Жон арқа
Бауыржан Момышұлы
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
«Әскери әдебиет деп әскери ғылым түрлерімен бірге көркем өнердің өзіндік ерекшелігіне орай пайда болған көне заманнан бүгінге дейін дамып, қалыптасу үстінде келе жатқан рухани құбылыстың қомақты бір саласы, әскери әдебиеттің көркем әдебиет саласында пайда болған түрлерін, оның өзіндік дербес сала...
(әңгіме) Орыстар: «Лицо зеркало души»,—дейді. Қазақтар: «Түрі жақсыдан түңілме», — дейді. Екеуінің мағынасын «Адамның ішкі сырын түрінен тануға болады» деп түсінсек, онша қателесе қоймаспыз. Бірақ та бұл мәтел әр уақытта да, әр адам туралы да дұрыс бола бермейді. Сондықтан да оны «аксиома» ретінде қабылдауға болмайды. Адамның мінез -құлқы, жан-жүйесі, тән - жүйесі көпшілік алдында ұзақ уақыт сындарынан өтеді. Басқалардың оған әр уақытта да сын көзімен қарайтынын әркім біледі. Адамның ішкі сырларының кейбір белгілері түрінде тұратыны да рас. Ол жағын да әркім біледі, ішкі сыры ашық жатқандар аз кездеседі. Ондайларды «аңқылдақ» деп көзіне атағанмен, «ақымақ» деп іштен ойлап қана қояды. Сондықтан әр адам өмірінде басқалар алдында ішкі сырын сыртқа шығармауға тырысады. Сыртқа сыр бермеу оңай емес: айнала оны аңдып сынап тұрса, ол айналаны аңдып, арбап сыр білдірмеуге тырысады. Ол үшін алдымен көзқарасы мен бет өңірін бұлжытпай бір қалыпта ұстауға үйренеді, дағдыланады. Сырын оңайшылықпен сездіре қоймайды. Кей кезде сезілер - сезілмес сәл дірілдеген қол қимылы көз бен бет жасырған ішкі сезімді айқындап, сүйексіз қызыл тілдің өтірігіне айғақ боп шыға келеді. Әсіресе, адамның иығы мен жон арқасы «балалы үйдің ұрлығын жасырмайды». Әрине, қол сыры мен жон сырын байқағандар ғана сезеді. Біздің заманда психологиялық қорытындылар дәлелдікке жарамайды. Сөйтсе де есімдегі бір оқиғадан оны қағазға түсіріп, құтылмасам болар емес. Бұл оқиға майданда болып еді. Қызу соғыс екі жақты да шаршатып, саябырсып аяқталған. Әр жағы тек қолындағысын «қанағат» етіп, жағасы шалшық өзенінің бойында қорғаныста жатқан кез. Арамызда енді өзен. Одан өтіп ойран салуға бізде де, дұшпанда да дәрмен жоқ. Екі жақ алдымен сеңдей соғысып, күштері тең азайып, ұзақ уақытқа дейін лажсыз тұрып қалуға мәжбүр болғанды әскер тілінде «діңкеміз құрып қалды» демейді, тек сыпайылап «фронт стабилизировался» дейді. Менің қарамағымдағы полкқа бір топ адам келіп қосылды. Келген офицерлердің ішінде бір жас капитан назарымды тартты. Бойы сұңғақ, қимылы сергек, ашаң жүзін самай шаштарын жақ сүйегінен құлағының сырға тағарына дейін жарыстыра өсіріп (ондай фасонды орысша бакенбарды дейді), суағарына төрт бұрыштап қара қоңыздай мұрт қойып, әскери әсем киінген жігіт. Тұрпайына қарағанда әрі реңді, әрі пысық, әрі әсем, ал қызмет жағына да шалағай бола қоймас. Әсіресе, маған ұнағаны оның әскери жүріс - тұрысы еді. Стройдың барлық қимылдарына ол әбден жатық қан артисше орындайтын. Ол барлығын аспай-саспай, жазып - жаңылмай, бір жағы байсал, бір жағынан жылдам, шегені ұрғандай нақ-нақ істейтін. Мен өзім өмір бойы сап қатарындағы офицермін, мені жолдастарым алдыңғы қатардағы строевик деп санайтын-ды. Бірақ та мен капитанның жасындағы кезімде ондай істемек түгіл, ондайды көрген де емеспін. Капитанның шымыр қимылдарына аң-таң қалып қарап тұрып: «Осының өзі үлкен айнаның алдында тұрып үйреніп, дағдыланған болар» деп ойлайтынмын. Ол әскери әдеп көрсетердің алдында иық, қол жіліктері, саусақтарымен ойнақтата бір нәрсе істеп, аяғын нақ-нақ басып, алдыңа келіп тік тұра қалғанда, өкшесін сарт еткізіп, қолын қалай шекесіне кірпік қаққанша алып барып, қыналған белді сұңғақ бойын найзадай тіп-тіке ұстап тұра қалатын. «Егер де әскери темаға балет қойылғандай бола қойса, бұл сол балеттің басынан аяғына дейін солировать етуге жарар еді» деген ой капитанды әскери «жырқылдақтардың» арасына қоса жаздады. Жоқ! Бірақ та ол жаман офицер болып шықпады. Кешікпей-ақ іс жүзінде икемділігін көрсетті. Оның өрескел әсемпаздығына «ондай - ондай ханның қызында да боладымен» келістік. Штаб бастығымен кеңесіп, капитанды штаб қарамағындағы бір бөлімшенің командирі етіп тағайындадым. Капитан ротаның солдаттарын ойдағыдай басқарып, тәрбиелеп жүрді. Шаруасы да ашық-шашық жатқаннан сау болды. Капитан үшін де кешікпей-ақ сын сағат туды. Бір топ жауынгерлерді дұшпанның ту сыртына жұмсау қажет болды. Оларға майданның шебінен өтіп, дұшпан қосынан документтері мен адамдарын қолға түсіріп, алып келу тапсырылмақ. Қолымыздағы дұшпан туралы мәлімдемелер сенер - сенбес екі құйрықты еді. Сондықтан анық-қанығын білу бізге өте керек, өте қажет еді. Дұшпанның сырын ашу үшін оның өз «жатағына», өзінің «ауылына» барып қайтуға мәжбүр болдық. Капитанды шақырып алып, оның алдына алдағы міндеттемені қойдым. Тапсырманы қалай орындау туралы бірнеше кезеңдерді ұсындым. Капитан бұйрығымды шұлғи отырып тыңдады. Орнынан тұрып «орындауға әзірмін» деген сөзбен қатар өкшесі сарт ете қалып, қолын шекесіне алып барып қалшия қалды. Ол шығып бара жатқанда, менің көзім оның иығы мен жон арқасына түсті. Оның иығы қомданып, жоны томпайып кетіпті.. Капитаннан мен бұны күтпеген едім. Бұрын оны бүкірсің деп ойламаған едім. «Көкіректің өрлігіне қорқа томпайған жон айғақ болды. Қорқаққа топты тапсыруға болмайды. Адамдар қырылып, тапсырма орындалмайды» деген ой сап ете қалып, капитанға сенімім құлағын қатты бұраған домбыраның ішегіңдей үзілді. Әрине, жігіттерді біз нағашыларының ауылына жұмсағалы отырғанымыз жоқ. Бұндай сәтті - сәтсіздігі ұстараның жүзінде қалт-құлт еткен қауіпті тапсырмаға адамдар сайлау, оларға сайма-сай «серке» таңдау жұмысы командирге оңай тимейді. Әсіресе, жақын аралас, бетпе-бет ұрыста өзін-өзі ұстай біле алмаған дегбірсіз командирдің «айқайымен», «ойбайын» тыңдаған жауынгерлердің көбі қалбалақтап, оның «бұйрығын» орындаймын деп жүріп қаңғыған оққа ұшып, ақыры «жастығын ала алмай кететін» жағдайлар да болатын. Одан өкінішті не бар?
—Капитан! Вернитесь! — деп бұйырдым мен оған есіктен шыға бергенде. Ол қайтып келіп, тікесінен тік тұра қалды. Екеуімізде де үн жоқ.
—Маған орынбасарыңызды жіберіңіз, сіз бармайсыз — дедім мен.
Ол мөлиіп төмен қарады. Аузындағы түкірігі таусылған адамша, сілекейін тамсанып, сәл тұншыққан дауыспен менің бұйрығымды қайталады.
Менің не себепті айнып қалғаным туралы ол сұраған жоқ.
Аға лейтенант Малярчук капитанның орынбасары еді. Малярчук момындау жігіт еді. Ол ылғи украинша сөйлейтін. Кей кезде украинның мысқыл сөздерін орынды араластыра соғып күлдіретін. Полкта оны барлығымыз да жақсы көретінбіз.
Ол кіріп келіп:
— По вашему визову старший лейтенант Малярчук явився, — деді. Оның еңгезердей тұрпайына қарап, мен жылы шырай беріп, оған орындықты ұсындым.
— Ну що, хлопче дюжий? — мен оны осылай «еңгезердей ерім» деп атаушы едім. — Может, хочешь трохи промынаться? — Мен онымен әр уақытта оның ана тілінің үн жағынан, сөзді дұрыс айту жағынан белін баса сөйлейтінмін. Ол маған тілі жаңадан шығып келе жатқан балаға қарағандай езуін жиып күлімсірейтін де қоятын. Малярчук бұл жолы да сөйтті.
— Як прикажите, промынаться, колы так трәба, промынаемось, не перший раз. Що прикажете? — деді ол.
Малярчук менің сөздерімді зейінімен тыңдап болған соң, бірнеше жерін қайта сұрап алды да, екі-үш сұрақ қойды. Одан кейін тапсырманы қалай орындау жөнінде орынды бірнеше өз пікірлерін айтты. Мен олардың мақұлдағаннан соң:
— Як що нимець вчинить так, то що нам зробити и як дияти?
Бірнеше «ол бүйтсе, біз қайтеміз» деген сұрақтарына жауаптар алып болғаннан соң, біраз уақыт картаға қарап ойланып отырды да:
—Що витнас трэба, я зрозумив, а як зробити, ще трэба трохи помиркувати — бізден не керек екеніне түсіндім, ал оны қалай орындау жағын, тағы да ойланып көруді керек етеді, — деді ол.
Аға лейтенант даярлық үшін бір тәулік уақыт сұрады. Ол тілегін «трэба с хлопцями подывиться и выбрати самый наиручаийший участок для перехода скриз линию фронта», — деп дәлелдеді. Онымен баратын жігіттермен бірге алды-артын байқап, майдан шебінен өтуге ыңғайлы өткелді белгілеп алудың керектігімен дәлелдеді. Тапсырманы орындауға ол екі-үш тәулік сұрады. Бұл тілегін ол дұшпанның «қорасына» кіруден бұрын мол дайындықтардың керектігімен дәлелдеді.
Мен оның ой-пікірлерінің барлығын мақұлдадым.
— Қалай, өз басың осы талабымыздың сәтті орындалуына сенесің бе? — деген сұрағыма ол жымия күліп:
— Як вам оказаты? Правда трохи боязно, та ничего колы трэба, то трэба. Мы с хлопцами постараемось як можна краще выконати завдания, — деді.
— Добре, хлопче дюжий, щасливо и целыми вертайтесь. Дұрыс, еңгезердей ерім. Сапарларың сәтті болып, аман-есен қайтыңдар, — деп аға лейтенантты шығарып салдым.
*** Үш күннен кейін Малярчук Л. өзенінің арғы жағасынан дұшпан өрісінен көрген-білгенін радиомен хабарлай бастады. Оның командирі капитан көшкен ауылдың жұртын сипап отырып қалған адамдай аңырайған бос жертөледен шықпай жатып алды. Бір күні кешке таман бір офицер ротаның бір блиндажына кіріп барса, капитан жынынан айрылған бақсыдай қараңғы бұрышта бүк түсіп жатқанын көріп:
— Сіз неғып жатырсыз, капитан? Тұрыңыз тамақтануға, — дегенде:
«Менің адамдарым кетті. Мен қалдым» басқа еш нәрсе айта алмай жастығын құшып өксіп - өксіп жылапты...
Бұл хабарды естіп, мен де қатты қиналдым.
Малярчук бастаған тобымен тапсырманы орындап қайтып келді.
Бір кеште капитан маған келді. Азып, бет-ауызын түк басып кетіпті.
Ол менен қандай ауыр тапсырма болса да, енді соны жұмсауды тілейді.
— Қазірінше сізді жіберерлік тапсырма жоқ, капитан. Біз көптен бері қорғаныс шебінде. Қорғаныста белсене кірісетін іс аяқ астынан табыла бермейді. Бір кезеңді өткізіп алдық, екінші кезеңнің кезегі - қыр астында.
— Маған он солдат беріңіз. Мені солармен өлімге болса да жұмсаңыз...
— Сіздің шабытыңызды қоштатып, керексіз жасанды кезеңге он солдатты жұмсай алмаймын. Барыңыз, капитан.
Ол шығып кетті.
Менің начальник штабым Иван Данилович көңілшек кісі еді. Ол бір жолы сөзін баяндап болып, капитанды бұдан былай қалай пайдалануды менен сұрады.
— Өз ротасын басқара берсін. Оны орнынан түсірген жоқпыз ғой.
— Да, но фактически он...
— Факты бойынша, Иван Данилович, ол уақытша ғана орнынан ауысқан болатын.. Соғыс ертең - бүрсігүні біте қоймас. Ол үшін болашақ айтарын өзі айтар.
— Капитан штабтан шықпайды, менің алдымда отырады да алады. Бүгін ат ханада түнеп шығыпты. Ей-ей, жалко парня. Шынымды айтсам, өзін-өзі... қауіптенемін, командир жолдас.
— Қауіптенбеңіз, Иван Данилович, сол күні өз қолын өзіне жұмсамаған адам бір жетіден кейін жұмсай қоймас. Ол полкке сыймаса, онда оны дивизияның штабына біздің полктан байланысшы офицер етіп жіберіңіз, — дегенімде, Иван Данилович қуанып кетті.
*** Сол түні мен жөндеп ұйықтай алмадым. Біресе ұйықтар, біресе оянып, біресе қалғып, таң атқанша өзіммен - өзім арпалысып шықтым. Түсімде капитан қыр соңымнан қалмады. Әскери биші болып түсіме бір кірді, шынтағы дірілдеп, иығы қомданып, жон арқасы дөңгеленіп, ең ақырғы келгеніндегідей беті – аузы түк басып, көздері қызарып, «өлімге болса да жұмсаңыз» деген сияқты оның бейнелері мені түн бойы мазалады. Орнымнан жүз сойылдың астында болған адамдай, мең-зең болып тұрдым. Айнадан маған көзінің қабақтары баржиған, бет-аузы мыж - тыж бір шал қарап тұрғандай болды. *** Бір айдан соң дивизияның начальник штабы капитанды армияның штабына байланысшы офицер етіп жіберуге менің қарсылығым жоқ па деп сұрады. Мен оның ұсынысын мақұл көрдім. Малярчукті командир етіп тағайындадық. Капитан кешікпей-ақ бәріміздің есімізден шықты. *** Майданда қаһарлы күндер біресе отқа, біресе суға салып, мінез-құлқымызды, еркімізді, борышқа адалдығымызды, моральдық принциптердің тіреуі — ар-намысымызды аяусыз сынға салумен болды. Соғыс әлі тоқтар емес. *** Мен біраз уақыт елде болып, майданға қайта оралдым. Мені дивизия командирі етіп тағайындады. Менің бұрынғы орнымды командир полка болып басып қалған Иван Данилович Курганский қанды майданда қаза тауыпты. Марқұмға Советтер Одағының Батыры атағы берілді. Капитан мен Малярчук туралы ешқандай дерегім болмады. *** Бір жолы алдыңғы шептегі жермен танысып, шеп жағдайын байқап жүріп (армия тілінде рекогносцировка дейді) көршілес дивизияның бір батальонының бақылау пунктіне кірдім. Жон арқасы дарбазадай, тірсегі бураның санындай майор дүрбімен алға тесіле қарап тұрып, бұрылмастан артиллерия бақылаушысына:
— Гей, сержанте, що у тэбэ, но чоли очи чи дви дырочки з стеклом? Куды ты доселе зарився? Що там пид копи- цею? Що це там пид тою вербою я тэбэ питаю, сержанте, — деп тұр.
Дене құрылысы мен даусынан Малярчукті тани кеттім.
— Здоровенький був, дюжий хлопче! — дедім шыдай алмастан.
Малярчук селк ете қалғандай бұрылып, орнынан ұшып тұрып, қолын пилоткасына жақындатып тік тұра қалды. Мен оны зордан таныдым. Оң бетінде жараның орны сынық қарыс қызара айшықтанған тыртығы түрін өзгертіпті. Ол күле бергенде, бетіндегі тыртығы шұңқырланып жүзін бұрынғыдан өзгертіп жіберді.
— Здравья желаю! Це вы, товарищу полковник. Значить вы живый. Ой, як це гарно! Чудаво!
Жолығысуымыз екеуімізге де қуанышты, көңілді кездесу болды. Малярчук бір жылдан бері батальон командир! екен. Оның аман-есендігіне ерлер серкесі — үлкен командир болғанына өте қуандым. «Бәрекелді, еңгезердей ерім - ай!» деп ішімнен айтып қоштастым. *** Соғыс бітті. Жиын - жиналыстар, ұзақ баяндамалар, өрнекті, өнегелі үйретулер басталды. Басқалармен бірге мен де округтік полигонда артиллерияның атысуына қатыстым.
Жолдың бір бұрылысында мен отырған машинаны біреу тоқтатты.
— Адъютант генерала Н. — деп жас майор өзін-өзі таныстыра бергенде, көзі маған түсіп кетіп, тұтығып барып түзеліп, жылдамдата, — командующий приказал после осмотра полигона точно в 16.00 прибыть на высоту 303... — деді.
Үстіндегі киімі өте таза, жақ сақалдары мен (бакенбарда) суағардағы мұртын тап-тұйнақтай етіп басқан, бір генералдың аузын бағып, қол-аяғын сартылдата соғып, мықты қазыққа қысқа арқандалған дөнендей ұзай алмай жүрді. «Орныңды енді тапқан екенсің», — деп ойладым да, Малярчук есіме түсіп, «Ханның еркесі болғанша, жігіттің серкесі болғың» дедім ішімнен.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру