
Быковский. Менікінің жөні болсын. Ал, сен неге кетесің? Өзгелер неге кетеді, алыспай? Сәрсембаев. О... ой, алысу деп, неңмен алысасың (Екі рет мылтық атылады.) Ал, (шошып) ойпырмай, қайтеміз енді? Кету керек, айтсаңшы аналарға! Быковский. Қой енді сөзді. Білдің бе! Мұндай үшін не қылатынды білемісің? Әсіресе бағанағыдай қағазға қол қойғансын қайтеді, ойлаймысың, жоқ па?
Сәрсембаев. Қайтеді?
Быковский. Атады. Тоқтат енді сөзді!?
ІX көрініс
Ная (оқиды). "Аппаратта Фрунзе, Куйбышев, Ферғанаға әскер жіберу турасында қамдарың жеткілікті ме? Айтылған күнге Жетісу әскері шығады деп есептейміз. Айтатындарың бар ма?". Фурманов (айтып тұрады. Ная соғады). Бұрынғыға қосымша айтатынымыз: Алматы гарнизоны ереуіл жасап, крепоске жиналып жатыр. Сенімді деген ІІІ Интернационал ротасы да жаңа соған қосылып кетті. Бұйрықтарыңызды уақытымен орындауға бар күшімізді саламыз. Ная (оқиды). "Гарнизонның бейбастағын басу сіздердің, онан соң облыстық үкімет пен партия басындағы кіндік адамдарының және жергілікті қызметкерлердің ептілігіне, төңкерісшілдік беріктігіне тапсырылады. Бассыздық Тәшкеннен күш-көмек керек қылмай басылады деп сенеміз. Қажет болғанда жіберіледі. Әскерді жүргізу бұйрығы тиянақты. Мұны мезгілімен 16 июньде орындау дивизия әскери кеңесінің жауаптылығына тапсырылады. Фрунзе, Куйбышев".
Фурманов. Бұйрығыңызды орындауға қабын алдық. Фурманов, Беляев.
Телефон сылдырлайды. Фурманов барады.
Шағабуддин, қарауыл батальоны да ма? Қалғандар кімдер? Қанша мұсылман? Сексеннің де қаруы бар ма? Масанчин ғой алып келетін? Келсін бәрі де. Осында.
Беляев. Қарауыл батальоны да кеткен бе? Крепоске ме екен?
Фурманов. Иә... қалған татар, қазақ, дүнген – сексен кісі. Қазір осында келеді. Быковский. Біздің күшіміз кім болып қалды? Өзі, басында сенгеніміз төрт жүздей еді, енді тіпті аз боп қалды ғой. Фурманов. Енді штабтың комротасы. Партшкол. Карбатальоннан сексен кісі. Қала ұйымы.
Өтепов кіреді.
X көрініс
Фурманов. Келді ме, қала ұйымы?
Өтепов. Қала ұйымы бытырап кетіпті. Жоқ, ішінен Черных, Жарболов, Сүлейменовтер... Біраз жұртты бастап крепоске кетіпті.
Шағабутдин, Мартынов кіреді.
Фурманов. Черных... Жарболов? Бұл не деген бірлік?
Шағабутдин. Черных бүлдірмек. Жарболов өз көзімен көрмек.
Өтепов. Бәсе, не деген негізсіз бірлік десеңші! Шіркін!..
Беляев. Қасқыр мен қой бірлігі (Өтеповке.) Қалғандары бар ма? Жоқ па?! Өтепов. Қалғандары жиырма шақты кісі, біз алып келдік. Бұрын крепоске кеткен мұсылмандарды да азғырған, адастырған осы Жарболовтар болу керек. Енді ұғылды. Бұлар өздері адасумен бірге көпті де адастырған көрінеді. Ендігі іс, мұндағы қазақ, татардан бірталайын сонда жіберіп, соның ішінде іс жүргізу керек. Фурманов. Дұрыс осы. Бірақ біраз тосайық, крепость жақтан, әуелі бір елші жіберіп, хабар білейік.
Шағабутдин. Олай болса мен барайын. Қасыма бір кісі қосыңдар.
Фурманов. Жарайды. Сен Мартынов екеуің барасың.
Өтепов. Елші емес, жай кісі боп, сондағы қазақ, тараншы, татар жігіттеріне сөйлеу үшін мен де барам.
Беляев. Бар., алдын ала дайындай бер...
Шағабутдин Өтеповке). Ұмытпа! Шағидуллин, Қуатов онда, алдымен соларға жалғас. Бізден де хабардар болып тұр. Ал, жүр!
Бұлар кетеді. Ән естіледі.
XІ көрініс
Ән:
Бостандықты бізге ешкім бермес,
Патша да, бай да, батыр да.
Бостандық бізге көктен келмес,
Алармыз күшпен ақырда...
Быковский. Бұ... немене? Шыққандар ма? Осында келеді ғой?
Фурманов. Бұл жақтан келетін партшкол ғой, солар шығар?
Беляев (терезеден қарап). Солар екен. Мен қарсы алайын!
Шығады. Қарсы алып жатқан дауыстар естіледі.
Барайнок (Бәрібаев екеуі кіреді). Қазір карботальонның қалғандары кіреді.
Фурманов. Келді ме?
Бәрібаев. Ол да келді.
Фурманов. Бастықтары бар ма?
Бәрібаев. Масанчин, Есенов бар.
Фурманов. Барайнок, сен солардың ішіне бара бер. Біз де қазір барамыз.
Хакима, Люба кіреді. Барайнок кетеді.
XІІ көрініс
Фурманов (Любаларга). Қайдан, крепостен хабар бар ма?
Люба. Бар... мына Хакима ішінде де болып шықты!
Хакима. Ондағылардың айтқаны: крепоске бес кісілік боевой Совет сайланыпты.
Фурманов. Кім-кімдер?
Хакима. Петров, Чебисов, Қарабаев, Ерескин және Чернов па, Черных па, тағы біреуі бар. Әзір басшылық жоқ. Бассыздық. Онан соң полк туралы көбірек сөйлеседі дейді. Делегация жіберіпті. Хабар жоқ. Бірақ ауыздарында жаман сөздер бар. Әсіресе трибунал, особый отделді талқандаймыз дейді. Быковский тез жасырынсын, көрінсе оны аямайды, – дейді.
Беляев. Дұрыс айтады... Быковский, сен кет енді тауға!..
Быковский. Жалғыз қайда кетем мен? Бірге көрмеймін бе?
Фурманов. Жоқ. Енді сен кетпей болмайды. Жалғыз-ақ, қағаздарың қайда еді?.. Трибунал қағаздарын мұнда әкелу керек.
Быковский. Соны мен өзім әкеп тастап кетейін.
Люба. Жоқ, оған мен барайын. Қасымова, жүр, екеуміз барып келеміз. Жоқ қыламыз.
Хакима. Жүр.
Быковский. Тізімдерді жоғалтыңдар, Люба!
Люба. Дұрыс, кет. Енді сен қош...
Қолын береді. Люба, Хакима шығады.
Фурманов. Быковский, бөгелме, сен де кет енді.
Быковский кетуге айналады.
Сәрсембаев. Әй... жолдастар, мына Быковскиймен мен де кетейін?
Бәрібаев. Неге? Не көрінді саған?..
Сәрсембаев. Әкем-ау, әлгі Жарболов деген менімен жаман болатын. Есеналин де бар. Біліп қойса осы қаланың ішінде жердің тесігінен қоймайды мені олар. Өзім трибуналға мүше болғаным тағы бар ғой. Ойбай-ау... Фурманов, Беляев, айтсаңдаршы! Мына Быковский, жер де білмейді, адасып босқа қолға түседі. Мен ат та табамын, дайын тұр тіпті...
Фурманов. Кетсін, Быковский, қосып ал қасыңа!
Бәрібаев (Быковскийге). Егерде сенен қашып білдірем десе, өзің атып таста. Сол үкім, білдің бе? Сәрсембаев. Қой, жынданба! Қайдағы елдің есінде жоқты қайдан айтасың осы аттың жалы, түйенін қомында! Жағыңа жылан жұмыртқалағыр екенсің тіпті.
Быковский. Айда жүр! Енді бөгелмейік.
Бәрібаев. Бар... болды, сол. (Фурмановтарға.) Қарсы емессіңдер ғой, жолдастар?
Беляев Дұрыс, қарсы емеспіз.
Фурманов
Сәрсембаев (басын шайқап). Қап... қап, сені ме, Жұбаныш, бәлем тұра тұр.
Екеуі шығады.
XІІІ көрініс
Бәрібаев. Жә... енді біз де қораға шығып, мұндағы әскермен араласып, сөйлесе бермейміз бе?
Беляев. Рас, енді сонда барайық.
Фурманов. Ная, сен аппарат басында бол, біз қорадамыз. Жә, Патриесов қайда осы?
Бәрібаев. Ол қорада, әскер ішінде...
Фурманов. Біз де қазір оны осында жібереміз. Аппарат басында болсын. Бірдеңе болса, телефон хабары болса бізді шақыр. Ал, жүріңдер!
Ная. Беляев, Митя, проводқа шақырады, сендерді.
Бұлар сол бөлмеге шығады. Ная оқиды.
"Жиырма алтыншы полк командирінен. Полкке он екі кісі қызыл әскер жібергендерің рас болса, білдіріңдер! Бұлар Алматы жіберген өкілміз дейді. Неге келгендерін айтпайды. Бастықтармен сөйлеспейміз, әскердің өзімен өзіміз сөйлесеміз, дейді". Беляев. Бұл жиырма алтыншы полк, бұрын мыналармен сөздес екен ғой. Әйтпесе Алматыға неге асығып келеді. Тіпті бұйырған уақыттан бұрын жақындап кеп қалды ғой. Фурманов. Рас, оларды қазір қалаға келтірмей, сол жерде ұстап тұру керек. Өзгелерге де қоспау керек. Бұлардың ішінде де бүлік ниеті бар екені анық болды.
Беляев. Ал, мына он екі кісіні қайтеміз?
Фурманов. Бұларды жаптыру керек.
Беляев. Дұрыс, айт соңы.
Фурманов (айтып тұрады. Ная соғады). Барған он екі кісіні көпке сөйлестірме, өздерін ареске ал. Әскерді енді ілгері Алматыға қарай жылжытпа! Сол арада тұрып, біздің бұйрығымызды тос!
Шымылдық
ЕКІНІПІПЕРДЕ
Төртінші сурет
Крепость іші. Орта жері, халық жиыны, әрлі-берлі топтанып өтіп жатқан әскерлер. Олармен аралас крестьяндар. Жай киімді қала халқы да көрінеді. Барлығы да орыс. Әзірше мұсылмандар бірен-саран болмаса көрінбейді. Әскерлер, мұжықтар арасында ішіп алғандары да, мастары да бар. Бір қалыңдау топ алдына Петров, Карабаев, Чебисов, Ерескин шығады.
І көрініс
Петров. Ой, осында, мына біреулер мас қой. Бұлар қайдан ішкен? Қарабаев. Пәлі, сен білмейді екенсің ғой. Біз Талғардан әкелген үш бөшке спиртті домалатын қалдық қой.
Петров. Өзің де іштің бе?
Чебисов. Біз, Қарабаев екеуміз де біраз тастап алдық.
Қарабаев. Ішемісің? Сен ішемісің, Ерескин!?
Ерескин. Жоқ. Бұл ішкендерің ақымақшылық екен. Әскер мен крестьяндарға ішкізгендерің не, әсіресе?
Чебисов. Е... Неменесі бар? Жалғыз трибуналшы мен Фурмановтар ішуші ме еді?
Қарабаев. Айда, ішсін біздің мүжекеңнің баласы да.
Ерескин. Петров, мынаны тоқтату керек. Білдің бе? Бастық біз ішкен соң не болмақшы? Істі бүгін ғана бастап отырмыз. Алда не бар екенін білемісіндер, әлі?
Қарабаев. Неменесі бар? Айтшы, кәне?
Ерескин. Қазір штаб соғыс бастап жіберсе қайтесің?
Петров. Рас, ішуге болмайды. Қарабаев, білдің бе?
Ерескин. Атыс басталса, бастық мына күйіңмен сен неге жарайсың! Ана мастарың неге жарайды? Қарабаев. Е... штаб соғысуға жарамайды, қорқады бізден (жұдырығын түйіп) тұмсығын қылтитып көрсін, мен оларға көрсетейін!
Ерескин. Бос сөйлеме олай! Штабтың қанша күші барын сен білмейсің.
Чебисов. Қанша күш бар екен?
Ерескин. Бәсе, әне білмейсің. Білмейміз. Трибунал мен особый отделдің есепте жоқ қанша жасырын әскері болса қайтесің? Сондайы болмаса неге қашпай отыр штаб? Петров. Дұрыс Бұл, қайда спирт? Ерескин, жүр... Екеуміз қазір оны алып тыққызайық. Бұл ақымақшылық.
Ерескин. Жүр! (Бұлар кетуге айналады.) Қарабаев (Чебисовты түртіп). Е... асықпаңдар! Асықпаңдар! Қарашы Бұлардың ақылдысын! Барып өздерің тығып қойып, артынан ақырын тұмсықтарыңды батырып жүрейін дейсіндер ғой? (Құбылып.) Саспаңдар! Бәрібір таба алмайсыңдар. Тығу ма? Оны мен өзім-ақ істеп қойғам. Қарабаев ақымақ емес!..
Чебисов. Қарабаев, сен қашан тығып жүрсің?
Қарабаев. Үндеме! Болмаса сен де аналармен бірге тығысатын шығарсың? (Күліп.) Қарабаев көрмейтін қылып (тағы күледі) солай емес пе? (Қолын шығарып.) Мә... үшеуіңе де... Болмаса кел, жалыныңдар, сұраңдар! Берермін әлі де!..
Петров (ашуланып). Қарабаев, жетті енді ақымақтануың, тоқтат! Қарабаев (қайтып). Жә... жә!.. Сен білемісің (қолын кезеп тұрып.) Ақырма! Қарабаев ақымақ емес, бекер айтасың! Ақымақ болса Алматының көтерілісін үш ай жасырын жүріп астыртын дайындамайды. Жалғыз Алматы емес, Жәркент, Лепсі де бар. Жетісу да... қайда әлі Талғар, Шамалған мұжықтары, оларды да дайындағам...
Петров. Е... мен сонда қарап жүріп пе екем?.. Жалғыз сен бе едің істеген?
Қарабаев. Ж... о.. қ, сен де барсың, сен екеуміз.
Петров. Бәсе, солай де... Бірақ (жақындап) арақты қазір... қазір доғар! Әскерлерге, әсіресе бір... бір тамшы... білдірме! Қарабаев. Оның дұрыс. Оны Қарабаевтың өзі де тоқтатқан... Бағана ғана біраз ақымақшылық болды.
Бірнеше крестьяндар мен әскерлер келеді.
ІІ көрініс
1-казак-орыс (кулак түстес). Қарабаев, біздің станицаға тағы қаруларың бар ма? Жоқ па?
Петров. Немене, Талғардың кісілері алған жоқ па? Сен Талғардікімісің? 1-казак-орыс. Талғардікімін. Өзімізге алдық, бірақ ар жағымызда Есік, Түрген бар, соларға керек... Қарабаев. Тағы кімдер алды, Талғар, Шамалғаннан басқа алғандар бар ма? Неге келмейді, олардың өздері? 1-кулак. Шамалғаннан әрі Ұзынағаш, Қаскелең бар. Басқа қалалар бар. Бәрі де алады. Беріп жіберсеңдер, біз де апарып береміз.
Қарабаев. Жоқ, өздері келсін!
1-кулак. Ендеше, хабар неге жібермейсіңдер?
Петров. Хабарды сендер беріңдер...
Чебисов. Тұс-тұстарындағы поселке, станицалардың бәріне де өздерің беріңдер хабарды. Келсін. Жетсін, жылдам!
Қарабаев. Иә, тез қаруланып алсын тегіс. Қару бізде жетеді. Білдіңдер ме? 1-казак-орыс. Жалғыз-ақ қаруды орыс халқына ғана беріңдер! Білдің бе, Қарабаев! Тағы тараншы, дүнген алып жүрмесін. Оларға бір де винтовка бермесін!
Петров. Кім, берем деген! Өздерің не айтасыңдар? 1-казак-орыс (әскер арасынан). Қырғызға мылтық береміз деп көтеріліс жасағанымыз жоқ.
1-кулак. Трибунал, штаб берсін оларға.
Чебисов. Олардың әскері бізбен атысып көрсін сонан соң.
1-кулак. Қырғызға тиесің деп крестьяндарды атқан трибунал ғой. Особый отдел ғой, болыссын енді солар қырғызына... Петров. Тоқта... Шулама!.. Әзір қырғыз туралы да, трибунал туралы да сөз кейін. Әзірге әскерлер келе берсін, қару-жарақ жиыла берсін! Қарабаев. Бұдан былай штаб, трибунал жақта әскер қалмай біткені керек, білдіңдер ме? Чебисов. Иә... келгендер келе берсін, ешкімді қумаңдар! (Есік жақтан дауыстар шығады.)
1-казак-орыс. Міне, тараншы, қырғыз, дүнгендер келе жатыр! Қарулары да бар.
Топ шығады. Алдында тараншы, дүнген, қазақ, татар жігіттер бар.
1-қазақ жігіті. Қарабаев, Чебисов қайсы? Бізді соларға деп жіберген еді.
Қарабаев. Мен Қарабаев...
Чебисов. Чебисов мына мен!
Қарабаев. Сендерге бұрын айтқан ба еді?
1қазақ жігіті. Айтқан еді. Сендерді айтып, енді біздер келдік.
Петров (бұрынғы әскерлерге, крестъяндарға қарап). Бұлардың қаруларын алу керек.
Казак-орыс. Иә... иә... берсін қаруларын, берсін!
Қазақ, татар жігіттері. Неге... Неге? Біз сендерге қосылғалы келдік.
1-казак-орыс. Қосылсаңдар, сол қаруларыңызды беріңдер! Жұрттың бәрі де беріп жатыр.
1-дүнген. Жоқ, үйтіп қалжақтама сен!
2-казак-орыс. Сендер соғысып болдыңдар ғой. Болды енді!
1-әскер. Демалыңдар енді.
1-кулак. Жетісу мұжығы өзі де соғыса біледі (қазақ жігітіне.) Сен білесің ғой, өздеріңмен алаштар қалай соғысқанын? 1-казак-орыс. Он алтыншы жылда да жаман соғысқамыз жоқ-ты. Өздеріңе мәлім...
Төрт-бес қазақ, тараншы жігіттерінің мылтықтарын талап алып жатады.
2-казак-орыс. Ие... оны білетін шығарсың?
1-қазақ жігіті (крестьяндардың қолдарын қағады, жолатпайды). Кетіңдер аулақ! (Қарабаевқа) Ей, Қарабаев! Мыналарың не дейді! Алаштары не мұның? Мен өзім партизанмын, Мураев отрядінде болғам, Бермеймін мылтығымды!
Қарабаев (крестъяндарға). Қойыңдар! Бұған тиюге болмайды.
Петров. Неменесі бар.
Чебисов. Петров, сен тоқтат мыналарды. Әзір тиюге болмайды.
2-қазақ жігіті. Мен де бермеймін. Мен де Мамантов әскерінде болғам, партизанмын, пулеметшімін. 3-қазақ жігіті. Менікін де алмайсың. Антон Серкештің орыстары бар ма осында? Мен Антон Серкешті бірге қорғағам! Бұлардың көбінен мылтық ала алмайды. Бірақ арт жақтарынан он, он бес мылтық алады. Мылтықтары алынған қазақ, тараншы, дүнген бөлегірек тұрады. 1-тараншы жігіті (мылтығына жабысқан крестъянды итеріп жіберіп). Иоғал! Кішік сиңниңні! Бәдбәхыт кафр! Бермәймән мән саңа (жұдырығын түйіп.) уа!
Дауыстар. Сендер де беріңдер!
1-кулак. Иә... Бұлардікін де алу керек!
1-татар жігіті (қатты). Жоқ, біздің мылтық сендерге тимейді. Петров, Қарабаев, қайсың бастық? Тоқтатыңдар мыналарды.
Дауыс. Немене? Неге тоқтайды! Келгендердің бәрі де береді мылтығын! 2-татар жігіті. Алдама үйтіп. Ақымақ жоқ мұнда.. Біз сенен көрі де көбірек оқығанбыз, ұқтың ба? Біз барлық Герман фронтыға, граждан соғысын осы мылтықпен өткізіп келеміз, білемісің? 1-дүнген. Біз болған жерде сенің әкең де болған жоқ. Аузыңда сақалың да жоқ, білемісің? Дауыстар. Қарашы Бұларды, білдің бе қандай жыртқыш! Не оттасып тұратыны бар, алыңдар қаруын!
1-казак-орыс. Тегіс алу керек. Қырғыз, дүнген, татар бәрібір. 2-дүнген. Аларсың мылтығымды, сақалды ақымақ. Мен де риза емеспін большевикке. Біз де көтерілісте боламыз деп келдік. Қару әкеп тапсырамыз деп келгеніміз жоқ, ондай сенің ауылдағы малайқаң жоқ.
2-кулак. Сен неменеге айқайлайсың?.. Кімге ақырасың?
2дүнген. Ақырамын сол!.. Ақымақ ол!.. Неге олай дейді!
Дауыстар. Болды! Болды, ақырма! Ақырма!
1-татар жігіті. Петров, Қарабаев, сендер бастық емессіңдер ме? Бізге жауап беріңдер!.. Егер де сендер мыналарша қарасаңдар, онда біз мұнда бекерге келген боламыз. Әлде сендерге көмек керек емес пе? 1-дүнген. Рас, айт! Біз сендерге жабыспаймыз. Әйтпесе не мынау, мазақ қыласыңдар!?..
Дауыстар. Алмаңдар!.. Алма қаруын, болды айқай! Қосылсын, аламыз, аламыз!
Қарабаев, Чебисов, Петровтарға сөйлейді.
Петров. Олай болса, тоқтаңдар! Алуға болмайды Бұлардың мылтығын. Бұлар бізге жолдастыққа келген. Бұлай қарсы алу ақымақшылық болады.
Жұрт басылады. Қақпа жақтан оркестр күй тартады.
Казак-орыс. Тағы бір топ келді. Ішінде комиссарлары да бар.
Петров. Қай комиссарлар?
Казак-орыс. Қалалық ұйымдарда істейтіндер болса керек. Ана жерде сөз сөйлеп, құттықтап жатыр...
Чебисов. Кім екен сөйлеп жатқан? Жүр, барайық!
Қарабаев. Өздері-ақ келеді (Нығызданады.)
Бір дауыс (сырттан). Сөйлеп жатқан Черных дейді.
Чебисов. Ә.., Черных жеткен екен ғой!.. Мұның бәрін әкелген сол.
Қарабаев. Әрине, сол.
Кулак. Іштерінде қазақтар, тараншылары да бар.
Петров. Ә... солай ма!..
Қарабаев. Әрине, солай.
Петров. Бұл қалай?..
Қарабаев. Қарабаев, Чебисов бос жүрмеген, олай болса, бұл жерде сіз де кейін қалып қойғансыз.
Петров. Бәрібір олардың керегі жоқ.
Қарабаев. Керегі болмаса да, мұнда болса залалы жоқ. Ол жоқта болса (мұсылмандарды көрсетіп), мыналар залалды болар еді. Шетірек кетіседі. Келген топ – оқшауырақ тұрған қазақ, татар жігіттері өзара сөйлеседі. Іштеріне Шағидуллин, Қуатов келеді.
ІІІ көрініс
1-қазақ жігіті. Мыналарың қалай? Ой!..
1-дүнген. Бұ... бұ... немене болды?... Бұл!..
1татар жігіті. Бұлар бізді дұшпан санаса керек... Көрмейсіздер ме?...
1-қырғыз. Шоғылысқан өңкей ел құлағы тұрмайды. Семиречиннің атаң гөрі... бізге жолдош өшу беле?
Шағидуллин. Ие... жолдастар, мыналарың қалай болды? Жақсы табыстыңдар ма? Қазақ жігіті. Құрып қалсын! Бізді дұшпан деп біле ме? Осылар немене!.. Сіздер кімсіздер?
Шағидуллин. Біз де осы сіздерге келген едік.
Татар жігіті. Ал, сендерге не айтады?
Шағидуллин. Сенбейді...
Қазақ жігіті. Солай ма?.. Орыстан басқаны керек қылмай ма?
Шағидуллин. Шолайға үқши ақыры...
Қазақ жігіті. Е... Бұлардың ішінде қазақ, татар жігіттері бар дегені қайда?
Қуатов. Қазақ, татар жігіті өздерің емеспісіңдер? Не көріп тұрсыңдар?..
Қазақ жігіті. Жоқ, басында бастаушылардың ішінде бар деп еді ғой?
Қуатов (Басым сөйлейді). Осындайды бастаған қазақ, татар жігіті болса, соған еруге тұрады деп білемісіңдер?..
Қазақ жігіті. Е... өздерің неғып жүрсіңдер? Олай болса?
Қуатов (иығын қысып). Жүрміз де, біз де!
Татар жігіті үмітсіздікті білдіргендей ысқырады.
ІV көрініс
Петров, Қарабаев, Жарболов, Черных, Есеналин, Сүлейменов шығады. Жарболов (татар жігіттеріне жақындап, қазақ жігіттеріне). Ие... жігіттер, сендер де келгенсіңдер ме?
Бұл кезде Шағидуллин, Қуатов теріс қараңқырап кейін кетеді. 1-қазақ жігіті. Келуін келдік... бірақ көрдің бе, міне!.. (Қаруын алған жігіттерді көрсете сөйлейді)
Жарболов. Е... не болған?
2-татар жігіті. Не болсын!.. Разоружить еткені!..
Есеналин. Бәле... онысы несі?
Сүлейменов. Мыналармен сөйлесу керек екен.
Жарболов. Бастықтар емес, жай солдаттар алған
шығар?
2-қазақ жігіті. Жоқ, жай солдаттар емес, мыналардың өздері алғызды. Бұларың не? Мазақ па?!
Есеналин. Жарболов, сөйлес!..
Жарболов. Жүр, бәріміз де сөйлесейік! (Петровқа келіп айтады.) Жолдас Қарабаев! Біздің жігіттердің қаруын алып қойыпты ғой, неге? Петров (сөзін бөліп). Жарайды... жарайды... кейін... кейін... білдің бе, кейін... (қақпаға қарап.) Анау кім? Тағы біреулері келеді!.. Қарабаев. Штабтан ба? Бір бастық қой! Мықынын таянып, аяғын алшаңдап мазақ қылып. Қарашы өзін!.. (Таянып, түзеле қалып.) Тоқта! Шағабутдин! Анасы – Мартынов! (Тұрғандар қарайды.)
Петров. Штаб жіберген шығар!..
Қазақ-орыс. Елшілер, штаб комиссарлары елші жіберіпті!.. Шағабутдин, Мартынов келеді, қастарында 34 крепость солдаттары бар.
Бұлар кірген соң крестьяндар, кулактар жинала бастайды.
Қарабаев. Ә... ә... Шағабутдин?.. Әскери комиссар, неге келдіңдер?
Казак-орыс (солдат ішінен). Ә... комиссар ма? Бізді Ферғанаға айдайтын шығар? Филиппов. Орыс солдаттарын Ферғанаға жіберіп, қырғыздарға қару бермек қой?.. Кулак. Ұлықтың бәрі өздері ғой!.. Қырғыз, татар, дүнген және жидтер, Фурманов, Быковский қайда? Трибуналға біздің мужикты атқызады ғой?!..
Филиппов. Енді он алтыншы жыл үшін кек алмақ қой?..
Казак-орыс. Мужиктан продразверстка алып, бар астықты қырғызға бер!.. Жерді де әпереді соларға!.. Не тұрыс бар? Жабу керек!.. Ареске алып, ату керек!...
Шағабутдин. Қарабаев, Петров! Тоқтат мыналарды! Біз елші!..
Петров. Солай ма! Тоқта!.. (Халық басылған соң.)
Қарабаев. Е... комиссар жолдастар! Әуелі қаруларыңды беріңдер.
Шағабутдин. Қарабаев, сен ақымақ болма! Біз сөйлесуге келген кісі, сен кеңес үкіметінің жауы емессің ғой, солай емес пе?
Казак-орыс. Әрине, біз кеңес үкіметін өзіміз жасағанбыз Жетісуда! Шағабутдин. Олай болса сендердің алдарында тұрғандар да сендердің жауларың емес. Мұны сендер білулерің керек.
Қарабаев. Жарайды. Сен әуелі тіліңді беземей тұра тұр. Қаруыңды бер!
Шағабутдин. Неге? Қаруымызды не себепті аласыңдар бізден?
Қарабаев. Өздерің үшін айтамыз, түсіндіңдер ме? Қазір мына жұртты көресіңдер ғой! Қазір бірдеңе болып кетсе, қаруларың болған соң, тіпті, өштесіп кетеді. Өздерің үшін... әпкел! Әпкел қаруларыңды! (Екі-үш солдат қаруларын алады.) Филипп Кузьмич, ареске алыңдар өздерін!
Казак-орыс. Немене сөйлейтіні бар, жапқызыңдар, Петров, Қарабаев!
Шағабутдин. Қарабаев, қойғызамысыздар?
Петров (қатты). Алып барыңдар, жабыңдар?, Сөз сол!
Солдаттар итермелеп алып жөнеледі.
Шағабутдин (артына қарап). Мұның не ақымақшылық? Екеумізді жапқанда кеңес үкіметін жеңеміз деп ойлаймысыңдар? Өздеріңнің айыптарыңды күшейтесіңдер! Черных (итеріп алып кетіп бара жатып). Болды! Жетті! Керегі жоқ сөзіңнің! (Көпшілікке.) Мен білемін, демеушілердің бірі осылар.
Чебисов. Рас. Черных Бұлардың бәрін біледі. Ол жоғарғыларына көп араласқан. Қарабаев. Білемін. Ол көтерілістен бұрын ең алғашқы бізге келгенде де, солармен бірге бір заседаниеде ұрысып, бұзылып келген. Центр адамдары мен қырғыздардың бар сөзін айтқан ол бізге сонда... Филипп Кузьмич. Біздің Талғар, Шамалғанның казак-орыстары мен жақындағы крестьяндарды да бірақ көтерген соның сөзі емес пе? Тұра тұрсын! Көрсетерміз біз әлі!..
Барлық бастықтары, көпшілік шығып кетеді.
V көрініс
Шағидуллин (Қуатовқа). Бізде кісі бар ма, Бұл маңда қазір?
Қуатов. Тыста Қадиша бар, күткізіп кеткем.
Шағидуллин. Бар, штабқа хабар бергіз! Жаңа мұндағы қазақ, татар, дүнген, тараншы жігіттерінің біразын өзімізге ертіп алуға болады. Хал солайға айналды де!?.
Қуатов. Ие... онан соң... Тәшен де осында...
Шағидуллин. Өтепов пе? Қашан келді?..
Қуатов. Жаңа Шағабутдиндермен қатар келіпті.
Шағидуллин. Ол қайда, келтірмеймісің мұнда!
Қуатов. Мына жігіттердің ішіне кіргізіп жібердім, араласа берсін!.. Шағидуллин. Бұл әбден дұрыс. Енді осында болған жағдайдың бәрін айтуға өзің барғаның мақұл. Мен Өтеповты тауып алам.
Қуатов. Олай болса, өзім кетейін.
Шағидуллин. Бар... Мен Өтеповке кеттім.
Екі айырылып кетеді. Жарболовтармен алғашқы мұсылман әскерлерінің жарым-жартысы шығады.
VІ көрініс
1-қырғыз жігіті. Үй, Бұлар неғылған жынды, өзі біздің қаруымызды алады. Елші болып келген Шағабутдинді жабады?.. Сөйлеспеймісің, Жарболов, Сүлейменов, сендер несің өзің? 1-қазақ жігіті. Шағабутдинді жапқаны, бұл бүліктің басы. Сөздерін естідіңдер ме? Сөйлесіңдер қазір, болмаса бәріміз барамыз.
Дүнген. Сөйлес, сөйлес!.. Неге тұрамыз? Жаптырмаймыз. Босатпаса кетеміз!
VІІ көрініс
Көп солдаттар бұлардың арасын бөліп кетеді. Петров, Чебисов шығады. Жарболов. Жолдас Петров, Чебисов! Сендер Шағабутдинді жауып қойды деп біздің мына жігіттер наразы болып тұр. Ол мұсылмандар арасында қадірлі... Ең болмаса сөйлесу керек еді ғой? Петров. Сен мұсылмандарыңды да, мұндай сөзіңді де қой! (Қатты.) Осы араға кеп комиссарларды қорғамақпысыңдар? Біз көтерілісті олар үшін жасағанымыз жоқ! Өзің де комиссар ма ең әлде?.. Чебисов (Петровқа). Жоқ, ол комиссар емес, бірақ (Жарболовқа) Шағабутдин жататын кісі бола тұрсын!
Бұлар кетеді. Ысмайыл, Розахон, Қарабаев келеді.
VІІІ көрініс
Жарболов. Ысмайыл?!.
Ысмайыл. Е... Жарболов, келдіңдер ме?
Қарабаев. Бұлар келді... Масқұт қожа, сен жарайсың, Ысмайыл!..
Жарболов (Ысмайылдарға). Бірақ біздің жігіттердің қаруларын алып қойды... Жаңа Шағабутдиндерді жапқызып қойды, осыған біздің жігіттер тегіс наразы болып тұр, сендер сөйлесіңдерші! Түсіндіріңдерші! Чебисов та келіп амандасады, қасындағы Петровка мыналардың жайын айтып тұрады. Петров, Чебисов, Ысмайыл, Розахонмен қол алысып амандасады. Сол кезде Ерескин келеді.
ІX көрініс
Розахон. Ие... тамыр, Қарабаев, Чебисов, Петров жолдастар!.. Сіздер біздің жігіттердің қаруын неге алдыңдар?
Петров. Бәрінің қаруын алғам жоқ, бір азғанасы ғана!
Қарабаев. Солдаттар ақымақшылықпен алыпты...
Ысмайыл. Олай болса, қайтарып беріңдер, ұят болады... әйтпесе, большевиктер берген қаруды неге сендер аласыңдар? Розахон. Біз бәріміз Жетісу халқы боп отырғанымыз жоқ па? Қайтарып беріңдер! Біз бірінші соны сұраймыз.
Қарабаев. Дұрыс, қайтару керек (Петровқа қарайды.)
Петров. Жарайды, қайтарылсын. Қазір бұйрық береміз.
Ысмайыл. Екінші, Шағабутдинді жаппаңдар! Оған әмме мұсылмандар қарсы болады. Сендер өздеріңе көп халықты қарсы қылмаңдар. Оны, қайта, пайдаланыңдар! Ерескин. Тыңдаңдар! Меніңше, мынау жақсы ақыл. Келіңдер, соны өзімізге кіргізіп алып, іс істейік. Қосып алайық.
Петров. Қосыла ма?
Чебисов. Неге қосылмасын? Комиссар қылып қояйық өзін.
Петров. Сен не оттайсың? Мен тұрғанда Шағабутдин бола ма комиссар?
Ерескин. Жоқ. Военсоветке мүше қылып қояйық.
Қарабаев. Бұған көнсе, босатқан дұрыс.
Ысмайыл. Көндіріңдер, соған көнеді.
Петров. Болды, жүріңдер олай болса.
Бұлар кетеді. Чебисов, Ысмайыл, Розахон, Жарболов, Сүлейменов қалады. Бір топ крестьян, алғашқы қазақ, тараншы жігіттері шығады, бәрі де қарулы.
X көрініс
Ысмайыл. Е... мынау Талғар болысының крестьяндары ғой? (Біреуімен амандасады.) Сендер қайда кеттіңдер? 1-крестьян. Он сегізінші жылы біз алып қойған Байсерке, Тастықара, Жаңашар қалалары бар емес пе, большевиктер тараншы, шала қазаққа қайтып әперген, соны қайта аламыз. 2-крестьян. Көшіреміз бе? Соларға барып көшіру керек, соған барамыз қазір! Көшіру керек!
Шығады.
Жарболов. Не дейді, ей, мыналар? Мұнысы шатақ қырғын емес пе?
Сүлейменов. Бүлдіргелі барады ғой мыналар! Тоқтат демейсіңдер ме? Неге айтпайсыз?! (Ысмайылға қарайды.) Ысмайыл (саспай). Жоқ. Айтылмайды. Байсеркенің шала қазағы Талғар болысында болып, біздің қожайынмен өмір бойына алысып, партияласып келген. Бәрі көргендері жақсы. Большевикке тығылады ғой олар, солай ма, Розахон?
Розахон. Барсын, олай болса. Қожайын солай қарай ма?
Ысмайыл. Солай.
Розахон. Болды. Кәп қылмаң!
1-қазақ жігіті (басын шайқап). Қап, Жарболов, адам өлген ғой, кездеңген неме. Қыласыны қылған екенсің! (Жым-жырт.)
Жарболов (басын шайқайды). Білмеймін, білмеймін...
Петров, Қарабаев, Чебисов шығады. Артынан Черных.
XІ көрініс
Черных. Петров, Қарабаев! Штаб телефон соғады. Елшілеріміз Шағабутдин, Мартынов қайда дейді? Не дейміз? Босады ғой олар.
Петров. Босады. (Қасындағыларға.) Бірақ енді бізден де елші барсын!
Қарабаев. Дұрыс. Олай болса мен барамын.
Чебисов. Мен де барам.
Петров. Болды. Екеуің барыңдар.
Чебисов. Ал, не айтамыз?
Черных. Алдай тұру керек.
Чебисов. Басқа сөз?..
Қарабаев. Жүр өзім айтам, өзім...
Петров. Бар, барыңдар!..
Қарабаев. Бүгін, бүгін түнде...
Шымылдық
Бесінші сурет
Штаб қорасы. Бір жағы тас құйма. Соған таяу сахнаның бергі шетіне таман штаб үйінің бір жақ қабырғасы көрінеді. Қораға шығатын есік алды кең, үлкен басқыш. Өзге жері ашық алаң. Әр жерде пулеметтер тұрады. Қорада көп қарулы солдаттар, арасында партшколистер. Орыс, қазақ, қырғыз, тараншы, татар, дүнген әскерлері. Карбатальонның қалғандары және трибуналдың отряды. Жартысы күншығыс ұлттарының адамдары, жарымы орыс қызыл әскерлері. Сахна ашылғанда қорадағы әскерлер топ-топ боп араласып, әңгімелесіп жүріседі. Қаруларын қамдайды, қару үлеседі. Көп ұлттардың адамдары, ұлт жігімен екшелмейді, кейде әскерлерден, кейде партшкол оқушыларынан құралған, кейде екеуінен араласқан төрт-бес кісі болады. Барлық топтар бірнеше ұлттардың адамдарынан құралған.
І көрініс
Үлкен басқышта Барайнок, Беляев, Патриесов, топ ішінде Масанчин, Бәрібаев, Есенов. Сахна ашқанда Масанчин тұрғандарға келіп. Масанчин. Біздің бұрынғы күшімізге Бәрібаев, Есенов қазақ, қырғыз, татардың тағы бірнеше жігіттерін әкеп қосты.
Барайнок. Ол неғылған жігіттер? Бұл күнге шейін қайда жүрген? Масанчин. Бұлар Жетісудің ескі партизан отрядында істеген. Соғыста көп болып ысылған, сыннан өткен жігіттер.
Беляев. Ол, әлгі пулеметші дегендер ме?
Масанчин. Ие... қазір біз әлсіз емеспіз. Шағабутдинді жапқаннан кейін ондағы ұлт әскерлері, қала халқы да крепосқа әбден қарсы болу керек, солай... Барайнок (күдіктенгендей). Жә, Шағабутдин крепостен военсоветке мүше боп отыр, онысы несі? Масанчин. Болсын. Ол әдейі болады. Сол жерде жүріп бізге пайдалы іс істейді.
Патриесов. Пайдалы іс істей ме? Әлде өзі пайдалана ма?
Масанчин. Жоқ, Шағабутдин туралы олай ойлағандарың дұрыс емес. Оны білу керек. Барайнок. Военсоветтің приказына неге қолын қояды? Ол саяси қате. Әдейі істемесе, қателесіп істеді. Бірақ бәрібір дұрыс іс емес. Масанчин. Қателессе қателескен шығар. Бірақ мұнда отырған біздерден ол арада жүріп іс істеп жүрген оның ісі зор (Ашуланып.) Оның жүрген жері қатер, білмейсіңдер!.. Беляев. Рас, бізге бір қағазға қол қойғаннан қазіргі халде келер, кетері аз. Шағабутдин өз басына қауіпті катермен ойнап жүр. Сонда да ол жерде үлкен іс істеп келеді. Оны қазірде сынап-мінеу, ол туралы күдіктену қате!
Масанчин. Дұрыс айтасыз.
Беляев (Масанчинге). Сен, пулеметтерді кейінірек, артқы қораға таман апарып қой. Әскердің көбі де сонда болсын. Штабқа қақпа жақтан біреу келсе жайлы емес.
Масанчин. Құп!..
Кетеді. Сәрсембаев, Фурманов келеді.
Барайнок. Е... мынау қайдан келеді?
ІІ көрініс
Фурманов. Бұл Быковский екеуі бір қалада қолға түсіпті.
Патриесов. Ал, Быковский қайда? (Сәрсембаевқа.) Сен неғып аман қалдың?
Фурманов. Быковский аман. Ол жолшыбай өздерін алып келе жатқан мұжықты алдап, босанып кетіпті.
Беляев. Е... сен ше!?
Сәрсембаев. Сен қазақтың комиссарысың, сені өз қолымнан Қарабаевқа апарып беремін деп алып келіп, мына Фурмановқа табыс қылды. (Өзгелері күліседі.) Бұл кісі "Қарабаев мен" деп мені ареске алды.
Барайнок. Рас па, Митя?
Сәрсембаев жүріп кетеді.
Барайнок (айнала қарап алып). Тыңдаңдаршы! Ойланыңдаршы осы! Мені осы жайлардың бәрі ойға қалдырып, күдіктендіре бастады...
Фурманов. Ие... не болыпты?.. Қай жай?
Барайнок. Шағабутдин барып военсоветке мүше болады. Жергілікті ұлт адамдарының да крепоске барып отырғаны бар. Енді міне Быковскийдің қайда екені мәлім емес. Мынау да келіп отыр... Манағы әскер кім? Және Масанчы. Фурманов (сөзін бөліп). Барайнок, мұндай сөз сенен шықпауы керек. Тоқтат! Оқиғаның логикасын түсініп, Жетісудың тарихи жағдайын тексерсең. мұндай күдікті сөйлей алмайсың, білдің бе! Мен сенемін. Басқаша болуға мүмкін емес. Беляев. Әрине. Біздің жағымызда сол елдердің өкілі болып, қасымызда қатар жүріп, үлкен іс істеп отырған жолдастар бар. Қазіргі көп іс крепосте. Кім істеп отыр соны қазір? Жетісу кулактарының ықтиярына берсек, жергілікті ұлттарға қырғын жасалғалы отыр. Оны бұл жүрген жолдастар бізден артық түсінеді.
Фурманов. Мұның арты он алтыншы жылдан екі есе болу оп-оңай! Беляев. Олай болса, ешбір күдіктің орны жоқ. Қазір бастан лақтыру керек ондайды. Олай ойлауымыз өте жаман!..
Фурманов. Тағы кім бар, Барайнокше ойлайтын? (Патриесовке қарайды.) Патриесов. Мен Шағабутдиннің приказға қол қойғаны туралы ғана күдіктенемін. Жетісу елдерін сол жаңылыс түсінік бере ме деп қане, сол іс қате болды ма деймін? Болмаса өзге жағынан күдігім жоқ. Барайнокше ойлаймын. Барайнок. Менікі де нығайған пікір емес, жай бір келіп-кеткен ой еді... Соны әдейі айттым... Болмаса, сенімді болса, мынау аз күш емес. Фурманов. Бұл көп те күш емес, мұнымен соғыса алмайсың. Біздің міндет – енді осы оқиғаны өршітпей, неше алуан айла-еппен басып, бөгеп тұра тұруда.
Беляев. Дұрыс. Соны ұлғайту керек жалғыз.
Фурманов. Болды. Жә!.. Крепостен келген жаңағы хабар не?
Қасында бір орыс әскері бар Қуатов келеді.
ІІІ көрініс
Беляев. Міне, қара! Жә... не бар?
Қуатов. Крепостегі жергілікті ұлттардың бөлімдері түзеле бастады. Арасында Шағидуллин, Өтеповтер қызу іс істеп жатыр. Істемек те...
Фурманов. Ерескин, Шағабутдиндердің қалы қалай?
Қуатов. Ерескиннің әзірге сенімі жақсы. Ол астыртын қызыл ішінен кісілер іріктеп, Жетісу кулактарына ерген орыс поселкесінің кедейлерін үгіттей бастады.
Бәрібаев, Есенов, Масанчин кіреді.
ІV көрініс
Фурманов. Тыңнан баратын мұсылман бөлімдері болса, енді қалай қарсы алуға мүмкін? Қаруларын алмай ма? Қуатов. Бірталай байқалмай-ақ кіруге болады. Байқаса да алдыңғы тәжірибе бар. Қаруларын енді ала қоймайды. Қалайда енді сол жерге күш молайғаны мақұл. Ондағы жолдастар соны дұрыс дейді. Масанчин. Дұрыс ол. Біздің мұндағы күшті де сонда жіберу керек. Сонда апарып, ішінен керней төңкеру керек. Беляев. Ең болмаса, жергілікті елдерге орынсыз бассыздық істеуден тыйылатын болады. Фурманов. Орыстардың ішінде Жетісу кулагының шоқпары боп кеткенін сезейін деген кедейлер болу керек қой. Өздеріңе көрінді ме? Жіктері ашыла бастай ма солардың? Қуатов. Қазір олардың саны көбейіп келеді. Ерескин, Шағабутдин екеуі, көбінесе сол жағында істейді. Және әскердің өзі де түсініп, түзеліп, қателескенін біліп келеді.
V көрініс
Екі орыс қызыл әскері, бір казак, тараншы, қырғыз, татар қызыл әскерлерінен, партшкол оқушыларынан құралған он шақты кісілік топ келеді. 1-орыс әскері. Жолдастар! Біздер әуелі мұндағы тұрған барлық әскери бөлімдер атынан партия мен үкіметтің жолына күшімізді түгел беруге уәде қыламыз. Бізді бастаңдар! Жұмсаңдар! Алысу керек болса – алысамыз, біздің жарым-жартымызды крепоске жіберіңдер! Ондағы адасып жүрген Жетісу батырақ кедейлерінің балаларын біз арасына кіріп, үгіттеп, артымыздан ертіп, сіздердің ықтиярыңызға әкеп береміз. Сол уәдені беріп, партия мен кеңес үкіметі үшін алысуға дайын екенімізді білдіре келдік! Соны білдір деп осында тұрған топтар жіберді. Бізге не бұйырасыздар? Біз дайынбыз! Олардың саны көп екен деп қорықпаймыз. Әмір беріңіз! Татар жігіті. Беріңізләр бізге прикәзні, біз әммә біз де сізләрдің ихтиярларыңыздабыз. Октябрь революциясы үшін құрбан болуға біз әммәміз шатлықбілен қарсы барашақпыз. Шункий Семиричиннің иок исі бүтін Россия пролетариата ғана. Әм аның тудырған биік шаруалар республикасы ғана. Шолай төгил ми, ипдәшләр?
Әскерлер. Дұрыс, дұрыс. Бастасын! Барамыз, барамыз. Бұйрық, бұйрық берсін! Фурманов. Жарайды. Олай болса, Масанчин, сен қазір қарбатальонның қалғаны мен партшколдың оқушыларын алып, соларды бастап крепоске бар (Беляев пен Барайнокке.) Сен екеуің өзге орыс жігіттерінің ішінен тағы бір жиырма шақты үгітші болатын қызыл әскерді іріктеп, міндеттерін түсіндіріңдер де, бізге жіберіңдер. Бәрібаев, Есеновтың екеуі де сонда барсын. Жолдастар! Күш әзірге аз, бірақ мәселе осы бәріміздің бас-басымыздағы большевиктік беріктікке, сенімділікке байлаулы. Осы бүгінгі аз ғана күшпен-ақ ол бассыздарды жеңіп, жөнге саламыз. Енді тезінен төрт полкты осында тартайық. Соған кісі шапсын. Бұған баратын бір кісі, Қуатов, сен! Екіншісі Барайнок. Үгітші орыс қызыл әскерінен сен шығар.
Дауыстар. Дұрыс, дұрыс.
Бұйрықты орындауға Масанчин, Беляев, Қуатов, Барайнок тарайды.
Патриесов. Мұндағы тұрған әскердің барлығы да хал-жайды жақсы түсінеді. Мен кешеден бері Бұлармен тегіс танысып шықтым. Әсіресе партшкол оқушылары крепоске ең қолайлы үгітшілер болады. Фурманов. Партшколдағы оқушы орыс жігіттерінің көбі Жетісудікі емес пе өзі және? Патриесов. Жетісудікі. Бұлардың әсері көп болады. Енді осы айтылғандардан артық шара жоқ.
Барайнок артынан Беляев қоса кіреді.
Барайнок. Крепостей өкілдер келе жатыр.
Фурманов. Қанша кісі? Қай жақтан келеді?
Барайнок. Бастығы Қарабаев, Чебисов, қастарында бірнеше солдаттары бар. Қақпа жақтан келеді.
Фурманов. Қақпадан неге кіргізесіңдер? Әдейі қораның ішін көрмек қой? Беляев. Еш нәрсе етпейді. Бұл қорадағы әскер мен қаруды артқы қораға шығарттық. Штабтың ішіне кіргізбей-ақ қоямыз. Қақпа жақтан Қарабаев, Чебисов, қастарында бір солдат бар. Екеуінің үсті-бастары қару-жарақ. Жандарында бомба.
VІ көрініс
Қарабаев (амандасады. Екеуі де кекетіп). Штаб бастығы Фурманов, Беляевтар қайсысы? Фурманов. Фурманов, Беляев, Патриесов сендердің алдарында тұр. Сендер кімдерсіңдер?!
Қарабаев. ]
Чебисов. І Крепостің жіберген өкілі.
Қaрабаев. Біз сендермен сөйлескелі келдік. Военсовет жіберді.
Фурманов. Жарайды, сөйлесейік. Крепоске не керек? Сендерге не айт деп жіберді? Не үшін крепоске жиылдыңдар?
Қарабаев. Крепость неге көтерілгенін, не керек екенін кейін айтады.
Беляев. Неге кейін айтасыңдар?
Чебисов. Жоқ. Қазір крепостің шартын айтпаймыз, айт деген жоқ.
Фурманов. Енді не айтпаққа келдіңдер?
Қарабаев. Крепостің сөзін естісеңдер, айтылады. Жалғыз-ақ 26-шы полк келсін, бар сөзді сонда айтамыз. Беляев. 26-шы полк келгенде қосымшаларың болса тағы айтарсың, қазір сөйлесе берейік. Сендер бізбен ұғысуларың керек. Кеңес үкіметінің сендер де жауы емессіздер. Ұғысасыңдар, ұғысамыз. Бәріміз де бір кеңес үкіметінің әскері де, қызметшісіміз. Солай емес пе? Чебисов. Қызметшісіміз, рас, біз кеңес үкіметін Жетісуда сендерден бұрын өзіміз жасағанбыз. Фурманов. Ендеше, не сөз бар, жолдастар, айтыңдар? Крепость не ойлайды? Бастық болып жүрген өздерің не ойлайсыңдар?
Қарабаев. Жоқ, не ойлап, не істейтінді біз кейін айтамыз.
Беляев. Ендеше, не айтпаққа келдіңдер?
Қарабаев. Біз сендермен соғыспаймыз. Крепость штабқа шабуыл жасамақ емес. 26-шы полк келген соң шартымызды айтамыз. Соған шекті біз сендерге соқтықпаймыз. Крепость тимейді, осыны білдіргелі келдік. Фурманов. Сендер өздерің жасаған, өздерің қорғап жүрген кеңес үкіметіне сол сияқты сөздермен көп залал келтіресіңдер. Сендердей қызметкерлер мұны түсіну керек.
Чебисов. Не залал келтіреміз?
Фурманов. Қанша әскерді, барлық Алматы гарнизонын жайшылықтағы рет тәртібінен ауыстырып отырсыңдар.
Қарабаев. Оған жеткізіп отырған сендердің істерің, сендер кінәлі.
Фурманов. Сендер, Қарабаев, Чебисов, сен екеуің ерекше жауаптысыңдар.
Чебисов. Жоқ, біз емес. Бәрібір сендер жауапты. Осыған жеткізген сендер!
Чебисовты Қарабаев шетке ымдап шақырады. Бәрібаев келіп тұрады. Олар да өзара сөйлескенде Барайнок Фурмановтарға келіп.
Барайнок. Осы оңбағандарды ареске алсақ қайтеді?
Фурманов. Жоқ, дұрыс емес.
Қарабаев (қайта келіп). Ендігі тағы бір айтатынымыз: мына штабтың бастығы сендер, Фурманов, Беляев және штаб комиссарлары крепосқа өздерің келіңдер. Крепость сендермен сөйлеседі. Беляев. Сендерді жібергенде осыны айтыңдар деп жіберді ме? Басқасын неге айтпайсыңдар?
Қарабаев. Айтып тұрмыз ғой, осыны да айт деген.
Чебисов. Сендерді өкіл боп келсін деген.
Қарабаев. Біз ақылдасамыз да, хабар қыламыз.
Беляев. Біз барамыз, келеді деп айта беріңдер.
Қарабаев. Ие, тегіс келіңдер, келмесеңдер, бүгін түнде біз өзіміз келіп алып кетеміз. Ол крепоспен сөйлесуге қашқандарың болады. Чебисов. Ие... крепость онсыз да ашулы, риза емес. Келмеулерің ашық жаулық деп түсініледі. Бұл отырған орынды талқан қылады. Қарабаев. Ие... мұны біліп қойыңдар. Келмесеңдер кейінгі іске сендер жауапты боласыңдар. Фурманов. Сендер олай сөйлемеңдер, жолдастар. Крепость штабқа түк қыла алмайды. Келсеңдер мұндағы күш ықтиярсыз сендерге қарсылық қылады. Ол оңай жүк болмайды, естерінде болсын. Беляев. Және соның бәрі үшін жауаптылық бастан аяқ сен екеуіңнің мойныңда болады. Бұл оңай іс емес. Естеріңде болсын. Қарабаев (көкіректеніп). Жарайды, жарайды... Қорқыта бермеңдер жауаптылықпен. Біз айттық, келесіңдер!
Чебисов. Келмесеңдер кейін өздеріңді кінәлаңдар!
Қарабаев. Болды, енді біздің сөзіміз. Жүр, кеттік!
Бұрылып сарт-сұрт етіп кетеді.
Шымылдық
ҮШІНШІПЕРДЕ
Алтыншы сурет
Крепостың күншығыс ұлттары жиылған бұрыш. Бұл сыртқы қақпаға жақын. Бір пұшпақта телефон будкасы. Алдыңғы суретте көрсетілген қауымның бірталайы осында келген. Ұлттар арасы бұрынғыдай емес, орыс қызыл әскерінің қазақ, татарлар арасында саны көбейген. Және бірнеше орыс қызыл әскерлері де топ-топ болып келіп, қазақ жігіттерін топтандырып кетіп, араларына кіріп, істесе, араласа, сөйлесіп, жымыңдасқандай. Бұрынғы келгендерден бірінші, екінші қазақ жігіті, бірінші, екінші татар жігіті, сол дүнген, тараншы, қырғыз жігіттері енді жиі жүріп, орыс қызыл әскерлерімен де, кейінгі келген жігіттерімен де нық араласып, байланыс жасап жүрген сияқты. Сахна ашылғанда осындай топтар ерсілі-қарсылы жүріп, ақырын өтіп жатады. Аздан соң бір сегіз-тоғыз кісілік топ ілгері шығады. Өзгелері артқарақ жиналыңқырап, мыналардың сөзін тыңдайды. Алдыңғы топта бірінші қазақ жігіті, бірінші татар жігіті, қырғыз, дүнген, тараншы жігіттері, екі орыс жігіті, партшкол националдары.
І көрініс
Сөздің бәрі жасырын, сақтықпен сөйленеді. 1-қазақ жігіті. Біз мұндай болатынын білгеніміз жоқ, жаман адастық. Осының бәрі Жарболовтан... Партшколист. Жә, жолдастар! Осы сөздеріңіз байлау, енді тарасайық. Жалғыз-ақ бір кісі осы жерде қалып, өзгелердің хабарын жиып тұрсын. Және Шағабутдин, Ерескиндерден де сол хабар алып тұрады.
Қазақ жігіті. Сен өзің бол, біз сені жан-жақтан хабарландырып тұрамыз.
Дауыстар. Дұрыс, дұрыс, сен қал!
Партшколист. Болды, жарайды. (Артына таман бұрылып, өзге тұрғандарға.) Өзге партшколист тегіс тарасын (Қазақ, қырғыздарға қарап.) Сендер тезінен әлі адасып жүрген қырғыз, қазақ, тараншыны үгіттеңдер, барыңдар енді! Арттағылар да, бұл тұрғандар да тарасып кетеді. Арттағының үлкен тобы орыс жігіттері, сахнада жалғыз партшколист қалады. Шағидуллин шығады.
ІІ көрініс
Шағидуллин. Не хабар? Өзгелер қайда?.. Орындадың ба, бағанағы поручениені? Партшколист. Орындалды. Тарады бәрі де қазір. Мен осы жерде қалдым. Бар хабар осы араға түйісіп тұрады. Шағидуллин. Дұрыс істегенсің. Осылай болу керек. (Жақындап.) Енді қазір Масанчиндер кіреді, қалай қарсы алады, хабардар болыңдар.
Партшколист. Менің қасыма біреуді қарақшыға жібер.
Шағидуллин. Оған Қасымова келеді.
Партшколист. Сен қай жерден табыласың? қайдан іздеу керек?
Шағидуллин. Военсовет маңайында, Ерескин, Шағабутдиннің маңайында боламын. Біліп қой, әрбір бұйрық солардан шығады, әрбір істі солар бекітіп отыруы керек. Өз беттеріңмен бір нәрсеге қатты ұрынып қалмаңдар. Әуелгі міндет – хабарландыру. Іс солардың мәслихатымен...
Партшколист. Құп!
Шағидуллин кетеді. Аздан соң Хакима кіреді.
ІІІ көрініс
Хакима. Масанчиндер келді. Мына жақтан Қарабаев пен Петровтар да келеді. Масанчинге кулактар сенбесе керек, сөздері жаман, естіп қалдым жаңа.
ІV көрініс
Бір жақтан Масанчин, Бәрібаевтар келе жатады. Арты көп ұлттар әскері, шеті сахнаға шығып тұрады. Әскер ішінде орыстар да бар. Бұлар келерде екінші жақтан алдарынан Петров, Қарабаев, Черных, Чебисовтар шығады. Крестьяндар шығады. Түстері жауша қарайды. Суық, әр түрлі жаман сөздермен боқтай, ұрыса келеді. Петровтардың қасында Жарболов, Есеналин, Сүлейменов. Филипп Кузьмич. Ә... мынау дүнген бе келген? (Айқайлап.) Петров, Қарабаев! Алмандар мұны, Бұл жау!
1-кулак. Керегі жоқ мұның, қаруларын алып, арест қылу керек. 2-кулак. Керегі жоқ. Кіргізу қаптап кетті, кім шақырды? Сендерге керек пе, Петров, осылар? Черных. Бұл дүнген бізге дос болмайды. Комиссар бұл! Бұрын қайда жүрген? Штабта болған шығар... Әскер бастап келгенін көрмеймісің? Әскерінің бәрі киргиз, дүнген, тараншы, бізге мұндайлар керек емес. Масанчин (ілгері басып, саспай). Болдыңдар ма? (Аз тұрып.) Біз жау емеспіз, сендерге қосылғалы келдік.
Черных. Әскерің кім? Кім жиып жіберді?! Не істе деп жіберді?
Филипп. Штаб көтеріліс жаса, азғыр деп жіберген шығар? Білеміз, сенбейміз.
Партшколист (Хакимаға). Жүгір, тез шақыр! Бәрі хабарлансын! Жетсін! Масанчинге қауіп, беттері жаман! Тез жиналсын, тегіс!
Хакима жөнеледі.
Казак-орыс. Қаруын алып, арестовать ету керек. Ату керек! Тез қаруын алыңдар! Бұл бастық қой! Қазақтан әскер құрайды ғой!
1-крестьян. Крестьяннан продразверстканы да осылар жияды. 1-кулак. Әскерге бастық болын, қаруды қазақ, дүнгенге береді. Жетісу крестьянының үлкен жауы осылар. Казак-орыс. Қазақтарды қаруландырып, не істемек болып жүргендерін білеміз, сөйлеспеңдер!
Өзге бір топ ұмтыла бергенде, Петров алдарынан шығып.
Петров (қолын көтеріп). Тоқта! Тимеңдер! Сұраймыз.
Қарабаев. Тексереміз, асықпаңдар!
Гришка. Тексеріп керек емес!
Казак-орыс. Бұлар киргизы, біздің кісі емес... 1-кулак. Бұларды алдымен біз өзіміз ұру керек, тұра тұрсын, әлі есептесерміз, бар есепті бірақ жиярмыз!
Петров. Тоқта! Шулама!.. (Халық тоқтаңқырайды.)
Жарболов (Қарабаевқа). Тоқтату керек! Өздерің сөйлесіп көрсеңдерші!
Сүлейменов. Жапса жапсын, болыспа, кіріспе!
Жарболов. Неге? Жабылмағаны, қосылмағаны дұрыс емес пе?
Сүлейменов. Жоқ, мен мұныңа да, Шағабутдиніңе де сенбеймін.
Есеналин. Ол рас, сенімсіз.
Сүлейменов. Жабылсын! (Петровқа.) Қаруын алыңдар, артынан жабыңдар!
Петров (халыққа). Сендер бастық па? Біз бастық па? Білу керек, сұраймыз! Сөйлесеміз! Не бассыздық? (Жұрт үндемейді.)
Черных (Масанчинге). Штабтан келдің бе, қайдан келдің?
Масанчин. Штаб жіберді деймісің, өзіміз келдік. Біз де риза емеспіз штабқа!.. Қосыламыз алсаңдар. Алмасаңдар кетеміз. Бірақ біз де штабқа жаумыз! Бәрібаев. Өздеріңе серік керек болса, бізді аласыңдар. Керек болмаса айтыңдар!
Петров. Онда қайтадан штабқа барасыңдар ғой? Жоқ, ол нөмер өтпейді. Бәрібаев. Қайта бару деген не? Біз ол жерден келгеніміз жоқ. Не айтасыңдар, жолдастар?
Қарабаев. Ал, біз алмағанда қайтесің, қайда барасың? Соны айтшы! Бәрібаев. Штабқа қарсы біз де өз бетімізбен іс қыламыз. Бірақ кінә сендерден болады, күшіміз екі бөлініп істейтін болады... Масанчин (Петровқа). Одан да мыналарға бос сөз сөйлетпей, тоқтатыңдар! Сөйлесейік, келісейік, қосылайық.
V көрініс
Петров, Қарабаев, Черных, Чебисовтармен оқшауланыңқырап ақылдасады. Гришка қызып сөйлеп тұрады. Жарболов, Сүлейменовтер ақылында. Бұл кезде партшколист қасына алғашқы орыс жігіттері жиналады. Бұл партшколистің ымдауымен ұйымдаса бірімен-бірі әр жерге тарасып тұрады. Петров (Масанчинге). Жарайды, біз сендерді алдық. Біздің кісімізсіңдер. Жалғыз-ақ қазір бар кісілерің тегіс қаруларын берсін. Масанчин. Бізге сенгенің, алғаның осы ма? Бұл не? Мазақ па!? Бұл не? Бізді бала деймісің?.. Жоқ біз қару ұстай алмаймыз ба?..
Ерескин, Шағабутдин. Шағидуллин келеді. Чебисовтармен сыбырласып сөйлеседі.
VІ көрініс
Қарабаев. Дос болсаң – қаруыңды бересің! Басқа сөз сөйлеп дауласпа! Артынан көреміз... Масанчин. Біз қару бермейміз (жігіттерін көрсетіп, қолын сілтеп.) Мына жігіттердің бәрі де соғыса біледі. Көрсетіңдер жауларыңды!
Филипп. Қаруын бермесе, тегіс ареске алу керек. 1-казак-орыс. Ареске ал, Масанчинді! Көнбесе ату керек, бастығын. Үкім сол! Бермеші, кәне, қаруыңды! Масанчин (тепсініп). Алшы, кәне, қаруды, көрейін мен! Біліңдер, атыспай қару бермейміз! Қазақ, татар, жігіттері. Бермейміз, бермейміз! Дұрыс, дұрыс айтады Масанчин.
Бәрібаев. Петров, сен бұл сөзді таста! Бұл көтеріліс басшысының ісі емес.
Петров. Жоқ, қаруды бересіңдер! Керек емес басқа сөз.
Айналадан крепостың әскерлері ентелеп сығылыса бастайды.
Орыс жігіттері әр жерден кейін итеріп бастырмайды.
Бәрібаев. Олай болса, біз кетеміз. Көтеріліске сендер бізді қоспаймыз дейсіңдер ғой. Солай ма? Беріңдер жауаптарыңды! Естерінде болсын, жалғыз-ақ жауларың күшті, ертең өкінесің. Ерескин (Петровқа). Петров, қаруын алмайық. (Чебисовтерді көрсетіп.) Мыналар да солай ойлайды...
Қарабаев (Петровқа). Сол дұрыс па деймін.
Гришка. Сенерге болмайды, қойындар жалғыз-ақ...
Ерескин (Гришкага). Сен үйтіп бос сөйлеме.
Партшколист (айқайлап). Қаруларына тимеу керек, Бұлар да бізге жолдас! Босқа қызбаңдар, жолдастар! Қазақ, татар жігіттері. Дұрыс, дұрыс айтады. Тимеу керек. Оларға сенеміз, сенеміз!
Петров. Өкініп жүрмейік, байқаңдар! (Ойланып қалады.) Ерескин (алға шығып, қатты). Болды сөз! Бағанадан бері қару алам деген бос сөз, Бұлар да бізге жолдас, бірақ әскері жеке бөлім болмайды. Біздің әр бөлімдерге қосылады. Масанчин (Бәрібаевтарға). Сендер осыған көнесіңдер, жолдастар! Біздің мұндағы крепость көпшілігі соны шарт қылады (Қатты.) Солай емес пе, жолдастар?..
Дауыстар. Солай! Дұрыс, дұрыс! Солай! Солай!
Қарабаев (Петровқа). Дұрыс айтты Ерескин, әр бөлімнің ішінде болса, түк қауіпті емес.
Петров. Жарайды, болса болсын. Дұрысы осы болар. Кейін көреміз. Ерескин (Петровқа). Қазір көп алдында Бұлармен жанжалдасқанша, осылай қылып тыныштандыра тұрайық. Артынан залалды көрсек, өзіміздің бөлімдер ішіндегі азғантай кісілерді оп-оңай қарусыздандырады...
Чебисов. Өте жақсы ақыл.
Черных. Рас, Әйтпесе соғысамыз ба осы жерде? Әзірше ақыл табылды... бірақ мен айтқанмын, сендерге түбінде бұлар жау... Петров (барлық жұртқа). Ал, тараңдар ақылдасып болды (Масанчинге.) Ақылдасып отырып, әскерлеріңді біздің бөлімдерге қосайық.
Масанчин, Бәрібаев кетеді.
VІІ көрініс
Сахнада партшколист, Шағидуллин ғана қалады.
Шағидуллин. Андап тұр, мен штабқа сөйлесем...
Партшколист. Дұрыс, кір!
Шағидуллин (будкаға кіріп сақтанып тұрып). Штаб! Жолдас Фурманов! Шағидуллин, Масанчиндер ме? Келді. Қарсы алулары жаман болды. Қарулары алынған жоқ, қазір басылды. Бірақ әрбір әскери бөлімдерге таратып кіргізетін болды. Қазіргі күй-қабақ сіздердің келулеріңізге жайлы емес, жаман. Бізше, бүгінше келмесе болар еді.. Ие... келмей болмайды дейсіз бе? Қазір келгелі жатырсыздар ма? Дұрыс, қам істеледі, бірақ қауіпті... Дұрыс, хабарландырамын... Ие...
Ерескин. Шағабутдин алдымен, жарайды, қазір Фурмановтар келеді. Партшколист. Неге асығыс, кейінірек келгені дұрыс емес пе? Қорықты деп бүлдіреді. Қауіп те болса келмек. Хабарландыр жұртты, дайын болсын!
Шағидуллин. Созуға уақыт болмады. Мыналар қорықты деп бүлдіреді.
Партшколист. Дұрыс, өзің де құлақтандыра бер!
Шағидуллин. Мен соған кеттім (Кетеді. Партшколист қасындағы бір орыс жігітін жетектеп, аз сөйлесіп, жөнелтіп жібереді.)
VІІІ көрініс
Партшколист қайта қайтқанда бірінші қырғыз жігіті жүгіріп келеді. Екінші жақтан Шағабутдин шығады. 1-қырғыз жігіті (жылдам). Есіттің бе? Талғардың кулактары бастаған бір тобы Байсерке жолында. мылтықтың түзулігін сынаймыз деп бір қазақты нысанаға атып тастапты. Басталды пәле!.. 2-татар жігіті (жүгіріп кіріп). Ұзынағаш жолында бір қазақты нысана қылып атқызыпты, кулактар қырғын бастамаса игі еді!?. 1-қазақ жігіті (жүгіріп кіріп). Байсерке, Тасқара, Жаңашарға Талғар, Шамалған крестьяндары барып, әлек салып жатыр дейді.
Партшколист. Не қылмақшы дейді? 1-қазақ жігіті. Көшірмек, орындарынан қуып, қаласын, жерін тартып алмақ. Қамдану керек бұған қарсы. Болмайды енді қарап отыруға. Шағабутдин. Жоқ, сендер өздерің ешбір белгі бермеңдер! Қазір тез военсоветке Ерескиндерге білдіріп, бассыздарды жазаға ұшырату керек. Асыққанмен болмайды. Бүлдіріп аламыз. Қырғыз жігіті. Рас, бізге қазір бар оқиғаға қарсы еппен іс қылу керек. Әрі бері тоса тұрайық. Шағабутдин. Бұл іс ұлғайып, қырып бара жатса, ондағыны көреміз. Ол уақытта еріксіз қосыламыз. Қазірде мынау алғашқы белгілерімен осы крепостің бастықтарының өздері-ақ алсын, өздерін қарсы шығару керек.
Партшколист. Дұрыс, тез барып Ерескинді хабарландыру керек.
ІX көрініс
Шағабутдин. Сендер барыңдар орындарыңа (тоқтап,) әсіресе ел тыныш отырсын! Қызбасын! Көтерілмесін!
Жігіттер кетеді.
Ал, сабыр керек. Өтепов қайда? Соған осыны айтыңдар! Барыңдар! Ерескин мен военсоветке мен білдірейін.
Кетеді.
X көрініс
Өтепов (жылдам басып). Қайда жігіттер? Осы жерге тез жиналу керек. Хабаршың қайда? Партшколист. Немене? Асығыс болса өзім баруға да болады. Сен қала тұрарсың онда. Немене, не еді? Не хабар? Өтепов. Қақпа алдына Фурмановтар келді, қаруларын алып жатыр. Сөздері жаман. Зор қауіп – талап жіберуге мүмкін. Естідің бе! Бірақ крепості жиып сөйлестірмек.
Партшколист. Алдынан кездескендер кімдер? Қаруларын кім алғызды?
Өтепов. Петров, Қарабаев!
Жылдам партшколист жүгіріп кетеді. Қалың топ алдында Петров, Қарабаев, артында Фурманов, Беляев, Сәрсембаев, Люба, жан-жақтарынан қамаған кулактар, крестьяндар, солдаттар – бәрі шуласады. Кейбірі ыржақтап мазақ қылған, жеңгеніне мәз болып сүйіскен пішіндері. Кейбірі ашуланып ұрысқан, тісін қайраған түрде. Фурмановтар салқын пішінмен еркін басып келеді. Бұлар шыққанда екінші жақтан бүйір-бүйірден де әскерлер, крестьяндар қаптай келіп, сахнаны басады. Араларында күншығыс ұлттарының әскерлері мен штабтан келген орыс жігіттер әp жерге тарап, Фурмановтарды айнала тұрысады. Кейбіреулері будканың аржағынан бір ұзын биік жәшікті итеріп алып шығады. Мінбер екі-үш кісі қатар тұрарлықтай, екінші жақта топтың ішінде Черных, Чебисов, Гришка бар. Бұлар жалаңдап құтырына басып Фурмановтарға қарсы жүреді. Петров, Қарабаев Фурмановтардың екі жақ жанына шығады. Дөңгелене тұрған қалың елдің тап ортасында Фурмановтар қарулары алынған, бас киімдері жоқ, үстерінің түймелері ағытылып, киімдері алжа-алжа болып қалған. Шаштары дударланған.
Петров. Ферғанаға айдап саласыңдар ғой сендер! Бастық бұйрық қылады. Қарабаев. Штаб айтқанын қыл. Бұлардың өздері Семиречиге қожайын болсын! Мынау тұрған Жетісудың орыс халқын, кеңес үкіметін жасаған партизандарды мазақ қылсын! 1-кулак. Крестьянды жерден қуып, Жетісу әскерін облыстан қуып, орнына қырғыз жисын! Филипп (Қасындағы крестъяндарға сыбырласып). Айқайла. Крестьяндар, сендер айт.
Крестьян. Қырғыздың достары, қорғаны – крестьянның жауы!
Кулак. Крестьянның барлық астығын ал, қатын-баласын аштан қыр!
Казак-орыс (солдаттарға сыбырлайды). Сендер де айқайлаңдар! Ұрысыңдар, білсін кімге қарсы болғандарын!..
Солдат. Қытайға кеткен киргизды алып келіп, крестьян астығын соған бер!.. 2-кулак. Қырғыздан комиссар жасап, орысты қыр!.. Он алтыншы жылдың кегін әпер! Трибунал, особый отделің қайда? Атпай ма тағы мужикті! (Айқайлап.) Жабыңдар. Не тұрыс бар! Фурманов (қатты). Петров, Қарабаев! Біз крепостің көпшілігімен әдейі сөйлескелі келдік. Күйінді болған мәселелері не? Соны тыңдап, білмек боп келдік. Беляев. Сендер бізді жау десеңдер, әдейі көпшілікке жау емес екендігімізді білдіргелі, айтқалы келдік. Фурманов. Сөз беріңдер бізге! Біз сөйлесеміз крепоспен! Осы тұрған барлық топпен сөйлесеміз. Дауыстар (Бұл жақын тұрған тілеулес топтар). Берілсін сөз, сөйлесеміз, берілсін сөз! Тыңдаймыз, сөз бер! Ерескин (мінбеге атып шығып). Жолдастар, шуламаңдар! Енді сөйлесін Фурманов! Тыңдаймыз! Мен жиылысқа бастықпын.
Дауыстар. Бастық, бастық! Ерескин! Ерескин!
Фурманов (тез мінбеге шығып). Жолдастар! Кешегі Жетісудың қадірлі арсеналы, партизандары, сендерге не болды?! Кіммен бірге, не үшін, кімге қарсы ереуіл жасап, айқайлап тұрсыңдар?!.
Филипп. Керегі жоқ сөзіңнің! (айқайлап.) Тоқтатыңдар!
Кулак. Тыңдамаймыз, алдайды! Тоқтат!
Крестьян. Жап бәрін абақтыға, керегі жоқ!
2-кулак. Ұста! Ұр, ат бәрін!
Жүгіреді. Арттағы солдаттар екпіндеп, кимелеп ұмтылады.
Алда қоршап тұрған орыс әскерлерін кейін итереді.
Казак-орыс. Арестке ал бәрін де! Жап, жабыңдар, керегі жоқ сөзіңнің, ату керек!
Дауыстар. Сөйлесін, тыңдаймыз! Тоқтат, Ерескин! Сөз бер, сөйлесін!..
Казак-орыс, кулак. Сөйлемесін, тыңдамаймыз! Арест! Арест!
Кимелейді. қақтығысу, алдағылар артқыны жібермейді, алысу.
Ерескин (мінбеге, жүгіріп шығып, қатты). Тоқта! Сендер емес пе мені бастық сайлаған?.. Құтырып кеттіңдер ме?!. Осыдан бассыздық қылып, сөйлеспей, тыңдамай шуласаңдар, кетеміз!.. Бәріміз де!.. Керегі жоқ, сендердің істеріңнің... Біз әдейі сендермен сөйлестіруге шақырдық. Айтыңдар, сендердің сөздеріңді, не болды? Малмысыңдар?.. Айтсын, тыңдайық! Біз де айтамыз. Енді шуласаңдар, алдымен міне мен кетемін.
Дауыстар. Айтсын, айтсын. Сөз бер!.. Бер сөзді, тыңдаймыз.
Фурманов (қайта шығып). Жолдастар! Жылдар бойы Лепcі, Қапал тауында, Іле, Балқаш құмында, алыс Қытай шегінде талмай алысқан сендер емес пе едіңдер? Кім үшін соның бәріне шыдап едіңдер? Кеңес үшін емес пе еді?.. Сол Кеңесің Жетісудағы жауынан және құтылса өзге жердегі сыртқы, ішкі жаулардан әлі де арылып болған жоқ, қастарында мына кешегі кескілескен жауың – ақтың атамандары отыр. Сендердің бүгінгі ереуілдеріңе олар қуанып отыр. Бүгін болмаса, ертең сендердің осыларыңды пайдаланып, қайта қатаяйын деп қылышын қайрап отыр. Олар келсе, кім көреді жәбірді? Тағы сен көресің. Кім алысады? Тағы алысуға сен шығасың еріксіз. Бос айқайлайсыңдар, бекер сөз айтасыңдар. Біз кеңес үкіметінің қызметкері сендердің жауларың емес, сендерді бізбен сөйлестірмей, ұғыстырмай көтеріп, қоздырып тұрған кім? Ол кулактар. Араңда қалған байлар.
Қарабаев. Кулак, бай жоқ біздің ішімізде, бәрі де еңбекші! Бұл өтірік.
Партшколист (қасындағы қызыл әскерлерге). Қарсы сөйле сен!
1-қызыл әскер (қатты тепсініп). Өтірік емес! Сен сөзін бұзба, айтқызу керек! Естісін мына тұрған көпшілік әскерлер, крестьяндар! Сен жалған айтпа! Бар кулак, бар бай.
Қарабаев (қатты тепсініп). Ол кім? Кім кулак?
Қызыләскер (қолымен нұсқап). Міне, сен кулактың баласы, Қарабаев!
Масанчин. Сенің жақын туысқаның көпес Мекапар! (Кеудесін қағып.) Міне мен білемін, жасырма, өтірік деші! Қарабаев (тікірейіп, ашулы, Масанчинге). Ә, солай ма?.. сендер біздің доспысыңдар? Тұра тұр? Тұра тұр! (Айқайлап, қолын айнала сермеп.) Көріңдер мына біздің досты!?. Ұмытпаңдар, біліп алыңдар! Фурманов (киіп кетіп). Жолдастар! Кеңес үкіметі кімге жайсыз? Кімге керексіз? Жетісудың кулагына, байына керексіз. Ал, еңбекші, крестьян жер-мүліксіз кезде батрак, осы тұрған қызыл әскер көпшілігі, маған кеңес не жаулық қылды? Ұғынбайтын, сенбейтін еш нәрсе жоқ. Сендермен біз ұғысамыз, адастырып тұр, түсініңдер! Ойлаңдар, бұл қателерің түзеледі. Тек бұл беттен қайтыңдар, сөйлесіңдер! Петров (айқай салып). Қырғыздың әскері қаптап келіп қалды! Ұмтыл қаруыңа! Тарқат шапшаң!..
Жұрт у-шу, жан-жаққа тарай, тарай жөнеледі. Орта селдіреп
қалады. Чебисов. Қарабаев, Черных Фурмановтарға келіп.
XІ көрініс
Чебисов. Жүріңдер военсоветке! Ендігі сөзді военсоветте сөйлесеміз.
Партшколист. Өтірік айтады Петров, ешбір әскер жоқ.
Қарабаев. Бәрібір жұрт тарап кетті. Енді керек емес, жүріңдер.
Черных. Жүр! Жүр, алып жүр!..
Солдаттар қоршап алады. Фурмановтарды алып кетеді, бәрі солай кетеді, сахна ашылады.
XІІ көрініс
Жарболов, Есеналин, артынан жылдам басып, Жанұзақов, Масқұт қожа шығады. Жанұзақов. Сендер әсер ете алмай жүрсіңдер ме? Мыналардың бассыздығы көбейіп барады ғой!.. Қазақты, тараншыны жау санай ма? Қалай өздері, бүгін жазықсыз екі қазақты атып тастапты. Есеналин. Бассыз, көпшілігі басшыларына бағынбайды. Билеп жүрген казак-орыс байлары мен кулактар!
Жарболов. Алғашқы күндер ғой, әзірше бассыздық болады ғой... Масқұт қожа. Менің ойымша, жаман айтпай, жақсы жоқ, Фурмановтармен ашық жаулыққа сіздер басшы болмаңыздар. Артты ойлау керек... Қалай да мен өзімді атамауларыңызды сұраймын. Біздің халыққа бұлар өте жаман көрініп отыр... Жарболов. Оны қауіп қылмаңыздар, екеуіңіз де аталмайсыздар. Қажеті жоқ оның, көрініп тұр.
Сүлейменов кіреді.
Жарболов. Немене, әлгілерді қайтті?
Сүлейменов. Фурманов, Беляев, Сәрсембаевті бәрін де жауып қойды.
Жанұзақов. Фурманов, Сәрсембаевтар жабылса жабылсын, сол керек!
Сүлейменов. Енді Қарабаев Шағабутдинді жабу керек деп жанжал салып жатыр. Жанұзақов. Шағабутдин қазақ, қырғыздарға сенбейді, күн туса бізге залалды болатын адам, ол бәрімізге жау. Жарболов. Рас, осында және Бәрібаев, Өтеповтер келіп, кетіп жүр, солар да дұшпан болар деймін, оларға да сенбеу керек. Жанұзақов (таңданып). Бәрібаев. Өтепов деймісің? Мұны неге айтпағансыңдар бұрын?.. Ой, мыналарың ұйымдасып іс істеп жүр ғой!.. Өзі тегі, сендерден бұндағы жігіттерді азғырып, жырып жүрген шығар, оларын байқадыңдар ма?
Есеналин. Ол рас. Сол байқалғандай өзі.
Жанұзақов. Тоқта, олай болса,. Бар жігіттерді қайтадан тегіс үгіттеп, баурап, жинап алыңдар!.. Беті өздеріңнен бөлек боп қайшы көрінген... Ноғай, қазақ тағы басқалар болса, тегіс сырын ашып, жапқызыңдар. Түбінде қайсысына кететін болсаңдар да, күш сендердің қолдарында болып, елеп сөйлесетін кісісі жалғыз сендер болуларың керек. Түсінесіңдер ме?!.
Жарболов. Түсінікті.
Сүлейменов. Дұрыс, дұрыс осы.
Масқұт қожа. Ай, білмеймін. Соңғы айтқан мұсылман жігіттерін жапқызу деген шараларды байқап істесе қайтеді? Іс ұлғайып, аралары ұйлығып кетпесе... мыналарыңа, әй, сенім жоқ қой өзі!.. Жанұзақов. Жоқ, болды. Оларды жолдан бөгет қылдырмай алып тастау керек. Күштің бәрі осы өз қолыңда тұрсын! (Жұдырығын түйіп.) Жинап, баурап, қысып ұста соны!.. (Жақындап келіп сыбырлағандай.) Тіпті болмай бара жатса, ең соңғы решительный уақытта, сол күшіңмен бір жағына бұлт етерсің, білдіңдер ме?.. Шираңдар, берік болыңдар. Қатты істеңдер! Ал, аналарды жапқыз, жапқыз! (Жалтақтап.) Ал кеттік!..
Шымылдық
ҮШІНШІ ПЕРДЕ
Жетінші сурет
Сахнаның бір жақ жартысы абақты. Подвал, жарымы жай алаң. Бұл алаңда бір жақ бұрышқа таман әр жерде үлкен жәшіктер. Әр жерде жатқан болады. Сол алаң жақта абақтының есігі бар, есік жақта решеткалы кішкене терезе. Абақты іші кір, алакөлеңке қараңғы. Ішінде ешбір аспап жоқ. Бір-екі-үш жерде ғана болымсыз кірпіш нарлар. Бәрінде кішкене кір, жалаңаш бір бұрышта сахнаға жақын жерде оқшау бір орын, бір бөрененің кесіндісі. Фурманов сонда отыр. Абақтыда одан басқа Беляев, Люба, Шағабутдин, Өтепов, Сәрсембаев, көбінің түстері томсарған, үндеспейді. Беляев қана тұрып, жүріп қояды. Фурманов тізесіне блокнотты қойып, жазу жазып отыр. Сыртқы есік алдында часовой. Мылтық, қылыш сыртылдап, әрлі-берлі жүріп қояды. Анда-санда үш-төрт крестьян, солдаттар үш-төрттен топтанып келіп, решеткелі терезеден қарасып кетеді. Күлісіп, сүйінісіп табалаған жүзбен қарасқандар да бар. Сахна ашылғанда сондай бір топ қарап жымыңдасып, қожаңдап келіп кеткеннен кейін аз тым-тырыс.
І көрініс
Фурманов (жазуын тоқтатып). Ақымақтың халі болды бұл. Бұл не? Беляев. Бірінен-бірі мағынасыз хал!.. Біздің жай бір сәрі, Шағабутдин, Өтеповтікі не? Бәрінен жайсыз осылардың түсуі... Фурманов. Бұлардың түсуіне өзгеден бұрын осы жерде жүрген екеуін де жақсы білетін адамдар себеп болуы қоюы керек. Шағабутдин. Олай болса, крепость жақтағы қазақ, қырғыздың біреуі болады. Әсіресе Өтеповтың жабылуы... солардың әрекетіне байланысты. Өтепов. Онда бұл істі істеушілер Жарболов, Сүлейменовтер деп білу керек. Шынында, мен әскери адам емес, мен белгілі комиссар емес, мені қайдан тауып, қалайша ұстады?..
Шағабутдин. Дұрыс айтасың. Жарболов, Сүлейменовтер.
Сәрсембаев (қозғалақтап, дірілдеңкіреп, шошынып). Жарболов дейсіңдер ме? Ойпырай, сені жаптырған олар болса, онда менің халім не болады?
Өтепов. Не болушы еді, жұрт көргенді көресің.
Сәрсембаев. Жұрт көргені не?.. Сендерге батпас, аямағанда мені аямайды. Білемін, білемін, ойбай-ау... Шынымен өлген жер осы болды ма?
Басын шайқап, бетін басып, бұрышқа теріс айналады.
Тым-тырыс.
Шағабутдин. Неге аямайды? Неге саған ерекше тиеді дейсің, себебі не?
Сәрсембаев. Сендермен Жарболовтар өш емес, ә? Маған олар қадалса, аямауға бекініп қадалады. Қатты жау санағаны, өш олар!... Өлген деген осы! Беляев (салқын). Ие... жауы сен ғанасың да, біз досымыз... бізді тіпті жақсы көреді Петровтар... Өтепов (Сәрсембаевқа кейіп). Жау көрсе сенен сонағұрлым үлкен қауіпті жау деп санайтыны Фурманов, Беляев, тіпті Шағабутдин мен мені сенен бұрын алады. Ал, кетерсің тіпті... Сәрсембаев. Кетерсің!.. Айтарсың... асарыңды асап, жасарыңды жасап ап... Мен қайтып көнемін елімге?.. Люба (қатты). Немене сен жібіп кеттің? Еркек, масқара емес пе бұның!.. Ойланамысың, жоқ па?.. Төңкерісші большевик деп аталасың тағы... Шағабутдин. Неменеге келген осында өзі! Мұны әлдеқашан атына мінгізіп, ауылына жіберу керек еді! Люба. Осындай адам біздің ішімізде... большевик қалай өледі?! Естіп пе ең, білемісің?.. Езуіңнен күлкің сейілмей, қабағыңды бірде-бір жиырмай өлу керек! Сәрсембаев. Ие... айтуға жақсы, жеңіл... сен әйелсің, саған тимейді... (Қиналып.) Келмейді... келмейді қолымнан, шамам жоқ. Өтепов (ашуланып). Қыңсылама енді, жетті! Өлсең қырылып жатқан мың сан төңкерісшінің ішінде жаны аяулы сенбісің? Өлерсің! Бүйткен сен ешкімге керегің жоқ. Есің болса, сендей сорлы қорқақ болып, тірі жүргеннен де осындай жақсы өліммен өлген артық!
Сәрсембаев. Оның бәрі кеңшіліктегі сөз (Люба күледі.) Өтепов. Шығарма енді үніңді!.. Атаң басының кеңшілігі... Сен өлімге бұйырылдың да, мен бостандықта жүрмін! (Тым-тырыс.) Фурманов (книжкасын аударыстырып отырып). Ие... Бұл отырғаннан аман кетуші бола ма, жоқ па!.. Ол қараңғы... Беляев. Оны болжап неменеге керек?.. (Күліп.) Жақында Петров, Чебисовтардың өздері-ақ шешер! Фурманов. Рас. Сол себепті әсіресе болжайсың. Жүргенін сыпырған асау Петров, Қарабаевтар, келешегің соқыр тағдыр, мылқау, меңіреу әлде қандай бір кезең... Билетпестей, түзелместей ақымақтық хал!..
Шағабутдин. Е... Ей!.. Керек пе екен соны ойлап?..
Беляев. Рас... Оған алыстан телміріп, үңілу қажет емес. Мына жақындап бетпе-бет келгенде, өзі де танылады. Сонда көріп-біліп алармын. Фурманов (орнынан тұрып, книгасын жауып). Дұрыс айтасың. Әзірше лақтыру керек ол ойды!
Люба. Мана нелер жазып отырдыңыз?
Фурманов. Жай әншейін... Кейін естен шығып қалмасын деген бір нәрселер... уақ-түйек.
Беляев. Ие, Бұл есте қалу керек...
Люба ақырындап ән бастайды, өзгелер қостайды. Өлең ескірек төңкерісшіл жырлардың бірінен. Әннің аяқ кезінде терезеге тағы бір топ дабырласып, шуласып келеді. Бұл Шағидуллин, Ная, партшколист.
ІІ көрініс
Келе жатқан үш кісі – екі солдат, бір крестьянин. Олар өтеді, оның артынан Шағидуллин, қасында Ная бар.
ІІІ көрініс
Шағидуллин орысша дабырлап, сөйлеп, ұрыса келеді. Ная еркекше киінген. Бала киімін киінген кішкентай Хакима және партшколист шығады. Шағидуллин часовойға көз қылып, алыстан даурығып, қатты сөйлейді. Шағидуллин (жұдырығын түйіп). Осында Шағабутдин деген найсап татар бар дейді! (Терезеге жылдам барып.) Берер ме еді менің қолыма!... Шағабутдин, Шағабутдин! А ну ка, покажись, геррой! Шағабутдин терезеге келеді, таниды. Шағидуллин тезінен ноғайшылап: "Штабта Қарық баласы сіздің халыңыздан хабарласқан". Дауысы ұрысқан кісідей, ақырып, тепсініп, жұдырығымен терезені ұрып, аяғымен жар тепкілеп тұрып сөйлейді. Қазір барлық әскери бөлімдердің өкілдері жиылып, мәжіліс құрып жатыр, мәселе сендер туралы. Шағабутдин (асығыс). Настроение қалай? Бізге достық қандай? Әлде жаулық күшті ме?
Шағидуллин. Малғұн, дұшпан көп... но достар да бар.
Шағабутдин. Зор ма біздің халдың қаупі?
Шағидуллин. Зорлығында сөз жоқ. Бірақ біздің адамдар да істеп жүр.
Шағабутдин. Үміт сол ғана ма! Бастықтарды жазаламау керек, босату керек деген сөз бар ма? Шағидуллин. Оларға сеніп болмайды. Білесің, бастықтар рахымсыздық жағында... Жә, менің қасымда Ная... Одан Митяға сәлем! Өзі часовойға бұрылады. Фурманов жақындап келеді. Часовой да жақындайды. Шағидуллин сіріңке сұрап часовойды айналдырады. Ная (жылдам). Митя!, сенің халың шешілгенше, мен крепостей кетпеймін... Көріспесек хош!..
Фурманов. Хош! Ер бол, Ная!.. Жасыма, мен өкінбеймін.
Шағабутдин (өтірік ұрысқан пішінмен). Бізге қараған адамдар осы жерге жақын болсын!.. Шағидуллин. Біз өзіміз де солай істемекпіз. Часовой (Шағидуллинге). Сен немене татарша былшылдайсың? Орысша сөйле! Шағидуллин. Сен білмейсің, ол татар емес пе? (Жұдырығын түйіп.) Покажу я ему!.. Сарт-сұрт етіп, Петров пен Қарабаев жылдам басып келеді. Хакима Бұлардың сыртынан шыға беріп, жәшіктердің артына кіреді.
ІV көрініс
Петров (Шағидуллинге). Кетіңдер бұл жерден, не керек сендерге мұнда?!.
Шағабутдин бұл кезде жолдастарына жаңа сөздерді айтып жатады.
Қарабаев. Бар, бар!.. Бұл жер абақты, оған білемісің Петровтың рұқсатымен ғана келу керек!..
Петров (Шағидуллинге). Сен неге келесің? Қазақсың ғой өзің?!
Шағидуллин. Келдім мен де. Шағибутдин менің жауым!
Бұлар кете береді.
V көрініс
Часовой. Өзі татарша сөйлейді, мен олардың былшылын ұқпаймын. Петров. Жолатпа, ендігәрі! Сенбеймін мен оған. Өзін есте тұтып қалу керек! Әлгіні аңду керек. Қарабаев. Жә... болды енді... тез қимылдау керек. Петров. Осында жүрген бар мұсылман дұшпан! Білдің бе?.. Бастықтарын тегіс жауып, қыру керек. Қарабаев. Білемін. Тұра тұрсын әуелі мыналар... Петров. Бұл Жетісу крестьянының, орыс халқының көтерілісі, қырғыздардың көмегі керек емес. Көремісің? Олардың әскері де азғырылған! Бір минут сенбеймін. Қарабаев. Рас, сенбеу керек. Қолынан келсе олар бүлдіреді. Алғашқы күнде қарсылық істемесін деп қана алдық. Петров. Біліп қой, олай болса, мыналардан соң солар... Он алтыншы жыл ма?.. Жоқ, одан да күшті жаншып тастау керек. Қарабаев. Болсын солай. Ал, шақырайын ба солдаттарды! Әскер өкілдері біз айтқанды істемейді, бұларды босат дейді әлі. Петров. Бұлар аман қалса, бәрібір екеуімізді аямайды, тез жұмсау керек! Қаулыларын шығара берсін, бұл жақта қаулыдан бұрын бітіріп, тас-талқан болады...
Қарабаев. Қай жерде?
Петров (абақтының сыртын көрсетіп). Міне, мынаның аржағы.. бар, шақыр!.. (Қарабаев кетеді, терезеге келіп). Фурманов! Фурманов!..
Бұл уақытта Хакима орнынан ақырын шығып, жүгіріп жөнеледі.
Фурманов бар ма мұнда?
Фурманов (жай). Бар (орнынан тұрады).
Петров. Шық бері!..
Есік аштырады. Арт жағынан сарт-сұрт солдаттар келеді, алдында Қарабаев. Фурманов (жолдастарына). Жолдастар! Хош енді! (Бәрімен қоштасады.) Жақындап келгені осы ғой!.. (Бір басып). Бар күшіңді өлімге беру қандай қиын еді?.. Тым болмаса алыспай, қарсыласпай!..
Петров. Шық, бол енді, қайдасың!..
Күзетші. Бол, шапшаң!
Шағабутдин (жылдам басып келіп). Неменеге керек Фурманов, жеті түнде?..
Петров. Шық! Шық жылдам!.. Тоқтат сөзді!..
Шағабутдин. Неге керек ол? Кім шақырады?
Петров. Жауапқа, бол жылдам!..
Шағабутдин. Бармайды Фурманов!.. Қарабаев, Петров келсін!..
Петров, Қарабаев (екеуі де есіктен көрініп). Міне Петров, Міне Қарабаев.... (екеуі де жыртқыштарша ыржияды).
Петров (Қарабаевқа). Енді созуға болмайды, болсын осы арада.
Қарабаев (солдаттарға). Кіріңдер!..
Сырттағы солдаттар есікті керней кіреді. Мылтықтарын сарт-сұрт қайырып, кезеп тұрады. Петров. Бұл военсовет әскерлер бұйрығы! (солдаттарға командымен) Бір... екі!.. Сахнаға Масанчин, Ерескин, Шағидуллин, партшколист, жанында он шақты қызыл әскердің үшеуі орыс қызын әскері, өзгелері дүнген, татар, қазақ, қырғыз, тараншы – барлығының киімдері өз ұлттарын көрсетіп тұрады.
Ерескин (ақырып). Тоқтат!.. (Солдаттар іркіліп қалады). Тұр былай!
Солдаттарды партшколст екеуі кимелеп сыртқа таман қағып жібереді.
Петров, Қарабаев, мен сендерге білдіргелі келдім. Военсовет екеуіңді жабуға қаулы қылды! Петров. Кім ол? Мені ме!..
Ерескин. Сені, сені де, Қарабаев! Жүріңдер сөйлесейік!..
Қарабаев. Мені де ме? Не үшін, кім ол?.. Ерескин. Болды, қаулы! Тез түзеу керек! Тұрыңдар былай!.. Аналар жүндері жығылып, сыртқа қарай шегіне береді. Масанчин. Ал, қаруын... жабыл! Арттағы солдаттар сырт қарап тұрған солдаттарды бас салады. Іштегілер ұмтылып, Ерескин, партшколистермен жылдам Карабаев, Петровты бас салады, жығып, мылтығын тартып алып.
Шағабутдин. Ал, тартыңдар!
Бәрі жөнеле береді.
Беляев (Шағидуллинге). Бар ма жолда бөгет? Шағидуллин. Өзіміздің кісілер тегіс дайын, жолда тұр. Фурманов. Aт дайын ба? Шағабутдин. Төртінші, төртінші бөлік!.. Өтепов (жолдастары жөнеле бергенде ақырып). Ойлаңдар! (Жұрт тұра қалады.) Жап, тегіс мыналарды! Мылтығымен Петровтарға тап береді. Бәріне мылтықтарын төсеп, тегіс абақтыға қамап, сырттан бекітіп жөнеледі.
Қамаудағылар (бақырып). Қу, ұста!.. Алдау! Сатылу!..
Есікті тепкілеп, опыр-топыр.
Петров (алқынып). Ерескин! Ит!.. Өлтірем!.. 26-шы, төртінші бөлекке, бөлекке хабар! Хабар!. Ит, өлтірем!..
Шымылдық
ТӨРТІНШІ ПЕРДЕ
Сегізінші сурет
Сахна көк жасыл дала. Алыста Алатау. Шымылдық ашылғанда сахнаға әңгімелесіп, жеті кісілік қызыл әскер тобы шығады. Бұл – төртінші Кавполктың текетүрікпен деп аталатын бөлімі. Эскадронда көпшілік үлкен қара бөрікті түрікпен, солармен аралас орыс, өзбек, татар, қазақ жігіттері де бар. Сахнаға шыққан топтың ішінде екі орыс қызыл әскері, Қуатов, бір татар, бір өзбек, бір қазақ қызыл әскері бар.
І көрініс
1-орыс қызыл әскері. Үш жыл бойындағы граждан соғысында Кеңес үкіметімен ылғи белдесіп, алысып келе жатқан кім? Құр ғана жандарал, құр ғана атаман емес, бәрі де жұмысшы мен еңбекші крестьянның ежелгі кескілескен жаулары, тап дұшпаны. 1-татар жігіті. Дұрыс айтасың. Мәселе сонда! Тап дұшпаны! Ол дұшпан мен жандарал емеспін, офицер емеспін және тіпті әскери де емеспін деп қарап тұрмайды. Ол бәрін салады. Шүнки мұны өлу-тірілу майданы деп біледі. Ол әскер жияды, қару ұстайды, кеңес үкіметіне қарсы шығады.
Қуатов. Және барлық жерлерден жаулардың түсі-тегі бірдей. Бәрі бірақ түрлі. 2-орыс әскері. Рас. Қайда барсаң атаман! Қайда барсаң жандарал! Солтүстік пе, оңтүстік пе, күнбатыс па, күншығыс па, бәрі бір!.. Татар жігіті. Жоқ, жалғыз атаман емес, сен олардың әр жердегі союзниктерін ал. Татарстанда меллимәдени мүхтазит союзнигі. Сибирь үкімәті Колчак, Башқұртстанда – Уәлидов союзнигі болған Дутов... Қазақ жігіті. Қазақстанда алашорда союзнигі Анненков, Дутов, Колчак – Бұлардың қарсылығын бүгін ғана басып отырмыз. Түрікпен жігіті. Түрікпенстанда Закаспий үкіметі союзнигі ағылшын капиталистері, әсер үкіметі – ақтар. Өзбек жігіті. Түркістанда Қоқан автономияшылары союзниктері, уламистер, ишан сәудегерлер. Бұхараның союзнигі – Николай! Қайдан табысқан тегіс!
Қазақ жігіті. Өліп табысқан! (Күліседі.) Татар жігіті. Әлжініс... миғлжыныс, міне! Саған оның секреті!.. Но, қақысы сол, біз осы жүрген хәммәбіз солардың әрқайсысымен қарсы майданда кездесіп, анық пішіндерін, шын сырларын көріп, танып шықтық та!
Қазақ жігіті. Ие... біз дос кім, жау кім екенін енді таныдық. Татар жігіті. Иә... шол граждан войнасы бізге социолитический пәндердің мектебі болды... Біз хәммәбіз жауларымызды білдік енді. Оның бәрі бүгінде біріккен. Қуатов. Ие... мұның бәрінің бірігуіне, ұрысуына мағына бар... Ал мына біздің Жетісу крестьяндарының, кешегі бар фронтты басынан атқарған партизандардың ақымақтығында не мағына бар? 2-орыс қызыл әскері. Есуас, ақымақ олар! Не үшін, кім үшін құтырып жүргендерін де білмейді олар!.. 1-орыс қызыл әскері. Оларды құтыртып жүрген кулактар. Жетісудың кедей, батрағы әлі кім досы, кім қасы, аңғарып болған жоқ. Сондықтан кулактың шоқпары болып отыр. Олардың есі кіреді, тұра тұр!
Қуатов. Әрине, есі кіреді, онсыз мүмкін емес. 2-орыс қызыл әскері. Тұра тұрсын... біз барайық, ұялтамыз-ау өздерін де!.. Партизан жақсы атына таңба салып, не деген масқара!?
Қуатов. Сонысы шын масқара.
Дауыстар. Уа, жолдастар! Жиылыңдар! Жиылыңдар мұнда, жиналыс! Жиылыс, Алматыдан жолдастар! Жиыл!.. Жиыл! Жолдастар келді! Жан-жақтан әскерлер топ-топ болып жиыла бастайды, көпшілігі орыс қызыл әскерлері мен түрікпендер, араларында қазақ, қырғыз, өзбек, тараншы, татар. Аздан соң ортаға Фурманов, Беляев, Ерескин, Бәрібаев, Шағабутдин, Өтепов, Мартынов, Мәмедов шығады.
ІІ көрініс
Мәмедов. Жолдастар! Қазір сіздердің алдыңызда Алматыдан келген жолдастар Фурманов сөз сөйлейді. Сендер Фурманов жолдасты білемісіңдер?.. Ол Түрік фронтының, жолдас Фрунзенің Жетісуға уполномоченный қылып жіберген адамы. Ол ретті Қызыл әскермен Ресей ішінде, Ресей шеттерінде де барлық граждан соғысын бастан-аяқ басынан атқарған ол олардың партизан әскерімен де, талай ауыр өлкелерде болып, сыналып өткен. Ол кіндік уәкілі, біздің Жетісу сияқты шеттерде, әлі кіндіктің шын бағытын, рет-тәртібін түсініп болмаған жерлерін бұлар бейнет қып, еңбек сіңіріп, сол тәртіпті түсіндірмек, орнатпақ. Және Жетісу бұрынғы патша отары болған жер. Мұнда бұрын езілген ұлттар, қазақ, қырғыз, тараншылар, татарлар бар. Жолдас Фурмановтар кіндік үкімет пен партияның бағыт ұранын орындап, осындағы күншығыс ұлттарына саясат жөнінде, шаруашылық жөнінде, кеңестің мемлекеттік программасын іске асырып, еселі тарихи сыбағасын әпермек! Соның бәрі Жетісу кулагын тулатып, қарсы қып отыр. Кулактар қарсылығы неге әкелгенін ол сендерге қазір айтады. Тыңдаңдар, түсініңдер!.. Фурманов. Жолдастар! Жолдас Мәмедов дұрыс айтады. Бізге қарсы шығып отырған бір Жетісу кулагы. Олардың алдауы мен қыздырмасына желігіп отырған кейбір Жетісу бөлімдері қазір оларға Алматы крепостіне жиылып, өз алдарына военсовет сайлап, өздерін үкімет деп жариялап отыр. Ондағы көпшілік кім? Ол – Жетісудың кедейі, батырағы. Ол не тілейді? Не тілейтінін, кімге не үшін қарсы шыққанын өзі де білмейді. Басқа кім? Бүліктің түп-тамыры кім? Ол кулак! Кулак неге көтерілгенін біледі. Олар Жетісу крестьяндарынан шыққан солдаттарды демогогиямен, өтірік өсекпен пайдаланып кеп, азғырып, желіктіріп отыр. Бұл әскер Ферғанаға бармаймыз, кеңестің Жетісудан басқа жердегі жауымен алыспаймыз дейді. Олар қазақ, қырғыз сияқты елдерден әскер алғызбаймыз, оларға шаруа жөнінде есе бермейміз, саясаты тендік әпертпейміз дейді. Кеңес үкіметін Жетісудың крестьяны үшін ғана жасаймыз, кіндік бағыты, кіндік өкілі, кіндік басшылығы бізге керек емес дейді. Үкімет өзіміз боламыз, кіндік өз бетіне, біз өз білгенімізді істейміз, қазақ-қырғыз бұрынғыша еркінде қалсын, жер-сусыз, правосыз болсын дейді. Мұны айтатын кулактар. Солардың жетегіне еріп, кіндік басшылығына бағынбай отырған Жетісу крестьяндарынан құралған гарнизон! Бұл дұрыс па, не дейсіңдер?
Дауыстар. Дұрыс емес, олар ақымақ!.. Үйрету керек оларды. l-oрыс қызыл әскері. Кулактарға баралық! Жетісу әскерін ақымақ қылдырып қоймаймыз. Олар тез қатесін түзеу керек. Бастаңдар бізді! Біз үйретеміз крепостегі кулактар мен олардың агенттерін. Дауыстар. Баста! Баста! Жасасын кіндік үкіметі! Жасасын партия! Тоқтатпа, тоқтатпа бізді, баста! Жасасын кіндік басшылығы!.. Құрысын кулак қарсылығы!.. Беляев. Болды. Мінсін енді әскер тез атына!.. А?.. Мәмедов. Ал, тез тараңдар, мініңдер аттарыңа!
Солдаттар шу-шу тарайды, Мәмедов бірге кетеді.
ІІІ көрініс
Жылдам басып Барайнок, Патриесов, Масанчин, Есенов келіп шығады. Фурманов. Не хабар? (Масанчинге.) Сендер аман шықтыңдар ма, крепостей? Барайнок. Хабар. Қазір Қарабаев, Петровтар қаланы алдық..., штаб хатшысы деп емін-еркін көсіліп жатыр.
Беляев. Штабқа да барды ма?
Патриесов. Барды. Осы күнде бастықтары штабта. Ұран салуға мүмкін.
Барайнок. Енді асықпаса, хал қиындап кетті. Штабта қалған жолдастардың халі қауіпте. Фурманов (Масанчинге). Крепосте қақтығыс болды ма? Жоқ па? Қалай шықтыңдар?..
Масанчин. Қақтығыс бола жаздады, бірақ аман шықтық.
Ерескин. Қай уақытта кеттіңдер? Мұсылман бөлімдері түгел шықты ма?
Масанчин. Түнде сендердің іздеріңше кеттік. Артымыз қатты ойран болып қалды. Мұсылман бөлімдері түгелге жақын кетті. Қалғандары болса, Жарболов бұзып қалғандар.
Ерескин. Өзге әскер арасында жік күшейді ме?
Масанчин. Күшейген сияқты. Қызыл әскердің көбі қатесін мойнына алып, түзелуге жақын. Барайнок. Бірақ түндегі кетістер оларды қайта қобалжытқан сияқты. Енді бәрібір аман құтылып кетті. "Фурмановтар аямайды" деген үгітті күшейтіп жатыр дейді.
Беляев. Енді ақымақ қылса, сонымен ақымақ қылады.
Патриесов. Оның үстіне қалаға әскер ішінде 26-шы полк келді. Келе жатыр, қазір қалаға кіреді. Ол да крепость жағында деп неше алуан өтіріктер таратып, крепость күшін қайта қоздырып, қолдарына баурап жинап жатыр.
Беляев. Онда бізбен соғысуға мүмкін екен ғой?
Барайнок. Мүмкін. Әзір болу керек оған да.
Фурманов. Болды енді. Қаланы бүлдіртпеу, әскерді бұзықтыққа жібермеу, бұл бүлікке тезінен тыю салу бәрінен қымбат! Бәрінен асығыс, тез қалаға тарту керек!
Беляев. Қалаға кіреміз.
Мәмедов келеді.
Бәрібаев. Ал, енді не болса да тездету керек.
Фурманов. Шабуылмен кіреміз. Дайын ба әскер?
Мәмедов (рапорт беріп). Бірінші түрікпен эскадроны барлық қару-жарағы бойынша, шеруге дайын! Түгел әміріңізде!
Фурманов (Беляевқа). Команданы өзің ал да баста!
Беляев (жүгіріп келіп, биік жерге шығып aп, қылышын жалаңаштап). Эскадрон! Қамдан! Сахнада тұрған адамдардың барлығы қатарланып, қамданады, қылыштары суырылған. Фурманов, Барайнок, Шағабутдин, Масанчин, Мәмедов алғарақ екі бүйірде оқшауырақ тұрады. "Алматы крепосына шабуылмен бас!" Поход күйін тартып, сатыр-сұтыр жүріп береді, күй естіліп жатады.
Шымылдық
Тоғызыншы сурет
Крепостің Қарасу жаққа қараған бұрышы. Биік қабырғалары сахнаның жарым бойына сұғынып, бұрыштанып тұрады. Сол қабырғалардың бергі жағында шолама көк бар, бергі жақта үлкен жәшіктерден жасалған биіктер бар. Сол жақта қақпа, сахнаның зал жақ шетінде оң жақта телефон.
І көрініс
Әр жерде селдір топтар. Крепостің қабырғасынан қарап тұрады.
Сахнаға Петров, Қарабаев, Чебисовтер шығады.
Гришка. Қалада штабта бізге қарсы тұратын ешкім қалған жоқ. енді біздің үкімет!.. Петров. Тоқта! Тоқта! Асықпа!.. Әуелі тезінен қашқан Фурманов, Беляевтарды, барлық штаб, трибунал, особый отделді, барлық комиссарларды ұстап, мықтап қамап салу керек.
Чебисов. Әне, дұрыс! Біздің әкімшілік сонда нық орнайды.
Қарабаев. Түнде қашқан мұсылмандар, Ерескиндер қайда? Бәрін де (жұдырығын түйіп) көрсету керек! Шағабутдин, Масанчин! Петров. Ә... мұсылмандар ма? Олармен сөз бір басқа! Мұнда қалғандары бар ма? Солардың...
Гришка (жылдам). Бар. Қанша тілесең де табылады. Ол асылдар! Чебисов. Жоқ, оншалық көп емес, көбі түнде кетіп қалды, бәрі әдейі жүрген ғой, білдің бе? Петров. Қалған кім? (Мазақ қылып). Әдейі жүрген?.. Әнеугі достарың қайда? Бірге болады, астыртын дайындық... қайда соларың? Қарабаев. Ә... олар әлі бар... (Чебисовқа.) Жарболовтар бар ғой, осында жүр еді ғой?..
Петров (Чебисовқа). Тауып әкелші, кәне?..
Чебисов кетеді.
Қарабаев. Сен онымен байланыспа, әзір асықпасаңшы!
Петров. Байланыспаймын, бірақ үндеме! Мен оны қазір керекке жаратам. Өзі қазақ, центрдегі үкімет басындағы қазақтар ғой... тұра тұр...
Черных кіреді.
ІІ көрініс
Петров. Ие... крепостің жайы қалай? Аралап шықтың ба? (Қарабаевтарға.) Мен бұған бұйрық бергем, кім бар, кім жоғын түгендеп шық деп.
Черных. Крепосте қазір әскер көп емес. Қайда кеткендерін көбі айтпайды. Қарабаев. Е... қала босады.. штабтағылар қашты деген соң, қалаға кеткен ғой!.. Черных. Білмеймін. Өзімізге сенімділер көп еді, қазір соның көбі көрінбейді.. осылар түндегіден соң байқаусыз іріп-шіріп жүрмесін, ойлану керек!.. Гришка. Е... бос сөйлейсің... енді қайда барады? Бәрі өзіміздің қол астымызда! Енді комиссарлардың жонын әкеп төсей беріңдер! Петров (Черныхқа). Бос қауіп қылмай-ақ қой, бәрі өзімізде. Бізге ерген бізбен болады.
Черных. Жоқ, сонда да әлгі, қашқындар ұсталмай, бізге тынышталуға болмайды.
Қарабаев. Ол рас.
Черных. Және түнде Фурмановтарды босату керек деп қаулы жасаған әскер бөлімдерінің өкілдері қайда. Ол қаулы тегін емес!.. Қарабаев. Ол рас. Сондайлар қарап жүрмей. бір нәрселер істеп жүрмесін! Жоқ, қашқындарды тез ұстап жаппай болмайды. Черных. Және штаб, авиревком сияқты әскери, гражданский кеңселерге барып, тезінен әкімшілік тізгінін қолға алу керек. Бой көрсетіп, баурай бастау керек. Петров. Дұрыс, олай болса. Бұл шын керек. Ендеше, мен мынадай бұйрық беремін. Черных, сен қазір қасыңа Жәркент батальонының ең сенімді кісілерінен өзіңе керекті әскер ал да, Фурманов, Беляев, Шағабутдин – барлық трибунал баршасын тауып, ұстап әкел!
Гришка. Дұрыс, дұрыс, әкел, әкел тез!
Черных. Жарайды, мен кірісейін.
Петров. Қарабаев, сен қазір штабқа бар! Бастықтарын жиып ал! Бұйрық бер! Бұйрық бер! Бастарын құра. Біздің әмірлерімізді жарияла! Гришка! Сен Чебисовпен біраздан кейін авиревкомды барын аласың, мақұл ма?
Қарабаеві
Черных } Дұрыс. Дұрыс. Мақұл
Жарболов келеді. Петров қоразданып ілгері басып.
ІІІ көрініс
Петров (Жарболовқа). Осы көтеріліс болғалы бір тиын жәрдемің болды ма? Жарболов. Біз де істеп жүргеніміз жоқ па? Шағабутдин, Өтеповтерді жапқызып едік... Петров. Болды. Керегі жоқ ол сөздің, көмек қылдың, мұсылманыңның бәрін Шағабутдиндер, Фурмановтар азғырып ертіп кетті. Міне, сендердің жолдастарың! Білеміз... Жарболов. Азғырыпты, рас, білмей қалдық. Бірақ біздің ұстап қалғанымыз да бар.. Петров. Жарайды. Жарайды, ақталмай-ақ қой. Білеміз... Енді сен не істейсің? Білемісің?
Жарболов. Ие... айт... не істе дейсің? Біз жәрдем аямаймыз, білдің бе?
Петров. Сен партия мүшесі, өзің қазақ, өзің қай орында едің?
Чебисов. Қалалық партия комитетінің бюро мүшесі.
Петров. Ә... жақсы олай болса, жаз! Черных, жаз! (Черных жазады.) Ташкен... Турцик, Түрік фронтының Реввоенсоветіне... Верныйдың қалалық, уездік партия ұйымы атынан білдіремін... білдіремін, біздің облыста да, қалада да ешбір саяси бүліншілік жоқ... жоқ (Өзгелерге қарап қояды.) Қарабаев. Дұрыс... дұрыс, әскер жіберме де... мұнда өзіміз бәрін жайлаймыз де. Гришка. Сендер, центр, еш уақытта кейіптеріңді бізге көрсетпе де, сендер неғұрлым келмейтін болсаңдар... Семиреч соғұрлым жақсырақ, бақыттырақ болады деп қосайын ба?
Қарабаев. Жоқ, олай деме. Мұнда, білемісің, политика керек!
Петров. Тоқта! (Айтады.) Мұнда әскер бүліншілігі болды деген өтірік. Олай деп жаулар ғана айтады.
Чебисов. Фурмановтарға не айтады деу керек меніңше.
Петров. Жоқ, керек емес. (Қоразданып.) Біз ондайды енді елемейміз. Қазір біз толық әкім! Олар не? Қашқын атын да атамаймыз (Қайта айтады.) Верныйда толық тыныштық, мұнда әскер жібереміз деп әуреленбеңіздер.
Қарабаев. Міне... міне, дұрыс. Болды енді. Қол ісімдікі?
Петров. Болды... қол ма!.. Қол... (Жарболовқа.) Қой қолды сен, Жарболов!
Чебисов. Уа, рас. Әбден таптың, Петров, бұл үлкен саясат! Бұл қазақ, оның сөзіне центр сенеді.
Петров. Үндеме! Текке істелмейді. Қол қой, кәне!
Жарболов. Өзгелерің қоймайсыңдар... мен жалғыз, кейін... кейін қалай болады?
Петров. Бірігемісің? Бізбен доспысың?
Қарабаев (Жарболовқа). Бір ғана телеграмма... бөтен сөз жоқ... Әскер келсе ойран болады, атыс болады. Тағы қазақ, қырғызың көп қырылады. Жақсы ма? Бірге көреміз, қойып жібер!
Чебисов. Немене, несі бар. Біз де қойып жатырмыз. Бірге көрерміз.
Жарболов. Қайыр, жарайды (қояды), енді бірақ сенбегенді қоясыңдар!
Петров (телеграмманы алып, бүктеп салып алып). Ал, жаңағы айтылған жолдастар тараңдар! Черных, Қарабаев!..
Черных. Ал, енді тез сол істерге кірісу керек.
Қарабаев. Мен сол жерден ылғи телефонмен хабар білдіріп тұрам...
Петров. Дұрыс. Жылдам жөнеліңдер! Ол жерге келген штабшылар болса...
Қарабаев Білемін. Білемін, келіп көрсін!
Петров. Білесің ғой, Черных! Сен неғылсаң да тап соларды. Онан соң, жолдастар, қалаға барлық әскерге, сырт кісілерге 26-шы полк келді, қосылды дей беріңдер! Чебисов. Жәркент, Лепcі, Қапал – бәрі де біздікі дей беріңдер! (Петровқа.) Ал, біз қашан?
Петров. Чебисов, Гришка, екеуің аздан соң авиревком?..
Гришка. Тауып келесіңдер!
Петров. Ал, тараңдар! (Чебисовтерге.) Сен екеуің әзірше осында бола тұр.
Жарболов, Қарабаев, Черных кетеді.
ІV көрініс
Филипп. Петров, Қарабаев, қайда жүрсіңдер, жау қаптап келеді?
Петров. Чебисов, қайдан! Кім? Кім айтты!?
1-кулак. Қара ана қабырғадан, қаптап келеді! Әскер қайда? Әскер!
Петров, Чебисов жүгіріп қабырғаға шығады.
Гришка. Әскер... Әскер! Ату керек! Атысу керек! Қарулан! (Жүгіреді.)
Петров. Жый әскерді, шығар пулеметті, ату керек!
Чебисов (Қорқып). Келіп қалды ғой. Атысқанмен болар ма екен?! Қан төкпесек қайтеді?! Филипп (ақырып). Қорқақ! (Кекетіп.) Басшы! Аяр деп тұрмысың енді! Атысып өлу керек!
Жүгіреді Петровқа.
V көрініс
Сахнаға қарулы топ-топ әскерлер жүгіріп шығады. Көбі партшколистер, онан соң қызыл әскерлер, орталарында партшколист. Бірінші, екінші татар жігіттері, бәрі крепость қабырғаларына жүгіріп шығады. Партшколист оңашарақ биіктеу жерде.
Партшколист. Менің командамды тыңдаңдар!
Филипп. Бер команда, атсын! Атсын тез, неге тұрсыңдар, келіп қалды!
Петров жүгіріп шығады.
VІ көрініс
Петров. Әскерлер аз. Қайда кеткен?
Кулак. Иттердің қалғандары ішіп қалған, қайтеміз? Петров, бол енді, іс қыл!
Петров (жүгіріп қабырғаға шығып, солдаттарға). Ал мылтықты нысанаға!
Мылтықтар сарт-сұрт етеді, Чебисов, кулактар жердегі пулеметті көтеріп, арпалысып жүреді.
Петров (қатты). Команда, ат!..
Партшколист (қатты). Тоқтат, атпа!
Петров (ажырайып қарап қалады. Чебисовтердің қолынан пулемет түсіп кетеді. Бақырайып қарайды). Сен кім, ә? Дұшпан!
Наганын шапшаң суырып жатады. Партшколистке төсейді.
Партшколист (бұдан бұрын наганын қоса суырып, қарсы төсей қояды). Тапжылма орныңнан, жетті... Ойнап болдың! Кулактар, Чебисовтер партшколистке ұмтылады. Бұларға қарсы крепосте тұрған бар әскер мылтықтарын бұрып-бұрып, төсей-төсей қояды.
1-татар жігіті. Тойғыздыңдар, түсіндік кім екендеріңді!
Петров. Ақымақсыңдар сендер... Сендерге Фурмановтың қамшысы керек тағы да.
Партшколист. Болды. Таста қаруды!
Петров мылтығын төмен түсіріп, қабырғадан түсе береді, секіріп, бұрылып, қаша жөнеледі. Өзге солдаттар Чебисовтерге қару төсеген қалыпта қала береді. Партшколист, бірінші татар жігіті Петровты қуа жүгіреді.
Партшколист (қуып бара жатып сахна шетінде). Тоқта! Иттей қатырам!
Петров (даусы қырылдап). Жоқ... жаңылысасың... мен қатырам!
Мылтық атылады. Тезінен қарсы мылтық атылады. Соңғы партшколистікі.
Партшколист (қасында татар жігіті, ақырын басып барады). Ой ит, біл міне, кімге қол көтергеніңді...
VІІ көрініс
Дәл осы уақытта сахнаға: Фурманов, Беляев, Шағабутдин, Барайнок, Ерескин, Масанчин, Мәмедов, Бәрібаев, Қуатовтар шығады. Артынан үлкен бөрікті түрікпен әскері қайтады. Араларында татар, қырғыз, қазақ, өзбек, тараншы, дүнген жігіттері бар. Бұрын крепостей шыққан әскерлер, қарсыдан қаладағы, крепостегі қызыл әскерлер. Бұрынғы көтерілісші әскер шығады. Фурманов (ортада Чебисов, кулактарды көрсетіп). Алыңдар қаруларын! Алып кетіңдер өздерін! Аналарды қарусыздандырады. Мәмедов, Масанчиндер алып кетеді. Жұрт жабыр-жұбыр, қалғандармен келгендер араласады.
Ерескин. Шағабутдин, сендер тезінен штаб, трибунал, особый отделге.
Олар жөнеледі, қастарына әскер ереді. Телефон шылдырлайды.
Беляев трубканы ұстайды.
Беляев. Крепость, штабтан ғой! Қарабаев, Петровка! Қазір, шығып кетті! Ол сені жаңа керек қып еді, штабпен жалғаса алмады. Қазір өзі бармақ. Сонда тос. Тосыңдар, жарайды, жә, өзің неғып жатырсың?.. Билікке отырдым?.. Бұйрықты беріп жатырмын. Мұнда қалғандарын тегіс жатқызып жатырмын... Тегіс. Дұрыс... штаб, трибунал асты-үстіне шығарттым!.. Дұрыс, сал, сал ойынды! (Тоқтап қалады.) Қарабаев! Қарабаев! Қайда кетті? Кім? Сен кім? Быковский? Беляев, сен қайдан? (Бұрынғылар 110 күледі.) Есенов, Өтеповтар бәрін де сонда арестке алдық, крепості біз де алдық! Алып кел! Бәрің де кел! (трубканы қойып.) Жолдастар! Бұл бүліншілік, Бүлік те бітті. Бұзықтар ұсталып жатыр.
Партшколист. Әскерімен Черных бар. Сіздерді іздеп кеткен ол!
Фурманов. Мұнда қай-қай әскери бөлімдер бар?
1-қызыл әскеp. Біз бүліншілікке қатынасқан Жәркент батальонынан бәріміз де адастық, қателестік. Түсіндік. Қазірде енді айыбымызды жою үшін тезінен Ферғанаға жүргізулеріңізді сұраймыз.
Дауыстар. Дұрыс. Бұйрық... Бұйрық беріңдер!
Фурманов. Тағы кімдер бар?
2-қызыл әскеp. Біз он бірінші полктың бөлімдері атынан келдік. Бірақ он бірінші полк бөлімдері түгелімен сіздер келместен бұрын-ақ қателескенін, ақымақ болғанын түсінген еді. Біз жергілікті кулактарға соқыр құрал болып кетіппіз. Бізді де жүргізіңіздер!
Дауыстар. Жүргізіңіздер, жүргізіңіздер, қатемізді Ферғана тауында түзейміз.
Әскер топ-топ келіп, шуласып қоштап жатады.
Фурманов. Жолдастар! Жетісудың еңбекші елінен, бейнетқор крестьянынан жиналған қызыл әскерлер... Сендердің адасқандарың шын. Көздерің жетті.
Дауыстар. Жетті көзіміз. Адасқанымызды білдік.
Фурманов. Күншығыстың барлық езілген ұлттарынан құралған интернационал топ болып, дәл осы Алматы бүліншілігінің үстінде көрсетіп, танылып тулаған толқыны, қаулаған өрттей бүліншіліктен коммунист партиясының жол басшылығы арқасында қан төкпей, апатқа ұшырамай аман өттік. Осы сағаттан бастап, бұл бүліншілік бітті. Бірақ еңбекшінің жалпы жауы әлі де біткен жоқ. Әлі де алда көп тартыс. Көп кезеңдер бар. Соның бірі мына Ферғана! Енді центрдің бұйрығын орындап, Ферғанаға жүресіңдер!
Дауыстар. Жүреміз. Жүреміз. Бұйрық, бұйрық бер! Бәрі дұрыс, дұрыс айтасың! Фурманов. Сендер жаңылдыңдар, адастыңдар! Ендігі міндет – сол айыптарыңды түзеу, барлық кеңес еңбекшілерінің алдында зор сынға түсіп түзеуде. Жасасын Ресейлік кеңес үкіметі! Жасасын Жетісудың қаһарман Қызыл әскері! Урра!.. Урра!!. Беляев. Жасасын бұрын езілген Күншығыс ұлттары! Жасасын бүкіл дүние, Октябрь, Кеңес үкіметі! Ур... ур...ур...ура!..
Көп айқай, қызу ұран тоқтар кезде Ная, Мартынов келеді.
Фурманов (Наяға қарсы жүгіріп, қатты қол сілкісіп амандасады). Немене? Штабтансыңдар!
Ная. Быковский, Өтеповтер Қарабаевты...
Фурманов. Жә... қалғанын кейін істерміз, болды, Барайнок, Мартынов, сендер реттеп, барлық Жетісу бөлімдерін Ферғанаға жүргізуге кірісіңдер, барыңдар!
Аналар жөнеледі.
Фурманов (Наяға) Сен қазір тез аппаратқа бар, Фрунзені шақыра бер! Бізді қазір келеді де. Келсе, әскер әмірі бойынша айтылған күні Ферғанаға шықты деп рапорт бере бер!
Ная жөнеледі. Шағабутдин, Масанчин, Өтепов, Быковский келеді.
Артында әскер, қарусыздандырылған Қарабаев, Жарболов,
Сүлейменов, тағы бірнеше әскери адамдарды алып келеді.
VІІІ көрініс
Фурманов (бас изесіп). Алып кетіңдер! Мыналарды жинаңдар! (Ареске алып кетіседі.) Масанчин, Шағабутдин, сендер тезінен тауға қашқан Черных пен қасындағы жолдастарын ұстап әкеліңдер.
Быковский. Хұп! Хұп!..
Фурманов (жұртқа, биікке шығып айқайлап). Жә... жолдастар! Бұл бүлік те, бүліншілік те осымен бітті. Енді мағыналы, тәртіпті, өнімді еңбекке қайта бастық. Ал, әскерді жөнелтеміз!
Фурманов биіктен түседі. Жұрт Фурмановты уралап көтереді.
Дауыстар. Октябрь!.. Октябрь үшін!.. (деп шулап, музыкамен алып жөнеледі)
Шымылдық.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру