TELEGEI

Home

Тоты құс түсті көбелек

Дидар Амантай

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Тоты құс түсті көбелек

Дидар Амантай есімі қазіргі кездегі постмодернистік эстетикаға жақын жазушы ретінде танымал. Шығармалары көлемі жағынан шағын болғанымен, ерекше көзқараста жазылған. Ешкімге ұқсай бермейтін жазу стилін қалыптастырған автор шығармаларын ерекшелендіріп тұратын тұсы сөйлем құрылымынан байқалады. Сон...

Роман
Екінші басылым

…Есть эпохи, когда целое поколение оказывается между двумя эпохами, между двумя укладами жизни в такой степени, что утрачивает всякую естественность, всякую преемственность в обычаях, всякую защищенность и непорочность.

ГЕРМАН ГЕССЕ

Я предупредил тебя, случайность, и отгородился от всякого твоего тайного проникновения. Ни тебе, ни другому какому обстоятельству мы не выдадим себя. Но когда необходимость поведет нас, мы, с презрением плюнув на жизнь и на тех, кто за ней попусту цепляется, уйдем из жизни, в прекрасной песне победно восклицая, что жизнь нами хорошо прожита.

ЭПИКУР

І тарау Тегінде, бұрын – Асқат Жақанұлын білмеуші едім. Екеуміз қарқаралылықтар бас қосқан сауық кешінде, ойын-тамашада кездейсоқ жүздесіп, жақын таныстық, сосын көпке шейін бір-бірімізді орайын тауып, кезіктіре алмай жүрдік. Қарындасым оның бокспен шұғылданатынын айтып, мені одан сайын қызықтыра түсті. Асқат Қарағайлы қалашығында қазақ орта мектебін бітіріп, сол жылы Алматыдағы политехникалық институтқа құжаттарын тапсырады. Ол жақсы дайындықпен келіп, оқуға еш қиындықсыз, оңай түсіп кетеді. Бірақ, екеумізді табыстырған мүлдем басқа нәрсе еді. Әуелде өлең жазып жүргендіктен бе, жерлестерім мені болашақта үлкен ақын болады деп ойлайтын. Алайда, олардың үміттері ақталған жоқ – поэзияны ерте тастап кеттім, сөйтіп, прозаға біржолата ден қойдым. Асқат өлеңді жақсы көреді екен, қарқаралылық ақынмен жолыққысы келіп, дос-жаран арқылы мені көп іздетіпті, бірақ, ұдайы жолы болмай жүрсе керек. Кейін Асқат бозбалалық шақ, жастық дәуренде жазған өлең-жырымды түгел жаттап алды, ал мен болсам – бокспен шындап айналыса бастадым. Бір күні екеуміз Шевченко мен Байтұрсынұлы көшелерінің қиылысында қапылыс жолығып қалдық. Ол мені ең тақау барға ертіп апарды. Біз ішке кіргенде, қарсы алдымыздан бардың жақтауы көзге ілікті, ар жағынан ыдыс-аяқ сүрткен жас бармен көрінді. Зал сонша кең емес, іші қолқаны қапқан көк жалқын түтін. Асқат жылдам басып, төргі үстелге жетті де, маған жайғасатын бос орындықты нұсқап, өзі теріс айналып, барға қарай шұғыл жүрді. Көрші үстелде қыз бен жігіт жайма-шуақ шампан ішіп отыр, тост артынан тақта шоколадтан керенау ғана тістейді. Қыз ұқыпты боянып алыпты, шашы желке тұсынан қиылып, каре үлгісіне келтіріліп қойылған. Үстіне кигені жібектен тігілген ақ блузка, онысын қысқа белдемшесіне тықпалапты. Көгілдір, жайнақ leggіngs де көздің жауын алады. Асқат қайтып келе жатыр. Қолында коньяктың шөлмегі және тәрелкеге тізіп, жыпырлатып қойған қияр мен қызанақ салаты. Ол таяп келді де, қолындағысын дастарқанға бір-бірлеп қойып жатты.

– Коньякпен араластыратын бірдеңе алайын ба? – деді.

– Қажет емес.

– Онда кішкене шырын алайын.

– Алмұрт шырыны дұрыс болар.

– Жарайды.

Ол қайыра кетіп қалды. Көп ұзамай – бос егіз рюмка, қос бокал шырын ұстап қайтып келе жатқан. Көрші үстелдегі қыз бен жігіт шығып кетіпті. Орталанған шампан, пар фужер және жұп темекі тұқылы көзге түседі. Асқат коньяктың қақпағын сыпырып, екі рюмкаға бірдей мөлшерлеп, тең құйып қойды. Сосын жүзін көтеріп, жанарымен маған тесілді.

– Бірдеңе айтып жібер.

– Бақыт үшін.

– Бақыт үшін, рас, ішуге болады.

– Алдағы арман-мақсатымыз үшін.

– Дегенмен, жақсы денсаулықтан асқан қандай мұ-рат бар.

– Онда, ешқашан ауырып-сырқамайық!

– Ғұмырымыз ұзақ болсын.

– Ырыс-береке тілейік!

Біз рюмкаларды соғыстырдық. Мен түбіне шейін ішіп салдым. Коньяк өңешімді жыртып өткендей болды, сосын кеудеме құйылып, төңірегін қыздыра бастады. Асқат дәмін татып көрді де, рюмкасын орнына қоя салды. Ол аңғарып қалғанымды байқап, кінәлі адамша қысыла күлімсіреді.

– Ішпейтін едім, – деді ол.

– Көңіл үшін ептеп алса болмай ма.

– Болмайды, өзімнің шартым бар еді.

– Қандай шарт?

– Ант.

– Түсіндім.

– Жалпы, қанша өлең жаздың?

– Көп.

– Бекер тастадың.

– Қазір ешкім өлең оқымайды.

– Неге?

– Оқымайды.

– Меніңше, поэзия оқырманы қалың тәрізді.

– Жыр кітабы жастық дәуренде жақсы оқылады, бас құраған соң кімге керек?

– Поэзияда шек бар ма, тақырыбы мәңгілік емес пе?

– Енді, сезімді тұрмыс билейді.

– Сонда қалай?

– Өкінішке қарай, өлең-жырдың шегі бар екен.

– Тақырыбы таусылды ма?

– Жоқ, шыдамы. Бұрын ақынға тағдыр керек болатын, қазір – PR.

– Иә, PR ақша тұрады.

– Ертеде өнерпазды талант жарыққа шығаратын, бүгін жарнама тудырады.

– Өкінішті.

– Жарнамасыз кітап сатылмайды, бейнебаянсыз әнші танылмайды.

– Мүмкін, оқырманның да, тыңдарманның да уақыты өткен шығар.

– Баяғыда кітап құбылыс еді, қазір – тауар.

– Сәтсіз тауар.

Ол күрсінді.

– Мерзімді баспасөз жүзін көрген өлеңдеріңді түгел оқыдым, – деді ол.

– Әдебиетке обал, қазір оған ешкімнің жаны ашымайды.

– Кім біледі, заман өзгеруі де мүмкін ғой.

– Жалпы, кітаптың болашағы, шынымен, қыл үстінде. Тұрмысы тәуір адам тіршіліктен тәжірибе, өмірден тағдыр, кітаптан тұжырым іздемейді.

– Иә, тарихқа зер салмайды.

– Бірақ, кітап ешқашан өлмеуі керек.

– Неге?

– Білмеймін, меніңше, өлмеуі керек.

– Қалай?

– Кітапта ажал болмайды.

Бар ішіне сілтідей тыныштық орнады. Асқат маған тағы толтырып қойды. Мен шанышқымен қызанақтың біреуін түйреп алдым да, аузыма апарып, ақырын жей бастадым.

– Кітаптың азғындауы мүмкін.

– Ол да өлім емес пе? – деп сұрады Асқат.

– Жоқ, ол – дерт. Дауасы бар, емі табылған, шипа қонатын сырқат.

– Қандай індет?

– Бұл кеселдің аты – ермек. Кітап әркімнің ермегіне, сауықтың тамашасына айналып кетуі ғажап емес.

– Бәріміздің мейманамыз асқан екен.

– Бүгінгі мәдениет – сауық мәдениеті.

– Иә.

– Мені көр, мені тат, мені сүй, деп шақырып тұ-рады.

Бардың есігі айқара ашылып, табалдырықтан нәшті кәстөм-шалбар киген, галстук таққан қамырықты бозбала аттады. Ол мені шырамытып, бізге қарай самарқау жүріп келді де, үстелге жетіп кідірді. Түрегеліп, онымен құшақтасып амандастым.

– Сені іздеп жүрмін, – деді ол.

Көздері шүңірейіп, өңі қашып кетіпті. Қалтасынан темекі қорабын шығарды. Шетін жыртып, біреуін суырды, тісіне қыстырды да, қорапты қайта қалтасына салып қойды. Сосын шылымын тұтатты, бір мәрте сорып, бұрқ еткізіп түтін жіберді. Екеуміз тысқа шықтық.

– Кейінгі кез шаршап жүрмін, – деді қамырыға сөйлеп.

– Жүдеп кетіпсің.

– Өзімнен шаршадым.

– Неге?

– Қолымнан ештеңе келмейді. Пайда көздеп, олжа іздеп, шаруаның жайын, істің көзін біліп, ақша қосып көремін де, ақырында – зиян шегіп шығамын.

– Дәулеті тосын артып, тез байыған ешкім жоқ.

– Түсім ойлап, кіріс күтіп, босқа алданады екенсің.

– Алайда, кейбіреудің дүние-мүлкі молықты.

– Білемін. Шындық бар ма, айтшы.

– Әділдік ше.

– Әмір, биліктің иесі қазына-байлықты ұрлап, тонап отыр.

– Қылмысқа – жаза, еңбектің зейнеті жоқ.

– Қайдағы ісмерлік, қайдағы бейнетқорлық.

– Елдің атынан мемлекет дәулетін өзіне жекеше-лендіреді.

– Қорықпайды.

– Ырыс – қолында, ырық – өзінде.

– Зады, үкім жарлық шашқанша, шешім жарық көргенше орындалады.

– Уақыттың белгісі – арсыздық, замана келбеті – көрнеу қиянат.

– Иә, обал-сауапты ұмытты.

– Білімге жүгінбейді, ойға тоқтамайды.

– Ізденістеріміз рәсуа болды.

– Өмірдің іргетасы шайқалды.

– Кітаптарды қайтеміз, қаншамасын оқыдық.

– Рас. Жастық шақ Толстойға, Достоевскийге, Әуезовке жұмсалды.

– Енді біз кімге керекпіз?

– Білмеймін.

– Жазып жүрсің бе?

– Иә.

– Мен оны тастадым.

– Бәріне жеңіл қарау керек. Ғұмырда мәңгілік еш-теңе жоқ тәрізді.

– Осылай бүкіл өміріміз зая болады!

– Әр адамның өмірі мағыналы, тек оны таба білу қажет.

– Бір күні отырып, шарап ішейікші.

– Бұдан бірдеңе өзгеретін болса, ішейік.

– Қамария кетіп қалды.

– Құдайдың басқасын бұйыртқаны да.

– Мен оны қатты жақсы көруші едім, қалай ұмыта аламын.

– Ұмытасың.

– Өзімізді алдап жүргенімізді ұқсақ қой.

– Өзгеше істей алмаймыз.

– Уақытыңды алғаныма ренжіме. Маған біреумен сөйлесу керек болды.

– Ештеңе етпейді.

– Досың ба?

– Досым.

– Сені “Есік” мейрамханасына ертіп кетейін деп едім.

– Кейін бір жөні болар.

– Сен тек ренжіме.

– Уайым-қайғыдан кім құтылыпты.

– Ренжімейсің ғой.

Ол қолымды қысып, әрі айналып кетті де, жолға шығып, оны күтіп тұрған жеңіл машинаға барып мінді. “Жигули” маркалы автомобиль бардың жазғы алаңынан ұзай беріп, көз ұшында жоғалды. Мен барға ендім. Дастарқанға келіп, жайғасып жатқанымда:

– Бірдеңе болған ба? – деп сұрады Асқат.

– Жай.

– Бірдеңе болған шығар десем.

– Жолы байланып... Бейшара қайтсін.

– Есімі қалай?

– Қанат Нұрбекұлы.

– Кісі өлгендей, неге соншама қаралы?

– Шаруасының бейнеті асып кетті.

Асқат рюмкасын алып, тілек айтуға оңтайланды. Бар ішіне ағылшын тілінде, Wіtney Houston орын-дауындағы, сұлу өрнекті “І Am Every Woman” әні шалқып, сызылып кестеленіп төгілді. Құйқылжып, киіп-жарып, бірте-бірте жоғары көтерілген әуез ақырында шарықтап биікке жетті де, тамылжып қалықтап тұрып алды. Әуелеп тұрып, қайыра үзіліп кетті де, құйылып төмен сорғалап, әсем дауыс құлаққа жағымды естілді.

– Денсаулық үшін, – деді Асқат.

Төңкеріп тастағанымда, коньяк көкірегімді жылыта жөнелді. Алкоголь көкірегімді қыздырып барып тоқтады, соңы бойыма сіңіп, түйсіксіз жоғалып кетті. Содан кейін екеуміз Wіtney Houston әуенін тыңдаған қалпы табалдырыққа барып іліндік те, сыртқа шықтық. Ымырт үйіріліп, көше күңгірт тарта бастапты. Жол белдеуіне тақағанда, алдымызды шойын дөңгелектерін сүйретіп трамвай кесіп өтті. Жасыл түс жанған заматта оң қапталына жайбарақат бұрылып, желі арқан бойы ұзап барды да, аялдамаға жетіп, қатарласа беріп, тежеуішін қосты. Асқат екеуміз қиылыста іркіліп көп тұрдық. Ол қолын қалтасынан шығарып, маған ұсынды. Біз қол алыстық.

– Қайтасың ба? – деді ол алақанымды қысқан күйі.

– Иә.

– Әлі кездесеміз ғой.

– Әрине.

– Менің көп білгім келеді.

– Бірақ, одан пайда бар ма?

– Неге?

– Кейде осының бәрі ит әуре сияқты көрінеді.

– Бос машақат дейсің бе?

– Иә, бекер еңбек тәрізді.

– Пәлі, не болды?

– Ештеңе.

– Не болды?

– Жай, әншейін.

– Әншейін емес.

– Несіне шабылып жүрміз деген ой иектейді, бәрі-бір, ешкім кітап оқымайды.

– Қиянат айтпа.

– Әдебиет те, оқырман да жоқ.

– Жоқ?

– Бәрі тегіс жалған. Кейде осы еске түскенде жаза алмай қаламын.

– Реніштен шыққан сөздер ақиқат бола алмайды.

– Сонда, күйінемін. Күндердің күнінде қолыма қалам алғаныма опынамын.

– Әдебиет қажет қой.

– Білмеймін.

– Қажет, қажет. Меніңше, қажет.

– Мүмкін, қажет те шығар.

– Кітап оқығаныңа ма, әлде жазғаныңа ма, қайсысына опық жейсің?

– Әбігерге түскеніме, әлекті бастағаныма өкінемін.

– Бекер қамықпа.

– Рас, жүдеп қайтемін.

– Ұпынба, Данай.

– Бірақ, мен одан қол үзе алмаймын.

– Қайтіп?

– Десек те, көп еңбек сіңіріп қойдым, бейнетім еш болып кетпеуін ойлаймын.

– Егер әдебиет жоғалып кетсе, кітаптың орнын не басады?

– Кино өнері.

– Ол мүлдем басқа әлем емес пе.

– Шын. Кино адамның ішкі дүниесін көрсете алмайды.

– Жиі уайымдаған дұрыс емес.

– Мүмкін, бәрі өзгеретін шығар.

– Әлбетте.

Ол әрі бұрылды. Мен солға қарай жүріп, жолды көлденең жарып, Байтұрсынұлы көшесінің бойына шықтым. Автомобильдер түнгі шамдарын жағып алыпты. Құрманғазыға аяқ басқанымда, Алматы әртүрлі шамдардың бұрқақ тасқынына айналды. Құрманғазыны қиып, қайтадан тротуарға түскенімде, қасымнан, таяқ тастам жерден тоғызыншы бағыттағы троллейбус жылжып ұзап бара жатты. Кітаптың жер бетінен жойылуы мүмкін емес. Ха-уыз салынған үйдің іргесінен баяу ілбіп өтіп бара жаттым. Ұлы жаратылысты пенденің түсінік аумағында тәптіштеп берген Құранның ізім-қайым жоғалуы санаға сия ма екен. Інжілді екінші мәртебе қайталап кім жаза алады. Оң қанатымда Денешынықтыру институтының кешені қалып барады. Қарсы алдымнан Абай даңғылы көрінді. Сары шам қапылыс сөнгенде, автомобильдер толқынын кешіп, даңғылдың арғы жиегіне жеттім, аялдамаға дейін үнсіз, самарқау аяңдап келдім. Жөпелдемеде, елу тоғызыншы бағыттағы автобус ауыр қозғалып, оңды-солды теңселіп келді де, есіктерін шалқасынан ашып кеп жіберді. Кітаптың жер бетінен жойылуы мүмкін емес. Автомобильдердің сапасы жақсарған сайын жүргізушілердің кісілігі артып кеткен жоқ. Әлде, адам баласы кітаптардың екіталай тағдырынан алмағайып өз бейнесін көре ме деймін. Бірақ, қасиетті лұғаттар жайлы не топшылай аламыз. Әр адам қалай туғанын білмейді, есінде жоқ, келешекте қайтіп дүниеден қайтарын түсінбейді, өліп көрген емес. Өмірдің басталғанынан тегіс бейхабар, өлімнің қашан келерін айтуға бәрі де дәрменсіз. Бірақ, кітаптың жер бетінен жойылуы мүмкін емес. Бәрібір, адамзат кітапқа зар, кітап қашанда кісіге жұп, қос ұғым – екі дүниеде бір-бірінен ажырамас пар, кіндіктес егіз, екеуара бағынышты – жаратылыс. Кітаптың қадіріне жете алмадық, сый-құрметтен айырсақ та, ол қасиетін сақтап қалды. Нұр төгеді, ақыл шашады, қуанышқа бөлейді. Алайда, бойына дарыған құтты жұрттың көбі білмейді, кітаптың көңілін білу үшін – оны талмай оқу қажет. Кітап та Құдірет сияқты, өзіне тәуелді, басқадан дербес. Бар, біреу және шексіз. Бірақ, әрине, Тәңірдің Өзі емес. Аялдамада тоқсан жетінші бағыттағы автобус пайда болды. Мен салонға көтеріліп, түкпірге барып, терезеден – қарауытқан биік тауларға, жұмбаққа толы жұлдызды аспанға – көз жібердім.

ІІ тарау

Біз үйден шыққанда, жаңбыр басталған болатын. Асқат, Қуаныш, Нұрғали төртеуміз Қабанбай батыр көшесімен ілбіп, “Динамо” спорт орталығына келдік. Боксшылар залына кіргенімізде, рингте Нұрлан Қалыбаев бой қыздырып жүрді. Оның қарсыласы қорғанып қана үлгереді. Нұрлан тік ұмтылған қарсы соққы келе жатқанда, сүңгіп кетіп, оң қапталына шыға береді де, қысқа хукты жеңіл тастай салады. Одан кейін бірнеше мәрте артқа шегіне беріп, сол қолымен тұмсықтан сүйкеп өтті. Біз рингтің дәл іргесінен бақылап тұрдық. Қарсыласы оң қапталынан ұрмақшы боп, оң қолымен хук жасағанда, Нұрлан сол қанатына жылжып кетті де, оң қолымен көкіректен қойып жіберіп, сол қолымен құлақ-шекеден салып қалды. Әлгі боксшының қолдары салбырап, тізесі бүгіле берді. Рингте кішкене үзіліс болып, үш-төрт минуттан соң, Тайлан Топаев керулі арқанды көтеріп, ортаға билеп шықты. Оған қарсы бұрышта екінші боксшы былғары қолғаптарын төрешіге тексертіп тұрды. Боксшылар тең ортаға келіп, сәлемдесті де, кейін қарай шегініп кетіп, әркім өз билеу мәнеріне көшті. Тайланның сол қолы қорғанысты бұзып, кеудені соқты, іле-шала жылдам жоғарылап кетті де, құлақ-шекеден әдемі сүзіп өтті. Тайлан қайтып бара жатып, тік соққыны бағыттады. Шабуылды тамамдаған оң қолы кедергісіз жүйткіп тұмсықтан тиді. Қазылар ұрысты дереу тоқтатқан еді. Байсалды төреші саусақтарын бүгіп, жетіге дейін санады да, боксты жалғастыруға ұлықсат етіп, қолын сермеді. Тайлан екі аяғына кезек салмақ түсіріп, әдемі теңселіп билеп тұрған. Ол билеген қалпы сол аяғын алға тастады, ілгері тасталған аяғының қозғалысына үйлесе, сол қолы шұғыл көкіректен қатты соғып, кейін қайта бере, лезде биіктеп кетті де, жақ сүйектен барып перді. Өзі шегініп бара жатып, оң қолымен иек астынан қағып қалып, апперкот жасады да, қарсыласынан алыстап кетті. Маған Тайлан ұдайы оң жақ қырымен көрініп жүрді. Біз рингке таяу тұрғандықтан, оның әрбір соққысына даярлануын, көздеген нысанасына дөп тиген жұдырықтың салмағын жақсы байқай алдық. Гонг соғылып, ойынның тамамдалғанын паш етті де, төреші боксшыларды екі бұрышқа жіберді. Тайлан керулі арқанға тақағанда, залдан бір бейтаныс адам орнынан көтерілді. Боксшы қолын бері шығаруы мұң екен, жаңағы кісі жылдамдата былғары қолғаптардың бауларын ағыта бастады. Ол екі қолғапты шешіп, өзіне алып қалды да, Тайлан рингпен жүріп өтіп, екінші шетінен залға түсті. Одан кейін біз оны көре алмадық.

– Оны тауып алайын, – деді Асқат.

– Біз онда Елеусізді алып, үй жаққа бара береміз, – дедім мен.

– Ол кім? – деп сұрады Қуаныш.

– Данайдың інішегі, бокстан спорт шебері, – деді Асқат.

– Оның болашағы зор.

– Данай дұрыс айтады, – деп сөзге араласты Нұр-ғали. – Елеусіз әлі он жетіге толған жоқ.

Асқат жартылай ашық есіктің табалдырығынан аттап, әрі кетті де, қалғанымыз көшеге шықтық. Шыға-берісте Елеусіз Қыдыралин күтіп тұрған. Біз оны ертіп алып, Қабанбай батыр көшесімен “Целинный” кинотеатрына қарай бет түзедік. Жаңбыр сіркірей жауып, асфальт жолдың үсті жылжи ағып жатқан жылғаларға айналыпты.

– Қанша боласың? – деп сауал қойдым мен.

– Білмеймін, – деді Елеусіз.

– Қарағанды жылынды ма?

– Жылынды.

– Азиялық байқауға тыңғылықты дайындалу қа-жет.

– Білемін.

– Абай қаласынан келген жігітті сен ұтып аласың.

– Бәрі солай айтады.

– Сен оған сенетін бол.

– Бұны да білемін.

– Менің роман жазғым келіп жүр. Роман бокс ха-қында да, рэп заманы туралы да, өзіміз жайлы да болмайды. Бірақ, соның ішіне бәрі түгел енетін шығар.

– Жеңіп алатын сияқтымын.

– Мен болған жайды ғана жазуға талпынамын.

– Қазақша ма?

– Иә, роман қазақша болады.

– Сен орысша да жазасың ғой.

– Жазамын.

– Ең күшті жазушы кім?

– Дәл қазіргі ме?

– Иә.

– Маған жазу тәсілі тұрғысынан Ален Роб-Грийе ұнайды.

– Тағы кім бар?

– Габриэль Гарсиа Маркес, Жан-Мари Гюстав Лек-лезио, Милорад Павич.

– Қазақтардан ше?

– Бейімбет Майлин, Мағжан Жұмабаев, Мұқтар Әуезов.

– Замандастарымыздан кімді атар едің?

– Мұқтар Мағауин, Әбіш Кекілбаев, Асқар Сүлейменов, Тынымбай Нұрмағанбетовті. Бокстан Майк Тайсон мықты.

– Бірақ, ол Мұхаммед Әли емес қой.

– Иә.

– Десек те, Майк Тайсон – ұлы боксшы!

– Қайталанбас спортшы, қайраткер тұлға.

Елеусіз екеуміз ел соңында қалып қойған едік. Жұртпен қатарласу үшін жүрісімізді үдете түстік. Жаңбыр себезгілей жауып тұрды. “Целинный” кинотеатрына жеткенімізде, боз жауын оқыс қалың нөсерге ұласқандықтан – жүгіре басуға тура келген. Кинотеатрды сол жағынан айнала беріп, кішігірім тоғайға тап болған біздер – оны қақ ортасынан жарып, кесіп өттік. Байтұрсынұлы көшесінің қарсы қабағына шығып, асығыс күйде, солтүстікке қапылыс бұрылдық. Асқат осы үш қабатты үйдің бір бөлмесінде тұрып жатқан. Біз босағадан көрінгенімізде, төрде Тайлан Топаев әңгіме шертіп отыр екен. Үйге алдымен кірген мен оған тақап барып сәлем бердім.

– Тайлан, – деді Асқат, – Хельсинки қаласында өткізілуге тиіс әлем бәйгесіне Алматыдан аттануға келіпті.

– Данай Байқуаныш.

– Данай боксты жақсы көреді.

– Бокс – ғажап құбылыс.

– Қазір бірінші қабатқа түсіп, сонда аяқты кең тас-тармыз.

– Асеке, шарап келтіртіп әуре болмаңдар.

– Қымыз алдырғанбыз, – деді Асқат.

Тайлан кереуетке шынтақтай қисайыпты. Үстіне бояуы қанық былғары күртеше киіп, бұтына көгілдір рең спорт шалбарын тартқан. Шашы жұқаланып, ұқыпты қысқартылған, көздері сәл қысыңқы, өңі қара торы жігіт екен. Екі иығына екі кісі мінгендей кең – қақпақ жауырынды. Бөлмеде электр шамы жанып тұрды. Сәлден соң, Асқат Тайланмен қатар тізе бүкті де, мен болсам, қарсы төсекке, Елеусіздің қасына жайғастым. Асқат орнынан көтерілді де, қолын созып, балкон есігінің тұтқасын ұстады. Бері жұлқып еді, есік сықырлай ашылып, суық таза ауа лап беріп бөлмеге құйылды. Ол қайыра Тайланның іргесінен орын тепті.

– Барселона олимпиадасында не болды?

– Бағымның жанбағаны да, Асеке.

– Шын.

– Кейін сол зәңгі қалғанын тегіс ұтып алыпты дейді.

– Ә дегенде сонымен кездескенің жүлденің саған бұйырмауына көрінген ғой.

– Өкінішті.

– Осыдан соң, сен боксты тастап кететін шығарсың деп ойладық.

– Егер бұл жолы әлем жеңімпазы атансам, боксты, шынымен, тастап кетемін.

– Бокс денсаулықтың түбіне жетеді.

– Ми жасушаларын зақымдайды. Жаттықтырушы-ларға жеңістен басқа ештеңе қажет емес, қашанда әлі де бағыңды сынап көр деп айта береді. Егер денсаулығымды құртып алсам, мен ешкімге керек болмай қаламын.

– Рас.

– Сонда бүкіл ғұмырым басқаның алақанына телмі-румен өтпей ме.

– Ертең өткізілетін жарыс алаңдатпай ма?

– Алаңдатпайды.

– Рингке шығар алдында қобалжитының бар емес пе.

– Маған бәрібір.

– Әлем деңгейі ше?

– Ол да. Егер маған жаттықтырушым Хельсинки-ге бармайсың дейтін болса, мен қазір-ақ сөмкеме қолғаптарымды салып алып, Қарағандыға еш өкінішсіз қайтып кетер едім.

Табалдырықтан Спандияр аттады да, менің қасыма келіп жайғасты. Сілтідей тынған тыныштық орнап, сырттан себелеп жауған жаңбырдың шуылы құлағымызға жетті.

– Ет дайын ба? – деп сұрады Асқат.

– Дайын.

– Тайлан, астыңғы қабатқа түсіп, қыстан қалған соғым етінен ауыз тиіп, биылғы қымызбен шөл басайық.

Ол үнсіз түрегелді де, шолақ күртешесін жөндеп, босаға жаққа қарай маңдайын түзеді. Жаңбыр шуылы ашық қалған балкон есігінен өтіп бізге анық естіліп жатты. Тайлан кроссовкасына аяғын сұғып, төмен иіліп, бауын күштеп тартты да, күрмеп байлай бастады. Байлап болған соң, басын көтеріп, еңсесін тіктеді, сосын дәлізге шығып – бізді күтті. Мен саламандра төпілиімді киіп, босағадан ұзап, Тайланнан әрі барып тұрдым. Біз баспалдақпен түгел баяу қозғалып, төмен түсе бастадық. Цементтен құйылған кір баспалдақтарда, ұдайы темекі тұқылдары мен қағаз қалдықтары шашылып жататын. Спандиярдың бөлмесіне кіргенімізде, мол дастарқан үстінен түстік. Асықпай ет жедік – қауқылдасып әңгіме-дүкен құрып ұзақ отырдық – салқын қымыздан іштік. Сосын Тайлан қайтуға рұқсат сұрап, ғафу өтінді. Біз оны көлікке шейін шығарып салмақшы болдық. Сыртта оны “Жигули” маркалы жеңіл машина тосып тұрған. Жауын астында қалмас үшін қапыл қоштасқан ол жүгіріп барып автомобильдің арғы қапталындағы есіктен ішке еніп кетті. Бірінші жылдамдыққа қосылған машина баяу қозғала берген.

– Ол – шебер боксшы, – деді Асқат.

Мен басымды шұлғыдым.

– Қайтайын, – дедім.

– Қонбадың ба?

– Маған үйге қайту керек.

– Әлі де шай ішетін едік қой.

– Бүгін бөлмеде ешкім жоқ, аз болса да, бірдеңе жазып көрейін деп едім.

– Елеусіз ше?

– Маған барасың ба?

– Барайын.

Елеусіз бері аттағанда, мен қолшатырды жазып, үстімізді қалқаладым.

– Қашан соғасың?

– Білмеймін.

– Мүмкін, біз де барып қалатын шығармыз.

– Келіңдер.

– Сенбіге келісіп қойдым. Әдемі қыздар.

– Көңілсіздік иектесе, өзім де келіп қайтармын.

– Кіндігің ыстыққа тисін, – деді Асқат Жақанұлы.

Біз қол бұлғастық та, ілгері басып, артымызға бұрылмастан Байтұрсынұлы көшесінің бойына түстік. Жол үстінде автомобиль ағызып келе жатқан. Елеусіз тоқтатып еді, шопыр оңай келісіп, ол алдына мінді де, мен артқы есігіне бет алдым. Асфальт жолмен құйғыта жөнелген машина қонақүйге лезде жеткізді, Жүргізушіге ақысын төледім де, есікті итеріп, тысқа шықтым. Сәл бөгелген шопыр ақшаны мұқият санады да, гүр еткізіп моторға от берді. Біз қонақүйдің ішіне кіріп, дәлізбен шамалы жүріп бардық та, жоғары көтерілген баспалдаққа аяқ бастық. Үшінші қабатқа дейін үнсіз келдік. Шалбарымның қалтасына қолымды салып, кілт алып шықтым да, құлыпты ұңғысына тығып, екі бұрап аштым. Бөлме іші алакөлеңке болып тұрды.

– Айырып-қосқыш қай маңда? – деді Елеусіз.

– Шамды өзім жағамын. Қазір.

Екеуміз бөлмеге кіріп, төпілиімізді шешіп, төрге шықтық. Елеусіз оң жақ қабырғаның іргесіндегі төсекке құлай кетіп, аударылып шалқасынан жатты. Терезеге жақындаған мен ернеуіне шынтағымды тіреп, тысқа көз жібердім. Қапелімде шыны бетінде тамшы пайда болды. Ілініп, кібіртіктей беріп, шалынып кетті. Ылдилап жүзіп, шұғыл төмен ақты, сырғанап барып жиек ағашқа соғылды. Содан кейін, жарық тақтайдың жіңішке сызатына түсіп, бойлай сіңіп, көз ұшынан жоғалды. Қайыра екіншісі ұшып келе жатқан. О да дірілдеп көп тұра алған жоқ. Сынық бояудың тілім-тілім жарықшақтарына тездетіп, шапшаң құйылады. Тоқажыратқышты қосайын деген оймен кейін бұрылсам, Елеусіз ұйықтап қалыпты. Мен қарсы қойылған кереуетке тізе бүктім де, бетімді сипадым. Жаңбыр сыбдыры ақырын естіліп жатыр. Бокста жиырма жасына дейін белгілі бір нәтижеге жетпесе, Елеусіз өмір бойы сол деңгейінде ғана қалады. Мүмкін, былғары қолғапты мүлдем тастап кететін шығар. Яғни, бүкіл ғұмыры зая болады деген сөз. Әлде бокс та, әдебиет те адамның өзі үшін ғана қажет дүниелер ме екен. Өз бақытыңды басқаның тіршілігінен іздеуге болмайды. Мен кішкене қисайып алмақшы болып, көзімді жұмдым, бірақ кірпіктерім айқаспай қойды да, көкейіме әр нәрсе орала берді. Аузымнан кермек дәм білінді. Жаңбыр шуылы қатты естіліп кеткенге елегізіп, басымды көтеріп, терезеден сұрғылт тартқан үйлерге қарадым. Көшеде ақ жауын алаңсыз төгіп жатты. Кеудемде тіршілікті өгейсіген көңілсіздік оянды.

ІІІ тарау

Елеусіз екеуміз “Жұлдыз” кафесінің маңынан түсіп қалдық. Мен жол бастап, ішке әуелі кірдім, төрге таман озып, түкпірде тұрған оңаша үстелді таңдап алдым. Кешікпей, төбесіне ақ жібектен биік тақия қондырған сүйкімді даяшы бізге қарай толықсып жүріп келе жатқан. Біз екі люля-кебаб, саңырауқұлақ пен тұздалған капуста араласқан салат, екі бокал ананас шырынын және шотланд вискиін сұрадық. Өтінішімізді қағазға жазып алған даяшы дастарқаннан қапылыс – тез алыстады. Ол аппақ сазандай сандарын шолақ етектен жарқырата, жартылай ашып көрсетіп, жылдам басып ұзап барады. Сәлден кейін бір есікке басын сұғып, бізге көрінбей кеткен.

– Топаев осында екен, – деді Елеусіз.

Мен ол меңзеген жаққа мойын бұрып едім, екі қыз бен бір жігіттің ортасында жайма-шуақ әңгіме-дүкен құрған Тайлан Топаевты көрдім. Атақты боксшы сол қанатымыздан, үш үстелден кейін жайғасыпты. Екі жағына екі бойжеткенді отырғызып алған ол жүзін біз жаққа қаратыпты. Кенет Елеусізді көзі шалып қалып, қолын жоғары көтерді. Үстіне кешегі бояуы қанық, өзіне жақсы жарасқан былғары күртешесін киген, ақ көйлегіне Пьер Карден қара галстугын тағып алыпты. Салиқалы, байсалды қалпында ол кешегіден гөрі сымбатты көрінді. Әңгіме шертіп отырып бізді тағы байқап қалып, дағдысынша жылы күлімсіреді. Қыздарының біреуі жалбыр, сары шашты орыс, кигені капрон тектес жұқалтаң қара көйлек. Екіншісі орта бойлы қара торы қазақ қызы, ақ блузкамен шырайы ашыла түскен, шашы каре үлгісімен ықшамдалып қиылып тасталған. Манағы даяшы бізді қайыра нысанаға алып, жүріп келе жатты. Жүрісінен шолақ етегі оқыс көтеріліп, жұмыр бөксесін жалаңаштап жібереді. Таяп келіп, биік ұстаған табағын дастарқанға қойып, тәрелкелерді бір-бірлеп түсіруге кірісті. Жайғастырып біткен соң, табағын қолына ала беріп, теріс айналды, сосын найқала басып, әрі жүріп кетті. Біз соңынан қызығып қарап отырдық. Мен вискидің шөлмегін алып, қақпағын сыпырып тастадым. Екі фужерге тең бөліп, мөлшерлеп толтырып қойдым. Қашық тұрған көп үстелдің бірінен түрегеліп келе жатып бір бозбала маған бұрылды да, езуіне күлкі жинады. Олардың үстелін қауқылдасқан сегіз кісі жамырай қоршап отыр. Тұрған адам көгілдір рең спорт кәстөмінде еді, еңсегей денелі, бойы сырықтай ұзын, көкірегі көріктей ірі, қақпақ жауырынды, кең иықты, сары өңді жігіт болатын. Ол бері қарай жүргенде ғана, мен оны бір-ақ таныдым. Қасыма даурығып, қуанып жеткен қалпы айқара құшақтады, дабырлап сөйлеп арқамнан қақты.

– Жоғалып кеттің ғой, – деді ол.

– Боксшылармен жүріп қалдым.

– Кеше біз желөкпе ауқатты топты көп ақшаға қа-рыздар еттік.

– Ұрдыңдар ма?

– Жоқ.

– Айыпты ма еді?

– Біздің жігіттерге “Меруерт” кафесінде біреулер тиісе беріпті.

– Сен бе қарыздар еткен?

– Иә.

– Қазір не істеп жатырсыңдар?

– Бір дәудің пистолетін жоғалтып алдым.

– Ақшасын төле дей ме?

– Кеше кеудемсоқтап екі-үш сарбазымен келіпті, мен аптықтарын басып, жігерін құм қылып, құр қол қайтарып жібердім.

– Омыраулатып қайта келіп жүрмесін.

– Бір күні өлтіріп кетемін дейді, маңдайын жарып, танауын бұзып, мені қорқыту мүмкін емес екенін түсіндірдім.

– Олар ше?

– Өздері қорқып кетті.

– Виски ішесің бе?

– Кішкене құйып беруіңе болады.

Өз фужерімді алдына ысырып қойдым. Мақсұт лезде төңкеріп салды. Шанышқыға қол жүгіртіп, саңырауқұлақтың жарты қалпақшасын түйреп алды да, аузына салып, жей бастады. Өзіме ептеп толтырып, Елеусіз екеуміз шыныларды еппен бір-біріне тигіздік те, жұтып жібердік. Виски өңешімді тіліп барып, кеудеме жетті.

– Бізге барайық, – деді Мақсұт.

– Жарайды.

Орнымыздан жапырыла тұрған үшеуміз үздік-создық тізбектеліп, ұзына жайылған дастарқанға бетімізді түзедік. Бізге тез екі орындық тауып берді де, орыс шарабынан шүпілдетіп қойды. Қарсы тізе бүккен бәденді қыздың маған тесіле қарағанын аңғардым. Табақтағы қуырдақтан алып жедім. Жүзімді жоғары көтерсем, әлгі бәденді қыз әлі көз алмай қарап отыр екен. Ол сыпайы күлімсіреді.

– Сізді бір жерден көрдім.

– Есімде жоқ.

– Мақсұттың танысы боласыз ба?

– Иә.

– Ол – жігіттің төресі.

– Білемін.

– Кеше ол көшеде келе жатып, екі адамды кезек соғып, асқан жылдамдықпен екеуін де баудай түсірді.

– Қос бейбақты да құлатты ма?

– Иә, бір-бірлеп жерге топ еткізді.

– Бекер тиісіпті.

– Біз оның соққысын сынадық.

– Қалай екен?

– Мақсұт кез-келген есерсоқты бір ұрып, етпетінен де, шалқасынан да сұлата салады.

– Кісілігі дүлей күшінен биік еді. Қиянатқа қалай қидыңыздар?

– Ол – жігіттің төресі.

– Оны бәрі біледі.

Әуеге ағылшын тіліндегі баяу әуен тарады. Әуез бірте-бірте күшейе түсті де, шарықтау биігіне жетіп, қалықтап тұрып алды. Бұл Джордж Майклдың барлық хит-бәйгеде алғашқы орындарды иеленіп жүрген күрделі сазы еді.

– Билейміз бе?

– Иә.

– Тұра беруіме бола ма?

– Болады.

– Сіз көріктісіз.

– Рақмет.

Ол түрегеліп, әрі өтті де, би алаңына таман барып тұрды. Мен қасына таяп, оны белінен қапсырдым.

– Есіміңіз қалай?

– Ғанипа.

– Данай.

– Ныспыңыз нені білдіреді?

– Білмеймін. Әйтеуір – Данай. Билеуді жақсы кө-ресіз бе?

– Ұнатамын.

– Бидің соңы әдетте қайда апарады?

– Әр нәрсеге. Кейде қиырға ұзатады, кейде сайға құлатады.

– Қазір ше?

– Қазір ме? Жыраны көріп тұрмын.

– Енді билемейміз бе?

– Неге?

– Жырада қалтарыс, жықпыл көп болады, қауіпті емес пе?

– Ойлы-қырлы, ұңғыл-шұңғыл...

– Дәл солай, қалың жынысты, бұталы, жарлауытты жер. Барымташы қаптайды. Ұры-қары үйірсектеп жүреді.

– Қорқынышты.

– Бытқыл-бытқылда ауық-ауық әупілдек әупілдеп, оқта-текте беймаза бөдене бытпылдықтап, айдын шалқар көлде құс шулап, сосын?

– Кенет ән үзіліп, өзен-суды үрей басты.

– Қыз бала қашып келеді.

– Жоқ. Қыз бала жырадан сықылықтап қашып шықты.

– Яғни, батырмыз.

– Иә!

– Бүгін көрер таңды көзбен атырайық. Бірге.

– Қыдырып па?

– Қыдырып та.

– Түнделетіп?

– Иә, түн қатып.

– Сосын, түндіктеп жапқан аспан етегіне бозамық-танып сызат түскенде, түнемелден қайтып...

– Қылаң берген шақта.

– Бозарып.

– Құланиектеніп.

– Елең-алаңда.

– Яғни, таң сәріде.

– Сызды байқап.

– Түрілгенде.

– Не?

– Қараңғылық сейілгенде деймін.

– Анық.

– Айдан анық.

– Бесенеден белгілі?

– Әмбеге аян.

– Бірақ, әлі күн батқан жоқ қой.

– Баршаға мәлім.

– Әлемге әйгілі.

– Көпке таныс.

– Жария.

– Тағы рас.

– Уақыт талабы.

– Күн жамырап, жарқырап атқан таң – сам жамырап, тоқырап батқан күнге әкеледі.

– Ақиқат.

– Даусыз.

– Шын.

Ойда-жоқта өкшесін көтеріп, ернімнен құмарлана өпті. Не дерімді білмей, мүдіріп, кенет жауаптан тосылып қалдым. Тосын қылық жүрек қылын шерткен әсем күйімізді аударып-төңкеріп кеткендей көрінді. Кеудемде тіршілікті өгейсіген көңілсіздік оянды. Ол дастарқанға қабағы түсіп, жүзі сынып, жүнжіп, құлазып, ақырын басып келді. Қапылыс тобылғы көзін тұнжырата қарады. Қасыма Мақсұт таяды.

– Онымен билеуші болма, – деді.

– Жарайды.

– Бұдан да сұлуын тауып беремін.

– Қажеті жоқ.

– Айдана не бітіріп жүр?

– Университетте, студент.

– Нұрлыбек Асқарұлы айырылмауы керек, кейін ондай көрікті әйел затын ешқашан таппауы да мүмкін.

– Ол бұны жақсы біледі.

– Өзің үйленбейсің бе?

– Маған әлі бір курс бар, келесі жаз ойланып көремін.

– “Тоты құс түсті көбелек” атты роман жазып жатыр деген сен туралы қауесет шығыпты.

– Рас.

– Кітабын қашан көре аламыз?

– Ұзақ күтуге тура келеді.

– Не жайлы?

– Өзіміз турасында, бірақ біз хақында емес.

– Менің мұндай философияны ұқпайтынымды бі-лесің ғой.

– Көне гректердің пайымдауынша, “даналыққа құштарлық”.

– Ол не?

– Философия.

– Әдебиет ше?

– Өнер, меніңше, әсемдікке құштарлық.

– Коньяк ішеміз бе?

– Ішейік.

Мақсұт қарулы білегін созып, шөлмекті ұстап, екі бос рюмкаға толтырып қойды. Екеуміз әлсіз соғыстырдық та, түбіне шейін сімірдік. Кенет соқталдай, еңгезер марқасқа бір қонақ орнынан көтеріліп, тәлтіректей басып, көрші үстелге жетті де, бойжеткен қыз бен бозбала жігіт сораптап отырған коктейль ыдыстарын, кесе-аяқты жеңімен сыпырып, еденге түсіріп жіберді. Шалдыр етіп жерге құлаған шынылар еденге соғылып, түгел сынды. Жөпелдемеде не істерін білмеген бозбала үрейі қашып, оқыс шырайы өзгеріп, бірден қатты сасып, абдырап қатып қалды.

– Қайдар мас болса, жанжал-шатаққа ізденіп жү-реді, – деді Мақсұт.

– Желіккен төбет желге үреді, – дедім.

– Ол не?

– Қазақтың мақалы.

Күлді.

Қайдар бөтен дастарқанға етпетінен сұлапты. Үстелдің екі шетінен тас қып ұстап, аяқтарын жоғары көтеріп жіберді. Бозбала жанжалдың артын күтіп отыр. Қайдар дастарқаннан тұрып, үстін қағып жатып, жігіттің жағасына жармаса кетті. Мақсұт арашалауға тұра ұмтылды. Ол дереу жетіп үлгергенше, Қайдар оң қолын босатып, құлақ-шекеден құлаштап бар күшімен соғып қалды. Жігіт орындығынан сырғып, әрі аударылып, омақаса құлап түсті. Мақсұт Қайдардың қолын артына қайырып, еркіне қоймай сүйретіп, тысқа алып шықты.

– Қорқақ, – деді бойжеткен.

– Кафеде төбелесуге болмайды.

– Оны өзің білесің.

Жігіт басын ұстап отыр.

– Осы үшін сөз жарыстырамыз ба?

– Қорқақ, – деді қайтадан.

Бойжеткен жылдам түрегеліп, оймақтай былғары сөмкесінен дөңгелек айнасын шығарып, түрін ретке келтіріп алды да, шығар ауызға қарай тездете жүріп кетті.

– Сені жақсы көремін ғой, – деді жігіт.

– Оны өзің білесің, – деді қыз бұрылмай кетіп бара жатып.

Қара төпілиінің биік өкшесі тас еденді тықылдатып табалдырыққа дейін жетті де, одан сергек, жеңіл аттап, оң қапталына ырғала бұрыла бере, назардан таса болды. Жігіт көзімен жер шұқып отыр. Манағы тәкаппар кейпінен адасып қалыпты. Байланған галстугы шешіліп, мойнына жай асылып тұр. Самарқау кәстөмінің түймелерін ағытты. Көйлегінің жағасы көтеріліп кетіпті. Біздің үстелге жанарын тіктеген ол, зер салып, тесіле қарап отырды да, қолын үнсіз дастарқанға апарып, орталанған коньяктың шөлмегін ұстады. Өзіне сүйрете тартып, фужерді кенересіне дейін толтырды. Көңілі жүдеп, мұң кешкен оның бидай өңі жадау тартты. Фужерді тастай салды. Ол маған аянышты көрінді. Орнымнан тұрып, үстеліне тақап келдім де, жанына жайғастым. Екі иығы қусырылып, мойны салбырап кеткен. Бозбала көзін төмен салды. Иығынан ұстап, өзіме тартқанымда, ол жылап жіберді. Аққан жас тамшыларын алақанымен сүртіп жатты да, тамағына қайыра өксік тығылып, дауысын шығара егіліп жылады.

– Саған төбелесу керек еді, – дедім.

– Күл-паршасы шықты, – деді ол.

– Қарсы соққы жұмсағанда, бәрі басқаша болар еді.

– Бәрі бітті.

– Қазір ана бұзақыны жекпе-жекке шақыр.

– Енді қайтемін. Енді ештеңе өзгермейді.

– Бұл саған қажет.

– Маған түктің керегі жоқ.

– Ер-азамат емессің бе?

– Білемін, ол мені ұрып тастайды.

– Сонда да.

– Ешкім жабылмай ма?

– Жабылмайды.

– Ешқашан төбелескен емеспін.

– Әйтеуір бір жұдырықтасуға тура келеді.

– Бәрі біткен жоқ па?

– Бұл саған қажет.

Ол үндемей қалды. Есіктен бой көрсеткен Мақсұт бері қарай жылдам басып келді де, бос орындыққа тізе бүкті.

– Қайдар жекпе-жек шығамын дейді.

– Дайын ба?

– Иә. Меніңше, әділі осы.

– Келісесің бе?

– Келіспеймін.

– Неге?

– Біз қамыс арасынан шыққан жабайы емеспіз.

– Ақымақ.

– Мақсұт, тыныш отыр.

– Мұны тоңқалаң асырып жөнімізге кете бергеніміз дұрыс.

– Ойлан.

– Шықпаймын.

– Бұл маған да, Мақсұтқа да керек емес, бұл саған қажет.

– Келіспеймін.

Мақсұт ұшып түрегеліп, екі адым аттап барып, оң қапталына еңкейе берді де, оң жұдырығын сілтеп қалды. Жылдам соққы иегінің ұшынан дөп тиген жігіт әрі қарай шайқалып кетті де, орындығынан сүйретіліп барып, сыпырыла құлады. Мақсұт орнына қайыра сылқ ете түсті. Көлденең жатқан бозбала екі қолымен еденді тірей, көтеріле беріп, қайтадан етпетінен жығылды.

– Бекер ұрдың.

– Шыдай алмай кеттім, Дәке.

– Обал болды.

– Өзі кінәлі.

– Бейшара, бүгін нағыз бейшара болды.

– Кеттік пе?

– Иә.

– Жігіттер қала ма?

– Қалады.

Қауырт жиналып, сыртқа шығып, Мақсұттың машинасына топырлай міндік. Елеусіз, Қайдар үшеуміз артқы креслоға жайғастық та, Мақсұттың қасына сұңғақ бойлы ақ құба қыз отырды. Машина Гоголь көшесімен кедергісіз зырлады. Карл Маркс қиылысына төніп келгенімізде, бағдаршамның қызыл көзі жанып, автомобиль жылдамдығын азайтып, тізгінін шұғыл ірікті. Жасыл түс жанысымен, қайыра ілгері жөнеп кетті. Содан кейін бағдаршамға қарамадық. Абылай хан даңғылына іліге беріп, сол тұсымызға бұрылдық та, едәуір жер тегіс асфальт үстінде құстай ұштық. Маңдай алдымыздан шынылары жарқыраған Ұлттық кітапхананың ғимараты көрінді. Біз Абай даңғылын қиып алуға ұмтылып, басқару тетігін оң қанатымызға айналдырдық. Ұлттық кітапхана сол жақ тұсымызда кейін қалып барады.

– Қайда жол тарттық? – деді қыз орысша.

– Тағы бір кафеге.

– Көп боламыз ба?

– Жоқ.

– Демалған дұрыс еді.

– Қайдағы демалыс?

– Иә, қайдағы демалыс, ғұмыр енді басталып келеді.

– Жетпіс жыл адасып, теріс жүрдік, шын өмір, шұғылалы күніміз жаңа туды.

– Қасымды шырқайықшы!

– “Жас дәурен – гүл жазира қайран жазым!”

– Данайды кездестірмегеніме көп болды.

– Мақсұт, уақытың тығыз болса, қиналмай-ақ жүре бер.

– Брэнди ішеміз.

– Маған сыра ғана.

– Сағат неше болды? – деп сұрады Елеусіз.

– Әлі ерте.

– Мақсұт кеш деп ешқашан айтпайды.

Желтоқсан көшесіне түсіп алған автомобиль “Меруерт” кафесінің іргесіне келіп тоқтады. Мен тысқа шықтым да, бикештің есігін ашып, қолынан ұстадым. Ол қара түсті leggіngs киіп алыпты. Әуелі, оң аяғын шығарып, толықсып иіле беріп – жарқырап толығымен өзі көрінді. Көк торғын жұқа көйлектің етегін белдемшесінің ішіне салмай, leggіngs-тің сыртына жібере салған. Белін жез топсалы қынама күдері белбеумен тартып қойыпты. Ұштары шорт қиылған шашы иығынан асып, арқасына молынан төгіліп, жалаңаш жауырынын тұтас жапқан. Мақсұт машинасының моторын сөндіріп, бері айналып келді.

– Кіреміз бе?

– Көп болмайық, – деді қыз тағы да.

– Көп болмаймыз.

– Қайдарды қайда жібердің?

– Машинада ұйықтап жатыр.

– Тентектерге рақат, – деді ол, – теріс қылығын ар көріп, ұят санап, бейнет кешпейді, сондықтан ұзақ өмір сүреді.

– Құзғын сияқты.

– Шоқжұлдызды айтасың ба?

– Жоқ, жемтік іздеген ұзақ қарғаларды айтамын.

– Ұзақ қарғалар бола ма екен?

– Болады. Машинада ұйықтап жатыр.

Төртеуміз табалдырықтан аттадық та, дәлізбен сәл жүріп, оң қапталымызға бұрылдық. Тар есіктен еңкейіп өтіп, әсем безендірілген кафеге тап болдық. Үстелдер жуан тақтайлардан құрастырылып, әр жерінен оймыштап шебер күйдірілген. Бірнеше оңаша отауға бөліп тасталған әрбір үш үстелге бір ортақ шаңырақтан орнатылған. Малта тастармен көмкерілген қабырғалардың үстінен жылтыр бояу жүргізіліпті. Кафе іші күңгірт. Қаздай тізіліп шұбырып кірген біздер төргі отаудың екінші үстеліне барып кідіріс таптық. Елеусіз бен бикеш үстел басында қалып, Мақсұт екеуміз ширақ басып барып, барға жете іркілдік. Егде орыс бармен күліп қарсы алды.

– Ассалаумағалейкүм, Мақсұт.

– Қазақша біледі, – деді Мақсұт.

– Не аласың?

– Не алуға болады?

– Palіnca, жаңғақ дәні, мандарин шырыны.

– Екі шөлмек Palіnca, бір табақ аршылған жаңғақ дәні, төрт бокал мандарин шырыны және төрт рюмка.

– Анарды қайда тастап кеткенсің?

– “Жұлдыз” кафесіне.

– Мынау кім?

– Елмира.

– Бұрын біз махаббатқа сенуші едік.

– Әлі де сенеміз.

– Рухани бай едік.

– Бірақ, сыртқы кейіптеріңіз тым жұпыны болатын.

– Сталин халықты қалай басқаруды білді.

– Джугашвили – жеті басты айдаһар!

– Жалмауыз.

– Бұл кім?

– Данай. Ұлы гуманист.

– Сталинді қорламасын. Қорлатпаймын!

– Кешіріңіз, Сталин, шынымен, – Жезтырнақ, ол туралы Осип Мандельштам жазған!

– Мен гуманистке құймаймын, кафеден шықсын!

– Бірақ, Сталин тұрақты түрде, құрған жоспары бо-йынша әр тоқсанда жүздетіп адам атқызып отырғаны рас!

– Бүгін сен ішпейсің! Саған құймайды.

– Жарайды, Мақсұт, ішпеймін!

– Данай, оқыдық қой, тіпті, өз қолымен өлім жазасына кесілгендер тізімін толықтырып жібереді екен.

– Мені жазықсыз атылған миллиондардың аруағы мазалайды!

– Сен массың, Данай, қоя тұршы.

– Білсін, біз көсемдерге емес, өзімізге ғана сенеміз.

Қартаң адам төрт аяққа шырын толтырып, бізге ұсына бастады. Тәрелке алып, әрі айналды да, жаңғақ дәнін салып, алдымызға қойды.

– Кеңес Одағы жер шарындағы ең ұлы мемлекет еді, қазір жалған көсемдар жетекшілердің кесірінен сиырдың бүйрегіндей бөлшектеніп кетті.

– Қандай қызық көрдіңдер? – деді Мақсұт екі шөлмекті барменнің қолынан алып жатып.

– Мен ХХІ съезге делегат болғанмын.

Сол сәт Мақсұт мырс етіп күліп жіберді.

– Ыржалақтама, – деді бармен, – біз дүние жүзін өзгерткен жандармыз.

– Екі-ақ мәрте, – дедім мен, – әуелі Ленин үлкен өзгеріс жасады, одан кейін – Горбачев.

– Михаил Горбачевті тарих кешірмейді, – деді егде орыс бармені.

– Қазақтар да, – деді Мақсұт.

Біз үстелімізге оралдық. Мақсұт бөтелкені ашып, төрт рюмкаға шүпілдетіп құйды да, маған сөз берді.

– Елмира үшін, – дедім мен.

Рюмкаларымызды жапатармағай көтеріп қойдық. Сары реңді мандарин шырынынан азырақ ұрттап, алақаныммен уыстап, жаңғақ дәнін алдым. Бір-бірлеп аузымызға салып, бәріміз үнсіз отырып жедік. Мақсұт шөлмекті тағы да рюмкаларға еңкейтіп баппен құюға көшті. Бұ жолы үнсіз төңкеріп тастадық. Төңірек ғажап түске боялып кеткен.

– Көп алып қойдық, – деді Мақсұт.

– Иә.

– Жөнелеміз бе?

– Шаршадық.

– Мың бір түн ешқашан бітпейді.

– Бітеді.

– Ұлы өмір таусылмайды, алайда біз түбінде ғарыштың шаң-тозаңына айналамыз.

– Ұлы өмір де таусылады.

– Қалай?

– Мысалы, Күн өзегіне құлайды. Шексіз сығым-далған бір нүктенің Алапат Жарылысынан туған жал-ғыз перзенті үлкейіп барып қайтадан бір нүктеге сы-йып кетеді.

– Философия сенің түбіңе жетеді, – деді Мақсұт.

– Елеусіз ертең жарысқа кетеді.

– Онда апарып салайын.

– Сөйт.

Төртеуміз көшеге шықтық та, автомобильге таяп келіп, тұрып қалдық. Түн салқын тартып кетіпті. Елмира есікті ашып, салонға кірді де, ішінен жауып алды. Елеусіз артына отырған. Мақсұт қасыма тақала беріп, жауырынымнан құшақтады.

– Сен біреуге сене аласың ба?

– Білмеймін.

– Мені екі досым қиын жағдайға қалдырып, өздері жуырда Алматыдан қашып кетті.

– Бұл заманда біреуге сену қиын.

– Жарты миллион сом тауып беремін деген соң, басқа жақтан ақша іздемеп едім.

– Не болды?

– Педагогикалық институттың үш баласын аңдау-сызда қатты ұрып, мертіктіріп тастаппын.

– Іздеп көрейін.

– Мәселе ақшада емес, – деді ол.

– Заман сондай.

– Заманды ақтай алмаймын, бірақ ол екеуін ешқа-шан кешірмеймін.

– Оларды таяққа жығудың қажеті жоқ.

– Не істеуге болады?

– Ол жағын білмейді екенмін.

Мақсұт машинаның ар жағынан сырт еткізіп есікті ашты. Кафенің табалдырығынан сыртқа аттаған қыз бен жігіт сол қапталына бұрылып, қарауытып кетіп бара жатты. Автомобильдің моторы іске қосылды да, жарығы мол шамдары жанды. “Меруерт” кафесінің алдында түнгі суық ауадан тоңазып тұрған мені бір сәт мұң басты.

ІV тарау

Елеусіз ертеңіне Таиландқа ұшып кетті. Кеш оянған мен түс ауа Жазушылар одағына бардым. “Қаламгер” кафесіне көтерілсем, оң қатардағы үшінші үстелде Қанат Нұрбекұлы бір жас адаммен сөйлесіп отыр екен. Мен таяп келдім де, екеуіне қолымды ұсындым.

– Менің танысым – Данай Байқуаныш, – деді Қанат.

– Әлібек Ақанұлы.

Әлібек Ақанұлы шашын тықырлап алып тастаған. Ақ құба өңін қыр мұрны ажарландыра түскен. Күннен қорғайтын итальяндық қара көзілдірік киіп алыпты. Жазғы кәстөмінің ішінен ақшыл көк жейдеше аңдалады. Ол сұңғақ бойлы, сымбатты көрінді.

– Біздің Әлібек кино өнерімен шұғылданады. Бір фильмнің сценарийін жазып, екіншісін өзі қойып шыққан.

Ол үнсіз. Көзілдірігін төбесіне шығарды да, кеседегі қою қара кофеден кішкене ұрттады.

– Бірінші – әңгіме тақырыбына қалам тарттым.

– “Жалын” журналынан оқыдым.

– Данай Байқуаныш жаңа туындыларды үзбей оқып тұрады.

– Әуелі жақсы әсер еткен Эрнест Хемингуэй еді, кейін Уильям Фолкнер таланты өзіне ұйытып әкетті, – деді ол.

– Камю да мықты.

– Альбер Камю қазақшаға аударылмаған.

– Өкінішті.

– Орысша нұсқасын көп айналдырдым, сан мәрте кино тіліне аударып көрдім, басқа түрге көшіруге келмейді екен, бірақ оқып болған соң, ғұмырға басқаша қарай бастайсың.

– Тегінде, ол Достоевскийден көп үйренді.

– Сэлинджердің “Тэдди” шығармасын білесің бе?

– Оны мұқият оқып шықтым, – дедім.

– Романы да күшті.

– Маркес ше?

– Бабылдың өзіне ұқсас туынды.

– “Жүз жылдық жалғыздықты” айтасың ба?

– Иә.

– Онымен Хорхе Луис Борхес таласа алады.

– Әрине.

– Кортасар да.

– Айтматовтың “Теңіз жағалай жүгірген тарғыл төбет” повесі сол деңгейге жетеді.

– Хемингуэйдің “Шал мен теңізі” секілді.

– Хемингуэйді аласартпа, – деді Әлібек Ақанұлы.

– Ғабит Мүсіреповтің “Ұлпаны” да биік.

– Тағы кофе алайын ба?

– Иә.

Қанат Нұрбекұлы барға қарай лыпи жөнелді.

– Томас Пинчон туралы естідің бе?

– Жоқ.

– Ұлы Томас Пинчон. Ешкім білмейді.

– Тонино Гуэрроны ше, танысып па едің?

– Жоқ, мен Ален Роб-Грийе атты данышпанды көргім келеді.

– Ол тірі, Парижде тұрады.

– Сосын, Милорад Павичті көрсем деймін.

– Павич Белградта, қала бақтарында қыдырып жү-реді.

– Марқұм Джек Керуакты іздеймін.

– Мықты еді, бірақ бағы ашылмады.

– “Опустошение ангелов”. Қазақшаға “Періштелер күйзелісі” деп аударып көріп едім, жаңсақ тәрізді, ағылшын нұсқасы “Desolatіon of angels” деп аталады.

– Мен прозамен біржолата ат құйрығын кесістім.

– Келесі ғасырда әдебиет болмай ма?

– Болады.

– Мен де сол пікірдемін.

– Өзім кетістім. Қазір кино өнері қауырт дамып келеді, экраннан иіс те шыға бастады, кейіпкерді қарсы алдынан да, тура артынан да қатар көруге болады.

– Кітаптың болмысын ештеңе айырбастай алмайды.

Қанат қайтып келді. Қолындағы дөңгелек табақта титімдей-титімдей үш кесе бар. Ол лезде үстелге жетіп тоқтады да, табақты дастарқанға қойып, кеселерді бір-бірлеп тізе бастады. Босаған табақты шетке таман ысырып қойды.

– Кино – өнердің атасы, – деді Әлібек Ақанұлы.

Маған кітаптың қадім дәуірден қасиетті дүние екені туралы ой келді. Әлібек қалтасынан темекі қорабын шығарып, бір талын алды да, аузына салып, шақпақпен тұтатты. Өзінің жалғыздық кеулеген тынық шеберханасында романдарын үнсіз дүниеге келтіріп жатқан мыңдаған белгісіз жазушылар жадыма оралды. Бұрқ етіп түтін үрленді де, биіктей беріп, сақинаға айналып жатты. Бальзак не үшін ғұмыр бойы тынымсыз бейнет кешті, Хемингуэй неге өз жанын өзі қиып, дүниежарықты тастап кетті. Пруст зар құшып, шер тарқатып, уайым шегіп, қайғы жеп, сырын ашқан қападар, шынайы досын – қайдан іздеп еді. Түтін иісі мұрныма жетті.

– Кино неге кітапты ығыстыруы керек? – дедім.

– Өйткені, келешегі зор, өрісі кең, қайраты мол.

– Кітапсыз адам өмір сүре ала ма?

– Өмір сүре алады.

– Білмеймін, – дедім.

Флобер әрбір сөйлемін құдіреттің өзіне айналдырған, Стендаль қалам тартып бір парақ дүние жазу үшін ұзақ түндер бойы жанын қинапты. Қазақтар ескі заманда ұтымды айтылған шешен сөздің жүйесін танып, қадіріне жетіп, қисынына тоқтап, ұрыс даласын тастап кетпеді ме. Әлде адам баласы о бастан қайырымсыз. Кітап оларды әлдиледі, тілсіз ғарышта жан серік болды, бүкіл әлемдік жалғыздықтан қорғады, қара суықта үсіктен сақтады. Кеше оны ақыл-ой меңіреу аспан құрдымында ес көрді. Пана болған кітап еді. Құнарлы азық болған кітап еді. Соның арқасы. Қадірін ешкім ұмытпауы шарт болатын. Әлде адам баласы о бастан қайырымсыз. Адам дегеніміз кім? Кітап қашанда жадына түйіп, көкірегіне тоқыған адамға тең, бірақ кісіден артық емес, зады, жақсыға нақ, қайғысыздан биік. Үстелге қолымды созып, кесенің біреуін алдым да, кенересінен ақырын іштім. Кофенің кермек дәмі тілімді үйірді. Орнына қайыра қойып жаттым. Жым-жырт аспан қай уақыт сырға берік, сырт көзден үнемі жасырынады. Адам кемісін толтырып, олқысын жетілдіре алмайды. Оны кітап жазған. Қайдан адасып келгендерін жұмбақтаған да кітап, тірлік кешіп жатқандар мұратын түсіндіруге талпынып жүрген де кітап, даму жолы қайда апарып соғатынын айтпай қойған да кітап. Әлде адам баласы о бастан қайырымсыз.

– Мелвилл есіңде ме?

– Иә.

– Үлкен кітап жазу үшін үлкен тақырып алу қажет деп, “Моби Дик немесе Ақ Кит” романында жан-жақты қисындай баяндап кетпеп пе еді.

– Шын.

– Сол тұжырымның көңілге бекіген көрікті ойын,

тегі, одан ары өрбітіп, ширата түсетін болсақ, адам-заттың бүгін Құраннан үлкен, Құраннан биік кітабы жоқ сияқты.

– Түсінбедім.

– Құдай ақыл-парасатын бейнетаспаға жазып жібе-ре алмайды.

Әлібек Ақанұлы ойланып қалды. Қолындағы бықси жанған темекісінен түтін шығып жатыр. Қара көзіл-дірігі тықыр шашына асылған қалпы. Дүние жүзінде кітап тағдыры шешілетін бір майдан болуы тиіс. Жаратылыс қазір кітапқа ену үшін жаратылмаған сияқты1.

– Алдын ала пәтуа айтпа, – деді Әлібек.

– Кім біледі, – деп келісе кетті Қанат Нұрбекұлы.

Босағадан Айдана Саматқызы көрінді. Оның кигені балағы тар, қара түсті жұқа шалбар, сыртына жіберген ақ торғын жібек көйлегі мықынын мұқият, бүтіндей толық жауыпты. Аяғында нәшті, өкшесі аласа қара төпіли. Бізге қарай күлімсіреп келе жатқанда ол орта жолда бірінші үстелдегі бейтаныс біреумен бас изесіп амандасты. Айдана Саматқызының қолаң шашы беліне түсуші еді. Қазір оны төбесіне түйіп алыпты. Қолында күн сәулесі өтпейтін әсем шынылы көзілдірік. Ол қасымызға таяп келді де, көзілдірігін омырауы тұсына қыстырып қойды. Мен орнымнан тұрып, оны қолынан ұстап, бетінен сүйдім.

– Сенің осында екеніңді білдім, – деді ол.

– Танысып қоярсың, Қанат Нұрбекұлы, Әлібек Ақанұлы.

– Айдана Саматқызы.

– Жоғары шық, Айдана.

Ол бос орындыққа, Қанатқа қарсы тізе бүкті. Әлібек те, Қанат та оған қарап қалыпты. Екі ғаріп-қасердің жан сарайында не болып жатқанын түсіндім. Талдырмаш ұзын бойлы Айдана уыздай жас еді. Қасымызға отырған сәтте де сол ажарлы, сымбатты қалпын жоғалтқан жоқ.

– Не алайын, Айдана? – дедім.

– Кофе және шоколад, – деді ол бәсең дауыспен.

Түрегеліп, бар жаққа маңдайымды түзедім. Бармен үстелін дымқыл шүберекпен сүртіп жатыр екен. Сүртіп болған соң, жүзін көтеріп, маған қарады.

– Кофе және бір шоколад беріңіз.

Бармен сөреден қораптағы шоколадты алып берді де, кесені ұстап, самауырынан кофе ағыза бастады. Пиаланы толтырып, маған ұсынды. Алып жатыр едім, арқамнан біреу түртті де, мен кері бұрылып, Қанат Нұрбекұлын көрдім.

– Мына қыз кім?

– Айдана ма, менің факультетімде оқиды.

– Кофесін мен алып барсам қайтеді?

– Жарайды.

– Ол қайда тұрады?

– Менде үйінің телефоны ғана бар, – дедім.

– Бересің бе?

– Әуелі өзінен рұқсат сұрайық.

Ол кідіріп қалды.

– Жігіті бар ма?

– Білмеймін.

– Нұрлыбек Асқарұлы ғашық әз қалқа осы ма?

– Өзі біледі ғой.

– Әрине. Өзі біледі.

– Неге қиналдың?

– Жай.

– Меніңше, жай емес.

– Шын, жай. Әншейін.

Үнсіздік орнады. Бар сілтідей тынды.

– Не қапа?

– Шер ме, наз ба, ағаттық па, әлде өткіншек сезім бе, мүмкін, білместік шығар.

– Мазаң қашып... Не болды?

– Айтайын ба?

– Жарайды, айт.

– Несіне жасырайын.

– Иә, жасырғың келіп те тұрған жоқ.

– Айдана маған ұнап қалды.

– Бәріне де ұнайды, – дедім.

Тосыла қарады. Сосын, аузына сөз түспей, қипақтап, біртүрлі дегбірі қашты.

– Кешір.

– Қайтейін?

Мүдіріп көп тұрды.

– Иә, құрыдым.

– Ойыңнан адаспа, есеңгіреме, Қанат, есіңді жи.

– Рас, көргенде, ақылдың көзін байлады.

– Еңсеңді түзе.

– Өзегімді ғашықтық қасіреті жарып барады.

– Ішіңе от түсті.

Қозғалақтады. Кенет шыдамым таусылды.

– Бекерге әуре боп қайтесің. Ештеңе шықпайды. Меніңше, бекер де артық.

– Оны ұмыта алмайтын тәріздімін.

– Жақсы. Онда, ырық бердік.

– Ренжімеші.

– Еркіңе бағындық, ықтиярыңа көндік.

– Кесені мен апарайын.

– Апар.

Кесе мен шоколадты ұстаған ол алға озды. Мен артынан кешеуілдеп, жайбарақат, асықпай басып келдім. Айдана Саматқызы Әлібектен көзін алмаған күйі кофеден ұрттады да, шоколадты шетінен тістеді.

– Фильм адамның рухани тозған заманы туралы, – деді Әлібек Ақанұлы.

Орныма жайғастым да, кесені алып, ернеуінен жайлап іштім.

– Маған шығармашылық халқы қызықты, – деді Айдана.

– Әлемде қолтаңбасы айқын, қайталанбас он айтулы режиссер бар. Фрэнсис Форд Коппола, Микеланд-жело Антониони, Федерико Феллини, Андрей Тарковский, Бернардо Бертолуччи, Жан-Люк Годар, Франсуа Трюффо, Пьер Паоло Пазолини, Стэнли Кубрик…

– Зады, Коппола – данышпан.

– Киноға түскің келе ме?

– Ойланып көрмеппін.

– Негізі, Ким Бессинджер біз сықылды бастапты.

– Мені, шын, Мэрилин Монро тағдыры қызық-тырады.

– Қасіретті тағдыр.

– Ешкімге ұқсамаған жан иесі нағыз жұлдызға айналады.

– Монроның өмірі – қаталдық пен жалғыздықтың құрбаны.

– Иә, – деп келісті Айдана.

Түкпірдегі үстелден Әмір Қайратұлы мен Сағындық Иманұлын көзім шалып қалды. Қасында тағы, жанары – ботаныкі, шашы ұзын бір қыз жүрді.

– Қазір ораламын, – дедім.

– Данай Байқуаныш достарын байқап қалды, – деді Айдана.

– Оларды мен де танимын, – деп сөзге араласты Қанат.

– Екеуін де түсіне алмаймын.

– Әмір Қайратұлы тамаша ақын болады.

– Сағындық ше?

– Ол да.

– Екеуін де түсіне алмаймын.

Тұрып кетіп қалдым. Жақындап қелген мені аңғарып, олар орындарынан көтерілді. Әмір қарсы жүріп, мені құшақтады.

– Дәке, армысыз, – деді ол қуана сөйлеп.

Одан соң, Сағындық Иманұлы көкірегіне басты.

– Төрлет.

– Әмірдің өлеңі жарық көрді.

– Ол түбінде бәрімізден озады.

– Дәкең қалжыңдап тұр, – деді Әмір Қайратұлы.

– Жоқ.

– Дәкеңдікі – қаланың прозасы.

– Әйтеуір жаңа пәлсапа, тың машық деп, Әмір бәрімізге мақтайды.

– Роман туралы естіп жатырмыз.

– Бастадық.

– Дәулеті қайтқан ауыл жайлы бірдеңе бар ма?

– Иә, туған жерден бақ тайды.

– Барлығымыздың тегіміз қырдағы, алқа-қотан қон-ған ауылдан, – деді Әмір.

– Жақсы айтылды.

– Киіз туырлықты қазақ тек қана кең байтақ жазық өңір қыр далаға жарасады.

– Ойлауы – ат шаптырым, тіршілігі – түйе сойғандай.

– Кестелеп жатқан сөзін қара, – деді Сағындық, – тәуір қаламгердің толғамы.

Олар брэнди ішуге енді отырыпты. Қақпағы сыпы-рылмаған торсықтай шөлмек дастарқанның бұрышында тұр. Қыз маған сыпайы жымиып, орнынан көтерілді.

– Сағындықтың бәйбішесі.

– Дәкең әлі көрген жоқ, келінің осы кісі.

– Гөзәл Даниялқызы.

– Ұйғырдың бір аруына қол жеткіздік.

– Отыр, Дәке. Омар Һайям, Мағжан, Қасым, Мұқа-

ғалиды оқып, бал ма, у ма, брэндиден сілтеп жібе-рейік.

Әмір үш рюмкаға да шүпілдете құйып қойды. Өз рюмкасын қолына алып, шашын кейін қайырып тас-тады да, маған қарады.

– Алғашқы сөз Дәкеңдікі, – деді.

– Кез келген шытырман детективтің түйіні бір-ақ жолмен шешіледі екен: ешқашан достарыңды орта жолда тастап кетпеңдер.

– Сол үшін.

Рюмкадағы шарапты жұтып салғанда, брэнди тілімді ашытып, өңешіме жетіп, жыртып өткендей болды да, кеудемді қыздыра бастады. Тәрелкеден қияр салатын шанышқымен алып жедім. Бері қарай Қанат Нұрбекұлы жүріп келе жатты.

– Отыр, Қанат, – деді Әмір.

Түгел амандық сұрасып шыққан қападар ол менің жаныма таяды. Оған толтыра құйды, Қанат тұрған беті тартып жіберді.

– Данай, жеке сөйлесуіме бола ма? – деді ол.

– Болады.

Екеуміз алыстап барып тұрдық.

– Әлібек Ақанұлы тобықтан қаға береді.

– Әлібек Ақанұлын жақсы білмеймін.

– Айдананы алып шыға алмайсың ба?

– Қанат, не болды саған?

– Қайтсем, дұрыс?

– Білмеймін.

– Бекер көрген екенмін.

– Қамықпа. Өзің осыншалықты күйрек пе едің.

– Өзегімді тілді.

– Егіле берме, қой енді.

Көзінде жас пайда болды.

– Айыпқа бұйырма, кешір, жан қалқа. Қолымды созып едім, бірақ жетпеді.

– Боркемік, жасық болма, Қанат.

– Кешір мені, Данай.

– Қайраттан.

– Кешір мені, Данай.

Ол сәл бөгеліп тұрды да, тез құшақтап, әрі айналып, жылдам басып кетті. Мен дастарқанға бардым. Әмір, Гөзәл және Сағындықпен қош айтыстым да, өзіміздің үстелге келдім. Үстел басында Айдана ғана отырды.

– Әлібекпен кете берейін бе?

– Иә.

– Жақсы жігіт.

– Ұнаса, болды.

– Ертең сені қайдан тауып аламын?

– Білмеймін.

– Өзің телефон шаларсың.

– Жарайды.

– Шілде туысымен Ыстықкөлге кетемін.

– Ыстықкөлде рақат қой.

– Менімен барғың келе ме?

– Ойланып көрейін.

– Пансионаттан орын дайындатып қояйын ба?

– Шілде айында ма, мүмкін, өзім де табармын.

– Ол тыста күтемін деген.

– Бара беруіңе болады.

– Романда мен туралы жазасың ба?

– Жазуым мүмкін.

– Кеттім.

– Сау бол, Айдана.

– Bye-bye2.

– See you later, darlіng3.

Ол ақырын түрегелді де, мені бетімнен сүйіп, шығар есікке бет түзеді. Босағада соңына бұрылып, сәл күлімсіреді, маған қолын бұлғады. Ілгері жылжыды да, табалдырықтан аттап барып, көз ұшынан жоғалды. Мен суып қалған кофеден іштім. Есіктен Қанат Нұрбекұлы бой көрсетті. Теңселе жүріп, қасыма келіп жайғасты.

– Бәрі құрыды, – деді ол.

– Өмір алда, құрыған дәнеңе жоқ.

– Қиянат шықты, әділетсіздік жеңді.

– Таусылма, Қанат.

– Қызық бітті, ғұмыр тұйықталды.

– Басқасы да жетеді.

– Айдана, қайран Айдана!

– Жар есігін бермеді.

– Бағым тайды, ризық бұйырмады, ырысым шай-қалды.

– Нәсіп те, несібе де өз қолыңда.

– Қолымнан ештеңе келмейді.

– Келеді.

– Енді қайттім?

– Махаббат пісіріп жатқан ас сияқты, кейде дәмсіз болады.

– Әдемі қыздар неге маған көңіл аудармайды.

– Қанат, жылағаның не?

– Олар мені көздеріне ілмейді, ал олар үшін мен өмірімді қия алар едім.

– Жылауға болмайды деймін, Қанат.

– Бәрі құрыды.

Қанат жүзін көкірегіме тығып, тоқтаусыз жылай берді. Қапыда, мен оны аядым. Оның жеңілтек, алыпұшпа, қаңылтақ мінезі, әдетте, жиі опық жегізіп, үнемі ойда-жоқта өкінішке ұрындырады. Зады, ол, тіпті, пасық та, күншіл де, жаман адам да емес. Ол – өте кішіпейіл, аңқылдақ, қайырымды жан. Тек қана ылғи күйкі тіршілікте жолы болмай жүреді.

Ү тарау

“Спартак” кешеніне уақытынан ерте келдік. Біз кіргенде, бокс залында ринг даяр болатын, өрімді жуан арқандар төрткілдеп алаң құрап – төрт қанатынан сымдай тартылып, керіліп тасталған. Төр жақтан қазылар алқасы ұзын үстел мен бірнеше орындықтар қойып, қаздай тізіліп отырып алыпты. Топырлап босаға тұстан, рингтің бергі қапталынан тегіс ірге тептік. Қапталдағы төрешілер орындарына барып жайғасты да, бүгінгі жарысты ұйымдастыру тобының жетекшісі кіріспе сөз айтты. Біз ештеңе тыңдаған жоқпыз.

– Мен боксты өмірімде бірінші рет көруге келдім, – деді Айдана.

– Маусымның аяғында не күзде Ұлттық университетте бокстан қалалық жарыс өтеді.

– Жуырда Данай екеуміз Ыстықкөлге барамыз.

– Тамыз айы қолайлы шығар.

– Шілде айында үлкен қалада берекеміз қашпай ма?

– Жоқ, қашпайды. Бірінші, Асқаттың дипломын жууға Қарқаралыға аттанамыз, сосын, “Азия дауысын” көріп, Медеу шатқалында сауық құрамыз әрі сол айдың төртінші жұлдызында Азамат Болатұлының үйлену тойы бар.

– Шілденің басында Ташкентке жүремін.

– Тамыздың тоғызыншы жұлдызына дейін келетін шығарсың.

– Иә.

– Сонда кетеміз.

– Тегінде, биыл салт басты, сабау қамшылы бойдақ өмірдің соңғы демі, ақырғы салтанаты ғой, келесі жылы саған үйленуге тура келеді.

– Рас, әжем шөбересін көріп қалсам дейді.

– Үйленуден неге қорқасың?

– Қорықпаймын. Маған жаңа өмірді бастап кету қиын емес. Бірақ, бас құрап, тұрмыс құрғанша, романды аяқтап қойсам ба деймін. Бұл менің алғашқы және соңғы кітабым болады.

– Кейін ше?

– Кейін әдебиетті тастап кетемін.

Айдана рингке әдемі қой көздерімен көңілсіз тесіліп тұрды. Ол қайыра төмендеп, орнына тізе бүкті де, жабырқап, қападар жүзімен таңырқап қарады.

– Неге?

– Өзім де түсінбеймін. Бірақ, бәрібір, ештеңе жазбайтыным анық.

– Әдебиет қажет емес пе, оқырман қауымға, қалың елге.

– Сен кітап оқисың ба?

– Агата Кристи, Борис Акунин, Харуки Мура-камиді.

– Әрине, жұрт Агата Кристи, Борис Акунин, Харуки Мураками тәрізді қаламгерлерді іздейді, ал Джеймс Джойс, Франц Кафка, Уильям Фолкнер сияқты даныш-пандардың шығармасының бетін де ашпайды.

Бас қазы алғашқы жұпты хабарлап, рингке төреші шықты да, қапталдағылармен сөйлесіп жатты. Қызыл бұрыштан Марат Қасымұлы көрінді. Ол арқанды шапшаң жоғары көтеріп жіберіп, оңай аттап өтті де, қолғаптарын төрешіге тексертіп алды. Көк бұрыштан Жақып Берікұлы көтерілді. Марат Қасымұлы республика дәрежесінде отыз жекпе-жек өткізіп, оның жиырма төртінде жеңіске қол жеткізген, екеуін тең аяқтаған, төртеуінде жеңіліс тапқан. Жақып Берікұлы жиырма бес мәрте рингке көтеріліп, он тоғызында мерейі үстем болған, қарсыласынан, жалпы, үш дүркін жеңіліпті, қалған екеуара кездесулерде бәйгені тең бөліскен. Гонг соғылды да, боксшылар қолдарын түзеп, бет-жүзін қалқалады. Былғары қолғаптар кеудені де бүтіндей толық қорғайды. Марат екі аяғына кезек салмақ түсіріп, сол қолымен үш мәртебе тік соққы жіберді. Үшеуі де қорғанысқа кезігіп, межелі жеріне дарымай, пайдасыз бос қайтты. Жақып қарымталап, қайтара соқпады, қос жұдырығымен жүзін бүркеп, шегініп кете берді. Қайыра сол қапталдан қысқа хук жасалды да, Жақып қапылыс жалтарып, солға лықсыды, қардай жауған көп соққыдан теңселе қашып, ақыры сытылып шыққан бойда көкіректен ұрды. Екінші қолы құлақ-шекені сырып өтті. Марат арпалысып, жанталаста аптыққан жүрегін, алқынған демін клинчте айқасып тежеп алғысы келді. Жақыптың білектерін қолтығына қысып, сосын екі иығына асылып, ауа жетпей ентігіп, тұншыққан өкпесіне тыныс беруге тырысты. Жақып қолдарын биік көтеріп, самайынан екі мәрте соққылап жіберді. Соққылар қатты болған жоқ, тек тынығып алуына кедергі жасады. Төреші оларды екі айырып, жекпе-жекті тоқтатып тастады. Екеуі бір-бірінен алыстаған соң, ұрысты қайта бастауға рұқсат етілді. Марат билей басып, аяғын ілгері тас-тай беріп, бүкіл иығымен тұтастай алға жұлқынып, сол жұдырығын шапшаң сілтеп қалды. Жұдырық бетін қорғалап жүрген екі былғары қолғаптың берік қорғанысын бұзып-жарып өтіп, аузы-мұрнына бүтіндей қатты соғылды. Жақып ту сыртына қайқайып барып, шалқақтап кетіп қайта түзелді. Ол есін жиып үлгермей, іле-шала иектен дөп тиген апперкот келді, қапылыста Мараттың оң қолы бері суырылып, қысқа шеңбер сызған бойда құлақ-шекеден ауыр хук тастады. Нокдаун белгіленді. Боксшыға қадалған төреші саусақтарын бүгіп, мұқият санауға көшті. Тоғызыншы секундта Жақып жекпе-жекті жалғастыруға басын шұлғып келісімін білдірді. Олар бір-бірін аңдып, шаршы алаңды айнала жағалап, бұқпантайлап ұзақ жүріп қалды. Гонг соғылып, қос боксшы екі бұрышқа тарасып кетті. Қаптал шетке ауық-ауық шығып кете берген Жақып мезгіл-мезгіл көз алдымызда көлденеңдеп ойқастай берді. Бәріміз спортшылардың әр қимыл-қозғалысын бірінші қатардан анық көріп отырдық. Гонгтың шыңылтыр дауысы естілді. Екеуі ортадан алыстап, қарама-қарсы екі жақ шетте әлсіз секіріп тұрған. Іле бір-біріне жақындап, әсем ырғалып, билей жөнелді. Марат Қасымұлы рингте басымдылығын айқын танытып жүрді. Ол әдейі тасаланып, жорта екі иығын кезек қозғап, сол қолын сілтеп қалып еді, қорғаныс иектің деңгейінде адасып, жұдырық маңдайды жеңіл сипап өтті. Дененің бар салмағы соққыға түскен жоқ. Қайыра екі-үш дүркін оңды-солды теңселіп, оң қапталына бұға берді де, қайтадан жоғары көтеріле тік соққы жұмсады. Жақып былғары қолғаппен самайын жапқан еді. Жұдырық сәтті алдап, тұмсықтан еркін соғып өткенде, мұрнынан қан сау ете түсті. Ұрысты дереу тоқтатқан төреші айналасына жалтақтап қарап, біреуді іздеп, төңірегін шолды. Залдан сүлгі ұстап бір дәу қара шықты да, Жақыптың мұрнынан сыздықтап тамған қанды мұқият сүртіп алды. Ол келген ізімен кері қайтты. Рингтен түскен соң, төреші қолын сермеді. Марат екі аттап барып, төмен иіле беріп, оң жақ құлақ-шекеден хук тастай сала, сол қолымен тік соққы бағыттады. Жақып жылдам шегініп кетті. Марат алдыға сәл жылжып еді, ол тағы шегінді. Зады, енді ешқандай жақсы боксты күтуге болмайды. Кеудесі басылып, беті қайтқан талайсыз боксшы күтпеген жерден тірі былғары қапшыққа айналады. Тез қимылдаған Марат соққылар кезегін түйдек-түйдегімен жаудырды. Жақып бетін жа-уып, шұғыл еңкейіп қалды. Соққылар тізгінінен ығысқан оны Марат жантаңдап барып, жақ сүйектен перді, есеңгіреп, талықсып кеткен ол бетін ашып алды. Қапелімде аңырып, тұманданған қос жанарды байқадық. Қорыққанынан есі шыққан Жақып ойда-жоқта жеңілгенін мойындап, жекпе-жектің тағдырына мойынсынып, ырқына біржолата көнген тәрізді. Үрей қонған әлпетті сол қол батыра түйіп жіберді. Әлемтапырық кескін соққы дарығанда қалай бейшара түрге еніп, суы қайтқан темірдей жасып, лезде өзгергенін анық көрдім. Кенет оны аядым. Ол тап қазір паң, тәкаппар, кердең мінезден арылған еді. Момын, монтаны күйде жәудіреп қарап, әлсіз қалтырайды. Марат раундты ерте аяқтамақ оймен салмақтап ұрды. Бұл жолы оң қолы сол жақ бетінен тиді. Жақып көздерін жұмып қалды. Келесі соққы иектің ұшынан дөп келді. Жақып Берікұлы артқа қарай бір адым шегінді, сосын жарты адым алға аттады, қапылыста гүрс етіп етпетінен шұбатыла жығылды. Марат Қасымұлы апперкот жұмсаған орнында тұрып қалған еді. Теңселіп кеткен зал алабөтен толқып, шуласып кетіпті. Екі адам рингке көтеріліп, Жақып Берікұлын қолтықтап алды да, бұрышқа әкеліп отырғызды. Біреуі мойнына асқан сүлгісін жылдам шешіп, жүзін сүртіп, оқтын-оқтын самалдатып желпіп қойды. Ол тер басып қайта-қайта жыпылықтата берген көзін төмен салды. Кеудесінде өзегін тілген қандай күйініш барын түсінемін. Ол жылаған жоқ. Бірақ, – бағып, торып, аңдыған жұрт назарынан жасырынып, киім айырбастайтын бөлмеге кіріп алған соң, жалғыз отырып тамағына кептетілген көз жасына ерік беретіні сөзсіз. Ел Мараттың есімін айқайлап, айтып қалып жатты.

– Маратпен таныстырасың ба? – деді Айдана.

– Таныстырайын.

– Қалай Жақып Берікұлын быт-шыт қылды.

– Ол бір сәт тауы шағылып, жігері құм боп, суы қайтқан темірдей жасып қап еді, сенімсіздік меңдеп, қайратынан айырылып қалды.

– Бекер қорықты, – деді Асқат Жақанұлы.

– Маған соққыдан жалтаруды көп қайталаған жөн шығар, – деді Нұрғали.

– Сен де жиі дағдарып қаласың, – деді Асқат.

Төреші Марат Қасымұлының қолын жоғары көтерді. Артынан екі боксшы бір-бірін кезек-кезек құшақтады да, екі бұрышқа тарасып кетті. Біз түгел киініп-шешінетін залға бет алдық. Душ қабылдап шыққан үш боксшы жалаңаш бөкселерін сүлгімен орап алып, жұдырықтарымен ауаны сермесіп тұрды. Залға әуелі Марат Қасымұлы кірді. Оны ұрысқа да-йындалып жатқан екі жігіт қолын қысып құттықтады. Асқат Жақанұлы бізді бастап, Мараттың қасына апарып иірді. Ол күлімсірей қарады.

– Керім шықты, – деді Асқат.

– Бірінші раундта ол табандылық көрсетіп еді.

– Сенің тегеурінді апперкотың жібермеді.

– Рақмет.

– Танысып қой, Данай Байқуаныш, мынау – Айдана Саматқызы.

– Айдананы үзілісте көріп отырдым.

– Маған күрестегі мінсіздігіңіз ұнады.

– Айдананың өзі байқап қалған соң, біздің де сенуімізге тура келеді, – деді Асқат.

– Сендерді кафеге шақыра аламын.

– Барамыз, – деді Айдана.

– Бүгін реті келмес, ертең кешкі жетіде “Нәзікте” кездесейік.

– Данай, бара аласың ба?

– Иә.

– Данайдың барғаны дұрыс, кейін ол бар жайды тегіс жазып шығады, – деді Асқат.

– Онда, игі жақсылар, осыған тоқтадық. Мен ертең күнібұрын қам жасатып, бокстың шын жанкүйер қауымына дастарқан жайғызып қоямын.

– Нағыз боксшы асжаулық жабатын болды!

Марат сөмкесін алып, душ қабылдайтын бөлмеге қарай беттеді. Біз теріс бұрылдық. Жолшыбай ұзын сәкінің шетіне тізе бүгіп, қолымен жүзін қымтаған біреуді көрдік. Балағы тізеден келетін бокс шалбарымен отыр, кеудесі – жалаңаш. Біз оны танымадық. Тысқа шыққан соң, Асқат оның Жақып Берікұлы екенін айтқан.

ҮІ тарау

Қабанбай батыр мен Ленин даңғылы қиылысына таксимен жеткен Асқат Жақанұлы екеуміз сәл аяңдап барып, кафенің алдына келдік. Ішке кіргенде, төргі түкпірде, шағын үстелде Марат Қасымұлы мен Айдана Саматқызы сөйлесіп отырды. Марат өңіріне екі қатар түйме қадалған кең жағалы қызыл түсті кәстөм киіп алыпты. Мойнына қызыл реңге ақ бұршақ шашылған галстук байлаған, шашын кейін қайырып, бальзам жағыпты да, сәнін сақтатып, ұстатып қойыпты. Ол қара торы, жанары өткір, қыр мұрынды жігіт. Алдыңғы бір күрек тісі алтынмен қапталған. Сол құлағының бөбешігінде дөңгелек алтын сырға ілініп тұрды. Айдана бізге ту сыртын бере жайғасқан – жақындап қалғанда, ол бері бұрылды да, мені көріп, жылы күлімсіреді. Қолаң шашы тұтас оң жағына қайырылып, самайын толық жапқан. Үстінде ақшыл қара көйлек, кесе-көлденең көк сызықтар жүргізілген, ал жеңі қою қара жібектен тігіліпті. Көйлектің етегі тізесіне жедеқабыл қиылған екен, ерекше жұқа қара шұлық оқтаудай жұмыр ұзын аяқтарын нәзік көмкеріп, түр-тұлғасы ажарланып, сүйкімденіп тұр. Асқат екеуміз Айдананы бетінен сүйдік те, Маратпен қол алыстық.

– Мені іздедіңдер ме? – деп сұрады Айдана.

– Иә.

– Біз көшеде кездесіп қалдық.

– Шампан алайын ба?

– Марат, шоколад та ала сал.

– Данай, не ішесің?

– Шотланд вискиі “Джон бар”.

– Асқат ше?

– Мен алкоголь сусындарына жоқпын.

– Шырын алайын.

– Иә.

– Және қалбырдағы “Holsten” сырасынан үшеу ал, – деді Айдана.

Марат орнынан тұрып, барға қарай жүрді. Әрі кетіп бара жатқан ол сымбатты көрінді. Бойы сұңғақ, арықша келгендіктен, кәстөмі жарасып-ақ кетіпті. Барға таяп барды да – барменмен шүйіркелесе бастады. Айналаға “Ace Of Base” тобының әуені тарады. Біз үнсіз отырдық. Көңілімізге тамаша әуез шақырған ынта-жігер, құлшыныс, шабыт келеді. Марат шампан мен виски шөлмегін ұстап қайтып келе жатты. Ол тақап қалғанда, мен орнымнан түрегеліп, екі бөтелкеге қолымды создым.

– Отыра бер, Данай, – деді ол.

– Боксшылар даяшылыққа да ғажап, – деді Асқат.

Марат езу тартқан. Ол қайыра барға кетті. “Нәзік” кафесінде көтеріңкі көңілмен отырған біздің даяшымыз мықты боксшының өзі болды.

– Нұрлыбек Асқарұлы қайда? – деді Асқат.

– Мәскеуде бір шаруамен жүр.

– Оны көрмегелі қашан, – деп күле сөйледі Айдана.

– Сегіз қырлы, бір сырлы жігіт.

– Дау жоқ, – деді Асқат.

– Ол шағын серіктестік ашпақшы.

– Жалпы, айрықша қабілеті таңғалдырады.

– Кезінде маған есеп шығаруға жәрдемдесіп еді, біз сонда танысқанбыз.

Марат дастарқанға табақпен үш “Holsten” сырасын, төрт тәрелке майға қуырылған саңырауқұлақ, қырыққабат және қияр араласқан салат әкеліп, бір-бірлеп қойып жатты. Сыра мен тіске басарларды үстел үстіне түгел жыпырлатып тізіп қойған ол табақты алып, қайта кетіп қалды.

– Маған кеше бір пысық, іскер адам сөз айтты.

Айдана әлсіз күлімсіреді.

– Ғашық болып қалыпты.

– Сен ше?

– Қымбат ресторандарды атап шықтым, сосын са-уалыңызға мән беріп, ойланып көремін дедім.

– Келісті ме?

– Келісті. Бірақ, әуелі Қырымға барып, бір апта қы-дырып келейік деді.

– Жақсы.

– Бұған келіскен жоқпын.

Үстелге қалбырдағы жүзім шырыны, қомақты қораптағы шоколад, төрт фужер, бір рюмка және төрт шанышқы келді.

– Телефон соғамын деген.

– Пысық іскер жайында ма? – деп езуіне күлкі жинады Марат.

– Иә. Мені машинасымен үйге дейін апарды.

– Қалай қоштастыңдар?

– Қызық. Бетімнен үш мәрте сүю үшін – үш анекдот айтты.

– Күлкілі ме?

– Білмеймін. Мен тыңдаған жоқпын.

– Қайтіп?

– Күле беріппін.

Бәріміз ду күліп жібердік.

– Айдана үшін тост, – деді Марат.

Лезде шампанның тығынын атып, өзіне және Айданаға көпірте құйып қойды. Маған “Джон бар” вискиін толтырды. Біз ішіп салдық. Виски өңешімді қуырып, кеудеме жайлап тарап, көкірегімді жылыта бас-тады. Шанышқыны алып, туралған саңырауқұлақтан түйреп жедім. Майға шылқыған.

– Сүйген соң тағы үш анекдот айтамын, уағда орындала ма деді. Мен енді алтау деп жауап бердім.

– Ол ше? – деді Марат.

– Есіне ештеңе түсіре алмады.

Бәрі қыран-топан болды. Кеудемде тіршілікті өгейсіген көңілсіздік оянды. Өзіме ептеп виски тамыздым да, екеуіне шампаннан тең бөліп құйдым.

– Айдана үшін, – деді қайтадан Марат Қасымұлы.

Маған оның өзі кешегі сол іскер егде адамға ұқсап бара жатқандай көрінді. Ол қазір Айданаға ұнамай қалады.

– Мен үшін емес, – деді Айдана.

– Достық үшін, – дедім мен.

– Айдана үшін ғана ішемін, – деді Марат.

– Данай Байқуаныштың жазылып жатқан романы үшін, – деп күлімсіреді Айдана.

– Жосықсыз, жөнсіз ұсыныс, келіспеймін, – дедім, – бұл роман иесінің жеке өз шаруасы. Мүмкін, жазылып жатқан түк те жоқ шығар.

– Оны ренжітіп алдық.

– Саған ешқашан ренжімеймін.

– Данай достық үшін ішемін деген.

– Асекеңнің айтқаны болсын.

– Айдана үшін ғана ішемін.

Ешкім үндемей қалды да, аяқастынан барлығы күлкіге тұншықты. Кеудемде тіршілікті өгейсіген көңілсіздік қайтадан оянды. Рюмканы алдым да, төңкеріп тастадым. Тамағымды жыртып өтіп, кеудеме жетті де, бойымды қыздырды.

– Қазақстанның ең күшті боксшысы Тайлан ба?

– Жоқ, – деді Марат.

– Сол.

– Асқаттың байыптауы қата.

– Топаевтан шебер ешкім жоқ.

– Қанат Шағатаев.

– Одан Топаев озық еді.

– Енді шықса, соңы басқаша болады.

– Сенбеймін.

– Кейін Елеусіз Қыдыралин түгел ұтады, – дедім.

– Белгісіз, – деді Марат.

– Топаевтың жолы болмай жүр, ол ертеде Самсонов пен Акопханянды жеңген.

– Білемін.

– Нұрлан Қалыбаев ше?

– Дауыл.

– Бектастың болашағы зор.

– Әубәкіровтің, де.

– Жақында Елеусіз Таиландқа кетті.

– Естідім.

– Оның ағасы – Бауыржан да боксшы.

– Інілері де.

– Тағы бір боксшы ағасы – Секенай.

– Спортшы әулет.

– Боксшылар мәдениеттен тыс, – деді Айдана.

– Барлығы хақында болса, жаңсақ пікір.

– Көбісі.

– Серік Қонақбаев жақсы сұқбат бере алады.

– Олар тұрпайы келеді.

– Мүмкін, – дедім.

– Бикештермен сыпайы, мәдениетті сөйлесуді біл-мейді.

– Бірақ, олар – адамзаттың ең шынайы бөлігі,– дедім.

– Шын.

– Өтірік айта алмайды, екі сөйлегенді жаратпайды және мехнатқа төзімді, бейнетқор.

– Жанкешті ағайын.

– Өмірдің қадіріне жетіп, ажалдың құрметін көрген, нар тәуекел халық, тіршіліктен сауал тапқан, бақидан жауап іздеген.

– Әркімнің басты мұраты сол – тіршіліктен ұлы мақсат таба білу, – деді Асқат.

– Кітаптардағы ақиқат өзгелерден гөрі жақынырақ және өзгелерден гөрі алысырақ.

– Ұнамайды деген жоқпын.

– Берілді, – деді Асқат.

Марат Қасымұлы шөлмектерді қайыра қолына алып, ыдыстарды ернеуіне дейін шүпілдетті. Біз тағы сімірдік.

– Toіlettes4 қай маңда? – деді Айдана.

– Toіlet5? Мен көрсете аламын, – дедім.

Екеуміз босаға жаққа бет алдық. Кафе іші Chrіs De Burg әуеніне бөленіп тұрды.

– Ол маған қызықты емес.

– Бірақ, жақсы боксшы.

– Оны бірдеңе қылып, Асқат алып кетсін, әйтпесе маған жабысып, қалмай қойып жүрер.

– Сөйтеді.

– Қонаққа барасың ба?

– Қайда?

– Маған.

– Кім болады?

– Ешкім.

– Шыққаннан кейін көреміз.

– Сессия қашан еді?

– Басталды.

– Қарқаралыға бара алмаймын, анам ауылға жібер-мекші.

– Тойға ше?

– Барамын. Қазір әжеме көмектесу керек.

– Әрине.

– Өзің де әжеңді жақсы көретін шығарсың?

– Жақсы көремін.

– Келдік пе?

– Осы.

– Қазір.

Ол еніп кетті. Кішкенеден соң шықты да, қабыр-ғадағы айнаға қарап, шашын түзеді. Екі қолымен қобыратып қойды.

– Осылай ұнай ма?

– Ұнайды.

– Былай ше?

Шашын уыстап, төбесіне жинап ұстады.

– Бұлай да ұнайды.

– Өзім?

– Өзің де.

Ол күлді.

– Анам күйеуге шық дейді, шыққым келмейді.

– Әйтеуір, бір шығу – міндет қой.

– Әкем, керісінше, қарсы сияқты.

– Сен тәуірін, дәулеттірегін тап.

– Бәрі өз сезімдерімен әлек, ғашық екендіктерін тәптіштеп, жүйкемді тоздырады, менің тауым шағы-лады. Кейде өзіме жаны ашитын адамды соңыма ертіп...

– Неге соңына? Қасыңа ерт...

Ол риясыз күлді.

– Қойшы сен.

– Жарайды, бөгет жасамайын, ары қарай, іркілме, айта бер.

– Ешкім естіп көрмеген, ешқашан тауып келе ал-майтын, жылдар бойы жүзіңе телміріп бір жан қа-рамайтын иесіз алыс аралдарға кетіп қалғым келеді.

– Қанша уақытқа?

– Мазақ қылмашы.

– Не істейсің?

– Бейсауат қыдырып жүре беремін.

– Белгілі бір жүріс кестесі болуы керек қой.

– Бас ауған жаққа...

– Қызығамын.

– Мен де.

– Сосын...

– Сосын... “сені алып, тірі жан естімеген, адам аяғы баспаған алыс жағалаулар мен иесіз аралдарға барып, біржолата жерсінуге ниет қылғанмын6”.

– Алматыда несі жаман?

– Бәрі жақсы.

– Меніңше, біз дүниежүзіндегі ең ғажайып қалада тұрамыз.

– Толық келісемін.

– Онда, неге кетіп қалғың келеді?

– Енді, армандаған соң, бір жаққа кету керек қой.

– Мысалы, Бірінші Алматыдан – Екінші Алма-тыға.

– Жоқ, керісінше, Екіншіден – Біріншіге.

– Мен темір жол бекеттерін айтып тұрмын.

– Мазақ қылмашы.

– “Кешқұрым уақ күн қызылшырайланып батып бара жатқанда, буырқана соққан теңіздің жал-жал толқынын жалаңаяқ жалдап, жағалауды бойлай, қол ұстасқан күйі жанұшыра жүгіреміз7”...

– Әдемі.

– Әдемі ме?

– Қалжыңдамашы.

– Шыным.

– Сенбеймін.

– Қалай сендірсем екен.

– Кеттік пе?

Ол айнаға тесіле қарады. Көзімен мені іздеді. Басымды изедім. Екеуміз кері қайттық. Үстел басына Қанат Нұрбекұлы келіп қалыпты. Айдана тоқтап, өзгерген жай-күй, жаңа қалыптасқан хал-ахуалды тез байқап, Асқаттың іргесінен орын тепті. Мен көрші үстелден орындық алып жайғастым. Қанат көзін алмай Айдана Саматқызына телміріп, ашық қызығып, қадалып отыр. Бұл жаман әсер етті.

– Ішеміз бе?

– Қанат ликер алған.

– Жетеді, – деді Айдана.

Жұрт тегіс тым-тырыс.

– Данай, мені шығарып салшы.

– Кетесің бе? – деді Қанат.

– Иә.

– Әлі кеш емес қой.

– Біреуге ерте шығар.

– Данай, сенімен жеке сөйлесуге бола ма? – деді Марат.

– Болады.

Ол мені қолтықтап, әрі алып жүрді.

– Мен Қанатты ұрамын.

– Қайтесің ұрып.

– Бәрін бүлдірді.

– Шырықты кім бұзды, білмеймін, анықтау қажет.

– Білесің, Қанат, іріткі салған тақа өзі.

– Сиқы қашты, сәні кетті, енді отырып береке таппаймыз.

– Жарайды, тарқасамыз, бірақ, бір әңгімем бар.

– Меніңше, бұл әңгімеден арамыз бұзылады.

– Екеуміздің бе?

– Жоқ, сен екеумізде бөліп-жаратын не бар.

– Ештеңе жоқ.

– Қайттық.

– Сабыр, Данай, шынымен, Айдананы сүйетін тәріз-дімін.

– Оны да мен айтуым керек пе?

– Көмектесе алмайсың ба?

– Қалай?

– Қалай болса да.

– Оны менің бір жақын досым жақсы көреді.

– Рас па?

– Рас.

– Онда ешқандай талас жоқ.

– Саған демалу керек.

– Татып алмаушы едім.

– Асқат шығарып салады.

– Қолыңды әкел.

Ол қолымды қысты.

– Қанат қайтып кездессе, ұрамын.

– Тоқта, Марат.

– Тоқтадым.

– Оған тиіспеймін деп, маған уәде бер.

– Бердім.

Марат ілгері кетті. Айдана бері жүріп келе жатты. Оны дамылдауға мәжбүр етіп, бетінен сүйіп алды. Қанат көзімен ұзатып отырған. Екеуміз тысқа шықтық. Кеудемізге толықсып таза ауа құйылды. Біраз аяңдап бардық та, Қабанбай батыр көшесіне көлденең түстік. Аялдамада тұрып қалдық.

– Сен бар жерде маған да қызықты, – деді ол.

– Маркесті оқыдың ба?

– Әлі жатыр.

– Оқы.

– Жарайды.

– Ремедиостың бейнесі жақсы кескінделген.

– Айтқаның есімде.

– Доктороудан “Ақындардың ғұмыры” повесін қа-рап шық.

– Не туралы?

– Тұнық сурет, мөлдір пәлсапа туындайды. Бірақ, өзі кітапта жазылмаған.

– Алматы жалықтырды.

– Мені ешқашан жалықтырып көрген емес.

– Ташкент ыстық.

– Кәрі Ташкентте бұйығы жатқан Шығыс бар. Сырт көзден жасырынып, мұқият қымтанып жатқан Шығыс.

– Алматыда жоқ.

– Қайран, Алматы – ашық қала.

– Орта Азия кенттері әлдеқайда жабық.

– Алматыда қазақтардың өзіндей қасиет, жылылық, меймандостық бар.

– Жақсы айтылды.

– Сені пәтеріңе дейін шығарып салайын.

– Жарайды.

Аялдамаға такси сырғанап келіп, тежеуішін босатты. Біздің аймаққа алып баруға келісті де, екеуміз артқы есіктен салонға кірдік. Автомобиль қозғалып кетті. Салонда Wіtney Houston ән шырқап жатқан. Ұлы Wіtney Houston. Мүмкін, ол да бақытсыз шығар. Мен өзімді мас болып қалдым ба деп ойладым.

ҮІІ тарау

Мақсұтты көк базардан тауып алдық. Ол басына ала тақиясын киген өзбек ләпкесінің аузында жаңғақ шағып тұрды. Үстінде көгілдір рең спорт кәстөмі. Асқат Жақанұлы екеумізді шырамытып, жылы ұшыраған күйі қарсы жүрді. Біз құшақтаса кеткенбіз.

– Келгендерің жақсы болды, – деді ол.

– Жұмыс қалай?

– Нашар.

– Сені милицияға түсіп қалыпты деп естідім.

– Білейін деп келдің бе?

– Иә.

– Біреудің жарты миллион ақшасын тартып алған-мын.

– Қайтардың ба?

– Жоқ.

– Қайтіп шықтың?

– Түк айтпай қойдым.

– Не үшін тартып алдың?

– Бір қара басы үшін ақшасы тым көп, жартысын халықпен бөлісуі керек қой.

Мақсұт күліп алды.

– Асқатқа айтып көріп едім, ол жақсы жұмыс бар, деді.

– Қандай?

– Оққағарлық, – деді Асқат.

– Пұлы көп пе?

– Айына сол жарты миллионды төлейді.

– Ойланып көрейін.

– Сен бірдеңеге ұрынып қаласың, одан да қолыңнан келетін жұмысқа тұрып алғаның дұрыс.

– Ана жолғы екі жүлікті ұстап алдым.

– Тиістің бе?

– Жоқ.

– Айыбына құн берген ғой.

– Иә.

– Елмира қайда?

– Сол түннен кейін көрген емеспін.

– Қымыз бар ма? – деді Асқат.

– Бар. Іште сатады.

Біз баспалдақпен көтеріліп, базардың екінші қабатына шықтық. Қос қанатына ұзыннан-ұзақ созылып кеткен үстелдердің арғы жағына ұйғыр мен кәріс әйелдері тізіліп тұрып алыпты. Олар шулап қоя берді. Әрбіреуі өзінің бұрышталған, тұздалған салаттарын жарыса мақтап, бір-бірін киіп-жарып сөйлеп, кейін қалып жатты. Біз қараған жоқпыз. Ілгері жүріп, шұбатылған тақталарды ортасынан қиып алдық. Осы тұстан қазақ келіншектері кездесе бастады. Жаулығын қатты тартып, шарт түйген әйел бізді көре сала, шыны шелектегі қымызын сапыруға кірісті. Мақсұт оның шелегіне үңіліп тұрып, басын шайқады. Үшеуіміз ілгері жылжыдық.

– Менікі көп пісілген, – деді кемпір.

Ол бас орамалын шекесіне байлап, маңдайына түйіп алыпты. Ағаш тостағанмен қымыз ұсынды. Тостағанның шеті кетілген екен. Бояуы сынып, жарыла бастаған. Мақсұт бетіне сары майы кілкіген қымызды қолына алып, шайқап тұрды да, аузына апарды. Қымыздың қышқылтым таңсық иісі бізге де келіп жетті. Мұрнымызды қытықтаған. Мақсұт тостағанды бір деммен төңкере салды. Дәмін тұшынып біраз бөгелді де, тостағанды кемпірге қайтарып берді.

– Тағы.

Ол тағы ішті.

– Тағы екі тостаған.

Асқат екеуміз бірге іштік. Одан кейін көк базардың Жібек жолы көшесіне шығатын қақпасына қарай жүрдік. Қақпаның бергі қапталында, биік маңғалда кәуап қақталып жатқан. Біз тақап келгенде, дайыны болмай қалды да – іргедегі ағаштан соққан дүкенді тамашалауға бардық. Ел іздеген затын шағын терезесінен алады екен. Біз француз галстуктарын, түрік джинсы пиджактарын, кеңес және шетел опа-далаптарын көрдік. “Skol” және “Holsten” сыралары, қораптағы шоколадтар, түрлі дәрі-дәрмектер қаптап тұр. Қайта айналып келсек, кәуап даяр болыпты. Өзбек жігіті бізге алты талын ұсынды. Біз оған сірке суын сеуіп, туралған пиязды істіктің ұшымен түйреп алдық та, қуырылған етпен қосып жедік. Кәуап дәмді екен. Жеп болған соң, істіктерді өзбекке қайтарып бердік те, базарды аралауға бет алдық. Баспалдаққа жетіп қалғанда, Мақсұтқа сұры қашқан жас әйел қарсы жолықты. Ол жылаған секілді. Түрі бозарып кетіпті.

– Олар келді.

– Бәрі ме?

– Иә.

– Мен туралы айтқан жоқсың ба?

– Айтқан жоқпын.

– Онда әзір кете қоймас.

– Тауарымды ақтарып жатыр.

– Данай, төбелесеміз бе?

– Төбелесейік.

– Асқат ше?

– Төбелесуге болады.

– Кеттік.

Әйел бізді бастап жүрді. Баспалдақпен төмен түсіп, оң жағымызға бұрылдық та, енді қызған картоп саудасынан асып барып, киім-кешек сатылатын ләпкелерге қарай маңдай түзедік. Жеделдете басқан бойы жүк сақтайтын қоймаларға келіп кірдік. Біреуінің есігі шалқасынан ашылған. Әйел бізді сонда ертіп әкелді. Табалдырықта тұрған қаба сақал ер адамды алыс-тан аңғарып, іштей бекіп, қарсы жүрдік, қос серігі жүктердің орауын жазып, ақтарып жатыр. Мақсұт таяған бетте оң аяғын ілгері сырғыта, қолын түйіп, құлаштап соғып жіберді. Қаба сақал омақаса құлады. Орнынан көтеріліп, жүресінен отырды. Сосын бетін ұстады. Мақсұт тұмсығынан бір тепті. Қайыра құлап түсті де, біршама жатып, қайтадан көтеріліп келе жатты. Аузынан қан көрінді. Мен оны аядым. Екеу жүк ақтарып жатқан қалпы сілейіп қалыпты. Соққыдан талықсып, мәңгіріп отырған ер адам көзімен жер шұқылады.

– Енді келмеңдер, – деді Мақсұт.

Мақсұт есікті нұсқады. Екеу қаба сақалға тұруға жәрдем берді де, үшеуі есікке жетіп, сүмірейген күйі далаға беттеді.

– Енді келмейді, – деді Мақсұт.

Әйел үнсіз тұрды.

– Олар кімнің жігіттері екенін білемін.

– Өзіне де ескертсеңші.

– Ескертейін.

Біз тысқа шыққанбыз.

– Базардан не әперейін? – деді Мақсұт.

– Ештеңе.

– Ылғи осылай дейсің.

– Мұндайға үйренбегенмін. Мен үшін біреуді жәбір-леп қайтесің.

– Неге?

– Зорлық-зомбылық жасайтын болсам, жаза алмай қалар едім.

– Бәрібір ғой.

– Бәрібір емес. Жазу үшін арың таза болуы қажет.

– Ақындар қызық,– деді Мақсұт.

Біз ләпкелерді аралап кеткенбіз. Ернін баттас-тыра бояп алған бір әйел ақ және қызыл түсті шұлықтарды көрсетті. Ол бағасын түсірмекші болды. Кеудесіне төсбелгілерін саусылдатып тағып алған кәрі шал кездесті. Кеңес дәуірінің қайраткерлері мен жазушыларының кітаптарын сатып отыр. Бәрі оның ләпкесіне тоқтамай өтіп жатты. Біз Брежнев баяндамалары топтамасын көрдік, тақтаның қалтарысынан бей-берекет шашылған Сталин томдарын байқадық, қария үстел бетіне Шагинян өлеңдерінің жинағын, Горькийдің “Ана” романын, Энгельстің “Анти-Дюринг” шығармасын, Горбачевтің сәуір Пленумындағы сөзін қаз-қатар тізіп жайып тастаған. Орденді шал ескірген қызыл бомази көйлек үстінен көнетоз кәстөм киіпті, жоғарғы түймесі жоқ, жеңдері қырқылған. Біз көз жүгіртіп өте шықтық. Қара жейделі жас жігіт “жұпар иісті сабын керек емес пе” деп сұрады. Басымызды шайқадық. Америка долларын сатып аламын деп жазылған қағаздарды оқыдық. Ресей ақшаларын Кеңес ақшаларына пайыздық өсіммен айырбастайтындар ұшырасты. Ләпкелер аяқталған тұста біз қол алыстық.

– Жоғалып кетпе,– деді Мақсұт.

– Жұмыс жөнінде тезірек хабарлас, – деді Асқат.

– Иә.

– Жуырда Ұлттық университетте бокстан жарыс өтеді.

– Келемін.

– Барлық оқу орындарының боксшылары қаты-сады.

– Қапшағайға барайық та.

– Барайық.

– Су әлі жылымаған шығар.

– Екі аптадан кейін бабына келеді.

– Жарайды.

– Анар не бітіріп жүр?

– “Меруертке” келіп тұрады.

– Оны танитындарда есеп жоқ.

– Ақымақ қыз, – деді Мақсұт.

– Қазір бәрі ақымақ.

– Бір күні күйеуге шыққым келеді деп айтады.

– Кімге?

– Білмеймін.

– Саған деген жоқ па?

– Жоқ. Үнемі түнде қасыңда біреу болғаны жаман емес қой дейді.

– Сол үшін ғана дей ме?

– Солай үшін ғана дейді.

– Ақымақ екен.

– Сен телефон соқ.

– Осында жиі боласың ба?

– Иә.

– Жұмыс жайында ойлан.

– Өзім де кейде келешегімнен қорқып кетемін.

– Неғып?

– Өйткені, аласапыран, жанталас өмірден кейін тірлігімнің не болары белгісіз.

– Достарыңа байланысты, – деді Асқат.

– Әрине.

Біз құшақтасып қоштастық. Мақсұт ләпкелер жаққа кетті де, Асқат екеуіміз мана кәуап жеген бұрыштағы қақпаға қарай қадам бастық.

ҮІІІ тарау

Асқат Жақанұлы маған қос шингартты берді. Мен қолыма киіп алдым да, ілініп тұрған былғары қапшықты екі дүркін ұрып өттім. Былғары қапшық әлсіз шайқалып кетті. Сол жұдырығым тағы екі мәрте періп қалды, іле-шала оң қолым барып тиді.

– Мында соқ, – деді Асқат.

Екі қолына арнайы былғарыдан тігілген екі ауыр қолғап киіп алыпты.

– Әуелі күш салмай, екпінді ғана шақта.

Мен төпелей бастадым. Шингарттар серпіліп барып, ауыр қолғаптарға тырс-тырс тиеді. Серпінім қатты, пәрменім бар. Асқат қолдарының деңгейін шұғыл ауыс-тырып, жоғары көтеріп әкетті. Қатарынан бірнеше соққы жібердім. Межелі нысаналар ылдиға түсіп кеткенде, қапелімде шингарттар апыл-ғұпыл көкте адаса беріп, аңырып бағытын кеш түзеді, сөйтіп, бастапқы қарқынынан жаңылысып қалды.

– Жағдай қалт өзгерсе, сен де не істеу қажеттігін лезде байыптауға тырыс.

Асқат ауыр қолғаптарын шешіп, еденге лақтыра салды да, жұдырығын түйіп, боксшының тұрысына бейімделе қалды. Ол асқабақтың үлкендігіндей қапшықты шайқап жіберді. Бері құлап келе жатқанда, оң қолымен самайын қорғап, солға сырғып кетті де, жылдам айналып, жұдырығымен сол қанатына хук тастады. Шынтақ иықтан биік деңгейде қазықталып, хуктың басы төмен сорғалап, сырттан жедел ұрған қалпында қапшықты бүйірден былш еткізді. Сол қолымен дәлдеп тік соғып жіберді де, соққы қарауылына дарыған заматта жылдам артқа шегінді.

– Осылай.

Сосын, ол ауыр қолғаптарды маған қайыра тосып тұрған. Сол жұдырығым түйіп жіберді, ізін ала оң қолым тіктелді де, қайтадан сол қолым солқ еткізді. Асқат ауыр қолғаптарды бұра қойыпты. Шабуылды қорытындылай, сол тұсыма хук жұмсадым.

– Қайтала.

Мен тағы қайталадым.

– Енді, жалтаруды үйрен.

Ол соққыны қарша бората бастады, кейбірі көздеген жеріне дөп тиіп жатыр.

– Шалт қимылда.

Асқат жөпелдемеде апперкот жасады. Иегімнің ұшынан сүйкеп жіберді. Соққы әлсіз болды. Бірақ, жақ сүйегім батпан жұдырықтың салмағын сезіп қалды.

– Басыңды алыстат.

Апперкот қайта соқты. Үлгерген жоқпын.

– Тез шалқайт.

Өзі шалт шалқайып, қалай екенін көрсетті.

– Дайындал.

Бұл жолы апперкот қатты тиіп, әрі ұшып түстім.

– Менікі дұрыс емес, – деді ол.

– Ештеңе етпейді.

Үстімді қақтым да, шингарттарды қыса түсіп, соққыларды қарсы алуға даярландым. Сол қолы бері ұмтылды, жеңіл жылжып қашып кеттім, келесі мәрте алданып, айдалаға қаңғып қайтты. Шалғайдан қағып түсуге оқталған соққы қырымнан келе жатқан. Сүңгіп кетіп, оң жақ бауырынан шыққанмын. Сол кезде апперкот ұрды. Қорғанысқа жолықпай, биіктеп барып, тура соғылды. Кейін қарай ысырып жіберді.

– Қатты болды ма?

– Жоқ.

– Әлі де осылай жаттығу керек.

Осылай жалтарып, әлденеше рет жаттықтық.

– Болар.

Ол маңдайынан сырғып, көзіне құйылған тамшы терді сүртіп тастады да, қолдарын салбырата, төмен еңкейді.

– Жетеді.

Бойын түзеп, залдың шығар есігіне бет алды. Мен соңынан ердім. Екеуміз дәлізге шыққанбыз.

– Душ істей ме?

– Істейді.

Баспалдақпен жоғары өрледік. Бесінші қабатқа көтерілдік те, Нұрлыбек Асқарұлының бөлмесіне келдік. Ол төсекте Джек Лондонды оқып жатты. Кітапты жанына қойып, орнынан тұрды да, қолын ұсынды. Біз жылы амандастық.

– Асқат душқа түсіп алсын.

– Түсіп алсын.

– Тез қабылдап шығамын, – деді Асқат.

Нұрлыбек душтың шамын жақты. Қайтып келді.

– Осы сенбі Асқаттың дипломын жуамыз.

– Барамын.

– “Шалқар” кафесінде отырамыз.

– Міндетті түрде кел, – деді Асқат.

Асқат шешінді де, душқа кетті. Нұрлыбек төрге барып, магнитофонды тоққа қосты. Гитараның сүйемелдеуімен Андрей Макаревич ән шырқай бас-тады. Нұрлыбек терезеден сыртқа көз салды. Тыста жаңбыр себезгілеп тұрған. Күн бұлыңғыр, таңғы тұман толық сейіле қоймапты. Әредік шатырдан үзіліп түскен тамшылардың жақтауды ұрып құлаған қаңылтақ дыбысы келеді. Қапылыс Андрей Макаревичтің дауысы шарықтап, күбірлеген жауын шуылы естілмей кетті. Нұрлыбек сол тесіліп тұрған қалпы. Әуез қуаты азая бастады. Азая келіп, құмыға берді де, сап тыйылды. Тамшылар дүбірі қайыра естіліп жатты. Мен төсекке барып отырдым. Ол маған бұрылды.

– Мәскеуге тартып кетсек қайтеді?

– Жай ма?

– Қыдырып.

– Уақытым тығыз.

– Маған барып келу керек сияқты.

– Бұл ештеңе өзгертпейді.

– Басқа не істей аламын?

– Бизнеспен айналыс.

– Мұндай көңіл-күймен бірдеңе жасау мүмкін бе?

– Қайғы сұлудың қойнында қалады.

– Болмайды.

– Ендеше, оны ешқашан есіңе алма.

– Егер бұл қолымнан келмесе ше.

– Герман Гессе кез келген әйелге үйренісіп кетуге болады дейді.

– Жазушыларға сенбеймін.

– Оқығанда, сенесің.

– Оқығанда ғана.

Жаңбыр шуылы құлаққа анық шалынады. Дала мелдектеп жатыр. Асфальт үсті дамылсыз аққан жылғаларға толы. Еңсені езіп, көңілге мұң әкеледі.

– Макаревич бітті ме?

– Соңы болатын.

– “Қар астында қалған ән” композициясы бар ма?

– Бар.

– Қояйық.

– Қазір.

Ол таспаны аударып қойды. Біз не таразылай аламыз. Қар астындағы ән. Мұң айналсоқтап кетер емес. Сонырқалап – соны ой өрісін, таза ождан сыйлаймын дейді. Еркіме мүлдем тұтқындалып, менімен бірге бақытыңды тауып аласың дейді. Қар астындағы ән. Сары күзде сары уайым болып келіп еді, қыс жеткенде, қар астында қалып қойыпты. Ән – соныкі. Шырқап жатқан кестелі, өрнекті адасқақ саз. Белгісіз дауыс, беймәлім үн, қар астынан, бекіген қасат қардың көбесін сөгіп, күңіреніп, дүркіреп омыраулап бұзып шыққан жылқыдай – ағызып, сорғалап келе жатқан әуен, ырғақ. Қар астындағы ән.

– Сені түсіндім, – деді Нұрлыбек.

– Ол, сенің өз ойың, – дедім.

– Үнемі сағынып жүремін.

– Сағыныш деген жақсы ғой.

– Мен ғана емес, құсалылар – қара орман тәрізді.

– Мүмкін.

– Оны көп жұрт сағынады.

Есікті ашып, бөлмеге Асқат Жақанұлы кірді.

– Түсесің бе?

– Иә.

Мен душқа кеттім. Ішінен бекітіп алдым да, ыстық суды ағыттым. Әуелі салқын болды. Жылына бастады. Ысып, ыстық тасығанда, суық судың бұрандасын ашып, араластырып қойдым. Душ бөлмесі иран бағындай құлпырмалы, майда қоңыр, жайма-шуақ. Төбеңнен аққан себезгі судан да рақат табуға болады. Саған ештеңе қажет емес. Шашырап құйылған су денемді тұтас шайып, ағып кетіп жатыр. Бақыт дегеніміз абсолюттік қажеттіліктен құтылу шығар. Әлде, керісінше, оны ақырындап мойындау ма. Маған бақыт қажет емес тәрізді. Бірақ, бұл сағым сияқты дүние. Қас-қағым сәтті бақытқа балауға бола ма екен. Бақыт – көңілден ешқашан кетпейтін, жақсы қуаныштан айнымайтын мереке. Ол – махаббат, жастық шақ және кітаптар ғана. Екі бұранданы жауып, босаға жаққа таман өттім де, сүлгіні алып, мұқият сүртіндім. Содан кейін самарқау қалпымда киініп, бөлме табалдырығынан аттадым. Макаревич гитара тартып жатты. Оған қоса сырттан толассыз жауған жаңбырдың әлсіз шуылы естілді. Нұрлыбек тағы терезеге қадалып қалыпты. Асқат шай қамдауға кірісті.

– Өмірдің алдамшы екенін білгенімде, ешқашан тумас едім.

– Қиып кетуге болады, – деді Асқат.

– Енді өмірді осы күйінде қалдырып, мәңгілік тас-тап кету мүмкін емес.

Нұрбек Асқарұлы тосын уәж байлады.

ІХ тарау

Барлас Манашұлы мен Надира Жарасқызы Никольский шіркеуінің алдынан ұшырасты. Олар базар аралап шыққанға ұқсайды. Мен қарсы жолықтым. Біз қол беріп амандастық. Екеуі күлімсіреп тұр .

– Біз Шымкентке барып келдік, – деді Надира.

– Болары болып...

– Иә, бояуы сіңіп қойды, дедік.

– Барлас Түркістанға жалғыз кеткен еді, қайта-рында жолай біздің үйге ат басын тіреді.

– Оң шешкен екен.

– Өзің қайда жиналдың?

– Уақыттарың бар ма?

– Бар.

– Кафеде Асқат Жақанұлы дипломын жуады.

– Барайық, – деді Надира.

Үшеуміз такси ұстадық та, Байтұрсынұлы көшесімен атқан оқтай зымырап, Төле би көшесінің қиылысынан солға бұрылдық. Такси доңғалақтарын түзеп алып, асфальты жаңа төселген күре жолмен зырлап кетті. Салонға Элтон Джонның “Құрбандыққа шалу” әуезі баяу тарады. Көңілімізді елтіткен әншінің дауысы жағымды естіліп жатыр. Біз ән әсерімен алабөтен толқып отырдық. Машина әлі заулап келеді. Тамылжыған әуен ағылшын тілінде төгіліп, баршамызды әлдиге бөлеп әкетіп барады. Данышпан Элтон Джон. “Алтын айдар” кафесі соңымызда қалып, жол жиегіндегі ағаштарға жасырына берді. Жароков көшесін қиып өттік. Шақырымға жуық жерді еңсеріп барып, Гагарин даңғылына ілінісімен, сол қапталымызға бағытымызды өзгерттік. Даңғылдың кең арнасына жайлап түсіп алған соң, автомобиль құстай ұшты. Түрлі машиналардың арасынан тұмсығын тығып өзіне болмашы орын ойып ала қояды да, қақ тіліп, ортасына сынадай қағылады. Жамбыл көшесіне жетіп, оңға бұрылған көлігіміз қайта жылдамдығын үдетті, соңсоң Розыбакиев көрінгенде, үдере жүрген жүрісін іркіп, үлкен үйдің іргесіне тұмсығын сұғып барып тоқтады. Бірінші қабаттың маңдайында “Шалқар” деп жазылған ірі әріптер тізіліп тұрды. Біз автомобильден шықтық. Байыған күн батыс көкжиекте шұғыласын жан-жағына шашқан мезгіл. Таксиге сұраған ақысына қосып үстінен тағы ақша бердім. Шопыр риза болып қалды. Үшеуміз тас баспалдақпен жоғары өрлеп, кафенің кірер аузына тақадық. Ішке енгенде, сол қанатымызда бір топ жас үстел басында ән шырқап отырды. Төрден галстук тағып, кәстөм-шалбар киген Асқат Жақанұлы көзіме шалынды. Мені байқаған оның жүзіне күлкі үйірілді. Езуіне күлкі ұялаған қалпы орнынан тұрып, маған қарсы жүрді. Жолда қалт тоқтап, шулаған жұртқа әлпетін бұрды.

– Данай Байқуаныш, – деді жиналған қауымға таныстырып.

Ел қайта шулады. Ол мені қарулы білектерімен қапсырып, төсіне басты да, Барласты байқап, оны құшақтауға беттеді. Барласты сүйіп жатқанда Надира сыпайы жымиып тұрды. Үшеумізді төрге қарай оздырып жіберген Асқат өз орнына келіп, тізе бүкті. Асаба меймандардың орта тұсынан көтерілді. Ол қолын шапалақтап, халықтың назарын өзіне аударды.

– Қонақтар, қатарымыз көбейе түсті.

Өзі қызып алыпты.

– Асқаттың бір үзім нанды тең бөліп жейтін досы – Данай Байқуаныш, Барлас Манашұлы, одан ары – Надира Жарасқызы.

Бәріміз бас изедік.

– Әрине, Асқаттың достарын бүгінгі бір кеште түгендеп шығу әсте мүмкін емес.

Нұрғали Барлас екеумізге джин толтырып берген. Біз әлсіз соғыстырып жібердік те, төңкеріп тастадық. Кеудеме жылдам тараған джин көкірек тұсымды жылыта бастаған. Шанышқыны алып, қаймаққа бұлғанған қияр салатына түйреп, жеуге кірістім.

– Осы бір тамаша жігіт Данай болады, – деді асаба.

Жұрт қол шапалақтады.

– Сөз кезегі соныкі.

Маған біреу джин құйып қойған. Үстелдің қарсы бетінен таныс жүз жылы ұшырады. Ол сүйкімді күліп отыр. Одан бері Нұрлыбек Асқарұлы жайғасқан. Ша-қырған Асқаттың өзі болуы керек. Менің тост айтқым келген жоқ. Орнымнан түрегелдім де, Асқатқа:

– Өзіңе тілер тілегің үшін, – дедім.

Үстел басындағылар тегіс қозғалып кетіпті. Бір-біріне ыдыстарын ұмсынып барады. Айдана Саматқызы рюмкасын маған көрсете көтерді де, ептеп қана ішті. Артынан сыпайы езу тартты. Джин мөлдіреген фужерді тастап жібердім. Тамағымды қырнай өтіп, жылу таратып жатқаны сезілді. Әрқайсымызға пештен жаңа шыққан лангет көлденең тартылды. Жапырақтай туралып, қабарта пісірілген картоп, өсімдік майына қуырылған сиыр еті және тәрелкенің бір шетіне үйіле салынған қырыққабат. Шанышқыны сол қолыма ұстап, оң қолыма қалайы пышақты алып, лангетті ұсақтап, жеуге ынта қойдым. Жапырақталған картоп дәмді екен, астын күйдірмей жақсы пісіріпті. Дастарқанға қалбырдағы ағылшын сыралары топ-тобымен ағыла бастады. Алдыма келіп, байыз тапқан біреуін алдым да, қаңылтыр аузын бері жұлқып, пышылдата ашып жібердім. Оймақтай ғана ойық пайда болды. Кенересіне ернімді тигізіп, жұтып едім, салқын да қышқыл сыра жанымды жадыратып, бойымды сергітіп, ләззатты бір күй кештірді. Квартет ойнауға кірісіпті. Ионикада отырған ер кісі әнді өзі шырқады. Бұл бозбала уағында біздің әкелеріміз тыңдаған, шырқаған, билеген “Beatles”-дің әркімге таныс “Yesterday” әуезі еді. Үстелдің аяқ тұсы орындарынан тұрып, бір-бірін жетелеген бойы квартет жаққа бет алды. Олар аялдай қалып, қос-қостан қақ жарыла, билеуге көшті. Төргі жақ та түрегеліп жатыр. Асқат Жақанұлы Ардақ Сабырқызын қолтықтап, фойеге қарай жүрді. Сәуле Жанатқызы орындықта темекі шегіп, ой тұңғиығына батып кетіпті. Мен көп боксшыларды көріп отырдым. Нұрмұхамбет Асанұлы, Қайрат Дарқанұлы, Әбіш Қайырбекұлы, Марат Қасымұлы. Бәрі бір бұрышта үйіріліп, билеген жұртқа көз қиықтарымен сипай қарап, оқшау әңгіме-дүкен құрып отыр. Құрмет Игілікұлы Батырбек Досжанұлымен құшақтасып алып, төргі бұрышта қазақ әндерін шырқауға көшкен. Екеуі де масайып қалған ба, ауық-ауық бір-бірін құшақтап, беттерінен сүйісіп қояды. Құрмет таланты бар тәуір балуан, еркін күрестен Қарағанды аймағында едәуір аты шыққан жігіт. Қыз-келіншекке жаны құмар, әсемпаз сақи ділмар шешен. Квартет әуезін аяқтады. Сәл үзілістен соң, “Doctor Alban” тобының сазы қалықтады.

– Билейміз бе? – деді Надира.

– Данай, бір фужер коньякқа қалайсың?

– Маған джин, – дедім.

Ол маған джин толтырды да, өзіне “Наполеоннан” құйды. Екеуміз шыныларды ақырын соғыстырып қалдық та, төңкере салдық. Джин өңешімді жыртып өткендей болды да, денеме жылу таратты. Төңірек түрлене бастапты. Біз үстел басынан ұзап, ортаға бардық. Квартет басқа сазды ойнап, баяу екпінге салды. Фил Коллинз. Қамырықты Фил Коллинз. Тамылжыған саз әсерге бөлеп, фойені қоралай тұрдық. Барлас Манашұлы Надирамен билей жөнелді. Мен Сәуле Жанатқызын биге шақырдым. Сұңғақ бойлы, вальске сұңғыла, орысшаға жетік, бірақ қазақшасы нашар, жүзінен күлкі кетпейтін ол – Қарағанды қаласының тумасы еді. Ардақ Сабырқызы екеуі Арқадағы университетте оқып жүріп танысады, кейін келе жақын араласып кетеді де, сыйлас, сырлас дос-жар атанады. Сәуле ана тілін білмегенге ұялып жүретін. Ол білегімен мойнымнан орады да, жылы күлімсіреді.

– Қашан келдіңдер? – дедім.

– Кеше.

– Диплом жазылды ғой.

– Қорғап та тастадық.

– Қайда барасың?

– Алматыға.

– Маған әлі бір жыл бар.

– Жадымда.

– Былтыр қызықты болатын.

– Биыл біртүрлі көңілсіз.

– Биыл да қызықты.

– Сен мен туралы ойладың ба?

– Жоқ.

– Неге?

– Біреу жайлы еске алмауға тырысамын.

– Дұрыс.

– Маған жазу ұнайды, шығарманы жазып біткен соң, бар нәрсені ұмытуға күш саламын.

– Жадысыз ғұмыр кешу мүмкін бе?

– Кейде ештеңеге көңіл аудармауға талпынсам да, әрдайым бірдеңені ойлап жүргендей күйге ұшырай-мын.

– Не хақында?

– Білмеймін.

– Біз туралы роман жазып жатыр деп естідім.

– Иә.

– Өзіңді қинап қайтесің, роман да жазбай-ақ қой, ештеңеге де ұмтылма, ешкімді де таңғалдырма.

– Меніңше, адам өмірінің мағынасы – өнерде.

Ән мана үзілген. Сәуле қолын түсіріп, маған көзін салып тұрды.

– Көп ізденістен соң, мағына сол мағынаны іздеуге айналады. Оның жұмбағын тек өнер арқылы ғана шешпекпіз.

– Пәлсапа ше?

– Ол да – өнер. Адам баласының кем-кетігін толтырып, ұлылығын паш етіп, жалғыздығына серік, ақыл-ойына өлшем болатын өнері.

Қайта ән шырқалды да, Марат Қасымұлы Сәулемен билеуге рұқсат сұрады. Екеуі фойенің ортасына қарай теңселе сырғып, құшақтасып, шыр көбелек айнала жөнелді. Олар оқта-текте сүйісіп қалып жүрді. Мен үстелге қайтып келдім. Нұрғали Ысқақұлы рюмкаға джиннан толтырып берді. Адам, шынында, мүсәпір. Табынып жүргендерін бір күні табанына таптайды да, даттап жүргендерін аяқастынан басына көтереді. Қызанақ салатынан түйреп, жей бастадым. Христоспен де, аләйһис сәләм, Мұхаммедпен де, салла(А)ллаһу аләйһи уә сәлләм, алысқан адамзат ұрпағы. Қызылдың дәуірі жүріп тұрған заманда, Құдайды жоққа шығарған сол ұрпақ қазір Аллаһқа иман келтіріп, төңірегін қанағат-сабырға шақырып, тәубесіне түсті. Бүгін таспиғын қолынан тас-тамай, санамалай беретін қорғансыз шалдарға айналды. Қорыққанынан ба, торыққанынан ба. Бірақ, оларды енді ешкім қорғамайды. Тәңір де, қайшылыққа толы қоғамды таңдап алған олардың немерелері де. Мен тысқа шықтым. Суық ауа бет-жүзімді жуып, денемді тоңазытып, бойыма сергектік ала келді. Қиял топшылап жетпейтін шексіз ғарышта, адам қол соза алмайтын зеңгір көкте мұңлы жұлдыздар қалтырап жанып тұр. Төбедегі аспан өзіне тартып алып кете беретін түбі жоқ қара қуыс сияқты. Соны шарықта қақ бөліп шалқасынан Құс жолы жатыр. Адам мен сана шексіз ғаламда екі бөлек адасып жүргенде, түйсік пен ойды қауыштырған алабөтен Құс жолы жатыр. Жаурай бастасам да, сауық құрған елге шыныдан телміріп көз салдым. Аспан да адамның келбеті тәрізді қарауытады. Көкжиектер арасына шымылдықтай тартылған аспан, шынымен, көпті көрген қарияның қатпарлы жүзінен аумай қалыпты. Мүмкін, осы дидардың қағаберіс, бұқпа жер, ықтырма қалқасында ұлы жаратылысты пайымдайтын кең-байтақ алып сана жайылып, созылып, шалқып жата ма екен. Көз алдымда қартайған әжемнің бейнесі елестеді. Мен кафеге қайыра кірдім. Бәрі “Duran-Duran” тобының әуезімен еріншек айналып, ақырын билеп жүрген. Құрмет Игілікұлы үстел басында отыр. Оған Батырбек Досжанұлы келе жатты. Қолында “Семелт Ризлинг” шарабы бар. Ол дастарқанға жақындап келді де, шөлмекті екі-үш шайқап жіберіп, пышақпен аузын ашты. Қос фужерді шайып, өзіне таман жылжытып қойды. Ернеуінен асқанша шүпілдетті. Құрмет оған немқұрайды қарады. Шүпілдетіп болған соң, екі шанышқыны сиыр етіне түйреді де, біреуін Құрметке ұсынды. Екеуі тартып жіберді. Мен қастарына келіп, тізе бүктім. Айдана Саматқызы көрінді. Ол фойеден бері қарай әдемі баса жүрді. Етегі тар, шолақ көйлегі жүріп келе жатқанда, қайта-қайта жоғары түріліп кетеді, сол кезде аппақ саны жарқ етіп ашылып көзге түсіп қала береді. Айдана етегін екі-үш мәрте төмен тартқылап, тәртіпке келтіріп түзеп қойған. Тақап келді де, жанымдағы бос орындыққа жайғасты. Кішкене қызғылт сөмкесін ашып, темекі қорабын шығарды, сосын ішінен бір талын алды. Мен шақпақ тұтатып, жалынын тостым. Аузынан бұрқ етіп түтін шықты.

– Сен Сәуле Жанатқызын білесің бе?

– Иә.

– Араларыңда не болып еді?

– Ештеңе.

– Ол сені сүйеді.

– Маған ол ұнамайды.

– Жақсы қыз.

– Білемін.

– Басқамен билеп жүріп, саған көз тастап қояды.

– Саған айтты ма?

– Өзім сұрадым.

– Не дейді?

– Мұндай сымбатпен өзгені жақсы көру мүмкін емес дейді.

– Сұлуда махаббат болмайды дегені ме?

– Иә.

– Жаңсақ пікір.

– Сыра ішеміз бе?

– Ішейік.

Үстелден “Skol” сырасын алып, Айданаға ашып бердім. Ол біршама жұтты да, қалбырды қолына ұстаған күйі маған жанарын тікті.

– Билесек қайтеді.

– Болады.

– Сен маған ілесіп биле.

– Жарайды.

Оның саусақтарын алақаныма қысып, фойеге қарай қозғалдым. Екеуіміз Фредди Меркьюри сазына елтіп, ырғалып, ақырын билей жөнелдік. Ол көздерін жұмды. Екі айналым жасай беріп, қайыра ашты да, білектерін мойныма асып, құшақтай түсті. Біз төрт адым әрі кетіп, қаздай қалқып қайтадан төрт адым бері жүзіп, ширақ қимыл-қозғалыспен жұрт назарын өзімізге аударып әкеттік. Айдана күліп жіберді. Күліп, толықсып бара жатып, ай қабақ алтын кірпіктерін айқастырды. Нәшті әуез әлдилеп, абайлап тербетіп, құлаққа жылы тиіп жатыр. Ән бебеулеп, үзілдіріп барып, сорғалап, ылдилай берді де, екеуміз фойенің арғы шетіне шыққанда, қайырылып, қапылыста қалт тынды. Біз квартет адамдарына қарадық. Композицияны орындаған басқа топ тәрізді. Жоқ, магнитофон қосылыпты. Айдананы ертіп дастарқанға келдім, екі бокалдағы алмұрт шырынын екеуміз дем алмастан тауысып қойдық. Ол отыра кетті.

– Жақсы болды ма?

– Иә.

– Бір қарасам, қос биші жараса кетіппіз.

– Тәуір биледің.

– Көкірегіңде не қамырық бар, әлде көңіліңді үнемі қоңылтақсытып жүретін жалғыздық па?

– “Махаббат жоқ, бақыт жоқ – бұл өмірде8”.

– Сонда, қалай, тіршілік жалған, мұрат алдамшы ма?

– Мүмкін, Алапат Жарылысқа дейін де Уақыт болған шығар?

– Болған шығар, бірақ, ол не өзгертеді?

– Бәрін өзгертеді. Бақыт туралы түсінікті де, Құ-дірет жайлы ойды да.

– Ардақ Сабырқызы ше? Ұнамай ма?

– Біз санаға түйгенше, Асқат Жақанұлы меншіктеп те алыпты, сондықтан ешқандай үміт, жүзеге асуына әлдеқандай дәме жоқ.

– Жақсы көрмейсің бе?

– Ойланбаппын.

– Сен бар жерде маған да көңілді.

– Менің бойымда ел қызығатындай ештеңе жоқ.

– Тұлғалық бар.

– Ертең бағын ашатын дәулетім де, көңілін ашатын уақытым да жоқ.

– Бәрібір.

Ол маған тесіліп қарады. Теріс айналдым, ағылшын тілінде жаңа әуезді шырқап жатқан квартет тобына көз салдым. Айдана темекісін тұтатып, би алаңына ұзай берді, кенет соңына жалт бұрылды.

– Барасың ба?

– Иә.

Орнымнан түрегеліп, ілгері бастым. Екеуміз фойенің ортасына жеттік те, shake мәнерінде ырғақ дабысына елігіп, желпініп, екі бөлек билеп кеттік. Жұрт қамалап, тегіс теңселіп, желігіп билеуге кірісті. Айдана екі адым алға жылжып, оң аяғын жоғары көтере беріп, қапталына шалт қапылыс толқып, сол жағына сілтеп, тастап қалады. Мен тұра қалып, оны қайталай бастадым. Денеміз қабат толықси ырғалып, аяқ-қолдарымыз бірге қозғалды. Ол етегі тар шолақ көйлекте оқшауырақ көрініп – көздің жауын алды. Кенет қалт тоқтады, аздап маңғаз, керенау иіліп, етегін төмен тартып, санын жауып қойды. Сосын қайтадан ырғақты қимылына көшті. Енді аяқтарын алшақ қойып тұра қалыпты. Екі қолын екі жағына ербеңдете, қос иығын толқынға айналдырып әкете берді. Мұнысы әдемі шықты. Түгел қоршай қарап тұрды. Ән тамамдалғанда, Айдана етегін түзеп алды да, үстелге беттеді. Оған Нұрғали Ысқақұлы сусын құйды. Жұта салған ол – бері жылжыды. Оның бойы биік еді, аяғы оқтаудай түзу әрі сондай әдемі болатын. Ол жайқақтап басып келе жатты, үстіне кигені – жүрісін қиындатқан етегі қысқа тар көйлек, екі жақ қапталынан ұқыптап тіліп, әдіп жүргізіп тастапты. Жаныма келді де, иығыма қолын қойып, квартетке зер салды. Квартет енді үнсіз отыр. Магнитофон қосылып, “London Beat” тобының “І Have Been Thіnkіng About You” күрделі сазы кафе ішін жаңғырықтыра тарады. Біз билеп кеткенбіз. Босағадан қызыл кәстөм, ақ шалбар киген Қанат Нұрбекұлы көрінді. Ол қасына жалбыр шашты сары қыз ертіп келе жатты. Сары қыз көк лосинаға жарастырып етегі жалбыраған, бірнеше тұсынан ұзына бойы қиылған кең көйлек іліп алыпты. Бәлкім, Қанат оны “Театральное” кафесінің маңынан тапты ма екен, әлде “Аққудан” кездестірді ме, – түсініксіз, тіпті, оның қызға көңіл бөлетін түрі де жоқ, құрбысына әлдеқалай немқұрайды. “Scorpіons” тобының “Wіnd Of Change” әні шырқалып кетті де, біреу жарты жолдан әлгі қызды қағып алып, үйіріп, шыр көбелек дөңгелетіп, фойеге шығарып, топталған бозбала, бойжеткендерден әрі асып кете барды. Қанат Нұрбекұлы бізге тақады.

– Армысың, Айдана.

– Қайда жоғалып кеттің?

– Қызық болды.

– “Льдинка” кафесінде танысым кезігіп қалды.

– Содан кейін ішіп алдыңдар.

– Иә.

– Өзі қайда?

– Баратын жері бар екен.

– Мынау кім?

– Соның қызы.

– Данай екеуміз де көңілсіз емеспіз.

– Иә, байқадым.

– Нұрлыбек те – осында.

Нұрлыбек сәл масайған. Қанат Нұрбекұлымен есендесіп, Айданаға қолын ұсынып, би алаңына маңдай түзеді. Олар едәуір алыстап барып фойеге иек асты да, билей жөнелді.

– Мен оны ұмыта алар емеспін.

– Кешір, араласқым келмейді.

– Оған түсіндіре аласың ба?

– Жоқ.

– “Льдинка” кафесінде отырып, соны ойладым.

– Сезіміңді түсінемін.

– Әдемілік не үшін қажет?

– Білмеймін.

– Жанды қауметті бекер қинайды.

– Қызғанады, содан.

– Рас, жалғыз өзі мәңгілік иемдене алмайтыны қинайды.

– Мүмкін.

– Мен оны ұмыта алар емеспін.

– Ішесің бе?

– Виски.

Біз дастарқаннан виски іштік те, би алаңына қайтып келдік. Айдана Саматқызы Марат Қасымұлының құшағында билеп жүрді. Нұрлыбек қайтадан жоқ болып кетіпті. Тыста жүрген шығар. Көңілім жадырап, жаным кешті алабөтен ұнатып, жақсы бола бас-тады. Ғұмыр кешкен қандай ғажап. Бәрі мені суық, сезімнен жұрдай, махаббатқа сенбейді деп ойлайды. Олар қатты қателеседі. Асқат Жақанұлы қарсы келе жатыр. Қасыма жетті де, иығымнан қақты.

– Мен қалай жұдырықтасамын? – дедім.

– Күшті.

– Әрбір адам Майк Тайсон бола алады.

– Әрине, – деді ол.

– Маған кейбіреулер паң, шалқақ қарайды, ал мен оларды шалқасынан да, етпетінен де сұлата аламын.

– Боксшылар – нағыз шынайы, асыл халық.

– Мен де күшті боксшымын.

– Қарсы пікір айтқан жоқпын ғой.

– Топаевтың ана жолы қалай соққы жұмсағанын көрдің бе, ол әуелі көкіректен қойып қалып, ұрған қолын шапшаң көтере береді де, самайдан тоқмейіл сүйкей салады.

Мен оған соққы қалай дарығанын көрсеттім. Ол жұдырықтар дөп тиіп жатқанын жақыннан бақылап тұрды.

– Дәл осылай, – деді ол.

– Асқат, мен кете берейін.

– Өзің біл.

– Көңілім өсіп, іздеген мұратын тапқанда, мерекені жалғыздықта тойлағанды жақсы көремін.

Асқат мені кафенің табалдырығына дейін шығарып салды да, қолын беріп қоштасты. Екеуміз бір-бірімізді кеудемізден нұқып қойдық. Мен көшеге шықтым. Көшеде қыбыр еткен жан қалмапты. Асфальт үсті бос жатты. Жамбылдың бойына түсіп, баяу аяңдап кеттім. Құлағымда кафеде естіген әндердің шала ызыңы бар. Қолымды шалбарымның қалтасына салып жатып, Айдана мен боксшылардың түнгі сауықта қалып қойғанын ойладым. Қазір оларды қайыра мол қызыққа, жан рақатына – алдамшы қиялға жетелейтін әуез тегіс баурап, елтіп алатын шығар. Нақ осы сәтте шылым шекпейтінім теріс сияқты. Қамырықта, қапалы шақта өзіңді-өзің алдарқатып темекі бұрқыратқанға не жетсін. Жеті түнде жалғыз кетіп бара жатқан менің көңілімді беймәлім шер басты. Алыстан машина пайда болды. Іргемнен қатты жылдамдықпен ағызып өте шықты. Масайғаным басылып қалыпты, енді, зады, такси ұстап, үйге аман-есен тез жеткенім дұрыс. Соңыма көз жіберіп едім, жанарыма ештеңе ілікпеді. Асфальт жол қаңырап бос жатыр. Кеудемде тіршілікті өгейсіген көңілсіздік оянды.

Х тарау

Мақсұтқа телефон соғып, қай жерде кездесетіні-мізді анықтап, белгілеп алдық. Асқат Жақанұлы, Барлас Манашұлы бөлек аттанып кетті, Мақсұт, Қанат Нұрбекұлы үшеуміз жеке машинамен шықпақшы болдық. Біз келгенде, Мақсұт бір қызбен “Жигули” маркалы автомобильде күтіп отыр екен. Таяп қалғанымызды байқап, есіктен басын шығарып, артынан өзі тола-йым көрінді. Күле қарсы алып, екеуімізді кезек-кезек құшақтады, бәріміз жабыла салонға мініп алдық. Рөлде – өзі. Автомобиль Райымбек батыр даңғылына жеткенше бағдаршамға жиі аялдай берді де, үлкен арнаға түсіп алған соң, жылдамдығын арттырып, ілгері суырылып – жұлдызша ақты. Кешікпей, Қапшағай жолайрығынан озып, қаланы тастап шықтық. Сосын кең жолда құстай ұштық. Көл жағасына құлағанымызда, күн тас төбеге көтеріліп, қызуын молайта түсті. Олар құм үстінде қарта ойнап отырды. Арасында Айдана Саматқызы бар. Біз тақап келдік те, барлығына сәлем беріп, жөн сұрастық. Мен боксшы Марат Қасымұлының қасына жайғастым. Айдана маған қатарласып, етпетінен жатты. Ол қызғылт рең бикинидің омыраулығын жібінен босатып еді, баулары екі қолтығының астына сырғып, қос анары жартылай жалаңаштанып қалды. Қолын жастанып, көздерін жұмды. Қанат Нұрбекұлы бері қарай самарқау келе жатыр. Назары Айдананың тәнінде. Өзі керенау, еріне басып, сүйретіліп келеді.

– Оны қазір кросспен құлатамын, – деді Марат Қа-сымұлы.

– Не үшін?

– Ұнамайды.

– Меніңше, қиянатсыз, дегдар адам.

– Әйел көрмеген секілді, қадалғаны несі.

– Ол Айдананы, шынымен, сүйеді.

– Мен де.

Қалжыңы шығар деп, Маратқа ден қойып, жүзіне мұқият үңіліп қарадым. Ол, тегі, шынын айтыпты. Жақтырмай қалдым. Орнымнан тұрдым да, көлге қарай бет түзеп, селқос жүрдім. Құм қиыршықтары табаныма жан сүйсіндіре батады. Майда түйірлер тамаша сезімге бөлейді. Табаныңа үлкенді-кішілі қатты тас батқанда, денеңді біртүрлі дір еткізеді. Көңілді толқытып, күйін өршітеді. Тамаша әсер. Адымдап, көлдің жиегіне тақап келдім де, жағалауына жете беріп, қалт іркілдім. Еңкейіп, қолымды суға малып едім, салқындығы сезілді. Ілгері жалдап, жүріп кеттім. Шалпылдатып, төңірегіме шашып барамын. Су беліне дейін келген мезетте, қойып кеттім де, су астымен едәуір жүзіп барып, жоғары атып шықтым. Шалқамнан жатып, қолыммен әлсіз малтып, тепе-теңдікті бұзбауға талпындым. Батып кетіп, су кешіп, қайыра қалқып, бетінен көріндім. Жиекке маңдайымды бұрып, құлаштап жүзіп, малтымпазданып асыға жөнелдім. Көл жағасына жүзіп жетсем, Айдананың қасында үйірсектеп Мақсұт жүр. Жағажайға шықтым да, киім ауыстыратын ағаш гардеробқа бардым. Оның төбесі ашық болатын. Ішіне кіріп, есігін күршекпен жауып, бекітіп қойдым. Көрші бөлмеден әйелдің дауысы естілді. Қапелімде жоғалып кетті де, шыбын ызыңы естілетін тыныштық орнады. Мен лыпаны бұрап сықтым. Енді еркектің үні шыққан. Әйелдің үздігіп алқынғаны сөздерін үзіп жіберді. Олар сүйісті де, сықылықтай күлісіп алды. Екі араны жапқан қабырға тақтайдың төменгі тұсы ашық. Олардың құмды ысырған аяқтары байқалып қалды. Кенет жерге бюстгальтер түсті. Іле-шала әйелдің жұқа сары лыпасы сусыды. Сары лыпа лезде көтеріліп алынды да, әйелдің ренжіген дауысы ескерту жасады. Бюстгалтер сол күйі жатыр. Мен тысқа аяқ бастым. Күн жылуын төгіп тұр. Есіктің ескі топсасы шиқылдап, босағадан жас жігіт көрінді. Дереу сол қапталына бұрылды. Жігіт ұзаған шамада топса ақырын сықырлады, сыртқа қырықтар шамасындағы өңді әйел шығып келе жатты. Әйел оң қанатына қарай жүрді. Жолай қалтарыста өз бетімен ойнап отырған бір кішкене сәбиді ала кетті. Айдана етпетінен сұлапты. Мақсұт екі тізесін қолдарымен құшақтап алған. Мен жақындап келгенде, Айдана көзін тарс жұмып алып жатыр екен. Құм қиыршықтарын сыпыра жүрген аяқ дыбысы құлағының түбіне жеткенде, ол көзін ашып, мені көрді де, жылы күлімсіреді. Қолдарын арқасына жіберіп, баудың екі ұшын бір-біріне айқастыра байлап жатты. Ол бикинидің омыраулығын бос байлай салды, сосын құм үстіне тізерлей отырып, маған жүзін бере аялдады.

– Мақсұт сенің досың ба?

– Иә.

– Қазіргі уақ дос деген бола ма?

– Болады.

– Сенбеймін.

– Қайсымызға сенбейсің?

– Жалпы.

– Ешкімге?

– Иә.

– Оны неге сұрадың?

– Дос бола қалған жағдайда, екеуіңді не бірік-тіреді?

– Туған топырақ, – деді Мақсұт.

– Ғұмыр.

– Онда Мақсұтқа айт, соңыма түскенді қойсын.

– Ақ төсіңнен бір мәрте шөп еткізіп сүюге бола ма дедім, басқа жазығым жоқ.

– Болмайды.

– Мақсұт енді қояды.

– Серт беремін.

Айдана күлді.

– Бара беруіңе болады.

– Данаймен сөйлесейін де.

– Сөйлес.

Ол шалқасынан жатыр. Айдында қайық жүзіп барады. Желкендерін жоғары көтеріп, тартып, керіп қойыпты. Қайықта екеу ғана. Біреуі қыз бала сияқты. Алыстан үстіне киген қызыл лыпасы көмескіленіп байқалады. Жанымызға Асқат Жақанұлы келді. Ардақ Сабырқызын ертіп алыпты. Ардақ қара торы, жанары үлкен, қыр мұрынды, ерні толық көрікті қыз.

– Суға түсеміз бе? – деді Асқат.

– Түсейік, – деді Айдана.

Олар көлге қарай кетті. Мен жағажайда қалдым. Әуелі судан Мақсұт шықты.

– Маған еріп келген шөпжелке қайда?

– Нұрғали Ысқақұлымен жүрген.

Мақсұт түрегелді де, жағажайдың шетін бойлап, жағалап кетті. Көп ұзамай, қайыра оралды. Алдына салып алған манағы бейопа қызы бар. Қыз жылап алыпты. Жасын сүртпеген, кеуіп те үлгермеген.

– Не болды?

– Бүлдіріп жатқан жерінен әкелдім.

– Жылатпасаңшы.

– Жылатпаймын.

– Өз шаруам емес пе, – деді қыз.

– Мені тектен-текке бейпәруа қылдың. Бекер ер-тіппін.

– Кім әбігер болды, сен бе?

– Иә.

– Әуреге түсетіндей ештеңе жоқ.

– Ақырында, қор еттің.

– Күлкілі.

– Не істедім саған?

– Сен бе?

– Қайтіппін?

– Істегенің көп.

– Мысалы.

– Жезөкше дедің, сүйектен өтетін намақұл сөз айтып, тіл тигіздің.

– Одан бұрын, қандай қорлық көрдің?

– Осында келгенше де сан мәрте өкпелеттің.

Қыз тағы жылады. Кемсеңдеп біраз тұрды да, теріс айналды.

– Өтірік! – деді Мақсұт.

– Мақсұт, қайтесің.

– Бері қара, мен, тегі, сені бір үйретейін.

Мақсұт қызды қолтығынан шалт тартып, жерге құлата салды.

– Қазір бүкіл киімдерімді жуасың.

Бейопа қыз қорқып қалыпты.

– Сабынсыз жуасың, бірақ таза болуы қажет.

– Қай жерге жуайын?

– Анау жаққа бар.

Үнсіз Мақсұттың шашылған киімдерін жинай бас-тады. Бұл маған ұнаған жоқ. Қыз жинап болды да, шығысқа маңдайын берді. Мақсұт екі қолын желкесіне қойып, аспанға жанарын тіктеді.

– Бекер істедің.

– Жәлептермен сөйту керек.

– Мен ылғи барлық адам неге ар-намысын таптатпайтын тәкаппар болмайды деп ойлаймын.

– Өмірдің жүгі ауыр, басып кетіп отырады.

– Осыны түсінбеймін.

– Ақындар қызық, – деді Мақсұт.

Кеудемде тіршілікті өгейсіген көңілсіздік оянды.

– Бірақ, ештеңе өзгермейді.

Адамзат талай заман толғап, үкілеп келген үмітін бір ғасырдың ішінде тас-талқан етті. Адам баласының табиғаты алабөтен, біз аңсаған мұраттан өзгеше екен. Рас па? Белгісіз.

– Әлі жетпесе, айыпты – өздері.

Мен орнымнан тұрдым да, көлге бет алдым. Мана кеткендер қауқылдасып қайтып келеді. Айдана ілгері озып, қарсы оқшау жолықты. Екі иығы бүрісіп, жүгіріп келе жатыр.

– Маған сүлгі тауып берші.

– Жүр.

Біз сол қанатымызға бұрылдық. Нұрғали Ысқақұлы жатқан жерге келдік те, жолқапшықтың аузын ағытып, ішінен сүлгі алдық.

– Айдана тоңып қалыпты ғой.

Айдана жылдам сүртініп жатты. Нұрғалидың сөзінен кейін баяулап қалды.

– Менің есімімді қайдан біледі?

– Кафеде бірге болдық.

– Сізбен?

– Иә.

– Ныспыңыз қалай?

– Нұрғали.

– Әдемі ат.

Нұрғали оған ұнап қалған сықылды. Айдана жүзін әрі бұрып, бізге арқасын беріп тұрды. Ол омырауын сүртіп жатқан. Болған соң, бері қарады.

– Мен көмектесер едім, – деді Нұрғали.

Айдана ақырын жымиды.

– Бара берсем бола ма?

– Қуып жетемін, – деді ол.

Екеуі осы жерде қалды да, мен жабылып мосы құрып, шәугім іліп жатқандарға қарай аяңдадым. Шай қайнатуға кіріскен жұрт, зады, Нұрлыбек Асқарұлы мен Барлас Манашұлы ғана. Қазандықта от бықсып, самарқау жанады. Көк түтін бірден жоғары ұша алмай, жер бауырлап барып, биікке жол тартады. Нұрлыбек қолындағы таяқпен тамызықты қопсытып, тұтанып кетуін оңайлатып қойды. Жалын әр тұсынан лапылдап атып шықты да, бір-бірімен жол-жөнекей қосылып, үлкен маздақ отқа айналды. Барлас аумақтана түскен алауға тесіле көз салды.

– Көңілсізсің ғой, – деді Нұрлыбек.

– Жай.

– Кәуап пісіреміз бе?

– Білмеймін.

– Не болды?

– Ештеңе.

– Тірлікте әр нәрсені күрделендірмей, мүмкіндігінше оңайлатып, мәселеге жеңілдетіп қарауға дағдылану қажет.

– Бірақ, бұл жауапкершіліктен қашу емес қой.

– Әрине.

– Жалғыздықтан, бірақ, құтыла аламыз ба?

– Құтыла аламыз, жалғыздық әдетте көп аялдамайды.

– Ештеңе жазылмай жүр.

– Жазғаныңа сену қажет. Ешкім сенбесе де, өзің осы сенімді жүрек түкпірінен іздеп, тауып алғаның абзал.

Шәугім ызылдай бастаған. Қызыл жалынның сүйір тілі әрі-бері сүйреңдеп, сумаңдай жанып, шәугімнің түбін жылп-жылп жалап кетеді. Тамызық таусылып, от қызуы маңайына тарап, күшейіп алған.

– Жылдың барлық мезгілінен күз ғана жаныма жайлы тиеді.

– Мұң басқан нәрсенің бәрі маған да жақынырақ, – деді Барлас.

– Жалғыздық, ел көшіп, ескі жұртқа тастап кеткендей түйсік, алдамшы ғұмыр, мәнсіз тіршілік – кімді болмасын қызықтырады.

– Клевердің “Кешкі тыныштық” суретін көргенімде, көңілім ашылып, жүрегімді біреу алақанымен қысып ұстағандай күйге бөленіп, қанағаттың құшағында толқып едім. Бұл туындыда тойымдық, нысап, тоқтам байытылып ұсынылған. Суретке қадалып тұрып, өзіңді мұқтаждықтан ада, тоят сезінесің.

– Қастеев атындағы мұражайдан көрдің бе?

– Иә.

– Менің болғаным бар.

– Шарль де Правье майлы бояумен салған “Пейзаж” суреті де сол тақырыпта. Түн жамылған теңіз жағасы, қараңғылықты қақ тіліп үшеу саяқ қайықта асығыс жүзіп барады.

– Мола Пьер Франческоның “Агарьдың қуылуы” шығармасындағы әйелдің бет-бейнесі де ұнаған еді.

– Ол да ғажап.

– Қыркүйек айында Третьяков галереясының көр-месі ашылады.

– Шын ба?

– Шын.

– Қыркүйек дейсің бе.

– Көрме, бәрібір, көңіліңді көрмейді.

– Сонда да. Мен ішкі дүниемде бір өзгеріс болса екен деп армандаймын.

– Менің де тілегім сол.

– Бүгін қандай мұрат бар, қазір, жалпы, не қал-ды?

– Түк те.

– Түк те қалған жоқ.

– Рас.

– Сондықтан, бір өзгеріс болса екен деп армандаймын.

Шәугім тасыды. Нұрлыбек орнынан көтерілді де, жолқапшықтан қағазға ораулы шай алып, шәугімнің ішіне тастады. Надира Жарасқызы бері аяңдап келеді.

– Дастарқан жасайық, – деді Нұрлыбек Асқарұлы.

– Надира жасайды.

– Түгел шақырып келейін, – дедім.

Мен елді шақыруға кеттім. Қайта оралғанда, дастарқан жайылып тұрды. Ас ішіп, әңгіме шертіп, бәріміз қауқылдасып құм үстіне аунай-аунай жата кеттік. Күн қызуы әлсіреді. Қасыма Айдана тақады.

– Нұрғали екеуміз тысқары шығып келдік.

– Ол – ақ көңіл жігіт.

– Иә.

– Ептеп бокспен айналысады.

– Маған айтқан жоқ.

– Ешкімге айтпайды.

– Сені мақтап, аспанға шығарып жіберді.

– Бекер.

– Неге?

– Көпе-көрнеу, жорта, қасақана мадақ.

– Әдейі?

– Әдейі.

– Меніңше, шынайы мақтады.

– Шынайы емес.

– Рас айтты, сондықтан зор еңбегіңе, қол жеткен табысыңа, ізгі қасиетіңе берілген жоғары баға деп түсіну қажет.

– Қойшы.

– Күткен жоқсың ба?

– Ешқашан пайымдамаппын.

Нұрғали келді.

– Айдана, барасың ба?

– Қайда?

– Көрші жағажайға.

– Манағы ма?

– Иә.

– Барамын.

Ол түрегелді. Денесіне жабысқан құм түйіршіктерін алақанымен сыпырып түсірді. Сосын, маған қарады. Күлімсіреді.

– Мен барайын.

– Жарайды.

– Бүгін осында қонамыз ба?

– Қайтатын шығармыз.

– Кешқұрым ораламын.

Олар кетіп қалды. Көңілімді қапа меңдеп, қамырық өзегімді жарды. Көл жағасына бет алдым. Тақап бардым да, жиегіне жетіп, іркіліп көп тұрдым. Толқын жағаны жайлап соғады. Асығыс қайтып кетеді. Уақытты алшақтатпай, сағынып қайыра шулап келе жатады. Айдынның орта тұсына таман, көз ұшында үш қайық бұлдырап көрінеді. Оң қапталда бір шағын катер заулап барады. Шағалалар қаптап жүр. Мені жалғыздық сезімі иектеді. Бөлмеге барған соң, тегі, қайтадан қаламымды ұштаймын. Бәрібір. Ешкім оқымаса да, бәрібір. Бірақ, кітаппен қоштасу әділет пе? Дүние о бастан әділ, шыншыл жаралса керек. Зады, бүкіләлемдік жалғыздықтың тұтқынында жатқан адамзат өзінің рухани қазынасын жер бетіндегі тамаша мекенге айналдырып алған. Өз түсінік аумағында, қалыптастырған салт-дәстүр аясында, қала берді, сөз кеңістігінде адам баласы ұдайы үйлесімділікте жүреді. Үндестікті бұзып-жарып, шектеуден асып, құрдымға шықсақ қана біз түсініксіздікке ұрынамыз. Тәубеден қашып, дінсіздің үйін паналайтын ойдың бастауы да, қайнары да осы. Құдайсыз ғұмыр кеше аламыз ба екен. Кітапсыз қандай қасіретке ұшыраймыз? Шағалалар топталып алыпты. Қайықтар арғы қабаққа алыстап кеткен. Мен балық іздеп қайта-қайта тұмсығымен су шалып, сүңгіп жүрген шағаланы бақылап отырдым. Шағала балықты мүлдем ұстай алмай қойды.

ХІ тарау

Такси Ленин даңғылымен зымырап келе жатты да, екі жүз төртінші үйдің жанынан тізгінін тартты. Әуелі өзім шығып, артынан Айдананың түсуіне көмектестім. Тура іргемізден түсі қара темір ауланың жарма қақпасы кең ашылған. Екеуміз қақпа арқылы аулаға өттік те, қарамай төселген асфальт жолмен ілгері жүрдік. Алдымыздан биік қабырғалы зәулім сарайдың өзі көрінді. Біз еңселі ғимаратты сол қанатынан айналып, есік аузына келдік. Көп адам серуен құрып, босаға маңынан ұзап, қыдырыстап барады. Есіктен ішке кіріп, әсем безендірілген салтанатты залға тап болдық. Төр жақтан қалқиған баспалдақ көзге шалынды. Баспалдақпен екінші қабатқа өрлеп шыға бердік. Үстінде кісі мол екен. Ауыр өнеркәсіп саласының төрағасы бізден әрірек, терезеге таман әйгілі жазушымен емен-жарқын әңгімелесіп, қауқылдасып тұрған. Олар бізді аңғарған жоқ. Мен ешкімді танымадым. Азамат Болатұлы мен Дана Ғалымқызы әлі қала аралап, сауықтап жүрген болып шықты. Жас жұбайларды ұзақ күтіп қалдық та, көңілімізге кірбің ұялады. Үстелдер бір-біріне сірестіріліп, иық тірестіре үш қатардан қойылған. Торғын дастарқаннан қазақ асының барлық түрін табуға болады. Содан кейін, көптен бір көруді аңсатқан ашаң жүзді жас келін ақ отауға түсті. Төңірегіне әлсін-әлсін қуана көз тастап, күлім қаққан жайдары екі үлкен абысыны оның ажарын жібек шілтермен қалқалап, ел назарынан жасырып, тасалап көрсетпей ұстап тұрды. Суырып салма ақын, өнерпаз асаба – жас жұбайлардың алдына келіп, домбырасының құлағын бұрап, күйін келтірді де – екі-үш мәрте шертіп, қағып-қағып жіберіп, беташар жырын бастап кетті. Келін туған-туыс, ағайын-жегжатқа тегіс сәлем салып болған соң, сері жігіт оның бетін ашып, күміс табақтағы мол ақшаны қалтасына салып алды. Жас жұбайлар төргі оңаша дастарқанға қарай жүрді. Айдана екеуміз жайлап басып, екінші үстелдің аяқ жағына барып тізе бүктік. Оған “Ркацители” шарабынан толтырып беріп, өзіме қазақ коньягынан құйып қойдым. Әлдекім ұзақ сөз сөйледі, ел даурыға қол шапалақтады. Біз әлсіз соғыстырып, төңкеріп тастадық. Коньяк тілімді қуырып, тамағымды қырнап өтті де, кеудеме жайылып, маңайын қыздыра бастады. Маған қарсы бір орта жастағы ер адам отырып алыпты. Айданаға тесіліп қараған қалпы ет пен картоптан жасалған салаттан шанышқымен алып жейді. Айдана алма толған тостағанға қол соза беріп, оның көз қарасын аңдап қалды да, ашық-жарқын әлпетімен маған назарын аударды. Мен күлдім.

– Ғашық болып отыр ма, – деді ол.

“Ркацителиден” оған тағы шүпілдетіп қойдым. Ол тартынбастан ішіп салды. Фужерді дастарқанға қоя беріп, қолы шанышқыға жүгірді. Қызанақ салатына сұғып, біреуін түйреп алды да, аузына апарды. Енді тағы бір салиқалы, жасы үлкен кісі сөз алған. Біз тыңдаған жоқпыз. Үстелге қуырдақ таси бастапты, тоя жеп жаттық. Айдана қайыра фужерін маған итеріп қойды. Екеумізге “Лев Толстой” арағынан толтырып, тілектің толық айтылып бітуін тоспай, тартып жібердік. Өңешімді жыртып өтіп, көкірегіме жетті де, айналасын жылытты.

– Болат ағаның жалғыз-ақ баласы бар ма? – деді ол.

– Жоқ.

– Қанша?

– Үшеу.

– Осында ма?

– Сенен кейінгі үшінші. Ең кішісі туысының қо-лында.

Айдана оң жағына бұрылып, Зәуре Болатқызына қарады. Сосын:

– Сүйкімді екен, – деді.

– Маған да ұнайды.

– Оның болашағы қамдалып, жоспарланып қойыл-ған шығар.

– Иә.

– Жігіті бар ма?

– Білмейді екенмін.

– Бәрі шешіліп қойылған болса, өмір сүргенде не қызық қалады.

– Рас, ешқандай мұрат болмайды.

Зәуре Болатқызы жүзін сол қанатына аударып, мені көрді де, сыпайы жымиды. Мен күліп жауап бердім. Ол шашын желкесінен шолт қиған, үстіне бюстгальтері көрінетін әдемі ақ торғын блузка мен етегі шұбатылған қара түсті белдемше киіп алыпты. Сүйкімді Зәуренің көз қиығы ұзын, кірпіктерін жоғары қайқайтып, ептеп әсірелеп бояп алған. Ол дөңгелек өңді, ақ құба, жұқа ерінді болатын.

– Әкесі бай шығар.

– Солай.

– Менің де әкем бай адам, бірақ, әрине, министр емес.

– Әкең тірі болса, одан асқан арман бар ма, – дедім.

– Кешір, – деді Айдана.

Мені айнала қоршап, үстімнен төнген байлық, дәулет иелері көңілімді қоңылтақсытып жіберді. Жүрек түкпірінде жатқан асыл арманым мына дүние-мүлік, қазына салмағынан жаншылып қалған тәрізді.

– Торықпа, – деді Айдана.

Оған көз салдым. Жүзін мұң торлай қалыпты.

– Мен дәулетке қызықпаймын. Қаржының көптігі, керісінше, ақшаның құнын түсіреді.

– Мүмкін.

– Сені бір апта көрмесем, неге екені белгісіз, үйге сыймай кетемін.

Оны қолаң шашынан сипадым. Ол әдемі қой көздерімен маған қадалып тұрды.

– Бәріміз бір сәтке ғана дүниеге келгенбіз.

– Келісемін.

– Мен он тоғыз жыл өмір сүрдім, бірақ сол жылдар әлдеқалай ұшты-күйлі жоқ. Әлі де көп жылдар жер басып жүргім келеді.

– Елу жылдан соң, біз боламыз ба, жоқ па, кім біледі.

– Боламыз.

– Рас па?

– Ешқашан өлгім келмейді.

– Менің де.

– Тұрмысқа да шыққым келмейді.

– Біреуге немере керек қой, – дедім.

– Сосын олар да осылай қиналу үшін бе.

– Жоқ.

– Өмір – қашанда үлкен сәтсіздік, қатты өкініш, түзетілмейтін қателік, туған соң, дүниежарықты қиып, тастап кете алмай, қиналып жүресің.

– Мұндай ғажап әлемді көріп тамсанатын сана бола алмайтын өлі табиғаттың несі жақсы.

– Білмеймін.

– Бір мәрте көрініп, мәңгілік ұмытылу – өмірдің мұраты, мүмкін, мәні де.

Ол арақтың қақпағын бұрап ашты да, екеумізге құйып қойды.

– Не үшін ішейік?

– Сен үшін.

Айдана жылы күлімсіреді.

– Жүрегім қамырдай езілді.

– Көріктісің.

– Шын ба?

– Шын айтамын.

– Саған әр кеште ұдайы бір әйел заты ғашық болып қалады.

– Рақмет. Саған да ғашық болып қалады.

– Өзімді ұнаймын деп ойламаушы едім.

– Маған ба? Нұрлыбек те ұнатады.

Ол тосылып қалды. Үстелден өрік алып, аузына салды да, сабырлы қалпы жеп жатты. Сүйегін босаған ыдысқа тастады.

– Тірлікте бақытты болу мүмкін бе?

– Мүмкін.

– Сенбеймін.

– Бақыт дегеніміз – сүйікті ісіңмен айналысу, әуре өмірден мән-мағына іздеп әлектенбеу.

– Махаббатсыз адам бақытты бола ала ма?

– Бұл, зады, әрбіреуіміздің сезім тұңғиығымызға байланысты.

– Яғни, болмайды.

– Солай.

– Өзің ешкімді жақсы көрмей жүре алар ма едің?

– Жүре алмаймын.

– Мен үшін бақыт тек махаббаттан тұрады.

Ән көтерілді. Жұрт орнынан түрегеліп жатыр.

– Тағы бір көреміз бе?

Айдана шөлмекті ұстады. Мен басымды изедім. Ол екі фужерге лықылдатып құйды да, мені күтпей, тастай салды. Фужерді қойған беті қызанақтан жеді. Ішкі дүниемді көңілсіздік иектеді. Ыдысты қолыма алып, кідірместен жұтып жібердім. Орнымыздан тұрдық. Би алаңына жеттік те, жұрт құттықтап жатқан Азамат Болатұлы мен Дана Ғалымқызына тілегімізді айттық. Олардың шуақты күлкіге шомылған жүздері біртүрлі қападар көрінді. Біз Блэктің орындауындағы “Wonderfull Lіfe” сазына толқыған күйімізде шыр көбелек айналып, билей жөнелдік. Келін қимаған жанарымен ұзатып, алыстап қала берген.

– Сезім тозағына күйген тағы бір мұңлық пайда болды, – деді Айдана.

Ол езу тартқан кейпі басын қойныма тығып, маған жабысып, фойені шеңберлей, жүзіп бара жатты. Саз үзілген шақта үстелге бардық та, шабдалы шырынынан ұрттадық. Қайта оралғанда, Whіtney Houston шырқаған “І Am Every Woman” әні естілді. Фойе шетінде, әуен әсерімен толықсып жүрген меймандарды көзімізбен шолып, оқшау тұрдық. Маған біреу телміріп қарағандай көрінді. Бұл көз қарасты үйіріле билеп, жолды тасалаған топтың ар жағынан байқадым. Оның үстіне кигені төгіліп жерді жапқан ақ торғын әдемі көйлек. Төбесіне гүл әдіптеген ықшам тақиясын қондырған. “2 Unlіmіted” төңіректі жаңғырықтырып, “No Lіmіted” әніне басты, билеген топ тез тарқасып кетті де, келін мен күйеу екеуінің бейнесі ашылды. Азамат Болатұлы қалыңдығын әрі бұрып алып, жай ғана ән нақысына салынып, теңселіп кете барды.

– Бірақ, сен қарама, – деді Айдана.

Мен оған көз салдым. Ол қуақыланып, жымиып тұрды.

– Мұнда көңілсіз, – дедім.

– Тысқа шығайық

– Аһа.

– Үйлерді тамашалайық.

– Ішкі істер босстары уақытын осында өткізеді.

– Бір кезде бәрі халықтыкі деуші еді.

– Қазір де солардыкі.

– Әкем ештеңе өзгерген жоқ, коммунистер іскерлік қабілет танытып, бүгінде барлық сауда мен банк билігін өз қолдарына алды дейді.

Банкет залының салтанаты қайыра қаншама жыл көксеп, аңсап, сағынып келген арманымды таптап, езіп бара жатқандай көрінді. Болашақтан бізге орын қалмаған сияқты.

– Бірақ, мәселе – анада емес.

Айдана қолымен қымбат бағалы люстралар жайнаған төбені көрсетті.

– Мынада.

Ол жас жұбайларды нұсқады. Олар бір-бірімен құпия, жасырын келісім арқылы қосылғандай, біреуінің асқан дәулеті бар, екіншісі патша сарайын тоты құстай жайнатып, құлпыртып жібере алады. Айдана, тегінде, шынайы махаббат, шыншыл жандарды іздейтін тәрізді.

– Бұл біздің жұмысымыз емес, – дедім, – олар өздері біледі.

– Қос жар, демек, қолтықтасқанда ғана әсем екені рас.

– Ойыңа пікір қосқым келмейді.

– Түсінемін.

Екеуміз баспалдақпен астыңғы қабатқа түсіп, босаға жаққа қарай жылжыдық. Далада жаңбыр жауып тұр екен. Біз табалдырықта іркіліп қалдық. Үстіңгі фойеден Wіtney Houston шырқаған “І Am Every Woman” сазы қапылыс қайта естілді. Айдана Саматқызы көшеге атылып шықты да, қолдарын сермеп, сәнмен билеуге көшті. Жаңбыр тамшылары жүзімен шапшаң төмен ағып барып, омырауына үздіксіз құйылып жатыр. Ол бір сәт бүкіл әлемді өзіне қаратып алғандай әсер етті. Ұлы жаратылыс, көк жүзінде қалтырап жана бастаған марғау жұлдыздар, бізге мүлдем беймәлім қашық нүктелер тек сұлу қызға ғана қадалып қалғандай. Жауын екі бетін жуып, иегінің ұшына жетіп болмашы кібіртіктейді де, төмен үзіліп түседі. Қара шалбарының сыртынан жіберілген ақ блузкасы малмандай су. Денесіне етімен ет болып жабысып қала береді. Қолдарын жоғары көтеріп, қос қапталына толықсып лақтырып қалады да, өзі екі жағына кезек-кезек теңселіп, тоқтаусыз сықылықтап күледі. Әуез баяулай беріп, ол ішке жүгіріп кірді. Мені қаға-соға, залға баса-көктеп ентелей өтіп барып тоқтады. Маған жанарын тіктеген күйі сақылдап күле берген. Қасына жылдам таяп келдім де, оны жерден жеңіл көтеріп алдым.

– Бақыт деген осы!

– Сондай бақыттымын, – деді ол.

Маған жоғарыдан жылы күліп қарады.

– Жақсы.

Ол түнеріп, қамырыға сөйледі.

– Тек қана мені Нұрлыбек Асқарұлы сүйеді деп айтпашы.

Оны жерге түсірдім. Жаңағы қуаныш ұшты-күйлі жоғалды – шаттық бізді қапыда жалғыз тастап кетті. Айдана көзімен ғимараттың тас еденін шұқылады. Оны аядым. Қапсыра қатты құшақтап, шие ернінен сүйіп алсам ба деген ой қамалады. Не істерімді білмедім. Қатал өмірде ұдайы солай. Айданаға қарай алмай тұрып, өзімді қандай да бір келешексіз сезіндім.

ХІІ тарау

Таңғы салқынмен әуежайдан Айдана Саматқызын Ташкентке шығарып салдым да, келесі күні пойызға мініп, тәулік жүріп, Қарағанды шаһарына ат басын тіредім. Теміржол бекетінен Құрмет Игілікұлы мен Асқат Жақанұлы қарсы алған. Күн бұлыңғырланып, терістіктен суық жел соғып тұрды. Біз такси ұстаған бетімізде “Бибігүл” кафесіне тартып кеткенбіз. Құрмет екеуіміз үш рюмка коньяктан ішіп жібердік. Сосын, қалбырдағы “Holsten” сыраларын сатып алдық. “Бибігүл” кафесінен шыққан соң, Асқат Жақанұлы Айдананы сұраған.

– Ол Ташкентке ұшып кетті, – дедім.

– Жай ма?

– Атасы оны біреуге айттырып қойған сияқты.

– Келіскен бе?

– Жоқ.

– Бекер.

– Реттеп, қайтып келеді.

– Бірақ, түбі тұрмыс құрмай қайда барады.

Құрмет Игілікұлы асфальт жиегіне тақап, автомобиль тоқтата бастады.

– Білуімше, Айдананың күйеуге шыққысы кел-мейді, бала тапқысы да келмейді.

Асқат жауап қатпады. “Нива” маркалы машина қапталдай тоқтап, біз топырлап салонға кірдік, автомобиль жылдамдығын арттырып, қаланың “Оңтүстік-Шығыс” ықшам ауданына қарай – атқан оқтай зымырады. Бағдаршамда қалт аялдап, моторы жолайрықта дүрілдеп тұрды. Фонарьдың жасыл көзі жанған мезетте орнынан ауыр қозғалды. Автомобиль енді баяу сыдыртып келеді. Әр тұстан андыздап шыққан көліктер бір арнаға құйылып, алды-артынан қаптай тақап, қапылыста төңірегін байлап, кептеп тас-тапты. Келесі жолайрықта бағдаршамның қызыл оты жанып, машина жүрісін шұғыл қатты бәсеңдете бастады. Көлденең жолға таяп қалғанда, сықырлатып тежеуішін басты. Біз алдыға ұмтылып барып, қайтадан арқалыққа шалқаладық. Салонға Фредди Меркьюри сазы тарады. Әуен ой-санамызды әлдилеп, көңілімізді тербеп, “Орбита” мөлтек ауданы іргесінен тізгінді ірікпей өтіп бара жаттық. Машиналар тарыдай шашылып кетіпті. Басқару тетігі солға айналып, бағытын түзеп алған көліктің – жылдамдығы жедел өсті. Кешікпей, “Оңтүстік-Шығыс” ықшам ауданына іліктік. Көп ұзамай Құрмет Игілікұлының пәтеріне жеткен біздер жүгімізді бұрышқа тастап, қонақжай достың табалдырығынан аттадық. Құрмет асүйге кетіп қалды да, іле-шала шыжғырылған майдың иісі шықты. Асқат екеуміз теледидар көріп отырдық. Сүт пісірім уақыт өткенде, асқа шақырылдық. Үстелде, табада – қуырылған дәмді қуырдақ күтіп тұрды. Асқат Жақанұлы босағада жатқан сөмкелерден төрт дана “Holsten” сыраларын алып, дастарқанға қайтып оралды. Екеуін ашып, алдымызға итеріп қойды. Мен нан тілімін шетінен тістеп, үлкен қасықты қуырдаққа батыра салдым да, аузыма апардым. Қуырдақ пияздың шырынына бөгіп, жақсы бұрышталған екен. Қалбырдағы сырадан азырақ жұтып, қуырылған еттен қарбыта жедім. Ізін ала сүт қатқан үнді шайы келген. Ас ішіп болған соң, жүгімізді алып, тоғызыншы қабаттан лифтімен түстік те, көшеден такси ұстап, автовокзалға зырлап бара жаттық. Бекеттен Қарағайлы кентіне қатынайтын автобусқа мініп, Қарағанды шаһарын тастап шыға бердік. Ульяновск қалашығын басып өтіп, үш сағат ішінде Қарқаралы қаласының вокзалына жеттік. Он минуттан кейін басқа көлікке отырып таудың бауырына жасырынған әсем қаладан марғау, ақырын қозғалып кеттік. Шыға берісте Үлкен көлді қаптал іргесінен қиып, қатпарлы қалың жота, піл сауырлы қоян жон белдердің тас қабақ жарымен қабырғалап жүріп, алдағы шаһардың алқым тұсынан қапылыс биік дөңге көтерілдік. Біз іңірлетіп Қарағайлы қалашығына жеткенімізде, күн шапағы көкжиекті күреңдетіп, солғын, күңгірт қызыл түске бояп, таудың екі жақ қия беті отқа малынғандай көрінді. Бекет басында сапаршылар үшке бөлініп, әркім өз үйіне тарқасып кеттік. Мен үйге қоңырау соққанымда, анам пәтерде жалғыз отыр екен. Көзілдірік киіп оқып жатқан газетін креслоға асығыс тастай салған ол күлімсіреген күйі маған қарсы жүрді. Жүктерімді алып, көрші бөлмеге апарып, қайтып келді.

– Соңғы айлар неге хат жазбай қойдың? – деді ол.

– Не жазарымды білмедім.

– Ұмыттың.

– Бір пәлеге ұшырасам, хат міндетті түрде келетін еді.

– Жаман сұмдықты бастама.

– Жарайды.

– Түс көріп жүрмін.

– Қалжырадық. Жолдан қажыдық.

– Білесің бе, біз сенің жасыңда ана, әке атанған-быз.

– Үйлену қажеттілікке айналса, келін түсіруден бас тартпас едім.

– Қажет емес пе?

Біз асүйге өттік. Анам шәугімді суға толтырып, газдың үстіне қойды. Шкафтан құмшекер салынған тостаған мен екі кесе алып, бері бұрылды.

– Қажет емес.

– Сені отбасы қызығын көрмей өте ме деп, жиі уа-йымдаймын.

– Әжем не дейді?

– Көзім тіріде шөберемнің маңдайынан иіскесем дейді.

– Бұдан ештеңе өзгермейді.

– Кәрі адамның бақыты сол.

– Азғана бақыт.

– Неге?

Анам орындыққа тізе бүкті. Екі қолын дастарқанға шынтақтады.

– О дүниеде, бәрібір, ештеңе жоқ.

– Пайғамбар, салла(А)ллаһу аләйһи уә сәлләм, жолына қайшы сөзді айтпа, – деді анам.

Өзі әрі айналып, шкафқа беттеді. Туралған нан мен қарақат тосабын алып, үстелге әкеле жатты.

– Адамдар қашанда жалғыз. Өмір де серік бола алмайды, о дүниеге сапар шегіп, мақшарда тұрғанда немесе мүлдем жойылғанда, ол, тегі, бұ дүниеде қалады, пенде барлық қиындық пен белгісіздікте жалғыз жү-реді.

– “Адасқан күшік секілді Ұлып жұртқа қайтқан ой”, – деді анам.

– Кейде әкем қайда кетті, жеті қат көкті, түпсіз ғарышты шарлап жүр ме екен деп топшылаймын.

– Кім біледі.

– Меніңше, жалғыздық жастықта қызықты, мосқал тартқанда – дерт.

– Қартайғанда – ажал.

– Ал, қайтқанда ше?

– Серік.

Анам жылап отырды. Қолындағы орамалмен жанарын жайлап сүртіп қойды.

– Енді жыламаймын.

– Білемін.

– Мен қаншама ауыртпашылықты басымнан өткер-дім.

– Білемін.

– Бұ дүниеде не қызық көрдік, бақыт барын да байқамаған екенбіз.

– Бұны да білемін.

– Енді ештеңе жоқ.

– Неге?

– Біз қайтып ешқашан кездеспейміз.

– Рас.

– Мен өткен өмірімді ойлап тірлік кешіп жатырмын.

– Бірақ, кім білген, мүмкін, кейін бәрі болатын шығар, өмір де, жарқын кездесулер де.

– Сонда, ажал қашан келеді?

– Ешқашан.

– Шаршап қалмаймыз ба?

Анам күлді. Перде тұтпаған терезеден көше шамдары назарға түседі. Терістіктен үйірілген суық желдің уілі құлаққа жетеді. Анам орнынан тұрды. Көзінде белгісіз бір қуаныш, құпия шаттық, алыстан үміт күткен жайдары күлкі бар. Ол шәугімді газдан алып, аққұманды қамдады да, қайтадан орындығына келіп жайғасты.

ХІІІ тарау

Қарағайлыдан таң сәулесі жотаны шомылдырғанда, шыққанбыз. Автобус ілгері енжар ұзап бара жатыр. Терістіктен ескен түнгі суық жел мүлдем басылыпты. Жиырма минут бойы тынымсыз жүйткіген көлік Үлкен көлге жеткен соң, Қарқаралы қалашығына келіп кірді. Біз қалашықты қақ жарып өтіп, Қарағанды бағытына, батысқа тартқан қарамай жолға түсіп кеттік те, біраз жүріп барып, сол қапталымызға бұрылдық. Қарсы алдымыздан Тасбұлақ елді мекені көзге түсті. Елді мекенді аял қылмаған беті артқа тастап, қалың орманға сіңіп, көз ұшынан жылдам жоғалдық. Жол оң қанатына қиғаш тартқан, ЛАЗ машинасы шайқалып кетті, ауыр жүкпен ақырын теңселіп барып қайыра түзеліп алды. Науа жол бірте-бірте солға тартып, машина қабырғалай жүрді, шай қайнатым уақыт өтпей, алдымыздан демалыс үйлері кезіге бастады. Біз әрі қарай кедергісіз жөней бердік. Оң жағымыздан басқа демалыс жайы көрінді. Доңғалақтар бағытын өзгертті. Жүргізуші екі пәтерлі жер үйдің іргесіне иек артып барып, тізгінін ірікті. Тысқа әуелі Асқат Жақанұлы шықты, қыздарға қолын созып, түсуге көмектесіп жатты. Біз жүктерді түгел жерге тастап, салонды босатып қойдық. Асқат Жақанұлы демалыс орны қожайынымен сөйлесуге кетіп қалды да, кешікпей, қасына шашы бурыл егде адамды ертіп келе жатты. Таяп келді де, Асқат бізді таныстырып өтті.

– Нешеусіңдер? – деді ол.

– Сегіз, – деп жауап қайтарды Құрмет.

– Осы үйге кіріп, орналаса беріңдер, көрпе-жастық-ты қоймадан аласыңдар.

– Қазір ме?

– Қазір де болады.

Құрмет Игілікұлы екеуміз қожайынға еріп, жүк қоймасына қарай беттедік. Қарағай мен шырша иін тіресе өскен шағын тоғайды бойлай жүріп, ашық алаңқайға кез болдық. Қоян жон дөңді асып, арғы беткейіне шыққанда, жүк қоймасы жанарымызға ілікті. Кенет қожайын тоқтай қалды да, қалтасына қолын сұғып, темекі қорабын шығарып, шылым ұсынды. Біз басымызды шайқадық. Өзі бір талын суырып алды да, тісіне қыстырып, қорапты қалтасына қайтадан салып қойды. Оттығын жағып, темекісін тұтатты. Ауаға бұрқ етіп түтін жайылды. Егде адамның екі беті шарапты өлшеусіз көп ішкендіктен, күп болып ісіп, түсі қара қошқылданып, бұзылып кетіпті. Бойы тым аласа, көздері бойына сәйкес емес, бадырақ. Ол шылым сорып тұрып, Құрмет Игілікұлына жасқаншақтай қарады.

– Маған қыз бар ма?

Дауысы біртүрлі сенімсіз естілді.

– Жігіттер мұнда өз қыздарымен ғана келген.

– Түнде бір-бірімен ренжісіп қалатындар болады ғой.

– Болады.

– Сонда құлағдар етіп... дегенім ғой.

– Қолқаңыз қиын, – деді Құрмет.

Мына шал – жеккөрінішті. Темекісін апыл-ғұпыл екі-үш мәрте сорды да, жерге лақтыра салды. Өзі-нің қолдары бірдеңе ұстағанда, қалтырап кетеді, бірақ қалтасына салып жүргенде, дірілі мүлдем бай-қалмайды. Біз көрпе-жастықты сегіз адамға санап алдық та, төбешікті кері асып, қожайынға көрінбей кеттік. Далаға самауыр шығарып, от жаққанбыз – мұржасынан көк түтін ирелеңдеп, жоғары тартты. Үйге барып кірсек, кең бөлмесіне дастарқан жайылып, үстіне шараптар тізіліп қалыпты. Ардақ Сабырқызы қиярды асхана пышағымен турап, сосын қаймаққа бұлғап, ептеп тұз септі. Тұз сеуіп болған соң, қызанақты ірілетіп турауға кірісті. Башира Сабырқызы ұзын сәкінің орта тұсында отырып, маған назар тастап, ақырын күлімсіреді. Мен оған тақап келіп, жанынан тізе бүктім.

– Қарқаралы тауының ауасы қандай тамаша, – деді ол.

– Иә.

– Ардақ сені роман жазып жатыр деген.

– Шын.

– Кейіпкерлерінің ішінде өзім де бармын дейді.

– Бар.

– Мен ше?

– Білмеймін.

– Романда жүретін болсам, елдің бәрі оқыр еді.

– Оқымайтын да шығар.

– Егер жақсы роман болса, неге оқымайды.

– Кітаптың басына күн туды.

– Не болды?

– Қазір әдебиет ешкімді қызықтырмайды.

– Қызықтырады.

– Мен о бастан осы кітапты жазамын деп, алдыма мақсат қойғанмын, сондықтан оны әйтеуір бір жазу қажет.

– Сол үшін ғана ма?

– Кітап жетпеген мұратымның жалғасы тәрізді.

– Сонда шығармашылық өкініштің орнын толтыра ма?

– Иә.

– Маған өмір сүру ұнайды.

– Өзімді, төңірегімдегі елді таңғалдырғым келді, енді соны бағамдап көрсем, ешкімге қажет емес талпыныс екен. Роман адамның тағдыры сияқты, дүниеге келгенін көп оқырман – білмей кететін де шығар, сол білмейтіндер туындыны ешқашан оқымағандықтан, бұл шығарма қаһармандарына қуанбастан һәм ренжіместен – өмірден озатын шығар. Романның жазылға-нын не жазылмағанын, тіпті, естімеген күйі жер қойнына аттанады, сонда олар, тегі, сол бір кітап тағдырына араласпаған, қатыспаған оқшау қалпында мәңгі қайыра мылқау әлемнің өзіне айналады.

– Қазір барлық адам сондай.

– Менің өлі-тірі екенімді білмейтін, тегінде, жара-тылғанымды құлағы шалмаған кісінің бар екенін топшыласам, көңіл-күйім біртүрлі жаман болып ке-теді. Бұл – осы бейтаныс сана иесі үшін нақ менің ғұмырымның құны жоқ дегенге саяды емес пе.

Ардақ Сабырқызы қолын сүрте бастады. Сүртіп болған соң, шүберекті дастарқанның шетіне тастай салды.

– Әңгімелерің жанды жабырқатады, мұңға толы, – деді ол.

– Бәріміз де қападармыз.

– Пәлсапа іш пыстырады.

– Қайтіп?

– Сені тыңдасам деймін?

– Ницше мен Шопенгауэрден түсінгенімді айтайын ба?

– Данайдың романы қандай болады екен? – деді Башира Сабырқызы.

– Өзіміз жайлы.

– Ардақтыкі дұрыс па?

– Жобасы келеді.

– Пәлсапаны доғарайық, – деді Құрмет Игілікұлы.

– Құрметке пәлсапаның керегі жоқ. Ал, пәлсапаға құрмет керек.

Ардақ сыңғыр етіп күліп алды.

– Керек.

– Несі?

– Данайды ауық-ауық ұғып қалу үшін.

Табалдырықтан Асқат Жақанұлы көрінді. Самауыр көтеріп, жылдам бері жүрді. Шоғы өшпеген самауыр ызыңдап келеді.

– Данай, төрге өт, – деді ол.

– Өттім.

– Арақты ашайын ба? – деді Рамазан Төкенұлы.

– Аш.

– Құрмет шыдамай барады.

– Ішімдік көңілді демейді, шарап ішкенді жақсы көремін, – деді ол.

– Ардақтыкі аз.

– Тағы құяйын ба?

– Жетеді деймін.

– Рамазан, Башираны ұмытып барасың.

– Елмира ше?

– Мүлдем татып алмаймын.

– Светаға құюға болады, – деді Асқат.

– Данай тілек айтсын.

– Құрмет, өзің көтертсеңші.

– Жоқ, сен.

– Асқат және оның достары үшін.

– Ардақ мас болып қаламын ба деп қорқады.

– Асекең ескертті, онда кеттік.

– Асекең үшін.

– Оның достары үшін, – деді Рамазан Төкенұлы.

Мен жұтып салып едім, бидай арақ өңешімді жыртып өткендей болды да, кеудеме жетіп, айналасын қыздыра бастады.

– Тағы жалқы тост, – деді Құрмет Игілікұлы.

– Рамазан, құя бер.

– Елмираға ептеп толтырайын ба, Асеке.

– Иә.

– Ішпеймін.

– Ішпесең де.

– Қыздар үшін ішейік, – деді Ардақ Сабырқызы.

Жүзі күлкіге шомылды, сосын Асқат Жақанұлына ұрлана көз тастады.

– Ардақтың ұсынысына тартып жіберіңдер.

– Асеке мені қолдады, – деді Ардақ.

Біз төңкеріп тастадық. Арақтың кермек дәмі сезілмей барады. Рамазан Төкенұлы тағы да құйып қойды. Қияр салатынан кішкене жеп көрдім де, артынан нан тілімін шетінен тістедім. Башира Сабырқызы әрі бұрыла беріп мені шынтағымен қағып кетті. Қағыта сөйледі.

– Кешір.

– Ештеңе етпейді.

– Масайып қалдым, – деді ол.

– Коньяктан коктейль жасап берейін бе?

– Рақмет.

– Сен үшін.

Мен сілтеп жіберісімен, іле-шала Башира Сабыр-қызы да көтерді. Ол рюмкасын үстелге қоя салып, шанышқысымен салат түйреді. Қызанақтан түйреп алып, аузына апарды да, жеу-ге көшті. Жұтып болған соң, көзі жасаурап, маған қарады.

– Ішуді үйрене алмай-ақ қойдым, – деді.

Бидай арақтан тең етіп құйып, біз әлсіз соғыстырып, тастап алдық. Аузымызды арақтың кермек дәмі білінер-білінбес шайып өтті. Рамазан Төкенұлы тысқа шығып кеткен, кешікпей ойнақы әуен кешкі Қарқаралы орманын әсем күйге бөледі. Ол қайтып келді. Өкшесін баса, манағы қожайын шал есіктен көрінді. Қолында он алты миллиметрлік аңшы мылтығы бар. Ол паң, кербез пішінмен қаруын бұрышқа сүйеп қойды да, жорта түсін суытып, бізге тәкаппар қарады.

– Рысбек аға, бері өтіңіз, – деді Асқат Жақанұлы.

– Тыныш па?

– Иә.

– Демалыңдар, бірақ тыныштық болсын, – деді ол.

Рамазан Төкенұлы оған үлкен қырлы стақанға толтырып берді. Рысбек қожайынның алдына тосып еді, ол стақанды ұстап, екі иығын керіп, терең тыныстады да, лезде ішіп жіберді. Үстелден нан тілімін алып, ұзақ иіскеді. Сосын бері бұрылды.

– Асқат, сенімен сөйлесу керек.

Асқат орнынан түрегелді де, оның – соңынан ерді. Екеуі далаға шығып кетті. Магнитофоннан Ванесса Паради орындауындағы “Joe le taxі” әуезі құлағымызға жетті. Біздің билегіміз келіп, жабыла тұра бастадық. Көңілімізді тәтті бір түйсік төңіректеп кетпей жүр. Бойымызға тараған арақ уыты ән әсерімен күшейе түседі. Әсемдікке, үйлесімділік әлеміне жетелеп әкетеді. Мен Башира Сабырқызымен ұзын, күңгірт дәлізде билей жөнелдім. Екеуміз ырғақпен толықсып, шыр көбелек айналып, төрге ілгеріледік, сосын екпіндей шалқып, теңселіп дөңгелеп кете бердік. Саз ерте, қалт үзілген уақытта біз босаға жаққа жетіп қалғанбыз. “Ace Of Base” тобының “All That She Wants” әуені естілді де, біз соны биге елтіп, қозғалып кеттік. Осы сәтте Асқат Жақанұлы кірді. Ол соңына бұрылып, сөйлеп тұрды.

– Болмайды, – деді.

– Біреуі артық шығар, – деді қожайын шалдың дауысы.

– Болмайды. Жігіттердің өз қыздары.

– Осында жиналғанда, ескерген жөн еді.

– Кейін.

– Кейін бе?

– Иә.

Дауыс жауап қатпай қойды, Асқат Жақанұлы бері жүрді. Құрмет Игілікұлы Ардақты ертіп келе жатты да, табалдырықтың тұсында теріс айналып, даланы қымтаған қараңғылыққа сіңді. Асқат маған тақап келді.

– Түсінбей қалдым.

– Қыдыра берсін, – деді ол.

– Ағаттық жасама.

– Мен үшін ешкім емес.

– Бекер.

– Не істейін?

– Қыз ұнаса, қылығына төз.

– Тәкаппарлығын айтамын, ызамды келтіреді.

– Сонда да.

– Ардақтан басқа да қыздар бар шығар.

– Орға жығатын орам.

Есік жаққа Рамазан Төкенұлы Башира Сабырқызын қолтықтап келеді. Екеуі құшақтасып алған. Жылдам басып, босағадан өтіп, қараңғыға құлады.

– Башира да кетті.

– Асқат, есіңде ме, мақтаушы едің ғой.

– Есімде.

– Саған кет әрі емес еді.

– Қыдыра берсін, – деді ол.

Вальс шырқалды да, Асқат Елмира Тұрсынқызымен шыр көбелек айнала жөнелді. Олар көп билеген жоқ. Кіреберіске таман жылжып барды да, қысқа шүйіркелесіп, лезде көзден таса болды. Кассета аяқталып қалыпты. Дәліз іші көмескі тартады. Терезе жақтауына сүйеніп, Света Таңатқызы ойға шомып тұр. Мен қасына таяп келдім.

– Ұйқы қысты, – деді ол.

– Мен кеш жатып үйренгенмін.

– Қыдырамыз ба?

– Зауқым жоқ, – дедім.

Света кідіріп қалды.

– Ғафу ет.

– Кештім, – деді күліп.

– Өкпелеме.

– Жарайды, ұйықтауға кеттім.

Бағана дастарқан жайылған бөлмеге кірді де, жолай шырын ішіп, түкпір үйдің есігін ашты. Әрі құлап кеткен ол қараңғылық құшағына жұтылды. Алакөлеңке дәліз алабөтен күңгірт – қаңырап бос тұр. Мен Света сүйенген терезеге қарай жүрдім де, әйнектен тысқа назар салдым. Қарқаралы орманы манаурап, айлы түннің барқыт мақпалына, тыныштық құшағына жайбарақат батып, бір уақ сыбдырсыз қалғиды. Қарағайлы орманнан жоғары, батыс көкжиектен – таудың екі жақ қия беті ай жарығында алабарқын тартып қарауытады. Үй іргесінен Башира Сабырқызының ашулы дауысы естілді. Аяқ тықыры шықты. Біртіндеп алыстап бара жатыр. Ақыры жоғалды. Кеудемде тіршілікті өгейсіген көңілсіздік оянды.

ХІҮ тарау

Алматыда күн ысып кетіпті. Пойыздан түскен бетте такси жалдап, Нұрлыбек Асқарұлының аялдаған пәтеріне іздеп бардым. Ол аула ішінде жолықты, біз құшақтасып, жылы шыраймен амандастық. Әңгіме шілденің аптап ыстығына ойысып, сыраханаға барып келуді мақұл көрдік. Біз Горький бағының кіреберісінде орын тепкен “Вигвам” сыраханасын құп көріп, екеуміз машина тоқтатып, Гоголь көшесімен жөнеп кеттік. Межелі жерге жеткенде, Нұрлыбек шопырға ақысын төледі, үстіне азын-аулақ ақша қосып берді. Жүргізуші ризашылығын білдіріп, есікті айналып барып өзі ашты. Біз сол тұстан түсіп қалдық. Ішке аттағанымызда, жуан тақтайлардан құрасты-рылған ағаш үстелдер назарға ілікті. Қабырғаларын өңделген ағаштардан жонып жасап, үстін жылтыр бояумен сырлап тастаған. Біз орта тұстағы үстелге отырдық. Төргі есіктен алдына алжапқыш байлаған даяшы шықты. Қолында сыра толы графин. Ол ширақ басып келді де, графинді үстелге қойып, қойын дәптерін суырды. Мантыдан бас тартып, кептірілген тұқы әкелуді сұрадық. Даяшы ештеңе түртпеген қойын дәптерін қалтасына қайыра сұғып, әрі айналып, дастарқаннан ұзап бара жатты. Жаңа шыққан есігіне қапыл жылдам кіріп, сол жағына бұрылып, көрінбей кетті. Нұрлыбек екі бокалға графиннен сыра құйды да, біреуін маған қарай ысырып қойды. Мен бокалды алып, кенересінен ептеп ұрттадым. Сыра салқын, дәмі жағымды екен. Графинді үнсіз ішіп тауысқан екеуміз даяшының қайта оралуын күтіп отырғанбыз. Даяшы есіктен көрінді. Ол табақ ұстап келе жатқан. Қолындағы ыдыс толы жайпақ табақ жүрген сайын ақырын теңселеді. Тәрелкелерде бір-бірден кепкен, тұздаған тұқы балық, оған қатар бір графин сыра тұр. Тез басып, оқыс таяп келді де, әуелі екі балықты түсіріп, содан кейін сыраны алып, алдымызға қойды. Сосын даяшы табағын көтеріп, кетіп қалды.

– Бүгін “Азия дауысы” байқауының гала-концерті, – деді Нұрлыбек Асқарұлы.

– Барайық.

– Айдана осында ма?

– Иә.

– Ол баратын шығар?

– Барады.

– Көрмегелі қашан.

– Оны ма?

– Иә.

– Кеше келуі керек-ті.

– Қайдан?

– Ташкенттен.

– Жаз бойы түк бітірмедім, – деді Нұрлыбек.

– Үйленетін уақыт таяды ма?

– Ойланып жүрмін.

– Мен де.

– Кейде бейнеттің бәрі бекер тәрізді.

– Рас, осы талай адам үйленбей-ақ тірлік кешті емес пе?

– Бірақ, салт басты сабау қамшы бойдақ өмір кімдерге опа берген. Жалғыздық Құдайға ғана жарас-қан.

– Сондықтан, қайғымыз дұрыс.

– Әрине, дұрыс.

– Айдана Саматқызы ешқашан тұрмысқа шықпай-мын дейді.

Нұрлыбек бокалды толтырып алды да, түбіне шейін сімірді. Сосын балықтан түтелеп үзіп, аузына салды. Ол көзін төмен түсірді.

– Оны ұмыта алмай жүрмін.

– Көрікті, ажарлы ұрғашы көп қой.

– Махаббат мен үшін тақсірет болса да, сезімімді жеңіп шыға аламын.

– Білемін.

– Бірақ, сонда қандай қызық қалады.

– Әуелі оны ұмытсаңшы, артынан қызық нәрсе өзі келеді.

– Ештеңеден қорықпаймын. Өлімнен де. Тек ғұ-мырға деген құштарлығымды жоғалтып алсам, қайтып бірдеңеге қызықпай кетемін бе деп қорқамын.

– Түсінемін.

Біз сырадан іштік те, үнсіз қалдық. Нұрлыбек терең ойға батқан. Мені беймәлім қауіп биледі. Даяшы жаңа адамдарға қызмет көрсетіп жатты. Екеуміз орнымыздан тұрдық. Бізді көріп, даяшы бері жүрді. Ол шотын қағып, тамақ құнын есептеді. Біз ақы-сын төлеп, тысқа маңдайымызды түзедік. Аялдамадан Айданаға телефон шалып, Қабанбай батыр мен Ленин даңғылының қиылысында жолығатынымызды айттық. Нұрлыбек тоғай ішімен серуендеп қайтуды ұсынды, сонсоң бақтың еңселі қақпасына қарай аяңдап кеттік. Бақтан шыққанда, күн кешкіріп қалған. Біз такси алып, қиылысқа кездесетін мезгілден ерте жеттік. Оны күтіп, сәкіде ойға беріліп, шаршай бастадық. Айдана едәуір кешікті. Біз оны жолды қиып өтіп келе жатқанда бір-ақ байқадық. Жиекке тақағанда, бізді аңғарған Айдана сыпайы күлімсіреді. Оған қарсы жүрдік. Жақындап келген Нұрлыбек екеуміз ерніміздің ұшымен бетінен өптік. Үстінде жасыл түсті, ықшам, әдемі, қонымды плащ, мойнына жұқа ақ шарф тағып алыпты, шашын жайып жіберіп, кекілін бір жағына қайырып тарап қойыпты. Киген түссіз капрон шұлығына жылтыр қара туфлиі жараса кетіпті. Ол біз амандасқан соң, шашын кері серпіп, маған езу тарта қарады.

– Қарқаралыға қалай барып қайттың?

– Жақсы.

– Мені ұзатпақ болды.

– Жігіт нашар ма?

– Сымбатты.

– Маған анам келер жазда үйлен деді.

– Келістің бе?

– Жоқ.

– Осы өмірдің өзі тамаша сияқты.

– Ешқашан үйленбей ме?

– Иә.

Автобус келіп, жылдамдығын ірікті. Біз мініп алдық та, ең артқы орындыққа барып жайғастық. Жұрт кіріп жатыр. Іргемізден қоңыр түсті былғары күртеше киген талдырмаш екі қазақ қызы тізе бүкті. Олар сағыз шайнап, сақылдай күлісіп алды. Автобус есіктерін жапты да, моторын іске қосып, жолға түсті. Сол қанатымыздан жиырма бес қабатты қонақүй көрінді, сосын шыршалар арасынан үлкен тас тақтаға жазылған, “Қазақстан” деген ірі әріптер қарауыта берді. Жазу бадырайып тұр. Ілгері талпынған автобусқа ілесе алмай бірсін-бірсін кейіндеп барады. Басында тауға қарай ақырын жүріп, соңыра жүргізуші жылдамдықты оқыс арттырып алды. Бытыраған үйлер қос қапталдан шашырап қалып жатыр. Медеу шатқалына қиналып әзер шығып келеді. Қоңыр түсті былғары күртеше киген екі қыздың біреуі орнынан тұрды. Ол үстін қақты да, келесі орындықтың арқалығынан ұстап, алыстап кетті. Құрбысына қарап күлімсіреді.

– Неге кетіп қалдың? – деді отырғаны.

– Шаң.

– Жеткенше аяғың талады.

– Мына жерге келсеңші.

– Өзің кел.

– Шаң.

Тұрғаны отырғанынан әдемірек. Ақ құба, сұңғақ бойлы, аққу мойын, кептер иық, жазық маңдай. Аш белінен төгілген мақпал белдемшесі тобығынан түседі. Оларға тесіліп қалыппын. Айдана шынтағымен мені түртті. Бетіме қарап, қулана жымиды.

– Ұнай ма?

– Қайсысы?

– Тұрғаны.

– Ұнайды.

– Бірақ, ол әлі жас.

– Иә.

– Отырғаны, тегі, қара торы, Данай ақ сарыны жақ-сы көреді.

– Маған екеуі де ұнамайды, – деді Нұрлыбек.

Автобус қысқы мұз айдыны кешеніне жетпей тоқтады. Асфальт жол кешен аузына дейін созылып кете барады. Екі қапталына үлкенді-кішілі қаптаған ләпкелер, дүңгіршектер, дүкендер орналасып алыпты. Біз автобустан түсіп бара жаттық. Күртешесі бар екі қыз сыртқа толықсыған топқа қосыла беріп, бізге бұрылды да, қапылыс жымың етті.

– Олар бәрін естіп қойыпты, – деді Айдана.

Қос қыз әрі жылжып, нөпірге араласып кетті. Біз жол жиегін жағалай, биікке көтеріле бердік. “Медеу” мұз айдыны ғимаратының бергі қабырғасына ағылшынша “Welcome” деп жазып, жанына қазақшасын аударып қойған екен. Қос өкпеден екі заңғар тау қысып келе жатқандай, қасқиып тұр. Шатқал іші қаладан гөрі салқын, денеміз ызғарды сезіп келеді. Күн түнеріп, бұлттанып алған. Біз баспалдақпен көтеріліп, шарбақ қақпадан өттік те, алдымызға қарадық. Екі қаптал кісіге толы. Мұз айдыны үстіне тақтайдан еден төсеген, сосын, ағаш еденге сәкілерді қаптата жинапты. Оған да кісілер мол отырыпты. Шығыс жақтан бос сәкілер көрдік. Сонда бет алдық. Іздеген орнымыз ең соңғы қатарда, бір шеті сахнаға тақау екен. Тегіс отырып жатып, қолайсыз жерді таңдап алғанымызға өкіндік. “Азия дауысы” компаниясының жарнамасы үлкен экранда дөңгеленіп көрсетіліп жатты. Сазбен көмкерілген жарнама экранда жақсы көрінді. Апақ-сапақта жарқылдап, соңы құлпырып шықты. Содан кейін, біреу құбылтып, жылдамдата сөйлеп, Роза Рымбаеваның ән салатынын хабарлады. Әнші орта тұстан байқалды. Алдымызда отырған пысық жігіттер бидай арағын алып шықты. Біреуі стақандарды жағалатып құя бастады. Өздері бір-бір стақаннан жөнелткен соң, шөлмек ұстаған бозбала жүзін бізге бұрып, мені қолымнан тартты.

– Ішесіңдер ме?

– Жоқ, – деді Нұрлыбек.

– Мен ішемін.

– Қарындастың есімі қалай?

– Әуелі толтырып бер, ныспымды өзім-ақ айтамын.

Жалма-жан бос стақан тапқан жігіт шүпілдете
құйды. Шарап ернеуіне дейін жылдам көтеріліп келе жатып, сыртына төгілді.

– Көп, – деді Айдана.

– Онда мен алайын, – деді Нұрлыбек.

Нұрлыбек Асқарұлы стақанды алып, жұтып салды. Жігіт қайтадан шүпілдетті. Айдана төңкеріп тастады.

– Сен ше?

– Зауқым болмай тұр.

– Мен ішемін, – деді Айдана, – Данай үшін.

Стақан қайта толтырылды. Айдана Саматқызы іркілместен тартып жіберді, дәміне ашырқанып, алақанымен аузын басты.

– Айдана, өзіміз сатып алайық, – деді Нұрлыбек.

– Барғым келмейді.

– Серуендеп қайтамыз.

– Мен бара салайын.

Орнымнан тұрдым да, тас баспалдаққа жетіп, ләпке жаққа маңдайымды түзедім. Бір шөлмек вискимен оралсам, Нұрлыбек кетіп қалыпты. Айдана көзімен жер шұқылап отыр. Сахнаға Мақпал Жүнісова шықты. Мен тақап келдім де, Айдананың қасына жайғастым. Ол басын көтерді.

– Оны ренжітіп тастадым.

– А-а.

– Мазамды ала берді.

– Нұрлыбек – данышпан жігіт.

– Иә.

– Ішесің бе?

– Енді аяп отырмын.

– Мен ештеңе дей алмаймын, бірақ бекер өкпелеттің.

– Оның күшті боксшы екенін де, көп нәрседен озық екенін де, қайраткер тұлға екенін де талай естігенмін.

Айдананың дауысынан ызғар білінді.

– Мен оны жақсы көрмеймін.

Үнсіздік орнады.

– Бұл өзі сондай қайғылы уақиғаға айналды.

– Тойымыз біткен жоқ, біз әлі Ыстықкөлге барамыз.

– Сенімен бірге Ыстықкөлге барғаным қалай болар екен.

Ол тосылып қалды.

– Мені бәрі жалықтырды, – деді бір уақ.

– Кітап жаз.

– Қолымнан келмейді.

– Ішейік те.

– Екеуміз ғана ма?

– Иә.

– Көп болады.

– Сонда да.

– Сен ешқашан өкінбейтін шығарсың, үнемі өмірден мағына таба білесің.

– Менің де қасіретім бар, – дедім.

Айдана жабырқап қарады.

– Сен роман жазып жатырсың ғой?

– Иә.

– Қандай өкініш болуы мүмкін.

– Жазып біткен соң, ешкім оқымай қойса ше.

– Оқиды.

– Осы соңғы жазғаным болады.

– Айтқансың.

– Кітаптардың онсыз да мол екенін білесің, қаншама бай кітапханалар бар, бәрін түгел оқып тауысуға бір адамның ғұмыры жетпейді.

– Ақын-жазушылар да қисапсыз.

– Иә, рас, жөнсіз көп.

– Бірақ, әлем айтылып біткен жоқ.

– Оны Томас Манн жазған.

– Ішейік те?

Мен вискидің қақпағын бұрап аштым да, стақанға құйдым. Ол стақанды ұстап, жайлап қысты да, алақанын жазып жіберді. Стақан еденге сыңғыр етіп соғылып жарылды, жан-жаққа шынылар ұшты.

– Ішкім келмейді.

– Доғар, Айдана.

– Қалай түсінбейсің, оны мүлдем жақсы көрмеймін.

– Түсінемін.

– Ештеңе түсінбейсің.

– Жылағаның не, мен саған ешқашан өтірік айтқан емеспін.

– Бәрін сезіп жүрдің сен.

– Бекер жылайсың, Айдана, басқаша шешуге болатын еді.

– Маған не істеу керек еді, Данай.

– Білмеймін.

– Тегі, біреуді сонша сүйемін деп ойламаппын.

– Бәрі де өтеді.

– Мені тағдыр үнемі аяғымнан шалып жүреді.

– Доғар, Айдана.

Ол ағыл-тегіл жылады. Ықылық ата бастады. Қолымды созып, жауырынын қапсырып, бауырыма тарттым. Айдана тоқтай алмай, бет-аузын кеудеме тығып, өксіп жылап, егіле берді. Шашынан сипадым.

– Болды, – деді.

Көзін сүртіп, жылжып отырды.

Алатаудың қойнауы – тас қараңғы. Тік жартас қия шатқалдың аңғарлы сайында, түнгі алқапта от шашқан “Медеу” кешенінде не істерімді білмей отырып, оны аяп кеттім.

ХҮ тарау

Айдана бұрын кетіп қалды. Мен жұмысымды бітіріп, үш күн кешігіп шықтым. Түнгі он бір жарымда Алматыдан аттанған көлік Георгиевкаға екінің шамасында жетті. Қалғып кеткенімде, автобус Қырғызстанның шекарасын басып өтіпті. Таңғы алтыда шұғыл тепкен күш, қатты серпіннен оянсам, Ыстықкөлді жағалап, сырғып келеді екенбіз. Көлдің ар жағынан қарауытқан Тянь-Шань тау сілемі қара үзіп қалып қоймай, соңымыздан ерген алыптай – ілеседі. Тау сілемі екі көкжиектің арасында іркіліп тұрған айдынға қабат жатыр. Оң қапталыма көзбен шолып қарағанымда, әрдайым қарлы шыңдарын қойдың шарбы майындай селдіреген ақ бұлттар омыраулаған Тянь-Шань тау сілемін көріп қаламын. Біз Сары-Ой айылын артқа тастадық. Автобус қасқа жолда қалауынша, емін-еркін зырлап, бірте-бірте Чолпон-Ата шаарына иек аса бастадық. Шаар айдынға тым жақын орналасқан. Қаладан шығып бара жатып, қайыра елді мекенге кездесе кеттік. Әуелі көрген тақтайшада “Бостері” деп жазылып қойылған. Автобус жол жиегіне таяу тұрған дүкенге жете бергенде, қалт тоқтады, мен сол жерден түсіп қалдым да, азырақ жүріп барып, оң қапталыма бұрылдым. Тар, енсіз тротуармен жайбарақат аяңдап, “Гүлқайыр” демалыс жайын асып өттім де, Қазақ Ұлттық университеті тынығу орнының қақпасына тақап келдім. Аспанмен астаса шалқып Ыстықкөл жатқан. Ар жағынан Тянь-Шань тау сілемі жаздың айсыз көгіндегі Құсжолындай болып жанарға мұнартып жетеді. Санаторий штабынан, тізімнен Айдана Саматқызы бөлмесін тауып алдым да, далаға шықтым. Ол бөлмеде кітап оқып жатыр екен. Есіктен кір-генімде, кітаптан басын көтеріп, мені көрді де, жылы күлімсіреді.

– Сәлем.

– Ыстықкөл қалай екен?

– Тамаша.

– Саған арнап мажар шарабын әкелдім.

Жолсөмкені орындықтың үстіне қойдым. Көрші төсектің арқалығында ер адамның галстугы ілініп тұрды. Айдананың түрі бұзылып кетіпті. Ұйқысы қанбаған тәрізді.

– Әлібектің досы осында.

– Танимын ба?

– Танымайсың.

– Мынау саған.

Шарапты дастарқанға қойып, сөмкеден шоколад қорабын шығардым. Ол төсектен тұрып, шашын қобыратып, кейін қайырды. Оң иығына жинап, қолымен уыстап алды.

– Қазір, жуынып келейін.

Жеңіл сандалын ілді. Үстінде ақ түсті селдір тоқыма, омырауы ашық. Ішінен сары реңді жейдеше, бұтына жасыл спорт шалбарын киіпті. Шкафтан сүлгіні алып, сыртқа беттеді. Шығып кеткен. Оқып жатқан кітабын парақтадым. Франсуаза Саган, “Здравствуй, грусть”. Мұқабасы нашар түптелініпті. Кітапты жаба салдым да, төсекке аунай кеттім. Галстук қайтадан көзіме түсіп, орнымнан көтеріліп, қолыма алып көрдім. Пьер Карден туындысы. Есік сықырлай ашылып, Айдана көрінді. Салқын су өңін жадыратып жіберіпті. Жайбарақат кірді де, сүлгіні шкафқа тастап, айнаға таман барды. Шашын тарауға кірісті.

– Ұмытып кетіпті, – деді ол.

Галстукты арқалыққа іле салып, үстелге барып, тізе бүктім.

– Ашуыңа болады.

Шараптың тығынын ашып, екі кесеге толтырып құйдым. Ол орындыққа келіп отырды. Ішті де, қайыра көтерілді. Киімдерін реттеп жатыр. Көзілдірігін ұстады. Киіп алды да, маған қарады. Келбеті күлкіге шомылды.

– Жарасады.

– Тезірек бол, жағажайға барамыз.

– Қарным ашып қалыпты.

– Асханаға соға кетеміз.

– Мұнда таныс біреу бар ма?

– Ешкім жоқ.

Ол шілтерлі тоқымасын шешті де, төсекке лақтыра салды.

– Әрі бұрылшы.

Әрі бұрылып отырдым. Түйме сырт етіп ағытылды. Бірдеңе жерге сусыды. Екі аяқ кезек-кезек еденді таптады. Түйме қайтадан сырт етіп салынды. Бірдеңе киіліп жатып, шу жоқ болып кетті.

– Болды.

Айдана балағы тізесінен шорт қиылған джинсы шалбар мен ақ түсті кең футболка киіп алыпты. Футболканың етегі кіндік тұсына жиналып, түйіліп тасталған. Ол күлімдеп, жайнақы көз салды.

– Әлі ішпегенсің бе?

Кесені қолыма алып, кенересінен асықпай жұттым. Шарап тамағымды қытықтап, кеудеме құйылды.

– Киіміңді ауыстырып ал, мен сыртта күтемін.

Ол табалдырықтан аттады. Тез киімімді ауыстырып, тысқа шықтым. Айдана дәлізде темекі шегіп тұр екен.

– Мына бөлме сенікі болады.

Қарама-қарсы есікті нұсқады. Темекісін тісінің арасына қыстырған қалпы қалтасынан кілтін суырып, өз есігін екі бұрап жапты. Түтінді ащысынып, бір көзін кішкене қысып алған беті ажарланып бері айналды.

– Кеттік.

Екеуміз асханаға соғып, таңертеңгі асты іштік те, жағажайға апаратын жолға түстік. Таңертеңгі аста майға шыланған күріш, сұйытылған қаймақ және құймақ жедік. Айдана ілгері озды. Сүрлеу үзіліп, жағажай басталды, біз жеңіл тәбішкемізді шешіп тастадық. Құм үстімен сылбыр ілбіп барамыз. Тәбішкемізді қолымызға ұстадық. Көл жиегіне таяқ тас-там жерден тоқтадық та, киімімізді басымыздан асыра, сыпыра бастадық. Айдана сары түсті омыраулық пен енсіз лыпа киіп алыпты. Жіңішке бикини омыра-уын толық жаппаған екен, төсі жоғары тұсынан жартылай ашық. Кіндігінің айналасын аптап күн қақтап, азырақ тотыққан, ептеп қызарып тұр. Ол етек-жеңі мол сүлгісін бір шетінен бүріп ұстап, жайып жіберді. Құмға төсей жазды. Сүлгі әсем кілемдей құлпырып жайыла кетті. Өзі тізерлей отырып, ту сыртына құлап, шалқасынан жатты. Мен қасына жантайдым. Сосын, толықсып аударылып, шалқалап, аспанға көз салдым. Көктен шуақ төгілді. Жібектей жайлы, мақпалдай жұмсақ. Төңірек пейіштің төріндей жайнақ, жаннаттай көрікті. Күн қызуы табандап артып келеді. Көкірегімізді әлсіз қарып, енді жайлап күйдіріп барады. Шай қайнатым уақыттан соң, бір қырымызға аунап түсіп, етпетімізден жаттық. Алғашында шұғыла арқамызды жылы аймалап, рақатқа батыра берді де, соңыра күн қатты ысып, тәнімізді шыжғыра бастады. Айдана түрегеліп, киімінің арасынан темекі іздеп та-уып алды. Ол темекі шегіп, маған қарады.

– Суға түсейік, – деді.

– Жүр.

– Бірден қойып кетпесек, бата алмай, көпке дейін тұрып қаламыз.

– Жарайды.

Көл жиегіне тақап келдік. Мен біраз жалдап бардым да, деңгейі кеудеме жеткен заматта сүңгіп кеттім. Су астымен баяу сырғып келемін. Әредік аяғымды шұғыл серпіп қоямын. Екі қолыммен көл ішін қақ жара, сусып алдыға жылжимын. Тынысым тарыла бас-тады. Тұншығып кетіп, су бетіне тез қалқып шықтым да, шашымды сілкіп жібердім. Жан-жағыма шашымнан үзілген тамшылар шашырады. Соңыма көз тастадым. Айдана құлаштап бері жүзіп келеді. Бірқалыпты ырғақпен ешқандай қорқынышсыз жүзеді. Мен қарсы құлаштай жөнелдім. Ол да жағаны көздеп, қиғаш тартқан. Екеуміз қатар малтып келеміз.

– Шаршадым, – деді.

Байқамай су жұтып қойған.

– Сөйлеме.

Басын изеді. Екеуміз кішкене жүзіп барып, тайызға жеттік те, түрегелдік. Ол сыңғыр етіп күліп алды.

– Қорқып кеттім.

– Неге?

– Денем тартылып қалды емес пе.

– Жағаға шығайық.

– Тым алысқа жүздік.

Екеуміз көлден шықтық. Орнымызға аунай кетіп, көзімізді жұмдық.

– Тоңдың ба?

– Иә, – деді көзін ашпаған күйі.

– Қазір жылынамыз.

– Жақсы ма?

– Жақсы, – дедім көзімді жұмып жатып.

– Кеше күні бойы жағажайдан шықпай қойдық.

– Сол қызығыңды бүгін тағы қайталайық.

– Әлгі, анадай жағажай жасап көрсе, тегі, айтшы, несі жаман.

– Қызық болар еді.

– Жалаңаш жүргенді ұнатамын, – деді ол.

– Құлын мүсінділер үшін рақат.

– Рақмет.

– Мақтағаным емес, шындықты меңзегенім.

– Өзіме де ұнайды.

– Аяғы қисық қыздарға жаным ашиды, – дедім.

– Өкінішті.

– Бірақ, махаббат шынайы болса, не кедергі.

– Рас, алайда, түзу аяқтың әсемдігі, бәрібір, әркім-нің жүрегін қытықтайды.

– Мүмкін.

– Менің аласа бойлы жігіттерге жаным ашиды, – деді Айдана.

– Жалпы, кімнің төрт құбыласы түгел дейсің.

– Әрине.

Біз үндемей қалдық.

– Махаббатқа сенесің бе? – деді бір уақ.

– Иә.

– Мен де сенемін.

– Сезім ұлылығына сенбесем, жазушы бола алмас едім.

– Тән рақатын жақсы көресің бе?

– Жақсы көремін.

– Денеме жанасқанда, ішім алай-түлей боп кетеді.

– Білемін.

Езу тартты.

– Нені білесің?

Мен де күлдім.

– Әйелдердің жан дүние толқынысын, аласапыран күйін жақсы білемін.

– Жасыратын ештеңе қалмады.

– Бәріміз жабылып аштық. Енді әлемге ешқандай құпия жоқ деп жариялауға болады.

– Заман айтылып бітті. Белгісі...

– Қызыл сөз, жалаңаш сезім, тойымсыз нәпсі, – дедім.

– Біреуді сүйіп жүріп басқа біреумен төсектес болу дұрыс па?

– Білмеймін.

– Меніңше, ешқандай қайшылық жоқ тәрізді.

– Оны да білмеймін.

– Кешке “Бар-Би”-ге барайық.

– Жарайды.

– Сен тәуір билейсің, жаныңда еріп жүру маған мақтаныш болады.

– Ұйқың келген жоқ па?

– Келіп жатыр.

– Жол соғып тастаған ба, шаршап қалыппын.

– Түнде кірпік ілген жоқпын, – деді ол.

– Көз шырымын алсаңшы.

– Ұйқысырап жатып әңгіме шерткен қандай ғанибет.

– Меніңше, сен қызық өмірге аса құштар, өте сауықшыл жансың.

– Тұрмыс құрғанша қыдырып алудың ешқандай әбестігі жоқ.

– Мүмкін.

– Барлық қыздар сөйтеді.

– Сосын, өкінішке қарай, әдетін тастай алмай жү-реді.

– Тастайды.

– Маған адал жар, айнымас дос Абай заманы әлде-қайда ыстық секілді.

– Маңдайыма біткен жалғыз ғұмырымды бір ғана ер адамға арнайтынымды ойлағанда, зәрем ұшады.

– Жігіттің нары болса ше.

– Қалғып барамын, – деді Айдана.

– Ұйықтаймыз ба?

– Иә. Нарды қайдан табамыз, тапсақ та бұл қуа-ныш болмыстың жалқы тіршілігі дүниеден озғанда, жоқтауымызға тоқтам айтып, опықты күндерімізді жұбата ала ма?

– Басыңды бүркеп жат.

– Өзің де.

– Қазір.

Ол сүлгінің бір шетімен басын бүркеді. Қозғалмай жатып қалыпты. Көк теңбіл биіктен аппақ күн мол қызуын аямай төгіп жатыр. Күн қызуы найзадай түйреп, шаншыла қадалады. Айдана Саматқызы ақырын пысылдай бастады.

ХҮІ тарау

Екеуміз ағаштан қиып салған коттедждерді артқа тастап, шырша аралас өскен қараағаш тоғайына тап болдық. Оны жарып өтіп, жалғызаяқ соқпаққа құладық. Тоғай жолақтанып шұғыл аяқталды да, біз кірпіштен қаланған екі қабатты үйлерге ұшыраса бастадық. Сәл жүріп барып, екінші қабатында “Бар-Би” орналасқан үйге ат басын тіредік. “Бар-Би”-ге, қабырғаның іргесіне жанай салынған темір баспалдақ бұрала көтеріліп алып бара жатты. Бардың залына кіргенімізде, жыпырлата оқшау тізілген үстелдер жанарға ілікті. Сол қапталымыздан бар көрінді. Бармен фужерді дымқыл шүберекпен сүртіп жатыр екен. Көркем әуен сол жақтан, үлкен күйсандықтан шығып, зал ішіне тербетіле баяу таралады. Кестелі, өрнекті жақсы әнді нәшіне келтіріп шырқап жатқан Chrіs De Burg. Бар жақтауынан бермен қарай, фойеде үш жұп солғын қимылмен дөңгелене билеп, өкпек желдің лебімен теңселген көк майса шалғындай жайқалып, толықсып ұзап барады. Біз орта тұстағы бос үстелге барып жайғастық. Жұрт әр үстелде бес-алты адамнан топ құрап отыр. Көбісі жеңіл шампан ішіп, ауыр коньякқа әлі жете қоймапты. Айдананы үстел басына жалғыз қалдырып кеттім де, барға тақап, шөлмектердің жазуын оқуға көштім.

– Шампан алыңыз, – деді бармен.

– Біреу.

– Жақсы шарап, – деді біреуін алып беріп жатып.

Құнын төлеп, шампанды алдым да, кері қайттым. Айданаға қарсы қапсағай денелі, күжір желке жуан мойын, қорасан талағандай бұжыр қара отырып алыпты. Үстелде орталанған қырғыз коньягының шөлмегі.

– Данай Байқуаныш, менің жақын досым.

– Руслан Ботпай, Бішкек қаласынанмын, – деді ол.

– Қайда демалып жатырсыз?

– “Қырғыз теңіз жағалауы” демалыс орнында.

– Біз көрші шипажайданбыз.

– Онда сыбаға, қонақасы үзілмейтін шығар.

– Болады.

– Шоколад алайын ба?

– Рақмет.

– Өзім қырғыз болсам да, қазақ бикештерін іш тартып, жақын тұтып тұрамын.

– Шегесіз бе?

Айдана шылым ұсынды. Ол басын шайқады.

– Спортпен айналысамын.

– Қандай түрі? – деп сұрады Айдана.

– Еркін күрес.

– Ішпейміз бе?

– Коньякты тауысып қояйық.

– Әуелі шампан, Данайдың еңбегін бағалайық.

– Руслан өзі білсін.

– Айдананың айтқаны.

Мен шампанды ашып, үш фужерге толтырып құйдым.

– Қазақ қыздары үшін.

– Біз мүлдем басқамыз, – деді Айдана.

– Әкеңіз қазақ па?

– Қазақ.

– Сіздер үшін.

– Біз Азия бойжеткендеріне де, Еуропа бикештеріне де ұқсамаймыз.

– Жаңа ұрпақ үшін, – деді Руслан Ботпай.

Еркін күрестің шеберіне ызам келді. Фужерді алып, сілтеп жібердім. Шампан жылдам әсер ете бастады. Руслан коньяктың шөлмегін ұстап, әрбіреуімізге көзбен мөлшерлеп, орталап құйды.

– Бекер араластырып жатырмыз, – деді Айдана Саматқызы.

– Билейміз.

– Данай тәуір билейді.

– Мықты.

– Өзіңіз де нашар билемейтін боларсыз.

– Нашар.

– Спортшылар әрдайым сондай.

– Кілемде бәрін лақтырамын.

– Сенеміз.

– Данайды да лақтыра аламын.

– Көріңіз, – дедім.

– Тыныш жатқан жыланның құйрығын бастыңыз, – деді ол.

– Сонда да.

– Жігітім, жақсылап, әбден ойланып, қабырғаңызбен кеңесіп алыңыз.

– Бұл шақыру ма? – дедім.

– Иә.

– Қабылдаймын.

– Данай, саған не болып кетті?

– Ертең жолығайық, – деді ол, – қазір кеш түсіп, ымырт жабылып, қараңғы болды әрі мастықтың буы бар.

– Руслан, сізбен оңаша сөйлесуге бола ма?

– Иә.

Екеуі бардан шығып кетті. Мен коньяктан ұрттадым. Маған қарай орыс қызы жүріп келеді. Көз жанарымыз түйіскен сәтте езу тартып, болмашы жымиды. Үстінде денесіне жабысқан қара түсті тар көйлек, қысқа етегі тым шолақ, омырау қиығы далиып жатыр. Әдемі басып, жүріп келді де, қасымнан өтіп, әрі ұзап бара жатты. Бұрылып, соңынан көз тастадым.

– Жаным, қарындас.

Қаздай қалқып, жүзіп барып тоқтады. Нәркес көздері жәудіреп, толықсып бері айналды. Ақ сары жүзі наз күлкіге шомылды.

– Маған айтасыз ба?

– Иә.

– Не қажет болып қалды?

– Шампаннан дәм татыңыз.

– Бүгінге мен естіген көңілге қонымды ең жақсы ұсыныс осы болды.

Үстелге таяп, қарсы тізе бүкті. Оған шампаннан құйып бердім. Екеуміз соғыстырдық та, төңкере салдық.

– Есімім – Светлана.

– Қазақшаны қайдан білесіз?

– Бұрын Талдықорғанда тұрғанмын, кейінірек Түр-кіменстанға қоныс аудардық.

– Жалғыз жүрсіз бе?

– Құрбылас қызыммен.

– Тағы?

– Құйыңыз.

Тағы шампаннан шүпілдеттік. Ол ішіп салды да, алтындай жарқыраған сары шашын қолымен сипай, төбесіне қайырды.

– Коньяктан көрейік, шампаннан бірдеңе сезіп жатқан жоқпын.

Екеуміз коньяктан тең бөлістік те, жұтып жібердік. Коньяк тамағымды өртей, көкірегіме жетіп, жылыта жөнелді.

– Билейік.

– Қарсы емеспін.

Біз фойеге дейін селқос келдік те, Айдана мен Руслан есіктен көрінгенде, билеп бара жаттық. Әуез аяқталғанда, үстелге қайта оралдық.

– Руслан көл жағалай қыдырайық дейді.

– Қыдырайық.

– Мынау кім?

– Светлана.

– Айдана Саматқызы.

– Сәлем, Светлана.

– Бір-біріңді білесіңдер ме? – деп сұрады Айдана.

– Иә.

– Данай, шампаннан құйыңыз.

Мен фужерлерді толтырдым да, әркімнің алдына ыдысын итеріп қойдым. Біз сыңғыр еткізіп қағыстырдық та, түбіне шейін сіміріп тастадық. Айдана Саматқызы фужерін дастарқанға қоя беріп, маған езу тарта қарады.

– Кеттік пе?

– Иә.

– Светлана баратын шығар.

– Сұрамаппын.

– Барамын.

– Қайтқанда, шығарып саламын.

Біз залды орта тұстан қиып, босағадан шықтық. Сосын, баспалдақпен төмен түстік. Екі қабатты үйлерді айналып өтіп, жағажайдың шетіне іліне бердік. Жаңа, тегі, бәрімізді тегіс маужыратып, ұйқы шақырған еді. Енді құм үстімен сергек, ақырын сырғып келеміз. Руслан Ботпай Айдананы қолтықтап алған. Олар ілгері озып, бізден ұзап барады. Көл жиегіне тақап қалғанда, сол қапталына бұрылды. Жиекті жағалай отырып, жүрістерін бәсеңдетті, көл жаққа жүзін жиі аударып, ауық-ауық жұмбақ шалқар дүниеге, тынық жаратылысқа үңіліп қарайды. Светлана екеуміз үнсіз келе жатырмыз. Мақпал түн тылсым буғандай жым-жырт, ауа қолмен ұстағандай жұмсақ, мезгіл-мезгіл ептеп қоңыр салқын жібек самал соғып кетеді. Ала бұлттан таза, жұлдыздар қалтыраған ашық аспанда ай жамбастап аунайды. Біз пирс орнатылған тұсқа таяп қалдық. Пирс сүйір тұмсығын көлге тығып, су ішіне жиырма қадамдай сұғынып жатыр. Руслан мен Айдана пирсқа мініп бара жатты. Ізін ала біздер де келіп жеттік. Келе сала көлге жоғарыдан көз жібердік. Жал-жал ақ жалқын толқындар жағаны ұрып, шалқасынан аунап түседі де, тулап кейін қашып бара жатып, жайқын көл бетінен жаппай, шапшаң жоғалып кетеді. Көрші санаторийден “Ace Of Base” тобының “Happy Natіon” әуезі талып жетеді. Шалқар көлдің ар жақ қабағынан Тянь-Шань тау сілемі қарауытады. Қарсы тұстан, сол қашық алқаптан андыздап көп оттар көрінеді. Мені көңілсіздік басты. Бергі жағалау түнгі шамдардың мол жарығына толып кетіпті. Біз әрі қарай ілбідік. Пирстің айдынға сүңгідей қадалған ұшына жетіп, екеуміз төмен қарадық. Су бетінде ай сәулесі жылтырайды. Светлана бір нүктеге қадалып, ойға батып тұр. Айдана мен Руслан кетіп қалыпты. Пирс үстінде ай сәулесіне тесіліп тұрып, өзімді жалғыз сезіндім.

ХҮІІ тарау

Мен қайықпен жағажайға қарай жайлап сырғи жөнелдім. Баяу жүзіп келіп, жағаға тірелген соң, қайықтан түсіп, сәл ілгері итеріп, тұмсығын құмға шығарып қойдым. Айдана екі жігітпен әңгімелесіп тұрды. Кеудесін сарғыш реңді бикини омыраулығымен тартып, ұштарын желкесіне байлап түйіп қойыпты, бұтына кигені сол түстес көлемі шағын қиық лыпа ғана. Ол мені көрді де, қоштаса бастады. Екі жігіт оны бетінен алма-кезек сүйіп алды да, ары қарай аяңдап кетті. Өзі бері жүрді. Тақап келді де, қайыққа мінді. Мен қайықты қайыра көлге түсірдім. Су деңгейі тіземнен асқанда, секіріп мініп, ескекті қолыма ұстадым. Ол қайықтың бас жағында бетін маған бере отыр. Ескек бірқалыпты ырғақпен жайбарақат еседі. Қайық баяу жылжиды. Біз жағадан алыстап бара жаттық. Айдын шалқар көл – тереңдей бастапты. Малта тастар іріленіп, бедері домаланып, мөлдіреп көзге түседі. Салқын самал пайда болды.

– Ортасына жете аламыз ба?

– Жоқ.

– Қорқынышты.

– Бойың үйрене алмай келе жатқан шығар.

– Тағы ұйқым қанбады.

– Қайтып келген соң, ұйықтап алуыңа болады.

– Ыстықкөл биыл қызықты сияқты.

– Саған көз іліп алу керек.

– Шаршап жүрмін.

– Жүзің абыржып кетіпті.

– Басым шыңылдап бара жатыр.

– Тағы ішіп пе едіңдер?

– Иә.

– Не іштіндер?

– Виски.

– Араластырған жоқсың ба?

– Сыра қосып едім.

– Бекер. Шампан, коньяк, виски, сыра.

– Енді басым шыңылдап бара жатыр.

– Әлібектің қандай жоспары бар екен?

– Фильм қоймақшы.

– Ол ше?

– Ол сценарийін жазады.

Мен баяу есіп келемін. Қайық жағадан бірқалыпты екпінмен ұзап барады. Айдана Саматқызы шалқайып отырды. Шашы қобырап кеткен.

– Қайтайын ба?

– Аялдай тұршы.

– Су түбіңе қарағың келе ме?

– Иә.

– Мөлдіреп жатыр.

– Қолымды суға матырсам, қайық шайқалып кетпей ме?

– Шайқалмайды.

Ол қолын суға салды. Шалпылдатты. Судан көсіп – маңдайына басты.

– Қайтайық.

Мен қайықты жайлап бұрып алдым. Жаға алыста жатыр. Жеңіл сырғып, үдемелеп сыдыртып, жиекке тақап келеміз. Ол селқос отыр.

– Қамыққанды қой.

– Ұйқы қысып, жанарым жұмыла береді.

– Кешке не істейміз?

– Білмеймін.

– Руслан әлі осында ма?

– Осында.

– Маған ертең Алматыға қайту керек.

– Уақыт тез өтіп кетті.

– Оқуың не болды?

– Римді, Италияны қалап алдым.

– Жақсы ел, ауа райы да қолайлы, жайма-шуақ.

– Сабақ қашан басталатыны белгісіз.

– Мен Алматыда қыркүйек айының отызыншы жұл-дызына дейін боламын.

– Романды аяқтайсың ба?

– Жоқ.

– Көп қалды ма?

– Барлас пен Надираның үйлену тойы бар.

– Тойы қашан еді?

– Қыркүйек айының ақырғы аптасында.

– Маған романыңды оқытшы.

– Оқытайын.

– Мен Ыстықкөлден қайтқанша жағалауда өткен күндерімізді жазып қой.

– Ол жүйрік қаламның бабына, шабытты көңілдің хошына байланысты.

– Нақ бүгін қай жеріне келдің?

– “Азия дауысы” байқауының гала-концерті өткен күнге.

Жаға жақын қалыпты. Қолым шаршап, қарым тала бастаған. Айдана Саматқызы көзін сығырайтып пансио-нат үйлеріне қарады, сосын жүзін маған бұрды.

– Шыда.

– Сұлап түсетін шығармын.

– Саған ерте тұрудың қажеті жоқ.

– Қолың талды ма?

– Ештеңе етпейді.

– Руслан сені боксшы ма дейді.

– Сен не деп жауап бердің?

– Иә, дедім.

– Сосын?

– Ойланды.

Қайық екпіндеп барып, қайраңға соғылып, су кемеріне тірелді. Айдана орнынан тұрып, құмға секіріп түсті. Мен қайықты бері тартып, жиекке шығарып қойдым. Екеуміз киімімізді алып, салқын душ қабылдауға кеттік. Содан кейін ол ұйықтап алатын шығар.

ХҮІІІ тарау

Бостеріден күндізгі төрттің шамасында қозғалып кеткенбіз. Автобус Чолпон-Ата шаарына жеткен соң, сәл аял қылды. Сол-ақ екен, көліктен жапырыла түскен жұрт қарақат пен өрік сатып алуға жүгірді. Одан әрі біз Сары-Ой, Тамчы, Кош-көл, Чырпыкты айылдарын басып өттік. Жол бойы Ыстықкөл айдыны көкпен астасып сол қапталымыздан ілесіп отырды, асығыс, суыт жүрген ұшқыр автобустан ұзақты кеш қалмай келе жатты. Мен көкжиекте шалқасынан жатып көсіле шалқыған ұшы-қиырсыз әдемі көлден бір сәт көзімді алған жоқпын. Айдана Саматқызы бардың төрінде, едәуір үлкен би алаңында шаттана билеп, сықылықтап күліп жүрген шығар. Естеліктер дәптері, күнделік жазбалар тұрғысында қолға алынған көркем роман жайлы ойға батып, сапарнама тарауларын жадыма түсірмекші болдым. Арайын шашқан күн қызылы ұясына бауыздалып қонған шақта, Тору-Айгыр мен Қызыл-Өрік айылынан озып, Балыкчы шаарчасына кіре бердік. Ыстықкөл сүйірленіп барып, шаарча басталған тұмсықтан үзіліп қалды. Мені көңілсіздік жайлады. Автобус кедергісіз зымырап, Ыстықкөлден бірте-бірте қашықтап, аулақ кетіп барады. Дала жым-жырт, апақ-сапақ уақыт. Кок-мойнақ елді мекеніне құлағанда, жолдың сол жағынан баяу аққан жыланшық өзен көрінді. Боом шатқалына ендік. Ыстықкөл шалғай жатыр. Көл жағасында қыздырынған Айдана Саматқызы есімнен шықпай қойды. Қазір шулы бар ішінде шампан ішіп, менің кетіп бара жатқанымды топшылап, қапылыс шерленіп қалатын шығар. Біз кідіріс жасайтын орынға келіп жеткен кезде, автобус тежеуішті басып, тізгінін тартты. Тысқа шығып, жолды кесіп өттім де, “Боом” кафесіне кірдім. Кафеде ығы-жығы кісі, сапырылысқан халық. Жұртқа қунақ қызмет көрсетіп жүрген – жас қырғыз әйелі. Үш рюмка қырғыз коньягын сұратып жібердім. Әйел табаққа салып, үш рюмка коньяк және стақан толы мандарин шырынын әкелді. Мен оған ақысын төледім де, үстінен азырақ ақша тас-тадым. Даяшы әйел бір қолына табағын ұстап тұрған, екінші қолын алдына байлаған алжапқышына сүртіп, маған ұсынды. Сосын, ақшаны ала салып, үстелден жылдам алыстап кетті. Коньякты жұтып жібергенде, тамағымды қырнап, кеудеме құйылды да, айналасын қыздырып бара жатты. Құнарлы сусыннан іштім. Үш рюмканы тауысқан соң, шырыннан тағы ұрттап, кафеден шықтым да, автобусқа беттедім. Кемин шаарчасына жете бере, көзім ілініп кетіпті. Көлік Георгиевка қалашығына барып тоқтағанда кенет оянып, терезеден көшеге қарадым. Алакөлеңке қараңғылықта екі әйел мен үш ер адам түсіп жатыр екен. Мені қайта көңілсіздік иектеді. Автобус жайлап орнынан қозғалды. Кірпігім айқаспай қойды. Көлік ыңыранып жүріп келеді. Бір кезде оттары самаладай жарқырап Алматы шаһары көрінді. Көше бойлап нұр шашқан бағаналы шамдар қаптап жанып тұр. Тізгін тартқан көлік аялдамалар табанына тоқтағанда, өзімді біртүрлі жайсыз сезіндім. Төле би көшесінен, жаңа автовокзал қасынан түстім де, ең шеткі таксиге бардым. Шопыр шынысын түсіріп, басын шығарды. Ол лезде келісті де, мен жүгімді салонның артқы орындығына тастап, өзім алдына жайғастым. Такси ескі Төле би көшесімен баяу сырғыды. Түн баласында Тастақ ауданы әлдеқайда самарқау, недәуір жайбарақат тартып тұрғандай сияқтанады. Біртіндеп құлаққа ұрған танадай марғау тыныштық орнады. Жолайрықтар, қарауытқан ауланың іші, үйлердің маңайы алабөтен жым-жырт, ешқайдан дыбыс, шу естілмеді, көшені қақ жарып оқшау келе жатқан такси көкіректегі жалғыздықты оятады. Жүргізуші “Алматы” қонақүйіне әкеліп тас-тады, алакөлеңке жарықта ақысын төлеп, артқы салоннан жүктерімді алдым. Сосын, такси абайлап кері бұрылды да, басқа жылдамдыққа қосылып, қонақүйден солғын ұзады. Мен ақырын Receptіon дәлізге қарай беттедім. Кіреберіс сенекте кезекші әйел қалғып-шұлғып маужырап отырған. Мені көріп, бойын жинап, еңсесін тіктеді. Ол құжатымды мұқият қарап, еркін кіретін рұқсат қағазын жазып берді. Пұлды алған соң, бөлменің кілтін ұстатты. Лифтімен қалт лықсып үшінші қабатқа көтерілдім. Ұзын дәлізбен сүйретіле жүріп, сол жақ қапталдағы науан есіктердің кезек сандарын оқи бастадым. Үш жүз оныншы бөлмені тапқан соң, құлпын ағытып, табалдырықтан аттадым. Ауызүй көзге түртсе көргісіз тастай қараңғы. Сипалап жүріп түнгі шамды жақтым. Бөлме ішіне алакеуім жарық құйылды. Креслоға отыра кеттім де, көйлегімді шешіп, төсекке лақтыра салдым. Басымды көтеріп едім, қарсы қабырғадан шарайнаны байқадым. Күреңітіп күнге күйген қызғылт қоңыр денем шыныдан жақсы көрініп тұр. Ыстықкөлде өткен тамаша күндерді әйгілеп тұрғандай. Жүрегімді сағыныш сезімі шымшыды. Орнымнан көтеріліп, тысталған көрпені ашып, төсегіме сүңгідім. Кірпіктерім айқаспай қойды. Ұйқым қашты. Көз алдыма шүпілдеген суы кемеріне жетіп толған Ыстықкөл келеді. Орындықта жатқан сағатыма қол создым. Таңғы бес, құлқын сәрі. Қара мақпал түн түндігі түріліп, қараңғылық сейілетін беймезгіл уақыт. Елең-алаң. Зады, тезірек Асқат Жақанұлына жолыққан абзал. Ол ұдайы – көңілге алданыш, әрдайым дітке жаққан – оңды, тәуір нәрсе айта алады. Қарағайлыдан қайтпаған болса, Нұрлыбек Асқарұлын іздеп табуға, бір көруге тиістімін. Мүмкін, оның жанға медет, дәтке қуат, қапысыз алдарқатар жақсы сөзі бар шығар. Бүкіл шаһар саяқтықтан шерменде, қамырықты мені ескірген қоныс, сары жұртқа жалғыз тастап, таудай қопарыла, дүркіреп, үдере көшіп кеткен сияқты.

ХІХ тарау

Нұрлыбек Асқарұлын Ұлттық университеттің бокс залынан таптым. Ол қабырға іргесіне таяу салбыратып қойған былғары қапшықты солқылдатып бүйірінен ұрғылап жүрді. Үстіне боксшы киімін киіп, қолына шингарт тартып алған. Мені тақап қалғанда байқады. Қапшықты селкілдетіп жұдырықтауын доғарып, күлімсіреп тосып тұрды. Екеуміз құшақтаса кеттік.

– Қарайып кетіпсің, – деді ол.

– Тәуір демалдық.

– Мен осында болдым.

– Көп жаттығасың ба?

– Жететін шығар.

– Асқат Жақанұлын тауып алайық.

– Маған киім ауыстыру керек.

– Жақсы. Тыста күтемін.

Ол бокс залында қалды да, мен шығар есікке қарай бет алдым. Шетжол жиегінде бояуы оңған сәкі бар еді. Сәкіге барып отырдым да, газеттерді ақтара бастадым. Барлық газеттің бірінші және үшінші бетіне Дінмұхам-мед Ахметұлы Қонаевтың қаралы суреті басылып, астынан қысқаша қазанама беріліпті. Марқұм тамыз айының жиырма екінші жұлдызында дүниеден озыпты. Далаға Нұрлыбек Асқарұлы шықты. Біз тротуарға түстік те, Тимирязев көшесіне маңдайымызды түзедік. Күн ысып кетіпті. Сағымға шомылған үйлер көзге бұлдырап шалынады. Нұрлыбек үнсіз келе жатыр.

– Қонаевтан айырылдық, – деді ол.

– Енді ешкім қалған жоқ. Брежнев те, Андропов та, Черненко да ешқашан болмаған секілді.

– Сен құрмет тұтатын жазушы да биыл дүниеден қайтты емес пе?

– Иә.

– Тәуір жазушы.

– Оған дау жоқ. Бірақ дегдар тұлға тым ерте үзілді.

– Өмірде қашанда солай.

– Асыл қаламгер соңынан мықты туындылар қал-дырды, алайда оған тек “Атау-кере” романын жазбау қажет еді.

– Оқымаппын.

– Бұл роман оның әлсіз жақтарын байқатып алды.

– Қонаев киіз туырлықты қазақ үшін айрықша жан еді.

– Білмеймін.

– Неге?

– Маған бұйралардың9 ешқайсысы ұнамайды.

– Бекер, – деді Нұрлыбек Асқарұлы.

Біз Тимирязев көшесінен такси ұстап, ат басын Ақсай мөлтек ауданына бұрдық. Салонда қазақтың ұлттық әуені шырқалып жатты. Асқат жалға алып тұрып жатқан үйдің іргесінен – жолақы төлеп көліктен түсіп қалдық. Ол үйде отыр екен. Есікті ұйқысыз түннен түрі бұзылған сұңғақ бойлы жас бикеш ашты. Оның көздері қысыңқы, ерні дүрдиген қалың. Біз Асқатты іздегенімізді айттық, ол күлімсіреп төрге озуымызды сұрады. Босағада аяқкиімімізді шешіп, жиып қойдық. Телебағдарлама тамашалап жатқан Асқат Жақанұлы бізді көріп, диваннан түрегелді. Үстіне көгілдір реңді спорт кәстөмін киіп алыпты. Оның да ұйқысы шала сияқты. Көзі кіртиіп кетіпті.

– Қашан келдің? – деп сауал тастады ол.

– Кеше.

– Таудың ауасы мен көлдің суы жаққан тәрізді.

– Айдана әлі сонда демалып жатыр.

– Оның көңіл-күйі қалай?

– Жақсы.

– Бозбала жігіттермен қыдырып жүр ме?

– Мейлі, қыдырсын, бірақ өмірде опа бар ма?

– Жай айтқаным ғой.

– Өзіне бүкіл Ыстықкөл ғашық.

– Маған қазақы мінезі жоқтығы ұнамайды.

– Заты жайдары мінезді, жарқын жүзді адам.

– Мүмкін.

– Мына бойжеткен кім?

Бойжеткен дастарқан жасауға кірісті. Ортаға дөңгелек, аласа үстел әкеліп қойды. Асүйден тағамдар тасыды. Біраздан кейін жоғалып кетті.

– Абай бол, – дедім.

– Сақтануды білемін.

– Өзі үндемей ме?

– Өзіне бәрібір.

Бойжеткен босағадан қайта көрінді. Ол шәугім әкеле жатты. Маған тіктеле қарап, әлсіз жымиып қойды. Біз шайға отырдық.

– Третьяков галереясының көрмесі ашылмақшы, – деді Нұрлыбек.

– Сен болып па едің?

– Мәскеуде оқығанда, түгел көріп, аралап шық-қанмын.

– Барайық, – деді Асқат.

– Айдана Саматқызы келсін, – дедім.

– Қапшағайда уәде берген, – деді Нұрлыбек Асқар-ұлы.

– Жақсы, күтейік.

Шай ішкен соң, Асқат Жақанұлы көрші бөлмеге өтіп, бірнеше газеттер алып келген. Оның барлығында Д.А.Қонаевтың қайтыс болуына байланысты басыл-ған азалы, қаралы беттер бар екен.

– Біз естідік, – деді Нұрлыбек Асқарұлы.

– Мен бүгін ғана баспасөзден оқыдым.

– Жақсы адам еді, – деді Асқат.

– Білмеймін.

– Ертең жерлейтін күні екен, – деді Нұрлыбек Ас-қарұлы.

– Барасың ба?

– Иә.

– Менің басқа, шұғыл жұмыстарым бар, қоштасарға үлгере алмайтын шығармын.

– Елге бәрібір, – дедім.

– Ол біздің елді көркейткен, – деді Асқат.

– Белгісіз.

– Неге?

– Қазір қай жері көркейіп, гүлденіп жатыр.

– Оның кінәсі емес.

– Иә.

– Барлас пен Надираның тойы қашан? – деп сұрады Асқат.

– Осы аптаның аяғында.

– Бара алмайтын шығармын, – дедім мен.

– Түркістан тиіп тұрған шаһар емес пе.

– Маған Айдана Саматқызын күтіп алу керек.

– Асқат та бармаймын деп отыр.

– Нұрмұхамбет Асанұлына Талдықорған, Жаркент жаққа баруға келісім беріп қойғанмын.

Одан кейін біз тысқа шықтық та, қол алыстық.

– Романның тағдыры қалай? – деп сұрады ол.

– Аяқтай алмай жүрмін.

– Чехов секілді күрт үз де, тамамдай сал.

– Көреміз.

– Айтқан сөздерімізді келтіресің бе?

– Өзгертіп жазамын.

– Есімімізді сол қалпында қалдырғаның дұрыс болар.

– Иә.

– Ардақ екеуміз туралы жазбай-ақ қой.

– Романның өзі біледі. Кітап та адам тәрізді өмір сүреді, кешегі жаңсақ, қапылыс басқан қадамыңды түзете алмайсың, келесі беттерден бейхабар, дерексіз жүресің. Жазылып біткен кітап таусылған ғұмыр сияқты. Бірак, кітап жарық дүние есігін ашып жатқан Адам Атаның балалары секілді өмірге толассыз келе бермек.

Асқат үнсіз тыңдап тұрды. Біздің өзіміз қайтадан жазып шығуға болмайтын ғалам кітабының парақтарына ұқсап кеттік.

ХХ тарау

Мақсұтты “Шегіз” ресторанынан тауып алдым. Орман екеуі қуырылған ет жеп, шырын ішіп отыр екен. Келе жатқанымды көрді де, орнынан тұрып, қарсы жүрді. Кездескен тұсымызда құшақтасып амандастық.

– Қазір қайда барасың?

– Ешқайда.

– Бізбен бірге жүр, Қырғауылды ауылында туған дау-жанжалды шешіп беру қажет.

– Жарайды.

– Бүгін таңертең Коля келіп, танысының жұмысы хақында айтып еді. Біреуге үш килограмм анаша сатыпты, долларға және кеңес ақшасына. Айлакер та-уарды алып, ақысын бермей, алдап қашып кетіпті. Кейін Коляның танысы соңынан іздеп барса, бір топ жігіттерімен қорқытып жіберіпті. Кешке кездесуге сөз байласып, уақыт белгілеп қойған екен, бізге жәрдем бересіңдер ме деп өтініш айтқан еді. Бірден келістік.

– Неше адамсыңдар?

– Он екі.

– Арасында мен танитын біреулер бар ма?

– Көбісі тақауда қосылған қазақтар.

– Түсінікті.

– Тамақ ішесің бе?

– Жоқ.

– Орман болсын, сосын тысқа шығайық.

Ас ішіп болған Орман қасымызға таяды. Ол қолын беріп амандасты да, маған күлімсірей көз тас-тады.

– Не жаңалық бар?

– Әзірше ешқандай жаңалық жоқ.

– Уақыт түгесіліп қалды, кездесуге бару керек.

– Естідім.

– Данай барсын, – деді Мақсұт.

– Қауіп мол, басымызды қатерге тігіп барамыз.

– Қу ақша не істетпейді, – деді Мақсұт қайтадан.

– Кеттік пе?

– Иә.

Үшеуміз көшеге шықтық. Алматыға алакеуім шақ орнапты. Ленин даңғылы бейуақта толқындана аққан автомобильдер тізбегіне толып кеткен. Кешкі салқын ауа тынысымызға құйылып, бойға соны леп әкеледі. Қонақүйдің алдында екі бикеш пайда болды. Бізді нысанаға алып, самарқау жүріп келеді. Екеуі де қысқа етек белдемше киіпті, блузкаларының түймесін ағытып тастаған. Бізге жақындап келді де, бір-біріне алма-кезек қарап, күле бастады. Біреуінің кеудесі үлкен, шала жапқан омыраулықтан айқын көрініп тұр. Екіншісі арықтау келген, ұзын сирақ, өзі тым қатты жүдеп кетіпті, шығыңқы іші андағайлап жанарға түседі. Шермиген қарын жадау өңге біртүрлі жараспайтын тәрізді. Көңілге аяныш туғызады. Әлде оны кінәлауға болмай ма?

– Шылым шегіңдер, – деді Орман.

Екі тал темекі ұсынды. Шермиген қарны бар, ұзын сирақ бикеш әуелі қолын созып, шылымды алды да, саусағымен домалатып, аузына салды. Мақсұт шырпы жағып, көлденең тосты. Темекі тұтатып жатқан қыздың омырауы сырт көзге анық байқалмайды. Бо-йына біткен баланың болашағы жайлы ойланғым келді. Бикеш үшін мұнда тұрған еш қасірет жоқ секілді. Аузынан бұрқ етіп көк бұйра түтін толқынданып шыққан. Екіншісі езуін тартқан қалпы оттыққа ұмсынып барады.

– Демаламыз ба?

– Біз қымбатқа түсеміз, – деп жауап қатты толысқан денелісі.

– Және де тек сүйген жандармен ғана демаламыз.

– Біз үлгереміз бе? – деп сұрады Мақсұт.

– Үлгереміз, – деді Орман.

– Такси ұстайық.

Орман жолға көтеріліп, қолын бұлғай бастаған.

– Біз әлі келіскен жоқпыз.

– Көңілдеріңізді доллар табады.

– Жарайды.

Такси тоқтады да, Мақсұт екі қызды жетектеп сүйреткен бойы салонға енгізді. Мені шопырдың қасына жайғастырған Орман артымыздан басқа көлікпен қуып жетемін деп сыртта қалып қойды. Автомобиль Абай даңғылына шұғыл бұрылды, сосын жылдамдығын арттырып, жұлдызша аға жөнелді. Өзге жеңіл машиналарды қуып жетіп, сынаптай сырғып ілгері озып келеді. Алдымызға “Toyota” автомобилі түсіп алды. Желтоқсан көшесіне иек асқанда, сол қанатына тізгін бұрып, көзден ғайып болды. Біз Наурызбай батыр көшесіне тақап келген кезде, такси тежеуішін басып, жол жиегіне іліне бере, тоқтады. Мен ақысын төлеп, есікті ашып, салоннан шықтым. Бикештердің түсуіне бір-бірлеп көмектескен Мақсұт есігін жауып, бері жүрді. Сол қиылыстан Абылайды көрдік. Ол бізге қарай тез басып келіп, қолын берді.

– Машина күтіп қалды, жаңа өзгерістер бар, – деді Абылай.

– Орман келсін.

– Мыналар кім?

– Жезаяқ, қыдырымпаз, жақсы қыздар.

– Қайтарып жіберіңдер, әйтпесе кешігіп қалуымыз мүмкін.

– О баста келіспейік деп едім.

– Жігіттің екі сөйлегені – өлгені, – деді толықша денелісі.

– Таяқ жемей тұрғанда... зытыңдар.

– Мына дәу сары Тәңірін ұмытқан ба?

– Қазір соққыға жығылады, – деді Мақсұт маған қарап.

– Қайтесің, ұрмай-ақ қоя бер.

Мақсұт толықша денелісін өзіне қарай тартып қалды да, өңменінен кейін итеріп жіберді. Бикеш шегіншектеп барып, әрі құлап түсті. Отырып алып, жылауға көшті. Ащы дауысы құлақтан өтеді. Өзі малдас құрып, ыңғайлы отырып алыпты. Ақымақ. Етегі жиырылып, аппақ күпшек сандарын ашып тас-таған. Жүкті қыз оның қасына таяп, төмен иілді де, сықылықтай күліп жіберді. Жылауқордың зары енді ұятсыз күлкіге ауысты. Арсыз күлкінің жетегінде кетіп барады.

– Жезаяқтарға амал таусылды, – деді Мақсұт.

– Кетпейміз, – деді жерде бүктелген қалпы.

– Маған шикіл сары ұнады.

– Теуіп қалып, шалқаңнан түсірейін бе?

– Айбат шекпе, қоқан-лоқы жасап, ешкімді қорқыта алмайсың.

– Қоқан-лоқы емес, бұл таяқтың нақ өзі.

Мақсұт оны зор жұдырығымен қойып қалды. Ол теңселіп барып, шермиген қарнын кейін сүйрете, шалқасынан омақаса құлады. Жалпасынан түсіп, қимылсыз жатты, сәлден соң ыңырсыған үні жетті.

– Ештеңе етпейді, – деді жерде малдас құрған құрбысы.

Мен қасына келіп, жүрек соғысын тексердім. Қарны дөңкиіп жоғары шығып жатыр. Бір ауыз сөзге бола адамды қорлау, зорлық-зомбылық көрсету мақшарда ақталына ма? Қан айналымында пәлендей өзгеріс жоқ. Қолын түсіріп, алқам-салқам ашық омырауын жауып, жерден тұрғызып алдым.

– Мына қыз әрі итеріп, бері тартты ғой.

– Бәріміз де адамбыз.

– Ақындар қызық, – деді Мақсұт.

Қыз өзіне-өзі келе алмай тұр.

– Кейде талып қалады, – деді құрбысы.

– Төсекті неге іздейді екен, – дедім.

– Жүкті, айы-күні толды, енді мәселені оңынан шешкісі келеді.

Бикеш көк аспанға қапыда тесіле қарады. Оның көздері үкінікіндей үлкен, қасы қарлығаш қанатындай қиылған. Терең дем алып, ауаны қинала жұтады. Адам ғұмырын кітап парағы тәрізді жыртып тастауға да, кешкен тірлігінен соңыра кітап жазуға да болады. Алайда, соңғы кезде екеуінің де қадірі қашып, құны айрықша құлдырап бара жатыр. Сөзді жүндей сабайтын дәуірде адамды кітап емес, дәулет билейді, қоғам ақынға емес, саудагер дүниеқорға бағынады.

– Доссыңдар ма? – деді жүкті қыз.

– Иә.

– Мені сүйемелдемей-ақ қойсаң болады.

– Талықсып кетпе.

– Сосын, толықсып та.

– Түсінбедім.

– Суретшісің бе?

– Жоқ.

– Омырауыма неге қадалып қарадың?

– Жай.

– Суретші халық әйелдерді шешіндіріп, жалаңаш бейнесін көшіріп алады деуші еді.

– Кітап жазамын, – дедім.

– Кітап?

– Иә.

– Оны кім оқиды?

– Білмеймін, мүмкін, біреу табылар.

Бойын түзеп, көйлегін жөндеп қойдым. Ол шашын қобыратып, төбесіне жинады.

– Ешқашан кітап оқымаппын.

– Қазір жұрт оқымайды.

– Сен көп кітапты тауысқан шығарсың.

– Көп.

– Кітаптарда не жайлы айтылады?

– Махаббат, зұлымдық, сосын жақсылық жайында.

– Мен үшін түсініксіз ұғымдар, бірақ адам ғұмы-рынан жазатын ештеңе жоқ екенін анық білемін.

– Бар.

– Қайдам. Кітап оқитындар бөлек, алабөтен халық шығар, ал оқымайтындар мерзімді басылымдарды өртеуге қашанда әзір.

– Неге?

– Барлық қасірет, шын бақытсыздық ақпарат құ-ралдарынан басталады.

– Жаңсақ пікір, – дедім.

– Қайғының көзі, уайымның қайнары – кітап.

– Арнасы ше?

– Баспасөз. Жорналшылар шерді тарқатпайды, қоз-ғайды және таратады.

– Мүмкін.

– Оқу мұң тудырады.

– Қападар жан екенсің.

– Өмір сүргім келмейді.

– Туу қиын, өлу – боқтан оңай, – дедім.

– Сонда да.

– Өзіңе қол жұмсап көріп пе едің?

– Өзіме ме?

– Иә.

– Қорқамын. Құдай кешірмейтін іс. Бізді топырақ-тан жаратқан – Тәңір, топыраққа айналдыратын да Өзі. Өзіме-өзім қол салсам, ертең Құдай алдында жазықты болып, қатаң жауапқа тартыламын.

– Зады, Құдай адамзатпен тек кітаптар арқылы ғана тілдеседі.

– Шын.

– Кітапты жек көруге хақымыз жоқ.

– Маған әңгімеміз ұнай түскен сықылды.

– Құрбың күтіп қалды.

Бикеш ту сыртын бере, кері айналып, ілгері жүріп кетті. Жолай құрбысы қосылып, екеуі күліп бара жатты. Қапелімде күлкі сап тиылып, олар ұзақ уақыт зеңгір көк аспанға жүздерін аударғандай болды. Мүмкін, Құдай, тегі, қайыра естеріне оралған шығар. Барлығымыз не Тәңір жоқтан жаратқан, не кітап бардан сомдаған сана иелері екеніміз рас болса керек. Мені тосып, жіпсіз байланған Мақсұт пен Абылайға қарай маңдайымды түзедім.

– Неге кешіктің?

– Обал.

– Кімге?

– Сәбиге де.

– Алдырып тастайды, – деді Абылай.

– Енді кеш.

– Өзі кінәлі.

– Оған бәрібір, бойындағы нәрестені – тек дұшпан көреді.

Мақсұт жауап қайырмады. Мүмкін, ол мүлдем басқа нәрсе туралы ой толғап бара ма, кім білсін. Біреудің қайғысы басқаның жарасын сыздатпайды. Өзгенің қуанышы біреудің көңілін жадыратпайтыны сияқты да. Мұны қағаз бетіне түсіруім әбден мүмкін, бірақ оны аласапыран кез оқымай кетпесе игі еді. Біз жаяу жүріп келеміз. Көшеде қыбырлаған жұрт аяғы басылып қалыпты. Сәтбаевтың Желтоқсан көшесіне қиылысатын тұсына жақындап келдік те, жолдың оң қапталына бұрылдық. Машина бізді сол бұрышта күтіп тұрған.

ХХІ тарау

Машина екеу болып шықты. Алты адамнан екіге бөлініп, шетелдік көліктерге мініп алған біздер Байтұрсынұлы көшесіне бет түзегенбіз. Қараңғылық қоюлана түскен сайын самаладай жарқыраған оттар молайып келеді. Қысыла-қымтырыла мінген жігіттер түгел үнсіз, әредік біреуі ауық-ауық әлсіз жөтеліп қояды. Қылмысқа ақшаның күші итерген олар қауіптің аузына, ажалдың тұзағына өздері сұранып барады. Байтұрсынұлы – оңға бұрылар межеде аяқталып, Тимирязев көшесіне тура келіп түстік. Онымен атқан оқтай зымырап, құйындата жөнелдік те, бағдаршам кездесе кеткенде, қызыл түске кідіріп, қайтадан жылдамдықты шапшаң көбейтіп алдық. Оң жағымыздағы аялдамадан өткенде, Ұлттық университеттің темір шарбақтары көзге іліге бастады.

– Жалғыз өзі бола ма? – деді белгісіз үн.

– Білмеймін.

– Жанына ертіп алады ғой.

– Солай шығар.

– Қанша доллар?

– Екі мың.

– Әжептәуір дүние.

– Өзі шеге ме екен?

– Иә.

– Онда жағдай қиындайын деді.

– Көреміз де.

– Қай тарапқа тартайын?

– Оңға.

– Мынау тұйық жол сияқты.

– Сол қапталға бұрылып кетеді.

– Бұрылды.

– Үйді айналып кет, одан әрі – айдала.

– Осы жерден?

– Иә.

– Жәпірейген бірдеңе ғой.

– Күтімсіз қалған да.

– Иесіз үй ме?

– Кәрі шал жүретін, қайтыс болған шығар.

– Алматыда сондайлар көп.

– Әне, олар анау ағаштың түбінде.

– Тік жүре берейін бе?

– Жол өзі апарады.

– Екеу секілді.

– Екеу.

– Болды ма?

– Сәл жүре түс.

– Қолдарында ештеңе жоқ па деймін.

– Тоқта.

Машина діңі жуан ағашқа жете бере, жүрісін ірікті. Біз бөгеліп, біраз тұрдық. Айнала көз байлайтын қара түнек, бейсауат адам жүрмейтін кәдімгі құла түз.

– Мен барып келейін.

Коляның танысы есікті ашып, жерге түсті. Екеу міз бақпай, манағы қалпында тұр. Автомобильдің есігі сырт етіп, баяу жабылды да, әлгі екеуді бетке алған ол ақырын аяңдап кетті. Шопыр жарықты сөндіріп еді, ештеңе көрінбей қалды. Екінші машина келіп, қатарымыздан тоқтады. Моторын өшіріп, жарығын үш адамға төкті. Олар ұзақ сөйлесті. Белгіленген уақыттан кешікті. Салонда қалған жігіттер мазасыздана бастады.

– Өзім кіріссем бе екен, – деді Қуат.

– Сөйт.

– Мақсұт барсын.

– Екеуміз де.

Тысқа әуелі Мақсұт шыққан. Ізін ала ірі сүйекті, жалпақ жауырынды Қуат түсіп бара жатты.

– Сендер артық әрекет жасамаңдар.

Екеуі иірілген үшеуге таяғаны сол еді, милициялар қаптап кетті. Жан-жақтан қыспалап, қоршап, шеңберге ала бастады. Мақсұт жан ұшырып, бері ұмтылды. Оны біреу аяғынан қағып, шалып құлатып түсірді. Етпетінен жығылды. Қайта атып тұрды, шеңберді бұза, далаға қашты. Оны соңынан біреу қуып берді. Жалма-жан пистолетін шығарып, Мақсұтты қарауылға іліп, айқай салды.

– Тоқта.

Мақсұт бәсеңдеп, артына қарады, бір-екі басып барды да, тұрып қалды. Бізді бір-бірлеп далаға алып шығып жатыр. Кезек маған келді. Милиция қара көзді, түсі суық қазақ жігіті. Мені қолтығымнан тартып, жұлқып қалды да, тысқа сүйреп шығарды, сосын автоматтың дүмімен көкірегімнен нұқып жіберді. Соққы қапылыс тиіп, кеудемді ойып жібере жаздады. Желкемнен тас қып ұстап, төмен басып, жерге сұлатып салды да, екі қолымды қарақұсыма көтерткізіп, аяқтарымды қосқызып, қимылсыз жатқызып қойды. Маған қатар Коляның өзі жатыр. Қуаттың ашынған дауысы естілді. Бәрі жабылып, аяусыз тепкіге алған шығар. Сүйекті еді, енді ірілігінен таяқты да көп жейді. Мұрнымның ұшына біреудің қара бәтеңкесі тақап келді. Бетіме сыз жердің суық тас қиыршықтары батады.

– Түрегел, – деді әлгі.

Мен тұрып келе жаттым. Жаңағы қара бәтеңке оқыс ішіме келіп тиді де, қолп еткізіп кейін ұшырды. Ішім бұралып, бүк түсіп құладым да, жиырылып, көлденең жатып қалдым.

– Иттер, – деді Орман.

Оның сөздері күрт үзілді. Мұрнымды анашаның қоңырсыған иісі қытықтады. Басымды көтеріп, автомобильге көз салған едім. Автоматын иығына салақтата ілген милицияның бір солдаты салонға шөп шашып жүр. Бізге тағы да жала жабылатын болды. Бәтеңке қайыра таяп қалыпты.

– Жат.

Не істесек болады. Түбі қайыры жоқ сапарға айналды. Бәтеңке менен жылдам ұзай берді де, жүрісі құлаққа алыстан шалынды.

– Түгел тұрыңдар.

Орнымнан тұрып, төңірегіме назар салдым. Кенет Орман жұлқынып қалып, қолын артына қайырған милиционерден босап кетті де, автомобильдің тұмсығынан қарғып, су қараңғы даламен қаша жөнелді. Тұтқыннан айырылған сақшы жігіт автомобильге сүйене мыл-тығын көздеп, шұғыл атып қалды. Орманға тимеді ме, әлі жүгіріп барады. Өзі мүлдем көрінбейді, сыбдыр естілген жаққа елегізіп, елеңдесе – үрке қараймыз. Бері қайтып келді. Қуатқа жете бере, тік соққыны сілтеді. Шайқалып кетіп, Қуат бойын қайта жинады. Бәрімізді бір-бірлеп машинаға мінгізді. Ескі сораптың сүрлеміне түсіп, асықпай жүріп келеміз. Түрмеде түнеп шығатын болдық та. Қандай жаза қолданары белгілі. Достардан бөлініп, қайда барып жан сақтайсың. Макс алақанымды тауып алып, әлсіз қысты. Олар үшін бұл әдепкі, үйреншікті нәрсе. Бекер қорқып, қоян жүрек болма дегені шығар. Алматыға келіп кірдік. Жолдың бойын жағалап, тізіліп жанған шамдар соңымызда қалып қоймай, жаман күшікше қос қапталымыздан еріп келеді. Көңілім жабырқады. Жадыма тез өтіп жатқан қайран ғұмыр, баяу жазылып жатқан есіл роман оралды.

– Не жайлы ойлап отырсың? – деді Мақсұт.

Салон іші тастай қараңғы. Ешкім жөтелмейді, бейсауат ештеңе салдырап келе жатқан жоқ.

– Өмір жайлы, – дедім.

ХХІІ тарау

Мақсұт қарулы білегімен жауырынымнан қапсыра құшақтап, күректей алақанымен иығымнан қаттырақ қысып қойды. Автомобиль доңғалақтары теп-тегіс асфальт жолмен сылбыр айналады. Біз орталық футбол стадионы іргесінен өтіп бара жаттық. Бал-уан Шолақ атындағы спорт сарайы көріне бергенде, шопыр басқару жүйесі тетігін сол қанатына бұрды. Кішкене жылжып келіп, оңтүстікке бет түзедік те, онымен ұзақ жүрмей, сол жақтағы Масанчи көшесіне, кинотеатрға иек артып барып, Қабанбай батырды көлденең қиып алдық. Жүрісін бәсеңдеткен машина жылдамдығын азайта беріп, қалт тоқтады. Алдыңғы орынға жайғасқан милиция сержанты есікті ашып, сыртқа секіріп түсті. Есікті қайыра жапты. Үстін ретке келтіріп, жөнделіп алған соң, үйдің ішіне кірді. Түкпірден темекінің қышқылтым иісі аңқып, бірсін-бірсін салонға жайылып барады. Оған біреу ты-йым салып тастайтын шығар. Зекіген ешкім болған жоқ. Тысқа манағы сержант шықты. Жанына майор шеніндегі офицерді ертіп алыпты. Олар темекі тартып, әжептәуір бөгелді. Қоңыр күздің түнгі салқыны жаурата бастады. Екі білегім мұздап қалыпты. Шылым шеккендер цемент баспалдақтан түсіп, бізді бетке ала, бері аяңдады. Бағанағы бірге келген екі сақшы тұтқаны басып, есікті ашып жіберді. Бәріміз топырлап сыртқа ақтарылдық. Иін тіресе тағы екі автомобиль қаңтарылыпты. Біреуі – бағана біз мініп келген машина, екіншісі – атырапқа көк жолақ жарық шашқан өздерінікі. Майор барлығымызды бастан-аяқ шолып шығып, маған жеткенде, жанар тоқтатып ұзақ қарады. Сарғыш шегір көздері өңменімнен өтіп, тесіп бара жатқандай.

– Сержант, – деді.

Сержант бері жүрді. Қасына тақап келді де, оң қолын шекесіне апарып, ізет көрсетті.

– Ұйымдастырушы осы емес пе?

Сұқ саусағымен мені нұсқады.

– Тексерген жоқпыз.

– Тап осы ма деймін.

– Ұйғарымыңыз ақылға сияды, майор.

– Бөлмеге әкеліңдер.

Майор теңселе басып, табалдырыққа жетті де, оң қанатына бұрылды. Жақтаудың қалтарысына жасырына беріп, назардан ғайып болды. Бәріміз қолымызды желкемізге асып тұрдық. Сақшылар молыға түскен сықылды. Бір ізбен тізіле жүрген қапсағай денелі балуан жігіттер түгел үнсіз. Жоғары жақтан екі айда-уыл әр бозбала жігіттің қолын түсіріп, жеке-жеке темір кісен салып келеді. Мақсұтты кісендеп, шынжырлап болған соң, маған таяды.

– Оған тиіспеңдер, – деді сержант.

– Оны не істейміз?

– Майор сөйлеспекші.

– Қазір ме?

– Иә.

– Жүр.

Мені иығымнан жұлқыды.

– Жұлқыма.

– Арамтамақтар, – деді айдауыл.

Есік алдына жұрт толып кетіпті. Іштен хабар алғысы келген ағайын-туыс, дос-жаран жанашырлар да. Біздің топқа жақындап қалған мосқал кемпір байланып-маталған жігіттерге үрейлене қадалады. Мені итерген айдауылға тақап, жүзіме қарап тұрды да:

– Бұлар кісі өлтіргендер ме? – деп сұрады.

– Жоқ, – деді сержент.

– Ұсқындары қорқынышты екен.

– Елдің ақшасын тонайтындар.

Мосқал кемпір бізге тым жақын келді. Мақсұтқа телміріп едәуір бөгелді, сосын маған көңіл аударды.

– Арсыздар.

Көзіммен жер шұқыладым. Ұяттан емес, ызадан.

– Еңбекшіл халықтың ақ адал нанын тартып жеген қанқұйлы жауыздар.

– Қателесесіз, – дедім.

– Жауаптасуға қалай ұялмайсыңдар. Залымдар, ниеті бұзық, пейілі теріс, қыршынынан қиылғырлар.

Жұлдыздары қалтыраған шексіз аспанға назар салдым. Тұңғиық әлем ғана терең ойларға маза беретін сияқты. Адамның ішкі жан дүниесін ұғу үшін ғаламдай шексіз кеңістік қажет. Біржақты түсінік, ешкім тастап кете алмай жүрген аядай шаһар әрдайым ойымызды тұсай береді. Адам баласы әркімнен тек зұлымдықты күтеді. Біреудің биік ақыл-парасаты, қилы ой-өрісі кейде ескі арнаға сыймай жатады. Жер шарына табиғат жаратылысы мен адами қасиеттердің ара салмағын қайтадан айырып беретін жаңа көсемдар тұлға жетіспей жүргенге ұқсайды. Кемпір әрбіреуіміздің бетімізге сұқтана үңіліп, жөніне кетіп барады. Арқама мылтықтың дүмі соғылды да, тиген жерін солқылдатып, ауыртып жіберді.

– Жүр.

Мен ілгері аттадым. Әр нәрсенің себебін тереңнен қопарған дұрыс шығар. Есіктен кіріп бара жатып, жұлдыздары самаладай жарқыраған аспанға жанарымды тіктедім. Жанағы толқыныс сезімі ұшты-күйлі жоғалып кетіпті, меңіреу жаратылыс қайта мылқау қалпына көшіп алыпты. Расында, ойлайтын өзіміз ғана. Түйсіксіз дүние, ессіз ғалам ешқашан ойлап, сөйлеп көрген емес. Жаңғырықта басы шабылуға даяр – жол торып, ел тонаған жырынды қарақшыға да, жары ұл тауып, қуанышы тасыған – жиһанкез саудагерге де әлем жүзі шімірікпей, немқұрайды, бірдей қарап тұрады. Ол біздің шырқырай жоғары бойлаған қатты айғайымызға тас керең, ауырсынып жатқан, денемізге түскен жарақатымызға көр соқыр. Әуелі көк аспанға наз айтамын, содан кейін оның барлығынан тыс орын алған ұлы Тәңірге де.

– Осы жерден қозғалма.

Айдауыл қоңырауды басты. Іле-шала ұлықсат еткен жауап үн құлаққа шалынды. Есікті аяғымен ашып жіберіп, ол мені автоматтың дүмімен нұқып, табалдырықтан әрі асырды. Бөлмеге аттап барып, майордың үстелінің алдына жетіп тоқтадым. Шекірейіп қарайтын шегір көз мені қомағайлана ішіп-жейді. Төргі қабырғада Бүкілресейлік төтенше комиссия көсемінің суреті ілінген. Дзержинский туралы алыпқашпа сөз, әзіл-оспақ күлкі, әжуа-сықақ әңгіме толастамаушы еді. Алматыдағы ескерткішінің құлағанына бір жарым жыл өтті. Көз әлі тесіліп тұр.

– Кімсің?

– Қаламгермін.

– Бірдеңе жазасың ба?

– Иә.

– Газетке?

– Жоқ.

– Енді қайда?

– Үйдемін. Шығармашылықпен айналысамын.

– Баспасөзге мақала дайындайсың ба?

– Жорналшы емеспін.

– Бәрібір ғой.

– Мүмкін.

– Қырғауылды азаматының ақшасында не жұмыс-тарың бар?

– Қарыз.

– Не үшін?

– Білмеймін.

– Ұйымдастырушы қайсың боласың?

– Бәрі.

– Алдама.

Майор қоңырауына саусағын жүгіртті. Есіктен айдауылдың басы қылтиды.

– Кір.

Маған тақап келіп, қатарласа бере, жүрісін те-жеді.

– Бір мәрте, – деді майор.

Соққы оң жағымды қауып, шықшытыма тегіс дарыды. Құлап түстім. Ептеп ауырғаны сезілді. Бетім дуылдай өртеніп, қызуым көтеріліп бара жатқандай. Тізерлей отырдым да, үстімді қақтым. Түрегелдім. Майор күліп отыр.

– Мен ұрмаймын, – деді. – Менікі қаттырақ.

Жерге түкірдім. Қан түйіршіктері жүр. Азу тісім зақымданған болуы керек. Аузым қанға толып келеді.

– Қолжуғышқа апар, – деді майор.

Қан шып-шып етіп ернімді жағалады. Қанның осыншалық дәмсіз болатынын білсемші.

– Бері кел.

Біз дәлізге шықтық. Ұзын сенекті бойлай, самарқау ілбіп, қол жуатын бөлмеге келдік. Бұрандасын босатып едім, сарылдап су аға жөнелді де, құбырларды сылдырай қуып бара жатқаны құлаққа жетті. Қолымды шайған соң, алақанымды шүмекке тостым. Су тез жиналды. Аузыма әкеліп, екі ұртыма толтырып алдым.

– Бол.

Тегі, қашып кете ме деп, қауіптенеді. Орман қапыда жол тауып кетті. Бізді шығарып алу үшін, бәрібір, біреудің сыртта, еркіндікте жүргені дұрыс. Дәулет – заң, жарлыда міндет қана бар. Меншік иесіне заң көңілдің күйі тәрізді, өзі де, сөзі де қашанда айнымалы. Куәлікке өкімет жүргенде, үкім заң бойынша шықпайды, ешқашан мемлекетпен бетпе-бет жалғыз қалуға болмайды екен.

– Мойныңды жуғаның не?

Қалтамнан қолорамалымды алып, бетімді абайлап сүрттім. Жағымның ісіп тұрған жері аңдаусыз саусақ дарып кеткенде қатты ауырады. Әйеншектене сипап көріп едім, қол тигізбейтін ісікке айналыпты.

– Болды.

Екеуміз қайтып келдік. Майор темекі қорабын ашып жатты. Бір бұрышын жыртып алды да, бүктеп қоқыс салатын шелекке тастады. Қорапты сілкіп қалғанда, бір талы қылтиып шыға келді. Оны суырып алып, маған ұсынды. Басымды шайқадым.

– Сендейлерді, бәрібір, тас бөлме сөйлетеді.

– Ештеңе білмеймін, – дедім.

– Өтірік.

– Әкетейін бе?

– Жалғыз қамап таста.

– Кісенмен?

– Жоқ.

Айдауыл екеуміз қайыра дәлізде тұрдық. Қолымды қарақұсыма көтергізіп қойған. Абақты есіктері кезіге бастады. Кідірмей өтіп келеміз. Күбір-күбір дауыстар естіліп қалады.

– Тоқта.

Қалтасынан бір бума кілт шығарып, құлыпты босатуға кірісті.

– Данай.

Айқайдың қай тұстан шыққанын аңдап үлгермедім. Құлып толық ағытылып, топсалар шиқылдаған әніне басты да, бөлме түкпірінен төсек және жоғары жақтан тор қымтаған кішкене терезе көрінді.

– Кір.

Аттап кеттім де, аядай жерге қамалып қалдым. Есік баяу жабылып, кілттің бұрала бастағаны аңғарылды. Сипалап жүріп, төсекті тауып алып, тіземді бүктім. Артыма шалқайып барып, басым ағаш кереуетке жайлап мәш, нақ тигенде, екі қолымды желкеме апарып қойдым. Ницше ой түбіне жетемін деп, бүкіл әлемді билеп-төстеуші жаппар Құдаймен тайталасты. Мықтап алысты, жағаласты, кітабымен айқасты. Күндердің күнінде бірмойын, қырсық ойшыл – солқылдақ, адасқақ сенімінен түбегейлі бас тартты. Сөйтіп, көп ұзамай ақылынан адасты, ендігі мәурітте өзін жын қақты, ақыры пәни дүниеден береке таппай, сорлап өтті. Ол нанымын көмескілемей, анық, кәміл сақтап, барлық сауалдың жауабын Тәңірдің өзіне, ұлы құзырына бергенде, есі бүтін, дені сау, аман-есен, шат күйінде сүйкімді, әдемі қартайып, ерен атақ, жақсы абыроймен қайтыс болар ма еді. Зады, Жаратқанға серік қосып, қасынан орын тебетіндей, біздің – тылсым ғалам жұмбақтары шешімін тапқан – қайратты ақылымыз бар ма екен, тәйірі. Бірақ, ондай шексіз қуат, алып күш кімнің бойында бар дейсің. Тегі, біз Құдайға деген жүрегіміздегі сенімді бекер өлтірдік. Адамзат санасы құпия жаратылысты түсіну үшін Тәңір танымынан тапшылық көреді. Мүмкін, кім біледі, ниеті ала-құла адамзат үмбетінен Құдай, бісмілләһ, таза күдер үзіп, әрекетінен біржола көңілі суып, қара орман халықты ғарышта, шексіз кеңістікте, айдалада қаңғытып тастап кетпейтін шығар. Кемеңгер, дегдар Гегель – жүйелі, берекелі пәлсапа құрап, тиянақты ақиқат іздеп, пайым қасиетіне бой ұрған, данышпандықтың қадіріне жеткен асыл да сайдақ тұлға еді. Ницше де ұлы кітаптар жазды. Аталары – Кант, Шеллинг, Фихте, Шопенгауэр ақсақалдар да – өзі тәрізді дүниежарықтан тәртіп іздеді. Даналыққа құштар ойшылдар ізденістің мұратын ішкі әсемдіктен көрді. Көңіл тыныш қалпында бақытына жетеді, бақыт дегеніміз беймаза көңілдің орнықтылығында, сезімнің алаңсыз тыныштығында.

Ішкі әсемдік – орнықты көңілдің қонағы.

Жер бетінде ұзақ ізденістен не қажырлы еңбектен, кейде кездейсоқтықтан туған жалқы ой ешқашан дүниеден енді қайтып жоғалып-жойылып кетпейді. Ойға оралған түйін-тұжырым – не дүниеге келеді, не келмейді. Ешкім ешқашан қайтыс болмайды. Менің біржола өліп, жойылып кетуім мүмкін бе. Өлім неліктен тек қана жабық қақпа бола береді. Әлде, адам, шынымен, мүсәпір. Мүмкін, адам, расында, ұлы. Қамшы сабындай қысқа ғұмырын терең мәнге, тұңғиық мағынаға сыйдыруға әлектенеді. Мейлі, содан кейін оны ұмытып кетсін. Бәрібір, бұл мәртебе кезектен соң, ол жарық дүниеге қайта айналып соқпай қойсын. Ұзақ, таусылмас, шексіз өмір кешетін рухтың өзі тап мұндай көзсіз ерлікке баратын ба еді, қайдам. Біз дүниеден тәкаппар өтуіміз қажет. Қорқып өмір сүрген – ажалдан екі мәрте жеңіледі. Азғана мәулет бердің бе, Жаратқан Ием, оны толығымен пайдаланамын. Пайғамбарларың тәрізді малдың терісіне сыдырып жүргізіп, ағаштың жаңқасына бедерлеп ойып байыптаудың жаңа нұсқасын жазамын, мен қатарлап тізген сөз маржандары ақиқат болса – өзге жандар оны өздері-ақ қасиетке балап алады. Фейербах жаңсақ айтқан екен, Ницше Сені адамзат жүрегінде өлтіре алмапты, Камю қайтіп жоққа шығарған, Сартр бекер санаспай жүр. Халықтың қарабайыр тіршілігі – Тәңір өсиеті адам бойына сіңді ме, жоқ па – мезгілді ұдайы сын тезіне салу тәрізді. Құнарлы топырақтан жаралған біртуар, қайраткер тұлғалар әредік Құран шәріфте келтірілген иман жолына балама іздеп, көсем найза кезеніп ағаш диірменге қарсы шапқан Сервантестің қаһарманы Дон Кихотқа ұқсап кетеді. Піл сауырлы қара жерді тұрақ еткен қалың бұқара ғасырлар бойы көкірегіне толған ыза-кекті, тұла бойын буған ашу-ренішті, кеудесінде қайнаған ежелгі қыжылды баса алмай, уайым-қайғысын санасына сақтап, көңіліне түйіп, ащы өксікке айналдырып, асығыс жетелеп келе жатқан уақытқа қайшы, алда күткен беймәлім тағдырын шырақ ұстап, қараңғылықта баянсыз іздеуге ұшыраған сынды. Көктегі Тәңірі мен бауырындағы Ұмайдан, шексіз аспан мен құрдымына жеткізбейтін түпсіз терең Жерден біржола үмітін үзген адасқақ пенделер бұлыңғыр, мұнар шалғайдағы анық ажалына әлдеқалай жаңылысып бет түзеп кетті ме екен, жоқ, күнгей қырқаның алқапты етегін жарып өтіп бара жатқан нулы өзенді, сеңсең бұйра толқын – қошқар мүйіз аршалы сайды, қайнардан шалқып күліп аққан асау бұлақты, қолдан қазып, төгерегін орып, ішін таспен қалап өріп шегендеген тік шұңқыр құз шыңырау құдықты – желкесіне ап маужырап жатқан кең шалқар көк жайлауға табан тіреп қалды ма, тегінде, құпиясын айтып, жұмбағын шешіп, оңы мен солын айырып, танып беретін данышпан кешегі шежіре, бүгінгі тарихта көп болғаны рас. Зады, Иммануил Кант шексіз көсіліп жатқан ұшы-қиырсыз Сана Иесінің бар екеніне де, адамның түйсік танымы – амал құрығанда өзі ойлап тапқан жай ғана қиялы екеніне де нақты дәлел таба қоюдың қиындығын алғаш қисындаған дана ойшыл еді. Бірақ, Аллаһ Тағалаға серік қосып, Құдайдың Өзі отырған алтын таққа ретсіз, орынсыз таласу ақыр соңында тақа бейшара адамды өзара дау-жанжал, үлкен шатаққа ұрындырып, қасірет-мұң, уайым-қайғы шектіріп, жәбір-жапа, жалғыздық көргізіп, жалпы, теріс әрекет, ауыр күнәға батырып жатыр. Сонда Құдіреті күшті Бұйрық Иесі, астағфируллаһ, Кім, Жарлықты орындатқызуға қайсымыздың хақымыз бар? Крістиан сана күтіп жүрген Иса мәсіх, аләйһис сәләм, Аллаһтың Елшісі Мұхаммед, салла(А)ллаһу аләйһи уә сәлләм, Пайғамбар, мүмкін, өзін жеке бір үлкен тасқын, ұлы күш тұрғысында көруге ұмтылған бұқара көпшілік, астағфируллаһ, кім. Әйтеуір бізге – дүниежарық түсінікті қалпын табу үшін – Құдай, бісмілләһ, жетіспейтін заман келді. Көшеден әлдекімнің есімін атап дауыстаған шу көтерілді. Қабаттаса шыққан дауыстар жиі қайталанып ұзап барады. Үзіліп кетті. Төңірек тыныштала қалды, көрші камера үндерін жұтып, бір-бірін жұбата күбірлеседі. Денем тоңазыды. Түн салқыны тез күшейді. Аяқ астынан сыз білінеді. Ылғалдың қолқаны қапқан жағымсыз иісі мүңкіп тұр. Бұл ара көптен тазаланбаған секілді. Оң жақ бүйіріме аунап түстім. Тақтай төсек кең жатуға тар көрінді. Арқамды сыз қабырғаға сүйедім. Дарыған салқын бойыма шапшаң тарап келеді. Қашықтап көріп едім, кереует шетіне тақап кеттім де, жеңіл сырғып, жерге сыпырыла құладым. Әуелі еденге аяқтарым жаншыла соғылды, тіземе, тобығыма дарыған соққы жаныма батты. Саусағымды жазып, жерді сипағанда, кедір-бұдыр беті алақанымды тырнап жатты. Цементке қиыршық құм араластырылып құйылған екен. Көзімді жұмып жатып, шаршағанымды сездім. Ұйықтап кетіппін. Қайта оянғанымда, түн ортасы ауып-ты. Суықтан оянсам керек. Бойым түгел мұздаған. Орнымнан тұрып, әрі-бері жүріп көрдім. Бір-екі аттап, орныма қайтып келемін. Құйтақандай бөлме. Діңкелеп қалыппын. Отырдым. Шалқалап жаттым. Толық сыя алар емеспін. Кірпігім айқасып кетіпті. Тоңып, қайта жанарымды аштым. Елең-алаң, түн түндігі түріліп, қараңғылық сейіле бастады. Таң бозарып атып келеді. Көкейді тескен түйткіл тегіс топшыланды. Бірақ, қандай ойдың түбіне жетуге болады. Сауалдың жауабы, жұмбақтың шешімі, дүниенің ақыры бар ма. Бір күні, қапыда мұншама сезім мен бейнелерді өзімен бірге қимай сүйретіп алып жүрген сана шырағы жалп етіп сөніп қалмасына кім кепіл. Сонда біржола қайтпас сапарға дайындықсыз, кездейсоқ аттанармыз. Не үшін ғұмыр кешкен мағыналы? Құдай үшін бе, кітап үшін бе, тіршілік үшін бе?

ХХІІІ тарау

Түс әлетінде қайта оянып кеттім. Есіктің ұңғысында кілт бұралып жатты. Құлып толық ағытылып, табалдырықтан қолына шайнек пен үлкен қазан ұстаған милиция көрінген. Ар жағынан екінші біреуі сымға тізген он шақты меске мен темір крөшкелер көтеріп кірді. Кереуеттің шетіне мескені қойып, қазанды еңкейтіп, құя бастады. Крөшкені шала қайнатылған шайға толтырып қойды. Сосын дәлізге қайта шығып кетті. Мескеге сұйық көже құйылыпты. Қасықпен алып, татып едім, тілімнің ұшына борсыған еттің дәмі білінді. Әрі итеріп қойдым. Төсектен алып, жерге түсірдім. Ішкі жансарайымды көңілсіздік жайлады. Көрші бөлмеден дабырлап, жұрт шығып жатқан. Менің есігім ашылды. Майор қулана көз тастап, жымиып күліп тұр.

– Болды.

– Мақсұт қайда? – дедім.

– Тыста.

– Босады ма?

– Иә.

– Енді қауіп жоқ па?

– Достарың – тамаша жігіттер.

– Білемін.

– Қаламыңа ілініп кетпейік.

– Ілінбейсіңдер.

– Өмір жоспарсыз жүреді, қайда апарып соқтыра-тынын кім біледі.

Сосын, қипақтады.

– Ер жігіттің басына не келіп, не кетпейді, – деді милиция қызметкері.

Дәлізбен кішкене жүріп келіп, оң қапталымызға бұрылып кеттік. Үй алдында кешегі жігіттер түгел жиналып қалған екен.

– Данай келе жатыр, – деді Орман.

– Мен бір нашақормен түсіппін, түні бойы қарасора шайнап шықтық.

– Дәу сары маған күтім майын ұсынды.

– Аяқ киімнің бе?

– Иә.

– Жеп алмадың ба?

– Қайтемін.

– Кел, Данай, құшақтап қояйын.

Орман менімен құшақтасып амандасты.

– Қуаттың бетінен түк қалмапты.

– Ол қайда?

– Такси ұстап кетіп қалды.

– Бітті ме?

– Иә.

– Ақшаны қайдан тауып алдың?

– Екі адам қарыз еді, солар әкеп берді.

– Қайтарасың ба?

– Олар аман-есен құтылғанына ырза.

– Мақсұт осында ма?

– Майормен сөйлеспекші.

– Бәрін жұтқан сол болып шықты ғой.

– Сол. Доллармен төле деп, талап қойыпты.

– Мақсұт көрінді.

Мақсұт бізге маңдайын түзеп, жүзі күлкіге тола, ширақ жүріп келеді. Тақай бере, мені құшақтай алған.

– Бізге еретін болсаң, тірлігің осы, – деді.

– Ештеңе етпейді.

– Кеттік.

– Қайда барамыз.

– Жігіттер “Меруерт” кафесінде жиналайық деген.

– Жақсы.

Біз Қабанбай батырға көтеріліп, такси тоқтаттық та, Сейфуллин даңғылына түстік. Абай даңғылына қиылысқанда, сол қапталымызға басқару тетігін бұрып алдық. Желтоқсан көшесіне іліне бергенде, автомобиль тежеуішін басты. Біз ақысын төлеп, сыртқа шықтық. Жаяу жүріп, “Меруерт” кафесі алдына келдік. Кіреберіс табалдырық түбінде, босағада Қуат пен Арғын күтіп тұрды. Олар бізді көріп, жылы күлімсіреді. Ішке кіргенде, малта тастармен безендірілген залдың оң жақ қабырғасына таяу үстелге бұрылдық. Қуат пен Мақсұт барға кетті. Мен бос сәкінің төргі шетінен орын тептім. Арғын Орманға қатар, маған қарсы тізе бүкті. Мақсұт екі шөлмек лимон дәмді “Stopka” арағын дастарқанға қойды. Қуат бірнеше рюмканы қос алақанына қысып келе жатты. Мақсұт қайырылып, барға қайта кетіп қалды. Көп ұзамай, суық ет салатымен қайтып келді. Салатты үстелге қойып, шанышқыны үлестіріп берді де, шөлмектің біреуін ашты. Әрбіреуімізге толтыра құйды.

– Достар үшін, – деді Қуат.

Бәріміз алып қойдық. Жөйіт арағы тамағымды қырнап, көкірегіме жайылды, сосын бойымды қыздырды. Қарбаласта кенет көңіліме қайғы орнады. Орман бірдеңе айтып жатыр. Кафенің есігі ашылып, шашын желкесінен қиған ақ құба қыз бен қызыл түсті кәстөм киген ұзын жігіт бері аттады. Олар бізден ары өтіп барып, іргеміздегі бос үстелге отырды. Қыз сол жерде қалып қойды да, бозбала барға қарай жүрді. Мені қапелімде тағы мұң басты. Мақсұт рюмкаларды іркілдете толтырды. Ешкім тост айтқан жоқ, бәрі ашырқанбастан ішіп салды.

– Оны, бәрібір, таяққа жығамыз, – деді Орман.

– Әрине, – деп келісті Қуат.

– Өлтіріп кетсек, қайтеді, ертең өлігін де таба алмай қалады.

– Мойныма қан жүктегім келмейді, Мақсұт.

– Мұндай жазаға лайық еді.

– О дүниеге барғанда, алдыңнан шығады.

– Құдайға сенбеймін.

– Құдай бар, Мақсұт, – деді Орман.

– Онда неге арақ ішеміз?

– Білмеймін.

– Адам сәл жұтса болды, барлық құрсаудан босап шығады.

– Шын.

– Масайған кезіңде кеудеңе құдірет бітеді.

– Сананы улап тастағандыкі.

– Есіміз дұрыс уақытта дүниені қабылдай алмаймыз.

– Иә.

– Өйткені, адамның кемді сезім-түйсік мүшелері жа-ратылысты нақ қалпында көре алмайды, – дедім.

– Шарапты сімірген соң, дүние, тіпті, бұзылады дейсің бе?

– Бұзылады.

– Тағы құй, Мақсұт.

– Жетеді.

– Мынауың бір жұтым ғана.

– Достық үшін.

– Құдай үшін.

– Құдай үшін арақ ішкен – күнәкарлық.

– Еттен алыңдар.

– Тамаша.

Мені қайтадан жалғыздық иектеді. Фужерді түбіне шейін тастап жібердім. Өңешімді жыртып өткендей болды да, кеудеме жылу құйылды. Біз екінші шөлмекті тауыстық та, тоңазыған сиыр етінен үзіп жеп, орнымыздан тұрдық. Сыртқа шыққанда, джип маркалы автомобильдің бұрылыс шамын жағып келіп жол жиегіне тоқтағанын байқадық. Салондағы екі жігітті Мақсұт танып қалып, тобымызбен машинаға қарай жүрдік. Барлығымыз салонның артына мініп алдық. Басқару жүйесін мең-геріп отырғаны бізге ойлы жүзбен қарады. Өткір жанары бәрімізді жылдам шолып өтті.

– Қашан босап шықтың, Мақсұт? – деді.

Екіншісі тік қарап отыр. Автомобильге мінген біздермен артына қайырылып амандасқан жоқ. Сол қолымен жылдамдықты кемітіп-арттыратын тетікті ұстап, алысқа көз тігеді. Ортаңғы саусағына мол алтыннан соққан жалпақ сақина киіпті.

– Түске таман, – деп жауап қайырды Мақсұт.

– Қалай ұсталып қалдыңдар?

– Жөпелдемеде.

– Әрдайым абай болыңдар.

– Өзіміз де ештеңе аңғарып үлгерген жоқпыз.

– Олармен қарсыласуға болмайды, арқа сүйейтін тая-нышы, айбынды қызметі бар, өшіге түседі.

– Көрдік қой.

– Анаша сепкен бе?

– Иә.

– Ұсталғанда, қалтаны аңду керек, қалтаға салудан тайынбайды.

– Салонға шашты.

– Көп жаттыңдар ма?

– Көп емес.

– Ашыққан жоқсыңдар ма?

– Тамағын жей алмадық.

– Жеу керек, әйтпесе денсаулықты құртып ала-сыңдар.

Содан кейін сөз үзіліп, екеуі үнсіз ойланып қалды. Сақиналы саусақ тетіктің бетін ақырын сипап қояды.

– Сені түсіп қалыпты деп естігесін, мән-жайды білу үшін келдік.

– Рақмет.

– Әрдайым сергек, абай жүріңдер, өкімет қашанда өш, милиция баяғыдан келе жатқан ежелгі дұшпаның, іскер жандар кешеден жағаласқан жау, өздеріңдей өзге ұйымдар сендерге ажал тілегелі қашан.

– Білеміз.

– Құдай түрменің бетін аулақ қылсын, темір тордың ар жағында қызығатын ештеңе жоқ.

Біз қол алыстық. Тарғыл түсті джип орнынан қозғалып кетті. Мақсұт жолдастарын ертіп, Сәтбаев көшесіне бет түзеді. Мен кейін қайттым. Абай даңғылына шығып, такси ұстай бастадым. Машиналар тізбектеліп, тоқтаусыз өтіп жатыр. Бұрылыс шамын жыпылықтатқан BMW маркалы автомобиль көрінді. Маған тақай бере, жүрісін ірікті. Алдыңғы есігін ашып, қайда баратынымды айттым. Біз нөпірге қайыра араластық. Қос қапталдан, соңымыздан басқа машиналар сығылыса қыспақтап келеді. Көңілім сезім мен түйсіктен жұрдай. Бірдеңе топшылауға зауқым соқпады. Дүние толық мағынасызданып біткен. Өлім жайлы ойлауға аңсарым ауды.

ХХІҮ тарау

Ұлттық университеттің бокс залы халыққа лық толыпты. Біз рингке таяу отырдық, төрешілер алқасы қарама-қарсы орын теуіпті. Нұрлыбек Асқарұлы әлі жоқ. Зал шуылдай жөнеліп, рингті бетке алып, ширақ жүріп келе жатқан Марат Қасымұлын байқадық. Ол боксшы киімінде әдемі көрінді, еңсесін тік ұстап, аяқты кере басып, ірі адымдап, аттап келеді. Көрші бұрыштан басқа боксшы бой көрсетті. Екеуі алаңға тақау кідіріп, ақырын билеп тұрды. Жұдырықтар сермесіп қалғанда, ауаны тіліп барып, қауып, кейін қайтып кетеді. Төраға орнынан көтерілді. Ойынның басталғанын хабарлап, ережені сақтауды ескертті. Рефери ортаға шығып, қос бұрыштағы екі боксшыны шақырып алды. Іле-шала гонг соғылып, өзі шеткері ысырылды. Марат Қасымұлы қолдарын төмен салбыратып жүрді. Қарсыласы жақындап келіп, сол жұдырығымен свинг тастады. Марат оң қапталына сүңгіп кетті де, тысқары жылжып барып, оң қолымен әдемі хук жасады. Ұрымталдан соққы тиген боксшы шайқалып кетіп, қорғанысын бұзып алды. Епті сол жұдырық кросс бағыттады да, шабуылды қайталап, свингті жөнелтіп тоқтады. Соңғы соққы ауыр тиді. Қарсыласы құлап түсті. Рефери саусақтарын бүгіп, санай жөнелді. Жетінші секундта ойын қайыра жалғасты. Реферидің сытыла бергені сол еді, Марат Қасымұлы лезде жақындап барды да, қарсыласына хук жіберді. Ауыр дарыған соққыдан екі тізесі босап кетті, тұрған орнында сылқ құлады. Жұрт жабыла қол шапалақтап жатыр. Уақыттары аяқталып – рефери екі боксшыны алаңның ортасына шақырды. Төраға жеңімпазды жариялады. Марат Қасымұлы рингті шыр айналып, халыққа ризашылығын білдіріп шықты. Өз бұрышына келгенде, арқанды серпіп, жерге секіріп түсті. Нұрлыбек Асқарұлын ринг түбінде күтіп тұрғанда, көрдік. Он екі раундқа шыдау оңай емес, ол қайрат танытып, жігер салуы қажет. Мені аңдап қалып, маған жылы күлімсіреді. Өзімнің күрес үшін алаңдайтынымды білдіріп, қолымды бұлғадым. Ойымды жылдам ұққан Нұрлыбек езу тартып қойды. Содан кейін керілген арқанды көтеріп, ринг ішіне жеңіл қарғып түсті. Қызыл бұрыштан оның қарсыласы пайда болды. Бойы сырықтай ұзын, басына былғары шлемді мықтап тартып киіп алыпты. Алаңға әдепкідей рефери шыққан. Ол боксшыларды өзіне шақырып алды да, қолын сермеп, жекпе-жек ұрысын ашты. Нұрлыбек алыстап кетіп, қашықтан қолайлы сәтін күтті. Қарсыласы қолдарын жоғары ұстап, шықшыты мен кеудесін көлденең соққылардан тәуір қорғап жүр. Нұрлыбек сол аяғымен ілгері басып ұмтыла бере, оң қолымен свинг тастап еді, қарсыласы Алпыс Ғабитұлы төмен бұғып қалып, сол қапталына қашып шықты. Свингтен сәтті қорғана салысымен, сол қолымен жылдам хук тастады да, оң қолы апперкот тәсілімен иектің астынан ауыр соққы дарытты. Қапелімде тиген жұдырықтардан Нұрлыбек есеңгіреп кетіп, бостан босқа ауа қармап, қарсы алдына мақсатсыз екі соққы жұмсады. Былғары қолғаптар ауаны бос тіліп өтті. Алпыс Ғабитұлы кейін жылжып кетті де, кішкенеден соң, қайыра Нұрлыбекке таман тақап келді. Қапылыс жеңіл кросс тіктеп, шегініп бара жатты да, оң қолымен свинг тастап үлгерді. Нұрлыбек Асқарұлы ілгері тәлтіректеп, қалт кейін жүріп, арқасымен сымдай керілген жуан арқандарға тірелді. Ол қолдарын төмен түсіріп, екі иінінен ауыр демалып тұр. Рефери алақанын жазып, бір-бірлеп саусақтарын бүгіп, санай бастады. Орнымнан түрегеліп, рингті айналып бардым да, Нұрлыбек сүйенген қапталдан таяп келдім. Мен жеткен заматта ол қайта ортаға маңдай түзеп, қолдарын бауырына жинап, боксқа даярлығын көрсетті. Алпыс Ғабитұлы алаңды шеңберлей теріс айналып бара жатып, жеңіл секіре, теңселіп билей жөнелді. Ол бір мәрте төрт бұрышты алма-кезек аралап шықты да, Нұрлыбек Асқарұлына тақап келе жатты. Баяу толықсып сырғып келе жатқан бетте, екпінін ауыстырып алды да, қауырт қимылмен сол қолы кросс бағыттап қалды. Нұрлыбек қарсы тік соққы бере, ілгері аттады. Зады, Алпыс Ғабитұлы есерсоқтанып, жалтаруды ұмытып кетсе керек, соққы қорғанысқа кезікпей, мұрны мен аузын қоса қапты. Көлденең тиіп, жақсы дарыды. Артына шегіншектеп барып, құйрығымен сылқ етіп отыра кетті. Рефери лезде ұрысты үзіп, екеуін ортаға қарай шақырды. Ойын бастауға қайыра ұлықсат берілді. Екі боксшы бір-бірінен аса сақтықпен қашықтап, қауіпсіз тұста тоқтады. Мен бұрынғы орныма қайтып келдім. Айдана Саматқызы қайтып оралғанымды байқаған жоқ. Ринг жаққа жан-тәнімен беріле тесіліп қалыпты. Ол ұзын етекті берхауз сулығын шешпей отырды. Мен жайғасып болып қалғанда, күлімсіреген жүзімен маған қарай бұрылды.

– Жеңетін тәрізді.

Мен ринг үстіндегі ұрысқа назар салдым. Нұрлыбек шалғайдан шабуылдауға көшіпті. Мұндай тәсіл Алпыстың өзіне де ұнайтын секілді. Қызыл түсті жейдешесі терге малшына бастаған екен. Нұрлыбек екі дүркін алдамшы қимыл жасап, иығын қозғалта берді де, сол қанатымен алға төне, оң қолын салмақтай, тік сілтеді. Алпыс сол жағына еңкейе беріп, қысқа хук сызып, құлақ-шекеден ұрды да, оң қолымен кросс бағыттап, тура иек тұстан дәлдей соқты. Нұрлыбек шалқая кетіп, баяу ырғала, бір-екі адым кейін шегінді. Іле-шала Алпыс қайыра оң қолын жұмсап, свинг жасады да, Нұрлыбекті еденге ұшырып түсірді. Өзі соққан қалпында тұрып қалды, Нұрлыбек еденге оң жақ иығымен, ұзынынан сұлап түсті. Мен орнымнан тұрдым да, қайтадан рингке тақап келіп, үнсіздікке берілдім. Шынымен, масқара жеңіліске ұшырағаны ма.

– Үзіліске қанша уақыт бар?

– Үш секунд, – деді Асқат Жақанұлы.

– Оған не болды?

– Білмеймін.

– Нұрлыбек төзімді еді ғой.

Асқат үнсіз қалыпты. Тоғызыншы секундта ол еденнен көтеріліп келе жатты, рефери санауын доғарып, ойынды жалғастыруға белгі берді. Нұрлыбек ауыр қозғалып, ортаға жетті де, теңселе биледі. Кенет гонг дауысы естіліп, шаршаған боксшылар екі бұрышқа тарасып кетті. Мен Нұрлыбекке қарай жүрдім. Керілген арқандардың арасын ашып, ринг үстіне секіріп міндім. Жәрдемші жігіт маған етек-жеңі мол сүлгі ұсынды, өзі шеткерілеп, аулаққа ысырылды. Нұрлыбектің оң көзінің асты ептеп көгеріп, ісікке айнала бастапты. Беті талаурап, маңдайы терлеп, жіпсіп тұр. Түкті сүлгімен бет-аузын жұлмалап, батыра ысқылап-ысқылап, сүртіп жібердім де, бір шетінен ұстап, оған қатты желпіп, кең тыныстауына көмектестім. Ол жанарын жұмып отыр. Асқат Жақанұлы келді де, Нұрлыбекті иығынан қағып, өзіне қаратып алды.

– Шабуылда, әрекетті өз қолыңа ал, – деді ол.

Нұрлыбек жауап қатпады.

– Оның бүйірден соққаны ғана қатты.

– Иә.

– Әлденеше соққыны қатар жаудыр.

– Ауаны мол желпіші.

– Шабуылда, есін шығара шабуылда.

– Көремін.

– Хукты ұмытпа!

– Білемін.

– Салмақтап ұруға талпын.

– Кеудем қысылып тұр ма, қалай.

– Терең дем алсаңшы.

Қайтадан сыңғыр етіп, гонг соғылды да, Нұрлыбек Асқарұлы бұрыштағы орнынан көтеріліп, рефери күтіп тұрған ортаға қарай жүрді. Мен арқанды жоғары керіп, ылдиға түсіп кеттім. Рефери ысқырып қалды да, бокс-шылар арақашықтықтарын сақтап, аңдысуға көшті. Бейбіт шақ аз уақытқа созылды, Алпыс Ғабитұлы ақырын билеп, сол қолымен жұмыс істей бастады. Айдана Саматқызы тағы ұрыс алаңынан көз алмай отыр. Қайыра қасына жайғасқан мен ринг үстіндегі боксқа көңілімді аудардым. Нұрлыбек сол қолымен кросс тастап, оң қолы тік соққыны қайталады да, сол қолы ілгері ұмтыла бере, оң жақ былғары қолғабы хук сызып өтті. Елді дүр сілкіндіре, жылдам қимыл жасап әрі бірнеше соққы тастап, өнерін әдемі кестеледі. Қиқуласа орындарынан көтерілген халық дуылдаса қол шапалақтап кетті. Алпыс Ғабитұлы шайқала беріп, бойын қайта жинап алды. Ол қолдарын шұғыл түзеп, сол жұдырығымен азырақ жұмыс істеді де, оң қапталдан свинг жөнелтіп, қарсыласынан шалғай кетіп қалды. Нұрлыбек бұғып үлгеріп, свинг ауаны нәтижесіз кесіп, айдаланы қармап барып, қайыра оралды. Алпыс абай болуға тырысты. Сол қолы қорғанысты үш-төрт мәрте барлап көрді де, дереу өз орнына қайтып, тыныш қалпына енді. Оң иығы алға ентелей бере, жұдырығы қапелімде қатты сілтенді де, кеуде мен бетті жапқан қос былғары қолғаптың арасынан жып етіп, Нұрлыбектің аузына дәл тиді. Күтпеген тұстан тиген соққыдан ол жерге шұбатыла жығылды. Алпыс әрірек кідіріп, рефери санап шыққанша, рингте ақырын билеп, тосып тұрды. Нұрлыбек бес секундтан соң, еденнен түрегеліп, рингтің орта деңгейіне қарай жүрді. Алпыс Ғабитұлы әріптесіне таяп, оң қолымен свинг тастады да, тағы жуықтай түсіп, қапталдан қауырт хук жіберді. Нұрлыбек кескен теректей құлады. Рефери санауға кіріскенде, орнынан көтерілді де, шайқала басып, Алпысты нысанаға алып, жүріп кетті. Ол тақай бергенде, қарсыласы тура соққы жұмсап, шалқасынан түсірді. Уақыт санала бастады. Нұрлыбек қимылсыз жатыр. Мен оны аядым. Ол жайбарақат тұрып келе жатқанда, бүкіл халық қол шапалақтап кетіп, рефери ұрысты ашты.

– Оған енді жұдырықтасуға болмайды, – дедім мен.

– Иә.

– Бұл өзіне ажал тілегенмен бірдей.

– Біледі ғой.

– Шынымен, мұнысы өз басын өлімге тігу.

Алпыс Ғабитұлы бар күшін салып, тұмсықтан соқты да, құлап бара жатқанда, свинг тастап үлгерді. Ол қатты жығылды. Енді мүлдем тұра алмайтын хал. Эвандер Холифилдтің нысанасыз бағытталып, адасып келіп тиген соққысынан ұлы Майк Тайсонның да есінен оп-оңай танғаны әлі жадымызда. Хулио Сезар Васкес қарсыластарын ұдайы нокаутпен жеңіл ұтып отырады. Бокс шежіресіндегі Джек Дэмпси, Джин Тунней, Примо Карнера, Аль Браун Панама, Джо Луис, Макс Шмелинг, Диг Тайгер, Сонни Листон, Мұхаммед Әли, Джо Фрэзер, Джордж Формен, Леон Спинкс, Ларри Холмс сынды данышпандарды кім ұмыта алады. Бокс – кітаптар мен Құдай тәрізді мәңгі жырланатын тақырып. Боксшылар кеудесіне қасиет қонған қайраткер тұлғалар екенін жұрт түгел мойындаған. Ұлы кітаптар сұлулық пен паңдықты сөзбен өрнектеп бейнелесе, ринг үстіндегі ұрыс – қимыл-қозғалыспен кескіндеп береді. Боксқа есепсіз тараулар құрайтын сөйлемдер түзілісі қажет емес, үйлесімді қозғалыстың таңдай қақтыратын суреті керек. Мұның барлығы ұлы бокс. Ой айшықты кітаптар мен қалың жұртқа жаңа низам әкелген Елшілер тәрізді сұлулықты, әсемдікті елге таратқан ұлы бокс. Мүмкін, Сомдаушы – шексіз Ғалам алдында – әуелі жаратқан анық үш нәрсе бар шығар: ол – кітап мәтіні, санадағы Құдай бейнесі және бокс қозғалысы. Үштағанды өз бойына сіңірген адам баласы, расында, ғажап. Расында, адамзатқа арнап мадақ жырын жырла, ақын, әнұранды шырқа, әнші. Нұрлыбекті екі жігіт көтеріп алып кетті. Айдана Саматқызы берхауз сулығының түймелерін ағытты. Басын менің иығыма сүйеді. Бос қалған рингке мұңлы көз тастады. Халық тысқа құйылып, төгіліп жатыр.

– Данай, мен кінәлімін, – деді ол.

Босағада сығылысқан жұрт кептетіліп шығар есікке сыяр емес. Бос сәкілерде газет-жорналдар ғана шашылып қалыпты. Мүмкін, мен де кінәлі шығармын.

ХХҮ тарау

Ерте оянып кетіп, жуынып келдім де, үстел басына тізе бүктім. Терезеден қазан айының салқын таңы марғау атып келеді. Қаламымды алып, қайыра жазып кеттім. Қарағайлы қалашығы суыққа тоңазып, сұрғылт үйлері көңілге түйткіл әкеле береді. Қаламымды қағаз бетіне тастай салып, тысқа барлай көз жібердім. Сонымен, романның желісі күрмелер соңғы тарау да тамамдала бастаған секілді. Үй іргесінен сарғыш реңді, жылы әскери күпі киген бір ер адам өтіп барады. Құлақшынын баса тартып алыпты. Бұдан кейін ештеңе жазбай, өмір сүріп кете алатыныма сенгім келмейді. Орныма қайта оралып, қаламымды қолыма алдым да, жазуға кірістім. Мүмкін, мына жазуға талпынғаным ешқандай роман да емес шығар. Жазылмақ ештеңе жоқ, кешіп өтуге ұмтылған ғұмырым ғана бар ма екен. Әлде, өрнекті роман мен көрнекті өмірім орындарымен алмасып жатыр ма, жоқ, әлде, құрбы-құрдастарым айтқандай, екеуінің астасып, жымдасқаны рас па, мүмкін, бір жалқы, ұлы, шексіз сана төбемізден басқарып, ойымызды билеп, біздерді ырықсыз тұрақты қаһармандарына айналдырып, тегі, нақ қазір төл жазбаларын, жүйелі киіз кітабын жазып шықты ма екен. Асүй жақтан анамның шәугімге су толтырып құйып алып жатқаны құлаққа жетті. Бұранда айналып, құбырлармен сарылдап аққан су тоқтатылды. Анам біреуге сөйледі. Даладан ойнап кірген кіші інім сияқты. Ақырғы тарауда не жазып кеткенімді өзім де толық білмеймін, аласапыран ойым жүздеген, мыңдаған шоқ жұлдыздар қаңтарылған шексіз ғарышты кезіп, тыным таппай адақтап – аралап жүр, қара түнек қуыс-қойнауын, қалтарыс-бұлтарысын, қиыр шет, қашық түкпірін тегіс тінтіп, шарлап келе жатады да, матқапыда қаламымды еркіне бағындырып, санаға ақтарылып, бөгетсіз құйылған сыртқы дүние, мол жарықтың кездейсоқ әсерін алдымдағы дәптеріме қолма-қол тізіп, қапылыста тездетіп, үзбей жаза береді. Борхес бар қаламгердің сан қилы шығармаларын таусылмайтын, әлемдік үлкен кітаптың бір-бір парағы ретінде көргені рас. Әлемдік кітаптың мазмұнын толық білетін тек қана Құдай Тағала екені, зады, ешкімге тосын ой емес шығар. Бірақ, Жаппар Құдай – задында, ешқашан тумаған, туылмаған, мәңгі өлмейтін, ажалсыз, бастаусыз қадім, соңсыз дәйім сипатты – Құдірет Иесі. Қадім заман адам баласының санасына ғайыптан ашылған Құдай ақиқаты баз бір замандарда оқыс көмескіленіп, небір дәуірлерде мөлдіреп қайта жаңғырып, ғасырлардан ғасырларға ұла-сып, жүзжылдықтардан мыңжылдықтарға жалғасып, ұштасып, ауысып, мәңгі бақи үзілмейді. Бөлме табал-дырығына қарай әлдекім үнсіз басып келді де, топсаны сықырлата есікті ашты. Босағадан қамырықты анам көрінді. Басына шаршы орамал тартқан, үстіне ешкі түбітінен тоқыған жемпір киіпті. Ол бері жүріп, алдымдағы дәптерге қарады.

– Демалсаңшы.

– Қазір уақиға толық бітеді.

– Қашанда, ештеңе аяқталмайды, – деді анам, – тіршілік мәңгілік арпалыста.

Тегінде, анамның ойын романда, соңғы тарауда пайдаланғым келді. Анам дәптерді парақтап тұрып, Ыстықкөл туралы бөліміне тоқталды. Сосын:

– Ыстықкөлді жырлайтын “Әсел” әнін марқұм әкең жақсы көруші еді, – деді.

– “Самалы жұпар жазғы бір кеште, Ойласам болды Ыстықкөл жақты”.

– “Айтылған сырлар түседі еске, Оятқан сонда ақ махаббатты”.

Қайырмасын бірге шырқадық. Қаламымды үстелге қойып, орнымнан тұрдым да, белімді жаздым.

– Шай дайын.

– Қазір.

– Алматыға қайтарыңда Қарқаралыға, Тоқтар ауылына соғып, әкең Байқуаныштың басына Құран оқыт.

– Жарайды.

– Аруағы Құран дәметіп жүр ме, қайта-қайта түсіме енеді.

– Роман мұраты көмескі тартып, мақсатымнан адасқанымда, Құран оқытармын деп, өзім де ойлаған-мын.

– Аллаһ разы болсын, – деді анам.

Ол шығып кетті. Қаламым тоқтап, ойды қайыра іліп, жазып кетуге – зауқым соқпай, ұзақ отырдым. Кім біледі, Құдайға сенбей жүрген Мақсұт, астағфируллаһ, тозақ отына ешқашан күймейтін де шығар. Жүрегіндегі Тәңірге деген сенімін абайсызда, кездейсоқ өлтіріп алған біздің ұрпақ қайта Құранды мойындап, намазға жығылып, уағыз айтып жүрсе, бұл дәлелден туған наным бола ма, әлде ақиқат дегеніміз ешқандай дерексіз, айғақсыз, қапыда Рухани Күшті түсінген, күмәнсіз сезген, түйсіктен жаралған дүниетаным ба. Хақ – Иланым – Қуаныш немесе Жұбаныш. Құдай уанышы әрбіреуіміздің жансарайымыз бен рухымыздың бір ұлы тәртіпке бағынуы емес пе. Өмірдің қатыгез, әділетсіз заңына қарсы шыққан адамзаттың ақыл-ойы тәртіпті бір-біріне тәптіштеп отыруы қажет: жамандық білімнен, оқығанның уағызынан азаяды. Бірақ, Құдай – задында, ешқашан тумаған, туылмаған, мәңгі өлмей-тін, ажалсыз, бастаусыз қадім, соңсыз дәйім сипатты – Құдірет Иесі. Жер бетін қадім заманнан жайлаған бұл ұғым-түсінік адамның өзімен бірге соңғы күніне шейін, қатар тірлік кешетін тәрізді. Сана мен Құдай ұғымын енді айыру мүмкін емес. Қаламымды тастай салдым, түрегеліп, ерсілі-қарсылы жүре бастадым. Романды бастан кешкен бар уақиғаның күрмеуі болатын тараумен аяқтамақпын. Бірақ, уақиғаның өзінен шығып, астарында жатқан күмән мен сенім арпалысына еніп алыппын. Есік ашылып, босағадан Айдана Саматқызы бері аттап келе жатты. Таң қалып, сол аң-таң қалпы қарсы жүріп, бетінен сүйдім, сосын күлімсірей, жылы ұшырай қарадым.

– Ренжіме, – деді ол, – романды бітіріп қойған шығар деп ойладым.

– Ренжімеймін.

– Кезінде, бір әңгімеңде Қарқаралыны қосылып бірге аралайық деген өзің едің.

– Иә.

– Алматыдан таңертең келдім.

– Қарағанды ұнады ма?

– Сенің туған қалаң емес пе, жаман айта алмаймын.

– Туған емес, туысқан, мүмкін, туажат қалам.

– Білемін.

– Мен Алматыда туғанмын.

Күлді.

– Оны да білемін.

– Отыр.

– Диванға отыра саламын.

– Роман басқаша тамамдалуы мүмкін еді.

– Иә, мүмкін еді.

– Алматыда не өзгеріс бар?

– Ештеңе.

– Онда, тауға ертең бірге кетеміз.

– Әуре болма, ойнап айтамын.

– Түсінбедім.

– Италияға, Милан шаһарына оқуға жіберейін деп жатыр.

– Қашан?

– Қоштасуға келген бетім осы.

– Оралмайсың ба?

– Білмеймін.

– Сен әдемісің ғой.

– Рақмет.

– Мен Алматыда боламын.

– Кофе құйшы.

– Қазір дастарқан жасатайын.

– Қажет емес.

– Қайда асықтың?

– Қайта кері қайтамын.

– Сол үшін маған келдің бе?

– Романымыздың байлауын көрейін деген едім.

Екі қалың дәптерді оның алдына қойдым. Ол қолына алды да, салмағын өлшеп көрді. Парақтап біраз отырды, сосын басын көтеріп, езуіне күлкі жинады.

– Тәңір жарылқап, елге қайта оралғанда, кітап болып шыққанын көремін ғой.

– Құдай қаласа, көресің.

– Атын жақсы тауып қойыпсың.

– Өзге жұрт қабылдамауы да мүмкін.

– Қанат Нұрбекұлы әдебиет тағдыры, кітап ажалы туралы роман деп айтады.

– Асқат Жақанұлы боксшылар жайлы дейді.

– Өзің ше?

– Білмеймін. Шынымен, білмеймін.

– Неге?

– Іздеп көрдім, таппадым. Бір мұратсыз кітап болды.

– Неге?

– Ешқандай мағынасы жоқ, кітаптың соңына қарай мазмұнын да, мәнін де жоғалтып алдым, жүктеген міндеті де, қойған мақсаты да өз күшін жойды.

– Ең соңғы кітап па?

– Иә, ең соңғы кітап.

– Ең бірінші де осы кітап емес пе?

– Осы кітап.

– Кітаптың ақырында біртүрлі мұң бар.

– Романның аяқталғаны да қинады. Кеуде жарған, өзекті жандырған арман көп, бірақ ол кімге керек.

– Рас, кітаптың ақырында біртүрлі мұң бар.

– Ауыр мұң бар.

– Не туралы екенін білсең, мүмкін, бәрі де өзгеретін шығар.

– Меніңше, бұдан ештеңе өзгермейді.

– Кофе болмады ма?

– Ұмытып кетіппін. Қазір.

Асүйге барып, оған бір кесе кофе әкеп бердім. Ол күрмеуі қайырылмаған ақырғы тарауын оқып отырған. Жүзін маған аударып, жылы күлімсіреді де, қолымдағы кесені алып, ерніне тигізді. Ақырын жұтты.

– Байлауын қиындатып жіберіпсің.

– Сұрақтар мен жауаптар байлауында тоғысады деп ұйғарғанмын.

Ол әрі қарай оқыды. Мен оның толық оқып шығуын күтіп отырдым. Айдана ұзақ бөгеліп қалған.

– Қонып кетпейсің бе?

Дәптерді жапты да, үстелдің үстіне қойды.

– Қарағандыға дейін шығарып салшы.

– Жарайды.

– Машинада күтемін.

– Қашан жүресің?

– Алматыға ма?

– Иә.

– Кешке ұшамын.

Үнсіздік орнады. Әңгімеміз үзіліп кетті. Ішіме қайғы-шер толды.

– Содан, бәлкім, нақ ойыңды айтшы, біз ешқашан кездеспейміз ғой.

– Білмеймін. Шынымен, білмеймін.

Қапылыс толқып сөйледі, сірә, жылағысы келді, үні құмығып естілді.

– Сабыр ет, күнім, дұрысы – тыста күт.

– Мақұл.

– Барға – тәубе.

– Рас.

– Жоққа – сабыр.

– Кеше азға да қанағат еді, қайтейін.

Дауысы бұзылды.

– Мархабат, жылдам киінейін.

Ол тысқа шығып кетті де, мен гардеробты ашып, киімімді ауыстырдым. Бөлмеге анам кірді.

– Балам, түсініксіз қызға қайдан кезігіп жүрсің?

– Тегінде, мен оны түсінемін.

– Күн салқындады, жылы киініп шық.

– Ана, Құдай бұйырса, ертең қайтып келермін.

Сулықтың белбеуін тақтым. Жағасын жөндей сала – төпілиімді іліп, табалдырықтан аттадым. Айдана Саматқызы аулада, сары түсті ГАЗ–2410 маркалы таксиде күтіп отыр екен. Мені көріп, терезенің ар жағынан әлсіз жымиды. Артқы есікті жұлқып, салонға ендім. Ол әрі сырғыды. Жайғасып болып, көзін төмен салды. Зады, бірдеңе айтқысы келіп отыр. Шешіле алмай қойды. Мені көңілсіздік жаулады. Біртүрлі қамыға күрсінді. Қамырықты жүзін көтеріп, жүргізушіге назар тастады.

– Болды.

Автомобиль қозғалып кетті. Мен адам баласы сезімінің ұлылығы туралы ойға берілдім. Айдананың нені сұрауға оқталғанын іштей сеземін бе деймін. Бірақ, алдына жайып салғым келмеді. Машина Ленин даңғылына бұрылды. Сәл зырлап барып, оң қапталына тізгінін түзеп алды. Біз Қарағайлы қалашығынан шығып бара жаттық. Роман нақ осылай аяқталатын тәрізді.

– Сен мені сүйесің ғой, – деді ол.

– Иә.

СОҢЫ

28.08.93. – 21.04.94.
Алматы

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙